TELEGEI

Home

Жұмбақ түннің жылуы

Сабыр Адай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жұмбақ түннің жылуы

Жұмбақ түннің жылуы

КӨЗДЕР

Кім қалайша көреді екен өздерін,
Құмарлықтан мен де шыдап төзбедім.
Аржағынан
Азу шықты ақсиған,

Суретімнің сүртіп едім көздерін.
Қандай қырсық
Мынау іске бастаған,
Бір көргенге сияқты едім жақсы адам.

Ортам ойшыл
Жандар еді мейірімді,
Көзіме кім азу тісін тастаған?
Барлығы да айлаларын асырып, ...

Ар-иманға жатқандары бас ұрып.
Жайылады
Гүл-құшақтар көшеде,
Көздеріне азу тісін жасырып.

Өз буыма
Өзім есте піскенім,
Өзгелерге білмедім не істедім?..
Айтпадыңдар

Неге маған ертерек,
Көздерімнің қан-қан болған тістерін?!
* * *
Асау күн

Азуына ұртын жанып,
Адуын уақыт кетті күлкімді алып.
Жарады жан қауызын балғаменен,
Жоғалтқан жақсылықтың кілтін халық.

Қажетсіз құрметің мен жақсылығың,
Шықпаса шыр еткеннен қасқыр үнің.
Түйте мұрт,
Селдір сақал, сұпы ғасыр,

Ағытқан өңешінің тас тығынын.
Бет беріп
Бір де оған, бір де бізге,
Суаяқ

Сұпы ғасыр іргемізде.
Тірілей
Құран шығып сыртыңыздан,
Жаяды жайнамазын мүрдеңізге.

Теңеген ойын қызға, бойын ұлға,
Тағдырың сұпы-күннің қойынында.
Салып ап аққа қара, жатқа жара,
Кетпесін көздің жасы мойыныңда.

Ермісің ел сүйсініп ту ұсынған,
Езбісің бал жасырып у ұсынған?—
Қан иісі
Қастандықтың шықпасын де,

Бақиға барған күні уысыңнан.
Көзінен
Адалдықтың шық тамады.
Шық жалап

Шығайбай-күн сұқтанады,
«Құдіретті күлкісін» Дантелердің,
Тыңдайтын кез келеді мықтап әлі.
* * *

Шарайна болып кейде шағыламын,
Шағылған сәтімді де сағынамын.
Құрт жеген
Жүрегімнің қан тамырын,

Көрсетіп, көкем, саған неғыламын.
Өмірді тым ертелеу байыптағам,
Баянсыз екендігін айыптағам.
Айып тағам деп жүріп аңқау басым,

Жүзінен жалғаншының тайып барам.
Отырам өзімді-өзім алдап күліп,
Ертеңге үмітімді жалғап тұнық.
Уыстап

Уақыт жұлып жатыр әне,
Шаштарын маңдайымның талдап тұрып.
Тамырын ой кеміріп шекеміздің,
Қаншама жалдап-күнмен неке бұздым.

Мүйізінен
Бір кездегі қандай пайда,
Отызда орда бұзған текеңіздің.
Баянсыз дәурен берер баққа Құда,

Таңдайдың ойылады тақтағы да.,
Күнінде
Қой бастаған кәрі теке
Былғанып жатыр әне сатпағына.

Жә, жетер!
Жетер жаным, тереңдеме,
Бәрі аяң,
Соқырға да, кереңге де,

Бекерін
Бес саусақтай біліп тұрып,
Өртеніп өлең жаза берем неге.
Бітпейді адам барда жалған дауы,

Шығады келер күннің алдан жауы.
Ақынға өлең жазу дегеніңіз,
Жандардың суға кеткен тал қармауы.
Тал қармап толқындармен тілдесемін,

Берермін өткен күннің кімге есебін.
Әуелде келмегенде бұл өмірге,
Жалғанның жалғандығын білмес едім...
Жалғанның білмес едім уын, зәрін,

Қара жер қанға бөгіп жуынғанын.
Адамзат қайғы шөгіп жүрегіме,
Қалтырап бара жатыр буындарым.
Әр пенде өз-өзіне дара батыр,

Болады талай қызық қара да тұр.
Асына Сағынайдың Құлагер-Күн,
Әнеки ажал айдап бара жатыр.

ТАҒДЫР

Қара сөзді ұйқастырып шатып-ақ,
Ақын болды басқа бәле сатып ап.
Өлең менің балам,
Бірақ ол мендей

Болмаса екен деп тілеймін ақымақ.
Өлең деген ұстап «майлы кемікті»,
Талай пенде қайғы жұтып семіпті.
Жоқ бақытқа

Жол жөнекей буазып,
Дүниеге келдік, кеттік не бітті?..
Өлең деген білмей дерттің сүр-емін,
«Жан қалауын тап» деп тәнді бүремін.

Мен өлеңнің өзін тудым
Дегенмен,
Өлең маған билетпейді жүрегін.
Мұңын іштім Фердауси мен Сағдидың,

Кештім бәрін ақынға тән дағдының.
Өлең тудым,
Кесем тағы кіндігін,
Алайда оның туғаным жоқ тағдырын.

Айттым міне сүттей аппақ сырымды,
Емес едім есепке бай жырынды.
Мүмкін оның Солай шығар тағдыры,
Оқымай-ақ жыртып таста жырымды.

АРУАНАЛАР

Бұлт ішінен сығалайды жасып таң,
Күн жүзінен күміс сәуле тасытқан.
Түн жөнелді!
Құс жолымен шаңдатып,

Саулы інгендей ботасына асыққан.
Керік ауыз,
Айғыр шоңы, дүр айбат,
Міз бақпайды дәл осылай тұр айлап.

Жүре сүртіп
Көздерінің шырымын,
Ауыл тұрды ұйқысынан «құдайлап».
Шырай берген ауыл еді төрт түлік,

Көктем ерте шығушы еді көк күліп.
Қыр дірілдеп
Жүзіп бара жататын,
Ақ сақалын ақ сағымға өптіріп.

Қызыл лағыл Қылаңытқан нарларым,
Дүниенің үнсіз түйіп бар мәнін.
Қаз мойынын
Созып-созып қарайтын,

Жабығынан ала дөңнің аржағын.
Қоңыр желі қоңыр өлең қас ақын,
Талмау жүйке іш күйігін басатын.
Иір мойын

Жез құмандай аруана,
Селдір кірпік сеңгір таудан асатын.
Қырмызы қыр
Құс ішінде тауысым,

Жаз да өтер келіп Мизам, Қауысым.
Қабағыңның
Қар жамылған мұздарын,
Ерітер ме?.. Менің бота дауысым.

Малдан тапқан халық едік азығын,
Нарлар білмей кетіп жатыр жазығын.
Қан-қан болған
Қасапхана көрсетті!

Аң-таң болған аруаналар қазығың.
* * *
Өмір емес, майдан сұрап алғанмын,
Сол майданға сосын басты салғанмын.

Дүниенің мәнін іздеп ұмтылу,
Мағынасы шығар бәлкім жалғанның.
Мәні неде?
Мен аңсаған бақ қандай,

Бақыт іздеп жұлдыз көктен аққандай.
Қанағаттың көзіменен өмірге
Бір қарауым жетпей келе жатқандай.
Күнге ұмтылып, татпақ болған айдан дәм,

Қара жермін қазығына байланған.
Пәк жүректер жасай берсін мәңгілік,
Ақ тілектің орбитасын айналған.

КҮЙ «ЕЛІМ-АЙ»

Найзағайдай қара бұлтқа түйреген,
Көз алдымда көлбей шапты күй дөнен.
Алтын кесе
Арғымақтың тұяғын,

Еріні бон ен даланың сүй денем.
Төңкеріліп төселейін төсіммен,
Ат дүбірі кетпей қойсын есімнен.
Күміс-күйдің

Жылынады буына,
Өңкей байғұс тілеулері кесілген.
Шаңқай түстің көлеңкесі мықшиып,
Жанған отқа көбелектер түсті ұйып.

Бауырынан
Үзіп соңғы үмітін,
Қауырсынын тастан кетті құс қиып.
Жігі жіпсіп

Қу шанақтың қақсыған,
Атой салып алты қырдан асты ұран.
Бір сауысқан
Қонды келіп шаршыға,

Әншейінде үрке қарап сақсыған.
Қадау-қадау.
Қарағайдай ну қайғы,
Ілдірін ап ілби басар туға айды.

Әр перненің арасында жүз ғасыр,
Қайсы бірін айтайын деп шулайды,
Қысқа өмірің.
Келмегесін күрмеуге,

Көңіліңіз күймен бірге тулайды
Ай... Елім-ай.

ӨЗІҢМІН

Күндес болсам,
Күнімменен күндеспін,
Ескегімді
Жұлдыз зерлеп түнде естім.

Қуанышты
Хабар күткен елеңдеп,
Жұбанышты жандарменен үндеспін.
Үндеспін мен.

Құзбен құба тасыммен.
Жабыққанда
Жанға берер жасын дем.
Бір қызмет

Жасау сірә парызың,
Жұмыр жерге жұдырықтай басыңмен.
Үндеспін мен
Ақ тілеулі зердемін,

Алла өзі алғанынша бергенін.
Көңілім жүр
Көпке сарай салысып,
Өзім бе?..

Өзім,
Бір жұпыны жердемін.
Үндеспін мен Қуатыңмын, төзіммін.
Жасын сүртші,

Жазықсыз жан көзіңнің.
Қайғыңды ұмыт,
Бақытыңа бастайын,
Серігіңмін, сеніміңмін, өзіңмін.

КҮЛКІЛІ ӨЛЕҢ

Өмірің де,
Өлімің де жоқ деп біл,
Өзегіңнен шықсадағы көктеп гүл,
Жалғаншыны жанған алау от деп күл.

Ақ сағымға.
Басады әне бауырын.
Қанаттарын қанға илеген септеп қыр.
Септесу мен

Ептесуден тұратын,
Өмір деген өкінішті мектеп бұл.
Бір тал шыбық
Тамырынан ағаштың,

Ертең тағы өлу үшін көктеп тұр.
Өмір-өлім сосын тағы өнеді,
Шоқ ғұмырың қоламтада сөнеді.
Қызығыңды қызамық таң ұрлайды,

Ай мен Күн де мәңгі көкте тұрмайды,
Ойласаңыз оған да ажал төнеді.
Жоқтығыңды
Жол-жөнекей ұқтыру,

Құдайға да дәл сол шығар керегі,
Өлімге өмір туған сәтте-ақ көнеді.
Танытпайды тағдыр жылы ыңғай бір,
Қорқыт күйін қоңыр кеште тыңдай жүр.

Жазбаған мен жанға тыншу бермейді,
Өзегіңді өкініш боп кернейді,
Көңіліңде қыңсылаған мұндай жыр.
Жыр жазу ма?..

Жыр жазу да күлкілі,
Өзіңді-өзің ол да алдаудың бір түрі.
Фәниіңнен көрдіңіз деп сірә не?
Жүрегіңді нысанаға ап тұр әне.

Ажал деген — ару қыздың кірпігі,
Қара шәлі жамылып ап қыр түні.
Тағдырыңды
Салған сәтте жыртысқа,

Құдайлардың жамалады жыртығы.
Төңкерілген төбелерде кесек құм,
Кесек құмдар мүрдесіндей есектің.
Нәтижесін

Қаңбақтардан сұрадым,
Өмір деген шым-шытырық есептің.
* * *
Түбі жалқы болғанмен, берісі — егіз,

Екеу-екеу достасып сенісеміз.
Күліп айтсаң біздерге бәрі дұрыс,
Біліп айтсаң бірақ та керісеміз.
Тауып еніп сенімнің қапиясын,

Бұралқы да бұлдайды батиясын.
Өз ағам деп сүйгенмен өзгелерді,
Сенен артық көреді тақиясын.
Солаймыз біз...

Дауласып тарасамыз,
Шын достықтың шіркін-ай арасы аңыз.
Істің арты қайырсыз біткен күні,
Бірімізге біріміз қарасамыз.

* * *
Бақ тілеген
Қанағатсыз құрбаным,
Сенің анау

Әжім-әжім беттерің,
Дүниенің маған айтып тұр мәнін,
Сабын басып
Байқап едім кетпеннің,

Маңдайымнан
Көрсең қалай ұрғанын.
Күнім күлді
Күндестікпен белдескен,

Түнім күлді
«Шығарма»,— деп,— енді естен».
Мың аруана
Тұрды боздап кеудемде,

Тұсауларын жел кескен.
Бақытыңның
Бермеу үшін тұнығын,
Бақытыңнан биік болсын ұғымың.

«Арзан бақтың
Ақыр түбі осы» деп,
Бір терінің ит сүйрейді жұлығын
* * *

Буазып кейде көкірек,
Бармақтан жаттым бал жалап,
Жүректің кіршең басына
Үкілі үміт тал қадап.

Көшеді әрбір пернеден
Біріне-бірі бұйдасын,
Аруана-күндер жалғап ап
Байлаулы перне, қос ішек

Қоштасты күнмен сыңсыған.
Келеді баяу құлаққа
Жүректің басын шымшып ән.
Дірілдеп күзгі жапырақ

Алдымда бейне тұрғандай,
Алақан жайып мың сыған.
Қайыршыңыздың көзінен төгілді күндер тиын боп,
Қайнатып жанның қазанын,

Лаулайды өршіп миыңда от.
Ындыны құрдым, жайма қол,
Сымсыма сыған-дүние,
Мен үшін тіпті сыйың жоқ.

Батар күннің көзінен
қарайды қарау қан шығып.
Жайласып тәулік-табытқа
Қиылды қиял, талша үміт.

Жұлдыздар сығып іріңін
Қаншама бітеу жараның,
Қабығы кеткен аршылып.
Жара ма?..

Жара дегенің
Біздің де жанда баршылық...
* * *
Сүйегімнің сан айырып жіктерін,

Өз бойымды қаншама рет тіктедім.
Бар бақыттың көкесі сол адамдар,
Сапарының сезбей кетер біткенін.
Сапарласым, дәуірлесім, сырласым,

Сенің де сол жат па өзіңе бір басың,
Көңіліңнің іздейсің бе көлінен,
Бақытыңның баянсыздау сырғасын.
Есігіндей құлып таққан қосыңның,

Кірпігіңе іліне ме тосын мұң?
Қосын тіккен көңіліңе көк шаршы,
Тосын мұңға паналау ғой сосынғың.
Өз тәнімді турап беріп уақытқа,

Жетпек болып үміттендім бақытқа.
Жалған деген
Жан алғыштың қолында,
Мендік өмір құюлы тұр қасыққа.

Ай-тағдырым неге өртенді тұтылып,
Мен өзімнен өзім барам: ұтылып.
Қасық толмас уыз түнім дірілдеп,
Ұлы өңешке бара жатыр жұтылып.

Дедеңдетіп дегбірсіз сәт жетегі,
Қыз-ғұмырдың қып-қызыл қан етегі.
Бір шіріген жұмыртқаны қызықтап,
Кәрі әтештің ұлы думан кетегі.

Шаршадым, жетеді...
* * *
Ер қажаған арық аттай шоқтығын
Өзегімді қансыратты отты мұң.

Мінбелерден
Айту болды көргенім,
Қарыныңның қара нанға тоқтығын.
Жүрегіме ұялап ап тас тығын,

Жасайды да жатады сол қастығын.
Саңылауына
Ши жүгіртсем санамның,
«Жазылмайды,— дейді— сенің мастығың».

Бодан болған
Мәңгүртіндей қалмақтың,
Бұл тірліктен аршып бізді алмақ кім?
Әр заманның

Қолтығында бір ұйықтап,
Күнін кешіп кеттік міне жалдаптың.
Ол да ақылды,
Емессіңіз сіз делбе,

Дегенменен жоғалады із демде.
Дүниеге
Өз көзімен қарайтын,
Ұрпақ өсіп шығар ма екен бізден де?..

БІЗДЕР...

Елге еңбек ете алмадық қарық қып,
Елім деген сөзді айта алмай тарықтық.
Абайламай
Жазып қалсаң дұрыс сөз,

«Жақсы адам,— деп,— жүрмеңіздер жарықтық».
Ұрандардан бастау алған балалық,
Өткен күнді өлшеп-пішіп алалық.
Бойымызда

Бодандықтың дерті бар,
Біздің істе болады енді шалалық.
Тәуекелшіл буғанменен белді бек,
Жасық жандар жасамақшы енді де еп.

Бір-біріне
Сыбырлайды әлі де,
Тәуелсіздік!.. Тәуелсіздік, келді деп.
Өзгелерді өзімсіндім қызықтым,

Өзге бізге жазып жатты тізіп сын.
Измдердің исі шығып тұрады,
Шуаштанған шұлғауынан мұжықтың.
Жарық-жарық таңдайым бар қақтанған,

Жүрегім бар көлеңкемнен сақтанған.
Біздің мінез бала сынды баяғы,
«Ағама айтып беремін» деп мақтанған.
Пасықтармыз демейін-ақ, мекерміз,

Асылдар бар тастамаған бекерге із.
«Мен Қазақпын!»
Деген сөзді бірақ та,
Бір ауыздан айта алар ма екенбіз?..

* * *
Мың күпірлік көрсетеді сайдан бой,
Кең құшағын күллі әлемге жайғанда ой.
Белдесу мен шендесуден тұратын,

Әрбір адам бір құпия майдан ғой.
Өз-өзінің кеміре жеп бор басын,
Әлсізге айқай, іштей тағып зорға сын.
Ажалды да өтсем дейді айналып,

Атақ-даңқтың мініп алып жорғасын.
Базарлы сәт бастан өтпек тарқамақ,
Ақыл тайыз, арың кіршең тартады ақ.
Қартаяды абырой мен атақ та,

Сенің жансыз есіміңді арқалап.
Есімді алып епіршігі бозаның,
Айтқам талай жалғаншының озарын.
Архивтердің

Шаң-шаң болған көзінен,
Ұшар бір күн менің соңғы тозаңым.
Тозаң-тағдыр,
Қасаң тартқан сүйегім,

Ойсыз басқа бойын берген түйенің.
Жамылып ап жатсам дейді әркім-ақ,
Архивтердің сақал-сақал иегін.
Қақпан болды менің де сол құрғаным,

Ақ таң болды аңсап мойын бұрғаным.
Өзімшілдік деген өрттің ішінен,
Атақ-даңқтың көрдім көнбіс құрбанын.
Тірілерге келгенменен телгісі,

Сан саңлақтың кетті ұшып желге ісі.
Архивтерде
Атың қалу дегенің,—
Бір өлгенде, екі өлудің белгісі.

Қайран өмір қалыбынан аспайды,
Қазып көрге қаңқаңызды тастайды.
Атақ-даңқ та —
Талға біткен жапырақ,

Дің құласа ол сарғая бастайды.
Архивтердің
Есігі ашық ендеше,
Бұл сөзіме дауың бар ма ойыңда?..

Мені аяудың
Қажеті жоқ әрине,
Шын сөзімді шын болған соң мойында.

ЭКОЛОГИЯ

Көлгір ағам көздің жасын шаяды,
«Қыстың Қатты болады,— деп,— аяғы».
Мұражайдан сығалайды аспанға,
Қойшы шалдың табыттаулы таяғы.

Алғашында селт етті де құс-күдік,
Қарамадым қайта оған пысқырып..
Тентек дауыл тереземнен енді де,
Сосын өзі тұра қапты ысқырып.

Көлеңкелі дір-дір етіп ығымнан,
Аяғыма аппақ қар да жығылған.
Аяз-апам қатып қапты мұз болып,
Менің қарау қолтығыма тығылған.

Қыс келе ме,
Жаз шыға ма жоқ құны,
Жүрегімнің жоқ бұрынғы отты үні.
Біздейлерге тиіс шығар, кім білген,

Шопан шалдың қасқырға айтқан боқтығы...

БЕЙБІТ КҮННІҢ КӨЗДЕРІ

Жүрегімде жатыр торғай бұғып ән,
Сол бір әннен өмір сырын ұғынам.
Қансыраған тағдыр көрем қапыда,
Жаусыраған оқты көздің сұғынан.

Жұдырыққа қай кезде де жұдырық,
Екі рет бұқ, қалсаң жатты бір ұрып.
Жұмыр пенде жұдырықтың бағасын
Қан-қан болған тұмсығынан тұр ұғып.

Тоқ қадірін білем десең арып көр.
Өртен отқа, шоққа табан қарып көр.
Жұдырығың қалтаңызға сыймаса,
Маңдайыңды өзің ұрып, жарып көр.

Кіріс солай ессіздіктің қамына.
Өлгенше ұр өзіңді-өзің таныма.
Атақ-даңқтың сиыр тілін тос сосын,
Маңдайыңның сорғалаған қанына.

Ауызыңнан шықсын ұраң аусар үн,
Өлгің келсе жұдырық түй, жау сағын.
Бейбіт күннің күлімдеген көзіне
Тиіп кетіп жүрмесін тек саусағың.

* * *
Өмір ағыс барады алып тоқтатпай,
Жүдейсіңіз жүректерден от таппай.
Оңашада

Ой кемірген бастардың
Шекесінен қайғы көрем тоқпақтай.
Жалғаншыдан алмаса да теңдігін,
Адам байғұс арзан күлер кемді күн.

Бақи жайлы
Ойласаң-ақ болғаны,
Өтірік боп шыға келер ендігің.
Ақыл-естің таусылғанша шарасы,

Жазылмайды жанның бітеу жарасы.
Сенің «өмір» деп жүргенің баяғы
Өтірік пен шын күлкінің арасы.
Шөгіп бітті

Шөліркеген нарша құм,
Жапырағы күйіп түсті аршаның.
Сүйіп күткен
Болашақтың есігін,

Ес білгелі қаға-қаға шаршадым.
Өткен күннің болашағы бүгін боп,
Қоламтаның жылтырайды түбінде от.
Қаңбақтармен

Кетсем бе екен қаңғырып,
Қарайлайтын, алаңдайтын түгім жоқ.
Деп жандағы көрінбесін кіріміз,
Бірімізден жасырамыз біріміз.

Ашып кеткен
Сүт сияқты ақырын,
Біз тастаған бара жатыр іріп із.
Қуанышты

Дейсің өлең жаз жаңа,
Өлең емес бұл әншейін наз ғана.
«Бақыттымын!» деген сөздің
Астары,—

Өзіңді-өзің алдай білу аз ғана.
Мен де күлем,
Сенде өзіңді алдап бақ,
Қанша күлкі қар үстінде қалды аппақ.

Заман сүйреп
Бара жатыр қаңқасын,
Сәбилердің күлкісімен балдақтап.
Жалғыз рет жарқ етеді шын жасын,

Бұлт-көңілім буырқансын тынбасын.
Үмітіме
Сүйеу болып қадалған,
Күннің күміс кірпіктері сынбасын.

* * *
Бикеш-уақыт, билей түс, сыңғырағын,
Күй-көңілдің құлағын мың бұрағын.
Мың бұраулы

Өмірдің көмейінен,
Қыл бұраулы құлын боп шыңғырамын.
Бикеш күнмен биледім көп құладым,
Ақ шуағын Алланың төк, бұла күн.

Жардан ұшып
Жазықсыз бара жатып,
Халқым аман болса екен деп тұрамын.
Таң қанатын созады тау басынан,

Алмасып ән салады әу басынан,
Түн-сұлудың
Жарқылдап ай-балтыры,
Жұлдыз тамып барады қауғасынан.

Түн-сұлудың арылмай дау басынан,
Досқа тұйық, салады жауға сылаң.
Маған қарап үреді қарғылы бұлт,
Аспан деген үйімнің ауласынан,

Музаңызға ұнайды кім несімен..
Бұлт бетіне салды да бір кесіп өн
Жасып-қолын
Жарықтық созды көктеп,

«Бір сөйле,— деп,— аспанның мінбесінен».
* * *
Әлсіздік пе?..
Сол әлсіздік сор қабы,

Әлсіздерге құрылады тор тағы.
«Қасқырлардың жылағанын көрсем» деп,
Қой бейшара армандауға қорқады.
Ақ тілегі

Аң сүтіндей ұйыған,
Қой мінезді халықтың да миы даң.
Төл жамырап
Кеткен кезде өріске,

Төртеу түгел болса екен деп сиынам.
Заңды заман,
Заманды заң балталап,
Шаруа жайын ай тыңдайды шалқалап.

Ит еріткен
Қойшы шалдың таяғын,
Біздің ауыл жатыр әлі қалқалап.
Көптің емес,

Көк Тәңірі жұртын ұқ,
Малсыз дала.
Мәнсіз нала, құр тұлып.
Шүкіршілік еткен елдің көзінде,

Күпіршілік еткен жандар тұр тұнып.

СОҢҒЫ ПАЙҒАМБАР

Заманына айтқан талай сын мықтың,
Мықтыларды жұтқан сосын қылғып құм.
Әділеттің кілтін алып қолына,
Отауына ене алмаған шындықтың.

Шырылдаған бозторғайлы боз құмым,
Босағадан саған қолын созды ұлың.
Лаухул-Махфуз
Тақтасына жазылған,

Тағдыр жайлы мына бізде тозды ұғым.
Кең тәңірім
Кем болды ма бір айлан,
Әу басында жаратқанмен ылайдан.

Пенде өзіңмен
Жағаласып бұл күнде,
Қорықпайтын болып алды құдайдан.
Күйімменен

Халың едім «Нар иген»,
Әдеп-иман іңгалаған әр үйден.
Қараулықтың
Бұзып қара қамалын,

Кезсем бе екен
Сахарасын сананың,
Омар-Оспан, Әзіреті-Әли мен.
Тәлім жайлы

Қажеті не ұранның,
Тәңір сүйген ұлы едік қой Тұранның.
Жаббар ием
Жанға мейірім іздеймін,

Хақ-кәләмі сүресінен құранның.
Тіршіліктің
Жан шөлдетіп кермегі,
Бал-бұраулы күңірентті күй пернені.

Төрт пайғамбар —
Төрт тіреуі жаһанның,
Ал бесінші — ең арлы адам жердегі.
Бір адам бар

Ақылды да, арлы да,
Қанаты мен су тасыған зарлыға.
Оның үшін мынау сүргін-дүние
Бөлінбейді бай, төре, би, жарлыға.

Жаббарыңа
Періште боп бара алған,
Лебізінен ұйып пенде нәр алған.
Білім-білік,

Иба-иман нұрынан,
Жұмбақ жан бар періште боп жаралған.
Заман ғой бұл
Қара тастан қайғы аңдар,

Жұлдызға көр,
Қазып жатқан айға аңғар.
Ей, ақындар!
Адалдықтың анасы,—

Күллі әлемдік сен ақырғы Пайғамбар...
* * *
Жағаласқан жанкешті дауылменен,
Мен қашанда біргемін ауылменен.

Қақ сүйекке қадалып Көк найзағай,
Мәйітіңді жуады жауынменен.
Таңбалы тас
Қой көзді қорымдарым,

Мендік қана ымдайды орын барын.
Саған тартып келемін айшықты ауыл,
Торғайыңмын, әрине, торыңдамын.
Тау бүгіліп талықты жүресінен,

Арқа тұтып халықты күресіп ем.
Аунап түсті ақырын
Ақ бесігім,
Ауыттаған атанның кіресінен.

Қаптай өскен
Қоғалы көлім бітіп,
Жатыр әне ақырғы демін жұтып.
Мен туғалы

Өмірде жоқ екенмін,
Қорықпаймын сондықтан өлім күтіп.
Көлеңкемді салып ап жол-айнаға,
Мәжнүн-қыр, ләйлі-тал сол айнала.

Ар-намыстың лыпасын жасырамын,
Етегімді бүрдіріп шоңайнаға.
Жел көкірек
Жігіттің жүзінде ерен,

Үміт көшіп барады үзілмеген.
Өкінішпен бітеді дәл осылай,
Нөсерлеткен, селдеткен сіздің өлең.
Кенезесі кесіліп көні кепкен,

Жылағанда кетпейді жеңі беттен.
Шапағатын көп күткен шаршы әлемнің,
Төзімді еді қазақтың елі неткен.
Заман салды

Заңды етті тапырағын,
Ауыл қалды «аһ» ұрып қақыра құм.
Өгей ұлдың өртеңгір көйлегіне,
Өксігіңнің сүрте бер запыранын.

* * *
Қасапшы қанға
Боялды,
Тәттірек өмір сүрсем деп,

Тай-құлын
Дір-дір етеді
Тайраңдап шіркін жүрсем деп.
Мысықтың мұрты

Майлаулы,
Күшік те шапты күбініп,
Етке бір тойып үрсем деп.
Шау тартқан шалдың

Көзінде,
Желкенін жинап ақты жыл.
Шарасын шаңға
Бөктіріп,

Жағалай түнеп жатты іңір.
Қаймықпай
Қанның түсінен.
Қасапшы болды дегенге,

Мардиып қойды қасқыр ұл.
Бүйендеп қырдың
Белінен,
Мыңғырып отар қайысты.

Талауға түскен
Тағдыры,
Боялды қанға тай үсті.
Атадан алтау

Болса да,
Енеден екеу жаралған
Құнанның белі майысты...
Құрсағы бірге

Құлынын
Қасынан таппай қайғырды.
Шарбысын
Бұлттың айырып,

Шапаттап бетін ай күлді.
Қайғысын жаттың қайтеді
Қаймана тобыр күлісіп,
Көңілін бір сәт жай қылды.

* * *
Шығарға жаным жоқ еді
Сен десе сертшіл жан досым.
Әндеме қырға

Тігуші ек,
Әдемі әуез ән қосын.
Мені іздер шақтың
Бәрінде

Қайқылап жетсін қанатын,
Сағыныш толы мәңгі осы үн.
Ықтырып желдің
Өтінде,

Қар түссе қаптай бұрқасын,
Екеуміз барып
Ен салған,
Белдеудің ықта нұр-тасын.

Саңырауды сазы Күйсінткен
Далаң ғой дарқан көлбей қайт,
Көңілдің жуып құлтасын.
Тусыған қырдың

Бүйірін
Еншілеп шалғай маңыста.
Үрпісіп көрсет
Үр-құмның,

Таңдайы кепкен танысқа.
Телегей жырға
Теңіздің,
Толқынын қосып орай сал,

Тебірене ақсын алысқа.
Күйтсіген
Шабыт-көңілді
Жүйткіген ой мен қайта алып,

Бағашыл елге
Жыр сыйлап,
Бақты да сынап байқалық.
Кербездеп ізін

Қалдырып,
...Кетер ме екенбіз біздер де,
Халықтың сөзін айта алып?..
* * *

Сыйпай салды
Күлкінің
Астарында зұлымдық,
Күле салдым

Мен де сол,
Көз алдарға ырым қып.
Қалқан құлақ
Сәбиім,

Уы кетіп қалмасын,
Күлкі ішінен шырын жұт.
Уықтасқан
Шаңырақтың

Шабағындай морт сынып,
У күлкілі
Езуден
Қаншама жан тосты үміт.

Қасығына
Май жұқпас,
Қазанындай жоқтықтың,
Танытамыз бос қылық.

Күйелі ағаш
Қарасын
Сап түбінен жұқтырар.
Ақ пен қара

Арасын
Айырмай-ақ тік тұрар.
Мисыз бастың
Жағасын

Құндызбенен көмкерген,
Қайран біздің «Мықтылар
Дос кетерде
Жаныңнан

Ердің қасын сұрамақ.
Көтересіз
Ақжалау
Кіл қарадан құрап ап.

Ез күлкісі
Езуден
Сілекейше шұбырған,
Қайдан қонған мына бақ.

Шоқ қоздатар
Көсеудің
Айырлығын ұмытқан.
Қайран

Аңқау елім-ай,
Сұмпайы мен сұмы ұтқан.
Итжеккенге
Айдатқан,

Иесі мен киесін,
Әлі күнге алмайды
Екі көзін құлыптан.
Қасынысқан

Құланның
Бөрі білер жүрмегін.
Жамалар ма
Жыртығы

Бізге біткен іргенің?..
Ит шаптығып
Тартса езу,
Сіздің білер кез болды,

Күлгені емес үргенін.
* * *
Сексеуілдің бойынан
Секем алып тіксіндім.

Бұйырмаған
Өз малы
Мен неғылған құтсызбын.
Айдағаным

Бес ешкі
Бекіре жал белестен,
Бетті басып ысқырдым.
Жұлып

Жұқа жүйкесін
Тау жаңғырып ұрысты.
Қатпар-қатпар
Тастардың

Қабақтары тырысты.
«Бастағалы тұр ма?..» деп,
Бабасынша бір істі,
Қаңбақ біткен бүрісті.

Шөп арасы
Кесіртке
Бақты жорық ыңғытын.
«Алмасайшы

Ауылдың,— дейді ақсақал,— құр құтын».
Жесір қалған
Жеңгемдей,
Дала беті шіркеулі,

Жатқа берген бір бұтын.
Сүлік сорған
Кеудемнің,
Ащы тері мойында.

Ала шұбар
Сұр жылан,
Кірем дейді қойынға.
Ноқталы тай

Жетекшіл,
Шапсаң басым, мінеки,
Тойдым осы ойынға..
Деп күрсіну

Немді алған
Өз тұрағым шеттетті.
Аяқтадық
«Аһ» ұрып

Өмір деген мектепті.
Қанжығасын қиялдың
Қу шөппенен сүйкетіп,
Айдап жүрген ешкімді,

Түлкі-қарсақ жеп кетті.
* * *
Жандым-күйдім,
Сүйіндім,

Әр тасыңмен сырластым.
Пірге
Алақан жайдым да,
Перизатпен жырластым.

Осылғанға ұқсайды
От ішінде ойыным,
Қамын ойлап бір бастың,
Деген менен

Маңғыстау —
Мен сенімен сырласпын.
Теңізіңе
Телмірдім,

Бұйырмаған бақ құсым..
Толқынындай
Тоз-тоз боп,
Менің шерлі жатты ішім.

Бабамыздың бабасын.
Көрген жалғыз жан едің,
Сен де енді
Жағаңа

Жан жуытпас жатпасың..
Ерке-шора
Көбейді
Маңғыстаудың мансапшыл,

Жаяу тастап аттысын.
Аяушылық
Аңсап шын,
Езілгенді тұл бауыр.

Көзін сатқан
Көркіңе
Байқайсың ба тұрды ауыл.
Қауырсынсыз

Қалыпсың,
Түлкі-заман түбіттеп,
Ала қанат қырғауыл..
Деп қызғыш құс

Көліңнен,
ұшты шалғай наз қылып.
Май ішіне
Құмалақ

Боп түскен кім?..
Аздырып.
Ортақпын деп
Бәріңе,

Ақсияды баяғы,
Өз көріңді-өзіңе
Қойған ағаң қаздырып.
* * *

Қаралы үйдің
Қақпасын
Түн басады батпансып,
Таң себездер

Сәлден соң,
Күнәдан пәк атқансып.
Бозторғайы
Боз құмның,

Бордай жырлар езіліп,
Барлық жоғын тапқансып.
Шикі өкпесі Қабынған,
Бұлт бұлтитар ұрттарын,

Әупілдейді
Әулекі
Менің кәрі сырттаным.
Итте болса

Адал ғой,
Иесіне ескертпек
Үй сыртында қырт барын.
Таңқы танау

Құдықтың
Күбір-күбір өзегі,
Жеті қат
Жер астынан,

Әлде нені сезеді.
Бір тал гүлдің
Қауызын
Ажал сүйреп барады,

Келді ме екен кезегі?..
* * *
Алтынды
Айдың нұры еді,

Тозынып ол да даттанды.
Тобылғы Сайдың бойынан,
Торығып жігіт аттанды.
Шығыстың

Шырқау көгіне,
Өрмелей шығып өксіген
Көзінен күннің жас тамды.
Желденіп

Желмен шуласқан,
Қоғалы көлдер сүмектеп.
Шаруаның,
Шалғай ауылда,

Шалдығуменен күні өтпек.
Қаныма
Жыр боп құйылды,
Қыналы тастың бетінен

Қып-қызыл сәуле шүмектеп.
Жыртылып ұшқан
Қаз-үйрек,
Қырғидан үркіп серменді.

Семсерлі
Тырнақ тигенде,
ұлпасын бүркіп жерге енді.
Әдемі Құдай

Әу баста,
Қан-жоса қылсын деген ғой,
Қанатын көкке кергенді.
Көкте емес

Жерде тұрғам-ды,
Қаз-тамақ, жырым қаңқылдап.
Шымылдық түрді
Шыңдардан,

Саршұнақ бұлттар шаңқылдап.
Бәсіре тайдың
Жорғасын,
Ылдидан ырғай төгілтіп,

Жүр әне ұлым аңқылдап..
Өсер ме ұлым,
Дүние-ай,
Зұлымдық пенен зұлматсыз?..

«Арманшыл
Қайран ақын» деп,
Бастарын қойды ырғап құз.
Құшаққа —

Пышақ сайлаған,
Қап-қара жердің бетінде,
Аппақ боп қалай тұрмақпыз?..
* * *

Үмітіңді
Сенім ғана ақтайды,
Қорқақтардың қолтығынан бақ тайды.
Қояндардың қалтыраған жүрегін,

Жалтыраған табандары сақтайды.
Болар елдің
Батыр ұлын көрмесең,
Дәмеленбе жүремін деп сенде есен.

Жабағысын көтергесін кісінер,
Жабы тайды
Жатпай-тұрмай жемдесең.
Қай кезде де

Қас тұлғаға кем жалған,
Ел тілейді ерге серік теңді алдан.
Қолтығында қотыры бар әтештің,
Шаршы таңнан шақырғаны немді алған.

Қыдыр дарып
Жатсын мейлі құт сіңіп,
Атсын мейлі жұт жаңасы ысқырып.
Сөз киесін

Іс жүйесіп таппаса,
Әтештерге қарамайды ел пысқырып.
Шыпшып тері
Сөзге буаз еңседен,

Басып ұстап
Бақырады әтештер,
Кекілдері салбыраған кеңседен.
* * *

Шарап толған кесесінен кесірдің,
Мерейімді удай мас: боп өсірдім.
Құрақ көрпе,
Жамау жастық жастанып,

Ащы зарын тыңдап көрдім жесірдің.
Үңірейген қызыл ошақ өңешін,
Кезді кербез менің масаң елесім.
Түн тұмсығы

Қауырсынын талдаған,
Аяп кеттім айдың аппақ денесін.
Қаһарлы қыс, қара дауыл бораған,
Қалғиды ауыл қардан жаулық ораған.

«Менен басқа
Кімің бар,— деп,— қой бастар»,
Сасық теке бақылдайды қорадан.
Мас құйынға

Тас түйін боп шыдаған,
Жесір қатын, шыдамды екен мына маң...
Есіктерді тырнап тыным бермеді,
...Аяз-апам жылаған.

* * *
Тамырына тал қарыздар мысалы;
Тұмсығына тәубе етеді құс әні.
Аяғына ерік берген түйені,

Атам Қазақ баяғыда-ақ тұсады.
Күліп қойып көп ішінде жорта әлі,
Елпілдейміз еліктіріп ортаны.
Өзімшілдеу өгіздердің мойнында,

Қамыттардың қатып қалған сортаңы.
Сортақтанып маңдайымыз бес елі,
Ер болуға құмармыз-ақ еселі.
Бұлт бон көкке

Сіңіп кетті із-түзсіз,
Құрып біткен көп бейбақтың меселі.
Неге келіп,
Неге кеттің зар-жаным.

Менің де сол тістеулі ғой бармағым.
Бір құлтасыз
Күлейін-ақ деймін-ау,
...Жібермейді аржағым.

* * *
Болғанда өмір — өгей, жазалы — біз,
Күптіміз көрінгеннен азалымыз.
Екі-ақ жол өлең екен өмір деген,

Бітпейтін сияқты еді ғазалымыз.
Билеткен күй-арудың ырғақтысын,
Алыстап бара жатыр бір бақ құсым.

— Ағасы айға қарау неңді алған,— деп,

Көзімнің түн жіберді сырлап тұсын.
Тас түйін саулық қарын, емшекті қыр,
Еселеп емшектіден бел шешті жыр.
Мая-бұлт үрпісінен уыз шапшып,

Ауылға аялдады ең шеткі бір.
Үп етті салқын самал терістіктен,
Жөнелді жүмілә бұлт өріс күткен.
Жасынмен жасауылдар дүре соғып,

Басылды аспан жақта керіс біткен.
Алтайы түлкі жалған ырғай басып,
Алдымнан ор қазбаққа жүр жайғасып.
Үлгірдім екі-ақ ауыз өлең жазып,

Шекесін шемен ойдың тырнай қасып.
Кемірген бәрі қалды зары жанды,
Айналды тірі аруаққа арып әлді.
Тілеуін айдың кескен күн қызуы,

Маңдайын түнге ұрып жарып алды.
Бұқардың бұл болғандай бөзі бізден.
Күйдіріп түлкі күннің сөзі қыз-дем.
Арманның ала қанат тырналары,

Қош айтып ұшып жатыр көзімізден.
* * *
Найзағай ма?
Найзағай ұрандасын,

Көтертпесін таулардың мұнар басын.
Ұраншылдық дегенің желбуаздың.
Желбуазға жазылған құранда сын.
Найзағай ма?

Найзағай тілгілесін,
Кімдігіңді сен сонда бір білесің.
Айсыз түнде
Таба алмай аласұрып,

Атжалмандар қапылсын індігешін.
Найзағай ма?
Найзағай жанып түссін,
Қары ерісін есінен танып қыстың.

Отты көрсем
Өртеңгір көбелектей,
Келеді де тұрады барып түскім.
* * *

Құйын көшіп келеді, құйын көшіп.
Қол ұстасып төбелер иіндесіп.
Боз жусанды
Бетеге құшақтайды,

«Бұл жалғанның қызығы сүю» десіп.
Құйын көшіп келеді етегі гүл,
Дала солай серпіліп кетеді бір.
Құйын емес

Бұл менің шабытым ғой,
Маңдайының сорлары — бес елі жыр.
Құйын көшіп келеді қыр түйісіп,
Құба талдар қарайды үрпиісіп.

Ерініңді
Елігім тосшы маған,
Құйын күнде қалайың бір сүйісіп.
Бір-біріне

Жете алмай ынтығады,
Қызғалдақтай бозбала қылтиысып.

ЖАРАТҚАН

Отпын де құдай
Сен мейлі,
Өзен бол әлде сарқырап.
Өзің боп жанған

Кеудемде,
Мәңгілік өшпес бар шырақ.
Ай болып
Асқақ күлімде,

Күнім бол күміс жарқырап.
Санамда
Сансыз байланған.
Сөгілмес тіні сәулеңнің.

Құпия сенің бейнеңді
Құныға сүйген әуреңмін.
Сағымға жалғап үмітін,
Сарғайып өткен дәуренмін.

Бабаның жолын
Бастау ғып
Талпынған нұрлы арманмын.
Өртеніп

Қайта бүр жарған.
Өзегі берік талданмын.
Тірліктің мәнін таба алмай,
Жоқ іздеп өткен жалғанмын.

* * *
Жас дәурен, жанға дәру елесің көп,
Отыздың алаулайды белесінде от.
Арман ба?..

Арман бастап асып жатыр,
Дерт жеңген ақындардың денесін жеп.
Жіберсем көп арманды шарықтатып,
Қарайтын халың бар ма жарыққа тік?

Арман бар...
Арман барда ақын да бар,
Армансыз екенбіз деп тарықпа түк.
Мен үшін

Қайың да арман, қарағай да,
Сау жүрсем
Салу арман бұлағайға.
Кескілеп

Қанаты мен Қан тамырын,
Қиялшыл кептер-жүрек шығады айға.
Селт етпес
Сері сезім бекер үнге.

Мен үшін
Бөрі де арман, бөкенің де,
Ай сүйіп,
Күн құшамын көресің бе,

Зер шапан, зеңгір аспан етегінде?!
Мен үшін,
Қайғы да арман, қуаныш та,
ұшқым келіп тұрады бір алысқа.

Қылыш болам
Қылпыған қолыңдағы,
Ақ білегін батырлар сыбанысса.
Танытуда

Бір арман құдай қылық,
Табынуда
Бір арман жылай жүріп.
Мен үзіліп

Кетсем деп армандаймын,
Сәл нәрсеге сәбише құлай күліп.
Жусан болам иісі бұрқыраған,
Шеңгел болам

Жә, мейлі, бір түп арам.
Туған жерге
Кіндігін байлап қойып,
Біздің жүрек — бозторғай шырқыраған.

Жалғыз қалып
Жұп құрсам, жылау да арман.
Тік тұрсам,
Құздан төмен құлау да арман.

Мен үшін
Көп арманның көзіндегі
Ілінген жалғыз тамшы мынау жалған.
* * *

Атам Адай — асқарым, тау, белесім,
Әжем Айтжан — тербеткен ән кемесін.
Жүрегімнің түбінен мейір қоздап,
Көз алдымнан кетпейді мәңгі елесің.

Қанатыма қауырсын қадап, теліп,
Жол көрсеттің жаныма талап беріп.
Бесігіме берекет шуақ құйып,
Кеттің бірде келмеске алапқа еніп.

Серке сақал, құба дөң, төбешіктер —
Бір-біріне бермейді егесіп төр.
Саркідір тау, салсүйек, сасық қолат
Ешкіммен де қазбайды кеңесіп көр.

Ұлға ұлағат беретін, бата қызға —
Әжеміз де жоқ, міне, атамыз да.
Аруақ біткен айналып қонақтайды
Сары қарын саранау сақа құзға.

Құлағыма өсірген құйып ұран
Құз боп атам күледі миығынан.
Жұлдыз — нақыш, ай — түйме,
Түн-шекпені —

Тау-шалдардың сусиды иығынан.
Асқар таулар ақ түлеу — ай қиялы,
Түн-шекпеннің етегін жай жияды.
Таң-маяның сүт қатып уызынан,

Шолпан-әжем шоқшиып шай құяды.
Ақ боз, Көк боз байланып қазығына —
Маңғыстаудың тамаша жазы мына.
Жұмбақ түннің жылуы ақ жанымның

Айнымайтын айналды азығына.
Іңкәр түннің еншілеп бір пұшпағын,
Тар төсекте жар емес, жыр құшқамын.
Жер дегенің

Мен үшін білесіз бе?..
Атжалмандар айқасын, қырқысқан ін.
Атам аруақ киелі, асыл есім,
Мен де кетем жиғанша ғасыр есін.

Айтжан әжем Үркердің үйірінен
Қойған шығар дайындап бәсіресін.
Тайға мініп шабамын Құс жолымен —
Келіп-ақ тұр осыған, түс жорып ем.

Жұлдыздарды толтырып етегіме,
Атам сипап әлдилер күс қолымен.
Осы қазір ойланбай жетер едім,
У-тірлікке малыппын бекер ерін.

Басы айналған өңкей мас жібермейді,
Менен көріп жарылған шекелерін.
Түн сейілді, салқын леп көшетке ұрған,
Болды, әне, көзден ғайып Есек — қырған,

Мен байғұс тағы, міне, жерде тұрмын,
Кетем деп кеше әжеме есеп қылғам...

ӨҢ МЕН ТҮСТІҢ АРАСЫ

(Дастан)

Түсімде мен
Өлген екем, өлікпін.
Қараңғы көр —
Мәңгі қапас төніп түн

Тірісінде сыйласпаған ағайын,
Астарынан көзін сықты бөріктің.
Көлеңкелер
Көр ішінде зіл батпан,

Періште мен
Пері де жүр зыр қаққан.
Топырақты
Құйып жатыр уыстап,

Таңдайыма
Уыз ұйып, жыр қатқан.
Өліктерміз,
Айрылғанбыз біз үннен.

Құртқа құрбан
Болып айдай жүзім жем.
Сансыз тамыр
Саусағымның сіңірі,

Домбырамның ішегіндей үзілген.
Қамалынан
Қасіреттің қарғып ап,
Талай өтті

Тайбурылдар — арғымақ.
Пешенемді
Оқымақшы перілер,
Маңдайымды қара таспен жарғылап.

Пешенемде
Мөрі бар-ды
Тәңірдің,
Перілердің

Қайтарар деп зәрін дін.
Дұға оқыдым
Пайғамбардың атынан,
Тәңіріңе жүргізеді әмір кім?..

Өз бойыма
Жағып күйе арым мін;
Жүрегімнің
Тыңдамады зарын жын.

Келмей жатып
Кеуіп кетті тозақта,
Кебініме
Тамған жасы жарымның.

Сүйегіме
Мүйізін жанып көк тана,
Өршелейді
Өзегінен от тама,

Анашымның шырылдаған дауысы,
Естіледі еміс-еміс тек қана.
Жетімдіктің
Шалалағын жеп тұрып,

ұлым менің жыламады көкке ұлып.
Атасына
Тартқан бала деуші еді,
Жетімдердің жыламауы — тектілік.

Тектілікті
Жасасаңыз еп біліп,
Бір ұятқа
Қалдырады бет тіліп.

Қарлығаштай
ұшып келіп төрт қызым,
Қауырсынын
Қабіріме кетті іліп.

Көздің нұрын
Құйып ішіп ұры мұң,
Қыз-дүние тарқатады бұрымын.
Сары шалдың

Сақалылынан тамшылап
Ағып жатты менің жұлдыз ғұмырым.
Сүт-сәулені
Сапырғанда таң бұлақ,

Жүрегінен
Жүз қайырма ән құлап,
Өзім сүйген
Жан бар еді құпия,

Ол да тұрды оңашада қан жылап.
Ай дегенің
Түнге ілінген ақ тұмар,
Ақ сезімге

Ай-тұмарлы дақ құмар.
Сүйгеніңе
Сүйкімсіздік көрсетпей,
Өліп кету шындығында бақ шығар.

Иман-ардың
Өлкесінен баспаған,
Дұшпандарым бет сипады мәссаған!
Қырық қадам

Қыр төсіне шығып ап,
«Жақсы адам ба?»..– деп қояды,
« жақсы адам».
Күн еңкейіп,

Қас кірпігін ілді іргем,
Таусылғанын мендегі ақтық білдім дем.
Қабырстан
Қаласынан үн қатам,

Тәубашыл ел,
Тәу етуге ділгір ме ең?
Туған елдің
Топырағы ақ түбіт.

Ақ түбітке кетті сосын лақтырып.
Тіршілікте
Ырылдасу — сыйымыз,
Өлген күні жасау үшін жақсылық.

Мамырлатып
Көлден үйрек, қаз аттым.
Уын ішкем
Шайпау шаттық, мазақтың. .

Көрге басын көп сүйрейді көрің бе...
Төрге басы сыймағасын қазақтың.
Тозақтамын,
Көрінгеннен дір етем,

Күнәмізге
Болмай қалды жыр өтем.
Ақын атын
Ағанменен алаштың,

Ақымақтың барып тұрған бірі екем.
Қарын майы
Шыдатпаған ілгегін.
Таныс бейне

Тамұқтағы білгенім.
Сонда қалай
Сорлы халқым соқпақсыз,
...Қазақ-Тозақ

Бір туған ба, білмедім.
Дауыл тұрып,
Қаңбақтайын ықтырды,
Ашып қойып

Екі көзім шыққырды,
ұрпағының
Несібесін жегеннің,
Ауызына ат қасасын тықтырды.

Перілерің
Перизатсып айтады ән,
От үстінде
Шыңғырады май табан.

Түлкі қылып
Түп қаттырып жіберді,
Жағымпазды жер бетіне қайтадан.
Адал жандар

Қарамай-ақ жасына,
Тәңірінің
Отыр барып қасына.
Жезөкшенің

Тиын-тиын бөксесін,
Зинақордың жастап қойды басына.
Іреп-сойып
Көлгір кесем қуыңды,

Ал ездерің
Дар ағашқа буынды.
Елін сатқан,
Жерін сатқан салдақы —

Итпен бірге жалап жатты жуынды.
Тәңіріме
Біз тастаған мәлім із,
Жалғыз иман-жалғандағы нәріңіз.

Олар жайлы
Ойламайтын пасықты,
Есек қылып мініп көрдік бәріміз...
Мың бұрышта

Бүріседі сан сатқын,
Сатқындарды
Шындығында ант атсын!
Бір ағамды

Түйе қылды түйсіксіз,
Балконынан көп қараған мансаптың.
Көз алдымнан
Өтіп жатты көп тізбек,

Жанашырлар «Ақынсыңыз бек сіз» деп,
Сирағымнан
Сыртқа мені лақтырды,
«Көргеніңді тірілерге жеткіз» деп.

Түсім екен.
Шошып тұрдым жастықтан,
Ұлың едім — ұлы жолда бастыққан.
Дүниеге

Мені әкелген халыққа,
Мен ешқашан сөз айтпаймын мастықтан

ДОСЫМ, САҒАН АРНАДЫМ

Ескі көше есірік топ сол бассыз,
Қалдым білем қарасыз һәм жолдассыз.
Қолтықтаған
Соңғы үміттің балдағын,

Жанмын жүдеу сіз сүйеу болмассыз.
Досым жалғыз, ол да жалған тұрағы,
Сөнбесе екен соның мәңгі шырағы.
Босағамнан

Бой көрсетіп өткіншім,
Өкініштің қылтияды құлағы.
Ақ жаңбырға табандарын сүрттіріп,
Бір ақынды әр пендеге түрттіріп,

Сырт білетін
Жақсы жанның қадірін,
Аяғы мен таптап тұрды қырт күліп.
Бұрылыстан белін буып бір іске,

Сұлу бикеш есіктерін шықты іліп.
Құлшынуда тіршілікке мықтылық.
Еппен басып
Есігінен төзімнің,

Келе жатыр құт кіріп.
Қарындары ашырқанған күндестік,
Мықтылықты күндей-күндей бітті ұлып.
Шам жарығы жаңа ғана тұншығып,

Күміс сәуле күлімдейді күн шығып.
Балпаң басқан
Балапаны бақыттың,
ұша алмады ұмсынып.

Ауыл-үйдің
Етек басты төбеті,
Қос бүйірін әупілдеді шын сығып.
Балапанын

ұша алмаған бақыттың,
Ала мысық жұта салды қымсынып.
Қара қарға
Қарқ-қарқ күліп жөнелді,

Құдайым-ай құмарынан бір шығып.
Сілекейін сілтідейін тамсап құм,
Алты қырды аралайды жамсап шың.
Желге ұшып

Бара жатты бір қаңбақ,
Ауласынан орын таппай мансаптың.
Қаңбақтарды
ұшыратқан тәлкекке,

Зәулім үйдің қақ төрінде бар сатқын.
Әнсіреген таңдайыма зар қаттым.
Сәлде қылып орап алып иманын,
Дүмше молда тыққыштайды жиғанын.

Құран ұстап
Құнтияды пәтшағар,
Әлімсақтан аңша жеген миларын.
Пайдасына

Шешуде өнер кім білген?.
Пайғамбардың Хадистегі Иба, Арын.
Сауап бар ма оқығанмен құр құран,
Құраншылдың жанарында тұр тұман.

Құл-құтанның табан еті көрінді,
Бір бастықтың бұлтыңдаған ұртынан.
Тоқал ешкі
Кеміріпті дым қоймай,

Сексеуілдің селдіреген мұртынан.
Болашақты Құрсағымен лақтырған,
Жезөкшелер салып отыр тырқып ән.
Баяғыша

Танытар ма тектілік?..
Бөрі байрақ, бөкен-жанар бұл Тұран.
Измдердің жыртық-жыртық жалауы,
Қойшы ауылдың қол бұлғайды жұртынан.

Тиын-күннің мас қылады сыңғыры,
Қас өмірдің сол ғой қайран шын жыры.
Кеңістіктің
Кестелейді бар мәнін,

Шиландардың қатпар-қатпар ындыны.
Қайран менің айдын көлім, ардағым,
Мен де енді мекені жоқ қарғамын.
Санам менің

Аш екенін жасырмай,
Саудагердің жалап алды бармағын,
Бір пысықтың
Мысығы боп кетіпті,

Бір кездегі менің сүттей арманым...

ҚАЙРАН, АБАЙ-АЙ...

Көп тыңдап ем жас он беске келгесін,
Сенің зарлы жүрегіңнің пернесін.
Кеудем толған
Аза гүлі арманның,

Сол бақытқа сорлы халқым кендесін.
Абай атам
Арпалысқан мекенде,
Тағдырыма тағып өттім мен де сын.

Жөргегінде
Жөнделмеген бейбастық,
Қанат қағып қалай биік өрлесін.
Құрып біткен бәдауидің зарлы үнін,

Запыранға қосып ішіп қалғыдым.
Қимас түннің
Көзіндегі бір тамшы,
Тілсіз айтып сорғалайды барлығын,

Сұғанақшыл
Саусағыма таңылған,
Сен не дейсің?.. Ей, Дара Жер!.. Жалғызым.
Әсіреңкі

Әулекі бой, ой құрғақ,
Тамырымды өз дауылым қойды ырғап.
Қоламтаға
Қойлы ауылда бұт қақтап,

Жол ортада бай баласы той қылмақ.
Қарасына
Қалың елді шақырып,
Қайран Абыз жетімдерді тойдырмақ.

Абыз өліп
Арқалары кеңіген,
Кіл алаяқ кердеңдейді бой бұлғап.
Қазанынан

Қаспақ жеген қайғының,
Әпер дейді аспандағы айды ұлым.
Қызым баяу
Жұбатады інісін.

«Сәл шыда» — деп — Папам алсын айлығын»
Менен өтіп
Жеткен енді қызыма,
Таусылмайтын үміт менің байлығым.

Жалп-жалп еткен етегімен еліптес
Ессіз жұртты бай ұрады көріп төс.
Жең ұшынан
Қан ұрттаған сатқындық,

Болсайшы бір бой тасалап желікпес.
Өксіп жылап
Өртенеді сүт кенжем,
Бар қызықтан туған жандай келіп кеш.

Шуағында
Бір кірбің бар күннің де,
Жетпейді оны енді айтуға тіл мүлде.
Абайды оқы

Сәуле құйсын санаңа,
Есігіңді еппен ғана ілдір де.
Жақсылардың
Моласы да қорған ғой,

Жамандарға көз жасыңды білдірме...
Абай! Абай!
Ортаң ойлы, сана бай.
Сені естісе есінен көк,

Танады ай.
Саған қойды-ау
Немересі Мансаптың
Не айтсам да жалғыз рет қарамай.

Құртқа өкпелеп
Анасының жаулығың,
Жауша жыртын тастан кеткен баладай.
Ит көздері

Иесіне аларған,
Мен өзімнен-өзім қорқам қаралай.
Туған елді
Тұғыр қылын мәңгілік,

Бізге сеніп өліп кеткен Бабам-ай.
Қайран, Абай-ай...
Сұрқиясыз,
Сұмпайысыз, зұлымсыз,

Жазылар ма екенбісің жырымсыз?..
Талауына
Етек түрген заманның,
Менің Ару — Республикам бұрымсыз...

Абай кетті
Адамзатқа ортақ боп,
Азғантай ел сен болмашы ғұмырсыз.

ҚАЙРАН АУЫЛ

(немесе Есенинше жылау)

Қырау-қырау дірілдеген тал шыбық,
Көздеріңде қалған өліп қанша үміт,.
Кенезесі
Кесілгесін шаттықтың,

Ерініңе нәр тамызып аптықтым,
Еңсем менің еңіреді жаншылып,
Таңдайымнан сорғалады қан шығып
Көңіліңнің

Кірін шайсын бұл өлең,
Көкке қарап көкем қане алшы ұлып.
Ал содан соң
Айдың сынық сәулесі,

Маңдайыңа жатсын кезек шаншылып.
Қырат құмды кебіндетіп қарменен,
Жылап тұрды толғап үнсіз зар денем.
Тек бір айтқан

Ертегіме әу баста?..
Дүниеде сірә қызық бар деген.
Бесігінен
Көзін сатқан жоқтықтың,

Ауыл болып күрсінеді бір бала,
Ескі ауылдың
Жас парлаған көзінен,
Мөлт-мөлт етіп тамып жатты жыр жаңа.

Тас емшегін
Менің зарым иіткен,
Иесіз ел бір шеткері тұр дара.
Жер отауың бесігің ғой аядай,

Тар көлемі тал түсірген саядай.
Сорғалайды
Сорлы ауылдың сорасы,
Тұлыбынан күдер үзген маядай.

Күйін кешіп жатыр ауыл тұлыптың,
Оянбайды болса да ойран қырық күн.
Қаһарлы қыс,
Қалып ой да ауыл тұр,

Не ойлайды?... Оны қайдан біліппін...
Ауыл еді жалғыз ғана тірегі,
Біз сияқты қиялшылдау жігіттің.
«Ауыл деген осы,— дейді шұнақ таң,—

Есенинді елжіретіп жылатқан».
Есенинше мен де жылап тынықтым.
Дәрменсіздік
Дегенің де сол шығар,

Біліп тұрып келмейді екен түк ұққың..
Кілті кімде көзге салған құлыптың?..
Ой дегенде
Жұрнағында таппайсың,

Той дегенде домалайтын қылықтың.
* * *
Ақ нұрыңа, Аллам, сенің жуындым,
Жандым сосын, жабырқадым, суындым.

Қыркүйектің
Бір қытымыр таңында,
Қызыл-шақа өлең болып туылдым.
Сағат тілі

Содан бері жетектеп,
Сапарымды орталаған буынмын.
Жел — көңілге желбезектен тыныс сап,
«Өлеңсіз де қонар,— дейді,— ырыс, бақ».

Жерік асқа қолын созған қайыршы,
«Бұл ақылды тыңда,— дейді,— дұрыстап»,
Ән құмар жұрт әміршіні төңіректеп,
Шапанының етегінен жүр ұстап.

Ну қарағай көтергенмен алға иық,
Бойын бөлек салып өсті тал биік.
Жапырағы жалпылдаған сол талдың,
Баяғыда басын дауыл алды иіп.

Көзін сүрткен
Көшесінде өлеңнің,
Көлеңкесі тұр ақынның қалбиып.
Күлмең қаққан езуінде ғайыптың,

Үмітіңді үркітеді шайып құм.
Аза жырын
Естіп қалдым аз ғана,
«Өнер» деген бір ескексіз қайықтың.

Қара өлеңге
Қарғы байлап жалтарған,
Күйзеліспін!.. Күйіктімін!.. Айыппын!.
Әнге шапан, күйге күпі жаптырған,

Шалдар қайда шаршы өлеңге бақ қылған.
Өлеңге өлім,
Жүрмейтұғын болған соң,
Мағжандарды маңдайынан аттырған.

Қауырсынын
Жұлып алып қаламның,
«Қарғыс атсын!» деп те талай лақтырғам.
* * *

Алтын арқау, кең өріс – алыс қырат,
Көлге көзін сүзеді қамыс құлап.
Сиқыр сазы бұлақтың дұғалықтап,
Қайда сүйреп барады бұ халықты ап.

Ұран ұрттап мінбеден ауызданған,
Батар күннің
Басынан шырақ сөнді,
Алагеуім алқымы бауыздалған.

Жылап көміп мүрдесін
Дүр — қасқаның,
Сайқал сарай арнап тұр жыр дастанын.
Еріндерін шығарып

Сол сарайға,
Жұлдыздардың кердім мен ымдасқанын.
Шекесіне шер түйген лайықтап,
Шемен ойдың шешуін құдай ұқпақ.

Иі қанған күндестік көшесінен,
Қызы сұлу, бермеген шешесі де өң.
ібілістің қаптаған ұрпақтары,
Езуіне жымиып сыр сақтады.

Даңғырайды дауыстар «Елім» десіп,
Бекіре жал қырлардың белін кесіп.
Даңғазасын, дырдуын лекіттіріп,
Арын салып

Мансаптың өкшесіне,
Азғындығын алып жүр бекіттіріп.
Болашақты
Ойлау да ұят екен,

Кінә менен күнәны кешіп тұрып.

ЖАҒАЛАУДА KІMІM БАР?

Жыр тербейді көңілдің жез жиегін,
Ақ самайы ақ күміс кезге иемін.
Ақ моншағын ақ таңның теріп беріп,
Келешекке бой создым көріктеніп.

Қолтығымнан
Сүйеген мың бір елес,
Есігімнен енбейді еріп келіп.
Арман деген талпынып алып құсым,

Ағарады ақ нұрға малып түсін.
Әтір иісі
Аңқыған дүниеде,
Әділетсіз майданға қанықпысың,

Әміршінің сездің бе танып тысын?
Акилаға
Сүйегін арқалатқан,
Паганини сияқты табытпысың?..

Шаруасы не?..
Бөгденің.. Бөріктінің,
Көктен ағып түссе де еріп күнің.
Шырқыраған

Кеуде де шыбын жанды,
Шынтуайты табасың беріп тыным.
Айға білеп ұлыған күрек тісін,
Апанындай арланның жүрек тұсым.

«Жер де, Күн де
Мәңгілік емес қой» деп,
Арлан-жүрек ақырын дір етті шын.
Ой самайын тұрғанша налып қасып,

Сүйсінейін..
Сен де сүй шалықтасып.
Мен ұйқысыз түндерде ғарыш кезем,
Өз денемнен жанымды алып қашып.

Ақын етті алқаны жырға ұйытқан,
Күле қарап көсем-таң тұр миықтан.
Мәңгілік пен
Мәнсіздік қол ұстасып,

Қарайды да тұрады тұңғиықтан.
Бір ескіні тірілтіп бір үн жаңа,
Жоғалтпасын жылуын жырым ғана.
Мәнсіздікпен келмейтін мәмілеге,

Адамға тән қиял мен ғылым ғана.
Мен тозаңмын,
Тозаңның біріндемін,
Жыр жүрегім боздатқан жыр інгенін.

Кеңістіктің қарасам биігінен,
Уысыма толмайды жұмыр жерің.
Көк мұхитқа лақтырған қол добындай,
Көзіме әрең қарашы ілінгенін.

Жалғаншының қанбаған жарығына,
Өкініш пен өксіктің тіліндемін.
Мен тозаңмын,
Тозаңның біріндемін,

Өлсем өкпе артпаймын, тірімде мін.
Суға кеткен
Сорлы жан тал қармайды,
Жағалауда бар екен кімім менің?..

* * *
Шыр айналған басымыздан күн қақты,
Сан өткіздік сасық думан ырғақты.
Түн тербетіп

Қыз құшағы қызулы,
Ниет қанша некесіз-ақ бұзылды.
Ару айтып
Үлгіреді содан соң,

«Мен сендікпін» деген нәзік ызыңды.
Талықсыған құмар шақтың үндерін,
Сәтке балап сайрайды құс бір керім.
Қолаң шашқа оратылған ақ білек,

Махаббаттың ағытады ілгегін.
Шыдам құрбан төзімді де жастанып,
Тәтті лебіз таң себездей басталып,
Буазыған

Болашаққа көңілім,
Қай көшеде қалдың екен мастанып.
* * *
Жүрегімнің басына қырау түсіп, мұз қатты,

Құмарлықтың қоңырауын жылады да қыз қақты.
Қыз-көктемнің ең соңғы қызыл гүлі секілді,
Ақ төсекте із жатты.
Ар жебесі сияқты нысанаға ап атылды,

Көк найзағай біз жақты.
Уысынан сусиды қыз бұрымы төгіліп.
Бетон үйлер күрсінді қабырғасы сөгіліп,
Таң тұншығып деміне әлденеден торықты,

Қарағайдан қыз-қайың дір-дір етіп қорықты...
Нәпсі жеген құлқыным өзін-өзі зор ұқты.
Жазылысып құшақтар
Ару алғаш қарғады,

Өмір деген жорықты.
Трамвайлар теңселді, автобустар алқынып,
Тас кемірді табандар көмейіңе шаң тығып.
Күлімдейді көздері

Шық жамылған бақшаның,
Тал бойындай арудың тамшы терге малшынып.
Жасамақпын баршаға сан жақсылық рәсім,
Жеңілдетер махшарда сол бір түннің күнәсін.

Өксуменен өмірден
Өзім де өтіп барамын,
Онда не тұр?...Жә, мейлі,
Ол да бір сәт жыласын...

* * *
Өмір — мұңдық, менің өзім — зарлықпын,
Зар күніме шағым айтып қарлықтым.
Ізгі аспанның иіп қамсыз мұнарын,

Үмітімнің жақтым жансыз шырағын.
Күннің күміс жұтып жұқа сәулесін,
Тасырлықтан таттым тағдыр әуресін.
Махаббаттың күлі қалды күйдіріп,

Еріккенге ерінімді сүйдіріп.
Болымсызға мойынымды бұрдым да.
Бақуатсыз құлан түстім құрдымға.
Қолтығыма шайтан кірді қойындап,

Аярлыққа емес көңіл тойынбақ.
Іші түтін, сырты бүтін бейбақтар,
Өзін-өзі үндемейді мойындап.
Кесір күннің шаршатқанда керлігі,

Өз тәнімнің өзіме аян жерлігі.
Уын ішіп
Өлер едім шындықтың,
Сократтың жетпей жүр-ау ерлігі.

Біз сияқты кім жұбатар шерліні?...
Көздерінде көсемдердің зұлымдық,
Тағдырыңды таптай салар шылым қып.
Төс түйісін келмегесін дос күліп,

Оңашада отырасың қос тігіп,
Көз жасыңа
Көгілдір жыр жүзеді,
Көңіліңді қойған құдай бос қылып.

Көп шағылған үмітімнің айнасын,
Көптеп келіп көтерер жан қайдасың?..
Тоз сопаққа
Табандарын шегелеп,

Кетті ме екен іздеп күндік пайдасын;
Ұрын барған ұйқысындай күйеудің,
Қалғуын-ай көк тәңірі — Иемнің.
От сыйлаған

Жүрегімнің басына,
Найзағай мен намысыма сүйендім.
Өз отыма өзім ғана күйермін.
* * *

Құлқын қоздап демімізді дерт үкті.
Кеше ғана шығып едік сапарға,
Қотыр тайға ашамайлап ершікті.
Қайсымыздың халық жайлы қайысып,

Қанымыздан аппақ мөлдір тер шықты.
Сөз қадірін сол көкектер кемітті,
Есіл сөзді Абай айтты, не бітті?..
Абайды да зарлы қылды, зеңітті.

Өмір деген
Ала қанат қарғаға,
Тарих біздей тастай салды жемітті.
Бос мақтанның

Рәсуа ләззаты,
Ит кемірген елестетер кемікті.
Күндестіктің күнде түтіп жағасын,
Арсыздықтың ағытпаңдар сағасын,

Ғасырлардың
Көзіменен қарап ап,
ұлыларға береді уақыт бағасын.

ОРЫС ОРМАНЫНДАҒЫ СЕРУЕН

Өмір дүрмек дырду-думан таныс той,
Жан арпалыс жетелейді алысқа ой.
Сезесіз бе тынымсыз жан мұңын сіз?..
Күс-күс қолын күлбіретіп тынымсыз,

ұлы еңбектен мән іздеген Толстой.
Сүт дидарын сүйдіргенмен таң-мүсін,
Жүрегімнен ұшырғанмен ән-құсын,
Мәнсіздікке тағып өткен мәңгі сын,

Міне менің қара түнек қарғысым,
Міне менің аппақ уыз алғысым.
Ақ сезімге ақ кірпігін ай малып,
Аспан болын қарайды ол жәй налып.

Ой — қазыққа тұрдым сосын байланып.
Мәні қайсы?..
Сәнін кештім сауықтың,
Қолтығымды көрe алмадым тауып тін.

Саңылау ізден
Жанарымды тіктеп ем,
Қабағымды қалды лезде жауып құм.
Ақ сазандай түскенінше ауып күн,

Ең қызығы қоразсынып қойқаңдау,
Арасында ала қанат тауықтың..
Көзге ұйытып мөлдір күміс тамшыны,
Көз алдымда сынып түсті таң-шыны.

Мәнсіздікпен мәмілеге келе алмай,
Есениннің ұлып тұрды «Қаншығы».
Қарағайлар болушы еді өр мүлдем,
«Берсе — берер» деп сыбырлап көр бір дем.

Қабықтарын ой кемірген орманның,
Жабыққанын о, жалған-ай... көрдім мен.
* * *
Қасқа белден

Қасқа айғыр шұлғи басыл,
Тағы кетіп барады ылдиға асып.
Мың күй қашып
Кеудемнен қаршығалы,

Зар шығады жанымды аршығалы.
Қар шылады
Үскіріп аяз беттен,
Базарды күн басымды шаршыдағы.

Сұрқай сурет
Шамдантып шамықтырып,
Қамықтырып ауылды арық-тұрық,
Халық біліп

Айтпаған көптің сырын,
Көзбен ішіп қайтамын барып тұрып.
Жанып кіріп
Тамұқтың тандырына,

Батысың сол
Көз қысты, бармақ басты,
Шығыс шығып алыпты сандығына.
Бір құдайға

Барлығын арта салып,
Қарсыласа қалыпты қан құбыла.
Жан мұңыңа
Жабысқан иектесіп,

Ит қаңғиды иесіз сүйек кешіп,
Қысқа-қысқа
Күрмелген зұлмат сырлар,
Жатыр күтіп шешуін тиектесіп.

Күйектескен
Қысыр ой, жалаң ғұмыр,
Қызыл-шақа сол ойдан жаралды жыр.
Батар күннің сәулесі

Тұйықталып,
Тұңғиыққа тағы да қамалды қыр.
Ажалды— жыр
Суыт сөз, қасқа құлын,

Ауылда өстім
Жоқ менің басқа мұңым.
Үй орнына
Үміттің қоламтасы,

Жан жасарып тағатын таста бұрым.
Шыңғыр-шыңғыр
Шыныңды айт, шырылдашы,
Ажалды жыр, суыт сөз — Қасқа Құлын.

* * *
Көбелектің
Қанатынан оқимын
Тіршіліктің мың құпия жарғысын.

Кезі келсе,
Өртенуде түк емес,
Айта беру неге керек арғысын.
Дүниені

Бұтарлап-ақ тастамақ,
Шемен ойдың шешіп қалсаң қарғысын.
Гүл қауызы
Сәл ертерек өледі,

Дәмін татып болғасын-ақ гүлдеудің.
Табанында
Жату қандай қасірет,
Сұлулықты сақтап қала білмеудің.

Құс жолы кеп
Құйылады шашыңа,
Сапары боп кірпігіңді ілмеудің.
Күз кеудесін

Басып сары жапырақ,
Дірілдейді тыржалаңаш тал-бұтақ.
Атар таңның
Езуінен шырын-шық

Сорғалайды ең соңғы бір ән құсап.
Көшкен жұртқа
Ие болған күшіктей,
Қабақтарды айналып жүр бәңгі шақ.

Шел ұлиды
Қорасынан қорлықтың,
Өксік демнің күйіс қылып өкпегін.
Найзағаймен

Осып қалды таулардың
Бұғақтары салбыраған беттерін.
Бір ағаштың
Шіріп еді тамыры,

Жайнамазын
Жапырақтан жайғызын,
Ол өзі де дұрыс көрді кеткенін.
Сілікпесін

Сіңіріне ілдірген,
Ақ көбігін бұрқыратты аусыл күн.
Жүрегімнің
Қанатына жыр жазып,

Жөргегімді жылытқалы қаусырдым.
Өкінетін ештеңе жоқ, себебі:
Жандым, күйдім, сосын мен де таусылдым.

АҚҚУДЫҢ КӨГІЛДІРІ

Бұлбұлдың
Үні жатыр жүрегінде,
Арудың
Ізі жатыр гүл өңінде.

Тоғысқан
Тағдырлардың сапары бар,
Ақтауым
Алтын бесік бір өзіңде.

Батырдың
Сүрлеуі бар белесінде,
Арманның
Желкені бар кемесінде.

Жолаушы
Жол таппасаң,
Ақтауға кел,
Қыдырдың

Қызғалдағын тересің бе?
ұсынсам
Бақыт гүлін Ақтау болып,
Сен маған

Ей, жолаушы, сенесің бе?
Қазығы
Айналайын қара нардың.
Боздармын

Боз құмыңды аралармын,
Ақ Құдай
Қайта мені жаратса егер.
Тек қана

Маңғыстауда жаралармын,
Заман тұр
Зайыры жоқ етін беріп.
Жесірге

Жетім лақ жетілді еріп,
Бөбектің
Бұрымына қадай салған,
Ақтау тұр

Алтын моншақ секілденіп.
Аттанар
Ақ көгершін сүйіп талдан
Қайғысын

Көтере алмай иық талған.
Батар күн
Бауыздаулы қан сияқты
Шабайдың

Қылышына ұйып қалған.
Ақын ба
Дәл мұндайда сілкінбеген,
Бақытқа

Бөлеші бір күлкіңменен,
Өзіңнен аумай жүзіп бара жатыр
Аққудың көгілдірі үлпілдеген.

ТӘУБӘ?

Самның да құмы,
Сары алтын,
Сағымы жібек үлбіреп.
Үдеп соққан

Дауыл мен
Біздегі мына бір жүрек.
Ордалы жылан
Оқ мүсін,

Падиша сұлу, Патшалы
Сегіз Арыс Семсерім,
Тамыры терең тақталы.
Сыңғырлау,

Мамай, Жарқұдық,
Күмісте нақыш қақпалы.
Қасқыр азу'
Тік бақай.

Үстірттің қара шатқалы.
Маңғыстау,
Сенде ер жеттім,
Құдай бір берген бақтағы.

* * *
Жұмылған аузын ашпаған,
Жұмыршақ құмдар сан қабат.
Жеті жұрт кейін тастаған,

Жетілдіре алмай тал қадап.
Жер тартып кеткен талайды,
Желіккен жігіт тына қап.
Желкесіменен қарайды,

Желпінгендерге бұл алап.
«Жер емес» дейді Сынапбай,
Жез мұртын сипап ақ таңмен.
Жілігі майсыз құр аттай,

Саяқ кеп үйір тапқанмен.
Құданың ішін кім білсін,
Құдағи күбі шайқайды.
Құлын да құлын бүлдіршін,

Құтырып салып айқайды.
Құттыаяқ марғау сілкініп,
Құтпаның таяқ сүйенді.
Қазбауыр бұлттар іркіліп,

Сығады көзін жиі енді.
Көктемнің жүзі нұрланып,
Көңілі құрғыр нәрленді.
Соны да бізден қызғанып,

Таулары түскір бәлденді.
Мамырдың көп қой берері,
Май түбіт қаздар шұбалар.
Мал баққан халық дерегі,

Жаз шықса болды қуанар.

ШЕРҚАЛА ШЕРУІ

Көмілген
Көрсетеді ер жарағын,
Үңіліп бүйірінен Шерқаланың.
Түрікпеннің

Сүрінерсің қауғасына,—
Қолыңды ал, қанеки, бер қарағым».
Қызғалдақ
Қызыл қала қыз-қыз қылық,

Басады табаныңа тұз қыдырып.
Қалқыған
Қаптай соққан самалаға,
Мысалы:

Қара бауыр біз бұлдырық.
Әр неден
Әзірбай жүр сыр аңдатып,
Ән салды

Сағын ағам ұрандатып.
Көзімнің
Кіреукесін күлкі шалды,
Жүруші ем

Қабағыма мұнар қатып.
Болмайды
Біріккен соң тақыл жүріс,
Болғанда қалқан — төзім, ақыл — қылыш.

Бет сыйпап
Өлгендер мен өлтіргенге,
Жасадық Шерқалада мақұл бір іс..
Жыр жазу

Жастайымнан сертім еді,
Еңсесін
Ел мұңайса ер тіреді.
Ерліктің

Уызына қанып ескен,
Шетпенің қандай жақсы еркін елі.

ШАҚПАҚ АТА

Қоңыр бел
Қара мауыт қой тастарым,
Саздауға арқа салып бой тастадың.
Сары тас

Салқын самал Шақпақ атам,
Сар желіп
Сағым мініп ойқастадың.
Кеткендей

Мың алыптың байлап басын,
Еңкейіп
Тура қалған сай жаққа шың.
Алланың

Ақ нұрына ғашық болған, ұстазы
ұлылықтың қай жақтасың?..
Самғатып
Ән көмейін алқаңда үздім,

Байлаулы біз торғайы балпаң құздың.
Маңғыстау
Жерұйығы қабылан-құрсақ,
Көзіндей мөлдірейсің Салқам қыздың.

Жау келсе
Ер намысын қамшылаған,
Таппайсыз қырғынсыз сай, тамсыз алаң.
Әулие-Әнбиелі мекенім-ай,

Қанысың жүрегімнің тамшылаған.
Кісінеп
Болат тұяқ, құрыш-құлын,
Еңбектен

іздейді екен ырыс түбін.
Жау көрген
Батыр елдің ұрпақтары,
Заманның көп тілейді тыныштығын.

Қадалған
Қараға оң, аққа батаң,
Таң болсам
Тағылымын сақтап атам.

Қол жайып
Қоңыр кеште аттанып-ем,
Тілей көр тілегімді Шақпақ атам.
* * *

Мұнарлы төбе,
Мың белес,
Құмай да тазы қу мылтық,
Қара қарын

Жас бала,
Таңдайына су бүркіп,
Самның да бойы
Келте жал,

Кекілін атқа таратып,
Аққу да мойын
Қылаң нар,
Жанарын жауға қаратып,

Боздай да көшкен
Ауылдың,
Бозторғай жырлап қайғысын,
Қамауға түскен

Тағдырлар,
Арулар қайда ай мүсін.
Шеміршек бойы
Шеріңді,

Қанымен жуған тектілер.
Бәсеке байлық
Тоқтықта,
Намыстың нарқын кек білер.

Көтердік талай
Бұрышта,
Шаттықтың шалқып кесесін,
Сұраса қайттім

Бабалар,
Төгілген қанның есесін.
* * *
Ақтау тұр

Сұңқар қанат, Барыс бүйір,
Қыз жанар
Қыналы тас, таныс қиыр.
Көгінен

Құладын құс торғай терсе,
Кең Адай
Ду-ду етер шабысқа үйір.
Батырдан бақсы шығып астаналы,

Күмбірлеп күй тербетті тас қаланы.
Елілеп епіршігін жыр сапырған,
Түюлі Қашағанның қас-қабағы.
Кеудесін көк теңіздің қайық құшып,

Барады қарабауыр Жайыққа ұшып.
Ақырын Алтықұлаш иман тілер,
Сақаңыз сасқан сәтте тайып түсіп.
Жорытқан жолаушылы без белесім,

Бұра көр бағытыңның жез кемесін.
Сен оның бөліспейсің қуанышын,
Қайғысын, қасіретін сезбегесін.
Тарихын Маңғыстаудың білмегесін,

Ашқанмен
Егіз есік бір ауладан,
Екеуміз не айтамыз іргелесім.
Әрине,

Қандасыма есік ашық,
Жүрегі бауырымның кірлемесін.

АРУАҚТАР АЛАҢЫНДА

Өткенін
Күй тілінен сұрар басып.
Мұңайса көкірегін мұнар басып.
Қолтығы

Қайымдасқан құданды елдің,
Шығуы қиын емес ұрандасып.
Бауырлап
Қарақия тілеулісін,

Жақпар тас, жанама сай білеулі шың.
Жетібай
Жең түреді болашаққа,
Өлкеме жиып берген кіл ерді шын.

Тас балқып
Күні күйіп, шаңы ысталып,
Ат жақты
Арқар мінез таныс халық.

Жаздырмай
Жебе тартса нысанасын,
Құрмаш тұр құба жоннан алыс қалып.
Өзен тұр

Бір ашуын айғақ қылып,
Төзімге
Төңкеріссіз байлап құлып.
Тылсымға

Шопан ата шомылады,
Қайрағы Ерсарының айбат қылып.
Тербетіп
Ер Бекетті Оғыландымыз,

Отырып ойға батып толғанды қыз.
Тарқатып
Құс базарын Жабай ұшқан,
Жағалай жайлап қалдық сол маңды

АРЫМНЫҢ АҚ БЕСІГІ

Кеудесі
От бүріккен алтын көрік,
Жүздері
Біздің ердің салқын келіп,

Қорымда
Қой тастары мүйіз жанын,
Батырдың
Бағамданды нарқын беріп.

Жақтауын
Жүгенінің күмістеген,
Ер елер
Ел жолында бір іспенен.

Қайқыдан ән қалады,
Сәйкіден сән,
Өмірін өнерімен тігістеген.
Апай төс

Аппақ шыңдар білектеніп.
Қасқа жол
Қайқаң қағар түбекке еніп.
Қармыстың

Қанға бөккен денесіндей,
Налиды
Намаздыгер жүдеп келіп.
Айықпас

Арман жатыр алаңында,
Тарихтың
Құс-қауырсын қаламында,
Бүгулі

Бір бармақтың ізі қалды,
Дүбірлі
Даукескеннің қамалында.
Бұл күнде

Бізден қашқан безіне шың,
Өлкеңнен
Өзіңді жат сезінесің.
Етегі

Алтын әдіп Сыңғырлаудан,
Қайыптың әнін естіп езілесің.
Ай қылыш
Асынады, төс ұрып түн.

Есті кім?..
Біле алмадым есірік кім?..
Асардың
Ақ туының жыртығындай,

Көшеді
Түлей жақтан көсіліп құм.
Текебай
Қолдан кетті бүкпесі не,

Түспей ме
Ендігінің тіпті есіне.
Басына
Жүрегімнің шор бон қатқан,

Күйемін
Сол жараның бітпесіне.
Маңғыстау
Шыныменен киелі ме,

Түймесі таптырмайды түйеліге.
Қалнияз,
Есеп-Сүгір сыймас па еді,
Күйкеннің

Күйік қақты иегіне.
Тағысын
Тағы айтамыз ашынғасын,
Ойнамау

Бұлт ішінен жасынға сын.
Шағалы
Шаптығады көрінгеннің,
Ит ұстап,

Қолдан құмай қашырғасын.
Маңғыстау
Құпиялап мұз жаладым,
Білесің...

Мұз бетінде із қаларын.
Арымның
Алақандай ай, бесігі,
Сүйемін

Сүйгеннен соң қызғанамын.
Көмілсе
Мың көненің сүт дерегі,
Баяны болар ма екен жүз жаңаның?..

КҮЙ МЕН МҰНАРА

Көздеріме қалды мәңгі түнеп түн,
Түн төсінен шашақталған жібекпін.
Абыл-күйдің
Аңқасынан бозторғай,

Мұңын айтып ұйықтатпайды Түбектің.
Қоңыр күннен қорынады күй бұғып,
Қоңыр қобыз тығылады үйге ұлып.
Балиғатқа толған қырдың төсінен,

Мұнараға жатыр біреу сүйдіріп.
Жан тербетер қырағаты алыс қап,
Бір керемет бара жатыр алыстап.
Құлшар-күйдің отауынан шығады,

Мұнаралар мұртын сипап шам ұстап.
Делқұлы жел демін ішке тартады,
Күй-көңілде күйбең күннің зар табы.
Қайып әннің қабырғасы сөгіліп,

«Жадаукөктің» жалына аяқ артады.
Көз алдыңнан өтіп Алан, Сақтары,
Күй тілінде күллі тарих ақпары.
Есір атам «тоғыз түйе» жетектеп,

Ала таңнан көшіп бара жатқаны...
* * *
Ақ борық Самның құмы, Сарша мамық,
Ай құшып күнді сүйдім арқаланып.

Иек қақсам
Именіп жайлап басып,
Әкелді домбырамды қалқа барып.
Жастанып көкмойнақтың құранды ерін,

Сәулемнің жырға қостым бұраң белін.

— «Адайды»!

— «Адайды» тарт!— деп қояды,

Аңызға аты айналған ұранды елім.
Қылығы қыз қалқаның басым келіп,
Жанымды бара жатты жасын керіп.
Қайыптың

Қысқа қолы жетпей кеткен,
Алуға Ақбөбектің бәсін беріп.
Бөбектің тірісі не, өлісі не,
Өмірдің байлауы бас желісіне.

Егіз ішек
Еңкілдеп жылағанда,
Екі жүрек күрсіңді тел ісіне.
Құранды ер құла түзде жастанғаным.

Дүние-ай, түлкілігің бастан мәлім.
Қызынған
Қызыл Адай қайдан көрсін,
Көзінен көңілімнің жас тамғанын.

Домбырам бұрама сап сұңқылдаған,
Аш дейді жүрегіңнің құлпын маған...
Ұшады
Маңдайымнан кезек теуіп,

Шегіртке шекілдеуік сымпылдаған.
Сөз саптап, ән қорытқан таңдайым-ай,
Әуеннің әлі салмақ қандайын-ай.
Кімдердің

Нелер қонбай жүр дейсіңіз,
Зады асыл, заманы өткен маңдайына-ай.
Төгіліп көкіректен жыр жаңасы,
Сәулемнің сан тақырып бір қарасы.

Көрде де
Көпке дейін тыным бермес,
Сол әннің айтылмаған ырғамасы.

МАҢҒЫСТАУҒА ОРАЛУ

Жүрегім-жүйкем жасыған,
Жасыған сәтте асығам,
Қайнарлы бұлақ Қаратау,
Бұлт болып көшіп басынан.

Құран оқып
Ер жеткен,
Құранды ердің қасынан
Бабамның үнін

Естимін,
Бағзының бал-бал қасынан.
Құрым да шатпа шанды үзік
Желбауын белге таңды үзіп.

Сіркелі Күміс сақина,
Боялды қанға ай-жүзік.
Көзтана түйме көрік құм,
Тіріліп мың сан өліпсің.

Ай-жүзік заман
Құбылып,
Төбемнен тұрды төніп түн.
Шығады қашан

Шығыстан
Айдарын алтын өріп күн?..
Сәулелі жарық,
Нұр-Құдай,

Көркіңді жатыр көріп кім...
Шарайна көзім шатынап
Күй бұрау көңіл қақырап.
Қаратауға бас сүйеп

Мүлгиді мұңсыз атырап.
Сәуегей жүрек
Уілдер
Уызын айдың татып ақ.

Қапысыз,
Өлі тыныштық
Қарайды маған бақылап.
Қазанат тебе қаздиып,

Қалыпты үнсіз сазға ұйып,
Саздаудан сарнап
Маңырайды
Аранға түскен наз киік.

Қадау да қадау
Қарашың,
Құлаған сәтте аз биік,
Наз киігім-ау,

Тағдырдан
Тарттым ба мен де аз күйік?
Маңырама маған, маңыстым,
Кеудеңнен шықса жан ұшқын.

Қорымда жатқан
Қой тастан
Естиін үнін алыстың
Халқымның

Сәби дауысын,
Толқыны шайған ағыстың.
Тісінде кеткен Барыстың,
Ғасырдың

Сүйреп қақпанын,
Маңғыстауыммен табыстым.
Маңырама маған, маңыстым!
Маңырайды, әне,

Мазасыз
Қаралы киік қас қылып,
Шегір көз түннің
Шекпенін,

Қаратауыма бастырып.
Осы бір дауыс
Беті аулақ,
Кетпесе болды асқынып...

Еңсемді басып алып түн,
Таразы туа талықтым,
ұйқысыз туған
ұлы едім

Жарыққа құмар халықтың,
Тістеулі қанша
Бармақ бар
Ішінде кеткен табыттың,

Қобылан соққан
Көк найза
Сырына сен де қанықсың.
Серкесіз отар

Секілді
Сергелдеңдіктен жалықтым.
* * *
Баққұмар бала халқым-ай,

Мен

Көп тістеп жүрмін тілімді.
Қаныма тартып тарпымай.
Егеулі найза,
Епті қол,

Ер жетер ме екен бұл сөзімнің нарқына-ай?
Көне бір Түрік, Көк Бөрі,
Хан сәулетті қағанат,
Сарыарқа,

Саумал Жетісу,
Солардан қалған аманат.
Атаның салты,
Ақ уыз

Қадірін кім біліп жатыр бағалап...
Жаттың қолы
Жарылқап
Ермедік кімге ағалап.

Тарлан да шауып
Еңістен
Таңба бір түсіп тас қалды,
Аударылып,

Астауы
Ақ Ордада ас қалды.
Денесінен
Бөлініп,

Дегдарға біткен бас қалды.
Осының бәрін ойлайтын,
Опынып шерге бойлайтын
Бөлтірік туар ма екен

Бізден де,
Қасқыр да мінез қастанды,
Жаудың жыртып
Жағасын,

Жасымен ойнар бастаңғы.
Ей, Көк Бөрім,
Көк Бөрім,
Көкке ұлыған шерлім-ай,

Күреңнің
Қанға боялып,
Күңсіп бір кеткен терлігі-ай.
Бақыр туған

Балаға
Бабаның азық ерлігі-ай.
Атаның
Атын малданған,

Ата бір жауға жалданған,
Атаңа нәлет
Ездерге
Көзіңді салшы, Кер Құдай,

деп, түсімде сонау жыл
Қол жайып еді бір Аруақ,
Тілегің қабыл
Қара шал,

ұрпағың шықты ұрандап.

ШАШУ

Немесе Сүгір жыраудың 100 жылдық тойына арнау

Бөрі тектес ұлыңа
Бөкеннің қанын таттырып,
Бөктері алтын
Қырыңа,

Бәсіре құлын шаптырып,
Кез маялы
Келеге,
Күмістен қоңырау тақтырып.

Әдібі жібек
Көк жаға,
Мырзаңа мауыт жаптырып,
Құланиек

Құба таң,
Құмайыңа дем беріп,
Серке санды
Ту қоян,

Қанжығаңа өңгеріп,
Құладыны құс емес,
Құзардан құлжа үркітіп,
Кем қанағат

Кер айғыр,
Үйірден сәурік сүркітіп,
Төркіні суын
Төбелдің,

Төсіне айыл баттырып,
Қабылан құрсақ
Қатынның,
Қалжасына

Жылан жеп туған ұланға,
Сардитып саржа аттырып,
Қылдырық мойын
Қыз омырау,

Үйіктен
ұран-от шашып,
Ботасына жампоздың
Адайы таңба шоқ басып,

Жауырын қарап,
Жау күтіп,
Қысырақ сойып,
Қыс түнеп,

Жіліншігі жемірліп,
Омыртқасы кеміріліп,
Айдаһарша ысқырып,
Қойша қоя құстырып,

Тізеге
Тарих салғанда,—
Бекіре жалды
Бектердің

Талайы кетті-ау арман да.
Кенере манат
Кең аспан,
Кере қарыс ақ маңдай,

Масаты түк мақпалдай.
А, Маңғыстау!—
Қайран мұнарлым,
Аяулы жарға

Тостырып,
Артып өлген
Жоққа үміт,
Сен қиядағы

Қыз Жібек,
Мен Төлеген шығармын...
Үдеме дауыл
Үлпек қар,

Үлпершек бүйрек,
Үр жанар.
А, Мацғыстау, сенде кімдер жоқ.
Шекелігі шоқпардай

Шемені қоздан
Шep төксе,
Шелденген көзі оқпандай —
Қағидалы қарттарын

Қаз омырауын тіктесе —
Шудасын желге түрдірген,
Шулатын көкті бүлдірген,
Бура төс бұлт та тоқтардай.

Қарақал азу
Қансүрек,
Жау келген күні талайдан,
Білтелі мылтық,

Қазкөз оқ,
Қаһарынан хан шошып.
Қылышынан жан шошып.
Батырлар шықты бақ сынап,

Банкерлер шықты ат сынап.
Билер де шықты сөз салып,
Дөдегелі ордадан
Дүниеге көз салып,

Мына отырған
Бүгінгі,
Момақан ғана Адайдан.
А, Жасаған!

Жасаған!
Бұл күнімді көп көрме!—
Салауат енді өткенге,
Мәуелі бақтан сән қашып,

Мәңгүрттеніп мән қашып.
Жадағай киіп жар асып,
Жан үшін жаумен жарасып,
Жетпіс жылдай адасып,

Сүгірдейін бабамның,
Басына әрең жеткенде...

ӨЗЕК ПЕН ДІҢ

Қара орманымды қалқан ғып,
Қара тасыңды талқан ғып,
Қайралған қызыл тіліммен,
Қағажу көрген діліммен,

Қайысып келді қабырғам,
Қаймана заман қағынған;
Қайқы бас «Қарақашақтай».
Табан астынан табылған.

Уланды жалын жан денем,
Азғындығыңды ар керем.
Бас идім саған, туған ел,
Майысып балғын тал денем,

Елімнің кетті елдігі,
Ерімнің кетті ерлігі,
Ділім мен дінім, тілімді,
Тірілту мақсат ендігі.

Қазағым қара нар еді,
Қазақы тілім нәр еді.
Тіресе білер текті едім,
Жасымас жігер отты едім,

Халқымда не мін бар еді...
Ақсақал алқа құратын,
Иіліп келін тұратын,
Қызымның бойы наз еді.

Көгілдір көлім қаз еді.
Құлагер ұлым бәйге алып,
Ғұлама шалдар жайланып,
Көк шүйгінге көміліп,

Көк мойнағын тебініп,
«Көк сүңгісі емініп»
Көкжалдар жаудан келгенде
Тобылғы сапты қамшының,

Зер шашағы төгіліп.
Жеңешем құйған қымыздан,
Жұтқаны қандай керіліп!
Әйтеке биім сұңқылдап,

Әулие күйім ыңқылдап,
Ақбөбегім нұрланып,
Қайыбым әнмен ырғалып,
Әуені көкті аралай.

Ойнақтаған он саусақ,
Пернені кетер жағалай.
Солай да солай күн өтті,
Солардан қалған заман-ай!

Сөйлесе сезді зерлеген,
Байланып сөзден көрмеген.
Абыл, Ақтан, Қашаған,
Өлеңнен мүсін қашаған.

Тас жармаса бас жарған,
Тентекті тежеп таспа алған.
Өлгенін жырмен жоқтаған,
Тірісі сөзге тоқтаған.

Билігі асса ұл сөйлеп,
Қылығымен қыз сөйлеп,
Даңқ қумаған данасы,
Даналық құрған бал асы.

Солардан қалған қызыл тіл,
Сорыңды кімнен көрермін...

ТОҒЫСҚАН ТАҒДЫРДЫҢ БІР ШОҚ ГҮЛІ

Ақтау қаласының 35 жылдық мерекесіне арнаймын

От тұяқ,
Жалы жалын сәйгүлігім,
Айтайын сәйгүліктің қай қылығын.
Мен кепкен

Кенезесі сағыныштың,
Қаз бауыр қара өлеңнің айдынымын.
Ойма сап,
Орма қылыш, жырық — жасын,

Маңғыстау — сәйгүлігім, тай-құлыным.
Жаңылмай
Бипаз басып жорғасынан,
Көңілі ақ

Көмейінде қорғасын ән.
Қасқа бел
Қасқырлы апан, құланды сай,
Жамырар жарты аралдың ордасынан.

Маңдайы
Маңғаз шыңның жосқынданып
Жасыған
Жан көрмедім отсыз қалып.

Ай мен Күн
Асығады бұл өлкеге,
Таласқан бір жігітке қос қызданып.
Кек тастан

Көсем бұлақ асып күліп,
Қолтығын
Қоңыр қырдың қасын кіріп,
Өпірім

Өкшелескен өршіл толқын,
Барады бірін-бірі асықтырып.
Аққулар
Алғыс алып аттанады,

Жүрегін қарт Каспийге басып тұрып.
Сен сірә,
Әулие емес, Әнбие емес,
Құдайды өлтірерсің ғашық қылып.

Тамырын
Тасқа салған терекпісің,
Жинаған
Жамиғаттың зеректісін,

Жел — жүйрік
Жерге де бай, елге де бай,
Айырған құмнан алтын елекпісің?..
Өксіген

Айрақты бел, Аралбай мұң,
Қайыпқа қайтсем де енді сала алмаймын.
Ордасы
Қасірет пен қасиеттің,

Мен сені жырға қоспай қала алмаймын.
Айғырсып
Тізесіне шен бүктеген,
Қара жер қаз-қаз басар ендікпенен.

Бір қалса
Маңғыстауда қалған шығар,
Қазақы қарға тамыр кеңдік деген.
Кең ойдың,

Кербез ұлы шашырап жүр,
Қауырсын қанатына жел жүктеген.
Әрине,
Сұлу солып, ер кетеді,

Түбіне
Түлкі-күннің жер жетеді.
Шайқаған
Қой үстіне жұмыртқасын,

Ақтауды Атам Бекет тербетеді.
Қолтықтап
Бозбала шаң қылықтысын.
Жүрекке

Жамау болсын бір ықтысын.
Көмілген
Көз түбіне бақыт құсы,
Күдіктің шыға келсін сылып тысын.

Жігіттің
Жел қауыздап көкірегін,
Әнменен әлдилесін сынықтысын.
Бүтін қып

Құс түлесін ұя басып,
Айырсын ала бұлтты қия жасын.
Қарттардың
Қабырғасын сөккен күлкі,

Езуін кемпірлердің ұяласын.
Беріліп
Тура биге ырық дара,
Қосарлап

Үш тоғызға,— қырық қара.
Байрағын
Бәсіре тай шаппай алып,
Ойнақшып оқыранса сүлік қара.

Қаншама
Ниеті жат суысты ұлың,
Қандаған қара жердің уыс құмын.
Көпсінген

Бірін-бірі азғантай ел,
Шіркін-ай бір сезінсе туыстығын.
Тірліктің
Жалғыз-ақ сәт мәнін кешіп,

Достықтың
Қылып жатса әнін несіп.
Тоғысқан
Тағдырлардың бір шоқ гүлін,

Кеудеме
Тағып тұрсам сәнім десіп.
Шүбасыз
Шүкірге тоқ аталымыз,

Жау келсе
Апаны қыр, жатағы мұз.
Ақ жүзі
Үлбіреген Ақтауым-ай,

Секілді сері жігіт, баталы қыз.
Қиясы
Қиялымның алынбаған,
ұясы үмітімнің салынбаған.

Мен саған
Көптің бірі болсамдағы,
Сен менің жалғызымсың, жаным – далам.
Күбінді

Көңілімнің күйі міне,
Мен жүрмін
Жалғыздықты жиі біле.
«Құс тоймас

Ер қолынан» — дәуірімнің,
Қазығы қағулы тұр иініме.

ОТАНЫМ – ҚАЗАҚСТАНЫМ

Толғау

Құлпыдан
Көйлек киінген.
Құлпырған қызыл үр-жалған.
Сәуегей қарттан Кеудемде

Сәулелі жарық нұр қалған.
Нұрланған
Күміс толқыны
Жыр болып ақсам жылғаңнан.

Дүрия
Шәлі жамылған
Дүния ару қылықтым.
Кесеме түсті

Ай болын
Кестелі жұлдыз — сынып түн.
Тебіреніп
Төсінде,

Тербетіп қиял тынықтым.
Көңілдің
Мұзын сүңгілеп,
Көмбедей сырын ақтардым.

Кесілген
Бастан сұрадым
Кеселін өлген Тақтардың.
Тектінің

Тердім сүйегін
Тереңінен қақтардың.

Мен

Ізінде қалған.
Жапырақ
Тамыры талауға түскен бақтардың.
Күлкісі үшін.

Сәбидің
Күнінде күлге айналған шақтармын.
Тастардың
Тілін тапсаңыз

Тасқынымын,—
Адами-Тарих ақпардың.
Бөрілі байрақ
Жорықтан

Бөкенше жортып нәр алдым.
Тамырыңа Отаным
Тамшы қан боп таралдым.
Нұр менен жырдан жаралдым

Хан баласын
Қақсатқан,
Құланша шұлғып қасындым.
Теңізше

Тулап тасындым.
Бесіктен
Белім шықпай-ақ
Бес қаруымды асындым.

Мен

— Алаш емес.

Айға
Күміс қармақ лақтырған,
Далытқысы қара бұлт,
Иесі Тәңір жасынмын,

Мен

Баянмын
Сұқтанып Қозы ұрланған.
Қодарлар аз ба,
Қоян жым

Қолтығыңнан сұрланған.
Мен Болашақпын
Жүрегіңнің төрінде
Жүз құбылып нұрланған.

Сөзімнің айттым
Расын.
Отаным —
Арым,

Намысым,
Қол жетпес қия құба шың.
Күн болып
Кейде

Күлімдеп,
«Гүлім» деп мені тұрасың.
Арманнан,
Уық шабақтап,

Алтыннан шатыр құрасың.
Бабамнан қалған мұрасың,
Атам бір қаққан сынасын
Ақынға біткен

Ақ жүрек
Шаттансын «сен» — деп жыласын
Санаты бөлек сарасың.
Дарқансың, мәңгі дарасың.

Айыра көрме, Ақ Құдай, -
«Отан» мен «Меннің» арасын.
Жүгені күміс
Жүйріктің

Жалында лаулап өткенім,
Өпкенім Сенің дидарың
Жеткенім, әрең, текті елім.
Құлыным — Отан Тұнығым.

Сен үшін алғы шептемін.
Шөлге бір біткен құланым,
Көлдеуге біткен бұланым.
Қарашаш тектес бұрымдым,

Жиренше тектес ұланым,
Фараби тектес маңдайлым,
Майқы би тектес таңдайлым,
Бауыржан тектес жүректім,

Қажымұқан тектес білектім.
Зарығу
«Сен» деп балдай мұң.
Балдай мұңыма қанбаймын.

Шоқандай көзі қарақтым,
Сырымдай сөзі жарақтым.
Бөрі сүрлеу
Бөктерім,

Кенесары,
Наурызбай,
Ер Шабай мен Барақтым.
Тобылғы сапты

Дойырдың
Суарған қанға таспасын,
Желтоқсанда
Жең түрдім,

Айтпағанда басқасын.
Өңешіне өлімнің
Көлденең тұрып кептелдім.

Мен

Егесті күні Ту ұстап,
Ерлікке ғана бет бердім
Қасиетті Қара Жер,
Қазақ деген ұлыңмын,

Қанаты қанды кептермін.
Қаңыра жаулық қырларға
Күмістен моншақ тақтырған,
Күні — менің жалын жүрегім,

Айы — менің ұшар қанатым,
Аманат — ағам тапсырған.
Сексеуіл — менің саусағым
Иманын көктен сұраған.

Көлдерім —
Көздің шарасы,
Гауһардан тегін құраған,
Орманым —

Күйшіл домбыра
Құлағын самал бұраған.
Бұлағым —
Аппақ сезімім,

Құрағым — нәзік кірпігім,
Кірпікке
Біткен моншағым,
ұрпағым — мөлдір кіршігім.

Отаным — Қазақстаным.
Қайыңға біткен бүршігім.
Құралайға
Біткен көз

Мендегі жанның жәудірі,
Қорымға
Біткен қой тастар
Бабамның өшпес мәңгі үні.

Жұмақта да көрмеспін
Отаным, сендей сәндіні.
ұраншыл
ұлдың бойында

Қаным бар менің тап-таза.
Қағысқан жерде
Жауменен
Қаны бар ұлға жоқ қаза.

Айналайын Отаным,
Қазақтың шалқар даласы,
«Қанағат
қарын тойдырар» —

Тәуелсіз елдің баласы.
Үш ананың бесігі
Алтай менен Атырау,
Сарыарқаның саласы

Болашағың
Кімнен кем?..
Қамшы ұстаған
«Ерлердің»

Болмаса іске шаласы.
Қазағым — қаным Сүйіктім,
Алтыннан қалған сынығым.
Ақынның уыз-өлеңін,

Арыңмен тыңда, шын ұғын.
Қалғысаң
Кімдер жастанбас,
«Алаш» деген Арудың,

Үш айырған бұрымын.
Көзімнен менің
Кетпейді
Кіреукеленген ұры-мұң.

Әркімдер
Әбзелдеп жатыр басыңа,
Алыстан толғап құрығын.
Көрсетпе –

Құдай, сен енді.
Ноқталы жаттың жетегін,
Асыр сап
Асыл ұл-қызым,

Сүйдірсін гүлге етегін.
Әр Қазақ
Менің Жалғызым.
Жалғыздың тілеп тілегің...

Жалғаннан мәңгі кетемін.
Гүлденер,
Елім Қазағым.
Сейілтіп сүргін-сүреңін.

Кермеден Кесіп өтермін
Кербездеп жырдың күреңін.
Жүрегім менің — Отаным
Тоқтама,

Отан-Жүрегім.
«Өлең сөздің—Патшасы» —
Сөзімді саған сыйладым,
Мен — өзіңмін,

Отаным!—
Өзімді саған сыйладым.
Түгел болғай
Төрт құбылаң,

Отаным менің — Иманым.

СОҢҒЫ АҚЫННЫҢ ЖОҚТАУЫ

Жайқалған өңір жасыл бел,
жауқазын — жұлдыз, түн – жәннат,
Қашпасын, ару, абайла!—
Ай ерке көктен сырғаңды ап.

Сабылып ұшқан аққулар
айдыннан әнін оздырса,
Қауырсын қанат жыр қалмақ.
Күлкі езу күннің сақалын

күлекей шынар тарақтап,
Бәлекей-шыбық дір етті,
бәйбіше-шыңға қарап қап.
Саңлауын тауып түндіктің

себездеп құйған ақ нұрмен,
Сімірді ақын шарапты ап.
Көбелек көңіл желпініп
іздеді ақын шоқ гүлін.

Киелі тағдыр, киік-жыр,
ақынға, сірә, жоқ тыным.
Алдайды аңғал ақынды
құшағын керіп құмар көз,

Ойыншыл бұлақ от бұрым.
Бауырым — сызда, көңіл — жаз,
көбігін шайқап нұр іштім,
Қураған құрақ арманға

түседі енді жыр ұшқын.
Қарағай тәнім бүр жарды,
қайнары сенсің жарық күн,
Мендегі артық ырыстың.

Сабаңнан сәуле сапырсам
суала көрме, бұлақ-Күн,
Інжілін ашып тірліктің
іздедім төрін жұмақтың,

Жұмағым менің, жұмыр жер,
алдыңа сенің бас иді
Ақыннан басқа жылап кім?!...
Айналып ақын бұлбұлға

әлемге салса ән-ұран,
Қомағай көңіл тартады
құлагер жырдың жалынан.
Пендеден күтпе рақым...

жаралған жасыл дүние
Ақынның аппақ жанынан.
Ақынның жаны ару-бақ,
гүл теріп жырдан арала,

Ақындық аппақ сезімнен
бастауын алған бар Ана,
Бітеліп көзі мейірімнің
ең соңғы ақын өлген күн,

Орнайды Ақыр-Замана.
Кесіліп бұлбұл-әлемнің
Қақалса қанға жыр-тілі,
Шым-шымдап шыққа көмілер

шыңдардың шынар-кірпігі.
Жоқтайды соңғы ақынды
өлеңсіз өлі дәуірде,
Тас жүректердің дүрсілі...

Зеңбіректердің гүрсілі...

МОЛА БАСЫНДАҒЫ МОНОЛОГ

Жауқазын гүлім, жан мұңым,
бал жаққан бала ерінге,
Жатырсың енді жайғасып
жатаған қырдың белінде.

Елжіреп сүйген еркем-ау,
елесің міне ұмыт боп,
Көңілден көшті сенің де.
Бастауын алған бақытқа,

бағыттан қанша жаңылды із,
Жанартау жүрек өшкесін,
жанарым — күл де, жаным — мұз.
Ажалға беріп еркіңді

Ақынның аппақ жүрегін,
Алдадың неге ару қыз.
Келмеске кетті мендегі
кеудемді керген асқақ үн,

Өзің боп енді тіл қатпас
таққанмен мола-тасқа мін.
Кектеніп сендік ажалға,
аттандым талай құшақтан,

Көз жасын сүртіп басқаның.
Белгіңді неге қалдырдың
көз-күйік қылып бөктерге,
Қадалған бейне сұр жебе

қабарған қара өкпемде.
Айттың ба менің атымды
ақынды сүйген еріннен
Аймалап ажал өпкенде?

Өртеніп аққан жасындай
өмірім қысқа, жол шағын,
Ашынып алған ақынның
көзінде болмас онша мұң.

Үрпие қапсың үркердей,
үмітке толы жанардан
Үзіліп түскен моншағым.
Жеткізбей жұлдыз, ай, түнім,

алдады арсыз тыңшы-үміт,
Тымағын шешіп таулардың,
көктем боп күлді күн шығып.
Құралай тағдыр құрбаным,

қойнында кәрі ажалдың,
Кімді ойлап жатсың тұншығып?..

ҚОЗҒАМАН КЕЛЕР ҒАСЫРДЫ

Көктемсіз мынау жалғанда
көгеріп өскен терекпін,
ұшырып кетіп жүрмесін
мендегі дауыл өр екпін.

Көзіңді жұмып қарама,
күн-жүрегімнен шуақ ал,
Мен саған-әлі керекпін.
Мен саған әлі керекпін

ақ ұлпа дақсыз арыңдай,
Жырыммен мөлдір шаярмын
мұңменен нала зарыңды-ай.
Басыңды бақас иіп қал,

ол да бір бақыт сендейге
Баһадүр ақын барында-ай!
Мен деген — жатқан айдынмын,
аунатқан айды керім дүр,

Қапсыра құш та қаныма ен,
шөліңіз қансын тегін бір.
Жарылар сәтте жар салар,
жапанға жалын от шашып,

Жанартауменен тегім бір.
Тас кеудеңді күл қылар,
жанартау — менің жалыным.
Өкпешіл сірә болмассың,

өршілдеу өстім, ал ұғын.
Көлгірсін көрмей жүргенде
көзіңнен қара құн алып,
Кетпесін менің жарығым.

Көзіңнің құны— көктиын,
жанарда отсыз: бар ма айбын?.
Өзегің өртке күлбіреп,
өзіңде қалар бар қайғың.

Кетемін көкке жұлдыз боп,
сендерге тастап табытты,
Үрпісін еміп арда айдың.
Құйрықты жұлдыз секілді

өтермін жердің тұсынан,—
Тірлікте жүрген көрбақтар
зәрелеңді әлі ұшырам:
Аруана емген бота едім,

ақ адал ардың құлына,
Ақуыз жырды ұсынам.
Өтпеймін оның тұсынан,
бір имей жұлдыз басымды,

Жақсыға алау от берем,
ойнатын өлең-жасынды.
Жырымның жайып жөргегін,
бесігін өзім тербетем,—

Қозғамаң келер ғасырды.

АДАМ — ӘЛЕМ

Тырнағына тағдырдың
шашсыз құйқа тілініп,
Тарақ-уақыт тісіне
үзілді үміт ілініп.

Уақыт түткен орманның
тұрған шығар орыны
Маңдайымнан білініп.
Әр тал шашым бір арман,

шашсыз маңда – Аралдай,
Сиреді ме ну орман,
ойсыз бастан нәр алмай.
Ай маңдайда сор қалың —

төзімменен үміттен,
Сол арманың жаралмай.
Арман-шашым ағарын,
сан бояу бар самайда,

Тағдыр-тарақ тісінен
тап та құтыл, ал айла.
Шекеміздің жалтырап
соқасындай шаруаның,

Тұрғандығын қалай ма?
Уға малып ерінін
уақыт сүйді маңдайдан,
Ащы еріннен татқызды

арсыз өмір «балдай дәм».
Бір тал шашым — бір арман,
жүріп жатыр сол үшін
Маңдайымда қан майдан.

Көз әлемнің есігі —
кірпік-жебе, тасқабақ,
Ми — қауыз да, ой— дақыл
ойсыз басың — асқабақ.

Асқабақ бас асығар
аяқтауға өмірді,
Еріктен тыс бастан ап.
ұстарасы ғұмырдың

ұлы айқасқа бекінді,
Тұяғынан кетілер
тұлпар-арман кекілді.
Жүрегімде мың әжім,

«Никиталар игерген»
Тың даласы секілді.
Әлем атты кеудемде
жер-жүрегім бүлкілдеп,

Жүрегім — жер, өзім — гүл,
күлкі — түпсіз жаңғырық,
Сор-күлкіні көтерер
омыртқасын нар бүгіп.

Күл-күлкіге көміліп
бетін басты ұяттан,—
Әдеп, иман, бар ғұрып.
Заман — кеуде, жер — жүрек,

күн — бауыр да, түн — өкпе,
Қан-қызыл жыр ағады
уақыт-тамыр түнекте,
Ми тояттап жыр-қанға,

жүйкемізде жүз арна —
Бәрі құдай жүрекке.
Жер-жүректің сорады
уақыт-тамыр қан-нәрін,

Тау-сенімді мүжиді
түлкі мінез таң-мәлін.
Күзен тісті таң-мәлін
ғұмырыңды кемірер,

Тоқтатуға бар ма әлің?..
Қан-тамырдан дауыл-жыр
тағы, міне, келді үдеп,
Әлем туыс кеудеммен

бір қуанып, тел жүдеп.
Шыр айналар шырылдап
адам атты әлемнің,
Уысында Жер-жүрек.

Ай-айнаның сынығы,
аспан-ару, көркем қыз,
Жұлдыз-тағдыр сорғалап
адам өшті, өртенді із.

Жоқ, өлмейді ұлы адам
айналады әлемге,
Материя ертең біз.
Материя ол адам —

қуаныш пен күйініш,
Тірлікке тән қозғалыс —
махаббат пен сүйініш.
Мына маған сенбесең,

жұлдыз-жасын аспанның,
Күн-зереңге құйып іш.
Түн-әжемнің күс қолы,
сәуле — қымыз, ай — саба,

Сәуле — қымыз сапырған
Түн —әжені бай сана.
Түн-шыдамың морт сынып,
нөпір нөсер төккенде,

Гүлге толар сай-сала.
Нөпір нөсер пәк сезім,
теңіз — тілек, жыр — жасын
ұқсамай ма осыған

ойлы кеуде бір басың?..
Өзіңді-өзің жоғалтпа!—
Адам — Әлем бір туыс,
Материя сырласым.

БІР АҒАҒА

Шөгерме бөрік тауларға
шөп желке төбе ұмсынып,
Шыңғырып шыңға таласып
бұлттардың сағы жүр сынып.

Есесі кеткен ессіздей
етектерін шайнайды,
Монтаны құмдар қымсынып.
Мезгілсіз орман бүр жарды

бұтақтан үміт ұрықтап,
Дір ете қалды ақ қайың
көмілген қарға сұлық қап.
Қаңтардың қайтты қаһары,

сүрме қас түннің есігін
Сүт езу аймен құлыптап.
Көгертіп көк тас бедерін
көп жылғы сүрлеу көн тепкі,

Шүйлігіп жасыл шүйгінге
тоғайды тосын өрт етті.
Жанған от бейне ашудан.
ұятын түрген қатындай,

Қып-қызыл тілін көрсетті!
ұятын түрген қатында
қиялың сүйген наз қап па?
Тұмсығын әлем шүйіріп,

өңешін созды аз баққа.
Құс мұрын тауға иленіп,
қыз бұрым бұлақ күледі
Шомылып улы ләззатқа.

Сағадан сақтық болмаса,
күледі әлі қыз — бұлақ
Саныңды ұрып сақ сынып,
қайтарсың, аға, жүз жылап.

Жамылып жатыр жат төсін,
жасампаз елдің жатыры—
Арланбаймыз ғой біз бірақ.
Көп арсыз әлде көз арсыз,

көріп те тұрып көрмеген
Көмір бетімді көрсетіп,
көппенен қалай көрге енем?
Қара бұлт келед шұбырып,

қаракөз бұлақ үстіне,
Итінген сайын өрлеген.
Үдере көшкен ібіліс,
іркілмей енді іңірде

ұлысып қорқау табысып,
ұйығып жатыр бір інде.
Баянды болмас көшіңіз,
баршаның жүгін артқанмен

Созылып кеткен сіңірге.
Тұралап қалған қара нар
жаққанмен тұрмас күйе мін.
Өзіңе аян, білесің,

өлсе де шықпас түйеде үн.
Атсаң да аттап баса алмас,
қарнауы кеткен қарынның
Терісі менен сүйегін.

Өрісі басқа кер үлек
келеңді сұрар өрекпіп.
Талыңды бұтар таяқша,
кесілсең бейне терек қып.

Өгей шеше — бауырмал,
көрде жатып қол бұлғар —
Жүр дейсің қай бір керек қып.
Шұбырынды ақтабан,—

солардан бізге саз қалды.
Ақсұңқарың азғындап,
аққуыңнан наз қалды.
Қара табан көк сіңір,

қоңсыз желке, қой мінез,
Шығуға жаны аз қалды.
Өзгенің түгел ұпайы,
өзіме тағам іштей мін,

Періште ұл мен қызыма —
пешінде заман піс деймін.
Именіп тұрып айтайын,
ит пен құсқа жем болып,

Қашанғы тілді тістеймін.
Қалықта, аға, қырандай
Айналып алып пішінге.
Көкбөрің жатыр— ұйқыда,

көк атты әлі күшінде
Бөрілік керек кей-кейде
Бөрібасар менен бөрбентай,
Ырылдай бермеу үшін де.

ТАРИХ АТАМ ТАРТҚАН КҮЙ

(Той үстіндегі тосын ой)

(Поэма)

Жаманшылыққа бір ілігіп қалған соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта,

кем болады.
Абай.
Жаным менің жадыраған нұрлы аймақ.
Жалау еттім жүрегіме жыр байлап.

Өтеуіне қан тамырым кепті де,
Өгіз арба —
Өнбегесін жүрісім,
Өксігімді айтып көрдім тектіге.

Шыңырау шындық
Шылғи бықсық өсектің,
Арасынан жан дауысым жетті ме,
Күн де күншіл, айда да бар алалық,

Деп тұрсың ба оның несі жаңалық?
Жел ұшырып,
Жеңнен сүйреп-құйын-күн,
Сөлін сорды миымның,

«Сона-уақыт маңдайыма қадалып».
Қыр қызсынып – құм етегін бүрмелеп.
Үміт кезіп бұл даланы жүр демек.
Мендік Тарих

Қайыр сұрап есіктен,
Жанарын құрт, жарғақ тонын бүрге жеп,
жата кетті «орным сірә ірге» деп.
Жолаушының бұл жүрісі дым ерек.

Деп жатырмыз,бізден сізге кім керек?
Қайыршыға
Қалған асты құйдырып,
Соны да бір сый біліп,

Жолыңды тап, өз жөніңді біл деп ек.
Қайыршы шал тартып сөйлеп тынысын,
«ұрпағымның ішпеймін,— деп,— ырысын,
Ақын болсаң,

Айғырсымай күлте жал,
Сөзіңнің айт,— деп – тастады,— дұрысын».
Отыр едік өңкей қасқа, кіл дана.
Ордасына от түскендей бір бала.

Қайыршыға
Қабақ түйе жекіріп,
Қарынынан жел шығара кекіріп,
Ән бастады гитарамен ырғала.

— Қияқ,

Қияқ,
Қияқ, қияқ, құй ақ деп,
Мас болмасақ махаббаттан ұят деп.
Ағам бишіл,

Жеңгем күйшіл зәнталақ,
Дүр дүрмектің екі көзі қанталап,
Сүйіссін деп,
Жас жұбайлар жабысып,

Махаббаттың қос кірпігі қамасып,
Тұрып алды қалың қауым анталап.
Жас жұбайлар жаласқанда таң асып.
Тоңып кеттім,

Тоң жастанып тұрғандай,
Жүрегімнің көздерінен тама шық.
Қабыл болып талай жылғы батасы.
Алшысынан аунап түсіп сақасы.

Кемпірінің
Кебежедей төсінен
Иіскеп қойды есіріктеу атасы.
Дәлдүрішке дәл осылай тұрыс тән,

Сумаң жігіт сығалайды бұрыштан.
Төс түймесін
Төменірек ағытты,
Күл бет көкем көздерінің нұры ұшқан.

Сұлулардың бойындағы ырық қап,
Тамырыңды басып көріп сыр ұқпақ
Арақ емес,
Ар құйылған кеседен

Маңғазсыды марқасқалар бір ұрттап.
Осында отыр ой кемірген бар ұлық,
Көртті көзге қарамайды нар іліп,
Аққу қыздар

Адасқандай айдыннан,
Бірде қонып, бірде ұшып сабылып.
Өңештіге аз қанағат өмір жем,
Түтін тыныс, будақтайды көмір дем.

Сыбағасын
Тартып жеуді ойлайды.
Тарғыл төбет тай өңгерген бөріңнен,
Түлкі тірлік жылмың сөзге бой ұрып

Қасқыр маңырап, қатуланды қой ұлып.
Қолың сынса,
Жең ішінде бітпей ме?—
Тасбақалар тарбаңдайды сойылып,

Арыстанның мойындаған күшің көп,
Алды Арекең «Аңқау елім үшін» деп.
Мақтап қойды
Мәймөңкелеу қанденді,

«Түптің түбі арлан соғар, күшім» деп.
Қанденіңді деп қояды, сыйлы інім.
Қанденіңде жоқ қой, сірә, ми жұғым.
Жарты әлемге

Жалғыз билік құрғандай,
Шошаңдатып үріп қойды құйрығын.
Жапалаққа жарқанат сый жолдайды,
Сезіп отыр қарға-құзғын ол жайлы.

Сүйенішін
Біліп алмай әуелі,
Сүйкімсізге тіл қатуға болмайды,
Төбесінде айдар қалмай өрімдік,

Әнші әтештің әуеніне көмілдік.
Жарлы бұлбұл
Жар болыпты қодыққа,
Соған бәрі беріп жатыр көрімдік.

Езуінен қан сорғалап қыранның,
Жолбарыстан сұрап отыр құлан құн.
Бақалардың
Көмекейі бүлкілдеп,

Ызғарынан қаймығады жыланның.
Бүркіт ақын
Бүріскенде бұрышта,
Әкеледі көз алдыма шымшықты.

Кемпірлердің кетік тісі ырсиып,
Жеңгелерім елестетті ұршықты.
Елдің жоғын
Түгендейтін

Ер көзі,
Бөкселердің арасында тұншықты.
Әне біреу
Әлімсақтан сөз қозғап,

Сары майдан суырылып қыл шықты...
Пай-пай-пай-пай құмарынан бір шықты.
Қияқ,
Қияқ, гитарадан күй ақты,

Қазақтағы ең соңғы той сияқты.
іштік-жедік
Намыс үшін, ар үшін,
Бұл нағылған халық еді ұятты.

Көз жұмылып
Көкіректе күн өшті,
Таң сәріде
Аусыл болған танадай,

Көбік ауыз гитараның үні өшті.
Қайыршыға көзін сүзіп бұқадай:

— Кімсіз өзі?—

Есіміңіз есте жоқ.
Деп сұрақты төте қойды бір «есті».
Тарих атам жас сорғалап жүзінен
Балдарынан соңғы үмітін үзіп ең,

Күй толғады
Қорқыт ата ізімен.
Күй дегенің ібіліс пе, шайтан ба?—
Тағы түсті-ау сорлы жүрек сойқанға.

Желкемнен кеп
Жерге тықты нығарлап,
Дей ме әлде омал да отыр, ойланба!
Сұңқылдаған

Қыз қобыздың әуені
Тәңірінің баян етті түр түсін.
Пенде біткен
Ақситады тістерін,

Жер-ананың шайнап тастап үрпісін?
Мыстан түннің
Ай жүзігі жарқырап,
Езулердің жалап алды күлкісін.

Көз алдымда
Бота боздап, нар құлан,
Көмейіме лықсып толды зәр бұлаң.
Қапылыста қарғын өлді әнеки,

Құлагерден қалған жалғыз арғымақ.
Бір шаба алмай
Кетті арғымақ көсіліп.
Байғұсым-ай, бар тілеуі кесіліп.

Соңы еді сол
Тұмар таққан тұлпардың,
Шыңнан ұшты жал-құйрығы есіліп.
Азбан, күйлеп,

Ақыл азды тұтымнан,
Берекелі безіп ырыс-құтымнан.
Бөрі болар
Бөлтіріктің азуын

Бөрбентай ит қағып алды тұқылдан.
Неткен заман
Аш қасқырдай жұтынған?!.
Ай азынап, күн күңіреніп тұтылған?!

Кер есектің
Құлағындай ербеңдеп,
Кісімсиді өңкей әңгі құтырған.
Жайын-мансап

Қарсы жүзін ағымға,
Көзін тігіп көлгірсиді сағымға.
Бұғағынан
Буы шығып байлықтың,

Ешкі емердей ентігеді шағылда.
Иі қанған пұшпағындай терінің,
Мың бүктеліп тіске иленді ерінім.
Көз шарасы

Сауып ішті тынымсыз
Аспан деген кәрі қыздың желінін,
Қобыз болып боздағанда мая түн,
Шанағынан шашылды өмір зая құм.

Бір-бірінің
Сілкіп жеген сіңірін,
Пенделерді, құдай, қалай аядың?
Алғанымен сумаң жігіт ырықты,

Күй үнінен жезөкше де сыр ұқты.
Қобыз тілі
Қою түнді жамылып.
Иманының төбе шашын қырықты.

Ит күшігі үріп кетті таққа ұлып,
Тырысса да көрсетпеуге жат қылық.
Сылқым қаншық
Сырттанына сүйенді,

Емшегінен ар уызы шаптырып.
Сырттан ағам қос танауы түтіндеп.
Жартыға қас, жасап отыр бүтінге еп.
Сылқымына

Сыр шертеді әуезді:
«Балаңды еміз, енді ішпе, күтін деп.
Көп күпірден іздеп жалғыз адалды,
Тарих-атам шер қоздатты таң алды.

Ми қауызын
Шағып тастап жаңғақша,
Жүрегіме қобыз үні қадалды.
Қайран қобыз,

Қобыз емес, қоңыр үн,
Жүрісіндей баяу екен торының.
Мінгізді де
Қанатына қиялдың,

Аралатты ата-бабам қорымын.
Қорым,
Қорым.
Құлпытастар жел үккен,

Тілдескелі қанша ғасыр өлікпен.
Құшақ жайып
Күліп қойды маған да,
Көздеріңе құм құям деп бөліп тең.

Қорым, Қорым.
Қой тастарым сыр бүккен —
Өміріме мәңгі қояр бір нүктем.
Аяқталып

Осы жерде сапарым,
Сарқылады сары саумал жыр біткен.
Таң лүпілі жүрегіне дем беріп,
Аруақ біткен жүреді екен сенделіп.

Ауызымнан
Арақ иісі мүңкіген,
Сырт айнала ұйытқи соқты жел жеріп.
Жел дегенім,

Демі ме әлде аруақтың.
Қобыз үнін қайталайды зар жақ құм.
Қызығына
Қыз-қыз әлем тойдым деп,

Жұлдыздарды жұтып қойды талмап түн
Жұлдызсыз түн, күнсіз таңның арасын,
Тұр айырып тауға біткен дара шың
Аруақтардың

Сұқ саусағы түртеді,
Шарап жеген шартық ұлдың санасын.
Шынар қызға сырға тағып жігіт-күн,
Ақ сәулесін жаққан сәтте үміттің

Аруақтарды
Үркітіппін қорымнан,
Мен көргенсіз оны қайдан біліппін?..
Ақынсымақ көкіректі жыр күпті,

Күй құдірет тастан-тасқа ырғытты.
Езуімнен
Төгілгенде зәр-шарап,
Шамданбай-ақ жер-көрхана қылғытты.

Жер құтырды
Ындынына у дарып,
Қудан-Құтан, ханнан ырыс құл қағып.
Ақыл-есін

Құйып алып шөлмекке,
Қайда кетіп бара жатыр бұл халық?..
Жер жынданды, тау құтырып, тас құрып,
Өңкей аруақ бірін-бірі басқа ұрып.

Тәлтіректеп
Тәңірімді ұмытып,
Құса бердім, құса бердім қас қылып.
Зәр құсықты жұтқынына жұқ біліп,

Құлпы тастар билеп кетті тік тұрып.
Арақ-әкем
Аруақтан да күшті екен.
Бұл неғылған, құдайым-ау, мықтылық,

Қарағайдың қайың жұлып ақ шашын,
Қу орманның өрт жалмады бақшасын.
Қарқ-қарқ күліп,
Қақырады қанды жын,

Жүзінші атам қағып қойып шақшасын.
Қойға қарғы, итке күйек салдырып,
Аруларым аңға айналды мал қылық.
Отқа үйітті

Қара жердің құйқасын,
Ақ бұлаққа ат қасасын малдырып,
Тау көзінен ірің ағып, қан саулап,
Қазинадан қалып жатыр жау сауға ап.

Мыңыншы атам
Миығынан күледі,
Оныншы атам ойқас қылды қаусаңдап.
Көздері ит, өздері есек көп пенде.

Топырақты шашып жаттық өткенге.
Қорымдардың
Қой тастарын лақтырып,
Аруақтарды айдап шықтық бөктерге.

Күштілерін майда тілмен азғырып,
Әлсіздерін ішке теуіп жазғырып.
Аруақтарға
Ақ арақтан ішкіздік...

Кәдімгідей той иесін мәз қылып.
Өлгендермен тілдеспекші ермекке ел,
Самайлардан сорғалатып кермек тер,
Ойсыздардың

Озбыр басы көк тіреп,
Аруақтарға ақырады жендеттер.
Мың қосшыға табылғасын бір басшы,
Өңкей тобыр өрттей лаулап қырға асты.

Ер Тарғынды
Ебін тауып өлтіріп,
Қобыландыны қолыменен қырмақшы.
Қыңыр елдің қылығына арып қыр,

Пері болды періштеге дарып кір.
Қазақстан —
Жын-шөлмектің ішінен,
Ұл-қызының ауызына сарып тұр.

Жын-шөлмектің ішіп улы сарығын,
Ұлы ұрпақ ұмытты нұр, жарығын.
Бара жатты
Бір кездері желге ұшып,

Қайран елім шірігіндей тарының.
Дос тілегін қимаймын деп сор асап.
Қазақтарға қазақ жатыр мола сап.
Жас келіннің құрсағында сол түні

У шараптан пайда болды Болашақ.
Көзімдегі күле қарап жасқа жат,
Бұл тірліктен болмас маған басқа азап.
Көк шөлмектің бүйірінен сығалап,

Көрінгенге көз сатады «Жас Қазақ».
Қанатына қыстырғанда құс-қайғы
Жүрегімді шер түтіні ыстайды.
Біздің ұрпақ

Көк шөлмектің түбіне
Үймелеген көк шыбынға ұқсайды.
Тарих ата, ұрпағыңды қамшылап,
Жүрегіңнің мұң қатпарын аршып ап.

Қанша ғасыр,
Қайғы жеді жаныңды,
Қырау қатқан маңдайыңды қар шылап.
Үкі жылдар ұлпа түгін жұлдырып,

Ақтұйғынға айбат шегіп бұлдырық.
Тұлыбына
Ыңыранған інгендей,
Үміт ада болғаны ма тұл ғұрып?..

Шың-шыңғырса тау талағы ісініп,
Қасқа басын тасқа ұрады кісілік.
Тандыр-құлқын
Табаға сап қуырмақ,

Әр кеудеге бір-бір күлше пісіріп.
ұшқынындай өмір қысқа шақпақтың,
Тағдырымды талай теуіп, тасқа аттым.
Дөңгелендім

Дүбірінде дүрмектің,
Төбел туған құлынындай қасқа аттың.
Өмір зая нәрін сорды жұлынның,
Қыз дәуренге көрді бармай ұрын кім?!

Құлын күнім
Құйрық-жалы төгіліп,
Тақымында ойнақтайды ұлымның.
Тарих-атам күй тартқанда зарлаған,

Үріп кетті үйір-үйір бар надан.
Ит ғасырдың
Илеуінде мүлгіген,
Мәңгүрттерді оята көр, жан бабам!..

ӨКСІК

(Саяси-публицистикалық дастан)

Ындыны құрдым ымырасыз жалған,
ырқыма көнбей қор қылды,
Алқалы топқа айтып өлейін
арманға толы соңғы үнді.

Имансыз туған ибасыз беттің
жылан жүзіндей дүние,
Жұтып тын мына сорлыңды!
Торсық қарын, томар бастарға

тоқпан жілікті бұлдаған,
Бұлдырық бауыр, бура төс батпан
зіл ғалам.
Күркірегенде күл құсып жатқан жанар тау —

Өңешім менің құрғаған.
Қаңтар заманың қаншық қасқырдай
мұз қадағанда қабаққа,
Тұғырдан туған тоң мойын

көзін алартты торы атқа.
Барақтан шығып пар атпен жеткен иттердің,
Тісінің ізі балақта.
Тілінің уы діліме дарып,

дінімнің оты сөнген күн,
Сары төбеттің сарығын алып,
сасық төсінен емгенмін.
Тамыры нәрсіз, тағдыры сәнсіз

тал қайың,
Обалдарыңа қалдым сендердің.
...«мен өлгенмін»...
Қаршыға төсін қара тау-шыңдар

жасырған сәтте ұлардан,
Шынардан шыбық ұрлатты
ішіңнен шыққан шұбардан.
Көзіне құм құйылып,

сарқылған саумал бұлақтай,
Қара жамылды ұлы орман.
Ойнасшыл қатын ойран болғандай
талақтан,

Ару дүниенің аузы-мұрнынан қан аққан.
Беттерін басып күңірене көшті
бұлттар да,
Адам атаны жаратқан.

Қыңыр қыздың қылықты сәтін
бетіне басқан тексіздей,
Жолбикелер жұлқына шапты жеткізбей.
Безбендеп жүр-ау әлі де мендік бақытты.

Бекіре жалды бетсіз кей...
Қорғасын мұңнан у дарып
құрсағындағы құлынға,
«заңды некеден зар болдық

Заманға тұлға бір ұлға
«Ағадан» аяр құн асап
айтаққа ерген арланмын,
Ұяласын қыруға.

...«Арсыз екенмін шынында»...
Булығып бұзау бұралып тұрды саранау,
Тұрғызды тұмса аяқ астынан
қара дау.

бас-басына баһадүр болған
қиқымды,
қиын емес қой алалау.
Қутыңдап азбан құдайыңа да қақырды,

Кәлима-тілі қабірден шығып пақырдың.
Қамал көрлерден заман — пернеңе қол жетпей,
ұйқылы-ояу жатырмын.
Жолбарыс тері жотасын берген ер дала,

Таңдайыңнан таспа алып азап берді аға.
Үмбеттерің үн шығармасын деп іңірде,
«Ібілістігіңе тағы да бастың сен жаңа,
Қажеті жоқ, қорғама...»

Қарақұрт шағып, қара нар шөккен кейіпте,
Басымды менің сүйредің талай бейітке.
Бағландарыма өлу үшін де жер жетпей,
Бастары қалды сейфте.

Тұлпардың тұяғын шауып,
тобыққа таға шегелеп,
Жеңімпаз болдың
жетімнен ырыс бөле жеп.

Бүлінгеннен бүлдіргі алған
бөрбентай
Аяма, тағы, тебе кет.
Аларыңды алдың не керек?!..

Қызығы қашып, қымыраны іріп,
қызымнан қылық кеткен бе,
Қазанатымды қашырлар қуып тепкен бе?!.
ұлдарым шықты шәуілдеп

«ұялы қасқыр» деп жүрген,
Түбіне қорқау жеткен бе?!.
Шаруасы бітіп, шаршаған шалдай
шаңырағын қалған

күзетіп,
Жазықсыз жанын жауыр қылғасын
біз етік.
Түн көздердің түбінен аяз еседі,

Итжеккендегідей сыз өтіп.
Күшік көңіл қыңсылағанда
сілекей тамшы көз қаптап,
Кезеді сағым сары шағылды

жезге аптап.
«Жүрмесін,— дей ме —
раңдар басын шайқайды,
Бәлелі жерде тырнақ қап».

Тас кеміріп, тарыққан қақпанды қасқыр
тісіндей,
Мазасын алған Махамбет
Хан Жәңгірдің түсіндей.

Қалай жатыр қаралы далам қабарып,
Өксіктен өті ісінбей?!
Бүйрегі бейне бүтіндей.
Қырық аяқ пойыз қыл тамағыма

Қыл табан жолды енгізіп,
Өгейдің қолы өз нанымнан өлместің
нәрін берді үзіп.
Нұх Пайғамбардай

теңізде қалған шарасыз,
Бабалар үміт өлді үзіп.
Тағылар тістеп, тал бойыма
талайдан уыт таралған,

Аумай кетемін ауаға толы
буылған жамау қанардан.
Мен басқадан емес, басымнан қорқам
басымнан,

Бақастықтардан жаралған.
Сұмпайылардың сұм пиғылындай
сұрлануын-ай бұлттардың,
Қыдыр дарыған

қырманындай қызылға үйір қырттардың.
Ай күледі азу тісін
пенделеріне ақситып,
«Соңғысы мен,— деп,— сыртанның».

Білем, білем сырттандарымды құртқанмын...
Өгіз-тақым өзгеден өнген
торпақтың үні шарасыз,
Өйткенше неге өтпедің екен,

қайран бабам-ай, баласыз!
Шалғылы шаруа, шатаң шығарып жылама —
Не ексең соны орасыз.
Жұпар жусан тапауымды

тарыққан сәтте қытықтап,
Қыз-дүние қылымсиды-сорлының
сорасынан ұтып бақ.
Қолда өскен күшік қолдасып

кетті басқамен,
Желкемнен менің мытып қап.
Қауырсын қанат қасқалдағым да
баспалдағыңа бас ұрды,

Баспалдағымен басыма шығып,
аузымнан қақты асымды.
Жеңгетай неме жезтырнағымен сүртеді,
Көзімнен аққан жасымды.

«Қайт»—десе де, қасқалдақтар
қасарысып шығынды,
Қарға тамыр қара мылтық —
қырық ауыз, бір ұңғы.

Ит тірліктің сүйегіне таласып,
Сүйенішім жығылды.
ұрда-жықтың екпіні
Сұлтаныңды ұлтан қып,

Қара орманым, қауқарың жоқ
бір талдық.
Ынтымақсыз мінезіңді қадады,
Ындыныңа қылқан қып.

Қөңіліңнен аққан өлең іріңіндей соқырдың,
Мен бе соқыр, шындығында соқыр кім?!
Соны таппай отырмын.
Боқтап шығып кетсем бе екен

босқын боп,
Босағасын отымның?!
Торғайлардың топ тарқатар
таңғы жыры секілді,

Құлдық қылдың батысыңа...
шығысыңнан не тынды?!
Өзгеге емес, өзгелердің барлығы
Өздеріне табынуға бекінді.

«Асықсайшы, түсіп қалды екінді».
Түйе мойын түйсіксіз —
тышқан шыққан жыл көріп,
Ауызына ас салады,

аңқау неме кім келіп?
Әлімсақтан әдетің —
әп дегенде тұралап,
Жүретұғын ірмеліп.

Көшіп кетті көп халық
көшін алға оздырып,
Ер қолынан құс тоймай
қоламтада тозды үміт.

ұл туғанда ұранды
у да-шу ғып қоя ма,
Басқаға қол создырып?!
Асау толқын ықтырып

тау қойнынан тас бөлді.
«Тура биің» толғанып
бұл қылықты жат көрді,
Желтоқсанда жебірлер

жең ұшынан жалғасқан,
Жау астына сап берді.
Қылаң емес, жылан боп,
топтан тұғыр бәйге алды,

Қасқа айғырдың баласы
қазығында байланды.
Қанаттыда сұңқарым,
тұяқтыда тұлпарым,

Азғындауға айналды.
Енді сенің нең қалды —
құмаршық пен жусан ба?-
Жеп кетеді жегі құрт

оны да әлі бір таңда...
Құлқындыдан құн сұра—
жауыр болған жабының,
Жабағысын қырқарда.

Тау басынан жол салды
тарнау-тарнау бұлақтар.
Бәйбіше күн астынан
гүлдер шықты қыратқа әр,

Тізе бүкпей, тірлігіңді білдіріп.
Сен де жайқал,
Құрақ тал!
Тағы саған сұрақ бар —

жүрегіме жүз бүккен,
Жалықпай ма жаныңыз
жалбарынған тірліктен?!
Ойран болып ордаңыз,

шайқалады шаңырағың
Мынау жалған бірліктен.
Мейлі, осы сырымды
«өктемдік пен өрлік» де,

Мен ақынмын – көне алмаймын
кемдікке.
Нағыз достық сөздерде емес жылтырақ,
Нағыз достық— теңдікте.

Бөз көйлектің қаны кеппей
қамсыз күлген мұңлығым,
Асулы тұр мойныңа
аяқтағы шынжырың.

Алшаң-алшаң аттайсың ғой «боспын» деп,
Басып кетпе барсакелмес құрдымын.
«Өзім ғой— деп елжіредім,
өксігіме құлақ сал.

Ең болмаса, бірге сыңсып
жылап қал.
Қайда кеттің, әпербақан ала ауыз,
Жамырасқан бұлақтар?!

ҚЫЗҒАЛДАҚ ӨМІР, ҚЫЗ ЖАЛҒАН

(Арнау)

Атам Адай репрессия жылдары Орта Азия өңіріне ауғанда, менің әкем Шеркешбай бес жастағы бала екен. Мен— сол жалғыздың жапырағымын.

Автор.

Булығып ыстық құшаққа
бусанып атқан таң қандай!—
Тас жүрек таудың өзі де
тамсанып естен танғандай.

Балқытып барша әлемді
ай сәуле күннің көзінен
Алланың нұры тамғандай.
Шапағатыңа шөлдеген

шарайна жердің пендесі ем,
Өртенін тұрған тозаққа
өзіме салса келмес ем.
Саламат енді болғайсың

сағымға сіңіп жоғалған
Сары уыз шағым сен де есен.
Гүл ұстап алдан жүгірген
көк көйлек ару көктем-қыз.

Көрдің бе, қалқам, мінеки,
көріксіз едік неткен біз.
Ақ жаңбыр күзге асығып,
қызғалдақпенен шегелеп

Періште күнді кеткенбіз.
Ақ шулан толқын құм етек,
нөсерден нөпір із қалған,
Көктемі көшкен көңілдің

көрігін үрлер ызбарлы ән.
Қылымсып маған қарайсың
қырқадан бұлғап орамал,
Қызғалдақ өмір, қыз жалған.

Қаңтардың қарын сүйеді
өткізіп күнді көн ерін,
Көн ерін сүйген көк бет мұз —
қаңтарға қасаң не дерім?

Бұлқынтып сені бір құшып
бұрымыңа, қыз жалған,
Буынып өлсем деп едім.

БУЫНЫП ӨЛСЕМ ДЕП ЕДІҢ

Тамсанып, ажал, қарама,
табытың болса таңа бер,
Омыртқасын он бүгіп
демейін еске алады ел.

Мәңгілік ғұмыр кешсінші,
Күн атаның белінен,
Жаралған тамшы қара жер.
Сілекей-сәуле, ай-езу.

Сіміріп ішіп құныққан.
Қара түн-көзім ашқарақ,
ондайға онсыз тұлып тән,
Найзағай жалын бұлт тарап,

жастық шақ бейне асаудай,
Құтылын шыққан құрықтан.
Дабылы дамыл таптырмай
демінен алау от өрген,

Айрылып сенен қалдым-ау
арғымақ-күнім бекер мен.
төрімнен орын берейін
төредей жылдар қайдасың,

төбеме айды көтерген?
Қорғасын бұлтқа қол создым
ашсам деп аппақ сырыңды,
Көзіңнің жасын сықтың да

қыз болып кеттің бұрымды.
Аталық аспан күн-кіндік,
өгейсітіп қарама,
Өзіңнен туған ұлыңды.

Елес боп еніп түсіме
өңімде маған үн қатқан,
Сәулелі шашақ, ай жаулық
сен бе екен, әлде түнгі аспан?

Жанымды ұғар жалғызым,
жазира дала кемеңгер,
Өзіңмен ғана сырласқам.
Аруана тектес мекенге

бір бота керек мендей,
Боздаған бота жүректен
ағады жырым әл бермей.
Сағынышымды саудалап

арзандық қылсам алдыңда
Қоя сал оған мән бермей.
Тепкісінен тексіздің
теперіш көрген бір мен бе,

Көз жұмды қанша ұлдарың
көре алмай сені іргеңде.
Есіме бәрі түседі
момақан қырдың желкесін

Сексеуіл-саусақ бүргенде.
Айдынынан айрылған
балапан құста сын бар ма?
қоштасар сәтте әжемнің көз жасы

қалған жылғаңда.
Үзілмей кеткен үміттің
сәулесі әне ойнайды,
Сұлу қыз сенің сырғаңда.

Қоңырауын тақтым арманның
күймелі жүйрік жылдарға,
Шашып ап қанша жинадым
шарайна көңіл сынғанда.

Көтеріп күнді көшіріп,
мәңгілік жасыл көктемді
Әкелсем деп ем бұл маңға..
Тағдырдың жолы әр басқа

зауалдың зары бір білем,—
Жазықсыз өлген жандардың
түрілмей қалған түндігі ең.
Айналайын, атажұрт,

ақша бұлт болып жөңкіген
Сағыныштардың кіндігі ең.
Тұсауын алып шабайын
қасірет, қайғы,— шідердің,

Қасіретіңді шекпесе
қасиетіңді білер кім?
Адасып тағы қалардай
ойымды үрей билейді,

Ойнайын десем бірер күн.
Қақпаны қанды ғасырдың
білесің жайын сен, елім.
Біз деген бүгін иесі

желкені жыртық кеменің.
Жалғызын сүйіп маңдайдан
жалғаннан кеткен бір шалдың,
Күрсінген соңғы демі едім.

Тектілер туын тіккенде
тең тұрып қылыш сермеген,
Шалдырып басын шортанға
қиылды қанша елде Емен.

Тілегін тілеп сол шалдар
ізінде қалған жалғыздың
Жапырағы едім мен деген.
Жан далам, жалғыз жұмағым,

У ұсын, мейлі, бал арна
Қылқан боп қанша қадалдым
жұтқысы келген аранға.
Тапталып қалып жүрмесін

қайыңнан қайта көктеген
Жапырақ-тағдыр араңда.
Кім білген мынау дәуірде,
қазулы аран, ор да алда,

Бұтағы жаңа бүр жарған
жалғызға онда жол бар ма?
Біріңді-бірің көпсінбей
Жапырақ-тағдыр, халқым-ау,

Айналып кетсең орманға.
Жапырақ-тағдыр жайқалып
айналса бір-бір қайыңға,
Жұлдыз тісін ақситып

қол созар еді-ау айың да.
Бар болсаң Құдай көктегі,
көгеріп мен де көктейін,
Жапырағымнан айырма.

Өртеніп өшкен орманға
талшыбық тағдыр бір белгі,
Қанша үміт тағы сөнерін
қамшы ғып тарих кімдерді?..

Тыңдауға құлақ табам ба?..
Тірілтіп қайта сөйлетсем,
Тістеулі кеткен тілдерді.
Алашқа Алла қарыздар

алақан жайсам төлей ме?
Әніне басып баяғы
әлде де қанға бөлей ме?..
Бір жалын керек, ерітер,

домбыра-тағдыр, халқым-ау,—
Қорғасын құйған көмейге.
Көмейің елім көмбе сыр,
тот басқан құлып зіл қара,—

қызығыңды қызыл көз
қызыл ит қашты қырға ала.
Мамырлап сенің көліңнен
Мағжандар ұшып кеткелі,

Жарымай жүрсің жырға да.
Бүйірден кейде басады
бүйідей қара тас тығын,
Маңдайда тағдыр сызығы

ал одан, сірә, асты кім?
Қартайту үшін халқымды
ертерек ұрлап жөнелген
Міржақыптардың жастығын.

Шарықтап ойдың көгінен
шеріммен шемен шоламын,
Сорымда менің сонда ғой
баяғы жартас... сол ағын.

Жетесіз туған жетпегір
тұмар ғып таққан Алашты,
Қорымы бірге қорқаулар
үстінде тұрып күле ме

Ахмет жатқан моланың.
Туысы бөлек тұлпарым,
ауызын саған сан ашты.
Үрпісін сауып өгіздің

аңқау елге арамза
Дүмшелер қанша бал ашты.
Көк аттыға көрсеткен
күдіре жалды шоқтығын,

Көкмойнағымды көксеймін
ойыма бермей от тыным.
Томар бас тұғыр кермеде
торайға талай көрсетті

Тұлпардан тұяқ жоқтығын.
Әбзелдеп мінер, әттең-ай,
құладан құлын қалмаған.
Тобылғы сапты қамшым бар

ту бие беріп малдаған.
Бүлдіргісі үзілді
бүлінгі көрген жесірдей,
Бұрымын жұлып талдаған.

Құлагер-жырды жастанып –
құладым талай қалжырап,
Көзімнің жасын көл-көсір -
көрсетпей жұтты бал бұлақ.

Сақалы күйгір «Серкелер»
кезекпен келіп кемірген
Сырласым болды тал құрақ.
Екі рет асап ебімен

асырып айла қу қызды,
Төбесін көкке теліген
тектіні итке қуғызды.
Есекпен жемдес ешкіден

заманның тоқал текесі
Мүйізсіз мүрде туғызды.
Атасы азбан әңгілер
жанасты жаумен қиын сәт,

Қоңырауын соқты «...измің»
көмейге күміс тиын сап.
Қаңқуын тыйып қараның
қайтеді енді, ағайын,

Қамшыгер шалға сыйынсақ?!
Төрдегі тақтан дәмелі
көрдегі жатқан қу бас та,
Құныққан жанның көзіне

айналып кетер у да асқа.
Ақсұңқар құстың баласын
айырып алмай қарғадан
Азғаннан тозған тумас па?..

Қайырлы болсын таңыңыз,
қара көз орман, тал-шыбық.
Жанарыңнан жанкешті
жүрмесін тағы қан шығып.

Келіспей енді тон пішсең,
кетуі мүмкін кеудеңнен,
Кез-келген сәтте жан шығып.

ҒАСЫР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ

(Толғау)

Тауда бас жоқ, иық бар,
қылша мойыны қиылған,
Күнің құрысын, күндікші,
бассыз тауға сыйынған.

Темір таңдай, болат тіс,
тажал ғасыр тамсанар,
Сағыз жасап миыңнан.
Сенің миың, адамзат,

семіп кеткен бүйректей,
Арлы болсаң ажал құш,
сол бүйректі сүйретпей.
Көзіме мұң ұялап,

көңілімнен жүр менің
Бір қаралы күй кетпей.
Жүрегімді кеміріп, күй бұлақтан түсті арна,
Сол бір күйден шошынып ұлар шыңнан ұшқанда.

ұйықтап жатты көрбақтар бассыз тауды баяғы,
Түн құдайың жұтқанда.
Түн құдайың алпауыт
күйім кетті ішінде,

Оянды әлгі көрбақтар
келіп адам пішінге
Құлқындарың құрттаған,
жалғандықты ықтаған,

Өңкей пенде қырт-надан,
үлкенің де, кішің де...
Деп бұрқасын дауылда
айқай салды аспан көк,

Аспан көктен ал, әлгі
көрбақтарың сасқан жоқ.
Көрбақтарың шығады
жер — ананың маңдайын,

Өкшесімен басқанда от.
Түн құдайы тағы да
ай-азуын білеп тұр.
Жанға сауға сұрауға

арың — арам, жүрек — кір.
Арың — көрбақ кірленген,
Атом ұстап пірленген.
Қарсы ал енді ажалды,

Өзіңе-өзің білек түр.
Сорлы жердің сорасы,
Сыр боп құйып Аралға,
Тағы да тос тағдырым,

қандай зауал бар алда.
Тауды мүжіп, тас жеген,
күрек тісім бақандай.
Сенбей-ақ қой маған да...

Түн құдайдың өңеші
қорыта алмай күнәмді,
Шошып кетті шоқ жұлдыз
жүрегімнен кір әлгі.

Түн құдайдың езуін сүртіп жатты жел-жеңге,
жұлып алып раңды.
Сол раңдар бабамның жүрегінен көктеген,
Жасыл раң хош иіс көз қызығар неткен өң.

Менің тәнім — қара зәр,
Құдайдың да, әнеки,
Тамағынан өтпеген.
Бұйырмайды ақ жуған тектіге тән өлім де,

Біздейлерге орын жоқ, жер-жұмақтың
төрінде.
Темір ғасыр тас жүрек,
шық уақыттың сапынан

Қара бет боп бөлін де...
Айнал сосын шайтанға өлім сені
неғылсын?!—
Анау аяр көзіңнен қанды жасың ағылсын.

Керуеніне ұрпақтың қарай алмай ұяттан,
Жүзіңе күйе жағылсын.
Ойлан, құдай, оңаша, шел басты ма көзіңді,
Пайғамбарлар жеткізген мен ұмыттым сөзіңді.

Несібесін ұрпақтың, жеп тауысқан
құлқыным,
Енді аңсап жүр өзіңді.
Сені қолға түсірсем —

күтпе менен шапағат,
Қанға өскен қасқырмын қарғадайдан
қаталап.
Жер — жұмыртқа, көк — мұхит,

Адам — жүзген айдаһар,
Жұмыртқаны асап ап.
Құдай әлі саған да құрам тұзақ еппенен,
Биіктік жоқ мен үшін созсам қолым

жетпеген.
Түн — дастархан, ал жұлдыз шашылған
мың бауырсақ –
Бірақ күнде жеп берем.

Ару жүзін ғаламның сойып түсер
тырнақпын,
Көбесінен суырар сол тырнақты ырғап кім?..
Иреңдеген біз жылан, тар құрсағын

кеңітіп,
Әлем — ана бейбақтың.
Бейбақ әлем пендемін, періште емес
ақсынған,

Таға бермей сенде мін, аударыңыз,
тақсыр мән.
Біздің ғасыр аумайды өз аяғын
шайнаған.

Қақпандағы қасқырдан.
Күн — араны арланның, ай — құйрығы түлкінің,
Түлкі өмірде болмайды пендеңізге бір тыным,
Бұлт қабағын жиырып, аспан маған қарайды,

Терісіндей кірпінің.
Сегізкөзден сеңгір тау омырылып тұр құлап,
Көлге басын жылайды бала құрақ
ұрғылап.

Жердің көзін ағызды миын сорып
сүліктей,
Темір ғасыр бұрғылап.
Аузында Алласы, қолдарында құран жүр,

Жүз періште — жүзінде, жүрегінде жылан жүр.
Мынау жалдап ғасырдың жаназасын
шығарып,
Болмыстан тыс бір ән жүр.

Сенесің бе сол бір ән жан азалы күй тербеп.
Қолтығына ажалдың жетелейді икемдеп.
Жер — арыстан ұйқыда денесіне біз тығып,
Күйшең ғасыр сүйкенбек.

Аспан алып құс болса жер жемсауы
шіріген,
Шімірікпестен шіріткен шіренгеннің бірі мен.
Жұлдыздардың ішінде аялайды

жер ана,
Лыпасымен іріген.
Жер анасы лыпасыз темір ғасыр
«гүлденбек».

Қасқырсынар қандені «Пілге де біз
үрген»— деп.
Шындығыңды шыжғырып жасап жатыр
тұс-тұстан.

Жылаған да еп, күлген де еп.
Іріп кеткен лыпасы жасыра алмай
ұятын,
Жер-ананың құны жоқ насыбайдай бір

атым.
Өз ұлынан қара жер елестейді ана боп
Қайыр сұрап тұратын.
Артық кетсем, ағайын, кеңдігіңмен кешесің,

Айтар әлі біз жайлы келер ұрпақ
неше сын.
Түкірдім мен түріңе, темір ғасыр, тас
жүрек,

Шешіндірген шешесін...

ТҮБЕКТЕГІ ТҮН

(Арнау)

Темір Ықыласұлына арнаймын

Бүкір айға сүйенген түн баласын,
Алып бара жатады қырға ала шың.
Сәншіл бақтың көзінен шық тамады,
Әншіл самал салғанда ырғамасын.

Қайран, далам, ақсамай алтын бесік,
Бұлтпен бірге барады нарқың көшіп.
Үркер үнсіз қарайды шекесімен,
Туған айдың кіндігін салқын кесіп.

Жігіттейін ұнатқан қыз көрігін,
Түнге бетін басады біздегі мұң.
Көлге төккен Көңілдің махаббатын,
Қайтқан құстың мен де сол тізбегімін.

Айдың нұры
Ақырын салып шуақ,
Қайтқан құсқа қарайды налып құрақ.
Іңір індеп

Сәріде бой түзеген,
Шолпан жұлдыз шығады алып шырақ.
Жапырма тас
Жарқабақ нар құлаған,

Сол нарларды айтатын ән ғып ағам.
Қалғымаған
Қапысыз жарқанатқа,
Қара түнде қарайды жалғыз адам.

Айға арман,
Күнге үміт желкендесін,
Түннің жасын барады өлкем кешіп.
Сортап жолдар

Суырлып иреңдейді,
Қай төбеден ашпақшы ертеңге есік?..
Күрсініскен
Күйінген қасталы маң,

Жыры жүрек, жейді әне, дастаны жан.
Бас қамынан
Аспаған төрешінің,
Қол жайғанда не күтем аспанынан.

Ел еді бұл
Бүйіріп күйіс керген,
Жатпен жатып не, таптың сүйіскеннен?
Менен билік кеткелі қашан бірақ,

Жең ішінен жұдырық түйіскенмен.
Қанша атасың
Қоңыр көз, құба таңым.
Құба таңнан құнығып нұр асадым.

Жә, Маңғыстау...
Көзіңе сүрткі болып,
Түрткі көрген жаныңды жұбатамын.
Сүртем сенің

Көзіңді, жұртым-елім,
Шөкім бұлт боп егіліп іркілемін.
Жақсы менен айырар жаманыңды,
Әр жүректің басында бір түн өлім.

Темір аға!
Көрдің бе тілектесім,
Түбекте түн, жүрмейді жүрекке сын.
Иемізде басқа боп бара жатыр,

Инеміздің көзінен жіп өткесін.
Ерге лайық
Сөзіңнен таптым сарын,
Ниетіңнің ақ уызын таттым нәрін.

Құйрықтарын бұтына тығып алған,
Ағаның да көрдік біз сатқындарын.
Бақ алмайды,
Бәйгеңді бап алады,

Бұл жұмбақты кім қане таба алады?
Сұрқай күннің
Жағасын итше жыртып,
Кіл бұралқы кісімсіп абалады.

Боздауық жел,
Боз дала, қырат мұңды,
Көріксіз түн, көксау тал жылап тұрды.
Әтешсіз де таңы атқан мекен еді,

Әлде кімдер әйтеуір тұрақ қылды.
Қайран елім
Қан төккен өмір қиып,
Өкпе-назың жатыр-ay көзің де ұйып.

Отпан тау да оңаша күрсінеді,
Оқжетпестен санаған өзін биік.
Бағаналар ербиген құлақтасып,
Сардияды самайын жылап қасып.

Күй бұраулы
Көңілдің бал пернесін,
Мен осылай отырам ұзақ басып.
Түсініксіз

Бұл өзі басқа бір ән,
Қарт қағынды,— әулекі, жас та — жылан.
Уыз түннің
Көзінен жұлдыз ағып,

Арман құлап барады асқарынан.
Екі көзге
Еріксіз жас тығады,
Асау көңіл осылай бастығады.

Бас көтерген
Мойынның омыртқасын,
Ас көтерген қарындар басқылады.
Тігістелген

ұраны алтын әдіп,
ұраншылға қарайды халқы налып.
Қайда барсаң
Шөмиген шөже қораз,

Кәрі әтештің кекілін тартып алып.
Кісен салған
Асауға құрық басып,
Желпінбейді сондықтан жігіт тасып.

Өзімсініп қасына ерту үшін,
Өңешіңе қарайды тығып қасық.
Дәуірімнен соғады бір дем бөтен,
Мен осынау қорқамын үннен көкем.

Итінуге
Иіліп бәлсінеді,
Ол еңкейсе сен жатып үлгірмесең.
Темір аға,

Көрдің бе көрігімді?..
Көңілімнің көрсеңіз төрі мұңды.
Менен кейін
Жақсы да болар бәлкім,

Менің қайта кім берер өмірімді?..
Шықсын аға,
Шырайлы ізден көктем,
Бал сәулесін бақыттың үзген көктен

Бақыт қайта
Келгенмен болашаққа,
Уақыт қайта келмейді бізбен кеткен
Халық едік

Арылмас соры көптен,
Ойлы басты ойсызы орын өткен.
Менің неге ұрлайды несібемді,
Менен бұрын қазанға қолы жеткен?

Өткіншіміз
Уақытқа көгендеген,
Жырға нәр,
Сайға қанын төгер денем.

Жолаушының тонаған жол азығын,
Қарақшылар қашан да көгермеген.
Жүрек керек
Қуанар, жылай білер,

Адалдықтың ақ туын сұрай жүрер.
Қарақшысы қаптаған бұл сапарда,
Кімнің аман қаларын құдай білер.
Жүр бізді де

Бар қауіп төңіректеп,
Мұнар бұлты көңілге шөгін өтпек.
Төс етіңді
Төрт бөліп өз құзғының,

Бізден де өтіп барады өмір ептеп.
Тектіліктің
Көзіне қан іріккен,
Құрт көбейді құмымда тамыр үккен

Сендей жанның
Барына таң қаламын,
Дәл осынау мекенде әлі біткен.
Көрдік міне

Бай, балпаң, төресін де.
Кім болмайды кемді күн сөресінде.
Қатып өлген киіктің лағындай,
Жатын өлген жандарды көресің бе?

Күннен озған
Кез болды-ау ай атағы.
Аллам елді қатерден ая тағы.
Жүре беріп

ұйықтаған бұл халықты,
Түрегеліп кім енді оятады?
Темір аға,
Біз солай қара түнбіз.

Көрсетпейді ту тігер қарасын құз.
Жүр-жүр дейді
Аламан ағысқа үйір,
Жүрдік делік...

Ал қайда баратырмыз?..
Өлең өксіп,
Сәт болды ән арыған.
Шеке қасып

Шерленген барады ұлан.
Бақытсыздау
Арудай байқаусызда,
Түннің жұлдыз ағады жанарынан.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙