Бүлдірген ағып түскенше
Дәулеткерей Кәпұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бүлдірген ағып түскенше
Дәулеткерей Кәпұлы
Бүлдірген ағып түскенше...
Жағада жалбыз, жағада жалғыз тұрдым мен,
Тасжарған бұлақ, танакөзденіп, гүл күлген.
Басымнан құстай үркетін дәуренді ескертіп,
Қызарған ернін шығарып тұрды бүлдірген.
Айтыскер ақынның бір қолжазбасы хақында
Қолында – қара домбырасы, бөркінің төбесінде үкісі бар (маған солай елестеуші еді) бала Дәулеткерейді баяғыда әрәдік жалт-жұлт көріп қалып жүретінмін. Апталар ұшып, айлар көшіп, жылдар жылжып; сол бала Дәулеткерей айтыс өнерінің әйгілі саңлағына айналды. Айналды да,... бейне бір отставкаға кеткен жап-жас генералдай, жыр додасынан бойын бірден аулақ салды. Енді міне, ойға қалам, қолыма түскен қолжазбасына қарай отырып. Ол қолжазба – жазба ақынның жан-дүниесінің өрнектері. Мені суырыпсалма ақын → жазба ақын түріндегі осы рухани тосын трансформацияның мәнісі ерекше толғандырады. Мұның гәбі неде екен деймін де баяғы. Тегінде, өз түсінігімде: қазақтың айтыскер ақындары – көшпеліліктің, жазба ақындары отырықшылықтың символдары. Өйткені, табиғаттың төл баласы болып табылатын көшпелінің мыйы – қыртысы күрделі жаратылыс, санасы – ойға бай эпикалық парасат болып келеді. Көшпеліге тән сондай ерекше қасиет – айтыскер ақындардың көш-керуендей тізілген көркем сөзді кез келген жерде, кез келген сәтте суырып салып айта жөнелмегінің басты кепілі. Жан-дүние байлығы мен сезімталдығы һәм ұшқыр ойлау жағынан алғанда, айтыскер ақындардың ең әлсізінің мынау дейтіндей жазба ақындардан «бір елідей» болса да биік тұратындығы сондықтан. Әрине, қазақтың қазақстандық қазіргі мықты жазба ақындары да, белгілі бір мөлшерде – көшпеліліктің перзенттері. Олардың өзі екі категорияға бөлінеді: байырғы орасан көшпелі өмірдің ауыл-ауылда сақталған кейінгі жұқанажұрнақтарының өзін көріп өскендер және байырғы көшпелі өмірдің тек сөзін естіп жетілгендер. Алғашқыларында жасырын жатқан суырыпсалмалық сұлу таланттың негізі бар, – көкірегіне түскен ойдың нұрлы өрнектерін көп жағдайда қағаз бетіне демде әсем көшіртіп үлгертетін. Екіншілеріне – ой ұшығын ұстап алып, соның мән-жайын кеңінен, асықпай толғануға бейімділік тән. Алайда, олардың да жүректерінің түкпірінде суырыпсалмалықтың әз импульсы аз да болса сақталған. Осы екі топтың бір ұқсастығы сол, ол – екеуінің де өз жан сырларының бұқараға жария жетуіне еш асықпайтындығы, әр ойдың лебізін қырнап-жонып ұзақ өңдейтіні, әр ойдың әуезін көңіл қобызының құлақкүйімен сәйкестендіре, барынша қоңырлай түсуге тырысатындығы. Оның себебі неде? Оның бір себебі: «айтылған Сөз – атылған оқ», сондықтан, «аттың» екен, оны дәлдеп «атуың» керек, өйткені, бір оқты екі рет ата алмайсың. «Қайыра атылмайтын» ондай сөздің өкініші аз болмайды. Екінші себебі – суырыпсалма таланттың жасампаздық көрсетер тыңдармандық аясының барынша тарылуы, керісінше, оқырмандық сферасының барынша зораюы. Ал, «айттым – бітті, аттым – тиді» – нағыз суырыпсалма ақындардың принципі. Ол принцип – олардың тілге бай көшпеліге тән шапшаң да дана ойлай білетін шешендік ерекше қабілеттің өз бойларында барлығына бек сенгендіктен қалыптасқан үрдіс. Яғни, жазба ақындардың «тоғыз толғанып-он ойланып» барып қана дүниеге әкелетін туындысына сай шығарманы хас суырыпсалма ақындар салған жерден-ақ саңқылдап айтып бере алады. Оған
ноғайлы заманындағы Қазтуғандарға бармай-ақ, бергі Сүйінбайларға келмей-ақ, бүгінгі Айтақын, Аманжол, Айбек, т.т. үздік айтыскерлерді мысалға алсақ та болар. Әйтсе де, қазіргі заманда суырыпсалмалықтың жасампаздық аясының өте тарлығы – аксиома. Оны айтыс кезінде сол жыр додасы өтетін сарайлардың тыңдармандарға әркез лық толы болуы да жоққа шығара алмайды. Айтысқа әр он мың қазақтың бірі ғана барады, сөзді ұғатын, қастерлей білетін. Жалпы, Рух пен Ес жасампаздығы тұрғысынан келгенде, көшпелінің символы – өлең, отырықшының символы – қара сөз; көшпелі – көне сезімнен қуат алып, жаңаша ойланады, отырықшы – ескі ойдан қуат алып, жаңаша сезімге беріледі; көшпелінің қарекеті – априори «ой-сөз», отырықшының қарекеті – апостериори «іс-жүзе», т.т. Сәйкесінше, «бір-біріне антагонист» көшпелілік мен отырықшылық ақындарында да солай: «сабасына қарай – піспегі...». Қош, сонымен, қазақтың мықты жазба ақындары көп, мықты айтыскер ақындары аз. Солардың бірі – Дәулеткерей. Оған ешкімнің таласы бола қоймас. Осы орайда «өткен ғасыр басындағы «түйе мінгендерінің өзі төрт ауыз өлеңге шебер болған» («Түйе мінген әр қазақ төрт ауыз өлең біледі») суырыпсалма қазақтың кейінгі кезде жазба ақындығының кеңінен өрістеуінің мәнісі неде?» – деп сұрақ қоюдың да еш қажеті жоқ. Ол құбылыс жоғарыда айтқанымыздан шығады – қазақтың ақыл мен көңілді жұпарлайтын, рухты асқақтататын ежелгі көшпелі өмір сүру салты біртін-біртін адыра қалып, елдің саналы тірлігін өркөкірек сайтанға тән прагматикалық отырықшылық біржолата жаулап алып қойды. Соның кесірінен, аталы сөзді «қырағы көзбен оқып қана» қоймай, кемел құлақпен де меңгеруге жетік болмыс ретіндегі ортақшыл жомарт-мәрт-данааңқылдақ көшпелінің дәурені көзден бұлбұл ұшты. Яғни, көшпелінің аталы сөзді жарату-тарату, оқу-тоқу, қабылдап-қасиеттеу кеңістігі – ұлан-ғайыр еді. Бір формуласы: «көз жетпеген жерге Сөз жетеді». Ал, отырықшы не нәрсені де «өзі меншіктеген» оңаша тар аяда «көзбен шұқшия қабылдауға» ғана қадеттенген. Өлеңді оқып түйсінуінде де бастысы – сол «көз» факторы. «Құлақпен оқу» оларда – екінші планда. Қазақтың «жазба ақындығының» кең өріс алуының басты себебі де – сол, бұқара қазақтың оқырмандыққа ғана бейімделген отырықшылыққа тұтастай түбегейлі душарлануы. Яғни, «Казахский стих до сих пор рассчитан на слушателя» (О. Сулейменов. Аз и Я. Алма-Ата. «Жалын»-1989. стр. 11.) дәуірі өтті, оқырмандық заманы түбегейлі орнықты. Дәулеткерейдің қолжазбасын оқи отырып, оның айтыс өнеріндегі өзінше сардарлығының һәм оның сол айтыс өнерін тастап шығып, жазба ақындыққа біржолата бет бұруының мәнісі жайында ойланғанда, міне, осындай ұзақ толғанысқа түсемін. Анығырақ айтсам, «схематизмдік теорияға» көшуге мәжбүрмін. Өйткені, қазақтағы суырыпсалма ақындық → жазба ақындық трансформациясының барша мән-мазмұнын саралап-сараптап айтуға бет бұрсақ, тарихы көнеден суырылатын туған еліміздің орасан жарадай сыздаған аса дертті жүрегін ор төске салып аяусыз соққылағандай рақымсыз күй кешетініміз анық. Сол күйдің бертінгі көрінісінің бір үзігінің өзі – «майқы-мөңке-бұқар-шортанбай» зар. «Алла» деген сөз – жеңіл, Аллаға ауыз жол емес» (Абай) демекші,
«...шортанбай»-зар» деудің өзі де – айтуға ғана оңай. Себебі, қазақтың гендік жадында бұл бес Күндік Жалғанның адам баласы өткерер мыңдаған жылдық барша «жазуы» бар десек, еш қателеспейміз. Ең бастысы, сол «жазудың» мәңгүрттенген өз мый қыртысымызда тірідей көмілген – Өлең (жұпар ән-жыр), Абайша айтқанда, Патша Сөз екендігі. Біздің бүкіл фольклорлық қазынамыз, халықтық ән-күйлеріміз, баршасы – суырыпсалма дарындылықтың дүржауһарлары. Амал нешік, біз – өзіміздің әлсіреген рухымыз бен тегіміздің, бас қауашағымызда «қоңырси түтіндеген» жанымыздың ежелден Патша Сөз кейпінде болғандығын мүлде ұмытқан халықпыз; қазір «ат кекіліндей бір тұтам» мөлшерге түскен суырыпсалма ақындық талантымыздың ежелгі ата-бабалар кезінде жалпыға тән болған рухани рыцарлық ерекше қабілет-қасиеттен аз-маз сақталып қалған бір шоқ ұшқын ғана екендігін мүлде ұқпайтын халықпыз. Мұндай кепке қалай түстік? Ол да – күні-түні сарнап тауыса алмайтын бір шерлі әңгіме. Ол әңгіменің ең басты айтар ақиқаты – Табиғат-Анадан бөлектеніп қана қоймай, оны аяусыз қорлап-зорлап, барын тартып ала отырып, оны өз бас пайдасына ғана жаратуды ойлайтын безбүйрек пендешілікке тәу еткізер отырықшылыққа байырғы көшпелінің түбегейлі душарлануы жайындағы пәлсапа. Біз, солайша, жұпар патша Ой болып табылатын ежелгі аңқыма табиғатымыздан айырылдық, көркем сөздің мәні мен мазмұнын һәм маңызын ұғынудан мақұрымдандық, Аталы Сөзге тоқтауды қойдық, руханиятты өзімізден емес, өзге елдерден іздеуге көштік, соларға өлердей еліктедік, тіпті, өлең өрнектеріне дейін. Ата тіліміз шұбарланды, Ата мекеніміз өзіміздікі болудан қалды... Осындай қасіретті бір ұқса, алдымен суырыпсалма сұңғыла ақындар ұқпақ. Олар оны ұғып қана қоймайды, «ақырып теңдік сұраған» дулығалы бергі жырау бабаларымыздай, бейруханият пандемиясына Айдай дауа қарсылайды. Сондағы олардың нақ та хақ сенімі – тірлік-тұрмысымыз ғылыми техникалық даму бағытын ғана басты ұстаным етер отырықшылық сипатында болса да, пендені періштеге айналдырарлық алапат ізгі қуатқа ие рухани парасаттылық даму негізіндегі көшпелі өмірдің ұлттық Рухымыз бен Ақылымызда бек сақталуының өмір сүруде ауадай қажеттілігі һәм парыз екендігі жөніндегі кемел таным. Осындай таным-сенімнің нұрлы дәнін ауыл аңқыған аудиторияларға ғана шаша беру де – ақылдының ісі емес. Өйткені, ол көрермен-тыңдарман топ – көшпеліге тән аңқылдақ қасиеті онсызда баршылық қауым. Рухани парасаттылық дамудың дәнін шашсаң, әбден отырықшылана ассимиляцияланып-урбанизацияланып, тегін ұмытуға тездете бет алған дәнемесіз бұқара-қазаққа шаш, төтесінен, төбесінен. Осы қарапайым ақиқатты суырыпсалма ақындардың көбісі жас кезінде аңғармай, қошеметтің буымен тағы біраз жыл және «әндетіп» өткізіп алатындығы болмаса, жалпы алғанда, айтыс өнерінің шеберлері ақырында әлгі ақиқатпен («В эпоху фольклора казах был Слушателем, за полвека новой истории он стал Читателем». Олжас) бәрібір айқара қауышып, айтылмаған сөзі жоқ бағзы көшпелі дана ата-бабаларымыздың аса бай фольклорлық мұрасы жауһарларын модерндік технологиямен қайыра өңдеп-жаңғырту жолында отырықшы
оқырмандардың санасы мен талабына сай келер жазба ақындықтың иір-иір соқпағына еріксіз түсуге мәжбүр болады деп ойлаймын. Тіпті, «шапан киіп, ат мініп шаршағандарының» өздері де сол соқпақтың төңірегін «ерсілі-қарсылы шимайлап» жүретініне сенімім кәміл. Бір сөзбен айтқанда, нағыз айтыскер ақынның жүре келе бетке ұстар құбыласы, байыздап барар жері – отырықшылық оқырмандарына бейімделген жазба ақындық. Алайда, суырыпсалмалық пен жазбалықты қатар алып жүретін ақындар да бар. Мысалы, Ринат Заитов бауырымыз – сондай құбылыстың өкілі. Ал, Дәулеткерейдің жөні өзге айтыскерлерден мүлде бөлек. Біріншіден, оның қазіргі жас мөлшері айтыскер ақынның нағыз кемелденер шағына дөп келеді. Соған қарамастан, ол айтыс аренасын бірден тастап шығып, жазба ақындықтың жолына түбегейлі бет бұрды. Бұл – екі. Үшіншіден, ол тұқымынан-тумысынан ақындық қасиетке ие: ақын Кәп (Құмарұлы) ағаның ұлы, сөз сайысының ежелгі салтын уыз сақтаған ақын Егеухан (Мұқамәдиқызы) тәтенің айдарлысы. Төртіншіден, біздің кешегі колхоз-совхоз малшылары ұстанған коммунистік көшпелілігімізбен салғастырғанда, Дәулеткерей – шын мағынасында көшпелінің перзенті, аяулы Баян-Өлгийде күні бүгінге дейін ырғағынан жаңылмаған нағыз көшпелі өмірдің көзін де көріп, сөзін де естіп бұла өскен Дәулеткерей Есенғали Раушанов ағасының «көшпелінің ең соңғы ақыны – мен боламын» деген «менмендігіне» шамданып қалатыны да сондықтан:
Есен аға, есенсіз бе, әуелі?
Бұтақ жайған тораңғылдай мәуелі.
Тауда туып тарпаң өскен тарғылдай
ақындықтан
мен де – өзіңше дәмелі.
Дүрбелеңге ілестіріп дүрмек күн,
«барлығынан кеш қалыпсыз құрметтің».
«Ат тағалап, атан қомдап ер жеткен
ең соңғы ақын – сіз...» екенін білмеппін.
Ал, мен болсам, теріскейінде Алтайдың
марқа қозы дауысымен марқайдым.
Таң-күзетте шұрқырата жылқы айдап,
жалқы мұңын тыңдап өстім жарты Айдың...
Міне, осындай аңқылдаған тағдыр иесі нағыз кемеліне келген шағында көшпеліге тән суырыпсалмалық өнерден өз еркімен бас тартып, жазба ақындықтың иір-иір соқпағы арқылы, қалың қазақтың әлгінде өзіміз айтқан дертті жүрегі мен Рухын һәм жұпар патша Сөз тірідей көмілген ұлттық Есін қасиетті көшпелі өмірдің белгілі бір мөлшерде өзі көріп-біліп, танып-сенген шапағатты шарапатымен қолдан келгенше барынша жұпарлап қалуға сапарлата шығады.
Ешқандай асыра айтқандық емес, далалық ақын Дәулеткерейдің өз табиғатына мүлде жат отырықшылық тірліктің шырмауында шиыршақ ата шамырқанған кейінгі жазба ақындығын мен осы тұрғыда түсінемін. Әрине, бауырымыздың бұл орайдағы қолжазба дүниелерінің бәрін бірдей саф алтын деуге келмес. Дегенмен, ол да – түсінікті, жазба ақындықтың да өзіндік критерийлері мен параметрлері болады. Яғни, «Читатель нуждается и в зрительном рисунке, и в тоническом подтексте. Он требует углубленности и компактности стиха» (О. Сулейменов. Аз и Я. стр. 11.) Сол негізде «Сүтті іңір» атты шағын өлеңдер жинағын ғана шығарып үлгерген бауырымыздың «айтыскерлік аспанынан» түсемүсе, жазба ақындық әлемінің «минотаврлық лабиринтін» де бірден меңгеріп кетуі оңай шаруа емес. Алайда, Дәулеткерейдің аталмыш қолжазбасы ертең кітап болып шыға қалған жағдайда, өлең түсінер оқырманның ондағы жырлардың басым көпшілігінен байырғы ата-бабаларымыздың қымыз бен қымыран, жусанды дала мен жұлдызды аспан, аршалы тау мен өзен-көл, дана сөз бен күмбір күй, жауынгерлік һәм жомарттық салт-дәстүр аңқыған айбарлы көшпелі өмірінің жанға шипалы самалын емірене жұтқандай ерекше поэтикалық самала сезімге бөленері – хақ. Көшпелі өркениеттің бел баласы болғандықтан, Дәулеткерей – тілге шешен де шебер. Бұл да – оның өзге ақындардан бір ерекшелігі. Бізге белгісіз архаизмдердің (бәлкім, диалектілердің) әр шумақтың өн-бойынан жұмбақ жалаулап, өлеңнің айбаты мен арынын асыра түсетіндігі де сондықтан. Жалпы алғанда, аталмыш қолжазбадан дүниенің төрт бұрышын тұлпарларының төрт тұяғы бек мөрлеген; әлемдік барша отырықшы өркениеттердің рухани негізін киізүйлі арбасының ізімен айқын салып берген; достарын бұлтқа теңгерген, дұшпандарын қара жерге еңіреткен; ләззәт пен мұң атаулыны кемел парасатымен кәміл өткерген жауынгер де жасампаз бағзы бабаларымыздың көшпелі өмірінің перілік қасиетін автордың егіле көксеуінің, періштелік көркемдігін өлердей сағынуының бебеулеген һәм буырқанған құпия сарыны айқын шалынады жүрекке. Және, сол ерекше сарынға Алтайдың ар жақбер жағын тұтас алып жатқан туған ел – туған жерге деген іңкәрлігінің қош әуезі мен бүгінгі капиталистік қоғамға деген қамырықты ойларының манартаудай зор маңызы да қосыла-жалғаса шалқиды. Қалай десек те, Дәулеткерейдің бірлі-жарым әлсіздеу өлеңдерінен басқаларының бәрінен де ежелгі көшпеліге тән ешкімге бас имес рух асқақтығының ұйқас пен буын заңдылықтарына мүлде бағынбайтын бейне бір күркіреген күндей, жарқыраған алапат найзағайдай ғаламат еркін қуаты анық аңғарылады. Олардың әр жолына үңілуден, әр сөзіне шүңілуден саналы түрде бас тартуымыз да содан – артық-кем айтып қаламыз ба деген сақтықтан. Біздің ендігі тілек – осы қолжазбаның тезірек тасқа басылып шықпағы.
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы.
Семей. 16. 03. 2011.
Бірінші бөлім
Ұлар ұшқан жайлауда
Мен – жалғыз тал қауырсын.
Жол берем
Жол берем есектерге де дәмесі дардай,
Бұрыннан қиып ап жүрген мәресі бардай.
Көлденең өтсін алдымнан, тізгінім тартам,
Кетсін деп есектігін ол тағы есіне алмай.
Жол берем қара қарғаға қарғалығы үшін,
Іштарлық емес бұл нағыз тәубалық ісім.
Қарқылдап жүре бермей ме, не бәлесі бар,
Қиядан шалар қыранның арманы құрсын?!
Жол берем дұшпандарыма «жасақтасым» деп,
Жайраңдап күліп жеңіске жасап қалсын деп.
Жасағаным ғой жақсылық жалғанда мына,
Тасада тұрып сыртымнан тас атпасын деп.
Жолымды бірақ, бермеймін тұлпарға нағыз,
Қалжың деп ойлап шынымнан күлкі ауламаңыз.
Шын жүйрік озып алады өресі жетсе,
Арыңның аппақ жолынан бұлтармасаңыз.
Жолымды бірақ, бермеймін қыранға текті,
Тырна емес болса көшпейтін тыраулап көкті.
Құзғындай құлдиламасын өлексе көрген,
Қос жанарында тұрса егер күн аунап кекті.
Жолымды бірақ, бермеймін адал досыма,
Қан жұқтырып ап жүрмесе ақ алмасына.
Жолымды кессе кесер тек адалдығымен
Алланың берген бағы үшін адам басына.
...жалғанның мынау жамалы ерікті арбаса,
Кереметіне көз жетер көріп барласа.
Жол берем бірақ, ажалға алдымнан өтсін,
Қасқа маңдайдан қасқайып келіп қалмаса?!
Тобылғы торы тіршілігім –ау,
Көбеңсіп қапсың көптен шын.
Дүлдүл тұяқтың дүрсілі дырау,
Дүр рухыма от берсін!
Сексеуіл шоқты жанарым менің,
Жасын ойнатшы жалғанға.
Бақытқа байтақ бала күндерім,
Алақан жайсын арманға.
Бала күндерім- балауыз бақыт,
Баяның кеткен жырақтап.
Қаймақ ерінге қара уыз қатып,
Қаймана жылдар жұбатпақ.
Жұбаныштарым-жыр ағыстарым,
Балауса белдің тұмасы.
Жанымның жазға құрақ ұшқанын,
Сарғалдақтардан сұрашы.
Бөрте жусанды,бұйырғын белді
Үйірлі жылқым жусаған.
Құйғыта шапқан құйын күндерді,
Талғажау етіп жүр санам.
Тастан да тасқа секіріп,
Тауда бір ойнар кекілік.
Біздің елде жалғыз ғана жетім ұлт,
Сен, ешкімге айтпа, кекілік!
Кекілін самал сүйген құс,
Тау тұғырында билер құс.
Бұратаналар – хан ұлындай шіренген,
Мен Қазақ боп қалдым – именгіш.
Қанатың барда қағылмас,
Тағдырың таумен тамырлас.
Бүгінде мен де, сен де бір – айнақатесіз,
Жорға жүрістен жаңылмас.
Өмірің өтер өкініп,
Қауырсын қайта жетіліп.
Бескүндіктегі – тірліктің жарқын бір күні,
әйтпесе, өмірдің өзі өтірік.
Кекілік кербез тауда жүр,
Жайқалған жасыл бауда жүр.
Қамсыздығың-ай, мәнсіз ғұмыр-ай,
Дәл менің тірлігімнен аумағыр!
07.02.2011
Жота кездім, жүдедім,
Қыр басына түнедім.
Балбалтасқа бас сүйеп,
Қалғып кетсем – тілегім.
Таң нұрына боялсам,
Күнге құшақ жая алсам.
Балбалтастың жүрегі,
Бүлк еткенде оянсам.
Балбалтасым – балбөбек,
Саған да әлди ән керек.
Құсасы ма бабамның –
Құлағымда зар бөлек.
Балбалым-ай, мұңлығым,
Көк Тәңірге құлдығым.
Туған жерге сен ғана,
Байлап қойған кіндігін.
Құлағымда мұңлы үнің,
Іңір кештім, ілбідім.
...шекесін кеп қасып тұр,
Жұртта адасқан бір құлын.
03.06.2011
* * *
Талмауыр ұйқымнан таңсәрі тұрғызды,
Зілмауыр ойларды миыма батпандап.
Шаңқайда шекемнен күн қызды,
Арқаның самалы мақпалдап.
Солығын күл-қоқыс аңдыған мысықтың,
Тебіңгі тәріздес көлеңке қарбытты.
Бұтына бұралқы күшіктің,
Қалалық шағала саңғытты.
Ақшамға қортылып таңда ішкен сәресі,
Еңкейіп батқанда қызылкөз күн жылар.
Қаланың тірлігі дәл осы,
Дәтіңе дәретін сындырар!
* * *
Ахмет пен Жүніс қажы,
Тағдыр емей кім ұстазы?!
Анкарада кәрілік кешкен,
Алтайда өтіп күміс жазы.
«Шилі өзенім, қамыс-ай» деп,
Әнге басты жарыса-ай кеп.
Жас сорғалап сақалынан,
Самайының ағы сөйлеп.
Құмыл қайда, Алтай қайда,
Кәрі кеудең зар толғай ма?!
Туған жердің боз жусаны,
Татыр ма енді бал таңдайға?!
Баркөлдегі кер бетеге,
Жаныңды енді тербете ме?
Мәрмәр жайлап жатқаныңмен,
Көкірегіңнен шер кете ме?!
Туған жерің зарды ұқтырған,
Тағдыр екен шалдықтырған.
Салтанатты күнің қайда,
Сарсүмбеде салдық құрған?!
«Әуел баста бұлақ Ертіс,
Бала Ертіс пен Қыран Ертіс.
Өр Алтайдан өрекпіген ,
Сай қуалап, құлап еңкіш.
Бұлғын, Шіңгіл бай қуатқа,
Жойқын ағыс, айдыны ақпа.
Қырық жерден Қытай буған,
Қара Ертісте қайғы жоқ па?!»
...Сағынышы, құр сүлдері,
Көк Тәңірдің тылсым демі.
Жүрегімді жылатпашы,
Қос қажының күрсінгені
* * *
Стамбұлда адасқан қаз, жеті түнде желкемде,
Сабаланып қаңқылдайсың үміт артып ертеңге.
Көк тіреген ғимараттар көлеңкеңді көрсетпей,
Шым етті ғой кеуде тұсым, жарымаған дерт-емге!
Жеті түнде көлеңкеңді қайдан көрем, ақ қазым,
Жалқы ұшқаның жанға батты, жабырқаулы тақ сазың.
Саған сүйеу бола алар ма, сергелдеңге түсірмей,
Теңіздегі шағалалар басқа киген бақ тәжін?!
Самала түн болғанымен ерке самал мақпалдай,
Тентек теңіз Алтайдағы көлің емес ақмаңдай.
Қаңқылыңмен жүрегіме құйып бердің запыран,
Қанатыңды қасіреттен боласың-ау, қаққандай!
Кәрі күйші бармағындай жаңылысқан шертістен,
Теңіздегі терісқақпай теперіштен дерт ішкен.
Қайдан жүрсің, хабар бар ма, қарт Алтайдан, айта кет,
Әлде Қаба, әлде Бұлғын, әлде ұштың ба Ертістен?!
...Төлегеннің алты қазы, адасқаны біреуі,
Бәзғаламның жалғыз қазы, күлпарша боп жүрегі.
Менің дағы жанымда бар сарыала қаз-сағыныш,
Емі бар ма, ескереді, елең қылып кім оны?!
Содан бері күміс қанат жан көлімде мамырлап,
Сезімімді селт еткізді, бұлттар көшіп шағырмақ.
Қара түнді ақ қанаты ақинақтай тілгілер,
Менің құсым жүрегіме ұя салды дамылдап!
* * *
Желекті жиде ой ырғап,
Көзімді қайың көгендеп.
Есентай өзен бойында,
Есімді жидым өлең деп.
Арман тұрды Айға асыла,
Басылмай жүрек лүпілі.
Ғалым Боқаштың басына,
Кітап құлаған бір түні.
Қара өлең – қарашығымда,
Басымызға онда бақ ғашық.
ҚазМҰУ-дың қалашығында.
«Ақшамнан жүрдік хат тасып».
Тауып ап мәз боп қаладан,
Өзгеріп салды бар таным.
«Торғайлар жұмыртқалаған»,
Тыныштықбектің «қалпағын».
Жан жүрекпенен сүйініп,
Алтайдың алқатасына.
Оралханды оқып, ұйыдық;
«Тағанның пәлсапасына».
Асқардан тауып марқадам,
Ақан, Біржанмен тілдестік.
Ақсұңқарұлы Арқадан,
«Ұлыған» даусын күнде естіп.
Бәсіре жырым бұла тай,
Қасиет тегің – Қамбарда.
Кенежиренді Жұматай,
Кеңсайға кетіп қалғанда.
Кешігіп келген кекілді ұл,
Өксігін қалай басарсың?!
Өмірім өтпей өкіндір,
Көктемім мәңгі жасарсын!
05.02.2011
* * *
Дүрдараз жауға өшігіп кекті,
Кененің басы кесіліп кетті.
Бақа басты жау бақ-баққа басып,
Есерлікпенен есіріп кетті.
Оспанның басын қытай жалмады,
Ұлтымның жауы ұпай қармады.
Шығыс Түркістан шырқырап сонда,
Көрмеген қазақ құқай қалмады.
Бас аман тұрса ерен ердегі,
Ай тақырға атан шөгерер ме еді?
Марғасқа туған Махамбеттердің ,
Тілеуін Тәңір неге бермеді?!
Исатайлардың иығы мықты,
Арлан арманы миын ұлытты.
Дулығасына сыймаған басын,
Құтырған қара құйын ұрыпты,
Тайлақ дәуренін тасыраңдатып,
Жазықсыз көздің жасын аунатып.
Иманы кәміл Иманжүсіптің,
Үркіп те қашқан басынан бақыт.
Зарға бөктіріп запыран үндер,
Жанының жалмап жапырағын Көр.
Құдықта қалған Шәкәрімнің де,
Бата оқып еді басына кімдер?
Алынбай аға,әкеден кегі,
Халқына жеткен хат-өлеңдері.
Сарыарқасынан сая таппастан,
Мәдидің басы мәпеленбеді.
Ерге туғанда егестің күні,
Кейкінің басын Кеңес қылғыды.
Эрмитаждағы сөреден сөйлеп,
Ертеңге болды елес тірлігі.
Ешкімнің көрмей әспетін ұлық,
Жалғанның жалпақ тас беті күліп.
Балпаң да басып бабалар өтті-ау,
Алтын бастары бәске тігіліп.
Қалдырған жұртқа хас тағылымды,
Күлімдеп тұрған аспаны нұрлы.
Қара орманына қадірі артқан,
Ал, бүгін кімнің бастары құнды?!
Бабамның бағзы күйін үлгі етем,
Ата жолыма сыйынып өтем.
...Ал, Абылайдың түсіне неге,
Бақа мен шаян, бүйі кірді екен?!
Мен өмірге келген күнім - өлген күн,
Жалған дүние –жарықсың деп қол бердім.
Тарамыстай тағдырымды тануға,
Тәңірімнен пешенеме мөрлендім.
Мынау күннің, анау айдың, сол жылдың,
Жылнамасын жырлай-жырлай болдырдым.
Құр тілімді безей-безей беталды,
Күлкі мұңлы, кірпігімді зорға ілдім.
Түсіме еніп, кісінейді көк құнан,
Көк құнанның кісінеуі текті ұран.
Тәңірқұттың жартасындай жаңғырған,
Сол дауыстан ой-санамды отқа ұрам.
Жұлынымнан жұпар аңқып, жыр көктер,
Ғұмырымнан көгереді бір көк бел.
Жүрегіме жүк артуда күн сайын,
Миымдағы мимырт табан міндеттер.
Бір мүжіліп, бір толысқан ай тағдыр,
Күн жолына кіре тартсам-қайқаң кіл.
Аспаныма ақиқатымды айтам да,
Айға қарап, жар жағалап қайтам құр.
Меңіреулік қалпың жаман мешел күн,
Екі иіннен дем алады есер мұң.
Құба таңда құлын даусы оятса,
Жыр атанға жүгімді артып көшермін!
Күреңтөбел кісінейді құлын күн,
Құлын күннің түсінеді тілін кім.
Қыл мойынға құрық түсіп, тұқыртып,
Жүгенделген жылдарыма жүгіндім.
Құдайсызға құнсызданып құлдығым,
Көрген сәтте сүмбіленің сүргінін.
Күдері бел күреңімді сауырлап,
Күрең жалқын күнбатысқа сүңгідім.
Айналамда адамдарға алаңдай,
Қулығына ілестірер заман қай?
Қан қызыл кеш қара күрең түске еніп,
Батқанынша бағытымды таба алмай.
Сәттерімде жүрегіме тіл біткен,
Жан дүнием алай-дүлей дүрліккен.
Көктің жүзі күреңіте бастаса,
Күдер үзем қызыл түлкі-тірліктен.
Күмбір-күмбір күйін шертсе күрең күн,
Қызарақтап қылғынамын жігер құм.
Жанарынан жалқын жасын ағызып,
Күрең күннің көзін шұқып жібердім.
Алқызыл таң атқан сәтте қабарып,
Қара күрең онда да бар қаралық.
Түн-теңізге жан тәнімді лақтырдым,
Ала таңда шыққым келіп ағарып.
…Қазығына айналар деп қазанат,
Қалам, сені қағып кетем қада ғып!!!
Құлағымда құбыладан қыдыр үн,
Қыдыр үнге қосылғандай күбірім.
Сұлбамды Айдың сүт сәулесі танытқан,
Елес қуған ессіздердің бірімін.
Мүскініңді мүсіркеме мөлтек түн,
Енді кімді сендірмексің ертек күн?
Сағым сонар көлеңкемді зорайтып,
Дүниенің дауысынан селк еттім.
Ерке қыздың елесіндей ескі күн,
Көз алдымда көлбеңдейді кешқұрым.
Байырқалап батқан Айдың жосыны,
Келер күннің танытады кеспірін.
Өз елесім өз көзіме жатсынып,
Санамдағы сабырымды тапшы ғып.
Тағдыр мені қабырғамнан қапсырып,
Тақ төбемде ойнатады ақ сырық.
Шық ғұмыры кірпігінде түнемес,
Күн артында қылғынады қыл өңеш.
…Елге әңгіме айтуыма не жорық?
Көп елестің соңындағы бір елес.
Аңсар
Толыбай да жоқ заманда Күреңбай да жоқ,
Қазанат тұқым кеттің бе кілең майда боп?
Әбдіғайса шал жасаған ауыздығымен,
Ауылға барсам іздеймін жүген қайда деп?!
Басымнан менің аса алмай бұлт табандасын,
Жүйрік деп өткен бабамның ұрттағам жасын.
Құмарым қанбай қойды бір, тақымым толмай,
Құмарбек шапқан ертоқым жұртта қалғасын.
Елеңдеуменен құлақты еліме түріп,
Сонау күндерге қызығам шегіне тұрып.
«Халықтың жауы» Құмар шал қатал ед, неткен,
Жез сыбызғысын ап кеткен жеңіне тығып.
Туған жер сені көп болды жырламағалы,
Көліңнен аққу-қаз әнін тыңдамағалы.
Әке, сен аңғал екенсің, «қожанасырлау»,
Құлынға құда түсетін тумаған әлі.
Еңіреп ерлер жетеді ел деп арманға,
Жүйріктер сүйреп жүйткиді кең даламды алға.
Құрдастарың да есімде, әлі сенбейтін,
Жотасы биік сол құлын жорға болғанға.
Мінем деп талай құлынды өскенде ат қылып,
Бәсірелерді санаушы ем, бас бармақ бүгіп.
Тайқызыл жорға тағдырың қандай болды екен,
Әкеммен бірге жылаған көштен қап тұрып?!
Заманның мынау жеткендей заңды асқарына,
Көшпелі кербез тірліктен мән қашқаны ма?
Сұлу жорғаны әспеттеп сөйлеп қайтейін,
Сұлы дорбаны білмейтін қандастарыма.
Бабын тапсам ба деп едім бабамдай жырдың,
Бүгін де жүйрік мінбедім, соған қайғырдым.
Атам басына барар ем, білмеймін қайда,
Алаяқ аттың басына бара алмай жүрмін!!!
Байырқалатып көріп ем байыптап ойды,
Басқалар маған тағатын айып көбейді.
Ел жайлы ақыл айтады енжар ағалар,
Мен жайлы ертең білмеймін, тарих не дейді?!
Арманнан ада ұлдаймын оқыс тоналған,
Баладай шошып, түсімнен от ұстап алған.
Қалаға келіп төктім деп - маңдай терімді,
Шағала болып кеттім бе қоқысқа қонған?!
Ауылдан кетіп ал, кімдер тас арқалады,
Көңілімді енді қай көктем жасарта алады?
Жайлауға тартып кетсем бе, бір-ақ тебініп,
Қарагер атты босатып қасаң тағалы!
Әншейін...
Өр Алтайдан өркен жайып гүл дестем,
Қайыртының жағасында күн кешкем.
Әрине, бұл бабам өскен топырақ,
Астанада шығып кетер күнде естен.
Қыңыр шалдар біржамбастап қисайып,
Бір мес қымыз аспай қалып бір кештен.
Сонау жылғы әңгіменің жалғасы –
Бір көшке кеп тірелетін бір көштен.
Ал, бүгінгі байтақ Қазақстанда,
Күндізімді таба алмаймын түнгі естен.
...Көкше көңіл жонжайлауға көсіліп,
Көкбастауға әкем қонған ірге өшкен.
Шіркін, Алтай, бері болсаң «сызықтан»,
Қансонарда алтайыңды ілмес пе ем?!
Көксоқтада көктемірге мінгеспей,
Көкжорғаның жотасында жүрмес пе ем!
08.04.2011
Алтай астым, Алатауда түледім,
Сарыарқаға салдым жырдың түренін.
Таң асырып, тамшы терін тұндырдым,
Күн қақтырмай күлік ойдың күреңін.
Шабыт артқан шағымда бұл шалымды,
Елден алдым, елге берем барымды.
Ертіс жұлып, екпінімен ағызған,
Емеспін ғой судан шыққан салынды.
Атамекен, тек өзіңе бар құрмет,
Сағынышым саған деген сан бүрлеп.
Жақпарда өскен жалқы, қасқа қайыңдай,
Жанарыңда жәудіреймін тағдыр боп.
Қасқыр емген қалыбыма тартармын,
Алтайымнан асқақтыққа ант алдым.
Ай мүйізі шағылысқан айменен,
Тамырымда қаны ойнайды арқардың.
Беу, туысқан, өкпең несін қабынар,
Жан бауырың мен боламын-сағынар.
Ұшар басын тұғыр еткен құзардың,
Ұшқат сынды тағдырымды танып ал!
Үрпі ұшынған үр жалғанның,
Ешкіемері емшек тістеп.
Тұлдыр жаным тұлданған күн,
Кебінімді өлшеп пішпек.
Жанға тәнді құл ете алмай,
Құбылуда құбылам мың.
Күллі иманым күнәһардай-
Ірігені қымыранның.
Қасқа маңдай қақшияды,
Мүсіркесе мүләйім күн.
Ұртқа сыймай ақсияды,
Ұры тісі уайымның.
Сәулеленер сәтті ой қашан,
Ай да жатыр жаңаланып?
...Оңашада қап қоймасам,
Қастауыштан қалам алып!
Ала құлын
Күре жолдың бойында ала бие,
Ала бие басыңа адам ие.
Қара ниет жандардың қолыменен,
Ақ жолыңа жағылар қара күйе.
Ала құлын ақеділ періште анық,
Енең сені барады өріске алып.
Бал күніңнің базарын бодаулайды,
Тағдырыңның ноқтасын теріс тағып.
Енең емес әрине, егесі оның,
(Мен де тағдыр иеммен егесемін).
Езуіңді ауыздық тілгілейтін,
Алдыңда ғой періштем, көрешегің!
Тостаған көз пәктігін жасырмай қап,
Бетегелі бел жайлау жасылды аймақ.
Ала құлын, алаңмын тағдырыңа,
Сыймай жүрген ноқтаға басымды ойлап!
Дала күйін шерткенде төрт тұяғың ,
Заулап биік кетеді көк қиялым.
Бұйырғынды жазығым еске түссе,
Өкініштен өзекке от құямын!
Ала құлын ақ тұман ішінде жүр,
Қай әумесер, жаныңды түсінбегір?!
Заңғар-заңғар тауымды сағынғанда,
Күлдір-күлдір кісінеп түсімде жүр!
Шабандоз жастық
Үкілеп мініп астыма сандал саңлақты,
Дүр етті лек, аспанды қою шаң қапты.
Жіберіп тізгін, жантая жалға жармасып,
Айғайлап келем, шақырып Абақ аруақты.
Аламан белде арманым аппақ ай қанат,
Көзді тарс жұмғам, жанарым желден тайғанап.
Бәйгетөбенің байтақ бауырын бетке алып,
Жұлдыздай аққан жарауы жеткен жайдақ ат.
Қымқырып тізгін, қамшымды бүктеп бүйірге ап,
Жүрісі қандай жүйріктердің күй-ырғақ.
Тебініп келем, емініп келем ентелеп,
Көкдөнен көңіл көсіліп кеткен құйындап.
Сыймайды сол сәт шабысты жырға өлшемің,
Мінез мұхиттың танытып тасқын мөлшерін.
Оң қанатты алып, орамалыңды оңтайлап,
Тағдыр тұлпардың көзін сүртерсің келсе ебің.
Күлтелі жалды күнді құрықтап, ай мініп,
Шабандоз менмін, қиялым одан сәйгүлік.
Делебем қозып, дегбірім кетіп делбелеп,
Санамда сол сәт бұлдырар көмбе, бәйге-үміт!
Маң дала жатыр мәресін айтып меженің,
Қамшымды сермеп, ұрандап тілді безедім.
Қаршадайынан тақымын тайға бекіткен,
Ғұмыр бәйгенің өзімше шабандозы едім.
Кермені бірден кесіп-ақ өтіп кетердей,
Әспеттей бердім сыршыл сезімді сетерлей.
Мен сонда мынау дүбірлі өмір додаға,
Көзімді жұмып қойып-ақ кеткен екем ғой!
Тағдырым бәлкім, тап болар сүргін, қарғынға,
Кермені көздеп жалтақ жанарым талдың ба?
Көмбеден күткен тілеулес жұртым секілді,
Тақымын қысып ажал тұрма екен алдымда?!
* * *
Жарықтық жылқы жануарым-ай,
Сен десем естен жаңылам ұдай.
Қадірің артты жалғанда мына,
Қазақты тап қып бағыңа құдай.
Тағалап мінсем таймас табаның,
Сетер ат мінбей той бастамадым.
Жұлдызымды менің биіктен жақтың,
Жұлдызтөбел мен Айқасқаларым!
Атымды босқа терлетпес те едім,
Қайғының бұлты меңдеп көшкенім.
Жігерді жанып, намыс тұтатқан,
Жібекжал менен Желжетпестерім!
Тілеуін көптің бұйрық қылып,
Жасанған жауға шүйіліп кіріп.
Жалауын жұрттың жыққан емеспін,
Жаратып жуан жүйрік мініп.
Жылқыдан ұстап бір таң астырып,
Саздауыт кешпей, қырқа бастырып.
Көбеңсігенде терлетіп келіп,
Отқа да қойғам күн таластырып.
Жылқының таңдап кілең саңлағын,
Туған даламды түгел шарладым.
Бәйгенің атын шідерлемедім,
Тісеу құнанға жүген салмадым.
Атойлап қарсы оққа да шапқам,
Сетерлеп мінгем топқа да мақтан.
Алтын ер ерттеп, арқаңа тисе,
Алтынын алып отқа да жаққам!
Жоталар жөңкіп жолдан ғажап мың,
Жайлауға көшіп қонған қазақпын.
Жақсы атты көрсем жалғыз түнде ұрлап,
Барымташы да болған қазақпын.
Жағасын жайлап гүлді суаттың,
Жылқы да бағып күнді шұбаттым.
Ат болар тайға айырбас қылғам,
Үйірін беріп бір қысырақтың.
Жал –құйрығыңды Ай сылағанда,
Үйірден құлын-тай шұбағанда.
Кең дүниеге паң қарап тұрғам,
Қамыс құлақты қайшылағанда.
Отырған хандай тақтың үстінде,
Әулиесіндім аттың үстінде.
Ажалға да арман – батырымды алу,
Ат жалын құшар ақ күміс күнде!
Құйындай соғып көлденең жолды,
Бәйгеден келсем, кермеде ел көрді.
Жүрегім содан «жылқы» деп соғып,
Көңілім жүйрік көкдөнен болды.
Қиялдың ұшып самғау көгіне,
Тақымым қысып тарланкөгіме.
Айызым қанбас Ақан ақындай,
Бір басып алмай «Маңмаңгеріме»!
Шалқарлы далам, шұғылалы өлең,
Самалың жұтып сұғына берем.
Құйындай жүйткіп Құлагер шапқан,
Құба белімді – құбыла көрем!
Құлагер қазақ арманы деп біл,
Рухтың жүйткір тарланы деп біл!
Құлагер атты пыраққа мініп,
Ақан серінің аруағы кеп тұр!
Көне жота көз тастап, қырымына,
Туған далам телмірдім тұғырыма.
Құлынымда қоңырау таққан елім,
Риясыз сеніп ем ырымыңа.
Төбемізден төнгенде төбет іңір,
Күн Қыранға қызыл тау- көне тұғыр.
Есіңде ме, туған ел, жұмасына
Екі тайдың қолтығын сөгетін ұл.
Құба белден жортқанда өмір құлан,
Көкке самғап кететін көңіл қыран.
Есіңде ме, әкесі ұрсатын ұл,
Шеки басып қалғанда шегір құнан.
Шаңын қосып шапқанда белге белдің,
Тізгін бермей көзұшы дөңгелендім.
Есіңде ме, еңкілдеп жылайтын ұл,
Тайдырып ап сырғасын кер дөненнің.
Шапқан сайын сезімім тасқындарға,
Айналатын арманым ақшуланға.
Есіңде ме, кемсеңдей беретін ұл,
Қоңыр бесті тұрасын тасқа ұрғанда.
Тасқа, талға, жыраға соғылам- деп,
Ойламаушы ем, бір қазық жолығар- деп.
Әкем сонда ұрсатын « осы сенің
Тақымыңның, әйтеуір, желі бар»-деп.
Апам « сақта, Құдай» деп күбірлесіп,
Тербететін жанымды қыдыр бесік.
Додаға ендім құйғыта шапқан күйде,
Домбыраға жырыммен дүбір қосып!
Базарында бал күннің, бұла шақтың,
Тізгін тисе қолыма тұра шаптым.
Асау мінгім келетін ауыздықтап,
Жалықтырса мимырты жуас аттың.
Соның бәрін түсірсем есіме бір,
Келер ме екен қайтадан хошы көңіл?
Қайыс арқан сүйреткен қашағандай,
Қайда зытып барасың, есіл өмір?
Қара өлең, қоңыр, ақ өлең,
Көрінген бәрі мәреден.
Қалам мен қағаз бетінде,
Сары өлең сосын және мен.
Өлеңнің түрі түсі көп,
Әсеттің жыры «Қысымет».
Елге бұрылмай кете алмас,
Кенже құлындай кісінеп.
Сары өлең-сары мұң расында,
Қазына болған Қасымға.
Жалғыз аршаға байланған,
Қарқаралының басында.
Қоңырым –қозы маңырақ,
Жалпыға қояр жамырап.
Жұпарлап берген Жұмекен,
Сары ала қаздың сазын ап.
Қара өлең-қайғым, көз жасым,
Шемен шерімді қозғасын.
Атанның жүгін көтерер,
Атамның жыры болғасын!
Зырлауық күн-ай, зырлауық,
Барасың неден құр қалып?
Қаз тұрған бала қайыңның,
Балауса тәні дір қағып.
Қамыстың басын қайырып,
Толқынға тәнім шайылып.
Айдынның алып мазасын,
Сабырдан мүлде айырып.
Шағала құсың шарқ ұрып,
Айдынға құлар алқынып.
Үйрегің үркіп, үрпиіп,
Мазасыз күйде малтығып.
Жылғада жылан сумаңдап,
Көрінеу көзден ұрланбақ.
«Мезгілден қалып қойман»- деп,
Мекиен жатыр күлге аунап.
Қарағай басын күн шалып,
Жүректің басын мұң шалып.
Сусылдай берді ақырын,
Уақытты жүздеп құм шарық.
Тілекті Тәңір , қайырлы ет,
Атар да таңда айып жоқ.
Жабырқау тартқан көңілім,
Жапырақ жайсын қайың боп!
«Басынан Жыландының құлағаным»
(Ақан сері).
Сол кеште тарқатылып бір ән бұрым,
Басынан құлады Ақан Жыландының.
Батқан күнге бата оқып, жүрек қалды,
Жайнамаздай жайып сап құмарлығын.
Қыз кетті, қызырлы ән жұртта қалды,
Ал, Ақан өкініш у ұрттап алды.
Жүз арман жанын жалын өрттей жалмап,
Қызарған Күн кірпігін бұлтқа малды.
Ауылдан қыз кеткесін қызық кетті,
Сезімнің қыл пернесін үзіп кетті.
Ақанның қайғысына айдыны ортақ,
Зеренді зер таналы жүзік текті.
Есілді өрлей біткен ерке мүсін,
Кім тыңдайды енді өмірдің ертегісін?
Бұлаңдап асау тайдай өсті ме екен?
Жүрегін жүз қайтара өртеу үшін.
Кекілі сыланбады кербестінің,
Арманның аяламас енді ешбірін.
Ақаннан да адыра қалған дәурен,
Бақыттың тапқан кім бар өлмес құнын?
…«Қызы едің Балқадиша Ыбырайдың»,
Неліктен шытынадың шыны қайғым?
Сол кеште дәл төбемнен жұлдыз туып,
Ақанның арманы-ау, деп сығырайдым.
Жезкиік
Жолымнан кесе-көлденең құралай кез қып,
Көркем бейнені көруге құмар-ай көз құрт.
Қалқаның жәудір жанарын жауһарландырып,
Арқаның мақпал түнінде туады Ай бозғылт.
Көңілге неге ең әсем күй дарымайды,
Сезімім Сексенкөліңдей нұрға құлайды.
Үркектеу қарап тұрғанда Оқжетпес жаққа,
Теңестірсем бе, әкеліп дидарыңа айды?
Бағымды сол сәт сүйсініп, Тәңір өпкендей,
Шектен тыс ысып барады, қаным от керней.
Елеңдей бердің елік қыз, ерке қылықпен,
Зеренді жақтан Ақанның әні жеткендей.
Өзіңмен бірге келгендей көрік бұл маңға,
Айналам түгел барады толып думанға.
Желік сезімнің кете алмай жетегіне еріп,
Жеті қарақшы желкемнен төніп тұрғанда.
Балқаймақ шырын еріннің татардай дәмін,
Ертеңім ессіз тұманға батардай қалың.
Әлдебір неден секем ап, сері көңілім,
Армансыз өткен ... Ақанды ойладым.
Мұнар таудан ұшқалы,
Мұң басады кеудені.
Ұлар таудан ұшқалы,
У жүректі кеуледі.
Мұнар таудың басынан,
Мұнартады кілкіп мұң.
Жүрегімнің жасынан,
Ұларымды үркіттім.
Әппақ нұрын Ай бүрікті,
Тауды ойлатты, қайғыртты.
Жанымда еді жайлауы,
Ұлар құсым қайда үрікті?!
Ұлартектес ұлт едім,
Үрей буған, үркегім.
Ұлт көзінен сораны,
Қай жеңіммен сүртемін?!
Баяғымдай бақ аса,
Аспан текпен таласа.
Ұлар қонар биіксіз –
Асқақ рухым аласа.
Ал, Ауырса жан ауырсын, Емі қайдан табылсын. Ұлар ұшқан жайлауда, Мен – жалғыз тал қауырсын! 30.06.2011
* * *
Жанды мұңға еттім де үйір,
Сапарымды шектім қиыр.
Қайтқан қаздың қанатымен,
Туған жерге жеттім биыл.
Әнін тыңдап әз ғаламның,
Сағыныштан маздап алдым.
Ой мұнартып ғаріп баста,
Бой мұздатты аздаған мұң.
Қасын ұстап құранды ердің,
Көкмойнақтан қылаң бердім.
Етек түріп ере шаптым,
Елесіне Сылаңгердің.
Жалаңаяқ бастым шықты,
Қарсы белден қасқыр шықты.
Табанымнан көл сүйгенде,
Жанарымнан жасты ыршытты.
Cезімімнің әр қылына,
Балалықтың жарқылы ұра.
Жанымды орап жылап алдым.
Сарыала қаз қаңқылына.
Көлім анау – өмір айдын,
Жұртым мынау – жегі қайғым.
Қойдай өрген қоңырқазға,
Мұңым шағып қоңырайдым.
Бағыт қылдым Қобда бетті,
Қоян ытқып жолдан өтті.
...Коммунистің баласы еді,
Бір құрдасым молда бопты.
Көңіліме жасыма деп,
Көктерекке асыла кеп.
Бар болғаны – бата оқыдым,
Салдай ағам басына кеп. 03.06.2011
Адасқақ
Кең едің ғой, дүние, кемдігің жоқ,
Бордай еріп жүрсем де терлігің боп.
Арман сені қайтейін, ардакүрең,
Шоқтығыңа шықпаған ер күлімдеп.
Досым да көп, серті- анық, сөзге- сараң,
Бидайдың да көптігі көзге – сабан.
Сенімімді сетерлей бергеніммен,
Берік болсын, әйтеуір, өз босағам.
Өмір сені, тек енді таныдым ба?
Ойларымның қамалып тамұғында.
Тағдырына өгейсіп тірлік етер,
Мен осы ақын емес пе, ем анығында.
Ақын болып жұртқа не ұқтырып ем,
Мен айтпай-ақ өздері мықты кілең...
Байыздаған ойларды оятам, тек,
Көлеңкелі көңілдің түкпірінен.
Пенделіктің әншейін пердесі қып,
Адаммын деу – ол-дағы өлмес үміт.
Жапырақтай жүрегім жайқала бер,
Топырақ боп кеткенше жерге сіңіп!
«Ұйқым келмейді...»
О.Бөкей
Қатты ұйықтауға қорқамын, ал, неліктен,
Сөніп қалатұғындай сәуле біткен.
Мен көз ілсем, жұлдыз да, Ай да сөніп,
Айырылардай қара түн бар көріктен.
Жапқым келмей қақпасын қара түннің,
Кей түндерде көз ілмей таң атырдым.
Жарығыңа ғашықпын, тәубе, Тәңір,
Тамшы сүттей сәулеңнен жаратылдым.
Ғұмырыма сәулесін шашып өлең,
Түніменен шабыттың шашын өрем.
Арманымның ақ жолын бағдарлаймын,
Ай – арудың керілген қасыменен.
Меңіреулі кейіпте түн баласы,
Менің тыныш ұйқымды ұрламашы.
Ұйқымды алсаң, өтерсің айыбыңды,
Марғау түнде жазылса – жыр жаңасы.
Арманым мен қиялым қатар ұшып,
Жырақтағы жұлдыздан хат алысып.
Ұйқы-жаудың ұрымтал сәтін ойлап,
Қара түнде отырам қасарысып.
Айдың жымиысынан алтын ұшып,
Сәулелі ойға сезімім шарпылысып.
Қара өлеңнің қайнарын тапсам деймін,
Қара түннің қаймағын қалқып ішіп.
Бозторғайлар өлең ғып өз шырылын,
Таңғы самал тербеді боз шыбығын.
Қатты ұйықтауға қорқамын, бәрібір де,
Алайыншы сәл ғана көз шырымын.
Жалғыздық
Ғайып болып күндізгі абат,
Түн жапқанда жұлдыз қанат.
Қыр басына телміртесің,
Қиялымды қыздырмалап.
Жұмыр баста ой көп бұлтың,
Уайымсыз бейнет- күлкім.
Шоқ жұлдыздың тіліменен,
Жылы ғана сөйлеп тұр түн.
Жаз жалғасса күзге абайсыз,
Жанарымнан сырғанайсыз.
Сынық Аймен сырласуға,
Сіз қалайсыз?
Тәңірден жарық нұр тілеп едім,
Аруды көріп ақмаңдай.
Арбалып қалдым күлкіңе керім,
Күміс қоңырау қаққандай.
Сыр шашып терең сыңғыр қағысың,
Көркіңмен әсем көзге ұрдың.
Сағынып жүріп бұлбұл дауысын,
Сәуірде сені кез қылдым.
Ететін жан ем азға қанағат,
Сезімсіз жалған көріксіз.
Еркелей күліп, наздана қарап,
Еркімді алдың еріксіз.
Арымдай аппақ арманға балап,
Үлбіреп еді үмітім.
Арманым қағып таңдарға қанат,
Күлкіңді күттім күні-түн.
Көркің ғажап-ақ, көркем дүние,
Жарқын болмасаң сені сүрмеймін.
еркімде емессің,… ертең кім ие
боларын білмеймін
Бір анық білерім – көңілім көк тірер,
Көк аспан әлемі – әдемі сарайсың.
Жаныма жақұтын сепкілер ,
таңдағы арайсың.
Арайлы аспанға жанарым тігіліп,
Тұтанам түнектің отынан.
Жұлдыздар алдында жүгініп,
омалып отырам.
Қабарған қара түн қақырап,
Түнектің етегін түремін.
Үзіліп түскенде жапырақ,
Кіжініп күлемін!
... ай, жүрегім!!!
* * *
Көлеңкеден күнге қарап,
Күшік ойым шәуілдейді.
Болашағым кімге аманат,
Елім қашан дәуірлейді?!
Кем қайырып келте күнді,
Шығарып сап қарауытпа.
Тыңдап қойып ертегімді,
Құлақ түрем жаңалыққа.
Қарсы алады қоғам күле,
Бақыттымыз күн ілгері.
Тірлігіме, жоқ әңгіме,
Теледидар тіліндегі!
Күлтөбеде құлтөрелер,
Ұлықсиды ұлттан қалыс.
Үмітім көрбілтеленер.
Ру үшін жыртқан намыс!
Маужыраған сиқым әлі,
Қайманамның халі мешеу.
Бір сәбиге ұйқыдағы,
Ертекшімнің саны бесеу!
Ерте, ертем кешке ұласты,
Уақытқа не етем налып?!
Есек мініп ешкібасты.
Ел деп қоям тепең қағып!
Ертегі ойым қыза түсіп,
Қиялымды қылам ермек.
...Хан қызына құда түсіп,
Таққа отырам мұрагер боп!
-десең ә!
Тамыр
Мен Алтайдан аққан Қобдамын,
Арнама асып толғамын.
Дастан да қылған тарихын,
Тастан табылған олжамын.
Алтайдың алтын тасынан,
Бесбоғданың басынан ,
Қауырсын қанат қомдадым.
Айтқан да сайын ағылған,
Табанынан жарылған,
Тайпалған тарлан жорғамын.
Қаламы қатқан уық ем,
Шаңырағына шаншылдым,
Атажұрт- Алтын орданың.
Мен- қаяқая шапқан қарагер,
Шапқан да сайын өрлеген.
Тарланға тарлау жұлдырып,
Шашасын шыққа жудырып,
Тізгінді қағып, делбеген.
Мен- Жәнібек мінген көк дөнен.
Жоңғармен жойқын ұрыста,
Абылай ханның алдына
Тартылған кесе көлденең.
Мен- Күлтегін бабамның,
Моласының тасы едім.
Қазақ деген халқымның,
Тарихының басы едім,
Мың жылдан кейін сөйлеген!
Мен- құранды ердің қапталы ем,
Қайыңнан қақтай шабылған.
Жүгеннің күміс жақтауы ем,
Арғымақ атқа тағылған.
Мен- боз бураның ботасы ем,
Бұйырғынын сағынған.
Аруана жұртым ар жақта,
Тағдырым қаққа жарылған.
Табанына тарланның,
Мен- қағылған ай таға,
Көшпенділікпен жұқарған.
Мен- сексеуілдің шоғыры ем,
Тағдыр балтаға бұталған.
Солай да сүргін көрсем де,
Рухым жоқ-ты мұқалған.
Күдірге шапқан күлікпін,
Түбірге тұяқ қақпаған
Дүбірге қозған ақтабан!
Алтай мен Қобда арасы,
Абаққа құтты төр еді.
Кеңесін құрған келелі,
Күлтегін, Білге, Тоныкөк,
Бабалар жатқан жер еді.
Ежелгі елдің дерегі,
Орхон да менен Енесай,
Керулен, Толы кемері.
Үлесін беріп нөкерден,
Шыңғысты хан ғып көтерген,
Тарихтың тылсым тереңі.
Тұғырыл ханым ту тіккен,
Толайым жауын үркіткен,
Аруақты ер шапқан бел еді.
Шаңырағым- Шығыс Түркістан,
Еркіндігі үшін қырқысқан,
Оспаным көкжал бөрі еді.
Сұлубайым мен Бүркітбай-
Ұлдар еді ұлттың бегіндей,
Үкінің үлпілдегіндей,
Тұқымым қара көк еді.
Атамыз Алтай- ақ бөрік,
Анамыз Ертіс ежелден,
Несібем кімнен кем еді?!
Жапырағым ұшты-ау жан-жаққа,
Шайқалып заман терегі.
Бәлен де түген десең де,
Тәңірдің болар дегені!
Қытайда қалған бабам бар,
Моңғолда қалған атам бар,
Әмірін екі етпеген,
Қай құдайыма кектенем?!
Төс айыл қатты, ер батты,
Тағдырым тоқсан толғақты,
Қай бақытымды жек көрем?
Жайлап та қыстап жүргенде,
Опынтып өмір бір демде,
Шекара сызып шеттегем.
Өкпек жел ұрды- ау өкпеден.
Тәңірі Түркі тегімнен,
Елімнен солай бөлінген,
Ұлыған айға көкбөрі ем.
Асаулығынан қанымның,
Ардақтылығынан арымның,
Шекемнен ешкім шертпеген.
Мен- ТӘҢІРІМ шашқан тары едім,
ӘР ТОПЫРАҚҚА КӨКТЕГЕН!
Екінші бөлім
Ермен иісі исіндірер жаныңды
* * *
Аягөздің аспанында Таңсық, Ай,
Сақ санама сәуле құйып тамшыдай.
Махаббаттың мәңгі күйін шертіп тұр,
Аңыздардың арнасындай қаңсымай.
Таңсық, Айым күліп тұра береді,
Тағдырымнан сыр ұқтыра береді.
Өкпетінің өкпек желі өзеуреп,
Қозы даусын құмықтыра береді.
Таңсық емес, таныс айым секілді ең,
Мен де Қозы қоңырыңдай кекілді ем.
Арман ада болғанына өкінбей,
Маң далада маңыраумен жетілген.
Бас қойдырып мөлдір сезім бұлаққа,
Ей, тағдырым, жүрегіме кінә артпа.
Базар-жалған, Қодар қазған ешқашан,
Күдігіңнің құдығына құлатпа!
Аягөздің аспанында Ай, Таңсық,
Жан мұңыңды түсінер ме ем қайта аршып?!
Енді, Қазақ, махаббатты жылатпа,
Жолама енді кірпігіме сайтан шық!
Аягөз
Аягөз өзі шынымен аялы көз бе?
Бойласам терең тарихқа баяның өзге.
Айөкіс деген тілінде Түркі бабамның,
Айөзен деген сөз екен баяғы кезде.
Түсесің Тарбағатайдан арындап ағып,
Көкжиегіңді көк торғын сағымға малып.
Сайрады сансыз бұлбұлдар жағаңда сенің,
Талығып кетсе, таңдарда дамылдап алып.
Уақыттың қара жартасын жеттің бе жарып,
Ғасырдан-ғасыр қуалап, екпіндеп ағып.
Қосыла жоқтап Қозыны Баян сұлумен,
Құрдымға барып зарыңды төктің бе налып?!
Екіленесің көктемде арнаны алқымдап,
Сарыарқа самал желіңнен саумал аңқылдап.
Ұйқыда жатқан маужырап даланы оятып,
Тілдесер көкпен айдының таңда жарқылдап.
Балқашқа жетсең қуанып, жылыстап ағып,
Сермейсің еркін құлашты тынысқа жарып.
Абылай қонған Күркілдек құйғаныңа кеп,
Ақ маржан шашу шашасың уыстап алып.
Топырағыңнан тамырлап өскелі гүлдер,
Аягөз, сенің жағаңнан көшпеді кімдер?
Құлаған күмбез орнындай көңілді қозғап,
Шертеді шерлі жырыңды естегі күндер.
Ақтанберді мен ту тігіп Қабанбай бабам,
Тұлпарлар жүзіп тұныққа терең бойлаған.
Көрінесің сен, құт қонған киелі өзенім,
Дулаттан қалған өрнекті өлеңдей маған.
Мамырсудағы төрінде хан Абылайдың,
Қара шекпенге танытқан Барағың айбын.
«Елім-айлаған» елімнің көз жасындай боп,
Толқыныңменен бірге ағып барады қайғым.
Тағдырды көрдік өтінде оттай қақтаған,
Заманды көрдік өткелде көктайғақтаған.
Қызғыштай қорып жұртыңды шырылдап өткен,
Боранбай би мен Байғара, Ақтайлақ бабам.
Аңыздар елі дегеннің абыздар елі,
Аягөз бенен Шұбартау нағыз дәлелі.
Жобалай менен Байқотан, Шақантай рухы,
Уыздың дәмін таңдайға тамызған еді.
Ұштасқан келіп қиырдан қалай мұңдары?
Ізі бар сенде Шоқанның, Абайдың-дағы.
Көргендей болам солардың алтын дидарын,
Тұңғиығыңа үңіліп қараймын-дағы.
Аягөз саған алыспын әрі жақынмын,
Жағаңда қанша жастықтың таңын атырдым.
Сұлуларыңа жүректің сырын ақтарғам,
Сараға шаққан мұңындай Әріп ақынның.
Сарқылмай мәңгі аға бер, асыл өзенім,
Құлпырып қыр мен жайнасын жасыл өзегің.
Жөңкіле жырлап жеткізгей болашақ күнге,
Азаттық алған қазақтың осы кезеңін!
Құдіретті еді атажұрт күшің не деген?
Ыстық ұясың балапан құсын бөлеген.
Құлындай аунап-қунаған ұлыңдай болдым,
Аягөз, сені әрдайым түсімде көрем.
Қызықтап көркін түлеген бүгін даланың,
Сылаңдап аққан суыңдай күлім қағамын.
Торқалы мынау тойыңа байғазы болсын,
Өлеңнің бір шоқ төсіңе гүлін қададым!
* * *
Ақ сағымның ұлпасына,
Таң жиектеп жылт асыла.
Елік қызыл ерте ілінді,
Ерейменнің қырқасына.
Түн тынысын зорықтырып,
Ен далаға еніп кіріп.
Күн құлағы қылтиды, әне,
Елік қырды еліктіріп.
Бөбек қала бал тілегі,
Қараңғылық тәлтіреді.
Гүл етегін самал желпіп,
Түн етегін таң түреді.
Арда туған қазағынан,
«Қараөткелдің базарынан».
Күн қымсынып қызарады,
Астананың ажарынан.
Сарыарқаның төсіне құт,
Күн керуен көші жетіп.
Есіл бөбек есінейді,
Ескі арнаны бесік етіп.
Күн тілегін ұғынғанша,
Дала төсі суынғанша.
Оқжетпеске оқша атылып,
Ілбіс-іңір тығылғанша.
Күн құшағында Астана!
* * *
Ақмола кеше аппақ моласың,
Келімсектерге батпақ қорасың.
Заманың өтті басқа шығарған,
Басқаның жиып баспақ, танасын.
Астана бүгін асқақ қаласың,
Жаһанға әлі жақсы аттанасың.
Өз тілін жаңа үйренгендерге,
Талай жыл әлі «тақпақ» боласың.
Табамын деумен тылсымын жырдың,
Астана сенде құлшынып жүрмін.
Кенесарының апанына кеп,
Жартыкеш айға тұмсығымды ілдім.
Арналы жұртым, затың бөлек те,
Зәру емессің ақыл-көмекке.
Алшаңдап басып, төсіңде жүрмін,
Астана, саған ақын керек пе?!
Жан көкем
...Алтай алқа таққанда,
Бұлғын сылдыр қаққанда.
К. Жанжұңұлы
Сырғалы жеңгей Сырғалы көлге сұқтанып,
Шайы орамалын шайып алуға шықты алып.
...«Әттең-ай, жалған, әдемі едің ғой, әуелде»-,
Әкетті жеңгем, айдыннан көзін құтқарып.
...Қобданың суы қобылап сайға сұғынып,
Сұғынған сайын арнаны үңгіп, құнығып.
Дайынның жатты жағасы жазда қуарып,
Қайыңның қалды аппақ балтыры түріліп.
Бес Тәңір шыңы безеріп қалды тіл қатпай,
Бетегелі бел көнін қатырып тулақтай.
Бес күндігіңе бұлдадың ба екен, бірдеме,
Бес тиынға да тұрмайтын дүние қымбаттай?!
Самырсындарға сазын қалдырды сарсаң мұң,
Балқарағайдың балалығына тамсандың.
Жердегілерге көрсеткің әсте келмеді,
Арсыз ажалды аспандап барып қарсы алдың!
Алқасын Алтай тағып үлгермей жатқанда,
Арланымды Алла, түсірдің неге қақпанға?
Бұла ғұмырда бұлаңдатып қойсаң нең кетер,
Бұлбұлдай үнмен Бұлғыны сылдыр қаққанда!
Серілігіме баян таптырмай сетер күн,
Жалымды неге жыға бересің жекен мұң.
Ерте күніме, ерке күніме не айта алам,
Көктемі бәлкім, кешігіп қалды, көкемнің?!
Қамырық оймен қамалып қалаға мәжнүн,
Шаттығын күтіп шаршап ем, шағала жаздың.
Көктемге көңіл ұмсынтып, көкке қаратты,
Санамда сарқыт даусы сарыала қаздың.
Жап-жасыл торғын жапырақ құшып әлемде,
(Айналса шіркін, түндегі түсім өлеңге!)
Көктемнің демін алқынған аспаннан сездім,
Кезқұйрықтар кенеттен кісінегенде.
Анау бір көлден сұқсұрлар сымпылдап ұшып,
Қыңсылап қалды сақманның жұртында күшік.
Жуасып қалған жусан да жал күдірейтті,
Құмырсқалар шаттықтан мұртын қағысып.
Қараторғайдың көк иіскеп тұмсығыменен,
Көктем ғой келген кешігіп, бұл шыныменен.
Сәуірге маңдай сүйеген балапан қайың,
Өмірге өлең арнап тұр бүршігіменен!
* * *
Мәрмәрдің жағасы мамыр күн,
Ақанның әнінде лағыл мұң.
Әніңді үзбеші, достым-ау,
Сағыныш соңында сарылдым.
Айлы ақшам, Стамбұл шаһары,
Ешкіммен жоқ сынды шатағы.
Еріксіз есіме түседі,
Балдырлы көлдерім, бақалы.
Топқапы сарайы – патшалық,
Баязит дүрлеген бақ шауып.
Бір тегім Күлтегін емес пе ед,
Білмеймін қай тұста ақсадық?!
Азаншы, мүлгіген мұнара,
Теңізде тербелген Күн ана.
Османлы түркінің бақыты,
Тәңірден тартылған сыбаға.
«Өтүкен қойнауы да Алтайда,
Үкөктің жайлауы да Алтайда.
Күлтегін құратын қағандық,
Түркінің байрағы да Алтайда.
Қағаннан қағаны алмасқан,
Алтайда басталып алғашқы ән.
Сондықтан тұғырым тым биік,
Содан да рухым алдаспан!
Ақтүтек боранын түтеткен,
Тарадық Алтайдан, Үкөктен.
Жалауын жау жыға алмаған,
Қағаны қадамын құт еткен!»
...Осы оймен теңізге телмірем,
Осқырына берді жел-күрең.
Cтамбұл, аштың-ау көзімді,
Ертекті сүймеймін енді мен!
Тау табанынан, сай босағасынан Ай сығалады,
Шекесі қызарып, көзі қанталап қайшы қарады.
Жеті түнде желкеме қарғып шықпай,
Бұл қай сайқымазағы?!
Ай, сен тауыңды қалқан еттің,
Тау, сен ақыныңды арқалы еттің.
Мен екеуіңді де сағынатын болдым ғой,
Аңқымасы еспесе арша беттің.
* * *
Бұлттар, бұлттар, тұмса бұлттар,
Төбеңде ойнап, күн шалықтар.
Аспан астын түнертесің,
Ауырлатып мұншалық хал.
Бұлттар, бұлттар, шарбы бұлттар,
Көшуіңде жарлы үміт бар.
Жібер кәне, төгіп-төгіп,
Діріл қақсын мәңгіріп тал!
Бұлттар, бұлттар, тоқым бұлттар,
Жерде сені жетім құптар.
Жауатұғын жерге жаумас,
Кейде сенде соқырлық бар.
Бұлттар, бұлттар, тебіңгі бұлт,
Көк жүзіне еміндіріп.
Құйып өтші, нөсеріңді,
Қалсын менің көнім жібіп.
Бұлттар, бұлттар, өткінші бұлт,
Өтесің-ау, тек күрсініп.
Бескүндігі рас болса,
Сол жалғанды төрт күн сүріп!
...Көшкен бұлттың сазы қайғы,
Оған кімнің назы ұнайды.
Үйір-үйір бұлт қайырып,
Айғыр желің азынайды.
Көк аспанның төсін кере,
Керуен бұлт көшінде де.
Шаршағанда Алтай барып,
Түнейтінің есіңде ме?!
Менде дағы мұң нала көп,
Тапқаным тек жырдан әлек.
Сағынышым сансыратты,
Алтай барсаң бірге ала кет!
* * *
Аршалы беткей,
Қасыңнан сенің болмайды ән салып өтпей.
Жүргендер сенен үлгі алсын, жүрегі болса,
Туған жеріне сағыныш, аңсары жетпей!
Жусанды қырат,
Сылдырмағымен сыңғырлап үн салды бұлақ.
Сонау бір шыңға көзімді көлегейлеймін,
Сағынышыңмен жанарда тұрсаң бұлдырап!
Күреңселі бел,
Топырағынан тайсалып, түрен шегінер!
Тау өзеніне тап беріп, қойып кетердей,
Ақ балтыр қайың, ақ терек – кілең серілер!
Бұйырғынды алап,
Шеңгелге башпай тілдіріп, жиі ілдім балақ.
Сүңгіп бір кетсем борпылдақ дала шаңына,
Сүрлеуге түсіп – тіліндей сиырдың жалақ.
Жалбызды өзегім,
Жағаңды сенің жабырқап, жалғыз кеземін.
Туған жерінің келбетін жырға көшірген,
Жаутаңдап жүрген жалғанда жәудір көз едім!
* * *
Ата-бабамның ой тұрағындай,
Атақонысым аяулым екен.
Байтақ даламның бойтұмарындай –
Баянауылым баянды мекен.
Жұпарын жұтсаң, құмарланасың,
Сан бұлбұлдары сайрар алдыңа.
Жасыбай көлдің жұмақ жағасын,
Ғұмырыңда бір жайламау – күнә!
Ежелден бағын Ертісім бағып,
Асқақ қарайтын ақын кейпіндей.
Әулиебұлақ шолпысын қағып,
Әлемді түгел әтірлейтіндей.
Болашағыма үлгі ап барайын,
Аят-дұғамда – аяулы күбір.
Баянауылмен бір мақтанайын,
Бәріңе тілеп баянды ғұмыр!
* * *
Сағымы – құланойнақ құла түз деп,
Ұлытау, саған келдім ұлар іздеп.
Киіктің жанарындай жаным жәудір,
Табиғат – Ана алдында күнәміз көп.
Ұлытау, ұлылыққа межең жақын,
Ұлтыңның ұятына көзеулі ақың.
Көшінде керуенбасы дәуірлердің,
Неліктен Ертау екен ежелгі атың?!
Ұлытау, ұлтты әлдилеп жөргегіңде,
Өтінде аңызақтың желдедің бе?
Жүрсіннің Қарақұмын кешіп өтіп,
Мұқаштың шыр айналдым Шеңберінде.
Басына шығып алсам Майтөбенің,
Кем едім баласынан қай төренің?!
Ұлытау ұшарына қарап қоям,
Сағынсам Астананың бәйтерегін.
Сендегі ер – құзырлы, төр – құтты деп,
Кейкінің үңгіріне көрдік түнеп.
Едіге – ердің соңы жатқан таудың,
Ендігі ұрпағына өрлік тілеп!
Аттандым Ұлытаудан ұлар көрмей,
Кеудемді мұңы басым бір ән керней.
Баба тау басын изеп қала берді,
Тақ болған батырларға құранды ердей!
Көктеміме айтсам деп едім кәміл шынымды,
Самайға мынау самалсыз сәуір сүрінді.
Қайдасың қараторғайым, кешіктің неге?
Сипайын қауырсыныңды.
Сағынып жүрген сәтімде құрақ сыбдырын,
Күнгейіме алшы қонақтап шуақ – шындығым.
Көктем бағыма жетелеп әкелер едім,
Ұстатса бұлақ шылбырын.
Сүйінші құсы көктемнің – жыршы әндеткенде,
Қойшының көңіл хошы жоқ қырсауды ерттеуге.
Қырмызы белге жанарым суарсам деп ем,
Қырдағы жусан бөрткенде.
Суретің қандай сүтті іңір,
Балтырлы қайың жұп-жұмыр.
Қасқайған қарағайлардың,
Сырғауыл бойы сыптығыр.
Атқандай мүлде жұмбақ таң,
Бақыттың қолын бұлғатқан.
Тағдырдың ғажап тартуы-ай,
Табиғат даусын тыңдатқан.
Айдынға құлап алып қыр,
Өзегін жусан жарып тұр.
Тамырсыз тастың бетінде,
Қып-қызыл қына жанып тұр.
Қиялым қыран құсқа ерсе,
Сағыныш одан да үстелсе.
Үлгірер ме едім жыр жазып?
Бүлдірген ағып түскенше.
Табиғат өзің табындыр,
Арнадым саған лағыл жыр.
Таңқурай тастап таңдайға,
Тамсанып тұрған шағым бұл!
Шалқар, 2002 ж. 15-шілде.
Көне қартым, көк айдыным-көл ғұмыр,
Толқыныңа тіл бітірген жел жыбыр.
Жан жүрегің мәңгілікке соғуда,
Ал қызыл күн байып батты, өлді іңір.
Тағдырыңа орман қалқан, таулар құт,
Айдыныңда аққу егіз арман жұп.
Тегіс саған телмірсе де төңірек,
Барлығына танытасың марғаулық.
Жағаң жұмақ, сырың жұмбақ-мөлдір су,
Сол мөлдірлік сезіміңді сездірсін.
Көңілімді көлдей болса деуші едім,
Көлдей көңіл емес бірақ көлгірсу!
Жел толқытса шайқаласың түбіңнен,
Шер толқытса қайран көңіл бүлінген.
Құба таңым атқан сәтте алаулап,
Жұбатамын жүрегімді жырыммен
Тұман ойға сүңгітеді мұнар-мұң,
Жалған сенің жарлығыңды құп алдым.
Көлге айналып кеткенімше көкпеңбек,
Көрге айдалып кететін де шығармын!?
Қарағай, терек, тал-қайың,
Шертеді бәрі шерлі күй.
Шаттығын күтіп шалғайым,
Даңғазалықтан өлді ми.
Көзімнің алды көк түтін,
Көк мұнар сағым көлбеген.
Меңіреулікпен өтті күн,
Меңдуана жеп меңдеген.
Қылша мойынды талшамын,
Адыра қалып сүлейлік.
Дүбаралықтан шаршадым,
Дүниені билеп дүлейлік.
Адамдығыңды ант атқан,
Ғибратың жоқ ғұмыр жас.
Дарақылықтан даңқ тапқан,
Дүмбілез бе едің, жұмыр бас?
Мисыз бастарға ой құрбан,
Адасып жүрген ар мынау.
Түседі қашан мойнымнан,
Қоғамым таққан қарғыбау!?
Алтайдан күн көтерілді,
Ақ бесік-нұр мекенімді еске сап.
Аманат қылдым кімге төрімді?
Қайқы бас ер мен бірге тебіңгі,
Есіме түсті-ау, ескі ошақ.
Менің айбалта төзімімді төске сап!
Көгеннен қозы ағытқанда,
Бозқырау бозамық таңда ұйқы ашып.
Қозы-лақ таңнан шұбырып,
Көнектен саумал сіміріп,
Кеудемнен қоңыр күй тасып.
Табиғат жатар таңғы мезгілмен ұйқасып!
Сабаны күрпілдеткендей,
Даланы дүрсілдеткендей қарқынмен.
Жотадан жортқан күндерім,
Додадан көкпарды ілгенім-
Самалды жұтқан, салқын дем.
Балалығымды жырлай алам ба бал тілмен?!
Тартпа айыл тартылып қатты,
Асаукер алқынып бақты - тасып қан.
Жүрісін жолға сайлатып,
«Дәй-дәй, дәй, жорғатайлатып»
Кештер-ай, ауылға асыққан.
Тілініп езу, астымдағы асау басыққан.
Алтын күн күңгейден асып,
Қотанда «күргейге» басып- кешкілік.
Түн жайып алып қанатын,
Ұйқыға ел қарық болатын.
Құтпанның даусын сес қылып,
Ырғайлы сайдан байғыздың үні естіліп.
Ұйқыда уыздай ұйып,
Ата мал күйіс қайырып саркідір.
Түсіме көкдөнен кіріп,
Кететін кермеден мініп,
Тәтті елестейсің таңғы бір.
Қайран да менің, балалығым-ай, бал ғұмыр!
... Алтайдан күн құлап келеді,
Алтын жал судырап келеді- бабында.
Емгесін төсіңнен нәрді,
Алтайым, есімде мәңгі-
Жанымды орап жалынға.
Тәңір сыйлаған тақ төбемде Күн барында!
Таң бозымен.
Қырмызы күн жолынан нұр алаулап,
Таң көбесі сөгілді ырауандап.
Тобылғының басынан қотырторғай,
Құйрығымен отырды шуақ аулап.
Неше күндей шөлдетіп, сағындыртып,
Ақ жаңбырын кеше өткен Тәңір бүркіп.
Апам ұйтқан айранның беті құсап,
Қоңыр жота жонымен сағым кілкіп.
Таңғы шықпен көк майса зер түктеніп,
Бөрте жусан шуаққа елтіп, бөгіп.
Таң бозымен шалғысын шыңап алған,
Арбакеш шал барады қолтыққа еніп.
Құлдыраңдап жөнеді тау бұлағы,
Бөгетсіздей сезініп алдын әлі.
Енесінің ізімен елпең қаққан,
Құла құлын сүрлеуді шаң қылады.
Табын өре бастады кедір дөңмен,
Жайылымға жоңышқа, тобылғы өнген.
Ақберлі шың тұманын сейілтпеді,
Алатаңның көбесі сөгілгенмен.
Таңның тыңдап тұр едім тылсым әнін,
Ақтөс күшік сен неге қыңсыладың?
...Қыр басындағы апамның моласынан,
Маған қарай асырды Күн шуағын!
Тарбағатай
Бозталың бүршік жарғанда бозбала ақындай,
Қусақтың күйін жататын боз дала тыңдай.
Қоңырлап самал ескенде қоңырқай кеште,
Қонжық жон қоңыр жоталар қозғалатындай.
Аюлысайдың ну тоғай жынысы-ай қалың,
Аққайран өзен-тасыған күміс айраның.
Алланың ісі- деймін де басымды иемін,
Алманың иісі аңқыған ұры сайларың.
Бидайлы бөктер масаты -пүліш аймағым,
(Жұдырықтай құс, қарашы тілі сайрауын.)
Шаң жуытпастан шыңыңды сүртіп жүретін,
Асқарыңдағы ақ бұлтпен туыс ойларым.
Көгеріп беткей біткенде- көктемде атырап,
Баба тау күйін жамбастап шерткен жатып ап.
Керемет қандай- кереге қанатын керген
Қыран шәулі жүр ұясын көктен бақылап!
Көшкен бұлтпенен көрінген құзы сыңар боп,
Көктеді ме екен өткеннің сыры шынар боп.
Сайларды қуып беремін, сүрлеуге түсіп,
Қытайға асқан бабамның ізі шығар деп!
Заманың жетті сорыңа бағың алмасқан,
Іздесем әрбір тасыңнан табылар дастан.
Мойыл мұңыма батам да, телмірем саған,
Суырлы тауым, сырыңа қаныға алмастан.
Қарағаштарың қаз-қатар жол үсті емініп,
Тамылжып тамыз жеткенде жеміс төгіліп.
Табиғатыңның табынам ғажайыбына,
Танытып пенде пейілден періште қылық.
Шалқығанменен төсіңде шайыр-ақының,
Мақтауға сені жетпейді қайыра тілім.
Апам айтатын сен бе едің, сол –Тарбағатай,
Төрт түлік түгіл адамы жайылатұғын?!
Үшінші бөлім
Бір мүжіліп, бір толысқан Ай тағдыр
Кимешегің кір шалмай...
Апа-ау, Алла нұрына шүкір еттің,
Арманыңды ақ таңға үкілеттің.
Кебенек киіп кеткен отағасын,
Келер деген үмітпен күтіп өттің.
Арылмады басыңнан сірә, түнек,
Орнағандай заманда бір ақырет.
Жақсы хабар жарыңнан күтуші едің,
Бес уақыт намазда дұға тілеп.
Жалғаныңды жаратқан жарық етті,
Бірақ, кімнен сұрайсың әділетті?
Құдай білетін шығар ақ-қарасын,
Құран білген шалдардың бәрі кетті.
Ит пен құстай таласа қанша надан,
Тілмен айтып арызын тауыса ма адам?
Қай қоғамға айтасың лағынет,
Арысыңды халыққа жау санаған?!
Аштан өлген адамның моласы жоқ,
Бірақ, менің атамның жобасы жоқ.
«Тірі жетім» деген сөз о баста бар,
«Тірі жесір» атандың, о, ҚАСІРЕТ!
Бастан ұшқан заманда елің бағы,
Шемен етіп қу тағдыр шеріңді әрі.
Белді бекем буындың жиырма бесте,
«Көппен көрген ұлы той»- дедің дағы.
Жалғай алмай әдемі әнді үзілген,
Жылытпадың жаныңды жар қызумен.
Ардағыңды тапсырып Алласына,
Арманыңды жалғадың жалғыз ұлмен.
Ақ ордаға айналып шеткі лашық,
Ұлы тойға думаның жетті ұласып.
Немеренің бесігін тербетумен,
Сенен өлім айналып кетті қашық.
Дұрыстаған өзендей енді ағысын,
Құлатпаған ошағын ер бағысың.
Дәретіңе жетелеп шығаратын,
Шөберенің көрдің-ау қолғабысын.
Оралып Тарбағатай етегіне,
Айналып Алтай атамекеніңе.
Құдай да аямады берді, әйтеуір,
Нақақ кеткен жарыңның өтеуіне.
Елең қылмай тағдырдың мазағын қай,
Жайлауында жаныңның базар ыңғай.
Құдайға бір реніш білдірмедің,
Бес уақыт намазды қаза қылмай.
Содан бәлкім, жарылқап Хақ жаратқан,
Жарық етті сәулеңді Алла жаққан.
Кимешегің кір шалмай ғұмыр кештің,
Ақ ұлпа қар секілді таңда жапқан.
Шежіреңнен айтушы ең шегеріп ән,
-Соқты ғой деп, заманның желі оңынан.
Жас күніңнен қап кеткен жәдігердей ,
Жастығыңның астында –көне құран.
Көне құран- көзі еді Құмар шалдың,
Содан жазып мойныма тұмар салдың.
Ашатын ең қолға алып әр жұмада,
Басатын ең күйігін бір аңсаудың.
Көңіл күйің келгендей тосын бапқа,
Жетелеп ап жетуші ең сосын баққа.
Асықтың ба, апажан атамменен,
Таңда Мақшар күнінде қосылмаққа?!
Тұтпай мына жалғанды місе бес күн,
Қанатында кеттің бе құс елестің?
Енді ауылға барғанда жоқ қой сендей,
Жайнамаздай жайылып түсер ешкім!
Домбырадай күй тұнған шанағы әсем,
Келтірмеймін өзіңдей данаға шен.
Абай өзі кешірсін:-Зере әжесін-
Менің әжем секілді ғана десем!
Өзің барда бөленіп әлем нұрға,
Үлестіріп жатушы ең кәдеңді ұлға.
Күншуақтағы орның ғана бос тұр,
Дәрет алған құманың дәл орнында.
Құлазу
Қабылан жүрек, қара емен – Күнтуған шал,
Ұрпағың Сартастағы жұртыңды аңсар.
Қайманаға жететін қайырымын,
Қалдырып кетсең нетті ғұрпыңнан сәл?!
Тірлігіңде көрмеген күлкің кеміп,
Ұлағатты рухыңа ұлтың жерік.
Жерге тиіп көрмеген жауырының,
Жұрағатқа жатпасын сыртын беріп.
Тұлғасына тұтасқан тау тұғыры,
Әділмін деп бола алмас әркім ұлы.
Жетім қозы дауысын естіртпеген,
Жеңгесіне жесірлік зар түгілі!
Тақырыбы өзіңсің таңғы жырдың,
Алдында адал өтіп ең, ар- құзырдың.
Жалғандағы жанарын жаутаңдатпай,
Жалғыз ағадан қалған жалғыз ұлдың!
Рухыңды ұлықтап уақыт – көктем,
Жалғандағы жүзіңді жақұтты еткен.
«Кәпке құдай, бір ұл бер» деп жылайтын,
Күнтуған шал тілегің ақық неткен!
Ұлым саған не дейін, дертті уақыт,
Уақыт өзі тұрғызар көп құлатып.
Атын қойдым атаңның Алтайдағы,
Алаш жұрты білетін тектім – Ақыт.
Қызыл тілге қырғикөз шоқ тастаған,
Атаң анау Алтайдан текке аспаған.
Бастықтырар ма екенсің баяғымдай,
Бәсіре атап қояйын көкқасқадан.
Сауабы аздау қоғамда, күнә таудай,
Сөзге ұсталық, ол да – азап бұла таңдай.
Сыбызғы ойып берейін самырсыннан,
Сызылта алар ма екенсің ұлы атаңдай.
Ұлым менің, қанша жыл аңсаттырдың,
Көзайымы өзіңсің – әр шат күннің.
Қазақы ердің қасындай қадір тілеп,
Қапталдатып қайыңнан ер шаптырдым.
Аязды күн қарамай аптабына,
Тау жебелеп жортатын тарт тағыға.
Жолын өзің таңдарсың ғұмырыңның,
Қолың еркін жеткенде ат жалына.
Төбеге озып қайтесің, төрге ұмтылып,
Тілегінде болғайсың елдің тұнық.
Тұлпар тағдыр тақымнан сусыма деп,
Тізгініңді жүрейін мен қымқырып!
30.06.2011
Ат тағалап, атан қомдап ер жеткен,
Ең соңғы ақын мына мен ем бұл маңда!
Е. Раушанов
Есен аға, есенсіз бе, әуелі?
Бұтақ жайған тораңғылдай мәуелі.
Тауда туып тарпаң өскен тарғылдай,
Ақындықтан мен де өзіңше дәмелі.
Дүрбелеңге ілестіріп дүрмек күн,
Барлығынан кеш қалыпсыз құрметтің.
«Ат тағалап, атан қомдап ер жеткен,
ең соңғы ақын...» сіз екенін білмеппін.
Ал, мен болсам, теріскейінде Алтайдың,
Марқа қозы даусыменен марқайдым.
Таң күзетте шұрқыратып жылқы айдап,
Жалқы мұңын тыңдап өстім жарты айдың.
Ал, бүгін ше, қаладамыз сіз де, мен,
Жанымызды жұбатар ма, ізгі өлең?
Қосақта қой, ал, желіде құлынсыз,
Тек жапырақ, мұң шеккізер күзбенен.
Жайлау да жоқ, бұтартарсыз жортар жоқ,
Үлкен даңғыл, еркіндеуге жол тар боп.
Зоопарктен түйе көрген құрбыма,
Мен таң қалдым, одан бетер ол таң боп.
Жүрегіңді жүргеніңмен жүз құрап,
Сүреңсіздік танытады күзгі бақ.
...бұрқыратып отырасың балконда,
Темекі де тартпайсыз ғой, сіз, бірақ!
Байырғы жұрттағы
Сұраған Рахметұлына
* * *
Сұраған аға,
Құлазып жүрмін медиен, құба далада.
Ал, менің анау Алтайым, теріскейімнің,
Жайлауында әлі жыланкөз бұлақ аға ма?!
Сұраған аға,
Жайлауымда әлі жыланкөз бұлақ аға ма?
Қараша келген шақтарда қара өзек бойлап,
Қара суларым қамығып жылап ала ма?!
Босағам еді,
Туған жерді ойлап көңілім босамап еді.
Балаң балтырды қанатқан қарағандары,
Тошала терген сайларым тоса ма мені?!
Іңгәлап қалар,
Сәби-сезімім тек мұңнан пір қанат табар.
Таңдайға тәтті сағыныш татырып кеткен,
Балалығымды жасырған Шырғанақты арал.
Көшімді бөлек,
Әкеткен едім, тұтпаймын есіл күнге кек.
Бардың ба, аға, білдің бе, жағдайын елдің?
Біздің жайлаудың: «Қос көлі қосылды»- деп ед!
Ойлаған арман,
Ортайып қалмас дәл бүгін бойдағы алаудан.
Санамда мәңгі жаңғырып тұрып алады-ау,
Сарбайпақ терген сәттерім қойқарағаннан.
Зар шегетұғын,
Жас жүрегімнің шығарды қанша ер өкімін.
Көшпенділікке жоқтықтан өшпенділігім,
Жыланқияқты жинап ап қамшы өретінім.
Көбең атпенен,
Қойшы ауылына білмеуші ем, не қалап келем?
Шарана жырым жүректе сонда жарылған,
Төл тасығанда өрістен кереғаппенен.
Сүйем Алланы,
Себебі қазақтығымнан кием аумады.
Қыз-жігіт әлі жиналып басын қоса ма,
Қызық-думаннан құр қалмай бие баудағы?!
Үмітті алдыма,
Үкілеп едім бабалық ғұрыптарды ұға.
Толғанып айтар ұлтыма ұлағатты ойды,
Толған ырғайды іздейтін жігіт қалды ма?!
Сұраған аға,
Сұрқайы тірлік, сұм ниет мына қалада.
Сағынышыммен жаныңды жылатып алсам,
Кінәламассың ініңді,
... сыраға бола!
* * *
Тілімен алтын аптап, күміс күптеп,
Семейде жыр жазып жүр Тыныштықбек.
Төсінен тасжарғандай құлаған жыр,
Аңырап арғы бетте Сұраған жүр.
Көкала үйрек кеудесіне ұя салып,
Несіпбектің баққаны – сиясауыт.
Қаз дауысты қаңқыл бар ішкі үнінде,
Есенғали сайрап жүр құс тілінде.
Сабырдың «әр қазақпен» аты қалды,
Адайдың басын қорып жатып алды.
Жайыры бөліп беріп енші етіп жыр,
Азуын Жәркен ақын көрсетіп жүр.
Ұлығысы келеді-ау, дәстүрге еніп,
Ақсұңқардың Серігі қасқыр болып.
Мүйіздің қанын ішіп таңғы асымен,
Ұлықбек жүр ырдуан арбасымен.
Көтеріп ақындардың нарқын анық,
Жүрсін жүр бай ақшасын «тартып алып».
Қызыл түлкі тірлікте – шерлі құмай,
Есенқұлдың мұңының мөлдірін-ай!
Соңғы Алаш
Ұстазым
Рымғали Нұрғалиұлына
Бұлдырайды алыстан Абыралы таулары,
Сансыратып сағыныш, сағым буып аумағын.
Абай төніп төбеңнен, тұрған кезде бақылап,
Қалай төгіп тастайсың қасиетті қандағы?!
Құдіретке бас идің, құшағыңды күнге ашып,
Сетерледі жаныңды селеу басы – тұнба шық.
Саятқора жаныңа сая болған шақтарда,
Қолтықтасып қажымен шағыл кездің мұңдасып!
Дертті жаның әуелден Дегелеңнен дерт емген,
Көлегейлеп көзіңді Қарауылға ертеңмен.
Мұхтарменен бір туып, мұхит кешіп кеттің-ау,
Жағаласып дауылда, кемедегі желкенмен!
«Менің әкем, білсеңдер, Ұлы Алаш, Ахаң», - деп,
Ұлт жолында шегіп ең, ауыр азап, сапар көп.
Рухымен тербетті, тектілікке жетелеп,
Елің үшін еңкеймей басын берген Махамбет!
Содан, содан, жан көке, ертеңі үшін текті елдің,
Жарымаған уызға жарымжанға кектендің.
Жүрегіңді жеміріп жегіқұрты жалғанның,
Болашаққа ұрпақты сендіруге серт бердің.
...Алаш Алаш болғалы ұлы еліңді аядың,
Қан ұйыған басына жүрегіңді аядым.
Дүрбелеңде таба алмай дүниенің баянын,
Хаққа ұсынды жаныңды жаңылмайтын «баяғым».
Көкбөрілік киемен тартып туған қанына,
Данам қайда бұл күнде дақ түсірмес арына?!
Алаш жұрты жиылып, Тәңіріне тәубе айтты,
Ұлы Мағжан жұртында тірі Алаштың барына!
* * *
Ақселеу Сланұлы Сейдімбек қазасына
Күміс шақшам бар еді, жоғалтып алдым,
Рухымды ұры ажалға тонатып алдым.
Төрдегім төбе басына шығып алса да,
Төрт құбыласы түгел адамдай бола тұрармын.
Күміс ерлі арғымағым кермеден кетті,
Іздесем таба алам ба жер менен көкті?!
«Қаракөгімнің тұқымы»-дей алам ба, енді,
Көзімнің алды көлбеген көлденең көкті?!
Асанның әлгі «қайғысын» Алаш ұққан күн,
Ақ күміс сақал абыздан адасып қалдым.
Қасиет-киеге айналып кетті де қалды,
Қасірет мұңын арқалап қарашықтардың.
Адаспай асқан – арысым, алты белесті,
Жадымнан қалай шығарам жарқын елесті.
Ақ күміс жайын сөз еттім, түсін, ағайын,
Пайғамбардың да сүннеті алтын емес-ті.
Жанғали аға
Шертпе күйдің хас шебері
Жанғали Жүзбаевқа
Атадан қалған тектілік қанға құя ма?!
Қобызың шалып Қорқыттай паң дарияда,
Сүгірден сүрлеу тартқызып сан қарияға,
Шыңырауыңмен бойымды шымырлатып кеп,
Шығарып мені тасташы таудағы ұяма!
Соңында түлкі тірліктің сонаршыдайын,
Бір кісідей-ақ білесің қоғам сыңайын.
Зарлы шанақты бебеулет, көсіп те көсіп,
Жорғалап Жолдықоңырмен жолаушылайын!
Жетесіз қайдан түсінсін құтын асылдың,
Миына кірмес мынау үн үкібас ұлдың!
Ықылық атқан қоғамда, кекірігі азған,
Ықылымынан қозғашы Ықыласымның!
Аталар атын байлаған арда аймағыма,
Тәтті күйге елтіп тамсанар таңдай зарыға.
Шалқымаңменен шалқытып жетсем - деп едім,
Тәттімбетімнің төрлетіп Саржайлауына!
...Заманның зарын арыдан бері толғайсың,
Қаратауымнан қайырып кері толғайсың.
Қақ жүрегімнің басына қатқан шеменді,
Еселеп қанша тартсаң да еріте алмайсың!
Жеткізіп жанға жалғанның тәтті мысалын,
Ақынның аман сақтайсың ақ күміс арын.
Қайдан білейін, жан аға, қайран күндерде,
Қара шанақтан сұңқылдап аққу ұшарын?!
24.05.2010
Қазақтың хас таланты
Секен Тұрысбекке
Керіағыс
Ебінің желі Емілден бері соққанда,
Қусақтың желі құтыра кері соққанда;
Мен сенің, аға, аңсаймын күмбір күйіңді,
Арнасын бұзып долы өзен теріс аққанда.
Ел дейтін ұлдың уақыттан есі күйгенде,
Аруана бұлт далама төсін иігенде;
Шалдың бармағы күйіңе елітіп кетердей,
Тарбағатайдың талынан бесік игенде.
Бозбура берген әуелден ботаға шыдам,
Атаң қарайлап ауылға жота басынан.
Қара шанаққа мұң шағып, мауқыңды бастың,
Бесікпен аттап атажұрт босағасынан.
Қарсы да біткен бұтағы қарағай діңнің,
Оғланы өзің емес пе одағай күннің.
Толғауын Айға жеткіздің шерлі сазыңмен,
Бөрі кеудеңді кемірген толағай-мұңның.
Маңдайыңызға дарытып маздағын ғалам,
Алакөліңде аққу мен қаз мамырлаған.
Қабат та қабат мұң артып, жүрек сыздайды,
Қабағыңызда қайғы емес, наз қалыңдаған.
Шапағын шашып шарапат таңның шүлені,
Жалбызға тұнған бұл неткен, жәудір шық еді.
Секен ағасы-ау, сен айтшы, білерсің бәлкім,
Біздің жақта осы неліктен Тау күрсінеді?!
07.04.2011
Тауқұдірет мұң
Ербол Құсайынұлына
Тау – құдірет, тау – құдірет – деп сайрап,
Тауқұдірет мақамыңды төкші әйбат!
Көзайымына айналуда жанымның,
Көз алдымда көлбеп жатқан көкше аймақ!
Мына таулар, орқаш таулар, ор таулар,
Көзден кетсе өзегімнен өрт аунар.
Жанарымнан жасырмашы заңғарды,
Беу, дүние, саған да бір қолқам бар.
Ор қоянның ізі қалмай өкшеден,
Маңдайымды тауға сүйеп өскен ем.
Ермен исі исіндірер жаныңды,
Ескі қыстау, ескі қора – ескі өлең.
Төзімімнің сарқып сабыр, тағатын,
Қара түнде құралай көз жанатын.
Қарағайлы биігінде қап кеткен,
Алағайлы күндерімде бар ақым.
Табиғаты бойға құйған қуат-күш,
Ұшқан ұя, оны сүю – мұратты іс.
Тау мен дала құдіретін бір білсе,
Біледі анық бір азамат, бір-ақ құс!
30.06.2011
* * *
М.Андыбаевқа
Ағажай, Алтай қайда, Сауыр қайда,
Жүрегің тауды ойласаң ауырмай ма?
Есіңе түскен кезде ескі мекен,
Төсіңнен қазбауыр бұлт мамырлай ма?!
Көңілің бір жадырап, бір түнеріп,
Кеткендей миығыңнан күлкің еріп.
Маңырап таутекесі Маңырақтың,
Сауырдың сауырынан бұлт үдеріп.
Қолыңа аспандағы Ай-шамды алып,
Басарсың аяғыңды байсалданып.
Самалы Сарыарқаның желпігенмен,
Жанары жәудірейді Зайсан қалып.
Кіндігің жалғасқанда Сауырменен,
Бірлігің артар аға-бауырменен.
Тауымнан мені туған айырмаса,
Арнар ем, сіз түгілі, Тәңірге өлең!
07.07.2004
Керімсал кеште
Шора Тәжімғалиевқа
Жүр кеттік аға, атыраулаған Жайыққа,
Асау толқында жаныңа ал мені қайықта.
Атаның жолын білетін ұлдың көзісің,
Барлығын өзің байыпта.
Құрманғазының көне жұртына барайық,
Қашаған жырдың киігін ұстап алайық.
Дүбір сап өткен, Сүгір шал өткен даладан,
Жанға бір рахат табайық.
Махамбет туған Нарынның құмын кешейік,
Сары бір жұртта санамыз қалсын есейіп.
Есірден қалған ақжарма күйдің сазымен,
Сағымдай болып көшейік.
Бұйырғынды бел көрініп көзге бұйығы,
Иіріп кетсін жапан даланың құйыны.
Көз алдымыздан дөңгелеп өтсін бір мезет,
Үш қиянның ұшы қиыры.
Керімсал мекен, теңіздің бойы-кеш жарық,
Аңызақ, аптап күйдіріп бетті, төс қарып.
Майлы қиянға маядай боздап жете алсақ,
Мөңкенің ұлын еске алып.
Адай шалымның қос көкмойнағын терлетіп,
Әңгіме дүкен айтар ойыңды зерлі етіп.
Қарақиядан қасқайып шыға келсек қой,
Өзенге қарай өрлетіп.
Қыран қиялым сыпырып тастап томаға,
Еміреніп бізді қарсы алып жатса ел- ана.
Пір Бекетке кеп, сәлем де берсек сәтімен,
Оғландыға қонаға.
Жолымыз болғай, Шораға!
Әмірхан аға
Қалдырып артқа құсалы жарды,
Қара жер сені құшағына алды.
Сертіңнен таймай сен кеттің, аға,
Жалғанның жалғыз мысалы қалды.
Қанағат таппай тойымына әлгі,
Қара жер сені қойынына алды.
Жансауға бермей қақпақылдаған,
Ажалдың арсыз ойыны қалды.
Қара топырақ торқаңдай болар ма,
Қос ұлың – жүрек, қолқаңдай болар ма?
Құдай қосқаның құлдық ұрғанмен,
Жалғыз жұлдызың –Шолпандай болар ма?!
Тоздырмай жерді түтіп табаның,
Уақыт еді ғой ұқыптағаның.
Жалғызаяқ жол, білдің бе, ерте,
Бейітке барып бітіп қаларын!
Келте ғұмыр-ай, кесірлі ме едің,
Есеңгіретпеші есімді менің.
Келешегіме кепіл бола алмай,
Кем соғып жатсаң, кешір, жүрегім!
10.02.2006
Қайран Ораз.
Ажал беріп жол үсті Алла,
Ұзартпады өрісті алға.
Үмітті айың үркерленбей,
Жілік майың толысқанда.
Тап қылғасын Тәңір апат,
Атыңды айттым тағы да атап.
Жас тәніңді қарыды ма,
Қарашада тар лақат.
Жеткізбесе ғұмыр-құмай,
Тістей берем тілімді ұдай.
Қыршыныңнан қиғанменен,
Қыңқ етпеді қыңыр құдай.
Дидарыңды ажарладым,
Жарытып жыр жаза алмадым.
Әлдекімге ескерттің бе,
Әділетсіз ажал барын.
Гүлін сүйіп бөктерлердің,
Жиырма тоғыз көктем көрдің.
Өкінішін сездірдің бе,
Өткендер мен кеткендердің.
Өмір, өлім – екі арналы,
Таңдайыңда шекер дәмі.
Ешкімге де енші болмас,
Бес күндіктің бекер бәрі.
* * *
Арттағы күнім – жалған күн,
Алдағы күнім – арман мың.
Шалғымды шыңап беретін,
Азайды-ау, көбі шалдардың.
Қамалы биік қарттарым,
Салтыңды бойға сақтадым.
Морға сап, қайың тезге сап,
Шаңырақ иген шақтарың.
Қайың безіне шот ұрып,
Тұғырға тастай бекініп.
Әңгіме майын тамызар,
Кереге көктей отырып.
Ол күнде дала, бала шат,
Жайлаудың кеші тамаша- ақ.
Марқайып қалар едік қой,
Көрік басуға жарасақ.
Қасыңда болсақ қуанып,
Тілалғыш болсақ – ұнадық.
Қанжардан бетер қайраушы ең,
Болатты құмға суарып.
Айтқызбай танып ат тегін,
Қайсыбір іске бапты едің.
Қымызға бөгіп сонан соң,
Қызара бөрткен сәттерің.
Дүкеннен шықпай кідіріп,
Көзіміз көпке сүрініп.
Қамшылық қайыс ұстатсаң,
Жетуші ек үйге жүгіріп.
Әр істің жайын білгендей,
Таңғы шайды ішіп үлгермей.
Асығып жетер едік-ау,
«Ассалауға» да тіл келмей.
Көкірек көзі зерделім,
Қазына толы кендерім.
Өздерің екен оқытқан,
Өмірдің барлық өрнегін.
Балалық балғын шағымның,
Тазалығына табындым.
«Өркенің өссін» дейтұғын
Үндеріңді енді сағындым!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру