Мазмұнға өту
Home

Рух оянған күн

Талап Қараш

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Рух оянған күн

Авторы: Талап Қараш

Талап Қараш Рух оянған күн Жыр кітабы «Баянжүрек» баспасы Алматы 2011 Жымыңдаса Алматының оттары, Ішімдегі қоздайды мұң шоқтары. Шамға қарай ұмтылады көбелек, Тіршіліктің жалықтырып көкпары. Дала төсін күн сүйеді күлімдеп, Топсасына құлағанша түн – ілгек. Көздің жасы оятады жалғанды, Бұлақтағы айдың жүзі дірілдеп. Алаң көңіл жылдамдыққа ілесіп, Сан айлалы сұм тағдырмен тіресіп. Зымырайды ауыл жақтан қалаға, Темір тұлпар жал-құйрықсыз сіресіп. Артта қалды биік таулар айбатты, Бүгіп ішке ел білмейтін айғақты. Тығылған соң қаладағы бөлмеме, Жыр көңілім өрекпіген жай тапты... Көк базардағы кездесу.... (Өлең жазуды қойған жігітке)

Жаза бер, өлеңіңді тастамағын, Үзілмей жер бетінде аспан әнің. Жүрегің бұлқынады күндіз-түні, Мінезін көтере алмай тас қаланың. Дем жетпей базар іші алқынасың, Көңілдің ағытсам деп шалқымасын. Қап әттең, қолың қысқа, қалтаң тесік Әйтпесе ішер ме едік хан сырасын. Адасып көк базарда жүрген ақын, Жөнің бар мүшәйрада жүлде алатын. Сусынын қандырасың шумақтармен, Тұсыңнан өткендердің жұмбақ ақын. Өзіңді елден ерек сезінесің, Өткеннің еске салып шежіресін. Соңында жүріп күйкі дүниенің, Жыр оқып оңашада езілесің. Жаза бер өлеңіңді тастамағын, Бағып бір поэзияның қас-қабағын. Өзіңсіз жандана ма көк базардың, Тірлігі елең-алаң басталатын...

28.02.2010 ж Қасиет Арзан, арзан, бәрі арзан, Ыршиды жас жанардан. Ардың да бар бағасы, Іздеген табар базардан. Саудагер заман жалаңдап, Ретін тапса жан алмақ. Қалада жүр ауыл жақ Қалтасын қағып амалдап.. Нұрлы күн көкте күледі, Теннис добындай жүрегі. Бұлбұлша сайрап үш тілде, Шындықтың жайын бүгеді. Арзан, арзан, бәрі арзан, Ызғар өтеді табаннан. Қасиетіңді сат деп әлдекім, Алмаса екен жағамнан! Итаршы... Қала әкімі алардай бір қолымды, Кес-кестеді итаршы әйел жолымды. Жаңа-жылдық шырша думан сәтінде, Бағым емес тапқандаймын сорымды.

Билеп төстеп салтанатты сарайды, Әлдекімдер төбемізден қарайды . Сары әйел қан сөлі жоқ бетінде, Көңіліме жаңа бір мұң жамайды. Ей, итаршы, жерің жоқ қой жүрмейтін, Шабаланып кім-кімдерге үрмейтін. Мерекеге ашулы халық келмеді, Қу тірліктің қысқа жібін күрмейтін. Дірілдейді жұлдыздары шыршаның, Аңсағандай түнгі аспанның құрсағын. Жаңа жылдық шырша - думан сәтінде Мен даламның сағындым ақ жусанын... 26.12.2008 ж ...Той! Босағасында ақ сарайдың, Аңғарған жанға бар айбын. «Отырар сазы» күй төккен, Сол тұсқа үнсіз қараймын. Жүзімнің суы құйылды. Айтылған сөздер сұйылды. Шүлдірлі шулы сәттерде - Төгілді күйлер құйынды.

Сахна жәймен ашылды, Шарапқа қанған ашулы, Би билеп ығай-сығайлар, Мырзаға шашу шашылды. «Сайқалдар» ән сап есілді, Сұғанақ көздер тесілді. Төрдегі жайсаң төрелер, Көсілді-ай дейсің, көсілді! Босаға жақта қалмашы , «Отырар сазым» самғашы. Ұлы арманның үзілген - Сапарын мәңгі жалғашы. Қанатын қашан жаяды? Тұл - жетім күйдің аяғы. Жарқ етер жасын таяғы - Нұр-аға жоқ-ау баяғы..! 18.10.2008 ж Күй анасы Ұстазым Бақыт Қарабалинаның рухына Күй елінің арманшыл өр қызы еді, Толқындарға ұқсаған бар мінезі. Күй қанатын қаққан сәтте тынушы ек, Шәкірт біткен лүпіл қағып жүрегі.

Дина болып шығып бірде алдымнан, «Талап-жан» деп таң-тамаша қалдырған... Қос ішектің қызығымен жүргенде, Ығынбаппын заңы қатал тағдырдан. Сол бір күндер өте шықты-ау қас-қағым, Алматының күмбірлетіп аспанын. Домбырашы қызды көрсем бұл күні, Көкейімде оянар жыр, дастаным! Күй анасы күйге ғашық балаңмын, Жыр ананың жүрегінен жаралдым! Еуропаланып кетпегей деп, ата жұрт, Қазағымның әр күніне алаңмын! Элегия Музыкант қызым Айданаға Қызым келді Мәскеуден, қызым келді, Артқа тастап сұстылау қызыл белді. «Арфасымен» оятса толқын күйін - Домбырамнан теңіз күй үзілмейді.

Сағыныштың көз жасын іркіп қалдым, Бүр жарғанын көрдім де бір түп талдың. Өнер - білім мұхитқа құлаш ұрып, Қолдан бермей намысты жыртып қалғын. Қанипа әжең әлдилеп алған сені, Немерем деп ең алғаш қанған шөлі. Ұзақ таңға сыр толғап, қалам тербеп, Үзілмес жыр сапарын жалғаушы еді.. Қызым келді алыстан,қызым келді, Бетке ұстап тәуелсіз қызырлы елді. Қызыл қайың ырғалып қыр басында, Қоңыр қазын шақырған күзім келді... 25.06.2009 ж Тіл туралы жыр (Кітапханада оқылған жыр) «Парижге» ән боп жеткен тіл! Төгілген сәтте көктен нұр. Күй болып сонда кең дүние, Толғанып жатқан көк сеңгір.

«Тар жол тайғақ кешкен» тіл! Топ жарып желдей ескен тіл. Егескендердің есін жиғызып, Шешілмес дауды шешкен тіл. Шұбар да шұбар, шұбар күн, Тұсалса шындық шыдар кім ? Жаралы тілдің жай-күйін, Мүлгіп бір кеткен ұғар шың. Майдан да майдан, майдан тіл, Қайран да қайран қайран тіл. Алмас қылыштай жарқылдап Намысымды менің қайрай жүр! 20.09.2009 ж Комуз-мойын қаздар ұшып барады Комузының бұрап күйлі құлағын, Көңілдердің сыбдырлатып құрағын. Базар кезіп бір зағип жан келеді, Заманаға қойып мұңлы сұрағын. Алатауды бетке алып ол келеді, Ал жан-жары ілбіп үнсіз ереді. Саудагер - күн миығынан күледі, Ғаріптерге болмаған соң берері.

«Өмір-өзен» іштей тынып ағады, Ағынымен жуып жанды жараны: Көк жүзінде қиялымның қалықтап, Комуз-мойын қаздар ұшып барады... Жолдарың болсын қырандар Меделхан Қонысбаев көкеме Көңіл көзімен бәрін көреді, Бойында бар мол өнері. Сөйлесе шерін ақтарып, Қабырғасын ойдың сөгеді. Сырнайын қолға алады, Құйқылжыта сазға салады. Өзі бір академия-шежіре Өткізген әрбір сабағы. Жасымайды ғашық жүрегі, Ел менен жер ғой тірегі. Сейілсе екен «жіберген», Жаратқанның қара түнегі. Шықпыртар кейде інісін, Ұқсатпай қойса бір ісін. «Құрманбектің» баласы, Сөздің айтар дұрысын.

Жолдарың болсын қырандар, Бала жүректер сыр аңдар! Зағип дүниенің сырларын, Ағамнан келіп сұраңдар! Жолдарың болсын қырандар! 16.11.2011 ж Желтоқсан - жыр! Сезіндім бе өткен күннің ызғарын, Көп ішінде бой тоңазып мұздадым. Жендеттер де жиналыпты алаңға, Азаттықтың тату үшін тұз - дәмін! Қазағымның соры қалың бес елі, Арылған жоқ құлдығынан кешегі. Ал, биліктің түрі анау тойынған, Тағдырыңды, елім кімдер, шешеді.. Көңілі соқыр, көзі ашық заманым, Тарқамасын өмір қызық базарың. Азаттықтың ауасымен тыныстап, Ақиқаттың жырын енді жазамын! 17.12.2009 ж Алаң! Барып қайттым алаңға, Мұң жиналып жанарға. Түйсінемін сезінем Бір қол барын жағамда

Өз қызығы өзінде, Тұрмайтығұын сөзінде, Анау тақсыр тойынған, Салмақ салды-ау төзімге. Көрмес көзі басқаны, Қаласы бөлек -аспаны. Тас керең, меңіреу дүние, Есігін маған ашпады. Барып қайттым алаңға, Рух оянып санамда. Түйсінемін сезінем, Бір қол барын жағамда, Мың қол барын жағаңда! 12.04.2010 ж Қазақстан-I телеарнасына... Өткен күндер санамда бір жаңғырды, Сіркіретіп жанымдағы жаңбырды. Осы үйде жүруші едім үн қуып, Болжай алмай алдымдағы тағдырды... Көзге ыстық бейне түсіру алаңы, Қазақстанға таралған бар хабары. Сөз бастайтын Әбдіралы мен Рабиға, «Шарайнаға» ауғанда елдің назары.

Қарсы алдымнан шығатындай Шерағаң! Кеуде керіп тынысымды кең алам. Қанапия Мусиндерді еске алмай, «Звукоцехқа» қалай бүгін ене алам?! Шақырады қолын бұлғап өткен күн, Дегендей бір өмірқызық көшке ергін. Қазағымның тәуелсіз ел арнасы Әр кезде де шабытыма от бердің... 28.10.2008 ж Қуыршақтар... Қуыршақтар би билейді, күледі, Бұрап қойсаң жүгіреді, жүреді. Адамның да қуыршағы болады, Кеудесінде соқпайтын бір жүрегі. Кейбіреуі шіренеді тон киіп, Пенделігін көрсете ме қомпиып. Ал мынасы әдемі ғой әдемі, Үстіндегі көйлегі тұр шолтиып.

Қуыршақ деп айтуға тіл бармайды, Ойларымды айтқызбай-ақ аңдайды. Ал, мынаның мұңға толы-ау жанары, Шындық жырын алушыға арнайды. Кім-кімдердің қуыршағы, сеземін, Өмір-тарих шолып ойша кезеңін. Құлақ түріп тынысына уақыттың, Күтеді олар өмір - сахна кезегін... Мұхтар Өтеуовке Жамбылдың қолдап аруағы, Қол бұлғап күндер алдағы, Өнер шаңырағыңа оралдың Төрлетіп әділет заңдары! Балаша сонда қуандым, Ішінен шығып тұманның. Феникс - өмір құсындай, Отқа қарсы тұра алдың... Кең даласында көңілдің, Күй болып кенет өрілдім. Көріп келемін, көндігіп, Ащшы сабағын өмірдің.

Сағыныш шөлін басамыз, Жүректен шашу шашамыз. Жасына келіп Жамбылдың Оу, Мұқа, ұзақ жасаңыз! 18.01.2011 ж Құс қанатындағы жыр Болат Шарахымбайға Көңілің менен қалды ма, Жүгінсем бе екен алдыңа? Құс қанатындағы жыр-досым, Қалғыма, деймін, қалғыма. Ірейді біреу-біреуді, Қашырмақ болып үрейді. Өзі мінсіз міскіндей, Бойымен көкті тірейді. Адалдан болсаң егер шын, Сөзіме мынау сенерсің. Академик деген атың бар, Сын айтып мүмікн сөгерсің, Сөгерсің дағы көнерсің. Ел үшін соққан жүрегің, Қазығұрт тауда түледің. Бабаңа тартқан баталы, Баһадүр ұлдың бірі едің.

Ылдиға аққан арындай, Ғарыштан түскен сарындай. Жырларың сенің қазақтың Намысы менен арындай. Жапырақ жайса көктерек, Көктерекке от керек. Не болса соған бүлініп, Қайтеміз наз қып, өкпелеп. Талқыға түсіп әз басың, Көңілің бізден қалмасын. Дертіңе бір күн ем жасап, Жазармыз жырдың жалғасын. 06.07.2009 ж Матрос ақын Болат Шарахымбайға Алатауын арқа тұтқан Қазықұрттың ұлысың, Бейуақытта жарқылдатқан поэзия қылышын. Ұзақ таңға көз ілмеген матросқа да ұқсайсың, Жыр-теңіздің баққан өршіл толқыны мен тынысын!

Толқын-толқын, сол толқынмен тоқсан толғау күй ақты, Талайларды өрге тартты, талайларды құлатты… Дауылдарға қарсы қарап жүзіп келе жатырсың, Нұх пайғамбар кемесінің капитаны сияқтым. Таудай болып тұрасың да, сайға сәлем бересің, Назарға алмай пейілі тар пенделіктің егесін. Қайсы бірде ұқсатамын жылқышы бір ағама, Ала құйын ұзақ жолдың дәл нұсқаған межесін. Түркі әлемін түгел таң қып жырларыңмен баурадың, Жұртың көрді аспан жақта жұлдызыңның жанғанын. Ел ағасы жасындағы елуіңе дем болсын, Ақын досым, жүрегімнен саған бір күй арнадым. 26.11.2010 ж Рух оянған күн!

Құдіретін тілдің бүгін сезіндім, Жетегіне ермей жасық сезімнің. Тілін жұтқан мәңгүрт жанды көргенде, Дүниеден келер кейде безінгім. Тас мүсіннің саусағына құс қонып, Жүргендеймін Алматыда түс көріп. Бар болғаны бес мың қазақ оянды-ау, Бойымдағы қазақы бір күш кеміп. Жүргендеймін той-думанның ішінде, Көңілімдегі дүбір қосып дүсірге. Сыбыр қағып бір үн маған тұрғандай: Өр еңсеңді балам енді түсірме! Рух оянды, қалғыма енді қазағым! Көрдік талай өзгелердің мазағын. Бес мыңым да жер қайысқан қол екен, Мәңгіліктің жырын енді жазамын! 03. 09. 2011 ж Көктемді аңсау

Көктем туып келеді, көктем туып, Қыстап қалған іштегі өкпемді ұғып. Енді аз күнде қарайды сұлуларға, Күннің көзі тамсана көктен күліп. Поэзия ше, ол да енді оянады, Қызыл гүлге бөктерлер боялады. Сонда мені табады іздегендер, Үйден емес сайлардан доланалы. Бір қара көз сыртымнан қадалады, Тар бөлмеге жырымды қамағалы. Ия, солай, сыр бермей шырқалады, Қу тірліктің өзіңсіз жадау әні. Көктем туып келеді, көктем туып, Жердің беті қара сұр шекпен киіп. Қария қыс дөңбекшіп күңкілдейді, Өткен күндер елесін өткел қылып... Көңіл «Клеопатрасы»

«Клеопатра» жолда қалар алдыңда, Енді менде мұрша бар ма қалғыуға. Сені көріп ес еркімнен айрылдым, Бұлтсыз күні айналып жыр жаңбырға. Жүрегімді барады өртеп жанарың, От боп енді лапылдасам, жарадым. Біреуге іні, біреулерге ағамын, Сұлу көрсем тілін үнсіз табамын. Жаныңда жүр бір көлеңке ербеңдеп, Қожайындық жасап саған кердеңдеп. Жалтақтаймын жарым келіп қалардай, Қас-қағымда мың шақырым жерден кеп. «Клеопатра» жолда қалар алдыңда, Қолың бұлғап мені жолға қалдыр ма. Жүрегімде бейнең мәңгі сақталып, Өкпе айтып барам сайқал тағдырға... Сені көріп....

Шіркін-шіркін сендей сұлу көрмедім, Кезіп ішін дүние атты көрменің Саған қолым жетсе мүмкін ойланбай, Бұйрық етсең көрер едім көр демін... Көздерімді жаулап алды-ау балтырың, Ағараңдап сүттей аппақ алқымың . Ал, көздерің қою қара бүлдірген, Сені көріп қорғасындай балқыдым. Тал бойыңнан ешқандай мін таппадым, Қиялымның кезіп арман бақтарын. Сені көріп жасарып бір кеттім ғой, Көңілімнің серпіп сезім - қақпанын Сендей сұлу өмірімде көрмедім, Жүрегіме салған сезім өрнегін. Сені көріп биік өмір шыңына, Келе берер әр күн сайын өрлегім.... Бойжеткен Көп қарадым жолыңа, Қалам алып қолыма. Түсе көрме бойжеткен, Тайраңдардың торына.

Сұлулықтан жаралдың, Көз құрты боп талайдың. Үміт отын жиі үрлеп, Мен де саған қараймын. Күндер өтіп барады Жүрекке сап жараны Беу, дүние тың – тыңдап, Тамшы болып тамады... Өлең Өлең қашып жүр менен, Көңіл шоғын үрлеген. Әлде көңілі қалды ма? Қағылған соң жүлдеден.. Ұзаққа кетіп қалды ма? Мұңын шағып арлыға.. Ол масайрап жеткенше, Қалғыма жаным, қалғыма! Әйтеуір бір күн келеді, Үрлеп арман кемені. Күзгі бақ сонда гүлдейді, Жайқалып алтын желегі. Жүр екен кімнің жанында? Оранып аппақ сағымға.. Ақ жауын боп сіркіреп, Айналып кетті-ау лағылға! Наурыз сезім

Бойдақ күнімді сағындым, Ішінде қалған сағымның. Не екенін білмей барамын, Кейінгі күндер сабырдың. От сезімді ұрлап барады, Беймәлім ару жанары. Қармаққа түскен сазандай, Жүрегім дүрсіл қағады. Сірә, мен білмей өтемін, Қарттық дегеннің не екенін. Ақ балтырлы қайыңның, Аңсап бір жүріп мекенін. Медбике аруға (Әнін жазған: Елжан Жанаманов) Көркіңе үнсіз табындым, Қабағын бағып жарымның. Өзіңді көріп дертімнен, Құлан-таза жазылдым. Қайырмасы Қиылған қара қасың-ай, Қап-қара қою шашың-ай! Көздерің неткен нұрлы еді, Көңлімнің бағы гүлдеді. Өзіңе іңкәр бір сезім, Жүректің шоғын үрледі. Қайырмасы Қиылған қара қасың-ай, Қап-қара қою шашың-ай!

Аман бол қайда жүрсең де, Өзгеге қарап күлсең де. Бойымды жылтып барады, Өзіңнен алған жыр сәуле. Қайырмасы Қиылған қара қасың-ай, Қап-қара қою шашың-ай! «Күзгі романс» Мен сені сағындым, Сен мені сағындың. Жаулайды жүректі, Кей сәтте сағым мұң. Сен маған бағындың, Мен саған бағындым. Сезбей де қалдым ғой, Жанғанын бағымның. Мен сені аңсадым, Сен мені аңсадың. Ерітіп барады - ау Бойымды саусағың. Мен сені іздедім, Сен мені іздедің. Ал сыртта бұйығы, Алады күз демін! 11.29. 2010 ж Ғасыр тұлға Дінмұхаммед Қонаевтың рухына Ғасырдың озық тұлғасы, Үнімді менің тыңдашы. Пейіліңді дархан сағындық, Тартылып көңіл жылғасы.

Бигіңе келдім ұмтылып, Ылдида қалып тұншығып. Өзінше толғау толғайды Бүгінгі заман тіршілік! Өткен күндер келмейді, Жылуын елге бермейді. Ал, қаңтардың суығы Кімдерді енді жерлейді. Алатауға қараймын, Әр шыңында бар айбын. Қонаев ата университетін, Жер жұмағына балаймын. 11.01.2011 ж Мұқағали Мақатаевтың рухына Шертейін Мұқаңа арнап бір күй бүгін, Ашып бір көңілдердің жыр түңлігін. Көп ұйықтап қалғандарды оятайын, Шақырып шабытымның сиқырлы үнін. Жүрміз ғой ыңғайымен тіршіліктің, Көне алмай айдауына бір шыбықтың. Тобықтан шалып кей жан құлатады, Ұмтылып алға шықсам құлшынып тым.

Әйтсе де мұқалып бір жасымадым, Туса да тарлауыттай басыма күн. Аққуларын аңсаған жетім көлдей, Арнамнан асып бір сәт тасымадым. Әркімнің өз биігі бар шығатын, Самғатар жұлдыздарға қаршығасын. Қанатын қағып-қағып күй-Мұқағали! Жігерімді жырымен қамшыласын. Пысық інішекке Бұрынырақта еркін ең, Пенде дүние дертінен. Ауырып енді қалыпсың, Мақтан сөзден желпіген. Баса көктеп қарайсың, Аспандағы жаңа айсың. Сені бала күтіп тұр, Алдыңда әлі талай сын. Кеудені кеуде басады, Көңілді көңіл ашады. Өрекпісе құйын жел, Шаң топырақ шашады. Мінезің қайда ақ жарқын, Ойламайтын алды артын. Тазартып кірден жаныңды, Лайым аппақ қар жаусын. Жыр қуу...

Жыр қумадым қара бастың қамы үшін, Сыбдырлатып қояндардың қамысын. Жүрегімнің сөзін айтып келемін, Тірілтсем деп кей жандардың намысын. Мақтамадым мақтан қуып Жүргенді, Мың құбылып жалған сөйлеп күлгенді. Мен шынайы өмір сүріп келемін, Жамандардан аулақ салып іргемді. Ойды оятсам деймін мәңгі қалғыған, Ауыздықтап қара желді қаңғыған, Бүгежектеп жүргендерден қорқамын, Бүкең қағып мені жолда аңдыған. Жыр қумадым қара бастың қамы үшін, Ала қашып заман тауық тарысын. Сыбдырлатып жүрмін сезім қамысын, Көру үшін жүректердің барысын... 20.01.2009 ж

Бір танысқа Ж-ға Тау емес бір төбесің, Мешел қалған төресің. Бықсыған су отындай, Түбінде бір сөнесің. Шулы өзен боп ағасың, Жыртып дала жағасын. Ебін тауып жалма-жан, Аққа күйе жағасың. Шиқ-шиқ етіп күлесің, Ит боп кейде үресің. Түбін ін ғып таулардың, Ұзақ өмір сүресің... Советхан Әбубәкіровке Өз еліңнің қамын аға ойладың, Эколгия сырына терең бойладың. Бөле жара ала қашпай олжаңды, Табысыңды дос - туғанмен тойладың! Қартайдым деп түсірмедің еңсеңді, Әр ісіңе аспан менен жер сенді. Гүлдендіріп жүруші ең ғой дүниені, Есік қағып жақындатып ертеңді.

Ғалия ана, бекем берік болыңыз! Үзілмесін бейнет бақыт жолыңыз. Алда жалда түс көрсеңіз бір жаман, Әрқашанда жақсылыққа жорыңыз! Асқанбек құрдасыма... Шардараның Асқанбегі тау тұлға, Өзің жайлы ұялмаймын айтуға. Көңілің мәрт бейне теңіз толқыған, Айырбастап сені алмаймын алтынға Ұқсайсың сен нағашы бір ағама, Қамқор болған жетім жесір балаға. Еңселіні таныйды елі ісінен, Қоңырау соқ келіп кетсең қалаға. 10.11.2011 ж Шардара Сағындым көлбеп жатқан Шардараны, Көгінен ақ жауын боп тамған әні. Лықсыса толқындары жағаны ұрып, Бір сұлу көзін маған аударады.

Ойымнан кетпей жүр ғой шағала әні, Теңізге мұңын шаққан даладағы. Өзіңде өткерген көп тәтті күндер, Жамау боп жүрегіме жамалады... Бүгінгі бәйге Апыр-топыр хан бәйгесі басталды, Бірікпеген қосып, майлы бастарды. Аспан жүзі қарауытып бір сәтте, Жүйріктердің жанарынан жас тамды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» білмеймін, Үміт отын тұтандырып үрлеймін. Бәсекеге тұлпарларын қосқандар, Ышқынады демін алып пілдердің... Соңғы айналым, қара үзген келеді. Елестетіп көзге ұшқан жебені... Иесіне оза шапқан құнанның, Темір тұлпар демеушісі береді.

Жал құйрықсыз ғасыр озып барады, Алмастырып доңғалаққа тағаны. Домбырамды безілдетіп толғаймын, Сезімді емес, ойды емдеп жаралы... Түңілу теориясы Мен де шаршадым, Сен де шаршадың. Бір ауық дамылдап, Жылылық аңсадың. Олар да алдады, Бұлар да алдады. Мансаптың есегін, Тағы да жалдады. Олар да бөледі, Бұлар да бөледі. Пайдаға кенеліп Теңге үшін өледі.. Шаршадың, сеземін! Келмей бір кезегің. Жалғаннан безініп, Жер бетін кеземін.. Шаршадым, сеземін! Қарғалым-ай! Қарғалым-ай, Әсет әні шырқалған, Жүрегімді құтқаршы бір құрсаудан. Біреу жанын, біреу малын айтады, Ала қашып көзін ұшқан сұңқардан.

Тауың жатыр қақ төріңде көсіліп, Көрген жанның қам көңілін өсіріп. Күзде келдім өзің жаққа дәм тартып, Көктем күнгі самал желдей есіліп. Шөбің шүйгін, ауаң жұпар, сеземін, Менің де бір сөйлер келді кезегім. Күннің нұрын ұрлап алған алмаңа, Көз суарып тұнжыр бақты кеземін. Қарғалым-ай, Қарғалым-ай, Қарғалым! Сырларыңды аспаныңнан аңдадым. Сүрлеуімен жүріп сазгер Әсеттің, Өзімді-өзім арман жырмен алдадым. 10.05.2009 ж. Әнші Айгера Әшімхановаға Жүректің әнін шырқадың, Ұшырып көңіл сұңқарын. Сағыныш толы сазыңмен, Жылытып бойды қымтадың. Қанатты әнге айналдың, Халқым сүйген жайдарлым. Жұлдыздарға сыйладың, Үзіп алып айдан мұң.

Сырлы үніңе балқыдым, Ақша бұлт боп қалқыдым. Көргендей болдым «Әсеттің» «Қалқатайым» «Алтынын»... Тұрсынбек Ешенқұлов ағама Тап болдық-ау меңіреу тас заманға, Қасиетін жаншып басқан табанға. «Ән - Әсетті» қолға ұстап келеміз, Өкпе артып бет қайтарған «Хабарға» «Бұлақ көрсең көзін аштың» ұмтылып, Жер қойнында қалмасын деп тұншығып. Мінезің бар алмас қылыш жүзіндей, Сізді көрсем өмір сүрем құлшынып. Бір амалын енді бірде табармыз, Басқа жердің есіктерін қағармыз. Ұлтын сүйген нағыз қазақ жолығып, Аға - іні боп, қас-қабағын бағармыз.

Солай-солай біздің бүгін халіміз. Басқа шауып келе жатыр қанымыз. Жолықтық-ау шала қазақ мәңгүртке, Күйіп-пісіп жүрген кезде жанымыз... 03.03.2011 ж Шаршау Мен шаршадым, шаршадым, Көңілге жамап қанша мұң. Домбырам мойнын қуалап, Жүгірмей жатыр саусағым. Табындың маған, табындың. Жанымнан әр кез табылдың. Енді сен жүрсің шалғайда, Ішінде абыр - сабырдың. Сыр Жасқанып екі жүзді жауларыңнан, Құрсыншы жел ескені айдарыңнан. «Бүлінгеннен бүлдіргі алған жаман», Сақтанып жүрсің енді қай дауылдан. Ығында жүрген жаман арамдардың, Білмейтін тірлігінде адам парқын. Жаныма батып жүр ғой мүләйімдер, Жыртқаны жағаңызды жамандардың.

Бір күні ашылар деп сенем көзің, Аңғарып пенделердің көлеңкесін. Уақытында, аға, тастаған жөн Тағдырдың уға толы шемен безін. Түбіне жеткен жауы талайлардың, Ағартып қара сақал самайлардың. Дәурені асып - тасып тұрған кезде Түсінем, өз тағында абайлар кім... Күйші Қилан Сәрсенбиевтің рухына Кешір аға іздемей кеткеніме, Күй қанатың сынғанда жеткеніме. Өзіңді ойлап сан рет аялдағам, Ұзынағаштың музыка мектебіне. Құрекеңше шалушы ең домбыраңды, Орнықтырып деміңмен оң бұрауды. Бала кезде үйренгем мен де сізден, Өнеріммен талпынып жол құрауды.

Сарғайды ма жаныңыз сағыныштан, Оза алмай мүләйім жазымыштан! Кәрі Атырау мұңайып жатқан шығар, Толқындарын тыншытып алып-ұшқан. Сыйынғансыз Жамбылдың аруағына, Қос ішекпен құрық сап арманыңа. Домбыраңның ішегі ерте үзілді-ау, Әлде арманың күмбірлі алдады ма?.. Қош бол енді ақ көңіл Қилан аға! Күй қазына бойына жиған аға. Лайықсыз әр кезде сыйға дара, Қазақ үшін күй болып туған аға! 06.07.2009 ж Күй -Тұлпар Ағытып жіберейін күй тұлпарды, Ілесіп кер заманға ұйқым қалды. Ал, енді қуып жетіп көрсін мені, Тәубаға түсірейін жұлқынғанды.

Қандырайын айызын шөлдегеннің, Сындырып сүйегін шөп-шөңгелердің. Хан бәйгіде күмбірлеп, қара үзіп, Күтіп алсаң жұртым-ау мен келермін. Күй-тұлпар орғып өтші қамалдардан, Жасалған пенде қулық амалдардан. Күй айтып берді бізге бебеу қағып, Аңызды жеткен алыс замандардан. Аңдатады өмір – түс, өрі нені, Бір айналым алдымда көрінеді. Мәреге жақындаған күй-тұлпардың, Жал құйрығы жалтылдап төгіледі... 09.05.2011 ж Жыр-жаңбыр Түні бойы жаңбыр құйды-ау сіркіреп, Келер күннен әлдеқандай сыр тілеп. Алматыға төнген ала бұлттарды, Жатыр мүмкін жыр анашым сілкілеп.

Енді аз күнде көк шығады-ау дүркіреп, Ауылдың да аспан тауы күркіреп. Оянады қыста ұйықтап қалған сай, Жылы қардың сылқ-сылқ күлген жұрты кеп. Қосағаштың, Ұзынағаштың бұлты кеп, Алматыға жаңбыр құйды-ау сіркіреп. Жалғасындай болып жылы нөсердің, Ала келдім алдыңа елім жыр тілек! 19.03.2009 ж Озу Анам Қанипаға Кеттің озып жасанды бір атақтан, Тас тұлғасын пенделерге қашатқан. Тірлігіңде көрдің талай бәйгені, Жүйріктерді жабыларға мататқан. Әділ емес қазылардан түңілдің, Ауырлығын сезініп жыр жүгіңнің. Мұң сырыңды шағып қағаз қаламға Таң алдында шабытыңа жүгіндің.

Сұрамадың лауреаттық ешкімнен, Сықпытына паң кербездік ілестірген. Аққулы арман айдынында гәккулі, Әніңді айтып ескегіңді естің сен. Озып кеттің көш соңында қалғаннан, Манаурап бір қалғып кеткен таулардан. Тірлігіңде сені алдап - арбаған Құн дауламай-ақ қойдым арсыз жалғаннан... Қарындасым үй алғанда «Үмбет аға» үміт жібін жалғадың, Көңіл сарай жарқыратып шамдарын. Қуаныштың күйін салып саусағым, Көк жүзінде қыран құс боп самғадым. Анам қайтып келгендей бір толқыдым, Жыр теңіздің қуып асау толқынын. Хан бәйгеде қара үзіп келген бір, Құлагердің жыртқан тағдыр қолтығын.

Бұлтты жарып шықты тағы жарық күн, Елең қылмай қыспақ сынын нарықтың. «Ән Әсетін, Ән Шәмшісін» халқымның, Тебірендім «Ләззәт әннен» танып мың. Жалға-жалға арман жырын анаңның, Қарындасым әр күніңе алаңмын. Үйіңе ендің анаң аңсап көп күткен, Ақ батасын алып жаңа заманның... 06.01.2009 ж Тақырыпсыз өлең Абайдан соң жыр жаздым, Бұрымын көріп қыздардың. Мұқағалиға да еліктеп, Қарайған тауға жүз бардым. Тұма жыр аңсап шөлдедім, Дәмін ап шөп пен шөңгенің. Сезіндім іштей бір күні, Жанартаудың мәңгі сөнгенін. Абайлап сөйлер күн туды, Тұмшалап қайғы күлкімді. Құлқынның қамын ойлаған, Ниет биледі-ау ұлтымды.

Кім-кімге күліп жағынды, Аяқтан шалып дарынды. Қалбаң қағып құзғындар, Сындырды менің сағымды. Жағасын жыртып жаманның, Сиясын сығып қаламның, Көр-соқыр мынау заманды, Апырмай енді сабар кім? Абайды қайдан табамыз, Абайды қайдан аламыз, Ұранға бәрі айналған, Өткен күннің бәрі аңыз! 11.08.2010 ж Сыр шашу Бір қанатым күй, бір қанатым жыр менің, От көрігін көңілдердің үрледім. Жамандардың ләппай қағып алдында, Қаламадым жақсылардың жүргенін. Қазақ болып туғаныма қуанам, Домбыраның құлақтарын бұраған. Шыр етіп бұл дүниеге келген соң, Шындықты айтпай қалай енді тұра алам?!

Кезім келді сөйлейтұғын, сеземін, Өткен күннің кезіп қилы кезеңін. Мен айтайын, ал сен тыңда замандас, Сенің де бір келер бір күн кезегің. Бір қанатым жыр, бір қанатым күй менің, Қайрылмайды алға тартқан күйме күн. Шаң басып бір қалмасын деп шабытым, Көн терісін пенде күннің... иледім... Нұролла Ғазизовтың рухына Саз әлемнің қайталанбас тұлғасы, Шәмші, Әсеттің өнердегі құрдасы. Аңсап жеткен жетпісіне асығып, Нұролланың сазын елім тыңдашы. Қобызының үнін жары сағынды, Бетке алып арман елес сағымды. Бір жарқ етіп өте шықтың фәниден, Кір шалдырмай пенделікке арыңды.

Бейне теңіз тыншымаған әлемі, Толқындардан жаратылған жан еді. Әзіл айтып жүрген кезде жымиып, Тыйылатын жамандардың әлегі. Саз әлемнің ойлы ұшқыр баласы, Күй аңсап жүр көңілімнің сағасы. Нұролла-ән биігімде самғаса, Нұрға толар егіз дүние арасы! 10.03.2011 ж Мыңжасар Маңғытаевтың рухына «Шерт күйіңді, сылқылдатшы» дегені әлі есімде, Алматының жанға жайлы қоңыр самал кешінде. Тараздағы інісіне қоңырау шалып сол күні, «Күй-Мұқағалидың» тұсауын үлгерген кесуге Жүрегі саз, көңілі дария, күлкісі тәтті жан еді, Жаратылған «симфониядан» ішкі дүние әлемі, Ағытып бір түрлі-түрлі әңгіменің тиегін «Талап балам аулақ жүргін» деді «жерден бәлелі».

Сездім іштей сапарға алыс аттанғалы жатқанын, Есіне алып өткен жастық қызулы отты шақтарын. Қиялыма-қиял қосып сол бір күні күй төккем, Домбыраның қатты ұрмай қызыл қайың қақпағын. «Сылқылдат, сылқылдат» деп құлақта үні тұрғандай, Елеңдеймін аққу қыздар мойнын маған бұрғандай. Өнерімен өтті, өтті-ау дүниеден мың жасап, Мынау әлем енді бір сәт тыншып тынғандай! Бір замандасқа! Түлкі сойып өтірік күле алмаймын, Емін еркін жүрген бір құландаймын. Күлсем-күлем шынымен рахат тауып, Қарнын жарып өзіңдей жуандардың.

Шырағым мықтымын деп бұлданбағын, Көрмедім өртенгеннің бүр жарғанын. Сөйлесең жөніменен сөйле, қумай, Көңілдің жадыратып жыр жайлауын. Жаралған жалғандықтан жан екенсің, Ләппайлық пенде күннен дәметерсің. Сен құсап шашымды мен боямадым, Алпысқа келген сен бір бала екенсің. Түсіңді түстемедім, атыңды атап, Қамшылап намысыңды тақымға сап. Замандас оятпа енді ашуымды, Жарқ етер өз қолыңмен жасын жасап.... 09.04. 2011 ж. Ақын Ақын өтті - ау өмірден, Ақ жарқын ақ көңілмен. Қалды артында сырлары, Ақ жауындай төгілген. Жағынып жыр жазбады, Өмірде от боп маздады. Су көмірден шоқ сұрап, Қысты өткеріп лаждады.

Көрді өгейлік тағдырдан, Үстемдігін заң қылған. Өксіп жүріп күлуші ед, Ләззат алып ән жырдан. Қалды артында сырлары, Қызғалдақ боп қырдағы. Көздің жасы толтырды, Жылап аққан жылғаны... Сағыныш Қара жолға қараймын, Ізі қалған талайдың. Қараңдаған жан көрсем, Жан анама балаймын. Күлкісі жарық нұр еді, Жаралған жырдан жүрегі. Жалған сөзді білмейтін Мінезін жұрты біледі. Қас-қағым екен өткен шақ, Бүгінге жеткен өткел сап . Әйнектен сыртқа қараймын, Анашым жаққан отты аңсап. Қас қарайып барады, Ауыр тартып қабағы. Есік жаққа беттейін, Сағынышым қағады... 05.02.2011 ж. Ұшу

Ұшып жүрмін түсімде, Айналып құс мүсінге. Пенде дүние көз тігіп, Қайран күйге түсуде. Жерге тиіп табаным, Кенет дамыл табамын. Анашым тұр жанымда, Суарып маған жанарын. Көктен жұлдыз үзіппін, Көзіндей ғана жүзіктің. Ұсынсам анам алмайды, Жырларына тізіп мұң. «Еліңе көрсет асылды Сақтап ұстап тасыңды», деп сабырлы тіл қатты, Көңілім судай тасынды. Ояна кетсем жатырмын, Әшейін бір пақырмын. Қанат бітіп кетердей, Таңды көзбен атырдым. 09.05.2011 ж. Иіс Келеді баса көктеп мәңгүрт заман! Жанына қазақ иісін жуытпаған. Шүлдірін үға алмаймын кей адамның, Көңілдің дариясында малтып қалам.

Апыр-ай, қайда барып жан сақтаймын, Жүрген бір ормандағы қарсақтаймын. Қайран тіл жатыр тартып жетімдігін, Кесілген шыршасындай тау-шатқалдың. Шұбар күн, шұбар тілім, шұбар бәрі, Сөйлесем шұбарлардың шығар жаны. Қазақтың ұлылығын жырға қосқан, Жұбанның жырына кім жұбанбады. Жақсыдан жаман туған қиын екен, Тілі бар мылқаулардың сыйы бөтен. Жетпейді өзге елдің «хан сарайы» Қазақтың исі аңқыған үйіме кең. 18.11.2010 ж.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙