Логотерапия, или стремление к жизни
Виктор Франкл
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Логотерапия, или стремление к жизни» — философско-психологическая книга о поиске человеком смысла жизни, преодолении трудностей и обретении внутренней опоры. В ней представлены идеи логотерапии Виктора Франкла и переводы ряда его работ. Книга затрагивает вопросы смысла жизни, свободы выбора, отв...
Мұқаба
ЛОГОТЕРАПИЯ
немесе
өмірге ҚҰШТАРЛЫҚ
Алматы-2022
«Ар болмаса, ой болмаса,
Кеуде деген – бір қуыс.
Үн болмаса, гүл болмаса,
Бұлбұл деген – бір сұр құс».
Халық мақалы
УДК 1/14
ББК 87
Л 69
ТҰТАС КІТАПТЫ НЕМЕСЕ КІТАПТЫҢ ҚАНДАЙ ДА БІР БӨЛІМІН
КЕЗ-КЕЛГЕН ФОРМАТТА АВТОРЛАРДЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ
КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.
БАРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР САҚТАЛЫНҒАН.
“Отбасы хрестоматиясы” жобасы
Жобаның авторы: Санжар Керімбай
Құрастырып, алғысөзі мен түсініктерін жазғандар:
Мұхит Төлеген – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университетінің аға оқытушысы, PhD
Әділбек Нәби – Дінтанушы магистр.
Сұлтан Тайғарин – Әлеуметтанушы магистр.
ЛОГОТЕРАПИЯ НЕМЕСЕ ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ
Л 69 ОТБАСЫ ХРЕСТОМАТИЯСЫ. Алтыншы басылым./Құраст. С. Керімбай,
Ә. Нәби, М. Төлеген С. Тайғарин/ – Алматы: «Отбасы хрестоматиясы» ҚҚ,
– 2022. – 472 б.
ІSBN 978-601-7558-02-4
Кітап өмірден мән іздеп, тіршіліктің түпкі себептеріне үңілген қарапайым оқырманға арналған. Сонымен қатар суицидпен күресуші кез келген қоғамдық тұлғаға және медицина, психология, философия, дінтану, мәдениеттану, педагогика мамандығында оқитын студенттерге факультативті құрал ретінде ұсынылады. Кітапта психоаналитик, философ, логотерапевт Виктор Франклдың экзистенция анализі және логотерапия туралы жазған бірнеше еңбектерінің аудармасы жинақталған. Одан бөлек басқа да ғалымдардың логотерапия жайлы жазған мақалалары енгізілді. Кітапта логотерапия принциптері қазақтың дәстүрлі дүниетанымымен салыстырыла отырып жазылған. Яссауи, Абай, Шәкәрім сынды қазақ ғұламаларының еңбектері аналогия ретінде берілген. Шығыс шайырлары мен көшпенді халықтың аңыз-қиссалары молынан енгізілді.
УДК 1/14
ББК 87
ІSBN 978-601-7558-02-4 © Құспан А., 2022
© OtbasyBooks, 2022
ӨМІРДІҢ МҰРАТЫ МЕН МАҢЫЗЫ ХАҚЫНДА
Адамды тануға ұмтылыс – ежелден келе жатқан түрлі ғылыми саланың зерттеу нысаны. Пәлсапалық трактаттардың мәнді өзегі. Сократ, Платон, Аристотельдер, Конфуций мен Буддалар, Ғайса мен Мұхамбет пайғамбарлар дәуірінен өмірдің сырын ашуға көптеген талпыныс болды. Тарихтағы қай ғылым, қай дін, халықтың ғасырлар бойы жиналған даналығы болсын адамға бойындағы қасиеттерді ашуға, белгілі бір ақиқаттарды пайымдауға, зерттеулерді паш етуге ұмтылған. Бірақ түбі терең кей сұраққа әзірге толық жауап берілген жоқ. Әлемді рухани игеру мәңгілік процесс. Бір жағынан таным процесі ақиқатқа жетіп, бар сұрақтың жауабы ашылса адамзатқа ғылымның қажеті болмай қалар еді. Сондықтан өмірдің тылсым сыры мен адам табиғатын зерделеу бітпейтін, шексіз үдеріс іспетті. Бұл еңбек қазіргі адамның бітім-болмысын құндылық ретінде талдап, бағалауға ұмтылған. Екіншіден, әлемдік деңгейдегі философ Виктор Франклдың зерттеуін қазақша тәржімелеп жеткізуді мақсат еткен. Бірақ мақсатты артығымен орындап, сапасын аударма деңгейінен асырып жіберген. Заманында Платон мен Аристотель еңбектеріне Фараби араб тілінде комментарий бергенде екі бірдей игілікті жұмыс атқарғанын білеміз. Біріншіден, бүкіл Шығыс мәдениетін Антика өркениетінің даналық жауһарларымен таныстырған. Екіншіден, Батыстың рационалдық мәдениетін жаңа деңгейде зерделеуге жол ашып кетті. Кітапта халықтың рухани түсінігі мен сұранысына сай келетін жаңа пайымдау, тың көзқарас, мол дерек қолданғанын байқадым. Франклдың философиялық ойларын, танымын қазақ тілінде қарапайым берген. Мысал ретінде қазақ ойшылдарының ғана емес, қисса, аңыздарын, әлемдік классикалық даналықтың озық үлгісінен үзінділер беріліп, Франклдың айтпақ ойын жеңілдетіп жеткізген. Мүмкіндігінше практикалық өмірге жақындатқан. Әрине, кітапта автордың көзқарастары бір-бірімен астасып жататын кездері көп кездеседі. Батыстың адам мен қоғам туралы теориялық ілімдері, әсіресе Зигмуд Фрейдтің психологиясы сыналып, логотерапияның маңыздылығы мен құндылығы дәлелденеді. Әрі осы дәйектемелердің тереңдігі бірден байқалады. Еңбек негізінен ғылыми-көпшілікке арналған. Ондағы мәліметтер мен ақпараттар оқырманды ашық сұхбатқа шақырып, кітаптың басы-аяғына дейін оқырманмен сөйлесіп отырғандай әсер қалдырады. Адамның болмысының терең қатпарына сүңгіп, ондағы махаббат, ар-ұят, жауапкершілік, еркіндік феномені сияқты нәзік сезімдерге назар аудартып, терең ойлар қозғаған. Кітаптың негізгі идеясы – адам рухани құндылығын лайықты деңгейге көтеру. Сол арқылы құмарлықтың түпкі феноменін ашып көрсеткен. Адам табиғатын зерттеу табиғи негізден басталса, адам бойындағы үш түрлі инстинкт – өзін-өзі қорғау, өзін-өзі асырау, ұрпақ қалдыру сияқты әрекеттер адамды хайуанаттар әлеміне жақын етіп, солардың тіршілігімен сәйкестендіріп жібереді. Бірақ пендені адам ететін оның жан дүниесі, рухани ұстанымы екеніне күмән келтіруге болмайды. Рухани дүниенің қалыптасуы мен даму заңдылығы табиғаттың, тіпті әлеуметтік дүниенің қатаң тәртіпке сүйенген қатынасына қарағанда әлдеқайда нәзік әрі күрделі екені белгілі. Міне, осы тұста адамға қажетті үш әлемнің өзара байланысы, бір-бірімен астасуы қажет екенін байқаймыз. Олар: мәдениет, дін және ғылым. Осы үш сала жеке жол таппай, бір-бірін толықтырғанда ғана адам болмысының күрделі де әсем келбеті айшықтана түседі. Бірақ, әзірге олардың өзара қақтығысын ғана көрудеміз. Мәдени қақтығыстар мен бәсекелестік, діни терең иірімдердің кемшін тартуы, ғылыми екбектердің прагматикалық жолды таңдауы... Негізінде үшеуінің өзара синтезі өмірдің негізгі мәнін, махаббатпен, шығармашылықпен өмір сүрудің кілтін анықтауға көмектесер еді. Әрине, болашақта адамзат көптеген күрделі мәселесін шешу үшін рухани тазару, рухани кемелдену жолын таңдауы тиіс екені анық. Осы таңдаудың өзі адам бақытының өз қолында екенін көрсетеді. Адам шығармашылық дарынын, қабілетін нақты әлеуметтік дүниеде, адамдар арасында махаббатпен жүзеге асырған жағдайда өмірінің әрбір сәтінен рухани рақат алары сөзсіз. Осы кітап арқылы қазақ оқырмандарына әлемдік классикалық ой-танымның дұрыс деңгейде қабылдануына тілектеспіз. Өмірінің кей сәтінде жабырқатып, көңілін кірбің басқан жандар үшін осындай шығармалар жанған шырақтай бағдар болар деген үмітіміз де бар. Қалайда шығарманың негізгі лейтмотиві – өмірсүйгіштікке тәрбиелеу, халқымыз қадірлейтін құндылықтарды бағалауға шақыру, адами махаббаттың құдіретін мәпелеуге үн қосу. Сондықтан еңбек тек теориялық зерделеуде ғана емес, сонымен қатар өмір қайшылықтарын шешуде, тұлғалық рухани қалыптасуда көптеген азаматтарға практикалық мағынада көмегін тигізіп жатса құба құп.
Философия ғылымдарының
докторы, профессор
С.Нұрмұратов
ВИКТОР ФРАНКЛДЫҢ ЛОГОТЕРАПИЯСЫ
Бұл еңбек психология бойынша жазылған кітаптардан ерекше. Аталмыш еңбек рухани болмыс-бітіміңді айшықтап, құндылықтар әлеміне үңіле отырып, көкірек көзіңді ашуға септеседі. Қазіргі кезде көптеген психологиялық кітаптар қалт еткен мүмкіндікті қапы жібермей, дереу жүзеге асыра қоятын прагматикалық кеңестер ұсынуға ғана қабілетті. Бұл кітапта адамның биік қалауы мен арманы жайлы түрлі ой-пікірлер егжей-тегжейлі талданып берілген. Кітапта көрсетілгендей, әлемдік ғалымдар ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында адам санасын академиялық тұрғыдан зерттеуге кірісті. Бірінші Вена қаласында Зигмунд Фрейдтің психоаналитикалық мектебі қалыптасты. Ол тұлғаны билеп-төстейтін мотивтерге назар аудартты. Сол арқылы адам психикасында болатын невроздың түпкі себебін анықтауға тырысты. Адамның бейсаналы әрекеті мен түпсанадағы мотиві жайлы талай сырды ашты. Психоанализде әліге дейін қолданатын тұрақты терминдерді бірінші болып Фрейд қалыптастырды. Адамның болмысын ИД, ЭГО, СУПЕР ЭГО деп үшке бөліп қарастырған да Фрейд болатын. Әлбетте, Фрейдтің кем-кетігі мен жарамсыз тұстарын кейінгі толқын толықтырып әкетті. Көп ұзамай Фрейдтің психоаналитикалық қауымдастығынан Альфред Адлер бастаған бір толқын бөлініп шығып, өз алдына мектеп ашты. Адлер оны «индивидуалистік психология» деп атады. Оның концепциясы бойынша адам билікке жету үшін, айналасына үстемдік орнату үшін өзін шексіз дамытып, кем тұстарын толықтырумен әуре болады. Адамның өмірге деген негізгі мотиві – мәртебеге жетсем деген амбиция. Бұлардың теориясы Совет өкіметі кезінде Қазақстанға да кең тарады. Медицина, оқу-ағарту саласында Фрейд пен Адлер көзқарастары негізінде көптеген тренингтер, тәжірибелер жүргізілді. Бізге бұрын-соңды беймәлімдеу боп келген үшінші мектеп және бар. Ол да Венада құрылған. Бұл логотерапия деп аталды. Беймәлімдеу болған себебі: Франклдың ілімін СССР-ге кіргізбеген. Себебі – Франкл дін ғылымын түбегейлі теріске шығармаған. Ол адам санасы мен мінез-құлқына оң әсер етуде діннің де зор ықпалы барын ашық мойындаған. Веналық психиатр Виктор Франкл ІІ дүниежүзілік соғыста Освенцум мен Дахауда (концлагерь) бастан кешкен тәжірибесіне сүйеніп, логотерапия саласының негізін қалаған. Адамның рухани дүниесіндегі проблемаларға, невроздарға қатысты тың идеялар ұсынған. Невроз секілді аурулардан арылудың, айығудың жолын қарастырған. Алдыңғы психология мектептерін сынай отырып, олардың да жеткіліксіз тұсын алға тартқан. Оның көзқарасы бойынша адамды өмір сүруге құштар ететін негізгі мотив – адамның Мән қалауы. Франклдың бұл идеясы әлемде бірден қолдау тапты. Оның дәлелі Франкл еңбектерінің отызға жуық тілге аударылды. Логотерапия бағытына қатысты көптеген ғылыми еңбектер, диссертациялар жазылып қорғалды. Франклдың идеясының ерекшелігі адамның трансцендентті болмыс екенін, өзінің шегінен асып шығып, тылсым әлеммен байланыс құруға қабілетті екенін дәлелдейді. Осы идея кітаптың өзегіне айналып, еңбектің өн бойына қан жүгіртіп тұрады. Кітапты құрастырушылар Франклдың осы идеясын кешенді түрде ұсынуға тырысқан. Сондықтан, Франкл идеялары қазақ дүниетанымы негізінде кітап болып басылып шығуын құптарлық жайт деп бағалаймын. Бұл кітап тұлға психологиясы мен жас ерекшелігі психологиясын оқу кезінде пайдалануға болады. Қазіргі жастардың кейбіреулері Өмірдің мәнін дұрыс түсінбеудің кесірінен суицидке жиі ұрынады. Бұл кітапты егжей-тегжейлі оқып, ондағы қағидаларды практикаға ендіру арқылы бұл дертпен күресу мүмкіншілігі туады деп ойлаймын. Қоғамдық, әлеуметтік проблемалардың шешімін іздеуде кітаптың кәдеге жарайтынына сенімдімін. Қорыта келгенде, құрастырушылар логотерапия бағытының мазмұнын қазақ аудиториясына алғаш рет ұсынып отыр. Кітап қарапайым адамның өмірден Мән тауып, мағыналы ғұмыр кешуіне септеседі деп сенемін. Болашақта психологтардың осы бағытқа қызығып, тың салаға бет бұруына түрткі болады деп үміттенемін.
Абай атындағы ҚазҰПУ,
Жалпы және қолданбалы
психология кафедрасының меңгерушісі,
психология ғылымдарының кандидаты,
профессор Ұ.Нұрғалиева
ЛОГОТЕРАПИЯ ДЕГЕН НЕ?
Логотерапия деген не? Қайдан шықты? Нені білдіреді? Шыны керек, көбі оны логопедпен шатыстырады. Бұл ілімнің негізін қалаушы Виктор Франкл бұл сөзді бірінші рет тың мағынада қолданған. Ол гректің «Логос» сөзін «МӘН» деген мағынада алған. Қазақша «Хикмет ілімі» дейміз. Ал, терапия «ем» дегенді білдіреді. Екеуі «Мәнмен емдеу» немесе «Хикмет шипасы» деген мағына береді. Бұл еңбек әу баста суицид кеселіне қарсы жазылған. Бірақ онда «суицид» сөзі сирек кездеседі. Себебі Франкл оны сирек қолданған. Ол аурумен емес, оны тудырушы «вирусты» жоюмен шұғылданған. Шындығында бәленің бәрі түпкі негіздің тоқырауынан шығады. Франкл оны «рухани болмыс» деп таныды. Ал вирусқа «экзистенция вакумы» деген атау берді. Ол жайлы толық баяндалады. Рухани болмысты психология тілімен «адамның ноологикалық қабаты» деді. «Ноо» («noos») – көне грек тілінде «ақыл» немесе «рух» деген сөз. Ал логос «ілім» мағынасында. Сонда қазақшасы – «рух ілімі» немесе «рухани ілім». Бұл адамға тән қасиеттердің жинақталған қабатын зерттейтін ғылым. Франкл адамды үшке бөлген. Пенденің кірпіш тәнін «соматикалық дене» деді. Шартты және шартсыз рефлекс пен импульстер жайғасқан аймақты «психофизикалық қабат» деп алды. Үшіншісін «ноологикалық болмыс» деп бекітті. Ол «Пенденің АДАМ болуы немесе бордай тозуы ноологикалық өзекке тәуелді. Өзектегі осы дерт кетпейінше, адам невроз хәлінен құтыла алмайды» деп түйді. Бұл терминді таңдағаны да қызық. Франкл жан, ақыл, рухтың мағынасын беретін «spіrіt» сөзін қолданғысы келмеген. «Себебі, – дейді ол, –«бұл сөз көбіне діни реңге ие боп кетті. «Spіrіt» десе, көзге дін адамы елестейді. Ілімді академиялық ортаға әкелу үшін «noos» сөзін әдейі таңдадым». Расымен де солай. Осы терминді «рухани ілім» деп қазақша қолдансақ, діни лидерлер елестеп, ілімнің академиялық форматы көмескі тартады. Сондықтан ұғымды ортақ терминмен атауға мәжбүрміз. Рухани ілімнің аясын кеңіту үшін академиктер классикалық атауларды қолданбайды. Мысалы, Шәкәрім қажының «дін ғылымын» «Ар ілімі» деп атағаны сияқты. Қажы атамыз да Құранды теріс оқитын дүмшелер дінді былғап біткен соң, амалдың жоғынан басқа атау іздеген. Діннің басты міндеті арды оятып, жүрек көзін ашу емес пе?! Рухани қасиеттерді танумен шұғылданған білімпаздар ықылым заманнан бар. Сол ізденіс келе-келе ХІХ ғасырдың аяғында «экзистенция» атаумен түрлі салаға бөлініп, бөлек ғылым болып кетті. «Экзистенция философиясы», «экзистенция психологиясы», «экзистенция анализі» деп кете береді. Оларды қалыптастырып, таратушы ғалымдардың аты-жөніне, шығу тарихына тоқталмаймыз. Түсінікті болу үшін «экзистенция» сөзін ашықтай кетеміз. Бұл латынның көне «ex-sіstere» сөзінен шығады. Мағынасы: «даралану», «бөліну», «көзге түсу», «пайда болу», «іргелену» деген. Яғни адамды іштен өзгертетін қасиеттер жиынтығы. Мысалы, ел ішінде қарапайым бір адам тіршілік кешеді. Ол – көптің бірі. Ешкім елеп-ескермейді. Бір күні ол күрт өзгереді. Мінез-құлқы, дүниетанымы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы 180 градусқа ауысады. Сырттан қарасаң ештеңе көрінбейді. Сол баяғы адам. Ішкен-жегені, барған жері, араласқан ортасы – сол күйі. Бірақ көз алдыңда түлеп жатыр. Шындығында оның өзі емес, ойы ғана өзгерді. Ой-пікірі тіршілігін түрлендірді. Міне, осы кезде тобырда көрінбей жүрген пенде дереу дараланып, тұлғаланады. Кесек-кесек сөздерімен, ізгі істерімен, ақылды шешімдерімен іргеленіп шығады. Осы өзгеріп, қалыптанып жатқан тіршілікті «экзистенция» дейміз. Адам толық қалыптанып, жасалып біткен болмыс емес. Соңғы демі үзілгенше тіршілігі түрлене береді. Мысалы, бір сиыр сатып алып, сауып ішіп отырсыз делік. Оның экзистенциясына бас қатырмайсыз. Малдың ішіп-жемі мен жылы қорасына ғана алаңдайсыз. Тамағы тоқ, қорасы жылы болса, проблема жоқ. Сиыр өлсе, тура сондай басқасын сатып аласыз. Онда да ештеңе өзгермейді. Алдыңғы сиырға жасаған жайлы жағдайды жаңасына жасап бейқам жүресіз. Ал бірнеше балалы болсаңыз, талай феноменге куә боласыз. Адамда туғаннан толып тұратын экзистенциялық қасиеттер пендені өмір алаңында шыр көбелек айналдырады. Баланың барлық проблемасын шешіп, алтын табақпен ас тартсаң да, бұ дүниеге сыймай, айналасын ала тайдай бүлдіре береді. Өмірін сүріп біткенше мың құбылады. Неше балаңыз болса, сонша экзистенция көресіз. Бір-біріне ұқсамайды. Біреуіне берген тәрбиені екіншісіне сол күйінде қолдана алмайсыз. Әр бала әр тарапта ізденеді. Кімнің қай күні, қай жерге барып тоқтарын ешкім ілкіден айта алмайды. Неге? Себебі экзистенциялық сұрақтар қыспаққа алып, жасы есейген сайын қылбұрауды тарылта түсті. Қартайған сайын: «Не істеп жүрмін? Бұ дүниеге қайдан келдім? Ақирет шынымен бар ма? Өлім деген не? Өлген соң өмір бар ма? Бізді Құдай жаратты ма? Жаратса менен не тілейді? Ар-ұят деген не? Тағдыр деген не? Өмірімді өзім жасаймын ба әлде Тәңірдің қалауымен еріксіз дөңгелеп жүрмін бе? Ерік қалауым бар ма, жоқ па? Тағдырымды өзгерте аламын ба әлде түрлі себепке жетектеліп жүре берем бе? Жауапкершілік деген не? Не үшін жауаптымын? Кімнің алдында жауаптымын?» деген сұрақтар ішкі әлемнен шұбатылып шыға береді. Франклдың тілімен айтқанда «Адам дүниеге келгенде кім екенін толық көрсетпейді. Бірақ міндеті – «КІМ» екенін көрсету». Тағдыр мен тіршілік осылардың жауабына тәуелді. Жауап бермесе, адам тағдырдан жеңіледі. Осы тұста бір жайтты ескеру керек. Адам экзистенция сұрақтарына бас ауыртса «міндетті түрде бақытты өмір сүреді» деу қате. Жауабын таппаса нигилизмге ұрынуы демде. Оған ұрынған соң кие санап, төбесіне тұтатын бірде-бір құндылығы қалмайды. Өмірге құштар қылатын хикмет атаулы ғайып болады. Сол кезде адам депрессияға ұрынады. Бұл құздан құлаудың аз-ақ алдында тұр деген белгі. Экзистенция сұрақтарына жауап бермей тайқып кетсе, ішкілікке салынып, мастыққа жұтылуы мүмкін. Немесе қартайғанда бала сияқты сауық-сайранға құмар болады. Мұндай позиция басын құмға тығып тұра қалатын түйеқұстың күлкілі кейпін еске салады. Экзистенция анализі осы тұста айқындалады. Психотерапевт пациентті емдегенде осы қасиеттерін есепке алады. «Жоғарыдағы сұрақтарға қай деңгейде жауап берді? Өмірін өзгерту үшін қай қасиетіне табан тіреді?». Жауабына сай көмек қолын созады. Осыдан кейін логотерапияның міндеті айқындалады. Ол оптимистік бағытта қозғалады. Экзистенцияның барлық сұрағына позитивті жауап береді. Көңілдегі түйткіл мен түйін тарқатылған сайын суицид алыстайды. Суицидті тоқтатқысы келгендер экзистенция сұрағымен жекпе-жек шығудан қорықпасын. «Өзін өзі таныған адам Жаратушы Тәңірін де таниды» деген көне тәмсіл бар. Енді осыны оңайлатып былай да беруге болады: «Кім экзистенциялық қасиетін танып, дамытып машықтанса, Жаратушы Иесін де тезірек таниды». Жоғарыда сауын сиырды мысалға келтірдік. Адамға мал сияқты қарауға болмайды! Экзистенция талауына түсіп, жер-көкке сыймай аласұрып жүрген жанға: «Үйің бар, әйелің бар, жұмысың бар, көлігің бар, ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда, онсыз да той да – сенікі, тон да – сенікі, саған не жетпейді?!» деп ұрсудың пайдасы жоқ. Ілімнен бейхабар пенде «Маған МӘН жетіспейді, Хикмет жетіспейді» дей алмайды. Себебі көзін тырнап ашқалы «Қарның тоқ болса, баспанаң бар болса, дипломың қолына тисе, басың аман, бауырың бүтін болса ғұмыр кешуге сол да жетіп жатыр. Сондықтан сабақты жақсы оқып, жақсы жұмысқа тұр» деген құрғақ ақылды ғана естиді. Ал «МӘН», «ХИКМЕТ» деген сөзді естімеген болуы да мүмкін. Себебі СССР 70 жыл билік құрғанда коммунистер мен большевиктер мұндай дүниетанымды жадынан өшірген. Адамға зат деп қарайтын ілімді РЕДУКЦИОНИЗМ дейді. Редукционистер адамды ұлықтамайды. Керісінше ұсақ етіп, кішірейтіп көрсетеді. «Адамның 18 мың ғаламда рөлі жоқ. Құдайдың халифасы деген өтірік. Ол әрі кетсе – компьютердің ар жақ, бер жағындағы жанды мақұлық. Ар-ұят деген жоқ. Ол тәрбиеден қалыптасқан шартты рефлекстің бір түрі. Болмасқа басыңды қатырмай, «оралыңның барында ойна да, күл» деп, «рақаттану принципін» айламен таңады. Виктор Франклдың Логотерапияны бөлек ғылым етіп қалыптастыруына да осы ілім түрткі болған. Оқиға былай басталған: ХХ ғасырдың басында Зигмунд Фрейд негізін қалаған психоанализ жаңа ғылым ретінде Еуропаны дүр сілкіндіріп жатқан кез. Түпкі санаға сүңгуді меңгерген бұл ілім зор жаңалық болды. Бейсаналы түрде жасайтын іс-әрекетті психоанализбен түсіндіруге талпынған бұл ғылымға Франкл ерте қызыққан. Небәрі 21 жасында психоанализ туралы ғылыми мақала жазып, оны Фрейдке жолдаған. Фрейд оны баласынбай, мақаласын ғылыми журналға бастырады. Франкл оны жүзбе-жүз көрмесе де, тұрақты хат жазысып тұрады. Айта кетелік, Зигмунд Фрейд Франклдан 47 жас үлкен болған. Бір күні Франкл ақсақал Фрейдке «Мен психоанализді терең оқығым келеді. Сіздің қауымдастыққа мүше болайын» деп хат жазады. Фрейд оны Психоанализ қауымдастығының бас хатшысы Федернге сілтейді. Франкл келісілген уақытта ғалымның кабинетіне келеді. Кірсе Федерн үстелінде жазу жазып отыр екен. Франклдың кіргенін білсе де, бас көтерместен жұмысын істеп отыра берді. Франкл ұзақ уақыт күткендей болады. Біраздан соң Федерн «отыр» деп ишара жасайды. Сосын әй жоқ, шәй жоқ, гүжілдеген жуан даусымен: «Иә, құрметті Франкл, қандай невроз мазаңды алып жүрген?» деп түйеден түскендей дүңк еткізеді. Франкл сұраққа бірдеңелерді айтып жауап берген болады. Федерн: «Сен бала әуелі медициналық институтты бітіріп ал. Сосын маған келерсің», – дейді (Франкл ол кезде мединституттың студенті болатын). Осы сәтті логотерапияның дүниеге келген сағаты десе де болғандай. Кездесуден Франклдың көңілі жермен-жексен боп шығады. Ол Дунайдың жағасына барып, есін жинай алмай әрі-бері жүріп алады. Иә, не боп қалды сонда Франклға? Федерн не бүлдіріп қойды? Ол ойын жинақтап, картинаны қайта елестетіп тұрды. «Әй жоқ, шәй жоқ, «Ана жерге отыр да, неврозыңды айт» дегені несі?! Мақұл, бұл сондай әдіс делік, соның өзінде бұл ілімде адамшылықтың ұштығы түгіл, пұштығы да жоқ. Күттіріп қойғаны несі?! Ол үшін кешірім де сұрамады. Ең болмаса «Інім, он минут күте тұршы, мына қағазды жазып тастайын» десе, несі кетті?! Не адаммен дұрыс амандаспайды. «Хәлің қалай, оқуың қалай? Не үшін психоанализге қызығып жүрсің?» дегеннің бірі жоқ. Сонда мені неврозбен ауырған соң ғана соларға келді деп тұр ма?! Осындай да ғылым бола ма?! Сонда маған назар салғанда адамды емес, тек неврозды көріп тұр ма?! Бұлар адамды емес, неврозды зерттеумен айналыса ма?!» деген сұрақтармен басы қатып тұрды. Осылайша Франкл адамға зат деп қарайтын РЕДУКЦИОНИЗММЕН тұңғыш бетпе-бет келді. «Федерннен шыққан соң көздегі шелді біреу сылып алғандай көзім шайдай ашылды» деп еске алады. Осыдан бастап редукционизмге қарсы майдан ашты. Өмірінің соңына шейін «Адамға зат сияқты қараушы болмаңдар!» дегенді қайталаудан жалықпады. Фрейдтермен қош айтысқан соң, атының басын Адлер қалыптастырған «Индивидуалды психология» мектебіне бұрды. Бұнда біраз тәлім алып, тәжірибе жинаған соң ол жақтан да кетуге мәжбүр болады. Кетуіне негізгі себеп – ҰЛЫ СҰРАҚТАРДЫҢ талқыға түспеуі. Яғни «Адамның адамшылық міндеті не?», «Өмірдегі миссиясы қандай?», «Адамдық борышы бар ма, жоқ па?» деген сұрақтар жауапсыз қалады. Адлер мектебі «Адам кемдігін жойып, үнемі жетіліп, басқаға үстемдік ету үшін өмір сүруге талпынады» деді. Франкл мұндай принциптермен келіспеді. Себебі ол орта мектепте жүргенде-ақ «Адам не үшін жаратылды?», «Өмірдің мәні не?», «Өлгенше нені атқарып үлгеруім керек?Мойныма жүктелген міндет бар ма, жоқ па? Ештеңе жоқ деп санасақ, осындай сұрақты қоятын қасиет не үшін берілді?», «Неге мен сияқты адамнан басқа мақұлық толғанып торықпайды?», «Өлетінімді білемін. Сонда өлімді сезіп, біліп тұрудың мәні не? Не үшін өлетінімді ілкіден сеземін? Осыны сездіріп тұрған кім? Маған сонда не істе дейді?» деген сұрақтармен бас қатырған. Осылайша бөлек мектеп ашатыны белгілі болды. Франкл небәрі 24-25 жасында халыққа тегін кеңес беретін пункттер ашады. Қызығы: оның әсері сұмдық болды. Әрекет еткен аймағында суицид ізім-ғайым жоғалды. Редукционистер «Оралыңның барында ойна да, күл» деп ұрандатса, Франкл «Оралыңның барында хикмет ізде» деген девизді қарсы қойды. Франкл бәленің бәрі адамға зат сияқты қараудан шығатынын есейген сайын түсіне берді. Дәрігер боп жүргенде экзистенция сұрағына жауап таппай, аласұрған науқастарды көп көрді. Оларға мына нәрсе жетіспейтін: Жан түкпірінде «Маған адам сияқты қараса екен» деген сезім. Адам заттана бастағанда суицидтің жиілейтінін Франкл емес, басқа да ғалымдар айтып жатты. Америкалық социолог Уильям Ирвин: «Адам үстел, орындық сияқты қолданатын зат емес. Өзінің заттанып, өмірінің құнсызданғанын байқаса, суицид жасайды» деген еді.
Адамның жануардан айырмасы барын да талай данышпан айтқан. Ақылы, сөйлеуі, тік жүруі, күлуі тағысын тағы деп кете береді. Бірақ Франкл ерекше екі қасиетті айырып алды. Сол екеуін логотерапияның фундаменті етіп қалады. Біріншісі – өзінен есеп алу қабілеті (self-detachment). Тура мағынасы – өзіңді сырттан бақылау, іс-әрекетіңді елестету, өзіңді безбендеу. Екіншісі – өзін жарып шығу мүмкіндігі (self trancsendence). Екінші термин сәл түсініксіздеу болуы мүмкін. Бірақ оның мәні қазақ тілінде бұрыннан бар. Мағынасы – өзіңді өзіңнен суырып алып, басқа аймаққа өткізу. Рухани болмысыңды бұ дүниенің шырмауынан босатып, ғайып әлемге самғату. Бұл терминді Яссауи «жаннан кешу» деп қолданған. «Диуани Хикметте»:
Ей, сопы, талап қылсаң Хақ дидарын, Жаннан кеш, алқа ішінде жан қинағын, – деп келеді. Яғни адамның жаннан кешіп, өз шегінен асып кетуі. Жарқын идеяға ұмтылғанда өзін ұмытып, ғайып әлемге жетемін деп талпынуы. Бұл түсінік қазақ дүниетанымына «жүрек көзінің ашылуы» деген тіркеспен сіңді. Адамның басқа әлемге терезе ашып, өзін ғайыппен байланысқа түсіретін қасиетін қазақ тілінде көркем түсірген хакім Абай болды. Ол:
Іштегі кірді шығарсаң,
Түседі Хақтың сәулесі.
Жүректің көзі ашылса,
Адамзаттың хикметі кеудесі, – деп өлеңмен шебер өрнектеген. Абай мектебінен өткен Шәкәрім қажы да бұл тіркесті көп қолданған.
Жасырып тұр Жар өзін,
Бас көзімен қарама.
Жүрегіңнің аш көзін,
Жардың сырын арала.
Міне, ірі екі қасиетке табан тіреген Логотерапия негізгі концепциясын жасақтайды. Франкл оны былайша өреді. Бірінші: бізді тіршілікке байлап тұрған нәпсіқұмарлық пен билікке деген құштарлық емес. Адамды құштар қылған – мағыналы МӘН! Адам ЛОГОС іздеп ұмтылғанда ғана өмірі өнегемен айшықталады. Мән тапқан тұлғаның артында өшпес із қалады. Мәнді табуда сенімді серігіміз – жұдырықтай жүрек. Жетекшіміз – ар мен ұят. Франкл жүректі «Мән табушы орган» деп атаған немесе трансцендентті әлемдегі (ғайып әлемдегі) Мәннің сигналын дәл қабылдап алатын локатор» деп те түсіндірген. Жүрек құнды идеямен байыған сайын міндетін мінсіз атқарады. Екінші: Өмірде МӘН бар. МӘН трансцендентті сипатта болады. ОЛ – ғайып әлемдегі объективті болмыс. Кісі баласы дүнияуи нығметін «Өмірдің мәні осы» деп ойлаудан сақтансын. Олай етсе, басынан бағы тайғанда нығметінен айрылуы мүмкін. Тіршілігі күйреп, ғұмыры сол заматта пәни жалғанға айналады. Бұл жайлы төменде тағы да баяндаймыз. Бізді Мәнмен жалғайтын алтын көпір – құндылықтар. Адам құндылық жиған сайын Мән табатын мүмкіндігі молая түседі. Мәнмен қауышқан сайын пәни жалғаннан ақиқат өмірді өрнектеп шығарады. Пәни жалған былай тұрсын, ажалдың өзі тұлғаның өмірін өшіре алмайды!
Үшінші: адамның ерік қалауы бар. Адамның көп нәрсеге тәуелді екені рас. Өскен ортасына, мемлекет заңына, денсаулығына, білім деңгейіне, ас-ауқатының сапасына тағы басқа түрлі әлеуметтік шарттарға маталып тұрады. Оның тәуелді алаңын «тағдыр» деп атаймыз. Яғни адамның ықпалы жүрмейтін трансцендентті зона. Оған еріксіз туу мен еріксіз өлуді жатқызады. Бірақ адам тағдыр тақтасының ішінде позиция таңдауға ерікті. Сырттан қысым көрген күннің өзінде ішкі әлемінде белгілі бір тарапты жақтап не даттап тұруға ерікті. Өмірдегі сансыз сорап пен соқпақтың қайсысына түседі, оны өзі шешеді. Біреу үшін біреу шешім қабылдамайды. Тұлға еркіндік нығметін қолданумен адамдық борышын өтейді.
Бұдан кейін «Өмірді Мәнге қалай толтырады?» деген сұрақ туады. Франкл оған үш түрлі вариант ұсынады. Біріншісі: «ЖАСАМПАЗ ҚҰНДЫЛЫҚ» арқылы. Шығармашылыққа бейімі бар, талантты адам өнер мен мәдениетте не ғылым мен білімнің бір саласында өшпес із қалдырады. Әр мәдени мұра – рухани болмыстың бұ дүниеге қалдырған мәңгілік құндылығы. Екіншісі: «СЕЗІМ ҚҰНДЫЛЫҒЫ» кеудесін Мәнге толтырады. Бұл кезде адам шығармашылық өнім бермейді. Керісінше тұтынады. Мәдени ошақтарға барып, жүректің қылын шертіп, жанды тербейтін өнер туындысын көргенде кеудесіне құндылықтар құйылады. Жырақта жалғыз жүрсе, қарапайым табиғатқа назар салсын. Ең болмағанда арайлап атқан таң мен қызарып батқан күннен ләззат алсын. Табиғаттың таңғажайып көрінісі жан жүректі тебірентіп, көкіректі құндылыққа толтырады. Үшіншісі: «ПОЗИЦИЯ ҚҰНДЫЛЫҒЫ». Бұл төсекке таңылған ғаріп жанға не ажалдың тырнағына ілінген шарасыз пендеге арналған. Тағдырының мезгілінен бұрын қиыларын түсінген науқас тезірек тиімді позиция таңдап, өлімді күтіп алуға бекінсін. Ажалға айла табам деп уақытын оздырмасын. Ажалды қорықпай қарсы алу қайсар рухтан шығады. Ондай адам «Өмірге босқа кеп, босқа өліп барамын» деп қайғырмасын. Оның ажалмен тіресуі – шешуші сәт! Соңғы сағаттағы қайсарлық өмірге Мән дарытады. Қайғы мен қасіреттен тапқан Мән бәрінен құнды, бәрінен қымбат!
Экзистенцияның ұрымтал тұсынан есік ашқан Франкл бар-жоғы отыздан асқан шағында ғалым ретінде мойындалды. Тұлғаны заман талабы мен әлеуметтік шарттары туғызады деген де рас. Өмірдің мәні жайлы жас Франклдың толғануына сол кездегі Австриядағы әлеуметтің көңіл күйі әсер етті. Бірінші дүниежүзілік соғыстан бұрын Австрия-Венгрия империясы дүркіреп, Еуропаға айбат шегіп тұрған. Соғыстан соң империяның аты өшті. Далиған территориясы талауға түсті. Габсбургтер империясының туы жығылып, күні батты. Ата қоныстағы «Австрия Республикасы» пұшпақтай жерді иеленді. Күні кеше 60 миллион халқы бар империяда 6 миллион адам қалды. Алдында ғана «Мызғымас Империяның мәңгілік мүддесі үшін өмір сүреміз! Император үшін жан пида!» деп жалындаған ақсүйектер мен генералдар не үшін өмір сүрерін білмей қалды. Бәрінің асқақтаған көңілі су сепкендей басылды. Нан піскен көкіректе мағынасыз вакум пайда болды. Бастары қосылса, «Алақандай Австрияда өмір сүрудің не мәнісі қалды? Қайда барып тіршілік қыламыз? Патша сарайы құлады. Ақсүйектер отбасының енді не керегі бар? Олар немен айналысады?» дегенді талқылай жөнелетін. Венадағы оқу орындары мен мәдени ошақта қызмет еткен қайраткерлер өздерін керексіз сезінді. Өмір сүруге деген құштарлық пышақ кескендей тыйылды. Рухани қасиет жаншылған мұндай атмосферада суицид тамыр жаяды. Осы тұста Альфред Адлер бастаған Вена психотерапиясының екінші мектебі қаланды (біріншісі – Фрейдтің психоаналитикасы). Франклдың да осы мектепке мүше болатын себебі – сол: «Не үшін өмір сүреміз? Өмірге ынтық қылар негізгі мотив не?» деген сұрақтарға жауап табу. Франкл осы сұрақтарға жауап тапқанда Венадағы психотерапияның үшінші мектебі – ЛОГОТЕРАПИЯ деген атпен бой көтерді. 1933-1937 жылдары өзіне қол жұмсамақшы болған 3 мыңнан астам пациент келіп қаралған. Франкл солардың түгелге жуығын абыройсыз ажалдан аман сақтап қалды.
Ол жиған тәжірибесін академиялық білім талабына сай эмпирикалық әдіспен зерттеп, докторлық диссертация жазып жатқан. Сол кезде төтеннен тағы бір бәле килікті. Көрші Германияда билік ауысты. 1932 жылғы сайлаудан соң Адольф Гитлер бастаған нацистердің парламенттегі позициясы күшейді. 1938 жылы Гитлер билікті қолына алды. Ұлтшыл социалистер неміс жұртының санасына ұлтшылдық ұрығын сепкен соң антисемиттік қозғалысын бастады. Осылайша еврей жұртының басына қаралы күн орнады. Бұл әлі бер жағы еді. Германия көршілерін құрамына қосып алуға дайындалып жатты. Әлбетте, бұл хабар бәріне тарады. Байлар мен ғалымдар Гитлердің амбициясынан шошып, шетелге қаша бастаған. АҚШ елшілігі Австриядағы ғалымдарға тегін виза беріп, Нью-Йоркке көшіріп жатты. Сол кезде Франклға бір емес, екі рет виза берді. Ол сонда да кете алмады. Себебі қара шаңырақта жасы 80-ге тақаған әке-шешесі бұған қарап отырған. Ата-анаға виза берілмейді. Оларды тастап кетсе, не болары түсінікті. «Венада қалам» деп шешім қабылдауына болмашы оқиға әсер етті. Оны кітапта кейін баяндаймыз. Ел күткен апат Австрияға келіп жетті. 1938 жылы фашистік Германия Австрияны оңай жаулады. Еврейлерді жаппай қуғындау басталды. Оларды газ камерасына тұншықтырып, денесін отқа жағатын концлагерьлер салынды. Еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін бүкіл еврей жұртын вагондарға тиеп, пойызбен лагерьлерге жөнелтіп жатты. 1940 жылы Франкл Венадағы Ротшильд ауруханасында неврология бөлімінің басшысы еді. 1941 жылы Гестапоның бір офицері Франклды кабинетіне алдырып, одан психотерапияға қатысты кеңес сұрайды. Франкл шынайы жауап беріп, ауруынан оңалуға көмектесті. Соның арқасында ата-анасымен Венада қалуға рұқсат алды. Бірақ 1942 жылы бәрібір Польшадағы Освенцум лагеріне отбасымен бірге айдалды. 15 жыл зерттеп жазған логотерапия туралы еңбегін қойнына тығып, тікен сымның арғы бетінен бір-ақ шықты. Ертесіне тексеріп, іріктеу кезінде қолжазба тәркіленіп, отқа тасталды. Концлагерьдегі өмірді жердегі тозақ десе де болар еді. Адамды малдан бетер қорлау, зорлау, қинау, азаптау – ашықтан-ашық жасалды. Аштық пен аурудан өлген кісіде есеп жоқ. Үйілген мәйітті бульдозермен сүріп тастайтын. Әр нәрсенің қайыры бар дегендей, бұл күндер де Франкл үшін пайдаға асты. Логотерапияны практикада сынауға мүмкіндік туды. Қорлыққа шыдамай талай адам өзіне қол салатын. Франкл суицидтен өлгендер мен өлмекші болғандарды бақылап, жасырын зерттей берді. Кейбіріне көмек беріп, құтқарып қалды. Зерттеген сайын теориясының растығына көзі жете түсті. Құндылыққа жарымаған қуыс кеуде тұтқындардың қиындыққа төзбей өліп қалғанын көзімен көрді. Есесіне түр-тұрпаты әлсіз, бірақ хикмет кеудесін құндылыққа толтырғандар лагерьдегі «тозақтан» тірі шықты. Осыдан сабақ алып Франкл «Адам сыртқы соққыдан емес, ішкі бостықтан өледі» деп түйді. 1945 жылғы 26 наурызда Франкл 40-қа толады. Концлагерьдегі бір досы оған қаламсап сыйлайды. Франкл үшін бұл құдіретті қаруға тең еді. Бір күні ол безгекпен ауырып, екі апта ұйықтай алмайды. Қарап жатпай, өртенген еңбегін есіне түсіріп, парақтарға стенографиямен жазып шығады. Бұл еңбек соғыстан соң «The doctor and the soul» («Дәрігер мен жан») деген атпен жарыққа шығып, миллиондаған тиражбен сатылды. Бір ғана қаламсаппен жазылған еңбек мыңдаған жанның өмірін сақтап қалды. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, Франкл лагерьден тірі шығады. Бірнеше рет өлімнен қалды. Бірде газ камерасына кетіп бара жатып, кездейсоқ тізімнен түсіп қалады. 1945 жылы азаттық алған соң Венаға оралды. Освенцумда оның анасы, әкесі, туған ағасы мен жеңгесі және жан жары Тилла қаза тапты. Жарының жатырына «көже» біткен еді. Фашистер әйеліне күштеп аборт жасатты. Франкл осы сәбиіне бір кітабын арнады. Соғыстан бұрын Австралияға көшіп үлгерген туған қарындасы ғана тірі қалды. «Ісімді жалғастырамын» деп Венада қалды. Осыдан соң еңбектері жарыққа шыға бастады. Отыздан астам кітабы миллиондаған тиражбен таралды. Әлемнің 20-дан астам тіліне аударылды. Логотерапия дербес институтқа айналды. Франклдың кітаптары бір-біріне ұқсамайтын көркем шығарма емес. Нақты фактіге негізделген, зерттеуден құралған экзистенция психологиясының бір түрі. Бір еңбегі екіншісін дамытып отырады. Жасы есейген сайын Франклдың да танымы кеңіп, Мән туралы түсінігі тереңдеді. Ойларын тың толғаммен толықтыра түсті. Ең атақты кітабы «The man’s search for meanіng» («Өмірден Мән іздеген адам») деп аталады. Осы уақытқа дейін 12 миллион тиражбен тараған. 1970 жылдары АҚШ-тың кей шіркеуінде мінажат өтелген соң осы кітапты дауыстап оқып, бірге талқылайтын дәстүр қалыптастырды. Осы жылдары бұл еңбек бес жыл қатарынан «Жыл кітабы» аталды. Бұдан басқа «The wіll to meanіng» («Мәнді қалау»), «The Doctor and the soul», («Дәрігер мен жан»), «The unheard cry for meanіng» («Естілмейтін жанайқай»), «The sufferіng from meanіngless lіfe» («Мағынасыз өмірден азап шегу»), «The unconscіous God» (Түпсанадағы Тәңір) атты кітаптары кеңінен танылды. Қайталап айтамыз: бұл кітаптар бірін бірі қайталап, дамытып отырады. Логотерапияның тұрақты концепциясына бекітілген зерттеулер тың деректермен толыққан. (Бұл кітаптардың біразы орысшаға аударылған. Интернеттен тауып оқуға болады). Франклдың гуманистік мінезіне қайран қалмасқа шараң жоқ. Фашистерден қорлық көрсе де, олар жайлы жақ ашпайды. Бірде-бір гестапо офицерін жеккөрінішпен еске алмайды. Аттарын атамайды, түстерін түстемейді. Барлық пендеге АДАМ деп қарайтын принципінен таймайды. Өзектегі РУХ деп аталатын мәңгілік жауһарды ғана көреді. Кек сақтаудың жылы жүрек пен ыстық қайратқа қатер екенін терең түсінді. Одан бөлек «Біз-біз» деген ауызға «мен-мен» кірмесін» дегенге бекем болды. «Мен» деп мақтанғанды иттің етінен бетер жек көретін. Ерліктерін біреуге тели салады. «Ол істеді», «бір оқушы солай деп сұрады», «бір досым сүй деді», «бір әріптесім тосыннан жол тапты» деп үшінші жақтан баяндайды. Бірақ соның бәрі – өзі. Алғашқы кітабының мұқабасына атын да жазбаған. Тың теориясы жайлы айтқанда «Мұны Макс Шелерден алдым» дей салатын. Шындығында жаңалықтың 60-70 пайызы жеке жетістігі. Әріптестері оны жақсы білетін. Ол әлемдегі атақты психоаналитик саналады. Танымал философтар, діни лидерлер, ғалымдар, қала берді, мемлекет басшылары онымен бір рет жолығып, Мән жайында бір сағат сұхбат құруға ынтық болды. Бұл саладағы атағы жөнінен бірде-бір ғалым Франклмен шендесе алмады. Әлемнің 28 ірі университеті Франклға доктор атағын берді. Бұрын-соңды бірде-бір психиатрға не психотерапевтке мұндай құрмет көрсетілген емес. Соңғы он жылда АҚШ пен Жапонияның социологтары «Тағдырыңды өзгертуге ықпал еткен он кітапты атаңыз» немесе «ХХІ ғасырда адам баласы оқуға мұқтаж он кітапты атаңыз» деген сыңайдағы сауалнама жүргізген. Франклдың «Өмірден Мән іздеген адам» («The man’s search for meanіng») кітабы алғашқы ондықтан түскен емес. Ол 1997 жылдың 2 қыркүйегінде 92 жасында бақиға аттанды. Өлгенше қарапайым ғұмыр кешті. Альпі тауында альпинизммен шұғылданатын. Таудағы шағын кафеге барғанда ісіне үлгере алмай жатқан даяшыларға көмектесіп, ыдыс-аяқ таситын. Оны танымайтын даяшылар «Ата, әуре болмаңыз, өзіміз тасимыз ғой» деп бәйек болатын. Салтанатты сарайлар мен аста-төк дастарқан жайылған даңғаза ортаға жоламайтын. Қарапайым пәтерде тұрды. Тіршілігі қандай қарапайым болса, өлімі де сондай елеусіз кетті. Ол дүние салардан бір күн бұрын Ұлыбритания ханшайымы Диана Францияда қаза табады. Бұқаралық ақпарат құралдары ханшайымның өлімін жарыса жазып жатқанда, Франклдың денесі Венадағы зиратқа дабырасыз жерленіп кетті. Көбі оның бақилық болғанын білген де жоқ. Артында бір қызы, күйеу баласы және екі жиені қалды. Ілімін практикалық тұрғыда тап бұлай дәлелдеген ғалым әлемде кемде-кем. Франкл теориямен шұғылданып, дәлелсіз уәж айтатын оппоненттеріне оңдырмай соққы беретін. Үнемі: «Мен медицина мен философия ғылымының докторымын. Адамзат тарихында болмаған концлагерьге қамалдым. Адам психологиясын мүшкіл хәлінде зерттеуге зор мүмкіндік алдым. Ондай мүмкіндік бастарыңа енді тумайды», – дейтін. Мұндай контраргументтен соң онымен тіресуге көбінің жүрегі дауаламайтын. Енді кітапты қалай құрадық, соған келейік. Кітаптың 60-65 пайызы – Франклдың «Өмірден Мән іздеген адам» еңбегінен алынды. Бұл академиялық емес, еркін аударма. Себебі автордың философиялық толғауы мен психологиялық талдауы қарапайым оқырманға ауыр тиеді. Академиялық мәтінді интеллектуалдық қарымы күшті мамандар түсінбесе, жай оқырман ұғу қиын. Сондықтан кітапты мектеп жасындағы бозбала мен бойжеткенге арнап жаздық. Біздің елде суицид оқушылар арасында жиі кездеседі. Логотерапиямен танысқан соң ел-жұрт суицидтің шығу себебін жақсырақ түсінеді. Оқушының жасы 12-13-тен асқанда экзистенция сұрақтары шабуылдайды. Бозбаланың рухани болмысы «Мені еркіме жібер. Мағынасыз тіршілікпен қинама. Өмірлік миссиямды іздейін. Жауапкершілік арқалап, Мәнмен қауышқым келеді» деп бұлқынып жатады. Бұлқыныстың себебі анықталмаса, трагедияға соқтыруы мүмкін. Біздің мақсат – кітапты мектеп оқушысы да ұғатындай деңгейде жазу. Сол үшін Франклдың ойларына қосымша комментарийлер бердік. Академиялық мәтін бозбаланы шаршатпасын деп аңыз, қисса, ертегіні молынан кірістірдік. Қисса демекші, Франкл лекциясында қиссаларды жиі қолданған. Шәкірті Альфрид Лэнгленің айтысынша, Забур жырларын жатқа соғатын. Пайғамбарлар қиссасымен өмірін жиі безбендейтін. Мысалы, «Жақып пайғамбар періштелермен қалай күрессе, мен де редукционистермен солай тірестім. Гестапошылар бөпемді алдырып тастағанда жалғызын құрбандыққа шалған Ыбырайым пайғамбар есіме түсті. Ұлым құрбан болды, кітабым аман қалды» дейтін. Бірде Тель-Авивке барғанда мозаикадан жасалған киттің суретін көреді. Қызығып сатып алады. «Оны қайтесіз?» дегенде «Китті көріп, Жүніс пайғамбар есіме түсті. Құдай оны Ниневи қаласына жіберіп, бір іс жүктеген. Ол міндетін тастап, кемеге отырып қашып кетті. Осы шикілігі үшін оны «піссін» деп 40 күн балықтың қарнына қамап жазалады. 40 күнде Жүністі кемеліне келтіріп шығарды. Соғыстың алдында Нью-Йоркке кететін мүмкіндігім болды. Құдай онда жібермей, концлагерьге әдейі қамаған сияқты. Әрине, АҚШ-қа барсам Логотерапияны дамытып жазар едім. Бірақ Освенцумдағыдай пісуім екіталай еді» деген.
Жалпы, қисса жанрының экзистенциялық қуатын талай ғалым мойындаған. Британдық ғалым Карен Армстронг: «Көне заманның адамы біз сияқты болған» деп ойлауға бейімбіз. Олардың рухани өмірі өзгеше болды. Ойлаудың, сөйлеудің, білім игерудің екі түрін ойлап шығарды. Ғалымдар оны «мифтік» және «логостық» таным деп екіге бөлді. Екеуі де маңызды. Екеуі де ақиқатқа жетудің құралы ретінде қаралады. Бірақ әрқайсысы өзіне тиесілі таным алаңында қызмет етеді. Миф тәңірлік уақытпен біздің мәңгілік болмысымыз жайында толғайды. Тіршіліктің қайнар бұлағына үңілдіреді. Мәдениеттің түп-тамырын жасақтайды. Адамның терең жанқатпарына бойлайды. Дүнияуи тұрмыс-тіршілікке араласпайды. Өмірден баянды Мән таппаса, адам торығуға бейім тұрады. Миф тіршілікке мағына сіңірумен назарыңды мәңгілік болмысқа аударады. Тура мағынасында қабылданбайтын аңыздық оқиғалар психологияның көне түріне жатады. Мұғжиза, керемет қолданып, дию-перімен соғысатын батырлардың ерлігі түпсанаға сәуле шашады. Бұл құбылысты рационалды ғылыммен тани алмайсыз. Есесіне қиссалар мінез-құлыққа әсер етеді. Біздің заманда аңыз, қиссалардың жетіспеуінен іштегі вакумды толтыру үшін «психоаналитика» деген жаңа ғылым ойлап шығарды».
Міне, осы себепті де логотерапия тәпсіріне қазақша қиссаларды молынан қолдандық. Одан бөлек Яссауи мен Шәкәрім қажының хикметтері мен өлеңдерінен үзінді салынды. Франкл мен біздің ой-пікіріміз шатыспас үшін абзацтың басына «Франклға ораламыз», «Франкл ойын былайша сабақтайды», «Франклдан мынадай ой түюге болады», «Франклдың ойын қазақша форматта тарқатып көрелік» деген сияқты анықтауыш сөйлеммен ара жігін ажыраттық. Тағы мынаны ескертеміз: мәтінде «Мен» деп бірінші жақтан сөйленген сөйлем көрсеңіз, міндетті түрде Франкл айтып отыр деп түсініңіз. Құрастырушылар «Мен» деп бірінші жақтан комментарий бере алмайды. Одан бөлек Франклдың ойлары мен құрастырушылардың комментарилері екі түрлі шрифтымен берілген. Франклдың басқа да кітабынан қызықты деректер алып, осы кітапқа қостық. Басқада ғалымдардың логотерапияға қатысты деректерін еңбекке енгіздік. Материалдар орыс, ағылшын, түрік тілінен аударылып жинақталды. Енді бір сұрақ. Неліктен «ЛОГОС» сөзін «Мән» және «Хикмет» деп аудардық? Қазақша солай ма? Біздің менталитетпен үйлесе ме? Біздіңше, жауабы: дөп келеді! Біріншіден, барлық адамның болмысы мен экзистенция талаптары объективті болады. «Бұл ілім Еуропа жұртына арналған ғылым. Бізге ЛОГОС деген таңсық» деп бөтенсудің жөні жоқ. Екіншіден, «хикмет» сөзі Яссауидің «Диуани хикметі» арқылы ежелден таныс. Санаға сіңген сөз. Дұрысы түпсанаға (subconscіousness, подсознание) сіңген сөз. Мағыналық жағынан толық қабысады. Әрі «хикмет» сөзін ғылыми айналымға салып халықтың өшкен рухани танымын тез тірілтеміз. Қала берді, «хикмет» сөзін экзистенция бойынша шебер қолданған шайыр – хакім Абай! «Өмірдің байлауы не? Не үшін өмір сүреміз? Тіршілікте баянды қызық бар ма?» деген сұраққа:
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпты тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың ХИКМЕТІН сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?! – деп жауап берген. Осы шумақтағы ХИКМЕТ сөзін «Не қызық бар өмірде ЛОГОСТАН басқа?» деп оқысаңыз, ештеңе де өзгермейді. Ал Мән ше? Ол сөзді бұрын-соңды дәл мұндай терең һәм ауқымды мағынада қолданған қазақ ғұламасы бар ма? Бар! Франкл жаңғыртқан ЛОГОС терминін тура сол – МӘН мағынасында қолданған тұңғыш қазақ –Шәкәрім қажы. Ол МӘН туралы былай толғаған:
Жаралыс басы – қозғалыс,
Қозғауға керек қолғабыс.
Жан де мейлің, бір МӘН де,
Сол қуатпен бол таныс.
Әлемді сол МӘН жаратқан!
Сондықтан Мәнді – ғылыми термин ретінде батыл қолдандық. Одан бөлек Логотерапияның концепцияларын, ойтүйіндерін қазақша талдағанда көбіне Шәкәрімнің өлеңдеріне сүйендік. Себебі рухани болмысқа Шәкәрім қажы тұңғыш рет тың тараптан (онтологиялық қырынан) кірген. Бұрынғы дидактикалық стильден қашып, рухани феномендерге моральдық емес, онтологиялық талдау жасаған. Осы жағынан алғанда Шәкәрім мен Франклдың тоғысар тұсы көп. Қажының маң далада жалғыз жатып, рухани феномендерге экзистенциялық талдау жасағаны – ақылға сыймас құбылыс! Кітапты оқу барысында екі ғұлама ойларының көп жерде бірдей шыққанын көріп, қайран қаласыз. Шәкәрім де адамға зат сияқты қарайтын редукционизмді аямай сынаған. Бір қызығы ол да «затшылдық» деп атаған.
Затшылдық көзін байлады,
Адастырып айдады.
Жан билемей, тән билеп,
Ақылдың соры қайнады.
Қазақ ғұламасы да себеп пен салдарға байланып қалмай, түпкі негізді табуға талпынған.
Тәнсіз зат жоқ дегізді,
Ғылым деп уды жегізді,
Дәлелсіз пәнмен перделеп,
Тапқызбай қойды НЕГІЗДІ.
Бұдан бөлек қазақ шайыры «Адамның ерік қалауы бар ма, жоқ па?»«Не үшін тудым?», «Адамдық борышым бар ма?», «Әділдік, Нәпсі, Ақыл, Рух, Тағдыр, Ақирет деген не?» деген сынды экзистенция сұрақтарын талдаған. Қызығы, жұрттан оқшау жатса да, нигилизмге ұрынбай, сұрақтарға Франкл сияқты позитивті жауап берген. Логотерапияға түсіндірме ретінде Шәкәрім қажының экзистенциялық өлеңдерін қолдандық. Осы салаға жарты ғұмырын арнаған шайырдың ондай құрметке толық моральдық ақысы бар деп есептейміз! 1931 жылы большевиктер Шәкәрім қажыны атып өлтірген соң экзистенция ізденісі қазақ әлемінде кілт үзілді.
Келдім қайдан?
Нетсем пайдам?
Өлгеннен соң не болам?
Мен деген жан,
Ақыл айнам,
Жоғала ма, сол шын-ақ? –
деп басталатын маңызды ҮШ СҰРАҚ санадан толық сөнді. Бұдан кейін мән, хикмет, жүректің көзі, хикметті кеуде, жар дидары, ғайып әлем, ғашық дерті сынды экзистенция терминдері ғылым тұрмақ, әдебиет пен өнердің бірде-бір саласына енген жоқ. Бұл сөздер қазақ лексиконынан шығарылды десе де болады. 1928-1932 жылдан бастап коммунистердің талай құқайын көріп, тоқырап тозып, рухани қазынасынан айрылуға айналған қазақ жұртының ұрпағында суицидтің көп кездесуі – заңды құбылыс. Қазақ баласы да кеудесінде қайнап жатқан «Мен кіммін?», «Қайдан келдім?», «Адамдық борышым не?», «Өлгенше нені істеуге міндеттімін?», «Тағдырымды өзгертуге еркім бар ма, жоқ па?» деген сұрақтардың жауабын тапқысы келеді. Осындай тұйықта тұрған қазақ жұртына Виктор Франклдың Логотерпиясы жұғысты болуы тиіс. Бәлкім, жігерлі жастар шығып, бұл саланы дамытып әкетер. Не де болса, үміт үзбейміз.
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
2010 жылдың көкек айының орта шені еді. Ол кезде Шымкент шаһарында тұрып жатқам. Кешкі асты ішіп, арқа-жарқа болып отыр ек, кенет телефон шыр ете қалды. Үні дабыл қаққандай естілді. Жүрегім де су ете қалды.
– Алло! – дедім дереу.
– Аға үйдесіз бе? – деді бір таныс жігітім ерекше үрейлі дауыспен.
– Иә, – дедім бір нәрсенің болғанын бірден сезіп.
– Дереу біздің үйге кеттік, дәл қазір, – деді алқынып.
– Жәй ма? Не боп қалды?
– Келіншегім асылып қапты.
– Асылғаны қалай?
– Мал қорада мойнына арқан салып, асылып тұрған жерінен шешем шешіп алыпты.
– Өліп қалды ма, әлде тірі ме?
– Тірі. Қазір ғана шешем айтты. Маған «дереу жет» деді. Тағы да қайталап қоя ма деп жаным қалмай тұр. Шешем қазір күзетіп қасынан шығармай отыр.
– Қазір қайдасың? – дедім. Ол тұрған жерін айтты. Көлікке асығыс мініп заулай жөнелдім. Жолда жігітке жолығып, батыс тарапты бетке алып кеттік. Ауылы Түлкібас пен Ленгер ауданының шекарасында. Қаладан 45 шақырымдай қашық. Көз байлана ауылға жеттік. Шешесі шай дайындап күтіп отыр екен. Келіні тура қарауға дәті шыдамай шығып кетті. Күйеуі сақтанып, соңынан ілесе шықты. Шай құйып отырып шешесі:
– Қайта құдай сақтады. Балам телефон соғып, «Тұтқаны Нұргүлге беріңізші» деген соң келінді іздеп далаға шыққам. «Әй, келін!» деп қора жаққа айнала бергенім сол еді, арқанға басын салып жатқан келінімді көрдім. Үрейім ұшқаны сонша телефонды түсіріп алдым. Мені көрді де астындағы орындықты теуіп жіберді. Салаң етіп асылды да қалды. Сүрініп-қабынып жеттім де тізесінен көтеріп, арқанды шешіп алдым, – деді. Үстелдің астынан бірнәрсе іздегендей болды да, бұзаудың бас жібін алдыға лақтырып жіберді.
– Міне, мынау ғой асылған арқаны. Бірге тұрмаса онан әрмен. Астанаға барып тұра ма, Алматыға көше ме, қайда барса, онда барсын. Бірге тұрмаймын деп біраздан қыңқылдап жүрген. Күнімді осыларға қаратпай-ақ қойсын. Ішінде 4 айлық бөпесі бар. Бөпені ойлап тұрған бұл жоқ. Біреудің қызының обалына қалар жайым жоқ! Шалымыз екеуміз өлмейміз. Мұндайды бұрын кім көрген. Алла-ай, алла-ай, сақтай гөр, – деп күйіне сөйлеп отыр.
Мән-жайға қаныққан соң «жарайды, келіннің өзімен сөйлесейік» деп үлкен үйге шықтық. Залға кірсем күйеуі екеуі көңілсіз сөйлесіп отыр. Бұл жұпты жақсы танимын. Қаладағы орта мектептерді логотерапиядан лекция оқып жүргенде жігітімен танысқам. Ол кезде бойдақ еді. Жақсылыққа жаны құмар, жұғымды жігіт болатын. Қаланың қызымен сөз байласып жүрген. Келіншегі жұпыны отбасынан шыққан. Тар пәтерде өсіп жетілген бір үйдің үш қызының тұңғышы. 2009 жылдың күзінде үйленгенде екі жақтың да тойына барғам. Үйленген соң жігіт қалада магистратурада оқуын жалғастырды. Ал келіншегі ауылда ата-енесімен бірге тұруы керек болған. Қала қызына ауыл тұрмысының ауыр тигені рас. Тойға барғанда бәрін көргем. Бала бір үйдің жалғыз ұлы. Әпкелері тұрмыста. Әкесі арақ ішіп, сандырақтап отыратын. Бірақ шешесі күрескер һәм сабырлы кісі. Бар тірлікті жалғыз атқарып жүре береді. Үйдің ауласы болса тым үлкен. Жұмысы өмірі бітпейді. Бақтағы жаңғақ ағашының жемісін күзде жинап-теру бір бригаданың атқаратын жұмысы. Қаланың ерке қызы бітпейтін үй шаруасын көргенде болашағынан түңілсе керек, шамасы. Апта сайын «қалаға көшейік» деп қиғылықты салған. Күйеуі оған келіспейді. Апта соңында қара шаңыраққа келіп-кетіп тұрсын деп жезделері жеңіл көлік сатып әперіпті. Бірақ оның өзі жанжалдың трагедияға айналуына тосқауыл бола алмаған. Ақыры осыған әкеп соқты. Аяғы ауыр келіншек асылып өлмекке бел байлапты. Оңаша жайғасқан соң әңгімені әріден тартып, келіншектің көңіліне дық салмайтын сөздермен жұқалап, проблеманы түбінен тарқатуға тырыстым. Көз үшін күйеуіне ұрысқан да болдым. Екі жақ та өкпе-ренішін ақтарып әлек. Дау басылып, сабырлы күйде сөйлесетін сәтке жеттік. Мен күйеуіне:
– Бізді 10 минутқа оңаша қалдыр. Мен Нұргүлге сыбырлап қана айтатын әңгімем бар, – дедім. Ол шығып кетті. Айыпты келіншек басы салбырап отыр. Мен:
– Нұргүл-ау, мынауың не сенің? – дедім.
– Аға, мына үйден түңілдім. Күйеуімді аптасына бір рет көремін. Атамның жатысы анау. Енемнің ісі өмірі бітпейді. Бұрынғыдай қыдырмаймыз. Түнде жалғыз жатамын. Күндіз таусылмайтын тірлік. Қаладан қора тазалау үшін келдім бе? Мен үшін бұл өмірдің қызығы біткен сияқты, – деді.
– Жақсы, өмірдің қызығы таусылса, енді өмір сенен қызық күтетін шығар? – дегенімде ол бір сәтке кілт тоқтап, ток соққандай селк ете қалды. (Бұл сұрақты Франкл «Кеплер әдісі» деп атаған) Сөйттім де сұрақты жалғастырдым:
– Үйленбес бұрын осы үйге келеріңді білдің ғой, солай емес пе?
– Иә.
– Енді несіне қаймығасың? Меніңше сен үшін мағыналы өмірдің ең қызықты тұсы осы үйден басталғалы тұр.
– Қалайша? – деді ол әлсіз ғана үмітпен. Осы сәтте миллиондаған адам өмірін Мән мен Мағынаға толтырған Виктор Франклдың өмірінен үзінді айта бастадым. Ол үнсіз тыңдап отырды. Әңгіменің қызық жеріне келгенде:
– Өмірдің қызықты әрі мәнді тұсы қай жерден басталады білесің бе? –дедім.
– Жоқ, – деді көзінде аздап үміт оты жанып. Мен оңтайлы сәтті құр жібермей Виктор Франклдың ІІ дүниежүзілік соғыста не үшін АҚШ-тың визасынан бас тартқанын айтып бердім. Венадағы суицидті тоқтатқан атақты ғалым фашистердің қуғынынан құтылып, АҚШ-қа аман-сау кетіп қалатын мүмкіндігін пайдаланбай, елде қалуға шешім қабылдайды. Саналы түрде адамды газбен тұншықтырып өлтіретін концлагерге барып қамалады. Қызығы, сол тозақтан тірі шығады.
Әңгімені осылай айтып отырып, көзіне қарадым. Ұшқын пайда болғандай көрінді. Франклдың шешімі оның жүрегіндегі үлкен кедергіні сылып түсті-ау деймін. Ол алдыңғы үмітсіз хәлінен басқа күйге ақырындап ауыса бастады. Қызықты оқиғаны аяқтап, күйеуін шақырдым да екеуін жарастырған болдым. Бұл кезде уақыт түнгі сағат 2-ден асып кеткен еді. Олармен қоштасып, қалаға қайттым. Жол бойы «Нұргүл тағы да бір нәрсені бүлдірмесе болар еді» деп уайымдап та отырдым. Себебі суицидке ұрынған адаммен бірінші рет бетпе-бет келдім. Әрі Франклдың әдісін алғаш практикада қолдандым. Нәтижесі қалай болары белгісіз еді. Ертесіне тағы да хабарластым. Бәрі тыныш, бір қалыпты екен. Уайым басылғандай болды. Уақыт зымырап өте берді. 2014 жылдың тамызында «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабын полиграф комбинатта көлікке тиеп жатқанда Нұргүлдің күйеуі телефон толғады.
– Иә, Шәріпхан, тыңдап тұрмын айта бер, – дедім.
– Сүйінші аға, келіншегім үшінші баласын босанды.
– Оу, құтты болсын! Бауы берік болсын! Ұл ма, қыз ба?
– Қыз. Екі қыз, бір ұл болды ғой осымен, – деп қуанып тұр.
– Атын кім қойғалы жатсың?
– Сол атына орай хабарласып тұрмын. Фатима деп қойғым келген. Сұрайын дегенім «Фатима» деп «Ф» деген әріппен жазған дұрыс па әлде «Бәтима» деп «Б» әрпімен жазам ба?
– «Ф» дейсің бе, «Б» дейсің бе, бастысы әйелің де, балаң да аман болсын деп күліп жібердім. Осылайша Нұргүлдің үшінші бөпесі жарық дүниенің есігін ашыпты.
– Рақмет, аға. Онда Бәтима деп қазақша жаздыра беремін, – деді. Міне осылайша Франклдың басынан өткен оқиғаның бір ғана деталі бір әйелдің өмірін өзгертіп жіберді. Қазір Нұргүл мектепте мұғалім. Атасы ішуін қойып, жылқы бағумен шұғылданады. Жігіт қалаға қатынап істеп жүр. Отбасы мүшелері дін аман. Егер Нұргүлге қатты әсер еткен не оқиға екенін білгіңіз келсе, кітаптың келесі бөлімдеріне өте беріңіз. Оқиғаның бәрі ретімен баяндалады.
ВЕНАНЫҢ ҮШІНШІ МЕКТЕБІ
Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Виктор Эмиль Франкл 1905 жылы 26 наурызда дүниеге келді. Бұл – Зигмунд Фрейдтің айналасына психологиямен айналысушылар аз-аздан жиналып жатқан кез. Скептик Альфред Адлер болса, фрейдшілермен қырқысып, жаңа жеке мектебін ашып жатқан тұс. Франкл мектепте жүріп-ақ Фрейдтің идеяларымен танысты. Онымен хат жазысып тұрды. 1924 жылы оның мақаласы Фрейдтің көмегімен «Халықаралық психоанализ» журналына жарияланды. Дегенмен өсе келе Франкл А.Адлердің идеяларына көбірек қызықты. Ұзамай индивидуалды психология қауымдастығына қосылды. Ғылымдағы көзқарас қайшылығы бұл жерде де білінді. Франкл 1927 жылы Адлер мектебінен кетті. Әлбетте, Франкл екі мектептен бірталай білім алып, қомақты тәжірибе жинайды. Кейін де керегіне жарата білді. Фрейдтің мектебі рақаттану принципіне құрылған еді. Ол «адам ләззаттың дәмін тату үшін құмарлыққа құштар боп өмір сүреді» деді. Ал Адлердің индивидуалды психологиясы «мансапқа ұмтылу» идеясына құрылды. Қазақша айтқанда, «барлық адам «Кімсің?» «Пәленше!» атану үшін тіршілікте күреседі. Қатарынан озып, билікке жетіп, басқаларға үстемдігін жүргізеді. Тіршілік сәні сонда» деді. Осы кезде Франкл: – Сонда адамның рухани болмысы қайда қалды? Мәрттігі, өзге үшін малын да, жанын да қиятын жанқиярлығы, ерлік істері, ізгі қасиеттері қайда жоғалып кетті? Фрейд айтқандай құмарлыққа, Адлер айтқандай атақ-даңққа мастанып өмірден өтетін болса, басқа мақұлықтан айырмашылығы неде? – деп сұрады.
– Меніңше, – дейді Франкл ойын жалғап, – адамның Мәнге ізденісі – оны айуаннан даралайтын ірі ерекшеліктің бірі. Себебі бірде-бір жануар «Бұл өмірде не істеп жүрмін?» деп басын қатырмайды. Алайда психотерапия адамның Мән іздеуін оның әлсіздігі, невротикалық комплексі деп таниды. Ақиқатында «Мән тапсам» деген ұлы арман – адамның ғана бойында болатын асыл қасиеттердің бірі!
Екі мектептің тезінен өткен жас Франкл жеке мектебін ашпаққа бел байлайды. Алайда Мән іздейтін ғылымы қалыптасып, іргетасы мызғымас ілімге айналғанша, өзі де бұ дүниенің «тозағына» тең келер ауыр сынақты бастан кешуге тура келді. Оны кейін баяндаймыз. Франкл да жалығу сезімін бастан кешкен. Естелігінде «Бозбала шағымда тіршіліктен жалығып, өмірден безіп кетуге аз қалдым. Мән таппай, түпсіз нигилизмге ұрындым. Бірақ оған қарсы тұратын иммунитетті ақыры жасап шықтым. Осылайша Венаның үшінші мектебі – логотерапия ғылымы дүниеге келді» деп жазады.
ЕҢ МАҢЫЗДЫ СҰРАҚПЕН БЕТПЕ-БЕТ
Жүйкені жүндей түтетін әр заманның кеселі болмай тұрмайды. Соған сәйкес оларды емдейтін психотерапевт те табылуы тиіс. Заманында Зигмунд Фрейд: «Сексуалдық қалауы қанағат таппайынша, адамның жүйке жүйесі күйрей береді», – дейтін. Адлер болса: «Адам қоғамнан абыройлы орын алмаса, шыбын жаны шырқырайды. Қолында билігі жоқ пенде өзін толыққанды тұлға сезіне алмай қор болады», – деген. Бұл қате. Адамның жанжүйкесі тіршіліктен мағына таппай тыпырлайды. Өмірде жетістікке жетсе де, жандүниесіндегі үңірейген вакумды толтыра алмай қиналады. Оны «экзистенция вакумы» деп атадым. Адамның бүкіл қайғысы мен қасіреті осы вакумнан басталады. Оған дәлел ретінде АҚШ-тан жолдаған мына студенттің хатын оқып көрейік:
«Мен АҚШ-та өзім сияқты жалынды жастармен бірге өмір сүремін. Олар өмірінен Мән тапқысы кеп талпынып жүр. Таяуда бір досым өзіне қол салып, бақилық болды. Ол сол күйі Мән таба алмады» деп жазады. Менде мұндай мысалдар жетеді. Себебі АҚШ-тың 129 университетінде дәріс оқығам. Рольф фон Экартсбергтің зерттеуінше, Гарвард университетін бітірген түлектер 20 жылдан соң өте жақсы қызметтерге жайғасқан. Бірақ карьерасы сәтті болғанмен, мағынасыз өмір сүргенін айтып шағымданған. Қызығы: Мән таппаған соң жағымсыз сезімдер жылдан жылға кеуделерін кеміре берген. Бұл проблема әлемнің барлық елінде бар.
Жұрт менен: «Вакум неден пайда болады?» – деп сұрайды. Көбіне былай түсіндіремін:
– Әдетте, айуанға не істеу керегін инстинкт білдіреді. Адамда ондай сезім жоқ. Бұрын адамға не істеп, не қою керегін киелі салттар мен мағыналы дәстүрлер нұсқайтын. Қазір олар жоғалды. Дәстүрдің орнын нигилизм басты. Адам өзіне не керегін таппай, рухани күйреп, ақылы тұйыққа тірелді. Жұрт не істесе, соны ойланбай жасайтын миы жоқ қуыршаққа айналып, конформизм құрбаны болды. Екіншіден, өзгелер нені талап етсе, соны намыстанбай істей беретін бейшараға айналды. Тоталитариз табанына түсіп, тағдырын күл-талқан қылды. Енді оларға экзистенция вакумы келіп қосылды. Вакум пайда болғанда, адамның жүйкесі жұқарады. Бұл кеселді «ноогенді невроз» деп атадым.
Ноогенді невроз
«Ноогенді невроз» деген не? Қандай ауру? Неден пайда болады? Жауабы: Бұл ауру психологиялық комплекстерден шықпайды. Ар мен ұяттың азабынан асқынады. Адамгершілік принциптердің қақтығысынан пайда болады. Қарапайым тілмен айтсақ, ар-ұяттың жетіспеуінен адам ауруға шалдығады. Осы арада Беркли университетінің ғылыми қызметкері Диана Янг ашқан жаңалықты берейін. «Мән таппай өмірден жалығу шкаласы алдыңғы буынмен салыстырғанда жастар арасында тым жоғары. Оның түпкі себебі киелі салт-дәстүрден бас тартқаннан деп түсіндіремін. Кейінгі буын салт пен дәстүрдің киесін тәрк ететін нигилизмге ұрынған. Оның соңы тіршіліктен жалығу фазасына ұласқан». Ондай кезде көкіректе үңірейген қуыс пайда болады. Оны «экзистенция вакумы» деп атаған себебім де – сол. Вакум адамды түңғиыққа сорып бара жатқандай болады. Бейне бір тас қараңғы құдыққа құлағандай сезінесің. Жаманы: ол құдықтың түбі жоқ. Қарманып, тырбануға ілік жоқ. Ашық космоcта шлангасы үзіліп кетіп, стансадан ажырап, түпсіз кеңістікке сіңіп жоғалған ғарышкердей күй кешеді.
«Адам бұл қорқынышты күйге қалай шатылды?», «Бұл неден басталды?», «Әр күнді асыға күтіп, таңды атыра алмай асығып жататын құштарлық қасиетін кім ұрлады?»,«Жалпы оны «құдықтан» шығарып алатын күш бар ма?» деген сұрақтар өзекті боп шыға келеді. Осының бәрі бала кезде «Қой, ұят болады» деген тәрбиеге мән бермеуден басталады. «Ұят түгі жоқ. Елдің бәрі солай жасап жүр. Жалғыз мен емес» деген қыңыр жауап адамды вакумға құлатады.
Қазір бұл дерттің қаншалықты ұлғайғанын көрсететін деректер жетіп жатыр. Әріптестерім әлемнің бірнеше қаласында сауалнама жүргізген. Статистикадан байқағаным: жүйкесі жұқарып, денсаулығы сыр бергендердің 20 пайызы ноогенді неврозға шалдыққан. АҚШ-та суицидтен өлген студенттер саны жол апатынан ажал құшатындардан соң екінші орында тұр. Айдахо штатының бір университетінде суицидтен тірі қалған 60 студентпен диалог жүргізген. «Не үшін суицид жасадың?» – деген сұраққа 85 пайызы: «Өмірден мән таппадым», – деп жауап берген. Таңғаларлығы: олардың 93 пайызының денсаулығы сап-сау. Ақыл-есі бүтін. Материалдық жағдайы шешілген. Ата-анасымен, ағайын-туысымен қарым-қатынасы түзу. Қоғамдық жұмысқа белсенді араласады. Сабақтары да жақсы. Бір сөзбен айтқанда, оларды таршылықтан қиналды дей алмайсыз.
Осының өзі ойландырмай қоймайды. «Осынша жақсы жағдай жасалса, жастар не үшін ерікті өлімге барады? Қателік неде?» деген сұрақ өзінен өзі туындайды. Бұл құбылысқа адамның Мәнге құштарлығы тұрғысынан келеміз. Логотерапияда ондай мотивацияны «Мәнге ұмтылу» (The wіll to meanіng, стремление к смыслу) деп түсіндіреді.
Бір қарағанда адамды тұғырға көтеріп, асыра бағалайтындай көрінеміз. Осындай сәтте Калифорнияда болған оқиға есіме оралады. Ұшақ айдауды үйреніп жүргенде инструктор: «Қонатын мекен шығыс жақта болса, сен солтүстік-шығысқа ұшасың. Себебі жел солтүстіктен соғады. Ол ығыстырып керек жерге дөп түсіреді. Бағытты бірден шығысқа алсаң, онда қалбалақтап отырып оңтүстік-шығысқа қонасың. Ұшақ айдағанда солтүстіктен соғатын желді ескеру керек», – деген. Енді ұшақтың орнына бозбаланы қойып көрейік. Бір биіктікті белгілейміз де, баланың соған ұмтылуын қалаймыз. Бірақ ұшақты сол тараптан қисайтып отыратын солтүстік желі сияқты өмірде кездесетін қиындықтарды ескермейміз. Адам да түрлі соққыдан ығысып отырып, белгілеген биіктікке жете алмауы мүмкін. Есесіне қоғамның салауатты бір мүшесіне айналады. Адамға арман бітіргенде барынша биік алған дұрыс. В.Франклдың Адамға шектен тыс мәртебе беретін ізгі амалдарын қазақша қиссамен қызықты етіп түсіндіруге болады. Адамның шабыт-жігерін шалықтата түсу үшін оның ғаламдағы ғажайып мәртебесі жайлы идеяны тоқтаусыз сіңіруге тура келеді. Сонда ғана адамның ұлы Мән мен Мақсатқа құмарлығы оянады. Мысалы, мына қиссаға құлақ түріңізші. Адам атаны жаратқан соң Тәңірі тағала пейішке кіргізді. Себебі ілім-білім сайысында Ібіліс малғұнды жеңген еді. Адамға бас имеген малғұн қарғыс арқалап қаңғып кетті. Ал адамға лайықты құрмет көрсетіліп басталды. Ақ жақұттан Хаджар әл-асуад деген тақ жасап, Адам атаны салтанатпен отырғызды. Қазіргі Бәйтул Мұқадастағы қара тас Адам атаның алғашқы тағы болған екен деседі. Барлық періштелерге:
– Адам менің орынбасарым. Он сегіз мың ғаламдағы барлық жаратылыс адамның игілігі үшін қызмет етеді. Оған құрмет көрсетіңдер, – дейді. Самсаған періште салтанатпен сап түзеп, Адам атаны көру үшін сан мыңдаған ғаламнан тоқтаусыз ағылып жатты. Жаратушы Иесі:
– Ей, Раузан періштесі, жәннаттың есіктерін ашып қой! Барлық мақұлықат түгел келіп, Адамды көрсін! Пейішті бар асылмен безендір! Барлық ағаштың жемісі уылжып пісіп тұрсын! Дарияның сулары шалқып жатсын! Әй, Ысрапыл, рақат самалы есіп тұрсын! Ей, хорлар, салтанатты киініңдер! Балдан тәтті, сүттен ақ, шырынды бұлақтардан сусын әкеліңдер! Ей, бұлбұлдар, саздатып, еліктіріп, елітіп сайрап тұрыңдар! Ей, періштелер, Адамның тағының жанында әдеппен қозғалыңдар! – деп әмір етті.
Адамды көруге асық болған періштенің көптігі сонша – олардың қалың бір қауымы Тәңір халифасының түр-тұрпатына назар сала алмай арманда кетті. Адамды көре алмай, арманда кеткен періштелер ғылмандар аталыпты. Адамға назар сала алмағандықтан, олардың дәрежесі төмендепті. Толық бақытты сезіне алмай қиналған ғылмандар:
– Уа, жаратушы Иеміз, Адамды біз де көрсек деп едік. Кезек тиетін түрі жоқ, – деп жалынады екен. Тәңірі тағала:
– Ертең Адамды жер жүзіне таратамын. Сосын нұрымнан жаңбыр жасап жаудырамын. Сол жаңбырдың бір тамшысын жерге алып түсіп, Адамды көріп қайтасыңдар, – деп жұбатады да, Ысырапыл періштеге:
– Қиямет-қайымға дейінгі жер бетіне жауатын жаңбыр тамшысының санын есепте! Оны әрбір періште жерге алып түссін! Сол кезде адамның түр-сипатын көрсін! – деп әмір етеді. Ысырапыл әуелден ақырға дейін жауатын жаңбыр тамшысын санап шықты. Ғылмандар саны тамшыдан көп екен. Тағыда бір парасы бұл нығметтен құр қалатын болды. Олар:
– Уа, Тәңірім, бізге тамшы да бұйырмады. Адамды бір көруге ынтықпыз, – деп жамырады. Тәңірі тағала:
– Мен шебер Жаратушымын. Суды қар бейнесінде қайта жаудырам. Сол кезде қардың әрбір шытырасын жерге алып барасыңдар, – дейді. Ысырапыл қардың ұлпаларын есептеді. Ғылмандардың саны одан асып түсті. Кезек тимей қалғандары:
– Уа, Тәңірім, бізге тағы да кезек тимейтін түрі бар, – деп арызданды. Сонда Жаратушы:
– Уайымдамаңдар. Мен шебер Құдаймын. Шешімін тауып берем. Сендер бұдан былай сахар мезгілі болғанда Менің рұқсатыммен дүнияға барасыңдар. Сол кезде ояу отырған қайырымды құлдарымды қалауларыңша тамашалауға рұқсат. Одан басқа адам ұрпағын көруге рұқсат жоқ. Ояу момын құлдарымның дұға-тілегін маған жеткізіңдер! Олар Жаратушы Иесін еске алып, егіліп жыласа, көз жасын жерге түсірмеңдер! Жібек орамалға салып пейіштегі сандықта сақтаңдар! Хақтан қорқып жылаған көз жасы қияметте өздеріне шапағат қылсын! – деді. Ғылмандар:
– Уа, Тәңірім, не себепті ояу құлдарыңды ғана көре аламыз? – деді.
– Мені еске алмай күн шыққанша ұйықтайтын ғапылдарды Мен де еске алмаймын. Сертім солай. Сендер маған ғашық, ақжүрек құлдарымды ғана көресіңдер, – деді.
Сонда ғана ғылмандардың көңілі жай тауыпты. Сахар уақытында көкте ғылмандар адамды көреміз деп сән-салтанатын арттырып, киініп келеді екен. Адамның қандай тілегі болса қабыл етіп, Құдайдың дәргейіне жеткізетін солар болыпты. Бірақ ғылмандар тек жүрек көзі ашылған момындарды ғана көріп, солармен ғана тілдеседі. Күн шыққанша ұйықтайтын ғапылдар Тәңірдің осы нығметінен мақұрым қалады екен. Сондықтан да ғылмандар өз әлемінде барша адам баласының сахарда ояу болғанын Тәңірден тілеп отырады деседі. Франкл адамға ерекше мәртебе беру себебін былай түсіндіреді: «Адамның мәртебесін ұлықтау арқылы оның қай дәрежеге дейін өсетінін көрсетеміз. Сонда ол адамшылық биік өлшемнің бір сатысын бағындырады. Ондай жоғарғы стандарт болмаса, ит тіршілікке байланады. Соның кесірінен өмір мектебінде адами дәрежесі өспей мешеу қалады. Себебі оны өркендеуге қызықтыратын өлшем түрлері жоқ».
Мәнге ұмтылыс
Психологияда «терең психология» (глубинная психология) деген термин бар. Адамды «төменнен» зерттеп, жандүниесін терең сүңгіп барлайды. Адамды төменгі деңгейден зерттейтін психология болса, оған антоним ретінде «жоғарғы деңгейден зерттейтін психология» да болуы керек. Яғни адамның жанын емес, өмірлік Мәнін, соған ұмтылысын зерттеу әдісі. «Мәнге ұмтылу» концепциясын эмпирикалық әдістермен де растауға болады. АҚШ-тың Білім беру жөніндегі кеңесі 360 университеттің 189 733 студенті арасында сауалнама жүргізген. Олардың 73,7 пайызы «Өмірден Мән іздейтін танымға жетсек» деген арманын білдірген. Болмаса студенттердің психологиялық ахуалын бақылайтын Ұлттық институттың дерегіне қараңыз, 48 университеттің 7 948 студентінен сұрақ-жауап алынған. Олардың 78 пайызы «Өмірден мән тапқым келеді» деген. Қысқасы, студенттерді ақша қызықтырмаған. Олар байлықтан бөлек Мән тапқысы келген. Әлбетте, ауру жазылсам, кедей байысам, үйсіз баспана алсам деп армандайды. Бірақ денсаулық та, үй де, байлық та – Мәнге жалғану үшін қажетті құралдар. Маслоу адамның мұқтаждығын төменгі және жоғарғы деп екіге бөлген. «Төменгі мұқтаждық өтелсе, жоғарғы мұқтаждықты өтеуге жол ашылады» дейді. Ол жоғарғы мұқтаждық деп Мәнге талпынысты алады. Тіпті оған «адамның алғашқы оянысы» деп атау берген. «Алғаш адам жер бетіне келгенде Мән туралы ойланбады. Төменгі мұқтаждығын өтеп, тамағы тоқ, көйлегі көк болғанда ғана «Бұл дүниеге не үшін келдім?», «Адамдық борышым бар ма?» деп ойлана бастады. Бір сөзбен айтқанда, «бірінші – тамақ, сосын барып – мораль». Логотерапия қырынан түссең, оның пайымы теріс. Керісінше, пенде ашарға есік, кірерге тесік таппай қиналғанда Өмірдің мәні жайлы толғанады. Оған дәлел ретінде концлагерь тұтқындарын аламыз. Олар тамақ таппай, ұйқысы қанбай, қиналғанда «Өмірдің мәні не? Осылай қорлық тартқанда Мән бар ма?» деп ойлай бастады. Қарын тойсын, тоймасын адам бәрібір Мәнді ойлап тұрады. Себебі ой трансцендентті болғандықтан, оған тұрмыстық факторлар әсер етпейді. Осы жерде мынадай феноменмен ұшырасамыз. Адам – трансцендентті болмыс. Жерді айтпағанда, физикалық денесіне сыймайтын әлемдегі жалғыз мақұлық.
Адамның бұлайша аласұрған сезімін Мұқағали ақынның өлеңімен-ақ береміз:
Сірә, бізге тыныштық жоқ тұрмыста,
Іздеме оны,
Табамын деп тырмыспа.
Тыныштық жоқ,
Тыныштық бар мәңгілік,
Тындырып бақ, ғұмыр қысқа, күн қысқа.
Тіршілікте тыныштық жоқ тұрмыста.
Демалыс ап, Кавказ, Қырым барғаның –
Бәрі өкініш,
Өзіңді өзің алдауың.
Қалай үзіп, қайда тығып, тыншисың,
Тыным бермес ойларыңның жалғауын!?
Тіршілікте анау жүрек, мынау бас
Сая бағып, сірә, тыныш тұра алмас,
Желік көңіл,
Жетім ойлар тұрғанда,
Тыныш бейқам сауық-сайран құра алмас.
(Бұл – қағида қайталаған тіл біткен)
Тыныштық жоқ!
Тыныштық жоқ тірлікте!
Тыныштық сол –
Үлкен жердің үстінде
Өткен ғұмыр,
Біткен сөйлем,
Бір нүкте...
Франклдың «ой трансцендентті болғандықтан, оған тұрмыстық факторлар әсер етпейді» деген идеясын қазақша қиссамен тарқата кетелік. «Сияр Шәріп» кітабында Мұхамбет пайғамбардың миғражға сапар шеккені баяндалады. Миғражнамада хикметті ойлардың ғайып әлемнен келетін идеясы ертегі формасында көркем жеткізілген. Мұхамбет пайғамбар миғражда келе жатып бір дариядан өткен соң үлкен қазынаны көрді. Алыстан жарқырап, айналасына шұғыла шашып тұр екен.
– Бұл не? – деді пайғамбар. Жебірейіл періште:
– Сүлеймен патшаның қазынасы, – деді.
Қазынаға қараса, оның әр сарайына жетпіс мың құлып салыныпты. Әр құлыпты жетпіс мың періште күзетіп тұр. Жебірейіл:
– Ей, Тәңірдің сүйікті досы, сенің құрметіңе қазынаның барлық есігі ашылады, қарап көр, – деді. Айтқандай қазына есіктері ашылды. Сарайдың ішіне үңіліп еді, онда ақыл-парасат, иба-әдеп, көркем мінез-құлық, кешірім, мейірім-шапағат, ар-ұят, махаббат бар екен. Пайғамбар:
– Сүлейменнің қазынасын алтын-күміс деп ойлаушы едім. Бұл қалай болғаны? – деді. Жебірейіл:
– Рас айтасың. Оның қазынасы қисапсыз алтын-күміс, дүр-гауһарға толы болды. Сүлеймен дүниеден өткен соң қазынасын Тәңірі бергі дүниеге алдырды. Бірақ алтын-күміс бұл жақта бағалы зат емес. Хақ тағала барлық асыл тасты құдіретімен даналық пен хикметке айналдырды. Егер Сүлейменнің қазынасы тас күйінде қалғанда, жердегі адамзат пен жын-пері таласып, соңы жоқ соғыстан көз ашпас еді. Сүлейменнің қазынасынан түсіп қалған азын-аулақ алтын-күмістің өзі талай соғысқа себепші болады. Жалғанда даналыққа көп адам құштар болмайды. Сондықтан олар осында сақтаулы, – деді.
– Сонда қалай, бұл хикметтер ешкімге бұйырмай, осында жата бере ме? – деді пайғамбар.
– Жоқ. Жер бетінде даналық іздеген адамның ақысы желінбейді. Оған жауапты періштелер жердегі пенденің жүрегін бақылайды. Егер бір пенденің жүрегі дүниеге құштарлықтан ада болса, соның кеудесіне даналықтың қақпасын ашады. Хикмет кеудесі өлгенше сәулеттене береді, – деді. Пайғамбар:
– Иә, Тәңірім, үмбетім даналықты қаласа, кеудесін Сүлейменнің қазынасымен толтырғайсың, – деп дұға тіледі.
Хикметті ойдың трансцендентті сипатта болатынын Шәкәрім қажының өлеңіне қарап та білуге болады.
Қанжарың бер, барайын,
Меңіреудің ішін жарайын.
Нұрыңнан сәуле салайын,
Сонда оған жан кіреді.
Нұрыңмен жарық жүрегім,
Ғайыптан хабар білемін.
Жарымнан алған тілегім,
Қап тауын нандай тіледі.
Франклдың ойын қайта жалғаймыз. Бұ дүниеге сыймағандықтан да, адам миссиясын жерден тыс, әлемнің сыртынан іздейді. Немесе өзі сияқты екінші бір рухани тұлғаға өмірін арнайды. Ұлы іске не өзгеге қызметін адам ғана абыроймен атқара алады. Қызмет еткен сайын өзі де тау тұлға боп қашала түседі. Қашалған сайын адами бейнесі айқындалады. Пенделік мүддесін қаншалықты деңгейде ұмытса, соншалық дәрежеде адамдық құны артады. Элизабет Лукастың эмпирикалық тәжірибелері осыны дәлелдейді. Венадағы атақты Пратер саябағындағы жұрттың күйзеліс сезімі қаладағы басқа халықтың деңгейімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. АҚШ пен Жапониядағы зерттеу жұмысы да бір нәтижені көрсетті. Ойын-сауыққа салынып, қызық пен рақатқа бата түскісі келетіндердің Мәнге талпынысы тұйыққа тіреледі. Парктегі халықты атракционнан шығарып жіберсең, жүйкелерін күйзеліс жейді. Маслоудың қалыбына салсақ, қарыны тоқ, көйлегі көк пенде енді Мән іздеу керек еді. Керісінше, тұрмыстық жағдайы жақсарған сайын Мән таба алмай, ойын-сауыққа, рақат пен құмарлыққа бата берген.
Бұл құбылысты мынадай анекдотпен жақсырақ түсіндіруге болады:
«Бір кісі жеке дәрігеріне көшеде жолығып қалып:
– Соңғы кезде құлағым нашар еститін болды, – деп шағымданады. Дәрігер:
– Арақты көп ішетін болғансыз ғой. Тастау керек. Сізге ішуге болмайды, – деп кеңес береді. Екі айдан соң олар тағы кездеседі. Дәрігер:
– Құлақ қалай болды, аға? – дейді дауыстап. Пациент:
– Айғайлама, керең емеспін. Құлағым анық естиді, – дейді.
– Айтқан тілді алып, арақты тезірек тастағаныңыз жақсы бопты, – деп қуанысып, қоштасады. Арада екі ай өткенде олар тағы жолығып қалады. Дәрігер:
– Хәліңіз қалай, аға? – дейді. Пациент үндемейді. Дәрігер естімей қалған шығар деп қайтадан дауыстап сұрайды.
– Қаттырақ айтшы. Құлағым естімейді, – дейді пациент.
– Сіз не, тағы да бастағансыз ба?
– Иә.
– Сізге айттым ғой «арақты қойыңыз» деп. Неге өйттіңіз? Саңырау боласыз ғой.
– Басында арақ ішкенім рас. Сен айтқан соң тастағам. Құлағым да жақсы еститін болды. Бірақ сау кездегі естігенім мас хәліндегі естігеніме жетпеді, – дейді».
Шал өмірден Мән таппаған. Мәнмен бірге келуі тиіс бақыттың да шаттығын сезінбеген. Өмірін мақсат-мұратсыз өткізген. Өмірдің қызығын вискимен жасап, «рақат» өмір сүрген. Оны ақылға шақырып, арағын тастатсаң, Мәннен жұрдай қарабайыр тіршілік оны бірден жұтып алады. Сүреңсіз сезімнен үрейленген пенде қолдан жасаған құмары мен рақатына бірден қойып кетеді. Бұдан мынадай қорытынды жасаймыз: Мән жоғалтқан кісі бақытпен ілесе келетін шаттық сезімін қоса жоғалтады. Енді Мәннен көз жазып қалса да, рақатты жібергісі жоқ. Амал жоқ, рақатты арақпен «ұстайды». Ақиқатында бақытты сезіну – мақсат емес. Шынайы табиғатында адам бақытты сезінуге ұмтылмайды. Мақсат-мұратына жеткенде бақытты сезім кісінің тұла бойын билеп алады. Мән-мақсаттан жұрдай болған жұрт осы сезімді тудыру үшін көбіне ішімдікке үйір болады. АҚШ-та маскүнемді реабилитация жасайтын орталықтың директоры Б.Маки: «Араққа тәуелді адаммен жұмыс істеген сайын оның өмірден Мән таппай жүргенін түсінесің», – дейді. Осыны арнайы зерттегенде маскүнемдердің 90 пайызы өмірден Мән таппағанның кесірінен араққа салынғандарын айтқан. Оларға Мән сыйлап, арақтан айыруға болады. Әріптестерім оны да сынақта қолданып, бірталайын оңалтып алды. Стэнли Крипнердің дерегінше, нашақорлардың 100 пайызы Мән таппағанда есірткіге ұрынған. Мақсат-мұратын айқындаушы ілімнің жоқтығынан рақат пен қызықты қолдан жасайды. Калифорниядағы нашақорларды емдеу орталығының директоры Фрезер пациенттердің 40 пайызын логотерапия әдісімен емдеп жазды. Жаңа Зеландиядағы Блэк пен Грегсонның да мәліметі қызық. Қылмысқа шатылған балалар арасында Мәнге талпыныс тоқыраған. Калифорнияда кәнігі қылмыскерлермен жұмыс істеген Барбер логотерапиямен оларды 40%-дан 17%-ға азайтқан. Осындай дерекке қарап, қатігездікті азайтуға болады деп сенеміз. Қатігездік Мәнге талпыныс тоқтағанда өршиді. Жан шіркін Мән таппай ширыққанда жек көретін жандары да көбейеді. Көбейген сайын жанжалға жиі килігеді. Тура осы тұсқа терең мән беріңіз. Мәнге талпыныс күйрегенде агрессияға жан бітеді. Бірақ бұл айуандағы агрессия емес. Адамға тән агрессия. Құлазыған көңіл, қуыс кеуде агрессияға фундамент болады. Себебі адами болмыста агрессия жоқ. Кез келген кісі «Бойымда агрессияның жұрнағы бар. Ол жан қатпарымдағы бір клапандарды ашып-жауып, мені біреу мен тістесуге еріксіз мәжбүрлейді. Агрессия туғызушы күштің еріксіз құрбанымын» дей алмайды. Агрессия биологиялық деңгейде қалыптасса да, психологиялық сатыда тамырын тереңге жіберсе де, таза адами өлшемге өткенде менде жоқ болып шығады. Ол менің бойымда басқаша сипатқа ие. Адами өлшемде мен тек ЖЕК КӨРЕМІН.
Адамда агрессия бар ма?
Агрессия мен жеккөрініштің айырмасы қайсы? Жеккөрініштің айырмасы сол – ол мақсатты түрде бір нәрсеге не біреуге қарсы бағытталады. Бір идеяны не адамды мақсатты түрде жек көреді және жек көруінде негіз болады. Жыртқыш аңға қараңыз. Ол кездескен жауын негізсіз жарып өлтіреді. Асыранды аңның өзі кейде бағушысын шайнап тастайды. Инстинкті агрессия – осы. Ал, адам біреумен ерегіскенде бірінші негіз болады. Қиянат қылып, елді әділетсіз езіп-жаншитын идеяны немесе идея таратушыны сол әрекеті үшін жек көреді. Яғни біреуді жек көру үшін ол бірінші қиянат жасауы керек. Оның қиянатшыл қадамы агрессияға фундамент болады. Сосын бір күні болмашы себептен конфликт оты бұрқ ете қалуы мүмкін. Ал жыртқыш аң сияқты еш негізсіз біреуге атылмайды. Жеккөрініш пен сүю – адамға тән сезімдер. Себебі олар интенционалды болады. Нақты бір объектіге бағытталады. Сүюге де, жеккөруге де негіз табылады. Бұл жерде әңгіме НЕГІЗ туралы болып жатыр. Адамның еркінен тыс агрессия мен секске деген құмарлықты туғызатын психологиялық немесе биологиялық себепті айтып тұрғамыз жоқ. Оның биологиялық себебіне В.Хесса жақсы тәжірибе жасаған. Мысықтың миындағы белгілі бір иірімдерді электротпен атқылау арқылы оның ызасын туғызды. Мысық себепсізден-себепсіз ызаланып, айналасын жек көріп кетеді. Жануардағы агрессия – осы. Мидан сигнал түссе агрессиясы ояна береді. Енді мұны мынадай мысалмен түсіндіреміз: Германиядағы ұлтшыл-социализмге (фашистер) қарсы күресуші топ болды. Осы күрескерлерді: «Олардың бойындағы агрессияшыл потенциалы еріксіз Адольф Гитлерге қарсы бағытталды. Олар Гитлермен мақсатты түрде күрескен жоқ. Жай ғана психологиялық себептен солай болды», – десем, әділетсіздік болар еді. Олар Гитлер режиміне адами өлшеммен қарсы шықты. Тиранның орнатқан режимін адами мінезбен мақсатты түрде жек көрді. Одан да анығырақ айтсақ, олар Гитлердің жеке басын емес, идеясын, системасын жек көрді. Гитлердің өзін емес, идеясын жою үшін бастарын бәйгеге тікті. Әмәнда кісі баласы әділетсіз шешімге, қиямпұрыс идеямен күрескенде ғана нағыз АДАМ бейнесінде көрінеді. Мұндай қарсылықтың күштілігі сонша: кейде күрескер соның жолында құрбан боп кетеді. В.Франклдың: «Таза адами болмыстың өзінде агрессия жоқ» деген пікірін қазақша қиссамен жеңіл түсінуге болады. Бағзы заманда бір ғұламаны бір жігіт іздеп келеді. Шай ішіліп, жөн сұрасып болған соң дана қарт:
– «Сүт сұрай келсең, шелегіңді жасырма» деген. Бұйымтайыңды айта отыр, балам, – дейді.
– Ақсақал, менде бір қиындық бар. Соның дауасын «бір білсе, сіз біледі» деген соң іздеп келдім, – дейді жігіт.
– Иә, не қиындық?
– Өте ызақор адаммын. Ашу-ыза қысқанда жан-жағымды жайпап кетем. Не істеп, не қойғанымды өзім ұқпаймын. Осы бір туабітті ит мінезден құтылатын жол бар ма? Сізді «Ұлықпан хакім сияқты жанның дауасын біледі» деген соң, келіп отырған бетім.
– Түк те қиын емес. Қолмен жұлғандай жоқ қыламын.
– Ой, ақсақал, тіптен жақсы. Жоқ қылыңызшы. Әбден абыройсыз боп біттім.
– Қане, қайда?
– Не қайда?
– Ашу-ыза, кегің қайда? Әкел, алып тастайын. Ұшын ұстатсаң болды. Қалғанын өзім қатырамын. Қане, көрсет маған ашу-ыза, кегіңді.
– Оу, ақсақал, қызық адам екенсіз. Табан астында оларды қалай көрсетемін?
– Жаңа ғана «туабітті бойымда бар мінезім» дедің ғой. Ашуланып, жан-жағыңды жайпасайшы, неғып отырсың?
– Енді ол үшін сондай сәтті күту керек. Ашуланатын кез болады. Осы отырған бетімде қалай ашуланам?
– Ә, міне, көрдің бе? «Ашу-ыза», «кек», «зіл» деген туабітті мінез емес. Ол жолдан қосылады. Туабітті жолдасың болса, осы жерде соларды көрсетуің керек еді. Көрсете алмадың. Соған қарап олардың бойыңда жоқ екенін білуге болады.
– Сонда қалай болғаны, ақсақал?
– Солай. Бойыңда туабітті мейірім-махаббат, кешірім, тәуба, сағыныш, әділет қана бар. Қазір «осы отырысыңда маған мейірім-махаббат танытшы» десем, таныта аласың ба? «Мені кешірші» десем, кешіре аласың ба?
– Иә.
– Міне, көрдің бе? Бұл қасиеттер туабітті бар. Оларды қашан келер екен деп сырттан күтіп отырмайсың. Ашу-ыза ғана сырттан кеп, адамды «жынды» қылады. Сырттан келген ит мінезді денеге дарытпауға болады. Жандүниеңде туабітті не бар, соны дамыт та, солармен ғана өмір сүр. Сонда сенен асқан бақытты жан болмайды, – дейді. Жігіт:
– Түсіндім, ақсақал, – дейді де, үйіне жадырап қайтады.
Бауырмалдық проблемасын шешкісі келетіндер адамзатқа тән «жек көру» феноменін қопарып зерттемей, жекелеген адамға тән «агрессияны» шұқылай берсе, нәтижеге жете алмайды. Адамға «сенің іс-әрекетіңді импульс пен механизмдер басқарады» дегенді сіңірсе, жек көретін мінезден айыға алмайды. Бұл мынадан шығады: қатігездікке салынып, өзіңді агрессивті ұстағанда проблема ішкі дүниеңде жатқан импульс пен механизмдерде емес. Мұны теріс түсініктен шыққан фатализм дейді. Біреуден агрессия көрінгенде импульс оны еріксіз басқармайды. Нақты идеяны не принципті саналы түрде жек көреді. Әрі оны жек көргені үшін кінәлі емес. Керісінше, жауапты. Яғни жек көруге тиіс. Шегелеп айтсақ, тирандардың оңбаған жүйесін жек көруге міндеттімін. Жек көрмесем, сол үшін мені жауапқа тартуға болады.
Франклдың ойын қиссамен түсіндіруге болады. Бірде Тәңірі Мұсадан:
– Әй, Мұса, Мен үшін не істейсің? – деп сұрады. Мұса:
– Малымнан аямай зекет беремін, – деді
– Жоқ, бұл Мен үшін емес. Өзің үшін жасалтын амал. Зекет берсең малыңа береке дариды. Одан Маған келіп кетер ештеңе жоқ.
– Түнімен көз ілмей мінажат етемін.
– Жоқ, бұл да өз қамың. Шүкірлігің өзің үшін. Шапағатын Мен емес, сен көресің.
– Ораза ұстап, аш жүремін.
– Жоқ, ол да өз мүддең. «Ауру астан» деген. Ораза ұстасаң денің сау болады,– деді Тәңірі. Бұдан соң Мұса тосылып қалды. Тәңірі үшін не істейтінін сол күйі таппады. Ол:
– Уа, Жаратушы Ием, өзің айт шешімін. Сен үшін не істейін?– деді. Сонда Тәңірсі:
– Мұса, Менің жек көрген нәрсемді сен де жек көресің. Менің хош көрген нәрсемді сен де хош көресің, – деді.
Қиссадан ұққанымыз былай. Тәңірі ұнатпаған қиянатшыл принциптер мен идеяны пендесі де интенсивті түрде жек көруге міндетті. Франклға ораламыз. Енді «агрессивті потенциалды» басқа арнаға аударумен сублимация жасаймыз» дегенге тоқталайық. Біз психологтар агрессияны аудара салудың не екенін білеміз. Бірақ одан агрессия жоғалмайды. Керісінше, тамыры жуандап, кеудеге беки түседі. Бұл жайында социолог Кэролин Вуд Шерифтің дерегін келтіреміз. Әдетте, «садақ атып, найза лақтырып жарысатын спорттық ойындар агрессияны азайтады» дейді. Мамандар жастардан үш топ іріктеді де, жаздық лагерьде жарыстырып көрді. Жарыс кезінде агрессия азаюдың орнына керісінше өршіп кетті. Яғни олар «бір-бірінен озам» деп агрессиялы түрде жарысқан. Енді қызықты қараңыз: лагерьдегі екінші оқиға шындықтың басқа қырын ашты. Бірде лагерьге азық-түлік әкелетін машина батпаққа тығылып қалды. Шопыр балалардан жәрдем сұрайды. Ортақ істі қолға алып, көлікті сүйрегенде балалардың көңілінде достық пейіл орныққан. Агрессия қолмен сылып алғандай ғайып болған. Осындай оқиғаларға қарап, бауырмалдықты, достықты сақтап қалудың конструктивті жаңа әдісін ұсынамыз. Бұл енді, «зорлық пен зомбылық – адам тағдырына жазылған зұлмат» деген фаталистік көзқараспен салыстырғанда анағұрлым жақсы. Сосын «адамда агрессивті қуат бар» деп ескі тақырыпты қаужай бергеннен не шығады? Шындығында агрессивті импульстер экзистенция вакумында өркен жаяды. Бұл фактілерді қылмысқа, жыныстық әлем-жәлемге де қарсы қолдануға болады. Вакум кезінде сексуалды либидо күшейеді. Жыныстық рақатқа тоймайтын қомағайлық та вакуммен байланысты. Ондай кезде невротикалық сексуалды реакция асқынады. Түрлі сексуалды азғындық вакумның кесірінен түрлене түседі.
Ырықсыз эффект
Біз жоғарыда «мақсатқа жеткенде бақыттың шаттық сезімі жарқ ете қалады» дедік. Оны ырықсыз эффект дейміз. Осы теорияны жыныстық рақатқа қолданамыз. Пенде жыныстық қатынастан рақат аламын деп құмартқан сайын оның ләззаты төскейден қашқан түлкідей ұстатпай кете береді. Клиникада бақылаған тәжірибем бойынша ер-азаматтың импотенцияға ұрынып, оргазмнан ажырап қалуы осы схемаға дәл келеді. Адам секстің рақатын көздеген сайын потенциясы әлсіреп, жүйкесі жұқарады. Төсектегі жұп сүйіктісіне емес, секске берілгенде жұптық қатынастың мәнісі қашады. Көбіне ер-азаматтар потенциясын көрсетіп мақтануды мұрат тұтқанда немесе әйелдер оргазм алуды аңсағанда проблема шиеленіседі. Қайталап айтамыз: оргазм мақсат емес. Ол – жұптық қатынастың мәнін ұққан шын ғашықтар арасында автоматты түрде болатын құбылыс.
Франклдың ойын қисса арқылы оңай түсіндіруге болады. Ертеде дария жағасында бір ғұлама өмір сүріпті. Бір күні әйелін шақырып:
– Бәйбіше, бүгін ет ас. Өзеннің арғы бетінде бір досым тұрады. Керемет ақжүрек адам. Үнемі қайырлы іс қылып, жетім-жесірге жәрдем етеді. Соған садақа атайын. Етті сорпасымен апарып бер, – дейді. Әйелі тапсырманы бұлжытпай орындайды. Етті табаққа түсіріп жатып:
– Айтпақшы, дариядан қалай өтемін? Көпірді көктемде су ағызып әкетті ғой, – дейді. Ері:
– Бәйбіше, қайғырма. Дарияға бүй де: «Әй, дария, күйеуімнің қойныма жатпағаны рас болса, тап қазір мұз боп қат» де. Ол мұз боп қатады. Қиналмай өте шығасың, – дейді. Әйелі сенер-сенбесін білмей кете барады. Ері айтқан соң, амал жоқ, ас-ауқатын арқалап дарияға жетеді. Жағада тұрып, ерінің сөзін қайталайды. Сол-ақ екен, дария шыжыған шілдеде қалың мұз боп қатып қалады. Әйел арғы бетке зыр етіп өте шығады. Күйеуінің досына етті апарып, ерінің ізгі сәлемін жеткізеді. Досы: «Саламат болсын!» – дейді де, етті әп-сәтте жеп, сүйегін мүжіп, сорпасын ішіп, тойып алады. Ыдысын беріп жатып:
– Дариядан өтерде бүй де: «Әй, дария, мына қария асымнан бір түйір де татып алмағаны рас болса, тап қазір мұз боп қат» де. Ол мұз боп қатады. Сол кезде өтіп кет, – дейді. Әйел солай істейді. Дария мұз боп қатады. Арғы бетке өтеді. Күйеуіне келіп, аң-таң хәлде:
– Оу, отағасы, бұл не хикмет? Екеуміз отасқалы жиырма жыл болды. Алты баланың анасымын. Бәрін өзіңнен таптым. Менің қойныма кірмедім дегенің қалай? Дарияның соны растағаны қалай? Досың етті соғып алды да: «Жегем жоқ», – деді. Дария оны да растады. Бұл не хикмет? – дейді. Күйеуі:
– Бәйбіше, хикметі мынау: мен нәпсімнің құмары үшін саған жұғысқан емеспін. Тұла бойымды құмарлық билегеннен арсалаңдап жетіп барған жерім жоқ. Әркез сенімен жұптасқанда Тәңірден салих ұрпақ тіледім. Ондағы ойым: жиған-терген ілім-білімді қалдырып кететін зерек бала сұрадым. Жұбайлық міндетімді нәпсінің жөнсіз зауқымен шатыстыруға әсте болмайды. Осы сөзімді дария растады. Ал сен осыны өтірік дей аласың ба? Тек құдайшылығыңды айт, бәйбіше, – дейді.
– Иә, отағасы, ол рас. Мені саған ынтық еткен де сенің зауқың мен шауқыңды жүгендеп ұстаған тақуалығың еді. Мінезіңе дән ризамын. Досыңа не айтасың? – дейді.
– Досым да солай. Басқалар сияқты аш құрсақтың қамы үшін ашқарақтанып тамақ жемейді. Ас ішерде: «Уа, Тәңірім, осы астан тапқан қуатымды қайырлы іске жұмсауды жаза көр!» деп ниет етеді. Сол астың қуатымен жетім-жесірге қарасады. Қайырлы іске мұрындық болады. Оның тамақсаулығын наданның қомағайлығымен шатыстыруға болмайды. Оның да сөзін дария растады, –дейді.
Кез келген істе мақсат – рақаттану емес. Мән таппай, вакумға құлағандар көбейген сайын, жыныстық проблемасы асқынған жұптар да арта түседі.
Франкл әрі қарай былай дейді: Шыны керек, біздің заманда сексуалды инфляция нарықтағы ақшаның девальвацияға ұшырағаны сияқты шапшаң қарқынмен жүріп жатыр. Адамдар тоқыраған сайын жыныстық қатынастың да құны кеміді. Ерлі-зайыптының некелік қатынасы жай ғана төсекте табысу емес. Оның құпиясы да терең, құны да жоғары. Адамзатта ғашықтық деген функция бар. Ал ғашықтар арасындағы жыныстық байланыс – адал махаббатты бекіте түсетін қосымша құрал. Ер мен әйел ғашықтықта ғана секстен қуаныш табады.
АҚШ-тың «Psychology Today» журналының сауалнамасына 20 мың жұп қатысқан. Олардың жауабын қарасаң, «потенция мен оргазмды тудырушы бірінші фактор – ғашықтық сезім» деген. Яғни романтизм! Сексуалды невроздың алдын алу үшін мынаны ескертеміз. Ер адам өзінің де, әйелінің де қайталанбас тұлғалық қасиетіне мән берсін. Адамның жыныстық қабілеті тұлғалық қасиетімен бірге дамысын. Ерлі-зайыптылар адами қасиетін ұштамай, төсектегі рақатқа байланып қалса, тағы да жанжүйкесінде ауытқу басталады. Адамның көңілкүйі тағы да бұзылуға бейім тұрады. Жыныстық белсенділік тұлғалық қасиетпен бірге дамымаса, тоқырау процесі басталады. Мұндай тоқырау асқынғанда секс индустриясы шаш-етектен пайда табады. Осылайша «алтын бұзауға» табынатын топастық қайта басталады.
Секс индустриясының тетігін ұстаған орталықтар Мәннен көз жазып, шатқалақтаған кісіні секске қызықтырып, «пайдалы» кеңес айтып, басын қатырады. Өздеріне тиімді идеяны білдірмей таңады. Олардың ықпалымен секстің шырмауынан шыға алмай қалған жандардың проблемасы бізге белгілі. Олар қоғамдық пікірді қолдан жасап, осы бір жабық һәм нәзік, құпия тақырыпты ашық талқылап, жұртты қасақана секске қызықтыра түседі. Клиенттерін адами кейіптен неғұрлым көбірек айырса, соғұрлым байи түседі. Секс шоптар мен сайттардың қаптап ашылуы – соның дәлелі. Түрлі неврозға ұшыраған пациентті емдеумен айналысатын біздер, яғни профессионал мамандар ашық насихаттың потенция мен оргазмды жылдам жоятынын жақсы білеміз. Секс индустриясының ықпалына түскен бейбақтар түрлі секс техникасын шебер меңгерсек, жүйкедегі аурудан айығамыз деп ойлайды. Керісінше, мұндай техникалар неврозды оргазмнан алыстата түседі. Шынайы сүйіспеншілік сезімін күл-талқан қылады. Бұл идеялар сексуалды өмірдегі адам еркіндігін жою немесе бұл тақырыпқа тыйым салу дегенді білдірмейді. Алайда еркін секс хақында аузы тынбай айта беретіндер сонымен бизнес жасап байып жатыр. Бұл мәселеде «еркіндікті» бетперде етіп, секс арқылы ақша тапқысы келетін екіжүзді идеяларды ашық сынауға міндеттіміз.
Мән іздеу бақ па, сор ма?
Енді Мәннің жоғалуынан пайда болатын «экзистенция вакумы» сезіміне қайта оралайық. Зигмунд Фрейд бір хатында: «Біреу Өмірдің мәні мен құны жайлы ойлана бастаса, оның дені сау емес. Себебі объективті түрде бұл екеуі де өмірде жоқ. Адамда құмары қанбай қалған либидо ғана бар», – деп жазған. Мен онымен келіспеймін. Меніңше, адам – Өмірдің мәні туралы сұрақты емес, сол Мәннің өзі бар ма, жоқ па деген сауалды қоя алатын жаратылыс. Эйнштейн бірде: «Өмірдің мәнін сезінбеген адам бақытсыз ғана емес, өмір сүруге де қауқарсыз бейшара», – деген еді. Расымен де Мәнге талпыныстың құдіреті мықты. Америкалық психологтар оны «адамды қиындықтан алып шығатын құдіретті құндылық» деген. Мен оны өмірімнен талай көргем. Освенцум мен Дахауда болған тұтқындар адам төзбес «тозақты» бастан кешті. Ол жерден арманы мен мақсатында Мән бар адам ғана аман шықты. Кейіннен америкалық психиатрлар да соғыста тұтқынға түскен сарбаздың тағдырын зерттеп, осындай қорытындыға келді. Осы арада мынадай сұрақ туады: жеке адамға мәлім болған Мәнді адам ұрпағына тұтас қолдансақ бола ма? Қоғамдық проблемадан құтылудың жолы ретінде ортақ бір Мәнге ұмтылу концепциясын ұсынсақ, қалай болар еді? Себебі проблема ортақ қой. Ендеше Мәнді неге ортақ етпеске? Жауабы былай. Кітаптың басында бүй дегенбіз: «Әр заманның өзіне тән неврозы болады. Соған сәйкес психотерапиясы да болуы керек». Ендеше бізге бір нәрсе анық. Адами құндылықты көтерумен ғана қоғамның қисайған тұсын реттеуге болады. Сұрақтың да жауабы тез табылады. Адамның құнын жойып, қамыстай қаулап бара жатқан азғындық пен сатқындықты адами құндылықты күшейтумен ауыздықтай аламыз. Қалай ойлайсыз, тіршілікке талпынысы тоқыраған адамның өміріне Мән бітіре аламыз ба? Санасы редукционизммен уланған адамның миына Мән туралы түсінікті сіңіре аламыз ба? Мәнге қол жеткізу мүмкін бе? Жойылған киелі салттар мен ғайып болған инстинктерді қайтара аламыз ба әлде бұрынғы иба мен әдеп сол күйі келмеске кетті ме?
Франклдың ойлары түсінікті болу үшін шамалы ашықтай кетелік. Көп адам «Өмірдің мәні не? Не үшін өмір сүресің? Тіршілікке байлап тұрған негізгі мән не?» деген сұраққа жауап бермей тосылып қалады. Себебі ондай сұрақты ешкім қоймайды әрі өзі де ол жайлы ойланбайды. Оның үстіне «Өмірдің мәні» деген ұғым – абстрактілі. Мән көзге көрінбейді, қолға ұсталмайды. Бұл сұрақты жұртқа қойсаңыз, шамамен мынадай жауап естисіз: «Не үшін болушы еді? Бала-шаға үшін», «Ата-анамның үмітін ақтау үшін», «Өмірдің мәні несі тағы?! Өмір, ол – өмір. Өмірге келген соң жүресің ғой енді осылай...» деп дағдарып қалады.
Осы мәселені басқаша тәсілмен шешуге болады. Ол үшін мынадай мысал аламыз: Танысың сені қонаққа шақырды делік. Ол: «Менде қызық кино бар. Көрсең, өкінбейсің», – дейді. Сен міндетті түрде: «Кино не туралы? Қызық па? Соңы немен бітеді?» – дейсің. Досыңыз: «Кино сенің өмірің жайлы. Басты кейіпкер – өзің. Өміріңді айнытпай бастан-аяқ түсірген», – дейді де, өзің жайлы киноны экранға шығарады. Енді сен туғаннан қазірге дейінгі жүрген-тұрған өміріңді көріп отырсың. Сәлден соң ішің пысып: «Сонда бұның мағынасы не? Киноны көрудің не мәнісі бар? Фильмнің логикалық түйіні не? Соңы немен бітеді? Бір күні бір күнінен айнымайтын кейіпкердің мағынасыз ит тіршілігін несіне көріп отырмын?» деп сұрай бастайсың. Ескеріңіз, бұл сұрақты бөтен біреу емес, енді өзің қоясың. Себебі құнарлы фильм көруге үйренгенсің. Барлық сапалы фильм ғибратты идеяны насихаттап, кеудеге құндылық құюды мақсат тұтады. Интеллектің құндылықты қалап тұрады. Басты кейіпкер ұлы мұраттың ізінде жүреді. Соңында әділдік жеңеді немесе қаһарман кейіпкер мақсатына жете алмай өліп кетеді. Мақсатына жетпесе де, соңына дейін беріспейтін күресі шабыт пен жігер сыйлайды. Өмірде асыл мұрат пен мағыналы Мән болмаса, біз мағынасыз тіршіліктің конвейеріне ілінеміз. Ондай кезде «Өмірімнің логикалық түйіні не? Бұл тіршілік немен аяқталады?» деп ойлау қорқынышты. Себебі өмір киносы түсініксіз сериялармен созылып барып, соңында мағынасыз өліммен, қызықсыз аяқталады. Бастапқы сұрақты осындай форматта қойсақ – бәрі түсінікті. Енді «Менің кино-өмірімнің мағынасы не? Тіршілігім не жайлы боп жатыр? Ажал сағаты соққанша не істеп үлгеруім керек? Өз киномды қалай аяқтасам дұрыс?» деп сұрасақ, шатысуға ұрынбаймыз.
Мәнді адам қолдан жасай ма әлде таба ма?
Адамға Мән бітіру – моральды дарыту деген сөз. Ескі мағынадағы мораль біздің ғасырда өлуге айналды. Біраз уақыттан соң моральды болмысқа айналдырамыз. «Мынау дұрыс, мынау дұрыс емес» деп нұқып сөйлейтін моральмен қоштасамыз. Жақсылық Мәнді қолға түсіруге көмектесетін құрал ретінде қаралады. Ал жамандық – Мән игеруде кедергі келтіретін нәрсе деп қабылданады. Мәнді қолдан жасауға болмайды. Оны табу керек. Мәнді қолдан жасасаң, өзіңе ғана ұнайтын субъективті Мән жасап шығасың. Не мағынасыз Мән жасап, алдана тұруға тура келеді. Оңайлатып айтқанда былай болмақ: Өмірден Мән таппаған кісі мағынасыз өмірден қашу үшін субъективті Мән жасап алады немесе мағынасыз мақсатқа маталады. Жасанды мән мен рақатқа химиялық препараттармен қол жеткізеді. Бірақ қауіпті жері сонда: шынайы Мәннен ғапыл қаласың. Осыны ойласам, Калифорниядағы зерттеу есіме түседі. Ғалымдар тышқан миындағы гипоталамус бөлігіне электродты қондырған. Электр сымдары бір-біріне тигенде тышқандар жыныстық қатынасқа түскендей немесе тойып тамақ ішкендей рақатқа батады. Дәндеген тышқандар келе-келе сымдарды қосуды үйреніп алды. Енді ұрғашысына құмарлығы жойылды. Тамақты жемей жата береді. Мән таппай, мәңгілік мағынаны зая кетіргендер тышқандар сияқты қолдан рақат жасап жата береді. Мән табу – мүмкін нәрсе. Біз Мән іздегенде оған барар жолды ар-ұяты нұсқап тұрады. Адамның ары – Мән табушы орган. Адамзатқа ортақ Мәнді адамның ар-ұяты іздеп табады. Сондықтан ар-ұятты адамға тән басты қасиеттің бірі дейміз. Өмірді қалай аяқтауды көрсететін де осы – ар-ұят. Бірақ бір нәрсені есте ұстаған абзал. Кейде ар-ұяттың өзі адамды бағытынан жаңылдыруы мүмкін. Қала берді, адам баласы соңғы демі үзілгенше Өмірдің мәнін тапқан-таппағанына сенімді бола алмайды. «Ар-ұят ақиқатты ашып айтпады. Оны құпия ұстады» десек те, ар-ұяттың әміріне құлақ асуға міндеттіміз. Бұл «құпияның» ішіне «тәуекел ету» және «толерантты болу» деген екі мінез кіреді. Өліп бара жатып та «ар-ұятым адастырған жоқ па?» деген сұрақтың жауабын біле алмай, тәуекелге бел байлаймыз. Ар-ұятының жетегінде жүріп қайтыс болған адамның да дұрыс, не теріс өлгенін білмейміз. Ақиқат, сөз жоқ, жалғыз. Бірақ ешкім «ақиқат менде» дей алмайды. Мойынсыну – толерантты болу дегенді білдіреді. Толерантты болу мәселеге қалай болса солай қарау емес. Өзге дінді сыйлау үшін оларға ұқсап, бірдей болып көрінудің қажеті жоқ. Немесе өзгені сыйлау үшін оның дінін қабылдау шарт емес. Дініңде жүріп-ақ басқаны құрметтеуге болады. Біз Мән жоғалтқан ғасырда өмір сүріп отырмыз. Қазір бала тәрбиесін білім берумен шектемеу керек. Ұрпақтың ар-ұят сезімін қайрап, өткірлеп отыруға мұқтажбыз. Сонда ғана ұрпақ барлық ситуацияда жасырын жатқан Мәнді тез табады. Қала берді, замандастары не талап етіп тұрғанын қапысыз айырады. Мұса пайғамбардың заманында мағыналы тіршілік кешуге «Мұсаның он өсиеті» жеткілікті еді. Қазір олар көп пенде үшін жеткіліксіз. Қазіргі адамдар өмірдің сансыз қатпарына жасырынған 10 000 түрлі Мән табу үшін 10 000 өсиетті жатқа соғуы керек. Сонда ғана өмірден Мән тауып қана қоймай, экзистенция вакумынан құтылады. КОНФОРМИЗМ мен ТОТАЛИТАРИЗМГЕ жұтылмай, бақытты ғұмыр кешеді. Тәрбие жұмысында жауапкершілікпен өмір сүруді үйретпесе болмайды. Қазір ит басына іркіт төгілген заманда өмір сүріп жатырмыз. БАҚ саласы мағынасыз қызыл-жасылға ынтық қылып, жарнама жасап, миды шыр айналдырады. «Қауіпсіз секс» деген сылтаумен түрлі идеялар жан-жақтан толассыз ағылуда. Секс жайлы тұрпайы ақпаратқа жұтылғысы келмегендер ақ пен қараны айыруды шебер меңгеруі тиіс. Қай іске жауап береді, қай істен аяғын тартады, не нәрсеге жауапты екенін анық білуі шарт. Сонда ғана күйреуден аман шығып, тағдырын құтқарады. Өмірдің кез келген ситуациясы нақты Мән табуды талап етеді. Бір оқиға қайталанбайды. Сол сияқты барлық адамның тағдыры – өмірдің қайталанбас өрнегі. Тағдыр күн сайын, сағат сайын адамға Мән тосады. Адам оны сәт сайын жүзеге асыруға міндетті. Әр адамның өзіне арналған Мәні болады. Ситуацияға орай Мән де өзгереді. Іздеуші Мәнді барлық ситуациядан таба алады. Себебі мәнсіз ситуация болмайды. Тіршілік әр секундта адамға бір борышты жүктейді. Мәнді жүзеге асыру тәсілі де – қайталанбас құбылыс. Әркім Өмірдің мәнін өзіне тән тәсілмен игереді. Мән үшін күрес басталғанда адамның жынысы, ұлты, тілі, білімі, діншілдігі, ұстанатын діни көзқарасы есепке алынбайды. Мән – бәріне ортақ нығмет! Мән табу тәуекелшіл мінез бен қайтпас қайратқа тәуелді!
Франклдың Мән туралы ойы қазақ тілді аудиторияда мынадай сұрақ туғызуы мүмкін: «Осы Мән бұрыннан бар идея ма? Оны қазақ тілінде зерттеп көрген адам бар ма, әлде бірінші рет Франкл ұсынып отыр ма?» Трансцендентті әлемнен тіл қатқысы келетін тылсым құдіретті Мән тұрғысынан қарастырған қазақ бар. Ол – Шәкәрім қажы. Оқып көріңізші:
Жаралыс басы – қозғалыс,
Қозғауға керек қолғабыс.
Жан де мейлің, бір МӘН де,
Сол Қуатпен бол таныс,
Әлемді сол МӘН жаратқан!
Қозғалмаса көшпейді,
Көшпеген нәрсе өспейді.
Өспеген нәрсе өзгермес,
Түрден ол түрге түспейді,
Қозғалыс түрлеп таратқан.
«Өсімдік күннен алады ас,
Күн суық болса, түпке қаш,
Дым тиіп, нұр кеп жылытса.
Өс тағы жайнап, көңіл аш!» –
Дейтұғын жан да МӘН болар.
Франклдың ойын әрі жалғаймыз. Бірде-бір психиатр немесе психотерапевт «Сенің өмірлік мәнің мынау» деп көрсете алмайды. Олар пациентке бір ғана нәрсені айтуға құқылы. Яғни: «Өмірде мән бар. Кез келген жағдайда таба аласың. Тіпті қайғы мен қасіреттен де мән табуға болады», – дей алады. Өмірді сараптап, ғылымның тіліне аударсаң, біздің өмірден мән іздеп талпынып, әрі оны үш түрлі жолмен табатынымызды байқаймыз. Бірінші: адам Оны іс-әрекетінен, амал-қайратынан, жасампаздығынан табады. Екіншіден, біреуді жақсы көріп, сол үшін қайғы шеккенде өміріне мән дариды. Үшіншіден, тұйыққа тірілген ситуацияда адам шарасыздығына қарамастан Мәнді біліп, сезіп жатады. Тағдырдың ауыр соққысын қай позициядан қарсы аласың, мәселе сонда. Бекінген позициясына қарап, пенденің не нәрсеге қабілетті екенін анық көреміз.
Бірде АҚШ-тан бір студент хат жолдады. Хатта: «Жуырда досым өмірден озды. Ол өмірден мән таба алмады. Қазір тірі болғанда логотерапиямен көмектесер едім. Дегенмен оның тағдыры маған сабақ болды. Келешекте өмірден түңілген жандарға көмек бергім келеді. Дәрігер болып, халыққа қызмет етсем, саналы түрде жауапкершілік арқалаймын. Онда досым бекерге өлмеген болады. Ендігі арманым: осындай оқиға ешкімнің басына түспесе екен. Адамды құтқарған сайын досымның да өткен өмірі мағынаға толыса бермек» деп жазыпты. Өмірде мәнсіз ситуация болмайды. Қасірет пен қайғыға позиция ұстану арқылы оларды мағыналы мәнге айналдырамыз. Бастысы – тағдырдың ұтымды позициясына табан тіреу. Қалай десек те, экзистенция вакумына жұтылып жатыр. Қараңыз, тоқшылық заман адамының ашқарақ көңілін еш нәрсе тойдыра алмай жатыр. Маслоудың айтқаны шындыққа жанаспады. Қарны тоқ адам оянудың орнына қалғып кетті. Себебі бізге түсінікті. Тоқшылық кезең адамның физиологиялық мұқтаждығын өтеп-ақ жатыр. Бірақ Мәнге талпынысты қанағаттандырмайды. Маған америкалық бір студент бүй деп хат жазады: «Жасым 22-де. Дипломым бар. Қымбат көлік мінем. Қаржыдан таршылық жоқ. Қыздармен қыдырудан проблема жоқ. Қыдырып, қаңғуға мүмкіндігім мол. Мені бір сұрақ мазалайды. Осының бәрі не үшін? Осы жүрісте не мән, не мағына бар?» Қазір бос уақыт көп. Бір қарағанда бос уақытты пайдаланып, өміріңді реттеп алуға шанс көп сияқты. Алайда бәрі керісінше. Адам бос уақыты көбейген сайын түбі жоқ вакумға жұтылып, тұншыққан үстіне тұншығып жатыр. Жүйкедегі бұл кеселді «жексенбілік невроз» дейміз. Жылдан жылға осыған шалдыққан жандар көбеюде. Джерри Манделемнің мына сөзінің жаны бар: «Техниканың арқасында күш-қуат үнемделді. Ақ білектің күшімен жасалатын қара жұмысты қазір техника атқарды. Артық күш шығармай-ақ бақуатты өмір сүретін мемлекет құрдық. Бұрынғыдай аштан өлем деген үрей жоқ. Бір күні Американың 15 пайыз тұрғыны тұтас ұлттың ішіп-жемін қамтамасыз етсе, алдымыздан тағы да екі мәселе шығады. Елді асырайтын 15 пайызға кімдер кіреді? Қалған жұрт бос уақытын қайда жұмсайды? Жоғалтқан Өмірдің мәнін қалай таппақ? Бәлкім келесі ғасырда Америка жұртына не істеу керегін логотерапия айтатын шығар...», – дейді. Жұмыссыздық жайлағанда уақыттың молдығы бірден білінеді. Екі қолға бір күрек табылмай қалғанда өмір мағынасыз көрінеді. Жұмыссыз адам өзін керексіз сезініп, тіршіліктен түңіледі. Олардың арқасына аяздай бататын фактор жұмыссыздық емес, мағынасыз өмір! Үкіметтің тегін жәрдемақысы экзистенцияға тірек болмайды. Қазір көбі не үшін өмір сүріп жатқанын білмей дағдарып тұр. Жалықтырмас мәнді қалай табамыз? Терең ойлансақ, кез келген ситуацияда Мән тауып, ғибратты ғұмыр кешуге шанс бар. Қайғы мен қасіреттің қоршауын бұзып шығып, мәнге жалғануға болады. Дәрігер ретінде айтсам, емі жоқ ауруға шалдыққан кісінің де өміріне мағына бітіріп, мәнмен қауыштыруға болады. Мәнді кеудесіне ұялатқан, шыңдалған тұлғаға айналады. Ақыл-ой, сана-сезімі пісіп жетіледі. Қызығы, бейшара хәлге түсіп, үмітсіз жағдайға қамалғанда өзімізді өзгерту керегін сезінеміз. Осы ойды тиянақтау үшін атақты суретші Иегуда Бэконның естелігін ұсынамын. Ол 14 жасында Освенцумдағы концлагерьде тұтқын боп тірі шыққан. Оны өмір бойы мынадай ой мазалапты: «Марқұмды табытқа сап, қаралы музыка ойнатып шығарып салған жерлеу рәсімін көрсем «Жалғыз мәйітке бола сонша шабылғаны несі?» деп күлкім келетін. Театрға не концертке барсам, еркімнен тыс «Мыналарды газбен тұншықтырып, қырып салуға қанша уақыт керек? Бұларды өлтірсе, қанша тонна киім, неше келі алтын тіс, неше қап шаш жинап алуға болады?» Бэконды да «Балалық шақта өткізген осы азапты өмірдің не мәні бар?» деген сұрақтар мазалаған. Ол әрі қарай былай деп жазады: «Бозбала кезде, бүкіл әлемге Освенцумның сұмдығын бүкпесіз жайып саламын. Сонда әлем өзгереді деп дәметтім. Бірақ одан өзгеріп кеткен әлем жоқ. Тіпті көп адамның Освенцум жайлы тыңдауға құлқы да болмады. Уақыт өте көрген қорлығым мен тартқан азабымның мәнін ұқтым. Сол азаптан өзгеріп, басқа адам боп шықсам ғана Мән болады екен».
ҒЫЛЫМДАҒЫ ПЛЮРАЛИЗМ
Редукционистер «Адам – тотығу процесінде іске қосылатын биохимиялық механизм. Мысалы, электр тоғын пайдаланып, іс қылатын компьютер сияқты» дейді. Невролог ретінде айтсам, компьютерді орталық нерв жүйесінің моделімен салыстыруға болады. Бірақ бұл жердегі қателік: «Адам – компьютердің ар жақ, бер жағындағы механизм» деген көзқараста болып тұр. Иә, компьютерге ұқсайтын жеріміз бар. Бірақ адамның жан құрылымы – ешқандай өлшемге сыймас, ғарыштық деңгейдегі тылсым күш. Бірақ нигилизм осы «ар жақ, бер жағындағы механизм» деген көзқарасқа бекініп алады. Американдықтар оны РЕДУКЦИОНИЗМ дейді. Редукционизм адамды етектен тартып қана қоймайды, қарабайыр қалыпқа әкеп құяды. Нигилизмнің зияны мен зардабын нигилистік тағдырдың өзі әшкерелейді. Нигилистік принципті негіз еткендер экзистенция вакумына құлайды. Нигилист есейгенде жандүниесі үңірейіп, түпсіз қараңғы құрдымға құлап кеткендей қорқынышты күй кешеді. Біз, психиатрлар, ондай пациенттерді күн сайын қабылдаймыз. Адамды заттандырып, биологиялық бұйымның деңгейіне дейін құлдыратқан редукционизм экзистенция вакумына бізді қолмен итергендей, әдейі құлатады. Америкалық социолог Уильям Ирвиннің пікірін оқыңызшы: «Адам үстел, орындық сияқты зат емес. Өмірінің құнсызданып, өзінің заттанып бара жатқанын байқаса, суицид жасауға бейім тұрады». Бұл шынымен де солай. Мен Мичиган штатының Энн Эрбор университетінде вакум жайлы лекция оқығанда бір куратор сөзімді растады. Ол: «Экзистенция вакумның кесірінен болатын суицидпен жиі кезігем. Заттанған өмірінен түңіліп, өзіне қол салмақшы болған студенттердің тізімін көрсете аламын», – деген еді. АҚШ-тағы Калифорниялық жоғары оқу орындарының қауымдастығы бір дискуссия ұйымдастырды. Оған MІT профессоры Хьюстон К. Смит пен мені шақырды. Кездесудің тақырыбы жоғары оқу орындарындағы құндылық мәселесіне арналды. Сонда профессор Смит мынадай сұрақ қойды:
– Құдайға шүкір, оқу орындарында профессорлар баршылық. Олардың білімі мен білігіне, ақыл-парасатына күмән жоқ. Осы профессорлар жас студенттерге мағыналы өмір сүруді үйрете ала ма? Өзіндегі құндылықты студенттің көкірегіне құя ала ма?
Мен бүй дедім:
– Құндылықтарды оқып үйренбейді. Оларды бастан өткереді. Сол сияқты студенттерге де Өмірдің мәнін құр сөзбен жеткізе алмаймыз. Біз оларға бір нәрсе берсек, ол – біздің өмір сүру үлгіміз ғана. Біздің ғылымға жанкештілікпен кіріскеніміз оларға алтын үлгі болсын.
– Енді осы үлгінің мәні мен мағынасын оқулықтағы материалдар арқылы беруге болмас па?
– Қазіргі оқулықтардан жастардың құндылық пен Мәнге талпынысын қиратпайтын кітап тапсаңыз, соған да қуанасыз. Себебі АҚШ-та осындай теріс бағыт белең алды. Оқу орнында студенттерге адамның редукционистік образын үйретеді. Олардың энтузиазмын тексеріп, сынап жатқандай көрінеді. Сонда да жастардың сарқылмайтын рухани ресурсына қайран қалам. Оның дәлелі «Бейбітшілік корпусына» жыл сайын көптеген студент тегін жұмыс істеу үшін жазылады.
Адамды әр қырынан тану ғылыми плюрализмді туғызды. Мысалы, Николай Гартманның онтологиясы мен Макс Шелердің антропологиясы соны меңзейді. Олар адамды үшке бөліп зерттеген: тән, жан, рух. Әр қырымен жеке-жеке ғылым айналысады. Тәнімен – биология, жанымен – психология, тағысын тағы да кете береді.
Ендеше адами болмыстың «ортақ бірлігі» қайда? Осы теориялар сынып түскен құмыраны еске салады. Адамды бірнеше қасиеттен құралған жалғыз болмыс дер едім. Антропологиялық жағынан бірдей, онтологиялық жағынан әр түрлі бола тұра, бір ғана бейнеде көрінеді. Жалғыз бейнесі – адамның басты ерекшелігі. Фома Аквинский айтқандай «Unіtas multіplex», яғни «көптіктің бірлігі». Мысалы, геометриялық анықтаманы алайық. Ғылымда оны димензионалды онтология дейді. Яғни бір затқа бірнеше қырынан қарағанда, түрлі бейнені көрсетеді. Геометриялық формасы цилиндр сияқты. Оған үстінен және алдынан қарасақ, екі түрлі пішінде көрінеді. Біресе шеңбер, біресе тік төрт бұрышты болып көрінеді. Ал шындап келгенде стақан – іші қуыс ыдыс.
Енді бұл танымның екінші заңына қараңыз. Үш түрлі пішіндегі затты алып бір ғана бұрыштан көз салсақ, бір формада көрінеді. Мысалы, мен цилиндр, конус және шарды алып үстінен назар салсам, шеңберді ғана көремін. Енді біздің алдымызда цилиндр, конус және шардың көлеңкесі түсіп тұр делік. Көлеңкесіне қарап та, оның түбінде не зат тұрғанын айыра алмаймыз. Себебі көлеңке бір ғана пішінді көрсетіп тұр.
1-сурет Енді стақанның орнына адамды қоялық. Адамды биологиялық және психологиялық тұрғыдан өлшесек, қарама-қайшы нәтиже шығады. Биологиясоматикалық болмысты көрсетеді. Биологиялық жағынан өмір сүруге шектеулі нығметтер керек: жылы үй, құнарлы тамақ, тыныш ұйқы, таза ауа, таза су. Тіршілік көзі осылар. Осы мұқтаждығын толық өтеп қойсаң, адам тыпыршып, басқа нәрсе талап етеді. Осыған қарап, биология адамды толық түсіндіре алмайды дейміз. Ал психологиялық өлшем психикалық болмысты шығарады. Қарны тоқ, көйлегі көк адамға психологиялық қажеттіліктер керек. Барыс-келіс, той-томалақ, ойын-сауық, әзіл-қалжың деген сияқты мұқтаждығы байқалады. Көңіл күйін көтеретін той-томалақсыз тағы болмайды. Осы керегін берсең, тағы да жалығады.
2-сурет Екі түрлі (биологиялық, психологиялық) мұқтаждыққа қарап, «адам екі түрлі екен» деп қорытуға болмайды. Бәрі де – бір адамның ішіндегі процесс. Цилиндрдің үш түрлі көрінгені сияқты адам да әр қырынан ашылады. Бірақ бір нәрсені естен шығармау керек. Адамды зат сияқты тани алмаймыз. Оның өлшемі тым биік. Оны адамның миға сыймас ерліктерімен ғана бағалаймыз. Бұл жерде әңгіме психофизикалық проблеманы шешу емес. Бәлкім, өлшеу әдістері психофизикалық проблеманың шиеленісе беруін түсінуге жәрдем берер. Қалау еркі жайлы мәселе қозғағанда осыны ойға алсақ жетіп жатыр. Стақанның үстінен және алдынан қарағанда бітеу заттай көрінгені сияқты адам болмысы да биологиялық деңгейде физиологиялық рефлекстердің жабық жүйесі сияқты көрінеді. Ал психологиялық тұрғыдан зерттесең, адам психологиялық реакциялардың тұйықталған жүйесі. Яғни адамтану тұйыққа тіреледі. Осы тұйық өзіңді тануға кедергі. Тұйықтан қалай да шығу керек. Шелер, Гелен, Портмандар айтпақшы, «Адамның жаны әлемге ашық» деген көзқарас бұрыннан бар. Адам бұ дүниенің шегіне сыймайды. Оның құпиясы трансцендентті болмысында. Трансцендентті деген – пенде бұл дүниеге емес, ғайып әлемге сәйкес жаратылған. Бір сөзбен айтқанда адам болу құлай сүйген бір іске не бір жанға бар ғұмырын арнау! Бәлкім ол Құдай болуы да мүмкін. Адамды трансцендетті деп танысаң, алдыңғы екі өлшемді қиратады. Басқа өлшемдер адамды биологиялық мұқтаждығы үшін күресіп, жан тыныштығын күйттеген мақсатсыз мақұлық етіп сипаттайды. Трансцендентті адам құндылық пен Мәнге талпынып, бүкіл ғаламды назарға алуға тырысады. Енді Франклдың ойын қарапайым мысалмен түсіндіреміз. Үш түрлі фигураның бір түрлі пішінде көрінгені сияқты біздің тіршілікте бір оқиға үш түрлі негізден тарайды. Бір әйел тамақ ішпей отыр делік. Күйеуі:
– Жаным, неғып тамақ ішпей отырсың? – деп сұрайды. Әйелі:
– Толып кетіппін. Формамды сақтау үшін диетада отырмын, – дейді. Соматикалық себеп – осы. Соматикасын реттеу үшін әйелі аштық ұстап отыр.
Енді екінші жағдай. Күйеуі:
– Жаным, неғып тамақ ішпей отырсың? – дейді. Әйелі:
– Көршімен ұрысып қалдым, содан тәбетім жоғалды. Ашу-ызадан аяқ-қолым тырысып, ас батпай отыр. Ашуым тарқасын, сосын ішемін, – дейді. Психологиялық себеп – осы.
Үшінші жағдайды аламыз. Күйеуі:
– Жаным, неғып тамақ ішпей отырсың? – деп сұрайды. Әйелі:
– Рамазан айы басталды. Ауыз бекіттім. Тәңірім ораза ұстаған жанға молынан сауап жазамын депті. Құдайдың ризалығын табу үшін отыз күн ораза ұстауға ниет еттім, – дейді. Ноологикалық себеп – осы. Діни сеніммен мұсылман баласы саналы түрде аштық ұстайды. Осыған қарап, оның болмысын бір тараптан зерттеу дұрыс емес екенін көреміз. Себебі ол түрлі қырынан ашыла беруі мүмкін. Ғылым алуандығы (плюрализм) деген осы.
Дәл осы қалыпқа суицидті салып тексеруге болады. Мысалы, кейде дене мүшесіне көңілі толмаған кісі өзіне қол салуы мүмкін. Немесе сал болып жатып қалған ғаріп жан масыл болмас үшін дәрі ішіп, мақсатты өлімді (эфтаназия) таңдайды. Бұл – биологиялық себеп. Екіншісі, әдетте әскерде көп болатын жағдай. Құрдастары мен офицерден қысым көрген әлсіз жауынгер қорлыққа төзбей, өзіне қол салады. Ондай жағдайда сарбазды өлім жағдайына жеткізген жауапты адамды тауып, соттай аласыз. Бұл – психологиялық себеп.
Үшіншісі, өмірде жиі кездеседі. Елмен араласып жүрген ақылды адам себепсізден-себепсіз өзіне қол жұмсайды. Ондай жағдайда марқұмның туыстары өлімнің себебін марқұмның өзінен емес, сыртқы факторлардан іздейді. «Мұны біреу ренжіткен болу керек» деп ойлайды. Негізінде үшінші жағдай ноологикалық фактордан болады. Стақан түрлі пішінде көрінсе де, түпкі болмысы су құятын ыдыс сияқты адам да – құндылық жинайтын қойма. Адамның хикмет кеудесі рухани құндылыққа толуы керек. Құндылық жиналмаса өмірден жалығамыз. Жалыққан жанды экзистенциялық қасиеттері қыспаққа алады. «Өмірімде Мән бар ма?», «Бұл әлемге қайдан келдім?», «Арқалауға тиісті миссиям қандай?», «Не үшін туылдым?», «Пейіш, тозақ бар ма, жоқ па?», «Өлген соң өмір бары рас па?» «Құдай жаратқан болса, менен не тілейді?», «ОЛ үшін не істеуім керек?» деген сұрақтар миға шаншудай қадалады. Жауап табылмаса, АДАМ тағдырдан жеңіледі.
Оппоненттерінің қате пікірін Франкл былай дәл басады: Адамды зерттегенде бәрі төменгі өлшемнен шықпай қояды. Өлшем төмен болғандықтан, адамның құны да төмен болады. Павловтың рефлекстерін, Уотсонның бихевиоризмін алыңыз, Фрейдтің психоанализі мен Адлердің индивидуалды психологиясын қараңыз, осындай зерттеуді көресіз. Ағынан жарылған Фрейдтің ерлігін мойындамасқа шамаң жоқ. Ол теориясының бір ғана өлшемге байланғанын мойындаған ғалым. Бинсвангерге жазған хатында: «Адамды зерттегенде оны үлкен үй деп алсам, соның жертөлесі мен бірінші қабатынан шыға алмаған күйі кеттім», – дейді. Редукционизмнің психологизм деп аталатын «тәтті» шырмауына басқа тұрмақ, Фрейдтің өзі түсіп қалған. Оны Фрейдтің келесі бір хатынан анық көреміз: «Мен «адамзаттың неврозы» деген категорияға бетпе-бет келгенде дінді сол үлкен үйдің қай қуысына тығу керегін тапқандай болдым», – деген. Бұл жерде Фрейдтің оңбай қателескен бір тұсы бар. Ол адамның ноологикалық қырын ашып тарқатпақ түгіл, маңына да жолай алмаған. Біз осы арада аз-кем пауза жасап Франклдың мына ойын тарқата кетелік. Жоғарыда ол бүй деді. «Адамды трансцендетті деп танысаң, алдыңғы екі өлшемді қиратады. Биологиялық және психофизикалық өлшемдер адамды мұқтаждығы үшін күресіп, жан тыныштығын күйттеген мақсатсыз мақұлық етіп сипаттайды. Трансцендентті адам құндылық пен Мәнге талпынып, бүкіл ғаламды назарына алуға тырысады». Енді осыны тереңірек түсінуге қазақша қисса көмектеседі. Қиссадағы бұл сюжет Құран кітабынан алынған. Тәңірі АДАМДЫ жаратып, оны өзіне халифа (орынбасар) етпекші болады. Саз балшықтан Адамның тәнін илеп, әбден пісіріп, түр-тұрпатын мүсіндеп, миына жан бітіріп, періштелерге тамашалап көруге мұрсат береді. Күллі періште жиналып, АДАМДЫ мұқият зерттейді. Адамның қауқарсыз қабілетін көріп, Ібіліс оны мазақ қылады. Бір кезде періштелер «Уа, Жаратушы Иеміз, бұны Сен жаратпа. Ұрпағын жер жүзіне таратпа. Бұл ішіп жеп, атақ-даңққа мастанып, әйелге құмар болғаннан басқаға жарамайды. Құмарлығын қандыру үшін қан төгуге де бейіл екен. Бұл саған қалайша халифа болады?» деп арыз айтты. Тәңірі:
– Сендер бәрін білесіңдер ме? – деді.
– Сен үйреткен нәрсенің бәрін білеміз, – деді періштелер.
– Онда мына әлемнің сырын шешіңдер деп ғайыптың бірнеше пердесін түріп жіберді. Періштелер дым дей алмай, ауызына құм құйылып тұрды. Тәңірсі Адамға өзінен РУХ деген нығметін үрлеп, жүрек көзін ашты да: «Ал, Адам енді сенің кезегің. Көрсет мыналарға құдіретіңді» деді. Тұла бойына РУХТЫҢ нұрсәулесі дарыған Адам ілім-білімін жайып салды. Бар ғаламның жұмбағы мен сырын шағып тастады. Періштелер түк түсінбей таң-тамаша қалды. Адамды қор санағандарына өкінді. Сосын кешірім сұрап, Адамға сәжде жасады. Тағзым етпеген жалғыз Ібіліс еді. Ол Адамның рухани болмысын мойындамады. Сол үшін Құдайдың қарғысына ұшырап, малғұн атанды.
Қиссаны логотерапия әдісімен талдайық. Не үшін періштелер алғашында Адамды қор санады? Не үшін ілім-білім сайысында Адамнан жеңілді? Біздіңше былай. Олар әуелі Адамның соматикалық денесін зерттеп, биологиялық мұқтаждықтарын білді. Сосын психофизикалық (қиссада бұл жан деп тұр) қабатын зерделеп, құмарлық рефлекстері мен импульсінен басқа түк таппады. Сондықтан періштелер «Бұл ертең қан төгеді. Қоғамды бүлдіреді» деп детерминизимге ұрынды. Тұла бойына Тәңірден рух сипаты енгенде ғана Адам ғайыптың сырына сүңгіді. Періштелер белгілеген екі өлшемді күл-талқан қиратып жіберді. (Негізі олар екі өлшем бойынша дұрыс айтты) Періштелер пайымы зая кетті. Рухани Адамнан жеңілді. Бейнелеп айтсақ, әуелде Адам ақыл-парасаты дарымаған, ішіп-жеп, тұқым шашуды ғана білетін санасыз мақұлық сықпытында тұрды. Үшінші болмысы дарығанда кәміл тұлғаға айналды. Сондықтан адамды зерттегенде Ібілістің қателігін қайталаудан сақ болу керек... Франкл бізді соған шақырып отыр.
Адамтану
«Төменгі өлшем», «жоғары өлшем» ұғымдарын шартты түрде ғана пайдаланамыз. Себебі екеуінің де шет-шегі белгісіз. Қай жерге тірелетінін білмейміз. Өлшемдік онтологияда «жоғары өлшем» терминін қолданғанда «төменгі өлшем» автоматты түрде оның құрамына кіреді. Адам «жоғары өлшемге» ұмтылғанда қаласа да, қаламаса да «төменгі өлшемді» зерттеп барып ортаға шығады. Сондықтан кісіні қандай ұлы өлшемге салып зерттесең де, бойынан жан-жануарға, өсімдікке тән сипаттарды қоса көрінеді. Оны ұшақпен салыстыруға болады. Ұшақ әуежайда тұрғанда автомобиль сияқты дөңгелегімен қозғалады. Көкке көтерілгенде ғана оның ұшақ екеніне күмәнсіз сенеміз. Ұшақтың ұшу қабілеті бар-жоғын соны құрастырған конструктор ғана дәл айта алады. Оның қанаты, моторы сияқты сипаттарына қарап солай дейді. Адам да солай. Анатомиялық ерекшелігін зерттесең өзгеден биік адами қасиеттері байқалады. Адамның биологиялық денесіне қарап-ақ, рухани болмысының іздерін көреміз. Мысалы, мынадай классикалық көзқарас бар. Бүкіл жан-жануар мен мақұлықтың омыртқасы жерге параллель жаратылған. Бұл олардың трансцендетті әлемде емес, осы әлемнің орбитасында тіршілік қылатынын меңзейді. Адамның ғана омыртқасы тік шаншылып тұр. Бұл оның трансцендентті әлемге тіліп өтуге қабілетті екенін меңзейді.
Ғылым адамды жан-жақты зерттегенде ғана ақиқатына жете алатынын мойындап, солай тануға міндетті. Сондықтан адамды проекциямен түсіндіру тиімді ғана емес, қажет тәсіл. Ғалымдар кісіні бір ғана қырынан зерттесе, зерттей берсін. Мәселе онда емес. Бастысы, зерттеу кезінде қателіктің қай тараптан кеткенін сезсе, жетіп жатыр. Яғни былай деп айтуы керек: «Менің зерттеуім жоғары өлшем емес. Адамның басқа да қырлары болуы мүмкін. Ол менің зерттеу объектіме кірмейді. Мен осы қырын ғана зерттей алдым». Қорыта айтқанда жоғарыда біз адамтануды зерттегенде оның бірінші заңдылығын талдадық. Жоғары және төменгі өлшемдерді түсіндірдік. Енді адамтанудың екінші заңдылығын баяндаймыз. Екі өлшемді жазықтыққа фигураны үш тараптан өлшейтін әдісті қолданбай тұрайық. Алдымен Федор Достоевский немесе Бернадетт Субиру сияқты ірі тұлғаларды психиатриялық жазықтыққа шығарып талдайықшы. Онда психиатр-дәрігер ретінде Достоевский маған эпилептик (қояншық), ал Бернаддет көзінде галлюцинациясы бар ауру болып көрінеді. Себебі олардың тұлғалық қасиеті бұл жазықтықта назарға ілікпейді. Бірінің әдеби таланты, екіншісінің діни қайраткерлігі бұл өлшемде ғайыптанады. Түпкі негіздегі фигура анық көрінбейінше, бергі жақтағы психиатриялық ахуалдың бәрі бұлыңғыр боп тұрады. Цилиндр, конус, шардың шеңбер көлеңкесі сияқты бізді шатыстырады. Көлеңкені көргенде бұл нақты қай фигурадан шығып тұр деп ойлануға міндеттіміз
Мұның қаншалықты маңызды екенін мынадан білеміз: кей ғалымдар діни таным, дүниетаным, шизофрения сияқты үш түрлі феноменді бір ғана психиатрияның жазығына қойып зерттейді. Себебі үш түрлі феномен бір қайнар бұлақтан шығып жатыр деп есептейді. Оны 1960 жылы Бад-Наухеймдегі психиатрлар қауымының съезінде жасалған баяндамадан білуге болады. Й. фон Цедтвицем деген ғалым: «Діни таным, дүниетаным және шизофрения үшеуінің арасындағы сыртқы көріністің ұқсастығы көзге ұрып тұр. Үшеуін бір кестеге салсақ, бірдей сәйкестік шығады. Осыған қарап «олардың шығу тегі бір» деп есептейміз. Оны психологияда «кастрация үрейі» деп атайды. Әруақтан не Құдайдан қорыққаннан болатын кастрация үрейін жеңу үшін адам шизофреник сияқты діни механизмдерді іске қосады. Өзін материалиспіз деп есептейтін тұлғалардың да танымының негізінде осы феномен жатыр. Ақтарып келсең, бәрі кастрация үрейінен шығады», – деген.
Міне, осы дерекке қарап В.Франклдың немен күресіп жүргенін түсінеміз. Барлық феноменді психиатрия жазықтығына салып өлшегенде адамның құнды, бағалы, ұлық сипаттары түкке тұрғысыз болып қалады. Мұны мынадай мысалмен береміз. Еуропа елдерінде Мұхамбет пайғамбардың карикатурасын салған бірнеше журнал дауға шатылды. Тіпті соның кесірінен бірнеше адам опат болды. Біз енді логотерапия тәсілімен талдасақ, мынадай ой түйеміз. Осының бәрі пайғамбардың ұлық дәрежесін лайықты танымағаннан шығады. Мұсылманның сенімі бойынша Мұхамбет пайғамбар миғраж сапарын бастан кешкен. Пайғамбардың айтысынша ол бір түнде жеті қат көкті кесіп өтіп, он сегіз мың ғаламды түгел шарлап қайтқан. Егер осы оқиғаны Франклдың жоғары өлшеміне салсақ, түсінбейтін түк те жоқ. Пайғамбардың рухани болмысы миға сыймайтын құдіретті бастан кешті. Яғни рухани құбылыстар пайғамбардың ноологикалық қабатында қайнап жатыр. Енді оның Тәңірден уахи алуын, миғражға ұшуын психиатрия әдісімен өлшесек, ол шизофреник болады. Яғни кастрация үрейіне шалдыққан Мұхамбет атты адам ойдан дін жасап, қолдан кітап жазып, өз мүддесі үшін жамағат жинады дейміз. Бір феноменді зерттегенде психиатриялық өлшемге немесе төменгі өлшемге түсіп кетуден сақтану керек. Франклдың адами феноменді үшке бөлетін әдісін қолданбасақ, үш түрлі құбылысты жалғыз жазықтықта зерттейтін танымға ұрынамыз. Діни таным, дүниетаным, шизофрения – үшеуі бір қазанда қайнайды. Бұл таным санаға сіңгенде пайғамбар да, әулие де, материалист те, ақылынан адасқан шизофреник те қойыртпақ көже сияқты араласып кетеді. Пайғамбарды пайғамбар деп танымау, әулиені әулие деп қадірлемеу, ғалымды ғалым деп құрметтемеу, ауруды ауру деп емдемеу – бәрі осыдан келіп шығады.
ӨЗІН ТРАНСЦЕНДЕНЦИЯ ЖАСАУ АДАМНЫҢ БИІК ФЕНОМЕНІ
Біз адамның жаны әлемге ашық дедік. Басқа мақұлық сияқты жабық жүйеде өмір сүрмейміз. Осы қасиетпен айуаннан артықпыз. Мысалы, аңдар ұяластарымен ғана өмір сүреді. Олардың қоршаған ортасында жан-жануардың қалауына (инстинкт) жауап беретін қажеттіліктің бәрі бар. Керісінше адам ғана Homosapіens өмір сүретін ортадан жалығып, басқа мекенді аңсайды. Басқа жаққа барғысы келеді. Қызығы: сондай ортаны тауып, ондағы жұртпен де емен-жарқын араласып, пікір алмасады. Даналармен, ойшылдармен, ғұламалармен жолығып, өміріне Мән тауып, тіршілігін мағынаға толтырады.
Адамның осы мінезі гомеостаз принципіне негізделген мотивация теориясын терістейді. Себебі бұл теория адамды жабық жатқан жүйе сияқты сипаттайды. Гомеостаз теориясы бойынша адам ішкі тепе-теңдігі үшін алаңдайды. Қайтсе де, соны тұрақты еткісі келеді. Бұл күрес іштегі бұлқынған шиеленісті азайту үшін керек. Түптеп келгенде, «өмірдегі мақсат – физиологиялық мұқтаждық мен құмарлықты іске асыру» дегенге саяды. Шарлотта Бюлердің мына сөзі ақиқат. Ол: «Фрейдтің рақаттану принципі, қазіргі гомеостаз принципі шиеленісті азайту амалдары (разрядки напряжения) бәрі айналып келгенде ішкі тепе-теңдікті реттеу үшін жасалды», – деген еді. Бір сөзбен айтқанда, барлығы ішкі мұқтаждықты дер кезінде қанағаттандырып отырады-мыс. Рақаттану принципі гомеостаз принципінен шығады. Оған шынайылық (реальность) принципі қызмет етеді. Фрейдтің айтысынша, шынайылық принципінің мақсаты – рақат пен ләззатты қамтамасыз ету. Енді осының өмірдегі көрінісі былай: біреу «Өмірдің мәні рақаттанып, қамсыз ғұмыр кешу» дегенді ұстаным етсе, тіршілігін гомеостазға бейімдейді. Рақат табатын бүкіл комфортты жинайды. Байығанда үйінің ішіне мини кинозал, бассейн, теннис, сауна, фитнес зал, гүлзар бақ жасап экзотерикалық аңдар асырайды. Енді осының бәрін жойып алмай, баланста ұстау ол үшін өмірдің мәніне айналады. Гомеостаз деген – осы. Үстірт қарасаң нағыз өмірді осылар сүріп жатқан сияқты көрінеді. Фон Берталанфи деген ғалым биологияның өзі гомеостаз принципіне сүйене алмайтынын дәлелдеді. Гольдштейн мидағы патологияны зерттеген материалдарға сүйеніп, гомеостазға ұмтылу қалыпты организмнің ахуалын емес, керісінше патологияның көрінісі деген. Ауруға шалдыққанда ғана организм қалай да іштегі шиеленістен (напряжение) құтылуға тырысады. Адамның миын, жұлын жүйкесін тексергенде олардың гомеостазды аңсамайтыны анық болды. Гомеостазға ұмтылса адамның миында, жұлын жүйкесінде ауытқу бар дегенді білдіреді. Психологияда гомеостаз принципіне Олпорт қарсы шықты. Ол қанша зерттесе де құмарлықтың түпкі табиғатын түсіне алмаған. Адамның мұқтаждығын түгел өтеп, гомеостаз күйіне жеткізгенде ішіндегі шиеленіс азаюы тиіс еді. Ол, керісінше, қуаттана түскен. Яғни психологиялық тұрғыда адам гомеостазға қарсы күрескен. Сонда былай боп тұр ғой. Биологиялық денесі гоместазға талпынады, психологиялық тұлғасы оны жолатпауға тырысады. Адамды аквариумдағы балықпен салыстырсақ, тағы да былай боп шығады: адам психологиялық тұрғыда аквариумдағы камфорттан жалығып, жатса-тұрса одан шығып кетуді аңсайды. Адамның өміріне қауіп төндіретін экстремалды спортпен гомеостаздағы адамдар жиі айналысады. Экстаз хәліне енгісі келеді. Олпорттың пікіріне ұқсайтын қарсылықты Маслоу мен Шарлотта Бюлер де білдірген. Шарлотта Бюлер еңбегінде былай дейді: «Фрейдтің гомеостаз принципі бойынша адамның көңіл күйі былайша тыншиды. Адамның барлық қалауы нөлде тұруы тиіс. Нөлде тұруы үшін қалаудың құмарлығын толық қанағаттандыру керек. Сол кезде көңіл күй тынышталып, бәрі тепе теңдікке келеді-мыс». Уақыт өте келе Фрейдтің теориясын қолдаушылар психоаналитикадағы теорияларды тағы да дамытып, қайта сүзгіден өткізді. Бірақ соның өзінде «рақаттану принципінен» бас тарта алмады. Шарлотта Бюлердің күмәні сол күйі сейілмеді. Ол «психоаналитикалық теория қанша жерден өзін жаңартуға тырысқанымен, тұшымды нәтижеге жетпеді. «Құмарлықтың түпкі мақсаты гомеостаз хәлінде рақатқа белшеден бату» деген негізі гипотезасынан шылбырын үзіп кете алмады. Құндылық өндіріп, мәдени майданда жеңіске жетуді екінші мәселе деп қарайды. Айналып келгенде «ОЛ» (Ид немесе нәпсіқұмарлық), «МЕН» (Эго) және «ЖОҒАРҒЫ МЕН» (супер эго) рақаттану үшін тіршілік қылады» дейді. Бұл Фрейдтің адам болмысын түсіндіру теориясы. Ол адамды үш қабатқа бөлген. Төменгі қабатын – ОЛ (Ид) деп атайды. Қазақша нәпсіқұмарлық. Инстинктивті энергияның қайнар бұлағы сол. Ол жерде логика атымен жоқ. Тек хаостан тұрады. Оның негізгі тіршілік ету принципі қалай да рақатқа бату. ОЛ (Ид) тәртіпке бағынбай тыпыршып тұрады. Тек үстемдікке ұмтылғысы келетін табиғи импульстердің даусын ғана естиді. Оның жоғары қабатында МЕН (эго) тұрады дейді. Ол қоршаған ортасымен санасады. МЕН – тәртіп пен заңды жақсы көретін ЖОҒАРЫ МЕН-мен (супер эго) тәртіпсіз тұрпайы ОЛ-дың (ид) ортасында делдал болып жүреді. ЖОҒАРЫ МЕН (супер эго) қоғамдық нормалар мен этикалық моральдарды арқалайды. Ол да рақатты қалайды. Бірақ соқыр кейіпте емес, жоспарлы түрде жеткісі келеді. Шарлотта бұл теорияға қарсы мынадай адамтануды ұстанады. «Адамның өмірі нақты бір мақсатқа, мұратқа, мәнге бағытталған. Мақсат-мұраты өмірін Мән мен Хикметке толтырады. Адам бұл өмірде құндылық жасағысы келеді. Ол ілкіден жасампаздыққа ұмтылады». Ғалымдардың екі принцип бойынша пікірталасы біз үшін маңызды. Себебі нәтижесі қоғамда айқын көрінеді. Оқу орнында адамның трансцендентті табиғатын аша түсетін ноологикалық ілім жоққа тән. Соның кесірінен оқушының танымы объективті әлемге тіліп өтіп, ғайыпқа шарықтауға қабілетсіз. Ал хикмет кеудесі бос боп тұрмайды. Орнын гомеостаз принципі жаулайды. Жас талапкердің арманы тіршілікті балансқа келтіруге құрылады. Сауатты жас жігіттен қоғам қайраткерін тәрбиелеп шығу неғайбыл. Себебі қайраткер не қоғамдық тұлға трансцендентті талаптан өсіп шығады. Ал біздегі оқу жүйесі «мұқтаждық өтеліп, құмарлығың қанағат тапсын. Білімді адам материалдық қиындықты кешпеу керек» деген талаппен шектеледі. Негізі бұның арғы жағы болу керек. Жігіт өзіне «Сонда өмірге сол үшін келдім бе? Үй-жайымды, бала-шағамды мұқтаждықтан құтқарып, тойындырып, киіндіру үшін ғана оқыдым ба? Қоғам алдында басқа БОРЫШЫМ жоқ па?» деп сұрауы керек. Трансцендентті сұрақтар осылай басталады. Сұрақ қойылмаса, адам от басы, ошақ қасының проблемасынан ұзап шыға алмайды. Қазір Қазақстанда түрлі пәнді тереңдетіп оқытатын арнайы мектептер баршылық. Дарынды мектептер – бір төбе. Шетел үлгісімен біріккен ақылы мектептер – бір төбе. Жыл сайын «біздің мектептің 95 пайыз түлегі грантты иеленеді» деп мақтанатын орта мектептер де баршылық. Бірақ олардың алтын басты түлектерін қайраткерлердің сапынан көру өте қиын. Себебі түсінікті. Оларды гомеостаз принципі жұтып алады.
Рақаттану принципі
Рақаттану принципін тоқтаусыз әрі сынаймын. Меніңше, бұл принцип – өз басын өзі жұтатын мағынасыз принцип. Адам рақат пен құмарлыққа салынған сайын мақсаттан қашықтай түседі. Былайша айтқанда, бақытқа жетуге басты кедергі – «бақытқа ұмтылу». Бүкіл сексуалды невроз осы құмарлықтан туады.
Пациенттерді бақылаған сайын көзім мынаған жете түседі. Жыныстық қатынастан рақат алу басты мақсатқа айналған сайын пенденің потенциясы мен оргазмы күйрей береді. Ғылымда оны «гиперинтенция» және «гиперрефлексия» дейді. «Қайтсем де рақатқа батамын» деген қомағай ниет невротикалық мінез-құлықты қалыптастырады. Ләззат пен рақат адам үшін мақсат болмауы тиіс. Оған талпыну – қате қадам. Рақат пен ләззат – мақсат-мұратқа жеткен кезде жарқ ете қалатын тәтті сезім. Мұратқа жету – бақыт құсының қонуына себеп. Бақыт құсының қонуына себеп табылса, шаттық сезімі автоматты түрде тұла бойыңды билеп алады. Бақытқа ұмтылып қажеті жоқ. Ол жайлы уайымдап та керек емес. Бастысы, өмірлік мақсат пен мұраттың айқын болуы шарт! Тағы да қайталаймыз. Бақытты боламын деп оған талпынуға болмайды. Адам бақытты назарға алған сайын бақыт құсы алыстай береді. Франклдың ойын қиссамен оңай түсінуге болады. Мұхамбет пайғамбардың миғраж сапарында мынадай қызық сюжет кездеседі. Пайғамбар бір есекті көреді. Оның маңдайы ісіп, бет-аузынан қан сорғалап тұр екен. Құйрық жүндері жұлынып, алба-жұлба кейіпте бір жаққа кетіп бара жатады. Пайғамбар:
– Мына есекті кім сабаған? Құйрығы қайда? – деп сұрайды. Жебірейіл:
– Құдай тағала мал-мүлікті есектің кейпінде жаратқан. Дүниеқоңыздар есекті ұстаймыз деп соңынан қалмай қуалайды. Есек оларға жеткізбейді. Олар хайуанға жете алмай, құйрық жүндерін жұлып, жамбасын қанатып тастаған, – дейді.
– Ал есектің бет-аузы неге қан жоса?
– Мал-мүлік ақжүрек момындарға үйір болады. Олар қайда барса да, ізінен қалмай еріп жүреді. Ақжүрек жандар мал-мүліктің алдамшы екенін жақсы біледі. Оны жанына жуытпайды. Есек оларды қуып жеткен сайын момындар басынан сабалап, қасынан қуып жібереді, – депті.
Қиссада көрінгендей кісі баласы адамзаттық құндылықтарға, адамгершілік принциптерге, тәңірлік хикметтерге құмартқанда бақ пен бақыт, байлық пен дәулет, атақ пен абырой адамды өзі іздеп табуы тиіс.
Мұның жарқын үлгісін «Ынтымақ» деген қазақ ертегісінен де көруге болады. Ертеде Нығмет пен Үсен дейтін ағайынды екі жігіт кешкі асқа отыра бергенде сырттан ат дүбірін естиді.
– Әй, кім бар? Құдайы қонақпын! – деп дауыстайды аттылы.
– Қайдан келесіз? Кім боласыз? – деп сұрады екеуі.
– Атым – Қыдыр. Қырғауылдай қорғалап, бөденедей жорғалап келем, – деді.
– Қыдыр болсаңыз, қонатын жерге қоныңыз, біз қондыра алмаймыз, – деді бұлар. Қыдыр кетіп қалады.
Ертеңіне екеуі сүт пісіріп отырғанда тағы да ат дүбірін естиді. Аттылы жолаушы:
– Әй, кім бар? Құдайы қонақпын! – деп дауыстады. Екі жігіт:
– Кімсің? Қайдан келесің? – деп сұрады.
– Атым – Бақ. Қырдан, ойдан келемін, – деді.
– Бақ болсаң, орныңды тап. Қондыра алмаймыз, – деді екеуі. Бақ та кетіп қалды.
Үшінші күні кешке тағы біреу есік қақты.
– Құдайы қонақпын, – деді.
– Кімсің? Қайдан келесің? – деп сұрады олар.
– Атым – Дәулет, – деді.
– Ендеше дәулетті жерге барып қон. Іздегенің біз емес, – деді екеуі. Сонымен Дәулет те кетіп қалды.
Нығмет пен Үсен Құдайдан тілек тілегенде: «Малға кедей қылсаң да, ауызбіршілікті алма, ынтымақтан айырма», – деп дұға етеді екен. Төртінші күні сырттан ат дүбірі тағы естілді:
– Әй, кім бар? Құдайы қонақпын! – деді бейтаныс.
– Кімсің? Қайдан келесің? – деп сұрады ағайындылар.
– Атым – Ынтымақ, – деді жолаушы. Екеуі сыртқа жүгіріп шығып, аттың шылбырын ұстап:
– Ынтымақ болсаң, үйге түс, қонақ бол, – деді.
Қонақты үйге кіргізіп, төрге отырғызды. Қонақасыға жалғыз атын көлденең тартып, «Әумин!» деп бата сұрайды. Ынтымақ:
– Жан баққан жалғыз атты маған сойсаңдар, қалай күнелтесіңдер? – деді.
– Үйде ынтымақ болса, жоқшылық кірмес. Қайғы-мұң баспас. Ат қайта келер, бақ қайта қонар. Батаңды бер, – деді жігіттер. Ынтымақ екеуіне риза болып:
– Құдай оңдасын, Қыдыр қолдасын! Бақ қосылып, Дәулет дарысын. Әумин! – деп бата берді. Нығмет мен Үсен дереу атты сойып, етін қазанға салды.
Бір кезде сырттан аттың дүбірі естілді. Қараса Қыдыр, Бақ, Дәулет үшеуі қайта келіп тұр екен. Екі жігіт жүгіріп шығып, аттарын байлап, үйге кіргізді. Ет жеп болған соң, Нығмет пен Үсен алғашқы үш қонақты қондырмағаны үшін кешірім сұрады. Сонда Қыдыр қарт:
– Балаларым, оған қысылмаңдар, Ынтымақ болмаса, Қыдыр қонбайды, Бақ қарамайды, Дәулет дарымайды. Біз Ынтымақтың бастауымен келдік. Көсегелерің көгеріп, өркендерің өссін! – деп ықылас білдірді.
Ертесіне төрт қонақ батасын беріп, аттанады. Содан кейін Нығмет пен Үсеннің үйіне береке кірді. Оларды Қыдыр қолдайды, Бақ қонып, Дәулет дариды да, бақытты жандарға айналады. Бай болып, бақуатты жанға айналғанда да, екі жігіт ынтымағын бұзбапты. Ұрпақтарына «Ынтымақтан биік, ынтымақтан күшті ештеңе жоқ» деп өсиет қалдырған екен. Франкл ойын былай жалғайды. Фрейд пен Адлер мектебінің ұқсас жерін қараңыз. Фрейд мектебі рақаттану принципіне акцент береді. Ал Адлер мектебінің өкілдері қоғамдық позицияға акцент жасайды. Адам қоғамда белгілі бір статуспен өлшенеді дейді. Адлер мектебі ұсынған талпыныс түрі де – перспективасы жоқ тұйық жол. Себебі қанша тырыссаң да, әлеуметтік мәртебеңді өлгенше ұстап тұра алмайсың. Қартаю процесі оның да жолын жабады. Мансап пен мәртебеден айрылған күні пенде үлкен психологиялық соққы алады. Кейбір карьеристер әрқалай себеппен қызметінен қуылғанда жүрегі ұстап өліп кетеді. Қоғамда қалайда бір мәртебеге, көрнекті орынға, үлкен қызметке жетсем деген ұмтылыс бәрібір тығырыққа тіреледі.
Бақ пен бақыт адамды өзі іздеп табады деген позициямды басымнан өткен мына бір оқиға растайды. 23 кітабымның біреуін аты-жөнімді көрсетпей анонимді түрде жарияладым. Қызығы: сол кітабым сәтті шығып, әлемге тез таралды. Осы оқиғаны қазіргі жастарға ғибрат ретінде жиі айтам. Ғалым адам ғылыми еңбек жазғанда атақ пен абыройды емес, бірінші ар-ұятты ойлауы керек. Бақ пен бақыт адамды өзі іздеп табады. Оны қиялдаудан тыйылған сайын бақытты ғұмыр кешуге мүмкіндік молаяды. Жеме-жемге келгенде бұдан мынадай шындық шығады: рақаттану мен танымал болу – адамның Мәнге мұқтаждығынан туындайтын ілеспелі құбылыс. Өмірден Мән тауып, мұратына жеткендер тіршіліктен рақат та табады, ел сыйлайтын атақты тұлғаға да айналады. Немесе былай деп тағы да шегелей кетуге болады. Адамның рақатқа батуға да, ел ішінде абыройлы һәм мәртебелі болып жүруге де ақысы бар. Кісі бұл нығметке Мән тауып, мақсатына жеткенде бөленсе бақыты баянды болмақ. Бақытын хикметпен тапқанда қауіп-қатер болмайды.
Адлердің әлеуметтік статус теориясы болсын, Фрейдтің рақаттану принципі болсын – бәрі түптеп келгенде адамның Мәнге ұмтылысынан туындайтын екінші, үшінші шептегі құбылыстар. Қиссада айтылған есек сияқты Мән тапқан тұлғаның соңынан салпаңдап өзі іздейді. Адам кез келген мәнге ұмтылғанда оның табиғи талпынысы назарға ілігеді. Ол кейде Ұлы Мән мен биік мақсатты көздейді. «Билік пен рақатқа ұмтылу Мәнге талпыныстың қосалқы бөлшегі» дегенді неге сүйеніп айттым? Себебі рақаттану басты мақсат болмайды. Адам Мәнге жеткенде ғана еріксіз рақатқа батады.
Себеп пен негіз
Шаттық сезімі бізді еріксіз билеп алатындықтан, оны арнайы талпынатын мақсат емес дедім. Адлер айтқан билік пен мансап та солай. Ол да адамға мақсат емес. Билік – мақсатты жүзеге асыратын құрал ғана. Қаржылық құдірет те солай. Миллиардтаған ақшамен мағыналы ірі жобаларды қиналмай іске асыруға болады. Бірақ ілкідегі Мәнге талпыныс күйресе, бәрі бітті деген сөз. Ондайда пенде билікке біржола бет бұрады не ләззат пен рақатты өлгенше көздейді! Фрейд пен Адлер мектебі кісінің Мәнге мотивациясын күйреткеннен кейін, қаласа да, қаламаса да тек невротиктермен жұмыс істеуіне тура келеді. Қаралған невротиктердің ауруын бақылап, олардың қарапайым невротикке тән қисық ұмтылыстарын мотивация теориясына негіз етіп алды. Сондықтан да құмарлыққа шамадан тыс салынған адамның түпкі мотивіне үңілсең, бір-ақ нәрсеге тірелесің. Өмірге құштар қылатын негізгі мотиві мен фундаменті қираған. Осы жерде күлкілі анекдотты тағы да еске саламыз.
«Бір кісі жеке дәрігеріне көшеде жолығып қалып:
– Соңғы кезде құлағым нашар еститін болды, – деп шағымданады. Дәрігер:
– Арақты көп ішетін болғансыз ғой. Тастау керек. Болмайды сізге ішуге, – деп кеңес береді. Екі айдан соң олар тағы кездеседі. Дәрігер:
– Құлақ қалай болды, аға? – дейді дауыстап. Пациент:
– Айғайлама, керең емеспін. Құлағым анық естиді, – дейді.
– Айтқан тілді алып, арақты тезірек тастағаныңыз жақсы бопты, – деп қуанысып, қоштасады. Арада екі ай өткенде олар тағы жолығып қалады. Дәрігер:
– Қалыңыз қалай, аға? – дейді. Пациент үндемейді. Дәрігер естімей қалған шығар деп қайтадан дауыстап сұрайды.
– Қаттырақ айтшы. Құлағым естімейді, – дейді пациент.
– Сіз не, тағы да бастағансыз ба?
– Иә.
– Сізге айттым ғой «арақты қойыңыз» деп. Неге өйттіңіз? Саңырау боласыз ғой.
– Басында арақ ішкенім рас. Сосын сен айтқан соң тастағам. Құлағым да жақсы еститін болған. Бірақ арақ ішпей сау жүргенде естіген сөздерім мас кездегі хәлімнен әлдеқайда мағынасыз болып шықты. Сосын «қойшы» дедім де, қайтадан араққа салынып кеттім. Осы керең боп жүргенім жақсы екен, – дейді».
Енді қараңыз. Ішкіш адам сау кезінде өмірге құштар ететін ешқандай мотивті көре алмайды. Басында айтқандай оның Мәнге талпынысы қисық қаланған. Не фундаменті жоқ жерге салынған. Мән арқылы алатын шаттық сезімін ішімдік арқылы алуға үйренген. Былайша айтқанда, Мәнді айналып өтіп рақатқа төтесінен жол салған. Біздің теория бойынша рақатқа тікелей баруға болмайды. Бірақ жұрт айласын тауып рақат пен ләззатты биохимиялық тәсілдермен (арақ, есірткі, шылым, насыбай) қолға түсіреді. Рақаттануға ешқандай негіз болмаса да, оны тудырушы бір себепті қолдан жасайды.
Себеп пен Негіздің айырмашылығы неде? Негіздің түпкі табиғаты психологиялық не ноологиялық болады. Себеп керісінше, биологиялық немесе физиологиялық қабаттан шығады. Мысалы пиязды алып тураңыз. Көзден парылдап жас ағады. Жылауға себеп бар. Бір қасіретті еске алғанда да жанарға еріксіз жас келеді. Жылауға негіз бар. Ал қаза тапқан бауырыңды ойлап тұрып пияз турасаң, екеуі де бар. Қаза болған бауырың – негіз. Пияз – қосымша себеп. Тағы бір мысал келтірейін. Эверестке шыққан альпинист өзін жайсыз сезініп, еңсесі езіліп тұр делік. Бұл жағдайда оның жабырқауына себеп те, негізде болуы мүмкін. Таудағы құрал-жабдығы нашар болса, соны уайымдап, еңсесі езілуге негіз бар. Негіз – уайымға салынған жан қабаты. Альпинист оттегінің аздығынан жабырқап тұруы да мүмкін. Бұл – жай себеп.
Мәнге ұмтылу идеясына оралайық. Өмірде біз көретін тағы бір құбылыс – адамның өзін жан-жақты жетілдіріп дамуы. Бірақ осыны Шарлотте Бюлер пенденің биік парызы санамаған. Оның теориясы бойынша адамның Мәнді жүзеге асыруы соңғы мақсат болып табылады. Ал қалған базалық талпыныс-ұмтылыстың, яғни тұла бойда тұнып тұрған таланттың бәрі осы мүддеге қызмет етеді. Адамға талант өзін жарқ еткізіп көрсету үшін берілмейді. Талант пен дарын Мәнді жүзеге асырушы құрал ретінде қызмет етеді.
Талантты көрсетіп, елге мақтану мақсат емес. Бұл алғашқы талпынысқа да кірмейді. Бұндай қадам трансцендентті табиғатқа қайшы. Мақтанып, көрінумен әуре болған кісі ғайып әлемнің терезесін жабады. Тіршілік бітеу жұмыртқаның ішіне түскендей болады. Бұл да бақ пен бақыт сияқты. Адам мұратына жеткенде өзі де дамып, дараланып шыға келеді. Мәнді қай дәрежеде жүзеге асырса, өзі де сол дәрежеде тұлғаланады. Пенде өмір бақи өзін көрсетумен шұғылданса, Өмірдің мәні көзден бұл-бұл ұшады. Мен былай дер ем: өзін елден ерек етіп көрсету адамның интенционалды табиғатынан шығады. Бірақ қиындық мына тұста. Адам қай тарапқа, не үшін ұмтылғанын түсіндіріп бере алмайды. Яғни танымал болуға талпынған кісіге былай деп сұрақ қоямыз. «Сен не үшін жарқырап көрінгің келеді? Өзіңді қоймай жарнама жасауда мақсат не? Бұл пиярдың хикметі қайда? Соңғы нәтижесі не?» Көп адам бұған объективті жауап бере алмайды.
Бұл ойды Карл Ясперс жақсы айтқан. Ол: «Адам – өзі жүзеге асырған ізгілікті істердің жиынтығы», – деген. Меніңше, мақтанып көріну –мақсаттың қисаюынан шығады. Осыны ойласам, есіме бумеранг түседі. Бумеранг – қарудың бір түрі. Аңшы сілтегенде көздеген аңға дәл тисе, сайман сол жерде қалады. Тимесе, өзіне қайта айналып ұшып келеді. Мақсат, мұратсыз жетістігін жарнамалау осыған ұқсас. Асыл мұрат назардан мүлт кеткенде кісінің жиған-терген бар өнері өзіне қайта оралады. Өзінен басқаға пайдасы тимейді. Бұл жерде Маслоу мен біздің көзқарастың қиысатын тұсы бар. Ол: «Адам маңызды іспен шұғылданғанда өзі де маңызды тұлғаға айналады», – деген.
Франклдың ойын мынадай мысалмен қарапайым түсіндіруге болады. Жас кезінде талантты спортшылар, музыканттар талантын көрсету үшін барлық жарысқа қатысады. Ұтпаған жарысы, мінбеген мінбері, алмаған кубогы қалмайды. Бірақ орта жастан соң көбі тұйыққа тіреледі. Кетігін тауып қалана алмай қалған кірпіш сияқты езіліп қалады. Жас кезінде ұтқан медальдарын, грамоталарын, кубоктарын жиһаздарға тізіп, естелі кайтып отырады. Ал кеудесінде «Өмірге не үшін келдім?», «Менің миссиям не еді?», «Адамдық борышымды адал атқара алдым ба?» деген сұрақтар жауапсыз қалады. Жауапсыз сұрақтар жүйкені жұқартады.
Рақат пен мазмұн
Біреулер «өмірде ащының да, тұщының да, жақсының да, жаманның да дәмін татып көру керек. Шектен шықпай бәрін көруге болады» дейді. Адамның мұндай типін Маслоу да сипаттаған. Бұл – әсіресе ауылдан қалаға келген студенттің басында болады. «Шектен шықпай, бәрінің дәмін татып көру керек» деп ойлайды. Бір қарасаң, ол өмірден тәжірибе жинап жатыр. Есейе келе ащының да, тұщының қадірін білетін азамат қалыптасатындай көрінеді. Алайда адамдық борышы ұмыт қалады. Тағы да кетігін тауып қалана алмай қалған кірпіш.
Франклдың ойын Абайдың сөзімен айтқанда былай болады:
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан!
Шектен шықпай бәрінің дәмін татушы адам барлық кірпіштің орнына қаланып көргісі келетін «ақымақ кірпішке» айналады. Кісінің субъективті адамдық борышы интенсивті болады. Мақсат-мұраты айқын болғанда бір бағытта дамиды. Абайша айтқанда адам әр нәрсеге емес, бір нәрсеге әсемпаз болуы керек. Франкл ойын былай тарқатады. Осы оймен Маслоудың өзі де келіскен. Ол: «Шектеулі қызықтарды қуалай беру ұстатпайтын баянсыз бақытты қуалауды еске салады», – деген. Қала берді «Барлық қызықты шектеп қана сынап көремін деген түсінік, құмарлық пен рақатты түр-түрге бөлшектейді» деп түйіндеген. Бірақ бұл көзқарас тым солқылдақ. Себебі оның түсінігі дәмін татудан да тереңге кетеді. Қаттырақ айтсақ, бұл – рақатқа бастар жолды тым оңайлатып жіберу. Бәрін оңайлатып жіберумен «рақаттану принципіне» қайта келеміз. Түптеп келгенде рақаттың табиғаты – бір. Оның дәмін қандай сылтаумен көрсең де, мән-мағынасыз татып тұрсыз. Бақыт феномені де солай. Болмыс ретінде БАҚЫТ бар. Сондықтан ол қандай негізден шықса да, бақыт деген жалғыз болады. Маслоуда осыны мойындаған. «Бақыт сезімі неден туса да бірдей эмоцияны береді». Ол осы ойды былайша қорытады: рақатты түр-түрге бөліп, әрқайсысының дәмін жеке-жеке татамын десек, бақыт сезімін де дәл солай бөлшектейік. Франклдың идеясын оңайлатып берсек, рақат туғызушы стимул түрлі болғанымен, ішкі дүниеде сезінетін субъективті сезімі бірдей болады. Мысалы, ол рок-н-ролл бола ма, есірткі бола ма, алкоголь бола ма – нәтижесі бірдей. Сезімнің бір типті формасымен бетпе-бет келгенде олардың мазмұны басты назарға алынады. Мазмұн жоқ, сезім ғана бар десек, адамның трансцендетті екенін жоққа шығарамыз. Мысалы, тарихта мынадай адамдар көп кездескен. Олар тордағы кептерді сатып алып ұшырып жібереді. Дос-жараны «Сонша ақшаны шығын қып, көгершінді несіне сатып алдың? Құр босқа ұшырып жібердің», – дейді. Ол «Құсты босатқаннан ләззат аламын», – дейді. Қалалық жерде далада қалған мысықтарды жинайтындар да бар. Мысықтың баласын асырап, бағып-қағып керек еткен кісіге апарып беруден ләззат алады. Дәл осы рақатты казинода құмар ойнайтындар да сезіне береді. Екі сезім бір-біріне ұқсас. Екі жағдайда да адам эйфорияны бастан кешеді. Енді сұрақ туады. Рақат пен ләззаттың табиғаты бір болса, казинода құмар ойнайтын, насыбайдан, темекіден кайф алатын адамдарды сөгіп не қажеті бар? Франкл бұған былай дейді. Ондайда мазмұн алдыға шығады. Адам трансцендетті мазмұны бар ғайып әлеммен, тылсым құдіретпен шұғылданғанда өзінше ләззат алады. Яғни мазмұнның табиғаты трансцендетті. Олпорт та осы ойды қуаттаған. «Адамның санасы барлық сәтте интенсивті басқарылады», – деген. Маслоудың пікірінше «Адам қандай сезімді бастан кешсе де, интенсивті сипаты көрініп тұрады». Ол бірде бүй деген: «Шынайы өмірде себепсізден-себепсіз адамның беті немесе құлағының ұшы қызармайды. Белгілі бір мазмұнды бастан кешкенде ғана қызарады». Рас айтады. Дастарқанда отырған балаңыздың екі беті қызарып кетсе ішіңізден «Неге қызарып кетті екен? Есіне қай оқиға түсті екен? Не де болса жайсыздау оқиғасы есіне түсіп кетті» деп топшылайсыз. Яғни адамның бетінің қызаруында бір мазмұн бар. Барлық құбылысты мазмұнымен айырудың психологияда қаншалықты маңызды екенін ұмытпау керек. Әсіресе рақат пен ләззат, бақыт пен бақ немесе әр түрлі сезімге шомғанда олардың өзегінде тұрған мазмұнды табуға тырысамыз. Оны алып тастасақ, психология кедейленіп шыға келеді. «Рақат пен бақытқа ұмтылудың түпкі негізі – бір» десек, мұндай гипотезамен адамның іс-әрекетін түсіндіру мүмкін емес. Былайша айтқанда адам ұрпағы жөн-жосықсыз, мақсат-мұратсыз, арман-талапсыз барлық сезімді лаққан күйде бастан кешіп жүрген мисыз мақұлыққа ұқсап қалады. Франклдың ойын былайша тәпсірлейік. Бізді бақыт пен рақат сүйремейді, оларды тудырушы мазмұн сүйрейді. Яғни өзінің субъективті Мәні немесе басқа адамдармен тіл табысып, бейбіт жағдайда өмір сүру. Анығырақ айтсақ ел-жұртпен емен-жарқын араласып, құда-жегжатпен сыйласып абыройлы һәм берекелі өмір сүру үшін мәнді принциптерге табан тірейміз. Олай етпесек бәрімен ұрысып тынар едік. Тәңірмен тіл табысып, оның назарында болуға деген құштарлық та мазмұнды негіз бола алады. Енді осы көзқарасты биохимиялық препараттармен мастық хәлге түсіретін адам күйіне де қатысты ұстанамыз. Шынайы тақуаны мастыққа түсіретін рухани мазмұн мен рухани негізді биохимиялық препаратпен (есірткі түрлері, спирттік ішімдіктер) алмастырсақ, оның нәтижесі қолдан жасалған сезім болады. Мазмұнсыз рақатқа апаратын төтежол қалың қабырғаға тіреледі. Франклдың күрделі ойларын Шәкәрімнің мына өлеңдері арқылы оңай түсінуге болды:
Тура жолда қайғы тұрмас,
Шат болайын, бер арақ!
Қайғы, рақат – бәрі бір бәс,
Ешбірінде жоқ тұрақ.
Арақ ішіп құтырсаң,
Бар киімді сыпырсаң,
Дүниеден мұтылсаң –
Жолға түстің түп-түзу!
Алтындай қызыл арақтың
Асылын әкел, аяқшы-ай.
Анық сырын әлемнің
Аша алмаймын мас болмай.
Алып кел шарап тазасын,
Денеме нұры тарасын.
Ұйқыдан әбден оятып,
Жаралы жүрек жамасын,
Мас болмай кірмес ақылым.
Франклдың мазмұн мен негізді айыруға жанталаса тырысқан әрекетін енді түсінеміз. Мазмұн да, негіз де маңызды емес десек, Шәкәрім ішімдікке салынған маскүнем болып шығады. Шындығында Шәкәрім бұл рухани мастыққа Тәңірі деп аталатын Мән арқылы жетті. Бұл мастықты есірткі шеккен көкнәршінің күйімен теңестіре алмаймыз. Көкнәрші ЛОГОСТЫ айналып өтті де, мастыққа бірден түсті. Шығыс әдебиетіндегі Омар Хаям бастаған сопылардың «шарап», «қыз», «жар», «мастық», «шыны» деген теңеулерін дұрыс түсінуге болады. Олардың бәрі – Тәңірмен тілдесіп, Мәннің шаттығына шомылып, ақиқаттың нұрына балқыған және содан мастық күйге бөленген рухани тұлғалар. Олар ешқандай препарат қолданбай мастықты сезіне алады.
Мазмұнды айыру
Адамды тіршілікке талпындырған рақат пен бақыт емес. Дұрысы – бақыт пен рақатты туғызушы мағыналы бір іс. Мәселе өмірлік мақсат пен мұратты дәл анықтауға кеп тіреледі. Егер ар-ожданның айнасы болуды армандасақ, бұл ниет бізді фарисейге айналдырады. Ар-ұятының ақтығына күмәні бар кісі діни жетекші боп көрінеді. Фарисей типі абыройын айрандай төгетін әлсіз тұсын (арсыз тарапын) діннің шапанымен қымтап қояды.
Франкл айтқан ондай фарисейлерді заманында Абай да, Шәкәрім де сынаған.
Құранды молда теріс оқыр,
Дағарадай болып, сәлдесі
Малқұмар көңілі бек соқыр
Бүркіттен кем бе жем жесі? (Абай) ***
Таспиық, сәлде, жайнамаз,
Тастамайсың қыс пен жаз.
Жүрегің болса тайғақ саз,
Сопысынып қылма наз!
Молдеке оған таңғалма,
Сол кіреді пейішке,
Екіжүзді сандалма,
Сен қаласың кейісте. (Шәкәрім)
Ар-ұяты таза, тәуекелі күшті тұлға өзінің қайраткерлік қасиетін діннің шапанын жамылмай-ақ қоғамның барлық саласында айқын көрсете алады.
Ал деннің саулығын басты мақсат етсек, ипохондрикке айналамыз. Онда тұла бойдан ауру іздеп, болмашы дертке алаңдап, мазамыз қаша бастайды. Кейде өзімізге диагноз қойып, үйде-ақ емделуді бастап жібереміз.
Ипохондрик мысалын тышқан туралы ертегімен жақсырақ түсіндіруге болады. Тышқан неше жыл өмір сүрсе де ауырмапты. Бір күні ол қойманы ақтарып жүріп айнаның алдына келеді. Айнадан өзінің түрін көріп, әрі-бері айналып, аяқ-қолын көтеріп, мәз болыпты. Кенет құйрығын көтергенде жамбасының ортасын жарып шыққан қып-қызыл «шиқанды» көріп шошып кетеді. «Біттім» деп ойлайды. «Маған шиқан шығыпты. Емделмесем, шаруам бітуге жақын екен» деп ініне зытады. Інге кіре сала дәрі-дәрмек алдырып, құйрығын таңып жатып қалады. Тәбеті жоғалады. Шиқанын ойласа болды, өңешінен ас өтпейді. Жамбасы солқылдап шыдатпай бара жатқан сияқты. Осылайша тышқан өзіне ауру тілеп алады. Дерті есіне түскен сайын аза бойы қаза болған тышқан «аурудан» айықпаған күйі көз жұмыпты. «Тышқан артын көріп жаралы бопты» деген тәмсіл содан қалыпты. Франклдың ойын қайта жалғаймыз. Адам ұрпағы Ұлы Мән талап етіп, соған ұмтылғанда басқа нығметтер оны өзі табады. Бұл ойды мынадай ғибратты қиссамен береміз.
Тәңірі Сүлейменді шақырып:
– Кез келген қалауыңды орындаймын. Айт, – дейді. Сүлеймен ойланып тұрады да:
– Халқымды әділдікпен басқаратын даналық бер, – дейді. Тәңірі:
– Жарайды, даналық нәсіп етемін. Абырой, атақ, даңқ, тақ, билік сұрамадың. Сол мінезің үшін осы нығметтің бәрін қосып беремін, – дейді.
А.Унгерсмнің мына пікірінің жаны бар. Ол «Фрейдтің рақаттану принципі қызық пен құмарға тоймайтын кішкентай баланы еске салады. Адлердің мәртебе принципі көзге түскенді ұнататын бозбаланы еске салады. Ал Мән іздеу принципі ақыл-есі толысқан нағыз азаматтың толымды ісін еске салады. Осылайша Венадағы психотерапевтердің үш мектебі адам санасының даму сатысы сияқты» деген. Мұның мысалын өмірден де көреміз. Кішкентай балаға Ұлы Мән туралы айтсақ – абсурд. Желік буып, қызық қуған бозбаланың мәнді сөзді құлағына құюға мұршасы жоқ. Ес біліп, ақыл тоқтатқан азамат Өмірдің мәнін өзі іздейді. Ал Эдуард Бэссис осыған орай кеңірек көзқарас ұстанады. Ол кішкентай бала мен ересекте де Мәнге ұмтылыс болады дейді. Оның ойынша сәбиге де, бозбалаға да, үлкенге де тән Мәнге ұмтылатын мотив бар. Ол бүй деген: «Сәбидің тілі шығып, ойын жеткізетін жасқа жетпейінше, Мәнге талпынысын ересек адамша білдіре алмайды. Бірақ сәбидің Мәнге ұмтылысы әлдеқайда көрнекті. Бөпе туған соң-ақ күн сайын жаңалықтар ашады. Өзінше зерттеулер жүргізіп, соған сәйкес қылықтары да жетіледі. Қоршаған ортасына да, өзіне де түрлі эксперименттер жасап, жасампаздығын ұштайды. Өзіне тән Мәнге талпыныста адамшылық потенциалын толықтыра түседі. Бұған күмәнданса бір жасар сәбиді бақыласын. Балақай жылы-жұмсақ пен шырынды тәттінің дәмін татып, ойын-сауыққа тоймаса да, құмарлыққа жұтылып, айуанға айналып кетпейді. Адамға тән мынадай қасиетті ешкім жоққа шығармайды: ол – ойды символикамен білдіру тәсілі. Сәби ойын символдар арқылы білдіре алады».
Бақыт тудырушы себептер
Жоғарыда «Адамға бақ пен бақыт маңызды емес. Маңыздысы – бақ пен бақытты тудырушы себептер» дедім. Немесе сұрақты былай қойсақ: бақыт құсы басыма не үшін қонар еді? Виктор Франклдың бақыт туралы ойын қуаттайтын қазақ арасында «Бақыт құсы», «Қарахан» деген сияқты ертегілер көп. Бәрінде ұқсас сюжеттер көбіне былай боп келеді. Бір елдің әділетті ханы болады. Бір күні қартайып дүние салады. Елі жаңадан хан сайлау үшін оның сарайындағы БАҚЫТ ҚҰСЫН ұшыруы керек. Құс кімге қонса, сол хан сайлануы керек. Уәзірлері құсты неше рет ұшырса да, қарапайым бір баланың басына қонады. Амалсыз баланы хан сайлайды. Бағын көре алмас дұшпандары оған қастық қылады. Бірақ жас хан жауларын мұқатып, жеңіске жетеді. Сөйтсе бұл баланың өмірлік ұстанымы әділдік екен. Әлсіздерді жылатпайтын, жетімдерді қорлатпайтын данышпан боп шығады. Сол ұстанымы еліне құт боп дарыпты деп кете береді. Сонда бақыт құсы кеудесінде МӘНІ бар баланы іздеп тауып, соның ғана басына қонған болып шығады.
Франклдың ойын жалғаймыз. Осы пікірдің растығын қайғылы ситуацияда анығырақ көреміз. Ситуацияға енді екінші тараптан келеміз. Жақынын жоғалтқан біреу қайғыдан қан жұтып жатып қалды делік. Өзіне өзі келе алмайды. Оған депрессияны басатын дәрілер береді. Ақылы сау кісі ондай дәріні ішпейді. Жүрегін өртеп бара жатқан қасіретті дәрімен жоя алмасын біледі. Ол: «бұл дәрі бауырымды тірілте алмайды», дер еді. Оны депрессияға түсірген негізгі себеп жойылған жоқ. Пациент невротик болмағандықтан, депрессияны ойлап қайғырмайды. Ол қоздырушы түпкі себепті ойлап, қан жұтады. Бұдан шығатын қорытынды: екі көзді тарс жұмумен проблеманы жоя алмайсың. Қайғыны тудырушы түпкі негізбен күресу керек. Ендеше неге бақыттың өзіне емес, оны туғызушы түпкі негізді қолға алмасқа?
Мәнге ұмтылу концепциясын Крамбо мен Махолик эмпирикалық әдіспен зерттеп, мен айтқан Мәнге құмарлықтың болатынын дәлелдеді. Енді мынадай сұрақ: мәнге талпынысты «адамның құмарлығы» деген терминмен берген дұрыс па? Меніңше, дұрыс емес. Мәнге талпынуды көп құмарлықтың бірі десек, адам трансцендентті әлемге емес, ішкі тепе-теңдігін реттеуге талпынатын мақұлыққа ұқсап қалады. Адам ізгі істерін Мән үшін емес, қарабасының қамы үшін істеген болады.
Сондықтан гомеостаз принципімен келіспейміз. Келіссек, адамның алғашқы оянысын құмарлық деуге тура келеді. Яғни Маслоу айтқандай баспанасын сайлап, қарнын тойдырып, көйлегін бүтіндеген пенденің «Бұл өмірге не үшін келдім?», «Қандай миссия арқалап тудым?», «Адамдық борышым бар ма?» деген сұрақтар құмарлықтың себебінен қойылды деп есептейміз. Өйтсек, «алғашқы рухани оянысты» анық сипаттаудан мақұрым қаламыз. Іштегі психологиялық процестерді бейтарап позициядан бақыласаң, мынадай жаңалық ашылады: адам бір мақсатқа ұмтылғанда құмарлық пен талпыныстың ара-жігі анық көрінеді.
Қарапайым ғана мысал. Бір жігіт дін жолын емес, өнердің бір саласын таңдады делік. Ол ұлы композитор не жазушы болуды армандайды. Осы мақсатына жеткісі келсе, діннің талабынсыз-ақ құмарлықтан бас тартып, тастай тақуалыққа көшеді. Олимпиада чемпионы болуды армандайтын спортшы аскетизмді оп-оңай ұстанады. Зор нәтижеге жету үшін сауық-сайраннан сап тыйылады. Мақсатқа ұмтылғанда құмарлықтың біреуіне ілінетін болса, арман-мақсаты сол күйі жүзеге аспайды.
Өмірлік тәжірибеге сүйеніп мынадай шындықты айырамыз: құмарлық адамды іштен итереді, ал Мән алыстан қол бұлғап шақырады. Бұл – адам ерік қалауын пайдаланып шешім қабылдауға мәжбүр деген сөз. Тағдырдың көлденең тартқан мәнді ісін жүзеге асыра ма, жоқ па, оны өзі шешеді. Айналып келгенде Мән игеру – кез келген сәтте ұтымды шешім қабылдауға дайын болу дегенге саяды.
Мәнге талпынысты құмарлық есебінде қолдануға қарсы екенімді тағы да ескертемін. Бұл пікірді беталды айтып отырғам жоқ. Ролло Мэй мынадай әділетті көзқарас білдірген. «Мәселеге экзистенция қырынан түссең, тағы да «шешім қабылдауға адам ерікті ме, жоқ па»? дегенге тірелесің. Экзистенцияны қолдағандар психотерапевтер «шешім қабылдауға ерік қалауы бар ма, жоқ па?» дегенді шешумен басын қатырады». Әзілдеп айтсақ, бір кездері құрылысшының керексіз деген кірпіші үйдің маңызды қабырғасы болып қаланады. Осы тұста бір нәрсені ескертуге міндеттімін. Ерік қалауы жайында айтқанда волюнтаризм шалығына ұрынбау керек. «Ойыма не келсе, соны істеуге еріктімін», «өзім білем», «шаруаң болмасын» дегеннен сақ болған абзал! Мәнге талпыныс өтінішпен, қысыммен немесе бұйрықпен жүзеге аспайды. Талпынысқа талпынуға болмайды. Мәнге талпынбас бұрын әуелі Мәннің өзін анықтау керек. Шарлотта Бюлердің ойынша «Организмнің дұрыс жұмыс істеуі мынадай шартқа байланған: іштегі шиеленіс бірде күшейіп, бірде азайып тұруы керек». Бойдағы осы процесті адамзаттың тарихынан да табамыз. Мысалы, тарихта ішкі шиеленістің әлсіреген немесе күшейген кезеңдері кездеседі. Фрейдтің дәуірі ішкі шиеленістің асқынған кезіне дөп келді. Ол кезде сексуалды қажеттілікті басып-жаншу белең алған еді. Біздің кезде мұндай шиелініс, әсіресе, сексуальдық сферада әлсіреген. Бір кездері англо-саксон елдерінде дін иелері сексуалды қажеттілікті езіп-жаншумен ұзақ айналысқан. Пуританизм өктемдігі оларды мезі етті. Фрейд оларды осы қуғын-сүргіннен пайда болған жағымсыз сезімнен құтқарды. Сондықтан да олар Фрейдке өмір бақи қарыздар. Олардың риза болғаны сонша: психоанализдің классикалық қалыбынан шығып кететін кез келген жаңа психиатриялық әдіске иррационалды түрде қарсылық танытады.
Мәнге талпыныстың күйреуі
Құдайға шүкір, қазіргі адамдар мұндай (сексуалды) қыспақтан құтылды. Ол қыспақпен ілесіп келген жалған Мән де ғайып болды. Оның орнында пайда болған құрдымды «экзистенция вакумы» немесе «Мәнге талпыныстың күйреуі» деп атадым.
АҚШ-та Джорджия штатының маманы Бекки Лит ортаға мынадай сұрақ тастапты: «Қазіргі жастарға Фрейд пен Адлерді оқудың не қажеті бар? Қазір қауіпсіз секске не керектің бәрі бар. Олар секстің соңы неге апарып соғады деп бұрынғыдай уайымдамайды. Былайша айтқанда, бұрынғыдай құмарлығын қандыра алмағандықтан көңіл күйлері күйреп, мәртебесі жоқтықтан өздерін қор сезінбейді. Біз 25 жастан төменгі жас буынның қалауына құлақ асқыш саясатшылары бар құдіретті қоғам құрдық. Олар да Қытайдың коммунистік партиясы сияқты жастардан қорқады. Бозбала нені қаласа, соны беріп тыныш отыра береді. Ал мына жақта Франкл «Қазіргі жұрт экзистенция вакумында өмір сүреді. Вакум торығу мен жалығу сезімін туғызады» дейді. Торығудың (апатия) не екенін білетін шығарсыз? Фрейд пен Адлер қалдырған білімін иеленсек те, адамның өмірден жалығып, тағдырдан торығуы қалай? Неге олай деген сұрақ мазалайды? Бәлкім жауабын Франкл өзі айтар».
Әлбетте, кесінді жауап берілмейді. Жауап беру логотерапияның міндетіне кірмейді. Логотерапия бар болғаны катализатор. Вьетнамда жүрген жас америкалық жауынгер: «Сіздің философияңыздан сұрағыма сол күйі жауап таппадым. Есесіне өткен өмірімді сараптап, өзімді қайтадан зерттеуге алдым» деп жазады. Біздің де көздеген мақсатымыз осы. Адам өткен өмірін сараптап үйренуі керек. Білім жүйесі қай деңгейде экзистенция вакумын қолдап, жастардың ішкі шиеленісін (напряжения) жоюға күш салып жатыр? Гоместатикалық теорияға негізделген білім жүйесі «жастарға аз талап қойсын» деген принципті ұстанады. Онымен де келісеміз. Оларға шамадан тыс талап қою да проблема туғызады. Сонда да бір шындықты мойындау керек. Қазіргі заманда олар талаптың аздығынан зардап шегеді. Тұтынушы қоғам адам ішіндегі ішкі шиеленісті жоюға талпынады. Ішкі шиеленісі жойылғандар оны қолдан жасайды. Ол кейде пайдалы, кейде зиянды формада көрінеді. Пайдалы түріне спортты жатқызамыз. Талапсыз қоғамда өздеріне міндет жүктеп, шиеленісті қолдан жасайды. Спорттың кей түрі кәдімгідей аскетизм талап етеді. Боксшылар салмақ қуғанда қатаң талаптарды орындайды. Ал зиянды тобына битниктер мен хулигандар жатады. Олар толқынның арасында ажалмен ойнап жүрген серфингшілер сияқты. Мектептен кетіп қалып, түнде төбелес іздеп, қаңғып жүреді. Англияда «модалар» мен «рокерлер» бір-бірімен қырылады да жатады. Осло қаласында вандалға қарсы бұрынғы вандалдар күреседі. Әлемнің кей жерінде бірігіп, бас құраған жас өрендер тобы бар. Орындықты бұзақылар бүлдірмес үшін олар түнде трамвайларда кезекшілік жасайды. Көбі – бұрынғы бұзақылар. Заң мен тәртіп жағында күресу оларға жігер сыйлайды. Бұрын өздері заң мен тәртіп бұзып, қоғамда құтырып жүргенде де тура сондай жігер табатын. Туғаннан бар күрескерлік қабілетін дамытқысы келді. Тым мамыражай қоғам олардан артық күш талап етпейді. Амал жоқ, талапты қолдан жасайды. Артық күшін басқа арнаға жұмсайды. Білім беру жүйесі жастарды құндылықпен немесе идеалдармен бетпебет келтіруден тайсақтайды. Оларды жолатпауға тырысады. Еуропалықтарды таңғалдыратын АҚШ мәдениетінің бір ерекшелігі бар. АҚШ қоғамы көш бастайтын харизмалық тұлғалардан қорқады. Бұл ерекшелігі пуританизммен байланысты болуы да мүмкін. Себебі пуритандар бір заманда мораль мен этиканы қоғамға күштеп таңып, авторитаризм мен тоталитаризмді күшейткен. Жастарды идеал мен құндылықтан қашық ұстау пуританистердің режиміне қарсы шыққан білім жүйесі болуы мүмкін. Бұл – барлық қоғамда кездесетін құбылыс. Қоғам рухани азғанда қоғам қайраткерлері идеал ретінде діни лидерлерді үлгі етіп ұсынады. Дінге сенушілердің саны көбейіп, саяси күшке айналғанда моралдық заңдарды қоғамға зорлап таңады. Оның соңы жаппай жазалау акциясына (инквизиция) оп-оңай ұласып кетуі мүмкін. Оның үстіне діннің атымен кісі өлтіру оларға психологиялық тұрғыда аса ауыр салмақ салмайды. Әсіредіншілдер «Адамзаттың амандығы, қоғамның салауаттығы, діннің тазалағы үшін осылай жасап жатырмыз» деп қылмыстарын ақтап алғысы келеді. Осылайша Мән мен мақсатты күштеп таңудан үрейленудің соңы идеалдар мен құндылықтарға деген жеккөрініш туғызды. Сосын оларды қоғамнан аластайды. Жаңа туған сәби құндылық пен идеалдан, кие мен құттан жұрдай болған қоғамға топ ете қалады. Олар өсе келе классикалық құндылық пен идеалдан көз жазып қалғандықтан, қолдан субмәдениет жасап алады. Оклахома штатындағы мединституттың психиатр Дж. Уэст мынадай өткір пікір айтты: «Меніңше, қазіргі жастар өздерін идеалист етіп тәрбиелей алады. Себебі олар – ағыл-тегіл бақуатты заманның бірінші буыны. Алдыңғы аталары сияқты материалист, капиталист болып бөлініп жатпайды. Бұлар – ақырзаманды қарсы алатын алғашқы буын. Біздің жастар өздерін де, әлемді де адамның бауырластық идеалы ғана құтқара алатынын түсінуге жеткілікті дәрежеде сауатты. Ендігі заманда идеалды нәрсеге ұмтылу ғана өзін ақтайды».
Франклдың осы ойымен келіспеске шараң жоқ. Бұл жағдай Қазақстанда да бар. Ендігі жастарды өткен ғасырдағыдай пролетариат, материалист, идеалист, ұлтшыл, діншіл қып бөле алмайсыз. Ендігі заманда бір-ақ идеал қоғамды алға сүйрейді немесе өзін ақтайды. Ол – адамның бәрі бір бауыр идеясы. Біреуді басқа идеяға не бөлек дінге сенгені үшін жек көру енді дәртке аспайды. Әрі-беріден соң ондай көзқарас қоғам үшін өте-мөте қауіпті. Жұрт аласапыран заманнан аман шыққысы келсе, кез келген адамды ұлтына, дініне, жынысына, тіліне қарамай, «бауырым» деп сүюді үйренуге мәжбүр. Басқа жол жоқ.
Франкл ойын әрі былайша жалғайды. Енді Австрия кәсіподағы жүргізген сауалнама нәтижесін айтқым келеді. Онда жастардың 87 пайызы адамда идеал болуы керек деген көзқарасты ұстанған. «Идеалдар – өмірде табан тіреуге таптырмайтын фундамент» деген пікір еске түседі. Адамға салауатты өмір сүруі үшін ішкі шиеленіс ауадай қажет. Оның да тиесілі дозасы болуы керек. Мөлшерін әркімнің Мәнге ұмтылысы анықтайды. Буырқанып, бұлқынып жатқан шиеленіс сезімі – адамның салауатты өмір сүруіне қажетті атрибуттың бірі! Салауатты соқпаққа түсуі үшін ең бірінші ішкі шиеленіс керек. Адам бір міндетті арқалап алғандай сергек жүруі тиіс. Бейқамдыққа, бостыққа, селқостыққа салынуға әсте болмайды.
Фрейд бірде бүй деген еді: «Күшті идея үшін күрескенде адамдар соған сәйкес мықты болады». Жапония және Солтүстік Корея лагерьлерінде болған әскери тұтқынның өміріне қарап оған көз жеткіздік. Тіпті бейбіт күнде де Мәнге ұмтылғанда сол сезім денсаулықты күйретпейді. Өмірді ұзартады. Мәнге ұмтылыс физикалық қана емес, психикалық саулыққа да оңынан әсер етеді.
Осы орайда тағы бір оқиғаны еске салайын. Бірде Берклидегі Калифорния университеті қалашығында бірнеше аптаға созылған сөз бостандығы үшін пикеттер өтті. Жиын қайнап жатқанда клиниканың психиатрия бөліміне қаралатын студент саны күрт азайды. Акциялар біткен соң пациенттер қайта көбейген. Олар сөз бостандығы үшін күрескенде өміріне мән, тіршілігіне тірек тапқан. Пикеттер азайғанда вакум сезімі күшейген.
Еркіндік туралы айтқанда жауапкершілік феномені назардан тыс қалмауы керек. Шығыс пен батысты синтездеп, іс пен еркіндікті біріктірсе қатып кетуші еді. Бәлкім еркіндік сонда толық дамуға мүмкіндік алар ма еді. Әзірге бұл түсінік негативті көзқарасты туғызады. Ол үшін бұл идеяны позитивті көзқараспен толықтыру керек. Позитивті идея – жауапкершілік! ЖАУАПКЕРШІЛІК тума табиғатынан екі нәрсемен біріге алады. Бірі біз игеруге тиісті Мән. Екіншісі жауапкершілік арқалауға тиісті зат. Демократияны жауапкершілігі жоқ еркіндік деп танысақ, оның рухы толыққанды сау болып саналмайды. Жауапкершілік жүктелмеген еркіндік жарға барып құлайды. Сондықтан да Нью-Йорктің шығыс жағалауындағы Азаттық ескерткішінің жанына ЖАУАПКЕРШІЛІК монументін тұрғызу керек дегенді қайталаудан жалықпаймын.
ПОТЕНЦИАЛИЗМ ЖӘНЕ КАЛЕЙДОСКОПИЗМ
Адам – трансцендентті болмыс. Оның табиғаты бұ дүниеге сыймайды. Адам ғана өз шегінен асып, басқа да әлемге жол аша алады. Пенде психофизикалық қабатын жарып шығып, ғайып әлемге жол ашқанда толыққанды тұлғаға айналып, құдіретін әлемге паш етеді. Басқа әлемге талпынбай, өз шегінде тұйықталып қалса, адамшылық қасиеттері құмға сіңгендей жоғалады.
Жеме-жемге келгенде өзін игеру – жанға жасырылған сансыз мүмкіндікті жарыққа шығару деген сөз. Енді «Адам сол үшін жаралған ба?», «Біз тек бойда бар талант пен дарынды паш етуге келдік пе?» деген сұрақ туады. «Адамдық борыш» деген не? Іштегі мүмкіндікті жүзеге асыру ма, әлде әлемнен Мән іздеп табу ма?»
Түсінікті болу үшін Сократты мысалға алайық: Сократ бойындағы бар потенциалын жарыққа шығарса, не болар еді? Грек ойшылы «Ішімде екі Сократ бар: бірі – ойланғанды жақсы көретін дана Сократ, екіншісі – алаяқ Сократ» деген. Бұдан не түсінеміз? Мәселе тағдырдың тосқан мүмкіндігін талғамай жүзеге асыруда емес. Мүмкіндіктер арасынан міндетті болған бір борышыңды жазбай тауып, соны жарыққа шығаруда. Барлық жанның алдында Сократтікі сияқты таңдау тұрады. Тағдырдың тезінде кімді сомдауды әр пенде өзі шешеді.
Қоғамда осы мәселенің көрінбей қалатыны несі? Елдің дені «Талант барлық мүмкіндікті жүзеге асырсын» дейді. Ондай адамды потенциалист дейміз. Осы жерде «құндылықты дұрыс тану» проблемасына тірелеміз. Қай мүмкіндік жүзеге асу керек, қайсысы зая кету керек? Оны қалай айырамыз? Тағы да жауапкершілік феноменіне тірелеміз. Себебі потенциалистер құндылыққа құмар емес. Барынша айналып өткісі келеді. Не үшін олар тақырыптан тайқиды? Құндылықтан қашқақтау жақсылыққа апармайды. Бір заманда Шарлотта Бюлер «Әркім өзінің бар қалпында қалғаны жақсы» дегенде, Ролло Мэй оған «Бұл түсінуді қажет етпейтін, қарапайым өлшем екен» деген еді. Мен оған «Бұл көзқарас қарапайым ғана емес, құлаққа да жағымды» дегенді қосар едім. Біреу: «Барың – осы. Құдай жаратқан қалпыңнан асып кете алмайсың. Болдың, толдың, астың, тастың» деп мені тағдырға сендірсе, үстімнен жүк түсіп, жеңілдеп қалар едім. Уақыт пен таңдау жүйкемді шаршатпас еді. Күн сайын «Бүгінгі адамдық міндетім не? Нені істеуім керек?» деп, сары уайымға салынбас едім.
Франкл айтқан потенциализм термині түсінікті бола түсу үшін осы арада жазушы Тұрсынжан Шапайдың «Құлып пен кілт» деген тәмсіл сипаттағы әңгімесін ұсынамыз. Жазушы Кілтті потенциалист адамның кейпінде суреттейді. Кілт кемеңгер еді. Кез келген құлыпты ашатын. Дүниеде не түрлі құлып жоқ дейсіз – алтын сарайлардың есігінде асыл қазына қорыған батпан салмақты қымбат-маңғазының да, кәкір-шүкір күзеткен арзанқол жұқалтаңының да тілін тапты. Жеңілін алыстан арбап, аңдатпай ашты. Ауырлары майталман ашқыштың қалай іші-бауырларына еніп, қолқа-жүректерін ақтарып салғанын сезбей де қалды... Ал кемеңгердің даңқына елітіп, дақпыртына табынған көпшілік қолды тобыр құлып, оның төбесін көргенде-ақ, жаппай сыртылдап, өз-өзінен ашыла бастаған... Небір ашықауыз құнсыз құлыптар болушы еді. Олар басқалардың даңғаза шуынан-ақ естері кетіп, буындары босап, өздеріне сеніп тапсырылған есіктер мен сандық-кебежелердің алдында шашылып түсіп, дәрменсіз жайрап жатты... Жеңімпаз Кілт осы қарқынмен бір биік таудың басына шығып, айналасына қарап еді, ашылмаған құлып қалмаған екен!.. Жария болмаған құпия таусылыпты – дүние алтын-күміс қоқысқа, ыбырсыған боқтыққа толы екен... Қапысыз шеберлігіне тәнті болып, бойын масат буған Кілт өзіне арналған мадақ жырын бастай беріп, ойланып қалды. Жақсы... Құлып біткеннің бәрін ашыпты... Бәрінің күзеткені арзанды-қымбатты дүниебоқ екен... Бұл ашқан құлып атаулының сыры сонымен түгесіліпті. Сонда осыншалық өнер мен шеберлік бұған не үшін керек болды? Бір-бірінен аумайтын осы түкке тұрғысыз қоймалардағы қоқсықтың есебін алу үшін бе?! Құлыптың бәрі ашылды, мұнша өнерімен Бұл енді не істемек? Ашатын құлыбы жоқ кілттің ғұмырында қандай мағына бар? Кілт тау басында тұрып, құлазып ауыр күрсінді. Шеберліктің шыңына шығып марқайған... жалыққандар ғана осылай күрсінеді. Тиянағынан айырылған тәкаппарлық пен мағынасын жоғалтқан мақтаныштың күйігінен... Мейманасы басылған кемеңгер Кілт ашылып-шашылып, айналасында жайрап жатқан қисапсыз құлыптың мүрдесін кешіп өтіп, өзін соққан мінсіз шебер, Ұлы Ұстаға қайтып келді. Ұста көк күмбездей ашық аспан астындағы жап-жарық нұрлы дүкенінде шабытты жұмыс үстінде екен.
– Келдің бе... – деді.
– Уа, Ұлы Ұста! – деді Кілт, кезкелген құлыпты ашатын бедерлі басын, кемеңгер басын жерге жеткенше иіп. – Сенің дарқандығыңда мін, шеберлігіңде шек жоқ екен – дүниеде мен ашпаған құлып қалмады!
– Не таптың? – деп сұрады, сағымнан сырға соққан Ұлы Дарқан жұмысын үзбеген күйі.
– Ештеңе де ... – деді Кілт. – Маған керексіз байлық, қоқыр-соқыр дүниеден басқа... Мен саған соны айтайын деп келдім... Жасаушым-ау, мені осынша шебер етіп соққанда маған лайық таңғажайып сыр сақтап, құпия күзеткен, жанымды қинап, терімді төгіп, өзім ғана ашар тағы бір құлып неге жасай салмадың?!
– Ал сен не іздеп едің? – деді Ұлы Ұста, алып төстің үстінде қып-қызыл боп жайнап жатқан сом темірді қамырша илеп, соққылап жатып, – қандай құпия, қандай қазына, сыр көксеп едің?
Кілт бедерлі басы салбырап, үнсіз ойланып қалды.
– Міне, көрдің бе... Білмейсің. Әрине, ештеңе таппайсың! Қанша құлып ашсаң да, ештеңе таппайсың...
Сосын: «Сен енді мына құлыпты ашып көрші», – деп, Ұлы Ұста Кілттің алдына бір зіл қара құлыпты тастай берді. Кілт гүрзідей қара құлыпқа төніп келіп, хас шебердің бойына сіңісті болған астам мінезбен:
– Мен сені қазір-ақ ашамын! – деді.
Алпауыт қара құлып мыңқ еткен жоқ. Кілт сұғынатын саңылау іздеп, құлыпты шыр айналып, шарқ ұрды. Аударып қарады, төңкеріп қарады... Құлып шойыннан тұтас құйылып, бітеу соғылған екен. Ине сыяр тесік тапса-ақ, сарт еткізіп ашар еді – таппай қапа болды. Ақыры шаршап:
– Бұл құлып емес! – деді. – Өзегі бітеу, саңырау, мылқау... Кім жасаған өзін?!...
– Бұл – құлып, – деді Ұлы Ұста. – Мен жасадым...
– Бұл құлып... сонда нені күзетеді?
– Ештеңе де күзетпейді.
– Ондай бітеу, топасты не үшін жасадың? – деді түкке түсінбеген Кілт.
– Сен үшін, – деді Ұлы Ұста. – Сен «Мен ашпайтын құлып жоқ» деп ойлайсың. Ол «Мені ашатын кілт туған жоқ» деп есептейді.
Кілттің бедерлі басы тағы салбырады...
Ұлы Дарқан құлыпты төстің үстіне қойып, Өзі ғана көтере алатын алып соққымен бір-ақ ұрып, күл-талқанын шығарды. Ұндай үгілген шойынның үйіндісіне қарап, риза болған Кілт:
– Ешкімге керексіз, ашылмайтын, мағынасыз құлып! – деді серпіліп.
– Ештеңе таппайтын ашқыштық шеберлікте қандай мағына бар? – деді Ұлы Ұста, шойын үгіндісін сыпырып жатып.
Астамшылығынан түк қалмаған Кілт қайта төменшіктеп кетті. Біржола тұқырды.
– Мынау – сенікі, – деді Дарқан, әлгіде ғана соғып бітірген жаңа құлыпты көрсетіп. – Бұл – сенің құлпың. Саған арнап жасадым. Осы құлыпты ашпай, сен ештеңе таппайсың...
Кілт құлыптың саңылауына бедерлі басын сұғып жіберіп, толғап-толғап... аша алмады. Қайта кіріп, сумаңдап, ішкі қуыс-тесігін тағы бір адақтап шықты. Құлып ашылмады. Қара терге түскен Кілт басын ұяға тығып қойып, шыркөбелек айналды. Құлып міз бағар емес. Түкке түсінбеген Кілт:
– Мүмкін емес!.. – деді, қайран қалып. Өзімшіл сезімі қатты жәбір тартып, шарасыз бас шайқады. – Мүмкін емес...
– Осы құлып сенің ғұмырыңа жетеді. Осы Құлыпты ашсаң, сен өзіңе не керегін білесің. Іздегеніңді табасың, – деп, Ұлы Ұста құлыпты Кілтке тапсырды. – Жолың болсын...
Кілт ұзай беріп, қайта оралды:
– Дегенмен, айтшы, Дарқан, бұл құлыпты ашсам, дүниеде мен ашпаған құлып қала ма?
– Қалады... – деді Ұста. – Менің Құлпым...
Осыны айтып, Ол көк пен жердің арасын күңірентіп, мәңгі бітпейтін үйреншікті шаруасына кірісіп кетті. Кілт күндік жерге ұзап барып, артына қайырылғанда, Көк пен Жердің қақпасында шұғылаға ілініп тұрған ғажайып Құлыпты көрді... Тақырыпқа тереңдейік. Тағдырдың тосатын сыйы (мүмкіндіктері) өлгенше келіп-кетіп тұра береді. Біреуін қақшып алып, жүзеге асырсаң мәңгілік сипатқа ие болады. Асырған амал өткен заманның архивінде мәңгілік сақталады. Ол жойылмайды, жоғалмайды, тоналмайды. Өткен заманның сандығына салынған амал-харекетті ешкім қайтара алмайды. Қайталанбас құбылыс бізге жауапкершілік жүктейді. Жеті рет өлшеп, бір рет кесуге міндеттіміз. Шешім қабылдау – ауыр міндет. Төбеден төнген тағы бір тоқпақ бар. Ол – уақыт! Ағып жатқан уақыт күтпейді. Қамшының сабындай ғұмырда маңызды шешімді шұғыл қабылдаймыз. Таңдау мен шешімнің ауыртпашылығы мен уақыттың қысымы кейде дұрыс таңдауға мүмкіндік бермейді. Потенциалистер «Пенделік ісім мен адамдық парыздың арасында үлкен айырмашылық бар» деп танымайды. Игілікті істі кие тұтып, төбесіне көтермейді. Соның кесірінен «дұрыс таңдау жасадым ба?» деген алабұртқан сезім жоғалады. Психотерапевт ретінде айтсам, мұндай мазасыз күйді жойып, психологиялық тепе-теңдікке бейімделу – невроздарға тән көңіл-күй. Яғни дені сау адам «Дұрыс шешім қабылдай алдым ба? Мүмкіндікті дұрыс таңдадым ба?» деп мазасызданып тұрады. Санасы саудың ішінде қылпылдаған күрес сезімі болуы тиіс. Ақылы сау адам жан тыныштығын күйттемейді. Атаққа мастанып, тоқтыққа масайып, уайымсыз отыру – жүйкесінде ауытқуы бар адамға тән!
Франклдың ойын Абай тілімен айтқанда:
Білмеген соқыр,
Қайғысыз отыр,
Тамағы тойса жатуға.
Не ол емес, бұл емес,
Менің де күнім күн емес...
...Жігерлен, сілкін,
Қайраттан, беркін
Деп насихат бергенде.
Ұятсыз, арсыз салтынан,
Қалғып кетер артынан.
Потенциализм адамдық борыш пен пенделік пиғылды теңестіріп, екеуін бір нәрсе етіп көрсетеді. Міндет арқалаудан қашады. Логотерапия керісінше қимылдайды. Ол субъект пен объектінің арасын ашып жатқан кедергіні кесіп өткісі келеді. Яғни пенде шіркін Мән мен арадағы алшақтықты жойып, біріккісі келеді. Осы сезім іштегі алай-дүлей күресті туғызады. Франклдың бұл ойы түсінікті болу үшін Қожа Ахмет Яссауидің хикметінен үзінді келтірейік.
Уа, жаратқан! Хақ есігін аш алыстан,
Мен бір жемтік, жеді нәпсім – аш арыстан.
Күнәм шексіз, бақытсыздық батпағынан
Шығара гөр, мен бейбақты қасарысқан.
Дүние – нәпсі, соны іздеген соры қалың
Иттей болдым, сүйек тастар жолыма кім?
Қара басты! Хақ жолынан мен адастым,
Қайда барам, ей, достарым, не қыламын?
Күнәм ауыр, не бетім бар Досқа қарар? –
Сансыз тәубе жеңілдетпес масқара бар.
Құл Қожа Ахмет жылап келді, ал, панаңа,
Назарың сал, жерім бар ма басқа барар?!
Бұл хикметтен не ұғуға болады? Алыстағы тылсым Мәнге жеткісі келіп, мына әлемде қамалып отырған рухани жанның жанайқайы естіледі.
Франкл шешім қабылдау ситуацияның талабына тәуелді дейді. Атқарылатын міндет оның ары мен адами тұлғасына сын боп келуі мүмкін. Қабылдаған шешім тұлғалық қасиетін шыңдай түседі немесе даңқын шығаруға қолайлы бір шанс. «Осы істі қолға алам» деген ниеттің астарында «тағы да таныла түссем» деген құмарлық жатуы бек мүмкін.
Калейдоскопизм
Бар мәселе адам табиғатын танудан шығады. Танығанда оның бұл әлемге сыймайтын, трансцендентті екенін естен шығаруға болмайды. Пенденің тартылған объектісі танып болмайтын дәрежеде үлкен болуы шарт. Сонда ғана адам Ұлы шешімдер қабылдайды. Осы арада тағы бір айтатын нәзік сыр бар. Объектіні дұрыс тану үшін адам өзінің ұсақ субъекті екенін мойындауы керек. Сонда ғана екі полюстің арасында теке-тірес тіршілікті хикметке толтырады. Осылайша объектіні тиімді тану механизмі реттеледі. Сөздің тобықтай түйіні – шиеленіске толы осы алаңда ноодинамиканың (рухани ізденістің) барлық себептері мен салдары жасырынған.
Ноодинамиканы басты назарда ұстау керек. Назардан тыс қалдыру субъектінің алуандығынан басталады. Яғни адамның бір-біріне ұқсамайтын қасиеті. Соған сәйкес әркімнің әлемді тануы саналуан болады. Біз оны калейдоскопизм деп атаймыз. Калейдоскоп деген не өзі? Ол – дүрбі сияқты ойыншық. Ішінде ұзын, жіңішке айнадан қаланған үш қабырғасы бар. Ортасында түрлі-түсті саналуан ұсақ тастар болады. Ойыншықты айналдырғанда ішіндегі тастың сынықтары айнаға шағылысып, түрлі өрнектер түзейді. Дүрбіден айырмасы: арғы бетті көрсетпейді. Дүрбімен сахнаны, алыстағы тау-тасты көреміз. Калейдоскопқа үңілген жанға оның ішіндегі тастың сынықтары қымбат қазынадай түрлі өрнекте көрінеді.
Франкл айтқан бұл ойды Яссауидің хикметіне қарап байқауға болады.
Түбінде дарияның жақұт жатыр,
Кім егер сүңгіп алса – сол жан бақытты ақыр, – деп келеді. Осы ой хәкім Абайда қайталанады.
Жүрек теңіз қызықтың бәрі асыл тас.
Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас, – деп ойшылдар ортақ ойдың кіндігін айнала береді. Франкл ойын былайша сабақтайды. Адам танымын осымен салыстырып сипаттауға болады. Бұл жерде ішкі әлемі өзімен бірге қайнап жататын адамды жеке субъект деп аламыз. Ол өзіне үңілген сайын ішкі әлемін қызықтап, соны ғана сомдай береді. «Әлемді» қалай сипаттаса да, ашылған әлемді көреді. Адамның өзі – «әлемді» сомдап, сипаттаушы субъект. Оны бір ғана пенденің жеке әлемі деп те айтамыз. Қысқасы адамзатқа ортақ үлкен ғаламның бір фрагментін таниды. Яғни бәрімізге ортақ бір ғана Мәннің нәсіп болған қырын көреді. Франклдың осы күрделі ойын Мәулана Румидің қарапайым ғана мысалымен берсек, мағынасы ашыла түсер еді. Үндістер халыққа көрсету үшін бір пілді әкеп, қараңғы қораға қамайды. Хайуанды көру үшін қораға бірнеше адам келеді. Қораның іші қараңғы болғандықтан, пілді ешкім көре алмайды. Олар түнекте пілді сипалап көреді. Бас жағында тұрған біреуі оның ұзын тұмсығын ұстап: «Піл бір науаға ұқсайды екен», – дейді. Тағы бірі құлағынан сипалап: «Піл жалпақ желпуішке ұқсайды екен», – деп түйеді. Енді бірі аяғын ұстап: «Піл бөрене екен!» – деп таңдай қағады. Төртіншісі жонынан сипап: «Піл дегенің патшаның тағы ғой», – деп жеңістік бермейді. Әрқайсысы пілдің әр жерін қолмен ұстап, әр нәрсеге ұқсатты. Ортақ пікірге келе алмады. Біреу тал, біреу төбе деп қызылкеңірдек болды да қалды. Оларда бір балауыз шам болғанда, мұнша тартысып, таласпас еді. Сезім көзі тек қол мен уысқа ұқсайды; қолмен ұстап таудай пілді қалай танырсың!
Франклдың калейдоскоп мысалына ораламыз. Калейдоскоптың ішінде не барын калейдоскоптың өзі көреді. Сырттан қарағандар ішінде не барын білемейді. Іштегіні көрудің бір шарты бар. Ол кіршіксіз таза һәм мөлдір болуы керек. Сонда ғана ішіндегі асыл тастарды көруге болады. Неғұрлым «МЕНІН» ысырып тастап, калейдоскоп ішіне тазалықпен үңілген сайын өзінен де құдіретті бір болмысты байқайды. Жеке басын ұлықтаудан арылмаса, таным қабілеті күйрейді. Себебі мақтанумен ішкі әлемді танитын жүйені жойды.
Франклдың осы ой түйінін қазақша Абайдың тілімен дәл түсінуге болады. Абай:
Іштегі кірді қашырса,
Түседі Хақтың сәулесі.
Жүректің көзі ашылса,
Адамзаттың хикмет кеудесі.
Қорыта айтқанда, ақыл-есі түзу, жүйкесі сау пенде жан тыныштығын күйттеуге яки болмаса физиологиялық құмарлығын қандыруға талпынбайды. Әу бастан хикмет жинап, Мән табуға ұмтылады. Құндылық пен Мәнді көкірекке құйғанда адам тұлғаға айналады. Парасатты қасиеттері шыңдала түседі. Адам Мәнді өмір бақи іздеумен, игерумен болады. Соған сәйкес адамшылығы да шыңдалады.
Шәкәрім қажы осы көңіл күйді былай сипаттаған:
Жан тыныштық ол емес,
Жан дененің құлы емес.
Өзің байлап бересің,
Жан жұмысы бұл емес.
Яғни, жан жұмысы – Мән тапқанша тыныш таппау!
Франклдың ойын қайта жалғаймыз. Бұл әлем құмарлық пен рақатқа қол жеткізетін қарапайым құрал немесе жекелеген тұлғалар жасап шыққан субъективті болмыс деуге тағы келмейді. Адамзаттың болмысы екі алаңда тартысумен өтеді. Солай тартысуы керек те. Бір алаңда пенделік арман мен адамдық парызды айқындау міндеті қызып жатыр. Екінші алаңда субъект пен объектінің аражігін қалай да кесіп өту мәселесі күйіп тұр. Потенциализм адамдық борыш пен пенделік тіршіліктің жекпе-жегін байқамайды. Ал калейдоскопизм екінші алаңда объектімен арадағы кеңістікті кесіп өтпекші. Осы күреспен өмір өрнектеліп, мәнісі анықталады. Рабиндранат Тагор айтқан мына сөз есіме түседі. «Мен ұйықтап жатқам. Түсімде өмірді көрдім. Өмір – бақыт пен шаттық екен. Сәлден соң оянып кеттім. Қарасам өмір дегенім адамдық борыш болып шықты. Тұрдым да іске кірістім. Нәтижесінде адамдық борышым шаттық пен бақытқа айналды».
ДЕТЕРМИНИЗМ МЕН ГУМАНИЗМ: ПАНДЕТЕРМИНИЗМДІ СЫНАУ
«Адамның жаны мен тәнінде таңдау еркі бар ма, жоқ па?» деген сұрақтың жауабы әлі табылған жоқ. Сұрақ өте маңызды! Талай тағдырмен тіршілік осы сұрақтың жауабына тәуелді. Бұл тарауда, ең болмағанда, осы екі жауаптың табылмау себебін талдаймыз.
Әуелі адамның түпкі бірлігін табу керек. Адамды әр қырынан зерттейтін ғылым түрі көп. Жаңалықтары қарама-қайшы бола береді. Бірақ бір нәрсе анық. Фактідегі қайшылық оның түпкі бірлігін терістемейді. Зерттеулер қандай жаңалық ашса да, кісінің Бар және Бір ғана болмысы жойылмайды. Әр ғылым өз зонасын зерттеп жатыр. Оны «ғылымның алуандығы» дегенде айттық. Тағы да қайталауға тура келеді. Бір цилиндрден екі кесінді аламыз. Көлденең кесінді шеңбер боп көрінеді. Тік кесінді төрт бұрышты квадрат боп шығады. Бір фигурадан екі сурет шықты. Сол сияқты пендені зерттегенде түрлі кесінділер шыға береді. Никола Кузанский айтқандай, «Адам – «қайшылықтар бірлігі». Бір кесіндімен фигураны дәл тани алмайтын сияқты, адамды да бір қырынан зерттей алмайсың. Биологиямен зерттесең құрсақ қамымен жүрген пендені көресің. Психологиямен ақтарсаң көңілкүйі күніне тоқсан құбылатын, кей әрекетіне өзі де жауап бере алмайтын түсініксіз тіршілік иесі. Ал ноологикамен зер салсаң тоқ болса да белгісіз әлеммен тілдескісі кеп, бір құдіреттің жолында ерліктер атқарады. Түрлі ғылыммен тексергенде адамның алуан қыры ашыла түседі.
3-сурет
Кісіні қапысыз зерттеу үшін не істеу керек? Адамның бірлігі мен бірегейлігін тану үшін өлшемді өзгертеміз. Адамгершілік басты өлшемге алынбай, негізгі бірлікке жете алмаймыз. Өзгермес мәңгілік бірлікті айтқанда адамның басқа әлемге ашылатын «қақпасы» еске түседі.
Бұрынғы айтқан стақан мысалына ораламыз. Стақан – төбесі ашық, іші қуыс ыдыс. Оны көлденең кессең, тұйық шеңбер шығады. Тігінен қақ жарсаң, төбесі ашық фигураға ұқсайды. Екі фигура да – тек кесінді. Бірінің тұйық болуы, екіншісінің ашықтығын терістемейді. Енді осыны адамға қолданайық. Адамның рухани болмысы құндылық құйылатын құмыра сияқты. Яғни сәулелі ой көрсең, хикмет сандығына құйып аласың.
4-сурет
Франклдың бұл ойын Шәкәрімнің тілімен былай жеткізуге болады:
Естігенді ұға бер.
Ыдысың болса, тыға бер.
Пайдасыз болса құмарың,
Сілкініп тастап шыға бер.
Енді редукционистік ғылым түрлері «адамды басқа әлеммен ісі жоқ, жабық система. Оның іс-әрекеті шартты және шартсыз рефлекске тәуелді. Осымен адамтану тәмам» дейді. Алайда адамды ғаламмен бірге қарастыратын теориялар да баршылық. Себебі кісі күллі ғаламды кеудесіне сыйғыза алады. Мартин Хайдеггер: «Адам болу – ғаламмен бірге болу», – деген
«Адамды қайтсек дұрыс танимыз?» дегеннің жауабы – әманда жалғыз! Жауаптың бірінші шарты – адам бұ дүниеге сыймайтын трансцендентті жаратылыс екенін мойындау. Ол Мәнді кеудесіне қондырғысы келеді. Кісі баласы мал сияқты мамыражай тіршілік кеше алмайды. Ондай тіршілікке байласаң, пенде жүнжіп кетеді. Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық адамды аздырады. Трансцендентті қалауымен тіршілік кешпесе, тағдыры күйрейді.
Трансцендентті қасиет геометриялық кесінділер сияқты. Бір тараптан көрінсе, екінші тараптан құпия тұрады. Адамның ашықтығы мен жабықтығы бір болмыстан шығады. Кісінің ерікті һәм еріксіз болуы да – сондай құбылыс. Еріксіз болу – тағдырды белгісіз бір күш анықтайды дегенді меңзейді. Өскен ортасы нашар болса, ол міндетті түрде қылмыскер болады деп болжайды. Немесе біреудің тегіне, руына қарап, оның мінезін анықтайды. Ғылымда оны детерминизм (ілкіден анықтау) деп атайды. Психологиялық өлшемде детерминизм дұрыс. Кейбір пенденің іс-әрекетін, тағдырын, тарихын түрлі фактор ілкіден анықтауға араласады. Бірақ ноологикалық өлшемде (рухани өлшемде) таңдау мен қалау еркі бар. Пендені адамгершілік тұрғыдан зерттегенде қалау еркіндігі көзге ұрады. Қалау мен таңдау еркі адам тағдырын бөтен фактордың билеп-төстеуіне жол бермейді.
Бұрын «адамда алуандыққа қарамастан, бірлік бар» деген едік. Енді «детерминизмге қарамастан, еркіндік бар» дейміз. Бұл Николай Гартманның «Тәуелділікке қарамастан, автономия» деген ойымен үндеседі.
Шешімді АДАМ қабылдайды!
Қалау еркіндігі – адами қасиеттің арғы жағына асып түсетін құдіретті феномен. Бірақ оның еркіндігі таусыншақ. Яғни шектеліп, тірелер тұсы бар. Адам тіршілік ортасын өзі таңдай алмайды. Ұлтыңды, тіліңді, еліңді, тегіңді деген сияқты біраз нәрсені таңдауда ерік жоқ. Бірақ тағдырдың ішінде позиция ауыстыруға еріктіміз. Өмір жолын таңдауда сырттан пәрмен, бұйрық болмайды.
Қысқа айтқанда, Франклдың ойын Шәкәрімге салса былай болып келеді:
Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы,
Ортасы – өмір, жоқтық қой екі басы.
Сағымдай екі жоқтың арасында
«Тіршілік» деп аталар біраз жасы.
Қапысыз тағдыр деген – сол. Еріксіз туасың, еріксіз өлесің. Ерік араласпаған аймақты ТАҒДЫР дейміз. Ортадағы тіршілігін қалауынша өзгерту пенденің еркінде. Қоғамдық шарттар да үстемдік ете алмайды. Адам басқа түскен қиындыққа бірден берілеме әлде аяғына дейін күресе ме, ол жағы өзіне байланысты. Қайратты кісі кейде барлық шартты қиратып, биік өлшемге өтеді. Жігерсіз жасықтары жаншылып кетеді.
Бір нәрсеге көзім анық жетті. Мен неврология және психиатрия саласының профессорымын. Адамның биологиялық және психологиялық тұрғыда қоршаған орта мен қалыптасқан шартқа қаншалықты тәуелді екенін жақсы білемін. Ғылыми дәрежемнен бөлек, төрт бірдей концлагерьден тірі шыққан тұтқынмын. Онда миға сыймас сұмдық жағдайда кісінің күтпеген жерден ғажап мінез көрсетіп, ерлік жасағанына талай куә болдым. Зигмунд Фрейд: «Мәртебесі әртүрлі адамдарды аштықпен сынауға болады. Аштық қысқанда олар адами мінез-құлықтан айрылып, жыртқыш болып кетеді. Аштық бар қасиетті жұтып қояды», – деген еді. Алайда концлагерьде шындық пердесі маған басқалай түрілді. Тұтқындар жыртқыш болудың орнына түрленген үстіне түрленіп кетті. Бетіне маска киген доңызы да, ақжүрек «әулиесі» де сол жерде әшкереленді. Ашаршылық нәубеті бәрінің басына бірдей түсті. Бірақ аштықтың әсерінен олар бір типке айналмады. Аштан қатса да, бір жапырақ нанын досының таңдайына тастайтын альтруистер соңына дейін өзгермеді. Тіршілікте керекті килокалория (құнарлы тағам) да ол жерде рөл ойнамай қалды. Жеме-жемге келгенде басқа түскен нәубет пендені толығымен билеп-төстеп кете алмайды. Керісінше адамның қабылдайтын шешімі нәубеттің өзін ерттеп мінуі мүмкін. Саналы не бейсаналы болсын, жан-жақтан қысқан қиындыққа адам бірден беріле ме әлде соңына дейін күресе ме, оны өзі шешеді. Әлбетте, осы тұста «Шешімнің өзі еріксіз болады. Оны қаласаң да, қаламасаң да өзінен өзі туатын заңды құбылыс» дейтіндер табылады. Ол рас болса, ондай механизм мәңгілік кері кету процесін туғызар еді. Қоғам бір рет рухани тоқыраса, ондай бейшара хәлінен қайтып шыға алмайды деген сөз. Бір проблема екіншісін қоздырып, бір азғындық екінші зорлықты заңдастырып, ел-жұрт соның шырмауынан шыға алмай шаруасы бітер еді. Қалау еркі мен қаһармандық қайрат қана барлық шартты талқандап, «жынды шеңберді» (vіcіous cіrcle, порочный круг) үзіп, өркениеттің негізін қайта қалайды. Жан-жақты зерттеу кез келген затты бірнеше қырынан көрсетеді. Мысалы, таңдау еркін жан-жақты талдау, бұл феноменді детерминистік немесе механикалық аспектінің зерттеуіне ілініп, біржақты қаралудан сақтайды. Екіншіден, оларға тәуелді емес еркіндік феноменін айшықтайды. Бұдан соң еркіндік феноменін детерминизм емес, пандетерминизм жоққа шығарады дейміз. Детерминизм бойынша тұлғаның өсіп жетілуіне ортасы, тәрбиесі, білімі, түрлі мәдени факторлар әсер етеді. Бірақ тұлға оларға толықтай тәуелді демейміз. Ортасын ауыстырып, өмірін өзгерте алады. Адамға сырттан жақсы да, жаман да факторлар әсер етеді. Ал пандетерминизм бойынша амал-әрекетті бір құдіретті күш ілкіден белгілеп қойған. Бұдан соң пенде тағдырын өзгерте алмайды. Бұл ерік қалауын толықтай терістейтін көзқарас. Мұны көбіне діншіл орта ұстанады. Майданда индетерминизм мен детерминизм емес, пандетерминизм мен детерминизм сүзісіп жатыр. Детерминистер «тағдыр әлеуметтік шарттарға, өскен ортаға байланған» десе, пандетерминистер «олай емес, тағдыр әуелден толық шешілген» дейді. Фрейдке келсек, ол пандетерминизмді теория жүзінде мойындайды. Бірақ практикада таңдауды жоққа шығармаған. Бірде одан:
– Психоанализдің мақсаты не? – деп сұрағанда, ол:
– Адамға берілген мүмкіндікті анықтайтын құрал. Ана жолды не мына жолды таңдау кезінде адам эгосына көмектеседі», – деп түсіндірген.
Еркіндікті былай да беруге болады: адам таңдау еркін пайдаланып, оқиғаға қатысты позициясын қалауынша қоя алады. Оны мынадай мысалмен берем: І дүниежүзілік соғыста бір ақсүйек полковник окопта отырады. Қасында еврей дәрігері бар. Алыстан ауыр артиллерияның атысы басталғанда үрейі ұшқан дәрігер окоптың қуысына тығылады. Полковник:
– Қорқып кеттің бе, қоянжүрегім? Ари тайпасының семит жұртынан артық екенін осыдан-ақ білген шығарсың? – дейді. Дәрігер оған:
– Иә, қорқып кеттім. Мендегі қорқынышты сіздің жүрекке көшірсе, баяғыда-ақ окопты тастап, безіп кетер едіңіз, – депті.
Үрей сезімі әркімде әрқалай. Мәселе төбеден жауған бомбаның санында емес. Қорқыныш сезімін кімнің қалай қабылдауында. Егер позиция таңдауы жоқ болса, бұл екеуі бірдей қорқуы немесе бірдей сабырлы болу керек еді.
Франклдың тұжырымын қарапайым қазақы түсінікке түсірсек былай: Бір ғұлама бала оқытып, шәкірт тәрбиелепті. Ғұламаның ойы жүйрік бір шәкірті болыпты. Сол шәкірт бір күні сары уайымға салынып, еңсесі езілген үстіне езіле береді. Ақырында ас ішіп, аяқ басудан да қалады. Ұстаз оны оңаша алып қалып:
– Саған не болды? Бұрынғы ықыласың жоқ қой. Ненің қайғысы басты? –дейді. Бала:
– Иә, ұстаз, мені қайғы басты. Құдай көңіл көзімді ашты. Ғайыптан хабар алып, тағдыр тақтасын көрдім. Ол жерде сізді «түбі азапқа тасталады» деп жазыпты. Сіз дүние жимай, жылы төсек пен тәтті ұйқыдан тыйылып, ел үшін қызмет қылған қайырымды жансыз. Не себепті бұлай? Соның сырын ұға алмадым, – дейді. Ұстаз:
– Әй, балам-ай, ол сырды бұдан он жыл бұрын көргем. Тәңірім қатал тағдыр жазғанда басқа таңдау бар ма менде? Не болса да, өмірімді осылай мағыналы сүргім келеді. Адамды сүйіп, Тәңірдің хикметін сезгеннен артық өмірде не қызық бар? Әлде түбім тозақ деп елді тонап, қарақшылықты кәсіп етуім керек пе? Сондықтан сен бекерге қайғырма. «Қаншалықты мағыналы өмір сүріп жатырмын?» деген сұрақ қана мазаңды алсын. Қалғаны сосын ретімен оңалады, – дейді. Ертесіне таң сахарда балақайдың көңіл көзі ашылып, ғайыптың пердесі тағы да түріледі. Бұ жолы бұрынғы жазу «Түбі – мәңгілік қуаныш» деп өзгеріпті.
Франклға ораламыз. Адамның таңдау еркі психологиялық һәм патологиялық ахуалда да байқалады. Біз психиатрлар ондайды жиі көреміз. Кей науқас галлюцинация жағдайында жүрсе де, ауруына сау сияқты қарай алады. Галлюцинацияға ұрынған параной науқастың талайы алдымыздан өтті. Олардың кейбірі қиялындағы дұшпанын өлтіріп тастайды. Кейде елесіндегі қас дұшпанын адамшылықпен кешірген аурулар да кездесті. Параной елесіндегі жауын жаппай өлтіре береді деу – қате. Жүйке жүйесі бұзылған пациент ауруына адамшылық көзқараспен де қарайды. Психоаналитиканың қисынына салсақ, галлюцинацияға ұрынған параноя жауына кешірім жасауды білмеуі керек.
Суицид те солай. Адамды суицидке апаратын депрессияның бары рас. Тіршіліктен түңілген жан өзіне қол салып, өмірден озады. Бірақ адамда бір мақсатқа ұмтылып сілкінгенде суицид импульсін жеңетін қабілеті бар. Суицидтік ойлар шырмап алса да, олардан құтылатын қуатты ойды адам өн бойынан таба алады. Осыған қарап-ақ, депрессиядағы адам өлімге бет бұрды дегеннің қате екенін түсінеміз.
Детерминизм
Көзім бір нәрсеге анық жеткен. Параноя немесе эндогенді депрессия сияқты психоздардың түпкі себебі соматогенді болады. Яғни аурудың түбі биохимиялық себептен шығады. Бірақ бұл факт тағдыршыл көзқарасты ақтамайды. «Бұл ауруды саған Құдай жіберіп тұр» деп айтуға ерте. Биохимиялық процестер тұқым қуалап келсе де, онымен келісе алмаймыз. Бұл көзқарасты Йоханесс Ланг те қолдайды. Ол егіздер туралы дерек келтірген. Олардың біреуі қайдағы жоқ аспапты қолдан жасайтын баукеспе ұры болған. Екіншісі, құрал-сайманды қолдан құрайтын кәнігі криминалист. Өнертапқыштық атасының қанымен ауысуы мүмкін. Бірақ сол тапқырлықты кім қалай қолданады, мәселе сонда. Қандағы қасиет – материал ғана. Сол материалдан адам өзін жасап шығады. Тұрмыстық тілге аударғанда, қанмен келген қасиет үй қалайтын кірпіш сияқты. Үйдің қожасы баспанасын қам кірпіштен соға ма әлде тас кірпіштен тұрғыза ма, оны өзі шешеді. Бірақ қожайынның өзі ол кірпіштен құралмаған. «Балалық шақта әсер еткен факторлар келешек өмірді айқындауға ықпал етеді» деген көзқарас та бар. Бірақ ол да шешуші фактор емес. Тұқым қуалайтын текпен салыстырғанда оның ықпалы әлсіз болуы да мүмкін. Маған бір әйел былай деп хат жазды: «Өмірде комплекстер мазалаған емес. Керісінше, комплекс жайлы ойлар жүндей түтті. Өмірлік тәжірибемді теориялық білімге айырбастамаймын. Себебі оның арқасында көп жетістікке жеттім». Бұдан ұққанымыз былай: әйел санасына «Сен нашар отбасында дүниеге келдің. Бала кезіңде тойып тамақ ішпедің. Араласқан ортаң да онша болмады. Болашақта сенде анандай-мынандай кемшіліктер болуы керек» деген стереотипті қалыптастырған. Алайда елдің пікіріне жығылмаған. Өмірін өз қалауымен құрып, мағыналы тіршілік кешкен. «Міндетті түрде болуы тиіс» деген комплекстерді бойынан байқамаған. Бірақ оны «менде сондай кемшіліктер болуы керек еді ғой» деген ойлар мазалаған. Франклдың осы идеясын тереңірек түсіндіру үшін мынадай хикаят береміз. Үндістанда Ганганың жағасында Бенарес деген ауылда Кабир атты әулие өмір сүрген. Жергілікті жұрт «Бенаресте өлгендер күмәнсіз және сұраусыз пейішке кетеді» деп сенетін. Шынымен де Бенарестен ғұлама, тақуа, әулие кісілер көп шыққан. Ол жерде елді рухани ілімге тәрбиелейтін дәстүрлі мектептер бар еді. Ауылдағы ақылды адамдардың абыройы мен атағы жергілікті жұрттың көңіліне желік бітірді. Олардың көңілі содан асқақтап кететін. Ауылын мақтап, ұлықтау үшін түрлі аңызды ойдан шығарып, көрші ауылды кемсітуді әдетке айналдырды. Ганганың қарсы бетінде Магахар деген ауыл бар-тын. Онда кілең кедейлер тұрды. Елдің санасында «Магахарда өлген адам тікелей тозаққа тасталады» деген надан түсінік нық бекіп алған еді. Расында ол ауылдан әулие шықпаған. Кедейшілік мектеп ашып, ұстаз жалдап, бала оқытуға мұрша бермейтін. Осының кесірінен олардың мысы басылып, қор сезініп жүруші еді. Ең жаманы «Магахарда өлгендер тамұққа тасталады» дегенге өздері де сенетін жағдайға жетті.
Әулие Кабир өлім сәті тақаған шақта шәкірттерін шақырып:
– Бенаресте емес, Магахарда жан тапсырғым келеді. Мені сол ауылға жеткізіңдер, – дейді. Шәкірттер шошып кетіп:
– Уа, ұстаз сізге не көрінді? Бақиға Бенарестен неге аттанбайсыз? Ол жақта не бар? – дейді.
– Не десеңдер, о деңдер. Мен Магахарда өлгім келеді.
– Ұстаз, ол жақта өлгендерді тозаққа тастайды дейді. Бүкіл еңбегіңіз еш кеткелі тұр, – дейді таяздау бір шәкірті.
– Бенаресте өлген соң, жанымды періштелердің тозаққа қалай тастағанын көргім келеді. Тәнімді де сол ауылға жерлеңдер, – деп өсиет етеді.
Ел-жұрты қанша жалынса да, Кабирді райынан қайтара алмады. Амал жоқ, марқұмның соңғы өтінішін орындау үшін меңдеу тартқан денесін қайыққа салды да, өзеннің арғы бетіне жеткізді. Көп ұзамай Кабир кедейлер ауылында көз жұмды. Өсиеті бойынша шәкірттері денесін кедейлер жатқан қорымға жерледі. Магахар туралы жел сөз сап тыйылды. Бенарестің жұрты ол ауыл жайлы артық сөз айтуға қорқатын болды. Керісінше Кабирдің басына ұдайы зиярат етуді әдетке айналдырды. Кабир әулие өліп бара жатып, ажалымен Магахардың кедейлерін өзгенің табасынан құтқарып кетті. Көп ұзамай кедейлер де балаларын оқытып, олардан да ақылды абыздар шықты. Кабирдің соңғы сөзін шәкірттері тасқа қашап, қабірінің басына жазды. Онда «Мен Магахардан Құдайдың дәргейіне аттандым» делінген. Франкл әрі былай дейді. Әйелдің хатынан аңғарғаным: «Адамның Тәңір туралы түсінігі әкесіне қарап қалыптасады» деген пікірді оған сіңірген. Алайда әріптестерім ол теорияны тас-талқан етті. Олар Вена емханасына келгендерге сауалнама жүргізді. Қатысқандардың 23-і әкесінің образын жағымды, 13-і жағымсыз етіп сипаттаған. Жағымды сипаттағанның 16-сы детерминизацияға ұшырап: «Иә, әкем жақсы болғасын діни өмірімде проблема жоқ», – десе, 13 адамның 2-еуі ғана: «Әкемнің кесірінен діни өмірімдегі даму нәтиже бермеді», – дейді. Яғни діни өмірдің сүреңсіз болуына негативті әке образы ұдайы әсер етпейді. Тіпті ең оңбаған әкенің өзі баланың Тәңір жайлы позитивті ойлауына ықпал етпеген. Нашар әкеден туған бала да келешекте дінмен салауатты өмір сүрген. Жалпы «ақиқат бізді азат етеді» деген афоризмді теріс тәпсірлеу дұрыс емес. Дінге беріліп өмір сүру невроздан аман қалуға толық гарантия бермейді. Үш жыл бұрын Мехикодағы бір бенедикт монастырының монахымен кездестім. Ол барлық монахтың Фрейд психоанализінен өтуін талап еткен. Нәтижесінде монахтардың 20 пайызының діни өмірде жүрегі тыныш тапқан. Невротикалық тенденция бойынша психиатрлардың өзін тексерсе, Құдай білсін, қаншасының аман қаларын?!
Психиатр тарапынан фаталистік немесе тағдыршылдық көзқарас қылаң берсе, пациенттің фатализмі асқынып шыға келеді. Пациент басына түскен бәлені «Өзімнің иттігімнен болды» деп мойындамайды. Жауапкершіліктен қашу үшін «Мен емес, Құдай солай істетті» деп айтқысы келеді. Осы кезде психиатр тағдыршыл көзқарасты қолдайтын кішкене ыңғай білдірсе, пациент бүкіл кінәсін тағдырға жаба салуға дайын тұрады.
Франклдың ойын Абайдың тілімен жеткізсек:
Ел бұзылса, табады шайтан өрнек,
Періште төменшіктеп қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.
Жүйкесі сыр берген адамды тағдыршыл көзқарас етегінен тартады. Проблемаға әлеуметтік жағынан келсең де солай. Мәселені тағдырдың ығына қарай сәл исең, пандетерминизм принциптері қылмыскердің пайдасына шешіліп шыға келеді. Қылмыскердің өзін емес, оның психологиясында болатын механизмдерді ақтарып, кінәні солардан іздейді. Ендеше қылмыскердің аргументін өзіне қарсы қолдануға болады. Ол:
– Ұрлық кезінде ерікті болмадым. Маған әлеуметтік факторлар әсер етті. Елдегі жоқшылық солай жасатты. Сондықтан жауапты емеспін, – деп ақталса, Сот та:
Менде де ерік жоқ. Әлеуметтік тәртіптердің ығымен амалсыз соттап жатырмын, – деп айта алады. Енді қызықты қараңыз, қылмыскер: «Мен кінәлі емеспін. Кедей отбасында тудым. Әкем ішкілікке салынды. Тойып тамақ ішпедім. Ағаларым ұры болды. Өскен көшемде бұзықтар өріп жүретін. Айналам толған әділетсіздік еді. Солардың бәрі мені осындай хәлге жеткізді», – деп ақталса, оған мынадай сұрақ қояр едік: Сонда осы проблеманың бәрімен күресуге қабілетті АДАМ қайда кетті? Адамның бүкіл іс-әрекеті мен қателік-қылмыстарын биологиялық һәм әлеуметтік шарттар анықтап, еркінен тыс бекітіп тастаса, күрескерлікті кімнен талап етеміз? Бойға біткен қаһармандық қайраттың не керегі бар? Ондай қасиет не үшін берілген?
Қылмыскер сот үкімі біткен соң қалыптасқан әлеуметтік жағдайдың шарттары мен психодинамикалық механизмдердің құрбаны ретінде көрінгісі келмейді. Кінәлі екенін ашық немесе іштей мойындайды. Қылмысқа жауапты екенін сезеді. Шелер айтқандай «Кінәлі адамның жазалы болуға да ақысы бар. Сол сәттегі шарттанып кеткен жағдайға орай «еріксіз құрбан боп кетті» деп қылмыскерді ақтау – оның адамшылығын мойындамаумен барабар. Кінәлі бола білу – адамның абыройын асырып, бағасын анықтайтын басты құқықтың бірі». Мысалы, сот залында отырсыз делік. Сот қылмыскерге үкім кесті. Істеген қылмысын естігенде оны жек көріп тұрасыз. Әділ жазасын алса екен дейсіз. Үкімнен соң сотталушы: «Кінәмді толық мойындаймын, сот әділ үкім кесті. Қылмысым үшін өкінем, жәбірленушінің отбасынан басым жерге жеткенше кешірім сұраймын», – десе, қылмыскердің абыройы өсіп шыға келеді. Керісінше ол кінәсін мойындамай, келесі инстанцияларға шағымданса не өтірік ауру боп жындыханаға жатып алса, оны бұрынғыдан бетер жек көресіз. Қылмыскерді қылмысы үшін емес, жазадан қашқаны үшін жек көресіз. Мені Калифорниядағы Сан-Квентин түрмесінің басшылығы шақырған. Сотталғандар лекциямды ықыласпен тыңдады. Олардың біреуі: «Франклдан өзге психологтар балалық шақтағы жағымсыз оқиғаларды сұрайды. «Әкең ішіп келіп шешеңді сабайтын ба еді? Арақ пен темекіге әуес пе едің? Дұрыс тәрбие алмағансың ғой. Мектепте сабақтан қашып жүретін бе едің? Бәленің бәрі осыдан басталған» деп қателіктерді тізе бастайды. Ондайда өзіңді мойныңа қарғыс қамытын киіп алған сайтан сияқты сезінесің», – деді. Франклдың осы ойлары, еске еріксіз, 1983 жылы СССР-да түсірілген Аида Манасарованың «Оглянись» деген фильміндегі психолог дәрігер мен басты кейіпкер арасындағы жағымсыз терапияны еске түсіреді.
Пандетерминизм
Карл Роджерс «Еркіндік дегеніміз не?» деген сұрақтың эмпирикалық анықтамасын жасайды. Шәкірті В.Келл екеуі «қылмысқа ұрынған 151 бозбаланы зерттейді. Нәтижесінде баланың отбасылық жағдайы, алған білімі, әлеуметтік күйзелісі, денсаулығы, тұқым қуалайтын қасиеті, көршілерінің не басқа да мәдени ықпалға қарап, олардың қылмыс жасау-жасамауын болжай алмайсың» деп түйеді. Ал «адамның өзін қалай танығанына қарап, болашағын шамалап болжайсың» дейді. Өзін тануға талпынғандар өзін сырттай бақылап, оңашада өзінен есеп алады. Тағдырға тәуелденіп, пенде өмірін өзгерте алмаса, өзінен есеп алатын қасиеттің не керегі бар? Бұл қасиет адамға не үшін дарыған? Оның хикметі не? Пандетерминизмнің зияны осы. Ол өзінен есеп алу қасиетін терістейді. Өзіңнен есеп алмасаң, тағдырға тәуелді боласың.
Детерминизмді пандетерминизмге қарсы қойып көрейік. Детерминизм адамның жанын шартқа байлайды. Мысалы, «маскүнем әкеден туған бала қалайша жақсы болып шықсын? Мың жерден ақылды болса да, ондай отбасында өскен бала оңбайды» деп ілкіден «пәтуа» береді. Баланың тағдырын маскүнем әкеге тәуелді етеді. Ал пандетерминизм субъективті негіздің өзін (баланы айтып отыр) жоққа шығарады. Олар «балаға сондай тағдыр әу баста жазылған, әкенің кінәсі жоқ» дейді.
Енді «Пандетерминизмнің себебі неде?» дегенге нақты жауап берейік. Басты себебі нәзік ньюанстарды айырмауында дер едім. Мысалы, кей себептер субъективті негізбен араласып кетеді. Бірде қалыптасқан жағдаймен немесе шарттармен астасып жатады.
Биік шыңға шықсаң, еңсең езіліп, мазаң қашуы мүмкін. Тау басында екіұдай күй кешуге себеп те бар, субъективті негіз де бар. Мазасыз көңілкүй нақты бір негізге де, себепке де барып тіреледі. Шың басында оттегінің аздығы еңсені езіп, мазаны қашырады. Одан бөлек тауға шығу машығының аздығы мен құрал-жабдықтың нашарлығы адамды уайымға салып, көңілге үрей себеді. Бұл жерде үрейленіп тұрған – адамның рухани болмысы. Ал пандетерминизм ондай себептерін тарқатпайды, «тауға шыққан адамның бәрінің мазасы қашады» деп жалпылай үкім кеседі.
Екінші мысал, пиязды алып қараңыз. Оны турасаңыз, көзден жас ағады. Жылауға себеп бар. Бірақ жылауға негіз жоқ.
Франклдың осы мысалын қазақша менталитетке салып, былай да беруге болады. Мысалы, бір қыз марқұм әкесінің асында пияз турап тұр делік. Көзінен парлап жас ағып жатыр. Бұл жағдайда жылауға себеп те бар, негіз де бар. Ол әкесін жоқтап жылап тұр. Оған қоса пияз да жас ағызып жатыр. Пандетерминизм осы оқиғаны талдағанда әйелдің рухани күйзелісіне, себептеріне үңілмейді. «Пияз адамның көзінен жас ағызады. Әйел пияздан жылап тұр» деп үстіртін тұжырым жасайды.
Енді Франклдан мынадай ой түюге болады. Жалпы детерминизм болсын, пандетерминизм болсын бәрінің қателігі ортақ. Мысалы, «Жастар түнде интернетте көп отырады. Ұйқысы қанбайды. Ұйқысы қанбаған бала тамақты аз ішеді. Тамақты аз ішсе, витамин жетіспейді. Витамин жетіспеген бала суицидке бейім келеді» деген сияқты себептерді тарқатады. Мұны ақиқат деп қабылдасақ, себептерге шырмалған баланы суицид күтіп тұр деген сөз. Ал шындығында бозбала компьютерде не үшін отыр? Логотерапия сұрақты осы жерден қояды. Яғни бірден түп негізге түседі. «Адамдық борышым не? Өмірге не үшін келдім?» деген сұраққа жауап таппай, мағынасыз тіршіліктен жалығып, уақытын өлтіріп отырады. Оның барлық іс-әрекеті – жалыққан жанның жемісі. Түпкі НЕГІЗ – өмірден жалыққан адам! Жалпы бұл – бүкіл әлемге ортақ атам заманнан белгілі классикалық сұрақ. Рухани тоқырау басталғанда мәселені шешетін ойшылдар бірінші осы сұрақтан бастайды. Бұл ойды Шәкәрімше тарқатсақ, түсінікті бола түседі.
Шынды білмек ойласаң сен,
Ең алдымен жанды біл.
Ең керекті үш сұрақпен,
Жан құлағын қой бұрап.
Келдім қайдан? Нетсем пайдам?
Өлгеннен соң не болам?
Мен деген жан – ақыл айнам,
Жоғала ма сол шын-ақ?
Бар болған зат жоғала ма?
Жоқтан әсер қала ма?
Аш көзіңді тұмшалама,
Кетпе ақылдан тым жырақ!
Франклға ораламыз. Адамды «ғаламның ішіндегі болмыс» деп те анықтаған. Ғаламның ішінде Мән де бар, негіз де бар. Адамды сыртқы ғаламмен байланысы жоқ, жабық жатқан жүйе деп қабылдасақ, субъективті негіздер мен Мәнді тастауға тура келеді. Онда ол себеп пен салдардан тұратын зат сияқты боп қалады. Салдар – шартты рефлекске, стимулдың реакциясына байланған. Себеп – шарттанған процестер мен құмарлықтан не инстинктен шығады. Жоғарыда айтқан ұйқы, тамақ, витаминдер сансыз себепті туғызып жатыр. Енді мынадай нәзік детальды қараңыз. Адамды қимыл-қадамға құмарлық пен инстинкт іштен итереді. Ал Мән өзіне тыстан тартады. Мұның өмірдегі көрінісі: Әдетте талантты адам сұхбат бергенде: «Бала кезден әнші болуды армандадым. Асқақ армандар алыстан қол бұлғап шақырғандай болатын», – дегенді жиі айтады. Ал құмарлық қысқанда организмде жүріп жатқан импульсты денемізбен сеземіз.
Тағы да қайталаймыз. Адамды жабық жүйе десеңіз, одан инстинкт пен құмарлықты ғана көресіз. Кісіні сырттан тартушы негізгі мотивтерді көрмейсіз. Бұл идея АҚШ-тағы қонақ үйді еске салады. Оның есігі сыртқа ашылады. Есіктің ішкі жағында «тысқа итеріңіз» деп жазылған. «Өзіңе тарт» деген жазуды даладан келсеңіз ғана көресіз. Адамда да қонақ үй сияқты сыртқа ашылатын есік бар. Яғни Мәнге есікті сыртқа ашуың керек. Адамның болмысы жұмыртқа сияқты меңіреу бітеу емес. Оны монадология дейді. Адамды басқа ғаламға есік ашатын жаратылыс деп танымаса, тұлғаны күйретеді. Жабық жұмыртқа балапанға айналып, тысқа шықпаса, шіріген жұмыртқаға айналады. Басқа әлемге есік ашатын қабілетіміз трансцендентті күйде анық байқалады. Енді Франклдың ойын қазақы менталитетке салып көрелік. Қожа Ахмет Яссауидің мына хикметін оқып көріңізші:
Тоғыз ай, тоғыз күнде жерге түстім,
Тоғыз сағат тұра алмадым көкке ұштым,
Ғаршы, күрсінің соңын барып құштым,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Аршы үстінде құлдық етіп тізе бүктім.
Сырымды айтып, Хаққа қарап, жасым төктім.
Жалған ғашық, жалған сопы көрдім, сөктім.
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Бұл хикметтен бір ғана фактіні байқаймыз. Ол – адамның бұ дүниеге сыймайтын трансцендетті болмыс екендігі. «Диуани хикметтің» осы екі шумағының өзінде-ақ басқа әлемге есік ашқан құдіретті адамның ноодинамикалық көңілкүйі сезіліп тұр. Әрі кеттік. Адамның басқа әлемге жалғанатын қасиетін жойғанда оның өзі де жоғалады дедік. Яғни адам затқа айналады. Заттанған пендеде құн қалмайды. Кез келген субъектінің сипаты оның объектіге деген қатынасында анықталады. Мысалы, адам құқығы, әйел теңдігі, дискриминацияны жою сияқты объектілерді назарға алып, соның жолында күрессе, трансцендетті қабілеті өркендейді. Сол сияқты адамның сипаты интенционалды объектілерге Мән мен құндылық тұрғысынан қарайтын мінезіне сай өлшенеді. Құндылық пен мақсат-мұрат қана адамға субъективті негіз һәм мотив болады. Әділдік сияқты құндылықты әспеттеп, Мәнге тартылғанда адами сипаттар ашылып, абырой асқақтайды. Егер трансцендентті қабілетті жоққа шығарып, «есік-терезені» бітеп, Мән мен хикметті кіргізбесең, субъективті негіздер мен мотивтер шарттану процесімен араласып кетеді. Адамның заттану процесі деген осы. Бұл процесс манипуляцияға есік ашады. Әдетте, сананы жаулап, манипуляция жасайтын залымдар бірінші осы процесті іске қосады. Ол үшін қоғамға пандетерминизм доктринасын сіңіреді. «Ерік, қалауың жоқ. Құдай қалаған құлын тура жолға салады. Бәріміз Тәңірдің жазып-сызып қоюымен жүріп жатырмыз. Пешенеге жазғаннан құтылмайсың. Тағдырдың тауқыметімен күресу – ақымақтық» деген идеяны санаға құяды. Осы пікірді Б.Ф.Скиннер: «Тәуелсіз, ерікті адамды қуған соң, адамның іс-әрекетін туғызатын себепті қолға түсіріп, манипуляция жасай аламыз», – деп дәлелдей түскен.
ЖЕТКІЛІКТІ ШАРТ – жеткілікті
Біріншіден, шарттанған процестер, яғни адамның жетімдер үйінде өсуі, мәдени ошақтардан алыс жатқан аймақта дүниеге келуі, бала кезінде тойып тамақ ішпеуі сияқты пендені шарттарға матайтын процестер, іс-әрекеттің нақты себебі бола алмайды деп есептеймін. Мысалы, осы шарттарға маталған пенде рухани өзегіне табан тіреп, кез келген сәтте адами бейнесін жарқ еткізе алады. Керісінше, дәулетті отбасында туған, қалада өскен, тек құнарлы тамақ жеген жігіт рухани принциптерден бас тартумен адами бет бейнесін жойып жібереді. Екіншіден, адамның адами іс-әрекеті дәлелсіз терістелмейтін болса, амал-әрекетінің себебін де оңай түсінеміз. Үшіншіден, іс-әрекет – «себептен» емес, субъективті негізден (яғни адамның рухы) демейінше, адами ерліктер ашылмайды.
Бірақ себептер субъективті негізбен емес, шарттармен де араласып-шатысып жүре береді. Бірде «СЕБЕП» деп тұрғанның өзі «ШАРТ» болып кетеді. Бірақ осы «Жеткілікті шарттың» өзі тура мағынасында «Қажетті һәм Қолайлы шарт» боп шығады. Шынына келсең, мұны «Мүмкіндік шарты» деп атар едім. Яғни адамның жасампаз мүмкіндігін молайтады. Мысалы, психосоматикалық ауруды біз психологикалық фактордың әсерінен пайда болды дей алмаймыз. Біреудің миына ісік шықты делік. Бұл кезде проблема адамның психологиясынан емес, тәндегі жарақаттан болады. Осы жарақат оның психикасының бұзылуына әкеп соқты. Мұны невроз хәліндегідей психогенетикадан тарқата алмаймыз.
«Жеткілікті шарт» феномен туғызуға жеткілікті. Басқаша айтсақ, феномен жай ғана бар болғандығынан жарқ еткен жоқ, тіршілікке ұмтылуынан пайда болды. Мысалы, Темүжін Есугейдің баласы болғандығынан феномен болған жоқ, ол қайтпас қайсарлықпен тіршілікке талпынғанының арқасында Шыңғысханға айналды. Яғни Жеткілікті шартты Қажетті шартпен салыстырсақ, ол Алғышартқа айналып кетеді. Яғни Есугей Шыңғысханның қалыптасуына алғышарт болады.
Енді осы күрделі идеяны қазақша қарапайым мысалмен әдемі беруге болады. Қазақта «Бірінші байлық – денсаулық. Екінші байлық – ақ жаулық. Үшінші байлық – он саулық» деген мақал бар. Адамның тіршілікте рухани тұлға ретінде танылуына бірінші «Жеткілікті шарт» – денсаулық! Ал адал жар мен он саулық – Қажетті шарт немесе мүмкіндік. Яғни ол Жеткілікті шарт болмайды. «Әйелің мен малың болмаса, адам бола алмайсың. Басқа біреу үйлендіріп, алдыңа мал салып берсе ғана танымал тұлғаға айналасың» дей алмайсыз. Себебі дені сау кісі еңбек етіп, мал табады. Тақыр кедей болса да, дәулетті жанға айнала алады. Мал тапқан жігіт қиналмай үйленеді. Өмірде оны дәлелдейтін оқиға көп. Әлемнің алпауыт байларының көбі – бизнесті тақыр жерден бастаған кедейлер. Тіпті көбінің жоғары білімі де жоқ. Оларда Қажетті шарттың бірі де болмады. Олар оны қолдан жасады. Осы кезде Архимедтің: «Маған тіреу нүктесін тауып беріңдер. Мен сендерге рычагпен Жерді көтеріп беремін», – деген амбицияға толы мәлімдемесі еске түседі. Қайратты тұлғалар «он екі мүшем сау болса, сол маған жетеді. Қалғанын еңбекпен тауып аламын» дейді. Ал әкеңнен мирасқа мол дәулет қалып жатса, ол Мүмкіндік шартын молайта түседі.
Франкл ойын былайша сабақтайды. Енді осыны психофизикалық деңгейде тәпсірлейік. Мысалы, қалқанша безінің қызметі күшейіп кетсе ақылес кемшін тартады. Қалқанша безінің гормондарын берсең, адамның ІQ қайта көтеріледі. Осыған қарап интеллект дегеніміз – қалқанша безінің гормондары. Оны бермесек, интеллект түсіп кетеді демейміз ғой. Онан да қалқанша безінің гормондары рухтың өзін интеллект ретінде көрсетуіне Қажетті шарттар деп атар едім. Қажетті шарты толмаса, өзіне керекті гормондарды алмаса, рухани тұлға мықты ІQ ретінде көрінбейді. Тағы бір мысал: Бүйрек безі қызметінің күшеюін алайық. Оның қызметі артса, пенденің адами бет келбеті толық жойылады. Кәдімгі ақылы жоқ айуанға ұқсап қалады. Пациентке дезоксикортикостерон ацетат берсең, адамның рухани болмысы қалпына келеді. Осыған қарап дезоксикортикостерон ацетатты адамның рухани өзегі дейміз бе?
Бұдан шығатын қорытынды мынау: қолымдағы дәрі – мүмкіндік беретін Қажетті шарт қана. Айуанға ұқсап қалған пациенттің әржағында бүлінбейтін рухани болмыс тұр. Болмыстың тәнде қайтадан көрінуіне қажетті шартты туғызып бердім. Шарты толып еді, ол жарқ ете қалды.
Осындай ШАРТТАР мен СЕБЕПТЕРДІ дұрыс анықтамаудың кесірінен, шатысқан-бытысқан идеялар редукционизмді туғызады. Редукционизм адамды айуанның әр жақ, бер жағындағы мақұлық деп таниды. Бірақ Махатма Ганди, Лев Толстой, Сократ, Будда сияқты тұлғалардың өмірі редукционистердің бүкіл теориясын талқандап кетеді. Ондай кезде олар: «Мұндай феномендер жекелеген тұлғаларға ғана тән», – дейді. Алайда ойшылдардың бойынан көрінген адамшылық феноменнің бүкіл адам баласына ортақ эпикалық феномен екенін ескермейді.
Редукционизм
Редукционизм – біздің заманның нигилизмі. Былайша айтқанда, нигилизмнің дамыған түрі. Бұрын нигилизм адамға «түкке тұрмас құнсыз нәрсе» деп баға берсе, редукционизм «Адам – бір нәрсенің әр жақ, бер жағындағы жай ғана зат. Әрі кетсе, компьютер немесе түгі жоқ тықыр маймыл» деп бағалайды. Дұрыс айтады. Адамның орталық жүйке жүйесінің функциясын түсіндіргенде компьютер – қолайлы мысал. Алайда редукционизм жоққа шығаратын немесе елемейтін өлшемдерде айырмашылық бар. Редукционистердің ар-ұятқа қатысты теориясына қараңыз. Олар «ар-ождан – шарттанған процесс. Кілемге «сарып» қойған ит диванның астына тығылады. Ит бүлдірген ісіне ұялып тұр» дейді. Меніңше, бұл – жазадан қорқып, сақтанып тұрған қорғаныш сезімі. Кәдімгі инстинкт. Ар-ұятқа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Нағыз ар-ұят үкім немесе жазаны күтпейді. Ондай сезімнің ар-ұятқа қатысы жоқ. Жазамен қорқытып, сауаппен қызықтыратын аймаққа ар-ұят араласпайды. Оның бәрі адамның суперэгосын жұбату үшін жасалады. Франклдың «ар-ұят үкім немесе жаза күтпейді» деген тұжырымын Рабия Балхияның даналығымен оңай түсінуге болады. Жүрек көзі ашылған Рабия есімді әулие әйел бүй деп дұға қылады екен. «Уа, Тәңірім, егер Сенің тозағыңнан қорқып қана құлшылық жасасам, тозағыңа мені өртегейсің. Ал, егер пейішіңнен дәмелі болып, сол үшін дініңді ұлықтаған болсам сол нығметтен мені мәңгіге айырғайсың». Оның дұғасына байланысты түрлі аңыз таралған. Фарид-ад-дин Аттар айтыпты дейтін бір аңызын ақын Светқали Нұржан «Ай таранған түн» атты кітабында өлеңмен әдемі өрнектеген.
Күн шаңқыйып қарап тұр,
Жағасы еді Фараттың,
Отыр Хасан дем алып саясында дарақтың.
Рабия Балқия келе жатты күбірлеп,
Қос құмыра қолында: бірінде – су, бірінде – от.
Мұны көріп Хасанның кетті сабыр, шыдамы,
Сәлемнен соң көмейден ағытылды сұрағы:
– Күнің мынау – күйіп тұр.
Суың мынау – тиіп тұр. –
От пен суды қайтпексің? – деді басын иіп бұл.
– Сөндірер ем су құйып – болса ұлықсат Алладан,
Жеті бірдей тозақты –
Жанның бәрін жалмаған!
Ал, керісінше, Жәннатты өртер едім – отпенен,
Жаббар Хақтың пәрмені болмай тұр ғой, әттеген!
«Неге?» – деген Хасанның көзінде тұр сауалы,
Мынау еді ал, арудың берген сонда жауабы:
– Жан көбейді – мұнафық, талақ қылған мұратын,
Қалмай барад Кәміл жан – шын құлшылық қылатын.
Дін ұстап жүр көбісі – қорыққаннан Азаптан,
Үміттеніп – Жәннаттан, құтылмақ боп – Тозақтан.
Жәннат пенен Тозақтан ада болса ана бет,
Дін жолында шын ізгі жандар ғана қалар ед.
Дүниені былғамай, басқа кәсіп табар ед,
Діннің атын жамылып елді алдаған қара бет!..
Франклға қайта ораламыз. Лоренц жан-жануардың жүріс-тұрысын адамның моральдық іс-әрекетімен салыстырғанда сақ болған. Редукционистер олардың нақты айырымын білмейді әрі көрмейді. Қызығы: осы ойын эмпирикалық әдіспен анықтамайды. Жай ғана дәлелсіз ой-жотамен соға салады. Олар «адамда бар қасиет айуанда да бар. Айуан не, адам не екеуі – бір» деуден жалықпайды. Осы уәж мынадай анекдотты еске түсіреді. Дауласқан екі көрші қазыға жүгініп, дауын айтады. Біреуі:
– Мынаның мысығы 3 кг етімді жеп кетті, – дейді. Екіншісі оны жоққа шығарады. Қазы:
– Дереу мысықты жеткізіңдер, – деп әмір етеді. Мысықты әкеле салысымен қапқа салып, таразыға тартады.
– Желінген етің қанша келі еді?
– 3 кг болатын.
– Мына мысықтың салмағы дәл 3 кг болды. Жоғалған етің табылып тұр. Енді оңбаған ұры мысықты табу керек, – депті қазы.
Редукционистердің зерттеуі осыған ұқсас. Зерттегенде адамның бойындағы барлық шартты рефлекстер мен шарттанған процестерді, іштегі психологиялық механизмдерді, тағысын-тағы толып жатқан себептерді тапты. Бірақ адамның өзін таппайды. Оған әлгі қазының сұрағын былай қойсаң: «Барлық рефлексті таптыңдар. Жарайды, жақсы екен. Ал енді адам қайда?» десек, не дер екен?
Франклдың ойын түйіндегенде былай болады: пендені биологиялық және психологиялық тұрғыдан ғана түсіндіре берсе, арлы адамды қайдан іздейміз? Өз кемдігіне өзі күлетін, қатесі үшін құлағына дейін қызарып кететін, артық айтқан сөзі үшін кешірім сұрайтын, тіпті бала кездегі қатесі үшін қартайғанша ұялып өтетін арлы адам қайда кетті?
Редукционистік қағидалар жансарайыңды қаңыратып тастайды. Оның мұндай зиянына көзді жұмып қарауға болмайды. Назар аударыңыз. 64 дәрігер мен 11 психиатрды бақылаған Р.Грейдің зерттеуін келтіреміз. Басқа сала былай тұрсын, медицинаның өзінде цинизм өршіп барады. Ал гуманизм құлдырауда. Медициналық білім алғаннан кейін барып, ол тенденция кері айналады. Яғни кейбір мамандар гуманизмге қайта бет бұрған. Өкінішке орай бәрі емес, бір ғана бөлігі. Мына фактіге назар аударыңыз: «Бейбітшілік корпусы» деп аталатын халықаралық гуманитарлық ұйымның сапында Африкаға барып, ерікті боп қызмет еткен жас ерлі-зайыптылар бәрінен жалығып, торығып оралды. Әу баста олар міндеттелген психологиялық топқа кіріп, тест тапсырған. Топтың жетекшісі мынадай сұрақтар қойыпты:
– «Бейбітшілік корпусына» не үшін келдіңіз?
– Жағдайы төмен адамдарға жәрдем бергім келді.
– Өзіңізді олардан жоғары тұрмын деп санайсыз ба?
– Белгілі бір дәрежеде солай шығар, бәлкім?!
– Яғни бейсаналы деңгейде өзгеден артық екеніңізді дәлелдегіңіз келеді? Солай ма?
– Қалай десем екен... Шынын айтсам, олай ойлап көрмеппін. Сіз енді психологсыз ғой, ол жағы сізге көбірек мәлім шығар?!
Көрдіңіз бе, әңгіме қай бағытта өрбіп жатыр? Тест алып отырған психолог идеализм мен альтруизм сезімдерін басқаша тәпсірлеп отыр. Олар үшін идеализм мен альтруизм – жоқ нәрсе. Ондай асыл сезімдерді кие тұтып, төбесіне көтермейді. Одан да жаманы: еріктілермен «Пенделік пиғылыңды ашық айтсайшы, атақ іздеп келдің ғой, иә?» деп сұрақ-жауап ойнайтын болған. Мен бұл ойынды гиперинтерпретация деп атар едім. Шектен шықты деген – осы. АҚШ мамандары мынадай мәлімет жолдапты: қазіргі АҚШ жастары үшін биік құндылық – «өзіне өзі қайтадан интерпретация жасау». Яғни бойындағы адами қасиеттеріне, қалауларына өздерінше басқаша сипат беру модаға айналған. АҚШ-та да «Бейбітшілік корпусындағы» үрдіс белең алған. Жалған сезімді өздеріне зорлап таңады. Бұл – обсессивті невроз ауруын жаппай жұқтыру деген сөз. Э.Беккердің айтуынша оның бұрынғы пациенттері көңілкүйдегі мотивтерге барлық ситуацияда жаңаша анализ жасай бастаған. Абыржып, мазасы қаша бастаса, өзінше тәпсір жасайды. Мысалы: «О, мына сезім еркекке шақырып тұр. Мынау – қандас туысыңа үйленіп көр деген белгі. Ал мынау Эдип комплексі болуы мүмкін. Мынау – кастрация қорқынышы» деп тағысын тағы өзінше лағып кете береді.
Бұған дейін субъективті негіздердің Себебі мен Қажетті шарттарды салыстырып, жеткілікті талдадық. Бірақ терең назармен қарайтын үшінші бір айырмашылық және бар. Ол – маңыздысы. Әдетте жеткілікті шарттар дегенде көбі оны соңғы, түпкі себеп деп емес, істеп тұрушы, жүзеге асырушы СЕБЕП деп ұғады. Түпкі себеп оған лайықты ғылыми көзқараспен қарағанда ғана айқын болады. Бұл жерде түпкі себеп деп Мән, Мағына, Мақсат, Мұрат және тағы басқа құндылықтарды айтамыз.
Пандетерминизм адам өмірінде мақсат та, мұрат та, мән де, мағына да жоқ деп кесіп айтады. Осы ой Гетенің «Фаустындағы» бір кейіпкерді еске салады. Ол бір затты зерттемес бұрын оның жанын тәннен қуып шығады. Сосын оны сәбіздей қылып турайды. Қараса, арасында ешқандай рухани байланыс жоқ екен. «Әй, мынауың бар болғаны химия боп шықты ғой» деп сақылдап күледі. Ол ақымақ сол сәтте өзіне күліп тұрғанын білмейді.
Енді осы әңгімеден әрі қозғалайық. Расымен осы аралықта «үзілген тізбек (звено)» жатыр. Әлемдегі көп ғылым Мәнді жоқ деп сипаттайды. Бірақ одан Мән жоғалмайды. Дұрысы соқыр ғылым оны байқамады. Франклдың осы жерде «соқыр ғылым» деген термин қолданғаны шынымен де қызық. Оның ойын Шәкәріммен салыстырып қараңызшы.
Затшылдық көзін байлады.
Адастырып айдады.
Жан билемей, тән билеп,
Ақылдың соры қайнады.
Ғылым деп уды жегізді.
Денесіз зат жоқ дегізді.
Дәлелсіз пәнмен перделеп,
Тапқызбай қойды НЕГІЗДІ.
Көңілдің көзі
Көптеген ғылым зерттеу әдісінің шолақтығынан өмірдің мақсат-мұратын байқамастан, оларды құрбандыққа шала салады. Кез келген ғылым ауадай қажет өмірлік мақсат пен мұратты анық көре алмайды. Ойымызды тиянақтау үшін мынадай мысал береміз:
5-сурет
Қиғаш жазықтықта жатқан үш нүктені көріп тұрсыз. Арасында ешқандай логикалық байланыс жоқ. Оған мән бітіріп тұрған логикалық байланыс көлденең жатқан жазықтықтың үстінде емес, жоғарыдан тік түскен жазықтықтың жоғары жағы мен төменгі жағында жатыр. Көзіміз бүкіл байланысты тұтас көрмейді. Көлденең жатқан жазықтықты қиып өткен үш нүктені ғана көреміз. Кейбір ғылым да солай. Мысалы, ғылым жаралыс туралы толғағанда кездейсоқ мутация туралы айтады. Бірақ кездейсоқ екенін қайдан біледі? Арасында тұтас байланыс барын не жоғын қайдан біліпті? Мысалда берілген суретте жекедара бөлініп жатқан үш нүктеге мән бітіріп, тонның ішкі бауындай білдіртпей байлап тұрған астыңғы және үстіңгі сызықты кедергінің кесірінен көрмейміз.
Франклдың ойы анық болуы үшін тағы бір қазақша мысал келтірейік. Көрпенің тігісін алайық. Көзге көрпенің бетіндегі жіп қана көрінеді. Ал астары көрінбейді. Осыған қарап, көрпені тігу үшін жіп тек мұның бетінен жүрізілген деп айта алмайсыз ғой. Әманда оның астарында да дәл сондай тігіс барын білеміз. Ендеше бір факт анық болды. Барлық ғылым мән-мағынамен байланысты ортақ жүйені байқауға бірдей қабілетті емес. Бірақ «Не үшін бұлай кездейсоқ болып тұр?» дегенге ғана уәж айта аламыз.
Өмірде Мән бар десек, жоғарғы Мәнді қалай анықтаймыз? Мән бүкіл затты тұтас қамтып, ұлғайған сайын оған жету де қиындай береді. Шексіз Мән шектеулі жаратылыс танымынан тыс жатыр. Бұл шекке жеткенде ғылым артқа шегінеді. Оның орнын даналық басады. Блез Паскаль: «Ақылдың таппағанын жүрек сезеді», – деген еді.
Осы ойды Абайдың өлеңімен өрнектесек, былай боп шығады:
Ақыл мен хауас барлығын
Білмейді жүрек сезедүр.
Ал Шәкәрімше айтсақ:
Сол сықылды көңілдің көзі ашылса,
Көп ойланып, қиынға сермей-сермей.
Білер, айтар, оятар, жыбыршытар,
Еркіңді алар, сөйлетер тыным бермей.
Ойдан маржан, меруерт төгілгенде,
Отыра алар кім шыдап, оны термей.
Франклға ораламыз. Жүректегі хикмет ілімін мойындау керек. Немесе оны онтологиялық дәрежеде өзін өзі тануы дейміз. Мысалы өмірлік тәжірибесі мол, оқымаған қарапайым қариядан: «Өмірдің мәні не?» – деп сұрасаң, ол хикмет пен даналыққа сүйеніп: «Өмірдің Мәні – сыйластық, адамды сүю, қоғамға қызмет ету», – дейді. Ол ғылымның «Адам – суперэго мен эгоның шайқасып жатқан майдан алаңы» деген күрделі теориясын оңай тілмен айта салады. Былай қарасаң, ол Сократ, Аристотельді білмейді. Соған қарап, амалсыз хикмет ілімін мойындайсың.
Франклдың хикмет туралы ойын қарапайым қиссасымен әдемі түйіндеуге болады.
Тәңірі тағала рухты жаратып:
– Денеге кір! – деп әмір етті. Рух жансыз, қараңғы балшық тәннің ішіне кіруге қорқып тұрды. Әрі жансыз дененің иісі жағымсыз еді. Жебірейіл барлық періштеге құйқылжытып жеті сазбен күй ойнауды бұйырды. Адамды қоршай қаптаған қисапсыз періште сазды әуенмен күй ойнай бастайды. Рух саздың ырғағына ілесіп тербелгенде, бір сәтке өзін ұмытып мастық хәлге түседі. Сол кезде Жебірейіл оны тәнге жайғастырып үлгереді.
Адамға жан кіріп, тұла бойына қан тараған соң барлық дене мүшесі өздерінің артықшылығын айтып мақтанады. Бас:
– Мен бәріңнен биікпін. Сәждеге менің маңдайым тиеді. Бәсім бәріңнен жоғары! – деді.
Құлақ:
– Адам ақиқатты мен арқылы естиді. Саңырау адамға үгіт айтып не керек? – деді.
Көз:
– Құлақпен естіген өтірік, көзбен көрген шын. Мың рет естігеннен бір рет көрген артық. Қала берді, мен көңілдің айнасымын. Жеті қат көкті бір ғана қарашыққа сыйғызып тұрмын, – деді.
Бет-әлпет:
– Жұрттың бәрі бірінші бетке қарайды. Адам бір-бірін түріне қарап таниды. Мен арқылы сұлулықты сезініп, біріне бірі ғашық болады. Адамның шырайы менмін, – деді.
Ауыз:
– «Ас – адамның арқауы». Мен болмасам, адам асты қалай жейді? Тамақ та, сусын да асқазанға мен арқылы жол тартады. Ауыз болмаса, піскен астан пайда жоқ. Аш адамнан қырық күн ақыл сұрамас болар. Құрсағы бостың құлағы шыңылдап, көзі бұлдырайды. Денеде дәрмен, бойда қуат қалмайды. Сондықтан бәрің маған бас иіңдер, – деді.
Тіл:
– «Өнер алды – қызыл тіл». Тілдің қадірін білмеген кімнің қадірін біледі? Піл көтермегенді тіл көтереді. Өзім – бұлбұл, сөзім – бұлақ. Тауып айтсам, көңілдегі дауасыз дерттің емін мен беремін, – деді.
Қол:
– Жомарттық менде жатыр. Адам баласы алыс-беріс тірлігін мен арқылы жасайды. Қайыр-сахауатты Құдай қолға жасырған. Амандасқан адамдар әуелі қолын созады, – деп мақтанды.
Аяқ:
– Оу, жарандар, сендерді көтеріп тұрған кім? Арындай бермей, төменге бір рет назар салып қараңдар. Бәріңді қайырлы қадамға бас- тайтын мен емес пе? Қаласам, Меккеге барамын. Әр басқан қадамыма мың сауап. Мен тұрғанда сендердің сөйлеулерің бекер-ақ, – деді.
Ақыл:
– Әй, аяқ, «Бас аяқтан ақыл сұрамайды» деген. Ақылға кішілік жүрмейді. Мен жүректің суатымын, ойдың қуатымын. Адаспай аспандасам, жеті қат көкті кесіп өтем. Қармаласам, қолым аршыға да жетеді, – деді. Осылайша барлық дене мүшелері, сезім қатпарлары бір-бірімен таласып жатты. Бұл айтысқа жүрек қана қатыспай, сабырмен таластың ақырын бағып тұрды. Тәңіріге жүректің сабырлы күйі сүйкімді көрінді. Тәңірі тағала:
– Әй, таласпаңдар. Жүрек болмаса, жақсылықты алаңсыз насихаттай алмайсыңдар. Арсыз істі де жасайтын кездерің көп болады, – деді де, – Әй, бас, аптығыңды бас. Өмірде маңдайыңды сәждеге ғана емес, адасып тау мен тасқа да ұрасың. Құлақ, өсекке де құмарсың. Ғайбат айтылған жерден тұрып кете алмайсың. Ауыз, «Біссіміллә» демесең, жеген асың арам болар. Адам ауруды астан да табады. Тіл, адамға келер он бәленің тоғызы сенен болады. Бал тамған тілден у да тамады. Есіңде болсын, тілі бірді тілек қосады, тілі басқаны жүрек қосады. Көз, сұлу көрсең, сұқтанасың. Арсыздық сенен басталады. Күндіз көргенмен, түнде соқырсың. Жүректің көзі – көз. Бастағы көз – без. Аяқ, сенің баспайтын жерің жоқ. Көп жүрген аяқ боқ басады. Қол, кейде сұғанақсың. Ұрлық та сенімен жасалады. Есіңде болсын, ұрының қолын кесемін. Бет-әлпет, жүзі сылаңның сөзі сырдаң келеді. Сылаң қағып, сыртыңмен адамды алдайсың. Іштің қатасын түзеуге құлқың жоқ. Жара бет жазылады, қарабет жазылмайды. Ұяттан кісі өлмейді. Бірақ бетте сызаты қалады. Әй, ақыл, шын ақыл аузын жауып, ділін ашады. Жылы жүрекке жалғанса, ақыл айналасына нұр шашады. Жүрек – сенің айнымас серігің. Ол болмаса, сенен өткен тәкаппар болмайды. Біліңдер, Ет-жүрек – барлық тәннің патшасы! Сендерді Жүрек билесе, әлемде әділдік орнайды. Оған қалтқысыз бағынғанда ғана ақиретте сұраудан аман боласыңдар. Ол – мейірім, махаббаттың ұясы. Ол бәріңнен артық! – деді.
Сосын өзге дене мүшелеріне назарын тігіп, әрқайсысының міндетін айта бастады:
– Көз, жаралыстан ғибрат ал. Ақылдың ойқұмар болуына септес. Кірпік пен қас, сен екеуің көзді күзет. Ауыз, арамды татпа. Адал асты таңдап же. Маңдай, саған бақты қондырамын. Оның құтты мекені сен боласың. Желке, парыз бен қарызды сен арқала. Өлгенше өтелмеген борышың қалмасын. Таңдай, шырын сөз, әдемі әуез саған ұялайды. Қызыл тіл шын сөйлеп бастағанда таңдайың тақылдап тұрсын. Арқа, ауыртпашылық саған түседі. Хақтың жолында қайыспауға серт бер. Жұдырық, сен ердің қаруы бол. Әлсізге болыс. Ақылсыз майданға кіруші болма. Бүйрек, бауырыңа болыс. Жақынды жатқа жіберме. Бауыр, іші-бауырың елжіреп, туыстардың татулығына бейім тұр. Ми, ақылға сауыт боласың. Сондықтан да сені қатты сүйекке әрі үлкен биікке жайғастырдым. Шеке, паңдық мінез сенен болсын. Надандардың табалауына жол берме. Кеуде, тәкаппарға керіл, момынға иіл. Шаш, адамның ажарын аш. Бет, ұяттың барын білдіріп отыр. Тіс, адамның қайраты бол. Көкірек, қазынаның кені бол. Құшақ, адал досқа ашық бол. Нұр шуағын сіңіріп, көрісуге асық бол. Тырнақ, тазалықтың айнасы бол. Кірленсең, көр азабын сенен бастаймын. Қарын, адал ризықтың орны бол. Арам астан да ауру табасың. Білек, дұға-тілекте шаршадым деме. Қол, сақилық сенен шығады. Бірақ оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін. Құлақ, мәнді сөзге сергек жүр. Былжыр сөзге бітеу бол. Мұрын, бөтен іске тұмсығыңды тықпа. Сенің міндетің – хош иісті тану. Бел, тұқымның тазалығын, ұрпақтың адалдығын саған тәуелді етемін. Аяқ, аңдап басу сенен. Саусақ, санауды сен үйретесің. Есеп-қисап өнері сенен басталады. Жыныс, ләззатты сен татасың. Бірақ құмарлыққа салынба, рухтың өсуін тежейсің, – деді.
Франклға ораламыз. Ал енді «Адам болу не?» десең, Құдайдың құтты күні ситуациямен бетпе-бет келу екенін, жауапкершіліктен қашпай Мән іздеуге тиіс екенін, тағдырдың барлық үндеуіне құлақ түру керектігін, хикметті көңілге тоқып, Мән игеру қажеттігін түсіндіреді. Ол үшін өмірдің әр сәті жоғары әлемнен келген бір әуез сияқты. Тыңдап алып, сосын жауап қатады. Енді негізгі әңгімеге келдік. Ерік қалауын шектейтін детерминизмнен бастап, еркіндікті шырмаудан босататын гуманизмге дейін жеттік. Қалау еркіндігі – бізге берілген нығметтің бөлшегі ғана және ақиқаттың жартысы. Еркін болу дегенді феномен тұрғысынан қарасаң, негативті болады. Сондықтан оның позитивті қыры – жауапты болу. Жауапкершілікті қосақтап қоймасаң, бетімен кеткен еркіндік құздан құлап өледі. Сондықтан АҚШ-тағы «АЗАТТЫҚ» ескерткішінің қасына «ЖАУАПКЕРШІЛІК» монументін тұрғызу керек дегенді қайталаудан жалықпаймын. Профессионал медиктер көп аурудың түп төркіні белгісіз екенін біледі. Мысалы, рак ауруына қараңыз. «Бірінші рак клеткасы қайдан шықты? Неге сау клетка ракқа айналды?» дегенге жауап жоқ. Тек оның тәнде пайда болған салдарымен күреседі.
Сол сияқты психоз да – тәннің ішінде болып жатқан биохимиялық процестердің сыртқы көрінісі. Дәрігерлер рактың түпкі себебіне бойлай алмағаны сияқты, оның да түбіне үңіле алмаймыз. Бірақ жынды адамның «ауру сияқтымын» немесе «кеселімнен емделсем» деген ниеті оның түпкі адами болмысынан шығып жатыр. Бұл жындының ішінде сау біреу отыр деген сөз. Ол «феномен ретінде менің де көрінгім келеді. Маған жеткілікті шарт жаса, жағдай туғыз» деп үн қатып жатыр. Мұны рух түртпектеп жатыр демесек, жындыға емделудің не керегі бар? Оның «аурудан жазылсам» деген ниетінің өзі жасампаз қасиетке жатады. Сол арқылы ауруын Мәнмен толтырады. Әйтпесе психоздың өзінде мән жоқ. Денсаулық оған құндылық өндіріп, Мән табу үшін керек. Оның құндылық пен Мәнге құмарлығы ауруын Мәнге айналдырады.
Эдит Войскопф-Джоулсон былай деп топшалаған: «Параноик өмірдің жалғаспалы философиясына айрықша мұқтаж. Сондықтан өзіндегі иллюзиямен бұрынғы өмірлік философиясын алмастыру үшін қиялын дамыта береді». Оның пікірінше параноя «Өмірдің мәнін» іздеу үшін иллюзиясын дамытып жатыр-мыс. Мен мұнымен келіспеймін. Егер «параноя – ҰЛЫ МӘНМЕН байланысып жатқан бір нәрсе» дегенмен келіссек, онда гипертрофия психоздың этио-логиясы бола алмайды. Бұл не де болса, симптомотологияға жатады. Яғни «Бұл адам өмірден Мән іздеп, тоқтаусыз толғанумен ақыл-санасы ауытқып кетті» дей алмайсыз. Керісінше, кеселге шалдыққан соң, философиямен шатысып кеткен иллюзия көрінді. Психоздың осыған тең келетін эндогенді депрессия деген түрі бар. Эндогенді депрессияны Мәннің гипотрофиімен байланыстырса жарасады. Бірақ пациенттің мұндай сәтте Мәнді көре алмай соқыр болып отыруы, оның депрессияға түсуінің себебі емес. Оның торыққан түрі симптом болып саналады. Былайша айтқанда, эндогенді депрессиямен ауыратын пациентке оның психозы өмірінен Мән көруге кедергі келтіреді. Ал невротикалық депрессияға ұшыраған адамға келгенде «Өмірден мән көрмегеннің кесірінен ауру болды» дейміз. Бір нәрсе анық болып қала береді. Психоз бірінші адамның биохимиялық табиғатынан келіп шығады. Әлбетте, бұл пікір депрессияның белгілі бір типіне (эндогенді) ғана қатысты. Яғни сараптап келсең, түптің түбінде органикалық себептерден келіп шығады.
Биік өлшем
Біреулер маған «Фрейдтің психоанализімен салыстырғанда Адлер мектебінің «индивидуалды психологиясы» мықты. Ол адамның трансцендентті қабілетіне қажетті мақсат пен мұратты айқындап береді» деп уәж айтады. Шынымен де олар адамды құмарлыққа байламайды. Адлердің ойынша адам – нақты бір мақсатқа ұмтылатын интенсивті жаратылыс. Бірақ мұндай тәсіл бізді трансцендентті болмысқа айналдырмайды. Мұны интрапсихикалық тәсіл десе жарасады. Себебі Адлер бойынша адам тұла бойындағы сенімсіздік, кембағалдық сияқты сезімдерін реттеумен шектеледі. Молекулярлы биолог Жак Моно: «Бүкіл тіршілік іріктелу мен мутацияның әсерлесуінен болады», – деп рас айтады. Ол еңбектерінде «эволюцияның түбінде кездейсоқтық, тек қана кездейсоқтық жатыр» деп жазады. Бірақ ол мына тұста ақсайды. «Зерттегенде кездейсоқтық идеясы ғана назарға ілігеді. Себебі эксперимент пен фактіге сол ғана сәйкес келді» дейді. Кесіп-пішіп пікір айтқанда бұл көзқарас өзінен өзі құнсызданады. Себебі бұл ойды жеке философиясы мен идеологиясына сүйеніп айтты. Үзілді-кесілді пікір айтқан ғалым өзін биологиялық өлшемнің қорасына апарып қамайды. Сосын басқа биік өлшемдерді дәлелсіз терістейді. Кез келген ғалым бір өлшемге табан тіреп, өзінің ғылымына сүйене алады. Бірақ зерттеу алаңына басқа да ғылымның енуіне есік қалдыруы тиіс. Басқаның да сынақ жасап, пікірін айтуына жол қалдырсын. Есік-терезесін тарс жауып, өзімен өзі тас бүркеніп жатып алу ғылымға қол емес. Биік өлшем немесе универсал өлшем деген не, өзі? Қандай өлшемді биік өлшем дейміз? Меніңше, биік өлшем – барлық өлшемдер мен зерттеу тәсілдеріне құшағын ашатын кең қолтық ғылым! Мысалы, бір кубты алып, көлеңкесін жазыққа түсіреміз. Ол төрт бұрышты квадрат боп көрінеді. Сіз: «Мына квадрат кубтың ішінде бар. Бұл көлеңке кубтан келіп тұр», – дей аласыз. Квадраттың ішінде бар нәрсе кубтың да ішінде бар. Квадраттың ішінде жатқан нәрсе биік өлшеммен алғанда көрінетін кубтың ішіндегі басқа болмыстарды жоққа шығармайды. Биік өлшем еш нәрсені кері теппейді. Ол биологиялық та, антропологиялық та, генетикалық та зерттеуді қабылдай береді. Оның құшағы бәріне ашық! Биік және төменгі деген түсінік өлшемнің кеңқолтық болғанына байланысты айтылады.
6-сурет Биологтар ғылымның бір ғана ракурсына жабысып қалмаса, жақсы болар еді. Адамды тек биологиялық тараптан танымауын сұраймыз. Қала берді, жеке сенімі мен күмәндарын да жалпыға бірдей насихаттамаса, нұр үстіне нұр болады. Дұрысы «Биология дүрбісімен үңілгенде МӘН, МАҚСАТ, МҰРАТ сияқты биік өлшемдер қарастырылмайды. Сондықтан олардың дәлелі біздің ғылымда жоқ» деп ашық айтсын.
Редукционист те биік өлшеммен алғанда МӘН, МАҚСАТ, МҰРАТҚА орын табылатынын жоққа шығармауы тиіс. Нағыз ғалым сондай болуға міндетті. Біздің ғалымдар құр біліммен шектелмей, хикмет ілімін қоса меңгерсе, жақсы болар еді. «Даналық деген не? Қандай ғалымды нағыз дана дейміз?» деген сұраққа біз: «Ғалым бола тұра, білімінің шектеулі екенін ашық мойындау» дер едік. Сократша айтқанда «Мен түк білмейтінімді ғана білемін» деген кредоны девиз етіп ұстану!
Ұлы Мән туралы идеяның теистік (құдайтану) іліммен байланысты болуы міндетті емес. Тәңірді теистік (діни) көзқарасқа таңудың қажеті жоқ. Шамамен он бес жасымда менің де санамда Тәңірі туралы бір түсінік қалыптасып кетті. Тәңірім деп танитын сол түсінікке қартайған шағымда көбірек бет бұрып, онымен тілдескім келеді. Бұл маған ақ пен қараны айыруға көмектесті. Тәңірі – оңаша отырып, терең, құпия тақырыпқа сырласатын сұхбаттасың! Оңашада тілектер айтып, өзіңмен тілдескенде арызыңа жауап қатушыны Құдай десе де болады. Тәңірді бұлай тану атеистік және теистік танымның ортасындағы орды аттап өтуге мүмкіндік береді. Атеист пен діндар оны өзі айырып алады. Дінмен ісі жоқ адам: «Бар болғаны өзіммен оңашада сөйлестім», – дейді. Діндар «Оңашада басқа біреумен тілдестім» деп сенеді. Айналып келгенде, бұндай тілдесуді не деп танисың, мәселе онда емес. Бастысы – сол сәтте шынайы һәм әділетті болу! Тәңірі шынымен де бар болса, ОНЫ өзімен шатыстырып, ОҒАН қате атаулар беріп, шатысып отырған атеистпен салғыласып отырмас еді. Виктор Франклдың осы пікірін Мәулана Румидің қиссасымен әдемі тиянақтауға болады: Бірде Мұса пайғамбар тау ішінде қой бағып жүрген бір қойшыға кез болады. Қойшы өз әлінше Құдайға арыз айтып отыр екен. Ол:
– Уа, Тәңірім, Сен қайдасың? Бар болсаң, маған қонаққа кел. Мен саған қатық беремін. Жүннен аяғыңа шәркей тоқып, шашыңды тараймын. Сен тек маған бір көрінші, – деп шынайы ықыласпен тілейді. Мұса оның арызын естігенде шошып кетеді. Дереу:
– Әй, бауырым, күнәға белшеден баттың! – деп дүңк еткізіп қойып қалады.
– Неге? Нені бүлдірдім? – деп қойшы селк ете қалады.
Тәңірде мекен жоқ, мысал жоқ. ОНЫҢ шет-шегі болмайды. ОҒАН адамша сипат беру, бейне беру, ОНЫ адам сияқты қабылдау – кешірілмес зор күнә, – дейді. Мына сөзді естігенде қойшының жүрегі тоқтап қалуға шақ қалады. Екі көзі жасқа толып:
– Әй, Мұса, сен пайғамбарсың ғой. Маған киелі кітабыңнан тура тілекті үйрет, – деп жалынады. Мұса оған Тәураттан түрлі дұға-тілектер үйретіп, жөніне кетеді. Біраздан соң қойшы бәрін ұмытып қалады. Бұрынғы ескі тілегін айтуға Құдайдан қорқады. Жаңасын толық ұмытқан. Содан өмірден түңіліп, жылап жатып қалады. Мұса ол кезде біраз алыстап кеткен еді. Кенет Тәңірден құлағына:
– Әй, Мұса, сен маған доссың ба, қассың ба? – деген әуез келеді.
– Уа, Тәңірім, әрине, досыңмын.
– Сен менің құлдарымды айыруға келдің бе, дос қылуға келдің бе?
– Дос қылуға келдім.
– Онда неге ана қойшыны менен айырдың?
– Ол Сені адамға теңеді. Саған дүнияша сипат берді. Зор күнәға батты. Саған жақындай түссін деп Тәураттан сауатты тілектер үйретіп кеттім.
– Олай бекер жасадың. Ескі тілегі Маған ұнайтын. Ықыласпен жасайтын шынайы құлшылығы артық еді. Сен оған бар да: «Бұрынғы тілегіңді айта бер. Мені кешірдім де», – деді. Мұса кері қайтады. Қойшыға келіп:
– Бауырым, кешір. Енді жылама. Тәңірім сені кешті. Бұрынғы арыз, тілегіңді қалаған түрде айта бер, – дейді. Қойшы қуанып, бұрынғы бақытты тіршілігін қайтадан бастапты.
РУХАНИ БОЛМЫС, ЕРКІНДІК ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Бұлар – экзистенция тіршілігінің негізгі тірегі. Үш қасиет адам болмысын сипаттап қана қоймайды, адамға мәңгілік сипат сыйлайды. Адамның рухы – оның мінез-құлқын ғана емес, сонымен қатар болмысын да мәңгі бақи сақтайтын ерекшелігі. Бұл – жан-жануарда жоқ, адамда ғана бар қасиет. Бірақ адам өзінің психофизикалық және биологиялық сипатынан асып өтіп, рухани болмысын көрсеткенде нағыз адамдық өмірін бастайды. Мұны мысалмен былай түсіндіруге болады: самолет көкке көтерілмей, әуе алаңында автомобиль сияқты ызғып жүргенде: «Мен ұшақпын», – деп айта алады. Солай деп сенейін десең, әлі ұшқан жоқ. Сенбейін десең, түр сипаты автомобильге ұқсамайды. Бірақ ол көкке самғағанда ғана ұшақ екеніне күмәнсіз сенеміз. Адам да солай. Барлық пенде өзін «Адаммын» деп айта береді. Бірақ ұшақтың көкте қалықтағаны сияқты адами болмысын көрсеткенде ғана оны АДАМ деп айтамыз. Бұл мүмкіндік – адамша тіршілік етудің көрінісі. Ал адамша тіршілік ету – алдыңғы екі қабатын жарып өтіп басқа әлемге самғау. Франкл айтқан адамның трансцендетті қабілетін Шәкәрім қажының мына өлеңіне қарап айыруға болады.
Тазалыққа тағы кеттім,
Балалықты қуып жеттім.
Жоғары Ғаршыдан өттім,
Осыны шыңдаған көңіл.
Келем десең, өлім, маған,
Досымсың, жау емен саған.
Есікті аш жолды байлаған,
Жөнелсін ұнаған көңіл.
Рух феномені
Рухтың сипаты басқа бір рухтың сипатымен бірлесіп (copresence, соприсутсвие) өмір сүре береді. Бірақ олардың бірлескен одағын кеңістік өлшемінде елестете алмайсың. Себебі басқалар сияқты болмысын кеңістікте айқын көрсетпейді. Рух ондай өлшемге ілінбейді. Бірақ «факт» ретінде бар деп есептеледі. Олардың факт ретінде мойындалғаны онтикалық тұрғыда бар деп саналмайды. Түрі, түсі, көлемі, дыбысы бар деп танымаймыз. Рух мұндай сипатта танылу үшін оған міндетті түрде биологиялық және психофизикалық дене керек. Франклдың ойын мынадай мысалмен берелік. Айталық, ауаны алайық. Ауа көзге көрінбейді. Оған түр, түс, көлем, дыбыс бере алмайсың. Бірақ болмыс ретінде бүкіл жер шарын қаптап тұр. Оны аквалангистің арқасындағы оттегі бөшкесіне салып қана пайдалана аласың. Бұл жерде әлемді қаптап тұрған ауа – болмыстық (онтология) ауа. Бөшкедегі ауа – заттық (онтикалық) ауа. Біз бұл жерде рухты түсіндіру үшін ауаны тек шартты түрде ғана аламыз. Әйтпесе рух, сипаты жағынан ауамен салыстырғанда миллион есе құпияға толы. Онтикалық мағынада рух сырттан келе алмайды, яғни іште тұрады. Бірақ болмыстық мағынада ол міндетті түрде сыртта өмір сүретін сияқты көрінеді. Франклдың ойын тез түсіну оңай емес. Сондықтан оны қазақы танымға лайықтап береміз. Сол үшін мынадай мысал аламыз: әдетте мұсылмандар Мұхамбет пайғамбарға салауат дұғаларын айтқанды жақсы көреді. Салауатты көп айтсақ, оның рухы әртүрлі жағдайда (түсінде, аян ретінде, кейде елес түрінде) бізге тіл қатады деп сенеді. Соған орай ислам әлемінде «маған Мұхамбет пайғамбар тіл қатты немесе көрдім» деп келетін аңыздар жиі кездеседі. Осы кезде пайғамбар рухы онтикалық тұрғыда іште тұр дейміз. Бірақ онтологиялық тұрғыда ол сырттан келіп әсерлескендей күй кешеміз. Салауат айтушы пайғамбардың бейнесін ішкі әлемінде жеке-дара ұстап отырмаса, оған салауат айтпас еді. Оның бейнесін елестете алмас еді. Екінші мысал, әдетте мұсылмандар марқұмға арнап Құран оқытқанда онтологиялық тұрғыда олармен әсерлеседі. Яғни болмыс ретінде ғана. Онтология ретінде емес, онтикалық тұрғыда ғана таныса, онда марқұмның моласына барып қана Құран оқу керек. Марқұмның рухы болмыс ретінде барлық жерде бар деп сенгендіктен де, сәті түскен жердің бәрінде оларға Құран оқып, дұға жасай береміз. Рухты зат түрінде ұстай алмағандықтан оны астарлы мағынада ғана айшықтаймыз. Енді мына қызыққа қараңыз: пәниде екі адамның физикалық денесімен амандасып, көрісіп, төс қағыстыруы – шындап келгенде шартты түрде ғана жолығу. Яғни екеуі екі тәнге кіріп, өмірдегі уақыт пен кеңістікке тәуелді болып, тіршілік кешіп жүр. (Мысалы, аквалангистің бөшкесіне сыйғызылған ауа сияқты). Осыны тереңірек түсіндіру үшін тағы да мынадай мысал береміз: бір адам түсінде марқұм әкесін көріп, онымен тілдесті делік. Әкесін шартты түрде, болмыс ретінде әруақтар әлемінде тіршілік кешіп жатыр делік. Денесі шіріп кеткен. Ол әкесін түсінде көру үшін оны осы дүниенің кеңістігіне әкеліп, материалды денеге кіргізеді. Марқұм әкесін ойша бұрынғы денесіне қайта салып, онымен тілдеседі. Олай етпесе, кіммен, қайда, қалайша жолығып тұрғанын білмес те еді, көрмес те еді, ұқпас та еді, тіпті өз әкесін танымас еді. Дене, түр-түс, дыбыс деген заттар шартты түрде ойша жасалады. Франклдың таным теориясына қатысты пайымы әрі былайша өрбиді. Негізінде таным теориясы әу бастан қисық қалыптасқан. Егер қисық кетпесе, «Қалайша субъект объектінің ішіне еніп кетті?» деген сұраққа тоқталмас едік. (Марқұм әкесі қалайша тірі баласының ішіне еніп кетті деген сияқты) Мағынасыз бұл сұрақ болмысты шет-шегі бар, салмағы бар, түр-түсі бар зат сипатында танудан шыққан қателік. Яғни ауаға түр-түс, дыбыс, көлем берген сияқты. Әйтпесе «Тірі жүрген баласы марқұм әкесінің денесіне жанасып, оның жанымен қалайша тілдесті? Ол басқа бір кеңістікке барып келді ме әлде әкесі осы кеңістікке қайта кірді ме? Егер рухтың түрі жоқ десек, әкесі түске енгенде денені қайдан алды? Денесі шіріп кеткен жоқ па? Діни түсінікке салсақ, әкесінің рухы барзақ әлемінен келді ме, жұмақтан ба әлде тозақтан ба? Кеңістік категориясы мен заттың болмысын бір ортаға және бір формаға қалай алып келді?» деген соңы жоқ сұрақтарды туғызады.
Субъект пен объект немесе танушы мен танылушы
Оқырманға оңай болу үшін субъекті және объектіге түсіндірме берейік. Бұл жерде субъект – әлемді танушы адамның рухы, ал объект – оған танылатын заттар. Оған материалды және абстрактілі заттар кіреді.
Сондықтан «Субъект сырттағы бөтен объектімен қалайша байланысты?» деген сұрақты тоқтату керек. Себебі объект болмыс ретінде тыста болмаған. Танылатын объектінің бәрі түгел-тегіс әлемді танушы субъектінің өз ішінде ұйысып, бір болып тұр. Егер «Объект ішімде емес, сыртымда тұр. Ол бізден бөлек кеңістікте, алыста жатыр» десек, субъектінің өзі де іште емес, тыста өмір сүруші біреу болады. Онда «Рух сырттағы объектілермен бірге болады» деуге тура келеді. Яғни «Менің рухым денемнен шығып кетті де, әруақтар әлеміне барып, әкеммен тілдесіп қайтып келді» дегенге сену керек. Міне, қате танымға барып тірелді деген – осы. Себебі ешкім ешқайда барған жоқ. Әкесінің де әруағы сырттан (барзақ әлемінен) келіп, бұл әлемге кірген жоқ. Бүкіл оқиға бір ғана субъектінің (баласының) ішінде әртүрлі формаларға түсіп, оқиғаны өрбітіп жатыр. Дұрысы былай: бүкіл таным процесі тыста емес, іште өтеді. Барлық оқиға субъектінің жалғыз көңіл қазанында қайнап жатыр.
Франкл «Субъект пен объектінің арасында бос кеңістік бар» деген көзқарасты аксиома ретінде алмайды. Ол таным теориясын құраушылар кеңістік туралы теорияны қиялдарына сүйеніп қате жасап шықты деп санайды. Ол ойын былайша сабақтайды. Осындай позицияға бекігенде ғана барша ғаламды танып жатқан рух пен оған танылып, сырлары ашылып жатқан басқа болмыстар арасындағы кедергі мен кеңістікті елемей, айналып өтеміз. «Іштегі» мен «тыстағы», «алыс» пен «жақын» арасындағы дистанциялар болмыстарды бір-бірінен айырып, жеке-дара түсіну үшін ғана қажет. Яғни заттарды жеке-дара танып болғанша кеңістікті шартты түрде қолданамыз. Сосын объектілер арасында дистанция барын білдіретін «қызыл жалауларды» уақытша қадаймыз. Өйтпесек, тағы да миымыз шатысып, әлемді тани алмай батпақтап қаламыз.
Бірігіп тұрған болмыстарды бөлшектеп, жеке-дара ұғыну әдісі философиядағы «алғашқы күнәдан» (The Fall, грехопадение) басталды деп шартты түрде аламыз. Яғни пейіште жүрген Адам тыйым салынған бидай дәнін жеп қойған сәттен бастап бірігіп тұрған бүкіл объект бір-бірінен бөлінді. Тәңір бір тарапқа шығады. Пейіш пен тозақ бір жаққа, дүние сынақ алаңы боп бір тарапқа бөлініп, шашырап кетті. Араларында дистанциялар пайда болды. Осы дистанциялар қалай анықталды, солай олардың арасында терең «шұңқырлар» пайда болды. Енді одан қашсаң да, құтыла алмайсың. Танушы субъект пен танылушы объектінің арасын бөліп жатқан шұңқырды айналып өткіміз келсе, олардың жарылған жеріне қайта баруымыз керек. Рухани болмыстың басқа да болмыспен бірігіп кетуі – әуелден оның табиғатында бар мәңгілік қасиет.
Енді Франклдың болмыстар арасындағы дистанция туралы пайымдары түсінікті болу үшін мынадай мысал келтіреміз: әдетте, сәбидің аяғы тезірек шығу үшін ходунок қолданамыз. Ол жүруді үйренгенше осы құралмен жүреді немесе қабырғаны жағалап, соған сүйеніп қана қадам басады. Жүруді меңгерген соң, оған қосымша құралдың да, қабырғаның да қажеті жоқ. Енді ходунок пен қабырға, керісінше кедергі келтіреді. Сондықтан құралды жолынан алып тастаймыз. Таным процесі де осыған ұқсас. Бала кезде дүниені тану үшін бүкіл затты кеңістікке шашып тастап, жеке-жеке ұғып аламыз. Көзге көрінбейтін барлық абстрактілі болмыстарды да «ана жақта», «басқа бір әлемде», «барзақта», «о дүниеде» деп ұқтыруға мәжбүрміз. Осы ойды тереңірек түсіндіру үшін мына бір қазақы қиссаны ұсынамыз. Яғни рухты онтологиялық тұрғыда түсіну мүмкін болмағандықтан, қарапайым халық «әруақтар әлемін» мынадай онтикалық форматқа салып түсіндіреді: Жүрек көзі ашылған бір әулие жапан түзде келе жатып, түнде жалғыз қалады. «Жалғыз қалсаң, зиратқа түне» деген сөз есіне түсіп, қорымға барып қоныпты. Түннің бір уағы болғанда ол қабір әлемінде еріндері кезеріп, беттері жарылып шұбырып кетіп бара жатқан көшті көреді. Бұл олардың көшбасшысымен тілдесіп:
– Кімсіңдер? Бұл не тобыр? Жаяулап-жалпылап қайда бара жатырсыңдар? – деп сұрайды. Әруақ:
– Біз осы қорымдағы әруақтармыз. Ұлық Тәңірі бізге мейірім-шапағат етіп, әр сәрсенбі кешке Құранның сауабын алу үшін үйімізге қайтарады. Егер ұрпақтарымызда Құран оқытатын жер болса, сол үйден нұр алып, қуат алып, жұма күні түстен кейін қайтамыз, – дейді де, жүріп кетеді.
Әулие оқиғаның нәтижесін көру үшін жұма күні қорымға тағы да түнепті. Бұл жолы көштің алдында желмая мінген бақытты кісілер келе жатыр екен. Оларға сәйгүлік мінген қуанышты жандар ілесіпті. Осылайша көш сән-салтанатымен жалғасып кете беріпті. Көштің соңғы жағында тай мінген, тайқар мінген пақырлар келе жатыр. Соңында бір кемпір мен шал арып-ашып, көшке зорға ілесіп келеді. Әулие осы екі бейбақпен тілдесіп:
– Сендер неге жаяусыңдар? Неге көлік нәсіп болмады? – деп сұрайды. Олар:
– Екі күн Құран дәметіп, бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. Ешбір үйде бізге арнайы Құран оқылмады. Ал мына сән-салтанаты асып, көліктің жақсысын мінгендер – Құранға қарық болғандар. Түйе мінген, ат мінген бақытты жандардың бала-шағасы арнайы ас беріп, көрші-қолаңдарын жинап, марқұм бауырларына Құран оқытты. Біздің артымызда жалғыз ұл қалып еді. Одан хабар жоқ. Өлі болса, қасымызда жүрер еді. Соған қарағанда, ол тірі. Бірақ бізге арнап Құран бағыштаған емес. Соның себебінен осындай пұшайман хәлге түстік. Қабірстанда Құраннан басқа зат азық болып жарытпайды екен, – деп мұңын шағыпты. Ертесіне әулие қос бейбақтың жалғыз ұлын бір байдың қойын бағып жүрген жерінен тауып алып:
– Әй, балам! Мына баққан малыңа бай не ақы төлейді? – дейді.
– Жылына он саулық
– Тілімді алсаң, бір саулықты сойып, әке-шешеңе Құран оқыт. Олар Құранға мұқтаж.
– Мен жарлы жетіммін. Тапқан малым қара басыма зорға жетеді. Жасым келсе де, әлі қатын алғам жоқ. Құран оқытуға шамам жоқ, – дейді жігіт. Әулие кісі:
– «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген. Ата-анаңның әруағын риза етсең, тұрмыс-тіршілігіңді Тәңір өзі түзейді. «Тірі дүниеге тоймайды, өлік Құранға тоймайды» деген. Бірінші солардың мұқтаждығын өте, – дейді. Жетім бала әулиенің тілін алып, бір саулығын сойып, бейсенбіде көрші-қолаңды жинап, Құран оқытады. Әулие жұма күні қорымға тағы түнейді. Баланың ата-анасы қос-қос тұлпар мініп, көштің алдында мейманасы тасып, шат-шадыман хәлде келе жатыр екен. Көп ұзамай, жетімнің мал-басы көбейіп, жақсы жерден қалыңдық айттырып, ешкімге күні түспейтін бақытты ғұмыр кешіпті.
Дүниетанымы қалыптасып, санасы мығым бекіген адам есейген шағында дүниені емес, өзін тану кезеңіне қадам басады. Бұған дейін кеңістікте шашырап, қиялда қалқып жүрген барлық болмысты біріктіріп, ішіне қайтадан жинауы тиіс. Осылай етпесе, ходуноктың балаға кедергі келтіргені сияқты, жан-жақта шашырап жүрген басқа объектілер өзін тануына кедергі келтіреді. Осылай етсек, «Өзін таныған адам жаратушы Иесін де таниды» деген ақиқатқа жақындаймыз.
Бұған мысал ретінде Мұхамбет пайғамбардың миғраж оқиғасын айтуға болады. Пайғамбар миғраж сапарын баяндап отырып, ғаламдағы барлық объектіні бір өзінің болмысынан таратып шығарады. Тіпті ол сол сапарында Тәңірімен тілдесіп, оның құрметті қонағы болып оралады. «Миғражнама» оқиғасын екі түрлі ұқтыруға болады. Балақай үшін пайғамбар тура мағынасында пыраққа мініп, Меккеден қалықтай ұшып, Құдыс арқылы жеті қат аспанды кесіп өтеді. Баланың түсінігіне осындай таным қолайлы. Ал, ақыл тоқтатқан ойлы адам пайғамбарды тура мағынасында ұшты деп сенбейді. Пайғамбар Меккеде отырып қуатты рухының ішіндегі түпсіз әлемнің қатпарларын аралап, сол жақта Тәңірмен тілдесіп келді деп таниды. Осы ақиқатты мойындасақ, артық сұрақтардың басы осы жерде шабылады. Бұл ой ашыла түсу үшін тағы да Қожанасырдың бір оқиғасын бере кетуге болады. Бір күні Қожекең далада шұқыланып бір затты іздеп жүреді. Көршілері өтіп бара жатып:
– Қожеке, не жоғалттыңыз? Көмектесейік пе? – дейді.
– Иә, ине жоғалтып алып, соны таба алмай жүрмін, – дейді.
Көршілері шаруаларын тастай салып, инені іздеуге кірісіп кетеді. Бірақ тақыр жерді қанша сипаласа да, қолға ешнәрсе ілікпейді. Төзімі таусылған біреуі:
– Қожеке, инеңізді шынымен де далада жоғалтып па едіңіз? – дейді.
– Жоқ. Үйдің ішінде жоғалтқам.
– Онда неге даладан іздеп жүрсіз?
– Үйдің іші тас қараңғы болған соң «дала жарық қой» деп тыстан қарағанды жөн көрдім, – дейді.
Бұдан мынадай пікір жасауға болады. Адамдар тұрмыс-тіршіліктің өмірі бітпес шаруасына араласқанда қия баспай тұрмайды. Кәсіптерін Тәңірлік тазалықпен мінсіз атқара алмайды. Қанша жерден тырысса да, кей кездері жағымсыз тірлікке амалсыз араласып, көңілдерін кірлетеді. Ит тіршілікте болмай тұрмайтын түрлі конфликттер пенденің ішкі әлемін қараңғылыққа батырмай қоймайды. Сол кезде жұрт күңгірттенген ішкі сарайынан ешқандай объектіні көрмейді. Бірақ бір шетінен тылсымды танығысы келіп, ғаламның құпиясына құмартатын трансцендентті қасиеті тыныштық бермейді. Пенде шіркін сол кезде елегізіп, сыртқы әлемнен жаңалық іздеп, қиялдағы қол жетпеске қарманады. Өзіне не керегін біле алмай діңкелейді. Эзотерикалық кітаптар оқып, өзінше ізденеді. Енді біреулер дінге бет бұрып, құлшылық жасайды. Қаржылай шамасы бары үйіне сыймай әлемді шарлағысы келіп, қайдағы жоқ құмарлық түрін ойлап табады. Кейбір дәулетті мұсылмандар шыдай алмай Меккеге бір жылда бірнеше рет қажылық жасайды. Осы құбылысты Қожанасыр хикаясымен салыстырсақ, былай болады: қараңғылық қаптаған жан сарайынан ештеңе таба алмағандар жоқ нәрсені жарық әлемнен іздейді. Ондайда хакім Абайдың тілімен айтсақ, «іштегі кірді шығарып, Хақтың сәулесін ішке енгізгеннен» басқа жолымыз да жоқ. Олай етпесек, надан көңілді қараңғылық пердесі қымтай түседі. Егер көңілді қараңғылық басса, іштегі объекті туралы айтудың қажеті жоқ. Тас қараңғы көңілден ешнәрсе көрінбейді. Субъекті өзінің ішкі әлеміндегі объектіні айырып қапысыз тану үшін іштен кір шығып, көңілге нұрсәуле құйылуы шарт! Тағы бір сұрақ. Көңілді қараңғылық пердесінің торлайтыны киелі кітаптарда айтылған ба? Иә, айтылған. Құранда «кесір кәсіптерінің кесірінен адамның жүрегін қара тот басты» немесе тағы бір сүреде «адамның сорлағаны бас көзінің соқырлығынан емес. Шындығында олардың жүрек көздері соқыр болды» деп ескертеді. Құрандағы осы идеяны Шәкәрім қажы былай деп аударған:
«Бар ма маған бір сын?» – деп,
«Ұстағаным қай дін?» – деп,
Ойламайды: «Кіммін?» – деп,
Жүрегінде тоты бар.
Қанша жарық нұр құйсам,
Хақиқаттан сыр құйсам,
Өршеленер су құйсам,
Нәпсі деген оты бар.
Құранның осы аятын Хакім Абай былай аударған:
Наданның көңілін басып тұр,
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бірақ шаруасы.
Осы арада оқырман «Іштегі кір не?» деп сұрауы мүмкін. Бұл сұраққа классикалық жолмен ғана жауап береміз. Мұхамбет пайғамбар айтты деп келетін бір өсиетте бүй деген.
Пайғамбар жора-жолдастарымен сұхбаттасып отырып:
– Адамның асылы – шыншылдар мен ақжүректер, – деді.
– Шыншылды білеміз. Ақжүрек деп кімді айтамыз? – дейді бір серігі.
– Жүрегі аршылған жұмыртқадай таза болса. Қиянаттан жүрегі қорқып тұрса, бақталастық болмаса, қызғаншақтықтан ада болса, – деді. Бұдан шығатын қорытынды. Іштегі кірді «бақталастық, күндестік, қызғаныш» деп танысақ дұрыс болар.
Рухтар бірлестігі
Шындығында, болмыстың танымы басқа бір объектімен бірігіп кете алатынын біледі. Бірақ оның сырын ашып, құпиясын қолмен қойғандай айта алмаймыз. Болмыс ретінде байланысқандарын ғана растаймыз. Бірақ «Қалай бірігіп тұр?» деген сұраққа жауап жоқ. Франклдың терең ойларына дендеп ену үшін тағы да қазақша мысалдар аламыз. «Рухтардың әсерлесуі» деген түсінікті Шәкәрімнің мына бір психологиялық ахуалынан анық көрінеді:
Қорқыт, Қожа Хафиз
Түсіме енді де,
Осы әніне салып келді де,
Ол үш қайтара мұны сайратып,
Деді: «Көкейіңе енді ме?
Ол әнге мынау жырды сал,
Әні мен сөзін ұғып ал!
Ойыңмен қоштасар мезгілің таяу,
Жыр жазбасаң, тартар ой
Күннен күнге жалқауланып баяу».
Осы жерде мынадай сұрақ туады: осы ән мен жырдың авторы Шәкәрім бола ма, Қорқыт бола ма әлде Қожа Хафиз бола ма? Біздіңше, рухани болмыстардың бірігіп кетуі деген – осы. Бұл өлеңге қарап былай да ойлауға болады. Қорқыт пен Қожа Хафиз қазақ шайырына келіп: «Әй, Шәкәрім, бізде мынадай хикметті жыр бар. Соны әуезімен жаттап алып, материяға айналдырсаң. Себебі сенде биологиялық дене, психофизикалық қабат бар. Бізде олар жоқ. Сондықтан құндылыққа айналдыра алмаймыз. Ертең сен де өлген соң, бұл нығметтен мәңгіге ажырайсың. Сондықтан осы істі бітір» деп өтініп жатқан сияқты көрінеді. Рух өлмейді. Ол осы дүниедегі тірі адамға көрініп, онымен әсерлесе алады дегеннің айқын көрінісі – Қыдыр ата персонажы. Мұсылман дініне сенушілер Құран кітабында аты аталғандықтан оның барлығына шүбәсіз сенеді. Құрандағы нұсқасында ол Мұса пайғамбарға сабақ үйретіп, ұстаздық қылады. Қалаған уақытында ғайыпқа сіңіп жоғалды. Қалаған уақытта заман мен кеңістікті кесіп өтіп, назары түскен адамға батасын береді. Халық арасында «Қыдыр атаның бас бармағының буыны жоқ. Оны содан танисың. Кездесіп қалса батасын алып қал. Батасын алсаң екі дүниең абат болады», – деп сенеді. Халық ауыз әдебиетінде оны әбілхаяттың (өлместің суы) суын ішкен деп айтады. Содан тірі қалып, ел ішін аралап жүреді-мыс. Қисса-дастандарда, аңыздарда Қыдырдың сюжеттері көп кездеседі. Оның тіпті Қожа Ахмет Яссауиге жиі қонаққа келетін аңыздары да жетіп жатыр. Яссауидың хикметтерінде ол былай көрініс тапқан.
Кенеттен тұрғанымда барша ұлық,
Хақ ғашықты көңілім ішіне салды, достар.
Қыдыр бабам тұрып мейірім етіп,
Медет қылып, қолым ұстап алды, достар.
Тағы бір хикметінде:
Түсіріп күллі әулие жүзін маған,
Кеудеме Хақ сәулесін салды, достар.
Медеті дайын тұрар Қыдыр бабам,
Қолымды мейірлене алды, достар, – деп келеді.
Франкл ойын былайша сабақтайды. «Қалайша бір ғана адамның рухында яки ішінде яки болмысында Құдай, пейіш, тозақ сияқты сансыз абстрактілі объектілер сыйып тұр?» деген сұраққа жауап жоқ. Біз оларды бір-бірінен бөлек жатқан болмыс ретінде танимыз да қоямыз. Бірақ «Қалай бірігіп тұр?» деген құдіретті сұраққа жауап бере алмаймыз.
Салыстырмалы түрде айтсақ, рух арқылы танылатын, онымен әсерлесетін басқа бір «сыртқы» объект сыртта болмайды. Ол әманда «осында», яғни іште тұр. Кез келген адам санасына тән ішкі болмыс рефликсивті (шағылысу) құрылым негізінде субъект және объект боп екіге жарылады. Субъекті мен объектіге жоғарыда анықтама бердік. Яғни бәрін танығысы келетін субъект іште қайнап жатқан басқа объектілерді тысқа шығарып, бөлшектеп танымаса, қабылдай алмай қақалып қалады. Бұл таным ережесі таза психологиялық тұрғыда қолданылады. Ондай жағдайда рухтың болмысы заттар ішіндегі затқа айналып, оның біреумен бірлесіп әсерлесуі – ішкі әлемде жүріп жататын құпия құбылыс. Франклдың терең толғауларын оңайлату үшін қарапайым мысалдар бердік. Өлеңдегі Шәкәрімнің рухы ақынның ішкі әлемінде «Шәкәрім» рухы болып бөлек тұр, оның қасында ән мен жырды үйретіп «Қожа Хафиз» бен «Қорқыттың» рухы бөлек-бөлек тұр. Яғни бұл үш адамның рухы Қазақстанның бір даласында жолығып сөйлесіп тұр деп танымаймыз.
Франкл бүй деп сұрайды. Енді осы рухани болмыстың басқа объектілермен әрекеттесуі деген не? Жауабы: Бұл – рухтың тіршілікте бір ниетке бекіп, мақсат-мұратқа ұмтылуынан туындайды. Бұл – соның көрінісі! Осы талпыныста рух өзге объектілерді қабылдайды және олармен әсерлеседі. Бұл оның таңғажайып табиғатын аша түседі. Өзге объектілермен әсерлесумен өзінің де рухани тіршілігін жүзеге асырады. Бұл – рухтың әу бастағы өзіне тән қабілеті және өзіне тән нығметі. Рухани болмыс басқа объектілермен әсерлесіп қана қоймайды. Өзі сияқты басқа да рухани болмыспен әсерлеседі. Оны рухани болмыстың бірлестігі немесе рухтар бірлестігі десек те жарасады.
Енді осы идеяны қазақ оқырманына оңайлатып былай беруге болады. Тағы да Яссауидің хикметіне құлақ түріңізші:
Уа, достар, құлақ салғын айтқаныма,
Не себептен алпыс үште кірдім жерге?
Миғраж кеші хақ Мұстафа рухым көрді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Миғраж түні «нұр» дедім, «перзент» деді,
Қолымды алып «үмбетімсің, үмбет» деді,
«Сүндет жолын берік ұста, ұлым» деді,
Мұстафаны жоқтауменен кірдім жерге.
Бұл жерде Яссауи хикметін «Адам рухы басқа рухпен әсерлесе алады» деген Франклдың ойын түсіндіру үшін ғана аламыз. Бірақ оған теологиялық талдау жасамаймыз. Яссауидің мұндай субъективті танымына сену яки сенбеу әр пенденің жеке ісі. Франклға оралсақ, тек осындай жағдайда ғана бірлесу тең дәрежеде және толық әсерлесу болып табылады. Бұл құбылыс тек екі субъектінің тұтастай бір-біріне толығымен берілуінде ғана туындайды. Осыны махаббат деп атаймыз. Шынайы махаббат хәліне жеткен рухани болмыс екінші біреуге «Сен» және «Иә» деп айта алады. Тең дәрежеде бір-бірін түсінеді. Басқаша айтсақ, бұл адамды табиғи, мөлдір, саф таза бейнеде және оның қайталанбас ғаламат күйін тануға көмектеседі.
Ғалымның ойына мысал ретінде Шәкәрімнің мына екі шумағын берелік:
Бүтін әлем байланған сиқырыңа,
Мен жындандым асық боп сол сырыңа.
Шірік иман, шыққан жан, арман емес,
Қолымды бір тигізсем бұрымыңа.
Нұрға байсың, нұрыңнан зекет – парыз,
Мен кедеймін, нұр сұрап қылдым арыз.
Бір қарасаң, тірілер өлі денем,
Қарамасаң, мойныңда кетер қарыз.
Болмыспен «Сен» немесе «Иә» деп тіл қатысу арқылы екінші бір болмыстың құндылығы мен қажеттілігін де айқындайды. «Махаббат адамды соқыр қылады» дейтіндер қателеседі. Керісінше, ол көзіңді ашады. Қасымыздағы адамды көріп, біліп, терең танып, оны басқа тобырдан даралап алуға мүмкіндік беретін – рухани қазынасы. Шын ғашықтар бір-бірінен осы құндылықты көреді. Бірақ құндылық оның бойында қалыптасып бітпеген. Тек мүмкіндік ретінде ғана көрініп тұр. Пенде кемел адам бола алады және сондай тұлға болуы тиіс те. Махаббат рухани тұлғаның бойында тұнып тұрған құндылық әлемін осы әу бастағы сатысында-ақ жазбай танып үлгереді. Сол кезде шынайы махаббаттың ұшқыны лап ете қалады. Оның құдіреті де сол жерде.
Рухани түйсік
Адамның рухани сферасында түпсаналы рухани қасиет (подсознательная духовность) те бар дейміз. Оны рухани түйсік деп алайық. Енді осы ойды айшықтай түсу керек. Яғни адам болмысының рефлексивті (өзіне анализ жасаушы) танымы тыныш тұрса да, өзі автоматты түрде істеп тұратын имплицитивті танымын (өзінен өзі түсінікті, айтпаса да ұғып тұрушы) рухани түйсік деп аламыз. Яғни ешкіммен, ештеңемен, ешқандай реакцияға түспей жатып, бұл түйсік өзінен өзі іске қосылып, ақ пен қараны ажыратып тұра береді және тез, шапшаң ажыратады. Ойға түсіп қорытылатын, танылатын барлық заттың тамыры мен қайнар бұлағы түпсанадағы (подсознательное, subconscіous) рухани түйсікке барып тіреледі. Басқаша айтсақ, бейсаналы таным қабатында құмарлық қана жатқан жоқ. Ол жерде бейсаналы (бессознательное, unconscіous) рухани түйсіктің де барын білеміз және мойындаймыз. Біздің саналы рухани іс-әрекеттің түпкі негізі осы іргетасқа тіреледі. Франклдың ойын оңай түсіндіру үшін мынадай мысал ұсынамыз. Аулада алма ағашы жеміс беріп тұр. Ағаштың тұла бойынан түрлі нығметтер көрінеді. Бұтағы гүлдейді, жеміс береді, жапырағы оттегі шығарады, көлеңкесі сая болады, эстетикалық жағынан адамға шабыт сыйлайды. Оның көрініп тұрған нығметі көрінбейтін тамырларға жалғанады. Адам да солай. Жылы сөйлеуі, аялы алақанымен маңдайыңнан сипауы, сабырлы мінезі, парасатты ақылы сияқты кемел қасиеттері көрініп тұрады. Бірақ осының бәрі оның түпкі бейсанада рухани түйсігіне жалғанып жатыр деп есептейміз.
Франкл рухты тануды тарқата түседі. Саналы рухани тіршіліктің маңызды бастау бұлағы сол жақтан ағып келеді. «ОЛ» (нәпсі) «МЕНГЕ» (рух) үстемдік ете алмайды. Рух бейсаналы қатпарларда бұғып жатыр. Бүге-шігесіне дейін түсіндіру үшін «рухани бейсаналық» деп нені айтамыз, соны бір саралап алайық. Ол үшін «ар-ұят» феноменін модель ретінде аламыз. Ар-ұят түпсанадағы (subconscіous) бейсаналы танымның (unconscіous) түбінде шөгіп жатыр. Өмірдегі шынайы экзистенция шешімдері басқа нәрсенің түртпектеуінен (нерефлексируемы) болмайды. Ондай шешімдер бейсаналы түрде жасалады. Ар-ұяттың тамыры бейсаналы аймаққа жалғанып жатыр. Функциясы иррационалды. Ақылмен санасып отырмайды. Логикамен де санаспайды. Ар-ұят міндетін логикаға жеткізбей атқарады. Мысалы, көшеден әмиян тауып аласыз. Ақшасын көріп, «Кімнің ақшасы екен?», «Қайтарып берсем иесін қайдан табам?», «Қой, мұны аманат орнына апарып берейін» деп логикаға саламын дегенше, саусағыңның ұшы әмиянға тимей жатып ар-ұят сізге «Кісінің заты. Тиме! Ұят болады!» деп үкім беріп үлгереді.Әмиянды алып жатқанда міндетті түрде қолайсыз бір сезімді бастан кешесің. Бейне бір ұрлық жасаған адамдай аяқ-қолың дірілдеп кетеді. Яғни ардың соты логикасыз соттап үлгереді.
Бір заманда болмысты ғылыммен танымай-ақ, логикамен сынамай-ақ, болмыс туралы таным өмір сүрді. Ежелгі адамдар дүниені ақылының жеткен жеріне дейін танып, түрлі болмысқа өзінше атау беріп келді. Тура сол сияқты кез келген эксплитивті моральдар (нақты, айқын белгіленген мораль) шыққанға дейін де құндылыққа қол жеткізетін құрал болған. Ол – ар-ұят! Қазіргі моральдық принциптерге дейін де халық ар-намыс кодексімен өмір сүріп келген. Біздің заманда шыққан этикалық талаптың басында «Қой, балам, ұят болады!» деген тыйым тұрады.
«Не себепті ар-ұят иррационалды қимылдайды?» десек, онда келесі фактіні ескереміз. Сана нақты бар затты айқын көреді. Мысалы, тау, тас, ағаш деген сияқты. Ар-ұят жоқты көреді. Мысалы, ұят, реніш, өкпе деген сияқты абстарктілі ұғымдар. Ар-ұят бар затты емес, болуға тиістіні көреді. Оның мысалын әмиянмен түсіндірдік. Ол қазіргі емес, болашақта жүзеге асуы тиіс дұрыс жолды нұсқайды. Бір сөзбен айтқанда, «Былай етсең, дұрыс болады» деп мүмкіндік көрсетеді. Оны былайша түсіндіреміз: ақыл тоқтатқаннан бастап, ар-ұятың болашақта азамат болып, әділетті тұлға атануыңа ілкіден мүмкіндік береді. Жасың қырыққа келгенде «Аһ, былай боларын білгенде ар-ұятыма бекем болар едім ғой!» деп өкінбес үшін адамға жиырма жыл бұрын сигнал жібереді. Осы қарапайым мүмкіндік биік моральдық мағынадан қарағанда адамның мұқтаждығын білдіреді. Өмірдің көбі кетіп, азы қалғанда бармақты шайнап, өкініп қалмас үшін ар-ұятқа бала кезден мәлім болған нәрселерді күнделікті өмірде жүзеге асыруға мұқтажбыз. «Мұқтаж емеспіз» десек, арсыз тіршілік кешуге тура келеді. Өйтсек, қоғам қылмыстан көз ашпайды. Ар-ұят кодекстері бір парламенттің заңмен реттей алмайтын миллиондаған қатынасын өздігінен реттеп тұрады. Ең қызығы ар ұят түзелгенде парламент заңдары әлсіз болса да білінбейді. Немесе керісінше.
Ұжданға байланысты Қытай халқында мынадай хикметті аңыз бар. Ертеде Қытай елінде Ұждан періштесі сұлу қыз кейпіне еніп, түнде елді аралапты. Жұрт жұмыстан келіп, кешкі асын ішіп, енді ұйқыға жата бергенде есіктен кіріп келеді екен. Төсегіне жақын келіп:
– Ей, пенде, бері қара! – дейтін. Жұрт оны көргенде:
– Ей, қыз, саған не керек? – деп шошып кетеді. Ұждан ақырын ғана:
– Бүгін не бітірдің? Не істедің? – дейді.
– Ешнәрсе. Не істеппін? – деп ел-жұрт ақтала бастайтын. Ұждан:
– Әбден ойлан. Бүгін не істедің? Адамдық борышыңды адал атқардың ба? – деп қадала түсетін. Сол кезде олар ойланып:
– А, сен менің ана бір ұятсыз тірлігімді айтасың ба? – дегенде, Ұждан көзден ғайып болатын.
Ал адамның көңілі онан сайын басылып, тиышсыздана түседі. Түні бойы ұйықтай алмай шығушы еді. Осылайша Ұждан қыз үй-үйді аралап, адамның ұят ісін есіне салатын. Соның кесірінен мыңдаған халық ұйықтай алмай, дертті болды. Оған қарсы амал жасай алмады. Қытайдың ең бай адамы Син-Лу-Жи да бұл науқастан аман қалмады. Байға қарыздар елдің көбі қарызын өтеу үшін оған малай болып, тегін қызмет ететін. Тамақтан тарыққан біреу-міреу шыдай алмай бидай ұрласа, Син-Лу-Жи оны жазалап, қинайтын. Оны басқаларға сабақ болсын деп істейтін. Бірақ түн ұйқыға кетерде байды да Ұждан мазалайды.
– Ана қызметшіні не үшін жазаладың?
– Ұрлық қылғаны үшін.
– Неге ұрлық қылды?
– Жейтін тамағы жоқтықтан.
– Тамағы неге жоқ?
– Оның бар астығын қарызы үшін мен алып қойдым...
Бай ойланып, мұңға батады. Артынша еріксіз күліп жіберді де: «Қызық-ау, олар да қайбір жетісіп ұрлап жүр дейсің? Оларды ұрлыққа итермелеп, жазалап жүрген өзім болдым ба?» – деді. Сөйтіп байдың да ойы төрт бөлініп, ұйқысыздық дертіне ұшырады. Қанша ойласа да, ем таба алмады. Амалы таусылған бай қатын-бала, туысқандарын жиып, бар байлығын кедей-кепшікке тарататынын айтты. Мұны есіткен туыстары зар жылап: «Син-Лу-Жи ақылынан адасты», – деп, оны емдетпекші болды. «Син-Лу-Жи ұйқысыздық дертінен жынданып кетті» деген хабар бүкіл елге жайылды. Мұны естіген өзге байлар мен қазылар, сарай басшылары қатты састы. Себебі олар да тыныш ұйықтай алмайтын. Тіпті патша ағзамның өзі де бұл бәледен құтыла алмады. Бір күні бәрі жиналып, ақылдасып, науқастан құтылудың амалын ойлайды. Патша «Кімде-кім ұйқысыздық дертінен құтқарса соған ат басындай алтын беремін» деп жарлық шашты. Қытайда жасы жүзден асқан Ту-Ту-Син деген бақсы шал бар еді. Ол бұл жарлықты естіген соң сарайға келіп:
– Тақсыр, саспаңыз. Мұның емін білемін, –деді. Патша:
– Қандай ем? – деді.
– Ұждан қызды үйге кіргізбеу керек.
– Оны қалай кіргізбейсің? Жетпіс құлып салсаң да өтіп кетеді. Биік қамалдан, өткел бермес өзеннен де оңай секіріп өтеді.
– Иә, Ұжданнан қашып құтылмайсың. Бірақ оны кіргізбеудің бір жолы бар. Бізге өзіміз жүріп тұратын заңдар жазу керек. Оны баптарға бөліп, кімнің не істейтінін, не істемейтінін қағазға қаттап бекіту керек. Сосын бүкіл елді сол заңдармен жүруге міндеттейміз, –деді. Патша:
– Ей, қария, сені ақылы мол дария дейді. Не айтып тұрсың? Заң жазуға біздің ақылымыз жетпейді деймісің. Заңмен қалайша оның жолын бөгейміз? – деді. Ту-Ту-Син:
– Алдымен заңды жазайық. Сосын жолын көрсетемін, – дейді.
Сол заматтан бастап уәзірлер, ұлықтар заңды жабыла жазуға кірісті. Қырық түрлі заң, жүз түрлі бап жазды. Адамның бесіктен көрге шейін не істеп, нені істемейтінін, тіпті, нені ойлап, нені ойламайтынына шейін тарқатты. Заңның басы-қасында басшылық етіп Ту-Ту-Син бақсы жүрді. Ол:
– Мұнан бөлек Ұжданның Ынсап деген сіңлісі бар. Әсіресе байларға маза бермейді. Оны да заңмен ұстайтындай етіп жазыңдар, – деп әмір етіп жүрді.
Жеті күн дегенде заң жазылып бітті. Патша Ту-Ту-Син бақсыны шақырып:
– Ал, заң бітті. Енді Ұждан келсе қайтеміз? – деді. Ту-Ту-Син:
– Заңда көптеп көшіріп, әр қаланың қақ ортасына іліп қойыңдар. Білмеген жұрт келіп оқысын. Не істеу, не істемеу керектігін білсін. Ұжданның емес, заңның айтқанымен жүруді үйренсін. Алда-жалда Ұждан келіп, «бүгін не істедің?» десе, сөзін тыңдамай: «Кет, жоғал! Не қылсам да заңнан аттамадым», – деп, көрпені бүркеніп ұйықтай берсін, – деді.
Патша бақсының дегенін істеп, заңды мың қайтара көшіртті. Қаланың көрнекі жеріне түгел ілгізді. Жұрт заңмен жүруді үйрене бастады. Бір күні Ұждан баяғы Син-Лу-Жи байға келіп:
– Әй, бай, есіңде ме? «Малымды кедей-кепшікке таратамын» деп уәде қылып едің. Неге орындамайсың? Қанша уақыт өткенін білесің бе? – деп арын түрте бастады. Бай бұл жолы сасқан жоқ. Қайта шімірікпестен:
– Кедейді жарылқайтын мен емес. Заңның он алтыншы бабы сексен екінші тармағында жүз бесінші бөлімінде не жазылғанын білемісің? Онда бүй деген. «Мал атадан балаға қалады. Онда қатын-бала, мирасқорлардың үлесі бар. Малды садақа етіп, кедейлерге үлестірсем, онда мирасқорға қиянат қыламын. Заңды бұзамын. Әрі заңның жүз алтыншы бөлімін тыңда: «Малын заң бойынша ұстамай ысырап қылған адамды тұтқынға алу керек», – делінген. Кет, қызым! Мұнан былай келме! Не істесем де заңмен жүремін. Заңнан аттаған жерім жоқ, – деп бай көрпесін бүркеніп, жатып қалды. Қызығы бұрынғыдай ұзақ дөңбекшімей бірден қор ете қалды. Ұждан қай үйге барса да жұрт: «Заңсыз ешнәрсе қылғаным жоқ. Бүкіл ісім ережеге сай. Басымды қатырмай жылдам кет!» – деп, көрпесін бүркеніп қорылдайтын болды. Осылайша Қытай өлкесінде ұйқысыздық ауруы сейіле бастады.
Ұжданның сөзі ешкімге өтпеді. Ол енді Ту-Ту-Син бақсыға барды. Оны қалың ұйқыдан оятып:
– Әй, бақсы! Бері қара. Неге заң жазып бердің? – деді. Бақсы қызды көріп қатты ашуға басты:
– Мұның не? Есік қақпай рұқсатсыз неге кіресің? Ей, әдепсіз! Білесің бе, заңның бірінші бабы үш жүз қырқыншы тармағында не жазылған? «...Түнде біреудің үйіне рұқсатсыз кірген адам ұры есептелініп, тұтқынға алынады», – деді.
– Ей, бақсы! Мен ұры емеспін. Атым –Ұждан!
– Ұждан-мұжданыңды білмеймін, әлдекімсің? Бірақ түнде жалғыз қыдырған ұрғашы заң бойынша ойнасшы есептеледі.
– Астапыралда! Ей, бақсы! Не дейсің?
– Не десем де, теріс жолда жүргенің анық. Рұқсатсыз үйіме кірдің,–деп қоңырауды қағып еді, күзетшілер кіріп келді. Ту-Ту-Син:
– Мына қыздың қол-аяғын кісендеп, зынданның түбіне тастаңдар! – деді. Күзетшілер қызды зынданға тастады.
Осыдан бастап Қытай өлкесі Ұжданнан бір жола құтылып, тыныш ұйықтайтын болыпты. Бірақ Ұжданның аты ел жадынан өшпей қалғандықтан, кейбір адамдар зорлықшының ісіне шыдай алмай:
– Мынауың қиянат. Сенде ұждан жоқ екен, – дейтін. Ал қиянат жасаушы:
– Ұждан сенде жоқ, бізде көп! Қол-аяғы байлаулы, абақтыда толып жатыр, – дейтін.
Ар-ұят феномені
Ар-ұят әлі жүзеге аспаған нәрсені біледі дедік. Бірақ ол келешекте енді жүзеге асатын болғандықтан, мынадай сұрақ туады: «Ол міндеттерді рухани антиципация (бұрын болжаушы, ілкіден хабарлап қоюшы) ымдағанға дейін сезіп, біліп жүзеге асыруға бола ма?» Барлық оқиғаның алдын алушы бұл рухани антиципацияны интуиция дейміз. Интуиция үнсіз отырып, ішіңе үңілгенде қолға түседі. Оны медитация (coзерцание) деп те атайды. Осы ойды сәл жұмсартып берсең, шамамен былай болады. Мысалы, мен ойша бір арсыз іске араласып кеттім делік. Сәл-пәл арсыз сезімнің жетегіне беріліп, ойша былғанып қалдым дейік. Сол сәтте ар-ұятым мені дереу тергеуге алып соттайды. Өз ойымнан өзім ұяламын. Енді осындай ыңғайсыз жағдайға түспей, оның алдын алудың жолы бар ма?» Бар. Ол – интуиция.
Ар-ұят – табиғаты жағынан интуитивті құбылыс. Әлі жүзеге аспаған, бірақ асуы тиіс нәрсені антиципация жасағанда (болжаған) ар-ұят ең бірінші оны интуитивті деңгейде сезуі керек. Осы жерде ар-ұяттың функциясы ашыла түсу үшін оны махаббатпен қатар қараған тиімді. Ол екеуі де иррационалды. Ақылмен санасып отырмайды. Екеуі де интуитивті деңгейде сездіреді. Махаббат та ар-ұят сияқты әлі болмаған, жоқ нәрсені сараптап тұрады. Енді ұқсамайтын қырына қараңыз. Махаббаттың назарына этикалық міндеттер емес, болуы мүмкін жеке мүмкіндіктер ғана ілінеді. Махаббат келешектегі потенциалы мен перспективасын ғашығының бойынан көреді. Ғашығына қол жеткізіп, онымен біріккенде өзінің де өн бойында толып жатқан потенциалы құлпырып шыға келеді. Бұны былайша түсіндіруге болады: мысалы біреу олимпиядада орын алса не әншілікпен атағы шықса оған ғашық болатын қыздар көбейеді. Ал оның тұлғалық қырын алғашқы махаббаты жұрттан дараланбай, атағы танылмай, көптің бірі боп жүргенде көріп қояды. Махаббаттың құдіреті деп осыны айтамыз. Бір шетінен оның көрегендігі ғашығының ынтық бола түсуін күшейтеді.
Ар мен махаббат атқаратын міндеті бойынша тең емес. Олар мүмкіндігі жағынан теңеседі. Екеуі де интуитивті деңгейде қимылдайды. Іс-әрекеті рационалды болмайды. Сергек ақылдың жетегіне жүрмейді. Махаббат та ар-ұят сияқты өзінің міндетін абсолютті индивидуалды бір нәрсемен немесе біреумен бірігіп қана атқарады. Анықтап айтсақ, біреуге нәсіп болған махаббат сезімі екінші адамда қайталанбайды. Тура сол сияқты әрбір жеке тұлғаға қызмет ететін ар-ұят сезімі бар. Ортақ стандарт жоқ.
Ардың міндеті – адамға «міндетті нәрсені» мәлім қылу. Ол «міндетті нәрсе» тек жалғыз болады. Яғни абсолютті борыш! Ол борышты жалпыға ортақ бірде-бір заңмен ұқтыра алмайсыз. Кант сызып берген «мораль заңдарына» да сыймайды. Бірақ «индивидуалды заңға» (Георг Зиммель) жатқызуға болады. Бұл борышты рационалды әдіспен, яғни ақылмен түсіне алмаймыз. Ол интуитивті деңгейде ғана сезіледі. Ал интуитивті дәрежеге жеткізетін күш – ар мен ұят!
Ар-ұят қана адамды өмірдің нақты ситуациясында күллі адамзатқа ортақ мәңгілік заңмен үндестіреді. Армен өмір сүру – қайталанбас ғажайып болмысыңды өмірдің абсолютті ситуацияларымен үйлестіріп, абсолютті жеке тағдырды жасап шығу. Ар-ұят жеке болмыстың ерекшелігін нақты есепке алады. Былайша айтқанда, пайғамбар арқалайтын ар мен ұят міндетін арқалай алмайсың. Ол сенің міндетің мен мүмкіндігіңді есепке алып ұялтады. Қарапайым мысалмен айтсақ, біреулер ұятсыз тірлік қылғанда, екінші біреу оған: «Сен үшін мен ұялуым керек пе!?» деп ұрысып жатады. Енді мына мәселені ашықтағымыз келеді. Ар-ұяттың мақсатты түрде қимылдай алатын сипаты туралы толғағанда махаббаттың да белгілі дәрежеде оған ұқсас қабілетін айтамыз. Яғни этос (мінез-құлық, жүріс-тұрыс) қана емес, эрос (махаббат) та тұтасымен, бүкіл күш-қуатымен жекелеген индивидуалды мүмкіндіктерге ұмтылады. Ар-ұят ұдайы адамға керекті жалғыз нәрсені ашып көрсетеді. Ал махаббат мүмкін болатын жалғыз нәрсені паш етеді. Ол – ғашығыңның қайталанбас мүмкіндіктері. Махаббат, тек махаббат қана, адамды абсолютті жеке-дара тұлға ретінде, барлық қайталанбас қырымен көрсетеді. Эмоциялы, ақылға бағынбайтын, бейсананың интуитивті терең рухани қатпарында этика мен эротика, ар-ұят пен махаббат жатқан жоқ. Ол аймақта олармен бірге үшінші бір сезім жатыр. Ол – өнер ожданы! (artіstіc conscіence).
Өнер ожданы
Этикалық бейсанамен және ар-ұятпен бірге рухани түйсіктің арасында өнер ожданы да жатыр. Шығармашылықпен айналысқан суретші тап осы рухани түйсігіне сүйенеді. Себебі оның жетекшісі – өнер ожданы! Өнер адамы көркем шығарманы қолға алғанда ар-ұяттың интуициясынан бөлек рухани түйсіктің бір сферасында бұғып жатқан шығармашылық шабыт та шыға келеді. Суретші өнерді осы шабыттың шалығымен салады. Өнерінің бастау бұлағы рухани түйсіктің құпия «қазанында» қайнап жатыр. Ол жердегі процесті айқындап беруге сананың шамасы келмейді. Міне, өнердің құпиясы қайда жатыр?! Осындай сәтте айқын сана рухани түйсіктің түбінен (subconscіous, подсознание) келетін шығармашылық шабыттың аяғына тұсау болады. Рухтың түпкі түйсігінен басталған шабыт бір өнерге ден қойғанда бәрін жіті бақылап тұрған айқын сана (Self-observatіon, самонаблюдение) оның бауырын жазып, көсіліп шабуына кедергі. Қажеті жоқ кез келген рефлексия мұндай сәтте өнер туындысын құртуы мүмкін.
Франклдың осы тың теориясы түсінікі болу үшін Мұқағали ақынның екі өлеңінен үзінді береміз. Біреуі Өнер ожданы арқылы шабытпен шыққан. Екіншісі сананың бақылауымен жазылған. Қайсысы өміршең ол жағын өзіңіз саралап аласыз.
Большевиктер!
О, менің тарландарым!
Менің асқақ, айбынды армандарым,
Ақылымен қамалды алғандарым,
Адамзаттың ары үшін, теңдігі үшін
Ажалға да алапат барғандарым.
Оттығында паровоз жанғандарым,
Ортасында жаулардың қалғандарым.
Өрт қаптаса – бір шеті ортаймаған,
Сандуғашты, саялы ормандарым.
Жүректерден орнатқан қорғандарым,
Иелері орақ пен сом балғаның,
Большевиктер!
О, менің тарландарым!
Тыңдармысың ажалдан сау қалғаның?
Большевиктер – бүгінгі жанған бағым,
Шығар күнім келешек таңдардағы,
Аққан ырыс адуын арнамдағы.
* * *
Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
Мына өлке, мына аймақ, бұл маңда
Құлшылық етемін тұрғанға,
Құлшылық етемін құмдарға,
Тағзым жасаймын қырларға!
Шүкірлік етемін қашан да
Осы бір Отанда тұрғанға!
Жазы бар жалынмен жандырған,
Қысы бар аязға қардырған.
Көктемі – балауса, балдырған,
Ал күзі – алып бір ақ қырман,
Ақ дәннен ақ нөсер жаудырған,
Күрең нан жаңа алған тандырдан.
Көлденең көлбеген көкжиек
Қыранның қанатын талдырған.
Бейсаналы (бессознательное, unconscіous) немесе түпсанадағы (подсознательное, subconscіous) рухани түйсіктер жайлы бір ғана нәрсені кесіп айтамыз. Бұлар – ешқандай да «рефлексия» әсеріне ұрынбаған таза рухани сезімдер. Ешқандай шарттылықты мойындамай, өз бетінше әрекет етіп, шешім қабылдап, анық сананың ырқына бағынбайтын рухани күш. Шынымен де терең назармен қарасақ, рух өзін рефлекция жасамайды. Тұрған жерін білдірмейді. Оны нақ қайнауында ұстап алғысы келетін кез келген бақылаушы сана рухты соқыр қылады. Мен «Түпсанадағы Тәңірі» (The unconscіous God) деген кітабымда мынадай теңеу келтіргем: көз торының астыңғы жағында, көз тамырының (нервісінің) көз алмасына кіретін жерінде «соқыр табы» немесе «соқыр дағы» деген бар. Осы «соқыр дағын» көремін деп үңілсең, көзің көрмей қалады. Оны қолдан да жасауға болады. Айнаны алып, көз ішіндегі сол даққа сәуле түсіріп, көруге тырыссаң, жанарың сол заматта соқыр болады. Сол сияқты рухани түйсіктен шығатын шабытты өнер адамы саналы түрде бақылауға алғанда таланты тоқырайды. Шабыт көзін шел басады. Бір қызығы: көздің торы – генетикалық жағынан мидың бір бөлігі. Ми – ауруды (боль) сезетін орган. Сөйте тұра мидың өзі ауру қасиетіне ие емес. Денедегі органның ауырып тұрғанын ми сездіріп, сигнал таратады. Бірақ өзі ол аурудан азап шекпейді. Сол сияқты таланты тоқыраған адам өзін ауру сезінбейді. Бірақ өнер ожданын бақылауға аламын деп таланты мен шабытын күйретіп тынады. Мысалы, жас талант бастапқыда өнер ожданының сәулесімен дарынын танытады. Сурет салады, өлең шығарады, проза жазады. Кейін келе басқа да таланттармен танысады. Дарынды адамның талантын жегі құрттай жеп қоятын қауіпті вирус бар. Ол – «Осы елдегі ең мықты ақын кім? Ең мықты жазушы кім? Ең мықты журналист кім? Ең мықты суретші кім? Ең мықты күйші кім? Ең мықты әнші кім?» деген вирус. Осы сұраққа өнер адамы «мен» деп жауап берсе, өзінен басқаны көрмейтін көрсоқырға айналады. Бұл соқырлықтан құтылудың бір ғана жолы бар. Талант иесі қоғамдағы басқа да дарынды тұлғалардың таланты мен өнерін тамашалап, әділетті бағалап, лайықты мақтап, пайымды пікір білдіріп, олардың дарынын мойындаса, өзі де ашыған қамырдай қомпайып, таланты тасыған үстіне таси береді.
Осы ойды нақтылау үшін мынадай анекдот айталық.
Бір ғалым кісі келе жатса, бір жас бала телескоппен аспанды қарап жатыр екен. Ол іздеген жұлдызын таппай қатты ашуланып жатса керек. Ғалым:
– Балам, нені таппай жатсың? – дейді. Бала:
– Күн жүйесінде 9 планета бар деп еді. Соның сегізін таптым, біреуін таппай жатырмын, – дейді.
– Қай планетаны таппай жатсың?
– Жер.
– Ә, оны көре алмайсың.
– Неге?
– Себебі сен жердің өзінде тұрсың, оны қайтіп көресің? Әй, балам-ай, «астындағы атын алты ай іздеді» деген осы болар, – депті.
Телескоп – күн жүйесіндегі барлық планетаны бақылауға арналған құрал. Бірақ өзінің тұрған орнын көре алмайды. Адамның таланты осы сияқты. Талант рухани болмысқа табан тірегендіктен өзінің түбін көре алмайды. Адамға талант өзге дарын иелерінің өнерін бағалау үшін берілген. Рухани болмыстың тоқырап тозуына қатысты Франкл тағы да мынадай мысал берген: Көз әлемді көреді. Бірақ өзін көрмейді. Өзін көрмейтін болғандықтан да әлемді көреді. Енді қызықты қараңыз. Көз де өзін көретін кезі болады. Мысалы, көз катаракта деген ауруға шалдыққанда көз бұршағы (хрусталик) бұлыңғырланып, көздің қарашығын іріңге ұқсас ақтаңдақ басады. Су қараңғы соқыр (глаукома) болғанда көздің қарашығы даланы емес, кемпірқосақ сияқты сызықтар көреді. Көз өзін көргенде соқыр болып бітеді. Сол сияқты бір ақын өз өлеңін ғана мақтап оқи берсе, оның шабыт көзін шел басты деуге болады. Бұл кез келген өнер иесіне қатысты. Өзіңді толық паш етіп, рефлекция жасау, біріншіден, мүмкін емес. Екіншіден, қажеті жоқ. Себебі өз-өзіне тамсанып, өзін жарнама жасау рухтың міндетіне жатпайды. Адамның табиғаты әманда мақсатты түрде біреуге немесе бір мақсатқа жетуге бағытталған. Адам экзистенционалды әрі интенционалды болмыс. Сондықтан біреуге немесе бір нәрсеге қай дәрежеде ұмтылса, сол деңгейде өзін де асқақ рух ретінде сомдайды. Басқалармен қаншалықты рухани байланысқа түссе, өзінің де рухына соншалықты тереңдейді. Адам бұл пәниге талантын тамашалап, басқаларға мақтану үшін келген жоқ. Ол бұл өмірге әлемді танып, өзгені сүйіп, өзінің потенциалын басқаларға арнау үшін келген.
Рухтың қайраты
Адамды өмірбаянына қарап танимыз. Қайталанбас тұлғалық бейнесі тұтас өмірін сараптағанда көрінеді. Өмірбаянды кадр бөліміне өткізетін резюмемен шатастыруға болмайды. Өмірбаянды сүзгенде тұлғаның шектеулі тағдырында жасай алған рухани амалы мен ерлік істері ғана құнды боп шыға келеді. Шектеулі болатын себебі: адам түрлі шартқа тәуелді. Өмір сүрген ортасында әртүрлі кедергі болуы мүмкін. Адамның шарттарға маталып, тәнмен тұсалып тұруын қызықты қиссамен беруге болады. Бірде Жебірейіл періште маңдайын сәждеге тигізіп, мың жыл құлшылықта жатыпты. Тәңіріне мінәжат етіп, көзінің жасын көл қылыпты. Мың жылдан соң басын көтеріп:
– Уа, Жаратушы Ием, маған ризасың ба? – дейді.
– Иә, Жебірейіл, ризамын. Ықыласыңа хошпын. Бірақ осы ғибадатың жердегі адамның асығыс-үсігіс жасаған құлшылығына жетпейді. Мен адамға көбірек хошпын, – дейді. Періште:
– Уа, Тәңірім, сен әділ Құдай едің ғой. Қалайша менің мың жылым мен адамның бір сәттік құлшылығы тең келеді? Менің шынайы ықыласымның өзі неге тұрады? – деді. Тәңірі:
– Жебірейіл, сен жаратылысыңа қара. Сенде қалау құмарлығы жоқ. Нәпсіден адасың. Тағы он мың жыл жатсаң да, мазаңды алатын дүние ісі сенде жоқ. Сен менің пендеме терең назармен қара. Олар кірпіш тәнде тіршілік кешеді. Тұла бойы тұнып тұрған құмарлық пен құштарлық. Ол қыста суықтан, жазда ыстықтан сақтанады. Жұмыс істеп, бала-шағасын бағады. Мың сан шаруасы миына шаншудай қадалып, тәулік бойы мазасын алады. Түнде қорасын күзетіп, күндіз малын уайымдап, күні бойы күресте жүреді. Бірақ сан мың ісі миын шырмап тұрса да, ол МЕНІ де есінен шығармауға тырысады. Тәтті тамақ пен жылы төсекке тартқан рақатқа бой бермей, Менімен де тілдескісі келеді. Маған оның жанталасқан күресі ұнайды, – дейді.
Осы қиссаны ғылымға салсақ, былай болады: Жебірейіл періштеде соматикалық және психофизикалық дене қабаттары жоқ. Ол тек рухани болмыс. Сондықтан құлшылығын алаңсыз жасайды. Франкл ойын әрі жалғап, адам рухани болмыс болса да, таусыншақ жаратылыс дейді. Тіршілігі тоқтайды. Бұдан мынадай қорытынды шығады: тәнге тәуелді рухани болмыс психофизикалық қабаттағы қалауларды айналып өте алмайды. Сондықтан, рух өзін үздіксіз көрсете алмайды. Оны тәндегі аурулар мен психофизикалық құрылымдар танытпай тұрады. Солай болуы керек те. Себебі рухани тұлға барлық жағдайда өзін психофизикалық организациялар арқылы көрсетпейді. Адамның психофизикалық денесіндегі агрессиялық мінезі мен сауықшыл ахуалын рухпен шатыстыра алмаймыз. Сондай кедергісі болғандықтан да, адам өзін толық жүзеге асырмайды. Өйткені ондай орта – біріншіден, енжар; екіншіден, лас. Адамның денесін рухтың айнасы деп алайық. Ол айнадан рухани бейнесі шағылысып көрінеді. Бірақ айна ешқашан таза болмайды. Оның бетін қара дақ баспай тұрмайды. Бірақ айнадағы дақтың бәрі тәннің тасасындағы рухани тұлғаны көрсетіп тұр деп тағы айта алмаймыз. Себебі кірпіш тән рухты анық көрсетпейді. Жүрегі нұрланған әулие адамның тәні мен жүріс-тұрысы ғана рухани тұлғаны анығырақ көрсетеді. Ал күнәкар адамның денесі мен мінез-құлқы шытынаған немесе қисық айна сияқты рухты қисайтып көрсетеді. Кірпіш тәннен көрінген ауру-сырқаудың бәрін жандағы жарадан тарқатпаймыз. Кез келген аурудың төркіні ноогенді (рухани) емес. Біреу солай десе, ол – спиритуалист. Адам психофизикалық организмге байлаулы тұрғанда барлық рухани қалауын жүзеге асырмайды. Осыны дұрыс ұғынғанда «тәнге шыққан кез келген ауру рухтың бейшаралығынан шығып жатыр» деген жаңсақ пікірден аулақ боламыз. Әлбетте, кез келген кеселдің «мәні» бар. Ол аурудың өзінде емес, кеселмен бірге келетін қайғы-мұңның ішінде болады. Науқас басына түскен тонна-тонна қайғысына жұтылып кетпей аяғына дейін қайрат қылып күрескенде мағыналы Мәнге жанасады. Мән үшін айқасқа түскенде биологиялық денесінің күйрегеніне қарамастан, ішкі ниетіне бекем болса, биік Мәнге қол жеткізіп, мақсатын орындайды. Франклдың ауруға шалдығып, мехнат шегіп жатса да, Мәнге жабысып, соңына дейін беріспейтін идеясын Аюп пайғамбардың қиссасымен терең жеткізуге болады.
Аюп пайғамбар сабырлы болған екен. Тәңірі періштелерге:
– Аюп – ең сабырлы құлым! – деп мақтанады екен. Бұл мақтау Ібіліске жақпайтын. Ол Аюптың сабырын түгеспек болды. Оны жоқтықпен, байлықпен, мансаппен азғырды. Шайтанның бұл айласы Аюпқа әсер етпеді. Тіпті әйелін арбап, отбасы мен достарының арасына да от салды. Аюп сонда да сыр бермеді. Ібіліс күніне мың түрлі бәле шақырса да, Аюп тағат жасап отыра берді. Ібіліс оған:
– Аюп, балаң өлді! – деді.
– Құдай өзі берді, өзі алды. Ешкім мәңгі тірі жүрмейді. Өзекті жанға бір өлім, – деді.
– Малыңды жұт алды.
– «Мал – бір жұттық, батыр – бір оқтық» деген. Тәңірі бергенін алса да, енді берерін алмасын.
– Енді не ішіп-жейсің?
– Аштан өлгеннің моласы жоқ. Малға таласып өлгеннің моласы көп.
– Ел-жұрт сен туралы өсек айтып жатыр.
– Жақсыға сөз ереді.
– Патша сені өлтіремін деді. Қаш.
– Ажал ақымақ үшін – алтау, ақылды үшін – біреу.
– Бүйте берсең, жалғыз қаласың.
– Қабірде барлық адам жалғыз жатады, – деді.
Төзімі таусылған Ібіліс оның бетінен шапалақпен тартып жіберді. Сайтанның қолы тиген жерге жара шықты. Оған шыбын үймелеп, құрттар қаптады. Жара жайылып, пайғамбардың бүкіл денесін ірің басты. Ел-жұрты, бала-шағасы «Аюп алапес болды» деп шошыды. Ібіліс оларға:
– Алапес – жұқпалы ауру. Оны жыраққа шығарып тастаңдар, – деп ақыл айтты. Шаһар жұрты бірауыздан келісіп, оны елден қуды. Жан жары Рахима ғана адал болып, қасында қалды. Ауруы онан сайын меңдеп, құрттар Аюптың етін жеп тауысуға айналды. Бірақ жүрегі мен тілі бір сәт тоқтамастан, Тәңірге мақтау айтып, Жаратушыны ұлықтап жата берді. Денесінен жерге түскен құртты көтеріп алып:
– Тәңірім саған менің етімді ризық етіпті. Несібеңнен айрылма, – деп құртты жарасына қайта салады екен. Аюптың сабырлылығын көріп, сайтандар түңілді. Олар Ібіліске келіп:
– Біз Аюпты жеңе алмадық. Сыры неде? – деді. Ібіліс:
– Оның тілі мен жүрегі Тәңірін еске алып, рухы нұрланып тұр. Бір құртты тіліне, бір құртты жүрегіне сал. Тәңірінің есімінен қуат алу тоқтағанда сабыры сынады, – деп ақыл берді.
Сайтандар солай істеді. Бір құртты тіліне, бір құртты жүрегіне салды. Сол кезде Аюп Тәңірге арыз қылды:
– Уа, Жасаған ием! Саған зікір айтып, есімдеріңнен қуат алатын едім. Мына екі құрт түбіме жетеді. Уа, Тәңірі, пәрмен өзіңнен болсын, – деді. Сонда Тәңірі:
– Әй, Аюп, сынақ сағаты бітті. Өкшеңмен жерді теп, – деді.
Аюп тепті. Жер жарылып, су шықты. Су сарқырап, арыққа айналды. Тәңірі:
– Суға шомыл! – деп әмір берді. Аюп солай жасады. Жарасы жазылды. Құрттар қырылып қалды. Тек екі құрт тірі қалды. Аюп:
– Уа, Жасаған, мына екеуі өлмеді ғой, – деді. Тәңірі:
– Тіл мен жүрекке түскен құрттар ғой. Оларға көркем есімдерімнің шарапаты жұқты. Олардың мәртебесі бір бөлек. Зікірдің шарапатынан оларды саған жәрдемші етемін. Бірі бал арасына айналады. Екіншісі сүлік болып суда қалсын. Бал арасының уы да, балы да – шипа. Сүлік аурудың арам қанын сорады, – деді.
Сол мезетте құрттардың бірі сүлікке, бірі бал арасына айналады. Аюп ауруынан айығып, жарасы жазылып, аман-есен ағайын-туысының ортасына оралған соң, бір күні өкіріп жылайды. Жұрты:
– Әй, Аюп, не болды? Денеңді шұрқ-тесік қып құрт жегенде бірде-бір дыбысыңды естімеп едік. Бүкіл қайғы артта қалғанда бұл не жылас? – деді. Сонда Аюп:
– Ауру жаныма қатты батса да, қасымда Тәңірім барын сезуші едім. Сол маған күш-жігер, қайрат беретін. Аурудан айыққан соң сол сезімдерді таба алмай отырмын, – деген екен.
Әдетте емі жоқ дертке шалдыққан кісі Мән үшін күрескенде ұлы Мәнге ұмтылады. Себебі ол үшін дені сау адамның Мәнге ұмтылатын мүмкіндіктері жойылды. Сондықтан да сау кездегі сияқты «ана істі былай қылсам, мына мақсатыма былай жетсем» деп арман-қиялдың жетегіне еріп, тіршілікте ұмтылатын мәнді істеріне талпынбайды. Ол енді қайғы-мұңның және қорқынышты аурудың қоршауында жатып, ұлы Мәнді ғана нысанаға алады. Қиыны: осы кезде ол психотерапевтік проблематикалар заңдастырған ережелердің арғы жағында қалады. Белгілі бір медициналық нормативтер пациент пен дәрігердің арасында субординация болуын қадағалайды. Дәрігерге оның шекарасын кесіп өту оңай емес. Себебі қатты ауырып жатқан адам дертінің мәнін таба алмай қиналып жатуы мүмкін. Сондықтан да психотерапияда «Бұл ауруыңның мәні мынада. Бұл мынадай мәселеден саған жабысып тұр» деп ұқтыратын амал қарастырылмайды. Дәрігер өлім аузында жатқан ауруға барып, оның ауруы мен мәнін түсіндірем десе, және сол арқылы Құдайдың бұл нәубетін ақтап аламын деп бірдеңе айтса, қиын жағдайға қалып қоюы мүмкін. Мысалы, дәрігер мен оның науқас баласы сияқты. Ауырып жатқан бала:
– Көке, «Құдай деген кім?» Неге көбі оны «Махаббат» дейді? – деп сұрайды. Әкесі:
– Себебі, Құдай махаббатпен сені жақсы көреді. Аурудан емдеп, жазып алды, – дейді. Сонда бала:
– Бірақ маған ауруды бірінші Өзі жіберіп тұр ғой. Ол мені жақсы көрсе, неге жібереді? – дейді. Әкесі жауап таппай, қиын жағдайға қалады.
Рухтың плацдармы
Рух белгілі бір деңгейде тәні мен психофизикасына тәуелді. Бірақ дене рухқа тұтастай ықпал етпейді. Белгілі бір шартқа матап, аяғын тұсап қана тұрады. Бірақ рухтың шарттануы тәнге толықтай тәуелді емес. Адамды рухани тұлға етіп көрсетпейтін механизмдер рухтың ішінде емес, психофизикалық сферада тұр. Рух психофизикалық қабаттағы импульстерді құрал-сайманға айналдырады. Рухани болмыс психофизикалық организмді ұйымдастырып, тіршілікке тірек қылады. Сонда ғана рух оны өзінің «меншікті» қаруы етіп, иеленеді. Адамның тән немесе психофизикалық қабаты арқылы өзін көрсететін тұлғалық қасиеті ауруға шалдығып қирауы мүмкін. Алайда рухани қабаты ондай қирау мен күйреуден зиян шекпейді. Оның психозға қарсы күресте көзге түспегені үшін «рух психозға қарсы күресе алмайды» деп тұжырым жасасақ, қатты қателесеміз. Рухтың психозбен күресі көзге көрінбеуі мүмкін. Бірақ күрес тоқтамайды. Рух ешқайда жоғалмайды. Адам басындағы қайғыны үнсіз арқалап жүре береді. Сау-саламат психофизикалық организмнің адам руханиятын дамытуға аса қажетті плацдарм екені күмәнсіз. Мұны «Бірінші байлық – денсаулық» дейміз. Рухани болмыс мінсіз денсаулықпен ғана өзін феномен ретінде туғыза алады. Бірақ бұған қарап руханият денсаулықтан шығады деу – қате. Бастысы, мына фактіні ұмытпау керек. Психофизикалық организм рухқа қандай жағдай жасап берсе де, оған әсер ете алмайды және өз бетінше руханият туғызбайды. Биос логосқа әсер етпейді. Психофизикалық қабат майып болғанда рухани болмысқа зақым келеді деу – қате. Дәл солай фюзис немесе сома психикаға ықпал етпейді. Бар болғаны жағдай жасайды. Сондықтан мына нәрсе назардан тыс қалмасын. Психикалық аурулар әманда рухты емес, психофизикалық организмді күйретеді. Себебі рух қай кезде болса да, ауру мен денсаулықтың арғы жағында бүлінбеген күйі тұра береді. Психофизикалық функциялар күйрегенде организмнің ар жағындағы рухани тұлға өзін тысқа шығарып, көрсете алмай тұсауланып қалады. Психоздың кесірінен көзге көрінбей тығылып қалған рухани болмысты ұстай алмайсың. Сондықтан да оған әсер етіп, дұрыс емдеуге күші жетпейді. Логотерапия жеңіл немесе орта деңгейдегі психозды ғана емдейді. Психоз тауқыметі басқа түскенде, рух та сол азапты бірге арқалайды. Ауру біртұтас адамның тұла бойында жүріп жатыр. Салыстырып қараңыз. Ауруға шалдыққан жан-жануар адам сияқты рухани қайрат көрсете алмайды. Жануардың тұла бойында ауруға қарсы импульстер жүріп жатады. Жабысқан дертпен соңына дейін айқаса кету – адамға ғана тән құбылыс. Мынаған назар аударайық: жануарда ауруға қарсы биологиялық күрес болады. Бірақ айуан саналы түрде ауруынан мән іздемейді. Адамның ауруға беріспей қайрат қылып күресуі рефлекцияның араласуынсыз, имплицитті (астарлы, айтпай-ақ) хәлде өтіп жатады. Рухтың осы үнсіз күресін адамның ауыр хәлде жатып, ауруы жанына батқанда сандырақтаған сөзімен шатастыруға әсте болмайды. Ол – қате көзқарас. Бұл жерде психикалық реакцияны емес, адамның психикалық кеселіне қатысты ұстанатын позициясын айтып отырмыз. Экзистенция анализінің міндеті – пациенттен оның рухани болмысын айырып көрсету. Бұл анализ адамға жабысқан аурудың картинасын ысырып тастап, адамның таза бейнесін ортаға шығарады. Аурудың картинасы – шарж ғана, яғни пациенттің көлеңкесі іспеттес нәрсе. Адамға клиникалық кескін жасап, невроз бен психоздың арғы жағында орналасқан болмысын бірнеше қырынан қараса, онда экзистенция анализі ол жақтан психикалық және невротикалық симптомдардың түпкі ізіне түсер еді. Сол кеңістікте экзистенция анализі өмірі бұзылмайтын, ауырмайтын, тозбайтын, күйремейтін, жойылмайтын, жоғалмайтын адамзаттың мәңгілік табиғатын табады. Франклдың осы идеясын ақын Абайдың тілімен тезірек әрі тереңірек ұқтыруға болады. Мысалы:
Малда да бар жан мен тән.
Ақыл мен қайрат болмаса,
Тіршіліктің несі сән
Тереңге бет қоймаса?!
Франкл былай деп сұрайды. «Жалпы психиатр болудың мәні не?» Бұл мамандықты таңдаған адам күл-талқан болған «психикалық механизмді» немесе істен шыққан жанның «аппаратын» немесе бұзылған «машинаны» жөндеу үшін өмір сүрмес еді. Психиатр осы аурулардың арғы жағында азап тартып жатқан рухани адамды ғана құтқарғысы келеді. Ол үшін МӘН – сол! Аурудың арасынан рухани тұлғаны таба алмаса, оның ветеринар дәрігерден айырмасы болмас еді. Қысқасы рухпен ісі жоқ адам мал дәрігері болса жарасады. Осы арада Франклдың тұжырымын Шәкәрімнің ойымен салыстыра кетелік. Адамның түп негізі рухани болмыс екенін Шәкәрім қажы да дәл аңдаған:
Нәпсі дер рухсыз жандарды,
Мейлі адам, мейлі аңдарды.
Үстіртін қарап ұқпайды.
Қай молда мұны аңғарды.
Мәнісін білмей шатасқан.
Экзистенция анализі адамды психофизикалық организм ретінде емес, рухани тұлғалық қасиетін де тұтас алып зерттейді. Жан қатпарына терең бойлайды. Бұл ілімді сонда ғана нағыз тереңге сүңгуші психология десе жарасады. Себебі логотерапия бейсаналы құмарлыққа ғана емес, бейсаналы рухани түйсіктердің қуысына дейін енеді. Басқаша айтсақ: бұған дейінгі психологтар «Біз психикаға тереңдейміз» десе, біз «Оның биігіне өрлейміз» дегіміз келеді. Мен бұл пікірімді асқақтаған тәкаппарлық деп айтпас едім. Бұл ілімді емханада адамның соматикалық және психофизикалық жаратылысынан бөлек рухани да болмысының барлығын естен шығармай, «рухтың да емін беремін» деп ниет еткен кез келген психолог қолданады. Бастысы, ол рухани өлшемнің барын білсе болғаны. Рухани өлшем – адамды бағалайтын биік өлшем немесе универсалды өлшем! Өкінішке орай, қазіргі қоғамға рухани өнім ұсынушылар көп. Кітап дүкеніне барсаңыз, рухпен байланысты эзотерикалық кітаптан аяқ алып жүре алмайсыз. Осы кітаптар қазіргі заманның нигилизмін туғызды. Бұндай аурумен ұжымдық психотерапия күреседі. Фрейд бірде: «Адамзатта рух бары мәлім. Ал мен оларға рухты емес, құмарлықты көрсетіп бердім», – деген еді. Адамзаттың басына қиын күн тағы туды. Адам ұрпағын рухани өмір сүруге қайтадан қайрау керек. Ол үшін «Сенде қайсар рух бар. Сен рухани болмыссың. Сенің негізің – сол рух» деп жадынан өшкен қасиетті еске салу керек-ақ. Ол үшін ұжымдық неврозбен күресетін психотерапевтің өзі де рух туралы ойланғаны абзал!
ЕРКІНДІК
Біз адамды азат, еркін жаралыс деп танимыз. Кісінің еркін іс-қимылына қарап дәлел айтуымыз мүмкін. Бірақ оның өзі бұлыңғыр. Психология жаратылыстану негіздеріне сүйеніп, еркіндік феноменін көмескілеп тастайды. Олар еркіндікті мойындамайды және мойындауға тырыспайды. Нақты айтқанда, қалау еркінен туындайтын адами қасиетті тануға тырыспайды. Психофизиология еркіндікті жоққа шығарса, теология екінші қырынан келіп, «адамның ерік-қалауын тағдыр немесе Құдай белгілейді» деп дәлелдейді.
Жаратылыстанушы ғалым детерминист болмай тұра алмайды. Жаратылыстанушы (естествоиспытатель) деген кім өзі? Оның ғылыми ережелері мен ашқан жаңалықтарын ысырып қойсақ, адамды зерттеуші маманның өзі кәдімгі пенде. Сөйте тұра, өзі тектес адамды жаратылыстану ғылымымен зерттеймін деп тырмысады. Адам – жаратылыстану заңдарынан әлдеқайда асқақ тұрған болмыс. Ғылымның бұл саласы адамнан рухани тұлғаны емес, психофизикалық ағзасын көреді. Сол себепті адамның рухани автономиясы бар азат жаратылыс екенін байқамайды. Жаратылыстану ғылымдары, оның ішінде жаратылыстану психологиясы, «еркіндікті» тәуелділік деп ұғады: рухани болмыстың еркіндігін емес, жанның автоматты реакцияларын ғана көреді. Яғни қажеттілігін ғана байқайды.
Мысалы, бір адвокат нақақ сотталып бара жатқан адамды жанын салып тегін қорғады делік. Бұл – оның таза рухани автономиялық болмысынан шығып жатқан құбылыс. Енді жаратылыстану психологиясына сүйенген ғалым адвокаттың бұл ісін атақ-даңққа жетудің төте жолы сияқты көреді. Яғни адвокаттың карьерасына қажетті шаралардың бірі деп қабылдайды. Бірақ адамның нағыз табиғаты қажеттілік пен мұқтаждықтың арғы жағында, мүмкіндіктің бергі жағында тұрады. Шындығында, адам қажеттілігі мен мұқтаждығын ғайып әлемінің пайдасына шеше алады. Бұл әлемдегі ішкен-жеген, көрген-білген қызығының өзін трансцендентті әлемнің құндылығына айналдыруға қабілетті. Адамның өзі мұқтаждығымен бір шынжырға байланып тұр. Алайда осы байланыстың өзі адамның қалау еркіндігіне тәуелді. Адам ішіп-жемнің, төсек рақатының қызығына қаншалықты тәуелді боларын өзі белгілейді. Франклдың осы тұжырымын қазақша былай түсіндіруге болады. Мұсылмандарда «ораза ұстаушы адам ұйқысынан сұралмайды» деген түсінік бар. Оның мағынасы былай: ауыз бекіткен тақуа тынығуға мұқтаж. Себебі тәбетін тежеп, ауыз бекіткендіктен, физикалық денесі әлсірейді. Бірақ оразамен рухани қабілетін шыңдап жатыр. Шыңдалған рухтан қоғамға көп пайда бар. Рухани тұлға қоғамның тыныштығына үлес қосады. Оның ұйқысын тамаққа тойып алып, рақаттанып ұйықтап жатқан жалқаудың жатысымен теңестіре алмайсыз. Жаратылыстану тұрғысынан қарасақ, екеуі де ұйықтап жатыр. Франклға ораламыз. Қажеттілік пен еркіндікті бір желіге көгендеуге болмайды. Пенде тіршілікке тәуелді болғанда ерік-қалауы көрінбейді. Адамның еркіндігін өмірі бітпес мұқтаждықпен шатыстыруға болмайды. Еркіндік пен мұқтаждықты жарып қарасақ, ортақ көзқарас шықпайды. Бұл да – детерминизм мен индетерминизм арасында келісім болмайтыны сияқты нәрсе. Қажеттілік пен еркіндік бір деңгейде тұрмайды. Еркіндік мұқтаждықтан жоғары. Кісінің еркіндігін тұрмыстық себептерге байлай берсең, ол тұйыққа тіреледі. Мұқтаждықтың «анау керек, мынау керек» деген шарттары өмірі бітпейді. Себебі: ол цирк аренасындағы ат сияқты бір шеңбердің ішінде айналып шаба береді. Ал жоғары өлшемге өтсек, шеңбер қиылып түседі. Қиылған жерінен «ең ҰЛЫ Себепке» жол ашылады. Мысалы, кейбір тұлға карьерасына зияны тиетін принципті қадамға өз еркімен барады. «Неге бүйттің?» деген сұраққа: «Ертең Құдайға не бетіммен қараймын?» – деп жауап береді. Мұқатждықты еркіндік жеңді деп осыны айтады. Адамның болмысы, түрлі себепке маталғанына қарамастан, мән мен мағынаны сіңіруге әманда дайын тұратын беті ашық ыдыс сияқты. Айналып келгенде адам әрекетінің түпкі себебі осы заңға негізделген. Мың-миллион шартқа шырмалса да, Мәннің әсері оның өн бойын көктей өтеді.
Адамның еркіндігі үш нәрсемен байланыста байқалады, оның ішінде: 1. Құмарлыққа қатысты. 2. Тұқымқуалаушылыққа қатысты. 3. Өскен ортаға қатысты.
Құмарлыққа қарсылық
Біріншісіне келсек, адамда құмарлық бар. Бірақ құмарлық оны билеп-төстей алмайды және сарқып тауыса алмайды. Құмарлықты жоққа шығармаймыз. Бар дейміз. Маған бір нәрсені «бар», иә «жоқ» деп айтатын еркіндік ілкіден берілмесе оның бар-жоғын тексермес едім. Ерік қалауы бар азат болмыс болғандықтан да құмарлықты тексеріп отырмын. Тексеріп зерттемесем, құмарлықтық құлы боп жүре берер едім. Осының өзі адамның азат, еркін екенінін айқындап тұр.
Еркіндік – бір нәрсеге қатысты адамның ұстанымы. Біз бір мақсатқа ұмтылғанда еркіндік ортаға шығады. Бір нәрседен қашып құтылуға не бір мақсатқа жетуге еркінбіз. Адамның болмысы құмарлықпен емес, құндылықпен де өлшенеді. Яғни құмарлыққа ғана емес, этикалық талаптарға да «Жоқ» дей алады. Осылайша «Иә» не «Жоқ» деу арқылы құмарлық пен этикалық талаптардың арасынан өзімнің кім екенін анықтайды.
Психологиялық фактілер бойынша пенденің болмысында біте қайнасып, бірге тұрған құмарлық жоқ. Құмарлықты қабылдаймыз не кері тебеміз. Құмарлық қолдан жасалады. Сондықтан оның шегі болмайды. Араны ашылғанда тоқтамайды. Ол біздің рухани ұстанымға сәйкес түрленеді. Құмарлық сферасы рухани сфераның ықпалына тәуелді деп шартты түрде айтамыз. Құмарлық бізбен бірге жасайды. Тіршілікке араласады және адамнан қуат алады. Осылайша мінез-құлыққа айналады. Айуандағы құмарлық бөлек. Адамдағы құмарлық рухани тұлғаның рухани сферасында өсіп-өнеді. Құмарлық тежелгенде не күшейгенде рух әрекетсіз отырмайды. Кейде оны тұсайды, енді бірде еркіне жібереді. Адам – құмарлыққа «Жоқ» дей алады. Біз құмарлыққа ұдайы «Мақұл» немесе «дегенің болсын» деуге тиіс емеспіз. Ол құмарлыққа «Иә» десе, бұл оның өзіне тән әлсіз тұсы. Ал аңдардың құмарлығы олардың жеке басын даралап тұрмайды. Жан-жануар тұтас құмарлықпен ғана «айуан» деген атпен белгіленеді. Айуандарға жеке дара мінездеме берілмейді. Сондықтан да соғыс кезінде (бейбіт кезде де) агенттер бірін бірі аңдығанда әлсіз тұсын табуға тырысады. Барлық пенде бірдей құмарлыққа ілінбейді. Мысалы біреуді жезөкшелер үйіне апарып арандатуға болады. Енді біреуі бұл қақпанға түспейді. Есесіне казинода торға түседі. Осылайша әркімнің әлсіз тұсы әрқалай көріне береді.
Айуанда бар құмарлық адамда да бар. Бірақ бұл жерде мынадай нәзік нәрсені дәл айыру керек. Егер адамда бір нәрсе «БАР» десек, ол – оның еркіндігі. Себебі адамға еркіндік әлмисақтан берілген. Соңғы демі үзілгенше адамды еркіндік нығметінен ешкім айыра алмайды. Ал жолдан қосылған жай ғана «БАР НӘРСЕНІ» жоғалта алады. Бұл жерде жай ғана «БАР НӘРСЕ» дегеніміз – құмарлық қалаулары. Пенде еркіндігін толық жоғалтады десек, адамның өкініп, тәубеге келу феномені жоққа шығарылады. Яғни біреу қартайған соң ісіне өкініп, райынан қайтқысы келсе еркіндік феномені соңғы демі үзілгенше бірге болуы шарт. Егер еркіндік жоқ десек, тәубе феномені не үшін керек? Бұдан шығатын ойтүйін мынау: керісінше, жігіт күнімдегі құмарлық қызығымды орта жастан асқанда жоғалтып аламын. Мысалы бір адам тамақты талғап жейді делік. Қымбат шараптарды таңдап ішеді. Орта жастан асқан соң оның асқазаны жара болады. Дәрігер оған «мынадай тамақ, шараптарды ішуге болмайды» деп диета белгілейді. Осылайша, ол құмарлығын физикалық себептерге байланысты жоғалтады.
Адамда еркіндіктен тыс құмарлық жоқ. Құмарлықтан тыс еркіндік те жоқ. Керісінше, құмарлық қозбас бұрын еркіндік аймағын кесіп өтеді. Еріктен тыс құмарлық құтырып, адамды билеп-төстеп кете алмайды. Оның жүгені рухтың қолында. Бұдан да түсінікті тілге түсірсек, құмарлық құтырмас бұрын «Санаңды шырмай берейін бе? Бүкіл денеңді қоздыра берейін бе?» деп рухтан рұқсат сұрайды деуге болады. Сонымен қатар еркіндікке құмарлық қажет. Еркіндік оны тежеп, үстем түскенде тыныштық табады. Ондайда «жаным жай тапты» дейді. Бейнелеп айтсақ, құмарлық – жеңімпаз еркіндіктің тербеліп ұйықтайтын бесігі. Одан бөлек, еркіндік пен ерік күш-жігері құмарлыққа табан тіреп серпіледі. Ол тебінетін тұғыр сияқты. Құмарлық пен бостандық бірін бірі етектен тартып, реттеп отырады. Енді осыны басқаша тарқатайық. «Адамның мұқтаждығы мен қажеттілігі жоқ, еркіндігі ғана бар» десек, адам түсініксіз мақұлыққа айналып шыға келеді. Осы өмірдегі бүкіл тұрмыс-тіршіліктің (отбасы құндылықтары) принциптері күйрейді. Мұның мысалы ретінде Үндістандағы құмарлығын шектен тыс тыйып, абсолютті бостандыққа ұмтылған әртүрлі діни топтардың аскеттерін айтса болады.
Құмарлық пен бостандықтың бірін бірі реттеп баланс жасауы, психикалық және физикалық қабаттардың қатынасынан бөлек. Қажетті психофизикалық параллелизмнен ерекшелігі: біз мұнда факультативті ноопсихикалық антагонизм туралы айтамыз. Мұның мағынасы былай: бұрынғы ғылымдар адамды физикалық және психикалық тепе-теңдіктің арасынан іздейтін. Біз ол әдісті енді қолданбаймыз. Кісінің ішкен-жегені мен көрген-білгені арасындағы реакция мен импульстердің тепе-теңдігін назарға алмаймыз. Бұрын рух пен құмарлықтың шарпысуынан туындайтын адамды көзге ілмейтін. Бұл жолы олай болмайды. Біз енді РУХ пен ҚҰМАРЛЫҚТЫҢ теке-тіресіндегі күрескер тұлғаны тапқымыз келеді.
Тұқымқуалаушылыққа берілмеу
Екіншісі. Тұқымқуалаушылыққа келсек мамандар мұны да зерттеді. Мынадай нәрсе анық болды. Адам бойға біткен өнері мен қасиетіне де позиция ұстауға еркін. Ғалымдар егіздерді зерттейді. Олардың бойында ортақ қабілет те, қасиет те бар. Бірақ мұны екеуі екі түрлі қолданған. Осы кезде Лангенің егіздер туралы сипаттамасы тағы еске түседі. Олардың бірі қайдағы жоқ аспап жасайтын баукеспе, екіншісі құрал-сайманды қолдан құрайтын криминалист. Қарасаңыз екеуі де бір қасиетті иеленіп тұр. Бірақ осы қасиетті жақсы не жаман дей алмайсың. Бойдағы өнер бейтарап күйде тұр. Мәселе, оны кім қалай қолданады? Осындайда Гетені мойындамасқа шараң жоқ. Ол: «Кез келген қайырлы қасиеттен пасықтық жасауға болады. Пасық мінезден қайырлы қасиет шығаруға болады» деген. Бірде шетелде тұратын психолог әйелден хат келді. Ол мінезінің ұсақ-түйегіне дейін өзінің сыңарын қайталайтынын жазыпты. Екеуі де бірдей киінгенді ұнатады. Бір композитордың музыкасын тыңдайды. Бір типтес еркектерге ғашық болады. Олардың жалғыз ғана айырмашылығы бар: бірі өмір сүруге құштар, екіншісі неврозға бейім.
Тағы бір мысал: Кальман 2 500 егізді алып зерттеген. Олардың 11-і суицид жасаған. Бірақ сыңарларының ойына суицид кіріп-шықпаған. Автор осыған қарап мынадай қорытынды жасайды: егіздер бірдей ортада өмір сүрсе де, тіпті мінез-құлықтары ұқсас болса да, суицид мәселесінде екі жаққа бөлінген. Осыған қарап-ақ, әркімнің қайталанбас тұлға екенін көреміз.
Қоршаған ортаға жұтылмау
Үшіншісі. Енді өскен ортасын алайық. Бұл да адамды айқындай алмайды. Ортаның әсері кісінің оны қалай қабылдайтынына байланысты. Роберт Дж. Лифтон Солтүстік Кореяда тұтқынға түскен америкалық сарбаздар туралы: «Олардың ішінде нағыз ақжүрек ерлер де, күнкөріс үшін бәріне баратын ездер де болды», – деген. Солдаттар түрменің тозағына түскен. Қоршаған ортасы бірдей. Алайда ішінен альтруистері мен эгоистері іріктеліп шыққан.
Адам тұқымқуалаушылық пен қоршаған ортаның өнімі емес. Өйткені соңғы шешімді адам қабылдайды. Енді оны өлшейтін маңызды өлшемді сипаттайық. Сондай өлшемнің бірі – тіршіліктің маңызды негізі деп аталады. Оны биология мен психология зерттейді.
Екінші өлшемге адамның әлеуметтік мәртебесі алынады. Онымен әлеуметтану ғылымы айналысады. Осы бірінші және екінші өлшем арқылы адамның табиғи қасиеттерін сомдауға болады. Бұл қасиеттерді кез келген жерде биология, психология және социология ғылымдарымен анықтаймыз. Мына мәселені назардан шығармау керек. Кісіге тән адами болмыс соңғы кесіліп-пішілген, зерттеліп анықталған зерттеулер біткен жерден әрі басталады. Табиғи (биологиялық, психологиялық, әлеуметтік) қасиеттері фундамент сияқты қаланып болған соң, адамның тұлғалық ұстанымы осы фундаментке бекітеледі. Рухани тұлға фундаменті болған табиғи қалауларына және өмірдің кез келген ситуациясына қатысты жеке позиция ұстанады. Тұлғалық ұстаным үш ғылымның зерттеу саласына кірмейді. Олардан принципті түрде тәуелсіз. Еркіндік – шешім қабылдайтын машина. Адам феноменін анықтауда соңғы өлшемге жүгінсек, адамның тағдыры мен тіршілігін реттейтін мүмкіндігін жүзеге асырамыз. Пенде азат екенін түсінгенде, тағдырын қолына алады. Өмірін өзгенің ықпалына түсірмеу үшін жанталасады.
Ақылдың маталуы
Адамды зерттейтін ғылым салалары белгілі бір дәрежеде дұрыс айтады. Келтірген деректері дұрыс. Нақты ғылымға негізделген. Бірақ адамның болмысын толық қамтымайды. Ендеше мына нәрсеге мұқият болу керек. Бұлар адамды тар шеңберде таниды. Олар шарттарға маталып, бір жақты зерттеу жүргізгендіктен, деректерін ақиқаттың соңғы сатысы ретінде қабылдай алмаймыз. Мәселен, биология ғылымы адамды ет пен сүйектен тұратын мақұлық деп танытса, психология оны жүйке жүйесі мен мидың арқасында қоршаған ортамен қарым-қатынас жасайтын тіршілік иесі дейді. Әлеуметтану да кісіні әлеуметтік шарттарға матап, оны қоғам қалыптастыратын еріксіз пендеге теңейді. Социологизм де әлеуметтік шартты ғана көреді. Басқалай факторлар назарына ілікпейді. Пенденің бәрі осы себептерге байланады. Бұл түсінік дербес адамдық қасиеттерді танытпайды. Бұдан бөлек, кісінің танымы, мақсатқа ұмтылуы әлеуметтік шарттарға тәуелді. Тереңдей түссек, танушы субъект пен танымның өзі ғана шартқа маталып тұрғанын көреміз. Танылатын және танылып жатқан барлық объект әлеуметтік шарттарға шатылмаған. Адам бір затты көріп, танығанда оны өзіне бейімдеп алады.
Франклдың бұл ойын Шәкәрімнің мына бір өлеңі арқылы оңай түсінуге болады:
Ақылға еркін ой керек,
Матаудан ойды азат қыл.
Әдеттеніп ертерек,
Өрісін кеңіт жылма-жыл.
Енді Франклдың ойын қазақша тарқатып көрелік. Әртүрлі әлеуметтік себептермен ақыл маталады. Қоғамдағы қаптаған заң, ереже санаға ықпал етеді. Таным солай қалыптасады. Еркін ойлана алмай, біреудің ықпалында кетеді. Тіпті ақыл иесі саяси ойындардың қолшоқпарына айналуы мүмкін. Таным өрісі тарылған сайын жауапсыз сұрақтар қаптайды. Еркіндігі жоқ адам матаулы ақылымен қоғамдағы құбылысты өзінше тәпсірлейді. Осының кесірінен объективті таным тоқырайды. Бейтарап тұлға қоғамда күрт азаяды. Социологизм субъективизмге айналады. Әлеумет ортақ мәселені кеңінен талқылап, объективті шешімге жете алмайды. Әркім тар өресімен тәпсірлеп, шатысуды күшейте береді. Надандық кеңінен таралады. 1991 жылы құлаған СССР-ді алып қараңыз. Советтік үгіт-насихат машинасы Кремльде отырып 15 республиканың халқын «зомби» қылатын. КГБ-да еркін ойлайтын тұлғаларды қудалайтын арнайы бөлім болған. Оқушыдан бастап фермадағы малшыға дейін СССР-дің Бас хатшысы не айтса, соны дұрыс деп басын шұлғи беретін. Совет халқы бір типте, бір жүйеде ойлайтын «клондарға» айналды. Ақылды матау дегеннің ірі масштабтағы көрінісі – осы. СССР халқы объективті ойламай, идеологияға жұтылып, субъективті ойлайтын болған. Яғни 250 миллион адам Кремльдегі бірнеше большевиктің танымын өз ойым деп жүре берген. Франкл бүй дейді. «Социологизмнің қателігі: зат пен мазмұнның ара-жігін айырмауында» дейді. Танымның мазмұны сананың ішінде. Ол да сансыз шартқа маталған субъектіге тәуелді. Керісінше, танылатын зат сана үшін трансцендентті болады. Яғни жеке себепке тәуелді емес. Енді Франклдың күрделі ойын оңайлатып ұқтыратын мысал ұсынамыз. Қаптаған адам – жеке-жеке субъект. Олар тануға тиісті объектінің бірін ақша деп алайық. Адамдар ақшаны танумен керегіне жаратады. Ақшаның мазмұнын ішкі таным процесі құрастырады. Мысалы: біреу үшін «Ақша – бақыттың кілті», екінші біреуге «Ақша – зор мүмкіндік», «Ақша – барлық бәленің бастауы», «Ақша – адамды адастырушы құрал», «Ақша – сауда-саттық құралы» деп кете береді. Осылайша ақшаның мыңдаған мазмұны шығады. Бірақ танылушы ақша ештеңеге араласпай бөлек болмыс боп тұр. Ақша шарттарға байланбай, трансцендентті формада тұрады. Оның трансцендентті болмысын мынадай мысалмен береміз: банкноттар шартты түрде ақша саналады. Мысалы, Түркияға бардыңыз делік. Сауда-саттық жасау үшін Түркияның лирасын қолданасыз. Ол да – ақша. Ұсынсаңыз, айырбасқа зат, бұйым сатып аласыз. Енді қызықты қараңыз. Шетелден Отаныңызға ораласыз. Кеденнен өткен соң лира құнын жояды. Ақша ретінде жүрмейді. Жай қағазға айналады. Міне, ақша атаулының шартты түрде құнды қағаз екені түсінікті болды. Бірақ санадағы ақша ұғымы трансцендентті әлемде тәуелсіз тұр. Ақша болмысын әр елдің ұлттық банкі мемлекеттік банкнот етіп басып шығарады. Франклдың ойын жалғастырамыз. Барлық танымның неліктен субъективті шекарадан аспайтынын білеміз. Себебі барлық мазмұн бір заттың шағын секторын көрсетеді. Субъекті объектіні тұтас көрмейді. Сезім мүшелерін алып қараңыз. Сезім мүшесі сырттағы сигналды ішке түгел кіргізбейді. Сүзгіден өткізіп жібереді. Құлағымыз табиғаттағы бүкіл дыбысты естімейді. Үкінің түнде көргенін көзіміз көрмейді. Жарғанаттың естігенін адам естімейді. Қасқырдың сезген иісін біздің мұрын сезбейді. Сондықтан адам өзі сезе алмаған затты «жоқ» дей алмайды. Біз үшін жоқ болғанымен, басқалар үшін бар. Бірақ барлық таным мүшесімен бұл әлемнің бір ғана фрагментін қиып алуға қабілеттіміз. Адам осы фрагментпен өзінің мини әлемін қалыптайды. Кез келген орта – әлемнің бір ғана қыры. Әлеуметтік топтардың өздері жасап алған шағын әлемі шексіз ғаламның бір мозаикасы іспеттес. Енді мынаған қараңыз: адамның маталған, шарттанған, тұйықталған, таязданған көзқарасы осы үлкен ғаламнан қиып алған шағын фрагменттері. Түрлі тақырыпты талқылап, қым-қиғаш айтыс-тартыс жүргізгенде әркім өзінің субъективті фрагментін дәлел ретінде ұсынады. Бірақ ілкідегі шексіз ғалам олардың көзқарасынан өзгермейді. Әдетте көп талқыланатын тақырыптың бірі – Тәңір ұғымы. 7 миллиард адамның Құдай туралы 7 миллиард субъективті көзқарасы бар. Біреу «Бар» дейді, біреу «Жоқ» дейді, енді біреу «Үшеу» дейді. Біреу Тәңіріні «Көкте», біреу «Адамның жүрегінде» дейді. Бірақ одан Тәңірдің тәңірлік сипатына келіп-кетер ештеңе жоқ. Ол объективті киелі ұғым ретінде трансцендентті әлемде мәңгі бақи Бар болып тұра береді. Басқаша айтсақ, адамның танымы бес сезім мүшесі сияқты селективті жұмыс істейді. Дүниетаным іріктеліп, сұрыпталып, сүзіліп шығып, өзінше бір танымды құрайды. Бірақ ол өнім бермейді. Яғни жаңа әлем де, орта да жасай алмайды. Тек объективті әлемнің фрагменттерін қиып алып, сүзгіден өткізіп, өзіне қолайлы мини дүниелер жасап отыра береді.
Бүкіл адам шартқа, себепке байланады дедік. Сонда азат АДАМ қайда кетті? Бұл бұғаудан босайтын тұлға бар ма? Бар. Адам трансцендентті тарапқа бет бұрғанда түбегейлі өзгереді. Қалауы мен танымын матап тұрған шарттар мен себептерді бырт-бырт үзіп, өзін өзі игереді. Ерікті кісі рухани болмыс ретінде МЕНІНЕН бөлініп шыққанда ғана кемелденеді. Психофизикалық денесінен қаншалықты алыстаса, соғұрлым трансцендентті дәрежесі артады.
Франклдың бұл ойын Шәкәрімнің өлеңі арқылы анығырақ ұғуға болады.
Әлемді түгел мен көріп,
Ешкім мені білмесе.
Мұқтажым, нәпсім жоқ болып,
Зияным жанға тимесе.
Шәкәрім қажының субъективизмнен алыстап, объективизмге жақындағаны байқалады. Биологиялық тәні мен психофизикалық қабатының матауынан ажыраған азат ойлы болмысы сезіледі. Өзін жасырады. Бірақ объектіні бірнеше тараптан көреді.
Франкл мынадай сұрақ қояды. Адам тысқа шығып кетсе, ол бұрын қайда өмір сүрді? Адам тірі отырып ненің сыртына шығып кетті?
Мен тәнімдегі биологиялық, психикалық схемалардың ішінде өмір сүремін. Бірақ осы схемадан ноопсихикалық антагонизм арқылы бөліне аламын. Рухани потенциалымды биологиялық және психофизикалық жүйелерге қарсы қоямын. Оны «рухтың қайсарлығы» деп атадым. Қайсар рух сілкінгенде тәннен туатын, жүйкеден шығатын, қала берді, қалыптасып қатып қалған әлеуметтік шарттарды елеместен, ағысқа қарсы жүзеді. Мысалы, Ғайса пайғамбар сияқты. Оны Римнің заңдары да, Палестинадағы әлеуметтік шарттар да, фарисейлердің қоқан-лоқысы да, соғылған дүрелер де тоқтата алмады. Құдіретті Рим империясы оның дінін ақыры мемлекеттік дін ретінде қабылдады.
Франклдың ойын ашықтай түсу үшін Шәкәрімге соға кетейік. Адамның мұндай болмысын Шәкәрім де біршама анық берген. Оқып көріңізші, үндесе ме екен:
Жасырып тұр Жар өзін,
Бас көзімен қарама.
Жүрегіңнің аш көзін,
Жардың сырын арала.
Көрем десең Жарыңды,
Мас бол, жүрек тазала.
Өртеп жібер барыңды,
Қарсы ұмтылып қазаға.
Франклдың ойын жалғастырамыз. Біз жоғарыда қайсар рух бірде күшейіп, бірде бәсеңдейді дедік. Қайсар рух құмарлықтың, тұқым қуалаушы қасиеттің, қоршаған ортаның әсеріне қарсыласып, қайрат көрсетеді. Күрес пропорция жағдайында өтеді. Тепе-теңдік сақталып, тұлға рухтың қасиетін қаншалықты көрсетеді, өзі де соншалықты кемелденеді. Адам тұлғалық сипатынан және экзистенция нығметтерінен (еркіндік, таңдау, жауапкершілік, сүю т.б.) бас тартса неврозға шалдығады. Невроз әдетте былай болады: экзистенция нығметтерін зая кетіргеннің кесірінен өмірін зая кетіреді. Тағдыры мағынасыз іске толып, түрлі бәлеге шатылады. Сол кезде ауруларын импульстар мен қоршаған ортаның шарттарына аудара салады.
«ЖОҚ» дей алатын қайсар рух
Мынадай фактіні айтпай кетуге тағы да болмайды: адам рухани жаралыс болғандықтан, әлемге деген көзқарасы мен позициясын да анықтап, соған нық бекиді. Біреудің жетегінде кету – оған жат. Біреудің айтқанымен, пікірімен, пәтуасымен өмір сүрмейді. Рух ретінде түрлі жолдармен өзін әлемге танытады. Әр сәтте табиғаттың, қоғамның, әлеуметтің, сыртқы ортаның қисық ісіне қарсылық танытады. Қала берді, тәндегі психофизикалық схемалар мен ішкі сезімдеріне де қарсы талап қояды. Бізді билеп-төстегісі келетін шарттармен ықпалдарға қарсылық көрсетіп, тайсалмай тұрған болмысты РУХ деп атаймыз. Рух немесе руханият – іштегі ЕРКІНДІК! Рухани болмыс –«жоқ» дей алатын алапат күш! «Рухани тұлға өзіне де қатаң талап қоя алады» деген Франклдың ойын тағы да Шәкәрімнен білуге болады.
Айна қойдым алдыма
Көрейін деп өзімді.
Екі құлақ тарс бітіп,
Шел басыпты көзімді.
Иіс білер мұрын жоқ,
Таза ақылдан ырым жоқ,
Түзелерлік түрім жоқ.
Жалған деме сөзімді.
Ақ ниетім бұрын жоқ,
Жүрегімде нұрым жоқ,
Жасыратын сырым жоқ,
Айтпай арам безімді.
Франклдың ойын тереңірек түсіну үшін тағы мысал береміз. Рухани адам биологиялық, психофизикалық сезімдеріне қатаң талап қояды дедік. Осы теорияны 30 күн оразамен оңай түсінеміз. Мұсылмандар кезі келгенде шыжыған шілдеде ауыз бекітіп, күні бойы ашқұрсақ жүреді. Күн батқанша бір тамшы су да ішпейді. Енді сұрақ: «Сонда бұл адам кіммен күресіп жүр? Ол кімге соғыс ашты? Күресіп жүрген кім?» Биологиялық һәм психофизикалық тұрғыдан қарасақ, құлшылықтың мұндай түрі денсаулыққа қауіпті. Кей дәрігер оразаны зиян санайды. Дұрыс: био-психофизикалық системаларға соғыс ашып жатқан РУХАНИ ТҰЛҒА! Франклдың сөзін сабақтаймыз. Адам өзіне де үстемдік ете алады. Оны былайша түсіндіреміз. Пациенттер «Бұл ауруға бұдан әрі төзе алмаспын» деп мұңын шағады. Оларға «Төзе алмасаң басқа бір мүмкіндік бар болғаны ғой? Кеселің тағдырдан болса төзуің керек еді. Ал сен төзе алмаймын дейсің, солай ма? Ендеше басқа жолын ізде» дейміз. Мен қалыпты психикалық схемалардан ғана емес, психикалық патологиядан да алшақтай аламын. Яғни, тек сау сәтімде ғана емес, ауру кезімде де өзімді сырттан бақылай аламын. Өмірді биологиялық һәм психологиялық мінез-құлықпен ғана сүрмейміз. Мінез-құлық пен тип – саған берілген құрал. Оларды сайман сияқты іске салатын СЕН! Сенің болмыстық тұлғаңның өзі еркіндікті білдіреді. Бұл – азамат атану үшін саған берілген еркіндік! Сен түрлі зерттеумен, дерекпен танитын барлық фактіден азатсың! Еркіндік саған өзгеріп, даму үшін берілген! Бұл мәселе невроздық фатализммен жолыққанда маңызды: невротик өзі жайлы айтқанда проблеманы тағдырдың бір себебіне арқалатады. Бәрін мүмкін емес етіп, өзін тұйыққа қамайды. Адамның болмысы сарқылмайды. Оны қалай тығырыққа тіресең де, тыңнан жол тауып кететін қасиеті мол. Адамды зерттеп анықтаған фактілердің сыртында тағы бір тіршілік иесі тұр дей алмаймыз. Бірақ фактілердің ішіне оның болмысы түгел сыйып тұр деуге келмейді. Адамның нағыз болмысы – сол, анықтап, зерттеп, дәлелдеп, құжаттап тастаған фактінің ішіне сыймай шығып кетеді. Қандай өлшемге салсаң да, сыймай тұрады. Адам болмысы тым тылсым, тым терең, тым құдіретті! Адамның рухани тіршілігі мен психофизикалық тіршілігі бір-бірімен байланысқанда адамның диалектикалық тұтастығы (ақ пенен қараның алмасып тұруы, тепе-теңдік заңдылығы) қалыптасады. Рухани мен психофизикалық болмысын нақты бөліп көрсетуге келмейді. Оларды шартты түрде түсінік үшін ақылмен бөлеміз. Өйтпеске шарамыз да жоқ. Себебі рух бөлек субстанция емес. Бұл жерде РУХТЫ көне классикалық діни мағынада алмаймыз. Рух болмыс ретінде ғана бар. Басқалар үшін көзбен көріп, қолмен қойғандай етіп дәлелдей алмаймыз.
Франклдың осы күрделі ойын қарапайым қазақша форматқа салса, былай болады. Мысалы, болмыс ретінде дегенді әділдік феноменімен салыстырайық. Әдетте ашынған адамдар «әділдік мен жағында», «әділдік мені қолдайды», «түбі әділдік жеңеді» дегенде әділдік болмыс ретінде ғана бар. Ол онтикалық зат (жеке зат) болып, жәбір көргеннің қасында еріп жүрмейді. Мысалы, батырлар жырындағы, аңыздағы, қиссалардағы әруақ культі болмыстық сипатта ғана санаға әсер етеді. Марқұмның рухы ұшып келіп, туысын желеп-жебеп, қолдап-қолпаштап жүреді демейміз. Сондықтан әруақ культіне қатысты мәселеде ақиқаттың соңғы нүктесін қою – ақымақтық. Әруақтан медет тілеуге қатысты талас-тартыстың соңғы нүктесі қойылмайтын себебі де – сол. Әруақты бар немесе жоқ деп тану адамның имманентті танымы мен психологиялық ахуалына тәуелді. Біреу үшін желеп-жебеуші ғайып күш ретінде бар. Енді біреуге барып тұрған абсурд. Әр халықтың діни сеніміне сәйкес әруақ культі өзгере береді. Виктор Франкл да РУХ жайында кесімді жауап беруді жөн көрмегендіктен, «РУХ» деп зат есім ретінде алғаннан көрі «РУХАНИ» деп сын есім ретінде сипаттауды дұрыс көрген. Сондықтан «рухани болмыс», «рухани сипат», «рухани астары» деген сияқты сын есімдерін қолданады. Себебі жеке-дара субстанцияны ғана зат есім ретінде сипаттаймыз.
Амалдың жоғынан рухани және психофизикалық әсерді ажыратып зерттейміз. Рухани болмыс тіршілікте жеке-дара көрінеді. Мысалы, 2 жасар сәбиге қараңыз. Дастарқанда сәби «шайға қантты өзім салам» деп қасыққа жабысады. Бірақ шекерді сала алмай төгіп, рәсуа қылады. Үлкендер «қантты шашасың» деп қасығын алып, шайына шекерді салса, сәби шалқасынан түседі. «Өзім салмадым» деп шыңғырады. Бұл құбылысты жеке-дара көрініп жатқан рухани болмыс деп қана түсіндіреміз. Әйтпесе, екі жасар ақылы жоқ бала қарсыласуды қайдан біледі? Дұрысы, ол: «Мен бөлек рухпын. Өзім шешем» деген амбициясын білдірді. Рухани болмыс заттық танымнан тыс тұрады. Тұлға ретінде де мінезге бөлінген типтерден даралана алады. Мысалы, фигураның бір фоннан бөлінгені сияқты. Осы жерде философиядағы мынадай қызық еске түседі. 20 жыл бұрын қылмыс жасаған біреу ұсталды делік. Енді оны 20 жыл бұрынғы қылмысы үшін соттау мүмкін бе? Себебі биологиялық тәні түгел ауысты. Барлық клеткасы жаңарды. Қазіргі физикалық тәні 20 жыл бұрын кісіні өлтірген денесі емес. Психофизикасы да өзгерді. Өмірлік көзқарасы, дүниетанымы, талғамы, ойлау жүйесі түгел ауысты. Керек десеңіз, дінін жаңартты. Онда «заң кімді соттайын деп жатыр?» деген сұрақ туады. Франклдың пайымдауынша, сот рухани болмысты соттайды. Адам рухани тұлға ретінде ғана жаза тартады. Тағы бір мысал: әлемнің кейбір елінде орта жастағы адамды 60-70 жылға соттайды. Олар мұнша жыл жазасын өтеп түрмеде отырмайды. Қартайып өліуі мүмкін. Өлген соң мәйітін туыстарына береді. Адам рухани болмыс емес десек, мүрде үкімге сәйкес 60-70 жыл түрмеде жатуы тиіс. Франклдың ойын жалғастырайық. Экзистенция сараптамасы бойынша адамның осы ерекшелігі көзге ұрады. Яғни ол тұтас тұлға болады немесе рухани тұлға және психофизикалық жаратылыс боп екіге жарылады. Болмыс ретінде зерттесең, адам жалғыз жаратылыс. Экзистенция анализіне салсаң ол бірнеше бөліктен құралады. Психотерапиялық мақсатта бізге кісіні бөлшектеп қарастырған тиімді. Неге? Себебі аурудың (болезнь) төркінін тану – бір басқа. Ал оны емдеу – бір басқа. Пациент айыққысы келсе, кеселін өзінен бөліп, оған қашықтан қарасын. Пациентті ауруларымен тұтасып кеткен бір болмыс десек, қабырғаға соғыламыз. Себебі дерттің арғы жағында құпия тұрған рухани тұлғаға жәрдем қолымды соза алмаймын. Бөлмесем, алдымда дерт пен кесел ғана тұрады. Ондайда пешенеге жазғаны осы екен деп қолыңды түсіргеннен басқа амалың қалмайды. Пациентті меланхолик, мания, шизофрения сияқты аурулардың талауына қалдырасыз. Ондай кезде ауру мен адамның болмысы араласып кетеді. Жүйкесі ауруды сәтімен емдеу үшін ноопсихологиялық антагонизмге табан тірейміз. Пациент бір тәннің ішінде тұрып, дертімен дистанция ұстап үйренуі – шешуші фактор!
Нық айтқан себебім: пациенттер осындайды көп айтады. Бүлдірген ісін мінезіне жабады. Сөзіне сенсең, өзінің қатысы жоқ. Бәленің бәрін қасындағы біреу істегендей сенімге тірейді. Мен олардың ақталуына құлақ аспаймын. Сөйтем де, бүлдіргендерін мойнындарына ілемін. Мінез-құлықтың ерекшелігі шешуші фактор емес. Шешуші фактор – адамның тұлғалық позициясы! Рухани тұлға іштегі соңғы инстанция. Мінезі қандай болса да, соңғы қадамды рухани тұлға өзі шешеді. Қорыта айтсақ: бүкіл істі адам шешеді. Шешім тұлғаны мүсіндейді. Тағдырымды жасағанда «мінез-құлық» деген материалмен өзімді сомдаймын. Бойдағы «құрал-сайманмен» не «материалмен» МЕН бола алмаймын. Қалай әрекет етемін, соған сай өзімді мүсіндеймін.
Франклдың «бүкіл істі адам өзі шешеді. Кез келген шешім адамның өзі үшін» деген концепциясын көбіне діни жамағаттар жаратпайды. Олар «Бәрі де Жаратушының қалауымен» деген пандетерминстік көзқарасты жақсы көреді. Бірақ олардың ойын Құран кітабімен тексеруге болады. Киелі кітаптың 14-ші Ибраһим сүресінің 26-шы аятында бүй деп келеді. (мағыналық еркін аударма) «Ақиретте болары болып, бояуы сіңіп, мәселе шешілген соң, Сайтан адамға қарап: «Алла сендерге ақиқатты уәде етті. Бірақ мен де жағаласып уәдені үйіп төктім. Сендерді алдадым. Өтірік уәде бердім. Өздерің ғой сенген. Менің билігім сендерге жүрген емес» дейді». Осы жалғыз аят шешім қабылдайтын рычагтың адам қолында екенін айқындап тұр. Бұл ойды Махатма Гандидің сөзімен түйіндеуге болады. Ол: «Сөйлеген сөзіңе сақ бол, ол ойыңа айналады. Ойыңа сақ бол, сезіміңе айналады. Сезіміңе сақ бол, жүріс-тұрысыңа айналады. Жүріс-тұрысыңа сақ бол, әдетіңе айналады. Әдетіңе сақ бол, құндылығыңа айналады. Құндылығыңа сақ бол, мінезіңе айналады. Мінезіңе сақ бол, тағдырыңа айналады» деген. Франклды ойын қайта сабақтасақ, мынадай қызық тезис бар: амал-қарекет болмыстан туындайды. Бұл тезистің жартысы ғана ақиқат. Екінші жартысы былай болуы тиіс: болмыс амал-қарекеттен туындайды. Мен қандаймын, соған сәйкес әрекет етемін, бірақ мұнымен әңгіме бітпейді. Мен қалай әрекет етіп, қалай шешім қабылдаймын, соған сәйкес өзім де тұлғаланып шығамын. Мысалы, қайырлы істі үзбей істегенде одан міндетті түрде қайырымды тұлға мүсінделеді. Жалпы қайырлы іс-әрекет, табиғатта болмыс ретінде бұрыннан бар. Пенде қайырлы істі үзбей жасағанда, олар болмыс сипатынан шығып, нақты дерекке айналады. Осыдан соң қайырлы қадамның рухани мазмұны ашылады. Жақсылыққа жаны құмар жан істеген адамшылық қарекетіне тоқмейілсімейді. Оны әдетке айналдырады. Әр басқан адами қадамы АЗАМАТТЫҚ ПОЗИЦИЯСЫНА айналады. Бұдан мынадай ой түйеміз: бүгінгі қабылданған шешім мен таңдау, жасалған қадам – ертеңгі күннің мұқтаждығы. Кісінің соматикасы мен психофизикасы қартайып, амал етуге қуаты қалмағанда ноологикалық (рухани) позициясына бекінеді. Ол позиция берік болуы үшін бала күннен қайырлы істі үзбей жасауға мәжбүрміз. Өйтпесек, қарттық бізді жеңеді. Тәніміз әжім басып, қартайып шөгеміз. Мінез-құлық күңгірттенеді. Рухани болмыс хикметтен мақұрым қалады. Сол кезде позиция ғайып болады. Трагедия деген – сол.
ЖАУАПКЕРШІЛІК
Экзистенция анализі «адамды азат болмыс» деп таниды. Бірақ шартты түрде. Себебі бұл «пікірдің» (вердикт) екі түрлі ерекшелігі бар. Біріншісі: адамның еркіндігі бар, бірақ шектеулі. Себебі қалаған заттың бәрін істей алмайды. Құдіреттің дәрежесіндей еркін емес. Екіншісі: ойына не келсе, соны істейтін дәрежеде еркін емес. Қарапайым бір мысал. Адам қарттықпен қалаған шекке дейін күреседі. Онымен арнайы геронтология ғылымы айналысады. Бірақ адам қартаю процесін тоқтатуға ерікті емес. Түбі қарттық жеңеді. Еркіндігі сол кезде шектеледі. Екіншіден, адам еркін болғандықтан ойына не келсе, соны істемейді. Керісінше еркіндігінен айрылып, азаттығын қолдан шығарып алғанда ғана ойына не келсе, соны істейді. Мысалы, арақ пен құмар ойынға салынған адам «Маған ақыл айтпа. Не ішем, қайда барам, кіммен жүрем, ақшамды қалай жаратам, оны өзім білем. Шаруаң болмасын» дейді. Шындығында ол арам тірлікке еркінің жоқтығынан шатылып тұр. Қанша жерден қоям деседе тыйыла алмайды. Оны көзге көрінбес бір объект жетектеп жүргендей. Егер еркіндігін игерсе, ол бәрін тастап, сілкініп шыға келер еді. Дұрысы: адам жауапкершілігін арқалауға не арқаламауға ерікті. Жауапкершілік арқалаған сәтте тағдырдың тізгінін қолға алады. Осы кезде ғана нені істеу, нені істемеу керегін өзі шешеді. Адам еркіндік феноменін арқалауына да, тастап кетуіне де болады. Құмарлығы жеңгенде оны ұйыққа сорғандай жұтады. Көбі өзін ақтау үшін бұл феноменнен ерікті түрде бас тартады. Құмарлыққа шатылған хәлін ақтағысы келіп: «Бұны мен істемедім. Менде ерік болмады. Қайтемін, елдің бәрі солай істеп жатыр» дейді. Невроздың табиғаты осындай сылтаудан құралады. Жеңілген адам «МЕНІ-нен» (рух) бас тартады да, «ОҒАН» (нәпсіге) қызмет етеді. Адами бет-бейнесін айқындайтын экзистенция (көзге көрінбейтін) қасиеттерінен бас тартып, ішім-жем сипатына мойынсынады. Біз басында невротикті «әманда өзгере алатын» болмыс дегенбіз. «ОҒАН» (нәпсіге) жеңілген адам «Барым осы, не дейсің енді? Басқаша бола алмаймын» деп құмарлығына ыңғайланып алады. Өзгеруші қасиетінен ерікті түрде безінеді. Осындайда бір пациентімнің әзілі еске түседі. «Қаламасам, еркіндігімді шектеймін. Қаласам, шылбырын бос қоям», – деген еді. Яғни кей адам жеке мүддесіне тиімді сәтте қалау еркін тұсайды. Мысалы, біреуге жағымпазданғанда, қаржылық пайда түсетін сәттерде діттеген мақсатына жеткенге дейін тәуліктеп тамақ ішпей, бірнеше түнді ұйқысыз өткеруі мүмкін. Одан бөлек құмар ойнайтындар казинода немесе карта ойнағанда екі-үш тәулік ұйықтамай отырады. Мақсатына жеткен соң ондай адам доңыз сияқты балшыққа аунап жатуы мүмкін. Невротик неврозға шалдыққаны үшін кінәлі емес. Сыртқы фактордың әсерінен жүйкесін бұзуы мүмкін. Бірақ невроздан өзін емдеуге, оны реттеуге жауапты. Осы тұста еркіндік феномені көрінеді. Қаласа, аурудан емделіп жазылады, қаламаса, сол күйі жүре береді. Экзистенция анализі адамды азат деп қана емес, жауапты деп те таниды. Осы тұста экзистенция философиясымен (анығырақ айтсақ, француз экзистенциализмінен) экзистенция анализінің ерекшелегі анық көрінеді. «Адам не үшін жауапкершілік арқалайды?» деген сұрақ туады. Экзистенция анализі оған «Адам өмірден Мән тауып, құндылықты жайнауға жауапты» дейді. Яғни адам өмірін нақты Мәнге бағыттап, құндылыққа ұмтылады. Оларды игеріп, мәдени туынды етіп қоғамына сіңіреді. Ал дәстүрлі психоаналитика бұл пікірмен келіспейді. Олар «Пендені құмарлық қоздырады, сосын рақатқа ұмтылады» дейді. Динамикалық-аналитиканың «теориясы» бойынша «Адам – құмарлықтың басқаруымен жүріп, рақатын қанағаттандыратын тіршілік иесі». Яғни адам жан қалауын орындауға ерікті, бірақ жауапкершілік арқаламайды. Бұл теория «адам бәрін өзі шешеді» деген логотерапия идеясымен қабыспайды. Олардың айтысынша, «ОЛ» (Ид немесе нәпсіқұмарлық) және «ЖОҒАРҒЫ МЕН» (супер эго) адамды екі жақтан тартқылап, амалсыз әрекеттерге түсіреді. Оларды тыңдасаң, адам ұдайы «ОЛ» мен «ЖОҒАРҒЫ МЕН-нің» қалауын ғана қанағаттандырумен қарбалас жүрген мақұлық сияқты. «Егер «ЖОҒАРҒЫ МЕН-нің» орнын ар-ұятпен ауыстырсаң да, одан ештеңе өзгермейді» дейді. Біріншіден, соңғы кезде психоаналитикалық бағыттағы зерттеушілер (Фредерик Вайс, Григори Цилбоорг) ар-ұят пен «ЖОҒАРҒЫ МЕН» бір-біріне парапар емес деген тұжырымға келді. Екіншіден, адам ілкіден ар-ұяттың талабын қанағаттандыруға ұмтылмайды. Егер Мән болмаса, ар-ұяты мен «ЖОҒАРҒЫ МЕННІҢ» «сотынан» құтылу үшін де әрекет жасамайды. Бұдан мынадай ой түйеміз. Адамда ар-ұят феномені бар десек, оның міндетін білуге тиіспіз. Ар-ұят мазасыз хәлден құтылып, тынышталу үшін тырыспайды. Дұрысы: адамшылық ұстанғанда арын таза ұстау үшін емес, бір адам үшін не қайырымды іс үшін ғана солай жасайды. Яғни кіршіксіз ар-ұят оның таза болмысынан тумайды. Керісінше, қайырымды қадамдар жасағанда ар-ұяты тазарады. Мәселен, ел ішінде абыройсыздау боп жүрген бір әйел күтпеген жерден қайырымды іске мұрындық болуы мүмкін. Егер іс сәтімен бітсе, оның абыройы асқақтап шыға келеді. Франклдың ойымен келіспеске шараң жоқ. Мұсылман жұртында пайғамбар айтты деп келетін мынадай ғибратты хадис бар. Бір шаһарда ары былғанған жезөкше болыпты. Жұрт оны жек көретін. Бір күні ол далада келе жатып, су ішпекке құдыққа бет бұрады. Құдық басында бір қаңғыбас ит шөлден қаталап өлгелі жатады. Итке жаны ашиды. Мәсісін шешіп, арқанға байлап құдықтан су алады. Суды кебісіне құйып итке береді. Ит шөлін қандырып, тірі қалады. Осы қылығы Құдайға жаққандықтан Тәңірі бүкіл күнәсін кешіп, жәннатына кіргізген екен дейді. Егер «адамшылық тек ары таза жаннан шығады» десек жезөкшенің итке жаны ашымас еді. Оған су әпермес еді. Керісінше ит екеш итке де шапағат қылғанда былғанған ары тазарды. Тәңірдің дәргейіне лайықты пенде боп өзгерді. Франкл ойын әрі былайша сабақтайды. Әлбетте, «Ары тазаның ұйқысы тыныш» деген мақал бар. Бұл белгілі бір дәрежеде дұрыс. Бірақ бір нәрседен сақ болуға тиіспіз. Адамгершілік моральдан ұйқы шақыратын дәрі (снотворное) жасауға болмайды. Сол сияқты этикадан да бальзам жасаудың керегі жоқ. Жан тыныштығы мақсат емес. Тыныштық – біздің адами ісіміз бен қайырлы қадамның жемісі. Қиянатқа бармай, ізгі амалды қапысыз атқарсаң, жан тыныштығы кеудеңе өзі орнығады. Бұның өмірдегі мысалы былай: қоғамда, ұжымда, ағайын арасында ар-ұят кодексі мен этика талабын бұлжытпай орындайтын жандар бар. Олар бастығын, әріптесін, тума-туысын туған күнде құттықтап, мерекеде хәлін сұрап тұруды мүлт жібермейді. Қаза шыққан жерде көңіл айту мәдениетін мінсіз атқарады. Қонаққа барғанда гүл, шоколад апару этикасынан да сүрінбейді. Мұндай жанның шынымен де ары таза, жандүниесі тыныш болады. Ортасында абыройлы келеді. Бірақ бір нәрсе тасада қалады. Ондайлар ірі қадам жасауға тәуекел етпейді. Этика нормаларының ішінде стандартты өмір кешіп жүре береді. Дінге сенуші жамағатта мұндай типтер жиі ұшырасады. Олар ғибадатына, дін этикасына берік. Құлшылығын қаза кетірмейді. Апталық мінажаттан қалмайды. Садақа-зекетті уақытында береді. Олардың да ары таза, ұйқысы тыныш. Бірақ жалпы адамзат жолында ерлік істерге, нормадан тыс қайырлы қадамдарға тәуекел етпейді. Этика мен моральдан ұйықтататын дәрі жасап алған деп осындай типтерді атайды. Франкл меңзеген ойды Сағдидың қанатты сөзі ашықтай түседі: «Күллі адам баласы – бір ғана организм. Әр адам – оның бір-бір клеткасы. Организмде бір клетка кеселге (рак) шалдықса, бүкіл дене зардап шегеді. Сол сияқты әлемнің кез келген бұрышында бір адам бәлеге ұрынып, қайғы-қасірет шексе, сенің де жан-дүниең қақсауы керек. Жан-жүрегің сол пенде үшін қайғы жұтпаса, оллаһи сен адам емессің». Франкл былай дейді. Кей оппоненттерім логотерапияны «индивидуалды психологияның» принциптерін қайталайды деп айыптайды. Жауапкершілікті қозғай береді деп наразы. Оларға Адлердің психологиясы мен логотерапияның бөлінетін тұсын талай айттым. 1. Адлер бойынша невротик өз кеселінің симптомына жауапты. Яғни кеселдің жанға жиналуына жол бергені үшін өзі кінәлі. 2. Логотерапия бойынша пациент кеселіне емес, ауруына деген позициясы үшін жауапты. Ол жанға жабысқан жағымсыз дертіне позиция ұстануға міндетті. Бұны былай түсіндіреміз: ауылдан қалаға бір студент келді делік. Ауылда жарытып білім алмады. Қаладағы құрдастары өнер-білімнің қай саласында да одан оқ бойы озық екен. Ол өнер-білім өркениетінен шет қалғанын көріп, жанжүйкесі мазасызданады. Бұл – невроздың бір түрі. Адлерше неврозға кінәлі – баланың өзі. Ауылда қалай да білімін жетілдіріп, қатарынан қалмауы керек еді. Яғни оның әлеуметтік жағдайы есепке алынбайды. Франкл бойынша студент неврозына позициясын өзгертуге жауапты. Ол салын суға жібермей, білімін жетілдіріп, қатарын қуып жетудің жолын іздеуі керек. Өмірде байқағандай позициясын шұғыл өзгертуге қабілетті жандар әманда қатарынан қалмайды, ешкімге есесін жібермейді. Азат адам еркімен шешім қабылдайды. Осы тұста тағы да дәстүрлі экзистенция концепциясынан бөлінеміз. Ол концепция бойынша адам жай ғана азат болмыс еді. Бірақ мынадай сұрақтарға жауап бермейтін: «Адам не үшін азат?», «Не үшін еркіндік берілген?» Егер адам бір шешім қабылдаса, мынадай сұрақтар туады: «Бұл шешімді не үшін қабылдады?», «Шешім кімнің пайдасына шешіледі?» Яғни адам шешімді құндылықтар мен объективті Мән үшін қабылдайды. Мінсіз жаралған ғажайып ғаламды таңдайды. Бұдан да қарапайым етсек, «18 мың ғаламмен біргесің бе, бөлексің бе?» деген сұрақпен бетпе-бет келесің. Егер «18 мың ғаламмен біргемін» десек, күллі адамзатпен, тіршілік иелерімен, жабайы табиғатпен сұлу гармонияда өмір сүруге міндеттіміз. Франклдің ойынан мына нәрсені түюге болады. Бір адам қоғам алдында, яки Құдай алдында жауапкершілік арқаласа, бүкіл 18 мың ғаламның амандығы үшін де жауапты сезінсін. Оның жауапкершілігі ұсақ-түйек нәрседен де көрінеді. Босаған баклашканы көшеге лақтыру, сағызды асфальтқа түкіру, полиэтеллен пакеттерді шашу, көрінген жерге қоқыс төгу сияқты әдеттен өзін тежейді.
Адам не үшін жауапкершілік арқалайды?
Антропологияның осал тұсы адамды зерттегенде тек психодинамикалық және психогенетикалық тараптан түсіндіреді. «Адам құндылыққа емес, рақат пен қызыққа ұмтылады» деген идеяны аксиома етіп бекітті. Бірақ құмарлық принципі бұл аксиоманы жоққа шығарады. Франклдың ойы түсінікті болу үшін мына мысалды береміз. Бір жігіт банктен қаржы алып, мал бизнесімен айналысты делік. Жастық шағының 10-15 жылы тәжірибе жинауға кетті. Мал саласына маманданып болғанда кәсібі зейнетін береді. Банктің қарызын өтейді. Есесіне қорасында малы, бойында тәжірибесі мен өнері қалады. Қарызға батып, жастық шағын шаруамен өткізгені өзін ақтады. Ол нәтижеге жетті. Енді осы қалыпқа рақаттану принципін салайық. Құмарлыққа салынып, рақат қуалау да жастық шақты, қаржылық шығынды, уақытты талап етеді. Енді сұрақ: осынша шығын шеккен жас жігіт қартайғанда одан не пайда алады? Жауабы белгілі. Ешқандай. Қартаю процесі рақат пен құмардан қиып тастайды. Желік пен қызықтың жолы жабылады. Қазақша мұны «сәтсіз қартаю» деп атайды. Сәтсіз қартайған адамның біреуге салмақ салып, масыл болудан басқа шарасы жоқ. Ал құндылыққа қызыққан жігіт салихалы қартқа айналады. Хикмет кеудесі қазынаға толады. Енді антропологияның аксиомасы бойынша екінші жігіт өмірін құмарлыққа арнап еді, баянды бақытқа жете алмады. Франклға ораламыз. Құмарлық пен рақатты қабылдаған пенде қолдан бір зат жасап шығарады. Мысалы, есірткі түрлері. Оны ғылымда гиперрефлексия немесе күшейтілген рефлексияның объектісі дейді. Мидағы эйфория иірімдерін қолдан қоздырады. Яғни нашақор есірткі тудырушы рақатты объекті (мақсат) етіп алады. Негізінде эйфория мақсат емес, нәтиже болуы тиіс еді. Бір мақсатқа жеткенде тәтті сезімге бөленіп, рақаттың құшағына батасыз. Рақатты көздегенде адам күйрейді. Құмарлық принципі өзінің басын өзі жұтады. Пенде құмарлықты қуған сайын, ол құйрығын сипатып сусып отырады. Қызықты қуалап, мехнаттан қашқан сайын кісінің бағы тайып, батпақтай береді. Қашқысы келген қайғысы өзін алдына салып тырқыратып қуалайды. Франклдың ойын Мәулана Румидің хикаясымен көркем түрде түсіндіруге болады. Бағдатта жылан аулағыш бір жігіт бар еді. Бірде айдаһар аулауға тауға барды. Қар басқан шыңдардан мұз боп қатқан алып айдаһарды көрді. Қорқыныштан жүрегі аузына тығылды. Сойылмен түртіп көріп еді, «тоқ» еткен дыбыс шықты. «Е, бейшара үсіп өлген екен ғой» деп ойлады. Айдаһар «өліп» жатса да, тұрпаты сұсты еді. «Мынаны қалаға апарып, жұртты таңғалдырып қызыққа батайын. Бәлкім, ақшаға көрсетіп, пайда табармын» деген ой келді. Айдаһарды арқанмен байлады да, домалатып таудан алып түсті. Түрін көрсетпей шүберекпен жауып қойды. Қаланың орталық алаңына әкеп: «Оу, халайық, мына айдаһарды өлтіріп алып келдім. Оңайға түскен жоқ. Өзім де жарақат алып, зардап шектім», – деп соғып жіберді. Бірақ айдаһар тірі еді. Ол мұз боп қатып, қалың ұйқыда жатқан. Аңшы оны байқамады. Жұрт қызық көреміз деп базарға ағылды. Бірін бірі ығыстырып, айдаһарға жақындай түсті. Ол кезде айуан әлі байлаулы жатқан. Бірақ Бағдаттың аптап ыстығы жер-көкті қыздырып, апшыларын қуырып бара жатты. Аңшы арқанды шешіп, айдаһарды түгел көрсетеді деп шыдамсыздана тосып тұрды. Ауарайы ысыған сайын жыланның да мұзы еріп, денесі жылып, сүйектері қыза бастады. Кәдімгідей тіріліп, көздері жылт-жылт етіп, құйрығының ұшы жыбырлады. Кенет қарны ашқаны есіне түсті. Күшін жиған айдаһар ақырып кеп қалғанда, арқан бырт-бырт үзіліп түсті. Елдің зәресі ұшты. Әйелдер шыңғырып, балалар жанұшыра айғайлап қаша бастады. Жыланға жақын тұрғандар қашарға тесік таппай тыпырлады да қалды. Есі кеткен ел бірін бірі таптап, жапырылып шегіне берді. Халықтың дені қашып үлгермеді. Көбі қысылып, дем жетпей тапталып өлді. Әп-сәтте өлік қырман боп үйілді. Қаһарына мінген айдаһар тірісін тірідей, өлісін өлідей жұта берді. Сонда ғана аңшы не бүлдіргенін ұқты. «Ойбай-ау, айдаһар емес, албастының өзін әкеппін ау!» – деп ойбайлап қоя берді. Бәрі кеш еді. Орны толмас өкініш деген осы болар, сірә! Айдаһар оны құйрығымен бір-ақ ұрып жалп еткізді. Сөйтті де, тірідей қылғытып салды. Аңшының қылығы да, қызығы да осымен тамам болды. P.S.: Адамның құмарлығы айдаһардан аумайды. Сұм нәпсіңнің өлгенін қашан көрдің? Құмарлық жоқтық пен мұқтаждықтың себебінен ғана уақытша бұғып жатады. Суықта мұз боп қатқан айдаһар сияқты өтірік өледі. Кезінде Перғауын солай Құдай болып құтырған. Нілді теріс ағызып есірген. Сөйтіп талай Мұсалар мен Харундардың қанын ішкен. Әй, есті азамат, сөзіме құлағың сал. Қапы қалма! Құмарлықты баптама. Жағдайын жасама. Жылы жұмсақ беріп семіртпе. Дегенін істеп есіртпе. Ырқына жібермей сақ отыр. Құмарлығың қатаң бақылауда қалғып жатсын. Егер оны босатсаң, өзіңнің басыңды жалмайды.
Құмарлық пен құндылық
Пенденің негізгі объект етіп құмарлықты алуына не түрткі? Жауабы: интенционалды қабілет мұқалғанда құмарлықтың араны ашылады. Асыл мұраты мен биік мақсатын тәрік еткен пенде құмарлықты тойдыра алмайды. Аналитикалық психологизмнің зиян-зақыметіне үңіліңіз. Бұл сала шабыт сыйлаушы объектілерді қиратады. Ішкі әлемдегі объектіні қарапайым субъектіге айналдырады. Мысалы, біреудің қол жетпес арман-қиялы болады. Әдетте бүлдіршіннің бәрі өскенде президент болам, елді әділдікпен басқарам, дәрігер боп жұртты емдеймін деп армандайды. Аналитикалық психологизм баланың осы арманын балалық қиялға балап, жоқ қылады. «Әділ патша ертегіде болады», «Өмірдегі басты мақсат – ақша», «Дәрігер болсаң, көп ақша табасың», «Ақшаң болса, жақсы өмір сүресің» деген стеротиптерді санаға құяды. Осылайша объективті арман көзбен көріп, қолмен ұстайтын субъектіге айналады. Өмірден жалығу осыдан басталады. Франклдың ойын Лев Толстой да аңғарған. Ол «Жастарға өсиет» деген хатында бүй деп өсиет қалдырады. «Балалықпен қоштасқан соң санадa «Мен кіммін? Бұл өмірде не істеп жүрмін? Не үшін жаралдым? – деген сұрақтар пайда болады. Оның жауабын таба аларыңа сенімді бол! Даналардың жауабы жұрттың пікірімен сәйкес келмесе, одан шошыма. Пікір қайшылығынан қорқуға болмайды. Қайшылықтың ұлғаюы, сенің Құдай сипаттас рухыңның ояна бастағанының айқын белгісі. Бір-біріне қайшы пікірдің астарында өмірдің шын мағынасы көмулі. 15 жасымда мені де осы сұрақтар мазалады. Бірақ өз бетімше жауап іздеуге қаймыққам. Ел-жұрттың қайталай беретін қате пікірін еріксіз қабылдадым. Осы қателіктің азабы ұзаққа созылды. Өскелең жас, жұрт өздері түсінбесе де, сендерге таңып сөйлейтін пікіріне мән берме. Өмірдің мәнін шынайы ашып түсінуге тырыс. «Бұл талпынысың жас адам бойындағы орындалмайтын арман, құлшыныс» деп дәлелсіз сөйлейтіндерге құлақ аспа. Жандүниеңде Құдай сипаттас сезімдер алғаш оянғанда, оның қаншалықты маңызды екенін терең сезін. Осы Ұлы сезімнің жалынын сөндіруге жол берме. Жастық шақтың күш-қуатын пайдаланып, бұл шоқтың өршіп жануына бар жігеріңді сал. Дәл осы рух сәулесінің күш алып, алаулап жануына барша адамның ұлы қуанышы мен бақыты байланған».
Қол жетпес объектілер ғайып болғанда, адам заттанады. Аналитикалық психологизм адамзат алдында екі мәселе бойынша күнәкар саналады. Біріншісі: субъектінің, яғни жеке адамның алдында күнәкар. Одан рухани құндылыққа ұмтылмайтын, ішіп-жеп, сауық-сайран салатын мағынасыз мақұлық жасайды. Адамды айуанмен теңестіреді. Екіншісі: рухани объектілер немесе объективті құндылықтар алдына күнәкар. Тәңірден бастап барлық киелі ұғымдарды, қастерлі дүниелерді жай ғана сансыз субъектінің қатарына қосады.
Франклдың ойын қазақша форматқа салсақ былай: Құдайды қарғама, әулиеге тіл тигізбе, әруақпен ойнама, ұстазбен ұстаспа, ата-анаңа сөз қайтарма, аққуды атпа, ақты төкпе, дастарқанды баспа, қыз балаға қол көтерме, діні бөтенді сөкпе, малды теппе, көкті жұлма сияқты ырымдар мен тыйымдардың объективті мәнін (киелі мәнін) жояды. Оларды ескінің қалдығы, сарқыншағы, ойдан шығарылған деп субъективті форматқа түсіреді. Түп негізді танытпаудың кесірінен адами болмыс бұрмаланып, құнсыз затқа айналады. Психоаналитиканың кесірінен тығырыққа тірелген мына адамның мысалына қараңыз. Бұл – болған оқиға. АҚШ-тың бір дипломаты бізден жәрдем сұрап келді. Нью-Йорктегі бір психоаналитикте бақандай бес жыл емделіпті. Өзіне көңілі толмай, жұмыста көңілкүйі бұзылған. Ақырында «Мына жұмысты тастап, өндіріс саласына ауыссам ба?» деген ойға беріледі. Кеңес сұрау үшін психоаналитикке барады. Сөз арасында әкесімен жиі келіспей қалатынын айтады. Аналитик «Бүкіл проблема әкеңмен түсініспеуден туындады» деп диагноз қояды. Қалай да әкесімен жарастыруға тырысады. «Басшылық қамқор әкедей нәрсе ғой. Шефке деген негатив әкеңмен арадағы ұрыстан шығады. Әкеңмен жарассаң, басшылықпен де жақсы боласың. Жұмыс та жағымды болады», – деп қайталай берген. Бірақ одан жарасып кеткен әке мен бала жоқ. Бір қызығы: аналитик дипломатты бес жыл емдегенде бірде бір рет «Шефіңді жек көретіндей нақты факті бар ма? Ол саған не істеп қойды?» немесе «Бәлкім, жұмысыңды тастап, өзіңді басқа салада сынап көрерсің?» деген сұрақтарды қоймаған. Проблеманы тұлғадан емес, сырттан іздеген. Қайтсек те әкемен арадағы жанжалды реттеп, басшылықпен жақсы боламыз деген сарынмен ойдағы образдармен шайқасып жүре берген. Екеуі де соған сенген. Бейне бір елдің бәрі жұмысына «арғымақ ат» мініп бару керек сияқты түсінікке ұрынған. Дипломаттың өмірде бұдан басқа орындайтын борыш, міндеттерін іздеудің орнына, жағымсыз болған жұмысынан айырмауға жанын салған. Жағдайды реттемей әкесінің образымен ойша алысып, уақыт өлтірген. Қанша күтсе де, ойдағы образдың арғы жағынан ешқандай шындық көрінбеген. Пациент те, аналитик те кіммен, не үшін күресіп жүргендерін өздері де ұмытып қалған. Расында да солай. Дипломаттың мазасының бұзылуына басшылық та, қызмет те, әке де кедергі емес. Мазасыз толқын басқа тараптан туған. Пациентті экзистенция талабы мен шешілмеген жұмбақтар мазалаған. Өмірдің мәнісі ашылмаған соң жандағы шиеленіс күрделенген. Дәрігер пациентті өзінтану әлеміне жетелеудің орнына, одан сайын адастырған. «Проблеманың басы – әкеңмен арадағы жанжал» деп отыра берген. Бұл түйінге тісті салмай, саусақпен-ақ шешуге болушы еді. Дипломатиялық карьера Мәнге табиғи талпынысын басқа тарапқа бұрған. Шыбын жанның шырқырауы осы қате қиылыстан басталған. Дәрігер: «Барлық проблема Мәнге сағыныштан басталды», – десе, бәрі де оңалады. Ескі дау да көпке созылмай сәтімен шешімін табар еді. Дипломаттың бойындағы ноодинамиканы мынадай қазақша нақылмен тез түсінуге болады:
Қатын қалса, бай табар.
Бала қалса, мал табар.
Шырылдаған шыбын жан
Қайда барып жай табар?
Тағы да қайталаймыз. Бұл – қауіпті үрдіс. Егер дәл осылай объектінің бәрін субъектіге айналдырып, құндылықтың бәрін «салыстырмалы нәрсе ғой» деп күйрете берсе, бұ дүниеде құнды зат қалмайды. Әлемге сән беріп тұрған рухани рельеф ғайып болады. Адамдар кие тұтып, төбесіне тұтатын барлық мәдени һәм рухани мұралар аяқ астында тапталып қала бермек.
Сәт пен сергектік
Бүкіл проблеманы психодинамика мен психогенетикадан тарқату құндылық проблемасын шешпейді. Керісінше рухани мұраңды салыстырмалы өлшемге салып, бәрін теңестіріп, ізім-ғайым жоқ қылады. Мынадай сұрақ туады: «Рухани мұра кімге керек? Кім құндылықты жоқтап жүрген?» Біздіңше, жауабы былай: рухани құндылық РУХАНИ ТҰЛҒАҒА керек. Рухани тұлға ғана оны қадірлейді. Кие тұтып, керегіне жаратады. Оларды өндірген Рухани тұлғалар еді. Рухты жоқ деп танитын био-психофизикалық аналитиктер не себепті рухани құндылықты жоқтауы керек? Сондықтан ноологика, ноопсихология, ноодинамика жоқ жерде рухани құндылықтың керекке жарап, құлпыруы екіталай.
Франклдың ойын тағы да Шәкәріммен оңай ұғынуға болады.
Айуанға ақыл сатамын деп
Алдандым мен ақымақ.
Бірі шөп, бірі жемтік жеп,
Кетті алтынды таптап.
Психодинамика деген – мынау: адам жанындағы кез келген құбылысты, лапылдаған сезімді құмарлықпен (нәпсіқұмарлық) байланыстырады. Бәрін соған тірейді. Ал психогенетика барлық проблеманы құмарлықтың тарихынан таратады. Жан-дүниеңдегі алай-дүлей күштерді «өткен-кеткен» оқиғамен өріп шығарады. Осының кесірінен құндылықтар субъектіленіп, саудасы бітеді. Кез келген рухани құндылық қор болып, қоқысқа тасталады. Құнды мен құнсыз да салыстырылып, екеуін бір деңгейге түсіру де солай. Елдің бәрі оларды күмәнсіз құнды деп танымайды. Ғажайып рухани туынды көрсе де: «Бұл сен үшін ғана құнды шығар» деп селт етпейді. Адамның мақсат-мұратына жетіп, содан табатын рухани рақатын «жай ғана қажеттілігін өтеуі» дейді. Шындығында бәрі керісінше. Дәл сол мұқтаждық кісіге бағыт-бағдар беріп, объектілер әлеміне өткізеді. Объектілерді терең танып, сырларына қаныққан сайын субъектінің өзі де ортақ бір үйлесімге түседі. Біздің ойымыз қате делік. Сонда «Адамның кез келген іс-әрекеті – жеме-жемге келгенде қарақан басындағы миллион мұқтаждығының біреуін қанағаттандыру» деген дұрыс бола ма? «Бүкіл күрес субъектінің қанағатына қызмет етеді» десе, барлық амалың өзіңді тояттандыру актісіне айналады. Осы ма адамның өмірі?! Біздіңше, бұл концепция қате! Олай емес. «Өзіңді жүзеге асыр» деген ұрандар адамды қалай қызықтырады, иә?! Осындай ұранды естісем, адам өмірге мұқтаждығын өтеп, не қаласа, соның бәрін құшуға, құшақтауға, дәмін татуға, рақатын армансыз сезінуге келген сияқты көрінеді. Иә, рас. Өзіңді жүзеге асыру – адам болмысы үшін қажетті динамика. Бірақ олар интенцияға жатпайды. Ақылды кісі оларды мақсат етпейді. Қызықты қуаламайды. Себебі адамның табиғатына қайшы. Ондай динамика адамның бойында жоқ. Санап тауыса алмай отырған ана рақаттары мен қызықтары басқаша сипатта болуы тиіс. Құрмет, атақ, абырой, мал, дәулет сияқты нығметтер тұлғаны өзі іздеп табуы тиіс. Нағыз тұлға мақсатына жетіп, Мән тапқанда бұл нығметтер көктен жауған күмістей сау етіп құйылуы керек. Жеке мүддемізді ұмытқан сайын, барымызды біреуге арнаған сайын, өмірдің талабы мен жұмбағын табу жолында өзімізді құрбандыққа шалған сайын, екі дүниенің бақытына бөленеміз. Құдайға шүкір, өмір жұмбақ пен сырға толы. Қозып тұрған құмарлықтың қалауын өтеместен, сырт әлемдегі сырларды шешіп, тыстағы әлемді танып, онда жасырылған Мән мен мағынаны тауып, кеудемізді хикметпен толтырған сайын адами дамып, кемеңгер тұлғаға айналамыз.
Франклдың ойын Яссауидің хикметтері арқылы оңай түсінеміз.
Ей, сопы, талап қылсаң Хақ дидарын,
Жаннан кеш, алқа ішінде жан қинағын.
Алла үшін тәрік болсын бар жиғаның,
Талап қыл түн ұйқыңды өшсін мұңдар.
Франклдың «Өмірдің сенен не талап етіп тұрғанын дәл аңда. Әр сәтте сергек отыр. Мәнді жіберіп алма. Өзіңді құрбан қыл. Субъективті мүддеңнен бас тарт. Басқаның өмірі үшін күрес» деген ойларын жазушы Ырысбек Дәбейдің «Талон мен бүйрек» деген әңгімесі арқылы береміз. Әңгіме болған оқиғаға құрылған. Ораза айы. Шыжыған күннің алауы қайтып, кеш кірген мезетте қаланың қақ ортасындағы мешіт табалдырығын аттадым. Ауызашарға талон таратын жігіттердің маңайы қара нөпір. Босағада тұрған екі жігіт «Талон жоқ, бітіп қалды» деп қанша қайталаса да, үймелеген жұрт айналсоқтап, кетпей тұр. Түс мезгілінде басшылар «Мешіттің бас имамынан Ораза айының қадір-қасиеті туралы газетке шағын сұхбат ал» деп жұмсаған еді. Жұмысым бітіп, қайтайын деп тұрғанда имам ораза тұтқан-тұтпағанымды сұрады. Біраз жылдан бері ауыз бекітіп жүргенімді айтып ем, ол көмекшілерін шақырып: «Мына жігітке талон беріңдер. Кешке ауыз ашсын», – деді. Әйелім Алматыға кетіп, сәресі мен кешкі ауызашарға ас дайындау шынымен де қиын боп жүрген. Газеттің отымен кіріп, күлімен шығып, кешке пәтерге келгенде сілелеп құлайтынмын. Имамның ұсынысына келісе кеттім. Талонды қалтама басып, жұмысқа тайдым. Газеттің жұмысы онымен бітсін бе, жиналыс жасағыш мекемелердің бір-екеуіне бас сұғып, тілім салақтап келіп тұрған бетім осы. Мешітке жиналған жамағатпен ақшам намазын өтеп, ауызашарға берілетін асқа жұртпен бірге кезекке тұрдым. Ақырға үймелеген жемқор табындай бір-бірімізді ығыстырып, өлдім-талдым дегенде ас үлестірген әйелдердің жанына таядым. Алдымдағы жігіт бірнеше ойығы бар темір тәрелкесін әйелдерге ұсынды. «Талоныңыз қайда? Талонсыз тамақ берілмейді», – деді тәрелкесін кері қайтарған ас үлестіруші. «Жұмыстан келген бетім осы. Талон алуға үлгермедім, бітіп қалыпты», – деді жас жігіт жарылған ернін жалап. Күнге күйген өңі тотығып, қалжырағаны түрінен көрініп тұр. «Бере салсаңызшы енді, бағанадан бері кезекте тұрмын ғой», – деді жігіт жалынып. «Сен не, қазақша түсінбейсің бе? Айттым ғой, талонсыз тамақ берілмейді. Алдымен талоны барлар алып алсын, тамақ асып жатса, сосын көреміз», – деді әйел жігітті жақтырмай. Артқы жақта кезекте тұрғандар асықтырып, күбір-сыбыр күшейе бастады. Сол аралықта кезекші милиция да келіп қалды. Жігіт оған да өтінішін айтып еді: «Бауырым, тәртіп сақтайық. Талоны барлар тамағын алып болсын, сосын көресің», – деді. «Бейшараның қарны ашып, қаталап тұрған шығар. Шыжыған ыстықта қара жұмыс істеп жүріп (қара жұмыстан келгені көрініп тұр) несіне ауыз бекітеді екен? Талонды осыған бере салсам ба?» деген ой басыма сап ете қалып еді, тамақтың хош иісі мен ішімнің қайта-қайта шұрылдағаны ойымнан ілезде айнытты. «Мүмкін соңын ала нәпақасы бұйырар» дедім де тәрелкемді ас құюшыға ұсындым. Милиция жігітті жетелеп, шетке шығарды. Арғы жаққа ел қонып, жай күні қадірін білінбес қара суды қанып ішкен соң әлгі жігіт есіме түсті. «Не болды екен? Тамақ ішті ме? Талонымды соған неге бере салмадым? Су ішсем де бірдеңе қып амалдауға болар еді» деп ойлаған сайын берекем қашып, мазам кетті. Жұрт асын ішіп, жан-жаққа тарап кетті. Құтпанның азанын шақырғанда барып, тапжылмай отырған орнымнан тұрдым. Аяғым зілдей боп, адымым аштырмайды... Азапты ойды біраз уақыт арқалап жүріп, ақыры одан да арылғанмын. Астанасы да жайында қап, бір-ақ күнде «Алматым қайдасың» деп тартып кеткем. Арада бес-алты ай өткенде батысты бетке алып, жүйткіген пойыз солқ етіп, Шымкент шаһарына тоқтағанда сол жігіт тосыннан есіме түсті...
– Ассалаумағалайкум! Қош келіпсіздер Шымкентке.
– Уағалайкумассалам. Қош көрдік.
Шымкент вокзалында жолыққан бұл жігіт сапарласымның танысы болса керек, төс қағысып, амандасып жатыр.
– Ей, сен хабарсыз кеттің ғой. Қалай жағдайың?
– Шүкір, аға. Шымкентте тұрып жатырмыз. Ақтөбеден қонақтар кеп, соларды шығарып сап тұрған бетім. Қызық болды ғой, сізді жолықтырғаным.
– Иә, «Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» деген. Қанша уақыт болды, сені көрмегелі. Танысып қой, мына жігіт – Құттыбек. Журналист, ақын. Жігіт пен қайта қол алыстым. Сапарласым әңгімені әрі жалғады.
– Үйлендің бе? Қанша балаң бар?
– Иә, бес-алты жыл болды. Бір бала.
– Неге бір-ақ бала? Жас емессіңдер ме, сендерге топырлату керек қой.
– Ой, аға! Денсаулық болса, топырлатар едік...
– Денсаулыққа не боп қалды?
– Ағам ауырды. Екі бүйрегі бірдей істен шықты. Қарап тұрып өлтіретін емес, бір бүйрегімді бердім.
Жігіттің бетіне жалт қарадым. Сабырлы кейпінен жазбайды. Ішімді от шарпып өткендей болды. Сапарласым:
– Виктор Франкл деген ғалым: «Өмірдің мәні – өзгеге қуаныш сыйлау. Өмір жолында саған серік болған адамды қуанту. Оның көңіл күйін шаттық сезімге толтыру. Жұртқа риясыз қызмет етіп, өзіңді де, өзгені да шаттыққа бөлеу», – дейді екен. Қалай, қазір өзіңді жеп-жеңіл жер басып жүргендей сезінетін шығарсың, – деді.
– Иә, Құдайға шүкір, ағамның да жағдайы жаман емес. Соған қуанамын, – деп жігіт сәл жымиды...
Бұл кезде бізді күтіп алуға келген кісіміз де келді. Ауыр басып, вокзалдан шықтым.
Өзімнен тау тұлға сомдағым келсе, борышымды жүзеге асыруым керек. Тобырға жұтылмай, бұ дүниеден дара болмыс сипатында шыққым келсе, тағдырдың талабы мен тапсырмасын орындауға міндеттімін. Өзіңді тапқың келсе, өзіңе оралатын тіке жол жоқ. Сыртқы әлемді басып өтіп қана өзіңе ораласың. мәнсіз, мақсатсыз, мұратсыз, мағынасыз, хикметсіз өмір сүрген адам нәтижеге жетпейді. Мәнді дәл танығанның өзінде трансцендентті қабілетті іске қосып, жаннан кешіп, сыртқы әлемге шарықтап шықпаса, бұл өмірден құр қайтады.
Франклды түсіну үшін тағы да Яссауиді тыңдап көріңізші. Трансцендетті құбылысты қалай әсерлі жеткізеді.
Уа, дариға, өтті өмірім біле алмадым,
Жаннан кешіп, құзірет жаққа бара алмадым,
Нәпсіден кешіп, Хақ әмірін қыла алмадым,
Өліп барсам, қасірет маған жетер, достар.
Түрлі идеяны жинап амал-әрекет етпей, от басы, ошақ қасында қадірсіз хәлде қалып кететін адам жетерлік. Осының бәрі – етек-жеңді түріп, тәуекелге бел байламағанның кесірі. «Амалмен жүзеге аспаған хикметті сөз, қарызға алынған қамқа тон сияқты. Иесіне қайтарып бересің. Солай деп біл!» деген Румидің сөзі еске түседі. Интенционалды күш, яғни бір мақсатқа тәуекел етіп талпыну – адамға тән. Ал трансценденттілік – Мән мен Құндылыққа тән!
Ғапыл адам мақтануға үйір болады. Олар үшін бір сәттік эффекті Өмірдің мәні сияқты. Пенденің өзін ғана көріп, басқа әлеммен ісі болмауы, жеке қызығы мен құмарлығын қызғаштай қори беруі тұйыққа тірейді немесе жарға жығады. Ондай жерде перспектива болмайды. Аңға тимеген бумеранг қана аңшыға қайта оралады. Бұл да солай. Өмірдің базары тарқағанда бұндай адам сыбағасыз құр қайтады. Франклдың ойын біздің елден де көруге болады. Талантына алданып, мүддесінен шыға алмайтындар көп. Олар бес жыл сайын мерейтойын тойлаумен әуре болады. «Мерей тойымды атап өтуге және кітабымды шығарып беруге жәрдем берсеңіз» деп әкімдер мен министрлерге хат жазып, өмірін зая кетіреді. Трансцендетті әлемге терезе ашпағанның соңы осылай аяқталады.
Гомеостаз адамның бағы ма, соры ма?
Ілкіден Мәнді нысанаға дәл алмаған соң мүлт кетпей қоймайды. Соның кесірінен жандүниеміз қаңырайды. Осы кезде невротикке тән ерекше құмарлық қозады. Оған психологизатор өзінше әдіс қолданады. Бұл әдіске қарасаң, адамның психикасы – бітеу жұмыртқа сияқты тұйықталған жүйе. Адам жабық жүйенің ішінде жанұшырып, бұзылған жерін жөндеп жүрген тіршілік иесіндей көрінеді. Яғни ішкі көңілкүйді реттеу үшін ОЛ (Ид немесе нәпсіқұмарлық) мен жоғарғы МЕН-нің (Супер Эго) барлық қалауын беріп, құмарлығын армансыз қандырады. Бұдан тағы да монодология келіп шығады. Яғни адам – бітеу тұрған, сыртқы әлемге қатысы жоқ, дара тіршілік иесі. Әр адам жеке-дара болмыс, біреудің біреумен ісі жоқ.
Адамға керегі жанның бабы емес. Ол сыртқы әлемдегі нақты бір объектіні танығысы келеді. Соларды аңсап, тысқа талпынады. Кеселге шалдыққан невротик қана сырттан күдер үзіп, тұйықталады. Ол құмарлығын қандырумен басы қатады. Осының түбін қазсаңыз, «Адамның жаны тепе-тең күйге түскен мамыражай хәлді аңсайды» деген қате түсінікке тірелесіз. Тепе-теңдікті реттеуші гомеостаз принципін аксиома етіп бекітеді.
Фрейдке құлақ ассаң, пенденің айла-амал шарғысы іштегі бұзылған балансты реттеу үшін жасалады. Негізгі мотивациялық тенденциялар гомеостазбен байланысты. Пенде мазасын алып, құтыра бастаған құмарлықтарын қалыпты жағдайға келтіріп, жүйкені жұқартпас үшін жанталаса қимылдайтын боп шығады. Алайда ғылым дами береді. Ғалымдар қазір гомеостаздың физикалық тұрғыда да шындыққа жанаспайтынын айтады. Қарапайым ғана мысал: Жан-жануардың өсіп-өніп, көбейіп кетуі гомеостаз принципіне қайшы. Құлқын мен құмарлықтың қалауын қатар беріп, тыныштықта тіршілік етемін деген көзқарас биология тұрғысынан да расталмады. Онда, ноологика қырынан – тіптен өтірік аксиома деген сөз. Мысалы, біз бірнәрсе өндірмесе, жасамаса тұра алмайтын адамның көңіл күйін қалыпты құбылыс санаймыз. Гомеостазға өтіп, жағдайын балансқа келтіріп, мамыражай жағдай жасап алған адам оны қабылдамайды. Жер-дүниеге сыймай жүрген шығармашылық адамын көргенде ондайлар: «Осыған не жетпейді? Қарап тұрсақ, жағдайы жақсы. Тыныш қана өмір сүрмей ме?» – дейді. Франклға осы арада тәпсір береміз. Гомеостазды аквариумдағы балықпен салыстырамыз. Балықтар өсіп-өнуі үшін аквариумды гомеостазға (тепе-теңдікке) келтіру керек. Судың сапасы, табандағы тастар, балдырлар, берілетін ас-ауқат, оттегі – баланста болуы тиіс. Сонда ғана балықтар өмір сүреді. Адамды тура осылай гомеостазда асырасаң, тіршіліктен жалығып кетеді. Пенде құдіретін гомеостазда емес, экстазда көрсетеді. Өмірдегі нақты мысалы мынау. Діндар тақуа экстаз хәлін қолдан жасайды. Саналы түрде гомеостаздан бас тартады. Ашқұрсақ жүреді. Құр тақтайға ұйықтайды. Түн ортасынан ауғанда құлшылық жасайды. Солай-солай кете береді. 2006 жылы Ресейде Павел Лунгин түсірген «Остров» көркем фильмінде гомеостаз бен экстаздың «төбелесін» әдемі көрсеткен. Бас кейіпкер Анатоли әкей монастырды жылытатын котельныйда өмір сүреді. Ол рухани хәлін жоғалтпас үшін тас көмірдің үстінде ұйықтайды. Бір күні мансабы жоғары бір монах құрдасы түнемекке қасына келеді. Бірақ ол от жағатын бөлмеге мамық матрацы мен керек-жарағын ала келеді. Аяғында жылы мәсі. Үстінде жылы шекпен. Түн ортасында Анатоли бөлмеге жын кірді деген сылтаумен өзімен өзі төбелесіп серігінің мамық төсегін де, жылы байпағын да отқа жағады. Бүкіл рақатынан айрылған монах «көзімді аштың, рақмет саған!» деп алғыс айтады. Қарапайым бір мысал: мұсылман жұрты жыл сайын жаппай ораза ұстайды. Бір ай аш жүру, бір қарасаң, тепе-теңдікті бұзатын режим. Тойып ішуге үйренген мұсылмандар қалыпты режимін мақсатты түрде бұзады. Франклға ораламыз. Гомеостаз принципін Гордон Олпорт та аямай сынаған: «Мотивация – балансты сақтау. Гомеостазға ұмтылсақ, бәріне бейімделіп, жанымыз тыныш болады дейді». Бұл рас десек, адам – ішіндегі энергиясын шығарып отыратын бір мақұлық. Бұндай формула эмпирикалық тәсілмен зерттегенде расталуы мүмкін. Ішкі қалауы тоят тапқанда риза боп жата беретін адамның енжар табиғатын тура тануы мүмкін. Бірақ тоят тауып, рақатқа батқан жанның осы формуласын адамның табиғи талпынысымен қатарқарастырсаң, формуланың тас-талқаны шығады. Кісінің тағы бір қасиеті гомеостаздың жалғандығын әшкере қылады. Ол – тепе-теңдікті, мүлгіген тыныштықты әдейілеп бұзуға деген құлшыныс. Бүкіл жағдайын жасаған адамдар керісінше шиеленісті қолдан жасап тентіреп кетеді» дейді. Олпорт рас айтады. Қарны тоқ адамдар таудай толқынға кіріп серфинг ойнайды. Тік жартасқа жалаңаш қолмен өрмелейді. Тау басында бір аяқ жолмен белсебет тебеді. Шың басынан шаңғымен тіке құлап түседі. Шаңғы байлап сальто тастайды. Былай қарасаң, осындай экстремал спорт түрлері өмірге қауіпті. Мүлт кетсе, өмірін қиып түседі. Нағыз экстаз осы! Сонда оларға не жетпейді? Біздіңше, мән мен мағына ғана жетпейді! Осы ойды «The battle for God» еңбегінде британдық ғалым Карен Армстронг та жазады. Ол «Ерте заманда тіршіліктен жалыққан жандар экстазға түсуді аңсаған. Шектеулі норманы бұзып, сыртқы әлемге шығуды қалайды. Біздің заманда мұндай хәлді діннен таба алмайтындар оны музыкадан, биден, өнерден, секстен, спорттан, тіпті керек десеңіз, есірткіден іздейді. Мұндай сәтте бізге адамның жан қатпарына сүңгіп, түкпірдегі «мен» деген шектеулі болмыстың арғы жағына сапар шектіретін процесс ғана маңызды. Ондайда адам сүреңсіз тіршіліктен гөрі экстаз хәлінде өзін әлдеқайда толымды тіршілік иесі сезінеді. Оны Францияда Ласко үңгірінде салынған пиктограммалық суреттерге қарап-ақ көреміз. Адам көлемі 30 см үңгірмен еңбектей отырып, пәленбай метр қараңғы қапасты тіліп өтіп кеңістікке шығады да, қабырғаға сурет салады. Суретті тамашалаушылар қорқынышты тар қуыспен еңбектеп әзер барады. Былай қарасаң, онда сурет салу тиімсіз. Өнерін көрсеткісі келсе ашық далаға салар еді. Бірақ олар тар қапасты таңдаған. Бұл ежелгі адамдардың экстазға ұмтылысын көрсетеді». Гомеостаз бен экстазды қазақы қиссамен түсінуге болады. Әлқисса, былай деп басталады. Адам ата мен Хауа ана әу баста пейіште уайымсыз жүр еді. Не жеймін, не ішемін демейді, қалауын айтса құмартқан заты заматта алдынан табылады. Саналуан ас-ауқатты періштелер алтын табаққа салып, алдарына тосып тұратын. Ішкен, жеген тағамынан қалдық шықпайтын. Екеуіне қызмет қып, жайылып жастық, иіліп төсек боп жүрген періште мен хор-ғилманда қисап жоқ. Жәннаттың қай жерін көргісі келсе, ғайыптан сонда жетіп баратын. Бір күні Тәңірдің тыйым салған бидайын жеп қойды. Міне сол кезде бәрі өзгеріп сала берді. Тәңірі тыйымнан аттаған екеуін пейіштен қуды. Ендігі тіршілігін қара жерде сүруге мәжбүр. Тәңірі Адамға «Менімен қайта қауышып, пейішке кіргің келсе жердегі сынақтан сүрінбей өт. Жүрек көзіңді ашып, ар мен ұятыңды былғамай, кіршіксіз қалпыңда қайтадан орал!» деп шарт қойды. Қос ғашықты жазалау үшін бір-бірінен бөліп тастады. Адам ата мен Хауа ана жүздеген жылдар бойы жолыға алмай, бір-біріне ынтық боп, сағынысып, іздеумен жүрді. Түрлі қауіп-қатерді бастан кешті. Өмір сүрудің қыр-сырын меңгеруге мәжбүр болды. Аң аулап, тамақты өздері істеп ішті. Таза жүрумен тақуалықты да үйренді. Бала-шағалы боп, ұрпақ сүйді. Тұрмыстың ауырлығы қанша езсе де, Адам ата Тәңірді бір сәтке естен шығармады. Ары мен ұятына дақ түсірмес үшін жанды-жансыз заттың бәріне мейірім, шапағат қылды. Кей түнді ұйқысыз мінәжатпен өткеретін. Тынбай тағат етіп жүрек көзін ақыры ашты. Ғайып әлеммен қайта табысты. Тіршіліктің сырларына қаныға түсті. Осы ерлігі үшін Құдай күнәсін кешті. Пайғамбарлық мәртебесіне тиіспеді. Алғашқы пайғамбар етіп бекітті. Нағыз қаһарман пайғамбарлардың біріне айналды!
Қиссаны талдап көрелік. Пейіш гомеостаз сияқты. Бәрі де баланста. Ешқандай қалау-құмарлығың жауапсыз қалып, мазаңды алмайды. Пейіште неврозбен ауырмайсың. Жайлы мекенде жата берсе, Адам атаның қаһармандық тұлғасы мәңгі бақи ашылмас еді. Тіпті «оны не үшін пайғамбар деп мойындау керек? Қандай ерлігі үшін мұндай мәртебеге лайық? Әлі сынақтан өтпеген адамды ұлықтау әділдікке жата ма?» деген сұрақтар туғызады. Адамзаттың міндеті – рухани болмыс ретінде артында өшпес із қалдыру. Кейінгі толқынға өнеге көрсету. Құмарлығы мен қомағайлығын жеңіп, ұрпаққа құндылық қалдыру дедік. Ендеше рақат пен комфортта жүрген Адам ата бұл істерді қашан, қайда және қалай атқарар еді? Оның батыр екенін, табанды екенін, принципшіл екенін, тақуа екенін, жүрек көзі ашылғанын яки ашылмағанын қалай білер едік? Адам атаның пейіштен кетуі заңды құбылыс. Қандай сылтаумен болса да, түбі бір Жерге түсуі тиіс еді. Біздіңше жауабы былай: Адам ата тұлғалық қасиеті мен пайғамбарлық мәртебесін, бұрынғы атақ пен абыройын гомеостазда емес, экстазда ғана қайтарып ала алады. Экстаз – қауіп пен қатерге толы жердегі тіршілік. Адам атаны шартты түрде ортақ эталон деп алсақ, бұл теорияны кез келген адамға қолданамыз. Адам тұлғалық мәртебесін осы өмірде ғана көрсете алады. Тіршілікте ғана адам ұрпағы рухани тұлға болып көрінуге мүмкіндік алады. Өлген соң болмысқа сіңіп көрінбей кетеді. Сондықтан экстаз біз үшін пайдалы!
ҚҰМАРЛЫҚТЫҢ МӘНІ НЕ?
Антропологияның осал тұсы адамды психодинамикалық, психогенетикалық бір бағытта таниды. Оның Мәнге ұмтылысын қозған құмарлық деп түсіндіреді. «Тұлғаның құндылыққа құштар табиғатын әлеуметтік шарттар анықтайды» деген аксиома қалыптастырды. Мысалы, қоғамда құндылықты насихаттау белең алды делік. Ондай кезде өнер адамдары ерекше құрметке бөленеді. Тіпті бұл үрдіске айналып кетуі мүмкін. Мысалы антика дәуіріндегі мүсінші-сәулетшілер сияқты. Осыны антропологтар құндылық ретінде көрмейді. «Ол заманда бұлардың солай шығуына әлеуметтік, қоғамдық шарттар әсер еткен. Ол кезде құмарлығын шығаратын мүмкіндік болмаған. Сосын оның қуатын өзге бір салаға бағыттай салған» деп экзистенция талпынысын тасада қалдырады. Олардың ойынша адам ғибратты ізді саналы түрде емес ырықсыз қалдырады. Біздің анализ бойынша қалаудың алдында саналы борыш тұрады. Ал психодинамика, «саналы тілектің артында соқыр мұқтаждық бар» дейді. Экзистенция анализі тұрғысынан алғанда, адам құндылықпен бетпе-бет келеді. Ал психодинамика бойынша пенденің ту сыртында «ОЛ» (нәпсіқұмарлық) құмарлық қалт жібермей бағып тұр. Олар «кез келген қуат құмарлық пен ынтызарлықтан бастау алып жатыр. Барлық күш-қуат іштен шығады» дейді. Меніңше бұл – қате. Адамның Мәнге оянысын құмарлық оятпайды. Керісінше, құндылық магнит сияқты сырттан тартады. Мәнге талпыныс басталғанда құмарлық энергиясы пайдаға асады. Былайша айтқанда, құмарлық Мәнге қызмет етеді. Немесе Мән игерем деп талпынғанда соның жолында құмарлық қуатын отын сияқты жағам. Франклдың ойын қазақша тарқатсақ, кең пікірге жол ашылады. «Психофизикалық денеде миллиондаған импульстар мен сигналдар, шартты және шартсыз рефлекстер іске қосылғанда алапат энергия өндірсе, мұнша көп энергия не үшін берілген? Көп энергияның мәні не? (Маған не үшін берілген?) Құндылық өндірмей ішіп-жеп жүре берсем, тіршілікке қажетті күш-қуат пен іштегі энергияның көлемі пропорция емес. Мынадай мысал келтірейік: бойымда он мың аттың күші бар делік. Бірақ ит тіршілікті сүруге жүз аттың да күші жетеді. Онда, 9 900 аттың күші артық. Мұнша артық күштің мәні не? Нендей хикметпен дарыған? Артық энергия не талап етеді? Маған не істе дейді? Жауап беру үшін мынадай мысал аламыз. Бір ғана Леонардо да Винчидің қисапсыз құндылық қалдыруы үшін қандай энергия жұмсағанын есептей аласыз ба? Франклдың теориясына сүйеніп, «сырттағы Мән Леонардо да Винчиді магниттей өзіне тартқан. Оның Мәнге құштарлығы іштегі сарқылмас энергияны пайдаланды» дейміз. Тағы бір мысал: таланттар Мәнге тартылғанда таудан адамның мүсінін қашап, пұттар жасайды. Пұттың бет-әлпетінде жыбырлап жүрген ұсақ адам мұншама көп энергияны қайдан суырып жатыр? Дүниеде адам жасаған ондай таңғажайып шедеврлер көп. Осы шындықты мойындасақ, құмарлық қуатын қомағай секске қолданатын қарабайырлықтан құтыламыз. Іштегі қуатты баянсыз рақатқа зая кетірмей, құндылық өндіру жолында тиімді пайдаланамыз. Ойдың желісін үзбес үшін әрі тарқата түселік. Тағы да мынадай сұрақ: іштегі энергияны сырттағы Мән суырып алмаса, онда айуанның бойындағы импульстерден неге құндылық шықпайды? Тақуалықтың мәні де осы жерде ашылады. Яғни іштегі энергияны резерв ретінде сақтайды. Діни түсінікке салсақ, Жаратушы құдірет адамнан: «Сен ораза ұстадың ба?» деп сұрамайды. «Құмарлық қуатын қайда жұмсадың? Қаншалықты құндылық өндірдің? Артыңда өшпес адами із қалдырдың ба?» деп сұрауы ақылға қонымды. Осы арада Шәкәрімнің мына бір ойларын талдай кетуді жөн көреміз. Оның «Адамдық борышың» деп басталатын өлеңі былай аяқталады:
Қайтадан қайрылып
Қауымға келмейсің.
Барыңды,
Нәріңді
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң –
Шын бақыт,
Осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің!
Өлеңді Франклдың форматында талдап көрейік: «барымызды, нәрімізді» психоаналитиктер айтқан іштегі күш деп алайық. Ол да – энергияның сарқылмас көзі. Осы энергияны «Қай бағытта, не үшін жұмсаймыз?» деген сұрақ туады. Шәкәрімше жауабы былай: бұл энергияны ғибратты із қалдыру үшін жұмсаймыз. Қалайда құндылық өндіруге тиіспіз және ол міндетті түрде халықтың игілігіне асуы тиіс. Сонда ғана адамдық борыш орындалды деп санаймыз. Франклдың ойын сабақтаймыз. Бұның түбін терең тексермей, қызыл тілге ерік берсек, ол құндылықты іштен қоздырушы күш дей салады. Біз оны мынадай мысалмен түсіндіргенбіз: өнер адамы сұхбат бергенде: «Армандарым алыстан қол бұлғап шақыратын» дегенді жиі айтады. Арманға ұмтылғанда құмарлық қуаты отын сияқты жанады.
Құмарлық қуаты – Рухтың құралы!
Құндылық кісіні іштен жұлқымайды, алыстан тартады. Құндылық игеру үшін еркіндік пен жауапкершілікті таңдаймыз. «Құндылық игеремін» деп шешім қабылдаймыз. Құндылықтар әлеміне өзімізді айқара ашамыз. Қоздырушы құмарлықтың бұл жерге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Психикалық қана емес, рухани болмыстың да динамикасы бар. Бұл динамика құмарлықты қоздыруға емес, құндылықты оятуға негізделеді. Мәнге рухани ұмтылыстың ішіне қуат көзі ретінде құмарлық та психикалық деңгейде кіреді. Психикалық процесте рухани талпыныс құмарлық энергиясын қажетті құрал ретінде қолданады. «Рухани өмірге қорек беріп тұратын құмарлық қуатына қатысты психодинамика қандай қателіктер жіберді?» дегенге жауап беру үшін Франкл мынадай мысал қолданған: Адамды қала деп алайық. Қалаға төбеден қарасаң оқу орындары, театр сияқты мәдени ошақтар ғана көрінеді. Қалаға кірсең мәдени ошақтарға барып суретке түсесің. Енді электрик, құбыр тазалаушы, сантехниктің көзімен қарасаң, қаланы астынан көреміз. Шаһар электр сымдары, газ, су құбырынан тұратын сияқты көрінеді. Олар үзілген сымды, жарылған құбырды жөндеп жүргенде қаланың ас қорытылып жатқан «ішек-қарнына» түсіп кеткендей болады. Быжынаған сым мен құбыр қаланың мәдени өмірін энергиямен қамтамасыз етіп тұр. Осыған қарап қаланың мәдени өмірі тек газ, су, электрден тұрады дей алмаймыз. Энергия тоқтаса, мәдени ошақтар сөнеді. Сол сияқты адамға жәй көзбен қарағанда психофизикалық қабатында шыр айналып жатқан энергия тасушы импульстарды көрмейміз. Мәнге ұмтылып, жасампаздығын іске қосып, құндылық өндіргенде ғана оны рухани тұлға деп танимыз. Мұны өмірде «Осы уақытқа дейін не бітірдің? Қандай мәдени не рухани өнім бердің? Не ерлік атқардың?» деген сұрақпен анықтайды. Психодинамик те құбыр тазалаушы сияқты «ішек-қарынға» кіріп алады да, рухани өмірдің психикалық іргетасын ғана көреді. «Неліктен олар жайлы кесіп айтамыз?» дейді Франкл. Фрейд Людвиг Бинсвангерге хат жазғанда: «Адамның санасын үлкен үй десек, соның жертөлесінен сол күйі шыға алмадым» деп мойындаған. Психодинамик адамның жан құбылысына үңілгенде ләззатқа ұмтылу мен құмарлықты қоздырушы күшті ғана байқайды. Бірақ рухани өмір құмарлық пен ләззаттан тұрмайды ғой. Тіпті құмарлық қасиеті адамның шынайы табиғатына тән емес. Түптеп келгенде, рақат пен құмарлық адам үшін маңызды емес. Маңызды нәрсені психоаналитиктің өзі үнсіз болса да мойындайды. Себебі оның өзі ауруды емдегенде экзистенция анализінің шарттарына айналма жолмен болса да соқпай қоймайды. Қалай десеңіз де, ортада адам жаны тұрғанда, ондай жұмбақ затқа таза интеллектуалдық немесе рационалды әдіспен келе алмайсыз. Жанының құпиясы эмоциялық қабаттарға сіңіп кетеді. Осы қабаттарға сіңумен адамның тұтас құбылыс ретінде көрінуіне көмектеседі. Оларды тек экзистенция анализімен ғана фиксация жасаймыз. Бұның бәрін былай қойғанда, психодинамиктің өзі – кәдімгі адам. Оның да ішінде осы процестер жүріп жатыр. Психодинамиктер «саналы қалау-тілектің артында соқыр мұқтаждық тұр» дейді. Енді мынаған қараңыз: олардың көзқарасы бойынша адамның тіршілік әрекетінің схемасы былай: «МЕННІҢ» (Эго) алдына қоятын мақсаттары «ОНЫҢ» (Ид немесе қазақша нәпсі дейді) жүзеге асыратын қарапайым құралдары. «МЕН» әуелі мақсатты айқындап, мұратты бекітеді. «ОЛ» (нәпсіқұмарлық) бұл мақсат пен мұратты сайман сияқты керегіне жаратады. Басқа ештеңе де емес. «ОЛ» мақсат-мұраттарды, арман-талаптарды «МЕННІҢ» ту сыртында тұрып-ақ істейді. Яғни «ОЛ» бұл тірлікті атқарғанда «МЕННЕН» ақыл сұрамайды. Психодинамиктердің теориясын қазақша былай түсіндірсек болады. Адамды шартты түрде жұмыртқа деп алайық. Жұмыртқа негізгі үш бөліктен тұрады. Сары уыз, ақ уыз және сыртқы қабықша. Олардың ойынша сары уыз сырттағы күштің қатысынсыз балапанға айналады. Яғни ақ уыз өзінің күшіне сүйеніп, шіріп бара жатқан сары уызды балапан етіп шығарады. Ал Франклдің ойынша сырттан міндетті түрде тауық араласуы керек. Тауықты бұл жерде ЛОГОС деп алайық. Тыстағы тауық қажетті жылуды бермесе сары уыз сол күйі шіріп кетеді. Егер қазақтағы «шіріген жұмыртқа» деген тіркесті еске алсақ, бұл сөзді мынадай адамға қолдансақ болады. Ғайып әлемдегі ЛОГОСҚА тартылмай, сәулесін ішке енгізбей, іштен рухани іріп кеткен адамды осылай атаса жарасады. Яғни трансцендеттілік дегеніміз сары уыздың балапанға айналып тыстағы тауыққа талпынысы деуге болады. Адам да балапан сияқты екі рет туылады. Осы дүниеге пенде болып бір туады, сосын тұлға болып трансцендентті әлемге есік ашады. Франкл ойын былайша тарқатады. Егер психодинамиктердің ойын «рас» десек, адамдағы барлық мотивтің тамыры шындыққа жалғанбайды. Тұтас алғанда адам қуыршаққа ұқсап қалады. Онда адамның бар мәдени талпынысы, мейлі теориялық не практикалық болсын, мейлі эстетикалық, этикалық не діни сипатта болсын, бір сөзбен айтқанда, бүкіл рухани талпыныстары мағынасыз, мақсатсыз сублимация болып көрінеді. Яғни қаланың мәдени ошақтары адамның қатысуынсыз өмір сүріп жатыр деуге тура келеді. Газ, құбыр, электр сымдары өздігінен кино түсіріп, театрда спектакль қойылып, кітапханада кітаптар жазылып жатқан болады. Ешқандай адами фактор рөл ойнамайды. «Қаланың астымен ағып келген күллі энергия мәдени ошақтағы кісілерді ұстап алып, еркінен тыс мәжбүрлеп, өз қалауымен спектакль қойып, кино түсіріп, оркестрден күй төгіп тұр. Энергия түрлері адамды құрал-сайман ретінде керегіне жаратып жатыр» дегенге сену керек. Осындай пайым ақылға қона ма? Олар шындығында сублимация немесе сол сияқты бірдеңе болса, рухани қасиет жалған деген сөз. Түптеп келгенде өзін өзі алдау. Осы туралы Арнольд Геленнің пікіріне қараңыз. «Адамға абырой-намысын, қадір-қасиетін сезіну және оларды бойына сіңіру ауадай қажет. Пенде бір істі жауапкершілікпен арқалағанда бірінші осыны ұғынып, сезінуге міндетті. Ондайда «осындай ірі іске итермелейтін мотивті өзім ойлап, қолдан құрадым. Бұлар жалған. Бұл жәй өзімді алдау. Мұның артында басқа бір «шындық» мақсатты түрде, объективті процестермен жүріп жатыр» дегенге әсте алдануға болмайды. «Ол «шындығы» рақат пен құмарға армансыз бату. Оның бәрі – «ЭГОНЫҢ» өзіне бейімдеп, құрап алған «механизмі» деген көзқарасты ойға жолатпау керек. Шешімді қабылдағанда терең ойлану қажет. Адам өзін өзі алдаудың құрбанымын деп таныса, АДАМ атын жояды. Тәуекел етіп арқалаған ісімнің артында басқа бір «шындықтар» жатыр, бұл әрекет соған бағытталған деу – түбірімен қате». Мұны бір-ақ ауыз сөзбен беруге болады. Скептиктер мен нигилистер рухани тұлғаның қандай ерлігін көрсе де, қандай шедевр туындыны қараса да, одан адам рухын емес, тек эгоны (өзімшіл, атақ-құмарлық) көреді. Психодинамикаға салсаң, адами іс-әрекетінің астында жасырын жатқан «бір нәрсе» бар боп шығады. Бұл сала бар нәрсенің айыбын ашып, әшкерелеуге ұмтылатыны да сондықтан. Шындығында бұл – «әшкерелеуші» психотерапия. Тағы да «Бейбітшілік корпусындағы» әңгімені еске түсіреді. Африкадағы ауру балаларға шын жүректен көмектесуге барған жас мамандарға басы артық сұрақ қойған. Жас медиктер «мұқтаж жандарға көмектесуге келдік» деп ақ пейілін ақтарса да, психодинамиктер: «Оны түсіндік, бірақ шыныңды айтшы, қара нәсілділердің алдында артықшылығыңды көрсетіп, содан ләззат алғың келді ғой, иә?» – деп әрі шұқылай берген. Дұрысы: жас медиктердің Мәнге талпынысы анық болған соң, сұрақ сол жерден тоқтау керек еді. Жалғандықты әшкерелеу не үшін керек? Ақиқатты жалғаннан айырып алу үшін ғана керек. Қандай да бір жалғанның айыбын ашып, әшкерелейтін болсам, зынданда жатқан ақиқатты да сол жерден жарқыратып алып шығуым керек. Ал, айып ашу мақсатқа айналып, әшкерелеу арындап кете берсе, тіпті ақиқаттың алдында да айылын жимаса, ол ештеңені де мақсат тұтпайды деген сөз. Айып ашу – мәнсіз, мақсатсыз нәрсеге айналады. Онда ол психологтың «барлық нәрсенің құны жоқ» деуіне құрал ретінде қызмет етеді. Киелі, қасиетті құндылықтарды мысқылдап отыра беретін нигилистік көзқарас осыдан шығады. Психолог шындықтың дәнін саудыраған құр сабаннан айыра алатын қас шебер болуы керек. Сонда ғана ісі баянды болмақ! Ақиқат анық болған соң кілт тоқтау керек. Ақиқаттың астарында тағы да бірдеңе бар деп қазса, абыройын айрандай төгеді.
Адам ненің алдында жауапкершілік арқалайды?
Экзистенция анализі бірінші адамның жауапкершілігін нысанаға алады. Бірақ жауапкершіліктің жүгенсіз жүрген еркіндікке қатысы шамалы. Жауапкершілік әр сәтте, әр ісіңе жауапты екеніңді есіңе салып тұрады. Жауапкершілік дегенде «Адам ненің алдында жауапты?» деген сұрақ туады. Бұның жүгенсіз жүріп-тұрудан айырмашылығы сонда. Бір істі мойныңа алғанда өзіңді бір нәрсенің алдында жауапты сезінесің. Яғни жауапкершілігіне бір нәрсе жүктелген. Ол жауапкершілік арқалап жүре бермейді. Біреудің алдында жауапты болады.
Ар-ұят алдындағы жауапкершілік
Ноологиялық өлшемнен шығып, психологиялық өлшемге салсаң, ар-ұят феномені «ЖОҒАРҒЫ МЕН» (Супер Эго) түрінде көрініс табады. «ЖОҒАРҒЫ МЕН» олардың ойынша іштегі әке образы ғана. Ал Тәңірі – «ЖОҒАРҒЫ МЕННІҢ» ар жақ, бер жағында кескінделетін бір күш. Былайша айтқанда, жас бала кішкентайында қамқор әкесін көріп содан Тәңір жасап алған. Санасында сол қалып қойып, есейгенде оны белгісіз бір күштермен байланыстырып, «Тәңірі бар» деп сеніп кеткен. Ұят та сондай, Сәбиге «қой, істеме» деген тыйымның қосындысынан шыққан нәрсе деп түйеді. Әлемде киелі, қасиетті, Ұлы Мән деген ұғымдар жоқ дейді. Осындай таным түрі өзін өзі балшыққа батқан жерінен шашынан сүйреп шығаратын Мюнхаузеннің ертегісін еске салады. «ОНЫҢ» (Ид немесе нәпсіқұмарлық) батпағына батқан «ЖОҒАРҒЫ МЕНДІ» (Супер Эгоны) «МЕН» (Эго) келіп суырып шығарады. Сырттан ешқандай күш араласпайды. Тұйықталып қалған системаның ішінде бірін бірі сүйреп жүреді.
Оқырман шатыспас үшін Франклдың теориясын тағы да қайталай кетуді жөн көреміз. Оның ойынша былай: «Рухани болмыс» психофизикалық қабаттағы мың-миллион импульс пен биологиялық дененің қажетіне маталады. Сан алуан қалау мен құштарлық шырмауықтай шырмап тұр. Шырмалған Рухани Болмыс түпкі мақсатына жете алмай күйзеледі. Оны невроз деп атады. Сол кезде ғайып әлемдегі МӘН оны магнит сияқты қызықтырып өзіне тартады. Рухани Болмыс Мәнге тартылады. Бұны ноодинамика деп атады. Ноодинамика іске қосылғанда Рухани Болмыс мақсатына жету үшін іштегі құмарлықтың бүкіл энергиясын отын сияқты жаға бастайды. Мәннің адамды тыстан магниттей тартуын Хакім Абайдың мына өлеңіне қарап оңай ұғуға болады.
Күні-түні ойымда бір ақ Тәңірі,
Өзіне құмар қылған ОНЫҢ әмірі.
Халиққа мақұлық ақылы жете алмайды,
Оймен білген нәрсенің бәрі дәһрі
Көңілге шәк-шүбәлі ой алмаймын,
Сонда да ОНЫ ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.
Осылайша психодинамика, бір жағынан, экзистенция шындықтарын затшылдықпен алмастырады. Екінші жағынан, адамның трансцендентті қабілетін терістейді. Қарапайым тілмен айтсақ, Құдайға бет бұрған құлды тоқтатып, тоқыратады. Рухани күйреу осыдан басталады. Франклдың бұл ойын да Шәкәрімнің ой толғауларымен салыстырып қарасаңыз, ортақ идеялар бір нүктеде қиысады.
Затшылдық көзін байлады,
Адастырып айдады.
Жан билемей, Тән билеп,
Ақылдың соры қайнады, – деп келеді.
Франкл ойын былайша сабақтайды. Жауапкершілік – қызық феномен. Оны адамға зорлап таңа алмайсың не алып тастай алмайсың. Рухани қасиет пен еркіндік – әуелден бар қасиет. Оны жолдан қосылады демейміз. Адамға еркіндік пен рухани қабілет қай күні берілсе, жауапкершілік те сол күні пайда болды. Дегенмен психодинамика әу бастан бар қасиетті құмарлыққа жатқызады. Ал психогенетика оларды құмарлықтан тарқатады. Бейне бір «МЕНДІ (эгоны)» нәпсіқұмар «ОДАН (Ид) шығарып қана қоймай, оны ноологиялық «ЖОҒАРҒЫ МЕНГЕ (супер эгоға)» телуге болатын сияқты қарайды. Осылайша әуелі адамның еркі құмарлықтан тарқатылады. Қалауын мұқтаждықтан шығарады. Сосын қалаудан борышты өрбітеді. Қарасаңыз, Ерік феноменін түсіндіргенде: «Ердің әйелге, әйелдің ерге құмарлығы қозып бастайды. Осы ойын «жүзеге асырсам ба, жоқ па» дегенде еркі пайда болады. Міне, Ерік деген – осы», – дейді. Қалауды түсіндіргенде: «Бір адам жұмысқа баратын көлікке мұқтаж. Мұқтаждықтан қалау туады. Ол көлік сатып алғысы келеді. Осы мұқтаждығы тумаса, қалауы болмас еді. Қалау деген – осы», – дейді. Енді осы қалаудан міндет пен борышты шығарады. Яғни: «Қалаған затын міндетті түрде жүзеге асыруым керек деп өзіне міндет жүктейді. Борыш деген – осы», – дейді. Схеманы осылай құрғанда ар-ұяттың биік бір құдіретке жүгінетін міндеті назардан тыс қалады. Тәңір түсінігі тағы да шетке ығысады. Адам тұйық схеманың ішінде айнала береді. Мұндай жабық жүйеге трансцендентті идеяны енгізу мүмкін емес. Осы арада пауза жасап, Франклдың ойын қазақшамен қиыстыра кетелік. Фрейдшілердің теориясымен Абай атамыздың мына өлеңін талдасақ, Абай қате айтқан болып шығады:
Іштегі кірді қашырса,
Түседі Хақтың сәулесі.
Жүректің көзі ашылса,
Адамзаттың хикмет кеудесі.
Психодинамика бойынша жүрек көзі ашылмайды. Ішкі әлеміне сырттан сәуле түспейді. Бүкіл сезімдері мен феномендері жабық «қазанда» қайнап жатыр. Франклға қайта ораламыз. Онтологиялық тұрғыдан алсаң, борыш пен міндет қалаудан бұрын тұрады. Маған сұрақ қойса, оған жауап берерде аспаннан ештеңе алмаймын. Бұрыннан бар, дайын жауапты беремін. Барлық жауап нақты «бір нәрсеге» бағытталады. Ол бағытталу үшін де «бір нәрселер» жауаптың өзінен бұрын бар болуы тиіс емес пе? Себебі жоқ заттан жауап шықпайды. Сондықтан, әрине, бұрыннан бар болмысты ортаға қайтадан әкелемін. Франклдың ойын тарқатып көрелік. Мысалы, ІT мамандар апта сайын, ай сайын жаңа программалар ойлап тауып, интернет әлемін шексіз дамытып жатыр. Шындығында олар жаңалық ашып жатқан жоқ. Дұрысы жоқтан бар жасап жатқан жоқ. Олар онтологиялық тұрғыда ежелден бар заңдылықтарды ғылымның күшімен іліп алып, әлемге әкелуде. Соның сырын ашып, құпиясына түсті деген сөз. Олар онтологиялық тұрғыда болмаса, жаңалық ашылмас еді. Ньютон гравитация күшін таппаса да, жердің тартылыс күші оған дейін де бар болып тұрған. Сол сияқты адамдық борыш пен міндет онтологияда ілкіден болмаса, біз оны қалап, бұ дүниеде жүзеге асырмас еді. Яғни трансцендентті әлемде әуелден бар борышым мен міндетімді табанды рухтың қайсарлығымен осы әлемге әкелемін. Сонда ғана «ғибрат алар із» қалады. Жауапкершілік мәселесінде шарт осылай қойылуы керек. «Бір нәрсенің» алдында жауапты болмас бұрын жауапкершіліктің өзі бар болуы тиіс. «Ненің алдында жауапты еді?» деген сұрақтан бұрын ЖАУАПКЕРШІЛІК деген ұғым болмыс ретінде әуелден бар болып шығады. Құмарлыққа негізделген тіршілік иесі дәл өзі сияқты басқа біреудің өзгеруіне ықпал ете алмайды. Әрі өзіне көңіл көтеру мақсатында басқа объектілерді таңдап ала алмайды. Мысалы жануарларға қараңыз. Олар бірігіп көңіл көтеретін сауық-сайранның түрлерін жасай алмайды. Цирктегі жануар таяқтан қорқады не қант дәметеді. Ол жерде «Аюға намаз үйреткен таяқ» деген принцип қана бар. Циркте мотоцикл айдап жүрген аю бұл әрекетін мотоциклге құмар болғанынан істеп жүр демейміз. Тордан шығарсаң, ол мотоциклді тастап, орманға қашады. Құндылыққа ұмтылыста құмарлық болатынын жоққа шығармаймыз. Құмарлық – құндылықтың құрамына қуат көзі ретінде кіреді. Бірақ жеке мотивация бола алмайды. Мысалы, бір суретші кедейліктен ғашығына қол жеткізе алмады дейік. Ол жиналып қалған құмарлық қуатын пайдаланып шедевр туынды жасайды. Яғни психодинамиктер айтқандай сублимация. «Жақсы» деп олардың пікірімен келіскеннің өзінде мынадай сұрақ шығады: «Сонда суретшінің құмарлық энергиясын шедевр картинаға айналдырған не нәрсе?». Энергиясын бір іске бұрып тұрған нәрсенің өзін құмарлықтан шықты дей алмаймыз. Демек бір инстанция бақылап, басқарып тұр. Құмарлықты басқаратын инстанция әуелден бар. Бар екенін психодинамикалық әдіспен тексергеннің өзінде анық екені мойындалады. А.Портман: «Біздің даму процесімізде «рухани» деп атайтын белгілер үзілместен келе жатыр. Рухани қабілет адамға кейіннен дарыды дейтін руханиятсыз кезеңдер жоқ» деген. Осылайша тұлғаны айқындайтын рухани қасиеттер биологиялық тұрғыдан алсаң да, анатомиялық тұрғыдан қарасаң да адамға тән. Еркіндік пен рухани қасиет барлық адамзаттың негізінде жатыр. Тағы да А.Портманға жүгінейік: «Адам – шешім қабылдауда әманда еркін болатын ғажайып тіршілік иесі. Өмірдің кез келген ситуациясында өз еркімен шешім қабылдайды. Бұл еркіндік барлық адамның не әулие болуына не айуанға айналуына мүмкіндік береді». Адамды «ОЛ» (нәпсі құмарлық) ғана билеп-төстемейді, «ЖОҒАРҒЫ МЕН» (Супер Эго) де басқара алады. Қызығы, «ЖОҒАРЫ МЕННІҢ» басқаруы еріксіз болады.
Бұл ойды Шәкәрім жақсы береді:
Мен мешітке келмеді деп,
Сөкпе сопы-молдалар.
Еркін аяқ кетті билеп,
Шын ақиқат жолды ұнап.
Ондай кезде адам моральдық шешімдер қабылдамайды. Дұрысы: ондай шешімдерді «ЖОҒАРҒЫ МЕНДІ» қанағаттандыру үшін жасамайды. Сексуалды құмарлық сияқты «моральдық құмарлық» деген болмайды. Сексуалды құмарлықты ОНЫҢ қалауын істеумен қанағаттандыруға болады. Моральдық шешім ондай өлшемге көнбейді. Өйткені адамгершілік ұжданым – мені қызықтырып, сүйреуші фактор емес. Ол мен жауап беруге тиісті құдіретті күшке жетелейтін, шешім қабылдататын фактор. Ар-ұятымның алдында тік тұрып әділетті шешім қабылдауға міндеттімін. Франклдың ойын былайша талдауға болады. Адамның нәпсісі (ОЛ) секс тіледі делік. Қалауын орындасаң, қанағат алып тынышталады. Нәпсі құмарлығын уақытша қанағаттандыра аласың. Рух (ЖОҒАРҒЫ МЕН) Мәнге шөлдеп Құдайға ғашық болса, оның сұранысын құлшылықпен баса алмайсың. Аптасына бір рет шіркеуге не жұма намазға барумен рухани құмарлық қанағаттанбайды. Рухани динамика үнемі өрлеу үстінде болады. Екеуінің айырмасы жер мен көктей.
Тәңір алдындағы жауапкершілік
Тағы бір маңызды мәселеге тоқталамыз. «Адам шынында бір нәрсенің алдында жауапты ма? Жауапты болса, міндетті түрде, біреудің алдында болуы тиіс емес пе?» деген сұраққа тірелеміз. Адамның еркіндігін түсіндіруге оның тіршілік ету формасы жеткілікті. Қалай өмір сүргің келеді, өзің таңдайсың. Ал жауапкершілікті түсіндіру үшін ар-ұяттың трансцендентті болмысына жүгінеміз. Жауап беруге тиісті инстанциямыз – ар-ұят. Ар-ұятыммен болған диалог өзіммен болған әңгіме емес. Нағыз диалог болса, мынадай сұрақ туады: шынымен де соңғы инстанция ар-ұят па, әлде одан тағы бір инстанция бар ма? Егер біз соңғы инстанция бар десек, оны түсіндіру мүмкін бе? Соңғы инстанция нақты бет-бейнесі бар «біреуге» айнала ала ма? Франклдың ойын қарапайым мысалмен былай түсіндіруге болады. Мысалы, «ардың соты мазалады, тергеді» дейміз. Ар-ұятқа «бар анадан сұра», «бар ананы терге» деп әмір беретін тағы бір инстанция бар ма? Жоқ десек, мынадай сұрақ туады: ар-ұят адамды соттау үшін заң-закондарды қайдан алады? Қандай критерийлерге сүйенеді?
Франклды қайта жалғасақ, ол былай дейді. Ар-ұятқа әмір беруші инстанцияға адамзат «Тәңір» деп ат берген. Бірақ Тәңірі туралы толғағанда оған «ОЛ» деп ат бере алмаймыз. Олай етсек, «ОЛ» тіл қатпайтын, адаммен әсерлеспейтін затқа айналды. Тәңірді затқа балап сөйлеуге болмайды. Оған «СЕН» деп тіл қатқан дұрыс. Себебі біз қимас досымызбен сырласқанда «ОЛ» емес, «СЕН» деп сөйлейміз. Мұнда да солай. Өмірдегі көрінісі діни алаңда байқалады. Кез келген дінге сенуші адам Тәңірден тілек тілегенде ОҒАН «СЕН» деп тіл қатады. Ар-ұятты бейнелеп былай да түсіндіреміз. Біреу сәбидің кіндігін көрсетіп: «Мыну не? Қарындағы бұл шұңқыр нені білдіреді? Бұл ненің белгісі?» десе, сіз оған екінші бір объектіні қатыстырмай жауап бере алмайсыз. «Бұл баланың кіндігі. Туғаннан бар» деген жауап емес. Міндетті түрде «Кіндік баланы анамен жалғап жатқан арқанның ізі. Ол арқан жатырда бала мен ананы жалғап жатты. Туған соң кесілді» дейсіз. Сол сияқты Тәңір ұғымын қатыстырмай ар-ұятқа анықтама бере алмаймыз. Ар-ұят адамды Тәңірмен жалғап жатқан көпір. Ар феномені адамды соттағанда заң кодекстерін Тәңірден алады дейміз.
Адамдық «Жоғарғы Меннің» (рух) арғы жағында құдіретті «СЕН» (Тәңірі) тұрады: ар-ұят – сол «СЕННІҢ» трансцендентті сипаты. Адамда метафизикалық мұқтаждық болатыны сияқты, символикалық қажеттілік те тән. Туабітті символикалық қажеттіліктің қаншалықты санаға енгенін адамның күнделікті өмірінен көреміз. Біреумен амандасқанда не бірдеңе тілегенде символикалық ишара жасайды. Қол жаяды, бет сипайды, шоқынады, тағзым етеді, амандасқанда қол береді. Рационалистік, пайдашыл көзқарасқа салсақ, бұл ишаралардың мәні жоқ. Дұға тілеп қол жайғанда алақанға көктен кеп бірдеңе түспейді. Түспегесін «ишарадан келіп-кетер пайда жоқ» дейді. Символикалық ишаралар ешқандай пайданы көздемейді. Ишараны перспектива эффектісімен салыстыруға болады. Перспектива екінші өлшемнің құралдарын қолдана отырып, үшінші өлшемді көрсетеді. Қазіргі заманның тілімен айтсақ 3D сияқты. Жазықтықта кеңістікті анық көруге мүмкіндік береді. Сол сияқты символдық образды да қолжетпес, көзжетпес тылсымды оңайлатып ойға оралту үшін әкеледі. Бұл жерде бір нәрсені қатаң ескеру керек. Перспектива мен символиканы салыстырған қиястың (аналогия, салыстыру) өзі символикалық образ саналады. Сондықтан да Ясперс бұл ойды жақсы түйіндеген. Ол: «Символ ұғымының өзі – тек символ ғана» деген. Символдың құпия мазмұны, мәні арқылы трансцендентті объектінің бағыты жаңарған үстіне жаңара түседі. Бұл имманентті (ішкі, құпия) мазмұнға жалғыз ғана шарт қойылады. Ол алдындағы объектіні көктей өтуі керек. Мазмұн тесіп өткенде трансцендентті объект анық көрінуі тиіс. Символдың бастапқы табиғаты саф күйінде сақталу үшін сөзбе-сөз мағынада түсінбеу керек. Яғни кеудедегі мазмұнның сәулесі ғайыптағы объектіні рентген сияқты тіліп өтеді. Сол кезде оның трансцендентті сипаты кісінің көңіліне шуақ шашады. Бірақ осы шуақ шартты түрде жасалатын символдық ишараларға тәуелді. Символдық ишаралар осы механизмді іске қосады. Символ ұғымын қиссамен оңай түсіндіруге болады: Тәңірі адамды жаратарда тау-тас, орман-ағаш, от-су, аспан-жер – барлығы «адамды менен жаратса екен» деп таласқан екен. Жер ғана сынықтық танытып:
– Мақұлық атаулының табанында жатамын. Құдай адамды мұндай қадірсіз заттан жаратпас. Түбім – топырақ. Бүкіл күл-қоқысты маған көмеді, лас суды маған төгеді. Бұл құрметке лайықты емеспін, – деп ойлады. Сонда Тәңірі тіл қатып:
– Әй, тау, сенде бір мін бар, тәкаппарсың, кішіреюді білмейсің. Алтын, сенде бір мін бар, баяның жоқ. Сыртың жылтырақ, ішің қалтырақ. Су, сенде де мін бар, тасығанда өткел бермейсің. Жел, сен тұрақсызсың, мінезің құбылмалы. От, сенің мінің – қатыгезсің, жанғанда жақсы мен жаманды айырмайсың, жан-жағыңды жайпайсың. Аспан, сенің мінің – мақтаншақсың, өзіңнен басқаны көзге ілмейсің. Ағаш, сен әлсізсің, сынақта сынып кетесің. Тас, сен мейірімсізсің, жақынға жылуың жоқ, – деді. Сосын жерге қарап:
– Адам тәнін сенен жаратам, сен кішіпейілсің. Менің жақсы көретін мінез-құлқым – осы. Бүкіл тіршілік иесі саған тәуелді болады. Мінезің ауыр, сабырлы. Қойның толған береке. Алтын-күміс, ас-ауқат – түгел дерлік сенен өніп шығады. Күллі мақұлық саған нәжіс төксе де, сен одан хош иісті гүл шығарасың. Лас су жерге сіңіп, тәтті бұлаққа айналады. Жасаған жақсылығыңды міндетсіну сенде жоқ. Адам сенен жаралып, өлген соң саған оралады. Адам ұрпағы тірісінде неғұрлым саған ұқсаса, соғұрлым менің алдымда қадірлі болады, – деді.
Сонда қара жер Тәңірден дат сұрады:
– Уа, Жаратушы Ием, адамды менен жаратқаныңа қарсы емеспін. Олар жүздеп жерленсе де, денесін шірітіп, тәнін топыраққа айналдырам. Бірақ адам ғапылдықтан күнәні көп жасайды. Өмірден өткенде қойныма таудай күнәсін арқалап келеді. Сонда олардың ауыртпалығын кім көтереді? Жасаған қиянаты мен зорлық-зомбылығы менің де арқама батар, – деді.
– Қара жер, қайғырма. Мен шебер Құдаймын. Олардың күнәсін жойып, саған салмақ салмауға құдіретім жетеді. Адам ұрпағына Құран түсіремін. Марқұм болған адамның ұрпақтары әруақтарды еске алып, оларға Құран оқытып, дұға ететін болса, күнәлары жойылып отырады. Сонда саған да артық жүк түспейді. Әруаққа Құран оқуды тоқтатқанша осылай жалғаса береді, – деді. Қара жер сонда барып тыныш тапты.
Қиссадан соң Франкл айтып отырған діни ишарамен символдың терең мәні ашыла түседі. Интенционалды әрекеттің сәулесі объектіге тура бағытталғанда оның бойынан трансцендентті құбылыс бұрқ ете қалады. Адам баласы қайырлы іске ізгі ниетпен кіріскен сайын өзі де символ өнерін меңгере береді. Яғни барлық құлшылықта жасалатын шартты қимылдардың трансцендентті мәнін ұғып тұрады. Абсолютті құдіретке символдың «көмегімен» жетпейміз. Символдың ішіндегі Мәнмен бірге Оған ұласа аламыз. Мұны келесі мысалмен тәпсірлеуге болады: күшті прожектордың сәулесімен қарасақ та, аспанды көрмейміз. Бұлттың өзі аспан емес, аспанның символы саналады. Немесе былай етіңіз. Балаңызға: «Аспанның суретін сал», – деп, қағаз бен қалам беріңіз. Ол ненің суретін салар екен? Бала аспанның суретін сала алмайды. Ол бұлтты әрі кетсе күн мен айды бейнелеп шығады. Басқаша болуы мүмкін емес. Қағазға тағы да аспан емес символ суреттер таңбаланады. Осы арада аз-кем пауза жасап, Франклдың «Абсолютті құдіретке символдың «көмегімен» жетпейміз. Символдың ішіндегі Мәнмен бірге Оған ұласа аламыз» деген пікіріне қазақша тәпсір бере кетелік. Мұсылман адам намаз өтегенде құлшылықтың барлық ишарасы символдан тұрады. Оның жайнамазда тік тұруы, құлақ қағуы, еңкейуі, сәжде ету түгелімен символға жатады. Әр қимылдың трансцендентті мәні бар. Егер мұсылман намаздың ішіндегі Мәнге жалғанбаса, құр символдық іс-қимылға байланып қалады. Соған орай танымы да шектеледі. Мінажаттан рухани ләззат алмайды. Бұлай дағдарып, шектелмес үшін ғибадаттың ішкі Мәнін ашуға міндетті. Сол міндетті орындаса Абсолютті Құдіретке ұласты деп сенеміз. Франклға ораламыз. Адамның ниеті, арманы көзге шалынатын символдан әрі тесіп өтіп, шарықтап кетпесе, ғайып әлемге қол жеткізе алмайды. Осылайша символ беймәлім қасиетті білдіреді. Экзистенция талдауы тұрғысынан келгенде, Тәңір ешқашан әке бейнесі боп саналмайды. Керісінше, әке – сәбидің санасына жасырынған Тәңірдің бірінші нақты бейнесі. Әке біз үшін иләһи болмыстың арғы бейнесі емес, керісінше, Тәңір –әкеліктің арғы образы. Тек онтогенетикалық, биологиялық, биографиялық әке ғана – әуелгі образ. Онтологиялық жағынан Тәңір бірінші боп тұр. Иә, дұрыс, психологиялық жағынан алғанда баланың әкеге деген қарым-қатынасы Тәңірге деген қатынас сияқты. Яғни сәби санасындағы Тәңір туралы түсінікпен әкесін құдай деп тануы мүмкін. Бірақ бәрібір онтологиялық жағынан алғанда сәби мен Тәңірдің ара қатынасы образды болмайды. Тәңір адамды көрінбей бақылаушы дегенге келейік. Сахнадағы әртіс кімнің алдында тұрғанын білмейді. Жарық пен сәуле оның көзін байлап тастайды. Ал көрермен залы түнекке батқан. Дегенмен әртіс қараңғы залда көрерменнің отырғанын, олардың алдында тұрғанын біледі. Бұл адамға да қатысты. Өмір сахнасында тіршіліктің қамымен көзі байланса да, хикметтің сәулесімен ұлы құдіреттің бар екенін біледі. Адам сол құдіретті бақылаушының алдында жауапты. Ол құдіреттің ИЕСІ адамнан өмірінің Мәнін табуды талап етіп тұр. Адам адамгершілік қасиетін саналы түрде сезінбеуі мүмкін деген түсінік Фрейдтің кезінен-ақ белгілі еді. Фрейд: «Адам өзі ойлағаннан бетер азғын болатыны сияқты, өз ойлағаннан бетер өнегелі бола алады», – деген. Адам жасырын жатқан қасиеттерін өзі өлшей алмайды. Экзистенция анализі бұл ойды «адам өзі ойлағаннан бетер діндар» деп толықтырады. Бірақ байқалмайтын діншілдікті қысымға ұшырап, қамалып қалған сексуалды құмарлықпен бірге қоюға болмайды. Юнгтің бір шәкірті бірде діни құмарлықты агрессивті құмарлықпен бір қатарға қойып шалыс басқан еді. «Адам өзі ойлағаннан бетер діндар болуы мүмкін» дедік. Бұл түпсанадағы сенім тықсырылған діншілдік сияқты көрініс береді. Бұндай діни сезім еркін көсіліп кете алмайды. Оны «ұялшақ діншілдік» деп атар едік. Бүгінгі натурализм дәстүрінде тәрбие алған, адам мен әлемді натуралистік образда қабылдап үйренген пенде діни сезімін ашып көрсетуге қысылады. Ұялшақ діндарлықты түсіндіру үшін архетипке жүгіну қажет емес. Өйткені Тәңір туралы түсініктің мазмұны белгілі бір форманың ұқсастығымен (архетиптер) емес, объектінің теңдігімен (яғни Тәңір), ұқсастығымен анықталады. Өмірдің мысалына қараңыз. Бір негативтен бірнеше фотосуреті көбейтіп алдыңыз делік. Сосын оларды бірнеше адамға таратып бердіңіз. Бірақ олардың: «Неше рет суретке түскенсің?» деп сұрамайтыны анық. Ұқсас суреттің бәрі де бір түбірден таралғаны айтпаса да түсінікті. Тәңір туралы сезім де солай. Діни сезімдер мен түсініктер әркімде әр қалай бола береді. Бірақ бәрінің түбінде Тәңір деген жалғыз образ жатыр.
Дәстүрлі дүниетанымдағы символ мен перспектива
Шартты символдармен адамның трансцендентті болмыс екенін ұдайы еске салу үшін оның бойына кие дарытады. Франкл теориясында бүй деген: «Адам Мәнді құндылықтың сәулесімен іздейді. Көкірек кие ұғыммен байыған сайын одан шашылатын сәуленің мөлшері де ұлғаяды». Шындығында табиғаттағы бейтарап затта киенің сәулесі жоқ. Сәуле адамның хикмет кеудесінде тұрады. Бірақ бейтарап зат болмаса құндылық сәулесі өздігінен рефлекция жасамайды. Оны кино мысалымен түсіндірді. Киноның мәні кинопленкадан көрінбейді. Ол экранға шағылысып қайтып келгенде ғана ашылады. Теорияға тереңдей түсу үшін қазақтың дәстүрлі сұрақ-жауап үлгісін қараңыз.
– Басыңда не бар?
– Тәж-дәулет.
– Құлағыңда не бар?
– Азан-қаумет.
– Көзіңде не бар?
– Нұр-Мұхамбет.
– Қасыңда не бар?
– Кәләмі Құдірет.
– Маңдайыңда не бар?
– Сәжде-ғибадат.
– Мұрныңда не бар?
– Ырзық-жәннат.
– Аузыңда не бар?
– Кәләм-шаһадат.
– Тілегіңде не бар?
– Дидар-талап.
– Жүрегіңде не бар?
– Зікір-салауат.
– Рухыңда не бар?
– Ақыл-парасат.
– Нәпсіңде не бар?
– Сабыр-қанағат.
– Ойыңда не бар?
– Алла тәбәрәк.
– Бойыңда не бар?
– Мейір-махаббат.
– Кеудеңде не бар?
– Жан-аманат.
– Мойныңда не бар?
– Парыз-сүндет, уәжіп
– Пешенеңде не бар?
– Тағдыр-қиямет.
– Жүзіңде не бар?
– Иба-әдеп.
– Қалыбыңда не бар?
– Иман-әдет.
– Иығыңда не бар?
– Қос періште – ой-берекет.
– Беліңде не бар?
– Кемер-қуат.
– Тізеңде не бар?
– Ізет-құрмет.
– Қолыңда не бар?
– Қайыр-сахауат.
– Аяғыңда не бар?
– Жол-шариғат.
– Алдыңда не бар?
– Ақ құбылам – пір-тарихат.
– Мақсатыңда не бар?
– Дүр-хақиқат!
Сұрақ-жауап үлгісіндегі адамның дене мүшесінде ешқандай кие жоқ. Құндылық пен кие кісінің кеудесінде тұр. Үлгідегі шартты символдар адамның әр дене мүшесінен трансцендентті перспективаны көрсетеді. Бұл теорияны Франкл телескоппен түсіндірген. Яғни, ішкі әлемге үңіліп, хикмет сандығынан ойдың маржанын теруді коллейдоскоппен салыстырды. Ал, дүниетанымды телескоп мысалында берді. Телескопқа үңілгенде алыстағы планетаның өзі ғана емес, оның арғы-бергі жағындағы миллиондаған жұлдыздар көзге шалынады. Дүниетаным да сондай нәрсе. Қарапайым нәрсеге назар салғанда, оның арғы жағынан трансцендентті шексіз әлем жарқ ете қалады. Мысалы, сұрақ-жауапты жастайынан сіңіріп өскен бала,біз мән бермес сезім органдарынан: көзінен, аузынан, құлағынан, мұрнынан, қол-аяғынан сакралды ұғымдарды сезінеді. Бүкіл түр-тұрпатын кездейсоқ емес, хикметпен жаралған құндылық деп бағалайды. Мүсін-келбетіне қараған сайын трансцендентті әлемнің объективті болмысымен әсерлеседі. Ал көкірегі қуыс пендеге он екі мүше жәй қозғалысты реттеп тұрушы мағынасыз механизм. Ондай хәлде Мәнге талпыныстың инерциясы әлсірейді. Сол сияқты дәстүрлі ұғымдағы «дастарқанды баспа», «ақты төкпе», «қызды теппе», «нан қиқымын шашпа», «кісіге қолыңды шошайтпа», «малды теппе» деген ырым-тыйымды перспектива теориясымен ғана түсіндіре аласың. Бірақ ырымның өзі мәнді аңызбен, қиссамен баяндалғанда ғана символдың Мәні оқиғаны трансцендентті әлемге алып өтеді. Егер Мәннен ажырап міндетін атқармаса, мағынасыз ескіліктің сарқыншағы болып шыға келеді. Бір скептик не нигилист яки болмаса әсіредіншіл «Бұл заттарда кие жоқ. Олар мәннен жұрдай. Одан мағына іздеу надандық» десе, оның пайымына қарап, керісінше кеудесінің қуыс екенін білеміз. Адам кие ұғымын кері тепкен сайын өзі де киесіз, құнсыз, мағынасыз мақұлыққа айналады. Бұдан шығатын қорытынды: пенденің құнды яки құнсыз тұлғаға айналуы өзінің қолында. Осындайда еске даналар айтқан мынадай тәмсіл түседі: «Адам табиғатын түсініп болмайсың. Әлем ғажайыпқа толып тұр. Ал ол жалығу мен торығуды ойлап тапты».
КОНЦЛАГЕРЬДЕГІ ПСИХОЛОГ
І дүниежүзілік соғыс тұтқынның санасына алғаш рет «түрме психологиясын» сіңірді. Олардың психопатологиясын зерттегендер бұған «тікенсым ауруы» деп ат қойды. Ал ІІ дүниежүзілік соғысты «нервтер соғысы» деп атады. Ғылымда бұқара топтың психопатологиясын зерттеу осы кезде қолға алынды. Бұған концлагерьдегі тұтқындардың психологиясы түрткі болды. Освенцумда тұтқында болған Роберт Коэн бастан кешкен жайттарын Утрехт университетінде оқып жүріп, диссертация тақырыбына айналдырды. Лагерьге түскен бірінші күнін былай сипаттайды:«Лагерьге келгенде өзімді бөтен сезіндім. Айналадағы оқиғалар бөтен сияқты көрінді. Алғашында берілген «киімге» қарап тұтқындардың мысқылдап күлетін күйі бар еді. Кейін газ камерасы мен адамды өртейтінін естігенде көбі психологиялық ауыр соққы алды». Күннен күнге есі шығып, есеңгірейтін болды. Кейбірі көрші лагерьдегі бала-шағасының өлгенін естігенде қайғыдан сұлап түсті. Де Винд осыған қарап: «Психология фобиясының тарихындағы ауыр психологиялық жарақат деп осыны айтса болады», – деген. Осы шок фазасын психиатриялық өлшемге салсақ, аномальды реакция деп айтуға болады. Яғни тым үлкен соққы алған. Концлагерь сияқты сұмдық жерде аномальды реакцияның болуы – заңды. Ойлап қараңыз: бала-шағамен қоса тиелген 1500 адамы бар пойыз бірнеше күннен бері жолда келеді. Әр вагонда дүние-мүлкін жастанған 80 адамнан бар. Тау болып үйілген сөмке, шабаданнан терезенің жоғарғы жағы әзер көрінеді. Одан түскен күн жарығы ғана көңілге жіңішке үміт сыйлайды. Пойыз тоқтап тұр. Ол Силезияда ма әлде Польшаға келді ме, оны ешкім білмейді. Сәлден соң пойыз қайта қозғалды. Локомотивтің ысқырып-пысқырған дауысы тұтқындардың жанайқайы сияқты естілді. Азапты күндер туғанын естіртіп тұрғандай дерсің. Бір кезде оның әлдебір бекетке тоқтағаны байқалды. Бойы ұзын бір жігіт терезеден тысқа қарап: «Тақтайда «Освенцум» деп жазылып тұр!» – деп айғай салды. Жұрттың жүрегі тоқтап қалуға шақ қалды. Ең қорқынышты концлагерьге келгенімізді білдік. Аумағы бірнеше километрге созылған лагерьдің сырты тікен сыммен қоршалған. Күзетшілердің әмірлі айғайы жан-жақтан естіледі. Пойыз платформаға кеп тоқтады. Вагонның есігі ашылып, ішке алабажақ киінген, тақырбас бірнеше тұтқын кіріп келді. Қарындары тоқ сияқты. Түрлерінен аштықтың табы сезілмейді. Еуропаның бірнеше тілінде еркін сөйледі. Жүздері жайдары сияқты. Күлген сайын демімізді ішке тартып, не боларын күтіп, шарасыз кейіпте тұрмыз. Психиатрияда «рақымшылық иллюзиясы» деген термин бар. Өлім жазасына кесілген бейбақ соңғы демі үзілгенше «рақымшылық болар» деп үміттеніп тұрады. Сол сияқты біз де «мұнда шектен шыққан сорақылық, біз ойлағандай азаптау болмас» деп ойладық. Олардың пошымына қарап, «тірі қалармыз» деп үміттендік. Ол кезде, күнде осылай, жаңадан келгендердің затын тәркілеумен айналысатын арнайы топ барын білмеуші едік. Освенцумға не үшін келгеніміз кешке түсінікті болды. Бізге:«барлық затты вагонда қалдырып, ер мен әйел екі колоннаға бөлініңдер!» – деп бұйырды. Одан соң СС офицерінің алдынан өтуіміз керек. Мен де СС офицерінің алдына жақындадым. Мұнтаздай киінген сұңғақ бойлы офицер оң қолын болмашы көтеріп, сұқ саусағымен оңға және солға (көп жағдайда солға) нұсқап тұр. Не себепті оңға, солға нұсқағаны бізге беймәлім. Кезегім келді. Офицер мұқият қарап, иығыма екі қолын қойып тұрды да, мені оң тарапқа итеріп жіберді. Кешке сұқ саусақтың не үшін оң-солға нұсқағанын ақыры білдік. Бұл бірінші іріктеу күні екен. Бірінші шешім: жұмысқа жарай ма, жарамай ма? Бізбен келген жұрттың 90 пайызы үшін бұл өлім жазасы болғаны анық еді. Лагерьге бұрын түскен тұтқындардан П. есімді досымның қайда кеткенін сұрадым: Олар:
– Досың солға кетті ме әлде оңға кетті ме? – деді.
– Нақты білмедім. Шамасы солға кеткен сияқты, – дедім.
– Онда досыңды ана жақтан ізде, – деп ол қолын созып, алыстағы биік мұржаны көрсетті. Аспанда бұлтпен араласып кеткен қою түтінге көз салдым.
– Досың бұлтпен араласып, «ұшып жүр», – деді ол. Төбеден жай түскендей әсер етті. Адамның барынан бір сәтте айрылып қалатынына сену қандай қиын еді?
Бұрын түскен тұтқынның біріне жақындап:
– Бауырым, бері қарашы. Бірдеңе сұрайын. Ғылыми қолжазбамды ала келген едім. Бұны сақтап қалуым керек. Аман-есен шығып жатсам, кітап етіп шығарам. Иә, не дейтініңді біліп тұрмын. «Бұл жерде «байтал түгіл бас қайғы». Шыбын жаныңды аман алып қалсаң, олжа сол болмақ» дейсің ғой. Бірақ түсінесің бе, бұл қолжазба – менің өмір-бақи еңбегімнің жемісі. Қалай болғанда да оны сақтап қалуым керек, – дедім.
Ол түсінген сыңай танытып, жанашыр кейіппен қарағандай болды. Сәлден соң бетін тыржитып, ызалана күлгендей болды да:
– Сілімтік!!! – деп боқтап жіберді. Осы бір ауыз сөз лагерьдегі жағдайдан толық хабар берді. Бұл тұтқындардың көп айтатын кілт сөзі екен.
Ситуация толық тұйықтанған. Достарым оп-оңай ажал тырнағына ілініп кетіп жатыр. Күн сайын, сағат сайын, минут сайын төніп тұрған өлім фактісі суицид туралы ойлатпай қоймайды. Ондайда көбі өзін тікенсымға лақтыруды ойластырады. Бұл – өзіңді өлтірудің оңай тәсілі. Лагерь жоғары вольтты сыммен айнала қоршалған. Сымға түскен адам сеспей қатады. Лагерьде «сымға асылу» деген термин пайда болды. Ол жерде негативті шешім қабылдау оңай. Освенцумда суицидке ұмтылудың мәні жоқ еді. Алда тұрған түрлі іріктеу «турынан» аман өтеріне көптің сенімі аз. Мұншама ауыр азаптың ішінен тірі шығуы неғайбыл. Сымға асылмай-ақ өліп қалуың мүмкін. Освенцумда шок стадиясынан әлі өтіп болмағандар өлімнен қорықпайды. Бастапқы бірнеше күнде газ камерасы соншалықты үрейлі көрінбейді. Газ камерасы суицид жасаудан құтқаратын құрал болып елестейді. Алайда көп ұзамай алғашқы дүрліккен күйсанадан сейіліп, оның орнын немкетті көңіл басады. Біз «адамның мінез-құлқының өзгеруі» деген екінші фазаға ауысамыз.
Бейімделу фазасы
Достоевский адамды: «Барлық жағдайға үйренетін тіршілік иесі», – дейді. Коэн де бұл жайлы: «Адамның физикалық та, рухани да бейімделу қабілеті жоғары. Тіпті оның осы қабілеті мен ойлағаннан әлдеқайда берік боп шықты. Жақын туысының камерада тұншығып өлгенін көріп, біліп, лагерьдегі бүкіл айуандықты бастан өткеріп отырса да, өліп қалмай, соған төзіп отырған адамның хәліне кіріп көре алатын жан бар ма екен? Елдің бәрі ондай кезде адам не жынданып кетеді, не өзіне қол салады деп күтпей ме?» И.Беттельхейм де осыған орай: «Мынадай жағдайда жүрген жанның жынданып кетпей, өзіне қол салмай, осынша төзгеніне қайран қалдым», – деп еді. Тұтқындардың санына орта есеппен шақсақ, суицид лагерьде аз болған. Терезиенштат лагеріндегі суицидке қатысты Ледерер мынадай мәлімет келтіреді. 1941 жылғы 24 ақпанмен 1944 жылғы 31 тамыз аралығында лагерьде 32647 тұтқын қаза тапты. Олардың 259-ы ғана суицид жасаған. Түрмедегі «тозақпен» салыстырғанда бұл – төмен көрсеткіш. Бұл апатия сезімі психиканың қорғаныш механизмі сияқты. Бұрындары бейбіт өмірде жандүниесіне кері әсер етіп, ашу-ызасын туғызатын, тіршіліктен түңілдіретін қатігез әрекеттер енді адамға дарымайды. Шектен шыққан қатігездіктің неше атасы көз алдында үздіксіз жасалып жатыр. Бірақ тұтқындар бейне бір денесіне сауыт киіп алғандай. Ештеңеге селт етпейді. Бұрынғыдай әсерленбейді. Бұл жерде «ерекше жағдайға іштей бейімделу» деген феноменнің куәсі боламыз. Барлық оқиға санаға тұншығып жетеді. Қисық іске өре түрегелетін саналы өмір сап тыйылды. Өмір қажетті мұқтаждығын өтеумен шектелді. Ойдың бәрі «Қалайда бүгіннен аман шығу керек» деген бір нүктеге жинақталды. Күнде кешке шаршап-шалдыққан, аштықтан басы айналған бейбақтарды лагерьге айдайды. Казармаға кіргенде: «Уһ! Рас па, өтірік пе, тағы бір күнді аман өткердім?», – деп құлап түсетін. Оларды «мәдени ұйқыға» кетумен аман қалды деуге болады. Қилы кезең туғанда өзін тірі сақтауға көмектесетін барлық механизм қалқып, жанның бетіне шығады. Коэннің өзі де: «Лагерьде жүргенде тірі шықсам екен деген бір ғана ой болды», – деп жазады. Тұтқында болған психоаналитиктер де лагерьдегі пенделердің примитивті тіршілікке ойысқанын жиі айтады. «Адамның бүкіл мүддесі «Қайтсем артығырақ ас ішемін және не істесем жеңіл жұмысқа жегілем?» деген оймен тоғысты. Олардың мұндай позициясын регрессия деп қана түсінуге болады. Концлагерьде адамды айуанның деңгейіне дейін түсірді. Регрессия басталғанда адам құмарлық пен қалаудың қарабайыр фазасына дейін құлап, тек тірі шықсақ болды» дейді Коэн. Тұтқынның ішкі дүниесін жайлап алған қарабайыр ахуал олардың армандарынан-ақ көрінетін. Негізінен нан, торт, темекі және жылы ванна туралы айтатын. Отыра қалса, тамақ туралы айта жөнеледі. Күзетші сәл алыстаса, дереу тамақтың түрлерін талқылап, оны қалай пісіру керегін түсіндіріп әуре. Ғайыптан тайып бостандыққа шығып жатса, бір-бірін қонаққа шақырып, дастарқанға қандай тамақ қоятынын айтып қиялдайды. Кейбір мықтылары дәмді асты аңсағаннан тоқшылықтың тезірек келуін тілемейтін. Олар – ас-ауқаттан басқа ештеңе айтылмайтын надан ортадан азар да безер болғандар. Тамақ туралы әңгімеден құтылу үшін бостандықты аңсайтын. Аштықтың әсерінен ер-азаматтар секс туралы тақырыпты қозғамайды. Алайда Каутский мынадай қызық фактіге назар аударған: оның зерттеуінше соғыстан бұрын ит басына іркіт төгілген тоқшылықта да секске деген құмарлықтың топастанып қалғаны байқалатын. Яғни аштықта да, тоқтықта да секс сезімі мұқала береді. Тигезену мен Килердің зерттеуінше лагерьге көшірілген бұқара халықта секске қатысты проблема болмаған. «Әдетте, солдаттар жақсы көретін секс туралы арсыз анекдоттарды тұтқындар сирек айтатын». Қамаудағы кезеңнің екінші фазасында, керісінше, секске әуестену қайтадан пайда болды. Осы құбылыстарды қорыта айтқанда тұтқындардың психикасын мынадай екі белгісіне қарап сипаттауға болатын: олар – апатия мен агрессия. Әлгіндей сезімдері бірде ғайып болса, енді бірде қайта қозып, құтыра бастайды. Тұтқындар өздерін қор сезінетін ойдан азап шеккені айтпаса да түсінікті. Қай-қайсымыз да соғысқа дейін «Кімсің? Пәленше!» болғанбыз немесе іштей өзімізді солай зор санап келдік. Енді бізге малға қарағандай қарайды. Лагерьдегі ситуация адам болмысының биік рухани сферасына тамыр жіберген жеке басының намысы мен абыройын шайқамай қоймайтын. Қарапайым көп тұтқынның бірі «Ойбай, намысым тапталып қалды!» деп зардап шекпеуі мүмкін. Бірақ іштей күйзеледі. Лагерьде өзінше ішкі тәртіппен қалыптасқан әлеуметтік құрылымды көрген сайын жаман сезім жанға бататын. Бұл жерде лагерьдегі мәртебелі кісілер жайлы айтқым кеп отыр. Олар: староста, аспаз, көр қазушы және «лагерьдегі полицейлер». Бәрі де қарабайыр сезімдерін сәтімен қанағаттандырған «бақытты» кісілер еді. Бұлар «намысым тапталып жатыр» деп қорланбайтын. Керісінше жолы болған «жарамды» жігіттер саналатын. Уақыт өте келе «жарамды» жігіттер өздерін ұлықтайтын кеселге шалдықты. Бағы жанған осы үркердей топтың жүріс-тұрысы мен жағымсыз мінезіне наразы болған (қызғана да қарайтын) көпшіліктің реакциясы білініп қалатын. Көбіне оларды анекдотқа қосып, әжуалайды. Сондай анекдоттың бірі былай боп келеді. Екі тұтқын біреуді әңгімелеп отыр.
– Сен ана пәленшені танушы ма едің?
– Иә, танимын.
– Қазір ол қайда, бар ма өзі?
– Е, айтпақшы мен саған қызық айтайын. Оны Венадағы ана пәлен деген ірі банк бар еді ғой?
– Иә.
– Соның түкке тұрмайтын президенті болып сүмеңдеп жүретін кезден білуші едім.
– Қой!? Енді оның қызметі өсті ме, сонда?
– Ойбай, айтпа. Қазір кетті ғой шарықтап. Ол – осында білдей бір староста!
Лагерьдегі өмірге қатысты психологиялық реакцияны құмарлықтың қарабайыр құрылымы, яғни регрессия деп тану бұл бір емес. Утиц тұтқынның мінез-құлқындағы өзгерісті циклотимикалық (мінез-құлықтың толқын сияқты өзгеруі) тараптан шизотимикалық (мінез-құлықтың күйреуі) тарапқа ауысуы деп түсіндірген. Ол мынаған назар аударған: тұтқынның көбінде апатия ғана емес, желігу сезімі де байқалған. Сезімдер бір сызық бойымен түзу жүрмейді. Бірде енжарлық езсе, бірде желік қысып құтырады. Кречмердің зерттеуінше көңіл-күйдің бұлайша қозып, секіріп тұруы шизотимикалық темпераменттің психэстетикалық пропорциясына сәйкес келген. Бұл сияқты мінездің өзгеруі немесе доминанттың ауысуы психологиялық тұрғыда күмәнді. Олардың «шизодизацияға ұқсайды» деп отырған ұқсастығын күрделендірмей-ақ оңай түсіндіруге болады. Тұтқындар екі түрлі азапқа таланып жатыр: бірі – аштық, екіншісі – ұйқы. Бүрге мен бит басқан баракта ұйқысы өмірі қанбайды. Аштық адамды апатияға құлатса, қанбаған ұйқы желікті қоздырады. Енді оған қазіргі өркениеттің кофеин мен никотин деген екі рақатын және қосыңыз. Біреуі апатияны, енді бірі желікті басады. Лагерьде бұл екі нығмет қайдан болсын!? Енді мынадай фактіні ескеру керек: Гизелдің есебінше тұтқындардың бір күнде сіңіретін калориясы шамадан тыс аз болған. Қараңыз, Равенсбюрг концлагерінде 1944-45 жылдар арасында 800-ден 900-ге дейін жеткен. Берген-Белсен концлагерінде 600-ден 700-ге дейін барған. Маутхаузенде 500 болған. Ызғарлы суықта жеңіл киіммен бүрсеңдеп жүріп қара жұмыс істейтіндер үшін мына калорияның көлемі өте-мөте аз екені айтпаса да түсінікті. Утиц тұтқындардың психологиясын басқа да фактормен тәпсірлегісі келген. «Олар лагерьдегі өмірді уақытша тұратын мекен деп түсінді» дегенмен байланыстырады. Біздіңше, бұндай тәпсір тағы да толықтыруды қажет етеді. Себебі ондағы тәртіп бөлек. Тұтқындар қашан босарын білмейді. «Уақытша жатырмыз» деп ойлай да алмайды. Қамалып бара жатқан жан мынадай сезімді бастан кешеді. Бейне бір о дүниеге сапар шеккен әруақтай сезінеді. Себебі лагерьден ешкім тірі шыққан жоқ. Олар туралы қоғамға тырс еткен ақпарат жетпейді. Тұтқынды тағы бір ой жегідей жейді. Ол – белгісіздік. Ендігі жайының не боларына емес, азаттыққа шығатын уақытына қатысты белгісіздік. Неше жыл жатарын болжай алмайды. Бейне бір мәңгілікке қамалғандай миы айналып қалады. Бізбен салыстырғанда белгілі мерзімге сотталған қылмыскердің жағдайы тойға барғандай еді. Олар неше жылға сотталса да, шығатын күнін біліп, санап, ойша дайындалып отырады. «Қашан шығамыз? Мына тозақ неше жылға созылады?» деген сұрақтар бізді 24 сағат бойына жүндей түтетін. Себебі жауабы жоқ! Көбі мына мәселеде менімен келіседі. Лагерьде психологияға ауыр салмақ салған фактор – жауаптың жоқтығы! Өмірі бітпейтін бір өсек күн сайын таралады. «Әне-міне шығамыз. Міне-міне ертең-ақ азапты күндер артта қалады. Шығуға санаулы күндер қалды» деген алып-қашты әңгімелер шаршатты. Талайдың жігерін құм қылды. Тіпті тұрмастай етіп, езіп тастайтын. Шығатын күннің беймәлім болуы мәңгілікке қамалғандай қорқынышты сезімге шырмады. Милары шатысып, шығатын күнді есептей алмай азап шекті. Келе-келе оларға тікен сымның арғы бетінде бөтен әлем бардай көрінді. О жақтан біреуді көрсе, жат планеталық сияқты қабылдайтын. Өзі сол әлемнен бөлініп қалғандай күй кешетін. Арғы жақтағы адам бейне бір о дүниеден тіріліп келген әруақтай көрінетін. Мерзімнен шатасудың зияны мынада: тұтқында келешек туралы түсінік жойылады. Бір танысым: «Колоннаның ішінде келе жатқанда құдды бір табытымның соңынан келе жатқандай күй кешемін», – деді. Лагерьдегі уақыт қысымының күштілігі сонша:келешек уақыт жоқ сияқты көрінеді. Бейне бір тек өткен шақта өмір сүргендей күйге түседі. Өзін әруақ сияқты сезінеді. Бәрінің ойы өткен оқиғаларға жабысып, қатты да қалды. Уақыт мәселесін назарға алғанда, мынадай нәрсені байқайсың. Адам уақыттық өлшемге тәуелді. Осы өлшем күйрегенде тіршілік шытынайды. Сана болашақтағы бір уақытқа бекімей, өмір сүре алмайды. Ниет еткен ісін қай күні қолға аларын ілкіден белгілейді. Сосын барып талпынады. Мысалы, металл сынығының магнитке тартылғаны сияқты. Осы тәртіп бұзылғанда пенде болашаққа бара алмай өткен шаққа байланады. Уақытқа есептеген жоспары күйрейді. Межелі уақытты қиып өткенде оқиғаның болғанын анық сезінетін. Енді оның бірі жоқ. Ол аз болғандай даңғырлаған қуыс сезім көңілді лезде билеп алады. Өзіңді мағынасыз тіршілік иесі сезініп, ішкі дүниеңде уілдеп дауыл соғып тұрғандай. Немесе түбі жоқ тұңғиыққа батып бара жатасың. Мұндай сезім жұмыссыз жанда жиі кездеседі. Жұмыссыз қалған адам тоқтап қалған уақыттың ішінде қамалғандай күй кешеді. Уақытқа есептелген жоспары күйрейді. Біз бір заманда жұмыссыз қалған шахтерларды тексергенбіз. Сол кезде дәл осындай аурулар анықталған еді. Латынның «fіnіs» сөзі «соңы» және «мақсат» дегенді білдіреді. Адам өмірдегі уақытша жүрісінің аяқталар соңғы нүктесін көре алмаса, алдына мақсат қоя алмайды. Мақсат-мұрат қойылмаса, Өмірдің мәні мен мазмұны ғайып болады. Табан тірейтін соңғы нүктені айқын көріп, бір мақсатқа ұмтылғанда тұтқындарға ауадай қажет рухани тірек уақытша болса да табылады. Дәл осы рухани тірек оны әлеуметтік ортаның соққысынан құлатпай ұстап тұрады. Кімде-кім бір істі ойға алып, уақытын белгілеп алмаса, іштей құлдырап, тозып кетуге бейім. Рухани тіректің жоқтығынан іштей күйреу сезімі тұтқын үшін қауіпті апат болды. Лагерьде жиі болатын бұл қорқынышты құбылысты жақсы біледі. Ішкі тірегі сынғандар тез күйреп, аз күнде ажалға жем болады. Әдетте былай басталады: күйреген адам жұмысқа шықпай, жуынбай, тамаққа да бармай жата береді. Ескерту, қоқан-лоққы оны қозғалта алмайтын. Жазалау түрлері де түк әсер етпейді. Таяқ жеп жата береді. Үлкен-кіші дәретіне былғанып, түңіліп жатқан адамның ажалы тақады деген сөз. Тұтқынның кеудесіне, соңы жоқ сезім бекініп алып шықпай қойғанда осындай қауіпті көңіл күй жанға жабысады. Міне, сізге нақты мысалы. 1945 жылдың наурызында бір жолдасым қызық әңгіме айтты. Ол 1945 жылдың ақпанында түс көреді. Түсінде жақсы іс көреді. Ғайыптан бір дауыс келіп: «Не білгің келеді, бәрін сұра. Жауабын беремін», – депті. Ол: «Соғыс қашан бітеді?» – дейді. Дауыс: «1945 жылдың 30 наурызы бітеді», – деп нық жауап берген. 30 наурыз болды. Ештеңе өзгермеді. Аяны ақиқатқа айналмады. Ол 29 наурыз күні түнде безгектен сандырақтай бастады. 30 наурыз күні есінен танды. 31-іне қараған таңда сүзектен (тифтен) үзілді. Ол үшін соғыс шынымен де 30 наурызда аяқталды. Медицина тұрғысынан да ой жіберіп, оның түбіне не жеткенін анық айта аламыз. Үміт үзілгенде қайраты мен күрескер иммунитеті күрт үзілді. Осы кезде бұғып жатқан бүкіл инфекция ауруға бас салды. Бұл тұжырыммен басқа да дәрігерлер келіседі. Лагерьдегі бір дәрігер бірде мынадай оқиға айтты: оның лагерінде «1944 жаңа жылда Құдай қаласа үйде боламыз» деген алып-қашпа әңгіме тараған. Соған сенгедер шабыттанып сала берген. 1944-тің жаңа жылы да келген. Өзгерген ештеңе жоқ. Соңы неге апарып соқты деп ойлайсыз? Рождество мен жаңа жыл мерекесінің арасында тұтқындар шыбындай қырылған. Әдетте қатты суықта, ауарайы күрт өзгергенде немесе инфекция тарағанда олар ана дүниеге топ-тобымен аттанатын. Анығында, жан мен тәннің күрт күйреуі рухани позицияны дұрыс таңдауға байланысты. рухани позицияны таңдауда адамда ерік қалауы бар! Адамды түрмеге жапқанда оның бүкіл мүлкін сыпырып алуға болады. Бірақ оның ерік қалауын ешкім ала алмайды. Қалау еркі соңғы демі үзілгенше өзімен бірге. Ерік қалауын қалаған тарапыңа бұра аласың. Осы нығметін дұрыс қолданып, апатия мен агрессияны жеңе алатын мықтылар әманда болды. Ондай жігіттер жолдасына жігер сыйлайтын жылы сөзді қашан да табатын. Жылы сөз ғана емес, бір үзім нанын да бөліп беретін. Осындай оқиғалар адам жайлы байқап сөйлеуге мәжбүрлейді. «Концлагерь адамды айуанға айналдырып жібере ме әлде сұмдық жағдайда да адамшылығын сақтап қала ала ма?» деген сұрақ туады. Жауабы: адам оны өзі шешеді. Сөз жоқ, адам лагерьде соққы мен тепкінің әсерімен қоршаған ортаның қысымына көнеді. Осы қысым мінез-құлқын өзгертпей қоймайды. Бірақ тағы бір құдіретті күштің себебінен сыртқы ортаның әсерінен өзін оқшаулай алады. Ол күшті «Рухтың қайраты немесе қайратты Рух» деп атадым. Менен: «Қайтпас рух бар ма? Болса, қалай білеміз?» – деп дәлел сұраса, «Концлагерьдегі өмір – оған жауап беретін нағыз сынақ алаңы», – дер едім. Фрейд бір заманда: «Мәртебесі әр бөлек бір топ адамды аштықпен сынап көріңіз. Аштық қинағанда тұлғалық қасиеттері ғайып болып, қомағай құмарлыққа жеңіледі», – деген. Бірақ бұл көзқарас жалған боп шықты. Фрейдтің әдісін қош көретін Коэн сияқты психоаналитиктің өзі бүй дейді: «Шынымен де лагерьде эгоизмге жұтылмаған адамдар болды. Олардың бойынан альтруистік қасиеттер қашан да табылатын. Альтруистер жолдасының қайғысы мен мехнатын бөлісетін. Соған қарағанда лагерьдің «тозағы» оларға әсер ете алмаған дерсің». Әрине, адамшылықты сақтап қаламын дейтіндер аз болды. Бірақ, қайтесің енді, бұл да Бенедикт Спинозаның «Этикасында» айтылғандай ғой. «Барлық ғажайып сирек кездеседі және қиын жолмен іске асады» деген еді ол. Бірақ ат төбеліндей аз адам басқаларға үлгі болады, дем береді. Олардың үлгісі тізбекті реакция туғызады. Олар лагерьдегі өміріне тағдырының жай бір эпизоды деп қарамайтын. Олар лагерьдегі кезеңін өмірінің биік шыңына шығаратын нағыз сынақ сияқты қабылдады. Бұлардың өмірін регресске кетті дей алмайсыз. Керісінше, адамшылық тұрғыда тіршілігі прогреске ұласты. Діни һәм моральдық тұрғыдан алғанда олар эволюцияны бастан кешті. Тап осы қамаудың арқасында көбінің санасының бір қуысына ысырылып кеткен құдайшылық сезімдері күшейді.
Азат болу фазасы
Азат болуға қатысты тұтқынның реакциясын қысқаша баяндаймыз: басында оған бәрі ғажайып түс сияқты көрінеді. Тіпті соған сенуге батылы жетпей меңіреу кейіпте тұра береді. Бұған дейінгі талай түс, талай аян жер қаптырды ғой. Ол бостандыққа шығып, азат болуды емес, қалай үйіне оралатынын, жора-жолдастарымен қалай құшақтасып көрісетінін, дастарқанда отырып басынан өткен оқиғаны қалай баяндайтын күндерін армандап жататын еді. Осылай армандап жатқанда құлағының түбінен ащы ысқырық естілуші еді. Сосын күзетшілер тәтті ұйқысынан тұрғызып алып, таң атпай далаға айдап шығады. Осылайша азат болу туралы қиялы тас-талқан болады. Сондай сәтте көрген түсі мазақ қылып, күліп тұрғандай әсер ететін. Міне, осынша армандаған азат күні ақыры алдынан шығып тұр. Азат болған адам күйреген адамшылығын жинай алмай, есеңгіреп біраз жүреді. Ол бірінші шаттануды үйренуі керек. Себебі ол қуануды ұмытып қалған. Азаттықтың алғашқы күндері сиқырлы түс сияқты көрінсе, кейін келе лагерьдегі тағдыры қорқынышты түс сияқты көрінеді. Бұл кезде ол психологиялық көмекке мұқтаж. Адамның жанына жебедей қадалып тұрған қауіп-қатерді суырып алатын азаттықтың өзі психологиялық тұрғыдан алғанда қауіпті саналды. Бұл құбылысты кесон ауруымен салыстыруға болады. Кенеттен келген азаттық жанның «аш өзегіне» түсіп кетпеуі керек.
Концлагерьдегі психотерапия
Психотерапияның мүмкіндігі лагерьде шектеулі болды. Бұл жерде әңгімеден гөрі нақты үлгілі іс-әрекет көбірек көмектесті. Ешкім бізден «әшейін болмай қалған» психотерапия туралы ақпарат сұрап отырмайды. Бұл білімді алаңқайда, маршта, котлаванда және баракта, қысқасы мүмкін болған жердің бәрінде, өзімізше дамыта беретінбіз. Біз суицидтің алдын алуды жолға қойдық. Жасырын ақпарат қызметін ұйымдастырдық. Кімде-кім суицид туралы тырс еткен хабар алса, дереу бізге білдіруі керек. Сонда не істеу керек? Олардың көңілін келешектің қандай да бір мақсат-мұратына байлауға тиіспіз. Келешектен үміт үзген адам ажал тырнағына оңай ілінеді. Келешекпен бірге рухани өзегін де жоғалтады. Рухы күйреген сәтте шайға түскен қант сияқты шөгіп сала береді. Көбіне ондай оқиға күтпеген кезде басталады. Пенде кез келген сәтте іштей сынуы мүмкін. Оны тәжірибелі тұтқындар жақсы біледі. Рухы мертіккен ғаріп жанға жігер беру үшін өмірге құштар қылатын барлық амалды қолдандық. Бірақ оны қанша қайрасаң да, құштарлық пен үмітсіздік айналып келгенде Өмірдің мәні бар дегенге сене ме, жоқ па, соған келіп тіреледі. Лагерьдегі психотерапевтік амалдарға Ницшенің мына сөзі жалау болды: «Өмірді не үшін сүретінін түсінген адам қалай сүру керегін өзі-ақ біліп алады». «Не үшін?» деген сауал өмірдің мазмұнын ашып көрсетеді. Ал «Қалай?» деген сұраққа «Мынау үшін» деген жауапты қарсы қойсаң, түрмедегі «тозағың» да кедергі бола алмайды. Ол үшін тұтқындардың санасына «Не үшін?» деген сұрақтың жауабын сіңіре беру керек. Яғни олардың өмірлік мақсат-мұратын айқындауға күш саламыз. Мақсат-мұрат айқындалып, мәні ашылғанда «қалайдың» да амалы көрінеді. Осылайша күйреуік кісіні ажалдың жұтқыншағынан суырып аламыз. Лагерьдегі пациентке психотерапия көмек қолын созғанда «Мәнге талпыну» басты рөлді атқарады. Қамауда отырса да, адамның ұмтылатын Мәні күмәнсіз ақиқат болуы керек. Мән өмірді ғана емес, өлім мен қайғыны да құшағына алатын ауқымды болуы шарт. Ол адамның тірі қалуына не күйреуіне тәуелді болса өмір сүріп не қажеті бар? Тағдырдың ғана лақ еткізіп күтпеген жерден бере салатын мәнін күтумен бұл өмірді сүруге тұрарлық па? Дұрысы өлсең де, тірілсең де, сүрінсең де, жығылсаң да Мән деп сенген нәрсеңе тырмалап болсын, талпына берген жөн. Сонымен ештеңеге тәуелсіз Мән туралы айттық. Бұл жерде әлбетте, К.Ясперстің ақиқат туралы аналогиясы бойынша өзіңе қатысты күмәнсіз ақиқат пен жалпыға ортақ шындықты айыру керек. Лагерьде күмәнге шырмалған немесе түңілген адамдарға айтып ұқтырған күмәнсіз Мән елдің бәріне ортақ емес. Керісінше жеке басына қатысты нақты мәнді айырып алу керек. Әңгіме түсінікті болуы үшін мына оқиғаға құлақ түріңіз: лагерьде екі адам келді. Екеуі де өзіне қол салуға бекіген. Ел ішінде жиі айтылатын соқыр көзқарасқа маталған. «Маған өмірден күтетін түк те қалмады», – дейді. Бұл жерде Күн Жерді емес, Жер Күнді айналады деген Коперник сияқты тың тараптан келу керек. «Сен өмірден емес, керісінше өмір сенен бір нәрсе күтіп тұрған шығар?» деген сұрақты тіке қоясың. Кез келген адамды өмірінде не бір жақыны не бір аяқталмаған аяулы ісі күтіп тұрады. Айтқаным айдай келді. Оларды да күтіп тұрған нәрселер айқын боп шыға келді. Біреуі география бойынша бірнеше том кітап шығарып жатып, лагерьге қамалған. Кітаптар толық жарыққа шықпаған. Екіншісін шетелде кішкентай қызы күтіп жүр. Соғыстан бұрын шетел асырып үлгерген. Қызын өлердей жақсы көреді. Біреуін іс, екіншісін адам күтіп тұр. Екеуі де өздерінің ғаламат қайталанбас тағдыр иелері екенін ұқты. Ұққанда Мән тапты. Мән оларға ешқандай мехнатқа қарамастан, өмір сүруді үйретті. Екеуі де азаттыққа аман-есен жетті! Тірі шықты. АҚШ әскери психиатры Нардини жапондардың лагерінде тұтқында болған америкалық солдаттарды бақылаған. Нардини де солдаттардың түрмеден тірі шығуы нақты бір ситуацияда өмірге қандай рухани позиция ұстануына байланысты екенін айтады. Адамды түрмедегі «тозаққа» төтеп беруге үйрететін бір ғана нағыз психиатрия болса, ол да – әуелден белгілі жалғыз ілім. Бұл ілім адамды бүкіл ерік күш-жігерін қалайда тірі қалуға жұмылдыруға көндіреді. Оның тірі қалуы – ол үшін парыз. Парыздың ішінде Мән жатыр. Алайда лагерьде біздің міндет ауысып кетті. Психотерапевтер адам жанын емдеумен бірге құтқарумен (мәңгілік азаптан, яғни тозақ отынан құтқару деп діни мағынада айтып отыр «salvatіon, спасение души») де айналысатын болды. Бұл міндет жұмысты күрделендіріп жіберді. Лагерьдегі пациенттердің көбі мына «тозақтан» тірі шығудан үмітті бола алмайды. Сондықтан оларды «Ана дүниедегі жағдайым қалай болады?» деген сұрақ мазалайды. Ондайларға не айтасың? Бірақ осы жерде бір нәрсе тағы да айқын болды. Терең назармен қарасаң, барлық адамның санасында көрінбейтін БІРЕУ жүреді. Ол атам заманда жоғалып кеткен сияқты боп көрінгенімен, қандай да бір құдіреттің күшімен бұл жаққа қайтып келетін. Ол – адамдардың СЕН деп сөйлесетін сырласы. Елдің басым көпшілігі үшін соңғы сырласы – Тәңірі. Биік һәм соңғы инстанцияны иеленіп тұрған бұл болмыстың мәні мына сұрақпен анықталады: «ОЛ (Тәңір) менен не тілейді?», «Мен ОЛ үшін не істеуім керек?» Маңыздысы – адамның қайғы мен өлімге қатысты ұстанатын позициясы! Ол соңғы бекінген позициясымен өлуге дайын болады. Қалай өлуді түсінген адам өмір бақи өлмей қояды! Адамға өз ажалымен өлу маңызды. «Өз ажалы» дегенде ақ төсекте жатып, биологиялық өлім құшу емес, басқаны меңзеп отырмын. Ажалыңмен өлу – қай жерде, қалай өлсең де Мәнге жетіп, мағыналы өлім құшу. Өлімнің мәні де Өмірдің мәні сияқты ерекше. Өзіңе ғана тиесілі һәм мағынасы да терең. Сондықтан да бізге жеке-жеке өлім берілген. Стандартты өлуге ақымыз жоқ. Бұл пәниде осы міндетті де арқалаймыз. Тағдыр үшін қалай жауапты болсақ, ажал үшін де солай жауаптымыз. Сонда кімнің алдында ЖАУАПКЕРШІЛІК арқалаймыз? Бұл сұраққа кім жауап бере алады? Соңғы сұрақты әркім өзі шешсін. Мысалы, біреу ар-ұятының алдында жауапты сезінеді. Енді біреуі Құдайдың алдында жауаптымын дейді. Үшінші біреуі алыстағы қимас адамының алдында жауаптымын дейді. Жауапкершілікті кімнің алдында арқаласа да бәрібір емес пе? Өлгендердің қай-қайсысы болса да, алыс бір жақта, көзіне көрінбейтін, бірақ өзін көретін БІРЕУ барын біледі. Әл үстінде жатқан адамнан ОЛ (Тәңір) «көрген азабыңа сай бол» дегенді талап етеді. Бұл сөзді Достоевский айтқан. «Осыншама азап пен қорлықты тартқанда соған татырлық тұлға болсақ жарар еді» деген уайымның ерекше түрі. Лагерьде «Prіmum vіvere, deіnde phіlosopharі» деген қанатты сөз қуатын жойды. Мағынасы: «Әуелі тірі шық. Әңгімені сосын соғасың». Орнына мынадай афоризм пайда болды. «Prіmum phіlosopharі – deіnde morі» Мағынасы «Әуелі Мән тап. Сосын ажалыңды қасқайып қарсы ал» дегенге саяды. Әдетте адам өмір патшалығында өмір сүреді. Концлагерьде керісінше. Мұндағылар өлім патшалығында тіршілік кешті. Өмір патшалығында суицид жасап, өмірден қашып кетуге болады. Ал концлагерьде рухани өмірге ғана өтіп кете аласың. Басқа жолың жоқ! Біреу рухани өмірді кері тепсе, оның саудасы бітті деген сөз. Рухани нәрі жоқ мағынасыз өмірге құштар болғандардың тағдыры суицидке әкеп соқтырды. Көптеген авторлар бір нәрседе бірден келіседі. Тұтқындардың мейлі қандай болса да, әйтеуір өзіне ұнаған рухани өмірді таңдағаны маңызды болды» деп жазады Коэн. Ол осы ойын құптаушылар ретінде Винда, Кааса, Врийхофа және Блюманы атап өтеді. Тұтқын лагерьде ауыр азапқа төзе алмасын білсе, рухани өмірінде одан шығудың жолын табатын. Рухани өмірге жалғанатын жолды СС жендеттері жаба алмайтын. Рухани өмір тұтқындарды шыңдай түсті. Бейімделуіне көмектесті. Бейімделген сайын тірі қалу мүмкіндігі зорая берді. Бала кезінен рухани өмірге бейім ақжүректер тауқыметті басқалар сияқты ауыр қабылдаған жоқ. Түрлі сыртқы соққыдан олардың жұмсақ жандарына анау айтқандай ауыр жарақат түспеді. Кеудесіндегі хикмет қазынасы азаптан қашқанда рухани әлемге сүңгіп кетуге қайырлы мекен болды. Бұл парадоксты осылай ғана түсінеміз. Денелі ірі жігіттермен салыстырғанда пішімі қораш кісілер қорлыққа лайықты төтеп берді. Өзім де қайғы-қасірет қыспаққа алғанда оларды жан-дүниеме дарытпайтын амалдарды қолдандым. Қайғы-мұңды өзімнен бөліп тастауға тырыстым. Әлі есімде, бір күні жұмысқа бара жатып, аштыққа бұдан әрі төзе алмасымды сездім. Суық пен дерт титықтатып бітірді. Аяқтарым ісіп, бәтеңкемді бауын байламай киіп алғам. Жағдайымның мүшкіл екенін біліп келемін. Кенет мынадай амалға көштім. Өзімді үлкен, әдемі, жып-жылы конференц залда ғылыми салам бойынша лекция оқиын деп тұрғандай елестеттім. Аудитория лық толған. Тақырыбым «Концлагерьдегі психотерапия» екен деймін. Қазір басымнан өтіп жатқан қиын-қыстау кездер туралы баяндап жатырмын. Осылайша қиялдың қуатымен өзімді игере бастадым. Ауыр мехнат өткен заманда болғандай күйге енді. Бүкіл қайғы-қасіретіммен бірге өзім де ғылыми зерттеудің объектісіне айналып, бөлек тұрмын. Өзімді өзім зерттеп жатырмын. Концлагерьді адамзат әлемінің микроғаламдық шағылысы десе жарасады. Ондағы өмір жанның терең қатпарын әшкереледі. Осы қатпар арасынан тағы да адами қасиеттер табылғанда оған несіне таңғалуымыз керек? Адамзат – табиғатында жақсылық пен жамандықтың араласып қорытылған түрі. Адам табиғатындағы жамандық пен жақсылықты екіге жарып жатқан сызаты оның түпкі сипатын анық айырып береді. Осы айырым концлагерьде бадырайып, сырт көзге анық көрінді. Терезиенштадтағы лагерь психологиясын зерттеген Адлердің сөзімен айтқанда: «Нақақ күйген құрбандар мен оңбаған жендеттерді «ақ пен қараға» бірден бөліп тастамай, күллі адамзат тарихын осындай тар мекенге сығып әкеп, анық көрсеткен жер бар ма екен? Лагерьдің салынуы, іске қосылуы, соңынан бұзылып, сүрілуі қайғы мен қасіреттің жиынтық сығындысы сияқты. Ол жердегі қатігездік пен айуандық әлемнің барлық нүктесінде бар. Бірақ олар шашырап кеткендіктен, көзге бадырайып көрінбейді. Бадырайып көрінбесе де, сол зұлымдықтар да кез келген елде, кез келген адамның тағдырын қиып түсе алады. Лагерьдің ерекшелігі мынада: адам мен адами институттардың бәрінде быжынап жататын жалғандық, қауіп пен қатер, ақымақтық пен иттік лагерьде маскасын сыпырып, ашықтан-ашық қатігез түріне еніп бетпе-бет келді. Адамды тобырға айналдырып, жалған жолмен зорлап ұжымдастыруға, бір-біріне кіріптар етуге, құл қылуға болмайды. Адамзат ондай қорлыққа лайық емес. Билік жүйесі адамды осындай деңгейге түсіретін болса, ондай сайтани биліктің әзәзіл карикатурасы айқындалып шыға келеді». Өткен кезеңдер бізге ес жиғызды. Одан бөлек тағы бір шындыққа көз жеткізді. Кісінің ішіндегі адамшылықпен қалайда есептесу керегін үйретті. Барлық нәрсе тұлғаға ғана тәуелді екенін ұқтырды. Концлагерь туралы айтқанда есімнен бір адам шықпайды. Ол 1945 жылы мен азаттыққа шығатын лагерьдің басшысы еді. СС офицері. Лагерьді азат еткен соң лагерьдің дәрігері (ол да тұтқын) ғана білетін бір құпия мәлім болады. Ол ақшасына дәрі-дәрмек сатып алып, тұтқындарға таратады екен! Дәл сол лагерьдің старостасы өзі де тұтқын бола тұра, басқаларды сабағанда аямайтын. Тіпті ол қатігездік жағынан фашистерден асып түсетін. Ал түрме басшысы тұтқынды қорламақ түгіл, қол көтерген емес. Осындай сәтте адам айқындалады. Адамды қайғы мен қасіреттің қазанына салып, қайнатқанда АДАМНЫҢ шынайы табиғаты жалаңаштанып, барлық қырынан анық көрінді. Өзімізден: «Концлагерь саған не берді? Не түйдің?» – деп сұрасақ, мынадай ойлар оралады: бұл – қараңғы тұңғиық түбіндегі тіршілік. Бастан өткен бүкіл тауқыметтің ішінен мынадай маңызды нәрсені қалқып алуға болушы еді. Бұған дейін бірде-бір дәуір тани алмаған адам табиғатын тереңінен тануға мүмкіндік алдық. Адам деген не өзі? Адам деген – ұдайы шешім қабылдаушы тіршілік иесі. Бұл тіршілік иесі адамды газбен улап өлтіретін камералар салған. Бірақ дәл сол адам – газ камерасына дұғасын үзбеген күйі басын тік көтеріп, қорықпай кіре алатын ғажайып жаратылыс.
ЭКЗИСТЕНЦИЯ АНАЛИЗІ
Енді логотерапия мен дәстүрлі психотерапияның (Фрейдизм) айырмашылығын түсіндірейін. Дәстүрлі психотерапияның міндеті – жанның түпкі қатпарындағы құбылыстарды санаға шығарып көрсету. Логотерапия керісінше қимылдайды. Сананың назарын рухани болмысқа бұрады. Экзистенция анализі принципті практикада қолданғанды құптайды. Логотерапия мәселеге мына қырынан кіреді: адамға арқалайтын жауапкершілігін жақсылап ұқтырады. Жауапкершілікті сезіну – пендені адам ретінде айқындаушы басты факторлардың бірі! Экзистенция анализі – жауапкершілікке табан тіреп, ауру жанды емдейтін психотерапияның бір түрі!
ӨМІРДІҢ МӘНІ НЕ?
Жауапкершілік дегенде алдымен ойға адамдық борыш оралады. «Адамдық борыш деген не?» деген сұраққа өмірдің «мәні», «мағынасы» категориясында ғана жауап бере алады. Ауру адам клиникаға келгенде пациентті өмірдің мәні туралы ойлар мазалап жатқанын дәрігер басты назарға алуы тиіс. Алайда сұрақты дәрігер емес, пациенттің өзі қоюы керек. Әңгімені пациент емес, дәрігер бастаса діни уағызын тықпыштап отырған дін өкіліне ұқсап қалады.
Мейлі жария, мейлі құпия болсын, бұл сұрақ – адамның ішінде қайнап жатқан құбылыс. Пенде өмірдің мәніне күмәнданып, ішкі дүниесі алай-түлей күй кешіп, үйіне сыймай аласұрып жүруі мүмкін. Бірақ оған психикалық ауытқуы бар деп қарамаймыз. Пенденің «әрі тарт, бері тарт» екіұдай сезімнің ортасында шатқалақтап жүрген хәлінің өзі адамның айуан емес, ерекше тіршілік иесі екенін айқындап тұр. Себебі адамнан басқа бірде-бір мақұлық «Мұнда не істеп жүрмін?», «Мойныма жүктелген миссиямды атқара алдым ба?», «Бұл тіршіліктің тиянағы не?» деген сұрақтармен басын қатырмайды.
Өзіңіз ойлап қараңыз. Ұйымдасып, қауымдасып өмір сүру жағынан бізден де асып түсетін ара, құмырсқа сияқты жәндіктер жетерлік. Бірақ олар Өмірдің мәні туралы толғанбайды. Болмысы туралы толғану – адамға берілген нығмет. Адам ғана тіршілігін сақтықпен сүрмесе проблема бұрқ ете қалатынын сезеді. Тік жүруін, сөйлеуін, ғашық болуын, жазу-сызуының өзін есептемегенде, өміріне көңілі толмай күйзелуінің өзі оның өзге мақұлықтардан артық екенін айқындайды. «Өмірдің мәні не?» деген сұрақтан ешкім қашып құтылмайды. Сәби дүниеге келген күннен бастап сұрақ қуалап отырады.
Тарихи тізбек
Өмірдің мәнін іздеу өтпелі шақта қатты байқалады. 13-15 жастағы кез келген бала ішкі әлеміндегі өзгерістерді сезген соң-ақ, ерекше жаратылыс екенін біле бастайды. Мінез көрсетіп, бағынғысы келмейтін сыңайының өзі – қайталанбас дара тұлға екенін көрсетуден шығып жатыр.
Бірде мұғалім жаратылыстану сабағында:
– Адамның өмірі – айналып келгенде барлық организм сияқты өліп, шіріп, топыраққа сіңу немесе жанып-өшу процесі ғана. Басқа ештеңе емес, – дейді. Бір оқушы тұрып:
– Онда Өмірдің мәні не? Құр босқа жанып-өшу ме? – дейді. Оқушы бұл жерде адам өмірін жанып, сөніп қалатын балауызбен салыстыруға келмейтінін, басқаша кеңістікте, басқадай өлшемде өмір сүретінін сезіп отыр. Балауыздың өмірін жай ғана жанып, сөну процесі деуге болады. Адамның өмірін принципті түрде өзгеше өлшеммен зерттейміз. Адамзат тарихи тізбекте өмір сүреді. Жануар тарихи тізбекке енбейді. Адам тізбекке кіргендіктен де, осы кеңістіктің фундаменті боп қаланған моральдық заңдар жүйесінен бөлініп кете алмайды.
Мысалы, көктемде жаңа илеуін бастаған құмырсқалар қауымы өзара қарым-қатынас жүйесін инстинкті түрде игереді. Ата-бабасының білім тәжірибесіне сүйенбейді. Тіпті бір жыл бұрын өмір сүрген қауымды іздемейді, керек те қылмайды. Илеудегі әрбір қауым – өздерінше бір тарих. Ал адам 5 мың жыл бұрынғы ойшылдар мен даналардың ілім-біліміне мұқтаж. Тізбектегі бір звено үзіліп түссе, соның кесірі қазіргі заманға кері әсер етеді. Ұзақ сонар тарихи тізбектің өн бойын бір-бірімен жалғап жатқан не нәрсе? Біздіңше, ол – Мән. Мәннің ашық білінуі міндетті емес. Мән құпия болмыс ретінде адамзатпен тіршілік кешіп жүре береді. Ал құмырсқалар тіршілігі мақсатты түрде болуы мүмкін, бірақ мағыналы тіршілік дей алмаймыз. Ал мән-мағына жоқ жерде тарихи тізбектің болуы мүмкін емес. Эрвин Штраус «Оқиға мен тарих» атты еңбегінде былай деген: «Адамзат өмірінің шындығын тарихи тізбектен үзіп алып түсіну мүмкін емес». Осы ойдың дұрыстығына неврозбен жолыққанда көзіңіз жетеді. Невроз тарихи тізбекті мойындамайды. Ол қазіргі өмір сүру формасын ең алғашқы адамның өмірінен бөлек деп дауласады. Бұның мысалы былай: мағыналы бір әңгімені арғы заманнан енді тарқатып бастасаңыз, невротик мәнді әңгімені соңына дейін тыңдай алмайды. Кекетіп-мұқатып: «Ол енді атам заманғы әңгіме ғой. Адам ата мен Хауа ана біздің заманға келсе, көрер едім. Оның заманы басқа, біздің заман басқа», – деп әзілге айналдырып жібереді. «Сондай өтірік әңгімені қойшы» дейді скептиктер. Штраус мұндай позицияны «тізбектегі емес, үзбектегі тіршілік» деп атаған. Өмірде қандайда бір мақсатқа ұмтылудан бас тарту. Оның тіршілігі өткен заманның тәжірибесімен үндеспейді, келешектің мұратымен табыспайды. Өзін тізбектен тыс, жаңа алаңға алып шыққысы келеді. Бейнелеп айтсақ, көктемде жер астынан шыға кеп, бір сәттік жаз мезгілін инстинктің күшімен шалқып өткізетін құмырсқа сияқты. Құмырсқада қауымдастық болғанмен тарихи тізбек жоқ, үзбектегі бір сәттік ғұмыры ғана бар. Пациенттердің көбі «жанталас тіршіліктен жырақта» өмір сүргісі келетінін айтқан. Уайымсыз-қайғысыз, мереке мен берекеде, айдаладағы аралда рақаттанып жатсам дейді. Мұндай жағдайды жануарға жасасаң жаны жай табады. Ал адамға бұл сәйкес келмейді. Жан жүйкесінде ауытқуы бар адамға қоғамнан жырақ кетіп, өмірбақи шарап ішіп шалқып жату қалыпты боп көрінеді. Қалыпты адам уайым-қайғы басқанда бәрінен қол үзіп, жеке-дара демалғанды жөн көреді. Онысы белгілі бір мерзімге ғана созылады. Тынығуға келгенде уақыт пен ситуацияны адам саналы түрде таңдап алады. Мысалы, өзіне демалыс алып (қызметінен қол үзіп), күнделікті міндетінен қашып, арақ ішіп, мас болып жатуға болады. Жасанды мастық кезінде жүгенсіз кісі мойнындағы жауапкершілік міндетін лақтырып тастайды. Алысқа бармай-ақ, батыс өркениетінің адамын алайық. Оларға құндылықты ұдайы көрсетіп отырады. Жеңіл тілмен айтсақ «Сенің міндетің – мынау», «Адам құқығы – мынау», «Әйел теңдігі – мынау» деп ескертуші механизмдер жетерлік. Бірақ осы механизмдер олардың жауапкершілігін күшейтіп, шығармашылық потенциалын құмарлыққа жұмсаудан сақтайды дей алмайсың. Адамның шығармашылық дамуына қандай жағдай жасасаң да, қауіп-қатер жойылмайды. «Бұл қауіпке ілінбейді» деп ешкімге кепілдік бере алмайсың. Мәнсіз шығармашылық адамды қапасқа тағы да қамайды. Мәнді айқындап алмай, құндылық шығарумен айналысатын болса, жеме-жемге келгенде сол құндылықты өзі жояды. Франклдың ойын Қазақстандағы оқиғалармен тексеріп көруге болады. Оның өмірдегі айқын мысалы – мынау. Құндылық өндіруші өнердің бірі поэзия еді. Онымен ақындар айналысады. Ақындардың миссиясы бұқара халыққа объективті Мәнді насихаттау. Олар өмірдің мәнін айқындап алмай, құрғақ шығармашылықпен айналысса, оқылмайтын өлеңдер мен сатылмайтын кітаптарды көбейтеді. Айтыс ақындарына қараңыз. Мән айқын кезде айтыс өнері киелі саналды. Оларға тіл тигізу мүмкін емес еді. Айтыс өнері әлі де бар. Бірақ Мәннен көз жазып қалғандықтан, айтысқа сайқымазақ шоудың танымал «жұлдыздары» қатыса беретін болды. Енді бұл өнерге көлденең көк атты біреу емес, айтысқа қатысушы ақынның өзі тіл тигізетін жағдайға жетті. Бұл киелі өнерді теріс ниетті біреу емес, насихаттаушы ақындардың өздері жояды. Мән жойылғанда өнер өзін өзі өлтіреді. Яғни өнер суицид жасайды. Кез келген өнер Мәннен көз жазып қалғанда саяси не діни идеологияның құралына айналады. Әншілерді қараңыз. Сахна да – киелі ұғым. 19-ғасырда сал-серілер мен жыршы-термешілер тарихи тізбектегі Адам атадан келе жатқан аманатты ұрпақтан ұрпаққа табыстап келе жатқандай еді. Ол кезде әншілік пен жыршылықта трансцендентті Мән бар еді. Бұ күнде Мән солғын тартты, әнші, сахна, өнер қалды. Мән әлсіреген сахнада мән-мағынасыз, түсініксіз тілде өлең айтатын, тура мағынасында психологиялық ауытқуы бар әншілер өнер алаңына шығып кетті. Былай қарасаң, ол да – шығарма адамы. Бірақ олар құндылықты да, сахна киесін де өлтіруге айналды. Дін ғылымы да Құндылық пен Мәнге тұнып тұр. Мәнсіз, мағынасыз, хикметсіз құлшылық қылатын әсіредіншілдер көбейгенде өздері дінді тоздырады. Мұндай қауіпті тенденция Мәннен көз жазып қалатын кез келген діннің формасына тән. Экзистенциалистер Мән тарихи тізбекпен жүреді деді. Енді оның қазақша мысалы – мынау: СССР құрылғанға дейін қазақ сахарасында құндылық өндіретін мейлі ақын, мейлі діндар болсын, міндетті түрде өмірі өлмейтін объективті Мәнді насихаттайтын. Олар адамды айқындап тұратын бірінші белгі ЖҮРЕК КӨЗІНІҢ ашылуы деп санаған. Жүрек көзі ашылған адам тылсыммен тілдеседі, ғайыптың сырына тереңдейді, рухани құндылықтарды трансцендентті әлемнен осы әлемге әкеліп, шығарманың дамуына, этика мен эстетиканың құлпыруына, ілім-білімнің гүлденуіне міндетті түрде үлес қосады. Енді бұрынғы құндылық таратушыларды тыңдап қараңызшы.
Жырт пердесін түнектің,
Тілеп Хақтың Дидарын.
Ашып көзін жүректің,
Көзбен көріп иланың. (Қожа Ахмет Яссауи)
Жауар Нұры Алланың,
Шексіз дәулет жан-жағың.
Іл жүрекке қармағын,
Сахар тұрып әдет қыл. (Сүлеймен Бақырғани)
Сөз қозғар ол асыл ер керек жерден,
Құдайым парасатты жүрек берген.
Мүһәндистер сезбеген жерден қазып,
Шығарды тәтті сулар терең жерден.
(Ақмолла Мұхамедиярұлы) ***
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі.
Тыңдағыш қанша көп болса,
Сөз ұғарлық кем кісі.
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.
Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас,
Сол жүрексіз өмірде қызық қалмас.
Жүректен қызу-қызба кете қалса,
Өзге тәннен еш қызық іс табылмас.
Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі.
Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі. (Абай)
Жан көзің біткен соқырсың,
Мысалы, көпір үстінде
Суға аққалы отырсың.
Дариға-ай, қиын екен білмек ақыл,
Адам туып, айуанша болдық ғапыл.
Ай мен күн, жер мен көкті көре тұра,
Жаманбыз жан көзі жоқ мұнша жаһыл.
(Әріп Тәңірбергенұлы)
Тәңірі жолы – ақ жүрек,
Сайтан деген – қиянат.
Ақ жүректі ертерек,
Ескер-дағы қыл әдет!
Хақиқатты дәл көруге,
Жан көретін көз керек.
Бас көзімен сенделуге,
Бізге рұқсат жоқ, шырақ.
Жасырып тұр жар өзін,
Бас көзімен қарама.
Жүрегіңнің аш көзін,
Жанның сырын арала.
Айуанда да ақыл бар адамдайын,
Десең, ойлан ондайдан сыр табайын.
Көңіл көзін аш-тағы ақылға сал,
Құр құлақпен тыңдама, қалқатайым.
Мына көзді қалдырып,
Көңіл көзін көзің қыл.
Бас көзімен қаңғырып,
Ұқпай қойсаң, өзің біл. (Шәкәрім қажы)
«Көкірек – тас, ұрсаң шоқыр «Алла хайлап»,
Мақшарда міскін басың алар байрақ.
Тағат қыл, Ібіліске көрсет айбат!
Фәниде сұм нәпсіге бой билетсең,
Иманды шайтан алар талапайлап». (Әбубәкір Кердері) ***
Жаралған жүрек таза әуел бастан,
Сақтанып таза ұста бала жастан.
Ноқаттай жүрегіңе кіршік түссе,
Ойыңа ол ұлғайып кірер тастан.
Қарайған жүрегіңде болса татың,
Жоғалар ынсап, мейірім, махаббатың.
Жүректі қара ниет жайлап алып,
Айналар тойымсызға қанағатың.
Өзімшіл адамдыққа нәпсі масыл,
Зұлымдық сол үйретер айла, тәсіл,
Жаралған бойыңдағы бар мүшеңнен
Таза ұстай білсең, егер жүрек асыл.
Жүректі өте қиын таза сақтау,
Оған жат зорлық, қулық, арбап-алдау,
Арамдық, жалғандықты ол сүймейді,
Мақсаты таза жүрек – арды жақтау.
Махаббат, мейірім, ынсап, қанағаттық,
Ар, ұят, қайрат, жігер, сабыр, сақтық.
Таза ой, таза ақыл, таза ниет,
Сақтайтын осыларды жүрек – сандық.
Әрине, ойды толғар баста миың,
Алмаса, ол да өзгерер, жүрек сыйын.
Жүректің таразысын дәл ұстамай,
Болуың таза адам өте қиын.
Адамда артық дейді ой мен сана,
Осылар болса адамда, дейміз дана.
Санаңның ойың менен тазалығын,
Өлшейтін біл, адамдар, жүрек қана.
Ақылың дариядай, асыл сөзің,
Иесі шебер тілдің болсаң өзің.
Жүректің елегінен өтпей кетсе,
Таза емес деп айта алам айтқан сөзің.
Өнерің неше түрлі мидан шығар,
Бір адам ілімі бар мыңды жығар.
Өнерің адал жолға жұмсамасаң,
Ақ жүрек, шыныңды айтшы, қалай ұғар.
Өнерің пайда берсін, наза болмай,
Біреуге өтіп, біреуіне қаза болмай,
Не түрлі шығар жаннан кереметті,
Жүрегің қабыл алмайды таза болмай.
Арыма адамшылық болған тірек,
Махаббат, мейірім мен таза тілек.
Қайырымсыз қатал ажал қармап кірсе,
Қансырап қаларсың-ау, қайран жүрек.
(Нұртуған Кенжеғұлұлы) ***
Нешелер шайхы-пір де өткен
Кереметін көрсеткен.
Туына жұртын түнеткен
«Алла» деген тілекпен.
Зікірін айтып ерте-кеш,
Ашылған көзі жүректен! (Ұзақбай Қазжанұлы)
Шайтанды сеспен қашырған,
Көкірек көзі ашылған.
Опасыз-фәни – сұм жалған,
Солардай өткен асылдан! (Ақтан Керейұлы)
Аузыңда болсын дайым Құдай сөзі,
Таймасын қарарлықтан көңіл көзі.
«Бір!» деп, «бар!» деп илану – бізге парыз,
Ғаламға он сегіз мың патша – өзі!
(Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы) СССР күшіне мінген соң адамның трансцендентті қасиеті назардан тыс қалды. Жүректің көзі туралы концепция кілт үзілді. Соның салқыны әлі кеткен жоқ. СССР-ден бері тарқатсаңыз, жүректің көзін ашу жайлы тақырыпты ешкім қозғамаған. Қазір бұл идея шығармашылық алаңында айтылмайды. Көңіл көзі теориясын зерттесеңіз, мұсылмандардың киелі кітабы Құранға барып тірелесіз. Бұл кітапта «Адамның сорлағаны көзінің соқырлығынан емес, жүрек көзін шел басқаннан», «Олардың жүректерін «РАН» деп аталатын қара перде жапты», «Бұ дүниеде көбейткен бала-шағаң мен мал-дәулетіңнен пайда жоқ. Қияметте Тәңірдің алдына жүрегі кіршіксіз тазалар ғана жетеді», «Олардың жүректерін дерт жайлады» деген мазмұндағы аяттар жиі кездеседі. Өкінішке орай, «жүрек көзі» туралы идея басқа жерді айтпағанда діни алаңнан да ғайып болды. Рухани тұлғаның жүрек көзін ашып, ғайыпқа қол созатын қасиеті ұмытылған тақырып. Бұл – қауіпті тенденция. Жүректің соқырлығы дін саласын надандыққа батырады. Біреу ғайыптан тайып аяқ астынан жүректің көзін жырға қосып шыға келсе де, пайдасы шамалы. Неге? Себебі тарихи тізбек жоқ. Практикамен ұштаспайды. Ол үшін тізбекті үзілген жерінен жалғау керек. Яғни бұрынғы өткендердің рухани тәжірибесіне тәуелдіміз. Франклға ораламыз. Ол ойын мынадай дерекпен нықтай түседі: Мәнді айқындап алмай, қарапайым жұмыс істеу де қауіпті. Апта бойы бел жазбай жұмыс істеп, жексенбі күні өмірінің бостығы мен мәнсіздігін түйсінетін жандарды осыған қосуға болады. Демалыс күні олар мәнсіздікпен бетпе-бет келеді. Өмірінің мән-мағынасыз екенін түсінеді. Мұны логотерапияда «жексенбілік невроз құрбандары» деп атайды. Олар кеудесіндегі үңірейген вакумнан құтылу үшін саналы түрде ішкілікке салынады.
Өмірлік позиция
Өмірдің мәні жайлы сұрақ бозбала кезде аса маңызды рөл ойнайды. Ол әлемді төңкеріп тастайтындай сезінеді. Орта жасқа дейін адам әр нәрсеге алданып жүре тұруы мүмкін. Орта жастан асып, ақыл тоқтатқанда Мән сауалы қайта мазалайды. Жандүниесінде ірі сілкініс болады. Бұл – 40-қа қадам басқан кісінің басында болмай қоймайтын психологиялық құбылыс. Бозбала мен өмірден Мән іздеп шарқ ұрған ересек кісінің жан азабын патологияға жатқызбаймыз. Клиникалық науқастың санатына да кіргізбейміз. Күйзелісі күшейген пациентпен логотерапия ғана күреседі. Ол өмірдегі философиялық проблеманы шешуге жанын салады. Клиникалық аурудың симптомы болса да логотерапия пациентке көмектесе алады. Өйткені рухани қорғансыз адамды құтқару үшін жанына мықты тірек керек. Рухани проблеманы «симптом» деп сипаттауға болмайды. Рухани ізденіске түсіп, Мән іздеп жанталасу – адамның бір дәрежесі. Оған пациент өз күшімен немесе логотерапияның көмегімен жете алады. Әсіресе бұл сыртқы фактордың әсерінен тепе-теңдігін жоғалтқандарға қатысты. Мысалы, біреу сүйіктісінен айрылады. «Енді өмір сүрудің мәні бар ма, жоқ па?» деген сұрақ жанын қинайды. Бұрын бүкіл арманын соған арнаған еді. Сенімнің діңгегі күйреген жан аянышты хәлге түседі. Рухани тірегі құрдымға кетеді. Өмірге құштарлығы әлемнің мәңгілігін дәйектейтін дүниетанымды жандүниесіне енгізгенде ғана тірілмек. Сүйеніші жоқ адам қиын сәтте шыдай алмай, морт сынады. Тіршілікте құлатпай ұстап тұратын рухани тіректер болмаса, өмірден соққы жеген сәтінде есеңгіреп отырып қалады. Қайтадан ес жинап, тағдырдың соққысына төтеп беруі қиын. Көп адам жандүниесіне тірек болған факторларды байқамауы мүмкін. Оны қандайда бір ғылыммен айырып алуға міндетті де емес. Бастысы, өмір мектебінен алып өтсе болды. Өмірлік позициясының қаншалықты мықты екенін, пенденің биологиялық табиғатының шектеулі екенін мынадан білесің: ұзақ өмір сүрудің сырын зерттегенде көнекөз қарияның бәрі қалыпты әрі сенімді өмірлік позициясы болғанын айтады. Олардың өмірлік ұстанымы бала кезде не қартайған шағында пайда болды деп дөп басып айта алмайсыз. Мысалы, меланхолик өмірден жалыққан көзқарасын жасырады. Бірақ көбіне білініп қалады. Оны психиатриялық әдіспен анықтаймыз. Бір меланхолик суицидтен аман қалды делік. Ол «екінші қайталамаймын» деп бізді алдайды. Рас не өтірік айтып тұрғанын былай анықтаймыз.
– Суицид жасағың келе ме? – дейміз. Ол бірден:
– Жоқ, – дейді. Оның өтірік мүләйімсігенінен гөрі, «Жоқ» деген жауабы анық шығады. Әрине, біз бірден сенбейміз. Ар-ожданын мазалайтын тағы бір сұрақ қоямыз.
– Неге суицид жасамасқа? Мұндай әділетсіз қоғамда қор болғанша тезірек өмірді бітіріп, мәңгілік тыныш тапқан рақат емес пе? – дейміз. Меланхоликтің суицидтік ниеті болмаса, бірден жауап береді. Отбасын, бала-шағасын, армандарын алға тартып, сөз таластырады. Бұл – онда кішкене де болса Мән пайда болды деген белгі. Осы Мәннің өзі өмірін сақтап қалуға жетеді. Өтірік айтқан пациенттің ойы шашырап, сөзі бірікпей кетеді. Жалған факті ойлап тауып, соны дәлелдеп бағады не жағымсыз тақырыптан қашады. Оның бар ойы – емханадан қалайда құтылып кету.
Адамның тәуелді еркіндігі
«Өмірдің мәні не?» дегенге бірнеше қырынан келеміз. Алдымен «Ғаламның тұтас сыры мен Мәні не?» деген сұрақты ысыра тұрамыз. «Тағдыр тауқыметі», «Тәңірдің сынағы» сияқты сұрақтарға дін саласы оңынан жауап береді. Оны талқыламаймыз. Тәңірдің уахиына сенетін діндарды мұндай сұрақ мазаламауы мүмкін. Онда дінге сенбейтіндер бұл мәселені қалай шешеді? Сұрақты сауатты қою керек. Бірінші «Өмірде Мән бар ма?» деп сұраймыз. Сосын «Осы сұрақты қоюдың өзінде мән бар ма?» деп қайта сұраймыз. Тіршілікке тікелей қатысы бар сұрақтың шегінен аспау керек. Он сегіз мың ғаламның құпиясын түсіндіруден бастай алмаймыз. Себебі оның құпиясы трансцендентті. Ғаламның құпия, құдіретті Иесі тыста тұр. Тыста тұрғандықтан Ол тылсым һәм терең. Ғаламның мәнін әрі кетсе ҰЛЫ МӘННІҢ формасында түсінеміз. Мына нәрсені іштей сеземіз. Ұлы Мән тұтас алғанда ақылға жеткізбей тұрады. Мәнді бұлайша түсіну Канттың себепке байланған постулаттарына қатты ұқсас. Адамның ақылы Ұлы Мәнге жете алмаса да, оның бар болғанын қалайды. Паскаль: «Бұтақтың өзі тұтас ағаштың мәнін ұға алмайды», – деген. Биология барлық мақұлықтың өз қазанында ғана қайнайтынын дәлелдеді. Одан шығып кетуге қабілетсіз. Мысалы, аю орманында, көртышқан жердің астында ғана өмір сүреді. Адам ғана айрықша мәртебеге ие. Әлемді басқаша қабылдайды. Күллі жер-жаһанды шарлайды. Соның өзінде тылсым әлемнің бар-жоғын кесіп айта алмайды. Бірақ «солай екен» деп мәңгілік әлемнің жоғына кім гарантия бере алады? Тағы да адам мен аңды салыстыру арқылы мынадай аналогия жасаймыз. Адамзат әлемін көру үшін мекенінен әзер дегенде шыға алатын айуан сияқты адам да мәңгілік әлемді түсінуге қабілетті болуы мүмкін. Тағат-құлшылық кезінде әулиелік дәрежеге (моменты озарения) көтерілген тақуа мәңгілік әлемге жақындағандай болады. Мысалы, үй жануары өзін қожайыны қорада не себепті асырап отырғанын түсінбейді. Ендеше ғаламның Ұлы Мәні не екенін, өмірдің соңғы мақсаты не екенін пенде пақыр қайдан білсін? Осы жерде Гартманмен келіспейтін мәселе бар. Ол бүй деген: «Адамның еркіндігі мен жауапкершілігі табиғатына кереғар. Адам тылсым құдіретке, яғни жазмышқа тәуелді. Ендеше еркіндіктің оған не керегі бар?» Бірақ Гартман: «Адамның еркіндігі тәуелді бола тұра еркін», – деп те мойындайды. Ақыл шынымен еркін ойланады. Өзі тұрмыстық деңгейде ішіп-жемге тәуелді. Сөйте тұра биік деңгейінде ой толғайды. Табиғатты игеріп тұрған құдіретті күштің бәрінен жоғары самғай алады. Өмірдегі мысалы былай: кедей адаммен де он сегіз мың ғаламның сыры жайлы сұхбаттаса аласыз. Жарлының өзі Жаратушы құдірет туралы парасатты пайымдар жасай береді. Ақылдың тәуелсіздігі деген – осы. Біздің көзқараста еркіндікпен Тәңір әлемінің өзара қарым-қатынасы – қалыпты жағдай. Адам жазмыштың кез келген кедергісіне қарамастан, еркіндігін уысынан шығармайды. Мысалы, үй жануары инстинкпен ұнамды өмірін сүре береді. Мысыққа қараңызшы, ол күйлегенде қожасынан рұқсат сұрап отырмайды. Инстинктің күшімен өзі шағылысады. Сол сияқты адам да Тағдырдың қалауына қарамастан, еркіндігін өзінше пайдаланады. Осылайша кісінің Тәңір әлеміне көзқарасын жануардың адамзат әлеміне деген қатынасымен салыстырдық. Тәңір әлемі де, адамзат әлемі де, жануарлар әлемі де алтын нүктеде қиылысады. Мысалы, айуанды адамға теңестіре алмайсыз. Бірақ оның бойынан да Тәңірлік құдіретті байқайсыз. Иттің тасжолда майып болған серігін сүйреуі, дельфиннің адамды құтқаруы, аққудың балыққа жем беруі таңғаларлық іс. Тұлғаның әділдік жолында жан қиюы да Тәңірлік әлеммен құдіретті байланысты көрсетеді. Тұтас қарасаң, ортақ алтын нүкте байқалады. Бұны Шлейх сөзбен әдемі сипаттаған: «құдіретімен Тәңірі он сегіз мың ғаламды жаратты. Біз АДАМЗАТТЫҢ әуезін ғана естиміз. Адамзат әуені осынша ғажайып болса, мұны жаратқан Тәңірдің үні қандай?»
Өткен шақ – сенімді серік
Әлбетте, Ұлы Мәнге деген сенімге метафизикамен келсең де, иманмен келсең де, оның ықпалы зор. Ішкі қуатқа негізделген шынайы сенім өмір сүру қабілетін шыңдайды. Сенімі мықты жанға ешнәрсе мәнсіз көрінбейді. Вильдганс айтпақшы, «Бостан босқа» ешнәрсе болмайды. Кез келген оқиғаның түпкі себебі бар». Байыптап қарасаң, рухани энергия сақтайтын заңдылыққа ұқсас әлемде бір жүйе бардай көрінеді. Кез келген мағыналы ой авторы өлсе де, кейінгіге жетпесе де жойылмайды. Кеңістікте жүре береді. Бұны оңай түсіндіруге болады. Әр дәуірде, әр жерде ғұмыр кешкен ойшылдар бірін бірі танымаса да, бір мектепте оқыған замандастай бірдей дәрежеде ой толғайды. Осы заңдылыққа салсақ адамның ішкі дүниесінде болған бір драма не трагедия босқа өтпейді. Әр оқиғаның терең хикметі бар. Әр тұлғаның өмірі қағазға түскен мың романнан артық. Оның жоғалып кетпей бір жерде сақталатынын іштей сеземіз. Тіпті уақыттың өзі оған кері әсер етпейді. Өткен шақ – болмыстың бір түрі. Бәлкім, сенімді болмыс. Бір игі істі жүзеге асырғанда ол өткен шақтың сандығында болмыс күйінде сақталады. Игі істің өзгеріссіз сақталарына сенімдіміз. Ешкім оны ұрламайды. Ұмытылып кетпейді. Сапасы нашарлап, көлемі кемімейді. Керісінше, арман мен қиял жүзеге аспаса, еш жерде сақталмайды. Құр қиялдан гөрі жүзеге асқан амал бізге көбірек тірек болады. Кейбіреу: «Өткенді оралта алмайсың. Болар іс болды, бояуы сіңді. Уақыт – өмірді ұрлап жатқан ұры», – деп салы суға кетеді. «Дүние жалған», «Бір кем дүние», «Өмір өткінші» деп келетін пәлсапа тек пессимист болуға міндетті емес. Мұны мына мысалмен береміз: пессимист күн сайын парағы азайып, жұқарып бара жатқан күнтізбеге қарап, аза бойы қаза болатын пендені еске салады. Күндері зая кетіп жатыр. Жанға тірек болар ізгі амалы жоқ. Керісінше, оптимист жыртылған күнтізбеден қуат алады. Себебі жыртылған парақта жүзеге асырған ізгі амалы кәміл сақталып тұр. Ол парақтарды ұқыппен жинап қояды. Бұл – оның тағылымды тарихы. Мағынаға толы тарихи күндері оған шаттық сыйлайды. Мұндай жанға қарттық қауіпті емес. Қазыналы қарт болғанда жас жігітті көріп, сағынышы сазып, бозбаланың өміріне қызығып қарамайды. Несіне қызығады?! Оның келешектегі мүмкіндіктеріне ме? «Жоқ, рақмет!» – дейді ол. «Менде бұлыңғыр мүмкіндіктен гөрі кәміл сақталған мол архивім бар. Архивте игі ісім ғана емес, ғашық болған күндерім, азаппен болса да абыроймен өткерген түндерім тұр. Мақтанышым – осылар. Бұл байлығым тұрғанда қызғаныштың қызыл иті мені қоздыра алмас», – дейді. Осы кезде Сократ еске түседі. Одан біреу:
– Жас жігіт болғыңыз келе ме? –деп сұрайды. Сократ:
– «Жастық шақ – есуастықтың бір бұтағы» деген. Басын тауға да, тасқа да ұрып, надандықтың неше түрін бастан кешіп, желік қуған Сократты қайталаудан Құдай сақтасын, – деген екен.
Әлі ғұмырың барда кінәң мен қателігіңді түзеуге шанс бар. Біреулер: «Өмір әлі бітпеген фильмге ұқсайды», – дейді. Екінші біреу: «Әу баста түсіріліп қойған», – деп сенеді. Олар үшін фильм бұл дүниеде қайта айналып жатыр. Біз үшін бұл әлемнің фильмі енді түсіріліп бастады. Құдайға шүкір, қалай десек те, өткен заманның өзгермейтіні – біз үшін зор нығмет. Келешек – сәтімен жүзеге асуды күтіп кезекте тұр. Бұл да бір бақыт. Бақыт деген себебім: ол біздің қолда. Адамның жауапкершілігі мен тәуекелі келешекті келелі мазмұнға айналдыра алады.
Ең ауыр міндет
Жауапкершілік деген не өзі? Ол – тағдырдың тауқыметі мен сынағы. Әдетте көбінің сол сынақпен жекпе-жек күресуге жүрегі дауламайды. Тайқып кетеді не бұғып қалады. Мынадай халық даналығы бар: «Адам бойында жауапкершілік арқалатпауға тырысатын күш бар. Ол ауыр міндеттен пендені босатып жіберуге тырысады. Дұрысы азғырады». Дінге сенуші жұрт мұны «сайтан» дейді. Яғни ол Тәңір алдында не адам мен ар алдында арқалайтын міндетті ұмыттыруға тырысады.
«Жауапкершілік деген не?» – деп түбіне үңілсең, түпсіз терең шұңғыманы көресің. Ол феноменді зерттеген сайын тереңдігі таңғалдырады. Түпсіздігі сондай: миың шайқалады. Салмағы мен көлемі үрейіңді ұшырады. Сөйте тұра ұлықтығы мен ұлағаттығы қызықтырмай қоймайды. Бұл аманат адамды арбап, шақырып тұрғандай дерсің. Әр сәтте әр істің ақыры үшін жауаптылығыңды түсінгенде тұла бойың тітіркенеді. Өміріңде қабылдаған майда-шүйде, ұсақ шешімнен бастап ірі шешуші қадамдарда мәңгілікке сақталады. Шешім қабылдағанда оның мәңгілікке әсер ететінін естен шығармау керек. Сағат, минут сайын мыңдаған мүмкіндік алдыңнан қаптап шығып жатады. Солардың біреуін ғана таңдайсың. Басқа мүмкіндік зая кетеді. Болмысқа сіңіп жоғалады. Екінші рет қайтып келмейді. Мұның адамды арбайтын азарты мынада: яғни болашақ пен қоршаған ортаның келешек тағдыры дәл қазір қандай шешім қабылдайтыныңа тәуелді. Мейлі ол елеусіз деңгейде болса да тәуелді. Соны түсінген сәтте ауырлығына қарамастан аманатты арқалағың келеді. Жүзеге асырып, әлемге сыйлайтын құндылықтар нақты өмірге жол тартады. Өмірге бір рет енген соң мәңгілікке сақталады. Аманат арқалаған тұлға олардың ізім-қайым жоғалуына жол бермейді.
Франклдың ойын қиссамен көрікті етіп беруге болады.
Тәңірі тағала он сегіз мың ғаламға:
– Бүгін бір аманат ұсынамын. Кім аманатты қабыл етіп, оған қиянат қылмаса, шексіз бақытпен қауышады. Аманат алғаннан соң, шартын дұрыс орындамаса, азап тартады, – деді. Күллі жаратылыс:
– Не аманат? – деп сұрады.
– Ол – махаббат! Оны иеленген жаратылыс иесі өлгенше сүйіспеншілікпен өмір сүруге міндетті. Айналаға шуақ шашып, елжіреп тұратын хәлінен бір сәт те ажырамауы тиіс. Аманат жоғалтқандар тас жүрек зұлымға айналады, – деді.
Осы сәтте бүкіл ғалам үнсіз қалды. Тау-тас, аспан мен жер тәуекелге бара алмай, шегіншектеп тұрып қалды. Адам ата ол кезде ілімсіз еді. Аманаттың ауырлығын жете түсінбесе де, Тәңірдің дидарына ғашық болғандықтан, аманатты арқалауға келісті.
Жаратушы:
– Мені мұқият тыңда. Шын көңілден мойынсұнып, аманатты таза сақтасаң, мәңгілік сый көресің. Қиянат қылсаң, көретінің – тек азап пен жәбір, – деді. Адам ата:
– Уа, Тәңірім, аманат майданында менімен бірге боласың ба? – деді.
– Әлбетте. Сен Мені көркем есімдерімді атап шақыратын болсаң, сенімен бірге боламын – деді.
Тәңірі уәде берген соң, Адамның жүрегіне сенім кіреді.
– Аманатты маған берсең, оны жүрегіме сақтаймын. Таза ұстауға тырысамын. Ұрпақтарыма да аманат етемін, – деді. Тәңірі:
– Аманатты таза ұстаудың шарты бар. Мен арам деп тапқан нәрседен аулақ жүресің. Жеген асың адал болсын, сөйлеген сөзің мәнді болсын. Жүрегің кірленбес үшін әуретіңді жауып жүр. Аманатты аман сақтауға да, жоғалтып алуға да септесетін басты құралың – қызыл тілің. Ғайбат сөйлемес үшін тілді үш түрлі қорғанға қамадым. Олар: екі жақ, екі ерін, отыз тіс. Осы үш кедергіден өтіп, өсекке жол берсең, аманатты ұрлатып аласың. Махаббат кеткен соң, жүрегің қатайып, қиянатты шімірікпей жасайтын зұлымға айналасың, – депті.
Рақаттану принципі
Біз жоғарыда жалпы ғаламның Мәні туралы толғадық. Енді өмірінің мәні жайлы ізденген пациенттердің оқиғаларын қарастырайық. Пациенттің көбі жауап іздегенде этикалық нигилизмге апаратын қисық дүниетанымға ұрынады. Әдетте, науқас өмірдің мәні – рақат пен қызықта деп санайды. «Бақытты болсам деген талпыныс адамды тартып тұрады» деп позициясын қорғайды. Бұл бізге таныс сезім. Себебі психикалық процесс жүз пайыз рақаттану принципімен анықталады. «Өмірдің мәні рақатта» деген көзқарас психоаналитикадағы негізгі догматтың бірі. Бас көзімен қарасаң, бұл принципке қарсы келе алмайсың. Керісінше қолдап, соның мүддесіне жұмыс істейсің. Көңіл көзімен қарасаң рақаттану принципі – жасанды психологиялық құрылым. Ол – ұмтылатын мақсат емес, мұратқа жеткенде пайда болатын мастық хәлі. Мұны Кант пен Шелер де айтқан: «Рақаттану ар-ожданның көрсеткіші емес. Керісінше адамгершілік сезімге байланған эффект», – деген. Теорияның осал тұсы мынау: олар – адамның интенционалды болмысын көрмейтін соқыр. Олардың ойынша пенде «Рақатты қандай жолмен алам?» деп ойламайды. «Бастысы, рақат керек, соны қалай да алу керек» дейді. Адамның құмарлығында талғам жоқ. Рақат іздегенде қандай формада алады – оған мән бермейді. Арлы не арсыз жолмен келсе де рақатқа бата береді. Дұрысы ардың жолымен алған. Өйтпесе, талғамсыз рақат асыл мұратыңды күйретеді. Осы мәселеде мүлт кетсе, амал-әрекетін айырудан мақұрым қалады. Себебі рақаттың эйфориясы – бір. Мысалы, қалтаңызда ақша бар делік. Кафеге барып, тыңқия тойып алдыңыз. Дәмді ауқат асқазанға барып быққан соң буын-буыныңыз босап, рақатқа батасыз. Екінші жағдайда ақшаны аяқ-қолы жоқ қайыршыға бердіңіз. Қайыршы ақтарылып алғыс айтты. Сол сәтте шыбын жан шалқып шыға келеді. Бейне бір бұлттың үстінде қалқып жүргендей боласың. Екі жағдайда да адам рақатқа бөленді. Франклдың ойын тарқатсақ, тамақтың рақаты көп ұзамай естен шығады. Жанның рақаты естен кетпейді. Қайыршының алғысы еске түскен сайын жанға жігер сыйлайды. Бұл ойды «Берген асының қуаты түске дейін жетпейді, көрсеткен ықыласы мәңгі бақи естен кетпейді» деген тәмсілмен оңай түсінеміз. Іс-әрекетті рақаттану принципімен өлшесек, кез келген адамгершілік қадам соқыр тиынға теңеледі. Себебі кісіні аяу немесе тұлғаның парасатына қызығу адамгершіліктен шығады. Бұл сезімдер жүзеге аспаса да, көңілді торлайтын күңгірт ойлар мен жағымсыз сезімді тас-талқан қылады. Рақаттану принципінің ара-жігін ажыратпасақ, соңы шатысуға әкеп соғады. Мысалы, маньяк біреуді қинағаннан ләззат алады. Енді маньякты айыптап, соттаудың не жөні бар? Ол да табиғаттың талабына сәйкес тиесілі рақатын алады. Ол сотта: «Рақаттың – түбі бір» деген. Өзіме ұнаған рақатты таңдадым» десе, не уәж айтасыз? Міне, эйфория мазмұнын айырудың маңызы енді анық болды. Тағы бір мысал: әдетте көркем әдебиетті рақат үшін оқиды. Солай десек, неге оның орнына дәмді тамақ жемеске? Себебі кітапты мән үшін оқимыз. Нағыз өмір – рақат емес, мәннен тұрады. Рақатқа мұқтаж болсақ мәдени ошақтарға барудың не қажеті бар? Көрермен театрға комедия үшін емес, трагедияға да барады. Тартып тұрған күш – пьесадағы құндылық пен мағыналы Мән. Спектакльден шыққан көрермен «Сонда бұл қойылымның ғибраты не?» деп Мәнді талқылайды. Трагедиялық қойылымға жұрт рақаттану үшін бармайды. «Жоқ, рақат үшін барады» десеңіз, көрермен кісінің өлімінен, біреудің қасіретінен рақат алатын жасырын садист болғаны. Барлық талпыныстың түпкі мақсаты рақаттану десе де логикаға сыймайды. Мысалы, Наполеон соғысқа кірерде жеңістің тәтті дәмі оны ынтықтырды делік. Жеңген сәтте бақыттан басы айналып, шексіз рақатқа шомды. Енді диалектика заңы бойынша ол Ватерлоо шайқасында жеңілгенде өкініштің уын ішті. Бұрынғы рақат сезімін енді өкініш алмастырды. Рақаттану принципі бойынша ол соғысқа кіргеніне өкінбеуі керек еді. Бірақ жеңіліс тапқанда өзегін өкініш қапты. Өкініш феномені Наполеонға үстемдік қылды. Бұдан шығатын қорытынды: рақатпен ілесе жүретін өкініштің де улы запыраны барын мойындау керек. Себебі рақат қуам деп тағдырын күл-талқан еткен жаста есеп жоқ. Неге олай? Өмір рақаттан тұрады десек, неге қартайғанда тіршілік мәнсіз көрінеді? Өмірге құштар қылатын рақат сезімін кім ұрлады? Рақаттану принципі өлгенше жойылмайды десек, неге қартайған жан өмірден жалығады? Себебі рақат пен ләззат өмірге Мән бітіре алмайды.
Сұрақты қайта қараймыз: Рақаттану деген не? Адамның бір сәттік көңіл күйі. Материалистен сұрасаң: «Мидағы клеткалардың бір күйден бір күйге уақытша ауысқан сәті», – дер еді. Адам сол клетканы құбылту үшін күш-қайратын сарқа жұмсап, жанталасуы мүмкін бе? Мысалы, біреуді өлім жазасына кесті делік. Ол соңғы өтінішін айтуға құқылы. Өлерден бір сағат бұрын түрме басшылығы:
– «Қалаған тамағыңызды таңдап, тойып алыңыз», – деп алдына меню қойса, ол не дер еді? Рақаттанып тамақтануы мүмкін бе? Біздіңше ол бүй деуі керек:
– Есің дұрыс па?! Өлер алдында тойып іштің не, ішпедің не?! Оның не мәні бар?!
Санаулы сағаттан соң борсып кететін тәнді тойдырудың мағынасы жоқ. Былай қарасаң, рақат сезімін ми ішінде тағы бір қоздырып қоюдың мүмкіндігі туып тұр. Неге пайдаланбасқа? «Адам өлгенше рақат іздейді» деген жоқ па? Терең зер салсақ, өмір үнемі өліммен бетпе-бет кеп тұрады. Ажал кез келген сәтте тіршілік пен рақатты қиып түсуі мүмкін. Сондықтан рақатты Өмірдің мәні деу ақылға сыйымсыз. Адам рақаттанғанда «Бұл қаншалықты баянды?» деп өзінен сұрағаны абзал. Осындайда бір оқиға есіме түседі. Суицидтен аман қалған бір науқасым былай деп еді. Ол қаланың сыртына барып суицид жасауды жоспарлайды. Түнде көшеге шықса, трамвай тоқтап қалыпты. Амал жоқ, такси ұстауға тура келеді. Такси жолақысын қымбат айтады. Ол бағасын «түсір» деп саудаласады. Кенет: «Ақыры өлуге бара жатырмын. Немеге ақша үнемдеп тұрмын?» –деп еріксіз күліп жіберіпті. Сол сияқты, Мәннен қашып, рақат пен қызық қуған пендеге: «Ақыры өлесің, баянсыз қызық не үшін керек?» десек болады. Өмірдің өзі «бұл өмірге рақат үшін келген жоқсың» дегенді айтып тұрады. Орыстың психолог бір ғалымы бірнеше адамға тәжірибе жасап мынаны анықтады. Адам күнделікті тіршіліктің тәтті дәміне (рақат) қарағанда ащысын көп татқан. Осының өзі рақаттану принципінің теория мен практикада жоқ екенін көрсетеді. Ғалымның ойына қазақы қисса дөп келеді. Тәңірі тағала тән жасайтын балшықты илегенде қырық жыл қайғы жаңбырымен, бір жыл шаттық суымен суарыпты. Тіршілікте қуанышты сәттің аз болып, қайғылы кездің көп болатыны содан екен. Тәңірі шаттық жаңбырын екінші етіп жаудырғандықтан, адам баласы қандай да бір қайғыдан соң артынша шаттыққа кенелетін болыпты. Рақаттану принципін «Мән» ретінде алсақ, ол объективті болуы тиіс. Бәріне ортақ, стандартты болуы керек. Мысалы, жатақханадағы студенттің бір тобы дискотекадан ләззат алады. Кейбіріне гитарамен ән салып сауық-сайран құрған ұнайды. Енді бірі тауда сейіл құрайық деуі мүмкін. Яғни рақат – субъективті боп кетті. Біз Мән тақырыбын қозғағанда «мынау мәнді, мәнсіз» деп кесіп айтамыз. Рақат пен ләззатқа келгенде «мынаның рақаты көбірек, мынаның эйфориясы азырақ» деп айта алмайсың. Әркімнің эйфориясы өзіне күшті. Фрейдтің рақаттану принципі ешқашан мораль болмайды. Себебі адам өлгенде тәндегі рақатты сезетін органдар бейорганикалық күйге айналады. Франклдың ойын қарапайым берейік. Мысалы, Будда, Сократ, Руми, Яссауи сияқты ойшылдардың мәнді афоризмі бүгінге дейін бізге шабыт сыйлайды. Бірақ олардың бір заманда физиологиялық денесімен сезінген рақаты бізге әсер етпейді. Олар биологиялық өліммен бірге жойылды. Ал ноологикалық қабатынан қайнап шыққан терең ойлары тыңдаған жанды таңғалдырады. Өшпейтін моральға айналады.
Энтропия мәнді жоя ма?
Фрейд рақатқа ұмтылған барлық тіршіліктің ұқсастығын дәлелдеймін деген. Оны өлім инстинкті деп атаған. «Өлім – барлық табиғатқа тән. Мысалы, ағашты алсақ, өсіп шықты, күннен ләззат, судан нәр алды, жайқалды, ақыры қурады. Адам да сол сияқты: өмірге келді, тамақ жеді, ләззат алды, өлді. Қалыпты динамика. Ешқандай мән-мағына жоқ. Бар тіршілік өлім инстинктісімен өмір сүреді» деген. Психология мен биология тұрғысынан солай. Болмыстың кез келген бөлшегі дамып, сосын құлдырайды. Оны газ баллонмен салыстырайық. Баллондағы қысым жоғары. Іші толған газ. Газды жаққанда энергияны сыздықтатып жіберіп тұратын затты редуктор дейді. Газды жіберген сайын қысым төмендейді. Газ біткенде баллон бос қалады. Яғни өлді. Осыны адаммен салыстырайық. Адамның іші толған энергия. Оны құмарлығы мен рақатына жұмсайды. Яғни адам редукцияға ұшырайды. Энергиясы сарқылғанда тіршілігі тоқтайды. Мұны редукция принципі деп атайды. Былайша айтқанда «Оралыңның барында ойна да, күл». Осыған ұқсас заңдылық физикада мойындалған. Оны Энтропия теориясы дейді. Ол бойынша Күн энергиясын беріп, ақырында таусылып, беймәлім күйге – нирванаға айналады. Адамның теріс көңіл күйден арылу тәсілдерін де макрокосмостағы энтропияның микрокосмостағы баламасы деп аламыз. Адам – іші толған энергия. Энергия оған тыныштық бермейді. Оны қашан сарқиды, сонда ғана жаны жай табады. Нирвананы ішімізден көрінетін энтропия деп атасақ болады. Редукция принципі табиғаттың даралану принципіне қайшы. Себебі барлық жаратылыс өзінің қайталанбас ерекшелігін сақтауға тырысады. Мысалы, жан-жануар мен өсімдік атаулының тұқымдарын сақтау үшін жанталасқан күресін айтса болады. Адамзат тарихында да этнос тіл мен мәдениетін, салт-дәстүрін, діни ерекшелігін сақтау үшін соғысуға дейін барады. Мұны мәдени майдан деп атайды. Бас көзімен қарасақ осыдан қайшылық шығады. Адамның ақылы рационалды ғылыммен әлемнің жойылатынын біледі. Біле тұра өмірі өшпейтін құндылықтар қалдырумен шұғылданады. Неге өлетінін біле тұра, күшқуатын рационалды жолмен пайдаланбайды? Түбінде бәрі құрып, ақырзаман орнаса адамзат не үшін даралығын сақтап күресіп жүр? Редукция принципіне қарсы үміт беріп тұрған не нәрсе? Осы тенденция мен принципті ішкі дүниемізден тапсақ, оны қандай адами деңгейде қабылдауға тиіспіз? Өлшемін кім қояды? Біздің ойымызша жауабы былай: екі жақ та итжығыс хәлінде болады. Әлемді жойып, жоқ қылатын күш пен біздің адамшылық принцип тең дәрежеде тұрады. Ақырзаман адамның субъективті әлемі мен ізгі әрекетіне ықпал ете алмайды. Галактикамен бірге жойылып кетпейді. Егер итжығыс түспей адамгершілік позиция сәл босаңсыса, онда «оралыңның барында ойна да, күл» принципі үстемдік етеді. «Түбінде ақырзаман орнайды» деген көзқарас адамды жеңер болса, ол қоғамды қиратып, күйрететін қауіпті элементке айналады. Адамгершілік принципі күшейсе қоғамды түзетіп, мораль түзейтін қайраткерге айналады. Әрекет осылай болмаса, әлемді жойып жібереді. Стандартты білім жүйесі материалистік көзқарасқа негізделген. Осының негізінде нақты ғылымның жаңалықтары ашылады. Әлемнің картинасын физика заңдылығымен өлшейді. Оған салсаң «бүкіл галактика түбінде ғайыпқа сіңіп жоғалады» деп адамның зәресін ұшырады. Онда моральдың не қажеті бар? Ақырзаман жақындаса, ұрпақ өрбітудің не мәні бар? Түбінде бәрі баянсыз болса, өмір сүріп не керек? Онда мынадай сұрақ тағы туады: Адамның өмірден жиған тәжірибесі дәртке аса ма? Тек теорияға сүйеніп өмір сүреміз бе? Өмір сүруге шабытты ғылыми жаңалықтар бере ме? Мысалы, біреу арайлап атқан таң мен қызарып батқан кештен ләззат алады. Оны жырламаған ақын кемде-кем. Онымен салыстырғанда Жердің Күнмен соғысып, галактиканың Қара Құрдымға жұтылуын зерттейтін астрономиялық болжам адамға шабыт бермейді. Өмірге де құштар етпейді. Ғаламды танығанда кісінің өмірлік тәжірибесі, жауапкершілігі мен адами терең сезімдері, сау ақылы бәрінен биік тұрды. Мысалы, бір профессор келіп: «Рақат пен ләззат – мидың ішіндегі электрондар мен атомдардың ұйымдасқан биі. Одан мағына іздеп әуре болма», – десе, осы аргумент сенімді көріне ме? Ақыл қабыл ала ма? Біздіңше, «жоқ». Себебі мида не боп, не қойып жатқанын ешкім айта алмайды. Қарапайым «ойдың тууын» алып қараңыз. Мейлі ол терең мағынаға құрылған «ой» емес, қарапайым «пікір» болсын, соның түпкі табиғаты түсініксіз. «Ойлар тізбектеліп мидың қай түкпірінен туындап жатыр?» деген сұрақ жауапсыз қала береді. Сондықтан эстетикалық эмоция мен шынайы махаббаттың құшағына енген адам сол сәтте өмірінің мәнді екеніне күмән келтірмейді.
Тағы бір сұрақ: Шаттық пен рақат сезімінің айырмасы бар ма? Шелердің пікірінше, айырмасы мына жерде: шаттық – бағытталған эмоция. Ал бағытталмаған эмоцияны «эмоциялық көңіл күй» деп бөлек класқа жатқызған. Оған «рақат сезімі» кіреді. Осы арада Штраустың «бір минуттық ләззат» теориясына оралсақ: адам эмоциялық көңіл күйді (есірткі не арақпен) аңсағанда рақат сезімін құшады. Құндылықтар әлеміне енген тұлға шаттыққа бөленеді. Адамның эмоциясы Мәнмен байланысса ғана шынайы шаттыққа ұласады. Мән – шаттықтың құшағында тұрмайды. Сыртында тұрады. Сондықтан «шаттық сезімі» әманда, қандай да бір объектіге бағытталады. Қанша тырысаңыз да мақсат етіп қолдан туғыза алмайсыз.
Мысалы, бір бөлмеге бірнеше жігіт жиналып: «Кәне, шаттанайықшы!» – деп шаттанып, қуана алмайды. Шаттыққа бөлену үшін игі бір істің соңына түсу керек. Оған жеткенде кеудені шаттық кернейді. Ал рақат сезімін қаласаң, оп-оңай қолдан жасай аласың. Арақ немесе есірткінің күшімен-ақ эмоциялық көңіл күйді бастан кешеді. Кьеркегордың «Бақыттың есігі тек сыртқа ашылады» деген пікірінің жаны бар. Кім ізіне түсіп қуалайтын болса, жабық есікті ішке итеруге тура келеді. Итерген сайын есік жабыла түседі. Біз Бақытқа емес, керісінше ол бізге есік ашып, қонаққа келуі тиіс. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: бақытқа ұмтылыс негізгі принцип немесе адамның соңғы мақсаты бола алмайды. Франклдың осы ойтүйіні қазақ арасында айтылатын мынадай қызық әзілді еске салады. Шыңғысханның Отырарды алты ай бойы ала алмаған себебі – қаланың қақпасы сыртқа ашылады екен дейді.
Құндылық объективті бола ма, субъективті бола ма?
Құндылық трансцендетті болады. Оны игеру үшін нақты іс-әрекетке кө-шеміз. Бірақ осы әрекетке құндылықтың трансцендентті сипаты сыймайды. Біз қанша жерден құндылық игердік десек те, оның объективті сипаты ғайып әлемде тұра береді. Франклдың ойын түсінікті ету үшін бұл тақырыпқа мына мысалмен кірейік. Сіз Атымтайға еліктеп жомарт болуға тырыстыңыз. Ел-жұрт сізді «екінші Атымтай жомарт» деп атай бастады делік. Бірақ жұрт не деп мақтаса да, ЖОМАРТТЫҚ трансцендетті күйде, көзге көрінбей ғайып әлемде болмыс боп тұра береді. «Жомарттық деген – мынау» деп жұртқа нақты бір затты ұстата алмайсыз. «Жомарттық менікі» деп, өзіңізге меншіктей де алмайсыз. Бұл феномен объективті болғандықтан, оны екінші біреу қайталай алады. Әрі жомарттықтың өлшемі жоқ. Жетім мен жесірге дүниенің бар малын тарқатып берсеңіз де, ғайып әлемдегі объективті жомарттықтың неше пайызын игергеніңізді біле алмайсыз. Мына қиссаны қараңызшы:
Сүлеймен пайғамбар бірде Тәңірге:
– Уа, Тәңірім. Тілегім бар. Айтсам, орындайсың ба? – деді.
– Айт, құлым, – деді Жаратушы.
– Күллі мақлұқаттың үш күндік ас-ауқатын мен берейін. Мен де бір жомарт болып көрейін. Рұқсат етші, – деп жомарт атанғысы келеді.
– Рұқсат, – деді. Сүлеймен дию-перілерді жинап:
– Таудан үш қазан қазыңдар да, біріншісін жеміс-жидекпен, екіншісін тағамдармен, үшіншісін сусынмен толтырыңдар, – деді. Далаға ұшы-қиырсыз дастарқан жайып, ішіп-жемді үйіп-төгеді. Мың періні сол жағына, мың диюды оң жағына қызметке қойды.
Сүлеймен жиған тамағына қарап, «мынадай аста-төк ауқат жан-жануар, жәндік атаулыны үш жыл тойдыруға жетеді ғой» деп ойлады да:
– Бәріне айтыңдар, ризықтарын менен кеп жесін, – дейді. Айтып аузын жиғанша, теңізден көк жайын шыға келді. Ол:
– Менің тамағым қайсы? – деді. Сүлеймен:
– Мына жерден қалағаныңша ішіп-же, – деді. Жайын үш қазандағы асты жұтып салды. Дастарқанда дым қалмады. Ол:
– Тоймай қалдым. Тағы бар ма? – деді. Сүлеймен сасып қалып:
– Бары осы, – деді.
Сонда жайын:
– Менің әлі әке-шешем, бауырларым бар. Олар не жейді? Ауқат тауып бере алмасаң, Құдайдың ісіне араласып нең бар? «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген. Сенің кесіріңнен бүгін аш қалдық, – депті.
Жомарттықтың арқасында Атымтай да, Сүлеймен де феномен боп көрінді. Оның қасиеті мен құдіреті әманда мәрттікке бағытталған іс-әрекеттің мазмұнында тұрады. Жомарттық жайлы жүз жыл толғағанымен, оның киесі көрінбейді. Саныңнан ет кесіп бергендей малыңды мұқтаж жандарға таратқанда ғана оның мәні мен мазмұны ашылады. Франкл құндылықты байқаудың қарапайым үлгісін береді. Мысалы, бір бөлмеден шамды көрдім. Енді көзді тарс жұмып, теріс айналсам да, сол шамды көңілмен көріп тұрам. Бұдан шығатын қорытынды: шамды тану бес сезім мүшеме тәуелді емес. Көзбен көріп, қолмен ұстамасам да, ол бар. Сол сияқты құндылыққа қол жеткізсем, автоматты түрде оның өмір сүретінін сеземін. Оны бар деп санаймын ба, санамаймын ба, ол маған тәуелді емес. Бұл жерде Франклдың мысалмен айтпағы былай: Мысалы, дискриминацияны алайық. Бала кезде адамның ұлтын, тілін, жынысын кемсітетін болдым делік. Өсе келе оның адамшылыққа жатпайтынын түсіндім. Барлық адам теңдей жаралған деген құндылыққа қол жеткіздім. Бұл құндылық мен қол жеткізгеннен бар болған жоқ. Ол әу баста бар болғандықтан, оған қол жеткіздім. Егер адам теңдігі жоқ болса, еш нәрсеге де қол жеткізбес едім. Франкл ойын былайша жалғайды. Өмірден мысал алайық. Бір жігіт бір қыздың эстетикалық көркін көріп құмартады. Қол жеткізіп, көңілі тоят тапқан соң, өліп-өшіп, күйіп-жанған сезімі әлсірейді. Әлсіреген сайын қыздың эстетикалық құндылығы мен сыр-сымбаты көзден ғайыптанады. Жігіт енді «мына қыздың алып бара жатқан сұлулығы жоқ екен» деп өзін алданып қалғандай сезінеді. Бұл кезде қыздың эстетикалық сұлулығы оған объективті түрде көрінбейді. Дұрысы, қыздың көрік-келбеті мен сыр-сымбаты жігіттің сол сәттегі организмінің хәліне тәуелді болған әрі оның ішкі инстинктеріне бағынған еді. Құмарлық инстинкті көңілмен ғана сезілетін нәзік қасиетті күл-талқан қылды. Бұл мысалды былай да береміз: әдетте сері жігіттер «мен қалай үйлендім, сұлу қыздар солай көбейіп кетті» деп әзіл-шыны аралас айтып отырады. Шындығында әйелі сұлулығын жоғалтқан жоқ. Керісінше, жігіттің сезімталдығы солып қалды. Оның алданып қалған бәлесі де жоқ. Кейбір субъективті көңіл күй қандай да бір құндылықтың көзге көрініп тұруын қажет деп санайды. Құндылықты сезіну үшін айрықша сезімталдық қажет. Көзіңді жұмсаң да, алыста жүрсең де қыздың эстетикалық сұлулығы көңілде тұруы тиіс. Көзге көрінетін сұлулық сияқты көзге көрінбес эстетикалық құндылыққа да қол жеткізу үшін тиісті әрекет қажет. Франклдың ойын қазақша тарқаталық. Құндылық та жомарттық сияқты белгілі бір әрекет барысында ғана ашылады. Оған қол жеткіздім дегенде алыстап кете береді. Сүйгеніңді бір рет аймалаумен оның болмысында тұнған объективті құндылықты, яғни сұлулықты қолға түсіре алмайсың. Осының өзі құндылықтың тылсым, ғайып әлеммен байланысын көрсетеді. «Әлемдегі ең сұлуды таңдап, тауып сүйдім» десең де тағы бір ару көздің құртына айналады. Сұлулыққа қол жеткізу мүмкін болса «Әлем аруы» байқауы бір-ақ рет болуы керек еді. Оның жыл сайын өтуі сұлулықтың қол жетпес объективті екенін дәлелдейді. Бұл идеяны қазақша қиссамен берсек: Тәңірі тағала бір тамшы нұрынан эстетикалық сұлулықты жаратады. Оны жүзге бөледі. Тоқсан тоғыз бөлігін Хауа анаға дарытады. Әйел затында Хауадан асқан сұлу болмапты. Қалған бір тамшыны тағы да жүзге бөледі. Оның тоқсан тоғыз тамшысын Жүсіп пайғамбардың рухына сыйлады. «Жүсіптен асқан сұлу ер жоқ» деген сөз содан қалыпты. Жүсіптен артылған бір тамшыны тағы да жүзге ыдыратады. Оның тоқсан тоғыз тамшысын Хадиша, Айша, Бибі-Батима және Бибі Мәриям аналарға теңдей бөліп береді. Сол себепті төрт әйел елден ерек сұлу бопты. Бұлардан артылған бір тамшы нұрды миллиардтаған сансыз зәрреге және бөледі. Сосын есебіне жете алмайтын сұлулық сәулесін әуелден ақырға дейін келіп кететін күллі әйел затына шашып жібереді. Осылайша көркем бейне мен сұлу дидар Хауа ананың себебінен барлық әйелге нәсіп болады. Қыз-келіншектің ер адамға қарағанда ажарлы болатыны содан екен. Қиссадан ұққанымыз былай: объективті түпкі сұлулық трансцендентті әлемде жатыр. Тәңірдің өзінде. Сұлулық сипаты Тәңірден басталып тұр. Бүкіл әйел заты объективті сұлулықтан болмашы үлес алды. Әйел бойындағы еркекті сиқырлап, өзіне ынтық қылатын субъективті сұлулықтың түп-тамыры трансцендентті әлемге жалғанған. Сондықтан шөлің өмірі қанбайды. Өмірге құштарлық дегеннің өзі осы объективизмнен шығады. Егер құндылық субъективті болса пенде өмірден жалығар еді. Франклдың ойына ораламыз. Құндылықтар дүниетаным дәрежесіне ұқсайды. Ақиқатты тұтас қамти алмайды. Бір фрагментін ғана көруге мүмкіндік береді. Себебі көрінген нәрсенің бәрін жеке көзқарас шектейді. Мысалы, адамның жауапкершілігін алайық. «Ерді кебенек ішінде таны» деген. Нақты бір ситуацияда сыналмай адамды айыру қиын. Бұл заңдылықтың жалпыға бірдей екенін бағаламаймыз. Кісі күнделікті тіршілігі мен отбасы ошақ қасында осы талаптарды орындап, ұсақ міндеттерді арқаласа, объективті құндылықтар нақты міндетке айналады. Ондай адам қоғам алдындағы ауыр жауапкершілікті де қиналмай арқалайды. Сондықтан адам объективті құндылыққа тұрмыстық сынақтарды сәтті шешумен ғана қол жеткізеді. Себебі қоғамдағы нақты бір міндет трансцендентті әлемдегі құндылықтың көлеңкесі немесе бір бөлшегі іспетті. Адам оны тұтас көре алмайды. Таным көзқарасы шектеліп тұрады. Түрлі міндеттерді орындағанда, өзі байқамаса да, БАР және БІР ғана адамдық борыштың фрагменттерін іске асырады. Қарапайым мысал: үйден шығып офиске жеткенше ұсақ-түйек міндетті арқалап барасыз. Қоғамдық көлікте қартқа орын бердіңіз. Ақшасыз студентке жолақы төлеп жібердіңіз. Офистегі күзетшімен жылы амандастыңыз. Жолда жатқан қоқысты жәшікке сала кеттіңіз. Ұжымдағы әріптестермен хәл сұрастыңыз. Осының бәрі – түптеп келгенде бір ғана АДАМШЫЛЫҚ міндеттің фрагменттері. Бірақ адамның өзі соны тұтас көре алмайды. Осындай ұсақ міндетті атқарғанда ғана оны сезінеді. Енді қыз бен жігіттің мысалына қайта келеміз. Жігіттің эстетикалық құндылық жайлы танымы шектеулі болған. Осы шектеулі шеңберге сол құндылықты бейімдеп алған. Оны көзбен көріп, қолмен сипаса ғана сезетін жағдайға дейін құлдыраған. Қыздың бойындағы объективті сұлулықты субъективті затпен шатыстырған. Жанған шамды көзбен көріп, қолмен ұстамай-ақ түйсікпен тануға болатыны сияқты, қыздың да эстетикалық сұлулығын объективті қабылдау қажет еді. Ер адам эстетикалық сұлулықты көңіл көзімен барлайтын нәзік сезімдерін дамытпаса, қарабайыр қозу фазасынан өте алмайды. Сезімдері жабайыланып, эротиканың шабуылына жиі ұшырайды. Әр әйелдің өзіне тән эстетикалық құндылығы жоқ деп санаса оған барлық әйел бірдей көрінеді. Онда әйел еркектің құмарлығын қоздыратын затқа немесе рақаттану принципінің бір объектісіне айналады. Франклдың осы ой толғамын былайша түйіндейміз. Мұндай қателікке ұрынбау үшін әрі адамның эстетикалық талғамын қалыптастыру үшін Абай атамыздың өлеңіндей сұлулықты сипаттайтын туындылар оқығаны абзал. Эстетикалық өлеңдер бозбаланың жабайы сезімдерін құлпыртады.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?
Аласы аз қара көзі айнадайын,
Жүрекке ыстық тиіп салған сайын,
Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді,
Тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын?
Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,
Болады осындай қыз некен-саяқ.
Піскен алма секілді тәтті қызды
Боламын да тұрамын көргендей-ақ.
Егер де қолың тисе білегіне,
Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.
Бетіңді таяп барсаң тамағына,
Шымырлап бу енеді сүйегіңе.
Адам жас күнінде осындай өлеңді жаттап, көкірекке тоқып өспесе болашақта объективті сұлулықты көруден мақұрым қалады. Нәзік сезімдері дамымай тұрпайы секстің шеңгеліне ілінеді.
Үш түрлі құндылық
Адамның тұлғасы қайталанбас қасиетке ие. Бастан өткен оқиғасы өмірде бір-ақ рет болады. Атқаратын міндеті екінші біреудікіне ұқсамайды. Кез келген сәтте бір міндетті орындайды. Сондықтан құндылықтар әлемін әркім әртүрлі қырдан көре береді. Бірақ бір ситуацияға тап болғанда ортақ көзқарас ұсынады. Оның ақылына сүйеніп жасамайды, объективті құндылықтың арқасында қалыптастырады. Қарапайым мысал. Махаббат феноменін алыңыз. Оны жырламаған ақын жоқ. Төрткүл әлемде, әркім өзінше жыр арнап жатыр. Солардың бәрі жабылып, махаббат феноменін қолдан жасаған жоқ. Ол объективті болғандықтан да, ақындарды өзіне құмартып тұр. Нигилизмді әлсірету үшін осындай қарсы аргументтер ұсынамыз. Себебі адамның көбі скептицизмнің шалығына ұрынған. Сол үшін мынадай міндетті арқалайсың. Құндылық әлемінің қаншалықты бай, түпсіз терең, шалқыған шалқар, шет-шегі жоқ тылсым екенін түсіндіріп отыруға тура келеді. Өмірде белгілі бір қиындықты бағындыру керек. Екінші жағынан тосын өзгеріске бейім тұруға тиіспіз. Мысалы біреу өнердің бір саласын кедергінің кесірінен игере алмады делік. Одан түңіліп күштейді. Тағдыр екінші бір құндылықты алдыңа тосады. Құлағы қылтиған сәтте дереу суырып алу керек. Жылт еткен мүмкіндік туса, мүлт жібермей, сергек отыру қажет. Бір өнердің не жалғыз арманның жалына жабысу өзін ақтамайды. Бізге пациенттер кеп: «Қоғамға қызмет қып, мағыналы ғұмыр кешейін десем, мамандығым сәйкес келмейді. Электрик боп не құндылық өндіресің, педогог болсаң бір сәрі» деп шағымданады. Әсілінде, құндылық игеруде мамандықтың шешуші фактор бола алмайды. Адам сұрақты былай қою керек: «Осы қызметке лайықпын ба? Қолымнан келе ме? Қызметтік кодексті адал атқара алам ба?» Біздіңше, шешуші фактор – осылар. Құндылық игеру мамандыққа емес, ситуацияға тәуелді. Адамның құритын жері – осы. Көтере алмас шоқпарды белге байлайды. Қолдан келмес іске ұмтылады. Біреудің қызмет орнын тартып алады. Адал жұмыс атқармайды. Әділетті басқармайды. Соның кесірінен өзінің не өзгенің мағыналы ғұмыр кешуіне мүмкіндік бермейді. Міндетіне адал жан қарапайым тіршілігіне қарамастан, ұлы істерді атқара алады. Халықтың тағдырын қаламның ұшымен шеше салатын арсыз, опасыз, жемқор шенеунікпен салыстырғанда адал жандар мың есе жоғары тұрады. Жауапсыз хирургпен салыстырғанда ісіне адал қоқыс жинаушы мың есе артық. Себебі дәрігердің мамандығына көп науқастың тағдыры тәуелді. Осындай жауапты іске кейбір хирург жүрдім-бардым қарайды.
Шығармашылық ізденістен шығатын құндылықты біз «жасампаз құндылық» дейміз. Адам шығармашылық қабілетін пайдаланып, рухани құндылықтар жасайды. Жасампаз құндылығын қарапайым тұрмыстан да көреміз. Мәдени яки шығармашылық салада телегей табысқа жету міндетті емес. Жасампаз құндылықтың рахатын барлық пенде сезіне алады. Қара жұмысқа қыры жоқ, бір оқымысты кейде майда-шүйде шаруаны өзі атқарады. Мысалы орындық, шай ішетін үстел жасайды немесе сөре құрап қабырғаға іледі. Оның олпы-солпы жиһаздары сәнді болмауы мүмкін. Есесіне өзі үшін ерекше мәнді болып көрінеді. Ондай кезде жасаған бұйымына сүйсіне қарап, кеудесін қуаныш кернейді. Бейне бір шедевр жасаған хас шебердей шабыттанып тұрады. Фабриканың сапалы, сұлу бұйымдары соншалықты ыстық көрінбейді. Кейде көшкенде ондайлар өзі жасаған заттарын тастамай көлігіне артып алады. Осының бәрін зерделеп қарасаңыз кісінің жасампаз қасиетіне барып тіреледі. Адам бір заттан бір затты шығарғанда кеудесіне құндылық құйылады. Өмірге құштарлығы артады. Шығармашылық шабыты күшейеді. Бастан кешкен сезімнің әсерінен туған құндылықты «сезім құндылығы» дейміз. Ол әсем табиғатқа, көркем туындыға тамсану арқылы пайда болады. Көп адамның қателесетін тұсы – осы. Олар поэзия, музыка, кино, галереядан кеудеге құйылатын құндылыққа жеңіл қарайды. Өнерге тамсанып мәнді өмір сүремін деп әсте ойламайды. Мән іс-қимылсыз-ақ өмірдің әр сәтінде бастан кешкен ғажайып сезім арқылы да анықтала береді. Бұған күмән қылсаңыз, келіңіз, мына ситуацияны бірге қарайық. Концертте, сүйікті симфониялық музыкасын рақаттана тыңдап отырған адамнан «Өміріңде Мән бар ма?», – деп сұралық. Ол міндетті түрде: «Мынадай рухани ләззатты бастан кешу мен үшін – Мән! Осы рақат үшін ойланбастан өмір сүрер едім» – деп жауап береді. Өйткені әсем табиғаттан ләззат алатын кісідей музыканың рақатына тереңдей батады. Адамның ұзақ ғұмыры қас қағым сәтпен өлшенуі мүмкін. Таудың да асқақтығы биіктігімен емес, мұзарт шыңның келбетімен өлшенеді. Адамның бір мезетте өткен мерейлі шағы өмірінің мән мен мағынаға толы екенін айғақтайды. Жандүниені серпілткен қас қағым сәт кісінің келешегіне Мән дарытады. Тау басында батқан күнді тамашалап, табиғаттың тіл жеткісіз кереметіне есі кете елтіп отырған альпинисті алайық. Одан: «Басқа кезде де осындай сезімге бөлене аласыз ба?» – деп сұрап көріңізші. Жан жүрегі шаттыққа толып, өмірін Мән көмкерген альпинистің не жауап беретіні бесенеден белгілі.
Құндылықтың үшінші түрін «позиция құндылығы» дейміз. Арбаға таңылып, табиғатқа шыға алмайтын адам айналасындағы оқиғаларға тың көзқараспен қарап, құндылық өндіруге қабілетті. Сыртқы мүмкіндігі шектелгенде жандүниесіне қарсылық ретінде үлкен реакция дүр сілкінеді. Сол кезде биік құндылық саналатын басқа әлемнің пердесі түріледі. Жасампаз не сезім құндылығын игере алмаған жарымжанға құндылық игеретін соңғы мүкіндік дәлізі ашылады. Мысалы, жасампаздықпен айналысуға мүмкіндігі жоқ мүгедек жандар бар. Олардың кейбірі жаратылысқа қарап ләззат ала алмауы мүмкін. Ондайда тағдырға налымай өмірін жалғастыру үшін Мән тапса соны «позиция құндылығы» дейміз. Олар позициясын ауыстырмаса тіршіліктен түңілуі демде. Үшінші құндылық – өмірдің соңғы сәтін Мәнге жалғауға таптырмас шанс. Мейлі кебінін сүйреткен кейуанадай өмірдің машақатына мойынсұнсын, мейлі қайғыға қасқайып қарсы тұрсын – мұның бәрі пенденің адамдық сипатының өлшемін көрсетеді.
Құндылық категориясы позиция құндылығымен толыққанда адам өмірі мәнсіз болмайды. Тал бесіктен жер бесікке жеткенше мән-мағынаға толып тұрады. Санасы сөніп, соңғы демі үзілгенше адам позиция құндылығынан бір сәтке жаңылмауы тиіс. Қарасаңыз, бұл да – бір жауапкершілік. Пенде соңғы секундқа дейін құндылық игеруге жауапты. Тынысы тарылып, бір аяғы көрде жатса да, позиция құндылығы қолжетімді дистанцияда тұра береді.
Осылайша біздің әу бастағы түйін расқа айналды. «Адам болу – саналы түрде жауапкершілік арқалау» деген едік. Сол түйінге айналып келдік.
Мәннен үміт үзбеу
Тағдыр түрлі құндылықты тоқтаусыз тоса береді. Кейде жасампаздықты талап етеді. Әлемді құндылықпен құлпырта түсесің. Кейде сезім құндылығымен бір сәтте жаныңды байытып жібереді. Бірде миссияңды орындау үшін белсенді әрекет етесің. Бірде тәтті сезімге бөлеген табиғаттың тамашасына таңғаласың. Жаралыстан ғибрат алып, қойны-қонышыңды шаттыққа толтыру – ол да адамшылық міндет. Франкл айтқан жаралыстан ғибрат алу үлгісін Шәкәрімнің мына өлеңінен көруге болады.
Ей, жастар! Қалай дейсің бұл дүние,
Мұны бүйтіп жаратқан қандай кие?
Білімсіз, мақсұтсыздан шыққан болса,
Мақсұт, білім, ой шықты мұнан неге?
Керексіз жаралған бір тозаңы жоқ,
Тәртібі – таңғаларлық зор мәшине.
Шыққаным Шыңғыстауда бір биік тау,
Жақсы екен тауға шығып, тағдыр сынау.
Қайырлы түн болсын деп үнсіз айтып,
Күн кеткен соң түн келді қараңғылау.
Аспандағы ай, жұлдыз – бәрі айналды,
Жалғыз-ақ Темірқазық тапжылмайды-ау.
Күн батып, ай, жұлдыздың айналуы –
Шынында дөңгелеген жер жүрісі-ау.
Франкл бұл міндетке әсте салғырт қарауға болмайтынын айтады. Біреулер трамвайда отырып, күннің батуын, жапырақтың жайқалуын, гүлдің шешек атуын тамашалап, одан ләззат алудың орнына газеттен бас көтермейді. Табиғаттың тосып тұрған құндылығын құр жібереді. Франклдың ойын заманға лайық тарқата түсейік. Қазір көбі кітап пен газетті айтпағанда смартфонға тәуелді. Жастар арайлап атқан таңнан, қызарып батқан күннен, гүлдеген жидектен, жымыңдаған жұлдыздан, мұнартқан таудан, ақ мамық бұлттан, толған айдан, жайқалған шөптен, үлбіреген гүлден эстетикалық ләззат алудан мақұрым қалып барады. Эстетикалық талғамды дамытып, әсем табиғаттан шаттық алуды міндет деп санамайды. Байқасаңыз, осы салғырттық кісінің кеудесін Мәнге емес, тұрпайы талғамға толтырады. Франкл үш құндылықта терең түсіндіру үшін тағы бір мысал береді. Бір науқас рак боп ауруханаға түседі. Жұлын жүйкесіне ісік шығып, төсекке таңылады. Тәні жансызданған соң жұмысын тастауға мәжбүр болады. Жасампаз құндылық өндіретін қабілетімен қош айтысады. Қалған ғұмырын мәнді өткізу үшін енді сезім құндылығын дамытады. Жанындағы науқастармен сұхбаттасып, оларға қуаныш сыйлайды. Қайғысын бөліседі. Әдеби кітаптар оқыды. Радиодан музыка тыңдады. Бірақ ауруы асқынғанда музыка кері әсер етті. Жансыз қолдары кітап ұстай алмай қалды. Амал жоқ, позиция құндылығына ауысты. Әлі де болса, жанындағы науқастарға кеңес беріп, жігер сыйлап, өзін үлгі етіп көрсетті. Басқа түскен нәубетті қайсарлықпен күтіп алды. Өлетінін бір күн бұрын сезді. Түнде кезекші дәрігер морфий салу керек еді. Ол өлгелі жатса да «мына дәрігер мен үшін түн ұйқысын бөлетін болды» деп жаны ашиды. Түсте оған:
– Дәрігер, түнде салатын уколды кешке сала салыңыз, – деді.
– Неге?
– Маған бола түнде тұрып әуре болмаңыз.
– Ол – менің міндетім.
– Иә, білем. Бірақ сізге салмақ салғым келмейді, – деді. Осылайша өміріне нала айтпай, абыроймен аттанады.
Осы жерде мына бір мәселені талқылап кеткенді жөн көрем. «Қатты қиналған науқасты дәрінің көмегімен ажалға аттандыру қаншалықты дұрыс?» «Ажалын күтпей дәрігердің қолдан өлтіруге хақысы бар ма?» Жауабы: жоқ. Себебі Мән табатын соңғы мүмкіндігінен айырамыз. Олар басқа түскен қасіретке көзқарасын өзгертіп Мәнге жақындай түсер еді. Ендеше бұл қаншалықты дұрыс? Кісінің ажалынан өлуі оның өмірде сезінуі тиіс жайттардың бірі емес пе? Өлім сәті пенденің өмірін Мәнге толтырып, соңынан қорытынды жасайтын акт болуы тиіс. Бұл жерде эвтаназияны немесе «жасанды өлімді» сынаймыз. Эвтаназия – жанға батпайтын, жеңіл өлім. Дәрігер үшін проблема емес. Науқастың ажал сағатындағы азапты хәлін дәрінің көмегімен жеңілдету дұрыс. Бірақ өмірін қию дұрыс емес. Дәрігер ар-ұятына сүйеніп эвтаназияға жүгіну керегін шешеді. Оны талқыға салу миына кіріп-шықпайды. Оны гуманистік ниеттен туды деп тағы айта алмайсың. Аурудың азабына төзе алмаған науқасты өліммен құтқарып аламын дегені қай сасқаны?! Кей елде осылай адам өлтіруді заңдастырғысы келетін топтың да төбесі көрінеді. Оларға салсаң, адам өмірінің соқыр тиын да құны жоқ. Ақ халатты абзал жанға эфтаназиямен адам өлтіретін құқықты кім берді?! Бұған жауап беру үшін мынаған тоқталамыз. Біріншіден өзгенің өмірінің бағасын өлшеуді дәрігер шешпейді. Қоғам оған бір ғана міндет жүктеген: қолынан келгенше науқасқа көмектесу, ауруын емдеу. Тіпті жазылмайтын дертке шалдықса да бағып қағу, жанға батқан жарасын жеңілдету. Науқас пен оның туыстары дәрігердің міндетіне күмәндаса, оған сенім артпас еді. Дәрігер ар-ұятына сүйеніп біреудің тағдырын шеше берсе, науқасты «Бұл дәрігер жанашыр ма әлде жаналғыш па?» деген ой мазалап тұрады. Бұл маңызды мәселе. Айтпай кетуге болмайды. Себебі бұл соматикалық ауруға шалдыққандар сияқты жазылмас психикалық кеселге ұрынғандарға да қатысты. Қала берді «мына психикалық ауру емделмейді» деп кім кесіп айтады? Тіпті дәрігер науқасқа емделмес диагнозды кесіп-пішіп қойды делік. Мейлі өзіне сенімді-ақ болсын. Бірақ сол науқастың өмір сүруге ақысы бар ма, жоқ па деген мәселеде сенімді бола алмайды. Мынадай оқиға болған. Бір жігіт бес жыл төсекте таңылып жатты. Аяғының бұлшық еттері сал болып қалған. Оны укол салып, қолдан тамақтандырды. Әлбетте оның үмітсіз жатысын көріп, талай адам ішінен «Бейшара әбден қор болды-ау, байғұсты қинамай өлтіре салмай ма?» деп ойлайтын. Алайда оқиға күтпеген жерден күрт өзгерді. Бір күні ел қатарлы үстелге отырып, тамақ жегісі келді. Бір күні жүрмекші болды. Аяғының бұлшық еттері қалпына келді. Бірнеше аптадан соң жазылып шықты. Ауырғандағы хәлі, өмір жайлы ойлары, көңіл күйі мен күйзелістері туралы лекция оқи бастады. Бірде психиатрлардың алдында лекция оқыды. Сонда бір психиатр ұяттан жерге кіріп кете жаздады. Себебі ауру кезінде дәрігердің бұл жайлы қандай теріс тон пішкенін айна қатесіз айтып берген. Бізге қарсы пікір айтатындар да бар. Олар: «Жынды адам мұң-мұқтажын айта алмайды. Егер бір-екі минутқа ақыл-есін кіргізсең, «мені бұлай қорлағанша, өлтіре сал» деп жалынуы мүмкін. Сондықтан медицинаның оны өлтіргені – дұрыс шешім», – дейді. Логотерапевт басқаша көзқарас ұстанады. Мұндай жағдайда дәрігер науқастың өмір сүруге деген ынтасын көтеріп, өлімін қаһармандықпен қарсы алуына көмектесуі керек. Науқастың тағдырын шешу дәрігердің қолында емес. Бір оқиға айтайын. Жас бір дәрігер меланосаркома деген ауруға шалдықты. Әріптестері оны аяп, басқаша сендіреді. Анализдерін ауыстырып, жалған диагноздар көрсетті. Алайда ол түнде зертханаға жасырын кіріп, анализдерді қайта тексереді. Диагнозын дұрыс анықтайды. Сырқаты күннен күнге меңдей береді. Жұрт оны суицид жасауы мүмкін деп қауіптенді.Жас дәрігер керісінше, ауруға жеңіле салмай, өзі қойған диагноздың дұрыс екеніне күмәнін күшейтеді. Бауыры солқылдап ауырған сайын «бұл өткінші ауру» деп өзін жұбатады. Соңғы сәтке дейін «Өмір сүруге деген құлшыныс ауруды жеңеді, жазылып кетем» деп өзін қайрай берді. Ажал сағаты жеткенде морт сынбады. Еңсесін түсірмей күресе берді. Дәрігер ең болмағанда науқастың өмірге деген осындай құлшынысын құрметтесін. Біреу ұтымды уәж айтты екен деп өмірден айыруға хақы жоқ. Мынадай аргумент жиі кездеседі. Психикалық дертке шалдыққан, әсіресе туғаннан ақыл-есі кемтарды қоғамда масыл санайды. «Құр ішіп-жеп жата береді. Оларды бағып, күту үшін тұтас ғимараттар салады. Күтуші жалдайды. Бюджеттен миллиондаған ақша бөледі. Осы мағынасыз шығынның не қажеті бар?» деп біреу ашық мәселе көтерсе, не дер едіңіз? Оған: «Ең болмағанда арба итеруге жарайтын ақыл-есі кемтар күш-қайраты сарқылған шал-кемпірден әлдеқайда артық. Онан да қарттарды құртайық», – деп екінші береу жауап берсе не дейсіз? Мұндай пікірден қарттардың бала-шағасы жағаларын ұстап шошынар еді. Себебі қарттарды жақсы көріп, оларға қызмет етумен Мән тауып отырғандар да бар. Сол сияқты ақыл-есі кем сәбилерін қорғансыз болғаны үшін де ата-аналары әлпештеп мәпелейді. Олар да содан Мән табады. Суицидке бекінген кісі қолға түссе және өлгісі келіп тұрса да дәрігер оны құтқаруға міндетті. Осыған да қарсы уәж айтатындар бар. «Неге дәрігер өлгісі келген адамды құтқару керек? Таңдауын жасаған бейбаққа неге кедергі келтіреді? Оның тағдыры солай шығар, суицидтен өлуі керек шығар, дәрігер неге араласады? Тағдырын еркіне жібермей, Құдай сияқты араласуға кім құқық берді?» деп тықсырта жөнеледі. Білімсіз адам бұл сұраққа жауап бере алмай тосылып қалуы мүмкін. Бірақ біздіңше бұл сұрақтың логикасы нашар. Суицидке ұрыну Құдайдың пәрмені емес. Құдай жаратқан құлының шыбын жанын алам десе, оқиғаға дәрігерді араластырмай-ақ алар еді. Дәрігер араласқан болса, онда Құдайдың өзі оның тірі қалуын қалап тұр деген сөз. Дәрігердің қолына түсті ме, міндетті түрде көмек беруі керек. Науқас «солай деп» өтініш білдірсе де, дәрігер философиялық ойға салынбай, міндетін абыроймен өтеуі тиіс.
Өлімнен басқаның ертесі жақсы
Жоғарыда суицид проблемасын сырттан бақылаушы дәрігердің көзқарасында талдадық. Пациент өлгісі келгенде дәрігер қай позицияны ұстану керек, соны түсіндірдік. Енді проблемаға іштен үңілеміз. Еңсесі езіліп, өмірден түңілген пенденің ішкі әлеміне кіреміз. Суицидке бекіну мотивін сараптаймыз. Оның бекінген бұл шешімін ақтайтын «ақылды уәж» табылар ма екен? Психологияда «рационалды суицид» деген түсінік бар. Адамның саналы түрде өмірін тоқтатуға шешім қабылдауы. Осы жерде мынадай сұрақ туады: Адам өмірін суицидпен күл-талқан қылатындай тағдырының шынымен де соқыр тиындық құны болмағаны ма? Тағдырының құнсызданғанын қалай біледі? Өміріне өлшем етіп нені алып тұр? Адам тығырыққа тіреліп, тағдыры күйреп, ашарға есік, кірерге тесік таппай торыққанда суицидтен басқа жол қалмағандай көрінеді. Суицидін ақтап алатын түрлі аргументті көлденең тартқанда жұбатуға уәж таппай қаласың. «Менмін» деген ақылды адамды сендіріп жібереді. Бірақ оның ұсталатын жіңішке жері бар. Себебі оның көзқарасы әманда субъективті болады. Иненің жасауындай саңлаудан ғана өмірін көріп тұр. Егер объективті қараса, өмірдің қызығы мен хикметі сарқылмайды. Мысалы, бірнеше адам суицидтен өлді делік. Бәрі «ендігі өміріміз үмітсіз» деген сенімді болсын. Егер осылардың біреуінің шешімі қате болса, суицидті терістеуге соның өзі жетіп жатыр. Басқаларының да «сенімі» қате боп шығады.
Қате шешім деген не? Енді соны талдайық. Бір бухгалтер жыл соңында қорытынды есеп жасайды. Қараса қазынадан қисапсыз ақша ұрланған. Он рет қайта есептесе де ақшаның орны үңірейіп тұр. Оны сол сәтте «мені соттайды» деген үрей билейді. «Елге не бетіммен қараймын, досым күледі, дұшпаным табалайды» деп өзіне қол салып өледі. Жерлеу рәсімі біткен соң бухгалтериядағы есеп қайта жасалады. Марқұмның бір цифрдан қателескені анықталады. Ақша ұрланбаған. Бір адам босқа өліп кетті.
Осы бір ғана инцидент барлық суицидтің жолын жабуға жетеді. Тура осылай тығырыққа тірелген оқиға бірнеше сағаттан соң басқа сипатта өрбуі мүмкін. Тәңірдің ісін пайғамбар болжап білмейді деген! Теориялық тұрғыда кейбір саналы өлімді ақтап алуға болатын да сияқты. Ар-намысы немесе бейкүнә жанның өмірін сақтау үшін сондай қадамға барса, оны шынымен де «адамшылықтан болды» деген топқа жатқызар едік. Бірақ бұл көбіне теорияда ғана солай. Ар-намысы үшін жанын қиятындар миллионнан біреу болуы мүмкін. Себебі «ар-намысым тапталды» деп өлгендердің артын тексерсең, біреуге өкпе-реніштен немесе жалған ашу-ызадан кеткені анықталады. Егер өкпе-реніші мен ашу-ызасын жеңсе, ситуациядан шығар жол табар еді. Сондықтан суицидтен өлген адамды ақтай алмайсың. Ол өзін ерте өлтіргенде өмірдегі мына борыштарын атқармай кетеді. Біріншіден, күнәсі үшін кешірім сұрайтын функциясын аяғына дейін жеткізбейді. Пенде болған соң тіршілікте күнәға ұрынбай тұрмайсың. Сондықтан да адамға күнәсі үшін өкінуге, кешірім сұрауға ТӘУБЕ деген нығмет берілген. Оны орындамай «қашып кетеді». Екіншіден, қайғы-қасіретке ұрынғанда кісі оны күресіп, шыңдалып, тұлғаға айналуы керек. Ол мұның да жолын жабады. Үшіншіден, өмірдегі өткен-кеткен қателіктерінің қорытындысы мен түйінін сол күйі жасамайды. Төртіншіден, әділетсіздікпен, бақытсыздықпен күресудің орнына өзінің «МЕНІН» өлтіреді.
Енді мына жайтты алайық. Суицидке бекінгенде адамның психикалық көңіл күйі ауруға шалдығады. Псхиатриялық зерттеу нәтижелері суицидтің психопатологиялық негізде жасалатынын дәлелдеді. Суицид – кез келген жағдайда адам өмірі мән-мағынаға толы деген түсінікке кереғар. Тіршілік мәнге толып тұрса не үшін суицид жасайды? Біз Мән позициясын нығай-ту үшін логотерапия әдістерін, сараптамаларын, объективті дәлелдерін түсінікті тілдің аясында күшейте түсеміз. Адамның өмірден қажуы – таза эмоциялық көңіл күй. Эмоция сенімді аргумент саналмайды. Мына бір сұрақты алайық: Адам қажу мен жалығу сезімінің ұйығына батуы керек пе? Әлбетте ақылды адам «Жоқ, жұтылуға болмайды» дейді. Енді осы ой анық болуы үшін моральдық тұрғыдан тағы бір сұрақ қоялық. Адам тек рақатты көздеп тіршілік кешсе бола ма? Меніңше жауап тағы да «Жоқ» болуы керек. Екі жағдайда да: өмірден қажысаң да, рақатқа батсаң да тіршілікті дұрыстап сүре алмайсың. Дұрысы, екі жағдайда да Мәннің сәулесімен мағыналы тіршілік кешу.
Суицидтің алдын алуда логотерапияның күштілігін мынадан-ақ білуге болады: психотерапия суицидке бекінген адамды тексергенде одан психопатологиялық мін таппайды. Пациент сау адамдай сұхбат құрып отыра береді. Тіпті кейде интеллектісімен дәрігерді састырады. Өмірде болған мына жайтты қараңыз. Бір кісі суицид жасап өлмей қалады. Туыстары ауруханаға әкелді. Пациент өлмекші болғанын ашық айтып отыр. Оны қалай тексерсе де, психиатриялық симптомның табы да байқалмады. Тіпті онымен сұхбаттасқан институт директорының өзі қайран қалды. Себебі барлық сұраққа логикалық тұрғыда мінсіз жауап берді. Пациент:
– Адамның шешім қабылдауға еркі бар ма, жоқ па? – деп сұрады.
– Бар, – деді директор.
– Өмірді сүре ме, сүрмей ме өзі шешеді ғой?
– Иә.
– Онда неге менің ерік-қалауыма қол сұқтыңдар? – деп директорды қатты састырды. – Ендеше мені үйіме жіберіңдер. Мен саумын, – деді.
Директордың «ақыл-есі бүтін» деп анықтама жазып беруден басқа амалы қалмады. Пациент заттарын жинап, үйіне кеткелі жатқан. Логотерапевт оның жүз жерден сау болса да, іштегі алай-дүлей сезімді жасырып тұрғанын сезіп қойды. Сөйтті де, оны әңгімеге тартты.
– Сіздіңше адамда ерік бар ма? – деді.
– Әлбетте, бар. Айттым ғой жаңа, – деді пациент.
– Сіз ерік қалауыңызды қалай пайдаланасыз?
– Оны өзім білемін. Өмір сүрем бе, сүрмеймін бе, оны да өзім шешем.
– Сіз еркіндікті пайдалана алмайтын әлсіз адам екенсіз.
– Неге? – деді пациент түсінбей.
– Себебі еркіндіктің не үшін берілгенін білмейсіз.
– Ал онда сіз айтыңыз, білсеңіз. Не үшін беріліпті?
– Еркіндік бір нәрседен қашып құтылу үшін емес, бір нәрсеге жету үшін берілген. Сіз дымға да жете алмадыңыз – деді. Пациент ойланып қалды.
– Қызық екен. Нақты неге сонда? – деді.
– Еркіндік жауапкершілікті арқалау үшін берілген. Жауапкершілікті арқалаудың орнына тастап бара жатырсыз. Сізде еркіндік жоқ. Тұтқынға түскен адамсыз, – деді.
Осыдан соң әңгіменің түйіні тарқатылып жүре берді. Ақырында оның жандүниесін шырмап алған күмәнді ойдың бәрі күл-талқан болды. Клиникадан өмірге жаңа көзқараспен шықты. Бұл жерде түйінді терапия емес философиялық сұхбат шешті. Логотерапевт суицидті философиялық негізде талқандады. Суицидтің физиологиялық емес, психологиялық тарапына кірді. Пациент әділетсіз қоғамнан теперіш көріп, өкпе-реніші жүрегіне шемен болып қатқан еді. Ол емханада тағы да жатып емделуді жөн көрді. Кейін ағынан жарылып:
– Жігіттер, шыны керек, қаржыдан қысылып қол жұмсадым деген – сылтау, негізі маған мағыналы өмір жетпейді. Ішімде уілдеген бос үңгірден қашып жүрмін, – деді.
Жоғарыда «Еркіндік жауапкершілікті арқалау үшін берілген» дедік. Еркіндіктің өзі жауапкершілік феноменін растап тұрады. Адам жауапкершіліктен радикалды формада қашсын, қиындықтан суицид арқылы құтылуға тырыссын – бәрібір жауапкершілік сезімінен құтыла алмайды. Себебі, суицидті ерікті түрде қабылдайды. Бәрібір қашқан затынан өлім арқылы құтыла алмайды. Жауапкершілік оны жібермейді. Жауапкершілікті лақтырумен проблемадан құтылмайсың. Тағы да қайталап айтамыз. Суицид проблеманы оңымен шешпейді. Мысалы біреу шахмат ойнап отыр делік. Бір тарап жеңіле бастады. Мат боларына көзі жеткенде ол шахмат тақтасын төңкеріп жібереді. Бұл кейде күлкі, кейде ашу шақырады. Не шақырса да, тақтаны төңкеріп тастау проблеманы шешпейді. Тағдыры түйінделіп қалғанда да солай. Түйінді тарқатуға жүрексінген жан оны қия салады. Әсілінде, тақтаны төңкерген адам ойын ережесін бұзды. Сол сияқты өзіне қол салған адам да тіршілік тәртібін бұзады. Тіршіліктің тәртібі – жеңіске жетумен өлшенбейді, соңғы демі үзілгенше күресумен бағаланады.
«Суицидке итермелейтін батырлық па, қорқақтық па?» деген сұраққа жауап беру оңай емес. Дұрысы: екеуі де дұрыс емес. Себебі адам суицидке жандүниесіндегі конфликтіден келіп тіреледі. Сондықтан, суицид жасаушы өлімнен қорықпайды, өмірден қорқады.
Біз пациенттерге Альберт Швейцер айтқандай: «Өмірге сүйсінуді үйреткіміз келеді». Ол үшін пациенттің жүрегіне сенімнің мынадай дәні егіледі. Олардың өмірін Мәнге толтырып, мақсатын айқындау үшін тіршілікте қандай да құндылықтың бар екенін үйретуіміз керек. Басқаша айтқанда, пациенттің өмірінен белгілі бір мақсатты іздеп, белгілеу қажет. «Адамда өмір сүруге қандай да бір негіз болса, ол кез келген ауыртпашылықты көтереді», – дейді Ницще. Өмірді не үшін сүру керек екені туралы сенім - психотерапия және психогигиена үшін үлкен құндылық. Бір нәрсені батыл айта аламыз. Кез келген адам өмірде мен ғана атқара алатын бір миссия бар деп бекінбейінше, басына түскен қиындықтарды жеңе алмайды. Ал өмірде миссиям бар деп есептесе, өмірі құндылыққа толады. Жоғарыдағы Ницщенің сөзінен ұққанымыз былай: өмір сүруге қажетті шарттар мен жағдайлар және олармен ілесе жүретін қиындық пен тауқымет шегініп артқы сапқа кетеді. Алдыңғы шепке не үшін өмір сүреміз деген «НЕГІЗ» ғана шығады. Бұл да – әлі бер жағы. Өмірді сынақ деп қабылдасақ, қиындық міндетті түрде болуы тиіс. Ол қиын болған сайын өмір де мағынамен байи түседі. Біз мұны спортшының мысалымен жақсы түсіндіреміз. Нағыз атлет жарыста жеңімпаз атану үшін зілдей темірді көтеруі тиіс. Немесе кедергіден секіру спортын алайық. Онда да спортшы кедергінің бәрінен қарғып жүріп жүгіреді. Сонда ғана жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тағады. Спорттың осы мысалын неге өмірге салып көрмеске? Күнделікті өміріміз қиындыққа толы болса, сынақ та қыза түседі. Бұл – бір шетінен мінезіңді шыңдап, ерік күш-жігеріңді ширата түсетін мүмкіндік.
Ситуативті құндылықтар
Біздің мақсат – пациентке өмірлік мұрат сыйлау. Оны күйреген күйден шығарып, асау аттай тарпынған белсенді хәлге өткеру. Адам өмірі мен күш-жігерін құндылықты жүзеге асыруға арналған деп түсінуі керек.
Жауапкершілік арқалағанда өмірдің сынағы әрқашан ерекшеленіп тұрады. Бұл ерекшеліктің өзі екі түрлі. Біріншісі: сынақ әр адамға әртүрлі болып келеді. Яғни адамның қайталанбас табиғатына тәуелді. Екіншісі: әр адамға жеке келген құндылықтың өзі ситуацияға орай сәт сайын, сағат сайын өзгеріп тұрады. Оны Шелер «ситуативті» деп атаған. Бұның «мәңгілік» өзгермейтін құндылықтан өзгешелігі мынада: «адам өлтірме», «кісі ақысын жеме», «ата-анаңды бақ», «біреудің әйеліне сұқтанба» деген заңдар өзгермейтін «мәңгілік» құндылыққа жатады. Ал «ситуативті» – әр сәтте алдыңнан шыға келетін құндылық. Олар «мені игер, жарыққа шығар» дегендей адамға ымдап тұрады. Сол сәтте осы құндылықты жарқ еткізбесеңіз, мәңгілікке сіңіп жоғалады. Қайта айналып келмейді. Мысалы, жас студент бір ай бұрын үйіне қайтуға пойызға билет алды. Барар жері алыс болғандықтан, ол купенің астыңғы орнын сатып алып қойған еді. Пойызға жайғасқан соң оған бір келіншек келді де: «Менің орным жоғарыда. Емізулі балам бар еді. Құлап кете ме деп қауіптеніп тұрмын. Орын ауысамыз ба?» – деп өтінеді. Жас қыз не дерін білмей: «Мен алысқа барам, соған бола билетті бір ай бұрын алдым», – дейді. Сол кезде қасындағы бір серігі: «Онда менің орныма жатыңыз», – деп орнын босатып бере қояды. Бойжеткен сол сәтте ситуативті құндылықты мәңгілікке жоғалтады. Енді ол баласы бар келіншекпен жетер жеріне жеткенше сапарлас болады. Құндылықты жіберіп алған қыздың одан кейінгі көңіл күйі айтпаса да түсінікті.
Бұдан шығатын қорытынды мынау: әр адам – дара тұлға, қайталанбас феномен. Тіршілігінің Мәні де оның даралығымен өлшенеді. Қазіргі экзистенция философиясысның ерен еңбегі мына жерден көрінді: адамның тіршілігі нақты және субъективті болады. Әр адамның қоғамға, адамзатқа жеке дара сіңіретін өзіндік құндылығы бойында туғаннан бар. Ендеше әркімнің жауапкершілігі тағы да негізгі тақырыпқа айналады. Яғни адамға қаратып: «Өміріңде не бітірдің?» – деп сұрай аламыз. Ол адам енді бұрынғыдай: «Мен не істеуім керек? Бәрін үкімет шешеді ғой», – деп айта алмайды. Осындай ерекшелігі болғандықтан да, экзистенция философиясын «үндеу философиясы» деп те атайды. Осы философия үстем болғанда адамзаттың ішінде өзіне тән құндылықтар құлпырып қоғамның бетіне шығады. Осы арқылы құндылықтан жұрдай болған қарабайыр қоғамның «ауруын» анықтаймыз. «Ауру» меңдегенде үкіметтік органдар халықты бір ғана идеяға, жалғыз партияға, діннің бір ғана ағымына күштеп, зорлап көндіре бастайды. Мұндай мемлекет тұлғаның қайталанбас даралығын таптап тастайды. Франклдың пікірін күні кеше күйреген СССР-ден көруге болады. КПСС пен Ленинге мақтау айтпай бірде-бір ғалым, бірде-бір өнер адамы жарыққа шыға алмайтын. 21-ғасырда мұндай мемлекет құру қауіпті. Бұл – әр адамның бойындағы шығармашылық потенциалды пайдаланбау деген сөз. Логотерапияның мақсаты – өмірдің сынағына адамның зейінін жеткізу. Өмірде әр адам өзі ғана көздей алатын мақсат бар. Ол мақсатқа жететкізетін жол да жалғыз. Мұны мынадай мысалмен түсіндірейік. Бір ұшқыш түнгі тұманда ұшып келе жатыр делік. Алыстан оған радиомаяк сигнал жіберіп тұр. Енді қону алаңын көзбен көрмей қонуға тура келеді. Мұндайда ұшқыштың қандай тәсіл қолданатыны белгілі. Әуежайдағы радиостансалар ұшаққа Морзенің екі түрлі сигналын жібереді. Сигналдың екі түрі өздеріне тиесілі екі секторды жабады. Осы секторлардың шекарасында ұшқыш тұрақты сигналды естиді. Бұл – шекарадағы дұрыс курсқа түстің деген сөз. Ұшқыш Морзе сигналдары белгілеген жалғыз курспен жүргенде ғана алаңға дәл қонады. Тура сол сияқты біздің әрбіріміздің қайталанбас өмірлік курсымыз бар. Сол курспен жүргенде өзіміз ғана атқара алатын құндылықты игереміз.
Пациент: «Мен үшін Өмірдің мәні көрінбейді. Тағдырдан ғажайып мүмкіндікті көріп тұрғам жоқ», – десе, не дер едік? Ондайда жауапты былай береміз. «Мақсатыңды қалай да өзің анықта. Өміріңді қайта сарапта. Ешкімге ұқсамайтын даралығыңды тап. Тек сенің қолыңнан келетін іс міндетті түрде табылады» деп өзіне жүктейміз. Бұл сұраққа Гете жақсы жауап берген: «Өзімізді қалай танимыз? Құр толғану аздық етеді. Қосымша әрекет керек. Міндетіңді адал атқар. Сонда кім екенің көріне бастайды. Менің міндетім не? Ол – әр күнің талабы. Әр күн, әрбір сағат менен адамшылықты талап етеді».
Дегенмен мынадай да адам табылады. Олар өмірінің қайталанбас ерекшелігін мойындайды. Сосын өмірдің ситуативті қайталанбас құндылығын жүзеге асырғысы келеді. Бірақ сөйте тұра өзін «үмітсіз» хәлде көреді. Онда сұрақты былай қоямыз. Үмітсіз болу деген не? Жеме-жемге келгенде келешекті көретін, болашақты болжайтын қасиет адамға берілмеген. Бәлки берілген болса, ол келешекті көріп қойып, қазіргі хәліне басқаша позиция ұстанар еді. Яғни қоршауды бұзып шығатын амалды қарастыра бастайды. Ал, егер болашақты болжай алмаса, келешегінің үмітсіз екенін қайдан біледі? Жарайды, сәуегейлік қасиет берілді делік. «Ендеш, үмітсіз хәлін қай тарапқа бұрар еді немесе қай тарапқа бұруы не нәрсеге тәуелді?» деген тағы бір сұрақ шығады. Ситуацияның бұрыс немесе теріс тарапқа бұрылуы тағы да пенденің ішкі потенциалы мен ішкі құндылығына тәуелді. Егер опасыз адам болса, қасиетін зымияндыққа пайдаланады. Ақжүрек, зиялы болса, қабілетін ізгілікке бұрады. Яғни шешуші фактор әулиелік пен сәуегейлікке емес, ішкі дүниенің тазалығына келіп тірелді. Егер бақытты ғұмыр жүректің тазалығына тәуелді болса, көріпкелдік қасиеттің маған не керегі бар? Сондықтан да адамға көріпкелдік қасиеті берілмеген. Болашақта қандай құндылық күтіп тұрғанын анықтай алмайды. Өмірлік жазаға кесілген бір тұтқын Марсельден бір аралға жер аударылады. Оны ол жақта мәңгілік құлдық күтіп тұр. Ашық теңізге шыққан соң кемеде өрт шығады. Күзетшілер тұтқынның кісенін шешіп, өртті сөндіруге көмек сұрайды. Тұтқын ірі денелі, ерекше қайратты кісі еді. Ол дүлей күшінің арқасында кемедегі күзетшілердің құтқарып қалады. Осы ерлігі үшін оған бостандық береді. Кеме Марсельдің портында тұрғанда, одан біреу: «Сенің өміріңде не Мән бар? Болашағың бар ма?» деп сұраса, ол: «Жоқ, осымен бәрі бітті», – дер еді. Бірақ ол алда не күтіп тұрғанын білмейтін. Тіпті тұтқыннан босаймын деп ойлаған да жоқ. Ешкімнің де «Мен бір жүрген сорлымын. Қолымнан түк келмейді. Өмірде ешқандай орным жоқ. Менен бір нәрсе күту күлкілі» деп өзін жерге ұруға хақысы жоқ. Адамның өзіне көңілі толмауы, сәтсіздіктерін ойлап жанын жегідей жеуінің өзі оның соншалықты бейшара еместігін дәлелдейді. Жалпы адамның өзін аямай сойып салуы, кемшіліктерін мойындауы оны идеалға жақындата түседі. Өзін сынауға қабілетті адам құндылық әлеміне жалғанып, онымен тілдесе бастайды.
Франклдың ойын Абайдың өлеңі арқылы тереңірек түсінуге болады:
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес.
Өзін идеал тұлғамен салыстырғанда түкке жарамайтын бейшара күйінен шығып кетеді.
Идеалдар не үшін керек?
Күнделікті өмірде кісінің пендешілігін көріп адамзаттан көңілі қалатындар да бар. Олар қоғамдағы әлсізді сабау, билігі жоқты қанау, пәтер тонау, қыздарды зорлау, балаларды қорлау тағысын тағы қылмыстарды көлденең тартып, адамзаттың адами сапасына күмән келтіреді. Бірақ адамның назары былыққа ғана қадалғанда әлемді былық-шылық басып кеткендей көрінеді. Ондай жанға адамзат табиғатынан былыққа батқандай сезіледі. Сөз жоқ, бұл мәселеде келісеміз. Орташа алғанда адамның дені былыққа белшеден батқан. Жүрегі жұмсақ, ары тазалар сирек кездеседі. Бірақ мен не себепті былыққа батқан көпшілікке тартылуым керек? Неге айнадай үлгі шашып жарқыраған, саусақпен санарлық ізгі жандарға ілеспеске? Бірақ былық-шылықтың адами құндылықты көміп тастауына жол беруге болмайды. Бәз біреулер бүй деуі мүмкін: «Барлық адам – эгоист. Альтруист боп жүргендердің түпкі ниетінде эгоистік пиғыл жатыр. Игі іспен атағын шығарып жандары жай табады. Жағымсыз сезімнен осылайша арылады». Біз бұған былай жауап береміз: «Біріншіден, жағымсыз сезімнен құтылу мақсат емес. Ол – бар болғаны нәтиже ғана немесе біткен істің жемісі. Екіншіден, бөтенге жаны ашу альтруистің шынайы адамгершілік бейнесін көрсетеді. Әрі-беріден соң бір тарихи кезеңде өмір сүрген мың-миллиондаған адамның өмірін жалғыз тұлға көрсете алады. Тіпті жалғыз тұлға тұтас бір тарихи дәуірді жалғыз өзі төңкеріп тастайды. Мысалы, таулы өлкені алып қараңыз. Таулы өлке сөз болғанда оның биік шыңы елестейді. Гималай тауы дегенде Эверест еріксіз еске түседі. Сол сияқты өткен ғасырды не дәуірде еске алғанда сол заманда ғұмыр кешкен бірнеше данышпан мен генийлер ғана көзге ілінеді. Олар саусақпен санарлық болса да, өз дәуірінің, мың-миллион замандасының тағдырын ақтап алды. Франклдың ойын қазақша қалыпқа салып көрейік. Мысалы, Мұхамбет пайғамбарды алып қараңыз. Оның заманы былыққа белшеден батқан еді. Жалғыз пайғамбар өз өңірін ғана емес, тұтас бір дәуірді өркениетке жалғады. Енді онымен замандас болғанның барлығы бір ғана пайғамбардың себебінен Мәнді тіршілікке жалғанды. Антикалық Грекияны алсаңыз да, Ежелгі Қытай, Үндістанды алсаңыз да, Сократ, Будда, Конфуций сияқты рухани кемеңгерлер ғана көзге елестейді. Көне дәуірге Мән бітірген де сол саусақпен санарлық адам. Енді осы ойды одан да жеңіл қылып түсіндірейік. Ерлі-зайыпты бір жұп жалғыз балаға зар болды делік. Олар қанша рет қосылса да, баладан белгі болмады. Әр қосылғанда 80 миллионнан 300 миллионға дейін сперматозоид шығын кетеді. Баладан үмітті болып, аптасына үш рет қосылды десек, жеті күнде 1 миллиардқа жуық ұрық зая кетеді. Бұл шығынды жылға шақсақ, есебінен адам жаңылады. Бір бөпені тудыру үшін қисапсыз ұрық келмеске кетіп жатады. Қаралмаған дәрігері, түнемеген әулиесі қалмайды. Күндердің бір күні оларға ем дарып, баладан белгі білінеді. Көп ұзамай шақалақ жарық дүниенің есігін ашады. Бір ғана сәби келем дегенше триллиондаған сперматозоид өліп кетеді. Бірақ балалы болған соң ата-ананың көңілі жай табады. Триллиондаған сперматозоидты ешкім жоқтап қайғырмайды. Бірақ оларды босқа кетті дей алмаймыз. Себебі бір ғана сәби дүниенің есігін ашу үшін соншама ұрық майданға түсіп сыналды. Бір ғана бөпе триллиондаған сперматозоидты ақтап алды. Тура сол сияқты әр дәуірде миллиондаған адам қатарласып өмір сүре береді. Солардың ішінен біреуі ғана мәнсіз тіршіліктің қабырғасын сөгіп, трансцендентті ғайып әлемнің есігін ашатын болса, замандастарын Мәнмен суарады. Жүрек көзі ашылған жалғыз әулиеден мың-миллиондаған адам рухани қуат алып, ойларын жаңартып алады. Бағыт-бағдарын айқындайды. Надандықтан жарыққа қашады. Франклдың ойын қайта жалғаймыз. Енді біреулер былай деп те уәж айтады: «Иә, рас, өмірі құламайтын идеалдар бар. Олардың сөзі де, ісі де – үлгі. Бірақ олардың үлгісін – сөзін де, ісін де теріс мақсатта пайдаланатындар жетеді. Кейбір сұрқия саясаткер мүддесіне жеткенше олардың хикметті сөзін қолдана береді. Атағын шығару үшін олардың істерін үлгі еткен болады. Афоризмдерін жатқа соғады. Осылайша елдің ішін ала тайдай бүлдіреді». Иә, бұған не жауап айтамыз? Біздіңше, былай. Қызықты қараңыз, осының өзі-ақ өмірі құнын жоймайтын идеалдардың мәңгілік екенін көрсетіп тұр. Егер бір саясаткер мүддесіне жеткісі келсе, идеалдардың шапанын жамылуға мәжбүр. Осының өзі-ақ идеалдардың сөзі мен ісінің қоғамға, адамзат тарихына ықпалының қаншалықты зор екенін көрсетіп тұр. Яғни бұқара халықты арамдықпен емес, адамшылықпен ғана алдай алады. Әр адамның өмірде бағындыратын белесі бар. Осыған орай экзистенция анализі адамға жәрдемге келеді. Мақсат-мұратын орындауда жауапкершіліктің бар екенін тереңірек сезінуге көмектеседі. Мақсатын орындаған сайын өмірінің Мәнге толғанын байқайды. Жауапкершілікті сезінбеген пендеге өмір түсініксіз күйде қалады. Экзистенция анализі өмірді «миссия» түрінде қабылдауды үйретеді. Сонда ғана өмірдің құпиясы ашылады. Бірақ миссияны да місе тұтпайтын адамдар бар. Олар одан да терең кетеді. Ондай ірі тұлғаларды «Сенің миссияң – мынау» деп жұбата алмайсың. Олар өмірді өте-мөте биік өлшеммен қабылдайды. Олар сұрақты былай қояды. «Маған бұл миссияны жүктеп жатқан Кім? Сан миллион сынақтар жіберіп тұрған Кім?» деп миссияның түпкі Иесіне талпынады. Мұндай типтегі адам көбіне дінге сенетін тақуалығымен дараланады. Олар өмірдің сынағынан сүрінбей өтуге жауаптымыз деп қоя салмайды.Туғаннан бастап-ақ Ұлы Құдіреттің алдында жауаптымыз деп есептейді.
Оқырманға жеңіл болу үшін Франклдың ойтүйінін қиссамен де беруге болады. Тәңірі тағала рухтарды жаратқан соң оларды түгелдей жер бетіне жіберді. Олардың бір тобы қайтып келді. Тәңірі:
– Қалғандарың қайда? – деді.
– Олар жердегі нығметтерге алданып, сол жақта қалып қойды, – деді.
– Сендер неге келдіңдер? – деді.
– Жердегі тіршілік жанға жұбаныш болмады, – деп шулады рухтар. Тәңірі оларды пейішке кіргізді. Пейіштен үркердей ғана тобы Құдайға қайтып келді. Жаратушы:
– Қалғандарың қайда? – деді.
– Олар пейіште қалды. Жәннаттың сансыз нығметі оларды баурап алды,– деді.
– Сендер неге пейіште қалмадыңдар? Сегіз жәннатты сендер үшін жараттым. Тағы не тілектерің бар? – деді Тәңірі тағала. Рухтар:
– Уа, Тәңірім, пейіште мін жоқ. Бәрі де ғажап. Бірақ бізге сенің дидарың ғана мәңгілік жұбаныш бола алады. Біз сенің жамалыңа ғашықпыз, – деді.
– Дидарымды көргісі келетін құлдарыма ауыр сынақтар жіберемін. Ғашықтық жолы – қылыштан өткір, қылдан жіңішке. Бұл жолда салихтардың көтеретін міндеті мен жүгі ауыр. Адам тұрмақ піл тізесін бүгеді. Шыдайсыңдар ма осы сынақтарыма? – деді. Рухтар бір сәтке іркіліп қалды да:
– Уа, Тәңірім, басымызға сынақ түскенде бізбен бірге боласың ба?– деді.
– Болам. Бірақ шартым бар. Сендер мені үздіксіз еске алып, есімдерімді мақтап пәктеуден танбайсыңдар. Жүректеріңе дүние қайғысы кірмесін, – деді.
– Бірге болсаң, біз де Сені тынбай еске аламыз, – деді.
– Мен де сертке тұрдым ендеше. Мені ұмытпаған құлдарымды Мен де есіме алып, жанына жігер, рухына қайрат беремін, – деді.
Адамның осы бір ғажайып мінезін Яссауи мен Шәкәрімнің хикметтерінен де көреміз.
Ғашықтық – от, басылмайды жанның шөлі,
Ғашықтыққа бөгет емес таудың селі.
Ғашық болмай танымаспын, Мәулім, Сені,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар. (Яссауи)
* * *
Жүз пайғамбар мұғжиза көрсетсе де,
Сені көрмей мұсылман бола алмаймын.
Сенің нұрың түспеген сопыларды,
Пейішке кіреді-ау деп ойламаймын. (Шәкәрім) Франкл бұл идеяға қосымша мынадай мысал береді. Л.Г.Бахманның композитор Антоне Брукнер жайында мынадай естелігі бар: «Оның Тәңір алдындағы жауапкершілігі шексіз биік еді. Бірде ол досы Йозеф Клюгерге бүй деген: «Біреулер маған музыканы өйтіп жаз, бүйтіп жаз» деп ақыл айтады. Қаласам, олай да жаза аламын. Бірақ олай етуге хақым жоқ. Ойлап қарашы. Мыңдаған адамның ішінен Тәңірдің назары маған түсті. Тұла бойымды талантқа толтырды. Күндердің күнінде мен де Тәңірдің алдына барармын. Мені де жауапқа тартар. Сонда, бұл дүниеде Оның емес, жұрттың жетегінде жүрген болсам Тәңірдің бетіне қалай қараймын?». Діни позиция пендені дамытпай, тоқыратады десек, қате болар еді. Қайта керісінше, ол адамның белсенділігін шарықтатып жібереді. Мысалға, діндәр адамның танымы былай болады. Өзін жердегі Құдайдың сарбазындай сезінеді. Оның ойынша бар түйін осы пәниде тарқатылады. Конфликтінің шешімі адамның өз ішінде қайнап жатады. Өзі де сол майданда ішкі тартысын бір жақты ету үшін арпалысып жүр. Осындай кезінде менің ойыма хасидтің бір хикаясы түседі. Бірде бір ұстаз шәкірттеріне былай деп сауал қояды: «Біреу күнә жасады делік. Оған өкініп, тәубе қылды. Тәңірге жалынып кешірім тіледі. Енді ол күнәсін кешкен, я кешпегенін қалай біледі?» Шәкірттері жан-жақтан жамырап әртүрлі жауап берді. Сонда ұстазы: «Жасаған күнәңді қайталап істемесең, Тәңірім кешті деп білгейсің», – деді. Мұса пайғамбардың жетістігі мына жерде: ол Тәңірдің әмірін сезінуді уағыздады. Мұсаның діні бойынша адам Құдайдың назарында тұрады. Өмірлік мақсат-мұраты көктен жіберіледі. Пенде осыны сезінгенде жауапкершілігі де артады. Адами назармен қарасақ, мұндай позиция «жасампаз құндылық» категориясына дөп келеді. Ал христиан дінінің доктринасы «үшінші құндылыққа» сәйкес келеді. Яғни Ғайса сияқты азап тартып, бәріне көндігумен қоғамды өзгерткісі келеді. Ғайса да Риммен тірескен жоқ. Керісінше көндікті. Төрт ғасырдан соң христиан діні мемлекеттік дінге айналды. Протестанттар Ғайсаның ілімін басқа қырынан дамытты. Адамның жауапкершілік сезімін арттырды. Бұл біздің екінші сатыдағы «сезім құндылығына» сәйкеседі. Яғни өмірді абыроймен сүру адамдық міндетке кіреді. Үшеуін қатар алып қарасақ, үш категорияның арасындағы логикалық байланыс көрінеді. Невроз өмірден мақсатын айқындап ала алмайды. Мен мынадай әйелді кездестіргем. Оның ғылыми психологиямен терең айналысуға бейімі зор еді. Бірақ тұрмысқа шығып, балалы болған соң мамандығына салғырт қарайтын мінез тапты. Аналық міндетін ұлғайтып көрсетуге тырысты. Өзінің ит тіршілікте қалыптасып кеткен психологиялық интуициясын сүйеніп, өзінше бір теория ойлап тапты. Ол теория бойынша психология адамның сана сезімін ойнатып отыратын «еріккеннің ермегі» сияқты көрінді. Былайша айтқанда, кәсібін екінші орынға ысырып тастады. Бір күні онымен мамандар жұмыс істеді. Оның таным-түсінігін экзистенция анализімен сүзгіден өткізді. Сонда ғана оның басқа қыры ашылды. Ол енді күнделікті міндетін басқаша орындап, өзін өзі шындап таныды. Оның ғалым болуға да, ана болуға да бейімі бар екені анық болды. Невроз адам бір мақсатты көздегенде басқа құндылықтарды талқандап кетеді. Оның неврозының айқын белгісі осы. Игі мақсатты көздеп, игілікті істерді таптап жүре береді. Олар өмір сүрудің қатып қалған программасын құрып алады. Мұны Бедекердің принципі деп те атайды. Бедекер принципі деп туристердің картасын айтады. Ол картада қаланың қай жерінде қандай қызық бер екені және оларды қалай тиімді аралауға болатыны көрсетілген. Талай адам өмірінің картасын дәл сызамын деп опық жейді. Күнделікті өміріне жоспар құрады. Осының кесірінен әрбір минут, әр сәтте бір-ақ рет туындап отыратын ситуативті құндылықтан мақұрым қалады. Өмірді қор қылды деген осы. Оқырманға түсінікті бола түсу үшін Франклдың толғауларын толықтыра кететін тағы бір мысал берелік. Әдетте мұндай типтер дінге сенуші жамағатта көп кездеседі. Олар діннің парыз, сүндет, уәжіп, мұстақап сияқты міндеттерімен өмірін бір аптаға кестелеп тастайды. Әрбір тәулігін қатаң осы кестеге сәйкес сүреді. Бірақ сол кезде оның жан-жағынан мың-миллион ситуативті құндылықтар ағып өтіп жатады. Оларды байқамай бейқам жүре береді. Оның есіл-дерті сызып алған картасында. Сол картасымен қимылдағанда түрлі құндылық аяғының астында тапталып жатады. Обсессивті невроз дегені осы. Яғни картасынан сәл ауытқыса бейне бір қалада адасып кеткен туристей жаны шырқырай бастайды. Бұны мынадай мысалмен түсіндіреміз. Бір тақуа жұма күні мешітке барып жұма намазын жамағатпен оқуға ниет етті делік. Ол күнтізбеге қарап, жұманы асыға тосады. Бейсенбі күні түстен кейін моншаға барып, сақал-мұртын бастырып, үстіне хош иісті суын сеуіп дайындалады. Ертесіне мұнтаздай көйлегін киіп, көлігіне отырып мешітке жол тартады. Міне, қырсық: жарты жолда түрі бөтен, діні бөтен, тілі бөтен бір кісінің дөңгелегі жарылып әрі өткен, бері өткен көліктерден көмек сұрап қиналып тұр. Ол бұған да жанталаса қол көтеріп, жәрдем беруін ишарамен ұқтырып-ақ жатыр. Міне, сол кезде «Тоқтау керек пе әлде кете беру керек пе?» деген сұрақты тез шешу керек. Ситуативті құндылықтың жүзеге асуы әлде зая кетуі сол сәттегі шешімге тәуелді.
Ар-ұяттың жетегінде жүру
Жалпыға арналған өмірлік міндет болмайды. «Жалпы жұртқа арналған өмірлік нұсқау» немесе «жалпылама өмірдің мәні не?» деген сұрақтың өзі мағынасыз. Сондай сұрақ қойылса оған гроссмейстердің тілшіге берген жауабымен жақсы түсіндіруге болады. Бір журналист атақты шахматшыдан:
– Шахматта ең күшті жүріс қандай? Маған соны үйрете аласыз ба? – дейді. Мұндай сұраққа ешкім де кесімді жауап бермейді. Себебі әр ситуацияда әр адам ерекше шешім қабылдайды. Шахматшы:
– Шахматта тек сергек отырасың. Бір сәтке де босаңсуға болмайды. «Қарсыласым қай тұстан қателік жіберді?» деп аңдып отырасың. Жылт еткен мүмкіндікті мүлт жібермей, ұтымды жүріс жасап үлгереміз, – депті.
Өмірде де дәл солай. Тағдырмен жекпе-жек шыққанда бір сәтке де босаңси алмайсың. Ұрымтал сәтті күтесің. Мүмкін болған құндылықты қағып түсесің. Адами келбетті сомдай түсер шансты құр жібермейсің. Әлбетте мұның бәрі ішкі қайсарлық пен табандылыққа тәуелді. Адамның мінезі деген осы. Екіншіден, шахматшының ұтымды жүрісі тақтадағы фигуралардың тұрысына тәуелді. Әрбір жүріс жасалғанда ситуация өзгеріп отырады. Соған сәйкес оның да позициясы құбылады. Шахматшы қарсыласының қарымын ескермей, ең мықты жүріс жасаймын деп ниеттенсе, ұтылып қалады. Берілген мүмкіндік пен уақытты тиімді пайдалана алмағанына өкініп, өмір бойы өзін кінәләумен өтеді.
Өмір шахматқа қатты ұқсайды. Адамды «Өмірдің мәні не? Қайтсем, өмірдің мәнін кеудеме құйып алам?» деген сұрақтар мазалауы тиіс. Мұндай сұрақты адам өзіне қаратып қана қояды. Немесе бір ситуациямен бетпе-бет келгенде сұрақтың мазмұны ашыла бастайды. Мысалы бір журналиске мынадай ұсыныс түсті делік. Оған қоғамдағы ықпалды бір топ: «Пәлен адамның үстінен абыройын төгетін мақала жазып бересің бе? Сұраған ақшаңды береміз», – деп түсіне кірмейтін пара ұсынады. Ситуациямен бетпе-бет келді деген осы. Сол сәтте «Өмірдің мәні» деген сұрақ көлденең тұра қалады. Арам ақшаны алса, ішкі дүниесі мәнсізденіп, құрдымға құлайды. Есін жинап, ақшадан бас тартса, сол сәтте кеудесіне шаттық нұры құйылады. Сондай эйфория сәтінде оны «Өмірдің мәні не?» деген сұрақ мазаламайды. Кісінің сатылап жетілуі деген осы. Сондықтан Ұлы Мәнді бірден анықтап аламын деу – қате қадам. Күнделікті өмірде жасайтын майда-шүйде құндылықтар Ұлы Мәнмен сәйкеспеуі мүмкін. Соған қарамастан, ситуацияға орай адами принциппен шешім қабылдап кете беруі керек. Әлбетте Ұлы Мәнге, биік арманға ұмтылу дұрыс. Олай етпесе, кісінің талпынысы құлдырайды. Бірақ сөйте тұра ұсақ-түйек міндетін адал атқарып шыққанын қанағат тұтуы тиіс. Осы майда қадамдар өмірінің соңында ірі қадамға айналады. Бірақ ірі қадамдар Ірі Мәнге толық жеткізеді деп сенуге тағы болмайды. Себебі Ұлы Мән – шексіз, трансцендентті. Адамның талпынысы соңғы демі үзілгенше тоқтамауы тиіс.
Қарсыластарым мені бүй деп сынайды. «Өмірдің мәні не?» деп сұрау дұрыс емес. Бұл – қитұрқы сұрақ. Мұндай сұрақпен керісінше адамды адастыруға болады. Себебі әр адамның өмір жайлы жеке түсінігі, пікірі бар. Әркім өз ойымен өмір сүргені дұрыс. Өзі қалаған нәрсеге ұмтыла берсін» дейді. Жақсы, келістік. Сұрақты біз қоймай-ай қояйық. Ендеше бізге Коперник сияқты революция жасауға тура келеді. Яғни Өмірдің мәні туралы сұрақты басқа ракурстан қоямыз. Яки біз үнсіз қалғанда сұрақты өмірдің өзі қояды. Ендеше өз-өзінен есеп алуды адам өзі істеуі керек. Себебі өміріне жауапты мен емес, ол ғой. Қалай десеңіз де, ол жақсы-жаманды өмірін арқалап келе жатыр. Жеме-жемге келгенде өмірдің алдында есеп бермейсің, «берілген өмір қайда?» деген сұраққа жауап бересің. Жоғарыдағы келтірген логикалық дәлеліміз психологиялық даму бағытына сәйкес келеді. «Өмірдің мәні не?» деген сұраққа тың көзқараста жауап бердік. Бәлкім, біздің сұрақтар мен жауаптар мынадай нәрсеге негізделген. Логотерапия әдісінде адам өзін жауапты пенденің рөлінде сезінеді. Өмір адамға сұрақ қойып, адам жауапкершілікті арқалағанда оның сенімді жетекшісі ары мен ұяты болып саналады. Ар-ұят адамға айқайлап ұрыспайды. Бірақ табанды түрде сыбырлап қана талап етеді. Адамның ар-ұятпен сөйлесуі – адамзаттың басынан өтетін күмәнсіз факті. Мұның өзі сұрақтың жауабын ар-ұят анықтайтынын көрсетеді. Психологиялық тұрғыдан алғанда дінге сенуші адам ар-ұятты ұстанып қана қоймай, ардың дауысын атеиске қарағанда жақсы естиді немесе тақуа адамның көңіл құлағы атеиспен салыстырғанда түрік тұрады. Ол ар-ожданының дауысын естігенде Құдаймен диалог құрады. Франклдың ар-ұят феномені туралы ойларын қазақша мынадай қиссамен көркем түрде түйіндеуге болады. Адам ата:
– Ұрпағымды көрсем бола ма? – деп Тәңірге қолқа салды. Тәңірі тағала Адам атаның белінен қияметке дейін таралатын ұрпағының тұқымын құдіретімен суырып алды да, шашып жіберді. Самсаған сансыз рухтар аспан әлеміне сыймай кетті. Адам ата рухтардың бір-біріне ұқсамайтын, өзгеше екенін көрді. Тәңірі тағала:
– Уа, Жаратушы Ием, бұлар неге бір тілде сөйлемейді? Тұрмыс-тіршілігі мен салт-санасы да ұқсамайтын сияқты, – деді.
– Ей, Адам, Менің ұлық хикметтерім осында жасырылған. Олардың түрін де, тілін де бір-біріне ұқсамайтын етіп жараттым. Керек десең, әр құлымды бір-біріне ұқсамайтын етіп рең беремін. Бұл – менің шексіз шеберлігімнің айғағы. Адам ұрпағын бір бейнеде жасасам, олар бірін бірі тани алмай әуреге түседі. Ағасы інісін, атасы баласын айыра алмай шатысады. Олар бірін бірі тілінен, түрінен, дауысынан жазбай танып, тату-тәтті тіршілік кешеді. Сол сияқты ұрпағыңды қалауымша ұлттар мен ұлыстарға бөліп, жер бетіне таратамын. Олардың өмірі қызықты һәм думанды болуы үшін сан-алуан салттар мен ғұрыптарды ендіремін. Олар бірін бірі салт пен санасына, ғұрып пен дәстүріне қарап айырады. Парасатты құлдарым адамнан айырмашылық емес, ұқсастық іздейді. Тануға талпынған сайын олардың бауырмалдық сезімі артады. Мен оларды бөлу үшін не бірінен бірін артық көру үшін жаратқан жоқпын. Бір-бірін іздеп, сағынып жүрсін деп солай жараттым. Мұның терең хикметі – осы, – деді. Адам:
– Салт-санасы мен әдет-ғұрыпы әр түрлі болса, сенің бірлігіңді қалай табады? – деді.
– Мен жүректің түкпіріне ар мен ұяттың тұқымын ектім. Егер олар жалған дүниеде ардың әмірін тыңдап, ұяттың жетегінде жүрсе, Менің Ұлы бірлігіме қайта оралады.
– Уа, Тәңірім, сонда Сенің алдыңда ең артық, қайырлы құлдар кімдер?
– Менің алдымда ары таза адам ғана артық! – деді.
ӨЛІМНІҢ МӘНІ
«Өмірдің мәні не?» деген сұраққа келгенде асықпау керек. Бұл Логотерапия ғана қоя алатын маңызды сұрақ. Бірінші мынаны түсінуге тиіспіз. Өмір адамды сұраққа алып отырады. Тағдырың үшін жауапты екенініңді еске салады. Пенде осыны ескергенде адамдық болмысының негізгі екі элементіне тағы да бет бұрады. Олар – жауапкершілік пен сана сезімі. Жауапкершілік – кісінің қайталанбас даралығы мен өмірдің қайталанбас ситуациясынан пайда болады. Біреудің тағдырын екінші біреу қайталай алмайды. Қайталанбас даралық дамыған сайын жауапкершілік өседі. Жауапкершілік неғұрлым биік болса, даралық соғұрлым ұлық. Өмірдегі ситуациялар шым-шытырық күрделі жолмен өріледі. Даралық пен өзгешелік мағыналы өмірдің өзегін құрайды. Өмірдің негізгі екі факторы тіршіліктің өлімге барып тірелетінін сездіреді. Біздіңше, өлім өмірдің мәнін жоймайды. Керісінше, өмірге Мән бітіреді. Бұл күрделі талқылауды қажет ететін мәселе. Алдымен мына сұрақты қарастырайық. Тіршіліктің тоқтауы немесе адамның өлуі Өмірдің мәнін жоя ма? Көп жұрт бүй дейді: «Не қылсаң, о қыл, бәрібір өлімнен құтылмайсың. Қалай қармансаң да, ажалдың тырнағына ілінесің. Бар қызықты ажал күл-талқан қылады. Сондықтан қандай мән болуы мүмкін?» Осы ой қаншалықты рас? Шынымен ажал Өмірдің мәнін жоя ма? Керісінше, былай ойлап көрейік. Адам ажалсыз болды дейік. Онда тіршілік қандай тәртіппен таралар еді? Онда ел-жұрт борышын ыңғайлы мерзімге ысырып қойып, бейқам жүре береді. Маңызды істі дер кезінде шұғыл атқарудың соқыр тиын құны қалмас еді. Ерлік істі елдің бәрі яки бүгін яки ертең, бір жылдан соң немесе он жылдан соң – әйтеуір бір атқарып жүре берер еді. Қас батырлар миға сыймас ерлігін қамшының сабындай қысқа мерзімде жасап даңқы шыққан. Бәріміз ажал семсерінің астында тұрмыз. Кез келген сәтте тіршілікті қиып түсуі мүмкін. Сондықтан мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысамыз. Өлшеулі өмірде жылт еткен мүмкіндіктің бірде-біреуін құр жіберуге болмайды. Атқаруға тиісті ұлы істер шамадан тыс көп. Ал өмір тым қысқа. Ұлы істерді неғұрлым молынан жүзеге асырсақ, өмір де соғұрлым мағынаға тола түседі.
Сондықтан өлім Өмірдің мәнін жоймайды. Тіршіліктің астарында мынадай Мән жатыр. Ол «қайта оралмас» принципіне негізделген. Адам қайта тумайтын болғандықтан да, тіршілікті мағыналы сүруге тырысады. Оның жауапкершілігін өлшегенде осы әдісті қолданамыз. Шектеулі ғұмырында ол нені атқарып қалуға тиіс? Экзистенция анализінің көмегімен пациентке көмектескіміз келсе, тағы да осы әдіске жүгінеміз. Пациент жауапкершілігін сезінуге тиіс. Бірақ мұны «бәрібір өлесің» деп дүңк еткізбей, астарлап жеткізу керек. Өлетінін түйсінгенде жауапкершілігін түсінеді. Мысалы, дәрігер бір пациентке оның өмірбаяны жазылған кітапты ұсынып: «Мынау сенің тағдыр кітабың. Қайта парақтап шық», – дейді. Ауру ойша парақтаған болады. Осы сәті жазылған бетті ашарда дәрігер кілт тоқтатып: «Келесі бөлімді ашпа. Онда өлгенге дейінгі ғұмырың жазылған. Бірақ саған бүгін құдірет берілді. Келесі бөлімнен бастап өлгенге дейінгі күніңді қалауыңша толтырып шығуға мүмкіндік беріліп тұр. Пайдаланып қал! Бұл шанс қайта айналып келмейді. Өмірді өзгерту өз қолыңда», – дейді. Яғни пациентке болашағын реттеуге шанс беріліп тұр деген сөз.
Бұл әдісті былайша тұжырымдайды. «Кез келген ситуацияда Құдай қайта туылып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік берді. Енді «Бірінші өмірімде жіберген қателігімді қайта жасамаймын» деп бекіну керек». Әр ситуацияға осылай бекінсек, жауапкершіліктің салмағын сезіну оңай болады. Сезіну оңай болса, оны арқалап өту де оңай. Ситуацияға жауапкершілікпен кірсең ғана тіршілік сенің пайдаңа шешіледі. Сонда ғана ертеңгі күнді бағындырып аламыз. Кейде пациентке бүй дейміз: «Өмірің түсіріліп жатқан сериял сияқты. Өткен сериядан бірде-бір кадрды қиып тастай алмайсың. Сол күйі қалады. Сол сияқты өткен өмірді өзгерте алмайсың». Мұндай мысал дәрігерге не үшін керек? Бұл әдіс біздің тіршіліктің тарихи тізбекте екенін көрсету үшін ғана керек. Қала берді, өмірдің қайталанбас сипатына көзін жеткізу үшін ғана солай жасайды. Пенденің өмірі қол тимеген, кертілмеген бөрене сияқты. Оны шетінен кесіп, пайдалана бастасаң, кішірейіп кеми береді. Сол сияқты өмірдің соңына тақағанда артыңа бұрылып, «Өмірім неден тұрады?» деп ойлансаң, ештеңе көрінбейді. Есіңе игі ісің мен бастан кешкен сезім ғана оралады. Бастан кешкен сезімдер мен қабылдаған қайырлы шешімдер өткен өмірдің мазмұнын құрап тұр. Адамның өмірі, бір жағынан, радиоактивті элементті еске салады. Радиоактивті элемент ұшқанда бойындағы атомдар ыдырайды. Оның құрамы қайтымсыз энергияға өзгереді. Дегенмен ядролық ыдырау процесі «бағытталған» және «қайтымсыз» болғандықтан, мұнда осыған ұқсас «материалдың» бастапқы санының азаятын картинасы көрінеді. Сондай-ақ өмірді уақыт өте келе өзінің «бастапқы материалын» жоғалтып, соңында «таза формаға» айналады деуге болады. Тақырып ашылу үшін тағы бір мысал аламыз. Адам баласы дәу қара тастан бейне сомдайтын мүсінші сияқты. Ол қашаған сайын қара тасқа түр бітіп, керек десең, мүсіннің әрбір бұлшық етінің талшығына дейін анық көрінеді. Өмір – адамға берілген материал. Адам шығармашылық талантымен түрлі көңіл күйді бастан кешіп немесе сан алуан қайғы-қасіретті кесіп өтіп өмірінің құндылықтарын қашап шығарады. Әр адам бейіміне сай өмірін түрлі формада қашап сомдайды.
Уақыт факторы
Уақыт факторын да осы мүсінге ұқсатамыз. Шеберге қара тастан көркем мүсін қашауға шектеулі уақыт берілді делік. Бірақ уақыттың қашан бітерін ескертпейді. Мүмкін ол санаулы минуттан соң бітіп қалуы мүмкін. Сондықтан өзіңе берілген уақытты тиімді пайдалануға тиіссің. Әйтпесе өлім факторы кез келген сәтте істі тоқтатуы мүмкін. Алайда уақыт тоқтап, жұмыс бітпей қалса да, шебердің еңбегі еш кеттіге саналмайды. Зиммель айтпақшы, «фрагменттік өмір» туындының мәнін жоймайды. Өмірдің ұзақтығы мағынаның молдығы деген сөз емес. Саған марқұм болған бір кісінің өмірбаянын саралап шығуға берді делік. Оның өмірінің ұзақтығы немесе өмірбаянының қалыңдығы қызықтырмайды. Бізді әманда өмірінің терең мәні мен мағыналы мұраты қызықтырады. «Мына кісінің өмірі қаншалықты хикметке толы екен?» деп қызығамыз. Жүз жыл өмірін сауық-сайранмен өткізген селтеңбайдан гөрі, жастай солса да, мағыналы ғұмыр кешкен салиқалы жігіттің тағдыры көбірек қызықтырады. Өнерде де солай. Кейбір шығармалар аяқталмай қалады. Бірақ олардың кейбірі біткен туындыдан әлдеқайда артық. Өмір мемлекеттік емтиханда отырған студентті еске салады. Емтиханда сұраққа толық жауап беру міндетті емес. Бастысы, білімнің сапасы. Өмірде де солай. Ғұмырың ұзақ па, қысқа ма мәселе онда емес. Бастысы сапалы, мағыналы болу керек. Емтихандағы студент «уақыттың біткенін білдіретін қоңырау әне-міне соғылып қалады» деп алаңдап отырады. Сол сияқты адам өмірдің «соңғы қоңырауына» дайын жүру керек. Ерте ме, кеш пе, адам бәрібір өліммен бетпе-бет кездеседі. Біз өлімді тағдыр немесе өмірмен жасалған келісімшарттың аяқталуы деп қабылдаймыз. Өмірді бұлайша қабылдау тас көтеріп, тау қопаратын қаһармандарға ғана тән емес. Адам өмірді солай қабылдауға міндетті. Біз кино көргенде фильмнің соңы жақсылықпен аяқталғанын қалаймыз. Әділдік жеңсе екен, бас кейіпкер мұратына жетсе екен деп тыпыршып отырамыз. Кино, театр, спектакльді алайық. Бұл өнер не үшін керек? Олар мағыналы бір киноны міндетті түрде тарихи аспектімен астастырып береді. Себебі киноның мағынасы өрбіп жатқан оқиғаның ішінде түйінделеді. Тарихи оқиға керек емес десек, екі-үш сағат кинотеатрда отырудың не қажеті бар? Фильмнің мағынасы толық ашылатын, логикалық түйініне жетем дегенше, сонша уақытты сарп қылмай неге бірден мазмұнын көре салмасқа? Немесе былай айтайықшы: сіз спектакльге бардыңыз делік. Режиссер сахнаға шығып: «Бұл қойылымның айтпағы – мынау: мынадай ғибратты хикметті сіңіргісі келеді. Түсіндіңіздер ғой. Түсінсеңіздер, үйлеріңізге тарай беріңіздер», – деп қысқа қайырса, не болар еді? Өмірдің мәні де солай. Уақыт пен оқиғаға тәуелді. Яғни Өмірдің мәні мен мағынасын ашу үшін бізге өлшеулі ғұмыр беріледі. Ендеше, өлім мен өмірді бөліп қарастырудың қажеті жоқ. Себебі өлім – оның бөлінбес бөлшегі. Қалай жалтарсаңыз да, ажалға айла табылмайды.
Біздің мән ұрпаққа тәуелді ме?
Біреу «артымда тігерге тұяқ қалса, өлмегеннің белгісі сол болар» деп пайымдайды. Ел арасында «адам ұрпағымен мың жасайды» деген тәмсіл де бар. Осыған қарап «Өмірдің мәні тек ұрпақ қалдыру» деп айта аламыз ба? Осы арада аз-кем пауза жасап, Франклдың ойын қазақша қалыпта таратамыз. Мысалы, Мұхамбет пайғамбардың белінен ұл бала қалмаған. Осыған қарап, «пайғамбардың өмірі мәнсіз болды» деп айтсақ дұрыс болар ме еді? «Сияр Шәріп» кітабынан мына бір сюжетті алайық. «Дұшпандары Мұхамбет пайғамбарды «артында ізбасары жоқ қубас» деп кемсітетін. Бір күні бір табалаушы: «Пайғамбар болғаныңды қайтейін, артыңда атыңды ұлықтайтын ұрпақ жоқ, жүрген бір қубассың», – деп айтып салады. Бұл сөз оның жүрегіне қанжардай қадалады. Үйіне келіп үнсіз отырып жылайды. Осыншама Ұлық Құдайдың өзіне бір ұлды қимағанына қамығып жатып қалады. Сонда Тәңірден әуез келіп:
– Әй, Мұхамбет, «қубас» дегенге қорланба. Сенде ұрпақ болмайды. Сенде үмбет болады. Мен саған өмірі сарқылмайтын рухани ілімнің қайнар бұлағын нәсіп етемін. Ол бұлақтан сусындаған жанның бәрі сенің үмбетіңе айналады. Олар қиямет-қайымға шейін сені дұғасынан тастамайды. Әлемнің төрткүл бұрышынан жолданатын салауаттар бір сәтке де тоқтамайды. Сені ата-анасынан да артық жақсы көрмегендер кәусар бұлағынан қанып іше алмайды. Қубас деп кемсіткендердің тұқымы тұздай құриды, – деп жұбатты».
Ұлдан ұрпақ қалдыру Өмірдің мәні болса, пайғамбардан ұл қалу керек еді. Бірақ Тәңірісі оны қаламады. Бұл жерде «үмбет» дегенді «мәнді, мағыналы өмір кешуші» жұрттың легі деп білеміз. Тәңірісі оған «мен саған өнегелі өмірге талпынатын тұлғалар тізбегін беремін» дегенді меңзеді деп түсінеміз. Сонда Өмірдің мәні – ұрпақ қалдыру емес, өнегелі өмірдің өрнегін қалдыру боп шығады. Бұл ойды тереңдете түссек, Абай атамыздың «Оныншы қара сөзіне» барып тірелеміз. Онда бүй деген: «Біреулер Құдайдан бала тілейді. Баланы не қылады? «Өлсем, орнымды бассын», «артымнан Құран оқысын», «қартайғанда асырасын» дейді. Осыдан басқасы бар ма? «Балам орнымды бассын» деу не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын не қылған артықша орның бар еді? Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың? «Артымнан балам Құран оқысын» десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім Құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған Құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма? Ақирет үшін бала тілегенің – балам жасында өлсін дегенің. Егерде ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен? «Қартайғанда асырасын» десең, о да – бір бос сөз. Әуелі өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші, балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші, малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары – ол да екі талай. Қош, Құдай тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің. Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың». Өмірде не болып, не қоймайды. Зұлмат замандарда кейбір отбасы мүшелері түгел қырылып кетеді. Оны да былай қойыңыз, бір күні ақырзаман болып, адам ұрпағы түгел жойылады. Мәселен, уақыты, сағаты соққанда КҮН де сөніп, ЖЕР де жоғалады. Егер өлім Өмірдің мәнін жойса, ақырзаманның қашан болып, қашан қояры маңызды болмайды. Ақырзаман тақап қалды ма, әлде алыста ма не маңызы бар? Мәнсіз өмірге ақырзаман қашан орнаса да, бәрібір емес пе? Бір нәрсені мойындау керек. Ақырдың соңында не боп, не қояры қазіргі адам үшін маңызды емес. Себебі оған дейін ғұмыры жетпей кетуі мүмкін. Әйтпесе астрономға сұрақ қойған ақылсыздау әйелге ұқсап кетеміз. Бір күні бір әйел астроном ғалыммен сөйлесіп отырып:
– Ақырзаман қашан болады? – деп сұрайды. Астроном:
– Миллиард жылдан соң, – дейді.
– Ойбай, не дейді? – деп әйел шошып кетіпті.
– Ақырзаман болады деп жатырмын.
– Неше миллион жылдан кейін дедіңіз?
–Уайымдамаңыз, ақырзаманға дейін әлі миллиардтаған жыл бар, – дейді. Сонда әйел:
– А, солай ма, мен миллион жыл деп естіп қалып, қорқып кеттім ғой, – депті.
Ғұмырың қысқа бола ма, ұзақ бола ма, артыңда ұрпақ қалдырасың ба, қалдырмайсың ба, Өмірдің мәні оған тәуелді емес. Тіпті ғұмырың ұзақ болып, артыңа ұрпақ қалдырсаң да, мәнді болып кетпейді. Мысалы, бір әйелдің өмір бақи пұшпағы қанамады дейік. Сол үшін оның өмірінің Мәні жоғалды десек, әділдік бола ма? Мұндай көзқарас проблеманы шешкеннен гөрі күрделендіріп жібереді. Неге? Себебі ол Өмірдің мәнін мәңгі бақи тапқызбай қояды. Онда былай боп шығады: адам жердің астына, құмның арасына, жапырақтың қуысына тұқымын тастап кете беретін ұсақ жәндікке ұқсап қалады. Себебі олар үшін Өмірдің мәні – артына ұрпақ қалдыру. Яғни инстинкті түрде тұқымын шашып отырады. Қысқасы, бұл өлшемді адамға қолдансақ, адамзаттың әрбір буыны Мән таппаған күйі проблеманы келесі буынға қалдырып кете береді. Себебі олар «Өмірдің мәні – ұрпақ өрбіту» деп қана түсінген жоқ па? Мәннен көз жазып, мағынадан жұрдай болған хикметсіз ұрпақты көбейте берудің не мағынасы бар? Тіршілікте мән жоқ десек, жоқ нәрсені ұзақ ғұмыр сүрсең де таба алмайсың. Франклдың ойын қазақша форматта таратып көрейік. Мысалы, Мәншүк пен Әлиядан ұрпақ қалмаған. Олар екінші дүниежүзілік соғыста қыршын кетті. Бірақ екеуінің ерлігі ел есінде мәңгі сақталып қалды. Енді «Әлия мен Мәншүктің өмірінде мән жоқ. Олар өмірге босқа келіп, босқа кетті. Артында ұрпағы не дұғагөйі жоқ» деп айта аласыз ба? Жоқ, олай дей алмайсыз. Себебі олар үшін өмірде Мән болды. Әкелері «халық жауы» деген жаламен атылып кетті. Соларды ақтап аламын деп соғысқа сұранады. Мәншүктің әкесін совет өкіметі «халық жауы» деп ұстап әкеткенде, қызы оның өлі не тірісін білмеген. Оның «соғыста ерлік көрсетсем, әкемді ақтап, босатып аламын» деген мақсаты болған. Мединститутта оқып жүрген жерінен соғысқа өзі сұранады. Мәншүк 21 жасында Невель қаласының түбінде қаза тапты. Қазір Мәншүк пен Әлияның туған күні мен өлген күнін ел атап өтеді. Ел-жұрты оларға ас беріп, Құран оқытып, дұға бағыштайды. Дәл осы Мән табу факторы оларды ерлікке итермеледі. Ұрпақ қалдыру деген аналық инстинктіні «өлсем де, Мән табамын» деген адами фактор жеңіп кетті. Франкл ойын былайша қайта сабақтайды. Мысалы, олимпиада факелін алайық. Алау олимпиада біткенше ғана жанып тұрады. Оның қызығы да сонда. Жарысқа жиналған жұрт алауға қарап, эстетикалық ләззат алады. Ойын біткен соң алау сөнеді. Бірақ оның символдық мәні жоғалмайды. Ел-жұрт «келесі олимпиада алауы қай елде жанады екен?» деп тағатсыздана күтіп жүреді. Яғни мән-мағына жоғалған жоқ. Енді былай елестетіп көріңізші: ешқандай жарысқа қатысы жоқ факельді жағып алып, қолдан қолға беріп жүгіріп жүрсе, не болар еді? Бір мысқал да символдық мәні жоқ алаулаған оттан сіз ешқандай да эстетикалық ләззат алмасыңыз анық. Енді алдыңғы айтылған әйелдің мысалына қайта оралайықшы. Кейбір Индонезия, Филиппин, Үндістан сияқты тығыз орналасқан елдерде жөн-жосықсыз, жоспарсыз туа беретін көп балалы ана жетіп артылады. Үкімет оларға сақтанудың, баланы жоспарлап туудың жөн-жосығын үйретеміз деп түрлі жобаны қолға алады. Жоспарсыз, мақсатсыз дүниеге келген балалар әлеуметтік проблеманы шамадан тыс күрделендіріп жібереді. Ата-ана бала жоспарлағанда мынадай сұрақты қоюы тиіс: «Балалы болуда мақсат не? Ұрпақ не үшін керек? Оған жеткілікті тәрбие бере аламыз ба?» Яғни тағы да алдыңғы шепке ұрпақтың өзі емес, олардың алуға тиісті тәлім-тәрбиесі шығады. Сондықтан ана болу әйелдің өмірдегі жалғыз мәні емес. Солай деп айтсақ, бедеу әйелдің көңіліне қаяу түседі. Артында ұрпағы қалмаған тұлғаны «мынаның баласы жоқ, босқа өмір кешті» деп кінәлай алмайсыз. Олардың өнегелі өмірі көп адамның көкірегіне Мән бітіреді. Мысалы, христиан жұрты Құдай деп танитын, мұсылмандар пайғамбар деп білетін Мәриямның ұлы Ғайсаны алып қараңыз. Ол – үйленбеген. Бірақ оның ғибратты ғұмыры христиан мәдениетіне шабыт берді, Мән бітірді.
Жоғарыдағы ойлардан мына нәрсе анық болды: тіршілік сырттай тоқтағанмен, іштей жалғаса береді. Кірпіш тәндегі тіршіліктің жалғасы мәнге есеп емес. Өмірдің мәнін биологиялық сферадан іздеу – өрескел қате. Мән интеллектуалдық, этикалық, эстетикалық қабатта тіршілік кешеді. Бейнелеп айтсақ, мәнді тіршілік биологиялық тәннің сыртында өмір сүреді. Өмір соқпағын бір жерде бітіп қалатын асфальт жолмен салыстырмаңыз. Ол көлденең сызылмайды. Керісінше, биікке шарықтайды. Яғни неғұрлым құндылық көп жинаса, соғұрлым шарықтай түседі немесе өмір жолы – екі ені кеңейіп кете беретін сиқырлы құбылыс. Ол неғұрлым енді болса, қоғамға мәндік тұрғыдан ықпалы зор болады.
Осы аргументті бір ер азаматқа қолданып көрдік. Дәрігер оған балалы болуға рұқсат етпеді. Себебі бойында тұқым қуалайтын ауруы бар еді. Бізге мұңын шақты. Бұл – пациент, ұстаз әрі жазушы ретінде мықты маман. Бірақ Өмірдің мәнін «бала сүю» деп қате түсінген. Ауруы анықталғанда өмірден түңіліп кеткен. Шығармашылық тұрғыда қанша жетістікке жетсе де, ұрпағының жоқтығы өміріне Мән дарытпастай көрінген. «Артымда тұяқ қалмаса, босқа өмір сүрем бе?» деген ойдың талауына түскен. Оның көзқарасын былайша талқандадық: «Тұқымыңдағы кемдік өмірлік көзқарасыңды бұзған. Тұқымдағы кінәрат биологиялық тұрғыда «өлмеу керек» деген ұғымды маңызды етіп көрсеткен. Өзің ойлап қарашы. Балалы болдың делік. Сәби мүгедек болып туады. Сосын өміріңді бір балаға байлайсың. Өлгенше оны бағып-қағып күтесің. Енді екінші жағдайды алайық. Белден бала қалмады. Есесіне шәкірттерің мен оқырмандарың өлгенше сені алқалап, төбесіне көтереді. Енді екеуінің біреуін таңдаңыз. Қайсы ғұмыр мәнді, мағыналы көрінеді?» Пациент екіншісін таңдады. «Өмір бақи үйленбеймін», – деп шешті. Некенің мәнін түсіндіру үшін дәрігер тағы да араласты. Ол бүй деді: «Некенің мәні балада емес. Дүниеге ұрпақ қалдыру үшін емес, өнегелі өрнек, мәнді мағыналы із тастау үшін келгенбіз. Ал табиғи инстинктің рақаттануы мен биологиялық тұрғыда өсіп-өну айналып келгенде некенің маңызды аспектісі емес. Некедегі маңызды нәрсе – рухани фактор. Біз оны махаббат деп атаймыз». Сосын ол үйленді.
Адамның қайталанбас тұлғасы
Адам қайталанбас дара болғандықтан, біреу біреудің өмірін қайталамайды. Бұдан бөлек, уақытты қиып түсуге құдіретті ажалдың өзі өмірді Мәннен айыра алмайды. Керісінше, Өмірдің мәнін құрауға қатысады. Осылайша сырттағы тәндік емес, іштегі жандық өмір мән мен мағынаға байи береді. Мысалы, былай деп алайық. Адам мінсіз болсын. Онда кез келген тұлғаның орнына екінші біреуді қойып, алмастыра саламыз. Онда тұлға болуға тырысудың не мағынасы қалады?
Адамның бойында кем-кетік болғандықтан да, әрбір индивидтің қайталанбас тұлғалығы маңызды бола түседі. Себебі біреу бір істе жүйрік шыққанымен, екінші бір істе шабан тартады. «Орныңды біл!» деген осыдан шығады. Қай тірлікке салсаң да, тартып кететін универсал пенде болмайды. Адамды не үшін қайталанбас тұлға дейміз? Оның қайталанбастығы мықтылығында не универсалдылығында емес, керісінше универсал еместігінде. Бір істі есінен тандырып істей алатын шебер сол ғана. Қайталанбас ерекше тұлғалар әманда нормалар мен стандарттарға сыймайды. Франклдың осы ойлары еріксіз Бауыржан Момышұлының қылықтарын еске салады. Б.Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова «Шуақты күндер» кітабында тұлғаның нормадан ауытқуы туралы қызық дерек береді. Бірде атасымен келіні ресторанға тамақтануға келеді. Көрші үстелге отырған кісілер Бауыржан Момышұлымен адам сияқты амандасудың орнына «бұл не бүлдіреді екен?» деп қызықтап қарап отырады. Сонда Момышұлы қасық, шанышқыны ысырып қояды да, тамақты қолмен жейді. Сорпаны тостақтан төңкеріп ішеді. Келіні мұны көріп ұялып кетеді. Көшеге шыққасын атасына ашуланып себебін сұрайды. Атасы: «Ана қызық күтіп отырған көрерменнің көңілін қимадым», – дейді. Стандартқа сыймайтын адам деп осыны айтады. Бұл құбылысты Франкл тағы да биологиямен былайша түсіндіреді. Бір клеткалы организмді алайық. Ол көп клеткалы организммен эволюцияға түскенде көп клеткалы организмге айналады. Өзінің бір клеткалы қасиетін жояды. Универсал қалпынан шығып специфика қалпына құйылады. Бұрынғы «бір клетка – бір мемлекет» заманы келмеске кетеді. Өзі бір «мемлекеттің» малайына айналады. Мысалы, көздің тор қабығындағы дараланған клеткалар жеке-дара міндеттерін атқарады. Денедегі басқа бір клетка оның міндетін атқара алмайды. «Еңбек бөлінісі» принципі жалғыз клетканы универсал қасиетінен айырады. Тәуелсіздігін жоғалтады. Есесіне басқа мәртебе иеленеді. Организм оған өзі ғана атқаралатын ерекше міндетті сеніп тапсырады. Сол сияқты әр нәрсеге әсемпаз болып, әр істің басын бір шалып, универсал болғысы келген кісі қоғам деп аталатын организмнің ішіне кіргенде автономиясын жоғалтады. Егер ол бір істің хас шеберіне айналып, қайталанбас тұлғасын қашап шықса ерекше мәртебеге ие болады. Осы ойды нықтау үшін Франкл тағы бір мысал береді. Мысалы, мозаиканы алып қараңыз дейді. Бұл да – картинаның бір түрі. Әр түрлі, әр түсті ұсақ тастарды желімдеп бір бейнені сомдап шығады. Мозаиканың біреуіне қарап тұтас картинаны көре алмайсыз. Картинаны көру үшін мозаикаларды құрастыру керек. Мозаикалар миниатюра сияқты әрқайсысы бір-бір суретті берсе, онда олардың орнына басқасын ауыстыруға болар еді. Мозаиканың мәнісін ашу үшін балама ретінде кристалды береміз. Табиғаттағы кристаллдар бүтін формада болады. Бір кескінді сомдайды. Бір кристалды алып, оны басқасымен ауыстырып қоюға болады. Мысалы, сегіз бұрышты біреуін алсаң, оған ұқсас басқасын тауып ауыстыра аласың. Адам неғұрлым өзгеше болса, өмірде соғұрлым өзіне тиесілі кетікке қалана алады. Өкінішке орай, жұрт көзге ұрып тұрған өзгешелігі мен даралығын бағаламайды. Тіпті одан бас тартады. Бас тартқаны сол: біреуге ұқсауға тырысады. Осы жерде мына нәрсеге қатты мән беру керек. Адам қоғаммен, қауыммен аралас-құралас боп байланыс орнатқанда оның даралығы мен өзгешелігі есепке алынады. Қоғам сен ғана өндіретін құндылықты тұтынуға мәжбүр. Адам өзгешелігін жойып, біреуге ұқсаған сайын қоғамнан шеттеле береді. Мозаиканың өзгешелігі адамның даралығы сияқты. Бүкіл мозаикамен біріккенде ғана тұтас суретті береді. Осылайша жеке мәнін ашады.
Тұлға мен тобыр
Белгілі бір дәрежеде адамға эмоциялы тобырлық сана тән. Алайда адамның қауымдастық қабілеті мұнымен шектелмейді. Қауымдасқан тіршіліктің хикметі неде деп ойлайсыз? Біздіңше хикметі – тобырлық сананың құрсауын бұзу. Ол үшін қауымдастыққа тұлға керек. Рухани тұлға болғанда ғана ол ортаға Мән бітеді. Қауымдастық онсыз өмір сүре алмайды. Зиялы қауымдастық пен қарабайыр тобырдың айырылатын жері – осы тұс. Тобыр адамның тұлға ретінде дамуына өлсе де жол бермейді. Олар тұлғаның дараланып, шұғыла шашып тұрғанын көтере алмайды. Адам мен қауымдасқан қоғамның ара қатынасын оңай ұқтыру үшін мозаика мысалына ораламыз. Тұлға – шыны тас, қоғам – тұтас мозаика. Тас пен мозаика үйлескенде мәнді-мағыналы сурет шықты. Енді осыны тобырға салғанда былай. Тобыр үшін тұлға – тасжолға төсейтін жалпиған қара тас қана. Олар үшін тастың түсі де, түрі де бірдей. Бір тасты бір тас ауыстыра береді. Сапалы жол салу үшін жекелеген тастарды даралап алудың қажеті жоқ. Үйіп-төгіп шұңқырға қотара салады. Тасжол салғада сән-салтанаты емес, сапасы мен үнемділігі бірінші орынға шығады. Мозаика сияқты эстетикалық жағына мән берілмейді. Жаңбыр жауып, қар ерігенде тасжол былжырап, балшық боп жатпаса болды. Тобыр да тура осындай принциппен жүреді. Оған тұлғаның тұла бойындағы құндылықтың бір тиынға да керегі жоқ. Олар үшін адам – пайда табудың көзі ғана. Пайда үшін оның шынайы құндылығы мен ар-ұятын таптап тастайды. Тұлғаға айналған адам қауымдастық болған жерде ғана Мән табады. Сондықтан адамның құны қауымдастыққа тәуелді. Керісінше, қауымдастық жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды мойындағанда ғана Мәнге ие. Тобырда жеке тұлғаның даралығы өшіріледі. Өшірілуі де керек. Себебі тұлғаның топ жарып шығуы кез келген тобырды қиратқыш факторға ие. Қауымдастықтың мәні құрамындағы мүшеге тәуелді. Жеке тұлғаның Мәні қауымдастық мәнінен тамыр тартады. Ал тобырда басқаша. Тобырдың «мәні» оның құрамындағы жекелеген адамның ерекшелігімен бірге күл-талқан болады. Ал жеке тұлғаның Мәні тобырмен жаншылып кете барады. Түйіндеп айтсақ былай болды: қауымдастық Мән игерген, рухани тұлғаны төбесіне тұтады. Тобыр кеудесі хикметке толы тұлғасын тепкілеп, таптап өлтіреді. Жылт еткен индивидтің еркіндігін «бәріміз теңбіз» деген ұранмен шектейді. Осылайша бауырластық идеясын тобырлық инстинкт шайнап өлтіреді.
Франклдың осы теориясы практика жүзінде дінге сенуші топтар арасында көп кездеседі. Жамағат принципіне ұйыған топтан жеке тұлғаның шығуы неғайбыл. Олар бәрін тең қыламыз деп ақырында өзгені де, өздерін де кем қылады.
Адам болу – даралану!
Әр адамның даралығы мен өзгешелігі – адамзат болмысының бөлінбес бөлшегі. Бұл тұста сыртқы өзгешелікті назарға алмаймыз. Тәндегі ерекшелік құндылық болып саналмайды. Мысалы, саусақ ізінің бір-біріне ұқсамауы даралыққа дәлел емес. Сондықтан біреудің басқаға ұқсамауы өмірде Мәннің барлығын білдіріп тұрады. Өмір сонысымен қызық. Даралықты айтқанда назарды басқа тарапқа саламыз. Гегель: «Жақсылық пен жамандық – мәңгілік», – деген еді. Енді оған «жақсылық пен жамандық та – қайталанбас құбылыс» дегіміз келеді. Мысалы, біреу қоғамда игі істі атқарды делік. Оның ісін екінші біреу тура сол күйінде қайталай алмайды. Дәл солай қайталаса, өзі де көрінбей қалады әрі қоғам үшін қайталанған оқиға қызық емес. Оның қайталанбас қайырлы қадамының өзі – қоғам үшін құн жетпес құндылық. Адамның болмыс-бірлігін бірде-бір объектімен салыстырып түсіндіре алмайсыз. Мысалы, көп қабатты типтік үйді алыңыз. Үй бірнеше қабаттан тұрады. Бір қабатта бірнеше жүз бөлме бар. Былай қарасаң, этаждар бөлмеден құралып тұр. Типтік үйді зерттегенде оның табиғатын тану үшін бір ғана пәтерді бөліп алып зерттесек, жетіп жатыр. Бір бөлмені танумен тұтас үйдің сыр-сипатын сараптайыз. Бірақ бұл әдіс адамға жүрмейді. Әр адам – өзінше бір әлем. Ішкі дүниесінде түпсіз тұңғиық экзистенция бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Оның ішкі әлемін құрап тұрған элементтерді бөліп-жарып зерттеу арқылы тұтас табиғатын біле алмайсыз. Өмірдің мысалына қараңыз. Бір үйде ағайынды алты адам болады. Бәрі де бірдей жағдайда өсіп-өнеді. Сонда да әрқайсысы әртүрлі. Сіз бір балаға қолданған сұхбаттасу, сырласу, тәрбиелеу әдісін екінші балаға қаз қалпында қолдана алмайсыз. Сол сияқты адамды бірдей өнерге қызықтыру мүмкін емес. Біреу бір өнерге өмірін арнайды. Екіншісіне ол мағынасыз боп көрінеді. Осының өзі «Адам болу – даралану» дегенді растайды. Бұл ойды былайша түйіндейміз. Адамның тұлға ретінде тіршілік кешуі – басқаларға ұқсамау. Әр адам өзіне тән өзгешелікпен туылады. Оның бары да, нары да – сол өзгешелігі. Оның міндеті – осы өзгешелікті өмір бойына дамытып, дараландыра түсу. Даралығын жойған күні тобырға сіңіп жоғалады.
Тобырлық психология
Ар-намыс, абырой-бедел деген құндылық осыдан кеп шығады. Жеке бастың ар-намыс кодексін күшейткіміз келсе, бірінші тобырлық санадан құтылу керек. Адамның даралығын, қайталанбас тұлғалығын, өзгешелігін көруге және құрметтеуге міндеттіміз. Бар пәле адамды көшеге төсейтін көп тастың бірі деп танудан шығады. Тағы да қайталап айтамыз. Қауымдастық сезімі жойылғанда оның орнын тобырлық сана басады. Тобырда ақыл не жауапкершілік жоқ. Сондықтан онда перспектива болмайды. Олар шын тіршілік етпейді. Шынайы өмірде топырлап көзге түсіп, тұлғаларға қысым көрсетіп, ықпал етіп тұрғандай көрінеді. Ал шындығында тобырдың ішінде ештеңе жоқ. Сол себепті олардың өзі де жоқ. Әлеуметтік заңдар адамды жетекке алмайды. Керісінше, тұлғалар заңды жетектейді. Мұндай заңдар бір қарасаң, қоғамға ықпал етіп тұрған сияқты. Бірақ ықпалы белгілі бір дәрежеде ғана. Ол дәрежені «орташа адам» деген ұғыммен шартты түрде бекітеді. Адам өзінің тұлғасын жойып, көптің ығына жығылғанда оның өмір сүруіне жұрттың пікірі әсер етеді. Ол енді есеп-қисапқа түсе беретін тобырдың деңгейіне құлдырайды. Түрлі әлеуметтік зерттеудің объектісіне айналады. Ондай зерттеулер жеке адамның емес, қалың бұқараның психологиясына есептеледі. Статистика оны «орташа есеппен алғанда» деп айтады. «Орташа есеппен алғанда» орташа адамның амал, әрекетін болжауға болады. Бұл жердегі орташа адам – ғалымдар ойлап тапқан шартты пенде. Нақты адам емес. Бұлайша кесіп айтуға себеп болған – сол ғылымның өзі. Ғылым қалай күшенсе де нақты адамның ертең не істейтінін болжай алмайды. Әсіресе, парасатты тұлға келешегін болжатпайды.
Тобырға сіңген пенде құнды қасиетін жоғалтады. Ол – жауапкершілік. Тобыр жауапкершілік арқаламайды. Әдетте адам қалай қалыптасады? Біреу қоғам алдында жауапкершілікті мойнына алады. Сол сәтте жеке басының жауапкершілігі екі есеге ұлғаяды. Соған сәйкес тұлғалық келбеті мен беделі еселеп артады. «Тобырға» қашып тығылу – жауапкершілікті лақтырудың жеңіл жолы. Әдетте ол былай: Діндар «Бар мәселені Жаратушы шешеді. Маған тіреліп тұрған ештеңе жоқ» деген сенімге бекісе, сол сәтте жаны жай табады. Үстінен он тонна жүк түскендей рақат күй кешеді. Себебі еңсесін езген жауапкершіліктен оп-оңай құтылып кетті. Мұндай көзқарас коллективизмнің формасына мотив болады. Қоғамда бір іс бүлінгенде бірде-бір адамды жеке-дара жауапқа тарта алмайсың. Өйткені жауап беретін тұлға жоқ. Дәрежесі бірдей кілең «шабақтар» бір-біріне сілтей салады. Шынайы қауымдастық мынадай тәртіппен құралады: оның өзегінде жауапты тұлғаның шоғыры тұрады. Ал тобыр адами бет-бейнеден жұрдай болған кілең жауапсыздардан құралады.
Франкл сипаттаған тобырлық сананы Қазақстанда оп-оңай көруге болады. Қоғамда жауапкершілік арқалайтын тұлға сирек. Саяси партияға немесе діни жамағатқа қосылудың бір себебі осында деп білеміз. Жеме-жемге келгенде тобырлық тәртіп жауапкершіліктен тайқып кетуге ыңғайлы механизм. Партия мүшелері де, жамағат өкілдері де бірдей киініп, бірдей сөз саптағанды ұнатады. Елдің алдында сөз сөйлегенде саяси лидерлер мен діни авторитеттердің қанатты сөздеріне сілтеме жасайды. Қоғамдағы оқиғаларға орай мәлімдеген бірде-бір субъективті пікірін ести алмайсыз. Жауапкершілік арқаламайтын тобырдан қоғам қайраткері шықпайды. Тобырлық санаға ұрынғандар әдетте: «Біз бар болғаны пешкамыз, бізде ерік жоқ, Құдайдың қалауын орындап жүрміз. Біздің әр қадамды Құдай басқарып тұр. «Құдайсыз қурай сынбайды», – деп жауапкершілікке жоламайды не оны Құдайға ысырады. Перспективасыз позиция – осы. Дінге сенуші пенде жамағат идеясын жамылып, жауапкершіліктен қанша қашса да, одан құтыла алмайды. Олардың «топ болып барамыз» деген жамағаттық принциптерін «ақиретте әр адам ісіне, тағдырына жеке-дара жауап береді» деген дін доктринасы күл-талқан қылады. Адамның іс-әрекетін ұжымдық өлшеммен бағалау көзсіз адастырады. Коллективизмде нақты бір адамның жауапкершілігін шаммен іздесең де таппайсың. Себебі ұжымда дара тұлға емес, ортақ тип болады. Жеке бастың жауапкершілігін конформизм жұтып қояды. Қоғамда ләббайшыл жағымпаздар көбейеді. Қоғамда қалыптасқан әділетсіз нормаларға құрметпен қарап жүре береді. Сірескен сеңді бұзар мұзжарғыштық қабілет болмайды. Мұндай процесте жауапкершілік жоғалады. Себебі ұжымның позициясы мен пікірін объективті ұстаным дей алмайсың. Субъективті пікірі деуге тағы келмейді. Қоғамда бір проблема бұрқ ете қалды делік. Соның кесірінен бірнеше адам опат болды. Соған орай партия өкілдері мен діни лидерлер елдің алдында жауап беруге мәжбүр. Олар түлкібұлаңға салып, түрлі сылтау, себептер айта береді. Оның бұл пікірін күллі ұжым ақылдасып, кеңесіп пішкен объективті пікірі ретінде қабылдай алмайсың. Немесе өкілдің жеке пікірі деуге тағы келмейді. Олардың екеуі де дауылдың қай тараптан соққанын іштей біліп тұр. Бірақ ашық айтуға тобырлық принциптер мүмкіндік бермейді.
Тобырға сіңген адамды зерттеу оңай. Тіпті зерттеушіні көп міндеттен босатады. Тобырдағы бір адамға баға бергіміз келсе, оны бүге-шүгесіне дейін зерттеудің қажеті жоқ. Себебі олар бір-бірінен аумай қалады. Мұны мынадай мысалмен береміз. Сіз «Тойота» автомобилін сатып алу үшін автосалонға бардыңыз делік. Оның бір маркасын сатып алғың келді. Салонда дәл сол түрінің жылтырап жүзі тұрады. Көлікті таңдағанда жүзінің бәріне отырып, оталдырып, тексеріп шықпайсың. Біреуін ғана оталдырып айдап көрсең, сол жетіп жатыр. Сол арқылы бәрінің сапасы мен жаңалығын біле бересің. Темір тұлпар былай тұрсын, жаны бар итті алып қараңыз. Асыл тұқымды итті сатып алғанда жеке-дара мінез-құлқын тексеріп отырмаймыз. Иттің тұқым-тегін ғана тексереді. Мысалға, қасқыр алатын сырттан иттің типі бірдей келеді. Бір породаға қарап сол тұқымдағы өзге иттің қарым-қабілетін білесің. Ал адамға бұл әдіс жүрмейді. Кісінің тегіне қарап немесе шежіресін ақтарып, детерминизация жасай алмайсың. Оның жүріс-тұрысын, мінез-құлқын болжау мүмкін емес. Қанша жерден дәл анықтадым десең де, тұлғаның табиғатын тұтас қамту қиын. Міндетті түрде бір бөлшегі назардан тыс қалады. Сол бөлшегі еркіндік феноменінде айқын көрінеді. Адам ерікті яки еріксіз телініп кеткен типтің шеңберінен шығуға ұмтылады. Енді сұрақты былай қоямыз: «Нағыз адамшылық қай тұстан басталады?». Біздіңше, жауабы былай: топырлаған типтерден өзін бөліп алып, тәуелсіз даралығы үшін азаттыққа ұмтылғанда басталады. Себебі адам жауапты болмыс. Еркіндігін түсініп, азаттыққа қол жеткізгенде адами бейнесі анық болады. Жалпы машина, автомат атаулы неғұрлым стандартқа сай болса, соғұрлым сапалы саналады. Адамда керісінше. Пенде стандартқа сыйған сайын тегін, ұлтын, нәсілін, мінез-құлқын жоғалтады. Стандартқа ұрынған кісінің адамгершілігі төмендеу болады.
Адамшылық тұрғыдан коллективизм (жамағаттық, ұжымдық, топтық) идеясын дұрыс десек, онда автоматты түрде «коллективті күнә» түсінігі шығады. Ондайда адамды жауапкершілік арқаламайтын ісі бойынша тергейді. Яғни істемеген ісіне жауап беруге мәжбүр. Жұртты осындай тәртіппен соттап жатқан сот та кескен үкімі үшін жауап бермейді. Әлбетте әр кісіні жеке бағалап, ақ қарасын таразыға тартқанша тұтас бір нәсілді ұлықтап не кемсіте салу әлдеқайда жеңіл. Себебі мораль бойынша жақсы және жаман адам деп жұрт екіге жарылып тұр. Егер біреу «Жо-жоқ, тұтас бір нәсілді, ұлтты, этносты жақсы, жаман деп екі топқа бөлмеңдер. Ол дұрыс емес» деп дауласса, оған «Ендеше әркімнің қайталанбас тұлға екенін мойындауға тиіссің» дейміз.
Тағдырмен тайталас
Экзистенция анализінің зерттеуімен жауапкершілік әркімнің қайталанбас болмысынан шығады дедік. «Адам болмысына жауапкершілік – тән» дегенді қайдан алдық? Бұл оның өлетіндігінен шықты. Өлім тіршілік мәнін жоймайды. Керісінше, мәнге мағына қосады. Мұның алдында «Оралмас ситуация қайталанбас өмірді өрнектеп шығады» дегенбіз. Қайталанбас өмір әр тағдырдың даралығын көрсетеді. Ажал да, тағдыр да – өмірдің бөлшегі. Ешкім тағдыр тауқыметінен құтылмайды. Біреу өмірінің соңында: «Маңдайыма жазылғаны осы болды, маған не дейсің? Құдайдың қалауына не істеймін? «Жазмыштан озмыш жоқ». Сондықтан бізде не кінә бар?» – деп жауапкершіліктен қашса, Өмірдің мәнін уысынан шығарып алады. Ал өмір Мәнсіз болмайды. Себебі тағдыр, яғни адамның амал-әрекеті, ажал сияқты Өмірдің мәнін құрайтын маңызды фактордың бірі. Тағдыр алуан болғандықтан да, біреу біреуді алмастырмайды. Тағдырды сомдауда біреу біреудің жүгін арқаламайды. Тағдыр бар десек, бұл әр тұлғаның жеке тағдыры бар дегенді білдіреді. Онда былай елестетеміз: адамзат он сегіз мың ғаламда жалғыз өзі жеке тағдырымен бетпе-бет келеді. Тауқыметке толы өмірі – қайталанбас құбылыс. Оған берілген мүмкіндік басқаға берілмейді. Мүмкіндік оралмайды. Табиғат бәріне жасампаз құндылығын жүзеге асыруға шанс береді. Қайғы мен қасірет арқылы да шыңдалуға мүмкіндік ашады. Тәні күйресе позиция құндылығын өндіреді. Осы нығметтің бәрі оның жеке байлығы саналады.
Жаратушы Табиғат пендеге тағдырды Жер шарын нәсіп еткендей нәсіп етті делік. Жер шары гравитациямен бізді тартып тұр. Тартылыс күші болмаса жерде жүре алмай қалықтап кетеміз. Мысалы ғарыштағы станцияда қалықтап жүрген ғарышкер сияқты боламыз. Сол сияқты тағдырды бізге берілген нығмет деп қабылдаған дұрыс. Тағдыр еркіндікке қол созып, биікке өрмелегенде табанға тірек болар сенімді саты. Жеке тағдыры болмаса адамның еркіндігі де болмайды. Еркіндік – шешім қабылдауға және позиция таңдауға берілген азаттық. Тағдырыңмен бетбе бет кезіккенде қай шепке бекінесің оны өзің таңдайсың. Сөз жоқ, адам азат болмыс. Бірақ ол ауасыз кеңістікте қалқығандай еркін жүре алмайды. Оны жан-жағынан шектеулер мен кедіргілер қоршап тұр. Еркіндігіне қол жеткізу үшін шектеулер мен кедіргілерді тебінгі ретінде қолданады. Немесе адам азаттыққа талпынғанда, серпініп күш алатын тұрақты тұғыры дейміз.
Франклдың еркіндік пен кедергі туралы толғауын былайша жеңілірек түсіндіруге болады. Мысалы, бір ер азамат ақиқатқа ғашық делік. Егер ақиқатқа қол жеткізсе, ой-пікірін еркін білдіретін азат тұлғаға айналады. Бірақ ол еркіндікке жетейін десе, психофизикалық денесінде әйел затына құмарлық бар. Құмарлық еркіндігін шектейді және кедергі келтіреді. Енді оған құмарлығын тұсауға тура келеді. Бұл оңай шаруа емес. Түптің түбіне құмарлығын тақуалықпен тұсап, рухани сфераға өтсе, нағыз рухани тұлға ретінде мойындалады. Кедергі болмаса, оның батырлығын немен өлшер едік? Азаттыққа қол жеткізгенін қалай танимыз? Батырдың батырлығы жеген жауының дәрежесіне сай анықталады. Ендеше өлшем бірлігі – кедергінің көлемі. Неғұрлым көп кедергіні кесіп өтсе, соғұрлым оның абыройы асқақтай береді. Бұл тұжырымды Мәулана Румидің мынадай хикметімен бекіте кетуге болады. «Қанатыңды жұлып тастама. Ол ұшуға керекті құрал. Жүрегіңдегі рақатқа деген құштарлықты құртуға тырыс. Әдетте майдан қызу үшін бірінші тең дәрежелі дұшпан керек. Жауың болмаса майданға аттанудың не керегі бар? Жау болмаса, соғыс та болмайды. Өмірде де солай. Пендені етектен тартатын құмарлық болмаса, Тәңірге табынудың мәнісі болмас еді. Тәңірге тартылысың болмаса, сабырың да жоқ деген сөз. Жауың жоқ болса әскер жинап не керек? Сол үшін өзіңнен монах жасап қажеті жоқ. Керісінше бойдағы құмарлықты құрал ет. Құмарлықтан тежелгенде таразы басы тең түседі. Ол болмаса таразы басын немен теңестіреміз?». Адамның психикасы инстинкке, тіршілігі материяға тәуелді. Бірақ бұл тәуелділіктің түрі де, түбі де басқа. Жер шары тартып тұрса да, біз оған жабысып қалмаймыз. Жер трамплин сияқты. Тебіну үшін ғана керек. Адамның түпкі табиғатын анықта десе, былай дер ек: адам – өзін анықтауға тырысатын зерттеу мен ғылымның шегінен асып түсетін тіршілік иесі. Мысалы, биология, социология, психология ғылымы адамды нақты бір типке жатқызып, анықтауға тырысады. Нағыз тұлға жан-жағынан қоршап қойған типтік детерминаттың бәрін бұзып шығады немесе сол типтерге саналы түрде жұтылады. Бұл қарама-қайшылық адамның диалектикалық қасиеттерін көрсетеді. Адам мінсіз жаратылыс емес. Бірақ қалау-еркіндігінің ішінде алапат мүмкіндігі мүлгіп жатыр. Адам азаттыққа ұмтылғанда осы кенеусіз мүмкіндіктің бәрі іске қосылады. Оның сарқылмас күш-қайраты, мұқалмас жігері, таймайтын табандылығы осы сәтте көрінеді. Пенде дүниеге келгенде кім екенін көрсетпей тұрады. Бірақ оның міндеті – «кім» екенін көрсету. Адам болу – жауапкершілікті арқалау. Бұл еркін болу дегенді білдіреді. Ясперстің тілімен айтқанда: «Адам – кім болатынын өзі шешетін жалғыз мақұлық». Мұны «өзін өзі танушы – болмыс» деп атайды. Мәселенки, алдыңда бір орындық тұр. Ол әу баста отыру үшін жасалғандықтан, сол қызметін атқарып тұра береді. Еш өзгермейді. Ұстаның қолы тимесе, ол орындық формасынан өзгеріп, басқа түрге өте алмайды. Енді адамға қараңыз. Адамзат келесі сәтте қандай күйге түсерін, қандай позицияға бекінерін қайта қарап отырады. Менімен сұхбаттасып отырып, мың құбылады. Ол бірде ағынан жарылады. Енді бірде талай сырын бүгіп қалады. Оның болмысын сомдайтын мың түрлі мүмкіндік бар. Ол біреуін ғана таңдап, жүзеге асырады. Осылайша оның болашақ бет бейнесі анықтала бастайды. Тағдырдың әділдігіне қараңыз, қандай оқиғаға кезіксең де, таңдауға мүмкіндік береді. «Осыны істесең де істейсің, істемесең де істейсің» деп мәжбүрлемейді. Әділетсіздік тағдырдан емес, адамнан тууы мүмкін. Тағдыр таңдау бергенде ол шешім қабылдауға, таңдауға еркі жоқ сияқты бейшара түрге ене қалады. Осылай «соқыр» боп қалу адамның трагикомедиясының елеулі бөлшегіне айналады. Пенде әділдік тарапты таңдамаса трагедияға толы тағдырдың қамытын киді деген сөз. Австрия императоры Франц І жайлы мынадай қызық анекдот бар. Оған бір тұрғын ісін айтып Құдайдың құтты күні келетін. Әр келген сайын император қырық сылтау айтып, оны бос шығарып салады. Келуші де жалықпады, бұл да безеріп отыра берді. Бір күні тағы да: «Жоқ», –деп шығарып салды да, уәзіріне қарап: «Көрде тұр, бұл сұмырай дегеніне жетпей қоймайды», – дейді. Қай жері күлкілі дейсіз ғой? Патша тағдырдың кейпінде отыр. Бүкіл мәселені «жоқ» деп сол шешетін сияқты. Бірақ келген адам алған бетінен қайтпай қайраттанып соққылай берсе, тағдырды жеңеді. Анекдотта қанша жерден «Жоқ» деп тірессе де, бір күні «Бар» деп айтатынын патша да сезіп отыр. Қысқаша қайырсақ, «қатты жерге қақ тұрады, қайратты ерге бақ тұрады». Адамның таңдау еркіндігіне қатысты әжуа-қалжыңдар көп. Соның бірі мынау. Бір кісі әйеліне келіп:
– Мә, қазіргі халықтың пейілі бұрынғыдай емес. Сұмдық тарылған екен. Адам да, заман да бұзылып біткен екен, – дейді мұңайып. Әйелі:
– Ойбай, не болып қалды, тыныштық па? – дейді.
– Баяғыда бұрынғылар «Уа, Тәңірім, малымды алсаң ал, бірақ пейілім мен ниетімді алма» деп отырушы еді. Құдай сол ниет пен пейілді адамнан ақыры алған екен ғой.
– Сен оны қайдан білдің?
– Өзіме қарап білдім.
– Өзіңнен қалай білдің?
– Бүгін көшеден ақша толы әмиян тауып алдым. Соны аманат бюросына апарып тапсыру миыма кіріп те шыққан жоқ, – дейді.
Бұл енді анекдоттан гөрі шынайы өмірге жақын. Біреу-міреу арам әрекеті туралы ашық айтып отырса, арам тірлігі үшін жауапкершілік арқаламайтындай сезінеді. Лас әрекетіне амалсыз көндіккендей көрінеді. Арам әрекетті өзі емес, басқа біреу жасағандай сөз саптайды. Ондайлар әмиянды аманат бюросына өткеруге қалау еркі жетпей қалған пақырдай мүләйімси қалады.
Адам шешімді, шешім тағдырды өзгертеді
Шешім қабылдау еркіндігін – қалау еркіндігі деп те атаймыз. Адам фаталистік идеяға маталып қалмаса, мынадай нәрсені анық сезеді. Ол – адамның азаттығы! Ерік-қалауы мен шешім еркіндігіне күмәнданған кісіні мынаған жатқызамыз. Детерминизм философиясына маталған немесе параноидты шизофренияға шалдыққан. Оның ерік қалауын біреу шырмап тастағандай сезіледі. Фатализмге ұрынған невротик үшін ерікқалауы жасырын жатқандай көрінеді. Мүмкіндігін жүзеге асыруға өзі кедергі келтіреді. Тұлғалық сипатын өзі өсірмейді. Сөйтіп баға жетпес ғұмырын соқыр тиынға алғысыз қылады. Басында айтқандай «адам болу – өзгеге ұқсамау» десек, бұл теорияны былайша дамыту керек: адам болу – өзгеге ұқсамау ғана емес, ұқсамауды үйрену, яғни өзгеруді үйрену.
Ерік қалауы тағдырмен жекпе-жек шығады. Себебі біз тағдыр деп адамның еркіндігін жоққа шығаратын мазмұнды айтамыз. Тағдырға дұрыс анықтама былай болса керек-ті. Жазмыш – адамның ықпалы жүрмейтін аймақ. Ол аймаққа жауапкершіліктің қатысы жоқ. Еріктен тыс болған құбылысқа жауап бермейміз. Бірақ мынаны естен шығармау керек. Еркіндік тағдырға тәуелді. Адам еркіндіктің рақатын тағдырдың ішінде ғана көре алады. Басқа жерде емес, жазмыштың ішінде тұрғанда ғана тағдырды өзгертуге мүмкіндігі бар. Өлім сағаты соғып, тағдыр аяқталып, бәрі біткен соң еркіндік феномені нығмет болудан қалады. Адам еркінен мәңгіге ажырайды.
Енді Франклдың тағдыр туралы толғауын қазақша қалыпқа салып сараптайық. Шәкәрім қажы былай депті:
Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы,
Ортасы өмір, жоқтық қой екі басы.
Сағымдай екі жоқтың арасында,
Тіршілік деп аталар біраз жасы.
Шәкәрімнің ойынша, биологиялық туылу мен биологиялық өлім ғана тағдырдың шын қазасы саналады. Ендеше орта жолда оқыстан болған өлімді «Құдайдың қалауы, Алланың тіке түскен әмірі» дей алмаймыз. Оның субъективті не объективті бір себебі болуы мүмкін. Өткен шақ өмірдің негізгі бөлігін құрайды. Оны өзгерте алмайсың. Өткен іс қатқан қалпында қалады. Соның өзінде адамға мынадай еркіндік нәсіп болған. Ол өткен тағдырына да еркін көзқарас ұстана алады. Өткен өмір көп жағдайда болашақты анықтап, байыппен түсіндіреді. Бірақ келешекті тек өткен шақтың тұрғысынан болжауға тағы болмайды. Осы жерде фаталистік позициядағы невротиктің қателігі анықталады. Тағдыршыл невротик «Бақытсыз боп тудым. Келешекте қателік жасасам, маған кешірімді. Солай істерім бақытсыз басталған тағдырымнан көрініп тұрған жоқ па? Бір бәле бүлдірсем, жауапты емеспін. Бақытсыз тағдыр пешенеме бұрыннан жазылған» деп ақталады. Қателік «мықты» болашақты жасақтайтын құнарлы материал. Өткеннен сабақ алу деген – осы. Пенде шіркін фаталистік көзқарастан арыла алмаса, мынадай позиция ұстансын. «Өткен өмірім тағдырдың айдауымен солай болып кетті. Бірақ келешегімді қолға алам. Ащы сабақ алған соң тағдырды бұрынғыдай ырқына жіберіп қойып, қарап отыра алмаспын», – десе дұрыс болады. Оқу ешқашан кеш емес. Бірақ ерте де емес. Дұрысы, дер кезінде оқу. Бұл ақылды жүре тыңдайтын болсақ, анекдоттағы мына бір ішкіштің кейпіне енеміз. Бір кісі жасы 60-тан асса да, ішкенін қоя алмайтын. Қашан көрсең, көшеде удай мас болып жүретін. Бір күні бір туысы оған жаны ашып:
– Көке, ата сақалыңыз аузыңызға түсті. Арақты қойсаңызшы. Келін, бала-шағадан ұят болды ғой, – дейді. Ол:
– Болары болып, бояуы сіңді ғой. Енді бәрі кеш, – дейді күрсініп.
– Қайдағы кеш?! Тастаймын деген адамға ешқана да кеш емес, – дейді. Ішкіш:
– Онда асығып не керек? Кеш емес екен, сәті келгенде қоярмын, – депті.
Өткен өмір өзгермейтін болғандықтан, адамға әрекет етуге еркіндік феномені керек. Өмір өтіп кеткен соң тағдырыңа айналады. Ал тағдыр, яғни өткен өмір, саналы, жауапты қадамға стимул беруі керек. Тіршілікте таңдаудың алдында тұрамыз. Қаптаған мүмкіндіктер бір ғана альтернативті жолмен келеді. Тиімдісін таңдағанда болмай қалуы мүмкін тағылымды тағдырды құтқарып қаламыз. Сәтті таңдау жасағанда тағылымы мол тағдыр шашылмастан, төгілместен, ұрланбастан, тоналмастан, азаймас-тан, кеміместен аман-есен сау-саламат қалпында тарих қойнауына барып сүңгіп кетеді. Өткен шақтың артықшылығы осы! Бір рет сәтімен жүзеге асырған құндылық сенімді «сандықта» мәңгілік сақталады. Тағы да қайталап айтамыз. Өткен шақ – өзгермейтін болмысымен сенімді болмыс. Мүлт кетірмей қағып түскен мүмкіндігіміз енді жоғалмайды. Керісінше, зая кеткен мүмкіндіктер мәңгі бақи оралмайды. Біз ол жайында бір-ақ рет келетін ситуативті құндылықтар деп айттық. Ситуацияда күтпеген жерден Мәнге толы қолайлы сәтті зая кетірмей іліп түсуге міндеттіміз. Батыл түрде игілікті қадам жасап, мағыналы істі абыроймен атқарсақ, оны ғайыпқа сіңіп жоғалудан сақтап қаламыз. Нақ қазіргі шаққа мәңгілік сипат беріп, сақтап қалудың бір ғана жолы бар. Оны мағыналы іске айналдырып, өткен шаққа өткізіп жіберу. Кез келген белсенді әрекеттің мәні осында. Адам өлмейтін құндылықты өндіргенде немесе игі іс атқарғанда белсенді әрекетке көшеді. «Адам атқарған ісімен бағаланады» деген – осы. Бір композитор жас кезінде өмірі құнын жоймайтын жалғыз ғана ән шығарды делік. Сол жалғыз құнды дүниесі оған белсенді өмір сыйлады. Қайда барса да, құнды шығармасы құрмет болып алдынан шығады. Тіпті ол қартайып, ширақ қалпында жүріп-тұрудан қалса да, мерекедегі марапаттан құтыла алмайды. Өмірден көрген-түйгеніміз былай: объективті түрде мойындасақ, тұлғаның өндірген құндылығын өмірі жоя алмайсың. Тіпті оның авторының есімі ұмытылып кетсе де.
Биологиялық тағдыр
Тағдыр адамға үш түрлі формада беріледі: 1) табиғи бейімділік. Мұны Тандлер «Болмай қоймайтын тәндік» (телесная неизбежность) деп атаған. 2) ситуация ретінде, яғни өскен ортасының амандығы. 3) ситуацияға позиция ұстану. Мысалы, шешендік өнер адамға табиғатынан берілуі мүмкін. Оны жеке бастың қамына пайдалана ма әлде жалпы игілік үшін қолдана ма, оны адам өзі шешеді. Адам бір іске орай бір позицияға бекінеді. Бұл – сол іске қатысты көзқарасын, ұстанымын қалыптап жатыр деген сөз. Ұстанымын бекіткенде ортаға тағы да қалау еркі шығады. Енді қызықты қараңыз. Сол позиция оған ілкіден анықталса да, кедергі емес. Бір бала жетім қалды делік. Ол енді жетімдер үйінде өсетіні белгілі. Былай қарасаң, тағдыры шешіліп қойған сияқты. Бірақ мұнымен іс бітпейді. Ол еркіндік феноменін пайдаланады. Болып жатқан оқиғаға орай жеке ұстанымын, көзқарасын, позициясын қалауынша қалыптастырады. Позициясын өзгерту, мысалға былай: білімін жетілдіреді, өзін жан-жақты дамытады, тіпті дүниетанымын, керек десең, діни сенімін де ауыстырады. Адамның не нәрсеге бейімділігі биологиялық күресінде көрінеді. Ал ситуация – әлеуметтік мәртебесінің анықталуы. Тағы «психологиялық тағдыр» деген болады. Еркіндік феноменін биологиялық, психологиялық, социологиялық факторлардың қалай шектейтінін тарқатайық.
Бірінші, биологиялық қасиетке қатысты ситуацияны қарастырамыз. Бірден мынадай сұрақ туады. Организмге қатысты адамның ерік қалауы бар ма? Еркін таңдау қабілеті мен физиологиялық дүниесін реттеуге ықтиярлығы қандай? Бұл жерде психофизикалық проблемаға жақындаймыз. «Адамның тәні рухани-психологиялық болмысына тәуелді ме, жоқ па?» деген бітпес дауға тірелеміз. Тәуелді болса, қай дәрежеде тәуелді? Бұл жерде мынадай мысал ғана беріп, анализ жасаумен шектелеміз. Өзіңіз пайымдайсыз.
Психотерапевт Ланге мына жайтты сипаттайды. Ол егіздерді зерттейді. Олар ұзақ уақыт бір-бірінен бөлек тұрады. Дәрігер егіздердің біреуін паранойядан емдеп жатқанда алыстағы екінші сыңарынан хат алады. Ол да осындай ауруға шалдыққан. Аурудың симптомдары бірдей. Бұл – расымен тағдыр. Егіздер бір ғана клеткадан өсіп-өнген. Генетикалық ақпараты бірдей. Соның кесірінен екеуіндегі психикалық ауру да бірдей болды.
Табиғи тағдырға бағынбауға бола ма? Егер бағынсақ, органикалық күш еркіндік феноменін қиратып, бірінші шепке шықпай ма? Онда адамның тағдыры биологиялық негізге тәуелді дейміз бе? Адамдық, рухани фактордың рөлі бар деп нені айтамыз? Рухани фактор қай кезде үстемдік ету керек? Егіздердің тұқым қуалайтын патологиясын зерттесең, фаталистикалық тұжырым жасауға мәжбүрлейді. Оның қаупі мына жерде. Пенде табиғи тартылысына ыңғайланады. Жандүниесінде оған қарсы ерік-жігерін қолдан матап, органикалық күшке өзін жығып береді.
Енді, екінші бір жағдайды қарайық. Вена неврологиялық ауруханасында жұмыс істейтін Хофф есімді дәрігер гипноздың тәжірибелік сеансын жүргізді. Зерттеуге қатысқандар бірде шаттық, бірде мұңлы сезімдерді бастан кешкен. Шаттыққа бөленген сәтте олардың қанын алып анализ жасайды. Сонда мынадай ақиқат анықталады. Қуаныш хәлінде Бацилла ауруына қарсы иммунитет белсенділігі артады. Мұңға батқан сәтінде бұл иммунитет кәдімгідей төмендейді. Бұл зерттеулер мазасыз ипохондрикте инфекцияға қарсы күрестің не себепті төмен екенін көрсетеді әрі жұқпалы аурулардың арасында оларды емдеп жүретін дәрігердің не үшін ауруға шалдықпайтынын анықтауға көмектеседі. Себебі дәрігерде «ауру жұғып кете ме?» деген қауіптен гөрі «оларды емдеу – парызым» деген жауапкершілік күшті. Сондықтан иммундық жүйесі ниетіне сай қалыптасады. Осылайша «сиқырлы иммунитет» туралы аңыз пайда болады. Меніңше «табиғаттың күші» мен «рухтың күшін» салыстырудың мағынасы жоқ. Ақыл мен тән адамды құраушы бөлшектер дегенбіз. Ақыл мен тән бір біріне тәуелді. Бейнелеп айтсақ адам бірнеше әлемнің азаматы боп жүре береді. Ақыл мен тәннің тартысы басталғанда пенде шіркін өмірлік тартыстың қақ ортасында аласұрады. Осы екі күштің қайсысы жеңер екен деп қызық үшін бір біріне айдап салсақ, әлемде жоқ сұмдық тайталастың куәсі болар едік. Іштегі тағдыр мен рухани еркініктің мәңгілік күресі шындап келгенде өмірді өрнектейді. Біз психотерапевтер биологиялық тағдырды бәсеңдетпей «тағдыр – еркіндіктің ақырғы сынақ алаңы» дейміз. Ең болмағанда кәсіби жұмысымыз үшін тағдырдың қысымы мен мәжбүрлеуші рычактары адамның еркін әрекет алаңына қолы жетпейтіндей дәрежеде қимылдауымыз керек. Сөйткенде ғана еркіндігімізді пайдалана аламыз. Ми кеселге шалдығып, жүріс-тұрысы физиология және психикамен байланысты болса да, патологиялық, физикалық өзгерістер тағдырды бір мәңгілікке анықтамайды. Дұрысы, кесел пациенттің тағдырын жасақтайтын бірінші нүкте болып табылады. Бұл тұрғыдан адамның миын «бейімделгіш» дейді. Мысалы, мидың бір аймағы бұзылды делік. Сол кезде мидың басқа аймақтары оны теңестіруге тырысады. Осылайша ерте ме, кеш пе, мидағы қажетті функциялар қалпына келеді. Дэнди есімді америкалық нейрохирург психикалық бұзылымға ұшыратпай, мидың оң жақ сыңар бөлігін алып тастаған. Осы операцияны науқас пен оның туысқандары қалай қабылдады, ол – өз алдына бөлек мәселе. Біз үшін оң жақ миы болмаса да, адамның мешеу болып қалмауы маңызды. Проблеманың бұл түрі медициналық практиканың философиялық негізіне жатады. Қазіргі кезде адам миының кейбір аймақтары жетіліп болмаған деген де көзқарастар айтылып жүр. Әліге дейін мидағы көруге қатысатын ганглиоз клеткаларының қызметін толыққанды атқарып тұрған-тұрмағаны белгісіз. Мидың өзге алаңдары зақымданған ми талшықтарын реттеп алатын қасиетін ескерсек, клеткалардың бәрі іске әлі қосылмаған дегенді мойындауға тура келеді. Қызығы, соңғы филогенетикалық-зерттеулер (эволюциялық жолмен тіршілік иелерін зерттеу) көрсеткендей, мидың дамуында күрт секірістер пайда болған. Атап айтқанда, нерв талшықтарының саны баяу көбеймеген. Қайта ми эволюциясының әр сатысында еселеніп отырған. Осыған қарап, адам миы бүкіл ресурсын сарқып бітті деп кім айта алады? Миымыздың функционалды дамуы шарықтау мүмкіндігіне әлі жетпегені сезіліп тұрған жоқ әлде олай емес пе?
«Биологиялық тағдыр» деп биологиялық кемдікке бағынбай мақсатына ұмтыла беретін тағдырды айтамыз. Ол азат рухтың күшімен өзінің формасын жасап алады. Яғни өмірді не үшін сүретін көзқарасына сай қалыптасады. Қайтпас қажыры мен ойлы позициясының арқасында биологиялық жазмышқа бой бермей, тағдырын икемдеп алған тұлғалардың талантын көзбен көрдік. Денесіндегі физикалық кемшіліктерді жеңіп, жетістікке жеткен батырларды жиі кездестіреміз. Олар рухани жолмен дамығанда биологиялық факторды жеңеді.
Олардың өмірі спортта чемпион болған немесе шедевр туынды жасаған хас шеберді еске салады. Қараңыз, ерік қалауы біріншіден, биологиялық материалға қарсы тұрып, оны бір түрге келтірді. Екіншіден, осы феномен спортшының шеберлігін шыңдап, мақсатқа жетуіне жәрдемші. Мынадай мысалға қараңыз. Спортшылар қашықтыққа жүгіріп жарысады. Олардың біреуі бәсекелесінен кейін тұрып, стартты сәл кешірек бастауы мүмкін. Алайда соңында мәре сызығын бірінші боп кесіп өтіп, жеңімпаз атанады. Жеңісін бағалағанда бәрі салыстырмалы түрде сарапталады. «Жарыс қандай жағдайда өтті?», «Кімнің тәжірибесі көп?», «Жолда неше кедергі болды?», «Ауа райы қалай болды?» тағысын тағы – ішкі және сыртқы факторлар түгел ескеріледі. Өмір деп тұлғаның тұла бойындағы шектеулеріне қарсы күресуін айтамыз. Рекорд жаңартатын нағыз жарыс деп адамның өмірін айтса жарасады. Біз бір адамды білеуші едік. Анасының құрсағында оның миы зақымданған. Туған соң аяқтары істемей қалды да, өмір бойы қоларбаға таңылды. Елдің бәрі есейгенше оны ақыл-есі кем дейтін. Соның кесірінен ол сауатсыз боп қалды. Бір күні бір ғалым оны қолға алды. Сөйтті де, әліппеден бастап оған жайлап білім берді. Ол оқып қана қоймай, жазуды да үйреніп алады. Онымен де тоқтамады. Қызыққан тақырыбы бойынша университет деңгейінде білім алды. Көптеген танымал ғалымдар мен профессорлар бір-бірімен бәсекелесіп, оған тақырып ұсынып, ғылыми жетекші болуға таласып қалды. Ол пәтерін әдеби салонға айналдырды. Қоғамдағы қызықты адамға айналып шыға келді. Әдемі арулар жүрегін жаулаймыз деп жанталаса бастады. Кейбірі махаббаттың мастығынан есінен айрылып, өзіне қол жұмсауға дейін барған. Сонда таласып жүрген жігіттері дұрыстап сөйлей де алмайтын. Аурудың кесірінен әрбір сөзін қиналып зорға айтатын. Сөйлегенде бет-аузы қисайып кететін. Осындай өмірді сомдап шығу үшін бұ жігітке қаншалықты күш-жігер жұмсағанын ойлай беріңіз!!! Ол көптеген пациенттер үшін нағыз үлгі болды. Оның хәлімен салыстырғанда көбінің күйі соншалықты мүшкіл емес еді. Сол жігіт «Құдайдың пешенеге жазғаны осы болды» деп отыра бергенде, қалған өмірін хосписте мағынасыз өткізуі мүмкін еді.
Психологиялық тағдыр
Енді «психологиялық тағдырды» талдаймыз. Cөз жоқ, психоанализдің еңбегі бұл жерде баршылық. Ол мынадай нәрселерді анық барлаған. Психикалық процестердің қайдан басталып, қайда апарып соғарын ілкіден анық айтады. Жандүниеде болып жатқан оқиғаны жіті бақылап, кейбір қажетті механизімін, болмай қоймайтын нәтижесін дәл болжайды. Алайда ешқандай көзқарасқа байланбаған бейтарап тұлға мынадай шындықты байқап қояды. Инстинкт «мынаған қалай қарайсың?» дегендей адамға ұсыныс тастайды. Сол кездегі оның «МЕНІ (Эго)» не істеу керегі жайында шешім қабылдайды. Себебі «МЕН (Эго)» ғана шешім қабылдауға және еркін таңдау жасауға қабілетті. «Иә, мен қалаймын, маған сол керек» дегенді басқа біреу емес, «МЕННІҢ (Эго)» өзі айтады. Бейсаналы сезімдермен сүйрей жөнелетін «ОДАН (Ид немесе нәпсіқұмарлық)» тәуелсіз түрде болады. Осылай қайталанып отырады. Фрейдтің өзі «ЭГО» шындығында санадан тыс «ИД» қалыптастыратын инстинктке қарсы тұрады дегенді амалсыз қабылдаған. Осылай деп отырып, Фрейд инстинктен «ЭГОНЫ» қайтадан тарқатады. Мұндай салыстыру әдісі жарамайды. Мысалы, былай болуы мүмкін бе? Сотта бір іс қаралып жатыр делік. Адвокат клиентін қорғайды да, сәлден соң айыпкердің орнына жайғасып алады. Сосын істі өзіне қарсы жүргізеді. Яғни Фрейдтің пайымдауынша ЭГО біресе адвокаттың, біресе қылмыскердің рөлінде жүре береді. Эрвин Штраус: «Инстинкті бағындырып басқаратын күш инстинктің өзінен өрбіп шыға алмайды», – деген. Ал Шелер психоанализді интеллектуалды алхимияға ұқсатқан. «Мұндай алхимия сексуалды инстинктке айналып кетуі мүмкін дегенді растауға жанын салады» деген еді. Еріктің шешім қабылдаушы феномен екенін көрсету үшін «ЭГО» инстинктің энергиясына мұқтаж. «ЭГО» пассив күйде «сүйретіліп» жүре бермейді. Желкенді кеме теңізге түскенде капитан кемені желдің еркіне беріп қойып, шылымын тартып тұрмайды. Керісінше, оның шеберлігі желді «ерттеп» мінуімен бағаланады. Жел қай тараптан тұрса да, капитан кемесін керек бағытқа жүздіреді. Керек десеңіз, кейде дауыл қарсы тараптан соғады. Хас шеберлер соны да мүддесіне пайдаланады. Кеме желкендерін ерекше тәртіппен түріп алып желге қарсы жүзеді. Адамның инстинктивті психоаналитикалық концепциясының қауіпті жері мынада. Ол соңғы сәтте фатализмге ұрынады. Қалай десек те, невротиктің «жазмыштан құтыла алмайсың» деген соқыр сенімге бүйрегі бұрып тұрады. Әу бастан ерік қалауыңды немесе ерік жігеріңді әлсіретіп қоя беру жалған, таяз түсініктен өрбиді. Бұндай позиция шындыққа жанаспайды. Невротик ерік қалауының тәуелсіз екенін іштей мойындайды. Сөйте тұра ерік күш-жігерін мызғымайтын берік немесе біржола берілген нығмет деп тағы да айта алмайды. Керісінше, ерік қалауы мақсат-мұратты анықтап, оны терең түсінгенде ерекше айқындалады. Қала берді, шешімді шынайы түрде өзің қабылдағанда ерік қалауы ширай түседі. Невротикке жетіспейтін қасиет – осы. Шешім қабылдайтын сын сағатта былқ-сылқ етіп, минутына мың құбылады. Бір адам бір іске бет алды делік. Оның көңілі қобалжып, «сәтсіз болатын шығар, иә?» деп майдан басталмай жатып күмәнға шырмалып тұрады. Мұндай позициямен ешкім жеңіске жетпейді. Себебі ол кеудесіне кіріп алған сәтсіздік туралы ойларын жоққа шығарғысы келмейді. Теріс нәтижені ілкіден күтіп тұрады. Сондықтан бір іске бекініп, кәміл шешім қабылдарда көңілден шұбатылып шыға беретін теріс аргументтерді қуалап шығуы тиіс. Қарапайым айтқанда, «жаман-жаман ой көрсең, жау көргендей қуала!» «Өйтіп қалса ше, бүйтіп қалса ше?» деген сияқты күмән-шүмәнді кеудеге жолатпау керек. Біреу арақ ішуді қойғысы келді делік. Содан бастап оған қарсы мың-миллион сылтау мен себеп ішінен қаулап шығады. Мәселен, «Жора-жолдаспен араласа алмай қалмаймын ба?», «Әй, бірақ шыдай алмай ішіп қоямын-ау», «Кезінде елдің арағын талай ішіп ем, ол жағы қалай болар екен?», «Тойға барғанда ішпей отырсаң, тағы біртүрлі» деген сылтаулар созыла береді. Пенде көп олардың біреуіне ілінсе, конвейер сияқты айналып жатқан сылтаулар оны шайнап әкетеді. Егер ол: «Осымен болды! Енді татып алмаймын!» – деп берік бекініп, нық шешім қабылдаса, түп-түзу жолға сол секундта тез-ақ түсер еді. Франкл айтқан осы құбылысты оразамен тез түсіндіруге болады. Әдетте мұсылмандар ашқұрсақ жүргеннің пайдалы екенін білсе де, жайшылықта ораза ұстай алмайды. Ерік-жігері жетпей түрлі сылтаумен күндіз тамақ жеп қояды. Бірақ Рамазан айына бір күн қалғанда бәрі іштей ниет етіп позицияларына бекінеді. Ертесіне сахар мезгілінде оп-оңай тұрып, ауыз бекітеді. Тіпті шілденің шіліңгір ыстығында нәр татпай жүре алады. Ораза айы бітісімен тақуалық тағы да қожырайды. Діннің осы бір құдіретін мойындамасқа шараң жоқ. Бір уақытта миллиондаған адам ауыз бекітіп, ашқұрсақ жүруге 3-4 күнде бейімделіп алады. Франклға қайта ораламыз. Бірде мынадай қызық болды. Біздің емханада шизофрениямен ауыратын бір пациент жатқан. Оның ойланбастан лақ еткізіп бере салған бір жауабы талай заттың сырын ашты. Дәрігер оған:
– Ерік қалауыңыз қаншалықты әлсіз? Қалау еркіңізді қалай бағалайсыз? – деді. Ол:
– Қай шекке дейін әлсіз болғым келсе, қалау еркім де соншалықты әлсіз. Бірақ әлсіздікті қаламасам, ерік қалауымды нығайтып аламын, – деді. Міне, сізге қызықтың көкесі! Бұл пациент өзінің психотизміне қарамастан, аса маңызды шынайы жауапты қышыған жеріне дәл тигізді. Пенденің ерік қалауын жасырын ұстауға бейім екені әшкере боп қалды. «Енді адам негізінде әлсіз жаратылыс қой. Менің құр қалауым не болады?» деген сылтаудың жаңсақ екені анық көрінді.
Невротикалық ауру-фаталистерге «индивидуалды психология» идеясы қатты әсер етеді (әрі олар бұл идеяны дұрыс түсінбейді. Сондықтан да қолданады). Себебі бұл ілім мешеу қалған, өнегесіз өміріне бала кездегі тағдырын кінәлі етіп көрсетуге қолайлы. Олар «біздің ауылда анау жоқ еді», «балалық шақта жөн сілтейтін жан болмады», «мектепте дұрыс білім берілмеді» деп кете береді. Бала кездегі теріс факторлар оның болашағын анықтап, бәрін кесіп-пішіп, біржолата бекітіп тастағандай ойда отырады. Сосын мінез-құлқындағы кем-кетікті биографиясындағы кемшіліктермен ақтауға тырысып, оны мәңгілікке берілген деп қабылдайды. Ондай кезде дұрысы былай болса керек. Бала кезіңде құнарлы топырақтан өсіп-өнуге мүмкіндік болмады делік. Соның кесірінен даралығың дамымай кенжелеп қалды. Оны өзің көріп, біліп, сезіп тұрсың. Бірақ бұл жағдай керісінше өжеттікке қайрау керек. Екі білекті сыбанып тастап, етек-жеңді түріп алып, өзіңді тәрбиелеуді қолға аласың. Бір күні бізге өзіне қол жұмсаған бір кісіні алып келді. Ғайыптан тайып әйтеуір аман қапты. Психотерапевт онымен жұмыс істеп, сұхбаттасып отырған. Пациент бір кезде: «Мен бұ жерде не істей аламын? Менің қолымнан не келеді? Мен сол Адлер айтып жүрген бір үйдің жалғызымын ғой», – деді. Көрдіңіз бе әңгіме қайда жатыр? Табан тіреп ситуациямен тіресудің орнына «Маған болмайды күресуге. Мен бір үйдің еркетотой ұлымын ғой» деп мүсіркеу мен жарылқау тілеп жүре берген.
«Индивидуалды психологияның» моралі типтік қалыптарға түсіп қалып, соның шұңқырынан шыға алмай жатқан жандарға жәрдем қолын созуы керек. Бала кезде теріс тәрбиенің ықпалына түскен пенденің ерік қалауында әлсіздік көбейеді. «Бір үйдің жалғызы», «Үйдің еркесі мен едім», «Маған ешкім қатты сөйлемеген», «Бетімнен қақпай өсірген» тағысын тағы толып жатқан осындай «таңбалар» мен «ендерден» құтылуға тырысуы тиіс. Олай етпесе, жағымсыз оқиға мен жайсыз ойлар қоршап алғанда оны бұзып шығуға дәрменсіз боп, еркіндігін жығып береді. Невротиктің фатализмі жауапкершіліктен қашудың тағы бір күңгірт формасын көрсетеді. Ол қайталанбас даралығын қолдан береді. Сосын «ешнәрсені өзгерте алмайсың» деген тағдырдың тасасына тығылып жатып алады. Немесе ыңғайлы бір типті таңдап, соның «көйлегін» киіп алады. Типтің көйлегін киіп алған соң оның түрі, түсі, пішіні қызықтырмайды. Бастысы, сол типтер жақсы көретін заңдармен жүріп тұрса, жетіп жатыр. Таңдаған типі мінезге қатысты ма әлде нәсілге ме, жоқ болмаса класқа ма, онда шаруасы жоқ. Қысқаша айтқанда, адам психологиялық (коллективті), биологиялық немесе әлеуметтік тағдырдың біреуіне көзсіз жұтылады.
Жоғарыда (бір үйдің жалғызы) пациенттің бағынған заңдылығы психологиядан (индивидуальды психология) бейхабар адамға теоретикалық тұрғыда ғана әсер етеді. Бұл мәселеге практикалық тұрғыдан келсек, бұл заңның ықпалы оны міндетті деп танығанда үдей түседі. Жұрт ол заңның ішінен жай фактіні ғана емес, өзінің тағдырын көрсе, ол шындыққа айналады. Яғни сондай кітаптарды оқып «Әй, мынау менің өмірім ғой. Иә, иә тура солай боп жатыр» деп басын изей берсе әрі қарай да сол ретпен кете береді. Бұл – таза фатализм! Негізінде ондай кезде мынадай бір ғана сөйлем жетпей тұрады. «Енді осы ретпен қалыптанып келе жатқан тағдырыңды ерік қалауың тас талқан етіп қирата алады. Дереу ерік қалауын қолға алып, қисық кеткен өмірді тез түзей салыңыз. Бұл рычаг сіздің өз қолыңызда!». Сондықтан дұрыс тәрбие алмадым деп ақтала алмайсың. Саналы түрде күресіп, бойдағы кемшілікті жоюға болады. Тіпті солай ету міндетіміз!
Ендеше мынадай шындық анық болды. Адам физикалық болмысына ғана емес, психологиялық күйіне да позиция таңдауға ерікті. Былайша айтқанда, психологиялық тағдырына тосқауыл қоюға қабілетті. Психика ауруға шалдыққанда, тағы да тиімді позиция таңдай аламыз. Эрвин Штраус «Обсессивті невроздың психологиясы» кітабында мынадай қате пікір айтады. Штраус ілкіден анықталған жазмыш немесе қолдан жасаған тағдырдың психикаға қаншалықты кері әсері барын терең зерттеген. Ол сұрақты былай қояды. «Адамның ауруы қай деңгейде тағдырмен белгіленіп қойған? немесе «Қай дәрежеде адамның ерік қалауына бағынбайды?» Сұрақты сараптай келе мынадай пікірге ойысады. Яғни «Ауру адамның еркіндігін шектейтіні соншама тіпті оның философиялық позициясының өзін күні бұрын тағдыры белгілеп береді». Бірақ Штарустың бұл пікірімен келіспеймін. Қарсы аргумент ұсынамын. Психикасы бұзылған адамның да позициясын таңдай алатынын дәлелдейтін бірнеше мысал келтіремін.
Бірде клиникаға мектеп мұғалімі келді. Ақылды кісі еді. Органикалық патологиядан туындайтын депрессиядан емделуге келген. Депрессиясы араға уақыт салып қайталанатын. Соматикалық әдіспен оған психотроптық дәрілер жазып берді. Алайда дәрігер аз-кем әңгімелескен соң ұстаз әйелдегі депрессиясының органикалық емес, психогендік түріне жататынын біліп қойды. Тіпті оның ауруын тұтас алып қарасаң, кеселінен психогендік компонентті бөліп зерттеуге болушы еді. Пациент мінезінің жылаңқы екенін айтып, арасында еңіреп жылап алады. Қосымша психогенді компонент алғашқы органикалық ауруды қиындатты. Ол депрессиялық жағдайға жетті. Яғни қазіргі депрессиясы органикалық хәліне әртүрлі қарсы реакциядан пайда болды. Реакцияның түп төркінін дөп тапқан дәрігер терапевтік курсқа қосымша етіп психотерапия курсын да қосты. Осылайша кеселдің психогенді факторына әсер етпекші болды. Ол пациентке:
– Еңсені езетін көңіл күйге ырық бермеңіз. Тұңғиыққа тартып кететін мұңлы ойдың жетегінде кетпеуге тырысыңыз. Қайғылы ойлар көңілді торлаған сайын келешек күңгірттене береді. Сіз былай етіңіз: қайғы мен мұң басқанда бейне бір бұлтты күні далада жүргендей болыңыз. Себебі аспанды бұлт жапқанда көңіл күй еріксіз жаншылады. Бірақ ішімізден «ертең-ақ күн шығады» деп сенімді жүреміз. Солай ғой? Бұл да сол сияқты. Көңілді кір басқанда «әлі-ақ қуанышты күндер жарқ ете қалады» деп мән бермей кете беріңіз. Жаңбырлы күні күннің көзін көрмесеңіз де, Күннің барын біліп тұрасыз. Ендеше көңілді мұң басқанда шаттық пен қуаныштың барын біліп тұрыңыз. Көңілсіз ойлар бұлт сияқты қаптағанда құндылық та бұлтқа сіңген Күн сияқты көрінбей қалады. Бірақ бізді тіршілікке құштар қылған құндылықтар одан ғайып боп кетпейді. Бәрі де – уақытша құбылыс, – деді.
Ең қызығы, осы әдіс кәдімгідей жәрдем берді. Еңсесін зіл қара тастай езіп тұрған тұманды ойларды пациент жеңе бастады. Көп кешікпей ол дәрігерге ағынан ақтарылды. Ол:
– Білесіз бе, мен өзімді қор санаймын. Өзіме көңілім толмайды. Бейне бір көшкен жұртта жалғыз қалғандай сезінемін. Өмірімде мән де, мағына да жоқ сияқты. Жалпы тіршіліктің не хикметі барын ұқпай-ақ қойдым. Сілкініп бір нәрсе істегің-ақ келеді. Қозғалып бастасаң, депрессия бас салады да, аяқ-қолыңды матаған сияқты тырп еткізбейді. Тағдырдың пешенеге жазған тауқыметі осы шығар деген ойға еріксіз маталасың, – деді.
Енді бұл әйелді психотерапиямен емдеудің қажеті жоқ еді. Оған логотерапия курсын қолдану ғана қалды. Дәрігер бүй деді:
– Жақсы, басқа түскен депрессияны тағдырдың жазғаны делік. Яғни әуелден жазылып, сізге тура шапқан бәле-ақ болсын. Бірақ сіз оны үкім деп емес, жекпе-жекке шақыру деп қабылдаңыз. Сіз тұла-бойыңызда, жандүниеңізде болып жатқан психикалық процестерге қатысты рухани бір позиция ұстануға еріктісіз. Соны пайдаланып, ауруыңызға қатысты позитивті пікір ұстаныңыз. Біздің тілмен айтқанда «позиция құндылығын» дамытыңыз. Бар нәрсеге қатысты көзқарасыңызды ревизиялап, ой-пікірге реформа жасаңыз. Бұл мәселеде еркіндік берілген, – деді.
Бұл әдіс жемісті боп шықты. Депрессияға қарамастан пациент көп ұзамай өмірдің түрлі сыр-жұмбаққа толы екенін көре бастады. Тіпті осындай хәлде жүрсе де, тағы бір міндетін байқайтын болды. Кенедей жабысқан дертімен арпалыса жүріп, кеселінен рухани тұрғыда биік тұру керек екенін ұқты. Логотерапияның арқасында ол эндогенді депрессияның терең фазасына жұтылудан аман қалды. Керісінше жауапкершілік арқалап, мағыналы өмірге жалғанды. Емделгенге дейінгі күйімен салыстырғанда жағдайы анағұрлым жақсарды. Ауырмай сап-сау жүргенде дәл осындай мәнге толы мағыналы өмір сүрер ме, сүрмес пе еді, кім білсін? Емханадан шығарда дәрігерге: «Тарыдай боп кіріп едім, таудай етіп шығардыңыз. Сіз болмағанда, адами болмысымды сезіне алмас едім. Сізге мың алғыс!» – деді. Осы жерде Гетенің пікірін еріксіз тағы да еске аламыз. Ол: «Адамды қазіргі қалпында қабылдасақ, оны одан бетер аздырып жібереміз. Ал кісіні қандай болуы тиіс, сондай дәрежеде құрметтесек, пенденің сондай биік дәрежеге жетуіне жәрдем берер едік», – деген еді. Психика зақымданғанда осы әдісті қолданған тиімді. Яғни «ауруыңа қатысты позицияңды өзгертуге еріктісің». Осы нығметті пайдалану керек. «Иә, басыма осындай бәле жабысты. Амал жоқ, көнеміз енді. Бірақ одан да маңызды мәселе бар» деп кете берген абзал. Өйткені тұрақсыз көңіл күймен құр босқа ойша күресу, депрессияны күшейтеді. Ондайда дертті қоздырғаннан гөрі, оған мән бермеген абзал. Бір әйел он жыл бойына сыбыр естілетін галлюцинацияға (құлағына дауыс кеп сыбырлап тұру) шалдығады. Құлағына біреу оны мазақтап, сөйлеп тұрғандай болады. Бір күні одан:
– Құлаққа сыбыр келгенде не істейсіз? – деп сұрады. Ол:
– Ондай кезде өзім жайлы ғана ойланамын. Таскерең саңырау болғаннан гөрі, осындай дауыстарды естіп жүрген әлдеқайда жақсы, – депті. Осы бір қарапайым әйелдің өмір жолында таңдау еркін қаншалықты ұтымды пайдаланғанына еріксіз қайран қаласың! Осындай жаман ауруға көндігіп, мықты позицияға табан тіреуі зор жетістік еді. Бұған да батырлық керек. Әйтпесе шизофренияның ауыр симптомдары онша-мұнша адамыңды есінен тандырып жібереді. Әйелдің қалжыңдап болсын, ақылды берген осы бір жауабынан азат рухтың психикалық кеселмен қорықпай бетпе-бет келуін анық көруге болады, әлде ондай элемент жоқ па?!
Франкл айтып отырған нәрсені көркем фильмнен көруге болады. Жоғарыда айтылған әйелдің оқиғасы Рассел Кроу ойнайтын «Игры разума» фильмінде жақсы көрініс тапқан. Джон Нэш есімді жас ғалым галлюцинацияға ұшырайды. Үнемі көзіне өмірде жоқ адам елестейді. Нэш қанша рет емделсе де дертінен айыға алмайды. Ақырында позициясын өзгертеді. Елестерді көріп тұрса да, оған назар салмайды. Осылайша өзінің ғылыми жаңалығын ашып, нобель сыйлығын иеленеді. Бұл фильмнен де кейіпкердің өз кеселінен қорықпай оны керісінше бағындырып алғаны суреттеледі. Психиатр бірдей психикалық аурумен ауыратын науқастардың жүріс-тұрысының, мінез-құлқының алуан болатынын жақсы біледі. Себебі осының өзі рухани позицияның барлығын білдіріп тұр. Бір науқас айналасына жаулық ұстанып, ашуланып жүреді. Енді дәл сол аурумен ауыратын екінші бір науқас керісінше басқалармен жылы қарым-қатынас ұстанады. Тіпті кейбірі оған сүйіспеншілікпен байланып та қалады. Бізде мынадай оқиға болды. Концлагерьдің барагында сүзекпен ауырған бірнеше адам сандырақтап жатты. Тек біреуі ғана сандыраққа салынбады. Ол түн ортасында ойбайлатып жіберетін аурудан құтылу үшін қасақана ұйықтамай ояу жатып алды. Безгектің кесірінен оның зеректік қабілеті асып тасып, зейіні ашылып кетті. Оны мүддесіне пайдаланды. Лагерьге түскенде жарық көрмеген ғылыми қолжазбасын фашистер отқа лақтырған еді. Соны еске түсіріп, қалпына келтірумен айналысты. Ғалым ұйқысыз өткізген он алты түнді тиімді пайдаланып, ғылыми еңбегін қалпына келтірді. Қолына түскен қағаздың бәріне стенографиялық жазбалармен мәліметтерін түгел түсіріп алды.
Әлеуметтік тағдыр
Адам қашанда ел-жұртпен араласып өмір сүреді. Оқиғаға орай әлеуметпен бірге бір тізбекте жылжиды. «Адамның кім боларын араласқан ортасы анықтайды» дегенді екі мағынада түсінуге болады. Бір жағынан қарасаң, адамды әлеуметтік шарттар матап тұр. Кейде соның ықпалынан шыға алмай, жетектеліп кетеді. Екінші жағынан қарасаң, тұлғаның өзі әлеуметке ықпал етіп, керісінше оның өзін жетекке алады. Яғни тұлғаның іс-әрекеті қоғамға тура бағытталады. Сондықтан көпке бағыну мен көпті бағындыруды назарға қатар алу керек. «Әлеумет ықпал етеді» дегенді қайта қаралық. Әсілінде әлеуметтік заңдылық пен шарттар адамның іс-әрекетін соңына дейін белгілеп бермейді. Екіншіден, адамды еркінен біржола айыра алмайды. Мысалы, әр индивид еркін. Ол өзіне ұнаған нәрсені жасай алады. Бірақ қоғам мен әлеумет оның дәл осы тұсына шектеу қоя алады. Яғни қоғамдық тыйым-талаптар индивидті белгілі бір тәртіпке әкеледі. Қоғамына сай адамының да жүріс-тұрысы өзгереді. Қоғамдық тәртібі нығайған елдің азаматының жүріс-тұрысы да әдепті келеді. Былай қарасаң, тәртіпті қоғам оның таңдау еркін анықтап, реттеп қойған сияқты. Әлеумет дегенде қоян-қолтық араласатын ағайын-туысты да айтып отырмыз. Себебі олардың да ықпалы тағдырды өзгертуге әсер етеді. Бірақ қоғам, көпшілік, ұжым, әлеумет, тума-туыс, дос-жаран жан-жақтан қанша ықпал етсе де, соңғы таңдау мен кесінді шешімнің тізгіні тұлғаның құзіретінде тұрады. Бұған дейінгі биологиялық немесе психологиялық тағдыр қалау еркіндігін тұсай алмады. Табанды тұлға олардың диктовкаларын тыңдаған жоқ. Таңу мен матаудың бәрін күл-талқан қиратты да, тағдырын жасап шықты. Сол сияқты әлеуметтік шарттарға бағыну, бағынбау, позиция ұстану – түптен келгенде адамның өз еркінде. Адамды ілкіден анықтап, әрекетін қатырып тастауға тырысатын әлеуметтік шарттар жайында сөз қозғаған екенбіз, енді оның да әлсіз тұсы туралы айталық. Өкінішке орай, индивидуалды психология мамандарының көбі жіберетін психотерапевтік қателіктер де бар. Енді соған тоқталайық. Олардың ойынша былай. Адамның абыройлы іс-әрекеті мен адамшылық жүріс-тұрысы тағы басқа толыққанды қасиеттері әлеуметтің тезіне түсіп, түзеліп тұруы тиіс. Қала берді, оның осы қасиетін әлеумет сарқа пайдаланады дейді. Басты құндылыққа кісінің адамгершілік көзқарасын емес, бұқараға пайдалы позициясын ғана есептейді. Мұның айқын мысалы спортта көрінеді. Бір чемпионның даңқы шықты делік. Әлеуметтің көңіл күйін көтеру үшін, оны түрлі шоуларға, шараларға қатыстырады. Бұл кезде ол – әлеумет үшін пайдалы. Уақыт өте келе бұл дәурені аяқталады. Оның орнын жалындаған жастар басады. Қартайып, күші сарқылған атлетті құндылық ретінде бағалаудан қалады. Бірақ адамшылықпен қарасаңыз, бұл түсінік – қате. Егер бұл түсінік тамыр жайса, қоғамда адамның құны қалмайды. Оны мынадан білеміз. Үлкен стадионда немесе залдарда шоу концерттер ұйымдастырылады не алаңға мыңдаған адамды шығарып билетеді. Ол жерге адам неғұрлым көп жиналса, ол соғұрлым жалпыға ортақ құндылық дейді. Көптің назарындағы өнер жұлдызы бұқараның көңілінен шығып-ақ тұр. Бірақ уақыт өте келе оның қадірі кетіп, оның орнын басқа шоумен алмастырады. Қызығы, әлгі әлеумет бұрынғы кумирлерін іздемейді де. Кумирде құн қалмайды. Атақты рок әншілердің басынан бағы тайған соң, тағдырын трагедиямен аяқтауы осы құнсызданудан шығады. Бүкіл әлеумет болып емес, жекелеген тұлғаның да бір тұтынатын құндылық әлемі барын оп-оңай дәлелдейміз. Олар құндылығы қоғамның тыс өркен жаяды. Тұлғалар әлеуметке ұнайтын құндылыққа тәуелді емес. Бұған сезім құндылығы жатады. Адамның өмірден көрген-түйгені, бастан кешкен сезімі құндылық боп хикмет кеудесіне құйылады. Кеудедегі қазыналар сырттағы әлеуметке үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Олардың ықпалы жүрмейді. Мысалы, біреу басына іс түсіп, тергеу изоляторына 10 күнге жалғыз қамалды делік. Сонда қандай құндылықтан қуат алады? Әлеуметтік құндылықтан кесіліп қалды. Ондайда тамаша табиғаттан, өнегелі өнерден алған рақаты өзі тұтынатын құндылыққа айналады. Мұндайда «Бұл құндылығым көптің көңілінен шыға ма?», «Жұртқа ұнай ма?» деп бас қатырмайды. Осыны ақиқат десек, мынадай шындық шығады. Яғни сезім құндылығы жеке дара байлығым да бола алады. Түпкі табиғаты жағынан жалпы қоғамдық та атрибуты бар. Дәл мен сияқты ұқсас сезімді бастан кешетіндер қоғамда баршылық. Құндылықтар бойынша көзқарас сәйкес келгенде түрлі қауымдастық құрылады. Бір топ апта сайын жиналып тауға барады, енді бір топ сенбі күні театрға жиналады, тағы біреулер музейге барып картина тамашалайды. Әліге дейін әлеуметтік ортаны тіршіліктің негізгі фундаменті немесе мақсаты деп келдік. Бұдан былай әлеуметті тура мағынасында тағдыр деп аламыз. Себебі әлеуметтік тағдыр рухани тұлғаны кілемде белдесуге шақырады. Қызығы, жекпе-жектен ешкім қашып құтылмайды. Ерік-қалауың сәл сыр берсе, қоршаған орта тағдырыңды жасап беруге дайын тұр. Осылайша әлеумет адамға қарсы тағдырдың тағы бір аймағына айналды. Сондықтан да біз әлеуметтік факторларды зерттеп, оның қыр-сырын шағып тастауға міндеттіміз. Оны зерттеп, танып, әдісін алмасаң, әлеуметтік шарттар тағдырыңды сенен сұрамай-ақ айқындауға кіріседі. Франклдың «әлеуметтік тағдыр» деген тұжырымы қызық. Осыны өзіміздің қоғаммен салыстырсақ, талай нәрсе мәлім болады. Ел-жұрт тағдырдың мұндай қыспағына қарапайым ғана тәртіппен түсіп қалады. Мысалы, Қазақстанда адам көбіне былай әрекет етеді. Орташа тұрмыстағы бір адам бір күні кәсібі дөңгеленіп, аяқ астынан дәулетті кісіге айналады. Енді ол отбасындағы ұсақ-түйек қуаныштарының бәрін кафеде тойлап, ағайын-туысын, жора-жолдасын шақырады. Оның тойына барған әлеумет өздерін бейне бір қарыздар сияқты сезініп қалады. Амал жоқ, олар да қарызданып-қауғаланып тойға шашылуға мәжбүр болады. Осылайша банктен кредит алып той жасау деген тың тенденция қылбұрауды тарылтады. Осының кесірінен ел ішінде мән-мағынасы айқын емес, ірілі-ұсақты тойлар қаптайды. Осындай жанталас қызғанда бәрі әлеуметтік тағдырға маталады. Кедей кісі бір той жасамаса, неврозға шалдығады. Бейне бір күнә істеп қойған адамдай мазасы қашып, өзінен өзі қуыстанып жүреді. Ондай кезде мән іздеу, арман қуалау, мақсатты жүзеге асыру, адамдық борыш адыра қалады. Мағынасыз шартқа маталуды кез келген ұжымнан көреміз. Жұмыста бір кісі болмашы қуанышын ұжымда атап өтіп, түсте дастарқан жайып, біраз шашылса, арты дәстүрге ұласып кетуі мүмкін. Келесі жолы тура солай жасамаған әріптесі мазасызданып тұрады. СССР тараған соң Қазақстанда «арақсыз той жасау» деген жап-жақсы үрдіс басталған. Сол кезде талай кісілер «Кезінде достарымның арағын ішіп едім. Енді өз тойымда қалайша арақ қоймаймын?! «Ақшасын арақтан аяды» деп өсек қылады» деп маталған шарттан шыға алмайтын. Оны айтпағанда студенттер арасында да ондай әлеуметтік шарттар толып жатыр. Экзистенциялық қасиетін дамытпаған студент сауық пен сайран қуған ойсыз замандастарының белгілеп берген әлеуметтік шарттарын бұза алмай, солардың ығында жүріп алады. Нәтижесінде оның тағдырын өзі емес қоршаған ортасы қашап қалыптап береді.
ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТТІҢ МӘНІ
Шелер: «Адам мәңгілік құндылықты ғана емес, кез келген сәтте шыға келетін ситуативті құндылықты да жүзеге асыруға жауапты» деген еді. Енді соны жүзеге асыру – санадағы құнды идеяны материяға айналдыру деген сөз. Тұрмыста біреуге жақсылық жасаумен берілген мүмкіндікті жүзеге асырамыз. Құндылық, әркімге «мені жүзеге асыршы» дегендей ымдап, белгі беріп тұрады. Бір мүмкіндік қайта келмейді. Тарихта болған маңызды оқиғадай зу ете шығады. Мүлт жібермес үшін әрбір секундта сергек отыруға тура келеді. Санадағы алуан құндылық жан қатпарында біріге бастағанда әрбір жеке тұлғаның айрықша адами міндеті айқындалады. Хикмет кеудесінде ұйысқан рухани қазынаға сырға толы сипат бітеді. Мысалы көшпелі алтынды алайық. Олар тау жыныстарында көшіп жүреді. Күндердің күні уақыты толғанда бастары бірігіп, сом алтынға айналады. Геологтар алтынды тапқанда ол жер кенге айналады. Сол сияқты құндылық процесі әр индивидтің көкірегінде өзіне тән өрнекпен өріліп жатады. Сондықтан адам өзіне мәлім болған құндылыққа бет бұрады. Құндылық әлемі өзіне ғана тіл қатып, бағыт сілтейді. Өмір сүргенде бізге керегі – осы! Қай қасиеті қайталанбас тұлғалығын басқалардан даралап тұрғанын адам анық білуі керек. Оны білмейінше, болашақ тағдырының ажырамас элементі саналатын адамдық борышын сол күйі түсінбейді.
Құндылықты игеруді үш категорияға бөлдік.
Біріншісі – «жасампаз құндылық». Бұл нақты қадаммен жүзеге асады. Оны анықтау үшін сұрақты былай қоямыз: «Өмірге не бере аламын? Ұрпаққа не қалдырамын?»
Екіншісі – «сезім құндылығы». Сұрақ былай қойылады: «Өмірден не аламын? Қай нығметті пайдалансам, кеудемді Мәнге толтырамын?»
Үшіншісі – «позиция құндылығы». Бұл – тағдыр тұйыққа тірелгенде тірілетін құндылық. Пенде бір бәлеге душар болып, шарасыз хәлде төсекке таңылғанда осы құндылық іске қосылады. Өмірге не берем немесе не аламын деген тоқтайды. Бұл кезде ой-пікір мен күш-қуат ішкі дүниеге жұмылады. Пенде соңғы соққыны күтіп алуға тас түйін дайындалады. Осы позицияға бекігенде ішкі әлемінде байқалмаған қисапсыз құндылықтар бүр жарады. Жасампаздық сезім ғана өмірді Мәнмен толтырмайды. Мұң мен мехнат та Мән сыйлай алады дегенді ұқтырады.
Әдетте, бес күн жалғанның жылтырақ жетістігіне табынатын жандар мұндай пікірді парықтай алмайды. Бірақ сонда да күш шығарып, өзімізді бір сәтке тежеп, біреудің өміріне үкім бергіш әдетімізден тыйылсақ, жақсы болар еді. Солай етсек тағдыр жайлы тереңірек ойланамыз. Ондай кезде бұрын-соңды көрінбеген түрлі құндылықтар гүл ашады. Қызығы: олар жылтырақ жетістік пен өткінші сәтсіздікке тәуелді емес. Өмірде жолың болса да, болмаса да олардан жан жүректе бұрқ-сарқ қайнап жатқан құндылыққа келіп-кетер зиян-зақымет жоқ. Ұлы суретшілер қалдырған өнер туындысына қараңыз. Олардың көбінің өмірде жолы болмаған. Тағдырдан түрлі соққы жеген. Кедейліктен тентіреп кеткені қаншама? Сырт бейнесі жаман болса да, жандүниесі қалайша ғажап туынды жасап шығарады!? Винсент Ван Гогтан бастап Ян Вермеер, Уильям Блейк, Поль Гоген, Йоханнес Вермеер, Амедео Модильяни, Доменикос Теотокопулос, Рембранд Харменс ван Рейн, Густав Лангенберг, Анри де Тулуз-Лотрек, Джеймс Барри, Фрагонар Фрагонар, Павел Филонов сияқты ұлы суретшілердің өмірбаянын қарасаңыз, бәрі өмірін жоқшылықпен аяқтаған. Осы арада ойымызға Лев Толстойдың «Иван Ильичтің өлімі» хикаяты оралады. Мұнда өмірінің мәнсіз өткеніне күйініп, аңдаусыз келген ажалдың алдында ғана «оянған» лауазымды шенеуніктің оқиғасы баяндалады. Өмірінің ақтық сағаты соққанда ғұмырының мәнсіз өткенін ұғынады. Бірақ өкініштен бармағын шайнағанда адами дәрежесін табады. Ішкі дүниесі кеңіп сала береді. Өкініші зая кеткен өміріне шұғыла бітіреді. Өткен өмірі түкке тұрмаса да, өлім сәтінде Мәнге ие болады. («Иван Ильичтің өлімі» хикаятының ықшамдалған нұсқасы бөлімнің соңында беріледі). Өмір осылайша өлім (мәселен, қаһармандық өлім) нәтижесінде ғана емес, жан тапсыру сәтінде де Мән табуы мүмкін. Бірақ бұған қарап «өмірге Мән беру үшін міндетті түрде жанды пида ету керек» деуге болмайды. Өмір күтпеген жерден күйреген сәтте де, оны мағыналы Мәнге толтыруға шанс бар дегенді меңзейді. Жанпидалық сезімнің адамгершілік жағына үңілсек, жылтыр жетістікке табынудың жаңсақ екені көрінеді. Бірақ біреу жанкешті қадамға барғанда «ел-жұртым ерлігімді білсе жақсы болар еді» деп бақай есепке бара алмайды. Өйтсе, ерлігі соқыр тиынға теңеледі. Басты бәйгеге тіккенде пенделік пиғыл болмау керек. «Ертең мақтамай қойып, құр босқа өліп кетпейін» деген ой миына кіріп те шықпауы тиіс.
Осы жерде М.Горькийдің «Данко» деген ертегісі ойға түседі.
Баяғы заманда орман ішінде бір ел өмір сүріпті. Олар тату-тәтті ғұмыр кешіпті. Бір күні қапылыста жау шабады. Жұрт үдере қашып, орманның ішіне тығылады. Жау артынан қуалайды. Қашқан жұрттың алдынан үлкен мидай батпақ шығады. Жұрт не істерін білмей жаннан түңілуге айналады. Артқа қайтса, жаудың қылышына шалынады. Алға жүрсе, батпаққа батып тұншығады. Не істерін білмей қатты сасады. Бала жылап, қатын шулап, еркегі амал таппай қиналады. Дәл осы сәтте Данко есімді жас бала:
– Ау, ағалар, «Көз қорқақ, қол батыр» деген. Осылай тұра берсек, туралап келген жаудың қылышына шалынамыз. «Еңбектеп жылжысаң да, ертеңге ұмтыл» деген. Қарап жатпай, әрекетке көшейік. «Әрекетке берекет» деген. Күш қазандай қайнайды. Әттең, күресуге дәрмен жоқ. Ендеше осы батпақтан өтудің амалын іздейік. Батпақтың арғы жағы – кең жазық, құрғақ дала. Аман қаламыз. Көш жетегін маған берсеңіздер, бастап жүрейін, сіздер қостаңыздар, – деді.
Жұрт баланың батылдығына таңғалды:
– Ой, айналайын, Данко!
– Өркенің өссін, жас та болса, қайратты екенсің!
– Баста, кәнекей, біз ізіңе ереміз! – деп қолпаштап жатты.
Данко жол бастады. Ел тегіс ізіне ерді. Батпақтың таяз тұсымен жайлап жүріп отырды. Кеш батып қалған еді. Күн орман ағаштарының саясына жоғалып, айналаны қараңғылық басты. Елдің үрейі онан сайын ұшты. Әр қадамды сақтықпен басып, жылжи берді. Үрейге үрей жалғасып алыстағы жаудың да қуалап келе жатқан дауысы жарқын-жарқын шыға бастады. Алыстан шоқтай қызарған оттары да көрінді. Қорқыныштан қалт-құлт еткен халық «Жауға берілсек, мүмкін өлтірмейтін шығар», «Тұтқын боп та өмір сүрсек болар едік», «Мына жас балаға қайдан ғана ердік», «Батпаққа батып, көмусіз қалатын болдық» деп өзара күңкілдесті. Жігері жасығандар өлтірмекке бел буып:
– Әй, халайық. Кейін қайтып жауға берілейік. Мына ақымақ бала бізді сорға айдап барып, өлтіретініне көзім жетті. Бізді ажалдың аузына апара жатыр. Онан да өзін өлтіріп, кейін қайтайық, – деді. Екі ойлы күй кешкен елдің кейбірі оны қолдап, дауыс қоса бастады.
Данконың бойын ашу биледі. Жүрегі қан жылады. Адал ниетіне, елін сүйетініне жұрттың күмән қылғанына ренжіді. Іштей Тәңірге жалынып: «Уа, Тәңірім, қоршауда қалған елді қараңғы орманнан, қалың жаудан құтқарып азаттыққа, кең далаға шығарғым келді. Бұлар түсінбей, надандығына қайта басты. Бірақ мен елімді қатты сүйемін. Солар үшін құрбан болуға даярмын. Осылар үшін өлсем өлейін, бірақ елімді аман-есен батпақтан шығаруға жәрдемдес. Жүрегіме от, бойыма қайрат бер, осылар үшін құрбанмын!», – деді. Сол кезде ғайыптан Данконың жүрегі алаулап жана бастады. Жарық айналаға нұр шашып, қараңғылықтың пердесін сыпыра бастады. Ғажайыпқа таңғалған жұрт дабырын басып, үнсіз қалды. Данко тағы жол бастады. Жүрегіндегі жарық алдынан жол көрсетті. Бірақ Данконың ізіне ерген ел қорқақ, шыдамсыз, надан еді. Қит етсе, ойбайға басып, үрейленіп шыға келеді. Бұл кезде жау да ми батпаққа тіреліп, жебелерін оқтай бастады. Мұны көрген жұрттың үрейі онан сайын ұшты.
– Болды, өлдік! Данко бізді анық өлімге бастады. Жау қазір жебесімен шетімізден қырады. Мына батпақтан шыға алмаймыз. Сорлаймыз. Бәріне Данко кінәлі, өлсек, Данконың бірге ала кетеміз. Өлтіреміз! – деп қайтадан жан-жақтан қыса бастады.
Данконың жүрегі тағы қанға толды. Адал ниетін жерге таптағандай күй кешті. Жұртты сендіру үшін не істерін білмеді. Бір кезде қалтасынан шаппасын алды да, кеудесін тіліп жіберді. Тәңірдің құдіретімен жарқырап тұрған жүрегін жұлып алды. Айнала онан сайын жарық боп кетті. Жарықтан жаудың көзі шағылысты. Жебе атпақ түгіл, шағылысқан оттан бетін бүркеп кейін шегінді.
– Тезірек жүріңдер, жақын қалдық, – деп Данко алға жылжи берді. Көзін жас, кеудесін қан жуды. Жаралы кеудесі шаншып ауырды. Қансыраған денесінен, жайлап жан шыға бастады. Сонда да жігерін жинап, алға жылжыды. Жарқыраған жүрегін оң қолымен жоғары көтеріп ұстады. Сол қолымен арқанды тартып отырды.
Бір кезде батпақтың шегі мен жазық дала көрінді. Бес-алты қадам аттаса, елді арғы бетке шығарарына сенді. Бірақ тізесі дірілдеп, балтырынан әл кетіп, жансыз аяғы икемге көнбеді. Тәңірден қуат тіледі. Бетін жас жуды. Әр қадамын зор мехнатпен басты. Әрең дегенде батпақтың шетіне шығып, сүрініп құлады. Өлетінін сезді. Бірақ жасымады. Елі үшін құрбан болғанын сезіп жатты. Тілегін берген Тәңірге риза болды. Бұлдыраған жанарымен халқының апаттан аман шығып, қуанысып-көрісіп жатқан сәтіне сүйсіне қарады. Жұрт қауіптен құтылып, есен шыққанына шаттанып жатқан. Бәрі бұрынғы тірлігіне оралып, жүктерін түсіріп, шатыр тігетін жер белгілеп жатты. Ал Данконы елеп, іздеген жан болмады. Тіпті жерде сұлқ түсіп, құлап жатса да жанына жан жуымады. Бәрі оны ұмытып кетті. Тәңірді де сол сәтте ұмытты. Данко қансырап жатып ажал құшты. Бірақ елдің тез ұмытқанына қайғырмады. Себебі арманы елдің есінде қалып, даңққа бөлену емес еді. Жұртты азаттыққа шығаруды қалады. Азаттыққа жеткізді. Арманы орындалды. Тәңірге риза кейіппен бақилыққа аттанды. Жарқыраған жүрегі түнімен елге шуақ шашып тұрды да, таң ата бөлшектеніп шашылып кетті. Таңның шуағына сіңіп, ғайып болды. Енді мына мысалға қараңыз: бір адам суға кетті делік. Екінші біреу оны құтқарамын деп ойланбастан буырқанған өзенге сүңгиді. Әбден арпалысып, тұншығып, әлсіреген екеуі ақырында суға батып, опат болады. Енді талдап көрейік. «Екінші адам өзі де өлетін болса, несіне суға секірді? Оны не секірткен?». Бірақ, бір қызығы, «Оның бұл ісі – жаңсақ. Суға секірген соң құтқаруы керек еді» деп марқұмның үстінен үкім айтуға ешкімнің батылы жетпейді. Керісінше, оны батырға балап, қаһарманға теңейміз. Суға кеткенді құтқару екінің біріне қол емес. Бұндай ерлік адами қасиеттен кеп шығады. Тарихқа көз жіберіп қараңызшы. Әділетсіздікпен өле-өлгенше күрессе де жеңіске жете алмай арманда кеткен қаншама батырды қаһарман етіп ұлықтаймыз. Ерліктерін ұмытпаймыз. Себебі олар өмірін зая кетірген жоқ! Өмірде жолың болмау немесе жетістікке жетпеу өмірдің мәні жоғалды дегенді білдірмейді. Жастық шаққа оралып, ғашық болған кезді тебіреніп еске алдық дейік. Бірақ сәтсіз махаббат хикаясын, қайғы-мұңға батқан, күмәнға салынып торыққан өмірді «өшіріп» тастауға келісер ме едік? Солай деп өзіңнен сұрап көрші. Жоқ, оған көбінің жүрегі дауаламайды. Себебі өткен өмірдегі қайғы мен мұң Өмірдің мәнін азайтып көрсетпейді. Керісінше, қайғы-қасірет майданында адам құрыштай шыныға түседі. Оның сәтсіз аяқталған ғашықтық хикаясының өзі шынайы шаттыққа бөлейді. Әдетте көп жұрт басынан өткен оқиға мен кешкен сезімдерін қайтадан елеп-екшегісі келеді. Оларды жағымды, жағымсыз немесе дұрыс, бұрыс деп қайтадан бағалап жатады. Жағымсыз тұстарын дарытпас үшін тағдырға өкпе артуға дайын тұрады. «Өмірде рақатқа бату үшін келген жоқпыз» деген тезисті бірнеше рет талқыладық. Ләззат пен рақаттың өмірге мән бітіретін қауқары жоқ. Рақаттың болмауы Өмірдің мәнін бір мысқал да кемітпейді. Біреу ғажайып музыка жазды делік. Музыканы бағалағанда шығарманың мажор немесе минор мақамында жазылуы маңызды емес. Шедевр туынды не көңілді не қайғылы мақамда бола береді. Керек десең, аяқталмай қалған симфониялар да бар. Солардың өзі шедеврге жатады. Тұлға шығарма тудырғанда жасампаз құндылығын жүзеге асырады. Өмір сүргенде тіршілік нығметінен Мән тауып, содан нәр алады. Қасіретке душар болып, азап шеккенде мойынсұнып, тағы да Мәнмен қауышады.
Жалпы, қайғы-қасірет Мәнсіз болмайды. Азап шеккенде тауқымет пен өзіміздің арамызға ойша дистанция орнатамыз. Бір шетке қайғы тудырған себепті, екінші тарапқа өзімізді қоямыз. Бұл – адамзатқа тән қасиет. Мысалы, пенде шіркін «былай істегенімде, мұндай болмас едім» деп іштей өкінеді. Осы жерде оның санасында өзі сияқты тағы бір идеалдың бар екенін көреміз. Идеал болмаса, қателескенін қалай біледі? Кіммен салыстырады? Яғни өнегелі идеалмен өзін салыстырып, салмақтап, қиыс кеткен тұста өзін кінәлай алады. Өзін соттайды. Осыған қарап-ақ, үмітсіз хәлде «аһ» ұрып, өкініп жатқан адамның да, белгілі бір дәрежеде құндылық иесі екенін байқау қиын емес. Құндылық иесі болмаса, құса шеккенде жандүниесі екіге жарылмауы керек еді.
Өмірін өткізіп алған не ауруға шалдығып, бар мүмкіндігінен айрылған шарасыз адам санадағы идеал болмыспен өзін салыстырады. Себебі жас кезінде оның да алдында екі түрлі адам тұрды: біріншісі – кеудесін қазынаға толтырған кемел болмыс, екіншісі – ит тіршілікке маталған қадірсіз бейбақ. Әрине, ол дүниенің базарына кірді де, қызықтап шыға алмай қартайып қалды. Тіршілік базары тарқағанда оның да өмірі соңына тақаған еді. Енді соңғы шанс қалады. Ол – санада орындалмай, идеал ретінде қалып кеткен өзінің екінші болмысы. Іштей «сол кезде мына жолды таңдағанда, кемелдікке жетер едім» деп сан соғып өкінеді. Сол идеалмен өзін салыстырып, өкініштің уын жұтады. Сонда ғана оның кеудесінде құндылықтар сәуле шашады. Құндылық жүрегінде бүр жармаса, өзін ардың сотына салып өкінбес еді. «Бәріне кінәлімін» деп, өзіне қатал үкім кеспес еді. Жандүниесінде құндылық болғандықтан да, ол қазіргі қадірсіз хәлін бір бөлек, бола алмай кеткен кемел дәрежесін бір бөлек қойып, олардың жер мен көктей айырмашылығын таразылап, түсініп жатады. Осыған терең үңілсеңіз, қасіреттің кісіні түбегейлі өзгертетін, рухани күш-қуаты бар екенін көреміз. Мұң мен мехнаттан да жемісті нәтиже шығады. Олар болмаса, адам сол күйі өміріне есеп бере алмас еді. Есесіне қасірет құшағына енгенде сол күйге жетті. Қасірет «мынадай пендеге айналма» деген Тәңірдің үнін эмоциялық деңгейде ұқтырады. Міне, осы кезде ғана адам санасында прагматикалық пайдакүнемдікке қайшы келетін терең даналық ашылады.
Тәубе феномені
Енді өмір үшін маңызды рөл атқаратын қайғы, тәубе, өкініш деген сезімдерді талдайық. Себебі жоғарыда біз оларды адамға Мән сыйлай алады деп түйіндедік. Енді біреу прагматикалық тұрғыдан оларды Мәннен жұрдай деуі мүмкін. Өткен, кеткен нәрсеге қайғыру күлкілі, бәрібір өкінішпен өткенді қайтара алмайсың дейді. Алайда рухани өмір үшін қасірет пен тәубенің терең мәні бар. Мысалы, өлердей ғашық болған жаннан біржола айрылып қалдық делік. Байқасаңыз, соның өзі жоғалмайды. Біз оларды іздеп, сағынып, сарғайып қайғырғанда олар да бірге жанымызда жасай береді. Ал шын өкініп, тәубеге келу кінәлі адамның күнәсінен арылып, қайтадан бас көтеруіне көмектеседі. Ғашық болып, сағынып отырған сүйіктіміз объективті түрде жоғалса да, ішкі әлемде субъективті түрде сақталады. Шелер айтқандай: «Тәубе де – қателікті ақтап алуға қабілетті қасиет». Болары болып, бояуы сіңсе де, кінәлі адам рухани қайта түлегендей күй кешеді. Рухани дамуға әсер ететін өкіну қабілеті оның жауапкершілік арқалауына кедергі келтірмейді. Керісінше, кісімен диалектикалық байланысқа түседі. Яғни тәубе мен жауапкершілік кезектесіп кісінің тіршілігін алға сүйрейді. Кінәні сезінудің өзі жауапкершіліктің бар екенін білдіреді. Өткен шақ өзгермейтін болғандықтан, әр қадамды аңдап басамыз. Жауапкершілік осы жерден шығады. Себебі адамның елеусіз шешімі де, маңызды шешімі де – соңғы шешім. Іс-әрекеттің бір де-біреуін өмірде болмағандай өшіріп тастау мүмкін емес. Одан іштей шынайы өкінумен ғана арылуға болады. Жасаған қателігін рухани, адамгершілік тұрғыда кері қайтарады. Үстірт қарайтын адам ғана күнә мен тәубенің арасынан қайшылық табады.
Шопенгауэр өмірдің «жалығу мен алаңдау арасында» өтіп жатқанын өкіне жазған. Шындығында жалығу да, алаңдау да терең Мәнге толы. Жалығу адамға «Ей, ғапыл, өмірің бекерге өтіп жатыр. Қамданып қал!» деп дабыл қағып тұрады. Адамды мезі ететін не нәрсе? Енжарлық. Бірақ біз жалығып, торығудан құтылу үшін әрекет етпейміз. Керісінше Тәңірі енжарлықты адам баласы қам-қарекетсіз отырмасын және сол арқылы өмірінің бағасын түсінсін деп қана жаратқан. Өмір күресі пендені үзілмейтін «тартыстың» ішінде ұстайды. Өйткені Өмірдің мәні бізге берілген талап-тілектерді қаншалықты орындайтынымызға тәуелді. Бірақ алабұртқан бұл күйді невротик пен қояншықтың ішіндегі сезіммен салыстыруға болмайды. Олар қолдау мен қолпаштау дәметіп мазасызданып тұрады. Біреу атқарған амалына мақтау мен мадақ дәметіп, тыпырши бастаса оны «невротик» деп танимыз. «Алаңдаудың» мәніне келсек, ол шынында да ескерту болып табылады. Биологияда мынадай мәселе бар: адамның бір жері ауырып бастағанда медиктер оны үріп тұрған итке теңейді. «Әй, пендем, мына мүшең ауырып жатыр» деп дабыл қағады. Мысалы, адамның соқыршегі іріңге толып қалды дейік. Оның оң жақ бүйірі бүріп ауырады. Аяғын баса алмай жатып қалады. Ауруы шыдатпаған соң пациент амалсыз ауруханаға барады. Дәрігер оны тексеріп, дереу операция жасайды. Ол тірі қалады. Аурудан сигнал келмесе, соқыршегі жарылып, адамды өлтіріп тынар еді. Осы принцип рухани сферада сақталған. Қасірет адамды селқостықтан сақтайды. Әйтпесе адам рухани өлікке айналады. Біз қайғырғанда ғана рухани тіріге есеппіз. Адам қайғы мен қасіреттің төсінде ғана шыңдалады. Мұң мен мехнат оны қайрап, өткірлей түседі. Олармен күресіп тірескенде рухани байып, тартылған сымдай ширай түседі.
Тәубе – кеткен істі кері қайтарады. Әрине, сырттай алғанда оны қайтару мүмкін емес. Бірақ тәубеге келгеннің санасы мен жансарайы жаңғырады. Көңілі кірден аршылады. Ал қайғының маңызы мынада: ол өткен заманда болған бір істі үнемі есіңе салады. Атам заманда өмір сүрген бір бейбақтың көрген қорлығы мен шеккен азабын еске алғанда, сол оқиға дәл қазір бізбен бірге болып жатқандай әсер қалдырады.
Тәубе де, қайғы да өткенді «түзетуге» қызмет етеді. Есірткі мен арзан күлкінің шеше алмайтын түйіндерін тарқатады. «Ермекке алданумен» немесе есірткі шегіп, мастыққа батумен қайғыдан құтыла алмайсың. Ондай амал ұзамай өздігінен күйрейді. Есірткі жанға жантақтай қадалған жағымсыз сезімді уақытша басады. Сары уайымды наркотикпен басқысы келгендердің жан жарасы асқына түседі. Ермекпен алдануға немесе есірткімен өзін «ұмытуға» тырысқан адам бақытсыздықты елеп-ескермеуге тырысады. Солай етсе ғана қайғысы құритындай көрінеді. Арақ ішіп, мастыққа салыну да – сондай. Ішкен сайын терең психологиялық проблемаларға шатыла береді. Ешкім «жағымсыз» сезімдерін есірткімен тұншықтыра алмайды. Мас болып, естен танғанмен, мазалаушы фактор жойылмайды. Жанға батқан қайғыны есірткімен өшіру ешкімді қасіреттен құтқармайды. Өмірдің өзінен өнеге алыңыз. Біреудің қимас туысы кенеттен қаза болады. Марқұмның ет-жақын туыстары аза тұтып жылайды. Ондай кезде шерлі адамға дәрі ұсынсаңыз, дәріні ішпейді. Себебі дәрі ішіп, ұйықтап кетсе де, қаза болған қимасы енді қайтып келмейді. Өлім – осы қайталанбас жағдайға айқын мысал. Оны санадан өшіруге тырысқанымен, ешнәрсе де жоғалып кетпейді. Тіпті қара жамылған жанның өзі бейсаналы түрде оны ұмытуға ұмтылса да, қолынан келмейді. Есірткі арақтан әлдеқайда қауіпті. Мастық адамды объективті әлемнен субъективті мекенге алып кетеді. Есірткіні шеккенде қайғылы ойлар сап тыйылады. Ол Шопенгауэр айтқан «бақытты» бастан кешеді. Есірткіге берілу – бұл рухани анестезия. Бірақ анестезияны хирургияда қолданғанда науқасты өлтіріп жіберуі мүмкін. Сол сияқты рухани анестезия да адамды рухани тұрғыдан өлтіріп тынады. Еңсені езген хәл мен үрейден қорғанамын деп табиғи эмоциялық импульстерді есірткімен жаншып тастайды. Бұл импульстер организм үшін маңызды. Табиғи импульстерді қолдан «қылғындыра» берсе, олар ерегісіп теріс сезім тудырады. Нашақор бұл әдетін тыймаса, ішкі әлемін буындырып өлтіреді. Эмоциялық уайымның пайдалы екенін ақылмен де айыруға болады. Мынадай қызыққа қараңыз: сары уайымға салынбайтын меланхолияның айрықша түрі бар. Яғни адам ештеңені уайымдамайды. Олар бізге: «Ел қатарлы сары уайымға салынбаймын», – деп шағымданады. Тасжүрек хәлге түсіп, іштей өлікке айналған. Мұндай пациент, керісінше, жанға батпайтын меланхолиядан азап шегеді. Бұған шалдыққан кісі осыдан артық азап жоғын жақсы біледі. Себебі ол дені сау адам сияқты қайғыру қасиетінен айрылды. Мұндай парадокстен мынадай шындық шығады: адам жаралғанда құмарлық бірге пайда болмаған. Ол – жай ғана құрылым. Құмарлық түрлерін пенде қолдан құрайды. Эмоциялық «жүрек логикасын» немесе эмоцияны реттеп отыратын жүректің сандығын ашып қарасаңыз, онда қайғы сезімін табуға болады. Ол адамға қайғы сезімдерін бастан кешуге итермелейді немесе керісінше, үмітсіздік шырмауына түсіп қалмас үшін көңіл күйді көтеріп реттеп отырады. Бұдан мынадай шындық шығады: меланхолик қайғыра алмағаны үшін қайғырады. Дәстүрлі психология ғана оны парадокс деп таниды. Логотерапия үшін ол парадокс емес. Қалыпты құбылыс. Біз «қайғы-қасіретте Мән бар» деп мойындағандықтан, мұң мен мехнатты өмірдің алдыңғы шебіне әкелеміз. Қайғы-қасірет жазмыш пен өлім сияқты адам өмірінің бір бөлігін құрайды. Оларды өмірден жұлып алып, лақтырып тастау мүмкін емес. Өмірден қайғы-қасіретті жою – оған тиесілі форма мен мазмұнды да құрту деген сөз. Өйткені тағдыр сойылының соққысымен қайғының көрігінде қайнаған өмір өзінің формасы мен мазмұнын табады. Осылайша, адам бастан кешіретін тағдырдың екіұшты мәні бар. Пенде мүмкін болғанша өмір алаңында тағдырын сомдау керек. Ал егер ғайыптан басынан бақ тайып, қиындыққа тап келсе, табанды түрде күреспекке бел байлайды. Басқа жолы жоқ. Осы арада ескеретін маңызды бір нәрсе бар. Адам қасіретпен бетпе-бет кеп қалғанда «Ойбай, тағдырым осы екен» деп бірден беріле салмасын. Қаруды тастай салудан сақ болу керек. Жасампаз құндылықты жүзеге асыру мүмкіндігі толығымен қолдан кеткенде ғана адам мойынсұну фазасына ауысады. Енді ол тағдырын сырттан өзгертуге тырыспайды. Ішкі принциптер алдыға шығады. Бұл Мәнді уыстан шығармаудың соңғы бастионы десе де болады. Сондықтан позиция құндылығы ашарға есік, кірерге тесік қалмағанда іске қосылады. Брод мұны «қайырлы қасірет» деп атаған. Неге? Себебі кенеттен келген ауру адамды атып ұрады. Мысалы, бір альпинистке төбеден тас домалап, бір жерін майып қылады. Ол мүгедек боп қалды дейік. Ол үшін адам кінәлі емес. Себебі соққы сырттан тиді. Ондай кезде адам «бұл бәлені басыма өзім тілеп алдым» деп қайғырмайды. Бір нәрсеге мойынсұнғанда біз ой-санамен болса да, әрекет етеміз. Бірақ тағдыр адамға төзуге мәжбүр шартты қойғанда ғана бұл мүмкін болады. Өйткені ол жағдайын өзгерте алмайды. Енді қашып құтылуға жол жоқ. Тек «ақталған» төзім ғана адамгершілік табыс саналады. Тек осындай бұлтартпас қайғының ғана Мәні бар. Бұдан бірнеше жыл бұрын Британияда бойскауттарды жоғарғы жетістігі үшін марапаттап жатты. Олардың арасында жазылмас кеселге шалдығып, ауруханада жатқан үш жас жігіт бар еді. Ерлігіне сәйкес олар да марапатталды. Салтанатты жиында әлгі үш жігіт өздерін ерекше қайратты етіп көрсетті. Сақтары сынбаған. Сергек күйде тұрды. Спорттағы және көптеген бойскауттардың көрнекті табыстарымен салыстырып қарағанда кеселге ұшыраған жігіттердің мығым мінезі мен қайтпас қайраты әлдеқайда жоғары марапатқа лайық еді. Оларға «Сағы сынбағаны үшін» деген қағаз берсе жарасар еді.
«Өмір – бір істі жасап қалуға берілген мүмкіндік. Басқа ештеңе де емес». Геббельдің бұл ұстанымында Өмірдің мәні туралы сұраққа жауап бар сияқты. Өйткені тек қана екі мүмкіндік бар: біріншісі – тағдырмен бірлесе қимылдап, оған форма беріп, оны сомдап шығу. Екіншісі – тағдырды өзгерту қолдан кетіп, жасампаз жолы жабылса амал жоқ, позиция құндылығына ауысады. Тағдырды тырп еткізбей құрсап алған қайғы мен қасіреттің өзінен құндылық өндіруге тура келеді. Жазылмайтын дерт кісіге «қайғы қасірет тарту» үшін «мүмкіндік» береді десек, таптаурын пікірге ұқсап қалады. Ондай көзқарас көңілге қонбайды.
Бірақ «мүмкіндік» пен «қасіретті» Мәннің ішінде түсінсек, бәрі айқын болады. Біз психикалық кесел мен қайғы-қасіретті бір-бірінен айырмай, бірге қарастырып, аурудың хәл-ахуалын елеп-екшегенде бәрі бұлыңғыр боп шатысып кетеді. Бір жағынан адам «қайғы шекпей, мұңға батпай» ауыра беруі мүмкін. Франклдың ойын былайша тарқатуға болады. Бірінші «емі жоқ дерт адамға қасірет шегуге берілген мүмкіндік» деу көңілге қонбайды деген себебі, мұндай пікірді дінге сенуші жатағат жиі қолданады. Дерт шалған бауыры жайлы сөз болғанда әдетте «ия, бұл Тәңірдің сынағы ғой. Жаратушы бұл дертті күнәсін кешу үшін оған әдейі жіберді. Азап шеккен сайын күнәсі тазарып, азабына сауабы жазылады» дейді. Осылай деп сенген күннің өзінде аурудан азап шеккенде мехнатта МӘН болғаны жақсы. Сонда ғана оны шын мәнінде қайғы арқалап, қасірет шектім деуге келеді. Оны мынадай мысалмен берелік. Қартайған бір ақсақал емі жоқ дертке шалдықты делік. Ол мойнына әзірейілдің құрықты мықтап салғанын білді. Бақуатты бала-шағасы: «Ата, сізді жердің түбіне болса да апарып емдетеміз. Құр қарап отыра алмаймыз» десе. Бірақ қария бүй десе «Балалар, әуре болмаңдар. Жасым сексеннен асқанда шет елге барып емделіп, басқаларға салмақ салатын масылың мен емеспін. Маған құртатын қаржыны немере, шөберенің оқуы мен өнеріне жұмсаңдар. Тіптен ақшаң тасып бара жатса жетім мен жесірге қарас. Мен ажалымды қайсарлықпен күтіп алуға дайындалам. «Қарттардың бәрі өледі, жастардың ажалдысы өледі» деген. Бәрібір тірі қалғанда не істеймін? «Жаңалығым ашылмай қалды» дейтін ғалым емеспін. «Бастаған ісім аяқсыз қалды» дейтін қоғам қайраткері емеспін. Сондықтан сексен де аз жас емес. Болмайтын әңгімені доғарып, соңғы сапарға шығарып салуға дұрыстап дайындала беріңдер. Ал, маған өзімнен есеп алуға мұрша беріңдер» Енді бірде былайша болсын. Сексеннен асқан бір шалға қаралы диагноз қойылды делік. Ол «үкімді» естіген сәтте шошып кетеді. «Израильде ракты емдеп жазады екен. Әлі де әрекет етіп көрелік. Көмек беріңдер. Аянып қалмаңдар» десе. Ондай жағдайда титықтап отырған бала-шағасы қаусаған шалды қарызданып-қауғаланып шет елге апарып емдетті делік. Бірақ сол жерде мынадай сұрақ туып кетуі мүмкін. «Бұ кісі несіне емделіп жатыр? Төрінен көрі жақын қария жазылған күннің өзінде не істемекші? Сонда бұл жанталастың мәні не?» Салыстырып қаралық. Екі адам да ауырып жатыр. Біреуі МӘН арқалап азап шегеді. Яғни «менің дәрімнен үнемделген қаржыны мұқтаж жанға жаратыңдар» дейді. Екіншісі мәнсіз ауырады.
Қасірет шегу феномені
Түрлі кеселді айтпағанда адамға тән қасірет шегу деген құбылыс және бар. Ол табиғат пен Өмірдің мәнінен тамыр тартып, біздің тіршілігіміздің ажырамас бөлігіне айналған. Сондықтан адамға мұңға батып, қасірет шегетін қасиетін қайта табуға көмектесу үшін экзистенция анализінің амалсыз араласатын кезі болады. Осы арада психоанализдің де мақсаты айқындалады. Ол адамға ләззат алу мен әрекет ету қабілетін қайтаруға көмектесуі тиіс. Өйткені өмірлік міндетті шынайы қасірет шегумен де атқаратын жағдай кездеседі. Басқа жолы қалмауы мүмкін. Шынайы өмірде екі вариант та бола береді. Мысалы, біреу адамдық борышын абыроймен атқаратын мүмкіндікті зая кетіреді. Он екі мүшесі сау, төрт құбыласы түгелденсе ғұмыры тоқырайды. Сол сияқты кей адам мұң мен мехнатқа тап келгенде оған мойынсұну арқылы құндылық әлемін айқара ашатын мүмкіндік беріледі. Осы сәтте бекем болмаса бұл мүмкіндік далаға кетеді. «Тартқан азабыма татитындай лайықты азамат атансам жарар еді» деп күңіренген Достоевскиймен келіспеске лажымыз жоқ. Енді басқа түскен қайғыға төтеп беру үшін азаппен толассыз күрескен науқастың табандылығының арқасында тапқан мәртебесі мен жеткен жетістігін лайықты бағалайтын жағдайға жеттік. Бір керемет дарынды жас жігітке кенеттен кәсіби қызметінен айрылуға тура келді. Туберкулезден келген инфекция қабынып барып, жұлынға жармасты. Жұлыны күйреген соң, аяқтары істен шықты. Жап-жас жігіт төсекке маталды да қалды. Жұлынның бүлінген бөлігін алып тастау үшін шұғыл операция жасау туралы шешім де қабылданды. Науқастың дос-жарандары Еуропадағы мықты нейрохирургтерге шапқылады. Олар тірі қалуға ешқандай шанс жоқ деп операциядан бас тартады. Дәрігердің жауабы жазылған хат науқастың қасындағы бір танысына кеп түседі. Науқастың күтімін жасап жүрген жігіт хатты төсекте жатқан жолдасына бере салады. Олар таңғы асты бірге ішіп отыр еді. Ауру жігіт хаттағы «сұмдық үкімді» түгел оқып қояды. Жігіттің өзі жазған хаттан үзінді: «...Мен хатты оқып қойдым. Ажал тырнағына ілінгенімді түсіндім. Дәрігердің хатында бәрі де жазылып тұр. Кенет есіме «Титаник» фильмі түсті. Сол киноны құмарта көруші едім. Әсіресе ондағы бір мүгедектің дұға қылған сәті жадымда жатталып қалыпты. Фриц Кортнер ойнайтын кембағал жан ажал алдында дұғасын оқып бастайды. Оның алдына жиналған шағын жамағат онымен бірге өлімге дайындалады. Әне-міне дегенше кеме мұхитқа бата бастайды. Таудай толқындар оларды көміп жібереді. Сол күні кинотеатрдан ерекше әсермен шығып едім. «Өлімге қасқайып қарап тұру тағдырдың не деген үлкен тартуы еді?» деп ойлағам. Ал енді менің де тағдырым осындай күйге түсті. Бұл – күрескер рухымды сыннан өткізуге соңғы мүмкіндік. Осы текетіресте табанды рухым айқын танылуы тиіс. Бұл не де болса, соңғы күш-қуаттың серпіні сияқты тегеурінді болмақ немесе соңғы гимнастикалық жаттығу сияқты. Алда күтіп тұрған аурудың азабына мүмкін болғанша, морфийсіз төзгім келді. Мұны бәз біреулер «бәрі күйреп біткен іс үшін күрес» деуі мүмкін. Жоқ, ондай сөзді кітаптан өшіру керек. Менің философиям солай. Бұл жерде табанды күрестің ғана процесі жүріп жатыр. Сондықтан бәрі бітті деп, ақ жалау көтеруге ерте. Кешке Брукнердің төртінші «Романтикалық» симфониясын орындадық. Адамға деген махаббат жүрегімді жайлап алды. Шет-шегі жоқ шалқар әлемнің күйі кеудеме құйылып жатқандай сезіндім. Ал негізі бұлай болмайтын. Математикамен айналысқанды жақсы көремін және ондай сезімге берілмеймін». Кейде емі жоқ кесел мен анық ажал қарапайым адамның қарым-қабілетін ойламаған жерден жарқ еткізеді. Өмірде болған мына оқиғаның өнегесіне назар аударыңыз. ІІ дүниежүзілік соғыста жап-жас, ерке-шолжаң әйел концлагерге түседі. Лагерьде емі жоқ дертке шалдығып, күннен күнге сола бастады. Өлуге бірнеше күн қалғанда былай деді: «Шыны керек, қатаң сынаққа алған тағдырға ризамын. Мен қоғамның орта табынан шыққан әйелмін. Лагерьге дейінгі өмірім рақат болды. Не ішем, не кием деп ойлаған емеспін. Қалаған нәрсеме қиналмай қол жеткіздім. Бәрі алдымда «жайылып жастық, иіліп төсек» болды. Өзім әдебиетші едім. Бірақ сол міндетіме жүрдім-бардым қарадым». Әйел ажалдың жақындағанын жан жүрегімен ұқты және қайыспас қайсарлықпен күтіп алды. Оның төсегінің тұсындағы терезеден талшын ағашының гүлдеген бір-екі бұтағы аздап көрінетін. Әйел талшын ағашы жайлы көп айтатын болды. «Мен жападан-жалғыз қалғанда ағаш мұңдасыма айналды. Онымен адамша сырласамын», – дейтін. Бұл не? Галлюцинация ма әлде әйел сандырақтап жатыр ма? Қалайша ағаш өзімен шер тарқатып тұр деп ойлады? Бұл не диалог? Олар не туралы сырласты? Шындығы былай шығар. Талшын ағашы: «Мен мұндамын. Мәңгілік өмірмін» деп, сырқат жанға тіл қатқан. Виктор фон Вайцзэкер бірде мынадай сезімді бастан кештім дейді: «Өліп бара жатқан науқас қандай да бір күштің себебінен менен де күшті болып көрінді. Пациентім жан тапсырған соң мені де осындай сезім биледі». Кейбір ситуацияда сезімтал дәрігер жазылмас науқастың не өлім аузындағы адамның жанында тұрып, ұятқа ұқсас біртүрлі сезімді кешеді. Себебі ондай кезде дәрігер шарасыз болады. Пациентін ажалдың тырнағынан ажыратып ала алмайды. Соңына дейін беріспей, тағдырын қорықпай күтіп алған науқас оның көз алдында қаһарманға айналады. Кей адам мұндай кезде үнсіз ғана тағдырына мойынсұнып, өлімін күтіп алады. Сол кезде өмірінің соңғы сәті метафизикалық әлемде нағыз жетістікке жетеді. Ал медицинаға тәуелді, қолынан келер қайраны жоқ шарасыз дәрігер жеңіліске ұшырайды.
Иван Ильичтің өлімі
Иван Ильич – Петербордағы бір шенеуніктің баласы. Әкесі түрлі министрлік пен департаментте жұмыс істеп, сәтті карьера жасаған. Туған ағасы оқуды бітіре сала әкесінің жолын қуып, ол да тәп-тәуір қызметтер атқарады. Қарындасы болса, атақты бір баронға күйеуге тиеді. Ильич тумысынан ақжүрек, көпшіл, қабілеті ерекше болады. Заңгер мамандығын сүйіп таңдайды. Оқуды бітірген соң, оны губернатор бір аймаққа үлкен қызметке тағайындады. Жұмысқа кіріскен күннен бастап іскер ретінде көрінді. Үлкенмен де, кішімен де шынайы тіл табысты. Тапсырманы мүлтіксіз орындап отырды. Бес жылдан кейін оны басқа қызметке ауыстырды. Бұл жолы сот тергеушісі қызметіне отырды. Мұнда да көп таныс тауып, карьерасы шарықтай берді. Тіпті ол 1864 жылғы ережелерді жасаушылардың қатарына енді. Жалақысы да жоғары болды. Жаңа қызметке келгеніне екі жыл толғанда өзінің болашақ жары Праскова Михель Федоровнамен танысты. Махаббатпен үйленді. Михель Федоровна да дворянин тұқымынан еді. Сыр сымбаты келіскен аруды көрген бойдан өзіне тең жар санады. Жұрт та сыртынан бұларды жарасымды жұп деп тамсанып отыратын. Алғашқыда жас жұбайлардың өмірі тәтті сезіме толы болды. Күнде бір-бірін сағынышпен күтіп, аялаумен өтіп жатты. Жаңа үй сатып алып, оны әсем жиһаздарға, ыдыс-аяқтарға толтырды. Әйелі жүкті болам дегенше өмірі ертегідей өтіп жатты. Ильич те жұмысымен қатар отбасылық міндетті абыроймен атқарғанына риза болып жүретін. Бәленің бәрі сүйіктісінің жүкті болғанынан басталды. Әйелі оны жөнсіз қызғана бастады. Не болса соған тиісетін әдет шығарды. «Көп көңіл бөлмейсің, әйелдің жайын түсінбейсің» деген ретсіз реніштті ұлғайтты. Басында Ильич мұны еркелік деп елемей қойған. Бұрынғыдай үйіне достарын шақырып, олармен карта ойнап жүре берді. Бірақ баланың айы-күні жақындаған сайын әйелінің дауысы да жуандай түсті. Енді оған әйелдің жайын түсіну үшін онымен бірге үйде отыруына тура келді. Достарымен де қатынасын үзе бастады. Ильич отбасылық өмірдің бұлай өзгеретінін білмеген. Үйлену дегенді салулы төсек, жылы үй деп түсініп келген еді. Енді үйден қашып, көп уақытын жұмыста өткізетін болды. Жанына тыныштық сыйлаған жұмысын онан сайын жақсы көріп кетті. Үш жылдан кейін Ильичті прокурордың көмекшісі етіп қызметін көтерді. Жаңа қызмет, жаңа міндет, біреуді сотқа сүйреу, тергеу, қамау – барлығы оның жұмысқа деген ынтасын арттырды. Өмірге балалары келді. Ал балалары көбейген сайын әйелінің де күңкілі көбейе берді. Әйтеуір Ильич не істесе де, оның көңілін таба алмады. Ұзамай Ильичті басқа бір губернияның прокуроры етіп тағайындады. Ол отбасымен сонда көшіп барды. Айлығы бұрынғысына қарағанда кішкене өсті. Бірақ оның өзі әйеліне жетпеді. Тіпті мұнда көшіп келгені оған ұнамады. «Жығылғанға жұдырық» демекші, екі баласы дүние салды. Әйелі кінәні күйеуіне артты. Осылайша Ильичтің мазасыз өмірі өтіп жатты. Отбасымен көп уақыт өткізуге тырысты. Қара жамылған жұбайының қас-қабағын аңдып күн кешті. Бірақ қанша тырысса да, сүйіктісімен сыйластық сәттері кеми берді. Ондай кезде ол өзін жұмыспен ғана жұбататын. Өміріне тек осы ғана мән беріп тұрғандай болды. Арада тағы да жеті жыл өтті. Ильичтің қызы он жетіге, ұлы онға келді. Жалғыз тұяғының әке жолын қуып заңгер болғанын қалаған, бірақ қырсық әйелі ерегісіп оны гимназияға берді. Оның өзі біраз айқай-шуға ұласып барып бітті. Ильич бұл кезде қырыққа таяп қалған әккі прокурор еді. Енді сот болуды қалады. Жан-жақтан келген басқа қызметтік ұсыныстарға келіспеді. Университет қалашығындағы бір сот төрағасының орнын көздеп жүрді. Бірақ Гоппе деген бір әріптесі оның алдын орап, ол орынды іліп түсті. Бұл Ильичке оңай тимеді. Ол Гоппемен әрі басшылықпен ашық ерегіске кетті. Олар да қырсығып тағы бір тағайындаулар кезінде Ильичті ұмыт қалдырды. Бұл 1880 жыл еді. Ильич үшін ауыр жыл болды. Жалақысы бір басына жетпей жатты. Қызметін көтерудің орнына министрлік оны ұмытып кеткендей болды. Өмір әділетсіз көрінді. Тіпті әкесі де көмек көрсетуін қойып кетті. Өмірінің әділетсіз шешімдері әрі әйелінің ара сияқты ызыңдай беруі, қарыздан қарызға белшеден батып, аз айлықпен күн көрудің қиын екені жанына қатты батты. Осы жылдың жаз айында ол демалыс алып, әйелі екеуі қайнағасының ауылында біраз тынығуды ойлады. Бірақ алғашқы күні-ақ ауылда іші пысып кетті. Бірінші рет жұмыссыз адамның күйін кешті. «Бұлай болмас, осылай үнсіз жата берсем, өмірімнің соңына дейін жұмыссыз қалып кетуім мүмкін. Онан да Петерборға барып еңбегімді бағаламай жатқан басшылықпен бетпе-бет сөйлесейін» деп ойлады. Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмады. Таң ата әйелі мен қайнағасының дегеніне көнбей, Петерборға жолға шықты. Ойында тек бір-ақ мақсат болды: қалайда бес мың сом жалақы алатын жұмыс табу. Тіпті ол банкте, әкімшілікте, жол бойында, кеденде болсын әйтеуір жалақысы бес мың сом болса, болғаны. Болмаса, министрліктен кету. Осылай нақты шешім қабылдады. Бірақ бұл сапар ол үшін сәтті болды. Курскіде ол ескі танысы Ф.С.Ильинмен бірге бір кемеде келді. Ол жақын күнде министрлікте ауыс-түйіс болып Петр Ивановичтің орнына Иван Семенович келетінін айтты. Бұл Ильич үшін қуанышты хабар еді. Ұзамай ауыс-түйіс басталды. Ол Петербургке келіп өзінің досы Захар Ивановичті тауып алды, оған жағдайын айтты. Захар сөзге келмей, ертесіне оны жаңа қызметке тағайындауға уәде берді. Ол артынша әйеліне телеграмма жіберіп:
«Захар Миллердің орнына келді. Ұзамай жаңа қызметке отырамын» деді. Осы ауыс-түйістің арқасында Ильич министрліктен жалақысы бес мың сом болатын мансапты иеленді. Бұрынғы әріптестерінен екі есе биік тұрды. Онан бөлек көшіп келуі үшін үш мың бес жүз сом және алды. Дұшпандарына деген кегі дереу ұмыт болды. Кеудесін шаттық кернеп, өзін бақытты сезінді. Қайнағасының ауылына көңілді оралды. Әйелімен де тез татуласты. Петерборда өзін қалай салтанатпен қарсы алғанын мақтана баяндады. Бұлар Петерборға аз күннің ішінде көшіп келді. Себебі Ильич 10 қыркүйек күні жаңа қызметіне отыруы тиіс еді. Жаңа үйге орналасты. Жаңа жиһаздар, жаңа бұйымдар сатып алды. Шуақты күндері қайтадан басталғандай болды. Әйелі де анда-санда ұрысқаны болмаса, Петерборға көшіп келгеніне әрі күйеуінің сот төрағасы болғанына дән риза еді. Ильич те үйінде тыныштық орнату үшін әйелінің көңілінен шығуға тырысып бақты. Сот залында отырғанда да қылмыскердің тағдырынан гөрі әйелінің қамын ойлаумен болды. «Карнизді өзгертсем, әдемі тұсқағаз жапсырып шықсам, әйелім мен қызым қуанар еді» деп ойлайтын. Бір күні тұсқағаз сатып алып, дуалды жаңалап, әйеліне сыйлық жасамақ болды. Сатыға мініп тұрғанда аяғы тайып кетіп құлап түсті. Бүйрегі жақтаудың тұтқасына оңбай тиді. Ильич ет қызуымен ауруын онша елемеді. Бар ойы әйеліне сыйлық жасау еді. Осылайша Петербордағы өмірі ертегідей өтіп жатқан. Бірақ соңғы кезде Ильичтің аузына жағымсыз дәм келіп жүрді. Қарнының сол жақ тұсы ауыратын болды. Мазасы кетті. Оның жайын түсіне қоятын әйелі ме? Қайтадан беттен алу, төске шабу, ұрыс-керіс басталды. Әйелі жиырма жыл бойы Ильичтің мазасыз мінезіне шыдап келгенін, ұрыс-керісті үнемі сол бастайтынын айтып, күйеуін кінәлайтын болды. Ильич ауырып жүргендіктен, расымен де мазасы кеткен еді. Кейде «Мүмкін әйелім дұрыс айтады, үйдегі ұрыс-жанжалға мен кінәлі шығармын» деп ойлана бастады. Дерті жанына батқан соң, көңіліне ешнәрсе жақпады. Сорпа ішіп отырып: «Ыдысың сынық, дастарқаның таза емес», – деп сынайтын болды. Біресе қызының шашына тиіседі, біресе баласының шайды төгіп алғанына ашу шақырады. Мұндай кезде әйелі де қарап қалмайды. Бетінен алып, баж ете түседі. Тіпті күйеуін жек көре бастады. Оған іштей өлім тіледі. Бір кезде «Япырай-ай, егер өліп қалса, мені кім асырайды? Ай сайын кім бес мың сом табыс табады?» деген сімсік ой қылаң бергенде, өз ойынан өзі шошып «Қой құрсын, онан да өлмей тірі жүрсін» деп тәубесіне тез келетін. Күйеуі әкелетін бес мың сомнан айырылып қалатынын ойлағанда есі кетіп, түнімен дөңбекшіп шықты. Ертесіне күйеуіне күлімсіреп келіп, дәрігерге қаралуын өтінді. Ильич дәрігерге барды. Дәрігер оны әрі қарап, бері қарап, ішкі ауруларын айтып жатты. Бірақ дөп басып диагноз қоя алмады. Соқыр ішегі немесе бүйрегінде бір кінәрат барын айтты. Ал Ильич үшін бір-ақ сұрақ маңызды еді. Бұл өміріне қауіпті ме әлде жоқ па? Дәрігер оған:
– Мен сізге қайталап айтамын, мұны анализдер мен зерттеу қорытындысы айтады. Бірден кесіп айту мүмкін емес. Бірақ ауру қауіпті болмауы керек, – деді.
Ильич үйіне қайтты. Жолда келе жатқанда оған өмірдің бәрі көңілсіз көрінді. Бірінші рет өмірден түңілді. Үйіне келіп бәрін әйеліне баяндады. Қызы бұл кезде шляпасын киіп, шешесі екеуі бір жерге кетіп бара жатқан еді. Отағасының ауруы туралы естіп, көңіл күйлерін бұзғысы келмеді. Шешесі:
– Жақсы бопты енді. Үйде жатып емдел. Дәрігердің жазып берген дәрілері қандай? Герасимді дәріханаға жіберейін, – деді.
Ильич үйінде жатып дәрі-дәрмектерін іше берді. Бір жағынан «ауруым қауіпті емес шығар» деп ойлады. Жақсы нәрселерді ойлауға тырысты. Біреумен сөйлессе, оның ауыратын жерін сұрап, оны өзімен салыстыратын болды. Сол жақ бүйірі солқылдаған сайын өзін жұбатып «Бұл соқыр ішек шығар» деп ойлады. Ал әйелі «Өзінің тапқан ауруы, енді бізді қинайтын болды» деп уайымдады. Арада айлар өтті. Ильичтің ауруы күннен күнге асқына берді. Ұйқысы да қашты. Не ішсе де, аузына жағымсыз дәм келді. Ұзақ уақыт төсекте жататын болды. Мықты деген қаншама дәрігерлер қарады. Олар да ауруын дөп басып айта алмады. Бәрі соқыр ішек болар деп болжады әрі қауіпті емес, ұзамай жазыласың деп сендірді. Ішпеген дәрісі қалмады. Науқасы меңдеу тарты. Жанында Герасим деген қызметшісі болды. Ол пейілі таза, ақкөңіл әрі жас жігіт еді. Қарулы қолдарымен Ильичті көтеріп біресе төсегіне жатқызады, біресе орындыққа отырғызады. Ильич оған:
– Герасим, менің жанымда отыру саған ауыр тиетін шығар. Мен сені қинай алмаймын, – дейтін. Ал ол болса:
– Неге ауыр? Сіз науқассыз, ал біз сізге қарауымыз керек, – деп жауап беретін.
Ильич төсекте жатқаннан гөрі аяғын көтеріп отырғанды жақсы көрді. Солай етсе, ауруы басылатын. Герасим оның аяғын жоғары көтеріп, ұзақ уақыт жанында болды. Тіпті қожайыны тыныш ұйықтасын деп түнімен аяғын көтеріп тұратын. Шаршауды білмейді. Ильич қажет емес десе де, жанынан шықпай аяушылық білдірді. Басқалары оған дәл Герасим сияқты қарамады. Олар отағасы тыныш болсын деп аузына морфий мен апиын тықпалайтын. Қызы мен баласы әкесіне көп келе бермейтін. Баласы қорқақтау болды. Әкесінің ауырған хәлін көргенде қатты үрейленетін. Ильич те оның үрейін сезетін. Қызы да қайғысын бөлісіп жарытпады. Ал әйелінен жұбаныш таппады. Науқастанып оларды әдейі қинап жүргендей болды. Сондықтан жанында Герасим болғанын қалады. Ильич алғаш рет өлім туралы көп ойлай бастады. Басында өз ойынан қатты қорқып кететін. Жалғыз қалудан да қорқатын. Кейін бәріне үйренді. Көбіне жылағысы келетін. Кейде өзін бала сезініп, біреудің аялағанын, сүйіп, еркелеткенін қалайтын. Ажалдың да алыста емес екенін анық сезе бастады. Сондай сәттерде ұзақ уақыт өз өмірі туралы ойлайтын. Бір күні ауруы жанына бата бастады. Герасим көрші бөлмеде отырған. Ол көзін жұмып: «Бұлай ауыратындай не жазып қойдым, не істедім?»– деді күбірлеп. Ішінен бір дауыс:
–Әй, Ильич, неге қиналасың, не қалар едің? – деп үн қатқандай болды.
– Қиналғым келмейді. Өмір сүргім келеді, – деді бұл.
– Өмір сүру? Қалай сонда? – деді ішкі дауыс.
– Бұрынғыша өмір сүре бергім келеді, – деп жауап берді.
– Бұрын қалай өмір сүрдің? Өміріңнің қай шағын сағынасың? – деп сұрады.
Ильич жауап қату үшін өмірінің жарқын сәттерін елестетіп көрді. Бірақ ештеме таппады. Тек балалық шағында ғана есте қаларлық тәтті кездер болған сияқты. Бірақ оның өзі көзіне ыстық көрінбеді. Балалық шақтан соң көз алдына шынайы өмірі елестеді. Заңгерлік оқу. Оның да алғашқы жылында шынайы достық, пәк арман, тәтті қиялдар болыпты. Бірақ жоғары класқа көшкенде ол сәттері де кеми түскен. Сосын губернатордың қызметінде жүрген алғашқы күндерді есіне алды. Шіркін, қызға деген ізгі махаббат осы шақта басталған еді. Түнімен толқып ұйықтамай, ғашық болып еді. Бірақ оның соңы шатасу, бытысу, адасуға соқтырды. Өмірі есейген сайын қызығы расымен де азая түскендей. Үйлену... Байқамай жасалған асығыс шешім сияқты. Артынша үнемі түңіліс. Мұрнына әйелінің жұпар иісі келді. Ол да бір қараса, жасанды қылыққа айналғандай. Өмірі бітпейтін қызметі, жетпейтін жалақысы – бәрі-бәрі алдамшы көріне берді. Бар ғұмыры соған арналыпты. Неғұрлым өмірі мәнсіз болған сайын ажалы да жақындай түсіпті. Мол ақша, жаңа лауазым, сұлу әйел үнемі өзін биікте жүргендей көрсететін. Енді қараса, өмірі аяғының астынан зуылдап өте шығыпты. Енді иттей боп қиналып өлейін деп жатыр... Сонда қалай? Қалайша босқа өмір сүргенмін? Өмірімнің мәнсіз, сұмпайы болуы мүмкін емес. Егер мәнсіз ғұмыр кешсем, онда неге өлейін деп жатырмын? Неге азапты өлім? Нені дұрыс жасамадым? Қай жерден қате кетті? Қалайша мені қара басты?
Ильич өмірінен ауыз толтырып айта қоятын мағына таппай, қатты қорқып кетті. «Мүмкін дұрыс өмір сүрмеген шығармын» деген ой келді. «Бірақ жұрт сияқты өмір сүрдім ғой» деді екінші бір ойы. Жандүниесі осылай арпалысып жатты. Енді маған не керек? Өмір сүру ме? Қай өмірді? Бұрынғыша мәнсіз өмірді жалғастыруды ма? Сот болып адамның тағдырын шешу үшін бе? Ол бірінші рет өз өміріне қарғыс айтты. Бұрынғыдай өксіп жылауды да қойды. Оң жаққа басын бұрып, қабырғаға ұзақ қарап жатты. Ол қанша ойланса да, жауап таппады. Өзінің бұлайша азапты өліммен өлуін түсінгендей болды. Өмірдің мәнін түсінбей, дұрыс ғұмыр кешпеуі осылай азапты өлімге әкеліп соққан. Сол кезде барып оның миын торлаған сұрақтар жоғалғандай болды. Арада күндер өтті. Иван Ильич диванға сүйеніп, қабырғаға қарап отыруды әдетке айналдырды. Көкейін тек бір-ақ сұрақ биледі. Өлім... Өлгенде қайда барам? Шынымен жоқ болып кетем бе? Мына үй, әйелім, бала-шағам қайда қалады? Өлгенде қандай сезім болады? Расымен өлім сәті таяғаны ма? – деп сұрады өзінен.
– «Иә, бұдан қашар жол жоқ», – деді ішкі дауыс.
Бір күні әйелі оған әртүрлі дәріні айтып бастап еді, ол оқты көзімен атып: «Құдай үшін маған тыныш өлуге рұқсат берші!» – деді. Басында ауруы солқылдағанда Ильичтің жанын көзіне көрсететін. Қазір Ильич үшін тән ауруынан гөрі жан ауруы, ар-ожданның дерті қатты батты. Бір күні ол Герасимге қарап отырып, басына бір ой сап ете қалды. Кезінде қатарластары жаман істі ойға алғанда бұл іштей қарсы еді. Басына келген жаман ойды қуып тастаушы еді. Егер сол кезде бұзық ойдың жетегінде кеткенде қазіргі отбасы, қызметі, өмірі, ортасы басқаша болар ма еді, кім білсін?! Ол ең болмаса өмірінің босқа кетпегенін дәлелдеу үшін түрлі ойды алға тартты. Бірақ бәрібір де дәлелі әлсіз болып шыға берді. Ақырында өмірін мағыналы етіп дәлелдеуге тырыспады. «Егер мен өмірді мәнсіз өткізіп, құртсам, оны қайтып өзгертуге мүмкіндік берілмесе, енді не істеу керек? Ол қайтадан өмірінің жарқын, мәнді кездерін іздеуге тырысып жатты. Таңертең қызметшісін, әйелін, қызы мен дәрігердің келе жатқанын көрді. Олардың сөздерін естігенде санасында бір шындық ашылғандай болды. Олардан өз бейнесін көрді. Кеше ғана өзі де осылай емін-еркін өмір сүрген еді. Енді бәрі жалған дүниеге айналыпты. Ильич оларды көргенде ішінде қызғанышы ойнады. Олар сау денесімен өзін қызғандырып жүргендей көрінді. Ол сол сәтте бәрін жек көріп кетті. Шіркеудің қызметшісі келіп мұны тәубеге келтірді. Содан кейін ол өзін жеңіл санап, үстіндегі ауыр ойдан арылғандай сезілді. Дін оның мәнсіз өмірін бүркемелеп уақытша жасырғандай болды. Қасында Құдай бардай сезінді. Бойына үміт бітті. Енді ол соқыр ішегін емдеп, жазылып кетуді ойлады. Дәрігерлер айтқан операцияны жасатуға бекінді. Ішінен «Өмір сүргім келеді, өмір сүрем» деген нық сенімде болды.
Әйелі жанына келіп:
– Сүйіктім, сен тәуір болғансың ба? – деп сұрады.
– Иә, – деп жауап берді ол. Бірақ әйелінің киімі, дауысы, сөйлеу мәнері – бәрі оған «Әй, Ильич, өмірің мәнді болмаса, бәрібір өлім қуып жетеді, сен қашып кете алмайсың» деп тұрғандай көрінді. Көзінде өшпенділік ойнап: «Жоғал!» – деді әйеліне айқайлап.
Сол сәттен бастап оның ауруы қоза түсті. Үш күн қатты қиналып, шыңғырумен болды. Өзін бір қап-қара қаптың ішінде тұншығып жатқандай сезінді. Өлімнің тықыры құлағына анық естіліп жатты. Жақындаған сайын Ильичті үрей қысты. Ажалдан қатты қорықты. Қорықпаса да болар еді, бірақ мәнсіз өмірі кеудесіне қадалған түйреуіштей тұрып алды. Алқымынан біреу тұншықтырғандай болды. Өкпесі қысылып, тынысы тарылып жатты да, бір түпсіз орға түсіп кеткендей қиналды. Шұңқырдан шыққысы келіп олай бір, бұлай бір тырмалап жатты. Бір кезде:
– Бәрібір өмірім бекер өтті, қателік жібердім. Қайтып дұрыстауға болар еді, – деді де, бірақ нені дұрыстау керек екенін білмей тұрып қалды.
Бұл үш күнге созылған азаптың соңғы сағаттары еді. Баласы бұл кезде әкесінің бір қолынан ұстап, қысып, жылап отырды. Ильич көзін әлсіз ашып оң жағына қарап еді, ұлын көрді. Оның жанында әйелі де жылап тұр екен. Оларды көріп аяп кетті. «Бұларды қинап жібердім, өлсем жақсы болар еді» деп ойлады. Сосын «Кетіңдер!» дегендей әлсіз ым қақты. Тағы да түпсіз шыңырауға түсіп кеткендей қиналып екі сағаттай азаптанып жатты. Алыстан жарық көрді. «Өлім деген осы екен ғой» деп ойлады. Ол соңғы рет ауаны терең жұтты. «Уф!» – деп демінің жартысын шығарды да, жүріп кетті. Ильичтің өлген хабары қалаға тез тарады. Бірақ ешкім шынайы қайғырмады. Қайғылы хабар сот ғимаратына жеткенде әріптестері: «Ойбу-уй, бейшара өліпті ғой, ақыры. Енді оның орнына кім келеді?» – деп талқылап жатты. Оның өлімі көп адамның карьерасына жол ашқандай болды. Жұрттың бәрі: «Ильичтің орнына Алексеев келетін шығар. Алексеев кетсе, оның орнын Штабель немесе Винников басады», – деп өзара күбірлесіп жатты. «Штабель мен Винниковтің біреуі кетсе, оның орнына мен барамын. Сонда айлығыма кеңсе қызметін қоспағанда 800 сом қосылады» деп ойлапты Федор Васильевич. «Дереу Шуринді Калугадан осында алдырып, бос орындардың біріне отырғызу керек. Сөйтіп әйелімді бір қуантпасам. Сонда төркініме көмектеспедің деп кейін айтпайтын болады» деді ішінен Петр Иванович.
– Иә, оның қайтып аяққа тұра алмайтынын білгенмін, – деді Петр Иванович, – Өкінішті.
– Ол өзі не аурумен ауырып еді?
– Дәрігерлер диагноз қоя алмады. Яки қойған, бірақ түрлі диагноз қойды. Соңғы рет көргенімді ол жазылып келе жатқандай көрінген.
– Ал мен анау бір мерекеден кейін үйіне соқпап едім.
– Артында не қалыпты? Жиған бірдеңесі бар ма?
– Әйелінің атында болар-болмас бір нәрселер бар. Бірақ көп емес.
– Көңіл айтып, кіріп шығу керек. Әй, үйлері де қашық қой, жердің түбінде тұрады.
– Иә, бірақ сіздің үй жағыңыздан есептегенде қашықтау, – деді Шебека. Петр Иванович жымиып күліп:
– Сол ғой, әйелім де мені өзеннің ар жағынан үй сатып алғанымды кешірмейді, – деді.
Әріптестері жиналып, Ильичтің үйіне беттеді. Бәрі де жол бойы кімнің орнына кім жылжитынын есептеумен, болжаумен болды. Қазалы үйге келіп көңіл айтты. Ортада өліп жатқан Ильичті көрді. Оның әйеліне келіп Ильичтің қалай өлгенін, қиналғанын сұрап жатты. Әйелі әдеттегідей көзіне жас алып, бәрін баяндап берді. Петр Ивановичке бұрылып, күйеуінің өлімі үшін қазынадан қалай ақша алуға болатынын сұрады. Петр Иванович оған назар салып еді, әйел бәрін білетін сияқты көрінді. Ильичтің әйелі расымен де оның алдында күйеуі өлгенге қанша сом берілетінін біліп алған болатын. Енді оған тағы да қазынадан көптеу етіп ақша алудың тәсілі қажет еді. Петр Иванович артық берілмейтінін айтты. Өлікпен қоштасатын мезгіл жетті. Балауыздар жағылды. Жылаған, өксіген, еңкілдеген дыбыстар шықты. Хош иісті шөптердің иісі аңқыды. Петр Иванович өлікке жақын тұрды. Өзі Ильичтің жан досы, мектептен бірге келе жатқан құрдасы еді. Бірақ ол өлімнен қатты қорқатын. Сондықтан да мәйітке назар салмады. Жаназадан соң да бөлмеден бірінші шықты. Есік аузында оған Герасим кездесіп киімдерін алып берді. Петр Иванович:
– Қалай, Герасим бауырым? Өкінішті, иә?– деп сұрады.
– Бұл – Құдайдың қалауы, өлімнен ешкім құтылмайды. Бәріміздің барар жеріміз сол емес пе? – деді Герасим.
Петр Иванович таза ауадан бір жұтты да, жұмыстарымен жүріп кетті.
КӘСІПКЕРЛІКТІҢ МӘНІ
«Өмірдің мәні бар ма?» деп күмәнданғаннан гөрі оны қалайда іске асыруды ойлаған абзал. Өйткені өмір үшін жауаптымыз! Ал жауапты сөзбен емес, іспен көрсету керек. Сонда ғана ол көкірекке нықтап бекиді. Маңызды сұрақтың жауабы – нақты ситуация мен тұлғаға тәуелді. Жауаптың өзі құбылмайтын нақты болуы керек. Сондықтан іспен берілген жауап дұрыс жауап болып табылады. Ол істі әркім күнделікті тұрмыста шама-шарқынша жауапкершілікті сезініп, істей алады. Осы өлшеммен қарасақ, адам – қайталанбас, ғажайып тіршілік иесі. Әркім тағдырын «Бұл – менің миссиям» деп түсінгенде жауапкершілік пайда болады. Адам осы «жүгін» саналы түрде арқалайды. Өмірде кетігін тауып, қаланып кете алмаған «кірпіш» кез келген қиын ситуацияда өзін байлаулы, мүмкіндіктері матаулы жандай сезінеді. Ондай адамды қалың тұманда бағытынан айрылып, күш-қуатын сарқа жұмсап, қалжырап тұрған скалолазбен салыстыруға болады. Өрмелегіш жігіт тұман сейілгенде қашықтан қарауытқан лашықты көреді. Сол мезетте бойына күш жинайды. Бұл сезім әрбір скалолазға таныс. Білекке күш бітіп, бойына сергектік сезімі құйылады. Қайтадан қайраттанып, қара тасқа кенеше жабысып, өрмелей жөнеледі. Себебі бағыты анықталды! Жасампаз құндылықтар адамның өмірлік міндетінің басты мақсаты болып тұрғанда кісі оларды күнделікті жұмыс барысында жүзеге асыра береді. Мысалы, қаланы гүлмен безендіретіндерді алайық. Қаланы гүлмен құлпыртқан сайын одан ләззат алады. Әдетте адам өзін қоғамға жасаған жұмысы арқылы танытады. Яғни жұмыс – адамды танытушы құрал ғана. Адам ісімен танылғанда онда Мән пайда болады. Алайда Мән оның қоғамдағы мансап-қызметімен емес, қоғамға тигізетін пайдасымен өлшенеді. Мысалы, қоқыс жинаушыларды алайық. Оларда мансап та жоқ, мәртебе де жоқ. Жұмыстары ауыр әрі лас. Жалақысы төмен. Бірақ қаланың тазалығы үшін маңызды рөл атқарады. Олар бір апта шеруге шығып, жұмысын тоқтататын болса, қала қоқыстың астында қалады. Мән тұрғысынан қарағанда мағынаға толы жұмыспен осылар айналысып жатыр. Сондықтан «Мына қызмет не ана қызмет қоғамға көбірек пайда тигізеді» деу – қате. Мамандық адамның нағыз тұлғасын айшықтаушы жалғыз құрал деп айта алмайсыз. Расымен де көпшілігі, әсіресе невротикалық реакцияға бейім жұрт, «мамандық ауыстырып, жұмысты өзгертсек, өмірлік миссиямызды орындаймыз» деп ойлайды. Мұндай пайым мамандықтың адам өміріндегі маңызын дұрыс түсінбегендіктен немесе өзін алдаудан туады. Мамандығы адамға ләззат сыйламаса, оған мамандық емес, адамның өзі кінәлі. Себебі қызмет қоғамға аса қажетті қайталанбас тұлғаны жасап бермейді. Жұмыс пенденің қайратты тұлға болуына жол ашады. Бір пациент «өмірімде мән қалмады» деп мұңын шағып келді. «Дәрігер, медбике, фармацевт болғанымда, бәрі де басқаша болар еді. Ғылыммен шұғылдансам, тұлғалық қасиетімді көрсетер едім», – деді. Ол келіншекке проблема жұмыста емес, оны өзінің қалай түсінетінінде екенін көрсету керек болды. Сондықтан адам өзінің тұлғалық қасиетін, бақытын мамандықтан іздемегені абзал. Дұрысы – мамандығы арқылы өзінің қаншалықты дами алатынын қатесіз елеп-екшеу. Дәрігер мамандығы деген не? Қызметінде не мән бар? Медицинаның ұңғыл-шұңғылын игеріп алу ма? Ауруханада бірде укол салып, енді бірде дәрі беріп жүгіріп жүру ме? Емдеудің қыр-сырын меңгеру оны білімпаз дәрігердің деңгейіне көтермейді. Керісінше, дәрігерлік – оның өмірдегі миссиясын орындауға берілген бір мүмкіндік. Яғни бұл кәсіп – сынақ алаңы. Бұл салада адам құр медицинамен Мән таппайды. Мән дәрігерлік міндеттің арғы жағында жатыр. Дәрігер міндетін адал атқарғанда ғана бұл мамандықтың мәртебесі өседі. Әйтпесе, науқасқа кімнің емдеп, кімнің укол салып жатқаны бәрібір. Дәрігер профессиялық міндетінен аттап өтіп, науқаспен адами байланысқа түскенде ғана өзінің де тұлғалық қырлары ашылады. Ал медбике қызметінің мәні неде? Әлгі келіншекті бұл мамандық несімен қызықтырды? Науқастың дәрет ыдысын тасып, төсегін ауыстырып отыру – медбикенің негізгі міндеті. Алайда осы қызметтің өзі адамның рухани сұранысын қанағаттандыра ала ма? Егер медбике науқасқа жылы жүрекпен тіл қатса, онымен сөйлессе, сонда ғана оның өмірі кәсібімен Мәнге толды деп айтуға болады. Мұндай мүмкіндікті барлық мамандықтан табуға болады. Адамның қажеттілігі мен құндылығы кәсібіне емес, керісінше жұмысын қандай ықыласпен атқарғанына байланысты анықталады. Әлгі пациентке өмірлік мәнін қызметтен ғана емес, отбасынан да іздеп көруді ұсындық. Ол – біреудің анасы, біреудің адал жары болып та миссиясын анықтай алады әрі отбасының керекті мүшесіне айналады. Әдетте, кейбіреу ізгілік шашатын орын деп жақсы бір мамандықты таңдайды. Соны игереді. Бірақ жұмысқа тұрған соң еңбек талабы оны «езіп» тастайды. Кейбірі жұмыс уақыты бітсе де, бастығының мүддесіне бола кеңседе қамалып отыратынын айтып налиды. Өмірі бітпейтін кестелер толтырады немесе конвейердің қасында күні бойы тұрып, бір қимылды қайталай беру, таңнан қара кешке дейін бір кнопканы басып отыру талай адамды мезі қылған. Жұмысқа жегіліп, тұлғалық қасиеті кеміген сайын адам стандартты пендеге айналады. Өзіндік бет-бейнесі жоқ стандартты пендеге айналған сайын бастығы да оны жақсы көре түседі. Себебі жұмыс берушіге робот сияқты жұмысшы керек. Ол үшін сол тиімді. Екінші жағынан алғанда, жұмыс ақша тауып, тіршілік кешу үшін қажет. Сөз жоқ, жұмысқа мұқтажбыз. Бірақ адамның нағыз өмірі жұмыстан үйіне қайтқан соң басталады. Өмірдің мәні осы кішкене демалысты тиімді өткізуге тәуелді. Басқа амал жоқ. Бұл – рас әңгіме, себебі жұмысшының өмірі қайталаудан тұрады. Кешке жұмыстан шаршап кеп құлайды, ертесіне сүйретіліп қайта кетеді. Енді мәселеге мына қырынан қаралық: ғұмырын ақша табуға арнаған фабрика директорының өмірін қараңыз. Ақшадан басқа нәрсе іздемеді. Байлық өмірлік мақсатына айналды. Шылқыған бай болды. Бірақ қисапсыз ақша оның өмірін көміп, ешнәрсе көрсетпей жібереді. Бірінші жағдайда адамды жұмыс жұтып қойды. Екінші жағдайда жұмысшы жалдайтын директорды ақшаға деген тойымсыздық жұтып қойды. Бұдан шығатын қорытынды: мол ақша тауып, жұмысшы жалдайтын дәрежеге жетсем, мәнсіз тіршіліктен құтылар едім деген түсінік ақылға қонбайды. Екі жағдай да қауіпті. Жұмыстың адам болмысы үшін қаншалықты маңызды екенін мынадан байқаймыз: адам қызметтен қағылған кезінде бұрындары сезілмеген көп нәрсе анық білінеді. Жұмыссыздық хәлін зерттеген психологтар айналымға «жұмыссыздық неврозы» деген ұғымды кіргізіп үлгерді. Бір қызығы: мұндай невроздың анық симптомы депрессия емес, апатия. Яғни торығу. Жұмыссыз адамға бүкіл нәрсе мағынасыз бола бастайды. Ешқандай идеяға қызықпайды. Мұндай апатияның арты қауіпке ұласады. Оның ықпалына түскен жұмыссыз жігіт өзіне қол жұмсауы да мүмкін. Осы жерде ойға бір оқиға оралады. Суицид жасамақшы болған бір адамды психиатриялық емханаға әкелді. Оны таныс дәрігері қабылдап алды. Бірнеше жыл бұрын ол осы науқасқа психологиялық кеңеспен бірге ақша да беріп көмектескен. Оны көргенде таңғалып: «Өзіңе қол жұмсамақ болғаның қалай? Неге маған хабарласпадың?» деп еді, науқас: «Шыны керек, маған бәрібір болып кетті», – деді. Көп адамды мынадай сұрақ мазалайды. Яғни мәнді, мағыналы өмір сүру үшін міндетті түрде не өнер не ғылым адамы болу керек сияқты қабылдайды. Немесе ірі кәсіппен айналысса жұмысқа түгел жұтылып, мағыналы тіршіліктен қол үзетін сияқты ойлайды. Бірақ мына оқиға талай адамның ойын оп оңай өзгерте алады. Логотерапиямен айналысқан А.Паттакос 1995 жылы АҚШ-тың Масачусетс штатында болған қызық оқиғаны айтады. Бұл штатта Maіden Mіlls компаниясының мата шығаратын фабрикасы жұмыс істеп тұрған. Күтпеген жерден өрт шығып, фабрика түгел жанып кетті. 3000 адам бір күнде жұмыссыз қалды. Компанияның бас директоры Аарон Фейерстайн сол күні ақ баспасөз мәслихатын беріп «Біздің компания құлаған жоқ. Болашақ әлі алда. Үш айда фабриканы қайта іске қосамыз. Бір де бір жұмысшы кетпесін. Үш ай жалақысы үзіліссіз беріліп тұрады. Жеңілдіктерің де сыйақыларың да қысқармайды» деп мәлімдеме жасайды. Бас директор жұмысшылардың жалақысыз қалып, арып-ашып басқа жақтардан нәпақа іздеуіне жол бермеді. Сол жердегі Лоуренс пен Метвен қаласының тұрғындары негізінен осы фабриканың арқасында бала-шағасын бағып отырған. Сондықтан фабриканың өртенуі олар үшін ірі соққы болды. Одан бөлек Maіden Mіlls-ден мата сатып алып отырған клиенттер де шашырап кетудің аз-ақ алдында тұрды. Үш ай бойына үш мың жұмысшыға жалақын үзбей төлегенде компания қарызға белшесінен батты. Фейерстайн уәдесінде тұру үшін беделін де, атағын да, ақшасын да аямады. Үш айдан соң олар фабриканың ескі қоймасы тұрған бір бөлігін уақытша іске қосып қайтадан материал өндіре бастады. Компания басшыларының тәуекелі мен ерлігіне тәнті болған жұмысшылар іске ынты-шынтысымен кірісті. Олар таңғажайып нәтижеге қол жеткізді. Фейерстайн журналистерге сұхбат бергенде «Бұрын аптасына 130 000 метр мата шығарушы едік. Қазір 230 мың метр шығаратын болдық. Дизайнерлердің шығармашылық шабыты шарықтап шыға келді. Қазір олар тәулігіне 25 сағат ұйықтамай жұмыс істеуге дайын отыр» деді. Осылайша өртеніп кеткен фабрика тура мағынасында қара күлден қайта тірілді. Жанкешті жұмысшылар компанияны құлатпай ұстап қалды. Фабрика қарызынан 2003 жылы құтылды.
Жұмыссыздық неврозы
Жұмыссыз адамның әр күні бос болса, ол оның жандүниесіне қатты кері әсер етеді. Оның кеудесі қаңырап бос қалғандай қорқа бастайды. Жандүниесінде уілдеп жел соғып тұрған сияқты сезімге шырмалады. Өзін керексіз сезінеді. Жұмыстан босаған соң, өмірімнен мән кетті деп есептейді. Дененің қимылсыз жатқан бөлігінде ісіктің тез пайда болатыны сияқты, рухани енжарлық та психиканың ауытқуына әкеп соғады. Жұмыссыздық – невроздың қозуы үшін таптырмайтын «тағам». Рух мағынасыз жұмысқа шатылып шырмалғанда адамда «жексенбілік невроз» үдей түседі. Апатия – адамның рухани қаңырауы ғана емес, жұмыссыздық неврозының негізгі симптомы. Ол тойып тамақ ішпейтін әлсіз адамның физикалық ахуалынан пайда болатын невроз түрлеріне ұқсайды. Себебі жұмыссыз адам ашқұрсақ жүреді. Ал аштық та өзінше невроз туғызады. Кейде жұмыссыздықтың өзі невротикалық ауруларды «тамақ» беріп семіртеді. Жұмыссыздық сарыуайымның ішіне еніп алады да, невротикалық дүниетаныммен біте қайнасып, өзінше бір тіршілікке көзқарас қалыптастырып шығарады. Былайша айтқанда, невротикке жұмыстың жоқтығы – таптырмайтын тамаша сылтау. Ондайда көктен тілегені жерден табылғандай болады. Енді ол жұмыстағы ғана емес, өмірдегі сәтсіздікті жұмыстың жоқтығына жабады. Қателігі мен бүлдірген «былығын» соған арқалатады. Мүлт жіберген мүмкіндіктің бәріне бейне бір тағдыр пешенесіне жазып қойғандай қараудан шаршамайды. Ол: «Эх, шіркін, жұмыс болғанда, бәріде басқаша болар еді. Өмірді керемет сүрер едім», – дейді. Егер соған қол жеткізсе, баянды ғұмыр кешер ме еді?! Жұмыссыз адам өміріне уақытша нәрсе сияқты қарайды. Оған жауаптымын деп ойламайды. Талап та етпейді. Жұмыссыздықтан туған бақытсыз хәлі, жауапкершілік пен жұрт алдындағы борышын арқаламауға себеп деп есептейді. Былайша айтқанда, ол тағдыры үшін жауап бермейді. Бақытсыздығы мен сәтсіздігінің себептерін тек тұрмыстан тарқатып отыра береді. Мұндай науқас: «Қысқа жіп күрмеуге келмеді. Әттең тонның келтесі-ай», – деп жата береді немесе тағдырдың пешенеге жазғаны деп әрекетсіз тіршілігін ақтайды. Сол арқылы жалқау, жауапсыз, өнерсіз кем-кетігін ақтап алады. Жұмыс табылса ғана бәрі өздігінен реттеледі деп сенеді. Жұмыссыздық неврозы да, басқа невроздар сияқты түптің түбінде адамның өмір салтынан, көзқарас позициясынан келіп шығады. Өйткені адамның невроз хәлі тағдырдың пешенеге соққан мөрі емес. Жұмыссыз жанның бәрі жаппай неврозға шалдықпайды. Бұл жерде тағы бір нәрсеге көз жетті. Жұмыссыз адам «әлеуметтік тағдырына» біржола мойынсынып «тапталып» кете ме әлде бағынбай қоршауды бұзып шығып, мағыналы өмірге қайта жалғана ма, ол жағын өзі шешеді. Жұмыссыздың психикалық жағдайын «тағдыр ілкіден кесіп қойды» дегеннің теріс екенін дәлелдейтін мысал жетіп артылады. Себебі түрлі экономикалық қиыншылықты бастан кешсе де, мойымайтын адамдар бар. Олар апатия мен депрессияның «шырмауығын» бырт-бырт үзіп, жарқын рухын азат күйде сақтап қалады. Қалайша деп таңғаласың. Осы сұраққа тереңдей түссек, ондай адам тұрақты жұмыс таппаса да, айналысатын басқа бір істі қолға алады. Мысалы, түрлі қоғамдық ұйымдарда, ересектерге арналған курстарда, көпшілік кітапханада пайдалы іске араласады. Тіпті тегін көмек көрсетеді. Жақсы музыка тыңдап, қоғамдық лекцияларға қатысады. Көп кітап оқып, оны достарымен талқылауды әдетке айналдырады. Жігерлі жас болса, мүмкіндігін пайдаланады. Жастардың клубтарына, спорт үйірмелеріне қатысып, қосымша өнер үйренеді. Мұндай адам артық уақытын мән үшін пайдаланады. Оларды да күйзеліс сезімін бастан кешпеді дей алмайсың, бірақ өмірін оптимизмге, үмітке толтыратын қабілетті қалай да тапты. Олар жалақы төлейтін жұмыстың мән табуға септігі тимейтіні сияқты жұмыссыздықтың да күйреуге ықпалы жүрмейтінін айыра білді. Невроздың бұл түрін жұмыспен емдеу – қате. Проблема пысықтық қабілетіңді өмірдің қандай мақсатына жұмсауды білмегеннен келіп шықты. Қате түсініктің кесірінен жұмыссыз пенде өзін қажетсіз және пайдасыз сезінеді. Бір жас жігіт мынадай оқиға айтып берді: ол жұмыс таппай тентіреп жүргенде ішкені ірің, жегені желім болады. Депрессиядан өзіне қол жұмсауға іштей бекінеді. Бір күні ол саябақта жылап отырған қызды көреді. Ол қызға жақын келіп:
– Қарындас, сізге не болды? Неге жылап отырсыз? – дейді. Қыз өмірінің тұйыққа тіреліп, қайғы-мұңға батқанын, енді суицидтен өлуге бекінгенін айтып жылайды. Өмірден түңіліп тұрған жігіт тез есін жиып, тыңнан жігер табады. Қызды суицидтен сақтандырмақ болып, жарқын болашақ, жақсы өмір жайлы айтып бастайды. Бір қызығы: оның сөздері қызға қатты әсер етеді. Бойжеткен райынан қайтып, өмірге құштарлығы оянады. Бұл сәтте жігіттің өзі де қуанышты күйді бастан кешеді. Осы сезім оны апатияның құрсауынан босатып жібереді. Міне-міне, тап осы шаттық сезім көптен бері көрінбей кетіп еді. Шаттықтың жылт еткен сәулесі екі адамның тағдырын оп-оңай оң тарапқа аунатып түсірді.
Бұл оқиғаға қарап, индивидуалды рухани реакция жігітке әуелден жазылып, анықталып қойған деу мүмкін бе? Қашан болмасын таңдау жасауға мүмкіндік бар. Экзистенция анализінің дүрбісімен қарағанда жұмыссыздық неврозының себептері анықтала түседі. Жұмыссыздық ситуациясын әркім әрқалай қабылдап, оның салдарын түрлендіре түседі. Яғни бір адам рухани ахуалын, мінез-құлқын, іс-әрекетін әлеуметтік шарттар анықтап қойды деп есептейді. Екіншісі, керісінше өзінің қоғамдық тағдырын өзі жасайды. Санасы сау мен невроздың айырмашылығы – осы. Сондықтан жұмыссыз адам апатияға жұтылып кете ме әлде рухани қайратын қайрай түсе ме, оны өзі таңдайды. Яғни екі қолға бір күрек табылмаса, одан невроз өсіп шықпайды. Керісінше, жұмыссыздық невроздан туады. Неврозға шалдығудың салдары адамның әлеуметтік ортасы мен экономикалық жағдайына өзгеріс әкеледі. Жұмыс үшін бәсеке басталғанда рухты тұлғаның жұмыста қалу мүмкіндігі жоғары. Апатияға түсіп, үмітсіздікке ұрынған невроздың жұмыста қалуы неғайбыл. Невроздың бұл түрі әлеуметтік салдарды туындатып қана қоймай, физикалық та әсер беруі мүмкін. Мән тапқан адам рухына тың қуат пен жігер құйылса, сондай сезім оның физикалық организміне де әсер етеді. Сол сияқты адам экзистенция вакумына құлайтын болса, рухани жігері де тез мүжіліп мұқалады. Бұл процесс оның организмінде де жүріп жатады. Мысалы, психиатрларға «жылдам психофизикалық тозу» синдромы жақсы таныс. Қария зейнетке шыққанда қартаю процесі жылдамдайды. Осыған ұқсас феномен жануарда да байқалады. Цирктегі жануар зоопаркте тамаққа тойып алып, тордың ішінде жата беретін туыстарымен салыстырғанда ұзағырақ өмір сүреді. Адамның жұмыссыз қалуына жазмыш тікелей ықпал етпесе, яғни оқыс жағдайға душар болмаса, онда онымен күресіп жеңуге болады. Мұндай адамға көмектесу керек. Ал жоғарыда талқыланған суицидтің алдын алу мәселесіне соматикалық, әлеуметтік, психологиялық, және рухани әдіспен келу керек. Соматикалық әдіс пациентті аштықтан сақтап, қажетті ас-ауқатпен қамтамасыз етеді. Әлеуметтік әдіс оған жұмыс іздеп, қоғамға кіруге, мәртебеге жетуіне жол ашады. Алайда бұл жұмыстар психотерапевтің құзыретінен тыс жүргізілсе, жұмыссыздық пен оның салдары (оның ішінде жұмыссыздық неврозы бар) бәрібір пациенттің санасында қалып қояды. Кең көлемде жасалған соматикалық, әлеуметтік көмектер нәтиже бермейді. Осы жерде, психологиялық әдіс қажет болады. Сосын барып рухани әдіспен «Мен бұл өмірде не істеп жүрмін? Бұл тіршілік әлемінде менің қаланатын кетігім қайсы?» деп дағдарып тұрған рухты матаудан босатпай, татымды жеміске жете алмаймыз. Әрине, жұмыссыздық проблемасын психотерапевтік амалдар мен идеялар арқылы жұмсартуға болады дегенге күмәнмен қарайтындар да табылады. Ондай кезде «Бізге көп ақша емес, әйтеуір айналысатын жұмыс керек» деген ұранды скептиктердің есіне салу керек. Бұл ұранды жұмыссыз жүрген әлеумет жақсы көреді. Әсіресе, жастар жағы. Логотерапия араласпайтын құрғақ психотерапия мұндай жағдайда күлкілі көрінеді. Мәселенің түпкі негізіне түсетін логотерапия болмаған соң, бергі жағынан қайтатын күллі әрекет тұйыққа барып тіреледі. Мысалы, қараңыз. Көшеге ұран ұстап айғайлап шығуға екі түрлі себеп бар. Біріншісі: жұмыс болмаса, аш қалады. Яғни ақша тауып, дұрыс тамақтану үшін демонстрацияға шығуға мәжбүр. Бұл – физиологиялық мұқтаждық. Екінші себебі: жұмыстың жоқтығынан ешкімге керек болмай, мәнсіз өмірге шырмалып, өмірден рақат ала алмай тұр. Яғни Мәнге жалғанып, вакумнан шыққысы келеді. Енді осындай аш отырған әрі мән таппай түңілген пендеге Фрейдтің классикалық психоанализ әдістерін қолдану мүмкін бе? Яғни оның өткен өміріндегі қуыс-қалтарысқа кіріп, өткен-кеткен кем-кетігін жиып-теріп, комплекстерін шұқылап отырса не болады, білесіз бе? Жұмыссыз адам одан жаны жай тауып, рақатқа бөленбейді. «Бала кезде жалқау болдың ба?», «Үйіңнің еркесі ме едің?», «Алма піс, аузыма түс» деген армандар болып пе еді?» деген сияқты сұрақтар керісінше одан сайын ашуын туғызуы мүмкін. Мұндай жағдайда тиімді әдісті экзистенция анализі ұсынады. Ол жұмыссыз пациенттің ішкі еркіндігіне қол жеткізуге жәрдемдеседі. Логотерапия оның басынан бағы тайғанына қарамастан, жауапкершілікті арқалауды үйретеді. Еркіндік пен жауапкершілік біріккенде оның тауқыметке толы тағдырына Мән бітіп, адами бет бейнесін сақтап қалуға мүмкіндігі молаяды. Біз байқағанымыздай, адамды жұмыссыздық қана жарға апарып жықпайды. Мәннің мәселесі шешілмесе, жұмысқа деген құмарлық та адамды неврозға апармай қоймайды. Мысалы, ІT мамандарын алайық. Олар өмірі сағатпен жұмыс істемейді. Күндіз де, түнде де компьютердің алдында отырады. Жаңадан шыққан бағдарлама олардың құмарлығын оятады. Бірақ осы құмарлық бір күні неврозға соқтыруы мүмкін. Жұмыс туралы теріс түсініктен туындайтын невроздық позиция мен оны мағыналы өмірді толықтырушы шынайы құрал деп танитын сау позиция арасындағы айырмашылықты айырып үйрену керек. Адам еңбек процесінің құралына айналмауы керек. Ол жұмысқа араласқанда адами қасиетінің мүжіліп, өзінің роботқа айналып кетуіне жол бермеуі тиіс. Адамның жұмысты табуға және істеуге деген қарым-қабілеті анау айтқандай шешуші фактор емес. Бұл факторлар адамның мағыналы тіршілік иесіне айналуына берік фундамент бола алмайды. Мысалы, мынадай да адам бар. Оларда жұмыс табуға да, істеуге де мүмкіндігі шамалы. Іскерлік қабілеті де төмен. Ол өмірінің мәнін уысынан шығармай, толығымен сақтап қалады. Жалпы алғанда рақат тілейтін құмарлық туралы да осыны айтуға болады. Кейбірі белгілі бір сфераны таңдап алып, Мәнді соның ішінен іздейді. Бірақ сол сферада оның өмірлік тәжірибесі шектеліп, 30-40 жылдай жұмыс істеуі мүмкін. Мұндай жағдайда осылай шектелуге объективті негіз бар ма, жоқ па, соны білу керек әлде солай шектеліп қалуға амалсыз көнетіндей мәжбүрлік болды ма, оны да анықтау керек. Егер бір адам Мәнді бір ғана сферадан іздеп, өмірін соның жолында сарп етсе, оның басқаша әрекет етуіне шансы болмауы да мүмкін. Невротик жұмыс істеу қабілетін сақтап қалу үшін рақат пен ләззаттан ешқандай негізсіз бас тартады. Яғни бір жұмысқа басымен кіріп кетеді де, басқа әлеммен ісі болмайды. Кәсібінің ұңғыл-шұңғылына кіріп, тереңдеп кете береді немесе керісінше, ләззат алу үшін жұмысқа деген қабілетінен бас тартады. Ондай адамға жалақысы жақсы жұмыс тауып берсең де, ол түрлі құмар ойынға шатылып, жұмысқа деген зейіні мен бейімін түгел қиратып бітеді. Бұдан шығатын қорытынды: Өмірдің мәнін таппаған адам жұмыс тапса да, таппаса да, невроз хәлінен құтыла алмай жапа шегеді. Неміс жазушысы Алиса Литткенстің тілімен айтқанда: «Махаббат жоқ жерде оның орнын жұмыс басады. Жұмыс жоқ жерде наркотик махаббатқа айналады».
Жексенбілік невроз
Жұмыстың ләззаты мен өмірден алатын табиғи рақат бір-біріне ұқсамайды. Екеуінің табиғаты екі бөлек. Бірақ невротик өмірдің нағыз шырынды ләззатын сезіне алмайды. Далаға шықса әлемнің кеңдігі үрейін ұшырады. Бос кеңістік бейне бір қаңыраған кеудесі сияқты сезіледі. Ол содан безініп, қуыс-қалтарысқа «қашып тығылуға» тырысады. Осындайда жұмыс орны – таптырмайтын баспана. Сол жерде кәсібіне жабысып алып, тіршілікке араласпай шет қалады. Бірақ жүз жерден жасырынып, өмірден қашып баққанмен, оның қызметі, уақытша болсын, тоқтаған сәтте Мәннің тапшылығы, көкіректің бостығы жанға кірген жантақтай қайтадан мазаны алады. Қарапайым мысал: жексенбі күнін алайық. Жексенбі күні қолы бос адам киноға бармаса не біреумен кездесіп, сөйлесе алмай, ол күнді құр жіберіп алса, жігері құм болады. Көңілін дереу қайғы торлайды. Себебі жексенбі – кез келген үлкен қалада аптаның жағымсыз күні. Әсіресе аптаның жұмыс қарқыны осы күні бәсеңдейді. Қала өміріне тән жалғыз сүреңсіз күн. Көңілінде мақсат-мұраты жоқ адам көшеде асығыс-үсігіс, жан-жағына бұрылмай, арындап кетіп бара жатқанда өзін мақсатсыз бағытта зымырап бара жатқанын байқамайтын сияқты. Бірақ сырт көзге нақты бір мақсатқа жету үшін асыққандай көрінеді. Шындығында көп адам өз-өзінен қашып жүреді. Бірақ бәрі бекер. Ешкім ешқайда қашып құтылмайды. Күндегі қарбалас пен қызу тірлік жексенбіде сап тыйылғанда мағынасыз өмір кеуденің бос екенін көрсетеді. Амал жоқ жексенбіден бәрі қашады. Бірі дискотекаға бас сауғалайды. Онда музыка бақырып, даңғырлап тұрса, тіптен жақсы. Салиқалы әңгіме айту міндетінен құтылады. Ойланудың да қажеті жоқ. Есіл-дертің биде болса, жетіп жатыр. Спорт та – «жексенбілік невроздан» қашқанға таптырмайтын «баспана». Біреуге футбол қызық. Командасының қай матчта ұтқаны маңызды сияқты. Алайда, алаңда жүгірген жиырма екі адам мен ала доп жұрттың өмірлік мәні болуы мүмкін бе? Шаршы алаңда боксшы жұдырықтасқан сайын қанды қыздыра түседі. Ол кеудеге мән бітіруден бұрын фанаттардың арасында садизм элементін туғызуы мүмкін. Бұл жерде спортқа қарсымыз демейміз. Бұл кәсіптің өмірге мән сыйлайтын қандай құндылығы барын ғана анықтауға тырысамыз. Мысалы, альпинисті алайық. Тауға өрмелеу жігер мен қайратты қажет етеді. Спорттың бұл түрін енжар кейіпте сыртынан тамашалап отырмайсыз. Бұл жерде альпинистің жетістігі ғана рөл ойнайды. Бұларда физикалық күш те бар. Қауіпті жартастан өткенде альпинист күшін көрсете алады. Шыңды бағындыру – өрмелеуші батырдың ішкі үрейін жеңген психологиялық жеңісі. Ол психологиялық әлсіз тұстарын, мысалы, биіктен қорқу немесе бойындағы қорқыныш сезімін, жеңуді үйренеді. Одан бөлек, бұл өнерде басқа спорттағыдай бәсекелесу, біреуден озу, рекорд жаңарту сияқты мағынасыз құмарлық болмайды. Альпинисте «өзін жеңу» деген бір ғана мақсат болады. Әрі әлеуметтік жауапкершілікті арттырады. Бір арқанда бірнеше өмір ілініп тұрады. Олар бірлесе қимылдап, бір-бірін шынайы достықпен сүйрегенде ғана аман-есен мақсатына жетеді. Бізге де керегі – осы сезім! Дегенмен «рекорд орнатсам» деген мағынасыз құмарлықтың арасынан адамға тән қасиетті де табуға болады. Өйткені рекорд орнатуға ұмтылыс әркімнің қайталанбас ерекше тұлға екенін айтқысы келген ниетінен шығып жатыр. Айтпақшы, осыған ұқсас ұмтылысты тобырлық психологиядан да байқаймыз. Яғни қайда жүрсең де, өзіңді біреуге ұқсатпай, дараланып тұруға тырысу. Мысалы, модамен киінген елден ерек көрінуді қалайды. Бұл да – адамға тән құбылыс. Себебі әркім – қайталанбас ғажап жаратылыс. Өкінішке орай, жұрт сыртқы формада өзгеріп, ішкі реформаға өте алмай мешеулеп қалады. Неврозға шалдыққандар өнер болсын, спорт болсын – бәрін де теріс мақсатта пайдаланады. Нағыз өнер мен көркем құндылықтан шынайы ләззат алу кісіні байытып, болмысының терең қабатына сүңгуге көмектеседі. Ал невроз өнерге өзінен қашып шығудың құралы ретінде қарайды немесе өнерді сылтауратып ішкілікке үйір боп, мастыққа батып кетеді. Мысалы, тіршіліктен Мән таппай, жаны күйзелген пенде өзінен қашуға тырысқанда детективті кітаптарға жабысады. Егер кітапта «соңы немен бітер екен» деген сұрақ оны еліктіріп, ләззат сыйлайтын болса, ондай рақатқа «-2» деген баға қоямын. Себебі ол да рухты уақытша жұбатып тұр. Өзіңнен қашудың мұндай тәсілін Шопенгауер «жалғыз мүмкіндік» деп атаған. Бірақ сол жалғыз мүмкіндіктің өзін қате мүмкіндік дер едім. Алдамшы сезімді аңсаушыға қолайлысы – өлім. Өмірде де, өнерде де солай. Мысалы, әлдебір ақымақ детективті кітап оқып алып, өлім мен қасірет жайлы құмартып тағы біле түскісі келеді. Бірақ қасірет пен өлім абстрактілі ұғым болғандықтан, оны құр әңгіме қанағаттандырмайды. Ол киноға барып, атыс-шабыста қаны төгіліп, миы шашылып өлгендерді көргісі келеді. Оның мұндай әрекеті құмарлық сезімін қандыру үшін нерв жүйесінің сілкінісін қолмен жасайтын нашақордың әрекеті сияқты, тоқтай алмай дозасын көбейтіп отырады. Бөтен адамның өлімі оған контраст (кереғар) эффектіне жету үшін ғана керек. Біреу-міреу өлу керек болса, онда өзі емес, басқа біреудің өлгені керек сияқты болады. Мұндай адам іштегі үрейінен, келмей қоймайтын ажалынан қашуға ұмтылады. Өмірінде ар-ұятты ойламаған адам үшін өлім деген қорқынышты. Бағалы ғұмырын дұрыс пайдалана алмаған пендеге өлімнің үрейі қатты сезіледі. Мұндай адам ажалмен бетпе-бет келуге дайын емес. Өлшеулі өмірін мәнге толтырып, өмірлік миссиясын орындаудың орнына, жалған сенімнен пана іздеп, өлімнен қашпақшы болады. Өлім жазасына кесілген адам өзінің соңғы сағатына дейін мүмкін, кешіріп, босатып жіберетін шығар деп сеніп тұрады. Мұндай адам «өлім мен қасірет басқалардың тағдырына жазылған» деп, өзін алдай түседі. Невроздың кейбірі романдар әлеміне тығылып, өзін романдағы ойдан туған «қаһарманға» ұқсатады. Есіл-дерті рекорд жаңарту болған спортшы құрмет пен қошеметке құштар болады. Ал арзанқол романды жақсы көретін невротик кітап кейіпкерінің не қиял «қаһарманның» ерлігінен қанағат табады. Өмірде жіберетін басты қателігіміз – табысқа масаттану, жетістікке тоқмейілсу. Адам тоқмейілсінбеуі керек. Өмір бір сәтке аялдатпай, соңы жоқ сұрақтарын тоқтаусыз қоя береді. Тоқмейілсу ардың құлағын бітеп, Тәңірдің үнін естіртпейді. «Тек жатқаннан Тәңірім безеді» деген. Шығармашылықта болсын, рухани дамуда болсын жетістікке қанағаттанба. Әрбір күн, әрбір сағат бізден жаңа ерліктер күтеді.
МАХАББАТТЫҢ МӘНІ
Ең алдымен махаббат туралы парықсыз ойлар мен керегі жоқ әзіл-қалжыңды бірден шығарып тастаймыз. Себебі қоғам бастан кешкен сезімімен де байып құнарлана түседі. Әсіресе екі жас арасында ғашықтық оянып, интимді байланыс орнағанда жансарайдың құндылықпен баюы жылдамдай түседі. Бұл сезім әркімде әрқалай. Себебі бір сезім екінші біреуде айна-қатесіз қайталанбайды. Өзіңнің қайталанбас тұлға екеніңді дәлелдеудің екі жолы бар. Біріншісі – жасампаз құндылық арқылы. Ол кезде адам белсенді болады. Талантын пайдаланып, құндылық өндірумен шұғылданып, көзге түседі. Екіншісі пассивті болады. Жұрттың жүрегін жаулаумен әуре болмайсың. Әдетте белсенді адам көптің көзайымына айналу үшін барын салып бағады. Бұл нығмет пассивті жанға көктен түскен көк қошқардай жеңіл жолмен келеді. Бұл жол – махаббат деп аталады. Дұрысы, саған біреу ғашық болады. Ол кезде өзіңді мойындату үшін жаныңды сап еңбек етпейсің. Бұл нығмет Тәңірдің мейір-шапағатымен өзі келіп қонады. Махаббат майданы басталғанда ғашығың қайталанбас табиғатыңды танып қояды. «Сіз» деп әдеп сақтайтын шекараны қиып өтіп, ғашығының тұлғалық өзегіне тіке жол тартады. Сен ғашық жанның көз алдында қайта тумас тау тұлғаның өзі болып шыға келесің. Ол сенсіз өмір сүре алмайды. Қызығы, оны сондай жағдайға жеткізу үшін ешқандай күш-қайрат жұмсамайсың. Сонымен саған біреу ғашық. Себебі сен біреуге ұқсамайсың. Ішкі дүниеңде он сегіз мың ғаламда саған ғана тән, саған ғана нәсіп болған құндылықтар қазынасы көмулі жатыр. Махаббат бүр жарғанда осы құндылықтар тіріліп, гүл аша бастайды. Мұндай махаббатқа кезігу үшін еңбек сіңірмейсің. Бұл – Тәңірдің адамға сыйлаған тегін мейірім-шапағаты. Франклдың ойын қосымша қазақша тәпсірмен толықтыра кетейік. Әдетте адам өмір сүргенде ол сенімді қадамға бару үшін махаббат сезіміне мұқтаж. Яғни қандай қателікке ұрынсаң да, қанша рет қара басып, жаза бассаң да сені бар болмысыңмен жақсы көріп тұра беретін адамға мұқтажсың. Әдетте бұл міндетті анамыз атқарады. Бірақ біз нағыз өмірге араласып қара шаңырақтан алшақтап, профессионалды өмірге қадам басқанда туған анамыз сияқты қандай қателікке ұрынсақ та бізді шексіз сүйетін адамға тәуелдіміз. Енді ананың махаббаты аздық етеді. Тұлғаның жеке өзіне ғана арналған эротикалық махаббаттың қажеттілігі айқын болады. Бірақ біз оны ешкімге барып маған сондай махаббат керек деп ашып айта алмаймыз. Осылай қиналып тұрған сәтте бір адам сізге ғашық болып қалады. Ол сен үшін өмірін құрбан қылуға дайын. Сенімен қол ұстасып, шөл кезіп кетуден де қорықпайды. Бұдан соң тағдырыңмен қорықпай жекпе жекке шығуға жігер табасың. Франклдың сөзін жалғастырсақ, махаббат – тегін келген нығмет қана емес, сонымен қатар сиқырдың нағыз өзі болып шығады. Ғашық жанға махаббат әлемді сиқырлап, қосымша құндылықтармен көмкеріп тастағандай көрінеді. Махаббаттың сәулесі ғана құндылықтың қабылдау мүмкіндігін анағұрлым зорайтып жібереді. Бейне бір құндылықтар дүниесінің қақпасы айқара ашылғандай болады. Ғашық адам сүйіктісіне жан-тәнімен берілгенде өзінің де ішкі дүниесін дамылсыз байытып жатады. Ол бір ғана ғашығының болмысына байланып қалмайды. Ол үшін он сегіз мың ғалам кеңейген үстіне кеңіп, тереңдеген үстіне тереңдеп бара жатқандай көрінеді. Шындығында махаббат адамды соқыр қылмайды, керісінше оның көңіл көзін құндылықтар әлеміне ашып жібереді. Франклдың бұл айтып отырған теориясы мектеп ұстаздарына түк те таңсық емес. Әдетте орта мектепте сабақ беретін ұстаздар салдыр-салақ, үсті-басына қалай болса солай қарайтын, сабаққа немкетті қатынайтын баланы тәртіпке сала алмай діңкелейді. Бір күні ол сыныпқа басқа ауылдан көрікті қыз ауысып келеді. Бұрынғы бұзық бала оған ғашық болып қалады. Ол сол күннен бастап өзін өзі қолға алады. Жағасы кірлемейді, шалбарының қыры сынбайды. Оқуда озат, тәртіпке жүйрік болып шыға келеді. Бір мектептің коллективі түзей алмаған баланы махаббат сезімі бір-ақ айда адам қылады. Тіпті ол бала поэзиямен шұғылданып, әңгіме жазып, түрлі үйірмеге барып өнеріне өнер қоса бастайды. Ол балаға серпін беріп тұрған тек махаббаттың шұғыласы. Махаббаттың шаттығын, бақытын, мастығын тағы басқа нығметтерін айтпағанда мынадай құдіреті және бар: махаббаттың себебінен дүниеге жаңадан адам (сәби) келеді. Оның да іші қайталанбас құпияға толып тұрады.
Махаббаттың үш сатысы
Логотерапияның психотерапиядан айырмашылығы адамды соматикалық, психофизикалық және ноологикалық қабаттарға бөліп қарастырады. Тұлғаның осы қабаттарын махаббат сезімі арқылы екінші бір ғашық жанның қалай қабылдайтынын тарқатамыз. Жоғарыда пенденің болмысын үшке бөлдік. Соған сәйкес махаббат сезімі де үш сатыда өрбиді. Қарабайыр түрі – сырттағы тәнмен әсерлесу. Яғни сексуалды байланыс. Біреудің физикалық сырт келбеті екінші біреуді сексуалды тұрғыда қоздырады. Бұл қозу процесі түр-тұрпаты тартымды адамның физикалық денесіне жанасқанда күшейеді. Ол – кәдімгі қарабайыр секс. Одан бір саты жоғары деңгейде эротикалық байланыс тұрады. Дәл анализ жасау үшін эротика мен сексуалды қатынастың шекарасын сызу керек. Эротикалық байланыс қарапайым сексуалды қозуға жатпайды. Адамның физикалық денеге жанасуы не партнерінің сексуалды тартымды болып, құмарлықты қоздыруы шарт емес. Адамның физикалық табиғаты оның сыртқы қабығы десек, эротикалық қасиеттер психофизикалық қабатқа тереңірек енеді. Енді психологиялық эмоциялық деңгейде қозуды бастан кешеді. Екі жұптың мұндай байланыста болуын «қатты құштарлану» деп атайды. Яғни, қыздың мінез-құлқындағы бір ерекшелік жігітті әуес қылады. Сонымен былай қорытындылаймыз: қарабайыр сексуалды қатынас жұбының физикалық сипатына ғана бағытталады, одан әрі бара алмайды. Эротикалық қатынас немесе құштарлық қатынасы физикалық тәніне ғана тәуелді болып қалмайды. Бірақ серігінің жүрегіне кіре алмайды. Тек психофизикалық қабатта қалып қояды. Жүректі жарып өтетін ірі ғашықтық тек үшінші деңгейде ғана мүмкін. Ол нағыз махаббат деңгейінде болады. Махаббат эротикалық сезімдердің солып, сөнген жерінен басталады. Қорықпай-ақ қойыңыз. Махаббат сөнбейді. Тек лапылдаған сезім сөнеді. Ол кезде сүйген жан ғашығының терең тұлғалық қабаттарын тесіп өтеді. Ендігі жерде махаббат басқа адаммен рухани болмыс ретінде байланысқа түсу сатысына көтеріледі. Ғашықтардың рухани бірігуі – бірліктің биік дәрежесі. Ғашық жанды сүйген жарының физикалық немесе эмоциялық ахуалы толыққанды қоздырмайды. Оны ғашығының рухани ұқсастығы көбірек қызықтырады. Осылайша махаббат ғашықтарды тұлғалық дәрежеде табыстырады. Яғни бір-бірінің ешкімге ұқсамас өзгешелігі мен қайталанбас сипаттары бір нүктеде тоғысады. Рухани ядро адамның соматикалық денесі мен психофизикалық қабатының өзегінде тұрады. Психофизикалық, соматикалық қабаттардан көрінетін іс-әрекеттің түпкі іргетасы – рухани ядро. Соматикалық және психофизикалық қабаттарды рухани ядроның сыртқы киімдері десек те болады. Секске әуесі кетіп немесе құштарлығы күшейген адам сүйген серігінің психикалық ерекшеліктері мен физикалық сипаттарына зауқы оянады. Серігінің бойына біткен әдемі қылықтарына тартылып тұрады. Ал нағыз махаббат хәлінде басқаша. Яғни серігінің қылықтарына емес, оның өзіне ғашық болады. Осылайша нағыз ғашық жан сүйгенінің физикалық және психикалық қабатын жарып өтіп, рухани ядросы өзегінен бір-ақ шығады. Мұндай адамды ғашығының көздің жауын алатын физикалық дене тұрқы немесе тартымды қылықтары қызықтырмайды. Оны сүйген серігінің ешкіммен салыстыруға келмейтін қайталанбас тұлғалығы ғана қызықтырады. Біз көбіне құштарлық жағдайында мынадай тенденцияны жиі байқаймыз. Яғни бұл сезім таза сексуалды сипатқа ие болмайды. Психоанализде мұндай тенденцияны «шырғалану» немесе «маталып қалу» деп атайды. Бұл терминді кім енгізсе де, сәтті ойлап тапқан. Бірақ психоанализде бұл тенденция басқа мағынада қолданылады. Психоаналитиктердің теориясы бойынша инстинктен туындайтын мақсаттың сексуалды сипаты болады. Біздің көзқарас бойынша бұл тенденциялар басқа мағынада шырғаланып, ілінісіп тұр. Яғни психоаналитиктер махаббатты етегінен тартады. Бұл тенденция екі жұптың әлдеқайда ұлық формаға өтуіне мүмкіндік бермейді. Сезімнің түлеп, жаңаша гүл ашуына кедергі келтіреді. Сүйген жұбының рухани болмысына тереңдеп батуына бөгет болады. Ғашық адам сүйген жарының қайталанбас рухани ядросына өту үшін талпынады. Біз бұл ойды қарапайым эмпиризм әдісімен-ақ түсіндіре аламыз. Мысалы, скептикке бүй десек: «Сүйген жарыңнан мәңгілікке айрылдың. Ол қайтыс болды. Сыртқы сымбатымен ішкі темпераменті алғашқы ғашығыңнан аумайтын адамды әкеп, «бірінші ғашығыңды қалай сүйсең, мынаны да солай сүй» десе, не дейсің? Бұрынғы махаббатты айна-қатесіз мына әйелге арнай аласың ба?». Ол міндетті түрде «Жоқ» деп жауап береді. Махаббат сезімін бұлайша қолмен көшіру – миға сыймас құбылыс. Себебі адам ғашығының психикалық немесе физикалық мінез-құлқын есіне аз алады. Оның есіл-дертін жарының қайталанбас тұлғасы жаулайды. Қайталанбас болғандықтан да, ешкім алмастыра алмайды. Дубликат қанша жерден сұлу болса да, жігіттің аңсары аумайды. Ал сүйгенінің рухани ядросына жете алмай құштарлық қабатында қалып қойғандар тағы бір «дубликатты» тауып алуы мүмкін. Себебі оның мақсаты қайталанбас тұлғаның өзегіне сүңгу емес қой. Серігінің темпераментіне ғана байланып қалған еді. Ондайлар үшін қылықты келіншектер табыла береді. Сондықтан да оның құштарлығы келесі дубликатқа оңай ауысады. Сүйіктісінің рухани ядросына сүңгіген шын ғашықтың келесі дубликатқа аңсары аумайтынын қазақ арасындағы мына тәмсілмен түсіндіреміз. Жиренше шешеннің әйелі Қарашаш қайтыс болады. Қарашаштың жылынан соң әз-Жәнібек хан Жиреншеге: «Бойдақ жүргенің жарамас. Қатын алмасаң болмайды» дейді. Жиренше амалсыз келіседі. Хан ел ішінен бір жесірді айттырып береді.
Арада біраз уақыт өткен соң Хан одан:
– Қатының қалай жақсы ма? – деп сұрайды. Жиренше:
– Жаман емес жақсы. Тек күндіз екеуміз, түнде төртеуміз, – дейді. Хан:
– Түнде төртеуің қалай?– деп таңқалады. Сонда шешен:
– Ері есіне түседі,
Теріс қарап жатады,
Оныменен ол екеу.
Қарашашты ойлаймын,
Мен де теріс қараймын,
Оныменен мен екеу.
Оймен тауып жолдасты
Боламыз түнде біз төртеу.
Таң атқан соң оянып,
Тұра келсек тағы екеу!
Қыздай алмай қатын болмас,
Есік көрген мақұл болмас.
Қанша жақсы көрем десең де,
Бұрынғыдан жақын болмас.
Байы өлген қатынды алу,
Ойлағанға ақыл болмас, – депті.
Немесе осы ойды хәкім Абайдың «Жарық етпес қара көңілім не қылса да» деген өлеңімен оп-оңай түйіндеуге болады.
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,
Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына таңылса да.
Махаббаттың ядросы
Шынайы махаббаттың объектісі ретінде рухани ядро шын ғашық үшін ерекше болады. Оны ешкім алмастыра алмайды. Бұдан мынадай шындық шығады: нағыз махаббат – ғашықтық сезімнің сөнбеуінің жалғыз ғана кепілі. Адамның физикалық дене мүшесі жыл өткен сайын қартайып шөге береді. Уылжыған алма бетті әжім басады. Ал психологиялық көңіл күй – өзгермелі құбылыс. Есейген адамның психикасы өзгермей тұрмайды. Сексуалды құмарлық – лап етіп, қайта сөнетін тұрақсыз сезім. Күйіп-жанған бұл сезім тоят тапқан соң-ақ лезде ғайып болады. Серігіне әуесі кетіп, қатты құштарлану да сирек жағдайда ұзаққа созылады. Рухани байланыста мұның бәрі басқаша. Басқа адамның рухани ядросына кіре білген және оны сүйе білген әрекет қана мәңгілік саналады. Сонымен нағыз махаббат дегеніміз екінші бір тұлғамен рухани байланысу болды. Қайталанбас ерекше тұлғаның ішкі сарайына үңілуді келіп-кетер сезімдермен салыстыруға болмайды. Тез келіп тез кету, лап етіп қайта сөну, уақытша құштарланып тұру физикалық құмарлық пен психикалық сезімдерге тән. Махаббат эмоциялық көңіл күйдің терең түбіне кетеді. Ол – интенционалды акт. Яғни ол өзге бір тұлғаға мақсатты түрде бағытталады. Лап еткен сезімдер сияқты көрінген әрбір сұлуға көңілі толқып кетпейді. Махаббат феномені жеме-жемге келгенде тіршілікке тәуелді емес. Махаббаттың шынайы табиғаты пәнидегі тіршілікке байланып қалмаған. Махаббаттың осындай еркіндігі мен азаттығы болғандықтан да, ол тіршіліктен үстем тұрады. Міне, сондықтан да махаббат сүйген жарын жоғалтса да, одан біржолата зардап шекпейді. Керек десеңіз, оның өлімнен не себепті күшті екенін осы ретте түсінеміз. Ажал адамды ғашығынан айыруы мүмкін. Ол енді жоқ. Бірақ оның мәңгілік болмысын өлім жоя алмайды. Оның қайталанбас болмысы басқа да мәңгілік болмыстар сияқты жоғалмайды. Ол уақытқа, кеңістікке тәуелді емес. Яғни өлмейді. Мұны былай түсіндірген оңай: әдетте біз артында өлмейтін сөз қалдырған ұлыларды өлді деуге сыйғызбаймыз. Олардың құнарлы ойынан қуат алғанда бізге бейне бір арамызда жүрген тірі адамдай сезіледі. Бірақ бұл – ұлы тұлғаларға ғана тән нәрсе. Адам махаббат дертіне шалдыққанда осы ажалсыз аймаққа өтіп кетеді. Сүйген жан үшін ғашығы мәңгі өлмейді. Уақыт оған әсер етпейді. Бұл жерде бізді «Платонның философиясына тереңдеп кеттіңдер, бұл құбылыс эмпиризмнен алшақ жатыр» деп айыптаудың қажеті жоқ. Бәріміз мынаны мойындауға тиіспіз. Ажалсыз аймақ туралы пікірдің де интеллектуалды негізі бар. Мысалы, концлагерьде болған бір пациентіміз былай деп естелік айтады: «Лагерьде жүргенде бәріміз тоқырап тоздық. Жер бетіндегі бақыт атаулы қамауда көрген қорлықтың орнын толтыра алмас деп торықтық. Қорлықтың бәрін тізе берсең: «Бүйтіп өмір сүргенше тоққа түсіп өлген жақсы» деген ойға тірелесің. Бірақ осынша қорланса да, өзіне қол салмай тірі жүрген төзімділер іштей бір міндетті сезінетін. Олардың терең сезім қатпарынан бір сигнал келетіндей көрінетін. Өзім іштей: «шешемнің көз алдында қайтсем де тірі қалуым керек» дедім. Анам екеуміз бір-бірімізді өлердей жақсы көруші ек. Сондықтан өміріме, бастан кешкен қорлыққа мән бітті. Бұған не үшін төзіп жатқаным түсінікті болды. Жаратушы Иеммен былай деп шарт жасастым: «Уа, Тәңірім, алда-жалда ажалым тола қалса, менің өмірім шешемді сақтап қалсыншы. Мейлі соңғы демім үзілгенше мен-ақ қорлық тартайын. Бірақ есесіне анамның ажал сәті келгенде оның жантәсілімін жеңілдет». Осындай құрбандыққа барғанда ғана қорлыққа төзуім мүмкін еді. Өмірімде Мән болса оны абыроймен сүріп шығамын. Қорлық тартып өлуге де дайынмын. Бір ғана шарты болса. Қорлық пен өлімде Мән болса... Концлагерьде жүргенде қалт еткен уақытта, анамның жандүниесі жайлы ойлап кетуші ем». Біз осы құбылысты былай талдаймыз: жігіттің концлагерьде жасампаз құндылық өндіруіне мүмкіндік жоқ. Есесіне оған махаббат әлемінің қазына байлығы ашылды. Шешесін махаббатпен еске алған сайын өмірлік миссиясын орындады. Сезім құндылығын жүзеге асырды. Жігіт әңгімесін әрі тарқатып: «Тіпті шешем тірі ме, жоқ па бейхабармын. Концлагерьде бір-бірімізден тырс еткен ақпарат жоқ. Бірде мынадай ой түсті: «Неге шешеммен диалог құрмасқа?!» Сосын көзге елестетіп шешеммен сұхбат құруды әдетке айналдырдым. Сонда ғана «Шешем тірі ме әлде өлі ме?» деген мазасыз ойдан арылдым» депті Жігіт анасының биологиялық тұрғыда «бар, яки жоқ» екенін сол күйі білмеді. Бірақ анасына сүйіспеншілік сезімі солғын тартпаған. «Анам бар ма?», «Қазір қайда жүр?» деген мазасыз сұрақтан құтылған. Себебі шешесіне махаббаты оның денесіне емес, жан-жүрегіне бағытталған. Шешесінің биологиялық не психофизикалық денесі маңызды емес. Оның махаббаты өзі өмірден жоғалғанда ғана бірге сөнеді. Шын ғашық сүйгенінің өлімін мойындамайды. Тура сол сияқты өзінің де өлімін миына сыйғыза алмайды. Себебі адам өзінің өлімі жайлы фактіні толыққанды сезіне алмайды. Оны мынамен де беруге болады: «Өмірге келмес бұрын қайда және қандай күйде болдың?» деген сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Ойланып қараңыз, туғанға дейін өзіңіз де, сүйген жарыңыз да қайда болып еді? Өлім хәлін айна қатесіз сипаттаймын дейтін адам бірінші өзін алдайды. Оның сендіргісі келген нәрсесі ақылдан тыс жатыр. Сондағы дәлелі – тірі организмнің тоқтағаны, тірі кезінде жүріп-тұрған денесінің сірескен мәйітке айналғаны. Денесі қара жерге көмілген адам біржола жойылды деп айту дұрыс емес. Дұрысы тұлғаның өзін көрсететін, сөйлей алатын, жүре алатын физикалық мүмкіндігі ғана жоғалды. Ал рухани байланыс сол күйі тұра береді. Осылайша шынайы махаббаттың адамның физикалық жүріп-тұруына тәуелсіз екеніне тағы да көз жеткіземіз. Бірақ махаббаттың бұл дүниеде кірпіш тәннің ішінде көрінгісі келмейді дегенді білдірмейді. Ер мен әйелдің жұптасып, төсекте табысуы махаббаттың бірінші шарты емес. Ғашықтардың тар төсектегі рақаты – махаббаттың бар екенін білдіретін көп құбылыстың бірі ғана. Шындап келгенде нағыз махаббат төсекте табыспай-ақ өмір сүре алады. Қос ғашықтың көрпе астында аймаласып қосылуы мүмкін болған жерде махаббат ондай нығметтен бас тартпайды. Ал егер бір себеппен секстен бас тартуға тура келсе, махаббаттың жалыны әлсіреп, біржолата сөніп қалмайды. Мысалға, соғыстың кезінде мұздай окопта ұзақ уақыт отырып қалып импотент болған солдаттар бар. Соғыс біткен соң олар Отанына оралады. Отбасына аман-есен жеткен соң сүйген жарымен төсекте «табыса» алмайды. Бірақ сонда да олардың өлгенше жұптары жазылмайды. Арбаға таңылған белсіз еркектің ақыл-парасатына қызығып, оған тұрмысқа шығатын қыздар да кездеседі. Егер махаббатты секс дейтін болсаңыз, мұндай жағдайда үйленудің не қажеті бар?! Адамның дене тұрқы да мінез-құлқын көрсетіп тұрады. Ал мінез-құлқы оның рухани тіршілік иесі екенін білдіреді. Яғни рухани болмыс психикада және кірпіш тәннің ішінде өзінің ойлары мен қалауларын білдіруге талпынады. Осылайша сүйген адамның дене-бітімі оның ішкі жандүниесінің мазмұнын білдіретін символға айналады. Рухани ядрода қайнап жатқан жағымды эмоциялар сыртқы сымбаты арқылы көрініс табады. Саф таза махаббаттың өзі қозуға да, денеге де немесе тағы басқа заттарға мұқтаж емес. Бірақ оларды махаббат керегіне жарата береді. Яғни тән мен қозуды Махаббат сайман сияқты қолданады. Сексуалды қозудың махаббатқа тікелей қатысы жоғын мынадан білесің: құмарлық инстинктісі бұзылмаған еркек өзі сүймейтін бейтаныс әйелдің денесіне жанасса зауқы қоза береді. Әдетте надан адам серігінің ішкі сырына емес, сыртқы сымбатына құмар болады. Сондықтан да оның жандүниесіне терең бойлай алмайды. Парасаты мол кісі сыртқы келбеттің өзін іштегі тереңдіктің белгісі деп біледі. Сыртқы сұлулықты маңызды көрініс деп алданбайды. Бірақ оның да мәнін түсініп қояды. Бұл тараптан түскенде махаббат та серігінің сыртқы сымбатын күйіп-жанып қозу үшін пайдалана алады. Себебі физикалық тұрғыда араласып, сыйласып, бір-біріне тартылып жүрген ғашықтар түбінде тар төсекте табысады. Тағы да қайталап ескертеміз. Шын ғашықтар үшін сексуалды қарым-қатынас – олардың рухани байланыста бар екенін нықтай түсетін қосымша аргумент. Яғни олар «біз бір-бірімізді шын сүйеміз. Шын сүйгендіктен де төсекте қосыламыз» деуге моральды ақысы бар. Махаббат осындай рухани бірліктен барып, төсектегі формаға өткенде адамның абыройын асқақтата түседі. Адамның физикалық сыртқы бет-келбеті шын ғашықтық жолында үлкен қызмет атқара алмайды Оның сұлу сымбаты, тартымды мінез-құлқы махаббаттың арқасында ғана эротикалық сезімдерге айналады. Махаббаттың сәулесі түскенде ғана оның психофизикалық қасиеттері тартымды болып шыға келеді. Осы себепті де косметиканы қолдану мәселесіне асқан сақтықпен, әділетті сыни көзбен қарауға міндеттіміз. Себебі бет-әлпет пен дене бітімдегі кем-кетіктер тұлғаның өзіне тән бөлінбес бөлшегі бола алады. Яғни денедегі кем-кетіктер сүйген ғашыққа кем-кетік ретінде тартымсыз болып саналмайды. Ол ішінен «бұлар да ғашығымның бір бөлшегі» деп жақсы көре алады. Мынадай оқиға болды. Бір әйел күйеуін ертіп дәрігерге келеді. Ол төсіндегі екі анарын үлкейткісі келеді. Дәрігер ондай операция жасауға бірден келіскен жоқ. Ол:
– Күйеуің сенің түр-тұрпатыңды жақсы көрмейді, сен қалай барсың, солай жақсы көреді. Мысалы, қалыңдықтың той көйлегі мың жерден әдемі болса да, ер адамға өздігінен әсер етпейді. Оны сүйіктісі кигенде ғана күйеуіне ұнайды», – деді. Сәлден соң әйелі күйеуіне қарап:
– Сен қалай қарайсың? – деді. Күйеуі:
– Иә, негізі пластикалық операция жасатсаң, өзімнің ғашығымды емес, бейне бір бөтен әйелді аймалағандай боламын. Шынымды айтсам, онша жақтырып тұрғам жоқ. Сенің көңілің үшін ғана келістім, – деді. Осылайша операция жасалған жоқ.
Психологиялық тұрғыдан бұндай көңіл күйді түсінуге болады. Бет-әлпеті ажарсыз жан сұлу адамға нәсіп болған көрік пен ажарға жасанды жолмен қол жеткізу үшін түрлі азапты шегуге дайын. Көріксіз кісі махаббат өмірін шамадан тыс артық бағалап жібереді. Жеке өмірінде қуанышты сәттер неғұрлым аз болса, ол соғұрлым оның маңызын арттырған үстіне арттыра береді. Қате түсінікке ұрынды деген – осы. Шындығында былай: махаббат – өмірді Мәнге толтыратын көп мүмкіндіктің бірі ғана. Тіпті мықты мүмкіндік деп тағы айта алмайсың. Егер солай десек, адамның тіршілігі көңілсіз аяқталар еді. Өмірдің мәні «Біз махаббат айдынында қаншалықты қызық көрдік?» деген сұраққа тәуелді болса, өміріміз кедейленіп шыға келер еді. Адамның өмірі құндылық игеретін мүмкіндікке шексіз бай. Біз бір сәтке де жасампаз құндылықты жүзеге асырудың қаншалықты маңызды екенін ұмытпауға міндеттіміз. Мәселенки, мынадай адамды алайық. Ол ешкімді сүймейді немесе оған ешкім ғашық болып көрмеген. Ол сонда не істеуі керек? «Болды, осымен бітті. Менің өмірім мәннен жұрдай болды» деп торығып, бәрін тастай салуы керек пе? Жоқ, олай емес. Мән табуға оған да шанс жетеді. Ол өмірін мағыналы мәнге толтыратындай етіп басқаша сипатта құрай алады. Ендеше мұндай сәтте бір ғана сұраққа жауап іздеген ләзім. Оның махаббаттан мақұрым қалуы шынымен де тағдыр ма? Невротикалық көңіл күйдің кесірінен пайда болған кедергі емес пе? Егер екіншісі болса, ол тағдырды емес, тағы да өзін кінәлауға тура келеді. Біз бұған дейін жасампаз құндылықтан бас тартып, оның орнына позиция құндылығын қою керегі туралы бірнеше рет айттық. Бірақ бұндай бас тартудың асығыс үсігіс немесе өз еркіңмен жасалмауын да қадап айттық. Сол сияқты махаббат құндылығынан бас тартқанда асығыстық болмасын. Немесе өз еркіңмен бас тартуға болмайды. Яғни амалдың жоғынан бас тартатын жағдайға тірілген-ше күресуге міндеттіміз. Франклдың ойын Лев Толстойдың «Сергий әкей» әңгімесінен анық байқауға болды. Онда жас князь сүйген жарының абыройсыз күндерін естіп, дүниеден баз кешіп монастырға кетеді. Сол кезде осы ойым дұрыс болды деп ойлайды. Кейін осы жіберген қателігі өмірде оны оңбай құлатып, алдынан шығарады. Оқырманға түсінікті болу үшін шығарманың мазмұнын қысқартып береміз. «Ойбай, несін айтасың? Степан Касацкий монастырға кетіпті» деген хабар Петерборда желдей есті. Естіген жұрт «Ай, обал-ай, сымбатты князьды шіркеуге қалай ғана қиясың?» деп дабырласып жатты. Расымен Степан Касацкий сымбатты, білімді әрі дәулетті мырза еді. Өзі офицер. Әсіресе қайрат-жігері мықты. Мақсатына жетпей қоймайтын. Әскери корпусқа алғаш келгенде француз тілін үйрену үшін түнімен ұйықтамай жанын салғаны бар. Дегеніне жетіп, бәрін басып озды. Бірде графиня Мэри Коротковаға ғашық болады. «Тұрмысқа шық» деп өтініш білдіреді. Графиня қарсы болмады. Қалыңдығы анасына да ұнады. Осылайша бақытты екі жас той қамына кірісіп жатқан. Бұл кезде Степан бақытты еді. Тойға екі апта қалғанда сүйгені одан сыр жасырғысы келмеді. Бұрын балалықпен І Николай патшаның көңілдесі болғанын айтты. Степан сол сәтте ашуға мініп тойдан бас тартты. Ертесіне отставкаға өтініш білдіріп, ауылға кетіп қалды. Жаз бойы сонда болды. Күзде мал-мүлкін қарындасының атына аударып, біржола монастырға кетті. Монах болуды көздеді. Бұл шешімін шешесіне «Құдайдың қалауы солай болды» деп хатпен жеткізді. Оның хәлін қарындасы Варенька ғана терең түсінді. Себебі екеуінің мінезі ұқсас еді. «Мен білсем, Степан монастырға кек алу үшін кетті. Өзін алдаған жұрттан, қоғамнан кек алу үшін осы қадамды таңдады. Ортасын жеккөргендіктен қайтып оралған жоқ. Монах болу арқылы соларды мүсіркеп, өзінің анағұрлым жоғары екенін көрсеткісі келді. МЕНІН, тәкаппарлығын сындырмау үшін де дін жолын таңдады» деп топшылады. Вареньканың сөзінің жаны бар. Бірақ бір нәрсені байқамады. Степанның бойында жанкештілік қасиет те бар еді. Арада жеті жыл өтті. Степан монастырьда «Сергий әкей» деген есімді иеленді. Күні-түні тақуалық ұстап, рухани тұлғаға айналды. Бұл кезде шешесі қайтыс болып, бұрынғы қалыңдығы өзгеге тұрмысқа шыққан. Бірақ бұл жайттар Степанға әсер етпеді. Жүрегінің шіркеуде тыныштық тапқанына қуанды. Төртінші жылы оны астанадағы монастырьға діни қызметке тағайындады. Бұған қарсы болған, бірақ старецтің айтқанынан шыға алмады. Қызық осы монастырьда басталды. Сергий әкей бұрыннан сымбатты, сұлу болатын. Аппақ монахтың киімін кигенде көктен түскен періштеден аумай қалды. Жұрттың бәрі, әсіресе әйелдер, оны бір көріп, қолынан ұстап, жарылқауын тілейтін. Бұл Сергий әкейге оңайға соқпады. Әтірін бұрқыратып сеуіп келген астананың әйелдерін көргенде тұла бойы дірілдеп, маңдайынан тер ағып, өзін әзер ұстайтын. Сән-салтанаты жарасқан графинялардың түр-сымбаты түнімен есін шығарып ұйықтатпады. Ұйықтаса, соларды түсінде көрді. Нәпсісін тыя алмады. Түнімен көз ілмей оқыған дұғалары да көмектеспеді. Тіпті бір күн әйел затының түрін көрмеу арман болды. Монастырьдың бөлмелеріне тығылып, жасырынуға тырысқанымен, әйелдер «Әлгі сұлу монах қайда? Соның жарылқауын алмай кетпейміз» деп күтіп отыра беретін. Сергий әкей шыдай алмады. Старецтен рұқсат сұрап монастырдағы қызметінен кетті де, дәруіш болды. Тамбин даласына барып, сондағы бір үңгірге жайғасты. Нәспісін қоздыратын әйел заты жоқ, жүрегі енді тыныш тапқандай болды. Бір күні Тамбин даласына қаланың бір топ байшыкештері сауық құруға келеді. Олардың ішінде күйеуінен ажырасқан дарақы келіншек бар-тын. Ол достарына: «Бір түн Сергий әкейдің қасында «түнеп шығамын»,– деп бәстеседі. Әкейдің есігін қағып: «Мен адасып кеттім, қонып шықсам бола ма?» – деп сұрайды. Әкей басында «бұл сайтан шығар» деп қорқып кеткенімен, ақырында аязда үсуге айналған әйелді ішке кіргізуге келісті. Әйел төсекте өтірік ауырған боп, ыңырсып, еркектің құмарлығын қоздыратын дыбыстар шығарды. Денесін де жартылай жалаңаштады. «Қатты ауырып жатырмын, келіңізші. Құдай үшін көмектесіңізші», – деп жалынғандай болды. Сергий әкей әйелдің арам ойын бірден түсінеді. Сол кезде нәпсісі де «Қалағаның осы емес пе? Бар енді» деп түртпектеп, қыса түсті. Сергий Құдайға жалыну, дұға тілеуден пайда жоғын білді. Әйелге: «Қазір барамын, күте тұр», – деді де, тысқа шығып кетті. Отын шабатын балтаны алып, сол қолының балаң үйрек саусағын ағашқа қойды да, дүрс еткізіп шауып тастады. Қан заулап ақты. Ісініп, бойға сыймай тұрған құмарлығы сап тыйылды. Әкейдің үнсіз қалғанына таңғалған қыз да үстіне жамылғысын іліп тысқа шыққан. Шабылған саусақты көріп шошып кетті. Аузына сөз түспей: «Мені кешіріңіз... кешіріңіз», – дей берді. Сергий, бар айтқаны: «Қарындасым-ау, неге күнә арқалаң келді? Құдайдан кешірім сұра. Тәубаңа кел», – деді. Әйел жылап қайта-қайта кешірім сұрады. Киімдерін киді де, шығып кетті. Кейін әлгі келіншектің осы оқиғадан соң монахиня болып кеткенін естиді. Арада тағы жылдар өтіп, Сергий әкейдің жасы қырық жетіге келді. Оның осы ерлігін, тақуалығын естіп жұрт жиі келетін болды. Ел ішінде «Сергий әкейдің дұғасы – мың бір пәле, жүз бір ауруға ем» деген қауесет тарады. Бұл расымен де солай әрі ғажап жайт еді. Дұғасының шарапатты екеніне өзі де таңғалатын. Түрлі ауруларды аяғынан тік тұрғызып, көп бейбақтың жолын аша бастады. Әр тараптан ағылған жұрт көбейген үстіне көбейе түсті. Осы зор міндет, көп адам, тығыз уақыт оның құлшылық қылатын сағаттарын азайтты. Бір күні бір саудагер ақыл-есі кемдеу қызын емдеуге әкеліп тастады. Қыздың есімі Мария. Сергий әкей оған түнімен дұға оқитын болды. Кешке қыздың төсегіне отырып: «Қай жерің ауырады, қалқам?» – деді. Қыз ақыл-есі кемдеу болғасын күліп, майысып отырған. Бір кезде: «Мына жерім ауырып тұр», – деп әкейдің қолын өзінің анарына қойды. Әкей қолы дірілдеп, не істерін білмей қалды. Ерік-жігері әп-сәтте жоғалды. Нәпсісі қозып шыға келді. Жыланға арбалған торғайдай күй кешті. Сол сәтте қыз құшақтап алды да, өзіне тартты. Ал әкей қарсыласуға күш таппады. Бар болғаны: «Мария, сен сайтансың...», – дей берді. Таңертең ұйқыдан тұрғанда істің болары болып, бояу сіңгенін бір-ақ түсінді. «Не бүлдірдім?! Қазір әкесі келеді. Қыз бәрін айтады. Сайтан екенін біле тұра түк істемегенім қалай? Енді не істеймін?» деп әбігерге түсті. Қолына балта алды. Қызметшісі жүгіріп келіп: «Әулие әкей, балтаны маған беріңіз. Отын керек болса, өзім шауып беремін», – деді. Балтаны бере салды. Үйге қайтып кірді. Қыз төсекте ұйықтап жатыр екен. Әкей өзінің ұзын шашын қайшымен қырқып тастады. Киімдерін ауыстырды да, тысқа қайта шығып, өзенге барды. «Суға батып өлсем бе екен? Бірақ суда жақсы жүзем. Өлмей қалуым мүмкін. Дарға асылсам ба? Бірақ дайын тұрған бұтақ пен жіп қайда?» деді. Есіне Құдай түсті. Жата кетіп кешірім сұрап тәубе етті. Ұзақ жатқаны сонша – көзі ілініп кетіпті. Түсінде туысқаны Пашеньканы көрді. Ояна салып «Бұл – Құдайдан келген белгі. Пашеньканың үйіне баруым керек» деді де, солай тартты. Туысқаны оны жақсы қарсы алды. Оған бастан өткен жайтты баяндап: «Пашенька, мен әулие емеспін. Күнәһар, қылмыскермін. Жұрттың жөн сілтеп, қалай өмір сүру керегін айтып жүріп, өзім оңбай адастым. Мен ешнәрсе білмеймін. Маған өмір сүруді үйрет», – деді еңіреп. Пашенька оны бауырына басып үйінен пана берді. Осылайша Сергий әкей сол үйде тұра берді. Бірақ ешқайда шықпайтын. Бір жерден қозғалмай отыратын әдет тапты. Кейде одан «Неге шіркеудегі ғибдатқа қатыспайсың?» – десе, «Құдайдан, жұрттан ұяламын», – дейтін. Бір күні үйден кетуге рұқсат сұрады. Пашенька дорбасына толтырып азық салып берді. Ол Пашеньканың мейірімді мінезін, жұрттың бәрінен алғыс дәметпейтін қарапайымдылығын көріп таңғалды. «Е, түсімде Пашеньканы бекер көрмеген екенмін. Бұл – Құдайдан түскен белгі. Қарашы, Пашенька не жасаса да, Құдай үшін жасайды. Ал мен Құдай мен пенде арасындағы делдал сияқты өмір сүріппін. Жұртқа тегін қызмет еткенмен соқыр кеудем алғыс, мақтауға дәнігіп кеткен екен ғой. Жұрттың бәрі қарабет, Құдайға тек мен мінсіз қызмет етіп жүрмін деп өзімді алдаппын. Әйтпесе, Құдай үшін менен де артық өмір сүретін жандар бер екен» деп тәубаға келеді. Осыдан соң дәруіштік өмірді бастады. Қай үйге барса да, бұрын кім болғанын айтпады. Жай ғана «Құдайдың қарабет құлымын» деп қысқа қайыратын. «Сергий әкей» деген құрметті есімін осылай өшіргісі келді. Енді ел аралап, бір ауылдан бір ауылға, бір жерден бірге жерге сапар шегіп, сегіз жылдай кезбелік өмір сүрді. Бір күні оны губерниялық бір қалада тәртіп сақшылары ұстап алды. Бөлімшеге әкеліп төлқұжатын сұрады. Сергий әкейде ешнәрсе жоқ болатын. Оған: «Кімсің?» – дегенде, «Құдайдың қарабет құлымын», – деп жауап берді. Оны қаңғыбастар қатарына жатқызды да, сыртынан соттап Сібірге жер аударды. Онда барғасын бай мұжықтың қыстауына орналасты. Оның бақшасын баптап, балаларын оқытып, сол маңдағы науқастарға көмектесіп, өмір сүріп жатты. Франклды айтуынша қауіп мына жерде. Күрес басталмай жатып, тағдырдың дегеніне көне салуға болмайды. Себебі адам әманда бір нәрсені ұмыт қалдырады. Сыртқы сымбат махаббат майданында маңызды рөл ойнамайды. Керісінше адал махаббат баянды болуы үшін адамның тұлғалық қасиеті әлдеқайда маңызды. Өмірде ондай оқиғаны көзбен талай көрдік. Сыртқы бейнесі тартымсыз талай адам көркем мінез-құлқының себебінен ғашықтықта жолы болған. Бұған биологиялық тағдырын қолына алған мүгедек жігітті еске алсақ, жетіп жатыр. Дене мүшесі сал болып арбаға маталып қалса да, ол интеллектуалдық деңгейде ғана емес, эротикалық аймақта да бақытты өмір сүрді. Адамның сыртқы сымбатының тартымсыз болуы ғашықтықтан бас тартуға жеткілікті себеп емес. Тағдырдың тепкісіне бірден көне салудың мынадай қосымша зияны бар. Адамда реніш сезімі бұрқ ете қалады. Болмаса өзін құндылықтар сферасында жүзеге асыра алмаған невротик адам тағдырын былайша түйіндейді. Олар өмірдің осы бір нақты аспектісінде (махаббат мәселесін) артығымен бағалап жібереді немесе жете бағаламайды. Невротик адам махаббатта жолы болса да, оның бақыты мен рақатын көсіп алғысы келеді. Яғни гиперинтенцияға ұрынады. Бірақ осы әрекеті керісінше адамды бақытсыз тарапқа бұрып жібереді. Махаббаттың эротикалық шеңберінде шырғаланып қалған адам «бақыттың есігін» ішке теуіп кіргісі келеді. Өкінішке орай бақыттың есігі ішке емес, тысқа ашылады. Сондықтан есікті ашамын деп қара күшке салып қанша жерден тепкілесең де, оң нәтиже болмайды. Ғашықтық өмірге теріс тараптан байланған адам махаббатты құнсыз қылады. Ол көңіл күйін күшейту үшін қолы жетпеген бақытқа көзқарасын өзгерте бастайды. Осы сәтте оның эротикалық нығметтен табатын қуанышының да дәліздері жабыла бастайды. Адам өзіне өзі кесір қылады. Іштегі реніш тағдырға көндіге кететін көңіл күймен біріккенде тіршіліктің сүрлеуі басқа тарапқа тез бұрылады. Яғни адам өз тағдырына өзі қарсы шығады. Бұл екі реакция да оның жеке басына берілген мүмкіндіктерді пайдаланудан айырады. Өмірден тәжірибе жинаған адам мынадай шындықты мойындауы тиіс. Әдетте адамның мынадай типі болады. Олардың сыртқы сымбаты, бет-әлпеті анау айтқандай ажарлы емес. Бірақ шынайы өмір сүруге тырысады. Ешкімді ренжітпейді. Мінезі сынық. Сөйте тұра ғашықтықтан күдер үзбейді. Үнемі іштей үмітті болып жүреді. Осындайда оның ішкі тұлғалық тұрпаты жарқырай түседі. Енді оның махаббатта шын бақытын табу мүмкіндігі молая түседі. Осындай сәтте ежелгі афоризмнің ақиқаты айқындалады. «Біз тыйылған сайын бақытқа кенеле түсеміз». Назарыңды бет-әлпеттің ажары мен сыртқы сымбатына сала берудің соңы мынаған әкеліп соғады. Эротикалық өмірде «сұлулық» құндылығын артығымен бағалайтын болады. Оның соңы адамның құнсыздануына әкеліп соғады. Әдетте әйел затын «ой сұлу екен», «өте әдемі, көрікті екен» деп сипаттағанда олардың абыройына нұқсан келтіріп те үлгереміз. Себебі мұндай сәтте біз олардың сырт бейнесін ғана сипаттай беретін сын есімдерді тым көп қолданамыз. Бірақ ол әйелдің ішкі құндылығын, ақыл-парасатын, сана-сезімін ашып көрсететін сын есімдерді қасақана қолданбай тұрғандай боламыз ба, қалай өзі? Неге дейсіз ғой. Әдетте өмірде былай. Кей кісілер құнды затты көріп тұрса да, қасындағы түкке тұрмас нәрсені мақтай жөнелсе, кеудеде күдік оты күшейеді. Іштен «Бұ кісі неге құнды затты қасақана көрмей тұр?» деп ойлаймыз. Әдетте мұндай мінез күншіл, көралмас, іші тар адамға тән болады. Іші тар пенде хас жақсыны көріп тұрса да өтірік көрмеген болып, жаман-жәутікті әдейі мақтап отырады. Сол кезде шын жақсының құны арзандайды. Сол сияқты сыртқы бейнені әсіре мақтау басталғанда мақталып тұрған әйелдің ғана емес, оны әділетсіз мақтап тұрған ер адамның да бәсі төмендейді. Себебі егер мен бір әйелдің сыртқы сұлулығы туралы айтып қоймай қойсам, ол мынаны білдіреді. Яғни «мен оның тұлғалығы туралы ештеңе дегім келмейді немесе айтатын сөзім де жоқ». Егер оның тұлғалық қасиеті қызықтырмаса, бұл дегенің «Адамның тұлғалық қасиеттерін елемеймін. Маған түрі болса болды» дегенді білдіреді.
Хористер типі
Кез келген қыдырыс, жеңіл-желпі көңіл көтеріс, сұлу қыз-келіншектердің көңілін аулау бейсаналы түрде олардың ішкі мазмұнын көзге ілмейді. Мұндай қарым-қатынаспен аралас-құраластық басталғанда адамның қайталанбас тұлғалығы әдейіге назардан тыс қалады. Атүсті эротикалық байланыста болғандар шынайы махаббаттың міндетінен қашық тұрады. Партнерімен шынайы байланысқа түспейді. Себебі салмақты байланыстың соңынан зіл батпан жауапкершілік ілесе келеді. Олар жекелеген тұлғаны емес, топырлаған топты сипаттайтын типтік түсінікке ойысып кетеді. Кезіккен әр партнері оған тұлға ретінде емес, көп типтің бірі ретінде көрінеді. Яғни нақты адамды емес, тұтас бір типті таңдайды. Олардың махаббат сезімдері тұлғалық қасиеттен жұрдай болған соң, сыртқы «түр-тұрпаттары» ғана қалады. Мұндай адамның жақсы көретін әйел типі – хористер типі. Біз мысал ретінде хор айтатын қыздарды алғанда ғана өзіндік бет-бейнесі жоқ тобыр типті елестету оңай болады. Хор айтатын қыздар дегенде бейнесі бір-бірінен аумайтын жүздеген қыз еріксіз елестейді. Ұжымдық труппаның хор айтатын бұл бөлігі – дәл механизммен қимылдайтын өнершілер тобы. Олар сахнада қаз-қатар тізіліп, бірдей саппен бір толқында ән шырқайды. Ешкім жеке дара бөлініп, айрықша түрімен немесе дауысымен елдің көзіне түспейді. Қазіргі көптеген еркектер өздеріне эротикалық идеал ретінде әйелдің осындай типін дұрыс көреді. Себебі бұл типтің қыздары тұлғалық қасиеттен жұрдай болғандықтан, өздеріне «жұғысқан» ер азаматқа жауапкершілік жүктей алмайды. Қыздардың мұндай типі әлем бойынша кең тараған. Хористердің киген киімдері, шырқаған әндері де, тұрыстары да, дауыс ырғақтары да бірдей. Олардың біреуін сахнадан қуып жіберсең, шырқалып жатқан әнге анау айтқандай зиян келмейді. Болмаса кез келгенін қуып жіберіп, орнына екінші бір әншіні қоя салсаң да, ештеңе өзгермейді.
Қысқа қайырғанда «хорист типі» дегеніміз – бет-бейнесі жоқ әйел. Еркектер мұндай типпен тығыз әрі ұзаққа созылатын қарым-қатынас орнатпайды. Мойындарына жауапкершілік алмайды. Өліп-өшіп ғашық болмайды. Ондай әйел еркектің жекеменшік заты сияқты қаралады. Яғни өліп-өшіп сүйетіндей көзге ұрып тұрған айрықша адами қасиеті жоқ. Соқа басында іліп алар құндылық қалмаған. Жұрт әдетте қайталанбас тұлғаға ғашық болады. Хориспен «ілініскенде» сезімге адал болу деген мәселе мазаны алмайды. Керісінше мұндай жеңіл-желпі эротикалық қатынас орнағанда былай шығып, «қыдырып» қайту мүмкін ғана емес, мұқтаждық та болып саналады. Себебі бақыттың өзегі тұрмақ, қауызы да қалмаған мұндай махаббатта жоғалтқан негізгі нығметті басқа бір қызықпен толтыруға тура келеді. Енді ондай адам сүреңсіз секстің рақатына жұтылады.
Эротиканың мұндай түрі – махаббаттың құбыжық формасы. Еркектердің «мен мына әйелді ермек қылдым» немесе «мен мына әйелдің «сауабын» алып жүрмін» деп сөз саптауы мұндай эротиканың ішкі табиғатын толық ашып көрсетеді. Мұндай қолдағы ермек «затыңды» қалаған уақытыңда ауыстыра салуға болады. Тіпті қажет болса, «басқасын» сатып алуға да кедергі жоқ. Мұндай қатынасты әйелдер жағы да ұстанады. Олар да осылайша сөз саптайды. «Пәлен еркекті ұстап жүрмін» деп айтады. Себебі мұндай серігінің сыртқы сымбатын ғана есепке алатын атүсті эротика әйелдерге де қатысты. Мұндай бақай есеп күшейгенде адам факторы еленбейді. Сүйкімді бейне мен сымбатты тән ғана шешуші факторға айналады. Яғни еркек адам сексуалды партнер ретінде әйелге қаншалықты тартымды деген мәселе басты назарда тұрады. Осылайша әйел еркекке қалай қараса, еркектер де сондай қатынас ұстанады. Хорист қыздар косметиканың көмегімен жеке-дара қадір-қасиетін көрсетпеуге тырысады. Мұндағы мақсат – еркектің мазасын алмай тезірек көңілін табу. Ондайлар «іздеген типің менмін» дегенді оңай ұқтырады. Қазіргі қыз-келіншектер немесе қаладағы қуыршақ қыздар түр-тұрпатын сылап-сипаумен әуре болып кетті. Олардың есіл-дерті «жігіттер мені ғана таңдаса екен» деп тұрады. Сондықтан да арада шынайы қатынастың орнағанын өздері де қаламайды. Еркектің өзінің қайталанбас тұлғалығын, жеке-дара нәсіп болған қадір-қасиетін құлай сүйгенін қаламайды. Әйел «олар маған жай әйел жынысының бір өкілі ретінде ғана қараса» дейді. Сондықтан да ондай әйелдер бірінші кезекте дене бітіміне мән береді. Сәнді типтегі сәкегүлдің талабына сәйкес болуға тырысады. Адами бет-бейнесін өшіруге ұмтылады. Эротикалық нарықтағы сұранысқа ие болған типтердің қатарына ену үшін жанын салып бағады. Осылайша сәкегүлдер типіне сіңген сайын ол міндетті түрде өзінің «МЕН (рух)» деген мәңгілік болмысына сатқындық жасай береді. Хорист қыздар кино жұлдыз әлемінен бір типті таңдап алады. Оларда өзін тұлға ретінде жеке-дара көрсетуге деген бір мысқал да ниет жоқ. Ешкімге тең келмейтін қайталанбас даралығын дамыту туралы идея оның миына кіріп те шықпайды. Ол әйелдің өзіне ғана тән жаңа типін жасап шығуға талпынбайды да. Өзіндік арман мен мақсаты болмағандықтан өзіне ғана тән жаңа мода ойлап таба алмайды. Жаңа типін жасап шығудың орнына бұрыннан бар тозығы шыққан типтерді қуана-қуана қайталауға дайын. Осылайша еркектер іздеген тиімді типтің нағыз өзі екенін ерекше ықыласпен ұсынады. Осындай алғышарттарға маталып, шаңы шыққан ескі сүрлеуге түсіп кеткен жеңіл типтер эротикалық әлемнің адамға қанағат сыйлайтын тәтті сезімдерінен алыстаған үстіне алыстай түседі. Себебі еркектер оған көзі түскенде оның адами табиғатына емес, тиімді жауапсыз типіне назар салады. Мұндай сәтте екі жақ та бірін бірі «ермек» қылып уақыт өткізуге дайын тұрады. Мұндай жеңіл типтер «құп жарасып» қосылғанда бір-бірінің «МЕН» деп аталатын қайталанбас ерекшелігін табуға тырыспайды. Егер сол тарапқа шынайы талпынса, ғашықтық сезімге гүл бітіп, өмір сүру қызық болар еді. Ал олар бір сәттік құмарлықты қанағат тұтады. Әдетте адам жасампаз еңбекпен шұғылданғанда өзінің қайталанбас даралығын көрсетуге ұмтылады. Ал махаббатта сүйген серігінің қайталанбас қасиетін өзіне сіңіріп алуға тырысады. Мұндай бір-біріне сапырылысып сіңісіп кететін махаббаттың түрінен бас тартып, қатынастарын «береген қолым – алаған» принципіне негіздеген «ғашықтықта» бір-бірінің асыл қасиетін жұқтыру деген синтез болмайды. Әркімнің қайталанбас даралығы ішінде жарыққа шықпаған күйі бұғып жата береді. Шындығында нағыз махаббаттың импульсі сүйген жарының терең табиғи қабатына тесіп өтеді. Адам болмысының терең қабатына үңілесе, ол жерде әркім тип ретінде танылмайды. Керісінше адамның қайталанбас даралығы, өзгермейтін ерекшелігі, ешкімге тең келмейтін тұлғалығы сол тылсым өзекте шылқып жатыр. Адамның бұл артықшылығын мысал үшін періштелердің артықшылығымен салыстыруға болады. Шіркеу схоластикасы бойынша періштелер бір типті болмайды. Періштелер бір-біріне ұқсамайтын жеке-дара экземпляр болады. Егер осы өлшемге салсақ, адамның қайталанбас қасиеті періштемен тең дәрежеде деуге болады. Дүние есігін ашқан әр адам қайталанбас – жеке экземпляр.
Шынайы махаббат принципі
Шынайы махаббат принципі ғашығының мәңгілік болмысын табуға талпынса, бұл адалдықтың алтын гарантиясы саналады. Махаббаттан гөрі оның өміршеңдігіне деген сенімділік туады. Мәңгілік махаббат пайда болады. Ол кезде «бүгін бар, ертең жоқ» сезімді бастан кешпейсіз. Шынайы ғашықтық сезімі билегенде, сол сәттің шұғыласына толығымен жұтылғанда, ғашығының құшағына енгенде адам баласы бұл сезімнің бір кездері өзгеріп кетеріне сенбес еді. Бұл ойды былайша түсіндірсек оңай болады. Ғашық жанның сезімдері сүйген жарының сыртқы бейнесі емес, ішкі болмысына және адами артықшылығына бағытталғанда рухани сезімді бастан кешкендей немесе мәңгілік құндылыққа тамсанып мойындағандай күй кешеді. Мысалға 2 х 2 = 4 дегенді үйреткенде мен бұл шындықты бір-ақ рет танимын. Мәңгілікке солай деп танып өтемін. Яғни математикадағы бір ақиқат формуланы бір рет біліп, жаттап алсам, сол жетіп жатыр. Оны маған қайта қайта түсіндіріп, дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Тура сол сияқты мен бір адамның ішкі әлемін шынайы танып білсем және ол адамды шынайы махаббаттың шұғыласымен анық көрсем, әңгіме сонымен тәмам деген сөз. Мен енді оның ақиқатына адал болып қалуға міндеттімін. Ондай адал махаббатқа кір түсіруге ақым жоқ. Ол махаббат менімен бірге өмір сүруге міндетті. Шынайы махаббатты бастан кешкенде мәңгілік ақиқатты мойындаған сияқты оның да мәңгілігін сезінеміз. Қалай десек те, ақиқат іздеген адамның өзі жаза баспай тұрмайды. Қателікке міндетті түрде ұрынады. Сол сияқты махаббат майданында да алданып қалады. Мысалы, адам былай деп ойлауы мүмкін. «Махаббат көзімді байлады» дейді. Шындығында басқаша болуы мүмкін. Оның көзін эротикалық құмарлық тұмшалаған. Бірақ өзі олай ойлауға бейім емес. «Субъективті ақиқат қате болуы мүмкін. Себебі ол бар-жоғы субъективті ғана». Оның қателігі көш кейін барып анықталуы мүмкін. Дәл осы мысалмен мынаны түсіндіруге болады. Ешқандай да адам «біреуді уақытша сүйіп тұрмын» деп айта алмайды. Себебі махаббаттың өткінші көңіл күйін және оның қанша уақытқа созылатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Адам махаббат майданында тек тәуекелге бел байлайды. Себебі оның ғашық болып, құлай сүйген жан жары уақыт өте келе оның махаббатына лайықты болмауы да мүмкін. Егер ғашығы серігінің адами артықшылықтарын мойындауды тоқтататын болса, онда махаббат та сол сәттен бастап өледі. Бұдан шығатын қорытынды: махаббатты өлтірмей ұстайтын негізгі фактор – сезімдер емес, ғашықтардың қайталанбас адами қасиеттері! Уақытша «қолданатын» объектіні ауыстырып, алмастырып отыруға болады. Бірақ шынайы махаббат қашанда моногамды некенің берік фундаменті саналады. Айнымас сезім, адал махаббат сондай жерде ғана жайқалып жеміс береді. Бұдан мынадай шындық шығады: жеңіл-желпі көңіл көтеру әу баста өзінің табиғатында құбылмалы, эмоциялық көңіл күйге тәуелді болғандықтан, адал некеге қарама-қайшы құбылыс ретінде қарастырылады. Яғни жарқ етіп тез жанып, жалп етіп тез сөнетін бір сәттік сезімдер шаңырақтың шайқалмауына гарантия бола алмайды. Бірақ нағыз махаббат отбасын құруға жеткілікті шарт болып тағы да есептелмейді. Неке – жеке адамның бастан кешетін проблемасымен салыстырғанда сәл күрделірек құрылым. Күрделі болатын себебі: оған әлеуметтік факторлар араласады. Яғни мемлекет оны заңдастырады болмаса кейбір жұптар шіркеуге барып (мұсылмандар мешітке барып) некесін қидырады. Осылайша неке әлеуметтік қатынас сферасына тереңірек араласады. Неке мызғымастай болып беку үшін әлеуметтік шарттардың талаптары орындалуы тиіс. Қала берді, кейбір некені қиюға қарсы шығатын биологиялық шарттар да болуы мүмкін. Оны Евгеникалық себептер деп атайды. Яғни екі жұптың генетикалық ақпараттары дүниеге сау бала әкелмейді. Ондай кезде қанша жерден ғашық болсаң да, үйленуден бас тартуға тура келеді. Бірақ мұндай факторлар махаббатты мәнсіз етіп көрсете алмайды. Сондықтан басқа біреумен неке қиып, отау құруға ниет еткен жұптар ендігі отауларын рухани одаққа негіздеп құрғаны ләзім. Яғни көп некеге тән болып келетін ұрпақ жалғастыруды ғана мақсат етіп алмауы тиіс. Үйленуге себеп болған негізгі мотивтердің махаббатқа қатысы болмаса, ондай отаудың болашағына алаңдауға негіз бар. Себебі ондай кезде жас жігіт яки жас бойжеткен эротиканың шабуылына ұшырауы мүмкін. Яғни екі жақ та бірін бірі «билеп, төстеп», «иеленіп алуға» ұмтылады. Көбіне үйленуге экономикалық мотив себеп болса, «иеленіп алу» деген материалистік қомағай көзқарас тамыр жаяды. Осындай мотивтер болғандықтан да, адамды таныстырып, үйленуге көмектесетін түрлі кеңсе жұмыс істейді. Мұндай некенің жалғыз әрі басты факторы – әлеуметтік мұқтаждық. Адами қатынастар азып-тозып, некенің осындай түрі көбейгенде оның зиян-зақыметі келесі ұрпақта анық көрінеді. Бірде мынадай оқиға болған. Бір жас жігіт ата-анасының өмірі бітпейтін дау-жанжалынан мезі болып, үйінен кетіп қалады. Себебі ұрыс басталған сайын әкесі де, шешесі де баланы өз жағына тартуға тырысқан. Үйден кеткен баланың бір ғана арманы болды. Ол жаңадан бір кеңсе ашсам деп жоспар құрады. Мекемесінің мақсаты – бір-біріне сәйкес келмейтін, бірін бірі сүймейтін жұптың үйленуіне мүмкіндік бермеу. Нағыз махаббат моногамды некенің жалғыз шешуші факторы болып табылады. Бірақ Освальд Шварц бұл факторға тағы бір маңызды факторды қосады. Яғни махаббат қос ғашықтың іштей біріккен сезімдері дегенді білдіреді. Ал моногамды неке сыртқы байланысты көрсетеді. Неке арқылы айқын болған жаңа отау құт-берекенің отаны болу үшін ғашық болу жеткіліксіз. Енді осы адал некеге өміріңнің соңына дейін селкеу түсірмей таза ұстау – екінші міндет. Ол үшін әу баста сезімдері оянып бастағанда қарым-қатынастың дұрыс бағытта дамығаны абзал. Ғашық болған азамат қандай адамға көңілі ауғанын білуге міндетті. Яғни болашақ серігінің өзіне сәйкес келуі шарт. Эротикалық сезімдер пісіп жетілгенде адам үйленуге дайын болады. Бірақ оның алдында екі түрлі талап тұр. Біріншісі – сүйген серігін қапысыз дәл таңдау. Екіншісі – оған өлгенше адал болып қалу. Жастық шақ – сексуалды өмірге де, сонымен қатар бүкіл өміріңе дайындық үшін берілген мүмкіндік. Әрі мәңгілік серігіңді іздеп табуға таптырмайтын құрал. Сүйген жарыңа адал болып қалуға да дер кезінде үйретуге міндетті. Бұл екі талап кей кездері бір-біріне қайшы келеді. Бір жағынан серігіңді тура таңдауды үйрену үшін жас жігіт белгілі бір дәрежеде эротикалық практиканы бастан кешуі тиіс. Екінші жағынан адал болып қалу қабілетін дамыту кезінде жас жігіт көңіл күйіндегі алабұртқан сезімдердің өзгерістеріне түсіп қалмауы керек. Қалай да бір ғана қыздың білегінен ұстап, соңғы демі біткенше сонымен ғана жасасуы тиіс. Кейде адам мынадай күмәнді ойларға шатылып қалады: «Нағыз жартымды тапқаныма күмәнсіз сену үшін қазіргі серігіммен байланысты үзіп басқа да адаммен ойнап-күліп араласып көрсем, қалай болады?» немесе «Адалдықта шыңдала түсу үшін қазіргі серігіммен байланысты тереңдете берсем бе екен?». Осындай ойлардың ортасында теңселіп жүрген жас жігітке немесе бойжеткенге қандай кеңес беруге болады? Мұндай жол айрықта тұрған адамға былай деп қана кеңес бере аламыз. Біріншіден, ол сұрақты өзіне дұрыс қойып тұрған жоқ. Екіншіден, ол сұрақты өзіне қаратып былай қойсын: «Мен осы қызға байланып қалудан қорқып тұрғаным жоқ па? Мен жауапкершіліктен қашып жүрген жоқпын ба?» болмаса «Мен жалғыз қалудан қорқып, атам заманда оты сөнген мәнсіз махаббатты арқалап жүргем жоқ па?». Егер ол осы сұрақтарды өзіне қорықпай қойып, субъективті мотивтерін асықпай сараптайтын болса, оған тиімді шешімді қабылдау қиынға соқпайды.
Энтелехия
Шелер махаббатқа былай деп анықтама берген: «Махаббат – сүйген адамның биік құндылығына рухани тартылу. Яғни бұл да – биік құндылықтарға қол жеткізетін рухани әрекет» (Шелер тіпті бұл құбылысты «адамның мәңгілік азаптан «құтылуы» деп атаған). Шпрангер де осыған меңзес ой толғайды. «Махаббат – ғашығыңның бойындағы тегеурінді һәм құнды мүмкіндіктердің бәрін бір өзі орап алады». Фон Хаттинберг бұл жайында бүй деген: «Тәңірі әу баста пендесінің қандай болғанын қаласа, Махаббат сол адамды сондай бейнеде көруге мүмкіндік береді». Қорыта айтқанда, махаббат – адамның құнды, бағалы, қымбат бейнесін ашып көрсететін құдірет. Осы сатылардан өткенде махаббат метафизикалық әрекетке түседі. Оның құдіреті мына жерде: ғашықтыққа беріліп, рухани самғауды бастан кешіп бастағанда сүйген серігіміздің бұрын-соңды беймәлім болған, көзден таса жатқан, одан да анығырақ айтсақ, әлі жүзеге аспаған образды ілкіден көріп қоямыз. Махаббаттың рухани ықпалы артқанда біз адамның бар болмысын қайталанбас табиғатын, оған ғана тән ерекше қасиеттерін ғана көрумен шектелмейміз. Одан бөлек, болашақта оның қандай адамға айналатынын сезіп біліп қоямыз. Ескі терминмен айтсақ, біз оның энтелехиясын танимыз. Энтелехияны былайша түсіндіреді: үйде қонақтар отырғанда дастарқанға жаңғақ әкеліп қойды делік. Ойсыз адам оны тамақ ретінде танып, дәнін шағып жеп тастайды. Ойлы адамның көзіне бұл жаңғақ басқаша елестейді. Ол жаңғақтың дәнін көргенде одан өсіп шығатын шынар ағашын көңіл көзімен елестетіп отырады. Яғни дәннің ішінен алапат энергия көреді. Виктор Франклдың энтелехия туралы айтып отырған осы құбылысын Мұхамбет пайғамбардың өмірімен оңай түсіндіруге болады. Мұхамбет пайғамбар 610 жылы Хира тауында аштық ұстап, ой толғап отырғанда күтпеген оқиға болады. Кенет ғайыптан бір күш келіп, оны құшақтап алады да:
– Мен Тәңір жіберген Жебірейіл періштесімін. Тәңірдің таңдауы саған түсті. Сен пайғамбар боласың. Саған кітап түседі. Ол Құран деп аталады. Енді мынаны оқы, – деп бір жазуларды көрсетеді. Пайғамбар:
– Мен оқи алмаймын, жазу-сызу білмеймін, – деп қарсыласады. Жебірейіл оны құшағына қатты қысып: «Оқы!» деп үш рет бұйырғанда құдіреттің күшімен пайғамбар Құран мәтіндерін оқиды. Періште осыдан соң: «Пайғамбарлық мәртебең құтты болсын!» – деп көзден ғайып болады. Күтпеген оқиғадан үрейі ұшқан пайғамбар үйіне қашып келеді. Кірген бойда әйелі Хадишаға:
– Мені жын қаққан сияқты. Дереу үстіме көрпе жап, – деп бүркеніп жатып қалады. Оқиғаның мән-жайына қаныққан соң Хадиша күйеуіне қарап:
– Мен білсем, сені жын қаққан жоқ. Келген періште шынымен де Жебірейіл болуы мүмкін. Сен расымен де ғажап адамсың. Мен білсем, сен пайғамбар боласың, – деп күйеуіне қолдау көрсетеді. Бірақ Мұхамбет пайғамбардың күдігі мұнымен сейілмеген. Там-тұмдап жеткен тарихи деректер бойынша Хадиша уахи әкелгеннің шын періште яки болмаса құбыжық екенін анықтау үшін түрлі амалдар қолданған. Тіпті күйеуіне қолдау көрсету үшін Хадиша күйеуін христиан дініне сенетін Уарақа атты нағашы ағасына ертіп апарған. Уарақа кітаптарға қарап, Мұхамбеттің пайғамбарлық мәртебесін мойындаған. Осы оқиғадан соң ғана Мұхамбеттің сенімі күшейіп, пайғамбарлық миссиясын атқаруға шындап кіріседі.
Енді осы оқиғаны Франклдың тәсілімен талдайық. Біріншіден, Хадиша Мұхамбетке ғашық болып үйленген. Оны өлердей сүйген. Оған қол жеткізу үшін араға адам да салған. Мұхамбет те оған кіршіксіз махаббатын арнаған. Хадишаның бұрын тұрмыста болғаны, жасының Мұхамбеттен үлкендігі үйленуге кедергі болмаған. Олар үйленген соң Меккедегі үлгілі отбасы саналған. Мұхамбеттің махаббатының адалдығын тарихи деректер күмәнсіз дәлелдейді. Мысалы, Хадиша өлген соң пайғамбар саяси себептермен бірнеше әйелмен неке қиған. Бірақ сонда да Хадишаны өле-өлгенше есінен шығармай ардақтап өтті. Тіпті Айша есімді жас әйелі Хадишаны сынап-мінеймін деп, пайғамбардан қатаң сөгіс естіген. Енді қызықты қараңыз. Пайғамбар уахи алып отырып, өзінің пайғамбарлығына күмән қылған. Керісінше уахидан бейхабар Хадиша әйелі «Мен білсем сен пайғамбар боласың» деп дәл болжаған. Сол кезде жасы 45-тер шамасындағы, арнайы мектеп оқымаған, шала сауатты, бұрын-соңды діни тәжірибесі болмаған, пайғамбарлар институты дегеннің не екенін білмейтін орта ғасырлық әйелдің күйеуінің бойындағы пайғамбарлық миссияны көріп қоюы – ақылға сыймайтын құбылыс. Логика бойынша уахи алған соң Мұхамбеттің сенімі күшейіп, әйеліне «Сен енді пайғамбардың әйелісің. Саған талап күшейеді» деп ескертуі керек еді. Бірақ оқиға керісінше болған. Орта ғасырдағы жазу-сызуды білмейтін әйел пайғамбардың сенімін күшейтіп, оған жігер сыйлаған. Енді сұрақты былай қоямыз? «Хадиша қандай ілімнің сәулесімен Мұхамбеттің пайғамбарлық миссиясын ілкіден көріп қойды?» Біздіңше, жауабы былай болады. Хадиша шынайы махаббаттың шұғыласымен күйеуінің болашақ пайғамбарлық образын жазбай таныған. Энтелехия деген – осы. Ендеше адамды анықтаудың әу бастағы тәсіліне қайта оралайық. Адам болу – құндылықтарды жүзеге асыру мүмкіндігі. Жеме-жемге келгенде өзіңді жүзеге асыру. Сондықтан махаббат – өзіңді жүзеге асырудың ірі мүмкіндігінің бірі. Осыдан келіп психотерапияның да міндеті анықталады. Психотерапевт алдына қандай пациент келсе де, бірінші оның ішінде көміліп жатқан құндылықтар әлемін дәл табуға міндетті. Біз махаббат деп атайтын рухани байланыстың метафизикалық жұмбағы да осы арада жатыр. Махаббат ғашықтық сәулесімен сүйген жарыңның құдіретті образын ілкіден анық көруге жол ашады. Құндылықты тану адамды байытқан үстіне байыта түседі. Шындығында ішкі дүниенің баюы пенденің өмірін Мәнге толтырады. Сондықтан махаббат ғашық жанды рухани байытпай қоймайды. Осыны мойындасақ, мынадай қате көзқарастан құтыламыз. Яғни ел-жұрт жиі айтатын «бөлінбейтін баянсыз бақыт» деген терминді тәрк етеміз. Себебі бұл түсініктің ішкі мазмұны қайшылыққа толып тұр. Сіз шынымен ғашықсыз. Ғашық болсаңыз, «көрпені кім өзіне көбірек тартты» деп болмасқа бас қатырмай ішкі дүниенің байи түскенін сезінуге тиіссіз. Өмірде оған дәлел жетеді. Егер олай ете алмасаңыз, сіз жарыңызды шынайы сүймейсіз деген сөз немесе жарыңыздың жан қатпарына терең сүңгуге тырыспайсыз. Керісінше оның ішкі әлемін елемеуге тырысасыз. Оның сізді физикалық сұлулығы ғана қызықтырады болмаса психологиялық қылықтары ғана тартып тұр. Қала берді, сіз оның осы қылықтарын армансыз иеленіп, рақатын көргіңіз келеді. Мұндай ситуацияда сіздің сезімдеріңіз жауапсыз қалуы мүмкін. Бұл – сіз өзіңіз де ешкімді шынайы сүймейсіз дегенді білдіреді. Бір нәрсені қаперде ұстауға тиіспіз. Құмарлық бізді соқыр қылады. Ғашықтық көзімізді ашады. Махаббаттың шұғыласы сүйген жарыңның рухани табиғатын көруге көзіңді өткір қылады. Сонымен қайталанбас тұлғалығын танимыз. Ішіндегі құндылықтар қазынасын байқап қоямыз. Махаббат – екінші біреудің бөлек әлем екенін және сол арқылы өзіңнің де ішкі әлеміңді кеңейтіп алуға мүмкіндік беретін ғажайып құбылыс. Осылайша махаббат жандүниемізді байытып, «түрлі нығметке бөлейді». Ол екінші біреуге пайда әкеледі. Өзіңдегі құндылыққа екінші біреудің құндылығы қосылады. Ал оны ғашықтық сәулесімен ғана тани аласың. Махаббат сүйген жардың ғашығы оны ілкіден қандай образда көрсе, сол бейнеде қалыптасуына жәрдем береді. Адамзат ғашығының көңілінен шығу үшін ол қалаған биікке самғауға тырысады. Қанша қиналса да ілкіде Тәңірісі қалаған кемел адам образына ұқсағанша талпынысын тоқтатпайды. Сондықтан жауапсыз қалған махаббаттың өзі бізге бақыт сыйлап, ішкі дүниемізді байытып кететін болса, екі тарапқа ортақ адал махаббаттың жасампаз күш-қуат сыйлайтын сиқыры және бар. Екі ғашықтың сезімі бір нүктеде тоғысқанда екі жақ та серігінің көңілінен шығуға тырысады. Екі тарап та ғашығы көргісі келген биіктен табылуға талпынады. Бұл процесс басталғанда екі жақ та бірін бірін алма-кезек тоқтаусыз байыта түседі. Бірде біреуі қаттырақ дамып кетеді. Енді бірде екіншісі жұбын қуып жетіп, одан асып түседі. Мұның алдында «бөлінбейтін баянсыз бақыт» деген тіркесті терминдік тұрғыдан қайшылыққа толы дедік. Егер психологиялық тұрғыдан зерделесек, бұл – адамның өзіне өзі бейшара көзқараспен қарауы. Себебі екі жыныстың қарым-қатынасын тексеріп қарасақ, гедонистік көзқарас өзін ақтамайды, яғни тек рақат пен ләззатқа құрылған неке баянды бола алмайды. Театрдағы көрермендер де, актерлер де трагедияның комедиямен салыстырғанда адамның сезімдеріне тереңірек бойлайтынын мойындаған. Тіпті махаббатты бастан кешкенде бақытсыздыққа барып тірелсек те, біз тәжірибе жинап, іштей байып үлгереміз. Одан бөлек өмірді тереңірек сезініп түсінеміз. Осындай терең сезімдер ғана адамның іштей өсуіне, тұлғаның қалыптанып пісіп жетілуіне айрықша ықпал етеді. Әлбетте махаббат арқылы іштей баю кезінде бұл процесс қиындықсыз болмайды. Яғни түрлі күйзелісті бастан кешуге тура келеді. Невротик осы күйзеліске әкелетін махаббаттың машақатынан бас тартады. Оны тағы қайталағысы келмейді. Сондықтан да «бөлінбейтін махаббат» деген термин тек қана өзіне бейшара көзқараспен қарау дегенді білдірмейді, сонымен қатар бақытсыздықтың ащы дәмін рақаттанып тататын түсініксіз пендеге айналады. Оның ойлау образы да мазохистік формаға түседі, яғни бақытсыз ойлардың түнегіне оранып алып, бір шеңберде шыр айналып жүре береді. Болашақтың баянды бақытына ұмтылудың орнына өткен замандағы бақытсыздық балшығына аунап жатып алады. Бақыт құсын қолына қондырудан түбегейлі бас тартады. Махаббаттың түрлі нығметтеріне көзін ашып қараудың орнына тасқараңғы көзілдірік киіп алады. Бейне бір дуаланып қалған адамдай бұрынғы бақытсыздық сезімдеріне шырмалып қалады. «Тағы да ғашық болсам, тағы да осындай бәлеге душар болам» деп қорқады. Мұндай адамды қайта тәрбиелеуге тура келеді. Оны өмір жолында кездесетін қаптаған мүмкіндіктерді қабылдауға, күтіп алуға, дайын тұруға үйретуге мәжбүрміз. Ықтималдық теориясы бойынша орташа есеппен бір адамның махаббатта жолы болуы үшін кемі тоғыз рет бақытын сынап көруге шансы бар. Осыны түсінген соң ол осы тоғыздың ішінде жасырынған бір ғана бақытты мүмкіндікті кірпік қақпай күтіп отыруы тиіс. Яғни бұрынғы бақытсыздықты сылтау қылып енді келер бақыттың жолын жаппасын. Ортақ махаббат жоқ деп есептейтін адамды психотерапевтік әдіспен емдегенде екі әдісті қолданамыз. Біріншісі – бақытсыздық балшығынан қалай да қашып шығу. Екіншіден – тек тұтас өмірінде ғана емес, махаббат кезеңінде де оның миссионерлік міндеті барын түсіндіреміз. Адам «махаббатта бақытты болуға тиіспін» деген миссияны арқалауға міндетті.
Қызғаныш эмоциясы
Тіпті екі жақтың тіл табысып, түсініскен махаббатының өзі кей кездері бақытсыздықты айналып өте алмайды. Ондай кезде көбіне қызғаныш деген дерт бәленің бастауы болады. Қызғаныш – біз айтып өткен «эротикалық материализмнің бір аспектісі». Оның түпкі негізінде сүйген жарына жекеменшік зат сияқты қарайтын көзқарас жатыр. Қызғаншақ адам серігіне жекеменшік затына қарағандай қарайды. Сосын оны тұтынам деп ойлайды. «Ол – менің ғана затым. Сондықтан оны өзім ғана иеленемін» деп дәлелдегісі келеді. Шынайы махаббатта қызғанышқа орын жоқ. Қызғаншақтық сезімін бір ғана қарапайым себеппен қаперден шығарып тастауға болады. Нағыз махаббат екі жақтың сезімін теңдей дәрежеде қамтамасыз етеді әрі сүйген серігінің қайталанбас тұлғалығын мойындайды. Енді осы араға қызғаншақ адамның бәсекелестік туралы түсінігін тығып көріңіз. Ол «махаббат сезімі екінші біреуге ауысып кетуі мүмкін» деп ойлайды. Шынайы махаббатта бұлай болуы мүмкін емес. Себебі ғашығыңды өзгемен салыстыра алмайсың. Қызғаншақ адамның тағы бір типі елге кеңінен танымал. Ондай адам ғашығын бұрынғы жұбайынан қызғанады. Қызғаныштың мұндай түріне шалдыққан адамда әманда «мен бірінші болуым керек» деген ауру амбиция болады. Сүйген жарының «екінші» яки «үшінші» жұбайы болса да, соны қанағат тұтқандар әлдеқайда көбірек қарапайымдылық танытады. Бірақ кей кездері бұл қарапайымдылықтың астарында тағы бір талап жатады. Мұндай адам бұрынғы бәсекелесімен іштей тартысқа түспеуі мүмкін, бірақ осы махаббатын өзінің тәуелсіз статусына дәлел ретінде қолданады. Қызғанышқа ұрынған адам негізгі фактіні назардан тыс қалдырады. Ол факті бір адамды екінші біреумен салыстыруға болмайды. Себебі ішкі дүниесінде әр адам әр түрлі болады. Егер өзіңді біреумен салыстырсаң, бірінші өзіңе әділетсіз назар саласың әрі басқаға да солай. Салыстыру, қызғану, бақталас болу деген махаббатта ғана емес, қарапайым өмірде де дұрыс емес. Себебі адам баласы тағдырын бір нүктеден бірдей бастамайды. Әркімнің өмірдегі «старт» сызығы әр жерден басталады. Яғни адамның өмірін жаппай жүгіру жарысын бір сызықтан, бір уақытта, бірдей бастайтын марафоншылармен салыстыруға әсте болмайды. Мысал үшін біреудің «старты» қиынырақ басталуы мүмкін. Бірақ бұл әлі ештеңені шешпейді. Жағдай теңеліп, бәрі орта деңгейге түскенде қиындықпен бастағандар ұтымды позицияға шығып кетеді. Жалпы дөңгелектеп айтсақ, тағдырдың көлденең тартқан ситуациясын біржақты бағалай алмайсың. Жетістікті өлшейтін стандарт жоқ. «Мен пәленшеден оздым яки қалып қойдым» деуге ортақ өлшем бірлігі жоқ. Әр индивид оңашада «Мен бұрын қандай едім, қазір қандаймын? Он жыл бұрын нені игердім, қазір неге қол жеткіздім?» деп қана толғана алады. Екі жұп мөлдір махаббатқа жетіп, бір-бірінің қайталанбас қасиеттеріне ынтық болмаған соң қызғаныш туралы ой толғаудың қажеті жоқ. Себебі мұндай қатынаста махаббат атымен болмайды. Қызғаншақтық мерезін қай тараптан алып қарасаңыз да ақымақтық. Себебі ол бірде тым ерте немесе тым кеш пайда болады. Қызғаншақтық өзін ақтамайды. Себебі күмәнданған ғашығың саған адал болып шықса, өзің ыңғайсыз жағдайда қаласың. Ал егер сенен басқа жасырын біреуі шынымен де бар боп шықса, қызғанғаннан енді не пайда? Себебі ендігі байланыстың түк те маңызы жоқ. Бұған қосымша ретінде мынаны айтамыз. Тактикалық тұрғыдан қарасаңыз да, қызғаныш – қауіпті эмоция. Қызғаншақ қауіптенген нәрсесін қолдан туғызады. Себебі махаббаттың жойылуынан қорқады. Бірақ қызғанышпен сол сезімді өзі жойып тынады. Бірінші байланыста сәтсіздікке ұрынған адам екінші рет бағын сынарда көбірек күмәнға беріледі. Мұны былай түсіндірсек ойға оңай қонады. Мысалға, біреу маңызды бір істі бастарда сізге сенім артып, арқа сүйесе, тұла бойыңызға қосымша күш қосылады. Маңызды істі сізге ғана сеніп тапсырған соң сол үдеден шығу үшін ерекше жігермен істі жапырып тастауға барыңызды саласыз. Көңілге күмән кіргенде осы процесс кері айналады. Күмәннан серпін алған жағымсыз жойқын күш бәрін бүлдіріп, қиратып өте шығады. Себебі күмәннің де өзіне тән жойқын күші бар. Қызғаншақ кезіктірген серігін ұзақ ұстап тұруға күмәнданса, оны жоғалтып тынады. Бәлкім оның адалдығына күмән келтіріп, оны басқа біреудің құшағына өзі итеріп құлатуы мүмкін. Әлбетте, адалдық махаббаттың бір міндеті болып саналады. Бірақ бұл міндет шын сүйгендер үшін ғана. Бірақ сөйте тұра сүйген серігіңе қаратып «Сен адал болуға тиіссің!» деп тағы да талап ете алмайсың. Талап етсең, оның түбі ақырында ерегіске әкеп соғуы мүмкін. Ерегіс қарсылықты туғызады. Қарсылық ерте ме, кеш пе, шаңырақтың шайқалуына әкеліп соғуы мүмкін. Біреуге сенім артқанда өзіңе деген сенімсіздіктің орны толады. Өзіңе сенгендей біреуге сенсең, бұл сенім түптің түбінде өзін ақтап шығады. Бір-біріне сенбей арада күмән күшейгенде бұл күмән расқа айналуы мүмкін. Серігі өзіне сенім артқанда оған адалдықпен тіл қатуға міндетті. Алайда адалдықтың өзі де диалектикалық заңдылыққа сәйкес шындыққа қарама-қайшы болуы мүмкін. Шындықты пайдаланып, өтірік алдауға да болады. Аз-маз өтірік қосумен шындықты жеткізудің де жолы бар. Керек десеңіз, өтірікті толық пайдаланып, бірнәрсені шынайы қалпында алып шығуға болады. Дәрігерлер жиі қолданатын мынадай тәсілмен бұны оп-оңай түсіндіре аламыз. Мысалы, дәрігер бір пациенттің қысымын өлшейді. Оның қан қысымы қатты көтеріліп кеткен. Үрейі ұшқан пациент: «Қанша болыпты?» – деп сұрайды. Егер шындықты айтсақ, одан бетер үрейленіп, қан қысымы тас төбеге шығады. Шындықты жасырып, төмен қысымды айтсақ, жүрегі дереу орнына түседі. Қан қысымы бірден төмендейді. Алдыңғы айтқан өтірік шынға айналады. Өмір жолында, әсіресе жұбайлардың жұптық өмірінде, «тек қана шындықты айтамын» деп фанат болу осындай парадоксқа әкеліп соқтырады. Келесі мысалды алайық. Бірде таныс дәрігерге бір әйел келіп кеңес сұрады. Пациенттің айтысынша оны бір еркек азғырған. Әйелдің көңілі бұзылып, күйеуінің көзіне шөп салуды ойлаған. Бірақ бір себеппен мәселе төсекке дейін жетпеген. Дәрігер оған: «Арада ешнәрсе болмаса, ойыңның бұзылғанын күйеуіңе айтудың керегі жоқ», – деді. Біріншіден, дәрігер әйелдің невротикалық себептен ғана өзінің «бүлінгенін» мойындағысы келгенін әрі күйеуінің де сенімін сынап білгісі келгенін сезді. Екіншіден, оған: «Шындықты айтып күйеуіңді алдайсың. Сенің мойындауың оны адастыра түседі. Күйеуіңіз «Адал болса, несіне мойындап тұр?! Ағынан жарылғанына қарағанда арада бірнәрсе болған ғой» деп күмәнға матала түседі», – деп кеңес берді. Әйел дәрігерді тыңдаған жоқ. Күйеуіне ағынан жарылды. Жағдай шапшаң ушығып, ажырасып тынды. Франклдың осы жерде «шындықтың фанаты болмаңыз» деген ескертуін мұсылманша менталитетпен де түсіну қиын емес. Мұхамбет пайғамбар айтты деп келетін бір хадисте үш түрлі жағдайда өтірік айтуға болады делінген. Соның біреуі арасы ажырай бастаған ерлі-зайыпты татуласу үшін өтірік айтуға рұқсат деген. Біз енді күмәндану проблемасынан нақты көзге шөп салу проблемасына ауысамыз. Осы арада біз моральдың екіжақты стандартына кезігеміз. Ер мен әйелдің жар төсегіне адал болмауы қоғамда екі түрлі талқыланады. Еркекпен салыстырғанда әйел адамның теріс жүрісі қаттырақ сыналады. Бұлайша екі түрлі сынауды былайша түсіндіреміз: психологиялық тұрғыдан қарағанда екі жыныстың сексуалды өмірге көзқарасы айтарлықтай өзгеше. Аллерс бұл құбылысты мынадай формулада бермекші болған: «Еркек махаббатқа беріледі, әйел махаббатта беріледі». Яғни ер адам махаббатты сезген бойда гүлін ашады. Ал әйел махаббатқа молыққан соң барып гүлін ашады. Түптеп келгенде мұндай екі түрлі мораль стандартының әлеуметтік себебін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Егер бір әйел бірнеше еркекпен қатар «қыдырып», біреуінен бала тапса, ол баланың әкесі кім екенін анық айта алмай шатысуы мүмкін. Ер адам бірнеше әйелмен қатар «қыдырса», өзіне адал болған әйелінен туған баланың әкесі өзі екенін біліп тұрады. Жалпы бұл тақырыпты талқылағанда шешімдер әртүрлі бола береді. Бар мәселе осындай сәтте ұстанатын көзқарастың алуандығына тәуелді. Яғни көзқарас алуандығы позиция құндылығын дамыта түсуге негізгі себеп болады. Бұл проблемаға қатысты қатып қалған біржақты үкім жоқ. Мысалы бір адам жанына салған жара үшін кек алуға ұмтылады. Яғни ажырасады. Енді біреу кешірім беріп, қайта достасады. Үшінші біреуі айрылып қала жаздаған жұбының жанжүрегін жаулау үшін қайта кіріседі. Эротикаға деген прагматикалық көзқарас жұбын жекеменшік затқа айналдырып қана қоя салмайды. Ондайда жыныстық қатынастың өзін тауарға айналдырады. Бұл мәселені жезөкшелер әлемінен бірден байқаймыз. Психологиялық тұрғыда жезөкшенің психикасында проблема бар десек, тура сондай проблема оларды пайдаланатын клиенттің де психикасында бар. Біз бұдан бұрын да талай рет айтқанбыз. Экономикалық мұқтаждық ешкімді де қандай да бір типтің кейпіне амалсыз енуге мәжбүрлей алмайды. Басқаша айтсақ, мұқтаждық ары таза, психологиясында проблемасы жоқ әйелді жезөкшелікке көндіре алмайды. Керісінше, жоқшылық қанша қинаса да, кейбір әйелдің жезөкшелікке салынбай, аман-есен шығуы бізді таңғалдырады. Ондай әйелдер үшін материалдық қиындықты жезөкшелік жолмен шешу туралы ой миына кіріп те шықпайды. Ары таза, иманы мықтылардың бұлайша қарсыласып күресуі саудасы біткен жезөкшенің әркімге бір жалбақтағаны сияқты табиғи көрінеді.
Психологиялық гигиена
Жезөкше жалдайтын клиент махаббатсыз секс іздейді. Бірақ мынаны ескермейді. Тән гигиенасы сияқты психология гигиенасы да өте маңызды. Жыныс мүшеңді таза ұстамау қандай қауіпті болса, психологиялық гигиенаға да салғырт қарау соншалықты қатерлі. Зардабынан оңай құтылмайсың. Дәстүрлі сексуалды тәрбие жыныстық қатынас жайында дұрыс білім беруге тырысады. Ал, жезөкшелік – дәстүрлі ілім мен тәжірибені күл-талқан қылады. Сексті рақат алудың бір түрі дейтін позиция декаденттік (моральдан жұрдай боп құлдыраған) сексуализмнің мөлдір суындай көрінгісі келеді. Әу баста ғашықтықты білдірудің бір құралы болған секс – енді рақаттану принципі мен қанағаттану инстинктіне жем болды. Төсектегі мақсат – секстегі рақат болып шыға келеді. Физиологиясы жетіліп, махаббат мастығына ұмтылған жастар байқамаса теріс тәрбиенің ықпалына түсіп қалады. Бірде былай болған. Бір баланың шешесі ұлын жезөкшеге баруға үгіттеген. Мақсаты – ұлын ғашығынан айыру. Сондағы сылтауы – қыздың мәртебесі төмен, болашақ «құдасы» кедей. Сөз жоқ, махаббат импульсі бар. Оны жезөкшелік жолға бұрып, сексті – қанағат алу инстинктіне жығып берсең, шырынды эротикалық өмірдің жолы жабылады. Махаббаттың тәтті нығметінен мақұрым қаласың. Бір жігіт жезөкшеге барып, секстің рақатын қуалап, соған шырмалса, келешек жұбайлық өмірі қирайды. Уақыт өте ғашығын жолықтырып, біреуді өліп-өшіп сүюі мүмкін. Бірақ табиғат сыйлайтын секстің шырынды дәмін сол күйі тата алмайды. Ғашықтар үшін тар төсекте табысып, аймаласып сүйісу – рухани бірлігінің физикалық манифестациясы (салтанатты көрінісі) сияқты. Ер азамат сексті ақырғы мақсат дейтін ауруынан айықпаса, мынадай бәлеге душар болады: ол үшін әйел автоматты түрде екі класқа бөлінеді. Санасында әйелдің мадонна және салдақы деген екі түрі елестейді. Оның соңы түрлі психологиялық қиындық туғызады. Мұндай оқиғалар психиатрларға жақсы таныс. Франклдың осы теориясын Лев Толстой көркем әдебиетте «Крейцер сонатасымен» әдемі көрсеткен. Төменде сол «Крейцер сонатасынан» үзінді оқып көріңіз. Позднышев деген кісі пойызда келе жатады. Ол әйелін өлтіріп, сол үшін сотталып, жазасын өтеп келе жатқан беті еді. Купеде бірге отырған серіктері ажырасу, неке, отбасы қатынасы, зинақорлық жайлы әңгіме қозғайды. Позднышев еріксіз әңгіме араласады. Әйелімен қарым-қатынасын, оны не себепті өлтіргенін, қызғаныштың қалай пайда болғанын, әйелге деген құрметінің қалай жоғалғанын баяндайды. Зинақорлық жайлы айтып отырып: «16-ға толған шағымда құрдастарым алғаш рет әйелге деген ниетімді бұзды. Бұрын әйел көрсем апа-қарындасымдай сыйлаушы ем. Енді әйел жәй апай емес шекер балдай көрінетін болды. Сәл ашық тәнін көрсем дегбірім қашатын. Оңбаған ой санама тыныштық бермейтін. Ойша күнәһар болсам да, шектен шыққан жоқ едім. Бір күні ағамның бір сауыққой жолдасы ағам екеумізді желіктіріп бір жерге апарды. Ол кезде әлі бейкүнә едік. Сол түні арақ ішуді үйретті. Артынша жезөкшеге апарып «ауыздандырды». Ағам да мен де алғаш рет былыққа баттық. Содан бастап әйелге деген көзқарасым өзгерді. Ол кезде өкіну дегенді білмеймін. Әлі жаспын. Үлкендердің «нағыз жігіт» деген мақтауына лепіріп жүре беріппін. «Әй, бұл дұрыс емес» дейтін бір адам табылмады. Керісінше гимназиядағы дәрігердің өзі «шамалап, бабымен жасасаң денсаулыққа пайдасы бар» дейтін. Әйтеуір қай жағынан алсам да, кімнен сұрасам да зинақорлықты зиянсыз деуші еді. Ауру жұқтырып алсаң емдейтін дәрігер де дайын екен. «Қам жеме» деп біреулері жігер берді. Шынын айтқанда адам, мейлі қоғам болсын зинақорлықтың тамырына балта шабуға емес, оны зиянсыз етуге күш салады екен. Мысалы шылым шегу мен ішімдік ішу сияқты. Себебі бұл жайт бір мен емес, жұрттың 0,9-ның басынан өткен. Олар зинақорлық жасау былай тұрсын, ар-ожданын жұбату үшін бұл сұмдықты әртүрлі жолмен пайдалы етіп шығарады. Мысалы біреу «бой суыту – денсаулыққа пайдалы» дейді. Екіншісі мұны табиғи қалыпты жағдайға жатқызады. Жұрттың сөзін естіген соң мұны табиғи процесс, жас мөлшеріме сай рақат алу деп түсініппін. Шылым мен арақты қалай зиянсыз деп ойласам, зинақорлық жайлы пікірім де солай қалыптасты. Әйтсе де алғаш зина жасаған күні жан жүректі тебіренткен өзгеше бір күйді бастан кештім. Шаруамды «бітісімен» дәл сол сәтте, бөлмеден шықпай жатып, жүрегім сыздап қоя берген. Көңілімді қаяу басып, жылап жібере жаздадым. Қазір ойласам, сол кезде жан дүнием мерт болған пәктігімді, әйелдер жөніндегі келмеске кеткен ізгі сезімімді жоқтап, егілген екен қой. Осылайша әйел затына деген адал сезімдерім күл-талқан болды. Зинақордың өзі боп шыға келдім. Негізі зинақор мен нашақордың, маскүнем мен шылымқордың бой алдырған бәлекеті бір. Ол – құнығу. Бәрі де кісіні адам ретінде көрмейді. Құмарлығын басу үшін зат сияқты пайдалана береді. Бауырмалдық, жанашырлық сезімнен жұрдай болады. Құмарлығымды қандыру үшін өзімнен бірнеше жас үлкен жезөкше әйелді түрлі азапқа салушы едім. Қазір сол еске түссе жиіркенем. Көшеден әйел көрсем арсыз көзім ең бірінші жапсырма бөксесіне түсетін. Томпиған, торсиған, бұлтыңдаған майбөкселер нәпсімді қоздыратын. Жалаңаш иық, апай төс омырау, жеңсіз қол, ақ балтыр бәрі-бәрі азғын құмарымның айызын қандыра түскендей. Мүмкін ол біреудің адал жары шығар, бейкүнә мәпелеген қызы, аялаған қарындасы шығар. Бірақ..., бірақ мен үшін әйелдің бәрі бірдей. Нәпсімнің азығындай көрінді. Сол аурудан айыға алмадым. Азабын әлі тартып келемін» дейді. Франклға ораламыз. Әйел затының сексті ғашықтықты білдірудің бір құралы деп түсінуіне сірескен модельдер кедергі келтіреді. Оның да психикаға зардабы орасан. Түзеу оңайға соқпайды. Мынадай оқиға болған. Бір қыздың жігітіне махаббаты платондық сезімде болды. Ол жігітпен төсекте табысуға ниет білдірмейді. Ондай құмарлық қызда әлі оянбаған еді. Жігіт «табысуды» талап етуден шаршайды. Қызына: «Меніңше, сен фригид (төсекте суық) сияқтысың», – дейді. Осыдан бастап қызға «Бәлкім, оның ойы дұрыс шығар» деген ой маза бермейді. Осы ойдан зәрезап болған қыз жігіттің дегеніне көнбекші болады. Мақсаты жігіттің ойын терістеу. Бірақ қыздың бұл эксперименті нәтижесіз аяқталды. Ол қанша «қосылса» да, ешқандай ләззат сезінбеді. Бойдағы импульстер пісіп жетілмегендіктен ерте ояна алмады. Бойжеткен махаббат импульстерінің жетілуін күтудің орнына жігіттің сөзін терістеймін деп «қатынасты» ерегіспен бастайды. Өзін «көрсеткісі» келді. Сөйте тұра «Ләззат алмасам ше?» деп іштей қауіптеніп те тұрды. Бәрі қолдан жасалғандықтан, мұндай ситуацияда пісіп жетілген импульстің өзі жаншылып тастайды. Бұл жерде бәрі түсінікті. Қыз әлі дайын емес еді. Сондықтан жігіттің құшағында күйіп-жанып жата алмасы анық. Мұндай сәтсіздік күйеуге тиген әйелдің кейінгі өміріне де кері әсерін тигізеді. Бойында психогенді салқындық сақталып қалуы мүмкін.
Дабырлы дабыл механизмі
Психотерапевтке «дабырлы дабыл» (предвосхищающая тревога) механизмі таныс. Адам организмі алдын ала үрейленіп дабыл қағады. Автоматты түрде жүзеге асатын кей әрекетті ой-санамен бақылағанда қимыл кері кетеді. Мысалы, кекешті қараңыз. Ол тіл қатқанда сөйлеу актісіне көңіл бөліп, соған акцент береді. Сосын өзін тоқтатып тастайды. Сөйлеу процесі мотор сияқты. Моторды бір рет қосқан соң әрі зырылдауы тиіс. Сөйлеу мәнеріңді бақылағанда маторға қол сұғып, шұқылап, кедергі келтіргендей боласың. Кекешті емдегенде «дауысыңды шығарып ойлан» деген тәсілді қолданады. Дыбыстап ойланса, тілі күрмелмей сөйлей бастайды. Осылай жаттыға берсе, біржола жазылып кетеді. Ұйқысыздықты да осылай емдейді. Пенде ұйқысын саналы түрде реттеп «қалай да ұйықтауым керек» деп бақыласа, керісінше көзі бақырайып, ұйқысы қашады. «Ұйқы келмей қалса қайтем?» деген үрей ұйқысыздық ауруын асқындырады. Біреуі біреуіне жалғасып, ақырында дертті болады. Осы екі мысалмен кісінің сексуалды қабілетіне алаңдауын да түсіндіруге болады. Жыныстық қатынаста кейбіреу «Ләззат алмасам қайтем?» деп қауіптеніп, бақылауды күшейтеді. Мазасыздық асқына келе импотенцияға ұласады. Дені сау адам жарымен «табысқанда» ой-санасы, көңіл құштарлығы ғашығына біржола ауады. Сексуалды невротикте керісінше. Ол «Қалай болар екенмін?» деген үрейге оранып, қойнындағы ғашығын ұмытады да, өзімен әуре болады. Соның кесірінен бәрінен мақұрым қалады. Себебі табиғи «қосылған» жоқ. «Тірлігін» зорлықпен жасағысы келді. Психотерапевтің міндеті осы арада айқындалады. Дәрігер үрейден арыла алмай «тұтқынға» түскен пациентті шырмаудан шығаруы тиіс. Ол үшін пациентті мынаған көндіреміз. Оған: «Сексуалды қатынас жасауға міндеттімін деп сезінбе. Құмарлықты әне оятам, міне күшейтем деген ойдан арыл», – дейді. Құмарлықты қоздыру ниеті көбіне партнер тарапынан болуы мүмкін. Мысалы, әйел талапшыл не импульсі тегеурінді боп «пәлен күні түген сағатта жарыммен қосылуым керек» деп өзін дайындаса, сол ойдың жетегінде кетеді. Кей еркек ойша қиялға беріліп, өзін «батыр» сияқты елестетеді. Соның кесірінен шешуші «сәтке» келгенде сыр беруі мүмкін. Сексуалды невротикке кері әсер ететін осындай «құмарлық ояту» типтерін жойғанда пациент қайтадан оңалады. Енді өзін мәжбүрлеп төсекке сүйремесін. Оған әу бастағы реакциясының табиғи екенін түсіндіреміз. Сонда ғана ол «ауру емеспін бе?» деген үрейден арылады. Алдын ала қағылатын дабырлы дабылдың қандай кері әсері барын, соңы неге әкеліп соғарын қарапайым жандар білуі тиіс. Сәтсіздікке ұрынған реакциясының да қалыпты адамның көңіл күйі екенін білуге міндетті. Бірде былай болды. Дәрігерге бір жас жігіт сексуалды потенциясына шағым айтып келді. Ол бір қыздың соңынан бірнеше жыл жүгіреді. Қыздың онда көңілі болмаған. Бірақ табанды жігіт арудың жүрегін ақыры жаулаған. Бойжеткен екеуінің тұңғыш төсекте табысу сағатын діни мерекеге тақап, бір күнге белгілейді. Тәтті түнді тағатсыздана күтіп, дегбірі қашқан жігіт алдағы екі аптаны өткізе алмай зорға ұйықтайтын. Айтқан күн де келіп жетті. Демалыста Альпі тауының етегіндегі жер үйлердің бірінде түнеуі тиіс болатын. Түн ортасында жігіт жатын бөлмеге сатымен көтерілгенде алабұртып мазасы қашады. Тұла бойын толқытқан секске деген құмарлық емес, алдын ала дабыл қаққан үрейлі сезімдер еді. Жігіттің өзі: «Үрейленгенім сонша: жүрегім дүрсілдеп, аяқ-қолым қалшылдап кетті. Буындарым босап, аяғымды баса алмай қалдым. Мұндайда потенция қайдан болсын?!» – деп көңіл күйін сипаттады. Қысқасы, сол түні түк те «бітіре» алмаған. Кейін дәрігер былай деп түсіндірді: «Сырттай қалшылдап, іштей қобалжып тұрғанда тәтті секстің дәмін татамын деп дәмелену – бос әңгіме. Сондағы реакциаң да – табиғи құбылыс. Бұл патологияға жатпайды. Қалыпты жағдай. Сені импотент деуге келмейді». Дәрігердің кеңесінен соң пациент импотент еместігіне көзі жетті. Бұл жігіт те алдын ала дабыл қағатын үрейдің ықпалына түскен. Ғашығына жетпей тұрып «Бәрі басқаша болса ше?» деген үрейге жеңілген. Үстемдік алған үрей сезімі оны құйындай ойнатып ала жөнелген. Сол түнгі әлсіздігінің анық себебін білгесін потенциясы қалпына келді. Ешқандай ауруы жоқ. Ер адам екі істі қатар атқара алмайды. Ол сол түні екі істі қатар атқармақшы болған. Біріншісі, төсекте ынты-шынтысымен ғашығына берілгісі келеді (бұл – секстің сәтті болуы үшін міндетті түрде керек шарт). Екіншіден, мазасыз хәлден арылу үшін өзін бақылағысы келген. Екі сезім бір қазанға сыймайды. Мұндай көңіл күйді емдегенде дабыл қағатын сезімдерден құтылу керек. Оның өршіп, бойды билеп алуына мүмкіндік бермей, жылт еткен сәтінде өшіріп тастаған абзал. Тереңдеген сайын соқыр кейіпте бақытқа ұмтылудың тұйыққа тірелерін көресің. Сексуалды өмірден осы проблеманы тағы байқаймыз. Жыныстық мінез-құлықтың психологиясы мен патологиясынанда осылар айқын байқалады. Көзді шел басып, өзіңе риза боп, бақыт құсын әне-міне ұстаймын деп, қанша жерден ұмтылсаң да, нәтижесі абыройсыздықпен аяқталады. Бақыт құсын ұстай алмайсың. Бұған дейін де бірнеше рет ескерттік. Бақытқа талпыныс адамды оятатын негізгі фактор емес. Бақыт мақсатқа жеткенде ырықсыз пайда болады. Өмірдің сызығы рақат алумен шектелмейді. Кант та: «Адам бақытты болғысы келеді. Біздің тілек – бақыттың өзі емес, соған лайықты адам болу», – деген. Бұл ойды былайша кеңітер едік. Пенде бақытты боп қоя салғысы келмейді. Бақытты болуға жеткілікті негіз жасағысы келеді. Мұратқа емес, рақатқа талпыну мотивацияның қолдан жасалған формасы. Бұған өзі туындайтын табиғи құбылыс жетіспейді. Табиғи құбылыстың жоқтығынан кісіні невротикалық уайым-қайғы басады. Жағымсыз сезімдер сексуалды сезімді күйретеді. Табиғи және шынайы туындайтын сексуалды құмарлық – еркектегі потенцияны саламат сақтайды. Бар бәле ниеттен шығады. Сексуалды патологияға қатысты адамның шынайы ниетін сипаттау үшін Освальд Шварц «пысықай» сөзін ойлап тапты. Пысықай типі былай: Олар өзінің «шамасын» есептейді. «Шамасы» келмейтін ситуациядан оның инстинктісі сенімді түрде хабар береді. Кейде орны боп табылмайтын ортаға қосылмайды. Ондай ортаға қойып кетсе, «абыройы» төгілетінін сезеді. Ал мұндай қабілеті жоқтарды «иісалмас» деп айтады. Олар шамасына қарамай рақат үшін әр жерге тұмсығын тығады. Мысалы, иісалмас тәтті ләззатқа бата қаламын деп, жезөкшелер үйіне барады. «Шешуші сәтке келгенде» импотент боп қалады. Бірақ оны ауру деуге болмайды. Бұл сәттегі импотенция теріс ниеттен туған. Мұндай ситуациядағы секс сәтсіздігін мәдениетті, тәрбиелі адамнан да күтуге болады. Оның да ниеті қисайып тұрса, осындай ситуацияға тап болуы мүмкін. Сондықтан, мәдениетті адам сүйген жарымен шынайы сүйіспеншілік қатынаста болса ауытқу жоламайды. Махаббат жайлы біраз жайтты айттық. Енді оның шығу тегіне үңілейік. Психосексуалды сананың пісіп жетілуі бозбала шақта басталады. Физиологиясының пісіп жетілуі мен секс сезімі күтпеген жерден санаға кіріп келеді. Шилдермен салыстырып айтсақ, «Психика әлеміне органикалық дененің шабуылы» басталады. Тәжірибесіз бозбала психикасы сексуалды сезімнің экспансиясына дайын болмайды. Ол «шок» алғандай есеңгіреп қалады. Мұның соңынан туындайтын психологиялық ауытқуларды патологиялық ауруға балауға болмайды.
Эротикалық тенденция
Секс сезімі бозбалаға «бас салғанда» бөлек психологиялық құбылыс боп есептелмейді. Мұны соматикалық өзгеріске қарсы психикалық реакциялар көрінісі десе дұрыс. Немесе гормоналды өзгерістің психикалық жалғасы және гормоналды безде күшейген шиеленістің психикалық тұрғыда жауап беруі дейміз. Физиологиялық тұрғыда әуелден бар сексуалды қабілет алғашында аморфты (формасыз) болады. Бөлек формаға түспейді. Басқаша айтсақ, әлі ешкіммен басы бірікпейді. Тек психосексуалды сананың пісіп жетілуі мен сексуалды сезімдер тұлға тарапынан ұйымдасып, адамның өміріне сіңіседі. Алғашында секс жеке адамға тән тенденция болмайды. Басында жөн-жосықсыз, мақсатсыз өздігінен оянып қоза береді. Кейін бозбала жетіліп өскен сайын сезімдер де бағыт-бағдарын айқындап үйренеді. Бұрынғыдай жөн-жосықсыз ояна бермей, сүйген жарын тауып, соған бағытталады. Сексуалды сезімдер тоқтаусыз дамып тұлғаның ядросына жақындайды. Дамыған сайын тұлғаның мотивінен туындайтын күш-қуат сапына енеді. Сексуалды сезімнің бірінші қадамы әдетте былай. Құмарланып оянғанда «бір сілкініп» алу үшін кез келген партнерге көзін сүзеді. Жөн-жосығы мен бағыт-бағдары белгісіз сексуалды құмарлық шым-шымдап ояна береді. Ол инстинкті түрде мақсатына ұмтылады. Артынша бағыт алудың қосымша факторы пайда болады. Сексуалды инстинкт бір адамды нысанаға алады. Ұл болса қыз, қыз болса ұл таңдалып, нақты объектілер айқындалады. Басында бұлыңғыр болған жөн-жосықсыз ояну бірінші рет мақсатты түрде әрекеттеніп бастайды. Енді импульс нақты бір адамға бағытталады. Ғашық жарын табады. «Сексуалды ояныс», «сексуалды инстинкт» және «сексуалды талпыныс» психосексуалды пісіп жетілудің түрлі сатысынан өтеді. Қызығы, әр сатыда мақсатты таңдаудың ізі байқалады. Адам есейген сайын сексуалды сезімінде тұлғалық мінез-құлықтар көріне береді. Сексуалды сезімді бағыттап тұрған фактордың түп негізі не? Соқыр инстинктіні нақты біреуге бағыттайтын не нәрсе? Әлбетте, ол өздігінен жүзеге аспасы түсінікті. Инстинкт пен сексуалды сезім тұтас алғанда интенционалды қабілетін табиғаты бөлек тенденциядан алады. (Яғни біз оны жай ғана сублимацияның нәтижесі деп айтпаймыз). Оны адамның ішінде болатын (имманентті) эротикалық ұмтылыс дейміз. Имманентті дейтініміз: ол сезімді қанша жерден тереңге көмсек те, қайта тауып аламыз. Себебі ол басқалай сексуалды ұмтылыстан ерекшеленіп тұрады. Мысалы, жастарда мұның формасы былай. Достық жолдастығына, нәзіктігіне, тіл табысып түсінісуіне сай қалыптасады. Жастар тек сексуалды байланыс емес, рухани жақындық үшін де бір-біріне тартылады. Сондықтан оны тар шеңберде «эротикалық ұмтылыс» десек те, жетіп жатыр. Бұл сезім сексуалды қалаудан тумайды. Керісінше оның алдында тұрады. Тек сексуалды рақатқа ұмтылған адамның өзі ерте ме, кеш пе осы бір нәзік сезімді бастан кешпей тұрмайды. Фрейд оны мақсатқа жетуге кедергі келтіретін тенденция деген. Бірақ біз оны таза эротикалық ұмтылыс деп санаймыз. Себебі ол беймәлім сексуалды қалауға емес, шынайы ләззат алуға қол жеткізеді. Сексуалды құмарлыққа түскен адамның өзі мынадай ситуацияны қалаған. Ол жыныстық қатынас кезінде серігіне жоғары талаптар қояды. Төсекте физикалық денесімен емес, жандүниесімен қосыла берілуін қалайды. Тұрпайы сексуалды қалаудың арасында көміліп кетсе де, жаннан шығатын осындай импульстер мен талаптар алдыңғы шепке қайта оралады. Осыған орай түнгі клубтағы бір биші қыздың әңгімесін келтірейік. Бірде ол көңіл қосу үшін бір еркекті үйіне әкеледі. Еркек күтпеген жерден оған мынадай талап қояды. «Бұл жолы былай істейікші. Екеуміз бейне бір бақытты ерлі-зайыптыдай түр жасайық. Мен жұмыстан үйге оралғандай болайын. Сен ынтыға күтіп, бетімнен сүйіп мені қарсы алшы», – дейді. Енді осыны талдайық. Еркектің қойған талабы секстің табиғатына саналы түрде қарсы кеп тұр. Керек десеңіз, бұл әрекетін тәтті секске деген кіріспе деп те айта алмайсың. Бір кездері қолдан жаншылған элементтің қайта тіріліп, бұлқынып, тысқа жарып шыққаны анық көрінеді. Бұл элемент – махаббат еді. Сексуалды инстинкт эротикалық тенденцияны кейінгі планға шегерген. Жұлым-жұлымы шығып, қасиетінен жұрдай болған эротикалық өмірдің өзінде эротизмнің айрықша бір типіне іштен бір күш арындап ұмтылады. Биші қыз бен көңілдесінің арасындағы оқиғадан осыны айқын көреміз. Имманентті (адамның ішкі дүниесінде қайнап жатқан) эротикалық тенденция сексуалды сезімдерді дөрекі физикалық тұрпатынан шығарып, психологиялық ояну арқылы рухани ұмтылысқа жалғайды. Рухани ұмтылыс жеке «МЕННЕН» шығып, екінші біреудің «ЭГОСЫНА» жол тартады. Бәрі қалыпты, дұрыс болса, психосексуалды даму сексуалды мотивациядан эротикалық тенденцияға жәйлап өтіп қалыптана береді. Сексуалды ояныс пен эротикалық тенденцияның мазмұны бір-біріне сәйкес кеп, таразы басы теңеспейінше және эротизм мен секс араласып бітпейінше бұл құбылыс тоқтамайды. Мерзімі толғанда сексуалды қалау мен эротизм сәтті синтезделіп бітеді. Эротикалық тенденциядан шығып, бағытын айқындап алған инстинкт енді нақты біреуге бағытталады. Сосын барып ол адаммен байланысы тереңдейді. Бұл – қалыпты құбылыс.
Моногамды неке
Бұл процесс пісіп жетілген соң даму бір ғана некеге тірелуі тиіс. Эротикалық тенденция соны талап етеді. Ақыл тоқтатқан адам ғашық болғанда сексуалды қалауды айқын сезінеді. Оған ғашықтық сезімін білдіретін құрал ретінде қарайды. Моногамды неке – психосексуалды дамудың шырқау шегі. Cексуалды этика мен жыныстық тәрбиенің мақсаты да – осы. Сүйген жарға адал боп, жалғыз некеде тұру. Бұл идеал махаббаттың шарықтау нүктесі болғандықтан, көбінің қолы жете бермейді. Жетпесе де жақындауға тырысады. Барлық идеал сияқты бұл да жетекші принципке ие. Бұны тирдегі нысанамен салыстырса болады. Гете айтпақшы, садақ атқанда бәрі ондықты көздейді. Көбінің оғы ондыққа емес, сегіз, тоғыз, жетіге тиіп жатады. Кейбірі айдалаға атады. Махаббат майданында да бәрі шынайы махаббатты көздейді. Бірақ көбі дәл тигізе алмайды. Жалпы жұрттың бәрі шынайы ғашық боп, адал сүюге қабілетті емес. Пісіп жетілген махаббаттың жоғары деңгейіне санаулы-ақ адам көтеріледі. Түптеп келгенде адамның міндеті – мәңгілік шаруа! Ешкім де бір ірі істі еңсерген соң міндетім осымен тәмәм деп отырмайды. Тұлғаның дамуы шексіз. Бұны көкжиекпен салыстырамыз. Мақсатыңыз көкжиекке жету делік. Көкжиекке жақындаған сайын ол алыстай түседі. Осы формуланы әркім өзіне қолдана алады. Әркім дамудың шексіз даңғылына түссін де, мұршасы жеткенше өркендесін. «Адамзаттың тарихында қандай прогресс болды?» деген сұрақ та түсініксіз. Біз білетін бір ғана прогресс бар. Ол – техникалық прогресс. Оның өзі техника ғасырында өмір сүргендіктен бейне бір дамығандай әсер қалдырады. Сәтімен пісіп жетілу процесін негізгі мақсат етуді әйел заты оңай әрі тез түсінеді. Оның рухани байланысы мен физикалық құмарлығы сәйкес келгенде ғана сексуалды қалауының гүл сияқты ашылуы – қалыпты жағдай. Арына дақ түспеген әйел дәл осындай қалауды сезінеді. Еркектер мұндай қалауды сезіну үшін біраз еңбектенуге мәжбүр. Нәзік жанға тағы бір фактор көмектеседі. Ол некеге дейін пәктігін сақтаса және күйеуін шын сүйсе моногамды неке ол үшін қиын емес. Күйеуімен сексуалды қатынасқа түскен бірінші күннен бастап әйелдің эротикалық сезімі мен сексуалды импульсі партнердің тұлғалық қасиетіне автоматты түрде жауап береді. Оның осы сезімі бір ғана стимулға елең ететін шартты реакция сияқты күйеуіне ғана әсерленеді. Әдетте психосексуалды сананың пісіп жетілуі мынадай үш түрлі ауытқуға бейім. Дамуды бұзатын ең ауыр үш түрлі невроз мынадай типтерге тән.
Ренжіген тип
Невроздың бірінші типінен зардап шегетін – жастар. Олардың бір адамға бағытталатын эротикалық сезімі қалыптанбай, сексуалды мотивтері трансформация кезеңін енді-енді аяқтап жатады. Сексуалды мінез-құлықтың биік формасына ұмтылып, сүйіктісімен «тереңірек қатынасқа» баруды үйренді. Тіптен шарықтау шегіне де жетіп қалады. Физиологиялық оянысы мен эротикалық тартымдылығы ғашық жұбының ішкі әлеміне ұмтылыспен араласады. Осылайша эротикалық дамудың соңғы сатысына жете бергенде жанжалдасып, не басқа себеппен ғашығынан айрылса ол рухани күйрейді. Сәтсіз махаббаттың кесірінен эротикалық сезімдері дамитын «дәліздің есігі» құлыптанады. Ол енді дәл сондай ғашығын кездестіреріне күмәнданады. Бәрін тәрк етіп, рақат принципіне балға батқан шыбындай батып кетеді. Бұрынғы эротикалық сәтсіз тәжірибесін ұмытуға тырысады. Инстинктің қанағаттануы мен сексуалды рақаттың сансыз қызығы ғашықтық өмірдің балдай сезімдерін алмастырып кете барады. Енді акцент – эротизмге емес, сексуалды қалауға жасалады. Осы кезде сексуалды инстинкт рақаттың көп болғанын талап етеді. Рақатты шектен тыс қолданған кісінің психосексуалды дамуы ауытқи түседі. Уақыт өткен сайын эротизм мен сексуалды қалаудың синтезінен мақұрым қалады. Махаббаттан қалған көңілі оны ең төменгі даму деңгейіне құлдыратады. Махаббаттан көңіл қалған бұл типті – «ренжіген тип» дейміз.
Жұмыс талабына сай бір қылмыскердің күнделігін оқуға тура келді. Оның жазбасы «ренжіген типтің» жан күйзелісінің мазмұнын паш етеді. Бала күнінде оны ересек жігіттер сексуалды жын-ойнаққа қатыстырып, гомосексуалды контактіге мәжбүрлеген. Енді осыны терең назармен талдайық. Бұл ситуацияда қалыпты сексуалды қозу жоқ. Оның психосексуалды дамуында инстинкті құмарлық пен азғындаған мақсаттың пайда болуы мүмкін. Осыдан соң ол азғындаған топтың арасында біраз жүреді. Бір күні ол жаңа бір достармен танысады. Олар альпинизммен, саяхатпен шұғылданады екен. Олардың ішінде бір қызды көріп, ғашық болады. Сол сәтте сексуалды өмірі төңкеріліп түседі. Қызға көңілі ауғанмен секске ниеті болмайды. Санасындағы сексуалды акценті бірден эротизмге ауысады. Қарабайыр секске емес, эротикалық нәзік сезімдерге шөлдеп шыға келді. Алайда бір күні қызы теріс айналады. Сол сәтте сексуалды жабайы инстинкт ытқып шығып, баяғы «өміріне» оралады. Жүріс-тұрысы, сексуалды қарым-қатынасы тез құлдырайды. Күнделігін оқып отырып жанайқайын анық естисің. «Бұрынғы бейшара күйіме оралғанымды қош көресің бе? Притонда арақ ішіп, азған үстіне аза берсін дейсің бе?» деп ғашығына қаламмен тіл қатыпты.
Көндіккен тип
Психосексуалды санасы дұрыс жетілмеген адамның екінші типі мынадай: Олар партнермен эротикалық қатынасқа түсе алмайды. Әу бастан сексуалды қатынаспен ғана шектеледі. Осы қатынасын эротикалық қалауымен біріктіруге тырыспайды. Секстегі партнерін өліп-өшіп сүйіп, оны лайықты құрметтеп, сыйлауға ұмтылмайды. Қалай бар, солай «пайдаланып» жүре береді. Біз оны «көндіккен тип» дейміз. Бұл тип махаббаттың мүмкіндігіне, құдіретіне сенбейді. Махаббаттың барына нанбайды. «Махаббат – жай ғана иллюзия. Мың жерден махаббат болса да бәрібір секске барып тіреледі. Романтика тек романдарда ғана болады. Шынайы өмірде болмайды», – дейді. Бұл класқа, әсіресе Дон Жуандар типі жатады. Біреулер оларға бейне бір эротиканың «қаһарманындай» тамсана қарайды. Шындығында олар – өмірді Мәнмен толтыратын шынайы махаббатты бастан кешуге батылы жетпейтін дәрменсіз жандар. Қанша жерден рақатқа батып, сансыз партнерді қолғапша ауыстырса да, ішкі дүниесі қаңырап бос қалады. Ішкі әлемі шынайы ғашықтың жандүниесімен салыстырғанда эрозияға ұшыраған қу тақырдай құлазып жатады. Орташа есепке салсаңыз, Дон Жуандардың тағдыры жолы болмай тоқыраған тағдырға есеп.
Әрекетсіз тип
Соңғысын «әрекетсіз тип» дейміз. Алдыңғы екі тип секстен басқаға қол жеткізе алмайды. «Әрекетсіз тип» бұған да жете алмайды. Мысалы, «ренжіген тип» жоқ дегенде эротикалық құмарлықты бастан кешеді. «Көндіккен тип» сексуалды құмарлықтың дәмін татады. Ал «әрекетсіз тип» ешқандай да партнерге жолықпайды. Мейлінше қашқақтауға тырысады. Ол не эротикалық, не сексуалды тұрғыда белсенді емес. Физиологиялық инстинктінің қоршауда қалады. Бұл қоршау «мастурбация» деп аталады. Секстің бұл формасы жалғызбасты кісіге тән. Ол сексуалды сезімді жанама түрде қолдан қоздырады. Мастурбация кезінде ешқандай объект болмайды. Бұл тип партнерсіз өзімен өзі рақатқа батады.
Мастурбация ауру да емес, ауруға себеп те емес. Ол – психосексуалды дамудың бүлініп, азғындаған түрі. (Бірақ түпкі табиғаты ғашықтық). Мастурбацияны денсаулыққа зиян деп ойлау негізсіз. Мастурбациядан кейінгі «жағымсыз дел-сал сезім» ипохондриялық ойларға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Жағымсыз сезімнің астарында өзін кінәлау әрекеті жатады. Ол мастурбациядан соң «Денсаулығымды құртпай ма екен?» деп уайымдамайды. «Осыным бекер болды-ау!» деген өкініш сыңайында болады. Бұл әрекеттің негізгі мотиві – эйфорияны сезіну, сағыну. Бірақ әр мастурбациядан соң таңертең түнімен салынып ішкен адамдай жағымсыз көңіл күйді сезеді. Бұл типке сексуалды ауытқуы бар жастардың бәрі кіре береді. «Сексуалды ауытқуы бар» дегенде – психологиясы күйреген деп жалпылама түсінсек те болады. Бұл – сексуалды оянысымен жалғыз қалған пенденің проблемасы. Ол үнемі бұзылып, күйреген сезімдерді бастан кешеді. Бұл сезім жалғыз қалғанда ғана торлайды. Эротикалық элементтер күшейгенде сексуалды қалау қауіпті шекке көтерілмейді. Адам секстің кесірінен азғындыққа салынбайды. Осы процесс керісінше жүріп, қалыпты даму кезінде бірнәрсе бүлінсе, эротизм кері сырғанап, қарабайыр секске шырмалады. Психикада конфликт пайда болады. Ол сексуалды қалаудың күйреуін күшейтеді. Осы жерде бір айыратын нәзік жайт бар. Қанағат таппаған сексуалды инстинкт – күйреудің қайнар көзі сияқты. Секстен тыйылған пенденің сексуалды қалауы күйрегендей көрінеді. Шындығында тыйылу мен күйреу екеуі екі басқа. Ол мәселеге төменде тереңірек тоқталамыз. Жоғарыдағы талдауды ересекке емес, өскелең жасқа айтса жарасады. Жас жігіт сексуалды күйреуден зардап шексе, оның сексуалды инстинкті эротикаға бағынбай жатқанын білдіреді. Ол қанағат таппайды. Ескі түсінік бойынша былай: бірінші сексуалды күйреуді мәселе етіп көтереді. Сосын оны шешу үшін сексуалды пропаганданы күшейтеді. Психоанализді қалай болса солай тәпсірлеп, қым-қиғаш қате пікірлерді долбармен қолданады. Сондағы айтпағы мынау: «сексуалды инстинкті жаншып тастаса, адам неврозға ұрынады». Шындығында адам қанағат таппағаннан невроз болмайды. Жастар арасында сексуалды тақуалықтың зияны насихатталады. Мұндай доктриналар невротикалық сексуалды құмарлықты дамытуға жағдай жасап, үлкен зиян тигізді. Ортаға мынадай ұрандар тасталды: «Кез келген нәрседе секс болсын» немесе «Соғыспен емес, секспен айналыс» деген сияқты. Құрыды деген – осы. Керісінше жастардың сексуалды қалауын асықпай, баппен, жөнімен, тәртібімен пісіру керек. Олардың бұл қарабайыр сезімдерін нәзік эротизммен байыта отырып, адамшылықтың биік деңгейіне шығару керек еді. Осындай баппен пісіп жетілген эротизм сәтімен барып тұғырына орныққанда сексуалды элементтер ғашықтықты білдірудің көркем түріне айналады. Эротизмнің бұл түріне жету үшін сексуалды қарым-қатынастың бастапқы формаларын міндетті түрде жүріп өтуі тиіс. Ал, секс әлеміне «әй жоқ, шай жоқ» кіріп келсе, жас жігіт эротизм мен сексуалды қалауды сәтімен синтездей алмайды. Зиянын тартады. Франкл меңзеген әдісті классикалық жолмен қолданған тиімді. Ерте заманның жұрты бұл проблеманы оңымен шешкен сияқты. Өткен ғасырларда жыраулар ел ішінде лиро-эпостық жыр-дастандарды ауыздан ауызға тарататын. Жүсіп пен Зылиха, Ләйлі мен Мәжнүн, Қозы мен Баян, Қыз Жібек пен Төлеген деп кете беретін. Біз жай ғана «фольклор», «халықтық қазына», «мәдени мұра» деп қарайтын қазыналар логотерапия талдауына салғанда басқаша сипатқа ие. Көнеден жеткен ғашықтық жырлар – бозбала бойындағы жабайы сексуалды қалау мен интенционалды эротиканы табиғи жолмен синтездеуге таптырмайтын құнды құрал. Қала берді, ХІХ ғасырдың екінші жартысында феномен ретінде көрінген қазақ әндерінің де мәні мен маңызы ашыла түседі. Әсіресе «Арқа әндері» деген атаумен әйгілі болған қазақтың ғашық әндері адамды баурап алады. Франклдың талдауынан соң бұл мұраларға психотерапия дүрбісімен қарағың келеді. Әуені сазды, сөздері сиқырлы, эстетикалық жағынан жақсы дамыған ғашықтық өлеңдер лапылдаған сезімін игере алмай тұрған бозбаланың интенционалды қабілетін шапшаң ширатады. Классикалық құндылықты сіңірген бозбала мен бойжеткен алапат сезімдерін сүйген ғашығына ғана бағыттауды оңымен игереді. Байқасаңыз, мектеп қабырғасындағы қыздар өнер жұлдызына ғашық болып түрлі қиялға беріледі. Осының бәрі – табиғи процесс. Бірақ қоғам болған соң басқаша ойлайтын адамның болуы да заңды. Кей кісілер діни сеніміне сәйкес ұл мен қыздың бір мектепте араласып оқуын зиян деп біледі. Қыз бен ұл араласқан мектепте жыныстық тәрбие теріс жүреді, келеңсіздік белең алады деп санайды. Біздіңше, бұл көзқарас өзін ақтамайды. Керісінше, эротизм мен тұрпайы жыныстық тілеудің синтезі өтпеген жерде сексуалды азғындау тез тіріледі. Әр нәрсені өмірдің тәжірибесі анық көрсетеді. Мысалы, Ауғанстанда радикалды діни топтар күшейіп, билікті алған соң қыз баланы тұмшалап, «ұлдармен жақын араласса, бұзылады» деген оймен мектепке бермей қойды. Бірақ одан Ауғанстан рухани гүлдену дәуірін бастан кешкен жоқ. Керісінше, мәдени һәм рухани тұрғыда тоқырады. Оның орнын «жезөкше жігіттер» (мужская проституция) деген тенденция басты. 13-15 жасар бозбаланы Ауғанстанның бай-бағландары сатып алады. Оларды қыз сияқты киіндіреді. Маман жалдап ән айтып, мың бұралып би билеуді үйретеді. Сосын оларды тойларға апарып саудалайды. Ақшадан тарыққан кейбір ата-ана ұлдарын амалсыз байларға сатады. Егер Франклдың ойымен пайымдасақ, бұндай қоғамда эротика синтезі болмайды. Сондықтан оның орнына тұрпайы секстің осындай азғындаған түрлері экспансия жасайды. Пенденің табиғатындағы жабайы сексуалды құмарлық қалай да болсын тысқа жарып шығады. Оны тоқтатудың жалғыз жолы – классикалық жолға жүгіну, шын ғашықтың сезімін бойға сіңіретін романтикалық механизмдерді насихаттау. Сонда ғана сексуалды ориентация табиғи қалпынан айнымай түзу сызықпен жүреді. Франклдың ойын қайта жалғаймыз. Терапияның көмегімен жасөспірім арасындағы сексуалды күйреудің алдын алуға бола ма? Бұл сұрақ өте маңызды. Күйреуді емдеудің тиімді тәсілі оның шығу тегіне жарық түсіріп, көзімізді аша түсу. Бұл жерде емдеу әдісі қарапайым. Күйреген жас жігітті өзі қатарлы компанияның ішіне салып жіберсе, жетіп жатыр. Көп ішінде жүріп ерте ме, кеш пе, ол біреуге ғашық болады. Өзінің серігін табады. Серігін табуды секс мағынасында емес, эротика мағынасында айттық. Сүйіктісін тапқанда күйреген сезімдері лезде ғайып болады. Жастар да мұны мойындаған. Олар мастурбациядан тыйылып, бұрынғы жағымсыз сезімнен арылған. «Ғашығыммен бір болсам» деген арманы сексуалды құмарлыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Аралары жақындап кетсе де жыныстық қатынастан қанағат алсам деген қалауы қозып құтырмайды. Ғашық бола салысымен сексуалды құмарлық автоматты түрде артқа ығысады. Алдыңғы шепке эротизм шығады. Негізгі акцент секстен эротизмге бірден ауысады. Күйреуге ұрынған жасты емдегенде секс пен эротизм арасындағы кері байланысты қаперде ұстау керек. Олардың өзара байланысы екі жастың қарым-қатынасындағы нақты бір әрекеттерге тәуелді. Жастармен жұмыс жүргізген психолог-консультанттар осы құбылыстың жүйеленгенін дәлелдейді. Олар жастардың секс тәжірибесін зерттеп, сұхбат жүргізген. Жастардың бәрі сексуалды қалаудан эротизмге ауысудың тиімді әрі жағымды екенін бірауыздан мойындаған.
Жыныстық өмірдің жауапкершілігі
Бозбала қарабайыр сексуалды қалауын нәзік эротикалық тенденцияға жеңдірсе сексуалды күйреуден аман қалады. Ол есейген сайын сексуалды инстинкт ерте ме, кеш пе, қайта бас көтеріп, талаптарын күшейтеді. Табиғат берген уақытты тиімді пайдаланып, сәтімен пісіп жетіліп, өмірінің маңызды кезеңіне өтіп үлгереді. Эротикалық тенденция үстемдік құрған соң секс пен эротиканы сауатты алып жүретін дәрежеге жетеді. Жабайы секстің шеңгелінен шығады. Енді ғашықтық қарым-қатынас орнайды. Ғашықтар үшін жыныстық қатынас – сезім білдірудің құралы. Мақсат – одан рақат табу емес, ғашықтықтан қуат алу. Міне, біз соған ұмтыламыз. Бұл деңгейге жеткенде жауапкершілік сезімі күшейеді. Адам жыныстық қатынасқа бару-бармауын өзі үшін де, партнері үшін де шеше алатын күнге жетеді. Енді шешімнің тізгінін қорықпай қолына алса болады. Себебі бұл деңгейдегі кісінің сексуалды қалауы тиісті форманы иеленеді. Физикалық және рухани қалауы бір нүктеде тоғысады. Жыныстық қатынас олар үшін ғашықтық сезімді білдірудің бір формасына айналады. Жастар арасындағы секс мәселесін дәрігердің көзқарасымен қысқаша түйіндейік. «Жыныстық қатынасты бастау керек пе әлде одан тыйылу керек пе?» деп басы қатқан жасқа мынадай кеңес ұсынамыз. Біріншіден, соматикалық тұрғыдан келсек, медицина бүй дейді: «тыйылсаң да, сексті бастасаң да, денсаулыққа зияны жоқ». Себебі адам физикалық тұрғыда пісіп жетілген. Дәрігер кеңес бергенде бейтарап позиция ұстанып ағынан жарылады. Екіншіден, психофизикалық тараптан келгенде дәрігер бейтарап бола алмайды. Нақты бір позиция ұстанады. Сексті ерте бастауға қолынан келгенінше тыйым салады. Жастардың махаббатсыз сексін тоқтатуға міндетті. Тіпті табанды түрде қарсыласуы керек. Себебі физиологиясы пісіп жетілген, бірақ психосексуалды тұрғыда әлі шикі жастар үшін секстің зияны мол. Үшіншіден, ноологиялық тараптан немесе секс этикасынан түсеміз. Бұл тарапта дәрігер «Жоқ» деп кесіп айтады. Себебі таразы басында жауапкершілік деген ауыр жүк тұр. Ол жүкті келісім берген дәрігер немесе секске ынтыққан жас жігіттің өзі арқалауға міндетті. Тіпті жас жігіт тәуекелге бел буып: «Бұл қызды шын сүйем. Жыныстық қатынасқа түссем бола ма?» – десе де, дәрігер «Иә» немесе «Жоқ» дей алмайды. Себебі бұл мәселе әманда әр пенденің парасатына тәуелді. Дәрігердің міндеті – жас жігітке жауапкершілік жүктеу. Жігіт бір себеппен: «Секске қазір бара алмаймын. Уақытша бас тартуға мәжбүрмін», – десе, дәрігер: «Тежелсеңіз болады. Зиянды ештеңе жоқ», – деп шешімін қостай алады. Жас жігіт жауапкершілік арқалағанда ғашығына тұлға ретінде қарайды. Оның жыныстық қатынасы моногамды байланыспен, соңы некемен аяқталуы тиіс. Енді жауапкершіліктің әлеуметтік, экономикалық, евгеникалық аспектілері пайда болады. Жас жігіт соларды алдын ала ескеруге міндетті. Себебі некелік байланыс психологиялық қарым-қатынастың шеңберінен шығып, тіршіліктің аймағын қамтиды. Психотерапевт жастардың да психологиялық проблемасымен айналысуы тиіс. Олардың моногамды байланысты ұстай алатын қабілетіне көңіл бөлсін. Некені сақтауға жәрдемдессін. Тұрмыстық қиындықтан қорықпауға үндесін. Жас адамның эротикалық сезімі буырқанып бастағанда, соған сәйкес кедергі мен қиындықтар көп болады. Біреуге ғашық болады, біреуден көңілі қалады, енді бірде тіл табысады, тағы бірде жалғыз қалады. Сондықтан жалыны сөніп, жігері мұқалмас үшін жас адамға өжеттік пен рухани тірек керек. Эротизмнен бұрын сексуалды қалау үстемдік құрып, бозбалаға қауіп төндіре бастаса психотерапевт күйреуге жол бермей батыл күресуге міндетті. Шарлотта Бюлер мектептерде психологиялық зерттеу жүргізгенде мынадай фактілерді анықтайды: тым жас кезінен секске әуес қыздардың (біздің ойымызша эротикалық қатынасқа әлі дайын емес) зейіні мен зердесі қатты тарылған. Интеллектуалдық көкжиегі қатты шектелген. Себебі сексуалды инстинкт жас балада енді қалыптасып келе жатады. Сол кезде ол «тез әрі оңай жолмен рақатқа бата қалам» деп талпынса асығыс амалы оның зейіні мен бейімін жұтып қояды. Сексуалды күйреуге ұрынады. Осыдан келешек тұрмыстық өмірі мен некедегі нәзік сыйластық міндетті түрде осыдан зардап шегеді. Қос жұп психосексуалды пісіп жетілудің дұрыс жолына түскенде ғана бақытты отбасының гарантиясы пайда болады. Сондықтан жас жігіт моногамды некеге іштей дайындалып, дұрыс жетіліп баруы тиіс. Бұл міндет эротизм мен сексуалды қалау сәтті синтезделгенде ғана жүзеге асады. Тағдырдың түпкі іргетасында жауапкершілік жатыр. Клиенттер психиатрдан кеңес сұрағанда оның жауапкершілігі күшейеді. Егер секске қатысты ақыл сұраса, жауапкершілігі екі есе артады. Себебі мәселе екеуіне ғана тірелмейді. Қабылдаған шешім келесі ұрпақтың тағдырына оң не теріс әсер етеді. Жастарға жыныстық кеңес берген маман өзінің де жауапкершілігінің қай шамада екенін білгені абзал. Міндетін арқалағанда бозбаланы тәрбиелейтін негізгі принциптен шегінбеуі керек. Мұндай кезде пациент пен дәрігер бір-біріне толық сенгені ләзім. Бұл сенімнің үш түрлі қыры бар. Біріншіден, жастарда өздерін тәрбиелейтін тұлғаларға деген сенім болады. Ол ата-анасы, ұстазы, психолог, отбасылық дәрігер немесе консультант болуы мүмкін. Бозбала «нағыз өмірді» көшеден үйреніп бастағанда олардың міндеті маңызды рөл ойнайды. Ересектер жас жігіттің сенімін ақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасасын. Осы тұста бір нәрсені қадап айтамыз. Жыныстық тәрбиеге қатысты лекция адам толы аудиторияда айтылмасын. Секстің құпиясы біреуге ерте жетеді. Ол шошып кетіп жағасын ұстауы мүмкін. Енді біреуге кеш жетеді. Ол іштей күліп, мысқылдап отырады. Бұл мәселеде ұл мен қызды бөлек тәрбиелеу – ең тиімді тәсіл. Тағы да ескертеміз. Тәрбие сәтті болуы үшін бозбала тәрбиешісіне кәміл сенсін. Сенімі кәміл жас жігіт жыныстық сұрақпен басы қатқанда күмәнсіз сенетін адамына дер кезінде жүгінеді. Екіншісі – жас жігіттің өзіне деген сенімі. Бозбала пісіп жетіле бастағанда түрлі проблемаға ұрынады. Сондайда жігергі мұқалмасын. Қателікке ұрынса, одан сабақ алып, сілкініп тұрып кетсін. Үшіншісі – біздің жас жігітке деген сенім. Оны жан-жақтан қолдап, жігер сыйлауға тиіспіз. Сонда оның сенімі нығайып, қатая береді. Біз бозбалаға не бойжеткенге сенім сыйлағанда олардың өзінше ойлап, әрекет етуіне септесеміз. Енді олар еркіндігі мен жауапкершілігіне ұмтылғанда табанына мықты фундамент болып қаланайық.
МӘН ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Фрейд бүй деген: «Тіршілікте «қуатты идея» болмаса немесе ұмтылып, тартылатын идеал болмаса адамның тағдыры теңселіп кетеді». Ал Альберт Эйнштейн осыған орай «Өмірімде мән жоқ дейтін адам бақытсыз ғана болып қоймайды, қарапайым ит тіршіліктің өзін сүріп шығуға қауқарсыз болады» деген еді.
Адамның тіршілігі интенционалды һәм трансцендентті. Өзіңді трансценденция жасау өмірдің өзегін құрайды. Адам болу өзіңе байланып қалу емес. Өзіңнен өзге, түрі бөтен табиғаты бөлек бір затқа талпыну. Ол өнердің бір түрі немесе маңызды бір борыш болуы мүмкін. Біреу оны ірі тұлға деп қабылдайды. Ал, діндар үшін Құдай болуы мүмкін. «Өзіңнен өзге біреу» туралы Рудольф Аллерс бүй деген: «Адам өзінен басқа бір затқа талпынады. Өмірін соған бағыттайды. Адамның ендігі жүріс-тұрысын, мінез-құлқын, тұлғалық қырын өзі емес сол өзге айқындайды». Осылайша «транцcубъективті» аймақ пайда болады. Оны адам мен оның талпынған затының арасындағы аймақ десек те болады. Адамның естен кетпес естеліктері, өшпес ерліктері, мәңгілікке қалдырған мұралары осы аймақта жасалады. Өкінішке орай, соңғы кезде осы транцсубъективті аймақты қараңғыда қалдырып кету сәнге айналды. Экзистенциялық ағымның ықпалымен адамның субъективті болмысы, тұрмыс-тіршілігі бірінші кезекке шығып кетті. Шындығында бұл экзистенциализмді қате түсіну. Бұл идеяның авторлары объекті мен субъекті арасын ажыратып жатқан аймақты айналып өттік деген сыңай танытады. Олар феноменологиялық анализ жасағанда субъекті мен объекті ортасында күреске толы шиеленістің барын мойындамайды. Олар «әлем ішіндегі болмыс» жайлы ғана айтқысы келеді. Бұны дұрыс түсіну үшін мынаны мойындау керек. Адам болу – терең мағынада ситуацияға қорықпай араласу. Әлеммен батыл түрде бетпе-бет келу. Бұл идея әлемдегі болмыстың субъективтілігіне тәуелді емес. Объект пен субъекті арасында пайда болатын шиеленіске толы күрес біз айтқан «түрі бөтен, табиғаты бөлек» объектіге тартылғанда жойылып кетпей, мәңгі сақталады. Бұл шиеленісті күрес мына жерде байқалады. «Болмыс» пен «Адамдық борыш» ылғи таласып тұрады. Тіршілік пен Мәннің ортасында тартыс жүреді. Осы күрес пенденің адамшылығын айқындайды. Сондықтан Мәнді пәни жалғандағы күйбең тіршілікпен сәйкес келуден аулақ ұстау керек. Себебі Мәннің мәні мынада. Ол сырттан адамның тұрмыс-тіршілігін бағыттап, айқындауы тиіс. Немесе адамның тұрмыс-тіршілігі Мәнге бағытталуы керек. Бұл концепцияны Інжілдің қиссамен түсіндіргенді жақсы көремін. Израиль ұлдары шөл далада қаңғып жүреді. Тәңірдің құдіреті оларға бұлт түрінде көрініп, жол нұсқайды. Жаратушы оларды тек осылай ғана жетектей алатын еді. Елестетіп қараңызшы, бұлт кейпіндегі Тәңірдің құдіреті оларды жетектемей қауымның арасында болғанда, жер-жаһанды тұман басып, Бәну Ысырайыл адасар еді. Бұдан шығатын қорытынды адамның ұмтылатын объектілері қиссада айтылған бұлт сияқты қол жетпес алыстан өзіне еліттіріп, жетектеп жүруі тиіс. Франклдың осы ойы түсінікті болуы үшін қазақша тәпсір береміз. Екі түрлі отбасын мысалға алайық. Бірінші жағдайда, бір ата-ана баласын жақсы оқытып, бизнеске баулыды делік. Оған ақша тауып, мал құраудың қыр-сырын үйреттті. «Кедей болма, ішіп-жемнен тарықпа. Бірінші кезекте кәсібіңе бекем бол. Шамадан тыс адал болам деп, идеализмге ұрынба. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» деген. Қолыңнан келсе қонышынан бас. Есебін тауып екі асауға тырыс» деп үйретті делік. Бұлар үшін тиімді бизнес мән болды. Таңдаған мәні өздерімен араласып бірге жүр. Енді екінші жағдайды аламыз. Тағы бір ата-ана бала-шағасына бүй десе: «Ешкімнен кем қылмай өсірдім. Қалаған оқуды оқыттым. Өздеріңе ұнаған кәсіппен айналысыңдар. Бірақ естеріңде болсын. Ардан аттаушы болмаңдар. Кісіге қиянат қылмаңдар. Ел ішінде жаман аттарың шықпасын. «Пәленшенің баласы кісінің ала жібін аттапты» дегенді естімейтін болайын. Арам жолмен тапқан ақшамен мені асырамай-ақ қойыңдар» дейді. Бұл жерде Мән қалқып жүрген бұлт сияқты объективті болды. Өмірлік тәжірибеге сүйенсек, Мәнді субъективті етіп алған отбасында ырың-жырың, дау-жанжал, үйге, жерге, малға талас, ағайын адамның бір-бірімен соттасуы жиі кездеседі. Сәйкесінше объективті Мәнге ұмтылған отбасында тату-тәтті тіршілік патшалық құрады. Франклдың ойын қайта жалғаймыз. Бұл жерде бір қауіп бар. Адам Мән іздегенде құндылық пен ит тіршілік мидай араласып кетеді. Мән іздеп тәуекелге бел буғанда, етектен тартқан мың түрлі проблема құндылықты көрсетпей жұтып алады. Қайнаған тіршілік шырқау шегіне жеткенде, адамның болмысы мен борышы араласып кетеді. Қайсысы борыш, қайсысы болмыс екенін айыра алмайды. Енді мұны қалай анықтауға болады? Адамдық борыш Құндылық пен Мәнге бағытталуы тиіс. Бірақ Құндылық пен Мән адамның ит тіршілігі мен идеал әлемінің арасында айқас қызғанда материяға айналып шыққысы келеді. Шыға алмаса түртпектеп мазаңды алады. Тіршіліктен жалықтырып, өмірін сағымға айналдырады. «Дүние жалған» деген термин осы сәтте ортаға шыға келеді. Адамның Мәнге талпынысы мен құндылыққа құмарлығы күшейіп келе жатқанда субъективизм мен бәрін салыстырмалы деп санайтын релятивизм қауіп төндіреді. Бұлар адамның идеалы мен энтузиазмын күйретіп жібереді. Франклдың ойын тарқата кетейік. Әдетте жаны таза, көңілі кіршіксіз, арманы асқақ студент қалаға келген соң идеал іздеп, энтузиазммен өмір сүреді. Бойға жиған құндылығын қалада жүзеге асырғысы келеді. Игілікті акцияларға қатысып, тұлға ретінде дами түседі. Сол кезде конформизмге жұтылып, тоталитаризмге бойы үйренген тобырлық санадағы замандастары «Құр армандап, аузың ашылып өмір сүргенді қой. Ондай идеализм кітап пен кинода ғана болады. Сен іздеген асқақ арман субъективті идея. Оның жұртқа бір тиынға да керегі жоқ. Ұлы құндылық деген атымен жоқ. Бәрі салыстырмалы нәрсе. Әркімнің өз ұнатқаны өзіне құндылық» деуі мүмкін. Әлсіз жігіт соған түсіп қалады. Сол сәтте оның идеалы мен энтузизмы күйрейді. Шындап келгенде бұл қоғамға төнген қатер. Ойлап қараңыз. Қасыңызда идеалға ұмтылатын, құндылыққа қызығатын бірде бір адам қалмады делік. Әркім өз қызығымен әуре. Бір күні басыңызға іс түсіп, жаныңыз күйзеліп, адамшылық тіреу іздедіңіз делік. Жабыққан көңілді жарық әлемге алып шығатын жүрегі таза адамға зәрусіз. Енді сұрақ. Ондай тұлғаны қайдан табасыз? Франклды қайта жалғайық. Америкалық бір психологтың мақаласынан үзінді келтірейін. «Чарльз есімді пациент дәрігерге қаралатын. Бірақ дәрігердің еңбекақысын беруге келгенде көңіл күйі бұзылып төлегісі келмейтін. Ақы төлегенді жаны сүймейтін. Кейде тек жартысын төлейді. Бірде сылтау айтып төлемей қояды. Чарльзге қарағанда керісінше, мен қарызды өтеуді парыз деп санаймын. Кісі ақысын төлеуге өте ұқыпты қараймын. Бұл жерде жеке құндылығымды талқылайын деп тұрғам жоқ. Оның жүріс-тұрысындағы психодинамикаға назар аударып отырмын. Себебі менің қарызды уақытында төлеуге тырысатын әдетім мәжбүрліктен туындайды. Өйтпесем невротикалық мотивтер мазамды алады. Қандай жағдайда да жеке құндылығымды пациентке зорлап таңа алмаймын. Себебі бір нәрсеге көзім жеткен. Құндылықтар абсолютті емес салыстырмалы болады». Бұл пікірмен келіспеймін. Меніңше кісінің ақысын жемеу бәріне ортақ құндылық. Ол біреуге ұнай ма, ұнамай ма мәселе емес. Тіпті ол бейсаналы түсінік дегенге де қарамайды. Кісінің еңбекақысы әділетті түрде төленуі тиіс. Психолог Гордон Олпорт бірде «Фрейд жалған мотивтерді алтын теңгедей өткізіп жіберетін хас шебердің өзі еді» деген. Сөзінің жаны бар. Әлбетте, кісі ақысын төлеуге келгенде түрлі мотивтер болуы мүмкін. Біреуде ақша болмай қалады, біреу бейсаналы түрде ұмытады, біреу ақша үнемдегісі келеді. Бірақ бұл сылтаулар «кісі ақысын жеме» деген тұтас құндылықты өзгере алмайды. Кісінің төленбеген ақысы мойныңда міндет боп тұра береді. Бір қызығы «Кісі ақысын төлемеудің астарында бейсаналы қандай мотивтер болуы мүмкін?» «Жалпы бейсаналы мотив деп нені айтып жүр?». Юлиус Хойшер Фрейдтің екі томдық шығармалар жинағына берген рецензиясында былай деген: «Кітаптың 1538 бетінде автор гений (ғұлама) ұғымына анықтама береді. Оның айтуынша гений деген мынадай адам. Бойында маниакальды депрессия белгілері бар. Параноидалды және қояншық ауруы байқалады. Одан бөлек гомосексуал инцестке бейімділігі, жынси азғындық, эксгибиционизм, фетишизм, импотенция, нарцисизм, обсессивті-мәжбүрлі невроз, истерия, меголомания және т.б. мотивтері бар. Фрейд шығармашылық өнімнің астарында инстинкті динамикалық мотивтер бар деп санайды. Тек соған назар аудартқысы келеді. Сонда «Гете жабайы сезіміне ерік бергендіктен, өлмес туындылар жазды» деп сенуіміз керек екен. Жыныстық құмарлығын шығармашылық қабілетке сәтті пайдаланған бола ма? Ол «Гете идеалды да, сұлулықты да, құндылықты да мақсат етпеген. Шамасы сексте ұрығы тез шығып кететін проблемасымен күресемін деп жүріп, дүниеге туындылар әкелген» дейді. Юлиус Тойшер осыны сараптай келе «бұл кітап психоанализдің негізгі позициялары шындап келгенде ешқандай өзгеріссіз қалғанын көрсетеді» деп түйіндейді. Енді біз Уильям Ирвин Томпсонның мына сөзінің қаншалықты дұрыс болғандығын ұғынамыз: «Психоанализдің осындай позициясын түгел дұрыс десек қоғамда гений қалмайды. Сауатты тұлғаның бәрі жасырын жыныстық азғындыққа ұрынған десек есі дұрыс адам қалмайды. Құндылықтың бәрін қолдан жасаған деуден тайынбайды. Бұл құндылықтар қарапайым адам үшін жап-жақсы мәдени өнім де, білдей психолог ғалым үшін былғаныш сезімнен қайнап шыққан бір нәрсе болып шығады. Осылай кете берсе мәдени мұраның бәріне құндылық емес қылмыс пен азғындықтың туындысы деп қарауға тура келеді». Қазір мұндай оқиға қоғамда көптеп кездеседі. Таяуда ғана Лоренс Джон Хэттерер мынадай мәлімет келтірді. «Көптеген суретшілер мен әртістер психиатрдың бөлмесінен ашуланып шығады. Өнер адамының шығармасын психиатр өз форматына салып тәпсірлеген. Мысалы, жазушылар әділетсіз оқиғаны қасақана жинап, теріп жазады. Сөйтіп садомазохистке айналған. Әртістер эксгибиционист болғандықтан сахнада секеңдеп жүр. Бишілер аудиторияның секске деген әуесін оятқысы келеді. Тағысын тағы осылай кете береді. Қысқасы, бір де бір өнер адамын сау қалдырмаған». Фрейд шылымды үзбей шегетін болған. Оның аузындағы сигарасы еркектің жыныс мүшесіне ұқсайтын. Осыны меңзеп бір күні бір оппоненті «Сіз неге шылымға құмарсыз? Үнемі темекі тістеп жүруге түртпектейтін мотив не нәрсе?» деп сұрады. Фрейд шылымға құмарлығын бұл жолы психоаналитиканың әдісімен ұқтырған жоқ. «Кей кездері шылым бар болғаны жәй шылым ғана. Оны еркектің пенисімен шатыстырып қажеті жоқ» деп оңай құтылып кеткен. Құдай ақы, Фрейд осы жолы өте ақылды әрі дұрыс жауап берді. Басқалар ойлағандай «Менің түпкі санамда пенис шайнауға деген құмарлық бар. Соны басу үшін оның орнына рационалды түрде сигара тістеп жүремін» деген жауап берілген жоқ. «Детерминация» мен «мотивация» бір-біріне бара-бар келеді» деген Фрейдтің көзқарасын қолдамаймыз. Маслоу оны айыптап мақала да жазған. «Фрейд «детерминизацияланған» іс әрекетпен бейсаналы мотивацияға ұшырауды теңестіріп, оңбай қателесті. Сонда қалай? Адамның жүріс тұрысын, қимыл әрекетін басқандай жолмен анықтауға болмай ма?» деп жазған. Франклдың да, Маслоудың да бұл жерде келіспей тұрғаны мынау. Егер біреу рақат пен қызыққа құмар болса, оның келесі қадамын алдын ала анықтауға болады. Детерминизация деген осы. Мотиві – тойымсыз нәпсіқұмарлық. Ал адам құмарлыққа емес жарқын идеяға, мағыналы мәнге ұмтылса, келесі ретте қандай қадам жасайтынын ешкім айта алмайды. Ал Фрейд осы екеуін бір дейді. Мысалы, қыз зорлап сотталған қылмыскер жазасын өтеп болды делік. Түрмеден шығарда онымен психолог сөйлеседі. Бостандыққа шығудағы мотивін білуге тырысады. Мотиві нәпсіқұмарлық болса, көп ұзамай қыз зорлап түрмеге қайта оралатынын 80 пайызға дәл болжап біледі. Ал қылмыскер: «Өткен өміріме өкінемін, бірақ әлі де кеш емес. Жаңа өмір бастаймын. Мағыналы тіршілік кешіп, өмірден мән тапқым келеді» десе бірде бір адам оның қай саладан, қай жерді, қашан жарып шығарын айта алмайды. Франкл әрі жалғастырады. Фрейдшілердің айтуынша Мән мен құндылық бір нәрсеге қарсылық ретінде қалыптасатын жәй нәрсе. Бар болғаны қорғаныс механизмі ғана. Маған салса бұл қорғаныс құрылымдары үшін өмір сүрмес едім. Әлбетте фрейдшілердің теориясы бойынша адам рақаттану үшін өмір сүреді. Мысалы, донжуан қызға барып, мешкей тамақ жеп ләззатқа батады. Енді осы рақатқа шектен тыс сүңги берейін десе адамның физиологиялық қуаты сарқылуы мүмкін. Оны сақтау үшін салауатты өмір салты, диета, махаббат сияқты құндылықтарды қолдан құрап тұтынамыз. Ол рақатты ұзағырақ тату үшін ғана жасалатын қорғаныс механизмдері. «Сендердің мән мен құндылық деп жүргендерің – осы» дейді. Мен мұнымен келіспеймін. Біреуден:
– Не үшін өмір сүресің? Өмірде мақсатың не? – деп сұрасаң:
– Бойымдағы реактивті құрылымдарды құртып алмас жүрмін. Соны қалай да сақтауым керек. Тәнімде орталық нерв жүйесіне бағынатын қорғаушы механизмдерім бар. Соларды сақтау үшін құрбандыққа дайынмын, – десе, сол жауап ақылға қона ма? Адамның өмірде басын бәйгеге тігетін сәттері көп болады. Сондайда не үшін «қорғаушы механизмдерім бір бәлеге ұрынып қалуы мүмкін» деп қауіптенбейді? Әдетте, адам бір идея үшін не бір идеал үшін жан қиюға дайын тұрады.
Енді бір қарсыластар «Мән мен құндылық субъективті һәм салыстырмалы түрде бола ма?» деп сұрайды. Кейде солай деуге болады. Бірақ, релятивизм мен субъективизм тұрғысынан түсіндірілгендей емес. Бір құндылыққа құмарлықпен кіріп кеткен адамға Мән салыстырмалы бола береді. Ондайда Мән ауысып, өзгереді. Адамнан адамға, бір күннен бір күнге, бір сағаттан бір сағатқа. Франклдың ойын қазақша форматта талдап көрейік. Мысалға Құрманғазыны алайық. Артына шедевр күйлер қалдырды. Күй құндылыққа жатады. Ол үшін күй өнері МӘН болды. Сол үшін өмір сүріп, сол үшін басын қатерге тікті. Домбырасын арқалап, күндіз түні ел аралап жүрді. Сырттан қараған адамға Құрманғазы субъективті МӘН арқалап жүр. Өзіне ғана қызық, тек өзінің қолынан келетін өнерді сақтап қалу үшін жан алысып, жан беріседі. «Болашақта осы күйлерім ортақ бір құндылыққа айналады» деп ойламайды. «Болашақта Қазақстан Республикасының гимні болуға лайық рухты, жігерлі, шабытты күйлер қалдырам. Соны мақсат тұтып жүрмін» деп көздемейді. Бірақ уақыт өте келе күйлері тәуелсіз елдің мәдени бір қабатын қалады. Оның шедевр күйлерін тыңдағанда толқымай тұра алмайсыз. «Құрманғазы академиялық оркестрі» мемлекеттің мақтанышы саналады. Енді қарасақ бір кездері жалғыз Құрманғазының кеудесінде буырқанып жатқан күйлер миллиондаған адамның жанын рақатқа бөлеп, Мән табуға септеседі. Бір сөзбен айтқанда Құрманғазының күйлері субъективті Мәннен объективті Мәнге көшіп кетті. Қазір ешкім де «Бұл күйлерді несіне толқып тыңдап отырсыңдар? Бұл бір заманда Құрманғазыға ғана қызық болған мелодиялар ғой» деп айта алмайды. Бір заманда сол сияқты түрлі шедевр өлеңдер туғызған аты-жөні белгісіз шеберлердің құндылықтары келе-келе «Халық әні» деген категориямен тұтас бір елдің объективті мәдениетіне айналды.
Мартин Иден синдромы
Бір күні пароммен өзеннен өтіп жатып Мартин Иден есімді жиырма жасар теңізші бұзақылардың бір жігітке тиіскенін көреді. Араша түсіп, жігітті құтқарып қалады. Есімі Артур Морзе екен. Бақуатты отбасында өскен. Құтқарғаны үшін Мартинге алғыс айтып, үйіне қонаққа шақырады. Екеуі Артурдың үйіне келеді. Хан сарайындай үйдегі әдемі жиһаздар, қымбат картиналар, қалың кітаптар, рояль – Мартинге қатты әсер етеді. Бұрын-соңды мұндай мәдениетті көрмеген еді. Тәрбиелі мінез-құлық, сыпайы тіл қатысу, мәдениетті дастарқан – бәрі-бәрі Мартин үшін таңсық болды. Бейне бір жұмаққа енгендей әсер алды. Артурдың Руф есімді қарындасы жүрегін жаулайды. Қыз тазалықтың, нәзіктіктің, ақылдың айнасындай көрінді. Іштей қызға лайықты болуды армандады. Мартин жездесінің үйінде аптасына 5 доллар беріп жалға тұратын. Кемеде боцман болып жұмыс істейді. Онда да тұрақты емес. Бір реттік сапарға шығып, біраз қаражат тауып қайтады. Ақшасы біткенше қалада қыдырып, сыра ішіп жүретін. Руфпен танысқалы жүрегінде шоқ жанды. Түнімен ұйықтай алмай, түрлі ойға батты. Қыздың қалай да жүрегін жаулаудың жолын іздеді. Әрі дөңбекшіп, бері дөңбекшіп, бір ойға тоқтады. «Ертең ұйқыдан тұра сала кітапханаға барам. Мәдениетті ортада өзімді қалай ұстауды үйренем! Бұрынғы жаман әдетімді тастаймын, – деп алдына міндет қойды. Ертесіне Окленд кітапханасына барды. Адам адасатын ғимараттың үлкен кітап сөрелерін аралап жүрді. Бірақ неден бастарын білмей, бас қатты. Философия кітаптары тұрған сөрелерді көрді. Бұрын философияны естігені болмаса, бірде-бір кітабын оқымаған екен. «Осынша кітап жазып тастаған ба?» деп таңғалды. Одан әрі математика бөлімін көрді. Тригонометрия деген жазуға көзі түскенде танысын көргендей қуанды. Артурдың үйінде қонақта болғанда тригонометрияға тілі келмей күлкіге қалған. Сол кезде бірінші рет естіген еді. «Осыларды оқып алып, Артурлармен математика жайында әңгіме құрсам қайтеді» деген ой жылт ете қалды. Ақтарып көріп еді, түрлі графикалар мен сандардан миы айналып қалды. Бірде-бір терминді ұқпады. Артурлармен теңесем деген үміті қалай тез жанса, солай тез сөнді. Математика сөрелерінен де амалсыз өте берді. «Мұнша кітапты миым көтермейтін шығар» деген үрей биледі кеудесін. Бір кезде «Осыны адам жазса, адам түсінуі керек қой. Олар да – мен сияқты адам. Ендеше бұларды игеріп шығамын» деп іштей серт берді. Бір кезде Боудичтің «Теңізде жүзудің қыр-сыры» деген кітапқа көзі түсті. Бұл да – өзіне таныс тақырып. Бірден капитан болуды қиялдады. «Капитанға ғашық болмайтын қыз бар ма? Руф капитанға сөзсіз тұрмысқа шығар еді» деді тәтті қиялы. Бірақ көзін әрі сүзіп еді, он мыңдаған кірпіштей кітаптарды көрді. Бәрі де теңізде жүзуге арналған. Капитан болу үшін бәрін оқу керек сияқты. Амал жоқ, райынан тез қайтты. Оның үстіне капитан мен сақтандыру компаниялары, кеме қожайыны тағы басқа да конкуренттер арасындағы түрлі дау-жанжалды да көріп жүр. «Олар шындаса, капитанды құртып жіберуі мүмкін әрі балық сасыған кеменің ішіне нәзік Руфты қалай кіргізбек?! Капитандар әйелін бірге алып жүрмейді. Онан да оқитын басқа кітап іздейін» деді. Осылайша әр нәрсеге бас қатырып жүрді. Бір кезде этикет, сөз мәнері туралы кітапты оқымақ болды. Өткенде Руфтің үйінде айтатын әңгіме таппай, қатты қысылған. Қыздың көзі жұдырығына түскенде: «Саусақтарым нәзік болғанымен, бұлшық етім мықты. Жұдырық сілтегенде кез келгенді шалқасынан түсірем», – деп мақтанып, артынша неге айттым деп қысылғаны да бар. Дереу этикет жайлы кітаптарды ақтарды. Руф оған қоштасарда: «Келіп тұрыңыз, үй – осы», – деген. «Келіп тұрыңыз» дегенде араға қанша күн салып бару керек?» деп, мезгілін кітаптан іздеді. Бірақ таба алмады. Башпайдан бастап шашқа дейін сылап-сипауды үйрететін стильдер тез жалықтырды әрі этикет жайлы кітап тым көп екен. Тіпті визитка беру мен алуды үйрену үшін бірнеше кітап оқуға тура келеді. «Этикетпен жүріп-тұруды мінсіз үйрену үшін бар ғұмырым кететін сияқты» деп ойлайды. Сөрелердің бәрін аралап-аралап, ақырында басы қатты. Кітапханадан шығып кешке Руфтің үйін торуылдады. Терезеден оның сұлбасын көргеннің өзі бұл үшін бақыт еді. Тағы да онымен тілдескісі келді. Бірақ бара алмады. Мартин махаббаттың сиқырына арбалғаны сонша: театрға баратынды шығарды. Екінші қабатта отырып, Руфтың шашын көргеннің өзі оған шабыт сыйлады. Бірнеше күн қатарынан Руфтің ағасы Артурдың да ізінен аңдыды. «Тағы да бұзақылар тиіссе, өткендегідей қорғасам» деп дәмеленді. Өкінішке орай, Артурға тиісетін бұзық та табылмады. Осылай ғашықтық дерті Иденді іштей кеміре берді. Екінші жағынан, өзін дамытамын деген ойды да естен шығармады. Руф сыйлаған кітаптарды түгел оқып шықты. Кітапханаға өзін қамады. Бір аптада қара басы қазандай болды. Саясат, экономика, философиялық кітаптарды шетінен оқи берді. Кешке үйге алып кететін. Бірақ қиналғаны терминдер еді. Не оқыса да, терминге сүрініп, көз ашпады. Кейде кітапты қабырғаға бір ұрып, балағаттап алады. Кейде сөздікке қарап, дәптерге түртіп жазады. Ең ұнағаны поэзия болды. Тілі де түсінікті әрі шағын. Жалықтырмайды. Бір күні Руфтің үйіне барды. Оған: «Мен қарапайым теңізшімін. Ортамның бәрі – оқымаған өзім сияқты теңізші. Шарап, шылым, боқтық сөз. Қазір бәрін қойғым келеді. Сіздер сияқты кең сарайда тұрғым келеді. Білімді болып, мәдениетті сөйлеуді үйренсем деймін. Өткенде үйіңізден шыққан соң кітапханаға бардым. Бірақ неден бастарымды білмей, басым қатты», – деді. Мартиннің тіл байлығы аз еді. Екі сөзінің біріне былапыт сөздер қосып сөйлейтін. Қыз оған дұрыс сөйлеу үшін «Бірінші мынаны оқыңыз» деп грамматика оқулығын берді. Енді Мартин әр кеште грамматика оқып, әдеп сақтау ережелерін жаттаумен күндерін өткізе берді. Бұдан былай көңілі ұнатқан кітаптарды ғана оқитын болды. Жиырма күннің ішінде Руфпен бірнеше рет кездесті. Руф оған әдемі сөйлеуді үйретіп, арифметикадан сабақ берді. Руфқа Иденнің ер мінезі мен оқуға деген ынтасы ұнайтын. Бірақ Мартин бұлай ұзақ кітап оқып, өзін дамытуға мүмкіндігі болмады. Азын-аулақ жиған ақшасы таусылуға айналды. Қайтадан кемеге жалданып, сегіз айға теңізге кетті. Теңізде жүріп те грамматикасын дамытып, кітап оқуды үзбеді. Бірде Руфқа мұхиттың сұлулығын суреттеп, хат жазбақшы болады. Сол кезде бір идея келеді. «Неге жалғыз Руфқа? Жұртқа арнап жассам қайтеді?» деп ойлайды. Теңізден оралған соң «Қазына іздеушілер» деген хикая жазып «Сан-Франциско» деген журналға жібереді. Шабыттанып кетіп «Екі баланың бастан кешкен оқиғасын» да жазып шықты. Оны «Бозбаланың серігі» деген балаларға арналған журналға жіберді. Бірақ Руф Мартиннің жазушылыққа бет бұрған қадамын қолдамады. Оған әлі де оқып, орта мектепке түсуге кеңес берді. Бірақ Иден ағылшын тілінен басқа емтиханның бәрінен құлады. Ол енді шындап оқуға кірісті. Өзіне жоспар сызды. Күніне тек 5 сағат ұйықтайтын болды. Түрлі әңгімелер жазды. Өлеңдер шығарып, редакцияларға жіберді. Әр журналдың жаңа саны шыққан сайын сатып алып, жазбасын іздейтін. Бірде-бір әңгімесі басылмай қайта оралатын. Сонда да ұнжырғасы түспеді. «Мүмкін қолмен жазған жазбаны қабылдамайтын шығар» деп ойлады. Ас-ауқат пен жүріс-тұрысына жұмсалатын ақшадан үнемдеп, жазу машинасын жалға алды. Енді сонымен жазды. Бірде Руфпен бірге лекцияға барған. Ол жерден бірінші рет философия, әлеуметтану жайлы лекция тыңдады. Бұл Иденнің қызығушылығын оятты. Ертесіне Герберт Спенсердің еңбектерін алып, түгел оқып шықты. Спенсердің ойлары оның тығынын ашып жібергендей болды. Саябаққа жиналған жұртпен философия, әлеуметтану жайлы ой таластыратын болды. Оның ой-пікірін тыңдаған туыстары мен достары «есінен ауысты» деп ойлайтын. Мартин философиялық кітаптар оқыған сайын ойлау қабілеті ширай түсті. Әлемнің сырын біліп қойғандай сезімде болды. Бұрынғы жазғандарын қайта оқып, сынай бастады. Расымен де шығармасында түк философия жоқ. Тәжірибе жоқ. Ойы таяз. Мағына мүлде жетіспеген екен. Руф бұл кездері университетті бітіріп жатқан. Оның да Мартинге деген сезім гүлі бүр жарып, оны жиі ойлайтын болды. Тіпті шешесіне сезімін айтып үлгерді. Бір күні күз айында екеуі табиғатта серуендеп жүргенде, Мартин оны тосыннан құшақтап алды. Руф та қарсылық көрсетпеді. Сол жерде бір-біріне деген сезімдерін білдіреді. Руфтің әке-шешесі қызының Мартинге ғашық екенін байқады. Қарсы болмады. Уақыт өте келе теңізшіні тастап кететін шығар деп үміттенетін. Бір күні кешке Руф пен Мартин қыдырып жүріп жолда бір қызды кездестірді. Бұл Мартиннің ескі танысы Лиззи Конолли еді. Мартин онымен жай ғана амандасып өте шыққан. Сәл ұзаған соң Руф: «Неткен әдемі қыз! Көздері қандай сұлу! Әдемілеп киіндірсе, нағыз арудың өзі болар еді», – деді. Иден күліп: «Қайдам, ол қыз алдымен мәдениетті сөйлеуді үйреніп алсын», – деді кекесінмен. Бұл кезде Мартин бұрынғы ортасынан алшақтай бастаған. Ескі достарына сынап қарайды. Элита өкілдерімен араласып, солардың өкіліне айнала бастағандай сезінген. Әйтпесе Лиззи бір кездегі ғашығы еді. Мартиннің ақшасы таусыла бастады. Ал редакцияға жіберген жазбаларынан қайран жоқ. Ол қайтадан теңізге шығып, уақыт жоғалтқысы келмеді әрі кітапханаға баруға мүмкіндігі болмас еді. Бір қонақүйге кір жуушы болып жұмысқа тұрып, онда Джо есімді жұмысшымен танысты. Бірақ жұмысы ойлағандай болмады. Кітап оқуға, ойлануға, шығарма жазуға мұршасы келмеді. Руфты ойлап, көңіл бөлуге де уақыт таппады. Жұмыстан қажығаны сонша: шаршағанын басу үшін арақ ішетін әдетін қайта тапты. Осылай бір-екі ай уақыт өткізді. Бір күні: «Бұлай жүре берсем, малға айналып кетуім ғажап емес. Тезірек өзімді қолға алуым керек», – деді. Сол сәттен бастап өзін қайтадан қолға алды. Жұмыстан шығып кетті. Жездесінің үйінен кетіп, Солтүстік Оклендтен шағын бөлмені жалға алды. Қайтадан қызу жұмысқа кірісті. Қанша шығарма жіберсе де, редакция бұған үн қатпады. Сонда да күш-жігерін прозаға арнап жазуын тоқтатпады. Қарызға да белшеден батты. Екі күннің бірінде ашқұрсақ жүретін болды. Қолындағы мүлкін, киімдерін сатты. Жазу машинасы ғана қалды. Бір күні аштықтан көзі қарауытып, әлсіреп жүргенде поштасына хат келді. «Трансконтиненталь айлағы» деген журнал жіберіпті. Жүрегі жарылуға шақ қалды. Өткенде осы журналға «Қоңырау күмбірі» деген бес мың сөзден құралған материал жіберген. Есебінше журнал әр сөзге 5 центтен төлеуі тиіс. Мың сөзге 20 доллар. Ал бес мың сөзге 100 доллар. Конвертті ашып жатып, 100 долларды қайда жарататынын есептей бастады. «Кәстөм-шалбар, велосипед, жалға алған бөлмесінің ақшасы, қасапшыға...» дей беріп еді, көңілі су сепкендей басылды да қалды. Конверттен ешқандай чек шықпады. Бір жапырақ қағаз ғана бар екен. Редактор «Қоңырау күмбірі» әңгімесіне бар болғаны 5 доллар төлеймін» депті. Мартин түңіліп кетті. «Жазушылар көп ақша табады, тез байиды» деген сөзі өтірік болғаны ғой. Мүмкін бәрін қою керек шығар» деп ойлады. Ертесіне ауырып тұра алмай жатты. Бөлмесінен шықпаған соң көрші үйдегі Мария келіп хәл сұрады. Ол португалдық Сильваның әйелі еді. Мартиннің пәтерлес көршісі. Бала-шағасымен бір бөлмені жалға алатын. Мартиннің ауырып қалғанын көріп оған ыстық тамақ, сүт беріп қамқорлық көрсетті. Оған тағы да поштаға хат келгенін айтты. Мартин көңілсіз ғана оқып беруін өтінді. Мария шетінен баяндады. Алғашқы бірнеше хат қарыз берушілерден келіпті. Хаттың мазмұны «қарызыңды төле» деген қоқан-лоқыға толып тұр. Мартин мән бермей, жата берді. Бір кезде Марияның «Келіссеңіз, 40 доллар төлейміз» деген сөзін құлағы шалып қалды. «Бұл қай журнал?!» деп атып тұрды. «Иірім» деген қорқынышты әңгімесіне «Ақ тышқан» журналы 40 доллар ұсыныпты. Тек шығарманың 3/1 қысқартуға рұқсат сұрапты. Мартин қуана келісті. Пошта хаттарының ішінде Руфтің да хаты бар екен. Онда «Көрінбей кеттіңіз, қайдасыз?» деп сұрапты. Мартин оған жағдайының бәрін баяндап жазды. Тіпті пиджагын да кепілге беріп кеткенін жасырмады. Осыдан соң Мартинге тағы бірнеше журналдан чектер келіп түсті. Сақал-мұртын алып, тазарып, қарыздарын өтеді. Жағдайы сәл дұрысталғандай болды. Жаңа пиджак сатып алып, кешке Руфтің үйіне қонаққа барды. Онда бұған дейін армандаған біраз интеллегенция өкілдерімен кездесті. Қонақтардың ішінде профессор Колдуэл де бар екен. Ол профессормен ұзақ пікірлесті. Өмір жайлы ойларын ортаға салды. Бұл кеште оған профессордан басқа ешкімнің әңгімесі ұнамады. Олар шикіөкпе бозбаланың танымынан аса алмағандай көрінді. Бос күлкі, бос әңгіме тез жалықтырды. Профессормен тең дәрежеде сұхбаттасқанына риза болды. Мартин елге енді-енді танылып жатқандықтан оның шығармалары сәтті бағаланбайтын. Бірде қомақты гонорар алады. Ал кейде бір-екі апта бойы ешнәрсе түспей, қолжазбалары қайта оралып жатады. Сондай кезде қайтадан тар кепешін киіп, баяғы кедей күніне оралатын. Руф Мартиннің жазушы болғанын қаламады. «Мартин әкемнің қарамағындағы конторада жұмыс істесе» деген тілек болды. Солай істесе, тұрақты табыс пайда болып, ол оған тұрмысқа шығар еді. Ал Мартин алған бетінен қайтпады. Не болса да, жазушы атанып, элитаның қатарынан орын алуды аңсайтын. Бірақ Мартин елдің қаймағы саналатын элитамен араласқан сайын олардан түңіле түсті. Профессор Колдуэлден басқа бірде-бір ақылды, оқыған адам таппады. Бәрі өңшең надан, көрсоқыр сияқты. Бұрын елдің қаймағы, сөз ұстар бекзадасы санап, солардай болуды армандаған еді. Енді қараса, ол ойы мүлде қате шығыпты. Ақ жаға, тап-таза киім киген, университет бітірген адамның бәрі білімді емес екен. Өзінен өресі асқан біреуін таппады. Руфтің үйі де бұрынғыдай әсем көрінбеді. Рояль, оның үстіндегі ноталар, қабырғадағы картиналар – бәрі-бәрі алдамшы сияқты. Кір жуушы Джо досының танымы қандай болса, бұлардікі де сол шамалас сынды. Айырмашылығы киім киісі мен әсем үйде екен. Әлем, адамзаттық ой-сана жайлы тақырыпқа ой тарта алмас надандар екеніне көзі жетті. Мартиннің профессор сияқты Морздың үйінде танысқан тағы бір адамы Бриссенден еді. Ол да прозаны, поэзияны сүйетін. Екеуінің ойы, сөзі үндесе кетіп, дос боп алды. Жиі кездесіп, пікірлесіп тұрды. Бриссенден Мартиннің ақшадан тарығып жүргенін білетін. Бір күні оған 100 доллар ұсынып: «Досым, бүгін ат жарысына бәс тігіп, ақша ұтқан едім. Соны саған берем. Анау-мынау қарызыңды жауып ал. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді». Реті келгенде қайтарарсың», – деді. Мартин досының пейіліне қуанып кетті. Расымен де қаржыдан тарығып жүрген. Ақшаны ала салып ұсақ-түйек қарыздарын жапты. Пәтер ақысын алдағы үш айға толығымен төлеп тастады. Алдағы мерекеге арнап Руф пен әпкесі Гертрудаға сыйлық алып қойды. Марияның бала-шағасын ертіп базардан аяқкиім әперді. Қарындасы Мэриеннің ұзатылатын тойына деп жасау жасатты. Ол бір неміс жігітіне тұрмысқа шыққалы жатқан. Сосын көшедегі балаларды шұбыртып тәтті сататын дүкенге апарады. Осы кезде оны сыртынан Руф пен шешесі көді. Руф оның қап-қара, алба-жұлба балаларға тәтті үлестіріп жүргеніне намыстанып кетті. Шешесі де жұрттан ұялғандай жан-жағына қарай берді. Себебі Мартин мен Руфтің жұп болып жарасып жүргенін жұрттың бәрі білетін. Аристократтардың бірі болашақ күйеу баласының мына қылығын көріп қоя ма деп қатты ығайсызданды. Руф болса ішінен «Мартин мына түрімен интеллегенцияның қатарына кіре алмайды» деп түңілді. Кешке Мартин Руфтің үйіне барғанда қыз оны жерден алып, жерге салды. Жігіт үндемей, амалсыз кешірім сұрап, енді қайталамасқа уәде берді. Руфтің ашуланғанын бірінші рет көрді. Бір жағынан «Көшенің балаларына кәмпит әпергенде тұрған не бар?! Қайта қайырлы іс емес пе?!» деп ойлады. Осы сәттен бастап Руф Мартиннің алдында идеал кейпін жоғалта бастады. Бір күні Морздардың үйінде жиын болды. Жиында Мартин қалалық сот Блоунтпен сөзге кеп қалды. Блоунт кертартпа, республикашыл адам еді. Ол «Кім күшті болса, сол құрметті. Күшті адам ымыраға келмейді. Қарсы келгенді екі шайнап, бір жұтады. Демократия, социализм деген – қорқақтардың шығарған ертегісі» деп кекетті. Руфтің әкесі Морз да оны қолпаштай кетті. Мартин бастапқыда дау-дамайдан үнсіз құтылғысы келген. Бірақ олар қытығына тиіп, жеке басына дейін шұқылап кетті. Бір кезде Блоунт «Сен сияқты балақайға Спенсер сияқты «оқымыстылар» пайғамбар болуға жарай береді» деді мысқылдап. Осы сәтте Мартин өзін ұстай алмады. Жүрегінің күзеті мен тілінің тиегі қатар ағытылды. «Білесіз бе, сот мырза, мен осы сөзді алғаш рет парктегі надан жұмысшының аузынан естідім. Солармен деңгейлес екендеріңізге таңғалып тұрмын. Спенсердің есімін даттайтындар көп. Бірақ олар соның сызып берген қоғамында өмір сүріп жатқанын білмейді-ау сорлылар. Оның еңбегінің он бетін оқымай пікір айтқыш адамды шәуілдеген итке ұқсатамын» деп үстелден тұрып кетті. Руф оған былай шығарып алып ескерту жасап еді. Мартин ашуын жимаған күйі: «Бұрын осы жұртты зор тұтып, өзімді қор санаушы едім. Университет бітірген, әдемі киінген, банкте есеп шоты бар кісіні интеллегент санаппын. Ақымақ басым осылармен сыйласып, ортасында өмір сүрсем деп армандаппын. Өңшең надандар. Мен енді бұл үйге келмеймін. Жиынның шырқын бұзбайын, ренжіме» деп жүре берді. Руф оны тоқтатпады. Ертесіне Руф хат жазып «арадағы сезімнің үзілгенін» хабарлады. «Сен ырду-дырду бейберекет өмірге үйреніп кеткенсің. Ал мен ондайда қолдамаймын. Екеуіміздің мінезіміз үйлеспейді» деп кінә тағыпты. Мартин дереу жауап жазып, асығыс шешім қабылдамауды өтінді. Бірақ қыздан екінші қайтара хабар болмады. Ол бірнеше рет үйіне іздеп барған, қызметшілері кіргізбеді. Тек бір аптадан соң көшеде көріп қалды. Кіші ағасы Норманмен бірге жүр екен. Норман Мартинді қарындасына жолатпады. Қыз: «Мені бақытсыз еттіңіз. Ел-жұртқа масқара болдым. Қазір көшеге шығуға ұяламын. Арамыздағы сезімнің бәрі сөнді» деумен шектелді. Мартиннің ұнжырғасы түсіп үйге оралды. Келе салып «Кешіккендер» деген шығарманы жазуға отырды. Бір күні поштаға хат келді. Қараса, досы Бриссенденнің «Эфемерида» деген поэмасына «Парфенон» деген баспа 350 доллар төлейтін болыпты. Бриссенден шығармасын Мартиннің поштасынан жіберген еді. Мартин қуанып кетті. Дереу Бриссенденнен сүйінші сұрауға әрі келісімін алуға асықты. Трамваймен Бриссенден жатқан қонақ үйге келді. Үшінші қабатқа көтерілді. Бөлмесіне кіріп еді, ешкім жоқ. Іші бос тұр. Төменге түсіп портьеден Бриссенденді сұрады. Ол: «Сіз естімеген бе едіңіз? Ол өзіне өзі қол салып өлді. Газеттердің бәрі жазды ғой», – деді. Мартиннің басынан біреу шоқпармен ұрғандай болды. «Кешіккендерді» жазамын деп бес күн пәтерден шықпай отырғанда досы өмірден өтіп кетіпті. Бірнеше күннен соң Бринссенденнің «Эфемеридасы» жарыққа шықты. Қоғамда үлкен сілкініс туғызды. Біреу мақтап, біреу сынап шуласып жатты. Енді бір журналдар оның өлеңдерін пародияға айналдырды. Мартин оған ренжіген жоқ. Қайта қуанды. Досының осы сын-мазақты көрмей кеткеніне қуанды. Бриссенден тобырды жек көруші еді. Бүгін сол тобыр оның поэмасын талап жатыр. Атақты шығарманы мазақ етіп өздерінің де атын шығарғысы келеді. Діни шіркеулер оны уағызға қосып: «Эфемериданың» бес шумағын оқыған адам суға секіріп өледі» деп, оны оқудан тыйып та жатты. Мартин бәрінен түңілді. Поэма шыққан күннің ертесіне редакцияға барып 350 долларды алды да, Бриссенденнің мұрасын зерттеушілерге апарып берді әрі өзінің 100 доллар қарыз екенін растайтын қағазды да тапсырды. Үйіне қайтып келе жатып, поштасын тексеріп еді, тағы да хат келіпті. Конвертті ашқанда ішінен 300 доллар көрінді. Бұл жолы «Алтын ғасыр» журналы мұның «Оқиға» деген шығармасына гонорар төлепті. 200 долларды қарыздарын өтеуге жұмсады. Осылайша Мартиннің басына бақ құсы қонды. Әр редакциядан шығармаларына чектер түсіп отырды. Ол байып шыға келді. Банктен жеке есепшотын ашып, ақшасын сонда салды. Бір кезде банкте есеп шоты бар кісіге қызыға қарап, армандайтын. Енді сол арманға да қол жеткендей болды. 500 доллардың чегін алып, әпкесі Гертрудаға апарып берді.
– Есіңде ме, бірде трамвайға ақшам жетпей, сенен 5 доллар алып едім. Он есе қылып қайтарам деп уәде бергем. Енді қарызымды қайтарайын, – дегенде әпкесі бауыр еті езіліп жылады. Өмірінде мұндай көп ақша көрмеген ол қалш-қалш етіп:
– Мынаны адал жолмен таптың ба? – деп сұрай берді. Мартин бәрін түсіндірді.
– Үй шаруасынан шаршадың. Қызметші жалдап, тынық, денсаулығыңды түзе, – деді. Әпкесі қуанғаннан сүйінші сұрауға күйеуіне жүгіріп кетті.
Мартин бұрын өзі армандаған дәулетті жандардың қатарына кірді. Банкте есепшот ашуды армандаса, оған да қолы жетті. Көзі ашық, сауатты жұрттың бәрі мұны танитын болды. Мұны көргенде қалпағын шешіп, бас изеп құрмет көрсететін. Қолтаңба алатын. Енді бұл жұрттың арманына айналды. Үнемі қымбат кафеден тамақтанды. Бұрынғыдай емес редакцияларға қандай шығарма жіберсе де, гонорарын екі есе қылып төлейді. Бірақ осы нығметтің бәрі Мартинді тез жалықтырды. Ақша, атақ, құрмет – бәрі-бәрі келіп жатты. Қол жеткізбеген нәрсесі қалмады. Бірақ өмірдің қызығы азая берді. Ол Маркиз аралдарына барып, өзіне қолайлы бір аралды сатып алғысы келді. Адам аяғы баспаған, ну орманы бар арал 1000 чили доллары тұрады екен. Қала тіршілігі жалықтырғаны сонша: Мартин аралда жалғыз өмір сүргісі келді. Өзіне жеке яхта сатып алуды армандады. Тағы да бірнеше шығармаларын баспаға беріп, көп қаржы жинаса, ол арманына да жететін сияқты. Бір күні Шелл-Моунд саябағында бұрынғы Джимми досын тағы да бірнеше таныс матростарды көрді. Олар Мартинді көріп қуанып кетті. Қастарына шақырып, сыра алып берді. Мартин де оларды көріп көңіл күйі көтерілді. Өмірден жалығып жүргенде олар тосыннан рақат, қызық сыйлағандай көрінген. Бірақ олай болмай шықты. Сыраны ұрттап еді, бұрынғыдай дәмді көрінбеді. Әңгімесі де жараса қоймағанын сезді. Оқыған мыңдаған кітабы достарымен екі ортаға үлкен қамал тұрғызғандай көрінді. Саябақтан Лиззи Конеллиді де көріп қалды. Бір кезде Руфқа «мәдениетті сөйлеуді білмейді» деп оны кекеткені еді. Сол есіне түсіп, қызарып кетті. Лиззи бұл жолы оған басқаша көрінді. Көңілінде тәкаппарлықтық табы жоқ хас сұлудай сезілді. «Аспандағы айға қол созбай, осыған үйленсем де болар еді» деді өзіне. Сол жолы Лиззи екеуі ұзақ биледі. Көкмайса шөп үстінде отырып ұзақ сырласты. Мартин оған көмек көрсеткісі келді. Стенограф мамандығын оқуға ақша төлеп беремін деп уәде етті. Қыздың да Мартинде көңілі бар еді. Тек Мартиннің өзі еді, оны менсінбей элиталық ортадан жар іздеген. Бұл кезде Мартиннің атағы шарықтап жатты. «Күн масқара болды» деген бір кітабы Америка мен Канадада 65 000 тиражбен шығып, бүкіл рекордты күл-талқан қылды. Англия, Еуропа елдерінің баспа компаниялары хабарласып, кітапты өздерінде басуға авторлық келісімін сұрап жатты. Америкада сатылған кітаптан шотына 9000 доллар келіп түсті. Оның даңқы артқаны сонша: жұрт өмірбаянымен танысқысы келді. Фотографтың өзі Мартиннің суретін сатып байып кетті. Бір күні Мартин пәтерлес көршісі, қарны ашып қиналғанда талай рет сорпа, сүт берген Марияны қалаға ертіп шықты. Бір нотариустың офисіне бас сұқты. Ең қызығы, бұлардың пәтерінің қожайыны да сол жерден табылды. Мария не үшін барғанын түсінбей қалды. Мартин:
– Мария, енді пәтерақы төлемейсің. Бұл үй сенікі. Саған сатып әпердім. Тек мына жерге қолыңды қойсаң болды, – деді. Марияның жүрегі жарылып кетті. Осылайша Мартин Мария мен оның бала-шағасына баспана әперді. Банктен шот ашып берді. Тіпті «Метропольден» бір сүт фермасын да сатып әперді. Мария үйді жалға берді де, өзі фермаға жайғасты. Бұрынғы кір жуатын жұмысын тастады. Балаларын мектепке берді. Ауыр жұмыстарын атқаратын екі қызметші алды. Бір күнде жағдайы жақсарып шыға келді.
Бірде Мартин мейрамханадан шығып келе жатып Морздің үйінде өзін келеке еткен сот Блоунтты көрді. Ол Мартинді көре сала жылмыңдап шыға келді. Қос қолдап амандасып, оны қонаққа шақырды. Атағына құмартып шақырып тұрғанын бірден түсінді. Қызық үшін үйіне бара салды. Барса, тағы бірнеше сот өкілдері отыр екен. Бәрі орнынан өре түргеліп Мартинге құрмет көрсетті. Оның шығармаларын мақтай жөнелді. Тіпті «Стикс» деп аталатын клубтарына мұны құрметті мүше етіп қосқысы келетінін де айтты. Бірақ Мартин ол ұсынысты құптамады. Ішінен оларға кекесінмен күліп қана отырды. Мартиннің алдында әлем төңкерілгендей болды. Бұрын менсінбей, кекеткен жұрт қазір алдында құрдай жорғалайды. Үйіне қонаққа шақырушы елде есеп жоқ. Кезінде аштан бұралып жатқанда мұның өмірде бар-жоғын бір адам ескермеп еді. Тіпті кезінде өлеңдері мен шығармаларын баспаған редакциялар хат жазып кешірім сұрады. «Мүмкін болса, қандай да болсын шығармаңызды сөзсіз басуға даярмыз» депті. Тіпті кей баспа телеграммамен (жеделхатпен) жіберілетін шығынды да өздері көтеретінін жазыпты. Бір күні «Метрополь» мейрамханасынан шығып келе жатып мистер Морзды көрді. Оның да көзқарасы өзгерген. Құшақтай алып, үйіне қонаққа шақырды. Мартин ішінен «Зыр жүгіруін қарашы. Көкейіңді тесіп бара жатқан менің атағым ба әлде шотымдағы жүз мыңдаған доллар ма?» деді. Сосын білдірмеген болып Руф пен оның шешесінің хәл-жағдайын сұрады да, жүре берді. Әпкесі Гертруданың үйіне барды. Жездесі қарсы алды. Ол да елпелектеп жүгіріп жүр. Дастарқан басында тек Мартиннің қас-қабағын аңдып отырды. Бұрын «Әжетхананың суын көп ағыза бересің» деп Мартинді үйінен қуып шығып, «Дұрыс жұмыс таппайтын болсаң, қараңды батыр» деген еді. Мартинді жақтырмаған баяғы қылығына ұялып отыр ма, кім білсін? Мартин ұзақ уақыт үнсіз отырғасын, ыңғайсызданып сөз бастады. Өзінің дүкені туралы, оның төбесіне жарнама тақтайшасын қалай жапсырғанын айта бастады. Сосын жайлап осы дүкенін кеңейткісі келетінін, соған кішкене қаржы жетпей жатқанын жұқалап жеткізді. Мартин оның бір сөзін де тыңдаған жоқ. Кенет кілт бөліп:
– Жезде, осы дүкеніңді тақтайшасымен қосқанда қаншаға бағалайсың?– деді. Жездесі сасып қалды.
– Қазіргі нарықпен 4 мың доллар, – деді.
– Жері ше?
– 3 мың болады.
Мартин 7 мың доллардың чегін жазып берді де:
– Егер осыны өсіммен берсем, қанша пайызбен ала аласың?– деді.
– Алты... пайызбен ғана.
Мартин қағазға сандарды қосып есептеді де:
–Алты пайыз деген – айына 35 доллар. Мен сенен пайызын алмаймын. Осы 35 долларға әпкеме қызметші жалдайсың. Бұдан былай үй шаруасын істемесін, – деді. Жездесі жыпылық-жыпылық етіп, қипақтап еді. Мартин:
– Жарайды, онда чекті алмасаң қой. 35 долларды айына өзім-ақ төлеп тұрамын, – дей беріп еді, жездесі қолына жармаса кетіп:
– Жә, жә, дегенің болсын. Солай етемін. Уәдем сол, – деді. Мартин чекті беріп, әпкесімен қоштасып, үйден шығып кетті. Жездесінің екіжүзділігіне деген жиркеніш пайда болды. Жездесіне ғана емес, бұрын идеал санаған элитасымақтарға да жиіркеніші ұлғая берді.
Бір күні оған Руф келді. Оны келеді деп күтпеп еді. Таң-тамаша болды. Ол Мартинді құшақтап алды. Бір таңғаларлығы: сол сәтте Мартин ешқандай сезімді бастан кешпеді. Бұрын қызды құшақтаса, қолынан ұстаса, жүрегі лүпілдеп, қол-аяғы дірілдеп кетуші еді. Қазір ол сезімнің бәрі ізім-қайым жоғалғандай... Ол Мартинге қайта оралғысы келетінін білдірді. Бірақ Мартиннің жүрегінде сезім емес, кекесін бар еді. Ол:
– Анаң маған тұрмысқа шығуыңа қарсы еді ғой, енді келісіп отыр ма? – деді. Руф күлімсіреп басын изеді. Мартин:
– Білесің бе, Руф, мен өзгерген жоқпын. Сол баяғы көшеде балаларға кәмпит үлестіретін, дөрекі сөйлейтін Мартинмін. Қайта қазір онан сайын бұзылған сияқтымын. Жұртты жарылқап ақша таратамын. Тіпті сыра ішіп, шылым да шегетін болдым. Көрдің бе, бөлменің іші көк түтінге толып тұр, – деді. Руф жауап берудің орнына алақанын Мартиннің ерніне тосты. Бірақ Мартин қолын сүйген жоқ. Сөзін жалғастырып:
– Қарашы, тұрақты жұмысқа да тұрмадым. Ондай қызмет іздемеймін де. Бұрынғыша Спенсерді құмартып оқимын. Оны ұлы адам деп білемін. Ал судья Блоунтты есектің миын жеген нағыз топас деп санаймын. Өткенде үйінде түскі аста боп, солай екеніне көзім жете түсті, – деді.
– Әкем сізді қонаққа шақырғанда неге келмедіңіз? – деді қыз.
– Оны қайдан білесің?
– Әкем айтты.
– Шешеңнің айтуымен шақырған шығар. Мүмкін сен де қазір шешеңнің ақылымен келген шығарсың, – деді. Руф жалынышты үнімен:
– Мартин, неге мұншама қатал боп кеткенсің? Келгелі мені әлі бір рет те сүймедің. Мен өз аяғыммен келдім. Мұнда екенімді ешкім білмейді, – деді.
– Бұрын тар лашықта тұрғанымда, қиналғанымда қайда болдың? Кәдімгі Мартин Иден кезімде қайда болдың? Жалпы қазір айналамда қонаққа шақырып толып жүрген жұрт сол кезде қайда кетті? Даңқым шыққаны болмаса, өзгерген жоқпын. Қол-аяғым, он екі мүшем сол баяғы Мартин Иден қалпында, әлде бәрі атағым мен ақшама қызыға ма? Мүмкін сен де сол есеппен келген шығарсың? – деді.
Руф шешесінің сөзіне еріп, оңбай қателескенін мойындады. Мартиннің дөрекі мінезін, тіпті темекі тартатын әдетін де ұнатуға уәде беріп:
– Бәрін қайтадан бастайық, – деді. Мартин
– Руф, білесің бе, мен өмірден тойдым. Қазір аурумын. Өмірден торығып, жалығатын дертке ұшырадым. Арман-мақсатымнан жерініп. Айналамда толған ләббайшылдан тойдым. Мағынасыз бақыттан шаршадым. Бақыт құсы бұлайша тез қонып, арман-мақсаты сарқылған тұл жетімге айналам деп кім ойлаған? Тіпті саған деген құмарым да тарқаған. Сезім қайта жалғанбайды. Бәрі кеш, – деді. Қыз үнсіз есіктен шығып кетті. Арада бес минут өтпей қайта кіріп:
– Қайтар жолды білмей тұрмын. Шығарып салшы, – деп өтінді. Мартин Руфті ілестіріп сыртқа шықты. Руф «мүмкін, сезімі қайта оянар» деп Мартиннің қолынан ұстап көрді. Саусақтары мұздай еді. Мартин есіктен шыққанда анадайда тасада тығылған ұзын пальтолы бір еркекті көрді. Сұлбасы Норманға ұқсады. «Қыз мені тағы да алдады. «Жалғыз келдім» деп еді. Ағасымен келіпті. Норман мені қарындасына жолатпаушы еді. Енді сыртта неменеге мелшейіп күтіп тұр? Ай, заман-ай! Бұлайша құбыларыңды кім білген?!» – деді ішінен. Жол бойы қыз да, жігіт те жақ ашпады. Тек Руфтің үйіне жақындағанда да ғана екеуі түк болмағандай жылы қоштасып кете берді.
Мартин үйіне келе жатқанда қайыр сұраған кезбені кездестірді. Дауысы таныс. Үңіліп еді, баяғы кірханада бірге істеген Джо боп шықты. Екеуі бірін бірі көріп, мәре-сәре болды. Джо да Мартин кеткен соң кірхананы тастап, жұмыстан шығып кетіпті. Содан бері елкезбеге айналған. Ертесіне Джо екеуі бірге тамақтанды. Мартин оған кірхана сатып әпергісі келетінін айтты. Сөйтті де, кірхананың жай-жапсарын біліп кел деп жұмсады. Арада күн өткенде Джо да бір кірхананың білдей иесі боп шыға келді. Қуанышында шек жоқ. Мартин оған: «Шартым бар. Жұмысқа жас баланы жекпейсің. Жұмысшыларды жұмыс мерзімінен тыс ұстамайсың. Жалақысын уақытында бересің», – деп шарт қойды. Джо келісті. Мартин жолға жиналып жатқан. Жоспар бойынша Таитиге соғады. Сол жерден шағын яхта сатып алып Маркиз аралдарына бару керек. Жүретіннен бір күн бұрын газеттерде «Мартин Иден «Марипозамен» саяхатқа шығады» деген жаңалықтар жазылып жатты. Оның жүргелі жатқанын естіген әпкесі мен жездесі үйіне келді. Қарындасы Мэриен мен Шмид те келді. Лиззи Коноллимен мектептің есігінің алдында атүсті ғана қоштасты. Күндіз жұмыстан қолы тимейтін болған соң кешке Джо да соғып кетті. Кетерден бір күн бұрын дәрігерге қаралып денсаулығын тексертті. Дәрігер толық тексеріп ешқандай ақау таппады. Тіпті жүрегі мен өкпесі де тап-таза боп шықты. «Лиззи дұрыс айтады. Менің ауруым тәнімде емес, жан жүрегімде болғаны ғой. Не де болса, осы саяхатта соны емдеп жазуым керек» деп ойлады. Кеменің палубасына көтерілгенде өзін саяхатқа шығарып салуға жиналған жұрттың көп екенін көрді. Бәрі сүйікті жазушысын бір көріп қалуға келіпті. Мартин олармен қоштасты. Алыстан қимай қарап тұрған Лиззи Коноллиді көрді. Ол «мені де бірге ала кет» деп тұрғандай. Мартин де оны қимай жанарымен ғана қоштасты. Кемеге мінгенде бұрынғы өміріне оралғандай болды. Матрос болған кезін есіне алды. «Ол да бір бастан кешкен бақытты шақтың бірі екен-ау! Беу, дариға-ай десеңші!» деп іштей күрсінді. Бірақ сол бақытына ұмтылайын десе де, атағы мен даңқы қолбайлау боп тұр. Оған бәрібір жұрт «қатардағы матрос» деп емес, «мистер Мартин Иден» деп қарайды. «Сіз» деп тіл қатады. Ол бірінші класты каютаға жайғасты. Тамақтанғанда капитанның оң жағындағы құрметті орынға жайғасады. Кемедегі басқа да жолаушылар оны алыстан бақылап, қарап отыратын. Осының бәрі оған ұнамады. Ол кемедегі баяғы кездерін, кубригі мен көмір қазанын аңсады. Бұрын матрос боп жүргенде люктен басын шығарып, палубада жүрген жұртқа қызыға қарайтын. Соны бір жұмақтай көретін. Қазір сол «жұмақтың» төрінде өзі отыр. Бірақ жүрегі сол кездегі жұмақты сезбеді. Өзін ең бақытсыз адамдай сезінді. Түнде жатса да көзі ілінбеді. Мамық жастық пен құс төсек бір кездері рақаттанып ұйықтайтын құр тақтайға жетпеді. «Неден қателістім? Нені дұрыс істемедім?» деген ой жанын жегідей жеді. Тамағынан ас өтпеді. Жатса-тұрса жанын өкініш сорғандай күй кешті. Көзін жұмса, қою қараңғылық ішінде адасып кеткендей сезінді. Айналасынан жылт еткен жарық таппады. Бұрынғыдай кітап оқуға да көңілі соқпады. Алғаш рет Руф сыйлаған Суинбергтің кітабын қолына алды. Есіне өткен шақ оралды. Сол кездер ең бақытты сәттері екен. Руфпен танысып, оның үйінен шыққан бетте армандары қолынан жетектеп алға сүйрей жөнелген еді. Кітап оқып, аштан бұратылып жатқанда да армандары қанат бітіріп жанында болған. Руфке деген сезімі, оның қолын алғаш ұстаған бақытты сәттері елестеді. Қазір қараса, сол сезім мен арманның бірі де қалмапты. Тек қараңғылық. Суинбергтің кітабын ақтарып отырып:
Үміт пен армандар
Бұлтқа сіңсе, жоғалар.
Өмірің де, еркің де
Өз қолыңда құбылар.
Қайғы менен азапты
Өлімменнен жерлейміз.
Бір жақсысы өмірге
Екі қайта келмейміз.
Әр тараптан су ақса,
Бір арнаға жиылар.
Асау толқын,
Бәрі де...
Күні жетсе, тыйылар,
Алғыс айтам Тәңірге, –
деген өлең жолдарына көзі түсті. «Суинберг те өмірден қажыған екен ғой. Бриссенден де өмірден қажыды». Суинберг қалай дәл айтқан. «Үміт пенен армандар бұлтқа сіңсе, жоғалар. Өмірің де, еркің де, Өз қолыңда құбылар... Иә, кінәлайтын ешкімім жоқ. Бәрін өзім жасадым. Мына қызықсыз өмірді де, қызықсыз махаббатты да өзім жасадым...» деді. Ол кеменің терезесінен (иллюминатор) басын шығарды. Мұхитты екіге жарған кеменің жүзісіне қарап тұрды. Бұл кезде өмірден толық түңіліп, ойына өлім оралып тұрған. «Артыма бір-екі ауыз сөз тастап кетсем бе...» деп ойлайды. «Бірақ оған уақыт жоқ» деді. Сөйтті де, мұздай мұхитқа қойып кетті. Таудай алып кеме жанынан алыстап кете берді. «Кеме қатты жүзіп келеді екен, ә» дегенше, ол зулап өте шықты. Алыстан тек оттары ғана көрінді. Мартин мұхитта жүзе бастады. Алыстағы жағаға жүзіп шығуды ойлады. Бір кезде «Неге жүзіп барамын?» деді өзіне. Құлаш ұруын тоқтатқаны сол еді, аузы-мұрнына су кіріп, тыпырлап, екі қолын ербеңдете берді. «Бұл – санадан тыс өмір инстинкті. Өмірге құштарлық» деп ойлады. Тағы да жүзуін тоқтатып, мұхиттың түбіне батып кеткісі келіп еді, екі қолы өздігінен тапырлап тағы да жүзе бастады. «Өмірге құштарлық...» деді кекесін күлкімен. «Соқыр инстинкт өлмеудің қамын жасап бұлқынып жатыр...» деп ойлады. Өкпедегі ауасын шығарып тереңге батқысы келді. Бар күш-жігерін аямай өзін тереңге батыра берді. Бір кезде қол-аяғының ұйи бастағанын сезді. Екі құлағы ине сұққандай шаншып, басы қақ айрылып кеткендей көрінді. Қол-аяғы қайтадан ербеңдеп судың бетіне шығуға асықты. Бірақ ол дір-дір еткен әлсіз қимыл еді. Тым кеш қалды. Көзіне алыстан мұнартқан бір жарық көрінді. Мынау не? Маяк сияқты... Санасында сүттей сәуле жанып тұрғандай болды. Құлағына жантүршігерлік гуіл естілді. Өзін биік баспалдақтан төменге құлдилап бара жатқандай сезінді. Бұл өзіне таныс сезім еді. Әлі құлап келеді. Осы хәлін анық сезгенде санасынан мәңгілік айрылды.
Құндылықтар қайшылығы бар ма?
Әлбетте, әркезде әркімге әрқалай болып келетін мән жайында емес, Мәннің ғажайып ортақтығы туралы айтқанды жөн көремін. Оның ғажаптығы мынада. Қайталанбас ортақ Мән – бір ғана ситуацияның сипаты болмайды. Тұтасымен тіршілікке қатысты болады. Ал өмір қайталанбас ситуация тізбегінен тұрады. Адамның болмысы мен тіршілігіне қарасаң қайталанбас ғажайыпты көресің. Бір адамның өмірі екінші біреуге ұқсамайды. Біреудің өмірін біреу қайталай алмайды.
Гиллель айтқан тамаша пікір бар. «Мұны мен істемесем, кім істейді? Дәл қазір істемесем, қашан істеймін? Қарақан басым үшін істесем, онда кім болғаным?» Осы ойды тарқатсақ былай: «Мұны мен істемесем» дегені адамның ерекше жаратылысына қатысты. Әр пенде дара тұлға. Қайталанбас қасиетке ие. Он сегіз мың ғаламдағы бір іс немесе міндет тек бір адамға ғана жүктелген. Оны екінші біреу істей алмайды. Тек сол адам ғана жүзеге асырады. Адам сол борышы мен миссиясын атқару үшін келеді.
«Дәл қазір істемесем» – дегені уақыттың ерекшелігіне қатысты. Себебі уақыт – Мән игеруге берілген мүмкіндік. Өмірдегі әрбір сағат, әрбір минут екінші қайтара келмейді. Әр минутта игерілетін Мән де екінші рет оралмайды. Қапы жібермеу үшін уақыттың қадірін біліп, тиімді пайдалану керек.
«Қарақан басым үшін істесем» дегені адамдық борыштың жеке басқа немесе жеке әлемге ғана байланбаған міндетін меңзейді. «Қарақан басым үшін істесем, онда кіммін?» деген сұрақты мынадай жауап күтіп тұр. «Онда кәміл кісі емессің». Адам тіршілігінің негізі сипатын бір-ақ нәрсе көрсетеді. Пенде өзін жарып шығып, ғайып бір әлемге қол созуымен әйгіленеді. Немесе басқа бір құдіретке жол табады. Августиннің сөзімен айтсақ, «адам мақсатқа жетіп, Мән таппайынша жүрегі тыншымайды». Осы бір ауыз сөз невроз типіне қатысты терапия мен көптеген теорияны қорытып тұр. Оны ноогенді деп атадым. «Невроз деген кім?» десе «Жүрегі тыныш таппаған адам» дейміз.
Мәннің қайталанбас ерекшелігіне оралсақ. Жоғарыдағы пікірден мынаны түйдік. Өмірде жалпыға ортақ универсал Мән болмайды. Қайталанбас ситуациялы ерекше Мән ғана болады. Әркім өзіне тиесілі Мәнді игереді. Бірақ, солай десек те, мәннің ортақ кеп қалатын тұстары бардай көрінеді. Тарих қойнауын ақтарсаңыз әр түрлі қоғамда рухани тұлғалардың ортақ Мән игергені байқалады. Мысалы, Будда мен Сократтың, Платон мен Конфуцидың өмір туралы толғамы бір жерден шығады. Әркім қайталанбас ситуация мен ерекше Мәнді бастан кешсе, артына қалдырған құндылығы қалайша ұқсап кетті? Жауабы былай: Мәннің өзі универсал болмайды. Қасиеті универсал. Яғни Мән субъективті болғанмен, құндылыққа айналғанда объективті қасиетті иеленеді. Будда, Сократ, Конфуци болсын әркім өзіне тән ситуацияны немесе Мәнді қорытып, өмір тәжірибесі мен ақылдың тезінен өткізіп құндылыққа айналдырады. Егер олардың құндылығы бір-бірінікіне ұсқап жатса онда Мән өз дәрежесінде игеріліп, трансцендентті әлеммен жалғасқанын көрсетеді. Егер біздің игерген Мән жалпыадамзаттық тізбекке ілінбесе, онда дұрыс орындалмағанын көрсетеді. Франклдың ойын ашықтасақ былай. Мысалы сөз саптағыш таланттар бар. Оларға проза, поэзиямен шұғылдану Өмірдің мәні. Сол үшін өмір сүрді. Кітап жазып, артында із қалдырады. Қалдырған мұрасы құндылық боп саналады. Енді сұрақ? Олардың объективті Мәнді игерген-игермегенін қалай білеміз? Жауабы: Еңбегі Будда, Сократ, Конфуци сынды классикалық тұлғалардың ойымен үндессе, объективті Мәнді дұрыс игерген. Үндеспесе трансцендентті әлемге өте алмады деп санаймыз. Франклдың айтып отырған «қайталанбас Мән мен универсал құндылық» идеясы оқырманды шатыстыруы мүмкін. «Сонда бұл екеуінің не айырмашылығы бар?» деген сұрақ туады. Дұрысы былай: универсал құндылық ғасырлар сүзгісінен өтіп, қоғамға сіңіп, дүниетанымға айналып, ұлттық яки мемлекеттік мерекелермен араласып кеткен құндылықтар. Мысалы бір қазақ Қазақстанда жүргенде бұл құндылықтарды ел-жұртымен, ағайын-туысымен бірге тұтынып олардан Мән табады. Немесе діни ритуалдарды, салт-дәстүрді орындаумен, марқұм туыстарының басына зиярат етіп Құран оқумен рухани шөлін басады. Бұл құндылықтар оны қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуге көмектеседі. Енді былай болсын. Ол оқумен не жұмыс бабымен шет елге көшуге мәжбүр болды делік. Ол жақта оның санасына сіңісті болған ұлттық танымдағы универсал құндылықтар жоқ. Көппен бірге діни не мемлекеттік мерекені тойлай алмайды. Бұл адамның көңілін жабырқатып, мәдени жатсыну сезімін туғызады. Енді не істемек керек? Құндылық жоқ деп елдің бәрін жатсынып отыра алмайды ғой, солай ма? Міне, осы кезде барлық ситуацияда жасырын жатқан қайталанбас ерекше Мән айқын болады. Адам бар жерде Мән бар! Бөтен жұртпен аралас-құралас басталғанда сол мезеттегі қайталанбас Мәнді іліп түсу керек. Яғни Мән бізден тек адамшылық қадам мен ізгі ниетті ғана күтіп тұрады. Кезіккен адамның бәрімен рухани байланыс орнатып, сыйласып кете аласыз. Сол кезде жетекшіміз ар-ұятымыз болмақ! Франклдың құндылық жойылса да Мән жоғалмайды дегені осы. Көкірегіне құндылық жиған жан Мән іздеуде қиналмайды. Қиын ситуацияда дұрыс шешімді шапшаң қабылдайды. Бірақ «алмақтың да салмағы бар». Кейде құндылығы оны біраз азапқа салуы да мүмкін. Себебі өмірде екі құндылық бір-бірімен қайшы кеп қалатын сәттер болады. Оның қайсысын орындарын білмей адамның басы қатады. Сол кезде ортаға осы құндылықтың қайсысы артығырақ деген сұрақ шығады. Осыдан ноогенді невроз пайда болады. «Екі құндылықтың қайсысын құрбандыққа шалам» деген сұрақ жүрегіне шаншудай қадалады. Енді былай етелік. Қайталанбас бірегей Мәнді нүкте түрінде белгілейік. Ал құндылықты шеңбер формасында салайық. Екі құндылықтың бір-бірімен шектесіп айқаса беретіні түсінікті. Ал бірегей Мәндер бұлайша әсерлесе алмайды.
7-сурет Енді сұрақ былай болмақ. Қос құндылық қайшы келуі мүмкін бе? Немесе шеңберді жазықтықта қатар қойып салыстырған дұрыс па? Әлде құндылықты үш өлшемді шарлармен салыстырған жөн бе екен? Кәнекей былай етейік. Екі шарды үш өлшемді кеңістікке шығарамыз. Жарықты төбеден түсіреміз. Көлеңкелері шеңбер пішінде бір-бірімен қиысады. Өздері бір-біріне жанаспай, бөлек тұрады.
8-сурет Екі құндылық бір-біріне қайшы келеді деу тұтас өлшемнің жоқтығынан шығады. Бұл не өлшем? Бұл – құндылықтардың иерархиялық тәртібі. Макс Шелердің ойынша, көп адам бір құндылықтан екіншісін артық қояды. Ол осыған феноменологиялық анализ жасап мынадай тұжырымға тоқтайды. «Мына құндылық мынаусынан артық» дей алмайсың. Құндылықтың дәрежесі оны тұтынып, өмірде қолданғанда анықталады. Нақты бір құндылықты бастан өткергенде одан биік тұрған басқаларын сезініп үлгереміз. Сондықтан құндылықтар бір-бірімен қайшы келмейді. Алайда құндылықты иерархиялық тәртіппен бастан өткергенде бізді шешім қабылдау міндетінен босатпайды. Құмарлық адамды іштен итереді. Мән алыстан қол бұлғап шақырады. Ситуацияда адам құндылықты қабылдауға не бас тартуға ерікті. Бұл – моралдық және этикалық нормамен берілетін иерархиялық тәртіптегі құндылыққа да қатысты. Мәдени құндылықты жалғастыруға, не тәрк етуге құқылымыз. Бұлар ар-ұят сүзгісінен өтуі қажет. Ондайда ар-ұятты тұншықтырмай оның үнін естіп, талабын орындауға дайын болсын! Мәннің жанама қасиетін талдай отырып, «ол қаншалықты субъективті» деген сұраққа өтеміз. Әсілінде Мәнді кім қалай түсіндіреді, ол соған байланысты. Мәнді ұқтырғанда адам шешім қабылдап үйрену үшін түсіндіреміз. Өмірде түрлі ситуация болады. Ондайда Мәнге түрлі тәпсір жасалады. Адам соның біреуін таңдауы тиіс. Тәжірибемнен айтсам, таңдау жасауға тура келетін ситуациялар болады. ІІ дүниежүзілік соғыстың алдында Венадағы АҚШ елшілігі шақырып «Қаласаңыз АҚШ-қа тегін виза береміз» деді. Ол кезде Венада ата-анаммен тұрып жатқам. Өкінішке орай әке-шешеме виза берілмейді. Олар тезірек визамды алып, АҚШ-қа кетуімді хош көрді. Фашистердің қолына түспей сау-саламат көшіп кетуге зор мүмкіндігім болса да теңселіп жүріп алдым. Түрлі күмәнді ойға шатылып, былай деп сұраумен болдым: «Кеткенім дұрыс па? Солай жасауға дәтім бара ма? Кеткен соң ата-анамның жайы не болмақ? Жағдай айтпаса да айқын. Оларды концлагерге жөнелтеді. Лагерден жан баласы тірі шықпайды. Оларды тағдырға тапсырып кете бергенім дұрыс па? Сын сағатта дәтім барып қалай тастаймын?». Бұл кезде еврейлер ауруханасының білдей бір бөлімін басқарамын. «Болашағым үшін» деп кетіп қалсам, ешкім мені сөкпес те еді. Кетіп қалсам, ситуация сол жерде күрт өзгеріп шыға келмекші. Ата-ана алдында Тәңір жүктеген жауапкершілігім де бар. Осылайша Тәңірден илһам күттім. Осы оймен үйге келгенде үстелдің үстінен мәрмәр тастың бір сынығын көрдім.
– Бұл не тас? Үйге қайдан келді? – дедім. Әкем:
– Синагога тұрған жерден алдым, – деді. Синагоганы бірнеше күн бұрын фашистер өртеп жіберген еді.
– Не үшін әкелдің?
– Бұл Мұса пайғамбардың он өсиеті жазылған қос тақтаның бірі, – деді. Сосын мәрмәр бетіндегі алтын әріптерді көрсетті. – Бұнда он өсиеттің бірі қашалған, – деді. Шыдамай:
– Қайсысы? – дедім. Әкем:
– «Ата-анаңды құрметтесең, ұзақ ғұмыр кешесің» деген өсиет, – деді. Сол сәтте визадан бас тартып, олармен бірге қалам деп шештім.
Мүмкін, мұны проективті тест дейтін шығарсыз. Жазуды оқығанға дейін жүрек түкпірінде «қалам» деп шешім қабылдап қойған едің дейтін шығарсыз? Тасты көргенде сол шешім бір сылтаумен тысқа шыға салды. Егер тасты көргенде назарыма тек кальций карбонаты ілінсе, бұл да проективті тестің нәтижесі болар еді. Құндылық пен хикмет жинамаған қуыс кеудең қаңырап бос тұр деген сөз. Кеудесі қуыс адам тастағы жазудың Мәнін емес, тастың сынығын ғана көреді. Қуыс кеуде хәлді экзистенция вакумы деп атадым.
Осылайша Мәннің мағынасы ашылады. Дұрысы көңілдегі Мәннің шұғыласы нейтрал затқа түсіп шағылысады. Сосын Мән заттың бейнесінде біліне қалады. Бейтарап тұрған зат мақсат-мұратымыз шағылысып көрінетін экран сияқты. Одан да оңай мысал берейік. Мәнді – құндылықтар жиынтығының мәңгілік сәулесі деп алайық. Сәуле экранға нұр боп төгілгенде шағылысып залға қайта келеді. Ел-жұрт кинотеатрда кино көргенде фильмнің өзін көрмейді. Экранға түскен сәулесін көреді. Кинотеатрда экран деп аталатын әппақ қабырғаға сағаттап қарап отырамыз. Сырттан қараған жанға бұл бір түсініксіз отырыс. Бірақ «құр экранға» қарап түрлі эмоцияға берілеміз. Кейде күлеміз. Кейде ағыл-тегіл жылаймыз. Бірақ күлдіріп жылатып отырған экран емес қой?! Түрлі сезімге бөлейтін киноның мәні. Бірақ фильмнің мәнін кинопленкадан көре алмаймыз. Мән экранға сәуле боп шашылып, сосын шағылысып көзімізге қайта ұрғанда жандүниеміз фильмнің мәнімен қауышады. Тағы бір салыстыру береміз. Бұл құбылыс «Роршах таңбасы» сияқты. Ол былай. Ақ қағазға сия тамызады. Сияның дағы жайылып, бір кескінге айналады. Тестке қатысушыларды шақырып, «Кескіннен не көріп тұрсың?» деп сұрайды. Әркім әрқилы пікір айтады. Көкіректе қайнаған ойлар өзінің мәніне қарай түрлі бейнеге бейімделеді. Біреу сияға қарап «Бұл мысықтың тұмсығы» дейді. Енді бірі «жоқ, көбелекке ұқсайды» дейді. Үшіншісі «мынау аумаған жарғанат қой» дейді. Мамандар ұқсатқан бейнеге қарай кеудесіндегі мәннің мазмұнын анықтайды. Адамға мінездеме береді. Былайша айтқанда, парақтағы кескін әркімнің ішіндегі мәнді түрлі форматта шағылыстырып тысқа шығара береді. Мәнді осылай танысақ, ол өзге затқа шағылысып көрінетін бір нәрсе емес, терең субъективті болмыс боп шығады. Нельсен осыған орай «Ұстап алар дайын Мән жоқ. Өмірге қандай мән бітіреміз, соны ғана иеленеміз» деген. Алайда бір нәрсе анық. Біздің субъективті ойымыз шындыққа перспектива беріп, дамытып, мағынасын тереңдетіп жібереді. Бұл субъективтілік нақты заттың объективтілігіне тәуелді емес. Бұл феноменді түсіндіру үшін Гарвардтағы семинарда студенттерге былай деп сұрақ қойдым. «Терезеден Гарвард шіркеуіне қараңдар. Шіркеуді әркім өзінше көреді. Мысалы, бірің терезеге жақын отырсыз. Шіркеу сізге анық көрінеді. Енді бірің алыстау отырсыз. Сондықтан толық көрінбеуі ықтимал. Бірі мұнарасын, бірі қоңырауын, енді бірі сұлбасын байқауы мүмкін. Егер кімде-кім «Шіркеуді жұрт қалай көрсе, мен де тура сол сияқты көріп отырмын» десе, ол адамда галлюцинация бар дер едім. Себебі көзқарастар әртүрлі. Бірақ одан шіркеудің объективтілігі мен шіркеу екендігіне нұқсан келмейді!». Франклдың осы ойтүйіні Мәулана Румидің айтқанымен сәйкес келеді. «Тамшы өз философиясын қанша сапырса да мұхит – мұхит қалпында тұра береді» деген еді.
Кие ұғымының перспективасы
Адамның дүниетанымын калейдоскоппен салыстыруға болмайды. Калейдоскопқа үңілсең ішінде не бар соны ғана көресің. Ол кезде ішкі әлемге назар саламыз (созерцание). Ал, телескопқа үңілсең бұрын-соңды беймәлім бөлек әлемді барлайсың. Сол сияқты әлемге және жаратылысқа назар салғанда жаратылыстың өзін емес перспективасын көреміз. Дүниетаным деген – осы! Енді қызықты қараңыз, перспективада көрінген нәрсе қанша жерден субъективті көзқарас болғанымен ол да объективті әлем. Осы арада Франклдың перспектива туралы ойын қазақы танымға сап тиянақтай кетуге болады. Қазақта мынадай дәстүр бар. Адыраспанды киелі шөп деп босағаға іліп қояды. Енді бірде түтінімен үй ішін, баласының бесігін аластап жатады. Түтіні жағымсыз аураны жойып, жын-сайтаннан тазалайды деп сенеді. Скептик үшін бұл күлкілі. Тіпті оны надандықтың қалдығы деп қарауы мүмкін. Немесе діннің догмалық бағытын қаттырақ ұстанатын діншілге зор күнә болып саналады. Оған бұл әрекет қазақтар бейне бір Құдайға ортақ қосып, қайдағы жоқ қураған шөптен медет тілеп, оған табынып жатқандай әсер қалдырады. Шөптің киелі қасиетіне сенетін дәстүршіл кісіге шөптің шапағаты сезілетіндей әсерде болады. Бала кезден мынадай аңыз тыңдаған қазаққа адыраспан тұтас бір дәуірдің куәсіндей көрінуі мүмкін. Діни аңыздарда адыраспанға кие бітірген Әзіреті Мұхамбет пайғамбар делінеді. Ертеде төрт шадиярдың бірі Әзіреті Оспан әскер бастап жорыққа шығыпты. Жолда бір жерге түнейді. Түнде жаулары тыңшы жіберіп, байлаулы тұрған аттарын босатып, жан-жаққа шашыратып қуыпты. Түнімен азан-қазан боп сахабалар аттарын іздейді. Ертесіне Оспанның атының шылбыры бір түп адыраспанға оратылып қалғанын көреді. Оның кісінеген дауысын естіп, өзге аттар сол араға жиналған екен. Оспан да серіктерін ертіп, жылқының дауысы шыққан жерге келеді. Қараса, жылқы бір жерге үйіріліп тұр. Оспан адыраспанды дорбасына салып алады. Сол жорықта жолы болып, жеңіспен оралады. Елге келген соң, Мұхамбет пайғамбарға болған жайды баяндайды. Пайғамбар:
– Бұл шөптің аты қалай? – деп сұрады. Оспан:
– Мұны адыраспан деп атадым, – деді. Пайғамбар:
– Тәңірі бұл шөпті себеп қылып, бір апаттан сақтапты. Бұдан кейін де үмбетіме игілікті қызмет етсін, – деп, аят оқып, шөпке дем салған екен.
Содан бері адыраспанға емдік қасиет дарыпты. Осыған орай ел ішінде:
Ассалаумағалейкум, адыраспан,
Атыңды қойған екен Әзіреті Оспан.
Пайғамбар дұғасынан нәр алған соң,
Өзіңе келіп тұрмын жол алыстан, – деген сөз қалыпты. Жұрт оны киелі, пайғамбардың қолы тиген қасиетті өсімдік деп санапты. Немесе проективті тестке байланысты тағы бір қазақы мысал. Әдетте жұрт күріштен жасалған тағамды жегенде көзіне күріш көрінеді. Бірақ көшпелі мәдениеттің Исламға қатысты аңызын тыңдаған кісіге күріш басқа қырынан елестейді. Яғни күріш пайғамбардың тісінен шыққан, «Ясин» сүресінің берекеті мен шарапатын сіңірген киелі тағамдай сезіледі. Бұл аңыз қазақша былай өрбиді. Ухуд шайқасында Мұхамбет пайғамбардың астыңғы күрек тісі сынады. Ұрыс біткен соң, бір сахабасы сынған тісті тауып алады. Пайғамбардың тісін аяқасты қылуға дәті жібермей, үйіне әкеп, лашығының бір бұрышына көмеді. Тіс көмілген жерден аппақ күріш өсіп шығады. Сахаба пайғамбарды шақырады. Пайғамбар келіп, «Ясин» сүресін оқып, дұға жасайды. Ол сахабаға:
– Тәңірім менің тісімнен күріш өсіріп шығарды. Оған Ясиннің қуатын бердім. Оны аяқасты етпеңдер, – деп өсиет айтады.
Содан бері халық күрішті қастерлепті. Пайғамбардың дұғасынан соң, күріш тойымды әрі берекелі асқа айналыпты деседі. Сыр бойын мекендейтін қазақтарда күріштен жасалған тағамның қалдығын итке төкпейтін тыйым қалыптасқан. Яссауидің «Құрма туралы аңызы» да осыған жатады. Бұл аңызды құндылық етіп көкірегіне құйған азамат құрманың дәнін көргенде, оған дәнектің перспективасы жарқ етіп ашылады. Көзіне жәй ғана жеміс емес, Арыстан бабтың жеті жасар Яссауиге құрманың дәнін жегізіп, баланың кеудесін хикметпен нұрландырып жатқан оқиғасы елестеп сала береді. Яғни тұтас бір дәуірдің картинасы ашылады. Шындығында құрманың құр өзінде ешқандай перспектива жоқ. Перспективаны көрсетіп жатқан адамның кеудесінен ұшып шыққан құндылықтың сәулесі. Сәуле құрмаға түсіп, кері шағылысқанда оның Мәні адамды рухани сезімге бөлейді. Тіршілікке құштар қылады. Адамдар кеудесіне құндылық жинамай экзистенция вакумына түсіп қалса, бейтарап тұрған заттардан ешқандай Мән көрмейді. Көзіне жәй ғана жеміс дәнегі көрінеді. Ешқандай дәуірдің картинасы ашылмайды. Бұл дүниеде мағыналы, қызықты оқиға жоқтай сезіледі. Өмірден жалығады. Аңызға күліп қарайтындар күріш пен құрманы дәнді дақыл мен жеміс-жидектің бір түріне жатқызады да қояды. Франкл былай дейді: Аллерстің сақтықпен қолданған «транссубъективті» терминін «объективті» атаумен ауыстыруға қарсы емеспін. Себебі айырмашылық жоқ. Мән туралы айтсаң да, зат туралы айтсаң да айырмасы шамалы. Екеуі де транссубъективті болады. Яғни субъективтен тыс жатыр. Біз бұған дейін де өзін өзі трансценденция жасауды айтқанда, әмәнда, транссубъективті деген терминге сәйкес кеп тұрдық. Адам Мәнге талпынып, жан кешіп, өзін жарып шыққанда жердегі Мәннің өзегі адамның құны мен табиғатынан әлдеқайда асып түседі. Мән адам табиғатын көрсететін жай зат емес. Ол адамның өзінен миллион есе үлкен перспективасын көрсетеді. Мән ойдан құралмайды, ол әманда ізденісте табылады. Франклдың ойын қазақша түсінікке сап түсіндіруге болады. Шартты түрде жалпыға ортақ етіп Мұхамбет пайғамбардың тұлғасын алайық. Атеист үшін Мұхамбет жәй тарихи тұлға. Халқын надандықтан құтқарау үшін күрескен өз дәуірінің батыры. Ойламаған жерден дін жасап, әлемге таратқан. Ал, мұсылман үшін пайғамбардың өткен өмірінен гөрі келешектегі перспективасы көбірек көрінеді. Мұхамбет өткен заманда аты қалған тарихи тұлға емес, керісінше болашақта күллі момынды мәңгілік азаптан құтқарып, шапағат етуші ұлық жаратылыс.
Мәнді қолдан жасауға бола ма?
«Адам Мәнді іздеп табады» деген пікір Жан Поль Сартрдің қағидасына қайшы келеді. Ол «адам Мәнді қолдан жасайды, сөйтіп кемелдікке ұмтылады» деген. Бұл қаңғыбас сиқыршының айласын еске түсіреді. Сиқыршы сыбызғы тартқанда қабынан арқан шұбатылып шығып, ауаға асылып тұра қалады. Сосын жылмағай бала арқанмен жоғарыға өрмелейді. Сартрдың сендіргісі келген қағидасы осы сияқты. Сонда адам идеал мен Мәнді өзі жаратып, оны арқан сияқты бос кеңістікке лақтырады. Сосын оған өрмелеп шығып, елді таңғалдыратын сияқты. Адамның адамшылығы бүлінбей, жан саулығы саламат тұру үшін оның өмірі бітпес шиеленісті күрестің ортасында жүруі керек. Күрес транссубъективті (объективті) сезімді бастан кешкенде ғана пайда болады. Яғни, бізді өлгенше шыңдай беретін күрескерлік сезімі қажет. Мұны іштегі шер десе де болады! Франклдың шер туралы толғауын қазақы танымда бір ауыз сөзге сыйғыз десе, былай дер ек: «Ер азаматтың ішіне ат басындай шер қатады!»
Пенденің транссубъективті сезімді бастан кешіп, ғайып әлеммен әсерлескенін сөз саптасынан білеміз. Ондайлар жиған тәжірибесі жайлы жиі айтады. Енді қызықты қараңыз. Ішінен тұйықталып, рухани тоқыраған жанды қалай білуге болады. Өзі жайлы түсінігі стереотипті тәпсірмен бүлінбесе, ол Мәнді жасау жайлы емес қалай табу туралы айтады. Мән тапқан адам Мән табудың жолын айтуға құмар. Стереотипті тәпсір өзіңді зерттеуге, тануға, ішіңе үңілуге мүмкіндік бермейді. Қоғамда қатып қалған пікірге жетектеліп жүре береді. Осылайша Мән таппаған адам оны қолдан жасайды. Жұрттың Мән туралы сезімін эмпирикалық тәжірибемен тексерсек, Мәннің жасалмай, керісінше табылатынына көз жеткіземіз. Мысалы сұрақ-жауап сияқты. Қойылған сұраққа бір ғана жауап дұрыс шығады. Сол сияқты әр ситуацияда бір ғана Мән болады. Яғни оның шынайы Мәні.
АҚШ-тың бір университетінде лекция оқып тұрғам. Аудиторияға мынадай ұсыныс айттым. «Сұрақты баспа әріптерімен жазып, теологқа беріңіздер. Ол бәрін жинап, маған береді» дедім. Теолог сұрақтарды іріктеп жатып «Мына сұраққа жауап бермей-ақ қойыңыз. Ешқандай жүйесі жоқ, «лаққан» сұрақ. Бір студент «Экзистенция теорияңызда 600-ды қалай анықтайсыз?» деп сұрапты» деді. Параққа қарасам басқа жазу. Онда «Экзистенция теорияңызда Тәңірді қалай анықтайсыз?» деп жазылыпты. Баспа әріптермен жазылған «GOD» сөзін шынымен де 600 санынан ажырату қиын еді. Бұл ойламаған жерден жүзеге асқан проекциялық тест емес пе? Теолог оны «600», ал невролог – «Тәңір» деп оқыды. Бұл тест маған жақсы болды. Кейін Венада университетте оқитын америкалық студенттерге слайдпен осыны көрсеттім. Қызықтың көкесі сонда болды. Студенттердің тоғызы «600» деп оқыды. Ал, қалған тоғызы «GOD» деп оқыды. Төртеуі анық оқи алмады. Кім қалай оқыса да мәтін бір ғана мәнді беріп тұр! Мәнді анықтау тәсіліне біз осылай келдік. Мән көңілде қалқып тұрған бір болмыс. Осы нәрсе пайда болғанда, міндетті түрде тура жауапты талап ететін экзистенциялық сұрақтарды іштен жаудырады. Жүрекке маза бермей сансыз сұрақ туғызатын болмысты Мән деп санаймыз. Тура жауабын алмайынша ол да тыншымайды. Біз «дұрыс па, бұрыс па онда шаруам жоқ» дей алмаймыз. Бұл америкалықтардың мынадай жауабын еске салады. «Істегені дұрыс па, бұрыс па онда шаруам жоқ, бірақ бұл менің елім». Адам өмірден Мән іздеп, аласұрғанда мұндай америкалық әдіс дәртке аспайды. Сұрақтың шынайы жауабын табу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттісің. Әлбетте, өмірдің сұрағына әрқалай жауап беру пенденің еркі. Бірақ еркіндікті ойыңа не келсе соны істеумен шатыстыруға болмайды. Оны жауапкершілік тұрғысынан түсіну керек. Сұраққа дұрыс жауап беруге және ситуацияның Мәнін табуға жауаптымыз. Ал Мән ойлап табатын зат емес. Кромбо мен Махолик ситуациядан Мән іздеуді гештальд психологиясының танымына ұқсас дейді. Гештальд-психолог Вертгеймер бұл ойды нақтылап, былай деген. «7+7=...» дейміз де жауабының орнына бос нүктелер қалдырамыз. Нүкте орнына дұрыс жауабын жазу керек. Жауабы әлбетте 14. Бұл жерде 7+7 қосындысын ситуация десек, ситуацияның шешімі дұрыс болуы тиіс. Шешімі 15 деп қоя алмайсыз. Ол үшін қосынды нәтижесі 15 болатындай талап болуы шарт. Адамның өмірі ситуация тізбегінен тұрады десек, әр ситуация объективті дұрыс шешімді талап етеді. Франклдың бұл әдісін қазіргі тест тәсілімен оңай ұқтырамыз. Мектеп түлектері жоғарғы оқуға тест тапсырады. Онда әр сұраққа төрт нұсқа берілген. Оның біреуі дұрыс, қалғаны қате. Оқушы көз жұмып жауапты белгілей салмайды. Өйтсе емтиханнан құлайды. Оқушы қалай да тура жауап табуға талпынады. Өмірдің Мәні деген де сондай құбылыс. Көңілдегі түйін мен түйткілді дәл шешетін шынайы жауапты іздейді. Көңілдегі мұндай толқудың табиғатын Шәкәрім қажының мына өлеңінен тез ұғамыз.
Шебер тіл жүйрік ойды шеше білсе,
Таусылар деп ойлама сөздің кені,
Жыр, өлең, насихат сөз, мақал, тақпақ,
Тауып айтса – дауасыз дерттің емі.
Ар-ұяттың жасампаздығы
Мәнді қалай болса солай емес, асқан жауапкершілікпен табу қажет дедік. Бұған тағы мынаны қосамыз. Мәнді ар-ұяттың көмегімен іздеген ләзім. Назар салсаңыз Мән іздегенде адамның жетекшісі – ар-ұят! Мән ерекше болмыс болғандықтан қарабайыр заңға бағынбайды. Сондықтан, ар-ұяттан шығатын интуитивті қабілет ауадай қажет. Мәнді интуитивті түрде қағып түсетін сенімді жалғыз құрал – сол! Ар-ұяттың жасампаз қабілеті бар. Ол феноменді тар шеңберге салып, қамай алмайсың. Ар-ұят уақыт өткен сайын жаңа нәрсе жасауды талап етеді. Талап еткен нәрсесі қоғамдық шарттарға, тайпа ішінде қабылданған ескі дәстүрге қайшы болуы мүмкін. Мысалы, каннибалдарды, яғни адамжегіштер тайпасын алайық. Тайпада тұтқынды пісіріп жеу дәстүрге енген. Адаммен қоректену қалыпты нәрсе. Бір күні тайпаның бір мүшесі «Тұтқынды жегеннен гөрі тірі қалдырған дұрыс» дейді. Яғни ар-ұяттың жасампаздығы оны түртпектеп оятады. Осылайша, оның ар-ұяты тайпа ішінде төңкеріс жасауы мүмкін. Сол сәтте өзіндік мәнге ие осы кредо келе-келе «адам өлтірме» деген универсал құндылыққа айналады. Жалқыдан жалпыға ауысады. «Адам өлтірме» деген өсиеттің соңынан «зина жасама» деген тағы бір өсиет шығады. Бүгінгі бір сәттік ерекше Мән – ертеңгі күннің универсал құндылығы. Дін, дәстүр, салт осылай дамып, құндылық қалыптастырады. Ар-ұяттың тағы мынадай қасиеті бар. Ол құндылыққа қайшы келетін айрықша Мәнді де таба алады. Болған бір оқиға айтайын. Бір тұтқын концлагерде жас әйелімен бірге қамалды. Лагерде фашистер әйелі екеуін екі жаққа бөліп тастайды. Күйеуі сол сәтте әйелін мәңгілікке жоғалтудан қорқып «қалай да тірі шығуға тиіссің, түсінесің бе? Басыңа не күн туса да тірі қал» деп өлердей жалынады. Әйелі оның не айтқысы келгенін түсінеді. Оның келіншегі жас әрі сұлу болатын. Ерте ме, кеш пе, өмірін сақтау үшін СС офицерлерінің арасында жезөкшелікпен күн көруі мүмкін еді. Осыны ұққан күйеуі оның күнәсін алдын ала кешірді. Ар-ұяты соңғы сәтте «зинақорлыққа салынба» деген тыйымнан босатты. Мұндай қайталанбас ерекше ситуацияда Мән мынау. Тіршілікті үзбеу үшін он өсиеттің біреуін бұзып «күйеуіңе адал бол» деген универсал құндылықтан бас тартты. Осы арқылы Мұсаның он өсиетінің «адамды өлтірме» деген екінші бір бабын орындады. Әйеліне рұқсат бермесе тірі шығуы неғайбыл. Олай болғанда әйелдің өліміне өзі де белгілі дәрежеде жауапты болар еді. Біз салт-дәстүрдің жойылып жатқан кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан қайталанбас Мән іздеп, жаңа құндылық өндірудің орнына кері процесс жүріп жатыр. Универсал құндылықтар күйреген үстіне күйреуде. Соның кесірінен жұртты мәнсіз, мақсатсыз, қаңыраған сезім билеп алған. Елдің дені экзистенция вакумында қарманып жатыр. Бірақ универсал құндылықтар жоғалса да өмір Мәнді боп тұра береді. Себебі қайталанбас ғажайып Мәндер мұрты бұзылмастан жүріп жатыр. Дәстүр жойылғанымен олар жойылмайды. Кісі құндылықсыз дәуірге тап келсе де Мән таба алады. Яғни барлық ситуацияда адам Мәнмен бетпе бет келе береді. Ондай кезде ар-ұяттың етегінен ұстау керек. Бұған қоса мына нәрсені қадап айтамыз. Экзистенция вакумы қамыстай қаулаған заманда оқу, ағарту саласы да міндетін кеңейтуі тиіс. Білім жүйесінің міндеті қайталанбас Мән табатын қарым-қабілетті ұштауға септесу. Ұстаздар бұрынғы дәстүр мен жиналған ілім-білімді жәй ғана ұрпақтан ұрпаққа беріп отыруды қанағат тұтпасын. Білім саласы енді ескі дәстүрдің аясында қала алмайды. Бұл сала оқушының еш нәрсеге тәуелсіз тың шешім қабылдар қасиетін дамытса нұр үстіне нұр болады. Бұрынғы жұртқа өмір сүруге Мұса пайғамбардың он өсиеті жететін. Қазіргі заманда он мың түрлі қайталанбас ситуацияға он мың хикмет керек. «Он мың өсиетті қайдан табамын?» десе ар-ұятына арқа сүйесін. Былғанбаған, сергек ар-ұят экзистенция вакумын туғызатын конформизм мен тоталитаризмге қарсы жалғыз құрал. Адам ар-ұятын аршылған жұмыртқадай таза ұстаған сайын, осы қауіп пен қатерден оңай құтылатын күшке ие болады. Қазір кеңшілік заманда өмір сүреміз. Бұқаралық ақпарат құралының шабуылынан қорғану үшін олар таратқан ақпаратты әрдайым сүзгіден өткізуге мәжбүрміз. Олардан осылай ғана қорғана аламыз. Өмір алдымыздан қисапсыз мүмкіндік тосады. Оның ішінен біреуін таңдау қажет. Ол үшін қайсысы шынайы, қайсысы алдамшы, соны білу керек. Асылды жасықтан айыруға тиіспіз. «Суперэгоның жалған мораліне» шынайы ар-ұяттың қатысы жоқ. Ар-ождан арсыз сезімнің жетегінде кетпейді. Оны бір нәрсеге себепші деуге болмайды. Бұл екі түсінік ар-ұяттың пәк табиғатына көлеңке түсіреді. Ар-ұят – адамға тән құбылыс. Тағы бір нәрсе қоса кетейік. Ар-ұят «бар болғаны» адамдық қасиет. Ол тіршіліктің ортақ шарттарына бейімделеді. Енді осы арада ар-ождан немесе ар-ұят феноменін аша түсу үшін жазушы Ырысбек Дәбейдің «Әкелеріміз айтатын әңгіме» эссесін қысқаша баяндайық. Автордың айтысынша оқиға Қытай қазақтары арасында 1985-87 жылдары болған. Бір қазақ жылқы бағады. Бір күні үйіріне адасқан семіз жылқы кеп қосылады. Иесі іздеп келер деп біраз күтеді. Іздеуші көрінбейді. Жылқының семіздігіне қызығып, шыдай алмай сойып алады. Күні бойы мықшыңдап жылқының жіліктеп жатқанда жоқ іздеген қария үстінен түседі. Бұл не істерін білмей қалады. Қария сыпырылған терінің таңбасына қарап жылқысын жазбай таниды. Бірақ сонда да байбаламға салмай салмақты кейіпте сабыр сақтайды. Кенет «әлің келмей жатыр ма? Кел көмектесейін» деп екі білегін сыбанып іске кірісіп кетеді. Екеуі етті жайғап болған соң үй иесі ет асады. Қария өзінің жылқысын жейді. Әңгіме арасында «бір семіз байталым жоғалып еді. Соны іздеп жүрмін. Көздеріңе түссе айтарсың» деп қояды түк білмегенсіп. Түн болған соң бәрі жатады. Үй иесі түні бойы ар-ұятының талауына түсіп дөңбекшіп шығады. Қария болса етке тойып алып ұйқыны соғады. Ертесіне таңғы шай ішкен соң, мекен жайын елеусіз ғана айтады да, жоқ іздеген түр танытып кетіп қалады. Міне сол минуттен бастап ұрының мазасы қашады. Не істеп не қойғанын білмейді. Ақыры шыдай алмай қорасында байлап отырған семіз байталын алады да шалды іздеп ауылына барады. Байталды кермеге байлап, қарияға сәлем береді. Хәл сұрасады. Бірақ тағы да сойылып кеткен қылқұйрық туралы екеуі де жақ ашпайды. Шай ішіп болған соң ұры қазақ «Жәй ауыл аралап жүр ем» дейді де жетектеп келген атын тастап кетіп қалады. Қария да оған артынан айғайлап «әй, мынау кімнің жылқысы» демейді. Осылайша екі жақ та риза болып, ың-шыңсыз, сот-бисіз бітісіп кетеді. Мұндай шиленіс туғанда адамр араға сотты, биді, дәстүрді, құнды, ағайын-туысты араластырмай ар-ұяттың көмегімен-ақ қисайған тұрмысын реттей алады дегенге айқын дәлел. Франклдың сөзін қайта жалғасақ. Мән іздегенде адам ар-ұятының жетегіне ереді. Бірақ кейде ар-ұяты адастырып басқа жерден шығаруы мүмкін. Егер адам перфекционист (мінсіздікпен ауырмаса) болмаса, ұжданның да жаза басар кемдігін теріске шығармайды. Шындығында адам азат мақұлық. Азаттығы үшін жауапты. Бірақ азаттығының да шегі бар. Адамның бостандығы – мәңгілік емес. Оның даналығы да күллі нәрсенің сырын аша алмайды. Адам тапқан Мәннің ақиқат, не жалған екенін біле алмайды. Тіпті өлім төсегінде жатқан сәтте де бұдан бейхабар. Бұл туралы Эмиль Дюбуа-Реймон «Біз ештеңе білмейміз, білмеген күйі кетеміз» деген. Адами келбетіне қайшы келмес үшін адам ұжданына қалтқысыз мойынсұнуы керек. Тіпті қателікке ұрынарын сезсе де ар-ұятына бағынуы тиіс. Гордон У. Олпорт айтқандай, «жартылай сеніп тұрсақ та, жүрегімізбен берілеміз». Менің ұжданым қателесуі мүмкін деген ой, басқаның ұжданы жөн айтады дегенді білдіреді. Осыдан «өзгені тыңдай білу», «басқаға құлақ асу» деген адами қасиеттер шығады. Бұған мойынсұну мен қарапайымдылық қасиеті кеп тоғысады. Мән тапқым келсе, оның барлығына сену керек. Бір жағынан оны табарыма толық сенімді бола алмайсың. Сондықтан толерантты болуға тиіспін. Бұл ешқандай салғырттыққа (индифферентизм) салынуды білдірмейді. Толерантты болу – өзгенің діни сенімін қабылдау емес. Керісінше, басқаның да ар-ұятына сеніп, соған бағыну құқығын мойындайтынымды және құрметтей алатынымды көрсетеді. Оның өзі адами дәреже! Франклдың ойы мына пікірді түртеді. Діни толеранттылық концепциясын былайша түсінсек болады. Тәңірі пенденің «Мен Мән таптым. Ақиқат идея менде» деп асқақтауына мүмкіндік бермеген. Қазақша айтсақ, көңілі асқақтаған ақымақ «ақылды бар» деп ойламайды. Тәңірі пендесіне ондай мүмкіндік берсе, қоғамда қудалау акциясы белең алады. Мұны даналар «Өзіне сенімді болған, сайтанға иманын ұрлатады» деп айтушы еді. Өзіне сенімді жамағат саны артып, саяси күшке айналғанда өзгенің сенімін терістеп, дінін жалғанға балап, өкілдерін өлтіре бастайды. Орта ғасырдағы инквизиция сұмдығы – осы билікке жақын, саны көп діни топтың өздеріне сенімді болуынан шыққан нәубет. Сондықтан кім болса, ол болсын, өзінің ар-ұятына сүйеніп Мән мен ақиқатты өз әлінше іздегені дұрыс. Бірақ басқаға қарап «Мендегі МӘН – мән. Сендегі МӘН – өтірік сән» деп айтпағаны абзал. Осы ой түсінікті бола түсу үшін Мұса пайғамбардың мына қиссасын қосымша берелік. Бірде Мұса пайғамбар үйінде жатып «Құдайдың мендей де сүйген құлы бар ма екен?» деп астамшылық ойлайды. Оның көңілінің өсе бастағанын көрген Тәңірі дереу қолға алады. Тәңірі:
– Мұса, саған тапсырма бар. Дереу тұр да, Менің ең сорлы қылып жаратқан бейшара мақұлығымды алдыма әкел. Бір ай уақыт берем, – дейді. Мұса:
– Ләббай! – дейді де, сол замат сапарға аттанады. Далада келе жатып өлік жеген шибөрі, қарсақтарды көрді. Енді бірде керуен тонап, кісі өлтірген қарақшыны кезіктірді. Тағы бірде балшыққа аунап, нәжісін жеген доңызды көзі шалды. Жүре-жүре үлкен шаһарға келеді. Түрлі жұртты көрді. Бір бай өсімқорлықпен байыпты. Кісі ақысын жегенде қысылмайды екен. Енді бір көшені кілең жезөкше жайлапты. Қаланың тағы бір шетінде есірткі шегіп, құмар ойнайтын арамтамақтар былыққа батып жатыр. Азғындаған талай жұртты көрсе де, оларды Құдайға апаруға жүрегі дауаламады. Сөйтіп жүргенде күл-қоқыстың арасынан жуынды жеп жүрген кішкентай қанден итті көреді. Үсті-басы қотыр. Жүндерін бит пен бүрге басып қапты. Мұса «Не де болса, Құдайдың ең сорлы мақұлығы осы шығар. Бұдан не елге, не өзіне пайдасы жоқ. Осыны алып барайын» деп, иттің мойнына жіп тағып ертіп алады. Жарты жолға жеткенде тағы да ой түседі. «Әй, «Құдайдың ісін пайғамбар болжап білмейді» деген. Мен үшін қадірсіз ит болғанымен, Құдай алдында мен білмейтін дәрежесі бар шығар» деп, босатып жібереді. Айтылған күні Тұр тауына жетеді. Тәңірі:
– Иә, Мұса, тапсырма не болды? Таптың ба ең сорлы мақұлықты? – дейді.
– Уа, Тәңірім, өзімнен асқан сорлы таппадым. Бәрі де менен артық сияқты көрінді, – дейді Мұса. Сонда Тәңірі:
– Әй, Мұса, сені менің пазылым сақтады. Итті әкелгенде пайғамбарлық мәртебеңді алып, өзіңді итке айналдырар едім. Енді бар да, міндетіңді жалғастыра бер, – деді.
Бұл қиссадан мынадай ой түюге болады: Мұса қанша жерден пайғамбар болса да, Тәңірі тапсырма бергенде қара басып, масқара болуға сәл қалды. Ары мен ұятына арқа сүйесе де, қателесіп құрып кетудің алдында аз-ақ тұрды. Жалпы «өзіңе тым сенімді болма» деген кредоны мұсылманның киелі кітабы Құраннан да табасыз. Құранда Мұса мен Қыдыр атаның жолыққан оқиғасы бар. Өзіне сенімді Мұсаны тәртіпке шақыру үшін Тәңірі ұстаздыққа Қыдыр атаны жібереді. Қыдыр оған жолыққанда «Мен не істесем де түпкі хикметін көздеп істеймін. Бірақ менен «Неге бүйттің?» деп сұраушы болма» дейді. Мұса шартына көнеді. Олар сапарлас болғанда Қыдыр үш түрлі миға симас іс жасайды. Үшеуінде де Мұса шыдамай «Мынауың не енді? Барып тұрған әділетсіздік қой?» деп сұрақ қояды. Шартты бұзғаны үшін Қыдыр серік қылудан бас тартып, кетіп қалады. Бұдан да мынадай ой түйеміз. Керек десеңіз Тәңірмен тілдесіп, уахи алған пайғамбар да қанша жерден ар-ұятқа бекем болғанмен ақиқаттың өзінде екеніне сенімді бола алмайды. Мұса сенімді түрде «Неге өйттің? Бұл былай емес пе?» десе де Қыдыр ата оның қатесін тауып береді. Осы ғибратты оқиғаға қарап Франклдың «Ар-ұяттың жетегінде жүреміз. Сонда да сенімді болмаймыз» деген пікірінің растығына көз жеткізе түсеміз. Франкл ойын былайша түйіндепті: Психотерапевт өз құндылығын науқасқа зорлап таңбауы керек. Пациент өзінің ар ұятына ғана үміт артсын. Жұрт «Гитлер де ар-ұятына сенуі тиіс еді» дей аласыз?» деп жиі сұрайды. «Әлбетте солай. Гитлер арына құлақ асқанда, бәрі де басқаша болар еді. Одан басқа Гитлер шығар еді» деймін.
Логотерапия құрғақ мораль емес
Әрине, қауіпті сәтте психотерапевтің бейтарап қалуы дұрыс емес. Адамды суицидтен құтқару үшін өміріне араласуға тура келеді. Жаза басқан ұждан ғана қол салуға итермелейді. Гитлердің жағдайында бұл геноцидке әкеледі. Мұны былай қойғанда, Гиппократ анты бар емес пе? Дәрігер науқастың суицидтен өлуіне жол бермеуі тиіс. Өзіне қол салуға оқталған жанмен жұмыс жасағанда өмірге құштар ететін түрлі идеяны ұсынамын. Онымен қоймай сол жұмыстың жауапкершілігін қуана-қуана қабылдаймын. Психолог науқасқа бір көзқарасты күштеп таңа алмайды. Бұл логотерапевтке де қатысты. Ешбір логотерапевт «жауабым даяр» дей алмайды. Аңызда Хауа ананы азғырған логотерапевт емес, жылан кейпіндегі Ібіліс еді. Ол Хауа анаға кеп «Тыйым салған жемісті жесең жақсы мен жаманды толық айыратын Құдай сияқты боласыңдар» деген еді. Сондықтан ешқандай логотерапевт Мәнге қатысты нәрсені түгел білетін кейіп таныта алмайды. Немесе кесіп-пішіп «мынау құнды, мынау құнсыз» демейді. Жалпы айтқанда «бәрін білемін, тіршіліктің құпиясын меңгердім, сені адастырмаймын» дейтін адамнан қорқу керек. Ібіліс пен Хауа ана арасындағы трагедиялық хикая қайталануы мүмкін. Франклдың Ібіліс пен Хауа ана жайлы мысалы қызық-ақ. Енді мәтіннің осы арасы толық ашылу үшін қиссаның қазақша нұсқасын бере кетуді жөн көрдік. Қиссада осы эпизод былайша өрбіген.
Ібіліс жыланға барып:
– Әй, жылан, әкем Әбілет жылан еді, шешем Тәбілет шаян еді. Адамның кесірінен Құдайдың рақымынан құр қалдым. Туыстық ақым үшін кек алуға көмектес. Адамды құртып, Құдайдың дәргейіне оралсам, саған пайдам тиеді, – деп азғырды. Жылан сеніп, Адамға опасыздық ойлады.
– Не істейін? – деді.
– Тіліңнің астына жасыр. Хауаның жанына апар. Өзім айла қыламын, – деді. Жылан мақұл көріп, Ібілісті тілінің астына жасырды. Олар Хауа ананың жанына келді. Ібіліс тілінде жатып, жылан болып жылады. Хауа ана жанына кеп:
– Әй, жылан, неге жылайсың?– деді.
– Сендерді қимаймын. Әзірге уайымсыз жүрсіңдер. Бірақ бұл дәурендерің таусылады. Ертең-ақ беттің ажары тайып, қартаясың. Сұлу бейнең мен сымбатты мүсінің бүкірейіп шөгеді. Ақыры ажалмен аяқталады. Соны ойлап қайғырамын, – деді. Әйел затын қарттықпен, өліммен қорқыту алғаш рет осы кезде басталған екен.
Хауа ана:
– Өлім деген не? – деп шошып кетті.
– Өлім – қараңғы қапас. Пейіштегі күллі қызықтан мәңгілікке кесілу, – деді.
– Қарттық пен ажалдан құтылудың айласы бар ма? – деп сұрады Хауа ана.
– Бар. Тыйым салған жемісті жесең, Тәңірі сияқты мәңгі жасайсың. Бар нәрсенің сырын білесің. Жақсы-жаманды айыратын шексіз құдіретке қол жеткізесің. Сұлу дидарың солмайды. Тәңірі өзінен басқа ешкім мәңгі жасамас үшін солай тыйым салды, – деді. Бұл сөзге иланған Хауа ана бидайдың бір дәнегін жеп қойды. Осыдан соң олар азапқа кетті.
Редлих пен Фридман «пациентке өзінше Мән беруге ұмтылады» деп логотерапияны кері тебеді. Бұл әділетті көзқарас емес. Қайта керісінше дер едім. Мысалы өз басым «Мәнді адам өзі табуы тиіс. Оны дәрігер тауып беруге міндетті емес» дегенді қайталаудан жалыққан емеспін. Пациент Өмірдің мәнін өзі іздеуі керек. Логотерапия дәрі жазғандай етіп «былай етсең, олай етсең, Мән табасың» деп рецепті жазумен шұғылданбайды. Осы ұстаным мен көзқарасты ашық айтсам де логотерапияны «өзінше Мәнді таңғысы келеді» деген айыптаулар басылар емес. Мысалы фрейдші-психоаналитикті алып қараңыз. Пациенттің сексуалды өміріне араласып, оларға секспен айналысатын қыздар ұсынып жатады. Бірақ «сен неге біреудің сексуалды өміріне араласасың?» деп оны ешкім айыптамайды. Адлер бағытын ұстанған психологтарға қараңыз. Олар да пациенттің әлеуметтік өміріне араласып, жұмыс қарастырып, көмектесіп жатады. Бірақ оларды да ешкім «біреудің жұмысында не шаруаң бар?» деп кінәламайды. Ендеше фрустрацияға ұшырып, Мәнге талпынысы күйреген пациенттің экзистенциясымен шұғылданатын логотерапияны «біреуге Мән тауып беруге ұмтылады» деп неліктен айыптауы керек? Дегенмен логотерапияны кінәлау себебін түсінем. Мән іздеу – ноогенді неврозбен шектеледі. Клиникаға келген пациенттің 20 пайызын ғана осы мәселе мазалайды. Жалпы парадокс интенциясы техникасымен жұмыс істегенде Мән мен құндылыққа қатысты конфликт онсыз да қозғалмайды. Философияға жоламайды. Парадокс интенциясы психогенді неврозбен жұмыс істейтін логотерапияның бір қыры. Оның бұл қыры іске кіріскенде дәрігер пациенттен «Мәнге сенесің бе? Діни сенімің қаншалықты? Тәңірді не деп түсінесің? Нені құндылық деп танисың?» деп сұрамайды. Моралист деп логотерапевті емес, психоаналитикті айтса жарасады. Психоанализге арналған халықаралық бір журналдан үзінді келтірейін. Онда «Логотерапевт емес психоаналитик моралист болып саналады. Себебі, олар адамның моральдік және этикалық көзқарастарына әсер ету арқылы рухани әлеміне ықпал етеді» деп жазады. Эгоизм мен альтруизмнің арасындағы моральдік дихотомия ескірді. Эгоизм мен альтруизм арасын моральдік принциптер бөліп жатыр деп санамаймын. Немесе эгоист жаман, альтруист жақсы деп сызып қою жарамайды. Себебі, эгоист басқамен санасқанда ұтады. Ал альтруист өзгенің күйі үшін өз қамын жегенде ұтымды өмір сүреді. Альтруист өзін аямаса өзіне де, өзгеге де пайда бере алмай мұқалып, мүжіліп құруы мүмкін. Көзім бір нәрсеге анық жеткен. Түбінде моралистік көзқарас онтологиялық ұстанымға орнын босатады. «Мынау жақсы, анау жаман!» деп нұқып отыратын ескі көзқарас келешекте дәртке аспайды. Жаңа көзқарас бойынша «мынау Мән игеруге кедергі. Ал анау Мәнді тез табуға септеседі» деп түсіндірсе жарамды. Біз логотерапевтер өмірде Мән бар дегенге нық сенеміз. Сенгендіктен де керек кезінде «Іздеп тауып, игеруге тиісті Мәнің тағдырыңда тығулы жатыр» деп пациентті сендіруге тырысамыз. Бірақ өмірдің мәнін біз ғана білетін сыңай танытпаймыз. Енді логотерапияның үшінші принципіне өтеміз. Бірінші ерік қалауын талқыладық. Сосын Мәнге ұмтылысты талдадық. Енді өмірдің мәні сатысына өттік. Қадап айтсақ, пенденің алағызып іздейтін Мәні тіршілікте бар! Қала берді адамның Мәнді іздеп тауып, жарыққа шығаратын еркіндігі және бар. Мынадай сұрақ туындасын делік. Біздің «Тіршілікте Мән бар және өмір барлық сәтте мәнді болып тұрады» деген көзқарас неге негізделеді? Немесе біз не нәрсеге табан тіреп солай дейміз? Бұл көзқарасты бұрынғыдай моралистік тұрғыдан негіздей алмаймыз. Оны кең мағынасында эмпирикалық тұрғыда ғана растай аламыз. Көзбен көріп, қолмен ұстайтын болғандықтан ғана солай батыл мәлімдеп тұрмыз. Бұл ойды бекіту үшін қарапайым кісінің Мән мен құндылықты қаншалықты сезінгенін қаперге алсақ жеткілікті. Сосын феноменология саласы осы фактілерді зерттеп, зерделеп, ғылым тіліне аударады. Ал, логотерапия оны кері бағытта қолданады. Яғни анық болған фактілерді ғылыми терминнен қарапайым тілге түсіреді де, пациенттің Мән табуына көмектеседі. Бұл мақсатқа жету үшін логотерапевт пациентпен философиялық айтыс-тартысқа түседі екен деп қалмаңыз. Тіршіліктің мәнді екенін ұқтырудың толып жатқан түрлері бар. Мынадай оқиға есімнен кетпейді. Бірде АҚШ-тың Нью-Орлеан университетіне лекция оқуға шақырды. Лекция біткен соң бір кісі келіп, қолымды алып, алғыс айтты. Оны тура мағынасында көшеде жүрген жәй адам десе де болады. Асфалть төсейтін қара жұмысшы екен. Ол бұған дейін қылмыс жасап, он бір жыл түрмеде отырған. Түрменің кітапханасынан «The man’s search for meanіng» (Өмірден мән іздеген адам) атты кітабымды тауып алып оқиды. Кітап оған жігер сыйлап, өмірге құштар етіпті. Сондықтан логотерапияны интелектуалды ғылым деуге келмейді. Логотерапевт – моралист те емес, интеллектуал да емес. Ол міндетін эмпирикалық фактілерге яғни феноменология анализіне негізделген біліммен ғана атқарады. Феноменология анализы жасалғанда қарапайым кісінің құндылықты тұтынып, мағыналы тіршілік кешетіні анық болды. Адам шығармашылық өнім бергенде, ірі істерді атқарғанда, жүрегі мейірімге толғанда, сұлулық пен шындықты, табиғат пен мәдениетті сезінгенде, рухани тұлғалармен кезіккенде, анығырақ айтсақ өзгені сүйіп жақсы көргенде өмірден Мән тауып, рақаттанады. Мәнді осы нығметтерден іздеуге мүмкіндігі болмаған ғәріптер үшін тіршіліктің Мәні ерекше мәртебе ие және өте құнды! Ғаріптер мүшкіл хәліне көзқарасын өзгертумен бәрінен де биікке өрлеп, керек десеңіз өз шегінен де асып кетеді. Бұл жерде шешуші фактор олар бекінетін позицияда жатыр. Олар тиімді позицияны қапысыз таңдағанда мүшкіл хәлін қаһармандық құралына айналдырады. Құндылықты негізгі үш топқа бөлеміз. Олар: «шығармашылық немесе жасампаз құндылығы», «сезім құндылығы» және «позиция құндылығы». Осы үш бағыт Мәнді қалай табуға болатынын меңзейді. Бірінші тармақ бойынша: адам өмірге не бере алады? екіншісі, түрлі сезімді бастан кешкенде тіршіліктен не алады? Үшіншісі, бекінген позициясы немесе ұстанымына орай табатын Мәні. Яғни бір бәлеге душар болып, тағдыры тығырыққа тірелгенде көзқарасын түбегейлі өзгертумен табатын Мәні. Осы себепті де «Өмір мәнсіз болмайды» деп сенімді түрде мәлімдейміз. Алдыңғы екі жолдың есігі жабылса да, адам шіркін қиындық пен тағдырға мойымай тіршіліктен Мән алып, адами өркендеуін тоқтатпайды. Ойым ашыла түсу үшін раввин Е.А.Гролманның басынан өткен бір оқиғаны орайластыра кетейін. Емі жоқ кеселге шалдыққан бір әйел оны шақырып «Ажал туралы қорқынышты ойды қалай жеңем?» дейді. Гролманның айтысынша әйелмен бұ тақырыпта ол бір емес, бірнеше рет сұхбаттасқан. «Раввин болғандықтан діни сенімге орай оған адамның өлмейтіні туралы талай рет уағыз айттым. Одан бөлек доктор В.Франклдың «позиция құндылығы» жайлы біраз баяндадым. Бір қызығы, теологиялық пайымдарым әйелге анау айтқандай әсер етпеді. Керісінше «позиция құндылығы» қызығушылығын бірден оятты. Әсіресе теория авторының бір кездері концлагерде тұтқында болған психиатр екенін естігенде тіптен қайран қалды. Франклдың ілімі ой санасын жаулап алды десе де болады. Себебі әйел «Аха, бұл адам қасірет шегудің не екенін теорияда ғана емес, практика жүзінде де жақсы біледі екен» деп риза болды. Осыдан соң белін бекем буды. «Ақыры бұл кеселді айналып өтер жол жоқ екен, ендеше оны қаһармандықпен қарсылап алайын» деп бекінді. Ол қалай бекінді, солай айналасында қайғы мен қасіреттен азаптанып жатқан пациенттердің бәріне жігер сыйлап шыға келді. Палатада бірге жатқан науқастардың арқа сүйер ардагеріне айналды. Бас кезінде бұл бір шабыттанып кетіп, асығыс кірісе салған шалыс қадамдай көрінген. Бірақ келе-келе оның әрекетіне Мән тола бастады. Әйел маған «Бәлкім осы тура келген ажалды қорықпай қарсылап алуым менің өлімді жеңу үшін жасап жатқан ақырғы қайратым болар. Кеселім уақыт өткен сайын асқынып, шыдатпай бара жатса да, ішкі дүнием қанағат тауып орныққан сияқты. Мұндай сезімді бұрын-соңды кешпеген екем» деді. Ауру меңдегенде қайратты әйел пәниден бақиға аттанды. Елдің бәрі оның мұқалмас жігері мен қайтпас қайратына қайран қалып, ерекше құрмет тұтты. Оны өз жамағатында әліге дейін ерекше еске алып, ерлігін үлгі етіседі». Бұл контексте мен логотерапия мен діннің ара қатынасы туралы толғайын деп тұрғам жоқ. Бұл жерде бір нәрсені айтсақ жеткілікті. Позиция құндылығын дінге сенсе де, сенбесе де ұстана алады. Бұл құндылық моралдік нұсқаулардан немесе этикалық талаптардан шықпайды. Адам өзінің жүріс-тұрысын немесе басқаның мінез-құлқын бағалағанда пайда болатын құбылыс. Яғни факті ретінде эмпирикалық зерттеуге ілінеді. Логотерапия фактілерді құндылық ретінде талқылауға емес, керісінше бар құндылықты факті ретінде бекітуге негізделген. Ал бұл факті біз үшін ең маңызды нәрсе. Бір қара жұмысшы міндетін асқан қаһармандықпен атқарып шығады. Оның осы ерлігі сауда саласында ірі табысқа жеткен бизнесменнің немесе романтикада жүрген бозбаланың жетістігімен салыстырғанда әлдеқайда бағалы. Осы арада бір нәрсені ескеріңіз. Біз енді өзгеруі мүмкін емес тағдыр иесі туралы айтып отырмын. Керісінше, емдесе жазылатын ауруға шалдыққан адамның «Құдайдың жазғаны да» деген сияқты сылтаумен емделмей сүйретіліп жүре беруінде түк те мән жоқ. Бұндай бейқам жүрісті қаһармандық емес, мазохизм деп атаған дұрыс шығар. Ричард Тротмен неміс тілінде жарық көрген «Homo patіents» деген кітабыма шолу жасағанда «қайғы қасіретті қалай да болмасын атымен жоқ қылу керек» деп әділетті пікір білдірген. Оның ойын былай деп пайымдаймыз. Ричард медицина саласының докторы болғандықтан адамның айналып өте алмайтын қасіретке кейде душар болатынын жақсы біледі. Немесе ерте ме, кеш пе пенденің бір өлері хақ-дүр. Өмірдің осы шындығына көзіңді жұмсаң біздің невротик пациенттердің эскапизмдері одан сайын асқынар еді. Ажалға айла іздейтін есек дәмесі күш алып кетеді. Әрине, мүмкін болған шекке дейін қасіреттен қашу керек. Қолдан келсе өлмеуге тырысу керек-ақ. Бірақ туралап келген ажалға не істейсің? Логотерапия бүй деп үйретеді. Мүмкін болғанынша қайғы мен қасіреттің алдын ал. Қолыңнан келсе қашып құтыл. Емі жоқ кесел жабысып, өмір сүргізбей бұрышқа «қамаса», оны жәй ғана қабылдап, ажалға тыныш қана мойынсұну аз болады. Оны биік жетістікке жетіп алуға септесетін мәнді бір құралға айналдырып жіберген ләзім! Ричард та осы ойды қуаттап «мойынсұнған адамды осындай көзқарастың күйретіп жіберетін кесірі бар дегенге күмәнмен қараймын» деген еді. Яғни ажалды ӨЛМЕУ үшін құрал етіп қолданғанда, өлетін адам керісінше жалы күдірейген жігерлі тұлғаға айналады.
Қайғының мәні неге жоғары?
Белгілі бір дәрежеде позиция құндылығы қасіреттен табатын Мәннен де ауқымдырақ. Қайғы-қасірет тіршіліктегі «трагедиялық триаданың» бір тағаны. Бұл триада ауру, кінә және өлімнен тұрады. Ешкім де қасіретке душар болмадым, қайғы шекпедім және өлмеймін деп айта алмайды. Көзқарақты оқырман бұл жерде үшінші триада туралы тақырып қозғалғанын байқаған шығар. Бірінші триада ерік қалауы мен Мәнге деген қалаудан және Өмірдің мәнінен құралған еді. Өмірдің мәні жасампаз, сезім, және позиция құндылығынан тұрады дедік. Осылайша екінші үштік те түгенделді. Ал позиция құндылығы ауруға, кінәға және өлімге Мән бітіреді. Міне осымен үш триада түгел болды. Трагедиялы триадаға қарап, кей оқырман логотерапияны пессимистік ілім деп қалмасын. Логотерапия керісінше оптимистік көзқарасты бекітеді. Өмірдің негативті астары жоқ екенін және трагедияның да болмайтынын көрсетеді. Қасіретке қатысты позицияны дұрыс таңдасақ алынбайтын қамал болмайды. Басы қатты басталған қасірет түбінде тәттімен аяқталуы тиіс. Бірақ адам ауруы мен кінәсіне қатысты позиция ұстанғанда бір бірінен айырмасы бар. Адам кеселге шалдыққанда тағдырына қатысты белгілі бір позицияны ұстанады. Өйтпесе қасіретте Мән болмайды. Ал кінәсіне қатысты болғанда адам тағдырына емес, өзіне үңіледі. Бұл жерде маңызды фактор мынау. Тағдырды енді өзгерте алмайсың. Оны өзгерту мүмкін болса тағдыр деп атап не керек? Біреудің басына түскен тауқыметті, оның тағдыры деп сенеміз. Ал кінәсіне қатысты қайғырғанда адам өзгере алады. Өзгере алмаса оны адам санатынан шығару керек. Қалай десек те адам өзін өзгерте алатын тіршілік иесі. Өзін тәрбиелеп қалыптастыру немесе шалыс басып адасқан соң, өзін қайтадан қолға алу адамға ғана берілген нығмет. Адамның толығымен қайта қалыптасуына қатысты феноменологиялық анализді Макс Шелер сияқты терең жасаған маман жоқ. Ол бір кітабының бір тарауын «Тәубеге келу және қайта өрлеу» деп атаған. Сол тарауда «адамның кінәлі болуға да және сол үшін жаза тартуға да қақысы бар» деген еді. Жаза басқан адамға қаратып «Бұл баланың кінәсі жоқ. Ол тек қалыптасқан жағдайдың құрбаны болды. Өзгенің ықпалына түсіп қалып, байқамай сорлап қалды» десек, оның өзгеру еркіндігіне оңдырмай соққы береміз. Пенденің қолмен жасағанын мойнымен көтеруге деген құқығын жоймау керек. Себебі, кінәлі қатесін мойындап, жазасын алғанда жағымды бейнесін қайта табады. Ебін тауып жазадан сытылып кеткен пысықай пенделер жексұрын келбетінен ажырай алмайды. Енді тіршіліктің трагедиялық триадасының үшінші қырына оралайық. Яғни «өмір баянсыз» деген түсінікке келейік. Көбі өмір шіркін ақбөкендей желіп өтті де кетті деп ойлайды. Бірақ олар өткен шақ «қамбасының» астыққа толып қалғанын қаперіне алмайды. Шындығында ештеңе із-түзсіз жоғалмайды. Сүрген өмірің, еткен әрекетің, игерген жобаларың сенімді әрі қауіпсіз жерде мәңгіге сақталып тұр. Өткеннің архивіндегі «қазынаны» ешкім ұрлай алмайды. Бірақ бір жасаған ісімізді қайта жасай алмаймыз. Осының өзі-ақ жауапкершілік сезімін күшейтіп тұр. Біз мынадай сұрақтың құрсауында тұрамыз. «Қайрат-күшіңді қайда жұмсадың? Құндылықты жүзеге асырып, жарыққа шығара алдың ба? Жасампаз құндылық немесе сезім құндылығы болсын қайсысын игердің?». Яғни адам не істегені, кімді сүйгені немесе қалай азап тартқаны үшін жауап береді. Құндылықты жүзеге асырсақ және Мәнді тапсақ, бұл міндетті бір ақ рет және мәңгіге жасадық деген сөз.
Енді қарапайым қара жұмысшы мен бизнесменге оралайық. Тағдырдың қатал үкіміне тап келсе де мойымай, соның өзінен Мән тауып, ұтымды позицияға шыққан адамның жетістігін, бизнесменнің табысынан жоғары қоямыз. Енді мынадай сұрақ туады. Неліктен Өмірдің мәні қасірет шеккенде толығырақ ашылады дейміз? Не себепті жасампаз бен сезім құндылығынан табатын Мәннен қайғының Мәнін жоғары қойдық? Мұны былайша түсіндіреміз. Ол үшін талдауды Homo sapіens-тен тарқатамыз. Бұл ақылды адамның алдында мынадай үш деңгей тұр. Бірінші Homo faber. Бұл жасампаз адам. Шығармашылықпен шұғылданады. Өмірінің Мәнін еңбек пен шығармашылық жұмыстан табады. Екінші Homo amans сезімге толы адам. Ол ғашық болып, сүйе алады. Өмірдің мәнін махаббаттан табады. Соңғысы Homo patіens. Бұл қайғы мен қасірет арқалаған адам. Homo faber – жетістік пен сәтсіздік деген екі категорияның арасында ғана амал етеді. Яғни ол бір істі ойға алып, кіріскенде не табысқа жетеді, не басы тасқа тиіп түбі сәтсіздікке ұшырайды. Сондықтан екі шектің ортасында баланс жасап тұрады. Іс барысында тиімді жағына назар салады. Homo patіens бөлек категориямен ойланады. Ол «ішкі гармония» мен «торығу» арасында сырғанап жүреді.
Байқасаңыз Homo faber өмірін көлденең жатқан сызық бойымен бағалайды. Ал Homo pаtіens тігінен түскен сызық бойынша бағамдайды. Сондықтан «ішкі гармония» категориясы жолы болып табысқа жететін туысынан жоғары тұрады. Қызығы мына арада. Homo patіens сәтсіздікке ұшырап, тәні күйресе де ішкі гармонияға жете алады. Қалай қираса да гармониядан үмітін үзбейді. Ішкі гармония уыстан біржола шығып кетпейді. Қашанда қол жетімді қашықтықта тұрады. Керісінше табысқа жетіп, он екі мүшең сау боп тұрса да торығу сезімінен құтыла алмайсың. Толағай табысқа жетіп, жұлдызға айналсаң да ішкі дүниең қаңырап, көңілің аш қасқырдай жалаңдап тұрады. Осы арада тағы бір нәрсені баса айтамыз. Homo patіens барлық категорияны вертикалды шкаламен өлшейді. Нomo patіens-тің ішкі гармонияға ұласып, қайғының Мәнін тапқанын көлденең сызықпен өлшесек, оның жетістігі күлкілі немесе ақымақтық боп көрінеді. Басқаша айтсақ homo faber оның жетістігін надандық дер еді.
Қайғыны өзгерту позициясы
Бір нәрсені анық білген жөн. Адам тағдыры толығымен тығырыққа тірелгенше жағдайды өзгерту үшін күресуге міндетті. «Қайғы мен қасіреттің мәні жоғары екен» деп бірден сол жаққа секіріп кетуге болмайды. Адам Мәнді бірінші жасампаз арқылы іздейді. Қолдан жасалған жалған қайғыны қанша арқаласаң да оның мәні артпайды. Немесе қолдан қасірет жасап мойныңа іліп алу ерлікке саналмайды. Керісінше ақымақтыққа теңеледі. Макс Брод бұл турасында «Бақытсыздықты қайырлы және қайырсыз бақытсыздық деп екіге бөлер едім» деп жақсы айтқан. Сондықтан қолдан жасаған қайғы мен қасіреттен Мән іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Енді осы түсінікті медицина тіліне түсірелік. Бір кісінің миына ісік шықты делік. Ісікті операциямен алып тастауға болады. Оны жоюдың жолы анық болса, керексіз ауруды арқалаудың не мәнісі бар? Ондай кезде операцияға келісу керек, болды! Миға шыққан ісік емделмейтін қатерлі болса тағдырыңа налып, іштей күңіреніп, күйрей бергеннен не пайда? Одан да уақытты оздырмай ажалды қарсылап алуға дайындықты бастау керек. Дәрігер болған соң мұндай оқиғаны жиі көреміз. Кей адам емі жоқ ауруға шалдығып, тәні толық күйреп, тізе бүккенде, Өмірдің мәнін жан шыдатпас азап пен қайғысынан табу үшін талпынады. Бір күні мынадай оқиға болды. Маған жасы үлкен терапевт дәрігер келді. Бір жыл бұрын сүйікті әйелі қайтыс бопты. Жан жарының қазасы ауыр тигені сонша, күйеуі содан бері оңала алмай жүр екен. Ұнжырғасы түсіп, қайғыдан езіліп, шөгіп қалған қартқа қарадым да: «Егер әйеліңіз емес, одан бұрын сіз қайтыс болғанда жан жарыңыздың хәлі нешік болар еді?» дедім. Ол «Олай ойлаудың өзі қорқынышты. Ол мені өлердей жақсы көруші еді. Әйелім қазамды көтере алмайды» деп кемсеңдеп қоя берді. Сол кезде «Көрдіңіз бе, әйеліңіз сол қиындықтан құтылды. Бақиға сізден бұрын кетті де, үлкен қасіретті сол күйі сезбеді. Есесіне ауыр қайғыны сіз арқалап жүрсіз. Бостан босқа қайғырып жүрген жоқсыз. Оның жүгін қоса арқалап жүрсіз» дедім. Сонда барып ол серпіліп сала берді. Жүрегін өртеп бара жатқан қайғысына мән бітті де жадырап шыға келді. Былай қарасаңыз оның тағдырын өзгерткен жоқпын. Бар болғаны көзқарасын немесе позициясын ғана өзгерттік. Соның өзі талай нәрсені оңымен шешті. Тағдырдың қатал үкімі бұл қартты махаббаттан Мән табатын мүмкіндіктен айырды. Есесіне ол Мәнді мойынсұну арқылы таппақшы. Екінші бір мысал. Бір күні кабинетіме бір қария келді. Ол дінге қатты сенетін тақуа адам екен. Жағдай сұрасып болған соң:
– Айта беріңіз, ақсақал, не мәселе? – дедім. Ол:
– Өмірімнен мән кеткен сияқты. Өмір сүргім келмейді. Өзіме қол салып өлгім келеді, – деді.
– Не үшін өлгіңіз келеді? Не боп қалды?
– Себебі артымда ізімді басатын тұяқ қалмады. Ертең көзім тайып жатса, молама келіп дұға оқитын балам да жоқ. Артыңда дұғагөйің болмаған соң бұл өмірді сүріп не керек?
– Сізде ұрпақ мүлде болмады ма?
– Соғыстан алдын екі балам болған. Әйелім мен екі ұлым концлагерде опат болды. Лагерьден тірі шыққан соң тағы да үйлендім. Бірақ денсаулығым бүлінген. Бала таптыруға қабілетсіз екем. Содан бері әйеліміз екеуміз ғанамыз. Қартайған сайын өмір сүру мәнсіз боп бара жатыр.
– Мынадай нәрсе сұрасам бола ма?
– Сұраңыз!
– Қалай ойлайсыз, сіздіңше опат болған екі ұлыңыз қазір тозақта ма әлде жәнатта ма?
Осы сұрақты қойғанда қария кәдімгідей шамданып, қызарып кетті. Ол:
– Сіз олай қатты кетпеңіз, дәрігер! Олар міндетті түрде пейіште. Керек десең, олар бір мүшелге де толмады. Күнә жасайтын жасқа жеткен жоқ. Сіз өзі не сұрап отырғаныңызды білесіз бе? Періште сипатта қаза тапқан бүлдіршінді тозақта ма деуге қалай дәтіңіз барады? – деді.
– Жарайды, кешіріңіз. Ендеше өлген соң оларды көріп, мәңгі әлемде ұлдарыммен қауышамын деп үміттенесіз бе?
– Міндетті түрде! Оларды өлді, жоғалды деп ойламаймын. Оларды көремін деп кәміл сенемін, – деп кесіп жауап берді қария.
– Онда суицид жасай алмайсыз?
– Неге?
– Себебі дін бойынша өзіне қол салған адам тозаққа кетеді. Ал, ұлдарыңыз пейіште жүр. Сіз олармен мәңгі бақи кездесе алмайсыз. Оларды көрудің жалғыз ғана жолы бар. Мына өмірді аяғына дейін мағыналы сүріп, қалай да пейішке кіруге міндеттісіз, – дедім. Сонда ғана қария әңгімені қай жаққа апарып тірегенімді түсінді. Үстінен ауыр жүк түскендей жеңілдеп сала берді.
– Құдая, тоба, неге осыны маған бір адам айтпаған?! Расымен де солай екен-ау. Рақмет сізге, дәрігер! Бәрін түсіндім, – деді де нық басып кабинеттен шығып кетті.
Енді түрмеден жазылған бірнеше хатқа кезек берелік. Флорида шататының түрмесінен келген мына хатта бүй депті. «Қазір түрмеде жатқан кезімде Өмірдің мәнін тапқандай болдым. Енді аз-маз сабыр қылып шыдасам жетіп жатыр. Бәрін де өзгертіп, өмірімді реттей алады екем». №049246 сотталушы былай депті. «Түрмеде пайдалы іспен шұғылданып, өзімді дамыта аламын. Шынымды айтсам, бұрын-соңды өзімді осыншалықты бақытты сезініп көрмеппін» №552-022 тағы бір сотталушы «Құрметті дәрігер! Соңғы бірнеше ай бойына сіздің кітапты дауыстап оқып, лекцияыңызды магнитафоннан тыңдаймыз. Сіз 100 % рас айтасыз. Адам қасіреттен де Мән табады екен. Мен қазір қайта туған адам сияқтымын. Өмір тамаша боп сала берді! Кейде жігіттер сізді тыңдап отырып кәдімгідей егіліп жылайды. Бұрын мағынасыз көрінген сүреңсіз өмірлері түрмеде Мәнге толып, құлпырғандай көрінеді. Соны көргенде іші бауырың еріксіз су болады. Тура бір керемет дерсің! Тіршіліктен көңілі қалғандардың өмірі Мәнмен толығып, қызық бола бастады. Біз Флориданың ең қатаң режимдегі түрмесінде жатырмыз. Бізден бар болғаны жүз метр жерде адамды тоқпен соғып өлтіретін электр орындығы тұр. Ал мына жерде біздің армандар орындалып жатыр!» Нә нәрсе болса да салыстырғанда айқындалады. Енді мына фактілерге құлақ түріңіз. Рольф Экартсберг Гарвард университетін бітірген түлектердің өмірге бейімділігін зерттеді. Нәтижесі былай болды. Жиырма жылдан соң оқу бітірген жүз адамның көбі күйзеліске ұрынған. Олар «өміріміз мәнсіз, мақсатсыз шырғалаңға айналды» деп шағымданған. Қарап отырсаң, өмірде табысқа жете алмады дей алмайсың. Қай қайсысы да кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Біреуі адвокат, бірі дәрігер, енді бірі хирург. Тіпті отбасылық өмірде де опық жеген ешқайсысы жоқ. От басы, ошақ қасында бәрі де абыройлы. Қадірлі жар, құрметті әке атанып отыр. Бірақ олардың кеудесін экзистенция вакумы үңгіп тастаған. Диаграммадағы табыстың төменгі жағына, торығудың оң жағына экзистенция вакумын қоямын. Табысқа жетсе де өмірден жалығатын феноменді тәуелсіз екі рамканың өлшемінде көруге болады.
9-сурет Бұған қарсы екінші феноменді қоямын. Бұл өмірде жолы болмаса да тіршіліктен Мән табу феномені. Ол диаграмманың сол жағында сәтсіздіктің тас төбесінде тұр. Оны шартты түрде «С-Кв» деп белгіледім . Бұл Сан-Квенти түрмесінің аты. Өмірдің мәнін ақтық сәтінде тапқан адамды сол түрмеде жолықтырдым. Оқиға былай болды. Калифорния түрмесінен шығатын «Сан-Квентин» журналының редакторы кездесуге шақырды. Редактордың өзі де сотталып, түрмеде отырған кісі. Ол журналдың бір санына кітабым туралы мақала басады. Оның соңы қызу талқылауға ұласып, артынша кездесуге шақырады. Менімен сұхбаттасты. Сұхбат радио арқылы барлық камераға таратылды. Бұл түрмеге қандықол қылмыскерлер қамалған. Әңгімені өлім жазасына кесілгендер де тыңдап отыр. Олардың арасында Эйрон Митчел есімді бір жігіт төрт күннен соң газ камерасында өлім жазасына кесілуі тиіс еді. Өмірдің мәнсіз болмайтыны жайлы жалпы лекция оқыдым. Өмірде Мән бар десек, ол қандай қысқа болса да Мәннен ажырап қала алмайды. Ал тіршілік мәнсіз десек, қанша ұзақ сүрсең де таба алмайсың. Кей адам өмірін шашып-төгіп ысырап қылуы мүмкін. Бірақ есін жинап, тырмысса ақтық сәтте де құрсау мен қоршауды бұзып шығып, тылсым әлемге талпына алады. Сол жерде Эйрон Митчелге жеке қаратып біраз нәрсе айтуым керек болды. Иә, не айтты деп ойлайсыздар? Оған Лев Толстойдың «Иван Ильичтің өлімі» әңгімесін айтып бердім. Толстойдың әңгімесіне арқау болған чиновник те өмірін зая кетірген еді. Ол да өкініп, соңғы демі үзілер шағында ғана өмірден Мән тауып, азаптан құтылады. Эйрон Митчел Сан-Квенти түрмесінде газбен өлтірілген ең соңғы қылмыскер еді. Өлер алдында «Сан-Франциско хроникл» журналына сұхбат беріпті. Ол «Толстойдың әңгімесінен керекті ғибратты алдым» депті. Ең қызығы қылмыскерлер лекциямды жақсы қабылдаған. Кейін Калифорния түрмесінің басшысынан хат алдым. Хатта түрмедегі дәрісім туралы «Сан-Квентин Ньюсте» жарияланған мақаланың Оңтүстік Иллинойс университеті ұйымдастырған түрме журналистерінің конкурсында бас жүлде алғанын жазыпты. 150-ден астам түзеу мекемесі мақаланы жоғары бағалапты. Мақала авторын жеңісімен құттықтадым. Сонда ол: «Біздің әңгіме түрмеде қызу талқыланды. «Теорияда осылай, өмірде мүлдем басқа» деп дауласқандар да бар» деді. Сосын ол «Редакцияның атынан қазіргі ситуацияға негізделген тағы бір очерк жазбақшымын. Сол очеркте өмірде тура солай екенін баса көрсеткім келеді. Біздің қиындық та содан шығып жатыр» деп ағынан жарылды. Гарвард пен Сан-Квинтендегі қылмыскердің тағдырынан ғибрат алайық. Сан-Квинтен түрмесінде өмір бақи қамалғандар мен газ камерасына бара жатқандар өмірде жеңіске жетуде. Ал мына жақта Гарвардты бітірген профессионал мамандар өмірден түңіліп, тіршіліктен жалығуда. Америкалық екі ғалым концлагер тұтқындарының психологиясын зерттеген. Тұтқындардың бастан кешкен хәлін осы ғалымдар қалай түсіндірді? Немесе аналитикалық және динамикалық психологизмнің өлшеміне салғанда тұтқындардың жанайқайы, шеккен қайғысы мен қасіреті қандай сипатта көрінеді? Авторлар бүй депті. «Тұтқындар нарцисизм дертіне дейін құлдырады. Көргендері қорлық. Шеккендері азап. Мұндай азап пен қорлықтан не мән табуы мүмкін? Олар қорланып, қасірет шеккенде тұла-бойын бейсаналы түрде кастрация қорқынышы билеп алады». Әлбетте, бұны объективті зерттеудің жалпы жиынтығы ретінде ұсына береді. Жарайды, келістік, солай ақ болсын делік. Бірақ соның өзінде қайғы мен қасіреттің мәнін аналитикалық және динамикалық психологияның әдістерімен анықтай алмайсыз. Немесе мәнді анықтау үшін басқаша әдіс қолданады дегім келеді. Бұл ойды мына оқиғамен шегелей кетелік. Израильдің көрнекті әртісі Иегуда Бэконның естелігін тағы да бір есіңізге саламыз. Ол да бала кезінде Освенцумға қамалып тірі шыққан. «Соғыс біткен. Бір күні қалада келе жатып марқұмның табытын көтерген азалы қауымды көрдім. Жер-көкті күңірентіп қаралы әуен ойнап тұр. Сонда ішімнен «Сендер не, ақылдарыңнан адастыңдар ма? Бір өлікке бола осынша шулағандарың не?» деп күлдім. Концлагер сұмдығы сахнаға шыққан сәтте де санамнан өшкен емес. Концертте немесе театрда отырсам «Мұнша адамды газбен уласа қанша уақыт кетер екен? Қанша киім, неше килограмм алтын тіс жиналар еді? Неше қап шаш шығар еді» деп еріксіз ойлап тұрамын». Бұл ойлар Иегуда Бэконның қасіретіне қатысты. Енді оның мәніне келейік. «Бала кезімде жұртқа лагердегі сұмдықтарды айтып, оларды өзгертемін деп ойлаушы едім. Бірақ одан өзгерген адам көрмедім. Тіпті менің естелігімнен ешкім өзгеруге талпынған да жоқ. Көрген қорлығым мен шеккен азабымның мәнін кейін барып ұқтым. Осы азаптың бәрін көрген соң өзіңді өзгертсең ғана оған мән дариды екен ғой» дейді.
ЭКЗИСТЕНЦИЯ ВАКУМЫ: ПСИХИАТРИЯМЕН ЖЕКПЕ-ЖЕК!
Мән туралы біраз толғадық. Енді мәнсіздік пен жұтаңдық сезімінен тақсірет тартатын жандарға тоқталайық. Пациенттер «ішкі дүнием қаңырап бос тұр» деп шағымданады. Осы ахуалды «экзистенция вакумы» деп атадым. Оны «құрдым хәлі» десе де жарасады.
Бұл вакум мынадай жайттардан басталады. Біріншіден, ішкі инстинкт жан-жануарға не істеу керегін іштей білдіріп тұрса, адамға ондай сигнал келмейді. Екіншіден, қазір салт-дәстүр «мынаны істеуге тиіссің» деп бұрынғыдай міндетіңді айқындап бермейді. Көбі кие мен дәстүрге ескінің сарқыншағы деп қарайды. Соның кесірінен кейбірі өмірлік бағдарынан адасады. Қапияда жол іздегеннен гөрі, басқалар не істесе, соны қайталай салғанды қош көреді. Болмаса өзгенің қалауына қарсылықсыз орындайды. Осылайша конформизм мен тоталитаризмнің босағасын бекітеді. Конформизм – батысқа, тоталитаризм – шығысқа тән құбылыс. Вакум – бір мезетте күш алып тез таралатын феномен. Мұны психоаналитиктер де мойындайды. Фрейдшіл психоаналитиктер Батыс Германиядағы халықаралық кездесуде көп пациенттің өмірде мән мен мағына таппай, азап тартатынын айтып жатты. Одан бөлек «осыған қарап-ақ психоанализдің шексіздігін білуге болады» деп санайды. Өйткені психоаналитиктер қолданатын кушетка (пациент жатып алып, ішіндегі бар ойын ақтаратын төсектің түрі) пациент үшін өмірдің жалғыз мағынасына айналып барады. Әрине, психоаналитиктер он жыл бұрын ұсынған «экзистенция вакумы» терминін қолданбайды. Вакумның алдын алу үшін логотерапияның тәсіліне жүгінбейді де. Сөйте тұра торығудың барын мойындайды. Бұл вакум күшейіп қана қоймай, арындап жан-жаққа жайылып барады. Кеудедегі қауіпті вакуммен қалай күресеміз? Өмірдің шынайы мәні барын жұртқа түсіндіру үшін тіршілікке мағына бітіретін философияны тірілту керек шығар? Алайда Зигмунд Фрейд философияға немқұрайлы қараған. Ол: «Адамның тән тоятына аңсары ауады. Бірақ ол сексуалды қалауын қандырмастан, жаншып тастайды. Сосын қанбай қалған құмарлығы сублимацияға айналады. Философия – осы секске деген құмарлықтың бір түрі ғана», – деген еді. Өз басым сублимацияға сенбеймін. Керісінше, секс философия мен экзистенция проблемасынан қашуға қолайлы құралдың қызметін атқарады. Даналық дарымаған немесе надандық шырмауынан шыға алмағандар секспен өздерін жұбатып, маңызды боп көрінгісі келеді. АҚШ-тан шығатын бір журнал «Адамзат тарихында бүгінгі Америка сияқты секске соншалықты әуес ел болған емес» деп жазыпты. Материал анау-мынау емес, «Эксвайр» журналында жарияланған. Бұл мынадай гипотезаны растай түседі: америкалықтар экзистенция фрустрациясына көбірек ұрынған. Жағымсыз көңіл күйден құтылу үшін секске құмар болған. Осылайша көкіректе үңірейген вакумды гиперкомпенсация жасап, толтырмақшы болған. Бірде Венадағы мединституттың студенттеріне зерттеу жүргіздім. Австриялық, германиялық және швейцариялық студенттердің 40 пайызы экзистенция вакумын бастан кешкен. Америкалық студенттерде бұл көрсеткіш 81 пайызды көрсетті. Жалығу мен торығу осындай фрустрацияға ұласады. Бұл білім саласы ғана емес, психиатрияда да байқалған қауіпті сигнал. Көкіректегі вакум асқынған заманда жастарға білім берумен шектелу дұрыс емес. Кез келген білім ордасы универсал құндылықтар күйресе де, мызғымай тұра беретін қайталанбас, бірегей Мәнді оқушыға үйретуді жолға қойсыншы. Өмірден мән табатын қабілетін ұштауға септессін. Адам ситуациядан Мән іздегенде оның жетекшісі – ар-ұят! Білім Мән табуға септесетін құрал-сайман есебінде берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке орай, білім саласы бұл вакумның тереңдей түсуіне ықпалдасады. Қазіргі студенттер білім мен ғылымда табысқа жетпесе, жігері бірден мұқалып, жасық боп шыға келеді. Атап айтсақ, редукционизмнің кесірінен сағы сынады. Студенттердің санасына барған сайын «бәрі де салыстырмалы ғой» деп қарайтын релятивті философия мен адамның механикалық теориялары тоқтаусыз сіңіріліп жатыр. Редукционизм адамға зат сияқты қарайды. Осы арада Ирвин Томпсонның сөзі тағы да еске түседі. Ол: «Адам орындық пен үстел сияқты зат емес. Ол – жаны бар тіршілік иесі. Кісі баласы заттанып бара жатқанын сезе бастаса, суицид жасауға бейім тұрады», – деген еді. Оның ойының дәлдігіне қараңыз. Бірде АҚШ-тың бір университетіндегі лекцияда осы цитатаны қайталағам. Сол кезде бір факультеттің деканы: «Рас айтасыз. Менде осы вакумның кесірінен өзіне қол салмақшы болған студенттердің ұзынсонар тізімі бар», – деді. Таңғалатын не бар?! Студентпен қоян-қолтық жұмыс істейтін ұстаздар бұл проблемамен Құдайдың құтты күні кездеседі. Енді былай сұрасақ. Экзистенция вакумы біреуде пайда болды делік. Оны профилактикалық жолмен емес, нақты терапевтік жолмен емдеу мүмкін бе? Бұл өзі емделетін ауру ма әлде Зигмунд Фрейдтің «Біреу Өмірдің мәні туралы ойлана бастаса, ол – ауру» деген пікірімен келісе саламыз ба? Осы жерде сақ болу керек. Мамандар вакумды қате түсіндіруі мүмкін. Олар оны ноологикалық аймақтан шығарып, психологиялық алаңға ысырады. Сол кезде ол психологиялық ауру сияқты көрінеді. Дәрігер дұрыс диагноз қоя алмай эмоциялық күйреу мен экзистенциялық торығуды шатыстырып алады. Біреу шынымен де түрлі проблемаға шатылып, күйгелектеніп, уайымдап, ақырында жүйкесі сыр беріп құлауы мүмкін. Енді біреу қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып тұрса да, өміріне көңілі толмай, өңешінен ас өтпей, бүк түсіп жатып қалады. Шындығында екеуі – екі бөлек мәселе. Психологиялық күйреу мен рухани тоқырау шатысты деп осыны айтады. Экзистенция вакумы невроз емес. Оны социогенді немесе ятрогенді невроз деген дұрыс. «Ятрогенді» деп дәрігердің кесірінен болатын неврозды айтады. Дәрігер бейне бір пациентті емдеп, жазып жатқан сияқты түр жасайды. Мысалы, біреу емі жоқ ауруға шалдығып, ажалдың тырнағына ілініп бара жатады. Өлетінін сезген пациент тіршіліктің мәні жайлы ойланып, мәнді я мәнсіз өмір сүргенін біле алмай аласұрады. Сырын ақтармаса да, ішінен «Өмірімді дұрыс сүре алдым ба? Кешірілмес қате, күнә жасап қоймадым ба?» деген сұрақтармен басы қатып жатады. Дәрігер болса, оның көңіл қалауын дөп басудың орнына бұл құбылысты «кастрация үрейі» сияқты үстірт қабылдайды. «Өлімнен қорқып аласұрып жатыр» деп санайды. Сөйтеді де, Өмірдің мәнін қозғамайды. Оны түрлі сылтаумен айналып өтеді. Болмаса «Қайтесіз мән туралы толғанып?!» дей салады. Дәрігер «Бұ кісі әліге дейін ішіндегі Эдип комплексінен арылмапты» деп түйеді. Пациентке деген мұндай позиция экзистенция торығуын рационалды жолмен түсіндіріп бере аламыз деген түсініктен кеп шыққан. «Бәрін ақылмен шешеміз» деген жаңсақ пайымға әкеледі. Франклдың осы пайымын қазақы менталитетке салсақ, түсінікті боп шыға келеді. Қазақ халқында әл үстіндегі кәріп жанның тірілермен бақұлдасатын дәстүрі болған. Ағайын-туысы мен дос-жараны өлім аузында жатқан адаммен «сапар» алдында қоштасады. Өліп бара жатқан кісі өткен өмірін саралап, жақсылы-жаманды басынан кешкен сезімдерін еске алып, одан қорытынды шығарғандай ажалды күтіп жатады. Оның айқын көрінісі ел аузында, әсіресе «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы» деген жырмен жақсы сақталған. Әсет ақын Кемпірбай досының әл үстінде жатқанын естіп, Сарыарқадан Семейге іздеп келеді. Досының жанына барып былай деп тіл қатады:
Ассалаумагалейкүм, нар Кемпірбай,
Насихат аузында сөз бар Кемпірбай,
Сырқат деп Сарыарқадан естіп келдім,
Жақсы ма, қандай боп тұр хәл, Кемпірбай?...
...Дауысымды танимысың, атым – Әсет,
Мен келдім әдейі іздеп көңілің сұрай.
Апырай, жауап қатпай кеткенің бе
Алашқа атың шыққан қыраным-ай!
Сәлем ал, басың көтер, кешуіңді айт,
Адамның бірі емессің әншейін жай...
Сол кезде Кемпірбай басын жастықтан көтеріп, досымен былай деп бақылдасқан екен:
Көңілді-ау Әсет келді-ау көтергелі,
Қысады кеуде шіркін жөтелгелі.
Артыма бір-екі ауыз сөз тастайын,
Басымды жастықпенен көтер бері.
Ауызыма айырларда сөз салмасаң,
Қонғаны өлең шіркін бекер ме еді?
Ал енді шіркін көмей былпылдасын.
Сөзімді әшиесіз кім тыңдасын?
Ішінде арғын-найман салдым айғай,
Не қылып шіркін көмей жыртылмасын?
Мойынға Әзірейіл салса құрық,
Білемін ғаріп жанның құтылмасын.
Кемпірбай бұл дүниеден көшіп кетсе,
Білемін енді өзімдей ұл тумасын.
Суырған қынабыннан наркескендей,
Әр жерден қызыл тілім қылтыңдасын.
Көңілді-ау Әсет сұрай келгенінде,
Шаба алмай кәрі тарлан сымпылдасын.
Боз шапса боз озбай ма бурылдан,
Мен шапсам жер танабы қуырылған.
Жәй тастап құлашымды алып жылдам,
Жабының күнде озушы ем тұғырынан.
Біреумен асыл жанды дос жар болмақ,
Өзінің бойға біткен пиғылынан.
Келсе де тоқсан ақын бәрін жеңіп,
Мен-дағы озып жүрдім ықылымнан.
Ер Дәуіт жеті жастан иектеді,
Жақсынның суын іштім құдығынан.
Аспаннан қанат байлап ұшсаңдағы,
Ажалдың кім құтылар құрығынан?
Сұрасаң хәл жайымды жаным Әсет,
Жатырмын ұшайын деп тұғырымнан.
Әсетжан, осы аурудан өлем білем,
Алланың аманатын берем білем,
Кеудемнен көкала үйрек «қош» деп ұшты,
Сол шіркін кәрі жолдас өлең білем.
Әсетжан осы аурудан оңбас білем.
Алланың әмірі екеу болмас білем.
Кеудемнен көкала үйрек «қош» деп ұшты,
Сол құрғыр жалғыз ұлға қонбас білем.
Басымда отырды өксіп қимай тоқтап,
Кете алмай бөтен жаққа айналсоқтап.
«Серігім қош аман бол Кемпірбай» деп,
Жылады өтіп кеткен күнді жоқтап.
Сәлем де Арқадағы хан, қараға
Қара Ертіс, Қарқаралы жандаралға,
Атығай, қарауыл мен өрдегі үйсін,
Қараөткел таныс едім екі араға.
Семейде топырағым болар білем,
Дұға қыл Кемпірбайдай бейшараға.
Франклдың сөзін жалғайық. Бірде маған Вена университетінің бір профессоры келіп қаралды. Ол өмірде мәннің барлығына күмәнданатын кісі еді. Біраз тексерген соң оның эндогенді депрессияға шалдыққаны анықталды. Дәстүрлі Еуропа терапиясында бұл ауру биологиялық кеселге жатады. Енді қызыққа қараңыз. Күмән оны депрессияға түскенде емес, сау сәтінде шырмайды екен. Депрессия кезінде ол ипохондриялық күйзеліске түседі. Тұла бойынан дерт іздеп, өзіне диагноз қойып, аласұрып кетеді. Осы уайымы Өмірдің мәні жайлы ойлануға мұрсат бермейді. Яғни эмоциялық кеселінің торығуға қатысы жоқ. Сондықтан экзистенция вакумын невроздың белгісіне балау дұрыс емес. Фрейд айтқандай, өмірдің мәні жайлы ойланған адам ауру саналса, профессор неге ауру кезінде мән туралы толғанбайды? Неге депрессияға түскенде ипохондрикке айналады да, ауруынан айыққанда Мән туралы ойланады? Невроздың салдары болмаса да, экзистенция вакумы оның себебін айқындауы мүмкін. Психогенді және соматогенді невроз емес, ноогенді невроз туралы айтып отырмыз. Ноогенді невроз моральдық немесе этикалық қайшылықтан туады. Мәселен, «Суперэго» мен шынайы ар-ұят арасындағы қайшылық. Ар-ұят «супер эгоның» қисық шешімдеріне қарсы тұрады. Ноогенді кеселдің себебі экзистенция вакумы, экзистенцияның күйреуі немесе Мәнді қалаудың тоқырауы ретінде көрінеді. Джеймс Крамбо ноогенді неврозды қарапайым невроздан айыру үшін «Өмірді мақсатты түрде сүру» деп аталатын тест жасайды. Оның сынағына 1151 адам қатысқан. Бәрі де вакумды бастан кешкен. Сұрақ-жауапты сараптап, мынадай қорытынды жасаған. «Ноогенді невроздың бұрын-соңды қабылданып келген диагностикалық категорияға қатысы жоқ боп шықты. Бұрын анықталған бірде бір синдромға бұның үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Өз алдына бөлек клиникалық синдром. Оны бұрынғы классикалық сипаттаудың формасына салып түсіне алмайсың. Бар нәтиже Франклдың вакум мен ноогенді невроз туралы теориясының дұрыстығын көрсетіп тұр. Тест кезінде қатысушылардың жоғары білімі бар ма, жоқ па, ол жағы да қатаң ескерілді. Қызығы, жоғары білімі жоқ адам да мағыналы өмір сүрген. Керісінше кей жоғары білімді мамандар өмірін мағыналы сүре алмай, вакумнан зардап шеккен». Осыған ұқсас тесттер әлемнің бірнеше қаласында жүрді. Олардың бәрі невроздың кем дегенде 20 пайызы ноогенді болады деп растады. Вакум кісіні ноогенді неврозға шалдықтырса, оны дәрігердің емдеу керегі айтпаса да түсінікті. Австрияда, тағы бірнеше елде медициналық білімі жоқ адамның психотерапиямен өз бетінше шұғылдануына рұқсат жоқ. Бұл мәселе логотерапияға да қатысты. Бірақ ноогенді, психогенді немесе соматогенді неврозға қатысы жоқ қырымен басқа саланың маманы айналысса зияны жоқ. Клиникалық психолог, әлеуметтік қызметкер, дін адамы өмірден мән іздеген немесе Мән барына күмәнданған адамға ақыл-кеңес бере алады. Себебі олар тығырыққа тірелген жанға жол көрсетуге қабілетті. Болмаса өмірден мол тәжірибе жинаған қазыналы қарттың өзі өмірден түңілген жанға серпін бере алады. 1954 жылы Аргентинада логотерапия бірлестігі құрылды. Бірлестік екі бөлімнен тұрды. Бір бөлімі психиатрларға, екінші бөлімі медициналық білімі жоқ жандарға арналған.
Депрессия сау адамға тән болады
Өмірден Мән іздеу патологиялық құбылыс емес. Адам ауру болғаннан, не ақылы ауытқығаннан Мән іздеп аласұрмайды. Керісінше ақылы сау болғандықтан солай жанталасады. Әңгімені жастар жаққа бұрайық. Жастар Өмірдің мәнін шындық деп айқын ұқпаса да, ол жайлы ойланып, пайымды пікір айта алады. Осының өзі – табиғаттың оларға берген қайырлы нығметі. Вакумға ұрынған жанға қол ұшын созғымыз келсе, әңгімені осы сенімнен тарқатуымыз керек. Тіршіліктен торыққанда эмоциялық күйреуге ұшыраған кісі сияқты ұялудың қажеті жоқ. Бұл – невротикалық ауру емес, керісінше адами жетістік. Жас жігіт өмірдің мәні жайлы толғана бастаса, бірінші сабыр мен төзімге бекем болсын. Ерте ме, кеш пе, санасында Мән туралы түсінік пісіп жетіледі. Сол күнді сабырмен күтсін. Тақырып ашылу үшін жиырма бес жасар жігітпен болған сұхбатты назарға ұсынамын. Бір жігіттің жаны жай таппайды. Болмағасын үш жыл қатарынан психоаналитикке барып емделеді. Одан да қайыр болмай неврология бөліміне келіпті. Ол маған: «Өмірде мән жоқ сияқты», – деді. Айтысынша жағымсыз бір түсті қайталап көре берген. Түсінің өзі оның мәннен жұрдай өмірін айқындап тұрғандай дерсің. Түсінде ол бір топ адамның ішінде жалғыз жүреді. Жігіт оларға: «Мазасыз хәлден құтқарыңдар», – деп жалынады. Олардың бұнымен ісі жоқ. Өздері ішіп-жеп, өмірдің рақатын армансыз көріп жүре береді. Өмірлеріне дән риза. Осылайша мазасыз түсін сипаттап берді. Сұхбат былайша өрбіді.
– Олар өмір жайлы ойланбай, рақат дәурен сүріп жүр, солай ма? – дедім. Ол:
– Иә! Ал мені «өмірімде мән бар ма, жоқ па» деген күмән жегідей жеп барады, – деді.
– Одан құтылу үшін не істеп жатсың?
– Музыка тыңдаймын. Кейде қолыма аспап алып, күй шертіп, бір нәрселер ойнаған болам. Ондайда жаным сергіп, рақат боп қалады. Ойлап қарасам Бах, Моцарт пен Гайдн – бәрі де терең діндар болған. Тәтті әуен жүректі тербеген сәтте олар өзгенің өміріне қуаныш сыйлап, Мән тапты ғой деген оймен жұбанамын. Ұлыларға қарап адам тіршілігінде терең Мән бар деп сенемін.
Мәнге жеке дара сенбесең де, осы ұлылардың Мән тапқанына сенесің ғой?
– Дұрыс айтасыз, дәрігер.
– Дін мен моральды таратқан рухани көсемдердің міндеті де осы емес пе?! Олар бір жағынан құндылық пен мәнді жалғаса, екінші жағынан бір адамды екінші біреумен табыстырады. Осылайша адамзат кемеңгерлер арқылы адамшылыққа жалғасады. Мейлі Мұса, Ғайса, Мұхамбет, не Будда болсын, олар жай пенденің Мән табуына септеседі. Байқайсың ба, ғылым саласында оқып-тоқып ізденуге адамның өз ақылы да жеткілікті. Ал сенім мен нанымға келгенде олай ету қиын. Ондайда өзімізден кемелдірек кісіге жүгінуге тура келеді. Оларға нәсіп болған ақиқатты қабылдауға мәжбүрміз. Өмірден терең Мән іздегенде интеллектуалды ғана емес, эмоциялық ресурстарға да арқа сүйейміз. Басқаша айтсақ, болмыстың терең Мәні барына кәміл сенуге тура келеді. Бұл сенім екінші бір тұлғаға деген сенімге жалғануы тиіс. Оны өзің де көріп тұрсың. Тағы бір сұрақ. Әдемі әуеннен жаның тебіреніп, жанарың жасқа толды делік. Сол сәтте өмірде Мән барына күмәнданасың ба? Әлде ондай сұрақ тумай ма?
– Мұндай сұрақ ойыма мүлдем келмейді.
– Дұрыс. Әдемі сезімге бөленгенде өмірден Мән тапқандай күй кешесің. Мәнді интеллектің күшімен емес, көңілдің эмоциялық қуатымен табасың. Мұндай сәтте «Өмірде мән бар ма?» деп сұрамаймыз. Егер сұрасақ, болмысқа қаратып жанның тереңінде жатқан «Иә!» деген жалынды жауапты берер ек. Осындай сезімді бастан кешірер нәрсеге ғұмырыңды арнасаң өкінбейсің.
– Әлбетте, мұнымен келісем. Бұл күйді жақсы түсінем. Кейде өзімді ұмытқан сәтте өмір мәнді болып көрінеді. Жүрегіме Құдайдың нұры құйылғандай хәл кешем. Бұл жайлы ұлы мистиктер де айтқан ғой.
– Демек, сол сәтте өзіңді ақиқаттың алдында тұрғандай сезінесің. Ақиқат – ол да бір Тәңірдің сипаты ғой. Қабырғаға қарашы. Анау ілінген зат – Гарвард университетінің эмблемасы. Онда «verіtas», яғни «ақиқат»деп жазылған. Бұл сөз үш буынға бөлінген. Әр буын үш кітаптың түптелінген қырына бөлек-бөлек таңбаланған. Оны былай ұғуға болады. Ақиқат жалпыға бірдей универсал емес. Оған бәрінің қолы жетпейді. Адам ақиқаттың бір бөлшегін тапса, соған қанағат тұтуы тиіс. Оның үстіне бұл – Тәңірдің ақиқаты. Ақиқатты шындықтың жай бір қыры дей алмайсың. Оның қай қыры да шұғыла шаша береді.
– Бірақ үмітсіздік күшейіп, торығу сезімі торлағанда өнердің көркі мен ғылымның ақиқаты көмескі тартады. Құндылық пен мәннен көз жазып, көңілім құлазығандай болам. Ондайда не істесем болады?
– Мән тапқан адамға қатты байланып қалма деп кеңес берер едім. Мәнді көп іздеген тұлғаның тәжірибесіне жүгінген жақсы. Бәлкім, француз экзистенциалисі Жан-Поль Сартрды немесе Альберт Камюді де оқыған шығарсың? Олар да сен сияқты шүбәнің шырмауына түскен. Бірақ олар күмәнін нигилистік философияға айналдырды. Сен олармен дистанция сақтай отырып, күмәніңді академиялық деңгейде ой елегінен өткізсең болады. Сонда жаныңды жегідей жеген нәрсе бір жазушының кітабындағы хикая сияқты көрінеді. Қазіргі ойлардан тартқан азабың невроздың нышаны емес, рухани жетістік екенін байқайсың. Одан қымсынудың қажеті жоқ, қайта қуану керек. Бұл – сенің таза арыңның жанайқайы, адалдығыңның белгісі. Интеллектуал тазалық – осы! Мұны біліп алсаң, проблеманы симптом емес, адамзатқа ортақ көңіл күйдің бір хәлі деп түсінесің. Бұл сен үшін өте пайдалы. Себебі «адамзат тіршілігінің мәні жоғалып бара жатыр» деп жанталасатын ақылды жандардың көзге көрінбес құпия қоғамының бір мүшесіне айналасың. Сосын осы проблемамен күресуге бел шеше кірісесің. Іштегі күйзеліс сені адамзаттың «ең алтын өкілдеріне» апарып жалғайды. Сондықтан ізденіс кезінде түпсіз сабыр мен кәдімгі қаһармандық таныт. Не үшін сабырлы боласың? Себебі кей шешілмес проблеманы сәті түскенше кейінге ысыруға тура келеді. Яғни темірді қызған кезінде соғуды меңгеру қажет. Ал не үшін қаһармандық танытамыз? Себебі проблеманың түбіне жетіп, түйінді толық шешпейінше, майдан алаңын тастап кетуге болмайды.
– Демек, менің хәлімді қауіпті невроз деп ойламайсыз ғой? Мұның алдын алуға бола ма?
– Егер оны невроз десем, қазіргі заманның коллективті неврозы дер едім. Яғни елдің бәрінде бар деген сөз. Ендеше онымен ұжымдық деңгейде топ болып күресу керек. Солай ғана оны емдеуге болады. Мәселеге осы қырынан келсек, сенің қайғың адамзатты тұтас қамтыған ортақ қасірет боп шығады. Ең болмағанда, бұл құбылыс – өте сезімтал және зерек адамның басына түсетін дерт. Яки сен ірі тұлғалардың қасіретін қабылдап аласың десек те болады.
– Егер мәні болса, қайғы мен қасіреттен де қорықпаймын.
– Сенің Мән іздеуің де, Мәнге деген күмәнің де аурудың белгісі емес. Бұл – жастық шақта болмай қоймайтын құбылыс. Жастар Мәнді адамға тумай жатып берілген қасиет деп ойламайды. Сондықтан қорықпай әр нәрсені сынға алып күмәндана береді. Торығу сезімі төнді деп түңілудің қажеті жоқ. Керісінше бұл сезім – Мәнге талпыныстың барына дәлел. Мәнді іздеудің өзі Мәнге сеніміңнің ақталғанын көрсетеді. Яғни сен бірінші Мән бар деп сендің. «Енді соны тапсам» деген қалауың сол сенімді растады. Австриялық жазушы Франц Верфель «Шөлдеу сезімі – судың бар екенінің тамаша дәлелі» деген. Яғни су болмаса, адам шөлдемес еді. Блез Паскаль «Жүректің де ақылға беймәлім сырлары бар» деген. Сондықтан кейде шамадан тыс ақылды болуға тырыспау да – ақылды жанның ісі-дүр!
– Міне, қазір осыған бет бұрдым деп ойлаймын. Кейде серпілу үшін мені күткен істерге кірісіп кетсем, соның өзі жетіп жатыр.
Осылайша біздің сұхбат сәтімен аяқталды. Есте болса, мен жоғарыда «Сексуалды құмарлық экзистенция фрустрациясынан қашып құтылу үшін қызмет етеді» деген ем. Сол ойды сабақтай түскім келеді. Мәнге қалау күйрегенде оның орнын құмарлық басады.
Байлық пен биліктің мәні
Билікке құмарлықтың да табиғаты тура солай. Адамның әу баста Мәнді тапсам, оны игерсем деген қалауы қирағанда пенде пақыр рақатқа үйір болады немесе билікке құмар келеді. Билікке құмартудың бір себебін ақшаға деген ашқарақ пейілден тарқатар едім. Адамның өз кәсібін жанын сала істеудің сырын ақшаға деген ашкөздік ашады. Яғни кей кісі кәсібін жоғары профессионалдық деңгейде жанталаса атқарады. Сөз жоқ, мінсіз атқарған мол еңбекке мол ақша төленеді. Бұл да – экзистенция вакумынан қашып құтылудың бір түрі. Ақшаға құмарлық жеңсе, Мәнге талпынысты ығыстырып шығарады. Әу баста құрал ретінде қызмет ететін АҚША бұдан кейін негізгі мақсатқа айналады. Бұдан соң ақшаны ешқандай мақсатқа жұмсай алмайсың. Яғни ақшаның өзі ақырғы мақсатқа айналып кетсе, оны қайда және қайтіп жұмсайсың? Соңғы аялдамаға жеткенде көліктен түсу ғана қалады. Енді мынадай сұрақ туады. Ақшаны табудың, оны иеленудің не мәнісі бар? Байқасаң, бай адам көбіне ақшаның құлына айналады. Есіл-дерті соны көбейту. Ашкөздігі ақшаның мәнін жойып жібереді. Негізінде, қалтаңда ақша барда қолайлы позицияда тұрасың. Құрал ретінде қызметте жүретін ақшаға алаңдамасақ та болады. Былайша айтқанда, ақша адамның арман, мақсат, мұратына қызмет ететін малай сияқты нәрсе ғой. Сондықтан да бір кәсіпті бастамас бұрын ақшаны құл қылып жұмсайтын мақсат пен мұратты анықтап алуға міндеттіміз.
АҚШ-тағы бір университеттің президенті маған мынадай ұсыныс айтты:
– Менің факультетімде бірнеше апта лекция оқып бересіз бе? Еңбек ақыңызға тоғыз мың доллар төлеймін.
Мен ұсыныстан бірден бас тарттым. Ол мені түсіне алмай:
– Қомсынып тұрсаңыз, тағы да қосайын, – деді.
– Жоқ, азсынып тұрғам жоқ.
– Онда неге бас тарттыңыз?
– Алдымен, бұл ақшаны қайда жұмсаймын деп ойлануым керек. Негізі, ақша маған уақыт сатып алу үшін ғана керек. Уақытым болса, алаңсыз жұмыс істеймін. Бірақ қазір сүйікті ісіммен айналысатын уақытым онсыз да бар. Енді ол уақытты тоғыз мың долларға қайта сатып не керек? – дедім.
Ақша өздігінен мақсат бола алмайды. Мысалы, былай деп айталық. Біреу долларын менен де мәндірек, менен де пайдалырақ іске жұмсай алатын болса, маған артық ақша ұстаудың түкке де керегі жоқ. Артық ақшаны соған апарып беру керек деген сөз. Себебі ақшаның міндеті мән табу емес пе?! Бұның альтруизмге қатысы жоқ. Альтруизм мен эгоизм ескірген түсінік деп алдында айттық. Бұл екі ұғымға моральдық тұрғыдан келудің ендігі заманда пайдасы шамалы. Оларға «мынау мәнге оңай жеткізеді, ал мынау кедергі келтіреді» деп онтологиялық тұрғыдан қараған ләзім. Ақшаға құныққан адам үшін «уақыт – ақша» деген түсінік мән болып көрінуі мүмкін. Олар желмен жарысқандай уақытпен жарысады. Олар үшін заулайтын автомобиль кәдімгідей мәнге айналады. Бұл да – іштегі үңірейген вакумнан қашып құтылудың бір механизмі. Адам мақсатынан жаңылған сайын өмірді барынша жылдам сүргісі келеді. Веналық актер Квотлингердің бұзақы болып ойнайтын бір киносы бар. Сондағы кейіпкері мотоциклге мініп алып: «Қайда бара жатқанымды бір Құдай білсін. Мейлі, қайда барсақ, онда барайық, бастысы – сол жаққа жылдам жетсек болғаны» деп өлеңдететіні бар. Бұндай құбылысты былайша сипаттадым. Мәселенің өзегіне жақындау емес, керісінше өзектен тысқа безу. Қазір өзектен безудің дәурені дүрілдеп тұр. Адам өзінен өзі безініп, айдалаға жылдам қашқанда ішіндегі қаңыраған вакумды байқамай қалғысы келеді. Керісінше қорықпай өзекке ұмтылсаң, проблеманы шешу оңай. Бар бәленің бастауын анық көруге мүмкіндік туады. Кәсібі мен қызметі үшін жанын пида етуге даярлар мен тынымсыз шапқылайтын кісілердің ойларын електен өткізуге мұршасы болмайды. Олар енді ойлана берсе, хатшысы алдына бір қағазды тоса қояды. Немесе телефоннан құлағы мен аузы босамайды. Адамның мұндай күйін киелі кітапта қызық суреттеген: «Елемеген ойлары жүрегіне түнде келіп тыным бермейді». Бұл пікірді ғылымның тілімен сипаттасаң, былай болады: күндіз қауырт жұмыстан жүрекке ене алмаған экзистенция проблемалары түн ортасында қайта оралады. Ар-ұяты бәрін есіне салады. Артық кеткен тұстарын бетіне басып, «Неге өйттің? Неге бүйттің?» деп тергейді. Ноогенді ұйқысыздық дертіне осылай шалдығады. Бұдан зардап шеккендер ұйықтататын дәрі ішеді. Дәрі шынымен де ұйықтатып тастайды немесе былай айтсақ, дұрыс болар: дәрілер экзистенция фактілерін ой-санадан ығыстырады. Бірақ оның сексуалды фактілері өзгеріссіз қалады. Нәтижесінде ар-ұяттан шығатын адами қалаулар мен талаптар тозып кетеді. Оның орнына сексуалды құмарлық жаңа проблеманы қалайды. Қалай десек те, ішімізге үңіліп, жан сарайымызды сараптайтын ілім түріне мұқтажбыз. Ол үшін адам жалғыз қалудан қорықпау керек. Керісінше оңашада отырып ойлануға батырлық қажет. Франклдың осы сипаттаған проблемасын Қазақстандағы мекемелерден көруге болады. Тұрақты жалақы мен тегін пәтерден дәмелі болған мамандар амалсыз мемлекеттік қызметке тұрады. Жұмысқа таңертең барып, түнде үйіне келіп, жер сүзіп құлайды. Қызметте өмірі бітбейтін бұйрықтар, тексерулер мен соңы жоқ мағынасыз есеп-қисап қағаздар конвейер сияқты айналып келе береді. Мәні мен мақсаты бұлыңғыр құжаттарды тонналап толтырумен өмірлері өтіп жатады. Енді трагедияға қараңыз. Әу баста логотерапия адам болмысын соматикалық, психофизикалық және ноологикалық деп үшке бөлді. Қызметтегі жандар биологиялық мұқтаждығын өтейді. Тамақ ішеді, киінеді. Сексуалды қалауларын қандырады. Бұл – қалыпты құбылыс. Бәрі заңды. Психофизикалық қабаты мәртебе қалайды дедік. Кім де болса, ел ішінде сыйлы, абыройлы болғанды жақсы көреді. Қызмет оған жап-жақсы мәртебе сыйлады. Қоршаған ортасы оны қызметі үшін жақсы көріп, төбесіне тұтуы мүмкін. Енді үшінші ноологикалық қабаты логосты, яғни Мәнді қалайды. Бірақ көңіл мәнмен суарылмайды. Логос түнде келіп «менің ақымды бер» деп мазалап еді, оны дәрімен қуып жібереді. Осылайша қызметтегі адам ішіп-жем мен секстің, мәртебелі қызметтің қақпанына түседі. Сол үшін де мекемеде өсекпен суарылған «романстар» қаптап кетеді. Коллектив арасында ашына болу, көзге шөп салу, жауапсыз қыдыру белең алады. Мансап үшін ішкі талас ұжымда қыза түседі. Біреудің қызмет орнын қалай да иелену үшін бәсекелесіне жала жауып, қолдан соттатып жіберуге дейін барады. Осының бәрі – логос жоғалған соң қуыс кеудеден шығып жатқан проблема. Қазақша айтқанда, «Ар болмаса, ой болмаса, кеуде деген – бір қуыс. Үн болмаса, гүл болмаса, бұлбұл деген – бір сұр құс». Осы арада Франклдың оңашада отырып, ішіңе үңілу, ойыңды електен өткізу, мән туралы толғану туралы ойларын қазақы мынадай да форматта бекіте кетуге болады.
Бір күні ілім қуған жас жігіт абыз қарияға кеп ақыл сұрайды. Ол:
– Ата, мына пәлен деген жерде шарапаты мол әулиенің моласы бар деп естідім. Соған зиярат етіп, әруаққа Құран оқып қайтсам деп ем. Осы ісім қаншалықты қайырлы? – дейді. Ақсақал:
– Иә, балам, сөз жоқ, әулиеге зиярат ету – құптарлық іс. «Өлі риза болмай, тірі байымайды», «Өлі Құранға, тірі дүниеге тоймайды» деген. Қабірге Құран оқысаң, сауапты істен болады, – дейді. Жігіт сапарға шықпақшы боп оңтайлана бергенде ақсақал сөзін жалғап:
– Бірақ одан да қайырлы бір іс және бар. Оны істесең, бұдан да артық нығметке бөленесің, – дейді. Жігіт елең етіп:
– Ақсақал, ол не іс? Айтыңыз, бұдан да артығы болса, оны да істей кетейін, – дейді.
– Өлі әулиеге құрмет көрсеткен жақсы, әрине. Бірақ тірі әулиеге зиярат еткен одан да артық. Тірімен тілдесіп, ақыл сұрап, бір кеш бірге отырып рухани сұхбат құрсаң, көңіл кірден ашылып, көкірек қазынаға толады. Мына пәлен күндік жерде, түген деген рудың ішінде көкірек көзі ашылған бір әулие атаң бар. Соған сәлем бер! Батасын алсаң, келешегің келелі, болашағың жарқын болады, – дейді. Жігіт мұны естіп, шабыттанып:
– Болды, ақсақал! Алдымен соған сәлем беріп, батасын алам!– дейді.
– Бата алған жақсы, әрине. Атаң қазақ «Ботасын алма, батасын ал. Ботасы өледі, батасы қалады», «Батаменен ер көгереді, жаңбырменен жер көгереді» деген. Дегенмен одан да артық қайырлы іс тағы бар. Шамаң келсе, оны да істе, –дейді қария. Жігіт тіптен қуанып кетті.
– Айтыңыз, ата. Оны да жасаймын. Мен бір жақсылық қуған талапты өрен едім.
– Жақсы, айтайын. Бірақ оны ердің ері, азаматтың азаматы істейді.
– Ақсақал, уайымдамаңыз. Қолымнан келгенше тырысам.
– Онда былай ет. Ең қайырлысы: өзіңнің жүрегіңді зиярат ет. Таңертең күн шықпай ерте оян. Оңашада жалғыз отыр. Тыныштықта жүрегіңді тыңда. Өткен өміріңді електен өткіз. Болашағыңды елестет. «Не істеп жүрмін? Қайдан келдім? Қайда барам? Не қылсам пайда? Ел үшін не бітірдім?» деп өзіңнен есеп ал. Міне, сонда көкірек көзің ашылады. Ойың жүйрік, арманың асқақ болады. Құдайдың сырын көресің. Неғұрлым жалғыз отырып ойлансаң, соғұрлым өзіңді тани түсесің. «Кім өзін таныса, мейірімді Иесін де таниды» деген. Бұдан асқан қайырлы іс болмайды! – деді. Жігіт ойланып қалды.
Түптеп келгенде экзистенция вакумы – парадокс. Таным көкжиегін кеңейтсек, бойымызда еркіндік барын көрер едік. Бірақ, әттең, адами жауапкершілікті жете сезінбейміз. Әйтпесе артта қалған елдер мен кедейшіліктен, ашаршылықтан көз ашпайтын жандарға қарап әлі игерілуі тиісті Мәннің көп екенін түсінер едік. Соның бәрі игерілмей бізді күтіп тұр. Ол үшін адам ұрпағының жалғыз БІРЛІК екенін терең түсіну керек. Тек адамның емес, адамның адамшылығының да жалғыз екенін ұққан ләзім! Мән табуда әр адам жалғыз. Әркім өзінше ізденеді. Сөйте тұра күллі адамзат – бір ғана болмыс. Себебі Мән табу проблемасы бәріне ортақ!
Мыңдаған жыл бұрын адамзат біртәңірлік (монотеизм) түсінікті тудырды. Енді келесі қадамды жасау керек. Оны монантропизм деп атайды. Ол – бір Тәңірге сену ғана емес, адамның біртұтастығын түйсіну. Бұл бірлікке жеткенде адам өзге ұлттың сыртқы өзгешелігіне пысқырып та қарамайды. Басқа жұрттың бөтен тілі, терісінің түр-түсі, сан алуан дәстүрі бұрынғыдай кеудесінен кері итеріп тұрмайды.
«ҚОҒАМДЫ» СЫНАУ: «ГУМАНИСТІК ПСИХОЛОГИЯ» АДАМГЕРШІЛІККЕ ҚАНШАЛЫҚТЫ САЙ?
Психология даму үшін адамдық өлшем дұрыс болу керек. Адами феномендер басты өлшемге алынғанда адамшылық өркендеу басталады. Біреулер «Бұл қадамды «гуманистік психология» өкілдері бірінші жасаған жоқ па?» деуі мүмкін. Енді бірі «Логотерапия осы психологиямен біріккен» дейді. Тағы бірі «Олардың бірігуіне эвристикалық таным ықпал етті» дейді. Меніңше, олай емес. Қайта логотерапияны гуманистік бағыттан бөліп алған дұрыс сияқты. Себебі гуманистік бағытқа айтар сынымыз бар. Гуманистік бағытты қолдаушылар қолданатын «жүздесіп-сырласу» (общение-встреча) ұғымының астарына үңілгіміз келеді. «Жүздесіп-сырласу» мынаны меңзейді. «Жұрт жиі кездесіп, пікір алмасуы керек. Бір-бірімен тығыз араласып, мәселені ортада талқылауы тиіс. Бір-бірінен тартынбай, керісінше тартылып тұрғаны ләзім. Адам неғұрлым жиі бас қосса, соғұрлым түсінік ортақ болады». Бірақ бұл концепция жалған тәпсірге көп душар болды. Басқандай мақсатта да кездесіп «сырласатын» топтар қаптап кетті. Қозғалысты қолдаушы кейбір топтар игілікті идеяны теріс мақсатта қолданбас үшін оны жан-жақты талдауға міндеттіміз. «Жүздесіп-сырласу» ұғымы психологиядан емес, экзистенция әдебиетінен келген. Оны Мартин Бубер, Фердинанд Эбнер мен Якоб Л. Морено енгізді. Олардың қосқан үлесі мынау: нағыз адами тіршілікті «бірігіп тіршілік ету», «бірлесіп өмір сүру» деп түсіндірді. Бұл контексте «жүздесіп-сырласу» дегенді «Мен» және «Сен» арасындағы өзара байланыс деп түсінеміз. Бұл байланыс адамдық және тұлғалық дәрежеге сәйкес беки береді. Бірақ осы концепцияға бір нәрсе жетіспей тұр. Оның ішіне тұтас бір өлшем енбей қалған. Оның не өлшем екенін білу үшін Карль Бюлердің тіл туралы теориясын тарқата кету керек. Бюлер тілдің үш түрлі функциясын айырып көрсеткен. Сұрақты бірінші былай қояды. «Тіл адамға не үшін берілді? Айуанда жоқ, адамда бар бұл қабілеттің хикметі неде? Тілді иеленгенде мақсат не? Бұл ғажайып құралды қандай мақсатта қолдану керек?» Біріншіден, адамға тіл өзін таныстыру үшін керек. Ой-пікіріңді ақтарып, кім екеніңді айналаңа танытасың. Екіншіден, біреуді өзіңе қаратушы құрал. Кісіге тіл қатып, назарын бері аударасың. Үшіншіден, тілмен бір «нәрсені» суреттейміз. Кілтипан осы тұста. Қараңыз, адам біреуге сөйлегенде бір нәрсе «жайында» айтады. Нақты «нәрсені» қозғамаса, тілдесу процесі негізгі мақсатына жетпейді. Тіл қатынас құралы ретінде қызметін толық атқара алмайды. Айтатын нақты «нәрсең» болмаса, біреуді өзіңе қаратудың не қажеті бар? Онда тіл быжынаған мағынасыз ойды дыбыстайтын сайман боп қалады. Қарапайым бір мысал. Біреуге хат, не мақала жаз деңізші. Сампылдап отырған адам зуылдатып хат жаза алмайды. Ойын жинақтай алмай ойланып, отырып қалады. Ойы әлсіз болса, түк те жазбайды. Ал мағынасыз шимақ жазуды ешкім оқымайды. Себебі хаттың немесе мақаланың бас аяғын Мән, не ғибратты ой жалғап жатуы тиіс. Мағынасы болмаса жазудан пайда жоқ. Франклдың осы мысалына қосымша мына фактіні тіркей кетейік. Тойға барғанда асабаны көріп жұрт тамсанады. Профессионал асаба мақал-мәтелді, өлең-жырды, түйдек-түйдегімен төккенде құлақтың құрышы қанады. Әр қонаққа сөз бергенде түрлі тақпақты тоқтамай жатқа соғып, олардың мәртебесін асырады. Былай қарасаң асабаның тілі бай, көзқарасы кең, жиған-терген рухани қазынасы мол сияқты көрінеді. Бірақ көбіне олай емес. Оны оп-оңай тексересіз. Асабаны шақырып алып «Сізді журналистік жұмысқа алам. Жақсы жалақы берем. Мақала жазып тұрыңыз» десеңіз ол бірден бас тартады. Себебі ондай өнер қолынан келмейді. Ешқандай логостың жүйесіне бағынбайтын құр жаттанды мақал-мәтел, жыр-тақпақтар қағазға түскенде басы бірікпей шашырап кетеді. Тамаданың логосы мен логикасы тек тойға ғана құрылған. Олар ірі Мәнді немесе мақсатты көздей алмайды. Есесіне сөздік қоры кедей, жазу-сызудан тәжірибесі аздау қарапайым адам Мәнге құрылған шағын хат жазса, идеясы жүрегіңе жабысып қалады. Жүрекке жабысып қалатын идеяны ЛОГОС деп атаймыз! Осы теорияны асабаға емес тұтас этносқа да қолдануға болады. Тақырып ашыла түсу үшін Франкл шизофреникті мысалға алған. Шизофреник өзімен өзі лағып сөйлей береді. Дәрігер оған құлақ аспайды, не оның сандырағын диагноз қою үшін ғана тыңдауы мүмкін. Себебі шизофреник нақты бар нәрсе жайында айтпайды. Жөн-жосықсыз, не болса соны беталды сөйлеп тұрған адамды кім тыңдайды? Елестетіп көріңіз. Жаныңызға ауру адам келді де, не болса соны лағып сөйлеп тұр делік. Не істейсіз? Сөзіне мән беріп, мұқият тыңдап отырасыз ба? Әлбетте, кетіп қаласыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Тіл эмоция шығаратын құрал емес, логосты сайрататын сайман! Осыны бірлесіп өмір сүру мен «жүздесіп-сырласу» теориясына салып талдайық. Тілдің үшінші қырына қатысты негізгі пайымды осы араға кіріктірсем, мәселеге дөп түсем. Яғни бірлесіп өмір сүруі керек. Бірге тұрған соң араласып-құраласып, жиі кездесіп, бірін бірі жатсынбай тығыз қарым-қатынаста болғаны ләзім. Енді сұрақты былай қоялық: «Не үшін олар араласып, қарым-қатынас құруы тиіс?» Міне, феноменологияның тап осы қырына орай Брентано мен Гуссерля «интенционалды референт» деген термин ойлап тапты. Екі адам шүйіркелескенде потенциалды интенционалды референттер тіл сөйлегенде қолданатын бүкіл объектімен бірігіп, тұтас «МӘН» әлемін құрайды. Интенционалды референт деген – айналадағы объектіні мақсатты түрде танып біліп, ұғыну. Енді осы мағынасы терең Мәнді ғылыми тілге аударып, «логос» деп атасақ, ойымыз жүйеленеді. Осыған қарап мынаны көреміз. Логосты санаттан шығарып тастаған психология саласы адамды «интенционалды референттен» айырады. Адам сөйлегенде объектіні мақсатты түрде танып, жоспарлы түрде сипаттау деген қасиет жоққа есеп болады. Біздің тілмен айтқанда «кастрация» жасалады. Психология атына заты сай болғысы келсе, бәріне бірдей көңіл бөлуі тиіс. Психика да, жан да, логос та назардан тыс қалмасын. Бәрі де зерттеу алаңына кіруі керек. Франклдың бұл тұжырымын былайша тарқаталық. «Не болса соны беталды сөйлемеңдер» деген тыйым барлық дінде айтылады. Тіпті бірнеше күн сөйлеуден бас тартатын түрлі жаттығулар бар. Тақуалар бос сөзден тыйылу үшін бірнеше күн қылуетте жалғыз отырады. Мысалы, мұсылмандарда оразаның жиырмасыншы күні «Иттиқапқа кету» деген дәстүр бар. Мешіттің бір құжырасында оңаша отыруға келіскен тақуа он күн бір бөлмеде бір өзі үнсіз отырады. Оқуға, ғибадатқа рұқсат. Бірақ кісімен тілдесуге, әсіресе дүние сөзін сөйлеуге тыйым салынады. Оған арнайы қызметші тағайындап, шай-суын дер кезінде жеткізеді. Ол мерзімі біткен соң айттың бірінші күні ғана сөйлеуге рұқсат алады. Бұның да шығуы тегін емес. Мұхамбет пайғамбар айтты деп келетін бір өсиетте: «Сендер Тәңірді еске салатын сөзді ғана айтып үйреніңдер. Сөзің Тәңірді еске салмаса бос сөз, бос әңгіме жүректі тас сияқты қатайтады. Ақиқаттан алыс кеткен безбүйректер – бос сөзден көңілі қатайғандар» делінеді. Осы хадистегі Алла, Тәңірі, Құдай ұғымын ЛОГОС сөзіне балама етіп алсақ, логосты еске салмайтын мағынасыз бос сөз психикаға кері әсер етеді, не невроз туғызады. Франклды жалғастырсақ, Бубер мен Эбнер қоғамның бір-бірімен араласып, сырласып-сұхбаттасып тұруын адамзат тіршілігінің негізгі өзегі деп таныған. Одан бөлек бұл қасиетті «Мен» мен «Сеннің» арасындағы диалогтың ұстыны деген. Өз басым бір нәрсеге сенімдімін. Сұхбатта логостың жылт еткен сәулесі болмаса, диалог та болмайды. Бағыт-бағдары жоқ, беталды мағынасыз диалогты әркімнің жеке монологы дер ем. Былайша айтсақ, жолдасына құлақ аспай, әркім жеке-дара ләкілдеп сөйлей береді. Бұл жерде адамның шынайы табиғатын ашатын жаннан кешу немесе өзін жарып шығу (self-transcendence) қасиетінің жоқ екенін айтқым келеді. Себебі нағыз адам күш-қуатын өзіне емес, басқа нәрсеге бағыттайды. Феноменологиялық мектептің өкілдері пенденің «интенционалды» қасиетін үнемі басты назарға алушы еді. Шынында осының өзі адамның трансцендентті қасиетінің бір қырын ғана көрсетеді. Әлгі диалогқа оралайық. Өзгені тыңдамай, өзің ғана сөйлейтін жерде адамның трансцендентті қасиетіне қайдан орын қалсын? «Адам ел-жұртпен араласып-құраласып, сырласып, сұхбаттасып өмір кешеді» дегенді мойындау қажет болса, бір шартпен қабылдаймыз. Нағыз сұхбат логосқа ашық болу тиіс. Қарсы отырған кісінің де логосқа жалғанып, ғайып әлемге жол табуына мүмкіндік берсін. Керек десең, сұхбаттан әсер алған адам ішкі қамалын бұзып өтіп, өзінің де трансцендентті қабілетін ұштай түссін! Логос – көңілдің кірін алып, адамның көкірек көзін ашуға септесетін басты қару! Франклдың «Нағыз сұхбат логосқа ашық болуы тиіс» деген пікірін қазақша қиссамен оңай беруге болады. Ыбырайым пайғамбар өте қонақжай адам болыпты. Үйіне келген адамға ас бермей шығармайды екен. Асығыс жолаушының өзіне нан ауыз тигізбей жібермепті. Бір күні уахи ала келген Жебірейіл періштенің өзін дастарханға сүйрейді. Жебірейіл:
– Ия, Ыбырайым, асыңа рахмет. Мен Тәңірден саған жаңа уахи алып келдім. Соны айтамын да дереу қайтамын – дейді асығып. Ыбырайым:
– Уахиды артынан айта жатарсың. Әуелі адал дастарханнан дәм тат. Маған серік бол, – дейді. Періште амалсыз көнеді. Дастарханға ас келсе де, періште табаққа қол созбай отыра береді. Пайғамбар:
– Неге дәм алмайсың? – дейді. Жебірейіл:
– Мен – періштемін. Бұл дүниенің тамағын ішпеймін. Себебі, бұл дүниенің өз тәртібі бар. Бес күн жалғанда ішкен-жегеннің, көрген қызықтың есеп-қисабы бар. Ертең мақшарда бұл пәнидегі ішкен-жегеннің сұрауы болады. Мен соны ойлап, уайымдап отырмын, – дейді.
Ыбырайым езу тартып:
– Сен онда дастарханға бата беріп, менің отбасыма дұға ет. Астың өтеуі сол болсын, – дейді. Жебірейіл келіседі. Дастархан басында екеуі сырға толы рухани сұхбат құрады. Періште Ыбырайымның ықылас-пейіліне риза болып, астан соң, дастарханға бата жасап, дұға етеді. Жебірейіл кетіп бара жатқанда Ыбырайым оны тоқтатып:
– Маған қандай уахи алып келіп едің? Айтпадың ғой, есіңнен шығып кетті ме? – дейді. Жебірейіл:
– Жоқ, есімнен шыққан жоқ. Біздің рухани сұхбатымыз Тәңірдің уахиы еді, – депті.
Бұл жерде ЛОГОС Тәңірдің уахиы болды. Хабар ғайып әлемнен келді. Олар пәниде айтылатын тұрмыстық деңгейде сұхбат құрған жоқ. Тәңірдің уахиы ең трансцендентті ақпарат саналады. Франклдың осы теориясын Сырым Датұлының хиуалық шешенмен айтысатын диалогына қарап та оңай ұғуға болады. Хиуаның бір шешені қанша жерден құйтырқы сұрақтар қойып, Сырымды сөзден тосам десе де, болмайды. Сырым сұраққа жауап тауып, оны әбден діңкелетеді. Бір кезде хиуалық соңғы сұрағын қояды:
– Әй, Сырым, осы сені сөзден жеңген адам бар ма?
– Бар.
– Кім?
– Өй, кім дерің бар ма? Өзгенің сөзін тыңдамай, өзінің бәдігін сапыра беретін мылжың Сырымды күніге жеңеді, – дейді. Сонда барып хиуалық жым болады.
Сырым Датұлының жауабын Франклдың теориясымен тәпсірлесек, былай болады: «Логостан хабары жоқ надан Сырыммен сырлы сұхбат құра алмайды. Себебі Сырым логостың ішінде, анау одан мақұрым қалған. Логостың сыртындағы наданды Сырым естімейді. Сырым «Былжыр сөзге бітеу құлақ» деген принцип ұстанады. Сондықтан Даттың ұлын кез келген шизофреник сөзден жеңе береді». Мағыналы сұхбатты тұтас ғұмырға теңейтін сөз тіркестері қазақ дүниетанымында өте көп. «Жақсыменен өткізген жарты сағат – жаманның өтіп кеткен өміріндей» деген мазмұндағы тәмсіл жиі кездеседі. Сонда бұл тіркестің тәпсірі былай боп шығады. Жаманмен мағынасыз өткізген жетпіс жылдан, жақсымен мәнді өткізген бір сәт артық! Франклға ораламыз. Мына жайтты назардан тыс қалдыруға болмайды. Адам мәнге талпынғанда емес, біреуді құлай сүйіп, ғашық болғанда трансцендентті қасиеті ширай түседі. Ғашықтық феномені жәй кездесіп-сырласудан да әріге шаба алады. Адам біреумен тіл табысып, тұрмыстық деңгейде тіршілік кешуі мүмкін. Бірақ нағыз махаббатты тұлға боп сомдалған жандар ғана бастан кешеді. Сұхбат кезінде біз адамның кісілік келбетін танимыз. Ал махаббат тұлғаның қайталанбас ғажайып даралығын паш етеді. Міне, тұлғаларға тән ең ірі ерекшелік – олардың осы қайталанбас даралығы! Адамның трансцендентті қабілеті екі жағдайда тең түседі. Тұлға Мән игерем деп жасампаздықпен талпынса, біреуге ғашық боп, сырласып сұхбаттасқанда логосты сезінеді. Бірінші жағдайда логос сырттан әсерлеседі. Махаббатта ғашықтар логостың ішіне еніп кетеді. Франклдың айтып отырған Ұлы Мәнге ғашық болып, логостың ішіне енудің хал-ахуалын Яссауидің мына хикметіне қарап тереңірек сезінуге болады.
Ғашық дертке ем сұрама, әсте тегі
Ойран қылып кетеді ол дауасы жоқ
Жан қиналып, жасың ағып, ес кетеді
Бұл бір дерт қой ей достарым шарасы жоқ.
Құл Қожа Ахмет айтты достар, естің мұны,
Қап тауындай тастар тисе өшті мұңы.
Зар еңіре, естілгенше, достың үні
Олла-биллә, ғашық дерттің дауасы жоқ!
Агрессия адамды емес, адам агрессияны билейді
Гуманистік психология ұсынатын әдебиеттерде Бубер мен Эбнер дамытқан дәстүрлі жүздесіп-сырласуға қайшы түсетін тұсы көп-ақ. Гуманистік психология ескірген психология теориясына жабысып алған. Олар адамды бітеу жатқан жеке-дара болмыс ретінде қарастырады. Оларға салсаң, кісі баласы «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» дейтін жұмыртқа сияқты. Сыртқы әлеммен ісі жоқ, өзінің сорпасында өзі қайнап жатқан бір нәрсе. Осылайша олар адамның трансцендентті қасиетін жоқ қылды. Соның кесірінен «Жүздесіп-сырласу» ұғымы көп бұрмаланып, сүйкімді сықпытынан айрылды. Олардың ұғымын гуманистік дегеннен гөрі механистік деген жөн болар. Бұларға салсақ, жүздесіп-сырласу түсінігі ешқандай асқақ мақсатты көздемейді. Адам жәй ғана ойсыз, мақсатсыз, ниетсіз қимылдап, бойындағы күш-қуатын автоматты рычагтармен көтеріп, түсіріп тұрған еріксіз механизм сияқты елестейді. Гамбург университетінің профессоры Питер Р. Хофштеттер осы түсінікке «либидоның гидравликасы» деп әдемі атау берген еді. Төмендегі мысал осы сорақы көзқарасты паш ететін мысал болса керек. Ел-жұртқа «жүздесіп-сырласудың» қыр-сырын үйрететін арнайы топ бар. Соған күйеуінен ажырасқан бір әйел келіп қосылады. Ол бұрынғы күйеуін өлердей жек көреді екен. Күйеуіне деген ашу-ызасы тұлабойын кернейді. Топтың жетекшісі әйелге үлкен шар беріп: «Мына шарды алыңыз да, құмарыңыз қанғанша ұрыңыз, сабаңыз, тепкілеңіз. Қайнаған ашу-ыза, кегіңіз тарқап, бір жеңілдеп қаласыз», – деп ақыл айтты. Әйел шарды күйеуім деп елестетеді. Сосын сілікпесі шыққанша «күйеуін» былшылдатып сабайды. Қысқасы, әйел қайнаған қаһарлы қуатынан осылайша арылуы тиіс. Бәлкім, ол шарды сабаған соң, расымен жеңілдеп қалған шығар. Бірақ іштегі агрессияны осылай шығару қаншалықты дұрыс? «Дұрыс» деп айтуға ақымыз бар ма, өзі? Осы адамға тән сезім бе? Бұл адамды мінсіз механикалық мақұлық деп қарайтын жалған ілім емес пе? Мынау соның айқын дәлелі шығар? Шарды сабаған соң әйелдің көңіл сергіп, жақсарып кетті ме? Адамды «сен сондайсың» деп сендіріп, арқасынан қағып, сосын қалаған жағына айдап салу ғой – бұл деген. Қолшоқпар болды деген осы шығар, бәлкім? Әйелдің бұл әрекеті ештеңені де өзгертпейді. Оның кектенуіне себеп болған субъективті негіздер сол күйі тұр! Адамның табиғаты бөлек. Адам ашулану үшін негіз керек. Ал ашу-ыза немесе реакциясы, тағы басқа көрсететін жеке эмоциялары негіз барда автоматты түрде тысқа шығады. Қараптан-қарап «мына адамға ашуланам» деп ызалана алмайсыз. Кектенетіндей ол әлі ештеңе де істеген жоқ. Алайда психологтар терапевтік тәсілдеріне негіз етіп алған осындай механикалық көзқарас пациенттің өзіне адам сияқты қарауына мүмкіндік бермейді. Яғни пациент еріксіз басқарылып тұрған «либидоның гидравликасы» сияқты боп қалады. Оңайлатып айтсақ, адамның психикасы түрлі құмарлықтың қалауына толып қалады. Осы тегеурінді қуатты «либидо» деп атайды. Іші либидоға толып қалған «адам» атты машина гидравлика механизмдерімен әрі-бері қозғалып, әрекет туғызады. Мұндай көзқарастан соң пенде пақыр тығырықтан шығатын жол барын өмір бақи білмей кетеді. Адам қалаған позициясына бекіне алады. Керек десеңіз, жеке эмоциясына, ашу-ызасына берілмей, оларды қалауынша игереді. Гуманистік мектеп өкілдері адамның тап осы қабілетін адамзаттың мықты бір потенциалы деп таныса, дұрыс болушы еді. Терапевтік практика осы теорияға негізделсе, пациенттер осы қасиетіне талпынар еді. Бұл қасиет адамның қалаған затын өзгертуге деген азаттығын айқындап тұрар еді. Осыны ұққандар сол сәтте оң тарапқа өзгер еді. Әлгі ажырасқан әйелдің оқиғасына оралайық. Неге оған күйеуімен достасатын, бітісетін жолды іздемеске? Тағы да татуласып кетуі мүмкін ғой? Жарайды, ол мүмкін емес делік. Онда ажырасқан тағдырына көндігуге не кедергі? Неліктен осы қиын хәлімен күресіп, адамдық дәреже таппасқа! Міндетті түрде ажырасқан күйеуіне кектеніп, елдің көзінше шармен төбелесуі керек пе? Байқасаңыз, біз пациенттердің қиын ситуацияны жеңетін күш-қуатын күйретіп жатырмыз. Себебі адам негативті нәрсені ақылмен өлшеп-пішіп, жүйелі түрде позитивке өзгерте алады. Біз мұндай ескі көзқараспен емдегенде пациенттердің кедергіні жеңуіне бөгет боламыз. Сұрқия сезімнен арылып, шабытты, жасампаз, қырағы көңіл күй табуын тежейміз. Невротик қана «Мені ішкі сезім мен сыртқы себептер күйретіп, түбіме жетті» деп адасады. Біз де науқасты осылай ойлауға мәжбүрлеп, оның мүмкіндіктерін қырқып тастамадық па? Айталық, әлгі әйел пациент болып бізге келді делік. Оған былай десек: «Сіз қазір екі нәрсеге тәуелдісіз. Біріншісі, күйеуіңізбен татуласуға немесе бейбіт түрде кетісуге. Екіншісі шарды жарғанда сыртқа шығуы иә мүмкін, иә мүмкін емес агрессияға тәуелдісіз». Қалай ойлайсыз егер осындай альтернатива ұсынсам ол шарды жарар ма еді? Бұл ойды былайша қорыталық. Агрессия бар деп есептеген күннің өзінде оны игерудің, тиімді тарапқа бұрудың немесе оған үстемдік құрудың яки болмаса агрессияны атымен жойып жіберудің мүмкіндіктері берілген. Маған сондай мол мүмкіндік берілсе ыза-кекті тұрпайы тәсілмен шығарудың не қажеті бар? Мысалыға, ықылым заманнан бері діннің алтын заңдары саналатын «алдыңа келсе атаңның құнын кеш», «жақсыда кек болмайды, кек болса тек болмайды», «оң бетіңнен ұрса, сол бетіңді тос», «бүгінгі ашуыңды ертеңге қалдыр», «ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос», «оң қолыңа сол қолың сабыршы болсын», «кім кек сақтаса соның көкірегіне хақтың нұры дарымайды» деген тәмсіл сөздер адамда агрессияның жоқтығын әйгілеп тұрған жоқ па?! Ендеше адамның агрессиясын осындай таза адами феноменмен емдеуге болады. Ойымыз түсінікті болуы үшін мысал ретінде ашуды емес, қайғыны алайық. Бір келіншектің жан жары жастай опат болды делік. Ол қайғыдан қан жұтып, ас-су ішпей жатып қалды. Туыстары оған транквилизатор беріп: «Мә, мынаны ішіп алшы. Қайғың жоғалады» десе, оның реакциясы қалай болар еді? Ол: «Шындыққа көз жұмғаннан не түседі? Одан ол жойылып кетпейді ғой. Қазір дәрі ішіп, есімнен танып ұйықтасам да, қазаның қасіретінен айықпаймын ғой. Құр дәрі ғашығымның қазасын қалай жамайды? Жүректегі жара тұра бермей ме? Мен азап шектім деп емес, «Ол шынымен де өлді ме?!» деп жылап отырмын», – дер еді. Бұдан шығатын қорытынды: адам баласы «бақыттымын ба, әлде бақытсызбын ба?» деп уайымдамайды. «Бақытты немесе бақытсыз болуыма негіз бар ма?» деп толғанады. Вильгельм Вундтың жасап шыққан системасын басқалар «Адамның жаны жоқ психология» (бұл жерде адамның рухани қалауын қарастырмау дегенді меңзеп отыр) деп сынаған бір заманда. Бұл – атам заманда ескірген әңгіме. Қазір оны «логоссыз психология» дер едім. Оларға салсаң, адамның мінез-құлқы, жүріс-тұрысы әлем ішіндегі негіздерден тумайды. Бар болғаны өзінің тұла бойындағы немесе жеке психикасындағы (немесе тәніндегі) себептерден пайда болады. Бірақ мен себеп пен негіз екі бөлек нәрсе дегем. Соны тағы да қайталаймын. Бір көңілсіз іске кезіктіңіз делік. Соның өкініші өзекті өртеп барады. Еңсеңіз езілгенде виски ішсеңіз, көңілді бүркеп алған қара бұлтты арақ уақытша сейілтуі мүмкін. Бірақ жабығуға негіз болған басты фактор мызғымастан тұр! Қайғыны басатын транквилизатор да тура осындай. Дәрі тағдырды өзгертпейді. Марқұмды тірілтіп бермейді. Енді сұрақты былай қоямыз: «Ақыры қайғы кетпейді екен. Өлген тірілмейді екен. Кеткен келмейді екен. Онда оларға деген көзқарас позициясын неге өзгертпеске? Қайғылы қасіреттен адамдық мәртебені өсіретін рухани саты неге жасап алмасқа?» Адамды әлемнен бөліп қарайтын психологияда ондай әдіске орын жоғы айтпаса да түсінікті. Олар адамды бар ғаламмен бірге қарастырмайды. Жеке психикаңды алады да, соны ақтарып қаза береді. Шындығында кісінің іс-әрекетінің түп негізі сол әлемнің ішінде жатыр. Басына түскен қайғысы мен қасіретінің мәні де сол әлемге жасырылған. Мәселе сонда, Адам мен Мән әлем ішінде қауышып табысуы керек. Психология адамды мәнге талпынатын жаратылыс емес, бітеу жатқан тұйық система деп қарастырады. Осы тұйық заттың ішінде алақұйын сезімдері өршіп, өзара әсерлесіп жатады дейді. Яғни тыстан тырс еткен сәуле кірмейді немесе адам тысқа ешқандай толқын жібермейді. Мұндай көзқарас адамның қайғы мен мұңнан да «тәтті жеміс» жасап шығаратын ғажайып қабілетін күл-талқан қылады. Мәнді іздейтін және оны таба алатын қасиетті адамның басындағы алтын тәжі десе де жарасады!
Франклдың ойын оңайлату үшін тағы да Абай атамыздың пайымына бет бұрамыз.
Іштегі кірді қашырса,
Түседі Хақтың сәулесі.
Жүректің көзі ашылса,
Адамның хикмет кеудесі!
Франкл мен Абайдың ойын қиыстырсақ, былай боп шығады. Еврей мен қазақ ойшылының ортақ пікірінше, адамның хикмет кеудесі бар. Бұл хикмет сандығы жүрек көзі ашылғанда анық көрінеді. Тұлға іштегі кірін шығарса, көкірегіне ЛОГОСТЫҢ нұрсәулесі құйылады. Оны ғылымда «Адамның трансцендентті қабілеті» дейді. Яғни ғайып әлемге терезе ашылады. Дәстүрлі психоаналитиктер бұл қасиетті толықтай терістейді. Олардың ойынша хикмет кеудесі болмайды. Жүректің көзі жоқ. Іштен тысқа ешқандай да «кір» шықпайды. Жүрекке сырттан ешқандай да нұрсәуле кеп құйылмайды. Міне, осы мәселе бойынша В.Франкл психоаналитиктермен үзілді-кесілді келіспейді.
Агрессия импульсі
Агрессияны түсінуде қиындықтар туындайды. Конрад Лоренц оны «биологиялық құбылыс» десе, Фрейд «психологиялық құбылыс» деп анықтаған. Екеуімен де келіспеймін. Екеуі де адам табиғатына кереғар теория ұсынған. Өйткені интенционалды қасиеттің адамға ғана тән феномен екенін жоққа шығарды. Шындығында жандүниемде ішіме сыймай, өзінен өзі аласұрып, шығарға жол таппай, талап тастайтын жемтік іздеп жұлқынып тұрған агрессия жоқ. Адами деңгейден қарағанда бойыма жинап алып, біреуге бағыттайтын агрессияның өлшеулі мөлшері менде жоқ. Менде басқаша. Мен жек көремін! Мен біреуді немесе бір нәрсені жек көремін. Бір «нәрсені» жек көру «біреуді» жек көрумен салыстырғанда ақылға қонымдырақ. Өйткені оның жеке басын емес, кейбір қылықтарын, ұнамсыз мінін жек көрсем, оның өзгеруіне, мінін түзеуіне жәрдем берем. Тіпті оның бір кемдігін жек көре тұрып, өзін жақсы көре аламын. Былайша айтқанда «Жаманның жамандығын айтсаң да жамандама» дегенге келеді. Жек көру де махаббат сияқты адами феноменге жатады. Себебі бұл сезімдер интенционалды болады: бір нәрсені жек көруге негіз табылады. Біреуді құлай сүйіп, жақсы көруге де негіз бар. Агрессияда негіз болмайды, себеп болады. Цирктегі арыстан қарны ашса, яки қамшыдан ығыр болса, инстинкті түрде дрессировщикті аренада талап тастауы мүмкін. Бірақ аң патшасына барып «Бұл бейшараны талауға не нәрсе негіз болды?» деп сұрай алмайсың. Әрі кетсе, себебін ғана білесің. Бұл себептің табиғаты не физиологиялық, не психологиялық болуы мүмкін. Бұл ойды дәлелдеу үшін Хессаның тәжірибесін еске алсақ жетіп жатыр. Ол мысық миының белгілі бір аймағын қолдан қоздыру арқылы агрессия туғызды. Ал адамда керісінше. Бір кісі біреуді пышақтап, кескілеп тастаса, «Бұндай қылмысқа баруға не нәрсе негіз болды?» деп оқиғаның түпкі негізіне үңіле аласыз. Пышақтауға негіз табылса, қылмыстың өзі болмашы бір себептен туа салады. Сосын себептен салдары шығады. Ойымыз дәйекті болу үшін былай десек. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында Германияда ұлтшыл-социалистерге қарсы күресетін топ шықты. Олар нацистер режиміне қарсыласып бақты. Енді сіз «Олардың бойында туғаннан бар агрессиялық импульстер өздігінен қозып шыға келді. Сосын ол агрессия кездейсоқ Гитлерге қарсы бағытталып кетті. Іштеріне сыймай бара жатқан агрессияларын шығару үшін шарды сабайтын әйел сияқты нацистермен төбелесіп кетті» дей аласыз ба? Олай айта алмайсыз. Себебі олар Адольф Гитлердің режиміне қарсы күресті. Гитлердің жасаған ұлтшыл-социалистік жүйесіне мақсатты түрде қарсы шықты. Ғылыми жиналыстарда агрессия тақырыбын талқылау сәнге айналды. Ең қызығы, «бейбітшілік үшін» күресетін ұйымдардың бәрі агрессияны зерттеумен әуре боп жүр. Бұл ұйымдар адам мен тұлғаны назарға алмай, осылай кете берсе, істері тұйыққа тіреледі. Сөз жоқ, адамның бойында агрессивті импульстер бар. Ата-бабамыздан мирасқа қалды десек те, қандай да бір реактивті күштер десек те, ондай импульстің барын мойындаймыз. Алайда адами деңгейден қарағанда бұл импульстер өздігінен пайда болмайды. Немесе мені еркімнен тыс билеп-төстеп кете алмайды. Керісінше тұлға тырысса, агрессияны ерттеп мінеді. Яғни психикадағы агрессияға қатысты позиция ұстана алады. Миында бұрқ ете қалған агрессиямен бірігіп кетіп, айналасын жайпап жібере ме әлде агрессиядан өзін бөліп алып, бір шетте бейтарап қалып қоя ма, оны өзі шешеді. Осы шындық мойындалса, маңызды мәселе ортаға шығады. Агрессивті импульстердің өзі емес, оған қатысты ұстанатын позиция талқыға түсуі керек. Оңайлатып айтқанда, «агрессиялық сезімді қалай жоямыз деп емес, оны қалай ерттеп мінеміз?» деп бас қатырған абзал. Франклдың агрессияны ерттеп міну туралы ой-толғамын мынадай ғибратты хикаямен тез түсінуге болады. Будда бір күні шәкірттерін ертіп, джунглиде келе жатады. Жолда ауылға кезігеді. Жұрт «Будда келе жатыр» дегеннен өре түрегеліп алдынан шығады. Шал-шауқан, кемпір-сампыр, келін-кепшік, жігіт-желең, бала-шаға, бота-тайлақ, бау-шарбағымен – түгел жиналып, оларды қоршап алады. Олар Будда туралы қорқынышты әңгіме естіп, сыртынан өсектеп жүретін. Бастары қосылса «Мына жақта Будда деген алаяқ бар. Жастардың санасын улайды. Жаңа дін ойлап тауыпты. Бірнеше күн ас ішпей, ұйықтамай өздерін қинайды. Содан жастар ауру боп қалыпты» деп өсекті соғатын. Міне, сол Будда алдарында тұр. Жұрт амандық жоқ, саулық жоқ, Будданы жерден алып, жерге салып, ит терісін басына қаптайды. Қариялар боқтап боралады. Қатын-қалаштар қарғыс айтты. Балалар мазақтап жатты. Будда болса, салмақты кейіпте мұқият тыңдады. Шәкірттері қандары қайнап, жұдырығын түйіп, төбелеске дайындала бастады. Бір кезде Будда:
– Болдыңыздар ма әлде тағы да айтарларыңыз бар ма? – деді.
– Жұрт сап тыйылды. Тайпаның көсемі:
– Ал, болдық. Не істейін деп ең? Бір нәрсе дегің келе ме? – деп ежірейді. Будда:
– Бір нәрсе сұрайын деп ем, – деді.
– Не сұрайсың?
– Жаңа сіздерден бұрын орманда бір ауылға кезіктік. Олар бізді жақсы көреді екен. Ықыластары да зор. Түрлі ас-ауқат пісіріп алдымыздан шықты. Бірақ тамағын алмадық. Бізге тойып ішуге болмайды. «Ауру астан, дау қарындастан» деген. Тек ормандағы жеміс-жидекпен қоректенеміз. «Қанағат қарын тойғызады». Осыны оларға ұқтырдық та, әкелген тағамын қайтарып бердік. Сұрайын дегенім: қалай ойлайсыздар, олар сол тамақтарды не істеді? Себебі біз бір жапырақ та ет алмадық. Әлгі шал:
– Нақұрыс, соны да сұрақ деп тұрсың ба? Тамақты не істеуші еді?! Бала-шағасымен, ел-жұртымен бірге отырып жеп қойған шығар! – деді қалш-қалш етіп. Будда:
– Ендеше соларға істегенді сіздерге де істеймін. Біз қарғыс арқалап жүре алмаймыз. Бұл сөздердің бізге соқыр тиынға да керегі жоқ. Жүрек көзін ашып, түпсіз ой мен нұрлы ақылдың кені болған рухани ілімнің бастау бұлағына жетуді талап қылған жандар едік. Бағанадан бері мұқият тыңдап тұрдым. Ссіздің сөзде бізге керекті мардымды түк жоқ екен. Барлық қарғыс пен әжуа-мазақты өздеріңе қайтарып берем. Не істейсіз, ол жағын өзіңіз шешесіз, – деді де, бөгелместен жүріп кетті.
Аң-таң боп аузы ашылған жұрт екіге жарылып еріксіз жол берді. Будда түк болмағандай діттеген жеріне жетіп, ілімін бастады. Франкл меңзеген ойлар хикаяда анық көрінеді. Будда сырттың агрессиясын ішіне енгізбеді. Өзінің де агрессиясын сыртқа шығармады. Тыныш келді. Тыныш кетті. Егер адамға осындай мүмкіндік, осындай нығмет берілген болса, неге оны қолданбасқа? Адам баласы неге осы нығметін армансыз пайдаланбасқа? Франкл ойын былайша сабақтайды. Кісіні суицидке шақыратын импульстер де тура солай. Бірақ оларды өлшеудің мәні жоқ. Қауіп суицид шақыратын импульстен төнбейді. Сонда, қауіп қайдан? Импульс оянғанда қандай реакция танытамыз, мәселе сонда. Ал реакциямыз неге тәуелді? Асылудың не у ішіп өлудің алдында тұрған пендені мынадай ой мазалайды: «Өмір сүруде не мән бар? Мейлі, жанға батқан қасірет-ақ болсыншы. Соның өзінде мән бар ма?» Егер мән көрмесе, суицид импульсін ырқына жібереді. Соңғы шешімді адам өзі қабылдайды. Сондықтан маңызды сұрақ мынау. «Адам инстинкті қабылдауға не теуіп тастауға еркі бар ма, жоқ па?» Енді осы арада аз-кем пауза жасап, маңызды сұрақтың мағынасын ашықтай кетелік. Егер «Адамның еркі жоқ» десек, суицидпен күресу пайдасыз. Себебі импульс қолайлы мезетті пайдаланып бізді алып ұруы мүмкін. Оның алдында қауқарсыз мақұлық боламыз. Егер «Еркіміз бар» десек, онда импульсті емес, «ерік қалауы» феноменін зерттеуге мәжбүрміз. Зерттеуден нәтиже шығарып, ерік қалауын мықтап игерсек, «суицидке итермелейтін импульс бар ма жоқ па?» деген сұрақты талқылап не қерек? Суицид импульстерін өлшеуді жоққа шығармайтын тест те бар. Бірақ бұл тест бұдан да маңызды теңдессіз факторды електен өткізеді. Ол адамның импульстерге деген жеке көзқарасына зер салады. Бұл тестті отызыншы жылдардың басында жасағам. Ол жайлы «The doctor and soul» («Дәрігер мен жан») деген кітабымда тәптіштеп жазғам. Қазіргі «Бейбітшілік зерттеуі» адамзаттың аман қалуын қарастырумен әлек боп жатыр. Бірақ фаталистік көзқарас аяқтарын тұсап тұр. Олар агрессия импульсіне ғана баса мән береді. Табысқа жеткісі келсе, агрессияға емес, адамның оған қатысты ұстанатын позициясына назар салу керек. Назарын осы тараптан салмаса, агрессивті импульстер қылмыскер үшін ақталып кететін алиби боп шыға келеді. Яғни кісі өлтірген қылмыскер «Мен әдейі өлтіргем жоқ. Агрессиялық импульстер тұла бойымды еріксіз билеп алды. Бір қарасам, ол өліп жатыр. Кінәм жоқ» деп өзін оп-оңай ақтап алуы мүмкін. Немесе бір еркек қыз зорлап ұсталды делік. Ол да сотта: «Зорлайын деп зорлағам жоқ. Сексуалды инстинкт еріксіз билеп алды. Оның үстіне қыз да мини юбка киіп желіктірді. Қылмыңдап қоймады. «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген. Мені соттау әділетсіздік. Жазықсыздан жазықсыз инстинктің құрбаны болдым. Мені босатыңдар» десе сот не дер еді? Сот оны «А, қыздың өзінен екен ғой. Мына бала инстинктің құрбаны болыпты» деп босата салмайды. Оны бәрібір соттайды. Енді сұрақ. Сонда не үшін соттады? Жауабы: қылмыскерді ерік қалауын қолданып, импульстерін тежмегені үшін соттайды. Бізді «адам бойында инстинкт бар ма, жоқ па?» деген сұрақ қызықтырмайды. Бір-ақ нәрсеге назар тігеміз. Инстинкт импульс жіберіп бастағанда оларды тоқтатуға не бетімен жіберуге адамның ерік-қалауы бар ма жоқ па? «Бар» десек инстинктің табиғатын емес қалау-еркіндігі феноменін зерттеген ләзім. Оқу орындарында жастарды «Жеккөру сезімі психикадағы механизмдер мен импульстерден шығады» деп үйретіп жатыр. Осы қисық оқу түзелмейінше агрессияға тұсау түспейді. Қызығы: жеккөру сезімін адамның өзі де жек көреді! Енді бұдан да маңызды нәрсе бар. Ол – «агрессивті потенциалды басқа тарапқа бұрып жіберуге болады» деген түсінік. Яғни тұла бойды қысқан ашу, ыза, кекті әртүрлі шаралар ұйымдастырып, басқа тарапқа бұруға болады деп сену. Бұл мәселені де мамандар тәжірибе жасап зерттеді. Агрессияны ұсақ-түйек объектілерге бағыттап, оларды қауіпсіз жолдармен психикадан шығарып тастаймыз деп тырысып көрді. Қайдағы оң нәтиже? Керісінше агрессия күшейіп кетті. Франклдың бұл ойының растығын олимпиада жарыстарына қарап-ақ білуге болады. Бір кездері соғыс өнері болған кәсіптер қазір спорттың сан түріне айналды. Атлеттер алаңға шығып жарысқанда агрессиялық потенциялы тысқа шығып, бойлары жеңілдеп, рақаттанып қалу керек еді. Бірақ олай бола бермейді. Кейде жеңілген спортшылар күреске тоймай кілемде төбелес шығарады. Енді бірде хоккейшілер мұз алаңда екіге жарылып төбелеседі. Осылайша әу бастағы жолдастық, достық ниетпен ұйымдастырылған матчтар қырғын «қызықпен» аяқталады. Яғни ойын біткен соң спортшылар ішін буған агрессиядан арылып, арқа-жарқа боп ақтарылып, қоян-қолтық араласып, қимас досқа айналып кетпейді. Сайыстан соң бір-біріне кек ұстап кеткен атлеттер баршылық. Агрессия мен жеккөрініштің арасы жер мен көктей екенін секс пен махаббатқа қарап та айыруға болады. Мысалы, адам жұбын жалаңаш көргенде сексуалды құмарлығының оянуы – қалыпты құбылыс. Адами деңгейде мен жұбайымды сүйем. Себебі оны сүюге менде бірнеше негіз бар. Ғашықтық сезімі мені оған, оны маған магниттей тартып тұр. Бұл тартылыстың соңы тар төсекте «табысуға» ұласуы – заңды құбылыс. Яғни төсектегі «табысу» арамыздағы махаббаттың заттанған көрінісі. Осы фактіге қарабайыр наданның деңгейінде назар салсам, жан жарым либидоны реттеуші объектіге айналады. Сүйген жұбайым сперматозоид мазамды алғанда ұрығымды шығарып, жеңілдеп қалуыма септесетін жекеменшік затым сияқты қызмет етеді. «Қатынастың» мұндай түрін кейбіреулер «әйел арқылы мастурбация жасау» дейді. Олар осылай дегенде жан жарына деген жап-жақсы адами деңгейі мен құнды көзқарасын қолдан құртады. Жұбайы бөлек «объекті» емес, басқа бір «субъекті» болып көрінеді. Яғни әйелін «зат» сияқты емес, адам кейпінде көріп тұр. Бірақ жеке мақсатына қолданып тұр. Әдетте жеке мүддеңе жету үшін адамды құрал сияқты қолданғанда адами қарым-қатынастан дым да қалмайды. Рухани тұлға өзі сияқты басқаны құрал сияқты қолданбайды. Жұрт бірін бірі адам ретінде іздеп табады. Тұлғаға айналған жан өзі сияқты тұлғаны іздейді. Жарыңа деген адал махаббат – осы! Қарым-қатынас күшейгенде адам серігінің кісілік келбетін тануға септеседі. Бір-біріне ғашық болып, махаббат оты маздағанда жарының қайталанбас тұлғасы мен даралығын анық көреді.
Көңіл дефициті
Сонымен шынайы жүздесіп сырласуға қайта ораламыз. Қарым-қатынас феномені адамның трансценденция қасиетіне табан тіресе ғана өркендейді. Яғни жүздесіп-сырласу өзіңді ғана көрсетуге (самовыражение) арналмаған. Шынайы сұхбат адамды логосқа, болмыстың мәніне талпындырады. Жалған кездесу, мақсатсыз бас қосу, ойсыз қарым-қатынас – «логоссыз диалогқа» таптырмайтын платформа. Ондай кезде екі жақ та өзінің ғана ішін ақтарып қалуға тырысады. Біреудің ішіне үңіліп, оның адами қасиеттеріне тамсануға мұршасы келмейді. Өкінішке орай, ел-жұрттың дені осылай араласады. Логосы жоқ мәнсіз диалогпен бас қоса береді. Жолығып қалса, жолдасын тануға тырысудың орнына өзін көрсетумен әуре болады. Жеткен жетістігін айтып мақтанып үлгереді не жеке басының проблемасын айтып аптығады. Ішінен «Маған көңіл бөлсе екен. Менің мұңымды тыңдаса екен. Менің қамымды жесе екен» деп тұрады. Мұны «көңіл дефициті» деп атайды. Яғни елдің назарын өзіне аударғысы келеді. Бірақ тура сол сәтте басқалар да тура өзі сияқты өз басын ғана ойлап тұр. Сырттан қарасаң екі кісі сөйлесіп тұр. Бірақ бірін бірі тыңдап тұрған жоқ. Сондықтан арада адами байланыс орнамайды.
Енді Франклдың ойын қазақы танымда тарата кетелік. Қазақстанда түрлі себеппен бас қосатын жиын-той баршылық. Бұрыннан келе жатқан дәстүрлі мейрамдарды айтпағанда, қазіргі модерн мерекеде есеп жоқ. Мерейтой, алтын той, күміс той, диплом жуу, 20 немесе 30 жылдық кездесу сияқты сылтаулармен кете береді. Бұлар бір жағынан қарасаң жақсы. Жұрт сағынысып көрісіп, бір-біріне жағымды эмоция сыйлайды. Тіпті қазақта «Айында араласпаса, ағайын жат, жылында хабарласпаса, жегжат жат», «Бармасаң, келмесең, жат боласың. Алмасаң, бермесең сарт боласың» деген мақалдар да бар. Бірақ мәселеге екінші қырынан қарағанда оның кемдігі көрінеді. Франкл жоқтап отырған ЛОГОСТЫ бұл тойлардан табу қиын. Киелі ұғымдармен суарылмаған мереке тез жалықтырады. Қала берді, тойда тост көтерген ағайын-туыс ЛОГОСТЫ жоғалтып алады. Соның кесірінен 150-250 адам кезегімен сөйлегенде жаттанды тілектермен елді мезі қылады. Логостан босап қалған вакумға бос сөз бен жеңіл күлкі, әзіл-қалжың, мағынасыз ойындар экспансия жасайды. Кейбір тойларда елді күлдіру үшін тамадалар адамның абыройын төгетін анайы ойындарға дейін ұйымдастырады. Осының бәрі тойшыл қауымның мәннен көз жазып, кеуделерін қаңыратып алғанына айғақ. Толстойдың тілімен айтқанда «Ничто так не поощряет праздность, кроме как пустые разговоры» (Тойдың базарын бос сөз бен бос күлкі ғана қыздырады) болып шығады. Енді мынадай салыстыру жасаймыз: ғасырлар сүзгісінен өтіп, киелі ұғымдармен байыған дәстүрлі жиындарға қараңыз. Наурыз мерекесі, Батыс Қазақстан аймақтарында тойланатын «Көрісу амалы», Айт мерекелерінде және өлген кісіге берілетін астарда белгілі бір дәрежеде логос бар деуге болады. Бұндай мереке жиынға барғандар бір сәтке болса да трансцендентті әлем туралы ойланады. Асқа барсаңыз, марқұмның әруағына Құран оқып, дұға бағыштайды. Бір мезет болса да пенде шіркін өлетін күнін еске алады. Киелі ритуалдар бос күлкі мен әзіл-қалжыңды ішке кіргізбей ұстап тұрады. Жұрттың мағыналы ойланып, Мән туралы толғануына мүмкіндік береді.
Франкл ойын былайша сабақтайды. Индустриалды қоғамда мұндай адамның типі көбейе береді. Олардың бәрі де жалғыздықтан зардап шегеді. Оларды жалғыздардан құралған тобыр дейді. Ондайларды бір бөлмеге қамап қойсаң да, шүйіркелесіп кете алмайды. Себебі ортақ тақырып жоқ. Тақырып болса, рухани шөліңді қандыратын логос жоқ. Соның кесірінен топтың ішіндегі жалғыз жандар жеке-дара зардап шегіп отыра береді. Оны «Робинзон синдромы» деп атайды. Яғни сөйлесетін кісі жоқ. Жалғыздықты жан жылуымен толтырғысы келеді. Бәрі де интимді қатынасқа зәру. Оңашада құпия сырласып, ақтарылғысы келеді. Интимді байланысқа сұраныстың күштілігі сонша: жалғыздықтан жалыққандар оны кез келген деңгейде іздей береді. Енді осы арада бір қауіп бар. Осындай нәзік байланысты жанталаса іздегенде кейбіреулер (көбіне әйелдер жағы) сезімдеріне ерік беруге дейін дайын тұрады. Ондай кезде бірі бірінің білегінен ұстап, басынан сипауға дейін тақап барады. Осы жерде адам өзін тежемесе, сезімтал сұхбаттан сексуалды былыққа батып кетуі мүмкін. Әңгіме логоспен тоқтағаны жақсы!
Сексуалды интим кезінде экзистенция құпиясының болғаны жақсы. Тұлға құнды сезімдерін оңашада тапсын. Оңашада жалғыз отырып терең ойланып үйренсін. Мысалы, «шығармашылық жалғыздық» деген болады. Өнер иесі елден безіп, тыныш жерге жалғыз кетеді. Бұл терең ойлануға жол ашады. Бұл өте пайдалы. Осы «шығармашылық жалғыздықты» неге күнделікті өмірге қолданбасқа? Қазір де жұрт индустриалды қоғамда асқынып кеткен белсенділігін (vіta actіva) оңашада отырып, ішкі әлеміне үңілумен (vіta contemplatіva) реттей алады. Бұдан мынадай нәрсе анық болады: белсенділікке (actіve) енжарлық (passіve) қарсы тұра алмайды. Белсенділікке қарсы бейімділік төтеп береді. Сондықтан Мән игергенде шығармашылық потенциал мен бейімділік потенциалдың тиімді баланста тұрғаны маңызды. Сонда ғана сензитивті сезімнің қалыптанып шығуына жағдай жасалады. Таразы басы теңескенде көзбен көріп, ішпен білетін нәзік сезімдер тіріле бастайды. Енді бір нәрсені ескертуге тура келеді. Біреуден көңіл дәметіп, «елдің бәрі менің ғана проблемаларымды ойласа екен» дейтіндер осының зардабын тартпай қоймайды. Неге дейсіз ғой? Себебі терапиядан хабары жоқ, арнайы оқымаған дилетанттар мұндай мұқтаж жандарды мүсіркеуге дайын тұрады. Не болса соны уағыздап, адамға тәжірибе жасайды. Қаптап кеткен сексуалды көзбояушылықтан жүрегің айнитын мына заманда талғамсыз секске «бұл да – бір сезімталдық, бұл да – жүздесіп сырласудың бір түрі» деп жалғаннан шапан жауып қажеті жоқ. «Жастардың жыныстық тәрбиесін күшейтеміз» деген сылтаумен кейбір топтар қарабайыр сексті жарнамалап, нудистердің тырдай жалаңаш жарыстарады. Осы сияқты түрлі арсыз акцияларды ұйымдастырады. Мұндай пысықтардан кәдімгі жезөкше артық. Олар «Жезөкшелікпен адамның игілігі үшін айналысып жүрміз» деп жалған сөйлемейді. Әлгіндей жобаның авторлары «Біз дұрыс оргазм ала алмаймыз. Осындай тәсілдермен емделеміз» деп, бізді сендіргісі келеді. Жарайды, олар дұрыс нәрсеге ниеттенді, бірақ қателесті делік. Шалыс басу – болмай қоймайтын құбылыс. Біздің қай-қайсымыз болсақ та, кәсіби этикаға сай үнемі сүттен ақ, судан таза боп жүре алмаймыз. Мамандықпен қанша жерден профессионалдық деңгейде шұғылдансақ та, кей ісіміз кетігіне келмей қап жатады. Қалай десек те, қате басып, сүрініп кету, «аңдамай сөйлеп, ауырмай өлу» адамға тән. Қанша жерден періште болуға тырыссаң да жаза басып, жазықты болмай тұрмайсың. Бірақ бір істі бүлдіргенде оны ел-жұртқа жар салып мақтанбаймыз. «Мен мына бір істің тас-талқанын шығардым. Артық қыламын деп тыртық қылдым. Өмірі оңалмастай етіп қираттым» деп кеудемізді соққылап мақтанбаймыз ғой? Қанша жерден жұмысты ереже, қағидамен матап, сірестіріп қойсаң да, кей кездері оның шекарасынан амалсыз шығатын кездер болады. Бірақ солай екен деп қия басып, қисық кеткен тұстарыңның бәрін тұрақты түрде істейтін дағдыңа ендірмейсің ғой. Мүмкін болса, ондай фактіні келесі жолы қайталамау үшін жаныңды салып бағасың. Сол сияқты айтайын дегенім: «Елдің қамы үшін осыны жасап жатырмын» деп былықтыратындар бүлдірген істерін қоғамға ереже, дәстүр, салт етіп ендірмегені абзал. Теріс нәтижесін көрген соң, ондай оңбаған акцияны дер кезінде доғарған ләзім!
Эмоцияның жаттануы
Алайда интимдік сезімдерге соншалықты табынып кетудің түпкі себебін де түсінуге тырысамыз. Ирвин Йелом көрсеткендей, АҚШ жұрты бір қаладан бір қалаға шамадан тыс көп көшіп-қонады. Қайта-қайта көше берудің басты себебі елдің бір-біріне бөтен болып, суып кетуінен дейді. Бірақ мен бұған тағы бір нәрсе қосар едім. Адам біреуден суып, өзгеге бөтен боп қоя салмайды. Адамзат бірінші өзіне өзі жат боп кеткен. Енді оған әлеуметтік жаттану мен эмоциялық жаттануды әкеп қосыңыз. Жұрт өз эмоциясын өзі танымай қалды. Екеуі бір-біріне бөтен боп кеткен. Англосаксон елдерінде пуританизм рухы ұзақ уақыт үстемдік құрғанда ел-жұрт эмоциясын бақылап қана қоймай, жаншып та тастады. Осыған ұқсас проблеманың сексуалды қалауға да қатысы бар. Фрейдтің ілімі танымал болғалы осы сезімге қатысты көзқарас қатты бұрмаланды. Міне, енді түкке тұрмайтын нәрсеге төзе алмайтын мінез-құлықтың зардабын тартып отырмыз. Қазіргілер инстинктеріндегі болмашы фрустрацияға төтеп бере алмайды. Эмоциясы сәл қайнай бастаса, сабыры сарқылып сала береді. Эмоциясын тежеу, өлшеу, басқалармен бөлісуде өздерін тежей алмайды. Мұндай «топтағы» адамның басты ерекшелігі осында. Мұндайда терапияға ғана емес, аурудың симптомына да мән береміз. Көпшіліктен қашқақтап, жұрттан жаттанып тұрған жанға «мінезі солай» деп екен сыртынан тон пішуге болмайды. Түптің түбінде оның бұл кемдігі психикалық немесе соматикалық деңгейдегі дефект болуы мүмкін. Соматикалық мысал келтірейін. Пациент себепсіз қарқылдап күле бастайды немесе қараптан-қарап еңіреп жылайды. Бұл ауру артериосклероз деп аталады. Мидағы функцияның бүлінгенін әйгілейтін мынадай да симптом бар. Бұған шалдыққан пенде бөтен біреумен не жасы үлкен ақсақалмен сөйлескенде әдеп дистанциясын сақтай алмайды. Нені айту керек, нені сұрамау керек, қай тақырыпты қозғамау керек, оны бағамдай алмайды. Эпилепсияның кейбір түріне шалдыққанда осындай белгілер байқалады. Пациент танымайтын кісімен туғаннан танитын туысымен сөйлескендей көсіліп кете береді. Интимді құпия өмірі жайлы ақтарып соғып отырады. Сенің де құпия сырларыңды сұрап, қайдағы жоқ сауалдармен басыңды қатырады. Иба-әдепті ысырып қойып, түйеден түскендей тұрпайы сөйлеседі. Үлкен кісімен құрдасындай қалжыңдасады. Бұдан шығатын қорытынды: танымайтын ортаға қойып кетіп, жасы үлкендермен құрдасындай қалжыңдасатын адамға қарап, «мынау елмен араласуды керемет меңгерген екен» деуге болмайды. Мұндай «сырласқыш» адамға ауру деп диагноз қоямыз. Оның миында дефекті бар деген белгі. Сол сияқты тұйықталған кісінің да миында бір кінарат болуы мүмкін.
Сонымен адамның сензитивті тәрбиесін қолға алып, оларға елмен араласып-құраласып сөйлесуді үйрететін топ мүшелері олардың социалды және эмоциялық жаттануымен күреспекші екен. Яғни жаттану проблемасына реакция танытпақшы. Сол үшін басқаны бөтенсіп, көптен оқшауланып қалған жастарға көппен қалай араласу керегін үйретеді. Әртүрлі амал қолданып, жаттанған кісіні ортаға қосып, сезімталдық қасиетке баулиды. Бірақ осы амалдары түйінді шешпейді. Тіпті реакциялары дуалы болған күннің өзінде ол кеселдің өзін емес, симптомдарын ғана емдейді. Ал синдром сол күйі тұра береді. Бейнелеп айтқанда, арам шөпті тамырымен қопарып жұлмайды. Тек бетін орып алады. Кейін арам шөп қайта қаулайды. Бір жаманы: мұндай ем дертті керісінше асқындыруы мүмкін. Себебі көңіл күйдің эмоциясы қолдан тумайды. Олар ниет пен ықыластан туады. Эмоцияны қолдан туғызуды «гиперинтенция» деп атадым. Гиперинтенцияда эмоция ұстатпайды. Эмоцияның өзінше бұрқ ете қалғанын бақыттан басың айналғанда анық байқайсың. Шаттық сезімді күштеп туғыза алмайсың. Шаттық сезімі ырықсыз билеп алады. Біз бақыттың ырықсыз тууына жағдай жасауға ғана міндеттіміз. Бақытты қуалаған сайын ол бізден алыстай түседі.
Бір шәкіртім жүздесіп-сырласу тобына қатысып, іштен зерттеу жүргізді. Ол бастан кешкенін былай баяндады: «Маған талай адам кеп «дос болайық» деп жататын. Мен оларды құшақтап «әрине» деймін, беттерінен сүйіп, арқасынан қағып, «әрине, біз доспыз» деп қоям. Бірақ шынайы сезімді бастан кеше алмадым. Сонда да нағыз адал дос сияқты көрінгім келеді. Барынша эмоциялы болуға тырысам. Бірақ бәрі бекер болды. Ортада бір шекара бар сияқты сезіледі. Сол күйі ешкіммен майлы қасықтай араласып кете алмадым. Өтірік тырысқан сайын өзім қиналып кеттім».
Манипуляция құпиясы
Мынадай фактімен санасуға міндеттіміз. Адамның болмысында бұйрыққа бағынбайтын феномендер бар. Олар әмірге бағынбайды. Мен «болды, сенем» деп сене алмаймын. «Үміттен» деп үміттене алмаймын. «Сүйуім керек» деп сүйе алмаймын. Бар болғаны өз еркіммен бір нәрсені қалай алам. Бірақ қалау сезімін қалай алмаймын. Адамның еркіне бағынбайтын осы феномендерді қолдан жасаймын деп әурелену сенім, үміт, махаббат және қалау сезімдерін манипуляция жасау амалын еске салады. Манипуляция әдісі, ең алдымен, аталған феномендердің заттанғанын әйгілейді. Біреу қолдан сендіріп, үміттендіріп, ғашық қылып жатса, аталмыш феномендер заттанып кетті деген сөз. Ендеше біреуге барып «Сен Өмірдің мәнін тіле. Мағыналы өмірді қала!» деп бұйра алмаймыз. Дұрысы мәнді қалауға қатысты адамның еркін талқылау керек. Сонда ғана мәннің ырықсыз түрде ойға келуін қамтамасыз етеміз. Былайша айтқанда, адамның ерік қалауы туралы тақырып талқыға түскенде МӘН автоматты түрде ортаға өзі шығады. Көңіл көзіне көрінген Мәнді ерік феномені «Мына Мәнді ұстап алып игерсем ғой, шіркін!» деп қалай алады. Мұның да классикалық мысалы ретінде Шәкәрім қажының ноодинамикалық өлеңін беруге болады.
Налындым,
Жалындым,
Шиені шеш,
Еркім, емін тап,
Ойымды аш,
Дертім бас.
Жазамды кеш.
Рақым етіп,
Мені аяп.
Бар ма еркім?
Сол дертім...
Әр өмірге
Кіргізген,
Жылатқан,
Уатқан,
Қуантқан,
Құлатқан да сол.
Ерік қайда? Не пайда?
Жұлқынсам да табылар ма еркін жол?
Немесе «Шын ақыл, бір мақұл» деп басталатын өлеңінен үзінді оқып көрелік.
Бұл өмір, екі айыр
Өзендей ағар.
Сең қаққан, әр жақтан
Кез келе қағар.
Таза жолдан таймай барғаның –
Жетпесең де алғаның.
Құбылсаң, бұзылсаң.
Не қызығып, не именумен
Қайта алмай, байқалмай,
Себепке еріп, жетектеліп өлдің сен.
Міне, еркің,
Шын көркің.
Ындыныңды таңба.
Болмасқа, толмасқа
Мақсатты салма!
Талабыңды себеп билесе,
Жанса, мейлі күймесе.
Франклға қайта оралсақ. Мұны түсіну үшін субъектінің негізгі қасиетін зерделейік. Атап айтсақ, адамның «ғаламды танысам» деген интенционалды қабілетін немесе трансцендентті қасиетін назарға алайық. Кез келген субъект, яғни адам танысам, білсем деген ниетімен бірге көрінеді. Оның бұл ниетін бойында бұрынан бар сену, үміттену, ғашық болу және қалау сияқты объектілері жүзеге асырады. Пенде нақты бір нәрсені танысам деп талпынғанда қоршаған ортаны тануға, зерттеуге, құпиясын ашуға, сырын ұғынуға әлгі айтқан объектілері көпір сияқты қызмет етеді. Әлемді тануға тиіс адамның өзі заттана бастаса соған сәйкесінше оның бойындағы сену, үміттену, сүю, қалау сияқты объектілері де жойылады. Бұл қасиеттерінен мақұрым қалғанда адамның танығыштық сипаты түбегейлі жоғалады. Мұны жеке не тұтас адамға қарап білуге болады. Сонымен қорыта айтқанда автоматты түрде өздігінен жұмыс істеуі тиіс объектілерді біз бақылауға алған сайын оның танығыштық қасиеттері күйрей береді. Яғни сенімін, үмітін, ғашықтық сезімін, қалау еркін біреуге берген кісі әлемді танудан мақұрым қалады. Керісінше айналасындағы басқа субъектілер оны объекті сияқты зерттей бастайды немесе керегіне жаратады. Яғни әу баста объектіні зерттеуге міндетті субъекті өзі де зерттеу материалына айналады.
Франклдың осы тұжырымынан соң өзін өзі террористік мақсатта жаратындардың сыры мәлім болады. Бір діни сеніммен өзін өлімге байлайтындарды астыртын ұйымдар манипуляция жасайды. Яғни оларды өлімге дайындаумен дін өкілдері емес, дұрысы манипуляция жасауды білетін психологтар айналысады десе жарасады. Олар адамның таза рухани болмысынан шығып жатқан экзистенция қасиеттерін істен шығарады. Әлемді мақсатты түрде танитын интенционалды қабілеттерін діни уағызбен өлтіреді. Бұдан соң оларды отқа салсаң да, суға салсаң да өзің білесің. Біреу дінге бет бұрғысы келсе, бірінші өзіне мынадай сұрақ қойсын. «Бұл діни көсемдер, діни орталық яки діни ұйым менің ерік қалауымды күшейте ала ма? Жауапкершілік арқалауыма септесе ала ма? Интенционалды қабілетімді оятуға қаншалықты қуатты? Жүрек көзімді ашуға жәрдем бере ала ма?» Бұл сұрақтарға объективті жауаптар алса, шешімді қабылдау оңай болады. Франклды қайта сабақтайық. Адам саналы түрде босаңсып, жасанды жолмен еркінсуге тырысқан сайын, керісінше, шаршай бастайды. Х.Шульц осыны дәлелдеу үшін релаксация жаттығуларын жүйелеп шыққан. Ол пациенттерге жаттығу жасатып: «Қолымыз зіл батпан ауыр боп тұр» деп ойлаңдар», – дейді. Пациенттер солай сезінгісі келеді. Бірақ эффектісі керісінше болады. Қолдарын жеңіл сезініп, рақаттанып қалады. Сосын пациенттерге: «Еркін, бос боп тұрыңдар», – дейді. Олар жасанды түрде босаңсуға тырысып бағады. Тағы да нәтижесі керісінше шығады. Олар еріксіз қатайып тырыса бастайды. Бұдан соң мынадай ой келеді. Өзін өзгеден қор санайтын адамды емдегенде неге осы тәсілді қолданбасқа? Яғни кісіге «Сен өйтіп жүр. Сен бүйтіп жүр. Адам андай болу керек. Кісі мұндай болу керек» деп әмір берумен қабілетін аша алмайсыз. Өзіңді қор сезінуден құтылу үшін мойныңдағы міндетіңді ештеңеге және ешкімге алаңдамай жан салып атқаруың керек не кесір сезімді айналып өтуің керек. Іске кіріскенде «Менен не шығады дейсің?!» деген кертартпа ой миға кіріп те шықпауы қажет. Пенде кемдігін ойлап, іштей онымен алысқан сайын сырттай сүрінген үстіне сүріне береді. Одан сайын мазасы қашып, қолы қалтырап, тізесі дірілдеп азап шегеді. Өзін ұмытып, ісіне назары ауып, соған ойын фокус жасаса, кембағалдық сезімі сейіле бастайды. Ол ісін абыроймен атқарады. Назардың бір нәрсеге қадалып қалуын «гиперрефлексия» деп атайды. Бұл гиперинтенцияға ұқсас болып келеді. Екеуі де невроз тудыруы мүмкін. Шынтуайтына келгенде осының екеуін де әлгі «топта» асқындырып жібереді. Ол топта пациентке: «Өзіңді мұқият бақылап, қадағалап отыр», – дейді. Одан да маңыздысы топтың мүшелері пациенттің құтылғысы келетін кемдіктерін түгелдей дерлік олармен бірге түбі жоқ талқыға салып, езіп отырады. Енді бұл үрдіске тағы да жаңа термин тағамыз. Оны «тойымсыз талқылау» (переобсуждение) дейді. Оңайлатып айтсақ, артық қыламын деп тыртық қылу. Қылшығын аламын деп былшығын шығару десе де болады. Осындай мылжыңбай талқы онсыз да өмірден жоғалып бара жатқан Мәнді одан әрмен ысырып тастайды. Пациенттер онсыз да мағынасыз өмірге шатылып, кеудесін үңірейген құрдым кеміріп, вакумның ішінде «тұншығып» қиналып жатыр. Міне, тап осы «экзистенция вакумы» деген қара үңгірдің ішінде невроз кеселі емін-еркін өркен жаяды. Бірақ қорқатын ештеңе жоқ. Көкіректі Мәнге толтырса, невроз жоғалады. Қысқасы, хикмет кеудеміз рухани қазынаға толып тұруы керек. Бірақ әділдік үшін Шарлотта Бюлердің көзқарасын айтуға міндеттімін: «Аталмыш топтың ауытқыған жері бар. Кейде адамға кері әсер етеді. Бірақ сонда да сол топтың жақсы жағы бар. Ол – бірін бірі ұмытпау. Жәрдем қолын созуға дайын тұру. «Бәріміз біріміз үшін! Біріміз бәріміз үшін!» деген ұранның жиі көтерілгені – керемет құбылыс!» Шынымен де егер топтың концепциясы түзелсе, өзара көмек қолын созуға дайын атмосфераны жасау оңай болады. Ондай атмосферада Өмірдің мәнін қалай талқыласаң да, жарасады. Ондайда жұрттың белсенді болғанына мәз боп отыра бермей, олардың көңіл көзін ашуға да ықпал етер еді. Роберт Холмс бүй деген: «Логотерапия топ болып бас құраса, талай нәрсені төңкерер еді».
ПСИХОТЕРАПИЯ ЖӘНЕ ДІН
Дін – логотерапиямен бетпе-бет келмей қоймайтын адамға тән феномен. Бірақ логотерапия үшін дінге сену де, сенбеу де бір деңгейде тұрады. Логотерапевт пациентті емдегенде бейтарап позиция ұстанады. Өйткені логотерапия – психотерапияның бір саласы. Сондықтан Австрияның заңы бойынша адамды емдеумен медиктер ғана айналысады. Логотерапевт те дәрігер сияқты Гиппократ антын қабылдайды. Күллі адам баласына әділетті көзқарас ұстануға міндетті. Пациентті діни сенімін алалауға ақысы жоқ. Науқасты дәрігер «діндар» немесе «атеист» деп бөле алмайды. Яғни пациенттің жеке дүниетанымында ісі болмауы тиіс. Дін логотерапия үшін адамды емдеуге септесетін қосымша құрал сияқты. Дәрігер діни доктринаға табан тіреп, логотерапияны жүргізе алмайды. Логотерапевт медицина ғылымына ғана табан тіреуі тиіс. Яғни ол үшін негізгі платформа діни догмалар емес, ғылым мен білім болуы шарт. Енді логотерапия мен теологияны бөліп жатқан нәзік шекараны сызайық. Психотерапияның мақсаты – жанды невроздан емдеу, ал діннің мақсаты – адам жанын тозақ отынан құтқару (salvatіon, спасение души). Дін «адамды мәңгілік азаптан құтқарам» деген ең ірі миссияны арқалайды. Ал медицина адамды осы өмірде емдейді. Сонда бұл екеуінің ұқсастығы қайда? Ұқсастығы мынада: дін адамның денсаулығы мен ауру-сырқауына тікелей бас қатырмауы мүмкін. Ол басты назарға иман мәселесін алады. Қызықты қараңыз: екеуі екі түрлі мақсатты көздесе де, ортақ нәтижеге қол жеткізе береді. Дін ғылымы тақуа адамның психикалық ахуалын салауатты етіп ұстауды негізгі мақсат етіп алмайды. Бірақ адамның сондай жағдайға жетуіне ықпалдасады. Яғни дін шарттарын жөнімен ұстанған тақуаның да психогигиенасы мықты болады. Дін адамға жұлынбайтын мықты қазық сияқты рухани күш береді. Ондай қазыққа байланғанда тақуа адам сенімді қимылдап, батыл қадам жасайды. Дін адамға тәуекелге бел байлауды жақсы үйретеді. Сондықтан табанды тақуалар «тәуекел ет те тас жұт, ажал келмей өлмек жоқ» деп ірі істерді төңкеріп тастайды. Дәл мұндай тегеурінді серпінді ол басқа жақтан оңайшылықпен таба алмайды. Дін құдіретті, киелі, шексіз әлеммен қауышуға, тылсым дүниемен ұласуға жол ашады. Енді қызықты қараңыз: психотерапия да дәл осындай ырықсыз эффектіні туғыза алады. Яғни дәрігер пациентін дінге сенуге үгіттемейді. Бірақ кей кездері неврозға шалдыққан адам психотерапиядан өткен соң дінге бет бұрып, тақуалық ұстанып кетеді. Діни әдебиеттер оқып, діни сенімін нығайтып алады. Бірақ солай болды екен деп, логотерапевт пациентті дінге сендіруді мақсат етіп қоймайды. Олай етуге ақысы да жоқ. Өйтетін болса, дәрігер мен пациент ортақ діни сенімнің негізінде бірігіп кетуі мүмкін. Егер солай біріксе, олардың ендігі әрекеті діни сенімге сәйкес жасалады. Ондай кезде дәрігер пациентке ауру адам деп емес, жамағаттас жолдасым деп қарауы мүмкін. Былайша айтқанда, логотерапевті шіркеудегі поппен немесе мешіттегі имаммен шатыстырмау керек. Біз адамның иләһи өлшеммен байланысын анықтағымыз келсе, «алтын қияс» өлшемі таптырмайтын құрал болғалы тұр. Мұны математикада «кесіндіні тең бөлу» дейді. Бұл қатынасты ертеректе «Тәңірлік пропорция» деп те атаған. Онда заттың аз бөлігі көп бөлігіне, көп бөлігі тұтас бөлігіне тәуелді. Бір-бірімен үйлесімде тұр. Бұл айуанның адамға, адамның Тәңірге қатынасына ұқсамай ма? М.Шелер айтқандай «айуан тек өрісте, ұяластарының ортасында күнелтсе, адамның тұтас әлемі бар». Яғни адам бір елден бір жұртқа, бір құрлықтан екінші бір континентке көшіп-қонып жүре береді. Алайда адамның осы әлемін 18 мың ғаламмен (сверхмир) салыстырғанда дым да болмайды. Енді бұдан мынадай салыстыру шығады: ормандағы айуанның адам мен оның әлемін ұғынуға өресі жетпейді. Сол сияқты адам да Жер планетасында отырып 18 мың ғаламның құпиясын біле алмайды. Мен бірде қасіреттің мәні туралы лекцияда студенттерге былай деп сұрақ қойдым:
– Мәселен, иммунды сарысу алу үшін маймылға инъекция жасайды. Әлбетте, маймыл бұдан қорлық көреді. Бірақ ол не үшін азап шегіп жатқанын түсіне ала ма? Қалай ойлайсыңдар? – дедім. Студенттер:
– Әрине, жоқ. Айуанның шектеулі ақылы инъекцияның мақсатын түсіне алмайды, – деп шулап қоя берді. Мен:
– Онда келесі сұрақ. Адам ше? Сендер адамның бұл ғаламдағы ең соңғы эволюция екеніне сенімдісіңдер ме?
– Жоқ, – деді олар, – біздің әлемнен басқа тағы да ғайып ғаламдар болуы мүмкін.
– Ендеше қасіреттің де мәнін бұл жерде толық ұғыну мүмкін емес.
Басқа әлемде басқа да өлшемдер болуы мүмкін. Сондықтан Ұлы Мәнді интеллектпен таба алмайсың. Оны экзистенция міндеттерімен танимыз. Оңайлатып айтсақ, рухани түйсікпен түсінеміз. Мәнді түсінуге болады. Бірақ Ұлы Мәнді ұғу үшін қосымша тәпсір керек. Ал тәпсірді қабылдау үшін шешім қабылдауға тура келеді. Себебі тылсым туралы тәпсір басталғанда вариант та көбейеді. Оны әркім әлінше әрқалай тәпсірлейді. Солардың ішінен ұнаған біреуін қабыл етесің. Қабылдаудың өзі іштегі құндылықтың сапасы мен санына тәуелді. Яғни көкірегің неғұрлым мағыналы идеяға толы болса, соғұрлым құтты шешімді шапшаң қабылдайсың.
Осыған ұқсас ойды Шәкәрім қажы да өлеңмен өрнектеген.
Бейіс, дозақ молда айтқан сияқты емес,
Ақылды адам оны анық сондай демес.
Құрсақтағы балаға осы өмірді
Ұқтыр десе, айтар ең қандай кеңес?
Сол сияқты мысал ғой ұқтыруға,
Дәл осындай қыз құшып, жеміс жемес.
Бірақ қатты қуаныш не кейіс бар,
Дәлелім – ұждан, зұлым бар тетелес.
Сондықтан бір тексеру болмай қоймас,
Мұнымды әділетпен ойла да шеш.
Психотерапия діндегі уахи әлемін талдауға хақысы жоқ. Тәңірдің уахиын мойындау – адамды дінге бұру деген сөз. Дінге сенбейтін кісіге «Тәңірдің уахиы бар» деп дәлелдеудің керегі жоқ. Егер ол уахиға сенсе, баяғыда-ақ діндар болып кетер еді. Бірақ логотерапия үшін дін құрал немесе бір пән болса да, бір нәрсенің себебінен дінмен толық санасады. Ол – логос! Логотерапия үшін логос «Мәнді» білдіреді. Адам болмысы әманада өзіне өзі сыймай, Мәнді іздеп, оны тапсам деп талпынып тұрады. Адам үшін басты игілік рақат пен билік емес. Керек десең, өзін жетілдіріп, дамытып, жарқ еткізіп көрсету де мақсат емес. Табылған Мән ғана ғұмырына баянды бақыт болады. Сондықтан логотерапия «Мәнге талпыну» тақырыбынан ауытқымайды. Жалпы айтқанда, біздің логотерапиямен енген аймағымыз медицина мен философия шекарасымен қабаттаса созылып жатыр. Медицина жағы дін мен медицина бөлінген шекарасында қызмет етеді. Бұл құбылысты бейнелеп айтсақ, былай: әдетте біз екі мемлекеттің шекарасында тұрғанда екі тараптың да қатаң бақылауында тұрамыз. Тура сол сияқты медицина жағы пациентті емдегенде дін тарапы оны қатаң бақылайды. Дәрігер соны бір сәтке де қаперінен шығармауы тиіс. Психотерапия дінді Тәңірге сену деп қана емес, Мәнге сену деп те терең һәм кең мағынада қарастырса, онда зерттеу саласына дінді де қосып алуға құқылы. Бұл ойды Альберт Эйнштейн әдемі жеткізген: «Өмірінен Мән тапқан адамды нағыз діндар десе жарасады». Тура осындай ойды Пауль Тиллих та айтып еді: «Діншіл болу – өмірдің түпкі Мәнін тапқанша тынбай іздене беру». Людвиг Витгенштейн «Тәңірге сену – өмірде Мәннің барын ұғыну» деген. Логотерапевт дінге қатты сенушімен істесіп жатса, дәрігер мен тақуаның діни догмаларды, иман шарттарын талқылауынан пайда жоқ. Олар «Пенденің өмірінде Мән бар ма, жоқ па?», «Құлшылық, ғибадаттың түпкі хикметі не? Осыншама тақуалық ұстанып, нәпсіңмен күрескенде ақырғы мақсат не? Уағыздап отырған дініңіз адамның көңіл көзін ашып, оны трансцендентті әлемге жалғай ала ма?», «Адам не істесе, өзінен есеп ала алады?» деген сұрақтың айналасында ғана сұхбат өрбіте алады. Қалай болғанда да, логотерапия адамның Мәнге талпынысын ғана зерттеумен шектелмейді. Керек десеңіз, бұл ілімнің Ұлы Мәнге де талпынуға қақысы бар. Тереңіне үңілсеңіз, дінге сену – Ұлы Мәннің барлығына сену. Дін мен логотерапия осы Ұлы Мәннің мәселесінде бір нүктеде тоғысады. Әрине, біздің мұндай көзқарас діни конфессиялардың тар шеңберлі концепцияларына сәйкес келмейді. Тар шеңберлі дегеніміз діни ұйымдар көбіне діннің түпкі мәні мен мақсатын анықтап бере алмайды. Діншілдердің уағызын тыңдап отырсаң, Тәңірге қисапсыз көп адамның иман келтіріп, діни жамағаттарға топ-тобымен мүше болғаны ғана керек сияқты. Қала берді, діни жамағаттар діннің концепциясын өзіне бейімдеп алады. Өз басым Тәңірді мұндай ұсақ-түйекке бас қатырушы ЗАТ деп ойламаймын. Шынымды айтсам, Тәңірді ондай өлшемге қимаймын. Құдайды олайша елестету маған жат. Шіркеу қызметкері маған: «Біздің дінге сенуің керек», – дейді. Осындай талаптар ақылға сыймайды. Сенгім келмесе, сүйгім келмесе, жаным қаламаса, өзімді зорлап істете алмаймын ғой. Бұйрықпен, талаппен туғыза алмайтын қалаулар баршылық қой. Мысалы, мені ешкім зорлап күлдіре алмайды. Күлдіргісі келсе, маған күлкілі анекдот айтсын. Махаббат пен иманға келу де – дәл осындай құбылыс. Оларды манипуляция жасауға болмайды. Махаббат пен сенім интенционалды феноменге жатады. Бұл феномендер өзіне керек мазмұнды тапқанда ғана өз қалауымен жарқ етіп, шұғыла шашып шыға келеді.
Бірде «Тайм» журналының тілшісі менен сұхбат алды. Ол:
– Қазіргі қоғам дінді жаппай тәрк етіп жатыр деп санамайсыз ба? Себебі жұрт шіркеуге барудан қалып барады, – деп сұрады. Мен:
– Бұл жерде бір нәрсені дұрыс ұғу керек. Жұрт ар-иманнан емес, діни жамағаттан, діни ұйымнан, діни конфессиядан безеді. Себебі олар ортасына қосылған жаңа адамның жүрегіне иман нұрын құюмен емес, басқа жамағаттың мүшелерін уағыздап, қатарына көптеп тартумен ғана әуре боп жатыр. Олар үшін дін жамыраған жамағат сияқты, – дедім.
– Діни тенденция осы бетімен кетсе, ерте ме, кеш пе, бір универсал діннің пайда болуы мүмкін бе?
– Керісінше, біз универсал емес, индивидуалды дінге кетіп барамыз. Болашақта жұрт жамағат болып емес, жеке дара, оңашада отырып Тәңірге мінәжат еткісі келеді.
Бірақ бұған қарап болашақта жұрттың бәріне ортақ діни рәсімдер мен символдар жойылады деуге болмайды. Оны былайша түсіндірген оңай: Еуропада көп тіл бар. Бірақ олар бір ғана латын әліпбиін қолданып отыр. Әлемде жүзден аса тіл бар. Бірақ ешбір халық «Біздің тіл бәрінен артық» деп айта алмайды. Кез келген тілде сөйлейтін адам әлемге ортақ ақиқатты айта алады. Біз біреуге барып «Сенің ана тілің нашар екен. Бұл тілмен ақиқатты таба алмайсың. Менің тілімді меңгер. Шындықты менің тіліммен ғана жеткізе аласың» дей алмаймыз. Тура сол сияқты кез келген тілде өтірік айтып, елді адастыруға болады. Ендеше кез келген діннің түрі адамды бір ғана Тәңірге апаратын тура жолға салуға қабілетті, яғни ешкім де «Менің дінім ғана дұрыс. Біздің жамағатқа қосылсаң ғана тура жолды табасың» деп айта алмайды. Кез келген діннің ішінде жүріп трансцендентті қабілетіңді ұштауға болады немесе керісінше. Дінде жүріп елді де, өзіңді де адастырып, күнәға белшеден батуың мүмкін.
НЕВРОЗ ТЕОРИЯСЫ МЕН ТЕРАПИЯСЫ
Елдің дені Логотерапияны бірден түсінбей оны басқа ғылыммен шатыстырып алады. Сонымен «Логотерапия деген не?» деп сұраққа былай жауап берген абзал. Логотерапия панацея емес! Панацея – кез келген ауруға ем болатын дәрі. Яғни логотерапия кез келген ауруға ішкізе беретін аспирин емес деген сөзге саяды. Әрбір ситуацияда бұл ілімнің қолданылу тәсілі ұдайы өзгеріп отырады. Қатып қалған ереже жоқ. Бұл ойды теңдеумен өрнектесек, былай болады. Яғни әдістің таңдауы екі белгісіздің қосындысына тең.
Ψ = Х + У,
Х – пациент тұлғасының даралығы мен бірегейлігі. Әр пациент – өзінше бір әлем. Ол ешкімге ұқсамайды. Дәл сондай пациент алдыңызға қайта келмейді. У – терапевтің ерекше және бірегей тұлғасы. Пациент қалай ерекше болса, терапевт те – тура сондай өзгеше жаралыс. Оның да тұлғалығы қайталанбас өзінше дара. Сондықтан бір ситуацияда сәтті шыққан терапияны барлық ситуацияға бірдей қолданбаймыз. Тура сол сияқты, терапевт кез келген терапия түрін қолданумен бірдей нәтижеге қол жеткізе алмайды. Ситуация үнемі ала-құла боп өзгеріп тұрады. Менің бір танымал әріптесім «Егер екі невротикке бірдей емдеу тәсілін қолдансаңыз, онда екеуінің біреуін дұрыс емдеген жоқсың» деген еді немесе қарапайым тілге түсіргенде былай болмақ: екі белгісіздің қосындысы бұрын-соңды болмаған жаңа шешімге тең болады. Бірде мынадай оқиға болды. Түнгі сағат үштің кезінде телефоным шырылдады. Алдым. Ар жақтан бір әйелдің дауысы естіледі. Ол:
– Виктор Франкл сіз бе? – деді.
– Иә!
– Мен бүгін түнде суицид жасауға біржола бекінген адаммын. Өлер алдында сізбен тілдесіп қалайын дедім, Өмірдің мәні туралы не айтасыз? – деп мені жекпе жекке шақырғандай болды. Осылайша түннің қақ ортасында екеуміздің арамызда сұрақ-жауап басталды да кетті. Суицидтен бетін қайтару үшін жиған-терген тәжірибем мен білімімді түгел қолданып жатырмын. Ол алған бетінен қайтар емес. Менің әр бір айтқан аргументіме ол да ұтымды уәждер айтып, өзімді бұрышқа қамайды. Диалог бір сағатқа жуық созылды. Ақырында мен:
– Мадам, сіз мынадай шартқа келісе аласыз ба? – дедім.
– Қандай шарт?
– Ертең азанға дейін өзіңізге қол салмауға уәде бере аласыз ба?
– Не үшін? Мен бүгін өлемін деп нық бекінген адаммын!
– Ертең таңғы тоғызда маған клиникаға келіңіз. Дұрыстап сөйлесейік. Бұл түн ортасында телефонмен тынатын мәселе емес.
– Жарайды. Уәде берем. Тоғызда мені күтіңіз. Міндетті түрде барам. Бірақ бетіңізге айтайын, аргументтеріңіз түк те сенімді шыққан жоқ, – деді де тұтқаны қойды. Мен таңертең жұмысқа келіп, кабинетте оны күтіп отырдым. Келісілген уақытта ол келді. Келе сала:
– Айтпақшы, дәрігер, мен өлмеймін деп шештім, – деді.
– Неге?
– Бірден айтайын. Сіз «түндегі менің ақыл-кеңесімнен кейін солай шешті екен» деп қалмаңыз. Мен басқа себеппен суицидтен бас тартып келіп тұрмын.
– Иә, не нәрсе сізге әсер етті?
– Кеше сіз трубканы қойған соң әбден ойландым. «Айдаладағы бейтаныс әйелдің тағдыры үшін түн ортасында бәрін ысырып тастап арпалыса беретін нығылған адам бұл?» деп түнімен толғанып шықтым. Сосын таң ата «Егер елде мұндай өзінен бұрын өзгені ойлап, сол үшін жанын жеп қызмет ететін азаматтар болса бұл өмірді сүруге тұрарлық екен» деп шештім. Енді маған ешқандай да лекция оқымай-ақ қойыңыз. Мен тағдырымды қайтадан қолыма аламын, – деді де кабинеттен шығып жүре берді.
Бұдан шығатын қорытынды мынау. Бұл ситуацияда Логотерапиядан қайран болмады. Оқыған білім де, жиған-терген тәжірибе де дәртке аспады. Бұл жолы мәселені тек АДАМШЫЛЫҚ шешті! Пол Е.Джонсон «Логотерапия басқалармен таласқа түсетін терапия емес. Бірақ ол тыңнан қосылған су жаңа факторларын пайдаланып, басқалармен толық бәсекелесе алады» деген. Джонсонның мұндағы айтпағы – мынау: логотерапия қалыптасқан психотерапияны алмастыруды мақсат тұтпайды. Ол алдыңғы ілімді рухани өлшемдермен толықтырғысы келеді. Ол туралы Петрилович бүй деген: «Логотерапия психотерапияның басқа жүйелері сияқты құр босқа невроздық деңгейде терапия жасамайды. Оның амал-әрекеті невроздың арғы жағында жалғасады. Логотерапия адамның төл табиғатына тән. Оның таза адами өзегіне қадалған қауіпті «тікенді» суырады». Мағынасыз өмірден өніп шығатын жүйке ауруын экзистенция неврозы деп атадым. Бұл мәнге қатысы жоқ клиникалық неврозға антоним ретінде қолданылады. Психоаналитиктер «психикадағы невроздар психодинамикалық процестердің ауытқуынан не өзгеруінен пайда болады. Сондықтан осы өзгерістерді тоқтататын екінші бір психодинамикалық процестерді оларға қарсы қою керек» деп санайды. Одан бөлек адамның жүріс-тұрысында, қимыл, іс-әрекетінде әдепсіз, жағымсыз қылықтар пайда болады. Онымен де «әдеттену терапиясы» (Behavіourіsm, Поведенческая терапия) айналысады. Түрлі жағдайға орай кісінің кейбір қылықтары шарттанып, келе-келе әдетке айналып, ақырында кетпей қояды. Әдеттенген қылықтары сырт көзге оғаш көрінеді. Оларды емдеу үшін мамандар керісінше сүйкімді, әдепті қылықтарды шарттандыруға күш салады. Сол үшін пациентке әртүрлі жаттығулар жасатады. Пациент жаман әдетінен тыйылғанда неврозы да басылып, жаны жай табады. Бұндай кезде негізгі өлшемге шартты және шартсыз рефлекстердің механизмдері алынады. Логотерапия басқаша әрекет етеді. Бұл ілім адами өлшемді негізге алады. Барлық емдеу амалы адами деңгейде нышан беретін кеселдермен күреседі. Кісінің адами сипатын анық көрсететін екі қасиеті бар. Бірінші, адам өзін трансценденция жасай алады. Өзін ұмытып, басқа әлемге, басқа өлшемге өтіп кетеді. Екіншісі, өзін сырттан бақылап, сынай алады. Психотерапия адамның осы екі қасиетін негізге алып, психодинамиканың қоршауын бұзып өтеді. Яғни жағымсыз әдеттерді түзейтін тар шеңберден шығады да, адамға ғана тән өлшемдер алаңына өтеді. Бұны психотерапияның регуманизациясы десе жарасады. Проблемаға адами тұрғыдан қарау. Сонда ғана оны оңымен шешуге мүмкіндік молаяды. Бұдан да түсінікті болу үшін былай делік: «экзистенция фрустрациясы», «ноогенді невроз» деген диагноздарды қою үшін пациентке АДАМ деп қарауды үйрену керек. Адамға трансцендентті қабілетіне сүйеніп өмірінен Мән іздеуші жан иесі ретінде қарауға міндетті. Енді терапия тәсіліне бет бұрайық. Көбіне ноогенді ауруға жатпайтын психогенді невроздарды (жүйке жүйесі бұзылған аурулар) емдегенде кісінің өзін сырттай бақылайтын қасиетін пайдалану керек. Осы қасиеттен юмор келіп шығады. Адам бөтенді емес, өзін де әжуалап сынай алады. Кейбір оғаш қылығын, қате қадамын есіне алып, өзіне өзі күледі. Басқа бірде-бір тіршілік иесі өзін юморға айналдыра алмайды. Осындай реформа жүргенде ғана психотерапия саласын биік деңгейге көтеру мүмкін. Сонда ғана адами принциптер негізгі өлшемге алынады. Тағы да қайталап айтамыз. Ол үшін бірінші трансцендентті қабілетті назарға алу керек. Екінші сырттан бақылайтын қасиетті пайдаға асырамыз. Адамға жануар сияқты қарайтын ескі көзқарас жойылмаса, бұл ой жүзеге аспайды. Біріншіден, жануар Мән туралы толғанып, торықпайды. Екіншіден, айуан кемдігіне өзі күле алмайды. Бірақ біз осы жерде «Адам – ол тек адам және ол айуан бола алмайды» дей алмаймыз. Адамды айуанмен салыстырып, жоғарғы өлшемді анықтасақ, төменгі өлшем оңай білінеді. Пендені «АДАМ» деп нық анықтағанда бірінші оның адамға тән қасиеттерін танып, біліп, мойындап барып айтамыз. Ал егер «Адамның болмысында айуанның да қасиеттері бар» десем, ол да дұрыс. Адамның бойынан айуанға тән мінез-құлықтың көрінуі – қалыпты құбылыс. Себебі кісінің болмысында адами қасиеттер мен айуани қасиеттер қарама-қарсы тіресіп тұр. Немесе былай делік, бұл қасиеттер бір-бірімен матасқан ретпен емес, иерархиялық тәртіппен орналасқан. Яғни адами һәм айуани мінездер көже сияқты араласып кетпеген. Дұрысы, айуани мінездер төменгі жақта қаланып жатыр. Адами қасиеттер оның төбесінде тізіліп тұр. Франклдың ойын қазақша таныммен талдаса, былай болады. Мұсылман жұртында Тәңірі тағала айтты деп келетін бір хадис бар. Онда былай деген: «Ақиқатында Тәңірі тағала айуанды жаратты да, оның ішіне нәпсіні салды. Осылайша айуанның ішіп-жеп, тұқым шашатын тіршілігі таралды. Сосын Тәңірім періштені жаратты да, оның болмысына ақылдың нұрын дарытты. Осылайша періште мінсіз, пәк жаралысқа айналды. Ең соңынан адамды жаратты да, нәпсінің қуаты мен ақылдың нұрын оның болмысына қатар жайғастырды. Адам ақылына жеңдірсе, дәрежесі періштеден жоғары болмақ! Ал егер нәпсіқұмарлығына жеңдірсе, онда пенденің бағасы айуаннан төмен болмақ». Бұл ойдың логикалық жалғасын мұсылмандар киелі кітап деп санайтын Құраннан да табуға болады. Құранда адамның екі түрлі дәрежесі бары сипатталады. Киелі кітаптың бір сүресінде Адам ата ақыл, парасат, махаббат сайысында періштені түгел жеңіп, жеңімпаз атанып, ғиззат пен құрметке бөленеді. Тіпті күллі періште оған сәжде етіп, жеңілгендерін мойындап, адамға қызыға қарайды. Ал Құранның тағы бір сүресінде Тәңірі адамды айуанға теңеп, «бәлкім одан да төмен» деп сөгіп жатады. Психогенді неврозды емдегенде өзін сырттан қадағалайтын қасиетін тірілту үшін логотерапияның «парадокс интенциясы» деген техникасын қолданамыз. Ал трансцендентті қасиетін тірілткенде «дерефлекция» әдісін қолданамыз. Яғни назар мен көңілді өзге тарапқа қадау. Психикада ауру туғызатын үш түрлі реакция бар. Біріншісі былай. Адам бойында бір ауру нышан беріп, кейін келе өздігінен жоқ боп кетеді. Пациент сол сәтте «Тағы да қайталанбас па екен?» деп секем алып, қорқып қалады. Сол сәтте кісінің психикасында ауруды күтіп, алаңдайтын фобия қалыптасады. Фобия алдыңғы синдромды шынымен де қайталайды. Пациенттің алдыңғы қаупі расталып, үрейі үдей түседі. Осылайша адам шығатын шеті жоқ жынды шеңберге (порочный круг) қамалады. Жағымсыз сигналдар бірін бірі түртіп, дабыл қағып, дөңгелек шеңберде бірін бірі қуалап, тоқтаусыз айнала береді. «Қорыққанға қос көрінеді» деген осы. Қорыта айтқанда симптом фобияны түртеді. Фобия симптомды түртеді. Пациент осы шеңберді үзіп шыққанша фобияның құшағында қалтырап, қалшылдап домаланып жүре береді. Кейде үрейдің өзі пациенттің «Қайталанбаса екен» деп қорқып тұрған нәрсесі болуы мүмкін. Пациенттер үрейлерін қалайша асқындырып алады? Қалайша оған серпін береді? Фобияның бой бермей, жұлқа тартып кетуіне мотив беріп тұрған не нәрсе? Дұрысы былай: пациент фобияның өзінен емес, оның тисе оңдырмайтын салдарынан қорқады. Әдетте олар үрейленсек, қорықсақ талып құлаймыз немесе қорыққанда инсульт яки инфаркт алуымыз мүмкін деп дірілдеп бір бәлені күтіп отырады. Сөйтіп отырғанда күткен бәлесі де келіп жетеді. Олар әдетте үрей билегенде одан қашып құтылуға тырысады. Мысалы, агорафобияны алайық. Бұл фобия сананы билегенде адам ашық даладан қорқады. Кеңге шықса, аспан айналып үстіне құлап түсетіндей қорқып тұрады. Ол фобиясы күшейгенде үйінен шықпай бөлмесіне қамалады. Алайда осы үрейді үдетіп жіберетін дерті қайда? Енді осыған жауап ізделік. Көбіне адам аттандап дабыл туғызатын ситуациядан қашқанда осы дерті құтыра бастайды. Психотерапевтердің көбі мынадай қателікке ұрынады. Олар санадағы шартты рефлекстің қалыптасып қалуының алғашқы шарттарын іздеп кетеді. Пациенттерінен: «Ең басында қалай болды? Неден қорқып қалдың? Оқиға қалай болды?» – деп сұрай береді. Сөйтіп бірінші ситуациядан шиырлап шықпай қояды. Невротикалық симптомды байқаса, дереу соны туғызған ситуацияның ішкі және сыртқы себептерін іздей бастайды. Біздіңше, бұл қате әдіс. Біздің теория бойынша психикаға дендеп кеткен невроз адамға бір ғана себептен емес, оның бірнеше рет қайталануы арқылы беки түсуінен туындайды. Шарттанып қалатын рефлекс, яғни қайта-қайта адамның жүйкесін жұқарта бастайтын невротикалық ауру, қорқынышты күтіп жүргеннен күш алып, асқына бастайды. Мысалмен айтқанда былай болады: бір адам бала кезінде шынымен де бір қорқынышты оқиғаға куә болып шошып қалады. Нөсер жауында қасына найзағай түсуі мүмкін немесе бөтен аулаға кіргенде ит қауып алуы мүмкін. Сөз жоқ, бұл оған сол мезетте сұмдық кері әсер етеді. Бірақ адам соны ойлап, тағы да солай болуы мүмкін деп күте бастаса, ауруы асқынып, тамырын тереңге жібереді. Яғни қалау ойды туғызса, үрей ауруды туғызады. Егер жүйкені қақпан сияқты қысып қалған қауіпті шеңберді үзгіміз келсе, бірінші парадокс интенциясына жүгінуге мәжбүрміз. Ол әдіс туралы төменде егжей-тегжейлі баяндаймыз.
Обсессивті невроз
Ауру туғызатын реакцияның екінші түрі былай. Бұл кезде фобия болмайды. Адамға әртүрлі келеңсіз ойлар сағыз сияқты жабысып алады. Оңбаған ойларды қанша жерден ойламайын десе де, олар жан-жақтан қамыстай қаулап, сананы шырмауықтай шырмап алады. Пациент енді оларға қарсы өзінше «соғыс» ашады. Ойларды өшіріп тастағысы келіп, іштей бір амалдар жасап, күресіп бағады. Бір қызығы, ол қарсыласқан сайын ойдың шабуылы үдей түседі. Пациент ондай ойларды миымнан шығарып тастаймын деп одан сайын ерегіседі. Келеңсіз ойлар одан сайын еселенеді. Осы сәтте шеңбер тағы да тұйықталып, қақпан сарт етіп жабылады. Осылайша ауру адам құйындай ұйытқыған опасыз ойларға оратылып кете барады. Жабысып алатын невроздың фобиядан айырмасы мынада: фобияда адам үрейден қорқып қашады. Ал мұнда жабысып алатын ойларға қарсы шабуылға шығады. Тағы да мынадай сұрақ туындайды. Пациентті бұл күреске не итермелейді? Тексеріп көрсең, мынадай фактілер мәлім болады. Пациенттер «Бұл оңбаған ойлардың шеруін қалай да тоқтату керек. Әйтпесе бұл мұнымен бітпейді. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Жынданып кетуім мүмкін» деп дірілдей бастайды немесе олар «Кілең қылмыстық ойлар ойлайтын боппын. Арты жақсы болмайды-ау. Өстіп жүріп біреуді өлтіріп қоймасам болғаны немесе өзіме бір зиянкестік жасап қоймайын» деп уайымдайды. Қалай десек те, бір нәрсе анық. Жабысқақ ойлардың қоршауына түскен адам үрейден емес, үрей алдында тұрған өзінен қорқады. Парадокс интенциясының міндеті – осы шеңбердегі механизмнің екеуін де қиратып, құрдымға жіберу. Мұны пациенттің психикасындағы үрей ошағын күйретіп барып жасауға болады. Фобиясы бар пациент өзіне бірдеңе болады деп үнемі үрей құшағында жүрсе, сол сияқты жабысқақ неврозға шалдыққан адам оны өзі жасаудан қорқады. Енді осы кеселді жою үшін стратегияны былай құрамыз: пациент өзі қатты үрейленетін нәрсенің (фобия кезінде) тезірек болуын тілейді. Ішінен: «Ал, келсең, кел енді тезірек. Сенен қорқады деп тұрсың ба? Бол енді. Әйтпесе өзім-ақ жасай саламын» деп фобияны жекпе жекке шақырады. Немесе бір оңбаған ой жанына жабысып, ығырын шығарса: «Осы ойым тез жүзеге асып, қалған ісім кері кетсе ғой» деп оспадарсыз ойларды ымыраға шақырады. Сол кезде олар керісінше ыдырайды.
Парадокс интенциясы немесе екі ерін принципі
Франклдың парадокс интенциясына зер салып байқасаңыз, бұл – ауру шақыратын екі реакцияның кері айналған түрі немесе екі еріннің принципі сияқты. Ти десе тимей, тиме десе тию керек. Франклдың өзі бүй дейді: парадокс интенциясын 1929 жылы тәжірибеде қолдандым. Элизабет Бедой есімді танысым мынадай естелік айтып берген еді: «Бір үйдің тоғыз жасар ұлы түнде төсекке кіші дәретін «кіш» етіп қоятын. Ата-анасы сол үшін баласын сабап та, ұялтып та, қайрап та көрді. Одан нәтиже шықпады. Олар басы қатып, ақырында менің әкемнен ақыл сұрады. Әкем оған «ұйықтап жатып төсекті былғап қойсаң, 5 сом ақша берем» деді. Бала қуанып кетті. Былай шыға бере, ол маған «сені киноға апарамын, тәтті әперемін» деп уәдені үйіп-төкті. Бірақ бір емес, бірнеше апта өтті. Ол сонша күнде 10 сомды зорға тапты. Бір күні маған түнде әдейіге «кіш» етумен байығысы келгенін ашық айтты. Бірақ онысынан ештеңе шықпаған. Балақай өзіне өзі аң-таң болып қарап тұрды. Әйтпесе ол ұрындары түн құрғатпай көрпешесін былғап жүрген бала еді». «Екі ерін принципі» (Парадокс интенциясы) тиімді тәсіл ретінде бұрын да ел арасында қолданылып келген. Логотерапия тек оны негізгі тәсілдерінің бірі етіп қойды да, жүйесін реттеп алды. Екі ерін принципінің негізгі сиқыры – адам өз кемдігіне өзі күле алады. Оны біз юмор деп атаймыз. Юмор бізге қандай қылықтан қашық тұруды үйретеді? Әжуаға ілінген кісі тағы да елдің мазағына қалмас үшін өзін бақылай бастайды. Екі ерін принципін қолданғанда адамның осы қасиеті басты назарға алынады. Конрад Лоренцтің «Юмордың қадіріне әлі жеткен жоқпыз» деген пікірін ескірген деп санау әлі ерте. Енді парадокс интенциясының мазмұны ашылу үшін мынадай анекдот айтып берейін. Бір оқушы мектепке кешігіп келеді. Апайы:
– Сабаққа неге кешіктің? – дейді. Оқушы:
– Ой, апай, сіз білесіз бе, бүгін даладағы мұздың қандай тайғанақ екенін?
– Иә, қандай екен?
– Мұздың беті айнадай тайғанақ. Бір қадам алға бассам, екі қадам артқа кетем. Бір қадам алға бассам, екі қадам артқа кетем.
– Сен неге өтірік соғып тұрсың? Қалайша сен бала өтірік айтасың, а?
– Ой, апай, өтірік емес, шын айтам.
– Өтірік айтқаныңды мынадан-ақ білуге болады. Егер сен артқа екі қадам сырғанасаң, мектепке қалайша жеттің? Сен артқа кері кетсең, мектепке емес, үйіңе баруың керек еді ғой?
– Иә, иә, дұрыс айтасыз, апай. Мен де соны білдім. Сөйттім де, теріс айналып үйіме жүрдім. Сөйтіп ем, сырғанып отырып мектептен бір-ақ шықтым, – дейді.
Енді осы анекдоттың түпкі идеясын логотерапия тәжірибеде қалай қолданады, соған келейік. Нақты болған бірнеше оқиғаны баяндайын. Сан-Диего (Калифорния) қаласының тұрғыны Спенсер Адольф М. маған былай деп хат жазды: «Өмірден Мән іздеген адам» кітабыңызды оқып шыққан соң парадокс интенциясын сынап көрудің сәті түсті. Университетте Мартин Бубер жайлы семинарға қатысушы ем. Онда басқаның пікіріне қарсы тұжырымдар айтуым керек деп сабаққа белсенді дайындалдым. Кенет қобалжып, қатты терлей бастадым. Сол-ақ екен,«Қап, мына күйімді ел-жұрт көрсе, күлетін болды-ау» деген үрей бойымды билеп алды. Одан сайын шылқып кеттім. Кенеттен сіздің мысалыңыз есіме сап етті. Неге соны қолданбасқа? Мен де сондай жағдайдамын. Бұрын психотерапияға, әсіресе логотерапияға күдікпен қараушы ем. Мына жағдай күмәнмен күресіп жеңу үшін де зор мүмкіндік емес пе? Оның үстіне, парадокс интенциясын сыннан өткізер керемет шанс. Сонда бір әріптесіңізге бүй дегеніңіз санамда әлі сайрап тұр. Сіз оған «Басқа жұртқа қалай шылқып терлейтініңді әдейілеп көрсет. Қазір денемнен 1 литр тер шығып жатыр. Бұл – әлі бер жағы. Енді денемнен 10 литр тер шығарам» деп күшенуге кеңес бергенсіз. Мен де семинарға баяндама жасауға шыққанда: «Қанекей, Спенсер, тым болмаса, бір рет мына әлеуметке шылқылдап терлеудің қандай боларын жақсылап бір көрсетші. Бұл – саған берілген зор мүмкіндік. Барынша қатты терле! Аянып қалма!» деп өзімді қамшылаумен болдым. Сол-ақ екен, денем құрғай бастады. Ал кеп күлкі қыссын әлгі жерде. Бұл әдіс сондай шапшаң әсер етеді деп кім ойлаған!? «Сайтан алғыр, мынау тегін емес. Мұнда сиқыр бар» деп қоям ішімнен. Осының алдында ғана логотерапияға күмәнданып отыр едім ғой». Мұхаммед Садық атты дәрігер хатында бүй дейді: «48 жастағы N есімді әйел су толы стақанды қолымен ұстай алмайтын. Қолы қалшылдап, қалтырап, бәрін төгіп-шашып алатын. Қалам алып жазса да солай. Қолы дірілдеп кітап та оқи алмайтын. Бірде екеуміз үстел басында қарама-қарсы отырып қалдық. Кенет оны безгек буғандай қалшылдап ала жөнелді. Сол кезде парадокс интенциясын сыннан өткізгім келді. Әзілдеп:
– Фрау N, қол дірілдетіп жарысуға қалай қарайсыз? – дедім.
– Түсінбедім? – деді ол.
– Кім жылдам және ұзақ қалтырайды, сайысып көрейік.
– Сіздің де осы дертпен ауыратыныңызды білмейді екем.
– Мен ауырмаймын. Бірақ қаласам, қолымнан келеді, – дедім де, қолымды қалшылдата бастадым. Ол:
– Уай! Маған қарағанда, тез қалтырайды екенсіз, – деп таң-тамаша қалды. Күліп жіберді де, барынша жылдам қалшылдауға күш салды. Мен:
– Жылдам, фрау N, тезірек дірілдеуіңіз керек. Қалып барасыз, – деп одан сайын қамшылап қоям.
– Қолымнан келер емес. Қойыңыз, бұдан артық дірілдей алмаймын, – деді. Қатты шаршап қалды. Орнынан тұрып, асүйге кірді де, бір кесе кофе алып шықты. Бұл жолы қолы дірілдемеді. Кофенің бір тамшысын төкпестен рақаттанып ішіп алды. Содан бері қалтыраса болды, «Қанекей, фрау N, сайысуға қалай қарайсыз?» деймін. Ол күледі де «Жарайды, келіңіз» деп жарысқа дайындалады. Артынша қолы сап тыйылады».
Бір университеттің ассистенті былай деп хат жазады: «Ісім өніп, тасым өрге домалап келе жатқан. Көптен бері тағатсыздана күткен қызметке орналасудың аз-ақ алдында тұрдым. Калифорнияға отбасымды көшіріп алудың қолайлы сәті туды. Жұмысқа алардың алдында сөйлесіп тексеруі керек. Бірақ өзім туралы жақсы әсер қалдырамын деп тыраштансам, бірден жүйкеме кері әсер ететін. Жүйкем жұқарса, аяқтарым дірілдейтін әдетім бар. Оны тіпті қасымдағы адам байқайтын. Сұхбатқа кірердің алдында тура солай болды. Бірақ өзіме былай дедім: «Қазір қарғыс атқыр бұлшық еттерім қалтырайды. Жын қаққандай орнымнан атып тұрамын да, жұлқынып билей жөнелемін. Жұрт «мына бейбақ ақылынан адасты» деп ойласын. Сөйтіп елдің көзінше қалтыраудан рекорд жасаймын». Осылайша теріс ниет етіп, сұхбатқа кіріп кеттім. Бұлшық еттерім селт еткен жоқ. Қызметіме қол жеткіздім де, отбасымды Калифорнияға көшіріп алдым». Тұтығып сөйлеу кезінде парадокс интенциясын қолдану да – көп талданған тақырыптың бірі. Манфред Айзенман Брайсгаудағы Фрайбург университетінде осыған қатысты диссертациясын жазып шықты. Кекештерге қолданумен жақсы нәтижеге қол жеткізген дәрігер де баршылық. Олар да сол салада жеткен жетістіктерін бір-біріне үйретіп жатады. Мынадай қызық оқиға болған. Бір колледжде кекеш студент оқитын. Бір шараға орай достары сахынада қойылым қою керек болады. Спектакльдің бір кейіпкері кекеш еді. Достары «ақыры кекешсің ғой, осы рольді сен ойна» дейді. Ол рольді алып, мәтінді жаттайды. Бірақ сахынаға шыққанда керісінше тұтықпайды, сау адам сияқты сөйлеп тұрады. Осылайша оны рольден алып тастады. Мұхамбет Садық атты дәрігердің тағы бір хатын келтірейін. «Біздің ауруханада 54 жасар әйел адам емделіп жатты. Ол дәрі ішпесе, ұйықтай алмайтын. Дәріге тәуелді боп қалыпты. Ол түнгі сағат ондар шамасында палатасынан шықты да:
– Мен дәрімді алдырсам бола ма? – деді.
– Өкінішке орай, жоқ! Медбике қыздар бүгін жаңасын алдырып қоюды ұмытып кетіпті, – дедім.
– Енді қалай ұйықтаймын? – деді көзі бақырайып.
– Бүгін дәрі ішпей-ақ ұйықтауға тура келеді, – дедім. Ол екі сағаттай жатты да, қайтып шықты:
– Көзім ілінер емес, – деді.
– Былай етіңізші. Қызық болсын, «Бүгін ұйықтамаймын. Ерегіскенде таң атқанша ояу жатам» деп өзіңізге серт беріңіз, – дедім.
– Мен өзімді ғана ауру адам деуші ем. Сіз де сондайсыз ба? – деді маған біртүрлі қарап.
– Кейде маған науқас сияқты боп жүрген ұнайды. Кәнекей, таң атқанша ояу отырыңызшы, – дедім.
– Шын айтып тұрсыз ба?
– Иә, төсекке жатыңыз да, ерегіскенде таң атқанша көз ілмей ойланып жатам деп серт беріңіз. Сосын көресіз қызықты.
– ОК, – деді де, палатасына кіріп кетті. Таңертең таңғы асқа оятуға кірсем, қорылдап жатыр екен.
Жаңа Зеландия университетінің психиатры Р.В.Медликотт парадокс интенциясымен ұйқыға ғана емес, түске де әсер еткен жалғыз дәрігер десе де болады. Медликотқа бір қыз келеді. Ол жатарда көзі ілінсе болды, түс көреді. Түсінде біреу ізіне түсіп, аңдып жүреді. Бір бұрышта пышағын сұғып алады. Сол кезде ол жанұшыра айқайлап, өзі де оянып кетеді, күйеуін де оятып жібереді. Күн сайын көргені – осы. Медликотт оған «Енді түсіңізде былай етіңіз. Пышақ сұққанда оянбаңыз. Өлтіріп болғанша күтіңіз. Аяғы немен бітер екен?» деп кеңес береді. Сонымен қыздың түсі немен бітті дерсіз? Келіншек қорқынышты түстің құрсауынан құтылды. Бірақ, қызығы, күйеуінің ұйқысы қалпына келмей қалды. Есесіне әйелі түсінде күле беретін әдет шығарды. Парадокс интенциясы тіпті ауыр, созылмалы сырқаттарға да көмектесетінін байқадым. Мәселен, бір кісі 60 күн бойы жабысқақ ойлардың елесінен азап тартып, парадокс интенциясының арқасында құлантаза айықты. Одан бөлек Хенкель, Шмук, Бастин сияқты тәжірибелі психоаналитиктердің жұмысына сүйеніп, бұл әдістің әсерлі һәм тиімділігі туралы мәлімдеді. Макс Джебокс мынадай жайтты жазады. «К. есімді келіншек 15 жылдан бері клаустрофобиямен (адам жабық бөлмеге кірсе болды, мазасы қашып, мыжылып, тұншығып өлетіндей тыпырши бастайды) оңбай ауыратын. Ол сол кезде Оңтүстік Африкада гастрольдік сапарда жүрген. Екі аптадан соң Англияға ұшуы керек. Ол опера әншісі болғандықтан ұшақта көп жүретін. Ол ұшаққа мінсе де, лифтіге кірсе де, ресторанға барса да, жаны қысылып, мазасы қашатын. Макс Джекобс оны қалай емдегені туралы бүй дейді: «Сол кезде Франклдың парадокс интенциясының техникасын қолдандым. Пациентке: «Үрейіңді қоздыратын сезімді іздеп тап», – дедім. Ол «Осы жерде дем жетпей, жарылып өлем» деп өзіне айта беруі тиіс. Оған қосымша прогрессивті релаксация мен десензитация бойынша да ақыл-кеңестер бердім. Екі күннен соң ол емін-еркін ресторанға барып, лифтіге кіріп, автобусқа мінетін болды. Төрт күннен кейін үрейден арылып, киноға барды. Англияға ұшқанда да ауруы мазасын алмады. Лондонға жеткен соң да қорықпай метроға мінетін болыпты. Оның метроға мінбегеніне де біраз болған екен. Арада 15 ай өткен соң әншінің бойындағы қорқыныш ізім-ғайым жоғалыпты». Джекобс фобиядан бөлек, жабысқақ невроз туралы тағы бір оқиғаны баяндайды: «Т. есімді жігіт 12 жылдан бері неврозбен ауырады. Психоанализге де барыпты. Электршокты да көріпті, бірақ бәрі де нәтижесіз аяқталған. Ол тамақ жесе, су ішсе, қақалып қалатын адам сияқты қорқып отыратын. Одан бөлек көшені қиып өтсе де, тұла бойын үрей билейтін. Дәрігер оған «Неден қорықсаң, соны ерегісіп әдейі жаса» деп кеңес берді. Енді ол су ішкенде, қақалып-шашалуға барын салуы тиіс. Дәрігер «Күн сайын кемінде осылай үш рет қақалып қал» деді. Бұдан бөлек релаксация тәсілін де қатар қолданды. Бұл әдісті он екінші рет қолданғанда пациент ауруынан толық айықты». Тіпті қарапайым адамның осы әдісті өзіне сәтімен қолданғаны –таңғаларлық жайт. Менің алдымда 14 жыл агорафобиядан азап шеккен әйелдің хаты жатыр. Ол 3 жыл ортодоксальды психоанализ әдісімен емделген. Бірақ жазылмаған. Сосын 2 жыл гипнотизерге барып емделген. Сол кезде аздап уақытша жақсарған. Алты апта ауруханада жатыпты. Бәрі де нәтижесіз. Ол былай деп жазады: «14 жыл ешнәрсе өзгермеді. Өзімді тозақта жүргендей сезіндім. Бір күні көшеге шығып ем, бойымды үрей билеп алды. Дереу үйге зытпақшы болдым. Сол кезде «Өмірден мән іздеген адам» кітабынан оқығаным есіме сап етті. Іштей «Қазір мына халыққа есер адамша қалай дүрлігіп, есімнен, күшімнен айрылатынымды көрсетемін» деп күбірледім. Сол-ақ екен үрей сейіле бастады. Асықпай дүкеннен сауда-саттық жасадым. Алайда кассаға жақындағанда терге малынып, қайтадан қалтырай бастадым. Тағы да «Қазір, кассир қызға қалай терлейтінімді көрсетейін. «Өнерімді» көргенде таңғалыстан көзі шығып кетсін» дедім. Сол сәтте қорқынышым пышақ кескендей сап тыйылды. Осыдан бастап қит етсе, солай жасаймын. Бірнеше аптадан соң үрейім ұшты-күйлі жоғалды. Кейде «Осы менде фобия болып па еді?» деп таңғалам».
Сексуалды невроз
Енді ауру туғызатын реакцияның үшінші түрін қарастырамыз. Біріншісі фобияға тән болды. Екіншісі жабысқақ неврозға қатысты болды. Ал үшінші ауру туғызатын реакция механизмі сексуалды невроз кезінде болады. Біз онымен потенция мен оргазм проблемасында бетпе-бет келеміз. Бұндай кезде пациенттер проблемамен әлінше күреседі. Бірақ бір нәрсеге қарсы күреспейді (мысалы, жабысқақ мазасыз ойларға қарсы күрескен сияқты). Олар потенция мен оргазм түріндегі жыныстық рақатқа бату үшін күреседі. Бірақ мол ләззатқа ұмтылған сайын ол ұстатпай қаша береді. Рақаттың көліне армансыз шомылу үшін өзіңді толық ұмытып, өзгеге ессіз берілу керек. Одан бөлек оның жолы ашылмайды. Бірақ мұндай шұбатылған ұзын жолмен ирелеңдеп жүруге көбінің төзімі жетпейді. Төте жол іздеп шабылады. Рақат пен ләззатқа тезірек бата қалғысы келеді. Бірақ төте жол әманда тұйық болады. Былайша айтқанда, «Бір өткел бар алыс, алыс та болса жақын. Бір өткел бар жақын, жақын да болса алыс» дегенге саяды. Осылайша төте жол іздеген пациенттер тағы да тұтқынға түседі. «Өлсем де, тірілсем де, рақатқа батам» деген күрес басталғанда тағы да гиперинтенция іске қосылады. Ерлер потенция өсірем деп неше түрі препарат ішіп әуре болады. Әйелдер жағы оргазм аулағысы келеді. Гиперинтенция рақат әкелмейді. Ол керісінше гиперрефлекцияны тудырады. Гиперрефлекция күшейгенде ерлі-зайыптылар өліп-өшіп бір-біріне сіңісіп кетпейді. Екі жақ та өздерін төсектегі қатынаста бақылап жатады немесе серігін аңдиды. Бақылау мен аңдыс белең алған аймаққа ырықсыз туатын оргазм кіре алмайды. «Ер адамның потенциясын күйрететін гиперинтенция неден туады?» деп сұрайды. Жауабы былай болса керек. Кейбір еркектер жас кезінде дұрыс жыныстық тәрбие алмайды. Олар төсектегі «тірлігін» атқарғанда бейне бір ерлік іс көрсету керек сияқты сезінеді. Өзіне сондай талап қойып, іштей ширығып жүреді. 1946 жылы осы жайтты байқап, біраз мақала жазғам да. Ер адам төсектегі «тірлікті» бейне бір азаматтық парызы сияқты қабылдайды. Бұлайша секске мәжбүрлеу адамның ішкі «Менінен» келіп шығады немесе ситуация солай мәжбүрлейді. Бірақ кей кездері жұбайының тарапынан да тура сондай талап күшеюі мүмкін. Кейбір ақымақ әйелдер «еркек екеніңді дәлелде» деген сияқты надандау талап қояды. Ер адамның назары әйелдің талабын орындауға ауғанда рақаттың есіктері өздігінен жабылады. Сонда гиперрефлекцияны жеңетін нәрсе жоқ па? Бар. Оны дерефлекция жеңеді. Бұл енді ауруды кері айналдырады. Біз енді пациентке кері міндет жүктейміз. Яғни төсекте «тірлікке» кіріспеуге үгіттейміз. «Төсекте тек жоспар бойынша қимылда. Жарыңды сылап-сипалап, мейлінше еркелет, бірақ одан «әріге» барушы болма. Сосын әйеліңе былай деп айт: «Жаным, бүгін бұдан «әрі» бара алмаймын. «Тірлікке» тыйым салынды. Аймаласып, сүйісуді қанағат етелік». Енді екі жақ та «іске» бас салып кірісуге емес, керісінше оның қызығына кіріп кетпеуге күш салады. Бұрынғы «көрсет күшіңді» деген талап жойылғанда, рефлекстер екеуінің пайдасына жұмыс істейді. Екі ғашық «тірлікке» кіріп кетпес үшін бірін бірі қатаң бақылаған сайын рақаттың көліне қалайша «күмп» ете қалғандарын байқамай қалады. Бұл әдісті де Уильям С.Саакян мен Барбара Жаклимн Саакян әсерлі деп санайды. Мастерс пен Джонсон атты екі психотерапевт бұны сыннан өткізіп көрді. Олар 1970 жылы бұл әдістің жүйесін жасап шықты. Олардың істегендері мен біздің 1947 жылы жариялаған ғылыми мақаланың арасында ұқсастық жетерлік. Енді нақты болған оқиғаларды айта кетелік. С. есімді келіншек бізге келіп қаралды. Ол төсекте салқын екен. Эротикалық эмоцияға беріле алмайды. Туған әкесі ол қызды бала кезінде зорлаған. Ондай кезде біз «А, сіз бала күніңізде сондай зомбылық көріп пе едіңіз? Ой, оның арты жаман болады» деп айтпаймыз. Дәрігер одан: «Сіз енді сол зорлықтың кесірлі нәтижесін күтіп жүрген жоқсыз ба?» – деп сұрады. Ол: «Иә», – деді. Бұл – мынадай нәрсе. Егер пациент «Психикамда жарақат бар» десе, ол шынымен де бар болады. Ал егер «Жоқ» десе, онда жоқ болады. Артынша анық болғандай ол соның алдында ғана психоанализ бойынша танымал кісінің біраз лекциясын тыңдап алыпты. Олар әлбетте «Мұндай зат із-түзсіз кетпейді. Ерте ме, кеш пе, оның кесірі бір жерден шығады» деп сендірген. Бір сөзбен айтқанда, әйелдің ой-санасын библиогенді қорқыныш билеп алған. Ол енді төсекте үнемі «Баяғы оңбаған оқиғаның бәлесі білінуі керек» деп күтіп жатады. Сондықтан жұбайы жақындаса болды, оның назары өзі мен күйеуіне қадалады. Қалай ол «тірлікті» қатаң бақылауға алады, солай сап-салқын боп шыға келеді. Күйеуі қойнындағы мұздай әйелден мезі болады. Олардың хәлімен танысып болған соң қулыққа көштім. «Ренжімеңдер. Қазір сендерді емдеуге уақытым жоқ. Екі айдан соң келіңдерші. Бірақ оған дейін сендерге тапсырма бере салайын. Бұдан былай оргазм туралы ойлаушы болмаңдар. Бұл тақырып терапия басталғанда арнайы қозғалады. Одан да төсекте бір-біріңді тануға тырысып, көбірек сырласыңдар», – дедім де, үйлеріне қайтардым. Қайдағы екі ай күткен?! Олар екі күннен соң қайта келді. Олар қанша тырысса да, төсекте құр сырласып жата алмапты. Тежелем деп тырысқан сайын бәрін «бүлдірген». Оның мұздай сезімдері ғайып болып, рақаттың құшағына армансыз еніпті. Бұл әдіс жемісті болу үшін ерлі-зайыптының екеуі де дәрігердің қулығынан бейхабар болғаны жақсы. Мирон Хорну есімді бір шәкіртім бар. Ол да осындай қулық ойлап тапқан. Оған ерлі-зайыпты бір жұп келіп қаралады. Әйелі: «Күйеуім импотент. Мен ләззат алудан күдер үзіп барамын. Бұлай жалғаса берсе, мен де рақаттың дәмін тату үшін бір күні басқамен байланысып, күйеуімнің көзіне шөп салатын шығармын», – деп шағымданады. Хорну оларға былай деп кеңес беріпті: «Бір апта бойына былай етіңдер. Күн сайын түнде төсекке тыржалаңаш жатыңдар. Аймаласып-сүйісіп, сырласыңдар. Бірақ «қосылу» туралы ойлаушы болмаңдар». Пациенттер:«Құп болады», – дейді де, кетіп қалады. Олар бір аптадан соң қайта келіп: «Біз барынша тырыстық. Өкінішке орай, үш рет қосылып қойдық», – дейді. Хорну ренжіген сыңай танытып: «Бұларың не енді?! Мен сендерге адам сияқты айттым ғой қосылмаңдар деп. Айналайындар-ау, бұл әрі-беріден соң сендер үшін жасалып жатқан терапия ғой», – дейді. Олар тағы да бір апта солай жасамаққа уәде беріп кетіп қалады. Бірнеше күннен соң маған телефон соғып: «Дәрігер, қанша тырыссақ та болмай жатыр. Сіздің талапты қоя саламыз-ау. Себебі керемет тәтті түндерді бастан кешіп жатырмыз», – деп ағынан жарылады. Хорну «Жарайды енді. Қосылсаңдар, қосылыңдар. Мен не дейін», – дейді шарасыз күй танытып. Дәрігер бір жылдан соң олармен хабарласып, не болғанын сұрапты. Олар: «Бізде бәрі жақсы!» – деп жауап беріпті. Калифорниялық психотерапевт Густав Эрентраут мынадай оқиғаны баяндайды. Оған бір ер жігіт келіп қаралады. Оның проблемасы ғашығымен «қосылғанда» ұрығы тез шығып кетеді екен. Түрлі тәсілмен емделіп көріпті. Ештеңе шықпаған. Густав парадокс интенциясын қолданғысы келеді. Дәрігер оған: «Әйеліңнің рақатын ойлама. Себебі енді ұрығыңды тежей алмайсың. Болар іс болды. Бұдан былай «тірлігіңді» тез бітіруге тырыс», – деп кеңес береді. Нәтижесі тағы да керісінше шықты. Жігіт төсектегі «тірлігін» төрт есе ұзақ жасайтын мықтыға айналды. Жалпы осыған ұқсас оқиғаларды көптеп келтіруге болады. Болмай жатқан құбылысты кері бағытта істеуге тырысқанда ол оңға дөңгелейді. Қорытып айтсақ, былай болып шығады: бір нәрседен қорыққанда фобия біздің қорыққан нәрсемізді жүзеге өзі асырады. Адамның қалауы ойды тудырса, фобия оны дүниеге әкеледі. Енді ортақ заңдылыққа назар аударыңыз. Фобия қорқып қашқан нәрсемізді алдымызға тосса, бір қызыққа шамадан тыс құмар болып, оны мақсатты түрде қуалағанда керісінше ол уыстан шығып кетеді. Логотерапия осы заңдылықты кері қолданады. Дәрігер пациенттің қорқып-үркетін нәрселерін мақсатты түрде қалауға және істеуге мәжбүрлейді. Сол кезде құда да, құдағи да тыныш табады. Ұйықтай алмай азап шегетін адамға дәрігер осыны қолданса болады. Ұйқысы қанбаған кісі күні бойы шаршап, дел-сал боп жүреді. Жатар уақыты болғанда «Ұйқым келмей қалса ше?» деген ой сап ете қалады. Соны ойлап қобалжыған сайын ұйқысы тағы да қашады. Қателік осы арада жатыр. Енді ұйқыны аңдуға, іздеуге, күзетуге көшеді. Ой санасы, назары ішіндегі процесті қатаң бақылауға алады. Бақылау үдеген сайын көзі бақырайып, серги бастайды. Сергіген сайын демалу алыстай береді. Ұйқы – адамның толық босаңсуы ғана. Ал мұнда адам ұйқыға саналы түрде ұмтылады. Ұйқы – адамның бейсаналы күйге өтуінің көрінісі. Ал ұйқы туралы саналы ой мен ұшқыр қиял ұйқыны ішке кіргізбей үркітіп жібереді. Бұл ауруды жеңу үшін көбіне пациенттерге мынаны айтамыз: «Организм қажетті ұйқының мөлшерін әманда өзі алады. Сондықтан оны организмге қинап кіргізе алмайсың. Оған көмекке барамын десең, керісінше кедергі келтіресің. Одан да организміңе сен. Ол өзі алып шығады». Осыны ұғынған пациент қалыпқа тез түседі. Қысқасы, түн ұйқысы безіп кеткен адам ұйқыдан басқа нәрсені ойлағаны жақсы. Сол кезде тәтті ұйқыға тез батады. Қысқасы, «Ұйқым келер ме екен?» деген үрейді «Өлсем де, ояу жатам» деген ерегіс алмастырсын. Ол үшін былай етсе де болады. «Бүгін түнде таң атқанша ұйықтамаймын» деп ниет етсін. Сосын «Одан да өткен-кеткенді еске алып, алдағы демалысты қайда және қалай өткізу керегін ойластыра берейін» десін. Осылайша ой мен ниеттің бәрі басқа тарапқа ауғанда ұйқы ешқандай бөгетсіз сүйікті ісіне кіріседі. Ол шаршаған адамды демде тәтті ұйқыға батырып, міндетін адал атқарады. Францияның атақты психиатры Дюбуаның ұйқы жайында айтқан мына пікірі өте ұнамды. Ол ұйқыны көгершінмен салыстырған. «Көгершін ұшып кеп адамның дәл қасына қонады. Адам оған мән бермесе, ол да ұшпайды. Оған назар аударып ұстаймын деп ұмтылғанда көгершін пыр етіп ұша жөнеледі». Бернаностың «Ауыл священнигінің күнделігі» деген еңбегінде мынадай ғажап бір фраза бар. «Өзіңді жек көру соншалықты қиын да емес. Бірақ Тәңірдің пендесі үшін жаратқан ең ұлық нығметі өзіңді толық ұмытуға жасырылған». Осы фразаны аз-маз өзгертіп, былай десек, тіптен ашыла түседі. Біздің невротик пациенттер өзін өзі сөгудің, өзін бақылаудың өзіңді толық ұмытудың қасында соншалықты маңызды емес екенін үнемі қаперінде ұстамайды. Яғни ел-жұрт кейде келеңсіз қылықтарын еске алып, өздерін сынап, өздерін сөгіп, өздерін әшкере етіп, өздерін жерден алып жерге салуға қабілетті. Одан бөлек олар өзін бақылауға алып, жүріс-тұрысын есептеп, аяқтарын аңдап басып, керек десеңіз, өзінен есеп алатын да күнге жетеді. Бірақ осының бәрі өзіңді толық ұмытумен салыстырғанда түк емес. Проблема өзіңді ұмыта алмай, жұртпен жағаласып, біреумен бақталасып, атақ жарыстырып «Менің атым неге аталмады?» деп уайымдағанда асқынады. Бірақ бұл әдісті Кант сияқты қолданбау керек. Кант қолының сұғанағы бар малайын үйінен қуып жібереді. Оның ұры боп шыққаны қатты әсер етеді. Философ оңбаған малайын қанша ұмытайын десе де, ұмыта алмайды. Керісінше соны ұмытам деп талпынған сайын малайының бет бейнесі көзіне елестейді. Есіне түссе көңіл күйі күл болды. Ақырында Кант бір параққа «Менің малайым ұмытылуы тиіс» деп жазды да, қабырғаға іліп қойды. Бұдан соң қайдағы ұмытқан?! Фобиямен ауыратын адам да уайымға салынбасын. Керісінше неден қорықты, соны ерегісіп істеуге батылдансын. «Келсең, кел» деп қорқыныш туғызатын ситуацияны жекпе-жекке шақырсын. Шындығында үрей – қорқыныш туғызатын ситуацияны алдын ала айналып өту үшін қағылатын дабылдың биологиялық реакциясы ғана. Пациент үрейді жанап өтіп немесе оны қасынан өткізіп жіберуді үйренсе, қорқынышы ақырындап сейіледі. Себебі үрейі қанша дабыл қақса да, оны ешкім тыңдаған жоқ. Сондықтан амалсыз тынышталады. «Үрейден аулақ өмір сүру» деген айналып келгенде «Нысанаға тек қана мәңгілік мәні бар мақсатты алып қана өмір сүру» дегенді білдіреді. Асқақ арман, биік мақсат, асыл мұратты көздеген кісілер үрей мен қорқынышты сезбейді. Енді ойыңа елес сияқты жабысып алатын невроз туралы айтайық. М.П. – 56 жастағы бала-шағасы бар адвокат. 17 жыл бұрын күтпеген жерден ол бір бәлеге душар болады. Қараптан-қарап оған оңбаған ойлар мен қорқынышты елестер желім сияқты жабысып алады. Ол – үкіметке салығын кешіктірмей төлеп отырған сауатты һәм адал адвокат. Кенет оған басы жоқ, аяғы жоқ мынадай ой сап ете қалады. Бейне бір ол табысын 300 долларға азайтып көрсетіп, үкіметке салық төлемей, үкіметті алдап жүргендей сезініп сала береді. Басында мән бермегендей болады. Бірақ бұндай ойлар шапшаң шырмап ала жөнеледі. Адвокат Герц есімді дәрігерге келеді де: «Осы ойдан құтыла алмай-ақ қойдым. Қанша жерден ойламаймын десем де, бір түсініксіз үрей мені ұйыққа тартып бара жатқан сияқты сезінем», – дейді. Пациенттің ауруының асқынғаны сонша: ол көзін ашса да, жұмса да үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқандай сезінеді. Оны прокуратура алаяқтығы үшін айыптап, газет-журнал тек осы туралы будақтатып мақала жазып, абыройын айрандай төгіп жатқан сияқты қалшылдай бастайды. Енді бірде үкімет органдары оны адвокаттық лицензиясынан айырып жатады. Өз ойынан мезі болғаны сонша: ақырында шипажайға барып психотерапевке қаралады. Электршок терапиясының 25 сеансын алады. Түк те әсер етпеген. Уақыт өткен сайын ойдың күшейгені сонша: жап-жақсы істеп тұрған адвокаттық кеңсесін жауып тастайды. Түнде басы жастыққа тисе болды, осы ойлар лап береді. Ол таң атқанша олармен толассыз күрескен. «Бір ойдан әрең құтылсам болды, екіншісі келіп бас салады», – дейді ол дәрігерге. Әсіресе «сақтандыру келісімшартының мерзімі бітті» деген ойлар жүйкесін жүндей түтіп, әбден діңкелеткен. Ештеңе болмаса да, сейфтегі бума-бума келісімшарт құжаттарын тексеріп, қайта салады. Ақыр аяғында Лондондағы «Ллойд» компаниясымен сақтандыру келісімшартын жасасады. Компания сот тәжірибесінде жасауы мүмкін қателіктерден оны алып қалуға тиіс. Алайда кешікпей оның заң саласындағы тәжірибесі де аяқталған. Себебі жабысқан ойлардың санасын шырмағаны соншалық: адвокат ақырында Мидлтаундағы психиатриялық клиникадан бір-ақ шығады. Осында Герцтің қолына кеп түседі. Герц оған парадокс интенциясын қолданады. Дәрігер бүй деп кеңес береді: «Бәріне түкіргенім бар. Сайтан алғыр! Темір торына тезірек қамаса, жақсы болар еді. Алаяқтығымды мойныммен көтеруім керек. Қорқатын не бар? Маған десе, түрмеде неге шірітпейді? Ең болмағанда, ақшаларымды алып қаламын». Осылайша адвокат енді өзін қуалаған ойлардан қашпауды, керісінше оларды қорықпай қарсылап алуға үйренеді. Енді ішінен үнемі теріс ниет етеді. «Шіркін-ай, қателіктен көз ашпасам, жақсы болар еді». Онымен қоймай, хатшы қызға міндет жүктейді. «Сен қыз да қарап отырма. Үнемі менің үстімнен компромат жинап жүр. Менің әлемдегі ең алатұяқ арамза адвокат екенімді әлемге әйгіле. Білсін бәрі менің кім екенімді!» – дейді. Герц те адвокат кабинетіне келген сайын: «Мынаусы несі тағы, сізді әлі соттамаған ба? Тайраңдап әлі жүрсіз бе? Бұл елде әділ сот бар ма, жоқ па? Прокурор не қарап отыр? Мен сізді ендігі темір тордың арғы жағында сүмірейіп газет оқып отыр екен десем», – деп амандасып, хәл сұрауды әдетке айналдырады. Пациент те қарқылдап күліп алады да: «Түрмеге қамай ма, ит жеккенге айдай ма – маған бәрібір. Не де болса, сақтандыру компаниясын жақсылап тақырға отырғыздым», – дейді. Бұл әдіс аттай бір жылға созылған. Адвокат құлантаза айығып кетті. «Құрметті Герц! Сізге мың алғыс. Парадокс интенциясы пайдаға асты. Бұл маған кереметтей әсер етті. Төрт айдың ішінде менен басқа адам жасап шықтыңыз. Былтыр ғана «Өзімді өлтіре салсам, не болар екен?» дегенге дейін барып қап ем. Қазір бәрі де түсінікті», – деген.
Дерефлекция
Дерефлекция әдісі пациентті неврозбен және психозбен нәтижесіз күресуден құтқарады. Ауруын жеңілдетеді. Бірде шизофренияға шалдыққан 19 жасар студент қыз келді. Венаның өнер Академиясында оқиды екен. Ауруы енді күшейіп келеді. Құлағына сыбыр естіледі. Бұлшық еттері дірілдеп тартылып қалады. Мен оған дерефлекция әдісін қолдандым. Екеуміздің сұхбатты магнитафонға жазып алдым.
– Иә, күйзелгенің көрінеді. Бірақ «мендегі ерекше ауру» деп ойлама. Бұны диагноз қоймай-ақ жәй күйзеліс дей салайық. Онсыз да уайымға түсіп, түрлі ойдың талауына түскенің көрініп тұр. Алдымен қалыпты эмоциялық көңіл күйді қайтарайық. Жан дүниең қазір мынадай сатыда тұр. Сенің міндетің өміріңді қалай да қайта қалыпқа келтіру! Солай ғой? Ендеше мақсат, мұратсыз ешкім өмірін реттей алмайды.
– Дәрігер, ойыңызды түсіндім. Бірақ «Маған не боп қалды?» деген сұрақ мазалап тұр. Бірінші осының жауабын білгім келеді.
– Ол жайлы ойланба. Себебін іздеме. Оны бізге қалдыр. Дәрігерлер күйзелістен алып шығады. Мені қызықтырғаны, қалайша сені ешқандай асыл мұрат қызықтырып тартпайды? Таңдаған суретшілік өнеріңді-ақ алшы. Толғандыратын ештеме жоқ па бұл салада? Мысалы бітпей қалған картинаң немесе бір салу керек деп ойда піскен бейнелер жоқ па? Одан да осы жайлы толғанайық.
– Дұрыс қой... Бірақ ішкі дүниемдегі астаң-кестең сезімдер...
– Астаң-кестең сезімге мән берме. Назарды болашақ жобаларға тік. Ол сезімдер бізге маңызды емес. Маңыздысы болашақта жарыққа шығуын күткен құндылықтар. Оларды туынды етіп дүниеге сен әкелесің. Тегеурінді күйзелістің сені жегідей жегенін білем. Бірақ буырқанған теңізге май төгуіме мұрсат бер. Дертіңді психиатрға тапсыр. Олар мұны жақсы шешеді. «Маған не болды? Ішімде не бар?» деп сұрама. «Неге қол жеткізуім керек? Бағындыратын биігім қайсы?» деп қана сұра. Бірден мынаған келісейік. Көңіл күйіңді талқыға салмаймыз. Мейлі үрейдің неврозы немесе невротикалық жабысқақ ой болсын оларды назарға алмаймыз. Ауру жайлы ойлайғанды доғар. Назарға жоспарыңды ал. Соған жан-тәніңмен беріл. Соны жүзеге асырғанда кім екеніңді анық байқайсың. Анна есімді танымал суретші боласың.
– Сонда қобалжып, уайымдаудың төркіні не?
– Тағы да ескертем. Сұраққа бас қатырма. Проблема қандай патологиялық процеспен астасса да оны емдеп шығамыз. Құлаққа естіліп, көзге елестейтін беймәлім сезімнің соңына түспе. Айтқанына ерме. Сыбырға мүлде мән берме. Олармен күресіп қажеті жоқ. (Мен пациенттің үрейін асқындырмас үшін барынша тырысып жатырмын. Үрейге сәл ырық берсең кеселі оны жұтып алмақшы. Сосын кеселіне өзі тәпсір жасайтын тағы бір проблемаға шатылады. Осының бәрін ысырып тастап қалай да оның Мәнге қалауын сүйреп шығарғым келеді) Жарыққа шығуды күткен телегей-теңіз құндылықты елестет. Олар сенің қаламыңды күтіп тұр. Оларды сенен басқа жан жарыққа шығара алмайды. Өйтпесең жоқтыққа сіңіп жоғалады. Ебін тауып құндылық етсең, олар мәңгі сақталады. Керек десең жын-пері де жоя алмайды. Құндылықты өмірге әкеп, мәңгілікке жоғалудан құтқар. Тіпті әлдеқандай заман боп, суреттеріңді біреу жойса да олар өткен шақта сақталады. Оны «өткен шақ музейі» деп атаймыз. Ол музейге бір рет қойған соң оны сайтан да ұрлай алмайды. Сәтті шыққан туынды жоғалмайды. Мәңгіге сақталады.
– Рақмет, дәрігер! Айтқаныңызға толық сенем. Ойларыңыз мені бақытты ғұмырға жалғайды деп үміттенімін, – деді Анна.
Студент қыз осылай деді де, көңілді хәлде қоштасып, кабинеттен шығып кетті. Ол дәрі-дәрмек ішіп, ем-дом қабылдады. Бірнеше аптадан соң құлан-таза айығып қатарға қосылды. Ойға алған ісін қолға алды. Франкл қолданған дерефлекция әдісі адамға тән болғандықтан ғана дәртке асады. Кісі ғана назарын маңызды объектіге қадап, өзін ұмыта алады. Тіпті бұл нығметті адамның көп қасиетінің бірі деп те қарамаймыз. Дерефлекция – пенденің Ұлы Мәнге талпынып, бақытты ғұмыр кешуінің жалғыз гарантиясы. Ол жайында Франкл ар-ұят феноменінде біраз тарқатты. Яғни адамның ноологикалық қабаты (рухы) өзін рефлекция жасамайды. Тұрған жерін білдірмейді. Өзін көрсетуді мақсат етсе, соқыр болады. Оны гиперрефлекция деп атады. Адамның бүкіл проблема дерефлекциядан емес, гиперрефлекциядан басталады. Өзін ұмыта алмай «Осы жұрт менің ісімді біле ме? Мені ұмытып кетпеді ме? Менің атымды неге атамады екен? Кейінгі кезде қоғам мені ұмытып бара жатқан сияқты» деп уайымдаған сайын өмірі күрделеніп, жүйкедегі неврозы асқынады. Ұлы Мәнге талпынған ірі тұлғалардың бәрі адамның ең биік дәрежесі өзін ұмытып, ғайыпқа сіңуде екенін жақсы түсінген. Бұл деңгейге жеткенде тұлғалар керісінше көрнекті болудан ығыры шығады. Аты аталса, мақталса әсіресе марапатталса ауыр азапты бастан кешеді.
Сондай көңіл күйді Шәкәрім ақынның мына екі ауыз шумағынан анық байқаймыз.
Әлемді түгел мен көріп,
Ешкім мені білмесе.
Мұқтажым, нәпсім жоқ болып
Зияным жанға тимесе.
Жаралы жаным шықсын деп,
Қара жер мені жұтсын деп,
Өлген соң елім мұтсын деп,
Атымды қойдым «Мұтылған Қожа Ахмет Яссауидің хикметінде «топырақ болу» түсінігі де дерефлекциядан шыққан құбылыс.
Тарт қорлықты кәпір нәпсің басы қатсын,
Бұл дүниеде жаны өртенсін, жасы да ақсын.
Топырақ бол ғалам сені басып өтсін,
Сол себептен хай зікірін айтың достар.
Хикметте айтылған топырақ табан астында көрінбей жатқан зат. Бірақ әлемнің бәрін сол көтеріп тұр. Немесе барлық нығмет қара жерден өсіп өнеді. Сондықтан да «топырақ бол, ғалам сені басып өтсін» деген кредо негізге алынған.
Ал дерефлекцияның қиссадағы нұсқап былай болып келеді:
Тәңірі бірде Дәуіт пайғамбарға:
– Ей, Дәуіт, сүйген құлым болғың келсе маған ұқсауға тырыс, – дейді.
– Уа, Тәңірім, сен шеті-шегі жоқ,түр-түсі жоқ Ұлық Құдайсың. Қалайша саған ұқсаймын? – дейді. Сонда Тәңірі:
– Ей, Дәуіт, мен мейрімдімін. Мендей мейрімді бол! Мен кешірімдімін. Сен де кешірімді бол! Мен әділмін. Әділетті бол! Мен жомартпын. Жомарт бол! – дейді. Дәуіт содан бастап Құдайдың сипаттарын бойына сіңіре бастаған екен деседі.
Қиссаның өзегіндегі алтын идеяны басты назарға алсақ, ең шебер дерефлекция жасаушы Тәңірдің өзі болып шығады. Ғаламды Тәңірі жаратты десек, Ол бүкіл тіршілікті басқарып тұр. Галактикадағы жұлдыздан бастап, атом ішіндегі протон, электронға дейін Оның әмірімен жүріп тұр деп сенеміз. Бірақ Тәңірі өзін көрсетпейді. Мекені «лә мәкан». Мағынасы: мекені, тұрған жері жоқ деген сөз. Құдайдың сипатын бойға дарытқымыз келсе, ең бірінші шарт – өзіңді көрсетпейсің. Қанша жерден жапырып іс тындырсаң да еңбегіңді білдірмейсің. Немесе бітірген ісіңді бұлдамайсың. Атақ-даңқ дәметпейсің. Бодау күтпейсің. Осы шарт толыққанда адам да кемеліне келеді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Міне, Логотерапияның соңғы тарауына да келіп жеттік. Логотерапия табан тіреген негізгі теория, концепцияларымен біраз таныс болдыңыз. Енді тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жасау ғана қалды. Оқырман кітаптың соңына жеткенше мынадай сезімде болады. «Сонымен өмірдің мәні не болды екен? Тезірек айтпай ма?» деп тағатсыздана күтеді. Сөйтіп отырғанда кітап бітіп қалады. Көңілің қанағат алмағандай қызық күй кешесің. Франклдың да көздегіні осы сезім. Адамға беймәлім экзистенциялық күй кештіру. Есте болса Въетнамда соғыста жүрген америкалық жауынгер «Құрметті Виктор Франкл, кітабыңызды оқып шығып, сол күйі сұрағыма жауап таппадым. Бірақ өткен өмірімді қайта сараптап отырмын» деп хат жолдаған еді. Франкл ол жайында «Маған да керегі осы. Өмірін қайта сараптаған адам миссиясын өзі-ақ тауып алады» деген еді. Бұдан мынадай нәрсе анық болды. Оқырманның міндеті өткен өміріне сараптама жасап, келешегін терең талдау. Қала берді тиімді өмір жолын таңдау. Оны әркім өзі шешеді. Байқасаңыз кітапта көп қайталанған сөздің бірі позиция. Еріксіз туу және еріксіз өлумен шекарасы анық сызылған Тағдыр ішінен пайдалы позицияны таңдауға толық еріктіміз! «Тіршілікке қайдан келдім? Өлгенше немен айналысқаным пайдалы? Өлген соң қайда кетем?» деген ең маңызды үш сұрақты қоюға ерікті болсақ, Тағдыр ішіндегі тағдырды өз қолымызбен қашап шығуға да еріктіміз деген сөз. Ондай еркіндік болмаса, өзімізге мұндай сұрақты қоюға да ерікті болмас едік. Мысалы жан-жануар сияқты. Айуан мұндай сұрақпен басын қатырмайды. Дұрысы оларға мұндай сұрақ қоюға еркіндік берілмеген. Немесе ондай нығметтің оларға керегі жоқ. Инстинкттің жетегінде тыныш қана жүре береді. Борыш, міндет, миссия арқаламайтын айуанға еркіндіктің не қажеті бар? Еркіндігі жоқ болғандықтан жануарға жауапкершілік жүктелмейді.
Десек те адам ақылы сонда да кемеңгер тұлғалардан нақты жауап күтуін тоқтата алмайды. «Бұ сұрақтың жауабын табу маған ауыр соғады. Сәл де болса ойды тиянақтап беретін данышпан бар ма?» деп дағдарып тұрады. Бұл сұраққа қазақ тілінде жан-жақты ізденістен соң объективті жауап берген қос ғұлама Абай мен Шәкәрім десе де болады! Хәкім Абай бүй деген:
Кеше бала ең келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпты тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!
Абай мектебінің түлегі саналатын Шәкәрім қажы да осы ойды кеңіте түседі:
Өмірдің өкінбейтін бар айласы,
Ол айла қиянатсыз ой тазасы.
Мейірім, ынсап, әділет адал еңбек
Таза жүрек, тату дос сол шарасы!
Осы арада тағы сұрақ туады. «Егер логотерапия «Өмірдің МӘНІН өзің тап!» деп тұрса, онда несіне Абай, Шәкәрім, Яссауи сияқты ғұламалардың сөзіне құлақ асуым керек? Олар өзінше, мен де өз әлімше іздене берсем болмай ма?» Бұндай сұраққа да Франкл тұщымды жауап берді. Ол бүй деді. «Ақылымызға сүйеніп рационалды ғылыммен шұғылданғанда, көбіне өз күшімізге сенеміз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Тынбай еңбектену арқылы тәртіппен қаланып тұрған нақты ғылымды шетінен сетінетіп, тарқатып кете аламыз. Бірақ МӘН табу кезінде ондай қадамға батыл бара алмаймыз. Адамның ақылы жетпейтін трансцендетті аймаққа эмоциялық қасиеттер ғана құлаш ұрады. Бұл істі атқаруда ЖҮРЕКТЕН асқан жүйрік жоқ. Көкірегіне Ғайыптың сәулесі енген әулие-әнбилер мен ғұлама данышпандарға құлақ асуға тура келеді. Оларға мәлім болған ақиқи сырларды мойындауға және қабылдауға мәжбүрміз».
Осы арада Франкл ескерткен маңызды бір мәселені естен шығаруға болмайды. Ендігі дәуірде мұндай сұрақтарға жауап бергенде моральдік позициядан кету керек. «Мынау жақсы, анау жаман. Мынау дұрыс, анау қате. Олар адасқан, біз тура жолда» деп кесіп-пішіп, үкім бере сөйлейтін моралистерден бойды да, ойды аулақ салған ләзім! Орта ғасырда ондай әдіс өзін ақтаса ақтаған шығар. Бірақ 21 ғасыр адамы құрғақ ақылды тыңдап отыруға бейіл деп айта алмаймыз. Жастар жағы ағыл-тегіл ақыл айтқанды жаратпайды. Мәселеге онтологиялық яғни болмыстық тұрғыдан келсе ғана сең қозғалады. Яғни «Мына болмыс менің тиімді позицияға бекуіме пайдасы тие ме жоқ па? Немесе мына әрекет өмірден МӘН табуға септесе ме әлде кедергі келтіріп, құр босқа жолдан қалдыра ма?» деген сұрақпен тексерген тиімді. Сұрақты осылай қоймасақ ізденіс түбінде тұйыққа тірелуі мүмкін. Әңгіме түсінікті болу үшін мынадай мысал береміз. Бір адам зайырлы ұжымда салтанатты жиынға барды делік. Жиынға түрлі сенімдегі жұрт жиналды. Дастарқанда коньяк пен Сарыағаштың суы қатар тұр. Моралистер сұрақты былай қояды. «Коньяк қойған дұрыс па, дұрыс емес пе? Мұсылман адам «дастарқанға ішімдік қоймау керек. Бұл дұрыс емес» деп бірден сынап-мінеп ақыл айта бастайды. Расында да дастарқанға спиртті ішімдік қоюдың не мәні бар? Дұрыс па, бұрыс па? Франкл бойынша «Дұрыс па?» деп сұрау дұрыс емес. Дұрысы: «коньякты ішуде мән бар ма? Бұл менің мағыналы өмір сүруіме көмектесе ме? Спиртті ішімдік Мәнді табуға септесе ме?» деп сұраған пайдалы. Егер ол «жоқ» деп жауап берсе, міндетті түрде сарыағаштың суын ішеді. Таза су денсалық кепілі. Денсаулық мәнді табуға жақсы жәрдемші. Бұдан бөлек ішімдіктен бас тартып, таза су ішкен адамның сол жерде абыройы басқалармен салыстырғанда биік боп тұрады. Осыған орай тағы бір мысал берейік. Сіз бір тойға бардыңыз делік. Той арақсыз өтті. Ешкім ішкен жоқ. Дұрысы ішіп мас болуға той иесі мүмкіндік берген жоқ. Мұндай жерде кімнің тақуа, кімнің маскүнем екенін айыра алмайсыз. Жақсы мен жаманды айыруға қабілетті парасатты тұлғаны топтан даралап ала алмайсыз. Керісінше ағыл-тегіл ішімдік ішіліп, елдің бәрі мас болып қиралаңдап жүрген жағымсыз тойда өзін бекем ұстап, ақыл парасатын алдырмай тұрған тұлға көрсеңіз сол кісіге ықылас құрметіңіз сол заматта қарыштап өседі. Яғни ол мас болып, есінен айрылған тобырға жұтылмаумен өзгеден дараланып тұр. Абыройы асқақтап, мерейі бәрінен үстем болды. Бұдан шығатын қорытынды: зиянды, залалды, қауіпті, жиіркенішті, арам деп саналатын жамандық атаулының бәрінде мән бар. Бірақ шарты сол біз олардан жиреніп, бойды аулақ салсақ қана оларға МӘН дариды. Ал егер жамандыққа жұтылсам өзімнің де, оның да мәні ізім ғайым жоғалады. Жамандық атаулыдан жиреніп, жиіркену арқылы ғана біз қарабайыр тобырдан дараланып шығамыз. Тұлға болып асқақтаймыз!
Тағы бір айта кетер мәселе бар. Кейбір кісілер «21 ғасыр болды. Логотерапия концепциялары ескірген шығар. Бұл қанша дегенмен 20 ғасырда пайдасын тигізді ғой. Франклдің өзі де әр дәуірдің өзіне тән неврозы болады деп еді ғой» деп сұрайды. Бұған не дейміз? Жауап берместен бұрын Австралиялық Брони Уэйя есімді мына қыздың Батыс баспасөзіне берген көп сұхбатының біреуін оқып шығуға кеңес береміз. Осы өрімдей жап-жас қыздың кітабының жазылу тарихы бір қызық. Брони жоғары оқу оқымаған. Ол әртүрлі жұмыспен шұғылданып шәйпұлын тауып жүрген қарапайым қыз еді. Бір күні бір құрбысы: «Әл үстінде жатқан кәрі әжеміз бар. Сол кісіні бағатын күтуші керек. Ақысын төлесек қалай қарайсың?» дейді. Брони келіседі. Уәде бойынша әжесін күтіп бағады. Көп ұзамай кемпір дүние салады. Көп уақыт өтпей арнайы агенттік «Сізді бәрі мақтап жатыр. Бізде жұмыс бар. Тағы да клиент тауып берсек, кәрі кісіні бағасыз ба?» деген ұсыныспен шығады. Брони келіседі. Міне осылайша ол ойламаған жерден қарттардың экзистенция әлеміне дендей енуге «билет» алады. Ол көбіне жазылмайтын дертке шалдығып, ажалын шарасыз хәлде күтіп жатқан кәрілерді күтуге міндетті еді. Олар ажалын анық сезіп, өлеріне бірнеше күн қалғанда жиналған запырандарын шығарып бастайды. Өмір бойы өзегін өртеген өкініштерін ақтарып салады. Бір қызығы өлер алдындағы өкініш бір біріне қатты ұқсайды. Осы құбылысқа таңғалған Брони қарттардың өкініштерін қағазға түртіп, жинай береді. Осылайша сегіз жыл қарттардың үйіне отымен кіріп, күлімен шығып, тәжірибе жинап ысылады. Бір күні ол интернеттегі блогына «Өлім хәліндегі адамның бес өкініші» (The top fіve regrets of the dyіng) деген тақырыппен шағын жазбасын жариялайды. Оның жазбасын миллиондаған адам оқып, кәдімгідей толқын туғызады. Оқырмандар әлемнің төрткүл бұрышынан оған хат жазып хабарласып, оқиғаны кеңінен баяндауды өтінеді. Бұл оқиғалар күні кеше 2005-шы жылдары болған. Жұрттың сұрауымен ол мақаласын кеңітіп, 2011 жылы бұрынғы мақаланың атауымен кітап етіп шығарды. Бұл кітап күтпеген жерден дүниедегі атақты еңбектердің біріне айналады. Әлемнің 27 тіліне шапшаң аударылды. Брони Уэйя осылайша атақты адамның тізімінен бір ақ шығады. Батыс елдерінде одан сұхбат алмаған газет те, журнал да, сайт та қалмаған шығар!? Төменде көп сұхбатының бірі қазақ тіліне аударылған.
– Әңгімені осы кітапты жазуыңызға түрткі болған оқиларды айтып өтуден бастасақ? Күтуші боп жұмыс атқардыңыз, солай ма?
– Кәсіби күтуші-медбике емеспін. Интернетте мені медбике деп те, дәрігер деп те әртүрлі атап жіберіпті. Бірақ олай емес. Мен жәй ғана арнайы дайындықтан өтпеген күтуші болдым. Пәтер ақысы мен несие төлемеу үшін бір әйелдің үйінде күтуші болып жұмыс істедім. Соның арқасында ән жазатын және басқа да шығармашылық жұмыстармен айналысатын уақыт таптым. Әлгі әйел жазылмайтын кеселге шалдыққандықтан мен оны өмірден озғанша күтіп-бақтым. Мені сол әйелге серік етіп жұмысқа алған агенттік маған «жақсы жұмыс жасадыңыз, әрі жалғастырасыз ба?» деп сұрады. «Иә» деп келістім. Бұл жаныма жақын, әрі адамның өмірін өзгертетін жұмыс сияқты көрінді. Ақырында мен осы салада сегіз жыл еңбек еттім.
– Енді негізгі мәселеге ойыссақ. Адам қайтыс боларда еске алатын бес өкініші не екен?
– Ғаріптердің көбіне мынадай хәл тән еді. Олар өзге жұртқа менен қалаған өмірді емес, мейлі ол отбасы, туыстары, достары не қоғам болсын, өздері ақиқат деп таныған өмірді сүргенде ғой деп өкінеді. Одан бөлек лайықты еңбек етпедік деп аһ ұрады. Осының бәрі орта тұсты ұстанбағаннан туған проблема. Олар жанталасып жұмыс істейді де, зейнетке шыққан соң қалауымша өмір сүрем деп үміттеніп жүре береді. Алайда көп адам олай жасай алмайды. Үшіншісі – олар басқа жұртпен қарым-қатынаста сезімдерін батылырақ білдірмегеніне налиды. Бұл әртүрлі жағдайға байланысты болуы мүмкін. Кей кездері олар отбасындағы бала-шағасын жақсы көретінін ашық айтуға жол таппадық дейді. Бірақ кейбір адамның өкініші басқаша. Олар өздерін қорғау үшін пікірін ашық айпағандарына өкінеді. Өзіне құрметін сақтап қалу үшін ойларын ашық жеткізуім керек еді деп таусылады. Енді біреулері достарымен қарым-қатынасын үзіп алғандарына өкініп, өлім алдында жандарын жеңілдететін достық қолдауды сағынады. Өкініштің осындай түрі көп кездеседі. Енді бір кісілер таңдау еркінің бақыт екенін ертерек түсінгенде ғой деп зар илейді. Ондайлар көбіне таңдау еркін пайдалана алмаған жандар.
– Батылдықтың жетіспеуі осы айтылған өкініштердің өзегі сияқты көрінеді. Өмірде батылдығымыздан айырып, қорқақ қылатын не нәрсе бұл сонда?
– Меніңше мұның көбі көпшіліктен дараланып көрінгісі келмейтін және елден сәл басқаша қимылдасам, жұрттың талқысына түсіп қаламын деп қорқатын адамның пікірі. Кейбірі өлімге тура қарамағаннан болады. Егер өзекті жанға бір өлім бар екенін біліп жүрсек, біз үшін өмірдегі ең маңызды нәрселер өзгеріп шыға келеді. Әрі бойға да батылдық бітеді. Себебі өмірдің қамшының сабындай қысқа екенін түсіне қоясыз. Меніңше уақыттың шектеулі екенін мойындамай барлық нәрсені көріп-білуге мәңгілік уақытым бар дейтін жандар үрейден жеңіледі.
– Бұл мәселеге басқа қырынан үңіліп, бізге өлер алдында өкінбейтін адам жайлы айта аласыз ба? Олардың өздері сүрген өмірді қанағат тұтуына, не разы болып өтуіне не себеп?
– Осы сұрақты қойғаныңызға дән ризамын. Адамзат өкіне бермейді екен. Мен үшін өмірде өкініші жоқ адамды кездестіру де керемет оқиға болды. Өкініш жайлы жазуымның себебі олар менің жеке басыма қатты әсер етті. Бірақ өкініші жоқ адам көбіне өздері сүрген өмірді бар қалпында қабылдаған жандар еді. Олардың арасында тағдырымды басқаша сүрер едім дегендер де болды. Бірақ соның өзінде осы сүрген өмірін әлі де өкінішсіз қабылдады. Байқағаным өміріне риза жандар отбасы туыстарымен достық, сыйластық қатынаста болғандар. Соған қарағанда көбінің өмірге көңілі толмауының түпкі себебі – жақын туыстарымен сыйластық қатынаста өмір сүре алмауында сияқты. Өміріне риза жан аздап болсын өмірдің жақсы жағын көре алатын әрі барлық негативті көңілге ала бермейтін кісілер.
– Оларға күтуші болған тәжірибеңіз өз өміріңізге қалай әсер етті? Практикалық тұрғыда сізді өзгеріске ұшыратты ма?
– Мені қатты өзгертті. Кітап тек өліп бара жатқан жандар жайында емес, негізінен өз өмірім мен оның қалай өзгергені жайлы. Әңгіменің басым бөлігі олардың маған қалай әсер еткені туралы. Мен бұрындары онша көп ашыла бермейтін адам едім. Көңілдегі жараларды ешкімге көрсетпей жалап қана жазуға үйренген едім. Осы оқиғалар мені ширатып, ойын ашық айтатын адамға айналдырды. Ісіме батылдық бітірді. Себебі ажалмен жиі ұшырастым. Өмірдің шолақтығын түсіну өмірдегі басты мақсатымды түбегейлі өзгертті. Қазір маңызды бір шешім қабылдайтын болсам, әуелі өзімнен: «Жақсы, Брони. Қазір осы нәрсені жасамасаң, кейін өкінбейсің бе?» деп сұраймын. Егер «Иә, өкінем!» деген жауап алсам, оны жүзеге асырудың жолын қалайда табуға тиіспін. Себебі кейбір нәрселер өмірде қандай қиын болғанымен, өлер алдында төсекке таңылып, енді кеш екенін түсініп жатып, өкініштен аһ ұрудан ауыр емес екенін жақсы білем. Өйткені адамның қалай қатты өкінгенін көрдім. Ендеше қазір менің теңселіп жүретін жайым да жоқ. Кірпік қаққанша өте шығатын өмірдің әр сәтін бағалауға тырысам. Қазір бұрынғымнан және «мынадай болуым мүмкін еді ау» деген өміріммен салыстырғанда әлдеқайда бақыттырақ тіршілік кешіп жатырмын.
Брони Уэйяның сұхбатына тәпсір бермейміз. Көзі ашық зерек адам сұхбаттың сырын өзі-ақ түсініп алады. Бірақ сонда да қазіргі қоғамдағы әлеуметтік шарттардың ауырлығын, жұмыстың жоқтығын, ақшаның аздығын, қатігездіктің көптігін айтып, шағымданатын жұрт табылмай тұрмайды. Осындай ауыр тұрмыс пендені өмірден түңілдіріп, қорқынышты ойларға жетелейтіні туралы жиі айтады. Сөз соңында оқырманға тағы бір серпін беру үшін Виктор Франклдың концлагерьде басынан кешкен мына эпизодпен бітіргіміз келеді. «Біз концлагерьде жатқанда болмашы нәрсеге шексіз қуанатын жағдайға дейін жеттік. Әсіресе, кешке қарай кей кездері күзетшілер киімдегі қаптап кеткен биттерді сығып өлтіруге кедергі келтірмесе, соның өзі біз үшін зор қуаныш еді. Әйтпесе, төбесінен сорғалап мұз қатқан суық баракта шешініп тастап, бит сыққанның қай жері қуаныш болушы еді? Шопенгауер қуаныштың мұндай түріне «сорлаған шаттық» деп атау берген. Қайтесің енді концлагерьде осындай сорлы көріністің өзі бейбақтарға шексіз бақыт сыйлап тұрса?! Дегенмен сорлаған емес, нағыз бақытты да бастан кешетін сәттер кездесетін. Лагерьде оны қайдан табуға болады? Айналаң кілең тірі өлік. Ауру мен аштықтан қырман боп қырылып қалған мүрделерді саудыратып бульдозермен сүріп тастайды. Біреу өлсе денесі суымай жатып жолдастары бәтеңкесінің бауына таласады. Атыңды атап емес, нөміріңді айтып шақырады. Міне осындай сұмдық жағдайда көңілдегі кір мен мұңды сылып түсетін ғажайып оқиғаға тап болдым. Ондай бақытты сәтке екі-ақ рет кезіктім. Бір күні жұмыстан келіп едім мені асханаға ас ішуге жіберді. Ол жерде Ф. есімді аспаз тамақ құйып тұр екен. Ол да біз сияқты тұтқын. Ыдыстарын таласа-тармаса тосып жатқан тұтқындардың тостағына үлкен қазаннан ожаумен сорпа құйып беріп жатыр. Ол сорпаны құйғанда басқалар сияқты тостақ иесінің түріне әсте назар салмайды. Бұны неге айтып отырмын? Себебі, басқа біреулер алдына танысы яки жолдасы кеп қалса қазанның түбін ақтарып, қопарып қоюуын тауып досына құйып беруге тырысатын. Сосын басқаларға сылдыраған суы ғана қалады. Бұл өйтпеді. Қазанның түбін шайқап шайқап алады да бәріне теңдей етіп құяды. Сол кезде бойымды шексіз шаттық сезімі кернеп кететін. Аспаздың осы бір болмашы әділетті ісіне қарап өмірге құштар боласың». Бұдан мынадай қорытынды жасауға болады. Кісінің биттей әділ әрекеті елді шаттыққа бөлеп, өмірге құштар қылады. Біреуге ісіміз түсіп, түрлі мекемеде кезекке тұрғанда жауапты маман Франкл айтқан аспаздай мәселені әділетті шешіп, танысын да, туысын да сізбен бірге тең қарап, кезекке тұрғызып қойса қалай қуанар едіңіз?! Ал егер керісінше қимылдап, ағайын туысы мен жора жолдасын алға оздырып, сізді алалап артқа ысырса көңіл күйіңіз жермен жексен болар еді. Ондай сәтте адамның тіршіліктен көңілі қалады. Өмір сүргісі келмей сұлқ түсіп жатып қалады. Немесе әділетсіз жүйені балағаттап қарғайды. Ендеше осыған қарап мынадай ойтүйін жасаймыз. Кісі әділетсіз қадам жасағанда қасындағы адамның өмірге құштарлығын су сепкендей басады. Өкінішке орай, бұл дерт жаппай қоғамды жайлап барады. Адамды алалап кеудесінен кері итеру оны суицидке итергенмен бірдей. Оқушылар арасындағы пәндік олимпида жарыстарының әділетсіз шешілуі, әр түрлі өнер түрлерінен конкурс өткенде жүлденің тамыр таныстықпен берілуі, жоғарғы оқудың сатысына өтерде емтихандағы жаппай әділетсіз әрекеттер бүкіл қоғамның өмірге құштарлығын құртып бітуге айналды. Болашақта Қазақстан жұрты суицид фактісін азайтқысы келсе тайлы-тұяғымен қалмай тек қана әділдікке бас ұрғаны абзал! Үлкен істерді әділдікпен шешуге шамасы келмесе қылдай ғана елеусіз кәсібінде я шаруасында яки саудасында қара қылды қақ жарсын. Осының өзі бізді мағыналы тіршілікке жалғап, трансцендентті әлемге құмар қылады. Баянды да бақытты өмір сүруге септеседі. Осы тұтас еңбектің мазмұнын бір ауық сөзбен түйінде десе, хәкім Абайға жүгінер едік:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және сүй хақ жолы деп әділетті.
СОҢҒЫ СӨЗ
Ілім мен ғылымда озық кеткен елдер адамның рухани ізденісі мен қалауын «Экзистенция психологиясы», «Экзистенция философиясы», «Экзистенция анализі» деп нақты салаларға бөліп алып, сосын барып сараптайды. Экзистенциялық талап пен қасиеттерді терең зерттеп дамытатын ғылым саласы екіге бөлінеді. Біріншісі:конфессионалды білім жүйесі. Бұлар діни орталықтар арқылы қоғамға таралады. Олардың өзіне тән пайғамбары, киелі кітаптары, әулие-машайықтары болады. Мәнді табуға септесетін трансцендентті идеяларды түрлі аңыз, ертегі, қиссалармен насихаттайды. Рухани тұлғалардың өмірінен өнеге көрсетіп, ісімен жұртына үлгі болады. Екіншісі: академиялық білім. Ешқандай да сенімге негізделмейді. Тек фактіге сүйеніп ғылым жасайды. Идеяны немесе теорияны эмпирикалық жолмен тексереді. Дәлелі толық болмаса, ақиқат ретінде алмайды. Бірақ бұлардың екеуі де бір алаңда еңбек етеді. Яғни экзистенциялық қалау мен талапты талқыға қатар салады. Адамның түр-тұлғасын анықтап, тағдырын жасақтауға қатысатын рухани феномендерді іріктеп алады. Соларды ғана тануға талпынады. Басқасына басын қатырмайды. Олар: Рух, Ақыл, Құмарлық, Өкініш, Тағдыр, Ақырет, Ар-Ұят, Махаббат, Әділдік, Тәуба, Үміт, Өлім, Торығу, Жалығу, Еркіндік немесе Ерік қалауы, Жауапкершілік, Жүректің көзі және осылардан туындайтын сабыр, сақтық, талап сияқты тағысын тағы адами қасиеттер. Адам зейіні мен бейіміне сай осы екі жолдың бірін таңдап, өмірін Мәнмен толтырады. Енді осы арада бір мәселе бар. Аталмыш екі ілімнің қақ ортасында не анда жоқ, не мұнда жоқ, не білім емес, не таным емес, не дін емес, не ғылым емес түсініксіз бір нәрселер аяққа оратылып жүреді. Оларды пайдалы ілімнен айырып алу соншалықты қиын емес. Олар жоғарыда аталған рухани феномендерді танумен шұғылданбайды. Салыстырып қараңыз. Пенде шіркін шынайы рухани ізденіске түскенде аса маңызды мына үш сұрақты қолға алады: 1. Мына Тағдырдың ішіне қайдан келіп түстім? 2. Бұл Тағдырдың ішінде не істегенім пайдалы немесе қандай позицияға бекінсем өмірде ұтылмаймын? 3. Осының бәрін ойлап, трансцендентті әлемді аңсап тұрған түпкі болмысым өлген соң қайда кетеді? Шынымен де жоқ болып кете ме әлде бір жерге барып тіреле ме? Егер бір жерге тірелсе, ол жерде менен не тілейді? Не сұрайды? Кім тоқтатып, кім тергейді?
Ақылды адамды көп мазалайтын сұрақтар мыналар: «Тағдырыма тәуелдімін бе, жоқ па?» «Өмірімді өзгертуге еркіндігім бар ма, жоқ па?» Осындай сұрақтарға берілген дұрыс жауап адамды қалың тұманнан адастырмай алып шығады. Оларға конфессионалды діни көсемдер мен академиялық ортаның ғалымдары тұшымды жауап бере алады. Енді екі ортада қалып қойып, экзистенцялық ізденістен көз жазып қалғандар мынадай сұрақтармен әуре болады: «Жұлдызға сенесің бе?», «Гороскопта кімсің?», «Алақанға қарап бал ашқан дұрыс па?», «Құмалақшыға қалай қарайсың?», «Фэн Шуй рас па?», «Реинкарнация өтірік пе?» «Әулиеге түнеген дұрыс па?» «Ас қайырған соң бет сипаған нені білдіреді?» деген сияқты тағысын тағы кете береді. Осындай тақырыпты қаужағанды жақсы көретін эзотерикалық бағыттағы кітаптар дүкендерде толып тұр. Сұрақтары да қызықтырып, кітаптары да адамды арбап тұрған сияқты көрінеді. Бірақ солар сіздің жауапкершілік арқалап, дараланып тұлға боп шығуыңызға бір мысқал да жәрдем бермейді немесе РУХАНИ БОЛМЫС ретінде артыңызға өшпес із қалдыруға әсері жоқ. Франкл да ол жайында «Дүкендерде толып тұрған эзотерикалық кітаптар қазіргі заманның нигилизмін тудырады» деген еді. Рас айтады. Адамның экзистенцялық сұрақтарына дөп жауап беріп, жүрегіне тыныштық сыйламаған соң пенденің күллі нәрседен көңілі қалады. Адам өмірден сөйтіп жалығады. Сөйтіп мезі болады.
Енді бір кісілер «Экзистенциялық сұрақтар неге шектеулі? Өмірден Мән тауып, салауатты һәм ғибратты ғұмыр кешуге солар шынымен де жеткілікті ме?» деп сұрауы мүмкін. Жауабы былай болмақ. Логотерапия әдісін қытайдың инетерапиясымен салыстырған дұрыс. Қытайлар пациентін инемен емдегенде тұтас мүшесін түгел емдемейді. Жүйкедегі жауапты нүктені дәл тауып, сол жерге бір инені шаншыса жетіп жатыр. Бұдан соң көп ұзамай адамның ағзасы сауығып кете барады. Бұл да солай. Логотерапия адамның рухани қабаттағы, санадағы санаулы ғана экзистенциялық сұрағына шынайы жауаптарды ине сияқты шанши салады. Сол кезде жабыққан кісінің көңілі жарқ ете қалады. Өмірге құштарлығы артады. Тіршілікке адам ғашық болады. Этнос басы бірігіп, ұйысқан өркениетті елге айналғысы келсе, бірінші кезекте экзистенциялық қалауларын реттеумен және рухани мұраларын жинаумен айналысады. Ғалымдар маңызды сұрақтардың жауабын ел-жұртының көкірегіне тезірек қондыруға асығады. Мысалы, Шәкәрім қажының өз жұртын надандықтан шығару үшін осы сұрақтарға жауап іздеп жанталасқаны сияқты. Осы мәселені дұрыс шешкен елде редукционизм салқыны әлсіз болады. Адамға зат деп емес, АДАМ деп қарайтын гуманистік көзқарас қоғамда үстемдік құрады. Ондай қоғамда өмірге құлшыныс артады. Егер этнос экзистенциялық бағытынан жаңылып, әлгі дүбәра ортадан шыға алмай сол күйі қалып қойса, ашыған сүт сияқты іри бастайды. Бастары бірікпейді. Себебі ондай ортада объективті ортақ Мәнді табу мүмкін емес. Әркім өзінің жеке субъективті қызығын қуалап, ақырындап тоқырай береді. Біреудің біреумен ісі болмайды. Бір заманда мәдениет пен өркениет тудырған ұлт пен ұлыстың өзі тез арада басы бірікпей шашырап, сыған сияқты босып кетеді. Ел-жұртты рухани һәм мәдени құлдыраудан сақтап тұрғандар – әманда жүрек көзі ашылған ғұламалар мен шын даналыққа жеткен академик ғалымдар! Олармен бірге құндылық таратушы ақындар мен өнер иелері. Хайдеггер оларды «Болмысты сақтаушы сандықтар» деп атапты. Болашақта Қазақстандағы барлық ұлт пен ұлыс ынтымағы жарасып, өркениетке қадам басса, осы саланы терең зерттеп, еліне таза ілімнен шуақ шашатын тұлғаларды тәрбиелеп шығарғаны абзал. Қандай жағдайға тап болсақ та, қиындық пен қараңғылықты жарып шығып АДАМШЫЛЫҚҚА қарай елді бастайтын шынайы РУХАНИ ТҰЛҒАЛАРДАН үмітті үзбейміз! Осы кітапты құрастыру барысында ісіміздің алға басуына тілектес болып, оның жарыққа шығуына атсалысқан Құранбек Бейсен Абайұлына, Меруерт Жанайқызына, Нүптеке Нұрман Батталғазыұлына, Ғабит Абдуләзизұлына, Әшімхан Дәулет Дидахметұлына, Алтыбаев Ақылғазы Қайырғазыұлына, Көкен Сәкен Нұрқабекұлына, Тастанбек Cержан Оңалбекұлына, Моминов Муроджон Махамаджанұлына, Мырзабай Сейілбек Саттарұлына, Жанбай Нұрбол Жайлауұлына, Бегімбеков Айдын Қуатжанұлына, Тастанов Амангелді Мейрамбекұлына, Мықтыбаева Гүлнар Сейітқызына, Қызылбай Марат Сабырұлына, Әбикова Гүлшат Мәсалимқызына, Нәлібаев Фархад Молдахметұлына, Қожаханова Мақпал Мұқанқызы, Уанов Рүстем Рамазанұлына, Құдияр Бағдат Болатұлына, Ибраев Саят Баймұратұлына, Баймадиев Дамир Еділханұлына алғысымыз шексіз. Осы кітаптың жарық көруіне демеушілік жасап, жәрдемін аямаған Абзал Құспан мырзаға шын жүректен рақметімізді айтамыз.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру