TELEGEI

Home

Жеңіс туын тіккен жауынгер

Қасымхан Ерсарин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жеңіс туын тіккен жауынгер

Қасымхан Ерсарин - «Жеңіс туын тіккен жауынгер» шығармасы.

Жеңіс туын тіккен жауынгер

Ана тілі. - 6 - Мамыр, 2015 ж

Қарапайым жауынгер өмір мен өлімнің ортасында жүріп, қасық қаны қалғанша аянбай шайқасты. Отқа да күйді, суға да түсті, сөйтіп жауды жеңіп, біздерге осы заманды сыйлады. Ордалы жауды талқандап, тізесін бүктіріп, соққы берді. Бар әлемге бейбітшіліктің туын желбіреткен сол боздақтардың есімін әрқашан құрметтейміз. Бар жұртқа олардың ерлік істерін баян етеміз. Біздің тарихи ұлы жеңісіміз миллионның ерлігімен шыңдалды. Осындай өлшеусіз ерлік жасаған ерлердің бірі әрі бірегейі – Рахымжан Қошқарбаев. Ұлы Отан соғысының ардагері Рахымжан жайлы айтылған сөз, жазылған жинақтар мен естеліктер аз емес. Соның ішінде көрнекті жазушы Борис Горбатовтың «Литературная газета» газетінің 1948 жылғы 18-желтоқсанда шыққан санындағы мақаласынан аз ғана үзінді келтірсек деймін:«Біздің жауынгерлерді қыранмен, бүркітпен теңейтін мезгіл жетті. Қазақ жігіті Қошқарбаев менің көз алдымда Рейхстагқа ту тікті. Жанып жатқан от ішінде, ажал аузында жүріп, ерлік үлгісін көрсетті. Бұндай ерлікті паш ету үшін бөлекше поэзия, бөлекше тіл керек шығар. Расында да, жанған от, жарылған снаряд… Аузын арандай ашқан ажал аузында қандай қыран мен бүркіт ұяға самғай алады. Рахымжанның айбаттылығынан ажал да қаймығып, атылған оқ та қайысты. Сол айбат, сол қайрат, өмірге деген құштарлық, ел-жұртына деген сүйіспеншілік, жеңілмеймін деген жаудың желкесін үзді. Қандыбалақ жау ұясының үстіне жеңіс туын тіккізді. Жеңіс жалауын тігіп, халқымыздың қаһарманы атанған Рахымжан ағамызды кезінде Қазақ радиосындағы балалар хабарына шақыру мақсатында мен батырға телефон шалып, сыр тартқан едім.

– Аға, балалардан радиоға келген хат көп. Бәрі өзіңіз жайлы білгісі келеді, – деп едім:

– Балаларға қажет болса, тезірек келіңдер, әйтпесе уақытым жоқ. Қанша дегенмен 60 жылдық мерейтойым ғой, жұмыс бастан асып жатыр, – деген.

Қашан да уәдесіне берік Рахаң кең бөлмеде бізді күтіп отыр екен:– Жалғыз сіздерге ғана емес, менің атыма да біршама хат келіпті. Бұл балалар менің 60 жасқа келгенімді қайдан естіп алды екен? Ол жайлы ешкімге де айтпаған едім, – деп таңғалды. Мен балалардың қазақ күнтізбесін оқып, туған күнін содан біліп алғанын айттым.

– Ә, әңгіменің кілті осында жатыр екен ғой. Балаларға тән қасиет айналаға жіті көз салып, бәрін көріп, білгісі келіп тұрады. Олардан ешнәрсе жасыра алмайсың. Балалардың өкіл елшісі ретінде келіп отыр екенсің. Бұл жағдайыңды да түсінемін. Сонда олар менен не қалайды? Қандай сұрақтар қойыпты? – деп маған бағдарлай қарады. Мен бірден уақыт алмай сұрыптаған сұрақтарыма көштім:

– Раха, мынау хат Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы, «Қаратал» совхозындағы бесінші сынып оқушысы Гүлмира Нүксинадан келген екен. Гүлмира бұл хатында былай деп жазады:

– «Құрметті Рахымжан ата! Сіз туралы мен талай кітаптар оқыдым. Сіз маған сондай батыр, батыл адамдай көрінесіз. Сіздің кітаптағы суретіңізді көрдім. Өңіңіз батырлар сияқты сұсты емес, сондықтан сізді кішіпейіл, қарапайым адам болар деп ойлаймын. Берлин қаласына әлденеше барғаныңызды білеміз. Сіз Германияға барғанда неміс пионерлерімен кездестіңіз бе? Олар қалай тұрады. Алған әсеріңіз қалай?

Рахымжан Қошқарбаев: – Гүлмира, қалқам! Жазған хатыңа рақмет! Мен Берлин қаласына соғыс біткеннен кейін төрт рет бардым. Берлин қаласының пионерлері жақсы қарсы алды. Кетлик деген аудан бар екен, сол жердегі орта мектептің пионерлерімен кездесу өткізді. Менің атыма дружинаның атын атады. Мектеп оқушылары мен қазіргі өсіп келе жатқан жастардың ынта-жігері мықты. Олар бізді шын ықыласымен қарсы алатынына көзім жетті. Соған сонша риза болдым. Олар да менің айтқанымды тыңдап, шын жүректерінен алғысын айтып, «Рахымжан аға, көп жасаңыз, бізге әперген бақытты заман үшін көп-көп рахмет! Ұзақ өмір сүріңіз, жиі-жиі келіп тұрыңыз! Немерелеріңіз қай сыныпта оқиды, атын жазыңыз! Олар қалай оқиды?» деген сұрақтарды қойды. Мен бастан-аяқ айтып бердім. Біздің жастардың атынан рақметімді айтып, алғысымды білдірдім. – Раха, келесі хатты Орал облысы, Казталовка ауданына қарасты Казталовка орта мектебінің оқушылары Ақылбек, Ағынбек Әбитовтер жазыпты: «Рахымжан ағаның Рейхстагқа ту тіккенін өз аузынан естиік деп едік» депті.

Рахымжан Қошқарбаев: – Айналайын, балалар! Ол туралы Кәкімжан Қазыбаев деген ағаларыңның «Жеңіс жалауы» деген жинағы, менің орыс тілінде «Штурм» деген кітабым шықты, сондай-ақ баспасөз беттерінде менің ерлігім жайлы шыққан көптеген мақалалар бар. Сол кітаптарды алып оқысаңдар, бәрі жазылған. Өзі бір күннің оқиғасы ғой. Соғыс 1418 күн, 1418 түн болғанын білесіңдер. Менің басымнан өткен уақиға естен кетпейтін ауыр да, қатерлі де, қуанышты да күн – 30 сәуір 1945 жыл. Бұл Берлиннің қақ ортасы, Александр Плятс деген алаң бар, сол жерде Герман өкіметінің басшыларының атап айтқанда, Гимлердің үйі бар еді. Ол Гитлердің оң қолы, фашизмнің ішкі істер министрі, сол үйден Рейхстагқа дейін 360 метр.

Соғыс біткен соң тарихшылар өлшеп-зерттеп көрді. Менің есімде қалғаны – бұл күні сағат 8 бен 10-ның арасында 21 жасымда партияға мүшелікке өтіп, мен партбилетті сол Гимлердің үйінде алдым. Сол билетімді алғаннан кейін менің Рейхстагқа баруым шешілді, әрине бұйрық аса бола қоймаса да «Сізге осы туды береміз, барғыңыз келсе осы туды тігуіңіз керек» деді. Сол күні танкіден де, артиллериядан да, ұшақтан да оқ атылып, бомба жарылып жатты. Үйлер өртеніп, жарылып жатқан миналар, оны ауызбен айтып жеткізу қиын, ондай көрініс ендігәрі болмасын. Біз он бір адамнан Григорий Болатов деген солдат екеуміз күндізгі сағат оннан кешкі алтыға дейін 360 метр жерді еңбектеп бардық. Он бір адамның сегізі қаза болып, үшеуі бізге келіп қосылды. Кешкі сағат 18.30-да Рейхстагтың кіреберіс есігінің маңдайшасына метрге жуық қызыл туды қақтық. Григорий Петрович Болатов деген жігітті иығыма шығарып, туды қадаттым. Басымды көтеріп қарасам маған ту Рейхстагтың төбесінен жерге дейін жетіп тұрғандай көрінді. Сол кезде жасыратыны жоқ, қуаныш па, қорқыныш па, жаңағы туды көргенде көзіме еріксіз жас келді. Осы уақытқа дейін әлі көз алдымда. Сол кішкене ғана жалау бейбітшілік үшін күрескен бейбітсүйгіш елдің жаршысы, соның айғағы, соның куәсі екен. Қазақ елінің соғыс бітсе екен деп тілеп, атасы менен әкесін, бауырларын майданға жіберіп, тылда еңбек етіп, қолындағы жылы киім, азық-түлігін майданға жіберіп, 4 жыл бойы күн-түн қызмет еткенін бәріміз білеміз. Еңіреген аналардың көз жасы шығар, мені аман-есен жеткізген… Мен батыр болып, ерекше жаратылған адам емеспін. Мен де сендер сияқты мектепте оқыдым, пионер, комсомол болдым.

– Талдықорған облысы, Панфилов ауданына қарасты орта мектептің оқушысы Бағдат Айтмұқаева да сізге хат жолдапты. Бағдат сізден адамның қандай қасиетін жоғары бағалайсыз деп сұрапты.

Рахымжан Қошқарбаев: – Адамның жақсы қасиеті – шындық, адалдық деп білем. Адалдық пен шындық бір-бірімен ажыраспайды. Адал адам Отанын, халқын сүйеді. Ел үшін, Отан үшін қалтқысыз қызмет етеді. Жалған сөзден, жалған істен аулақ болу керек. Өмірдің қиындығына төзімді болу керек. Осы қасиеттерді сақтасаң, Отанымыздың құрметті азаматы боласың.

– Енді сізге Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық орта мектебінде оқитын Бақыткүл, Қалымкүл Бегешовалардың жазған сұрағын оқып берейін.

– Рахымжан аға, сіз неше жасыңызда соғысқа қатыстыңыз. Алғашқы алған орденіңіз қандай?

Рахымжан Қошқарбаев: – Мен соғысқа 20 жасымда бардым. Алғаш алған орденім «Отан соғысының» 1-дәрежелісі. Берлиннен 70 шақырым жерде Одер деген өзен бар, содан түнде үстіміздегі шинельге шөп орап, қапты ұстап, тек бетімізді ғана көрсетіп, өзеннен 15-сәуір күні таңертең арғы бетке өттік. Біз сол күні өзеннің ар жағында жатқан немістерді ары қарай жылжытып, екінші күні шешуші шайқасқа дайындалып, немістердің екі окопын босатып, кейде еңбектеп жүруге тура келді, қарамағымдағы 40-тан астам әскердің өміріне, тағдырына, солардың алдындағы тапсырмасына жауап беретін болғандықтан, әрине, алдында жүруге тура келді. Қиын уақытта ұшып тұра келіп «Ура, Отан үшін, халық үшін!» деп екінші траншеяға дейін босаттық. Кеңес адамдары өмір мен өлім белдескен осындай қан майданда, қиын-қыстауда сыналып, шыңдалды. Сондықтан да ол алмастан да асыл, болаттан да берік. Бір хаттың сыртында Иркутск деген мөр бар. Оны Люся Лапунова деген қыз жазыпты. «Рахымжан Қошқарбайұлы! Біз сізді өте ардақ тұтамыз. Ерлігіңізге бас иеміз. Мен саялы бақтың гүлімін, байтақ елімнің кәусар ауасы маған сондай қымбат. Өрім жастарыңызда өлім аузында болыпсыздар. Қандай күш сонда сіздерді ерлікке жетелеген? Сіз бізге суретіңізді жіберсеңіз.Біз мектептегі даңқ музейіне қояр едік. Аса ардақты, ұрпақ ұмытпайтын азаматсыз». Мына хат ГДР-де тұратын журналист Карл Кококадан келіпті. Әр тараптан келетін бұл хаттар жүрекжарды лебіздерге толы. Алпыс жасқа толып, үлкен ерлік мектебінен өткен азаматқа «Жасыңыз ұзақ, бақытыңыз баянды болсын!» дейміз біз де. Бұл мақала 1986 жылы Қазақ радиосына өзім арнайы әзірлеген «Жеңіс туын тіккен жауынгер» атты радиохабардың желісі бойынша қағазға түсірілді.

Көңілге қуаныш ұялатқан жаңалық – өткен дүйсенбіде Алматыда кезінде Рахымжан Қошқарбаев қызмет еткен «Алматы» қонақүйі ғимаратының қабырғасында ескерткіш-тақта орнатылды. Ер есімі ел есінде деген осы.

Қасымхан Ерсарин,Қазақстанның еңбек сіңіргенмәдениет қызметкері,Қазақ радиосының ардагер

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙