Адырна
Ықылас Ожайұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақ поэзиясына өз үнімен келген ақынның бұл тұңғыш жинағына алғашқы өлеңдері енген.
Ықылас Ожай
Адырна
( Өлеңдер жинағы)
Жоқ едім басында,
Алланың бұйрығы мөрленіп,
Маңдайдың тұсына.
Ғаламның көгінен жұлдыздай
сорғалап,
Сөз болып ояндым қаламның
ұшында.
Кертолғау жырдың зарымын
Тарих
Бөкен жон, бөрте қыраттар астында
Шөптермен жабылған,
Ақсөңке сүйектер сөйлейді,
Не түйдік аруақтар зарынан?!
Менің тарихым – ап-ащы, күп-күрең,
Себебі ол, анамның жасымен,
Атамның қанымен жазылған.
Қария қыраттар сөйлейді күңіреніп,
Қобыздың тілімен,
Бір әуен талықсып жетеді құлаққа
Торғын жел үнімен.
Қан бөккен даламның қайғысын сеземін,
Жылқының жалы мен жусанның бүрінен.
Қайран, қабылан бабалар
Басының ішінде күн жанып,
Шуағы жүзінен байқалған.
Орхонның көк мәрмар тасына кертіліп,
Ерлігі айтылған.
Түз жүрек, тау мінез түркінің
Астында қара жер теңселіп,
Ауызында көк аспан шайқалған.
Ойхой, Орхонның жазуы,
Сен едің расы –
Бабамның жәдігер мұрасы.
Тамырымда күркіреп ағатын,
Қайда сол көк тастың көгілдір дұғасы?!
Көгілдір дұғамды
Кеудеме кісінетіп,
Боздадым зарлы үнмен,
Боздадым қазақы тағдырмен.
Сөйттім де,
Жылқының иісіндей бұрқырып,
Тұлпардың тостақтай көзінде
Тұңғиық шер болып қалдым мен.
Мадақ
Әлемді жаратқан, Алла,
Әкемді жаратқан, Алла,
Адамды жаратқан, Алла,
Анамды жаратқан, Алла,
Саған мадақ болсын, мадақ!
Ей, Алла!
Сен жатырға салған жалғыз дән,
Қара жер бетінде қоғадай қаулаған.
Аз ғана ғұмыры ақшаға сатылып,
асқазан алдаған,
Қосаяқ құлыңның қылығы
Әлгі... қара шыбындардан аумаған.
Бесіктен бейітке жосылып,
Өтсе де ғасырлар неше мың.
Хикмет кітабын меңгермей,
Аспадық тағылық кеселден.
Құдайсыз жүректі түленге билетіп,
Тоғышар тұрғыны боп алдық,
Кеңірдек дейтұғын көшенің.
Көзімнен көгілдір жапырақ бүрлетіп,
Жыладым...
Жалаңаш көшелер жанымды кірлетіп,
Қара жер үстінде күп-күрең тіршілік,
Адамзат адасып барады
Барады тағы да
Екі аяқ үстіне жемтігін сүйретіп.
Бөксе мен бөтелке түбінде,
Жыныққан дүбірге.
Шырмалып бұл пәни
Көшсе де көрпелік ілімге...
Табиғат сөйлейді,
жап-жасыл, тұп-тұнық
Құдайдың тілінде.
Сол тілді түйсінер жүректі шаң басып,
Неге мен құлаттым еңсемді?
Тағдырым – тамшының өлшемі,
Жоқ едім, бар етіп,
Құрсақта жүздіріп,
құрлықта тұрғызған, Раббым,
Сол үшін сүйемін мен сені.
Жоқ едім басында,
Алланың бұйрығы мөрленіп,
Маңдайдың тұсына.
Ғаламның көгінен жұлдыздай сорғалап,
Сөз болып ояндым қаламның ұшында.
Бес күнім берілген адамдық пішінде,
Алтыншы уақытты көремін түсімде,
Сол түсті іздедім шарқ ұрып жалғаннан,
Сөйтсем ол жүр екен «аруақтар» ішінде.
Құсни ғаламның құс жетпес шегінде,
Қауышып қаралы өлімге,
Адами қауызың аспанға бүр атар,
Алтыншы уақыттың демінде.
Біз сөйтіп,
ертең бе, бүгін бе?
Табыттың бұлдырап түбінде,
Көгілдір әлемге көш түзеп,
Сөйлейміз мүбәрәк
Бір ғана Құдайдың тілінде.
Құса
Қарғам, маған қайғылы деп кінә артпа,
Тұл тірліктен тұншықпаудың айт емін,
Кіл мұңсыздың тірі өлігін көргенде
Тітіркенбей, қайтейін.
Қоңыр кештен қою-қою ой ұрттап,
Серт байласқам іңірмен.
Қайырымсыз пенделерден қамығып,
Қарашығым хат жазады түнімен.
Тәңірінің тамшысынан жаралғам,
Әй, есер ел, табаныңда езілдім.
Ұятыңды ұшықтасам деп едім,
Мөлдірімен көзімнің.
Құсалықтан қобыз мұңның мендегі
Қыл ішегі дір еткен.
Күрсіністің күлбілтесін маздаттым,
Тағдырыңды түйсігіме түнетсем.
Күн батыстың күйреуінен жалықтым,
Сосын тағы айтпақ сөзді іркідім.
Олар маған көрсетпекші өнер деп,
Көрпесінің бүлкілін.
Көрпесіне күнә жаққан, «анашым»!
Қара жұртты қайда тастап барасың?
Ем қонбайтын ессіздерге не дейін,
Ермек қылған екі аяқтың арасын.
Жердің беті толған пенде тәубәсіз,
Енді оларға ештеңе деп айталман.
Жалғыз Ием, жар бола гөр құлыңа
Адам тектес шайтаннан.
Биік-биік мінбелерден сөйлейді
Қарыны тоқ құмайлар.
Кісі жегіш кеңселердің ішінде
Отырады құдайлар.
Сол құдайлар сорпа жұтып сорымнан
Жылатады мен бейшара ғаріпті.
Ожданымды отқа жағып ойсыздар,
Обалымнан ойыншық жасап алыпты.
Күлдір-күлдір күңірендім не пайда?
Күн тұтылып ішімде.
Талқан болған тағдырлар-ай, қайтейін,
Тіршіліктің тісінде.
Мамырстан
Ауасы аққу аңқып сай гүлдеген,
Мамырдың қай жерінен қайғы көрем.
Жарықтық, жасыл көйлек жаз туғанда,
Жұлдыз жусап, аспанда ай бүрлеген.
Жібек жел майда лебін маңыратқан,
Самалынан қас сақтың зарын ұққам.
Алагеуім туғанда ақшам қария,
Көлеңкесін ауылға жамыратқан.
Қырқадан құлан иек таң ағарған,
Мамық жер мамыр келіп майға оранған.
Табиғат таңғы шықтан шолпы тағып,
Ақ қайың балтырына ай оралған.
Көкқасқа көлдерім-ай шағалалы,
Кірпігіне күн қадап барады әні...
Бұтағы бурыл айдың бұлттан өтіп,
Сәулесі су бетінде таранады.
Елігім, арқар күйіс қоңыр далам,
Сен менің арманымсың орындалған.
Мен әлі-ақ жана алмаған жұлдызымды,
Аққудың омырауына шомылдырам.
Жұмекенге
Қазадан қара басты ап қашуға,
Әмірің қайда Тәңірмен соттасуға.
Сен анаңның туғанда құрсағынан,
Атың тұрған ажалдың тақтасында.
Маңдайдан жыр түлетіп өскен ерсің,
Мейлі, сені мынау жұрт кештеу білсін.
Асандар қасіретіңді қайдан ұқсын,
Үсен болып тағдырды кешпегесін.
Тілегін ұшықтатып теңгеменен,
Үкім айтып үр жалған дөңгелеген.
Қара жердің үстінде, қайран, аға,
Қайтіп өмір сүргенсің пенделермен.
Теңгесі көп немені текті көрген,
Кеуделерге жаншылдың көк тіреген.
Қос қанатың құсадан қайырылып,
Өксігіңе өртеніп кеттің білем.
Мен өзі адам деген жемір едім,
Алдында жұтқыншақтың жеңілгенмін.
Табыт жасап сатқаннан пайда тапты,
Тәубәмді ұмытқалы кеңірдегім.
Табанға таптататын бар асылын,
Мен де сол, бір пенденің баласымын.
Қызыл құрт қу дүние қымбат екен,
Құзғынға айналғанда қарашығың.
Бүгін сенің атыңды жар қылғандар,
Кеше сенің жаныңды жазғырғандар.
Өлтіртіп ап өтірік жоқтау айтты,
Көз тіріңде көріңді қаздырғандар.
Жұмекен-ай, Жұмекен, дерті күшті,
Дертке ұшырап менің де бөркім ұшты.
Қадіріңді білмеген тас қоғамда,
Қабіріңді жырладым... өкінішті.
Нама
Айкезбе болған пенде едім,
Қос көлімнен қан аққан,
Қос жағымнан зар аққан,
Күрсінісіме күн сіңіп,
Көкірегімнен таң атқан,
Мен – ақын деген шерлі едім.
Аққуда құстың қанымын,
Кертолғау жырдың зарымын.
Қара өлеңіме қададым,
Қарашығымның мамығын.
Аспани қанат қиялдан,
Тәңірісі жебеп сый алған.
Құс мүсін өлең дүр еткен,
Көмейіндегі ұядан,
Мен – ақын деген шерлі едім.
Көзінде теңіз тулаған,
Көгінде қиял шулаған.
Анаға тәні сыйғанмен,
Далаға тәні сыймаған.
Тілінен нөсер септірген,
Жұпар дауысы Көк тілген.
Таңдайын нұрға тоғытып,
Маңдайын желге өптірген,
Мен – ақын деген шерлі едім.
Кеудеме қонған үйректің,
Көзінен тамшы бүрлеттім.
Омырауынан ой саудым,
Қара өлең деген дірдектің.
Тәңірі деген биімнің,
Сөз деген ғажап сыйымын.
Домалақ баспен көтердім,
Дөңгелек жердің күйігін.
Есінен өлең есілген,
Көк үйрек ұшқан төсінен.
Қап-қара жерде тұрғанмен,
Қағазда ғұмыр кешірген,
Мен – ақын деген шерлі едім.
Мен – ақын деген әулие,
Ар-иманнан кенде емен,
Пайғамбар жолын жөн көргем.
Сыйыспадым тірлікте,
Сырты – тері, іші – боқ,
«Адам» деген пендемен.
Көкірегі желдеген,
Кеуделерден сенделгем,
Мен – кедей деген жұрттанмын,
Креслоның астында
Көзімнің жасы жерленген.
Тура бір жолды сүйіп ем,
Жағыну келмей қолымнан,
Ол-дағы болды сорымнан,
Иілмеп едім ит тірлік
Жалғыз да қалдым, жалған-ай,
Жағымпаздығымның жоғынан.
….Бота тірсек, киік күн,
Запыран жұттым күйіктен.
Заманым былай болғасын
Иығымдағы жұмырдың,
Екі інгенін иіттім.
Дүние-ай, бүгін мұңдымын...
Бұрымдымды құл еткен,
Бұралқы етіп жүдеткен.
Есіл дүние-ай, не дейін,
Ерке қызың нан тапты,
Етекке біткен бір етпен.
Бес күндік жалған сынадан,
Тәнінен тоят сұраған.
Бөксеге басы шырмалып,
Бөтелкеден құлаған.
Ей, қазақ еркек кіндігің.
Ғұмыры келте шешілген,
Шарана кетпес есімнен.
Кінәсіз менің періштем,
Пышаққа тумай кесілген.
Алжасқан мидың мастығы,
Жетімдер үйін ашқызды.
Талайды әлі істетер,
Жүрегіміздің тастығы.
Адамнан жаздық азасын,
Алладан болған қазасын.
Уақытша ғана ғұмырдың
Қасіретіне байладық,
Құнанбайдың да баласын.
Осыны қазір ойласам,
Қасқалдақ қаным мұздаған,
Қабылан сүйек сыздаған,
Тәңіріні сүй, әйтпесе
Қоңырсыған қу тірлік,
Кімдердің арын бұзбаған.
Адам Ата баласы,
Төсіңе табан бастырма,
Тірлікке бола қас қылма,
Сіз мекен қылған ғұмырдың
Бес күні жердің үстінде,
Шексізі жердің астында.
Мен бөгдеге сенбеймін,
Бір күні қайғы шектірер,
Қабырғаңды сөктірер,
Ол ертең туған тұқымға
Бабаңнан қалған мүрденің,
Бас сүйегін тепкізер.
Санаңа шіре салдырып,
Қабағына қаратар,
Келекеге жаратар,
Кеудеңнен намыс кеткен күн
Айуандығын асырып,
Аяқтың күсін жалатар.
Құрсақты жұртым пәктегін,
Рухы сонда ұлтыңның,
Қайнары сонда құтыңның,
Есіңде болсын есіл ел,
Жат сарып кеткен жатырдан,
Жақсы боп тумас тұқымың.
Өр қазақтың тұяғы,
Күлдір де, күлдір, күлдір де,
Күлкіні басқа ілдір ме,
Алланың нұрын аңсасаң
Кірпиязыңды кірлетіп,
Көрпеңе күнә сіңдірме.
Хауа Ананың жалғасы,
Болмысыңнан бүтін ең,
Бес күндікке түтілмен,
Абыройыңды үркітсең,
Ұшынбай ма ұрпағың,
Омырауыңның сүтінен.
Хаһнамамды айтсам қаумана,
Өлеңдей кие үркектің,
Көкірегіне күн төктім,
Шыңыраудан сөз сауып,
Қыбын бір тапсам деп едім,
Қызыл тіл деген шикі еттің.
Мен – ақын деген пірәдәр,
Солай да, солай мұң шақтым,
Анығымды айтсам бір сәтпін,
Бұйрығыменен Тәңірдің
Ақ қағаздың үстіне,
Ақбөкен ойды жусаттым.
Астана
Астана жұртын айналған…
(Махамбет)
Анау…
Орхон мен Енисей бойында,
Жебемнен жел тұрып,
Жеті айлық жорықтан
Тұлпарым ентігіп,
Мынау Еуропа
Етегін жабалмай жүргенде,
Менің рухым жазылған
Көне тастарға
Күлтегін тілінде кертіліп.
Мен содан
Бұрқырап жөңкілгем бұлттардың көшімен,
Найзағай ойнатып
Найзамның ұшымен,
Күп-күрең күн жанып
Кеудемнің ішінен,
Күмбірде-күмбірде күн озған кезімде
Тарихым жазылған таулардың исімен,
Мен содан…
Тас болып кісінейім.
Мен өзі кім едім?!
Қобыздан құлаған
Қорқыттың сөзі едім.
Кәуірдің мөңіреген төрт қырлы жебесін
Есіктей кеудеммен бөгедім.
Қазақ боп оянып,
Азат боп көз ілдім.
Ей, менің киелі Астанам,
Сен –
түркінің тұяғы
Оғыздың көзі едің.
Бұл Астана –
Сақтардың тағдыры,
Ғұндардың әмірі,
Осы өлке мына жер
Солардың қабірі,
Бұл – менің жеңісім,
Бұл – менің зарығым,
Иә, мен…
Шаһарға айналған
Шаһиттің қанымын.
Астана!
Асан Қайғының арманы,
Арманға төгілген
Қанменен қайғының
Қанша екен салмағы?!
Әттең, осын-ау
Топырағынан тек қана азаттық аңқыған,
Алланың аманат борышын
Билікпен,
Биік үйлермен өлшеген пақырлар,
Сенің атыңды –
аласа ойларға
Құрбан ғып алмаса болғаны.
Шеше
Біздің өмір – қара тірлік, қара нан,
Қара түннің қауызынан зар алғам.
Мен о баста жерге келмей тұрғанда,
Жатыр деген жарты әлемде жаралғам.
Бір тамшыдан пайда болсам басында,
Қайда барам, қайдан келдім расында.
Келген жерім – аяғымның үстінде,
Кетер тұсым – табанымның астында.
Құрсақ деген нұрлы әлемнен таралған,
Бір анадан жетеу едік жаралған.
Мен әкемнің тамырынан қан алып,
Мен анамның омырауынан ар алғам.
Төрт тұлымды, үш кекілді өсірген,
Менің анам дария сынды есілген.
Төсіндегі сүт емізген бүршіктің,
Қағбадағы қара тастан несі кем.
Егер менің арымды ақша алдаса,
Құдай сөйтіп қаңғыртпай ма қорласа.
Онда менің жануардан нем артық,
Екі аяғам бар дегенім болмаса.
Адамдар-ай, адамдар-ай, адасқан,
Бес күндіктің бет-ауызын жаласқан.
Кішілері күштілерге жұтылып,
Дүние деген қу сүйекке таласқан.
Мына жалған, жалған емес, зар екен.
Жақсылыққа Жалғыз Ием жар екен,
Пенделерін сыйғызбаған қара жер,
Хауа ананың құрсағынын тар екен.
Пенделерді таластырған қу жалған,
Шеше-ау, сенің құрсағыңнан тар екен…
Хат
Кеудеңдегі мамырлаған дүрсілден,
Менің тайқы маңдайыма нұр сіңген.
Жан дүнием жап-жасыл боп бүрлеген,
Жанарыңның исінен.
Қаңтарымның қара шашын тарқатып,
Сені сүйдім сәуіріңнен от алып,
Сүйдім сосын, он сегіз мың ғаламды,
Омырауыма қотарып.
Жанарымнан жасыл бояу ағылып,
Құлын мүше, құс үніңді сағынып.
Бозамық таң бозарғанда көз ілем,
Кірпігіңді жамылып.
Алыстасың... арамызда күн өткен,
Сағыныстық сары түсті жүрекпен,
Сенің хатың – тағдырымның пейіші,
Періштесін дүреткен.
Сенің хатың талып жеткен қанатын,
Салқындатып қарашығыма малатын.
Жан дүнием жазуыңдағы жұпарға,
Сыбызғысын шалатын.
Хатың келді...
Дәтім шыдап айталман,
Өзегіне өкініштен зар толған,
Жазуынан жан әлемі қорланып,
Жанарынан қан тамған.
Боз жусаны бүрлегенде жанымның,
Қалқам, неге қанатымды қайырдың?
Қасіретімді кертіп жаздым сол түні
Қабығына қайыңның.
Қаңбақ шалдай қаңғытқан соң сынақ күн,
Өн бойымды өлең етіп жылаттым.
Көңілімдегі қыл қобыздың бір талын,
Көз жасыма тұтаттым.
Солай жаным, сол қабырғам тұсында,
Мен қысылдым, сол қызыл ет қысылса.
Кісенделіп, беу, періштем, сен тұрдың,
Кірпігімнің ұшында.
Тайқы маңдай ғаріп басты сенделтіп,
Жастығыма жазықсыз жас жерлетіп.
Кетсең-дағы есіміңді келемін,
Ерінімде тербетіп.
Жел шашақты жылқы күндер жосыған,
Айтатұғын арызым бар, тоқташы.
Қара жұрттың қалтасымен жазылған,
Қайран менің,
Мемлекетімнің ақшасы.
Жүрегінен Жаратқанды өшірмес,
Тиын емес,
Тәңірінің құлымын.
Алмастырсам, сірә, мені кешірмес,
Аяғымның астындағы ғұмырым.
Дүниеге шатын жыртқан пенденің,
Көргем талай көк қағазбен сүйісін.
Арам-арам ақшалардан сезгенмін,
Ажалымның иісін.
Оған ләззат – жылап ғұмыр кешуің,
Құдай болуды армандайтын адам көп.
Амалың не, еңкіш болса есігің,
Еңкеймеске шараң жоқ.
Тәңір дейді,
Теңгесі көп адамды,
Соған бәрі жағатсыған, күйлеген.
Өйткені бұл дөп-дөңгелек ғаламды,
Төрт бұрышты көк қағаздар билеген.
Қос көзімді еңіреткен қоғам шын,
Айталмас ем жаралғанда басқа боп.
Жанымдағы жалғыз ғұмыр ол да өтер,
Жанарымның жапырағын жастанып.
Ей, қара өлең!
Қиялыңнан сүзілген,
Қаралы ойдың қауырсыны мен едім.
Бурыл айдың бұтағынан үзілген
Бурыл сәуле сен едің.
Көк үйрегім қайтқан тұста ай кезбе
Көкірегіме бір ғажайып күй еніп,
Қарашық боп қалғым кетем сол кезде
Қара түннің қанатына сүйеніп.
Екі өмірдің алғашқысын құса ғып,
Тәңір бізді туыс қылған уайымға.
Тірлігіңде-ақ тіркеп қойған мүше қып,
Қара жердің астындағы қауымға.
Әй, жігіттің сұлтандары, кеш білмен.
Ғазалдардан қалған дұрыс ой алып.
Бір күн сен де өтіп кетпе бес күннен
Қара қолың қызыл қанға боялып.
Мен кешегі жылдары
Кеудемді шалқақ ұстаған,
Жақпардың жалқұз басы едім.
Орақ тілім от бүркіп,
Омырауыма кек тұнған
Көк бөрінің жасы едім.
Мен бұрнағы жылдары
Дүрия көрпе астында
Аққуға тәнін сүйгізген,
Некелескен жартымның
Тал мойынын талдырып,
Ақ тамағын идіргем.
Мен кешегі жылдары
Қаймана жұртпен қайғырып,
Жүдесе бірге жүдедім.
Жылағанды жұбатқан
Миуалы ағаш іспетті
Күн жүректі ұл едім.
Мен бұрнағы жылдары
Жанаттан ішік жамылған
Паң едім, әрі ақ едім
Белдемемнің тұсынан
Бесіктің табы кетпеген
Күнәсіз сәби пәк едім.
Аһ, дариға-ай, кеше мен
Бұлан санды бура едім,
Кеудеме намыс қайнатқан.
Ақ тобық аттың үстінен
Бұршақ-бұршақ тер сауып,
Желкесін желге шайнатқан.
Мен кім едім, кім едім?!
Тілінен сұңқар түлеген,
Тілегін хаққа түзеген,
Махамбет сынды жампоздың
Тұяғыменен тоқылып,
Артында қалған ізі едім.
Ақын
( С.Томановқа)
Арамтамақтар,
Адамсымақтар,
Басынан аспас көмегі.
Көкірегінде иманы жоқтар
Құдай болғысы келеді.
Есектектілер,
Наркескен төсті басуды тілеп,
Көзіңнен аңсар жасыңды.
Аймамық арға сасығын илеп,
Табанға таптар басыңды.
Илана білсең,
Ибасыз кеудең,
Қан менен жынның ұғымы.
Біреулер үшін тіршілік деген –
Ішек-қарынның шұрылы.
Өлмейсің кәні,
Өмірден алған,
Кебіннің ғана түсі аппақ.
Жалғаннан Жерге жосимыз әлі
Қу сүйегімізді құшақтап.
Кеңірдек барда,
Керіс пен егес,
Өстіп өтерміз шамасы.
Тіршілік үшін қызыл төбелес
Бесік пен Бейіт арасы.
Келте ғұмырың
Жасын боп өтті-ау,
Сен емес ындын күйттеген.
Есіл ерлердің есесі кетті-ау,
Екі аяғы бар иттерден.
Қаныңды шайқап,
Қайғыңды алған,
Арыстан жалды ақын ең.
Тірліктің соңын топырақ қылған
Дүние-ай, неткен ғапыл ең.
Қанында халық,
Демінде дала,
Біз ақын деген асыл ек.
Жалпақ жалғанға сыймадың ба, аға,
Сыйдырсын қайдан қасірет?!
Он сегіздің жырлары
Деп келдім
«Тар жол, тайғақ кешумен»
қазағым қайғы көп көрдің,
Шерленіп жүрді жүрегім
шегінде жүріп шет жердің.
Алыста жүріп аңсадым,
ата-жұртым мен сені,
Елдігім – қазақ, ертеңім –
отаным, жұртым деп келдім.
Жүрегімде қазақы
махаббат бар тек менің,
Шырғалаң кеткен шындықты
елестетсем кектендім.
Абақтыда жаншылған
Алаштың мұңын арқалап,
Ұйқыда жатқан ұлтымды
оятайын деп келдім.
Тау жығарлық тебінмен
құбылаға беттедім,
Мен өйткені,
түркілік түбіме тартқан текті едім.
Қатепті қара нар сынды
қараша жүгін арқалап,
Танытайын әлемге
қазағымды деп келдім.
Сенсең жұртым, осылай
сенім бердім, серт бердім,
Отанымсың, ұямсың ,
Қазақстан тек менің.
Тәңірім тартқан тамшыдай
қамшыдай ғана ғұмырда,
Ел үшін жаным садаға,
сен үшін өлем деп келдім.
Кешіргей бізді, бабалар!
Өзімде барды сыйламай
өзгеге жалынғанымды-ай,
Өтірік өмір өткізіп
сайқалға салынғанымды-ай.
Кешіргей бізді бабалар,
кешіргей бізді, Жер-ана!
Қазақ деп қызар қанымның
инеге бағынғанын-ай.
Алыстан емес дұшпанның
қасыңнан табылғанын-ай,
Беттеместей бет қайтып
тауымның шағылғанын-ай.
Кешіргей бізді бабалар,
кешіргей бізді, Жер-ана!
Аралға емес басымның
араққа ауырғанын-ай.
Жанарым жасқа малынып
балаша жылағанымды-ай,
Қыбы бір қанып жауымның
шаттана қуанғанын-ай.
Кешіргей бізді бабалар,
кешіргей бізді, Жер-ана
Асаудан асып құламай
құсыққа құлағанымды-ай.
Азаттық үшін қанымның
қаншама шашылғанын-ай,
Белдесе түсер сәтімнің
белінен басылғанын-ай.
Кешіргей бізді бабалар,
кешіргей бізді, Жер-ана,
Ауырып өлмей ажалдан
арқанға асылғанымды-ай.
Құр сүлде қылар күн күткен
күмәнді күншілдерім-ай,
Адамзат үшін даламның
қаймығып күрсінгенін-ай.
Кешіргей бізді бабалар,
кешіргей бізді, Жер-ана,
Жұртым деп соғар жүректің
құлқын деп дүрсілдеуін-ай.
Кешіргей бізді, бабалар!..
Абайға
Жұп-жұмыр болған жырлары
жылдармен бірге жылжыған,
Салиқалы сөзімен
құламас қамал салдырған.
Қара орман қазақ тегімен
артына қалған жұртына,
Қағазға қабірі қазылмас
қазасыз өлең қалдырған.
Бұлжымас құбылнама ғой
шарана дүние ұғымы,
Жер текті менің жалғызым,
кім ұқсын жұмбақ сырыңды.
Қарғасы қалың қоғамның
қыраны жалғыз қашанда,
Бөрібайларға тәуелді
Құлагерлердің ғұмыры.
Өрелі туған данамды
өксітіп өмір өткен-ай,
Үлбіреп тұрған өзекті
өзімнен келіп тепкен-ай.
Орыны бөлек ойшылым
опынып өтті-ау өмірден,
Құрсаққа сыйған ұлыңның
қазаққа сыймай кеткен-ай.
Жатырға сыйған ұлыңның
ақылға сыймай кеткен-ай...
Толғақ
Ұйқымен кірпігімді құлыптап ап,
Мен бейшара, жатқанда ашық ауыз.
Жаратқанның сәулесі жырға айналып,
Көкірегіме кетіпті жұмыртқалап.
Оянам, құтыламын қайда қашып,
Сол кезде қағанағын өлең жарса.
Мен сонда қуаныштан көрпе астында,
Көлеңкеммен сүйісем аймаласып.
Жұпарына жүйкемді жұлқылатып,
Аспан жаққа қараймын пәк жүрекпен.
Сүмбіленің мөп-мөлдір сәулесінен
Сүт иісін сімірем бұрқыратып.
Жұлдыз сіңір жұпарды аршып алып,
Әлегімді әлемге паш еткенде.
Құлының қуанышына ортақ Тәңір
Нұрын төгер тіліме тамшылатып.
Таң тіріле түседі ауызданып,
Қара өлеңім тұрғанда қауыз жарып.
Міне, солай, қара түн қаза болды,
Қаламсаптың басында бауыздалып.
Өлең
Жамағатқа жазғанша күлкілі өлең,
Тақыр шабын тағдырдың түртіп өлем.
Адамзатқа арғымақ жыр түлетем,
Жүрегімің жып-жылы үлпілімен.
Қыз емшек тау тұлғалы мендегі өлең,
Марал маңдай тағдырға елжіреген.
Көңілім көл суымен шағылысып,
Арманым ай астында мөлдіреген.
Қайтейін, бөкен балтыр, аталы арман,
Менің де жаным – мәңгі, тәнім – жалған.
Құс кеудемде көк үйрек шайқалғанда,
Қос көзімнен қуаныш боталаған.
Айға бата жасасам қан шырайлы,
Қабырғамды қайратым қамшылайды.
Үркердің тұяғынан үп еткен шаң,
Көкірегіме өлең боп тамшылайды.
Астанам саған
Анадан адал сүт еміп,
Қасиет құтыңды білдік.
Атадан адал қан алған,
Көк түркі тұқымы едік.
Барыс төс батырлар өткен,
Түгі бар жүректерінде.
Ескірмес есімің қалды,
Бабалар сүйектерінде.
Текті жер астанасы едің,
Тарих сырларын емген.
Күн текті көркіңнен сенің
Анамның дидарын көрем.
Жалбыз иіс жаңбырың жерге
Бабамның намысын сепкен.
Майда леп самалды желің
Құлагер шабысын шерткен.
Бұлан сан буыршын едің,
Жауыңның батылы жетпес.
Үлпілдек пейілің сенің
Үкінің мамығы тектес.
Мендік тіл көркіңе жетпес,
Жердегі «жәннаты» мекен.
Мүбәрәк жырымды жаздым,
Періште қанатыменен.
Періште қанатыменен
Астанам саған.
Оркестр
Қоңыр дауысын құбылтып,
Жайлаудың желі гуледі.
Гулеген желге ырғалып,
Ақ қайың ару биледі.
Тасыған өзен гүрілі
Табиғат сырын түрледі.
Сыбызғы тартып сары қурай
Ән салды қырдың гүлдері.
Шырайын беріп шам жақты
Тамыздың тұнық түндері
Көде мен жусан-қобыздың
Ішегін тартып күйледі.
Сілтідей тынып мен қалдым,
Құлақтан кетпей үндері
Не деген мынау ғажайып?!
Не деген мынау ғаламат?!
Дәл сендей ешкім күй тартпас
Даланың оркестрлері.
* * *
Хаққа сенем, ал басқа неге сенем?
Және жәми жалғанның кеңесінен,
Ант етемін адамзат ешқашан да,
Аса алмаған өзінің өңешінен.
Алланың хикметін кім түсінген?
Бүгінде тексізі көп тектісінен.
Құранды көрден кейінгі өміріңді
Көрге дейін түсінсін деп түсірген.
Ол мінсіз, ол ғажайып қазыналы,
Аллаға айт, адамға айтпа базынаңды,
Тәңірдің тағдыр деген несібесі,
Адамның ниетімен жазылады.
* * *
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп.
( Абай)
Бір ғана Тәңірінің,
Жаралған құлдар едік.
Хауа ана - Адам Ата
Ұлы мен қыздар едік.
Тәнімді топырақ қып,
Жанымды көктен берді.
Көктетіп әр тарапқа,
Ұлыс пен ұлтқа бөлді.
Бір ата тегі болсақ,
Татулық тамырым едің.
Адам боп жаралған үшін,
Адамзат бауырым менің.
Жалбыз иіс жұпармен жудым,
Жап-жасыл жанымның ішін.
Халықтың барлығын сүйдім,
Қазақ боп туғаным үшін.
Өлім
Бесік пен бейіт бір ұғым,
Бейіт те сенің сыңарың.
Алшақ деп әсте ойлама,
Арасы жақын бір адым.
Бес күндік мына жалғанда,
Тәңірдің ескер сынағын.
Жалғанмен жаның қоштасса,
Қара жер болар тұрағың.
Белінде болып бабамның,
Жатырға дән боп тасталғам.
Топырақтық болмысқа ,
Рух болып түстім аспаннан.
Өмірге келген қонақпын,
Бесік пен бейіт – қос далам.
Баратын жерім – қара жер,
Екінші менің баспанам.
* * *
Ақын өлді, көрпесі көрдің құмы,
Білмейтіні осы ғой елдің мұны.
Шарана-жыр тербеткен шайырларды,
Шаршататын жалғыз-ақ елдің мұңы.
Сары көйлек сары даламды сүйгем анық,
Тыңда далам, тыңда жұрт, тыңда халық!
Тіріде тырбанбасам не тындырам,
Есіксіз, терезесіз үйге барып.
Алтыны жоқ, жырымның жезі қалса,
Білмеймін, өмір сүрер кезі қанша?
Ақынға ұзақ жасау міндет емес,
Артында өлмейтұғын сөзі қалса.
Ел үшін шырылдайық, шырылдасақ,
Енесінен айрылған құлынға ұқсап,
Елдің мұңы жеп жатыр жүрегімді,
Жемтікке үймелеген шыбын құсап.
Кектесу
Әкем қойшы, қойларға пайдалы адам,
Кезінде оқу кезбей ай қараған,
Әлсізді басқа теуіп ойнайтұғын,
Замананың боларын ойламаған.
Ағам едің жайылған аты аянға,
Мансабың да жетерлік марқаярға,
Иә, сенде атақ та, ақша да бар,
Мен әкемнің басына шалқаям ба?
Өтірік ел ертеңін көп тілейсіз,
Шындығың, даңқым өссін деп тілейсіз.
Бәрі де қара халық қамы үшін деп,
Құлағын неге жұрттың тепкілейсіз.
Мен үшін мәрттігі мол ғұмыр ұлы,
Мұқалмаспын арым бар одан ұлы.
Мансабына масайған сіздейлердің,
Мұрынымда билесін жұдырығы.
Жағаласпа жарқыным, жындыменен,
Мен де өзіңдей өзімді құнды көркем.
Сен мені бітеу жұтып май қылдырып,
Салақтатып қоймақсың кіндігіңнен.
Иә, саған не дейін қара батқа,
Қаралай бер арымды қарап жатпа.
Қыларыңды қылып қал бұл жалғанда
Мен сенімен сөйлесем ана жақта.
Алла жазса!
* * *
Сені сүю – әлемге маңдайдан нұр тарату
(Тыныштықбек)
Сені ойласам, ойым – он сақ , миым –у,
Сені армандау – бір тәңірге сиыну.
Пенделермен өмір сүрген періштем,
Сені сүю – күпірліктен тиылу.
Сендегі отқа тау менен тас балқыған,
Сен күлгенде көл менен көк шалқыған.
Сенің айдай жұпар сіңген тәніңнен,
Аққу иіс ана сүті аңқыған.
Ей, кербез қыз, күн шашақты кекілі,
Мендегі тіл жеткізе алмас көркіңді.
Сені сүю – бір тәңірге сиыну,
Жерде жүрген хор қызының өкілі.
Сендік сөзден мамыр туып, май өнген,
Сендегі әнге қолат ұйып, сай ерген.
Сен қуансаң, әлем бірге қуанып,
Сен қайғырсаң , күн тұтылып, ай өлген.
Жас
Мен кетемін... тақап қалды-ау жарты күн,
Жарты күннің қайтсем екен артығын.
Сен естелік қалдыр дейсің қиылып,
Не қалдырсам екен саған, жарқыным?!
Мен өзіммен ала кетем сан сырды,
Талай жасым топыраққа жаншылды.
Сағынғанда саулық тілеп тартар деп,
Тасбих қылып тастап кеттім тамшымды.
Өмір өзі-ақ түсіреді сабаға,
Сен де мені алтыныңдай бағала.
Ашыққанда таңғы шықтай тамшымды
Тары қылып қуырып же табаға.
Сен – биіксің, сен – ғажапсың десе де,
Сен мендегі махаббатты еселе.
Шөлдегенде шөл басарың болсын деп,
Көз жасымды сауып кеттім кесеге.
Көрініс
Томар бастар немене тындырады,
Көбік сөзбен көңілді сындырады.
Бір көкемнің тойымсыз жанарынан,
Мың момынның дауысы шыңғырады.
Көкбет қатын келеді өштесумен,
Көнтақы ұлды айырып текке есінен,
Келіні ата-енесін сойғызады,
Күйеуін айтақтатып бөксесімен.
Ол айтатын көп үміт артамын деп,
Кім ойлаған күйігін тартады деп,
Шал сақалын жұлады немересі
“Айқайласаң шешеме айтамын” деп.
Топастардың тобырын толықтырып,
Сайтан уақыт сырғиды соны ұқтырып.
Бассыз дүние барады бастыларға
Бармағын ауызына тоғыттырып.
Тұйықталса тірлікпен жарты ғалам,
Жалпақ жүріс жазылмас артығынан.
Қара таспен қапталған дүниенің
Қан сауғалап барады қаңқылынан.
* * *
Алқымдадым өмірдің жиырмасын,
Мейлі, енді өмірім қиындасын.
Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған,
Әлдекімнің өмірі бұйырмасын.
( М. Мақатаев)
Жиырмадамын, қалайша жай табамын?
Әлсізбін, әспеттемей айта аламын.
Құдай-ау, жиырма жылдық өмірімнің
Ақысын неменемен қайтарамын?
Кеудеме ақындықты сыйдырғалы ,
Осы болды атқарған сыйдың бәрі.
Мешітке өлең деген сыңарымның
Бара жатырм некесін қидырғалы.
Екеуміз некелестік шешім қылып,
Мен – сендікпін, сүйемін есім құрып.
Өлетінім рас-ау, өлсем егер,
Сені қалай тастаймын жесір қылып?..
Ауызымнан аққу ұшқан
сұңқылдап...
Дауыс
І ( М.Ешекеевке )
Алты қырдың астынан ұйтқып бір соққан дауысы
Алты қанат боз үйді шайқалта соғып кернеген.
Сол бір ащы дыбысқа
Қоғалы көлдің қуы мен шағала құсы шөлдеген.
Мына жеті қат ғаламның
Жеті нотасын меңгерген,
Менің топырағымның әр шөбі
күй болып кісінейді
құба дөңдерден,
Қоп-қоңыр домбырамнан аумаған
қоңыр желменен.
Күрп-күрп еткізіп күй шалсам,
Нұрланып жан іші,
Өзгеріп қанымның ағысы,
Әсеттей қомданып,
Қиқулап ән салсам,
Ауызымнан төгілген
аспанның дауысы.
Мен едім осындай даланың тағысы.
Осы дыбыстар даламның зары шын,
Қос ішек толғатқан
қасірет-қайғысын.
Киік қол қариялардың
Сар желген саусағынан тірілген қағысын,
Һәм домбыраның
қоңыр бұйра дауысын,
Есер эстрадашыл бұл қоғам
Енді қайдан танысын?!
Қос өмір ағады қос ішек қылымен
Түйсікпен қабылдап,
Түсінгем мұны мен.
Жүректің дыбысын сөндірген соқырлар,
Соқырлар сөйлейді дүние тілімен,
Көздердің шелімен,
Кеуденің желімен.
Солар ғой біздерді бауыздап тастаған,
Қанжардай шалбардың қырымен.
Әттең, шіркін!
Аспан денелі алыптар қалдырған
«Сарыарқа» күйлерім,
Самғауық әндерім,
Сендермен мәңгі едім.
Аздың сен білемін
Тап-тақыр далам-ай,
Ауызымен өзгенің.
Жердің жыныққан жұлдызқұрттарын
«Жұлдыз» деп ойлайтын
Әумесер күндерім.
Менің қоп-қоңыр домбырамды неге қорладың?
... Енді иесіз қалдым ба?
Киесіз қалдым ба?
Білмедім...
Сурет
Түн.
Өзгелер уыз ұйқы ұртап алған,
Кірпігім сусар басын шыққа малған.
Ойларым зеңгір көктен ою тіліп,
Шолпанның шуағымен бұлт жамаған.
Қаңтар қақап тұрғанмен қабағымда,
Тамыз түлеп тұрады жанарымда.
Бәлкім, менің арманым бүр атып тұр,
Ақпандағы ақ гүлдің сабағында.
Жылжымалы кеңістік тұрсын қайтып,
Күн мен түннің келгенін жүрсін айтып.
Кешкілік қызыл күрең күн астынан,
Көлеңкелер келеді бүршік атып.
Өлең іздеп жатқанда үркер өңді,
Бүйірімнен ақ шүлен бұлт өреді.
Бұғы мүйіз қара түн осы сәтте,
Қабырғамның тұсына сүйкенеді.
Жел қанат сөз болмасам егер де мен,
Күні ертең кемеңгерге теңелер ме ем.
Кеудемде найзағайлы күн күркіреп,
Жанарым жасыл жаңбыр себелеген.
Жирен жыр жүрегімде аңқылдаған,
Бөрте күн бүйірімде салқындаған.
Төсімнің тұнығына құс шомылып,
Қаз үні тамырымда қаңқылдаған.
Құйқадан қиял сауып күн өткерген,
Неге құштар екенмін түнекке мен.
Үркердің үрпісінен көмейіме,
Күп-күрең жыр ағады шүмектеген.
Тулаған тамырымның бүлкілі мен,
Қай қайғымды айтайын, шіркін, өлең?!
Біз деген тамшы сынды тағдырмыз ғой,
Жалғанның жас боп аққан кірпігінен.
Дүние
Дүние!
Иленудемін иіңе,
Төсекжады ұлдан қайыр жоқ,
Тұтқаңа болмақ кім ие?
Көк теңге!
Жетпеген де бар, жеткен де,
Буыңа сенің буынып,
Қылқынып жатыр көп пенде.
Көк теңге!
Тойым жоқ екен тек сенде,
Бұралқы қылып қызымның
Пұшпағын жырттың жетпей ме?
Ұятым!
Шара жоқ сені тиятын,
Дөкейді жалап жантықтар
Тесік таппай жүр сиятын.
Тірлігім!
Тірліктен тәнім үркиді
Кеудемде нелер кілкиді.
Кеденсіз кеңірдектерден
Кедейдің иісі мүңкиді.
Жалған-ай!
Мұңды ғып қойдың, жындығып
Мен сенің келтелігіңді
Егер де айтсам шыңғырып,
Кеуделі неме кетпей ме
Кеудеме дәрет сындырып?!
Досқа сыр
Қара өлең – қабырғам кеңестім,
Ойласам бес күндік елеспін.
Алланың құлы едім, ол рас,
Ақшаға құл болған емеспін.
Үй жалдайм!
Үйсіздің бірімін,
Еркіндік құныңды ұғындым.
Кісіге кіріптар (қайранда)
Қабаққа қамалған ғұмырым.
Бір досым жасындай от еді,
Алласы аспанға ап кетті.
Басына баспана тигенше
Бақилық боп кетті.
Тіріңде жансебіл, күйкі күн,
Жан ғой бұл тәніңнен үркетін.
Биікке зымырап ол кетті,
Біздерге қалдырып шикі етін.
Бес күн мен қоштасты бір есім,
Пәниден таба алмай үлесін.
Құрлыққа тоймаған қу құлқын,
Құныңды қабірде білерсің.
Достым-ай!
Сен ғана емессің сенделген,
Талайлар көз жасы көлдеген.
Қаншама обал мен үміттер,
Үкімет үйінде жерленген.
Қайтерсің, қара бас сандалған,
Жүрексіз, жылусыз жандардан.
Теңгеге түтілген өңдерден,
Темірге айналған тәндерден.
Ей, досым, бұл сонда күпір ме?
Көздер көп еті өскен бұл күнде.
Бесікке бөленген пенденің,
Бейітке сыймауы мүмкін бе?
Сен жаным, еске сақта!
Бес күндік үр жалғанның
баянсыз бекерлігін,
Рухы ұлтсыздардың
Тірі өлік екендігін.
Сен жаным, еске сақта!
Бетке алып баба жақты
Мәңгілік қалатының,
Есіңнен сырт қалмасын
Топырақ болатының.
Сен жаным, еске сақта!
Тіреде түйсіктінің
тірлігі ащы екенін,
Өлгенің дәлелдейді,
Жаныңның жақсы екенін.
Сен жаным, еске сақта!
Жоқтыққа қуанғайсың
Сол сені ар ететін,
Түйе біл кедейлікте
Даналық бар екенін.
Сен жаным, еске сақта!
Бүгінге тояттасаң,
Ертеңге өте алмассың.
Төрт бұрыш көк қағаздың
Түбіне жете алмассың.
Сен жаным, еске сақта!
Өлгенмен құтылмассың,
Өңештің сұрауы бар.
Естінің еңбегінде
Есердің жұмағы бар.
Сен жаным, еске сақта!
Бес күндік үр жалғанның
баянсыз бекерлігін,
Аллаңмен жүздестіру
арыңда екендігін.
Тек жаным, еске сақта!
Тек жаным, еске сақта!
Пайғамбар
Адамзаттың асыл тәжі, Пайғамбар
Жолың жұпар болғаннан соң сізге ердік,
Артыңыздан ақиқатты айтуға,
Сізден кейін үр жалғанға біз келдік.
Мен – ақынмын, ал сен болсаң – елшісің
Шымшық тілің шындықты айтқан шыр-пырлап,
Қоғалы көл қоңыр өлең мен едім,
Ауызымнан аққу ұшқан сұңқылдап.
Ей, Мұхаммед, қасіретімді сұрама,
Сақ санама шіре салу шақ қалған,
Көк бөрінің көз жасына иленген,
Рухымды көк қағаздар таптаған
Жәми жалған маңдайына тар болдық,
Туралықпен қашаған соң жолды біз,
Топастардың түйсігімен өлшенсек,
Ей, Мұхаммед, екеуміз де сорлымыз.
Оған куә Тағаланың кітабы,
Сенің тілің шындықты айтып тоқтаған.
Қанағатсыз қарындардан шыңғырған,
Менің тілім тағдырларды жоқтаған.
Әй, Пайғамбар, әділдік жоқ содан соң,
Тағдырымды табыстағам қаламға.
Ойсыздардың ойнағымен жазылды-ау,
Обалымыз он сегіз мың ғаламға.
Сізге
Бір құрсақтан дүреген жетінші едім,
Жан азабым жүйкемді жұлмалаған.
Бір білерім, ол рас, өткінші едім,
Маңдайымды мың қайғы тырмалаған.
Еске алмас ем ет жүрек қамсыз болса,
Ай төбел дидарыңды іздеп келем.
Қабырғамның астынан таң сыздаса,
Қабағымда қара түн дірдектеген.
Омырауымның сақтадым шын түбіне,
Сеніңіз, сырым шүңет теңіз едім.
Күн шашақ, күміс жиек кірпігіме
Үрпісін үкі түннің еміземін.
Әлемнің көшірмесі бізге біткен –
Сіз де сол атыраптың ішіндесіз.
Кеудемдегі көктемнің сізге жеткен,
Жанымның жапырағын түсінерсіз.
Көкірегіме көк қасқа бұлт қайнатып,
Қойнымдағы қоңырға бір қараймын.
Сол сәтте жұлдыз тамыр шыққа айналып,
Жанарынан жалғанның сырғанаймын.
Сен менің қолым жетпес биіктесің,
Ей, менің торғын тамақ иықтасым.
Ақ қағазға жерленген уақыттың,
Сізге арнадым бір түнгі құлыптасын.
Бес күндік сәуле едім...
Келген жағым жер еді,
Кетер тұсым көк еді...
(Автор)
Бес күндік сәуле едім,
Бес күндік күлкі едім,
Содан соң...
Төртуыс топырақ бүркендім.
Аспаннан алыстап
Кеткен бұл пәнидің
Күнәлі көз жасын
Қағазға сіміріп,
Қаламға сүртемін,
Жүрегім налаға боялып.
Ниетім сөйлесе,
Маңдайым жазады.
Білсем де мен мұны
Аспанға ашпадым
Ақиқат сананы.
Әлемнің әр шөбі –
Құдайдың кітабы,
Құранның парағы,
Тек...
Оқылмай тұрғаны болмаса.
Қоғамға бәрі бір
Сілекей ширатып,
Асылып өлсек те.
Парасат күмбезін талқандап,
Ақшаға көмсек те.
Ойнайды сол әуен
Баяғы сарынмен
Атақ пен мансапқа,
Темір мен терсекке,
Пендесін билеткен.
Көне саз күйіне елітіп,
Киік – күн қайда айғып барады,
Рухы тым ауыр жаралы?!
Пенделік пердесін сиырып,
Менмендік дертінен тиылып,
Бұл әлем
Жүректің есігін
Қай күні қағады,
Ғарыштық танымға бастаған.
Ашу
Шіркін, ана зәулім үйдің ғажабы-ай,
Онда тұрған адамдарға бақ қонған,
«Таз үкімет» біз сияқты сорлылар
Тамсансын деп сап қойған.
Бәріміздің басымызда үй болса,
Қаншық қоғам қалмас еді қансырап.
Сол үйлерге қарай-қарай көз талды,
Көз жасымыз кірпішінен тамшылап.
Айпақшы, оның иелері ит баққан,
Е,тоқшылық, көсегеңіз көгерсін!
Жалған дүние, саған жамбас сыймады,
Иә, әрине, жоқшылыққа не дерсің.
Шүкір, менде туған да көп, дос та көп,
Ерлігімді көре алмайтын жүрегі.
Туыстардан көңілім қалған, шын айтам,
Өйткені, олар дұшпанымның біреуі.
Ар-ұяттан аттай салды пысықтар,
Білесіз бе, ондайларға жол болды.
Мен әлімше адал едім қоғамға,
Адалдығым, ал өзіме сор болды.
Өтінемін, «қал қалай» деп сұрама,
Біздікі сол, жоқшылықтың әлегі.
Маңдайыма шимайланған ит тірлік,
Иттікінен сәл, әйтеуір, әдемі.
Қара басым не көрмеді…Сенбейсіз,
Мынау соның қалған түрі басылып.
Маған біткен тағдыр бітсе оларға,
Бір-ақ күнде қалар еді асылып.
Махаббатын көк қағазға билеткен,
Осы адамдар бұл тірлікті тұр ұстап.
Ойнаса да, зорласа да өз еркі,
Олар үшін біздің тағдыр қуыршақ.
Біреулерге ойын болды-ау ғұмыр-күн
Маңдайымның сор шылқыған азабы-ай.
О, Баспана, арман болдың сен бізге,
Шіркін, ана зәулім үйдің ғажабы-ай
Парыз
Мен қазақ едім!
Алдыменен Алладан ар сұрағам,
Содан кейін ақ адал мал сұрағам.
Таңдайымда тарихым таңбаланып,
Менің қобыз тілімнен тамшылаған.
Ақымақтар арыңды азық еткен,
Қайран, қас сақ қайратын қазық еткен.
Абақтының ақырғы деміменен,
Азаттықтың есімін жазып өткен.
Сүт сәулең сүйегімде шағылысқан,
Қабырғалы қазағым қара дастан.
Күрсінісің кеудемде күңіреніп,
Қасіретің қанымда араласқан.
Жирен сөз жылқы болып кісінеген
Мен сөйтіп кеңістіктің ішіне енгем.
Үкіметтің үкімі жер сатқанда,
Құлагердің құсасы түсіме енген.
Түсімнің соңы бітті-ау өрмекшімен,
Жұлдызым төбемдегі сөнбекші ме ең.
Сол түні жануардың жан айқайы
Жас болып жанарымда дөңбекшіген.
Құланың құсасынан түршігіп мен,
Сөйледім жанарымның бүршігімен.
Сол түні дөңгелек жер жылап жатты,
Топырағында бабамның иісі сіңген.
Киеңді көк қағаздар буындырған,
Қасіретіңді қайтейін, құлын далам.
Мінбелерден обалың мертіккенде,
Мәйітіңнің басында шырылдағам.
Мына қоғам, қай қоғам, құсық қоғам,
Кеудесінен ар-иман ұшып болған.
Аллам-ай, адамдардан жалықтым мен
Ақыл есі ақшаға ұшықталған.
Төбемдегі Тәңірдің жан аңсарын
Жер бетіне жеткізу – бар аңсарым.
Жазаласаң, ал енді жазалап көр,
Ақын дейтін Тәңірдің қаламсабын.
Айтып өлем шындықты кір сіңбеген
Жерге тәнім тазарып кірсін деп ем.
Бұ дүниелік сағаттың тықылында
О дүниемнің жүрегі дүрсілдеген.
Ант
Іш-сыртым иістеніп, іріңдеп,
Ит талап жүрегім жыртылсын.
Қабырға сүйегім сөгіліп,
Тіл-жағым түбінен қырқылсын.
Тәнімнен періште дүркіреп,
Жын-шайтан төсімді таптасын.
Көзіме көк шыбын үймелеп,
Көріме көртышқан қаптасын.
Анамның ақ сүті ар болмай,
Жұрт кетсін түкіріп бетіме.
Жаратқан жанымды жақамай,
Жанайын тозақтың өртіне.
Көмусіз тастаңыз мүрдемді,
Шыбын мен шіркей жеп жарысын.
Аш құзғын көзімді опырып,
Көк бөрі кеудеме сарысын.
Көрінде көсілмес тәнімнің
Пошымын қызылқұрт шерткіле,
Терімді тірідей сыпырып,
Тезегім түскенше тепкіле.
Егер де
Ақындық арымды былғасам!
* * *
Билікті сүймеймін
Қазақты сүймейтін,
Еміреніп тегіне тартпаған,
Апайтөс ұлына жәрмеңке тәшкісін сүйретіп,
Күнкөріс отына қақтаған.
Анамның сүтінен жаралған
Ибалы тілімді кесіп ап,
Иванның астына таптаған.
Билікті сүймеймін
Қазақты сүймейтін...
Саясат майына санамды қуырып,
Қос көзі қызарған.
Обалым – олардың ойыншығы
Ойнасын шыққанша құмардан.
Жамбасым сиятын жер қимай,
Жалғанға келетін жалғыз-ақ мүрдемді
Мұжықтың үйінен шығарған.
Шарам не?!
Осының барлығы тым аздай,
Қайғыма жамаған жүз өкпе.
Бұл дәуір ұйқыда,
Мүмкін ол меңіреу түнекте,
Қатыгез қоғамның қап-қара бояуын
Шимайлау тым ауыр жүрекке.
Терісбұрау
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады.
(Асан Қайғы)
Тағы да торығу,
Тағы да алдану,
Қарынның қамы үшін,
Қоғамға жалдану.
Ес-түссіз жалдану
Біреуге көңілді,
Ал оның себебін сұрама,
Бұл өзі бітпейтін қайғылы,
Қайғылы саяси драма.
Айналам – алаяқ,
Тәнім – мұз, жаным – өрт,
Сайқалдың сайрауы-ай
Шүйдесін ойнатып.
Мен содан сімірем
Ап-ащы заһарды
Алқызыл қанымның
Отына қайнатып.
Қазақы ғұрыптың
Қайнарын іздедім,
О, Ұлттық ұжданым,
Ой, Аппақ намысым,
Бармысың білмедім.
Ар-иман, ұятым,
Өлдің сен, ол рас,
Сен өлдің, Тағылым,
Хош, Хош, Хош қайтейін,
«Ой, бауыр-е-е-м, бауырым».
Қорлаған қоғамға
Алданған арың мен
шайналған обалдың
Жарасы жазылар.
Күні ертең фәнидің
Талқаны таусылып,
Екінші тыныстың
Есігі қағылар.
Қос өмір – екі жол –
Қабірдің үстінде,
Біреуі қара жер ішінде.
Үстінде бітіспес мешкейлер соғысы
Соғыстың мақсаты тым ыстық.
Бірінде – жансебіл
қып-қызыл алқыныс,
Бірінде – мөп-мөлдір тыныштық.
Тарихым мың үзік,
Тағдырым мың батпан,
Тағдырға не дейін,
Тарихым жылатқан.
Анау бір ғасырда
Бұрымы жұлынып,
Тұлымы кесілген,
Шыңғырған шындығым
Шығады қай жақтан?!
Шырылдап шыққан жан,
Шашырап аққан қан
Кремль төріне жетіпті.
О, тәубә, Құдірет!
Мың жылғы мұратым,
Жаншылған рухым
Шоқша бас, шот маңдай
Шал болып кетіпті.
Шалдар-ай, шалдар-ай,
Әділет сұраймын сендерден
Қара жұрт халықтың зарымен
Жүректі маздатып тағы мен.
Қабылдың есімін қашанғы жазасыз
Әбілдің жазықсыз қанымен…
Базына
(Қайрат Рысқұлбековтың рухына)
Обалымды О дүние шешеді,
Бар болғаны, адаммын һәм мүрдемін.
Бұ дүниелік бұйырғаны тәніме,
Бір иткөйлек, бір кебін.
Қазан басы қаңсып қалған қара жұрт,
Құдайындай қағаздарға сиынған.
Ал мен шерлі...
Жасыл қанат, жұп-жұмыр,
Ой ұшырам миымнан.
Жылқы түкті жылтыр-жылтыр тілдердің
Өңеш жайлы бұйрығын,
Жағымпаздың жап-жасанды күлкісін,
жал-жұлт еткен құйрығын,
Қоңыр көзді қойдан жуас момынның,
Маңдайының майын ішкен жарысын,
Етектегі етін сатқан сайқалдың,
Ел жайында еміренген дауысын,
Ести-ести есалаңға айналдым.
Жалап, сүю жалғыз өнер біздегі,
Алдадық- ау халықты.
Аймалағыш ағаларым кіл мықты
Бір томардың күнтимесін көптіріп,
Лыпасынан лашық жасап алыпты.
Жалған дүние – жағымпаздар мекені,
Карольдарын креслоға күйлеткен.
Үндемейміз...
Үндемеуді өйткені,
Үкіметіміз үйреткен.
Сен осындай, жарып шығып қоғамды,
Заң жүрмейтін зау биікке зауладың.
Қарсы жүздің уақытқа сондықтан,
Қара жұрттың ұғымына сыймадың.
Ақиқатты айтып өлген адамның,
Алла алдында ары аппақ.
Төртбұрышты топыраққа айналдың,
Дөп-дөңгелек дүниені мазақтап.
Құшағыма ап құлай сүйгім келеді,
Қан мен тердің исі сіңген даламды.
Түні бойы төсегіме сыймаймын,
Төскейдегі есіме алсам бабамды.
Көбік шашқан көк теңіздей долданып,
Арыстанша аһ ұрған,
Өмір деген – өрмекшінің торы екен
Өкініштің көз жасымен тоқылған.
Қазақ болып, Қайрат болып боздайды,
Кеудемдегі қызыл күн.
Мен махшарда дәлел етем Тәңірге
Маңдайымның сызығын...
«Құран»
Әуелі аят, хадис сөздің басы,
Қосарлы бәйіт, мысал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы.
Абай Құнанбайұлы
Құран мен хадис оқылған кезде,
Отырған жерге нұр тарар.
Өлең де солай ізетті болса,
Жамырай ағып жүрекке
Жапырақ болып жайқалар.
Жапырақ болып жайқалса,
Алпыс екі тамырың,
Сен онда күнсің жанатын.
Маңдайыңның отымен
Маңайыңды жылытып,
Мамырлап қана ағатын.
Сенер едің сол шақта,
Сезер едің шынымен,
Көкірегіңде бүр атқан,
Көбелектің қанатын.
Ойнайды олар ой болып,
Қанаттары сусылдап,
Маңдайымның үстінен.
Мен өйткені Алламның
Ақиқатын түсінем.
Жеті ғарыш ілімін
Жеке бір нұрға тоғытып,
Жүз он төрт сүре шашақтап,
Жер үстіне түсірген,
Жаратушы Хаһ Аллам,
Сен сыйлаған жүректен
Өзімді іздеп келемін,
Өмір – бақи ішінен.
Өзімді іздеп келемін,
Жүрегімнің ішінен.
Ей, кеңістік жазуы!
Сүйем сені мөп-мөлдір
Сүрелерің үшін мен.
Арту-арту белдердің
Аттап өтіп үстінен,
Ай нұрына ат жуған.
Алты құлаш жетпеген,
Текшедей тегіс белдерін,
Жай тасымен шарт буған.
Жел кісінеткен жебесін,
Жеті айлық жерге жеткізген,
Жолбарыс жүрек ерлікті,
Туған жердің топырағын
Тәу ететін елдікті,
Өмір деген зорлықты,
Өлім деген шындықты,
Сенде екенін түсінем.
Құран шариф кітабы,
Сүйем сені тұп-тұнық
Кәусарлығың үшін мен.
Жаратушы Хақ Аллам,
Қалапсаптан құлатып,
Ақ қағазға көктеткен,
Абыройың үшін мен,
Атақ, даңқпен ауырған,
Адамдарды түсінем.
Қашып шығып солардың
Қатарынан бір күні
Мәңгүрт қоғам, мен сенің,
Обалың боп сыздармын,
Отыз екі тісіңнен.
Алаш
Олар...
Сонау қария ғасырда
Күмбезді көк етіп,
Төсекті жер етіп жаратқан даланың,
Көкпеңбек көліне шомылып,
Көгілдір тауына сүйенген.
Көмейі көріктей ат мінген ұлдары
Күлте жал күреңмен жер жүзін шарлаған.
Құлжадай қыздары
Тобықтан төгілген шаштарын,
Семсердің жүзімен тараған.
Алаштың оғылан ұлдары
Осындай тамырдан қан алып,
Осындай құрсақта жаралған.
Шаттығы шанақтан күй болып өрекпіп,
Қайғысы қобыз боп мұң шаққан.
Найзасы жасындай жарқылдап,
Жаңбырдай сіркіреп жебесі
Жауына тіл қатқан,
Дұшпанын теп-тегіс жусатқан,
Бабасы тәрізді,
Даласы секілді аумаған.
Арқаның жеріндей арқасы жап-жалпақ,
Алтайдың шыңындай рухы тым асқақ,
Арманы –
Алатау құзындай талықсып көз ұшта,
Ажалы –
Керілген киіктей тым сұлу, тым қысқа
Алаштың аймаңдай ұлдары!
Кеш түссе күңіреніп,
Боздайды бұл дала
Боздақтар үнімен,
Білмейді-ау осы үнді
Бозөкпе ұлдарың,
Кіндігін кірлеткен
Желетек қыздарың,
Білмейді-ау сол үшін
Саулы інген секілді сай-сүйек сыздарын.
Тәуелді рухты
Тәңір де кешірмес,
Кешірмес жер басып жүруді,
Алланың әр күні «Азат» деп зарланар,
Алаштың оғылан ұлдары
Сол үшін мерт болып,
Сол үшін шәһит боп өлді олар.
Өлерміз ол рас,
Қабірден жолданған
Құдайдың хаты бар,
Ол бізді шақырса, шындыққа шақырар.
Ағылған хаттар-ай
Қанаты тым ыстық,
Кімдерге жетті екен нүкте боп?!
Бес күндік бұл фәни
Бес құлаш матамен оралып,
Тым алыс қашыққа жолданар,
Өйткені біздегі
Өмірдің мазмұны
Өлімнің тілімен оқылар.
Олар...
Алқымы сабадай
Ажалдың пырағын кісінетіп,
Алласын көрмекке
Аспанға аттанған ғайып боп,
Бұл неткен қайсарлық!
Өлсем ғой шіркін-ай,
Осылар секілді шәйіт боп.
Кеше...
Кеңестік бодандық
Менің күп-күрең қаныма суарып,
Қып-қызыл ту ілген
Кермек жасымды
Кекете сімірген.
Мен содан...
Алаш боп үзіліп
Азат боп қайтадан тірілгем,
Тірілгем...
Жусанның бұрқырап бүрінен...
Ұшық І ...Әрбір істе қазақ исі аңқығанын, Тірлікте көзімізбен көреміз бе?.. (Ғ. Қараш) Шіркін-ай! Ойлай беру ойға да ауыр, Ойлантпай ойсыздарды қойды-ау өмір, Кеше менің ішіме торай түнеп, Сол торай доңыз болып шықты бүгін. Содан менің танауым тарс бітеліп, Шырқырап шыбын жаным шықты білем, Ұжданыма доңыздың демі тиіп, Ұятынан ұшынған ұлттың бірі ем. Әй, қайран, Қазақия-ай арды білген, Аппақ ар ащы суға жанды білем, Күлінен күлімсі иіс ұрпақ өсіп, Ғұрпыңды буындырған қолды көрем. Ұшындым не себептен ұшық шығып,
Ұшығым ұлтсыздықтан болды білем.
Салайын сал десеңіз ащы (ашты) әніме,
Біздің де қариядан қашты әңгіме.
Құдай-ау, уәлі ауыз сақал қайда?
Қайғысы түннен қара, күннен ыстық
Бұл да өзі басты әңгіме,
Бұған жұрт «нұрсәулені» кінәлайды,
Ол өзі...
Өз алдына басқа әңгіме.
Маңайым қызыл танау тердің иісі,
Айналған асқазанға көздің іші.
Обал да оралады от боп анық,
Көз жастың дөңгеленіп ағары хақ,
Иә, әлгі... дүние кезек
Бәріне әмір етер жоғарғы Хақ.
Адамдық айуанатқа ғапылданса,
Қайырылып қара жұртты табары хақ.
Санам-ай Сақтан қалып сансыраған,
Ғұрпым-ай Ғұннан қалып қансыраған.
Құдайым, құлдық ұрдым бір өзіңе
Құтылар құдірет бер бұл «тажалдан».
Қанымды қаламсапқа сертке байлап,
Арыңды ақ қағазбен ұшықтайын.
Не істейін
бұдан өзге енді саған,
Қазақия...?
Қағаз – Қазақстан
Қаптаған қағаздар
Көз соқыр, көңіл мас.
Ақшалар жолында
Ар-ұят ақсарбас.
Көкжасыл парақтар
Сендерге өкпем жоқ,
Аразға айналып адамдық,
Қағазға қақталған біздің бас.
Ей, шіркін,
ергежей ақылым ,
Мың болғыр өтірік сайрай бер.
«Біздің ел бай халық, арман ел...»
Ауаға шөлдеген ақиқат.
Қағазға тұншыққан қайран ел.
Орталық ой жасап ОДАҚТЫҚ,
Тарихи тамырды тонаттық.
Қайтейін қауқарсыз қазақтық.
Қаңбаққа айналған қалың сөз,
Қағазға таңылған азаттық.
Қайран...
Қаракөк хан Кене,
Азат ой , Ахмет.
Құныңды білмесек ғафу ет.
Қан менен қарғысқа
Қол шайған суық қол,
Түбі бір тартпай ма қасірет.
Қайнаған қызыл сөз,
Ыстық дем көпірік.
Бұл бәлкім тойғандық,
Бұл бәлкім кекірік.
«Халқым-ау, жұртым-ау»,
Езілген емешек...
Недеген ғажайып ертегі,
Не деген ғаламат өтірік.
Жусан
ІІІ
Қобыздың қылына қайғымды тұндырып,
Тағы да мұң шалдым.
Асандай азалы, Қорқыттай қазалы
Сарқыты ем бір шалдың.
Қазақы болмысым,
Қайдасың, ұжданым?
Құс тілін саз етіп,
су тілін сөз етіп,
Исімен сөйлеген жусанның.
Бұл дала -
Боздақтар денесі,
Топырақ иленген қанына.
Даламның әр тасы -
Анамның көз жасы
шері бар зарында.
Боз дала, боз дала -
денемнің бөлшегі,
Мен сенен жаралдым басында
Мен саған сіңемін соңында.
Бір уыс топырақ,
Омырауын оқ тескен
оғылан бір ұлың.
Сол үшін...
Тастың да тәу етем әр түйір сынығын.
Қайдасың тектілік,
қайдасың өр рух!
Боз жусан аңсаған
Бейбарыс ғұмырым.
Жусан жоқ...
киемнің ырысы,
Құрттаған ұрандар,
Ұртталған тілектер тоғысы,
Халықты ту еткен қарынның дыбысы,
Алапат асқазан соғысы...
Санамның сырқаты,
Құлдықты шындық деп сорлайды,
Көзі жоқ көп надан
Қоңызша боқ қуып, доңызша ойлайды.
«Біздің ел осындай»,
Айнала аппақ нұр, жер үсті гүлстан
Өзгеше,
өзгеше...
ойлауға болмайды.
Өзгеше ойлатпас осы дерт,
Жанымның жартысын кетті үгіп.
Аһ, қайран, дүние-ай!
Түбіме сен жеттің тексіздік...
Маздасын Махамбет мінезім,
Оянсын рухым от бүркіп,
Сен жаса, боз жусан болмысым,
Сен жаса, бекзада тектілік!
Түрме ІV Бұл өмір абақты ғой саналыға... (Мағжан) Біздің қоғам борсыған ой, қотыр сөз, Сізде соған шырматылып отырсыз. Мен осындай ойсыздықтан ұшынып Өзімді-өзім өгей халге түсірдім, тамыр біткен ісініп...
АЙҚАЙЛАРДЫҢ ЖЕР ҚУЫРЫП АПШЫСЫ,
ЖАЙҚАЛЫП ТҰР ЖАНУАРЛЫҚ ТҮСІНІК.
Иә біздер жануармыз кәдімгі
Не демексіз енді сіз.
Себебі біз...
санасы өлі елденбіз.
БІЗДІҢ ҚОҒАМ – ТӘТТІ ҰЙҚЫНЫҢ ТӨСЕГІ,
БІЗДІҢ ҒҰМЫР – ОЯУ ЖҮРІП КӨРГЕН ТҮС.
Анау Алаш заманда
Ахметтің аспан аңқып ұғымы,
Ағып түсті алмас сынды ғұмыры,
Мазақ етіп кісәпір мен азғынды.
ҚАРА ЖЕРДІ ҚЫЗЫЛ ҚАНМЕН СУАРҒАН,
БІЗДІҢ САНА – СТАЛИННІҢ ЕЛЕСІ,
БІЗДІҢ АҚЫЛ – АБАҚТЫНЫҢ МАЗМҰНЫ.
Абайдың да арғытаным ішінен,
Масғұттың мас болуын түсінем...
Мұнымен де тыншымады-ау мұңды шу.
ҚҰЛ-ҚҰТАННЫҢ ҚИҚУЫНА КӨМІЛГЕН
ТЫР ЖАЛАҢАШ ЖЫНДЫХАНА МЕКЕНДЕ
АЛ ІШПЕЙ ГӨР ЖЫНДЫ СУ.
Өтірік пен өңеш жайлы ілімді
ӨРКЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ дейді бүгінгі
Мүгедек ми қырсығым...
ҚАРАҢҒЫЛЫҚ ҚҰШАҒЫНДА ТЕРБЕЛІП
ТАЛЫҚСИДЫ СӘБИ САНА, СОҚЫР КӨЗ
МЕНІҢ ТҮРМЕ ТҮЙСІГІМ...
Таным
Бұрын шын бар бүгін шын,
Ертең шын бар үш бөлек.
Керегі жоқ бұлардың,
Бұзылмайтын шын керек.
(Шәкәрім)
«Мұртты құдай», «мұртсыз құдай», «күн құдай»,
Мынау елге не боп кеткен құрғыр-ай?
Пәни дүние – перғауындар мекені,
Қайдасың сен...
Рахымды шын ҚҰДАЙ?
Ақыл айтқыш ағалар-ай, ағалар,
Ауызына шомылдарған күн-айды.
Қызыл тілмен Алла есімін айғыздап,
Алдамаңыз Құдайды.
Топас таным жарығы жоқ түн десе...
Тұрғынымыз сол түрменің ендеше.
Төрт аяқты жануар ғой адамзат,
ТӨРТ КӨЗ түгел көрмесе.
Төбе көздің бездер өсіп түбінен,
Сүрдім солай су қараңғы ғұмыр мен.
Адамзатқа оралады ШЫН ҚҰДАЙ
АР дейтұғын
ҚАУЫШҚАН КҮН ҰҒЫММЕН.
МЕН Бидайықтың көл шайқаған жалғызы... (Сүйінішұлы Қазтуған) Мен, мен едім, мен едім, Мен дегенім кім еді... Жаным бір жарық нұр еді, Жаратқан әмір еткесін Жарқ етіп олда бір күні Жатырға келіп түнеді. Мен ақын деген АҚИҚАТ Аспаннан түскен қаламмын. Қағазға тұнған сырымын Он сегіз мың ғаламның. Самалымын Құдайдың, Сиясымын Құранның, Тамшыдан тәнім дүреген Топырағымын Тұранның.
Кеудемнің іші КҮН еді
Күмістен еді шүмегі....
Анау бір алас жылдары
Аруана жұрттан алыстап
Көгіме қайғы түнеді.
Ай, аруана жұрт
мен сенің
Қайырылған құстай құтыңның,
Қаңқылдап жеткен үнімін,
Қобыздан қою тілімін...
Күркіреп ағар қаныңның
Күп- күрең түйіршігімін.
Алтайым асқақ ақылым,
Сабырым еді Сарыарқа,
Абайға ғана інімін.
Ханзада қанның тұнығы,
«...Көл шайқаған жалғыздың»...
Көзге бір басар сынығы,
Қазақтың ҚАРАКӨГІМІН.
Мен қазақтың сойы Ықылас
Заманда заман өткенде
Қаныңда туар КҮН едім.
Қара жердің астына
Қайырылмас сапар шекенмен
Қаламның серті біткенмен
Халықпен болар тілегім...
Таласбек
Ер өтті, ет жүрегін шоқтай қарып,
Қаңтардық, қаракөкті қақпайладық.
Дауылы қос ішекті керней-керней,
Таласбек домбыраға кетті айналып.
Тым қиғаш...
Кемеңгерге, киеліге
Бұл тағдыр...
Таңба болды-ау сүйегіме.
Шайқалған шөл далада сен бір мұхит,
Мынау жұрт жете алмады-ау жиегіңе.
Ажалдың оғы тиді АРДАҒЫМА,
Тағдырға жасай алар бар ма шара.
Қайғыңды қайран аға көтере алмай,
Қабырғам майысады салмағына.
Санасын ГҮЛДЕТКЕНДЕ мына халық,
АҚЫЛДА ай туады, жұлдыз жанып.
Сол күні...
МҰНАР БАСЫН БҰЛТҚА ШАНШЫП,
ТАЛАСБЕК ТАУҒА АЙНАЛЫП ТҰРАРЫ АНЫҚ...
Өлім
Дүниеге келмей бақ,
Келсең бірақ өлмей бақ.
(Қорқыт)
Менімен менікінің айырылғанын,
Өлді деп ат қойыпты өңшең білмес.
(Абай)
Жан менен тән өзгергенмен әр күйге,
Өмір-өлім тұтас ұғым, әрине.
ТІРІ БОЛУ ТІРЛІК КЕШУ ЕМЕС ОЛ,
«ӨЛГЕНДЕР КӨП» ӨМІР СҮРГЕН ПӘНИДЕ.
Келуің мен кетуіңнің тынысы
ІШІҢДЕ екен, сезсең соны дұрысы.
ӨМІР ДЕГЕН – ӨЗ АҚЫЛЫҢ, ӨЗ ОЙЫҢ,
ӨЛІМ СОНЫҢ АЗАБЫ МЕН ЖЕМІСІ.
Қабірменен қорқытады көр молла,
КӨРДІҢ ҚАШАН КӨЗ БІТЕДІ ОРНЫНА.
БАХИ МЕКЕН
ЖАН ЖАРАЛҒАН ЖЕРҰЙЫҚ,
Жерұйығын аңсамайтын ЕР бар ма.
Ғақыл түсіп ғарыштағы бір ХАҺТАН
Өз бетіңмен өмір сүр деп тіл қатқан...
СОЛ ЖҰМБАҚТЫҢ КІЛТІН САЛДЫ КЕУДЕГЕ,
ҚҰДАЙ БІЗДІ ҚУҒАН КҮНІ ЖҰМАҚТАН.
Кеудеңдегі хикметпен ойлан шын
КІСІЛІКТІҢ КІЛТІН ТЫҒЫП
ҚОЙҒАН КІМ?
АДАМДАҒЫ АҚИҚАТТЫҢ ЖАУАБЫН...
Көрден іздеп
көрге айналған қайран «дін».
Жалқы өмірге жалғыз рет келгесін,
Жанның нұры
Жарқырасын сөнбесін....
Ажал мені алдап соқпақ
Тәйір-ай.....
Тапқан екен «өлтіретін» пендесін.
Ғазауаттың күресінде, ардағым,
Ойнайды ажал ішке бүгіп бармағын.
СОЛ ӨЛІМДІ ЖЕҢГЕНІМДЕ ЖАЗҒАН-АЙ
ДҮНИЯДА ЕШ...
БОЛМАС ЕДІ АРМАНЫМ.....
Ән (Еркін Шүкімәнға)
Cал Біржан, алдыңызда Ақан, міне!
АЛАПАТ...
ҚОБЫЗ-КӨМЕЙ, АСПАН-КЕУДЕ.
Бір дауыл көмекейден КӨТЕРІЛДІ,
«КЕТПЕСІН ҮЙДІ ЖЫҒЫП, БАҚАН ТІРЕ».
Кеудеден кер даланың кеңдігі есіп,
Дауылы бұйра-бұйра бұлт көшіріп,
ЖУСАНДАЙ ЖҰПАР ШАШҚАН МҰНДАЙ ӘНДІ
ЖАРАТҚАН ЕТЕР МЕ ЕКЕН ЕНДІ НӘСІП?
Пай, пай, пай, неткен дауыс дірілі мұң?!
Жанымды, жазғаным-ай, үзілдірдің.
Мынау кім жеті түнде желдей ұйтқып,
желпіген ақ боз үйдің түңілігін?
ӘН ОСЫ әр нақышын алтындатып,
Үніне үзілдірген тән балқытып.
СЫҢСЫҒАН ҚАЗ БЕН ҚУДЫҢ СҰҢҚЫЛЫНА
ЖАНЫҢДЫ БІР ШАЙҚАҒАН САЛҚЫНДАТЫП.
АБЫЗДЫҢ ДОМБЫРА ҒОЙ ДУАЛЫСЫ,
АЛАШТЫҢ АРУАҒЫ, БҰЛА КҮШІ.
Сезсеңіз, еңіреген екі ішектен
БҰРҚЫРАП БОЗ ЖУСАННЫҢ ТҰРАДЫ ИСІ.
БҰЛ ИІСТЕН аңдасаңыз мағынаны,
ЖАНЫҢЫЗ ЖҰПАР БҮРКІП АҒАРАДЫ.
Сол мезет алпыс екі тамырыңнан
қан емес,
ҚАН ОРНЫНА ӘН АҒАДЫ.
Ереке-ау, екі ішекті еміндіріп,
Шырқашы, шарадан бір төгілдіріп.
КҮМІСТЕЙ СЫҢҒЫРЛАҒАН ЕСТІ ҮНІҢЕ
ЕСІМДІ БІР АЛАЙЫН ШОМЫЛДЫРЫП.
Шежіре
(Міржақып пен Хақназарға)
Қан-шежіре
тамыр тартқан мәңгіге,
Біздегі қан –
сол ақпарат, сол мүдде.
Жеті атаның алғысы мен қарғысы –
ПЕШЕНЕМІЗ –
Тағдыр деген сол міне.
Ұрпағың мен ұлысыңды сүюің –
Осы екен ғой
адамдықтың түйіні.
Өзіңді ойлау –
өшкендігің өмірден,
Өзгені ойлау –
КІСІЛІКТІҢ биігі.
Қан-топырақ
құнарында тұғырым,
Тұғырымның тазалығы ұлы ұғым.
Өткен қазақ өміріме
САЛАУАТ,
Келмек қазақ –
менің жаңа ғұмырым.
Қан-шежіре
Тамыр тілі тереңді,
Содан алдым
дерегімді, денемді.
Қан деген ол –
Ұрпағың мен ұлтың ғой,
Ұрпағыңды орға жығып көр енді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру