Мазмұнға өту
Home

Осы бір сәт ұнайды

Толқын Қабылша

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Осы бір сәт ұнайды

Авторы: Толқын Қабылша

Толқын ҚАБЫЛША Осы бір сәт ұнайды Алматы

ӘОЖ КБЖ А ӘОЖ КБЖ А Толқын Қабылша Осы бір сәт ұнайды: Қабылша Т. – Алматы, ЖШС РПБК «Дәуір», 2021. – 120 б. ISBN Ақын Толқын Қабылшаның бұл жыр жинағына шығармашылық иесінің лирикалық сарындағы толғаныстары мен азаматтық тақырыптағы өлең-жырлары енген. Нәзік те қуатты жырлардың легімен поэзия парасатына бойлаған қаламгердің шынайы ішкі тегеуріні, ақындық аманатқа адалдығы жанарға жылыұшырап қана қоймай, оқырманына ой салады. © Қабылша Т., 2021 © ЖШС РПБК «Дәуір», 2021 ISBN «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарлату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Республикалық бюджет қаражаты есебінен әдебиеттің әлеуметтік маңызыды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрді».

і бө м БІЗДЕР, СІРƏ, БӨТЕНБІЗ?

САҒЫНЫШЫМ – ҚУАТЫМ! Алды – соқпақ, арты – мұң, Жеткізбейтін жол мына. Абақты ғой, бұл ғұмыр, Ақылды мен арлыға. Аңсарыңды бұғаулап, Арманыңа құн кескен, Сағынышың жазалы, Құштарлығың – ол күнə. Асу, асу жолдардан, Бетегейлі белдерден, Ғайып болды қанша арман, Мен сүйініп, сен сенген. Иір-қиыр мына жол, Талай мұңның куəсі, Шындығының шырайын, Тағдыр өзі көмкерген. Ақын болу азабын, Адам болу мұратын. Сезіндірген бұл жолда, Сағынышым – қуатым! Қимастығым жанарда, Құштарлығым кеудемде, Шынайыға шын құмар, Ғұмыр, бəлкім, шын атым! Алды шаттық, арты мұң, Сағым құшқан жол мына. Сол сапардан бақ күткен, Ақылды көп, арлы да. Жолайрықта бір үміт, Қол бұлғайды, қимаймын. Сағынышым – кінəсіз, Құштарлығым – ол күнə.

КӨЗ ЖАСЫН КҮН СҮЙЕТІН КӨКТЕММІН МЕН Сыр іздеп өткен күннен, кеткен күннен. Күмілжіп, кімге айтамын, өкпемді мен? Күлкісі күрсінісін көлейгелеп, Көз жасын күн сүйетін көктеммін мен. Кім ұққан? Жанымның бар арпалысын. Кім ұқсын? Жүрегімнің әр қағысын. Мен мәңгі қарыздармын мына өлеңге, Кеудемнің күліп атқан әр таңы үшін. Аңсау мен жанды өртеген сағыныштың. Сертімен сергелдеңнің, Сабылыстың. Жаңбырдай жауа алмайтын аласұрам, Өртеген әр мезетте жалыны іштің. Мен солай көктем болып күн кешемін. Көк бұлтпен, ақ жауынмен тілдесемін. Жазмыштың маған қиған ғанибетін, Ақын боп туылмасам білмес едім. БІР КЕМ... Маңдайдағы бағым сірә, бес елі, Аз болмады соған лайық сорым да. Бір кем дейді, Дүниенің есебі. Теперіші қалар кейін қолыңда. Бәзбіреулер баз кешкенде әлемнен, Бір кем дейді,

бақ пен сордың себебін. Неге ендеше, жанұшырып келем мен? Өзегімнен өшпесін деп өлеңім. Бір кем болса, ғұмыр күннің ғажабы. Ессіз сүйген кеудемдегі шаттығым. Неге ендеше, жүрегім бар жазалы? Неге ендеше, басылмайды аптығым? Енді біреу «бәрі жалған» деседі, Ақиқат боп өлең қалсын соңымда. Маңдайымның бағы білем, бес елі. Тағы да мұң. Тағы да сор жолымда. БІР ҮМІТ ӨЛМЕСЕ БОЛҒАНЫ... Бір сәтте баз кешіп бәрінен, Бір сәтте көз жұмды көп арман. Бір мезет жанымның халінен, Бір сәуле жылайды жоғалған. Бір жүрек соғып тұр кеудемде, Беймезгіл жылуы тоналған. Бір-ақ сәт шешеді барлығын, Біз ғаріп, сол сәттің құрбаны. Бір сенім айтады жарлығын, Бір үміт өлмесе болғаны. Бір мезет ғайып боп үлгердім, Бір сәттік елестей жолдағы. Бір тамшы көз жасы – гүлдердің, Бір мезет суықтан тоңғаны. Бір сезім беймезгіл көктейді, Тәңірдің екі етпей жарлығын. Жаныма бір мейір жетпейді, Тәрк етіп кетер ем барлығын.

Бір ғана адалдық көксейді, Бір ғана өкініш, тағдырым. Бір шуақ жылытып төскейді, Бір сәтте өбсе ғой жан нұрын. ҚАНАТ БІТІП ҰШАР ЕМ... Кейде осылай алабұртып кетемін, Қажытқанда құса әлем. Сағыныштың білсем егер мекенін, Қанат бітіп ұшар ем. Кім өлшеген? Мендік мұңның салмағын, Бебеулейді тереңдік. Кеудемдегі ақиқаттың тармағын, Келем үнсіз өлең ғып. Кім ұғынсын?! Менің нәзік жанымның, Мөлтілдеген бар мұңын. Базынасы артқан сайын бағымның, Ақылдымын, арлымын. Кім біледі? Тағдырымның жолдарын, Мен сүйініп, мен сүрген. Кешіп келем ғұмыр-күннің орманын, Таңдар қалды күрсінген. Кейде осылай алабұртып кетемін, Қажытқанда құса әлем. Сағыныш па? Тапсам оның мекенін, Құшағыма қысар ем…

КӨЗДЕР КЕЙДЕ, БІЗДЕН БАТЫЛ... Жолайрықта жанарыңмен жолықтым. Көздер кейде бізден батыл, соны ұқтым. Жанардағы сағынышты айтудан, Сен жасқандың, мен тағдырдан қорықтым. Қанатына сағынышын байлаған, Жыл құсындай,

неге мұнша торықтым?!. Қыс мұңайып, көктем үміт үзгенмен, Сені көрсем, сыздайды, – деп күз кеудем. Жанарымыз аңсар құшып тілдесті, Жалқы тамшы сырғанады көздерден. «Өлең» дейтін аманатым болмаса, Тәңіріне серт айтысып, сөз берген. Тағдырымда ештеңе жоқ өзгерген. – Жолайрықта жанарыңмен кездестім, Керегі жоқ, сенен басқа, өзге ешкім! – Қос қарашық дәл осылай тіл қатты, Қимастық па? Мұң кернеді, төзбес мұң. Аспанымнан бұлт ауғандай бір сәтке, Алқаракөк арманыммен үндестім. Айтылмаған сырдың бәрі асыл ма? Көздер кейде тым батылдау, расында! Көктеменің нөсер жауған кешіндей, Жанарымыз ұқсап тұрды жасынға. Біз екеуміз үнсіздікте мұңайдық. Сол үнсіздік татиды екен ғасырға. * Көздеріміз бізден батыл, соны ұқтым…

БІЗДЕР, СІРӘ, БӨТЕНБІЗ? Іздемейсің, біздер, сірә, бөтенбіз?! Бәлкім, бәлкім, болдық іңкәр бекер біз? Жапырағы желмен ұшып жоғалған, Қайда барып, паналайды екен күз? Сол күз ғайып, Біздің жаққа қыс келді. Мен ұмыттым, өзің жайлы түстерді. Қанатымен қиқу қағып аспанда, Сонау көктен танытады құс белгі. Сонау көктен, Сыбырлайды таныс үн. Сағынбайды ол, «Сендік сезім, бәрі сын…» Жақының да, жалғызың да емес, ол! Бәлкім, бәлкім, ең аяулы танысың? Күрсініс пе, қимастық па? Қол бұлғап. Қарды құшып, күмілжиді біздің бақ. «Көктем әлі бір келер» деп мен жүрмін, Қайда жүрсіз? Мен ұнатқан күзді ұрлап...

«ІЗДЕЙМІН НЕГЕ МЕН СЕНІ?..» Сермелген сайын уақыттың сенсіз семсері. Сарнайды көңіл, басады бір мұң еңсені. Сұп-суық күннен, селт етпес сонау қаладан, Іздеймін неге мен сені?.. Қол бұлғап көктем, жаз болып айлар жылыстап, Қоштасып күзбен, қырауға тұнды күміс бақ. Қаңтарын күткен қаперсіз мына көшелер, Шашады қарды уыстап... Сұп-суық көше, Келемін сенсіз тыныстап, Сезімсіз, сенсіз халім бар қыспен ұғыспақ. Құлатпай келем – тым асқақ мендік арманмен, Сағыныш туын тік ұстап. Сап-сары күзде жоғалтсам дағы мен сені, Жадымда жүрген елесің неткен еңселі? Жыр жанарына мөлтілдеп тұнған ғұмырдың, Сенбісің, әлде өлшемі?.. Сағынып келем, сағына берем мен сені. Сүю дегеннің болмайды-ау мекен, мөлшері. Жеті қат жер мен аспанның кезген арасын, Өлең деп ұғам мен сені.

СОЛ СЕЗІМНІҢ ЖҮРЕКТЕ ЕДІ АҢСАРЫ Көктем де емес, жаз да емес, Ұқпадым, Жаңбыр жауды, жаумағанды көптен бір. Ірки алмай, жанарымның шықтарын, Көк бұлттарға қарай бердім көк сеңгір. Жаңбыр жауды, Бір сағыныш жеткендей, Тамшысында діріл қағып сан үміт, Сол тамшылар өн бойымнан өткендей, Мөлдіреген мұңға тұрдым малынып. Жауып жатыр, ауғандай бар құштары, Тауды сүйіп, тасты құшып, тынымсыз. Сағыныштан қалғым келмей тысқары, Су астында тұра бердім мен үнсіз. Қолшатыр ма? Керегі жоқ, сенсеңіз, Тәнім емес, жаным еді жаураған. Көздерім бе? сағыныш қой көрсеңіз, Көк аспаннан жаңбыр болып жаумаған. Көк аспаннан жаңбыр болып жаумаған, Сол сезімнің жүректе еді аңсары. Жаңбырдағы іңкәрліктен аумаған, Тәтті елесті, Келе берді тамсағым.

«ТАҢСӘРІ» Таңғы шықтар. Тамаша сәт. Таңсәрі. Арай таңның ашылған тұс аңсары. Ақша бұлттың айқара ашып құшағын, Жыр оқыдың, жаның соны аңсады. Тылсым өлең, тамсандырып тұманы. Тау суындай мөлдір жаны жылады. Жыр оқыдың, табиғат тұр ынтызар, Тамшы жырдан тарқайтындай құмары. Көктөбенің күн сүйгендей көк белін, Жыр оқыдың, күлім қақты көктемім. Көкорайға күн шуағы ойысты, Кезіктіріп қуанышты көп керім. Жыр оқыдың, күн керілді қуанып. Күн керілсе, жаз келері бұл анық. Көп күткендей, айшуақты мезгілді, Қарағай тұр кәрі жүзі қуарып. Керімсал жыр, көркем үнмен үндесіп. Көкжиектен бара жатты мұң көшіп. Бәрін қойшы, мен бақытқа кенелдім, Қапияда шын ақынмен тілдесіп.

ӨМІР, СЕНІҢ ӘР СӘТІҢЕ СҮЙЕНЕМ! Іңкәрлікке толы мына кеудені, Жабырқатпас, енді келіп бөтен үн. Ең бақытты әйел менмін жердегі, Анау ғарыш – менің самғар мекенім. Енді мені жылата алмас ешкім де. Күмбір толы көңілімнің күйі ерен. Бар қадірін – ұғындырған кеш мүлде, Өмір, сенің әр сәтіңе сүйенем. Сүйемін мен, Мұқата алмас өзге ешкім. Жігерімді өмір сенсің жаныған. Қанша арманмен қапияда кездестім, Келбетімнен кісілікті таныған. Көз жасымен келген кім бар мәреге? Жеңіс менің өмірімнің әр күні... Жұбатуға асықпасын және де ел. Жасып қалсам, ол да жазмыш жарлығы. Өлең болмыс, өзгешелеу жаным нұр. Бақыттының нақ өзіндей қалыбым, Самғап жүрмін,

сан қиынды ұмытып, Бойымдағы қандай қуат Тәңірім?

ҚАР СЕКІЛДІ БОЛА АЛСАҚ ҚОЙ, КІНӘСІЗ... Мынау ғалам арылсын деп күнəдан, Аспанға ұқсап, Ағыл-тегіл жылаған. Арашалап алғаусыздау үмітін, Қара жерге қыламық боп құлаған, Қар секілді бола алсақ қой, кінəсіз... Ұлпасында мөлтілдеген мейірім, Ұғынсам деп жан біткеннің пейілін, Зеңгір көктің ғаламаты секілді, Кіршіксіз қар, Аймалайды бетімді, Адалдыққа сенгісі кеп шүбəсіз… Ең аяулы сезіміндей аспанның, Мынау қардың пəктігінен жасқандым. Жанды баурап, ақ ұлпасы мамықтай, Ақша бұлтқа ұшқым келді қалықтай, Жанарымнан жалқы тамшы жас тамды. Мен де сендей, ізгілікке құштар ем, Естимісің? Ақ ұлпа қар, қысқы əлем?! Адалдыққа сеніп келем əлі де. Ақұлпа қар, жанарымен аймалап, Қара жерді құшты сосын, тайғанақ, Бар шындығың осы болса, аяулы, Тағдырыңның айтшы, кәне, мəні не?!

«ТӘТТІ МҰҢ» Сағынғанымды, сездіре алмадым, Арлымын. Салқындық құшқан, санамда жатқан бар мұңым. Сыбырлай сүйіп, сағынса алып ұшатын, Сезімнен жырақ, бақытты-ау осы тағдырым. Сезімнен жырақ, Бақытты-ау осы күндерім.. Селт етпей, сүймей, аптықпай өмір сүргенім. Ақын атаулы осынау асқақ қалпында, Елемей өткен дүниенің ессіз дүрмегін. Тәрк етіп мұңды, сезімді, сырды барлығын. Күн кешсем, сүймей, жүзімде толқып жан нұрым. Естімей, сезбей, жүректің тылсым жарлығын, (Өзгерер болсам) не дейсің, жұмбақ тағдырым? Тәнімде толқып, жаныммен егіз жыр керім, Тәп-тәтті мұңды талықси құшам түнде мың, Сұп-суық қалпы, қоштаспақ болам, алайда, Нәп-нәзік сезім, еркімді билеп жүр менің...

«ЖҮРЕКТЕ ЖАТЫР БАР КІНӘМ» Шағала құстай, теңізді аңсап, шарқ ұрам. Сағыныш емес, Жанымды өрті шарпыған. Өкініш емес, өрт болып бойда өрілген, Өлеңді сүйген жүректе жатыр бар кінәм. Өлең боп соққан, Жүректе ғана бар кінәм... Бір бүтін емес, болмыста жүдеп жарты мән, Жырақтан сүйіп, жанымды құшып сезім жүр, Жауқазындайын исінен өмір аңқыған. Өлең боп соққан, Жүректе толқып бар шемен, Өзеурей сүйіп, күтемін нені таң сенен? Өзімді-өзім жазғырып, бірде жұбатып, Көкейде жүрген көз жұмды ойлар, қанша ерен. Өзімді-өзім жазғырып, сонсоң, жұбатып, Өзімнен жеріп, өзгені ессіз ұнатып, Өксиді жүрек, мысқылдай күліп, уақыт тұр, Өлермендерді өз биігінен құлатып. Өн бойымдағы өмірге ғашық сан үміт, Өгей сезімнен, өгей мұңдардан жалығып, Алдамшы күндер бола алмай жанға тағы құт, Өлеңді ғана, жан-тәнімменен сағынып, Күн кешіп келем, Қуантар ма еді, сол өлең, Өмірдей ыстық өз жүрегімнен табылып...

БІР ТЫЛСЫМ БАР Өн бойымның өлең бе, әлде киесі? Мен еместей. Мына жанның иесі. Жұдырықтай жүрегімен алысқан. Періште емес. Пері де емес күй осы. Бір тылсым бар, Ыршып мына кеудемнен Байыз таппай, секунд сайын сенделген. Бір құдірет – құлазытып жанымды, Бір құдірет – әлек оны емдеумен. Бір ұшқын кеп, Ізгілейді тәнімді. Бір ғажайып бағатындай хәлімді. Мың сан күйді бір мезетте сүрем мен, Бір мезетте, Сағынамын бәріңді. Өзімді-өзім Оңашада тергеумен. Жанның дертін, жүрмін бе әлде емдеумен? Ғұмыр осы, Киесі оның бір өлең. Жер мен Көктің арасында сенделген.

ТЕҢІЗДЕ ДЕ ТАҒДЫР БАР... Теңіздей тылсымына тартқан үнсіз, Тулаған телегейлі шақтарымсыз. Толқынды жасырғым кеп ішімдегі, Жағаға сырымды аштым, Түсінбеді. Самалына жүзімді аймалатып, Теңізге құлақ түрдім. Қайда бақыт? Шағаласы мен сүйген көкке ұмсынып, Айдынында күрсінді мұң-тіршілік. Толқынын аңсар құшқан, ұғына алмай, Телегейі айтқызбас мұңы бардай. Тереңінде сыр жатқан, буырқанып, Теңізге тағы үңілдім, бүгін барып. Шарқ ұру ма, шындығың көмкерілген? Теңізге ұқсас тағдыр-ай, көнгеніңмен. Қарашықта мөлтілдеп сағынышы, Теңіз жатыр жанары төңкерілген. «ТӘТТІ ТҮС» Жанарымнан жалын емес, мұң көрдің Арасында жүрген едім гүлдердің. Таңғы шық боп тамшылаған шоқ гүлге Тұнық мұңлы сыр жасырып үлгердім. Түн қойнында ендің сосын түсіме... Түс тылсымын алдың ба екен түсіне. Жақын келіп, тіл қатып ең, жоғалдым, Ұқсағым кеп кісікиік кісіге... Жалт еткендей жанарыңнан жыр киік, Үнсіздікке еніп кеттім тұңғиық.

Ұмсындың сен, үнсіз қалды ұлы үміт, Қол созды да, кеңістікке тым биік. Қарашыққа қадалған сәт қас-қағым, Құстай шолып, арманымның аспанын. Күрсіндің де, ғайып болдың ғарышқа, Бақытына айналдым мен басқаның... Қиялымда қалды сол бір шақ тұнып, Көріндің бе, сыйлағың кеп тәтті үміт. Көзімді ашсам, түсім екен, қия алмай, Сағынышым бара жатты асқынып. «ЖЫРЛА, ЖҮРЕК!» Жырла, жүрек! Әз-жаным жабықпасын. Жабықпасын, жалғаннан жалықпасын. Көңіл шіркін, көкке ұшып қалықтасын, Қамықпасын, ұмтылсын жарыққа шын. Жырла, жүрек! Қайтадан алып-ұшып. Құрғыр көңіл бассыншы сағынышын. Қар суындай тасып бір төгілсін жыр, Кәусарынан қалайын қанып ішіп. Жырла, жүрек! Жанымды жылыт менің. Жазбай тапшы дертімнің уытты емін. Жаза бассам, жазғырып, ұмыт дедің, Сен жерісең, қалардай суып демім. Жүректерге жып-жылы нұр құйылсын,

Келші шабыт, тереңге сүңгиін шын. Құлаш ұрып, жетейін алғы күнге Жанымда бол, жайдары жыр-сүйіншім! Жырла, жүрек! «САҒЫНЫШЫМНЫҢ ЖОҚ ШЕГІ» Жүректен сезім, санамнан өзің кеткелі, Сұп-суық ойлар құшатын болды тек мені. Өн-бойымдағы өлшеусіз мұңмен алыстым, Өзіңсіз бақыт жоқ па еді? Ақшаңқан аспан, Керімсал Күн де көктегі. Түнерген бұлттар, олар да маған өкпелі. Биылғы көктем, төксе де қанша шуағын, Қуанта алған жоқ мені. Жалыным ғайып, Мегзейсің маған от нені? Сүймеген күндер, сәттерге жүрмін өкпелі. Қоламтасында маздамай қалған шоқтаймын, Сағынышымның жоқ шегі. Қуанышым да, қайғы-мұңым да өтпелі. Сенім мен Сырдың иесі Тәңір көктегі, Өткен күн елес, келер күн жұмбақ, ал өмір – үміт пен сенім өткелі. Жүректі жырмен, жанымды шермен толқытқан, Өлең-ғұмырдың талқысы мұнша көп пе еді?..

СҮЙЕДІ ЕКЕМ... Сүйеді екем, сүйеді екем Тәңірім! Сөндірмепсің, сөнбепті әлі жарығым. Сүймеймін деп безінгенмен өзімнен, Сүйген сәттің әр мезеті тағылым. Нәзіктікпен өрілген бе тамырым? Тәндегі нұр, әдеп-иба танымым. Қимастығым көк аспанда күрсінсе, Жаңбырдағы сағынышта сабырым. Сүйген сәтте болса-дағы дертім көп, Бір құдірет көздерімде мөлтілдеп, Жауын болып төгілемін тылсымға, Сүйеді екем, мұнан өзге сертім жоқ. «РҰҚСАТ БЕР!» Жүректің жазықсыз дүрсілінен, Қимастық кернеген күрсінуден. Арманға асыққан таңдарымнан, Көктемнің алғашқы бүршігінен, Жанымның нәп-нәзік бөлшегінен, Ғұмырдың мазмұнды өлшемінен, Еліткен тәп-тәтті ертеңімнен, Ең тұнық бұлақтан ерте күлген, Бақтағы бұлбұлдың үндерінен, Сағыныш кернеген түндерімнен, Көңілдің жайқалған гүлдерінен, Жыр десте өріп берейінші, жаным!

Көктегі кербез ай сәлемінен, Кеудемнің тек сендік әлемінен, Үнсіздік құшатын үмітімнен, Жапырақ мұңдардан үгітілген, Жанардың тұп-тұнық қарашығынан, Ақ таңның ең мөлдір таза шығынан, Өлеңдей ең жақын жанашырымнан, Өмір боп туатын жаңа жырымнан, Гүл десте тағып берейінші, жаным! Күз болып қауышқан сағыныштардан, Жүректе туатын жарылыстардан, Күн бейнем жүзіңе шағылысқанда, Ақ қанат арманым алып-ұшқанда, Кей-кейде тым батыл көзсіз мұңымның, Еріндер сыбырлап ессіз күбірін, Жыр болып түсіңде өбейінші, жаным! Рұқсат бер! ҚЫЗҒАНАДЫ ЕКЕМ… Ауадан, гүлден, күн менен түннен, Білмеймін, неге қызғанам? Желменен ұшқан жапырақтан да, Селк етіп, жаным сыздаған. Күлкімнің өзі күмілжіп барып, ғайып болғанда, көзімнен, Осынау дауыл, алапат күйдің, Баянын таппай, безінем. Есімің сенің айтылған мезет, Күбірлеп өзге еріннен. Шабытым көзсіз шарқ ұрған мезет, Қызғанып кетем, сені мен.

Сүюдің мұнша азабы барын, Қалайша бұрын ұқпағам? Ғаламға іңкəр, Ғажайып едім, Өзімді қалай құтқарам? Жап-жарық менің əлемім кейде, үздіксе ессіз ғаламнан. Нəп-нəзік үнім, сəлемім кейде, Жалт етсе, бөгде жанардан. Дəл солай сен де, қызғанып мені, Ес-түссіз құлай сүйіп пе ең? Жалғызым сені, қызғанады екем... күнəсіз осы кейіппен. «СЕЗБЕЙСІҢ СЕН» Сезесің бе? Сенің ғана көзіңнен, Жалын көргем, өн бойымнан сезілген. Бір-ақ сәтте бар күдігім сейіліп, Жанымдағы қайғы біткен көз ілген. Сездің бе, сен? сенің ғана көзіңнен. Бір алапат құштарлықты сезінгем. Ғайып болып, ең бақытсыз күндерім, Жылап тұрып, жазмышымнан безінген. Сезіндің бе? сенің ғана көзіңнен, Тіл жеткізбес мейірімді сезінгем. Сарсаң қылған сан мехнатты еңсеріп, Мен қайтадан қауышқанмын төзіммен,

Сезермісің? Мына ғұмыр, шырайлы, Сенің адал кескініңмен ұнайды. Сенің көзің, сені көрген сәттерім, Бақытымның бар болмысын құрайды. Сезбейсің сен, Сен ұғынбас әлемде. Сені ғана арқау етем өлеңге. Сені ғана жан-тәнімен аңсаған Сағынышым, сен сыймайтын көлемде. ҒҰМЫР ҒОЙ... Елес те қалған жоқ, өрліктен. Ғұмыр ғой, көнгенбіз, көндіккем. Күз болып, қол бұлғап қалғансың, Бақытқа айналмай мен күткен. Болсақ та, бейуақта безінген, Көктемдей кінәсіз сезіммен. Күн бейнем аңсатып жүр ме әлі? Қимастық көремін көзіңнен. Қимастық көремін жаныңнан, Кездер-ай, сарғайған, сағынған. Сол күзден көктемге жол таппай, Үргедек үміт жүр сабылған. Жанарда іркіліп жаңа шық, Жырақтан сөйлейді қарашық. Тамшы мұң толқытқан тағдырдың. Толқыны барады жар асып,

Серт беріп, бола алман, сендік мен, Ғұмыр бұл – біз көнген, көндіккен. Жыр болып құшарсың жанымды Бақыт сол – сен сүйген, мен күткен. ӨЗЕГІМДЕ, ӨМІР СЕНІҢ ОТ ДЕМІҢ... Тағдыр куә, тарам-тарам жолыма. Ғұмырыма өлең болып өрілген Сан сүрлеуді қалдырып ап соңына. Сан сынақты жеңген, бірде жеңілген. Құзар шыңда Күнді құшып көгімнен, Құлатпадым, құлазыған арманды. Жүректерден мейірім боп төгілгем, Жылай сүйіп, мына опасыз жалғанды. Жазмышымды жарығыммен жылытып, Жаратқаннан шуақ тостым, танбадым. Жалғандығын жардың, бақтың ұмытып, Сарсаң қылған сан үмітті жалғадым. Өзге арманның қалмағандай құны түк, Өлең болды, ең аяулы серігім. Өлермен сыр от-көңілді суытып, Өгей достан, байлық, бақтан жерідім. Өзім ғана көтере алар салмағын, Тағдырымның теперішін сөкпедім. Өлеңімде ғұмырымның бар мәні, Өзегімде өмір сенің от демің.

ЖАЛҒЫЗДЫҚ, СЕНБІСІҢ СЕБЕПШІ? Ақтүтек боранын ақпанның, Ақшұнақ аязын ақ қардың, (Елемей, қысқы бақ ішінде) беймаза пішінде, Өктемсіп қар кешіп келемін, Өзекте өрт болған өлеңім. (Жаураған сезімді жоқтар кім?) Мысқылдап барады мосқал күн. Қар асты, Тастанды жапырақ, Мен сүйген сезімнің отын ап, (Келгендей жылынып алғысы,) О, тоба, Дәл осы халде жүр сан кісі. Қайда екен сезімнің Тәңірі? Мезгілге жүрместей әмірі, Күмілжіп қарайды атырап. Жоғалтқан, ақыл-ой сананы, Жәудіреп жүректер жанары, Ақталып әлдене демекші. Кейпіндей құлазып бақтардың, Баз кешіп кетуге оқталдым, Бұларға бір бақыт керек шын?! Қайғысын жеңіске балаған, Дәл осы күйде ме сан адам? Жалғыздық, сенбісің себепші?

P.S.: Қиқулап, жылаған құс білем? Жоғалтып ең ұлы уақытты. Жалғыздық! Сен неткен сұсты ең? Ендеше, мен неткен бақытты!!! ҚАЙДАСЫҢ? Сүйген сәтті кім айтады кез деп мұң? Сезім едің, сергелдеңсіз, саналы. Өзің едім, өгейсідің, өзгерттің. Сағынышсыз күндер жалғап араны. Нәзік едім, Нәркес едім расында. Жанарымда күн кешетін жарты әлем. Шексіз мендік, сол махаббат қасында, Мынау ғалам өлшенбейді картамен. Аспан асты арманымнан нұрланып, Күннің өзі күмілжитін сәулемнен. Өмір өзі адастырды бізді анық, Ғашықтарға бір ғадауат бар деумен. Сол күндердің оты қалып санамда. Жүрегімде бос кеңістік, бос әлем. Қайта оралып, мына нұрсыз ғаламға Ғажайыбың болам десең, тосар ем... Қайдасың?

БАҚЫТТЫ ЕМ ҒОЙ, РАСЫНДА... Бақыт кейде болады екен қас-қағым. Ғайыбыңды кім білген? Кездер қайда? көздерімде күн күлген, Аяқасты аласарды аспаным. Бар ғажабын ұсынбақ боп ұмсынған, Көңіл ме әлде баянсыз? Көбелектей көзсіз мұңға ұмтылған, Жүрек, сен бе аяусыз? Қиялдағы хор қызындай үміттің, Баянсызын күн кешеді біліп кім? Ғажайыбың, Ғұмыр қалай келте еді? Үргедек жел, жанымды кеп үгіттің. Тағдыр солай деймісің? Алма-кезек бақ пен соры басында, Ащы өзектен бал татамын деймісің? Бақытты ем ғой, расында… КІМ БІЛСІН?! Үнсіздіктің ұлылығын ұқтырып, Жанарларға сағыныштан шық тұнып. Әр күн сайын, Бақыт кейпін безбендеп, Ғұмыр кешу – бәлкім, біздің мықтылық? Ақиқатқа жазмыштағы бас ұрып, Аңсағанын ақша бұлттан жасырып. Біздің бақыт, кезікпеген күндер ме? Тәңіріне жасай алмай асылық.

Жалқылығы жұбата алмай түнекті, Аспанға айтып, жанды жеген тілекті. Бәлкім, бақыт, күнәсі жоқ түндер ме? Жаныштайтын Жазығы жоқ жүректі? Базынасын батқан күнге ұқтырып, Таң атқанда қарашыққа шық тұнып. Терезесін күзету ме тірліктің? Тағдырым деп, маңдайдағы мықтылық. Кім білсін?! CАҒЫНҒАНЫМ – ЖАЗЫҒЫМ! Сағындым ба? сонау күзгі қаз үнін. Сұп-сұр мынау әлемімнен қажыдым, Саған жетпес құштарымдай шертілген, Әуенін-ай, мына көктем сазының. Маңдайымнан сүйсін қанша жарық күн, Сенсіз осы сергелдеңнен жалықтым, Мағынасыз мезеттерге тоналған, Күлкімнен де құлазыған хәл ұқтым. Жапырақтың жанарында үзілген, Тамшыларда тағдырым жүр түзілген. Сенсіз сүрген шаттығымның жасанды, Торлап алды көздерін мұң, жүзін мең. Сағынғаным, болар, мейлі жазығым, Аңсарым-ай, сенде бәлкім, қажыдың? Аспан астын қайтайықшы, бір байқап, Естиікші, сонау кешкі қаз үнін. Барлығына болса-дағы кеш бүгін, Келеді екен дауысыңды естігім.

Қапияда қалайық та кезігіп, Қол ұстасып қайтайықшы кешқұрым. Қайдасың? МЕН ҒҰМЫРДЫ, СЕНСІЗ КЕШКІМ КЕЛМЕЙДІ! Көздерімнен күнді өшіргім келмейді, Жалт еткен сәт, жарты әлемді жылытқан. Жүрегімнен жырды өшіргім келмейді, Жалынына жан-тәніммен құныққам. Сенімімді кір шалдырғым келмейді, Өзегімді өкініштен аршыған. Қабағыңды мұң шалдырғым келмейді, Түгесіліп қалса-дағы бар шыдам. Көңіліме күдік алғым келмейді, Күмән барда, күмілжу бар, бар күнә. Үмітімді үзіп алғым келмейді, Үмітсіздің үрейімен шарқ ұра. Мен ғұмырды сенсіз кешкім келмейді, Белгісіздеу бақытының дерегі. Қабағына бұлттың көшкім келмейді, Көздеріңде шуақ болғым келеді. Мен ғұмырды, сенсіз кешкім келмейді! БОЛМАДЫМ НЕГЕ КӨРІПКЕЛ? Іңкәрлік пе едің? ізеті жаннан өшпеген, құштарлық па едің, от болып бірге кешпеген? Қаламның ұшы – сағынышыммен боялып,

Тағы да, міне, мазалап отыр ескі өлең. Ескі өлең, әлде, ескірмей жүрген естелік, Елең-алаңда, екеуміз неге хош дедік? Ерте көктемгі жауқазынға ұқсас жанымды, Жабырқадың ба, кеш көріп? Сеп болдың сосын, Сергелдең мұңның бәріне. Сезімсіз кешкен ғұмырдың білмен, мәні не? Жалғыз-ақ сөздің болғанмен ауыр үкімі, Жанарың бірге әлі де. Елестеп бейнең, көшеден, кейде көліктен. Күн кешіп келем, кездейсоқтыққа сеніп мен. Сен келер күнді, болжай алатын бір сәтте, Болмадым неге көріпкел? СЕН ТҰРАТЫН АУЫЛ Бір ғаламат бар секілді, Сен тұратын ауылда. Сол өлкеде күн де нұрлы, Ғажап, тіптен, дауыл да. Аспан сүйген тауларында, Мен құшпаған тылсым бар. Алаукеуім таңдарында, Тәңірімдей бір сыр бар. Мен ынтызар сол мекенде, Ізгілік бар, үміт бар. Сен тұратын сол көшеден, (Мен кезіксем күліп сәл) Сезімімнен тым тұңғиық, Бұл та ашылып, түнерген Кескінімнен күн жымиып, Келін болып жүрер ме ем?! Ардақтаумен ауылыңды,

Ақ жаулықты тастамай, Қадір тұтып қауымыңды, Күн кешер ме ем, басқалай? Ақын да емес, асыл да емес, Жарың болып ең ізгі. Жарық күннің еншісіндей, (Өмірге әкеп сегізді)… Жазмышымның жұмбағы мың, Жұмбақ және кесімі. Бұл күндері ол ауылдың, Сағыныш шын есімі. Мен жақпаған шырағыңды, Ғұмыр жақты маздатып. Тағдыр бізді тоғыстырды, Аңсар құшып аз уақыт. Баз кешсем де, базары көп, байлық, бақтың бәрінен Сені туған сол өлкені, сүйіп келем әлі мен! ҒҰМЫР ҚАЛАЙ ШЫРҒАЛАҢ? Мұншама ауыр болар ма еді күзгі өлең? Көңіл мынау, бір үмітті үзбеген. Сәттер ғайып «біз» деген. Жүрегімді жұбата алмай отырмын, Ғұмыр бойы. Бір бақытты іздеген. Алып-ұшып, айта алмаған сыр маған, Күндер өтті, шаттығымды ұрлаған. Жолдар қалды бұрмалаң. Шарасыздың күлкісімен жымиған, Ғұмыр қалай шырғалаң? Жалғандықтың әлегіне сенбеген,

Жазмышының әміріне көнбеген. Сан суықта өлмеген. Жүрегімде бір гүлім бар, қайтейін, Мейірімге шөлдеген. Өмір, бәлкім, бәзбіреуге шын сынақ. Өзекте жыр, көзімде мұң тұнжырап. Көңіл қалай тыншымақ? Қарашықта сол баяғы сағыныш, Жүрегімде сол сұрақ. ҒҰМЫР КЕШ! Жұлдыз көп, түн қойнында жымыңдаған. Жымыңдап, сан тағдырдан сыр ұрлаған. Мен – Күнмін, Жүрегі – нұр, тәні – шуақ. Сөнбейтін сәуле берген ғұмыр маған. Жанымнан жылу сезсең, шырайланған. Мен емес, күн кейпім ол – ұнай қалған. Түнменен қабыспайтын тағдырымның. Еншісін ертең менен сұрайды Аллам. Жарыққа бөлесін деп бұл ғаламды, Жүректі Тәңір өзі нұрға малды. Түн кейпін жатырқайтын болмысыммен, Күн кешем, ынтызар боп жырға мәңгі. Жан бір күн кететіні анық болып, Ғалам тұр, Бар сырыма қанық болып. Күнге ұқсап, сәуле шашып үлгерейін, Ғұмыр кеш, кеудемдегі жарық болып!

ҮМІТІМ БОЛ, ТЕК ҚАНА! Біз екеуміз ойда-жоқта кезіктік, Тағдыр ма екен? ұқпадым. Жан едім мен – жүрегі шер, Дерті – өлең. Жанардағы шық та – Мұң. Өмір бәлкім, ұғынғанға – үндестік? Қарашықта күн күлді. Жалғыз сөзсіз, Жанармен-ақ тілдестік. Үнсіздікте үміт барын кім білді? Сан ғасырлық сағыныштан өлмеген, Жүректегі жауқазынды ұсындым, Аңызақ жел аптабында шөлдеген, Жазмышыңның жұмбағы бар, түсіндім… Неге керек, әлдене деп ақталу, Тағдырға айту көп нала. Мүмкін бе өзі? Мына өмірден бақ табу, Үзілмеген үміт болшы, тек қана! СӘТТЕР ОСЫ, БЕЗІНГЕН... Сен сүйетін көктемімнің көзінен, Мөлтілдетіп тамшы мұң. Тайқымаған тағдырымның тезінен, Тағы бір сыр аршыдым. Сен баспаған көшелерді кездім де, Жоқ іздерден жаңылдым. Жылап тұрып, Сені ойладым сездің бе?

Қолын бұлғап тағы мұң. Сен құшпаған қиялымның әрбірін, Құла дүзге лақтырып, Сағыныштың сарқып іштім әр күнін, Тамағыма тас тұнып. Сен ұнатқан болмысымның бағамын, Жатырқадым сосын мен. Өзгеге емес, Өзіме айып тағамын. Сәттер осы, безінген... Солай! ӨЗГЕ ЖЫР Сіз өзгесіз, Мен де өзге, өзгеміз. Өзгешелеу біздер кешкен сезім де. Өзге көктем, өзгеше мұң, өзге күз. Біз өлеңбіз – өмір тұнған көзінде… Өзге ешкім ұғына алмас шаттығын. Біздің бақыт – үнсіздікпен үйлесу. Сезімдердің күнәсі мен пәктігін, Аңсаумен-ақ, Астаң-кестең күй кешу. Базарлы шақ, болса-дағы қанша алыс. Жетем деумен

Сен де, мен де сергелдең. Біздің ғұмыр – ақиқатпен арпалыс, Күнтізбеге күн кешетін сенбеумен. Сағынышы сары күзге айналған. Көктемінде өзгеше бақ. Өзге нұр. Біздің ғұмыр – мезгілдерге байланган. Өзге бақыт. Өзгеше үміт, Өзге жыр… БАҚЫТ КЕЙДЕ ҚАС-ҚАҒЫМ Жазмышымда – жұмбағы жүр көктемнің. Жанарымда жалғыз тамшы – өткен күн. Жан сырымды өзіңізден жасырып, Жалт еткен сәт, жарығыммен өбкенмін. Жан шуағын, солай, үнсіз төккенмін. Дидарымда күннің нұры, өкпем – мұң. Күрсінгенде, көк аспанды қалқалап, (Күнге айналып ғұмыр кешу – неткен мұң?) Есіңде ме, Үнсіз кешкен шақта мұң? Сонау көктен бір шырақты жаққаным? Күн кейпіммен мен ойладым бақ қамын, Түн қойнында сен де алқа тақпадың. Жылдар сырғып, Алақайлап ақ таңың. Таттың бәлкім, менсіз ғажап бақ дәмін?!

Әлде мендік іңкәрлікке құштар боп, Ойлайсың ба? аласарып асқарың? Күлімдеуші ем, Бүгін мен де басқамын. Күн кейпімді қалай қиып, жасқадың? Көздерім боп шуақ төкпес аспаның. Білмеуші ме ең? Бақыт кейде қас-қағым. Неге, біздер ойлап кеттік бас қамын? Тағдыр бізден тапты ма екен, басқа мін? ҚАРАҢЫЗШЫ КӨЗІМЕ Сағынған сәт мойыныңа асылып, Иығыңа сүйей де алмай басымды. Алып-ұшқан аңсарымды жасырып, Мен де сіздей болып алдым ақылды. Мен де сіздей болып алдым, Салқын тым. Іздемеймін мақпал түннің елесін. Телегей мұң – Теңіз кештім, шарқ ұрдым, Сақтай алдым адалдықтың кемесін. Сағынышсыз өткелдерге тұрақтап, Бәлкім, солай өшірмексіз өртімді. Мен де сіздей болу үшін, Жырақтап, Ұмытпақпын, жүректегі сертімді, Салқындығым сатқындық қой өзіме,

Сіз, расымен қалайсыз ба, осыны? Бәрін тастап, қараңызшы көзіме, Қимастығым қалсын сізден тосылып. «НЕГЕ СОНША СҮЙЕМІН?..» Нәзіктігін нәркес мұң серік еткен. Неге сонша сүйемін сені көктем? Қауышуды тағатсыз тосқан сәтте, Менің мөлдір жанымнан жерімеп пе ең? Неге сонша сағынам, Аптығамын? Тамылжыған естірдей бақтың әнін. Қарлығашым көктем боп оралардай, Құр үмітті кеудеме қапсырамын. Неге сонша асығам, аптығамын? Тәңір келіп, төсердей бақ құрағын. Іркіп жүрген іңкәрлік үздіккенде, Үзілуге төзім жоқ, шақ тұрамын. Сезіледі салқындық келбетіңнен, Жылылығым дейсің бе, жер бетінде. Көктем сені күткен ем, дәрмені жоқ, Қамкөңілдеу жанымды емдетуге...

БІР САҒЫНЫШ МӨЛТІЛДЕЙДІ ҰДАЙЫ Ұнатқаның, ұнатқаным бекер ме? Сағынғаның, сабылғаным күмəнді. Үнсіздіктің қадіріне жетердей, Сендік жүрек, Мендік көңіл шыдамды… Сергелдеңін кімдер ұққан сезімнің?! Сүйінгенің, сүйсінгенім шынайы! Тамшысындай таңғажайып төзімнің, Бір сағыныш мөлтілдейді ұдайы. Еншісіндей сонау ерке күндердің, Езуімде жымияды бір елес. Сол елесті шын ұнатып үлгердім, Жатырқауың, жабырқауым түк емес! Ғұмыр бəлкім, жұмбағымен жазалы?! Қателік пе? тіл қатқаның басында. Жазылмаған жырларымның ғажабы, Ұнамауым мүмкін еді, Расында… АДАЛДЫҚТЫ АҢСАУ Сол бір сәттер, қайда кетті, мен сенген? Сол мезеттер, қайда кетті, сен сенген?! Жер мен көктей тым аяулы, тым алыс, Адалдық-ай, құның немен өлшенген?!. Ғажайыпты,

қайда, қашан тәрк еттік? Ай мен күнге, адалмыз деп ант еттік. Сағыныштың кеудесінде күрсіндік, Қимастықтың жанарында жалт еттік. Пері емеспіз, бола алмадық періште, Бір мезетте құлдиладық еңіске. Жанұшырып бір үмітке қол создық, Бағытымыз жеңіліс пе, жеңіс пе? Ғажайыптар қайда кетті, мен сенген? Ғажайыптар қайда кетті сен, сенген? Аласұрып аспан құшып келемін, Адалдық-ай! құның немен өлшенген?!. ОСЫ БІР СӘТ ҰНАЙДЫ Жастығымның сөнбеген, Шырағданы секілді. Ғайып болған бір арман, Оралғаны секілді, Мынау ессіз кеудемнің, Қуанғаны секілді, Ең аяулы мезеттің, Ұялғаны секілді, Осы бір сәт ұнайды! Бәйшешектің беймезгіл, Бүр атқаны секілді. Жауабы жоқ жалғанның, Сұрақтары секілді. Үнсіздігі үміттің, Жылатқаны секілді, Осынау күй ұнайды! Жазмышымның тосындау, Жұмбақтары секілді.

Жан-жүректің тосылмай, Тіл қатқаны секілді. Менің нәзік жүзімді, Күн қаққаны секілді, Осы бір сәт ұнайды! МЫҚТЫМЫН МЕН! Жас көрдім деп ұшынан жанарымның. Халім сұрап, қайтесің?! Жаралымын! Жұлым-жұлым жүректі қолына ұстап, Күлімдемек болады тəн-алыбым. Жанның дертін емдейтін кім бар, сірə?! Бақытым да, сорым да бір басымда, Қылбырауға түссе де, үзілмеген, Жапырақтай жаным тұр, шың басында. Адалдық қой, тəрк етпес құс ұясын. – Нəзіксің деп несіне жымиясың?! Тəңір сүйген жүректің лүпіліндей, Ұға алмайсың, жанымның құпиясын. Болса-дағы сəттерім көп түңілген, – Халім сұрап, Қайтесің, күпті күннен. Теперішін жазмыштың сілкіп тастап, Тіл қататын тағдырға, Мықтымын мен!

МЕН КЕЙДЕ ҰҚСАП КЕТЕМ ЖАРЫҚ КҮНГЕ Мен кейде ұқсап кетем жарық күнге, Сүйер болсам, сүйемін жанып мүлде. Мынау жақсы, жаман деп алаламай, Жанымды жайып салам, самаладай. Шұғыласы сарқылмас келбетіммен, Іздеймін бе, бір шуақ жер бетінен. Жанның бәрін «жақын» деп сенемін де, Күйіп-жанып күн кешем өлеңімде. Аңсарымды түн ұрлап кеткенде де, Аяулыма бір мезет кектенбегем. Күлімдеген дәл осы кескініммен, Қиянатқа қимадым ешкімді мен. Кінәліні кешіріп, күнәні де, Күн боп сүйіп өтемін, бес күнді мен! СЕНІҢ АТЫҢ – САҒЫНЫШ Іздеген кім, ол күндердің дерегін. Естілмейді ерке күлкім, ерек үн. Ең аяулы мезеттердің жоғалған, Екеуміз де сұрамадық себебін. Екеуміз де үнсіздікке байландық, Бір үміттің талғажау ғып қорегін. Тəрк еттік те, Ғажайыптың барлығын, Сен де, Мен де құлатпадық ар жүгін. Жанарымнан төгілсе де бар мұңым, Жүрек дейтін жалғызыма сыбырлап, Жаратқанның құлай сүйдім жарлығын. Сен бе, мен бе,

жете алмаған байыпқа? Тағдырымды шын ұнаттым, айып па? Жазмышымдай менің жұмбақ шешімім, Қиянаттай сенің қатал кесімің, Тіл қата алмай, Қол бұлғадым ғайыпқа. Бұл күндері Сенің атың – сағыныш, Тербетілген «ғұмыр» атты қайықта… МЕН КӨКТЕМДІ САҒЫНДЫМ Мен көктемді сағындым, көктем мені. Күннің көзін сағындым, өбкен мені… Бәйшешегі бүр жарып жүрегімнен, Қызғалдағы құлпырған көк белдегі. Сол бір қызды сағындым көктемдегі! Дала исін сағындым, лала гүлін, Жанарымда жалт етті бала күнім, Қимастықпен қыратқа қарадым мың… Көктемімдей күнәсіз қанша арманның, Сағынышын сездірді қала бүгін. Менің нәзік күлкімдей сыңғыр қаққан, Еркелігім естіліп көк бұлақтан. Көктем болып оралса, арман күндер, Жылдарымдай жанымнан сырғып аққан, Қол бұлғаса, бір үміт түнгі бақтан. Мен көктемді сағындым, көктем мені. Біздер кейде сұраймыз Көктен нені?! Жұпар аңқып даласы әлем жатыр, Ғажайыбын ұсынып көк белдері. Сол бір қыздай кінәсіз көктемдегі, Күн сәулесін сағындым, өбкен мені.

БІР САҒЫНЫШ ҚОЛ БҰЛҒАЙДЫ АРТЫМДА Сен сертіңнен, Мен өртімнен безіндім. Екеумізден сырт айналды сезім-мұң. Асқақтығым азат етті жүректі, Сен жырақтан салқын тартып, көз ілдің. Кездеспеген, Тілдеспеген қалпымда, Бөленбедім жаныңдағы жарқылға. Жолайрықта жолықпайтын армандай, Бір сағыныш қол бұлғайды артымда. Біздер солай қош айтыстық, Үн-түнсіз. Күн кешерміз, мен өзіңсіз, сен мұңсыз. Күрсінбеуді өмір өзі үйретті, Ғұмыр кеше алам ба екен күлкіңсіз? Кім білсін?.. ӨМІРДІ МЫНА «ӨЗІҢ» ДЕП ҚАНА ҰҒЫНАМ Сендегі мұңды жан бар ма мендей ұнатқан? Сəттерің қымбат, сүйінген, сүйген, жылатқан. Жалғыз-ақ сөзбен жанымның гүлін жұбатқан. Самалым болған жырақтан. Қол бұлғап кетсем, күтетін мені қыраттан. Мендегі мұңды, жан бар ма сендей сезінген? Жалқы жырымды жазмыштан кейде безінген. Жанайқайымды ұғатын сенсің көзімнен. Жұмбаққа толы, толғауы тоқсан тірлікте. Ғажап қой өмір, өзіңді ойлап көз ілген…

Ғұмырдың сырын, Жан бар ма біздей ұғынған? Жаңбырлы күнде, Тамшы боп, мұңға жуынған. Сəттер туғанда, Тағдырдан үркіп, суынған. Қорғайтын сенсің, Сұғанақ пейіл сұғынан. Төтеп беретін, бұрқасын, нөсер, дауылға, Өмірді мына «өзің» деп қана ұғынам. АҚЫЛҒА ҚАЙТІП СИЯМЫН? Ақын болсам деп сөзі нық. Ақиқатымнан безініп, Алағай мынау ғұмырда, Аласұрумен көз іліп… Ах ұрып мен де үлгердім, Алғаусыз күлген күндердің, Алдамшы мұңын сезініп. Аңсарды құшып қиялым, Алып-ұшқанда күй ағын. Алаулап бір от кеудемде, Арманға шексіз сенгенде, Адалдығыммен, арыммен, Аңғалдау мынау жаныммен, Айналам толы аярлық, Ақылға қайтіп сиямын? Аласартсам деп бағыңды, Аңдып бағатын халіңді, Адуындардың ішінде, Астаң да кестең пішінде. Алмағайыптау күн кешкен, Алламен үнсіз тілдескен, Адастырмадым жанымды.

Аңқасы кепкен сезіммен, Аңсары алыс төзіммен, Адырна шертіп отырмын, Ащы мұң тамып көзімнен, Ақшаңқан көңіл мұңайды, Асқақтау жаным жылайды, Ақиқат іздеп өзімнен. ҚОҢЫР ДОС (Қалқаман Саринге) Қасат қарлы қаңтар еді. Біздің ай. Қимастығын күн көзінен жасырған. Күрсінетін шығарып сап күзді оңай, Қоңыр мұңның аптығы да басылған. Өзі сүйген өлкесін кеп жастанып, Өмір өтер, жауған мына қар құсап. Өткен күнге өкпе артуға жасқанып, Өн бойында ғұмыр кешіп арлы шақ. Қарды құшып, туылсақ та қаңтарда, Көңіліне қырау тұнбас, аңғалмыз. Қыңырлығын қыр астына қаңтарған, Қыс емес-ау, көктемге ұқсап қалғанбыз. Қыс келбетін, сүйеміз бе, шүбәсіз? Қаңтар келсе, толқимыз біз, себепсіз. Қар секілді болмасаң да кінәсіз. Қоңыр досым, сіз, бәрінен бөлексіз.

НЕГЕ? Сен күліп ашатындай есігімді, Сен келіп тербейтіндей бесігімді. Неге осы елеңдеймін әр күн сайын? Неліктен күбірлеймін есіміңді? Келсе де, сенен қанша жырақтағым, Жадымнан кетпей сені ұнатқаным. Алапат күй кештірген әлемімде, Тек сенің көздеріңе тұрақтадым. Алыстап кете де алмай, жақын болмай. Сүюге, елжіреуге хақым болмай. Күнәлі періштедей күйіп жанған, Күн кешу дейсің бе әлде ақынға оңай? Өзге жан сүйсе-дағы есіміңді, Өзге жан тербесе де бесігіңді. Мен неге, алаңдаймын өзіңді ойлап? Мен неге, бола берем кешірімді? Неге?

АҢСАР Қарашыққа мұң тұнғанда жасырын Қылқаламның қуаты да көмескі. Өзегіме тұнған сырдың ашығын, Өлең ғана жеткізеді ең есті. Жан сырымды көлегейлеп күн кейпім, Сабырымнан сезім кейде қашқанда. Жұлдыздардай түн қойнында сөнбейтін. Мен үн-түнсіз көз тігемін аспанға. Аңсарымды аспан ғана ұғынып, Арманымның сәулесін кеп аймалар. Сурет емес. Мендік ішкі жылылық. Сол сәттерде жымияды жай ғана.

СЕНЕСІЗ БЕ?! Еркелегім келетіндей. Тіл қатқым. Сіз – құпия. Мен де бәлкім жұмбақпын. Алабұртқан әр сәтімде биіксіз, Аңсарыңдай мен де сізге жұмбақпын. Кетер дейсіз, қолдан қиып бағын кім? Келеді екен жаныңыздан табылғым. Сенесіз бе? Сізді алғаш ұнатқан. Сергелдеңсіз сәттерімді сағындым. Күн боп көктен, Сыр боп өктем үн қатып. Әз-бейнеңіз болып алды жырға құт. Дүрсіліндей алып-ұшқан кеудеңнің, Жүрек үнін жүрсіз солай тыңдатып. Әз-басыма бақыт көп қой қонбаған. Кейіпкердей өз ғұмырын сомдаған. Сыңарың боп, мен жүрейін өлеңде, Ғұмыр кешші, Қуат екен сол маған.

СЕЗІМНЕН КІМДЕР, СІРӘ БАҚЫТ ҚҰШҚАН? Маңдайға жазылмаған ғұмыр әні, Сезімнен кімдер, сірә бақыт құшқан? Күзетіп жын тығылған құмыраны, Мысқылдап көз тігеді уақыт дұшпан. Кім білген әділеттің бар өлшемін, Кім әлсіз? Кімдер биік? Кім қуатты? Жанымның кессем-дағы әр бөлшегін, Жауабын айта алмаспын бұл сұрақтың. Сүйгеннің бола бермес ессіз бәрі, Сүймеген адамдардың мұңы бөлек. Күн кешсем, ғайып болып көзсіз халім, Күн кешсем жалғыз сенің тұнығың боп. Астасқан сендік сонау биікпенен, Ақылдың келер ме екен жүрекке әлі? Періште тілегіңді сүйіп келем, Перінің айтылған соң түнекте әні. Кім білген әділеттің бар өлшемін? Кім әлсіз? Кімдер биік? Кім қуатты? Жанымның кессем-дағы әр бөлшегін, Жауабын айта алмаспын бұл сұрақтың.

КЕРІМСАЛ МЕНІҢ КӨКТЕМІМ! Аңсарым болып тек менің! Ақпанмен бірге асығып жеткен көктемім. Ақ қанат қарды алақанға алып, жаураған. Аңғал да болдым, сөкпегін! Алғаусыз мезет, жанымды үнсіз жылытып, Күн болып құшқан көктегім! Адалдығымның, ғазал жырымның айнасы. Қолымды көкке жайғасын. Көктем боп бір сәт көрінген менің көзіме, Ақ жауын мезгіл, Қайдасың? Періште күймен қарсы алғым келген өзіңді, Ұға алмай өмір айласын. Құштарлық па едің? Кеудемде жүрген от па едің? Ұмытшы бәрін өкпенің. Жанымды оқы, жанымда бәрі жазулы. Алдыңда кінәм жоқ менің! Алқаракөктің ақ сауыр бұлты жолдаған, Керімсал менің Көктемім!

МЕН ДЕ СІЗДЕЙ ІЗГІЛІККЕ ҚҰМАР ЕМ Сұқ көздерден есіміңді қорғаштап, Сіз жоқ жерде болмайтындай мына әлем. Тағы отырмын, өзің жайлы жыр бастап, Сүйіп қалдым, сірә, мен? Мен де сіздей ізгілікке құмар ем, Періште едім, Арпалысқан күнәмен. «Көздеріңде күн бар», – дейді. кейбіреу. Сіз боларсыз, еніп кеткен жүрекке. Маған да серт, ол шуақты сөндірмеу, Жарқырату түнекте. Сол шуаққа жан-тәніммен жылынғам, Сіз боп және гүл еккем. Жанарымда мұң бар еді, Ол ғайып. Бақыт бүгін құшағымда сенсеңіз. Жапырақтар қалған еді сарғайып. Гүл атып тұр, көрсеңіз. Мен де енді жыр жазбаймын мұңайып. Таға алмайды жыр айып. Сіз көктем боп келсеңіз, Сертіңізді берсеңіз.

ЕЙ, АҚ ЖАУЫН, ӨТКІНШІ! Сағыныш па деп ойлаушы ем көктемді, Кезіп жүрген дүниені шарқ ұрып. Ұмыттырып нала толы өткенді. Танытатын нар қылық. Махаббатқа ұқсаттым ба дидарын, Жанарымен жарты әлемді өртеген. Гүл орнына ұсынғанда сыйға мұң! Шабыт дедім, дерті – өлең. Іңкәрлік деп иіскедім жұпарын. Өн-бойымды сезім болып еліткен. Мұң көрсем де бүршігінен бұтаның, Өмір дедім сеніп мен! Тереземе тамшы тисе, елеңдеп, Көктем дедім, нөсерлетсін, төксінші. Көктем-ғайып, не қалайсың менен көк? Ей, ақ жауын, өткінші!

БІР ҒАЛАМАТ ЖҮРЕГІМДЕ Тәрк ете алмай, Теперішін көп мұңның. Дей алмаймын, аз налыдым, көп күлдім. Жауынынан жаурағанда тағдырдың, Жасырындым жүрегіне шоқ гүлдің. Жыр тәңірдің сезіндім бе қуатын? Өлеңімде сезім кештім сұрапыл. Ғұмырымның әр мезетін сүйдім мен, Секундтары сағыныштан тұратын. Тәңірімнен тілей алмай басқа арман, Сүйсем-дағы, сыр айтуға жасқанғам. Күн секілді жырақтардан өптім мен, Бақыт құшып, алқаракөк аспаннан. Бір ғаламат жүрегімде, Ұғындым. Әлі де сол, Дей алмаймын, суындым. Әлі де сол, армандарға сенемін. Ғанибеті бәлкім, солай ғұмырдың!

АЙТЫЛМАҒАН СӨЗДЕР, БӘЛКІМ, ҚҰНДЫРАҚ... Айтылмаған сөздер, бәлкім, құндырақ, Ашылмаған сырлар, бәлкім, сиқырлы. Неге ендеше, күн құлазып, түн жылап, Жұлдыз біткен ұрлап алды ұйқымды? Талай күндер тіл қатуға оқталып, Сағынышты тұсауладым неше мен? Кеуде тұсым жарылуға шақ қалып, Жүректегі құрбан болды неше өлең? Біз ғұмырды түгесерміз төзіммен, Сырт көздерге мен ақылды, сіз дара. Мен жасқанып, сіз үркіген сезімнен, Шуақ тосып, күмілжитін күз ғана. Тағы келем, үнсіз сүйіп атыңды, Біз кездейсоқ кезікпейтін көшемен, Кеудемдегі жолданбайтын хатымды, Жанардағы жеткізер деп осы өлең... Айтылмаған сөздер, бәлкім, құндырақ.

БІЛМЕЙМІН, БАҚ ТАБАМ БА? Маңдайдан бір күні кеп иіскер деп, Тағатсыз тосады екем. Көздерді сағынышпен түйіскен көп, Шалмайды құса бөтен. Мен үнсіз сүйіп қалған қарашықты, Білмеймін, қандай үміт құшады екен? Сезімім сергелдеңсіз, сіз секілді. Сабырым – тұрағым ол. Сіз болып елжіреткен күз секілді, Күлімдеп тұрады жол. Жаныңды сая тұтқан жаз жанымның, Жалғыз-ақ, Сіз дегенде шуағы мол. Нәп-нәзік тілегімнің иесі өзің! Білмеймін, бақ табам ба? Айтылмас бір өлеңнің киесі өзің, Жүрегім жаттап алған. Көзіңде – риясыз сыр, бар дерегім, Сол көзді қызғанам ғой, басқалардан...

БӘРІНЕН ДЕ ҚАЖЫДЫМ... Сенесіз бе? Бәрінен де қажыдым, ештеңеге зауқым жоқ. – Өмір дерсіз, бұлбұлдарға ән үйретсе әупілдек. Ал, мен болсам, арманымды ұрлаттым… – Содан, бәлкім, көздеріңде жарқыл жоқ! Дәл осылай, өз-өзіммен тілдесіп. Тағы тұрмын, суық айна алдында. (Ол сұқтанбас қарашыққа сыр бүгіп.) «Өзіңде ғой, өзіңде ғой бар кінә» – Мысқылдайды, мүсіркейді бір күдік. – Жо-жоқ, Мен өмірге іңкәр ем, Ақ жарылып айналама сыр айтқан. Бір сезімге адал болдым, жазығым! – Ізгіліктен безінген бе, мына әлем? қайда, сенің наз үнің, Мына өмірге ессіз, шексіз құмартқан. Солай еді… Ал, бүгінде, өлең де емес сырласым. Мынау шерлі кеудемдегі, сезім – ғайып, мұң басым. (Ееең ауыры, сенімімді жоғалттым.) Сорлы жүрек, қалай, қайтіп жырласын? P.S.: Айнадағы келбетімнен безіндім. Сенбеген жан, табар ма енді мұңдасын?

МЫНАУ КӨККЕ МЕН ҒАНА МА ЫНТЫЗАР? Астананың аспанынан аумайтын, Мынау көкке мен ғана ма ынтызар? Шуақсыз-ақ, өн бойымды баурайтын, Бұлт кейпіне болдым ба екен шын құмар? Сонау зеңгір, күрсінгенде сезіммен, Аңсай түсем, сол әлемнің аспанын. Зеңгір көкте, қимастықпен көз ілген, Көк бұлттарда жатыр екен қанша мұң? Түнерген бұлт, сенесіз бе, ұқсайды, Мен ұнатқан қабағына аңсардың. Қолым созсам, бір құдірет тұсайды, Мен тағы да, сағынышты қарсы алдым. СҮЙГЕНМІН Жырақтан сыр шерткенде, жаның үнсіз, Кезім жоқ күн кешпеген сағынусыз. Демеймін, сүймегендер шын бақытты, Білерім, сүймегеннің бәрі мұңсыз. Сүйгенмін. Жұмбақ емес. Анық бәрі. Жүрегім ізгі арманнан жалықпады. От болып өртенбей-ақ құштарлықтан, Құшаққа құламай-ақ талып тағы. Ұнаттым. Үнсіздікті. Ұлы үмітті. Сенімнің желбіреуші ед туы мықты. Сен мені ұнаттың ба, ұққаным жоқ, Мендегі сүйдің бе әлде жылылықты? Бір бақыт күтетіндей жырақта анық.

Мен емес, жүрек саған сыр ақтарып. Сен құшпаған жаныммен ағыл-тегіл, (Көз ілетін түндер-ай, жылап барып…) Ал бүгін. Соның бәрі сірә, АҢЫЗ. Сүйгенім – хақ. Қалғанын сұрамаңыз. Мені емес, іңкәрлігін жасырмаған, Өлеңім ғой, тек соны кінәлаңыз! КҮН КЕШЕМІН АҚЫН БОП Аққа қара жұқпайтынын ұқтырып, Көздерімде мөлтілдей ме шық тұнық? Жазмышына жылап тұрып, дат айтқан, Менің сүрген әр мезетім – мықтылық. Бір бақыттың ұстасам деп баянын, Дұшпанның да әлсіз тұсын аядым, Дауылдарға қарсы тұрдым қасқайып, Телегейге тартса-дағы қай ағын. Мынау нәзік болмысыммен шарқ ұрып, Мұқалмадым, қалсын мейлі жарты үміт, Шыңырауға шың көзімен қарадым, Теперішін тағдырымның тәнті ғып. Тұл бойымнан тектіліктің исі аңқып, Кеудемдегі күмбір қақты күй сандық. Қиналғанда қалам құшқан қолдарым, Қайтем енді, ғұмыр гүлін жиса артық. Беу, дүние, болса-дағы датың көп, Кінәлай бер, қаралауға хақың жоқ. Аяқ асты ете алмайтын арманын, Күн кешемін, әйел емес, ақын боп.

  • Сағынышыммен өлермен, Сағынбай сені күн кештім десем, сенер ме ең? Сарытап болған сезімнің сырын ұғынып, Жаныңнан шуақ төгер ме ең? Жып-жылы нұрмен жанымды үнсіз жұбатып, Шашымнан ғана өбер ме ең? Иіскеп сосын, иілген іңкәр маңдайдан, Сап-сары мұңнан сарғайған, Суық күздегі жапырақтайын жанымды, Аялар ма едің, ай-қайдам? Арманым үшін, аппақ жырыңмен уатып, Нұр төгер ме едің таңдайдан? Жоқ, әлде, үркіп, Шалатын жандай шалғайдан, Итерер ме едің, Ұғынар ма едің, жан қайран. Өкінішсіз-ақ оқ атып кете берер ме ең? Осы деп ғұмыр қан майдан. Өзіңе ғана иілген іңкәр сезімге, Дәрменсіз екем, бар ма айлаң? Қарашықта жасырынып келбетiң, Тынысынды сезетiнмiн жырақтан. Кейде жоқты аңсайды ма пенде тым? Кейде жаным калжырай ма сұрақтан? Барсың ба өзi? Елессiң бе? Кiмсiң сен? Ақ бұлттардың iшiнде ме мекенiң? Күмiлжисiң, күн астында күрсiнсем, Қолым созсам,

Кайда, қашан жетемiн? Көк аспанда қанатымды талдырып, Қалықтаған сәттерiм көп. Құшпадың. Қауырсынды жай отына шалдырып, Кiмге керек, Ендiгi iздеп ұшқаным. Рухың ғана сыбырлайды санамда, «Әлде бiр күн, Кезiгемiз. Кетпе деп» Сағыныштан сыймай мына ғаламға, Елесiң жүр, Екеумiзге өкпелеп. ТОЛҚЫН ДЕСЕҢ, ТОЛҚИМЫН МЕЙІРІМНЕН

Бақыт күліп қаққандай есігімді, Сен атасаң, мәңгілік есімімді. Толқын десең, толқимын мейірімнен, Бар әлемге мен болып кешірімді. Бір ғана сәт, ғажайып бақыт құшып, Жанарыма қондырып бақытты шық. Әлемдегі ең ізгі жанға айналам, Шаттық дейтін жарықтан жақұт құшып. Есіміме елжіреп сыр қалдырсаң, Өзің ғана тіл қатсаң, Нұрландырсаң. Ең бақытты сұлумын әлемдегі, Сен әлемге ескерткіш жыр қалдырсаң. Ғұмыр дейтін, біз сүйген алтын сағат. Сенсіз өткен күндердің нарқын санап,

Соға берсін дүрсілдеп жүрегімде, Сендік екем, дәл осы қалпымда-ақ. * Сүйдім де сені… жанымды мұңға орадым. Тағдырдың сезбей тасқыны, қарлы боранын, Сүйдім де сені, сертімнен сендік танбадым, Тұрағым еттім, тоғыз бір жолдың торабын. Сағындым сені, сағыныш сезім селдетті. Жүрегім кезді жаңылмай іздеп жер көкті. Сағынып сені, сарғайған сансыз кештерде, Сен болып маған сағыныш өзі сел төкті. Сездің бе соны? сағым боп ұшқан ақ құсым! Тамсантып өскен таңқурай сынды тәттісің. Жадымда мәңгі жылулық төккен жанарың, Қайранмын, қалай қара тас сынды қаттысың? Сүйемін әлі, сүюден бір сәт танбағам. Көңіл ме құрғыр, құмардан шығып қанбаған? Сүйемін әлі, сол үшін жаным жазықты, Жазықсыз бірақ, жүрекпен қалай жан бағам?

ЖАН АЗАБЫМ Жадыңда ма, Жалт етіп қарағаным? Қарағаным, таусылып бар амалым. Жанарымнан жарқылы ғайып болған, Жүрегімде сол бейнең, санада мұң. Санада мұң, сарғайған дала да мұң, Сен келмейтін сол өгей қаладамын, Сенсіз күлген сәттен де сарқылатын, Сағыныштың тұқылы, жан азабым. Жалғаннан да жалықтым, Жалынсызбын. Жалынсызбын, өткеннің бәрін сыздым. Сенсіз өлең өксиді өзегімде, Сенесің бе, мен сенсіз дарынсызбын. Бақ құсындай басыма қона алмаған. Базарлы шақ секілді мені алдаған. Базыналы күндердің өтеуі боп, Сағыныш боп қайтадан, орал маған. Сағыныш боп, Қайтадан орал маған! * Көктем болып кеткендей мына ғалам, Боз жусанның исі аңқып тұр ауадан. Аяз да жоқ, ақпанмен арпалысқан. Еріген қар, дейтіндей «жылап алам!» Көктем Сырға расында асық сынды. Жылғалардан бір шаттық тасып, күлді. Астанаға кеш жетер бұл құдірет, Бізде ерте құшады ғашық гүлді. Бізде ерте атады бүршік арман, Таң рауандап, жер жібіп, күн шығардан.

Бізде бәрі ертерек, неткен ғажап, Жаз да ерте оянар, тыншып алған. Неткен сезім? Аймалап бақыт жерді. Іңкәрлігін паш етер уақыт келді. Біз көктемге ғашықпыз, көктем бізге. Көрдіңдер ме, осындай бақытты елді? * Жолықтың маған Ғарыштан күнім, аспаннан Жанардан мөлдір жас тамған. Кіршікісіз үміт кірпіктерімде дірілдеп, Жердегі мұңнан, мендегі сырдан жасқанғам. Жасқанғам солай, Рухынан тылсым жаныңның. Жабыққан мендік әлемнен қалай табылдың? Бақ пенен сорды құшақтап жүріп, күткен ем, Арасын кезіп сағымның. Сағындым, қанша, сағындым. Түйсігімдегі сағыныш болып кезіктің. Санамнан мөлдір ықпалын қуып сезіктің Жеті қат жер мен ғаламат мынау аспанның, Елшісі сенсің, тез ұқтым. Тағдырға тосын төзіп мың. Елегізідім бе, Үніңді сосын естідім. Құстар қайтатын қарбалас сәтте кешқұрым Қол созым бақтың тани алмаған кескінін, Бейбақты мендей кеш, күнім! Болмайсың, білем ешкімім!

  • * Құлағыңда қалды ма екен, мендік нәзік сыңғыр үн? Сыңғыр-сыңғыр күлуші едім, Сезбейсің бе? мұңдымын. Жүрек шіркін, күй шертетін, шанағында сағыныш, Әттең, әттең, ұға алмапсың, көңілімнің күмбірін. Құлағыңда қалса деуші ем, менің жырым, әуенім! Менің жырым, тамылжытып, тәнті ететін тау елін. Өлеңімде өзің кешкен ғұмыр барды, ұқпапсың, Селт еткізбей, сор мен бақты, қатар құшқан әлемім. Сені іздейтін жанарыма, сыйдырып ап жер бетін, Көздеріңді тұрса деп ем, нұрға толы келбетім, Көк бұлттардың арасынан, қолым созсам, жетпеген, Сәулең ғана жүрегімде, күн дидарлы өзге тым. Аппақ-аппақ аңсарымды, қою түнге жасырып, Ай күледі, аспанымның ақ мойнына асылып. Күнге айналған ғұмырыммен, күнәдан пәк мен келем, Сен де бір күн, келермісің? мендік мұңға бас ұрып?
  • * Бақ емес, сор татқанмын, татып келем. Содан болар, жазбағам, бақытты өлең. Жоғалтып ап, тәңірдің тылсым нұрын, Жанарымды жуамын жахұтпенен. Тасқа тамып, жанымның тамшылары Тасты құшып, жахұт жас жаншылады. Тасты сүйіп, солығын басып-жатқан Бұйырмапты маған сол тамшы бағы. Ғайып болып, жүзінен жан шуағы Бір жауқазын жаңбырға малшынады, Өлмесін деп сол гүлді иіскеуменен, Жүрек құрғыр сыздайды, шаншып әлі. Көздерімде сол гүлдің тамшылары...

СЕН КӨЗІМДЕ ҒҰМЫР КЕШШІ! Сені ұмыту – ұмыту ма сүюді, Сенсіз жалған – жылусыз хәм көріксіз. Өлең тәңір ұқпай қойды күйімді, Айтпай кетсем, есіміңді еріксіз.

Сені ойламау – баз кешу ме әлемнен, Ойсыз, мұңсыз әр күнімнен жеріндім, Өр келбетің қол бұлғайды өлеңнен, Жеңіс сенде, мен тағы да жеңілдім. Сені іздемеу – сұлулықтан безіну, Нәзіктіктен қол үзу ме аяулы? Сені ойламай қандай қиын көз ілу, Сезім кейде білмейді екен аяуды. Сені сүймеу – жазалау ма өзімді, Сенсіз мұңнан сатқындықты таныдым, Сен ұнатқан әр мезетте сезім жүр, Сен көзімде ғұмыр кешші, жарығым!

ЖОҒАЛТҚЫМ КЕЛМЕЙДІ Жоғалтқым келмейді екен, жанымның шамшырағын. Сол жаннан қуат алған, сан үміт, сан шыдамым. Сәулесі ғұмыр төккен, күн сынды бір құдірет Нұрымен оятады, мендегі жан шуағын. Сол жаннан нәр аламын, жап-жарық нұр төгемін. Сол нұрдан, гүлге айналам, күн сүйген күлтелерін. Содан соң, аспан болып, қараймын мына әлемге, Жұлдыз боп жымың қағып, жеткізем түн дерегін. Түн болып, сыбыр қағып, куә боп сан қызыққа, Әп -сәтте айналамын, ең нәзік таңғы шыққа, Ақ таң боп аймалаймын, алғаусыз үміттерді, Жаныммен қарсы тұрам, жалқы мұң-жалғыздыққа. Тәңірім, байқадың ба, Мендегі қуат қандай?! Мөлдіреп жан сезімім, ең таза бұлақтардай, Мен мына әлем үшін, пәктіктің өзі болам, Осынау сезім барда, күн кешем түк ақталмай. Ендеше, берші мұрсат, сүйгенге, сүймегенге... Мен мына ғалам сырын, өзіңнен үйренем де, Жарқырап ғұмыр кешем, ғажайып ертең үшін, Ең ұлы үміт болам, әз жаны күйрегенге. Ең сұлу сезім болам, сүйгенге, сүймегенге.

ҚҰЛАЗУ Құлағалы тұрғанда құздан арым, Хақым жоқ. Неге сонша қызғанамын, Қапастағы көңілдің қайран құсы. Қалаушы едім қамалды бұзбағанын. Қалған көңіл – шыққан жан, бекер бүгін. Құлай сүю – қасиет екен, күнім Қалай ғана жеткізем, сүймегенге, Сүйдіре алмау – қасірет екендігін?! Құштарлыққа – құрбан боп бал қылығым. Қапы қалған сезімнің жалқылығын. Күңірентіп есіме салып кетті, Жартасқа кеп соғылған жарты мұңым. Қайда кетті, сол күнгі батырлығым? Қамкөңілді жұбатқан жақындығың. Қар секілді еріген күн жүзінде, Қасымда тек қалар-ау ақындығым. Көмейімде булығып жатыр мұңым, Қалауың сол болса енді, ақылдымын. Құдай өзі жаратқан болмысыммен, Қалсын есте, тәнті еткен батырлығым.

ГҮЛДЕРІМДІ ЖҰБАТШЫ Сынық гүлге сыр айтасың, жасырып, Жыр жазасың, жапырағын аялап. Тәңір төккен тамшыларға бас ұрып, Тылсымыңда түрленеді сая бақ. Армандары аспанменен астасқан, Сенің жаның, сансыз гүлдің әлемі. Күлтелері көбелекпен достасқан, Сол гүлдердей, жаның неткен әдемі. Сыйланбай-ақ, тыныстасын кеудеңде, Бағбанысыз, ол гүлдерге қонар мұң. Сен ұсынбас, жауқазындай шерменде, Гүлзарлардың көлеңкесі боп алдым.

Тым болмаса, иіскейін жұпарын, Жүрегіңмен сол гүлдерді, бапташы. Мына ауаны өзің бар деп жұтамын, Ғұмыр гүлін, ажалынан сақташы! Жапырағы мейірімге шөлдеген, Қауызында арман қалған тым нәзік. Сол гүл барда, мен тірімін, өлмегем, Гүлдерімді жұбата бер, жыр жазып. ЖАҢБЫР Жаңбыр жауса, сезесің бе, жып-жылы, Жұпарынан сендік иіс аңқиды. Жаңбырдағы сағынышқа үздігіп, Жазықсыз дем, жанымды көп шарпиды. Жанарымды жуып жатса, тамшылар, Жатырқамай, өзің сынды, құшамын. Жаңбырдағы сағынышқа малшынар, Су-су болып, діріл енбес құшағым.

Ерініммен жаңбыр дәмін Тамсаймын, Елжіресем, ернің келіп өбердей. Жауыныңды ақ бұлт болып, аңсаймын, Ғанибетін аспан сенсіз төгердей. Жаңбыр жауса, Сағынышқа малшынам. Жалт-жұлт еткен, Жанарымда тәтті үміт. Жүрегімді сансыз мұңнан аршыған. Келбетіңде жатыр қандай бақ тұнып...?

  • * Келемін кезіп жер бетін. Сағымдай арбап, Қол бұлғап сенің келбетің. Мұнартып тұрған тұманға көзсіз ұмтылам Пендедей бейбақ, ең жетім Қалтарыстарда көлеңке болып тоңған жан, Күншуағына кенде тым. Сезсе деп жалғыз бір Адам. Торыққан сәтте, Таңнан да медет сұрағам. Тағатсыз түнде сырымды айға сыбырлап, Бейнеңді мұңнан құрағам. Тұп-тұнық көздің ішіне сосын жасырып, Аршып алғанмын күнәдан. Жаңбырдай тырс-тырс жылаған. Жүректі талай, баянсыз баққа бұлағам. Кеудеме басып, қол жетпес қиял елесті, Ып-ыстық жасқа шылағам.. Қарашықтағы мөп-мөлдір тамшы өзіңсің, Көзімнен сырғып құлаған.

ӨКПЕЛЕЙ ДЕ АЛМАЙМЫН Көктем едің, Қол созған өзге бақтан. Хош деріңді мен емес, сезген ақ таң, Бұл күндері тым жалған жымиысым, Кермек жас та ащы емес, көзден аққан. Хош дегізген көктемнің кемесіне, Еркелей де алмаппын елесіңе, Сен сүймеген ерінді өлең сүйді, Салмасын деп сары күз сені есіме. Хош дегізген, көктемнің үмітіне, Жапырақ жыр жанымнан үгітіле, Жылы жазды аңсаған арманыңмен, Ер дейтіндей қоңыр қаз үгітіне. Қоңыр күзде, Сен сыймас құшағыммен, Қанат байлап, қай жаққа ұшамын мен? Сен тұрғызған қамалды беттей алмас, Сағынышты сан мәрте тұсадым мен. Хош дегізген, Тым салқын сөздеріңмен, Сен бақытты тапқансың өзге гүлден, Кінәлауға хақым жоқ, ғұмырымда Өкпелей де алмаcпын, өзгемін мен.

«КҮЗ КЕУДЕ» Сен келер деп, Үмітімді үзбеумен, Ай астында тек өзіңді іздеумен. Сағыныштың сарқып ішіп бал дәмін, Сарғаяды сенсіз менің күз кеудем. Арманымдай, Қол создырып алысқа. Ғанибетім ғайып болған ғарышқа. Аспан астын шарлап келем, шарқ ұрып, Елеңдеп әр дауысқа. Жұлдыз біткен, Жұмбақ күйде жымыңдап. Көз тігеді жанарымнан сыр ұрлап. Жүрек үнсіз мұңаяды, жан сырын, Тал қайыңға тағатсыздау сыбырлап. Ынтызар ғып, Күн секілді көздерің! Ұмыттырды уайымын өзгенің Сенсіз өмір мүмкін емес, сол үшін, Сағыныштың азабына төзгенмін. Жұмбағым-ау, Жанымды өртеп, сырымды ал. Ессіз деме, ет-жүректе мұңым бар. Жалын болып жана алмаған сәтімнің, Жапырақтай жазықсыз бір жырын ал.

Е і бө м

ТОЛҒАНЫС Көкжиектен күн боп қолын созған нұр, Құлагер боп керім сыннан озған жыр. Қиянатты қара қылдай қақ жарып, Мұңсыздарға, салшы бүгін қозғау бір. Қарғаларды қара жолда қалдырып, Қырандарға қанат берген таңғы үміт. Қандықолын қиып тастап қаскөйдің, Қалың елге қуаныш бол, мәңгілік. Қара сөзді қалықтат та көгімнен, Қасиет бол құзар шыңнан төгілген. Қаламымды қозғар болсаң құдірет, Қайғы-мұңның қабырғасы сөгілген. Адастырмас ақ туындай өткелдің, Алдаспандай көзі сенсің өткеннің. Ары үшін жанын қиған ерлерден, Аманат боп қазағыма жеткен мұң. Қиылған сәт қара түннің семсері, Құба жолда үмітім бол еңселі. Құт дарыған қара өлеңі қазақтың, Қасық қанмен қорғап өтем, мен сені.

«ЗАМАННЫҢ МҰҢЫ – БАР МҰҢЫМ» Жалаңаш қоғам келбетін, Жасыра алмас шымылдық. Жетім мұң кезсе жер бетін, Жезөкшелері мұрындық. Жартыкеш байдың бір күні, Жалғанды телір жұмаққа. Жарлының жарым тірлігі, Жанпида үні құлақта. Жесірі желпіп етегін, Желменен желкен ашылып. Жан емес тәнде жетегім, Жарымес нәпсі бас ұрып. Жаутаңдап көзі мұңлықтар, Жетімек тағдыр құн сұрар. Жасыра алмас шындыққа, Жалғыздық дейтін сыншы бар. Жазмыш па осы, жарық күн?! Заманның мұңы – бар мұңым. Жансауға сұрап жалықтым, Жаһандануда тағдырым. Жырақта, желдің өтінде.. Жаратқанына сиынып. Жаяды үнсіз саусағын, Жансебіл болған бір үміт.

«ТОЛҒАНЫС» Жөңкіліп бұлттай көшкен мың, Жаныммен жалғыз кешкем мұң. Жап-жарық жұлдыз ғаламнан Жарқ етіп жерге түскен күн. Ойлы боп туып анамнан, Ойсыздың күйін кешкенмін. Қасірет құшып зіл батпан, Қоңырқай жүзін күн қаққан Қауқарсыз қара шал сынды. Қасиетсізге тіл қатқан Халін көр, қайран жұртымның. Қамкөңіл болған құндақтан Қаныммен қорғап қамал мың, Қайғыға қанша қамалдым. Қасиетім мен қаупім тұр Қарашығында жанардың. Қадірі қойдай халқым жүр, Қасқырға іздеп амал мың. Бұлдыр да бұлдыр күн кешкен, Баласы бұлтпен тілдескен. Бақырға қиып байлығын Бақытқа қолдан құн кескен, Ғайыптай ұшқыр заман бұл, Ғаламторменен үндескен. Түлкі боп қашқан заман-мұң Тазы боп қуған адам – мың. Тірлігі үшін түн қатқан Тағдырға сансыз алаңмын. Теңіздей жаным тасынып Толасссыз ойға қамалдым. Киесі ұшып даламның, Қуаты кеміп қаламның, Қара сөз болды қадірсіз, Қаражат қуып алаңмын.

Аңқасы кеуіп, жыр жатыр Аманатындай анамның. Міз бақпай, мінсіз қоғам тұр... Тауқыметіммен алаңмын... Қалайша, амал табармын?.. Қалайша, амал табармын?.. ҒҰМЫР, САҒАН ҒАШЫҚПЫН! Ғұмыр, саған ес-түссіз ғашық екем, Өзіңмен бір болуға асық екем. Теңіз болсаң, тербеліп толқыныңдай, Сағыныш боп мәңгілік тасып өтем. Іңір тусын, Мейлі сен, құбыл әлем! Іңкәр екем ізгілік нұрына мен. Ілесіп ап ақ таңның самалына, Шағала боп қауышам шұғыламен. Жарқ еткенде, жанымның күн шуағы, Қауызынан гүл атып, жыр шығады. Мен жарықты сүйемін жан-тәніммен, Қапас түссе, көңілім тұншығады. Таңсәріде таң шығы секілденіп, Қырда өскен шалғынның шетін көріп. Тамшы болып төгілем табиғаттың, Тұңғышындай тұлымым кекілденіп. Егілгенім болмасын есерге мұң, Төксем-дағы жанымның нөсерлерін. Өмір саған іңкәрлік тыншымаса, Сол жерлерге талай гүл өсер керім. Сезесің бе?!

Мен ессіз ғашық екем, Өзіңмен бір болуға асық екем. Теңіз болсаң, тербеліп толқыныңдай, Сағыныш боп, мәңгілік тасып өтем! * Бұл өмір... Тұрады екен белдерден, қыраттардан, Армандардан, аңсатқан мұраттардан, Тосылатын сан қилы сұрақтардан, Қимастығы қол бұлғап, жырақтардан, Құрбылар бар, бұл жолда жылап қалған. Бұл өмір... Қуанышын ұсынып, шаттығын да. Батырып ап, жүректі тәтті мұңға, Бақыт болып, басыңды айналдырар. Басылмаған сәттерде аптығың да, Нендей сыр бар құрбым-ау, тапшы мұнда? Сәлден соң, Жауар бұлттай түнеріп қас-қабағы, Селт еткізіп, сынағы басталады. Қайғысының татқан да ащы дәмін, Базына айтып, баз кешер басқа бағы. Ғұмыр солай, кімдерді жасқамады? Менің жаным осыдан жасқанады. Жасқанады, жанардан жас тамады. Аласарып армандар асқаралы, Шыңырауға кімдерді тастамады. Талауратқан тағдырдың тас қамалы.

Беу, өмір! Талай сыр бар тербеткен құндағыңда, Тосының да көп, сенің жұмбағың да, Бәлкім, сенің, мұңыңды жырладым ба? Ізі қалған сазды ауыл қырларында. Шаттығымды байқатпай ұрладың ба? Сағыныш көп, сондықтан жырларымда, Сағыныш көп, сондықтан жырларымда... * Жүрегімді мекен етіп ізгілік. Жанарымнан төгіледі мейірім. Жүздеріңнен көрем ылғи ізгі үміт, Мынау бақпен кереғар ғой кей ұғым. Көп күйбеңнен кірбің тартса қабағым, Күңгірт үйді жарық еткен күлкісі. Бәсі бөлек, бұл бақыттың бағамын, Тілмен айтып жеткізе алмас мың кісі. Сендер барда әлденені армандап, Әлдекімге кейігенім – күпірлік, Өздеріңсіз дүние құнсыз, жалған-бақ, Өн бойымды толқытады шүкірлік. Сендерсіңдер, ең қызықты ертегім, Жапырағы әз жанымның жайқалған, Қуанышым, қоңыр қозым, тентегім Көздерінен тәңір нұры байқалған. Жүрегімді мекен етіп ізгі үміт. Жанарымнан төгіледі мейірім. Жүздеріңнен көрем ылғи ізгі үміт, Мынау бақпен шын кереғар кей ұғым.

  • * Жанымнан жыр жалт еткенде, жасыдым, Жоғалтқандай жанға бермес асылын. Жан-дүнием астан-кестең кешті күй, Жас та төктім жасырын.

Жарық күннің жалынына шарпылдым, Кейде көзсіз көбелектей шарқ ұрдым. Жүрегімнен жылу таппай жұбаныш, Сағыныштан сарқылдым.

Сұғанақ көз сезіне алмас қалпым мұң, Жұмбағы мол жанымдағы жарқылдың. Бәлкім сыры – дидарында ғұмырдың, Жанарында әр күннің.

Ұғына алмас болмысымды, мені ешкім. Күн астында Күнікей де емеспін. Шағылысқан сәулесінде шуағы, Ақынға тән елестің. Табиғатын тосын сомдап Тәңірім, Қабыл алған таң шапағы әмірін. Қанат қаққан киелі құс өлеңнің, Қауырсындай бағымын.

  • * Көкжал толқын көбік атса жағаға, Дариясы сағыныштан тербелген, Айдынында қиқу салған шағала. Бұл өлкеде ғажайып бар мен көрген. Мекендеген сұлу Сырдың сағасын. Құтты қоныс, талайларға аңыз-ды. Жаратқанмен тапқан ұлы жарасым, Адамдары пейілі құт, жаны ізгі. Тұл бойында тұнып жатқан бар асыл, Сүлейлердің ізі қалған бұл қала. Ғанибеті ғарышпенен таласып, Мына әлемге көз тігеді нұрлана. Бұл өлкеде менің, сенің даңқың бар. Іздеп қайтем кереметін сан елдің? Күн туғанда жай отындай жарқылдар, Жанарыңда жарқылы бар әлемнің. Туған өлке! Сен деп талай сенделгем, Толқының боп тулап сенің жағаңда. Қанымдағы қара өлеңмен сен берген, Әз-атыңды танытамын ғаламға.
  • * Балалық шақтың бал күнін қайта аңсадым, Баладай сенгіш пейілге ауып аңсарым. Базына айтып, баз кешіп жалған әлемнен, Бал дәурен кетті аралап құмын аршаның. Періште көңіл, пейіштей көрер ертеңін, Пәк күндер қайда, көкжиектегі көркемім? Парасат тұнған әлемге енсін дедің бе? Ұғынып мына өмірдің кейде келтеңін. Есею – бақыт, десек те тарттым азабын. Екі жүзділердің егесін қайтып жазамын. Пендешіліктің ауылын жүрмін аралап, Таба алмай, бала көңілдер сенген ғажабын. Армандар асау арындап бейне арғымақ, Тілектер тұлпар таудан да биік қарғымақ, Шарқ ұрған сәтте, шығардай шыңға арқырап, Табаның таяр, тайғанақ таудан қар құлап. Балалық шақтың бал күнін қайта аңсаймын, Бала боп кезген қырларды таппай шаршаймын. Елесін іздеп біз сенген ертек ғаламның, Арасын кезем шындықтар жатқан сан-сайдың. Қайдасың, қайда еліткен менің ертегім, Тал бойындағы тектілігі асыл тентегім. Есейсем-дағы жүрегім сәби кейіпте, Еркімді алған елестің жырын шертемін.
  • * Тәрк еткен соң, тілектің тамашасын. Тағдыр ғой деп несіне таласасың? Тау бөктерін есімің жаңғыртса да, Тәңір исе басыңды аласасың. Аласасың! Несіне таласаcың? Ах ұр мейлі, табылмас арашашың. Ар мұраты болмаса – Темірқазық, Ай астында жүріп-ақ, адасасың. Адасасың. Бақ іздеп тау асасың. Алла еткен әмірмен санасасың. Абақтыда баз кешкен әз-жаныңмен Аласұрған бақсыдай бал ашасың. Тағдырыңмен тағы да таласасың. Таңсәрінің тосасың тамашасын Танымаған тәңірге тілек қосып, Тамұқ түннің сипайсың қара шашын, Пенде солай, Үмітін үзбек емес. Пайымынан парасат іздеп елес. Патша көңіл сән құрған сарайыңда, Парықсыздық болса егер жүздеп егес. Адам болып туған соң Аласарма! Аласа ой мен асқақ мұң таласар ма?! Алла берген ғұмырды адал сүргін, Аманатты ұмытпа, таң асарда!
  • * Жер мен көктің арасында сезім жүр, Қозғаушысы Хақ тәңір. Сәулесінен сығалайды төзім-нұр, Төзім болса, Шығады екен тасқа гүл.

Жер мен көктің арасында өлең жүр, Өрнек іздеп аспаннан. Айдынында сол аспанның кемем жүр, Ғарыш кемем, Енді мен де, жасқанбан. Жер мен көктің арасында арман бар, Нұрға малған қанатын. Сол қанатқа, мендік арман жалғанған, Біздер құсқа айналғанда, Артымызда аңыз болып қалатын.

Қорқынышсыз енді, маған қара түн. Құс жолым бар, Қиялымды бағатын. Әуенім бар, көк аспанда салатын, Өлеңім бар, өрнек салған өмірден. Менің – алып қанатым.

  • * Керегі жоқ! бұл шындықты айта көрме, жек көрем! Шындық қымбат деген сәттер, төгіппін ғой, текке өлең. Өтірігім қайда менің, өзім ғана сенетін, Өзімді-өзім бақытты еткен, өзге ешкімге өтпеген? Керегі жоқ! Бұл шындықтың түбіне ешкім жетпеген, Шырылдаған жан жүрекпен, шыңырауға беттегем. Шаранадай жаңа туып, жалғыз қалған әлемде, Өзегімді осқылаған, өкінішке кектенем. Талқан етіп, тағдырымның тал-терегін құлатқан, Тәңіріме тіл тигізіп, танымастай жылатқан, Тас жүректі шындығымның, түңілген сәт жүзінен, Тәнті еткен өтірікті, өліп-өшіп ұнатқам. Жалғандықпен жанасты деп, жаза бассам, сөкпегін! Керегі жоқ, кей шындықтың, керегі жоқ өкпенің. Жалғандығы жаханнамнан жақын тұрған әлемде, Ертеңім боп елжіреткен, үміттерім көп менің. Үміттерім, ұлы арманға, ұлағатқа бастайтын, Үр қызындай, ұяңдығы, үмітсізді жасқайтын. Күмілжіген кей күдіктің кенезесін кептіріп, Кедергісін қу тірліктің құла дүзге тастайтын. Ғұмыр барда, махаббат бар, ғадауат бар және де! Ғаділет бар ғашықтарды жеткізетін мәреге. Ғасырлардың қойнауында жасырынған шындықтан, Аңыз болған арман қымбат, ал, өзгесі дәнеме...

АМАНАТ Азаттық аңсап ақ таңнан, Ах ұрып жеткен аманат. Өтінде желдің сақталғам, Өткенге енді салауат. Талай да талай от кештік, Тәу етіп тұрып жалғанға. Тәңірдің өзін жоқ дестік, Тағдырым басқа салғанда. Тақсіретінде зар-мұңның, Таптаурын болып басылып Тастүлектейін сан ұлдың, Сүйегі қалды шашылып. Тартса да талай тауқымет Тарихтың ұлы көшінде, Тағдырым менің – жаужүрек Тұлпар боп шапқан төсіңде Тәу етем бүгін Тәңірге, Тәуелсіздігім – байлығым! Тәубесін айтқан өңірге, Төгеді күн мен ай нұрын. Көк жүзін құшып, қалықтап, Қыран боп қанша самғадым. Құдірет құйған қалып па? Қанағатымнан танбадым. Қасиетім бар қанымда, Қазынам менің – жомарт күн. Қазақтың намыс-арында, Құрыштай күші болаттың. Бойтұмарымдай туған тіл Баянды бақтың өлшемі. Болсыншы дәйім туған ел, Егемендігің – еңселі Қойнауы толы құт-мекен, Халқыма өзің сая бақ! Ұлтымның ұлы үміті Ұлықтай ұлға аманат!

ЕТПЕГЕЙ ЕНДІ АСЫЛЫҚ! Қанатын қақса, Қазақтың қайсар құстары, Күдік туғызбас шыңдарды көздеп ұшқаны. Қас пенен көздің арасы сынды қашықтық, Құладүздер мен құбабелдерді құшқаным. Қас-қағым сәтте, Қаракөз үміт ақталып. Құлагер аттай қадамдар бастық шаққа нық. Көре алмағанның қаскөй ниеті көкке ұшып, Қылкөпірлерден қаперсіз өттік, бақ дарып Аманатымды Алатаңдардан арқалап. Аласұрғанда, ақиқат тұрды анталап. Азаншы сынды ах ұрып айтқан арманның, Айна-қатесіз куәсі мына шартарап. Сары алтын күнмен Сарыарқам қайта жаңғырып, Сан ұлттар шертті, қазақтың жырын таңға ұрып. Самсаған қолдың сарқылышындай жарқырап, Сардалам жатыр көркімен сомдап сан қылық. Тәуелсіз елдің, Тарихы тасқа басылып. Танымағандар, таңдайын қақты бас ұрып. Тұяғы бүтін тұлпардың тілеп саулығын Тәубе дескендер, етпегей енді асылық!

«АЛЛАҒА ЖҮРШІ БАС ҰРЫП» Тербетіп тәтті ой-арман. Нұрына таңның тамсанып, бүгін, оянғам, Тамылжып тұрып, тәнті еткен таңның шапағы, Тәңірлік тылсым түстерге екен боялған. Боялған десем, таңғалма! Қылқалам болып тәңір тұр сонау заңғарда.. Келбетін күннің көкжиегіңе көшіріп.. Ұсынған үміт таңдарға… Таңғалма жаным, Осынау сырға ғажайып. Мейірім біткен бара жатқанда азайып, Жанарға тұнған жылулығымен тәңірдің, Ғұмырлық өлең жазайық! Жасқанба, көңіл! Жаныңның нұрын жасырып. Таныта көрме асылық. Адамның бәрін ақ ниетіңмен сүй дейтін, Аллаға жүрші, бас ұрып. Ғұмыр есімді, ғаламат мынау түндіктен. Сығалап тұр ғой, сәулесін шашып нұр біткен. Азан үнімен тәңірдің салған тәтті әнін, Тағатсыздана түн күткен. Ұсынатындай таң көрік, Тәңірдің нұры, Тамылжи түссін ән болып. Жаратқан ием, жарылқап жатыр жер жүзін Жақсылықтарға жан беріп.

«ҚЫРАННЫҢ МҰҢЫН АҢСАДЫМ» Қанатын қағып жыр құстың Самғауды қайта аңсадым ба екен, мұң құштым. Санамда қалған сағынышымнан жасқандым, Тартқандай тағдыр тұңғыш сын. Ғұмыр кешсем де жырақ тым. Алаңсыз шолар асқарын мендік мұраттың. Қиялым бар-тын, Оны да құзға құлаттым... Қасқайып тұрып, көкжиектерден күрсінген Қыранның мұңын ұнаттым. Көгімде арман қанша мың. Санамнан сызып, сан түрлі ойдың сарсаңын Аласармауды аңсадым. Ақ сауыр бұлттан ақ жауын болып себелеп, Қандырсам таңның аңсарын. Өлең боп сосын, Өмірдің өзін жырласам. Мойын берместен мұңға сан. Ынтызар болған екеудің жанын жылытып, Ұйқысын үнсіз ұрласам. Жақұт боп жерге төгілген. Самала шашсам, жұлдыздай жарық көгімнен. Осынау арман аялар болса, бір сәтке Көбесі мұңның сөгілген. Қыран да емен, Қиясын шолар аспанның, Жұлдыз болар ем, ағып түсуден жасқандым. Өлең боп қана, кіршіксіз ғұмыр кешейін, Жібітіп жанын тастардың.

ҚАЗАҚТЫҢ ЕЛЕНАСЫНА (Әнші Елена Әбдіқалықоваға) Кеудеңе көктемді түнетіп, Кербездеу ғұмырды мұң етіп, Күн сайын ән болып төгіліп ғаламға, Кескінің тамшы боп жанарда, Күркіреп жасындай көктегі, Кіршіксіз жауындай бөктері Келесің жырыңмен, кестелеп әлемді, Келесің үніңмен, үйретіп мәнерді Көркіңде өмір бар ұққанға, Кейде сен нәзіксің, гүлдегі шықтан да. Кейбіреу көре алмай асқақтау даңқыңды, Кейбіреу сезе алмай биіктеу парқыңды, Күн кешіп келесің, өлеңге айналып, Күн кешіп келесің, әуенге байланып... Күрсініп кірпияз таңдарда, Күлімдеп кіршіксіз жандарға, Көзіңнен тереңдік сездіріп қадірін, Кей күні тәнті етіп Әннің де Тәңірін, Күн сайын әуен боп төгіліп ғаламға, Күн сайын тамшы боп жанарда Әніңмен емдеші бейдауа әлемді, Әніңмен тербетші бар елді. Жасай бер, ӘН-АПА!

ДОСҚА СЫР (Бақытгүл Бабашқа) ......ауыр наласы ойсыратты ма жақынның? Жайдарлың едім, Шерлімін бүгін, пақырмын. Өзіңмен мүмкін, сырласқан сәттер – бақытты, Өлеңмен бәлкім, қауышқан сәттер – ақынмын. Қажып келемін, Жанының нұры жоқтардан, Таршылық етіп, аспан мен жердің арасы. Тірлік-күресте, жеңіске ғана оқталған, Батырмын деуші ем, кейпіме мына қарашы. Бағым деп білген, Шаршатты сордың әуресі. Жұбатшы өзің, деуші едің маған «Жасыма!» Жоғалмасыншы жанымның жарық сәулесі, Достым-ау, бір сәт, Келсеңші, менің қасыма. Күйретіп бітті... Мейірім күткен жанымды, Қатігез күн мен қарау ниетті пенде ісі. Достым-ау менің, сарсаңға түскен халімді. Жарыққа толы жалғыз-ақ сөзбен, емдеші. Келсеңші!!!

ДОСТЫ САҒЫНУ (Қалқаман Саринге) Болса да жаным сергелдең, Өлеңді ғана дем көргем, Асу да асу белдерден, Құла дүз, елсіз, шөлдерден, Құс қанатымды талдырып, Бір мейір таппай сенделгем. Тірлікте мынау сан сынақ, Қажыр-қайратты қамшылап, Қатігез күнмен алысқам, Тәңірден тосып тамшы бақ, Талайлы тағдыр тезінде, Қажытпап еді сан сұрақ. Жат болып бүгін жақыным, Келтелеу болып ақылым, Арғымақ жырдың мен сүйген, Терлете алмай тақымын. Аңғалдау сенім баз кешіп, Толарсағымнан саз кешіп, Аласарып жүр асылым... Айналам толы бөтен боп, Базынам артқан бекер боп, («Айналайының» құлақта) Бақытгүл досым жырақта, Жалғыздық құшып жүрмін мен, Сағыныш елін мекендеп. Жалғыз-ақ сөзден ұғатын, Сендерге қашан жетем деп... Сәулесін шашқан күндей боп, Жамандықтарға сенбей көп. Жанарым төгіп бір шуақ, Жадырап ғұмыр кешсем-ді,

Жақсының бәрі сендей боп. Қоңырқай жүзді, күн қақтым! Құлазып бәлкім, мұң шақтым! Арқамнан қақшы, арда дос! НӘБИ АЙМҰРАТОВҚА (Қазақ ән өнерінде жарқ етіп ғайып болған әнші) Көзін тігіп, көркіне құбыланың. Мұңлы әуенге салады ғұмыр әнін Ән келеді құлаққа, Нәби үні Сәулесіндей жап-жарық шұғыланың. Ән келеді, алыстан алып-ұшып Нәби үнсіз шерткендей сағынышын. Ақ маңдайы жарқырап ғайып болған. Сағым жылға ұласқан сағынышым... Көк тәңірдің әмірі – тылсым, бірақ... Күйзеле бер, күңірен, күрсін, жылап. Жақсы адамды ана жақ күтеді екен, Жер бетінде пендесін үнсіз сынап. Жазмыш. Тағдыр. Жарқ еткен жасын ғұмыр. Жаратқанға асыққан асыл ұлын. Жоқтау айтып іздейді Сыр анасы. Жалған күннің елемей тасырлығын Сейілсін деп қою мұң, қара тұман, Жайсаң еді, ән болып жаратылған. Қапияда көкке ұшып кетті ме екен? Періштенің нұр көріп қанатынан. Нәби үміт,

Нәби ән, Нәби арман. Өнерлі еді, өзгесін тани алман. Аңқылдаған жан көрсек, елеңдейміз Кенет күліп шығардай Нәби алдан. Нәби ме бұл, жо-жо жоқ, мүмкін елес... Фәни жолын кім енді мүмкін демес? Ән боп қайта оралды арамызға Нәби тірі. Қалғаны мүмкін емес. АСТАНАМ – МАҢДАЙДАҒЫ ЖАҚҰТ БАҒЫМ! Алаштың аңсарындай алып-ұшқан, Сарыарқам толқиды әне, сағыныштан. Күллі қазақ ынтызар баурайыңа, Көш әне, саған қарай ағылысқан. Самғатып қиялымның шартарабын, Шұғылаңды төгеді әр торабың. «Астанам – елдігімнің айғағы» деп, Жаһанға жүрегіммен жар саламын. Еділім жат қолында суынғанда, Ерке Есіл бұйырған бақ, ұғынғанға. Базынасыз бақыттың еншісіндей, Байрағымды тұғырдан түсірме, Алла! Мәңгілік мекеніндей ырыс-құттың, Мызғымас әуеніндей тыныштықтың. Бәйтерегің сая боп бар қазаққа, Бойтұмары болғайсың ұлыс-жұрттың!

КҮНДЕР ҚАЛДЫ... Күндер қалды, сағынышпен өткен көп. Күндер қалды, көздің жасын төккен көп. Жаным кезіп, жаз бен қыстың арасын, Мен тағдырды сүріп келем көктем боп. Ұғынғанға ғұмыр шаттық, әрі сын. Жаңбыр жаусын, жанымды аяз қарысын. Көктем болып үміт күттім ертеңнен, Көк тәңірден сауға сұрап әр ісім. Қарлы соқпақ кезіксе де алдымнан, Болса да сәт, қадамымды шалдырған. Қара күзге желегімді ұшырмай, Көктем сүйген жүректі аман қалдырғам! Содан бәлкім, Өткен күнге өкпем жоқ. Жаным жасыл, ал, аспаным көкпеңбек. Далада күз, жауратса да тәнімді, Міне, тағы күлімдедім көктем боп.

БӘЛКІМ, ҒАЖАП ТҮС КӨРДІМ Бәлкім, ғажап түс көрдім. Сүйгенім де, сенгенім де кәміл-ді, Үйлесе ме дәл осылай түс пен мұң? Сүйдім бе әлде, жүректегі Тәңірді? Көңілімнің күйі үшін күнәлі. Жүрегімнің үнін тыңдап кінәсіз. Кезіксе де тағдырдың сан сынағы, Ғашық болдым, Ғашық болдым шүбәсіз… Тәнімді емес, жанның нұрын ұсынып, Бақ құшуға болмысыммен бекінгем. Жапырағын жел өтіне ұшырып, Шарқ ұрған гүл секілді ем. Жұбатсам деп жүректегі жырымды. Сақтап келдім кеудемдегі үмітті Саф алтындай сабырымды, сырымды. Кім түсінді, кім ұқты? Сүйгенім де, сенгенім де, кәміл-ді. Бәлкім, ғажап түс көрдім. Бүгін тағы мұң тербеді жанымды, Баянсыздау бір арман, Бұлттан ауып түскен күн.

ӨМІР ҒОЙ… Күнәсіздеу қалпым ба осы, кінәлі? Кірпияздау жаным ба? Ұға алмадым мұны әлі. Көкжиек деп сонау көктің мұнарын, Қолым создым сағымға. Бақыт күтіп, баянсыздау үміттен, Басымды идім, аңдаусыз. Қаскөйге де көзім тікпей күдікпен, Қараушы едім күліп мен, Көңіл неткен алғаусыз? Ұға алмадым, бар мұңымның себебін. Көңілімнің шерін де. Қапияда табылардай керегім, Өшірмедім өткен күннің дерегін, Шық түсірмей сенімге. Болмысымнан базынасыз безініп, Баз кешсем де қанша ай, күн. Қаяу салған кездер болып тез ұмыт, Қалатындай кезігіп, Сол бақытты сәттерімді аңсаймын. Көңіл ғой…

БАРЛЫҒЫ ДА, ТӘҢІР, СЕНІҢ ЕРКІҢДЕ! Барлығы да, Тәңір, сенің еркіңде! Алқызыл боп күн ойнаса, көркімде. Адалдығым алауласа сертімде. Алып-ұшқан аңсарымда, Сен барсың. Сенің еркің – өкінішім, өртім де Барлығы да, сенің еркің, Тәңірім! Таң атқанда, жанды құшса, жарығым. Тазалықтан бастау алса, тамырым. Таңғажайып тілегің деп білемін, Тұл бойымда тұмарланған бар ұғым. Сенің еркің, сенім артып, сүйінсем! Сүйіп тұрып, сағыныштан иілсем. Жылап тұрып, жазмышыма күйінсем. Теперіште тәубе айтқызып тағдырға, Құдіреттің сездіресің күйін СЕН! Мынау әлем, ең ғажайып сезіммен. Әр күн сайын шуақ шашса, көзімнен. Бір сағыныш самалы ессе, сөзімнен Қарашықта мөлтілдейсің Үміт боп, Оңашада күбірлейсің өзіммен! Барлығы да сенің еркің, О, Тәңір! Өтінемін, айырмашы, Төзімнен!

КІМСІҢ СЕН? Қарашықтағы құдіретпісің? Кімсің сен? Сағынышсың ба? көзімде үнсіз күрсінген? Қашықтықтарға, уақытқа ұлы тәуелсіз, Күн кешіп жүрсің, кеудемде мынау мұң сіңген… Кірпігімдегі үмітімбісің үзбеген? Жарығымбысың, жазмыштан үнсіз іздеген? Жалқы күнімді, жалқы жырымды білмей-ақ, Ұғым боп алған «біз» деген… Мейірімсің бе? Жанымның гүлі шөлдеген. Сенімімсің бе? Сынақта сан мың өлмеген Сүйінбей, сүймей, сүйікті мүлдем болмай-ақ, Жырақтан жатқа бермеген… Тәңірімсің бе? Жүрекке иман сыйлаған Нәзігімсің бе? Нәркестігімді қимаған. Жаратқанымның жер бетіндегі тартуы Кім болсаң-дағы, иланам!

БІЗДІҢ ҒҰМЫР ҒАЖАЙЫП! Күн секілді күліп келген әлемге Көздерінде сәулесі бар Ғаламның. Құдіретті сыйлап Тәңір әйелге, Тұнық етті тамшысындай жанардың. Ғажайыпқа бөлеу үшін Жер бетін Бәлкім, солай, өзгешелеу туылдық. Түн қойнында тал бесікті тербетіп, Таңсәріде таң шығына жуындық. Біздің ғұмыр өзгешелеу, расында. Мейірім ғой, кеудеміздің дүрсілі, Ана болсақ, айналамыз Асылға, Бойымызда Жаратқанның тылсымы. Жүзімізде жаутаң қағып ізгі үміт Бақытты ету үшін мына Жалғанды, Өшпесін деп жан-тәнімде Ізгілік Біздер кейде тәрк етеміз Арманды. Солай, солай… Біздер жұмбақ қауымбыз, Күлкісімен көздің жасын жасырған. Бәлкім, біздер, Көктем сүйген Жауынбыз. Сағынышы жазмышына бас ұрған. Үмітінің нәзік жібін үзбеген Шын ынтызар бола алмайтын, сенбесе. Әр күн сайын, тек жақсылық іздеген Біздің ғұмыр ғажайып қой, Ендеше!

СЕНІҢ БАРЫҢ ӘЛЕМДЕ Айтып қайтем, сөз керім. Мейлі, кейде күмілжісін көзде мұң. Қандай ғажап? сенің барың әлемде, Қандай ғажап? тынысыңды сезгенім. Қарашыққа жас тұнса да, іркілген. Бір күрсініс сезілсе де, күлкімнен Қандай ғажап? Жалғыз сенің тілегің Үндескені жүректегі тылсыммен. Алауласақ, айтылмаған сөздерден. Айыптымыз, болсақ бүгін өзгерген. Алай-дүлей мінезіңе көнуге, Алып-ұшқан сәттерімде сөз бергем. Айтпасаң да, маған арнап сөз керім. Мейлі, кейде, айыптасын көздерің. Қандай ғажап, сенің барың әлемде. Қандай ғажап, тынысыңды сезгенім?

ТАҒДЫРЫМ СОЛАЙ, ҰҒЫНДЫМ... Толқын да толқын ғұмыр күн, Телегейің-ай, суындым. Тасқының соқса, сенделдім, Теңіздей мұңға тербелдім, Тағдырым солай, ұғындым... Тамшыдай тұнық жанымның, Тамыршысындай бағымның Тәрк етпей, мендік жүректі, Тәрк етпей, мендік тілекті, Тамшы жыр болды, бағым мың. Талғамым еді тереңдік, Тағдырды солай өлең ғып. Таңғы шықтайын тым нәзік, Таң нұрымен де жыр жазып. Тағдырды кешіп келем құт … Толқынға соққан кемедей, Тірлікті күйбең елемей, Тұп-тұнық жанның үмітін, Тәнті ғып келем, күні-түн. Тағдырға сол бір, сенем-ей… Толқын да толқын ғұмырым!

ҚАНДАЙ ҚИЫН?! Тапсам-дағы сені тағдыр тезінен Тәтті үміттен, Таңның ынтық сөзінен. Тағдырымды табыстамай қолыңа. Қарайламай сенің қашық жолыңа. Ұмытуға тиіспін мен, Сезінем… Көңілімен күн елесі өшпеген Сен сезімсің, Біздер, бәлкім кешпеген? Қимастықсың, өмірімдей аяулы Құштарлықсың, Көңіліме түсірмеген қаяуды Қандай қиын? Бізге бәрі кеш! Деген. Аңсарыңдай, Ақиқатқа көнбеген. Бақыт жолы болмайды екен көлденең. Тағдыр, бәлкім, сонысымен жұмбақ та? Ғұмыр, бәлкім, сонысымен қымбат па? Сағыныш боп қалайықшы, екеуміз Бір сезімге, Бір мейірге шөлдеген.

БІР ӨЛЕҢ-БІР ӘЛЕМ Бір өлең болса, бір әлем, Бұл әлем-менің әлемім! Жазсам деп жүрек бұлқынған, жанымның тартқан әлегін. Шарқ ұрған шақта шабытым, шамымнан үнсіз иіскеп, Құмардан шығып сүюге, танытқан және әдебін. Бұл әлем-менің әлемім! Қасиет сұмдық бар мұнда, Қадірін қайта ұқтырар, қаперсіз атқан таңның да. Құдірет өзі дарытқан киесі барда бойында, Тәуекел етіп ене алмас, тәубесіз болса хан мұнда. Өлеңнің ұлы өлкесін, Өмірлік мекен етсем деп, Ар менен азап жолында, адамдық терді төксем деп, Пендеге сынақ бүгіні, бес күндік бейуақ өмірде, Мың адам барып, паналар миуалы терек ексем деп. Алқындым, бірде талпындым, Бүршігін жарды бір шыбық, Өркенін жайып өсуге, өлкеден тұр ма, қымсынып? Табанын тіреп ұлылар, ұлағат еткен бұл мекен, Ұғынар ма екен, ұрпағын, мінәжат еткен ұмсынып. Ақындық ауыр дерт кейде, айықпас білем, ауырған, Жүректі, жанды тілгілеп, тас болып түсер бауырдан. Тілдескің келіп, қауыммен, дос тұтып дүние дидарын, Көгенкөз көндей көңілің, жақындық іздер, жауыңнан. Сол әлем болса, бұл өлең, Жанымның тартқан азабы, Жалынсыз сүрген жай күннен, жүректі жыр кеп жазады. Тербетсе дағы толқыны, тасынбас теңіз сынды ол, Тереңнен ғана табылар, ғаламды тартқан ғажабы.

АДАЛДЫҚ ПА ЕСІМІҢ? Аспаныма жазып кеткен кесімін, Адалдық па сенің аппақ есімің? Мендік болмыс, өзгермейді ол, нәзіктік, Мендік болмыс, құбылмайды ол, кешірім. Байқадың ба, арманымның қанатын? Қанатыма кедергі емес қара түн. Түн көгінде жарық көрсең, ол менмін, Сағыныштан шамшырақ боп жанатын. Сезесің бе, тазалықты мендегі? Саф сезімді? Сақтап тұрған кеудені? Бір еркелік елжіресе көзімнен, Сені аңсаған ғажайып қой жердегі. Сенің барың, сүйеніштей жаныма, Сенің барың, сүйеніштей арыма. Қажет емес, сүйінгенің, сүйгенің, Қона алмайтын құстай алақаныма. Адалдық қой, сенің аппақ есімің! Адалдықты сүйіп өтсем, несі мін?! Менің атым, сол баяғы Сағыныш, Менің атым, сол баяғы Кешірім.

МЕНДЕГІ МҰҢНЫҢ ҰҒЫНА АЛМАЙСЫҢ КИЕСІН Сені кейде грек сұлуларына ұқсатам деді ол. Сен кейде сондай жұмбақсың!» деді және біреу. – Ақындар, сендер осы өлеңде өліп-өшіп ғашық боласыңдар, ия?! – деді әлдекім. Білемін, кейде, болмысым көпке кереғар, Тағдырым анық, түсіне алмайды мені олар. Афродитадай Гефестті сүйген от болып, Кеудемде ыстық жебе бар. Афинадағы аңыздай жұмбақ есімі, Ақынның жаныТағдырдың қилы шешімі. Гомерлер сүйген «Иллиада» сынды дастаны, Ғұмырым меніңОт пенен Судың кесімі! Зевс те ұқпас, Ахиллес мәңгі құша алмас, Мендегі сезімТәңірдей тылсым, күш, алмаз. Жер менен Көктің арасын кезген құдірет, Тәнті еткен мені күш алғаш. Қос қанатымен әлемді құшқан талайлар, Дәл мендей биік ұша алмас! Сұлу да деме, Мифтегі мүсінкейіпкер, Ұғынғың келсе, жанымды бір сәт сүйіп көр! Нәркестеу мынау жанардың төзсең отына, Асқақтау мендік болмысты мына иіп көр! Мендегі мұңның ұғына алмайсың киесін, Дейсің бе, маған,

Өртеніп неге сүйесің?! Алапат жанын алқаракөкке ұсынған, Мендегі тылсым күй осы. Адалдығымның, ғазал жырымның жердегі, Бір өлең жалғыз иесі! СЕН МЕНІҢ ТЕМІРҚАЗЫҚ ЖҰЛДЫЗЫМ БОЛ! Бір жылылық ескендей жан нұрынан, Бір жылылық ескендей тағдырымнан. Жан самалын жеткізсең жырақтардан, Жаратқандай толқиды жан құбылам. Таңғажайып бір алау сөнбегендей, Тағдыр осы сезімге шөлдегендей. Тәңір мені тылсымнан жаратқандай, Тәңір мені ұшықтап, емдегендей. Толқыныстан өн бойым мың құбылып, Тағатыңа қараймын сырды бүгіп. Тағылымың ұқсайды адалдыққа, Таң шығына ұқсайды мендік үміт. Болмысыммен бақ құшып, күлімдеген, Жолдарымды іздейін, сүрінбеген. Сен менің Темірқазықжұлдызым бол! Жазмышымның көгіне ілінбеген.

ДЕПРЕССИЯ Сағыныш жоқ. Жоқ сезім. Сабылыс та. Сәттер ғайып, Аңсаған, алып-ұшқан. Селт етпейтін қорқамын кескінімнен, Жүректегі қорқамын жарылыстан. Арман ғайып. Нәп-нәзік үмітім де, Жапырақтай кезім бұл үгітілген. Мезгілдердің жоқ ешбір айырмасы, Жоқ айырма, сәт, минут, күні, түннен. Мейірімге мұқтаждау мезеттердің, Өкінішін келді ме тез өткергім. Қанат бітіп, еш жаққа ұша алмайтын, Тоты құсқа тапанша кезеп көрдім. Безіне алмас өзінен, тағдырынан, Бейшара құс шырылдап, салды бір ән. Күнге ұқсайтын көзімнен шуақ іздеп, Бұлт астында өксиді жан шұғылам. Тапқым келіп ең ізгі сәттерімді, Парақтаймын күнтізбе, дәптерімді. Күнбатыс пен Күншығыс арасындай, Қайда апарып жасырам әттеңімді?

БАЙЛЫҚ ТА, БАҚ ТА МӘҢГІ ЕМЕС. Байлық та, бақ та, тұғыр да, тақ та мәңгі емес, Атақ та, даңқ та, аярлық барда, алдамшы. Өткіздім жылдар, өткеріп келем сан белес, Арқама тимей ар қамшы. Самалы таңның, саумалы жырдың жұтқаным, Құлқынның құлын, сатқынның сырын ұқпадым. Таңсәрідегі Тәңірдей құштым әлемді, Жақсының туын жықпадым. Отанды сүйдім, опасыз ойдан сақтандым, Өмірді сүйдім, өртене жаздап, шақ қалдым. Өзімдей көрдім, өзімдей сендім талайға, Өне бойымды өлеңдей мынау, ақтардым. Күңкілдеп күлген күншілдің өзін ақтадым, Күдіктен ада бойтұмар болды таққаным. Күнгей іздедім, көлеңке достың өзінен, Кінәсіз дедім, сақтадым. Болмыспен осы бақ пенен сорды құшақтап, Жалғанға сендім, арманға сендім түсі аппақ. Адамның бәрі алғаусыз болса дедім мен, Айналам түгел кеткен сәттерде ұсақтап. Байлық та, бақ та, тұғыр да, тақ та баянсыз, Атақ та, даңқ та, алдайды кейде аяусыз. Сағынып кешкен жылдардың самаласындай, Көңілім ғана, Көңілім менің қаяусыз.

КӨЗІМНЕН ҮНСІЗ СҮЙІП КЕТ! Аңсардың жанды алдамайтынын, Арбамайтынын, ұғындыр! Арманның мезгіл талғамайтынын, Естімеп пе едің бұрын бір? Қолымнан ұстап, ұғындыр маған, Өмірдің жалған емесін. Көктемнің жалқы кешінде қалған, Құшайын Тәңір елесін. Көзіңмен көзім кездессін, күліп, Көркем бір баққа енейін. Қарашығыңмен тілдесіп тұрып, Бақытқа бір сәт сенейін. Қайтадан саған ғашық болайын, Кешіккен сол бір көктемдей, Ғұмырда мынау тасып-толайын, Бар менен жоққа кектенбей. Шаттықтың күйін толғап қалайын, Шашымнан өбсең, иіскеп. Түсім екен деп ойлап қалайын, Көзімнен үнсіз сүйіп кет!

ҒҰМЫР ДЕГЕНІҢ ОСЫ МА? Қуанғым келіп, Гүл десте тағып шашыма, Сәттерім қанша, Сүйінген, сенген, жасыған? Сәттерім қанша тасыған?! Өзімді қойшы, алдай алмайтын өмірді, Көп ішіндегі жалғыздығымнан шошынам, Ғұмыр дегенің осы ма? Жалықтым бәлкім, Жасандылықтың тезінен, Уақыттан, мұңнан, Шаттықтың тіпті өзінен. Жабығып жүрмін, Жалқы бір күймен алысып, Сағынышымнан қалайша, қайтіп безінем?! Нәзіктігімді білдім бе? Тәңірді көрдім, көзінен кейде гүлдің де. Кездерім қанша, Жазықты болып үлгірген?! Кездерім қанша? Карашығымнан күн күлген, Күйтабақтағы қоңыр әуенге қосылып, Қимастық дейтін құдірет болса, көндім мен, Жазмышқа осы сендім мен.

МЕН СҮЙЕТІН БІР АДАМ Сәттерімде көктен сауға сұраған, Сәттерімде жұбана алмай жылаған, Сақтау үшін, ойдан, мұңнан, күнәдан. Бейуақытта маған ессіз ұнаған, Сен аман бол, Мен сүйетін бір адам! Ғаламымнан мыңға жұмбақ, көрінген, Аспанымнан кермиық боп керілген, Жазмышымнан маған сый боп берілген, Жақсы атыңды күбірлейін еріннен, Сен аман бол, мен сүйетін бір адам! Ғажайып та, ғазал да емес, мұң да емес, Ғайып та емес, ғарыш та емес, жыр да емес. Жан біткеннен жасыратын сыр да емес. Адалдықтың жаршысы боп жердегі, Аман жүрші, әлдилеп мұң-кеудені. Мені ешқашан сағынбайтын бір адам!

МАЗМҰНЫ БІРІНШІ БӨЛІМ. БІЗДЕР, СІРӘ, БӨТЕНБІЗ?................................................. 3 Сағынышым – қуатым! ............................................................ 4 Көз жасын күн сүйетін көктеммін мен................................... 5 Бір кем........................................................................................ 5 Бір үміт өлмесе болғаны... ...................................................... 6 Қанат бітіп ұшар ем... .............................................................. 7 Көздер кейде, бізден батыл... .................................................. 8 «Көздеріміз бізден батыл...» ................................................... 8 Біздер, сірә, бөтенбіз? .............................................................. 9 «Іздеймін неге мен сені?..»..................................................... 10 Сол сезімнің жүректе еді аңсары ..........................................11 «Таңсәрі».................................................................................. 12 Өмір, сенің әр сәтіңе сүйенем! ............................................. 13 Қар секілді бола алсақ қой, кінәсіз... .................................... 14 «Тәтті мұң».............................................................................. 15 «Жүректе жатыр бар кінәм»................................................... 16 Бір тылсым бар........................................................................ 17 Теңізде де тағдыр бар............................................................. 18 «Тәтті түс»............................................................................... 18 «Жырла, жүрек!»..................................................................... 19 «Сағынышымның жоқ шегі»................................................. 20 Сүйеді екем.............................................................................. 21 «Рұқсат бер!»........................................................................... 21 Қызғанады екем…................................................................... 22 «Сезбейсің сен»....................................................................... 23

Ғұмыр ғой................................................................................ 24 Өзегімде, өмір сенің от демің... ............................................ 25 Жалғыздық, сенбісің себепші? ............................................. 26 Қайдасың?................................................................................ 27 Бақытты ем ғой, расында....................................................... 28 Кім білсін?! ............................................................................. 28 Cағынғаным – жазығым! ....................................................... 29 Мен ғұмырды, сенсіз кешкім келмейді! ............................... 30 Болмадым неге көріпкел?....................................................... 30 Сен тұратын ауыл.................................................................... 31 Ғұмыр қалай шырғалаң?........................................................ 32 Ғұмыр кеш! ............................................................................. 33 Үмітім бол, тек қана! ............................................................. 34 Сәттер осы, безінген............................................................... 34 Өзге жыр.................................................................................. 35 Бақыт кейде қас-қағым........................................................... 36 Қараңызшы көзіме.................................................................. 37 «Неге сонша сүйемін?..»........................................................ 38 Бір сағыныш мөлтілдейді ұдайы .......................................... 39 Адалдықты аңсау.................................................................... 39 Осы бір сәт ұнайды................................................................. 40 Мықтымын мен! ..................................................................... 41 Мен кейде ұқсап кетем жарық күнге .................................... 42 Сенің атың – сағыныш............................................................ 42 Мен көктемді сағындым......................................................... 43 Бір сағыныш қол бұлғайды артымда..................................... 44 Өмірді мына «өзің» деп қана ұғынам.................................... 44 Ақылға қайтіп сиямын?.......................................................... 45

Қоңыр дос ............................................................................... 46 Неге?......................................................................................... 47 Аңсар ....................................................................................... 48 Сенесіз бе?! ............................................................................. 49 Сезімнен кімдер, сірә бақыт құшқан?................................... 50 Керімсал менің Көктемім!...................................................... 51 Мен де сіздей ізгілікке құмар ем........................................... 52 Ей, ақ жауын, өткінші!............................................................ 53 Бір ғаламат жүрегімде ........................................................... 54 Айтылмаған сөздер, бәлкім, құндырақ... ............................. 55 Білмеймін, бақ табам ба? ....................................................... 56 Бәрінен де қажыдым............................................................... 57 Мынау көкке мен ғана ма ынтызар?...................................... 58 Сүйгенмін................................................................................ 58 Күн кешемін ақын боп............................................................ 59 «Сағынышыммен өлермен...» ............................................... 60 «Қарашықта жасырынып келбетiң...» .................................. 60 Толқын десең, толқимын мейірімнен.................................... 61 Жан азабым.............................................................................. 63 «Көктем болып кеткендей мына ғалам...» ........................... 63 «Жолықтың маған...».............................................................. 64 «Құлағыңда қалды ма екен...» .............................................. 65 «Бақ емес...» ............................................................................ 66 Сен көзімде ғұмыр кешші! .................................................... 67 Жоғалтқым келмейді .............................................................. 68 Құлазу ...................................................................................... 69 Гүлдерімді жұбатшы............................................................... 70 Жаңбыр ................................................................................... 71

«Келемін кезіп жер бетін...»................................................... 72 Өкпелей де алмаймын............................................................ 73 «Күз кеуде».............................................................................. 74 ЕКІНШІ БӨЛІМ Толғаныс ................................................................................. 76 «Заманның мұңы – бар мұңым»............................................ 77 «Толғаныс».............................................................................. 78 «Жөңкіліп бұлттай көшкен мың...»....................................... 78 Ғұмыр, саған ғашықпын! ...................................................... 79 «Бұл өмір...»............................................................................. 80 «Жүрегімді мекен етіп ізгілік...»........................................... 81 «Жанымнан жыр жалт еткенде, жасыдым...» ...................... 82 «Көкжал толқын көбік атса жағаға...» ................................. 83 «Балалық шақтың бал күнін қайта аңсадым...» .................. 84 «Тәрк еткен соң...» ................................................................. 85 «Жер мен көктің арасында сезім жүр...» ............................. 86 «Керегі жоқ!..»......................................................................... 87 Аманат...................................................................................... 88 Етпегей енді асылық! ............................................................. 89 «Аллаға жүрші бас ұрып» ..................................................... 90 «Тербетіп тәтті ой-арман...»................................................... 90 «Қыранның мұңын аңсадым» ............................................... 91 Қазақтың Еленасына .............................................................. 92 Досқа сыр ................................................................................ 93 Досты сағыну.......................................................................... 94 Нәби Аймұратовқа.................................................................. 95 «Көзін тігіп...» ........................................................................ 95

Астанам – маңдайдағы жақұт бағым! .................................. 96 Күндер қалды... ...................................................................... 97 Бәлкім, ғажап түс көрдім........................................................ 98 Өмір ғой…............................................................................... 99 Барлығы да, Тәңір, сенің еркіңде!....................................... 100 Кімсің сен? ............................................................................ 101 Біздің ғұмыр ғажайып! ........................................................ 102 Сенің барың әлемде ............................................................. 103 Тағдырым солай, ұғындым... .............................................. 104 Қандай қиын?!....................................................................... 105 Бір өлең-бір әлем .................................................................. 106 Адалдық па есімің? .............................................................. 107 Мендегі мұңның ұғына алмайсың киесін .......................... 108 Сен менің Темірқазық жұлдызым бол! .............................. 109 Депрессия...............................................................................110 Байлық та, бақ та мәңгі емес. ...............................................111 Көзімнен үнсіз сүйіп кет! .....................................................112 Ғұмыр дегенің осы ма? .........................................................113 Мен сүйетін бір адам.............................................................114

Басуға 8.11.2021 қол қойылды. Қағазы офсеттік. Офсеттік басылым. Қаріп түрі: «Times New Roman». Пішімі 84х108 1/32. Шартты баспа табағы 8.4 Таралымы 3000 дана. Тапсырыс № Редакторы Қызжібек Бәкір Беттеген Ермек Мейірбеков Мұқаба дизайны Ермек Мейірбеков Толқын ҚАБЫЛША Осы бір сәт ұнайды

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙