Дәруіш
Нұрбек Нұржанұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Дәруіш
ДӘРУІШ
І-тарау
Жоғалту
* * *
қара моншақ сияларын тастап түн
кірпігіме,
мен кешеден бос қайттым.
Жанарымнан бөтелкелер домалап,
Сынып жатты маңдайында асфальттың.
Бұлтты тарап ағаштардың тарағы,
Қаламымнан ғұмырларым ағады.
Жанарымнан қанаттары шыланған,
Көгершіндер көкке ұшып барады...
Шәйін ұрттап керім ару Гүзелдің,
Саусақтарым тиіп кетсе үзем мұң.
Күз сыртыңда мен тіріліп кеттім де,
Ал ішімде күз өлдің...
Жасырдым не, көтеріп ап жағамды?
Іздедім не, құшақтап ап ғаламды?
Пенделерді киіп алған ағаштар,
Темекілер шегіп жатқан адамды...
Қабағымнан күндер өшіп, көшіп түн,
Аспаныңа асқақ арман кешіктім.
Қара пальтом қарғаларға айналып,
Ұшып кетті күмбезіне мешіттің...
Күз. Элегия. Пәни...
Тоқтады не?
Уақыт па һәм мен бе екем?
Бұл келген не?
Мен бе, әлде күз бе екен?
Сезімімде сенімім бар сөнбеген,
Жүрегімде жапырақ бар үзбеген...
Пәни кейде – жалған шындық, жансыз түс,
Арман, әлде аспан ба екен, жеті не?
Күз көзімнен ұшып кетті сансыз құс,
Көктем іздеп қойындәптер бетіне...
Жаздың гүлін кеудесінен қаға шың,
Қайыңдарда сары жұлдыз сөнеді...
Жаратқанның жаратқан бар ағашын,
Маңдайынан сүйіп алғым келеді...
Біз – жер едік, аспан едік, тал едік,
Көктем емес, күз келеді, шақырсам...
Жаратқанның жаратқан бар әлемін,
Сан ғасырлар тыңдап шіркін, отырсам...
Сарғайдым-ау күттіргеннен, тосқаннан...
Көктем сүйген күз ұлынан шошыма.
Бүгін тағы жұлдыз көрдім аспаннан,
Бүгін тағы ақ түсірдім шашыма...
Сансыз сұрақ жас жанымды кемірді,
Бар бәрі де, жоқ қой тағы түгім де...
Бүгін тағы ойландырдым өмірді,
Кеше тағы барып қайттым бүгінге...
Келешектің қарлығашын шақырып,
Өткенімнің көшесінде қалмадым...
Ғаламыма сұрақ қоя отырып,
Ештеңеге жауап бере алмадым...
Мені ешкім, мен ешкімді тоспадым,
Қысты күтті, етек жеңін тал түріп...
Жерде солған жапырақты баспадым,
Жүрегімді алмау үшін солдырып...
Бәрінің де бал дәурені тарқайды,
Неге сонша көп тосамыз таңды біз?
Жапырақты ұстап едім, сарғайды,
Қайыңдарды құшақтап ем, тоңды күз...
Қолдарымның әжімі бар талдарда,
Адам деген жеміс емес тез гүлдер.
Тоқтап едім, жүре берді жолдар да,
Қарап едім, қарамады мезгілдер...
Аяқ асты шыға келсе дөң көктеп,
Сені, көктем, күз секілді сүйем, ұқ...
Көктем келсе, аяғымен еңбектеп,
Күз кетеді балдағына сүйеніп...
«Жүрек» дедім кеудемдегі құс аты,
Жаз жүзіне бояу жақты бір індек...
Қолдарымды қайта-қайта ұстайды,
Жапырақтың алақаны дірілдеп...
Жығылған соң қаламдарым тұра қап,
Пәнидің ақ парағына жүр беттеп...
Мұң жамылған шекпенімді сұрап-ап,
Күз отырды жылына алмай дірдектеп...
Мейірімнен миллион гүл тергендей,
Көшеміз-ау тастап кетіп тән – үйді...
Мені бұрын іздегендей, көргендей...
Мына уақыт мені қайдан таниды?
Жұпар шашсам, еш солмайтын гүлден ап...
Осы бір сәт ғасыр еді, жыл еді...
Мынау ғалам жаратылған күннен ақ,
Осы бір күз мені қайдан біледі?..
Жапырақтың кірпіктері кепкен бе?
Қайың құшып тұр тағдырлас құрбы қыз...
Тереземнен қарап едім көктемге,
Тереземнен маған қарап тұрды күз...
Ғалам шақырады намазға
Түн жүзінде қанша жұлдыз, қанша мең?
Мың ойларға, мың үмітке, ал, сәлем!
Зікір, зікір, ғалам толы зікірлер,
Кәлиманы айтып жатыр барша әлем...
Түн көзінде тұнған анау шық ірі,
Ай мен жұлдыз сағыныштың тұғыры...
Жұлдыздардан шашырады ғаламға,
Сөнбес, өшпес әр сәуленің зікірі...
Құс әнінде мадақ айтқан нота бар,
Ұшқан құстар аспан жазған хат олар.
Алатаудың бұлт сәлдесін қарашы,
Тау – имамға ұйыған бөк, жоталар.
Толғанады ғалам деген бақ іші,
Жанарыңның сұралады ақысы.
Әлем деген мынау алып кітаптан,
Жаратқанның құдіретін оқышы...
Мен қорқамын кеудедегі тастан мың,
Жан жылуын жанарынан шашқан күн.
Санап жатыр жұлдыз моншақ таспихын,
Зікіріне құлақ түрші аспанның...
О, сағыныш жүрегімді орашы,
О, махаббат жанарымнан тарашы.
Мынау жерге тігіліпті өрнектер,
Қызыл-ала жайнамазаға қарашы...
Шөп тараған самалдарды сөкпеңдер,
Шөлдеген бел, терлеген тау, кепкен жер,
Дайындалып жатыр әлем намазға...
Бұлт құмғаннан дәрет алып көк пен жер...
Сағынышы сарғаймайтын жан аз ба?
Жұрт оянды құлақ түріп қоразға.
Жамағаты ағаштардың сап түзеп,
Шақырады бәрімізді намазға...
Күн келеді сағындырып өте түн,
Жолаушымыз бәріміз де кететін.
Аспан – жерге, жер – адамға қамқор боп,
Бір-біріне беріп жатыр зекетін...
Көктем келді, кеше ғана қыс еді...
Жүрек кейде мұңаяды, үседі.
Моншақ-моншақ теңгелері аспанның...
Қара жердің уысына түседі...
О, сәулелер, әр зәрреге тарашы,
Зікір, зікір жер мен көктің арасы.
Аспан деген жайнамазға жығылған,
Жұлдыздардың жамағатын қарашы.
Лағылын бер жүрегіңе тыққан жүз,
Жер – жарыққа, жапыраққа – мұқтаж күз.
Берейікші барымызды аямай,
Бәріміз де мейірімге мұқтажбыз.
Түгел бәрін жақсы көрем сүйе алам,
Жамандыққа қалай ғана қия алам...
Жаратқанды еске салған сәт сайын,
Мен әлемге қарап тұрып ұялам...
Күзден қалған жапырақтар мыналар,
Көзге – мұңдар, тасқа біткен – қыналар.
Мөлт-мөлт еткен өкініштің сафтары,
Жанарыңнан ағып жатыр күнәлар...
Өмір заңын кеш түсіндім, әсте ұқтым,
Жанарынан ұяламын жастықтың.
Ағып барад зікір айтып Аллаға,
Көздің жасы моншағындай тасбихтың...
Өз өзімді өлтіремін қашанғы,
Көк түтіннің ішінде?
Төсегімнен жібермейді масаң мұң,
Өңімменен түсімде...
Қаперіме қонып жатыр тозаң, шаң,
Жанарыма түн пердесін іледі...
Киіміме сіңіп қалған азам бар,
Түймелерін үзіп алған жүрегім...
Затқа айналды уақыттарым осы өткен,
Бөлме болып бара жатты өмірім,
Айналды да, өкінішім төсекке,
Айналды да, орындыққа көңілім...
Сыймайды ішке кірлеп қалған ақ қанат,
Қуа алмай бөлмемдегі бөтенді.
Жылатамын терезені көп қарап,
Қанатамын гүлге соғып шекемді.
Қасымдасың жалғыздығым жалғызым,
Қайталанып осы сағат, осы күн.
Затқа айналып кетпес үшін болмысым,
Қағыңдыршы өмірімнің есігін,
өтінем.
Терең де өткір ой неткен!
Қанша шөлмекті шағармын?
Кіріп келеді әйнектен,
Қара саусағы шаһардың.
Тоңады қырау қабағым,
Үмітім нәзік үседі.
Аспаннан құлап жанарым
Көзіме кері түседі.
Қанталап кеткен қабырға,
Тас жүрегімді ұрам деп.
Бөтен де алыс тобырға,
Көзімді сүйеп тұрам кеп.
Түсімде гүлді сүйіп ем,
Қанады жаным өңім де.
Түннің көйлегін киіп ем
Жағасы қалды көңілде.
Не деген ауыр мына түн,
Не деген азап тұрысы.
Тағы да бұлыт құлады,
Айдаһар тектес жүрісі.
Жұлдызым менің көп еді,
Көңілде ояу, көкте ояу.
«Өлең сүремін» деп еді
Жүрегім шимай, көк бояу.
Бәрі де қалып соңымда,
Шаңдатып барад өткенім.
Белгісіз менің жолымда,
Белгісіз тағы көктемім...
Қыс сонатасы
Айналамнан түстер көрем, кім сызған?
Мен де реңкке сіңіп кеткен екенмін.
Бояуларын төгіп алған жұлдыздар,
Еденіне мен тұратын мекеннің.
Келіп едім, сездім қыстың тоңғанын,
Қар қолында еріп кетті жүрегім.
Көңілінің күрей алмай ақ қарын,
Аулашы тұр қарға қадап күрегін.
Ешкімді де күтпегенмін гүл алып,
Кеш түсінгем, кеш жылағам, кеш күлгем.
Айқайлар ем, шер мұңымды шығарып,
Бірақ, қорқам ішімдегі көшкіннен...
Қолын сұғып төсіндегі азапқа,
Ұқпады түн не екенін жабысқан.
Қарым жауып бара жатты ұзаққа,
Қарым құлап келе жатты алыстан...
Не іздедім осынау бір өңірден?
Нені күттім жапырақсыз талдардан?
Қарым өтіп бара жатыр өмірден,
Өмір өтіп бара жатыр ақ қардан.
Қара ағаштың жалаңаштау білегін,
Киіндіріп жатты әсем қар гүлі.
Мен бәрінің естіп тұрдым жүрегін,
Қар жауғанын тыңдаған сәт барлығы.
Бұлт-гүлзардың бәйшешегі жауыңдар,
Шешек атып ауада гүл бүрлесін.
Қалың күртке киіп алдым,
қалың қар
жүрегіме жауып кетіп жүрмесін...
Тыныс
Тоңып тұрғаным үсігенім емес,
Аяз тістейді балақтан талап...
Мен жәй әшейін жаурағым келді,
Мұңайғым келді қараптан қарап...
Кінәлі емес, бұған ешкімде,
Дым қатысы жоқ бұған өмірдің.
Қардың жауғанын бақылап тұрдым,
Кескінін сипап дұғалы мөрдің...
Үсігім келді, күрсінгім келді,
Имене беріп көптің өзінен...
Бір диуана тұр бақылап тағы,
Адам өмірін иттің көзінен...
Жаурады, тоңды жаратылыстар,
Жаһан қойнына суық мұң енді.
Жолымда тұрды қара мысық-түн,
Сипағым келді, жылытқым келді.
Аппақ бейнеде дірілдеп реңктер,
Сүгіретін қыс салмады ма екен?
Үсіген қолын үрлеймін талдың,
Мен неге жаурап қалмадым екен...
Ауырғым келді, әлде сауыққым,
Көктен қанаттар түсті дер едім.
Білмеймін, бүгін тоңған қалпымда,
Сезінгім келді қыстың жүрегін...
Тереземнен –
тау көрем қалғыған,
Аспан көремін үсіген,
Жарық көрем жетпеген,
Қолымды созам,
...түсінем.
Жауып тұр тағы қоңыр қар,
Анамды көрем сағынған,
Кірпігім түртіп кетті ме,
Жұлдыздар көрем ағылған.
Ауылды көрем,
аспаны
көзімнен ағып барады...
Өткенім менің – күресін,
...Өкініш көрем, қарағым...
Алдымда менің бос кесе,
Тістелген алма тілімі,
Және жалғыздық,
Көңілсіз
бұрышта отыр түн әлі.
Бәрі де менің кесірім,
Бәріне менмін кінәлі...
Шаршаған үні шәркенің,
Шапалақтайды еденде.
Ауаға асылып шырақ,
Түнімен тұрад төбемде.
Саусағым кетті сарғайып,
Құтылар құлап қолымнан
секіріп түсед еденге.
...жалынам тағы, табынам...
Жүрегімді жайып қойғам
күнге,
Жуып ем таңшуақ,
Кеппеген қалпы әлі тұр,
Көкірегімнен тамшылап...
Бұлттың тынысы,
Ақпанның демі – аппақ қар...
Таң.
Жоғалтып алдым,
жоғалтып алдым нені?
Үстелімнің үстіндегі,
Мен һәм бөлменің бөлшегі –
Әлі жазбаған өлеңім
парақ ішінде теңселіп жатад,
бозарып өңі.
Бұрыш-бұрышқа, зәрреге,
Ғазалдар сіңген көне там.
бұлтқа жабысқан сұр шаһар,
Қар ұшқынында ала таң.
Жасыл көйлекті мамырым,
Жоғалғанымды ұға ма?..
Қар – періштелер қонады жерге,
Ұшады ұлпа – дұғалар.
Шыбықтай сүйрік қолыма қонып
Қарғаға ұқсас қолғабым.
Ерітпесе екен түннің зікірін,
Жұлдызға тиген бармағым...
Мұржаны шеккен бүкір үй,
Шығарып салад жолдарды бітпес
Шәрге енген.
Жалғыз әйнегін аспан сүйкеген,
Жалпақ табанын қар көмген
осы бір жаппа
мені қарнында
қыс бойы көтеріп кеп ед(і).
Ішіне сиып:
кішкене аспан, бұла таң,
Әлі де мені
жасырып келеді:
Қардан,
Бақыттан,
Күнәдан...
Тыныстап тұрмын:
Ауаны тоңған,
жіңішке нұрды,
Кітапты нәзік,
темекі тұқылын мен шекпеген.
Көлеңкелер тұр шуақты басып,
Күткенім – үміт...
сөнбеп пе екен?
Тыныстап тұрмын:
Орындықты иесіз қалған,
Жарықсыз шамды,
Пешті-қан жылым,
уақытты жаңа,
Етікті ескі,
көріксіз тамды.
Тынысы бөгде бақыттың ғана.
Тыныстап тұрдым, демалып тұрдым,
Әр заттың исін, әр заттың жанын.
Естілед шаңның жүрегі соққан,
Өмір сүруді аңсаппын, жаным!
Демін тыңдаймын тіпті, жансыздың,
Өзім соларға елес ем, бірақ.
Ішімде менің қозғалад баяу:
Орындық,
Үстел,
Терезе,
шырақ.
Мойны салбыраған шам,
Кешір жаға алмағаныма.
Саусағым дір-дір етеді,
Қармап ауаны мына...
Тұмау сіңген бөлме іші,
Жаным – қайғысы бейғам...
Өтінем, жүрек өлмеші,
Күннің күлкісі сыйған...
Компьютер тілтақтасы –
Пернесіндей рояльдың.
Өлеңнен ұшқан әуен,
ол – өмірім аяулы...
Көзімнен тамад тылсым үн –
Әріпке қонып баяу мұң...
Парақтар – ар, азабым,
Өлең – көңіл күйімде...
Өлер сәтте де жазамын,
Тіпті, одан кейінде...
Тірі өлікпін, құтқар,
Көмілген тәнім шерге...
Адам боп өлем – аппақ,
Ақын боп барам көрге,
түбінде.
Ағам шегіп тұр темекі.
Мен шегіп тұрмын:
Аспанды, тауды, қаңтарды...
Күлін түсірді кірпігім,
Жолшысын іздеп жолдардың.
Мен бар айнаға буланған,
Жазшы,
Суретін салшы жүректің –
суыған...
Жұлдыздан жауған сәулеге,
Жалаңаш көзім жуынар...
Теңіздей түннің айлағын кезем,
Жағалауынан есіп толқын мұң...
Жалғыздық емес, ұлыған есік,
Жүрегім емес, салқын түн...
Уақытым тоңған сары әйнек
Сипайды түнді:
Көктемі – қашық, қысы – кең...
Мен қар емеспін...
Тек, жаным аздап
үсіген...
Жүрдім терезеге жақын,
Жақындамадым түнге,
Мүлде тимеді тәнім.
Сездім, жұлдыздың барын.
Тұрды сүйкеніп жаным –
әйнекке,
Сөзсіз, үнсізбін әрі.
Көйлекте дәрі исі,
Шаршаған иіс түнде.
Жүрдім ақырын,
дыбыс жетті кімге?
Бөлмем өшіріп шамын
кетті түнге.
Қалдым...
Мұң Ай...
Керім,
сенен хабар жоқ,
онсызда
сен тұрмысқа шыққалы бері
ештеңе өзгермеді,
Өзгергені:
Ән айтуды қойдым,
өтірік күліп үйрендім,
Жалғыз қалуды меңгердім,
Сосын,
үйлендім өлеңге;
жанары,
жаны,
нәзіктігі
саған ұқсаған.
Және саған ұқсаған
тәні –
кітаптар оқумен
бітірдім жыл аяғын.
Сені көп ойламаймын,
тыныс алғанымда ғана,
мұңаямын аздап.
«Құтқаршы» дер ем,
Бірақ,
хәлімді көріп
жыларсың деп қорқам,
Сүлдеріме ілінген жаным –
Дымқыл,
қартаң,
көне...
Алыс –
өмірден, сенен...
Белгілі,
бір күні өлем,
естиді дүние...
Сонда,
Тек сен естімесең екен.
Жалғыз қаларсың деп, қорқам...
Бұл қалың түн бе?
Не деген шексіз...
Ұстап көрсем бе жүрегін жуас.
Малынған түнге кереге, жиһаз,
Түн тамып жатыр тереземе лас...
...көріксіз шәр,
Көршім –
түн,
көңілсіз күйім...
отырмын киіп
жалғыздығымды:
жұқа әм мұңды.
Кесеме бу болып ұшқан кофенің жаны –
түсіріп алдым түнді.
Алайда
жұтылдым бұрышқа –
қарайған,
жарылған...
Тұнық жанымның түсті реңкіне малынған
кірпігіммен
бейнеңді бояймын бостыққа...
Соған алданып:
жастықтан мамық иығыңа –
сағынған,
шаршаған
жанымды сүйеймін,
ұмытып түннің терең екенін,
...таңда жөтеліп оянам,
тас қабырғадан маңдайымды әрең көтеріп...
Түн – сақ, тыныш.
Аңқиды арман.
Жүзіме қар тиді жұмсақ,
қар сүйді нәзік.
Кеберген кітап мүңкиді әріп;
Жазып өлер ме ем...
Сүйіп өлер ме ем...
Бүкір – қою шам көз алмай отыр қардан –
оюдан...
Түн – терең,
түн – ұзақ, алыс...
Таныс аппақ нұр үзілген,
Сыз емген аспан –
мыжылған,
Түсед кепкен – қар:
Қыжылдан ұзап,
кәріптен ұзап,
менен де...
Жауған қар әріпке ұқсап,
Қонады аппақ өлеңге....
Терезеде бар бір күндік ғұмыр,
Портрет секілді жиектеме,
Түнді өзіме ұқсата алмадым,
Ұқсай алмадым көкжиекке де.
Сұп-суық неге қараймын жерге,
Қалап алғандай тастан өңімді.
Аяқ киімді сүртетін бала
Тазалап берші басқан жерімді.
Қазіргі күйім: көңілім жарымжан,
Анау мысықтар жұбата ала ма?
Мияулап мен де кетсем бе екен,
Иемді іздеп құла далаға...
Төңкерілгендей санамда уақыт,
Көзімде мезгіл ауып барады.
Қара шашымда қара түн қалып,
Кірпігімнен қар жауып барады.
Ақ қар ма алақаныма таматын,
Әлде анамның тілегі ме екен?
Түніменен әйнегіме жауатын
Жұлдыздың жұмсақ жүрегі ме екен?
Демімді жұтқан кір терезеден,
Сырғып барады тайғанай мұңым.
Жүрегін түртіп кете беремін
Саусағымменен байқамай түннің.
Сабын сіңген саусағыммен су алып,
өкінішім,
күнәларым,
көз жасым,
жаным
сіңген көйлегімді жуамын...
тамшылаған жанарымды жаямын –
Терезеге,
хатқа,
көкке,
көктемге...
Аққан –
мөлдір бояуы...
Мамық нұр тамды суреттегі гүлге,
Жаным –
парағы былтырғы газеттің,
үстеліңде қалған қақталып күнге...
Бүгін де қарамадым күнтізбеге,
Ертең де қарамаймын...
Тәні нәзік
хаттар өсірем үстелге тізбелеп.
Аулаңдағыдай ақ мысық аламын,
Шашымды ұзартам,
Уақытты ұзартам,
Белі сықырлаған есікті жабамын...
Сені күтпейтін шығармын...
Ал кешке
әйнекте бүрлеген нұрды суғарам,
көктемді суғарам терезеде өскен...
Сағынсам жамылам салқын ауаны,
Түнде жағам аспашамның іңірін
еденде сырғыған жұмсақ табаны.
Масаң үн ұшқан радионы қосам
тыңдамасам да жалғызсыратпау ғой
бөлмені...
Сөйтсе де, көңілсіз ән тосам...
...Сені күтпейтін шығармын...
Екі кесеге шәй құям,
сәл төгем.
ыстық шәй ішем бір ғана тілекпен;
...екінші кесе суымаса екен!
...сен келмейтін шығарсың, Анесса!
Келді, көктемнің бірінші күні,
Қар түсті сұлық.
Қар бала суық: «көктем келді» деп,
Сүйіншілігін сұраса,
жымиям баласынып.
Үнсіздік жұтқан – ауа,
пайымым:
қаным қайнаған,
кесем кірлген.
Бүгін бейсембі қарапайым күн,
ауаға қар боп, шешек бүрлеген.
Күнтізбенің сол әдетті саны –
бірі,
кәдімгі жылдағы мезгіл.
Мұңая салатын кенеттен жаны,
Кенеттен күлер; жұмбақ мінезім.
Орнында портфель,
әдепкі жерде –
мен,
өзгермеген,
сәл өскен шашым.
Тозған қабырға, темекілер де,
Сәл соққан лүпіл, сәл ескен ашу.
Жалғызлігімнің суретін ілген
Бөлмемді ескі, шерлі демесең,
жұтуға болад
жүрегім сіңген ауаны,
сағыныш сіңген ең әсем.
Бүгін көктемнің алғашқы күні,
Жұмсарған қар да, өзгерген көк те...
Кірпігімдегі болмашы мұңым
дір-дір етеді кез-келген сәтке.
Дәлізден баяу жүріп өткен кім?
Бірі келер ме жақындап, тосын...
Бүгін –
бірінші күні көктемнің,
нені күтіп ең,
ақымақ басым?..
ІІ-тарау
Іздеу
Күнделік
Аяулым,
кешеден қалған күніме
бүгін, пешінде ояндым.
Жинадым
түскі шуақты,
ойларымды
шашылып жатқан төсегім-
де... Жудым
жүзімдегі түнді, кешені...
теледидар қарадым,
газеттер оқыдым,
Жалғызсырадым,
жып-жылы өлең тоқыдым,
Сосын, жазды жылаттым...
...Таңым,
көре тұра жанымды басқан
шаңды,
тозаңды,
бөлмемде шашылған өмірімді
жинамақсың қашанғы?..
Мамыр
Ауыл,
...дауыл азынайды тал үстінде,
Төсекте шам дір-дір етед әл үстінде.
Сәл ұшымен бос бөлмені түртіп көріп,
Ауыр түнді көтеріп тұр кірпіктерім.
Жанарыма Айдың мөлдір нұры тамып,
Жүрегіммен мамырымды жылытамын,
Мамырымның жасыл жаны,
мен де жасыл
үмітімді көңіліме гүлдей ашып,
ұшырар ем, жарық көрсем қылаудай бір,
өсірер ем, тамшы көрсем жылаудай бір...
көнгіш мамыр мойнын созса көк әлемге,
Түнді сүйеп жұлдыз тұрар шегеленген,
жел қаққанда бос қанатын төбемде үдеп,
жұлдыз ақты, бұл өмірге менен де өгей...
Енді, жылу сұрап тұрмын ала таңға,
Мамырымды көтеріп-ап алақанға
жылап тұрмын...
Аспаннан қонғанда жауын,
жанарымнан жауады жаным...
Түн әйнегімді қақпады,
тереземнен перизаттар
ұшқалы бері ояумын.
дастарханның үстіндегі
таңғы шапақты төгілген
графинге құйып қоямын,
ішіне бақбақ саламын
күн сайын,
жаз сайын,
Сені есіме салатын...
Солай,
өмір бойы бақбақ жинайтын боламын...
Оларды үрлемеймін,
Пәни бағынан үзілгенімде,
Айналам бақбақтарыма
қалаған,
Сонда, ұлпадай жаным
Атыңды атағандағы лептен
ұшып кетеді таң төгілген ауаға:
«Алла» деп...
Сөздерді дұға көруші едім,
Сенім бе,
жұлдыздар ма өшетін?
Қызарып қалған гүлден
ұялып барам,
кеше гөр...
күнә жасаудан жалықтым, білсең,
...атама.
Өтінем, ұшшы жазерке күлген,
Қолыма қонсаң
өлтіріп алам, о тоба!
Телефоныма жауды хат борап,
Кешірім өзі – ақ қана...
Ал мен шарасыз сүрте беріппін
Сөздердің жасын – қап қара.
Жұбата алдым ба өмірді
кірпігім ашып ақ гүлді?
Жапырақтар да шапалақ ұрып,
Қарсы алып тұрды...
...бәрін де түсіндім...
Құдай-ай,
не деген мамық, не деген ыстық
алақандағы құсымды
жүрегіме басам деп
өлтіріп алып ұшырдым...
Кіреберіс. Алакөлеңке.
Қабырғаға сүйенемін алабөтен...
Тереземнің ар жағынан жел сарқырап
Әйнегімнің жағасына салқын ұрад.
Шыбықтардың қолдарында қоңыраулар
сыңғыр етсе –
шарасыздай, саңыраудай
тұрған менің, мазалайды ар өзегім.
Күн күле гөр, шуақсыздау тереземе!
Бәрі ғажап, бәрі әдемі, тек мен ғана –
Көріксіздеу жанарымды көкке қадап,
Нәзік ару алақанындай кесе ішіне
Аспанымды төгіп алғам...
Есесіне
ақ ернеуі көз жасымның тұнбасынан
қатып қалды қап-қара боп.
Сен шошыма...
Өзіңнің қалаңда,
кіп кішкене пәтеріңнің ас бөлмесінде
әр таң
шуаққа малынған саусақтарыңмен
күйсандықтың тілінде сөйлей алатын нәп-нәзік ыдыс-аяқтарыңды
дастарханға жаярсың
таңғы асыңа.
шие гүліндей ернің кесеңнің ернеуінен сүйген сәт:
хормен сыңғырлап ыдыстарың тосыннан –
әуезіне елітер бағыңның ерке шымшықтарын.
Тіпті, аулаңды сыпырып жүрген қарияда
жанарының жақтауындағы кірпіктей-гүл шоқтарын
көз жасына суғарып алар қапияда...
Орамалыңа тығылған үркек шаштарың, қорғансыз кірпігің
боялып таңсәріге
отырасың,
сезбейсің өмір сүріп жатқанымды дәл сендей...
Бірақ та,
гүлазардай дастарханға жайылған таңғы асыма
қонақтарсыз,
жалғыз,
тәбетсіз тосылам...
Қабырғадағы күнтізбемде саған баратын күн болатын шығар,
Ал қазір қолымнан келері үзілген парақтарын жұбату ғана...
Сонда да,
ән салмайтын шәй стақанымның жұқа белін ұстаған сайын
құлатып алам...
Терезе алдында сарғайған,
жапырақтың деміне билеген
пердемнің
тербелер шуақты етегі...
...аяулы, әппақ әлемім.
Қарашы,
жапырақтарға қадалған күн жебесі.
...ағылған мінәжат көресің.
Қашанғы,
шыбындай қарашығым әйнекке соғылар,
Аппақ пердемнің ар жағындағы аңсар,
қашан есесің?
БАҒБАН
Сүйегі сықырлап аспанның
Түн жауар ақ жұпар моншақтар...
Жұлдыз кірпігінен жас тамған
жасыл жапыраққа жасқаншақ...
Тамшылар – жұп-жұмсақ, сұп-суық
ойнайды әйнекте жүгіріп.
Көзімнің тентегі тұп тұнық
жылайды кірпікке жығылып.
Бауыры бүлкілдеп ақша бұлт
Ақ көйлек етегін сығады.
Кірпияз гүлдерін бақшамның
Қарашы, жасырын жылауын...
Жұбанар,
...тас жүрек емес ем,
Көз жасын себеді бағбаның.
Мен үшін өмір ол – гүл әсем,
Ал гүлдер – бүрлеген ақ жауын...
Кеңістікке ұшқан гүлдерім
құстарға айналып... көзімнің
мөп-мөлдір жастарын бүрке-гін
қауырсындарыңмен сезімге...
Сезінем, бүрлеймін мен сонда
Әр бауда, кірпікте, жүректе...
Бағбанның жасы ағар аспаннан –
гүлдердің қанаты дір етсе...
Нұрға шомылған жер мен көк; ғашықпын, маспын, ауамын...
Еріп барамын шапаққа, аялап барам. Қаламың
не деген ғажап Тәңірім, сүйсіне берем, кешіре
берем, көзімнің шамына балқытып алып... Өсірем
жаныма көкті, шуағым мөлдір төгілер шарықтан
жақындап қалса орап-ап нұрға. Мен енді жарықпын...
Түнім менің – қара қарғам - қара қанат
үркітпеңдер тереземе қона қалса.
Аянышты, кірпігіме шыланып ап,
қарағымнан еріп кеткен қала ғана...
Мен бүгінде – ажарсызбын, көріксізбін.
Қыз көзіндей әйнегімнен еріксізден
шамның нұрын жемдеп жүрген көңіл құсым –
кептершінің қоржынындай көңілсіздеу...
Қашан менің оянады таң көңілім
жауа берер кептірместен жанның нұрын?
Періштелер қызықса ғой, Күн түсіндей
қанатымның теріп жүріп сан гүлдерін...
сосын, тағы жауа берсем, жауа берсем...
жанымның нұр-тозаңдары ауада әсем
ұшып-қонып Жер-гүлінің ақ қауызын
иіскесе,
аяласа,
араласа...
шіркін!
«Сорлы» деді,
Түсіндім...
«Бөтен» деді,
«Иә» дедім...
«Кет» демеді әзірге, аялдаған әлемім...
Жатсынады жатырқап...
Алмаңдаршы иелер,
Қаламымды тек қана, одан басқа сүйенер
одан басқа жұбанар, ештеңем жоқ.
Бесінде
мысығымдай мияулап өз-өзімнен несіне
жылу іздей беремін?
Қабығымды паналап,
қонамын жан-ұяма, түбі Хаққа оралар...
Маған ұқсайды:
қала да, бақ та,
Тіпті портрет, жазу үстелі,
Қағаз –
жанымның табы түспеген,
Көкшіл сәуле де – ауада аққан...
Есік қағылды, ашсам – көлеңке,
Әйнек соғылды, қарасам – түн, жол.
Бойымнан үйлер аласа мұнда
Кәрі пәтерім жастау менен де...
Тек,
қағазы бар бағана түнде
жарнамасымен іздеу салады...
Еріккен кезбе үзсе, парағы
сыңсиды ұзақ айнала желге...
Шыбын-көліктер ызыңдап жатыр
тереземде. Ал, көше – жапалақ...
Шәрім оянар көзі боталап –
өңінде сарай, түсінде пақыр...
Ай сияқты бейкүнә бола алмадым,
Көлеңкем де түн кезер Айға ілесіп...
Кірпігімнің желкені жағалауда,
...Жанарымда дірілдеп Ай сәулесі.
Бола алмадым жап жасыл жапырақтай
Ай иегін сипаған.
Тәнім әлсіз –
жасы тамған өмірдің, топырақ па?..
...Ештеме жоқ өмірде мағынасыз.
Күміс нұрға қанаты малшынып ап
Ұшып, қонад жапырақ.
Бақ қарайған...
Іле салып тәнімді тал шыбыққа
Айға айналып кетер ме ем,
аппақ Айға!..
ҚАСИДА
Жұлдыз бағынан өтіп бара жатып,
Үзіліп түсті жан-алақаныма
Сап-сары жұлдыз: оранып-ап
Раббани жасқа...
Шегіртке шырылынан
ұшқан ұшқынды мұртында топырақтың
езе беріппін, ізсіз.
Жапырақтай –
жұлдыздар
аспани ағаштың
шыбығында қалқиды зікірін сыбдырлап.
...Жұлдыздар шоғырындағы сол бір бақ
мендей жолшыны: ескі қоржыны бар,
тар кебісі бар: аш, сырқат,
пәруаналар орап жанарын –
білте аңқыған жас парлап,
Шақырып алсашы
орын табылып зікірханасынан,
сыбдырласамшы аспан ағашында...
Байғыз. Түн.
Бөзге оранған гүлдің
Қауызын жарар жұпар мұң,
Мүмкін,
Соңымнан жұлдыз шұбырар,
Көзінде жүрек мөлдіреп.
Жұлдыз-балапан
бауыр басып қалар
«Алақай, ағам келді» деп.
Сонда, бақыттан
мейірім жасын шашармын,
шоқытып
сар балапаным жұлдызға.
Жамалым,
Жан деген – аппақ перде, Нұр
ессе тербелер тәніңде;
Аша ғой, түнге ардағым
Қорықпа,
жұлдыз – сенімде!..
Білесің бе,
мен бүгін күзді көрдім,
Тіпті, қолын ұстадым –
ыстық, нәзік...
Ол да мені таныды.
Түстік.
Тозып
қалған арым аспанға созып қолын,
шыбығынан жанардың түсті солып...
Күз де маған үн қатты мен де күзге –
Аяқ астым жапырақ «пендеміз» деп...
Табан астым созылған алақанға
«тағдыр» деймін –
сарғайған ендігі іздер,
сол бір іздер – жапырақ...
Өңім – қағаз:
Сүйді қалам-шыбықтың –
ерні боп-боз;
жүзімдегі далабы қатып қалған.
Солып қалған ағашта уақыттар ма?
Сыбдыр етті, жаны самғап кетті ме екен,
Талға ілінген сағаттар, жел ұшырған.
Ай-жапырақ сарғайып тал ұшында...
кірпігімнің сүйеніп балконынан
күз қарап тұр көз жасым жан ұшымда...
Ханым,
аспан не деген кең...
Көзіңдей терең –
Қыркүйек түні жылайды іштен булығып.
Қарағаш тірі –
Бұлғап тұр әне қолына ұстап сулығын...
Алып аспанның аспа шамына мен де шырағымды жаққым келеді
сәл кекілімді самал тербетіп тұрып...
одан соң
шаттық өлеңін оқығым келед көзіңе...
Бірақ, кешіктім...
алыс көзіңе жетпеген жолда
кір жапырақтар жауып тұр әлі төкпелеп талдан...
Жаралап нәзік ауа жүрегін,
шылымның ернін тістеп тұр едім...
Менің мұңымдай саябақ – сары-ала...
Менің көзімдей – бөлме, шам...
Сөздердің шашын тараған
қаламның кірпігінде –
кермек дәм - сұлу жасындай...
Жүрек –
ғаламнан кіші,
аспандай бірақ...
Леп тынысынан, күн талшығынан
тосыннан қарап:
әр жапырақтың құлшылығынан,
әр қарашықтың қолында жылап,
күз боп, қала боп үңілді маған...
Ізсіз торапты жасына шылап
әлсіз жапырақ үгілді тағы.
Темекі жұмып қып-қызыл көзін
Мәйіті түтін-жанын ұшырды.
Жапырақ беті қызарып күздің,
ұялып кетті.
Кешірші...
ТЕҢІЗ ПЕРІШТЕСІ
Түннің сәулесі – қара.
Көлеңкем – ақ...
Ауаның әр зәрресіндегі құмыраға
жұпар аңқыған деміңнің гүлін өсіріп едім...
Қонақ үй бостығын риясыз күлкің толтырып еді.
Кейін,
ауа-құмырасындағы гүлдер күз ескен демімнен сарғая бастады...
сәт сайынғы тынысымнан бөлмемнің өңі қартая бастады...
Тереземнің ашық кеудесін жапырақ соғатын болды,
Көше шамының көңілсіз жарығы енетін болды.
Жаңбырдың жалаңаш саусағы қағатын болды.
Аппақ күлкіңнің нұры солды...
Сірә, жалғыздығым еді кінәлі...
Ыстық демімнен қабырға балқып түнді сипалап отырмын...
Сезем, жылағың келеді...
Ұзақта... тым ұзақта...
теңіз көзіңде Ай шапағы дірілдеп,
кірпігіңнің айлағына шағалалар тізіліп,
Жанымнан –
жаныңның нәзік сәулесі үзіліп кетіп
қимаған едің...
Содан,
саусағыма сіңген жанарыңның жасын жағаға ағызғам...
Жасың –
алыста... тым алыста...
теңізден қараған
көзіме Күн шапағын тамызып...
Ауыр...
есіктің тұтқасы ауыр...
Жүрісім ауыр, тынысым ауыр...
Ай боп үңілді ақ басты дәуір,
Үйім – жалғыздық, дұрысы қабір...
Кірпігім ауыр, жүрегім ауыр...
Түнге малшынды қарақан басым.
Жұлдыздың мөлдір тілегі жауып,
Аспаным жатыр алақан тосып...
Орман қалдырдым, заңғар қалдырдым...
Аспан әкетті, жұлдыз әкетті...
Гүл үмітімді жолдар солдырды.
Көзімде жасым – жансыз бөбектей...
Кеудемде қалды кеменің лебі,
Жолдарда қалды жолшының өңі...
Тұншығып барад көмейімдегі
түнекке тамған тамшының демі...
Жанарымды құшақтап-ап кірпігіммен
жалғыз қалдым...
Ақ жауынның әр тілінде
«күз» деседі...
Әйнегіме сүйеніп
сәл жапырақ сұлық түсті...
үзбесе еді
күз.
Жазмышы.
Қос аралы тартылғалы
жанарымның,
аспан көзі салқындады...
жүзімдегі кірпігімнің көлеңкесін
саялады жауын – мөрі,
күздің – дағы...
«Күз» деседі бұл өлкені...
Дидарына
жапырақтың жел еседі бұйратыла.
Таңдайымда күз дәмі бар сәл ащы,
жазмышы бар жапырақтың маңдайымда...
Тереземде мұң қырауы тынысымның.
Жауын тынды.
Көшіп барад жылысып түн...
Тіршіліктің белгісіндей соңғы жаңбыр
Сілкіп кетті жанарымның бір шыбығын...
Көзінде жас барын,
Сөзінде серт барын ұмытпастан
Сүйеді кәріптей ғасырын, дәуірін де.
Өткені – түсіндей...
Түсінде айналып құлпытасқа,
Таң жуық шошынып тұрады төсегі-қабірінен...
Түсіндей – өмірінен
бір күні ентігіп оянар терге малшынып...
уқалап жанарын қараса, әйнекте – мөлдір әлем...
«түсім екен ғой» деп жұбанар...
Таң қарсы алып
әрдайым көресің пердеңе күн қонғанын,
Өмірді –
бақшаны сипаған самалдай, аялай гөр...
Сұлу қыз түсінде көргендей гүл болғанын –
Тәп-тәтті ұйқысын қимастан оянар Жер...
Күйген шам
Төңкерілген қазандай – аспан, түнек...
Жеңіл жүрді жапырақ...
Тосқаны не?
Көрші ару пердесін түріп еді...
«Жұлдыздар ма? Туады күліп келіп...
күтіңізші...»
Күтпеді...
жұлдыздар да
келе алмады...
Кім білсін мұңсыздардың
безендіріп әйнегін қалған болар...
...Көше шамын жамылар тоңған қала,
сіріңкесі көзімнің дымқылданып...
Жалғыздық па, қарға ма қарқылдады
жапырақтың үстіне түн қонақтап.
салқын түнім, салқын жол...
мұң торапта...
Сол сағатта,
табаныңа иіліп жолдар өктем,
сен келсең ғой... сол түнмен, сол тораппен,
баспалдақпен сәл жеңіл көтеріліп,
адымыңнан сәт қалса шегеріліп.
Түнді түрсең, көтеріп кірпігіңмен,
Нұр күлімдеп көзіңнің бүртігінде
қарасаң ғой...
MİT
Ертеде,
Түн қара қалпағы мен қара пәлтесін ілгекке іліп,
баусыз қара бәтіңкесін шешпестен
іңірден соң үйіме келетін.
Ылғи бөтенситінмін.
Есік алды
жапырақтардың әлдекімді аңдыған
ақырын жүрісін еститінмін.
Әлденеден шошыған
жүрегімнің жүгіргенін еститінмін.
Бөлмеде – түн және мен,
Түнде – мен және бөлме,
Менде – жалғыздық болатын...
Жиһаздардың құрысқан сүйектеріне
Түн дайым терең күрсінетін.
Күндердің күнінде
Түн-қария орнынан баяу тұрып,
Шифонердегі ақ шапанымды жамылды,
Ақ тақиям мен,
Ақ кебісімді киді...
Сәлден соң мен боп кетті...
Мен де амалсыз оның –
Қара пәлтесін,
Қара бәтіңкесін,
Қара қалпағын кидім.
Содан бері мен түн боп кеттім...
Үзілген уақыттардан кейін,
Аспанның әйнегіме жаңбыр лақтырғанын естідім.
Тереземді ашсам –
Түн ақ шапанымды Айға іліп кетіпті...
Содан бері...
Айдан сәулемді сұраудамын,
Айға ұмтылудамын...
Бүгін,
сарғайған жылдардан соң,
алғаш рет
Түн есігімді қайта қақты.
Мен қорықтым...
Тәні мен сана зынданындағы тәртіпсіз, әлсіз жауынгер...
Көзі-терезе, кірпік-торының ар жағында – күз тұнжырау...
Оның отаны,
жасыл аспаны,
қоңыр даласы тым жырақ...
шылымнан ұшқан ауыр қанаттар жанының жасын көтеріп
соғылып қалды дем қамалына қауырсындары шашылып...
жұлдыздар –
үйінің әр тұтқасындай бір демде кетсе ашылып...
ар жағындағы ақша бұлттарда құшағын жайса даласы –
тасынан сүйсе, көгінен сүйсе ып-ыстық,
бәйшешек болып көз жасы,
аспан боп тұрып жанарының ақ-қарасы...
Мөлт...
Әлі күнге
мен Күнді –
Гүл деп ойлаймын солмаған –
Күн аңқып ауа,
мөп-мөлдір
леп есіп тұрса сәл маған...
жүгіреді түнімен
жаңбыр жүргермек еркелеп...
олар бұлтта қап қойған,
мәңгі сәби ғой ертеден...
тамшыларды иіскеп,
еркелетейік ойнасын...
жүгірем деп біздерге
жанын кірлетіп алмасын...
еркін жүрсін, билесін
жапырақтарға тиіссін.
Таң қарсы алсын ауламда,
Түн себініп-ап иіссу...
Шәрге, жанға таңбалап
Саусақтарының іздері...
Жасаурап тұрған жауындар –
құлыншақтарым көздегі...
Күн суыды, суыды нұр...
үсіген бе,
жұлдыздарым дірдектеген?..
Қанатының ақ сәулесін жылыта алсам
балапандай жүрекпенен...
Кірпігімнің қағып қалсам қауырсынын –
Ай пердесі тербеледі баяу ғана
өңіріме нұр шашағы есіп өтіп...
Шал жүрісті – жапырақтар жаяу.
Торап.
Гүл жүрісті ару.
Сосын мен –
теректей қатып қалған...
шашым ғана сыбдыр етед
қарға қонса.
«Дір» етеді сәл жүрек те,
күнтізбемнің жапырағы сарғайғанда...
Гүл де жүрді...
мен де жүрдім...
аспан жүрді...
Мияулады жаппа;
қақпа алдында ақ мысық...
Мазар маңында ит;
тастар үріді...
Көлеңкем тұр, көшем жүрді...
«Өмір дегенің не?» деді таныс құрбым шәйін ұрттап,
«Үсіп қалған гүлге терезеден қарау» дедім «тоңып тұрып…»
О, Айза
Бүгіннен қалмай, келе гөр
Айдың сәулесін оранып...
Мен туған көкті көзіңе
көшіріп әкел, маралым...
Бүгін келе гөр, дәл қазір...
Шабаданыңа
гүлдер сап...
Сар көйлегіңді салшы мен сүйген,
күн нұрынан,
сәл түннен сал...
сайрағанын сал құстардың,
қанатының қағысын сал...
Кітап аңқыған сағынышты сал,
өлкемнің күзін, қысын сал...
Сал Алматының ауасын, демін,
Алатаудың ызғарын сал...
Жапырақтардың сыбдырын, қайың-
ның нәзіктігін,
бәрін сал...
Аздап өткенің мен бүкіл келеше-
гіңді салуды ұмытпа...
сосын, шашыңды тарап, боянып
шабаданыңды құлыптап
кел маған, Айза!
Жапалақтап
жауған ол қар –
тәнің дер ем,
күпің дер ем,
жаның дер ем...
сені көрем қар ішінде лүпілдеген...
қолғабыңды шеше көрші жауып тұрсын жеңіңнен қар...
орман мен тау бусансыншы деміңнен әр...
Аппақ қарым, келер болсаң көк сырғасын тағынып кел,
Жаудырғанға жауып тұрып, табынып кел!..
Құзғын ұшар тымағымды қалған сәтте сәл көтеріп
Жапырақтар сырғып түсіп балағымнан мен жетермін...
Жүздескен сәт; бізді қар деп ойлап қалар бір қараған.
Түн ішінде
Жаудырған мен жауған аппақ қар ғана бар...
ДЕРТ
Анасы ұрысқан баладай бұртиған бұлытқа
жанарын малып ап өтірік күлетін шайырдың
өзегі талықсып шөлдеді... дұға ет, бір ұрттам...
отырса – орындық, түрегелсе – ағаш о, тоба!
қаламы қансырап... тамшылап сиядай ғұмыры...
Жыры – дұға, жұқа парағы – ашылған алақан...
Әлифтей – қалам мен көлеңкем бүгіліп, бүрісіп
жазудың жолдарын басуға қорқады қан тамып
кетердей қаламның табанынан – Мәжнүн жүрісті...
Іздеді...
Іздейді...
табады Ғашығын, Жан Жарын
Қолшатыр-кірпігін жауынға жайып ап, күтеді.
Ажалын –
көру деп біледі Ғашықтың ажарын...
Отанға асыққан ұланның адымындай – уақыт
жүгіріп, сүрініп иығымды қағып барады...
ілесе алатын емеспін соңыңнан әй, бақыт!
Мен бүгін – асыққан сағаттың жолымын ұп-ұзын...
Жүрегім шүмегі сәт сайын тырс етіп қан қызыл
тынымсыз тамады қою қараңғылыққа,
түн сайын
жел сіңген әйнекте шырылдап шығады жан құсым...
Ғашығым сендегі жол шексіз, мендегі жол қарыс,
Қай жаққа қарасам тек сендік қолтаңба...
Құтқаршы, таусылдым;
жүрегімде – мұхит, жанарымда – теңіз...
парақтай шағалаларым ғана дертіме дәру боп
Жүсіптей құдықта қалған жүрегіме аспаның-
ды нұсқап айнала ұшад кірпігіме қонып кеп...
Әй, мәйхананың даяршысы шаршаған ғаріпке
шараптан құя гөр... Онсызда,
дерттімін халқымның қасіретін ала кетейін жолыма, бөліп бер...
Қара қолғабым шешіліп, қара тымағым да,
бесатарымды жоғалтып алып,
қара әріптерім ауысып аққу қанатына,
мас болып кетсем ғой;
жұлдыздар үлкейіп, анамның тұма жанарындай...
Көгім мөлдіреп,
Ай маңдайын сүйсем ғой, ақ самай...
ІІ
Білесің жаныңның кеңістік екенін...
Абайла,
үйіңде қалғанда, төсегің, ыдыс-аяғың мен
үстелің ішіңе сіңіп кетпесін деп, қалайда...
Жүрмесін, саусағыңның ұшында жүрегің түртіп,
тіпті, көшеде кезгеніңде біреу темекісін
лақтырған кезде жаныңа түсіп кетуі мүмкін...
Тізіліп жанарыңның жағалауында кемелер
аялдап қалғанда жолшылар тамшылап түседі
сол сәт;
aш жаныңды Хақ нұры жауғанда көбеден...
Әр зат өз халінде сөйлейді, мысалға –
қағаздар,
тозаң мен ауа зәррелері...
бәрінің айтары жалғыз Ақиқат...
үйім бұрышын кезген қоңыздар
түсіме енеді қыстағы тұманның демінде
қалғыған ағаштың жалаңаш бұтақтары болып,
олар аяқ астымда мыжылып жатад өңімде...
«Өлімнен қорқасың ба» деді, бір досым,
Тәнім – отанымның топырағы...
Рухым – бір жұтым демі...
Сүйегім – Хан-Тәңірдің бір тасы болса,
несіне қорқам!..
Сені ойлау ғажап сезім мың түрлі –
Сипағандай таңғы нұрдың білтесін,
Ауаға гүлдер еккендей түр-түрлі,
Сәби жамылғандай жылы көрпесін...
Бірақ,
біздің арамызда қашықтық...
Арамызда – таулар, шәрлер, теңіз бен
ұзын аспан бар,
ал, енді асып көр?
Сонда да күт
ізің қалып дәлізде,
ыстық демің өрнектеп терезені...
Гүлім, білсең жаралымын шалғайда,
Тән мен жаным арасын жел есетін
бір бостық бар, бір алаң бар...
Сол маңда –
күнде соғыс, күнде өлім.
Қорықпа,
сол мекенге көңіл бағын егермін
ол өседі жүзін тосып шарыққа
сосын, гүлдегенше мен де келермін...
Мен – зат болудан шаршадым, әлде зат –
мен болудан жалықты ма, кім білсін?
Сен – мен, мен – сен болу үшін сәл тағат,
сәл сабырлық керек, қарғам, бір білсем...
Күт.
Мейірім Гүлі
Біз –
жабырқаған,
ашыққан,
сырқат пендеміз...
Гүлдер төселген көкке жетектеп сендегі із,
жолыңа түссек жап-жасыл...
Қарашы,
Салауат айтып жатыр біз түгіл
Аспан,
Шөл,
Теңіз...
Махаббат оранған ғалам шапағат күтер,
Жұлдыз - жанарлы қара түн – жапалақ па екен,
іле алар емес кірпігін Сен туғалы бері...
Сол таңда,
Жерге қонақтап шағала-көктем,
Дастархан болып жайылған дала құшағы,
Әр жаратылыс есінде балалық шағың...
Күлімсірегенің гүлдер қауызына сіңіп,
Басқан іздерің әламның аралар бағын,
Діліміз әр сәт сыбдырлап пәк қадамыңа,
Сағынышымыз боялып Хақ қаламынан,
Мейірім Нұрың жанымыз жапырағына
шағылысуда...
Бұлыттар – хаттар ағылған,
Көк аспан – парақ...
Оқиық, даланы мына...
Тәфәккүр етіп бір мезгіл ғаламды ұғына...
Ай да сағынды, саусағыңның ізі түскен,
Күн де сағынды – айнаңдай, шашқан шұғыла...
Ауа зәрресіне демің жұпары сіңген,
Исіңді іздеп үмбетің күн ара гүлден,
Сен жүрген жолмен келеді жұлдыз ғып жағып
Сенім білтесін адаспай қара ала түнде...
Ғашықтық деген –
өзіңді өзің ұмытып,
тек Жарды көру емес пе көзіңмен тұнық,
Әбу Бәкір мен Омардың, Османның және
Әлидің махаббатары осыған дәлел...
Уа, Елшім бізді аман-сау апаршы Жар мен
аңсаған Баққа, жұбансын жасыған көңіл...
Ғаламнан түгел – мейірім, махаббат көрем...
Сырын ішіне бүркеген түн, неткен терең!..
Бір жан сұраса:
«Жұлдыз» не?
«Ай» не?
«Әлем» не?
«Гүл» не? – деп, менен,
кідірмей –
«Мұхаммед (с.а.у.)» дер ем...
Дәруіш
Оқы өткенімді қос иығымдағы періштем;
Қаламы – ағаш, саясында – сөздер-дәруіштер,
«іздеймін» деді адасқан,
«табам» деді жоғалған...
Жаз періштем ғазал тағдырымды сөз қанып ішкен...
Иығымдағы қоржыным – азықсыз әрі жеңіл,
Кімді іздеп жүрсің әй, ғаріп көңіл?..
Шарапқа шөлдеп, тостағаныңды тосасыңдағы,
Ділің асасына сүйенесің, айналып келіп...
Сезем, түбінде мен ғашықтықтан жынданып кетем...
Оранып алар жан шұғылама түнгі ғайып мекен...
Сәлдемде – әлем, қойнымда – дала, ізімде – күнә,
Жауып барад қар-аяғым жолға жоғалып көптен...
Аппақ көлеңкем – жалғыздық тәнім бұрышындағы,
Ол маған бөгде; тұрысы әлиф, жүрісі ғаріп...
Ол маған сөйлейді: «Қария, топыраққа ек
сүйек-асаңды тәңің ішінде құрысып қалған
қарағай болсын...» дейді.
Мен «жаспын» деп ақталамын,
«жол жүру керек...» деймін, алаулап шақпақ жанарым.
Рухым-ақсақал: «жол соңында іздегенім бар» деп,
Кеткен көлеңкемді шақырады: «тоқта, қарағым...»
Сәті келгенде көлеңкеміз де кетеді, көкем,
Кебіс жыртылар, жан кірлеп, төбе шөгеді екен...
Ал жол тоқтар ма?..
Мастығынан талдар шайқалады...
Жастығынан жан Ғашық іздейді...
Келеді ме екен?
Оқы қос иығымдағы періштем...
Мен жазайын
жолды ұзын,
онсызда, жазылған Қалам ғазалын...
Бір дәруіш боп,
иығына тасып қос әлемді
Күткенге кеттім –
«ғашықтың шарабы – жолдың азабы...» -
деп.
Жиһад
Рухы тәнін
табыттай иығына көтерген,
шапандай іле салған бәдәуи –
Жанның киімінен мағына күткен қоғамнан алыстап кетіп,
Әр заттың тәнінен жан іздейді...
Ақиқат шағылысқан айналардың нұрына қызығып,
үнсіз, сәт ішіне жұтылып тұрады...
Тәні – көлеңкесін,
Түні – жалғыздығы азғырып
Үйі – медресесінен алып қашқысы келеді ұзаққа...
Бәдәуи терезенің пердесін ашты;
Жаны әжімді саусақтарымен, аппақ шаштарын салалап
Ауыр жөтеліп, түннің ең терең өткеніне қарады;
Тән мың әскерімен түннің кең алаңында басқыншылық жасап,
Жанның кішігірім ауылымен соғысқалы замандар өткен...
Алақандай ауылдың отқа оранған шаңырақтары,
керегелері,
бесіктері,
қаһарман сүйектері күлге айналып кеткен...
Бірақ, бір ғана тамшы Нұр ауылдың шетінде
жапырақтың бесігінде іңгәлап қап қойған...
Жан ғасырлар бойы сол бір жұтым Нұрдың ер жеткенін күтті...
Оны аялап өсірді, қоғамнан жасырды,
Ол Нұр өскен соң, «бәдәуиді өзгертем» деді...
Ақсақал қауғадай сақалын жас тарап,
Терезенің аржағындағы түннің әскері бұлттардай күркіреп,
Нажағай қамшылары аспанды тілгілеп, келе жатқанын есітті...
Көңіліндегі Нұрдан тауыс қанатындай шұғыла шашырап
түнге ұшып бара жатты...
Қария іштей күрсініп «бұл соғыс бітпейді» деді...
Ал бәдәуи, терезенің пердесін жапты...
ҚАР
Қар жауғанда, аспаннан хат жауады,
Ғашығыңның өрнектеп ғазалдары...
Бұлт шәрінен елшілер аттанғалы,
Көңіліңнің шам жағып тозаңдары;
«Ақиқаттың жаршысы» деп қарсы аласың,
Хаты екенін Патшаңның танисың дөп,
Қолтаңбасы, мөріне тамсанасың...
Ерігенше көзіңде оқисың кеп...
Терезеңде көшеді керуендер,
Әй, жолаушы, сұрап қал бағытыңды,
Біледі олар барарын, келгенін де,
олар түйме аспаннан ағытылған,
Күткеніңнің жет, енді айқара ашқан
Құшағына!..
Қар боп жет... жауып тағы,
еріп те, қалайда, жет!..
Айлап асқан
кезең, уақыт жаныңда тоңып қалып
ізін тастап кетті ме еріместен...
Тұрақтама, жүре бер жүрген сайын
қарға айналып кетесің сенім ескен,
аппақ нұрға енерсің сыр шамдайын...
сені «қар» деп оқыса «ақиқат» деп,
Айнасы боп шағылыс асыл Күннің;
Күллі жаһан айналса Махаббатқа,
таңқалма;
Қар – ғазалы Ғашығыңның...
ІІІ-тарау
Табу
Көктем-бала
Жас шыбық бармағын матырып іңірге,
Көктемнің бал дәмін сағынар «аһ» ұрып...
Келер –
келгеніндей өмірге сәби... әм
қайта тірілген күндегідей...
Шақырып
келермін келмесе, жылдардан ағылған;
Есімде бір бала бар еді ауылда;
ақерке бұлттарда жататын шалқалап,
сарғыштау орайын ерте кеш күн жалап,
шымшықтар жейдесі жеңіне ұялап,
ал аспан шашының ұшында болатын,
құстардың сөйлеген тілдерін ұғатын;
сайраса моншақтар төгіле қалатын...
Бұлытта ма екен, ауылда ма екен бүгінде
сол бала танитын көктемді жақыннан,
ылғида даласын мақтайтын хатында...
Шыбықтың саусағынан мөлдір бал тамып,
бір-екі аптада жер менен аспанды аралап
көктемнің қолынан ұстап ап сол бала
Ауылдан қалаға келіп те қалады-ау...
Өмірді кітап деп ойлаған шайырдың,
Терезесінен қара,
Есігінен сығала –
Қою түннің ортасында балауыз шамға
Пәруана-жанары кірпік-қанатын қағып,
күйгелектеніп, күйгенін көресің...
Шуақтарды үсік шалды, жарықтарды түн көмді...
Бұл бақ біздің бақша емес...
біздікі емес, гүл енді...
...Нені меңзеп сайрадың екен бұл-бұл маған?
ЖОЛ
Мен жолға түсемін түбі –
Аңсаған жолға самсаған жұлдыз
бүрін ашқанда өсетін гүлі...
жамал мен қамар жаятын болад
ыстық құшағын күліп аспаннан...
еркелеп ұшып құс болып мүмкін,
ғашықтың көгін өрнектесем бе...
момын көзінде жас болып бәлкім
ағып кетсем бе Тәңірім үшін...
шараптан берші шөлдеп келгенге,
азықтан берші ашыққан рухқа;
өлімі – бағы, өмірі – түсі...
Ажалы, кебіс бауынан жақын,
Жаны, тәнінің тұтқыны болған,
неткен ғапыл ем...
Жалынатыным;
Билік еткелі құлқыным маған,
Перғауын нәпсімді Нілге батыр...
Жанымды құтқар асасыз қалған;
Бір сәті – ғұмыр, бір күні – ғалам,
Жол сүріп келем әлі де пақыр...
Шәрге сосын тәніне жұтылып
дәруіш жүрер,
көзі – жалыныш...
бір тұрып, қайта жығылар...
«Жүгірші» оған Ұлы Күш...
Ж(ш)ЕР
Бояулар өз түсін жоғалтты;
ақ пен қара қосындысындағы сұрғылт реңк,
сіңіп кеткендей болмыс атаулыға түгел...
Сөздер де жұпар шашпайтын болған:
(Ауаға әріптер иісі сіңіп,
жазулар әтірі аңқушы еді,
есіңде ме, Жер?!) Жадыңда бәрі...
Топырақ тәніңе, жүзіңе сұлу –
әжім түсіріп келеміз әлі...
Мейірім топырағыңа қаншама зұлымдық дәнін ексек,
суғару үшін соншама қан мен жас төктік...
солар жеміс береді Ертең...
Жер –
Жүніс мінген балық,
Жүсіп зынданындағы медресе,
Мұхаммед (с.а.у) жүрген жол...
Сол үшін,
зікір сап, тынымсыз мас боп айналады,
күллі жұлдыздармен иық тіресіп тұрып,
өз қабілетінде ғибадат қылады....
Ал біздің болса:
Көзіміздегі сүгіреттер қанық емес,
Һамд-дыбыстары құбылып тыңдалады,
Естімейтін болдық заттардың ділін,
Шымшық өзіне тән шүкірін сайрағанымен,
біздерге түсінікті;
тиыннның сыңғырлаған тілі
һам көк қағаздан соққан салқын леп...
О, Жер, біз сенімен бірге ғұмыр кешсекте
әлеміміз басқа;
тас зәулім сарайлар мен көк жәшіктер ішінде қалған...
мен ұғына алмай келемін бұны...
Жүректің құнын көруім үшін –
Сенің жүзіңдегі әжімнің іздерін дуана болып
шарлап шығуым керек-ау түбі...
Құтыдағы шәрбаттай тәніме құйылған Жан,
жанарымнан тамшылап тұрса әр шақ,
соңыра: мұхит...
өз басым сенемін соған;
буланып барып ұшатын сона-а-а-у зау көкке...
Аспан болар ма ем, аңсаған...
Мен де сендей кішігірім Жермін...
Оны айтпасам да білесің!
Десе де, Аспан болғым келеді, Аспан!..
Құлқыным – қапастан
босатшы мені, Жер...
Сен жылап тұрдың,
Жұбатып тұрды бақ –
теректер хормен сыңсып,
жасыл сулығын көзіңе тосып.
жасың құлаған шақ –
өмірге бейқамдау,
сүюге қабілетсіздеу мені
жек көрдің...
көктемгі түн,
жол шетіндегі гүл,
өтіп бара жатқан бөгде,
менен басқаның бәрі жұбатқан кезде,
мен іштей күбірлей бергем:
«сені тастамаймын, тағдырым...»
Уақыт-топырақтың үстімен жүріп барамын,
Әрбір қадамыммен әр уаққа із қалдырып,
Ізгілік тұқымын егіп қалу арманым...
Бүгінге дейін уақытқа қаншама күнә мен өкініш еккем,
Керіге қарап тұрып, орала алмау азап екен...
Тоқтап тұрмын сәт үстінде,
Уақыттың –
бұлыт көшуімен,
Ай сәулесімен,
Жапырақ сыбдырымен
баяу жүзгеніне қарап.
Егушімін. Заманым - егістік;
Әр амалым - дән,
Егіліп жатқан сәт сайын,
келешекте күтер жемісі.
Уақыт – ұзын-сонар топырақ.
Ғұмыр – жол.
Өмір соңындағы төмпешіктегі гүл -
уақыттың ақырғы адымы,
мазарым үстінен мойын созып қараса
Жолға мен жүріп өткен,
көрер ме еді,
Махаббаттың егістігін жайқала өскен...
Соңыра,
Ай сәулесіне боялып,
тербеліп тұрар
жапырақтардың терең
тыныс алысына...
Ескен самал қытықтаса жүрегіңді,
құшағыңды аш!
Кеудең толса
жыр-әуенді
ғибадатына тәнсіз бенен жандының,
бір сен үшін сүйер едім бұл әлемді...
Күн ашылса, жүрек отым жалынданад,
Гүл семсе егер, жанарымнан жауын жауад.
Сенің нәзік дидарыңа кірбің түссе,
Көк пен жердей көкірегімде дауыл соғад.
Құдай қосқан қосағым ең бір арманы,
Сүйсең мені Тәңір үшін сүй, ардағым!
Жер-жаһанға сыймайтыным белгілі ғой,
Құдай сүйген жүрегіңе сыям, жаным...
Денем – жер. Жаным – ғаламшар.
Жанарым – аспан;
Өткерген сан мың замандар...
қарашығымнан түн сайын мөлдір жұлдыздар ағып,
жүрегім ғана Күн жағып тұрар, жалғыздау ғаріп...
Мен – ғаламзатпын, кішкене ғана денеге сыйған,
тек жұбанышым Ием бар жүрек – тереңдеу ұям...
Әлсіздігім де пендешілігім, тұсаулап алған,
шағалаларыма айта барыңдар құсада қалған;
Тақа болмаса қанат жаюым керек-ті менің,
қалықтар ма едім...
Хақты ойлаған көрікті мұңым –
Әрбір зәрреден маған қарайды менің көзіммен...
Күллі жаратылыстың тілінен Оны сезінем...
Айналайын, шағалаларым-ау көзім еркесі,
Самғаңдар, жапқан сайын жағаға теңіз көрпесін,
Ұшыңдар, жыр мен зікірім боп көз жағалауымнан,
Еркелеңдер, қауырсындарыңды «ағалап» бұлғап...
Мен сол сәт ойлап тұрармын үнсіз, Жаратушымды,
Сонша күнәмнан соң, дәрменсізбін қақпа ашуға...
Жол-есігінің алдында қалған бейшара құлмын,
«Аша көр» деймін,
Өзіңді іздеп жол қарап жүрген
жаяумын...
Неткен қуаныш –
сәбилердің шар көтергені,
жарқын күлкісі түйіскені анам мен Күннің,
бағыма айналған жұбайымның көркемдеу меңі,
ауамен құстар шам уағында жүзіп өткені,
жапырақтардың шақ қалғаны қанат болуға,
қалғып кеткені жаным үстіне үзіліп келіп...
Ақ-сары, жасыл шарларыңды ұшырыңдаршы
балалар,
ана-а-а-у жұлдыздар жалғызсырамасын,
онсызда біз деп боянуда жасырын ғаршы...
Даламның киген көйлегінің гүлдері әсем,
жұпарын жұтсам Оны сезем...
сәби қолындағы шардай - Жерде
өтіп барад күндерім осы,
ұшып барады
Шармен бірге өмірім Күнге...
Бәрі тамаша,
бірақ бір күн бітеді бәрі...
сосын басталад жаңа ғұмырым
Тәңірмен бірге...
Өмірді сүргім келеді менің...
Ағарып атқан таңдай тағдырым...
Теңіздей терең аспанды кешем,
Қарашығыма жұлдыз толтырып...
Құрлық боп тәнім жолдарда жатар,
жауынды құшып, самалды иіскеп,
жапырақ жамылып, қар оранып
кеткен еді ғой ақ арманды іздеп...
себебін білмей сырқат рухының,
күндіз күледі, ұйықтайды түнде,
бәрі өткінші... жүруін қойып
тоқтайды аспан, тоқтайды күнде...
Өзімді күтіп тұрмын бұрыннан,
Пәниде қалған сағым төрінен.
Жолым шетінде шам ұстап келем,
қолым жете алмай жаным шегіне...
Жазуды – дұға,
Қағазды – жайнамаз,
Қаламды – тәспі деп келем әлі күнге,
әр тыныс пен әр ойды – ғибадат көріп...
Мен шаршағам ақталам деп пенделерге...
Ендігі бағыт;
азығым қалған
таң шуағы төгілген жағаға,
топырақ пен тас аралас табаным
шапағын кешіп,
мөлдір нұрын уыстап алақаныма
көкке шашып қуансам,
жүрегімнен жас тамшылап қарасам
көкжиекке
сезінер ме едім;
көкжиек те,
таңғы шуақ та,
ауа да,
ғалам да,
қарағанымның бәрі – Мен екенімді...
ал мендегінің бары – Сен екеніңді...
Әттең...
Қол байлау болған өзімшілдігім –
Қаралғаннан қарағанымды ғана көретіндігім...
Жан есігін ашып,
Мән бөлмелеріне еніп,
одан ұзын бір дәлізге шықсам,
ол мені бір әлемге апара жатты,
Оллаһи, қайтқым жоқ!..
Ол – аспан қақпаларының сатылары екеніне сенем...
АЙНАЛУ
Друг мой, я очень и очень болен.
( Есенин)
№4 клиникалық емхана.
3 қабат.
2 палата.
Сағат 1:00.
Төрт қабырғаны сипақтап ойым кезед.
Сәл қалғып кетіппін,
Түсімде өз-өзімді бесінші қабырға,
Омыртқамды бу құбыры көріп оянсам
түн ғана отыр қасымда жалғыз,
ұйқыда қалғанының бәрі.
Терезе қуысынан әлдекімнің азасындай
суық азынайды,
жаным – жапырақ боп дірілдейді тән-ағашымда...
талықсып бірде,
төсекке,
жағадағы қайыққа,
кебінге,
енді бірде,
Кафканың қоңызына
айнала берем...
Өмірді басқа қырынан, мәселен,
заттай сезінем тағы,
онда да орасан бір құштарлық барын ұғам.
Емхана – тән мен жан арасындағы аялдама;
азабым – ләззатыма,
дертім – дауама өзгерген шақ...
сонда да, Көгім
түннің түймелерін ағытса,
ертерек таң атса...
жүгіргім келед
өмірге асыға...
төсегімнің аяқ жағына түн ұзақ отырып алып
кететін емес...
Арасында
шкаф үстіндегі стақанға түскен
аздап көше жарығы мен ай сәулесі араласқан шырынды ұрттап қояды.
Ол зияраттап осылай күнде келеді маған.
Сағат неше?
Таң ертерек атса...
Мен шөлмін қураған бағы...
басымды сүйеп өлеңге
жылағам тағы...
болдым-ау масыл
өмірге мына көнерген...
биыл әкемнің жасындамын...
шаршағанмын
пәниге
келіп тосыннан.
көкірегім ол толып үрейге,
жүрегім жанып ерте-кеш
бағытымды іздеп келемін
бақилық алау өртегесін
жан-дүниемді...
өле ме адам
мағына таппай...
сүйе ме адам
Құдайын ұқпай өз ішіндегі...
Өмірді сүріп, күйем жиі мен –
Пендешілігім жемісін беріп...
Мен биыл әкемнің жасындамын...
Зікірім қайда? Шүкірім қане?
Әй, Нұрбек, жолшы жолдағы,
Күтіп қалды ма, қабірің, анау!..
Қаздар қайтқанда тоқтап, қарап қал,
Қанат қаққаны «келем» дегені...
Қаламмен қазған аппақ параққа,
қаріптеріме көміңдер мені...
Ол күнге дейін іздеп Нұрбекті,
табады Өзін...
мен сыйған әлем – маған сыяды...
Құрметті, өмір
алалау көзді,
Мен биыл әкемнің жасындамын...
Әкем өлімнің жасында еді,
бәрін топырақ көмеді...
Расында менің,
жәй ғана
жақсы адам болғым кеп еді...
Аспан халқы шәр терезелерінен біздің өмірді бақылап тұрады-ау –
аулада ойнаған балаларды балконынан қараған ересек құсап.
Оу, сона-а-а-у көк шаһарының қаймана жұрты
біздің өмірді парақтап отырған.
Мен төменде,
тереңде басым салбыраған күйі сендерге қол созам,
(олар да мені көгінен бірнеше мәрте шақырған-ды...)
Қабығы – балшықтан,
Дәні – Құдайдан жаратылған –
Тәңір мен топырақ арасындағы тұтқын
құс жолында көшкен періштелер керуеніне
көз тігумен өткен әр түні өліммен туыс...
кез-келген бейне мен реңкке ене алатын балшық
керексе жапырақ боп жайрап жатады күз күйін сезінсе...
Шетсіз ғаламды сезініп
Шыңырауда қалған бақытсыз пенде,
аспан халқына жанын жаяды кеп,
жалбарынады Тәңірге:
«дәрменсіз құлыңа қайырлы ғұмыр бере гөр » деумен.
Осы дұғасы тәсбихына айналып кеткен.
Уақыт та, жер де, аспан да көшкен,
Жылаған пенде жұбанады кіммен...
Аспан денелері үнсіз қап айтпады сырын,
жұмбақтың ашылмады бірде-бір шешімі.
Ләухул-Махфуз кітабында ғұмыры;
Мұңайма жапырақ бейнесіндегі батпақ.
Одан да көк жұртына тербеліп қол бұлға,
сыбдыр ет – шүкірің...
«қалам көтерілген, сия кепкен»,
сабыр ет...
Өлең деген – құлшылық, жаратқанға сыйыну;
Жапырақсыз ағаштай – салбыраған иығым,
Саусағымда шыбықтай темекінің тұқылы,
Көмейіме дұғалар, көзіме жас жығыла,
Қоңыр түнге ұшырам сары қанат сөздерді,
жұлдыз реңкті көздері;
Я, Мәулана,
мұң ішіп жаным,
ернім жас еміп,
Шылым тұтқан саусағым тастарына тәспінің
айналса еді...
(Менен басқаның бәрі мас түгел...)
Ал мен жансыз ойлармен сурет салып жүріппін
парағына уақыттың...
бір рет болсын түріп пе ем
күн пердесін?
Қағып па ем түн есігін?
Ал енді,
өткен сәтпен келер сәт ортасына қысылған
өмірім бар жасырын...
Маңдайымның қан ақса жазуынан,
басамын
қағазыма ақ қардай...
қарасам –
О, Жасаған сөз тамған...
(жазу үстелі – менің патшалығым...
Ал жырларым – Тәңірі әскерлері...)
Жарығым,
сұрамашы менен жыр...
сұрамашы менен мұң...
мен ендігі мылқаумын, содан кейін кереңмін...
Мен ендігі топырақ, қоңыр түнгі ағашпын...
Мен ешкімде емеспін...
түк білмеймін жақ ашпан...
Күн түспеген көзіне, жылынбаған жүрек ем...
Я, Мәулана, қуат бер, Саған барам түре геп...
Терек қос иініне қар көтеріп,
Отырады түн баласы есік алды,
Мен иығыма әлемді жамылып,
Толғанам;
Қай ізімде мүлт кетіп,
Қай жолды адастырдым?
Қанша жанар көз жасын арқалап,
Қанша үміт үсірдім?
Ақ қыс, қара қыс, жасыл қыс –
әр күніме бояулы...
Қар жауады –
Семазен биіндей,
ырғала айналады...
Жіңішке қанатын қағып,
қонады нәзік,
қар
жанымның қарасын жасырып
аппақ табанымен барады басып...
Қар –
Періштелердің адымы шығар сықырлата басқан бұлтты,
қадамы құлап кетіп жерге,
Маңдайымда,
Құшағымда,
жүрегімде
аппақ іздері;
соңынан ерсем бе?
Аспаныма апарады бәлкім...
Енді,
өмірім жауады...
Мүлгіген тыныштық...
Бүгін менен көңілі қалды жақынның,
Асылы,
Қар емес,
көңілім ғой еріген...
...қар жауарын білгем сонда,
Күзден соң ғана емес;
өкініштерден,
күнәлардан,
алай – дүлей борандардан соңыра,
ащы көз жасы тамып,
жүрегіміз шытыныған кезде де,
сар жапырақтай шашылған көңілдердің үстіне,
түк болмағандай,
тып- тыныш,
бая-у-у әрі ұз-а-а-қ қар жауатынын,
кешегімізді жасыратынын білгем...
Кейін де,
сол жауған ақ қар үстінде,
басымыз айналғанша биледік,
көңілді едік,
жауған ақ қармен ақ қала жасадық,
пейліміз ағарып, бақытты бола бастадық,
қалықтап түскен ақ, тоңғақ қауырсындарды
«шүкір» деп атадық....
Асүй;
Терезе алдында екеу.
Қос шыны аяқ кофенің ұшқан буына жармасып бара жатқандай уақыт, сәт.
Қар жауған сайын жандары жай табатын ғашықтар,
Ойларынша,
«енді өткеннен белгі жоқ, бәрі қар астында қалған,
ұмытылады ол күндер» деп
үнсіз ішеді ыстық ойларын үрлеп.
...Қар жауарын білгем сонда,
еритінін де білем...
- сонсоң не болады?
- Көктем келеді, күнім...
«Gel, gel, ne olursan ol yіne gel»
(Руми)
Күн –
айнасы ма жүректің –
жұмсақ нұрлы, мамық түсті,
кірпігі ме аспанның... Ол –
ұзын-сонар жолдардан, шақырымдардан,
жетті ғасырлар мен шақтардан,
өтіп таудан, тастан да,
Жан қонған топыраққа сіңді.
Жәлаладдин, бұ алып шамды көкке іліп қойған Кім,
түнегіне жалғанның?
айта қойшы, Кім мені топырақ қып жаратқан?
менің сендей дәргаһым жоқ, барғам жоқ,
іздегем,
іздерім маған ермей өз жолымен кеткен...
Ендігі мешітім –
осынау дүния...
Кейде сағынасың:
көктегі жұлдыздың жібек сәулесін,
орансам, деп.
Айдың мөлдір шырынын,
шөлімді қандырсам, деп.
Мендей пақыр топыраққа келсе-ші Күн,
толқын-толқын нұрымен,
сарқырап төгілсе көңілім жағалауына...
Жанарымда тербеліп жүзсе,
Жұтсам аңқыған аспан демін,
Періште қанатына ілінген
әр сәуле,
қонса кірпігіме...
Жердегілер, көктегілер келіңдер бәрің
топырақ құшағыма,
жанайын, жаурайын
есімнен танғанша...
ғашық болғанша...
Табиғатты оранып қара топырақ болайын.
Жерге егілер –
Күннің сәулелі жасы әм
ғаламдағы әр қозғалыс дір қаққан...
Тану үшін,
табу үшін Жаратушы мен өзін
өнеді олар...
Келіңіз...
Одан кейін,
Кімнен Келсек Соған кетеміз...
Шытынаған айна түзеле ме?
Үсіген көңіл жылына ма?
Өлген адам тіріле ме?
Көліктер сарқырап ағады тас жолда өзен секілді...
Ал біз батып бара жатқандай жағада
қалып барамыз тратуарда.
қалқып барады жанарымызда түн,
дымқыл сәуле жүзіп барады...
Сенімдер мен үміттерді қайда қоямыз,
жүрегімізді кімге тапсырамыз?
Мен өліп қалған сияқтымын;
Бірақ,
ауа жұтамын,
сөйлей алам,
жылай алам, т.б.
сонда да...
Бүгін күн суыды, содан ба,
Жыртық жаныма ызғар соғып тұр...
Таныстың естіледі үні Айдан,
Жүрегіміз ескірді...
Бүгін ауа райы (-14),
пісте мұрның қызарып қапты.
Суық қарайды қыс маған,
Ал сен үсіген саусақтарыңды қалтаңа тығып «тоңбадым» дейсің,
«жылынбаймын» дейді желтоқсан...
Ал мен
кешкі шәйға
торт алып қойған ем...
Үйің қайда достым,
дәмсіз, мәнсіз жол жүруден шаршамадың ба?
тоңдың, жаурадың,
есігіңе қайта-қайта соғылып боран,
терезеңді торуылдап бұлыт.
Бөлмеңнің ауасын жұтып тұншыққан қағаздарды
еденде аққан көз жасыңа матырып
тәубе етесің:
астыңғы ернің үсіген жапырақтай діріл қағып,
сонда, көзіңнен ағып жатады Ніл,
батып баратып Қарун
тілге келесің;
«әр сезімдерімнің ақысын Алла разылығы үшін берсем-ші...» - деп,
және
«Ата-анам жолыңа құрбан болсын ақиқат, жалғанға алдатпа...» - дейсің
қарашығыңда нажағай шытынап жатып,
басқан адымыңда сәт тұрады үңірейіп,
өртеніп жатып төсің
езіліп-егілесің...
Сәлден соң,
бұлыңғыр түсті айналаң боянып тұрады реңкке...
маңдайыңдағы қос қарлығаш ұшып бара жатады
жаңбырдан кейінгі көкке...
ҚАР АДАМЫ
Әйнек қылау.
Қар жауады түні бойы,
Қарсы ала ғой әр мұңыңды күліп қойып...
Жанның өзі қар секілді еріп кетер
күні келсе бұ дүниеден ізім-ғайым...
Жаурама да, суытпа тағдыр-әпкеңді,
Қызыл-жасыл көйлек киіп ол көктемде,
саған ылғи гүлдер алып келуші еді,
шуақ сеуіп басушы еді әрі өкпеңді.
Мені сағынсаң күлімсіре,
көктем бүрлі жанарыңмен.
Солар, түсер өткен күндер
аппақ сезім-парағына –
күнделігіңде сақтаулы кепкен гүлдей...
Сәуле сіңген шашыңның әр талшығынан
сипаған сәт Күн айналып қол ұшымда,
түймедақтай жұпар жаның тұрады есіп,
«Жаратқан» деп әрбір алған тынысыма...
Іңір шақта, шам семерде,
әр деміңе қардың лебі келсе егер де,
көліктер де қозғала алмай кептелістен,
жұрт асықса отауына кеңселерден,
қар адамы секілденіп аттанармын,
желге қарсы сықырлатып ақша қарды,
бу әйнекке гүлдерді кестелеп сол сәт,
суғардың ба түн ішінде сен соларды
жан жасыңмен,
тоқыдың ба тілегіңді
алақаныңа,
періштелер сыр елінде
«әмин» десе хормен,
бамдатқа тұрасың «Раббым» деп
аспан асты, түн етегінде...
Біл тегінде жарың жақын қалғандығын,
Тек жетерін –
жолаушыдан -жолдар бұрын...
сөзден -пікір,
махаббаттан -иман ерте,
кеш түсінген менің аңғал армандарым
жауып жатыр аппақ болып қара түннен...
Алғаш, үйге кірмес бұрын тұратын ба,
тымағынан қарын қағып?
Ал бүгінде
қар астында
қарға айналып баратыр ол...
Уақыт өтті...
Түндер көшкен ала таңда,
есік қағып тұр жабырқау қар адамы...
көре салып құшаққа енді жас жұбайы,
тоң жүрегі еріп кетіп алақанда...
АРМАН-ЖҰЛДЫЗ
Кешігу – бала күнгі қорқынышы бұл,
күн батса болды жарты күлшелі ұл
жиналған түк үстінде жатад түн күтіп,
қиял иіскеп,
әлдеқайда асығып,
жұлдыздарды сипалап айналасы гүл
өскен болатын –
дала алақанында,
көк етегінде...
қалып алақайы мен
тентектігі,
көшті ол қалаға келіп,
пойыз жол, жолаушылар; тосқан һам кеткен,
әйнегі қыс,
ар жағы аспанның көктем...
жылдардан,
сәттерден,
шақ маусымдарынан
асып ол –
пойыз, ұшақ, көліктерменен
бүгінге жеткен...
Сол шырақ сөніп көрмеген
жанатын түннің жұқа терезесінде...
ғырт-ғырт басқан Әлдекім, әлі есінде:
Ашынған жанардың қан тамырларындай –
ешкімсіз жолда қызыл шам, жалаң шыбықтар.
Аппақ бейтаныс келді оған жуықтап:
- асығу керек, - деді, - асығу керек.
Кім. Белгісіз.
Түн жүзін жасырып әлек,
содан соң жауып кетті қар боп адымы,
қалды ол жалғыз сәттерді үзіп уақыттан,
шақтар... Айналды ағаш көбі табытқа,
ал адамдар топыраққа... Асыққан –
күн мен түн ортасында
өмір сүруде еді...
сәттің ішінде ақ қар жүріп келеді –
кешікпей өзі асықтырып өзгені.
«Үлгер» дегендей маған қарап тұр көздері
арман-жұлдыздың...
Мен Франц Кафкамын;
тәніне,
үйіне,
қоғамға қысылып өскен жанмын;
бір рет басымды көтеріп өз ойымды айтуға батылым жеткенде,
жан-жақтан қаумалап дәлелдеп бақты олар;
«Сенде жеке пікір жоқ,
саған бағынышты болу ғана жарасады...» - деп.
Бұндай қақтығысулар –
сұлба мен жан,
ой мен кітап,
көз бен көк арасында жиі туындайды...
Кафкаға қарды көрсетсең, аспан ізі деуі мүмкін,
яки көкке қарап теңіз деуі де неғайбыл...
Солай көреді ол өйткені...
Олай болса айтыңыздаршы;
кімге жақсылық жараспайды,
кімге еркіндік ұнамайды?..
Кафканың бұл көзқарастары ақиқат қайшылығы болса,
Тоба, ол ойынан бас тартуға әзір!
Оның –
өзіндік әсем гүлдері, мезгілдері,
көгі мен жері,
соғысы мен бейбітшілігі бар...
Ол –
әлем ішіндегі бір әлем,
қалықтаған қанатты планета
өз радиусында ғана айналатын...
Демек, оны тұтқында ұстап,
торға қамаудың қажеті шамалы.
Жел тұрғанда шыбықтай саусақтары дірілдемесін,
адамзат алдында өзін ылғи кінәлі сезінбесін,
ғимарат қуыстарында қаңғыбас иттей бүрісіп қалмасын...
Кафка марқұм болғанға дейін, оған еркіндік беріңдер.
Кейін де...
Айналайын, Кафка,
сен бір рет әкеңнен қорқам деп ғұмыр бойы батылсыз қалғансың,
екінші рет олай болуына жол бермеймін.
Еңсеңді тікте де, «Қамалыңды» аяқта...
Кемпірқосақ дидарына жағып ап «Рахман» сипатындағы бояуды,
Күн әр тал шашына қыстырып ап ғалам гүлдестесін,
Жұлдыздар саусақтарына тағып ап жәннат тастарын,
Көресіз әлі аспан сарайынан келеді құдайы қонақтар
дәлелі болып ұжмақтың...
Оған дейін суық ұстап қалмасын десеңіз
күртеңіздің алдын жаба ғойыңыз көктемнің төртінші түні,
«Көктем» деген аты ғана болмаса қыс қабағы жібіген жоқ...
Саз-сырнай тартып жатыр әлі де жел,
дауылпаз соғып жатыр бұлыт.
Құстар тал-шыбықтарға ерте қонғанына қарамастан
көк қақпасының әзір ашыла қойған жоқ құлыбы.
Күнтізбелер мен мейрамдар
«алақай, көктем келді» деп қайта-қайта жар салып жатқанда
бізге жаурап тұрған жарамас...
Сонда да,
өмірдің қартайып бара жатқанын,
шөгіп бара жатқанын көз алдымызда,
көктемнің әлі келе қоймағанын да,
ешкімге тіс жарып айтпайық
(тс-с-с)...
Адамзат көңіл-күйі түспеcін, мына, аласапыран заманда...
Құстарым,
жандарым,
қош келдіңдер!
Сендерді қалай күткенімді білсеңдер ғой;
Әр сәт сайын
мағына берем деп уақытқа сүрініп жүріп –
көкке қарауым,
кеңістікті толтырған қауырсындардың қағысын іздеуім,
сарыла күтуім әдетіме айналды.
Соның арқасында
небір кереметтерді көк жүзінен байқадым,
өзімді де тани бастағанымды жоққа шығара алмаймын.
«Мен кіммін?» – дейтін ем
бұтаның жатырына біткен бүр туа бастағанда;
Сонда ғана өзімнің адам кейпіндегі құс екенімді аңғардым.
Мен де ұшуға құмартып,
«Жылы жаққа» асығамын.
Ием бақшасын безендіру үшін шыбық ұшына қонақтап,
Егемнің Атын қайталаумен күндіз-түні сайрағым келеді...
Ажал-бала тас лақтырады деп қорықпаймын да.
Түсімде қанат қаққан күйі қалғып,
мәңгілікте құс боп оянып кетуім де мүмкін...
КӨКТЕМДІ КҮТУ
Естідің бе құстардың сайрағанын,
Елең-алаң; құлақ сап ойланамын –
Өз тілінде зар айтып, дұға етеді,
Мен оянам түскенде түн етегі:
Ай жеңінен көрініп сүйрік саусақ –
шыбық ұшы. Ал талдар – сүйек, қаңқа;
көре алмаған ет бітіп, бүр ашуын,
Қайтқан қыстың маған бер бір ашуын...
Ренжімесін сарыла күткен көктем,
Сәл суыса өсектеп өткен, кеткен,
Үсіген бұ Наурыз ай –
гүл төркіні
құшағымда жылынып, Күнге еркеле...
Не айтайын, көкем-ау, сен кеткелі,
Не жоғалтып, не таптым мен көктегір,
Әйтеуір бір тұмаға шөлдейді екем,
сендей сұлу, сендей пәк, сендей көркем,
маған керегі тыныштық...
әр тынысым –
қауыз-бүр,
ал сөздерім – бір-бір құсым;
Жаным – көктем,
ал көң(і)лім – Күн боп атса,
әйнегінен көзімнің нұр таратып...
Көлеңкесі сейіліп қабағымның,
Көктем күліп тұрар ма ед қарағымда...
Түсімде оянып кеттіппін;
егіліп жатыр екем,
елжіреп жатыр екен жаным...
қайта-қайта «сағынғанға, сәлем айт...»
дей бере ұйықтап кетіппін сосын;
Астынан өзендер ағатын бақшалар – арман,
Қап-қара оттарға отын болудан қорқам...
Ал сәттерге өкініш сыйдырған амалдарым
қандай қателіктерді кешпеген;
Әне, ана бір жерде сәби екем, сәби боп қаламын сонда...
Ал анда, жүріп бара жатыр екем жолда
(бәлкім бүгініме, әлде өзіме шығар...)
не де болса жүріп бара жатырмын әлі...
Содан... сүріндім күнәларға,
(дәл сол шақта сүрініп жатыр ол тағы...)
Ал кеше өлім туралы ойлағанмын,
Кешеде әлі толғанып тұр екем өлімді.
Өткендерім –
олар маған келе алмайды, мен де оларға бара алмаймын...
Олар сонда қалады сағаттың қос тілінде қамалып,
және босанады ертең, ғарасат күні...
Сонда барлығы өздерінен қашып
саусақтарымен мені нұсқап «мынау» дейді
«біздің кемшіліктерімізді жасаған...»
Ал мен сот залындағы қылмыскердей
«мен олар емеспін» деп қалай ақталам?
Қалай айта аламын «олар менмін» деп әрі...
Әсілі,
менмін өзінен қашқан,
тістеген де алманы мен...
Түсімнен оянғанымда ұйықтап жатыр екем әлі...
СӘБИ-ДҮНИЯ
Ана ма дерсің, ғарышқа бір сәт қарасаң,
Жұлдыздар туып жатқандай ма әлде таласып...
Босанып жатыр:
жер – күнді,
аспан – күндізді,
ағаштар – бүрді...
сәбиге сәлем гүл жүзді.
Бөпедей әлем іңгәлап жатыр, тыңдашы,
әлди-әлди, атты әне, сәби-таң!..
Мұңдасым,
іңгәлағанын естіп тұрсың ба ғарыштың,
Кеткенім несі, сәби өмірден алыстап...
Осы ма еді ниетім?
Мына дүниенің жанарымдағы суретін
былғап алғалы көңілсіз жарым күйімде...
Көк-терезесіне қарасам жер-үйімнен;
Бұлыт еңбектеп барады, әне, шығысқа,
біздің үйіміз басқа өлкеде, туысқан...
Ең ғажап дұға сәби үнінде оқылар,
Шарана тілімен Тәңір бізді шақырар...
Гүлдерге қара былдырлап жатыр жұбанып,
жапырақ жылап...
Тәңір белгісі бұл анық...
«Есею деген – күнә жасау» деп көрмеші,
Бала көзінде кереметтер бар, жерлесім...
Сәби боп бір күн қайта туармыз іңгәлап,
біздің жұпарға тыныстап жатар түнгі алап.
Атты арбаның дөңгелегі тартып ықылық,
Леп есіп тұрар төмпешік шаңын сыпырып,
«Жарықтық, мұнда, жақсы адам жатыр...» десе егер,
Босанған деп біл пәни жатырынан жер-ене,
Сәби боп жатам періштелеріме еркелеп...
Араның ұясындай ғимараттардың бірінде,
бесінші қабат балконынан қарап тұрмын алысқа...
Алысқа,
самсаған шәр шамшырақтарына,
олар мені әлдеқайда шақырады –
әне, шақырып жатыр,
400 шақырым ұзақтықта,
18 жылдық қашықтықта ауылда қалған балалығыма,
ол шақта ойлаушы ем мәңгі бала боп қалам деп...
сондағы ермегім атамның қара магнитафоны болатын,
онда әр түні қазақ радиосынан ертегі естіп көз ілетінмін;
ертегіге сенгенім соншалық ерте есейгім келетін...
Ал күндіз терек басына шығып ап дүрбімен алысқа қарайтынмын,
Қараған сайын,
алыстан маған бесінші қабат балконынан әлдекім көз тігіп тұратын,
Жүзінде жұқалау мұң секпілі білінетін,
әлдебір аңсар сезілетін...
Жылдар бойы дүрбімен оны бақылаумен болдым,
Ол да тек мені аңдумен болды...
Сосын өзіме уәде бердім;
«мен өскен соң сол кісіге,
сол балконға барамын» деп...
Сөзімде тұрдым.
Мен бүгін сондамын.
Бесінші қабатта.
Және алысқа,
балалығыма қарайлап тұрмын әлі...
Ол да әлі жанары жәутеңдеп дүрбімен маған қарап тұр –
Шәр шырақтарындай қарашығынан оқығаным:
«Неге мені өзіңмен алып кетпедің?» дейді...
Бала ғой ол әлі;
ол – мен,
Мен – ол екенімді қайтіп түсіндірерсің?..
УАҚЫТ ҒҰМЫРЫ
Түн тыныштығын көтеру ауыр ма қала?
Жаураған боп жауып өткен жауынға жаңа
тұрып қалды ма, Уақыт-қарт кіреберісте,
дымқыл сәттері тамшылап күле көріскен
оның қолшатыры да жоқ. Өне-бойы су.
Аман-саулық жоқ, отырды, әне, жайғасып...
Ылғи асығыс жүретін уақыт-қарт үнсіз,
Інісі ме еді, соқпады сағат та онсыз...
Отырды... сосын қисайды, аздан соң жатып
«шаршадым» деп көз ілді ол. Содан соң тәтті
түс көрді; Түсінде өткенін, Адамды (а.с.) көріп
қызмет еткені...
сол кез ғаламдай кеңіп
бара жатты өткінші алдағы ғұмыры...
Шаршады қазір, көтеріп қашанғы өмірін...
Әжімді, кәрі жүзінде шер таңбасы бар,
Сағаты келіп қалды ма?..
Қайда асығар,
тынықсын біраз, ұйықтасын. Сонда тоқтады
уақыт. Тоқтады жол, көше... таң да атпады...
қыбыр етпеді – жер, шаһар, үй, үстел, төсек,
Жалғыз мен ғана жүргенім күйгелектеніп...
Айналып жатып күн-түні көңілде ғалам,
Уақыт түгілі мен де өтем өмірден, қарғам...
Уақыт оянып кеткен соң мен ұйықтармын,
жамыла түн қиықтарын...
беймезгіл шақта Ай кезіп түнгі бақтарды,
Уақыт пен бірге ғаламшар жүріп жатқанда,
Уақыт иығына шаршаған өмірді сүйеп
тоқтармын...
...Таңмен оянам Тәңірді сүйіп.
мен бейбақ
жұлдыздарды сұлу жанарындағы жаста жиі көретінмін,
мөлдір жұлдыздарын кірпігінен сүртіп, құрғататынмын...
жұбататынмын солай...
Сонда да бітпестей көп еді қарашығындағы дымқыл жұлдыздар...
Мен жұбатудан жалықпас ем, ол сырт айналмағанда егер...
Ал қазір түн баласы қоңыр ойдамын,
Қаперімдегі өткенімнің үзік-үзік әдемі сәттерін үзіп алып,
өзімше бақыт құрап отырғаным...
Ойда жоқта түн жылады...
Ол неге жылады?
Мүмкін түн – сол керімнің қарашығы,
самсаған жұлдыздар – көз жасы шығар деп ойладым;
Баяғыдай жұбатармын деп,
саусақтарымды көкке созып көз жасын сүртуге ұмтылғаным сол,
ескідегідей қолым жете қоймады.
Сонда, сұлудың менен алыстап,
жұлдыздары аспанға тамып кеткенін аңғардым...
Дымқыл жұлдыздар жарығында
жанарыңа қарап тұрған бейбақпын...
Көңілді кештердің бірінде
біз екеуміз мұнар басқан айды бетке алып
бара жатамыз пәтерімізге...
Сүрлеу де ескідегідей көрінбейді,
Бұрынғыдай емеспіз біз де...
Көңіліміз шаттыққа,
Жанымыз махаббатқа толы,
Ал жанарымызда жайқалған жаз бар...
Бақыт толы үйімізге билеп кіреміз,
Ән айтып отырып та шәй ішеміз,
Күлеміз, әлі суи қоймаған бүгінгі жәйттарды еске алып.
Мұнарлы ай астында
бір-бірімізді толықтырып тұрып та,
әлдене бізге жетпей тұрғанын
байқамағандай боламыз...
Жанарымыздағы жаз жапырақтарына
Таң шапағы түскенін қалайтын болармыз...
Аспанға қарап, кең болатындаймын,
Жолдарға қарап, жететіндеймін саған...
Тауға қарап, тұрақты бола бастағандаймын,
Күнге қарап, жүрегім барын сезгендеймін,
Ескен лептен жанымның тыныштығын тапқандаймын...
Не де болса енді,
Бір күн болмасын,
бір күні
мен саған тап-таза жаныммен қарайтын боламын...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру