TELEGEI

Home

Тоғай

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тоғай

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Тоғай» шығармасы.

Өмірге мұнша өгей қып,
Неңді алдым, ит кедейлік...
Сұлтанмахмұт

Әңгіме

Тоғай жылқыларды жайғап, жұмыстарын аяқтады. Күн жанып тұр: бір сәт Дәуденге сүңгіп, салқындағанды мақұл көрді. Балпаңдай басып, каналға бет алды. Шілденің жанып тұрған талтүсі: қыбырлаған естияр жан көзге түспейді, түскі тыныстарын алып жатыр. Дәуденнің ауыл адамдары көп шомылатын Қиықбас үйінің тұсы майда балаларға толы екен: шуылдасып, қалақ ойнап, Күнге қақталып жатқандары. Тоғай балалардың өрінен келді: биік қызыл жыңғылды көлеңкелеп отырды. Аяғындағы қонышы кесілген қазақы етіктің басын шешіп, көлеңкеге тықпалап қойды. Жатақ құлақшынын төңкеріп тастады: үстіне бөз көйлегін бүктеп, домалата жинақтап қойды. Түргелді де жан-жағына қарады: балалар өздерімен өздері мәз-майрам - суда да, қырда да қиқуласып жүр. Тоғай кенеп шалбардың ышқырбауын шешті: суға баспалап түсті, су иығынан келді. Ылай суға шүміп-шүміп алды: түргеліп тұрып, беті қолын, құлақтарын жуды. Раш басында жатқан кенеп шалбарға Тоғайдың көзі түсті: ыштаны да, шалбары да осы. Бір киері. Несібелі өзіне өлшеп, тігіп беріп еді - мықты екен: қысы-жазы бұтынан тастамайды. Тізелігі қажалса да әлі өңін бермеген – тың: тізерліктегі бүктелген жері ақ сор басып, қыртыстанып алған. "Жусам қайтеді, - деген ой басына сап ете қалды. - Жайып қойсам, қазір-ақ кебеді". Судан сүйретіліп шықты. Шалбарды Дәуденге тоғытты. Суға шомылып отырып ойға берілді... Жетімдік азабын Тоғай жастайынан тартты: әке-шешеден ерте айырылды да, інісі Ермекті жетелеп жүріп ағайындарын сағалады, өзегі талып ашықты да; көз көрген туыстарының босағасында ер жетті. Өз қолдары өз ауыздарына жете бергенде Ермекті әскерге шақырды. Тоғайдан кеміс тауып, алмады: аяғын сүйретіп басып, атыз жұмыстарына араласты. Соғыс басталды да Ермек жарақат алып, алғашқылар қатарында елге оралды. Қолының өнері бар Ермек базарға шығып жүрді. Бір ретте Ермек Айгүлді тауып келді: шынашақтай пұшық қыз от екен, еркекқосты ұршықша үйірді; кең балақ Ермектің үсті-басы өзгеріп шыға келді. Терім басталды да Айгүлдің жұлдызы жанды: қолы желді екен -мақта теруде жан адамды алдына салмады. Ермек Айгүл терген мақтаны жинап, өлшетумен-ақ күнін өтіреді. Әрі Айгүлді тасбақадан қорғайды: көзіне тасбақа көрінсе, Айгүл бір шыңғырады да ауылдан бір-ақ шығады. Мақта атызына Қарақұм ентелеп тұр: құм аңдары егістікке өш - жайылуға жиі келеді. Тасбақалар да жұмыртқасын құмға көме салып, жоңырышқа мен мақта, бидай, жүгері, қауын-қарбыз, сәбіз-жуаға тұра шабады. Қырсыққанда Айгүлге жиі-жиі тап бола кетеді: тасбақаны көрсе, томашадай "комбайн келіншек" шыр ете қалады - Ермек жетіп барады: әйтпесе 5-6 шақырым жердегі ауылға тартып отырады. Қайтып әкелу ақырет: Ермек оңашалап өзі барып, жалынып-жалбарынып, тамырын басып, мұрынын шуылдатып алып келеді; еңбек бәйгесіне қосып жібереді. Еңбекте жұлдызы жанып, сый да, айырой да Айгүлге бұйырды. Шаруашылық кем-кемнен гүлдеп шыға берді. Есесіне тауқымет Тоғайдың басына шөкті: келін қуаяқ, тілді, әдептен озған көргенсіз болып шықты. Тоғай - жылқышы-ды: атыз жұмысынан, арбадан босаған күш көліктерін қарайды; жоңырышқа орып береді. Шалғыорақ тарту – ақырет: белге күш түседі. Өліп шаршайды. Түннің бір уағында үйге оралады: талықсып құлайды. Олардың екі-ақ бөлмелі үйі бар: алғаш іні-келіні ауызғы бөлмеде жатты да Күн салқын тарта төргі бөлмеге өтті. Тоғай басына бұлт үйірілді: алтын босағасы жанын жейтін қасапханаға айналды - келін жебір екен. Ермек балуанды шырқ айналдырады: ол кезде әйел өзін де ұмытып кетеді. Естияр Тоғай бәрін де сезеді: алып еркектің бауырында жылмаң қаққан әйел еріксіз көз қиығына түсе кетеді. Тоғай ұйқыдан безді - жүрегі тулап ала жөнеледі. Тоғай денесіне жаққан суға үсті-үстіне сүңгіді де қырға шықты: шалбар дегдіп қалған екен, киіп алды. Тыныстан, көлеңкеде отырды: су шаршатқан ба, денесі босаңсып қалыпты. Тоғай шоқша сақалын саумалай сипады: жанарын Дәуденнің толып ағып жатқан ылай суына қадады. "Су жағасы жақсы-ау, - деп ойлады Тоғай. - Аз да болса, сергисің. Баспана болмаса, сол жаман екен: Несібелі тастап кетті. Далада қалдым. Тәжіғұлдың үйін сағаладым. Жетім жеткілікті: Қаракөз де бар - жалғыз басты әйел: қотыр үстіне шиқан деген осы. Әйелі Ұштап жайсаң жан: қабақ шытпайды тек..." Тоғай Несібеліні ойлады... Ордасынан Тоғай безіп шықты: түк те алған жоқ. Соқа басы. Қолұшы қызыметтерді істеп жүрді. Сол аралықта Тәжімұрат ұзақ сапардан оралды. Тоғай шағын тойға келді. Жиналғандарға жәутеңдеп қарады: адамдар ерін ұштарымен амандасты. Ол сасқан жоқ. Нықтап басып, мереке басшыларына жақындасты. Асабашы түс бермеді: қасындағы боз балаға иек қақты.

— Тоқаңды шайға апарың! - деді.

Дастарқан кең жайылған екен: қақ төрде Көке - Тәжімұрат отыр. Тоғай көппен амандасты.

— Інім, қасыма кел, - деді Көке қойқаңдай ығысып. Тоғайға шай ұсынылды. Тәжімұрат ортасы бөлінген әңгімесін жалғастырды: тойшылар ұйып тыңдап отыр. Тәжімұрат - көпті көрген сарытіс адам: жұмысшы батальонына алынып, Челябинск қаласынан бір-ақ шыққан: 43 адамға бас болып қашып қайтты. Ызмұхширға 16 жігіт оралды. Тәжімұраттың өзі бастап келді: көсем кісі - жанып тұрған жасыл көзі түсүден-ақ адамды таниды. Тоғай осы Көкені сағалап келіп отыр. Ол Тәжімұрат мерейінің өсіп отырған көзіне тап болды. Тоғайдың иығына су кетіп жүргенін Тәжімұрат есіткен, қасына шақырғаны да сол еді.

— Інім, Тоғайжан, - деп сөзін жалғастырды Тәжімұрат. - Мына ер-азаматтарды көріп, қуанып отырмын. Ізбасарлар жетіскен екен ғой, Құдайға мың шүкір. - Көке ойланды. Айналасына көз жүгіртті де ойын сабақтады. - Халық аңызында еркектерді 5 топқа бөледі, қуаттаймын - халық айтса, қалт айтпайды. Бірінші топ — ерлердің ері: көсем жігіттер, ел басқарады. Көлденең ақылға бас имей, өз ақылына жүгінген жүрекжұтқан жігіттер. Сирек, сирек те болса керек: дара туған дарабоздар. Екінші топтағы жігіттер - әйелінің ерлері. Әйелінің тілін табады, халқының да тілін табады, сойылын соғады. Үшінші топтағы жігіттер аса көпшілікті құрайды: не істеседе әйелімен ойласа отырып істейді, тізгінінің бір ұшы әйелінің қолында тұрады. Халық оларды әйелден бері деп атайды. Төртінші топтағы еркектер - өзіне өзі ие жандар: мақтаншақ, лепірме, өркөкірек, көбік адамдар. Жиі кездеседі. Бесінші топтағы жігіттерді адамсымақтар деп атайды: телпек киген ерқаралар, шаңырақтың қарауылы. - Тәжімұрат ауылдастарына жіті қадала қарап отырып, сөзінің күшін де салмақтады. Жігіттерді қайрағаны да еді. Түйін жасады. - Ер азаматтарымыз әлденеше сұрқылтайларды бастан өтірді: 37 жылдарда Төлеміс, Дұрды... қатарлы асылдардан айырылдық. Қан майданда Әжібай, Әскербай, Абылла... қайтпай қалды. Енді... Алла аманшылығын берсін, азырақ қиыншылыққа төзу керек: елге бір нәубет, ерге бір нәубет.

Тәжімұрат тоқтап қалды: терін сүртті. Қасындағыларға қарады. - Шай болды ма?! -Ықшамдалып отырды. - Онда шайға патия жасайық! - деді. Жедел табақ тартылды.

Тәжімұрат және өжеттікке салды: Моншақпен ойласты.

— Мына бала қаңғып қалды. Үй болсын, - деді. Әйелі жақ ашпады: мөлдіреп қарады да қойды. Көке тоқетерін айтты. - Несібеліге құлаққағыс ет: Тоғай - иі жұмсақ кісі, түтін түтетсін.

Тоғай оңы-солына қарағанша Көке шаруаны жайғап тастады: Ызмұхширға бір түтін қосылды. Жағада отырған Тоғайдың кем-кемнен миының түкпірінен бір сәуле - естеліктер бас көтерді: жүрек төрінде бұғып қалған жансырлары ояна бастады - көңілденді, жан-жағына жалмана жұтынып қарады. "Ә-әй, Несібелі-ай, сені өкпелету ойымда жоқ еді: аңқауың Тоғайың жаныңды сезбеді ғой. - Түрегелді. Ағын суға тесіле қарады: есіне ұдайы қайта-қайта ыңылдап айтып жүретін өлеңінің бір жолы оралды: "Салмағына қара жер қайысады". Жүрегі де жиі соға түсті. Ойын жалғастырды. - Басқан ізіңе зар болдым. Жаным, Несібеліім..." Тоғай теңселіп су жағалап кетті. Көз алдына сол бақытты күндері елестеді... Жылқы иісі Тоғайдың денесіне сіңіп кеткен екен - Несібелі үрке қарады: сом денелі қара жігіт марғау қимылдап, қаннен қаперсіз шешініп жатыр. Несібелі тай қазан су жылытты. Сол аралықта Тоғай ұйықтап қалған екен, оятты.

— Түргел! Шаруа бар, - деді Несібелі. Қопырап Тоғай оянды. Шалбарына жабысты. Несібелі қолынан алып, есік көзіне ытқытты. - Жүр бері, - деді де жетелей жөнелді. Оны жылы суға тоғытты.

Несібелі ұйықтап жатқан Тоғайға тесіле қарады: көрпесін тартқылады. Жігіт сезбеді: пысылдысы қорылдыға ұласты. Несібелі дөңбекшіді. "Нағыз нойыс қой, - деп ойлады Несібелі. - Ымға түсінбеген дымға да түсінбейді - рас екен. Тұрмыс тауқыметімен айқасса, күрессе болар. Түк сезбес нойыспен қайтеміз. Моншақ апа-ау, кімге тап қылдың!? Буыны қатқан өгіз ыңғайға көнгісі жоқ. Көн қатса, қалпына түседі." Несібелі ұзақ жылады. Таң атып келе жатқанда көзі ілінді. Түс көрді: арыстанға мініп жүр екен. Енді аузын ашып, ұмтыла бергенде шыңғырып жіберді - өз даусынан шошып оянды. Несібелі жұмысқа шықпады. Түсте Тоғай келгенде Несібелі жоқ еді. Тоғай шешінбестен отыра кетті. Тым-тырыс. Қалғып кеткен екен, есік ашылды. Моншақ келді. Аяқ үстінде түрып қалды. Отау ұядай екен. Жайбасар қара сұлап жатыр. Тіршілік белгісі жоқ.

— Үй жаққа бар, - деді Моншақ. Сыртқа беттеді. - Қасқа бала, басыңа қонған бақыттың көңілін де таба алмадың, - деді. Тоғайдың жүрегі мұздай болды.

Тоғай ауылға бет алды: табаны тартпаса да сүйретіліп бара жатты. Аш болғанын жаңа сезді: ішегі шұрылдады, қабағын да көтермеді - ине жоғалтқан адамша Ызмұхширдың боз топырағынан жанарын көтермеді. Көзіне Көкенің тұлғасы кес-кестей берді: алып дене, өткір жасыл көз, ашу шақырғанда жыбыр қағатын үлкен құлақ елес-елес көрінді. "Көке айтқан еркектердің соңғы тобына да ілесе алмадым-ау: Несібеліні жан біткеннен қызғанып, ең соңында айдалада қаңғып қалдым. Көке көзіне көрінетін бет те жоқ: жылқының арасында жата бер теке сасып. - Тоғай ауылға көз тастады. Сары байталға көзі түсті: басқарма мінетін көлік. Бұрылды. - Қонысқа барайын: қолұшын берер, мені біледі ғой..."

Тоғай жебелей басты.
Қәтеп ауылы
2000 ұлу жылы, маусым

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙