Әнші ақындары
Сәкен Сейфуллин
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сәкен Сейфуллин – жаңа кезеңді жырлаған жаңашыл ақын. Ол қазақ әдебиетін тың мазмұнмен байытып, әдеби-мәдени тарихына ерекше із қалдырды. 1914 жылы «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын жариялайды. Сәкен Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер ақын ретінде танылды. Оның «Асау тұл...
БІРЖАН
Қазақта даңқы шыққан Біржан ақын.
Келтірген сұлу өлең сөздің нарқын.
Сан топта, сан жүйрікпен жарысқанда,
Келмеген қапталына ешкім жақын.
Өлеңмен ән шырқаса, дерсің бұлбұл,
Жандыға шалдырмаған бейне дүлдүл.
Жарысқа ұлы дүбір мүдірмеген,
Құлашын үдей сілтеп жайнап гүл-гүл.
Ән салса арыстандай ақыратын,
Әуені қалтыратып жапырағын.
Саңқылдап даусы кетіп алты белге,
Көркем ән маңдағы елді шақыратын.
Көгеріп көкіректі ырғағанда,
Даусын шарықтатып, шырқағанда,
Даусы алты белден естілетін
Құлаштап домбыраны бұлғағанда.
Жарыста наркескенмен жауды ұрғандай,
Өтті тіл от жапырақ қауды ұрғандай.
Қақтаған нәзік күміс дағараға
Аспаннан гауһар бұршақ жаудырғандай.
Қазақта кім білмейді Біржан салды?..
Ағызған қызыл тілден шекер балды.
Сан ақын жарысқанда талай топта,
Үздік боп бәйгені ақын Біржан алды.
Қазаққа даңқы шыққан ақын Сара,
Бәйгеден келген талай жеке қара.
Біржанмен шаршы топта айтысқанда,
«О дағы қыла алмаған ешбір шара».
Біржандай болмайды ақын тау ұлында,
Сол кезде еш қазақтың ауылында.
Ақынның моласы тас, жол аузында,
Тауының туып өскен бауырында.
АҚАН СЕРІ
...Тағы да үздік шыққан одан бері,
Зарланған «сырлы мінез» Ақан сері.
Зарлы әнмен, көркем күймен, сырлы өл
Шарықтап өрлеп көкке шыққан шері.
Әнінен исініп жұрт таң болатын,
«Түскен деп әнін тыңдап көктен пері».
Жатқа алып қыз-бозбала құмарланып,
Жайылған Сарыарқаға «Құлагері».
Құбылған әні көркем гауһар түрлі,
Күйлеген нәзік сезім «жұмбақ» жырлы,
Махаббат, қасіретін күй ғып шерткен,
Әндері, өлеңдері нәзік сырлы.
ЬІрғалтып шырқағанда көркем әнін,
Келтіріп нәзік нақыс әннің сәнін.
Әндері «Сырымбет» пен «Үш тоты құс»
Елтіткен тыңдаушының жан мен тәнін.
Шырқайды Ақан әнін ой мен қырда,
Жайылған қазақ түгіл, қыр мен сырға.
Ақанның «Сырымбетін» башқұрт қызы
Ырғалтқан Мәскеуде үлкен театрда.
Мәскеуге көрнекке жұрт барысқанда,
Әр жақтың бар өнері жарысқанда,
Әр елдің әншілері театрда
Әндерін көп алдында салысқанда.
Көпшілік талай әнге онша бақпай,
Отырған талай әннің бірі жақпай.
Салғанда Ақан әнін башқұрт қызы,
Әлеумет тыңдай қалған кірпік қақпай.
Сол сында Ақан әні пар іздеді...
Көлдегі аққу әні тәрізді еді.
Ақанның «Үш тоты» мен «Сырымбетін»,
Таңқалған естігенде Парижде де.
ЫБЫРАЙ
Әнші бар Көкшетауда талай ірі,
Ыбырай — топ жарғанның о да бірі.
Қаңбақша қыз-бозбала қағып алып,
Жайылып талай әсем ән мен жыры.
Өзі ақын, ән шығарғыш, домбырашы,
Сауықтың жан думаны, болған пірі.
Ақырып арыстандай ән салады,
Ыбырай жүйрік тарлан әлі тірі.
Кен алқым, кең көмейлі даусы керней,
Ақырмай ән салмайды, көкірек кермей.
Астына алты қырдың естіледі,
Шырқаса екіленіп құлаш сермей.
Ән салса, алқымы ісіп құйқылжиды,
Бәйге атша, алып қашқан ырық бермей,
Айнала айдын көлге естіледі
Жаңғырып керней даусы аспанға өрлей.
Қапсағай, қыр мұрынды, арыстандай
Жаратқан дүлдүлмен де жарысқандай.
Әуелі қалтыратқан күркір дауыс,
Тіресіп дауылменен қарысқандай.
Әні бар «Гәкку» деген аңқылдаған
Аққудай айдын көлде қаңқылдаған.
«Гідігай», «Қалдырған» мен «Маңмаңкерін»
Ырғалтса, керней даусы.саңқылдаған.
Мазақтап байдың қашқан «Керекесін»1
Советтің көзі көріп берекесін,
Советтің губерналық жиынында
Ән шырқап, құттықтаған мерекесін.
Советтің еңбекші елге сыйын көріп,
Отарба, машиненің биін көріп,
Екеуін өлең қылды «отарба» ән мен
Гулеген Көкшетаудың күйін көріп.
Туса егер, өнерлі елде бақтарына,
Білім ап жүрсе бәрі баптарында:
Біржан сал, Ақан сері, Ыбырайлар,
Алмас ед Шаляпинді2 қапталына.
БАЛУАН ШОЛАҚ
Тағы да бір ғажап ер Балуан Шолақ,
Бір қолы отқа күйіп болған молақ.
Цирктің Корень деген балуанының
«Қиратқан қабырғасын жалғыз қолы-ақ»3.
Жиналған бес дуан ел сәтукеде,
Көтерген елу бір пұт бір-ақ жол-ақ.
Қызықты он шығарғыш, ақын балуан,—
Шебері сырлы өлеңнің, емес олақ.
Кеспелтек, алшан төстек, емес иір,
Денесі болат құрыш, жігер шиыр.
Жалаңаш денесіне тіс батпайды,
Көк темір — бұлшық етті түйір-түйір.
Жайдары жарқылдаған ер көңілді,
Ел кезіп ән сап жұртпен болған үйір.
Шолақтың өлеңі мен балуандығын,
Сөз қылған: «пәлі!» десіп талай қиыр.
Қап-қара күшті дене — құйған шойын,
Топшылы, тау бүркіттей, бұғы мойын.
Қайраты, күшіменен таң қаларлық —
Цирктің жыққан бүктеп талай дөйін.
Ән шырқап, құйқылжытып өлеңайтып,
Қазақтың думан қылған талай тойын.
Көрсеткен еліктіріп бозбалаға,
Құйғытқан ат үстінде сан түрлі ойын.
Жайдары, жігіт гүлі, жарқын-жайсаң,
Жауына жалынбаған, тастай қайсар.
«Пасықсың, мысық құйрық» дейтін еді,
Билерге жағамын дем сөзден тайсаң.
Шығарған талай әсем ән мен сарын,
Жүрекпен ыстық қанның айтып халін.
Әсерлі өлеңдері әнмен айтқан
Толғанып суреттеген ашық жарын.
Күрілдеп, сыймай қоңыр лашығына,
Шығарған ән мен өлең ғашығына.
Шығарып «Ғалияны» жұртқа жайған
Күйініп ғашығының қашығына.
Әлі ынтық «Ғалияға» жұрттың бәрі,
Тыңдаса мәз болады жас пен кәрі.
Білмейтін «Ғалияны» қазақ бар ма? —
Күлісіп, тыңдаған жұрт дейді: «пәлі!»
Николай қазақ елін жерден қуған,
Айдаған орманды жер, шалқар судан.
Жерінен мал құлағы тұтам шыққан,
Айрылған талай момын қалың нудан.
Жерсіз қап, әсіресе, кедейлері
Еңіреп қош айтысқан жермен туған.
Тепкі жеп Николайдан бір жыласа,
Жылаған бай мен биден, болыс қудан.
Нашар жұрт еңірескен айрылған соң,
Мекеннен кіндік кесіп, кірін жуған.
Надан ер «исі орыстың, бәрі бір» деп,
Сол кезде кек алмаққа белін буған.
Жазасыз мұжықты кеп Шолақ тапқан,
Малдарын жүздеп қуып, жауша шапқан.
Мұжық пен надан ерді атыстырып,
Шолақты ұстап ұлық құлыпқа жапқан...
Суықтас, темір құлыпты қамау үйі,
Шолаққа темір кісен — қылған «сыйы».
Тас үйде, есік құлыпты, қолда бұғау, —
Тордағы торғай құстай тұтқын күйі.
Шынжырын қолындағы жіптей үзіп,
Жұлқынып арыстанша күші қызып,
Түрменің бөлмесінде жалғыз құлжа,
Шегініп құлыпты есікті соққан сүзіп.
Рақымсыз ақ патшаның тас түрмесін
Қиратып, аңғал батыр шыққан бұзып.
Тұтылып, құтылғанын өлең қылып,
Әндетіп елге Шолақ кеткен сызып.
ҚАЖЫМҰҚАН
Көсілген Көкшетаудың даласынан,
Көк майса сансыз өлке саласынан.
Шолақпен тете шыққан Қажымұқан
Оралған көк Есілдің жағасынан.
Дүңкілдеп жұртқа даңқы Мұқан шыққан,
Жасынан тең құрбысы түгел ыққан.
Нан піскен кеудесіне балуандар
Түксиіп Мұқан келсе жым боп бұққан.
Аралап талай жерді, сан қаланы,
Күресіп талай алып дәуді жыққан.
Ел кезіп елден асқан балуанның
Талайын қол ұшымен ойнап сыққан.
Сан балуан көрген байқап оның күшін,
Қалтырап, ол тигізсе қолдың ұшын.
Мұқанды ойда, қырда білмеген жоқ,
Күшіне сүйсінгендей үлкен, кіші.
Күресте СССР-да жеке қара,
Талай дәу қыла алмаған ешбір шара.
Европа, Азиядан асқандар да:
Поддубный, Ганс — Гауан, Қазбек Гара.
Ожар бет, қара мойын — бейне құлжа,
Қылар ед бір салса егер мылжа-мылжа.
Шалқиған жауырынды, бұжыр қара,
Еңгезер, үйелмен, дәу, тартқан — құжға.
Қалың бет, бура төсті қара нардай,
Жұп-жұмыр, жуан діңгек, бойшаң дардай,
Өзге жұрт ергежейлі ол келгенде,
Айбынды, жолбарысқа болар пардай.
Топшысы кере құлаш, бітіс шалқақ,
Шалқиып балпаң басад, талтақ-талтақ.
Ұзақ жол керуеннің көшіндегі
Сияқты жампоз атан, басқан малтақ.
Жасында Қажымұқан байда жүрген,
Жалшы боп, бірталай жыл өмір сүрген.
Халыққа алыптығы әшкере боп,
Циркке балуан боп сонсоң кірген.
Атқарып жүргенде де малайлықты,
Күресте тең құрбысын талай жықты.
Бір байдың ат тартпаған жүгін тартқан,
Көрген жұрт деген шулап: «Қалай мықты!»
Бурадай шонжар, жампоз, жараған дом,
Өрдеш төс, білеу дене, шойындай сом.
Алпамса, алқа-салқа, бұлшық етті,
Қобы жон, алды-артына біткендей қом.
Құлжадай топтан оғаш көз тартады —
Мысалы, даладағы бейне бір дөң.
Алыбы бұл заманның Қажымұқан —
Адамның осы күнгі шонжары шоң.
ЗАМАН АҒЫМЫ
Өткен күн ертедегі бейне сағым.
Замана құбылады, жоқтай «бағым».
Үдере, бұлдыр қағып, тынбай аққан
Зырлаған заман шіркін сияқты арын.
Баяндап Көкшетаудың ертектерін,
Жыр қылып, күйге салдым біраз шағын.
Байлығын, жаратылыс қасиетін,
Сарын қып, күміс сымды шерттім сағын.
Адамзат бейне керуен көше бермек.
Қиырсыз өмірі жол, — кеше бермек.
Жолшыбай жас қосылып, сағат сайын,
Ескі өшіп, жаңа ер жетіп, өсе бермек.
Керуенмен тынбай алға бара бермек,
Жаңа адам жолдан қосып ала бермек.
Бүгінгі жаңа адамдар баршын тартып,
Жолшыбай шұбатылып қала бермек.
Ежелден тіршіліктің заңы солай,
Тынымсыз өзгереді керуен жолай.
Болмысын көркейтуге алас ұрып,
Ұтылап іздеп оңды, құрап қолай.
Бұл күнде тұрмыс күші емес баяу.
Қаласың лезде артта болсаң жаяу.
Керуен жынша жүйткіп шабады алға,
Жоқ онда жай аяңдап, күшін аяу.
Жүрісі көштің бұрын — аяң, ырғақ.
Ырғалып жылжушы еді керуен сырғақ,
Бұл күнде экспресс отарбаша
Құтыртып құйғытады алға зырлап.
Бұл күнде тұрмыс кеші бейне құйын,
Жүйткиді тауды, жарды көрмей бұйым.
Сан шалам сапырылып бірге ұйтқиды,
Дөңгелек ойнағандай шапқан жиын.
ҚАЗІР КӨКШЕТАУДА
Талай су бүгінгіше өткен ағып,
Бір жөнмен тынбай зырлап кеткен «лағып».
Өткеннен кеп шерткен соң жаңаның да
Шертейік күміс сағын біраз қағып.
Біраз жыр тағы тізіп көгендейін.
Желілеп тізбегімді шегендейін.
Өзгерді Көкшетаудың тіршілігі
«Ел жаңа — елу жылда» дегендейін.
Ешкімге Көкшетауды қиыспаған,
Ешкіммен кең байтаққа сыйыспаған.
Ешкіммен көршілес боп күнелтуге
Ол күнде сөзге қазақ ұйыспаған.
Қазақты патша еріксіз бағындырған,
Өзіне хан төресін жағындырған.
Ақымақ төрелерді итаршы ғып,
Иығына оқа, тана тағындырған.
Езгілеп, есек қыл деп еңбекші елді,
Төре мен приставты қағындырған.
Күңірентіп, бытыраған еңбекші елді,
Бұрынғы тіршілігін сағындырған.
Қазақтың қалған сонсоң асаулығы,
Бетімен көшіп қонған бас аулығы.
Көшуін жел билеген, қонуын сай,
Зиян боп, кең жайылған шашаулығы.
Еріксіз басқа елдермен отандасқан,
Жаншылып, жәбірленіп қотандасқан.
Бұрынғы ұмытылған: жат елдермен
Қиырсыз жерге сыймай қоқаңдасқан.
Патшаның еңбекші елді торлағанын,
Итше ұстап, нашарларын қорлағанын.
Жойды енді Ұлы Октябрь өзгерісі,
Әлсізді әлді таптап, зорлағанын.
Еңбекші ел теңдік көріп, көзі ашылып,
Еске алад, бұрын қандай сорлағанын.
Көреді алтын күндей нұрын шашқан,
Советтің қызыл туы орнағанын.
Бұл күнде басқа елдермен қораласып,
Ынтымақ, татулықпен жораласып;
Төскейде мал қосылды, төсекте бас,
Бұрынғы «жат елдермен» араласып.
Хандардың, патшалардың салған лаңы,
Құл қылған еңбекші елді шірік заңы.
Сағымдай ертегі боп қалды ұзақ жыр,
Атқан соң бостандықтың алтын таңы.
Білімнің құшағына кірді қазір,
Өзімен Көкшетаудың тұтас маңы.
Жаңғырды тау, қара орман, қиыр дала,
Нұр шашып, еңбекші елге білім шамы.
ЖЕР БӨЛІСІ МЕН КОНПЕСКЕ ӘСЕРІ
ТАҒЫ БІР ТІЛЕК
Өзгерді совет келіп, ел шырайы,
Өзгерді бұрынғы «жау» көрші райы.
Түсті кеп жарлылардың, бөлісіне,
Ірі ну, бай малы мен жер шұрайы.
Байлардың қалды бүгін еркелігі,
Шолжаңдық, көки, есер, «серкелігі».
Мастанып бет келгенге қамшы үйіріп,
Беретін момындарға «желкелігі».
Жегенін құсты бүгін біраз обыр,
Күшпенен жуасыды талай шобыр.
Үлесіп ірі байдың мал мен жерін
Салтына кірді өзгеріс қалың тобыр.
Өзгерді бұрынғыдан байдың құны,
Қулар мен саудагердің құрыды үні.
«Байлықтан көңілі қайтты» уақ байдың,
Жұлынып ірі байдың біраз жүні.
Болмады қазір енді байлар ардақ,
Базары түсті қазір семіз бордақ.
«Болса да аузы әдемі байдың ұлы»
Қоштасты мінезімен «әңгі дардақ».
Әр көлдің жайынсыған мекіресі,
Сыздаған әр ауылдың шікіресі.
Көтіне басын тығып бұқты қазір —
Мысалы: егіннің бүр — кекіресі.
Құтылу қажет енді кедейліктен;
Надандық, мешеу, жабы кенейліктен.
Тегістік дәуіріне жылдам жетіп,
Құтылып тұрмыс ала мерей жіктен.
Әйтпесе қусымақтар біраз бұқпақ,
Жарлының еңбегі оған тағы жұқпақ.
Аңызды тазарттым деп мәз боп қойсаң,
Арам шөп ептеп қозып тағы шықпақ.
Ұқыпсыз болса арамза күзелуі,
Нашардың тұрмысы әбден түзелуі.
Екпіндеп тез болмаса, айтшы жолдас,
Елуге қанша қашық жүз елуің?..
Тағы бір тірек, елде белсенділер,
Болса екен түгелімен ел4 сендірер.
Пәлендер пәленмін деп, пәлен қылды,—
Дейтін жұрт болмаса екен келсең күлер.
Еңбекші ел жаңа түрмен алға басар,
Сан қиын асулардан жеңіп асар.
Шірік заң, шірік салтты жолдан теуіп,
Әлемге тегіс жайлы тұрмыс жасар.
Барша әлем тең тұрмысты ол дәуірде:
Ешкім бай, ешкім кедей — болмас нашар.
Әлемге тең тұрмыстың алтын күні
Шұғыласын жер тобына бірдей шашар.
БУРАБАЙ КУРОРТЫ
Қала бар «Бурабайдың» жағасында,
Күркіреп суы атқыған сағасында.
Ақ балтыр, сұлу қайың, сүмбіл шырша,
Аңқытқан жұпар майын ағашында.
Салдырған бұл қаланы бұрын байлар,
Істелген қарағайдан көркем жайлар.
Табиғат рахатына бөленуге,
Бұрындар көркем жайды байлар сайлар.
Тұрмыстың бар рахатын иемденіп
Жаны тыныш, жағасы бос, қарны майлар;
Ішіп, жеп, бордақыша мамыр, шау боп,
Іркілдеп шіркін байлар шайнар-шайлар.
Курортқа сол үйлерді қойған жай қып,
Саулыққа керек затты түгел сай қып.
Әлпештеп науқастарды бағу үшін,
Дайындап сүйген асын бал мен май қып.
Әр жазда жиналады еңбекшілер,
Жәбірлі ескілікті жеңбекшілер.
Бейнеттің салдарынан кесел шалған
Келеді Бурабайға еңбекшіл ер.
Қиырдан жиналған жұрт тынығуға,
Жұпар май ауасына шынығуға.
Жалаңаш маржан құмда күнге шыжып,
Шомылад ертелі-кеш тұнық суға.
«Бурабай» денсаулықтың көркем кені,
Күміс су, жұпар ауа, бір түрлі емі.
Жалаңаш денеңізге, ыстағандай
Күп-күрең май боп сіңед жұпар демі.
Бал қаймақ, бағлан еті, уыз қымыз,—
Тынығып жатқандардың жейтін жемі.
Болған соң суы күміс, ауа жұпар,
Сауықпай қайтпек енді адам дені!..
Алтын күн леппен булап күйдіреді.
Лебіне жердің бетін сүйдіреді.
Қайың мен қарағайдың жұпар иісі,
Пысынап, мас қып жанды идіреді.
Сусыны — иісі аңқыған сары қымыз,
Шалдыққан тәнге шипа дәрі қымыз.
Күшейед, біраз ішсе қаны толад,
Ілмиген қан жоқ, сөл жоқ арығыңыз.
Келген жан көктей солып арып, талып
Жабығып, қажып қайрат кесел шалып.
Жадырап, күйленеді жан мен тәні,
Оңалып, шипа тауып, қуат алып.
Ақ сұлу, әдемі үнді шаңқан қылаң,
Жүзетін күміс көлде аққу сылаң —
Бұл күнде ақ қанатты жел қайықтар,
Қалқиды дөңгеленіп желмен бұлаң.
Айнадай көлдің жүзін сызып кескен,
Гауһардай сылдырлатып, суын ескен.
Бұл күнде «Бурабайды» баурап құшып,
Аққудай ақ шатырлы қайық кешкен.
Курортты әдемілеп безеттірген,
Адамды бар байлыққа тел еттірген.
Көл басын, курорт тұрған қара орманды,
Жұлдыздай шұбарлаған электрмен.
Курорттың бір төмпеш бар ортасында,
Ерте-кеш сол төмпештің жартасында.
Оркестр топты керней күй тартады,
Жартастың шөгіп жатқан жал тасында.
Ерте-кеш сыңқылдайды топты керней
Тау ішін, көл-орманды күймен тербей.
Тербетіп, керней күйі жұбатады,
Жабыққан болса үлбіреп жанын шерлей.
Тыңдаған күміс көлде аққу күйін,
Тыңдаған Ыбырайдың «Гәкку» күйін.
Кербез тау керней күйін тыңдайды енді,
Тыңдаған Ақанның да «Такту» күйін.
ҚОСЫМША
Қойса да «Бурабайды» байдан алып,
Кейде кей арамтамақ пайдаланып.
Жатады еңбекшінің орнын алып,
Күтулі, орынды ондап, жайлап алып.
Шалдыққан еңбекшілер арасында,
Ұялмай жүреді, о да «майдаланып».
Көргенде көзіңмен тек оқ атасың,
Келген деп, рұқсатты қайдан алып?!
Әрине, жоқ емес қой ондай кеп те,
Уа, жалған, не болмайды ну мен көпте
Аңызда қалың бидай арасында,
Ұрланып, өмір сүред арам шөп те.
Кекіре, мысық құйрық, арам кермек,
Еңбекші аңызынан жұлып термек,
Өршітпей арам шөпті жұла берсе
Арам шөп бірте-бірте құри бермек.
ПИОНЕРЛЕР
Құзынан «Кенесары» емес жырақ
Сарқырап «Бурабайға» құйған бұлақ.
Тау тесіп, салдыр-гүлдір, ылды-құлдыр,
Сумаңдап орман кезіп еткен бұрақ.
Тас бұлақ Бурабайға құйған жері,
Жиекте судыраған жасыл құрақ.
Бұлақ пен Кенесары үңгірінің
Арасы біраздау жер, алқа қырақ.
Сол жерге жас пионер отряді,
Әр жазда шатыр тігіп, етіп тұрақ,
Жалаңаш күнге күйіп күндіз ойнап,
Кешпенен от жағады, бейне шырақ.
Сол жерді пионерлер алған сайлап,
Қаз-қатар шатыр тігіп, жаздай жайлап.
Тәндерін шынықтырып, түрлі ойынмен,
Ортаға желбіреткен туын байлап.
Шынығып, өспек оқып, нығап саулық,
Жаңартқан жағаларын жаңа баулық.
Жолында жаңа тұрмыс жан беруге
Ол баулық — серт белгісі, қызыл жаулық.
Іс істеп, маздатады кешке от жағып,
Әскерше Көкшетауды жатқан бағып.
Ертемен тіршілікке тұтынады,
Жаңғыртып, кернейлетіп, дабыл қағып.
Шомылып «Бурабайға» күміс жалтыр,
Ерте-кеш жүзіп ойнап құсша малтыр.
Тотыққан денелері қара күрең.
Шынықпақ тәрбиемен білек, балтыр.
Адақтан құрыш, сымбат пішін алмақ,
Шолақ пен Мұқандардан күшін алмақ;
Маркс пен Ленин жолын бағыт қылып,
Үйреніп, бар білімін, ісін алмақ.
Біржан мен Ыбырайдың үнін алмақ,
Тұрмыстың әділдікпен шынын алмақ.
Зарлатқан нашар елді, озбырлардан
Мәңгілік жәбірінің құнын алмақ.
Өз-өзін болашаққа дайындамақ,
Тұрмыстың бар тетігін байымдамақ.
Жер менен көктің заңын түгел біліп,
Мұхиттың түбіндегі «жайынды» алмақ.
Жеткіншек пионерлер — біздің қарақ,
Зиянды, ескілікті қылмақ талақ,
Құшақтап, кей «мырзалар» айырылмайтын
Олардан аулақ шылым, қарт пен арақ!..
Білімді дария қылып, көзін оймақ,
Затымен надандықтың түбін жоймақ.
Жаңғыртты пионерлер Бурабайды
Ел шапқыш ханның жұртын қылып ойнақ.
ОТАРБА
Отарба — өрге өрлеген, тамаша өнер,
Надандық өнер күшке лажсыз көнер.
Кім де-кім оның жолын кес-кестесе,
Езіліп, құмырсқадан оңай өлер.
Тас жүрек отарба үдеп шапқан сайын,
Надандық өзін-өзі жерге көмер.
Қаласың, отарбаға міне алмасаң,
Мінгенде, отарбаға алға жөнер.
Отарба талай өлке, талай қырды
Аттады, басып өтті, кесті, жырды.
Сар белін Сарыарқаның оятуға
Күрсілдеп Көкшетауға келіп кірді.
Ентігіп, ақырғаны қара айғырдың,
Естілді қиырына талай қырдың.
Ақырды момындарға: «Тез жаңарт!» — деп,
«Не қылдың, тұрмысыңды, қалай құрдың?
Қиырды айғыздады тілім-тілім,
Басылды тас төсекпен талай жылым.
Көк темір қоспақ жолмен гүрсілдетті,
Тізіп ап, сан арбаны алмай тыным.
Жол тапқан меңіреу түнде, көзі қызыл,
Екпін күй, ұшқынды үнді, сөзі қызыл.
Советтің нысанасы — жолы темір.
Отарба қызыл отты, өзі қызыл.
Жалшы тап үкімінің нышанасы,
Жүк тартқан мың-мың батпан күш анасы.
Бет алған темір жолмен түп мақсұты,
Тегістік, коммуншылдық нысанасы.
Отарба жүгіреді асып-сасып,
Гауһардай, қып-қызыл от ұшқын шашып.
Жер жарған дүбірі мен ақырғаны,
Ұйқысын еңбекші елдің шайдай ашып.
Жолына отарбаның жұмылды жұрт,
Жалқаулық, надандықтан аулақ қашып.
Ағылтты тиеп жүкті, тиеп жұртты,
Ерсілі-қарсылы айдап тынбай тасып.
Өрге өрлеп, жасыл орман тауды аралап,
Отарба Көкшетаудан өтті басып.
Жаңғыртып тауды, орманды, сары белді,
Арқырап Сарыарқадан өтпек асып.
Отарба қалың надан елге жетті.
Тың жатқан талай қиыр жерге жетті.
Құйғытып, тізбектеліп, қоспақ жолмен,
Тас жүрек титықтатты кер көжекті.
Түрліше әркім кәсіп етіп жатыр.
Әркімге түрлі кәсіп жетіп жатыр.
Тұтынып біреу балға, біреу күрек,
Біреулер әлденені нетіп жатыр.
Біреулер керектерін алып жатыр,
Біреулер ілгері асып кетіп жатыр.
Біреулер «Ноян» боп кеп үйретпек боп,
Біреулер білім іздеп кетіп жатыр.
Қалың ну, жасыл орман тұнжырасып,
Бетімен өскен, өнген мың жыл ғасыр
Баржадан жұмыс күткен тобырдай боп,
Тұрушы ед, түскендей боп ұнжырғасы.
Жаңғыртты, қара орманмен Көкшетауды,
Жиілеу айғыздатты қалың қауды.
Құтқарып ұзақ жолдан ат, түйені,
Мойнына алды отарба алыс лауды.
Отарба тиеп әкеп бергеннен соң,
Халықтың машинаға дені-ақ ауды.
Айырбас, машинаға астық беріп,
Еңбекші ел қара жерді жебе сауды.
Еңбекші ел отырыққа жиындасты,
Жұмыскер, еңбекші тап ұйымдасты.
Шаруа кәсіп үрпін жебе сауып,
Базарды шаруалық бұйым басты.
Отарба, шапқылай бер,алмайтыным,
Көп келтір жаңа құрал, өнер білім.
Келмесін «өнерлі» елдің қағылғаны
Саудагер, жәллап, суайт, арақ шылым.
Таси бер еңбекші елге керек жарақ,
Машина, мата, сайман, сабын, тарақ
Сүйрей бер шебер ғалым, дәрі дәрмек
Құрысын қуылған сұм қарт пен арақ.
ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА
Қара орман, Көкшетаудың қалың нуы...
Жаңғырды басымырақ тұрмыс суы.
Салынып ылдиына қазақ қала,
Теңдіктің орнатылды қызыл туы.
Қоршатып, қалың орман қасына ала,
Кестедей қара жерде жасыл ала,
Өнердің ошағы боп қала түсті,
Көк ала күміс көлдің басын ала.
Қаланың орман, көлдер аумағында,
Шұп-шұбар, айнала кең аулағында.
Біржанның моласының қазақ қала,
Аз ғана қиысырақтау жағында.
Сыңсыған, орман іші дөңес алап,
Қала үшін, сол араны алған қалап.
Радио,аурухана, мектеп, кеңсе
Орнатқан ұйтқылыққа етіп талап.
Бұл қала үлгі алатын болмақ өрнек,
Ортада еңбекші елге болып көрнек.
Капарат, аурухана, кеңселерге
Келген жан өнер ісін көзбен көрмек.
Өрнек жай, оқу, өнер — жаңа тұрмыс
Сабағын еңбекші елге күнде бермек.
Еңбекші ел қиындықтың тауын қашап,
Білімнің асыл тасын тынбай термек.
Қаланың ісі өзінше қайнап жатыр,
Үй салып, керек іске сайлап жатыр.
Инженер, шебер, ұста, жұмыскерлер
Істерін түзеп, жөндеп, жайлап жатыр.
Әркім-ақ ерінбесе, табар кәсіп,
Біреулер отарбаға товар тасып.
Біреулер үй, қоралар істесіп жүр,
Біреулер айналаға шабартасып.
Қара орман, қала маңын дабырлатып,
Ойнайды кілең жастар дабылдатып.
Әскерлік тәсілдерін үйренісіп,
Мылтыққа, пулеметке жабылды атып.
Тегістік майданының батырлары,
Жаңғырад мылтық атқан сатырлары.
Оңаша жатақтары, тәртібі — тас
Тігілген киіз үй мен шатырлары.
КООПЕРАТИВ
Aт, арба алды топыр кооператив,
Дүкеннен әркім бұйым апаратыр;
Шай, сабын, кересін, жіп, ине, мата,
Тырнауыш, шалғы, соқа, сепаратор.
Шаруа әлі малын төгіп жатыр.
«Капарат» үлгіре алмай бөгіп жатыр.
Жүн-жұрқа, тері-терсек тең-тең болып,
Жүндеусіз түйелерше шөгіп жатыр.
Әкелген біреу бидай, біреу малын,
Біреу ішек, қарын, қаймақ, біреу балын.
Біреулер аңның терісін, біреу әкеп,
Күзеген байталының біреу жалын.
Бұйымын беріп жатыр әркім өлшеп,
Үйілген ұлы, кіші бөлшек-бөлшек.
Анталап бірін-бірі итермелеп,
Жапырлап алып жатыр көйлек-көншек.
Ұйтқы боп кооператив еңбекші елге,
Ескілік, теңсіздікті жеңбекші елге.
Тегістік, социалдық дәуіріне,
Жұмыла ұйымдасып еңбекші елге.
Ұстаған қазан аузын семірмесін,
Қақ сүйек нашар момын кемірмесін.
Ұйымға ұйтқы болмақ дүкеніңді
Қу басшыл, қу ауыздар жемірмесін.
Жыртығын еңбекшінің жауып тұрсаң,
Бабымен күйлендіріп, «сауып» тұрсаң.
Шаруа құнартып, ии бермек,
Түгелдеп бар керегін тауып тұрсаң.
Төңкеріс артқан міндет саған бүгін, —
Тегістеу әлеуметтің тұрмыс жігін;
Сүрінбей, жықпай апар нысанаға,
Лениннің қасиетті артқан жүгін!..
РАДИО
Еңбекші ел өнерге күрт бұрды бетті,
Тілші ғып радионы іске жекті.
Дүниенің төрт бұрышынан хабар алды,
Жақын ғып от басындай қиыр шетті.
Радио — өнердің бір, ілгері алды,
Ешбір сөз жатсынбайтын тілге орамды.
Орнатты, өрнек қазақ қаласына
Радио — сымсыз тілді телеграмды.
Радио, хабар сөйлеп, саңқылдайды,
Жаңғырып ағаш үйлер қаңқылдайды.
Естіртіп сүйген жердің әңгімесін
Сол жердің өз тілімен аңқылдайды.
Кәрі, жас, қатын-қалаш, жігіт-желең,
Тыңдайды басқа еш затты қылмай елең.
Ишанның сөзін өстіп тыңдаса жұрт,
«Бұл неткен көктен түскен ишан?» дер ең.
Әлі де жұрт былшылдап тыңдайды деп,
Түңіліп қалың елден опық жер ең.
Еңбекшіл ел өнерге енді анталады
Бұрынғы селқос жүрген аңқау-керең.
Радио елге білім нұрын шашар
Білімнен шайтан, ишан, надан қашар.
Біліммен саясаттан хабар беріп,
Әр жұрттың ән-күйімен көңіл ашар.
Анталап радионың сөзін тыңдап,
Тот басқан топас ойын жанып, шындап,
Тыңдады сан қиырдан айтқан сөзді,
Болса да шақырымы неше мыңдап.
Кәрі, жас радионы тыңдап қатқан,
Білімнің шашқан жеміс дәмін татқан.
Тыңдайды жер жүзінде әр қаланың,
Сөздерін жұртқа әдейі шашып жатқан.
Бір жерден тәртіп, нұсқа, заң тыңдайды,
Бір жерден білім, пәннен мән тыңдайды.
Бір жерден көркем әуен күй кернеймен
Тербетіп, жан иіткен ән тыңдайды.
Радио жер дүниеге құлақ салмақ,
Бұлжытпай өр дыбысты естіп шалмақ.
Жұмыскер қазақ та оны құрал қылып,
Түп-түгел жер тобынан хабар алмақ.
Үн шашқан жер дүниеге биік тұран,
Жаса, деп жаңа тұрмыс салған ұран.
Үн шашқан коминтерн радиомен
Қалсын деп шірік таурат, інжіл, құран.
Еңбектің жемісі бұл, емес тылсым
Мәнісін оқып көріп әркім білсін.
Ауысып өнерінің жемісінен
Бір-бірін тыңдап адам ойнап күлсін.
Білімнің сан-сабаздар құмын терген,
Мұра қып, бірден-бірге тізіп өрген.
Ерлерге бас иелік еңбегімен,
Дүниеге мұндай құрал тауып берген...
Бір күні қазақ қала болып жиын,
Ташкеннің тыңдамаққа ән мен күйін.
Тігініп отырыпты құлақ түріп,
Толтырып радионың үлкен үйін.
Радио — Ташкен басқан әр түрлі әнге
Әр жұрттың кезектеткен әнін сәнге.
Түрлі әуен бір-біріне ұқсаспаған
Әр түрлі әсер еткен — жан мен тәнге.
Бір кезде ән кезегін біреу алған,
Шырқап бір «Үш тотыны» ырғап салған.
Таныс үн, таныс әнді тыңдасып жұрт,
Қайран боп, өнер іске мәз боп қалған.
Тыңдасып таныс үнді қанысады,
Ән салған Сабырды да танысады.
«Мынау үн — Сабырдікі — тәубе-ау!..» — десіп,
Өнерге кемпір-шал да танысады.
АЭРОПЛАН
Еңбек тап жер мен көкті түгел тектеп,
Бұйырмақ табиғатқа: «Жүгін!.. шөк!..»деп.
Өнерді көк қанатты самұрық қып,
Мініп ап, жұлдыздарға ұшпақ өктеп.
Жер тобы, зырылдай бер, диірменше!..
Ұршық қып адам сені иіргенше.
Тұтқаңа еңбек табы ие болып,
Әмір ғып «былай жүр!» деп үйіргенше.
Көкке ұшты, жасап мініп самұрықты,
Аспан-көк екпінімен жаңғырықты.
Керемет, сиқыр тылсым жалған шығып,
Даусынан жын мен пері тәңір ықты.
Әндетіп аспан-көкке өнер жырын,
Тектемек көкті кезіп, сансыз сырын.
Әуелеп аспанға ерлеп, бірте-бірте,
Білуге білмегенді бұдан бұрын.
Жырлады аспанды өнер жеңгендігін,
Қойнына алтын бұлттың енгендігін.
Ай мен күн, сансыз сәуле жұлдыздардың,
Жетуге құшағына сенгендігін.
Гауһар нұр жұлдыздарға аттанғанын,
Жаранып, қиын жолға саптанғанын.
Көктегі сәулелерге жетемін деп,
Ән-күйге салды шырқап шаттанғанын.
Күйімен жұлдыздарды күйлетпекке,
Сұлу нұр сәулелерді билетпекке.
Мақсұтын еңбекші тап: еркін тұрмыс,
Тегістік, махаббатқа үйретпекке.
Аспанға қара жерден ұшқан баршы,
Жіберген еңбекші тап ұшқыр жаршы.
Жаңғырды аэроплан әніменен,
Пайғамбар қиялымен барған ғаршы.
Самұрық көк қанатты аэроплан,
Жұлдызға жетуге енді айлаплан.
Жасап ап, еңбек табы өрлер биік,
Лек-лек қып тәрбиелеп сайлап ұлан.
Келтірді аэроплан көктің сәнін,
Әндетті кекті кезіп білім, әнін.
Асусыз аспан көкті еңбек табы,
Шарықтап білмек енді барлық мәнін.
Әуелеп, ерлеп көкке салды сайран,
Әуені жеңгендігін қылды мейрам.
Жұлдызға құлаш ұрған самұрыққа
Таң болып, тау бүркіттер болды қайран...
БОЛАШАҚТАҒЫ КӨКШЕТАУ
Адамзат аласұрып жем іздейді.
Жем тапса: «Енді керек семіз!» дейді.
Тұрмысын жеңілдеуге дамыл көрмей,
Түрліше қиындыққа ем іздейді.
Жеңуге әр қиынды құрал жасап,
Тістесіп, қиындықтың тауын қашап,
Тап-тап боп жұлысады және өзді-өзі
Тұрмыстың тәтті дәмін жеңгені асап.
Тарихы адамзаттың бастан солай,
Тартысқан тамақ үшін өмір жолай.
Тырмысып, үстемдікке құрал жасап,
Іздейді тағы одан да ықшам қолай.
Тың жерде жылым ақса, жыра болмақ,
Жылымдап, аққан жыра ұра болмақ,
Сондай-ақ еңбек ісі бұрынғының
Қазына кейінгіге мұра болмақ.
Тұрмысқа адам тәсіл іздей бермек,
Құрал ғып, тәсілдерін тіздей бермек.
Мұрасын бұрынғының кейінгілер
Сұрыптап, тоқи бермек, үзбей өрмек.
Аз ауыл өсіп, өнсе, ел болады,
Ұра су дами берсе, көл болады.
Жылымнан жыра болып, өзен-көл боп,
Кең арна — аққан дария сел болады.
Ілгері адам-керуен көше бермек,
Табиғат жұмбақтарын шеше бермек.
Құралын өнер-білім молықтырып,
Бірлесіп еңбек табы өсе бермек.
Адамзат көшін бастап, өнерді ат қып,
Тас ноқта обырлыққа есе бермек.
Обырға тұмылдырық кигізген соң,
Тап, тап боп жұлмаласу өше бермек.
Адамзат тынбай зерттеп жер мен көкті,
Сансыз көп қиындықтан ыза шекті.
Біртіндеп жеңіп сансыз қиындықты
Күштерін табиғаттың іске жекті.
Адамзат істей бермек үзбей еңбек,
Біртіндеп табиғатты түгел жеңбек.
Енбекті гүлдендіріп тұрмыс жүгін,
Өнерге түгелімен артпақ теңдеп.
Әлемнің еңбек табы күшін бастап,
Апармақ тегістікке тура қастап.
Шырмаған надандық пен жауыздықты,
Аяқпен жолдан қағып артқа тастап.
Тебілер арсыздарда мысық құйрық,
Сұрқия, жылмаңдарда пысық құйрық.
Өзінен кейіндерге көкиленген,
Өзінен зор әңгіме қысық құйрық.
Жұмсамақ еңбек табы жігер күшін,
Жасамақ жер дүниеге жаңа пішін.
Жоқ қылып қайғы-қасірет жарлылықты,
Жер тобын ұжмақ қылмақ адам үшін!..
Ол дәуір Көкшетауы тегістіктің,
Дүниеде бітпей кезі тегістіктің.
Серт қылып, мойнына артқан еңбек табы,
Мойнынан түсер жері тегіс жүктің.
Болашақ Көкшетауы күмбез зеңгір,
Көлденең орта жолда талай дендер.
Әлемді еңбек табы бастап соған,
Жеткізіп, зеңгір тауға тұрмысты өңдер.
Зеңгір тау — бейне күмбез қиырдағы,
Тегістік, әділдіктің биік тағы.
Көздеген еңбек табы жету үшін,
Әлемге тегіс жайлы бағыт — бағы.
Зеңгір тау көз алдымнан кетпес елес,
Қағады қол сермесем кес-кес белес.
Күнәсыз сұлу сәулет ғашық қылды,
Ұмтылып тез жетпесек, өзі келмес!..
Өнерді еңбек табы құрал етпек,
Кедергі талай асу белден өтпек.
Бар әлем кемшіліксіз, тең тұрмысты,
Көздеген зеңгір тауға ақыр жетпек.
Жер мен көк жұмбақтарын түгел тектеп,
Бұйырмақ табиғатқа: «жүгін!.. шөк!..» деп.
Өнерді көк қанатты самұрық қып,
Мініп ап, зеңгір тауға ұшпақ өктеп.
Жер добы зырылдай бер диірменше,
Ұршық қып адам сені иіргенше.
Тұтқаңа еңбек табы ие болып,
Әмір ғып: «былай жүр!..» деп, үйіргенше.
Асусыз асқар ақбас тауды кесті,
Жол ашып, кеспесе, үңгіп, астын тесті.
Жер тобын орап жатқан мұхиттардың,
Жайынша астын, үстін түгел кешті.
Мінді істеп ұшқыр алып, дүлдүл — пырақ,
Электр түнді қуып жақты шырақ.
Бұл күнде от басындай болды жақын,
Бұрынғы алты ай жүрсе жетпес жырақ.
Бақсыдай аласұрған жын шақырып,
Машина бір күн жүрсе мың шақырым,
Соны да місе қылмай қазіргі адам,
Деді енді: неге жүрді мұнша ақырын?..»
Еңбекші іске жекпек соққан желді,
Тілесе бақша қылмақ батпақ көлді.
Жер үстін тілегінше қайта жасап,
Көк майса гүлдендірмек бетпақ шөлді.
Тілесе ойпаңдарға тау тұрғызар,
Сортаңға ұжмақ-сынды бау тұрғызар.
Теңіздей бұйра құм мен тақырларға,
Көк орай жасыл ала қау тұрғызар.
Түрлерін табиғаттың қолмен қояр.
Асусыз асқар тауды бордай ояр.
Орнатып жер үстіне көркем тұрмыс,
Арамдық, жәбірлікті тегіс жояр.
Тілесе ен дарияның бетін бұрар,
Қиырсыз дөңді іншіктен оңай жырар,
Суларын мұхит, теңіз, дарияның,
Қақпалап, тілегінше айдап сырар.
Өнерді іске жегіп еңбек табы,
Әлемге тегіс, жайлы тұрмыс құрар.
Барша әлем бір-бірімен туысқан боп,
Тегістік, көркем тұрмыс мәңгі тұрар.
Ертек боп қараңғылық ымырт қалар,
Жарлылық байлықпенен ұмыт қалар.
Махаббат, жер үстіне коммун орнап,
Бозторғай қой үстіне жұмыртқалар...
Бастаған еңбек табы әлем — дүрмек,
Сол тауға жетіп бақыт дәуір сүрмек.
Жетісер надан ел5 ол дәуірге
Күрішпен су ішкендей бірге күрмек.
Жертобы!.. зырылдай бердиірменше,
Ұршық қып адам сені иіргенше.
Тұтқаңа ие болып коммун ел,
Әмір ғып: «былай жүз» деп үйіргенше.
1928 жыл, Қызылорда, Ташкент
ҚЫЗЫЛ ӘСКЕР МАРШЫ
(Қызыл әскердің 10 жылдық тойына арналды. Күйі бар.)
Бізді Октябрь туғызды,
Болатпен бел буғызды,
Жұмыскер тап жауларын
Елден түріп қуғызды.
Ұшан қызыл туымыз,
Еңбекші тап нуымыз,
Тітіретеді дұшпанды
Жер қозғалтқан шуымыз.
Бірдей бас,—
Аттап!
Жұп жазба!—
Сап-сап!..
Нықтап бас,—
Тап-тап!
Тап-тап!
Қызыл әскер қайратты,
Арыстандай айбатты,
Қызыл тумен көркейтіп,
Жүрген жерін жайнатты.
Ұшан қызыл туымыз,
Еңбекші тап нуымыз,
Тітіретеді дұшпанды
Жер қозғалтқан шуымыз.
Әсем бас —
Жалт-жұлт!
Жалын шаш,—
Жарқ-жұрқ!
Қайрат тас —
Сарт-сұрт!
Сарт-сұрт!
Күш — коллектив еңбекте,
Еңбекке дес бермекте.
Шығамыз біз майданға
Еңбек жауын жеңбекке.
Ұшан қызыл туымыз,
Еңбекші тап нуымыз,
Тітіретеді дұшпанды
Жер қозғалтқан шуымыз.
Сымдай боп —
Тіп-тік!
Шойындай
Нық-нық!
Адымда —
Жұп-жұп!
Жұп-жұп!
Дүниеге әкім болғандар,
Жасап құрал қорғандар,
Белдесетін жауымыз —
Еңбек қанап сорғандар.
Ұшан қызыл туымыз,
Еңбекші тап нуымыз,
Тітіретеді дұшпанды
Жер қозғалтқан шуымыз.
Көк қылыш —
Алмас,
Қол құрыш
Талмас!
Жау тыныс
Алмас!
Алмас...
Интернационал ұранды,
Социалистік Отанды
Біз аламыз дүниені ,—
Біз — жеңілмес құралды!
Ұшан қызыл туымыз,
Еңбекші тап нуымыз,
Тітіретеді дұшпанды
Жер қозғалтқан шуымыз.
Ер, жарақ,
Ат —марш!
Ауыздық
Қарш-қарш!
Қызыл ер —
Марш-марш!
Марш-марш!
1928жыл.
ҚАРА АРБАДА
Айдалада қара арбада
Екі-үш кісі келеді.
Қара жолды тозаңдатып,
Аты бүлк-бүлк желеді.
Көліктерін тозаң басып,
Терге шомып сабылған,
Бәрінің де түсі қашып
Қабақтары жабылған.
Бастарына «сабаздардың»
Келгендей тап бір сұмдық.
Анда-санда бұлар неге
Уһілейді күрсініп.
Сұрасаңыз бұл адамдар
Қайда бет aп барады?..
Бұл сабаздар қайта-қайта
Артқа неге қарады?
Байекелер бұлар, малы
Кампескеге ілінген.
Еңбекші елге әйгіленіп
Жауыздығы білінген.
Бұл мырзалар елді сорған —
Алған енді сазасын.
Талай жылғы көп күнәнің
Тартпақ енді жазасын.
Нашарлардың сан ақысы
Қу қарынға тығылған,—
Енді ғана, мырзалардың
Лас мұрнынан сығылған.
Бұлар байлар — жалшылардан
Еңбек қанап жегендер.
Нашарды жеп, мал көбейтіп —
«Әулиеміз» дегендер.
Бұлар — байлар — еңбек қанап,
Тиын сорған тиыннан.
Бұлар ылғи қарын қулар
Қара күшке сиынған.
Бұлар ылғи Қарынбайлар —
Жеуге көзі тоймаған,
Қайыршыдан қап ұрласа:
«Мал таптым» деп ойлаған.
Бұл жазғандар малы кемді
Қорлағандар теңсінбей,
Жуас, момын еңбекшіні
Құл қылғандар менсінбей.
Енді ғана бұл мырзалар
Тартты, міне, жазасын!
Енді ғана, міне, өтемек
Көп жазаның «қазасын».
Ордалары талқандалды,—
Қалды адыра — бір қуыс.
Еңбекші жұрт арттарынан
Шаш топырақ қырық уыс.
Асқынған көп істеріне
Ауыр емес бұл жаза!
Бұл әшейін жеңіл ғана
Мың жазаға бір саза...
Жалшылардың баққан малы
Таң атқанша іңірден,
Өз малдарын өздері алды
Еңбек күшін сіңірген.
Патшаларды оқпен атқан,
Қолға қызыл ту ұстап,
Сендерге тек атқылайды
Топырақты уыстап.
Енді сендер жүрмейсіңдер
Бұрынғыдай сән құрып,
Өткен тұрмыс күндеріне
Қош айтыңдар мәңгілік!
Еңбекші жұрт арттарыңнан
Тас атады: шоқ-шоқ-шоқ!
Бұрынғыны қайтаруға
Сендерде енді айла жоқ.
Бұл жұлынған аңыздағы
Арам шөптер, «қоқырақ».
Шаш, еңбекші, арттарынан
Қырық уыстан топырақ!..
Енді ұзамай Бай табының
Тамырлары жойылар.
Терең қазған моласына
Зіл қара тас қойылар.
1928жыл.
ТАЗАЛА
Финотдел, совет, ОГПУ, бәрін алдап,
Жалмауыз, қанға тоймас, қарын жалдап,
Халыққа мұқтаж, тапшы нәрселерді
Борсықша тыққан ұрлап, арын жалдап.
Қарарсыз арамдығы асқан қулар,
Ұятқа итше сарып, басқан қулар.
Құлқына тыю түссе итше ұлысад
Кекіріп қарнын сипап тасқан қулар.
Борсықша борс-борс айдап борсылдатып,
Құстырып, сорған майын қорсылдатып
Милиция көтке теуіп домалатып
Айдады енді міне торсылдатып.
Метрсіз елге сатпақ кездерімен,
Алдаушы арам, ескі безбенімен.
Жасырған қоймасымен бірге ұсталып,
Мүләйім жас мөлтілдейд көздерінен.
Обырдың кім таң қалад тоймасына?
Құлқынын тыяды деп ойласын ба?
Шай, астық, секер, сабын, кездемені,
Ақырын жинап тыққан қоймасына.
Байекең, енді неге қорқып бұққан?
Қарашы, бейне тышқан іннен шыққан!...
Мінеки, қоймалары талқандалды,
Тышқанның іншігіндей азық тыққан.
Милиция тұрған бағып темір жолда,
Отарба жүріп жатқан өмір жолда.
Поезды вокзалға кеп тосып алды
Найзалы мылтығы бар темір қолда.
Бұйырып: «Үстіме жан енбесін!» — деп,
Қойғандай: «Ешкім мұнда келмесін!» — деп,
Бір жалдап отыр екен сол поездың,
Жұмсақ іші вагонның бөлмесінде.
Саудагер құнан қойдай семіз бордақ,
Қарыны кебежедей, беті дордақ.
Сыймайды ала жібек шапанына,
Солқылдақ барқыт қапты диванда орнап.
Бұл жалдап Ташкендегі ақшалы бай,
Егетін жүзім, алма, бақшалы бай.
Қыдыртып қымбаттатып нәрсе сатқан,
Жібек, қал, кілем, баһмал, шапталы, шай.
Қарарсыз арамдығы асқан қуды,
Ұятқа итше сарып басқан қуды.
Милиция отарбадан айдап шықты
Кекірген, қарнын сипап тасқан қуды.
Милиция!.. Әлі де бар бұққан жалдап!
Сұғанақ, жылпылдатып жеген алдап.
Қулардың ескі-жаңа паспорттарын
Тексеріп байқа тағы әбден аңдап!
1928жыл.
ЖҰМЫСКЕР ТАБЫ ҰЛЫ МАЙДАНДА
Еске түседі ұлы күндер — май күні,
Жұмыскер тап біріккелі ант қып, сай күні.
Жолдас — досым,
Ардақ — қосым.
Есте болсын,
Қол ұстасып бірге болдық қай күні.
Тырнақты сұм алқымыңнан алғанда,
Қанды шеңгел сірескенде жағаңда.
Алтын ұлдар,
Жалқын мұндар
Өңкей сұмдар,
Дәл арқаңа алтын қанжар салғанда.
Дәл сол істе қанға бірге батқамыз.
Шайнап жауды, шайналып та жатқамыз.
Жүзікті алтын,
Сары жалқын,
Жұмсақ алқым,
Сұмды тістеп бір мезгілде қатқамыз.
Мен тұрмағам іштен пәле түйсіне,
Не әуелі пышақтап ап, «иісте».
Әкім боп сен,
Келмегем мен,
«Жайып сап жем»,
Жұртқа берген тәтті асыңның иісте,
Сендерменен түсіп шыққам бір көрге,
Аш-жалаңаш жатқамыз кір жерде.
Көп жау талап
Шұрқ-шұрқ жаралап,
Дал-дал қанап,
Сендерменен қаным тамған бір жерге.
Сол күнгі істі кешпейді сұм ұлдары,
Ордалары талқандалған тұлдары,
Қанжар қайрап,
Іштен байлап,
Судай сайрап,
Қу қарынның кіл сұғанақ мұндары.
Қата бассам — сен түзейсің, — ем көрем,
Сезіміңді жазсам шындап өңденем.
Қулар үрсе,
«Кекке міне».
Кекеп күлсе
Сұқ күшіктің үргенімен тең көрем.
Қан майданда қолтығыңа кіргемін,
Жанды ортаға салып, білек түргемін.
Зор сертті істе,
Қанжар тістеп,
Бірге піскем —
Өлгенімше сендерменен біргемін.
1929жыл.
ПРОЛЕТАРИАТҚА
Он алты, он бес жасымнан,
Төңкерістің басынан,
Өлеңмен ердім сарынға.
Жоқ еді онда білімім,
Негізі жалшы ед жырымның,
Тұрмыс салған ағымда.
Енді болдым, білімді,
Жалшы деп жазам жырымды.
Тұрмысым солай, жаным да.
Өлеңім менің — еңбегім,
Еңбегім менің ермегім,
Тағы да жазам, тағы да.
Өлеңім, жырым — бар малым,
Бар малымды арнадым,
Адамзаттың тазасы,
Жаңа дүние қожасы,
Пролетар табына.
1929жыл.
ПОЛЬША ЖҰМЫСКЕР ТАБЫНЫҢ УӘКІЛДЕРІНЕ
Мейлі, есірсін,
Жау бізге оғын сайласын!
Қан майданға
Малын, басын байласын!
Өткен майдан
Сабақ болған әркімге,
Біз көрерміз
Жаудыңтүрлі айласын...
Теңдік жауы
Күшін тағы байқасын.
Аянбасын,
Қан қанжарын жайқасын.
Құлатам деп
Құрыш темір ордасын! —
Жұмысшы тап
Отанымен шайқассын...
Жер жүзінің
Капиталы ұласып,
Мейлі, тағы
Тиіп көрсін, байқассын.
Бұл болашақ,
Сертті майдан ақырғы, —
Ер болса жау
Екі қылыш айқассын!..
Жындандырды
Капиталды қан басып,
Өлерінде
Жағаласпақ жармасып.
Енді айқасса
Есірік жын капитал,—
Біз тынбаймыз
Күл-күл қылмай жанбасын?.
Бұл майданда
Еңбек табы дүниенің
Біз білеміз
Бізден бөлек қалмасын.
Капиталмен
Белдескенде еңбек тап,
Біз білеміз —
Тап жолынан танбасын.
Жұмысшы тап
Өкілдері Польшаның!
Ер көңілді
Ешбір күдік қалмасын.
Қиындықпен
Сансыз жаумен алыссақ —
Білдіремін
Біздің білек талмасын...
Совет елі
Тынбай істер құртқанша
Капиталдың
Салып кеткен таңбасын.
Тиген жауға
Октябрьдің солдаты
Сап көрсетер
Қылшылдаған алмасын.
Білдіремін
Құрығанша тап дұшпан
Ол алмасты
Қынға мүлде салмасын.
Қолдан алмас
Тасталады мәңгілік
Тап дұшпанның
Домалатып қан басын!..
1929жыл.
ПРОЛЕТАРИАТ
(Әлдиле өлім, әлдиле!)
Мағжанның өлшеуімен
Билеген шаттық өмірді,
Күн де бүгін көңілді,
Толқындап жел келеді,
Әлдекімнің өлгенін,
Оны қалай көмгенін
Әңгіме қылып күледі.
Бетімді, жел, күле сүй,
Ол — өлім күйі, қызық күй
Балқиды жаным бұл күйге,
Жауларды, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Сартылдаған станок,
Машиналары күрсілдеп.
Бұрқырап жатқан фабрик,
Жұмысшылар қайнаған,
Бәрінің басын байлаған,
Бір семіз жебір жәбірлеп.
Жұмысшы соғыс бастапты,
Семізді жарып тастапты,
Фабрикке болып өзі ие.
Бірі істейді — бәрі үшін,
Бәрі істейді әрі үшін,
Өзі иесі сол — көп ие.
Бай ұлыпты көре алмай,
Күліпті жел оларға-ай.
Балқыды жаным бұл күйге.
«Қып-қызыл» болад өтірік,
Жіберсе қуып, есіктен,
Жылмаңдай кіріп тесіктен.
Оқуға да еніпті.
Қағаздарын түйдектеп,
Кеңседе болып бюрократ
Тазалауға кез келіпті.
Мойнына құрым іліпті,
Мазақтап жел күліпті.
Балқыды жаным бұл күйге,
Бұларды да, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Жұмысшымменен жымдасам,
Еңбегімменен сырласам,
Қолымда бәрі шындасам.
Қойшымды алып қолыма
Қарындасым оңымда,
Қаратау, қарлы қырды асам.
Бюрократ — бөлтірік,
Жылмаңдама өтірік.
Мен қоймаймын, сырды ашам.
Жалынмын, отпен ойнаймын,
Жолымда бөгет қоймаймын,
Қорықпаймын жаудан мыңдаған.
Екпінімді жел біледі,
Сыңқылдап соған күледі.
Балқыды жаным бұл күйге,
Тап жауын, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Жаңадан дүние жаралып,
Басталыпты жаңа ұрыс.
Күйікті жуан қайтыпты,
Жел иманын айтыпты,
Балқыды жаным бұл күйге.
Жуандарды, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Еңбекпен өскен қарындас,
Тоқал боп өткен жарым жас,
Байлаудан бас босапты,
Жуан қарын тажалға,
Жаға менен сақалға
Жармасып қарсы қол сапты.
Ашулы бай себепті,
Милиция байды қамапты,
Үлгілі ашық сот бопты,
Қатты үкімге кесіліп,
Тірідей көзі тесіліп,
Малы-мүлкі жоқ бопты.
Көрмепті, бай өліпті,
Жел соған күліп келіпті,
Балқыды жаным бұл күйге,
Құлақтарды, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Қой терісін бүркеніп,
Тізімге өтіп тіркеліп.
«Коммунист» бопты бөлтірік.
Құрғақ айқай дегенде,
Қара сөзге келгенде,
Байларды, елім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Тұла бойы сары жез,
Ызғарлы сөзді, қасқыр көз,
Бір жебір елді билепті.
Қажырлы білек күшімен,
Көк найзаның ұшымен
Жебірді еңбек түйрепті.
Еңбектің тапқан олжасын,
Тартқыламақ боп қалжасын,
Бірақ төбет сүйрепті.
Ақ төбетін айтақтап,
Шырқ айналып жайпақтап,
Бір ақын әнмен күйлетті.
Таяқтан төбет өліпті,
Жел сықақтап күліпті,
Балқыды жаным бұл күйге,
Сол ақынды, өлім, әлдиле!..
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Айдалада жас қойшы,
Мың сан қойға бас қойшы,
Байдың қойын тастапты.
Өзінің жора-жолдасын,
Өз заманы болған соң,
Байларға қарсы бастапты.
Тітіреп байлар бұл іске,
Мүлкі болып конфиске,
Айдалыпты теп-тегіс.
Коллектив болып мал алып,
Техникасы алда ағылып,
Бұл жолы саған зор берсін,
Мен сенен озып кетемін,
Бір өзің мыңға балаған,
Дүниеде теңсіз санаған,
Америкаңа жетемін,
Жетіп қана қоймаймын,
Дүниемен жарыс ойнаймын.
Бәріңнен озып етемін,
Жер жүзінде төңкеріс,
Адамзатты теп-тегіс,
Еңбекпен еркін өтемін.
Табиғат менен именед,
Жел күліп оған күй беред,
Балқыды жаным бұл күйге,
Бөгеттерді, елім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
1929жыл.
ТОҚУ ФАБРИГІНДЕ
(Дөңгелек күйіне)
Бу машина
Құрыш шойын
Қыздырады
Думан тойын,
Бу қайнатад
Салып ойын...
Биік-биік
Қара мойын,
Көкке тіп-тік
Созған бойын...
Түтін көкке
Ұшады өктеп,
Будақ-будақ
Түйіле.
Машина дүрс,
Ыңқылдайды,
Ыңқыл емес,
Сыңқылдайды.
Сөйлеп ың-жың,
Жымпылдайды:
Мың қызық тіл
Мыңқылдайды.
Темір түйін
Бұлтылдайды..
Фабриктің
Көзім тіктім
Думан-дүкен үйіне.
Машинаға
Күштетеді.
Аласұртып
Тістетеді.
Адам ісін
Істетеді
Үсті-үстіне
Үстетеді.
Шеберлетіп
Түстетеді.
Өңкей шебер,
Еңбек жебер
Кіл көк жейде киіне.
Машинаның
Кетіктерін,
Көздеп шебер
Жетіктері
Көк темірден
Бұйырады.
Тұтқасын нық
Шиырады,
Тек өзіне
«Сыйынады».
Нағыз шын ер,
Көнбегендер
Капиталдың иіне.
Қатар-қатар
Ұршықтары
Зырылдайды.
Тұмсықтары
Бұлтылдап жіп,
Бұлшықтары,
Үзбей қыл жіп
Қылыштарын,
Ширатады
Шымшып қана.
Ерсі-қарсы,
Шапқан маршы,
Қызығамын биіне.
Машиналар
Тоқиды өрмек.
Биязылап
Нәзік өрнек,
Асығады,
Шапшаң тербеп,
Сарт-сұрт шауып
Арқау жүрмек,
Тынбай жүйткіп
Тоқи бермек.
Өнерлі еңбек
Бәрін жеңбек...
Боламын шат сүйіне,
Өрмек жібі
Ұзақ — шұбыр
Сумаңда тез,
Жүгір, жүгір
Тоқушылар
Қыбыр — қыбыр...
Машина әні
Қызық сыбыр,
Күй қосылған
Сөзден дыбыр...
Көңіл тасып
Алшаң басып,
Мас боламын күйіне.
Шу машина
Үдей күште!
Үсті-үстіне
Жүк ал үсте!
Берік тоқы,
Шебер істе,
Бесжылдықты
Бітір үште!
Күндік істі
Бітір түсте.
Күшті бүкпе,
Тегістікке
Адымыңды жиіле!
1929жыл.
СЫЛАУШЫЛАР ЖЫРЫ
(Орталық еңбек институтының
сылаушылар курсындағы
жас жұмыскерлерге)
Сұр алжапқыш, сұр кенеп,
Тегіс сұрғылт киіндік.
Тізе қосып тізіліп
Іске тастай түйіндік.
Қолда қалақ, қол бақыр,
Сұрғылт балшық үстіміз.
Кең сарайды сылаушы,
Жігерлі сұр түстіміз.
Еңбекпен бір қайнасқан
Кең алақан — күштіміз.
Жаңа тұрмыс сарайын
Сәндейтін кіл істіміз.
Қолда темір қалақша,
Қол бақырды қарға асқан,
Қалаушылар легіне
Біз де бір лек жалғасқан.
Тас болат лек іргеге
Қатар түзеп тұрысып,
Шегендейміз балшықты
Есеппенен ұрысып.
Балшық өңін кіргізед
Шіркін күшті қолымыз,
Іске үйренген ыңғайлы
Оңымыз бен солымыз.
Илеп, құйып, шаралап,
Жасап түрлі лайды.
Биік жайдың жымдарын
Айнаша өңдеп сылайды.
Ұйымдасып істеген
Әр істің бір сәні бар.
Әр қимылдың өзінше
Ырғағы бар, әні бар.
Қол бақырға ап балшықты,
Әндетеміз қалақтап,
Санап дәлдеп ұрамыз
Темір қалақ жалақтап.
Темір қалақ күйімен
Түрпілі қол билейді.
Сұр дәнекер балшықты
Қамырдан тез илейді.
1929 жыл.
ҚАЛАУШЫЛАР ЖЫРЫ
( Орталық еңбек институтының қалаушылар
курсындағы жас жұмыскерлерге)
Сұр алжапқыш, сұр кенеп,
Тегіс сұрғылт киіндік.
Тізе қосып қосылып,
Іске тастай түйіндік.
Қолда қалақ, шот аяқ,
Сұрғылт балшық үстіміз,
Жігерлі сұр қалаушы,—
Жігерлі сұр түстіміз...
Еңбекпен бір қайнасқан
Кең алақан – күштіміз.
Жаңа тұрмыс сарайын
Жасайтын кіл істіміз...
Жаңа тұрмыс жасаушы
Біз еңбектің бір легі —
Лек-лек ұлы әскердің
Біздер де бір тізбегі.
Болат ірге қалаймыз
Жаңа тұрмыс үйіне,
Бұлт қапқан үй саламыз
Іске тастай түйіне.
Шаттық қызық еңбекте —
Іс істейміз сүйіне,
Темір қалақ үн қосар
Күшті қолдың биіне.
Қызыл кірпіш тас болат
Қиыстырып тіздейміз.
Сыммен және тіздеумен
Сығаласып түзейміз.
Жаңа, алдағы тұрмысқа
Жай жасаушы біз дейміз.
Әдіс үлгі жаңартып
Жаңа сәулет іздейміз.
Іргелерге кендір жіп
Тартып түзу сымдай қып,
Дәнекері қызыл қыш
Қатарлаймыз жымдай ғып.
Түрпідей қол сыртылдап,
Қызыл қышты қалайды,
Сұр балшықты жылмаңдап
Темір қалақ жалайды.
Сарай қалап сәулетті
Сан сатыны кермелеп,
Қат-қат биік кең қылып,
Қызыл қышты термелеп.
Текшелейміз дойбылы
Кестедей ғып жөрмелеп.
Қызыл қышты көтеріп
Кекке асамыз өрмелеп.
Көкке өрлетіп қалаумен
Қызыл қышты тізілту,
Қызыл күннің астына
Орнатамыз6 қызыл ту...
1930 жыл.
КОМБАЙН МЕН ТРАКТОР
(Колхозға кіретін елдегі жарлы, малай, opтaшa кедейлерге)
Сендерді елде
Досқа балай, —
Жарлы, орташа,
Кедей, малай,
Ұйымдарын
Күйі қалай?
Хат жазған ем,
Талай-талай.
Жалпақ тілмен,
Бопыл түрмен
Қылып бірдей,
Айтқан болып, етіп «дырдай»...
Жаңарт күйді, жаңарт!
Өздерің-ақ,
Білсеңдер де.
«Білдірді» деп,
Күлсеңдер де, —
Білгішсінген,
Ол — өз сазам.
Бүгін тағы
Сәлем жазам.
Өңкей бауыр!—
Жаңа дәуір
Көбін «сыр» дей
Тізбектетіп, шертіп зырдай,
Жаңарт күйді, жаңарт!
Епсіз менің:
Жалпақ тілім.
Терең емес
бізде білім.
Өйтсе де енді
Елтіп бимен
Сәлем жазам
Жаңа күймен.
Желдей жүйрік,
Сымдай сүйрік
Тізіп жырлай,
Сумаңдаған күймен сырлай,
Жаңарт күйді, жаңарт!
Бүгін таңда, —
Жұмысшы тап,
Түбін түзей
Мың-мыңнан сап.
Жаңа күймен
Аттап басып,
Зор асудан
Келеді асып.
Шын зор істі,
Шат тұрмысты
Дүкен құрад,
Шын тегістік жасау мұрат,
Жаңарт, күйді, жаңарт!
Енді ол алыс,
Емес тілек:
Істеп жатыр
Мың-мың білек.
Шын зор іске
Құрал зәру,
Соған сансыз
Жаңа қару.
Мың-мың батыр,
Істеп жатыр, —
Тоқпақ болат.
Көк құрышты гүрс-гүрс ұрад,
Жаңарт күйді, жаңарт!
Көрмеген жат
Неше түрлі:
Мыңсан құрал,
Қызық сырлы
Зор іске арнап
Сайлап жатыр.
Іс төтенше
Қайнап жатыр.
Жұмысшы тап
Түзетіп сап,
Ұлы мұрат —
Іске қызу бетті бұрад...
Жаңарт күйді, жаңарт!
Қайнап жатыр
Іс дүкені.
Ұшан-теңіз
Істің кені.
Машинаға бұйырады.
Сом тұтқасын
шиырады.
Дөңгелекті
дөңгелет
Оңмен, солмен.
Жұмысшы тап,
құрыш қолмен,
Жаңарт, күйді, жаңарт!
Жұмысшы тап
Лек-лек аттап,
Сан дұспанын
Басып таптап.
Күш-қайраты
Үдей қайнап,
Жалын шашып
Отша жайнап.
Нық-нық басты,
Таудан асты.
Ұлы жөнмен,
Шат тұрмысқа жаңа жолмен,
Жаңарт күйді, жаңарт!
Жұмысшы тап
Көсемі — ұйым7
Асулардан
талай қиын,
Тура бастап
Алып келед.
Шын темір жол
Салып келед.
Қолда балға,
Көсем — алда.
Түзу жолмен,
Кетпей ауыт «оңмен», «солмен».
Жаңарт күйді, жаңарт!
Іс дүкені —
Жаңа завод
Шын зор іске
Кірді қауырт.
Жасап жатыр
Сан машина,
қозғап талай
Нән машина.
Құрыш тұтқа
«Айдап бұтқа»
Дөңгелектеп,
Зырлайды үдеп.
Дөңгелек те,
Жаңарт күйді, жаңарт!
Жер де, көк те
таң боларлық,
Көпке өнеге
заң боларлық.
Көркем күйлі,
Сұлу қырмыз,
Сомдап соғып
Жаңа тұрмыс.
Билеп істі,
Айдап күшті,
Дөңгелектің
Үдеуі енді
Өңгеректеу,
Жаңарт күйді, жаңарт!
Тау-тау жүкті,
Сүйреп ерге,
Жұмысшы тап
Шомып терге,
Жаңа тұрмыс
түгел жерге.
Жасайды арнап
Еңбекші елге.
Төкті күшін,
Сендер үшін.
Ең керектеу:
Көп жаңа іске
Жем керектеу,
Жаңарт күйді, жаңарт!
«Елдегілер —
Қалыспа» деп.
«Егіске күш,
қарышта» деп,
Зор күш керек,
зор егіске
Бәсекелі
«ерегіске».
«Егін ек» деп,
«Іске жек» деп.
«Жолдайын» деп,
Жасап жатыр комбайндер:
Жаңарт күйді, жаңарт!
Азық жи — деп,
ортақ іске.
Кірмеген көп
бұрын түске,
Комбайн мен тракторды.
бір-біреуі
мың ат құнды.
Сендерге істеп,
Жатыр күштеп
комбайндер...
Мұны ұқпаған — оңбайын дер,
Жаңарт күйді, жаңарт!
Жарлы орташа
Қосып ірге,
Ұйымдасып
жаңа түрге.
Комбайн мен
тракторге,
ие болад
Көп үй бірге.
Көп боп бірік!
Ісші тірік.
«Мен дайын» дер
«Колхоз боп іс оңдайын» дер!
Жаңарт күйді, жаңарт!
Машина күш
айдағанда,
Іс төтенше
қайнағанда.
Зор іске ұран
салысқанда
Бәсекемен жарысқанда.
Түйе аяңы,
үй аяңы
жүйе ме енді
Соқтырса да «киеге» енді!
Жаңарт күйді, жаңарт!
Комбайн мен тракторлар
Мың сан істі ап
бірақ зырлар.
Бірақ олар
Баралад тек,
Мың қолдық іс
алалад тек.
Үлкен ұйым,
күші жиын
Иеге енді,
Ұйымды еңбек — сүйегенді,
Жаңарт күйді, жаңарт!
Зор қоғамды
ұйым жаса!
Сан түлік көп
Бұйым жаса!
Зор жарыста
Қалыспауға
Шат тұрмысқа
қарыштауға.
Болмай ұйым,
еру қиын,
Иеге енді, —
Мінбе жеке түйеге енді.
Жаңарт күйді, жаңарт!..
1930жыл.
ЖАЗҒЫ ЕГІСКЕ
Жер де, көк те
Жазбенен мәз.
Сыңқылдайды
Аққу мен қаз.
Гүл шашады,
Күледі жаз —
Жас сұлудай оянған.
Жаздың сұлу
Күй мен сәні,
Күш тасытар
Мың түрлі әні.
Шын жас сұлу —
Шырай емес боянған.
Жер де, көк те
Жазбенен мәз...
Саңқылдайды
Аққу мен қаз.
Большевиктік
Екінші жаз —
Шақырады егіске.
Бұл егістік, —
Қазіргі ұлы іс.
Болмасын бір
Қарап тұрыс.
«Темір айғыр»
Жасыл құрыш
Үзбей шықсын жегіске.
«Темір құждар»
Тізбек-тізбек,
Болмай ешбір
Тізбекті үзбек.
Болмай іссіз
Күнді өткізбек
Шықсын қаптап тегіске.
Лек-лек темір
Айғыр жексең,
Жер қыртысын
Қылып жексен,
Мың-мың батпан
Тұқым сепсең —
Қаулар бидай, мақтасы.
«Темір айғыр»
Жасыл құрыш,
Сап-сап қатар
Салсын жүріс.
Еңбекшіге
Үлкен ырыс,
Міндетті ісін ақтасын!..
1931 жыл.
МАНЖУРДА МИНАМИ
Еңбекші әлем,
Тыңдаңыздар!
Зұлымдықты
Жүрек сыздар!
Тыңдаңыздар!
Манжурия сөздерін!..
Манжур елін
Банды талап,
Құлдануға
Жатыр қанап,
Соны айтайық
Қазақшылап
Естісеңдер де өздерің!
Кім десеңіз,
Осы банды? —
Ұрттап жатқан
Төккен қанды —
Жапон қолы, —
Арам қанды —
Минамилар бастаған.
Обыр тапта,
Ар бола ма?
Оларда иман
Бар бола ма?
Әйтпесе олар
Қар бола ма?
Ұжданды олар тастаған.
Әскері оның
Жебір болса,
Өңкей бұзық
Тобыр болса,
Бастығы өзі
Обыр болса,
Қандай дерсің жауызды?
Қорқау қасқыр,
Әдет ісі.
Аш қабандай
Бұзық түсі.
Қайшыланған
Сойдақ тісі,
Қан-қан арам ауызды.
Мөрі микәдә
Маңдайында,
Көлт, Шимоза
Оңдайында,
Жем аулайды —
«Аң» дайында
Жапонның сұм обыры.
Манжурия —
«Дайын аңы»
Найзағай оқ
Жаңқ-жұңқ маңы,
«Банзай!»8 дейді,
Ұшсын шаңы!
Минамилар тобыры.
Еңбекшісін
Басып-жаншып,
Қанды етегін
Қанға малшып,
Қорлайды сұм
Шауып, жаншып,
Манжурды айдар, тұлымды.
Обыр таптың
Қанды қолы,
Сұм бетінде
Сұмдық толы.
Қан жылайды, —
Жүрген жолы,
Көрдің бе, әлем, зұлымды?
Қасқырша ұлып,
Үрген аңсай,
Шуылдайды,
«Шаңғу, банзай»,
Киік мысал
Аң қуғандай —
Манжур елін талауы.
Оқ боратып
Жынша қаптап,
Кемпір-шалға
Бұтын саптап,
Манжур елін
Басып таптап
Желкілдейді жалауы.
Жарлы Манжур,
Қара айдарлы,
Дауылдай боп
Жауға қарлы,
Жауға тиіп
Қалың жарлы
Қашан найза саласың?
Қызыл жалау,
Тігіп туды,
Күркіретіп,
Ұран шуды,
Артқа теуіп
Обыр қуды
Қашан ерік аласың?
Минамилар
Арам ойы.
Ұзамасын
Оның тойы.
Саған күн жоқ
Өмір бойы
Құртпай езіп құзғынды.
Сұм, теңдікті
Жаратпайды.
Бойға асыңды
Таратпайды.
Қумасаң тез,
Таң атпайды.
Қанды тобыр ызғынды.
«Ер» Минами
Асықпа тек!
Манжур алар
Ертең-ақ кек.
Еңбекші әлем
Оған көмек,
Сақта осыны есіне!
Асықпа әлі,
Сұм қанпезер! —
Қанды аузыңа
Наган кезер,
Алқымыңнан
Басып езер,
Наган тіреп төсіңе.
Манжур әлі
Құралды емес,
Әзір күшті,
Ұранды емес,
Төңкерісшіл Тұранды емес,
Сенің кезің басынар.
Көлт, Шимоза,
Сенде болса,
Манжур бүгін
Пенде болса,
Ол құралдан
Кенде болса,
Ертең наган асы нар!..
1931 жыл.
БІЗДІҢ КОЛХОЗ
( Үржар, «Тегісшілік» колхозында)
Біздің колхоз
Түгел дайын,
Күш күтеді
Күннің райын,
Екпінді алмақ
Науқан айын,
Құрал тегіс сайланған.
Көк машина —
Соқа, мала,
Тіліп тыңды
Сара-сара,
Талқан қылмақ.
Дала-дала, —
Қылш-қылш жүз қайралған.
Ертең дала
Күйге батар,
Қиырды ертең
Шуылдатар.
Машиналар
Қатар-қатар —
Барлық бенті майланған.
Көлік тасты
Жеміргендей,
Елік майға
Семіргендей,
Тізелерін
Кеміргендей
Жемге қатар байланған.
Бар күш іске
Қанат қомдап,
Майданға әзір
Бетін оңдап,
Біленгендей
Күшін сомдап,
Жатқан зат жоқ бетімен.
Екпін өтсін
3-ші егіс
Ұран «арта
Тұқым себіс»,
Колхоз әзір
Іске тегіс —
Бригада ретімен.
Бізге жоспар:
«Сонша жер ек»
Жоспарды ерте
Жайлау керек,
Әр қос алған
Жоспар керек,
Егістің әр бөлігін.
Әрбір қосқа
Белгіленген,
Жауапты етіп
Қылған шеген,
Өзіңдей күт
Оны деген,
Машина eгіc көлігін.
Колхоз ісін
Өркендетпек.
Мың сан бөгет
Болса да өтпек,
Алдыңғыларға
тез жетпек, —
Салады ісін бәйгіге.
Колхоз күтеді
Команда үнді,
Егіске ә деп
Шығар күнді,
Түгел әзір
Айқын сынды
Социалды бәйгеге.
1931 жыл.
КОЛХОЗДА
(Үржар, «Тегісалды» колхозында)
Колхоз жұрты
Бүгін жиын,
Жазылыңқы
Құрыш иін,
Бірлес еңбек
Алып қиын
Тынықтырар қостарын.
Бәйге ап шығып
Жарысты істе,
Бой жазады
Шуақ түсте,
Большевиктік
Жазғы егісте
Орындаған жоспарын.
Көкке аунайды
Жұрттың көбі...
Жасыл жібек
Жердің шөбі.
Жібек торғын
Желдің лебі
Бетке жұмсақ тиеді.
Жаратылыс
Қойнын ашып,
Көкіректе күй,
Шаттық тасып,
Ыстық алтын
Нұрын шашып,
Күн күйдіріп сүйеді.
Көріп қазір
Колхоз түрін,
Жер қожасы
Болған бұрын —
Қанды тұмсық
Арам мұрын
Жаудың іші күйеді.
Ала жібек
Шашақ өрген,
Жұпар иісті
Гүлін берген,
Қойнын ашып
Төсін керген
Сұлу жаздың сыйы еді.
Көкте ойнаған
Құстың әні,
Сылдырлаған
Судың сәні,
Жібек желдің
Сыбыр мәні
Сұлу шаттық күйі еді.
Жаздың сұлу
Шаттық күйі,
Көлдегі ойнақ
Құстың биі,
Жер мен көктің
Барлық сыйы —
Бары колхоз еңбекке.
Колхоз істейді
Жиып күшін,
Коммунаға
Бару үшін
Нығайтады,
Ұйым ісін
Сан бөгетті жеңбекке.
Кеше кекеп
Қаржаубайды,
Теріс «жорып»
Біздің жайды.
Сөз жүргізген
Құлақ байды
Ұрыпты оңдап ауызға.
Колхозшыны
Азғырады,
Колхозды айтса
Жазғырады,
Еңбекші елді
Аздырады,
Ерік берсең жауызға.
Ерік берсең
Тірі жер ед,
«Өзім тәңір
Болам» дер ед,
Колхозды іштен
Ірітер ед
Қасақы сұм қастығы.
Кейде азырақ
Болады «ұрыс»:
Нақ саналмай
Кіріс-шығыс,
Ақсай қалад
Кейде бір іс,
Кейде үлгірмей астығы.
Есепсіздік
Қойылған соң,
Жауапсыздық
Жойылған соң,
Екпінге ұйым
Бой ұрған соң,
Оңалар іс жастығы.
Байдың талқан
Құрған торы
Күшейеді
Колхоз қолы,
Ортақ еңбек
Тұтқан жолы,
Бөгемес жау қастығы.
Көркейсін іс
Қанат жайып,
Жалқаулық зор
Ұятты айып:
Дамыл алмас
Жақсыбаев
Партколлектив бастығы.
1931 жыл.
ЕГІС ЖАЙДА
(Үржар, «Тегісшілік» колхозында)
Бүгінгі мынау
Жерге орнығып,
Колхоз болған
Ұйымды ұғып,
Кеше қаңбақ,
Жүрген ығып
Бытыраған ауылың.
Нығап, түзеп
Ұйым ретін,
Социалға
Бұрған бетін,
Іспен құртып
Әрекетін
Еңбекші тап жауының.
Науалының
Ауылында
Колхоз бар, — жер
Сауырында,
Оңтүстік жақ
Бауырында
Тарбағатай тауының.
Бұрын байлар
Билік құрып,
Жерге тәңір
Дәурен сүріп,
Жүрген жайлап,
Ұйықтап тұрып, —
Еңбекші елдің есінде.
Колхоздарды
Көріп шарлап,
Іс түрлерін
Жұртқа жарлап,
Сол колхозға
Келдім арнап
Апрельдің бесінде.
Жасыл түктей
Жердің шөбі.
Аңдыздасып
Шыққан көбі.
Жасыл барқыт
Жердің көгі —
Күн алтын ең «бесінде».
Сансыз құстың
У-шу жыры —
Тіршіліктің
Күйлі сыры,
Жерді шомған
Күннің нұры —
Сен де шомыл шешін де.
Тарбағатай
Тауы биік.
Тауда ойнайды
Арқар, киік.
Бетке оралар,
Беттен сүйіп
Жібек торғын мұнары.
Сумаңдайды
Сылдыр бұлақ
Бұраңдайды
Бұрақ-бұрақ;
Сылқылдайды
Таудан құлап, —
Жоқтай өмір тынары...
Ірік, шірік
Ескі жалған,
Бұрынғы ылғи
Іншік қалған,
Енді мынау,
Жаңа салған
Көше-көше үйлері.
Бірнеше ауыл
Енді бірге
Тізе қосып
Жаңа өмірге,
Жұмыла істеп
Қалайды ірге, —
Жаңа тұрмыс күйлері.
Көпке бірдей
Барлық заты,
Коммунаға
Басқан саты
«Тегісшілдік»
Колхоз аты —
Жаңа тұрмыс құрады.
Надандықтан
Бөліп жігін,
Алға аттауға
Қам ғып бүгін,
Жаңа тұрмыс
Тіршілігін
Өркендету мұраты.
Көшпелі елін.
Күні кеше,
Енді үйлер сап
Неше-неше,
Міне қала —
Көше-көше
Сызылыпты нұсқасы.
Кооператив
Почта, мектеп,
Қора, сарай —
Бидай төкпек,
Құрал тұрмақ
Іске жек деп, —
Ұйым қала қысқасы.
Жақсыбаев
Қайда? — дедім,
«Ол егістік
Жайда!» — деді, —
«Теректі шат
Сайда — деді,—
Әбілқайыр қасында».
Ол кеудеде...
Төсте, — деді, —
Түсер сағат
Бесте, — деді. —
Не оралар
Кешке, — деді, —
«Қазір егіс басында!..»
«Кеуде», «төске»,
Біз де енді «өрлеп»,
Жаз демімен
Балқып терлеп,
Денеде күш
Тілек кернеп
Келдік егіс жайына.
Бригадир
Орақбаев, —
Астындағы
Колхоз тайы,
Тайға мінген
«Емес айып» —
Мінген қасқа тайына.
Зор жарыста
Егін басы...
«Бәйге алсақ»... дер.
Кәрі-жасы,
Қалса, — арамдай
Ішкен асы, —
Қостың бәрі жарыста.
Жақсыбаев —
Партком жолдас:
Үдетпесек
Жоспар толмас,
Үдемесе іс, —
Дейді, — болмас —
Емес екен алыста.
Бибіш, Жамал,
Қайдасыңдар?
Машинаны
Майласыңдар,
Екпіндірек
Айдасыңдар, —
Дейді, күшті қарышта...
Айтжан, сен бар
Садық досқа.
Барсын ана
Шеткі қосқа:
«Жүрмей босқа,
Тез қаузасын десін де.
Мені мұнда
Болсын десе,
Бүгін тағы
Тоңсын десе,
Бүгін қонам,
Қонсын десе,
Кешегі әлгі... «несінде».
Апартунға9
Тас ұрамыз,
Оның несін
Жасырамыз,
Қайтсек күшті
Асырамыз,
Кем шықпаймыз жоспардан...»
Бригаді
Шайырады.
Соқа жерді
Айырады,
Қатар-қатар
Қайырады
Шұбатылып қос — пардан.
Машиналар
Шұбатылып,
Тілдері өткір
Жерге кіріп,
Бірі артынан
Бірі тіліп,
Тізбектеліп жүрулі.
Не шыдамақ
Алмас тіске?
Не шыдамақ
Қайрат күшке?
Екпінділер
Талмайды іске —
Білектері түрулі.
«Не күшті
Салыспайды?»
Дей алмассың
Жарыспайды...
Іс істеуде
Қалыспайды
Еркектерден әйел де.
Ерлермен тең
Әйел шыңдап,
Ғылым алған
Мың-мың мыңдап,
Жаңа тұрмыс
Соққан шыңдап
Бізден басқа қай елде?
Еңбекші тап
Бұрын байға
Мехнат қылған
Торпақ,тайға,
Не құл болған
Текке, шайға,
Енді өзі ие еңбекке.
Бар күшті айдап
Қолындағы,
Социалды
Жолындағы,
Оңы менен
Солындағы
Бар бөгетті жеңбекте.
Бар күшті іске
Салыспенен,
Екпінділік
Барыспенен
Социалдық
Жарыспенен
Егіс ісі қызулы.
Партияның
Жарлығының
Нұсқауымен
Барлығының
Бригаді —
Әр легінің
Іс жоспары сызулы...
«Біздің колхоз
Қандай екен?..
Қай колхоз ең
Маңдай екен?» —
Деді маған
Жамбай-екең:
«Жазасың ба қайтқанда...»
Дер едім мен:
Сендер тәуір —
Істеу керек
Әлі едәуір...
Жаман емес —
Сендер, бауыр,
«Былайынша айтқанда».
1931 жыл.
МҰЗДЫ ТАУ
Мұзды тау мұнарлы ойға шомып батқан,
Зәрлі алған көкірегінде мұз боп жатқан.
Кеудең мен жүрегіңді сұп-суық қып,
Суық мұз жібіместей мәңгі қатқан.
Қарлы биік,
Мұзды тұйық.
Көкіректе суыр ма екен жанған күйік!..
Маңқиып тұнжырайсың көкке бойлап.
Түсіңді жылытпайсың, айналаңда
Жатқандай таусылмайтын бір ой ойлап.
Қарлы биік,
Мұзды тұйық.
Іш неге жібімейді, бетін суық.
Тек қана мұнар мен бұлт саған жуық,
Қиырға қалша қарап, тебіренбейсің.
Сұм қиял қатырғандай мәңгі буып...
Қарлы биік,
Мұзды тұйық.
Мұз жүрек, суық көкірек, кеудең биік,
Өмірге тебіренбейсің басыңды иіп,
Өмірге жібіместей мұз боп қатқан,
Бар ма әлде көкірегінде арман, күйік?..
Талақ қып тіршілігін қара жердің,
Ұсынып суық мұзға бойың бердің.
Жердегі тіршіліктен қашарлықтай,
Айтшы, тау, жерден қандай жәбір көрдің?
Мұзды шың, білесің бе жердің сырын?
Білемісің жердің гүлді ой мен қырын?
Беріліп махаббатқа дуана боп,
Жырлаған үзіліп-үзіп бұлбұл жырын?
Мұз биік, көріп пе едің аппақ гүлді,
Құшақтап жыр жырлаған жас бұлбұлды?
Ақ уылдыр, аппақ гүлге ғашық болып,
Жылаған үзіліп жырлап бұлбұл жынды.
Ғашық боп аппақ гүлге бұлбұл жынды,
Тербеткен жырмен талай торғын түнді.
Торғай да жапыраққа жасырынып,
Гүл құшқан түрлі күй мен көркем үнді.
Мұзды тау, мен де сендей болсам биік,
Алтын ай шақырса да көктен сүйіп.
«Жерді қой, ақым бұлбұл, кел!» десе де, —
Жердегі сүйгенімді кетпен қиып...
6-маусым, 1932 жыл.
БІРІНШІ ЛEK
(Қазақстан төрағасына)
САҒЫР МЕН ТАЙЫР БІТІРІП ШЫҚҚАНДА
Өткен дәуір
Қанау еді.
Үстем сана
Талау еді.
Қараңғылық,
Қамау еді
Ескі өмірді ойласаң.
Меңіреу пәле
Өткен дәуір.
Қара албасты
Басқан ауыр.
Лағынет айтад
Жүрек бауыр —
Ескілікке бойласаң.
Әлді әлсізбен
Теңеспеді,
Әлді әлсізді
Жемес пе еді?
Бұрын құлдықта
Емес пе еді
Езілген ел мазақта?
Надандық тот
Басып түрін,
Көріп пе еді
Ғылым нұрын,
Дарылпұнын
Түгіл, бұрын
Мектеп бар ма ед қазақта.
Міне, шашып,
Әлемде үнін,
Бірінші ВУЗ
Дарылпұнын,
Бірінші — лек
Шыққан ұлын
Елге еңбекші береді.
ВУЗ-дан өткен,
Бірінші лек
Сап жүптеліп
Адым шіреп,
Солдатша өңкей
Жігер білек —
Майданға адым кереді.
Сол майданға
Күшті салдық...
Жойылатын
Ескі қалдық,
Ол зор майдан
Социалдық
Мәдениет майданы.
Біздің лектің
Өткір тісі,
Арыстандай
Майданда ісі;
Болмақ барлық
Екпін күші
Құрылысқа пайдалы.
Майданда күш,
Білек талмас,
Екпінділік
Жолдан танбас,
Оңға, солға —
Сілтеп алмас,
Қылшылдамақ қылыштай.
Істе бәспен
Жарысқанда,
Күшті қатар
Салысқанда,
Жаумен қасқырша
Алысқанда —
Опырмақ көк құрыштай.
Оқытуға
Еңбекші елін,
Надандықтың
Басқан шелін
Жою үшін
Буып белін
Бұлар іске сайланған.
Ну заводта,
Соққан шыңдап,
Төске таптап
Сомдап сымдап,
Өрнек салып
Өңдеп, жымдап,
Ақ болаттай қайралған.
Социалдық
Тұтқан ұран,
Марксшілдік
Қолда құрал,
Сұңқарша алға
Қарап қыран,
Дайындаған күреске.
Маркс жолын
Құралға алса,
Онымен шын
Құралданса,
Социалдық
Ұранды алса,
Жығылмас ер тіресте.
Қайтпай жаудан
Соқса жүрек —
Талмаса істен
Жігер білек,
Социалдық
Болса тілек
Қоршаған жау ығады.
Бұлар біздің
Бірінші лек,
Алдыңғы caп —
Кіл тас түлек,
Совет жолы
Түйген тілек —
Зор майданға шығады.
Бірінші лек
Қанат қомдап,
Міне, шықты
Күшін сомдап,
Күш құралын
Білеп ондап
Алға дүрс-дүрс басады.
Бірінші лек
Шықса бүгін
Атқармаққа
Міндет жүгін,
Кейін лек-лек
Үзбей жігін
Майданға ылғи асады.
Білім беріп,
Қатар томдап,
Құрышша әбден
Құйып домдап,
Соғып, сомдап,
Шығарды ылғи маманды.
Бұлар — білім
Мамандары.
Қызу майдан —
Замандары,
Құрыш таға
Табандары —
Майданда ылғи командир.
Ұсталардың
Біреуі мен,
Бұлшық білек
Білеуімен
Көңілдің шын
Тілеуімен
Соққан ғылым тағасын.
Сен — еңбекші
Ел ағасы,
Ең құрметті
Бел ағасы,
Қазақстан
Төрағасы —
Бас кеңеске ағасың.
Ел ағасы
Менің де ағам,
Еңбекші елге
Соққан тағам.
Онымды айтып
Лекті өткізіп
Дабыл қағам —
Барша әлемге білдірем.
Досты осымен
Сүйіндіріп,
Білек күшін
Түйіндіріп,
Дұспанды ащы
Күйіндіріп, —
Досты жырмен күлдірем!
1934жыл.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру