Жиренше шешен әңгімелері
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
Жиренше шешен жол жүріп келе жатып, бір ауылдың тұсына келіп, ауыл мен екі арада өзен болған соң, өткелін біле алмай сасып тұрғанда, судың ар жағынан су алуға бір қыз келеді. Жиренше дауыстап, бұл өзеннің өткелі қайда деп сұрайды. Қыз: "Анау жақта бір өткел бар, жақын, жақын болса да алыс, анау жерде бір өткел бар, алыс, алыс болса да жақын" дейді. Мұның не сөз екенін аңғармай Жиренше жақын деген өткелге барып жүріп кетіп еді, судың орта жеріне барғанда аты малтығып жығылып, үсті-басы былғанып, азар-мазар шықты. Сонан соң, алыс та болса жақын деген өткелге барып, оп-оңай өтіп, ар жақтағы қыздың үйіне келді. Үйіне келіп отырған соң, Жиренше қызға қарап: "Жаным, қарным ашып алыстан келемін, тамағыңның тәттісін бер" дейді. Қыз айтты: "Бір тамақ бар ащы, ащы болса да тәтті. Бір тамақ бар тұщы, тұщы болса да ащы" деді. Жиренше: "Ащы болса да тәтті"деген тамағыңды келтір", — дейді. Қыз тұрып барып, бір уыс тұз алып, бір аяққа салып Жиреншенің алдына қойды. Жиренше мұны көріп: "Жаным, құр тұзды қалай жеймін?"— деді. Сонда қыз үндемей, тұзы жоқ қара көже құйып берді. Жиренше өзі де данышпан ақылды кісі еді, ойлап отырып, бұл сөздерге түсінді. Жаңа үй иесінің берген мәзірін күтпей, тәтті тамағыңды бер деп сұрағанына ұялады. Сол істерінен қыздың есті қыз екенін аңғарып, ақырында өзіне қатындыққа алыпты дейді. *** Қыздың аты — Қарашаш сұлу. Бұл, жұртқа белгілі көркем, данышпан болған соң, заманындағы хан күндеп, Жиреншемен қас болады. Бір күні сол қатынды өзі алмаққа ханның көңілі шапты. Сол күні аспазшылар ханның алдына бір қаз алып келіп қойысты. Жиренше қасында отыр екен, хан оған бұйырып:
– Бұл қазды өзіме, ханымға, екі балама және өзіңе бөл, біреуге артық жібермей, біреуге кем жібермей тең бөліп бер, — дейді.
– Жиренше қолына пышақ алып, әуелі қаздың басын кесіп ханға береді.
– Тақсыр, сіз біздің басымыз едіңіз — дейді, — екінші, хан ханымсыз болмас, ханым хансыз болмас, құс мойынсыз болмас, олай болса, ханым сіздің мойныңыз, — деп, қаздың кеңірдегін оның алдына қойды. — Мынау екі балаңыз — сіздің екі қанатыңыз, оларға, міне, қанат, — деп қаздың екі қанатын кесіп қойды. — Мен өзім, тақсыр, бас та емес, аяқта емес, орташа ғана адаммын, мына құстың орта денесі маған лайықты, — деп қаздың қалған денесін өз алдына қойды дейді.
Және біраз күн өткен соң, хан аң аулай далаға шығып жүріп, домалап бара жатқан бір қаңбақты керіп, Жиреншеге бұйырады: "Барып қаңбақтың көшіп-қонатынын, қайда баратынын сұрап кел, жауабын дұрыс келтірмесең, жасауылдарға ұруға бұйырамын" деді. Жиренше атын борбайға салып жіберіп, шауып кетті де, қаңбақты қуып жетіп, найзасымен шаншып тоқтатып, біраз тұрды. Тұрды да қайта ханға келіп айтты:
– Тақсыр хан, бұйырғаныңызды қаңбақтан сұрадым. Қаңбақ айтты: "Сұрата жіберген хан тентек пе, сұрай келген сен тентек пе, көшерімді жел біледі, қонарымды сай біледі!" — деп жауап қатты, — деді.
*** Осылайша әуре етіп, жүре-жүре хан Жиреншенің ешбір тұзаққа түспегендігіне өшігіп, енді есебін тауып өлтіріп, қатынын алуға ойланады. Бұл ыңғайын таныған соң, Жиренше қайғыда болып жүргенде, бір күні Қарашаш сұлу байынан:
– Неге қамығасыз? — деп сұрады. Жиренше мәнісін айтты. Қарашаш: — Досым, қайғырма, бұған бір ақыл табылар. Екі күннен соң хан мен билерді үйге қонаққа шақырыңыз, — деді. Жиренше әлемнен озған алаяқ шешен болса да, өзі кедей екен дейді. Кедейлігі турасында әлі күнге халық аузында қалған бір сөз бар ғой! Ханның сәулетті ордасында күні бойы әдемі төсек үстінде отырып, кешке өзінің қара лашығына кеп, тулақ үстінде жатып айтады-мыс: "Айһай, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім" деп.
Қатынының әлгі айтқан сөзін естіп Жиренше: "Хан-қараны шақырып, қай жерге отырғызамыз және немен сыйлаймыз?" дейді. Қарашаш: "Оның ақылын маған қоя беріңіз" дейді. Екі күн өткен соң, Жиренше ханды жарандарымен қонаққа шақырады. Хан да, жасауылдар да "Жиренше бізді немен сыйлар екен, көрелік" деп кепті. Сыйғаны үйге кіріп, сыймағаны далаға тегіс отырып болған соң, Қарашаш сұлу өзі тұрып ханның алдына бір аяқшаға салған сүт қаймақты келтіріп қойды. Хан шынашағымен ғана аузына салды. Бұл қаймақ ханның өмірінде жеп көрмеген артықша бір тәтті дәм екен және сол шынашағымен бір-екі алып жегенде тойып та қалды. Ханнан қалғанын жанындағы жақсыларына беріп, үй ішінде жан біткеннің бөрі де не тамақ екен деп аз-аздап дәмін татысыпты. Аттанар уақытта хан Қарашаш сұлудан: "Сұлу, бұл берген тамағың не тамақ? Біз көрмеген бір тәтті дәм екен, үйретсең, аспазшыларыма әрдайым осындай тамақ бұйырайын, жөнін айт!" деді. Сонда Қарашаш айтты дейді: "Тақсыр, сіз біздің жарлы екенімізді білесіз, ерім сізді, жақсыларыңменен қонақ етуге ниет еткен соң, не тамақпен сыйласам болар деп ойға қалдым. Ақырында ойладым, дүниедегі тамақтың асылы адамның сүті болса керек, не үшін десеңіз, балам алты жасқа келгенше жалғыз емшегімнің сүтімен күн көрді. Соның үшін өз сүтімді сауып, осы қаймақты істедім" деді. Хан "аһ" деп санын бір соғып, үйден шыға жөнелді. Ол заманнан бұл заманға белгілі, емшектің сүтін берген әйел шеше есебінде болып, қатындыққа алу мүмкін емес. Қарашаш ханнан солайша құтылыпты. *** Сол заманында бір адам: "Осы Жиреншені әркім мақтайды, Жиренше сөзден жеңілмейді және сұраған сөздің жылдамдап жауабын айтады дейді. Тоқта, мен оған бір күні барып, сөз сұрап, әбден сілесін құртайын, қанша білгіш болса да, сөзінің жауабын айта алмай дағдарар" деп ойлап, бір күні Жиреншеге барып айтыпты: "А, Жиренше, сізді әркім бір мақтайды, шешен, білгіш дейді. Қане, білгіш болсаң, тесік тау қайда, айтшы" депті. Жиренше: "Тесік тау мына тұрған қызыл төбешіктің астында" депті. Сонда бұл кісі: "Енді ол қызыл төбешік мұнан алыс па, қанша жер?" депті. Жиренше: "Жоқ, алыс емес, тиіп тұр, жүр үйге кірелік" депті. Үйге кірген соң, Жиренше әйеліне айтыпты: "Мына кісіге ас бер" депті. Сонан Жиреншенің әйелі ас құйып әкеліп, әуелі Жиреншеге, сонан соң әлгі қонақ аз беріпті. Сонда Жиренше қолына құйып берген айранын ұстап отырып: "Бес тұлпарға мінеді, қызыл төбешіктің астындағы тесік таудан өтеді" депті. Әлгі адам енді аңғарыпты. Ә, мұның тесік тау дегені, тесік тамақ екен ғой. Енді ешнәрсе сұрамайын, сұрасам бірдемеге соқтырар, сірә, тек тұруым жөн болар деп, Жиреншеге қош айтып, жөніне қайтыпты.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру