Мазмұнға өту
Home

Шертолғақ

Дәулеткерей Кәпұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Шертолғақ

Авторы: Дәулеткерей Кәпұлы

УДК 821.512.122 ББК 84(5 Қаз)-5 К 24 Осы кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткен «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Жеңіс Түркия мырзаға Тәңірдің нұры жаусын! Автор Кәпұлы Д. Шертолғақ. Айтыстар жинағы. – Астана: Фолиант, 2013. – 392-б.

ISBN 978-601-302-058-7 Ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің поэзия номинациясы бойынша бас жүлдегері, айтыс өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі, халықаралық және республикалық жыр додаларының бірнеше дүркін жеңімпазы Дәу­леткерей Кәпұлының бұл жинағы – айтыс алаңындағы жемісті де жеңісті жылдарының нәтижелі бір қорытындысы. Танымал жыр жүйріктерімен сөз сайыстары топтастырылған бұл жи­нақтағы ана тіліміздің ғажайып мүмкіндігі мен байлығын паш еткен келіс­ті де көркем сөз кестелері, тамаша теңеулер мен сурет-бояулар, қоғамда­ғы сан алуан көкейкесті мәселелерге қатысты салмақты пікір, салиқалы ойлар кім-кімді де тәнті етері сөзсіз. Жинақ көпшілік жырсүйер қауымға арналған.

© Кәпұлы Д., 2013 ISBN 978-601-302-058-7 © «Фолиант» баспасы, 2013 Дәулеткерей Кәпұлы

ШЕРТОЛҒАҚ

Айтыстар жинағы Құрастырушылар: Айгүл Төлегенқызы, Ардакерей Бәделханұлы Мен емес айтыстағы бос өлермен, Белгілі жүйрік едім бесенемнен. Өлең өрдім өр қазақ өз алдында, Көгергенім шығар деп көсегемнен. Аң соғарда кей ақын алаңдайды, Қансонарда болса да неше мерген. Пейілі періштедей перзентің ем, Не де болса көрейін пешенемнен!

АЛАШТЫ САУМАЛ ЖЫРМЕН СУСЫНДАТҚАН

Дүние жұртының ішінде қазақтың ғана маңдайына біткен, қазақ қана кемеліне жеткізе қалыптастыра алған қос өнер бар. Олар­дың бірі – күй, енді бірі – айтыс. Әрине, бұл пікір күй мен айтысқа ұқсас үлгілер өзге жұрттарда жоқ дегенді білдірмейді. Дегенмен, ол үлгілердің ешбірі қазақтың күйімен, айтысымен шендесе алмайтыны анық. Өйткені олар – өнер деңгейіне жете алмаған үлгілер ғана. Қазақтың жан айнасындай күйі мен айтысы да қилы тағдырлы, бө­лекше болмысты қазақтың өзі сияқты, тарихи жолында қысталаң-қыспақ пен дәуірлей өрлеудің неше алуан кезеңдерін бастан өт­кергені мәлім. Әсіресе, кеңестік кезеңде айтыс өнерін сахнадан ғана емес, санадан да ығыстырып шығаруға күш салынып бақты. Ұлы Отан соғысының ауыртпалығынан қажыған елдің рухын көтеріп, жігерін қайрау үшін 1943 жылғы 21 маусымда идеологиялық мақ­сатта арнайы өткізілген айтыстан кейінгі қырық жылға жуық уа­қыт аралығында бұл өнерді назарға алып, өркен жаюына ықылас танытқан ешкім табыла қоймаған екен. Соның салдарынан құдіретті өнер жылдар бойы құмықты. Құмығу соңы құрдымға жұтылу еді. Әбүйір болғанда, жылдар жылымына жұтылып кете жаздаған хас өнерге Жүрсін Ермандай жоқшы табылып, айтыстың тамырына қайтадан қан жүгірді. Қан жүгіріп қана қойған жоқ, рухы қалғи бастаған қазақ баласының бойындағы қазақы қасиеттердің қайтадан еңсе тіктеуіне ықпал етті. Жат тақпақты жаттауды мақтан көре бастаған жас баладан жасқаншақ кәріге дейін төл өнері – айтыстың айбынды жанкүйеріне айналды. Айтыстарда айтылған ұтқыр сөздер де, сөз иелері де ел арасына аңыздай таралып, айтыс ақындары абыздай ардақталатын болды. Бұл – қасиеттісімен қауышқан қазақ ба­ласының риясыз қуанышының көрінісі еді. Халықтың айтысқа деген ықылас-құрметінің арқасында содан бергі аралықта ел ішінен айтыс ақындарының бірнеше буы­ны қалыптасып шықты. Бұл ретте алғашқы буынның үлесіне айтысты жаңғырту, айтыстың әр алуан түрлерін қайтадан оралту, с у ы р ы п с а л м а л ы қ қ а ж о л а ш у с и я қ т ы м і н д е т т е р ж ү к т е л с е , о л а р өздерінің бұл парызын абыроймен ақтап шыққаны даусыз. Ізашар буыннан үлгі ала айтысқа араласқан келесі буын айтыстың қо­ғамдық салмағын, әлеуметтік маңызын арттыра түсті. Ортаға салар ой мазмұны тереңдеп, сөз әсері құнтталды. Ал олардан кейінгі буын ауқымды ойды, өзекті проблеманы көркемдікпен ұштастыра ұсынуға қол жеткізді. Айтыскер ақындардың бірін-бірі толықтыра, біріне-бірі қозғау сала ізденуінің нәтижесінде бүгінгі айтыс ұлттық мәдениетімізде бірегей өнер ретінде өз биігіне орнықты. Алдағы күндерде кемелдене түсері және хақ. Айтыс өнерінде көркемдік пен көшелі ойдың жарасымын діт­теген кейінгі буын арасында дүйім жұрттың жүрегіне жол тауып, көпшіліктің көңіл төрінен орын иеленген, «тері тұнып бапталған тұлпар» ақындар аз емес. Сол дарындардың бірі – «айдын өпкен аққудың қанатындай ақжарма өлеңдерімен» даралана танылатын Дәулеткерей Кәпұлы.

Ал айтыскер Дәулеткерейдің ел сүйіктісіне айналуына жол аш­қан қасиеттер қандай? Енді осы төңіректе ой өрбітіп көрелік. Өзге өнер түрлеріне қарағанда, айтысты даралап тұратын ең басты ерекшелігі – оның әлеуметтік сипаты. Айтысқа құмар жандар ара­сында мәйекті сөзге қанып өскен қариялар, елге әйгілі тұл­ғалардан бастап, сөз мағынасына енді-енді ой жүгірте бастаған жет­кіншектерге дейін кездесетіні сондықтан. Солардың қай-қайсысы да айтысты тыңдау үстінде өз көңілін мазалап жүрген ойлардың сырын аңдауға, себебін түсінуге ұмтылады. Сонымен бірге өз көңілін алаңдатқан ойдың көпшілік назарына ілінуінен үміттенеді. Бұл тұстағы айтыскер парызы – қалың көпшілікті толғандырып жүрген сан алуан түйткілдер арасынан ең маңызды проблеманы қапысыз танып, діттеген нысанасына мүлтіксіз жеткізу және бүтінге сына қағар пиғылға тізгін алдырмай, жемісті әрекетке бастау болар салиқалы ойға орай ұсыну. Дәл осы қасиет Дәулеткерей бойынан ұдайы байқалады. Мәселен, бүгінде күрмеулі проблемаға айналған жағдайды аңдампаз ақын өзгелерден ертерек аңғарып, дүйім жұрт тыңдаған айтыс үстінде елдің де, ел ағаларының да назарына ұсынған еді:

Тура жолдан тайғандар топ құрайды, Сөздері мінсіз сұлу, тек шырайлы. Сең соққандай сенделген жастарыңнан: «Жанға сая керек пе?» – деп сұрайды. Дінің үшін тік тұрсаң, Мұхаммедтің Үмбеттері, басыңа жетті қайғы. Көп ұлтты деп мақтанған Қазақстан Көп дінді боп жүрмесін, көп Құдайлы!

Көріп тұрғанымыздай, ақын жұрт көңіліндегі алаңды дөп басып айтты. Алаңдай айтты. Ақынды алаңдатқан жағдайға ел сенген азаматтар мен белсенген зиялылар тарапынан дер кезінде назар аударылып, ел ішінде тиісінше қам жасалса, жүген үзген «топтарға» уақытылы тосқауыл қоюға болар еді-ау... Жалпы, Дәулеткерей айтыстарынан әлеуметтің көңілін күпті еткен сан алуан сауалдарды табасыз және солардың бәрінің өз уақытында айтылғанын аңғарасыз. Өйткені: «Ақындардың тілінен шыққан сөзбен / Ахуалы заманның жобаланған», – деп өзі айтқандай, Дәулеткерей – заманы бір әлеуметтің сөзін сөйлеген ақын. Сөзін сөйлеп қана қоймай, сол әлеуметтің өзін де ойлануға, елдік іс жасауға үндеп келе жатқан ақын.

Тұлпарың тұрған кезде тағалаулы, Ар көрме ақылдыны ағалауды. Қара қазан, сары бала қамын жеген Ұлағат ұлықтауың бабаларды. Алтын басын аталар бәске тігіп, Көрген ғой жортуыл мен аламанды. Ал бүгін біздер айтқан өлең-жырмен Тәрбиелей алсақ қой балаларды. Ұлт әнін айтып өтсін ахиретте, Ұрпағың боп кетпесе қара қанды. Тәуелсіз Қазақстан, тәубаңа кел, Назары бар әлемнің саған ауды. Берекесіз болма, елім, бес күндікте, Жоңғарлардан жер аты ғана қалды! –

деп жырлаған кезде ақынның көздегені – бүгінде жыртығы жамалып, тесігі бүтінделе бастаған жұртты барға масайрап, даурықпа-даңғазаға елігіп кетпей, салиқалы ел болуға шақыру екені анық. Бұл, әрине, елдік мұрат биігінен ойлана алатын азамат ақынның ғана аузынан шығар сөз. Айтыстың дәл осы әлеуметтік сипатымен астаса көрінуге тиісті қыры – оның публицистикалық өткірлігі мен ұшқырлығы. Ақын сөзінің өткірлігі, кейбіреулер ойлайтындай, биліктілер мен дәу­леттілерді оңды-солды сынай беруімен емес, сыналушының намысын қамшылап, оны ел игілігіне септігі тиер іс-әрекетке тарта білуімен анықталса керек. Ал ұшқырлық жайы сыншыл пікірдің дер сәтінде айтылуына қатысты. Мәселен, атамекенге оралған қандас бауырлардың атажұртқа оралу кезіндегі көңіл күйі мен елге жеткеннен кейінгі жай-күйі Дәулеткерейдің ертеректегі айтыстарының бірінде былай жыр­ланған-ды:

Алтайдан көшіп Арқаға, Аңырап келе жатқанмын. Ата да жұртпен табысып, Ағайыныммен қауышып, Жамырап келе жатқанмын. Шет жерде көңіл шемен-ді, Сезініп елде еркін мен Жадырап келе жатқанмын. Қошеметіңді, қазағым, Қабыл ап келе жатқанмын... ...Алтайдан көшің келгесін, Мақтадыңдар бәрің де «Ғасырдың ұлы көші» деп. Атажұртқа келгесін Көңілім де өсіп ед. Тағы да қарпып айтайын, Азаматтық ала алмай, Тойлауға да қатыспай, Сайлауға да қатыспай, Елге келген қазақтың Еркіндігі осы ма ед?!

Әр тараптан сөз қозғалатын бір ғана айтыс үстінде Дәулеткерей ақынның бір қайырып тастаған ойы бұл. Ал енді сөз салмағына қарасаңыз, бұл жолдарда ой-санасы ояу, көкірегінде сәулесі бар кез келген жанды шамырқандырып, қанын қыздырар, намысын атойлатар ащы шындық жатыр. Дәулеткерей – бір сәттік атақ-абырой үшін, яки көпшіліктің бір сәттік қолпаштауы үшін арзанқол «сенсацияға», ұсақ-ұлаң жел сөз­дерге көбірек үйірсектейтін, я болмаса әлдебір «қауым», «топтың» жетегіне еріп, үйретінді сөзді үйір-үйірімен төпелейтін айтыскерлер санатынан емес, қандай проблеманы да тереңнен қаузап, елдесуге жетелер ойды қозғайтын ақын. Бұл пікіріміздің әсіре бағалау еместігін айғақтайтын өлең жолдары оның айтыстарынан молынан ұшырасады.

Тірліктен айтар болсам түйіндеп жыр, Қазаққа өсек-аяң үйір боп жүр. Елге басу айтатын ақсақалдар, Білмеймін, әлде ненің миын жеп жүр. Газет беті айқасып ашық майдан, Шайтан қуған қаңбақтай құйын боп жүр. Ұлтымның рухани серкелері Бірін-бірі мүйіздеп, бүйірлеп жүр... ...Заман, заман запыран зарға бөккен, Жаның аман-сау шықса жанған өрттен. «Жеті жарғы» жетелі заң екен ғой Әз Тәукенің қадірін заңғар еткен. ...Ал енді бүгінгінің көсемдері Шаба алмай шаршы топта, шаңға бөккен. Екі мықты айтысып екеуара, Қызылшеке қырқысып, қанға бөккен. Күн ашықта айқасып бір-бірімен, Алладан ар дәметпей, мал дәметкен. Телі менен тентегін тезге салған

Қарттарымның қаһары қайда кеткен?! –

деп ашына сөйлесе, ақынның риторикалық сауалының астарында ұлтты парасат аясына ұйыстыруға тиісті зиялы қауым мен қазіргі­нің қарияларына деген салмақты базына жатыр, сөз бостандығын өздерінің жеке мүддесіне пайдаланып, елді ұйытқытатын пікірлерге жол беріп жүрген ақпарат құралдарына, қалам ұстаған қауымға деген реніші жатыр. Түптеп келгенде, сауал астарында кемел ұлт болу үшін әр азаматты кесек істер тындыруға шақырған тілек жатыр. Дәулеткерей айтыстарын ой сүзгісінен өткерген сайын, оның елдік қасиет пен ұлттық мұраттың туын жықпай, асқақ ұстап өтуді аңсайтын ақын екендігін тани түсесің. Сондықтан да оның:

Төгілер елім үшін өр өлеңім, Осы ғой көсегемнен көгерерім. «Өнер алды – қызыл тіл» деген барда Тасқа да тілмен шеге шегеледім. Аталардан басымыз артық емес, Қазағымның жолына берер едім, –

деген сөздерінің алғаусыз көңілден шыққан шынайы ниет екенді­гіне шүбәсіз сенесіз. Жалпы, өз мүмкіндігі жеткенше әлеумет сөзін сөйлеп жүрген саясаткерлер де, өз деңгейі жеткенше қоғам жайын публицистика тілімен толғап жүрген қаламды қауым да бүгінгі таңда аз емес. Алайда айтыс ақыны – саясаткер де, публицист қаламгер де емес. Ол – өнер иесі. Өнер иесі болғандықтан да ол көркемдікті айрықша құнттауға тиіс. Өйткені көркемдік жоқ жерде ешқандай өнер болуы мүмкін емес. Ал айтыстағы көркемдік – сырты жылтыр сөздерді ұйқастыра тізбектеу де, яки елді желіктіре ұрандата беру де емес, естуші жұртқа әсер ете отырып, ойына қозғау салатын, санасына ізгі қасиеттер ұялатуға ықпал ете алатын бейнелі сөз. Сүйініштісі сол – мұндай салмаққа ие көркемдік қазіргі айтыста молынан ұшырасады. Әсіресе, айтыскерлердің кейінгі буыны сөз көркемдігін айрықша құнттауға құмбыл. Бұл жағдай Дәулеткерей ақынға да етене. Көкірегі ояу жанды салиқалы ойларға жетелейтін көркемдіктің әсерлі үлгілерін оның кез келген айтысынан кезіктіресіз. Мәселен, Дәулеткерей тәуелсіз елдегі ауызбірлігі жарасқан өмірдің қадіріне жете білу қажеттігін ұрандатпай-ақ, дабылдатпай-ақ:

Қапыда ынтымағыңды ыдыратсаң, Қанжілік болған аттай жінігесің; Азат елім, тұғырың мызғымасын, Қазақы ердің қасындай шалдар шапқан, – деген үлгіде бейнелей жеткізсе, айтыстағы қарсылас ақынға сөз арнаған тұстарда оған айтар ойларын да образға орай жеткізеді: Тоқмейілсіп қарайсың жан-жағыңа, Жігіттей қырық жеті қалың берген; Айтыстың тайқазанын қайнатарсыз, Қозасын қара өлеңнің көсеп-көсеп; Шын жүйрік шапқан кезде тас көмілер, Көзінен желге қарсы жас төгілер.

Ұсынылған бір-екі үзіндінің өзінен Дәулеткерей айтыстарына тән бейнелеу ерекшеліктерінің бірін анық байқауға болады. Бұл ерекшелік – оның образды қолданыстарына қазақ халқының арғы-бергі тұрмыс-тіршілігіне етене суреттер мен көріністердің, таным мен талғамның нәр беріп жатуы. Ал мұның сыры ақынның өзінің ел тарихы мен ел өмірінен жақсы хабардар болуында жатыр. Осы тұста қысқа қайырым ой түйсек, айтыс – дүйім жұртты бір сәтте ұйытуға да, ұйытқытуға да құдіреті жететін тылсым күшке ие өнер. Сондықтан тіліне құдірет қонақтаған айтыскер ақын мойнына жүктелер міндет те ауыр. Айтыс ақыны көпшіліктің көңіліндегісін айтумен қатар, сол көптің өзін де дұрыс арнаға бағыттап отыруы қажет. Бұл үшін ақын әрдайым парасат биігінен табылуы шарт. «Ақыннан алапат жыр, өлең күткен» Алаш баласын «ақжарма өлеңдерімен» алқап келе жатқан Дәулеткерей Кәпұлының ай­тыс­керлік болмысына зейін аудара жүріп, оның айтысты киелі өнер ретінде қастер тұтатынын, сол себепті айтыс барысында аузынан шыққан әр сөздің қадір-қасиетін қашырып алмауды ақындық парызына балайтынын аңдадық. Бұл – парасат биігіне қол жеткерген ақындарға ғана тән қасиет. Ал бұл сөзіміздің алғаусыз шындық екенін қолыңыздағы жинақ айғақтарына кәміл сенімдіміз.

Кенжебай Ахметов, әдебиет зерттеуші

МЭЛС ҚОСЫМБАЕВ ПЕН

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ

Мэлс: Армысың, асқақтаған Алатауым, Далама айбат берген дара тауым. Ассалаумағалайкум, көрермендер, Алтыннан қымбат маған алақаның. Алдыңа сар желдіріп мен де келдім, Мінгесін сағыныштың сары атанын. Өлең-қызды алмасам өкпелетіп, Бұрымын талдап өріп, таратамын. Армысың, Дәулеткерей, ақын інім, Мен бүгін бауырыңнан жаратамын. Ей, тәкаппар дүние, тас та болсаң, Мойныңды бір бұрғызып қаратамын. Бағаласа халық пен қазыларым, Бұл жерде керегі не базынаның?! Көк байрақты көтерген қыран құстың Қанатындай қайтадан жазыламын. Қанағат болған жерде қасиет бар, Алтынның дұрыс көрген азырағын. Сандығын ашады деп саған сендім Айтыстай қасиетті қазынаның.

Бұл өлең бермейді ғой жанға тыным, Айтары жоқ адамның алма тілін. Намысыңның көрсетші найзағайын, Жарқылдап аспанында Алматының. Болар ма көп айтыстың бірі мұндай, Аталы сөз ұлтыңның ұғымындай. Азаматтар демеуші болып жатса, Көрмейік Шығайбайдың шығынындай. Ағалы-інілі боп біз де келдік, Айтыстың құлыны мен жұлынындай. Дәулеткерей: Жұртымды бөлеп жырдың құндағына, Салиқалы сөз салдым сындарыңа. Махаббатпен жыр сыйлап мәуелі елге, Шапағатпен үн қаттым шыңдарыңа. Томағамды сыпырдым тобыңа кеп, Жаратқан жар болсын деп жырларыма. Жүрегімнен жыр-сәлем жолдай келдім Құдайдың құлақкесті құлдарына.

Жырымнан жан ләззатын алсаң абат, Сөйлейін сөз киесін сан саралап. Ағайын айтшылап кеп айтыс көрген, Қабыл болсын, тіледім баршаңа бақ. Рамазан айында ықыласты ел, Айтылар бір Аллаңа бар салауат. Иманын кәмілдеген қазағымның Жүрегін отты өлеңмен алсам орап. Сара сөздің саңлағын сыйлаған ел, Сағынышпен жеттің бе сау-саламат?! Тәңірім өнерліге өріс берді, Бармақтай бағы барға жеңіс берді. Арғымақ ағамменен жұптасқасын Демеспін несібем де кем үстелді. Бақ сынасып көрейін алдарыңда, Иығыма қондырып періштемді. Дүбірі дүниені дүрсілдетіп, Жерден Мәді шыққандай Мэлс келді.

Жұртым бар өнеріңді байқас деген, Күбісін қара өлеңнің шайқас деген. Алмастай ағам едің жарқылдаған, Айтыста суыратын айқасқа өлең. Ал, ағасы, бірақ та ұмытпағын, Алмасты да жүздейді жай таспенен. Кей ақын көбік сөзге көп семірген, Көбік сөз ілесе алмас көшке мүлдем. Айтыстың ақтангері өзің едің, Бағасын баталы ойдың беске білген. Ағасы, өзің мінген қайығыңды Өзіңнің жүздіремін ескегіңмен. Өйткені әуеніңді алып шықтым, Аулақпын бүгін сізден сескенуден. Сынады деген сөз бар қазағымда Сексеуілді ұрсаң тек сексеуілмен.

Айтыстай аршындаған ақ күлікпен, Сөйлейін қыран қанат қақтырып мен. Тақым қысып отыр ғой тыңдармандар, Тілменен тұлпарларын шаптырып тең. Отырсаң бірлігіңмен мамыражай, Алашым, басыңа кеп бақ біріккен. Татулықтың тартайын таралғысын, Тіл үйірші ал, аға, тәттілікпен.

Мэлс: Мұнар да мұнар, мұнар күн, Бұлттан да шыққан шұбар күн. Қай жерде айтыс бар десе, Жарысуға құмармын. Шабытым менің, шапқыла Тұлпарындай Тұранның. Қасиетті дінім бар, Құбылаға қаратқан, Құдіретіндей Құранның. Басыңнан бір күн айығар Торлаған мына тұман күн. Дәулеткерей, саған да Атымның басын бұрармын. Көркем де көркем сөзім бар Құйылғанындай құманның. Айтыстың мына аспанында Айменен бірге туармын. Жақсылық тілеп жалғанға, Күнменен бірге шығармын. Сексеуіл болып сен қазір Сексен жерден ұрсаң да Сына алмайтын шығармын! Бісміллә деп бастайын,

Қашаған өлең, қаз болып, Қаңқылдап маған қайта кел. Сүйінбай өлең, саз болып, Сұңқылдап маған қайта кел. Құдайдың берген бақыты Жанданып жатса қайта өнер. «Тірісі тілге тоқтаған, Өлгенін сөзбен жоқтаған» Айтысым менің – мәрт өнер. Аталы сөзді айтпасақ, Айтыс та бүгін қайта өлер. Ал жолың болсын, бүгінгі Дәулеткерей сияқты Бәйгеге түскен тайтөбел. Шабыт берсін саған да Шапалағымен шалқар ел. Ағасы менен інісінің Шабысын көрсін бүгінгі Айтысқа келген байтақ ел.

Желбіреп тұрған жастығың, Байқасам, көркем тұлымдай. Естіп жүрдің атымды Бауыржандардан бұрында-ай. Іріден сөйле, інішек, Ұлтымыз білер ұғымдай. Кейбір ақынның теңеуі Сары майға батқан шыбындай. Құлагер ағаң көп сенің, Ізінен ертең ере алсаң Сол құлагердің – құлындай. Дәулеткерей: Арайлап қазағымның таңы туды, Демессіз бұл інімнің сағы сынды. Алдымда арлан Мэлс жортқан кезде Алашым дей де алмас жағы тынды. Сындыру мақсат емес өзіңді, аға, Қыздыру мақсат еді шабытыңды.

Ағасы іні қамын ойласпай ма, Атағың айтыспенен Айға аспай ма. Басы бар ақын болып бүгінгі күн Қасыңа інің келіп жайғаспай ма. Тайтөбел болып келдім мен қасыңа, Тарланбоздың тұяғын тай баспай ма. Ағамыз айтар сөзге мапандай-ды, Реті келген жерде мақалдайды. Дүбірі аламанның естілгенде, Шын тұлпар шалғынында жата алмайды. Құлагер құлыным деп жөндеп айттың, Құлын өспей құлагер атанбайды.

Сөйлейді-ау інің сөзден жол білгесін, Желсөздің желмаясын желдіргесін. Жілігі татитұғын сөз сөйлейік, Ертең күн артымыздан ел күлмесін. Айтыстың көрсетейік шын үлгісін, Ит қуды, қоян қашты боп жүрмесін. Алдыма өзің келдің өлеңдетіп, Ойыңды көкейкесті кемелдетіп. Сөйлейсің толқын ұра, толастамай, Жағасын Жайығыңның кемерлетіп. Қасыңызда қасқайып мен отырмын, Басымда тұрмаса да бедел бекіп. Жамбыл да жырларына хош-хош айтқан, Қара өлеңнен қалыпты-ау Кенен кетіп. Жалғанның арты, аға, жалаңаш қой, Бұл өлең кетер ертең сенен де өтіп. Ал енді емен-жарқын көсіліңіз, Шардара шанағыңды бебеулетіп.

Мэлс: Жүргенде басың қатып саудаменен, Жаныңды алсын бүгін баурап өлең. Орақпенен орылып күні кеше Балғаменен соғылып қалған өлең. Аз ойлап, көп тыңдайтын пенделердей, Қаз ойнап кетті бүгін қарғаменен. Менен кеткен өлең де елге барар, Жел қанат, жер тарпыған аруана өлең.

Дәулеткерей, даусыңнан Сахнада ояндым. Ағаңның ізін басқасын Айтысқа шығып ой алдың. Келерсің талай бәйгеге, Демеймін саған тоя алдым. Өлең деген тектілік – Тарихы сынды ноянның. Киік жырды мен бүгін, Арқыратып айтыста, Құрметіңе соярмын. Жаңағы айтқан сөзің бар, Сен оған жауап берсейші, Итің кім, сонда қоян кім? Дәулеткерей: Сөзің бар жұмыртқадай аршып алған, Қағілез қазақ деген қаншыл ағам. Өзіңдей ақыны бар ел бақытты, Толымды ой, төкпе жырмен хал сұраған. Қарсыласын қаз құрлы көрмейтұғын, Қарқының бар аумайтын қаршығадан. Інілік ізетіме мен тұрармын, Ағалық тұлғаң болса жарқыраған. Астыңда қанатты атың болғанымен, Ағасы, артық болмас қамшылаған.

Өзіңе жырдан бүгін киіт беремін, Ағама ақыл айтып сүйт демедім. Ағасы, сөздің салты емес пе еді, Мақалда бар қоян мен ит дегенің. Айналайын ағайын, Алдыңда бүгін Алла деп, Ақ жаңбырдай толассыз Сіркіресем деп келгем. Асқарынан Алтайдың Асып аққан өзендей Күркіресем деп келгем. Болашағына Алаштың Нұр тілесем деп келгем. Тастүлек тектес өлеңмен Тобыңа түсіп тұңғыш мен Бір түлесем деп келгем. Бәрін айт та бірін айт, Айтыс айтыс болғасын Мэлстей мынау ағаммен Сілкілесем деп келгем!

Ағасы, інің босқа елірмейді, Демессің жалған шабыт жел үрлейді. Қалайша Мэлс толғап кеткенінде, Көңілі інісінің семірмейді. Ағасы, арындамай байқап сөйле, Қубас айғыр құнанын кемірмейді. Мэлс: Сілкілесуге тұрмайтын Ақын інім сен емес. Інінің сөзін тыңдамас Ақымақ аға мен емес. Қубас айғыр деп айтасың, Құдайға шүкір, жолдасым мен Үйімде жалғыз қызым бар, Қубас дегенің жөн емес!

Балқы Базар айтатын: «Жақсы менен жаманның Арасы жер мен аспандай». Жүректе толған жырым бар, Болашақта жазылар Дүркіреген дастандай. Намысың болса бойыңда, Көрінерсің сен ертең Айтыста тұрған асқардай. Білемін сөздің қадірін, Кеткен де кезім жоқ менің Айтысқа шықсам мастанбай. Қыздар да саған шай құйған, Жауқазын ғұмыр, жас талдай. Арқырап бастағанымен, Айтыстың соңы болғанда Інім де менің сасқандай. Аманаттап ойды айтамын Ойымда жүрген оттымен. Жаманатқа қалмайсың Жарысқан кезде тектімен. Әуенімменен жырласаң, Айтыстың бүгін өсетін Мәртебесі деп білем.

Мен сайрайын, сайрайын, Көктем де болып жайнайын. Ізімнен ерген інім бар, Аспанда тұрып қарасаң, Он төртінші айдайын. Ағалығымды көрсетіп, Көңіліңді жайлайын. Мен сені тастамаспын күресінге, Айтысып ағаңменен жүресің де. Дәулеткерей атыңнан айналайын, Ұқсасын деп қойыпты ұлы есімге. Мың жерден шапқанменен арқыратып, Тұз көзір менде отыр ғой, білесің бе?! Бұл жерде бұйырылмас айыпқа жыр, Көрейін әзіл айтып халыққа бір. Алматыда айтысып отырғанмен, Дәулетжанның көңілі Жайықта жүр.

Көркіне айналғасын сахнаның, Айтпай ма алаулатып ақын әнін. Іні болып сен тұрсаң ізетпенен, Алдыңда жыр-теңізді сапырамын. Елге келген қадамың құтты болсын, Ерулік деп ауылға шақырамын. Тұлпар-жырдың тайдырмас тағасы – елім, Өлеңмен тарқатайын дала шерін. Бұйыртса күткен жерден шаң беремін, Маған да үмітпенен қарашы, елім. Батырлықтан бақ тапқан алмас қылыш, Ақындықтан бәрібір аласа едің. Малың менен жаныңды садаға деп, Ардың туын көтерген Алаш едің. Өлеңменен аштырған оразамды Барыс жылғы бір шалдың баласы едім.

Дәулеткерей: Ағамның айтыс деген ұраны бар, Ағызған арындатып бұлағы бар. Сөйлесе төкпелетіп текті жырмен, Көпшілік көкейінде тұнады бал. Бүгінде алдарыңда жарқыратып, Өлеңменен жағатын шырағы бар. Қубас деп айтқаным жоқ мен ағамды, Артында еріп жүрген құнаны бар. Айтыстың кетпесін деп арманда ері, Талқыға салып отыр талғамды елі. Ағасы, арман деген үлкен, асқақ, Шақырады алаулаған таңнан мені. Еліңнің тұлпары едің тұмарлаған, Саңлақ сахнаның сандалгері.

Мэлс: Айналайын көрермен, Ақындарың біз едік Алқаға түссе сайраған. Дәулеткерей, сөз айттың Шығарып жауап майдадан. Көл қорыған қызғыштай, Сен десе салам байбалам. Өлеңнің құнын біледі Өзіңнен артық қай балаң? Жайықта жүр ғой жақсы қыз Күні-түн сені ойлаған. Сол қызға сабақ беретін Мұғалім Мэлс – қайнағаң. Оқыдым өлеңіңді «Парасаттан», Тамаша бұлақтайсың жараса аққан. Өнердің шын жолына түсем десең, Аулақ бол арзан атақ, ағаш аттан. Өкпесін өнерге айтып кейбіреулер, Адамдай тызылдайды ара шаққан. Қазақтың сен болашақ айтысының Даңқты жүйрігі бол дара шапқан!

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН АСҚАР ДҮЙСЕНБИЕВ

:Дәулеткерей: Армысың, Алатауым асқақтаған, Кетейін қойнауыңа тастап қалам. Әулие әулет едің, әлеуметім, Сәлемсіз сөздің салтын бастатпаған. Атадан азбай туған ұлың едім, Айтыссыз жан-тәніме ас батпаған. Бұл елдің бел баласы біз болғасын, Келеміз болашаққа бастап қадам. Соңғы жұптың сапына шығып қалып, Өлеңмен өз шашуын шашпақ балаң. Келгесін белділермен белдесуге, Жөн болмас жолдан тайқып қашқақтаған.

Айтысын аспандағы Ай, Күн еткен, Ақыны ақиқатын әйгілеткен. Ағайыннан амандық сұрай келдім, Халқыма махаббатым бай жүрекпен. Ақжарма өлең айтайын ақ көңілден, Аққудың қанатындай айдын өпкен. Алқа топ, аламанды бір шаңдатып Күтіп ең тулап өтер тайды көптен. Алла деп алдарыңа келіп жеттім Мамырдағы майда жыр, майда леппен. Бүгінгі бәйгеңіздің жайын ұқсақ, Таланттың тасырқамас тайына ұқсап. Тыңдарманға айтайын тыңнан өлең, Айтысқа берілгесін айрықша ат. Ағайын аламанға құлақ түрген, Тіршілік күйбеңінен айығып сәт. Беліңді бекем буып келдің бе, аға, Айтыстың қаршығасын қайырып сап?!

Шабыттың шарығына қайралып та, Ағасы, тақымыңды тайға мықта. Өзіңменен көрейін жұп жарасып, Інілік ілтипатқа бай қалыпта. Екі тізгін, бір шылбыр қолыңда енді, Ендеше жөн түзейміз қай бағытқа? Асқар: Әркім де топқа салар тәуір атын, Тұлпар бар тай күнінен танылатын. Қол соғып қошеметтеп жібермейсің, Ойдағы сөзді тапса тәуір ақын. Алматылық ағайын, аманбысың, Қасиетті өнерге табынатын. Ай сайын айтыс тыңдап отырмаса, Бастары шай қысқандай ауыратын.

Кетпейтін қарашадан хал сұрамай, Алқалы ақын келді бал шырадай. Сан ғасыр көсем сөздің көркі болған, Сөзі – мір, өткір ойы бар сынадай. Айтыс деген – халықтың қазынасы, Қазына да көмілер аршып алмай. Өңшең бір жас бөрілер жиналыпты, Шетінен қылыш қанат қаршығадай. Жүйрік жүйрік бола ма, айтыңдаршы, Сөйлесе сөзінен бал тамшыламай?

Құдайым бергесін бақ, ырыс маған, Жасайын жаңылыспай дұрыс қадам. Дәулеткерей бауырым, аманбысың, Ақыл тоқып, айтыспен тыныстаған. Аяулы елдің ардақты ақыны бол, Бойына жаман аты жұғыспаған. Ибалы, имандылық – ақ мұраты, Түтіні түзу шығып, тік ұстаған. Сиынып бір Аллаға мен де келдім Түркі елінің кіндігі Түркістаннан! Інімнің аппақ жүрек, аппағын-ай, Жебедей жел суырған тақпағын-ай. Әр сөздің нүктесі бар, байқағайсың, Сөзіңді сөйлегейсің шақтап ұдай. Маған кез боп отырсың, Бекарыстан Құдайым сені бір жол қаққанын-ай!

:Дәулеткерей: Шын жүйрік шапқан кезде тас көмілер, Көзінен желге қарсы жас төгілер. Майшаммен мәселесі шешілерде Мінбейді мәрелерге мәстегін ер. Мэлс пен Аманжолдың сарбаздары, Шабыңдар, аш бөрілер, жас перілер! Ақын да айқасқаннан бөгемес бой, Бекарыспен деме ешкім тең емес қой. Дауылдан сақтады деп сен отырсың, Мәңгілікке чемпион ол емес қой.

Асқар аға, айтыста Намысыңа беріксің. Арқыратып шапқанда, Шабысыма көріксің. Бекарыстың орынын Өзіңе құт көріпсің. Ауылдағы бір шолақ Белсенділер сияқты Дәл бүгінгі айтысқа Галстук тағып келіпсің. Қыран-жырдың қанатын көк серметем, Менің де ізім жатыр өкшеңде тең. Жігіт деген шекіспей бекіспейді, Сенімен сойқан жасап кетсем бе екен?! Ақындық арғымаққа мініп, түсіп, Тұмадан тыныстарсың тұнықты ішіп. Сен болсаң «супердода» кандидаты, Депутаттық кеңеске үмітті шық. Бірақ та омақасып қалмағайсың, Сағаттың тіліне ұқсап сұлық түсіп. Сегіздіктің ішінде, Семсерімді қолға алып,

Атқа қондым, бір Алла, Жебей гөр өзің құлыңды, Жаңғақтай шетке шығарма. Аузыма алдым дуалы Құлху Алла дұғаны Қасиетті құранда. Жол бастаған ағам бар, Қол қостамай тұрам ба?! Асқар: Шапқандай желпінесің жайдақпенен, Нардың жолын қумай ма тайлақ деген. Өзіңше мығым сөйлеп отырсың ғой, Тұзақ құрып, түсірер айлап келген. Жалыным сені шарпып кетпесін деп Әдейі галстукты байлап келгем. Бұл інім әл көрсетіп ақия ма, Тірегің тілектес пе, мафия ма? Құдайыңа қой айтқын, Алла сақтап, Маған кез боп отырсың қапияда. Екеуміз кезектесіп келуші едік, Бекарыстың баптаулы аты ұяда. Көзіңе қораш көріп отырсың ба, Мен де тарлық етпеспін тақияңа!

Бұл Дәулет ішкі сырын ақтара ма, Реті келіп тұрса тоқтала ма. Айтулы ақын болсаң, Дәулеткерей, Жалтақтап жан-жағыңа көп қарама. Жүзіңнен абыржуды байқап тұрмын, Тежеме, арыныңды ноқталама. Бекініп Бекарысқа келіп пе едің, Бетіңді бермен бұрғын, сақ қара да. Дайындап Бекарысқа алып келген Есіл сөзің қор болып қап бара ма?! Отыршы ішкі сырды жиі ақтарып, Кең құшақ көңіліңе зият қалып. Айтайын бір-екі ауыз әзіл саған, Жабыдай құлап қалма тұяқ қағып. Сен маған қоқаңдайсың қайта-қайта Қонтайшының елшісі сияқтанып.

:Дәулеткерей: Мен бүгін мерейіңді танып өтем, Ақынын алқалаған халық екен. Тар келмеймін дейсің ғой тақияңа, Ал онда намысыңды жанып өтем. Галстуктың сыятын шеңберіне, Асқар-ау, жалының да жалын екен.

Алпыс екі айлаң болса асырулы, Кетерсің мына мені басынулы. Осал жауың емеспін деп отырсың, Алшысынан қағайын асығыңды. Қонтайшының елшісі деп бір айттың, Бар шығар онда ойдың басы мұңлы. Өзбектей қулығыңды не қылайын, Мысықтың тырнағындай жасырулы. Айналайын Асқарым, Көңіліңді құрармын, Сеніміңнен шығармын, Жас екен деп тарықпа. Шіренесің шалқайып, Жеңетінің анық па? Көнетұғын мен емес Сен болжаған бағытқа. Бойымда бар өнерді Шығарайын жарыққа. Бедел емес, байқасаң, Құлап өлу арыққа. Атақтан биік абырой – Ұнап өлу халыққа. Кезегіңді берейін, Түркістандық мұғалім, Бұзаутіс сілте шабытқа.

Мен емес абыржулы көңілі алаң, Айтысқанда арғымақ порым алам. Аспаның болса таста тіреп тұрған, Сенен келген кеселді көріп алам. Асқар: Әр ойың піспей қалған ала құсап, Өртенбей қалған тура шала құсап. Өзіңді арынды ақын деген сайын, Маған жайып келесің дара құшақ. Жаттанды сөздеріңмен жұртты алдайсың, Емшек берген балаға ана құсап.

Ал енді, Дәулет ақын, кем болмағын, Жарасар алқалы елмен тең болғаның. Сөзімнің астарына түсінбей қап, Қайтадан аузыма кеп жем болмағын. Елші түгіл атқосшы шықпайтын көп, Елші болсаң, ол сенің ер болғаның. Ал енді сұйық сөзді сапырдың ба, Сен маған әзіл айтып қатырдың ба? Сен маған өзбексің деп кінә артасың, Мен саған бір өзбекше гәпірдім ба?! Еш сөзді сөйлемеші күдікпенен, Өзіңді нарға балап, жігіт дегем. Көшіп кеп Моңғолиядан ортамызға, Білім ап жүрген бүгін білікті ер ең. Шетелден келіп жатқан компанияның Барлығына көз жұмып күдіктенем. Өзбектей тілі де бір, діңгегі бір Халықтан мен түбінде үміттенем.

:Дәулеткерей: Бұл өзі болғалы тұр ерегес шын, Дегем жоқ саған, Асқар, тең емессің. Жаттанды сөздерменен жұртты алдайтын Айтыстың «жолбикесі» мен емеспін. Шеттен келген ақын деп Намысымды от қылдың, Шабысымды шоқ қылдың.

Қаншама шетте жүрсе де Тілі менен дінінен Тұғыры таймас текті ұлмын. Бүгін, міне, ортаңда Ұлы өнерге бет бұрдым. Кешегі күн ортаңнан Қазақ болып кеткенмен, Азап көріп кеткенмен, Ортаңа қайта, ағайын, Қазақ болып кеп тұрмын! Астына бір жиылып Әуелеген Көк Тудың, Қазақ болып кеп тұрмын! Азат болып кеп тұрмын! Арғымағы сен бе едің ақ керменің, Өміріңе өнерің сапты өрнегін. Өзбекке діл де, дінім жақын деп сен, Келе сап сахнаға шат кернедің. Жамағат та түсінсін жамырамай, Біздерге айқасатын сәт келгенін. Сілтер болсаң сойылың сілтесейші, Ұрғаннан жаман екен тап бергенің.

Ұмсынтар ұлылыққа ұлтым да ұлық, Ал енді сөз сөйлейін жұлқындырып. Өзбекке жақын болса ортаң, аға, Отырсың ба жеңістің кілтін біліп? Асқар, сенің ішіңді түсінбедім, Отыр ғой сыртың емес, мұртың күліп. Асқар: Бір күмбез жасағайсың көрікті ойдан, Мен емес ыңғайыңа көніп қойған. Сыртым емес, мұртымды мына менің Айналайын көзіңнен көріп қойған. Сен де бір қақтан ішкен еліксің ғой, Бойыңды мұнда келіп керіпсің ғой. Мен саған шеттен келдің деген жоқпын, Өзіңше көмескі ойға көріксің ғой. Моңғолдан қазақ болып келгенменен, Жалақорлықты алып сен келіпсің ғой.

Жүзіндей жарқырай бер ақ алмастың, Мен қалай сенімен бір шаба алмаспын? Қырансың мұнда келіп білім алған, Мен сенің топшыңнан кеп қаға алмаспын. Сен де мендей ағаны таба алмассың, Мен де сендей ініні таба алмаспын. Өлеңнің сақтап айттық ақ тұнбасын, Әуелгі бақ – тіл менен жақ тұрғасын. Тыңдарманға тыңнан бір ой айтайық, Зейінмен бар ынтасын сап тұрғасын. Қалжыңмен ескі жолды шиырламай, Есті сөзге бұрайық аттың басын.

Болмайды масаттанып тойғанға адам, Болашақты бүгіннен ойланбаған. Арайлы Алматыда білім ап жүр Өзіңдей жастар кілең жайраңдаған. Өзінің тілін білмей, дінін сатып, Абырой, ар-ожданын ойрандаған. Бәрі емес ұлтжанды ұл-қыздар бар, Көре тұрып жасасын қайдан қадам. Басқа дінді қабылдап, сананы улап, Көшеде кітап сатып тайраңдаған. Алматым, асылдай қып ардақтайтын, Қандай болып кеткенсің, қайран қалам?! Осылай ой тастадым ақыныма, Бауырым, Дәулеткерей жақыныма. Заманның ере берсең ыңғайына, Отырғызып кетер бір күн тақырына. Ал енді салмақты ойды сабақта деп Кезекті мен берейін Кәпұлына.

:Дәулеткерей: Өнерін дәріптеген өрен елім, Мен де тез ортаймайтын көлем едім. Бағана арқыратып бастап едің, Көмбеге таяғанда желе бердің. Айтыспақ түгілі сен мен сияқты, Егер де шеттен келсең көрер едім. Басыңа өлең айт деп бақ бердім ғой, Мен сенің санаңа да сап бердім бе ой?! Басында отыр едің кереметтей, Мәреге жетер сәтте жалт бердің ғой. Тарта бер болашаққа жыр құра да, Бойыңнан, елім, алас, сүргін ада. Бағанадан шақырмай ымыраға, Есіңіз енді ғана кірді ме, аға?! Әлгінде отыр едің ғаламаттай, Өзіңді келгендейсің дара баптай. Салмақты ойды өзіңше сабақтардай, Саясат бастап кеттің маған айтпай.

Айтысты отырғанда шалқар көріп, Аға мен іні болып қалқам дедік. Осылай енді қызып келе жатқанда, Ағайын, тоқтатады-ау арқан керіп. Шабысың болса, кәне, таң асырған, Арының бар ма, аға, аласұрған? Біздерге қой деп жатыр ағаларым, Болса да ұзын жолға бал ашылған. Ал, Асқар, өзің білгін, қоямыз ба Айырылмай тұрғанда жарасымнан. Асқар: Бойында әр ақынның құн болады, Ақынға сөз таппаса сын болады. «Ақ көйлек көңілжайдың» баласысың, Сен ақын болмағанда, кім болады?! Өзіңе бұл арада баға берме, Жараспас ондай мінез саналы ерге. Бір қазақтың баласы едің ғой сен,

Ал енді одан уәж таба көрме. Шеттен келді деп отыр кім өзіңе, Бетіңді өзің келіп қаға берме. Отыңды шұқи берсең өшер деген, Көршіңді шұқи берсең көшер деген. Мен де сені шұқылай бермейінші, Айтыстым деп ойларсың есерменен. Болар елдің баласы бірін-бірі Осылай мақтауменен өсер деген. Дәулеткерей: Мен сенің өнеріңді хош көрген ем, Өнерге жата қоймас дос көлденең. Айтыссам ата-анамнан ақ бата алып, Ақын ем аламанда сескенбеген. Өнерге ілтипатың азаймасын, Бәйгеге бәсекеңіз өскенменен.

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН МҰХАМЕДЖАН ТАЗАБЕКОВ

Дәулеткерей: Мәжіліске жиылған Мәртебелі мәрт ұлдар. Ақ жол тілер әжелер, Ақсақалдар – алтындар. Мамыражай мамырда, Шаттаныңдар, шалқыңдар. Демеп қой, халқым, қол ұрып, Нар құнындай нарқың бар. Бәрекелді айтылсын, Ой-сарасы сарқылсын, Той табағын тартыңдар! Ағайын бүгін айтысқа, Ұсынып отыр қақ төрді. Ақиқат айт деп алашқа Ақынға Алла жақ берді. Шаршы тобыңды шаңдатар, Бәйгелі тайың бапкерлі. Тағдырым менің айтыста Мұхамеджанға тап келді. Айналайын, ағайын, Өлеңге деген махаббат, Өзіңе деген сағыныш Алдыңа қайта ап келді.

Мұхамеджан ағасы, Ақиық болсаң аңғартқын, Ала бұлт аса самғаған, Тұлпар болсаң танытқын, Алдыңа қара салмаған. Арлан болсаң көрейін, Қасқа тісіңді қандаған. Сәйгүлік болсаң шабарсың, Сәтімен күтсе сар далаң. Дүбірлет, аға, ендеше, Құлағын тіксін бар ғалам. Мұхамеджан: Тіл мен жақ, қуат беріп төзші бүгін, Егейін екі ақынның қос шыбығын. Әріптеспен әңгіме-дүкен құрам, Жүгіртіп ойдың шаңқан боз сұлуын. Жүйрік жылдар жүйткіп өтіп жатыр, Жамап киіп, жыртылған өз шұлығын. Алтын таға секілді, ағайындар, Өнердегі мен едім өз сынығың. «Жас жүрегім саусағын жайсын» енді, Арасынан ағызып сөз шырынын.

Ағайын, қос ұлың да үлгілі еді, Үлгілілер не істерін кім біледі? Тоң майға тойып алған тоқ мысықтай Үндеместер бірдеңе бүлдіреді. Бармысың, дәудірлеген Дәулеткерей, Жымисаң жанарыңнан күн күледі. Екеуміз де филфактың шәкірті едік, Тіркестерің дәл соны білдіреді. Інімнің қыбын бүгін мен табайын, Қашаннан тістің сырын тіл біледі. Тайы да қысырақтың тулағандай, Жұрт болмаса жүйріктер тумағандай. Екеуміз есті сөзге бас изейік, Ер-тоқымы жылқының тулағандай. Кесек-кесек боп түссін кестелі сөз, Жапырақтап жал-жая турағандай. Мен сені ақ көбік қып көрейінші, Езуіңді ауыздық сулағандай. Інімді ағыл-тегіл терлетейін, Адыраспан қайнатып булағандай.

Ағаңа қарсыласқа жарайсың ғой, Мықты болсаң айтарсың талай сынды ой. Арқаланып сөзіңді басташы енді, Маңдайлы елге сен де самайсың ғой. Қанатыңды бір серпіп ұшшы, інім, Қар адамын көргендей қарайсың ғой. Дәулеткерей: Сөйлесем өлеңімді үстеп алып, Шабыттың оты жатыр іште жанып. Ағасы, сен оқыған ұлы ордаға Мен-дағы, Құдай қолдап, түскем анық. Азамат ақын айтар сөз айттың ғой, Тіліңді келіп, аға, тіске жанып. Қайтейін бүгін жырда сайрандамай, Сөйлейсің қырдан қырып, ойдан борай. Қасқа жолың алдыңда сайрап жатыр, Қайығың қара өлеңнен қайраңдамай. Ағасы, байқап, бірақ, айтысарсың, Түйенің жығылуы қойдан да оңай.

Інің ем айтар сөзін келіп түйген, Біз шықсақ ұлы ордадан серік күймен. Қар адамын көргендей мен қарасам, Өзіңсің ғой мамырда бөрік киген. Бүгінгі бәйгедегі бөлек есім, Ұйқасын шама келсе шегелесін. Қанымда намыс оты алаулаған Еркектің танытқандай ерегесін. Шайқастың шарты солай болғаннан соң Мен өлемін немесе сен өлесің. Өзіңді байқаусызда жеңіп кетсем, Айтшы, аға, сүйіншіме не бересің? Мұхамеджан: Ағаңның бір бұрылса от қабағы, Кеудеңнен талай сырың жоқталады. Түйені жығамын деп отырсың-ау, Келгендей ер намысын жоқтағалы. Түйе келіп көпірде жығылғанмен, Төрт түліктің төресі боп қалады.

Әрине, ісіңді елің ерсі етпейді, Бағаңды халық түзу берсек дейді. Жеңемін деп желпініп отырсың-ау, Ойыңды ағаң қазір бөлшектейді. Менен несін сұрайсың, жеңер болсаң, Тістейтін жылқы тісін көрсетпейді. Дәулеткерей: Мен емес жыр қанатын қомдай алмас, Ағасы, қызардың-ау өңдей алғаш. Түйе деген болғанмен мал төресі, Қисайса, қайтып басын оңдай алмас. Айтысқа, ақын болсаң, мұндалап кел, Тілерім – ал, Жаратқан, жыр қанат бер! Бір ұядан түлеген інің едім, Бүгінгі шабысыма шын қарапты ел. Тастүлектей түйіліп мен көрейін, Өлеңмен мені бүгін шырғалап көр.

Айтысқа бүгін түскенде Алаулап жанған отсың ғой. Алдымдағы асқардай, Өзіңе көңілің тоқсың ғой. «Сіз де біздей болғансыз, Біз де сіздей болармыз». Жеңем десем айып па, Екі аяғың салбырап, Аспаннан түскен жоқсың ғой! Өлеңіңді, ағасы, от қылып ең, Сөйлейсің төрелердің текті үнімен. Балық үндес болғасын, бақа тілдес, Өзіңе айтар ойды дөп қылып ем. Үйленбей жүрсің, аға, мен болжасам, Қыздардың аздығы емес, көптігінен. Мұхамеджан: Ақын едік әр сөзі нұсқа болар, Қызылшырай күндейін қыста туар. Бір ұядан самғадық деп отырсың, Үнімен елді баурар ұшқан ұлар. Сен солардың жатасың қайсысына, Жұмыртқадан жылан мен құс та туар?!

Ағасын үйлене алмай жүр дей ме екен, Сөйтіп ол желкенімді үрлейді екен. Қыздардың аздығы емес, көптігі деп, Ағасының шын сырын білмейді екен. Ағаңа қыз қызықса айып бар ма, Тақыр басты таз адам күндейді екен. Шашырап кетті сөзің өнім бермей, Айдалаға ақ тары себілгендей. Қызылсырап келгендей қызды айтасың, Оныңа отырмаспын көңілденбей. Келген сәтте арқырап бастап едің, Кертөбел мама ағашын кеміргендей. Орта жолда отырсың тайғанақтап, Табаныңа тас бұршақ төгілгендей. Қос өкпеңді үзеңгі ұрғандай боп, Қыршаңқы атты қияда тебінгендей. Шаршап қалып, шалдыққан түрің бар-ау, Үйдегі күрең шайын келін бермей.

Бұл інім орнықты ғып ой табар ма, Тәсірлі сөз тереңнен айта алар ма? Қызды айтып қызарақтап отырғанша, Жұмыртқаңнан қыран шықсын шайқағанда. Абысындай аңдысып отырғанша, Егілген елдің сөзін айт одан да. Майпаздап қозғалатын түрің жоқ қой. Майда тікен кіргендей май табанға. Дәулеткерей: Ағасы, танытарсың кісілікті, Ешкімге өткізбейтін күш үгітті. Жұмыртқадан балапан, жылан шықса, Болар-ау жылан емес, құсы құтты. Ініңді балапанға теңеместен, Маған сен өткізерсің кішілікті. Оғыңды маған қарап атқанменен, Көмейің сенің-дағы түсінікті. Қырансың биіктерге қонатұғын,

Ақиық самғайды екен ол ақырын. Шайқалған жұмыртқадан құс болайын, Күні ертең қия құзды шолатұғын. Жұмыртқадан шайқалған жылан болсам, Тілім болар өзіңді шағатұғын. Жүруші ем өнеріңе болып құмар, Жырың бар жалпақ жұртқа жөн ұқтырар. Арманы арғымақтың аламан тек, Жолында баһадүрдің жорық тұрар. Ойпырым-ай, оймауытты ойсыратып, Түрің бар торғауытты торықтырар. Қызды айтқаным – әзілім аузымдағы, Шоқпарым жоқ қолымда тобыққа ұрар. Айтыста бірлік десе досы көнер, Көрермендік көңілдің хошы бөлер. Арындатып бастап мен баяулатсам, Жабағы тайдың тері ащы келер.

Мен бүгін шабысыңды танып көрсем, Болашағы зор мына халыққа ер сен. Көсілейін қысылмай, қымтырылмай, Ініңе бұл додада шабыт берсең. Ағасы, әңгімеңе мен еремін, Ендеше былай айт деп бағыт берсең. Мұхамеджан: Ау, Дәуке, неге сонша шабынасың? Шабынсаң шардай болып жарыласың. Балапан деген сөзді ауыр алып, Албырттықтан сен қашан арыласың? Есейіп ертең жігіт боп кеткенде, Ағаңның бұл лебізін сағынасың. Әткеншекте отырған жас бүркіттей, Қит етсе қиғылыққа салынасың. Ат дорбадан үріккен шабдар аттай, Шалт қимылдан сен қашан арыласың? Жылан болып сен мені шағамын деп, Жоқ жерден құр сезімге бағынасың.

Ағаңның алқымына жармастың-ау, Аталы сөздің ұқпай мағынасын. Көңілдің осы болса өтелгені, Ағаңның айтқан сөзі бекер ме еді? Мен сені құшақ жая қарсы алып ем, Өсіп-өнген жігіт деп шетелдегі. Көмейіңді түсіндім деп отырсың, Сол болғандай көңіліңнің жетер жері. Бұл ағаңның көмейін түсінгенше, Халқыңның сөзін айтшы көкейдегі.

Аузыма алған кезде бір Алламды-ай, Көңілім көркем сөзге жұбанғандай. Жүректің түбіндегі сөзді айтайық, Сыпайының тісінен сыр алғандай. Жерұйық жемісіндей уылжысаң, Сөздің сөлін кім ішпес құмарланбай? Тіліңнен бал сорғалап, мұң төгілсін, Мұхиттан маржан сүзіп шығарғандай. Қусырыла бермейік құр бекерге Қойынға тығып келген жылан бардай. Дәулеткерей: Аламан арғымақты төтен сынау, Бөгде оймен қоймаспын бөтен сұрау. Өзін-өзі өзгеден биік қойып, Сеніміңді баптаған сетерсің-ау. Жел жағыңа шығармас тірі жанды, Басын имес кішіге шетенсің-ау. Шақпа тілді қалмайтын шақарлығың, Ұқсамасаң тумағыр екенсің-ау!

Сөйлесең, өлеңіңде сөлің майлы, Дәл бүгін жұта қоймас көңіл қайғы. Ал, енді, бір-екі ауыз мен айтайын, Ағасы, заманым мен елім жайлы. Тура жолдан тайғандар топ құрайды, Сөздері мінсіз сұлу, тек шырайлы. Сең соққандай сенделген жастарыңнан Жанға сая керек пе деп сұрайды. Дінің үшін тік тұрсаң, Мұхаммедтің Үмбеттері, басыңа жетті қайғы. Көп ұлтты деп мақтанған Қазақстан Көп дінді боп жүрмесін, көп Құдайлы! Тыйылмай құмар істен, күнәлі істен, Жылытар жүрегіңді жұбаныш кем. Құлқынның құлы болған қазақ аз ба, Кәпірден асып түсер құлап ішкен. Қаладағы қаптаған казиноңның Мешітіңнен мерейі тұрады үстем.

Наркобизнес дамыған, Нәлет айтар шақта бұл Досыңмын деген пендеге Ағыңнан жарыл, ақтарыл. Біреулер біліп қоймасын, Бағаңды өзің жатқа біл. Көзін салып Құдайым, Басыңа бір күн бақ дарыр. Дұшпаның болған дөкейге Сазайын берсін көк Тәңір. Көш бастайтын еркектер Еңсесі түсіп артта жүр. Матриархат мүшесі Сауда қылып сыртта жүр. Мұңды айтсам, көңіліңнің хошы болды, Айтқаным арманыма қосып елді. Сен-дағы арқа сүйер азамат ең, Менің де ниетіме қосыл енді. Әрі қарай тағы да толғай жатам, Әзірге бір түйгенім осы болды.

Мұхамеджан: Өзіңе жайған кезде халық құшақ, Аяғыңды алдың-ау анық тұсап. Ел жайын айтам деп ең, жарытпадың, Күнде келе берердей шабытты шақ. Мәселе айтсаң, тереңнен қопарып айт, Бәйтеректі суырған алып құсап. Ал, сен болсаң бір жерді шиырлайсың, Аквариумда айналған балық құсап. Айтарың болса егер де алыс кетсін, Қараңғы түнде жанған жарық құсап. Ақиып шыға келдің аспанға шын, Тақымыңа батқандай тас қорғасын. Шай ішуге келгем жоқ сахнаға, Сайысуға келгем жыр жастанғасын. Айтыстың табиғатын білмеуші ме ең, Басты қорғап қайтесің басталғасын? Сіз-біз десіп сіресіп отырғанша, Тіресіп айтысқан жөн жас болғасын.

Қалдырған сенің ізің шиыр емес, Алып та өз халқынан биік емес. Қарсыласты қамшылап отырайын, Қасарыспай көңілдің күйі келмес. Айқасып сөз тумаса, айтыс деген Сипап сауып алатын сиыр емес.

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН ӘСИЯ БЕРКЕНОВА

Дәулеткерей: Күмбір күй көкіректен шалқып ойнақ, Көтерген қыран қанат халқы байрақ. Армысың, мерекелік меймандарым, Сөйлейін алдарыңда жарқын ойлап. Ордасында Елбасы – жол басында, Бұл күнде елдігіңе әркім айғақ. Айтыстың да парызын қарыз қылмай, Танытсам қара өлеңмен қарқын, айбат. Ассалаумағалейкум, Астана елі – Алашқа алтын тұғыр, алтын аймақ. Жаратқан жыр бөлеген жөргегіне, Сарыарқа, дұғай сәлем белдеріңе. Алғаш қадам басқасын Астанама, Еріксіз тасып толам ернеуіме. Бас қосты бас ақындар, жас ақындар, Жарасар именбестен төрлеуім де. Алатау ерулік деп ерттеп берген Бесті жырды байлайын белдеуіңе.

Танытып таланттылық тал бойымнан, Алашым, тойыңа жыр, арнайын ән. Қасымда Әсиядай әз анам бар, Тартынбас тарланбозың қандайыңнан. Алатаудай қасыма сіз келгенде, Балапандай талпынам баурайыңнан. Өзіңізбен кеп қалдым айтыспаққа, Тұқыртып ұстамассыз шаужайымнан. Тәуекел – тары түссе таңдайымнан Немесе маржан түссе маңдайымнан. Әзіл сөз арамызда десек те шет, Ақындар адалдықпен есептесед. Айтылар атымызға сынау, мінеу, Көңілін көрерменнің қош етпесек. Айтыстың тай қазанын қайнатарсыз, Қозасын қара өлеңнің көсеп-көсеп. Ал, апа, сөз тізгіні өзіңде енді, Кезек-кезек сөйлейік, кесек-кесек. Әсия: Жыр қонып, жүрегімнен өлең көшкен,

Елімсің өлең десе елеңдескен. Айтыстың ақ тұйғыны ұшпай тұрып, Жөн болар жұртымменен сәлемдескен. Сүйеушім сайыстарда деп білемін, Шабытым шылбыр үзіп кетті менің. Армысың, ақ жаулықты ана, жеңге, Армысың, төбетейлі тектілерім. Жырымның жарылғандай жанартауы, Кездеспе тек көңілдің самарқауы. Арқа мен иен дала қосылған соң, Даланың сендерсіңдер Алатауы. Қалайша жамандыққа қияды ішім, Төгесің сұлу сөздің зиялысын. Айтыстың «Ақ көйлегі» атанған сен Егеухан анамыздың тұяғысың. Кәусардай құяр бұлақ тұнығы да, Төгілсін жырдың бүгін сынығы да. Өзіңдей жыр-теңізден бастау алған Алтынның қасиет бар сынығында.

Байқасам, жүрегіңнен ән атылды-ай, Жыр болып бала сезім жаратылды-ай. Балапан деп отырсың сен өзіңді, Қатайтып жіберейін қанатыңды-ай. Тіліңді жонылған бір оқ қылайын, Пейліңді жыр сезіммен тоқ қылайын. Қайнатшы жыр қазанын, балам, сірә, Мен сөзім соған тиер шоқ қылайын. Демегін бүгін, сірә, налып шығам, Салымды, сірә, суға салып шығам. Анамын баласы үшін жан беретін, Тісіммен тістесем де алып шығам. Дәулеткерей: Анашым жол бергесін айта бер деп, Алашқа жыр арнайын байтақ ел деп. Анамыздан ақ бата ап келіп тұрмын, Айтқандай «ат орнына тай төлеу» деп.

Қасыма келгеннен соң аяулы анам, Саңқылдап мен сөйлейін саяңда аман. Мен бүгін кемеріңнен шалқытайын, Бастау ап қара өлеңдей бай арнадан. Әйтпесе, өзенсіз ғой тасып-тасып, Ағысы бүгіндері баяулаған.

Астана жұртым, алашым, Соқпағың сонау заманнан, Бүгінде заман жаңарған. Жүйткіген көңіл көк дөнен, Қиялым менің шабарман. Айтысқа шыққан ұлыңмын, Алашқа ақын саналған. Лебіз естіп қайтайын Әсия сынды анамнан. Анамыз халық ақыны, Айтысқа шығып талай жыл, Самай да шашы ағарған. Халықтық атың биік қой, Мен қалай асам қамалдан?! Тексіздің тілі түрпідей, Мен жаңылмайын тобамнан. Бетсіздің бірі мен емес, Қадалған жерден қан алған. Шындығын айтсам дәл қазір, Мен-дағы ақын ананың Құрсағында жаралғам. Бесікте көрген тәрбием, Айтысқа шығып анаммен Тізгінді тартып қала алман. Тереңге бойлап толғасам, Ақындар мінген сұр қасқа Шаба алмаса, ұр басқа.

Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сертіңе серік болайын, Тоқтамай шауып тынбасқа. Өкініш кетсін өзектен, Астары арзан бөз өткен Матаның даңқы бір басқа. Мәйегі арзан сөз өткен Атаның даңқы бір басқа. Айналайын анасы, Балаңның бағын жандырар, Құмарын елдің қандырар Құнарлы тілмен жыр баста. Әсия: Сөзім бар сезіміңді ұршық қылар, Күй сарнар жаныңды тек бүршік қылар. Ағысың баяулады деп айтасың, Толқын бар талайды әлі тұншықтырар. Анаңа семсер сөзбен сайланып өт, Көңілді демдеп, сірә, жайланып өт. Отырсың қамалсың деп, сірә, мені, Есігін аша алмасаң, айналып өт.

Есті жан есті сөзді ұғынады, Демеймін балам сасып бұғынады. Үлкен тас сүріндірмей құлатады, Көтерген тасқа танау жығылады. Деймін тек көңіліңді жай алайын, Алақан тосып сені аялайын. Аспаса арнасынан асып-тасып, Баламды мен де ана боп аялайын. Түссінші бүгін, сірә, жыр сабына, Отыр ғой көп те, міне, жыр сағына. Ақындар ешқашанда өзі туған Түкірмес сол ананың құрсағына. Дәулеткерей:

Анамның жырлары бар алмас кілең, Тақырға тары өспейтін салмас түрен. Анамның алақанында аяланып, Толғауды тоқсан ауыз жалғас қып ем. Мен сіздің толқыныңа тұншықпаймын, Мәреден бақ күтетін марқасқа ұл ем. Бақ сынасам деп келгем алдарыңа, Таза бұлақ тақырда қалмас білем. Мен дағы желпінбеймін желектеп құр, Шабытым қазір менің шелектеп тұр. Апасы, құлағың сал, ал, ендеше, Бір-екі ауыз сөз айтуым керек боп тұр.

Балаң ем мұңы бөлек, сыры бөлек, Отыршы жырларыңмен жылы демеп. Шеттегі шерлі жүрек қандастардың Тыңдаңыз бір-екі ауыз мұңын елеп. Ашынып артық айтсам, кешір, ана, Демегін неге бала күңіренед? Оралмандар жайында сөз айтпақпын, Үкіметтің құлағының түбіне кеп. Ашқанмен құшағыңды айқарып құр, Шаттығы көңілдердің шайқалып тұр. Азаматтық ала алмай өз елімде – Ашынып айтатұғын жайт анық бұл. Елге ел қосылғанда құт деуші еді, Отанға құйылардай жайқалып нұр. Үкімет бізге көңіл аздау бөліп, Келген бақты керген бақ қайтарып тұр.

«Келін, келін, келін-ақ, Келген жылы сөзін бақ. Мен келгелі жеті жыл, Сөйлегенім бүгін-ақ». Алдыңа келдім айтқалы Ақиқатын қандастың, Сырымен қоса мұңын ап, Жылы да жауып қоймаспын,

Қымтап мен оны жылылап. Халықтың анам ақыны, Бір-екі ауыз сөз айтайын, Деп ойлаймын ұғынад. Тарихқа бір шегініп, Шежіреңді, елім, ақтардым, Орыстың болсаң да отары, Ошақтың отын өшірмей, Одан да аман шақ қалдың. Полигон жарып жеріңде, Азабын тарттың ақ қанның. Желтоқсан желді түн еді, Қабағына қан қатқан күн. Алды-артыңа қарамай, Көп ұлтты Қазақстан деп, Шаттандың да мақтандың. Одан да қалдың аман-сау, Болғасын текті ұрпағы Сары алтын киген сақтардың. Тәуелсіз елім қазақ деп, Қазағым бүгін азат деп Шабыттандым, шаттандым. Құттықтау айтып тойыңа, Тілектен тұмар таққанмын. Осындай үлкен тілекпен, Егеменді елім болған соң, Алтайдан көшіп Арқаға Аңырап келе жатқанмын. Ата да жұртпен табысып, Ағайыныммен қауышып, Жамырап келе жатқанмын. Шет жерде көңіл шеменді, Сезініп елде еркін мен Жадырап келе жатқанмын. Қошеметіңді, қазағым, Қабыл ап келе жатқанмын. Отан деп соққан жүректен Жаныңа жігер күш берер Жалын ап келе жатқанмын. Ата да салтын сақтаған,

Бұзылмаған қазақтың Қанын ап келе жатқанмын! Шабытым менің келгесін, Балаң да былай шешілед. Алтайдан көшің жеткенде, Мақтадыңдар бәрің де Ғасырдың ұлы көші деп. Атажұртқа келгесін Көңілім де өсіп ед. Тағы да қарпып айтайын, Азаматтық ала алмай, Тойлауға да қатыспас, Сайлауға да қатыспас, Елге келген қазақтың Еркіндігі осы ма ед?! Қазақты қаны жуас ел дей ме екен, Алтын ел ақиқатқа шөлдейді екен? Қышымайды қасқа бас деп айтушы еді, Үкімет өзі біліп көрмей ме екен?! Әсия анам халықтың ақыны ғой, Мұңыма менің көңіл бөлмей ме екен?! Менен гөрі сөздері салмақтырақ, Жоғарғыға жеткізіп бермей ме екен?!

Әсия: Айтысты мына бала аттан қылды, Қазағым, алашым деп мақтан қылды. Арман не, айтты балам көкірегінде Шер болып, бүгін мұң боп қатқан жырды. Әрине, мен емеспін поштабайың, Деп едім, балам, сенен дос табайын. Айтқаның жай сөз емес, елдің зары, Қалайша мен сөзіңді қоштамайын?! Деймін ғой тек сүрінбей жосыл да отыр, Жетекке құлындайын қосыл да отыр. Зорлама, сірә, балам, терді төгіп, Еститін бүкіл құлақ осында отыр. Алашым, алты мына арыс аман, Демеймін бар ісіңнен қалыс қалам. Хан естір айтқаныңды, жаным балам, Отыр ғой ортамызда Әбіш ағам.

Жеңіл сөз ілінбейді байлауыңа, Жыр кептер қонар, сірә, жайлауыңа. Қақылы қосылсыншы оралмандар Келесі Парламенттің сайлауына. Бұл балам көңіл жырын есіп көрер, Жылы сөз естігенді несіп көрер. Отыр ғой Сенаттың да өкілдері, Мәселе оралманға шешіп берер. Төмен бе оралманның азығы да, Құлақ сал бұл баланың назымына. Отаным, елім деп бір, еңіреп бір, Келгені оралманның жазығы ма?! Болып тұр бұл заманның бәрі қайғы, Күтпейік тек өмірден сары майды. Бауырлас аузы асқа жарымаса, Алаштың аузы асқа жарымайды. Артылар мол болса да төгіп ішкен, Жариды өзі еңбекпен егіп ішкен. Қаны бір қазағымыз қайтып келсе, Жарасар ағайынға бөліп ішкен.

Не пайда атың көпке жайылғаннан, Не пайда елсіз өскен жай ұланнан?! Не пайда қара қазақ халқыма тек Төбедей бір байларың байығаннан?! Қол салар елдің ащы жарасына, Ой салып Алаштың кең даласына. Оралман баспанаға зар боп жүрсе, Коттежді салып берер баласына. Демеймін елден артық салық төлер, Пайдасын сол теңгенің халық көрер. Оралман бір ақысын ала алмаса, Байларым «Мерседесті» алып берер. Жан балам, ерттемегін жайдақ әнін, Көрермін елдің әлі сайрағанын. Апаңа өкпе айтып отырсың ба, Айтқаным сені, сірә, қайрағаным. Жан едім жел сөздерге желікпеген, Өлеңнің жақұттарын теріп келем. Жарамас жас қыранға жөргегінде Жарбақтап жапалаққа еліктеген.

Естідім жан жаратын толғамыңды-ай, Наразы бұл еліңе болғаныңды-ай. Жан балам, мен көрейін қанат қатып, Сенің де, сірә, қыран болғаныңды-ай. Дәулеткерей: Халқымның мен балайын нарқын шыңға, Ал, балаң асқарларға талпынсын ба, Тері тұнып бапталған тұлпар болса, Аламанда жер қауып алқынсын ба? Тыңдайтын барлық құлақ мұнда дейсіз, Ендеше, сол құлаққа «алтын сырға». Жырымды мен қайтейін, енді үдетіп, Шабытым айдаладан келді жетіп. Жеріне жеткіздің-ау, Әсия апам, Ағыңды қара демей теңбіл етіп. Жайыма қосылғасын мына менің, Жүрегімді жібердің елжіретіп.

Бала ма анасының қолында өспес, Мен емес азаматың сенім кешпес. Ендеше, ана, сізге рахмет, Балаң ем ақ самайдың жолын кеспес. Біз болып Астананың қоналқасы, Айтыстың бал ағызған омартасы. Көңілің қияларға шарықтасын, Қыранның асқардағы қонар тасы. Ана жақта қой десе ағаларым, Болғандай бұл сайыстың жол ортасы. Айтыстағы жағылған алау жырдың, Суымай тұрған кезде қоламтасы. Әсия: Орынды, сірә, сөзге талас бар ма, Жақсыдан жамандарды аластар да. Жүрегің елжіресін, жаным балам, Жасыма мынау тұрған Алаш барда. Келген соң ерік жырдың жорғасына, Ақ тілек күтіп отыр ел де асыға. Астанам айналсыншы, асыл елім, Бұзылмас бірлігіңнің ордасына!

СЕРІК ҚҰСАНБАЕВ ПЕН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ

Серік: Қарайлап қалың елдің қабағына, Алтайдың ат байладым алабына. Айтысқа шырай берген ақындардың, Гүл бітіп, құт дарысын қадамына. Ормандай ордалы елім, аманбысың, Табынған Оралханның талабына. ???????? ?? ???????? ??????????, ??????? ????? ?????? ??????????. ?? ????? ????????? ??????-????, ??????? ??? ??????? ??????? ??-??? ?????? ?????? ???? ??????? ???????? ?????????? ??????????. Қыздарың өр Алтайдың маралындай, Ұлдарың туған жердің қамалындай. Ел кезіп желмаямен кетсем-дағы, Жерұйық дәл өзіңдей табамын ба-ай? Төріме тағзым етіп иілейін Қабанбай нағашымның садағындай.

Қарайлап қалың елдің тілегіне, Бір жол бар мәңгіліктің түнегіне. Алды жаз, арты ақпан алдамшы өмір, Пәниде пенде соны біледі ме?! Келместің көшіменен кеттің, аға, Сыйғызып ел тілегін жүрегіңе. Әрине, аһ ұрасың, қиналасың, Айылын ажал арсыз жимағасын. Осылай құлазиды іні көңілі, Жоғалтып қапияда сыйлы ағасын. Қазақтың жібек баулы қыраны едің, Қайтейін маңдайыма сыймағасын?! Қабырғам қайғы жұтсам сөгіледі, Көл болып көздің жасы төгіледі. Артыңнан аза тұтты аяулы елім, Жас сәби бесіктегі не біледі?! Өксіген өр Алтайды жұбатам деп, Ертісің әлі күнге егіледі.

Өлеңнің бірге міндік арбасына, Сол арба шығарса да жар басына. Кім кепіл әлдеқандай күн туғанда, Жігіттің пенделікке бармасына?! Сенімі бұл ағаңның сең бұзады Өзіңнің жерге қарап қалмасыңа. Ендеше, бісміллә деп белдесіп көр, Қапыда түсіп қалмай жамбасыма. Кеудеңде бабалардың рухы болсын, Қоң етін кесіп берер қандасына.

:Дәулеткерей: Армысың, өскемендік өскелең жұрт, Ортаңда орайласқан кешке келдік. Алтайым – шығысымда алтын қақпа, Секем жоқ сел алса да сескенерлік. Армысың, семсер тілді Серік ақын, Айтыста беделің бар бес дөнендік. Ініңнің іргесіне қоңсы қоңсаң, Бағаңды түсірмеспін еш төмен қып. Ғасырдың тоғысында той қылсаңдар, Қоғамдық қолдау екен қош көрерлік. Тойыңнан ақындарды қалдырмауың – Бойыңнан қазақылық көшпегендік. Жаратқан жар болса егер, келбетіңді Қуат бар қызыл тілде кестелерлік. Аруағын Орекеңнің аунатпасам, Бұл жерге келгенім жоқ босқа өлең қып!

Айтыста көтерілді бүгін байрақ, Сөйлейін ынтымақты ырымға ойлап. Жаулардан жаман ниет болмасын деп, Қабанбай кеткен аппақ туын байлап. Алтайдың толықсыған ақ сезімі Жатқандай Үлбі, Ертіс суыңда ойнап. Алашқа сауын айтып той қылған ел, Келбетің келісті екен бүгінгі әйбат. Күлтегін қолтаңбасын тасқа басқан, Түркі елім ту көтерген тұғырлы аймақ! Ағайын, алақаннан от алайын, Алтайдың алтын кенін қопарайын. Ақ Ордам қарт Алтайға сәлем айтты, Бозінген сағынышы ботадайын. Есілден алып келген өлең-жырды, Ертістің ернеуіне қотарайын.

Ұлы адам ғана айтады ұлысқа ақыл, Ойшылдың көкірегінде ырыс жатыр. Ойшылдық пен ойсыздық – екі нәрсе, Әркім айтқан сөз болмас күміс бақыр. «Неге біздер осы» деп Орекең де, Тірісінде тигізбей туысқа тіл, Жалғанның базарынан шаршаған соң, Алламның мазарында тыныш жатыр. Кеткендей толып бүгін заман зарға, Қарыс баса алмаймыз қадамды алға. Ер састы, етек басты күн өтсе де, Тұлпар тірлік тасырқап табандауда. «Неге біздер осы» деп ойлануға, Құдай ақыл бермеп пе еді адамдарға?! Ау, Секе, сіз де біраз егілдіңіз, Жырыммен дем алыңыз самалдауда. Талантты пұлсыз беріп, құнсыз алса, Құдайдың құдіретіне шараң бар ма?!

Алтайым таңға тұтқан таудан басқұр, Бұл айтыс – бабамыздан қалған дәстүр. Мен сенің түсе қойман жамбасыңа, Апанға тығылмайды арлан қасқыр. Серік: Көгінен қазағымның жыр кетпейді, Біздің ел таланттарын құрметтейді. Ақ туын Қабанбайдың өзің айтқан Ұрпағы мына отырған кірлетпейді. Ініме батырмайын тіземді мен, Маржан қып сөздің ойын тізем, білем. Әлгінде өзің айтқан арландарды Шығыста соғып алған үзеңгімен. Ағаңмен айтысам деп сайланғасын, Қиялың сары даланы сайрандасын. Айтыста талай сөйлеп иі қанған

Қызыл тіл құдай берген байланбасын. Болғанмен өзің балғын, сөзің – сақа, Ақынның бірі едің айлаң басым. Қонады сөз – таңдайға, бақ – маңдайға, Бақыттан бірақ басың айналмасын. Бақ деген жылап қайтар, күліп келер, Мен емес болжау жасап күдіктенер. Және де қара ниет Қарабайың Мен емес жеңге қанжар тығып келер. Сыр бермес, сырттан мінез ағаң едім, Қолқасын, қолқаласаң, жұлып берер. Дәулеткерей: Тобыңа түсіп жүрген талаптанып, Мені де Алтай тауым жаратты анық. Мен дағы бұл алқаға бөтен емес, Алтайдан ұшқам қарақанаттанып. Арланды соғады деп үзеңгімен, Ағамыз алқалы елді қаратты анық. Ағасы, неге сонша шіренесің, Үзеңгібауың сегіз қабаттанып?

Рухын өрелі ел жұтатпапты, Өсер ер аға-інісін мұқатпапты. Ынтымақ ырыс алды болсын деумен, Құдайдан Құран сынды кітап қапты. Ағасы, айбалтаңыз кетілмесін, Балтаң өткір болғанмен, бұтақ қатты. Мен енді қарап өтем шашыңызға, Алтайдың асқарынан асыңыз да. Маңырақ жотасының арқарындай Шаңырақ бөркіңіз бар басыңызда. Қазтаңдай Серік, тағы қаңқылдашы, Қаздаңдай басып келген қасымызға. Серік: Өлеңді баста десең, бастайын да, Абыржып көп алдында саспайын да. Кешегі Ақан сері құласындай Адымды алшаң-алшаң тастайын да. Аузыма өзің салып кеттің, інім, Әңгіме ел алдында шаш жайында.

Қалайша саған бүгін іш тартпайын, Алайда шылбырымды ұстатпайын. Байқаймын шашыңыз да күзеліпті, Қысқарған жер-жердегі штаттайын. Дәулеткерей: Ағамыз ақындықта арлан бөрі. Айтады сахнада жалған нені?! Бөрілер сағалайды түз даланы, Қашады тайсақтаумен таудан көбі. Жеңгеміз мұртыңызды қырдырғанда, Немене, секем алып қалған ба еді?! Серік: Өзіңдей інілермен мақтанамын, Көсіліп шабар болса, шаттанамын. Төріне туған жердің келген кезде Кеудеден ақ маржан жыр ақтарамын. Ініге ілтипатпен қарасам да, Өзіме әріптес деп сақтанамын. Мұртымды қырып тастап келдім, інім, Жеңгеңнің жыбырлатып ақ тамағын.

Жігерлі сөз айтайын жұртымызға, Елеулі сын көзбенен сыртымызға. Көргендей мұрттылардан көресіні, Шүйліктің шыға салып мұртымызға. Біреуге ой салады құлқын ғана, Бөрілер береді әркез сыртын ғана. Айтайық елдің жайын, көптің жайын, Мәселе мына менің мұртымда ма? Сөзіңді ұстадай ғып шегеледің, Өлеңнен басқа елге не беремін? Көсіліп шапсаң бүгін ел алдында, Сенің де ауаныңды көрер едім. Кешегі Пугачевтай перілердің, Інішек, қылығына не дер едің?

Дәулеткерей: Тыпыршып сөйлейсің-ау, тіпті, ағасы, Тіксінбей, тектілікпен тік қарашы. Ел жайынан бастасаң өткір өлең, Сілкініп қалар ма екен жұрт санасы. Адамзаттық ойлары Оралханның Бұл күнде болып отыр ұлт бағасы. Орыстар ойдағысын істегенмен, Алайда, жібермейді ұлт наласы. Тарихын тасқа басқан тамырлы қып, Бұл Алтай – түркіліктің түп қаласы. Пугачевқа пұтхана бола алмайды Құдай сүйген ұлыңның құтханасы!

Әркімнің ошағын бір көсеп беріп, Біз қазақ кім-кімдерді дос етпедік? Аузына – жал мен жая, жылы-жұмсақ, Астына ақ мамығын төсеп беріп. Көршіге ерсі қылық танытпастан, Солар бар мәселені шешед дедік. Ағайын, жау жоқ деме, жар астында, Жүргенмен саясатқа есеп беріп. Қой терісін жамылған қасқыр жаман, Жүрмейік үйден шықпай, төсекте өліп. Әркімге бір жүргенде қалбалақтап, Қарғадай боп кетпейік кесек теріп.

Ағызған асқарынан өлең селін, Алтайым – алтын тұғыр, ел еңселім. Оралхан деп оянған ұрпақ барда Жоғалмайды өнерге деген сенім. Ұрпағына қалдырған мұрағатпен Жұрағат есеп қылсын жол өлшемін. Ініңе деген, аға, ілтипатты Жүзіңнен жымыңдаған көрем сенің. Толағай тұлғаңызды төртбақ келген Сомадай сары алтынға теңеуші едім. Ініңе бастаттыңыз саясатты, Ары қарай өзің, аға, не деуші едің?!

Серік: Тектілік – маған да айбын, саған да айбын, Жиені мен боламын Қабанбайдың. Тіліме ұтымды сөз келген кезде, Тілімді тістеп және қала алмаймын. Айтыста уақытқа бір жарымадық, Секілді садақасы сараң байдың. Жыршының жарқылдаса жасын әні, Көңілі көрерменнің ашылады. Пейілі Пугачевтей перілердің Еріксіз елдің құтын қашырады. Қазақтай сәби мінез, аңқау елге Айласын алаяқтар асырады. Түбінде тексіздерге тілмен тисе, Жазықсыз елдің қаны шашылады. Басшылар жалпақшешей бола берсе, Қазақты кім көрінген басынады.

Сондықтан ойлан, елім, оян, елім, Қалмақты да қызыл қанға бояп едің. Киелі көк бөрінің ұрпағысың, Дей алмас саған ешкім қоян едің. Билігін бұл жазаның маған берсе, Есердің екі көзін ояр едім. Құнтитып құлағы мен мұрнын кесіп, Тірідей бас терісін сояр едім. Сақалын талдап жұлып албастының, Зайсанға қой баққызып қояр едім. Дәулеткерей: Демеймін морт сынатын шетенсің ғой, Жолыңды тура тартқан төтенсің ғой. Жазасын Пугачевтің жариялап, Отырған орныңда бекемсің ғой. Зайсанға қой бақтырып қоям дейсің, Сен, бірақ, Керекуде екенсің ғой.

Өмірге сен де қонақ, мен де қонақ, Отырмын өзіңізді төрде ағалап. Айтыста уақытқа жарымаған, Ағайын, Серіктейін ерге обал-ақ. Ерлігі кеше өткен бабалардың Қазақ деген қаны бар елге аманат. Қадір қашпай тұрғанда, тұрайықшы, Әлі де кездесерміз – жер домалақ. Серік: Қалың ел қозар менің арқам еді, Өлеңім найзам еді, қалқан еді. Бақандай бес минутын қиып берген Қалихан ағам неткен дархан еді! Кей кезде өлең сөздер үй бұзады, Ән тыңдамас, сөз тыңдамас күй бұзады. Әрине, айтары бар ақындарың Айтарын бір минутқа сыйғызады.

Дәулетжан, айналайын тілегіңнен, Өзіңнен үміт күтіп жүр едім мен. Сен маған туған жер деп қақылдама, Туған жердің қасиетін білемін мен. Ән қуып, Керекуде жүрсем дағы, Шығыста жатамын ғой жүрегіммен. Нәр алған халқым әрбір ғасырынан, Жатқанда шашу болып шашылып ән. Халқымның көңілі отыр бір құлазып, Айырылып Оралхандай асылынан. Кезінде әлдеқандай күн туғанда, Алтайдың кім аспап еді асуынан?! Мынау ел – әділ қазым, биім дерсің, Қалайша ел жайында күйінберсің? Қалайша қос тұлпарың көсіліп бір Шапқанда, қайран елім сүйінбесін?! Тоқтайын осыменен, ақын бауырым, Бұл сөзді өзің жалғап, түйіндерсің.

Дәулеткерей: Бола ма санамыздан жыр көзделмей, Миуалы жемісті жыр күз бергендей. Әрине, мен де жүрмін Астанада, Ағасы, менің жолым сіздерден ғой. Туған жердің ұмытпа қасиетін, Оралхан да үйде туып, түзде өлген ғой. Қалмайсың тақыр болып тойлағаннан, Ағайын, мен түйейін ойдан арман. Ойыма асыл жырлар келе берер, Серіктей семсер ақын қайрағаннан. Қазағым, рухымыз мәңгі өлмейді, Бұдан жаман күнімде тойға барған. Серік: Қазақтың қыныптағы қылышымын, Өлеңде, өнердегі ырысымын. Ерткен алдымызда аға болса, Сүйейтін қолтығынан тынысымын. Үйде туып, түзде өлген Оралхандай Арыстың соңындағы інісімін.

Еліңмен, айналайын, еңселі бол, Құрметтеп жатсын дәйім ел сені мол. Мен бүгін қайрап-қайрап жіберейін, Қазақтың сертке байлар семсері бол. Дәулеткерей: Шабыттың тізгініне қол артам да, Қона бер өлең деген омартаңда. Ағасы, өзің қайрап топқа қоссаң, Қалатын жабы емеспін жол ортаңда. Сен де інісі Оралханның, мен де інісі, Мен дағы жат емеспін Оралханға.

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН БАУЫРЖАН ХАЛИОЛЛА

Дәулеткерей: Айтыстағы арғымақ жыр ала мойнақ Жанымның жайлауында салады ойнақ. Алдыңа алып-ұшып келгенімде, Сөйлемен жайдақ сөзбен жадағайлап. Жетісу – жаннатты өлкем, жұмақ мекен, Қазаққа құтты қоныс, адал аймақ. Армысың, асқақтаған Алатауым, Алаштың аспанындағы ала байрақ! Қалса да қалтаң тесік, қораң босап, Қоңторғай тірліктерің қоғамға шақ. Наурыздан науат самал есілгенде, Көңілің жайма-шуақ болар ма шат?! Жәрмеңке жиыныңды жыр етермін, Ойымнан отыз ауыз орам жасап. Елордадан елші боп келмес едік, Берекеңе дәнекер бола алмасақ?!

Мен емес айтысқанда ерсі кеткен, Дабылы дүлдүлдердің өршіл, өктем. Жазира жанымызға шуақ құйып, Дариға, даламызға келші, көктем. Қар астынан бәйшешек қылтиғанда, Алашқа ұран айтысқа елші жеткен. Інімді ала келдім қапталыма, Езуінен ерке өлең еншілеткен! Ал, інім, ұлтым деген ұл ма екенсің, Жанымды жақсы жырмен нұрлы етерсің. Бола алсаң үзеңгі аман үзеңгілес, Ағаңмен арманыңа бір жетерсің. Алыпқашпа әңгіме айтпай халық, Айтысқа абырой мен құрмет ерсін. Бауырым, барыңды сал, ал, ендеше, Піл көтере алмағанды тіл көтерсін!

Бауыржан: Бісмілләдан әуелі, Алланы алсам аузыма, Адал да сөзім шашылған. Жебеуші болса жаныма, Ақ періштем жақ болып, Алдымнан жолым ашылған. Бескүндікте бұлданбай, Думаныңды дулайын, Бақ таймаса басымнан. Алқалы қалың әлеумет, Сағыныш толы сәлем ал, Мына біздей жасыңнан. Шапалақпенен демесең, Шабыттанып шаңғытып, Мойыным көкке асылған. Төкпелетіп кеткенде, Толғауы тоқсан қызыл тіл Кем түспеген жасыннан. Мен Махамбеттің жебесі, Ақжайықтан атылса, Құланың қалмас касынған. Кешегі Абыл, Ақтан, Қашаған – Солардан қалған сарқытпын. Сыбағамды алып шашудан. Қазақы текті қаным мен Тақымдасып танысып Тепсінісіп келгенде Сүйегім қызбай ашылман. Баппенен шапқан боз ат ең Бақиға теккен өз әкем Тентегіңді қолдашы, Аман өт деп асудан. Тілеулес болсаң, текті елім, Топқа түсіп ту байлап, Табылам бүгін қасыңнан.

Жатқанда қайта туып халық әні, Санамыз секемдіктен сауығады. Бақсының моласындай Абай айтқан, Айтыс та талай жылға шағынады. «Миллениум патимен» миы айналған Мұндайды шенеуніктер неғылады?! Бингомен басың қатып кетсе дағы, Өлеңмен тыныстауың анық әлі. Сәулесі сөнгенменен санасы ояу, Ақынды ауылдағы ел сағынады. Ағайын алдымдағы аман болса, Қазына кеуде сенен табылады!

Қазақпыз қанды шайқас жауда көрген, Затында асып-таспай заңға көнген. Үш ауыл, үкілі елім, өзің едің Ұлына найза, қалам, қауға берген. Ұстадым айтыс деген асатаяқ, Батиха сауға қылып саңлақ елден. Жаныма ұзын жігіт жайғасыпты, Құл емес дат айтуға ханға келген. Мінгенін мама ағашқа байлап келмей, Мынау кім маңайымды шаңға көмген?! Аяулы алты алашқа Абақ бала, Өзінше мына бізге талапты аға. Егеухан анамыздың үміті едің, Жолымен келе жатқан сабақтала. Аянбай шабытыңа қамшы басқын, Жанымнан өте шықпай жанап қана. Найзаның жолда жатқан сынығымын, Жұлмалап жабыспассың балаққа да. Білесің, мен де осал олжа емеспін, Ал, аға, айналаңа алақтама.

Келдің ғой мейман болып Астанадан, Ініңді жарты жолда тастамаған. Айтыста мұғаліммен жұп болыпты Студент – тесік қалта, қасқа балаң. Маңдайға жазылғанды меже білген, Бұл кеште ауысады көже кімнен? Тұсауыңды қоймаспын кеңге салып, Өзімді кеп атпасаң өз оғыммен. Сыпайы сыйластықпен айтысайық, Сыбаға болсын енді кезегіңнен. Дәулеткерей: Бұйырса бір ошаққа отағамын, Осылай болашаққа бет аламын. Алтайдан қанат қағып, Алатауда Тел емдім омырауын екі ананың. Мен едім Астанадан келген ақын, Даламның сүйемін тау жоталарын. Есілден ерен жойқын жыр әкеліп, Жетісу – жеті өзенге қотарармын. Мен үшін Алматы ма, Астана ма, Әйтеуір, бергі беті шекараның!

Айтысқа тыйылмаған сезімің сап, Келіпсің, көрерменім, көңілің шат. Ұстазбен жолыққасын, «қасқа бала», Айтпассың алаңғасар сөз ұрыншақ! Ұстазға ұтымдырақ сөйлегейсің, Болғасын азулыға кезігу шарт. Студентім, жайыңды тексеремін, Бит көзді, бөкен желіс, бөрі құрсақ! Аузыма бір Алла мен шын құранды ап, Сөйлесем салиқалы жыр құралмақ. Заманға зар айтасың, қарғыс емес, Жаныңды шыңғыртқанда қылбұраулап. Алыстан ат терлетіп ағаң келсе, Інімсің ізетпенен шылбыр алмақ. Ал, енді, тағы көсіл, асыл інім, Қулықтың құлынындай құлдыраңдап. Бауыржан: Ал, аға, ала дөңнен асыңыз да, Өлеңді шашу қылып шашыңыз да.

Теңеуін студенттің айтып жатсың, Ұстаз боп жайғасқасын қасымызға. Бит көздіден аман-сау құтылмассың, Бәле ғой, шығып кетсе басыңызға! Көз салсам бәйгедегі бекеміңе, Жол шықты алдымыздан төте, міне. Жақында отау болған жанұясың, Құдайым көзін салсын екеуіңе. Техасқа күйеу бала боп кеттің ғой, Жетті ме қалың малың өтеуіңе? Мінгенің Өскеменнен құтты болсын, Жүлде болып байланған жетегіңе. Өз ұлым деп, өз елің сыйлап жатса, Өкпең жоқ шығар атамекеніңе?!

Түскенде тоғыз айлық толғауыңа, Сәби сөз ие болсын қолдауыма. Естідік – Астанада мұғалімсің, Түсіпсің ұлы білім жолға мына. Тақымың ала тайға жетпесе де, Ақылың асып-тасып толғаны ма? Сабақты екеуміз де ұқсатпаушы ек, Таңғалам қалай ұстаз болғаныңа?! Демеймін меселіңнен бүгін қайтшы, Демеймін сақтай келген мұңымды айтшы. Жамылдың «ұстаз» деген адал атақ, Қолыңда білім деген туыңды айтшы. Бұлтылдап қос бүйірің кеткен екен, Түлкідей қулық болса жымыңды айтшы. Әудем жер аяғыңды баса алмайсың, Ау, Дәуке, асқаның ба, шыныңды айтшы. Қасыңда мен секілді студенттің Қаншасын зар жылаттың, шыныңды айтшы!

Дәулеткерей: Студент, бара жатыр жаның шығып, Өлеңнен мен салмаспын салымшылық. Мұғалімнің алдында мұң шағасың, Миыңа қалған екен зарың сіңіп. Бауке, сірке болсаң да, бит болсаң да, Балақтан асырмаспын қанын сығып. Студентсің ертеңге алаңдаған, Ол жақта ұстаз боп жүр ағаң да аман. Сен маған таңғалысыңды айтып жатсың, Бірақ та мен өзіңді жамандаман. Сессия тапсыра алмай уақытымен, Сен дағы інім едің салаңдаған. Уақтылы бере алмай зачётыңды, Демалыста ауылға бара алмаған.

Ағаңның бөрік жоқта шекесінде, Айналып, інім, менен кетесің бе? Сабаққа қатысып құр ұйықтау емес, Білім – өзен, сен кешпей өтесің бе? Корпусқа көп бармай, үйде оқығанмын, Білім деген ағаңның жетесінде! Алдыңда есіп көрсем самал желдей, Сен құйындап кетпессің ағаңды өрлей. Әрине, мұғаліммен мұңдасарсың, Өзіңнің оқуыңа шамаң келмей. Мені ғана жаман дап отырсың ғой, Өзіңнің жағдайыңнан хабар бермей. Бауыржан: Ал, аға, көңіліңіз көлдей болсын, Өзіңді қолдайтұғын елдей болсын. Мәнді ғып өз басыңды айтпайсың ба, Құдайым екеумізді теңдей қылсын. Еш болмаса «әу» дейтін сахнада, Сенен шыққан студент мендей болсын.

Сен едің күлімдеген көктеміміз, Айтыс қой алдағы асу өткеліңіз. Өз жайыңды айт дейсің сахнада, Байқаймын, жаңа-жаңа беттедіңіз. Ұстазды айтып бәле боп сахнада, Оқудан шығып кетсін деп пе едіңіз?! Айтатын әңгімем көп өзге менің, Басында-ақ шабысыңды сезген едім. Мэлсті айтысқанда қайнаға ғып, Сол кезде қандай мақсат көздегенің? Ақжайық аспанына келген кезде, Ешқандай қулығыңды сезбеп едім, Апамды аламын деп алдап-сулап, Болам деп болмай кеткен «жездем» едің.

Дәулеткерей: Бұзылып кетпесін де сөз реңі, Сөз қуған бір бәлеге кезігеді. Кешегі ақын-жыршы, серілердің Сезімі сере қарыс семіз еді. Алаштың аспанында ән шырқатса, Ғаламат ғашықтықтың лебізі еді. «Қымызды кім ішпейді» деген қазақ, Бұйырғаны алдан ердің кезігеді. Арқада Ақан, Біржанға ән үйреткен, Серілердің серісі Сегіз еді. Серілікпен Жайыққа ат шалдырсам, Бабамнан қалған ол да негіз еді.

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН БІРЖАН СӨКТАЙ

Дәулеткерей: Алматым – махаббатым алғаш менің, Шыңына Хан Тәңірдің жалғас төрің. Қасқайып қарт Алатау Жетісудың Төріне құрып отыр малдас керім. Саумалды Сарыарқаның сәлемін ал, Кеп қалдым дидарыңа дәмдестерім. Ордалы ордам едің, ҚазҰУ аймақ, Қалайтын ұл-қызының арда өскенін. Шәкірт боп сенде білім алмағанда, Өлеңнің кәусарына қанбас та едім. Армысың, Алатаудың баурайында Маңдайын күн сипаған марқасқа елім!

Шоқ құйған жанарыма жасындардан, Алматым, топырағыңды басу да арман. «Астанам – баспанам» деп жыр жырлаған, Қадіріңе жетер ме ем, Қасым – жалған. ҚазҰУ-ым – құтты қара шаңырағым, Ғұрпың бар ғибратты ғасырлардан. Ұяңнан ұшқан түлек мен болғасын, Шаттықты ел шапағатын шашуда алдан. Сезімнің сексен көлін толқытармын, Өзіңнің бар киеңе бас ұрғаннан. ҚазҰУ-ым, сағынышпен жеттім саған, Оттай жанған он сегіз жасым қалған! Қызыл-жасыл дүние – жалған, жалған, Жалғандар жасақталған армандардан. Дидарың ғайып болған дүниесің, Қобыз шалған Қорқыттай шалдан қалған. Әлімсақтан белгілі бес күндіксің, Әз Жәнібек, әз Тәуке ханнан қалған. Бес күндікте ұлтымның ұлылығы Заманы озық жандармен заңғарланған. Тәуелсіздік – тәбәрік, мысалдасақ, Әмір Темір, Абылай арландардан. Келелі кеңес қалған келешекке Кенесары, Махамбет тарландардан. Алаштың ай мүйізді серкелері – Әлихан, Тұрарлардан ауған жалған. Өте шыққан өткінші өмір едің Ахмет, Жүсіпбек пен Мағжандардан. Тамып түскен тағдырсың көз жасындай Қыршын кеткен Қайраттай бағландардан. Осындай құтты өмірдің құрбандары Қазақтың елдігіне қарманғаннан. Тағдырдың тайғақ кешу, тар жолында

Арту-арту белдерде нар қомдалған. Ал айтыс – бейбіт күннің берекесі, Жанымызға Жаратқан жар болғаннан. Ұлыс күні ұлтына тілек айтар Перзентіңнің пейілі ақ жауған қардан. Маңдайыңа жазылсын мәңгілікке Азаттықтың ақ жолы Алла оңғарған!

Сұқтанып сұлуларды көзге алатын Бұл Біржан – бұлғақтаған бозбала ақын. Өсер елдің көшелі ұланы едің Уақыттың көшімен қозғалатын. Елдің сөзін айтатын ер жігітсің, Әке көрген баладай оқ жонатын. Алатау асқарында қалықтатар Қылыш топшы қыранның жез қанатын. Шын дәлел – мыңнан тұлпар шығып жатса, Туған ел тұмарлайды озған атын. Бұл айтыс екеуіміздің арамызда Сүбелі сайыс болсын сөз қалатын. Ақын болсаң, көрейік, айтқан сайын Сексеуілдің шоғындай қозданатын.

Біржан: Бісміллә, сөз сөйлейін тойда астарлай, Алқалы әлеуметке ой тастардай. Армысың, тақым қысып отырған ел, Үкілеп аламанға тай қосқандай. Кірлеген көңілдерге нұр шашайын, Жұлдызы жанып тұрған айлы аспандай. Ару қалам – Алматым басқаменен Қаларсың көңілімде айырбасталмай. Ортаңа түскен сайын бір жасаймын, Төренің төріне кеп жайғасқандай. Тамыры тарихымның тереңдеді, Жаса, жайна, ұлтымның өрендері. Тәуелсіздік тағдырың мәңгі өшпесін, Жұлдыздай жайнап тұрсын төбеңдегі. Жыл құсындай қайта келген Наурызға

Арналсын ақындардың өлеңдері. Армысың, астаналық Дәулеткерей, Жырыңа арнау болсын ел еңбегі. Ініңе сынай қарап төмендегі, Қозыдайын күй кешпе көгендегі. Ұшып түскен алтынның сынығындай, Сөз сөйлесін жігіттің кемеңгері. Десек те бұл Дәукеңді білгір әлі, Ашылсын көкіректен жыр бұлағы. Қасқырдай кішіреймес қарсыласқа, Ағама жеңіс ауылы бұлдыр әлі. Арыстандай ағамның ебін тапса, Мықтының демде емес пе құлдырауы. Ығын білген қайыңды сым қылады, Шорт ұстаған шойынды сындырады.

Дәулеткерей: Сөйлесең қызыл тілдің сертін біліп, Көрермен көңіліне көл тұндырып. Айтыс сүйген алаштың алқасында Екеуіміз жайғастық қой еркін күліп. Алтынның сынығындай жарқырасақ, Жырыңа арқау болар серпінділік. Әдемі әзіл айтсаң қой демеспін, Тыңдайтын қыздар түгіл, кемпір күліп. Біржан-ау, бүгін саған қой демеймін, Жіберсең бұл түндікті желпіндіріп. Айбарлы арыс қазақ, ірі алашпыз, Айтыс сүйген қауымға құмар аспыз. Ел-жерді перзенттікпен сүйгенменен, Көр-жерді өлең қылып құрамаспыз. Ал, Біржан, енді екеуміз екпіндесек, Айтыстың биігінен құламаспыз. Емірене айтпасақ елдің жайын, Көркімізге көрімдік сұрамаспыз.

Тірліктен айтар болсам түйіндеп жыр, Қазаққа өсек-аяң үйір боп жүр. Елге басу айтатын ақсақалдар, Білмеймін, әлде ненің миын жеп жүр. Газет беті айқасып ашық майдан, Шайтан қуған қаңбақтай құйын боп жүр. Ұлтымның рухани серкелері Бірін-бірі мүйіздеп, бүйірлеп жүр. Мүйізі қарағайдай қасқаларым Абырой біздерге көк тиын деп жүр. Бір қазанда қайнамақ түгілі, олар Бір өріске сыюы қиын боп жүр.

Заман... заман... запыран зарға бөккен, Жаның аман-сау шықса жанған өрттен. «Жеті жарғы» жетелі заң екең ғой Әз Тәукенің қадірін заңғар еткен. Теңдігіңді жауыңнан алып беріп, Елдігіңді Абылай арман еткен. Қайдасың, қазағымның Қазыбегі, Татулықты тамырға талдап еккен?! Ал, енді, бүгінгінің көсемдері, Шаба алмай, шаршы топта шаңға бөккен. Екі мықты айтысып екеуара, Қызыл шеке қырқысып қанға бөккен. Күн ашықта айтысып бір-бірімен. Алладан ар дәметпей, мал дәметкен. Телі менен тентегін тезге салған, Қарттарымның қаһары қайда кеткен?!

Бергесін босағама Тәңір бақыт, Құдайға құлдығымды қабылдатып. Ал, Біржан, енді екеуіміз емен-жарқын, Жұрт көңілін желпіндірсек жалындатып. Ерге шыдап отырсаң, екпіндей бер, Терге шылап сауырды сабындатып. Жақсы айтсаң да, маңдайдан қасқайтсаң да, Қайғының қара бұлтын қалыңдатып. Дәл бүгін екеуміздей ер жігітке Алтынды елдің алғысын алу – бақыт. Ал, енді, домбыраңды ап, жамағатты Қаздай қалқыт, үйректей мамырлатып. Біржан: Шынымен кеткен еді жаншып олар, Ондай бүлік әлі де сан шығарар. Әдемі айтыс жасап біз кетейік, Көрерменді сүйсінтіп жан шығарар. Көп сөйлеп ап көсемсу қайда барар, Одан да айтыс жаса қан шығарар.

Ақындық парызыңды өтегелі, Арқадай белден келдің бетегелі. Екпінің үй жыққаннан бетер еді. Сылап-сипап отырып шымшып қойсам, Ағамыздың құлағының еті өледі. Шыбықтай інілермен шекісем деп, Шылқымас ағалардың шекелері. Шыбықтың самал желмен шайқалғанын Бұрын шыққан бұтағы көтереді. Спортшылар бар бізде топ бастардай, Соны ойлап көңілім көп тасқандай. Кешегі Ақ Олимпиада жігеріңді Құм қылып, басымыздан бақ қашқандай. Немістің шаңғышысы орынынан Қозғалады екен-ау от басқандай. Ресей де реңін бермей өзгелерге, Жеңіспенен рухы кетті аспандай. Ал біздің спортшылар қала берді, Шаңғымыздың табанын тот басқандай.

Санайтын спортшы жоқ саусақ бүгіп, Жарамас сол мініңді қалсақ бүгіп. Ағамның аулына жау шаптырып, Қасқырдай қасқа тісті қандап кіріп. Қазақтың командасы сияқты қып, Жарты жолда кетейін шаң қаптырып. Дәулеткерей: Алмасам, нем бар еді, жырым бәйгі, Екпінім ежелден-ақ бұрынғы әйгі. Тері тұнып бапталған тұлпар едім, Ағаңыз алыс жолға бұрылмайды. Бұқпантайлап отырған сенен мен жоқ, Арлан қасқыр апанға тығылмайды.

Жетісу – жер ұйыған өлке дастан, Төбеңде көмкерілген көркем аспан. Телегей теңіз, жұртым, пейіліңнің Кемедей айдынында желкен ашқам. Ал, Біржан, мен де өзіңдей ақын болып, Аламанға түсудемін ерке алаштан. Сайыссаң сайысайық, майыспайық, Соның басын ашайық ерте бастан. Жырларың жалындасын күнге маздай, Аққу-өлең қанатын бізге жазғай. Танаудан қан шығарам деп отырсың, Қастандықтың шоғы да бізге маздай. Сен тұмсықтан қан шығарып не қыласың, Танауы қанап қазақ жүргені аздай.

Жағатын жарқыратып бағымды өрден, Айналдым халық деген тәлімгерден. Арқада айбаттанған Астанада Қарқара хан ордамен сәнім келген. ???????? ??????-?????? ??????? ??? ????????? ????? ?????? . ???????? ??????? ??????????, ???????? ???????? ???? ??????. ???????? ?????? ???? ???? ????, ???? ??? ?????????? ????? ??????. ???????? ?????????? ??? ???????? ??????? ??????? ?????. ???????? ???-??????, ???????? ????? ???? ????? ??????. Күлтегін күлдір-күлдір кісінеп тұр Дүлдүлдей дүбір салған дәуірлерден. Аманатын арқалап Астанамның, Әңгімені айтармын әлім келген. Қапталда Біржан ақын осал емес,

Едің ғой қансонарда мәлім мерген. Тәңіріме тәубешілік мен айтармын Өзіңдей табыстырған дарынды ермен. Тоқмейілсіп қарайсың жан-жағыңа, Жігіттей қырық жеті қалың берген. Біржан: Сен едің қадірлісі бір ағаның, Айтыс десе байыз тауып тұра алмадың. Сахнада қанды айтып, тұмсықты айтып, Мұныңыз не, соншама жылағаның?! Қанды айтып, соншама кеп шатастың ғой, Мен ұрмаймын, жырыммен шығарамын. Тірлікте сүлей сапа жүрміз кейде, Қармақтай қалтқысыз тұрмыз бейне. Үкіметті ауыстырған Нұрағамыз, Ұлтқа ұйытқы болар ұлды іздей ме? Патшаның уәзірі жақсы болса, Қайықты қара жермен жүргізбей ме!

Жайса егер екеумізге күлкі құшақ, Қалмағын жиырылып кірпі құсап. Кезек берсе, зуылдап тоқтамайсың Тазының алдындағы түлкі құсап. Жүгірмектер ұстап ап, құйрығына Шелек байлап жіберген жылқы құсап. Дәулеткерей: Тәңір берген өнерге тәу етерсің, Қарызың қалың жұртқа әлі өтелсін. Ағаңды түлкі қылған, жылқы қылған Сен өзің кіп-кішкентай пәле екенсің. Ал, бала, ана жақта сөйлесейік, Не нәрсе тағы менен дәметерсің?

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН БЕКЖАН ӘШІРБАЕВ

Дәулеткерей: Мен емес айтыстағы бос өлермен, Белгілі жүйрік едім бесенемнен. Қазанат қасат қарды қарпып асап, Шабыты шапқан сайын еселенген. Айтыс десе асықтай иірілген, Ағайын, аманбысың кеше көрген. Құйма құлақ жұртымнан айналайын, Айналдым ақ жаулықты шешелерден. Болса егер ұлыс күні менен тілек, Көгерсін ел бақытың көсегеңнен. Аң соғарда кей ақын алаңдайды, Қансонарда болса да неше мерген. Пейілі періштедей перзентің ем, Не де болса көрейін пешенемнен.

Қашаннан қасқыр намыс қаншыл қазақ, Жетеді дәуірлерге дауысың ғажап. Салауатшыл қазақсың өткеніңе, Кемшілік өткен күнмен қалсын мазақ. Бейбіт күннің білгесін берекесін, Тұлғалы тұғырыңда барсың ба азат? Тақтағы хан, таптағы биді еңкейткен Айыр көмей ақындар қаусырма жақ. Ағайын мына бізді алқалаған Айтыстың кәусарынан алсын ләззат. Тілегім – қанатыңнан қайырылмай, Басың өсіп, бақытың жансын, қазақ! Болғасын пайғамбар хақ, Аллам – жалғыз, Алланың ақиқатын аңғарғанбыз. Айтыс сүйген алаштың жүрегінің Түбіне тұғыр болып мәңгі орнармыз.

Қасымдағы белді ақын Бекжанменен Алтыншы жұбыңызда парланғанбыз. Табиғатпен тағдырлас болғаннан соң, Көктемеде ең соңғы жауған қармыз. Ағайын үмітпенен үрлегесін, Қайтадан жалындаған армандармыз. Кешегі финалға өткен ақындардың Тізімінен сызылып қалғандармыз.

Кешегі қарсыласың Аманкелді, Ол тілдің тағдырына алаң болды. «Джолдасбеков» деген жазу не деп, Ол сұрақ төтесінен саған берді. Сен бірақ жауыр аттай жаутаң қағып, Басыңды алып қашқаның жаман болды. Айтысып екеуіңіз біткеннен соң, Қазылар қайшыласқан заман болды. Мойындап ол жазудың қателігін, Қаржыны Сабильянов ағам бөлді. Намысты нар жігіттер табылғасын, Бекжан-ау, сенің басың аман қалды. Қоңырсытпай қояйық бұдан әрі, Кешегі дау осымен тәмам болды.

Қолымда бабам берген батам – байрақ, Саламын айтыс деген сапарда ойнақ. Домбырасын төменге салбыратып, Бекжан ағам ән салар ахауләйлап. Білесің, белдесуге бекінгендер Беліне бес қаруын атар байлап. Балықтың буынындай былқылдамай, Танытқын сайысқанда сапаңды айбат. Айтыс деген – өлеңнің барымтасы, Сондықтан талабын да қатал қоймақ. Буыршындай кетермін бір-ақ тарпып, Ал, Бекжан, танытпасаң атан қайрат. Бекжан: Асырар сәт келді ғой ел мерейін, Бәріңе ұпайымды тең берейін.

Армысың, азат реңді атой елім, Таң жүзді дидарыңда тербелейін. Ақын ем аспан сұрап самғау күткен, Алдымен құлау жайын меңгерейін. Мен кеше жеңдім бе, әлде жеңілдім бе – Несіне оны ұзаққа термелейін. Әр адам әділетті болады ғой, Өзінің ойы жеткен жерге дейін. Бәйгеге бай қосқандай мәстек атын, Көбейіп кетті осы күн мәздем ақын. Полицай көзбен қарап әр сөзіңе, Пенделік сын таққыштар қоздады әркім. Мен кейде ауыздарды аяп кетем Түймені түйедей қып толғанатын. Рахман жүз, реформатор ректорым бар Адамды ада қылмас ар бағатын. Оксфорд, Гарвардтардың қатарында ҚазҰУ-ым өз бесігім, өз қанатым.

Атты ғой ақындарға тартымды ақ таң, Айтылсын ақтарыла ән құндақтан. Армысың, жырға жомарт Дәулеткерей, Талғампаз көрерменге нарқың мақтан. Сағынып шекара асып келген ұлсың, Жасайық шедеврлер ел тыңдатқан. Жайдарман жарқын жүзді бір ұл едің, Бұрышқа сәлем берер кемпір жатқан. ҚазҰУ-дың түлеп ұшқан түлегісің, Өзіңе таныс төрде еркін баптан. Ал, енді, кезегіңді берейінші, Жартастай қасқайып тұр толқын қаққан. Дәулеткерей: Бісміллә, тілімізге жыр дарысын, Мұндайда жібереді кім намысын?! ҚазҰУ-ым әлемдегі ордалардың Қасқайып қатарында тұрғаны шын. Ордаңа Астанадан келген едім Айтыс деген аламан думан үшін.

Әрине, мен де сенің түлегіңмін, Шыңыраудай ұшырған шыңға құсын. Қазығына айналатын қазанаттай, Менің құлын жырымның құндағысың. Айтысқа жиналғасын жұрт әр текті, Ізетпен иілдірсек іңкәр көпті. Бек аға, сен де осал жан емессің, Танытқан тумысынан тұлпар текті. Екеуіміз де ел сөзін айтып жүрміз, Білмеймін, бізді кеше кім тәркі етті? Бейуаз көрінесің, Бекжан аға, Өздігінен жұлмайтын бір тал шөпті. Ішімізде інжу жыр болмаса егер, Әспеттеп не қыламыз сырт әлпетті?!

Көк тәңір көсегесін көктеткесін, Тұлғасын тумысынан текті еткесін. Қолына ап екі шылбыр, бір тізгінді, Ел көшін ертең күнге беттеткесін. Премьер болған, халқым, перзентіңнің Жігерлі жүрегінен от кетпесін. Дегенмен, ел атынан құлаққағыс, Сыбағамды қызыл ит жеп кетпесін! Батпақтаған қалада бақ орнатқан Иманғали игі ісін мектеп көрсін. Бар байлық батысымнан шыққанменен, Бар атаның баласын шеттетпесін. Құдайшыл иманды әкім Иманғали Мұнайшыл премьер боп кетпесін.

Ал, менің жүрегімнен жыр ессе екен, Алтын дидар жұртымды нұр өпсе екен. Масанов сындыларды маңдайға ұрар Қазағымнан қаһарман ұл өссе екен. Мен осылай толғасам елдің жайын, Бекжан ағам шын қолдап ілессе екен. Иманғалиға ел сенім көп артады, Бар бауыр сол ағаға тілекші екен. Мәңгүрт боп кеткендерге майдан ашып, Тексіздердің тамырын түгессе екен. Тіл, ділімнің намысын ту қып ұстап, Алдымен ұлтсыздықпен күрессе екен.

Анамнан ақын болып туылғасын, Намыстың баса кидім дулығасын. Қасымдағы беделді Бекжанменен Түйісіп қалған екен бүгін басым. Ал, енді, Бекжан ақын бек болғасын, Домбырасын қолға алып шын ырғасын. Ептілік ер жігітке жараспайды, Тектілік танытқасын тұғырласым. Бекжан: Ақынбыз әрбір сөзін терең алар, Білсеңдер, шабыт деген әлек адал. Дәулетжан, Еуразия ұстазы едің, Оқу орны алғысын бөлек алар. Гумилевтің атында атанасың, Білесің бара жатқанын неге хабар. Тезірек атын оның ауыстырғын, Аманжан біліп қойса, пәле болар.

Бабында өлең туса болжап бағыт, Жадыңа жатар анық ол жатталып. Ағайын, ықыласың тәж кидіріп, Тұрайын жүрегіңнен одақ тауып. Дәулетжан, айтыскерге төрін берген, Айттым ғой, қазақ деген жомарт халық. Ақиқат мінбері ғой ақын деген, Алдында үлгерейін барды ақтарып. Артылып ықтиярсыз жыр шыққасын, Тірелді-ау кедей-кепшік тұйыққа шын. Отырар кеспе нанын суға шылап, Басым боп көжесінде күйік татым. Сол сәтте жаңа қазақ сұхбат беріп, Экран айтып жатыр сүйікті асын. Эфирде қазақшаның пайызы кем, Барасың батып сен де ұйыққа шын.

Масанов сияқтылар ұлтпен ойнап, Қашанғы намысыңды тұйықтасын?! Бейтарап қарай берсең мұндай іске, Сипалап қаласың-ау бейіт басын. Кім бізді кенде қылды бақ-ырыстан, Аумай тұр ажар кейпім нақұрыстан. Базардан бақыр іздеп әлеумет жүр, Жұрт та жоқ қонақ қылып шақырысқан. Ақ көңіл ана тілін қойыртпақтап, Көбейді-ау алашыма жалпы дұшпан. «Хабар» бар, «Рахатың» бар, «КТК»-ң бар, Қайсын да өз ұлтына жақын ұстан. Динозавр жасасаң өз тіліңді, Қазақстан, боларсың «Кәпірстан».

Дәулеткерей: Өлеңді түсінбе сен қолшоқпар деп, Алдыма ақиқатпен жол сап бер көп. Атауын Еуразия сөз қылғанда, Отырмысың көз жасым моншақтар деп. Патшамыз пайымдап ат қойып берген, Еуро, Азияға ортақ бол деп! Мен бүгін алқаңызға жыр арнадым, Тыпыршып, дүбір шықса, тұра алмадым. Басынан ұлт намысын биік қойған Кешегі Әлихан мен Тұрарларың. Ахмет пен Мағжандар, Жүсіпбектер, Туған ел топырағын тұмарладың. Ал, бүгін Масановтар масайрап жүр, Қолына тимегендей Құран Кәрім. Ішімізден біз іріп кетер ме едік, Көзі түзу болмаса бір Алланың.

Айтыста мен түйермін ойдан арман, Басыңды біріктірсін тойға жалған. Тілдің жайын сөз қылсаң, ділдің жайын, Табылар ортамыздан ойланар жан. Дегенмен, ештемеге кейімейік, Бұдан жаман күнінде тойға барған. Бекжан: Келіп тұр болды деген ұдай хабар, Мұндайда тереңінен кім ойланар? Қояйық Жолдасбеков, Гумилевті, Әйтпесе, бұл айтыстан шырай қалар. Жүсіпбектің газеті естіп қойса, Шыңғыс ханның тақырыбы былай қалар. Жаңғыртып бағзы заман үрдісімді, Алдыңа ақтарайын түрлі сырды. Қарақшы қабағы бар үкіметтің, Қасапшы саясатын кім түсінді?! Әйтеуір, әупірімдеп қалып отыр, Мысықтан бетер біліп тырмысуды.

Атақты өлімдер бар талмас демі, Азалы қазасымен арбасты елі. Қапыда қағып кетті Бексейітті, Қанішер қан жүктеуге қанбас тегі. Хоккейді хан көтерген Саян да жоқ, Артында қолбасшысыз қалды әскері. Буыны жаңа қатқан Бекзатым-ай, Туыммен мақтандырдың алғаш мені. Осындай ұлтқа бедел ұлдарыңа Ертең де өмір сүрсе болмас па еді?! Дәулеткерей: Сен де, Бекжан, еліңнің бек ұлысың, Білімі мен білігі толығы шын. Аталар газет-журнал ашқан еді, Халықтың көз-құлағы болу үшін. Бүгінгі газет-журнал – дау мен дамай, Көрсетеді бүліктің көрінісін. Екеуіміз де осымен қоштасайық, Абырой биігіне қону үшін.

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН РҮСТЕМ ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

Дәулеткерей: Беріліп бесік жырдан алғаш тәлім, Әуелі әлдименен ән бастадым. Сүйемін күндей қызу махаббатпен Айтыстың шұғылалы мәңгі асқарын. Шалкиіз, Шал ақынның шабытынан Көрмейсіз шашасының шаң басқанын. Кешегі Сүйінбай мен Махамбеттер Ойнатқан отты өлеңнің алдаспанын. Түгел сөздің түбірі бізге қалса Мәтелі Майқы бидей марғасқаның. Жанақ, Түбек, Шөже мен Шашубайлар Көрсетті ұлы көштің жалғасқанын. Солардың соңын ала біз келеміз, Көріңдер көш-керуен тауды асқанын. ҚазМҰУ-ым, айналайын ықыласыңнан, Өзіңсіз мына менің жанбас бағым. Айтыстың қызығына кіріп алса, Ханға сәлем бермейтін қандастарым!

Шабыттың қаламаймын жайбасарын, Алдына алқалы елдің жайғасамын. Қасымда Рүстемдей балаң жігіт, Ол емес мына маған майда сағым. Кешегі Көкбай, Әріп, Дулат ақын Қайнатқан жыр қазанның майлы ошағын. Солардың ауылынан кеп тұрғасын, Көсілмесең, інім-ау, қайда сәнің?! Рүстем бүгін тағы дәлелдеді Тарланбоздың тұяғын тай басарын. Алдымда халқым қолдаса, Мен бүгін несін қысылам. Жүрегімнен шын баптап, Тастүлек жырды ұшырам. Ал, інім, алтын өлеңдер Ағылсын тілдің ұшынан. Ай бетінен кірсең де, Күн бетінен шықсаң да, Айтыстың төрін ұсынам!

Рүстем: Жырменен жақсы шығар жебеу мұны, Дәулеттің темірдей ғой тегеуріні. Темірдей дегеніме тепсінбеші, Темірді де түсірер егеу қыры. Екі ортада арнасынан асып кетер, Сабасына түсірейін дереу мұны. Шапалақ жанға шабыт береді екен, Артыңнан, аға, сенің ере кетем. Бағымыз тауып қонса, ауып қонбай, Қызығын бар адамзат көреді екен. Айналып табатұғын қазығым бар, Алысқа абайламай неге кетем? Ақындарын алдына алып шыққан, Ағайындар, сен қандай керемет ең!

Әй, аға, жүрсің ғой сен тау бөктеріп, Сау боп келіп, кетпеші жау боп кетіп. Жұбымыз кім болады деген кезде, Жаныма жайғасты ғой Дәулет келіп. Дәулетпен қоса біраз дәулет келіп, Сахнамыз кетті ғой сәулеттеніп. Отырсың, ағажаным, ырғалып-ақ, Құлағыңа тағайын сырға бірақ. Аузыңнан түсіп қалған ініңмін ғой, Жұртына әкелетін жырлары бақ. Сорайып қасымызға отырыпсыз, Өзіңізге жайлы емес бұл да бірақ. Қазақтың бір мақалын білесіз бе – Ұзын ағаш сынады жылдамырақ.

Айтыспен асқақтасын дархан дала, Әуеніміз әуелеп әр таңда да. Салт атты, сабау қамшы жүйрік едің, Сахнада қосақталдың арқандала. Талантым мен талабым табылмаса, Қалып қойып жүрмеспін қалқаңда, аға. Кезек бермей қойды деп өкпелеме Тақылдақ, тайға мінген тарпаң бала. Тимейін мінезіңе, тегі, сенің, Айтыстың арлан қасқыр, бөрісі едің. Барқытбелден қанаттанып ұшып кеткен Астананың керемет перісі едің. Тай дедің мына мені жаңа, аға, Міндетті түрде оныңа келісемін. Тай болып тұрғаныммен қасыңызда, Тұяғым түскенінше тебісемін.

Дәулеткерей: Жарайсың, інім, жырды шабытты етсең, Маған мін – сені бүгін қауіпті етсем. Арқаның ала қошқыл бұлты болып, Алатау бөктерінде жауып кетсем. Ағайын, өз обалым өзіме енді, Тақымым тайға толмай ауып кетсем. Ал, інім, сахнада шаттанды үнің, Майда қоңыр екен-ау, мақпал жырың. Қасыңдағы ағаңды қаптал көріп, Айтып жатсың абырой, апталдығын. Қатты темірді егеу кеп түсірер деп, Тағы да шығып жатыр жаттанды үнің. Емеурінің танытып отыр сенің Тегеурінің темірдей қатқандығын. Ұмытпа бірақ, бала, ескертемін Алдыңда айдаһардың жатқандығын.

Шыңдарына шаң жұқпас, Алтайым менің сандықтас – Туған жер, мекен, тұрағым. Мойыныма таққаным – Туған жерімнен тұмарым. Алдыңа келдім, ағайын, Ағызып жырдың бұлағын. Көзін ашайын мен бүгін Өлеңдей кәусар тұманың. Мен тобанаяқ торы емес, Құланаяқ құламын. Алақан соқсаң, ағайын, Тайтөбелді ертіп қасыма, Ойнақтап өте шығамын!

Рүстем: Қасқырда көп ышқынса күш қалмайды, Тозған қазды топтанған құс талайды. Алдыңызда айдаһар жатыр ғой деп, Ағамыз екі шоқып, үш қарайды. Әпенді қылкөпірден әрең өтсе, Аузынан бісмілләсін тастамайды. Айдаһардың баспаспыз құйрығынан, Тентек қана тауықтан тіс қарайды. Сақтанғанды сақтайды Жаратушы Деген сөз не нәрсені нұсқалайды?! Адам ажал жетсе ғана өледі деп, Жыланның құйрығынан ұстамайды.

Тартады толқынына мені заман, Тербелсе, тең келмейді теңіз оған. Сүтпен сіңген мінезі екі бөлек, Бір анадан туса да егіз адам. Билетсіз барса дағы бейіш жаққа, Ниетсіз кіре алмайды негізі адам. Кебісі аяғына кең келсе де, Тойда тонын сұрайды тегі жаман. Ұлтымның ұлы болмай бұл фәниде, Құлқынның құлы болар кебі жаман. Балаң ем тобыңа кеп бақ сынаған, Әрине, жан емеспін ақсыраған. Дәулет аға, жаттаған ештеңем жоқ, Кезімді көріп пе едің ат сұраған? Әрине, айтыс – айтыс болады ма Ақындар әзіл сөзге тапшылаған. Мақтап-мақтап көпшікті қалыңдатпай, Шымшылап отырғаның жақсы маған.

Дәулеткерей: Өлеңге едің байтақ, нәрлі алашым, Бірдей көріп сүйетін әр баласын. Рүстем, ағаңызға жалтақ-жалтақ Қарамай отырсаң да, қамданасың. Мен де сені бөрідей тістеп көрем, Қасқа тісті ежелден қандағасын. Тісім өтсе, інішек, ренжіме, Қарпып сүйер деген бар нар баласын! Келтірмей ағайынға азалы үнді, Ұсынайын ниетпен наз әнімді, Осылай екі балаң көркейткенде Өлең деген тамаша базарыңды. Інішек, мен келтірмей ажалыңды, Бүгін сенің кіргізем ажарыңды.

Айналдым қадамыңнан, ал, Рүстем, Өлеңнің кәусарынан қанып ішкен. Ағаң болып өзіңе отырғасын, Қарамассың сен маған бағынышпен. Інім ғой деп мен сені елеп тұрмын, Әйтпесе, үн қатарсың жалынышпен. Ал, бірақ, бір тілегім шын жүректен, Өзіңнің бола берсін бағың үстем. Астанаға оқуға сен келерсің, Сонда мен күтіп алам сағынышпен. Рүстем: Ағамның таң қаламын ісіне мен, Бәрібір бас имеймін күшіңе мен. Жаңағы арнауың мен зарлауыңды, Маған айтқан базына деп түсінер ем. Алдын ала жатыр ма сақтандырып, Тістеймін деп қояды тісіменен. Енді мұны тоқтату керек шығар Білек күші, найзаның ұшыменен.

Рүстем сыйласа егер бұл ағасын, Көңілің биік құздан құламасын. Астанадан қарсы алсаң жақсы болды, Жауап бердім жайымды сұрағасын. Астанаға барсам мен, алып барам Апамның сақтап қойған сыбағасын. Сыбағамды апарғанда, әйтеу, өзің Оқудың бересің ғой правосын. Ақынның жақсысы бар, бақсысы бар, Байқаймын, Дәулеттің де нәпсісі бар. Пейіліңе рахмет, ниетіңе, Өзіңдей жайсаң жандар тапшы шығар. Бермей жақсы болғанша бұл Дәулетке, Беріп жақсы болғаным жақсы шығар.

Дәулеткерей: Оқуды отырғаның ішің біліп, Қайтеміз енді екеуміз тіс сындырып. Астанаға оқуға түсіріп ап, Ізімнен ертіп жүрем күштім қылып. Сыбаға әкелем деп жақсы айтады, Отырғаны ол емес мыстың құрып. Тапсырманы басыңа үйіп-төгіп, Сессияда көрермін ышқындырып. Өзіңе төрден орын беремін ғой, Ертеңгі өсеріңе сенемін ғой. Қасымда жортақтатып інішекті, Ал, өзім жайлап басып келемін ғой. Тапсырма көп берем деп отырғаным: Оқуды жақсы оқысын дегенім ғой.

Рүстем: ?????? ????????? ??? ???? ??????, ???????? ????? ???? ????? ????. ??????-??, ??????? ?? ???????? ???, ??????? ???? ????? ??? ???????. ??????? ???, ?????, ??????? ???, ???????? ????? ?????. ???????? ?????? ????? ??????? ??? ?????? ????? ??????. ???? ????? ???????? ???????? ???, ??????? ??? ???????? ??? ???????. ??? ???????? ??????? ???? ??????, ??? ??????? ?????? ?????????. ????? ??? ?????????, ???????? ?????? ??? ??? ???????.

?????? ????????? ??? ?Біреуі болғаннан соң жұрт ерінің, Тектілік қазақ үшін үлкен ұғым. Дәулет-ау, айтасың да қайтасың ғой, Көңілін табу керек бұл бөрінің. Білімім бар, әрине, талабым бар, Талапкердің тізіміне тірке бүгін. Тастүлек болсам деген арманым бар Бөрілі байрағындай Түркі елінің. Ақын болып аспаннан түскенім жоқ, Айтысқа кеп қосылған бір перімін. Бұл айтыстың Шолпаны өзің болсаң, Мен болашақ туатын Үркерімін. Екеуіміздің бірге ғой бағытымыз, Пұшпағын илеген соң бір терінің.

Осылай болғаннан соң ұмыт қайғым, Шынықтырсаң, қалайша шынықпаймын?! Қотыр атқа құлағын қожаңдатса, Құлынды мен де талай құрықтаймын. Суды дағы сыйласып ішейікші, Тайраңдап алдыңызда жүріп қойдым. Мен сізге қатты-қатты сөз айтпаспын, Әуелі өз әлімді сұрыптаймын. Өйткені мен өгізге туған күннің Бұзауға да туарын ұмытпаймын. Дәулеткерей: Болашақ мен ағаңмын бағыңды аңдар, Айтыстан кешікпесін сағынғандар. Мысалы, мына біздер жыр-өрт болсақ, Соңымыздан соғатын жалындар бар. Рүстемдей жігітті дәл бүгіннен Еуразия студенті деп қабылдаңдар.

Сезік жоқ бұл арада сезілер түк, Барады лебізіміз сезім ерітіп. Астанада Мырзатай ағамызға Жетелеп алып барам өзім ертіп. Бойыңда білім менен сабыр анық, Тұлғаланып өсерсің тамыр алып. Астанада Күлтегін көк тасы бар, Сен содан өсерсің ғой тәлім алып. Күлтегіннің тасынан тәлім алсаң, Жүрерсің Алашыңның ары болып. Демеймін маңдайыңнан шертіп кетем, Шырын лебіз сөзіңе елтіп кетем. Екеуміз енші алғасын осы төрден, Құр босқа отырмаспыз бөртіп бекер. Манадан тайраңдатқан тайлағымды Соңымнан енді өзімнің ертіп кетем.

Рүстем: Сөзіңді, Дәулет аға, қолдаған ек, Өзіңе жаман іні болмаған ек. Оқуға түсірем деп уәде бердің, Демеймін сатып кетер оңбаған ед. Сөзіңді орындамай жүрмегейсің, Қалжың айтсам, демеймін, кем болар ед. Бүгінгі адамдарға сенім бар ма – Доверенность жазып берсең жөн болар ед!

Түп-түзу тартушы едім жебені мен, Әсерлеп жыр нөсерін төге білем. Жөнсіз сөзді келіге түйсең дағы, Бәрібір айырылмайды кебегінен. Қағысып қалдық қой біз бағанадан, Деген ғой сабақты ине себебімен. Ниетіңе, ағажан, мың алғыс-ай, Семейдің босадық қой көгенінен. Болашақта өтермін парызымды, Адам атанамын ғой дегенімен. Терісімен қарызын қайтармай ма, Түлкі тауығыңды жегенімен.

Тұрғанмен көкіректе сұрақ тұнып, Әлбетте, біздің елде тұрақтылық. Қазақта жұртым дейтін жан аз емес, Қоғамға көзін тігіп, құлақ түріп. Әрине, қасиетсіз қулар да бар, Жүгірген жан пайдасын мұрат қылып. Осыдан он жыл бұрын қандай едік, Ботатірсек бұзаудай құлап-тұрып. Мың олжа осы күнге жеткеніміз, Бодандықтың қамытын лақтырып. Басымызда бәкене бақтың барын Жүрмейікші ұшқанда бір-ақ біліп. Деген сөз бар қандала шағар болса, Бүргемен көрісерсің жылап тұрып. Дәулеткерей: Айтыстың биігіне сұңқар қонып, Ағарып атып жатыр жыр таң да оңып. Еш, інім, сенімсіздік сен танытпа, Білімге отырсаң шын іңкәр болып. Алдымен мына маған шәкірт болсаң, Ағаңның тәрбиесін шын сән көріп. Ұстаздың ұлылығын танытарсың, Сонда менен озарсың тұлпар болып.

Рүстем: Қыран болып Алатауға қонармысың, Осылай айтысқанда толармысың. Уәдемді орындаймын дейді маған, Әйтпесе, Дәулеткерей болармысың. Дәулеткерей: Ал, ағайын, айтыста Көбейе берсін тұлғалы ұл. Қабілетті болса ақын, Қашпайды еш жыр қадір. Рүстем деген атыңнан Айналайын, інішек, Ұқсамасаң тумағыр!

БАЯНҒАЛИ ӘЛІМЖАНОВ ПЕН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ

Баянғали: Тойға келген құрметті Елге сәлем береміз. Жер шоқтығы Көкшетау Жерден сәлем береміз. Ынтымақты көп ұлтты Елден сәлем береміз. Хан ордасы Көкшетау, Ән ордасы Көкшетау, Қай қиырдан, шетелден

Келген мейман бәрісі Айтатұғын жер ғой деп, Мақтап барған Көкшетау. Кемел ойлы хан Кене, Найзағайдай Наурызбай, Табыннан шыққан Бұқарбай, Шапырашты Бұғыбай, Иман, Жәуке, Төлебай – Батырлардың барлығын, Бір заманда аңырап, Жоқтап қалған Көкшетау. Қамшы батып сауырға, Кеудесін тосып дауылға, Жүрегінен қан саулап, Түренмен төсін тілсе де, Түп-тамырын қиғызбай, Дін мен тілін қазақтың Сақтап қалған Көкшетау. Қасиетті, киелі Ел боп келген Көкшетау. Кене атамның тойында, Жақсыларын көрсетіп, Өрнектеген Көкшетау. Кенекемнің тойында, Елдің басы Нұрсұлтан, Тон жағасы Нұрсұлтан – Қасиетті кісі кеп, Құрмет көрген Көкшетау.

Кенекең жастайынан тереңдеген, Елінің ертеңінен елеңдеген. Бас ұрмай бодандыққа бұзып шыққан, Далада еркін өскен өрендермен. «Алған беттен қайтпаймын елім үшін, Керемет ерлік жасап өлем!» – деген. Батырлық жолдан таймай мерт болғанда, Алаштың шерлі жүзі төмендеген. Алашқа азаттықты Алла беріп, Жырлаймыз біз мақтанып өлеңменен. Арманы орындалып хан Кенемнің, Мемлекет болдық, міне, кемелденген.

Айналайын ағайын, Төгілсін бүгін жырымыз, Жарық та болсын күніміз. Қасымызда бір жүйрік – Дәулеткерей ініміз. Көптен бері білеміз Бірімізді біріміз. Елге арналсын, шырағым, Бүгінгі біздің жырымыз. Айналайын інім-ау, Жүйрік аттай шаптың ба, Ой арнасын бақтың ба? Отызға келіп бұзатын Ордаң менен күні ертең Алатұғын, шырағым, Қамалыңды таптың ба? Жә, болмаса, бір өзің, Қой қораны бұзғанға Мәз-мейрам боп жатсың ба? Айналайын шырағым, Жастарға еріп бүгінгі Апиын, наша таттың ба? Базарларда қағынып, Жұрт қалтасын қақтың ба? Жә, болмаса, шырағым, Ел-жұртыңның бір нұрын Аспанға сен жақтың ба?

Дәулеткерей: Бісміллә, оңғарылса тілім хақтан, Жұртыма жыр ұсынам тың ырғақтан. Ассалаумағалейкүм, арда қазақ, Бабасының бақытын ырымдатқан. Көк Тәңірге сүйкімді Көкше халқы – Бақытын Құдай қорып, Қыдыр баққан. Ұраның ер Абылай емес пе еді, Құлағың қуаныштан шыңылдатқан. Жарымай жүргеніңде ынтымаққа,

Абылай тікпеп пе еді туыңды ақтан! Қапыдағы қазасы хан Кененің Алаштың ақ жүрегін шымырлатқан. Нар туған намысты ерің Наурызбайға Көкшедей көк сеңгірің – тұғыр, мақтан. Хазіреті Науанның дұғасында Бостандыққа ұмтылған үнің жатқан. Нұрсұлтандай ерінің арқасында Тәуелсіз – тәубелі атқан бүгінгі ақ таң. Талқыға саларымды мен салайын Қаршыға қанатындай суыл қаққан. Армысың, Абылайдың жайлауында, Күн дидарлы көрермен, күлім қаққан! Басыңда бақ тұрғанда бірігесің, Алтын мен мыстай болып кірігесің. Қапыда ынтымағыңды ыдыратсаң, Қанжілік болған аттай жінігесің. Жолдасы Қыдыр болып қадам бассын Елбасы жетелеген ұлы көшің. Бейбіт күннің бағалап берекесін, Ақыныңнан алапат жыр үдесін. Танауыңды көтерсең бірақ та, елім, Көрмей қап, тасқа келіп сүрінерсің. Енді еліме керегі бірлік қана, Алашыма Алланың нұры келсін. Хан Кененің қайғысы ортақ болса – Қазақ енді ішінен ірімесін!

Далиып жатқан мынау далама кең Иелік еткен қазақ бабам екен. Кешегі хан Абылай заманында Қабанбай қараша елдің қамалы екен. Бөгенбайлар бөріше жортып өтіп, Жауына жолбарысша шабады екен. Хан Кененің тұсында Ағыбайлар Тарландай тастан таймас тағалы екен. Намысы найзағайдай Наурызбайың Атасынан асылдай бағалы екен. Сол батырлар жауына аттанғанда, Әжелер бойтұмарын тағады екен.

Ақсақалдар әлһамдап бата тілеп, Иығына сауытын жабады екен. Қолтығынан көтеріп арғымаққа, Арулар аттандырып салады екен. Аруақты ердің тойында айтыс болса, Ақындарға көңілін алабөтен. Өйткені мұның бәрін заңдылықпен, Саралаған қазағым саналы екен. Жауды жеңіп келгенде хас батырды Ақын аттан түсіріп алады екен. Байқасаң, айтыс деген бас киімдей, Басында тұратұғын тас түйіндей. Балпаң-балпаң баса бер, Баян аға, Жаратқан жанарыңда жасты үйірмей. Ініңе ірілікпен сөз арнасаң, Ол дағы адал жүрек ақ сыйың ғой. Мен дағы қолдауымды көрсетемін, Намысты Наурызбайдың жас күніндей. Шұрайлы сөз айта алсаң ел риза, Құдайдың Құранының тәпсіріндей. Алашты тағы да бір сүйсіндірдің, Арқадағы ақындардың дәстүріндей. Өйткені Көкшетаудың қыраны едің Қоймайтын қоян түгіл қасқыр ілмей.

Бұйырса, бәйгеңді озып, жүлдеңді алдым, Бекітем ынтымақпен іргемді әр күн. Базаршылап жүрсің бе деп айтасың, Өмірді өз бетімше сүрген жанмын. Апиын, нашаңызда шатағым жоқ, Ағызам майын мен де тілден балдың. Домбырамды қолыма ап ел алдында, Өлеңнен бақыт тауып жүрген жанмын. Баянғали: Ініміздің өлеңі Бірте-бірте жөнделді, Тілеулес ағаң мен едім, Емін-еркін өркендеп, Өссін деген сендерді.

Жасың кіші болсаң да, Асқар таудай ағаңыз Сені өзіне тең көрді. Қоян түгілі қасқырды Құтқармайтын ағаңыз Сендей жақсы бауырға Салмайды ғой шеңгелді. Көп тарих ел басынан өткен еді, Жақсылар өткен істі ескереді. Ақжолтай Ағыбайын ұмытқан соң, Қазақтың жолы болмай кеткен еді. Аруақты бабаларын еске алған соң, Елімнің орындалды көксегені.

Айналайын, қарағым, Мен де біраз шабайын. Кенесары, Наурызбай, Ақжолтайым Ағыбай – Есіме мен де алайын. Бодан қылған еліңді, Басып алған жеріңді Ақ патшамен алысып, Дауылпазын қақтырып, Дабылдың отын жақтырып. Алты құлаш ақ найза Алты қырдан асыра, Ақыра сілтеп лақтырып. Алашқа болған дұшпанның Ажалды сәтін таптырып. Зіркілдете аттырып, Алауыз болған ағайын, Барлығын да жат қылып. Азаттық үшін алысқан, Аламанды шат қылып, Дауыл мен желді серік қып, Көшпенді жұртқа тақ құрып. Тағына халқы тақ тұрып, Дүрілдеп өткен Кенекең, Алаштың азат дәуірін Отар боп қалған Отанға Мәңгі армандай шақ қылып.

Аңсаған бабаларың елдігіңді, Кейбіреу көре алмайды бірлігіңді. Ініміз, әлгінде айтып кеткендейін, Бірлікпен жасай берші тірлігіңді. Азғырғанның тіліне еріп кетсең, Қазағым, кінәлайсың енді кімді? Азаттық ата жолы жалғаса ма, Біреулер балағыңа жармаса ма? Қан кешіп аталарың армандаған Елімнің осы күнгі азаттығын Кім, кәне, айырбастайды колбасаға? Мұңшылдық апиынын ішкендейміз, Зарлаудың жарысына түскендейміз. Кінәлап сынаймыз кеп бәрін даттап, Бірақ та өзіміз түк істемейміз. Әлемге танытуға қазақ атын, Көтеріп еліміздің ғажап атын. Қазақтың еркіндігін нығайтуға Сен өзің не бітірдің, азаматым?

Елің жүдеп жатқанда тоқ жүрсің бе, Тойғаныңа мәз-мейрам боп жүрсің бе? Қолда барын купон мен қулар құртқан Жұмыссызға көз қырын сап жүрсің бе? Болмаса, ұрылармен әмпей болған Ұлықтардай жұртыңды жеп жүрсің бе? Халқына пайдасы жоқ шенеуніктей Қауқиып азаматпын деп жүрсің бе?! Дәулеткерей: Байқасам, Баянғали жүлделі екен, Ақбозын Ағыбайдың мінген екен. Әрине, барыңды сап айтып жатсың, Айтысы хан Кененің күнде ме екен? Жиырма бесте жалындап сөз айтайын,

Тіркестер келмесінші тілге бөтен. Ағамыз елдің жайын айтып жатыр, Есіне бірдемелер кірген екен. Сен мені Наурызбай деп тани алсаң, Ақылың дариядай іргелі екен. Кешегі хан Кенелер елім үшін Білегіне қалқанын ілген екен. Тар кезеңде табаны тайқып кетіп, Алауыздық танытқан кімдер екен?! Хан Кенедей көтеріп мәртебеңді, Жүректегі шоғыңды үрлеп өтем. Атамыздан дарыған ақ батадай, Сені жауға тастамай, бірге кетем!

Тілеуі Алашыңның ақ болып тұр, Көкшетау, басыңызға бақ қонып тұр. Хан Кененің тойында ақ жүрекпен Патшаңыз қадам басып тап келіп тұр. Қымсынбай, Баян аға, қамшы басып, Ініңді іргедегі ақкөбік қыл. Өлі разы болмай тірі байымайды, Бабалар жүзімізден шат көріп тұр. Ханның басын сыйласаң, қалың елім, Сіздерді Құдай сыйлар сәт келіп тұр.

Айтыстың ақ қамбасын ақтарғасын, Ағасы, тіл сүрініп, жақ талмасын. Мен ұстазбын, аяғын анық басқан, Шәкіртке тәлім беріп жатқан басым. Өйткені, ұстаздығым – ата кәсіп, Әріден үрдіс болып сақталғасын. Бәйгеден, Баян аға, көрініңіз, Бағың мен бабың бірдей бапталғасын. Көкшеде көкжал ақын өзің едің, Айтыста алмас тілің қақталғасын. Әміріңе сенің мен бағынбаспын, Қадіріме жетпесең, қапталдасым. Баянғали: Сөз айтамыз халыққа Екеуміз де жылдам боп. Бұл ағаңыз, білесіз – Сен сияқты ініні Беттен, сірә, ұрған жоқ. Ақыл айт деп өзіңіз, Келіп тұрған алдыма Қадірің білмей бұл ағаң, Әй, шырағым, біліп қой, Әмір беріп тұрған жоқ.

Бәкеңнің еліне айтар жыры бар-ды, Ашылар талай-талай сыры бар-ды. Ақбозын Ағыбайдың мініп едім, Құттықтар дәл осындай іні бар-ды. Ағайын, ақбоз атты мінгеніме Қуанып айтып жатыр, тілі бал-ды. Бір қызды мінгізем деп кеше мен де Пәлені сау басыма қылып алдым. Жеңешең оқтауменен қуалап бір, Ақыры бәрінен де құры қалдым. Аяғында қыз да жоқ, келіншек те жоқ, Екі шал, екі кемпір мініп алды. Жырымды ел-жұртыма шашып жүрем, Әрдайым ақ жүрекпен ашық жүрем. Ағыбайдың ақбозын аямаймын, Шал-кемпірдің барлығын тасып жүрем.

Айналайын ағайын, Айтыс дейтін тамаша. Болмасын де бұл жерде Батырлардың егесі. Болсын дейік бұл айтыс Жақсылардың кеңесі. Айналайын шырағым, Түр-тұрпатын қарасам, Кешегі өткен Наурызбай – Дәулеткерей елесі. Наурызбай – жер-жаһанның жолбарысы, Бөлек екен ел үшін толғанысы. Оң қолында төрт кісі күші болып, Найзаны бөлек екен қолданысы. Ақырған алты алаштың арыстаны, Кененің қысылғанда қолғабысы. Жарқылдап жиырма бес-ақ жасында өлген, Есенгелді, Саржан мен Қасым да өлген. Құтыларға болса да мүмкіндігі, Ел үшін Кенесары басын берген. Қай бастық басын беред халық үшін Осы күні көп сөйлеп, қасын керген?

Дұшпан мен халық үшін алысқанда, Бөтен ой болмаған ғой арыстанда. Әділет, ақиқатқа жүгінер деп, Хат жазды Кенесары орыстарға:

«Жаһанға жетсе дағы күшің, – депті, – Жер-суды атамыздан қалған біздің Тартып ап, жасап тұрсың қысым, – депті. – Халқымды бөтен жұрттың езгісінен Құтқару – менің ұлы ісім, – депті. – Түйінді семсерменен кесейін бе, Ақиқат, ақылменен шешейін бе? Қор болып бодандықта өтейін бе, Алысып азаттыққа жетейін бе? Өздерің қайтер едің басқа бір жұрт Басып ап билік құрса Ресейіңде?» Кененің кемеңгерлік бұл сұрағы, Әлі тұр аз ұлттардың көкейінде. Ағылшын, қытай, орыс, араб болсын – Мейлі ғой, қайсы құрлық болса дағы – Астамсыған жұрттарға сабақ болсын. Алпауыттар әрдайым тұрады өрлеп, Аз халықтың тағдырын қылады ермек. Мемлекет теңдігі жоқ елдер барда Кенекеңдей күрескерлер шыға бермек. Халықтың теңдігі үшін, елдігі үшін Аждаһадай ашылған аранына Көк найзасын әрдайым тыға бермек.

Айналайын ағайын, Ақындарың танбасын, Кеңінен бүгін толғасын. Дәулеткерей ініммен Екеумізді, ағайын, Көкте Құдай жар болып, Жерде халқым қолдасын. Айналайын шырағым, Ұстазбын деп отырсың, Шәкірттерің жақсы боп, Кенесары, Наурызбай Батырлардың кешегі Жолын алға жалғасын. Саған дағы тілегім – Наурызбайдай бола бер, Наурызбайдай тек қана Жасың қысқа болмасын!

Дәулеткерей: Мен сізді құрметтеймін ардағымша, Талантты таразылап талғауымша. Бал-бұл жанып барады екі бетің, Сақталған сабандағы сар қауынша. Келіншектен таяқты жедім дейсің, Ол дағы құдірет қой Алла қылса. Көкеннен соң Көкшеде кәрі ақынсың, Жиналған құрметіңе ел залға мұнша. Кеу-кеулеп өзіңе-өзің айқайлайсың, Бұрынғының серісі, салдарынша. Аман-есен айқайлап айтыса бер, Қақиып қатқан қара болғаныңша. Төбеңде төңкерілген бөркің – аспан, Көкшетау – келбетің мен көркің асқан. Наурызбайға сен мені теңеп жатсың, Хан Кене ағасына серті ұнасқан. Көкшетау қасиетті мекен екен Басынан замананың дерті қашқан. Сол батырлар аруағы емес пе еді

Қолынан жауларының еркі қашқан. Тектіден қалған тұяқ сіздерсіздер, Қасиетті қазандай кемпір асқан. Осы батыр бабалар баяғыда-ақ Азаттықтың түңлігін желпіп ашқан. Еріне айтпайды ма ел мінажат, Қайтейін қайтармалап елді қажап. Манасшылап кеткенде Баян ағам, Ешкімге бола қоймас енді мазақ. Қабырғасын ел үшін қайыстырған Ерлерің көрді емес пе қорлық-азап?! Баба көрген қорлықты бала көрмей, Керемет бостандық күн келді ғажап. Осыншама опасыз тағдыр кешкен Сорлы қазақ сол болсын соңғы қазақ! Басымнан сыпырылса ақ томаға, Шабытқа Баян ағам шақ бола ма? Аталардың арманына біздер жеттік, Құдайым, бұдан асқан бақ бола ма?

Баянғали: Бұл інім барлық елден ерек шығар, Ойы да алабөтен, зерек шығар. Ағасын қауын дейді мына бауыр, Бауыр десең бірақ та бөлек шығар. МҰХАМЕДЖАН ТАЗАБЕКОВ ПЕН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ Мұхамеджан: Алдырған ат жіберіп хан-қараны, ҚазҰУ-дың желбіреп тұр тал-дарағы. Бүгінгі айтыс халыққа қуат берсін, Хат келіп қуантқандай қарт ананы. Ассағалаумағалейкум, бармысыздар, Алматының марқасқа, марқалары?! Мұзда жатып шираған мұзбалақтай, Жақсы атаның бүгінгі жаңқалары.

Жібек артқан шығыстың керуеніндей, Ақындар келіп жатыр Арқадағы. Жетісуым – жерұйығым болған кезде, Сарыарқам – берекенің сар табағы. Алматым мен Астанам ақ ордадай, Екеуі де ел-жұртқа қамқор әлі. Екіленіп қол соғып отырыңдар, Екі қолды шығарып қалтадағы. Дәл бүгін ақындардың ақ жырымен Қос нүкте қосылып тұр картадағы.

Болғанда ойым – орақ, тіл – ұстарам, Қайырлы сөзден қалың ырыс табам. Астана – азат елдің мақтанышы, Күн сайын бой түзеген күміс қалам. Жақсы-жайсаң, қош келдің Алматыға, Жайындай судан шығып тыныстаған. Ақындарды Мырзағам бастап кепті, Хан Тезектей қасына би ұстаған. Хан Тезектен ағамның артық жері – Тұлға ғой сын сағатта ту ұстаған. Заманында Түбек пен Сүйінбайлар Айтыста інжу-маржан уыстаған. Солардың соңындағы ұрпақ едік Жорғадай жүрістерін дұрыстаған. Ал, халқым, ақындарың келді алдыңа, Қақпан ауыз, қанжар тіс, құрыш табан. Айбындарын көрсетіп кетсін бүгін, Жолбарыс жолықса да жылыспаған.

Өрісі өнерлінің кең көрінер, Бір ауыз сөзден кейде ел бөлінер. Тұтастай тұлғалы сөз арнамақ боп, Тұс-тұстан келген екен ең бөрілер. Ассалаумағалейкүм, Дәулеткерей, Теңселіп кеп жорғамен теңге ілер. Қаршығалық қасиет таныт бүгін Көк қамысты қайырып көлге кірер. Зеріктіріп алмайық ел мен жұртты, Зейінін салып отыр зерделілер. Өнердегі өмірің ұзақ болсын, Ер жігіт көп, әйтпесе, ерге мінер. Найзағай боп жарқ ете қалғанымен, Найзадай боп бір сәтке жерге кірер.

Дәулетжан, сөзің шырын бүгіндері, Иманың байқалып тұр түріңдегі. Нар қамыстай жігіттің егесі едің, Тарамыстай тартылған сіңірлері. Кеудеңді кеулеп сөздер тұрған шығар, Тас тесетін тамшыдай үңгірдегі. Үңіліп, әйтпесе, сен қарар ма едің Үкінің баласындай іңірдегі.

Жартасты биіктегі жай ұрғандай, Жап-жасыл жалынына шайынғандай. Ақыным деп шығарғасын жарқылдайық Ақылына тақымы сай ұлдардай. Жүректерді жүгендеп алмай болмас, Тағыны тастан қуып қайырғандай. Сорпасын сөздің бүгін шығарайық, Тортасын сары майдың айырғандай. Сананың саңылауын дәл табайық, Кірпіштің кетігіне лай ұрғандай. Көрермен көзін алмай қарап қалсын, Көдеге көктемгі төл жайылғандай. Сәлделі Фарабидің ордасындай, Сәулелі сөйле, Дәулет, шайырлардай. Шөлдеген жұртты жырға қандырайық, Шілдеде шірнесі аққан қайыңдардай.

:Дәулеткерей: Атқанда алтын елге мәңгі ортақ таң, Тіліме медет тілеп Жаббар хақтан. Армысың, алматылық ағайын жұрт, Қадірің Хан Тәңірдей заңғар тартқан. Тәжіндей Алматымның басындағы, Алатау айнымайды хан қалпақтан. Мысалға, ежелгі жұрт Есік қорған, Қазаққа құтты қоныс қалған Сақтан.

Сол қоныста ұлтымның қай-қашанда Көңілін көркем өлең алдарқатқан. ҚазҰУ-ден қанаттанған тастүлекпін Арқаның аспанында самғау тапқан. Еркінсіп жеткенімде елордадан, Құлатпас құтты мекен арман-тақтан. Саумал жыр – сіргежияр алып келдім Сарыарқа – сәнді алқаптан, дәнді алқаптан. Алматым, абыроймен асқақтай бер, Тарихтың қойнауынан ақжол тапқан. Азат елім, тұғырың мызғымасын, Қазақы ердің қасындай шалдар шапқан! Сұраған бір Алладан ері медет, Ежелден көрерменсің көңілі ерек. Құттықтап Ұлы Жеңіс, мамырменен, Тілеймін бейбіт өмір еліме бек. Тасжарған азаттықтың ақ қайнары, Жайғастым Алматымның төріне кеп. Уағалейкумассалам, Мұхамеджан, Өзіңе іні болып көрінер ек. Біз болғасын түлеген бір ордадан, Жүректерге жұп гүл боп егілер ек. Айтыстың алшаң басқан Алшағыры, Жарасар мақтасам да сені не деп. Мені биік самғатқан алтын тұғыр, Алатау, алғысым бар өзіңе көп. ҚазҰУ-ым, сен дегенде сөзім басқа, Құдай үйген төбенің жөні бөлек.

Сен едің айтыстағы көне бүркіт, Енші ғып ел мен жұртқа берерің құт. Сәтті күні табыссақ сахнада, Қалмаспыз өрелі елден өлең іркіп. Айшылық аламанда алқынбайтын Тұлпарсың тесік өкпе, төмен ұршық. Сөз мергені, айтыстың көз мергені, Нысанадан көрмеген жебең үркіп. Қапталдасып, келген соң қарсы қарап, Мен емес сескенетін сенен үркіп. Арқа мен Алатау боп кездескенде, Тамырлансын текті жер терең ілкіп. Астана, Алматы боп шыққанменен, Қайтеміз ала қойды бөле қырқып?!

Сұңқардай сіз едіңіз қырағы жан, Ешкімнің сүрінбеген сынағынан. Пайғамбардың атына жан қосылып, Есіміңнің өзінен шығады мән. Қай жерде жүрсең дағы бар халықты Қандырасың өлеңнің бұлағынан. Жүргізіп «Жұма күнгі жүздесуді», Журналист боп жарылдың бір ағыңнан. Президент оркестрі жұмысқа алды, Ұстаған соң көп өнердің құлағынан. Мен сізді астаналық деп ойлаушы ем, Көрген соң гвардия ұланынан. Сөйтсем, Халифа Алтайдың қорын ашып, Шариғаттың ұстапсыз шырағынан. Бір Алла нәсіп етіп қажы барып, Исламның қуат апсыз құранынан. ҚазҰУ-да да қызмет істейсіз бе – Капитан боп табылдың құрамынан. Ерінбес еңбекқордай сізді көріп, Көңілдегі кірбіңнен шын арылам. Қазақ жалқау дегенге келіспеймін, Жалған сөйлеп несіне күнә қылам?! Мысалға, Мұхамеджан ағам отыр Нәр алған туған жердің құнарынан. Қай қиырға салса да қажымайды-ау, Туғандай түз бүркіттің қыранынан.

Мұхамеджан: Дәулетжан, сөздеріңді базарлы айтып, Ақынбыз отыратын сөз арбатып. Дәулет інім шоғымды көсеп жатса, Қайнамайды дәл бүгін қазан қайтіп? Тізбектеп, өмір жолды мақтап, матап, Бөркімді жібердің-ау қазандай қып. Жүруші ем жақсылыққа жаршы көріп, Жасайық айтысқанда аңшы жорық. Ол рас, Астанаға жібергенбіз, Мәртебеңді биіктетіп, аршы көріп. Алматыда тілінген таспа едің, Астанадан оралдың қамшы болып. Алматыда иірілген асық едің, Оралдың тұрар сақа алшы болып. Алматыдан көтерілген ақ бу едің, Астанадан оралдың тамшы болып.

Сөз қылсаң осы екі шаһар жайын, Қарағаймен бірге өскен қатар қайың. Алматы ішіндегі шекпен болса, Астана сыртын жапқан шапандайын. Алматы жұмыртқаның ағы болса, Сарысы сіздерсіз деп мақалдайын. Алматы – ұстаз, ал Астана шәкірт еді, Шәкірт озса, қуанып жатар дәйім. Алматы мұрт болғанда, ал, Астана Соң шығып мұрттан озған сақалдайын.

Және бұл жағдайға да таңғалыңдар, Мойындайтын шындық бұл бар ғалымдар. Өмірде өзектесіп, сабақтасып, Самғап өткен бірлесіп сан дарындар. ҚазҰУ-дың қалашығын салып кеткен Жолдасбеков Өмірбектей заңғарың бар. Іргетасын Еуразияның қалап жатқан Жолдасбеков Мырзатайдай тарланың бар. Мырза ағам Өмекеңнің шәкірті еді, Ұстаздың ұлағатын аңғарыңдар. Екі орданы көтерген екеуіне Абырой-атақты да тең жарыңдар. Байқашы, елім, не деген бақытты еді Жолдасбектей қарттардан қалған ұлдар. Он жылда ұтылғаның, ұтқаның бар, Бұл өзі уақыт емес ұлт дамылдар. Аңғарсақ, Алматыдан Астанаға Ақыл ауысып, ырыстың жұққаны бар.

Елордалық ілімнің іргетасын Алматылық ғалымдармен нықтадыңдар. Мырзекең Еуразияда жүргенімен, ҚазҰУ-лік қайраткер деп жұрт қабылдар. Ғалым мен дарындарды сөз қылсақ та, Осында жатыр бүгін түп-тамырлар. Астананың ажарын ашып тұрған Алматыдан аттанған сырттан ұлдар. Еуразияның еңсесін көтеріп тұр ҚазҰУ-дің кеңсесінен шыққан ұлдар.

Артықтығы жоқ бірақ елден елдің, Артықтығы жоқ бірақ ерден ердің. Ол рас, алақанға салар сені, Төркіндеп бүгін, Дәулет, төрге келдің. Төркіндеп келгеннен соң Алматыға, Алдында жүрші лайым көмбелердің. Біз сені құрметпенен қарсы алармыз, Пиғылын танытпастан пенделердің. Қылығыңа көз тастап отырайын, Құдығыңа су ішкен сен де келдің. Бірақ та құдығына түкірмейтін Келісті тұқымы едің кертөбелдің.

:Дәулеткерей: Сөз қылдың Мырзатай мен Өмірбекті, Олар, рас, жақсылықты өмірлі етті. Сондай алтын құрсақ қой біздің қазақ Тудырған жақсы-жайсаң, небір бекті. Мұхамеджан ағамыз, толғағанда, Тұмсығыңнан сорғалап терің кетті. Менің енді жіберші тізгінімді, Терің жаппай тұрғанда кеңірдекті. Ағама сөйлемеспін қарсы келіп, Тобыңа сән бергендей әнші көрік, Арқадан мен оралсам қамшы болып, Жүректерге себілем тамшы болып. Ендеше, Мұхамеджан, сен екеуміз Екі ордаға жүрейік жаршы болып.

Ер жігіт жиырма бесте шоқ болады, Отызда орда бұзар от болады. Ұланы боп Отанды күзетсеңіз, Елімнің уайымы жоқ болады. Халифадай ғұламадан үлгі алсаңыз, Басыңызға батпандай бақ қонады. Қажы болған ол дағы жаман емес, Қорқатының жалғыз-ақ Хақ болады. Молда болған ол дағы үлкен сауап, Аңқау елде тамағың тоқ болады. ҚазҰУ-де ғалым болсаң, тіпті жақсы, Құрығанда, көйлегің көк болады. Айып па алты жерден айлық алсаң, Қонышыңнан баса алсаң дөп болады. Қазағым «бейнет түбі – зейнет» деген, Қартайғанда пенсияң көп болады.

Шамданбаңыз, әзілмен шымшып та алсам, Қадалып қаларым бар бір сұқтансам. Өзіңізге жұп болып шыққаннан соң, Жүндей иір ініңді ұршық болсаң. Әрине, артық кетсем кешірерсің, Жарамас жақсы өлеңді іркіп қалсам. Бесті тістер құнан да ауырмайды, Жарасар, ұрсып та алсаң, сілкіп те алсаң. Елмен бірге сүйініп отырармын, Биік ұш бұлтты жарып, бүркіт болсаң.

Хақ жолын Жаратқанның сүйіп жүрмін, Мұхажан, пенделіктен биік жүргін. Өткенде Орал барып театрда Шариғат жайында бір жиын қылдың. Астанада, Музакадемияда, Зікір салған жастарға тыйым қылдың. Игілікті іс қылып ел аралап, Әрине, жалпақ елді сүйіндірдің. Бірақ та Қожа Ахмет бабамыздың Жолын жоққа шығарып қиын қылдың. Оның дұрыс, ел аруаққа табынбасын, Баршаны бір Аллаға сиындырғын. Сенен де артық білетін діндарлар бар, Неге сонша асығыс түйін қылдың? Дәл осындай шалағай шешімдермен, Мұхамеджан, біздерді күйіндірдің.

Шариғаттың шығармай шып-шырғасын, Демеспін азаматтар тік тұрмасын. Дінтанушы көбейіп ел ішінде, Молдалық пен мамандықты жұп қылғасын. Исламды танытпақ боп тапырақтап, Баспаңдар әтеш айқай, қытқылға шын. Әркім өз беттерінше әңгіме айтып, Ұлтымның уақытын ұттырмасын. Қазақты қай ұшпаққа шығарады Сәлдемен сәндегендер сырт тұлғасын? Исламды қырық түрлі уағыздап, Қатырып қойдыңдар ғой жұрттың басын.

Мұхамеджан: Құмарсың неге сонша кекесінге, Кекесінмен мақсатқа жетесің бе? «Мұсылманды мұсылман сүйсін» деген, Пайғамбар уағыз айтып Меккесінде. Ал сен болсаң, алқымнан аласың-ау, Тап берген інісіндей көкесіне. Құдайдың сүйген құлы жалғыз сен бе Жұлдызы жанып туған шекесінде?! Дәулеткерей, болмасын арыңда мін, Ақиқат па еді сенің сағынғаның? Алты жерден айлықты аласың деп, Жөн болмады, мұсылман, тарылғаның. Отырсың аруақпен айтыстырып, Бар деп бүгін айтамын оныңда мін. Яссауиге мен қарсы шыққаным жоқ, Жалғыз Алла болған соң табынғаным. Яссауи де пенде ғой, оны қайдам, Мен өзім бір Құдайдың жолындамын. Дәулеткерей, тұлғалы төр шығарсың,

Айтысқандай кей кезде алқынарсың. Біз мешітте дауласып тұрған жоқпыз, Реті келген кезде сөз қыларсың. Түсініксіз халыққа жайларды айтып, Елдің басын қатырған сен шығарсың. Қадірін Құранның да білген жанмын, Иманмен бекітемін іргемді әр күн. «Халифа Алтай» қорында жұмыс қылсам, Құдайдан сауап іздеп жүрген жанмын. Ел-жұртына жақсы ісін ер арнайды, Ал оған Дәулеткерей арандайды. Ішімде не жатқанын білгендей-ақ, Сыртымнан тон пішумен табандайды. Елге қылған қызметімді көре алмастан, Сөз қылады жақсы мен жаман жайлы. Құдайдың беріп тұрған несібесін Құдайдан күдер үзген көре алмайды.

Дәулеткерей шариғатқа шабан екен, Өзінің нәпсісіне адал екен. Жақсылықты іздеудің орнына Кемшілік іздейтіні жаман екен! Дін үшін болды кеше Абай құрбан, Екті елдің жүрегіне талай жыр-дән. Шариғатқа қызмет қылсам, оны айтасың, Ел деген ердің бәрі солай қылған. Даналар даламыздың кемесі еді, Ел-жұрттың еріп жүрген ересегі. «Алланың өзі, сөзі – рас» деген Ұлы Абай ұлы сенім егесі еді. Дінді егер діңгегім деп білмесе, Қара сөз жазып қайғы жемес еді. Шәкәрім де Құдай үшін құрбан болып, Артта қалған кітап боп берешегі. Исламға таң қалған Толстоймен Сан мәрте хат жазып ол кеңеседі. Жамбыл да Кремльде намаз оқып,

Ысқырған Сталинмен егеседі. Иншалласыз жұмысты бастамаған Әлкей Марғұлан ғалымның төресі еді. Жұма намаз оқыған Қонаев та Дін дегенде езілген емешегі. «Дін – ғылымның атасы» деп жырлаған Мұқағали ақылсыз емес еді. Солардың да барлығын толғандырған Соңындағы ұрпақтың келешегі. Тарихтан алар болсақ тағылымды, Қашанда Құдай деген ел өседі. Ата діннен ақиқат тапсақ қана, Терезең өзге жұртпен теңеседі. Алланың ақ жолымен жүрсе ғана, Халықтың айдарынан жел еседі.

Барлығын көрсетіп тұр тарих тарлан, Қазақтар құдай деген халық болған. Иманы күшті кезде ер бабалар Осынау ен даланы алып қалған. Өйткені, иман барда ынтымақ бар Екені тәжірибеде анықталған. Иманы әлсіз кезде талай жерлер Ресей мен өзбекте қалып қалған. Берекесін беретін Алла ғана, Байлығың болғанменен ағып-тамған. Алланың әміріне қарсы шықпа, Жақсылық күтер болсаң жарық таңнан. :Дәулеткерей: Демегін мынаны айттың, ананы айттың, Онан да салиқалы сананы айтқын. Басқа жерде әңгіме қылсақ демей, Тұп-тура ел көзіне қарап айтқын.

Ақыннан алапат жыр, өлең күткен, Демеймін, Мұхамеджан, сенен мықты ем. Не айтсам да, ел-жұртты сақтандыру, Көсемсуге шамам жоқ тереңдікпен. «Дін – ділімнің діңгегі» деген барда, Көсіліп айтып тұрмын көлем қып мен. Діндарларды қаралауға келген жоқпын, Биіктен табылармын сенен күткен. Молданың көбейгені тағы жаман, Шеріңізді кетпеспін шемен қып мен. Мұхажан, өз әліңше түсінерсің, Айтамын осы жайды елең қып мен. Осылайша ақиқатты айтып тұрмын, Ел іші тыныш болсын дегендіктен.

Қырансың қия көкке самғайтұғын, Көсілсең көрерменге балдай тілің. Әрине, иманың кемел сен ақынсың, Қадірлі әрбір сөзің нандай тілім. Мұсылманды мұсылман сыйламас деп, Айтып тұрсың күнәнің қандай түрін?! Діндар болсаң, білер ең, тірі адамнан Ақыреттің жауабын алмайтынын.

Ағаны өзіңіздей сыйлаған ек, Жақсы әдетін үлгі қып жинаған ек. Әрине, екеуміз де филфакта оқып, Өлеңнің бозтайлағын бұйдалап ек. Әр жүректің иманы Аллаға аян, Ешкімді жамандыққа қимаған ек. Ұлтқа перзент боп жатсаң, разымын, Ұялаған жүрегіне иман, әдеп. Он күнәнің тоғызы тілден бірақ, Сондықтан да қаларсың қинала кеп. Әйтпесе, Мұхамеджан, қой демеймін, Дорба асынып кетсең де диуана боп. Өрелі ойды түсіну елге міндет, Жасын боп жалындаған жөргегінде от. Шариғатқа шамамша сауатым бар, Сенен артық өмірді көргенім жоқ. Астанадан келген соң сағынышпен, ҚазҰУ-дей қыламын ғой төрге құрмет. Осып-осып осылай айтпағанда, Сақалыңды санауға келгенім жоқ.

Мұхамеджан, ақынсың мұратқа бай, Жырларың елге шашсын шуақты арай. Мен сені көре алмаған жан емеспін, Тәңірден төрелікке тұрақтамай. Абайды айттың және айттың Шәкәрімді, Ағады деп асқардан бұлақ қалай. Алланы өз бетіңше танығанмен, Болмайды күн бетінде шуақтамай. Мұқажан, кешегі өткен бабаларды Сен сияқты есіркемес бірақ та Абай.

Пешенелі пендеге сүйікті Алла-ай, Жақсылық ұсынушы жиып барлай. Қазыналы, айналдым, қарттарымнан Шыңдары мәртебелі биік таудай. Ақ жаулықты, айналдым, әжелерден Әлдилері әлемді ұйытқандай. Қыздарынан айналдым, жүрегі пәк, Қарамас қасы-көзі қиықтанбай. Жігіттерден айналдым, жүрегі ұшқын, Сүре алмайтын өмірді сүйіп қалмай. Ал, енді, Мұхамеджан, сен де бүгін, Тарта бер салмақтардан иық талмай. Алматым, алға бассын абыройың, Тағдырың тар кезеңге тұйықталмай. Төрт аяғын тең бассын Қазақстан, Ит басты, сиыр аяқ сиықтанбай.

Мұхамеджан: Сөз айтып Дәулеткерей төрлеткендей, Бір уақ жеке шауып желдеткендей. Шіркін-ай, қандай ғажап болар еді, Мұсылмандар сөйлесе бөлшектенбей. Дәулет-ау, сақтанғаның сонда мен бе Бауырдың аяғына дән сепкендей. Құдай деп құрақ ұшқан халыққа әкеп, Өз ұлын өгей қылып көрсеткендей. Жарқырап отыр бүгін жанардайын, Көңіліңді бүгін сенің сан аулайын. Ал, бауырым, ондай болса тыңдай отыр, Кімнен сақтану керектігін баяндайын.

Сақталған салт-дәстүрлер құтың боп бір, Әлемдік стандартқа бүкір кеп тұр. Ғаламдассақ екен деп бүкіл ғалам, Бұл ғасырдың жемсауы бүлкілдеп тұр. Террорды айтып, сыныққа сылтау іздеп, Америка алыстан дікілдеп тұр. Қалауына қарсы елді қарауылға ап, Мылтығының ауызы түтіндеп тұр. Қаз-қаз басып жаңадан қалыптасқан Қазақстан жүрегі лүпілдеп тұр. Ертеңін Алла білер, ал бүгінде Әр жұтқан ауасына шүкір деп тұр. АҚШ-тың да азуы қайралғандай, Әлемді тізгіндеуге сайланғандай. КСРО-ны күйретіп тынғаннан соң, Орта Азияны ойрандауды ойға алғандай. Көршілерге көп ұзамай аяқ салды, Қырғыз бен өзбек жерін пайға алғандай. Иеленіп Құлан, Шымкент әуежайын, Керегін ап, көңілі жайланғандай. Керегін алғаннан соң кетсе жақсы, Аюдай ашығып кеп тойған балға-ай. АҚШ, бірақ, еркімен кеткен емес, Кедейдің қыстауына бай қонғандай. Батпандап АҚШ әбден кіргеннен соң, Мысқалдап шығар дертке айналғанды-ай.

Түпкі ойын бұл батыстың кім ұғып жүр, Дәулеткерей соны айтпай құмығып жүр. Солардың тоқпағына түсіп алып, Ішімізден кей топтар булығып жүр. Демократия біздегі дәрменсіз деп, Үй ішінен үй тігіп жын ұрып жүр. «Ақ жол» деп ай жарықта ұран салып, Құбыласынан жаңылып құбылып жүр. Өкіметке өкпелеп кінә артқанмен,

Өздерінің ісі де былығып жүр. Қылмысын қылға тізіп тексергенде, Бастары тауға-тасқа ұрынып жүр. Жан сауғалап, шетелдің елшісінің Аяғына бас ұрып жығылып жүр. Жазалаудан қорыққан жас баладай Өзгенің етегіне тығылып жүр. Күн туғанда өз елін сата салып, Өзгенің кеудесіне жылынып жүр. Жұрт байлығын басқан соң әбден бүгін, Тақымдары тақты аңсап құбылып жүр. Жерге жұмақ орнатар деймісіздер, Құр, әйтеуір, билікке құнығып жүр. Батыстың сақта, Құдай, жаласынан, Шығыстың сақта, Құдай, табасынан. Президент те ел-жұрттың перзенті еді, Өлгенше өз жұртына жаны ашыған. Қанаттыға қақтырмай, қазағымды, Жарақтыға тап қылмай бел асырған. Еркелеп жүрген ерлер аз ба бүгін Елбасы арқасында бағы ашылған. Соның бәрін шығарып санасынан, Жаңылып жүргендер бар тобасынан. Алдағаны ағасын көрініп тұр, Алмағаны болмаса жағасынан.

Елбасы – расында дара тұлға, Кенде болып көрмеген әлі ақылға. Әблязов, Жандосов, Жақиянов Жүруші еді нөкерлердің санатында. Бәйменов пен бизнесмен Бутя да Президенттің паналаған қанатында. Елбасы ертіп жүріп есейткендер, Қамданып жүр балтырын қанатуға. Мылтық атып үйреткендер мерген шығып, Машықтанып жүр өзін дәл атуға. Кешегі Абай айтқан, тағы бүгін Бас-басына би болып баратыр ма? Бірін қазақ бірі дос тұтпаса егер, Қайтадан айналармыз қара құлға.

Көрініп талайлардың жеңсік пейлі, Қоқысқа жерімізді берсек дейді. Парламентте көтеріп бұл мәселені, Біз бұған үлкен көңіл бөлсек дейді. Моңғолия ап қояр деп асықпасаң, Ойлануға уақыт беріп өлшетпейді. Жәкішев деген мырза жан ұшырып Жүгіргенде өкшесін көрсетпейді. Атамның сүйектері жатқан жерге Атомның қалдықтарын көмсек дейді.

Жәкішевтер жігіт екен өзі атпалдай, Бірақ та суық екен сөзі ақпандай. Қырық миллиард елге пайда келтірем деп, Желпінеді қамыстан қаз атқандай. Қалдықтан залал жоқ деп зар қаққанмен Артында жатқан оның азап қандай. Қалта қамын ойлаған қайраткерлер, Қамығып бұлай айтқан қазақ қалай. Сол жайында, Дәулетжан, сөз айтайық, Құр мұсылман боп халыққа мазақ болмай. Жердің астын бүлдіріп, ал, ауаны Таза ұстаймын дегені ғажап қандай?! Өзекті мәселені бұлай шешу Тезекті зәрмен жуып тазартқандай.

Дәулеткерей: Көрген соң шаппа-шаптың тығырығын, Мұхамеджан бастады «ұлы» жырын. Мен өзіңе жау көрдің, сын айтып ем, Жарамас дәл осылай бүлінуің. Әрине, бүтіндігін ойлап жатсың Тәуелсіз Қазақстан тұғырының. Сол тұғырды сақтайтын қалың қазақ, Танытпасаң ішіңнен тірілігің. Ішіңнен ірір болса ірілігің, Өлерсің ажалыңнан күні бұрын. Осылай өзекті ойды өлең етіп, Мұхамеджан айтты ғой мұны бүгін.

Биліктің ұстағандар бек тұтқасын, Қарапайым ел жайын көп құптасын. Шенеуніктер шетінен ауысқанда, Иманын қаншама ердің еттік қасым. Бүйірінен Тоқаев түрткен жандар, Үйірінен бөлініп шет шықпасын. Бақ та, тақ та мәңгілік мәселе емес, Кеткен жандар көңілге кек тұтпасын. Саясат ауа райы сан құбылып, Сандалған сорымызға соқтықпасын. Әйтеуір, ұлтым үшін бізден тілек, Саяси ойындардан от шықпасын!

Өрелі ой жамағатқа өрістемек, Жайым жоқ жолыңды, аға, теріс демек. Мұсылман мұсылманды мазақ қылмас, Екеуміз ел алдында келіскен ек. Әркім өзі үшін онда жауап берер, Мақшарда күнәң болса, мол үстелед. Аға – бордан болғанда, іні – тастан, Мұхажан, сен іркілмей жеңіске жет. «Құдайдың құрметіне ие болсаң, Қолыңызға су құйсын періште кеп».

Үкідей шығар ме екен үнім батыл, Жүрегімнің соғысы жырымда тұр. Тәуба айтуға қазақтың тілі келмес, Тәуелсіздік, дегенмен, тұғырда тұр. «Көп шуылдақ не табар» деп кеткенмен, Абайдың ақылын кім ұғып жатыр? Демократия дейтұғын желеуменен Әркім әрбір партия құрып жатыр. Балталылар Батыраш бұл қоғамда, Қалталыдан қаһарман шығып жатыр. Есеп ортақ болғасын ел үстінде, Кеше қорқақ боп шықты бүгін батыр. Екеуміз енді әңгіме қоздатпайық, Ертеңге жарамайды бүгінгі ақыл.

Мұхамеджан: Ақынсың ауызынан сөз борайтын, Сахнада құр бекер боздамайтын. Қыранның қылығы бар тұқымы едің, Қызығып ұшқан кезде көз қадайтын. Біразырақ жайлардан сен де айттың, Қорғасындай болса да қозғалмайтын. Саясат деген бұл бір резеңке ғой, Әр патша өз әлінше созбалайтын.

Тарихта бабалар көп таймас табан, Мансап үшін жағаға жармаспаған. Бір кезде Бұрындық хан боп тұрғанда, Қасым хан сұлтан еді жан аспаған. Патшаны қашан тақтан тайдырам деп, Құр бекер тірлігіне араласпаған. Қайта патша айналасын аярлардан, Алаяқ сұмдардан ол аластаған. Әбілмәмбет патша боп тұрған кезде Абылай сұлтан еді ел бастаған. Патшаны ол да қашан тайдырам деп, Құр босқа етек жайып бал ашпаған. Ал Нұрағам бүгінде төрінде отыр, Жайлауына айналып жаңа Астанам. Қолдау түгіл қорлауға баратындай, Төңірегінде адам көп жараспаған. Бабалардан мол үлгі алмаған соң, Жандардан не күтесің санаспаған? Бірігіп жүрсе, шіркін, қуанар ек, Тіріліп келетіндей Алаш бабам.

Бұлжымас заңдылық бар бұл ғаламда, Алладан аян болған күллі адамға. Үшбұрыштың сезініп қатаңдығын, Үш жүзім табиғаттан үлгі алар ма? Өзінің мақсатына жету үшін Үшбұрыш боп ұшады тырналар да. Көсемінің көлденең жолын кеспес, Түссе де тұманды күн шырғалаңға. Тәртіп бұзбас сол құстың тектілігін Берсе екен біздердегі тұлғаларға. Тым болмаса, тырнадай ынтымақпен Тірлік етер қазақта күн болар ма?!

Ынтымақ иман болса, көш өрлемек, Дертіңді тек жанашыр, дос емдемек. Бізге бүгін сайраған тілі емес, Жүректері сөйлейтін шешен керек. Жүз жылдығын ойлайтын ұлтымыздың Байтұрсыновтай көшелі көсем керек. Рухсыз ұл, қылықсыз қыздың бүгін Кеудедегі намысын көсеу керек. Жасық болмай жастар да ойлай жүрсін, Ұлтымыздың рухы есен бе деп. Осылай деп айтысты аяқтайық, Дәулеткерей, биікке дос өрлемек. Сонда ғана Құдайдан тілеп жүрген Құт-береке дариды осы елге кеп.

Дәулеткерей: Мұхамеджан тереңге бойлағасын, Мені де бос екен деп ойламасын. Айтарыңды сен айтып қалып жатсың, Суып бара жатқандай қойған асың. Әрине, ұлт бірлігі – ең бірінші, Қызығып соған көктен Ай қарасын. Елбасына денсаулық Жаратқаннан, Жұртымыздың жағдайын жайлағасын. Әкімдердің құлағына алтын сырға, Халықпен «ханталапай» ойнамасын! Екеуіміз енші алмаспыз елден бөлек, Азаматсың қашан да төрге өрлемек. Демеймін, жарысқанда, сайысқанда, Әркімге жеңілгеннен жеңген керек. Астанадан сағынып анда-санда Қауышып біз тұрайық сендерге кеп. Мұхамеджан, әлі де кездесерміз, Білесің ғой, қашаннан жер дөңгелек. МЭЛС ҚОСЫМБАЕВ ПЕН

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ

Мэлс: Ағамыз – күн болғанда, ақ таң – жеңгей, Оларды айту қиын мақтан көрмей. Айтыстың абыройын асыратын Ақ сауыт, ақсақалды қарттар келгей. Мен өзі кемпір-шалдың баласымын, Солардың батасымен шапқан желдей. Шұрқырап құлындары келген кезде, Ентігін еміреніп басқан көлдей. Қоныстың шекарасын белгілейтін Болыстың сандығында жатқан мөрдей. Алтынның сынығындай алмасатын, Жақсылардың соңынан жастар келгей. Ағайын, аман-есен өрдіңдер ме, Арнайды талай ақын дастан мендей. Азайсаңдар, абыржып қаламыз ғой, Біз дағы қалдық па деп тастанды елдей. Енді бүгін ешқайда кетпеңіздер, Той қызығын соңында тосқан жөн ғой. Армысың, Дәулеткерей, арғымағым, Есіміңді дәріптеп қосқан жөн ғой. Түскен соң өлең сөздің майданына, Лайым, несібеңді ақтан бергей. Аруаққа сиынып бір көрейін, Қалмаққа таңғы ұйқыда тап бергендей. :Дәулеткерей: Сөйлесе, Мэлс ақын таңдайланбақ, Айтатын әлеуметке әнді ойланбақ. Мысалға келтіреді көп әңгіме, Пернеге басатұғын жандай бармақ. Қалмаққа таңғы ұйқыда тап берем деп, Сондағы тап бермегің қандай қалмақ?

Бісміллә, елім күндей ерке күлсін, Пернесі домбырамның оң терілсін. Ассалаумағалейкүм, арда қазақ, Көңілің көркем жырға көмкерілсін. Арлан ақын Мэлс те ат үстінен, Көкпарыңа тастаған серкені ілсін. Батырлықты дәріптеп ақындықпен, Ұлдарың серттеріне семсер ілсін. Махамбеттің тойында маңғаз елім Шаттықтың шалқар күйін шерте білсін. Шапалақтап отырсаң, ақыныңның Екі ауыз өлеңіне ел семірсін. Марғасқа Махамбеттің айтысында Таңдайдан жыр, маңдайдан тер төгілсін.

Ақсұңқардай бұрғасын шыңға бетті, Қара өлеңмен қылайын ырза көпті. Қара ниет пиғылы патша ағзамның Қазағымның қадамын шырмап өтті. Кешегі кер заманда, ел қамауда Ерлерімнің қылышы қында кетті. Қарғыланған төбеттей елді талап, Бір сатқынның бәлесі мыңға жетті. Ұлыңның тұрпатынан тұлға кетті, Сұлудың құлағынан сырға кетті. Арбалмаған алаштың нары қалмай, Тал қалмаған талайлар суға кетті. Жұлын құрттай жұлынып ердің басы, Туырлықтай далаңды тулақ етті. Өз несібең бұйырмай өз аузыңа, Сары табақтың сарқытын құл дәметті. Марғасқа Махамбеттей маңғазына Айтақпен үрген иттің тырнағы өтті. Отаншылдың сезімі тұншықтырды Отаршылдық дертінен туған өртті. Қаймана қазағымның қасіретін Қан жылаған жүрекпен жырлап өтті. Ақыра арыстандай айға ұмтылып, Қапыда қара жерді құндақ етті.

Халқымның пейілі ғой ең тұнық нұр, Сондықтан менің көңілім желпініп тұр. Жайықтан келген ақын жанымда бар, Дегендей осы айтыстың сертін ұқтыр. Отаршыл озбырларға қарсы шапқан Батырлардың рухы серпіліп тұр. Арыстарын аспанға ел көтеріп, Қуаныштан көзіне көл тұнып тұр. Махамбет ақындардың сұлтаны еді Қалатын жырларынан жөңкіліп қыр. Ораза айы – сұлтаны он екі айдың, Жүректерге иманын толтырып тұр. Ақын тойы оразамен орайласып, Қос сұлтанның жұлдызы тең туып тұр. Құлай сүйген құлының құрметіне Құдай өзі ретін келтіріп тұр!

Алланың пәк пейілі құранда аппақ, Ықыласты пендеге сыр аңдатпақ. Ал, Мәке, бүгінгі ізет бізден болсын, Бәйгеге тұлпарыңды тұмарлап шап. Үзеңгі қағыстырып отырармын, Қыңыр сөйлеп кетпесең сыңаржақтап. Абыл, Ақтан, Нұрым мен Қашағандай Аталардың аруағын шын ардақтап. Пір Бекет деп сөз бастап жүрген ұлсың, Бабасының есімін ұрандатпақ. Толарсақтан қан кешкен батырлардың Шын ерлігін ұрпағы тұрар мақтап. Махамбеттің айтысын қыздыршы енді, Асқар тауды басса да мұнар қаптап. Қызыр қонған батыстың ақыны едің, Қызыл тілден ұшырған қыран баптап.

Мэлс: Дегендей сайысып бір көрші екеуің, Белгілі сол сөзден-ақ көрші екенің. Әрі інім, әрі шәкірт деп атаған Сезбедім сіздің сөздің ерсі екенін. Қалмақты мысал үшін айтып едім, Олардың білесің ғой елші екенін. Қандай қалмақ деп сұрайсың мына менен, Қай қалмақтың паспортын көрсетемін?! Халайық екеумізді күткен шығар, Ағаш та жаңқалаған түптен сынар. Дәулеткерей, алдыңда шай құюлы, Мөлдіреп тұр ғой, әне, сүтпен сыңар. Ұзақтау толғағаның қандай жақсы, Сен дағы ақын емес іштен тынар. Өзіңнің сөздеріңе қарағанда, Кассетаңның бір жағы біткен шығар.

Дәулетжан айтысқанда аспандай ма, Әуелден сөйлемейді бастан майда. Жеребе екеумізді тоғыстырған, Осындай әдетті де тастау қайда? «Жақсы сөз – жарым ырыс», түсінемін, Ырыс та ынтымақтан басталмай ма? Дегенмен, қорқамын көп мақтаулардан, Көп ішкен адамдар да мас болмай ма? Мұныма мына тұрған қосылар ел, Алдымен ақын туған осылар – ер. Батыры ақын, ақыны батыр болған Қазақтың қасиетті топырағы – ер. Сіз бен бізді жаратқан әуел бастан Топырақтың алдында тосыла көр. Жаныңның жарақатын жазам десең, Арыңның әділ таза сотына бер. Құдайым, ең алдымен адалдықты, Домбыра ұстап жүрген досыма бер! Өлеңнің дариясын көрем десең, Қосымбай деген шалдың қосына кел. Дәулетжан, әрі қарай арқырайын, Ойланып қалған бізден шошынады ел. Бірдеңе десем тағы ренжисің, Айтыспасаң, айтыспай отыра бер.

:Дәулеткерей: Таратып әрі қарай әкет аңыз, Жұртқа біз жыр-сыбаға асатамыз. Кассетаң біткен шығар деп бір айттың, Оған қалай енді сын жасатармыз. Өзіңізге шәкірт боп жүргеннен соң, Сіздікіндей бітпейтін кассетамыз.

Халқымның бар еді ғой затында ерлік, Біз бүгін ақиқатқа жақын келдік. Мэлс аға, өзіңе іні болып, Алдына елдің талай тату келдік. Айтайын енді еліме сүйіншілеп, Екеуміз талай топтың сапын көрдік. Жатқа тізгін бергенде жетпіс жылдай, Арып-ашып азапты тақым көрдік. Дінің аман жүрекке тұнбағасын, Құбыладан жаңылған кәпір болдық. Оңдырмай от көсеген көсеу құсап, Қазақы салт-санадан тақыр болдық. Әйтеуір, көз жасымды Құдай көріп, Қолға тізгін тигесін батыл болдық. Өткен күнге салауат біздер айтып, Азат таңның нұрымен әтірлендік. Астанада оқушылар сарайына Махамбет бабамыздың атын бердік. Болашақ жастарымыз рухтанып, Махамбеттей болса деп мақұл көрдік. Храпунов қиса егер бір көшесін, Ұлы тойда болар ед татымды ерлік!

Ал, Мэлс, айтысқанда шабытпен кел, Жетеді ақиқатқа халықпен жол. Кеудеңде тұнған жырдың ұясы бар, Атадан асып туған даңқты ерлер. Атырауда Махамбетке айтыс қылмай, Өзіңе сызып алдың қауіп шеңбер. Егер де дұрыс пиғыл танытпаса, Әкімдердің қылығын әдіптеңдер. Алысқа қарайтұғын қыран құстай, Батыста бар еді ғой байыпты ерлер. Махамбетке қимаған байлық құрсын, Басқаның есебінен байып па еңдер?! «Құдайдан айналайын мұнай берген, Мұнайдан айналайын Құдай берген!» Деген сөз Мэлстікі анық деңдер. Өнегелі іс қылмаса байларыңыз, Немене, ықыласқа жарып па ең дер? Алтын сандық үстінде отырғанмен, Кілтінен айырылып қалып па еңдер?

Мэлс: Азаттыққа қол жеткен Теңдік деген осы ғой. Сол теңдікті жырлайтын, Өлеңнің салып өрмегін Өрлік деген осы ғой. Батыс пенен шығысты Бөліп, Дәулет, сөйлейсің, Кемдік деген осы ғой. Махамбеттің бұл тойы Алматыда өткенге Қалың халық қуанды, Кеңдік деген осы ғой. Бір қазақтың бір қазақ Бітпеген ісін бітірсе, Елдік деген осы ғой. Арғымақтың баласы Аз оттар да, көп жусар, Талаудан татқан дәмі бар. Азамат ердің баласы Аз ұйықтар да, көп жортар, Дұшпанға кеткен ары мен Барымтаға түскен малы бар. Махамбет айтқан өлеңде Өткен менен кеткеннің, Бүгінге дейін жеткеннің, Ойласаңдар, бәрі бар. Батырлардың ішінде Қайыңы бар, талы бар, Айғыры бар, нары бар. Үбі батыр бастаған, Тәни балуан қостаған, Ғайса, Амантайы бар. Тұлпарын мініп, ту алған Және Шөмен байы бар.

Хан ордасын қоршаған Шұбатылған шаңы бар. Исатайды туарда Нағимадай шешеміз Жылан жұтқан екен деп Айтатындар әлі бар. Сол жыланның жартысын Түгел құспай құсыпты, Бұл сөздің бір мәні бар. Батыр туған баласы Бастаған ісін бітірмес, Халық айтса, қалт айтпас Деген сөздің жаны бар. Ішкі орданың сол кезде Жәңгір деген ханы бар. Тақылдаған татардың, Қақылдаған қалмақтың, Шақылдаған кәуірдің, Ойласаңдар, бәрі бар. Шыманұлы Орманның Шөке деген лаңы бар.

Дәулеткерей: Қолында хас батырдың садақ ойнар, Хас шебердің қолында қалам ойнар. Ер Исатай батыр мен дүр Махамбет – Бұтағына бұлт қонған қарағайлар. Мэлс аға, айтпағым мынау еді, Адамға көрсетпесін заман айбар. Елдігінен айналдым қазағымның, Ақын емес едің ғой жаман ойлар. Махамбеттің бұл тойын жасап жатқан Отан партиясында Нар ағай бар. Амангелдіге Құдай қуат берсін, Жинаған жауқазыннан арадай бал. «Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін» Дегенді айтқан данышпан, дана Абай бар. Жұтқаны білінбейтін жұлын құрттай Көбейіп кетпесе екен Қарабайлар.

Жасырмай айтар болсам бар шыныңды-ай, Ысиды тамырымда қан суымай. Экология өртінің өршіп кетіп, Каспийдің бар аймағын шарпуын-ай. Балтырдың сыздағаны ештеңе емес, Қадалған қақ жүректен шаншуын-ай. Көр қазғандай көл түбін үңгіп жатқан Келімсектер кеніңді аршуын-ай. Тіршіліктің тамырын қияды екен Теңізге тамып кеткен тамшы мұнай. Базарын мұнайыңның басқа көріп, Азабын тартып жатқан Алшыным-ай.

Алматыға Мэлс келді деп Сарайда талай сайраған. Сырлы да сұлу сөздерін Сіздерге арнап сайлаған. Сол Мэлсті тыңдауға, Қарттарым, аман келдің бе, Мұрттарын жырмен майлаған. Әжелерім, армысың, Ақ жаулығын байлаған. Ағаларым да, бармысың Халықтың қамын ойлаған. Жеңгелерім де, келдің бе Құшағында ағаның Ақ сазандай ойнаған. Құрбыларым да бар ма екен, Қиылып қасы жайнаған. Мэлс ағам – арғымақ, Табаны тастан таймаған, Ақ Жайықты жайлаған. Айтысам деп Мэлспен, Мен де келдім, ағайын, Қараөткел деген шаһардан, Хан базары қайнаған. Бәрін айт та, бірін айт, Рамазанның айында, Махамбеттің тойында, Бір ғанибет емес пе

Сіздермен бірге тойлаған! Жаратқан ием, жебегін, Пендеңе тисін көмегің. Сүгірдейін жыраудың Сарқыты, Мэлс, сен едің, Шекерге толған шелегің. Асықпағын, тұра тұр, Кезегіңді беремін. Айдын шалқар көл едің Арнаның соққан кемерін. Махамбеттей бабаңнан Қалған да сырлы жебе едің. Ай, мен, мен едім, мен едім, Сарыарқадай көлемім, Еліме берген өлеңім – Бұршақты жырлы көгенім. Мэлс ағам – желмая, Соңында буыршын мен едім. Шәкірт болып жүрген соң, Томпаңдап еріп келемін. Мэлс көкем қасымда, Ақылға бай кемелім, Маржанды мұхит тереңім. Ізіңнен еріп жүрген соң, Ғибратыңды да теремін. Жеті өзеннің бойында, Махамбеттің тойында, Баршаңызға шашу ғып Осындай жырды төгемін.

Мэлс: Айналайын Дәулетжан, Айтысқанда нөпірсің. Басыңнан сенің бұл ағаң Қалай бүгін секірсін? Тойып алып өлеңге Ұрпақтары кекірсін. Сүгірдің салып-ай сөзіне, Өзің де ұқсамай өзіңе, Алдарында халқымның Концерт қойып отырсың. Алдыңда сенің отырған Салқар да салқар, салқар ел. Сол салқардың ішінде Бүгінгі мына айтыстың Құланы менен маралын, Жүрігі менен шабанын Қиядан көріп, байқар ел. Айналайын Дәулетжан, Махамбет пен Исатай – Солар туған заманның Сырын ашып жырласаң, Қасы болған Жәңгірдің Сынын ашып жырласаң, Мынау отырған ағайын Алғысын саған айтар ед.

Дәулеткерей ініміз, Оралханның тойында, Өскеменнің бойында Салқын тиіп қалғанда Мұңайыпты байтақ ел. Айналайын келінжан, Қазір естімесең де, Хабардан кейін көрерсің. Дәулет үйге барғанда, Бір кесе шай бергенше, Екі кесе сорпа бер. Аузы да күйіп қалмасын, Сорпа берсең, орта бер. Содан кейін жазылып, Шапқан ізің қазылып, Маңдайыңнан бу шығып, Таңдайыңнан жыр шығып, Тағы айтысқа тарта бер. Дәулеткерей: Сүгірдің салсам әніне, Талантымның қыр беті. Залда отырған ағайын, Осы айтысқа кеп қалса,

Махамбетке құрметі. Дәулеткерей ақынның Бұл термелеп кеткені, Мэлстің салған міндеті. Концерт қойдың дейсің ғой, Тағы да айттың басқасын. Мэлс ағам ойынан Ол сөзді сыпырып тастасын. Сахнаға шыққанда Термелеуден қашпасын. Мен Мэлске шәкіртпін, Ізін оның басқасын. Термеледім осылай, Оның талантынан асқасын.

Қазақы қан ойнаса тамырыңда, Ақылға сезіміміз бағынуда. Дәулеткерей термелеп кетті ғой деп, Мэлс аға, малынба әрі мұңға. Мен сізге мынандай бір әңгіме айтам, Талғажау болар, бәлкім, тағылымға. Арқада Сандыбайдың Ердені өткен Баланған бір басының бағы мыңға. Үш жүзге сауын айтып Ерден батыр, Сарыарқаның сән құрған сауырында. Ас беріп жылдығына Сандыбайдың, Ат шаптырған Ереймен бауырында. Ас деген аттынікі дегендейін, Ойдан, қырдан қазақтар ағылуда. Үш жүзден келген барлық дүлдүлдердің Мойнында тұмарлары тағылуда. Аламанның ақ шаңы көрінгенде, Бәйге күткен бапкерлер сабылуда. Сол кезде мынадай бір жайт болыпты, Ол да мысал болады мән ұғуға – Ерденнің көк байталы бірінші кеп, Үш жүзге тұлпар болып танылуда. Құттықтаған қазақтар қаумалап кеп, Ерденге екі бастан жағынуда. Жанарынан жас бүркіп сонда Ерден,

Түсініксіз түсіпті қамығуға.

Оқиға болған кезде бесін еді, Ерденнің өзгеріпті хош реңі. Бұл жайды түсінбеген басқа халық: «Басқа неге тепті, – депті, – несібені?» Жүрегі қан жылаған қасіреттің Жұмбағын Ерден былай шешіп еді: «Уа, халқым, Сандыбай – менің әкем, Бір жыл бұрын бақиға көшіп еді. Үш жүзге сауын айтып ас бергіздім, Өйткені барлық қазақ досым еді. Сол асқа қарақұрым жұрт жиналып, Менің мынау мейірім өсіп еді. Ақындарын әкеліп айтыстырып, Аттарын аламанға қосып еді. Ұлы жүздің немесе Кіші жүздің Аты келсе деп көңілім тосып еді. Бірақ менің байталым келгендігі Көңілімді су сепкендей өшіреді. Әкемнің даңқы алысқа кетпей қалды-ау, Астан күткен арманым осы ма еді? Бәйгені өзім тігіп, өзім алсам, Бұл жайды аруақ қалай кешіреді?» – Деп Ерден көзінен жас парлатыпты, Сол әңгіме түсіп тұр есіме енді. Ең алғаш мен айтысқа шыққанымда, Тұсауымды осы Мэлс кесіп еді. Махамбетке арналған бұл айтыстың Бәйгесі мәртебесін өсіреді. Сол Ердендей ірілік таныта алсаң, Реті келіп-ақ тұр осы жолы.

Мэлс: Қара өлеңді ақтарсам, Қаймағын одан, ағайын, Қалқып алған жақсы ғой. Ағайыныңның алдында, Өлеңіңді төкпелеп, Аңқып алған жақсы ғой. Шабыт келіп отырса, Шалқып алған жақсы ғой. Ерден жайлы аңыздың Айтып өттің сұлбасын, Аталардың артында Нарқы қалған жақсы ғой. Аңызбен басты қатырмай, Бос сөзіңді сапырмай, Қолдан келсе, бәйгені Тартып алған жақсы ғой. Аз сөз – алтын, көп – күміс, Айналайын Дәулетжан, Аз сөзіңнен айырып, Қатық алған жоқсың ғой. Исатай мен Махамбет, Кенесары, Науырызбай Заманынан сөз қозғап, Шабытыңды, дегенмен, Шақыра алған жақсы ғой. Енді біздер тұрмасақ, Мына ағайын өкпелер, Сахнаны бір өзің Сатып алған жоқсың ғой.

Дәулеткерей: Мэлс-ау, неге маған бөтен дейсің, Жай кезде інім дейсің, көкем дейсің. Ағайынның алдына келген кезде, Өзің жақсы сезімді сетерлейсің. Дәулетті іске алғысыз қылып тастап, Жалғыз өзің шауып-ақ өтердейсің. Бұл бәйгені алмасаң осы жолы, Атқа мініп, аттандап кетердейсің. Мұныңды, Мэлс аға, жақсы дейін, Әзілге ағам менің тапшы дейін. Ініңде ілгеріге басып келед, Демесең бір өзіңіз «жатшы кейін». Сатып алған жоқпын ғой сахнаны, Сен дағы тізгініңді тартшы дейін. Мэлс аға, тұра тұр, қоштасайын, Алдыменен еліме бақ тілейін.

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН БАҚЫТ ЖАҒЫПАРҰЛЫ

Дәулеткерей: Бісміллә, сөз сөйлейін төкпе керім, Жырыммен сөз парызын өткеремін. Күнінде мамыражай көктеменің Көсілем бауырында Көктөбенің. Арқадан алапат жыр сезімменен Сағынып Алматыға жектен едім. «Шалқардың» төріне кеп жайғасқан соң, Қалайша сәтсіздікпен шектелемін?! Армысың, тыңдарман жұрт, арда қазақ, Тәңірі тіреп тұрған текті ел едің. Пешенесін ежелден Құдай сүйген, Көсегесі көгерген көк бөрі елім. Айналдым ықыласыңнан, тыңдарманым, Ұлыңмын жанып жүрген жырдан бағым. Қазақ радиосының төріне кеп, Жаудырсам, бір ғанибет, жырдан жауын. Сіздерменен біздерді жүздестірген Бұйрығы шығар, шіркін, бұл да Алланың!

Тыңдаса бар қазақтың жұртшылығы, Ашылар тәтті өлеңнің кілт-құлыбы. Айтыс сүйген алаштың арқасында Ақынның керек шығар тік тұруы. Өлең деген ұлтымның өзегі деп, Бүгінгі жас буынға ұқтыруы. Біз келгенде «Шалқардың» үні шығып Жатқаны – қуаныштың жұптылығы. Қазақ боп өз дауысы саңқылдаған, Бұл дағы бір Құдайдың құтты күні! Сөйлейтін әуел бастан елді біліп Келеді серкелері сеңді бұзып. Осы радионың білдей бір жұмыскері Бұл Бақыт – мен білетін белді жігіт. Ендеше, бісміллә деп домбыра алып, Менімен айтысып көр белді буып. Бақыт:

Ассаламағалайкүм, еңселі елім! Өнермен қиындықты еңсеремін. Екі ақынның кенеттен айтысқанын Қызықтап сөз сүйер жұрт көрсе дедім. Аман ба, Дәулет інім дауылдатқан, Қатардан қалмасыңа мен сенемін. Астанадан келген соң Алматыға, Тыңдаушыға тәтті жыр берсе дедім. Бақыттың да бақыты бес елі екен Айтыстың жолықтырған ең шеберін. Тарих боп бүгін, міне, өткеніміз, Жаңғырып қайта келді көктеміміз. «Шалқарды» шарықтатып шыр бітірді Елім деп еміренген бектеріміз. Өлеңге айналдырмай шөңгені біз, Жақсы ғой жақұт жырды тергеніміз. «Шалқарымнан» айналдым, шабыт сыйлап, Сан мықты содан шыққан зергеріміз.

Әрине, жалпақшешей жан болмайық, Қияға қыран сынды самғау лайық. О баста «Шалқарды» ашып бастап берген – Атақты Әнуарбек Байжанбаев. Жарқырап нұрын төксін күнің алдан, Ақынсың елдің жайын ұғына алған, Дәулеткерей, сөз білер жігіт едің, Тектілер тәлімінен білім алған. Үдейді енді, білем, шабысыңыз, Шабысқа сай болса екен дауысыңыз. Екпіндеп Есіл жақтан есілгенмен, Енді қалай бұрылар ағысыңыз? Эфирде қарсы аламын дала таңын, Радио – сөз қонған ақ отауым. Ал, енді, бердім кезек, балапаным, Еліңнің сезін ыстық алақанын!

Дәулеткерей: Балапан дедің мені, бала дедің, Өзің де өр биікке шамалы едің. Есілден ерен-жойқын жыр әкелсем, Жетісу желегіне ағар едім. Ал, Бақытым, мен сені байыптасам, Арғымақ, шын жүйрікке балар едім. Қанатымен су сепкен қарлығаштай, Інісін ілгерілетер ағам едің. «Шалқардың» болып жатса тойы мұнда, Ұлыңның оралмасын ойы мұңға. Дауысын тұншықтырған радионың Обал-сауап үкіметтің мойынында. «Шалқар» үні шарықтай береді енді Аңшы менен қойшының қойынында.

Ініңе ақиқатты жақта дерсің, Кемелді сыры болса сақта дерсің. Ұлттың үні болғасын радио, Сенімін сенгеніңнің ақта дерсің. Ұлтымыз ұлағатты өріс алу Үшін неге тізгінді жатқа берсін?! Еліміз абыройлы болуы үшін Ана тіл алтын тұғыр таққа қонсын. Ана тіл сол тағына қону үшін Атпалдай азаматтар атқа қонсын. Шапалақты ұрыңдар «Шалқар» үшін, Мерейі асып-тасып жатқан елсің! Алматым – айтыстағы жалғыз Меккем, Бауырында мен оның әнді үзбек пе ем?! Науат саумал жырымды аямайын, Жеткенде мамыражай наурыз көктем. Наурыз көктем келгенде Алматыға, Мен емес Астанадан жалғыз жеткен. Арда өлеңнің болайық аққуындай Самалалы шалқарлы таңды іздеткен.

Қазағым, аспаныңнан бұлт аунасын, Өзге көз алартардай сылтау басым. Ал, Бәке, сен де биік өлеңіңмен Шолып көр Алатаудың шырқау басын. Ұлыс күні тілейін мен – жұртымның Жүзінен емен-жарқын күлкі аунасын. Аналардың мейрамы алтын бесік, Әніміз оларға арнап шырқалғасын. Осымен бір қайырып бердім кезек, Бақыт ағам бақуатты жыр толғасын. Бақыт: Өзіңсің өр өлеңнің ер түлегі, Жырыңды тыңдаған жұрт желпінеді. Әрине, ана тілдің халі мүшкіл, Еріксіз ашуыңды келтіреді. Десек те барлық үміт болашақта, Дамытуға әр қазақ жең түреді. Ағалаған айналдым ниетіңнен, Ініге ізет көрсету сертім еді. Жақсы көрген інісін жолы үлкені Тәп-тәтті балапаным дейтін еді.

Сөзіңнің салмағын жұрт түсінеді, Түсінген басшы да оған кішіреді. Жылқы жылы келгенде, «Шалқарымыз» Қайтадан құлын болып кісінеді. Дәулеткерей, о бастан өткір едің, Сені айтыстың тұйғыны деп білемін. Балақ бауын ағытсаң бұл досыңның, Мен де бүгін найзағай – көк тілемін. Айтыспен ашып айттық сырымызды, Ұнатпас, бәлкім, билік жырымызды. «Шалқарға» сүйеп тұрып, тағы айтамыз Өлтіріп алмайық деп тілімізді. Осындай кемшілікті осып айтсақ, Үкімет ескерер-ау мұңымызды.

Дәулеткерей: Үніңде ғибратты ғұрып басым, Інің де қалай жырды құлыптасын?! Балапан дегеніңнен айналады-ау Ініңіз өзіңізден сыр ұққасын. «Шалқардың» қайта ашылғаны жайлы Айтасың ақиқаттың іліп басын. Жылқы жылы сілкініп кісінеген «Шалқардың» құлын даусы құмықпасын! Шындықтың сен де, Бақыт, жүзіндесің, Тіліңе тәтті өлеңдер тізілгесін. Радионың басшы мен қосшылары Таланттарды іріктеп тізімдесін. Байқасам сен де, Бақыт, радио деп, Баяғы Байжанбаев ізіндесің. Әнағаңдай дауысың саңқылдаған Ешқашан эфирлерден үзілмесін!

Аға боп құшақ ашсаң, жалындармын, Сол үшін де қасыңнан табылғанмын. Өлең деген күліктің ат жалында, Басып-ашып жүргендей бағымды әркім. Көктеменің күнінен айналайын, Көбік шашқан өзендей арындармын. Елге құтты несібе бере көр деп, Тілеймін мейрамында арулардың. Аға боп ініңді алдан тоса аласың, Ақ тілек айтсам, оны қош аласың. Қарағайдай қасқалар аттап тұрсын «Шалқардың» алтын тұғыр босағасын. Тілегім ұлыс күні мына менің – Төрлерің той тойлаудан босамасын. Бақыт: Ізгілік нұрын төккен санамызға, Күліп-ойнап шаттанған арамызда, Сендей ұлды өмірге алып келген Мың тағзым Егеухандай анамызға.

Қуатты өлеңіңнің бар құнары, Жүректі шымырлатты нәр шынары. Астананың еріген мұзына ұқсап, Маңдайдан қара терің тамшылады. Ал, енді, көсілуге қамданыңыз, Үзілген өнер жібін жалғадыңыз. Өлеңнің жалынына жылынсын ел, Шырпыны тұтатып ап шам жағыңыз. Дәулеткерей: Шабытты шалқыт десең, үдетем бой, Бұл да бір естен шықпас күн екен ғой. Бақыт ағам өрелі өлең айтса, Іні боп іргесінде жүдетем бе ой? Қазақ радиосында қалықтаған Байжанбаев дауысы тірі екен ғой. Радиода айтысты тастамаған Бақыттай азамат та ірі екен ғой. Бақытты аламанға қосу керек, Радиодан қолы тимей жүр екен ғой.

Сендей ұлдан айналдым талаптанған, Жүректен жарып шығып ән ақтарған. Радиода тұлпарлар аз болмаған, Балғынбек те радиодан қанаттанған. Ағайын наз үнімді ұққан болды, «Шалқардың» босағасында құт бар болды. Балғынбекті шығарған радио Бақыттың да бағытын нықтар болды. Қазақта бір сөз барын біліңіздер, Белден қаз дейді алтын шыққан жерді. Өзім біліп өтермін өткел басын, Тыңдаушым айтқанымды тек талғасын. Бақыт сынды ұлдарың қызыл тілмен Ошақтан шоқты шайнап, от қармасын. Айтыстың асқар шыңын бағындырсын, Бүгінгі сөз сайыспен тоқталмасын!

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН ОРАЗАЛЫ ДОСБОСЫНОВ

Дәулеткерей: Армысың, сарыарқалық саңлақ жұрт, Сүйсініп жақсы өлеңді жаны ұғарлық. Қошеметтеп жатырсың ақыным деп, Ыстық ықыласыңды қабыл алдық. Деген бар той – тәңірдің қазынасы, Ел едің салтанатты сағынарлық. Айтыста ақындарын қабылан ғып, Баптайтын батырларын бағылан ғып. Жамандық жоламасын жаныңызға, Адамдық несібеңді ағынан күт! Азаттықты мәңгілік жырлап өткен Бабалар рухынан тамыр алдық. Өшкеніміз жанғандай Алла жар боп, Жоғалтқан асылдарды тауып алдық. Соның бірі бабамыз – Дулат жырау, Жырларын бойтұмардай тағынарлық.

Есімі бар қазаққа бір жаңғырды-ау, Ұлтының оралғанда бағы барлық. Сол бабамның тойында топқа түсіп, Қылыштай қызыл тілді жанып алдық. Айтысқа аман-есен жеттің бе, Ораз, Мінгендей тұлпарыңа тағы қарғып? Тойларың құтты болсын, арда қазақ, Құрсағына құдайдан дарыған құт! Жасымнан уыз өлең ұртқа жаққам, Сыбаға дәметпеймін сырт табақтан. Қош келдің, Ораз досым, алқамызға, Пейілінің пердесін тұтқан ақтан. Бабамызды танысын байтақ қазақ, Қобыландының атындай Құртқа баққан. Ежелгі ақындардай екпіндейік, Екпіні Алатауға бұлт қамалтқан. Астана – бар қазақтың бақ ордасы, Көктегі Ай күмбезіне сүт жалатқан. Ақуыз өлеңге елді жарытайық, Қойдың егіз табары – құт қонақтан. Бұл айтыс – халықтың бай қазынасы Жас ұрпақтың жанына рух таратқан. Халықтың сүйіп тыңдар Оразы едің, Қазақтай қабырғалы ұлтқа мақтан. Аталы сөздер айтсаң, Аллам ырза, Атамның қазығындай жұртқа қаққан.

Жұртыма жеткізейін сондай хабар, Тозған елдің тауығын торғай талар. Озған елдің ұлдары біз болайық, Жүректен шыққан сөзді елге айта бар. Тұсауын тұлпар аттың шешіп тастап, Құшағын жігіт едің кеңге айқарар. Соңғы жұптың сапына шығып қалсақ, Жүрісі жорғамыздың тең байқалар. Кел, енді, ал, тәуекелмен тартысалық, Деген бар желдің бетін жел қайтарар! Оразалы: Жаратқан Аллам, неткен құдіретті ең,

Тілімді сүңгіден де сүйір еткен. Астаналық ел-жұртым, есенсіз бе, Жан-жақтан кеп құралған қызметпен. Астанамыз ай сайын ажарланып, Қалмай өсіп келеді ұлы көштен. Есілді емер емен де семен болып, Еске алайын бабамның ізін өткен. Абылай кеңесіндей Көкше жақтан Ескен желмен ескінің үні жеткен. Дүбірің дүниеге кетті, Астана, Мақтаныш қып айтайын мұны да еппен. Азаттықтың ақ туын желбіретіп, Кенесары қолындай жүріп өткен. Қызығыңды қыздырғалы келіп тұрмын, Қырықтың бірін Алла Қызыр еткен. Жақсы ырымға жорыдым бұл келгенді, Ыдырыстай бейішке тірі жеткен.

Сәлем беріп өзіңдей жас данаға, Ат ізін сап кеп қалдық Астанаға. Дәулет ақын, жүрсің бе аман-есен, Жабағыдай ойнақтап жас қалада. Бүгін сен бұл жарыстан үміттенсең, Тіліңмен темір илеп, ат тағала. Қыңқ етпеске беліңді бекем буғын, Қызыл тілім қылыштай шапса, бала. Бірақ сенен шығар ма ондай ерлік, Бұл өзі тән қасиет саққа ғана. Сені де сақ тұқымы дер едім мен, Көзім онша жетпей тұр ақ-қараға. Өз аузыңнан естиін ел алдында, Әкең аты Гәп па, жоқ, Кәп пе, бала? Кәрістердің атына ұқсайды екен, Әйтеуір, қазаққа ақын боп жүргеннен соң, Кінә тағып қайтейін жас балаға. Тезге салсаң, терідей тез иленер, Сондықтан да маған сенің зияның жоқ, Арқалық жасасам да ат шанаға. Ал, енді, барыңды сап, талпынып көр, Басқаша шешер, бәлкім, Хақ тағала.

Кең көсілген Дәулетім, Керіп үрлеген қарындай, Кепкен сайын тарылмай. Тірсегің тиіп тірсекке, Шалынбас жерде шалынбай. Сабан сөзді сапырып, Созғылап кетпе сағыздай. Аузыма Алла сөз салып, Елім қолдап бергенде, Екпінім қатты дауылдай. Халқым, сен барда асқақпын, Талдысайдың талындай, «Тоқсан сала қосылып, Тоғыз өзен түйіскен Тарбағатайдың тауындай».

Дәулеткерей: Бабымды, бапкер елім, сен білесің, Енді жалау айтыстан желбіресін. Ораз досым, бала деп өлең бастап, Сөзіңе тыңдарманды сендіресің. Аңшы қанша айлалы болғанменен, Аюдайын сен сонша жол білесің. Айтарыңды айтып сап аямай-ақ, Маған қарап несіне телміресің? Ат шанаға арқалық жасаймын деп, Мені қалай ығыңа көндіресің? Таңдай ағып түскенше тақылдайын, Жанды аянып қалайын енді несін?!

Танытсаң ақын болып көсем жігер, Демеймін бұл айтыста есеңді бер. Оразалы, жырың бар жібек тұтқан, Ақсақалдың алдына төсендірер. Кәптің ұлы дегенге күмәндандың, Ал, менің қайтаратын есемді көр. «Бәленшенің ұлы» деп неғылайын, Кімнің ұлы екеніңді шешең білер. Сыбаға мен де саған сайлатармын, Жүзіңді Астанада жайнатармын. Дәулетті кәріс қылдың, сақ қылдың да, Білмеймін, қайда апардың, айға апардың. Халықты сен мәз-мейрам қылып тастап, Құйрығын жіпке тіздің бе бай-қотанның? Қаймығатын мен емес, Ораз, сенен, Сабын жасар сақардай қайнатармын.

Құлан аяң Құлмамбет бабаң қандай, Қаракөк тұқымынан жаралғандай. Айтыс десе, келесің алшаң басып, Тау бөктерлеп жететін тағы арландай. Тіліңмен темір қорыт, ат тағала, Дедің бе айтып жатқан бағаң қандай. Әркім де өз әлінше жүйрік шығар, Саздау жерден кетермін тағаңды алмай. Ал, енді, әрі қарай көсіліп көр, Бағанағы бастаған шамаң бардай. Алтынға балап айтқын әр сөзіңді Салқынға төсін керіп самалдардай.

Оразалы: Жүйріктей жетпеген бір таңасары, Қуанта алмай отырсың қарашаны. Дәулет-ау, осы біздің айтыс жайлы Білгіштер білгенінше бал ашады. Неше түрлі пікір бар ел ішінде, Әркім өз білгенінше таратады. Біреулер айтыс мүлде керексіз деп, Біреулер оған қарсы таласады. Сол жөнінде сен бүгін ойыңды айтшы, Ақылыңның жетсе егер шама-шарқы. Бұл сөзімнен кем санап отыр деме, Ойыңды айт, өткір, ұшқыр, тамаша әрі. Өткір болмаса да мен қабылдайын, Қолды кейде өтпес пышақ қанатады. Періште алғаш қоразға көрініпті, Тауықсыз да, десек те, таң атады. Ұрпақ алдында өтейік парызды адал Секілді Екейлердің қара шалы.

Астана мен Алматы айтысайық, Жібекке жібек жамау жарасады. Сақар қылып қайнатсаң, Жақсы көрем мұныңды. Сақар сабындай мен сенің Езгілейін кіріңді, Ақ қылайын түріңді. Айналайын Дәулетім, Тілің бүгін сүрінді. Сабын ғып мені қайнатып, Қармағыма келіп ілінді.

Есеңгіреуден есенсің, Амалың болса, әзірле, Әттеген-ай деп кетерсің. Өзімді қайдам, сөзімді, Шыдаса, белің көтерсін. Тәубе деп жүрсең Тәңірге, Сынымнан сынбай өтерсің. Сынатындай сыр берсең, Бұлбұлдығың өзіңе, Ұяңда ғана шешенсің. Сындырмай-ақ кетейін, Ұялып босқа не етерсің? Тоныңды қойшы, шешерсің, Қолыңды қалай кесерсің?! Шоқтығы биік ер мінер, Елерген тұлпар екенсің. Ер салып мініп көрейін, Ентіге қояр ма екенсің?! Өлеңменен өрейін Астана алтын ордамды, Тілім жеткенше терейін, Шеберден қанша бөз қалды, Шешеннен қанша сөз қалды? Ел алдында айтайын, Ойларым болса орманды. Жүйрік болсаң көсілгін,

Қоздырайын мен қозбаңды. Оразбен айтысамын деп, Ортағасырлық батырдай, Алды-артың түгел орланды. Мінгенің қунақ болса егер, Ордан да өтер жол бар-ды. Жақсы айтар ма екен Дәулетім Жауырыншыдай болжалды. Мен деген, Дәулеткерейім, Көсем сөзге келгенде, Көк найза едім толғаулы. Адасқан сендей оқ өтпес, Ақсауыт едім торлаулы. Шынашақтай шырпымын Шытырлатып өртейтін Қалың да қара орманды!

Дәулеткерей: Ордаңда Оразалы жыр айтып жүр, Ойларын орайлап кеп тың айтып жүр. Кейбіреу айтыс керек жоқ дегенде, Бар қазақтың көңілін мұңайтып жүр. Айтысты керек жоқ деп айтқан адам Қазақтық тіл мен ділден тұл айтып жүр. Періште қоразға рас көрінгенмен, Оразға көрінді деп кім айтып жүр? Өнегелі жыр күтсең өрісті ұлдан, Ентікпей-ақ шабармын еңіс-қырдан. Астана-Алматы боп айтыссақ деп, Жолымызды айтасың тоғыстырған. Айтысты керек жоқ деп айтқан адам Ата-баба құлағын кеміс қылған. Біз иттің үргеніне не қыламыз, Оларға айтатұғын сөгіс құрбан. Қазақта «қожанасырлар» да көп қой Мәсінің қонышын кесіп кебіс қылған!

Жігітсің кірпіштей қып жыр қалаған, Айтыстың тұғырына ту қадаған. Жаңа жыл қарсаңында біз жүздестік, Болған соң бауыр бүтін, іргең – аман. Алматыны сен жүрсің жайлап, қыстап, Жайсаңынан жастары сырғанаған. Нарынқол, Кеген, Шонжы – сіздің ауыл, Топырақ туған талай тұлғалы адам. Оқыс мінез танытып табиғат та, Жұртымыздың жүйкесін жұлмалаған. Сіз жақта жер қозғалып жатыр деп ед, Аман ба ауыл-аймақ зілзаладан?

Оразалы: Етеді ел үмітті саналы ерден, Саған да Жаратушың сана берген. Сондықтан сізбен бізге сын болады Тауықтай табан астын қаза берген. Дәл құлатып түсір сен нысанаға, Жамбыны атып жарытпас шала мерген. Ел-жұртым аман-есен зілзаладан, Жақсылық хабар айтам саған елден. Кешегі ер Исатай, Махамбеттер, ........................................................... Кенесары, Наурызбай халқымыздың Азаттығы жолында адал өлген. Қазақ қайтсе азат ел болады деп, Өз көрін өлеңімен қаза берген. Желтоқсанда өспірім өрен жастар, Елім деп ит қорлықта далада өлген. Қайрат, Ләззат, Сәбит, Ерболдардай Халықтың бағына Алла бала берген. Осылар ұлт жолында шаһит кешіп, Қарызсыз орын тепті қара жерден. Солардың мәңгі жасар жасы болғай Отаным он екіге жаңа келген!

Бас тіккен батырларша ұрыстағы, Айтыстың басталғалы тұр қызық шағы. Жазылып белдің құрыс-тырыстары, Сен едің салақұлаш Дәулет ақын, Бойына бойламайтын құрық сабы. Аш өңеш шөккен нардай жан екенсің, Аңқиып қалып жүрме тұрып тағы. Ұрыдай ұрымталдан ұмтыласың, Сезіліп ойыңда бір былық бары. Шошыған бала құсап селкілдейсің, Шоршыған шортан құсап тұйықтағы. Мүмкіндігін танытқын талабыңның, Табаныңның тұрмаса ұйып қаны. Алманың қаласынан келгенімде, Алланың өзің болдың бұйыртқаны!

Абай атамыз айтпақшы, Көп сөйлеп бүгін созбайын, Әдебімнен озбайын. Сорайған Дәулеткерейдің Теректей бойын теңселтіп, Дауыл жырмен қозғайын. Даурықтырып торғайын, Онымен де қоймайын. Бойының емес, ойының Тереңдігін болжайын. Сабырсыздау бір атаға, Артық депті апамыз, Айғайыңнан ойбайың. Түсіндің бе сөзімді, Танымыңды сынға алып, Сабырыңды болжайын. Аларың болса, алып қал, Сағағын жезбен қынаған Найзадай тілді толғайын. Одан да әрі асайын, Адымымды ашайын. Тілегенім осы еді, Тілімнен аяп сөзімді, Бүгін мен қалай сасайын?! Жабы болсаң да жабулап, Аламанға қосайын. Арқаңа күміс ер салып, Ақалтекедей жасайын. Жабдығыңның түгендеп

Мүсейі мен асайын, Алдыңнан бағып тосайын. Шаптырмасам – маған серт, Шаба алмасаң – саған серт. Қазанға түгел асайын. Өткелді тауып өтіп көр, Өрттен шыққан ұшқындай, Өлеңді оттай шашайын. Батыр батыр болар ма, Ту түбінен ту алмай?! Ақын ақын болар ма, Асқақ болмаса қырандай?! Ойларың оттай ақынсың, Оюлаған тұмардай. Менен үркіп отыр ма, Сөзің жатыр құралмай, Ойларың жатыр шыға алмай. Ақсақ Темірден қашып, Тентіреп кеткен сығандай.

Дәулеткерей: Айналайын ағайын, Бақытың сенің ашылғай. Дәулеткерей сөйлесін, Мына тапалға бас ұрмай. Енді, ағайын, болмайды, Шабытымды шақырмай. Кеміте сөйлеп келгенмен, Тебіте сөйлеп келгенмен, Жалыныңды көрмедім, Көктен түскен жасындай. Түйілесің әр кезек Көжек көрген лашындай. Ораз ақын, байқағын, Тау суындай тасынбай. Қыңыратқып барасың, Жылқыға жиен – қашырдай! «Күнбатысқа көз салмай,

Күншығысты еске алмай, Бізді алатын жау жоқ деп, Бізден мықты дәу жоқ деп, Алды-артыңды аңдамай, Маған не бар дескенсің. Болашақты болжамай, Жол сауданы олжалай, Ақбөкендей алданып, Жылқыдай делбе сандалып, Отарына кәпірдің Аңдамай келіп түскенсің». Ағайын, жыры осылай – Әулие жырау Дулаттың. Бұл жырдан сырды таратып, Келеді былай тіл қатқым: Ежелден елге ақиқат – Кәпірге қоныс болғаны Сарыарқа далам, сымбаттым. Жарлығы жүрмей жалғанға, Кенекем кетті арманда, Есіл де есіл құндақтың. Қадірі қашып қоныстың, Отары болып орыстың, Құлдықта, халқым, зыр қақтың. Бұғауға түскен құлындай, Шыбын да жаным шырылдай, Қай жаққа бетті бұрмақпын?! Асылдарымды атқызып, Абақтыға жапқызып, Ұлардай жұртты шулаттың. Босқанда халық шетелге, Аузыңнан дәмі кетер ме Аштықта жеген тулақтың?! Рухын түгел түгесіп, Атасын білмей ұл өсіп, Баяғы бақты бұлдаппын. Қызымның қашып қылығы, Бетіне шығып былығы, Баба рухын былғаппын. Сексен алтыда серпіліп,

Рухтанып желпініп, Тартысқа шығып жең түріп, Тамырда қанды тулаттың. Арқаға салып Астана, Айбарым тасып басқаға, Әнұранымды тыңдаттым. Баянды бағым басымда, Ораздай досым қасымда, Айтысып былай жырғаппын. Қараөткелдің бойында, Дулат жыраудың тойында, Аллаға айтып тәубамды, Көзімнің жасын құрғаттым! Өсиет айтып балдарға, Атағы жеткен заңғарға, Заманның зарын мұңдаған, Алтын бастарын бұлдаған, Үмітін артып таңдарға, Дулат пен Мұрат, Шортанбай, Шабысы бөлек шалдар да. Түркінің пірі – Көкбөрі, Жылқының пірі – Қамбар да. Азаттығыңа бас ұрып, Айтарын айтқан ашынып, Айтпаған сыры қалған ба? Солардың сөзі ақиқат. Ал, тыңдағын, Оразым: Еділді келіп алғанда – Етекке қолын салғанда; Жайықты келіп алғанда – Жағаңа қолын салғанда; Ойылды келіп алғанда – Ойындағысы болғанда; Есілді келіп алғанда; Сарыарқа – жұмақ сары алтын, Төсіңді келіп алғанда; Ақиқатыңды айтқызбай, Аузыңа құлып салғанда; Құдағайыңның қасына Сасығын әкеп салғанда;

Ұлы Абайыңның қасына Атомын әкеп жарғанда; Тәңірге жылап зарлауға Күрмеліп тілің қалғанда; Азаттық бер деп қазаққа Жалбарынбап па ең Жаббарға?! Тағдырдың тартқан азабын, Тәубеңе келгін, қазағым, Осы бір сөзім жалған ба?! Ал, Ораз, енді дайындал Сөзімді менің жалғауға. Астана жұрттың алдында Қырандай биік самғауға. Халықтың бағын жыр етіп, Ынтымағын ту етіп, Абылай жолын жалғауға, Қазаққа бірлік қамдауға. Айналайын ағайын, Осылай, міне, сөйледім, «Жалғанды тәтті демеңдер, Боқ болмайтын бал бар ма?!» Осылай Дәулет айтады Ораз секілді балдарға.

Оразалы: Енді Ораз ақсыншы, Ағын судай аға алса. Көрсін мына Дәулетім, Мінімді бүгін таба алса. Ойларыңды оюлап Кеттің-ау Омар Хайямша. «Бұзаутіс менің сөздерім Бұтыңнан шағып шаянша». Құлагер аттай қызынып, Құлдыраңдап шаптың қоянша. Бақырауық келер ақ серке Бауыздалар шақ таянса. Айғайға қаны қызынбай, Бақсыз жерде бап шаппас,

Алладан бұйрық бұйырмай. Арғы атам Көдек ақын ед, Өлеңнің асқақ туындай. Шарғын мен Қойдым сөйлесе, Шөл қандырыпты ел кеше, Әбілхаят суындай. Таңжарық ақын сөйлепті, Қылықты екен сөздері Қызайлардың қызындай. Қазағым бөлек ел дейм деп, Патшаға қарсы сөйлейм деп, Қытайға кеше қуылды-ай. Дулат бабамның тойында Мен осылай сөйлеймін, Булығып босқа тығылмай, Сылдыр судай сұйылмай. Өйтпесем, мені кешірмес Атам Жамбыл, Сүйінбай. Құлан аяңға салайын Құлмамбеттен қалған құлындай. Сен қолдап берсең, өр елім, Күшіне енер өлеңім, Күшала қосқан қымыздай!

Сөз бастатқандай шешенге, Жол бастатқандай көсемге, Алладан жауған нұрдайын Нөсерле, тілім, нөсерле! Байлығындай Қазақстанның, Миллиардтап шашқан шетелге. Жырымменен шашу шашайын Атымтай жомарт осы елге. Дәулеткерей, бұл сөзді ұғарсың, Саңылау болса жетеңде. Келімсектер жүр кекіріп Меншігіміздегі мекенде. Етегіне пышақ жаниды, Ет туратсаң солай есерге. Бұл сөзімді айтайын, Ел басында отырған Үлкенді-кіші дөкейге. Көрмеген болып көрсе де Еті өліп кеткен көкең де. Дулат бабамның тойында Бекер де бекер кетем бе? Халайық, енді қиқу сал, Дулат бабам айтқандай: «Көмбеге таяп келгенде Жүйрікке керек көтерме!»

Дәулеткерей: Ораз ақын көсіліп, Алдыңда ақты бұлақтай. Саптап бір алған сөздері Қолға тұрмас сынаптай. Ораздың айтқан сөздері Арқамды барад шыдатпай. Дәулетті ақын демеңдер, Асқарынан Алтайдың Ағыл-тегіл жыр атпай. Аққан жыры сол таудан Жартастарды құлатпай. Айналайын ағайын, Айтыстырып біздерді, Пейілің болсын шуақтай. Қасымдағы Ораздың Тамыры қатты қуатты-ай. Жағдайы мұның не болды, Ағайын-жұртым, қараңдар, Танауынан су ақты-ай!

Басыңды сүйрегенде өлең төрге, Жаяды қанаттарын ел өркенге. Айтасың бізде жүрген келімсекті, Ол да менің тілімді бөгелтер ме? Ораздай асыл туған ақыныңның Тілінен аға берсін өлең-терме. Дегенмен, байлығымыз сыртқа шықпай, Қалса екен ұлан-байтақ кең өлкемде. Бөтегесі бұлтиған байшыкештер Көсегесін халқымның көгертер ме?! Шайырын шапағатты ел іздей берсін, Ақын қалай маржан жыр тізбей келсін. Жаратқан берер болса жақсылықты, Менің мынау халқыма үзбей берсін. Сүйінбай, Жамбылдардың тұқымы ед деп, Айта жүрер қандасым сіздей болсын. Халықтың ықыласын қандыратын, Айтысқан ақындарың біздей болсын!

Оразалы: Ісім жоқ Дәулеткерей есебімен, Ақындарды айырмасын осы елінен. Тапал десең тапал де мына мені, Оған, шіркін, дәл бүгін кетеді нем? Жолды бойлап өсетін бамбук құсап, Бір кеште найза бойы көтерілем. Қалай ұқсаң, солай ұқ бұл сөзімді, Дәулетжан, мен осылай өсе білем. Сөздерің, қарап тұрсам, жаңылды ұсақ, Мен өссем, тереңде өсем тамыр құсап, Жерді түгел көгерткен мамыр құсап. Сен енді сорайып солай кете бергін, Кәдімгі қара ағаштай барыңды сап.

Танауымнан су ағып, Таңдайымнан жыр ағып, Дәмі бар сөзің болса егер, Көрейін бүгін құба-құп. Отырған осы орныңда, Қағайын ба сына қып. Айналайын Дәулетжан, Таусылып қалмай тұрғанда, Енді екеуміз тұралық. Қол алысып осында, Мойынды елге бұралық, Тату елдің ұлындай, Ақын елдің ұлындай, Құшақтасып шығалық!

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН РИНАТ ЗАЙЫТОВ

Дәулеткерей: Қара өлең қасиетімен дәстүр ұлық, Айтыстың ақ жолында бәс тігіліп, Алдыңа «Аллажар» деп біз де жеттік, Келгендей аламанға ат шұбырып. Ассалаумағалейкүм, байтақ қазақ, Артатын жүзі жылы жақсыға үміт. Алатау бой көтерсін асқақтықпен, Балапан ой қалмаса бастырылып. Тыңдарманды ырза қып біз жырлайық, Ринат – іргемдегі жақсы жігіт. Ұры алыстан келмейді деген сөз бар, Сондықтан сенде боп тұр басты күдік. Съезге делегат боп келген жандай, Қасыңа Сиазбекті хатшы қылып, Жекпе-жек айтысам деп жетіп кепсің, Қалмасын тіл мүдіріп, жақ сүрініп. Атаңнан қалған алтын, күміс жырды Қолыңа ұстатайын тәпсі қылып. Бісміллә деп сөз бастап бір байқайын, Қанша жерге барарсың қатты жүріп.

Ринат: Уа, Дәке! Саған бүгін кек тізбеймін, Бірақ та өңменіңнен өткізбеймін. Барсам да қанша жерге қатты жүріп, Әйтеуір, мына саған жеткізбеймін. Бісміллә – сөздің басы, Құран Кәрім, Аузыма атын алдым бір Алланың. Сиынып ата-баба аруағына, Тұлпарын тәуекелдің тұмарладым. Алдаспан ақ домбыра қолымдағы,

Құлшынып «Қаптағай» деп ұрандадым. Ассалаумағалейкүм, басымды идім, Армысың, аламанға құмар қауым. Серт ұстап, мен сермесем сөз семсерін, Қалайша оған қызбай тұрар қаның?! Көгінде Алатаудың қалықтасын Алтайдан ұшып келген қырандарың. Шаттықтың жандыра алсам шырағданын, Жүзінде жарқын елдің тұнар ма мұң?! Қиырға барып көрсін қос сағатта Жиырма минут айтатын ұландарың. Шектеусіз текетірес тер шығатын, Боп еді ұзақ шабыс ұлы арманым. Бел будым жекпе-жекте белдесуге, Көрейін, шығып кетсе, шығар жаным.

Шешіліп айтар болсам парықты өлең, Айдыны жырдың болар анық терең. Жасындап от шашса егер шапалағың, Арындап шаршы топты жарып көрем. Бабасы текті болған айбынды елім, Баласы баба салтын дәріптеген. Далаға ұқсаған ең көкірегіңе, Кеңпейіл ақжүректік дарып терең. Кеңдікті, елдігіңді, ерлігіңді Қалайша жырламаймын шабытпенен?! Бойымда жұдырықтай күнәм болса, Жауабын Жаратқанға барып берем.

Жекпе-жек біздер үшін – майдан бір шын, Сондықтан ақын қару сайландырсын. Сізге де сәлем берді Дәулеткерей, Құлашын ерекшелей жайған бір шын. Айтыстың шарты солай болғаннан соң, Амалы асқан ақын ойран қылсын. Я, Алла, қансонарға келгенімде, Сәт түсіп қанжығамды майландырсын. Азулы Астананың арланы еді, Бұл сөзім көпшілікке ой қалдырсын. Алаңсыз жортқанымен арлан байғұс, Қыранның не қыларын қайдан білсін!

Қолыма алдым домбыра Сырларға толы пернелі. Алқалы топқа осынау Айтуға сөзді зерделі. Айналайын ағасы, Ағайынның айызы Қансыншы осынау айтыста, Кеп тұрған қызық көргелі. Орнымыз мынау төрдегі, Құдайдың бұл да бергені. Дәулеткерей-ай, ағасы, Біреуі едің-ай текті ұлдың. Аянып қалма сен де енді, Еліңе таныта екпін мың. Назарын мынау жұртымның, Есінде қалсын тек бұл күн. Дүйім алаш алдында, Өзіңменен мен мұнда Айқасқалы кеп тұрмын. Ләззат алсын жамағат Жалынды біздей жастардан. Көркем де өлең сізде бар, Айнымаған дастаннан. Тәуекел жүрек бізде бар, Жайым жоқ ешбір жасқанған. Бір кезде өзің айтқандай, Ешкім жоқ мынау жалғанда Салбырап түскен аспаннан. Дәулеткерей: Бұл айтыс – бабамыздан қалған дәстүр, Жиналсаң ағайын-жұрт армандас бір. Ринат, сен көсіліп шауып жатсаң, Хантәңір саған тартар таудан басқұр. Арланды түлкіменен шатастырма, Ағаңмын аңқылдаған шамданбас бір. Қыранның не істерін сезсе дағы, Апанға тығылмайды арлан қасқыр.

Жігітсің белді бекем қынай білер, Білмегенін біздерден сұрай жүрер. Дұрыс-ақ айқасқаның бұл айтыста, Айқаспасаң, атыңды кім әйгілер? «Тай – тыздаяқ келеді» дейді қазақ, Сол тайға дала тоссын шұрайлы бел. Ринаттың екпіндеп сөйлегені Біздердей ағасына ұнай жүрер. Жеткізбеймін дейсің ғой бүгін саған, Қыран болсаң, көрейік, құмайды ілер. Өз тасыңды отырсың төрттен қойып, Танытқаның дұрыс-ақ бұлай жігер. Жеткізбесең, көрерміз, сабыр сақта, Құмалақтың да есебін Құдай білер.

Байтақ жатқан жаһанда бағасы ірі, Әулетсің әлімсақтан алаш ұлы. Әр жартаста тарихтың таңбасы бар, Балбал тасқа басылған баба сыры. Барымталап кетсе де қыңқ етпейтін, Мал ашуы болғанмен жан ашуы. Қасқа жұртты көрмедім қазақтайын, Басқа жұрттың қолында бар асылы. Күлшелі бала сынды Қазақстан, Қадалған жат көздердің қара сұғы. Жат жарылқамайды деп шалдар айтқан, Қазақтың қазақ қана жанашыры. Бұл күндегі елімнің бар бақыты – Қайғысыз ішіп жатқан қара суы. Бәтуасыз болмаса мықтылары, Мүмкін емес ақ жолдан адасуы. Азаттық баста тұрса айтысармыз, Ринат, дұрыс жүлдеге таласуың. Бірақ та мен жеңем, сен қаласың деп, Керек емес ертерек бал ашуың. Халықтың бірлігін біз жырлайықшы, Елдіктің бірлік қана дара шыңы. Жалғанның жарқындығын айқындайтын Тәуелсіздік – көзімнің қарашығы.

Ринат: Біреулер топқа түссе мақтан қылад, Кете алмас сонда дағы Хақтан жырақ. Аузыма Алла сөзді салса, жеңем, Жалғанда сұрамаспын жаттан бірақ. Ол рас, кім жеңерін Құдай білер, Сонда да айтатыным, сақтан бірақ. Айтыста жеңу мақсат болмағанмен, Арттағы жеңіп кел деп аттандырад. Үкілеп ауылыңнан жіберген соң, Жақсы емес қарсыластан жатқан құлап. Жырла деп жаңа айттың бірлігімді, Таныттың солай, аға, ірілігіңді. Болса егер бәрі жақсы бұл қазақта, Сонда біз көріп жүрміз кімді мұңды?! Бәрі де бірлік-бірлік деп айтады, Деректі қалқан қылып құнды-құнды. Бірақ та бастықтарың бөлінеді, Осындай саясаттар жынды қылды.

Ішінде ақындардың ағасың нар, Тыңда, енді, бауырыңның наласын бар. Алтаусың Астанада ақын деген, Байрағын оның қорғай аласыңдар. Астана астана боп жатқалы, рас, Елімде бір ерекше жарасым бар. Өздерің супержаңа шаһарсыңдар, Бірақ та біз дегенде шаласыңдар. Қол жайып, көмек сұрап бара қалсақ, Бәлені бюджетке жабасыңдар. Халыққа көрінбейтін миллионға Балыққа аквариум саласыңдар. Бюджетте, шыныменен, түк болмаса, Бұларға ақша қайдан табасыңдар? Етікке етін тыққан Шығайбайдай, Ел десе, кедей бола қаласыңдар. Дәулеткерей: Отыр ем бауырымның халін сынап,

Демеймін, үнің сенің жарым шығад. Елдікке бірден басты қойып кетіп, Отырсың мына менен тәлім сұрап. Астана – бар қазақтың бақ ордасы, Әлемге айбынымен танылсын-ақ. Ақша деген, білесің, күнә басы, Демеймін, бізден сұрап жалынсын-ақ. Облыс деген өз алды ел боп жатса, Басқаға үлгі етерлік тәлім шығад. Астанаға алақан неге жайып, Әкімдерің жүреді қайыр сұрап?

Еліңнің бар, мысалы, кен, мырышы, Еңбекпен өтелмей ме ер жұмысы? Жаңадан қаз-қаз басқан Астанаға Мықтылардың сіңсе екен ерлік ісі. Ал сендер жәрдем қылу орынына, Ақсақ қылып кеткендей кем жүрісі. Облыс өз еңбегімен ақтап алса, Бар емес пе орнында өндірісі. Астананы аяқтан шала бермей, Асқақтату керек қой, ең дұрысы. Ринат мені алдымнан тостым деді, Алдымда тайдай шауып екпіндеді. Ырыссыздың тайындай тепкілессең, Мәселенің шешілмес еш күрмеуі. Ағалықтың орыны бөлек болар, Бауырым, бір дегенмен достың жөні. Айтысқа аттан салып келгеніңде, Тіліңмен тіле сөйлеп кестің нені?! Шыңдаусыз өнеріңді қалдырады Тұрлаусыз дүниенің бос дүрмегі. Ал сен болсаң, өстім деп өрекписің, Жырыңнан жұғымды сөз естілмеді. Желсөзбен әңгімеңді буазытпай, Жөн сөзбен жылжыт әрі көшті ілгері. Мына елге мағыналы жырыңды айтқын, Берекемді кетірмей бес күндегі.

Ринат: Мен бүгін сөз айтайын тірі адамша, Бұл дәурен баста тұрар, сірә, қанша?! Дейсің бе Астананы қолдау керек, Жан-жақтан кеп жала жауып сынағанша? Бірақ та Астана да көмек қылсын, Қарап тұрмай ауылдар құлағанша. Ауылдағы кемпір-шалдың халін білсін, Өлгеннен соң өтірік жылағанша.

Осылай бүгін ағамыз Әдептілікке беттей ме? Мен айтсам егер шындықты, Шабытқа қамшы етпей ме?! Астанада тығылмай, Депутаттар отырған, Ауылға келіп кетпей ме? Дәулеткерей ағасы, Сен бірлікті айтасың. Әншейін ғой айтқаның, Айтасың да қайтасың. Өткен жолғы бір жайды Бауырың бүгін байқасын. Ер Махамбеттің тойында Сен еліңе жыр арнадың. Мэлспенен айтысып, Жан-жағынан сарнадың. Сарнадың да зарладың, Өз атаңның тойында Өзің жүлде алма деп, Жағасынан қармадың. Енді тыңда ар жағын, Өзің келген соң егеске, Бет бұрғайсың, аға, кеңеске, Сонда қалай, Махамбет Сенің атаң емес пе? Өтемесұлы Махамбет – Бар қазақтың атасы, Есімі оның ерекше. Бір айтыстағы жеңіске Қазақты бөлу керек пе?

Бірлік деп айта ма осыны, Ақындардан шықпасын Мұндай жіктің бүлігі. Бөліп алып кетердей, Аталарым емес қой Қазақтардың мүлігі. Кешегі сонау аталар Қас дұшпанға қылыш пен Дөп түсіп жатқан құрығы. Ал, бүгінгі заманда Қазағым неден іріді? Араңа салып жік біреу, Бірлігің неден шіріді? Тағы сөйлесем екпіндеп, Елдік мынау – жеттім деп Оралмандар кеп жатса, «Оралман» деп ат қойып, Өзектен оны тептің кеп. Десең де маған «қайғырма», Шындықты айтпасам, ағасы, Айналып кетем маймылға. Ағайын, саған айтарым, Екі дүниеде ешқашан Бірлігіңнен айырылма.

Ұлдар ек ұлы өнерге есік ашқан, Айырмамыз көп біздің есуастан. Өнер сүйген өреннің қашаннан да Таңы толғау болады, кеші – дастан. Қонақ болып келгенде тыңдарманы, Бағлан жырды бауыздап, етін асқан. Бірақ сен қонақ емес, қарсылассың, Сондықтан қамдана бер осы бастан. Тап берсем, ердей оққа төсін ашқан, Ентікпессің ессіздей есі қашқан. Бауырыңмен біраз минут сілкілессең, Кетпейді жер жарылып, көшіп аспан. Дәулеткерей: Ринат, елді жырға бөлеп жатсың,

Құйылып, көмейіңнен өлең ақсын. Інімді мен төбеме шығарайын, Демеймін, қанаттарын төмен қақсын. Інім ғой деп сипалап мен отырсам, Балақтан басқа шығып келе жатсың. Махамбеттің тойында ел бөлдің деп, Айттың ба ақиқатты керек-ақ шын? Айтысқа мен шыққалы он жыл болды, Сондықтан да жырларым терең ақсын. Он жылда бір машина мініп едім, Ринат, ішің тар боп көре қапсың. Жырлаймын қазақ дейтін аймағымды, Айтармын ақындықпен жайларыңды. Оралманның жайында сөз қозғасаң, Қызыл тілмен қалқиын қаймағыңды. Алтай асып мен келіп, Алатауға Асқақтаттым жырыммен байрағымды. Інімді іргелеп кеп отырғанда, Сылдырлатып көрсеттің сайманыңды. Дәулеттің сөзін бүгін алға тартып, Кемсітпек боп отырсың қай дарынды? Ұсақ сөзбен әңгіме айта бермей, Ер болып асырсаңшы айбарыңды. Інішек, ішің күйіп отырса егер, Қайтып ал көшке берген тайлағыңды!

Ринат, дәл осындай баталы шақ, Қырандар бабы келген қатар ұшад. Қой асығы болсаң да иірейін, Қолыма мен қомсынбай, сақа құсап. Ағаңа артық-ауыс сөйлеп жатсың, Сөздерің әлсіз, қызыл шақа құсап. Астанаға дүрілдеп кеп, дірілдеп кеттің, Бір көрінген римдік папа құсап. Ашайын ағаң болып нағыз құшақ, Екеуімізге шақтағандай дәл ізгі шақ. Қиқаласпай, біз дұрыс айтысармыз, Баяғы бабалардан бар із құсап. Дәулетті үлкен қылып сөйлегенмен, Күзден белгі беретін тамыз құсап, Астанаға келдің де кетіп қалдың, Күліп кеп, жылап қайтқан қарыз құсап.

Құмай сынды ағайын, Алдыңда сенің жүгініп, Домбыра алып қолыма, Адалдықпен иіліп, Ақындарың айтысса, Отырарсың сүйініп. Сырлы сұлу сөздерім Өр Алтайдан құйылып. Тайбурыл аттай тайпалып, Шалқұйрық аттай шайқалып. Құлагер аттай құбылып, Іргемдегі Ринат, Жасай берме ірілік. Ақиқатты сөз айтсаң, Отырармын жүгініп. Қыңыратып қайтесің, Қуды құрықтап құбылып. Қалмаспыз біз дәл бүгін Абыройдан жығылып. Айтыстың алтын төрінде Ақ байрақтай тігіліп. Алыстан қара көрінсе, Арғымақ шабар тігіліп. Әрі қарай сөзді сен жалға, Қазағым, қайсар ел едің Өнерден тапқан ірілік, Өлеңде жатқан ұлылық.

Ринат: Ұл едім артатұғын елге сенім, Ринаттың қайтармақсың сен меселін. Астанаға барып, қайта қайтып едім, Ақындар таратып жүр елге өсегін. Ректоры қуып шықты дейді біреу, Асырмақ болып біреу енді есебін. Аса алмай Астананың алтауынан, Қиналды дейді біреу кенже серің. Осындай жаман лақап әңгімені Мен қалай бұл арада жөн десемін? Ерекше еркелеткен Мырзекеңнің Құлындай ойнақтаған кенжесі едім. Бірақ та туған жерін сағынатын, Сезімтал жаратқанның пендесі едім. Туған жердің қасиетін сен білмесең, Алтайдан асып мұнда келмес едің.

Мен бүгін осылай жыр таратам да, Айтамын ақиқатты бар адамға. Орынсыз тағамын деп ініге мін, Көңілге салып жүрме, аға, таңба. Аялап ұстасаң да алақанда, Ұясын қимайды екен балапан да.

Астанаға барсам да, Кедейліктен өлгем жоқ. Семейге қайтып келсем де, Сорлы болып келгем жоқ. Семейде жүрген ақынның Сорлы болғанын көргем жоқ. Көзің жетпесе айтайын Тізіп-тізіп барлығын. Ұлықтатып нарлығын, Мен айтпасам бұл жерде, Ақтайды екен арды кім? Өзің танисың, Дәулетжан, Біздің сонау Семейде Тыныштықбектей көсем бар. Төлегендей шешен бар. Ол аз десең, тағы да, Төкен деген көкең бар. Үржар жаққа бір шықсам, Кәп пен Егеухандайын Өзіңнің әке-шешең бар. Олар да біздің ақындар, Қасына бардым солардың. Қасына қайтсам егер де

Адаспаған болармын. Бергі жағын айтайын, Өзің айтқан Сиазбек Ашынған ақынның бірі еді Күнде-күнде жүретін Басшыларда ми аз деп. Сол Сиабек ашыпты «Наркескен» деген мектеп деп, Сол Наркескеннің түлегі Сарадайын қарындасым Астанаға беттеп кеп, Аңқитып тұрып аузыңды, «Волгаңды» мініп кетпеп пе ед? Еліме сөз тигізсең егер де, Мен емеспін қымсынар. Еліме мені шақырған Бабалар салған жол шығар. Қанша жерден, ағасы, Астана болып жатсаң да, Бөсе бермеген жөн шығар.

Дауылсыз дірілдемес емен басы, Елді айт дедің, Мен айтам, сен аңдашы. Бүгінде қазақ тілін тұншықтырған Адамдар төрімізде боп алмақшы. «Еларна» да елімізді елеңдетіп, Қазақша арна боп ед ең алғашқы. Сол кезде қазақ қатты қуанып ед, Түзу жолға түсті деп ел арбасы. Ес кіріп, елден жырақ қалған қарт пен Елеңдеп көруші еді өрен жасы. Шұбар тілмен бұзылып ортасында, Өріс таппай қиылды өнер басы. Орысша сайрап кеткен соларыңның Ұрпаққа белгілі үлгі бере алмасы. Елу де елу заңы болғанменен, Ол заңның және мәлім жеңе алмасы. Ешқандай ережеге бағынбайтын «Еларна» осы қай халықтың телеарнасы?

Құлағын бүгін сөзге түрген бар жұрт, Болмайды сөз төкпесек тілден бал қып. Тілдің жайын айтайын, ал ендеше, Жүрген жан болмаған соң жүлдеңді аңдып. Мінбеге шығып алып ескенменен, Қазақ тілін қорғады кімдер мардып? Тоң майға тойып жүрген тексіздерің Қазақ тілін әлі де күрмеуде аңдып. Ұлт болғанның, ағайын, құны қанша, Қырқылып қала берсе тілден нәр, құт? Қазақты да «казак» деп айтып жүр ғой Өзгенің әмірімен үрген мәңгүрт. Ауызыңды сасытпай тына қоймас Азуыңның түбіне кірген қанқұрт.

Дәулеткерей: Семейлік Ринатқа обал екен, Қырандай шын биікті шолады екен. Туған жерге кетіп қалдым деп айтады, Жауабы маған берер сол-ақ екен. Елдің бәрі аңсаса туған жерін, Демеймін, көңілден гүл солады екен. Мысалға, Астанада Нұрағам бар, Мәртебесі әлемде жоғары екен. Премьерді, білесің, Керекуден, Оған кімдер «қайдансың?» деп қарады екен? Фариза апамды айтсам, атыраулық, Сөздері алтындайын сом-ақ екен. Шерхан ағам сөйлейді Парламентте, Қара тілде сөйлесе, тағалы екен. Ринатқа берсең де қандай жауап, Әйтеуір, бір сылтауын табады екен. Бауырымның сөзіне қарағанда, Айтып жатқан мағынасы шолақ екен. Мысалға, Нұрсұлтандай ағамыз да, Демеймін, көштен қалай қалады екен. Шамалғанда отырып ап, онда сенше, Елді басқара берсе болады екен.

Ақындар жырына елді бөлегендер, Бар дейсің қазағымда нелер ерлер. Семейдің топырағы қасиетті, Абай, Мұхтар, Шәкәрім жебеген жер. Сен айттың бүгін жүрген жақсыларды, Келешекке көз тастар көрегендер. Тілдің жайын қозғайсың тамырлы ғып, Демеймін ағын су да төмен өрлер. Қазақты қай ұшпаққа шығарады Ана тілде нан тауып жемегендер?

Мен айтсам тілдің жайын толғамды ғып, Тастармын тыңдағанды толғандырып. Баяғы ақындар да бастың қамын Күйттемеген, білесің, ол – заңдылық. Елдің мұңын мұңдасын деген сөздей, Кетіпті келісті ғып жол қалдырып. Астанаға, дегенмен, құрмет керек, Қазақта төрдей көрер ордаңды ұлық. Ринат, ірі сөйлеп кетіп жатсың, Артыңда күміс, алтын сом қалдырып. Бір-бірімізді отырсақ келеке етіп, Жасап алып жатармыз қолдан бүлік. Шапсақ, шаба береміз тапырақтап, Болмаса егер мінген жорғаң – күлік. Елдің жайын айтайық елеп-екшеп, Әйтпесе, желген атқа жел жаңғырық.

Тоқтының тауып берер Тәңір асын, Маңыраса, марқа қой маңырасын. Байлардың мұртын балта шаппайды екен, Білесің сөзімнің бұл мағынасын. Жердің дауы – мәселе ең бірінші, Оны ойласаң, жүрекпен қамығасың. Жерді сатса, алдымен байлар алар, Кедейлер, түк қыла алмай жанығасың. Тимейді киіз жауса – құлға ұлтарақ, Тамырда қаның жүрмей тарыласың. Бүгінгінің көргенде көсемдерін, Баяғының билерін сағынасың. Ал біздің билікшілер саудагердей – Сөйлессең, әңгімеңнен жаңыласың. Үкіметтің құлағына алтын сырға, Біздерден бұл тілекті қабыл алсын. Баяғы бабалардың моласына Бұралқы иттер бұт керіп сарымасын.

Ринат: Шабытын жігіт едің от шыңдаған, Өзің жалғыз болғандай отсың маған. Екі сағат бергеннің бір жарымы Саған кетіп қалад деп топшылағам. Тегінде, жартысы оның менікі еді, Бұл ойымнан және жөн шошынбаған. Өзің жалғыз бір жарым сағат сөйлер, Сабақ беріп отырған жоқсың маған. Қазақпыз байтақ жерін мақтан тұтқан, Байлығы бар тау менен тастан шыққан. Аңдамасаң, аңдыған қалғуыңды Дұшпаның бар жеріңді қатты аңдысқан. Базарыңа қаптап жатыр қарақытай, Қапты тесіп, барыңды шашқан тышқан. Және біреу жер беріп жатыр дейді, Алакөлдің аймағын сатқан мыстан. Байрағыңа қол салып жүрмесін де Аймағыңа қол салып жатқан дұшпан.

Бағзы да бағзы бабалар, Аталар менен ағалар. Елінің қамын ойлаған Ерекше туған ағалар. Салп-салпыншақ үш өзен – Салуалы ордаң қонған жер. Ата қоныстан айырылсаң, Өлгеніңмен пара-пар. Қоғалы көлдер, қом сулар Кімдерге қоныс болмаған?! Кешегі өткен сол заман Қазағым талай сорлаған.

Бірісі келіп басынып, Ұлыңды құл ғып қорлаған. Бірісі келіп, тасынып, Қызыңды күң ғып зорлаған. Оларға келіп қосылды, Сары түсті, көк көзді Қоңырау қаққан оңбаған. Осынау өткен күндерді Талай да талай толғаған Кешегі өткен даналар, Кешегі өткен даралар. Бабаларша күңіренсем, Қос көзімнен қан ағар, Көмейімнен зар ағар. Аңдамасаң, ағайын, Жеріңді сатып алғасын, Қойныңа кірген сұм жылан, Уыты бойға таралар. Қандала бүгін жер алар, Ертеңгі күні жан алар.

Осылай бүгін сөйлеймін, Қызынып арқам қозғасын. Алқалы топтың алдында Бүлкілдеп көмей боздасын. Айтарым саған, қазағым, Азғындап халқым азбасын. Тозғындап салтым тозбасын. Барыстыққа бастаса, Ел ағасы жол басын, Тек жақсылық болсын деп, Оны да Құдай қолдасын. Тілерім жалғыз, қазағым, Көрінбесін енді көз жасың. Дәулеткерей: Ей, Ринат өренім, Тілге де шешен шеберім. Тасқа да түзу кіреді, Қағуын білсең шегенің.

Сабақ беріп отырған Жоқ дейсің ғой сен маған, Тарылмас менің көлемім. Астанадан сабақ ап, Аулыңа қайтпап па ең Шекерге толып шелегің, Толтырып жырдың көгенін. Сабаннан ары сарғаяр, Күні кеткенде беденің. Қоразға қодыраңдайды, Жемсауы толса шөженің. Астанаға өзіңді Шақыртқан аға мен едім. Шәкірт боп келген сен едің, Қасымнан тауып жеп едің Өнердің талшық қорегін. Тақымы тайға тимеген, Есектен басқа мінбеген Ақтақым бала сен едің. Ескеріп сенің соныңды, Тарбағатайға апарып, Мінгізіп аттың төбелін, Басына бастап шығып ем Құзарлы шың мен төбенің. Үзеңгіге аяқ тигізіп, Шылбырыңды жидырып, Тізгініңді теңедім. Атаңның атқа мінісін, Атанның қалай жүрісін, Санаңа сенің сіңірдім Салт-дәстүрін көненің. Тайғанақ бала күніңде, Табаныңның бедерін Бекітіп берген мен едім. Сары ауыз бала күніңде, Балапан құстай баулыған Қияқты сұңқар мен едім. Ал, енді, былай сөйлейсің, Айранын ішіп біткесін, Аяғын деме тебемін.

Қасымда жүрдің іні боп, Табылған кезде керегің. Қанағат деуің керек ед, Кетпесе әбден кенеуің. Өзіме де обал жоқ, Айналайын ағайын, Асырап баққан күшігім Өзімді қабар демедім. Қиюы қашқан дүние-ай, Қай болашаққа сенемін?! Ринат: Астанаға, ойбай-ау, Шақырған мені сен бе едің? Ал, енді жауап алайын, Жақынырақ кел бері. Уәде берген, ағасы, Стипендияңды бермедің. Жібермедің айтысқа, Тек қорлық болды көргенім. Енді осыған, ағасы, Берейін бүгін шын баға. Сын тағылар сынға да, Мін табылса мінге де. Аға болсаң шынымен, Қылған ісіңді бұлдама.

Қасыма келгеніңде от кешем деп, Тілейтінім, сол оттан өтші есен тек. Өзім асырап-бақтым деп айтасың-ау, Ініңнің мүмкіндігін шектетем деп. Көңді қозғалта алатын байғұс қоңыз, Дәмеленед тауды да шеттетем деп. Айқасатын адамың жерде болса, Адаспа алдаспанды көкке сермеп. Айтарың болса, аға, бетіме айтқын, Бейбағыт шаба бермей текке терлеп. Сен өгіз емессің ғой, Дәулеткерей, Соқа тарта беретін соқты екен деп. Айтыстың қара нары болсаң дағы, Қайтесің қапталыңнан «шөк» десем кеп? Сәл сабырлық қып отсам, мақтанбағын, Інімді осы жерде жеп кетем деп. Шабақтың қалғығаны жақсы емес қой, Шортан ораза ұстайтын бопты екен деп.

Сабақ алып өзіңнен, Талабымды шыңдағам. Ұстаздарсыз жүрекке, Ол рас, өлең тұнбаған. Бірақ жөн емес, ағасы, Осының бәрін бұлдаған. Бүгінгі күні келіп ап, Дәулеткерей ақынға Сөйлеме дейді кім маған?! Мен қалайша жекпе-жек Сайысында құр қалам? Өздеріңдей ағамен Жарысқанда шыңдалам. Берілсінші деп келдім Ініңе де бір бағаң. Қай болашаққа сенем деп, Тағып отырсың мін маған. Сұлтанмахмұтша жырласам, Қараңғы қазақ көгіне Қалықтап шығып күн болам, Күн болмағанда кім болам?

Арайлы аппақ таңы атып келген, Қазақ деген халықпен шаттықты ем мен. Тарихыңды айтып біту мүмкін бе еді Том-том боп керуенмен уақытқа ерген?! Тек сіздерге Алла алдында жауап берер Далаң менен балаңды сатып келген. Өйткені қазақ деген қайсар халық Жыршының таңдайынан жақұт терген. Бұл қазақтың мен де бір баласы едім Қой құлағын жегенді бақыт көрген. Айта алмасам арлы сөз,

Болады тіл мен жаққа сын. Қиқулап, елім, қолдасаң, Ал, жіберейін ат басын. Біз қазақ деген ел едік Ғасырдың ашқан қақпасын. Бөрі де болған бұл қазақ, Тағылық таңы атқасын. Жылқы да болды бұл қазақ, Тұяғын сермеп шапқасын. Қыран да болды бұл қазақ, Әуеде қанат қаққасын. Түйе де болған бұл қазақ, Заманның жүгін арқалап Бүгілмей келе жатқасын. Бұғы да емген бұл қазақ, Ажалдан алып қап басын. Тазы да болған бұл қазақ, Түлкінің ізін баққасын. Біз болмаған не қалды, Талайдың дәмін татқасын? Барыстыққа бет алып, Көш түзедің баққа шын. Олай болса, ағайын, Келешек мынау ұрпағың Ұлылыр сөзін жаттасын. Қаймана қазақ баласын Шошқа болғаннан сақтасын.

Ал мен бүгін айтар болсам көп мән-жайды, Шығаратын жайым жоқ жоқтан қайғы. Біз кейде елдің мұңын айтқанменен, Жақсының нақты жоғы жоқталмайды. Ағайын, ал егер де құлақ түрсең, Балаңыз болған жайды ақпарлайды. Кешегі коммунизм заманында Айтысты талай білгіш шоқпарлайды. Сол кезде Ермановтан басқалары Бел буып, көш түзеуге оқталмайды. Себепсіз жұмысынан қуылса да, Ел үшін төземін деп тоқталмайды.

Міне, осындай ерлік қылған ұлдарыңыз Бүгінде мен сөйттім деп мақтанбайды. Ал біреулер сахнада әнші болып, Аузын жыбырлатып көпті алдайды. Одан соң орден менен атақ алып, Өнердің құдайы боп аттандайды. Өнеріңді сақтаған Жүрсініңді Қаһарман деп атасаң көп болмайды. Қазақтың бір жақсысын жарылқаса, Үкімет те тақыр кедей боп қалмайды. Білмеймін, аға, сен де термелейсің, Бірақ та ессіз ойға ермегейсің. Ал, енді саған кезек ұсынайын, Осы жайлы, Дәулеткерей, сен не дейсің?

Дәулеткерей: Бұл жайға мен де, інім, құлшына алам, Демеймін қызыл тілді қыршып алам. Қазақта үндемей іс бітіретін Жақсылар аттан салып, ыршымаған. Қазақтың тамырына қан таратқан, Жортқанда жолың болсын, Жүрсін ағам. Ақындар сізге бөліп берер еді, Алтын тауып алса егер бір чемодан. Тілімнен талай ойлар туғалы отыр, Демеңдер ұлы өнерін бұлдап отыр. Бауырыммен айтысып аламанда, Көңілім көктем гүлдей жырғап отыр. «Сәлем, Қазақстан!» деді Жүрсін ағам, Бұл сөзден көңілімде сыр қап отыр. Біздің бұл аламанды, мен айтайын, Баян-Өлгейлік қандастар да тыңдап отыр.

Қыран құс қия шыңда түлегендей, Қанатын қаққан сайын үдегендей. Үлкендігі соншалық садағының, Шамасына қарамай шірегендей. Дөң-айбатың әзірге жаман емес, Жігіт пе ең оңайға ақы жіберердей?! Оң жағымнан бір шығып, сол жағымнан, Титықтап, інішегім жүдегендей. Ал, енді, бермен қара, мен сөйлейін, Табанды текті сөзге тірегендей. Ұяда жатқан шөже торғай құсап, Аспанды аяғыңмен тірегендей. Ринат, маған қарап жақсы сөйле, Әншейін ыржың қағып күле бермей. Бабаның салтын ұқшы аға сыйлар, Аңқиып аузыңды ашып жүре бермей.

Арқада Есіл менен Нұрам қандай, Тұнығынан тұрмассың құмарланбай. Абылай хан жайлаған Көкшетауда Ұлт үшін айтылатын ұран бардай. Азаттық ақ таңы үшін арпалысып, Кенесары қолына ту алғандай. Қабанбай жатқан далам қасиетті, Семсерін сертке ғана суарғандай. Ақан мен Біржан салған аяулы әндер Жүректе жасырылған ұлы армандай. Оқжетпестің шыңына ұя салып, Кетпейді Көкшетауға қыран қонбай. Баянауыл, Жасыбай, Сексенкөлдің Бетіне бес жүз аққу құралғандай. Қоқиқаз қонатұғын Қорғалжынның Қасиетті екеніне күмән қандай?! Зерендінің қасында, Жыландының Басында Балқадиша сыланғандай. Баянауыл басынан бұлты көшіп, Қарқаралы басынан түн ауғандай. Иманжүсіп жырлаған Ерейменнің Тасынан көшті бүгін мұнар қалмай. Ал, Карлаг пен Алжир еске түссе, Мойнымда кешірілмес күнәм бардай. Одаққа миллиард пұт астық берген Сарыарқа төсіндегі құнар қандай?! Бабамның жүрген ізін айтып өтсем, Заманның қылбұрауы бұралғандай. Сарыарқам саңлақтарын сағынады,

Құлагердің соңында құнан бардай. Інішек, мен осылай нөсерлеттім, Шөліркеген шөліңді суарғандай. Сарыарқамды Алматыда бір жырлайын, Алатаудың шыңына шығарғандай! Ринат: Ау, аға, енді салма кімге бүлік, Сарыарқаңды мақтадың білдей қылып. Сарыарқадан басқа да далалар бар, Адасқан жоқсың оны білмей жүріп. Алаштың аяулы ақыны болсаң егер, Бар қазақты сүйе біл бірдей қылып. Семей деген – сен өзің жар салған жер, Талай серілік қылып ән салған жер. Алғаш көшіп келгенде Алтай жақтан, Құшақ жайып өзіңді қарсы алған жер. Сол Семейді сен неге жырламайсың, Ойың жоқ қой көрермен тамсанған жер.

Ал, енді, мен шығарсам байлаудан ән, Семейдің мұңын ойлап қайнауда қан. Естімес елдің жайын ел жақтағы, Тойынып тоңмайына тойған надан. Кезінде ерекше еді қадірің де, Бар алашқа тұғыр болған қайран қалам. Ал бүгінде келіп ап талай адам, Ортаңнан ап опырып ойрандаған. Атомның аз болды ма сынақтары, Қайғыдан адам түгіл қой маңыраған. Енді кеп жанармайын төгіп жатыр, Басына тағы да сап ойран заман. Ертіске төгіп улы қалдықтарын, Арақтың заводын сап ойрандаған. Енді әкімнің атын жаттап үлгермейсің, Бірі кеп, бірі кетіп шойнаңдаған. Жеп-ішіп тойып кетер қонақ құсап, Бірі де елдің қамын ойға алмаған. Қазыналы қара орманым өртенсе де,

Тек қана қара басын ойлауда адам. Күніңді жарқыратар азамат жоқ, Мұңыңды естіп тағат жойған балаң. Тапсырам енді кімге ертеңіңді, Тірлігі бір оңалмай қойған қалам?!

Дәулеткерей: Босатып маңмаңгерді мама ағаштан, Өлеңге өрнек салдым бала жастан. Семейді, ау, Ринат, мен жат көріп, Жайым жоқ ауыздықсыз ала қашқан. Данышпан Абай туған хан Шыңғыстың Қасиеті қашаннан дара дастан. Мұңменен жан жүрегін жамап-жасқап, Мыңменен жалғыз өзі жағаласқан. Шариғаттан қолына шырақ алып, Иығына қару қып қалам асқан. Шәкәрім қажы туған Қарауыл тау, Көгімізден жұлдызын жағады аспан. Мұхтардай мықты туған біздің Семей Бүгінде бастарынан бақ адасқан. Әкімдер мойын бұрмай қойып жатса, Байлыққа болғанынан шала мастан. Әрине, Семей мені қарсы алған жер, Өнерге сол арадан араласқам. Ұлы Абайдың тойында мен де, інішек, Қарт Семейдің атынан қадам ашқам. Сондықтан іркілетін жағдайым жоқ, Тұлпарымды сол Семей тағаласқан. Қазанаттай қарқындап шауып келем, Азаматтай көкпарға араласқан.

Сен менің қадамымды санап жатсың, Ағаңа әріптеске жарап жатсың. Тайдың тері ащы болар дегендейін, Сөзді кейде кемістікке балап жатсың. Семейдің мұңын айттың қайғыланып, Елдің мұңын айта алсаң, жарап жатсың, Ринат, маған енді түсіндірші, Көпіріңді онда неге тонап жатсың? Мен дағы өз жайымды шамалағам, Қазақ үшін қайғырар адал адам. Інімді іргеме алып мен айтыстым, Бәтуалы бата алып бабалардан. Қожанасырлығың көп кейпіңде, інім, Өзі отырған бұтағын аралаған. Ринат: Көпірді тонадың деп көріп алмақ, Дәкең ойын жақсылап жорыған-ақ. Сол көпірден тегінде түскендерді Сен жақтағы бастықтар бөліп алад.

Жайың бар мына жұртқа жазаланар, Айтпасам, көкейдегі ой қаза болар. Мен бүгін қылмыс жайын баяндасам, Білемін, бұл ой бүгін бағаланар. Жылына мыңдап адам сотталады, Оларға қолданатын жаза да бар. Сонда да азайтпады сұм қылмысты Тақиясы тақуасыз таз ағалар. Себебі неден болды деп бұлардың, Өкініп, ұлт ұлдары мазаланар. Парақор сотымыз бар сауысқандай, Жем көрсе, жазықсыз деп жаза қалар. Жазықсыз көгершінді істі қылып, Құзғын мен шұбар жылан бажа болар. Мысалы, суда жүзген балықтан да, Қарасаң, мысал көп қой қазақ алар. Балық та бас жағынан шірігенмен, Бірақ та, құйрығынан тазаланар. Қылмысты да жоғарғы жақ жасағанмен, Тек қана төменгі жақ жазаланар.

Көңілім дәметпейді сыйдан тегі, Көп еді бауырыңның жиған шері. Жақында болып діндер құрылтайы, Шырқалды көп ілімнің қилы әндері. Жиналып Астанаға басын қосты Кришнаит, Буддасы мен Иван келіп. Жақсылықтың нышаны деп мұның бәрі, Үкімет күдіктенбей, иланды елі. Сонда бұл қалай болды, түсінбедім, Әуелде назарымыз иманда еді. Келеңсіз көп құдайдың кесірінен Онсыз да ислам діні қирауда еді. Ол аздай, Астананың ортасынан Жер беріп, синагогқа жинал деді. Сол жерді, Құдай білед, сұрап барса, Мұсылманның ұлына сыйлар ма еді? Медресе болып тұрса, артық па еді, Қайдағы синагогқа қиған жері?!

Тосылмай енді жырлайын, Бабаларымдай бұрынғы. Жасырмай сенен сырымды, Төгейін саған жырымды. Астана жайлы айтқанда, Бұзасың неге түріңді, Ала қашып басыңды, Түсіресің құныңды. Саңғыдың деп ұяңа, Жазғыра көрме ініңді. Дос болып айтам жылатып, Дұшпандық деме мұнымды. Қырқатын қуың мен емес Жұмыртқадан жүніңді. Іздейтін пәлең мен емес Тырнақ астынан кіріңді. Кемшілік көрсе көзбенен, Жеткізетін сөзбенен, Айналайын ағайын, Жөнімен түсін ұлыңды. Білмеймін, мынау ағамыз Неліктен бүгін бүлінді? Неліктен, аға, айтпайсың Парақор, жемқор ұлыңды? Қаптаған анау байларың, Тойлағанша тойларын,

Еліңнің қамын ойлағын, Қамдамай жалғыз күніңді. Алаштың мұңын айтатын Ақын едің ғой білімді. Осы жерде дат айтсаң, Кеспейді ешкім тіліңді! Дәулеткерей: Тағдырдың көп екен ғой бұлталағы, Тіліңді, інім, кімдер қырқа алады?! Ол рас, бай мен билер барымталас, Тек қана төмен жақтан мін табады. Халықтың байлығын жеп күн көргеннің Шіріп неге түспейді ұлтабары?! Ақын боп айтып жатсаң ақиқатты, Азаттықта ол мінсіз шырқалады. Қазақтың бір мақалын білесің ғой, Қуды – қу, сұмырайды сұм табады.

Соқыр көз жас шығарып жыласа екен, Айтқан сөз көпшілікке ұнаса екен. Ринат бауырымның бабы жақсы, Сермелген арқа белге құлаш екен. Абай мен Дулат сынды бабасындай, Айтқанда ақиқатты, тілі ащы екен. Астанада көп жағдаят болып жатыр, Ақындар соның бәрін сынаса екен. Ешкімге «сынамаңдар, қой» демеспіз, Халыққа сөзі енді ұнаса екен. Маймылдың басы ойнауға жеткенменен, Ойлауға жетпейтіні рас екен. Шабарсың арқыратып одан әрман, Аламанда қалыпты додаланған. Ақындардың тілінен шыққан сөзбен Ахуалы заманның жобаланған. Ауылға аттың басын бұрса екен, Босамай тұрған кезде қора малдан. Қашан енді ауылға бұрылады Билікшілер саясаттан жол ала алған?

Бастары бір бұрауға келер, бәлкім, Доңыз болып кетпесе домаланған.

Репрессияның алдында аштық болды, Ол да қолдан жасалған қастық болды. Қанша қазақ қырылып зобалаңда, Қабірін қайырымсыз тас қып берді. Аштан өлген адамның бейіті жоқ, Білместікпен алшаңдап бастық «көрді». Ұлы Отан соғысында қанша қазақ Әзірейілдің басына жастық болды. Онан соң тың игерген желеуменен Сарыарқамның қызығын басқа ұлт көрді. Келімсектер кесірі елге тиіп, Арақ ішіп, азғындау мастық келді. Жетпіс жылдай желкемді қамыт қажап, Көзді – соқыр, ал құлақты тас қып берді. Әңгіртаяқ ойнатып басымызға, Балақтағы бит, сірке бастық болды. Қазақтың қонақжайлылығын танытам деп, Иттің ұлы итақайға аштық төрді. Көрмегеннің бәрін көріп болғаннан соң, Жаратқан көзімізден жас сүрткен-ді. Тәубемізге келтіріп алғаннан соң, Тәуелсіздік еліме бақ-құт болды. Қадірін азаттықтың білер ме деп, Құдай бізге азаттықты бәс қып берді!

Ринат: Ағасы осындай ой қамдағасын, Інісі енді қалай жалғамасын?! Ол рас, тыңға біз той жасағанмен, Талай-талай кемшілік аңғарасың. Одан түскен біздерге пайда қайда, Астық толып жатса да қамбада шын. Егер де қазақта астық көп боп жатса, Неліктен қымбаттаттық нан бағасын? Сол нанды сатып алсам болады деп, Қырық бес теңге үшін жан бағасың. Тың-тың деп тыңнан өлең айтқанымен, Жер-ананың кім жазады жан жарасын?

Ал, енді, ауылды ұлың еске алады, Таусылған жоқ жоғарғының шоқпары әлі. Ағайын, мен мән-жайды айтар болсам, Ауыл жиі нәпақадан шет қалады. Бір жылыңды Ресейге бөліп бердің, Осыны да айтуға ұлың оқталады. Сәл шыдай тұр, тегінде, күзге қарай Ауыл жаққа бір көмек кеп қалады. Өйткені, біздің жақтың депутаты Сайлау кезінде тек ауылды бетке алады. Сайланып алғаннан соң төрт жылда олар Елге берем дегенін жеп те алады. Қыркүйекке қарсы көріп қаларсыңдар Көмір мен ұн әкелген епті ағаны. Ауылыңа қаптайды сол айда, рас, Кандидаттар қисайған кепкалары. Аңқылдаған ауылдағы ағайындар Біздің тілекті орында деп қалады. Ол қалаға барған соң казино ойнап, Күндіз ғана ұйқысы бек қанады. Осындайлар, білмеймін, о дүниеге Не тындырып тастадым деп барады?

Кеудемді бүгін менің кек кернейді, Демеңдер балам енді тек терлейді. Ашынып айта алмасақ ақиқатты, Айтыс әзір сөзбен ғана шектелмейді. Бүгінгі байдың жайын баяндасам, Жатып ап жей беруді жек көрмейді. Жарлыны жарылқауға ептелмейді. Ондай байдың ешбірінде ынсап жоқ-ау, Қолында қыран тұрса, кептер дейді. Бұрындары талай-талай атымтайлар, Жомарттар дүниеден өткен дейді. Сондай байлар ауыл жаққа, ағайындар, Неге көмек беремін деп келмейді? Он-жиырма көлік, төрт-бес әйел Болса да бір басында, көп көрмейді. Соғымға сегіз бие сойса дағы, Қой сойған көршісіне ет бермейді.

Дәулеткерей: Ринат, бұл сөзіңнің қызығы бар, Демеймін ішінде бір бұзығы бар. Депутаттар, сайлаудың сол сәтінде, Алдында өткел дейтін сызығы бар. Ауылға алып барған нәпақасын Тастап кетер әкімге тізімі бар. Өткелден өткенінше қызды алам деп, Көңілі дөңбекшиді бұзылып, ал Өткелден өткеннен соң, сен айтпақшы, Жаңағы сол ауылдың «қызын ұрар». Қазағым, маңдай сорың бес елі екен, Көшіңді десең дағы көшелі етем. Құдай мұнай берді деп мұрт қаққанмен, Ол дағы жазылмайтын кесел екен. Трубамен кеткен мұнай кері қайтпас, Ол дағы қалтаңызға десең де тең. Бар байлықты шығарып шет жақтарға, Қайтарғанда, дейсің бе, еселетем? Қаймағын жеп, қаспағын қырып жатыр, Өкініштің оты ертең өше ме екен? Соның бәрін ойламас осы бастан Біздің мына өкімет мешеу екен. Өкіметке осы бастан ескертеміз, Өткір қырғыш қазан түбін теседі екен.

Айтыс деп келген сағына, Қалмасын елім қамыға. Ринат інім, қасымнан, Қуанттың ғой сен бүгін, Ірілікпен табыла. Әрқашанда ағалық Ақылыммен өзіңді Ертіп те жүргем жаныма. Айналайын ағайын, Қазақтың өнері өлмейді, Демеуші тұрса табыла.

Інім, әрі тағы сайрашы, Жүйріктей келген бабына, Жүйткіп бір көрші тағы да. Дәулеткерей ағаңның Тауып бір отсың қыбын да-ай. Бірақ та, інім, ешқашан Білім алған жеріңе Кетіп жүрме бұрылмай. Мен арғымақ болғасын, Сауырдан терім шыққасын, Шабармын әрі тығылмай. Айтыс айтыс болғасын, Болмайды ғой алдаспан Қынаптан тіпті суырмай. Тұлпар тұлпар бола ма Тіктеп тиген тұяғы Қара жерді қуырмай?! Ринат, өнерің өркендеп, Желбірей берсін аспанда, Қазақтың байрақ туындай. Әрі қарай жалғашы, Соңымнан ерген інімсің, Құлдыраңдаған құлындай.

Ринат: Хайләйлімді, ал енді, селдетейін, Көңілді әнмен халықты тербетейін. Жұлқынбасам бұл топта, арқам қозбас, Қолтығымды тұлпардай терлетейін. Пейіліңе рахмет, Мен де ініңіз, ағасы. Тынысыңыз болайын, Ырысыңыз болайын. Семсер болсаң, мә, сабым, Қылышыңыз болайын. Елім бақты болса екен, Ырыстары толса екен. Кедейліктен жұтамай, Байлыққа да қанса екен. Кемпірлері ауылдың Жылы суға аяғын Бір күндері малса екен. Біздің қазақ жұртымыз Бірлікке назар салса екен. Достықтың біліп қадірін, Бізден үлгі алса екен. Қыздырайық осылай тойымызды, Сен дегенде, ағасы, ойым ізгі. Жеткізейік нұсқа қып ойымызды, Сынамасаң қысқа деп бойымызды.

Дәулеткерей ұзыным, Ал Ринат қысқаң ғой. Қанша қысқа болса да, Ұлдарыңда күш бар ғой. Түйе биік болғанмен, Жылдың басы тышқан ғой. Бұл ініңіз, бірақ та, тышқан емес, Шығарғалы отқан жоқ тұстан егес. Қайда жүрсең, қасыңда бауырыңмын, Дұрыс түсін, Ринат дұшпан емес. Осылай айтам ағаға, Дұрыс берсе баға да. Осы айтыс біткен соң, Неге қатты айттың деп, Шығарып ап сабама. Дәулеткерей: Алатау дейтін ақ бесік – Алты алашқа құт ірге. Ринат інім, осылай Жақындау келсеңші шүкірге. Балғынбектен үйрендің, Жасырмайсың оныңды, Жыртығың болса, бүтінде. Бір айтатын сөзім бар,

Ағаң болып тұрғасын, Астанаға бара жүр, Сапарыңды сонымен бітірме. Өзің ішкен құдыққа Ешқашан да түкірме. Ринат деген бауырым, Өлеңің оттай өрілер. Жаман бала емессің, Жауыр тайын тебінер. Жақсы өлең айтсаң халыққа, Көңілі көктем семірер. Көк сүңгідей боп жатсаң, Ұмсынсам, қолым емінер. Дәулеткерей ағаңмын, Емеспін ғой әрқашан Ағалықтан жерінер. Семейде сорлы емеспін Деген сөзің тағы бар. Бұл сөзіңнен мынадай Сырдың шеті көрінер, Түйе көрмеген ауылда Тайлақ атан көрінер.

Бұл Ринат кезінде Айналған еді актерге. Ақын болып көрінер. Рүстем досың айтқандай, Түстің ақ тер, көк терге. Бүгін келіп айтысып, Алмасын жырдың көрсеттің Қазақ дейтін текті елге. Дәулеткерей ағаңның Айтып жатқан ақылын Әрқашанда жек көрме. Жауһазындай жайқалған Мамыражай көктемде, Қырандай боп самғай бер Көк аспанда от кеуде. Хақым жоқ қой менің де Талантыңды шектеуге. Айналайын ағайын, Талантты ұлдар көбейсін. Құдай қанша берсе де, Береке тіле, көп көрме. Ринат: Иіріліп тұрса жыр тілге, Іркілме, жағым, іркілме. Алатауға келгенде, Бүлкілде, көмей, бүлкілде. Ұстазы мен шәкірті Сахнада осылай Шаңдатпауы мүмкін бе?

Қайран да менің қазағым, Нұр шашылған шуақты ел. Арманшыл бізге мұрат бер, Бүгінге жеткен бостандық, Бабалар төккен бұлақ тер. Оның рас, ағасы, Бергенін көптеу көрмесін. Өтінерім Құдайдан, Қазаққа мынау қуат бер. Дәулеткерей: Айналайын қазағым, Сақайған бүгін санаң бар. Тіріліп келіп қолдайтын Аруақты талай бабаң бар. Ешкімге алдыра қоймайтын Батыр да туған балаң бар. Сәйгүліктерің шабатын Көсіліп жатқан далаң бар. Ұстаз бен шәкірт деп айттың, Қолында ұстаздың қалам бар. Айтыстырған бәрін тең Қазақта өнердей ғалам бар. Ұстаздан шәкірт озбаса, Ұлылықта, ағайын, Айтыңдаршы, не мән бар?!

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН МҰХАМЕДЖАН ТАЗАБЕКОВ

Дәулеткерей: Жайқалтып қайың жырдың жапырағын, Айтыстың аппақ таңын атырамын. Айтөбел арғымақ жыр дүбірлетсін Ұлыс күні Арқаның атырабын. Шабысымды сынатып шаршы топта, Шалдарымның аруағын шақырамын. Ассалаумағалейкүм, алтын елім, Әсемсал сәні болған сахнаның. Ақ дидарың көзіме елестетер Аққудай кірлемеген ақын арын. Күлте жалды күреңді кісінетер Күреңбайдай жанармен бақылауың. Қапталыңа кеп қалдым, ал, ағасы, Қапыда қалып кетпей атыңа мін. Мұхамеджан арыстан деп естуші ем, Арыстанға қаймықпай атыламын. Қыза шауып, төске өрлеп, өршеленіп, Қызыққа жұртшылықты батырамын. Қызырлы елдің дидарын көргеннен соң, Қызыл сөздің қырманын сапырамын.

Өлеңім – өз мәнерім, өз байрағым, Тұғырлы Алаш барда тозбайды әнім. Шапқанда үкілеген үздіктерің, Тыңдайсың қалай, елім, қозбай қаның?! Шабытыма шарапат тілесе екен Сарыарқа – шалқар далам, боз жайлауым. Талас, Шудан бастау ап, Алатауға Құятын тұма, бұлақ, көзқайнарым. Қанатынан қан жауған қыран болса, Шың басынан жолығар кезді ойладым. Мұхамеджан мықтыңмен айтысам деп, Найза тілдің ұшына сөз байладым. Басталып ақтық айтыс, аламан жыр,

Ақындар жаудырғандай қара жаңбыр. Алдымда аты менен атағы озған Ақылман азды-көпті ағалар жүр. Солардың бірі өзіңсің, Мұхамеджан, Халықтың кеудесіне қадаған гүл. Жолбарыс жырыменен жортып жүрген, Бақ дарып, бата қонған бала Жамбыл. Әулие-әнбиелер аян беріп, Атыңды өзгемізден даралап жүр. Сен, бірақ, әулиеге сенбейсің ғой, Тек Алла дидарына қараған құл!

Мұхамеджан: Бәйгеде тигізбейтін бабаға тіл Арғымақтар келіпті араңа кіл. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, Жақсылығын сыйласын жаңа ғасыр. Ораулы шиден шыққан ақ киіздей, Оранып ақ ұлпаға қала жатыр. Ассалаумағалейкүм, қандастарым, Сәулесін шашсын бүгін санаға тіл. Ырза боп азат елдің өміріне, Көкжиекке балбырап дала жатыр. Өздерін қазақ қайда сүйрейді деп, Көздерін көлегейлеп ғалам отыр.

Кез болып Дәулеттейін тарландарға, Аузыма сөз түседі, салғанда Алла. Он күн болды, көшіп кеп Астанаға, Жетелеп жатыр едім арманды алға, Көрші болсам деп сіздердей заңғарларға. Мұндайда айтылмайтын толғам бар ма?! Шаңырақ боп көтерілген Астананың Бір уығы бола білсем, арман бар ма?! Тіліңнен сөздің нәрін бердің балдай, Өрістеп сахнаға келдің қандай?! Ассалаумағалейкүм, Дәулеткерей, Көздеріңе тұңғиық көл тұнғандай. Дүбірлетіп дүниені жібердің-ау, Сөзіңді тыңдау үшін жел тынғандай. Әйтсе де, орның бөлек інім едің, Жүректі қозғайтұғын серпін бардай. Дүбірлетіп Дәулеткерей келген кезде, Самұрық қанатынан жел тұрғандай!

Сөйлейік басымыз бір дауда қалмай, Болмайық шаңға бүгін аунағандай. Ақынның арыстаны деп отырсың, Мақтаумен жүрегімді жаулағандай. Жылы сөзге жібитін қазақ едік, Маңдайымнан ащы тер саулағандай. Ал, бауырым, жырыңды әрі жалғашы енді, Арналы сөзді елге арнағандай. Қадалып отырысың, қарап тұрсаң, Балықшыдан кәдімгі аумағандай. Міз бақпай Дәулетжанның отыруы – Мұз астынан майшабақ аулағандай!

Дәулеткерей: Бұл жерде керек дейсің егес кімге, Інің саған таралғыдай теңессін де. Екеуміз емен-жарқын сырласармыз, Осындай бола бермес кеңес күнде. Ініңді балықшыға теңеп жатсың, Теңесең, айдарымнан жел ессін де. Майшабақ емес, Мұха, маған өзің Кәдімгі қызыл балық емессің бе?! Бақуатты сөз айтып баталы елге, Ініңмен іргелесіп қатар өрле. Астанаға көшіп кеп жатқан жайың Болғандай салауатты сапар елге. Уығы болсам, дейсің, арман бар ма, Оныңды түсінбейін қата мен де. Мұхамеджан, Астанаға уық емес, Болатын жігітсің ғой бақан елге. Байқасам, Мұхамеджан заңғар шығар, Інің де ілтипатпен алдан шығар.

Анау-мынау әңгіме мен айтпаймын, Жай сөзге көңіл емес алдаусырар. Еліңе шапақ нұрын шашатындай, Сәулелі жырың болса таңнан шығар. Тарланға теңеп жатсың және ініңді, Әрине, ол да маған арман шығар. Ендеше, ағайын-жұрт, құтты болсын, Тарланменен кездескен арлан шығар. Ақынбыз қарап өскен ұлы Абайға, Білместі ел мен жұртым кінәлай ма?! Шариғаттың жолында жүрген жансың, Жағатын сауатыңмен шырақ ойға. Біздер әңгімелессек қалай болар, Құрып ап сөз дүкенін мына жайға.

Ислам дін болғанда, иман – сенім, Имамдай деп өзіңді сыйлаушы едім. Жұмаққа барасың ба деп Мэлске, Қандырдың күні кеше күмән шөлін. Ол сенің үйреншікті әдетің ғой, Айтысқанның ғибадатын сұраушы едің. Мәңкір-мүңкір емессің жауап алар, Қаншалықты қақың бар бұған сенің?! Біліміңді әлі де үстеу керек, Ақымақ ақылдыны күшпен жеңед. Айқайламай өлу де абырой ғой, Әркімнің қақпанына түспеу керек. Жұмаққа бару үшін емес, Мұха, Құлшылықты Құдай үшін істеу керек.

Мұхамеджан: Айтыста деп жүруші ем саналым сен, Аяқты үзеңгіге сала білсең, Дәулеткерей, мен саған қой дедім бе, Дуылдаған топты талай жара білсең? Ағаңды қызыл балық деп отырсың, Бұл сөздің байыбына бара білсең. Қызыл балық азайып кеткен заман, Айып па текті тұқым бола білсем? Ақында үзілмейтін шідер болар, Тиісті емес деймін жүдеуге олар. Сен бақан болатұғын жігіт дейсің, Өмірдің өлшемінде үнем болар. Бақанды мен Нұрсұлтан ағам деймін, ????????? ??????? ?? ????? ?????. ?? ???? ??? ??????? ?????? ???? ???????? ?????????? ????? ?????.

????? ??? ?????? ????? ???????? ??, ????? ????? ????? ???????? ???! ??????? ???????? ??? ?????? ??????, ???????? ????? ????? ?????? ????. ????? ???? ??????? ?????? ??????, ??? ?????? ????? ????? ???? ??? ???! ??????? ??? ?????? ???????? ???, ?????? ?Шаңырақты көтерер ол біреу болар. Ал енді біз секілді барлық ұлан Бақанның төңірегіне тіреу болар.

Іштен сөз Дәулет маған дайындар ма, Өзіне келер сөзді пайымдар ма?! Мэлстің жыртысын сен жыртып кепсің, Білдіріп оттай қылып ойыңды алға. Құдай үшін ғибадат қылғын дейсің, Оны айтуға сенің аппақ арың бар ма?! Отырсың бұл ағаңды жасқаған боп, Ортаға шоқтай сөзді тастаған боп. Шариғат айтсам елге, Дәулеткерей, Сен секілді ислам жолын ластағам жоқ. Адам түгіл, алдадың Алланы да, Сен секілді намазды тастағам жоқ. Ойда жоқта келіп ап айтысқа сен, Орта жолда отырсың жақсы адам боп. Кемшілігін бұл Дәулет біле ме екен, Қорықпай қалай Алладан жүреді екен? Ғибадат жайында сөз қозғағанда,

Ең болмаса, қызармас рең екен. Ай, біздің қазақты да қойсаңшы осы, Кірмейтін шеңберіне кіреді екен. Жығылып жатып осы Дәулеткерей, Сүрінген ағасына күледі екен. Дәулеткерей: Иманмен бүйрек майың бүтін шығып, Жүрсе елге жүрегіңнен құтың сіңіп. Біреуге дін білмейсің деп айтасың, Өзің бәрін білем деу күпіршілік. Бұдан бұрын қандай ем, Мұхамеджан, Осы көрген күніме шүкіршілік.

Арайлы ақын жырын сәтке арнайды, Ислам деген әркез уақ талғайды. Сақал қойдым, мен намаз оқыдым деп, Басымызға орнатпа батпан қайғы. Білгеніңді жасырын жасасайшы, Айғайлаумен сенімің ақталмайды. Исламның жолы әркімнің жүрегінде, Оны өзі білген құлы қатпарлайды. Айғайлап істер болсаң барлық істі, Артыңда айтарлықтай хат қалмайды. Әйтпесе, сақал қойған Жүрсін де жүр, Ол айтыс өткіздім деп мақтанбайды.

Айта берсең ақиқат тілден шығар, Үлбіреген сыбызғы үннен шығар. Әркімнің иманы өз жүрегінде, Қандай құл өз иманын кімнен сұрар? Намазды тастадың деп сен айтасың, Дәулеткерей де өз жолын білген шығар. Біле-білсең біреуді кәпір деген Адам да алдыменен діннен шығар. Айтайын, Мұхамеджан, тыңдасаңыз, Мұсылман бола қалсаң, мың жасаңыз. Дін деген ол Алланың ақиқаты, Иманмен оны берік шыңдасаңыз.

Абай айтқан кемел ақын бола білсең, Жұртыңның жүрегіне жыр қашаңыз. Ғибадат, амалмен мен мақтанбаймын, Мейлі, оны Дәулетке мін жасаңыз. Ақиқатын мен айтсам осы жерде, Өзің біл, оған атша туласаңыз. Тұп-турасын айтқанда, бедел үшін Исламды қолшоқпар қылмасаңыз.

Мұхамеджан: Ағаңа қадап қойып жанарды шын, Қисапсыз мойныңа жүк салармысың. Дін жайында мен саған сөз айттым ба, Әрине, кетіп қалмас одан күшім. Өзің айтып отырсың, өзің қойып, Жоқ жерден менен кінә табармысың. Біресе күпірсің деп кінә артасың, Басыма тудырғандай заманды шын. Жоқ жерден мақтандың деп кінә артасың, Алдымнан ұсынғандай сонарды шын. Қай жеріңе сыяды соның бәрі, Соншама, інім, жалақор болармысың!

Айтыстың кітапшасын парақтайсың, Ойыңды үзіп-жұлып сабақтайсың. Бір ақын кеп намазға жығылып ед, Алдынан, артынан да тарақтайсың. Елге иман таратсам деп жүріп ем, Қасқырдай шығып маған жалақтайсың. Іліп, тұсап ағаңды отырғанша, Жұртыңа көсем сөзді көп айтқайсың. Бес жүз мың қазақ өтті өзге дінге, Көсілтіп соны бүгін неге айтпайсың?! Орыным болса дағы ерек тегі, Айдарымнан бір есіп жел өтпеді. Абайдың сөзін егер білгің келсе, Айтылсын зор тарихтың деректері. Жартылай мұсылманың қай кезде де Жартылай адамға ол себеп деді. Ал толық мұсылманың қай кезде де Ол толық адамың ғой демеп пе еді?

Таңдайың тесілгенше тақылдайсың, Оттан көйлек кигендей лапылдайсың. Ағаңмен сахнаға шыққан кезде, Әйтеуір, сары аяздай сақылдайсың. Әдептілік әлемін сақтап келген Анаңның жолына қашан жақындайсың? Тіл-найзаңды қадап ап қарсыласқа, Әйтеуір, еш қызыққа батырмайсың. Дін ұстадың деп тиісіп мына маған, Сыйластықтың сорпасын сапырмайсың. Қасына жолап кетсең бажылдайтын Байдың жалғыз ұлындай шапылдайсың.

Дәулеткерей: Мүмкін, мен дінді сенен кем білгенмін, Жүрегіме өз иманын ендіргенмін. Толық боп олқымызды толтыра бер, Баршаны бір Аллаға сендірген күн. Мұхамеджан ағамыз айтқан сөзде Алапатты мен болып төндіргенмін. Діндар болсаң, Мұхажан, әңгімем жоқ, Сенен мен аздау ойлап, кем күлгенмін. Шариғаттың шырағын елге жақсаң, Әдебін жасайсың ғой жол білгеннің. Бірақ та менің сенен сұрарым бар, Әулие-әнбие жоқ деп жүрген кім?

Өріп айтсаң, қалмайды өлең кімнен, Ақын болсаң, қызыл тіл кезендірген. Бәрін жоққа шығарып бабалардың, Келсең де белдесуге берен жырмен. Үш жүз алпыс екі әулие Маңғыстауда Ұлағатты ұрпағын жебеп жүрген. Түмен бабы түнеген Түркістаным Қолтығымнан қолпаштап демеп жүрген. Отырарда отыз баб жатқан кезде, Қасиетін танытам кемел жырмен.

Сайрамда сансыз бабты ойыма алсам, Тіліме құйылардай өлең бірден. Ер Есет пен пір Бекет әулиелер Жанымызды шуаққа бөлеп жүрген. Пайғамбардың шашын алған Арыстан баб Жүрегіне иманын кенелдірген. Таңдайынан құрма алған ұстазының Яссауиды кемеңгерге теңеп жүргем. Мұхажан, осыларды айтар болсам, Түйіскендей болмай ма төбем күнмен? Бұларды енді жоққа шығармассың, Еншілеген болмаса бөлек жүлдең!

Жан емессің халықтан өскен таса, Оныңды айт, көңіліңіз хош болмаса. Мұхамеджан мұсылман деп айтар ма ек, Құдайдың құлдарына дос болмаса? Мынау бес күн жалғанның қонағысың, Аттанарсың ерте ме, кеш, болмаса. Мұхамеджан деген ақын өтіп ед деп, Жақсы ма, ертең сені еске алмаса?! Мұхамеджан: Дәулетжан, сөз айтасың ада-күде, Қол жеткізген адамдай дара күнге. Жоқ жерден түсініксіз сөздер айтып, Айтыста ашып отсың жаңа жүйе. Әулиені жоққа сен шығардың деп, Ағаңа жағып отсың қара күйе. Қазақтың баласында мен білетін, Алла берсе, білемін көп әулие. Құдайға берген уәдеден айнымаса, Алланың қақ алдында сол әулие.

Інішек, иманды бір реңге бар, Айтыста түре де бар, сүре де бар. Ағаңа әуелі кінә жабу үшін Сен өзіңнің нәпсіңді жүгендеп ал. Әулие жайында сөз қозғау үшін Әуелі намазыңды түгендеп ал. Жоқ жерден, інім, бүгін жаңыласың, Мұсылман жайында айтып бағы басым. Бес намаздың ретін білмей жүріп, Үш жүз алпыс екі әулиені нағыласың? Сыйлайтын ел құрметтеп жатыр, әне, Білгеннен соң исламның мағынасын. Әуелі сен айтшы өзі ағаңа кеп, Сәждеден қашан, інім, табыласың?

Ағайын, алдыңа кеп жайланғасын, Иман жайлы сөз қозғап ойланғасын. Білмеймін, мен намазға жығылып ем, Қара дауға қалды осы қайран басым. Тілегім – біздер құсап бар ұрпағың Жүздері иманменен жайраңдасын. Өзге діннің илеуін илеуменен Бет бұрып басқа жаққа сайланбасын. Астанамыз ажарлы болса екен деп, Айтар сөзім тойға кеп арналғасын. Ұлыстың ұлы күні тілейтінім – Астананың айырмасын тойдан басын. Үлгіге адамзатқа айналсаң да, Үйіндіге ешқашан айналмасын!

РИНАТ ЗАЙЫТОВ ПЕН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ

Ринат: Сақал екен дегенде сақал екен, Біздің жақта осындай мақал екен. Әке тұрып, ұл сөйлеу қай жерде бар, Маған баста дегенің шатақ екен. Жасқанатын жайым жоқ Қандастардың алдында. Қол бастайтын жігітсің, Сөз бастамай қалдың ба? Дәулеткерей: Бісміллә, жүйрік жырмен желейін кеп, Өлеңмен өскен жанмын мерейім көп. Мәскеудей мәртебелі елге келсек, Отырмыз нөсер жырды төгейін деп. Мен емес сөз бастаудан қорқатұғын, Ойлама, бала, мені өгей ұл деп. Шәкіртім болғаннан соң кезек бердім, Дәл бүгінгі шамаңды көрейін деп.

Айтыстың ақ жолында ақау көрмей, Бәйгеден бар жүйрігің қатар келгей. Тарыдай шашыраған қазақ едік, Шарлаған Жер әлемді жаһангердей. Ассалаумағалейкүм, Мәскеу елі, Тәңірім сіздерге ұзақ сапар бергей. Атажұрт – алтын бесік есте болар, Тағдырды көрсең дағы қатал нендей.

Туған жер топырағы ыстық болар, Боз дала бозінгенін бота емгендей. Төркініңнен келгесін төкпелейін, Аузымнан ақындықпен от өргендей. Мәскеудің төріне кеп жыр қалдырсақ, Майқы биден қап кеткен мәтелдердей. Тотықұстай түрленіп тоқсан жаста, Жырынан жаңылмаған Жәкемдердей. Астанадан келгесін ақ сөйлейін, Сағынышты жырымнан саф өнгендей. Саумал жырды сапырып сөз саптайын, Сарыарқамды көшіріп әкелгендей!

Қара өлең қасиетін біз білгесін, Биікке жеткізерміз жырдың көшін. Ринат – іргемдегі інішегім, Айтыстың арбасына бір мінгесін. Мәскеу мен Қазақстан дос боп жатса, Достықтың домбырасы күмбірлесін. Ринат – інішегім қасымдағы, Қазағым үшін туған ұлмын десін. Ал, енді, залда отырған барлық қазақ Құдай үшін туылған құлмын десін. Ағаң енді береді кезегіңді, Әрі қарай сен жалға, тізгіндесім. Ринат: Бісміллә деп сөз бастап Москвада, Әнімменен жайнасын, рас, бұл ара. Ағайынды көргенде шетелдегі, Өлеңімді шашайын тас құлама.

Әлия мен Мәншүгім Жанын берген Москва, Бауыржандай ағамыз Қанын берген Москва. Қазақстан аямай Малын берген Москва, Егіні мен консерві, Барын берген Москва. Түйін екен, ендеше, түйін екен, Айтыс деген Құдайдың сыйы екен. Өз бойымыз болғанда бір-ақ қарыс, Ұзындармен айтысқан қиын екен. Көрсетейін сонда да Бір ұшқынын от тілдің. Кремльдің қасында, Москвада салынған, Елшілігім боп тұрмын.

Дәулеткерей: Ринат, сен биікке өрлердейсің, Киікті көзге атқан мергендейсің. Ұзындардың қасында қысқамын деп, Отырсың бойымызды тергердей шын. Биіктіктің қадірін қазақ білер, Аласа болғаннан соң сен көрмейсің. Жерді теуіп, тепкілеп сахнаны, Билеймін деп қол-аяқпен ербеңдейсің. Мәскеуге айтысты емес, сен, Ринат, Сайқымазақтықты көрсетуге келгендейсің.

Жібертіп, қарап жатсаң, өлеңімде ой, Ринат, сені шыңнан көремін ғой. Мысалға, шалдарымыз айтып кеткен Қорамсақтан суырылған жебемін ғой. Терең сөзден қашпайсың енді, бала, Зерлі өлең керек болса, өремін ғой. Алдыңда тоқсан түрлі толғау айтып, Нөсерін бұл айтыстың төгемін ғой. Шәкіртім болып маған жүрген кезде Өзіңді талай жолда жебедім ғой. Мәскеулік қандастарға барған кезде Арзан сөйлеп, ойнап кет демедім ғой! Бісміллә, дөңгеленсе зырлауық тіл, Шалғыдай қызыл тілім шыңдалып тұр. Мәскеулік мәртебелі қандастарға,

Сырымды жеткізейін шындап ұтқыр. Жаһанданған заманда заһар жалған, Кімдердің қас-қабағын кім бағып тұр? Ирактың да иманы қымырандай, Алдында АҚШ деген шырмауық тұр. Азаматтың барлығын соғысқа айдап, Қазанаттың қадамы шырмалып тұр. Ашық күнде теңізден дауыл тұрып, Кейбір елдің кемесі құм қауып тұр. Ал менің алтын ордам Астанамда Бостандық бәйтерегі бүр жарып тұр. Қайғысыз қара суға семіреді, Әркімдер алатындай үлгі анық бұл. Құдайдың бергеніне тәубе дейін, Бағымды Нұрсұлтандай ұл бағып тұр. Он бесінде толысқан Ай секілді Тәуелсіз Қазақстан нұрланып тұр!

Қалайша бауырымды шабан дермін, Айтыстан талай-талай амал көрдің. Ұзынмен айтыссаң да, қысқамен де, Әйтеуір, сәтін тауып аман келдің, Алдыңда толғап айтып текті өлеңді, Келесі кезегімді саған бердім. Ринат: Жақса егер шапалақпен ел шырақты, Бұл жерде тереземіз тең сияқты. ????? ?? ????? ?????, ?????? ?????, ??????? ????? ????? ??? ??????. ???????? ??? ??????? ??? ??????, ??? ???? ????? ????? ??? ??????. ??????? ??? ???????? ????? ???, ????-????? ????? ?????? ???. ?????? ????? ???? ???, ????????? ???? ???? ?????? ???. ?????? ? ?????? ????? ??????? ??? ??????? ????? ???.

???????? ??? ?????? ????? ?????, ???????? ?????? ??? ??? ????? ??? ???. ????????, ??? ?????????, , ??????? ??????? ???. ??????? ????????? ???? ????? ??????? ??? ???????? ????? ?????. ???????? ??????? ?? ????? ???? ???????? ?????? ???-????? ?????. ??????? ????? ????? ?????? ?????, ??? ?? ???? ?????? ?????? ?????. ?????? ??? ??????? ???, ??????? ???, ??? ????? ???????? . ?? ???? ??? ??????? ??????????, ?????? ?? ????? ?????? ?????. Жігіт ем сегіз қырлы, жалғыз сырлы, Көңілім ұстаз десем кең сияқты. Толғанып мен көрейін сен сияқты, Сен енді билеп көрші мен сияқты.

Желісім бар азғантай аяңым жоқ, Өтер-кетер дүние баяның жоқ. Ағамыз Дәулеткерей айтты екен деп, Айтпаймын тағы биді қоямын деп. Алдына қандастардың келген кезде Бойымда бар өнерден аярым жоқ. Жайғанда ұлы өнерге ғалам құшақ, Ғұмырдан қымбат боп тұр маған бұл сәт. Сөйлейін, сіз айтқандай, салмақпенен, Сахнада толғандырып санамды сәт. Намысқа тырысайын енді бүгін Қамысқа тіс қайраған қабан құсап. Мәскеуге арбамен де келер едім Шаршамас кешегі ата-бабам құсап. Құдайым бізге бақыт берсін дейік, Оны да мына халқым көрсін дейік. Болған соң жанымыз бір, қанымыз бір,

Біз қалай ағайынды менсінбейік. Ал енді бар бауырға толғанайық, Оралып өз еліне келсін дейік. Дәулеткерей: Ринат, тізгініңді бос алғайсың, Менің де тілегімді хош алғайсың, «Чемпион» боламын деп бұл Мәскеуде, Демеспін неліктен жыр есе алмайсың? «Отыз бес» балды түгел алып қойған Аманжол ағаң жолын кесе алмайсың! Тастайын тұяғымды сілкіп алға, Қазақтың айтыс деген ғұрпы барда. Мысалға, мыңнан жүйрік озған тұлпар Шабыты қозған кезде ұмтылар да. Бір шаңырақ астына келсін деген Тілегіңді қабыл етер, мүмкін, Алла. Қандастар, атажұртқа жетіңіздер Қолымызда бостандықтың кілті барда. Бар қазақ бір шаңырақ астына кеп, Мәре-cәре болатын күн туар ма?!

Жаратқан бере салған еншімде өлең, Мен емес ата сөзін менсінбеген. Мәскеуде өткен айтыс ғұрпы бүгін, Тату бол деген сөздей көршіңменен. Аталар айтқан сөзде ақиқат бар «Жау жақта да бір үйің болсын» деген! Жаңғырған Сарыарқаның сәні бізде, Кешегі сал-серінің әні бізде. Қазақтықтың көтерген шаңырағын Керей мен Жәнібектің тағы бізде. Есімнің ескі жолын еске алмасақ, Деп айтпассың, ұрпаққа тамыр үз деп. Қасымның қасқа жолын ескермесек, Бұл күнде болар еді халіміз не?! Абылайдың ақ туын көтермесек, Бұндай өлең айтар ма ек бәріміз де?!

Сондықтан бұл қазанда Мәскеуге кеп, Жапырақтай жыр төгем сары күзде. Қақпақылдап сені де отырайын, Қансонарда түскендей қалың ізге. Айналдым үкі таққан бөркіңізден, Бөркіңізге жарасқан көркіңізден. Бұл күнде ақын болып біз келеміз Аталар салып кеткен жөңкіп ізбен. Мәскеуде бар өнерді көрсетем деп, Еріксіз ән айтып ең еркіңізден. Билеймін және күйді тартамын деп, Аузыңа жыр толтырып, желпіңіз дем. Ендеше, билеп тағы, жыр айтып көр, Жаңағы айнымастан сертіңізден. Ринат: Кигенім бар басыма құндыз бөрік, Жатқаннан соң далаға бір күз келіп. Оның несін, ей, Дәулет, оғаш көрдің, Жарқырайын Мәскеуде жұлдыз болып.

Жырла десең, жырлаймын, Биле десең, билеймін. Өз шәкіртің болған соң, Жаман сөзді түймеймін. Жақсыларға иіліп, Жаманға бас имеймін. Ағам айтты екен деп, Қырғыз құсап басыма Айыр қалпақ кимеймін. Аттарыңнан айналдым, қандастарым, Аласармас қандасым – мәңгі асқарым. Оралыңдар еліңе барлығың да, Тарихыңның сүртіңдер шаң басқанын. Тағдыр желі әкеткен Бәріміз бір желкенбіз. Айналайын қазағым, Біздер сенің еркеңбіз. Сахнаға шыққанда Өлеңдері көркембіз. Айтатыным сіздерге, Қазақ бауырым қайда деп, Крестердің ішінен Іздемейік ертең біз! Қай елде де дауыл бар, Көрген жерде ауыл бар. Айтар сөзім осы екен, Қайтыңыздар, бауырлар!

Дәулеткерей: Жазғаны Жаратқанның жарық жалған, Ашса екен әрдайым да бағыңды Аллам. Ринат ақ жүрегін жарып айтып, Сіздерге қайт деп жатыр сағынғаннан. Басыңа бөрік киіп, жұлдыз болып, Мен сені хош көремін танылғаннан. Құдайдың бере салған тіл мен жағы, Сақтасын, сахнада жаңылғаннан. Қазақтар, қайда жүрсең, аман жүрші, Айтамын сендер жайлы сағынғанда ән. Қандастар, сендер үшін, қыңқ етпеспін, Бес тал сөгіп алсаң да қабырғамнан.

Шәкіртім, қадамыңды аштырамын, Демеймін сұрақ қойып састырамын. Мәскеудің төріне кеп айтып жатсың, Жиырмада жалындаған жастық әнін. Ендеше, шәкірт болсаң, сен екеуміз, Сүгірге сап қайырмасын достық әннің, Қандастарды ырза ғып кетейікші, Қандас десе әрдайым тас тұрамын. Сөзімізді дәмді қып аяқтайық, Метросы жабылмай тұрып Москваның. Ринаттай ақынға Аямай қолды соғыңдар. Қазақ десе әрдайым,

Мына бізде, ағайын, Көркейіп кетер көңіл бар. Астананы айтайын, Қазақтың байтақ Сарыарқа Даласында төрім бар. Қазақтай елді басқарған Нұрсұлтан сынды ерім бар. Ал Мәскеудің төрінде Біздер айтқан өлең бар. Осы сөзіме мән бергін, Өлең бар жерде қазақ бар, Қазақ бар жерде өмір бар. Ақындарың сіздерге Арайлы жырын арнасын. Алыстан жетсе сағынып, Қанаттары талмасын. Қырандай текті ұлдарын Бұл Мәскеудің төрінде Сіздердей қазақ аңғарсын. Осыменен тоқтайын, Шәкіртім әрі жалғасын. Ринат: Әмірін қылса ұстазым, Құзырлық етпей не етейін? Осынау елдің алдынан Жарқырап бір сәт өтейін. Қандастарымның бәріне Сүгірдің салып әніне Барымды беріп кетейін.

Сөйлеуге бізге, ағайын, Сахнаңда бүгін құзыр ет. Баршаңызға Құдайым Берсін енді нығмет. Алауласын аузымда Қызыл да тілім – қызыл от. Қызыл да тілім – қызыл от Сіздерге етсін қызмет. Келер ме екен осылай Салиқалы сөздің сарасы, Жалпайып жатқан күтеді Сендерді қазақ даласы. Кешегі өткен тарихта Аруақты болған бабасы. Балаларым қайда деп, Сыбырлайды екен самалға Тастары мен ағашы. Айналайын қандастар, Біздерге бір сәт қарашы. Қазақстан деген нар елдің Біздер едік баласы. Қолына алса домбыра, Тосылмастан бір түнге Жырлауға жетер шамасы.

Өлеңменен сүртейін Жүрегіңнің айнасын. Ағайынға осынау Ринат тигізсін пайдасын. Ертеңгі мына айтысты Қазақстан деген жер көрер, Қазақ деген ел көрер. Қиқулап тағы шулайтын, Қолдарын соқпай тұрмайтын Қазақтарым, қайдасың?! Барша жұрттың алдында Жатқандай болдық той тойлап. Тамсансын енді жұртымыз, Ақындарына «пай-пайлап!» Осымен біз де доғардық, Шығарып сал балаларыңды, Барыңды салып айқайлап! Дәулеткерей: Қазақ – Ғұн мен түбірі Сақтың ұлы, Мен едім Дәулеткерей Кәптің ұлы.

Сіздерге кеп шын сәлем бергеннен соң, Деп ойлармын бақытты таптым ірі. Шәкіртіммен айтысып Мәскеуге кеп, Көтеріліп қалғандай бақ тұғыры. Аузымнан түсіп қалған інішегім, Бұл дағы бір Құдайдың сәтті күні!

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН ШЫНАРБЕК ҚАБИЕВ

Дәулеткерей: Бісміллә, тілге келсе төкпе өлеңім,

Халқыма қарызымды өткеремін. Ақ шағыл, арман құшқан Маңғыстауға Аққудың қанатымен жеткен едім. Алдыңа ықыласың алып келді, Шаттықтың шалқар күйін шерткен елім. Ордалы облыс тойы құтты болсын Өткерген бастан тағдыр өткелегін. Арман қалам – Ақтауым қырық жаста, Желкенін желге керген көк кеменің. Қашаған ата аруағы ырза болса, Мен қалай шабытымнан шектелемін?! Арқалап Астанамның аманатын, Тойларың тойға ұлассын деп келемін. Сұнқарын шыңыраудан шыңға ұшырған, Тұлпардың ізі қалған бөктер едің. Маңғыстаудың мәйегін кетірмес деп, Азамат тойларына бек сенемін. Пешенесі бақ пенен ырысқа бай, Көсегесі көгерген көкбөрі елім!

Жортқанда жолың болсын, ал, Шынарбек, Отырсың қазынамды аршып ал деп. Аманат арқалаудан қайыспайтын, Сенемін, сен кәтепті нар шығар деп. Құрсаң да қарсыласқа қасқыр қақпан, Ойлама бөрі жігіт қансырар деп. Жаналқым айтысқанда жанұшырып, Талантың тас тессе екен тамшыдай боп, Адай ата қоныста жүрген ұлсың, Шалқұйрық шабытыңнан шаң шығар көп. Алысқаны құлайтын айбатынан Қамыстағы жолбарыс аңсырар ме ед?! Қараймын Қашағанды туған жұртқа, Адайдың бір жүйрігі бар шығар деп! Алтайдың аясында туып едік, Ақтауға еркеледік, міне, келіп. Жалт ұшқын, жасын шабыт жанарымда, Айтыстың қолымызда туы берік. Алмасын қызыл тілдің суырайын,

Қалмасын текті өнердің құны кеміп. Маңғыстау, аталы елсің, баталы елсің, Дегендей тектіліктің тұғыры едік. Абылдың күйлерімен арқаланып, Тәңірдің жатқандайсың нұрын еміп. «Бекет» деп берекелі сөз бастасаң, Атаңды Алла сүйген құлы дедік. Шалдарымның аруағын шақырғанда, Кең Маңғыстау кеткендей күңіреніп. Қарсы алып жатқаныңда құшақ жайып, Тамсанып ішімізден тынып едік. Ал, Шынарбек, мерейің үстем болсын, Қош дедік, пейіліңді жылы көріп. Қараңды үзіп кетпессің қасымыздан, Табан қызып тұрғанда жүгірелік!

Шынарбек: Қызығын ұлы тойдың көрген елім, Тойыңа мен де бүгін дем беремін. Құтты болсын айтқаның ортақ болып, Ақжайықтан алып ұшып мен де келдім. Мэлстің ерте келген тұлпарларға Тізгінін байлайтұғын белдеу едің. Болғанда Дәулеткерей келген мынау, Желкеніңді жетектеп дем беремін. Адайдың әулиесі, әнбиесі, Мен сенің аруағыңа сенген едім. Тек қана әулиелер туғызды ғой. Мұнайшы Төреғали еңбек ерім. Дәулеткерей, қош келдің бұл өлкеге, Сен де бір алысқанды жеңген едің. Армысың, аналарым, жеңгелерім, Тентек қып ұл туғызған кемдегенің. Тойларың кұтты болсын тағы да айтам, Қалықтап аспаныңа мен көремін!

Теңедің мені қасқыр қақпанына, Риза боп мен отырмын шапқаныңа. Отырсың кең көсіліп осы төрде, Дәулетжан, маңдайыңа бақ дарыған. Сені жұрт адай ма деп қалып жүр ғой, Бұл жерде сөйлегейсің ақтарыла. Қақпан құрып қайтемін мен өзіңе, Тілекші боп отырам шапқаныңа. Көзі бар сенде білім мол мұраның, Біледі әрбір адам жолдық әлін. Каспийге шағала боп ұшып келген, Бұл дағы осы тойда болды мәлім. Каспийге қанатыңды сулатып ап, Мен сені Ақжайыққа қондырамын.

Ортаға ой бөлісіп тапқаныңды, Кейінге қоя тұрып жаттауыңды. Құлагердей көсіліп, мен тілеймін, Кең далада сен бүгін шапқаныңды. Үш жүз алпыс екі әулие қолдай берсін Астанадан келген қос бақтарыңды. Шабам деген жігітке от беретін Маңғыстау ел еді ғой бақ дарулы. Адай деген – мақтауды сүйетін ел, Тағы да жалғап жібер мақтауыңды.

Дәулеткерей: Шынарбек, шын сөйлейтін ағам едің, Даланың жырмен сүйген ала белін. Адай халқы мақтауды сүйер дерсің, Көне қояр ма екен-ау оған елің? Ақиқатқа тік қарап жүргеннен соң, Бұлтарыссыз бермей ме бағаны ерің?! Сені адай деп қалып жүр елім дейсің, Демеймін мен адайдан шамалы едім. Сабыр Адай деген де есімде бар, Бұдан бір ақиқатты жаңа көрдім. Дәулет Керей атымды ойласаңшы, Демеймін ізіңізден саған ердім. Арқыратып айтыста шауып жүрсем, Келеді шапқан сайын шаба бергім. Мэлс менің кескен-ді тұсауымды, Мінеки, мәреңізге жаңа келдім.

Осыдан мені адай деп қалады жұрт, Отырғам жоқ жорғадан тана көргім. Анамызға сыйлаған Қатимолда Қасиетін танырсың «Қаракердің!» Мен жүрмін алты алаштың бағын жырлай, Тәңірім текті өнерге табындырғай. Ақтауға алғаш келген кезімізде, Жаратқан тілімізден сабылдырмай. Шынарбек, сен де маған жақсы айтасың, Сезімге шын сөзіңді бағындырмай. Батыстың мақамына салып жүрмін, «Қарагерді» жүрісінен жаңылдырмай!

Аманатты болашаққа апарармын, Демеймін мен артықтау атақ алдым. Қақпан болман, дейсің ғой, шапқан болсаң, Жолыма келмес кесе жата қалғың. Тойына келген кезде, шапқылайын, Кешегі жыр жампозы Қашағанның. Шағала қанатымды сулап алып, Деймісің Ақжайыққа апарамын? Мен деген Ертіс бойлап өскен ұлмын, Ертістен алты алашқа сапар алдым. Жайыққа сен апарсаң мына мені, Жайығыңа Ертісті қотарармын.

Мынау ел шабытыма бағыт берген, Отырсың талантымды танып төрден. Айтайық әңгімені осы жерде Әдемі ақиқатпен әдіптелген. Домбыраның киесін мен айтайын, Жұлдызым боп жарқырар жанып төрден. Алтай асып, Қытай асып босып кеткен, Білесің, шығыстағы халықты, елмен. Сен білсең, қасиетті сол «Қарагер» – Атажұртқа қалың елді алып келген! Шынарбек: Шын жүйрік сөз таба алмай тосылғандай, Бұл Дәулет қай ақыннан шошынғандай?! Еркелеп сен отырсың елге келіп, Шабытың бүгін жаңа ашылғандай. Жайыққа Ертіс болып құям дейсің, Шуағы екі жұрттың шашылғандай. Ертіс боп қотарылсаң Ақжайыққа, Болады үш жүз қазақ қосылғандай!

Қадірін білетін ер ағаның да-ай, Тұлпардың саз баспаған табанындай. Алладан әмір болып, дәм бұйырып, Таттың ғой бұл Ақтаудың тағамын да-ай. Сыйласа Қатимолда домбырасын, Қадірін білген болар ананың да-ай. Отырсың кереймін деп алып қашып, Керей екенін біледі ел баланың да-ай. Адайдың әнін айтып жүргеннен соң, Мен сені адай ұл деп қаламын да-ай. Келіп-кетпей жүріңдер қоныс теуіп, Жүрсінші бұл Ақтаудан ән арылмай. Дүркіресең дүлей боп осы жерде, Мен есем теңіздің бұл самалындай! Бұл жерге Ақтау тойын тойлап келдің, Тәу етіп аруақтарға бойлап келдің. Айбек болса бұл жерден қыз сұрайды, Ал сен қандай бәлені ойлап келдің?

Дәулеткерей: Ақындар алқаңызға талай келсін, Жүзіңізден шапақты арай көрсін. Айбекті қыз сұрады деп кінәлап, Шынарбек бізден кінә санай берсін. Жүреміз бір қазақтың әнін айтып, Әнімізге ашылар сарай болсын. Бұл Дәулет – керей болсын, адай болсын, Халқының қажетіне жарай берсін! Байқасам, бұл Шынарбек алдырмас қой, Қозғалып орынынан тапжылмастай. Дәулетке тәтті тілек айтып жатсаң, Елімнен мен де бата алдым жастай. Адай, керей жайын бекер айтқаным жоқ, Ортада осындай да қалдырмас па ой? Мысалға, иран асып, Хиуа көшкен Адай мен Керей тағы тағдырлас қой!

Ал, енді, тілімізден жыр өңделсін, Сабырым тілімізге үнем берсін. Демеймін, Шынарбекпен айтысқанда, Шау тартып, шабытымыз жүгенделсін. Шынымен тұлпар болса бұл Шынарбек, Көмбеге қос құлағын тігер болсын. Бесқала, Түркімен мен Ташауызға Кезінде жайлап, көшіп жүрер де елсің. Алтай асқан, Қытай мен Моңғол асқан Ақиқат айтып өскен ұл ем мен шын. Ендеше, мына менен жалғыз тілек – Бар қазақ Отанына түгел келсін!

Осылай бір сәлемді жолдағасын, Алдымен ұлттың жайын толғағасын, Демегін Дәулеткерей ауа сөйлеп, Кетті деме шабысы болмағасын. Қара көздер жиналсын шаңыраққа, Аталар көлегейлеп жол қарасын. Осылай ойымды айтып мен кетейін Айтыста ақиқатты сомдағасын. «Оралман» дейтұғын бір атымыз бар, Берді деп айтпа оның кем бағасын. Ақтауда ал, мысалға, мұнай көп қой, Мұнайдың біледі екен ел бағасын. Бірақ та сол мұнайдың құны қанша, Оралманға жақсылап үй салмағасын? Ақынын аялаған Ақтау елі, Әкімің оралманға оң қарасын! Шынарбек: Дәулеттің нұр кіргендей ажарына, Бүгінгі ұлы тойдың базары да.

Ұлтымның ұрпағының аз болуы – Қоғамның кешегі аштық ажалы да. Тек қана адай, керей емес деймін Иранның асып кеткен ар жағына. Осындай бар қасірет барлық кезде Дүниенің ортақ болған қазағына. Бірлікті ойлап өткен бабалардың Ұрпағы бүгін бірақ азады ма?! Алтынның сынығы да алтын болар, Бұл қазақ ешқашанда тозады ма? Мұнайым ырыс болып барлық елге, Еш жамандық жоламасын қазағыма!

Қырсық адай ешкімге көнбейді ғой, Болашаққа бір-бірден төрлейді ғой. Өзгелерді қайтеміз біз кінәлап, Тырнақ асты кір іздеу өнбейді ғой. Тарихтың бетін қазып кінәламай, Болашақты ойлауды жөн дейді ғой. Өткенді жоқтағанмен, Дәулетжан-ау, Қайтарып бізге ешкім бермейді ғой. Тәуелсіздік ап жатыр Қазақстан, Бұндай бақты бізге ешкім бермейді ғой. Ешкімнің айтқанына көнбейтін ел Көшеге де ешкім атын бермейді ғой.

Қазағым сезіп жатыр жылылықты, Бүгінгі той жасаған күні құтты. Алты Алашқа атағын мойындатқан, Әулие аталарым ұлылықты. Әр тасы толып тұрған тарихқа Жеріңнің топырағы, құны құтты. Басқалар «Адайстан» деп айтатын, Бәрінен Маңғыстаудың жері құтты. Дәулетжан, сен жарқ еткен елеспісің, Немесе асу бермес белеспісің?! Қос қанатын қияға қатар жайып, Кәдімгі қырандармен теңесті шын. Қашаған бабаларым ел қыдырып, Хиуаға барып қайтқан емеспісің. Сол жақта керейлерде қалып қойған Қашағанның ұрпағы емеспісің?!

Дәулеткерей: Орайлы әңгімені жақындатсақ, Шынарбек Шынар деген атың жақсы-ақ. Қашағанның ұрпағы емес пе деп, Бұл маған бір шындықты мақұлдатпақ. Жақсы атаның тұқымынан мен қашпаймын, Егер де сынығына татып жатсақ! Осылай саған жауап қайтарғасын, Шындыққа шырай беріп айта алғасын. Екеуміз біраз жерге бардық білем, Тұлпардың тектілігі байқалғасын. Ырзамын, Маңғыстаудың маңғаз елі, Пейіліңе шомылдырып қайтарғасын. Ақындарға өкпеңіз жоқ та шығар, Алдыңда алқызыл гүл жайқалғасын. Ендеше, мына бізден жалғыз тілек: Маңғыстау, шаңырағың шайқалмасын!

Жатқасын Алтай таумен кенерелес, Демегін бұл дағы жай өнер емес. Ақынның қызыл тілі балға сынды, Ол қалай тасқа шеге шегелемес?! Текті көріп отырмын Шынарбекті, Атасынан баласын бөлер емес. Айбек қыз сұрап кепті деп бір айттың, Мен бүгін күтпеймін ғой сенен егес. Сұрарым ел-жұртымның ықыласы, Басқа маған ештеңең керек емес. Шынарбек: Ағайын, көріп тұрсың жол ұстамды, Қыраның қияларға мол ұшқанды. Дәулеткерей көрсетіп тектілігін, Өзінің қазақтығын дәл ұстанды. Кешегі Кеңес лаң салған кезде,

Қазақтың бар даласы орыстанды. Партияның қитұрқы саясаты, Бәрі де орыстану жол ұстанды. Тәуелсіздік келгесін тәубе дедік, Еліме бақ дарыған ырыс қалды. Жаңағы өзің айтқан оралмандар Маңғыстауда Жаңаөзенге қоныстанды. Келуге ешкімді олар шектемейді, Атажұртқа келгенді ешкім тек демейді. Қазақ деп сіңірейік ортамызға, Оралман деген сөзге өкпелейді. Қайтеміз бауырларды сыртқа теуіп, Не заман өтіп кетті өтпегейлі. Шеттегі барлық қазақ келсе дағы, Маңғыстау кең даласы кет демейді.

Айтыста халық берер төрені де, Қызыққа бүгін елім бөленуде. Дәулеткерей, Айбектей қос ұлың бар, Жолықтым айтыстың қос береніне. Алла жар, әулиелер қолдап тұрса, Мен сенем, қазақ жетер дегеніне. Ақынның сөздеріне куә болған Халқым да сыймай жатыр кемеріне. Адайдың ықыласы болмаса егер, Дәм жазып Дәулеткерей келеді ме?! Мэлс пен Дәулеткерей бар кезінде Далаңа Ұлытаудың керегі не?! Атыңнан айналайын, Дәулеткерей, Жыр десе бүлкілдесін әу деп көмей. Қырандай қалықтай бер көгімізде, Аман жүр, құлағыңа дау жетпегей! Кезің бүгін қыран боп қомданатын, Көлінің сәні бүгін болған ақын. Қайтеміз адай, керей болып біздер, Кез болды қазақ болып ойланатын!

Дәулетжан, ән тамады таңдайыңнан, Інінің жолықтырдым қандайынан. Еліңе барған кезде аман жүрші, Әр кезде Бекет сипап маңдайыңнан!

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН МЭЛС ҚОСЫМБАЕВ

Дәулеткерей: Маңғыстау – кие тұтып келер Меккем, Құйса егер Тәңір бізге өлең көктен. Алқалы алтын елдің ықыласы, Жоқ, сірә, қыран қанат төмендеткен. Айтыста, ең ақырғы айналымда, Ақындар төкпелеп жыр төгер деп пе ең?! Мэлс аға, мерейің үстем болсын, Айтыста ақ домбыра бебеулеткен. Сен едің талай топта озған күлік, Жоқ сенде сынған таға, тозған ғұрып. Сертіңе берік тұрар тұлғалысың, Көркіңе көрермендер көз қандырып. Алтынмен теңеді деп ойламағын, Алыстан анау-мынау жезді алдырып. Ұлтыңның өр рухын ұлықтайсың, Жұртыңның жүрегінде сөз қалдырып. Шабытыңды сынайын шаршы топта Сексеуілдің шоғындай қоздандырып.

Мэлс: Дегендей айтысқанда кім саналы, Осы сұрақ көкейді тұмшалады. Бәріміз білім қуған ақын едік, Болар ма өлең-жырдың мұнша бағы?! Өсекең қайта-қайта қасыма кеп, Түзесе, микрофон үн салады. Айтыстың Ай мен Күні шыққан кезде, Аспаннан ала бұлтты тұмшалады. Сарқырап өлең, шіркін, құйылғасын, Арқырап мен шаппасам, кім шабады?! Дәулетжан, біз Алаштан жол алғанбыз, Демессің сахнаға қонар жалғыз. Астананың атақты ақынысың, Өзіңді іздер жүрген қоғамнан біз. Сабыр ағам айтатын қимастықпен, Әрине, біз әзірше Оралданбыз. Тырнақшаға алып бір айтар болсақ, Оралда біразырақ жоғалғанбыз. Алтайдың алғыр туған бүркіті едің,

Із кесіп үйренгенбіз сонардан біз. Оралдан туған жерге келгеннен соң Тұғырға тұйғын болып қона алғанбыз. Сахна келіп-кетер жеріміз ғой, Қалмайық біреуміз де содан жалғыз. Сахнаға жүретін келіп-кетіп, Дәулетжан, екеуіміз де «оралманбыз»! Дегендей жатық сөйлеп жаттыққайсың, Айтыста ақтарылсаң аптықпайсың. Інім деп сені құрмет тұтушы едім, Әрине, басқалардай шаптықпайсың. Дегенмен, әзіл айтып бір көрейін, Сен өзің тал бойыңды нақты ұстайсың. «Бандыны қуған Хамит» деген кино бар ғой, Өмірлік бәйгедегі бапты ұққайсың, Сол кинода Хамитпен алысатын, Сен өзің Құдіреге қатты ұқсайсың!

Дәулеткерей: Маңғыстау – майлы қиян төрің қандай, Ақынға дем беретін желің қандай?! «Арқырап сен шаппасаң», кім шабады, Мэлстің бойындағы сенім қандай?! Бұл адайдың алқасы жібермейді, Қансорпа, тамшылатып теріңді алмай. Ендеше, ықыласты өлеңменен, Тілегім айтылса екен менің балдай. Арқырап сен шапқанда, қайтер едің, Еміреніп тыңдайтын елің болмай?! Тұрғанда ұлтың да аман, жұртың да есен, Жорғадай жолға түскен бүлкілдесең. Мен де сізді шын қатты сыйлаушы едім, Айтыста кетпей жүр ғой бір тілге есең. Мэлстей мерейі асқан ақыныңды, Көреді алты алашқа ұлтым көсем. Әрине, ақындығың қайда сенің, Туған жер тұғырында сілкінбесең!

Мэлстің назарына ілінемін, Шап десең ақбөкендей бүгілемін. Мэлстің әзіліне береке бер, Кейпін менен таныпты Құдіренің. Бойымды тік ұстаған, нық ұстаған, Ірілікке ұмтылған інің едім. Айтыста банды болса, аттатпаймын, Ендеше, бабым келді, жүгіремін. Айтыста алқынғаның сезілместен, Шабасың шапшаңдықпен көз ілместен. Есімде менің мәңгі сақталады, Каспийде телегей жыр-теңіз кешкен. Ақындық жүрегіммен кете алмаспын, Жұртымның ықыласын сезінбестен. Өзіңді ұстаз тұтып мен жүремін, Айтыста тұсауымды өзің кескен!

Демегін ақын қиял бос алдайды, Табылар аламанға қосар бәйгі. Алдыға қарап бойын түземесе, Артқылар адал болып өсе алмайды. Бабалардың хаттарын жаттамаса, Балалардың шабысы осалдайды. Ендеше, Мэлс, өзің әрі жалға, Өткір пышақ өз сабын кесе алмайды. Мэлс: Дәулетжан көз алдымда көлбеген ғой, Ағайын айқай салып демдеген ғой. Құдіре деп әзілдеп айтып едім, Демессің мына маған сенбеген ғой. Кеңестің заманында банды болған, Бүгінде Құдірені ер деген ғой. Ал Хамит Құдірені қуған екен, Сол үшін өзін баптап жөндеген ғой. Айтыстағы бандыны қуам дейсің, Өзіңе келіп отыр келмеген де ой. Бандыны банды қуса не болады, Шамасы, ол киноны көрмеген ғой!

Ақынмын аруақ қолдап бағы асатын, Адымын айтысқанда әрі ашатын. Тәңірім жарылқаса алдымыздан, Бір асқан бағы бүгін тағы асатын. Ағайын қызық көріп отырғанда, Біздің де жөніміз бар жарасатын. Маңғыстау қасиетті мекенім ғой, Әлемге әйгілеген жаңаша атын. Түрікпенді төрт бостырған Шерқаладан, Дауымшар бір құдам бар арашашым. Ақырып Сүйінқара атқа мінген, Аллағұлдың алдыртқан Қарашашын. Қамсыз ер, қарт нағашым, қайран Шабан, Қасқа атпен шауып тағы барататын. Бөрібақы дегенді иттей қылған Түрікпеннен Балуанияз әрі асатын. Судан шыққан Сұғынның айғырына Бесқаланың бектері таласатын. Сеңсең бөрік кигендер селкілдеген Сараздардың жылқысын санасатын. Береке қонған үйдің белдеуінде Көкмойнақтың үйірі таң асатын. Біз сондай тұлпарлардың тұяғы едік Кірпігі жусағанда таң асатын!

Айтыстың жақсы салты бар еді ғой, Қадамын інілердің аға ашатын. Адам түгіл, мен өзім сағынғанда, Сүйемін Маңғыстаудың қара тасын. Дәулеткерей, қадамың құтты болсын, Айтыстың арттырайық алапасын. Өзіңдей серілермен айтыссам деп, Сыртыңнан талай қыздар таласатын. Мәжіліске депутат болмасаң да, Парламенттен кем емес парасатың. Сен де бір суырылған сүлей едің, Мінгендей ертегінің ағаш атын. Дәулетжан, сені айтқыш деп айтып жүр ғой, Ауызын сәл ашса да дәл ашатын!

Дәулеткерей: Маңғыстау, киең асқан белес пе едің, Осы ғой мен ағаммен теңескенім. Алқалы сөз танитын ағайынға Бір мерей менің келіп кеңескенім. Ол киноны көрмесем, көрмегем де, Мен саған Құдіре боп елестедім. Менен несін сұрайсың, ол кезде мен Алтайдың ар жағында емес пе едім?! Бұл Мэлс жырмен таңды атырмақ қой, Айтыста ата аруағын шақырмақ қой. Қарсы келген тоңдырар қарсыласты, Арқаның аязындай сақылдақ қой. Депутатқа теңейсің, қалжыңың ба? Әзілдің қымыранын сапырмақ қой. Білесің, ақын деген қай-қашанда Халыққа Құдай сайлаған депутат қой!

Мысалға, шабыттансаң өлең туар, Телегей теңіз болса терең тынар. Мэлстей ақын туғанға разымын, Қазақтың қасиетін кемел қылар. Аға боп ақ жолыңды сен көрсетсең, Ізетпен інілікке мені ертіп ал. Мэлс аға, асықпа, Айтысқанда арбасқан, Қызыл да тілің алдаспан. Ақынсың деп айтасың, Тұлпар тұяғын дәл басқан. Қарсылас болып шыққанда, Қалқанын сайлап қамдасқан. Өзіңе тартқан ініңмін, Ағадан жолы жалғасқан. Алтайда туған ұланмын, Арайлы шыңын қар басқан. Мэлс мықты болады, Талабымды сан да ашқан.

Інің де осал болмасын, Жағаңа қолы жармасқан. Мэлсті тағы көрейік, Шабыты қазір шалқыса, Айбатынан жау қашқан. Маңғыстаудың нарындай, Маң-маң басқан, маң басқан, Шудаларын шаң басқан!

Мэлс: Жеті-сегіз буынмен Мен де алаңда төпейін. Дәулеткерей, айтыста Осы болса көкейің. Сайыстың шарты қатал ғой, Салғылассаң не етейін?! Қашаған менен Нұрымдай, Алдарыңда айтысып, Басып озып кетейін. Термелеп сөзді төккенмен, Белгілі сенің көкейің. Жағаңа қолды салам деп, Айтқан бір сөзді не етейін?! Аузымнан от өлеңді Бүркіп тастап кетейін. Арғымақтай басымды Сілкіп тастап кетейін. Қара өлеңнің қаймағын Кілкіп тастап кетейін. Маңғыстау деген даладан Қанаттарын қомдаған, Ізімнен ерген айтыста Бүркіт тастап кетейін. Руым менің қырықмылтық, Мұңалдан, сірә, тараған, Өзі қырық болғасын, Дәл біреуден қалдырып, Мылтық тастап кетейін. Інілігің белгілі, Қансонарда алшаңдап,

Жолыңдағыны жасырып, Сүртік тастап кетейін. Жағама қолың жармасса, Сілкіп тастап кетейін!

Маңғыстауда туып өскен Абыл менен Ақтандай. Шын ақынның белгісі, Бәйгеге түскен бапталмай. Дәулеткерей, қалың ел Риза болып отыр ғой, Қала ма сені көргенде Ақ тілегін ақтармай?! Мына отырған кемпір, шал Үйіне бармас шаттанбай. Алтайдың арғы жағынан Бер жағына келгесін, Әлде де талай бапталғай. Сағынысып көрістің Алтайдан келген хаттардай. Екі көзің қараған Жайнап тұрған шоқтардай. Домбыраңды ұстайсың Қайыңнан соққан шоқпардай. Қос жүйріктің шабысын Осы ағайын көргенде, Сөйлейін тағы тоқталмай. Зеңбіректей күркілдеп, Сен тұрғанда қасымда, Атылатын доп бардай. Тағы да сөйле, ал, қазір, Толғау айтып тоқталмай. Маңғыстаудың жерінде Өткен ақын-жыраудай, Солардай тағы атты алғай. Ізінен басқан ұрпағын Көріп бүгін шаттанғай. Қашаған менен Нұрымдай Жеті қайқы аруағы Бір аунап түсіп жатқандай!

Тырыссаң егер намысқа, Қадамыңды қарышта. Арғымақтың белгісі – Айтыста шабар алысқа. Өткендерден ұлағат – Мастанбаңыз табысқа. Ізімнен ерген інім деп Айтып жүрсем болғаны, Өзімдей басып, жанышта. Термелеп тағы кеттің ғой Ұшатындай ғарышқа. Өрмелеп тағы кеттің ғой, Ұқсамайсың танысқа. Екеуміз мына айтысты Жеті-сегіз буынмен Аяқтасақ қайтеді, Қызғасын бір намысқа? Осыған сен келіссең, Домбыраңды тағы ұста. Қашаған менен Нұрымдай, Әбубәкір, Сырымдай Айтарыңды бағышта. Төгіп айтшы төкпелеп, Он бір буын, мысалы, Қара өлеңге ауыспа!

Дәулеткерей: Төгіп айтсам өлеңді, Мэлс ағам таңдансын. Жармаспаспын жағаңа, Өз әніңе салғансын. Осы сөздің астарын Мынау халық аңғарсын. Ініңнің мынау жырынан Сүбелісін таңдарсың. Ізімнен ерген інім деп, Аманат сөзді жалғарсың. Мен де, ендеше, төгейін, Өзіңе ұқсап көрейін,

Мэлс аға, айтыста Артымызда шаң қалсын. Алашқа біткен ақынсың, Маңдайың елге нұр шашқан. Өлең іздеп жүресің Қарағай, қайың, сұр тастан. Мысалға, айтыс – аламан, Аламанның белгісі – Бабы келген жылқы асқан. Оза шапқан ақынға Ағайын-жұртым гүл шашқан. Ақиқат айтар Мэлссің, Арттағыға өріссің Жырымен жұртқа мұң шаққан. Барлық елге сағыныш, Көрмегенді сусатқан. Сендей ақын ағаға Іні болсам арман жоқ, Өлеңмен елді өргізіп, Жырымен жұртты жусатқан!

Мен осылай толғасам, Ағайын-жұртым, жебейсің. Мэлс ағам айтқандай, Демессің ешкім өгейсің. Інінің болса қатесі, Елекке салып елейсің. Әуеніңді сап жүрсем, «Дәулет інім, керейсің» Деп айтарың белгілі. Мэлс аға, ендеше, Өзің де жырмен демейсің. Төгіп айт дедің осылай. Абыл, Ақтан, Нұрымды Жырыма айтсам қосып-ай, Ініңді тағы көргейсің, Ірілігімнен шошымай. Мінеки, төгіп айттым ғой, Мэлс аға, ендеше, Талантыма не дейсің?!

Мэлс аға, өлеңді Төгіп те айтсаң ырзамын. Шын тұлпардай қолтықты Сөгіп те айтсаң ырзамын. Ақбөкендей адырда Желіп те айтсаң ырзамын. Сары алтындай жұртыңа Еріп те айтсаң ырзамын. Жүре бермей Оралда Маңғыстауға маң басып, Келіп те айтсаң ырзамын. Қасыңдағы ініңді Сынап та айтсаң ырзамын. Асқарынан Алтайдың Асып аққан өзендей Құлап та айтсаң ырзамын. Баяғы бір шалдардай Домбыраңның құлағын Бұрап та айтсаң ырзамын. Сынаймын деп Дәулетті, Талқысына бұл елдің Шыдап та айтсаң ырзамын. Мен Мэлстен жеңіліп Осы айтыста, ағайын, Жылап қайтсам да ырзамын!

ӘБДІҒАНИ БАЗЫЛХАН МЕН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ

Әбдіғани: Ассалаумағалейкүм, ырысты елім, Бәріміз түбіміз бір түрік дедім. Жат елден жаңа келді демеңіздер, Тіл-жағымда болмасын күдіктерің. Әдебиет дейтұғын дарияның Жағасынан азырақ су ішкемін. Жүрсін ағам көтерді қолтығымнан, Жабырқаған жанымды ұғып менің. Көңілім көтеріліп асқақтап тұр, Елімнің сахнасына шығып менің. Дәулеткерей болыпты әріптесім, Аймаңдай арулардан үмітті едім. Қазақтың аруларын – Алматыдай, Хантәңірдей көремін жігіттерін. Алтын балық алам деп ау жаямын, Қанағат қып, олжа көрем іліккенін. Дәукең де оңайлықпен жан бермейді, Жөн шығар жұмысыма кіріскенім.

Иншалла, өзіңді, елім, көзім көрді, Жаратқан жүрегіме сезім берді. Бабамның қаны тамған бұл мекенге Ағызып аттанайын терімді енді. Қазақстан ақындарына рахмет, Қонақ деп ең алғашқы жолын берді. Қазағым – малы, басы өскен халық, Бұрын аздап шапқанмен кетпенді алып. Ұлағатты іс тындырып ұрпағына, Маңдай терін далаға төккен халық. Кейде бөліп рулық, жершілдікке, Бірін-бірі өзекке тепкен халық. Патшаның сарайынан кем көрмеген Жайлауға жайғасқанын қоспен барып. Кей кездері ұмытып өткен күнін, Ойнайтыны бар тағы отпен барып. Жабағысын далаға тастамайды Жолдасын жолға тастап кеткен халық. «Қазақ әдебиеті» жетпіске кеп, Мың азаппен жеңіске жеткен халық. Жаратқан ұзағынан сүйіндірсін, Тойын тойлап, мерейі өскен халық.

Ал, Дәуке, өмір жолын түсіндің бе? Көңіліңнің көгершінін ұшырдың ба? Елім деп Моңғолиядан келген кезде, Бастабында жатырқап қысылдың ба? Жүрсін ағам жүлдеге таластырып, Асығыңды алшыдан түсірдің бе? «Дарын» сыйлық алғаныңмен құттықтаймын. Тіл болмасын, қара жерге түкірдің бе? Артыңда қалған бауыр, туыстардың Шаруасын бұрын келіп бітірдің бе? Біз секілді жол таппай жүргендерге Астанада қолыңды ұсындың ба? «Оралман» деп айтқаны орынды ғой, «Моңғол» деген атақтан құтылдың ба?

Дәулеткерей: Сөзінен ақын емес есем ауған, Шығып ем аман-есен неше даудан. Ассалаумағалейкүм, алтын елім, Сен едің пейілімді қош ала алған. Алдыңда бісміллә деп сөз бастайын, Алла деп аттаған соң босағаңнан. Ендеше, қанша жерге барады екен, Қызықтап көріңдерші, «қос оралман». Армысың, аталарым Алатаудай, Қадірің кеме қалған Қаратаудай. Өзіңді анда-санда сағынамыз, Шабытты шалқар жырмен жаратардай. Қасыма Әбдіғани ағам кепті, Соғылсын сол ағама алақан бай. Боз бота көңілменен боздап келген, Кәдімгі жер аңсаған сарыатандай.

Деген соң әдебиет – ардың ісі, Қанғандай жырларымнан жан құрышы. «Қазақ әдебиетінің» тойы бүгін, Болса егер алға оның талпынысы. Шаңырағын көтерген Ғабит пенен Бейімбет бабалардың жарқын ісі. Он бес жылдай жабылып қалса дағы, Тарландай тарылмаған алқынысы. Әдебиет ұлттың ұлы қазығы ғой, Ішінде алтын, жақұт, бар күмісі. Әдебиеті елімнің аман тұрса, Қазақтың ортаймайды мәңгі ырысы.

Алдыңа келгеннен соң аттай қадам, Қызыл тіл қылышымды жақ қайраған. Доспанбет, Ақтамберді, Қазтуғандар Жалаулы жыр көтеріп атта ойнаған. Марқасқа Махамбеттей бабалардың Қалайша намысына шаппай қалам?! Алтын хакім Абайым бар кезінде, Жырынан қазағымның бақ таймаған. Алаштың ай мүйізді серкелерін, Кесірі-ай, кер қоғамның қақпайлаған. Ал, бүгінгі тойларың құтты болсын, Тұсында тәуелсіздік шат тойлаған. Әдебиет ұлттың ұлы қазығы ғой, Алыптар алма-кезек ат байлаған. Ғұмырлы аталардың алтын сөзін Бүгінгі ұрпақтарың сақтайды аман. «Өзіммен бірге өлмесін өлеңім» деп, Қасымша мен де күнде қатты ойланам!

Әбеке, өлең айтсаң желпінерсің, Түңлігін жыр отаудың кең түрерсің. Ағама артық кетер мен емеспін, Сайыста балағыңды сен түрерсің. Атажұртқа келетін ниетің бар, Бұйырса, оған да кеп келтірерсің. Моңғол деген атақтан құтылдың ба Деп сұрап ініңізге желпінесің. Аман-есен атажұртқа көшіп келсең, Мен киген «таз кепешті» сен киерсің! Жүйріктей жарысатын өскен желмен, Осылай өлең шығар дос кеудемнен.

Ағайын екеумізді алқалауда, Атажұртқа келген істі қош көргеннен. Дәулеткерей, аға, саған ақыл айтпас, Болмаған соң алты аласы, бес бергеннен. Мен туған жерімді де ұмытпаймын, Қасиетін туған жердің ескергеннен. Екеуміз анау-мынау әңгіме айтпай, Көп дүниені айтайық көшпен келген. Сен бүгін бауырыңа бап берерсің, Қаттырақ кетіп жатсам, тап берерсің. Осылай інің тағы көсілуде, Бауырым бауыр жазып шап дегесін. Қазір біздер отырып кеңесерміз, Халық өзі айтады нақ төресін. Отанға келер болсаң, сен Қытайдан Қандай құнды дүние ап келесің?

Әбдіғани: Кім осы өз арманын көксемейді, Әркім де бәйгесіне жетсе дейді. Ағаң да барар жерге шабар бүгін, Өзіңдей бауырлары өкшелейді. Таз кепешті қашан кием деп ойлаймын, Басыма тазы жұғып кетсе, мейлі.

Шығыстағы ең алып елден келдім, Өзімдік биігімді термен көрдім. Түсімдегі қазақтың кең даласын, Шүкірлік, міне, бүгін көзбен көрдім. Осынау жетпіс жылдық мерейтойда, Тілімді жетпіс минут безбендермін. Сәлем де шығыстағы қандасыңнан, Сәлемін жеткізейін бергендердің. Қазақтың әдебиет тарихынан Тірілтіп жеті атамды көргендеймін. Алыстағы қазаққа ұрпақ болып, Апамның бесігінде тербелгенмін. Үйсін хан қызын алып миллиардтың, Ақ ордасы тігілген жерден келдім.

Көріп тұр оралманды бүгін халық, Отыр ғой қимылыңды бүгін бағып. Мен болсам, жаңа ғана кеп жатырмын, Болған сенің бұл халық сырыңды алып. Екі оралман қалайша айтысады, Отырайық, дейді біреу, түбін бағып. Егер де Отанға мен оралсам шын, Келемін тілім менен дінімді алып.

Аңсаймын өз жұртымның тұнықтығын, Сеземін Жаратқанның ұлықтығын. Қазақстан достасқан бар елменен, Сүйемін мәртебеңнің биіктігін. Әр елдің патшалары келіскен соң, Жатырмыз шекарадан кіріп бүгін. Нұрсұлтан ағамыздың нұрлы жолы Сақтап отыр осы елдің тыныштығын. Астанаға күллі дүние көз тігіпті, Алып елдер бастарын иіп бүгін. Иманғали ағамды әкеліпті, Түзер деп Алматының былықтығын. Амангелді, Нұртайдай ағаларым Айтыспен сыйлапты елге рух күн. Жүрсін ағам жұптапты екеумізді, Оралманнан шықсын деп қызық бүгін. Ал онда көз көргенді айтпаймыз ба, Жеткізіп көрерменге дұрыстығын!

Дәулеткерей: Көрікті көмейіңнен өлең шығар, Өлеңді мына халық кемел сынар. Мысалға, аға, биік шынар болсаң, Тамырың мына сенің терең шығар. Оралманды жұптапты деп отырсың, Бұл әңгіме бастауы неден шығар? «Балықтың тілін бақа түсінеді» – Жүрсін ағам осылай деген шығар. Еншілі өлеңді елге бердік балдай,

Байқасам, қазағымда кеңдік қандай?! Қазағым жан-жағына жалтақ еді, Кезінде бостандық пен елдікті алмай. «Көпен келе жатыр» деп қорқып кетсем, Дәулеткерей бұл жайды енді ұққандай. Елге ораламын деп Әбді ағам, Көңілі бүгін ғана орныққандай. Кезінде азаттықты алмай тұрып, Ши түбін паналаған болдың торғай. Мойының қашан, қазақ, құтылып ед Қамытпен қажалаған зорлықтан қай?! Ендеше, Тәңіріңе тәубе дегін, Бүгінгі жасап жатқан елдікті аңдай. Сен екеуміз осы жайды сөз қылайық, Тіліңе соқа жегіп, жер жыртқандай.

Айта алсаң ақиқатқа жол арнатып, Жанымның сарайына толар жақұт. Танауымды таңқитып кеткен талай, Жанарымды жаутаң ғып бодан-уақыт. Армандарын аһ ұрып айта алмастан, Заңғарлар қыла алмаған заманға түк. Қаншама қазақ бүгін елге оралды, Қабдештің «Соңғы көшін» сонарлатып. «Дарабоз» қазақ даңқын көшке өрлетті, Байрағын Қабанбайдың жоғарылатып. Таңжарықтың жыры елге жақұт шашты, Тағдыры әрі аунатып, бері аунатып. Ақыт қажыны Қытай атқанменен, Ұлтымыздың рухын тонап жатып. Жалғанның баянсызын білдіргендей, Қозы өлгенмен, таппады Қодар бақыт. Әсеттің әні қалды арғы бетте, Тыңдаған жұртты ұйытқан манауратып. Жәркеннің Жайыртауы жұртта қалды, Туған жер қасиетін бағамдатып. Зуха қажы бабамның басы қалды, Біз қазақ қыла алмадық оған да түк. Шығыс Түркістаным деп шырылдаған, Оспан батыр, рухың болар ма құт?!

Басы аман бөлтіріктер елге жетті, Жарасын жазғандайын жалап жатып. Солардың заңды ұрпағы біз боламыз, Демеңдер шетке кетіп жоғалды ақық. Қолда барды бағалай білсең, халқым, Басыңа өзі келіп қонар бақыт! Күректі кері тартсаң, кетпен сынар Бұл заман әлсіздерге өктем шығар. Қазағым, қай-қашанда намысыңды Сабырлы сары алтындай сертпен суар. Алтай мен Анадолы арасында Көз жасын қанша қазақ төккен шығар. Такламаканда қырылған қандастарым Бармақтарың шайнауда өткен шығар?! Халифа Алтай қартымның қазақ үшін Дұғасы бір Тәңірдің көктен сұрар. Елім деген Мұстафа Өзтүріктің Қазасы жүрегімде өрт қамшылар. Мысалға, Қажықұмар Шабданұлы, Өксісең, өзегіңнен дерт тамшылар. Қысық көздің «қылмысын» жазамын деп, Тар түрмеде кенезең кепкен шығар?! Ал бүгін Қазақстан азат күнде, Қаһарлы қыстан кейін көктем шығар. Немістерге қазақты таныстырған Хасен Оралтай ағам текті ер шығар. «Елім-айлап» өмірің өтіп жатса, Алдыңнан атажұртың – Меккең шығар. Жұртымен немереңді қауыштырып, Отанға оралар мезгіл жеткен шығар?!

Ағасы қарап қойсаң ініңізге, Өкпе айтпассыз дәл бүгін үнімізге. «Оралман» деп бір-бірімізді айдарламай, Ықыласпен қарайық бірімізге. Дәулетке сынай қарап отырғанмен, Түріңнен байқалатын сырыңыз не? Осылай кесіп-кесіп айтсаң, аға, Шиқан шығып кетпейді тіліңізге. Әбдіғани: Бұл халық екеумізге тамсанған жан, Атың алыс кетіп жүр жар салғаннан. Оралман боп шынында қуанамыз, Дәмелі боп өз елің қарсы алғаннан. Дәулеткерей, бұл күнде атың шыққан, Алты алашқа шынында арқаң бар жан. Ағаңның адымын да сен ашарсың, Білесің бе, тілінен арқандалған?

Артық жерім жоқ деймін елден менің, Көрдім мен айтыс деген керуендерін. Өлең етіп азырақ айтқым кеп тұр, Бұл жаққа кеп көзімнің көргендерін.

Ақындар бір жылда бір сөз аламыз, Деп келдік өз еліміз – өз анамыз. Ар жағынан аман-есен келіп алып, Шекарадан өте сап тоналамыз. Паспортты тексеретін ағаларға, Қой болып келіп кіреміз қораға біз. Айқайлап, адыраңдап, айып салып, Содан соң болам дейді өз ағамыз. Қалаға кеп документ тіркетуге, Делдалдардың өтірігіне оранамыз. Олардың да аузына ақша тығып, Сонан соң барар жерге жол аламыз. Мұның бәрі ескерусіз қалып жатыр, Айтпасақ дәл осындай додада біз. Келгенде құшақ жайып қарсы алатын Таза болса жарар еді шекарамыз. Адамдықтың орынын ақша басса, Біз қайтіп құдіретті ел бола аламыз?!

Мен неге шындық десе тоқталамын, Егер өйтсем, ертеңге жоқталамын. Қазақтың қасиетті даласынан, Деп келдім, білім алам, дос табамын. Ақыл-кеңес бере ме деген оймен Ағалардың алдына көп барамын. Кейбіреуі қуады конторынан, Қуып шыққан орыстай шошқаларын. Бұқа қуған танадай бұқпантайлап, Бірте-бірте жасқаншақ боп барамын. Ауылда шал-кемпір мен жетім-жесір, Мәз-мейрам тағы ішіп жүр тостағанын. Жастың бәрін солдатқа әкеткендей, Баяғы соғыс жылын еске аламын. Қазаққа қазақшаны ұқтыра алмай, Ресейде жүргендей боп қаламын.

Сағынып алыстағы ел – ел дейді екен, Ел дейді екен, сағынып шөлдейді екен. Өзгенің өрісінде жүрген халық Өз елін жұмақпен тең дейді екен. О, тоба, Қазақстан он каналдан Жырғаған бір қазақша көрмейді екен. Үні өшетін уақыт болды десек, Орыстар әлі де ырық бермейді екен. Күні бойы орысша шығады да, Ел жатқан соң қазақша сөйлейді екен. Дәулеткерей: Бар еді ағамызға ізет дейміз, Біз неге адамдықты күзетпейміз? Ақиқат айтып жатсаң, Алла разы, Біз неге шындық десек тыз етпейміз? Жақсы әңгіме айтайық той үстінде, Қазақстанды екеуміз түзетпейміз!

Ақын боп көрінесің өрік таңдай, Отырсың алқалы елге беріп маңдай. Атажұртқа оралшы аман-есен, Бабамның байлығына молыққандай. Жігіттің біреуі едің жыр білетін, Шалдардың сөздерінен жөн ұққандай. Екеуміз екі жаққа кете берсек, Жылағанға өкірген жолыққандай. Қос оралман әңгімесі қызық болар, Осынау ілдәлдәға көніп қалмай. Торқалы тоймен елді құттықтайық, Мысалы, мыстан алтын қорытқандай.

Бір жұлдыз ағып түсті жыр көгімнен, Бір түймем үзілгендей ілгегімнен. Халқыма көңіл айтып мен сөйлейін, «Бісміллә», «әлхам» сөзді білгенімнен. Оразалы қазасы қайыр болсын, Жүйріктің біреуі еді жүлде мінген. Досы боп бір-екі ауыз сөз айтайын Айқасып аламанда бірге жүрген.

Қайтқасын қол бұлғасып, қош тірлікке, Жалғанға қоя алмайды ешкім нүкте. Ортекедей ойнақтаған Оразалы, Біз сенің қасиетіңді кеш білдік пе? Алтынның қолда барда қадірі жоқ, Өмірді арзан сүріп, бос күлдік пе?! Қаймана қазақ жұртын қан жылатып, Көз жасын қайран ана төккіздік пе? Бауырым, жатқан жерің жайлы болсын, Тірлікте баспаушы едің тексіздікке. Ораз-ау, қадіріңе кімдер жетті, Бес тиынға тұрмайтын бес күндікте?!

Кеткендей толып бүгін заман зарға, Қарыс баса алмаймыз қадамды алға. Періште пешенеңе жазады екен, О баста пенде болып жаралғанда. Шарғын, Қойдым, Көдек пен Таңжарықтан Тартылған салиқалы санаң барда. Мейірін тыңдағанның қандырушы ең, Сүмбідей жал-құйрығың таралғанда. Құлдыраңдап шабушы ең құлын құсап, Құланаяң Құлмамбет бабаң барда. Сен едің Сүйінбайдан қалған сарқыт, Жоқ еді ашкөздігің аларманға. Жамбылдай жыр-жамбыны құлатушы ең, Жанарың жай оғындай қадалғанда. Сен өліп, жоқтау айтам деп ойлап па ем, Қу тірлік қу жанымды амалдауда. Талантты пұлсыз беріп, құнсыз алса, Құдайдың құдіретіне шараң бар ма?!

Айналайын ағайын, Бүгінгі мына тойыңда Алға бір қадам жасайын. Әдебиеттің ары үшін, Қазағымның бағы үшін, Өлеңімді термелеп, Шашуымды шашайын. Аңқылдап келген ағама Дос құшағымды ашайын. Ал, аға, әрі сен сөйле, Мен өксігімді басайын.

Әбдіғани: Ежелден аз болған жоқ қазағымда ұл, Атағы дүниеге таралып жүр. Ұлағатты ұл, ибалы қыздарменен Ел болып жыртығымыз жамалып жүр. Соның бірі – кешегі Оразалы, Қасиетті гүлі еді даланың бір. Көріп ед біздің елдің қазақтары, Әр сөзін қуат қылып, нәр алып жүр. Қара жер қалай ғана жасырды екен Ақынның алаулаған жамалын гүл?! Жырмен елді тербеткен боздағым-ай, Әр таңда сағынышпен жазамын жыр. Қасиетті қарғалдақты іздеп келіп, Сипалап қалғаным-ай сабағын құр. Уа, халқым, ақынды шын құрметтесең, Бір минут үнсіздікпен аза білдір.

Дәуке, бөтен емессің сен де маған, Дей көрме сыбағамнан кенде қалам. Ақындардың ішінде алымдысың Тастаған күн-күн сайын өрге қадам. Халқымның ықыласынан айналайын, Не керек деп айтамын өзге маған. Өткенде иман, тіріде береке боп, Болыңдар, айналайын, сендер аман.

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН НҰРЛАН МҰСАЕВ

Дәулеткерей: Жазғаны Жаратқанның жарық жалған, Бастайын бісміллә деп, қадірлі Аллам. Алашым, алқаңызға қайта келдік, Сенің пәк пейіліңді сағынғаннан. Жалғыздың жары Құдай қай-қашанда, Болса екен қазағыма Тәңір қорған. Бүгінгі тойларыңыз құтты болып, Құдайым айырмаса сабыр жаннан. Қазағым, сенің үшін жыр төгейін, Тірек тауып көріңдер табылғаннан. Қазағым, сенің үшін қыңқ етпеспін Бес тал сөгіп алсаң да қабырғамнан.

Сен тайдан Нұрлан едің құнан шыққан, Құнаннан бүгін бесті жуан шыққан. Қатарлас інілерді дәл өзіңдей Алатау атырабы гүл аңқытқан. Жортқанда жолың болсын енді, бауыр, Көремін ғой мен сені үні артықтан. Маңғыстаудай маң далаң қолдай берсін, Жұпар шашқан жусан иіс жыр аңқытқан. Ал менің тілегімді қабыл қылсаң, Бүгінгі қайырмаңды тәуір қылсаң. Алақандап алашың қарсы алады, Әрдайым адал жырмен сағындырсаң. Аға болып тілекті мен де айтармын, Айтыстың Алатауын бағындырсаң. Кезегіңді беремін енді өзіңе, Ағысынан өзенді жаңылдырсаң.

Нұрлан: Ұл неге ақбөкендей орғытпайды, Шарапатқа кесапат жолықпайды. Абыл ерін алдына елестетсең, Тәңір елім тыңдаудан торықпайды. Ағайын, алдарыңа қайта шықтым, Бақ болып басымызға қонып бәйге. Астананың келсе де неше ақыны, Маңғыстаудың баласы зорықпайды. Алпыс батпан ауырды көтерген ер Бес батпанды қосқаннан қорықпайды. Өзіңді Мэлс ағам баптаушы еді, Шәкіртім деп бетіңнен қақпаушы еді. Ұстаз болған сол Мэлс ағамыз да Сабыр Адай жырларын жаттаушы еді. Сол Сабыр мына маған аға болып, Інім деп алтынменен аптаушы еді. Сен өсірген ұстаны мен өсірдім Деген мақал сенімді ақтаушы еді. Апырмай, айтысымыз не болады, Сарыүйекті сарыүйек шақпаушы еді.

Тілін тапсаң айтатын қарт аңызды, Самал желің көнекөз шал тәрізді. Өткен күнге өкініп біз қарармыз, Аяздай қарығасын арқамызды. Ағашты балтаменен шапсақ тағы, Ағашпенен саптаймыз балтамызды. Бір бақыт – қазақ шалға ұрпақ болу, Құрғатып тұрса да өмір аңқамызды. Мойынын соза құлап ыңырсыған, Алатау мәңгі шөккен нар тәрізді. Сол нардың өркешінде қысы-жазы Алынбайтын ақ жабу бар тәрізді. Дәулеткерей:

Өзіңдей алқаласа ел ардағын, Ақындар шабыттанып төгер барын. Дұрыс-ақ, сен тегімді айтып жатсың, Ол рас, мен Мэлстен жол алғамын. Мэлстің сол ұстазы Сабыр Адай, Амандасып ауылында қол алғанмын. Астанадан қанша ақын келсе де деп, Бұрқырап жатыр маған борандарың. Бауырым, еш тынысың зорықпасын, Ала бер көп бәйгенің қамалдарын. Тұлпардың тұяғы деп білем сені, Екі айналып зорықсаң, не болғаның?!

Інімді жетелейді асау арман, Берейін ақ жолыңды жасап алдан. Ол рас, текті атаның баласысың, Үлгі алған Абыл, Ақтан, Қашағаннан. Шабытты шалдарымның құтты сөзін Мен дағы көкірегіме қашап алғам. Нұрландай інім, саған жол болсын деп, Мен дағы сұрайыншы Жасағаннан. Халқым да жүйелі сөз сақтайды көп, Қонса екен басыңа, інім, бақ бәйге боп, Бір мәтел айтып кеттің мына жерде, «Сарыүйекті сарыүйек шақпайды» деп. Қазақтың бір мәтелін мен де ескертем, «Ұяласты ұялас қаппайды» деп.

Қағазға тіл бітірген қалам шығар, Қылаңнан бір бөлінсе баран шығар. Нұрланды Жүрсін ағам таныстырса, Болашақ бәйгелерге қадам шығар. Ағаға қарап іні өсер деген, Өзіңді алдыменен ағаң сынар. Мэлстен талай жолды мен де алғанмын, Көп халық біздің жайға алаң шығар. Дүние кезек деген сөзді айтамын, Бұл да бір басқа келген заман шығар. Нұрлан: Жеті буынға мен салсам, Тарқасын көптің құмары. Бұйыртса, бұл ініңіз, Жолыңызды қуады. Көп ақынның ішінен Ай бетінен кіреді, Күн бетінен шығады. Абыл, Ақтан, Қашаған Өлеңнен мүсін жасаған, Ауыздары дуалы. Сол шалдарға ұқсаппын, Арыстанның баласы Арыстан болып туады!

Қазақта жан болса да мені білмес, Алашта адам жоқ ғой сені білмес. «Дарын» деген сыйлығың құтты болсын, Оны қалай Нұрландай сері білмес. Қасқайған қанды балақ қаршығасың, Шеңгеліңе несібе кем ілінбес. Ініңе ақылыңды айта отырғын, Кәрі білген нәрсені пері білмес. Айтыста айылыңды нықтағайсың, Дұрыс айтса құлды да құптағайсың. Ұяластар бір-бірін қаппаса да, Ұрыста тұрыс бар деп ұқпағайсың. Зәріне шыдай алмай отырсаңыз, Шаянның ініне қол сұқпағайсың.

Дәулеткерей: Қазаққа мамыражай заман келсін, Тәңірім несібесін адал берсін. «Дарынменен» құттықтап жатсаң, інім, Ақ жолы ағалардың саған келсін. Қартайып тұрмасақ та бұл заманда, Айтыста айқасатын шамам болсын. Інілерді сипайтын маңдайынан Әрдайым мендей сенің ағаң болсын. Нұрлан-ау, бүгін келіп дүбір салдың, Бөктердің сыр тұнатын гүлін шалдың. Арыстаннан арыстан туады деп, Шабытты шалдарымның үнін салдың. Алмастай қызыл тілің аман болсын, Жалғанның айы менен күнін шалғын. Тіл-көзден сақтасын деп мен тілейін, Сарқыты сен боларсың Сүгір шалдың. Сарқыты сіз болсаңыз Сүгір шалдың, Кеп отыр Сүгір шалдың үнін салғым.

Ақындар бүгін сөйлесе Жүректері лүпілдеп. Әрқайсының өлеңі Ұлтым және жұртым деп. Екеуміз де, Нұрлан-ау, Айтамыз елге нұр тілек. Шабытыңнан танбағын, Алашта болып ардағым, Осылай сөйлеп жүре бер Көк мұхиттай күмпілдеп! Көргенде сендей ініні, Жас келмей ме жанарға?! Аға болып алдыңнан, Ақ жол тілеп қалам да. Есіңе сала кетейін, Адайдан туған баласың, Сүгірдің әніне саларда. Дауысың жетсін әрқашан, Шабысыңнан танбасаң, Дүбірің жетіп ғаламға. Мен де білем батысты, Білмесем де АҚШ-ты, Кешегі шалдардың сөздері Сақталған менің санамда. Осы сөзді ұмытпа, Ұнатпаса бұтақты Бұлбұл құс ұя салар ма?!

Нұрлан: Айтыстың алтын тектес ділдәсісің, Ел үшін қай кезде де жыр басысың. «Дарын» деген жай атақ болады, аға, Бірақ сен бұл айтыстың тұлғасысың. Баланың ісі шала деген сөз бар, Демей отыр, інің балалық қылмас үшін. Жаңылысып кетіппін, кешір, аға, Кәрі емессің, кәрінің құрдасысың. Жаңа өзің айтқандай, Арыстанның баласы Арыстан болып туады. Жолыңды сенің қуады, Болған соң аузы дуалы. Сүгірдің салып сазына Кеткенменен, қулықты Бұл інің бірақ ұғады. Қанша мақамға салсаң да, Інің қалай бұғады? Әлі жеткен алып та, Шалып та, бәрібір, жығады.

Дәулеткерей: Жыр-думан болсын елім тамашалар, Ақын бол ақ сөзіңмен бал аша алар. Алып та, шалып жығам деп отырсың, Байқаймын, ойыңда әлі тамаша бар. Ағаңды бөрікпенен ұрып алып, Деп ойлама шапанмен жаба салар. Інім ғой деп ізетті сөйлеп тұрмын, Тірескенмен ағаң да санаса алар. Сүгір шалдың сазына салып жүрші, Бабасы еккен егінді баласы орар!

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН САРА ТОҚТАМЫСОВА

Дәулеткерей: Тұрғанда тебінгіміз терге бөгіп, Көрейік кеудемізді желге керіп. Алқаңа ақын болып түсіп келген, Арқада абаттанған төрден едік. Тойында «Қазақ әдебиетінің» Көрейін көркем өлең зерлеп өріп. Алдыңа үшінші рет келгенімде, Дүние бара жатыр дөңгеленіп. Төгіп-төгіп тастайын, ал ендеше, Жай келіп қайту үшін келмеп едік! Бағыт біліп сөйлейтін бүгін епті, Қырандай тіліп жатса үні көкті, Қытымыр саясаттан қысым көріп,

Әдебиеттің әр қилы ғұмыры өтті. Саясаттың салқыны тиген сәтте Жазушының жүрегін тіліп өтті. Ақындардың ауызын аштырмастан, Арманын айға ғана іліп өтті. Бүгінгі әдебиет бақыттырақ, Біздерге кешегінің нұры жетті. Кешегі қауырсынмен жазған жырлар Қаламмен жазған жырдан құдіретті! Бергенде өлеңіне Дәулет ерік, Кеткендей сахнаға сәулет еніп. Әдебиеттің тойы ғой бүгінгі той, Қайыспай келе жатқан нар көтеріп. Қазағым, өзің қандай қасиетті ең, Сараны алып шыққан хан көтеріп?!

Сара: Алла деп қыздарыңыз ән ақтарды, Тарбағатай шыңынан қанаттанды. Сіздермен қауышуға тым асықтым, Тоса-тоса тауысып тағаттарды. Жөн көрем найзағайдан қуат алып, Жүзімді күн нұрына жалатқанды. Айбарлы елдің қызымын ай таңбалы, Ақ ниетпен қарсы алар әр ақ таңды. Жақсы сөз – жарым ырыс, жақсы көрем, Жаһанға жылы лебіз таратқанды. Қаракөз қыздарыңыз қайта шықты, Медет қып жалғыз ғана Жаратқанды.

Сан талай аламанда озған атың, Ойың бар Сара қызды көзге алатын. Қарындасың боламын мен де сенің, Шығыстан шыққан күндей қозғалатын. Өзіңіздей ағалар сирек қалып, Айтыста қаптап кетті бозбала тым. Алматыдай аяулы мына жерде Самғатшы саумал жырдың сөз қанатын. Азуы алты қарыс, аманбысың, Айтыста дес бермейтін көкжал ақын.

Сіз неге бізге сонша үңілдіңіз, Қалайша түсінеміз мұныңды біз? Аузың астау болғанда, сөзің – саба, Тілің піспек болғанда, жырың – қымыз. Сол қымыздан өзіңе бір ұрттатып, Айласын асырмақшы бұрымды қыз. Қымызды сырлы ожаумен сапырғандай, Сіз-біз десіп сыйлассаң, сіңімдіміз. Масайып ояна алмай қалып жүрме, Қарындастың құрығына іліндіңіз.

Дәулеткерей: Тайың ем қанып ішкен тас тұмадан, Мен қалай арынымнан бастыға алам? Қарындас қапталыма жақын келіп, Болып тұр мынау жалған жақсы ғалам. Бозбалалар көбейіп тынышыңды алса, Аға боп құшағыма қапсыра алам. Жаратқанға сиынып шықтым дейсің, Бар сенің ағаларың жақсы, жаман. Қарындас, ештеңеден қорықпағын, Ағаң боп қанатымның астына алам.

Елімнің жұмсақ тиіп алақаны, Ақындар тілден өлең таратады. Қарындасқа қарайтын қорқау емен, Сенсің ғой Тарбағатай балапаны. Сен болсаң Тарбағатай балапаны, Алтайдың шуақты атсын ала таңы. Екеуміздей қазақтың екі ақынын Алқалы ел баптап әкеп жаратады. Жаман ойы ағаңның жоқ, білесің, Тәтті сөзің тек қана қаратады. Алдыңда әлі талай сапар бар ғой, Қарындас, жасырмағын атаннан бой. Әдебиет тойы екенін ескерейік, Қыстығып көмекейге қақалғанда ой.

Ұлы Мұхтар, Сәбит пен Ғабит – бәрі Ардың жүгін көтерген атандар ғой. Кеңестік Кербаланың шөліндегі Шөлге шыдаған талай қатар бар ғой. Мұзжарғыш кеме құсап рухты айтып, Ілияс ұлы жазушы атанған ғой. Кеңес кезде жазып берген «Алтын Орданы» Ілияс Есенберлин нағыз қаһарман ғой.

Биіктен орындалса ұлт талабы, Қалайша біздің өлең сырт қалады. Сара қыз, қасымдағы қарындасым, Күте бер сыбағаңды сырттан әрі. Адал ниет ағаларға ақ сөйлегін, Ұға білер қыз болсаң ұлт қабағын. Әдебиет дейтұғын – ардың ісі, Оған қандай сұқ көздер сұқтанады?! Қазағым, өлең-жырдан айырмасын, Қазақ болмай кеткен ғана мұрт қағады. Қазақтың ұлтсызданған рухтарын Тек қана әдебиет құтқарады. Ақыным деген сөзге сай болайын, Мен қалай жанарыңа байланайын. Қазақтың арлы қызы бола білсең, Абыройы жарқыраған айнадайын. Қара өлеңнің тұнығынан қанып ішкен Өзіңдей қарындастан айналайын.

Сара: Айтыста сізді ерекше дараладым, Жақсы жансың жайлаған жан аралын. Білмеймін, мені көрсе бітті, бәрі Ақылынан алжасады ағаларым. Ағатай, өзің маған қорған болшы, Жаныңызды келіп мен жағаладым. Есірік көзден қашқан елік құсап, Саяңды келіп сенің паналадым. Сұғанақтың сұғынан сескенетін, Шарасыздан шарқ ұрған шағаламын.

Жырымыз айтылсыншы көппен біздің, Армандап алдарыңа жеткен қызбын. Жұрнағым жалғас алып әр сөзімнің, Жұмбағын сан мықтының шешкен қызбын. Қамал боп алынбасқа бекінген соң, Самал боп құлақтарға ескен қызбын. Қолыма он үшімде домбыра алып, Өнердің дариясын кешкен қызбын. Тотыдайын түрленіп сахнада, Жүрегін жігіттердің тескен қызбын. Ағалардың сауытын сұрап киіп, Аналардың салтына көшкен қызбын. Не десең де алмаймын жағаңыздан, Жасымнан аға сыйлап өскен қызбын.

Періште қанат пішінде, Адалдық болсын ісіңде. Шырылдап кете қоймаспын Азулылардың тісінде. Жалғыз аққудай боп келдім Қаншама қыран ішінде. Жаратқан Алла, медет бер, Қанатыма дақ түсірме. Дайын қызыңның бірі едім Ұлт үшін у да ішуге.

Дәулеткерей: Танытқан ақын едім жырдан да екпін, Сән қылып, салтанатын құрған көптің. Қарындас жылынады деп ойлаймын Шуақты жырларына бұл Дәулеттің. Көп қыранның ішінде аққумын деп, Білмеймін, жанардағы мұңдарды өптің. Азулының тісінде кетпеспін деп, Шоғын салып жатсың ба думанға өрттің? Қарындас, маңдайыңнан мен қақпаймын, Саған азу көрсетіп тұрған жоқпын. Төгілер елім үшін өр өлеңім, Осы ғой көсегемнен көгерерім.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙