Қанкешу
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Төлеген Қажыбай
Т ө л е г е н Қ а ж ы б а е в
ҚАНКЕШУ
Повестер
JSBN 5—7667—0586—7
Ақмола, 1995 жыл, Төлеген Қажыбаев «Қанкешу», Ақмола облыстық «АҚ ҚҰС» бірлестігінің «Қаламгер» шығармашылық алқасы. Пікір жазған және жауапты шығарушы Ж.Жағыпарұлы
Жазушы Төлеген Қажыбаевтың бұл кітабына «Қанкешу», «Аран», «Аңсаған жүрек әні еді» атты үш повесі еніп отыр. Автордың алғашқы повесінде халқымыздың басынан өткен ұлы нәубеттер – 1932-33 жылдардағы аштық, 1937 жылғы сталиндік қуғын-сүргін бас кейіпкер Жастілек Бекеновтің өмір зұлматтары арқылы шынайы көрініс тапқан. Сондықтан да повесть – «Қанкешу» деп аталады. Екінші «Аран» атты повесі – отызыншы жылдардың басындағы ақсирақ аштықтың ащы шындығын ашына да ашық көрсеткен санаулы туындылардың бірі. Ал «Аңсаған жүрек әні еді» повесінде жазушы адамгершілік, ізгілік атты қасиеттердің күрделі күрмеуінен сыр суыртпақтап, шынайы махаббат, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас сияқты өмірлік тақырыптарды тілге тиек етеді. Жинаққа енген әңгімелер де өмір шындығымен өзектес шұрайлы дүниелер. Кітаптың тілі тартымды, оқиғасы маңызды.
Мешін жыры – ауыр жыр, Мешін жылы – ауыр жыл. Жақан Сыздықов
...Тәңірім-ау, бұл неткен ұзақ ғұмыр еді... Сүйретпеге салып жаныңды азаптап аздырмай-тоздырмай-ақ сарқылар, таусылар болсайшы. Арса-арса сары шұбар шал іргеге жүзін бұрып, ауырлай-аударылып түсіп еді. Іргеден тепкен ысқаяқ салқын леп бет қарыды. Әлденеше күн жөндеп жылытылмаған жеркепе үйдің күйі тайғаны ма, ірге басарды ақ сақал қырау көміп, кешеден бері төрт қабырғаның тершіген ажары айнып, суық реңге ауысқандай екен. Бір жеті бойы тыстағы ұлыған ақ түтек боран бар ашу-ызасын жермен-жексен болып шөгіп кеткен осы бір жапандағы жалғыз үйдің үстіне үйіп-төккендей ме дерсің, мықтап алған күйден жазбай қойын-қонышқа қар топанын үйіре айдап, дүлей күшпен босағасын солқылдатып тыным табар болмаған. Іштегі болмашы тірлік жылуы уақыт өткен сайын сарқылып барып мүлдем суынғандай еді. Өйткені бір жеті бойы опырайған пеш өңешіне қолына түскенді тықпалап от жағумен әлек болған шал кеше кешкісін сұлаған да бірде лып етіп лаулап, енді бірде бықси тұншыққан оттық өңеште суынған қоламта ғана қалған. Тірлік үшін тыпыршыған әлжуаз әрекеттің тиылып, тыншу алғанын сезінгендей сұрқай суықта сумаңдаған сұр жыландай ішке лап беріп, өңешінен әлі де жылы леп қайтпаған күйелеш аузы опырайған жатаған пешті баса көктей төрге озған. Төр алдында көлденең түсіп сұлаған сары шұбар шал жалаң қабат көрпесін қанша қаусыра қымтанғанымен, суықтан пана болар түрі көрінбеді. Іргеден ызған ысқаяқ ызғар есіктен енген суықпен араласып, шалдың күш-қуаты сарқылы бара жаткан тұла бойын тітіркентіп, тікенекше қадалған. ...Шынымен-ақ дәм-тұзының таусылып, өмір атты ұлы көштің соңынан салпақтап ерген бейнетті сапарының аяқталғаны ма. Мынау арса-арса кеуде тұсын әлсіз ғана бүлкілдетіп жатқан карт жүрегі тыншығып мәңгілікке оянбастай көз жұмар зауал шақтың да жеткені-ау. Мәңгілікке... Қандай қорқынышты да, үрейлі сөз еді. Сонда енді қайтып қара жерге табан тіреп, қаз тұра алмайды екен ғой, қолқасын қауып, тұла бойын түршіктіріп тұрған мына есіл ауаны еркін жұтып, төңірегіне көз сүзіп қарай алмай беймәлім қараңғылық құшағына көміліп жүре бермек қой. Мына бетін шарпып, табанынан өтіп тізесіне жеткен өлі суықты сезіп, білмейді, жатқан орнының мамық-қаттысын да айыра алмайтын
сірескен өлі денеге айналып кете бара ма. Мәңгілікке оянбайды, мәңгілікке тыныстамай тыншу алады, сөйтіп мына мазаң тірліктің қайғыкасіретінен, қуаныш-жұбанышынан, ащысы мен тәттісінен, күйініші мен сүйінішінен қол үзеді, хош айтысып, құрдым аталатын түпсіз тұңғиыққа шым батып жүре береді. Мынау үй орман, анау қорада бірнеше күннен бері оқыранып иесін күтіп, күйзеліп тұрған жалғыз аты... бәрі-бәрі иесіз, жетімсіреп қалмақ па? Жетімдік деген не, тәйірі. Жалғыздық ше? Ол да сондай бір көңіліңді пәс етіп, тірлігіңнің бар қызық-қуанышынан айырып тұл етер, сезіміңді тулақтай таптап, сүлдері қалған бос кеуек бірдеңеге айналдырып жіберер түсініксіз құбылыс болар. Әйтпесе жетімдіктен де, жалғыздықтан да тартар азап пен заманақыр зобалаңды өз басы аз кешіп, аз көріп пе екен. Бір қиырда қалып қоймай ата жұртына жамбасы тигеніне шүкірлік айтар реті бар. Әйтпесе «Адам – алланың добы» деп әкесі марқұм айтқандай қу тағдыр бұны қайда сүйремеді. Аштық тақсіретінің ащы тәлкегі қақпақылдап Краснояр өлкесіне, Түмен ормандарына тентіретіп жіберді. Халық жауы атанған сонау нәубетті жылдарда Мұзды мұхиттың мәңгілік жібімес тоң басқан жағалауына қаңғырып кетті. Лагерьден лагерьге ауысып жүргенде, сүйегім мына тоң басқан өгей өлкеде көмусіз қалар-ақ деп еді. Бірақ «қырық жыл қырғын болса да ажалды ғана өледі» деген шындық екен. Өлексеге айналса да өлмеді, тулаққа айналса да тірі қалды. Енді міне, жан алқымға таянған шақта басын сүйер тірі пенденің қасынан табылмай, өз үйі өзіне мола болған жағдайы бар. Апталап соққан соқыр боран жеркепені баяғыда-ақ өзінің өлі кебініне орап, тұмшалай қымтап тастаған болар. Сырттан біреу келіп ашпаса, мұның қар күртігін тесіп тысқа шығар қауқары қайсы. Тысқа шықсам-ау, жарық дүниені көрсем-ау деген ниеті де жоқ-ты. Тамам ел, бүтін ауыл болып үдере көшіп кеткенде, ескі жұртта бұралқы иттей болып қалып қойған мұның мына әрекеті қай алжасқандығы еді, жаным-ау. Қазір сонау Құсмұрынның арғы етегіне аунап түскен ауыл ортасында отырса тап осындай сұмдық халдің қақпанында қалмас та еді. Көрші-қолаңның бірі болмаса бірі келіп, күртік қардың астында қалған жертөленің есігін аршып, үйге енер еді. Сөйтіп қоламтасы ғана қалған пешке тірлік отын маздатып, мұның аузына жылы су ұсынар еді. Бір кездегі думанды ауылдың жұртында қасарысып көшпей отырып қалғанда не тапты. Жеті жыл бойы елдеп безген ессіздей, жұрттан жырылып кеткен жырындыдай жалғыз күн кешті. Бүкіл ел болып жаңа қонысқа табан аударып жатқанда, мұның көне моланы күзеткен байғыздай жалғыз отырып қалғаны несі. Баяғы қисық, қыңыр шұбар шал «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың» әуейіне басып әдейі істеп
отыр, топты бұзып бұра тартпаса, ішкені ірің болады о неменің дескендер мұның бұл әрекетін әулекі әпербақандықтан әріге асырмаған. Ал мұның жүрек басына байланған өксікті ойы әулекі әпербақандықтан да әріде жатса керек еді. Бірақ онысын тірі пендеге тіс жарып айтып көрмеген. Не деп айтсын. Тыңдар құлақ, тоқыр көңіл болса айтар-ақ еді, бірақ атамекен, өнген, өскен жерге деген перзенттік парыз, махаббат сияқты сезімдер туа жөргегінде дарымаса, шұбар шалдың байбаламымен бойға сіңер ме, тәйірі. Апырмау, осынау алақандай ауыл, өскен жерге деген бір нәзік сезімнің алғаш рет бас көтеріп, тұла бойын баурап алғаны қашан еді. Тіпті есінде жоқ. Әйтеуірі осынау өңірден әкесінің етегін ұстап бір қиырға ұзақ сапар шеккенде, ет жүрегінің алабөтен егіліп, елжірегені ғана есінде. Сол бір қимас сәтте бүлк ете қалған отты сезім мұның көкірегін өртеген өшпес таңбадай, ізім-қайым жоғалып кетпес қасиетті бойтұмардай сақталып қалғаны шындық еді ғой. Бір қора жанның ішіндегі бас көтерері өзі болған соң ба, әкесі мұнымен жиі ақылдасатын. Балам дей тұрса да өзіне серік, таяныш тұтар ниет көңілін бұл да сезетін. - Балам, - деді бірде әкесі есік алдында көлденең жатқан шірік дөңбекке құйрық басып. – Мына алмағайып заманнан шошынайын дедім. Анау қыр астынан бермен қарай алып аждаһа аранын ашып, жылжып келе жатқандай ма деп қорқамын. – Әке сөзінен балаң жігіттің тұла бойы шымырлап, жауырын тұсы ду ете қалды. Ауылдың іргесіндегі Құсмұрын аталатын төбеге баспалай ұрлана қарап та қойған. Әкесі айтқан жаңағы аждаһа сол тұстан шыға келетіндей кәдімгідей-ақ қорқып қалып еді. - Ауданнан келген бесенділер-ақ қырып барады. Кеше кешкісін кебеже түбіндегі бірер пұт бидайды тұқымға деп сыпырып-сиырып алып кетіп еді, бүгін кеңсеге шақырып анау аяқ артып отырған арса-арса қоңыр биеңді колхозға бересің деп дігір салды. - Бермеймін демедіңіз бе, - деген бұл мына қорлыққа қалай шыдадыңыз деген сыңаймен. - Әй, баламысың деген. Мына зауал маған ғана түсіп тұрса ештеңеде де емес екен ғой. – Әкесі қолындағы қамшы сабымен жер шұқылап азкем отырды да басын көтерген. –Мына Талапкерден төрт-бес үй Түменге қарай қоныс аударамыз деп осыдан бір жеті бұрын ірге көтеріпті. Осындай хабарды Бірлестік, Жаңа тілек, Еңбек ауылдарынан да алып отырамын. Олардың халі бізден де төмен болса керек. - Сонда елді тастап... Апам да, ана балалар да кете ме? - деп үріккендей біртүрлі үрейлене қалып елі. - Қамданған қарап қалмас деп... Бойда күш-қуат барда бір үзім нанды емінбей табар бір жерге жетіп алғанымыз жөн бе деп отырмын. Орайы
келіп қордалана қалсақ қайтып келеміз де. Әкесінің дірілдей шыққан үнінен өз сөзіне өзі сенімсіз жанның кембағал күйін бұл жазбай танып еді. Әке ұсынысына іштей қарсылық білдіргенімен, тығырыққа тірелген жанның дәрменсіз халін бұл да сезінген. - Сонда біз де көшеміз бе? - Баласы әкесінің мына хабары – деген бұл. - Бәріміз шұбап жүре береміз бе. Ел ішінде қалса күнкөрістеріне бірдеңе табылар. Ана жалғыз биені солардың талғажауы етіп сойып беріп келсем бе деймін. – Әкенің мына шешімі бұның өрекпіген көңілін аз-кем тыншытқандай еді. Бірақ қоңыр биені сойып тастаймын деген әке шешімімен келісе алмаған. - Әке-ау, жалғыз аяқ артардан айырылғаннан кейінгі күніміз не болады? - Әй, балам-ай, жаңа ғана биеңді өкіметке өткіз деп жатыр демедім бе. Біз кеткен соң оған кім аяқ артар дейсің? Одан да ана шешең мен ініқарындастарыңа талғажау болсын да. Әке үнінде қобалжу, қамығу барын сезінген балаң жігіттің екі иіні салбырап, басы кеудесіне құлап калып еді. Екі уыс қуырылған бидай мен бір уыс мейіз, ірімшік араластырыла шашылған дастархан мәзірі бұған әдеттегіден тоқ көрінген. - О, апам бүгін кебеже аузын ашқан ба? - деп қалған бұл қуланып. - Кебеже аузын ашты емес, кебеже түбін кақты десейші, балам-ау. Жарты пұт бидай мен жарты қап құрт, ірімшік қай жыртығымызға жамау болар дейсің? - Жә, көппен көрген ұлы той... - деген әкесі кейіп қалды. - Ана Еңбек ауылындағы Түсіп кайтыс болыпты. Марқұм, досжар адам еді, барып топырақ сала да алмайын деп отырмын. - Е, бейшара-ай, Жаңыл жазған жалғыз қалған екен ғой. Иманды болсын. – Шешей қалтыраған қолымен бетіп сипап, күбір етті. - Сол ауылдан осы таяуда ғана бес-алты адам дүниеден өтті-ау өзі... Төтен ауру ма әлде... – Қайдағы төтенді айтып отыр. Ел аштан қырылып жатқан жоқ па. – Әкесі ішіп отырған шайын тауысып, кесесін кейін сырды. – Жаңағы Түсіп те үйге бір арқа отын әкелем деп шығып кетіп, ағаш ішінде құлап қалыпты. Соңынан іздеп барғандар басы көнектей болып ісіп, есінен танып жатқан жерінен алып келіпті. Аштық өзегіне түсіп кеткесін адам болушы ма еді... Сөйтсе үйлерінде тіске басар бір уыс бидай жоқ екен ғой. Марқұм бірбеткей өр емес пе еді. Бөрі аштығын білдірмес деп, жалғыз атын алып қойған соң, қитығып колхоз кеңсесіне бармапты ғой, жазған. - Е, бейшарай, солай де... Қайдан білейін, әйтеуір анау өліпті, мынау өліпті деген жаманат хабар жиілеп кетті ғой. Баяғыда оба келгенде ел осылай қырылып қалады деуші еді.
- Обадан несі кем... Ел басына келген төтен нәубет те. - Өкімет қайда, елді осылай қырғызып қоя ма сонда, – деген бұл әкесі мен шешесінің жайсыз әңгімесіне киліккен. - Өкіметің анау кеңседе отырғандар ма. Ел қамын ойлайтындарды жаңа таптың. – Әкесі солақай соққыдай тиіп отырған жайсыз әңгімені одан әрі ширықтырып жібергендей еді. – Бүлінгеннен бүлдіргі алатын нағыз алаяқтар емес пе. Көресің әлі, өстіп әңгіртаяқ ойната берсе, осы елден адам қалмай басы ауған жаққа босып кетеді, не ақсүйек болып қырылып қалады. - Тек әрі, қайдағыны айтпай. - Шешесі шашылған бидайды үйіре сыпырып дорбаға салып жатқан, «мына шіркін шын айтып отыр ма?» дегендей қалтиып тұрып қалған еді. - Сол босудың алдын мен бастайын деп отырмын, – деген әкесі бәйбішесіне қадала қарады. – Таңертең ерте мына Жастілек екеуміз жолға шығамыз. Түмен жақ тоқ көрінеді ғой. Әужайын байқасақ деймін. Реті келіп бір жұмысқа орналаса қалсақ, өздеріңді көшіріп аламыз. - Ойбай, мына шұнақ не дейді, ойбай. Манадан бергің шын ба еді сенің, – деген шешесі отыра қалды. - Оның не, апа. Мына ауылдардан де кетіп жатқандар бар дейді ғой. Ретіміз келмесе, қайтып келеміз де. Ал реті келсе... - Жастілек әкесіне қараған. Әкесі етегін қағынып орнынан тұрған. Жастілек жетелеп қораға кіргізген қоңыр биенің қасына жолауға жүрексінгендей әкесі төңіректеп көп жүріп алған. Қолдан жем жеп үйренген неме қораның ана бұрышына бір, мына бұрышына бір барып, күйтіңдей қалған иесінен әлдене дәметкендей оқыранғанда барып, әкесі өзінің не істеу керектігі есіне түскендей баласына: - Анау ала арқанды әпер, - деген. Біраз уақыттан бері ішіне жем салынбаған ат дорбамен қалар тіреу ағаштың басына ілінген ала арқанды алған Жастілек төменшіктеп келіп әкегіне ұсынған. Ала арқанды ала берген әкесінің қолдары дірілдеп кетіп еді. Сиректеу біткен ақ жағал мұрты жыбырлап, қатты күйзелгенде жасаурай қалатын жанарлары суланып-ақ қалған екен. Әкесінің қоңыр биені союға қимай қатты қиналып тұрғанын сезінген Жастілек. - Әке, соймасаң қайтеді, – деді жыламсырап. - Әй , балам-ай, сен соймасаң анау ауданнан келген қаптесер уәкіл қояйын деп тұр ма. Жетелейді де жүре береді. - Ала арқанның бір ұшымен биенің алдыңғы екі аяғын сірестіре тұсады да, екінші ұшымен артқы аяғын шашадан шалды. - Ал, кел, тартысып жібер. «Мыналар шынымен-ақ мені жыққалы жатыр ма?» дегендей қоңыр бие ала арқанға жармасып, тұқжыңдап жатқан екеуге мөлие қараған.
Шынында да екеуі жықпақ сияқты, қыл арқанды жұлқи тартқанда жайбарақат тұрған биенің тұла бойы солқ етті де, шашадан сығымдай тартқан артқы аяғы жердеп таяныш таппай, серең етіп бауырына барып қалған. Сығымдай тұсалған алдыңғы екі аяқтан тірек таппай аспанға шапшып барып, оң қапталдай жығылған бие «не жазығым бар еді, сонша қинағандарың не?» дегендей ышқына кісінеп жіберді. Бейкүнә неменің мына шыңғырысы әкесіне қалай әсер еткенін кім білсін, Жастілектің төбе құйқасын шымырлатып еді. Биенің мына үні үйде отырған шешесіне де солақай соққыдай тисе керек, үйден жүгіре шыққан ол биенің мойнына тізерлеп шөге қалған әкесінің пышақ ұстаған қолына жармасты. - Ойбай, әкесі, мұның не. Жалғыз аяқ артарыңнан айрылып ертең не күн көресің? - Ертеңгі күнді айтады ғой... Жә, әрі тұр үстіңе қан шашырайды. Жастілек әкесі мен шешесінің қоңыр биенің басында тұрып егескен керістерін естуге дәті шыдамай далаға шығып кетті. Содан үйді айналып мал қамайтын көң шарбақтың ішіне енді. Бұл араға неге келгенін де білмейді. Иә, айтқандайын, таң атса болды осы араға шапқылап жетіп келмеуші ме еді ертеректе. Сонда жаңағы әкесі құзғын құсап үстіне қонжиып алған қоңыр бие бауырындағы қоңыр төбел құлынын емізіп жайбарақат тұратын еді ғой. Бұны бала да болса қарасын көре ме, әйтеуірі оқыранып келіп иығына астаудай басын төсеп тұра қалар еді. Бұл шешесінен жасырып алып шыққан бір түйір қантын, болмаса бір үзім нанып тұмсығына тақайды. Сонда қоңыр бие ерекше бір алғысты қалып танытып оқыранар еді де, жұп-жұмсақ мақпал еріндерін жыбырлатып, бала алақанында жатқан ырыздықты азырқанбай қабылдар еді. Ал үрпіден сорғалаған саумалды талғай, қақтай сорған қоңыр төбел құлын құлдыраңдай секіріп, аядай шарбақ ішіне сыймай ойнақтайтын. Жыл сайып сонынан кілең бір қоңыр төбел құлын ерітетін қоңыр бие шынында да бұл үйдің ырысы, берекесі емес пе еді. Күбі түбін құрғатпайтын қымызы қандай! - Жарықтықтың құнары ерекше-ау. Таңдайымызды ағартып тұр ғой, - деп шешесі де жиі айтушы еді. - Мұндай иге көнер көнбіс болар ма. Астынан өтіп жатсаң тұяқ серіппейді ғой, жануар, - деп азын-аулақ малға деп шауып алар шөбін, бір қысқа жетерлік отын-суын осы биемен таситын әке көңілі де қоңыр биеге ала бөтен еді. Өткен көктемде бригадир Бекше келіп, колхоз егістігіне жыртар жерге көлік жетпей жатыр, мына биенің бірер жетіге майын қи дегенде әкесі тас-талқан болып ашуланды емес пе. «Соқаңа қоңыр биені жеккенше, мені жек!» деп бірақ қайырған. Сөйткен қимас малып сойып тастауға қалай ғана қолы көтерілді екен әкесінің. Жастілек қораға кірсе әкесі бауыздаған қоңыр биенің
сіресіп қалған аяқтарын байлаған ала арқанды шешіп жатыр екен. Шешесі астау толы алкүрең қанға ежірейе қарап солқ-солқ етеді. - Сен қайда жоғалып кеттің? Ұста ана сирағын! - Әкесі үнемі белдігіне іліп жүретін сүйрік кездігімен қоңыр биенің терісін іреп соя бастады. Биенің етін мүшелеп бөліп, кебеже түбіне тоғытқан әке табақ толы қара қуырдаққа қол салмастан, бірер кесе шай ішті де, киімшең іргеге қисайған. Жастілек әкесінің даусынан оянып кетті. Ұзақ жолға дайындықтың белгісіндей мұздай киініп алған әкесінің өңі сынық, қуқыл тартқандай жүдеулі көрінді. Екі иіні қусырылып кеткендей құшық тартып, кеудесі опырылып ішіне түсіп, еңкіштене қалыпты. Бұрын байқамаған ба, әлде үнемі ұстарамен мұнтаздай алып жүргендіктен бе, әйтеуірі иек, самайына шапшып шыға келген түк ұнға малғандай аппақ. Шігесі қызарып кеткен аясы кең жанарларын мұң кіреукелеп, сынық, жүдеулі жүзін одан бетер мүсәпірлендіріп жібергендей екен. - Балам, тұр, - деді әкесі. - Құдай-ай, құдай, не зобалағыңды бастағалы тұрсың, - деп дауыс қыла жүріп шешесі дастархан жайды. Түннен қалған қара қуырдақ кептіріліп, бірер уыс бидай шашылды. Әкесі қуырдаққа қол созбады. Жастілек қызылшыл еді. Өзін-өзі қанша тежесе де, тәбеті түскір еркін билеп болмаған соң, бірер қасық қуырдақты қарып жіберіп еді. - Ал, шешесі, біз жүрелік. Тайынша станциясында бірге жүреміз дегендер бар еді, ертеліп жүріп, соларға қосылалық. Ана балаларға бас-көз бол. Елді жайлап, жайпап келіп қалған аштық сендерге де сабытын салмай қоймас. Анау бірер пұт астығың мен қоңыр биенің етін талғажау етесің де... Оған дейін біз де тырбанып бірдеңе тапсақ мына баладан жіберермін. - Қарағым-ай, не дейін енді.... Көппен көрген ұлы той де.... Жортқанда жолдарың болсын. Бізді қойшы, біз ел ішіндеміз ғой.... Сендерге болады да.... Әкесі-ау, мына балаға ие бол, көз жазып қалма. Олай-бұлай болып кетсем, бақұл бол. - Тәйт, онысы несі .... - Кім біледі... Әйтеуірі қынадай қырып келеді, дейді ғой. Нәубет, нәубет қой ел басына түскен, - деп егіле жылаған анасы құлағындағы ай сырғаларын ағытып Жастілекке ұсынған. - Оның не, апа... Жастілек ұсынған. - Ал, балам, ала ғой. Алтын сырға тағатын менде не сән қалды дейсің. Қысылғанда бір жыртығына жарар, ал. «Алтын, күміс тас екен деп...». Ал, балам... Шешемнен қалған мұра ғой...
- Жоқ, апа, алмаймын. Өзіңде болсын да... Немене өзі, бізді осы кеткеннен мүлдем келмейді деп отырсың ба? Әрі кеткенде екі-үш ай, әйтпесе одан да тез арада ораламыз. - Жастілек әкесіне қарады, әкесі жерге қарады. - Қой, шешесі, оның не? Жастілектікі жөн. Ораламыз, - Әкесінің үнінде алмағайып көңілдің астан-кестен күйін дәрменсіз жанның жасыған, жабыққан сыңайы байқалған. - Қайдам, әйтеуірі... Аман болыңдар... Қыс болса мынау келіп қалған... Бізді қойшы, ел, ішіндеміз ғой... Екі тізесіне не бола алмай босағаға шөге берген анасын қолтықтап орнынан тұрғызған Жастілек төсекте жатқан іні, қарындастарын бір-бір иіскеп, есікке беттеген әке соңынан ілескен. Дауыс қылып еңіремесе де, іштей қыстығып, келіп қалған өксігіне ие бола алмай анасы солқ-солқ етіп есік алдында тұрып калып еді. Әкесі артына бұрылып қараса көңілі бұзылып, қалып қоюдан қорыққандай ширақ адымдап Тайынша станциясына асар қара жолға түсе берген. Ал Жастілек өйте алмады. Артына бұрылып қараған. Анасы тағы да бүк түсіп есік босағасына отыра кеткен екен. Бұл жүгіріп келіп қайтадан қолтықтап, орнынан тұрғызған. - Жаным-ау, ботам-ау, күндерің не болады... Анау жазған әкең дімкәстау еді, байқа... Бір-біріңе бас-көз бол... Құдай-ау, құдай, үйден бездіргендей не жазып едік... - Қойшы апа, не болды сонша. Жұрт вербовкамен де кетіп жатыр дейді ғой.. Ұнамаса ертең-ақ қайтып келеміз, - деген Жастілек те анасының бауырын атығылып, біртүрлі көңілі босап өксіп-өксіп жіберді. - Бар, балам, бар... Енді аялдама. Жаратқан құдай, болғай, бір өзіңе тапсырдым... Жастілек Құсмұрын қайқаңына көтеріліп қалған әкесінің соңынан тұра жүгірді. Енді бұрылып артына қарағысы келмеді. Қатты жүгіргендікі ме, әлде анасы, бауырлары, туған үйі, мына шағын ауылы артында қалып бара жатқандықтан ба, әйтеуір көңілі алып-ұшып өрекпіп, көкірек тұсын ашып, жүрегі аузына тығылды. Тынысы тарылып шекесі солқылдап қоя берді. Сәл кідіріп, еді өзін-өзі билей алмай артына еріксіз бұрылып қараған. Ұзап кетіпті. Шағын ауыл алақанға салғандай етекжеңі жинақы, үркердей үйіріле қалған қалпымен Жастілектің көз алдына келген. Алабажақ жатаған шым үйді жазбай таныды – өзінің туған үйі, ыстық ұясы. Кешегі пышаққа леккен қоңыр биені өрістен алып келіп байлайтын үй алдындағы аша ағаш ағараңдап көзге шалынады. Қос қақпасы шалқалай ашылған есік түбінде ақ жаулығы ағараңдап анасының бір уыс тұлғасы бұлдырайды. Тағы да бүк түсіп отырып қалса керек, тым кішірейіп кеткендей назарға зорға іліккен. «Жазған-ай, қиын болды-ау.
Бізді қойшы, бірдеңе тауып жерміз. Әкей айтқан аштық бұл елге жетсе, үш баламен не қарсылық көрсете алмақ. Ел босып, жұрт қырылып жатса, жоғарғы жақ, бәлкім, бір әрекет жасар. Біздікі не босып, не үрку, осы. Әліптің артын бақпадық-ау. Кеттік, жолға дайындал, - деп әкей де болмады...» Жастілектің жанары мөлтілдеп, туған ауыл тұсқа егіле қараған қалпы тұра берген. Анау тулақ сүйрегендей ақ тақыр-ауыл баласының сиырдың өлі жүнінен шиырлап жасаған добын қуалап ойнақ салатын думанды алаңы, одан әріректегі төбешік күнде кешқұрым ақсақалдардың жиналып алып өткен-кеткенді кеңестеп отыратын тұрақты орны ғой. Сол арада талай қызу айтыс-тартыста өткен. Бақтыбай, Таттыбай, Атабай болып үш атаға бөлінетін үш ауылдың басы бірікпей, ірің кезек айтыс күні бүгінге дейіп созылып келді емес пе. Бақтекең мен Татекеңе қараған біраз үй ірге көтермей бірі Мешек-Қошай тұстағы Сасық өзектің желкесінде отырса, енді бірі Қасқыр қамаған аталатын қалың қызылдың қолтығынан бермен қарай сөгілмей сірескен күйі жатып алған. Мынау ауылдың негізі Атекеңе қараған жұрт. Колхоздасамыз деген дүбірге елеңдесіп, Құсмұрын қайқаңына тұмсық тірер жазыққа қазық қаққан. Ата жұрттан табан көтермейміз деп сірескен топтың көсем серкесіндей болып суырылып шыққан бір топ атқа мінер күйі кеше ғана ауыл іргесіндегі төбеге шығып алып ұзақ салғыласқан. Бірі сасық өзектерін өзеурей марапаттап, малға да, жанға да жайлы қоныс осы тұс десе, екіншісі қалың шұбарлы Қасқыр қамағанның түгін тартсаң мәйегі сорғалар мал мекені деп езуледі. Сонда Қызылжарға жиі қатынап, саудасаттыққа икемделіп қалған осы төңіректе бірер ауыз орысшасы бар Ғалиасқар ақсақал жақ-жақ болып келісе алмай көріскен көпке қарап былай демеп пе еді: - Ау, ағайын, мына төбеге осымен бесінші рет жиылып келіп, бәтуаласа алмай тарасып кеткелі отырсың. Бірің ығынан жүрсең, қолқа қабар сасық өзегіңді өзеурей мақтасаң, екіншісі малға тұрақ деп қызылыңды қызғыштай қорып отырсың. Менің ара ағайындық ақылыма көнсең, мына Атекеңдер таңдаған Құсмұрын қайқаңынан өткен, өңір болмас деп отырмын. - Оу, мынау не деп кетті? - Қанына тартпағанның қары сынсын деген, Атабайдан шыққан соң соларға бұра тартпағанда кімге іш бұрар дейсің, - десіп көпшілік шуласа қалған. - Сүйегім Атакеңдікі екенінде кімнің таласы бар. Бірақ бар мәселе менің кімнен шыққандығымда тұр ма екен. Болашаққа неге көңіл көзін жүгіртпейсіңдер, түге. Шашырап, әр ағаштың түбін паналап отырып күн кешемін дегеннің уақыты өткен. Енді коллектепті шаруашылық болмақ.
Оның өмірі – еңбек, азығы мына жер. Ендеше бал араластырып сепсең де, ештеңе өнбес ащылы өзегің де «бытқыл-бытқыл шұбарып да өрісті өмірге тұрақ бола алмас. Соны неге ойламайсың? Ал мына жазық егініңе, анау Сулытерек, Кеңашы малыңа тұрақ емес пе? Алты бақан – алауыздықты қойып жөніңе көш, елдесіп, селбесіп ел болар күніңді ойла. Жаңа дәуір қырық пышақ алауыздықтарыңды көтермейді, - деген. - Оның үстіне Құсмұрын қайқаңындағы қара жолдың бір ұшы анау қара айғыры зіркілдеген Тайынша стансасына, екінші ұшы Көкшетау дуаныңа иек артпай ма. Күні ертең қаға берістен гөрі жол торабына бір табан жақын отырған озалы, өмірмен, сыртқы дүниемен байланысқа да оңтайлы. Мына төңкерісті дүниеден оқшау өмір сүрем дегендер қаталасады. Ғалиасқардың мына уәжін әркім әр саққа жүгіртіп бірі жөн десе, екіншісі ойланалық, жеті рет өлшеп бірақ рет кескен адаспайды деп өздерінше пәлсапалаған. Сол айтыстың ақыры Татекең мен Бақтекеңнің он шақты түтін кедей-кепшектің мына колхозға ірге көтеріп келіп қосылуымен тынған. Ал сіңірлі, қоңды деген шоғыр әлі шетінеген жоқ. Колхоз тірлігін сырттай торып, әліпті артып баққандары болмаса жаңа тұрмыс туын тіккендерге жылы ұшырар қабақ танытпай томаға тұйық отырған. Жастілек Құсмұрын биігіне көтеріліп алып қоңторғай тірлік құшағында, күздің ысқаяқ қоңыр аспаны астында қалып бара жатқан ауылына көз жүгіртіп тұрып, осы бір жайларды есіне оралтып еді. Бала болса да үлкендерге үйірсектік әке соңынан қалдырмайтын. Сонда әкесінің ту сыртында отырып алып мәмілеге келмей керіскен көптің көк езу айтысына әрі таңдана, әрі шошына құлақ тігетін. Келісімге келмейтіндей үлкендерге не болған. Қай жер тірлік тұрмысқа ыңғайлы болса, сол жерге неге көшіп келмеске. Ғалиасқар ақсақалдың уәжінде болашақты ойлаған кемелді пікір бардай емес пе. Ендеше «жә» десіп сол пікірге неге жүгінбеске. Біздің жұрт, сенің жұртын, оның жұрты деп жыра тартып, бөлек жайлайтын заман келмеске кетпеп пе еді» деген аласапыран ой Жастілекті де тұйыққа тірей беретін. Ойбай-ау, әркім өз дегенін болдырып, қондырып отырса тап осы ауыл қотанында бір үйір жылқыны аттырып тастар ма еді. Жиырма тоғыздың күзінде мұздай қару асынған бір топ адам сау ете қалған. Орталарында жез мұртты тікірейген сары-шұбар біреу бар. Жаға, жеңі ақжем кожанкасын бес елі сары ала белбеумен қынай буынған неменің түсі сұсты екен. Жамбасында салп-салп етіп алтыатары жүр. Қасындағылар осының ғана аузын аңдып, осының ғана қабағына қарайтын сияқты. Тышқан көз сүлік қара жігіттің айтуына қарағанда, мынау келген Райзо бастығының нақ өзі көрінеді.
Блюхер совхозынан келген бетіміз дейді. Ол арада індетке ұшыраған бір үйір жылқыны өз қолымен аттырып, жамбыға құлаттырыпты. Ендігі кезек осы Жұлдызды артеліне келсе керек. Бүгін осы ауылда болып, маңқаға ұшыраған жылқыны құртпақ, сөйтіп бұл өңірді жайлап алған заразадан тазарту, одан әрі жалғасып кете бермек. Ертең, бүрсігүні қанды қасап жалғаспақ. - Ойпырмай, шырағым-ай, қазақ қазақ болғалы жылқы атты дегенді естіген де, көрген де жоқ едік. Бұл ел үркетіндей нендей кесапат болды екен? – деп әлі кімдер тосын хабарға тосырқай қараса, көзі ашық өзінің әкесі сияқтылар: - Артельдің аяқ артына азын-аулақ жылқысын маңқа деп қырып салса, күні ертең мына ұйысқан жұрт не күн көрмек? Артельдер тарап, жүген ұстап қалған әркім өз бетімен кетпей ме? – деп күдік шақырған. Сонда жез мұрт тіксініп: - Мынау нағыз жаудың әңгімесі. Ондай паникер әңгімені доғарыңдар, - деп тиып тастаған. Сонымен қойшы, артельдің бір жылқысын қотанға үйіріп, құлақтарынан басып тұрып біразын оққа байлаған. Бұғалық, құраққа түспегендерін винтовкамен атып құлата берген. Азан-қазан, ушу жұрт ауыл қотанын қан-жынға бөктірген жазықсыз жануарларды арнайы қазылған жамбыға құлатып, бетін тегістеп жауып барып тарқасып еді. Сол бір сойқанды бүлік Жастілектің көз алдында әлі де көлбеңдейді де тұрады. Құсмұрын биігінен туған ауылының жүдеулі ұсқынына сүзілген сайын кіршіксіз балаң көңіліне өшпестей болып орнап қалған өткен күндердің осындай бір қадау-қадау елестері ойына оралып, жанын қинап, күйзелісті күйге түсіргендігі де ақиқат еді.
- * Бұлар жол-жөнекей жаяулап шұбырған бір топқа келіп қосылған. Әкесі жүргіншілердің біразын танитын болып шықты. Бәрі осы төңіректегі шағын ауыл тұрғындары болса керек. – Уа, сапар оң болсын! – Бірге болсын. Тайыншаға, стансаға бара жатырмыз. – Сібірге, ішке кетіп барамыз. – Зобалаң туды ғой ел басына. Артының хайырын тіле. – Красноярда үлкен зауыт салуға қол күші жетпесе керек. Соған жалданбақшымыз. –Бербобкаланып барамыз. Жәйдан-жәй отырып аштан қырыламыз ба, түге. –Біздің Талаптан шетінегендер көбейіп барады. Сібір асып, жан сақтамасақ бола ма?
- Иә, болмайды. Біз де мына бала екеуміз елден шыға қалып едік, - деген әкесі Жастілекке көз қиығын тастаған. - Жұлдыздыдан өкше көтерген өзің көрінесің, басқалар мына зобалаңнан бейхабар ма сонда, - деген сірке көз қара шал. - Е, олардың бүйірлері бізден гөрі тоқ емес пе. Біздің Талапкер деймісің қаптың түбін қағып, жүген ұстап қалған, - деп кейістік білдірді етжеңді жасамыс адам. – Салған азын-аулақ егінің шегірткенің отауында қалды. Бірер тұяқты ортаға деп сыпырып алып одан да жұрдай етті. Енді мынау табан астындағы топырақ пен анау қайыңның қабығын жемесек, тіске басар ештеңе де қалмады. - Жұлдызыңда ел қамын ойлаған атқамінерлер бар ғой, әйтпесе... – Жаңағы шал мүдіріп қалды. - Сенің шыбыштай шыбжыңдаған басқармаң деп ед едің. Жоғарыдан «әйт» десе, бізге «тәйт» деп-ақ енемізді ұрып бітірді. «Шаш ал десе, бас алдының» нақ өзі. – Жасамыс адам бар ашу-ызасын осы арада ақтарғысы келгендей таусыла сөйлейді. - Тырнадан қарауыл қойсаң, төбеңнен қиқу кетпес деп.... - Иә, осындай нәубетті тұста елдің жұтқа ұшыратпай аман алып қалғанды ел қамы деп еңіреген Едіге демеспісің, шіркін... - Жөн айтасың, шырағым, жоғарының әміріне шұлғып жүріп шұлғаусыз қалдық. Елін ойлаған еті біреу болса, азықты азын-аулақ іркіп ұстай тұрмас па. Қызыл сирақ бала-шағасын шұбатып, қай елге сыямыз? Алла өзі жар болсын, деп шыға қалдық. Өзің жар бол, жаратқан ием, - деп жаңағы шал кемсеңдеп кетті. Бір баласын арқалап, бір баласын жетекке алған әйелдер, етегіне сүрінген кемпір-шалдар, ұнжырғасы түсіп, түнере қалған жастары аралас сүріне-қабына шұбырған нөпір түнделетіп, Тайынша аталатын станциясы бар шағын қаланың көшесіне еніп еді. Станция басы ығы-жығы халық сендей соғылысады. Мидай араласып ию-қию болып кеткен жүргіншілер емініп теміржол бойына көз тігеді. Апталап жүре алмай жатқандар да аз көрінбейді. Үйлерінен алып шыққан азды-көпті азықтары таусылған бір шоғыр адам жаңадан келгендердің алды-артын орап қол жаяды. –Шырағым, бір сындырым наның бар ма? – Өзіме емес, мына баласы бар түскір зарлап тыншымды алып тұр... Екі күннен бері нәр сызған жоқ. – Мұсылман болсаң, бір уыс бидай болса да қайыр-садақа ретінде бере гөр... – Бес күннен бері қара сумен ғана жүрек жалғап отырмыз. Талғажау ететін бірдеңең болса, беріп кет... әрі қарай жүрер шама жоқ. Жастілектің төбе құйқасы шымырлап, көкірегін әлде қандай өксік леп
қарып өткендей болды. Жақтары суалып, ұрттары салбырап, көздері бақырайып шарасынан шығып кеткен өңкей ашқарақ, жалмауыз, тағы тобырдың ортасында қалғандай әкесінің жеңіне жармасып, үркіп келе жатқан. Станция үйінің бір бұрышында ошарыла қалған топ орталарында от түскендей шу ете қалды. – Ұстаңдар! Жібермеңдер! – Кәззәп немені ұрып жығыңдар! Жүгіре басып жеткен Жастілек қоршаған топтың ортасында әлденені қос қолдап бауырында қысып алып, домалап жатқан біреуді көрді. Төңірегіндегілер шаңға аунаған немесе жұдырық жаудырып, тепкілеп жатыр. Еңгезердей әлдекім, қайдан шыға келгені белгісіз, топты кимелеп ортаға өтті де, қолындағы жуан кеспелтек ағашпен жаңағы жазғанды жондатып, жондатып салып жіберді... соққы қатты тиді ме, жан шошырлықтай баж еткен әлгі бауырына басқан екі қолын серең еткізіп жазып жіберген. Сол кезде қос уыс картоп жан-жаққа шашырай домалап кетті. Осы бір сәтті күтіп тұрғандай жаңағы тобыр аяқ асты шашылған картопқа тарпа бас алып, таласып-ақ қалып еді. Әлі жеткендер қолдарына леккен батпақ-батпақ шикі картопты қарш-қарш шайнап, қомағайлана қылғытып та үлгерген. Жастілек теріс айналып кетті. - Әкетай-ай, кетейікші... Мына сұмдықты көрмей кетейікші бұл жерден, - деді жыламсырап? – Мен бербобайтқа тізім жасап жатқан анау орысқа барып жолықтым. Таң алдында келетін поезға мінетін болдық. – Сонда қайда барамыз? - Сібірге де... Красноярда үлкен кірпіш зауыты салынып жатыр дейді, соған барамыз. Тамақтан тарлық көрмейсіңдер дегенді айтты. – Жақсы болған екен олай болса.
- * Түні бойы сендей соғылысқан халықтың ортасында аяғынан тік жүріп әбден сілікпесі шыққан Жастілек пен әкесі таң алдында Сібірге бет түзеген жүк артатын эшалонға аяқ лектіріп еді. Әбден қалжыраған жігіт көпіртіп төселген шөпке отырысымен-ақ қалғып-шұлғи бастаған. Вагон қабырғасына арқа тірей отырған әкесі тізесіне қаптал шапанын төрт бүктеп төседі де, Жастілекке бас қойып мызғып ал деген. Теміржол бойының бір қалыпты тербеткен әлдиімен шайқалып жатып ұйықтап кеткен. Жастілек Құсмұрын қайқаңында тұр екен дейді. Төңірегіне сүзіле келіп қарайды. Бірақ жанарына өзі даладан басқа ешбір қара шалынбайтыны несі. Ауылы қайда? Анау арада Жұлдызды артелі – өзінің туған ауылы отырмаушы ма еді. Орны жоқ, тып-типыл. Әр жерде үйіліп қалған
ағараңдаған бірдеңелер байқалады. Бұлары не болды екен деп жігіт шұқшия қадалады келіп. Енді байқады, адамдардың күн қақтап, жел қағып, жаңбыр шайған қу сүйектері екен. Араларында жылқының бас сүйектері, шаңырақ мүйіздері қағылмаған сиырдың да бастары, тіпті азу тістері ырсиған иттердің де бас сүйектері байқалады. Бәрін бір жерге кім үйіп тастаған мұнша. Бір уақытта үйілген сүйекттерді салдырлата аударып-төңкеріп ақ кебін оранған біреу көтерілді орнынан. Соңынан тағы да екі-үш қара қозғалақтап тұра берді. - Жастілек! Келдің бе, құлыным. Біз ақ сүйек болып қырылып қалдық қой. Көмусіз қалдық қой. Әкең екеуің неге ғана тастап кеттіңдер бізді зарлатып, - деген ащы дауыс естілді. Дауыс жаңағы ақ кебін оранған адамның дауысы ғой. Таныс дауыс қой, қайдан, қашан естіп еді осынау мұңлы дауысты. - Апа! Апатайым! Не деп тұрсың? Қырылып қалғаны несі? Қоңыр биенің еті қайда, соны неге жемедіңдер. Інім Есен, қарындастарым Гүлім мен Гүлсім қайда? - Бұл Құсмұрын қайқаңынан төмен қарай тура жүгіргісі келіп ұмтылғанымен аяқтары қара жерге қазық болып қағылып қалғандай орнынан қозғала алар емес. Соңынан үш қалқайған балаларын ерткен анасы кебінін сүйреткен күйі бұған қарай баяу аяңдап келе жатыр. Жастілек қанша ұмтылып жүгіргісі келсе де орнында желімделіп қалғандай қозғалар болмады. Бұл ұзақ тосты, аналар ұзақ жүрді, бірақ Құсмұрын биігіне жете алар емес. - Құлыным-ау, Жастілек-жан-ау, сорлап қалдық қой. Ақсүйек болып қырылып қалдық қой. Бетімізді жабар ешкім де табылмады-ау. Сендер қасымызда болсаңдар өстермедік! - Анасының зары құлағын шыңылдатып, басын айналдырып жіберсе керек, бұл теңселіп барып құлап түсті. Сәлден соң басын көтеріп, орнынан тұрды. Ауыл тұсқа қайра көз тігіп еді, кебін сүйреткен анасы да, іні, қарындастары да, таутау болып үйілген қураған сүйектер де жоқ, тып-типыл кең жазық далиып жатыр. – Апа, апатай! Қайда кеттің? Апа, апатай. – Өз даусынан өзі шошып оянды. Вагон қабырғасына басын сүйеп қалғып отырған әкесі селк ете түсті. – Шошынып ояндың-ау. Не болды, балам? - Әке сауалына ұйқысын аша алмай мәңгіріп отырған Жастілек: - Түс көріп.... – дей салды. Түс ауа Қызылжарға жеткен эшалон бір сағаттай кідірістен қалды. Бұл арада да әр тұстан құймылып келіп жатқан адам нөпірінен көз сүрінеді. Малма тон, түлкі тымақ, саптама етік киген қалтылдақ шалдар да, жаулық-орамалдары, қамзол, шапандары жұлым-жұлым жасамыс әйелдер де, етекке оралып баж-бұж етіп жылаған балалар да, дорба, екі
бас қоржындарын иықтарынан асыра салып, топты киіп-жарып ілгері ұмтылған пысақай жігіттер де аранын ашып, жұтуға таялып келіп қалған ажалды өлкеден тезірек сытылып қашудың амал-айласын іздегендей алас ұрып, сеңдей соғылысады. Бәрінің бар мақсат, үміттілегі теміржол бойымен Сібірге қарай жылжып кетіп жатқан составтарға аяқ іліктіру. Сөйтіп ажал ызғарын шашып келіп қалған аштық аранынан сытыла қашып, өздеріне беймәлім сұсты да жұмбақ өлкеге андыздай ат басын бұрмақ. Ол жақта нендей тамұқ-жұмақтың күтіп тұрғанында да жұмыстары жоқ. Әйтеуірі осынау өңірден тезірек қашу, ұзай түсіп ажал құрығынан сытылу сияқты. Сана сезімдерді билеп алған өлім үрейі туған жер, ар-ұят, парыз, парасат дейтіндерді құрдымға қарай сілкіп тастап, өмір аталатын болмашы үміт сәулесінің жылт-жылт еткен ұшқыны соңынан далақтай жүгіру, сол жолда кездескен иелер тосқауылдарды қақырата күйретіп, ілгері ұмтылу, сәл кешіксең өлесің, өшесің дейтін уытты қамшы саналарын осқылаған сайын өршеленіп, өрекпіп, ашкөзденіп, бір-бірін аяусыз тағылықпен басып-жаншып алға адымдай беру сияқты ессіз, есалаң күйге түскен тобыр мына составты тұмсықтарымен сүзіп, иықтарымен итерісіп кернеп алып барады. Кимелескен тобыр бірін-бірі басып, жаншып ілгері лықсып жайдақ вагон ішіндегілерге әрі сұстанып, әрі қызғанышпен қарайды. Бұларды жұмаққа бір табан жақып тұрғандай сезіне ме, кім білсін, біреу-міреуі вагоннан түсе қалса түтіп жейтіндей жұлынып, алара, ашкөзденген тағылықпен тесіледі. Составқа барар жолды сап құрап, бөгеп тұрған мылтықты солдаттар болмаса бұларды ту талақай талап кетуден де тайынбайтындай тұр бар өздерінде. Кешегі Тайынша станциясы басында вербовка жүргізген орыс бұл арада да шұғыл тізім жасап, бір топ адамды Жастілектер отырған вагонға үйіріп әкелген. Алла, бұған да шүкір, іліктік-ау әйтеуір. – Қалып қойсақ, не амал істер едік. – Тәубә, тәубә! – дескен топ бірін-бірі итеріп, кимелесіп келіп жайдақ вагонға мінісіп жатыр. Араларында кәрі кемпірді жетелеген еңгезердей шойын қара жігіттің шоқтығы биік көрінеді. Сүрініп-қабынып құлай берген соң кемпірді жас баладай тік көтеріп алды да, топты кимелеп келіп вагонға мінді. - Ту, атаңа нәлеттер, жол берер емес қой өзі,- деген ол самайынан шыпшып шыққан терін жеңімен сүртіп, төңірегіне алара қарады. – Әй, тұр былай. Шешеме орын бер. О несі әкесінің үйінде жатқандай шәлкиіп. –Талапкер ауылынан шыққан сампылдақ, етжеңді жасамыс адамның бүйірінен нұқып жіберді. Мұның жатысы да епетейсіздеу еді. Төрге көлденең сұлап алып, екі-үш адамның орнын жалғыз өзі
иемденіп жатқан ол басын көтеріп алды. – Ой, неге өңмеңдейсің-еу... – Сереймей бұтыңды жиып отыр, әрі. Шеше, кел мына орынға отыр, – деген шойын қара түзе бүкті. Сөйтті де Жастілектің әкесіне алара қарап алып: - Есенсіз бе? – деді жүзін жылытқандай болып: – Мынау балаңыз ба? – Есен бол, шырақ. Е, бұл балам ғой. Өзің қай бауыр боласың. Танымадық ау.... – Танысамаңыз атығай ішінде Бабасан боламыз. Бабасан Сәт дегенді естуіңіз бар шығар, мен соның баласымын, мына кісі шешем. – Сәттің есімін естігенде біраз адам елеңдесіп-ақ қалып еді. – Ойбай-ау, ол әлгі баукеспе қарақшы Сәт пе? – деп шошып кеткендей селк ете қалған жаңағы жасамыс адам орнынан қалай ыршып тұрғанын да аңдамай қалды. – Ой атағанаңның... Не оттап отырсың-ей. Әкем сенің шошалаңа түсіп пе еді, әлде қазаныңнан ет ұрлап па еді. Кеңірдегіңді жұлып алайын ба осы, – деген шойын қара бір тізерлеп тұра берген. Жастілектің көзі бақырайып үрейленіп кетті. Шынында да тап қазір мына ноқайдың анау білеу-білеу саусақтары мына неменің кеңірдегін салақтатып суырып алардай шошынған. Әкесі шойын қараның иығынан басып қайра отырғызды. – Қой, шырақ, ауыр жол үстінде бір-бірімізбен итіне таласқанымыз жөн болмас. Ашуыңды бас, сабыр ет, - деді. – Ойбай-ау, онысы несі екен-ей, мына боқ қарынның. Өліп қалған әкемді қарақшы деп... Байқа, қандаладай жаншып тастаймын. Сен дәуде болса аштықтан емес, пайда қуып бара жатқанның өзі боларсың. – Кет-әй, оттамай. Елімді , жерімді тастап... Итжеккенде не қылған пайда. Аман-сау басымызды сыйдырып алсақ та жарар, - деп анау да жалғаса кеткен. – Ой, қой деймін әрі. Екі бетің шиқандай жарылайын деп тұрғаны анау. Әукең мынау салбырап...Қайдағы аштық-ей саған келген... Мұзға байласа да өлер түрің жоқ. – Шойын қара дөңбектей сұқ саусағымен жаңағының тасырайған қарнын нұқып жібергенде анау шоңқиып шөге қалған. Жұрт ду күлді. Көрінген қарайғанға тоқтап зықыны шығарып келе жатқан эшалон тағы бір разъезге аялдап еді. Бірін-бірі жетелеп, бірін-бірі сүйреп, бірін-бірі сүйемелдеп жүрген жұрт қарасы мұнда да жойқын екен. Қолдарын жайып хайыр-садақа сұраушылар вагон есіктері алдында қоғадай жапырылады. Бәрі де емініп вагон есігінен сығаласқандарға телміреді. - Хайыр, хайыр-садақа... - Уа, мұсылмандар, қарайласа көріңдер.
- Бір үзім нан бере көріңіздер. - Бір айдан бері нәр сызғамыз жоқ. Бірдеңелерің болса бере көріңдер. Шойын қара шешесінің басында жатқан ала қапшықты жұлып алды да, ішінен таба нанды сопаң еткізіп суырып шығарған. Сөйтті де есік түбіне келіп қолын жайып тура қалған жетектеген қыз баласы бар келіншекке нанды ұстата берді. Түте-түтесі шыққан алабажақ орамалының астынан бұрқырап шығып кеткен шашын да жиыстыруға шамасы келмеген дөңгелек жүзді, шарасы кең мойыл көзді келіншектің аштықтан қажып, еңсесі түсіп кеткен тұрпаты тым аянышты еді. Қуқыл жүзі бір сәтке жылы деп үйіріп, мұңлы жанарлары мөлтілдеп шыға келген. Салалы саусақтары қалтылдап
нанға жармаса
берген. – Айналайын-ау, апаңның алақан жайған арсыздығын кеше гөр. Ұятаятты да ұмыттық қой. Қайтейін, бір жеті мына шикі өкпе аузына нәр салған жоқ. Ендігі күніміз не болмақ, - деп кемсеңдеп кетті. – Қай елденсіздер? - Қай ел дейтін ел қалды ма? Үлкен Қарой, Кіші Қарой аталатын Омбы аузындағы жалпақ ел едік қой. Бәрі тоз-тоз болып босып кетті. Өлгендердің бетін жасырар адам табылмай тамам ауыл қаңырап бос қалды. Ішке қарай өтсек жанымыз қала ма деп Омбыны бетке алып шұбырған жұртта қисап жоқ. Жертезек болып шашылып қалғандарына қарамай шұбап келеміз. Мына қалпыммен менің де жете алар түрім жоқ. Бір жерде арам өлетін шығармыз. Тұла бойы дуылдап, бас құйқасы шымырлап қоя берген Жастілек шыдай алмады. Орнынан атып тұрып вагон есігіне келді. Келді де қолын созды. – Мініңіз, бізбен бірге болыңыз. Мына түріңізбен қайда бармақсыз, - деді дауысы қалтырап. – Қалқам-ай, біреу-міреу ұрсып жүрмесе. – Несін ұрсады. Ел қырылып жатса қайдағы ұрсу, - деп шойын қара да Жастілектің ұсынысын қолдап қойды. – Қорықпаңыз... – Қайдам, әйтеуірі. Онда мына баланы алып жіберіңіздер. Мен сонсоң... Ана бұрышта түйншегім бар еді... – Әйел ентелескен халықты кимелеп кейін қарай жүгірді. Осы сәтте состав солқ-солқ етіп ілгері қозғала берді. Жастілек шыңғырып жіберді. Азан-қазан, ерсілі-қарсылы жүгіріскен жұрт шуылы, паровоздың өксіп-өксіп өкірген ащы үні құлақ тұндырғандай еді. – Апа, апатай, кейін қайт, ойбай! Қалып қойдың ! Қа-а-леп... – Баласын таста жерге өзі мініп үлгере алмайды енді. – Қалай тастайды, мерт болмай ма?! – Секір, тез секір! – Қалай секір дейсің. Мойным үзіліп өлсін деймісің.
– Енді қайттік, обал-ай! Бейшара шешесі өлетін болды-ау... Вагондегілер не істерлерін білмей абыр-сабыр болды да қалды. Ес жиіп бір мәмлеге келгенше жүрісіне жүріс қоса жүйткіген состав Қазақстан аталатын алып та аңғал, қара түнек қайғының зілзала соққысынан есеңгіреп, есін жия алмай, қабырғасы қақырап, қансырай ыңырсып, күйзеле күңіреніп жатқан елді артқа тастап Ресей жеріне еніп те қалып еді. **** «Сібір» деген жалғыз ауыз сөзден ғана үскірік соққандай тұла бойды қалтыратар ысқаяқ ызғар күтінген вербовщиктер Краснояр қаласының түбіндегі Таргошина станциясына түскенде мүлдем басқаша жағдайға ұшырасып еді. Жолшыбай вербовщиктерді тізімге алып, вагондарға орналастырып, өзінше қамқор болып келген орыс бұл арада да жүргіншілердің өзінің билігінде екендігін аңғартқан. Тізімді тағы бір қайталай оқып, түгендеп болған соң моншаға түсесіңдер, содан кейін ғана асханаға барасыңдар дегенді айтқан. - Мына пәлең бойнаға апаратын малдай тұмсығымыздан тізіп алып, не қыл деп тұр, — деген шойын қара жол бойы қалып қойған қыз баланы арқалап, шешесін жетелеген күйі алға шыға беріп. -Тәртібі солай да, — деген Жастілек. Ой, мұндай тәртібіне түкіргенім бар. - Ойбай-ау, тәртіп болмаса осыншама халыққа қалай не болады. Енді «һәй» десе жусап, «шәй» десе өретін боласың. — Шойын қарамен жол бойы салғыласып келген жуан сөзге киліккен. - Қойды тапқан екенсің. — Шойын қара жасамыс жуанның иығынан асыра сыздақтата шырт түкірген. Жол соқты болып қажып келген халық асханадан ащы борщ пен кебек котлет жеп, қара шайдан қана ішіп алғаннан соң, мызғып алар орын іздеп бытырасып, қуыс-қуысқа безіп кеткеп. -Бәке, — деген шойын қара анадай үюлі жатқан бөренелердің біріне барып отырған Жастілектің әкесіне қарап, сонау туған елді тастап, жетсек-ау деп келген жерге де жеткендейміз. Байқаймын, мындағы тірліктің де шеке шылқытар түрі көрінбейді. «Пәлен жерде алтын бар, іздеп келсең бақыр да жоқ» деген осы. Сізге ұсынысым бар. -Е, айт ондайың болса. - Бірыңғай болайық. Бізге сайлап отырған үйі де жоқ шығар. Баяғы жеркепе қаздыратын шығар. Сол жеркепесін екі семьяға деп бір жерден қазармыз. Мына шешей мен қарындасыма бас-көз боласыз. Ал біз мына Жастілекпен кетсек... -Тек, кеткені несі. Қайда кетпексің? Әкесі шошып кетті.
- Кеткенде мүлдем емес, жетісіне бір соғып тұрамыз. Ішер ас, киер киімнен кенде етпеймін. - Ойпырмай, мына ұсынысың... Көп жортқан бір алдырар деп... біздің ыңғайға келмес, сірә. -О, жағын өзіңіз біліңіз, Бәке. Менікі жәй ғана ұсыныс. Марқұм әкейдің бұл қиырда да достары болған. - Қой, Шойынбай, оныңды айтпа. Баламды саған қосып жіберіп тура ажалға арандатқаным ғой. Одан да не көрсек те қасымда болсын. - Ал мен қамыт киіп балшық таси алмаймын. - Балшығы несі? - Әй, Бәке-ай, өзіңізді курортқа әкелгендей сезініп отырғаннан саусыз ба? Анау Красноярда үлкен зауыт салып жатқан көрінеді. Ол үшін не керек, кірпіш керек. Біздерді сол кірпіш шығаратын зауытқа әкеліп отыр емес пе. Балшық тасымағанда өлген әкемнің басын тасиды деймісіз. — Шойын қара кейіп қалды. - Көппен көрген ұлы той. Несіне болсын көніп келіп отыр емеспіз бе? - Иә, сорлы қазақ, көнбеске не амалың бар. «Қасқыр тартқан артымды иттен несін аяйын» деп оттай беретін қойдан нең артық. Шойынбай кейіген үстіне кейігендей түнере түскен. Шойынбайдың айтқаны рас екен. Ертеңіне-ақ вербовкаға жиналған жеті жүздей адам бірнеше топқа бөлінді. Бір топ өздеріне қысқы баспана – жеркепе қазуға қалдырылды да қалғандары қаладан жеті шақырым жерден кірпіш заводына балшық тасуға жіберілді. Жастілек әке қасында қалған да ІІІойынбай балшық тасушылармен кетті. Кетерінде: - ІІІеше, мына Бәкеңдермен бірге бол. Анау кішкентай баладан айрылып қалма, — деді нығарлай. — Жастілек, сен де байқарсың, әйтеуірі тамаққа барғанда касыңнан қалдыра көрме. Басыр болып қалған жандай Шойынбайдың шешесі жұмған аузын ашпайды. Баласы не десе соны жөн деп бас шұлғиды да отырады. Осы жолы да баласының бетіне тіктеп қараудан қаймықкандай бұқпантайлап. «Жәрәйді, жәрәйді» деумен ғана болған. Әр семьяға бөлінген жер межесі белгілі болысымен-ақ, қоймадан алынған күрек, қайла, сүймен, қол арбалар іске жегілді. Әкесі болашақ баспананың жобасын іштей есептеп алды да, қағылған қазықтарға жіптен төрт бұрыштап желі тартып, іске кірісті. Жастілек әкесінің қазған топырағын қол арбаға тиеп былайырақ апарып төгеді. Былайғы жұрт та қара жерге сүймен соғып, шым ойып, балшық тасып әлек. Бәрі де жұмыла кірісіп, жіті қимылдап жатыр. Енисей аталатын арнасы кең, айдыны жалтырап жатқан алып өзенді бойлай созылған жарқабақтау белестің
қала жақ бетіне кенеше қадалған қалың қол енді бірер жетіде мына жерді үңгіп кеулей қазып, құмырсқаның илеуіндей сан мың шұрық-шұрық тесікке айналдырып аларында күмән жоқ еді. Өйткені аштық деп аталатын ұлы үрей туған жерден жөңкілте қуып, көз көріп, құлақ естімеген өлкеге әкелгенде басты мәселе баспанаға тірелгендей еді. Асхананың мынау шіріген капуста, үсіген картобыңды бұрқ-бұрқ пісіріп, түсіріп жатқан. Екі қолға жұмысың тағы дайын тұр. Бар мәселе баспанада ғана қалып тұрғандай. Ертең қылышын сүйретіп қыс келгенде, бас сұғар баспанаң болмаса тарығып, талыққанның көкесін сонда көрмек. Ендеше күн ашық, жер қарада жерді індете тесіп бір-бір баспана тұрғызып алу керек. Мына жанталас қимыл Сібірдің сүйек сындырар үскірігінің алдын алған дәрменсіз, лажсыз әрекеттей көрінгенімен қу тірлік үшін жүріп жатыр тынымсыз күрестің күш-қуаты сарқыла қоймаған қуатты сілкінісіндей біртүрлі сұсты да сұрапыл әсерімен көпті баурап алғандай екен. Біраз жерді опыра обып, ұңғи түсіп барып тоқтаған Бекең жаңа ғана тыныстауға отырған. Ол да бойында күш-қуат барында барын салып қимылдап қалғысы келгендей көзге құйылған ащы терге де, боз көйлегінің өңірі айырылып, қолтығы сөгілгеніне де қарамай қарқынды қимылдап еді. Жастілек те малмаға түскендей ағыл-тегіл терге малынып, зорға шыдап баққан. Әкесінің жанына сүйретіліп келіп сылқ етіп отыра кеткен. Шойынбайдың шешесі асханадан барып ыстық су әкелген екен, дастархан жайып дәмге шақырды. – Шырағым, Бекен, мені бір жұмған аузын ашпайтын дүңгене санайтын шығарсың. Дәм айдап бір қиырда жолықтық, дәм жазып, тірі болса, бір шатырдын астында да отырармыз. Байқаймын, жібі түзу, адал адам көрінесің. Мына балаңды әлгі біздің итке қоспағанына қуандым. «Жортуыл басы жолда қалады» деп... Айта-айта қажыдым. Әкесі Сәт те жалғыз жортып, ақыры содан мерт болды. «Саяқ жүрсең таяқ жейсің» деген сол... Уһ, қайтейін... Әкесінен көрген азабым аздай мына маңдайдағы жалғызым да шермеш болып кетті. Бұның да ажалы кісіден болар-ау, болар... Әкесі марқұм жасынан қасына ертіп, ауыздандырды емес пе, бұл жазғанды... - Тек, жеңгей, оныңыз не. Өйдеменіз... Шойынбай, былай ... ақымақ бала көрінбейді... Былай ожарлау демесеңіз... - Атымның сыры өзіме мәлім, қарағым. Бұл итке құдай ақыл бермей қара күш берген ғой. Ақылсыз адам ожар болмай қайтеді, күшіне сенеді де... - Сәтекеңнің істері біздің елді де дүңкілдетіп жатушы еді. Ақыры солай болған екен ғой... - Иә, қарағым, солай болды. Анау Қызылжар, Омбы, тіпті осы араға дейін келіп-кетіп жүрді деседі ғой. Айлап кетеді, апталап келеді. Кейде
ұрылып-соғылып, өлімші болып келеді, кейін теп-тең кездеме, уыс-уыс алтын арқалап келеді. Әйтеуірі қанжығасы қансыз болмайды. Бірақ бүлінгеннен бүлдіргі алма деп, сол дүние ағын судай кетті ғой ағып. Қайырсыз болды бәрі. Құдайдың зарын илеп қойдыра алмадым. Өйтіп сұңқылдай берсең бауыздап тастаймын дегесін қойды. Соңғы кезде мазасы кетіп тыныш ұйықтай алмайтын болды. Сондағы айтатыны: «Омбыдан бір дау шығыпты, теміржол бойының билігін өз қолына алмақ көрінеді. Қалайда соны құртып жеке өз үстемдігімді жүргізсе берсем» деу ғой баяғы. Анау да өз күшіне сенген мықты болса керек, мұны Омбыға кездесуге шақырыпты ғой. Не сен, не мен дейді ғой... Тайынатын Сәт пе, бес қаруын сайлап бір түнде аттанып кетті. - Сәтекеңді көргендер адамның алыбы деседі ғой. - Ойбуй, сұрама. Жұдырығы мына жетім қыздың басындай болар сірә. Саусақтары бір-бір діңгек қой. Содан Омбыда әлгі дәумен кездесіп, қала сыртында айқасса керек. Дәу Сәтті оңай ала алмасын сезіп құлдыққа барыпты. Айқасу үшін үшінші рет кездескенде жалдап алған біреулер ту сыртынан келіп атыпты. «Батыр бір оқтық» деген емес пе. Сәт кеткеннен кейін бір жетіден соң, таңертең ерте өріске сиыр айдайын деп шықсам қақпа аузында ала қоржын жатыр. Тани кеттім, өз қолымнан тоқыған қоржын. Сәт соңғы кеткенде ала кеткен. Жүрегім бір пәленің болғанын сезсе де, өзімді-өзім тоқтатып, қоржынды үйге алып ендім. Аузын ашсам, Сәттің кесілген басы... Сол арада не болғанымды білмеймін, талып қалыппын.... Кемпірдің қан-сөлсіз қатып қалған жүдеулі өлі жүзінен не реніштің, не өкініштің табын аңғармаған Бекен қатты күрсінді. - Иә, жеңгей, жауыздық әмәнда жауыздықты, қаталдық әмәнда қаталдықты тудырады ғой, - деді күбірлеп.
- *
Шойынбай араға үш күн салып бір-ақ оралды. Қапшыққа бұтарлап салып алған қой еті бар. – Бәке, Омбы түбінде бір жер бар еді, соған барып қайттым. О жақтың да жетісіп жатқаны шамалы екен. Сендей соғысқан біздің ағайын ... Мына жетімектің шешесі қалған рәзиеге де соқтым. Кезіксе ала келу ғой ойым. – Е, соныңды айтшы, жарқыным. Бір хабарын білсең етті, - деген Бекен анандай топырақ үстінде өзімен өзі болып отырған қыз балаға елжірей қарап еді. – Шешесін кезіктіре алмадым. Бірақ қолында жарты таба наны бар бір қазақ әйелінің рәзиезден төрт-бес шақырым бері теміржол бойында
өліп жатқан жерінен тауып әкеліп бетін топырақпен жасырғандардарын өз құлағыммен естідім. Жобасы мен таба нан берген сол әйел болу керек. – Иә, сол бейбақтың өзі болады. Баласын ала жөнелген составтың соңынан тұра жүгірген ғой. Тынысы жеткенше жүгірген де қалған болды ғой жол бойында, - деген Бекен ауыр күрсінді. - Мына жеркепені жақындатып тастаған екенсіңдер. Енді мен бір қимылдар көрейін, - деген шойын қара белуарға дейін шешініп тастап қолына сүймен алды. Жастілек Шойынбайдың жүн басқан бесіктей кеудесіне, бүлк-бүлк еткен білеу-білеу бұлшық еті сом тұлғасына қызыға қараған. Еңкіштеу біткен жауырын тұсындағы алақандай тыртықты да аңдап қалған. Тап-тақыр етіп шашын қырғызып тастаған сопақтау бас сүйегінің қарақұспен тұтаса біткен шүйдесінің сомдала өрілген бітімінен қуатты серіппедей іште бұғынып жатқан алапат күш сырын сезінген. Олпы-солпы киіммен жүргенде аңғарылмайтын кесек тұлғасы шешініп тастағанда, көз қызықтырып көңіл қуантарлық екен. – Пәлі, Шойынбай, тұлғаңа болайын. Тіфә, тіфә, тілім тасқа, - деген Бекен де шын сүйсініп, топырақ толтырған қол арбаны сүйрей жөнелген. – Өй, тұлғада не тұр, ағасы. Одан да мына жүректі айтсаңшы,- деген шойын қара да өзінде жоқ ерсі қылықпен жұдырығымен өз кеудесін өзі нұқып, мәз болып, ыржалақтап қалған. – Мына сүйменді бұрап тастайын ба, Жастілек. Кел, бәстесейік, - деді ожарланып. Балаша еліге қалған Жастілек те қарап тұрмай: - Неменеге бәстесеміз, - деп ынтыға қалды. - Егер мына темірді мойыныма салып майыстырып тастасам, екі күннен кейін менімен бір жаққа барасың. Ал .... – Қой, айналайын, қой, ондайды. Жастілек ешқайда бармайды. – Әкесі шошып кетті. – Несіне шошисыз. Зауытқа бір арба балшық тасымай-ақ сендерді асыраймын. О жағынан қам жеме. Бәке. - Ойбай-ау, онда бір қиырға кәрі шешеңді сүйретіп несіне келдің. Біз болсақ аштан өлеміз дедік. – Әй, Бәке-ай, баланың сөзін сөйлейсіз. Аштан қырылып жатқан елден не нәпақа таппақпын. Мықтылар құрықты алысқа сілтейді, тышқаншылағандар өз төңірегін ториды дегенді әкем айтатын. – Шойынбайдың ожарлана қатулана сілтеген сүймені кесек-кесек тоң топырақты опырып түсіре берген. - Шырағым-ай, ел басына түскен нәубеттен қалай тысқары қалмақсың... У ішсең еліңмен деген ,- деп Бәкең ренжіп-ақ қалып еді.
- Қойыңыз, ақсақал, - деді Шойынбай шатынап.- Әкем Сәт ешкімге бас имей өткен, мен де солаймын. Нәубет келсе сендерге келді, оған мені араластырма. Өкімет дедіңдер.... Қане сол жеткендерің. Осы жолда қан төктіңдер, байларыңды матап, орташаларынды отап құрдымға жібердіңдер. Сондағы тапқан рахаттарың осы ма. Одарыңа түкіргенім бар. Тамам елді сендей соғыстарын тентіретіп жібергендердің жетіскендеріңнен шығар. Ел аман, жұрт тынышта осыншама халықты қырғандарынды немен ақтайсындар. Осыншама xалықты қырғандарыңды немен ақтайсыңдар. - Жөн....жөн ғой ойың... Әйтпесе... Бірақ большевиктік партия.... - Әй, Бәке, ренжісең де айтайын, большевиксің бе, әлде басқасың ба, xалықты тоғытқан қойдай ажал аузына айдағандарың үшін күндердің күнінде жауап бересіңдер. Мынау өз ұлың Жастілек, мынау жетімек бала, тіпті қанды балақ менің алдымда да жауаптысыңдар. Тамағым тоқ, көйлегім көк болса біреу құрлы күнімді көрмес пе едім тыныш қана. Әкем Сәттің де жолы сәтті жол емес, ажал жолы. Бірақ тап қазір маған осыдан төте жол жоқ, таңдағаным да осы жол. Иесіз елді ажалға бостан бос жем еткенше күні ертең тірі қалар мен неге напақаламаймын. "Жығылғанға жұдырық" дейтін шығарсыңдар. Бізді кім жұдырықтамай жатыр. Қане, шыныңызды айтыңызшы, Бәке. Үндемейсіз... Өйткені айтарыңыз жоқ. Әне, солай... Азулы мен биліктілер ғана бұл нәубеттен тірі қалар, қалса. Ал анау Жастілегің де, ақжүрек өзің де мынау Енисейдің етегінде қаласыңдар көмусіз. Қатал заман қайыспас ерге, қабырғалы қайсарлыққа сын. Әлжуаз, нәуетектер нәубетіңнің еркек тоқтысы болып құрбандыққа шалына бермек... Шырағым-ай, заман қанша қатал болса да адам адам болып қалуы керек емес пе? - деп Бекең қарсы уәжге көшкен. -Адам, адамдық... пішту... - Шойынбай ызалана мырс етті. - Сүрткенім бар адамдығыңды... Мына жетімек қыздың өлген анасы, елінде аштан ақ сүйек болып қырылып жатқан қатын-балаң үшін қай адамдығың ара тұрмақ. Өлім мен өмір шайнасып жатқанда адамдықтың басын шатқаныңызға жол болсын, Бәке. Сөзіңіз көңілге қонбайды. Азуға азу, күшке күш, Бәке... Ол жоқ жерде өлеміз... Көмусіз қаламыз... Бұлардың жеркепенің ішіне еніп жайғасқаны сол еді. Ортасын тақтайлап бөлген қоржын үйдің төрінде Шойынбай, шешесі, жетімек қыз орналасты да, кіре беріс бөлмеге Жастілек әкесімен жайғасқан. Буржуйка аталатын темір пеш қос бөлменің бел ортасында күні-түні маздап тұрмақ. Қабырғалары ойып түсірілген жер болғанымен төбесі мен едені сүргіленбеген жас қарағай төселгеннен кәдімгідей адам паналар үй ыңғайына келіп-ақ қалған еді.
Буыншақ-түйіншектерін жайғастырып, көңілдері орныққан соң Бекең төргі үйдегілерді шайға шақырған. Дастарxанға сары майдай сақтап келген бірер уыс құрт-ірімшік шашылып, қарынның құрышында қалған бір кесе сары май, қоңыр биенің тұзға сақталған қазысы туралып қойылған. – Жеңгей, - деп бастады сөзін Бекең, - үш ұйықтасақ дәмдес боламыз деген ойда жоқ. Сәтекеңнің ұрпағымен бір жеркепенің астында отырмыз. Бұ да болса тағдырдың жазмышы. Бұл арада аз ба, көп пе, әйтеуір бірге болатын түріміз бар. Шырағым Шойынбай, мынау елден алып шыққан дәм еді. Алыңдар. Дәміміз елден бұйырсын,- деді сөз соңын зордың күшімен тауысып. – Иә, қайным, соны айт. Топырақ елден бұйырсын де. Бісмеллә.... Шойынбайдың шешесі ірімшікке қол созды. Жастілек мынау шашылып жатқан сары мейіз-ірімшік пен таңдайға кермек дәмімен жұғымды татыр ежігей құртқа қарап отырып туған анасын, інісі мен қарындастарын, бір қиырда қалған Жұлдыздыны есіне алды. Қайран анасының Құсмұрын биігіне көтерілгенге дейін есік алдында егіле қарап тұрған мүсәпір, кембағал қалпын ойға оралтты. Вагонда көрген түсі есіне түсіп, бір түрлі қамығып, жабырқап қалды. – Балам, ал, алып отыр, - деді әкесі. – Ой, осы балаңыз жасық па қалай өзі, – деп Шойынбай кекете күлді. – Қайтсын, оңай ма жас балаға, – деді шешесі тізесінде отырған қыздың алақанына ірімшік салып жатып. – Бәке, жаңа өзіңіз де айттыңыз, бір шаңырақтың астында боламыз деп. Әркім бұйырған дәмін бұйырған жерден таппақ. Ендеше мен қайда болайын, қайдан келейін, ешқандай сөз болмаса екен деймін. Жастілекті қасыма қоспағаннан кейін менің сізде, сіздің менде жұмысыңыз жоқ деп білемін. Менің тап мына нәубетіңізге пысқырмайтын түрім бар. Бар арманым мына шүйкедей шешем мен обалын көтеріп алған мына жетімек қарындасым аш-жалаңаш болмасын деу...Тапқан ырыздығымды адалдан деп, арамнан деп күстәналамаңдар,- деген шойын қара дастарxанға разылық ишарасын жасап, орнынан тұрған. –Айтпақшы, жол бойы менімен болып келген анау мыртық жуандарың Красноярдың бараxолкасында жүр. – Қой, әрі, біреудің күнәсін көтермей. – Бәкең кейін қалды. Шәріп одан не алсын. - Бәкең сенбейді маған. Иығына іліп алған үш-төрт пальтосы бар, сұңқылдап сауда сапырып жүр. Анада айттым емес пе, сен жұмыс істеп жарытпайсың, пайда іздеп келесің деп... Соным тура болды. Тфу, нәлет. – Иә, күнкөріс үшін кім не істемейді. Бәрі жоқшылықтан ғой...
– Ол Шәрібіңнің тоқшылықтағысы да сәл... Жұмыртқадан жүн қырыққаны аздай алаяқтан да мына біздің кәсібіміздің ғаділдігі мол. Күшің жетсе аласың, әйтпесе жоқ... Артты қыс та тыныш жүр. Ал ананікі, әй, қойшы соны... Сібірдің қақаған қысы жеркепе астындағыларға оңай болған жоқ. Әйтсе де кірпіш заводының тоқтамай үш сменамен өнім шығарып тұруы үзілмеді. "Красмаш" аталатын Сібір индустриясының алып ошағын салып жатқандар үшін аштықтан жер ауып келген жеті жүз қазақ жұмыскерлерінің маңдай теріне суарылған кірпіш аудай қажет еді. Содан да болар, бұлар үшін тамақ нормасы қыс айында үстемеленіп, күнделікті карточкаға нан, картоп, капустаға қосып жетісіне бірер кило ет пен бірнеше литр сүт босатылатын болған. Бүйір бұлтитар тамақтан таршылық көрмесе де, Жастілек үшін жұмыс тым ауыр еді. Әсіресе суық түсіп, жер тоңға айналғалы завод үшін құм мен балшық қазып алу қиындай түскен. Атам заманнан бері жұмыс істеп келе жатқан шөмішті жалғыз экскаватор суық қатайғаннан бері күркілдеп-зіркілдеп жиі тоқтап қалатынды шығарды. Сол кезде қайла, сүйменді жігіттерге күш түседі-ақ. Бірінен соң бірі салдырлап жетіп келіп тұратын вагонеткаларға сірескен тоң балшық пен құмды тиемен көкжұлып болып бітті. Бүгін де құм карьеріне түспек. Әкесінің қызуы көтеріліп жатып қалғанына да екі-үш күн болып еді. "Маған қарама, Шойынбайдың шешесі бар ғой қасымда. Не көрсең де, көппен бірге бол. Аз күнгі бейнет қой, тер буып жатса керек, маңдайым жіпсісе бәлкім қайтар..." деген әке сөзі үйде қалдырмаған. Кешкісін сүрініп-қабынып үйге оралғанда әкесінің төмендеп қалғанын көрді. Көздері ішіне түсіп, ұрты суалып-ақ қалған екен. Әуелден ашық жүзі одан әрі ашаң тартып, көзінің айналасы көгілжімденіп, еріндері іштен тепкен қызудан жарылып-жарылып кетіпті. Жастілек иығына ілген сулығын сілкіп, сыпырып іргеге лақтырып жіберді де әкесінің қасына тізе бүкті. - Қалайсыз, әке?- Кеудесінде жатқан әлсіз қолдарын көтеріп, тарам-тарам тарамыс саусақтарын сылай бастаған. Қызу алақанын қарығандай екен. - Өткен жетіде шеткі жеркепеде өлген қарға тұяқ қара шалдың сүйегіне түсіп едім. Сонда әлде неден... с - ссекем алып едім... Сол алып ұрдыау... Оңалмаспын... - Қойыңыз әке, ондай суық сөзді айта көрмеңіз. - Айттың не, айтпадың не, бір пәле жабысты... Әйтеуір... Қайран дүниеай, бұлай боларын білсем... - Әкесі басын бұрып теріс қарады. Қуарған жүзі дірілдеп, мұрт шалғысы жыбырлап кетіп еді, - Анаң да түсімнен
шықпай жүр. Шет жайлағаның жері, елге кел деп шақырады, бейбақ. Осыдан тұрып кетсем, шіркін. Әй, қайдам... Әкесінің көңіл-күйі құлазып, әріге құлап кеткенін Жастілек сезбеді емес, сезді. Бірақ әлі де күдерсіз емес еді «бәлкім бері қарап тұрып кетер» деген дәмелі көңіл жамандыққа аулақ-ты. Тұла бойын тандырға қақтағандай күйіп-жанып жатса да, әкесі нарлығына бағып назаланбаған. Төр алдында көлденең түсіп қимылсыз жатқан әкесінің жүзіне қарап отырып, Жастілек осы бір ет жүрегіне тым жақын, арқа сүйеп, пана тұтар тірек-күші санайтын адамнан өзі ес білгеннен бергі танып білген өмір жолына көңіл көзін жүгірткен.
Ұзын бойлы, еңсесін сәл еңкіштеу ұстайтын, шарасы кең нұрлы қой көзінен үнемі шуақ лебі есін тұратын, қияқ қою мұртты, ашаң өңді осы бір адам Жастілекке ауылдағы беделі биік, айтқан сөзі жерде қалмайтын қадірлі жандай әсер ететін. Өзінің осындай абыройы айбынды перзенті екендігін бертін келе ұғынғандықтан ба, әкесінің ығынан шықпай қатты сыйлайтын. Айтқаннан екі етпей, елпілдеп жүріп орындайтыны да содан болар.
Әкесі ұлы төңкеріс жылдарында жалтақтамай-ақ, жаңа қоғамның жалынан ұстап, соның жанашыр тілектесі ғана болып қоймай жер бөлу, елді ұйымдастыру, кәмпеске науқандарының бел ортасында жүрді. Атабай, Бақтыбай, Тәттібай аталатын үш аталы ел үш жаққа тартып, ырың-жырың басталғанда да ата-кеңдіксіз дегендерге басу айтып, жол сілтеушілер сапынан бұра тартпаған. Қазіргі Жұлдызды отырған Құсмұрып етегіне алғашқылардың бірі болып көшіп келіп, шымнан үй тұрғызды, басқаларды да осы араға ұйысып бас біріктіру үшін көп күш жұмсады. Теке тіреске түсіп, Сасық өзек пен Қасқыр қамағаннан шықпай жатып алған Бақтекең мен Татекеңнің бас көтерерлеріне де сан барып арағайындық адал әңгімесіп айтып, сан рет ренжіп те оралып жүрген. Содан артель құрылғанда бұл мал фермасын басқарды. Ортаға түскен қоғам малып шашау шығармай өсіріп, өндірсем деп жарғақ құлағы жастыққа тиді ме. Бар ғұмырын Нығметжан байдың қара қосын күзетумен өткен Аян шалды артель жылқысын бағуға үгіттеп, көндірген. Қоғам малы өз малымыз, көптің малы, ендеше дұрыстап бақ, төңкеріске дейін біреудің малын бағып опа таппасаң, енді еңбегіңнің жанатын тұсы келді деп дем берген. Алайда әке желпінісі болашақ күндерге деген жарқын сенімі бірақ күнде тасталқан болып күйрейді, енді қайтып жамалып жөнделмейді, қалпына келіп, аяғынан тік тұрып кетпейді деп кім ойлаған. Ол райзо басшысы бастап келіп тамам жылқыны қан жосадай қырып тастаған оқиғадан кейіп болған. - Жылқыны өрістен айдап, қотанға үйір!—деген бұйрық естілгеннен шырылдаған Бекен артель басқармасына:
- Ағасы-ау, бірдеңе десеңізші. Тамам жылқыны қырып тастап ертең не күн көреміз,—деген. Артель басқармасы қой аузынан шөп алмас ынжық, табанының бүрі жоқ, жалтақ адам еді. - Ойбай, Бекен, қой, үндеме. Үкіметтің өзі біледі не істесе де, —деп теріс айналған. Жез мұрты тікірейген райзо бастығына білген орысшасымен бірдеңе деп еді, анау қабанша арс етті де басып тастады. - Не твое собачье дело! Заразаны құрту керек, вот так! — деді. -
Бекенжан-ау, мынау не сұмдық. Обал-ай,—деп Аяп шал тұр құнанының жалын құшып жылап. Содан жылқыны ату басталған. Торсықты кереге басына іліп, жүген ұстап қалғап күннің ертеңіне бұл арыз беріп, ферма бригадирлігінен түскен де үйге келіп жатып алған. Сол күйзеліс ештеңеге мойын бұрғызбап еді. Әкесінің бір томырылып сынса, екінші қайтып бас көтеріп жөнделмесін сонда сезген Жастілек. Сол күйзелістің соңы ешкіммен ақылдастырмай, тіпті бірлі-жарым ағайынға да мойын бұрғызбай осынау қиырдан бірақ шығарды емес пе? Қайран әке, сонда кімге өкпелеп, кімді мұқатқысы келді екен. Әлде артель бастығының ынжық, қауқарсыз жасықтығына күйінді-мыс. Ол бейшарада не қауқар бар? Өмір бойғы көрген-білгені қой соңы болса, жарытып не билік айтып, қандай басшылық жасамақ. Әлде қанды қасап үстінде бейкүнә жануарларға өзінен басқа ара тұрар адамның ауылдастары арасынан таба алмағанына ренжіді ме екен? Болмаса шаш орнына бас алар әпербақан, қаталдық, жан жүрегін жаншып, үміт-сенімін талқандап кеткен шығар-ау?! Әйтеуір, осынау өмірге, өз ортасына, болып жатқан өзгеріс атаулыға өзеуремей, үздікпей, самарқау қалған бейтарап жанның халінде еді. Сол бір күйікті әсер аранын ашып келіп қалған аштық ызғарына қарсы тұрар қуат-күш таптыртпай, елден безінерлік жағдайға душар еткендігін Жастілек енді-енді сезінетіндей. Бірақ ол әкесінің жылқыны қырған қанды қасаптан кейін, ертеңіне-ақ ауданға барғанын, онда аудан басшыларымен үлкен сөзге келгенін, ақырында ондағылардың үкімет жүргізіп жатқан шараға кесе-көлденең тұратын сен кімсің, мұныңды қоймасаң жаңа қоғамға жау болып шығуың да мүмкін деп кемсіткен, өктем сөздерін естіп, мүлдем жүдеп, түңіліп келгендігінен хабарсыз еді. «Қайран әке, күнің не болар екен. Шынымен-ақ, туған жерден жырақта бір қиырда қалмақпысың», — деген күйікті ой бас көтерген кезде Жастілек не істерін білмей аласұрды. - Балам, басыңды азапқа салып... - Бекер-ақ маған ерген екенсің... Елде, анау шешең байғұстың қасында қалуың керек еді...
- О не дегеніңіз? Келгеніміз жөн болды емес пе? Жарты қаптай кепкен нан жинап қойдым. Сіз тәуір болсаңыз Бірге барып келмеймін бе? — Әй балам-ай, жарты қап қай жұмырға жұғын болсын. Алды қатты еді аштықтың. Сол пәле біздің Жұлдыздыға да жетті ме деп қорқам... Баяғыда әкей оба деген осылай жусатып салады деуші еді. Естимін, жеркепелерде жылау-сықтау көбейіп бара ма, қалай? — әкесі Жастілектің сынық жүзіне тіктей қадалып еді. - Мына балшық қазушылар бүгіннің өзінде екі бала, үш шал өлді десіп тұрды ғой. - Ойбай-ау, Красноярға барып дәрігер әкелу керек кой. Әй, сорлылар-ай, арам өлдіңдер ғой. Әлгі Шойынбайы түскір қайда екен? — Әкесі басын көтеруге әрекет жасап, ұмтыла беріп барып, қайра сылқ ете түсті. Жастілек жүгіріп далаға шықты. Кештете Красноярск қаласынан бір топ адам сау ете түсті. Араларындағы бірер дәрігер жеркепелердің жағдайымен танысып, антисанитария десті. Төсек тартқан бірнеше адамды қарап, оба індетінің басталғанын хабарлаған. Жастілектің әкесі де сол аурудың тұзағына ілігіпті. Ауру меңдеп, жайлап алған, дер кезінде неге көрсетілмеген деп кейістік білдірісті дәрігерлер. Сонымен жеркепе тұрғындары тағы да сеңдей сапырылысып, ию-қию болды да қалды. Бірнеше машинаға тиелген аурулар қалаға аттандырылды, ал аса ауырларына дәрі-дәрмек беріліп, жеркепеде қалдырылды. Солардың қатарында Бекен де бар еді. Шойынбайдың шешесі де ауруы жаңа білінгендер қатарында жылапсықтап кете барды. Жетімек қыз қоса кетті. Оны балалар үйіне тапсырамыз десті қаладан келгендер. Ауру шыққан бірнеше жеркепедегі адамдар көшіріліп, олардың қақпалары шегеленіп, бекітілді. Қандала, бүргеден тазартылып әктелген соң ғана кіруге болады деп әзірге карантин деп кетті. Мына келген індет жұқпалы, қауіпті дегендеріне қарамай, Жастілек әке қасынан кетпеді. Ертеңіне әкесінің қызуы бір сәтке қайтқандай еді. Ана жолғы Шойынбай әкелген қойдың қалған бір жілігін пісіріп, ыссы сорпасын әке аузына тосқан Жастілекте маза жоқ. - Мына пәле екі өкпеден алады екен. Қысқанда естен тандырады,—деген әкесі сорпаны бірер ұрттады да жастыққа қайра жатты. — Балам, құлақ сал. Мен олай-былай болып кетсем, бір күн де аялдамай есебіңді айырыс та елге жет... Анау қапшықтың түбінде апаңның бас орамалына оралғаң бір уыс... е-е-елдің топы-топырағы бар. Соны басыма жас-тар-сың... Соңғы сөздерін үзіп-үзіп зорға жеткізген әке үнсіз қалды. Жастілек әкесінің тарамыс саусақтарының сыртын сипап отырған күйі жанарынан тырс-тырс тамып кеткен жасына ие бола алмай, жас балаша ұзақ өксіді.
Әкесінің қызуы қайыра көтерілді. Танауы қусырылып, қос жанары ішке түсіп кеткендей әріден жылтырап, бір түрлі сұсты көрінген. Самайдан шып-шып білінген ащы тер жастығын дымдап, қатты қиналған. -Е-ел-ел-ге, ау-ау-ау-лға ж-ж-ет. Хо-о-ш-ш... Әкесінің иек қағуға ғана шамасы келді. Мына жалған дүниенің алмағайып толқынында аласұрып, шыбындай тірлік үшін басын тауға да, тасқа да соғып, одан да еш мархабат таппай, қаталдық пен сойқандық, озбырлықтың, темір тәлкек пен солақай әпербақан соққының әлегіне қарсы тұрар қайрат көрсете алмай қан жылаған, зар жылаған әкенің баласына сыры ашылып болмаған жұмбақ жүрегі тыншу алып тоқтаған еді. Жастілек әкесінің омырауына басын сүйеп таң атқанша жылады. ...Бис-смил-ла-ии рах-хмани ра-хим, ағу-з-зы бил-ла-ни... Ту алыстан құлағына күбірлей аят оқыған жарықшақ, қасаң дауыс естіледі. Күңгірт бөлме, қоңыр күй, қоңторғай тірлік аясында әке азасын көз жасымен суарып, көңіл қайғысымен тербеткен жаны жаралы жалғыз жігіт, оны қоршалай ортаға алысқан екі-үш шал отыр. Көз алды көлкілдей ісіп, миы солқылдай шағып, есеңгіреп, мүлдем мәңгіріп қалған Жастілек төңірегіне сүзілген. Күңгірт бөлме көлеңкесінде жақ жүндері үрпиіскен, көздері шүңірейіп ішке түсіп кеткен, ұрттары суалып, өздері жүдеу тартқан тірі аруақ екі-үш шал басқа түскен мына нәубетке бүтіндей мойынсұнған сыңаймен мүлгиді. Ортадағысының еріндері жыбырлайды. ...Бис-с-с-мил-ла-ии рах-х-хман рах-хим... Күбірлей оқылған аят сарыны жер астынан шыққандай тұншыға естіліп еді.
*** Қайран ауыл, туған ел, өсіп-өнген жер. Басыңнан нелер күйді кешсең де, перзентің үшін ет бауырын елжіретер анадай аяулы қалпыңмен қымбатсың-ау. «Дәміміз елден бұйырсын» деп отырар әке тілегінің үмітке толы сағынышы өзіңе деген перзенттік махаббаты емес деп кім айта алар. Әттең сол үміт, тілек орындалмай қор етті-ау. Әкей өзінің балалық, балапан шағын аса бір ыстық сезім иірімдеріне бойлай отырып еске алатындай еді. «Көктемде сонау Қылшақты өзенінің бойында Шарықтас жайлауында туыппын. Онда біздің ауылдың жаз бойғы ақ құйқалап шиырлайтын тұсы осы Шарықтас, ІІІолақ қайың, Кеңащы да, қыс қыстауы мынау шұбар іші - Табақ кескен, Аша кескен тоғайларының ит тұмсығы батпайтын қолтықтары болған ғой. Тамылжыған көктем, маужыраған жаз түні қандай еді, шіркін! Ерулескен ел тірлігінде оқшау оқиға да, аласапыран алып қашты дау-дамай да аз болатын. Мамыражай, марғау тірлік табиғаттың қайталап соғар рахат
қызығын тамсана тамашалау үшін ғана өмірге келгендей, өзінің шараналы сәби шағымен жан біткенді елтіте, еліктіре, таусылмас құмарға бөлер еді. Осы бір қаймағы бұзылмаған, тірлігіне береке тілер шалшауқандар пиғылында да, тай мініп қызды ауылды жағалаған боз бала жігіт көңілінде де алабүлік, ашкөздік, бір-бірінің етегінен тартып, топшыдан қағар ішмерез қызғаныш болушы ма еді?! Оқшау кетсе ошарылып келіп үлкендер алдына жүгінісер бақи салттың сетінемей сақталғандығынан ба, әйтеуір Бекеннің әкесі Жүніс, дуалы ауыз Бабаназар қарттардың жалғыз ауыз сөзін аттап шығынға шығып кеткендер болып па екен ел ішінде. Жоқ. Атай көрме, ондайды. Бәрін де дуалы ауыз ақсақалды қариялар, ақылгөй даналық алақанына салып, ақырмай өргізіп, айдамай жусата білген-ау. Иә, заман толқыны ұлы төңкерісті әкелді де «балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтіндей аласапыран басталып кетті. Осы кезде «менің атамның сенің атаңнан несі кем, бұл елге мен басшы болмағанда сенің кімің бар еді» дейтін кеудемсоқтар өре бас көтеріп, «өзімізге қараған» дейтіндерді жырып алып, қияс тартты. Ел бірлігі — халық тірлігі деген қараң қалып, өз басы, әрі кетсе төрт-бес үй өз жұрағатынан аспас жартыкеш қамқорсу, іштен ірітер ірің-кезек айтыс өршіген. Сонда да туған жерге деген ұлы сүйіспеншілік суымаған да, ортаймаған. Сөйтіп жүріп аждаһа аранды аштық нәубетіне ұшырадық. Елден безіп қашып келе жатқан сиқымыз мынау. Бірақ күндердің күнінде сол елге, өскен жерге қайтып барамыз. Өз үйінен өзі безінген ұлдарына кешірімділігі мол туған жер тағы да құрақ ұшып, құшақ жаяр ма екен? Жаяр-ау, көлдетіп көз жасын төгер-ау. «Кеше гөр, ұлым, басыңа түскен зобалаңнан құтқарып қала алмадым, ажалыңа араша тұра алмадым! - дер-ау. Сонда біз: «Уа, туған жер, сенің кешірім сұрар ретің жоқ. Береріңді ала алмаған, ақ мамаңды ретін тауып еме алмаған, бар кінә өзімізден. Қайта сен бізді кешір. Басыңа нәубет түнеп, алмағайып күн туғанда табан басып тұра алмай, тайғанақтық, жалтақтық, таныттық. Қу тірлікті қуалап қаңғып кеттік. Өлсек те, тірілсек те өзіңмен бірге болмадық!» деп еңірерміз-ау, еңірерміз». Әкесі ұлына осылай көп шертетін. Сөйткен бейнетқор, есіл әкесінің сүйегі бір қиырда қалды. Туған жерден өзіңмен бірге алып кеткенің жалғыз уыс топырақ қана болды-ау. Бір уыс топырақты қоржын түбіне неге салып сақтады екен. Әлде өлерін біліп салды ма екен, әлде туған жердің бір уыс топырағы болса да өзіммен бірге жүрсін, жаралы жанымды жұбатып, қансыраған жүрегіме қуат берсін деді ме екен? Жастілек Құсмұрын биігінде тұрып осылайша ой кешіп еді. "Әке, өзіңді бір қиырға тастап туған елге, ауылыма қайта оралып келіп тұрмын. Әне, ауылдың қараңдаған нобайы да көзге шалынды. Қазір, бірер
сағаттан соң, осыдан бір жыл бұрын өз соңымнан ерген қара жолмен ауылымның қотанына енемін. Алдымнан аңырап анам, шуласып іні, қарындастарым шыққанда не деймін?! Не деп ақталамын, жан әке... Сенің армандай асыл тілегің "туған елден дәміміз бұйырса" болып еді. Қандай өкінішті іс болды. Бәлкім осында, елде, ауылда қалғанда... Бірақ бәрі де бос сөз, жорамал, тұспал ғана ғой... Аруағыңның алдында антым сол – нелер зобалаң туса да, туған ауылдан ешқайда табан аудармаспын. Не көрсем де елмен, ауылыммен болармын-ау. Сенің атқармай кеткен ел алдындағы еңбегіңді, өз мойныма алармын әке». Құсмұрын биігіне қара жолды қуалап төмен түскен Жастілек иығына арта салған қапшығын жөндеп алып, ширақ жүріп кеткен. Әрі қуаныш, әрі қайғылы болатын болдыау мына кездесу. Өлі жүні сыпырылып, түлеп түсе бастаған арық малдай мына кең жазықтың ойдым-ойдым тұстарынан қар сілемі түгел кетіп болмаса да, қыр, қырат белдеу, белестер жоны дүркірей көтерілген жасыл желектен жұтаң өңірдің дидарына жылы шырай қосқандай екен. Көктемнің осы бір тұсында ауыл қарттары шуаққа арқаларын беріп есік алдында маужырасып отырса, жүрдек аяқ бала біткен қырға шығып кетер еді. Жалаңаяқтанып алып зыр жүгіріп, асыр салып ойнар еді, көкке аунап мәзмәйрам болысар еді. Ауыл келбеті Жастілекке біртүрлі сұсты, өлі тыныштық қалпымен ұшырасқан. Төңіректің қайта түлеп, жасарып, жаңғырып қалған мына кескінімен үйлесімі жоқ ауыл ұсқыны, мың құлпырған масаты кілемге жапсыра салған олақ жамаудай, біртүрлі көзге қораш шалынған. Әрбір үйдің алдында ойнақ салған жас төл, аңсырап қырға қарай жосылған иттер, өлі жүні түлеп болмаған сөреге сүйенген сиыр, торпақты қуалаған қу таяқ кемпір, шалдар, қотан құшағын күлкіге көмген балалар қарасы бұрынғы ауыл ажарындай жүрекке бір түрлі жақын емес пе еді. Солардың бәрі бұрын болмағандай, ұмыт елестей құм сіңді жоғалып қайда кеткен. Селт етіп есік алдына шыққан бір адам да көзге ілінбейді. Бұл кезде ел болып егін саламыз деп ауылдың тайлы-таяғы қалмай қырға — Ақдөңгіл үстіне шығып кететін. Бәлкім бәрі сонда жүр ме? Әйтсе де, бала-шаға ауыл қотанында болуы керек еді ғой. Жастілек ауылдың теріскей тұсындағы өз үйіне алып ұшып жеткенде есік-терезесінің шегелеулі тұрғанын көрді. Сағыныш іңкәрі алды-артына қаратпай жетіп келгенде, әлде қандай безбүйрек неме кеудесінен нұқып кейін серпіп жібергендей, шегіншектеп барып әлде неге отыра кетті. Енді байқады былтыр тап осы шірік дөңбекке әкесі отырып, бұған Сібірге кету жөніндегі өз шешімін айтып еді-ау. Иә, тап сол дөңбек. Шешесі неғып қыста отқа жақпады екен?
Бұл орнынан тұрып жан-жағына қаранды. Тырс еткен ешкім де байқалмайды. Бәрі ауылды тастап басқа жаққа көшіп кеткеннен сау ма, өздері? Тірі пенденің қалмағаны ма? Мүмкін емес. Жастілек ауылдың кіндік тұсындағы колхоз басқармасы орналасқан ағаш үйге келді. Маңдайшадағы қызыл жалау өңіп, тозып кеткен жырымжырым күйде көктем самалымен баяу желпінеді. Ол да мына тірліктен қажып, қалжырағандай Жастілекке бір түрлі суық әсер еткен. Кеңсеге кіргенде иықтарынан су кеткендей ұйлығысып, үнсіз отырған үш адамды көрді. Колхоз председателі отыратын сықырлауық орындықта бұған бейтаныс дөңгелек жүзді, қияқ мұртты, өткір жанарлы аққұба өңді басқа біреу отырған. Одан беріректе инеліктей имиіп қалған, дөңес қабағы астынан үнемі бұқпантайлап қарайтын, жылтыр қара Бекше мен бұғағы алқымын жауып кеткен, таңқы танау, бұжыр бетті, мес қарын Қыстау отыр. Үшеуі де үнсіз, үшеуі де күйзеліс үстінде сияқты. -Ассалаумағалейкум! - деген Жастілек жағалай қол беріп шықты да қабырғаға таяу тұрған орындыққа келіп жайғасты. - Ойбай ау, мынау Жастілек пе? -Ат-көлік аман келдің бе, шырақ? — десіп төменгі екеуі еңселерін езген күйзелісті серпіп тастағандай кәдімгідей елегізіп қалды. -Келдім ғой, ағалар. Бірақ әкей... Со-сонда... — Жастілек манадан бері қыстығып келген өксігін тоқтата алмай еңіреп қоя берген. -Е, жазған-ай, ақыры солай болды де. -Әжеке, мынау осы ауылдың Бекен деген азаматының баласы Жастілек қой. Марқұм адамзаттың қыңыры еді. Сол қыңырлықпен мал фермасын да тастап кеткен. Ақыры Сібір асып кетіп еді... - Қыстау төрде отырған адамға түсіндірген болды. -Е, ол сорлы сондай еді ғой. Қара жер хабар бермесін, — деп Бекше де қостап қойды. -Шырағым, жылама. Осындай бір зобалаңға тап болып тұрмыз. Мұндағылардың да көргенін адам басына бермесін, - деген жаңа басқарма орнынан тұрып, Жастілектің қасына келіп, иығына қолын салды. — Әкеңнің атына сырттай қанықпын, шырағым. Ауылдастарына қыңыр көрінгенімен аудандағылар ел қамын жеген адал азамат деп түсінетін. Иманы саламат болсын. - Күмілжіп барып іркіліп қалған да сөзін қайра жалғаған. — Ана жолы маңқа деп тамам жылқыны атқызғанда дабыл қағып осы Бекен марқұм ауданға келіп еді. -Ойпырмай деймін, ол да бір айта қаларлық заман еді ау,— деді Бекше жайбарақат. -Несін айтасың. Ақыры райзо бастығы да, біздің басқарма да бредитіл болып шығып, кетті ғой... Қыстау сөз аяғып жұтып қойды.
-Шырағым Жастілек, ел жұтаң, бас қаңғырып отырғанда тап болдың. - Осында түндіктері жабылып қалған да үйлер бар. Апаттан көп шаңырақты аман сақтап қала алмадық. Соның ішінде сенің үйің де сол халге душар болды... Жастілек кеңседен атып шығып, үйіне жүгірді. Босағаға сүйеп кеткен қапшығын бірер ит жұлмалап жатыр екен. Ішінде жыл бойы аузынан жырып жинаған наны мен анасы мен іні, қарындастарына барахолкадан сатып алған көйлек-көншектері бар болатын. Жігіт оған да қараған жок. Есік-терезесі көлденең шегеленген тақтайларды жұлып алып, үйге енді. Қара көлеңкелі үй ішінен салқын леп бетке ұрды. Кіре берістегі қақпағы төңкерілген қазандықтың күйелеш аузына сүйей салған көсеу, одан әріректегі жез самауыр, қабырғаға ілінген ағаш сөреге тізіліп қойылған шыныаяқ, кеселер мен жамаулы құман, кебеже, бәрі-бәрісін үй иесі жаңа ғана орынды-орнына қойып, тысқа шығып кеткендей әсер еткен. Төрге төселген алаша оң жақтағы әлеміш сандық, оның үстіне қаттап-қаттап жинаған көрпе, ағаш төсек пен сандық ортасындағы адалбақанға ілінген қаптал шапан, күпі мен балалардың тақия, қамзолшалары байқалады. Қабырғаға ілінген кілемше тұскиіз, әкесінің шолақ домбырасы, атасынан қалған саяткердің саптыаяқ, томаға, балдағы көзге жылы ұшырайды. Жастілектің зәре-құтын ұшырғаны төсек үстінде, іргеде бұрқырай шашылып жатқан құс жүні болатын. Енді аңғарды, құс жастық пен құс төсектер ақтарылып қалыпты. «Апырмау, бұларды кім бүйтіп ақтарып, шашып тастаған». Бұрқырай шашылған құс жүнімен араласып әкесінің жұлым-жұлымы шыққан түлкі тымағы мен елтірі бөркі жүр. Астары мен тыстары болмаса терілерінен сау тамтық жоқ, ойып-ойып, жұлып-жұлып тастапты. Бұрқыраған жүнді жиыстырып жүріп арасынан әкесінің сықырлауық қайың қабығынан нәл салдырып тіктірген саптама етігінің басы шықты. Әлдекім қонышын пышақпен кескендей ойып алыпты. Жастілектің ойына әлдене түскендей қазандыққа жүгірді. Қазанның қақпағын ашып еді, іркіліп қалған лай суда етіктің қонышы қалқып тұр екен. Кірсе-шықса, апа, нан, бір үзім нан деп зар еңіреген іні, қарындастары, оларға тіске басар ештеңе де тауып бере алмай кебеже түбіне әлсін-әлсін үңілген дәрменсіз анасы нендей күн кешіп, қандай зілзала қайғы-қасірет зарын татты екен. Қоңыр биенің еті, бірер пұт бидай таусылып отқа қарап қалған кезде аштықтан бұралып бастары ісіп жатқан балапандарының үстіне түскен сорлы жүрек нендей алданыш сөз айтып алдаркатты екен. «Әкең мен ағаң келеді, көп-көп қылып нан әкеледі. Сонда тойынғанша жейсіңдер. ал әзірге шыдаңдар,
шыбындарым» деді ме екен... Әлде уатарлық, жұбатарлық сөз таппай жылай берді ме екен, күңірене берді ме екен. Өзінің де әлі бітіп, күш-қуаты сарқылғанда барып төсек пен жастықтың жүнін ақтарып, қауырсынның сояу қаламшасын шайнап, талғажағау еткен ғой. Одан да аштықтан бұралған қу тәбет талғажау таба алмаған соң тымақ пен бөріктің елтірі терісіне ауыз салған, етіктің кең қонышына тісі батпай суға малып жемек болған-ау, жібітіп. О, зобалаң, о зауалды шақ. Лағнет атқыр қуарған аштық.
Беті-басы күлкілдей ісіп кеткен бейбақ аруақ бұрқыраған құс жүнінің ортасында малжаң-малжаң етіп, өзінің не істеп, не қойғанынан бейхабар есалаң, ессіз күйде отырған шығар-ау. Төңірегінде сұлап жатқан балапандарының жылауға да шамалары келмей ыңырсып жатып үзіліп кеткендерінен де хабарсыз есалаң күймен өзі де өткен ғой мына өксік өкінішті мол өмірден. Сібірге барар жол үстінде әлдилеген вагон ішінде әке тізесіне басын қойып ұйықтап жатқан көрген түсі тұла бойын түршіктіріп, иманын ұшырғандай еді. Сол түстің айна қатесіз келгенін көрмеймісің. Жастілек үйден есалаң адамдай ессіз, бар жан-дүниесі езіліп, іштей егіліп шыққан. Күннің нұрлы шуағын да, түстіктен, Құсмұрын баурайынан ескен жұмсақ самалын да, ауылдың қабырғалары ыржыңдаған бірер итінің қапшықты боршалап, ішіндегі кепкен нанды ырылдасып, қыңсыласып, таласа жеп жатқанын да сезген жоқ. Қатал қыс бойы ұйықтап барып жаңа ғана індерінен шыққан суырдай бірер түндік астынан бірін-бірі сүйемелдеп шығып келіп, мұның қайғысына ортақтастықтарын білдірісіп күбірлескен шал-шауқанды да аңғарған жоқ. Екі көзін қанды жас, көкірегін қайғы өрті тұмшалап алған Жастілек ауыл сыртына беттеген. Өшпеген, өлеусірей дірілдеген, болмашы сана сәулесі ауыл сыртындағы зиратқа бастаған. Көктем шуағымен буы бұрқырап жатқан жас қабірлердің бірінің етегіне тізесін бүккен қалпы топырағын құшып құлаған. Ағыл-тегіл жылағысы келген, бірақ көз шарасы құрғыры мөлтілдеп тұрса да, жас ыршытпай бақшиған да қалған. Көз жасы тереңде, жан сарайының түкпірінде жүрек ішінде қан сорғалата құйылып, ауық-ауық өкси ақтарылып кетіп жатыр еді. - Қалқам, анаң мен бауырларының қабірі басқа жерде. Бұл Әбду шалдікі... Әлдекімдер қолтықтап әкеліп тағы бір жас қабірдің басына тізе бүктірген.
Құлағына жарықшақ, қасаң дауыс естілді.
Ағ-ғу-ззы бил-ла-хи рах-хим... Тағы да аят, тағы да аза, тағы да өлім... Бүкіл ел болып аза тұтып аят оқып жатқандай әсер етіп еді Жастілекке.
- *
Түбі осы елдікі болғанымен ұзақ жылдар шетте болып, соңғы бірер жыл ауданда қызмет атқарған Әжібай Төлемісовтың Жұлдызды колхозына келген бірер айдағы көріп-білгені көңіл көпшіте қояр қуанышы аз, күйініші көп қайғылы оқиғалар болатын. Ажалды нәубет бұл ауылға қанды тырнағын батыра қоймады дегеннің өзінде он шақты түндіктің оты өшіп, шаңырағы күйреген еді. Әсіресе, бірер тұяқтың сүмесіне қарап отырған шал-шауқан, бас көтерері жоқ жалғызілікті адамдар жағынан шетінеп еді. Ал үш баламен қалған Жастілектің шешесі Қамардың көрген қоқайы алабөтен болатын. Бекен мен Жастілек кеткен күннің ертеңіне-ақ шатауат Бекше мен мал фермасының бастығы Қыстау кезек-кезек қырына алып, әңгіртаяқ ойнатып-ақ бағып еді. Сондағы айтатындары: «Күйеуінің бредител, әйтпесе ауданнан келген уәкіл биеңді ортаға сал дегенде неге көнбей, ұрлап сойып алады. Ол аздай колхозды тастап Сібір асып неге кетеді. Оған кім бербобайт болсын деді. Арғы атасы қажы, бергі атасы би болғандықтан, бұл да жаңа үкіметке іштей қас адам!». Оған көнетін Қамар ма, қолдан келмесе де тілден келеді, шайпау сөзбен біраз шайқасқан. Бірақ билік иелері илікпеді, сен шапылдап шыға берсең, былай дымыңды құртамыз деді де, бір күні екеулеп келіп кебеже түбіндегі қоңыр биенің қақтаған етін сыпырып-сиырып алды да кетті. Қамар жылап-еңіреп колхоз басқармасына барып еді, ол бейшара ынжықтығына бағып «мен не істейін, ет үкіметке де керек шығар» деп отыра берген. Үш баланы үйге қамап, мал фермасына жұмысқа барып еді, Қыстау қырыстанып «әртел мүшелеріне де жұмыс тауып бере алмай жатырмыз» деп шығарып салды. Сөйтіп жер дүниені жат қылып үйге келген Қамардың қалған күні шыбындай тірлік үшін күрес болды. Жалғыз әйелдің қолынан не келсін. Ақыры алғашқылардың бірі болып осы ауылда Бекеннің шаңырағы шетінеді. «Ел құлағы – елу», отыз екі тіске кім қақпақ қойып болады. Осынау кептің шет жағасын Жастілек ауылға келген күннің ертеңіне-ақ естіген. «Біздің шаңыраққа неге қиянат жасадыңдар» деп кімнің бетіңе салық етіп салады, кімге барып шағынады. Ауылдан ат жалын тартып мінген Қыстау мен Бекше ме мұның уәжін тыңдап солай болып қалып еді деп бас ұратын. Қайта өзіне бас салып жүндеп алмай ма. Сөйтеді. «Шешең мен бауырларыңды аясаң неге қастарында қалмадың» десе не демек. Көңілі суынып, осынау жалғаңда жалғыз өзі қалғанын енді-енді зерделеп, ұғынғаннан бері жас жігіттің егіліп, елжірей қалар қам көңілі түскірі өз-өзінен ширығып шымыр тартып, шамырқана бастағандай еді. Ендігі жерде нәуетек, босбелбеулікке орын жоқ. Шойынбай айтқандай
мына нәубетке қажымас қайратыңды қарсы қоймасаң қақыратып қабырғаңды сөгіп кетеді. Бейшара Шойынбай не тындырып жүр екен. «Шешейдің жағдайы ауыр. Олай-бұлай болып кетсе детдомдағы қарындасымды аламын да елге ораламын, өзіңе міндетті түрде соғамын» деп қалып еді мұны шығарып салып тұрып. Жігіттің сырттаны-ау, әттең жолы – ажал жолы, отпен ойнайтын ойранды жол-ау. Бір жетіден соң колхоз кеңсесіне барып еді Әжібай жылы қабақ танытып қарсы алған. - Ал, жігітім, көңілің орнығып, есіңді жисын деп мазалағанымыз жоқ. Өзің келіп қалған екенсің, ендеше шаруашылықтың бір жағынан шығыс. Көптің ішінде болсаң қайғыңнан да серпілесің,- деп бауырына тарта сөйлеген. - Өзім де сол оймен келдім, аға. Қазір жеке бастың мұңымен отыратын кез бе? Жастілек Әжібайдың жылы шырай, жатсынбай сөйлескен пиғылынан өзіне деген бауырмалдықты сезінгендей еді. - Олай болса мына көршілес Мешек-Қошай, Тоқ Қопа, Қабанбай елдеріне шығу керек. Артельден бөлінген көлікпен ауылдан азықтүлік жинап, соларға таратпаса тамам елден айырылып қалатын түріміз бар. Соған сен бас болсаң деп едім. - Сонда ол елдердің жағдайы бізден де төмен болғаны ма? - Облыстан шыққан комиссия солай деп бағалап отыр. өзім де кеше Қасқыр қамаған, Сасық өзекті төңіректеп отырып қалған ауылдарды аралап шығып едім, жағдайлары сұмдық ауыр екен. Жуа мен қымыздық теріп, ағаш кеміріп жатыр... Кейбір ауылда өліктің бетін жасырар пенде қалмаған. - Елдің осыншалықты күйзеліске түсу себебі неден деп ойлайсыз, аға? – Жастілек төрде ілулі тұрған Ленин мен Сталиннің портреттеріне көз қиығын тастаған. - Бәрі «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасынның кесірі де. Жоғарыдан бір ауыз сөз айтылса, төменгі бізге жеткенше мың құбылып, сан-саққа жүгіріп барып жететін әдеті емес пе. Оның үстіне басшыларға қалай жағамыз деп перегибке барған төменгі белсенділер де жоқ емес. «Ләппәй тақсырлап» қалған қазақтың шолақ белсенділері үшін бұл науқан жанын салып қимыл көрсететін, сөйтіп пысық атандыратын ойыншыққа айналып жүре берді ғой. - Сонда адам, ел тағдыры ойыншық болғаны ма? - Партия ұранын желеу етіп бетке ұстанып алып, басқалар не болса ол болсын, әйтеуірі өз абырой беделін биіктей берсе деген жерде ел, адам тағдыры ойыншық болмағанда қайтеді. Әжібай орнынан тұрып, ерсілі-қарсылы жүріп кетті.
- Қазақ белсенділерінің қайғысы да, танауынан әріні байқастамайтын қараңғылығы да осында жатыр ғой. Жастілек Тоқ Қопа, Мешек-Қошайдан қайғысына қайғы жамап қайтты. Әжібай шындығын айтыпты. Аштық зардабы бұл өңірге қаттырақ батқан түрі бар. Колхозға бірігуге әлі де ықыласы жоқ кейбір төрт-бес үйлеп оқшау отырғандар ақсүйек болып түгел қырылып қалыпты. Ауылдан жинап апарған бірер кеспек айран, екі-үш қап құртірімшікті пышақ үстінен бөліп бергенімен ындыны кеуіп, өзегі талған жұртқа жұғын болмасы белгілі еді. Сондықтан басқа бір шара керек болар. Жастілек осы ойын басқарма мүшелеріне мәлімдегенде Бекше салған жерден тулап шыға келген: - Оларға со керек. Артельге бірігіңдер дегенде көнді ме. МешекҚошайды былай қойғанда өзіміздің Бақтекең мен Татекең балалары қия тартып, қиғылықты әлі салып отыр емес пе. Аштық зардабын да солар тартып отыр. Іштерінде ел ірітетін бредитілдер бар. Әйтпесе... - Жә, Беке, ел қырылып жатқанда табалаудың жөні жоқ. Одан да қол ұшын берер өз қамымызды қарастыралық. - Әжібай ренжіп қалды. - Ақшасор ауылнайындағы алты ауылдың қайсысына пана болып жарытамыз. өзіміз де кебеже түбін қағып отырмыз. Қалған астықты егінге деп септік, - деп Қыстау сөзге араласты. – одан да ауданға, облысқа хабарлау керек. Олар несін бағып отыр осы. Бредитіліңнің көкесі соларда отырмасын. - Тек, үй сыртында адам бар, - деп Бекше сыбырлай сөйледі. - Менің де ойым осы еді. Біреуміз Ақшасорға барып ауданға телефон шалайық. Бәлкім өзім барып қайтармын, - деген Әжібай орнынан тұрды. – Беке, Қыстау, малды Ақсуға көшіруге тура келер. Суы бар, шөбі шүйгін дегендей. Ауылдан сиыр сауатын әйелдерді ұйымдастырып сол араға апарған жөн. Балаларын бірге ала барсың, көбік жаласа да аш болмайды ғой әйтеуірі. Ол үшін киіз үйлер керек болар. Ауыл үстін аққұйқа қылып шиырлатпай бір мезгіл тұяқты малдың өрісін кеңейткен дұрыс. - Сеператорды да көшіреміз бе? -Әрине, сол арада сүтті айырып, май шайқап, құрт, ірімшік қайнату керек. Майды мемлекетке, қалған өнімді елге еңбеккүнге қосып беруге болар. Астық алып, нанға аузымыз жеткенше өзек жалғай тұруға жарар. Ал Ақдөңгілдегі егінге күзетті күшейту керек. Осында жұмыс сұрап жүрген шал-шауқандар аз емес қой. Солардан бірер қос адам неге жібермеске. Жіберейік. Ал сен, Жастілек, менімен жүр. Ақшасорға барып қайтайық.
Әжібайдың осы елдің азаматы екендігін сырттай білгенімен Жастілектің жақын жүздесіп, сапарлас болуының реті енді ғана келген. Жұмыс үстінде ширақ, кесімді сөзін кешіктірмей айтатын бірбеткей, ел десе елпілдеп, елгезектік танытып тұратын мінезін танып қалған Жастілек жол-жөнекей Әжібай ағасының ақжарқын, әзілкеш, серілеу қылыған да аңдағандай еді. Мұның бала кезінде Әжібай шығарды дейтін бір шумақ, жарым шумақ өлеңдер ел ішінде жиі айтылатын. Әсіресе, ойын, той, қуаныш, қызық үстінде желөкпелі жастар жағы «Әжібайдың өлеңін неге айтпаймыз осы. Әлгі Нұрғасым құрдасының қасқыр аулаймыз деп аттанып барып, мына Ашакескенге қамаған жерінен айырылып қалғанын мысқылдап шығарған өлеңін қайсың білесің?» десіп гулесер еді. «Нұрғасым мен қасқырды айтады ғой, Әжекеңнің осы төңіректегі іске татыр жеңгелерін мақтап шығарған өлеңін айтсаңдаршы одан да» десіп тағы біреулері кимелейтін. Ондайда «Ойбай, көтек, мынау тыныш отырмай тағы несін шығарды. Масқара болмай тұрғанда кетейік бұл арадан», – деп жеңгейлер үй маңынан ығыса беретін. Әйелдер жағының өлеңдескенін қызық көре ме, ауылдың Еренғайып бастаған әншілері домбыраны кезектесе қақпақшылдап әкетіп, әуелетіп әнге басатын. Арқан ессе бос ескен, Құйрығымен жер тескен, Тілеген ағай қатыны-ай. Айран ұйытса іріткен, Тері илесе шіріткен, Ерден ағай қатыны-ай. Басы көкке қараған, Бауырынан жараған, Сүлеке ағай қатыны-ай. Қаптырмасы қабысқан, Қақпан белі жабысқан, Досжан ағай қатыны-ай. Қатыны-ай да қатыны-ай... - Ойбүй, мына неме масқара қылды-ау.. - Ойпырмай, қалай тауып айтқан десейші.. -Айтпа деймін, тура өздерін суреттеген де қойған – дескен көпшілік қыран-топан күлкіге батып, әйелдері әнге іліккен жігіттерді мысқылдасып мәре-сәре болысар еді. Іргеден сүзілген ауыл балалары ертеңіне есте қалған өлеңдерін қотанда шапқыласып жүріп әндететін. Сиырдың бұтында, ошақтың басында отырған әйелдер жағы балаларды үйлеп үйге қуып әлек. - Ой, шешек, зарламай кет әрі.
- Ойбай-ай, мына жүгірмек масқара қылды-ау тәмам елге. Ашу-зілі жоқ, әзіл-қалжыңы мол ел өмірінің сонау бір жарқын да думанды сәті Жастілек үшін қайта оралмас қуанышты күндердей тым қымбат еді-ау. Жол үстінде келе жатып осыны ойлады, қимас балалық күндерін сағынды. Қам көңілін сергіткендей әсермен әлдилеген сол кезеңнің куәсіндей есінде қалған бірер шумақ ойына оралды ма, манадан бері тарантаста үнсіз келе жатқан Жастілек мырс етіп, басын шайқады. Әжібай да тосыннан сөз бастап кетудің ретін таппай отырса керек бірден үйіріле кетті. - Неге күлдің? – деді жайдарылана жымиып. - Жәй әншейін, аға. Сіздің ертеректегі бірер өлеңіңіз есіме түсіп.. -Ә, өлең деймісің?.. О шіркін қалды ғой.. Өлең айтып, көңіл көтермегелі де талай айдың жүзі болды-ау шамасы. Өлең, өлең.. Осы ауыл шетінен ақын еді ғой. Сенің әкең Бекен марқұмның да бір қағары бар болатын. Анау Бекшеге зіркілдеп қоймаған соң шығарған бір ауыз өлеңі әлі есімде. - Сонда не депті? - Бекше деген қолына билік тисе елдің шығына мінін алатын сайтаны бар емес пе? Сенің әкеңе де таң атпай шөпке шық деп ат үстінен зіркілдемей ме.. Сонда әкең: Баратай әкең сенің пақыр еді, Иегіне түк бітпеген тақыр еді. Бұл күнде атқа мініп зіркілдейсің, Бұл да болса замана ақыры еді, - деген ғой. Әжібай әңгімесін одан әрі сабақтай түсіп барып атақты Кенже қарақшының төңірегінде біраз жайлардың сырын суыртпақтаған. Он алтынша жылғы дүрбелеңде алты ауыл бұл ел де елеңдесіп атқа қонған. Сондағы қол бастары Кенже. Дуанға барамыз, жел жағынан от қойып өртейміз дейді баяғы. Қаладан безіп шыққан патша солдатын сойылмен сылқитып сұлата бермек. Ал дуанды салып алған бір қап мысықпен өртемек. Құйрықтарына от байлап жіберген мысық далаға емес қалаға шабады, сөйтіп дуан орталығы түгел өртенбек олардың ойынша. Соғыстарының сиқы сондай. Кенженің өзі қолтоқпақтай ғана жылтыр қара жігіт. Иненің көзінен өтетін жылпос, аттың бауырында ойнатып нағыз циркач. Сойылгер, найзагер неме. Атқан оғын зая жібермейтін қолмергендігі де жоқ емес. Сол Кенже қолды бастап дуанға аттанғалы тұрғанда Қызылжардың атақты көпесі Исаков келе қалмай ма ауыл үстіне. Оның Бурабайда консерві зауыты бар, ал оған асатын қара жол біздің ауылдың үстінен өтеді. Исаковты көзіміз көрді, іркілдек жуан сары адам еді, өзі қазақшаға жорға. Ылғиына жабық фаэтонмен жүреді,
жеккені қос қара арғымақ болып келеді. Желігіп тұрған топқа әлде біреу «Исаков біздің бүлігімізді дуанға айтуға бара жатыр, дереу тоқтату керек»,- десе керек. Содан құдық басында ат суарып тұрған көпеске топ тартпа бас салсын. Онда баламыз, шуласып дүрмекті ауылдан ұзатып салдық. Сол жолда қанды қол Исаковты атқосшысымен өлтіріп, фаэтонға салып Мешек-Қошай асырып жіберген. Оның арты дүрбелеңге ұласты, ел бүлінді. Қызылжардан жазалаушы отряд ертіп көпестің әйелі шықсын. Жолшыбайғы елді сүзіп келіп тоқтағаны біздің ауыл болды. Ауыл үсті у да шу. Жұрт базардан алған самауыр, шәйнегіне, айна, тарағына дейін тыққыштап әлек болды. Исаковтың дүниесі демесін, десе құримыз ғой баяғы. Әй аңғалдық-ай... Әй қараңғылық-ай. – Жастілек басын шайқады. Содан ел қатты күйзелді, күні-түні зікір салып солдаттар жүр тіміскілеп. Қолдарына орыстікі деген зат түссе болды дедектетіп әйелге алып барады. Әйел «менің күйеуімдікі» десе, табан аузында атып тастайтындай зәре жоқ. Ай бойы ауыл үстіп ақ айран еткен тәлкектен құтыла алмасын білген ауыл ақсақалдарының көпес Кенженің қолынан өлді демеске шаралары қалмады. Оларға ұстататын Кенже ме. Сөйтіп жүргенде ауылда Байдолда деген қария қайтыс болды. өзінің Кенжемен көжетамырлығы бар досжар болып жүретін. Адам топырақты өлім, торқалы тойда ниеттестігін білдірмек қой. Елге келейін десе отряд жатыр сіресіп. Ақыры түнделетіп ауыл шетіндегі Байдолданың үйіне келген ғой. Қария өлерде саптамалы сары етігін Кенжеге бергейсің деп кемпіріне өсиеттесе керек қой. Етік болғанда да бір қаралық болса керек. Содан апыл-ғұпыл аят оқи бастаған Кенженің көзі сары етікті алдына еңгеріп салып қойған кемпірдің қимылын қоса бағып отырған ғой. Кемпір етікті қиғанымен ішіндегі өз қолынан тіккен байпағын қимаса керек, суырып алғалы жатыр дейді. Сонда Кенженің аят аяғын өлеңге бұрып: Дүниені бассамдағы жалпағынан, Қорқамын жандаралдың қалпағынан. Иманы Байдолланың кәміл болсын, Етікті айырмашы байпағынан, - әмин аллау әкбәр,- деп бетін сипапты. -Тіліңе шоқ түссін сенің!- деп сары етікті Кенженің алдына сырғыта салыпты. Әне, ақындық деген сол, - деген Әжібай сылқ-сылқ күліп Жастілекке қараған. - Ел ішінде сыр көп-ау өзі,- деген Жастілек те өзін жассынбай біраз әңгіменің басын қайырған ағасына ризалық көңілде қалып еді.
Ақшасордағы кеңес өкіметі де қарап отырмаса керек. Алты ауылға уәкілден уәкіл аттандырып, ел жағдайынан құлақтанып отыр екен. Шетіндегілердің есебі алынып, тірі қалғандарына ауыл үстінен жиналған азық үлестіріліп берілуде көрінеді. Дегенмен бұл аймақты жайлап алған аштықтың алды қатты, бел алып кеткенге ұқсайды. Алып отырған ақпарларға қарағанда қазаны төңкеріліп, түндігі жабылған шаңырақ, іргесі іріп, шаңырағы шайқалмаған ауыл жоқ тәрізді. Өзек жалғар талшық іздеп, тоз-тоз болып кеткен жұрттың төтеннен келген апатқа қарсы қайрат жұмсауға мұншалықты дәрменсіздігі Жастілекті қайран қалдырғандай еді. - Апырмай, елдің аяқ астынан осылайша күйзеліске түсіп, тоз-тозып шығады деп кім ойлаған. Төбеден жай түскендей болды-ау өзі,- деген Жастілек қайтар жолда ұнжырғасы түсіп, түнеріп кеткен Әжібайдан сыр тартпақ ниетпен оның жүзіне көз қиығын салып еді. Ауыр ойдан арыла алмай азап үстінде отырғандай ма қалай, Әжібай терең күрсініп басын шайқады. Сәлден соң барып әңгіме ыңғайына көшкен. - Мал тұяғының қимылын бағып, соның ығымен жүріп күн кешкен марғау ел тіршілік, сүйенішінен қол үзген соң, жағаға шығып қалған балықтай аласұрып, есалаң болды да қалды емес пе? - Тіпті іргеде отырған орыс мұжықтарының өзен, көлді сүзіп балық алып, жер шұқылап картоп, капуста өндіріп, өзек жалғар талғажау тауып жатқандарына да мойын бұрып қарамай, қасқырдан үріккен қойдай жосылып, шұбыра бергені несі. Ғасырлар бойы жүйе тартып, арна салып алған бұлақ екеш бұлақ та сол арнасынан аунап кетсе, суы құрдымға сіңіп жоғалмай ма, бәз баяғы мөлдір ағынынан адасып, сарқылып барып танбай ма? Мына халық та аттың жалы, түйенің қомында өтіп келген тірлігінен қол айырғанда-ақ өмірдің басқа кәсібі алдында тығырыққа тіреліп, үріккендей, тосылып қиналғандай еді. Оны судан сүзген балығын да жерден өнген шөп-шаламын да тәнті етпеген. Халықтың тап осы қасиетін өзіне сор етіп жұмсаған әлде кімдер жоғарыдан қаскөй елге әлі революцияның жетпепті кішігірім төңкеріс керек екен деп солақай пәлсапалап, соқыр ұранмен ұр да жық қимылға көшсе, елдің тозбағанда несі қалады, - деп барып тоқтаған Әжібай ат сауырына қамшы соқты...
- *
... Жастілекке артельдегі жастар ұйымын басқару жүктелгелі маза жоқ. Бүгін де ауыл үйді аралап жүр. Ықылас танытқан қыз-келіншектер болса Ақсуда отырған сауын басына апармақ. Артельге көршілес ауылдардан
иесіз қалған он шақты бас сауын сиыр әкелінгелі анадағы Әжібайдың нұсқауымен барып қалған адамдардың қол күші жетімсіз болып шықты. Таңертеңгісін басқарма мүшелері мемлекетке сүт, май тапсыру жоспарын большевиктер партиясының шақыруына орай ұлы мерекеге дейін орындап шығу үшін бар күшті жұмылдыру керек дескен бір ауызды ұйғарымға келген. Сонда Қыстау отырып «Ақсуда сауын сиырдың біразы сауылмайды, оны сауатын адам жоқ. Сеператор тартатын біздің әйел де қажып бітті.Екі иығы салдырап көтермей қалды, оны ауыстыратын біреу керек» деп бүйірден ұсыныс айтқан. Сол дүмпудің аяғы ауылда отырған қыз-келіншектер болса ұйымдастырып, сауын басына апару керекке тіреліп, оны орындау комсомол хатшысы Жастілекке жүктелген. Красноярдан оралғалы көрші қолаңға, адамдарды шетінеген бірер үйге кіріп шыққаны болмаса ауылды түгел аяқтамаған Жастілек осы жолы біраз шаңырактың есігін әдейілеп бүгін ашып еді. «Шықпа жаным шықпамен» отырған қоңторғай үйлер көп екен. Әдейілеп шайға қаратқан Мұхамеджан ақсақалдың үй тұрмысының жүдеулі халі жас жігітті жабырқатып-ақ тастағандай еді. Үй иесі атан түйені саздауыттан сүйреп шығарған алып адам еді. Осы төңіректің темір соғып, ағаштан арба, шана бұраған шебері де осы кісі болатын. Жасы ұлғая келе үйден шыға алмай отырып қалған жәйі бар. Жұрттың айтуына қарағанда екі аяғы денесін көтере алмай тізесі кілтілдей беріп барып, ақыры мүлдем шөктіріп тастаса керек. Олары рас та болар. Төр алдындағы ешкі терісінен тігілген бөстек үстінде төбедей болып отырған қалпымен-ақ тік тұрған Жастілектің иығымен таласып қалар тұлғасы тіктеп еңсе түзесе, мынау үйге тіреу боларын қапысыз аңдатқандай. Он бес, он алтылардағы жалғыз қызының қол күтіміне қарап қалса да, үсті-басы мұнтаздай, бурыл шалған сақал мұрты да бипаз қолдың табын көргендей Жастілекке жылы әсер қалдырған. - Отыр, шырақ. Қасыма кел. Мынау екі аяқтан сал боп қалғалы даланың жүзін көруден қалдық, - деген Мұхамеджан балуан саусақтарымен сақалын саумалап аз бөгелді. - Мына төтеннен келген апат елді күйзелтіп тұр-ау. Өзің де ата-анаңнан айырылып, басың қаралы, жаның жаралы болып отырсың. Заманның түзу кезінде қайғы да ортақ, қуаныш та ортақ емес пе еді. Қазір әркім өз күнін күйттеп, тұрымтай тұсына боп кетті ғой. Өзіңді әдейі шақырып бір шай-судан бере алмай ұятты едім. Дәм айдап өзің келе қалдың. Отыр, шай да болса ішіп кет. Одан басқа бізде не қауқар қалды. - Пейіліңізге алла разы болсын, ата.
- Осындағы анау қол тоқпақтай қыз болмаса, менің де күнім күн болмайтын еді. Тәңірдің мұнысына да шүкіршілік. Сақал-мұртымды да осы балам басып береді... Осы кезде жез самауырды көтеріп ашып, өңді қыз бала кірді үйге. - Сәлеметсіз бе, аға, - деген сыпайы үн Жастілектің құлағына біртүрлі жағымды естіліп еді. - Амансың ба, Күлпәш? - деген Жастілек те күлімсірей қарап қалған. Екі беті ду етіп қызара қалған жас қыз ауыз үйге шығып кетті. Осыдан бірер жыл бұрын көзге түсе бермес, тұлымы желпідеген кіпкішкентай неме еді, бойы сымға тартқандай тарала өсіп, құлын мүшесі айқындалып, көз қытықтар қалыпқа келіп қалған екен. - Осы бала ғой үйді үй етіп отырған. - Әке үнінде разылық сезім лебі есіп тұрғандай еді. - Ел тірлігі не болып жатыр? - деген үй иесі шай үстінде. - Ел күйзелісте. Мешін жылының соққысынан ес жиып болмай жатыр. - Иә, төтеннен келген ала қайғының азасы ұрпақтан-ұрпаққа кетердей болды ғой, қайдан ес жисын-ау. - Мұхамеджан терең күрсінді. - Мешек-Қошай іші қатты күйзелгенге ұқсайды. Шығын көп, ел тозып кеткен. - Е, олар әуелден жұтаңдау ел еді ғой. Оның үстіне ел қамын ойламаған жерде иесіздік иектемей ме, тәйірі. - Солай, ата... Әжібай аға келгелі ел еңсесін көтерсек пе деп жатырмыз. Мына Ақсуға сауын ұйымдастырып елге құрт-ірімшік, болса да берейік пе дейміз. Оның үстіне мемлекеттің сүт, майы тағы тұр. Соған сауыншы жетіспей үйді-үйді аралап жүргенім ғой. - Е, солай де...Онда Күлпәш барады да. Мынандай тұста бір жағынан шығыспаса бола ма. - Солайы солай ғой. Бірақ сізге қиын бола ма деп отырмын. Күлпәшті қинамаспыз, - деген Жастілек шай құйып беріп отырған жас қызға көз қиығын тастаған. - Тұра алмай қалғаным болмаса, масылдығым жоқ. Керек десең, құйрығыммен жорғалап тысқа да шығып кетемін, - деген үй иесі алып денесін селкілдете күліп алды. - Кешкісін келіп тұрса болды да. Қазақты шай өлтірген емес пе, күніне бір мезгіл ыстық су ішпесе бола ма. - Өздеріңіз келісіп шешерсіздер. Жастілек тағы да еріксіз қызға қарады. Күлпәш та жігіт қабағын аңдып отырса керек көз қиығымен жылы ұшырасып барып төмен қараған. - Пейіліңізге алла разы болсын. Мен жүрейін. - Әумин, алла акбар. Дастарханыңды жинай бер, балам. Мен өлі аруақтарға аят оқып жіберейін. - Мұхамеджан жеңіл сырғып шегіншектеп барып жүк төсекке арқасын бере отырған.
- * Ақсу аталатын шағын көлшік Мешек-Қошайға шығатын күре жолдың оң қапталындағы қалың қызылдың қолтығындағы тұйық су. Табаны құм-қайрақ болғандықтан да қой тоғытсаң да, лайланбай үнемі мөп-мөлдір болып жататындықтан да, Ақсу атанса керек. Іргелерін қалың қызылға сүйей тігілген екі киіз үй бұлаңдаған сағым ішінен қалқи бой көрсетіп қалып еді. -Келіп қалдық, - десіп шу ете түскен қыз-келіншектер көк өгіз жегілген көк арбадан секірісіп-секірісіп түсті де қамзол, көйлектерінің етектерін желпілдетіп жүгірісе жөнелген. Күлпәш болса, Жастілектің алдында бой сақтағандай тұра жүгіріскен топқа қосылмай арбамен қатарласып жаяу келеді. - Арбаға неге отырмадың, Күлпәш. Ақсуға дейін әлі біраз жер бар, - деген Жастілек шаңырақ мүйіз тарғыл егізді жондатып алып, қызға қараған. - О не дегеніңіз, аға. Несіне шаршайын? - Онда өзің біл, қалқам. «Қалқам». Қандай жақсы сөз еді. Күлпәш ашық өңді ақсары жігіттің жүдеулі өңіне, жеңі қырқыла бастаған көнетоз костюмінің сұрқына қарап, Жастілектің күтімі жоқ ауыр күйін іштей сезінгендей біртүрлі мұңайып қалған. «Әкесін бір қиырда қалдырып келгенде алдынан құрақ ұшып шығар анасы мен іні-қарындастары да болмады. Неткен қасірет еді. Соның бәрін бастан кешу оңай ма? Даңғарадай үйде жалғыз күңіреніп қалды ғой. Қасында мен болсам, тап мынандай жүдеулі күн кешпес едіау...» - Күлпәштің жаңа ғана желпіне қалған қуанышты көңіл-күйі су сепкендей басылып, жабырқап сала берген. Арбадан секіріп түскен Жастілек Күлпәшқа жадырай қарап: - Неге үндемей қалдың, Күлпәш? Әңгіме айтсаңшы, - деді. - Бізде не әңгіме болсын, аға, - деген Күлпәш ұяң жымиып үнсіз қалған, Жастілек жаңағысын жүгіре жөнеліскен қыз-келіншектерге қосылмай көк арбаның қасында қалуын жас қыздың әдептен озбай, ұяңдық танытқан қылығына жорыған. Әйтсе де «аға» деген үнінен өзіне еншілей, еркелей айтқан жаттығы жоқ жақын адамның жан жылуын қапысыз сезінгендей ме, қалай. Бұлар Ақсудың басына келгенде қыз-келіншектердің біразы көлге түсіп, бір-біріне су шашысып, мәре-сәре болып шуласып жатыр екен. - Қайным, кел бізбен бірге суға түс, - деген Айсұлу қашанғы әзілкеш қалпымен Жастілекке қол бұлғаған.
- Әй, тәте-ай, қырық күн қырғын болса да, әзіліңіз қалмайды-ау, - деген Күлпәш су жағасына жүгіре жөнелді де, Жастілек сеператордың бірқалыпты үні шыққан киіз үйге беттеді. Оң жақ босағада Қыстаудың әйелі Қатша сүт тартып отыр екен. Бұл кіріп келгенде біртүрлі ыңғайсызданып қипақтап қалып еді. - Есенсіз бе, жеңеше? Қатыш ернін сылп еткізді де, сеператор құлағын жұлқи бұрап отыра берген. Жастілек етжеңді сары әйелдің өңі күреңітіп шыға келген жүзіне біртүрлі таңырқай қарап аз-кем тоқталып еді. Көзі түскірі әйелдің құлағында дір-дір еткен ай сырғаларға еріксіз түскен. Тұла бойы шоқ қарып алғандай селк ете қалған жігіт шегіншектеп барып босағаға тірелген. «Апырау, мынау шешесінің алтын сырғалары ғой. Красноярға әкесі екеуі жүрерде бұған құлағынан ағытып бермеп пе еді. Бұл алмай азар да безер болғаны қайда. Марқұм шешесінен қалған мұра ғой. Менде сырға тағатын не сән қалды, бір жыртығыңа жарар, ала қой деп өксіп еді-ау. Сондағы ай сырға осы ғой. Басқа болуы мүмкін емес. Сол, тап сол... Анамнан қалған жалғыз мұра осы сырға... Анада жалғыз отырғанда іргеде тұратын сандықты ашып ақтарғаны қайда, сонда әкесі мен анасының көйлек-көншек, қамзолдарынан басқа қолына ештеңе ілікпеген еді ғой. Сырғаны іздейін деп іздеген жоқ, аттандырып саларда ең бір асыл затындай ұсынғандықтан, тағы бір қолына алып қарағысы келген, анасын сағынған көңілін жұбатқысы келген. Анда-санда бір жиын-тойларда болмаса, құлағына жиі тақпайтын ай сырға анасының аса қадірлейтін асыл бұйымындай сандық түбіндегі алақандай жібек шаршының үшкіл бұрышында ораулы жатпаушы ма еді. Сырғаны таққан шағында анасының тобылғы өңі одан әрі күреңіте толқып бір түрлі жарасымдылықпен көз қуантар еді. Осындайда әкесі марқұм: - О, біздің бәйбіше тойға жиналмаса нетті. Жол болсын, - дер еді сүйсіне жымиып. - Қайдағы той. Сәлік ағамның келіні босанып, соның шілдеханасына барғалы жиналғаным ғой, - деп ұяң жымиған анасы шай құйып беріп отырып, жез самауырға әлсін-әлсін көз қиығын тастайтын. Сөйтсе ай сырғалардың өзіне жараса қалған сәтін жез самауырдың бүйіріне түскен бейнесінен көріп іштей мәз болады екен-ау. Сондағы анасының көңілін қуантып, қоңыр тірліктің қоңырқай күйіне жылы шуағын төккен болмашы бұйым сары сабадай ірк-ірк еткен мына қатынның құлағына қайдан пайда болды екен?! Жастілек жаңсақ ойлап тұрмын ба деп Қатыштың құлағындағы сырғаларға тағы бір үңілген. Үңілген де түңілген. Тап сол сырғалар.
«Мынау сырғаларды қайдан алдың? - деп сұрау керек еді, бірақ сұрай алмады. Тілі таңдайына жабысып қалғандай үндемеді. Сол үндемеген күйі киіз үйден шықты да, Ақсудың басын күлкіге көміп жатқан қызкеліншектерге де, Күлпәшқа да қарамай көк арбаны ауылға бұрған. Сол күні кешкісін Жастілек Әжібайдың үйіне келген. Председательдің киіктің асығындай әдемі келіншегі Жәнипа табиғатындағы ақ көңіл қалпынан жазбай құрақ ұша қарсы алған. - Жастілекпісің, жаным-ау. Төрге шық. Аман жүрмісің. Беу-шіркінау... Ағаң да келіп қалар. Шай қойып жіберейін, - деп қоржын үйдің төріне мезгеген. - Рақмет, жеңеше. Маған осы арада болады ғой. Ауыз үйдің босағасына таяу жерде тұрған орындыққа отыра кетіп еді. Жәнипа жүгіріп келіп, қолтығына жармасты. - Ойбай, қайным-ау, мұның не? Жігіт адам босағада отыра ма екен. Төрге шық, - деп болмай төрге оздырған. Еңсесін көтертпей келген күні бойғы жайсыз сезімнен ада-күде арылып алмаса да, жеңгесінің өзімсініп, ақ көңілмен елпілдей қалған қылығынан жүрегіне жақын бір жылылық танығандай болған. Қоржын үйдің төргі бөлмесі өзінің тап-тұйнақтай жинақтылығымен көңілді баурап алғандай екен. Темір кереуеттің бас жағындағы шағын сөреде тұрған кітаптардың біразы арабша жазылғандықтан ба, түстеп тани алмаған. Әйтсе де құмарлық билеген Жастілек бір кітапты қолына алып аударып-төңкеріп қарай бастаған. Осы кезде бөлмеге Әжібай келіп кірген. - О, Жастілекпісің? Қалай, қыз-келіншектерді Ақсуға орналастырып оралдың ба? Жөн, жөн... Кәне, жүр, жеңгеңнің шайын ішіп отырып әңгімелесейік. Анау кітабыңды да ала жүр. Бұлар шайға отырған. Сап-сары ірімшік аралас туралған нан, сары май дастархан мәзірінің оңалып қалғанын байқатқандай ма, қалай, Әжібай әзілге шаптырып. - Жеңгең кебеже түбіндегісін тегіс шығарыпты ғой,-деді. - Дегенмен қазір отыз екінші жыл емес қой. Ел бүйірі бұлтиып, талғажау етер құрт-ірімшік болса да, жұрт аузына тиетін болды. Ақсудан ферма ашқанымызды аудандағылар да қостап жатыр. Артылған тағам болса Мешен-Қошай ішіне де таратып беріп жатқанымды ескерттім. Ендігі мәселе тағы бірер сепаратор машинасын алып, сауын көлемін ұлғайтсақ деген ұсынысымды да басшылардың алдына тарттым. Ту, Әжібай-ай, шай үстінде де шаруаң қалмайды-ау осы. Жастілекке шай ішкізбедің ғой. - Неге, ішіп отырмын,- деп Жастілек қысылып қалды.
- Жеңгең дұрыс айтады, шайдан алып отыр. Жалғыз үйде бабың да болмай жүр-ау осы сенің. Осы ауылда жөні түзу балалар бар емес пе? - деген Әжібай кесесін төңкеріп жатып. - Е, бәсе, манадан бері әңгімеңді осылай қарай дөңгелетпеймісің,- деген Жәнипа езу тартты. - Бұйырғаны болат та, аға. Жастілек мүдіріп барып үнсіз қалды. - Манағысын Ақсудан сұмдық көріп келдім, аға. - Жігіттің үні біртүрлі дірілдеп, тұншығып шықты. - Сұмдығы несі? -Тағы не боп қалды. - Әжібай пен Жәнипаның тіксіне қалған үндері жарыса шыққан. - Анау Қыстаудың әйелі Қатыш анамның сырғасын тағып алыпты. - Тек, не дейді, - Әжібай шегініп барып арқасымен қабырғаға тірелді. – Қателесіп жүрме. - Жоқ аға, несіне жаңылайын. Әкеммен Красноярға жүргенде марқұм алақаныма салып тұрып бір кәдеңе жарар деп өксіп еді ғой. Мен алмағам. Қайдан білейін, мен оралғанша ... бұлай боларын... - Жастілек өзін-өзі ұстай алмай солқылдап қоя берді. - Әй, жауыздар-ай. Бұлар ма бұлар сөйтеді. Біреудің қайғысы бұлар үшін түк емес. - Әжібай орнынан тұрып кеткен. - Ойпырмай, сұмдық-ай. Мал құлағы саңырау. Қалай ғана дәті барды екен,-деген Жәнипа Жастілектің маңдайынан иіскеп жұбатқан болды. - Қой сабыр сақта, жылама, қайным. Ертең ағаң бәрін де реттер. - Иә, сөйте ғой, бауырым. Күйінерлік іс болған соң жылайсың да. Әй, бұлар нағыз қарамай шелек, мерез құрт қой. Жүр төргі үйге барайық. Мына кітаптың кімдікі екенін білесің бе? - деген Әжібай орнынан тұрған Жастілектің қолтығынан алып қолындағы кітабын мегзеген. - Кешіріңіз аға, тіпті шыдай алмадым... - Ал мүдіріп барып: Ал мынау кітапты түстеп тани алмай тұрмын. Жобасы бір ақынның... - деген. - Иә, иә, дұрыс айтасың. Ақын болғанда да мынауский ақын. Мағжан Жұмабаев деген ағаңдікі бұл кітап.. - Ол кісінің атын көп естідік бала кезімізде. Бірақ соңғы кезде өзін, неге екенін қайдам, атамай жүр ғой. - Иә, атамай жүр. Бір рет айдауда да болып келді. Қазір мына Қызылжар маңында деп естимін. Жобасы тағы да мазалап жүрсе керек. Әй, қоймайды ғой, қоймайды. Өскенімізді көре алмайтын, асылымызды топайдан қағатын недеген сорлы болдық екен! - Әжібай бір түрлі мұңайып, қапаланғандай үнсіз қалып еді. Ендігі бір сәтте жүк үстінде сүйеулі тұрған қоңыр домбырасын алып шертіп-шертіп жіберді.
Жастілек Әжібайдың домбыра тартуын алғаш көруі еді, ағасының көздерін тарс жұмып алып, қос ішектің қоңыр әуенімен әлдилей тербеле толқып кеткен күйіне әрі таңырқап, әрі сүйсіне қарап қалған. Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, Сұм өмір абақты ғой саналыға. Қызыл тіл, қолым емес кісендеулі, Сондықтан жаным күйіп жанады да. Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң, Толғанып қарауым сол баяғыға. Түйіннің тоқсан түрлі шешімі бар, Әдемі ертегідей баяғыда. Әжібай осылай деп бастап алып ұзақ толғаған. Жастілек қоңыр үнмен қотарылған әдемі үнге, үнмен үйлесім тапқан сұлу әнге, әннің қадір-қасиетін биіктен биікке сатылай, самғата өрлетіп әкеткен ғажап сөз кестесіне елігіп, егіліп кеткен халде селт етпей отырып қалған екен. Толғау жас Ноянның ағасы батыр Баянның қолынан мерт болып, ат үстінен құлап түскен тұсына келгенде кілт үзіліп еді. Әжібайдың да ұзынсонар толғау-дастанды әрі қарай айтуға дәрменқуаты жетпегендей ме қалай, сол үнсіз қалпы бір қыдыру отырып қалған. Сәлден соң барып басын көтерді. Өткір жанарларын жас шылап тастаған екен. - Міне, Мағжан ағаң осылай деп толғайды, бауырым. Ғажап деген бір сөзге сыйдыра алармысың мұны. Жоқ, сыймас сірә. - Рас айтасыз, аға. Неткен ғажап еді. Өресі жеткенге қалай суреттеймін десе де тіліміздің қуаты жетіп жатыр екен-ау. - Иә, бауырым, солай. Әттең соның бағасын арттырып, қадірін ұғынбайтынымыз қайғы ғой. Ал енді өзіңнің оқуың керек. Тұрмыс түзеліп, ел ілгері озған сайын, қоғамның қадамымен қатар адамдар өздерің боласыңдар. Білімсіз ілгері жүре алмайсың. - Жөн ғой, аға. Мынандай шақта елдің бір жағынан шығысып өздеріңізге көмектессем дегенім ғой. Әйтпесе менде қаралайтын кімім қалды? – Жастілектің үні бір түрлі мұңайып шыққан. – Оқуым керек. Оқимын... Сол күні кешке Әжібай Ақан сері мен Біржан салдың, Үкілі Ыбырай мен өзінің бірсыпыра өлеңдерін айтып, Жастілектің жадау көңілін серпілтіп - ақ тастап еді. Келесі күні колхоз кеңсесінде үлкен шу болды. Кеңсеге кіргеннен-ақ қабағы түнеріп, терісіне сыймай отырған Қыстау Жастілектің жағасынан ала түсті. -Сен оңбаған боқмұрын, кімге жала жауып жүрсің? Кімді ұры атандырғың келеді әй, сенің? Колхоздан қашқан бредитілдің баласы
екеніңді ұмытпа. Кіммен ауыз жаласып жүргеніңді де білеміз, - деп біраз көпірді. Босағаға барып отыра қалған Жастілек теке көзденіп алған Қыстаудың әлем тапырақ жүзіне бір түрлі жиренішпен үнсіз қарап отыра берген. Шағын бөлмені ерсілі-қарсылы кезіп кеткен Қыстау қарсы қабырғаға маңдайын, артындағы қабырғаға желкесін соғардай екіленіпекіленіп барып зорға басылған. Езуіне жиылып қалған көбікті жеңімен сүртіп тастап орындыққа отырған. - Байқа бала. Атпен ойнаған ... әлгі немене еді... Құлынның аяғы сынар деген... Ұртыңның қанын жақпа, білдің бе. Алтын сырға дейді... Алтын сырға сенің шешеңе ғана бұйырып па екен? - Алдында жатқан есепшоттың тастарын ерсілі-қарсылы қағып-қағып жіберген. - Тоқтатыңыз енді. Ауыз өзімдікі деп оттай бермей! – Жастілек шыдай алмады. Қыстау атып тұрып мұның жанына жетіп келді. - Мұрныңды бет қып жіберейін бе, осы! - Тоқтат енді! – Бөлмеге кіріп келген Әжібай Қыстаудың иығынан сағымдай ұстап сілкіп-сілкіп жіберді. Қыстау иығын қиқаң еткізіп жұлқынып қалды да, шегіншектеп барып өз орындығына отыра кетті. - Ойбай-ау, қалай ғана тоқтатамыз, тапа-тал түсте күйдіріп жатса. Қатыш жылап келді емес пе, Ақсудан. Ұры атандырып.... - Жыласа көзі ақсын. Иесіз қалған үйдің мүлкіне қызыққанша тезек теріп кетсеңдерші, түгі. Ұят та, ар да жоқ сендерде. Ел жағасын ұстап, түңіліп отыр сендерден. Енді келіп судан тұнық, сүттен ақ бола қалыпсың. - Қой, қой, Әжібай.Үндемегенге иықтап барасың ғой өзің. Бредитілдің тұқымын несіне қорғайсың. Кеше ғана Бекен Красноярға мынаны ертіп алып қашып кетті емес пе. Ол аштықтан емес, колхоздан қашқан. - Өлген әкемде не құның бар? – Жастілек атып тұрды. Өліп жатқан шешемнің құлағындағы сырғасын алып не кәреге батам дедіңдер? Арсыз, ұятсыз... Жастілек жыламсырап бөлмеден шығып кетті. Осы бір қақтығыстың күні ертең өзіне де, Әжібайға да қара күйе болып жағыларын бұл әрине , білген жоқ еді.
- *
Жастілек Әжібай ағасы «оқы» деп берген Мағжан ақынның өлең кітабын сығырайған сықсима шамның түбінде құныға оқып отырған. ...Келші, көзім, күн нұрына көмейін, Сүйші, өлейін «неге өлейін» - демеймін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей, Жұлдыз – жүзік, Айды – алқа ғып берейін... Ақынның сүйгені кім болды екен. Мынандай сұлу жырды сұлу адамға арнар болар-ау. Ал менің сүйгенім бар ма, осы. Бар болса ол кім? Марқұм анам «сенің келін түсіріп, үй болғаныңды көрсем» деп іштей арманын соңғы кездерде естіртіп жиі айтушы еді. Сонда бұл «қойшы, апа, қайдағыны айтпай» деп қызарақтап төмен қарайтын. Әкесі екі иінін селкілдетіп рахаттана күліп отырып, «қой, шешесі, өз қолы өз аузына жетпей жатып келіннің басын несіне ауыртасың» дер еді. «Ойбай-ау, өз қолы өз аузына жетсін дегені несі. Мына көзіміздің тірісінде көрмеген қызықты қашан көрмекпіз? Келін алып қолымды жылы суға малам ба десем, о несі... Қазір жүріп-тұру да оңай емес маған, - деп дауласа қалатын. «Қойдық, батыр-екесі, қойдық. Балаңмен өзің ақылдас. Бізден қарсылық жоқ», - деп қисая кететін әкесі марқұм. Мынау үйдің осындай бір жарасымды әзіл күлкімен күмбірлеп тұрған кезі кеше ғана емес пе еді. Інісі мен қарындастарының тәтті қылықтары санасынан өше бастағандай ма қалай. Есіне түсіре алмай үзік -үзік елестердің басын құрсам деп ой сорабына түсіп кеткендей еді. Тыстан тықыр естілді. Жастілек селк ете түсті. Орнынан атып тұрып терезеге үңілді. Арғы жақтан терезе әйнегіне жабысып ұсқыны жан шошырлық қара албасты бұған тесірейе қарап қалыпты. Жастілек үстіне әлдекім суық су құйып жібергендей шошынып, кейін шегінді. Қара албастының түсі жылып, күрек тістерін ақситып ыржиғандай болды. - Ой, ой, мынау Шойынбай ғой. Ту, зәрем зәр түбіне кетті ғой өзі. Бұл қайдан жүр? – Жастілек тысқа жүгіре шықты. Еден орнына төселген көтерме сәкінің шетіне отыра кеткен Шойынбай: - Ту, әкесінің, зорға жеттім ғой, - деп қонышын шаң басып, шұлығына батпақ баттасқан етіктерін сыпырып алып босағаға лақтырды. Шамның күйелеш пілтесін тазартып, көтергендікі ме үй ішінің қара көлеңке реңі манағыдай емес жарқырап, өткір сәуле қуыс-қуысқа тығылған қараңғылықты серпіп жібергендей екен. - Мен келіп үйіңді жарқыратып жібердім ғой өзі. – Шойынбай қарқылдай күліп орнынан тұрды да, төрге озып барып бөстекке келіп отырды. Жастілек тар жолда табысқан жолдасының сақал-мұрты өскен жүдеулі жүзіне, еңсесі түсіп кеткен нар тұлғасына бір түрлі аянышты қалыппен қадалған. «Бұған да кешегі нәубет оңай соқпаған ғой». - Иә, Шөке, жол болсын. Келе жатырмын деп хабар берсең ғой, қамсыз отырмас едім - деген Жастілек төр алдында өңкиіп отырған жолаушыға күлімсірей қарады.
- Пәлі, айтасың-ау сен де. Құйрығына шала байлап жүріп саған қарсы ал деп хабар салсам-ау. Сталиннің қарғыбау таққан салпаңқұлақтары ұстап алып жанымды жәннамға жіберсін дейсің ғой. - Шаласы несі. - Сонау Красноярдан су шықты деп отырмысың. Үкіметтің құрығы ұзын емес пе, ол жерде де тыншу болмады. Соныма ізшіл иттей түсіп берді емес пе. Содан детдомдағы қарындасыммен де қоштаса алмай бермен қарай зыттым. Қарағанды аспақпын. Реті келсе, жер астына түсем, шахтер болам. Бәрінен түңілдім, адыра қалсын, әкесінің .. Қажыдым, Жастілек. Нанасың ба соныма... - Ойбай-ау, нанбағанда... Дұрыс болған, Шөке. Баяғыдан солай істеуің керек еді. Тіпті жаздым-жаңылдым деп барсаң кешпес пе еді. - Баяғыдан... Қайдан кешсін. Үкімет деп өбектегендердің өзін танаудан тізіп әкетіп жатқанда маған не қылған кешірім. Бұл отыз екінің аштығы емес, отыз жетінің қанды қасабы емес пе. - Тек, олай деме. Саясат қайда, сен қайда. Сенің жөнің бөлек. Халық жауы, шпион дегендердің қаптап кетті десіп жүр ғой. Солармен күрес қой бұл. Әйтпесе жау, шпион неңді алғаны сенің. -Ой, оттайсың сен де... Қайдағы жау, қайдағы шпион. Қорыққанға қос көрінеді деп, бәрінікі далбаса. Әйтпесе елдің бәрі жау болса үкіметіңнің баяғыда-ақ төрт аяғы аспаннан келмей ме. Саясат-маясатына түкіргенім бар. Бірақ беталыстары өткен аштықтан да сұрапыл ма деп қалдым. – Шойынбай кәдімгідей тұнжырап, үнсіз қалды. – Сібірің қаптаған түрме, құрулы дарға толып кетті. Біз сияқтыларға басар орын қалмады. Осыдан бес жыл бұрын алдында лаулап от тұрса да, тайынбай түсіп кететін Шойынбайдың мына кейпі Жастілекке де ой салғандай еді. Бірақ мұның ауылы ондай ала топалаңнан әзірше тыныш емес пе. Әзірше .. Шынында да әзірше ме.. Әлде бұларға да топалаң келе ме. Жоқ, ол мүмкін емес. Ат жалын тартып мінген Әжібайға тырнақ астынан кір іздегендердің өзі де шаң жұқтыра алмас. Не деп қаралайды. Күні-түні ол ел деп, колхоз деп көбік тақым болып шауып жүргені. Аудандағылар да Әжібай Төлемісов молодец десіп отыр емес пе. Нағыз коммунист, патриот дейді бәрі де. Айналайын ағатайымның абыройы арта берсін. Өзі ше... Қой әрі, шаруашылыққа жаңа ғана араласып, оңы мен солын әлі танып үлгермеген сарыауыз емес пе. Ықылас-ниеті Әжібай ағасына ұқсау, соның тапсырмасын қалт жібермей орындау ғана. Қызылжарға оқуға барасың дегеннен бері мазасы жоқ. Дұрыс оқып кете алсам, Әжібай ағасын ұятқа қалдырмай елге мұғалім болып оралсам дейді. - Жә, өзің не тірлікте жүрсің? – Ойы үйіліп кеткен Жастілек селк ете түсті. - Колхозда комсомол ұясын басқарамын.
- Пәлі, нағыз белсендінің өзімін десейші. НКВД-іңе ұстап бермеймісің ей өзің? - Тек, Шөке, оның не? - Жә, жә, ойнап айтамын. Сырыңды білемін ғой. Өзім де көп жатпаспын. Жол-жөнекей басына түскен қайғыңнан да хабарланып едім. Ауыр-ақ болған екен, амал не. Ақыры қайырын тіле. Атаңа нәлеттер елдің түтетүтесін шығарды ғой. - Иә, Шөке, ел қатты күйзеліп, тұралап қалды ғой. Кәне, қол жуып, шайға отырайық. Бойдақ қолынан да бір дәм тат. - Оттапсың. Бойдақтық та өнер болып па. Өнер алды қатын алып, бала сүю емес пе? - Реті болмай тұр ғой, Шөке. Алдымен оқып алсам ба деймін. - Е, оқы, оқы. Біз оқып болғанбыз. Дастархан басына келіп отырған Шойынбай жамбастай қисая беріп: - Анау дорбаны бері тасташы, - деді босағада жатқан қапшық тұсқа иек көтеріп. - Бөрі азығы жолда деп ... Омбыдан бірдеңе іліккен сияқты еді. Сенің де шекең шылқып отырмаған көрінеді. Көк тақым кәмсәмөл. – Шойынбай қапшықтың аузын ашып жеңді білектей сарыала қазыны суырып алып, дастарханға тастай салды. Одан соң төрт қырлы шөлмекті суырды. – Соңғы кезде жан күйігімді осы неме ғой басып жүрген. Кәне, кесеңді бері жылжыт. Шәйіңді қоя тұр. – Бұрандасын ашқан шөлмектің тұмсығын кесеге төндірді. Лық-лық етіп құйылған көгілдір сұйықтың ащы иісі кеңсірік шертті. - Ту, жарықтық-ай, иісі анадайдан қолқа қабады. Кәне кел, аман болайық. – Шойынбай мөймілдеген арақ толы кесені басына бірақ төңкерді. Екі көзін тарс жұмып, әлім берім шоқпар басындай жұдырығын танауына тақап отырып қалды. Тарс жұмған көзін сәлден соң барып ашты да, Жастілекке ежірейе қадалды. - Неге ішпейсің-ей, кәмсәмөл. Әлде мені мас қылып ұстап бергелі отырмысың? - Ту, Шөкесі, мұның не? Маған сенбесең неге келдің? – Жастілек шынымен-ақ ренжіп қалып еді. Алдында тұрған кесені қолына алып сұйықты қалай сіміріп-сіміріп жібергенін де аңғармай қалды. - Ойбай-ау, мынауың у ғой. Өртеп кетті... - Солай ма, қазір өртесе, біраздан соң жаның рахатқа батады. Сайтанның сідігі емес пе. Ха-ха-ха... - Тек, ішіп отырған тағамды о не дегенің... Сідікке теңеп... - Тапқан екенсің тағамды. – Шойынбай дастархан үстіне еңсеріле төніп келіп, қазыны білемдеп бөліп-бөліп тастады да қолында қалған тұтамды аузына аттандырды. – Екеу болсын, тағы бірден алып қояйық.
- Тек, енді ішпеймін. Басым айналып әкетіп барады-деп Жастілек шегіншектей берген. -Қой әй, шегінбе. Шойынбай күнде келе берер деймісің. Ішіп қой. Сосын зорлық жоқ. – Көк шөлмектің тұмсығы кеселерге тағы да ентелей төне қалған еді. Жастілектің бойы дел-сал рахат сезімге бөленгендей жайылып сала берген. Көңілінің босағаны ма. Шойынбайды құшақтап, бетінен сүйгісі, мұның шағып жылағысы келді. Әй, Шөке-ай, ит өмір қыласысын қылып тұр ғой. Бір әулеттен состиып жалғыз қаламын деп кім ойлапты. Ауылдан кеткеніміз бекер болды, бекер... Әйәкей-ай, иттерге өкпелеймін деп... Адамдардың жауыздығы деген шексіз бе деймін, Шөке. -Дұрыс айтасың, қасқыр да бір, адам да бір. Сондықтан былжырай бермей шира. Әйтпесе әлділер екі толғап бірақ қылғытады. - Жоқ, Шөке, қылғымайды, қылғытпаймын. Көрсетем мен оларға. Кімді басынып, кімді қорлайды? Осында бір қатын шешемнің ай сырғасын тағып алып ... өй иттер... -Ол қай қатын-ей, көзіме көрсетші өзін, құлақ-мұлағымен кесіп әкелейін шешеңнің сырғасын. – Шойынбай қапшықтан пышақты суырып алып дастарханның ортасына кірш еткізіп қадады. Қалғып-шұлғып отырған Жастілек селк ете қалды. - Тек, Шөке, ойбай, пәлеңнен аулақ. Сырғаға бола кісі өлтірмекпісің. – Жастілек сықсима шамның әлсіз сәулесі жүзінде ойнаған мүйіз сапты қайқы пышаққа шошына қарады. - Әй, Шөке, мынау пәлеңді татуым осы еді, у екен. Қалжырап қалдым. Мен жатайын. Қалған әңгімені ертең айтармыз. – Жастілек іргеге сырғып барды да қисая кеткен. - Жат, демал. Сенің де көрмегенің жоқ екен, бейбақ. - Шойынбай дастарханның бір бұрышын бүктеп ішілмеген тағамның үстін жапты да бауырындағы умаждалған жастықты іргеге тастап қисайғаны сол еді, қор ете түскен. Әлден уақытта әлде неден секем алғандай шошып оянған. Түсі қашып сан жортқан әккі емес пе, қанша қажып келсе де тақыс сезім сергектікпен селк еткізген. Үй ішінде біреу жүрген тәрізді ме сәкі сықырлағандай болды. Іштен тынып үнсіз жатқан Шойынбай жастық астына қолын жүгіртіп пышақты еппен суырып алды. Қанша тесірейе қарағанымен басыр қараңғылықтан ештеңені ажыратар болмаған. Дегенмен әлдекімнің қол созым жерде тұрғанын қапысыз сезінген еді. Бір кезде сереңке жарқ ете қалды. Осы сәтті күтіп жатқандай Шойынбай да өкіре ақырып орнынан серіппеше атылған. - Ой әкеңнің, қарақшымысың.. Қаныңды ішейін.
-Ах! – Шошынған дауыс оқыс естілді де есікті теуіп ашқан әлдекім тысқа ата жөнелді. Шойынбай да ілесе шықпақ еді, еңгезердей неме есіктің маңдайшасына маңдайы сарт етіп соғылды да шегіншектеп барып шөкелеп отыра кеткен. Маңдайынан тиген қатты соққыдан мәңгіріп қалса керек орнынан атып тұрып маңы сипалақтап жүріп мұның қасына келген Жастілекті де аңдай алмап еді. - Шөке, не болды. Кіммен төбелесіп жүрсің. Ұры ма? Атаңның басы, ұры. Сенің неменеңді ұрламақ. Дәуде болса, менің ізіме түскен біреу болды. Мына маңдайшаң болмағанда кеңірдегін суырып алатын едім. Қап, әттеген-ай, қолыма түспей кетті-ау! – Орнынан атып тұрған Шойынбай қараңғыда шашылып қалған киімдерін тауып алып апыл-ғұпыл киіне бастады. - Шөкесі-ау, қайда асықтың? Таң атсын да. - Жоқ, қараны батыру керек. Түн жамылып келгені тегін келіс емес. Бізді аңдыған біреу бар. - Ойбай-ау, бізде несі бар. Аңдығаны несі? - Несі дерің бар ма? Бірінің артын бірі түрткілеп жүрген қазақтан несі бар дерің бар ма? Пәле, пәле іздейді де. - Қой, біздің елде ондай сұмдар жоқ. -Оттапсың. Ал, сөзді қой енді! Мен кеттім! Есігіңді бекітіп ал. Енді кездесеміз бе жоқ па, хош! Дәм-тұзыңа алла разы болсын, бауырым. Былжырамай шира былай! – Шойынбай Жастілекті қапсыра қысып бауырына басты. Жас жігіт қимас туысынан мәңгілікке айырылып тұрғандай көңілі босап, көзіне жас алды. - Тәйт әрі, жылағаны несі! Аман-есен Қарағандыға жетіп, жер астына бір түссем, Шойынбайдың кім екендігін бұларға танытамын, әлі. Өзің сақтанғайсың. Аулыңда дұшпаның бар ма деп қалдым. Қолыма түспей кетті-ау, әттең.. Әлде менің соңыма түскен біреу ме екен... Ал, хош! – Ширақ адымдап тысқа беттеген Шойынбай мысықтабан майда жүріспен үйді айнала беріп қараңғылық қойнына сіңіп жоқ болған. Жастілек қас қағым сәтте не болып, не қойғанынан хабарсыз күйде есік алдында аңтарылып қала берді.
- * Колхоз кеңсесінен Қыстаудың қаны қатып шыққан. «Қалған ғұмырым сендермен болсын. Өлсем екі қолым жағаларыңда кетер. Білеміз, бәрін де білеміз... Халықтың жауы деп бір емес, екі рет ұсталған Жұмабаев деген ақынның кітабын құрандай басыңа жастап жататыныңды да білеміз. Соңынан ерген күшік Жастілектің де қылмысы толып жатыр. Кеше ғана милицияға ұстатпай қашып жүрген банданы үйіне әкеліп жасырды, түні бойы арақ ішіп алып үкіметке қарсы айтпағандары жоқ. Өзімде бар,
ауданнан милиция әкеліп, үстерінен түсіруім керек еді. Бірақ бұлтартпайтын факті бар қолда. Оның үстіне әкесі Бекен әуелден колхозға қаны қас екенін бүкіл ел біледі емес пе. Сонау бір жылы райзо бастығының жағасынан алып тілдеген де осы Бекен емес пе еді. Содан Красноярға қашып барып өлді ғой. Сондай әкеден тәрбие алған Жастілек не оңдырады. Шешесінің сырғасын ұрлап алыпты деп елді алатайдай бүлдіріп жүргені мынау». Инеліктей имиген қатпа денесін ұстай алмай қалш-қалш еткен Қыстау үйіне жеткенше осы бір ойларын сан рет қайталап шегелеумен болған. Қағазға да шашу шығармай дәл осылай деп түсірсе, Әжібайдың да, анау күшік Жастілектің де жаннамнан бірақ шықпай ма. Шығады. Қатыш қол қойса, сосын... Сосын Бекшеге қол қойдыру керек. Үш қол – үш куә, бұлтартпайды. Оның да Әжібайдың да алдына ашық түспесе де, жек көрер ішкі есебі бар. Анада «есеп-қисап жұмысын ендігі жерде бетімен жіберсең орынды босат» дегеннен бері атарға оғы жоқ. Арыз жазып апарсам, қолы дірілдемей-ақ қоя салары кәміл. Үйге келісімен сандық түбін ақтарып бір бума қағазды алып шығып дөңгелек стол басына келіп отырды. Қалтасынан жалап-жалап дауыр еткен сия қарындашын суырып алып қағазға төнді. Ауыз үйге жүрген Қатыштың аяқ тықырын естіп басын қағаздан көтеріп алып: - Жап анау есігіңді, - деп ақырып қалды. - Осы сенен-ақ өлетін болдым. Байға тиетіндей жасанып... Құлағына сырға тағып.... Ал енді құтылып көр. - Ойбай-ау сайтандай сап ете түседі деп ойлаппын ба, - деген Қатыш ақталғансып. - Жә, болар іс болды. Арыз айдап алдын орамасақ, сеператордан айрылғаннан да зорды көресің. – Қыстау колхоз председателінің нұсқауымен Ақсудағы сауыннан кешегісін кері қайтып келген әйелін одан әрі шошытып, өз жағына біржола шығарып алудың амалына көшкен. - Ойбай, сеператоры өзіңе... Кешкісін Жастілекке өзім барып аяғына жығылайын. «Періште алтын көрсе жолдан таят деп» ... Сырғасы түскірін қайтып берейін де қазақшылықпен біржола... - Оттама, сенің қазақшылығыңа Әжібай мен Жастілектің түкіргені бар. өзіңнің балаңмен жасты күшіктің аяғына не бетіңмен жығылмақсың, ей. Сенің жығылғаның нешауа, мына мені ит қылайын деп тұрсың ғой. Ой, кеще неме. Алмадық, білмедік деп танып тұрып, аяққа жығылғаныңа жол болсын. Жоқ, мұның төтесі арыз жазу.. - Қой, ойбай, обалдарына қалма. Елге не жамандықтары тиді олардың... Қазір анық-танықты тексеріп жатқан кім бар, көгенге тізіп алады да кетеді.
- Маған да сонысы керек. Ептеп тәубелеріне түсірсін бәлемдердің. - Ойбай-ай, ойбай, мынау болмайды екен ғой. Оларды құртып орнына шөп егейін деп пе едің, - деп шаптыққан Қатыш мұның үстіне төнді. - Кет әрі! Менің де можбит преседәтіл болғым келетін шығар. Әжібай құсап атқа міне алмайды дедің бе. Татекеңнен де біреу ел билеу керек емес пе. Қашанғы билікті солар иемдене береді. Қой енді жағаласпай. - Енді қайда барайын. Ұрыс, керіс, бірақ тап мынадай өлімге қияды деп... – Қатыш солқылдап қоя берді. - Тәйт әрі, өлімі несі. Ептеп қорқытады да қоя береді. Сосын бұлар жұртқа жала жабуын қоятын болады. - Жаласы несі.. Мә, өртеңгірді өзің ал. – Қатыш шүберекке түйіп қалтасына салып қойған сырғаларды Қыстаудың алдына лақтырды. - «Қатынның шашы ұзын, ақылы қысқа» деген осы-ау. Қазір Жастілекке апарып берсең, жабулы қазан жабулы күйінде қалады деп тұрмысың. Ол ит іле ауданға шабады. Мыналар ұры дейді. Сосын ақталып көр. Итжеккенге олар емес мына біз кетеміз. Итжеккені тұрыпты ғой, ел бетіне қалай қарайсың. – Қыстау қарындашты жалап қойып қағазға тағы да төнді. - Ұятшылын мұның. Ұялсаң сонда қайда қалдың. Жүзің күйгір... Енді қайттім... Ойбай, шұнақ құдай, көрсетерің көп екен ғой. Жүзі қара болдым ғой, жүзі қара... . – Қатыш құйрығымен еденді түйгіштеп отыра кеткен. Бір жетіден соң, «Жұлдызды» колхозы шу ете қалды. - НКВДден кісілер келіпті. - Әжібайды өкіметке қарсы дейді ғой. - Бір жерлерде Сталиннің саясаты дұрыс емес, елдің отыз екідегі нәубеті соның қырсығы депті. - Астағипиралла, қой олай демеген шығар. Жүрегінің түгі болмаса... - Отпен бекер-ақ ойнаған екен. - Қайтсын, ашынып айтқаны да. Шынында да жоғарыдан шыққан бір пәле бар ғой. Әйтпесе... - Тек, біреу естімесің, ілігіп кетерміз. - Анау Жастілектің де құйрығында шала бар дейді ғой. - Қой әрі, он екіде бір гүлі ашылмаған, ол не бүлдіріп қойыпты. Өзінің де туғандарынан түгелдей айырылып тұлдыр болғаны да жетпей ме. Қу тағдырдың ол жазғаннан не аяғаны бар. - Жоқ, ол да Әжібай жағында дейді. Үйіне бандыны қондырыпты. Осында Бекше мен Қыстау көріпті ғой. Түні бойы арақ ішіп, өкіметті балағаттап, ауыздарына келгенін айтыпты дейді. - Әжібайдың үйіне барып халық жауы атанған ақындардың өлеңдерін айтатын көрінеді.
- Ойпырмай, ондай болса контра деп әкетеді десейші. Саясат дегенің сайқал ғой. Саясатқа бекер ұрынған. .. Жел болмаса, шөптің басы қимылдаушы ма еді, ауылға НКВД-ден үш адамның келгені де, Әжібай мен Жастілектің үйлерін тінткені де, Мағжан ақынның кітабының табылғаны да рас еді. Оның үстіне, Әжібайдың ел аузынан жиыстырып жүрер билердің нақылдары мен жыраулардың толғау, термелері, осы төңіректің Шал, Орынбай, Арыстанбай, Біржан, Ақан, Ыбырай, Балуан Шолақ сияқты ақындарының өлеңдері түсірілген қос дәптері де сандық түбінен суырылып алынған. Жастілек Шойынбайдың қонғанын бүгіп қалғысы-ақ келіп еді, ауданнан милиционердің бірі, төрт қырлы бос шөлмекті қора жапсарынан сопаң еткізіп суырып алып шықты да, мұның танауына тақаған. Тап осы шөлмектен Шойынбайдың арақ құйғанын қалай жасыра алсын. Мойындаған. Бос шөлмекті жапсарға кімнің апарып жасырып қойғандығын біле алмай дал болған Жастілек зірк-зірк еткен НКВД өкілінің алдына түсіп жүре берген.
Әжібай бір сойқанның басталғанын, зерттеу орындарының шырмауынан енді оңай құтылмасын сезгендей ме, өз-өзінен басылып, шөгіп кеткендей еді. Ал Жастілек жиырма бес шақырымдағы аудан орталығына қонаққа қыдырып бара жатқандай жайбарақат күйде болатын. Тіпті тон ішінен ілгері суырылып шығып ауыл іргесіндегі Сулытерек шоғына дейін жүгіріп келген. Күлпәшқа да ет жүрегі елжірей қимастықпен емес, бір түрлі жеңіл мінез танытып «мына қыздікі не, топтан бөлініп ұят болды-ау өзі, мені келмеске кетіп бара жатқандай сонша далбақтай жүгіргені несі. Ертең-ақ қайтып келмеймін бе?» деп әрі қысылып, әрі ренжи қараған. Әжібай теріс қараған күйі тоң-торыс отырған да қойған. «Бұл кісіге не болды екен сонша, ұнжырғасы түсіп, мүлдем үнсіз қалғаны несі» деп ойлағаны болмаса пәлендей секем алып сезіктенбеген де шошынбаған.
Бірақ бар пәле алда екен. НКВД үйінің сырты қораш болғанымен, іші бытқыл-бытқыл торкөз бөлмелер мұнша көп болар ма, екеуін екі бөлмеге әкелді де қамады да тастады. Бөлме деген аты болмаса асты сыз, ауасы ауыр, аядай ғана қуыс екен. Қол созым жердегі сыртын темір тормен қаптаған соқыр терезеден күн сәулесі есікке қиғаш түсіп тұр.
Жастілек алғаш кіріп келгенде басыр қараңғылықтан ештеңені ажырата алмап еді, енді міне көзі үйреніп, өзінің жаңа қонысының ішкі жағдайымен таныса бастады. Іргеге қағылған қос шынжырға ілінген ұзынша, ені қарыс тақтай әрі орындық, әрі төсек болар деп шамалады. Іргеде шелек, қабырғада қалайы кружка ілулі тұр. Басы артық басқа ештеңе де жоқ, жып-жылмағай. Мынау өлі қабырғаны мелшиген сұсты
келбеті, жарық екеш жарықтың өзін тұмшалап ішке енгізбей тұрған анау темір торлы терезе, аунап түссең ауып қаларлықтай тілдей тақтай-төбек, өз зәрің мен нәжісіңді өзіңе иіскетіп қойған анау тот басқан шелек Жастілек үшін бір түрлі тосын да құбыжықтай әсер еткен. Жаңа ғана ауылдан шығып, өзінің сан шапқылаған қара жолдың бойымен бейқам, бейкүнә әсер құшағында күдіксіз келген аңғал көңіл мынау тар қапасқа кіріп келгенде тұла бойы тітіркеніп шоши қалған. Сол шошыныс уақыт өтіп, мұның отырысы сағат санап ұзап түскен сайын жігіт көңілін елегізітер мазаң күйге итермелеп, есікке жалтақтата берген.
Бірақ әріректен анда-санда біреудің жан дауысы шыға бақырғаны, әлдекімдердің сарт-сұрт жүрген аяқ дыбысынан оқшау, Жастілек отырған қуыс алдына ешкім таяна қойған жоқ. «Әжібай аға не қылып отыр екен. Түкке түсінбеймін. Екеумізді қосақтап айдап әкелетіндей не істеппіз. Бар жазығымыз соңғы бес жыл бойы ыңыршағы айналып, жауыр болған елдің жарасын жазсақ деп шапқылағанымыз ба. Түкке түсінбеймін. Әлдебіреулердің нақақтан жапқан жаласы бар болар. Үкімет бар, заң бар, сұрар, тексерер. Адалдығымызға көздері жеткен соң өздері-ақ қоя бермей ме. Иә, сөйтеді. Әйтпесе біреу жала жапты екен деп, тізіп әкеп соттай берсе не болмақшы. Жоқ. Ол мүмкін емес».
Жастілек тағы да ойға кетті. «Ақсуда жүрген Күлпәш біздің кететінімізді қайдан естіді екен. Бейшара бала сүйеді-ау шамасы. Қызық, мені енді көрместей тұра жүгіргенін айтамын да... Бір үйді жалғыз өзі ұстап отыр. Пысық-ау, пысық. Жас болса жиырмадан асып кетті, осылай салт басты, сабау қамшылы жүре беремін бе. Үй болу да керек-ау, осы. Елге барысымен Мұхамеджан шалға кіріп алдынан өтермін, менің қолыма кіріңіз, әке орнына әке болыңыз десем қарсы бола қоймас. Ал Күлпәш сүйкімді бала. Кез келген еркекке жар болатын-ақ... Әлгі топтың ішінде Қыстау да, Бекше де көрінбейді-ау өзі. Тайды таяғы қалмай аңырап шыққан ауыл адамдарының Әжібай атаға деген ықыласы ала бөтен-ау өзі. Мені қойшы... Нүрила шешей, тіпті дауыс қойып жылап жіберді. Сыздық қария ақ таяғымен жер сабалап, егіліп қалды-ау. Қолдарынан не келеді, бірақ. «Қажымаңдар, мұңаймаңдар», - деп қалды ғой бәрі. Жаңсақ іс болғанын өзім де сеземін...». Жастілек осындай бір мазаң оймен отырып түннің де жылыстап жеткенін аңғармай қалып еді. Бірақ ұйқы келер емес. Әйтсе де азапты ой қажытқан ба іргедегі аспалы тақтай төсекке қисайғаны сол еді көзі ілініп кетіпті. Түс көріпті. Басында анасы тұр екен дейді. Етегі жер соққан аппақ манардай көйлек, жиегін зермен көмкерген қималы қамзол киіп, басына ақ бөртпе
шәлі салыпты. Мақпалдай жұмсақ алақанымен мұның маңдайын сипап еркелеткендей болады. - Жалғызым-ау, мұнда не қылып жатырсың. Әкең екеуміз тоса-тоса сарғайдық қой, - дейді. - Жалғызыңыз не? Іні, қарындастарым бар емес пе? - Естімеп пе едің, оларды қасқырға алдырып отырмыз ғой. Үй маңын торыған қызыл көз, көк шұнақ қасқыр босағадан тысқа аттатпай қойды емес пе. - Ойбай-ау, ел болып бір қасқырға күштеріңнің келмегені ме? - Ол пәле бүтін елге тиісіп тұр ма, тек біздің шаңырақты ғана аңдып жүр ғой. Өздеріне тимеген соң, басқалар қара пәлеге соқтығып не қылсын. - Қап, қол аяғымның кісендеулі жатқанын көрмеймісің. Әйтпесе балталасам да, пышақтасам да о пәледен құтқарар едім ғой. - Оған күшің келмейді, балам. Өзі бір жүз құбылған пәле. Босағада келіп қара мұртты, шешек дағы бар қоқима қалпақты әскери адам болып тұра қалады да есікті қиратардай тепкілейді-әй келіп. Жол сұраған біреу екен, есікті аша қой деп ініңді жіберсем, әп-сәтте көк шұнақ қасқырға айналып, арс етті де іліп ала жөнелді емес пе. Енді бірде тағы солай алдап жер соқтырып кетті. Басында қалпақ, көзінде көзәйнек, тасыраңдаған біреу тағы келіп есікті тепкілесін. Ауданнан біреу келіп қалған екен деп тағы алданайын. Қарындасыңды жіберсем, іліп ала жөнелді. Енді алданбаспын-ау деп едім бірде өзіміздің Қыстау, енді бірде Бекше болып келді емес пе көк қасқыр. - Әкем қайда? Мылтығы бар емес пе? - Әкеңді үрей билеп алған ба, тарсыл шықса болды терезеге таянуға да қорқады. Ақыры түн жамылып тайып тұрыпты. - Қап, әттеген-ай. Енді не істедік. Ал өзіңіз маған қалай келіп тұрсыз, үйден қалай шықтыңыз? - Баламысың деген. Мен мен емес, рухым ғой сенімен тілдесіп тұрған. Менің бұл дүниеден өткеніме қанша уақыт болды. Сенің абақтыға түсіп қалғаныңды естіп қабірімде жата алдым ба, жата алмадым. Ана жүрегі бәрін де сезеді ғой, балам... - Нені сезіп, нені білдіңіз тағы. - Әй балам-ай, жолың ұзақ. Ол азапты жол ғой. Көрер бейнетің де шаш етектен. Тек бекем бол. Ал хош, мен кетейін. Іні-қарындастарың іздеп қалар... Анасы мұның бетіне төніп келді де, еріндерімен маңдайын өпті. Мұздай екен, қарып жіберді. - Осы тұста әлденелер салдыр-күлдір ете қалды да, бұл тақтай төсектен сыз еденге құлап түсті. - Жатысын! Контра! Тұр былай! – Орнынан тұра берген Жастілекті желкеден түйіп жіберген, әлдекім шекесінен түсірген. Бойын жазып
орнынан тұрғанша тағы да бірер рет түйіп жіберген мылтықты адам мұны желкелеп ұзынша коридорға алып шыққан. Содан жауап алатын бөлмеге кіргізді. Шағын стол басында тотияйын көздері шам жарығымен қарытып, одан әрі ызғар шашқан шикіл сары біреу отыр. Амандықсаулық жоқ, бірден дүрсе қоя берді. - Мына кітапты кім берді саған? - Әжібайдан оқуға алған Мағжан ақынның жұлқа-жұлқа кітапшасын мұның алдына тастай салды. - Өзімдікі. - Өзімдікі? Суайт! Әжібай Төлемісовті қорғағың келеді, ә! Контра! өзіңдікі болса мына жазуды кім жазған? – Жастілек мұқабаның ішкі жағына сия қарындашпен жазылған Әжібайдың қолын таныды. Қалай байқамаған. - Ал мынау «Царская водканы» кіммен іштің? – Тергеуші стол астынан сопаң еткізіп төрт қырлы құтыны суырып алды. - Шойынбаймен. - Ол кім? - Адам, кім болушы еді. - Ол адам емес, баскесер бәндит! –Тотияйын көз столды жұдырығымен қойып қалды. – Ал сен соның сыбайласысың ! Үйіне паналатасын, бірге отырып арақ ішесің, үкімет туралы былапыт сөздер айтасың. - Ондай ештеңе де болған жоқ. Красноярда бірге болғанымыз рас. Үйге келген соң қалай қуып шығайын. Қазақта ондай әдет жоқ. - Қазақ! Қазақ дейді!.. Бар пәле қазақтан шығып жатыр. Алаш, контра, бөлінеміз, ел боламыз дейсіңдер. Қайдағы бір пессимист бейсаясатшыл ақынсымақтың өлеңдерін оқисыңдар. Әжібай нағыз тап жауы, сен де соның жандайшабысың. - Әжібай нағыз адал коммунист. - Оттама! Міне, бәрін де мойындап қолын қойды. Вышка! Түсіндің бе? – Тергеуші алдында жатқан папканы мұның танауына төндіріп төндіріп қойды. - Жала! Мен оларына сенбеймін! – Осы кезде құлақ шекеден сарт еткен ауыр соққы Жастілекті орындықтан аударып тастап еді. Сәлден соң барып қыбырлап есі кіргендей болған. Сонысын аңдып тұрды ма әлде қандай мылқау күш желкесінен тік көтеріп орындыққа қайтадан отырғызған. Жастілек енді сезгендей, жаңағы темір соққы да желкесінен төніп тұрған осы жендеттікі болды. - Не-неге ұрғызасыз. Менің жазығым не? - Ұрмақ түгілі бас теріңді сыпырып аламын, князьсінуін. - Кекесін мысқыл үйірген ерні қисая қалғанымен тергеушінің тотияйын көздері өңменінен өтердей бедірейген қалпынан жазбаған.
- Бұған князьді қор қып қайтесіз, жолдас тергеуші. Бұл нағыз контра ғой. Ха-ха-ха. – Ту желкесінен лекіте күлген еңгезердей жез мұртқа бұрылып тікесіне қараған Жастілек басын шайқады. - Оңбаған жендет, менде не әкеңнің құны бар? – деп шатынап. - Совет чикистің жендет деді деп қағазға тіркеп қойыңыз, жолдас тергеуші. Ал сені осы арадан тірі шығармаймын! Біліп қой. Көкеңдейлерді жуасытқанмын! – Жез мұрт жуан жұдырығын Жастілектің танауына тақады. - Әкет мына немені. Төлемісовті әкеліңдер. Жастілек тергеу бөлмесінен шыға бергенде ұзынша коридорда екі қолын артына салған қалпы баяу жүріп келе жатқан Әжібаймен беттесіп қалған. -Ағатай, мыналарға бірдеңе десеңізші. Түгіне түсінбеймін. – деген Жастілек ағасының мойнына асыла кеткен. Тұла бойына ие бола алмай жыламсырап қоя берді. - Берік бол, Жастілекжан. Бұлар менің тілімді алса сені бір минут та бөгетпей елге қайтармас па едім. Сөз тыңдаушы ма еді. Адалдығыңнан тайма. - Тоқтатыңдар былшылды! Босат, кет былай! – Жастілекті желкеден бір түйген конвой коридор бойымен айдай жөнелді. Ауыр күрсінген Әжібай тотияйын көз тергеуші отырған тергеу бөлмесіне ене берген. «Әлсіздік жасадым-ау. Әжібай ағатайым да мен сияқты тұтқында отыр емес пе. Шынында да оның қолынан не келеді. Ұрты суалып, самай шашы ағарып кеткендей ме, қалай. Көзінің асты көгілжім тартып, жүзі қуара қалғанына қарағанда түн баласы ұйқы көрмейді-ау шамасы. Қалай ұйықтайсың. Сасық ауа қолқаңды қауып, тынысынды тарылтып бір қинаса, қандаласы мен бүргесі сәл тыншысаң тап беріп буа жөнеледі. Азаптамай бір шешімін шығарса екен, өзі. Түгіне түсінбеймін... ақынның кітабын оқып, Шойынбайды үйге қоңдырдың дейді. Оларының еш өтірігі жоқ, бәрі шындық. Ал одан кімге жамандық, кімге кесірлік келіпті. Бірдеңе түсінсем бұйырмасын. Әкіреңдеп тек контра, контра дейді. Тотияйын көз бен анау жез мұртың нағыз әзірейілдің өзі болар.Айтпағаныңды айтқызып, істемегеніңді істеттіретін жаналғыштар ғой».
Екі айдан астамға созылған азапты тексеріс үстінде Жастілек, Әжібай ағасымен тергеушінің алдында екі-ақ рет беттескен. - Гражданин Төлемісов, Жастілек Бекеновке мына кітапты сіз бердіңіз бе? - Иә, мен бердім. - Неге? - Оқысын дедім.
- Мақсат? - Қандай мақсат болушы еді. Жақсы ақынның шығармасына оқыған адам да жақсылыққа, сұлулыққа ұмтылмай ма. Мен де жас жігіт жақсы жырмен жанын нұрландырсын дедім. Өмірдің ласы мен қоқысынан сұлу поэзия ғана адамдар жанын тазарта алады деп түсінемін. - О, философ екенсіз. – Зәрлі мысқылын тергеуші жасыра алмаған. - Философия біз сияқты пақырладың тісі батпас жаңғақ қой, гражданин начальник. Бірақ ептеп өмірден түйгеніміз бар. - Жә, пәлсапаны былай қоя тұралық. Мағжан поэзиясы қоғам үшін қауіпті екендігін біле тұра оның шығармаларын қай бетіңізбен насихаттадыңыз. Кәне, соның мәнісін айтыңызшы, коммунист Төлемісов жолдас? Ақын өлеңдерінің ешқандай жаттықты, біздің қоғам үшін ешқандай қауіпті көре алып отырғаным жоқ. Керісінше оның өлеңдерінде жарқын романтика, мөлдір лирика мол болып келеді. Ептеп қайғысы да жоқ емес. - Міне, міне .. қайғы, пессимизм, сары уайым, - өмірден түңілу. Ол осы өмірді, советтер өмірінен түңіледі, жұртты содан безуге шақырады. Оның жаттығы да, бейсаясаттығы да осында. - Ол арасын біле алмадым. - Білесіз, бірақ білмегенсисіз. Ал мына екі дәптеріңіз тұнып тұрған контра! – Тергеуші Әжібайдың өз қолымен толтырылған екі дәптерін стол астынан суырып алды. - Ылғи бір байшыл, жікшіл, рушыл бірдеңелер. Абай кім? Сұлтан правительдің баласы, нағыз байшыл. Ыбырай Сандыбаев кім, халықтың жауы, баяғыда ұсталып атылып кеткен. Жаңа үкіметті жағы сенбей жамандап өткен адам. Балуан Шолақ барып тұрған қарақшы, конокрад. Міне, жолдас председатель, сіздің круг интересіңіз. Сондықтан сізді халық жауының құйыршығы емес деуге хақымыз жоқ! - Абай бай болғандығы үшін кінәлі болса, граф Толстойды оқыған бүкіл орысты түрмеге қамауға керек болар. Өйткені ол граф қой. Тегіне қарасаңыз, Кольцовтан басқа революциядан әргі орыс әдебиетінде мұжық пен пролетариаттан шыққан өкілдер тіпті есімде жоқ. Онда бәрін де көрден суырып алып, НКВД-нің сотына тарту керек қой. Біз сияқты пақырларды шыжғырғанша алдымен соларды жинап алып әкелеріне танытпайсыз ба? - Тоқтатыңыз! Көп біледі екенсіз! Қазіргі қоғам ешқандай бай, граф, молла, қажысыз таза қоғам. Біздің ұлы революциямыз да солармен күресте туған. - Бірақ ел, халық тарихынан, адамдар санасынан оларды сылып алып, лақтырып тастай алмайсыз ғой. Пролетар әдебиеті Пушкинсіз,
Толстойсыз өз таянышынан айрылмай ма, ендеше ұлт әдебиеті үшін де Абай, Ыбырай, Бұхар керек қой. - Оның бәрі былшыл! Мәселеге большевиктік, сталиндік позициядан келу керек. - Алдымен маркстік, лениндік позициядан келу керек болар. - Оған кім қарсы, келе бер. Жә, сонымен кітапты сіз бердіңіз ғой. - Онымды жасырып отырмын ба, салған жерден мойындағанмын. Сондықтан Бекеновті босатуыңызды сұраймын. Мұның еш кінәсі де, күнәсі де жоқ. - Жоқ емес, бар! Ол қолға түспей қашып жүрген атақты Сәт қарақшының баласы Шойынбайды үйіне жасырған. Онысымен қоймай үкіметке қарсы былапыт сөздер айтқан. – Манадан бері тергеуші мен Әжібайдың сөз таласын сырттай бақылап отырған Жастілек шыдай алмай сөзге араласты. Шойынбайдың қонғаны рас. Түн ішінде келді, таң алдында кетті. Іздеп келген соң қалай қондырмайын, қалай бір шыныаяқ шай бермейін. Ал оны сіздердің іздеп жүргендеріңізден хабарсызбын. - Шойынбай неге басқа қазақтың үйіне қонбайды. Бұдан шығатын қорытынды – ол сенімен сыбайлас. - Мұныңыз жала! - Тоқтат! Жала емес логика! Бір жарым айдың ішінде бірер мәселенің төңірегінде шиырлай берген тергеуші де қажыған болуы керек. Жастілекті соңғы рет шақырып, әу бастағы сауалдарын тағы бір пысықтап алды да протоколға қол қойдырып істі сотқа берген. Осы күннен бастап Жастілек Әжібай ағасынан көз жазып қалған. Оның қайда кеткенінен хабарсыз қалғандай еді, бір күні ауылдан Күлпәш іздеп келген. Әр есікті бір қағып жүріп жарты сағаттық кездесуге зорға ұлықсат алған. - Бекенов, бермен шық! Кездесуге кісі келіп тұр! Бір жарым айға созылған жан азабынан әбден қажып, титықтаған Жастілек мәңгүрт адамдай аңырып тұрып қалып еді. Күнде желкелеп қорлап біткен күзетшінің тағы бір мазағы ма деп те ойлаған. Әйтпесе мұны мүсіркеп, іздеп келер ауылда кімі қалып еді.
Дәлізге шыққанда торға жабысып тұрған Күлпәшті жанары бірден шалған. Тордың қасына ентелей басып, жүгіріп барғанын да сезбей қалды. - Күлпәш, қалқам-ау, сенбісің? - Иә, Жастілек аға, менмін. – Қыздың жүзіне қызыл шырайлы ұяң толқын пайда болып, төмен қараған. - Ауыл аман ба, ақсақал қалай?
- Бәріміз де аман-есенбіз, аға. Әкей бір барын қайтпадың-ау деп... Өзімнің де ұшуға қанатым болмай жүруші ем... Содан таң қараңғысынан жаяулап шығып кетіп едім.. - Ой, айналайын-ай, әбден шаршаған екенсің гой. Пошташы Сәрсембімен ілесіп келетін кісісің ғой. Өгіз де болса, көлігі бар емес пе еді. - О кісіні Қыстау жұмысынан шығарып жіберді емес пе. - Қыстауы несі, Әжібай аға емес пе предатель. – Күлпәш түнерген күйі үнсіз қалды. - Ә, Әжекең осында екен ғой.. Сонда Қыстау басқарма болғаны ма. - Иә, со кісі... - Ит жоқта шошқа үрген... Заман түзелген екен онда. - Әжібай ағаны басқа жаққа алып кетіпті дейді ғой.. Кеше сол үйдегі жеңгей Қызылжарға жүргелі жатты... - Солай ма екен. Бәсе, екі рет кездескеннен кейін көре алмап едім. Басқа жаққа әкетсе істің қиындағаны да... Әттеген-ай ... - Өзіңізді не дейді? - Не деуші еді. Жақпаған жала, таңбаған өсектері жоқ. Жаудың, бандиттің сыбайласысың деп протоколдарына қол қойғызып алды. Енді соты болмақ. Әділдік НКВД-де деуші едім, былықтың басы осы арада ма деймін. - Ойбай-ау, ағатай қағазына неге қол қойдыңыз. Жалаға мойынсұнып өз үкіміңізді өзіңіз шығарғаныңыз не! – Күлпәш жылап жіберді. - Қой жылама, жаным. Қажытты ғой... адам ұрғанға да, соққанға да шыдайды екен. Бәрінен де ұйқы бермегені қинады ғой. Түн ішінде төрт, бес рет шақырады. - Ағатайым-ай, қиналдыңыз-ау. Жауыз Қыстау ғой осының бәрін.. - Қой, қанша жауыз болса да тап мұндайға бара қоймас. Біреудің босқа күнәсің көтермейік. - Жоқ, жоқ ағатай. Тап соның өзі. Әйелі Қатыш сауып басында жылап тұрып, сөз етіп айтты ғой маған. Сырғасы да рас көрінеді... - Солай де... « Адам аласы ішінде» деп.... Оған сонша не істедім екен? – Жастілек Күлпәшпен екі аралықты бөліп тұрған темір торды жұдырығымен қойып – қойып жібергенін аңғармай қалды. - Тоқтат! – Анандай қарауылдап тұрған күзетші мұның қасына жетіп келді. – Уақыттарың бітті, айда жүр! - Ағатай, күтемін сізді. Бекем болыңыз! Күтемін! - Күлпәштің үні үзіліп кетті. Күзетшінің алдына түсіп кетіп бара жатқан Жастілек өзін сүйетін жас қыздың темір торға жүзін басып ағыл-тегіл жылап тұрғандығын іштей сезіп еді. Көңілі бір түрлі қобалжып, өзінің де осы бір адамды сүйетіндігін, қайда жүрсе де ұмытпайтындығын, қандай қиындық болса
да Күлпәштің бейнесінен, оған деген махаббатынан қуат алатындығын айта алмағанына өкінді. Жоқтан өзгені сөз етіп босқа уақыт өткізіп несі екен. Коридордың арғы басына жете бергенде Жастілек шалт қимылмен соңынан ентелей келе жатқан күзетшіні иығымен қағып кейін серпіп жіберді де бар дауысымен айғай салды. - Күлпәш, мен де сені сүйемін. Тоса алсаң тос.. Елге сәлем айт.. Қош болыңдар...
- *
Қайран Сібір, қаталсың да, қамқорсың-ау. Мәңгілік жамылған тоңынды сілкіп, қатпар-қатпар тасыңды үгіп, қойныңды үнгіген сайын қасарыса қарсы тұрып, байлығыңды оңайлықпен алдырмастай аларысқан шақтарыңда сенен сұсты, сенен рахымсыз өңір жоқтай көрінуші еді. Сақылдаған көкшұнақ аязыңмен қайда, сүйменнің жүзіп майырған тоң қабаттардың күш-қайратты жалмап жеп, жігерді құмдай үккенде мына жалғанның сәулесі тамұқ өртіндей тұмшалап, болмашы тірлігіңнің құрдымға сіңіп, өшкенін қалар едің. Дариға өмірдің мұндай да азабымен тозағы болады екен-ау деп түңілер едің де, еңсе көтертпес қорлық қамытын кигізген тірлігіңе лағнет жаудырып, бетіңді қанды жаспен жуар едің. Қия бассаң «атамын, шабамын!» жаналғыштай зіркілдеген конвой басшылары мен лагерь қожаларының адамдық қасиеттерден тысқары қалған қорлық-зомбылығы жанға батқанда бұлардың да анадан туып, ананың ақ сүтін емгендігіне сенгің келместей шошынар едің.
Ақырған аязда икемге келмей сіресіп қалған саусақтарың ағаш жаңғырыққа салып қойып, бұтақ кескендей борт-борт шауып тастағандарды да, қайла көтеруге қарының қуаты жетпей әбден сілікпесі шығып азып-тозғандықтан, шыңырау шахтаға құлап мерт болғандарды да, лагерь бастығының ой ықыласына кенелеміз деп бірінің үстіне бірі өсек тасыған «стукачтарды» да Жастілек «Варкуталагта» болған он бес жыл ішінде көп көрген. Нелер қиын-қыстау қысталаң шақтарда да адамдық арын сақтап қалған рухы күштілерді, болмашыға жасып, еңсесі түсіп егілген кездерді де көз алдынан өткерген.
Қазақстанның солтүстігінде өскендіктен бе, Сібір суығына сыр білдірмегенімен жаз айларында қатты азап шегетін. Тоңның беті жібіп, өлі мүктің бозаң жүзу жасаң тартып шыға келісімен-ақ қоңыз, кенесі өріп, маса-шіркейі қара бұлттай қаптап шыға келетін. Талай рет безгекке де ұшырады, лазеретке де айлап жатып шығып жүрді. «Өлмегенге өлі балық» дегендей лазерет бастығы Қызылжардың орысы болды да мұны жерлес деп жақын тартып, алдына келе қалса ем-домын жасап, орайы келсе «тынық, емдел» деп жатқызып та қоятын.
Қайран Сібір! Сенің қаһарлы қысың мен шыбын-шіркейің құмырсқадай қаптаған мазаң жазында не жазық бар. Он бес жылғы азапты өмірдің өксікті күндері мен түндері өзінде өткен шақтарда өгей енедей өгейлігің көп болса да, жетім қозыдай өзіңе бауыр басып өзіңнен ғана болар болмас жан жылуын тапты емес пе Жастілек. Сол үшін де қарт Сібір, саған қарғыстан аулақ, алғысты сезімін қалдырып барады. Бұл еркімен келмеген, сен келе гөр деп шақырмағансың. Сондықтан бірбіріне артар өкпе-нала болмасқа керек.
Қош бол қайран Сібір! Дәм-тұзыңа мың алғыс! Жастілек Бекенов «Воркуталагтан» бір мың тоғыз жүз елу төрттің жазында бостандыққа аттанғанда осындай бір шиыршық атқан аста-көк сезім құшағында болатын.
Енді міне, көзіне оттай басылған Тайынша станциясының перронында тұр. Елге жетсем-ау, шіркін, деп жол бойы судай тасып келген көңілі әп-сәтте басыла қалған. Ығы-жығы халықтың мұнда жұмысы жоқ. Баяғыда әкесімен еріп келіп аш тобырдың ортасына түсіп кеткендей, бұл жолы да ебіл-себіл, ерсілі-қарсылы жүгіріспен көпір ортасында тұрып өзін жалғыз қалғандай сезінген. Станция үйінің бір бұрышында шағын оркестр музыка ойнап тұр. Әлдекімдерді қарсы алу құрметіне ойналып тұрғандай марш екпіні құйқылжып, құтырынып шалқиды. Станция үйінің маңдайшасындағы «Тың игерушілерге жалынды сәлем! Хош келдіңіздер!» деген айшықты ұрандар мына сапырылыстың мәнін ұғындырып тұрғандай. Анау жақта жүргенде еміс-еміс естіген тың игеру қозғалысының дүбірін енді міне, көзбен көріп, соның куәсі болып тұрғандай. Вагондардан түскен бір топ қыз-жігітті үйіріп әкеліп машиналарға отырғызып жатқан ұзын бойлы қара торы қазақ жігітін әлдекімге ұқсатты ма, Жастілек жұрт көпірін жағалап келіп, қасына таялған. -Аман-есенсің бе, шырақ. Қай ауылдансың? - Сау болыңыз, ақсақал. Жұлдыздыданмын. Белоруссиядан келген целинниктерді әкеткелі жатырмыз. - Е, Жұлдыздыданмын де. Онда кімнің баласысың, қарағым? - Бекше дегеннің... - Солай де. Мен Жастілек Бекенов деген ағаң боламын. Жолым болады екен... Ала кетсең... Бекшенің баласы үстіне әлдекім су құйып жібергендей селк ете қалды. - Сіз...Сіз Жастілек ағасыз ба? Ойпырмай, есен-сау келдіңіз бе. Қане, машинаға отыра қалыңыз. – Жүгіріп келіп қолтығынан демеді. Машина қорабындағылар бұған ығысып орын беріп жатыр. Жол бойы ойнап-күлісіп, уласып-шуласқан тың игеруші жігіт-желең, қыз-келіншектермен жұмысы болмаған Жастілек машина қорабына
арқасын тіреген күйі селт етпей сірескен қалпы төңірегін көзбен сүзіп келеді. Қаладан шыға еңкейген еңіске түсіп алып құлдыраңдай жүйткіген машина жаз самалын алдап аңқылдата соқтырып ағылып-ақ келеді. Сан рет осы жолмен элеваторға астық тасыған сәттерін есіне алып, жол азабынан көрген қорлықтарын қоңыр тірлігінің қоңыраулы күйіндей шертіп келе жатқан Жастілек туған жұртына таяған сайын жүрегі ерекше тыпыршып, мазасыз халге түскен. Осыдан он бес жыл бұрын жаланың ауыр қайғысын жамылып, тап осы жолмен көз көріп, құлақ естімес қиырға сапар шеккенде мына өлкеге енді қайтып оралмаспын-ақ деген еді. Бірақ көрер таңың, татар тұзың таусылмаса, тірлігің үзілмесе сапарың жалғаса береді екен-ау. Міне, бүгін туған жердің дәм-тұзы өз құшағына ұлын қайта оралтып келеді. Бұған да шүкіршілік. Міне, жолаушылар мінген жүк машинасы – Құсмұрын биігін бауырлай өрлейтін тақта жол айырығына да жетіп қалды. Әкесінің соңынан ілесіп алғаш рет жыраққа аттанғанда, тап осы биіктің ұшар басында тұрып аядай ғана ауылына көз сүзіп еді. Сонда ауыл шетіндегі үйінің алдында ақ жаулығы ағараңдап, бұлардың соңынан көз алмай қарап тұрған асыл анасының құртақандай бейнесі бала жүрегін аунақшытып, ерекше бір қимас сезімге бөлемеп пе еді. Бұл кейін қарай тура жүгіргісі келген, анасының уыз көкірегіне тұмсығын көміп еркелегісі келген, туған ауылда, өз қасында қаламын деп жылағысы келген. Бірақ Тайынша қаласының сағым ішінде қалқыған бұлдыр сұлбасын бетке алып ширақ адымдап бара жатқан бейнетқор, қайсар әкесінің соңынан ілесуден басқа жол жоқтай Құсмұрын биігінен құлдыраңдай жүгіріп түсе берген. Көкірегін күйініш өртеп, жанарынан жас ыршыған сол бір қимас сәт мұның зердесінен өшер ме мәңгілік. Қайран ауыл. Содан берменгі күйің не болды екен. Талай дүрбелеңді бастан кешкен кішкентай ғана ауыл Красноярдан қан жылап оралғанда бауырына басып, жан жарасын ұмыттырып жіберердей думанды тірліктолқынына ілестіре ала жөнелмеп пе еді. Жатсынып, жатырқауы жоқ ел тірлігі Жастілектің азамат болып қалыптасып, есейіп, ер жетуіне өріс ашпаса, томаға-тұйық мінез танытып, сыртқа теппеген. Осындай бір бауырмалдық шуақты леп Әжібай ағаның төңірегінен есіп тұратындай екен-ау. Кезінде кісілігіне, әділдігіне, бірбеткей турашылдығына, тіпті домбыра тартып ән айтатын сауыққой қалпына құлай сүйсініп жүргенде оның осы бір нұрлы, шуақты қасиеттерін бағалай білмегендей екен. Енді ойлап отырса, Әжекеңнің әрбір ісінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен адамгершіліктің асқақ белесі оқшауланып, дараланып, биіктеп тұрады екен ғой. Қайран Әжекең. Елінің елдігін, бірлігі мен тірлігін тезге салып түзеймін, қазақтың пасық кертартпа, өзімшіл, өріссіз, тексіз кесірлі қылықтарын құртамын деп жүріп ажалға барып арандалды. Қыстау,
Бекше сияқты парықсыз, пасықтардың солақай соққысы өзінің де отты жылдарын, қылшылдаған бозбала шағын құрбан етті емес пе. Мына жігітпен дұрыстап тілдесе де алмады-ау өзі. Ел амандығын, кім бар, кім жоғын да сұрастыра алмады. Мен кеткенде жалаңбұт жүгіріп жүрген бала болды ғой. Ауылда туып өссе де, сол ауылда өмір бойы бас сұқпаған шаңырақтары болған екен-ау. Солардың ішінде Қыстау, Бекшелердің де үйлері барлығын, енді-енді есіне алып отыр. Олардың үйлеріне бас сұқпақ тұрсын, бала болып төңіректемепті де. Онысы не екен. Бала жүректің әуелден суқаны сүймес жат сезімі бұлардың үйлері төңірегінен қақпалап, тіпті өзі теңдес балаларымен де жуыстырмай бөлекшелеп жібергеніне енді таңданып отырғандай. О, тоба, ауылдың кіндік тұсында отырған олардың аралдай оқшау қалған тірліктері бала екеш балаға да бөтен болғаны-ау. Машинаның жүрісі ауырлап, Құсмұрын биігіне ыңыранып, баяулап көтеріле бергенде Жастілек орнынан ширақ атып тұрды да тізесінде жатқан қапшығын жерге лақтырып жіберді де өзі де лып етіп қарғып түсті. - Вот старик дает. - Видать спортсмен. - Странно. Неге түсіп қалды? - деп шуласқан жастар жерде абырап тұрып қалған Жастілекке шуласа қол бұлғап кете барған. Жастілек болса Құсмұрын биігіне бет алған. Тап осы тұстан туған ауыл алақанға қойғандай ап-айқын көрінбеуші ме еді. Иә, сөйтетін. Міне, ауыл төбесі көрінді. Қайран Жұлдызды, қайран қасиетті мекен. Мыңдаған шақырымдық азапты сапарларды артқа тастап, жетім ұлың өзіңе қайта оралып тұр. Жігіт болып аттанып, арса-арса сарышұбар шал болып оралған ұлыңды танырмысың, бауырыңа басып, анамдай маңдайымнан иіскермісің. Жастілектің жанарын жас кіреукелеп, тұла бойын шарпыған сағыныш өрті бұрын-соңды болмаған ебіл-себіл күйге түсірген. Бірсыпыра ақшаңқан үйлер бой көтерген-ау, отыз сегізінші жылдағыдай бір өңкей еңсесі пәс, тоқал тамдар сыпырылып шетке сырғып шығып қалғандай әр тұстан қарауытып, бой оздыра алмаса да өткен жылдардың жұпыны жамауындай көзге біртүрлі ыстық ұшырайды. Ауылдың бергі шеткі тұсында көзге болар-болмас шалынған қоңыр сұлба өз үйі ме екен, әлде шаңырағы ортасына түсіп, босағасы қаңырап шөккен, үстінде құйын ойнақтаған ескі жұрт болар ма. Осы бір тұсқа қанша шұқшия қадалса да, ащы жасы әлсін әлі көлкілдеп шыға берген жанарына айқын ештеңе іліне қоймап еді. Жастілек ауылға беттеді. Жүрегі ерекше бір көтеріңкі, алып-ұшып аунақши лүпілдеп, көңілі не қуанарын, не қайғырарын білмеген алмағайып сезіммен аласұрып, алға
асықтырғанмен, қос тізесі дірілдеп, ілгері басқан аяғы кейін кетіп зорға жылжып келеді. Міне, ауыл шетіне де ілінді. Ешқайда мойын бұрмай тура өз үйі-өз ұясына беттеген. Ауыл адамдары құлақтанып қалған ба, Құсмұрын төбесінен бермен қарай баяу беттеп келе жатқан жалғыз жолаушының қимылын алыстан бағып, аңсасын аңдып тұрғандай бір оқшау үйіріле қалыпты. Бәрі де мына қылықтарына қарағанда жалғыз жолаушыны қарсы алу үшін жапа тармағай шуласа жүгірісіп, қаумалап, құшақтасып, есен-саулық сұрасудан бой сақтағандай ма дейтіндей екен. Әлде Жастілекке жақындауға жүздері шыдамай, ұяттан қарабеттеніп, жер болып тұрғандары ма. Орталарынан Әжібай мен мұны жазықсыз шырқыратып ұстап беріп қала берген қалың ел бастан ұрған баспақтай бұғынып, жасқанып, жасып қалғандары болмаса «ойбай ағайындар-ау, обалдық қайда, ұят қайда, мына екеуін жазықсыздан-жазықсыз ұстап әкетіп бара жатқанын сезіп, біле тұра бір қайрат жасамағанымыз қалай. Барайық баратын жеріне, айтайық айтатын жеріне. «Арыздасайық. Аталарымыз ақ патшаға да арыздасып барып өтініштерін қайтпап па еді. Патша заманы емес, совет заманы емес пе бұл»,-деп белсене шыға алмағандарына күні бүгінге дейін күйінеді ау шамасы. «Ой, өңкей сорлылар! Мал да бір, сендер де бірсіңдер-ау!» Жастілек өзіне жақындай алмай шоғырлана қалған ауылдастарына бір түрлі жиіркене қарап жиырыла қалған. Он бес жыл бойы күтім көрмей мүжіліп, шөгіп кеткен үйінің босағасына жүзін сүйеп тұрып ұзақ жылаған. Жасы қырықтан асып, өмірдің қилы кезеңдерінен кешіп өтсе де, өз босағасына тірі жеткеніне шүкіршілік еткен бейбақ көңіл ботадай боздаған. Ауылдастарының өзіне жолауға сескеніп, бір пәлесі жұғып кетер дегендей оқшаулана қалғанына күйіне жылаған. Осылай тұра берер ме еді, кім білсін, әлде кім мұның иығына қолын салып өзіне икемдей бұрмаса. Бұл нақ кім екенін түстеп білмесе де, ақ жаулықты кемпір екенін жылы ұшыратқан да көкірегіне басып қойып одан әрі егіле еңіреп солқылдап тұра берген. - Қарағым-ау, Жастілек ау, бармысың, тірімісің... Ағаң Әжібайдан айырылдық қой, - деп қыстыға шыққан кемпір үні мұның құлағына әрі тосын, әрі таныс дауыстай естілген. «Сол кісі, иә, сол ғой. Әжібай ағайымның әйелі Жәнипа ғой. Қайран жеңешем, қалай қартайып кеткенсің». - Естігем жеңеше, естігем. Жауыздарай, сұмдар – ай... – Жастілектің де өксік аралас үні ышқына, булыға, тұншыға шығып еді.
«Жұлдызды» колхозы қазір ірі совхозға айналған. Төңірегіндегі бірнеше шағын колхоздар бүгінде совхоздың бір-бір бөлімшесі болып отыр. Совхоз болған соң Жұлдызды атауы жарамай қалды да, «Нива» атанды. Совхозға ат беріледі деген сәтте кеңседе отырған жұрт, әсіресе шалдар жағы қатты өрекпіп, дүркірескен. Алды бар да аяғы жоқ бос шуласудан нәтиже болмады. Қосай, Бердібек сияқты қарт коммунистеріміз дейтіндер «Нива, сиваңды білмейміз, Жұлдызды болып қала берсін» деп отырап алғанымен аупартком хатшысы сыңар езулеп болмады. «Баяғыдай колхоз емессіңдер, оның үстіне совхоздарыңа туысқан Украинадан, бауырлас Белоруссиядан адамдар келіп жатыр. Солардың да тілегін ескеруіміз керек болады. Өз беттеріңмен түйе айдайтын заман өткен», - деп барып «Ұлттар достығы дегенді басты саясат етіп ұстап отырғанда Нива-сива деп теріс кетуге болмайды» деп түйген. Саясат десе етек жеңін жиыстырып ала қоюы шапшаң, бас шұлғып сала беретін халық жым болды. Сол «Нива» совхозының алғашқы жылдардағы бар назары селеулі даланың дал-дал етіп жыртуға ауғандағы сондай көз жетер кеңістікте ұлтарақтай табиғи жер қалмай, түгелдей егістік үшін қара жыртындыға айналды. Аудан көлеміндегі егістігі жиырма мың гектардан асып жығылған гигант шаруашылық болып шыға келді. Анау тұрған Құсмұрын биігіне ентелеп барып, мына жатқан Кеңащының соры бетіне тепкен қорыс батпағын қаусырмалап келіп әзер тоқтаған. Қанша салса да, Құсмұрынның қызылшақат тасы қасарысып түрен жүзін маңайлатпаған соң барып бұрылып алып бауырлай тартқан. Кеңащыны қақ жарып өтеміз деп өрекпіген бірер трактор миға батып сауырлап қалды. Қыс түсіп, тоң қатқан соң барып зорға суырып алған. - Шіркін, үкімет күшін қойсайшы, мал тұяғынан басқа қоқайды көрмеген бетегелі өңірің қалай өзгеріп сала берді,- деп Әшімбай сияқтылар көз алдында мәйегін төкеріп тастаған жыртындыға сұқтанса, ептеп оқығаны бар Сармантай, Төлебек сияқты үлкендер жағы: - Сен де айтасың ау. Күні ертең осы жерің шаңдатып, қара боранға айналмасын де. - Астық, астық деп малды аспанға бақпақ па бұлар. Табиғи жайылымың жоқ, күні ертең етегіңе жармысың,- деп күдік шақырса, Әжімбай езулеп қоймады. - Үкімет о жағын да ескермеді деймісің. Жүгері деген бір ғаламат өсімдік әкелініпті ғой. Ол дегенің аттылы кісі бойласа көрінбей кетеді дейді. Соның бір айырын татқан мал бір айға дейін тоқтық тартып, майға шайланып қалатын көрінеді. Біздің бала шатауат қой, кеңседе, содан естиміз де,- деп езеуреді.
- Қайдам, тірі болсақ онысын да көрерміз. Бірақ өрісі тарылған малға май берсеңде маңдымайды,- дескен «оқыған» шалдар жер шұқылап отырып қалған. Алайда тың игеру шырқау шегіне жеткенде орман, тоғайдың қойнау қолаты, өзен сулардың саға, жағасы, ауыл іргесіндегі арқандап бірер малды жайып отырған тебілгідей табиғи пұшпақ тұстар, тіпті ескі жарым зираттарға дейін жыртып, егін салу жөнінде қосымша нұсқау жарлықтар түсе бастаған. Ал совхоз директоры Совет Армиясы қатарынан босап келген подполковник жоғарыдан түскен бұйрықты сағатында орындауға құлшынғанның өзі еді. Енді міне, ауыл іргесіндегі ескі қорымдар жатқан тұсқа соқа салу керек деген шешімге келіпті совхоз басшылары. Үлкен қалаларда соңғы өлік жиырма жыл жерленген зираттар тәртіп бойынша тазартылып құрылысқа берілетін көрінеді, ендеше пайдасыз жатқан зиратта жыртылуға тиіс. Осы бір желдей ескен есірік сөзді естіген Жастілек май таситын қос аттың бірін жайдақ мініп анасы мен ініқарындастары жатқан зиратты шолып шықпақ болып солай қарай беттеген. «Қорым зиратты жыртты деген не сұмдық. Осында қарағайлы тоғай, қайыңды шұбардың қойнау-қолатына дейін қалдырмай тасталқан етіп жыртып тастады. Малдың тұяқ басар ұлтарақтай жері қалмады. Енді молаларға соқа салмақ. О, тоба! О заманда, бұ заман, мола үстіне егін екті дегенді естіп отырғаны осы. Анада ел ішінен бас көтеріп совхоз жұмысына араласып жүрген Бекшенің баласы Сламбекке «не ойлағандарың бар, далиған Ақдәңгіл, мәйегі тамған Кеңащы, Шолақ өзек. Ауызтал алқаптарын бірінен соң бірін жыртып жатсыңдар. Ол аздай тұяқты малға азық болып отырған Құсмұрынның тастақты бауырын да тілгіленген бауырдай айғыздап болдыңдар. Елдің малы, совхоздың малы қайда жайылмақ. Соны неге ойламайсыңдар. Мені қойшы, май тасыған үрерге иті,сығарға биті жоқ соқа бас адаммын. Анау малдың сүмесін еміп отырған елді аяу керек емес пе. Оның үстіне совхозың табын-табын ірі қара мал ұстап отыр. Тұяқты мал қысы-жазы азықпен күн көрмей ме. Жалғыз жүгері қай жыртығыңа жамау болмақ. Қит етсе жүгері құт, жүгері сүт деп шыға келесіңдер. Бүйте берсеңдер малды қырып аласыңдар ғой»,- деп өз білгенін айтқан. Сламбек болса соқырақтап қалған әкесі Бекші сияқты жақтырмағандағы әдетіне басып, басын кекжең ете түсірді де, «Әй, Жәке ай, отызыншы жылдың сарынынан жазбапсың ау. Қазір алпысыншы жылға аяқ бастық емес пе. Арада аттай отыз жыл өтіпті. Содан бері дүние түгел өзгерді емес пе. Өзіңізді итжеккенге айдатып жіберген Сталиннің зобалаңы ХХ съезде ашық айтылып, ел жағасын ұстатып отыр. Міне, сізге өзгеріс, міне, сізге саясат. Ендеше елге ең алдымен нан керек, астық
керек, ал малға жүгері керек деген ұран құлағыңызға жетпегені ме. Жетпесе ұғып алыңыз осыларды. Ал ол үшін ұлтарақтай жер бос жатпау керек. Анау қытайлар жерді былай қойып күрішті үйлерінің төбесіне өсіріп жатқан жоқ па. Сіз иесіз жатқан даланы қорығыңыз келеді»,- деп Жастілектің көңіліне қонақтамап еді. Енді міне, бригада басына жанар май тасып жүріп естіген гу-гу әңгіменің анық танығын білмек болып зиратты бетке алып келе жатқан беті. «Жұлдыздының» бұрынғы ат жалын тартып мінгендерінің көбі білім жағынан тапшы шығып, бригадирлікке де іліне алмай тізгінді тыңға келгендерге түгел беріп болған. Бөлімше меңгерушісі болып Бекшенің ұлы Сламбек қана жүр. Оның өзі жел қай жақтан соғады деп әкесі сияқты өліктің артын баққан тайғақ неме көрінеді. Ауданнан «Нива» совхозына тағы да мың жарым гектар жер жыртуға нұсқау түскенде ауылдың өлгендерін жерлеп келген зираты жатқан жазықтық алдымен ауызға іліксе керек. «Тап осы арада екі жүз гектарға жуық алқап босқа жатыр, сондықтан болашақ жүгері плантациясы үшін ең десек осы араға соқа салу керек» десіп шешкенге ұқсайды басшылар. Бұл әңгімеден ауыл хабарсыз болғанымен тракторда жүрген бірер жергілікті жігіттің құлақтары шалса керек. «О тәңірім, көрсетерің көп екен ғой. Кең дала жетпегендей аруақтардың сүйегін саудыратып мола үстінен соқа салды деген не сұмдық. Елу төрттен бері осы төңіректің сау тамтығын қалдырмай жыртқандары аз болып па еді. Енді міне, өліктер мекенін талқандамақ. О, тоба! Бәрі де жалған болғай...» Жастілек атынан түсіп зиратқа жаяу беттеген. Сібірден келген бетте ағаштан қоршау тұрғызған апасы мен бауырларының басына келіп тізе бүккен. - Алла тәңірім бар болсаң, өздері де өмірден өксумен, күні ренжумен өткен аруақтардың мазасын алдыра көрме. Әпербақан қылыққа тоқтау салып, ессіздердің есін жиғыза гөр. – деп күбірлеп барып – Әумин, - деп бетін сипап орнынан тұрған. Анау бір тұста Қыстаудың жусан басқан моласы қараяды. Ел қарғысын алған оңа ма, әйелі Қатыш Әжібай атылды деген күннің ертеңіне бала-шағасын алып төркініне тік көтеріліп көшіп кетіпті. Бекше болса соңғы он жыл бойы қабырға сипалаған су қараңғы соқыр болып, үйінде отыр. Тысқа шығуынан үйде отыруы көп. Ел қарғысының бір ұшы оған да тисе керек деседі ауылдағылар. Орнынан тұра берген Жастілектің желке тұсынан дар-дар еткен трактор үні де естіліп қалып еді. Тұла бойы әлде қандай қорқыныштан дір ете түскен. Артына жалт қарады. Сонадайда қос трактор мына зиратқа қайсымыз бұрын жетеміз дегендей үзеңгі қақтығыстыра
қатарласа салып ұрып келеді екен. Мал тұяғынан басқа сауырына ештеңе тиіп көрмеген құйқалы жазық шынжыр табанды аждаһалардың астында қалғысы жоқ түз тағыларындай жал-жал қыртысын төңкеріп тастап мөңкіп жатыр. Тракторлар болса жер қыртысымен тістесе қалған суық соқа жүздерін сом сауырға батыра түскен қалпы оттығынан құрым түтінді лақылдата құсып, ышқына, зорлана, бажылдап, ілгерілеп келеді. Жастілектің қос тізесі дірілдеп, алқымына ашу-ыза кептелді. Жас кіреукелеген көздері шарасынан шығып, жүрер жолын қырып-жойып жосылтып келе жатқан қос тажалға кеуде тосып қарсы тұрмақтай оқыс қимылға басты. Айғай салып тұра жүгірді. Қос етегі делбеңдеп жан ұшырып келеді. - Тоқтаңдар! Оңбаған ессіздер! Кері бұрылыңдар! – Аңызғақ желге қарсы жүгіргендікі ме жүзін шарпыған отты лептен тұншыққандай тынысы тартылып, қос өкпесі қабынды. Жүрегі алас ұрып, аузына тығылғандай, қос самайы солқылдап, қаны басына тепті. - Қайда барасыңдар? Зират, мола, аруақтар! Шегініңдер! Бұрылыңдар! Жастілекті жапырып кетердей болып өңмеңдеп келіп тоқтаған трактордан кетік тіс, секпіл бетті, еңгезердей сары жігіт жерге секіріп түсті. Қолында сығымдай ұстаған бақа ауызды кілті бар. - Әй, ит неме, былай тұр жолдан! – деп ақырып жіберді жаңағы бұған төніп келіп. - Неге кетем! Көрмеймісің зиратты? - Зират-миратыңды білмеймін! Маған берілген бұйрық осы учаскені жырту. Былай тұр жолдан! Бұл кезде екінші трактор да тоқтап, қатарына инеліктей қатқан ұзын тұра, бұйра бас жігіт келген. - Степа, мынау ана жылы станциядан бір машинада келген кержақ қой,- деді салған жерден. - Өлейін деп келіп еді, тіріліп алыпты. - Солай ма? – деді Степа Жастілекке тыжырына сүзіліп. - Көрдің бе, сауаттысын. Зират дейді. Әттең маған анау жақта кезікпедің ғой, теріңді тірідей сыпырып алатын. Жершілін бұның. - Соны айтам-ау. Әй шал, бізге норма керек. Ал норма – ақша. Былай тұр жолдан! - Қолдарыңда өлуге бармын, бірақ зиратты жыртқызбаймын. - Солай де кержақ. - Мен кержақ емеспін. Жазықсыздан сотталған адаммын. Ақталғанмын. – Жастілек қалшылдап кетті. – Боқмұрын немелер, немді түсінесіңдер сендер... -Тәйт әрі! Жазықсызбын, ақталғанмын... Біз де ақталғанбыз. Бірақ мына майданға басылған рецидивист деген таңба өлгенімізше кетпейді. Соны біліп қой. Мына зиратқа сен де сотталған халық жауы есебінде көмілесің. Ақымақ, ақталғанмын дейді-ау өзінше. – Степа Жастілекті
кеудеден нұқып қалып шалқасынан түсірді де тракторына беттеді. Дар еткен мотор үні құлағына еміс-еміс естілсе де, алапат бір күштің жер солқылдата өзіне тақап келіп қалғанын сезсе де, Жастілек жүрек тұсынан тиген қатты соққыдан тұра алмай талықсып қалып еді. Орнынан атып тұрып төніп келіп қалған апаттан аулаққа тұра жүгіргісі келгенмен тұла бойы ұйып қалғандай бүгілген тізесі жазылар емес. «Оншада-мұнша жүріп өлетін болдым-ау. Мұны көргенше Сібірде-ақ өліп қалмаған екенмін. Ойпырмай, мынау, қаніпезерлер шынымен-ақ басып кете ме. Шынжыр табанмен жаншып, соқамен сойып өтсе сүйегіңді де ешкім таппас. Мынау иттер солай істейтін болды-ау. Алла...» Дүние төңкеріліп жүре бергендей болды. Ышқырған дауысты баж-бұж еткен қос трактордың қосарланған өктем үні тұншықтырып жіберіп еді. ***
Таңдайына құйылып кеткен суық тамшының су екендігін, кеберсіген өңешіне қарай жылжыған судың ес кіргізер әсері барын сезгендей сезінсе де күңгірт, бұлыңғыр беймәлім тірлік құндағында әлсіз, халсіз күйде жатқандығын жыға тани алмаған Жастілек ауырсына көзін ашқан. - Бисмеллә, бисмеллә, көзін ашты-ау, әйтеуір, - деп күбірлеген Жәнипа Жастілектің тершіген маңдайын сүлгімен сүртіп, аузына тағы су тамызған. - Мен.... мен қайда жатырмын. Лазаретке тағы да түстім бе? Ух, алла тәңірім-ай... - Жоқ... Жоқ, қайным, біздің үйдесің, Әжібай ағаңның үйіндесің. - Әжібай, қай Әжібай... Ә, өзімнің ағатайым ба? Ол кісі қайда? Шақырсаңдаршы. Мені шынжыр табанды тажал таптап кеткелі тұр ғой. Шақырсаңдаршы ағайымды. Әй, жауыздар, тоқтаңдар! Зират, мола!.. Аруақ, аруақ!.. Жібермеймін!.. Шегініңдер! Жастілек сандырақтап барып талықсып кеткен. Ауыл іргесіндегі зираттың үстін аяусыз жаншып, ойрандаған қос тракторист түрен жүзімен соғып өткен Жастілектің аударылып түскен жер қыртысының астында жартылай көміліп қалған шала жансар денесіне де қарамастан, одан әрі борозда тартып ұзай берген. Зираттың ағаш қоршауын қиратып, ілгерілей берген тракторлардың сұмдық әрекетін сонадайда мүшенің қойын бағып тұрған Оразбай шал көре салып атын тырақайлатып ауылға шапқан. - Ойбай-ау, ойбай, не ғып отырсыңдар омалып! Моланы қиратып жатыр анау селенніктер, - деген Оразбайдың ащы дауысы қотан жаңғыртты. - Мынау шал не деп тұр?
- Моласы несі. Қиратқаны нес? - Кімдер қиратып жатыр? - Жәй жатқан молада не ақылары бар, целинниктердің. Шуласқан жұрт шұбырысқан қалпы қайыңды шоқтың іргесіндегі зиратқа беттеген. - Ойбай-ау, шынында да анау жыртылған қос борозда зиратты көктей өтіпті ғой. - Масқара-ай, сұмдық қой мыналары. - Тапа тал түсте зиратты жырқызып неден қара басты бізді. - Ой, өңкей өңездер! Атқа мініңдер, еріңдер соңымнан! – деген Шалабай кері жүгірді. Үйлеріне мініс аттары бар бес-алты адам Шалабайға ілесіп үйді үйлеріне жүгірісіп кетіп еді, іле бір-бір сойыл, бақандарын шошаңдатысып жаяу шұбырған жұрттың тұсынан сатырлатып өте шықты. Беттері қырдан әрі асып кеткен қос трактор.
Жаяу шұбырған жұрт зиратқа жете тоқтаған. Шынында да жер сауырын аяусыз тілген соқалар жүзі көне қорымның кеуде тұсын қақ айырып ілгері асып кетіпті. Іздерінде қираған темір, ағаш қоршаулар, үгітілген тас белгілер, көрден шығып қалған ағараңдаған сүйектер байқалады.
- Алла, алла, не зұлматыңды көрсетейін дедің, - деп топ алдында тұрған Қаукен ақсақал қос тізесіне ие бола алмай шөге берген. Кеудесіне түскен аппақ сақалына тарам-тарам сорғалаған жасына ие бола алмай маңдайымен жер ұрғылаған ауыл қартының мына күйінішті халі былайғыларға да қатты әсер еткендей, бәрі де тізелерін бүгіп ойраны шыққан зиратқа егіле қарасып қалып еді. Кемпірлер мен жасамыс әйелдер жағы үйлерінен өлік шыққандай күңіреніп, кәдімгідей дауыс қойып жылап жатыр. Қыз-келіншектер беттерін шымшыласып «ойпырмай, жауыздар-ай, бұл араны жырт деп кім ұлықсат берді екен» деген күбір-күбір етісіп оқшау тұр.
Жігіттер жағы елеңдесіп «Кеңсеге бару керек, директорды алып келіп мына жыртылған жерге тірідей көму керек. Жоқ, одан да ауданға барып сотқа беру керек», - десіп жақ-жақ болып дуылдасып тұрғанда Жәнипа баж ете қалған. - Ойбай-ау, мына кісі өліп жатыр ғой, - деп төңкерілген жер қыртысы астынан жартылай шығып жатқан кирзо етікті көрсеткен. Жұрт қоғадай жапырылып Жәнипа нұсқаған тұсқа жүгірген. Жігіттер төңкерілген жер қыртысын қолдарымен тырмалап ашып, ессіз жатқан Жастілекті суырып алған. Арбаға көлденең салған бейбақты Жәнипа өз үйіне әкелдірген. «Аузына су тамызатын кімі бар, аз-кем күтіп бағайын» деген. Кірпік қақпай жатқан Жастілектің жүзіне егіле үңіліп,
аузына қара су тамызғалы бір жеті өткен. Содан бері ауыл үстін бұрқылдатып талай оқиға өте шығып еді. Директор жұмысынан алынып басқа шаруашылыққа төмендетіліп жіберген. Ал бір топ салт аттының өздеріне салып ұрып келе жатқандарын көрген Степа тракторын тастай қашып, қалың қызылға кіріп кетіпті. Содан ауданнын милиция келіп, ауыл тік көтеріліп іздестірген болып еді, оларынан ештеңе шықпады – жер жұтқандай жоқ болып шықты. Жобасы ел шуласып жүргенде бір жаққа қарасын батырып үлгерсе керек. Ал инеліктей қатқан ұзын тұра Жораны трактор кабинасынан шығармай басқан жігіттер өлімші қылып сабап, милицияның қолына табыстапты. Қазір аудан мен «Нива» совхозының арасы сабылыс. Бірде аупартком, енді бірде ауатком басшысы келеді. Зиратты талқандап, аруақты қорлаған сұмдық хабар облысқа да жетіп қалса керек. Олардан да бірер өкіл болып қайтқан. Бәрінің айтатыны «Тынышталыңдар! Сабырлық керек. Кінәлілер жазаланады. Теріс бұйрық бергендер сазайын тартады!» Кешелер совхозға жаңа басшы келіп ауыл ақсақалдарын мәмілеге шақырып жатса керек. Манағысын талықсып кеткен Жастілек тағы да көзін ашты. Төбеге тесірейе қараған күйі үнсіз жатты да қойды. Жәнипа осы бір азап пен тозақ отының ортасынан оралған адамның тап бүгін де соқа астында қалып мынандай болып қасірет шегіп жатқан халін тереңірек сезініп, ұғынған сайын өз басындағы қасіретін ұмытып, бар ықылас-мейірімі Жастілекке ауғандай еді. «Бейбақ жар сүйіп қызық та көре алмады. Осында бұлар айдалып кеткен күннің ертеңіне Қыстау Күлпәшті қыспаққа алып, жаудың ашынасысың деп отырса опақ, тұрса сопақ қылған жоқ па. Ақыры әкесі Мұхамеджан қайтыс болысымен нағашы жұртына кетіп тынды. Сол жақтан тұрмысқа шықты деп естіген. Оған не кінә бар. Алды бұлдыр адамды келеді деп қалай ғана тоссын. Өлі-тірісі беймағлұм болды ғой мұның. Өзін де «халық жауының» әйелі деп біраз дөңгелетті-ау. Бірақ ептеп оқығаны бар, көзі ашық Жәнипа оларды маңайлатпады маңына. Әжібайдан қалған үш ұлды тұмсықтыға шоқыттырмай оқытып шығарды. Қазір үшеуі де көршілес облыста, бір– бір мекемеде қызметкер болып жүр. Өзі болса Әжібайының шаңырағын күзетіп қалды. Шүкірлік. Ел сыйлайды. Әжібай ақталғалы ел алдында еңсесі де биіктегендей. Оған да тәуба дейді. «Жау» деген қарғыс таңбасынан арылмаса қайтер еді. Партияға рахмет. Әлі кетіп, жүріптұруы қиындаса үш ұлдың бірі қолына алмас деймісің, алады ғой. Бәрінен де мына бейбақты айтсайшы». Жәнипа Жастілектің жүдеулі, әжімді жүзіне, ерте қырау шалған самайына, нұры кеміп кіреуке шала бастаған жанарына әлсін-әлсін көз қиығын тастап қойып күрсінеді.
Воркутаның қанды шеңгелінен аман шыққан Жастілек Степаның соқасы соғып, төңкерілген жер қыртысының астында қалғаннан өлгісі жоқтай бірер айдан соң, сарыжамбас болып төр алдында көлденең түсіп жатып алған төсегінен тұрған. Сынған аяғын сынықшы Жанай шал ұлпа саусақтарымен сылап-сипап, майлап-байлап дегендей бірер жеті емдомын жасаған соң шеке шағып, сырқырап сыздауы сап тиылып, енді міне, өзін-өзі сүйретіп тысқа шығуға да жарап қалған. Екі айдай жеңгесі Жәнипаның қол күтімінде болып, біраз қолайсыздық тудырғанына іштей қысылыста болғаны да шындық еді. Тысқа шығысымен ауыл шетіндегі қоңырайып тұрған өз үйіне беттеген. Туған босаға адамға неге соншалықты ыстық болды екен. Қай қиырдың дәмі тартып кетсең де, туған босағаңа ораласың, ыстық сағынышының отты күйігін басып, көңілінің алабұртқан сезімін нөсерлетіп келіп рахат құшағына бөленесің. Тартқан азабың, көрген қорлығың, кешкен бейнетің туған босағаңды аттай бере иығыңнан сыпырылып түсіп қалады, бәрін де ұмытқандай алаңсыз тірлік арнасына түсіп, сабырлық күй кешесің. Төрге барып шалқаңнан түсіп жатқың келеді, туған босағаңның өзіңе ғана мәлім, өзіңе ғана ыстық иісін иіскеп, аунап-қунайсың. Сол кезде маңдайыңнан өбіп, тұлымыңнан сипар анаң отырса ғой қасыңда. Дариға дүние-ай десейші. Одан өткен бақыт, одан өткен рахат күй болар ма өмірде. Жастілек өткен жылдар өктемдігіне мүлдем бой алдырып, кәрі сүйегі қаусай шөгіп, азып-тоза бастаған үйдің босағасына келіп ұзақ телміреген. Үйден анасы жүгіре шығып, өбектеп келіп қолтығынан демеп ішке кіргізетіндей-ақ алаңдап, қора ішінде үңіліп, мылқау терезелерге жаутаңдаған. «Қайран қоңыр үй сілікпең шығып, тозып біттің-ау. Менің де халім өзіңдей, мен де тозып, шөгіп барамын. Сені жөндеп қатарға қоса алмаспын енді. Кеше гөр жүдеулі халімді. Екеуміздің де тағдырымыз бір екен, туған босаға. Сен уақыт құзырымен азып-тозсаң, мен адамдар қаталдығынан күйреп біттім ғой. «Осы кезде қақырынып, түкірініп көршісі Құрманбай шал келген. - Есенсау болдың ба, Жәкесі? Айығып тұрдың ба? - Ә, Құреке, өзіңіз де есенсіз бе. Немене қораңызды бұзып жатырсыз ба? – деген Жастілек көршісінің қора төбесінде жүрген бірер адамды мезгеген. - Ойбай-ау, бұзғысы келіп бұзып жатыр деймісің. Көшкелі жатырмыз да. Анау Елтайы түскір көшеміз де көшеміз деп болып отыр ма. Мұның шопыр болғаны бір пәле болды. - Көшкені несі. Қайда бармақсыңдар? - Естімеп пе едің. Совхоз орталығы Құсмұрынның арғы қабағына қоныс теуіп жатыр ғой. Осыдан жарты ай бұрын ауданы бар, совхозы бар,
басшылар жиналып солай ұйғардық, шағын бөлімшелер бір орталыққа ұйыссын десіп, осында біраз шу болды емес пе. «Тырнадан қарауыл қойсаң, төбеңнен қиқу кетпесің» кері болды. Содан амал қанша келіп, бала солай ұйғарған соң... - Бөлімшелерде де адам тұрады емес пе. - Тұруын тұрады ғой. Бірақ күшті шашыратпаймыз, бар күшті шоғырландырамыз деседі. Оның үстіне шағын ауылдың перспективасі жоқ көрінеді ғой. Күндердің күнінде жұмыс болмай қалады дейді. - Солай деңіз. - Иә, солай.. Анау күшік осыны естісімен әйдә, көшеміз деп дігірледі де қалды. Қазірдің өзінде ауылдан бірсыпыра адам орталықта салынған үйге бұрынырақ барып кіреміз деп апыл-ғұпыл көшіп кетті. - Мыналарыңыз қиын болған екен. Бірауызды болып ірге көтермесеңіздер қай әкім күштеп көшіреді. Әй басы кетіп, мойны қалғандар-ай. - Дұрыс айтасың, Жастілек. Суырылып бір басшы шықпаған соң, солай болады да. Өзіңнен күш кетіп, келін-баланың аузына қараған заманда бас шұлғи бергеннен басқа бізде не қауқар қалды. – Құрманбай назаланып терең күрсінген. Оған да туған жұрттан ірге көтеруі оңай тиіп тұрмаған тәрізді. Алпыс бестің сол жазында «Жұлдызды» ауылынан төрт-бес кәріқұртаңнан басқа үй тегіс ірге сөгіп, жаңа қонысқа барып қонып еді. Жастілек болса туған ауылдан ірге көтермеуге әу баста-ақ бекінген. Содан берменгі екі-үш жылдың жүзінде қоңыр күзге дейін ат-арбасын салдырлатып жүріп, ағаштың, сай-жыраның қуыс-қуысын тінткілеп, бірер малға талғажау етерлік шөп жинап алады. Төңірек жыртылып, егістікке жаз бойы самолеті бар, тракторы бар, улы химикат сепкелі бірсыпыра қайыңды тоғайлар қурап, күйрей бастаған. Осыны пайдаланып қураған ағашты белден омырып бірер қолтық шөптің астына басып үй іргесіне құлатып алып жүр. Жалғыз бұл емес, орталыққа отырған бірер шал арбаларын қураған ағашқа толтырып кеше ғана алып кетті. Орталықтан жырақ, ауылдың ескі жұртында қалған мұны кім елең қылып көмір әкеліп береді дейсің, ендеше әлде кімдерге көз сүзгі болмай қыстық отынын жинап, бұтап, қораға енгізіп алғаны мақұл. Бүгін де ертерек тұрып шарбақ орамдағы бұзаулы сиырды алып шығып, ауыл іргесіндегі тоқымдай алаңқайға апарып арқандап байлады да үйге келіп самауырға шоқ салған. Үй алдындағы дөңбекке құйрық басып отырғаны сол еді, ақырдағы аты оқыранды. Сай-сүйегін сықырлатып орнынан зорға тұрып барып кешегісін шауып әкелген шөптен жұлмалап бір қолтығын алды да оттық алдына тастады. Қоңыр үйдің қоңырқай тірлігінің бар ауырпалығын арқалап тұрған аяқ артар жалғыз түлік осы болған соң
барлы-жоғын осының аузына тосады. Баяғыдай бой жаздырып еркін жайып алар жер тарылғаннан бері мұның да жұмыс қамытынан құтылған кездерде ауыл сыртына алып шығып, ала арқанның бір ұшын шыжымдай ұстап оттанып алады. Төңіректе иық тіресе самсам тұрған егінге көз сүзгеніңмен оған артар жағдай жоқ. Астықты алқаптың осынау пұшпағын күзететін Шалабай, Дәркендер көбік тақым болып шапқылайды да жүреді. Ауыл жұртына күніне әлде неше рет соғып кетеді. Анада бұзауы түскір қазықты сүйреткен күйі егінге барып түспесі бар емес пе. Дәркен құрық үстіне құрық сілтеп тырқыратып қуған қалпы мұның қорасына әкеліп бірақ тыққан. - Жәке, анау итіңді дұрыстап байламаймысың былай. Енді егінге түскенін көрсем тура орталыққа айдап апарып етке өткіздіртіп жіберемін, басшылардың бұйрығы солай, - деп зіркілдеген. Онысын қойшы, бейнетпен өсірген егін болған соң мал тұяғының астында қалмасын дейді де. Онысы жөн де шығар. Бәрінен де алдыңғы күні Сламбектің салып кеткен ойраны жанына қатты батты. – Не бір сиыр, не бір жылқы ұстайсыз. Басы артық мал болмауы керек, - дейді қолындағы қағазды мұның танауына төндіріп. -Шырағым-ау жалғыз аттан айрылсам отын-шөбімді арқалап әкелемін бе. Сонау орталықтан маған кім машина, трактор бере қояды. Ал қысыжазы төрт емшегіне емініп отырған сиырды алсаң, аштан өлмеймін бе? – дегендей уәж айтқан болып еді, анау өңмендеп біраз жерге барып қайтты. Бұған дегенде қаны қатып, жүрген бе, кім білсін, әйтеуірі илікпеген күйі тік кетті. Қызды-қыздымен мұның көшпей жұртта жалғыз қалып қойғанын бетіне басып, партия саясатына қарсысың дегенді көлтектетіп келіп, енді міне тамам ел артық-ауыс малын мемлекетке өткізіп жатқанда тағы да қыңыр тартып жаулық мінезіне бағып отырсың деді. Мұндай кері ауыз болар ма, халық жауы болып сотталғаның тегін емес деп салды екі көзі шатынап. Оған Жастілек қайдан шыдасын, дөңбекке қадалған балтаны жұлып алып тұра ұмтыласын. Бойын билей алмай қалшылдап, түрі бұзылып кетсе керек, анау үйді айнала қашып барып атына зорға мініп үлгерген. Жай кеткен жоқ, ауданнан милиция шақыртып үй мүлкіңді конфискелетемін деп кетті. -Ой, ит-ай, - деді өзді өзі сөйленіп келіп дөңбекке құйрық құйрық басқан шұбар шал, - тура әкесі. Баяғыда Әжібай марқұм жөнін айтып тұрса қиғаш тартып, бірдеңелерді бықсытуға жаны әуес еді Бекшенің. Мынау да сол болған да тұрған. Боқмұрын неме, менің сотталғанымды бетіме басқысы келеді. Ит-ау деймін, қалай, не үшін сотталғанымды, жазықсыз жапа шеккенімді біле ме екен. Әкесі Бекше соны айтады деймісің, баяғы өзінікін жөндемдейтін шығар. Жүрегінде қан қатқан адам сөйтпегенде қайтеді... Әй, дүние-ай, бала-шағаға шейін таба қылып
қойдың-ау. Мұндай қорлықты көргенше келмесем етті, естімесем етті былапытын... - Жастілек өзі-өзіне келе алмай қалшылдап ұзақ отырған. Содан үйді айналып келіп, дөңбекке қайтадан келіп құйрығын басты. Самайынан шып-шып шыққан терін қол орамалмен сүртіп барып, сабасына түскен. – О, тоба. Бұл не болып барады өзі. Ауылда отырған соң малсыз қалай күн көреді халық. Мені қойшы, соқа бастымын. Анау үпіршүпір баласы бар үй несімен күнелтпек. Ақтан жырып обал емес пе... «Сламбектікі жәй қоқан-лоқы болды. Ол кеткелі де үш күн болып қалды ғой. Жә, шәйімді ішіп Ақсудың іргесіндегі бірер шөмеле шөпті ашық-жарықта жеткізіп алайын.». – Шал қалт-құлт етіп орнынан тұрды. Ат-арбасын сайлап, жолға шықты. Жастілек Ақсуға беттегенде терістіктен көтерілген қызыл жел желегін желпілдете ойнақшып, шілденің таңдай қақтар ыстық лебін ілестіре жетіп еді. Тандыр леп қурап, қаңсып тұрған төңіректі одан бетер қуырып, ыстық желдің тентек толқыны егіні бой көтеріп үлгермеген астықты алқаптың үстінде жынойнақ салып ойрандай бастаған. Жаз бойы жаңбыр көрмей қазтаңдайланып кеберсіп тұрған егістік үсті алабүлік ала келген желмен желпіне түсіп, қара тозаң болып аспанға көтерілген. Төңірек әпсәтте қара тұманмен тұмшаланып шақырайып тұрған күн көзі соқырақтап қалғандай еді. Жынды жел сабаудың астында қалып түтетүтесі шыққан жыртынды жердегі тамырын терең бойлатып бекіне алмай ерте сарғыш тартып, семе бастаған егіннің балапан өскіндерін суыра тартып, тозаңмен бірге көтеріп әкетіп жатыр. Қара жолдан қиғаштау шығып барып тоқтаған Жастілек қара боран астында түртінектеп жүріп атын доғарып, арба қалдайшасына байлады да, өзі шапанын басына бүркеп жауып, күпшекке жоғын беріп шөккен. Ышқына өскен өткір жел әрі тынысты тарылтып, әрі қойны-қонышқа топырақ-тозаңды тықпалап есті алған. - Сұмдық-ай, ақтүтек боранды да, сабалаған қара жаңбырды да көрмеп пе едім. Топырағы аспанға шыққан мұндай да сұрапыл болады екен-ау. Тоқымдай көде қалған жоқ, бұрқамағанда қайтеді. Жыртылған жердің мәйегін бүйтіп сапыра берсе астығы қалай шықпақ. Обал-ай, обал... Осындай бір күйікті оймен ұзақ отырған Жастілек өкси соққан қызыл желдің іш тартып барып басылған сәтінде ғана орнынан тұрған еді. Екі иінін зіл батпан басып қалыпты. Үсті-басын қара тозаңнан арши сілкіп, удай ашыған көздерін қалтасынан алған қол орамалымен сүртіп, төңірегіне қаранған. Ұрты құмға толғандай, тістері шықыр–шықыр етеді. - Маңай адам танығысыздай әлем-тапырағы шығып, жал-жал еспе топырақ жол бойын, егістік үстін, сай-жыраларды басып қалыпты. Арбасының маңы да қызыл асықтан келетін борпылдақ топырақпен көміліп, басы сарғыш тартып қурай бастаған көк өскін – егін сабақтары
қадау-қадау әр тұста болар-болмас қылтияды. Әлі де аңызғақ аптабы басыла қоймаған ауаның отты лебімен дірілдеген жасыл желектің тірлікке талпынған мына әлжуаз күйі ақтық рет қанат сіліккен жаралы құстың кембағал халін танытқандай екен. Жастілек көкірегіне ұйып қалған күйінішті өксігін жібіткісі келгендей оттай қарыр ыстық ауадан қармана, құныға жұтынса да, тынысын кеңейте алмай жағаға шығып қалған балықтай жұлқынып, кеудесіне сыймай алас ұрған жүрек толқынысын баса алмай кәдімгідей қысылып қалған. Самайдан, маңдайдан шып-шып шыққан ащы тер шаң кіреукелеген әжімді жүзін айғыздап таптапты. Кеуде тұсын отқа қақтағандай удай ашытқан қорғасындай ауырлық еңсесін езіп иықтап алғандай орнынан сүйретіле тұрып, атын әупірімдеп жүріп жегіп еді. Шалғы, айыр, қол тырнауыш, қыл арқан мен талғажау етерлік ептеген азық салынған ала дорбадан басқа оқшау ештеңе жоқ арбаның шағын қорабы топыраққа толып қалыпты. Шөпке шығарда салған жаңағы құрал-саймандары топырақ астында қалса керек көрінбейді. Шал құмдауыт топырақты сыпырып тастауға шамасы келмей зордың күшімен келіп арбаға отырып еді. Сол-ақ екені жер дүние шыр айналып, төрт дөңгелегімен жер тағандап тұрған көк арба төңкеріліп жүре берді. Әлде пе сықыр-сықыр қозғалып ілгері жүргендсй болды, жылқының оқыранған үні, әлде ненің сарт ете қалған дыбысы естілді де Жастілектің көз алды қарауытып жүре берді. Одан арғысы су қараңғылыққа шымшымдап батқан өлі тыныштық еді. Шал жаурап оянды. Удан ашып қоя берген көздерін сығырайта зорға ашып еді, түн екен, жерге тамып кетердей болып жаудырай жусағап жұлдыздардың мұншалықты шүпірлесе қалған қалың шоғырын тұңғыш көргендей біртүрлі таңырқай қадалған. Жұлдыздардың тап осылайша жусауын бала кезінде ұзақ түн тамашалай қызықтамаушы ма еді. Иә, сөйтетін еді ғой. Әкесімен шөп шабуға ере баратын ол кешкісін шарбақ орамға үйілген жасыл шөмеленің төбесіне әкесімен ілесе шығып алып шалқадан түсіп жатпас па еді. Күн ұзаққа шалғы тартып көкиық болып қалжыраған әке тұмсығын жұпар бүріккен көк шөпке тығып қойып қорылға басатын, ал бұл болса қара барқыт, мақпал түн тылсымын көкірекпен тыңдап, көзімен жұлдыздар шоғырына сүзіле қарап үн-түнсіз қиялдап жататын. Мына бір іргеге қарай қиялай құлаған шөміш тізбекті жеті жұлдыз — Жеті қарақшы аталатын көрінеді. Анау биікке шығандап шығып алып алуан түске түстеніп, құбыла жымыңдап тұрар маңдай тұстағы жұлдыз «Темір қазық» аталады. Шолпан дейтін де ғажап жұлдыз бар екен, бірақ ол таң алдында туатындықтан да, бұл оның атқанын да, таңмен талас батқанын да әлі көрген емес. Шыдамы жетпей ұйықтап қалады. Анасының ұршығына оралған ақ ешкінің мақпал түбітіндей
шұбала көсілген мына бір ақтаңдақ құс жолы деседі. Әкесінің айтуына қарағанда түн жамылып ұшқан құс түстікке қайтарда осы ақтаңдаққа бағыт түзеп ұшса керек. Ғажап. Бәрінің атауы, бәрінің өз кызметі бар. Ал Жастілек болса әкесінің соңынан еріп барып, еріп қайтқанына мәз. Айырлап шөп шөмелемек түгілі, божы ұстауға шамасы жоқ. Бірақ әкесі мұны қасынан тастамайды, қарасын болсын дейді де. Әйтпесе анасынын «Күн ұзаққа зарықтырып, шөлдетесін, үйге тастап кет», дегеніне болмай: «Ештеңе етпейді, жігіт емес пе, үйренсін, жүрсін», — деп әкесінің қарсылық білдіріп жататыны неден дейсің. Ал бұның әкесінің қымызына ортақтас болған масылдықтан басқа жәрдемі болмай тұр. Тек шөпті тиеп, бастырып, сырғауылды арқанмен тартқанда ғана ептеп қол ұшын тигізеді. Арқанның бір ұшын сусытпай ұстауға жарап тұр. Мұндайда әкесі мәз болып, «міне, көмек деген осы емес пе, шешең тастап кет дейді. Сен болмасаң, арқан ұшын кім ұстар еді», деп маңдайынан иіскейді де, жерден лып еткізіп көтеріп алады да, арба үстіндегі таудай үйілген шөмелеге атып жіберді. Қайран балалық дәурен-ай, десейші. Жастілек басын көтеріп еді, арбаның өз үйінің іргесінде тұрғанын аңғарды. Аты доғарылмаған қалпы жүген, әбзелдерін салдырлатып, іргеден тіске ілінер көкті шалып тұр. Мұның бас көтергенін сезінді ме оқыранып қойды. Жастілек оң жақ бет сүйегінің ауырғанын енді сезінді. Саусағымен сипаламақ еді, дыз етіп қол тигізбейді. Ептеп іскен бе қалай. Жобасы басы айналып кеткенде өзіне өзі ие бола алмай арбаның қалқайма қалдайшасына бетін соғып алса керек. Қанап та қалғанға ұқсайды, саусағына қатып қалған қаспақ-қаспақ бірдеңе білінді. Жануар, үйренген жұртына жаңылмай жеткізген-ау. Жастілектің арбадан аяқ артып түсуі қиынға түсті. Тұла бойын қорғасындай ұйытқан ауырлық екі иінін езіп, қозғалтар емес. "Әттең жалғыздық-ай. Жұртта қалып немді бітірдің. Бұралқы иттей отырысың мынау. Арбадан да бұт созып түсер қауқарың жоқ. Осы арада өліп кетсең, қалғаның ғой сасып-шіріп. Ауылдың арғы басындағы қалған Нұғымар шалдың боқтығын бұрқылдатып көшкелі бір жеті болды. Тамам ауылдан состиып жалғыз қалысыңа жол болсын. Тік көтеріле көшкен жұрт осынау ауылды қайбір қиып кетті дейсің. Бәрі де күңіреніп аттанды емес пе. Кіндік қаны тамған топырақ кімге қымбат емес дейсің. Ал сен болсаң бәрінен де ақылды, бәрінен де бауырмал болғансып шегелендің де қалдың. Арқандаулы бұзаудай қоңыр үйден ұзап шыққың келмейді. Бар ұзап барарың анау іргедегі қорым-зират. Онда да бұрышын осыдан бірер жыл бұрын целинник қиратып кеткен анаңның қабірі басына телміре қараумен отырасың да қоясың. Күңіренесің, күйзелесің. Бірақ сенің күйзелісіңді кім құлаққа іліп, басу айтып, ортақтас болып жатыр.
Тіпті мүсіркеп, "ей, жазған-ай, көрешегің көп екен ғой, қайтсын-ай күңіренбей",- деп мұңдасар, сырласар бір шүйкебас та алмай соқа басың мынау отырған". Жастілек арбадан түсе алмасын сезді ме әлде түсе алса да, үйге кіріп не бітіремін деді ме, шапанын сілкіп үстіне жапты да топырақ толы арба жәшігіне қайра қисайған. Сол жатқаннан шекесіне күн өтіп, ағыл-тегіл балбырай терлеп жатып оянған. Оянса сәске түс болып қалыпты. Аты әлі жегулі күйде тыпыршып, борбай-шабына қадалған сонасы түскірден құтыла алмай терте тепкілейді. Бұл аңырайып ауылдың өлі жұртына сүзіледі. Осыдан бірер жыл бұрын көшкен жұрт жусан, құрай, шеңгел астында қалып үлгерсе, былтыр мен биылғысын көшкен соңғы жұрттарды кешегі соққан қара боран селі жал-жал топырақ оппасына көміп тастапты. Ауыл ортасындағы тас шеңгелді құдыққа иіліп, еміне қалған тырна мойын сырықтың ұшына ілінген қаңылтыр шелек аптап леппен ілесе тербеліп, күйінішті үнмен шиқылдайды. Шаңырағы ортасына опырылып түскен бұрынғы колxоз кеңсесі, совxоз кезінде бөлімше конторы болған үйдің алдындағы ат байлар мама ағаштың түбіне келіп сарыған сабалақ жүн қара ит бұл тұсқа шабаланып алды да, "ей, сенде мендей жұртта қалған тірі мақұлық па едің" дегендей сырт айналып айдалаға жүгіре жөнелді. Тағы да тылсым тыныштық орнады. "Байлаулы бұзаудай..." "Айтпақшы, кеше шөпке кетерде арқандап қалдырған сиыр мен бұзау не күйде болды екен. Қаталап әлі сауылмай... Обал-ай..." Жастілек арбадан сүйретіліп түсті де, атын доғарып жүгенін басынан сыпырды да, сауырдан сипап қоя берді. Ат екі күн бойы үстінен түспеген қамытдоғадан құтылдым ба дегендей дүр сілкініп алды да қаталаса керек, қауға шелегі желмен шайқалған құдыққа беттеген. " Ей, сорлы, онда су бар деймісің. Одан да Ауызталдағы томарға бар, таңдай жібітер бірдеңе бар шығар". Содан сиырын арқандаған маңға маңдайына қол салып қанша шұқшиып, үңілсе де көзіне қара іліндіре алмаған. - Мына түскір бас жібін үзіп кетті ме екен. Олай болмаса керек еді. Бұзауы да көрінбейді, - деген шал шапанын тастамақ болып үйге беттеген. Есіктің құлпын ілетін қос шығырды кендір жіппен байлай салатын әдеті болушы еді. Сол жіпті шеше бергенде жерге көк қағаз түсе қалды. "Біреу-міреу келген болды ғой, мұнысы не екен" деп қағазды ашып оқи бастаған. Онда: "Жәке! Бұзаулы сиырыңды мемлекетке әкеттік. Ақшасын бірер жетіден соң әкелдіріп береміз. Управляющий С.Бекшин" деп жазылыпты. Жастілек қос тізесі дірілдеп барып босағаға отыра кетті.
- * Сонау бір қызыл жел ескен қара боранның астында қалғаннан бері Жастілек оңалмады. Ақыры қар тобықтан асып, төңірек түгел ақ көрпеге қамтылып болып, сіреуленіп шымыр тартқан күртік үстімен сырғыма боран жүре бастаған шақта бұл үйден шығудан қалып еді. Орталықтан ат сабылтып әдейі іздеп келген Құрманбай көршісінің "жаңа сойған соғымнан сыбағаңды татып кет" деген өтінішін де орындай алмады. Қарға адым жер жүрсе тула бойы бұлауға түскендей қара терге малынып шыға келеді. Екі иінін безген бір әлсіздік бой жаздырмайды. Қорада тұрған мал дегеннен қалған жалғыз аттың астын тазартып, алдына шөбін салып, бірер шелек су берудің өзі күшке түсіп тұр. Құрманбай жай келмей, барып жей алмасаң ауыз тиерсің деп бірер түйір жас ет әкеліпті. Талайдан бері жылқы етін татпағандықтан ба, қазан бүлкілдеп қайнап, танау қытықтар жұғымды иіс шалқи бастағаннан қу көңіл тәбет шақырып, жұтынып қалып еді. Енді міне, екі шал тартылған табақ үстіне төне қалыпты. - Жарықтық, жылқы етінің жөні бөлек-ау, - деп қойды Жастілек. - Е, не деп отырсың... Ал, алып отыр. Жаз бойы барды-жоқты тықпалап күтіп-бағып едім, еңбегімді ақтады. Екі елі шықты. Балада бір бұзаулы сиыр, кемпір екеумізде бір құлынды бие дегендей.... Бұрынғыдай көсілетін шама жоқ, бәрі шектеулі болып қалды ғой. - Естіген шығарсың, төрт емшегіне қарап отырған сиырды өзім шөпке кеткенде, әлгі Сламбегі түскір арқандаулы жерінен айдап алып кетіп қиын болды. Орталықтарына барып ойран салайын деп едім, тағы "мешкей деген жақсы атақ емес" қойшы дедім. Үкіметтің заңына кім қарсы тұрады. Бәрінен басынғаны өтіп кетті. Содан жалғыз атпен қалдым, әйтеуірі иге көнетін жануар отын-суымды сонымен тасып алдым ғой сүйретіліп жүріп. Көрші селодағы неміс тамырым Кайзер жазған көп көмектесті. Бес-алты қап картоп, екі қап ұн тарттырып әкеліп тастаған. - Е, кейбір қазағыңнан сол тамырың дұрыс, - деп Құрманбай іргеге шегініп отырды. - Өзі бір ғажап адам-ау. Жуырда соғып, бірер күн жатып кетті. Ептеп шишаға үйірсектігі бар ғой, бірер бөтелкесін қоржынына сала келіпті. Өзің сияқты соғымым деп, шошқасының майы да бар әкелген... - Тек, әрі... - Әй, Құреке-ай. Воркутада жүргенде маған қай туысым табақтабақ жылқы етін тартып отырды дейсің. Өңештен өтсе өлмеспіз деп қолға түскенді жей бердік емес пе. - Е, басқа салған соң сөйтесің де... Біздікі мейманасы асқандық та.... - Сол Кайзер жуырда Қызылту жаққа Сәлімгерей тамырының құдалығына барып келгенін айтып...
- Қай Сәлімгерей? - Талаптыдағы балдақты Сәлімгерей-ші... - Е, о жүлікті білем ғой. Иә, содан.. - Содан Кайзер де құдалармен қатарласып дастарxан басына отыра қалмай ма. Ал үй иесі аңқаулау ма, әлде тұз көз, шикіл сары мұны бөтенге жорыған ба, бәрінің кесесіне сары май салып отырып бұған салмайды ғой. Жай отыратын Кайзер ме, өзі ұмтылыңқырап барып бір қасық майды кесесіне тоғытып жатып: -Осы сен мен білетін сарымаймысың, Жесем жүрекке дәру маймысың. Әлде көп қазақтың ішінде Жалғыз немісті танымаймысың,-деген ғой. - Паx, мынауың тірідей өлтіріпті ғой. - Айтпа деймін, айтпа. Содан үй иесі Кайзер құда деп бұлар кеткенше асты-үстіне түсіп бәйек болыпты. Әне, Кайзер дегенің сол. Осылайша жарасымды бір ұзақ отырыстан кейін Құрманбай қозғалған. - Ал, Жәке, бірер жетіде тағы бір соғармын. Бойың тәуір болса алып кетейін. Үйде аунап-қунап жат. Кім қалды. Үркердей ауылдан біз құралпы азайып барамыз ғой. Тағдыр тақсыретін тартардай тартып келесің. Орталыққа көшкенің де дұрыс еді, - деген. - Е, Құреке, айтуың жөн. Ескі жұртта ұлыған бұралқы итше жалғыз қалғаным жаныма батпайды деймісің. Ертең жүріп-тұра алмай қалсам аузыма су тамызып, басымды көтеретін де тірі пенде жоқ. Әйтсе де шаңырақты тірі тұрғанымда жаппаспын деген әке-шешеме берген іштей антым бар еді. Оның үстіне Сібірде жүргенде тартқан ауыр азап үстінде туған ауыл, өз босағама келіп өлсем армансызбын деуші едім. Осының бәрін тәрк етіп, көшкен елмен ілесіп қопарылсам өлген аруақтар алдында айыптыдай көрінемін бе деп шегіншектей бергенім де рас. Орталығыңда да тартар азабым, көрер бейнетім осы емес пе. Кімім менің аузыма қарап ол жерде күтініп отыр. Әлдекімге масыл болып сабытымды салғанша өз қотырымды өзім қасып дегендей... - Қайдам, Жәке. Ол жағын өзің өлшеп-пішіп қойсаң біз не дейік. Әйтеуірі ел ішінде отырғаның жөн дегеніміз де. Әйтпесе кімді кім асырағандай. - Жә, Құреке, қош. Әйтеуірі xабарсыз болмай келіп тұр. Дәміңе алла разы болсын. Жақсы ит өлімтігін көрсетпес деп, ит құрлы жоқпын ба.- Жастілектің үні дірілдей шығып еді... – Елге өкпем де, ренішім де жоқ. Әттең жас ғұмырым өксумен, өкінішпен өткені болмаса... Бақ берсе маңдайға, тақ берсе таңдайға деген ғой.
Көп ұзаған жоқ Жастілек төсек тартып жатып қалды. Оның қора ішінде, есік алдында қалқақтап жүргенін жоқтағандай алақаншықтанып басталған сырма боран үдей, дәуірлей келіп мүлдем құтырып кетті. Арқаның апталап соғар кәдімгі аңқылдақ ақ көз ашулы бораны. Пеш аузына сүйретіліп жетіп бірер күн тамызық тұтатып, от жаққанымен бүгіндер мүлдем орнынан тұра алмай сұлап жатып алған. Өзінің жүріптұруы қиындай түскенін сезіп қораға да шыға алмай қалармын деп жалғыз атты орамдағы шөмелеге бос қоя бергені абырой болған. Әйтпесе бұл ас көтере алмай аяқтан сарып болып домалап қалғалы да біраз күн өтіп кетті-ау. Төр алдында көлденең түсіп жатқан сары шұбар шал үйдің азынап суый түскенін, іргеден ысқаяқ леп ұрып, тула бойын түршіктіріп жатқанын сезіп, түйсінген сайын, кірпік қимылдатпас ауыр науқас шеңгелі сығымдай қысып жібере қоймас-ау деген күйікті xалге ауысқалы тән азабына жан азабы қосылғандай еді. Көрпесін қанша қымтанса да, тұла бойын жайлай түскен суық пен ауыр науқас қосақтала келіп дәмтұзының сарқылар шағынан xабар бергендей ауықауық естен тандырған. Жаңа ғана көк тұман ішіне бойлай еніп бара жатқандай бұлыңғыр бір сезім әлдиіне бөленіп жүре берген. Ұйықтағаны не есінен танғаны белгісіз, әйтеуірі сөнбеген әлсіз санасы ояу тәрізді. Міне, сүйкімді елес-ақ жамылған анасы үйге кіріп келе жатыр екен. Мұны көрді де кілт тоқтады. - Әй, шырағым-ай, осылайша жұртта жалғыз жата бересің бе? Жүр менімен, іні-қарындастарың да күтіп отыр, -деп бұған қолын созған.- Тартқан бейнетің аздай елден безгенің неткенің? - Мен елден безгенім жоқ, ел менен безінді емес пе. Мен елдемін, өзім туған босағамдамын, - деп қарсылық білдіргендей болды бұл. - Айтасың-ау, балам. Қазір сен де ел де, туған жерде жоқ. Жұртта қалған бұралқы ит те сен де бір. - Неге олай дейсіз? Менің тамырым осы көне жұртпен бірге. Сол үзілмесін, қырқылмасын деп тәмам ел ірге сөккенде әдейі жалғыз қалдым емес пе. Менің осы әрекетім-ақ талайды ойлантар, жаңылысқанын ұғындырар. - Ту, жазған-ай. Іргесі бүтін ел моласын талқандата ма. Жалғыз өзің соқаға қарсы тұрғанда қасыңнан қай ауылдасың табылды. Өрекпеді, шулады, қойды. Сорлы қазағың сол емес пе, сүйекке сіңген әдеті. Сөйтіп отырып елім, ауылым, жұртым дейсің. Сол ел бірлікте болса мен өлер ме едім аштан. Әжібай екеуің жау атанып қаңғып кетер ме едің, молаң тапталар ма еді. Айтпақшы, Әжібайдың әйелі балаларына кетті дей ме? Жөн болған, онысы. - Анасы төніп келіп мұның бетіне төнген. - Сенің
ажалыңнан бұрын өлімің анада соққан қызыл желден ғой. Сол қара боран ғой сенің жан дүниеңді өртеп, өзегіңе өлім ұрығын сепкен. - Тек, олай деме, анажан. Сөзің неткен суық еді. Мен өлмеймін. Тірімін, тірлік менімен бітпейді. - Жоқ! Сен өліксің, өлдің, бәрі де бітті осымен. Артында тұяғы жоқ пенде бүтін бір ұрпақтың мәңгілікке құрдымға кетер жолын тауысар күнәһар атанбақ! Сен Бекен әулетінің соңғы тұяғы едің, өзіңе өзің үкім айтып айықпас азап, кешірілмес күнәға баттың. Басыңда сүйер жарың, етегіңнен тартар перзентің жоқ. Сонда өмірге босқа келіп, босқа өткенің ғой. О, тәңірім, осындай-да ұл, ұрпақ берермісің маған! - Анасы теріс қарап кетті. - Бәрі де шындық. Не дейін, ана. Бүтін бір ұрпақтың атын өшіргенім де, сол ұрпақтың өзіме артқан үмітін үзіп, тілегін тәрік еткенім де рас. Тағдыр тамырымнан қопарып алды да қу қаңбақша қалаған жағына айдап әкетті. Мен содан бері кеудесінде құр шыбын жаны ғана бар тірі аруық едім. Мені өмір де, ұрпақ та, әйел де, перзент те қызықтырмаған. Мен бәрінен де түңілген едім. Өзімнен өзім түңіліп, ақыры ескі жұртта жыртық үйде, үскірік-аяз өтінде өмірден өткелі жатырмын... Менің барым да, жоғым да басқалар үшін құны соқыр тиынға татымас бәлкім. Өзім де өмір сүрдім, ащы-тәтті ғұмыр шектім деп кімге кімге мұң шаққандаймын. Қу тағдыр менен аяғаны болмады. Басымнан ұрды, иығымнан жаншыды, аяғымнан шалды, етегімнен тартты. Әйтеуір білгендерін істеп бақты. Күйредім, қурадым, сөндім, өлдім, өштім... Хош! Ана, анатай, мені тастама ала кет, ала кет! Тірі қалып кімге керекпін. Қалдырма, ала кет! ..." Жапандағы жалғыз үйді нықтаған долы боран ұзақ соқты, ышқына соқты, өксік жел өлім тербеткен қоңыр үйдің қоңыр тірлігін тәрік еткен сары шұбар шалдың ақтық күрсінісін, соңғы тынысын іліп алып бір қиырға ала жөнелгісі келгендей босағаға оралып, есікті тырмалады, оты баяғыда өшіп қалған пеш мұржасынан сумаңдап ішке үңілді, өлі тыныштық орнаған үй ішін кезіп ұзақ жүріп алды, төр алдында сіресіп қалған шалдың көз жасы қатқан жүдеулі жүзін қарып, ауық-ауық өпкендей болды. Өмірдің қилы-қилы бұралаң, соқпақты кезеңдерін артқа тастап, азапты қанкешуден өтіп келіп, орта жолда үзілген бейбақ пенде мына тірлік-ғұмырға неге келіп, не тындырғанынан бейxабар мүскіндей мәңгілікке жан тыныштығын алып, томаға-тұйық жатыр. Қыбырлаған азапты тірлікті тәрік еткеніне, сөйтіп мәңгілік ұйқыға бөленіп, қара жер құшағымен құндақталып жатарына шын пейілді пендедей ме дерсің сабырлы, жаназабынан арылған қалпын көріп. ....
Апталап соққан боран сап тиылған. Белдеулей қарға көмілген терезенің соқыр саңылауынан себездей төгілген аязды қыстың ащы сәулесі сары шұбар шалдың жас қатқан қуаң жүзінде ойнап, мың құбылады. Қайран, күйікті ғұмыр-ай десейші....
А Р А Н ПОВЕСТЬ
Народ родной, ты истекаешь кровью! О, если б у тебя нашелся друг, Который, наклонясь к тебе с любовью, С себя бы сбросил время страшных мук! Но нет его... К. БАЛЬМОНТ I Кереге басына кепкеп көнегін ілген не сән, қайыңның қабығын кеміріп, қымыздық пен жуа теріп кеткен не сән, күркесінде қалған сүйек-саяқты иттің езуінен жырып алып қазандағы қара суға қайнатып, қатық еткен не сән, саптама етіктің май сіңді қонышын, терезе әйнегінің орнына тұтқан қарын құрышын турамшылап талғажау еткен не сән... Бәрі де аштық атты тойымсыз аждаһа аранын қанағаттандырсақ, тойындырсақ деген дәрменсіз әрекеттің өтеушісіндей болмашы тірлік, ақ сүйек болып жусап қалар ұлы аза - жан азасы алдындағы соңғы тұяқ серпілісі болатын. Теріскейден шұбырған босқындар Шақалақ ауылына шаңдатып кірген жоқ, қандатып кірді. Шұбырған ізде ісіп-кеуіп өлгендер қалды. Алапат аждаһадан шошынған жұрт өлгендерін көмуге де мұрша таппай жолдағысын баса-көктей қанды, қаралы көшке ілесіп ілгерілей берген. Дорба түбі қағылып, кебеже түбі сарқылған шақта бейопа тірлікті тәрік еткісі келмеген үміті түскір өзекті тұстап үзілгенше жанталасып аласұрар әдеті емес пе. Төңіректі түртіне тіміскілеп, сұғанақтана қалар сорақылық ибаиманды қайтсын. Аласұрғызар ашқарақ сезім бас көтеріп алғанша ұяттықтың ала жібін аттай алмай шегіншектей тұрғанымен, ақикөзденіп, дәуірлеп алған тұста ақыл-естен адасқан дүлейлікке басып, кімді тыңдасын. Аузы қимылдағанды сырттан бағып, мұржасынан түтіні көтерілген үйді телміре торуылдаушылар төзімі таусылып, құлқын құрты қозған шақта кәдімгі ашық шабуылға шыққан. Төбе мен жабықтан түскенді былай қойып, тапа-тал түсте қара кезіп, үйге де кіріп келетінді шығарды. Бұрыш-бұрышты түртінектей тіміскілеп, қолға іліккен тері-терсек, сүйек-саяқты сыпырып дорбаларына тыққыштап жатқандары. Үйге енсе босағаға бүк түсіп отыра қалып, қол жаяды, бірдеңе дәме етіп өңештерін созып, емінеді. Емінгені сол аштан өліп барамыз деп еңірейді. — Бір үзім нан... — Бір уыс бидай... — Артылып қалған құрт-ірімшік... — дейді. Осы күнде артылып қалар не болсын? Тоғыз жолдың торабында отырған Шақалақ ауылы ерсілі-қарсылы ағылып жатқан ашкөз, ашқарақ, тойымсыз тобырдың аяқ астында қалды. Бірер айдың ішінде бүйірі тоқ, қоңы қалың ауыл аузындағысын ағылған тобырға
тоса-тоса өздері де титықтап, ыңыршағы айналған қотыр мәстектей арса-арса болып шыға келген. Бүйте берсе береке қашып, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпей ме? Ауылдың мінезі өзгерді. Тосын қылық танытып, босқындарға тіксіне қарайтынды шығарды. Анау бір тұстағы ізгілік, бауырымдап көрісер шилендік келмеске кеткендей еді. Бәрі де барлықтың, бүйірі тоқтықтың арқасы екен ғой. Күндіз-түні есік-терезелерін тарс бекітіп алып, босағасына «ой бауырымдап» ісіп-кеуіп зорға жетіп, теңкиіп-теңкиіп сұлағандарға да селт етпейтін безбүйректікке бекінген сыңайда еді. Бірақ бұл әрекеттің де қиюы қашып, тозығы жеткен бөздей сетінеп жүре берді. Босқындар тасқыны Ресейге асатын қара жолдың үстінде отырған Шақалақтың шаңырағын шайқалтып, түндігін теңселтіп қана қойған жоқ, бұл ауылдың тұрғындарын ата-мекенінен бездірген аштықтың тойымсыз аранды ажалын да ала келген еді. Соның солақай сілтенген сойылдай алғашқы соққынәубетіне ауылдың жел жақ шетінде отырған Жауғашты шалдың шаңырағы ұшырап еді. Кемпірінен ертеректе айрылып, жалғыз ұл мен келіннің қолына қарап қалған шалдың қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ қисық мінезі Шақалақтың шеңберінен асып, аяқ жетер біраз жерге мәлім болатын. Жалғыз ұл Көбей әкесінің алдынан шықпайтын көмбіс мінезінен жаңылып көрмесе де, алдың-дұлдың қылықты келіні Кенжеш анда-санда болса да бұрқ-сарқ мінез танытып, қайын атасын Шақалақтың қотанынан он көшіріп, құтты орнына он қондыратын. Бүгін де таңнан тұрған шал түкпір қораға қамап ұстап отырған ала өгізін тысқа жетелеп алып шығып, ауыл іргесіндегі Қожым бұлағына беттеген. Ойы қандыра суарып алып жолға шығу. Кеше кешкісін Кенжеш кейістік білдіріп: — Атау, кебеже түбінде екі-ақ уыс бидай қалды. Бір қам жасамасаңыз.., — деп барып сөзін үзген. Арғы жағын аш көз аштық десейші. Оны түсінбейтін Жауғашты ма, түсінген. Түсінген де төменде қалың орман қойнауында отырғап орыс ауылына барып «тамырларының» тамырын басып көрмек. Қауға сақал Петро ана жолы келгенде бұған жат та жабысып жалғыз ауыз қара мылтығын қолқалап еді. — Қабырғаңда бостан бос оқ-дәрісіз ілулі тұрғаннан не пайда, маған бер, аузын қандасам саған да жаман болмас, — деген. Бұл: — Бір үй болғасын бір мылтық керек емес пе? Осы күнде ұрықары көп дегендей, атпасам да айбат шақырып тұрсын, — деп болмаған. Болмаған емес, қимаған. Қимағаны осы үйдегі әкесінен қалған жалғыз мұра осы еді. — Оқсыз мылтық, анау қолыңдағы көсеу емес пе? — деген қауға сақал пеш өңешіне әлсін-әлі көсеу жүгіртіп отырған Жауғаштыға ренжіс білдіріп.
Құдай қаласа сол мылтықты, сандық түбінде өзіне деп сақтап жүрген екі кез кебіндік бөзді, бірер пұт бидайға айырбастап келер, келер де жұтынып отырған мына қызыл өңеш келіні мен баласын, анау үйелмелі-сүйелмелі екі немересін қарық етер. Тілексіз пенде емес, арғысын құдай салса, тағы көре жатар. Осындай оймен Қожым бұлағына жеткен Жауғашты тосыннан шалқасынан түсердей қатты шошынды. Шошынғаны сол, өгізін жетекке алып келе жатқан басжіптен айрылып қалды. — Алла, алла, сухан алла! — ала өгіздің артына қалай барып қалғанын сезбеген Жауғашты суға тұмсығын малмай, басын шайқап тұрған неменің тасасынан баспалап бұққан қалпы бұлақ тұсқа үңілген. «Адам ғой мынау теңкиіп жатқаны... Иә, адам... Ей, бейбақ-ай, үзілген жері осы ара болғаны да. Бұлақ басына не алам деп келді екен, су ішкісі келді ме жазған бейбақ...». Жауғашты Қожым бұлақтың қайнар бастауына белуарға дейін малына етпеттей құлап жатқан адамның қасына келді. Бұлаққа еңкейе бере құлады ма екен, басы суға кіріп кетіпті. Ақ жағал болып тозған елтірі бөркі сонадай ұшып кетіпті, аулақта жатыр. Өрім-өрім күпісінің жауырын, етек тұсынан пілтелене шыққан жабағы жүннің жұлым-жұлым, сұлбасы көрінеді. Жұлығы тесіліп, өкшесі тайған сірі етік, барқыт бедері әбден тозып жып-жылтыр болып біткен сырма шалбар, бір ұшы су бетінде діріл қағып, бір батып, бір шығып жатқан шүберек белбеу, иесінен аулақ, анау жатқан елтірі бөрікке шейін осынау пенденің кембағал халін көрер көзге тым жүдеу әрі аянышты қалпымен елестеткендей еді. Жауғашты бұлақ басына тізе бүкті де өлікке бағыштап аят оқыды. «Мүсәпірдің иманы жолдас болсын, алла-акбар!» деп бетін сипап етегін сілкіп орнынан тұрды. Енді не істерін білмеген адамша аңырып, аз-кем бөгелген. Бұлақ бастауына белуардан батып жатқан өлікті жалғыз өзі алып шыға алмасын сезді ме, әлде тоңірегіне өліктің қолқа тебер жағымсыз иісін мүңкітіп жатқан мүсәпірдің маңына маңайлап баруға дәті жетпеді ме, әйтеуір аз-кем аңырыстан кейін, ала өгізін жетелеп ауылға оралды. Екі аяқты қос арысты арбаға оны-мұнысын артып жатқан Мұстақ шалдың есік алдындағы қараң-құраң тұлғасып көріп солай қарай бұрылды. — Мына неме ала таңнан қайда жүргелі жатыр. Артынып-тартынғанына қарағанда көшкелі жатыр-ау шамасы, — дсп күңкілдеген Жауғашты сонадайдан: — Көш көлікті болсын, — деп айғай салды. Ұрлығының үстінен шығып қалғандай Мұстақ селк ете түсті. Қолындағы түйіншегі де жерге түсіп кетті.
— Ой, құдай атқыр, сен бе едің... Шошыттың ғой түге. 0 несі, қотанды басына көтеріп. Жетіскеннен көшкелі жатыр деймісің... — Мұстақ түйіншекті көтеріп тарантастың үстіне тастай салды. — Ойпырмай, Мұха, сәл сабыр етіп аялдашы. Артынан да көшерсің. Анау Қожым бұлақтың басында бір өлік жатыр. Бетін жасырмасақ обал да, мұсылман ғой, — доп Жауғашты жаңа ғана өзі келген жағына шошына бұрылып, бір түрлі қобалжи тіл қатқан. — Е, өлік таңсық болып па қазір. Өлген де бір бейбақ... Мені жолдан қалдырма, жүрелік. Ешкімнің көзіне түспей ерте жүрелік дегенім сол еді әлгі кемпірге. Биғайша, әй Биғайша, омалып, неге шықпай жатырсың? Бол, шық бері! — Мұстақ шал ала арқанмен тарантасқа артылған оны-мұнысын шандып байлады да арбаға жегілген қоңыр сиырдың басжібін қолына алып ілгері қозғала берді. — Қайыр, хош... — Мұха, шынымен-ақ кеткеніңіз бе, ел-жұртпен қоштаспай, мұныңыз не? — деп абдыраған Жауғашты аңырып тұрып қалған. — Әй, Жауғашты-ай, ел дейтін ел қалды ма. Бәрі сөгіліп кетіп жатыр емес пе? Жұт жайлаған мына жерден... О, жасаған, көрсетерің көп екен ғой. Тұрымтай тұсына деп... Хош, ақиретте табысайық. — Мұстақ басын игендей епетейсіз бүгіліп барып бойын қайра тіктеп түзеп алды да, артына бұрылмаған қалпы қоңыр сиырды жетелеп қара жолға түскен. Енді сәл бөгелсе еңіреп келіп мұны құшақтап көрісе кететіндей, болмаса мына артында қалып бара жатқан жұртын қимай осы арадан айналсоқтап ұзап кете алмайтындай көрінді ме екен, әйтеуір, не де болса, қара үзіп ұзап кеткісі келгендей ширақ адымдап барады. Үйден дауыс салып шыққан Биғайша ала өгіздің басжібін беліне қыстырған қалпы сай сүйегі сықыр-сықыр етіп ұзап бара жатқан қос арысты арбаның сонынан мұңая қарап тұрғап Жауғаштыны бассалды. — Жәкесі-ау, қайным-ау, қош бол, бақұл бол. Енді қайтып көреміз бе, көрмейміз бе? Кеттік қой елден... Беті күйген қарабеттей... елмен де қоштаса алмай босып барамыз. Ашпыз... Кебеже түбін қаққан соң не отырыс бар. Қол жайғанмен кім аузындағысын жырып берсін. — Ойпырмай, жеңеше-ау, бұларыңыз не? Көппен көрген ұлы той деп... Әліптің артын бақпадыңыздар ма? — Қайдағы әліп... есше ғана ауыл үстінен өткен шұбырынды жұрт қырдағы ел түгел ақсүйек болып жусап қалды деді емес пе? Ендігі кезек Шақалаққа келсе керек. Қуатың барда бір қараға жетіп алмаймысың, жазған... — Ойпырмай, не дейді? Мен мына - Аралағашта отырған орыс ішіне барсам ба деп едім. Бізден гөрі қоңдылау көрініп еді ана жолы соққанымда...
— Ойбай, Аралағаш маңына сені маңайлата ма? Аштықтан босқандардың алғашқы легінен соң-ақ күзет құрып, мылтық атып, ауыл маңына жолатпай тұр дейді ғой ешкімді. — Қойыңыз, бекер болар. Кеше ғана айран-шалабымызды ауыздарына тосқан мұжықтар емес пе? Өйте қоймас... — Сол хабарды да шұбырған ел айтады. Ауыздағысын жырып беретін орыс қай туғаның. Оларға да оңай соғып жатпаса керек. «Орыстан досың болғанша, қасыңда қара балтаң болсын» деп тегін айтты деймісің... Биғайша жүре сөйлеп шалының соңынан ерді. — Қой, бекер шығар... Басқасын білмеймін, Петро тамыр ондайға бармас, — деген Жауғашты ауыл шетіндегі үйіне беттеген. Беттегенде де әдеттегісіндей ауыл сыртын айналып өтпей, қотанды жарып өтіп келе жатқан. Төрт-бес күннен бері ауыл қотанында не болып жатқанынан хабарсыз қалғандығынан ба, біраз үйлердің есік-терезелерінің сырттан шегеленіп қалғанын енді аңғарды. — Мына немелер шынымен-ақ үн-түнсіз көшіп кеткендері ме? Көнекті сыртқа салып, үн-түнсіз кеткендері мені баяғы кірме дегендері ғой. Бұл Шақалаққа сонау бір жылдары көшіп келгенде Бабасанның балалары мұны орталарына алмай шеттетер сыңай танытып, жылы қабақ бермеген. Содан бері ауыл шеңберінде отыр дегені болмаса, қотаннан жырақтай барып, ауыл шетінен қоныс тепкен. Ел ішінің дау-дамайына да қатысы шамалы Жауғашты торқалы той, топырақты өлім болмаса, бабасандықтармен тонның ішкі бауындай бауырласып кеткені де шамалы еді. Дегенмен Шақалақ бас біріктіріп артелге бет түзегенде бұл басқарма төрағасы Сәлікке келіп: — Әртеліңе мені де жаз. Жалғыз тілді соқам мен ала өгізімді ортаға салам, — деген. — Бабасанға мүше болып енбесем де, үкіметтің артеліне мүшелікке енуге құқым бар шығар, — деп саясаттан да құралақан еместігін елестете сөйлеген. — Әрине, Жәкесі, әрине. Сен де әртелге мүшесің. Міне тізімнің жуан ортасында тұрсың, — деп Сәлік алдында жатқан қағазын мұның көз алдына көлденең тартқан. — Бәсе, солай болса керек, — деп шыққан Жауғашты артель кеңсесінен. Өзін кірме деп кемсітетін бабасандықтардың басынан асыра сөз сөйлеп, кеңседе отырғандардың біразын тізімнің жуан ортасында тұрғандығымен артель мүшесі екендігін мойындатқандығына тоқайған көңілмен қуанып шығып еді сол жолы кеңседен. Содан бері жыл жарым уақыт өтпей, аспан жерге түсіп, жер аспанға шыққандай тас-талқан болды да қалды емес пе, мына дүние. Артелі тоз-тоз болды. Ел басқарады деген Сәліктің өзі Түмен асып кетті, қатын-баласын
шұбыртып. Елге үлгі көрсеткісі келді ме, бар малын ортаға алғаш салған да өзі еді. Жұрттан да соны талап етіп, дігірлеп отырып алды емес пе? Біреулер осы Сәлік бірдеңе білетін шығар деп жалғыз сиырын жетелеп әкеліп артель соқасына жексе, енді бірі заңнан үркіп, барын беріп жатты емес пе? Ақыры үйінен тіске басар бір үзім нан таппай тығырыққа тірелген артельдің төрағасы өзіне қараған бірер үйді соңынан ертіп түн жамылып көшіп кетті. Білетіндер Түмен асып кеткен деседі. Онысы рас та шығар. Әйтпесе қырдағы елдің төменге шұбырып несі бар? Содан бері кеңсе маңына барған да ешкім болған жоқ. Бір қиырда, тайғаға тұмсық тіреп отырған шағын ауыл Шақалаққа ат ізін салған үкімет адамы да болмады. Алғашқы кезде тебінгі кептірмей тепеңдеп келіп тұратын уәкілдер де қараларын батырған. Олар да сүйретпеге түсіп, сілікпесі шыққан мына Шақалақтан енді не шығар дейсің десе керек. Аштық зобалаңына ұшыраған қыр елі жөңкіліп Сібірге қарай сырғи жөнелгенде Ресей мен Қазақстанның жол айырығындай ұрымтал тұста отырған шағын Шақалақ шілдің қиындай тоз-тозы шығып, аранын ашқан зұлмат нәубеттің топанды тасқыны астында қалып мерт болар санаулы сәттің тек астында тұрғандығын аңғара қоймаған марғау күйде еді. Биғайша кемпірдің үрейлі жүзі, «аштық, аштық!» ден сұңқылдай қалған үнінен кейін Жауғаштының берекесі қашып, үйіне зорға жеткен. Қожым бұлақ басындағы ісіп-кеуіп өліп жатқан бейтаныс мүсәпірді де ұмытып кеткендей ме қалай, сылбыр басып ішке енді. Кенжеш қуырылған бір уыс бидай шашылған ала дастархан басында қаққан қазықтай болып, ыздия қалыпты. Арғы жағынан ұлы мен қызының қалт-құлт етіп бастары көрінеді. Көбей болса іргеге бетін беріп, теріс қарап жатқан қалпы қозғалар емес. — Ата, шайға келіңіз, — Кенжеш шыны аяқты салдырлатып шай құя бастады. — Анау неғып жатыр? Тұр, шәй іш те, — деғен Жауғашты сірі шоқайын сілки шешіп сәкінің астына атты. — Түні бойы қызуы көтеріліп, қиналып шықты. Ауырып қалмаса не қылсын? — Дімкәс неме ашқұрсақтығын көтере алмай жүр-ау. Бірер кесе шәй ішіп жүретін. Омалып отырғанмен оңатын түріміз жоқ. Петро тамырға барып талғажау бірдеңе әкелейін, — деген шал келіні ұсынған сылдыр суды сораптап отырып. — Алла жазса бүгін жетіп жығылсам, ертең көз байлана келіп қалармын. — Ойпырмай, ата, әйтеуір абайлаңыз. Жол торыған ит-құс көбейіп кетті десіп жүр ғой. Тіпті... — Кенжеш мүдіріп қалды.
— Иә, аштық деген ар-ұятқа қаратсын ба? Ақыл-естен адасқанда жыртқыщ болып кетпей ме адам деген?! — Жауғашты дастарханның шетін қайтарып аят оқып, бетін сипады. Орнынан тұрып жатып: — Анау мылтықты әпер. Петро тамырдың көзқұртын қоздырған немені апарып беріп... Сосын анау сандық түбіндегі бөзді шығаршы. Кенжеш үстіне әлде кім тосыннан суық су құйып жібергендей селк ете қалды. — Оныңыз не, ата? Ахиреттік бөзді.. — Әй, шырағым-ай, «өлісіңе қарай көмісің» дегендей... «Алтын күміс тас екен, арпа бидай ас екеннің» заманына қалдық емес пе? Бұл бөздің ендігі құны бірер қадақ бидай шығар... Әкел, бері... Шал тоңқаңдап жүріп сәкі астынан сірі шоқайларын тауып киді. Қажып қалған түрі бар ма қалай, сәкі шетіне құйрық басып аз-кем отырып, орнынан зорға тұрды. — Ал, балам, мыналарға бас-көз бол. — Іргеге жүзін беріп жатқан Көбей бері аунап түсті. Баласының күлкілдеп ісіп кеткен жүзін көріп шал шошып кетті. — Шырағым-ау, өңің не болып кеткен? Бірдеңе ішсең еді. Мен...мен... мына Аралағашқа тамырға барып қайтайын. — Жауғашты жүгіріп келіп етегіне оралған екі немересін кезек-кезек иіскеп, келінінің ұсынған түйіншегі мен мылтықты алып сүйретіле басып, сыртқа беттеген. — Алла тәңірім-ай, жебей көр біздей пақырларыңды. Шыдаңдар... Шыдасаңдар жарар еді, қарақтарым. — Шал күңірене күбірлеп ала өгіз жегілген арбаға барып отырды. II Кенжеш атасын аттандырып салғанымен үйге енуге батылы жетпегендей сыртта әрнені бір түртінектеп жүріп алған. Жаңа атып келе жатқан жазғы таңның жарқын сәулесінен жасқаншақтай ауыл тұсқа көз салған. Қотан үсті өлі тыныштық құшағынан жазбаған қалпы түндік серіппес марғаулықпен маужырап кеткендей екен. Таңмен талас тұрып өріске мал айдайтын, мазасыз шал-шауқан, кемпір-семпірлер де бұл күндері әдеттерінен жаңылғандай, жайбарақаттыққа бой алдырған ба дерсің. Бозалаңнан бозторғай көтеріліп үлгермес алакөбеден атқа қонып алып, әр үйдің босағасын тепкілеп, терезесін тарсылдатып жұмысқа шақыратын бұжыр бет бригадир Барлыбай да бұл күндері төбе көрсетпей кеткенге ұқсайды. Таңмен талас абыр-сабыр күйге түсіп, тірлік үшін тырбаңдасқан жұртшылық жұтатып кеткен жұттан жүні жығылып, сіңірі үзілген арық-тұрақтай тұралап қалған. Басында көпшілік үшін ұжымдаса жүріп еңбек етіп, ел болайық дескен ұшпақты ұранның күлі көкке ұшып, бекемдесіп бел буысқандардың белі сынып, берекесі қашқан. Қазір аранды әпжыландай сумаңдаған аштықтан қалай құтылсам екен деген
жеке бастың әуресі әуелеп жеткен. Бала аузындағысын әкеден қызғанып, әке аузындағысын сұқ көзден жасырар, жаналқым кезге жеткендей ел үстін ашкөз аштық, алатопалаң қырғын жайлаған. Кенжештің ойын Сәлік үйінің алдындағы күресінде қанды қасап таласқа түскен ауыл иттерінің ию-қию даңғаза шуы бөліп еді. Ол қолына іліккен таяғын басынан асыра бұлғалақтай айғайлай, солай қарай жын соққандай жүгіре жөнелді. Өлі жүндері әлі түсіп болмаған өңкей бір ашкөз немелер далбаңдай жүгірген әйелді елең қылмастан орталарындағы арам өлген бұзаудан қалған сүйек-саяқты бір-біріне қиыса алмай әр тұстан анталап келіп жұлмаласып жатыр. Жұртта қалған басқарма төрағасының біркезде қасқыр алдырып жүрген көкжал арлан төбеті болса керек, мына олжаға мен қожамын дегендей, деңгейлесіп келгендерді желкеден мытып, шаптан іліп жолатар емсс. Көкжалдан тұрқы қысқалау демесең шомбал бітімі бөлектеу жырық құлақ, жалғыз көз төбет тайсалмай келіп шарт та шұрт айқаса кеткен. Шәушәу етіскен былайғы топ манадан бері тұмсық батыра алмай жүрген өлексеге тап берісіп, туталақай ала жөнеліскен Кенжеш күресіннің күл-қоқысын аспанға шығарып, арс-арс етісіп алысып жүрген екі итті қолындағы таяқпен кезек жондап зорға куды. — Ойпырмай, мыналар да тағы болып кеткен бе? Тіпті, болар емес қой... — Кенжеш жан-жағына алақ-жұлақ қарап алды да күл-қоқыстың арасынан сойдиып шығын жатқан бір сүйекті суырып алып, етегіне жалма-жан ораған күйі үйіне қарай тұра жүгірді. Олжаларынан айрылып қалғандарына ызаланған иттер тобыры күресінге қайра лап қойысты. Тағы да алыс-жұлыс басталды. Сүріне-қабына үйіне жеткен келіншек сәкінің үстіне етегіне орап әкелген сүйек-саяғын саудыр еткізіп тастай салды. — Әдірә қалғырлар дым қалдырмай қажалап қойған ба, өзі,-деген Кенжеш қалың иттің езуінен жырып әкелген сүйектеріне шұқшия қарап отырғанда әкесінің бауырында жатқан ұлы ыңырсыды.
— Апа, қалным ашты. — Ойбүй ботам-ау, кімнің қарны тоқ дейсің. Сәл шыдай тұр, мыналарды жуып-шайып, ұнға шылап берейін. Ана жазған әкең де екі-үш күннен бері дым сызған жоқ. — Кебісін салпылдатып тысқа шыққан Кенжеш бір шелек су алып ішке қайра енген. Сүйек-саяқты сыпырып шараға салды да сумен жуып-шая бастады. Күл-қоқыстың шірінді иісі ме, әлде бұзыла бастаған сүйек иісі ме, әйтеуір бір жағымсыз иіс қолқа қабады. Екі-үш рет жуыпшайғаннан ба, әлде иіске бой үйренді ме, келіншек жаңағы бір жағымсыз иістен арылғандай болған сүйектерін салдырлатып отта тұрған қара қазанға қотарып, су үстемеледі. Сосын барып сары самауырға ошақтың отын қағыстыра қаузалап отырып шоқ салды.
Кебеже түбіндегі ала дорбадан екі уыс қуырылған бидай мен екі-үш түйір құртты ала дастархан үстіне шашты. Ыңырсып жатқан ұлын Көбейдің бауырынан алып, беті-қолын жудырды. Сөйтті де атасының орнына отырғызып, көйлегінің етегіне екі шөкім бидай салды.
— Ал жей ғой, қарашығым. Шәй қайнағанша жей отыр. Көбей, ой Көбей, ептеп тұра алсаң, тұрсаңшы. Шәй іш, жазған... Ана Нұрбикені де оят. Әне Нұрымжан тұрып, шәй ішкелі отыр. Тұр, тұрыңдар енді... — Кенжеш әп-сәтте екі иінінен ентіге дем алып шыға келген сары самауырды көтеріп дастархан басына отырды. Көбей орнынан сүйретіліп зорға тұрды. Күйеуінің қабына күлкілдей ісініп кеткен жүзін көріп Кенжеш шошып кетті. — Ойбай-ау, сорлы-ау, саған не болған... Өңің бұзылып кетіпті ғой. — Орнынан сүйретіле тұрып, үйдің қабырғасына сүйенгенімен аяғын басуға шамасы келмей қиналып тұрған Көбейдің қолтығынан сүйей берген. — Екіүш күннен дым сызбай жатқанға ауырып қалды ма дессм қып-қызыл аштан бұратылып қалғаннан саумысың өзі... — Мен...мені қой енді... Адам болмаспын... Ана Нұрым мен Нұрбикеге ие бол... — Тек әрі, адам болмағаны несі... Қазір шәй ішіп, бидай жеп, ептеп жүрек жалғай тұр. Анау қайнап жатқанға ұн шылап көже істеп берем. — Жоқ, болмас... — Екі тізесі дірілдеп барып шөге қалған Көбей қайрадан қисайды. — Ойбай-ай, енді қайттім... Уа, құдай, құдай, көрсетерің көп екен ғой... Мен, қазір... — Кенжеш күйеуінің басын сүйей көтеріп шәй құйған кесесін ерніне тосты. Анау жылымшы шәйді бірер ұрттағаны болмаса толық іше алмады. Аузына тосқан қуырылған бидайды да талғажау етіп шайнап жұта алмай қиналған. — Ойпырмай, шынымен-ақ шаршап қалғаның ба? - Енді не істейін... Кішкене жата тұр дем алып... — Сұлық жатқан күйеуінің күлтілдеп кеткен жүзіне жыларман болып тесіле қарап ұзақ отырған Кенжеш танауына жеткен болмашы иістен әлсіреп, қажып қалған бойына қап жүгірер қуат сезініп, орнынан сүйретіле тұрып барып сақырлап қайнап жатқан қазанның қақпағын көтерді. Жиегі ақ көбіктеніп көпірши қайнаған қара судан бумен аралас күлімсі иіс танауға ұрды. Ет исі ме, әлде шірінді сүйек исі ме, айырып болмайды екен. Кебеже түбінде қалған бірер уыс ұнды қырмалап қағып-соғып кесеге салды. — Бар-жоғы осы-ақ па, — деген келіншек кебеженің үңірейген аузына басын сұғып жіберіп, бұрыш-бұрышын тіміскілей тінте қарады. Бір кездегі бір қора жанның сарқылмас ырыс-несібесіндей болған май сіңді қара кебеженің қаңырап бос қалғанына көзі жеткендей Кенжеш басын суырып алды тесіктен. — Атам ертеңдер келмесе мыналарға не беремін. Ойпырмай, бұл не заман болды. Шынымен-ақ аштық біздің Шақалаққа да жеткені ме? — Бойын үрей билеген Кенжеш кесе түбіндегі ұнды қазандағы қара суға төңкере салды. — Апа, шәй. — От басында сілейіп тұрған келіншек селк ете түсті.
— Қазір, қалқам, қазір. — Дастарханға жақындай бере теңселіп кетті. Көз алды қарауытып, басы айналғандай болды Кенжештің. — Шынымен, аштықтың келіп қалғаны ма? Иә, аштықтың өзі ғой мынау... Әйтпесе күресіндегі иттерге неге бардым? О заманда, бұ заман, ит мүжіген сүйекке адам таласушы ма еді. Мен таластым ғой... Аш болмасам, сөйтемін бе? Есімнен танбасам соны істермін бе? О, жасаған... — Кенжеш екі-үш күннен бері өзінің де қара су болмаса, тіске басар қуырылған бидайдан да талғажау татпағанын енді есіне түсіріп отыр. Дастарханда жатқан құрт түйірін алып, аузына салды. Көмей жақтан запыранды удай жылымшы бірдеңе лықсып аузына келді. Сәкінің жиегіне қисайып құсқысы келіп, ышқына локсып еді, сап-сары жалқаяқ бірдеңе түсті. Екі көзінен жасы бұршақтап, шекесі шыңылдап, басы айналды. Тағы да лоқсып еді, ештеңе түспеді. — Ішімде ештеңе жоқ, не түсуші еді, — деп ойлады Кенжеш. Аяқ астынан ауру жабыспасын құдай ұрып. Мен жатып қалсам мыналардың күні не болмақ. Алла тәңірім, бар болсаң атамды аман-есен елге жеткізе гөр... Пәле-жалаңнан қағыс қыл, тәңірім... Әкесінің іргесінде жатқан Нұрбике тұрды жыламсырап. Оның да көзінің асты көгілжім тартып, екі беті ісіне қалыпты. — Аштықтан адам ісінеді деуші еді, мына жазған да солай болғаны ма? Кел, ботам, кел... Мә, бидай же. — Нұрымға шәй құйып беріп, Нұрбикеге бір уыс бидайды алақанына салған Кенжеш қазандықтың астынан отты сырып, ағаш аяққа ұн қатқан қатықсыз қара көжені қотарып құя бастады. Бір түрлі күлімсі иіс қолқасын қапты. Жүрегі тағы өрекпи лобып, құсқысы келді. Буы бұрқыраған көженің бетінде жылан көз май иірімдері байқалады. Сақырлай қайнаған сүйектен шыққаны да. — Жақын отырып мына көжені ішіңдер, — деген Кенжеш екі баласының ортасына апарып көже толы аяқты қойды. — Көбей, әй Көбей, шамаң келсе тұрып, анау көжені іш. Ішіңе бірдеңе барса оңаларсың. Бүктеліп жата бермей басыңды көтер. — Шама...шамам жоқ... Екі...екі өкпем қысып... — Ух... — Күркілдей жөтеліп барып зорға басылды. — Ана екеуіне бер... Мені қой енді... — Көбей іргеге қарап жатқан күйі ыңырси зорға сөйлеген. Жаңағы жөтел титықтатып тастағандай екен. — Мені қойы несі. Көріне көзге аштан өлмекпісің. — Кенжеш бір қасық көжені ерінің аузына тосып еді, анау басын шайқап, күлкілдеп ісініп кеткен бетін тыржиытты. — Жаратпай жатырмысың. Бары осы. Өзің де дімкәс едін, оған мынау қосылып қиналып қалдьң-ау. Шыда, атам да ертеңдер келіп қалар амандық болса. Кенжеш ала дастарханды жинай бастап еді, Нұрбике қыңқылдады. — Апа, құрт берші. — Жә, анау етегіңдегі бидайды же. Мынаны Нұрым жесін. Саған кешке берем, — деген анасы көзі шүңірейіп кәдімгіей жүдеп қалған секпіл бет, кекілді баласының маңдайынан иіскеп. — Құлындарым-ай, күндерің не
болады. Бар үміт аталарыңда. — Орнынан тұра беріп еді, екі шекесі солқылдап, қаны басына шапшығандай көздері қарауытып дүние шыр айналып кетті. Екі тізесі дірілдеп барып, пешке арқасын беріп бүк түсіп шөге қалды. — Аллай не болды. Басы түскірдің айналып кеткені несі. Алып соқпаса неқылсын. Біраз кем отырғаннан кейін барып орнынан сүйретіліп тұрып қарақазанның аузын жауып тысқа беттеді.
Бозала таңнан Шақалақтан шыққан Жауғашты ала өгіздің сауырын сипай қамшылап қойып ойға батып отыр. Бейопа дүние-ай десейші. Кеше ғана думанды тірлігі ду-ду еткен Шақалақтың бірер айдың жүзінде тап бұлай жүдеп шыға келеді, тоз-тозы шығып тарап кетеді деп кім ойлаған. Басында қопақардай етіп дүрліктіре бастап, аяғын сиырқұйымшақтатып келіп ақыры шаңырағын ортасына түсіріп тынған осылардың артелі не, коллективі не. Азды-көпті болсын жер тырмалап астық алды, тігерге тұяқты сыпырып ортаға салды. Сонын бәрі құмға сіңген судай ізім-қайым қайда кетті. Тым болмаса осындайда қызыл қарын аш баланың аузына тосып талшық етер бірдеңенің табылмағанына Жауғаштының сенгісі жоқ. Аудан дей ме, облыс дей ме, соларға қарай алып кетпесе, тап осы шағын Шақалақты күйзелтпейтіндей азық-түлік өз қотанынан-ақ табылса керек еді. Мына отырған өзі жалғыз сиырдың сопынан ерген бұзауын үш жыл қатарынан әртеліне беріп келді. Биыл көктемде бұзауына қосып сиырын да жетелеп апарып қолдарына ұстатты. Мына ала өгізге де көз алартып еді уәкіл, оған бұл болмады. «Басжібі менікі демесең, күші әртелдікі. Жазы-қысы әртел жұмысын осы өгіз атқарып келеді. Жұмысыңнан тартынған кезіміз жок — деп отырып алды. — Жалғыз тілді соқамды да әртел жұмысына жегіп отырмын. Ал оны осы өгіз сүйремегенде анау отырған басқарма Сәлік сүйрейді деймісің, — деп өкімет адамын куәге тарта сөйлеген. Сәлікке рахмет, сол тұста: «Жәкеңдікі жөн, елдің алды болып әртелге кірді. Өзі кіріп қана қойған жоқ, өгізі мен соқасын алып бірге кірді», — деді. «Қазіргі жұмыста шалдың ала өгізі передовой боп тұр», — деп сөз аяғын әзілге шаптырған. Енді міне, сол уәкіл де, ел басқарады деген Сәлік те жоқ. Шақалақ босқындардың шаңдары астында қалды. Ел күйзеліп, босқындармен ілесіп өздері де басы ауған жаққа ірге сөгіп, көше бастады. Өзінің сиқы мынау қашпаған қашардың уызынан дәме етіп келе жатқан. Аралағаштағы мұжықтар да қайбір жетісіп отыр дейсің. Жер сүмесін еміп өскен немелер мал тұяғының сыртылын естімесе аштан өлетін қазақ деймісің бірақ. Жерден өнгеннің бәрін тамаққа жаратады. О заман да бұ заман тиген жерін өртеп өтетін қалақайды, жертезек бопаны қай қазақ азық қылып еді. Ал Петролар соларды кәдімгі тамақ етіп ішіп отырады. О, тоба. Мейманасы асқандық па екен, ана бір жылы Петро әкелген бірер қадақ балықты қуырып жеп отырғанда Сәлік кіріп келіп «Әй, Жәкесі, ендігі
жемегенің қара судың құрты еді?», — деп мұны қыжыртқан. Сонда кемпірі балық толы табақты дастарханнан ала жөнеліп, күресінге атып жіберіп еді-ау. Содан әлгі құртыңнан ұшынып аузы-басыма ұшық шықты деп марқұм кемпірі мұны өле-өлгенше жазғырғаны да есінде. Е, бейбақ-ай, өгіз бұзаулады десе илана қалатын аңқау неме біреу бірдеңе десе бас шұлғып балаша сене беретін еді-ау. Қазір сол балығыңды да, бопаңды да талғамай, тартынбай жер еді. Бірақ балықты қалай аулап, бопаны қалай іс қылады. Сорлы қазақ алдындағы қараңдаған малына моз болып жүріп, аяқ астында жатқан ырыздықты қалай кәдеге асырарынан мақұрым қалыпты ғой. Соның салдары емес пе, ел біткен аштықтан босып, бірінің етін бірі жеп жатқаны. Жауғашты әлде неден күдік алғандай төңірегіне жалтақтай қарап, ала өгіздің жонына қамшы сілтеді. Оған жүрісіне жүріс қосатын ала өгіз бе, құйрығын шопаң еткізіп бірер жайқап қойып аяңынан жаңылмай ілбіп келеді. Ала өгіздің шаңырақ мүйіздерінің арасынан сығалай алға, қара жол бойына үңіле қарағаны сол еді, қараңдаған әлде не байқалды. Адам ба, мал ма, әлде не қараң-құраң етіп көзге шалынды. Жағашты шошынайын деді. Жолаушыларды тонаушылар көбейді, көлігін сыпырып алып, өздерін өлтіріп тастайды дегенді, тіпті адамдардың өзін де боршалап жейтін қорқау-қарақшылар шығыпты, Түменнің ормандарын кезіп жүрген ұры-қарылар да ұшырасады дегенді естігені бар. Мұндайда ит пен құстың басынып, адамдардың иманды аттап, қылмысқа барар әдеті емес пе? Өгізді қақпайлап жол үстіндегі қараңдағаннан айналып өтсем деп алыстан орағытып келе жатқаны сол еді, екі аяқты қос арыс арбаны байқады. Маңында қыбыр еткен тірі пенде жоқ, арба үстіндегі дүние-мүлік жер тезек болып шашылып қалыпты. — Ойбай-ау, мынау әлгі біздің Мұсекең, Мұстақтың арбасына ұқсайды ғой өзі. Ауылдан шыққаны менің алдымда ғана, бір шәй қайнатым уақыт еді ғой. Тр-р-р... — Арбадан секіріп түскен Жауғашты әлем тапырығы шығып жайрап жатқан тұсқа келді. Жүкті байлаған ала арқан екі-үш жерден үзіліпті. Шашылған жүктің арасында ұлпа жүні бұрқырай төгілген жастық, құс төсек байқалады. Шағын сандықтың аузы ақтарылып ашық жатыр. Шүмегі майысқан сары самауыр, бүйірі опырылған жез құман анадай жерге ұшып кетіпті. Ағаш күбінің піспегі бір жақта, өзі бір жақта, ортасы тесік қақпағы бір жақта жатыр шашылып. — Ей, жазғандар-ай, күбіні қайтем деді екен. — Жауғаштының аузына түскен алғашқы сөзі осы болды. — Өздерін тонап қойса жарайды ғой, жобасы өлтіріп кеткен ғой. Қоңыр сиырды алып қоя бермегендеріне қарағанда жауыз, кісі жегіштің нағыз өздері болмасын. Алла, алла, көрсетерің көп екен ғой... — Жауғашты мына бүлінген арадан тез кеткісі келгендей арбасына қарай жүгірді. — Соп, соба! Әйт шу, қасқыр жегір! Ала өгіз иесінің ашуға мінген мінезінен сескенді ме екен, ширақ қимылдап, жортақтай жортып ала жөнелді. Ол да мына бір қатерлі тұстан ұзауға асыққандай барын салып ентелеп келеді.
«Ойпырмай, жазғандар-ай не болды екен бұларға. Онша да мұнша жүріп жыртқыштарға жем болғандары ма? Өздері де өлімдеріне асыққандай таңнан аттанып еді... Обал-ай, көмусіз қалғандары ма? Шал әлден уақта барып есіне бірдеңе түскендей қапшыққа орап тастаған қара мылтыққа жармасты. Оғы жоғы есінде ме, жоқ па, онда жұмысы жоқ, әйтеуір мылтықты қолына көлденең ұстаған қалпы маңына айбат шақырып, алақ-жұлақ қаранып қояды. Шыбын жанын осы мылтық алып қалардай кеудесіне басқан қалпы қос қолмен сірестіре ұстап алыпты. Қара жол ойдымойдым, жал-жал қайың, терек, қарағайы аралас біткен ормандарды бірде жанай, бірде жарып өтетін еді. Қос қапталдығына қаптай біткен ормандарды жаңа көргендей үрке, үрейлене қарап, мазасызданып келеді. Әр бұта, әр ағаш түбіне үңіле сүзіліп, секемшіл, күдікті көңілмен шошына қарайды. Әлде кім қалың жыныстан атып шықса бұл тұп-тура басып салардай қара мылтығын кезене ұстап, екі жағына алма-кезек жалтақтайды. Үркердей үйіріле біткен шоқ ағаштың қылтасынан шыға бергенде топ қарға у-шу болып үрке көтерілген. Жауғаштының қолындағы мылтығы түсіп кете жаздады. Селк ете түскен ол алдымен аспанға қарады. Қарқ-қарқ етіп төбесінен шырқ айналған қарғалар жол жиегінде жатқан екі адамның үстінен ұшып еді. Ала өгізді қақпайлап, өліктерді айнала өте бергенде шыққыр көзі танауы саңырайып, екі көздің орнында үңірейген екі өлі тесік қана қалған бейтаныстың жүзіне түсіп еді. Жел шайқады ма, әлде өзіне солай сезілді ме, өліктер жатқан тұстан қолқа қабар сасық иіс келіп жетті танауына. Жолға қараған күйі келіп қырындай құлаған жасамыс адамның көнектей ісіп-кеуіп кеткен жүзін жыға танымаса да бір жерде жолықтырған әлдекімге ұқсатты. Оның артында күн қақтап, бояуы өңіп кеткен орамалы астынан қою қара шашы дудырай шығып әйел адам жатыр. Бұл өгізін тоқтатып арбадан түскісі келді, сөйтіп мына екі пақырдың бетін жасырып кеткісі келді. Бірақ арбадан түссе-ақ болды мына үнсіз мүлгіген өлі ормандар арасынан баспалай аңдыған жау ма, тонаушылар ма, әйтеуір бір құбыжықтар атып шығып мұның өзін де бас салып боршалап тастардай үрейлі еді. Бір аяғын арбаның қоқима қалдайшасына арта беріп қайра тартып алды. Сөйтті де ала өгізге қамшы соқты. «Иманды болғыр пақырлар, жеткен жерлерің осы болғаны да. Тірілеріңде жарылқамаған алла ахиретте жарылқар деймісің. Тым болмаса жүздерің де жасырынбай қалды-ау. Ит тірлік-ай, мұсылман ғұрпымен беттеріңді де жасыра алмадым-ау. Қарайғаннан қорқып... Ит болдым ғой. Кешіріңдер, пақырларым, кешіріңдер...» Өз өзінен күбірлеген шал сықырлаған арба үстінде жол бойында көмусіз қарға, құзғынға жем болып қалып бара жатқам жолаушыларға бағыштап дұға оқып, бетін сипаған. Артына қарап еді қара қарғалар әр тұстан қаптап келіп өліктер үстіне қонып қалып жатыр екен. Шалдың тұла бойы қалтырап, иегі кемсеңдеп кетті. Өзін-өзі ұстай алмай еңкілдей келіп өксіді. Осынау жалпақ әлемде, қалың орман арасында ала өгіз жеккен арба үстінде өзі ғана тірі қалғандай назалана, дәрменсіздігіне
ызаланғандай ағыл-тегіл жылаған. Жанарынан жас ыршып, әжімді жүзіне төгіліп келіп, ақ буырыл сақал, мұртын жуды. «Құдай-ау, құдай, шұнақ құдай, бар болсаң мені неге алмайсың. Мына қорлығың мен тозағыңды көрсеткенше өлтірмеймісің мені, неге өлмеймін мен», — деп дауыс салып тұрып жылады Жауғашты. Дауысы мұнша үрейлі болар ма, жарықшақтана, қыстыға шыққан қасаң дауыс қара орманды жаңғыртырды. Тап қазір бұғынып келіп балта сілтер жол торыған қарақшың түгілі жан алғыш Әзірейілдің өзі қарсы алдына келе қалса да тартынбастай, келсең кел деп алыса кетердей тым қаһарлы еді. Бірақ Жауғашты қанша қайраттанып, аяқ астынан батырсына қалғанымен өлі орман сілкінген де, бүлгінген де жоқ. Ала өгіз өзінің мимырт қимылымен ілбіп жылжып, кіші бесінде Аралағаштың да төбесін көрсетіп еді. IV
Кенжешті үрей биледі. Үрей билемегенде қайтсін. Келесі күні-ақ қайтып ораламын деп кеткен қайын атасынан міне, үшінші күн, хабар-ошар жоқ. Шақалақтан Аралағашың жиырма бес-ақ шақырым жерде емес пе еді. Ала өгіздің қолқасы аман болса, таңмен талас шықса кіші бесінде-ақ жетіп қалушы еді ғой. Бұлардың күйін көзімен көріп кеткен адамның тамырының үйінде табандап жатып алуы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін болмаса керек. Өзі де бұларға талғажау етер бірдеңе әкелемін деп әдейілеп жолға шықты ғой. Кебейдің жатысы анау серейіп. Кешеден бері қара су татудан қалды. Нұрым мен Нұрбикенің аузына қолына түскенді тосып, шықпа жаным шықпалап отырған, өз түрі болса мынау. Бүгін де таңмен талас тұрып қора төбесіне шықты. Аралағаш асатын қара жол бойына тесіле қарап ұзақ тұрды. Көзіне қанқаңға тырмысып барып тоғайлы қолаттың қойнауына сіңетін жол бойынан шошаң еткен оқшау қара шалынбай діңкелетті. Көзі жасауырап, басы айналды. Шайқалақтай теңселіп сатыдан төмен түсті. — Атам әлі жоқ. Бұған не болды екен, сонша кешігіп. Жолда бірдеңеге ұшырап қалмаса жарар еді. — Жүре сөйлеген Кенжеш ауылдың кіндік тұсындағы тас шегенді құдықтың қасына келді. Бұл араға неге келгенін өзі де білмейді. Құдықтың ішіне үңілген, сонау тереңнен жылан көздене жылтырап су байқалады. Бетіне салқын леп ұрды. Бойы тітіркеніп кеткендей ме қалай, ширақ, қимылмен құдық басынан әрі ұзады. Анау тұрған ағаш үш әртелдің төрағасы Сәліктікі, оның жанындағы тоқал үй Мәлике кемпірдікі. Сәлік бір түнде ірге көтергенде жетім кемпірді өзімен бірге ала кетіпті. Қазір екеуінің де есік-терезелері айқыш-ұйқыш тақтаймен шегеленіп тасталған. Тап осы маңда осыдан бірер ай бұрын ғана думанды тірлік болды дегенге сенгің де, иланғың да келмейді. Ши көтерген сөресінен ежігей құрты үзілмейтін кемпірдің ас ұстауы елден ала бөтен болатын. Қылап еді ғой шіркін, қылап. Кенжеш тап қазір ежігей құрт жегісі келіп кеткендей бір түрлі тұшырқанып, жұтынып-жұтынып қойды. Аузынан сілекейі шұбырардай болып ерекше бір ләззатты сезіммен жұтынғанымен тіске басар сынық малта да жоқ еді қалтасында. Қамзолының қалтасынан үзілмейтін құрттың қалдығын
әкелерінің іргесінде ұйықтап жатқан Нұрым мен Нұрбикенің басына қойып кеткен. Тұрысымен таласа-тармаса құртқа бас саларлары анық екеуінің. — Алла тәңірім-ай, қос құлынымды зауалыңа кезіктіре көрме, — деп күбірлеген Кенжештің алқымына күйікті өксік тығылып, мойылдай қара қос жанарынан мөлт-мөлт етіп жас білінді. — Анау Көбей сорлының беті әрі қарап кетті-ау. Енді оңала алмас. Әуелден жіңішке ауру иектеген дімкәс неме қуаты жоқ көр-жер тамақтан ұшынды ма, дым сызбай соқтығып қалып барып мына күнге түсті. Кенжеш Сәліктің үйінің алдына келіп кідірді. Терезеге айқышұйқыш шегеленген тақтайлардың арасынан ішке үңілді. Терезеге қарсы қабырғада ілулі кілем, жүгі бұзылмаған кереует байқалады. Тіпті сәкіге төселген төсеніштер де сол қалпы қозғалмастан қалыпты. Үй иелері жаңа ғана тысқа шығып кетті дерсің. — Қайтып ораламыз деді ме екен? Біреу-міреу бұзып алып кетеді деп те қорықпағандары ма? Бірақ аш халық дүниеңді қайтсін... Келіншек ауыл үйді аралап кетті. Ауыл қотанын өлі тыныштық басқан.. Селт еткен оқшау дыбыс, шошаң еткен бір қара бай қалсайшы. Бәрі бір-ақ сағатта тік көтеріліп көшіп кеткендей. Бірсыпыра үйлердің есігіне қара құлып ілініп, ала жіп байланса, енді бірі шегелеп кетіпті. Бозай шалдың үйіне тақала бергенде аңырайып ашық қалған есіктен екіүш ит арсылдаса атып шықты. Кенжеш баж етіп отыра қалды. Жаңа ғана селтиіп келе жатқан адамның тосыннан ащы үн шығарып, жалп етіп отыра кеткенінен сескенді ме, алақ-жұлақ еткен ашқарақ иттер үйді айналып жоқ болды. Кенжеш есігі ашық қалған қораның ішіне ене беріп әлде неден бойы түршіккендей кейін шегінді. Қораның қара көлеңкелі түкпірінде әлде не ағараңдағандай болған. Қой ма, ешкі ме, әлде... Жоқ, адам ғой. Келіншек бойын билеген қорқынышты жеңгісі келіп қанша тырысқанымен көз алдында серейіп, жатқан шалдың иттер жұлқылап алым-жұлым еткен денесіне жақын барып тіктеп қарауға дәті жетпеген. Дәрмені аңырайып ашылып қалған айқарма есікті жабуға ғана жетті. — Ойпырмай, не болды? Сұмдық қой мынау! Сұмдық-ай! Обал-ай! Имансыздар елді қырып тастады-ау! «Иттің иесі болса, түлкінің тәңірісі бар» дегені қайда. Ешкімге керексіз болып Шақалақтың қотанында осылай аштан қырылғанымыз ба? Әлгі үкіметі, уәкілдері қайда бұлардың? Ауылда бізден басқа тірі пенде қалмай тік көтеріліп көшіп кетіпті ғой өзі. Аяқ артары жоқтар мына Бозай атам құсап ит-құсқа жем болады да... Аллай, сақтай гөр...— Кенжеш үйіне жүгірді. — Атам да кешікті-ау... Нұрым мен Нұрбике қимылсыз жатқан әкелерінің бас жағында құрт малжаңдап ойнап отыр екен. Бұл сүріне-қабына үйге енгенде екеуі де өре тұра келді. — Апа, қалным ашты. — Бидай қуырып берші, апа, — дескен қос сәби сәкінің жиегіне келіп отыра кеткен аналарының мойнына артылды.
— Құлындарым-ау, қуыратын бидай болса сендерден аяп отыр деймісің. Жоқ қой о түскірі, жоқ қой... — Аңырап аз отырды да орнынан тұрып сары самауырға шоқ салды. Кебеженің қақпағын ашып ішіне үңілді. — Е, мында жатыр екен ғой, — деп әлде нені қаудырлатып алып шықты. Бұл бір кезде май салған қарының қос алақандай құрышы еді. Май сіңді болып кепкен қарынның исі бұған тәбет қоздырардай біртүрлі жұғымды сезілген. Шыдай алмады. Қарынның жиегін тістелеп ұзақ малжаңдады. Сірі болып сіресіп қалған неме болар емес. Аштық жайлаған жан сарайы таңдайға тиген болмашы талғажаудан нәр күтінгендей удай ашып, тоят тілегендей ашқарақтықпен заһарлы запыран төккен. Көмейіне лықсып келіп қалған улы запыранды күшене, ышқына құсқан Кенжеш өзінің мына тағылық әрекетіне шошына состия қарап қалған екі баласына сүзілген. Екеуі бірде алыстан, бірде жақындап келіп тұрғандай ма қалай, әйтеуір анасы сәбилерінің үрейлі жүздерін тап басып тани алмаған әсерде еді. Екі көзі қарауытып, басы айналып кетті. Жүрегі лобылып, езуінен сілекейі шұбырып, біртүрлі жағымсыз, жәйсіз күйге түсті. Саусақтарымен шеңгелдей қысқан қарынның ақ жем болған құрышын есікке қарай лақтырып жіберді. — Жеткен жерім осы болғаны ма, тәңірім-ау! Атасы-ау, қайда жүрсің? Өлдік қой аштан... Шамам жоқ, күшім сарқылып барады. — деген Кенжеш енді бір уақытта күйеуінің үстіне төніп келіп жұлмалай бастады. — Тұрсаңшы, өлік неме. Осы бейнетті мен ғана көтеруім керек пе? Тұр, ізде анау әкеңді! Өлдім, біттім, шамам жоқ... Жынданатын шығармын... Кенжештің бар күшін жұмсап қатты жұлқылағанынан ба, Көбейдің сірескен сүлдесі бері аунап түскен. Күлкілдеген беті қымызы сарқылған сабадай қырыс-тырыс шалбарланып, көгілжім тартып қалыпты. Бақшиған жансыз көздері мына азапты дүниемен мәңгілікке қош айтысқан мүсәпір жанның мүшкіл халінен хабардар етіп жатса да, Кенжештің таңертеңгісін ғана тірі жатқан ерінің жан тәсілім етіп, о дүниеге жүріп кеткеніне сенгісі жоқ еді. Ол жүрелеп отырған күйі Көбейдің бетіне қолын апара беріп, лезде тартып алды. Өлі тәннен ызғырық леп шарпып тұрғандай екен. — Рас па, өлгені ме? Ойбай-ай, ойбай, енді қайда барайын?! Сорлының басын сүйей, аузына су да тамыза алмадым-ау. Құдайай, құдай, не жаздық саған... Дауыс салып ашына, күйіне жылаған Кенжеш үрпейісіп келіп мойнына асылған екі баласын бауырына басып алып аңыраған... Шақалақтың төбесінен күн ауып барып ұясына қонған. Төңіректі қоршалаған тоғайлар, жыра-сайларды өзінің қара мақпал қанатының астына алған түн тылсымы ауыл қотанына иек артып қалған тұс. Қожым бұлақтың тұсынан салқын самал есті. Жел қанатымен ілесе көтерілген өліктің қолқа тебер күлімсі исі ауыл қотанын аралап кеткен. Бозан шалдың үйі маңын баспалай торыған төбеттер бір-бірімен жұлысып, шайқасып қалып, өлі тыныштықтық мазасын алып тұр. Жапалақ па, байғыз ба, әйтеуір бір түн құсының іш тарта сақылдай күлген есірік үні де төбе құйқаңды шымырлатардай ауық-ауық белгі беріп қояды. Қара орман тұстан қорқаудың шегін үзердей сызылта ұлыған үрейлі үні естілді. Иесіз қалған ауыл жұртына
баса көктей енуге мына тағыға айналып кеткен барақ иттерден именгендей ме, қорқаулар үні тым әріректен естілгенімен әлі ауылды иектеген иесіздік пен жетімдік өз үстемдігіне мініп болғандай еді. Ақ кебінін сүйреткен ажал-кемпір Шақалақтың түнгі түндігін түртінектей көтеріп қойып, қуыс-қуыс, бұрышты үңіле сүзіп жүргендей ме дерсің. Үңірейген соқыр, мылқау, өлі терезелер мен есіктер, қараңғылықтың қара албастысы иықтаған қотан бойы бір түрлі үрей шашып қорқынышты көрінеді. Ауыл шетіндегі тоқал тамның түн тұмшалаған төрінде ғана болмашы бір тірлік лебі байқалады. Ол аштықтан өлген күйеуі Көбейдің басында күңіренген Кенжеш пен оның аштықтан бұралған екі баласы Нұрбике мен Нұрымның балауыз шамдай сағат санап сарқылуға бет алған әлсіз жүректерінің лүпілі еді.
Аралағаштан Жауғашты қуанып аттанған. Петро тамыры сіңіріне легіп, сүйретіліп зорға жеткен шалды салған жерден моншасына апарып сыпырғышпен сылқылдата соққылап, шабындырып жуып-шайып алған соң, дастархан басына шақырған. Қуырылған балығың да, тұздалған бопаң да, жидек-шиеңнің қайнатпасы да, аппақ борықтай наның да осы арада екен. Шалдың мол мәзірден көзі сүрінді. Жылағысы келді. Жауғашты мына неме аштан өлгелі келген маған көз қылып, әдейі барын алдыма тартып отыр ма деп басында күдік шақырса да, тамырының мелдектеген тоқтық көңілінің қаяусыздығын аңғарған. Аңғарған да таңданған. — Тамыр-ау, бұл қалай өзі, түсіндірші маған, — деген Жауғашты орыс досына, — Шақалақ ауылы, Шақалақ қана емес-ау, бүтін қазақ елі ақсүйек болып жусап, ісіп-кеуіп аштан қырылып жатқанда Аралағаштың тоқтықтан масайрауына жөн болсын. Бәріміз бір өкіметтің қарамағындағы ел емес пе едік. — Әй тамыр-ай, білмейтіндерің көп қой әлі, — деген Петро Жауғаштының арқасынан қағып. — Сендерше Аралағаш, біздіңше Сосновка Ресейге қарайды. — Е, онда не тұр екен. Қазақстан да, Ресей де Совет өкіметінікі... Мына мен де өкімет үшін тер төктім, егін ектім, жер жырттым... — Оның рас. Бірақ сенің еліңде жөнді басшы жоқ. Кіші революция керек деп бар малыңды сыпырып алды ма, алды. Екі жыл астық шықпады ма, шықпады. Судағы балықты, ормандағы саңырауқұлақты алып жей алмай отырған сорлы қазақ мал тұяғының сыртылынан айрылса күн ашық, жер қарада адасасыңдар. — Оның солай болса солай-ақ шығар. Бірақ жиырма бес шақырымнан әрі ел неге аштан қырылады? Түсінбеймін. — Несіне түсінбейсің? Сендердегі сияқты біздің де өгізіміз бен сиырымызды сыпырып алды. Біз де коллективтеніп жатырмыз.
Бірақ орыс мұжығы жөкеден шәркей тігіп киюге арланбайды. Жердің тамырын біледі, мына өскен шөбің, ағашың анау суың, бәрінен де қысылғанда азық табуға болады. Ал сендер балықты құрт деп, саңырауқұлақты бопа деп мұрын шүйіресіңдер. Шошқаны мал деп санамайсыңдар. — Тек, о кәпірді атай көрме, — деген шал табадағы балықты ала беріп қолынан түсіріп алды. — Әне-әне, сендердің аштан өліп жатсаңдар да кінәздіктерің қалмайды. Оның үстіне үй маңына ептеп, шөп-шалам егеміз. Ал сендер жер шұқыған мұжық деп мазақтайсыңдар. Ха-ха-ха... Жә, жағдайың тым нашарлағанда келуің дұрыс емес. Көбей ауырып қалды дейсің. Аштық титықтатқанша неге бүйткенсің? Аштықпен ойнауға болмайды. Осы ауылдың үстінен осыдан бірер ай бұрын босқындар өтті, ұсқындары адам аяғысыз. Әбден титықтап біткен. Сонысына қарағанда қырдағы елдің жағдайы тым ауыр-ау деп шамаладым. Әрине, үкіметтің мұнысы қылмыс... — Айтпа деймін, тамыр. Ауыр емес мүшкіл. Шақалақта менімен Бозай шалдан басқа ешкім қалмады. Түгел көшіп кетті. Ертең өлсек, бетімізді жасыратын да адам жоқ. Жол бойы өлік. Кісі тонау. Менен бірер сағат бұрын кеткен Мұстақтарды тонап, өздерін... — Жауғашты мүдіріп қалды. — Осы ауылды да тонай бастағасын мылтық алып, күзетте тұрмыз. Босқындардың төбесі көрінсе, мылтық атып қуып жібереміз. — Оларың дұрыс болмаған. — Қайтесің, біздің де шекеміз шылқып отырған жоқ. Сіңіріне легіп, шықпа жанымдап отырғандар аз емес. Біз ,әйтеуір, мына Марфа мен екі ұл анда-мұнда жүріп тұрғасын тамақтан таршылық көргеміз жоқ әзірге. Ал жалғызіліктілерден бізде де шетінегендер бар... — Қауға сақалының етегін темекі түтіні ыстаған қызыл жирен шал ауыр күрсінді: — Бүйте берсе, біз де сендердің кептеріңді киетін шығармыз. Тұрмыс ауыр... Тамырының үйіне бір күп түнеген Жауғашты ала өгізді таңнан тарантасқа жеккен. — Ойбай-ау, тағы бірер күн жатпадың ба? — деген Петро ала өгіздің алдын орады. — Қой-ойбай, балалардың бірер күндік қана ырыздығы қалып еді, жетейін. Көмегіңе алла разы болсын, тамыр. Тіріде қайтпаса, алладан қайтсын жақсылығың. Жетейін. Екі көзі төрт болып отырған шығар Кенжештің... — Ал хайыр-хош. Қиналсаң тағы кел. Балаларыңа сәлем де Марфа екеумізден, — деген Петро арбаға аяқ артып міне алмай жатқан Жауғаштының қолтығынан демеп жіберді. — Айтпақшы, Марфа, жаңағы мылтықты алып келші, — деп қасында тұрған әйеліне бұрылып. — Қой, оның не? Ал, өзіңе деп әдейі әкелдім ғой... — Жә, жолда ұры-қары көп дедің емес пе? Мә, ал, өзің ал. Абай бол. Аштықта ағайыншылық жоқ. — Петро кемпірі әкелген мылтықты қолына ұстатты. — Өзін оқтап та қойдым.. Ал, жолың болсын! Жауғашты ала өгіздің жонына қамшы соқты.
— Хош, тамыр. Ықыласыңа рахмет. Алла разы болсын. Менен қайтпаса... Тамырының үйінен көңілі тоқайып аттанған Жауғашты Шақалаққа апаратын қара жолға барып түскен. Күпшегі май көрмеген арба доңғалақтары да көңілді шиқылмен әндетіп келе жатқандай. — Өзіне бір құдай беретін адам. — Жауғашты Аралағаштың қотанынан ұзай бере артына тағы бір бұрылып қараған. Жанында бәйбішесі бар Петро үйінің алдында мұның соңынан қарап әлі тұр екен. Бұл шошаң еткізіп қолын көтерген болды. «Хош, тамыр. Жақсылығың менен қайтпаса алладан қайтсын. Екі дүниеде бұл жақсылығыңды ұмытпаспын», — деп күбірледі. Біртүрлі көңілі босап, көзіне жас келді. Бұл өңірдің орманы үзіліп қалар ойдым-ойдым емес, қолтықтаса, қойындасқан тұтас бітімді, қалың жыныс болып келеді. Сондықтан ит тұмсығы батпас жыныс ішіне жаяулап енбесең арбамен, атпен ену мүмкін еместей. Жауғашты сүре жолдың қос қапталында иық тіресе сіресе қалған қарағайлы орманның мылқау сұсынан сескенгендей төңірегіне күпті көңіл, үрейлі күдікпен қарайды. Жаз ортасы ауып, күзге таялған кез болса да қарағайлы орман жасыл кеңінен айнымаған ажармен жылы ұшырайды. Арба күпшегін қаққан қалың біткен қаудан сұйылмаған қалпында мына төңіректің тоқтық берекесінің айшықты бедеріндей ме дерсің. Тап осы арадан шұбырып өтіп жатқан босқындардың тіске басар ештеңе таппай ісіп-кеуіп өліп жатуына сенгің де, иланғың да келмейді. Манағы орыс тамыры айтқан ырыздық напақа аяқ астында, мына орман ішіндe жатса жатқандай-ау. Ұшқан құс, жүгірген аңның жан саясына айналған орман, тоғай, қалың нудан пана таппай түз кезіп тентіреп кеткен қазақ шынында да сорлы-ау. Малдан айрылса, бар тірлік мәйегінен айырғандай сандалып қалдық қой. Ырыздығымызды жерден іздемей көктен күткендей, көрінгенге қол жайып, дорба арқалап тентіреп кеткеніміз өмір сүрс алмауымыздың кесірі ме, әлде өзіміздікінен басқанікіне мойын бұрмай, бұра қалсақ мұрын шүйіріп менсінбей кердеңдеуіміздің кесапаты болар ма. Әйтпесе жер сүмесін емген орыстан-ақ үйренеріміз аз ба екен. Аштықтан ағаш кеміріп кеттік, ал орыс болса қалақай дей ме, бопа дей ме, жуа дей ме, жолжелкен дей ме, тағы басқа толып жатқан шөп-шаламды азық етіп, жан сақтап отыр емес пе. Ал қазақ болса «сол жөкеаяқты қойшы шөп жеген» деп мұрын шүйіреді. Марғаулығымыз да, самарқаулығымыз да, керенау кердең жалқаулыққа бастаған қара албастыдай азап болар деп кім ойлаған. О, тоба! Өзінің ұлан даласындай байтақтыққа, етек-жеңі далиған дарқандыққа еті өліп, бойы үйренген мұңлық жұрт «бай бір жұттық» деуді шүкірлік санап, оның арғы жағында нелер жатқандығына ой көзін жүгіртпей қамсыз отырудан жазбай, аштық деген аранды аждаһа тарпа бас салғанда қарсы қайратқа көше алмай, «Мен құрбандық» деп мойын сұнып сұлай берді, етегі толып жылай берді, дәрменсіздігінен ақ сүйек болып жусай берді. Жылқы мінезділігінен де қойдай қоңыр қылығы басым жұрт сөйтпегенде қайтсын. Сай сүйегі сықырлаған арбаның бір қалыпты жылжуымен қалғып-шұлғып отырған қарт үйін, үйінде қалған қос немерсі мен жалғыз ұл Көбей мен келіні
Кенжешті ойлап келеді. «Қарақтарым, не күйде екен. Көбейдің жағдайы ауырлау еді. Өзі бір ынжық, жуас болып өсті ғой. Бағына мынау келін кездесті. «Бірі әсем, бірі бәсең» дегендей... Шүкірлік. Нағашы атасы, марқұм сондай адам еді. Малтүгелдінің бәрі сондай ма? Шал мырс-мырс етіп күліп қойды. «Арғы атамыз Малтүгел тұз салатын, Томаға алмай түлкіге құс салатын, — деген ақ көңіл аңқау Малтүгел жарықтықтың ұрпағы емес пе. Тұзды егеді екен дегенге сенетін аңқау неме түлкі аулап несі бар десейші...» — Соп, соба! — Жауғашты ала өгізге қамшы соқты. — Бара сала мына бидайды қол диірменге салып ұн етіп үгіп алсақ. Сосын ептеп талғажау ете тұрамыз да. Қысқа қарай ала өгізді жығып алармыз. Шал үстінде отырған орта қап бидайды нығарлай басып, қозғалақтап қойды. Аша тұяқтары сырт-сырт етіп, елге қарай етпеттеп келе жатқан ала өгіздің арса-арса жонына, оқта тек жайқап қоятын келте құйрығына қарап, ессіз жануарды мүсіркегендей болды. — Бейшараның көрмегені жоқ. Алтай жаз, алты ай қыс мойнынан жарма қамыт түспейді. Әлгі әртелінің де жерін осы жыртып, астығын да мала сүйретіп осы соқты емес пе. Сондағы тапқан нәпақамыз қайсы. Мойны жауыр, бойына шыр бітпей бұл қалды, кебеже түбін қағып, аштыққа қамалып біз қалдық. Әртел, әртел деп өзеуреген немді алғаны еді. Еккен егіннен бір қадақ та астық бермей сыпырып-сиырып оны әкетті. Масақ қағып, еңбек күнге деп еңіреп жүріп алған бірер пұт неменемізге тығын болды. Бітті ғой, әне... — Әй, тоқта! — Шал селк ете қалды. Тосыннан есітілген өктем дауыс жанын шошытып, үрейін алды. Оң қапталдан шыға келген үш жаяудың ұсқындары жан шошытар тым қорқынышты екен. Шал аяғының астында жатқан қара мылтыққа жармасты. Жарқыным, не қылған жансыңдар. Бөгемеңдер! — Жауғашты мылтықты сопаң еткізіп суырып алды да, ұңғысын бейтаныстарға қарай бұрды. Ентелей келіп қалған жол торуылшылар ала өгізді шалдан мұндай оқыс қимыл күтпеді ме екен, бөгелісіп қалды. Үйіріліп тұра қалған үшеудің алдыңғысы төбесі жырым-жырым елтірі бөркін милықтата қабағына төндіре киген танауына дейін қара шүберекпен тұмшалай бүркеп жауып алған еңгезердей неме де, қалған екеуі беттерін тікенек түк басқан бәкене денелі, жылпың көрінді. Бірінің басында түлкі тымақ та, екішнісінің басында кірден мөрі көрінбес төбесі шошақ шүберек күлпара. Алдындағы еңгезердейдің кигені сірі етік, жырым шалбар, белін күміс кісемен қынай буған, өңірі далиып кеткен жеңіл шапан да қалған екеуінікі иықтарына іле салғаны ескі-құсқы алым-жұлым бірдеңелер. Белдеріне бір-бір келтек шоқпар іліп алыпты. — Тарт әрі, мылтығыңды шошаңдатпай, — деді еңгезердей неме. — Сенің құның қара бақыр. Бізге ана өгізің керек. Қамыттан ағытыңдар, тез! — деп арба үстінде отырған шалды бұйым құрлы көрмей қасындағы екеуге бұйыра сөйледі.
— Кәне, жақындаңдаршы осыдан, серейтіп салайын! — деген Жауғашты астына басып отырған қаптан қалай атып тұрғанын да аңғармай қалды. — Әй шал, қаның төгілмей тұрғанда жөніңе көш. Баратын жағыңа жаяулап тарта бер. Бізге өгізіңді берсең болды, — деді еңгезердейдің тасасынан бері аттауға дәрмені жетпей тұрған түкті жылпың. — Тапқан екенсің жаяу кететінді! Ант атқыр қарақшылар! Құдайдан қорықсаңдар етті. Құдай үшін бөгемеңдер. Шақалақта екі немерем мен келін, балам аштап өлгелі жатыр. Бүгін жетпесем не болмақ күндері... Алла тәңір-ай, не жазып едім... Мұсылман емессіңдер ма? Қоя беріңдер, құдай жарылқағырлар. — Шақалақтанбысың? — Шал кімнің сұрағанын аңғармай қалды, жобасы еңгезердейдің аузынан шықты-ау мына сұрақ. Іші қылп ете қалды. Осы біреудің пошымы таныс сияқты дауысы да құлағына тосын шалынбағандай ма, қалай. — Иә, иә, Шақалақтанмын. Көбейдің әкесі Жауғаштымын. Қоя бергіз, қарағым. Обалыма қалма. — Көбей бір елдің тұтқасы болар ма, соның атын атаса жаны қалатындай шал қалбалақтап қалған. — Сен әлгі әртелшіл белсенді емес пе едің. — Болғам, болғам кезінде... — деген шал күмілжіп қалды. — Болсаң сол әртелің неге жарылқамады-ей сендерді. Мойындарыңа дорба арқалатып тентіретіп қоя берген жоқ па, міне. — Солайы солай болды. Не істейік, алланың жазуы да... — Жә, анау бұтыңның астындағы қабыңды ал да жаяу қай-қай. Бізге өгізің керек. Торушылар екі жақтан келді ме, әлде қарсы тарпа бассалды ма бұл аузын да ашып үлгермеді. Ендігі бір сәтте Жауғашты кезеніп тұрған мылтығының қолынан қалай ұшып кеткенін де аңғармай қалды. Бәрі қас пен көздің арасында болды. Өзі арбадан тымақтай ұшты. Қара құсынан соққы тиді ме, әлде арбадан құлағанда жерге соғылды ма екен, әйтеуірі есін жия алмай ұзақ жатты талықсып. Басын көтермек болып еді, көз алды шыр айналып тағы жатты серейіп. Суықтан бойы қалтырап, барып оянған. Төңірек құлаққа ұрған танадай тыптыныш. Сүттей ұйыған мүлгіген төңірек, төбеден тамып түскісі келгендей жаудырай қалған жұлдыздар шоғыры, әлсіз суық сәулесін көп жұлдыздардың арасынан зорға себездей төгіп тұрғап сынық ай бедері Жауғаштыға әрі тосын, әрі сүйкімсіз әсер еткен. Қолын қара құсына апарып еді жұдырықтай болын ісіп кетіпті. Жарылған ба қалай, саусағына ұйыса қатқан сауыс-сауыс қан білінді. — Жауыздар! Өгізді алып кетті-ау! Бидай... бидай қалды ма екен орнында. — Шал орнынан сүйретіліп барып зорға тұрды да жол ортасында аңырая қарауытқан арбаға келді. Сипалақтап жүріп қапқа да қолы тиді. Орнында екен. Қозғамапты. Бұған да шүкірлік. Содан сүйретіліп арбаның үстіне шықты. Қапқа құйрығып қойып ұзақ отырды мең-зең боп. Орта қап бидайды қалай жеткізбек. Сүйегін сүйретіп өзі жетіп алса да жарар ауылға. Шамасы жол ортасы болар. Шал төңірегіне қарады. Қарауытқан қалың орман. Төңірек жым-
жырт. Байғұс Мұстақтардың тоналғаны да осы тұс-ау шамасы. Олардың да түбіне жеткен осы иттер болды. Япырай, неткен жауыздар еді. Тымық ауамен араласып қоңыр салқын самал қанатымен ілесіп түтіннің кермек иісі келетіндей танауына. Жол торушылар бұл тұстан алыс болмас сірә. Өткенкеткенді аңдып отыру үшін ұрымтал тұсқа табан тіреген болар. Өзін өлтірмей, орта қап бидайды алмай кеткендеріне қарағанда манағы еңгезердей неме мұны білсе керек. Әйтпесе аяп, мүсіркегендей бұл кім еді сонша. Әттегене, ала өгізді алып кеткені қиын болды бәрінен де. Бейшара немені алып ұрып, сойып та алған шығар-ау. Қарақшылардың қолында кететінін білсе өзі-ақ қалжалап алмас па еді. Бұйырмағасын қой. Қос қапталдағы орман ішінен түн құстарының көмей суырған мазасыз сұңқылдары, сақ-сақ, шақ-шақ еткен үрейлі үндері естіледі. Ауық-ауық ұлыған қасқырлардың тұла бойды түршіктірер қорқынышты үндері көңілге жағымсыз тиіп, жаныңды қоярға жер таптырмай аласұртады. Өздері тіпті жақын қаңда торуылдап жүргендей ме, қалай. Шал арбадан түссе-ақ болды талауда қалатындай үрейленіп, қыбыр-сыбыр, ушуы молыға бастаған қос қапталдығында қара қорғандай болып сірескен орманды тұсқа үңіліп отыр. Орта қап бидайдың астына тесеген шапанын суырып алып иығына жамылды. Сипалақтап отырып қамшысын тауып алды. Бұл да болса дәтке куат дегендей қамшы сабын сығымдай ұстаған қалпы сақ отыр. Бойы тоңазиын дегені ме, әлде таңғысын ішкен тағамнан кейін дым сызбағандығы ма, әйтеуірі өзегі талып, шөлдеп, жан дүниесі қалтырап әкетіп барады. Қара құстан тигеп соққы да сыр беріп, оқтын-оқтын сыздата шаншып, жанын қоярға жер таптырмастай мазасын алып отыр. Жауғашты манағы бір гүж-гүж еткен алпамса денелі қарақшың кім екендігін жыға тани алмағанына өкінгендей. Атын атап, түсін түстей қалса бұған қол көтермес пе еді, қайтер еді. Бірақ ол мұны жазбай танығандай-ау. Әлгі белсенді ме едің, деуі тегін емес. Сөйте тұра мұны жарым жолда көліксіз қалдыруы имансыздық-ау. Дегенмен Шақалақты, мына отырған мүскін – өзін білетін біреу екендігінде шүбә жоқ. Әйтпесе сіңіріне леккен жаман шалды екі бүктеп бірақ қылғытпай-ма, тәйірі. Жылмыңдаған ана екеуіне ерік берсе мұны тірідей бауыздаудап қашпас. Өздерінің ұсқындары қандай сүйкімсіз еді, маңдарынан сонадайдан қолқа қабар өлік иісі шығатындай өзі. Аштық жайлаған өлкенің тағылары деуге келмейді. Жобасы осыларың адам етін жеуден де қашпайтын шығар. Түктері сыртқа тепкен имансыз жүздері май тамардай жылт-жылт етеді. Өздерінің қимылдары да мұнша шалт, шапшаң болар ма. Әбден тақыстанып алған. Бұл мылтығын шошаңлатып кезендім дегенше екі аяғы аспаннан келіп, арбадан ұшып түсті. Құдай оңдағанда не мерт болып, не өлмей қалды. Соның бірі болғанда қасқырлар жұлмалап жатар еді ендігі. Жауғашты көп отырды ма, аз отырды ма, әйтеуірі қалжырап барып ұйықтап кеткен екен. Әлде неден шошып оянды. Үстіне жамылған шапанды әлде кім оқыс жұлып алғандай болған. Арбаны төңіректей әлде кімдер жүрген сияқты.
Ырылдаған, ырсылдаған жат үндер естіледі. Түннің басыпдай тұмшалаған қараңғылына көзі үйренді ме, шал арба төңірегінде үш-төрт қасқырдың жүргені енді байқады. Қараңғылық қойнауынан жылт-жылт еткен сары шегір сәуле қасқырлардың ашқарақ көздері екенін де сезіп жатыр. Қол созым жерде құтырына қыңсылап, бір-бірін тірсектен қауып, төніректің шанын бұрқыратып аласұрғандарына қарағанда арба үстінде қалтырап жатқан бірақ уыс шалға қалай жетсек екен деген ашқарақ пиғыл желігінде ме дерсің. Ендігі бір сәтте арбаның қалдайшасына алдыңғы екі аяғын арта салып ырылдай қалған қасқырдың тұмсығы Жауғаштының төбесіне төніп-ақ қалғандай еді. Қолындағы қамшының шолтаңдаған шолақ сабымен ызғырық ажалды лебін шашып тұрған тұмсықты тұс осы-ау деп салып қалды. Тұмсыққа таяқ тиді ме, әлде шал соққысын шыбын шаққан ғұрлы көрмеді ме, әйтеуір қасқыр кейін ыршып түсті де қайра ұмтылды. Арбаны төңіректей жүгіріскен қалғандары көсем қасқырдың өшпенді өжеттігіне разы болғандай тұс-тұстан айбат шақырып ырылдасып, ұлып, қара жердің тозаңын аспанға атып, ию-кию болды да қалды. Мына пәлекеттің - оңайлықпен беті қайтпасын сезген шал басқа дәрмені қалмағандай арбаның қалдайшасын сабалап ащы бір жан айғайына басқан. Шалдың бұдан басқа амалының жоқтығын, қарсы шабар қауқары қалмағанын сезген зымиян тағы оқыс серпіліп келіп арбаның үстіне қарғыды. Аяқ көтерсе аттап кететін жатаған арбада отырған жұдырықтай шалдың болымсыз әрекетін мазақ еткісі келді ме, әлде өзінің қапысыз соғып қадалған жерден қан алар қайрат-қуатының кемігеніне ызаланды ма, қасқыр қатты ашумен қаһарлана атылған. Есептен жаңылысыпты. Шалды бауырымен қаға-маға арбадан әрі тоңқалаң асып барып құлаған. Мойны астына түскендей ме қалай қаңқ етіп барып орнынан тұрған, тұрған емес-ау, тұруға ниет қылған. Көсем қасқырдың қапыда кеткенін, сөйтіп таяп соғып барып қолапайсыз құлағанын аңдап қалған басқа тағылар көш бастаушылары орнынан тұрып ес жиғанша оған бас салысқан. Жобасы ендігі жерде өздеріне басшы болып жарытпасын сезді ме екен, әр тұстан анталаса тап беріскен немелер азуы тиген жерден жұлыпжұлып алысып қалып жатыр. Көк шолақ арлан көсем шалт қимылға көшіп, алдына келіп қалғанын желкеден сығымдай тістеп алып сілкіп-сілкіп атып жіберген. Сөйткенде тірсегіне жармасып жатқан кешегі бөлтірік, бүгінгі қанды ауыз ұяласына тап берген. Анау да арланның айбатына бір қарсылық жасасам мен жасармын дегендей тайсалмай шабуылға шабуыл қосқан. Екеуі кеуде тірестіріп барып аспанға шаншыла атылған күйі ұмар-жұмар құласқан. Құласқан да жұлқысқан. Жас қасқырдың екпіні қатты, тегеуіріні темір болғанмен кәрі арланда айла мол еді. Ерекше бір ептілікпен шалт қимылға көшіп, қарсыласының алқымынан найза азуды жылдам босатып шапқа салып жіберген. Талай шапты ақ айран етіп ақтарып тастай беретін кәнігі неме бұл жолы қателеспеген еді. Тұмсығы діттеген тұсқа тисе керек, шапшыған жылымшы бірдеңе басын жуып жүре берді. Темір тұмсығын шапты іреп одан әрі сүңгітіп жіберіп, азуға леккен жылы жұмсақты ашқарақтана қауып-қауып алды. Бұл кезде басқа қасқырлар да арланның азуынан сытылып шыққанымен
шек-қарынын жинай алмай сонадай сүйретіліп барып құлаған ұяластарын боршалап жатқан. Ал арлан болса арба үстіндегі шалды ұмытпапты. Арбаға таяп келіп қайта атылды. Жауғашты бұғып қалғанымен арлан арбадан әрі аспады, керсендей кеудесімен қалдайшаға соғылып барып шалды бүре түскен. — Аллай! Өлдім-ау!... — Ащы айғай түнгі аспанға атылды. Қара орманның қойнауын қақырата жарып өтті. Ащы дауыспен ілесе ұңғысынан от бүріккен қара мылтықтың гүрс еткен үнін Жауғашты сезген де, естіген де жоқ еді... Таң атқан. Күн арқан бойы көтеріліп қалыпты. Үсті-басын қан жапқан шал арбаның астында жатқанын енді сезді. Бұл араға қалай, қашан келіп жатқанын да білмейді. Әлде құлап түсті ме екен. Жобасы кешегі қасқырлар шабуылы кезінде құлап түскен болар. Бірақ өзінің тірі қалуы қалай. Ажалды азуын сақылдатып тура өзін нысанаға ала қарғыған қасқырдан қалай ғана аман қалған. Бұғына қалғаны, тас қапқырдың мұның жауырын тұсына қона қалғаны, сояу тырнақтарымен киімін паршалап, темір тұмсығын желке тұстан тақап қалғаны анық есінде сияқты еді. Содан «Өлдім!» деген өкіре айғайлағаны, одан әрі көмейіне әлде не кептеліп қалғандай тұншығып кеткені, ауыр соққыдан есі ауып бір тұңғиық шыңырау түбіне заулай құлап бара жатқаны еміс-еміс есіне түсіп жатыр. Шал сүйретіліп арбаның астынан шықты, басын көтеріп жанжағына қарады. Анандай жерде кешегі ұяластары талап жеген қасқырдың түте-түтесі шыққан қан-жынға араласқан терісінің сілемдері байқалады. Бірер қарға мен сауысқан сол маңды қалжалап жатыр. Жауғаштының тұла бойы тітіреп кетті. Кеше қасқырға жем болса, бүгін мұның да қан-жынының орнында қарға, құзғын қаптап жүретіндей бір суық әсер қарып өтті жан дүниесін. Арбаның үстінде аузы ашылып қалған орта қап бидай жатыр. Шашылған бидай ұйыған қанмен араласып жентектеліп қалыпты. Өңірі айрылған шапанын алып иығына жамылды. Қалтыраған қолдарымен қан аралас қос уыс бидайды көсіп алып, малжаңдап шайнай бастады. Қатқан құрт, кепкен ірімшікті уатып күтірлете шайнайтын азу тістері қақырап түсіп қалғандай сыздап бастырмайды. Кейбіреуін бітеудей жұтып, кейбіреуін ортадан бір басып ашқарақтана қылғытып отырып қос уыс бидайды да тауысты. Арбаға сүйенің аз тұрды да тізелері дірілдей берген соң барып күпінекке жонын беріп отыра кетті. Ту сырты дуылдап ашып барады. Шыдай алмай бір жамбастай қисайған болды. Онда да тұла бойы сынып, мазасы болмай орнынан сүйретіліп қайра тұрды. О шұнақ, құдай! Көзсіз көр соқыр құдай! Не жаздым саған. Осынша қорлармысың!.. Арбадан қапты сүйрелеп түсіре бере арқаламақ болып жонын тосып еді, қиқаң етіп құлап кетті. Қап сырғып келіп жамбасын басып қалды. Жарты қап бидайдың астынан аяғын суырып ала алмай біраз жатты. — Ә, қызталақ, біткен жерің осы болды ма? Жарты қап бидайды қозғар қауқар қалмаған соң енді не сұрайсың бұл тірліктен. — Шал солқылдап жылап жіберді. Жұдырығымен жерді түйгіштеп мына тірлігіне қарғыс айтып ұзақ жатты. «Жол үстінде мен, Шақалақта олар көмусіз қалды-ау. Қай құдай
Аралағашқа жетелеген. Солардың қасында өлсем етті. О құдай, не жазып ем саған» деп күйінді. Мына тірліктен баз кешуге әзір қарттың налаға толы шерменде көңілі өзіне өзі өлім тілеп жатқанмен жан түкпірінен бас көтерген үзілмеген өзекті үміт сәулесі «түр, жүр, әлі де басыңа түңілерлік ештеңе туған жоқ» деп қайратқа шақырғандай еді. Бойын арса-арса етіп тілгілеп, тастаған ауыр жарасын да ұмытқандай ширақ қимылдағансып қаптың аузына жармасты. Итше сүйрелеп анадай тұрған ағаштың түбіне апарды. Шапанының қалтасынан шаппа пышағын алып жерді шұқып қаза бастады. «Апырмау, мына пышақтың барын кеше неге ұмытып кеттім екен. Атана нәлетті жарып тастайтын едім», — деген шал қара жерді емес, қанды балақ қасқырдың ішін есіп жатқандай қатулана сілтеп, қамыға қимылдады. Ақыры қапты сүйрелеп жүріп шұңқырға түсірді. Иығындағы шапанының қос жеңін ұшынан түйіп ішін бидайға толтырып мойнына арта салды да қиралаңдай орнынан тұрды. Түбіне орта қап бидай көмілген ағашты тағы бір айналып шықты да аяғын сүйрете басып қара жолға түсті. Алда азапты — Шақалақ.
Жауғашты бір сүрініп, бір тұрып, бір отырып, бір жүріп Шақалаққа таң сыз бере зорға жетіп еді. Өлі ауылдың тірліктен тәрік болған өлі қотанына кіруге батылы жетпегендей Қожым булаққа бұрылған. Дал-далы шыққан көйлегін шешіп, қасқыр тырнағы арсалап тастаған алқам-салқам денесіне қатқан қанды жуғысы келді ме, бұлаққа еңкейген. Есіне енді түсті. Аралағашқа жүрмек болып бозала таңнан осы тұсқа ала өгізін жетелеп қашан келіп еді. Сонда өзі еңкейіп тізе бүгіп тұрған тұста бір өлік жатпап па еді серейіп. Оны кім алып кстті екен. Пақырдың бетін жасырар бір мұсылманның табылғаны ма. Әлде... Анандай жерде жұлым-жұлым болып шапанның қос жеңі мен өңірі, сірі етігі жатыр шашылып. Сол бейбақтікі екенін шал жазбай таныған. Сол сыңар етіктің қонышынан шығып жатқан не болды екен ағарып. Жауғашты бұлақ басынан солай қарай беттеген, Еңді байқады. — Астағыпыралла, мынау аяқ қой! —- Шал шалқалап кетті. — Бейбақтың бетін жасырып кетуім керек еді. — Қос тізесі дірілдеп барып шөге кеткен Жауғашты мең-зең болып ұзақ отырғаннан кейін итке-құсқа жем болып шашылып қалған сорлы жанның сүйектерін жиып, шаппа пышақпен қазған шұқанаққа әкеліп жасырған болды. Білген аятын оқып, бетін сипады. Қожым бұлаққа неге келгенін де ұмытқандай анадай жатқан шапанын иығына жамылып, сүйретілген күйі үйіне беттеді. Ауыл үсті өлі тыныштық құшағында. Бозала таңнан тұрғанда осындай бір қаймағы бұзылмаған тыныштық болушы еді. Бірақ онда тап осындай тірліктеп оқшау қалған жан шошытар тыныштық емес, әр үйдің алдында күйіс қайырып тана, торпақ, сиыр, бұзау жатпас па еді. Қақыранып, түкірініп Бозай шал, төңірегін ыңырана шолып Селк тұр еді ғой үйінің алдында. Ауыл көшесінің басынан түсіп алып Барлыбай бригадир жортпас па еді күрең қасқамен.
Жауғашты өз үйінің есігінің алдына келіп ішке кіруге дәт? жетпей біраз бөгелген. «Не болды екен бейбақтар? Бәрі өліп қалған болар-ау. Бірақ күнде барып-қайтатып мына тұрған жерге неше күн жүрді? Үш пе, төрт күн бе? Есебінен жаңылыпты. Құдай қырсыққа шалдырса не амалым бар?... Бейбақтар-ай өлмегегнде неленрі қалды дейсің. Обалдарыңа қалдым-ау, қарақтарым-ай». Шал сүйретіліп қораға кіре бергенде түкпір жақтан арс-арс етіп скі-үш ит атып шықты. — Кет-әй, бұлар неғып жүр! — Шошынған шал шатқаяқтанып барып қабырғаға соғылды. Онсыз да тұла бойы қирап ауырып тұрған Жауғашты оқыс соққыдан естеп танып қала жаздады. Бірақ ауыл иттерінің бірер жетіде тағыға айналып, үйді-үйді тіміскілей жортып, беті жасырылмай қалған өліктерді талапайға салып, боршалап жеп жүргенінен хабарсыз шал атып шыққан иттердін бұл қаңыраған қорадан не таппақ болып келгендігін қайдан білсін. Үйге енді. Терезелері қымтай жабылғандықтан Жауғашты түртінектеп келіп сәкінің жиегіне отырды. Төңірегіне үңіле қарағанымен ешкімді байқай алмады. Төр жақта әлде нелер қараңдағандай ма, қалай? — Кенжеш, Көбей, бармысыңдар, қарақтарым? Тым-тырыс, мылқау тыныштың. Біраз уақыттан соң әлде кімнің ыңырсый шыққан үні естілді. — Ата, ата-ау, жеттің бе? — Кенжештің дауысы-ау шамасы. — Жеттім ғой... жеткені бар болсын, қарағым. Бәрінен жұрдай айрылып қалдым. Қалайсыңдар, амансыңдар ма одан-бұдан. — Қайдағы... Ата-ау, Көбей... Көбейден айрылып қалдық қой. — Солқылдап жылағаны, әлде тұншығып күлгені белгісіз, әйтеуірі бір қорқынышты есірік үн естілді төрден. — Әттегені, ертерек келгенде... Ертерек келгенімде... Жолда қарақшылар... Қасқырлар... қамап, ала өгізден айрылдым... Құдай басқа бермесін. — Шал не айтып, не қойғанын білмегендей сандырақтап кетті. — Содан бәрінен айрылып... Әттең ертерек келгенімде. Кешіріңдер, қарақтарым. Мен сорлы сорлап қалдым ғой. - Ойына әлде не түскендей, солқылдап жылап қоя жіберді. — Жалғызым-ай, тірегім ай мені кімге тастап кеттің. Неге ғана мен сорлы қасыңнан кеттім екен... Құдай-ай, құдай, шұнақ құдай... Зиратқа апара алдың ба?... — Қайда атасы-ау... Оған күш қайда?... Міне, мен де аштан бұралып өлгелі жатырмын. Мына екі немереңізге аузымдағыны жырып беріп... Қанша күн болды екен, бұлар да аш. Өлетін шығар... Екі тізем сынып үзіліп, орнымнан тұра алмай қалдым. Көбейді оттыққа апарып бетін жасырдым Кешір дедім, басқа не дәрмен бар... Күшім сарқылды. Әлгі иттер... иттер кіріп кетпесін, ата. Олар кісі етін жеп әбден тағы бөлігі кетті ғой. Шал қорадан арсылдай шыққан иттердің өлікті, баласы Көбейдің елі денесін торуылдап жүргенін сиді білгендей. Қораға қалай атып шыққанын да сезбей қалды. Иттер ырс-ырс, арс-ұрс етіп оттық жақтың ойранын шығарып жатыр екен.
— Ойбай-ай, ойбай! Кетіңдер ойбай! Шал қолына түскен таяқты ала жүгірді. Екі көзі от шашқан көк балақ ит бұған айбат шегіп қарсы ұмтылды. Бұл ұрымтал тұсқа келіп қалған итті бастан салып қалды. Қаңқ етіп ыршып түскен ит далаға ата жөнелді, соңынан қалғандары шұбырды. Шал оттық тұсқа келгенде өліктің боршаланып қалған сұлбасын байқады. Өне бойы дірілден барып шөге берді шал. — Сұмдық-ай, обал-ай, қарағым-ай... Мұны көргенше өлсем етті. Шыққыр көзім не көрді... Жауғашты келіні Кенжеш келіп: — Ата тұрыңыз. Үйге жүріңіз, — дегенде ғана барып басын көтеріп еді. Қанша отырғаны, не істеп, не қойғаны мүлдем есінде жоқ. Екі мұңлық үйге енгенде төр алдындағы төсектен бастарын қылқитып Нұрым мен Нұрбике тұрған. — Ата, нан, нан, әкелдің бе? — Қалным ашты, — деп немерелері жарыса ұмтылған. — Өй, боталарым-ау, шамалы бірдеңе бар шығар. Анау шапанның екі жеңінде, көтергенше алғаным сол болды. Орта қап бидайды ағаш түбіне көміп кеттім ғой, мен сорлы,— деген Жауғашты екі немересін бауырына басып егіліп отырып қалған. Шал енді байқады. Кенжештің шүңірейген екі көзі ғана қалыпты. Орамалдың астынан дудырай шыққан самай шашы ағарып кетіпті. Жақ еті суалып, иегі сүйірленіп, танауы қусырылып шыға келіпті. «Е, жазған-ай, сенің де көрмегенің жоқ-ау. «Адам аурыса аруақ деп... қалай жүдегенсің». Кенжеш сүйретіліп барып атасының шапанының екі жеңіне салған бидайды астауға қотарып, қазандықтың астына от тұтатты. Қара қазанның қақпағын алып қос уыстап бидай салды Сәлден соң қызара бөрткен бидайдың қызуға шыдамай сырт-сырт шарт-шырт еткен дыбысы шыға бастады. Қуырылған бидайдың жұғымды исі танау қытықтаған. — Қазір, бидай берем, шыдай тұрыңдар, — деген Кенжеш екі баласының алдына текемет үстіне қос уыс бидай шашты. Атасына жамаулы кесеге салып берді де өзі етегіне салған бидайды ашқарақтанып жей бастады. — Жеңдер, тоймасаңдар тағы қуырып берем. Жеңдер, - деп қояды балаларына сүзіле қарап. — Ата, жеңіз. Үсті-басыңыз алым-жұлым. Ит талаған ба? — Иті несі, қасқыр демеймісің. Арбаның үстіне қарғиды ғой тас қапқырлар. — Алла, не дейді. Қасқыр ма шынымен-ақ. — Қалай жемей кетті десейші әйтеуір. Татар дәм, көрер таңым бар екен. Бүйтіп көрген күні құрсын. Сол жерде мерт болғанымның өзі дұрыс еді. Есімді жисам арбаның астында жатырмын. — Біреу-міреу ара түскен шығар. Әйтпесе... — Кім ара түсуші еді. Соның алдында ғана соққыға жығып ала өгізді алып кетті емес пе жауыздар. Олар болмағанда Аралағаштан шыққан күні жетпес пе едім. Жоқ, ешкім де ара түскен жоқ. — Онысы жұмбақ екен.
Жауғашты қасқыр қамаған түні өзінің ала өгізіп алып кеткен үшеудің біреуі, дәлірек айтқанда топты бастап келген доу неменің мылтық атып қорқаулардан аман сақтап қалғанын іштей сезсе де шүбәлі көңілмен келініне айтпаған. Ал ол дәудің осыдан бес-алты жыл бұрын Аралағаштың ауылға келген орыстарын соққыға жығып сотталып кеткен Бозай шалдың жалғыз ұлы Бақай екенін жыға танымаса да тұспалдай шырамытқанын тағы да іште бүгіп қалып еді. Ертең шалға барып: «Ұлың тірі, сол тұсқа іздеп бар-саң қайтеді» демекші болып отырғанын да пірімжария етпеген. Жауғашты шал түс ауа төсек салғызды. Оған дейін келіні қайын атасының тұла бойына қатқан қанын жуып, жарасын таңьп, сандық түбінен алып көйлек, дамбал кигізген. Қан көп кетті ме, әлде екі-үш күнгі көрген азабы жанына батты ма, болмаса аштықтан өзегі талып әлсіреп қалды ма, әйтеуірі шал оттықтағы баласының бетін қолына түскен ағаш, тақтайлармен бекіткен соң! Кенжештің пепі түбіне салған төсегіне келіп құлаған. Сол сол-ақ екен, қызуы көтеріліп, безектетіп берсін. Бірде тоңып, бірде күйіп-жанып қатты қиналды. Есі ауды ма, сандырақтап та кетеді. — Қасқыр, ойбай қасқыр қамады. Кет әй, кет, қан жауғыр. Көбей-ай, Көбей, ит талап, тастады-ау, сорлы. Қаш, қаш ойбай, қаш... Есі кірді ме, сәлден соң келінін іздей бастады. — Ойпырмай, тоңып барам. Үстіме бірдеңе жапшы, — деді қшіалып. Кенжеш төрде ілулі тұрған түлкі ішікті әкеліп жапты. — Ата, көже ішіңізші ептеп. Әкелген бидайыңызды үгітіп едім, деді. — Жоқ, шырағым, өздерің ішіңдер. Ана балаларға бер, өзін іш. Мені қой енді. Ұзамаспын. — Қойыңыз, ата. Біз қайда қаламыз сонда, — деп Кенжеш жыламсырап қоя берді. — Жылама, қалқам. Мына нәубет ешкімді де аямас. Мен әкелген бидай қаншаға жетер дейсің. Көзім жұмыла қалса бөгел-мей Аралағашқа тарт. Жолда арба қалған жерде, оң қапталда окшау жалғыз қарағай түбінде орта қап бидай бар. Жете алсаң... Әй қайдам. Әлгі Бақайлар алып та қойған шығар. — Бақайыңыз кім? Біздің ауылдың Бақайы ма? — Ол неме екі туып бір қалғаным деймісің. Осындағы Бозайдың жалғызы да. Балалықтарың біріге өтті емес пе. Осы ауылдың сотқары еді ғой ол неме. Сен келін боп түсіп жатқанда ол неме кісі ұрын сотталып жатқан жоқ па еді. Содан өлі-тірісін білмей әкесі күдер үзді емес пс. Сөйтсе жол торыған кәдімгі қанды балақ боп кетіпті ғой. Көбенмен жасты еді... Ойпырмай, кісі тонағанша әкесін асырамай ма. Е, сорлы Бозай-ай... Өзі аман ба екен, жазған неме? — Бозай атам да өлді... Қорасына кірсем деп шошып кеттім... — Солай де. Иманды болғыр. — Жауғашты жаңағы сөйлегенге болдырып қалса керек, көзін жұмып үнсіз қалды. Сәлден соң көзін ашып төңірегіне қарады. Қасына анадай ойнап отырған екі немересін шақырды. Маңдайларынан иіскеп, бауырына басты. — Бар, барыңдар, ойнап қалыңдар. Қайтейін қарақтарым. — Көкірегіне кептелген өксігін баса алмай түлкі ішіктің жағасына басын тығып алып
солқылдап ұзақ жылады. Жылап жатып талықсып ұйықтап кетті, олде талып кетті, ойтеуірі сұлық қалды. Содан түннің бір уағында шошып оянды. Әкетті, талап әкетті. Ұста, Көбей, ұста. Ит талады ғой. Қасқыр, қасқыр келеді... Бозай, әй Бозай, анауыңа қой де. Мұстақ та, мен де ақиретте, қанымыз, қанымыз... мойныңда Бақай ит.. Ит, иттер талады-ау. — Бісмеллә, бісмеллә. Ата, не болды сізге, - деп Кенжеш атасының жүзіне сықсима шамның әлсіз сәулесін түсірді. Содан таң алдында сұлық қалған Жауғашты мына тірлікке өкпелегендей үнсіз жатып, жан қиналысын білдірмеген күйі момақан қалыпта қоштасқан. Түні бойы, кеше күні бойы аласұрып, қинала сандырақтап жатқан шалдың мопмомақан қалыппен мына тірлікті тәрік етіп жүре бергеніне сенгісі жоқ. Кенжеш өліктің басында үнсіз, бір ноқатқа бедірейе қараған күйден жазбай ұзақ отырды. Жылағысы келген, жан дүниесін өксікті күйінішпен кептеген запыран зарып төккісі келген. Бірақ табанының суы тартылып, кеуіп қалған құдық-жанарлары жалғыз тамшы жас шертпей, тасшемен болып безерді де қалды. Тек көкірек тұсын удай ашытқан қайғы сарқындысы тс жүрегін уытты тырнағымен сығымдай қысып, ауық-ауық ауыртып қояды. Бар болғаны сол ғана, енді бірде алдында аштықтан, азапты қайғыдан сұлап жатқан адамның «келінім» деп өбектеген аяулы қарт екендігін, екі шаранасының әкесі болған ит талауға түскен кешегі Көбейінің әкесі екендігін ұмытқан бейжай қалып танытқан. Осы бір аз ғана ғұмырының соңғы үш-төрт күнінде бастан кешкен азапты, азалы, жан түршіктірер қасіретті шақтары мұның да нәзік жанын шарпи өртеп, сезім қылын аяусыз, енді қайтып жалғанбастай етіп бырт-бырт үзіп тастаған болар, ол сөйтіп бұл тірлікте қуаныш пен қайғы, сүйініш пен күйініш алданыш пен арбау, жұбаныш пен күдік барын мүлдем ұмытып, басқа бір тірліктің алмағайып күйін кешкен жандай бәріне де самарқау, бәріне де немкетті қарар сипатқа ауысып алған ба дерсің. Анығы солай болар. Өйткені алапат қайғының қыспағына түскен Кенжештің жандүние, сезім сәулесі түгел өшіп, өлген, қаңырап бос қалған еді. — Иманды болыңыз, - деп күбірлеп бетін сппады. Тұра беріп атасының ашық қалған кіреуке жанарларын алақанымен сипап өтті. Кеуде тұсына сырылып қалған түлкі ішікпен жүзін бүркеді. — Ұлыңыздың жанына жеткізе алмаспын. Кешіріңіз, ата. Өз үйіңіздің төрінде қалған сізде не арман бар. Есікті бекітіп кет. Ит те, қасқыр да кірмейді. Хош, бақұл болыңыз. Өзіңіз айтқан Аралағашқа кеттім. Жете алсам жарар еді. Сізді қамаған қасқырларға жем боламын ба әлде. Жоқ, мына екі немереңіздің тірлігі үшін жетуім керек шығар. Алла өзі жар болсын. Кенжеш ықшам, жеңіл шапанын киді де іргеде ілулі тұрған ала өгіздің басжібімен белін буды. Атасының шаппа пышағын шапанының қалтасына салды да қуырылған бидай түйген орамалын беліне қыстырып тысқа беттеді. Қора ішінде аз бөгелді. Оттыққа тақагі баруға жүрегі дауаламай анадай тұрып қоштасқан болды.
— Бақұл бол, Көбейім. Маған емес, мына қарғыс атқыр заманға айт айтар өкпеңді. О дүниеде табысуға жазсын. Мына екі балаң үшін ойраны шыққан ұямды тастап кетіп барамын. Хош, бақұл бол, қымбаттым... — Көңілі босап барып қайра ширатылған келіншек жылдам адымдап тысқа шықты. Төңірегіне қаранды. Өлі тыныштық. Түс болып қалыпты. «Мыналар аяққа оралғы болмаса іңірлетіп Аралағашқа да жетіп жығылармын. Тек ештеңе кезікпей, жол амандығын берсін де». Қораның қаусырма қақпасын сырттан бекітті де екі баласын жетелеп ауылдан ұзай берді. Артына қарамады. Қараса көңілі түскірі босап, ет жүрегі етегіне түсетіндей. Сол ширақ адымдаған қалпы аштықтың араны алдында тізе бүккен қайғылы, қасіретті Шақалақ ауылынан ұзай түсіп еді. Неткен қайғылы қасірет еді, жаным-ау. Іргесі ірімей ұйысыпақ отырған елдің бұлайша тоз-тозы шығып, қапырап өлі жұрты ғана қалады деп кім ойлаған. Нәубст зобалаңы басқа түскенде адамдардың бір-біріне қараспай өз күйін қүйттеп кетер бейшаралығы мен қызыл өңештің бодауы үшін тағылықтың тажалды жолына түсіп, бірінің етін бірі жерлік масқаралық халге жетерін Кенжеш енді ұғынғандай. Кәне, кім қалды Шақалақта. Күні кеше ғана ел болайық, әртелге бірігейік деп ұрандатқан Сәлік қайда. Жұмысқа шығыңдар деп ала көбеден терезе сабап тұратын бригадир Барлыбай қайда. Төтеннен келген нәубетке қарсы тұрып қам жасар әрекеттің орпына бір түнде артынып-тартынып көшіп кетті. Жұртпен қоштасуға да жарамады-ау, шіркіндер. Аяқ артар көлігі жоқ Бозай сияқтылардың сүйектері шашылып көмусіз қалды итке-құсқа жем болып. Өзінің сиқы мынау ауыл жұртын ең соңғы болып тастап шығып, бір қиырға кезіп келе жатқан. Арты - тайғақ, алды - қараңғы. Атасы Жауғапты марқұм айтатын Аралағашы жиырмажиырма бес шақырым болар. Онысы қаншалықты мөлшерде екенін тұспалдамаса доп басып айта алмайды. Шақалақтың қотанынан ұзап шықпаған келіншекке шақырымын мына тұрған иек астындағы жердей сезіледі. Қазақтың иек астындағысының ирелеңдеп кете беретінін қайдан білсін. Әйтеуірі ала өгізбен бозала таңда шығып кетсе екіндігіне жетпей төбе көрсетіп қалады дегенді қайны атасы айтып отырар еді. Ала өгіздің аяғымен есептесе онша қашық та болмас. Әйтеуірі дәтке қуат деп жолға шыққан жайы бар. Ауылда қалса аштан өлгені. Қарап отырып ажалды күтіп алғысы жоқ келіншекті қинайтыны мына екі баласы. Өзі өлсе де осы екеуін бір қараға лектіріп кетсе болды да. Өлгендерге мола болып қалған ауыл жұртында қалып не опа таппақ. Одан да көз көрмес бір қиырға кеткені жөн. Әйтпесе сол қиырға құс боп ұшын жетер ме еді қиналмай. — Апа, шалшадым, — деді оң жағында келе жатқан Нұрым қыңқылдап. — Өйбүй, ботам-ау, кім шаршамай келеді дейсің. Шыда, шыда енді. Анау төбеге жетіп алсақ тынығармыз. Ауылдан ширақ шыққанымен жүре келе өзінің де қалжырай бастағанын байқады. Аштықтан әлі кетіп, тұралап қалса да бойдағы қалған күш-қуатын аянбай жұмсап, ентелеп-ақ келеді. Ашық-жарықта жол ұтсам дейді ғой бейбақ.
Төбеге жетіп бел шешті. Шапанын жерге жайып жіберіп балаларын отырғызды. Сөйтті де екеуіне екі уыс қуырылған бидай берді. Өзі де бірер шөкімін етегіне салып алды да дәмдеп жей бастады. Күн тас төбеге көтерілгенімен ми қайнатар ыстықтығы жс қ, жуасыған қалыпта мүлги қалған. Төңіректе салқын леп бар. Көкжиекті қымтап алған сұр бұлттың іркіс-тіркіс көші дауылдатқан желің болмаса анау-мынауыңа табан көтеріп, ірге сөкпейміз дегендей сіресіп жатыр. Төбе басынан төңірек алақанға салғандай айқын көрінеді екен. Кенжеш ауыл тұсқа сүзілді. Шақалақтың бірі биік, бірі пәс ала-құла үйлері көзіне оттай басылды. Бергі тұстағы тоқал там өз үйі, жаңа ғана қайра оралмастай есігін бекітіп кеткен өз ұясы ғой. Ішінде қимас екі адамы қалды. Жүрегі аунақшып түскендей бір түрлі шым етіп ауырып кетті. Жанарына жас кілкіп шыға келді. Қайран, Шақалақ, думанды Шақалақ. Кенжештің бар ғұмыры осы ауылда нағашы әжесінің үйінде өтті емес пе? Бұның ата-анасы Шақалақтан жеті-ақ шақырым жердегі Қарақайнар ауылы еді-ау. Артельдесу кезінде аз түтінді бұл ауыл бытырап, ірілендірілген шаруашылықтарға сіңіп кеткен. Кенжеш он үшінде окс-шешеден айрылды. Оба ма, шешек пе, әйтеуірі бір сұмдық індетке легіп бірінің жетісінде бірі өтті дүниеден. Содан мұны жамағайындары жетелеп әкеліп Шақалақтағы нағашы әжссінің қолына табыстаған. Жарықтық Ғайнижамал әжей қандай еді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсірді. Еркелігі басым ерке қыз әжесінің тағылымын теріс қылмай, көкірегіне тоқып өскендей еді. Басында ауыл балаларымен асыр салып, асық атысып, алысып-жұлысып ойынға араласып жүргенімен онысынан тез танылды. — Балам-ау, атаң қазақ он үшінде отау иесі дегенді тек ұлға ғана қарап айтпаса керек. Мына әжең иманды болғыр нағашы атаң да тура сенің жасында келді емес пе, — деген де қойған. Осы бір сөз қатты әсер етті ме, әлде ойын балаларына қосылмай үнемі есік алдында оны-мұныны шұқылап отыратын тырбиған ұзын сары баланың бұған деген ықыласының ерекшелігін сезді ме, алыңдұлың адыра қалып, әжесін төңіректейтінді шығарды. Ойын балаларының ішінен мұның зықысын шығарып, әбден мазақтайтын Бақай болатын. Бозай шалдың сотқар ұлы Бақай Шақалақтың бар баласының қолбасшысындай бір оқшау мінезді пенде еді. Тұлғасы төртбақ, апайтөс, алыса кеткенін алып ұрып басынан аттамаса көңілі көншімейтін көкшешектің өзі болатын. Сол Бақай бұл баяғы тырбиған ұзын сары бала Көбейге тұрмысқа шыққан тойы үстінде боза дей ме, сыра дей ме, соған тойып алып Жауғашты атасының тамыр орыстарына қол жұмсап сотталып кетті. Орыстар қойсын ба, ауылға келіп дігірлеп болмаған соң Бақай Аралағашқа өзі барған ғой жаяулап. Атсаң да, шапсаң да міне, деген. Тамам орыстың ортасына қалай қорықпай, жүрек тоқтатып барды екен. Әй, өзі де нағыз қарақшы болса болғандай жүрек жұтқан неме еді. «Қайран Шақалақ, сені енді қайтып көремін бе, жоқ па». Кенжеш жанарына мөлт-мөлт етіп шыға келген жасын тия алмай ауыл тұсқа қарады да тұрды, ұзақ тұрды.
Бұлар тағы ілгері қозғалды. — Апа шалшадым, әуп етші, — деді бір кезде Нұрым ыңырсып. Келіншек ұлын арқалап алып тағы ілгері жүрді. — Әй, Нұрбике, қалмай отыр. Етегімнен айрылма, — деп әлсін-әлі қасынан қалмай томпаңдап келе жатқап сары қызға қарап қояды. — Ей, жазған-ай, бір қараға лексек жарар еді. Өлмегенге өлі балық деп... Бұлар түс ауғанша тағы да екі рет кідірістеп алып ілгері жылжи берген. Екі баласын кезек арқалаған Кенжеш күшіпің сарқылып қалғанын сезсе де қайратқа мінігі, бір адым болсын ілгері жүрсем деп келеді. Өстіп келе жатып жолдан шеткерірек тұрған арбаға ұшырасты. Кенжеш жазбай таныды. — Мынау біздің үйдің арбасы ғой. — Екі баласын тастай салып арбаға жүгірді. Иә, сол, сол арба. Көбеймен, атасымен сан рет шеп шабуға барған қос арысты кек арба осы ғой. Қайран дүниеай, көзге жылы ұшырауын қарашы. Арба екеш арба да налалы жанға демеу болғандай Кенжештің көңілін толқытып, бір түрлі сағынышты ыстық олдпге бөлеп кетті-ау. Бөрі дс баяғыда, тым ертедегі күндерде болғандай, тым алыста қалғандай-ау өзі. Иә, бөрі де келмеске кеткен күндердің құшағында қалған. Келіншек көк арбаның қалдайшасын сипап тұрып қалды. — Апа, мынау біздің алба ғой, — деді Нұрым жүгіріп келіп. — Міңгізші, Өгіз қайда? — Балам-ау, өгізді қасқыр жеп кеткесін атаң жаяу келді емес пе? Өгізсіз арбаға мініп не қыласың. — Жоқ, бәлібіл мінейінші. Мына Нұлбике де мінсін, — деп болмаған Нұрымды көтеріп арбаға отырғызды. — Апа деймін, атам неге ұйықтап қалды. Ауылға баламыз ба? Балайықшы ауылға. — Барамыз, ботам, барамыз. Мынау арадағы ауылдан, атаңның досынан бидай алып кері қайтамыз әлі. — Кенжеш өз сезіне өзі сенбегендей төмен қарады. — Апа, мына қала қай, бидай шашылып қалыпты. — Ол өгіздің қаны шығар. Ал болдың ба, түсірейш. — Ксии;еш қайғылы оқиғаға болған жерден тез кетуге асыққан. Есіне оқшау тұрған қарағай, оның түбіндегі бидай түсті. Атасы солай дсмсй пс с-ді. Иә, сол тұста жарты қап бидай болуы керек. Кенжеш арбаға жақын жеке дара тұрған қарағайдың түбіне кслді. Ашылып қалған шұқанақ, шашылып жатқан топырақ көзге шалынды. «Алып кетіпті. Бақайлар алып кеткен ғой. Олар қоюшы ма еді, жауыздар...». Кенжеш Нұрымды арқалап, Нұрбикені жетелеп тағы да ілгері жылжыды. Қанша жүргені белгісіз, қарағайлы орманның қойнауын қуалай ілгерілеген жол шегі бітпестей, ұзай түскен сайын мұның да діңкесі құрып қалжырап-ақ келеді. Нұрбике де етегіне оралғы болып сүріне берді. —Апа, шөлдедім, су ішем, — деді сары қыз жыламсырап. — Ойбай-ау, суды қайдан таба қояйын аяқ астынан. Шыда, Аралағашқа барғасын ішесің, — деді кейіп. Аралағашқа қашап жетерін өзі де білмейді. Әйтеуірі «әне жетеміз, міне жетеміз» деп өзіп-өзі жебелей алдарқатқан үмітін үзгісі жоқ.
— Ойбай, апа, ана қара, екі ит еріп келеді, — деген Нұрбикенің дауысы оқыс шығып еді. Кенжеш артына жалт қарады. Арқасында ұйықтап келе жатқан Нұрым да шошынып оянса керек, ол да: — Кәне, ит? — деп қалды. — Көтек, иті несі, ай дала, жапан түзде. — Келіншектің тұла бойы қалтырап кетті. — Ойбай, мыналар ит емес, тас қапқырларлың өзі ғой. Енді қайттік, құдай-ай, құдай. Тағы пәле жолықтырдың. — Келіншек Нұрымды жерге түсіріп, қалтасынан шаппа пышақты алды. Бұлардың тоқтай қалғанын сонадайдан байқап келе жатқан қос қасқыр да бөгелді. Жолаушыларда жұмысы жоқ жай бір өз беттерімен жүрген мақұлықтардай марғау қимылдап келіп қоқиысып отыра қалысты. Алдыңғысы көк шолақ, апайтөстің өзі екен, маймақ, сіңірлі аяқтарымен жердің шаңын бұрқыратып осып-осып жіберді. Бейне бір тырнақтарын жанып-жанып алып, бұларға атылатындай көрініп кетті Кенжешке. — Кет, кет-әй. Кә, кә! Ақтөс, Ақтөс, ко! Кө! — деп тосыннан жанұшыра айғай салып, жерден алған тасын қасқырларға қарай атты. Тас анадай барып топ ете түскенмен қасқырларды үрікітерліктей айбат шақыра алмаған. Көкжал орнынан марғау тұрып бұлардың сол қапталына қарай орағыта ойысты. Қасындағы сыпсың сұр қаншық оның соңынан бүкектей жөнелді. Кенжеш Нұрымды арқалап, Нұрбикені жетелеп алға жүгірді. Қанша сабыр сақтап бойын тежейін дссе де еркінен айрылып қалғандай қалшылдап, дір-дір етеді. «Тасқапқыр аш болмаса адамға тимейді деуші еді. Мыналардың түрі жаман. Шабудап тайынбас. Атамды талаған да осылар шығар. Құдай-ай, құдай, ендігі көрсетпегенің осы еді. Итке жем болғанымыз ба?». Арқасында Нұрым шырылдап, етегінен тас қылып ұстап алып безектей жүгіріп келе жатқан Нұрбике жылап келіншектің одан әрі есін алды. Парапарасы шығып ағыл-тегіл терлеген келіншектің содан соң ілгері басқан аяғы кері кетіп мүлдем әлі құрып, діңкесі қалды. Қос қасқыр «манадан бергіміз ептеп қорқытқан ойынымыз еді, салпақтап соңдарыңнан ере беруге уақыт жоқ» дегендей қапталдай ергендерін қойып, ағаш ішіне сіңіп әп-сәтте жоқ болды. «Бұнысы не екен. Әлде кетті ме екен тасқапқырлар. Аллам-ай, сақтай гөр біздей байғұсыңды. Не жаздық осынша зарлататындай». Кенжеш шөге түсіп отырып аз-кем дем алды. Шапанының етегімен тер буған жүзін сүртіп, желкесіне сырылып кеткен орамалын шешіп алып, қайра байлады. Сөйтті де анандай жатқан таяқты алып кел деп Нұрбикені жұмсады. — Апа қорқамын. Қасқыр келіп қалмай ма? — деп сары қыз Нұрымның тасасына тығылды. — Ой, жағың қарысқыр, атын атама ол пәленің. Келмейді. Кетіп қалды. — Сонда да қорқам. — Онда екеуің әкеле қойыңдар. Нұрым жігіт қой қорықпайды. Кәне бара қойыңдар. Қос тізем бастырар емес, дем алып отыра тұрайын.
— Иә, мен қолықпаймын. Жүл, таяқты алып келейік, — деген Нұрым Нұрбикенің қолынан жетелеп томпаңдай жөнелді. Таяқтың екі басынан ұстап, томпаңдай басып келе жатқан мына қос қарашығының тағдырына Кенжеш осы уақытқа дейін алаң болмағанға ұқсайды. Туды, емізді, қалқайтып жер бастырды, соңынан ергізді. Ендігі күндері не болады. Әлде мына жолдың үстінде әлгі тасқапқырларға жем бола ма. Екеуін жегізіп қойып бұл қалай жер басып жүрмек. Олар шынымен-ақ шапса алдымен кімді қорғар еді. Кенжештің ет жүрегіне әлде нені сұғып алғандай көкірек тұсы ашып қоя берді. Тек, бетін аулақ қылсын ондай сәттің... Қайдағы ой қайдан келеді басына. О, тәңірі. Сақтай гөр. Осы екеуі ішсін-жесін деп емес пе бүгінге дейін өз аузындағысын жырып беріп келе жатқаны. Шүкірлік, аштық әлі өзектеріне түсе қоймағандай ғой. Бұратылып қалса не істер еді. Баланың әдеті емес пе, қарын ашса қыңқылдайтын. Әйтпесе мына жол үстінде де ауыздарыпан қуырылған бидай болса да үзбей бөліп беріп келеді. — Жарықтарым, қолқанаттарым. — Кенжеш балалары әкелген таяққа сүйеніп орнынан ауыр тұрды. Тұла бойы салдырап, қирап қалыпты. — Қой, бөгелмейік. Жүріңдер. Нұрымжан, сен ептеп жүре алсаң жаяу жүрші. Белім үзіліп, аяқтарым бастырар емес. Қайтейін, қарашығым, қажыдым-ау... — Жәләйді, апа. Жаяу жүле алам. Тек тез жетейікші... — Құлыным-ау, шыбыным-ау, ұшарға қанатым болмай келеді емес пе. Аралағаштың төбесіи көріп өлсем, алла жасаған-ай, арманым болмас еді-ау. — Неге өлесің. Өлме. Сен өлсең біз де елеміз, — деп Нұрбике жылап жіберді. — Қой, әрі. Мен жәй әншейін... Өлмейміз. — Апа, апа, анау қасқылдар тағы келе жатыл, — деп шыр ете қалды Нұрым. — Көтек-ай, кәне, қайдан шыға келді тағы. — Кенжеш жолдың қылтадан бұрылып әрі асар тұсында көлденеңдей тұрған манағы қос қасқырды көріп тоқтай қалды. Сұмдардың бой тасалай ағаш ішімен жортып барып маңдай тұстан шыға келгендерін көрдің бе. — Енді қайттім. Құдай-ай, қалай құтыламыз мына пелелерден. Жасаған ием-ай, жар бола гөр. Кет-әй, кет. Ақтөс, Ақтөс кә. Қә! Айтақ! Айтақ! — Апа Ақтөс келе ме? — Келеді. Сендер де шақырыңдар. — Ақтөс, Ақтөс! Кә! Кә! — Аналы-балалы мұндықтардың қосыла айғайлаған жан дауыстары орманды басына көтергендей еді. Бірақ мүлгіген орман бұлардың әлсіз үндерін қақпақылдап қағып алғанымен алысқа апармай аяқ астына шашып-төгіп алғандай іоз сұйылып барып құрдым құшағына сіңіп жатты. Қасқырлар жолдан былай шығып сол қапталға ойысқан. - Етегімнен ұстап айрылмаңдар. Қалсаңдар жем боласыңдар! — деген Кенжеш таяғын оңтайлай ұстап ілгері жүрді. — Қолдарыңда өлейін, тасқапқырлар. Кәне жақындаңдаршы, жандарыңды жоннәмға жіберейін.
Таяғын ерсілі-қарсылы сермеп қойып, анда-санда ғайыптан пайда бола қалып, бұларға арашаға түсер ауылда қалған Ақтөстің атын атап, айтаққа салып ілгерілей берді. Қасқырлар да жеңіл бүлкекке салып, қапталдасып қалмай келеді. Қашанға дейін жүрер екенсіңдер дегендей басынған мазақ пиғылдың суық, сұсты лебі байқалады қос тағының қимылдарынан. Осы жолы біреуіңді алып қалмай тынбаймыз дегендей бұлардың қимылдарын жіті бағып, сақ келеді. — Ойпырмай, шынымен-ақ өлгеніміз бе. Ко! Кә! Ақтөс! Ақтөс! — Кенжештің дауысы қарлығып, үні өшейін деді. Екі бала етегіне жабысып, шыр-шыр етіп тұрып алды.
— Құдай-ай, сорлылар-ай, енді қайтем, не істейін сендерге. Жүріңдер. Жүрмесеңдер қалыңдар! Масыл болдыңдар-ау басы-ма!„. — Апа, апа. Тастама, тастай көрме! — Апа. Қалдылма, аналал жеп қояды ғой, — деп шырылдаған қос мұңлықтың үні Кенжештің төбе құйқасын шымырлатып, ет жүрегін тілімдеді. Өзі де балаларын бауырына басып ағыл-тегіл еңіреп келіп отыра кеткен. Өлсек бірге өлейік, боталарым. Кешіріңдер, сорлы аналарыңның бір сәттік әлсіздігін. Бірге, бірге болам сендермен. Тұрыңдар! Жүріңдер! Тастамаймын. Қорықпаңдар. Кенжеш Нұрымды арқасына отырғызып, Нұрбикені жетекке алды. Ақтық күшін жиып, ақырғы рет, бәлкім соңғы рет бақталайын сынамақ жандай шетішегі бітпес сүрлеу жолға түсті. Таяқтың орнына жүзін жалаңдатып шаппа пышағын алды қолына. Орайы келсе орып жібермек, сәтін салса қапысыз сілтемек. Әй-теуірі қанды ауыз тағыларға жайдан-жай беріспек емес. Алысса алыспақ, жұлысса жұлыспақ. Бойына қайдан, қалай күш-қуаттың құйылғаны белгісіз, әй-теуірі аяғын ширақ, батыл басып ілгерілей берген. Манадан бері еркінсігенің жетер дегендей көк балақ қасқыр қапталдықтан ойы сып барып жолға түсіп алып, өкшелей жөнелді. Бастырмалатып, мінбелеп келіп қалған.
Кенжеш мойнынан тас қылып ұстап алған Нұрымнан айрылып қалмасам екен деген жалғыз тілекпен аяғы жер баспай ұшып келеді. «Нұрым, Нұрым» деген жалғыз сөздің миына қашан қалай орнап қалғанын да білмейді. Әйтеуірі жалғыз ұлын мыналардың аузынан жырып әкетсем дейді. Сол колына жабысып алған Нұрбике бірде айрылып қалып, бірде қайта жармасып шыршыр еткен күйі еңіреп келе жатқан. Ендігі бір сәтте сүрініп кетті ме, әлде өкпесі ұшып жүруге шамасы келмей қалды ма, әйтеуірі анасының жармасқан қолынан айрылып қалған Нұрбикенің апалаған жан дауысы шықты. «Кеш ботам, кеше гөр сорлы анаңды» деп тістене күбірлеген Кенжештің омырауын улы жас жуып кетті. Бірақ жандүниесін үрей билеген келіншектің аялдауға мұршасы жок еді. Аялдай алмады, арашаға жарамады. Қанды балақ тағылардан Нұрымды ғана қайтсем аман сақтап қалар екенмін деген ойдың қатты құрсауында аласұрып келе жатқан болатын. Ол манадан бері жармаса
ұстап келе жатқан, қолынан айрылып қалған қызының тұншығып барып басылған ащы үнін де естімегендей, қорқаулардың орталарында қалған қызын бас салып талап, боршалап жатқанынан да бейхабар қалған мәңгүрт жандай ақыл-естен айрылып ілгері жүгіре берген. Мойнын қапсыра қысқан қолдары қарысып қалған ұлының үні шықпайды. Тек қана ыстық демімен араласқан ащы жасы желкесіне тамып жон арқасына құйылған сайып бейшара тірі-тірі екен ғой деген сезіммен аяғын шапшаңдата алып ұзай берген. Қанды қасап тұсқа қарауға дәті де, шамасы да жоқ келіншек зорығып барып құлағанша ажалына арашаға түсер Аралағашты бетке алып жан ұшырып жүгіре бермек, жүгіре бермек...
Эпилог орнына Аралағаштан қос өгіз жеккен көк арба шықты сүрлеу жолдың бойына. Бағыттары Шақалақ болар. Арбаның алдында қауға сақалды жирен орыс отыр. Бұл Жауғашты марқұмның тамыры Петро болар, сірә. Артқы жақта үргіек бас, ашаң өңді, жүдеу бала Нұрым да, қасындағысы күн қақты қоңырқай өңі тозған мойыл жанарларында айықпас ауыр мұң табы бар, көне орамалдың астынан білінген аппақ шашын тарамыс саусақтарымен қайра-қайра әрірек тыққыштап мазасы кетіп отырған келіншек Кенжеш қой, бейбақ.
АҢСАҒАН ЖҮРЕК ӘНІ ЕДІ
ПОВЕСТЬ
«Айналайын апатай, – деп бастапты хатын сіңлісі Гауһар, – қу тағдырдың маған көрсетері көп екен. Оқуымды бітіріп, өзіңді қуантармын-ақ деп едім. Бір алаяқтың арбауына түсіп, жер соғып қалдым. Қайтейін, ренжісең де айтпасқа амалым қалмады. Осыншама шыдармын деп едім, болмады. Сенен басқа сүйеніш, тірек болар кімім бар. Іштен шыққан шарананың шырмауымен оқудан да қол үздім. Қазір қаладағы курстас құрбымның үйіндемін. Жатақханаға барар бет жоқ. Бұл үйге де сияр түрім көрінбейді. Сәбиімді жетімектер үйіне беруге қияр емеспін. Өзің келіп бір жәрдемін бермесең, бауырыңның құрдымға кетер түрі бар. Қалған жайды келсең естірсің...». Бикеш төбеден түскен мына тосын хабардан есеңгіреп, кәдімгідей-ақ естүсінен айрылып қалғандай халде еді. Көкірегінен лықсып көтерілген отты күйін қос жанарына ащы жас болып мөлт етіп шыға келді. Жазылып отырған жағдай шынымен-ак рас па дегендей сіңлісінен келген хатқа әлсін-әлсін қадалып, аз-кем отырды да еңіреп қоя берді. Қос бөлмелі үйді басына көтеріп, кәдімгідей дауыс салып жылады. – Құдай-ау, құдай, бізге көрсетер тағы не сұмдығың бар еді... Не жазып едік саған... Бізді осыншалықты еңіретердей нендей күнәмізден жаздық, – деп өксіді. Сол жылап жүрген қалпы жолға дайындалды. Алматының ығы-жығы аэропортынан жөргекке ораған нәрестесін көтерген Гауһардың өзі қарсы алды. Траптан түсіп келе жатқаннан-ақ Гауһардың елегізіп, алаңдап тұрғанын көзі шалған Бикеш қанша бекінейін десе де шыдай алмаған. Жүрек тұғын солқ еткізіп лықси көтерілген күйін сезіп өзін-өзі қайратқа шақырған көңіл-күйін күйретіп кеткендей ме, қалай, екі иіні дірілдеп, солқ-солқ етіп, қыстығып келді де еңіреп қоя берді. Гауһар да апатайының түсі бұзылып, жыламсырап келе жатқан хайпін байқаса керек, жөргекке жүзім тұмшалай басып солқылдап тұр. Жаңа байқады, ту сыртында тұрған әдемі жүзді, аққұбба қыз Гауһардың қолтығынан демеп әлде не деп жатыр. Хатта жазған курстас қызы болар, сірә. Гауһардың курстас дос қызы Аиданың ата-анасы жүректі, адал адамдар екен. Әсіресе анасы аузын ашса жүрші көрінеді, дейтін кәдімгі ақжарқын, сампылдаған кең пейілді қалпынан жазбаған. Бикеш табалдырықтан аттағаннан құрақ ұшып, өбектеді де қалды. – Қарағым, ренжіме де жасыма. Сүрінбес тұяқ, сынби қияқ болмаушы ма еді. Осы заманның жігіттері де жігіт болудан қалды ғой. Бірер күнгі қызыққа мәз, түге. Ұят-аят дегенді ұмытты ғой... Қызыл көрсе көздері қызарып, қоразданып шыға келеді, Гауһарға да оңай болған жоқ, өзі жүдеп бітті. Шаранасын бауы-
рына басып өксиді дс отырады. Сабағыңа бар, мен-ақ қарайың десем де болмайды. Соңғы бір ай бойы үйден аттап тысқа шығудан қалды. Бүйте берсең құсадан өлерсің деп өзіңе болмай отырып хат жаздырған мен едім... Енді бәрі де орнына келетін шығар. Кеңесіп отырып пішкен тон келте болмас деп... Кеңесейік... Бес жыл оқып, оқуын бітіруіне жарты жыл қалғанда одан қол үзіп кетуін құптап отырғаным жоқ. Оқуыңды оқы, беттен басатын ештеңе бүлінген жоқ деймін, баяғы... Осыным жөн емес пе, қарағым Бикеш? – Ойбай не деп отырсыз, шешей... Әбден орынды әңгіме... Әбден орынды... Оқудан қол үзгеп түрім бар дегенде қолқам үзіліп кете жаздады ғой. Әркімніңақ қолы жете бермес институтыңды бітіріп алсаң, ертең ешкімге де жалтақтамайсың емес пе? Ал ана шаранаң аяғыңа тұсау болмасын деп әдейі келдім емес пе. Алың кетемін. Бауырымның баласынан безіп не көрініпті. Ішке сыйған неме, сыртқа да сияды. О несі дейім-ау, сонша егіліп... Бикеш теріс қарап нәрестесін емізіп отырған сіңлісінің қушиып кеткен иықтарының дір-дір еткен күйін көріп бір түрлі елжіреп, еңіреп қоя бергісі келген. Бірақ өзін-өзі жазғырып, әбден жүдеп біткен халін одан әрі ауырлатқысы келмеген де ернін тістеп отырып қалған. – Шіркін бауыр жазған-ай... Жасамыс тартқан ақсары әйелдің дауысы дірілдеп, көздері жасаурап кетті. Оның да жан күйі алабөтен алма-ғайып әсерге бөленіп, аналық жүрегінің елжірей егілісін Бикеш те, ана отырған Гауһар да сезінгендей еді. Апалы-сіңлінің бұл өмірден көрмеген қайғықасіреті аз ба, тәйірі. Бір-біріне демеу болып қалтаңдап жұрт қатарына қосылғандай болғаны осы еді. Жол апатынан мерт болған ерінің төтеннеи келген қайғылы қазасын көтере алмай бүк түсіп жатып қалған анасы сол жатқаннан тұрмады. Сары тап болып бір жылдай жатты да дүниеден өтті ғой. Марқұмның созылмалы ауруы бар еді, әлде сонысы қозғалды ма, кім білсін, әйтеуір ерінің қазасынан соң оңбады. Күн-күн санап ауырлай берді. Лықси төгіліп, сахарға салған сүйектей куқыл тартқан жүзін жуып жатқан жастан аңғарған Бикеш науқастың аяқ жағында отырып ұзақ жылаған. Жылап жатып «жан анам-ау, шынымен-ақ қос ботаңды еңіретіп тастап кеткелі жатырмысың, тұра тұрсаңшы азырақ... Қалқайып ер жетейік те... Біздерді бір белеске жеткізіп салсаңшы... Әкеден айырылған азабың да аз қайғы емес еді ғой, түге. Сен тұра тұр... Басыңды көтер... Қалқайып отырсаң болды. Оқуды да, бәрін де тастап, тек өзіңді күтейін... Осы үйдін бар ауыртпалығын өзім-ақ көтерейін. Бейнеттен белім қайысып, азаптан арқам жауыр болды демейін. Тек сен тірі тұра тұршы, анашым. Тек сен...» деп іштей күбірлеген.
Бірақ қатал тағдырдың қайран ананың алқымынан алған ажалдың шеңгелі жазылмады да айрылмады.
Анасының аманат етіп тастап кеткен сол Гауһары ғой мына алдында егіліп отырған. – Айналайын шешетай-ай, өле-өлгенше мына жақсылығыңызды ұмытпаспын. Өз балаңыздай бауырыңызға басып, Гауһарымды көшеде қалдырмағаныңызға... Сізге нендей алғыс... — Ойбүй, қарғам-ау, мені ұл өсіріп, қыз өсірмеді деймісің. Бала қайғысын көп тартқан жанның бірімін, қалқам. Әне, Гауһарыңның досы, кенже қызым Аиданың күні ертең не боларын кім біліпті. Тек шалыс басудан сақтасын де. Өз қолыңды өзің кесесің бе, қайтесің, көнесің де... Ал маған айтқан алғысыңа рахмет. Біреудің басына іс түссе қасынан табылып, қолтығынан демемесек кім болғанымыз сонда. Жасымыз жер ортасынан ауғанда адамгершіліктен безініп не көрініпті бізге. Осы тірлікте бір-бірімізге жасап жатқан қиянатымыз аз ба, тәйірі. Аз емес. Адамның түлкіге айналып, жастардың бұзылуы да сол қиянаттан, мен білсем. Енді болған іске болаттай болып, мына Гауһардың оқуы одан әрі жалғастыруына көмек берейік те, – деген Аиданың анасы орнынан тұрып кухняға беттеген.
Оңаша қалған апалы-сіңлілі қос мұңдық көз шырымын алмастан ұзақ түнге сырласқан. – Жездем қалай? Мынаны алып барғаныңды қалай көреді? – деген Гауһар екеуінің ортасында пыс-пыс етіп ұйықтап жатқан нәрестені емізген. Көңілінде күдік бар-ау, сірә. — Ол жылдағыдай «Қызыл қияға» кеткен. Біздің жақта арақ деген отпен тең емес пе. Соңғы бес-алты жыл автобаза түгел кешіп барып, араққа көмектесетінді шығарып жүр ғой. Арақ бітпей оралмайды да... Үйіміз қай бір балаға толып отыр. Қуанбаса ренжімес... — Қайдам, әйтеуір ренжіп, сенің мазаңды алмаса болды ғой... Бес-алты айда оқу да бітер. Сосын. Өзім аламын ғой... Тек жездем... — Жә, ренжісе де, ренжі-месе де далаға тастар бала жоқ. Өзім бауырыма басып тәрбиелеймін... Шалқалап жатқан Бикеш сәбиге қарай аунап түсті де нәрестенің маңдайынан ебіп, бауырына қарай икемдей тартып, қысып-қысып қойды. — Бұ құдай мені бір шикі өкпеге зар қылып қақсатып қойса, сені бұлай бақытсыз етіп... Өксік аралас сыбырлай шыққан үні одан әрі тұншыға дірілдеп барып басылған. Жездесі Ерденмен қосылған он бес жыл бойы бір сәбиге зар болып келе жатқан апасының қайғысын тап осы жолы айқын сезінгендей. Гауһар да терең күрсініп, көзіне жас алған. — Бастапқы жылдардағы жылы қабағы кірбің тартып, соңғы кездерде тоңторыс отырып алуды шығарды. Жұмыстан ішіп келуі де жиілеп кетті. Ол да
детдомда өскен жалғыз бейбақ қой. Ашылып айтпаса да жан қайғысын неге түсінбейін, түсінем. Бірақ не шара... Соңғы екі-үш жылда тіпті қазымыр болып кетті. Сөзіңді көтере алмай шарт ете қалады. Бұрын да тоңмойын қарағым еді, қазір тіпті ұрда жық болып алды. Ілінісуге ілік іздейді де тұрады. Мына шайың суып кетіпті деп бетіме кесені атып жібереді, болмаса дастарқан үстіне жарқ еткізіп төге салады. Қалай көкала қойдай етіп сабап та алды. Қайтейін, тепкісіне көніп келемін. Одан кетіп ие опа табамын. «Қызыл қияда» кімім тосып отыр емешесі үзіліп. Бәлкім мына немеден кейін сабасына түсіп, ақылға келер. – Қайдам, Бикеш, қайдам. Екі ортада сенің басың дау бола ма деп қорқамын. — Жә, ұйықтайық... Құдай салды біз көндік деп, өз тағдырыңнан қайда қашып құтыласың, – деген Бикеш аунап түсіп іргеге қарап жатты. *
Алматыдан шыққалы жылап, мазаны алмаған жөргектегі сәби өз босағасын аттап төсек үстіне әкеліп жатқызғанда шыр ете түсті. — Қой, қой, мұның не. Жатырқап жатсың ба, жазған. Жылама. Қазір жылытып сүт беремін. Жылама, бөпем, жылама... деп ебектеген Бикеш су болған жөргектерін алмастырып жан ұшырды. Ит көйлекпен ғана қалған нәрестені алақанына салып әлдилеген күйі бауырыиа басты, қайызғақ еңбегін құшырлана иіскеп әлдилей берген. Көкірегін өзіне беймәлім жұмбақ жұпарлы жас иіс баурай алғандай тынысы кеңіп, тұла бойы иігендей рахат бір сезімге бөленіп жүре берді. Сүтсіңді сәбидің әлемде жоқ тек сәбиге ғана тән иісі алған демінен жан сарайына құйылып, тұла бойын тәтті ләззатқа толы сиқырлы бір рахат сезіммен әлдилеп, елтітіп, елжіретіп әкетіп бара жатқандай еді. Әлсін-әлсін құштарлықпен құмарлана иіскеп қарадай елтіп отыр. — Ойпырмай, сәбиім-ау, құдайым-ау... Иісіңнен мас болып елгіп қаппын ғой. Мұндай да болады екен-ау... Жанарынан сорғалаған жасын тыймаған Бикеш жаңа ғана аттандап байбалам салған сәбидің қалғып кеткен мопмомақан бейкүнә жүзіне егіле төгіліп ауық-ауық күрсініп қояды. — Он бес жыл бойы жас нәресте деп армандаумен үміт жібін үзбей келе жатқан Бикештің көкірегіне тосыннан келіп қотарылған құштарлық сезімі бұғып жатқан сары тап сағынышын түртіп оятып, ананың балаға деген тілмен жеткізгісіз ұлы сезімін тірілтіп жібергендей екен. Осы уақытқа дейін әлде қандай жағдайда әлдекімдердің бөбектерін маңдайдан иіскеп, беттен сүйгені болмаса тап мынадай етіп алдына алып өбектеп, көкірегіне басып әлдилемеген екен-ау. — Қазақтың «Балалы үй базар» дейтіні жәй бір сөздің сұранысындай екен ғой, тәйірі. Бала – базар емес, ұлы бақыт екен гой». Балалы ананы айтсаңшы одан да. Бар әлемдегі бақыт та, рахат та, алаңы жоқ армансыздық та балалы ананың бір басында екен ғой. О, тәңірім! Осы уақытқа дейін Бикеш бейбақ осыны неге сезініп, неге түсінбей келген. Баласыз ана бауырынан жазған тірі
жетім, табиғаттың да, тәңірдің де қаралы қарғысына ұшыраған сорлы гой, сірә. Бар әлемдегі рақымсыздық та, жетімдік те, табиғаттың әлмисақтан бір бағыт, бір арпасы ағып жатқан ұлы ағысына қарсы қайық салып, жетер жеріне жете алмай көкжұлын болып, азып-тозып өмірін еш еткізіп өткізетін дәрменсіздік те сол бауырынан бала ермеген ананың басында болар». — Бикеш осындай бір ойран-асыр ой үстінде отырып өзінің құлазып келген емірін, кетіліп келген көңілін бір-ақ сәтте жетілдіріп, көкірегін көл-көсір қуанышы мол ләззатты сезімге толтырып жүре берген осы бір қимас сағаттарының ұзақтығын тілеген. — «Өзі кімге тартып туған. Қабағы Гауһаржаныма келеді-ау шамасы. Әкесі... Әкесі кім болды екен? Кеше Алматыда әңгіменің бұл жағына бармап еді. Жаралы жанның жарасын ушықтыра бергісі жоқ көңіл, бұл төңіректегі әңгімеден қашқақтай берген. Гауһар да ол жайында ақтарылып ештеңе дей қоймаған. Тек ата-анасының айтқанынан айналсоқтап шыға алмаған біреу деген де қойған. Мейлі, кім болса ол болсын. Бізге бәрібір емес пе. Ботақаным. Әкесіз дегізбей өзім-ақ өсіремін, күнім. Әке-шешеден ерте айырылып шиеттей қалған мына біздер де жетілдік емес пе. Біреуден артық, біреуден кем дегендей... Тағдырдың сонысына да шүкірлік. Ертең Гауһартайым институтын бітіріп келген соң аз күнгі бейнеттің бәрі ұмыт болады. Жас қой, жазған... Маңдайына жібі түзу біреу кездессе жарар еді. Жас ғұмырын өксітпей... Жылағандарыңды көрмесем екен...». *
— Күз қабағы томсырайып, дидарын қыр астындағы қысқа бүтіндей бұрып алған сияқты. Таңғы салқын ауа тұла бойды түршіктіріп., маужыраған ұйқыңнан тез сергітіп сала береді. Бикештің үй іргесіндегі бала бақшада аспаз болғанының бір тәуірі баланы орналастырамын деп табанынан таусылып ешқайда жүгірмеген. Әйтпесе мына алты айлық шикі өкпені қайда сүйретер еді. Баяғыда шешесі қайтыс болғаннан кейін аудандағы СПТУ-дың аспаздар даярлайтын бөлімінде оқығаны облыс орталығында кәдеге асады деп кім ойлаған. — Таңнан жөргегіне жылы орап өзімен бірге ала кетеді де қас қарая алып қайтады. Өзі бір мың жасағыр. Бикештің сүйрегеніне көндігіп алған, оқшау бірдеңе болмаса жылай да қоймайды. — Ерденнің «Қызыл қиядан» - қайтар күні жақындаған сайыи бұдан маза кеткені де шындық. Ертең кіріп келгеннен алғаш сұрайтыны осы бала болады, сонда Бикеш не демек. Жетімектер үйінен алдым дей ме, болмаса Гауһар солай болып қалған екен, соны барып алып келдім дей ме. Мінезі кіді, қазымыр немеменсіз неге олай еттің деп ерін бауырына алып мөңкімесе не қылсын. Ерденді иландырып, көндіретіндей басқа қандай амал бар. Анасы оқуын бітіргенше амалдап ұстай тұра алса жарар еді. Осындай екі ұдай ойда жүргенде
Ерден де келіп қалған. Әдетінше жуынып-шайынып, киімін ауыстырған соң кухнядағы стол басына келгендегі көргені айқыш-ұйқыш тартылған жіпке тізілген сәбидің жөргектері мен көйлек киімдері болатын. — Аңырып тұрып қалды. Қарасұр жүзі лезде күреңітіп сала берді. Қалың қабақтары ренжігенде жиырылып бір-ақ уыс болып қалатын әдетіне басты. Тамақ әзірлеп жүріп көз қиығымеи ерінің қабағын баққан Бикеш Ерденнің тұлданып шыға келген кейпін аңғарып, жүрегі шым-шым ауырып, әлдеқандай бір қылмысыныц үстінен түскендей кәдімгідей абыржып қалған еді. — Мына... мыналар жөргек... кімдер ғой... Осы жоқ та... — Өзім де көріп тұрмын менікі еместігін. — Көрсең сол... Гауһар босанып, соның баласы ғой уақытша алып келген. Оқуын оқысын деп... — Е, ол күйеуге шығамын демеп еді ғой. Тойы қайда, күйеуі қайда біз білмейтін. — Реттері солай болып қалыпты. Артынан тойын жасаймыз да. Әзірше оқуын бітіріп алсын да... Күйеу... Күйеу бала оқуда болса керек... — О сұмдық-ай, күйеуге тимей жатып бала табады. Осы күнгі жастар не болып барады. Ұят-аят дегенді ұмытқан ғой. – Бикеш сіңлісін ақтар ештеңе деп айта алмай бұғынып, үндемей қалды. Сонымен бала төңірегіндегі алғашқы әңгіме осымен тынған. Бірақ Ерден тынар болмады. Әсіресе ішігі келген күні ұрыс-керіске себеп жөргектегі сәби болды. — Біреудің баласын алып келіп... Несіне жетісіп әкелді деймін-ау... Мұның зар жақ болар ма өзі... Түні бойы ырылдап ұйқы бермейді, шаршап келгенде... — Біреуі несі, сенің балдызың, менің жалғыз бауырым емес пе. Далаға тастай алмай отырған қай баламыз бар. Бағамын, асыраймын. Немене, осы бір жұдырықтай шикі өкпе қай ырысыңды шайқап жатыр. — Жә, сапылдамай. Өзіңде болмаған соң қой, әрі, өбектемей. Тұлыпқа мөңіреген сиыр да бір, сен де бір... Табуын ол табады, бейнетін біз.. Түбі шикі болып жүрмесін. Тап солай болды ғой, аспаннан салбырап түссе де... — Жарайды, бейнеті де, азабы да өз мойнымда. Сенің не жұмысың бар онда. — Әй, бейбақ неме, не көкіп отырсың, әй. Осы үйдің иесі мен бе, әлде сен бе?.. Алып келейін бе деп менімен неге ақылдаспайсың әй... Қара бұларды, басынып... Бассыз үйдің иті осырак деп... Ду-ду айтыс бірде осылай, бірде басқаша арнада өрбіп, өрекпіп лаулайды да жатады. — Бірде ішін жел қармады ма, баладан маза кетті. Сәл тыныстап жатады да шар ете түседі. Ішіп келген Ерден: — Мына күшікті қойдырасың ба, жоқ па? – деп Бикешті төсектен теуіп түсірді. Содан сәбиді көтергсн Бикеш кухняда таң атқанша теңселді де жүрді. Ерден ішіп келсе болды, бұл төсегін сүйретіп кухняға сырғуды шығарды. Әйтеуір, сол неме ұрыс-керіс шығармаса екен дейді. Бірақ бола ма, аяқ астынан ілік тауып шыға келеді.
— Жексенбі күні болатын. Баланы сүтке тойдырды да, жылы орап, аспалы кереуетіне ұйықтатып, дүкенге жүгіріп кеткен. Қайтып оралса есік шалқасыиан ашық жатыр. Жан ұшырып төргі бөлмеге келсе төсегінде бала жоқ. Әр жерде шашылып киімдері жатыр. Есі шығып кеткен Бикеш аңыраған қалпы далаға атып шықты, алактап жан-жағына қарады. Есік алдында көрші үйдің кемпірі отыр екен, жүгіріп соның қасына барды. — Әжей-ау, масқара болдым ғой. Жаңа ғана дүкенге кеткен арада үйге біреу түсіп, баламды алып кетіпті. Ұрлап кетіпті. — Ұрлап кеткені несі. Сенің алдыңда ғана Ерден көтеріп шыға берді ғой баланы. Содан машинаға салып былай қарай жүріп кетті, – деп жұрт сабылған орталық көшелердің бірін нұсқады Ерден... Онысы несі екен... Екі тізесі дірдір еткен Бикеш кемпірдің қасына сылқ етіп отыра кетті. Сәлден кейін барып есін жиған. Үйге келіп шашылып қалған баланың киімдерін жинастырып жүріп жылаған: – Құдай-ау, тағы не сыйлығың бар еді, көрсететін. Тапа-тал түсте опы қайда ала жөнелді екен. Мерт қылмаса еді... — Бір сұмдықтыц болғанын жүрегі сезсе де Бикеш үйден аттап шыға алмай алас ұрып, елеңдеумен болды. Алас ұрғанда қайда бармақ, кімге шағынбақ. Әліптің артын күткен. — «Ойбай-ау, мына иттікі не. Тоқтыны көтеріп ала қашқан кияқырдай жөргектегі сәбиді алды-артына қарамай ала жөнелгені несі. Сонда қайда апармақ. Масқара қылып жетімектер үйіне өткізіп жібермесін. Бірақ ондағылар туу туралы куәліксіз қабылдай алмас». — Бикеш шыныаяқтар салынған серванттың тасасына жасырып қойған куәлікті қолына алып ішін ашты. Міне, мынау Сырым Сүлейменовке берілген куәлік, туған жылы, бәрі жазылған. Сүлейменов деп жаздырыпты Гауһар-жан. Әкеміздің атын өшірмесін деп әдейі жаздырған-ау. — «Сонда қайда апармақ, жаным-ау... Ойпырмай, мынандай да қаражүрек болады екен-ау. Жұдырықтай шикі өкпе келгелі талағы тарс айырылып, баяғы қазымыр әпербақандылығын дәуірлетіп жіберді. «Біреудің баласы, апарып таста, басқа масыл қылып, жылап мазамды алды» деп шұбырта жөнеледі. Ендігі істеп отырғаны мынау. Сөйтіп алас ұрып қайда барарын, кімге мұңын шағарын білмей елеңдеп отырғанда Ерден келді. Өзі ептеп қызулау ма қалай. — Ойбай-ау, бала қайда. Тірідей елтірдің ғой мені, – деген Бикеш аңырап алдынан шықты. — Әй, сен мені неге алдап келдің, ей, осы уақытқа дейін. Алдымен соны айтшы, – деген Ерден мұның жағасына жармасты. Әлуетті қолдарымен сығымдай ұстап, сілкіп-сілкіп жіберді. – Түбі менікі болса оңбайсыңдар демеп пе едім. Біреудің баласын алып келгеніңмен қоймай, жолдан тапқанын жасырады еще, қара бұларды. Ерденді ақымақ қылғылары келгеп. Жоқ, ол бола қоймас. — Алдағаны несі. Нені айтасың...
— Көлгірсуін. Міне, мынаны айтамын. Мә, оқы... Ерден умаждалған хатты Бикештің бетіне лақтырды. — Бикеш енді түсінгендей. Жазған және хатқа бар сырын төгілтіп жазған шығар-ау. Ал ол хат мынаның қолына түскен ғой тиесілі. Ол жалма-жан жерде жатқан хатты алып оқи бастады. «Айналайын апатай, – деп бастапты хатын тағы да. Бұл күнде оқуын алаңсыз оқып жатқанын, сол үшін де бұғап шексіз разы екендігін айтыпты. Хатының дені Сырымның жайына арналыпты. Оныц әкесі бір мықтының баласы екендігін, мұның жетім екендігін естіпбілген әке-шешесініц мұны шақырып алып мұныңды қоймасаң оқудан қудырамыз деп қорқытқанын, баламыздың басып айналдырып алған сайқал деуге дейін барғандарын, ал жігіттің олардың құзырынан аса алмай жасықтық танытқанын топтіштей тізіп жазыпты. Бар арманы әкесіз жетім атандырмай сәбиін азамат етіп тәрбиелесем деу екендігін де елестетіп өтіпті. Ендігі қалған екі-үш айға шыдасаң, баланы өз қолыма аламын ғой, жолдаманы өздеріңнің қастарында болайын деп облыс орталығына алдым депті. – Оқыдың ба? Оқысаң сол. Ендігі жерде шата балада, менің де, сенің де шатағың жоқ. – Ойбай-ау, не деп тұрсың. Алжасқаннан саумысың өзің. Саған не сабытымызды салдық. Сәбиде не құның бар. Қайырысыңды шайқап жатыр... деген Бикеш екі көзі шатынап ашу-ызаға булықты. – Қайда жібердің, айт шапшаң! Иттің иесі болса, түлкінің тәңірісі бар деген. Айт қазір, әйтпесе милицияға барамын. – Бара бер, барсаң. О несі-ей мені қорқытқаны. Одан да ана сұр қаншығыңа тыйым салмаймысың. Милицияға не дегі барасың. Өзіңді-өзің әшкерелеп. Сіңлім жолдан бала тауып алып еді, соны мына Ерден үйге жолатпайды деймісің. Бар, бар енді. Не қып тұрсың... Тәлтіректей басыи төрге озған Ерден төсегіне келіп сұлады. Әлде мас, әлде сау. Әйтеуір мұнымен сөйлескісі жоқ. – Ойбай-ау, қайда жібердің баланы... Енді не бетімді айтайын. Гауһардың алдында жерге тықтың ғой, ойбай. Бала ұрлады деген не сұмдық. Айдаладағы біреу үйіне кіргізіп рахымшылық жасағанда сен итке не болды сонша тарылып. Тасбауыр ме... Өмір бойы осылай соңыңа қара ермей өтерсің-ау, өтерсің сен... – Әй, тантыма. Бауырынан жараған қысыр жыландай ысқырынба енді. Баланы ешкім де ұрлаған жоқ. – Ендеше қайда апарып тастадың. Өлі ме, тірі ме өзі. – Қорықпа, бала сенімді жерде. Артынан, артынан айта-мын... Маза бер енді. Уһ... Ерден теріс қарап аунап түсті де қор етіп ұйықтап кетті.
- *
Бұл қанша жалынса да Ерден Сырымды қайда апарып тас-тағанын айтар болмады. Қорқытты да, қарғап-сіледі де. Сонысы үшін бірер рет таяқ та жеді. Кетем деп те бүлінді. Оғап айылын жияр Ерден бе, кетсең жолың ашық, мен сені ұстамаймын деді.. «Қызыл қияға» өзім-ақ апарып тастайын деп те лекіте күліп, мазақ етті.
Бикеш болған жайды айтып Гауһарға хат жазбақшы болып оқталғанымен, бірер айға шыдайын, оқуына қырсығы тиер деп сескенді. «Баладан тапа-тал түсте айырылып қалдым» деуге ауызы бармады. Оныц үстіне не де болса келгесін көрейін деп бекінген жайы бар еді. Сөйтіп күні-түні жылаумен жүріп, сіңлісінің «Оқу бітті, бірер күнде өздеріңде боламын» деген телеграммасы да жетті-ау. — Иә, балдызыңнан телеграмма келді. Оқуын бітіріп келгелі жатыр. Сырымды әкелейік те үйге, — деген өтінішіне Ерден құлақ асар болмады. — Жоқ, оны атай көрме. Гауһардың өзіне айтамын. Баласын сол жерден алсын да қарасын батырсын, — деген ол тамағын апыл-ғұпыл ішті де жұмысына кетті. — Қап, мынау ит тірідей жер қылды-ау. Ертең Гауһар келсе не бетімді айтамын, — деп еңіреген Бикеш жиылмаған дастарқан басында қала берген. Содан Гауһар келді. Өңі ашаң тартып, ысылғандай ма қалай, апасын құшақтап өксіп-өксіп алды. Көз жасын сүртіп, есін жиған соң, төңірегіне қаранып әлденеге елеңдей қалған. — Жездем қайда, Сырым балабақшада демеп пе едің анада жазғаныңда? — деді. — Жүр ғой жездең... Сырым... Сырым... Бикеш босағаға сүйеніп тұрып өксісін келіп. Шошынып кеткен Гауһар апасының жүзіне бақшия қарап қалыпты. — Не болды апатай-ау, Сырым тірі ме өзі. — Тірі... тірі... ғой. Ана Ерден жауыз мен жоқта... Сорлы апаңды кеше гөр, жаным. Ие бола алмай айырылып... Жездең... — Не дейді... Айырылып қалғаны несі? — Гауһардың қуарып кеткен жүзі жел соққан судай құбыла толқып, қос жанары шарасынан шығардай үрейлене қалып еді. Сүйрік иегі кемсеңдеп, жанарларына жас мөлдіреп шыға келді. — Екеумізден құдайдың аяғаны жоқ екен. Сырым жоғалған екі жарым айдан бері ішкенім ірің, жегенім желім... Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалдым... Басым да дұрыстап істемейді-ау деймін, қазір айтқанымды қазір ұмытып қалатын болдым, — деп солқылдай жылаған Бикеш болған жағдайды үзіпжұлып зорға жеткізген. — Милицияға да не деп барарымды білмей, саған да хабарлай алмай дал болдым.
Гауһар ештеңе айтпаған да жыламаған. Сол бақшиған күйі көше жақ терезеге қадалған да тұра берген. Бикеш өзін аңсап, сәбиін сағынып келген жалғыз сіңлісінің мына қайғылы халіне, азалы, жаралы күйіне тек өзі кінәлі жандай босағада отырған да қойған.
Есік қоңырауы сыңғырынан ғана екеуі естерін жинап, езіліп шөге қалған еңселерін түзескендей болып еді. Ерден екен. — Есенсің бе, жезде, - деді Гауһар. Өне бойын билеп алған ашулы ызалы күйін жасыра алмай үні дірілдеп, бір түрлі суық шығып еді. — Осыншама жауыз болармысың... — О, балдыз, кеп қалдың ба, — деп Ерден қолын соза берген. Ойында ештеңе жоқтай, бар болса да онысын күштеп жасырғысы келгендей ыржиып күлген болды. — Әрі жүр, әрі. Ұялмай менімен қол алыспақ өзі. — Па, мынау не дейді-ей. Ұятшылын мұның. Бес жыл Алматыда жүріп ұятаяттың толық курсын бітіріп қалғаннан саумысың өзің, — деген Ерден керзо етіктерін босағаға лақтырды. — Сені де ана тапты емес пе. Мені осыншама еңірететіндей не жамандық істеп едім саған. Баламды тауып бермесең, алдыма түс, милицияға барамыз. Мен саған Бикеш емес күнде басына әңгіртаяқ ойнататын. Басынғаның жетеді енді... — Жә, жә, керегі балаң болса табылады. Аптықпа. Менің бар кінәм жолдан табылған немедей құтылып, мына апаңның, болашағы бар сенің бастарыңды өсек-аяңнан арашалағаным ба. Иә, керегің бала болса. Мына адреске бар да ала бер, — деген Ерден төс қалтасынан әлдекімнің адресі жазылған көк қағазды берді. — Балаң қазір сап-сау, басынан бір тал шашы да түскен жоқ. — Қайдан тапсам да бала менікі. Өмірге жаңа келген сәбидің не кінәсі бар еді, мені табалағаның да жететін еді ғой. Эх, жезде, жезде, не дейін саған... Мұнша қаражүрек, тасбауыр болармысың, — деген Гауһар жылдам киінді де тысқа шықты. Соңынан Бикеш ілесті. *
Қаланың күнгей тұсындағы осы бір көк қақпалы еңселі ағаш үй де думанды қызығы мол шаңырақтың бірі еді. Думан тарқап, қызығы сарқылайын десе қиын ба? Үй иесі өмірден өтіп, ордалы шаңыраққа жасы жер ортасы — Көктөбеден әрі асып кеткен Толғанай әжей ие болып қалғаннан бұл маңда жиі бой көрсетіп қалар думанды бас қосулар сап тиылып, ат айналғысыз көк үйдің ауласы қаңырап бос қалғандай еді. Әжей болса қала орталығынан бір-бір үй алып өз алдына түтін түтетіп кеткен ұл мен қыздың кезек-кезек шақырыстарына құлай қойғысы жоқ мінезбен қасарысып әлі өз ордасында отыр. Бар ғұмырын осында өткізген, ұл-қызын осы арадан енші бөліп шығарған, күні кеше ғана алпыс жылдай отасып, бір ауыз шәй деспеген шалын
таза арулап өз қолынан жөнелткен құт мекенін көзі тірісінде құлыпқа салып, түндігін қалай жапсын. Саспай, шалы екеулеп жүріп уығын қаласып, түндігін көтеріскен шаңырағын шайқалтпайды. «Түндігімді жаппағайсың. Әлің кетіп, жүріп-тұруың қиындаса балаларың бар емес пе. Әзірге Әбендікі деген шаңырақ қалқайып тұрсын да...» деген шалыныц өсиеті де біраз жүктің өз мойнында қалғандығын аңғартса керек. Оның үстіне ауыл-аймақтың келімдікетімді кісілері, құда-жекжат деген бар. Бәрі мына көк қақпаны айқара ашып, Әбеңнің үйі осы ма деп кіріп жатса, мәртебе, мерей емес пе.
Шүкіршілік, ұлы жауапты қызметте, қызы емханада Дәрігер. Күнде демесең де күн аралатып келіп тұрады. Қараң-құраң бірер немересі де сенбі, жексенбіде атамның үйі қайдасың деп салып ұрып жетіп келеді. Шалы бардағыдай шалқып-толқып кетпесе де, бір үйге жете қаптал думанды тірлік қайта қаулап, жанданып сала береді. Бірер күнге саялаған немерелер шуылының сап болып тиылатыны да, қайта тулап жүре береріне де кемпір бойын үйретіп алған. Келер сенбі қашан жетер екен деп елеңдейді де отырады. Әбден болмаған соң көршілерін аралайды. Қадауқадау құрбыларын іздеп, қаланың басқа қиырына да шығып кететіні бар. Өз қатарының азайғаны қиын екен.
Сол әдетімен көк қақпаның ілгешегін сырттан іліп екі-үш квартал әрірек тұратын таңқы мұрын сары шұбар Сәменнің үйіне бүгін де келген. Бұл төңіректегі өз шалымен құрдастардан қалғаны осы. Кемпірі қайтыс болғалы келіннің қолына қарап қалған жағдайы бар. Аузын ашса жүрегі көрінетін қауқылдаған құдайы адам.
Ол да жалғызсырап, елегізіп отырса керек, мұның төбесі көрінгеннен үйінен жүгіре шығып, қарсы алып жатыр. — Бәйбіше-ау, көрінбей кеттің ғой. Дені-қарың сау, аман отырсың ба? — Өзің бір іздеп келуді білмейсің. Әбен өлерінде не деп еді, кемпірімді жалғызсыратпа демеп пе еді, — деген Толғанай езу тартты, сары шұбар шалдың ақжағал сақал біткен әжімді жүзіне елжірей қарады. — Ойбай-ау, Толғанай-ау, мен бармайын деп жүр деймісің, ана келіні түскір жұмысқа кірді де немеремен қол-аяғымды байлап қойды емес пе. — Е, бейбақ-ай. Сөйтіп байланып қалдым де. Біздің шал өлісімен біздің үйге кіріп ал деп құдайдың зарын қылдым. Көндің бе, Қосдәулет жүзіне күшік күйеу болып бармаймын деп. Ха... ха... — Ту, жалған-ай, сен де ұрын баратын күйеуіңді жаңа таптың. Есіңде ме Әбекеңнің айтқаны, күндіз бір еркек, бір әйел болып күңкілдесіп отырамыз да, түнде екеуміз де әйел болып теріс қарасып жатамыз дейтінін. Әне, сол... ендігі біздің тірлік. — Сары шұбар шал тістері түсіп опырайып қалған жүнді аузын аңырайта селкілдеп күлді.
Есік алдында өткен-кеткенді айтып, ұзақ отырған шал-кемпірдің бірде әзілге шаптырып шалқи күлгендері, енді бірде өткен өмірлерін еске алып, еңселері түсе күрсінгендері, барға қанағат, жоққа салауат, осыған да шүкіралла десіп бүгінгі тірліктеріне мойынсұнып сабырлық шырай танытқандары сырттай бақылағанға жүрек тебірентер сырлы да мұңды еді. — Қой, шал, сөз бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді деп... кетейін... Әншейін өзіңмен жүздесіп шер тарқасайын деп келгенім ғой. Қолың босаса келсейші бір, төрт қабырғаға қарап отыра бермей. Әбекең түсіме еніп жүр. Тіріден — дұға деген. Дұға дәметеді де. Зират басына барып қайтайық, — деген Толғанай кең пішілген қамзол етегін сілкіп тастап ілгері жылжи берген. — Бар бол, бәйбіше. Топырақтан тысқары болсам келер жетіде төбе көрсетіп қалармын, — деген сары шұбар шал дір-дір еткен қос тізесіне ие бола алмай орнынан қалталақтап тұра берген. — Әдейілеп келіп бір кесе шай да іше алмадың-ау. Уа дариға, жалған-ай. Шәй іше қойыңдар деп шақыра қоятын біздің келін бе... деп күбірлеген Сәмен Толғанай бұрылыстан көрінбей кеткенше, қабақ тұсына алақанын көлегейлей салып, тұрып қалған.
Толғанай сары шұбар шалдың қам көңілін, келіні мен баланың байлаулы бұзауындай болып қалған кембағал халін сезініп біртүрлі ренжулі еді. «Жалғызым деп жарғақ құлағы жастық иіскемей шапқылаумен жүріп бар ғұмырын өткізгенде екі қолын жылы суға малып-ақ отыратын реті бар еді, бейбақтың. Енді міне, көрмеймісің, аюдай ақырған келін тап болып, байлаулы мәстектей қазығынан ұзай алмай қалғаны. Адам бір мезгіл жүріптұрмаған соң езіліп, шөгіп, мүжіліп бітеді екен. Анау біздің балалар да қолымызға кел деп қыңқылдауларын қоймайды. Ойбай-ау, олардың көп қабатты үйшігіне кіргенсін торға қамалған құстай балконға қонақтап алып отырғаның ғой төбеден қарап. Тек, айта көрме. Өз үйім — өлең төсегім деп, шалымның ордасын құлыптап не көрініпті. Ауласын бір сыпырып түссем де ермек».
Толғанай осындай бір көңіл жиегіне шығара алмай жүрген ой әуейімен көк қақпа түбіне келіп қалғанын да аңғармап еді. Босағада ақ шүберекке ораулы жатқан затқа назары ауған. Манағысын үйден шығарда ештеңе де байқалмағандай еді, мұнысы не болды екен. Өткен-кеткен біреуден түсіп қалды ма әлде. Олай болмаса керек, әдейілеп қойып кетпесе, тап босаға түбінде бұлайша жатушы ма еді. Еңкейіп барып ала берем деген Толғанай селк етіп қолын тартып ала қойды. — Ойбай құдай, мынасы бала ғой. Жаратқан алла, мұндай да сұмдық болады екен. Ұйықтап жатса керек, сәби кемпірдіц даусынан шошып оянып, шар ете қалды.
— Бісмелла, бісмелла... Шошып кетті-ау... Маңайына да қарауға шамасы келмеген кемпір жөргекті баланы жерден іліп алды да үйге қарай елпеңдей жөнелді. Көк қақпаны жабуға да шамасы келмеді. Кебістерін де шешпестен төргі үйге озды. Өз төсегіне көлденең салып жөргөкті аша бастады. — О, тәңірім, ай мен күндей ғон өзі. Түфә, түфә... Жылама, жылама, жазған неме, жылама... Ата-анаң көшеге тастап кетердей неден ғана жаздың екен. Мына қара, сүт құйған шынысы да ораулы жүр. Иә, іше ғой, ботам. — Бала еміздікті борпылдата сорып, тыншу алғандай еді. — Ой, қошақаным, сүтке алданғаныңа қарағанда анаң емізбейтін тік аяқтың өзі болды ғой. Баланы жайғастырып болған соң ғана барып Толғанайдың есі кіргендей еді. Мамырлай басып тысқа шықты. Көк қақпаның алдына шығып, төңірегіне көз тастап сәл бөгелді де, күдікті ештеңе де байқамаған соң есікті еппен жауып, іштен ілді де үйге қайтадан кірді. Анадай тұрған орындықты кереуетінің қасына әкеліп қойды да өзінен-өзі былдырлап, жөргегі ашық жатқан сәбиге сүзіле қарап отырып қалды.
Дал болып отырған түрі бар. «Өзі сегіз-тоғыз айлық балаға ұқсайды. Осы уақытқа дейін бауырында болған баласынан аяқ-асты безінгені несі. Безінетіндер туа сала безінсе керек еді. Анау біздің қыз роддомға да тастап кететіндер толып жатады деп айтушы еді ғой. Ал мынасы бір жұмбақ. Өзінің жатырқауды білмейтініне, еміздікке уануына қарағанда бала бақшада тәрбиеленгенге де ұқсайды. Әлде біреу қастандықпен ұрлап әкетті ме екен өзін. Оның да қисыны келіңкіремейді. Ұрлап әкетсе менің босағамда несі бар, мүлдем әкетпес пе еді көз көрмес жерге. Қой, балаларға звондайын».
Орнынан тұрған Толғанай алдымен дәрігер қызына телефон шалды. Жарты сағат өтпей қызы да келіп қалды. — Кәне, кәне, батырды тыңдап жіберейік, — деген ол баланы етпетінен де, шалқасынан да жатқызып фонендоскоппен тыңдай бастады. — Тап-таза, еш ауруы жоқ, апа. Өзі онды бала екен. — Мен саған ауру, сауын тексер деп шақырдым ба. О несі бас салып аударып-төңкергені... Одан да не істейміз, сол ақылыңды айтсайшы, — деген Толғанай кәдімгідей кейіп қалды. — Не істегені несі, апа. Қазір өзіммен бірге ала кетемін де Дом малюткаға табыс етемін. — Қой әрі, о несі құртақандай немені шарылдатып. Әлдекімнің босағасына әкеп тастап... Тумай жатып тартқан азабы да аз емес қой, сорлының. — Енді не істейміз. Алып қалмақ түріңіз бар-ау, өзі. — Е, алып қалса несі бар, алып қаламын. Асыраймын. Мына дағарадай үйде күңіреніп жалғыз отыра бермекпін бе. Қайта өзіме серік, ермек болады.
— Қойшы, мамочка, әлдебіреудің баласын асырап. Не бейнетіңіз, одан да тыныш отырмайсыз ба. — Жә, біреудікі, бөтендікі дегендер осы қайдан шыққан. Бұл да ет пен сүйектен жаралған адам емес пе. Ата-анасы рахымсыз екен деп басқамыздың тасбауыр болғанымыз жөн бе? О, несі... Сәбидің не жазығы бар. Ананың адал сүтін емген адам басқаныкі деп ешкімді алаламаса керек. Оның үстіне бұл сәби емес пе. Әкең Әбекең марқұммен өмір сүрген 60 жыл ішінде осы үйден талай жетімекті жетілдіргенбіз. Отыз екінші жылы ақ сүйек болып қырылып қалған бүтін ауылдан тірі қалған үш баланы бауырыма басып, адам еткен мен едім. Ел аман, жұрт тынышта мына баладан безініп не көрініпті. Құдайдың өзі айдап әкелген шығар... — Қойшы, мамочка. Қандай страшно. Айтпашы сондайды, — деген қызы шегіншектеп барып орындыққа отыра кеткен. — Несі страшно. Өткенді айтпасаң түсінетін сендер бар ма. — Айту керек. Айтқанда да әдемілеп тұрып айту керек сендерге. Сұрап ала алмайтын баладан безіп... Сендердің тоқтықтан кекірік атып, азуға айналғандарың осы емес пе. Рахат тұрмыс көктен сау етіп "түсе қалғандай. Жә, ана ағаңа звонда. Жөндеп ақыл айта ма десем... Толғанай сәбиді алдына алып, бауырына басты. Маңдайынан иіскеп, толғанып отыр. — Өзінің иісі қандай онды. Жұпар сасиды, тіпті. Әжесінің қаңсып қалған танауы ашылып, онды болып қалды-ау өзі. Айналайын баладан,. Тауып алдым даладан. Далада бала жатама, Түсіп қапты шанадан, — деп әндеткен кемпірдің ыстық құшағына елтіген сәби маужырап барып ұйықтап кеткен.
Ірі қызметтегі баласы да көп күттірген жоқ, ақ «Волгамен» көк қақпаның алдына келіп тоқтаған. Үйге жүгіре енген баласы табалдырықтан бері аспай кілт бөгелген. — Апа-ау, не болып қалды. Баласы несі, тауып алғаны несі. Түкке түсініп тұрғаным жоқ. — Түсінбейтін несі бар. Мына қыздың айтқаны сол. Көшеден бала тауып алдық. Әне, пысылдап ұйықтап жатыр, — деген Толғанай табалдырықтан бері аса алмай аңтарылып тұрып қалған ұлына қарады. — Мұндай тыныш болар ма, өзі. Жаңа ғана алдыма алып уатып едім, ұйықтады да қалды, жазған. — Енді не істейсіз. Біреудің баласы ертең... — Әне бұл да біреу-міреу деп келеді. Әй, қайдағы біреу. Адамның баласы емес пе бұл. Жолда жатқан күшікті де үйге көтеріп әкелмейтін бе еді. Бәрің бірдей тасбауыр болып кеткенсіңдер ме, түге.
— Жо-жо-жоқ, біреудікі дегенде ертең келіп әлек салмасын дсгенім ғой. Шантаж жасайтындар да болады күні ертең. — Қой әрі, шантаж дсген не пәле тағы. Ұрлап алғаным жоқ. Несін жасырамын, кімнен бүркемелеймін. Іздеп келген адамы болса өз қолымнан табыс етемін. Әгарий, ондай болмаса тағдырдың жазуы солай болыпты деймін де өзім адам етемін. Бір жерде жалт етіп ешкім шықпаса менің атыма түсіріп беріңдер.
Жетімектер үйінен дсйсіңдер ме, роддомнан дейсіңдер ме, о жағын өздерің білесіңдер. Сендер шошытты екен деп алтын асықтай баладан айырылар жайым жоқ. Бұл пақырдың не жазығы бар. Иттің иесі болса түлкінің тәңірісі бар деп... Барыңдар, енді жұмыстарыңнан қалмай. *
Бикеш сіңлісінің қолындағы адресті көргеннен-ақ бұл көше қаланың күнгей жақ шеті деген. Екеуі жол-жөнекей такси ұстап солай қарай жүрген. — Сіз мына үйге бір квартал жетпей тоқтаңызшы, біз жаяу барайық, — деді Гауһар шоферге тілдей қағазды ұсынып. Шофер жігіт бұл аймақты тым жақсы білетін болып шықты. Машинасын кілт тоқтатты да «анау тұрған көк қақпалы үй іздегендеріңіз» деп нұсқап жіберді бұларды. — Ал бауырым, қалай кіреміз, не дейміз? - деген Бикеш Гауһардың алабұртып тұрған жан күйін сезінгендей біртүрлі елжірей қараған. — Соны өзім де біле алмай тұрмын. Мына бала менікі еді деп салған жерден айтуымыз қалай болар екен. Оның үстіне баланың тап қазір бұл үйде баржоғын да білмейміз ғой, — деді Гауһар қобалжуын жасыра алмай. — Пәтер іздеп жүр едік десек қайтеді. Сенің бәрібір біздің үйде тұра алатын түрің көрінбейді. Ақша жағынан қысылма, ептеп жиғаным бар, — деген Бикеш сіңлісінің жеңінен тартып. — Сөйтсек сөйтейік. Күдік тудырмас үшін мен-ақ кірейін. Сен тасада тұра тұр. Кешіксем жолымның оңғарылғаны. Онда үйге жүре бер. Артынан хабарласам ғой. Гауһар ширақ басып көк қақпаның алдына келді. Келді де есікті тарсылдата бастады. Арғы жақтан «Ашық тұр, кіре бер» деген әйел даусы естілді.
Гауһар тап-тұйнақтай жиналған ауланы кесіп өтіп жатаған баспалдақтармен көтеріліп үйге енді. Ауызғы бөлмеде ұршық иіріп отырған ет жеңді ақ сары кемпір бұған ожырая қарап қалды да, шынашағына ілген түбітті сыпырып, ұршық сабына қадады. — Есенсіз бе, шешей? — деді Гауһар қыстыға күбірлеп. — Есенбіз, шырақ. — Мен... мен... — Мә, сен екеніңді көріп тұрмын. Оны не қыл дейін деп едің. — Мен пәтер іздеп жүр едім.
— Мен үйді біреуге пәтерге беремін деп салғаным жоқ. — Сонда да, шешей... Оқу бітіріп қызметке келіп едім... — Қызметке алатын адамның өзі неге тауып бермейді. — Оларда әзір үй жоқ көрінеді. — Менде әзір тұрған үй бар деп саған кім айтты. — Ешкім де... Онда жарайды. Кешіріңіз... — Осы кезде төргі бөлмеден жас баланың жылаған даусы естілді. Кемпір ұршығын былай қоя салып елпілдей тұра жөнелді. — Құлыным, қоңыр қозым, оянып қалдың ба. Қазір, ботам, қазір... Әжесі сүт береді... — «Мына кемпірің маңайлататын емес қой өзі, енді не істесем екен» деп берекесі кетіп тұрған Гауһарға тосыннан естілген баланың жылаған дауысы оны ине сұғып алғандай селк еткізіп еді. «Сол, мынау Сырымның даусы...».
Гауһар баса-көктеп тұра жүгіргісі, жылап жатқан баланы бауырына басып аймалағысы келіп кетті. Босағадан төргі есіктің алдына қалай барып қалғанын да сезбеді. Бірақ әлдеқандай тосын күш кеудесінен кері итеріп, төргі үйге оздырмады. Баланың былдырлаған үнін, еміздікті борпылдата сорғанын, кемпірдің өбектеген даусын естіп тұрған Гауһар еңіреп қоя беруге шақ қалып еді. Кемпірдің орнынан тұрып бермен қарай жүргенін сезіп, тез ширап босағаға шегінген. — Шырағым, өңің сынық көрінеді. Ауырмаймысың? - деді кемпір жаңағы әзірдегі қатулы қабақ танытқан райынан қайтып, жайдарлана. Жаңа ғана қазымырлана қалған күйінен тез айнығандай, пәтер іздеп келген беймәлім қыздың денсаулығын білуге құштарлана қалған сыңай танытқан. — Таңертеңнен бері табанымнан тозып, паналар бір үй таба алмай шаршағаным рас. Әйтпесе денім сау, — деді Гауһар қабақ шытып. — Е, солай де. Өзің жалғызбысың, әлде тысың бар ма? — Түсінбедім, шешей. Тысыңыз не? — Баламысың деген. Үлкендер кейде осылай сөйлейді жұмбақтап. Әйел — астар, ері — тысы емес пе, тәйірі. — Ә, ә, енді түсіндім. Тысым, то есть жолдасым, жо-жо-жоқ, жалғызбын. — Е, болады да әлі. Басың жас, қош, сонымен үй іздеп жүрмін де. Онда осы үйге тұр. Шал өлгелі дағарадай үйде ана немереміз екеуміз ғана .қалдық. Балалар өз бетімен өріс іздеп кетті, — деген Толғанай мамырлай қозғалып тысқа беттеді. — Таңдайың қатқан шығар, шәй қойып жіберейін.
«Немерем дейді. Сонда шынымен-ақ Сырымның бұл үйде болмай шыққаны ма. Анау Ерден сұмның бізді алдағаны ма, жоқ, мүмкін емес. Жылаған даусы Сырымнан айнымайды. Ойбай-ау баланың қай жыласын айырып болады, бәрі бірдей емес пе кішкентай кезінде. Сырым болмаса бұл үйде қалып не бітірмекпін. Жоқ, мен ептеп барып баланың жүзін көрейін. Оң жақ самайында тарыдай ғана меңі бар емес пе еді. Сөйтейін...».
Гауһар аяқ киімін шешіп төргі үйге қарай қозғала бергенде тыстан кемпір де кіріп келді. — Балам, есімің кім? — Гауһар, шешей. Сүлейменова Гауһар. — Е, шырағым-ай, Гауһармын де. Менің де екі қарғам бар. Бірі дәрігер, екіншісі құрылыстың бастығы, осы қалада тұрады. Немерелерім сенбі, жексенбіде осы үйден шықпайды, — деген кемпірдің үнінде осы ғұмырына ризашылығы мол жанның тоқ пейілі аңғарылғандай еді. — Ал енді тұрма. Анау үстелге шәй жасап жібер. Мен де таңертеңнен бері дамыл алғам жоқ. Ана Жолдыбайдың жөргегін жуып, шомылдырып ұйықтатқаным сенің алдыңда ғана еді, — деген Толғанай стол басына келді. — Немереңіздің аты Жолдыбай ма? — деген Гауһар қобалжи қалған көңілін жасыра алмай. — Иә, Жолдыбай, өзім қойдым атын. Түфә, түфә, өзі бір мың жасағыр бала. Сүт берсең болды, пысылдап ұйықтайды да жатады. Маңайын жастықпен қоршалап отырғызып қойсаң гу-гу етіп ойнайды-ай келіп... Жә, ал өзің қай оқуды бітіріп едің? — деген кемпір Гауһардың дидарына сынай көз қиығын тастап еді. — Есеп-қисап жағы ғой, шешей. — Е, жөн, жөн. Осы заман есеп-қисапта қалды ғой. Біреудің үйіне есепсіз кірмейтін де болды, шақырмайтын да болды. Шалдың тірісінде осы үйге келімді-кетімді кісі көп болушы еді. Қазір сап тиылды. Ал шырағым, туыстан кімің бар? — Әке-шешеден ерте айырылдым. Жалғыз апайым осы қалада тұрмыста. Басқа қорғаным жоқ. — Гауһар апасы Бикештің жағдайын ойлады ма біртүрлі мұңайып төменшіктеп қалды. — Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, шырағым. Жетімдік тауқыметін аз тартпаған түрің бар. Мені жатсынба да, жатырқама. Өз үйіңдей көр. Манағы қырсық сөйлеп қарыса қалғанымнан шошынған жоқпысың. ЬІсқаяқ неткен қазымыр кемпір деп қалдыңау шамасы. — Жо-жо-жоқ. О не дегеніңіз, шешей. Сөзіңіз қатқылдау шыққанымен жүзіңіздегі жылылықты жазбай таныдым ғой, — деген Гауһар көңілденіп, ақ жарма әдетіне ауысқан аса бір мейірімі мол қарт ананың дидарына күлімсіреп қараған. *
Тыста тосып қалған Бикеш сіңлісінің ұзақ бөгелгенін жаксылыққа жорығанмен, біртүрлі алаң да емес-ті. Көк қақпадан бермен шығып «жүре бер
үйге, бәрі де ретіне келді» — деген Гауһардың жайлы үнін естігеннен кейін ғана орнынан қозғалған. *
Толғанай әженің бар жұмысы сәбимен. Сәл қыңқылдаса қасына үкідей ұшып жетіп барады. Өбектеп қолына көтереді, ыңылдап әлдилейді, сүті үзілмейтін емізікті шыныны аузына тосады. Астын құрғатып, жөргек ауыстырады. Күнде кешкісін иісті сабынмен бұрқыратып жуып жатқаны өзін. Су баланы ширатады да, пысытады дейді әжей.
Гауһар қанша құмартып, ықылас құлатқанымен кемпір әлденеден күдіктенгендей, әлденеден секем алғандай мұның алдын орап, кес-кестей береді. — Шешей, жөргегін беріңізші, жуып тастайын. Қолыңыз талды ғой, мен көтерейінші. Арбасына салып есік алдына шығарса қайтер еді, — дейді бұл. Оған Толғанай ырық бермейді. Атай көрме, өзім жуамын жөргегін. Жөргекті мұқият жумаса болмайды баланың. Далаға шығарса, суық тиіп қалар. Ер бала аяқ басқанша әлжуаз болады. Қолым неге талсын, талмайды. Мені мына түріңмен жылы орап, пеш — түбіне отырғызып қояр түрің бар ғой, өзі. Бізге елең болмай, қызметіңе бара бер, жаным, - дейді бәйек болып.
Кемпір жолатыңқырамай, бұл собиді қолына алып, мауқын басып бір құмарланып сүйе алмай арбасумен үш-төрт күн өтіп кеткен. Бұл екі арада Толғанай ұл мен қызын, бір топ немерелерін Гауһармен таныстырып та үлгерген. Олар да инабатты, жүзінен иманы төгіліп тұрған Гауһардың шешелерімен бір тұрғанын құп көргендей еді.
Гауһарға кемпірдің баланы қызғыштай қорып, маңайлатпағаны тірі азап болды. Анадай былдырлап өзімен-өзі болып отырған сәбиге ұрлана көз қиығын тастайды, сөйтеді де іші-бауыры жидіп жүре береді. Баланың қою қасты, дөңгелек жүзді, тәмпіш танауын, дүрдие біткен қалыңдау ернін, мойылдай жарқыраған шарасы кең жанарларын алғаш көргеннен-ақ «мынау Талғат қой, жаным-ау. Әкесінің аузынан түсіп қалғандай ғой өзі» деп жұтынған. Содан бұның кемпір айтқан Жолдыбай да, немересі де емес, өз ұлы Сырым екендігіне шүбәланбаған. Оның бұл тұжырымын самайындағы тарыдай ғана қара меңі де растағандай еді. Ұят-аятты былай сырып тастап қасына жетіп барғысы, қолына алып аялап сүйгісі, бауырына басып егіліп тұрып ағыл-тегіл жылағысы келеді. Бірақ қылмысы ашылып қалар адамдай өзі-өзінен қуыстанып маңына жолауға бата алар емес. Бірте-бірте жанасып, ақыр аяғы табысармын деген сенім де алып-ұшып өрекпіген сезіміне тұсау салғандай. Кемпір де қашанғы мұның адымын аңдып, күзете берер дейсің.
Баланы қызғыштай қоруына қарағанда әлде неден күдіктенетіндей ме, қалай, өзі. Гауһар жұмысынан оралып келе жатып «Балалар әлемі» дүкеніне соққан. Ойыншықтар сатылатын тұста көп тұрып, ақыры тербелмелі ат сатып алған. Сырымды аттың үстіне отырғызып тербетіп ойнатпақ ойы бар.
Үйге келсе кемпір баланы төсеніш үстіне еңбектетіп жіберіп қойып қызығына қарап отыр екен. -Өй, ботасы сол, әжесінің алданышы ғой бұл, — деп баланың еңбектеймін деп етпетінен түсіп, кейде тоңқалаң асып кеткеніне мәз болып күліп қояды. — Әжесі, немереңізге мына атты сатып әкелдім. Келіңіз мінгізіп, тербетейік, - деген Гауһар эткеншек атты Толғанайдың алдына әкеліп қойды. — Ту, балам-ау, осынша ақша шығарып несіне алдың мұны, - деп кейігенсісе де Гауһар әкелген сыйлықтан тартына алмаған. — Ал, ботам, кәне тәтең әкелген әйтшуге отырайық, — деп баланы әткеншек аттың үстіне отырғызып тербете бастады. Бала мынандай ойыншық «тұлпардың» үстіне мінгеніне шексіз мәз болып, ерекше бір рахатты сезіммен сықылықтай күлген. Гауһар шыдай алмады, баланы бас салып екі бетінен кезек-кезек құшырлана сүйіпсүйіп алған. Сөйтті де көкірегінен лықси көтеріліп, қос жанарына келіп қалған ыссы жасын көрсеткісі келмегендей ауыз үйге атта жөнелді.
Толғанай Гауһардың мына оқыс қылығына мән бермегендей баланы төсенішке түсірді де тысқа беттеген. Шығып бара жатып, терезе түбінде тысқа телміре қарап тұрған Гауһарға бұрылып: — Анау баланы байқа, бірдеңе ұрынып қалмасын, — деді. Осы бір тілекті күтініп тұрғандай Гауһар да төргі бөлмеге тұра ұмтылды.
Сырымды жерден тік көтеріп алып бауырына басты. Сүт сіңді омырауын, тершіген мойнын аймалап, ала бөтеп елжірей егіліп айналып-толғанған. Ұзақ уақыт бұғып, тұпшығып келген бір ыстық сезім талай күндер алдын бөгеп, кескестеген тосқауылды бұзып-жарып, ағыл-тегіл ақтарыла жөнелгендей еді. Бұл аналық жүректің тіл айтып жеткізгісіз ұлы сезімі, сәбиге, жер дүниедегі тіршілік атаулыға, ақ арман, асыл үміт лүпілінен ғана өмірге келе алар сағыныш, махаббат сезімі болатын.
Тұла бойы балқи елжіреп, ет жүрегі бұрын-сонды болмаған рахаты мол шуақты күйге бөленіп, өзінің ана екендігін жаңа ғана мойындатқандай. Өмірге қайта тудырған ұлы сезімнің топанды тасқынына ілескен көңіл куанышы бір қиырға самғай ұшырып, биіктен биікке жеңіл көтеріп әкетіп бара жатқандай әсерде отыр. Көкірегін шарпыған сәбиінің жып-жылы лебі, кішкентай ғана кеудесін тепкілеген титімдей жүрегінің лүп-лүп соғысы өз жүрегінің лүпілімен қосылып, тұла бойын қуалай аққан қанымен, алған демімен бірге араласып кеткендей, алас ұрған жүрек басына төңкеріле қалған алмадай
анарының астына тұмсығын көміп бұйыға түскен сәби де өз анасының, өз тіршілік иесінің басқа емес, тап осы Гауһар екендігін жазбай, танып білгендей тына қалыпты. Сонау жүрек тереңінен шымырлатқан, шымшылатқан рахатты қызық тұла бойын кернеп келіп қалған қызуы мол сиқырлы тасқынға айналды да кеуде тұсын солқылдата суыра сыздатып барып қос анардан ақ сүт — ана сүті болып сорғалай жөнелген. Мына тосын құбылыстан шошып қалған Гауһар жалма-жан кеудешесінің түймелерін борт-борт үзіп жіберіп, ұшы ақ сүтке шыланып мөлтілдеп шыға келген анар үрпісін сәбиінің аузына тоса берді. Сәбидің мамық еріндері үрпіге тигенде талықсып кеткендей бір әсерге бөленіп барып есін зорға жиған. Құныға, құшырлана сорған сәбиінің бейкүнә әрекеті тұла бойын талмаусыратқан, бей-жай рахатты сезімге бөлеп алғандай еді. Сәбиін көкірегіне құшырлана қысып ағыл-тегіл жылап отырған Гауһардың ту сыртынан келіп манадан тапжылмай қарап тұрған Толғанай да шыдай алмаса керек. — Жә, балам, сабыр ет, — деді. Ана мен бала табысуының бейкүнә ғажап сәтін бұзғысы келмегендей сабырлы қалыппен. Қолын Гауһардың иығына салып. — Алғаш көргенде-ақ тегін жүрмегеніңді сезіп едім. Ана жүрегі ана жүрегін сезінбесе ана бола ма, тәйірі. Бірнеше күн маңына жолатпай азапқа салғанымды кешір, балам. Шынында да ана деген бейбақтың баласы үшін жолы бөлек екен гой. Сол үшін отқа да, суға да түсесің. Ұяттан да аттайсың. Алдарыңнан жарылқасын, ал да баурыңа бас, шырағым. Тумай жатып көкпарға түскен лақтай болған неменің қызығынан айырғаным күнә болар... III
Талғат ата-анасынан ат құйрығын үзуге таяу еді. Шешесі-ақ миын шіртіп болды. Әуелде Гауһарды ертіп әкелгенде-ак жиырылып, жаратпай қалған. Сондағы уәжі: «Гауһар ауылдың қызы, тәрбиесі тапшы, киген киімі, жүрген жүрісі астанаға лайық емес. Ал біз болсақ, жоғары «обществоның» адамдарымыз. Анау әкеңнің білдей бір главканың бастығы, досы бар, дұшпаны бар дегендей, жалғыз ұлына таңдап әпергені мынау ма, ауылдың бұйығы жетім қызы ма, демей ме. Дейді дегенде де мұның басқан адымын аштырмай аңдып отырған бақталас әйелдері айтады алдымен еріндерін қайыстай созып. Бір қатын естіді дегенше күллі Алматының әйелдері құлақтанып болады дей бер. Солардың алдында анаңды жер етсең ақ сүтімді аспанға сауамын!» — деп кесімді сөзін кесіп айтқан. Әйелінің шегелеп айтқан сөзінен аса алмайтын әдетіне баққан әке желкеден басқандай етіп отырып шешеңнің сөзі сөз деген сыңай аңдатқан. — Балам, әркімнің өз кругы бар. Қатарынан кем болмасын деп спецшколаға да бердім. Московский бір ВУЗ-ды бітірдің. Қазір шүкірлік, мынау деген бөлім бастығының орынбасарысың. Бірер жылда одан да әрі дегендей... Сөйтіп
жүріп өз кругыңнан шығып кеткеніңе таңмын, — деген әке Талғатты жұмыс кабинетіне шақырып алып біршама ақыл айтқан. — Анаңды ана деп, мені әке деп сыйласаң біздің де сөзге құлақ тос. Анау Сәркен Сәтбаевичтің қызы Жанна қандай бала. Ол семьяның бізге деген ықыласы ала бөтенін де білесің. Жаннаның ағалары қандай. Осы қаладағы барлық сауданы билеп тұр... Мен мәңгі қасыңда жүре береді деймісің. Ертең тұғырдан тайсақ, солар сүйеу, тірек болмай ма, саған. Соны неге ойламайсың. Қазір өз күшіңе сенетін заман ба. Сондайда ағайын-жекжат болмаса балақтан басқа ерлеудің күні кеткен. — Ту, папа, адамның ойында жоқты айтып не қыласыз. Әркім өз еңбегімен дегенді жиі айтушы едіңіз, маған келгенде басқа біреудің көмек-жәрдемін алдыма тарта беретініңіз қалай? - деген Талғат әке ақылын азырқанған ыңғай білдірген. Үнінде әке ақылын қабылдамаған, қабылдамағаны былай тұрсын қарсылық та бардай көрінген мына нән кабинеттің қожасына. — Адамның күні адаммен дегенді атаң қазақ айтқан. Сол философия бүгінде тозған жоқ, өмір бойы тозбақ та емес. Менің осы главкада отырғаным кімнің арқасы деп отырсың, ә? Анау балдыздың арқасы. Оны адамның да, құдайдың да алдында жасыра алмаймын. Әйтпесе мен сияқты осы орынға лайықтылар жоқ деймісің. — Әкесі креслоны шағып жіберердей шалқая түсіп нығыздалып отырған.
Талғатқа әкесінің ашып отырған мына жаңалығы тосындау естілген. Әкесіне тіктеп қарауға төменшіктей беретін Талғат бұл жолы көз тайдырмай тіктей қадалған. Баласына үлгі болар мысалды алыстан іздемей өз басынан тапқан әке уәжін мойындағысы жоқ ұл басын шайқап, жерге қарады. Мамық креслоға зорға сыйып отырғап төртбақтау келген еңселі, қарасұр адамның пір тұтып келген өз әкесі емес, әлдекімдердің қолдап, сүйеуімен жүрген табан бүрі тайғанақ, соңғы кезде жиі айтылып жүрген «желбаққыш» жайбаққыш, сырты дүр, іші сұм басқа біреудей әсер еткеп Талғатқа. Әке ұятын өзі көтеріп отырғандай Талғаттың екі беті дуылдап, таласқа түсіп қарсылық білдіргісі келгендей, болмаса «Әкетай-ау, өз адасқаныңмен қоймай мені де адастырғың келіп отыр ма? Мұның не?» — деп ашына ақтарылғысы келгендей біртүрлі қызуланып, қатулана қалып еді. Бірақ әкесінің мына отырған нар тұлғасы, кіріп келген адамның еңсесін езіп, бірден постендіріп жіберер мына атшаптырым нән кабинет, анау емен столдың қос қапталына қатар тізілген қызыл, ақ, сары, көк телефондар, төрт қабырғаны түгел қаптап тастаған көз тоқтамас айшықты тақталар, басқан ізіңді жұтып жатқан анау төселген түгі қос елі кілемге дейін салтанаттылық пен сұстылықтың, міз бақпас паңдық пен көптің қолы жете бермес мәртебелі биіктіктің сипатындай әсер еткен. Осының бәрі туғалы әке кабинетіне бірінші рет кірген Талғаттың тілін байлап, қарсы дау көтеруге мұрша бермегендей еді. Әкенің үйде емес өз кабинетіне шақырып алып ақыл қосқанында да осынау сыртқы көріністің, жас жігіттің пси-
хологиясына қатты әсер етерін сезінген үлкен адамның сұрқия сұңғылалығы жатқандай ма дер едің.
«Әкем бар шындығып айтып отыр ма, осы» дегендей Талғат әке жүзіне тағы да аңтарыла қарап үнсіз отырып қалған. Қара сұр жүзінен жылт еткен жылылық та, шамадан шыққан қатулық та байқалмаған. Сырын тереңге жасырған суық дидар сол міз бақпас қалпынан жазбаған. Әке сөзінде жалғандық жок екен. «Сонда құлап біреудің шашып тастаған дәнін теріп жеп, енді қандай жақсылығың бар деп емініп, телміріп отыруы керек пе мұның да. Ондай тірлік Талғат үшін-лайықты бола қояр ма екен». — Сонда менің алып отырған орным да әлде кімдердің шапағатынан екен ғой, әке? — Олай деу әлі ертеректеу болар. Дегенмен биіктік тап осындай орнынан басталады, — деген әке суық жымиды. «Ұлым сезімсіз емес екен» деген болмашы разылық көңіл қылт етіп бас көтеріп қалып еді әке көкірегінде. — Әркім өзіне лайық орнын таппаса қоғамға да, елге де не пайдасы болмақ, әке? — Баламысың деген... Қалауын тапсаң болмайтын нәрсе жоқ... Мәселен мен басқарып отырған главка өзіне жүктеген міндетті нашар атқарып отыр ма? Олай дей алмайсың. — Солай-ақ болсын. Егер сізден де іскер, тәжірибелі басқа біреу келсе главканың бүгінгіден де мол қайтарыммен жұмыс істемес пе еді. Мен солай ойлаймын, әке. — Ха-ха-ха... Ұлым, қыз таңдаудан басталған әңгіме былай қалып, сен әкеңнің креслоға, кресло әкеңе лайық, лайық еместігін дискуссиялауға көшіп кеттің ғой. Жоғары жақ үнемі лайық деп тапса, бас ауыртып басқа біреуді іздеудің не қажеті бар. Ол мәселені соларға қалдыра тұрайық та... Ал өзің, просто за безтальность шешеңнің «Қатын алма қайын ал» деген аталарыңның сөзін есіңе ұстасаң болады, — деп орнынан тұрған әке баласын атшаптырым кабинетінің есік көзіне дейін шығарып салған.
Талғат әке кабинетінен еңсесі түсіп, өрекпіген көңілі су сепкендей басылып шықты. Оңашалап шақырғанда «әйел әйелдігіне баға береді. Шешеңнің байбаламын қайтесің, ескі көзқарастың адамы ғой. Сен жігіт емессің бе, сүйдің екен, сонымен бол. Қүні ертең өкінішің де, күйігің де аз болады. Оның үстіне ұлың бар. Баланы тірі жетім атандырғаның жігіт басыңа лайықсыз. Шешең тулар-тулар да, қояр. Гауһармен қосылуға қарсы емеспін» дейтін шығар-ақ деп еді.
Мәселе өзі күткеннен мүлде басқаша болып шықты-ау. Әкесі айтқан жаңағы ақылға иек артса бала танауынан жетелеген әке, әке танауынан жетелеген шеше сияқты күлкілі бір көш-керуен түзілер еді. Мұның бәрі Талғат үшін ақылға сыймас абсурд, күлкілі жағдайдай көрінген. Манадан бері ұлының пәлсапасын санасына сіңіруге әлек болған әке, әке ақылын абсурдқа салған бала арасындағы мына болмашы өмірге көзқарасты кереағар, текетірес, бір-бірімен қосылуды білмес аттас зарядтар тебісіндей түсініксіз бірдеңелер жатқандығын әке де, ұл да осы әзірде байыбына барып зерделей қоймағаны шындық еді.
Талғат Алматының жасыл желекті көшелерін кезіп ұзақ жүрді. Екі аяғы талып, бойы дел-сал тартқанда барып гүл көмкерген шағын алаңқай жиегіндегі орындықтардың біріне келіп сылқ етіп отыра кетті. Қалтасынан шылым алып тұтатты. Бойын жазып, еңсесін көтерді: қарсы алдында қырдың қызыл шақыт тастарынан өріп көтерген еңселі тұғырда Абай тұр екен. Түйе жүн шекпен бе, әлде жеңіл жібек жамылғы ма, иығынан жартылай сырғып түскен қалпы Шыңғыс өңірінің құйқалы көдесін етегімен сипай сүйретіліп келеді. Біржола сілкініп тастай да алмай, болмаса қаусыра жамылып киіне де алмай етегімен жер жалата сүйреткен шапан ескіліктің, тоғышарлық пен топастықтың, көр соқыр қараңғылық пен ұрдажық тоңмойындықтың, селк етпес селқостық пен бұйығы марғау тірліктің белгісі болар ма? Талғатқа тап осылай көрінді. Мүсінші шешімі тап осыған сайса оның даналығы болар. Ұлы адам иығынан басып, аяғынан шалғап шапан — ескіліктің күндердің күнінде сыпырылып түсіп қаларын, сөйтіп «ұстарасыз мұрты аузына түскен» қазағың өнер мен білімге бастарына шексіз сеніммен ілгері адымдап келеді. Қолына қысқан кітабы, алысқа үңілген анау ойлы жанарлары сол сенімнің белгісі емес пе.
Талғат ұлы Абай ескерткішіне үңіле қарап отырып осындай бір ойға келген. Бәлкім мүсінші трактовкасында басқаша ұғым түсінікті беретін болар. Бірақ Талғат түсінігінде осынау шешімге шүбәсіз сенгендей еді. Бірақ... Иә, бірақ Абай заманынан келе жатқан «қатын алма қайын ал» дейтін қағиданың жаны мұнша сірі болары несі.
Жаңа ғана әкесі де тоқсан ауыз сөздің түйінін осы қағидаға тіреді емес пе. Байқастап отырса әке тірлігі де, оның күнбе күнгі қызметі де, анау креслосы, мына мініп жүрген «Волгасы» да, дәм-тұзы араласып кеткен Сәркен Сәтбаевич те, оның ерке тотай әдемі қызы Жанна да Абай күрескен ескіліктің өңі айналдырылған, ептеп өңделген жаңа түрі екен ғой. О, тоба. Таңдай қағып жаңалық деп жар салып жатқандарымыздың бәрі ұмыт болған ескілік болып шыққаны ма сонда. Ақ сүйектер мен қаралар, төрелер мен төлеңгіттер...
Талғат ұлы бабасының мұң кіреукелеген байсалды жүзіне тағы да үңілді. Әкесі мен шешесінің қыспағында қалып, бұлқынса да бұлтара алмай өз жанын өзі жеп, күйзеліске түскен жігіг дала данасының бірсыпыра өлеңдерін жатқа білуші еді. Онысын өзі мақтан тұтатын. Москвада оқып жүргенде де қазақ жастары арасында Талғат беделінің биіктеп кеткені қазақ әдебиетін зерделей
алар зеректігі болатын. Қанша жыл орысша оқыса да туған тілінде мүлтіксіз, мүдіріссіз таза сөйлей алар қабілетін институт бітірген соң одан әрі ұштай түскен. Сондағы басына жастап жатып оқитыны алдымен осы Абай еді ғой. Неткен тереңдік десеңізші. Ішкі ой ағыстары мен иірім-қалтарыстары алуан сырлы Абай үнін бүгін де жатсынып, жатырқай алмайсыз. Оның ұлылығы да, ғасырлардың биік тұрған заңғарлығы да осында ғой. Өзімен бірге өлмеген ізгілікке не жетсін.
Қазір де Талғат ұлы бабасының ескерткіші алдында отырып сол бабасының бірталай өлеңдерін іштей қайталап еді. Сірә өз жанының тұйыққа тірелген пұшайман халіне жұбаныш болар бірдеңе іздейтіндей ме қалай. Бірақ оның өлеңдерінің есіне түскен есті жолдарының бәрінде де терең күрсініс, ашулы бұлқыныс, зар кешкен күйзеліс, дүниенің төрт бұрышына тегіс үңілсе де азалы, қаралы, қан жылағап жанына жұбаныш таппағап тебіреніс қана бардай сезілген.
Талғат орнынан тұрды. Ұлы адамның иманды жүзіне тағы бір кез қиығын тастаған. — Ұлым, мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма, — деп тұрғандай еді тас мүсін.
- *
Талғат ата-анасының ауалына ендігі жерде көнгісі, көндіккісі жоқ. Онысың екеуінің жанына жара салғысы жоқ өзіне біткен сыпайы, сырбаздықпен жеткізсем деген. — Әке, — деген ол кешкі тағам үстінде, — мен мына жұмыстан босату туралы өтініш бердім. — Көтек, онысы несі, — деп шешесі селк ете түсті. — Иә, сонда мына қызметің ұнамай ма? — Әкесі ұлының жүзіне қабақ шытып, тіксіне қадалған. — Жоқ, неге ұнамасын, ұнайды. Бірақ республикалық мекемеде істеу үшін төменгі буынның жүрек соғысын сезіну керек сияқты. — Жоғарғы, төменгі... Сондай ұғым қайдан шыққан, осы. — Әкесі стол басынан тұрып кетті. — Төменгінің жүрек соғысын қашанда жоғары жақ бақылап қана қоймайды, қалай соғу керектігін де басқарып отырады емес пе. Ендеше, өзің айтқандай, төменгінің жүрегінде сенің нең бар. Оны жөндеп, дұрыстап отыратындар үшін басың неге ауырады. — Ойбай-ау, әкесі-ау, мынау колхозға барып жұмыс істеймін деп отыр ғой, өзі, — деген шешесі де ыршып орнынан тұрып кеткен. — Несі бар, колхозда да біз сияқтылар еңбек ететін шығар. Одан несіне үркесіздер. — Талғат екі жақтан қусырып ала жөнелген әке-шешесіне кезек күлімдей қарап, басын шайқады. — Ренжімеңіздер, бәрін де қайра бастауға
тура келеді. Өзіңіз айтпаушы ма едіңіз, қызметті сатылап бастау керек деп... Маған сол ақылыңыз қатты ұнаушы еді. — Әй, бала, сатылау-матылауға уақыт бар ма? Алдымен соны айтшы маған. Заман қандай, заң қандай... Сатылап өрлегеніңше мені осы арада отыра береді деп тұрмысың. Соны неге түсінбейсің. Отызға таялып қалдық. Сен сатылап жеткенінше мына орның күтіп тұрады деген сені. — Бар мәселе менің отырған орныма тіреліп тұрса, ол орынның сұрауы жок, басқаларға-ак қидым, — деген Талғат да орнынан тұрған. — Ойбай-ау, енді не бетімді айтайын. Сенің өзің кеткеніңде жұрттың жұмысы жоқ, істей алмай шығып қалыпты дейді ғой дос-дұшпан, — деген шешесі теңселе басып креслоға барып отырды. — Әй, мамочка-ай, сізге ұлыңның тағдырынан да дос, дұшпанның өсегі өтімдірек-ау осы. Қит етсе дос-дұшпан сөйтеді-бөйтеді дейсіз. Кімнің аузына қақпақ қоясыз. Десе дей берсін, одап несін шошынасыз, — деген Талғат шешесін қапсыра құшақтап бетіне бетін тақап еркелей қалған. — Қайдам, әйтеуірі, сөзге қалмасақ болды да. Дос бар, дұшпан бар дегендей... — Қойшы сен де, дос, дұшпан деп қақсамай. Одан да мына ұлдың жағдайын ойлайық та. Ал не ойлағаның бар, соны айтшы, — деген әкесі ұлына тағы да сынай көз тастаған. — Ойлағаны сол, бір облысқа барып, қызметті берген жерден бастасам деймін. — Һа, жетіскен екенсің. Облыста немене, құрақ ұшар әкешешең отыр ма. — Шешесі шын кейіп қалды. — Осы Алматыдан басқа жердегінің бәрі тамұқта жүргендей көрінетіні не сіздерге. Әке, өзің де ауылдап келмеп пе едің осы араға. Біле білсек, біздің түп тамырымыз елде, сонау туған жерде емес пе еді. Алматының Алматы болып тұрғаны да сол ел тірлігінің арқасы емес пе. Бабалар, аталар дегенде сондайсыңдар. Ендеше солардың бір ұрпағы бабалар өнген топыраққа барамын, сол арадан қайта өнемін десе неге шошынасыңдар. Жыртық жең, сауыс өңір ауыл балаларының тұрмысына жақын болғым келеді. Қүндіз-түні салп-салп мал соңында жүрген анау жалғыз ағаңның тұрмысып өз көзіңмен көрдің бе, әке. Жоқ. Ал сенші мамочка? Атам мен әжем өлгелі өз жұртыңнан неге безіп кеттің. Бар рахат Алматыда-ақ шығар. Бірақ құс екеш құс та ұшқан ұясын ұмытпайтын еді ғой. Сөйте тұра жастарды кінәлайсыздар. Жастар бұзық, жастар көргенсіз. Үлкенді сыйламайтындар да жастар. Сүйе білмейтіндер де, өмірге жеңіл қарайтындар да жастар. Нигилистер неге көбейіп кетті. Оған кім кінәлі. Менің кресломды ойлап бас ауыртқанша соны ойласаңыз етті одан да. Мансапқорлыққа, шенқұмарлыққа үйрететіндер де өздерің екендігін мойындағыларың келмейді. Тіпті түсінгілерің келмейді.
Осында әке көлеңкесімен күн көріп жүрген замандастарым толып жатыр. Ал солар соншалықты тоғышар дей аламысыз. Бәрі де оқыған, білімді. Бірақ ел, ауыл дегенге Алатаудың төбесінен ғана қарайды. Оған да жастар кінәлі ме. Жоқ. Сендерсіңдер. Қит етсе қанаттарыңның астынан шығармайсыңдар. Бар тірлікті Алматы аясымен ғана өлшейсіңдер. Сонда ел, халық қайда, олардың өмірі, тірлігі, мәдениеті қайда қалмақ, әке.
Сүйгенімнен айырып, немерелеріңді тірі жетім еткенге мәзсіңдер. Көндірдік, идірдік, иледік дейсіңдер мені. Сонда менің де адам екендігімді, жүрегім бар, ойым бар, арманым бар, мақсат-мұратым бар екендігі сендерге керексіз болғаны ма. Бірің қолтығымнан демеп мамық креслоға отырғызуға әлексің, екіншің дос-дүшпанға таба ете көрме деп өз абыройыңа шаң түсірмеуге әлексің. Сендердің мансапқорлық пиғылдарыңның құрбаны болғым келмейді. Менің жаным, тәнім қуыршақ болғаны ма сендерге. Талғаттың бұлайша ашылып, ашынып сөйлейді деп күтінбесе керек, әкесі түнеріп барып орындыққа отыра кеткен. Шешесі: — Аллай, жалғыз шыбыным-ай, сонша неге таусылдың. Болсыншы еркің, болсыншы. Біз бейбақтікі «жақсы болсын» деген сандырақ қой... Кеше гөр әкешешеңді, — деп солқылдап қоя берген.
Талғат ышқынып кетті. — Мама, айналайын, мамочкам менің. Қайта бастарыңды дал еткен мені кешіріңдер, жылай көрме, жылама тек жылама, — деп анасының алдына тізерлеп отыра қалған Талғат қос тізесін құшақтап жылап жіберген. - Мен өмірде болмасам ғой мұндай әлекке түспейсіңдер емес пе? — Тек, олай деме шыбыным. Олай деме. Анасы ұлының қоп-қою мақпалдай майда шашын саусақтарымен салалай тарап еміреніп отыр. Әкесі қайтып тілге келген жоқ, орнынан ауыр қозғалып тұрды да жұмыс кабинетіне кіріп кеткен. Эпилог орнына
Талғат бейтаныс жол үстінде келеді. Аэропорттан облыс орталығына ала жөнелген жолаушылар автобусы асфальт жол үстінде жеңіл сырғыды. Бір жыл бойы еңсесін езген күйікті сезім бұлты ыдырап, өзін әрі жеңіл, әрі сергек сезінгендей түрі бар. Жолаушы жігіт бұрын болып көрмеген бейтаныс өлкенің беймәлім бедеріне сұқтана да сарыла сүзілетін сияқты. Қалаға жақындаған сайын жүрек түкпірінде тұнып жатқан іңкәрлі үміт сезімі буырқана, бұлқына бас көтеріп мазаң күйге түсірген.
«Білесің бе, сезесің бе, жаным. Мен сені, ұлым Сырымды іздеп келемін. Қішкентай ғана ботақаным, аяулы сүйіктім. Бастарыңа соншалықты қайғықасірет әкелермін деп ойлаппын ба. Сырым жаным, шаранаңды кептіріп, бауырыма басып әлдилеуге де жарамадым әке болып. Гауһарым, жаныңды азапқа салып жалғыз қалғанда қасыңнан табылар жар да бола алмадым. Бәріңе де өзім кінәлімін. Жасықтығым ба, ата-ана сөзін аттай алмай кейін шегініп кеткен әлсіздігім бе. Бірақ опасыз болғым келмеді. Қүндіз-түні сендер болдыңдар көңілімде. Гауһарым, сенің қашанда ұяд, мен үшін шексіз сұлу дидарың табынарым да, тамсанып тәуіп етерім де сол болды.
Бәрін де тәрік етіп, өздерің тұратын қалаға келе жатырмын. Ата-ананың алдында кес-кестеген өтінішін де, алға тартқан рахат тұрмысын да тәрік еттім. Оларды да жазғырудың реті жоқ шығар. Кім бауыр еті — баласын жаман болсын деп қисық жолға қияр дейсің. Бірақ түсініп, тағылымды әр қырынан бағалау да керек қой. Мен ата-ана түсінігіне өз көңіл көзіммен, басқа да жоқ Талғаттың ғана көзімен қарауға тырыстым. Мен үшін бірақ жол бар еді, ол жол — сүйгеніммен табысу, Сырымымды жаутаңдатпай адал азамат етіп өсіру жолы деп білдім. Ол үшін ата-анам ренжісе де, көрместей болып көңілдері қалса да, күндердің күнінде ұғынар, түсінер деген үмітпен жолға шықтым.
Алдарыңдағы кінәм да, күнәм да өлшеусіз. Тек кешкейсіңдер, кеш те болса есіктеріңді қайта қағуға күш-қуат тапқан бейбақтарыңды. Анамның көңілденгенде жиі айтатын бір өлеңі еске түсіп отыр. Анадан қам сүт іштік, піскен емес, Күнәміз таудан биік, кішкене емес. Күнәға тағы күнә қосылса да, Тәңірім кешем десе ештеңе емес. Тәңірім менің, Гауһарым менің. Мына өлең ептеп әзілкештеу болса да шындықты айтып отыр-ау деймін. Менің де бар шындығым да, алдыңа келгенде егіліп тұрып айтар адал сөздерім де осылар. Бірақ мен бейбақ соның бәрін жіптіктей қылып айтып бере алмаспын-ау, айта алмаспын.
Ата-анама бәрін де қайра бастау керск деп кеттім. Бірақ олардың бар есідерті менің қызметтен босануымда болды да сөз төркініне байыптап бара алмады-ау деймін. Қызмет, мансап бірінші кезекте тұрганда да адам өзінің пенде екендігін, оның басында қилы-қилы жағдаяттардың өтетіндігін, сүрініп күлкі де боларын, көсемсіп көш бастарын да ескере бермейтіндей-ау. Мансаппен келген аз күнгі бақ-талайды махаббат аталатын ұлы сезімнің бодауына салудан ұтылңп жүрсек те, қан қақсатып жылап жүрсек те сол бар болғырдың жалынын айырылғымыз-ақ келмейтіні өкінішті. Мен ата-анамды өз қолымнан тудырғандай сілкілеп алғандаймын. Ұят болды. Бірақ бірде болмаса бірде ақтарамын ба деп жүрген ойымды іркіп қала алмадым. Оларды әсте өзімнен білімсіз, парықсыз бір бағыттан, бір жанармен ғана қарап, бір
көңілмен ғана қабылдауға көндіккен жерде ой тоқырап, қиял топшысы тұсалады екен. Менің адам болмағым олардың ұғымынша мықты жерден қыз алу, биіктеу, мамыктау, биіктеу креслоға барып отырумен байланысты болса керек. Мен үшін ерсі де күлкілі ұғым, олар үшін атар таңдай ақиқат екендігіне таңдануға бола ма? Әрине, жоқ. Әкем өзінін өсу жолына қолданған тәсілді менін де кәдеме жарап кетер деген ойда екен. Онысын қателік демей не дейін. Ал анам-ше? Ол байғұс «мықтының» әйелі барлық жағынан да мықты болу керек, басқан із, жүрген жолдан ілік болар ештеңе де байқалмауы керектің адамы ғой. Өзіне сөз келмесе болды да.
Әкей де, оньщ достары да туған халқы туралы есіліп айтады, егіліп айтады. Ал өздері жоғары жерде отырып алып, мынау ел, анау ауыл маңына аяқ баспайды ғой. Ондағы мұн, жабылып жатқан ұлт мектептері, шұлық болса да арақпен жумаса көңілдері көншімейтін бетпақ ауыл әйелдері, иба, ұят қадірін жоғалта бастаған ұрпақ тағдыры толғантпайтыпыиа таңмын. Сөйтіп отырып халық атынан сөз сөйлейді, солардың жоқшысымыз, мұңын мұндаушыларымыз деп сезінеді өздерін. Ал туған халқына иненін жасуындай тигізер пайдасы жоқ интеллигенцияның алған білімі, отырған орны өз қарабасының тәбетінен әріге аспасы ақиқат емес пе. Әкей мені де сол жолға итермелеп бақты. Менің көнгім келмеді. Сенен айырған да сол солақай әрекеттің әсері ғой. Бәрін де енді түсініп, енді ұғынғандаймын, жаным.
«Ештен де кеш жақсы» дегендей, бір жылдай азапқа салған сорақылығынан арылтайын деп қалған ғұмырдың қайғы-қуанышын өзіңмен бірге бөлісейін деп келемін. Сыртқа теппей қарсы алармысың. Ақылың да, парасатың да бір басыңа жетерлік еді. Түсінесің, сырт айналмассың деп келемін». Талғат осындай бір арманды ойдың әлдиімен бейтаныс мекенге де бет түзеген. Әне, көк түтінмен кіреукеленген қала төбесі де көрініп қалды. Талғаттың жүрегі кеудесінен ыршып шығып кетердей тулап, дүрсілдей соғып қоя берген. Бұл қалада жолаушы жігіттің жүректің аңсатқан арманды әніндей қимас екі адамы бар еді. Олар — Гауһар мен Сырым, Сырым мен Гауһар еді.
ӘҢГІМЕЛЕР
КҮЙІК ҒҰМЫР Әңгіме В.Сангиге Ана балықтың азапты сапары басталды. Бұл сапар сонау ұлы Теңіздің құрылықтан қашық бір қиырынан басталған. Бағыты – ұлы құрылық. Әр тұстан жамыраса келіп Ұлы Теңізге тұмсық тірей қотарылатын сандаған өзендердің біріне түсіп алады да арқыраған қарсы ағысты кақырата қақ жарып, бауыры көк малта тастарға тиіп қайырлағанша жосылтып жүзе бермек, жүзе бермек... Жасыл балдыры жыртылып айырылатын, тұңғиығы түпсіз терең иірімге тартқан жайлы мекеннің артта қалғанына да бірер күндей болып қалған. Содан бермеңгі күндерде демалыс тынымы жоқ сүргін жүзіс.
Есепті уақыт аялдатпайды. Белгілікті межелі тұста тұзды сулы өзенге жетіп, таяздау тұсқа уылдырық шашу керек, сөйтіп кета балықтардың жаңа бір ұрпағы өмірге келеді. Ал өзі болса құндақты құрсағында аман-есен аялап жеткізген тіршілік тізбегі – уылдырығын шашып, құм құшағына көмген соң өмірмен қоштасады, мәңгілік қоштасады. Бұл қатал заң – кета балықтарға ғана тән берік заң. Одан айнымайды да таймайды. Болашақ ұрпақ үшін өз өмірін азапқа салып, ақыры одан баз кешуден артық не бақыт болмақ кета балыққа. Уылдырықтан шыққан майда шабақтар Ана балық мекендеген Ұлы Теңізге жетуге асығады. Осы арада өсіп жетіледі де өмірінде бір-ақ рет, соңғы рет уылдырық шашар сәті жеткенде бабалар жолымен азапты сапарға кері аттанады. Осылайша үзілмес өмір тізбегі жалғасып кете береді, кете береді...
Осы жолда – өмір жолында кан жоса болып мертігу де, дал-дұлы шығып жаралану да, болашақ ұрпақ үшін қанаттаса бірге аттанған серіктен айырылу да кездеседі. Бірақ осыншалықты жан кешті азап кеталар ұрпағын қалыпты арнадан қақпақылдап басқа бір жеңілдеу жолға түсіре алмайды. Бір ұлы күш, нәзік түйсік Ұлы Теңізден Ұлы құрылық аралығында болашақ ұрпақ үшін сабылған кеталарды бұл арнадан айныта да алмас. Ұрпақтын өмірге келуіне кәусәр сулы өзен құшағы қаншалыкты керек болса, оның еркін жүйткіп, алансыз тірлік ғұмыры үшін Ұлы Теңіздін кермек дәмді, иірімі терең айбынды айдыны қажет. Бақилық беріктігімен мызғымас осы бір табиғи заңдылық кеталар ұрпағын азапқа да салады, ұрпақ тірлігі жолындағы күресте қуатты тірек те бола бермекші.
Балдыры кілкіген тұстан шыға берген үйір азу тістерін айға білеген ашқарақ акулалар табынына тап болған. Әккі немелердің кета балық үйірлерінің Ұлы Құрылыққа аттанар шағын қапысыз сезіп, қанды ауыз қақпан құрғандары анық еді. Қос-қос, топ-топ, үйір-үйір болып балдырлы аралдың ор тұсынан жүйткіп шыға келген кета балықтар шоғырына сұр жебедей атылған акулалар шабуылы, жойқын шабуыл басталған.
Ию-қию араласып балықтар азу тістері сақылдаған акулалар аранына түсуден шошынып, ор тұсқа бас сауғалап шашырай бытырап қаша жөнеліскен. Қалың үйірдің ұрымтал тұсына тұмсық сұққан көк жалды, сұрғылт бүйірлі, кетпен құйрық акуланың шалт қимыл, қуатты қарымы кеталар тобын төбеден жай түскендей есеңгіретіп-ақ тастап еді. Үйірдің орта тұсынан түре тиген ашқарақ аран бірнеше балықты жалмап та үлгерген. Балдырлар тізбегі бытшыт болып оталып, тотияйын түстес теңіз суы лай құсып, қара қошқыл тартқан. Ойран-топыры шыққан осы тұс әп-сәтте қан жоса болып жүре берді. Ана балық бүйіріне ажал жебесі қадалған осы бір үйірдің оң қапталында болатын. Акуланың бедірейген сұсты жанары сонадайдан жалт ете қалғандаақ үйірден безіп ту биікке шұғыл қарқынмен зымыраған. Үлгеріп кетті. Соңынан ерген Ата кетаның бүйіріне акуланың қыр арқасындағы мүйіздей ескен қалақшасы сырт етіп тигенде бағытынан жаңылып, төңкеріліп түсіп барып зорға түзелген. «Қанды ауызға арандалып қала жаздады-ау, бейбақ».
Ана балық сол зымыраған қалыппен су бетіне бір-ақ шыққан. Ата балық та бүйіріи қан-жоса еткен күйі мұның соңынан ілесті. Ал сонау төменде, балдырлы аралдан болашақ ғұмыр үшін Ұлы Құрылыққа аттанған кета балық үйірлерінің ортасында ойран салып аласұрған ашқарақ акулалардың қанды қасабы басылар еместі. Бұлар ұзақ жүзді.
Жол-жөнекей балдырлы аралды мекендеген кеталардың үзік-үзік тобына ұшырасқан. Анау бір ана балықтың желбезек тұстағы ескекшесі жұлынып кетіпті, қанды жараның орны үңірейіп тұр. Мына бір ата балықтың жон терісі жалбырап қалыпты. Жүзісі баяу, қимылынан күш-қуаты сарқылып бара жатқан пұшайман халі байқалады. Бауырын іреп кеткен, желбезегін жырып кеткен, бүйірін қан-жоса етіп тіліп кеткен балықтар шоғыры жиі ұшырасқан сайын ана балық төмендегі ойран салған акулалар шабуылының жойкын болғандығын сезіне түскендей еді.
Тоз-тозы шығып, аяусыз тоналған кеталар көші қайыра бас құрап түзелгенше акулалар шабуылы әлде неше рет қайталанған. Бұлар оңды-солды жүйткіп, із тастап жосылғанымен көш соңынан өкшелей қуған бір топ ашқарақ акула адаспады, жаралы көштің қан жоса ізі адастырмаған. Тоят табуды өмірі білмейтін жалмауыз жыртқыштар Ұлы Теңіздің нағыз қожасы бізбіз деп есептейтін. Содан да болар, кез-келген балық үйіріне үйіріле соққан құйындай болып ұрына беретін, үзіп-жұлып, бұзып-жарып, тіске іліккенін тойымсыз өңештен өткізе беретін.
Ұлы Теңіздің ұлан-ғайыр кеңістігін еркін төстеп, батыл кезетін селебе тісті, ақ бауыр, көк жал акулалар шынында да осынау алапат айдынның кез келген тұсында өз үстемдігін жүргізе беретін жол тосты қарақшылар еді. Қанды ауыз қарақшылардан аяусыз қатты соққы көретіндер де бейғам тірлік иелері осы кета балықтар болатын Әсірссе Ұлы Құрылыққа қарай болашақ ұрпақ қамымен азапты сапарға аттаныс үстінде қанды қасапқа ұрынар еді.
Уылдырық шашу үшін Құрылыктың бір қиырынан күркіреп келіп қотарылар кәусар сулы өзеншелерге жетуге асығатын кеталар көшін тосу әлмисактап бергі әдеті болған акулалар осы жолы да аянбай ұрынып, қаһарлы қалыппен шабуылдаған. Үйір-үйір балықтардың күміспен күптелген көз тартар сұлу тұлғалары ашқарақ сезімге от тастап, делебе қоздырар ақкөз ашуға бастаған. Ор тұстан аңдағайлап ұмтылған қарақшылар өз үлестерін молырақ қармап қалу үшін жан сала қимылдап, жын-ойнақ дүлейлі күш көрсеткен. Мүмкіндік болса бүтіндей обып жіберердей озбырлық танытқан.
Осы бір қас-қағым сәтте төне қалған жойқын шабуылдан бас сауғалап зорға құтылып шыққан Ана балық сонау құрылықтың өзегін жарып шыққан өзеншенің көк малта тасты табанына бауыр төсеп аялдағанша талай қанды ауыз қақпанның бұғынып, жол тосып жатқанын сезінгендей де еді. Ана балықтың секем алған сезігін түйсінгендей Ата балық құйрығымен толкын төсін бірер сабалап алды да алға қарай жүйтки жөнелді. «Не де болса алдан келер пәлеңді мен көріп алдым» деген сыңаймен теңіздің тотияйын реңдес тұзды суын қақырата жарып, жосылтып барады. Ана балық серіктесінің шиыршык, атқан серпінді жүзісіне сүйсінгендей қауырт қимылдап алға оза берді.
Бұлар түннің бір уағына дейін Ұлы Құрылыкты бетке алып тынымсыз жүзген. Осы сәтте қараңғылық қымтаған теңіз суының үстіңгі қабатынан әлде ненің жойқын дыбысы естілгендей болды. Толқын бойын электр тоғындай қуалап жеткен осы бір жат үнді Ана балық барлық болмыс бітім денесімен сезініп еді. Ата балық болса өзіне біткен түйсік бағдар арқылы түн қараңғылығын жамылған теңіз суын омыраумен семсердей қақ жарып, жүйткіп барады. Оның да маңдай тұстан шыққан жат дыбысты сезінбеуі мүмкін емес-ті. «Неге сонша асығады екен? Әлде өліміне асығып келе ме? Болмаса мына бір жат дыбыстан аулағырақ кеткендері жөн еді ғой». Сөйткенше болған жок, ту биіктен сау етіп құйылып кеткен өткір сәуле, судың терең қабатына дейін сүзіле себездеген сол сәулелі тұсқа шоғырланған балықтың қалың үңірі байқалып қалып еді. Қарқынды жүзісінен танбаған да
жалтармаған Ата балық сол үйірге көзсіз немедей араласып кете барды. Ана кета әдеттегі сақтығына басып төбеден шаншыла төгілген семсер сәуледеп аулағырақ жылыстап айнала берген.
Сәуле төңірегіне топ-топ, үйір-үйір болып тоғысып жатқан балықтар шоғыры ендігі бір сәтте әлдеқандай ғаламат күштің екпінімеп үйіріле ілесіп келіп тар шеңберге түскендей ерсілі-қарсылы бұлқынып, тыпырлады да қалды. Ендігі бір сәтте етек-жеңін шиыршық аттыра жылдамдата жанай бастаған алып тор балықтар үйірін арандай апан аузынан әріге тықсыра қуып, үйірліте айдап, жамбастай жылжып жүре берген. Сол жамбастай жылжыған сүйретпе тордың шеңберлі аузы тарыла келіп әп-сәтте бітелді де қалды. Ау ішінде қалған балықтардың жан шошытардай шоршып, бұлқына тулауы, бірте бірте тордың темір тегеуірінімен сығымдалып, қысыла келіп қимылсыз қалған қауқарсыз халі Ана балықтың үрейін алып, ажалды тұстан мүлдем бездіріп жіберіп еді.
Серіктесінен айырылған Ана балық шағын топқа ілесіп тағы да ілгері жүзген. Бұл топта да бауыры мен жоны, желбезегі мен ескек қанаттары жараланғандар баршылық екен. Мына бір аталық кетаның серіктесі жоқ-ау шамасы. Үйір ішіне еркін ене алмай шет қақпай көріп келеді. Қос-қостан топ құрайтын кета балықтып аталығы өз серігінен басқаға көз алайтпайтын әдеті, әрі бөтеннің де емініп көз алартуын ұната қоймай айбат танытары бар. Мына бейбақ та серігінен айрылып, жол-жөнекей топқа қосылған болдьт. Әйтпесе туған үйірі сыртқа теппесе керек еді. Ана балық үйірге қосыла алмай шеттеу қалған аталық кетамен бүйір соктығыстыра қатар жүзіп келеді. Ол да мұның ниетін түсінгендей айырбақай құйрығымен су сабалап, ыршып-ыршып түсті де ширақ қимылмен екпіндей жүзе жөнелді.
(Болашақ ұрпақ тізгіні Ана балық құрсағында болғанымен аталықтың қатыс көмегінсіз олардың өмірге келіп, өріс іздеуі екі талай. Сондықтан аталықтан безіну-безінбеу, аналықтың еркінен тысқары табиғаттың өз өміріндегі құбылыс болатын. Ендеше тордың жемсауына түсіп кеткен қаңғалақ ата балықтың ізі суымай жатып аналықтың көлденең көк аттыға көз сүзгені қай қылығы деудің өзі орынсыз күнә арқалаумен бірдей болар еді).
Күндердің күнінде Ана балықтың болмыс бітімін дір еткізген ұлы сарын жетіп еді бір қиырдан. Кета үйірі де бұл сарынның теңіздің таусылып, өмір арнасы – өзеннің қотарыла құйылып жатқан айбынды арнасы жақындап қалғандығын аңғартар қуаныш дүбірі екенін сезінген. Ана балық ерекше бір ерке қылықпен шалт қимылдап, тулаған толқын төсінен аспанға атылып барып суға шым батып, терең сүңгігсн. Үйірде осы бір айтулы, арманды сәтті сағынғандай екен. Шоршып тулап, бұлқына төңкеріліп, атып келе жатқан күннің арайлы сәулесіне күміс бауырларын тосып, жарқжарқ етіп ойнақ сала жөнелісті.
Ендігі бір сәтте кеталар үйірі әлде неше күнге созылған хауіпті де сүнгіп жүзістен арылып, тотияйын рендес Ұлы Теңіздің құндақты құшағымен мәңгілікке қоштасқан қалпы кәусар сулы ағынды өзен арнасына жамыраса бет түзей берген. П
Касказик қартта тыным жоқ. Өзеннің мына бұрылысынан сонау Аю тасқа дейінгі аралыққа қорушы болып бекітілгеннен бері иығына жалғыз ауыз қара мылтығын асынып алып сол маңды шиырлайды да жүреді. Осыдан бірнеше ай бұрын аудандық балық инспекциясының бастығы мұны әдейілеп іздеп келіпті. Сонда: - Ақсақал, адам күші жетпей жатыр. Өзен бойын қоруға көмектес. Бірер айдан соң кета уылдырық шашады емес пе? Сол кезде оларды ешкімнің шошытпағаны жөн екенін білесің ғой. Әсіресе уылдырыққа өш аюлардан қорғауымыз керек. Браконьерлердің бас көтерер тұсы да осы кез, — деген. - Балам-ау, пенсиядағы жаман шалды кім тыңдайды. Аюыңнан бірдеңе етіп қорғармын ау, браконьер деген пәлекеттерің кеудемнен бір-ақ қойып мылтығымды омырып тастамай ма? - деп шал өз күдігін жасырмаған. - Ешкім де өйтуге тиіс емес. Міне, мына мөрі бар заңдастырылған куәлікке ие бол. Бұл қағаздың алдында ешкімде қол көтеруге тиіс емес. Шектен шығып бара жатса біз бар емеспіз бе. Колхоз басшыларына да саған көмектесуге тиіссіңдер деп ескертіледі. Қысылсаң солардан көмек сұрайсың, - деген инспекция бастығы Касказиктің алдын орап, дымын құртты да қойды. - Олай болса ептеп көрелік... - Ептейтін ештеңе де жоқ. Заң сенің жағында. Ештеңеден қорықпа да қаймық па. Соңғы жылдарда кета балығы күрт азайып кетті. Ал оның уылдырығын астыртын сату етек алып барады. Сондықтан уылдырық тонайтын адамнан бастап аюға дейін тәртіпке шақырылуы керек,- деп сөз соңын әзілге бұрған.
Содан бері Каеказик қартта тыным жоқ. Өзеннің бұрылысындағы самырсын түбіне күркеше жасап алып күндіз-түні соның төңірегінде жүреді. Үй деп алаңдайтын кімі бар? Жалғыз басты адам қайда болса да сия бермей ме? Қара суық соққанша осы күркеде тұра береді де. Оған дейін кеталар да уылдырык шашып үлгереді. Өзенді мұз құрсаған соң майда шабаққа хауіп жоқ. Ал әзірге өзен басында болғаны жөн. Сонау колхоздан күнде қалай келіп жүрмек. Бәрі көз алдында, осы ара дұрыс... Аю тасқа дейінгі аралық едәуір қашық болса да жағаны күніне әлде неше рет сүзіп шығады. Жайдақ жағадан суы мол, мөлдір өзеннің малта тасты
табанына үңіледі. Кета балық келіп қалмады ма екен дейді баяғы. Бірақ уақытынан бұрын кета балық неге келсін. Бәрі де өлшеулі, бәрі де қалыпты жайдан ауытқымайды. Жаңа ғана өзен бойын аралап келіп аяқ суытып отырған беті осы. Қызыл аршадан жонып жасаған трубкасына темекі салып, қарсы алдында маздап жанған оттан шоқ алып тұтатты. Аса бір рахатты құмарлықпен құшырлана сорғанда көкірек сарайы кеңіп жүре бергендей еді. Кермек түтін аралас аршаның жұпар иісі көкіректі кеңейтіп, танауын шертті.
Баяу қалқыған темекі түтіні Тайганың мөлдір ауасына сіңіп кете алмай кілкіп тұрып алғандай. Ауада, да. Касказиктің көңілінде де бір көтеріңкі жеңілдік бар сияқты. Мұндай кезде қиялданып, өміріңнің өткей-кеткенін ойға алып, төңіректегі мына тірліктен бір сот қағыс қалған қалыпта отырғын келеді.
Жанға рахатты шуағын, ашулы аязын азырқанбай сыйлай білетін осынау өңір Касказик қарттың бауыр басқан ата-мекені. Ол анау терістіктегі көз ұшында көк мұнарға малынған қия шоқының ық жағында қоныс тепкен бұғы өсіруші Нивхтің1 түтін ыстаған қара чумында2 өмірге келді. Сол арадан бұғымен бірге еріп, тундраның ягель3 басқан саздауыт өңірін армансыз кезді. Қара бұлттай торлаған масасына таланып, үскірік аязына қақталды. Есейе келе мына Тайганың қуыс-қуысын тінтіп, тиін мен бұғының қақты, сасық росомахасы мен қотан аяқ аюын атты. Сөйтіп жүріп бір-ақ күнде әкесі мен анасынан айырылды. Ол кезде тундрада оба деген қара пәле ізіне өлім сеуіп, тынымсыз кезіп жүретін еді ғой. Қара қосты күзетіп, өзі жалғыз қалды күңіреніп.
Көрші чумда сүйген қызы болушы еді. Көз жауын алатын айқабақ, қара торының өңдісі еді. Әкесі сараңдық танытып, қызын бұлғын терісі мен сайтан суды көбірек сыйлаған басқа бір рудың жігітіне қосып қоя берді. Ендігі жерде Касказик ата жұртта қала алмады. Әттең дүние-ай, десейші. Сонда Касказик өзінің тұлдыры жоқ кедейлігіне, сүйеу жоқ жетімдігіне қатты күйінген. Бірақ мұның зары мен мұңына ол кезде кім құлақ асты. Сең соққан нерпадай есеңгіреп жүрді де бірақ күнде қара қосты жығып, өзеннің бергі жағасындағы колхозға көшіп алды. Колхозда абыройсыз болған жоқ. Тапсырған жұмысын тындырмай тыным да көрмейтін.
Атадан қалған жалғыз тұяқ екендігін білсе де осы уақытқа дейін салт бастылығына өкінген пенде емес. Ұмтылған уақытында сүйенері жоқ жалғыз басты жігітке «іздегенге сұранған» дейтіндей адам табыла қоймады. Тапқаны қапқанынан аспайтын адамға қай әке кызын қиып бере койсын. Шарғайған соң өзі де селт етіп әйел іздей қойған жоқ. Сонымен бәленбай аньды1 арқалап осы күнге де жетті. Өткен күн де бір, мына арқырап аққан өзен де бір... ____________________ Ннвхтар — Сахалин аралы мен Амур өзені бойында мекендейтін халық. Чум — тундра жұртының баспанасы. Ягель — бұғының сүйіп жейтін мүк тектес азығы.
Колхоздағылар әу бастан-ақ қойған жерден табылатын, не тапсырса да ықтияттап орындамай дамыл көрмейтін, шапшаң, ісіне пысық болған соң мұны Касказик2 деп атап кеткен. Содан өзінің Хиркун есімін ұмытып, Касказик деген лақап атты жамылып күн кешіп жүрген жағдайы бар. Тундра жұртының лақап атқа әуестігі және олары адамның мінез-құлық, іс-әрекетіне дөп тиіп жататындығы Касказикке таңсық емес. Өзі де талай жігіттерге сондай лақап аттың талайын жасырып жіберген жоқ па. Оған ренжитін жігіттер ме, «шалың тауып айтады» деп мәз болысады. Жүріс-тұрысы шабандап, жүгірінді жұмыстан шеттегелі осы еді. Енді міне, сонау ауданнан өзін әдейі іздеп келген үлкен бастық өзен бойына қорықшы етіп тағайындап кетті. Шүкіршілік. Әлі де елге, адамдарға керек екен. Оның үстіне сонау Ұлы Теңіз, мынау алапат тайганың байлығын қорғатуға қол ұшыңды бер деп тұрса неге қорғамасқа. Өте керек шаруа. Осыдан он бес-жиырма жыл бұрын мына Тайғаның әр бұтасы түбінен булығып қашып, қамырсын басы, жаңғаққа майысып, тұрмас па еді. Масқара-ай. Аюға жабатын ештеңе де жоқ. Ашқарақ аранының бар тояты сонда тұрғандай адамының өзі ішін ақтарып тастап, уылдырығын сығып алып жатқан жоқ па сол кетаңның. Сосын ол бейбақ қалай өссін. Бүйте берсе бәрі де құрып бітпей ме? Жүгірген аң, ұшқан құсың былай қалып, судағы балық пен нерпаға дейін құрып бара жатса ертеңгі ұрпақ тайгаң мен тундраңнан безіп кетпей ме?!
Өткен жылы күзде тап осы өзеннің Аю тас тұсынан геологтар дәрі жарып, бір қора кетаны қырып тастап, уылдырығын ақтарып алғанын өз көзіммем көргені бар. Бірақ бұларың не деп араласа алмады. Қолында қорықшы деген куәлігі болмады. Зандастырылған қағазы жоқ адам мылтығында оғы жоқ аңшымен бірдей. Енді ондайлармен Касказик батыл сөйлесе алады. Қолында куәлігі бар қорықшы. Заң өз жағында тұрғанда мұндай бассыздыққа ол жол бере қоймас. Қолына түсті бар ғой. Алдына салып алып тура колхоз басқармасының өзіне айдап апарады. «Мына пәлекетіңе бір шараңды қолдан, әйтпесе тура ауданнан келген анадағы бастықтың өзіне барамын» дейді. «Ол үшін маған толық право берілген. Міне, мөр басылған куәлік, оқы!» дейді!
Касказик темекісін құшырлана сорып қойып, орнында бар ма екен дегендей куәлік салынған төс қалтасының сыртынан басып-басып сипап қойды. ___________________ апь — нивхтардың жыл санауында екі ань бір жылды білдіреді. Кас казик — ннвх тілінде ісіне мұқиятты, пысық, деген мағна береді. «Енді бірер жетіден соң кеталар шеруі басталады. Табиғаттың қызық бір жаратылысы осы кеталар. Ұрпағы үшін сонау Ұлы Теңізден осынау өзенге келеді. Уылдырық төгісімен өледі. Ғажап! Сонда бар тірлік ғұмырын ұрпағының болашақ өмірі жолына арнаған-ау. Ұрпақ...ұрпақ... Иә ұрпағың үшін бәріне разысың ғой. Ал мен ше?»..
Қарттың қылтанақсыз иегі кемсеңдеп, күн қақтаған әжімді қара қайыс жүзі құбылып-құбылып кетті. Өзінің артында дәтке қуат санар тұяқ қалмайтынын жаңа ғана біліп, сезініп отырғандай бір түрлі қобалжып, өзегін өртеген өкінішті сезіммен өзі-өзінен әлекке түсіп, сабынша бұзылды. Осы уақытқа дейін не тындырдым деп өз көңілін тоқ санап жүрген. Қайта оралмас күндері мен жылдары әншейін бір кеуде де жаны, алдында күйіс қайырар тамағы бар далбасалықпен өткен өкінішті сәттер десеңші! Тірі жүргеніне мәз, тойынғанына разы мал екеш малдың да мақсатты тірлігі болар-ау. Өйткені олардың еміріне иіскер төлі, жат көзден қызғанар қызықты тірлігі бар емес пе. Ал Қасказик бұл ғұмырының ішінде жарым деп еміренер адаммен жанаспаса, шаранам деп бауырына басар ұл өсіп, қыз сүймесе қай күнін марапаттап, қай жылын естен кетпес елеулік деп есіркер, жұбанар.
Сонда осы күнге дейінгі ғұмырында ел есі түгілі, өз көкейінде қатталып қалар не тындырып, қандай белесті белдерден асқан. Сондағы ғұмырының бәрі мақсатсыз, бағыт-багдарсыз соқыр тірлік әуресімен өткені де.
Жо-жо-оқ! Тіптен де олай емес. Касказик те көптің бірегейі болмаса да біріндей-ақ ғұмыр кешкен. Жалаң аяқ, жалаң бас тундраны текке кезіп пе? Өріс толы бұғыдан бір қодықты шығынға бермей марқұм әке мерейін өсірсе аз мақтаныш болып па? Одан соң Тайганы кезіп бұлғын мен тиін, росомаха мен аю аулап колхозға құшақ-құшақ тері өткізсе, аңшылықты Касказиктен үйреніңдер деп председательдің сан рет мақтауын естісе ол да бір адамға аз олжа емес шығар. Енді міне, ауданнан әдейі іздеп келген бастықтың «өзен бойын қоры, ел байлығы – кета балықты суық қолдан сақтай гөр» деп өтініш білдірсе, Касказик гұмырының із-түссіз жоғалмағандығы, тірлігінде тау бұзып, тас жармаса да бір адамдай-ақ адал жүріп, әдемі ғұмыр кешкені болар.
Ал бала сүймесе оған өзін кінәлай алмайды. Сүйгенін сайтан суы мен бұлғын терісін көп берген алып кетті, бұл болса қара қоста қос тізесін кеміріп, күңіреніп қала берді. Қолтықтан демер әке, жанын жұбатар ана жоқ жетімекке кім мүсіркеп, кім қамқор бола алып еді. Сол бір өзегін өртеген отты күйік оның жан сарайында жаңадан ғана көктей бастаған үміт гүлін біржола отап кеткенін басқа жұрт қайдан білсін. Ұрпақ сүю орындалмайтын арман да емес еді. Бірақ жан жайлауын өрт жалмап, құлазып қалған көңілі түскірдің қайрадан бас көтеріп түлей алмасын кімге қалай ұғындыра алар.
Жә, Касказиктің бұл тірлікке өкпесі де, өкініші де жоқ. Өкінгенмен өткен күнің оралмас, өкпеңді өмірге арту әлсіздігің мен жетесіздігің болар. Өз өмірінің келмеске кеткен қилы-қилы кезеңдеріне ой шаптырып әрібері отырған қарт өшіп қалған темекі күлін төкті де трубкасын қалтасына салды. Орнынан тұрып, күрке іргесіндегі мыс бақырашты алды да өзенге беттеді. Балық сорпасын ішкісі келген болмашы тәбет ой сорабын орта жолда үзіп еді.
Күн Аю тастың маңдай алдындағы қалың жынысты шоқының иығына ілініпті. Сәлден соң көзден ғайып болады. Төңіректі түн қараңғылығы жайлайды. Қалың Тайға, мынау бар әлем ұйқыға кетеді. Күн ұзынғы мазаң тірлік сабасына түсіп мызғып алмақ.
«Милктің1 жауыздығынан қағыс қыла гөр мен пендеңді. Жер дүние, мынау өзен, анау таулар, мына самырсын, қарағайлар, анау Аю тас, менің мынау күркем, анау алдымда маздап жаңғақ қасиетті ошақ оты, бәр-бәрі ертеңгі таңды сау-саламат қарсы алғай. Болашақ ұрпақ үшін аузыңа азық та алмай, күні-түні мынау өзенге жетем деп арып-ашып, азып-тозып келе жатқан қасиетті кета балық, сендер аман болыңдар. О құдіреті күшті Тайхнад2, өз қолыңмен жаратқан мына тіршілік атаулға рахым шапағатыңды төге бер».
Батар күннің алаулы арайына дидарын шомылдырып тұрып, іштсй егіліп мінәжат еткен Касказик шал күп пұрын биік шоқы жасырғанша сол тұсқа елжіреген пәк сезіммен қозғалмастан ұзақ қарап еді...
Түн жарымында қарт шошып оянды, Күркенің сыртында әлде кім жүргенге ұқсайды. Күтір-күтір, сытыр-сытыр... Бұталарды сындырғандай ма. Аю болды ма екен. Бірақ ол адам жатқан жерге жуи қоймаса керек еді. Касказик іргеде сүйеулі тұрған жалғыз ауызды қолына еппен алды да күркенің есік тұсына бағыттап шүріппені басып салды. Тұмсығынан от бүріккен қара мылтықтың ащы үні қалғып жатқан Тайганың қуыс-қуысын қуалай қаңғып барып басылды. Тыстан әлде кімнің тапырақтай басып жүгіргені, сынған бұталардың сатыр-сұтыр дыбысы естілді. «О жаратқан Тайхнад, өзің жар бола гөр. Түн жамылып, тіміскіленіп жүрген кім болды екен?».
Ертеңіне күркенің сыртына әлде кімнің таялып келгенін, ерсілі-қарсылы жүргенін білді. Керзі етіктің шөпті жапыраған ізі Касказиктің жіті жанарынан жасырын қалмаған. Тундра мен Тайганың ұшқан құс, жүгірген аңысын аңысын - бағып өскен Касказик үшін жымысқы ізді ажыратып алу қиын болып па? ____________________ Милк — Нивхтерше қорқау, жалмауыз. Тайхнад — нивхтер ұғымында бар тірлікті жаратушы. «Түн жамылып жүргені несі? Ұрланбай-ақ келе бермей ме? Шалды торуылдайтын алтын сандықтың үстінде отыр деп жүр ме, бар болғыр»..
Касказик өзенге беттеді. Өзен беті құбыла толқып жатыр. Кеталар тойы басталыпты. Әр тұстан шоршып секіріскен балықтардың күміс бауырлары жарқ-жұрқ етіп анадайдан көзге ұрады. Енді бірер күннен кейін күміс түстері көмескі тартып, бұлар да жаңа ортаға бейімделе береді. Ғажап! Жаратылысы бөлек, ғажап балық-ау өздері. Бір қиырдағы Ұлы Теңізден арып-ашып, азыптозып жеткен кеталар болашақ ұрпақ бесігі болмақ мына өзен суында үзілмес, ғұмыр тойын тойлап жатқандай ма дерсіз.
Шал еппен басып өзеннің жарлауыт жағасынан сырғып түсті де балықтар базарына айналған айдынды суға сығырая сүзілді. Балықтардың шоршып түсіп, шолп ете қалар тұсынан ақ маржан аспандата атылып барып ұсақ су тозаңы болып төңірекке шашырайды. Касказиктің де бетіне су тозаңы ауықауық тиген сайын қарт жүрегі аунақши тулап, қуанышты бір әсермен рахат сезіміне бөлене түседі. «Жеттіңдер ме, келдіңдер ме аман-есен. Күте-күте екі көзім төрт болды ғой. Тойлаңдар, қуаныңдар... Тулатыңдар өзенді. Ақтық тойларыңда осылайша бір асыр салғандарың жөн. Милктің қаһарынан сақтап, уылдырықтарыңды шаша көріңдер».
Касказик ұйып қалған белін жазып, бойын түзеді. Аю тасқа қарай ұбақшұбақ жосыла жүйткіп бара жатқан кеталар керуеніне сүзіле қарап толқып тұр. «Бәрі де табаны көк малта тасты таяздау жерге асығып барады-ау. Келер ұрпақтарына қолайлы жер таңдауға асығулы ғой. О, жаратушы, бұл бейбақтарға өзің жар бола гөр. Аю мен сұқ көз, суық қолды адамдардың жымысқы тырнағынан сақта».
Шал иығына мылтығын асып алды да Аю тасқа бет алып өзен бойлап жүріп кетті. Өзі көп жүріп шиырлана соқпақпен келеді. Енді бұл жолмен жиі жүретін болады. Уылдырық төгіп, одан майда шабақтар өніп, олар Ұлы Теңізге оралғанша тыным болмайды қорықшыда. Қайдан тыным болсын. Ауданнан келген үлкен бастықтың өзі осы жұмысты сеніп тапсырды емес пе. Ендеше Касказиктің қартайған шағында сенімді аяққа басып ұятқа қалар реті жоқ. «Осы жұрт қызық. Бар болғырлар біліп айтады. Адамға ат қойғыш-ақ. Бұған әу баста Касказик деп лақап ат таққанда мұның қойған жерден табылатын іскер, пысықтығына мегзеген-ау».
Қарт өзіне тап осы Қасказик атын тауып қойған жұртқа шын разыдай-ақ және бұл аттың тек өзіне ғана лайық екендігін ұғынғанжандай төдірегіне масаттана қарап, жымың-жымың етеді. Сығыр жанарлары одан әрі сығырайып мүлдем көрінбей кеткен. Әлдекімдердің тапқырлығына тәнті болғандай басын әлсін-әлсін іиайқап, таңдайын қағып-қағып қойды. __________________ 1 Кеталар теңіздегі күміс түсін өзенге келісімен қоңыр түске ауыстырады
Соқпақ бойлап келе жатқан ол әлдекім төбесінен қойып қалғандай қалт тұра қалды. Мылтығын иығынан алып жерге тастай салды да жол үстіне тізерлеп отыра кетті. Сөйтті де тақыршақ тұсқа түсіп қалған ізді қалтыраған саусақтарымен сипап көре бастады. «Мынау сол, соның ізі. Түндегінің ізі. Күркенің сыртын торуылдағанның тап өзі. Уылдырық ұрлауға келген біреу болды».
Орнынан шапшаң тұрған ол соқпақ бойымен жүгіре жөнелді. Еңкеңдей басып біраз тұсқа барып та қалды. Түйетайлылау жатағаи жағаға бұқпантайлап жетті де Аю тастың тұсына көз тастады. Қателеспепті. Әлдекім қолындағы ұзын таяқшасын ыңғайлай ұстап суға төне қалыпты. Ендігі бір сәтте таяқшасын суға көз ілеспес шапшаңдықпен сүңгітіп жіберіп, бұлқынған балықты сопаң еткізіп суырып алды да қоншындағы селебе пышақпен бауырын осып жіберіп, қып-қызыл уылдырықты ыдысқа қотара бастады.
Касказиктің тынысы тарылып, көз алды қарауытып кетті. «Жауыз неме. Тұра тұр бәлем. Сазайыңды берейін сенің». Мылтықтың шүріппесін басып қалғанын да байқамады. Тосын дауыстан шошынған жаңағы бұлқынған балықты суға қарай атып жіберді де, Аю тастың тасасына зып беріп жоқ болды. Қорықшы өзен басына келсе ағаш шелек қызыл маржан уылдырыққа толып қалыпты. Іші ақтарылып қан-жоса болған бір-сыпыра балық әр жерде теңкиіп-теңкиіп жатыр. Ойран-асыры шыққан төңіректе қан-жынмен аралас уыс-уыс уылдырықтан аяқ алып жүргісіз.
Мылтығын ыңғайлай ұстаған шал: — Ей, хала1, шық бермен, деп — айғай салды. Аю тастың тасасьнан үсті басы қан-қан, қолында селебе пышағы бар жирен сақалды біреу шыға келді. - Өй шал, сен бе едің. Т-у-у, зәремді алдың ғой. Жазатайым оқ тиіп кетсе... - Тиіп кетсе жаның жаһнамға кетер еді.
- Қой, ей шалым, отпен ойнама. Немене, бірер балық үшін мынандай азаматты оққа байлай салмақпысың. Ха-ха-ха. Қазір бізде адам санының өсімі азайып бара жатқанын білмейсің сен? Вот ендеше үндеме. - Адамнан садаға кет. Сен де адамбысың. Обал қайда? - Бір орында тыпыртыпыр еткен шал қаба сақалға сығырая қарап түтігіп тұр. - Қой, былшылды. Ана шелегіңді көтер де алдыма түс. ____________________ хала — нивхтарша бермен қара, назар аудар мағынасын білдіреді.
- Ойының ба, шыныңба? Иә, сонда мені қайда апармақсың? - Колхозға, председательге. - Колхозға дейді? Онда менің не жоғалтқаным бар. Қайны енем тосып отыр дейсің бе мені. Мен колхозшы емеспін. Председателіңе де түкіргенім бар. Хаха-ха.. Өй шал, одан да сайтан су ішіп көңіліңді көтер. Кел отырайық, - деген қаба сақал алшаңдай басып анандай жатқан қапшығыиа беттей берген. — Қозғалма, ақымақ! Арақпен сатып алмақ екенсің, ғой сен мені. Өй малғұн! Қасказик оныңа көнбес. Бол, алдыма түс! - Қорықшы беліндегі белбеу ұясынан бір патронды суырып алып, мылтықтың ұнғысына сүңгітіп жіберді де, қаба сақалдың жолын бөгеді. - Байқа, осы жолы мүлт кетпеймін. — Сен шынымен-ақ... Өй алжыған нақұрыс... Тағы да айтамын, жақсылықпен жөніме қоя бер. Жолымнан қалдырма. Әйтпесе...
Қаба сақал қолындағы селебе пышақтың сабын сығымдай түсті. Өңі бұзылып, көздері өшпенділік ұшқынын шашты. — Сөзді қой да алға түс. — Сен немене осы Тайганың тәңірісі ме едің. Мен жемесем аиа уылдырығыңды басқа біреу жейді. Тіпті аю екеш аю да жеп жатқан жоқ па. Жөніңе көш онанда. Ақылға кел. Ана қапшықта жарты литр спирт бар. Соны ал да қоя бер. Бізде адамға адам дос дейтіні қайда? Ха-ха-ха... — Достықтан садаға кет, малғұн! — Сен олай көкіме. Дос таңдағаның мұның. Сорлы неме. Жаныңды бағып чумыңда неге отырмайсың-ей... Қоя бер жақсылықпен. Әйтпесе ана жатқан кетаның жолын құшасың. — Жоқ! Алдарқата алмайсың, малғұн! Түс алдыма. - Қасказик қаба сақалға таянып келіп мылтықтың ұңғысымен бүйірінен нұқыды. Анау қан толған ұры жанарларымен қол тоқпақтай жеркене шалдың тұла бойын тінткілеп, ежірейе қарап тұрды да Касказиктің басынан асыра шырт түкірді. — Жібермейтінің рас қой?! — Тырп еткізбеймін. Шелегіңді ал да алдыма түс. Заң алдында жауап бересің. — Заңшылын мұның. Түкіргенім бар оныңа...
— Жауыз... Қалшылдап кеткен Касказик мылтықтың ұңғысымен қаба сақалдың кеудесінен бар пәрменімсн нұқып жіберді. Шалдың қолы тасқа тигендей кейін серпілді. Жерге аяғы желімделіп қалғандай қозғалар емес қаба сақал. - Өй сорлы. Шерткенімнен қалмайтын ши борбай неме. Қап мына нақұрыстың қорлығы-ай. Сенімен тәжікелесетін уақыт жоқ. Өз обалың өзіңе ендеше. - Шалт еткен оқыс қимылмен мылтықтың ұңғысын сол қолымен қағып жіберген қаба сақал оң қолындағы селебе пышақты басынан асыра көтере берді.
Қан шапшыған көкірек тұсын қос қолдай басып, теңселіп тұрып «уйкра, уйкра»1 деп кемсеңдей күбірлеген Касказик ендігі бір сәтте кета балықтар уылдырық шашуға шоғырлана бастаған тұсқа шалқалап барып, құлап түсті. Әлде ненің суға гүрс етіп құлаған оқыс дыбысынан шошынған Ана балық шоршып түсіп аулаққа жүзді.
Сәлден соң сылқ-сылқ күлген өзен суынан бөтен оқшау ештеңе де білінбей төңірекке бәз-баяғы баянды бақилық тыныштық орнады. Бар дүние ештеңе болмағандай, ештеңе бүлінбегендей сабырлы қалыппен мүлги тыныстап жатыр. Жаңағы бір оқыс дыбыстан шоқынып, алысқа ұзап кеткен Ана балық көк малта тас жамылған өзен табанына қайта оралды. Көлденеңдей құлаған орықшының жансыз денесін айналып өтіп, кеше кешкісін бауыр төсеп үлгерген көк тасқа тұмсық тіреген. Осы арада болашақ ұрпағына жайлы орын таңдап алады да уылдырық төгеді. Содан соң... Содан соң мынау қарт құсап емірмен мәңгілікке қоштасады.
Қайран күйікті ғұмыр-ай десейші.. ____________________ хУйкра — Нивхарттар тілінде күнә деген мағынаны береді.
СЕНІМ ТУРАЛЫ ХИҚАЯ
Әңгіме Сенімнен айырылған ер сорлы, Жерінен айырылған ел сорлы. Халық даналығы. Ұлым Арманға
Тобық шалдың көңіліне енген түйткіл тарқамай, күн өткен сайьн күрмеуі қатты түйінге айналып бара жатқандай еді. Былай бола берсе күйікті сезім қарт жүрегін шерменде шерлі етер тас шеменге айналар-ақ. Күн санап, сағат санап тұла бойын меңдеп бара жатқан ауыр науқастың бет алысы түптеп келгенде өлім атты рақымсыз жендеттің құзырына тізелетер түрі бар. Тобық үшін қорқыныштысы сол болып па, тәйірі. «Өзекті жанға бір өлім». Одан кім қашып құтылмақ. «Аспанға қанат байлап ұшсандағы, ажалдың кім құтылар құрығынан» деген күні кеше әкесі Келдібекпен табақтас болған Кемпірбай ақынның сөзіне қарсы уәжді кім айта алыпты. Оны еш пенде айта алмас та. Бар өкініші жалғыз күшіктің жетесіздігін көріп жатып бір ауыз тіл қата алмай ішқұса хал кешуде ғой. Ендеше жалғыз ұлдың мына оспадар қылығын көріп жатып о дүниеге аттанып кету Тобық үшін кешірілмес күнә, әкелік парызы алдында шегініс тапқан сөздігі болар еді. Бірақ Тобық мұндай мағынасыз тірлікпен керіспесе келіскісі жоқ. Жеңілдім деп тізе бүгіп мойындағысы жоқ. Шал қарсы беттегі қабырғаға ілінген қызыл ағашпен қаптаған сағат шықылын тындап ұзақ жатты. Уақыт... Тоқтар тұрағы, тізгін тежеп аялдар кезеңі жоқ, суша сылдырай аққан жорға уақыт... Өтіп жатыр, келмеске кетіп жатыр. Уа дариға, дүние-ай, десейші. Тобық алды бұлдыр ертеңгі күнінен де келмеске кетіп, артында қалған қилы-қилы өмір белестеріне ой қиялын жүгіртіп, еміс-еміс есінде қалған қызықты шақтарын суыртпақтай тартып бермен шығарған болады. Самарқау тартқан күңгірт санасының шақпақ тастың отындай жарқ ете қалар шырайлы сәттерінде белгі беріп қалар үзік-үзік өмір өткелдері шал жанын жұбатып, көңілі түскірді алдарқатқандай ма қалай. Өз басының жұбанышы аз болғанмен жұбатар жаны аз болмағанға ұқсайды. О да болса шүкірлік айтқызар өз тірлігінің түйінді бір тұсы ғой. Жұбанары осы жасына келгенше өзгеден қиянатты көп көрсе де өзі өз болып ешкімге қиянат жасасам-ау деп жанықпапты. Жетпістің жетеуіне келгенше әлде кімнің жазықсыз күнәсін
арқалап, әлде кімнің көз жасына қалмаса — бір адамға бұл да аз абырой емесшығар. Шал атар таңның арайы аймалай қоймаған, сөйтсе де «мен келемнің» белгісіндей бозамық солғын сәулеге маңдайын шылапүлгерген терезе шынысына телмірді. Кермиық таңның тот шалмаған арайлы сәулесін іштей сезінген шал «бүгін де күн жайдары болар-ау, шамасы» деп ойлады. Әттегенай, дегізері сол, бұл жайдары таңды әдеттегідей есік алдында тұрып қарсы ала алмайтыныдығы ғой. Көз көрім тұсқа сүзіле, үңіле қарай алмай көңілмен ғана барлау жасап, ой-қиял жетегінде жатқан Тобық енді қайтып аяғынан қаз тұра алмасын сезінген сайын ауыр мұң көңілін еңсере түскендей. Тобық тағы бір тірлік таңына есен-аман жеткеніне шүкірәнә айтып, терең күрсінді де көзін жұмды. «Өлмеген құлға болыпты міне май да міне жаз...». Жаңағы бір әзірде сағат шықылынан басқа оқшау дыбыс білінбегендей еді. Енді міне, ауыз үйден келіні Кербездің қыстығып тұншыға солқылдай жылағаны құлағына шалынып жатыр. Жалғыз күшік Көбестің кіжініп: «жалған, өтірік, сенбеймін саған» деген ызалы сөздері де Тобықтың тосаң тартқан құлағы түскіріне тұла бойын қалтыратқан ызғырақ леппен ілесе жеткен. Шал көзін ашты. Орнынан тұрғысы келгендей қалтыраған қолдарымен еденге тіреліп, құс жастықтан басын көтермек әрекет жасады. Бірақ қарап қалғандай ауыр тартқаны денесін қозғалта алмады. «Мына итке не көрініп жүр. Жалған дейді, сенбеймін дейді. Жүріптұрудан қалып, сары тап болып төсек жастанған екі айдан бергі күндегі еститіні осы. Ойбай ғана күшік-ау, құдай қосқан адал жарыңа сенбесең кімге сенбексің. Осы уақытқа дейін құлағына құйып келген ақылы қайда әкенің. «Құлықтыға сөз айтсаң құлағының астында, құлықсызға сөз айтқан құлақырдың астында» болмағай да. Баяғының «Ырыс—жұғыс, ақыл—ауыс» дейтіні қайда. Көкірегінде көзі жоқ санасыз ба еді бұл бейбақ». Тобық ауыз үйдегі келінінің тұншыққан сыңсуы мсн өкірең деген ұлының әдепсіз ғайбатын естігісі келмегендей түйе жүн көрпені басына орай қымтана түсті. Бірақ жаңағы бір «сенбеймін!» деген суық сөз санасына орнығып қалғандықтан ба, жаны тыншымай қатты қиналған. * Тобықтың әкесі Келдібек дәулеті шалқыған аста-төк бай болмаса да шешең ділмарлығымен дүйім түбек елінің батагей ардақтысы атанған бұйда ұстары еді. Соңғы бірср жылда қарт Келдібек жалғыз ұлы Тобықты қайда барса да қасынан тастамай ертіп жүруді әдетке айналдырған. Онысы ел көрсін, жер танысын, басынан дауы кетпес қазақ жұртымын сырты дүр, іші кір,лас
әдет қылығынан жеркеніп, ұлағаты болса ұғынып өссін, өз халінше ой саралап, әкенің билік кесімін жадына тоқи бсрсін дегендігі еді. Әке пиғылын Тобық бертінде ұғынды, әке аруағына шексіз құрметі де бертінде тұтанды емес пе. Талай дау-дамай, айып-айбананы сарапқасалар жиындарда суырыла шығып сөз сөйлеген әке беделі шау тартып, қарттық жетсе де сол дәуірлеген биігінен бір мысқал кемп қоймаған. Әділ араша қара кылды қақ жарар қазылық тілеген талай даулы дүрмек ортасынан табылып жүрген Келдекең қалың Көшей еліндегі жылдан жылға созылып, ырық бермей келген күрмеулі даудың түйінін шешіп, елге оралып келе жатып бір оқшау ІІІөбектің белді азаматы Қарабатыр ауылына соғып еді. Ауыл қотанына ат ойнақтатып кірмеу әдетін берік ұстанатын Келдекең қос шылбырды Тобыққа тапсырып жаяулай тартқан. Қарабатырдың ақшаңқан үйінің қызыл сырлы есігіне таяп келіп сөйлес қалған. Қос атты тежеп сонадай тұрған Тобық әкесінің мына әрекеттерінен көнеден үзілмей келе жатқан әдептілік салтын аңғарса да жасы жер ортасы Көктөбеден әрмен құлаған қарт қылығына біртүрлі тосырқаған қылықпен қызықтай қараған. Әне-міне дегенше үйден елпеңдей басып күтуші жігіт шығып, қос атты жетелей жөнелген. Бұлар үйге кіргенде сол жақтағы ағаш төсекте ауру буып, тұра алмай Қарабатырдың жалғыз ұлы Жарас жатыр екен. Оң жақтағы жинаулы жүк аяққа арқасын беріп, Қарабатырдың кербез әйелі Көзайым отыр. Қолында ұршық. Қабағында кірбеңдік, жүзінде менмендік бар сырбаз әйел сыр бермей сызданып отыр. Жолаушылар келді деген жоқ кербез әйел сол ұршық иірген қалпы үнсіз отыра берген. Жіп иіріп жарытпаса да жәй отырды демесін дегендей ұршықты баяу толғап, түбітті сирек ширатар сараң қимыл, сарбаз күйден жаңылыс табар емес. Төрге озып барып отырған Келдекең жайғасып жайланған соң науқасқа бұрылып: — Балам, дертіңе шипа берсін, жаратушым, — деген. — Рахмет, ақсақал. Айтқаныңыз келсін. Бірак жібермей қинап тұр ғой, - деген жас жігіттің үйінде мүсәпірлік халге мойын ұсынып болған жанның дәрменсіздігі аңғарылып қалып еді. — Сабыр түбі сары алтын деген. Сауығып кетерсің әлі-ак, балам. Сағатын тіле.—Келдібек бұдан әріге сөз қоспай отырып қалған. — Апа, меймандарға сусын бер, - деген Жарас қолынан ұршығы түспеген Көзайымға жаудырап қарап қалып еді. — Қымыздан ұяттымыз. Саумал болмаса... Орнынан ауыр қозғалып барып самарқау тұрған Көзайым суалынқырап қалған сабаның жанындағы ағаш астаудан қос зеренге толтырып сусын ұсынған. Маңдайынан күн өтіп, өрсоқты болып, шаршаңқырап қалған Тобық алды-артына қарамай зеренді басына бір-
ақ көтергенде, әкесі саумалға ернін тигізген ишара жасап барып аңтарылып отырып қалған екен. Әлден уакытта саумал толы ыдысты кілем үстіне қоя салған Келдекең ойына әлде не түскендей орнынан ширак қозғалып етегін сілкіне тұра беріп: — Бас бие байласа да берер үйдің қымызы бес дуан елге жетеді, қырық биге байласа да бермес үйдің кымызы қыдырған қатынмен кетеді. Менің атым Келдібек, Қарабатырға сәлем де, ширақ, — деп тысқа беттеген. Бұлар ауылдан ұзай бергенде сондарынан манағы күтуші жігіт қуып жеткен. — Қарабатыр кешірімділік жасап кері қайтсін дейді, Келдекке. Бір білместік өтіпті бізден, — деген жігіт атынан домалаңдап түсіп келіп Келдібектің шылбырына оралған. Бұлар үйге кіріп келсе қолындағы салт қамшыны екі бүктеп, сабын сығымдай ұстаған Қарабатыр оң босағада тұр екен. Тобық Шөбек елінің еңселі азаматы атанған Қарабатырлы сырттай білгенімен, бетпе-бет кездесуі осы еді, өні қарасұр, салыңқы қабақ астынан тіктей қадалғанда ту сыртыңнан көктеп өтердей өткір жанарлы адам екен. Дидарында ұялудан гөрі өкініш, буырқанып шыға келген долы ызалық бардай, біртүрлі ширыға қалғандығы байқалады. — Ассалаумағалейкум, Келді аға. Келініңізден бір ағаттык іс өткен екен. Айыптымыз. Кәне айтыңыз, қайсымызды жазалайсыз, — деген үй иесі қамшысын сығымдай түсіп меймандарға үрке қараған Көзайымға қатулы қабақ тастаған. Сонда Келдекен тұрып: — Келінді несіне жазалайын. Көргенсіз жерден қыз алған сені жазалайын да - дсп төрге оза берген. Қолынан қамшысы түсіп кеткен Қарабатыр қос тізесі дірілдеп барып босағаға шөге беріп еді. Жарықтық, Келдекеңдер сұңғыла еді ғой. Бірде қолды болған саяқтын үйірін іздеп Көксеңгір асқан жоқшылық Көктөбет батырдың қара құрым үйіне тұмсық тіреген. Топ басшысы Келдекең жол-жөнекей кезікеннен суыртпақтай сыр тартып келіп, жоғалған малдың осы төңіректен әлі ұзай қоймағанын тұспалдаған сынай танытқан. Құрықты тым әріге сілтеп, тақыстанып қалған Көктөбет сонау Түбек елінен түн қатып, түсі қашқан жоқшылар келе қалады деп ойламаса керек, құрым үйдің іргесіне шырт-шырт түкіріп тастап шәлшиіп жайбарақат жатыр екен. Тұяқ дүбірінін төбесі тесіп жіберер суыт сарының жаңағы бір тұста аңғарса да селт етіп секем алмаған сынаймен жата берген, сыртқа да шықпаған. — Ассалаумағалайкум. — Келдекең қасына Тобық пен қамшыгер Құсақты ғана ертіп қараша үйге кіріп келген.
— Әліксәлем, Келдеке. — Ауы жер сызған ала дамбалының балағын жүндес бура санына таман сыра қайырып тастаған, бейғамсып жатқан батыр орнынан жеңіл тұрып, Келдекеңе қол ұсынған. — Апырмай, сізді де көретін күн болады екен, Келдеке. СонауТүбектен келеді деп кім ойлаған. — Түйе жүн шекпенімен алқамсадай алып денесін жасыра алмай әуреге түскен Көктөбет иығынан сыпырылып қалған киімді жамыла алмай тұқжыңдап қалған сді. — Қотаныңнан шу, үйіңнен су шықса мына тұрған Көксеңгір түгілі Кескентау асарсың, — деген Келдекеңнің үні қатқылдау шығып еді. Көктөбет миығынан мырс еткені болмаса қарсы жауап қатпаған. Содан жоқшылар жайғасып бола бергенде алдарына буы бұрқыраған астау толы жылқы еті келген. Дәм алып отырып Келдекең: — Уа, Көктөбет, мына етің бұл төңіректің түгін тартпаған малдың еті-ау шамасы, тіл үйірер дәмді екен, — деген де төңірегіндегілерге көзтастаған. Көктөбет алып денесіне ие бола алмағандай кеңкілдей күліп барып басылған да: — Жарықтық ет тәттілігін қойса, Төбет ұрлығын қояр еді-ау,-деп барып бақандай саусақтарымен ұзынша астау тұмсығына іркілген етті көсіп ала берген. Содан әріге әңгіме өрбімей пышақ кесті тиылған. Дәм желініп болғаннан кейін Келдекең жүруге жиналған. Қасындағылар таң-тамаша. Екі күн суыт жүріп келіп, ұрының дәл үстінен түскендей болып отырғанда Келдекеңнің мұнысы несі. Тым болмаса жоқ іздеп жүргендерін. емексітер де ештеңе демегені ме. Жоқшылар ат басын елге бұрды. Жолда делбірі қашып, мазасы кетіп келе жатқан Құсақ: — Уа, Келдеке, осыншама сабылып, бір қиыр жер шалып келіп, Көктөбеттің ұрлығын тап басып тұрып үн-түнсіз кетуіміз ұят-ақ болды-ау. Тым болмаса ұрлығын мойындатып, жерлеп кетпегеніңіз не, — деген ашу шақырып. — Уау, жарқыным, мана дәм үстінде бәрі айтылып, бәрі шешілген жоқ па еді. — Шешілгені несі, Келдеке? Түсінбедік қой, түге... — Мен еттің тәттілігін айттым, ол ұрлығын айтты. Адамға өз малынан тәтті не бар, мына ет біздің малдікі екен деген тұспалға батырың ұрлаған мен едім, әлі де ұрлай беремін деген тура жауабын берді емес пе. Одан артық не мойындау, не шешім керек. - Келдекең көк жорғаны тебініп ілгері оза берген.
Содан бірнеше жылдан соң ат шапан айыбым деп қалы кілем жабылған қара нар жетектеп Көктөбеттің Келдекеңді әдейі іздеп келгеніне мына Тобық, дүйім Түбек елі куә болмап па еді. Па шіркін, аталы сөздің құны атаң түйе болған сол дәуірлер үзілмей келген осы бір сыр науқас жанын толқытып-ақ кетіп еді. Жарықтық, сол Келдекеңнен бұған не мұра қалып еді. Ештеңе де... Теңтең жүк те, жайлау толы мал да емес... Үзігі түзік, түндігі бүтін үй де қалмапты... Аталы сөз, алғысты тілектен басқаештеңе де... Қазір ойлап қараса көкірегі даңғыл адам үшін бұл да аз мұра емес екен-ау. Бірақ оны анау жетесіз ұл, жігерсіз келін түсінер де, ұғар ма? Бірі бар ашуын квз жасынап алса, екіншісі желке тістеген желіккен сәуіріктей айбаттанған болады. О, тоба.. «Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз, жақсыдан жамап туады бір таба нанға алғысыз», — деген осы-ау, сірә. Тобық келіні Кербезді көргенсіз жердің қызы санамайды. ЬІнжық ұлдың бос салбыңмен отызға жетіп қалғанын кеш аңғарған әке өз бетімен жүріп қыз таңдап алар қарымнан құралақандығын ұғынған да Қарасудағы Қалқаманның алдынан өзі барып өткен. Заманы бір тұрғылас, әрі Келдекеңдей текті атаның баласы келіп отырғанда Қалқаман да салмақтанып сызданбай, «құда боламын деген құдайы сөзге несіне қарсы болайықтың» ыңғайына қарай құлай беріп еді. Әке данқымен қыз өтер санаса. Қалқаман құданың өзі білсін. Бірақ Кербез келін Тобықтың тілегеніндей-ақ көрініп еді. Содан дүбірлі той болды. Оның да өткеніне бес жылдың жүзі болып қалыпты-ау. Бір арманы немере сүйе алмай барады. Тәнірінің рахманы ауса ол да болар. Бірақ сол күнге Тобықтың ғұмыры жетер ме. Содан бергі жылдарда Кербездің аталап асты-үстіне түскен бойекті кылығынан оғаш ештеңе аңғармаған Тобық бар пәленің басы өз ұлы Көбесте деп тұспалдаған. Қояр-ақ деп күтінген әке көңілі жаңағы бір өксікпен ілесіп өрекпи шыққан «сснбеймін саған» деген суық сөзді естіп тасталқан болды. Басын қымтай оранған көрпені төмен серпіп сырып тастады. Ауа жетпей тұншыққандай ауыр тыныстап, екі иінінен ентіге дем алып жатыр. «Бұл иттің көкірегіне сенбестік деген ала пәле қайдан ұялап жүр. Көңілге күдік кірді дегенше өміріңе ала-бүлік ендідей бер. Адам өз сенімінен айырылған жерде төңірегіндегілердің бәрі жау болып көрінетін әдеті емес пе?». Тобықтың ойы тағы бір қиырды — өз өмірінің қайта оралмас өткен белестерін кезіп кетіп еді. Сол сенбестік күдікті жаладан өзі де бір кезде жау атанып кете жаздаған Тобықтың жадынан қайдан шықсын. Өлсе өзімен кетер. Ер жігіттің басынаи
нелер келіп не кетпесті дәтке қуат санар болса жазықсыз жалаға өкініші де болмас еді. Бар өкініштісі де, сағын сындырғаны да сол қара күйені жаққан алысы емес, жақыны, іргесі ірімеген құдайы көршісі, бір жылдың төлі Шөнек болғандығында ғой. Әй мұндарай, «Үш қап бидай ұрлағанын өз көзіммен көрдім. Тап мына араға әкеліп жасырған еді» деп міз бақпаған Шөнек зерт барысында айғақты ештеңе таппағанда да айтқанынан тайынбай қасарысып отырып алғанын қайтерсің. Содан Тобық үш қаптың бодауын үш жылмен өтеп, елге жетпек болып ауылға ұрымтал тұстағы Қоскөл станциясыннан түскенде тап осы арадан ІІІөнектің жамағайын інісі Ерден ұшыраса кетіп еді. — Апыр-ай, Тобық ағамысыз? Сізді де көретін күн болады екен-ау. Есенсау келдіңіз бе? — Ерденбісің? Есен-саумысын, шырағым. Ел-жұрт аман ба? — Аман, Тоқа, аман. Жүріңіз, Тоқа, ат-арбамен келіп едім, ала кетейін. — Құрақ ұшқан Ерден Тобықтың иығындағы дорбасына жармасқан. Тобық туған өңірді қатты сағыныпты. Әке қасына еріп ел аралағаны болмаса туған ауылдан мұншалықты ұзақ ұзап кетіп көрмеген ол мына даланы, анау Жыланшық төбесін көргенде ет бауыры елжіреп, жүрегі алабұрта ойнақшып қоя берген. — Шүкірлік, шүкірлік, шырағым. Ел етегіне жетіп өлсем арманым болмас еді деген күндерім де болған. Құдай көпсінбесе сол күнімді көрдім ғой міне, — деген Тобық төңірегіне ыстық сағынышқа толы ылан тебіренісімен сүзілген. — Апырмай, Тобық аға, келгеніңіз мұндай абырой болар ма. Алдыңызда кешірілмес күнәм бар еді, соны айта алмай қаламын ба деп... Ерден ат басын кілт тежеп көк арбадан домалаңдап жерге түскен. — Ерден-жан-ау, мұның не? Қайдағы күнә? Не деп кеттің? — Мен ит болдым ғой, аға. Сіздің алдыңызда күнәһар болдым ғой мен. Шөнектің сөзіне еремін деп... Кешіріңіз... Әй кешіретін де іс емес қой бұл бірақ... Екі иіні селкілдеп кеткен Ерден жүзін басып теріс айналған. Арбадан қарғып түскен Тобық анадай барып солқылдап тұрған Ерденнің иығына қолын салып тұрып: — Шырағым, бұл не жұмбақ? — деген таңданып. — Ұры сіз емес, мына мен едім ғой. Үш қап бидайды мен едім ғой ұрлаған. — әлде қандай жиіркенішті затқа тиіп кеткендей Ерденнің иығынан қолын жұлып алған Тобықтың мұрты жыбырлап, жүзі құбылып кетіп еді. Өзін-өзі зорға тежеп, сабырлық сабасына түскеннен кейін ғана барып: — Өзімнің ұры еместігіме имандай сенгем. Бірақ сенің бұл жолға түскеніне түсінбедім... Шөнектің жасырды деген жерінен бидайдың шықпауы қалай?
— Түнде Шөнектен ұрланып барып, өзім жасырған қаптарды басқа жерге көмдім ғой. Әй өртенгір десенші. Ондағы ойым тексере қалса сізге айып тағылмасын дсгенім еді. Бірақ ІІІөнегі түскір болды ма. Іс мен ойлағандай болмай шықты. Ал жазыксыз кетіп бара жатқан сізді арашалап алуға мен иттің дәрмені жетті дейсіз бе, жетпеді ғой ол кезде. Сотталам деп қорыққаным рас... Бар арманым сізді тірідей көріп, осы бір күнәһар қылығымды актап өлсем болды ғой. — Менің астық ұрламағанымды біле тұра осындай арамза іске қадам жасауға ия себеп болды екен Шөнекке? — Ойбай-ау, Тобық аға-ау. Сіздің орныңызға бригадир боламын деп араңдатып жүрген іштарлығы емес пе оның. — Е, сол ма еді, тәйірі. — Ағаң бригадир болса сен де далада қалмасың. Ағыл-тегіл ақ майға мелдектейсің деген соң басында мен де сөзге еріп көніп қалғаным рас еді. Бәрі де иттік, бөрі де білместік қой, баяғы. Әйтпесе Келдекең ұрпағына... — Тәйт, Келдекеңді аузыңа алма. Садағаң кетейін, Келдекең-ді аузыңа ала көрме, жарқыным. Ол сені мен менің өремдегі адам емес еді ғой. «Рас, рас...» деп Ерден бүкжеңдей келіп арбаға отырған. Қайран Қазекеңнің танауының астынан әріге бағамдап, бағдарлап бара бермейтін аңғал аңғырттығы-ай. Осы жасқа келгенше Шөнекті мансапқор деп кім ойлаған. Бригадирліктен де өтімділеу бір қызмет тисе қырына алғанын қынадай қырып салардың өзі екен ғой, бейбақ. Тобық сот алдында өз адалдығын иланымды түрде толық дәлелдеп бере алмаса да, өзінің ар алдында адалдығын айдай әлемге ақтарылып айта алмаса да, тап осы тұста үш жыл бойы екі иінін езіп, жанын жаралаған жала-айыптан мүлдем азат болғанына қуанған, іпексіз қуанған. Үш жыл көрген азабын әпсәтте ұмытқандай жан сарайы жеңіліп сала берген. «Алла аққа жақ» деген осы екен-ау. Бұған да шүкірлік, алдынан шұрқырап шыққан шындық үйін Тобық тағдырына разы еді. Бұлар сол бетпен Тобықтың үйінің алдына келіп тоқтаған. Әп-сәтте құлақтанып үлгерген ауылдың ақсақал, қарасақалы түгел сол күні Тобықтың үйіне жиналған. Ердсн қопаңдап, қанша кетемін десс де бұл жібермей дәмге қаратқан. — Уа, ағайын, — деген бұл сонда, — әкем Келдібек жалғыз Түбектің ғана емес, тұяғы жетер осы төңіректегі бар қазақтың жанашыр тірегі, әділ қазысы емес пе еді. Орынсыз жала көріп, тсріс ғайбат естігендерің сол Келдекеңнен араша іздемеуші ме едіңдер. Күндердің күнінде сол Келдекеңнің жалғыз тұяғы менің апама күйе тағылып, соның өтеуінен келіп отырмын орталарыңа. «Быламық жейін деген асым ба еді, тоқсан көрейін деген жасым ба еді»
демекші, сотталған деген сорақы атаққа қалып отырмын. Сағым сынып, арыма дақ түсті. Әкеге тартып тумасақ та, әке жо-лын қумасақ та бір адамдай адалақпын деп жүруші едік. Тәңірдің көзі түзу екен. Сол адалдығым бүгін шұрқырап алдымнан шықты. Ол мынау орталарыңда отырған Ерден. Ал шырақ, қалғанын өзің айтшы мына ағайынға, — деп барып басылған. Маңдайынан шыпшып шыққан теріне ие бола алмай бұға берген Ерден алдындағы астау толы етке мөлиіп қарап қалып еді. Ауыл ақсақалы Досбол қарт: — Әй қапжауғыр, неге мөлиіп қалдың? Сөйле! — деп ақырып жібергенде Ерден орнынан ұшып кетердей қопан ете қалған. — Мен.. Мен ұрымын. Тобық ағаның күнәсі менін мойнымда.. Жер болған Ерден төңірегіндегілерге қабақ астынан ұрлана қарап жалтақтай берген. — Не дейді мына көксоққан. — Астағыпыралла, мал құлағы саңырау, мұндай да сұмдық болады екен. Ой жүзіқара... — Ант атқан албасты неме. Осы уақытқа дейін анау ағаң Шөнек екеуің жазықсыз біреудің күнәсін арқалап, қалай ғана жер басып жүрдіңдер екен. — Апырай десейші, мұндай да жауыздық болады екен-ау. Сұмдық ішімізден шықты ғой түгі. — Өздерін тиісті жеріне хабарлап, қосақтап айдау керек. — Иә, сөйту керек. Осы отырған бәріміз куә болып қол қоямыз. — Аластау керек арамыздан. «Елді тантық, қойды шартық бұзады» деп... Дастархан басындағылар дуылдасып кетіп еді. — Жә, ағайын, Ерденде не күнә бар. Қайта бұған алғыс делік, ішіндегісін айтпай күні ертең өзімен бірге ала кетсе қара бет күнәһарлыққа сонда қалмас па еді бұл. Енді оның да, менің арым таза. Жарға біткен жантақты, Жанын кешкен нар жейді. Көп жақсының ішінде Бір жаманы бар дейді, — дегенді дуалы ауыз Төле би айтқан ғой. Сол айтқандай жаманымызға кешірімді болмасақ, жақсылығымызды кім білмек. Мен кештім бәрін де. Аз күнгі бейнетім өз орталарыңа келдім де ұмыт болды. Сіздер де кешіріңіздеп, ағайын. Жиылған жұрт «жарықтық, Келдекеңнің тұяғы ғой, тектілігін жасады Тобық. Біз риза, ел риза. Жазықсыз жаладан күйіп кеттім деп жол үстінен әрі, із айдап, ел ішін алатайдай бүлдірмегені Тобықтың кеменгерлігі ғой» деп тарқасқан. * Есік сықыр етіп ашылды да арғы жақтан келіні Кербездің қызыл шырайлы әдемше дидары көрінген.
— Ата, есенсіз бе? Жайлы ұйықтадыңыз ба? — деген келін үнінен ұяңдық, инабаттылық лебі есіп тұрғандай еді. «Апырмау, әлгі Көбес күшік, осындай аяулы балаға неге ғана сенбеймін деп кінәлайды екен. Сенімсіздіктің арты күншілдікке, арамза жауыздыққа ұрындырарын ұғынбаған-ау». — Шүкір, балам... Түске дәм дайындасып деп едім. Апа Шөнек көршіні дәмге шақырыңдар. Шөнектің есімін естіген кезде Кербез бір түрлі таңырқағандай тосылып қалып еді, Тобық: — Сөйтіңдер. Шөнекті дәмге шақырыңдар, — деп қайталады. — Жәрайды ата, Көбеске айтайын, — деген Кербсз шалға жонын бермей шегіншектеп барып ауыз үйге шығып кетті. «Инабатты бала-ау өзі. Әлгі күшіктікі не» деп жаңағы бір сәтте жылт ете қалған келініне деген разылық ой тағы да бас көтерген. Тағы да тыныштық орнады. Тобық терезеден құйылған шуаққа елтіп, маужырап жатыр. Өтіп жатқан уақыт көшінің тұрлаусыздығын еске салғандай сағат бірқалыпты шықылдайды. Бойы бусанып бейжай күйге түскен Тобық тағы да ойға кетті. Сол жолғы сапардан оралғанына да бірқыдыру уақыт өтіп кеткен екен-ау. Содан бергі жылдарда көршісі Шөнектің үйінен бірде бір рет дәм татпапты. Бұл болса оны әлде неше рет шақырып келтіре алмапты. Бірде пішендікте мал жайлап жүрген Шөнекті өзі іздеп барды. — Әй, құрдас, аманбысың? Кемпірің күйлі, бақуатты ма? — деп жаймашуақ әңгімемен алдын орағыта келген. — Шүкірлік. — Шөнек үш тармақ айырын қаудан шөпке қадай тағып, лып еткізіп тік көтеріп алды да қаздаңдай басып барып оттыққа атып жіберген. — Әй, мынау қимылыңа қарағанда тағы бір тоқалдық қауқарың бар сияқты ғой өзі, — деп әзілге шақырған бұл. Шөнек үндемеген. Содан бір жылдың төлі екендігін емексітіп, қала берді құдайы көрші емеспіз бе дегенді алға тартып, бір дәм ішіп кет дегенге тірелген. Бірақ Шөнек бермегенді беріп ұятқа басып тұрсың ғой деп сызданған. Тобық ондай ойының жоқтығын, тіпті мұның тарапынан өткен ағаттықты ұмытып та кеткендігін осы тұста ескерткендей болып еді. Бірақ Шөнек қыңырлығынан жазбаған. Бара алмаймын, алла разы болсынмен тынған. Содан бергі жылдарда Тобық та, Шөнек те салқын сырбаздықтан аса алмаған. Реті келген жерде бір-бірінен қашқақтап, аулақ жүреді. Екеуі бір дастархан басында бас түйістіріп отыра да алмай жүр. Екеуін жарыстыра қонаққа шақырар болса жапсардан бір-бірін аңдысып, анау шыға қалса мынау, бұл бұрынырақ шыға қалса анау бұғынып қалған сәттері де жоқ емес. Екеуінің арасында тон болып қатқан осы бір салқындық не ұлғайып, асу бермес
көктайғақ шыңға айналмай, не жібіп, ізім-қайым жоғалып кетпей ұзынсонар сүрлеуі соқпаққа ұласып келе жатқан түрі бар. Бүгін сол тонның басына бір пәле төнген сияқты. Тобық бүгін ақтық шешімге келгендей Шөнекті тағы да дәмге шақырып жатыр. Бұл бәлкім соңғы сұхбаттасуы да болар. Оны Шөнек ұғына алса жарады да, Тобық өзін өгіз терісі талыспын демесе де Шөпекті бұзау терісі шөиікке қиғысы жоқ. Әттең, осының бәрін Шөпегі түскір ұғынып, түсінсе етті. Мұншама кінәмшіл, тасбауыр болар ма. Түс уағында шал жатқан төргі үйге дастархан жайылды. Тобық келінінің көмегімен іргеге тасталған жастыққа сүйеніп, басын көтеріп отырды. Терезеден қарап тұрған Кербез: — Ата, Көбес көрші атайды ертіп келе жатыр, — деді. Тобықтың тұла бойы тершіп, біртүрлі қобалжып кеткендей болды. «Ме-ні-кі не. Қылмысым жоқ, кінәм жоқ, осынша қобалжығаным не? Сабыр көңіл, сабыр...». — Ассалаумағалейкум. — Шөнек іргеге кебістерін шешіп тастады да дастарханды айналып өтіп құрбысының қалт-құлт етіп ұсынған қолын алып бір тізерлеп шөге берген. — Апырмай, осыншама тас бауыр болармысың, ІІІөке. Адам артында алты сауысқан деуші еді бұрынғылар. Ел құлағы елу емес пе. Менің осылайша төсек тартып қалғанымды естімей жатқаның ба? — Өкпең орынды, айтуың жөн. Айыптымын Тоқа, айыптымын. Келмейін деп келмей жүр деймісің, бетке түскен шіркеуі түскір... — Е, Шөкем-ай, сол ма еді, тәйірі бөгеп жүрген. Отыр былай, төрге озып. Мен бір әңгіме айтайын, — деген Тобық есік алдында қатар тұрған келіні мен баласына дәмдеріңді реттей беріңдер деп ишара жасады. — Естуің бар шығар, мына Тобықты елінде Абаймен тұрғылас Әріп, Көкбай деген ақындар өткен. Екеуінің арасынан қашан, қандай қара мысықтың жүгіріп өткенін кім білсін, өле-өлгенше дүрдараз болған деседі. Әріп мына мен құсап дүниеден өтейін деп жатқанында, өлімнен ұят күшті деп Көкбай келіп көңілін сұраған ғой. — Тек Тоқа, қайдағыны айтпай... Дүниеден өткені несі? — Тобық тап қазір дүниеден өтейін деп жатқандай Шөнек шынымен шошынып қалды. — Әй Шөкең-ай, көшкен керуеннің басы да, соңы да мен деймісің, — деп аз кідірістеп барып әңгімесін сабақтаған. Содан үйге кіріп келген Көкбай: Келіп едім көңіліңді білейін деп,
Азырақ қасыңда ойнап күлейін деп. Тірлікте күнәм болса кешіргейсің, Жатырсың ұзақ сапар жүрейін деп, — дегенде төсекте жатқан Әріп: Апырмау, мынау келген Көкбаймысың, Жарқыным, көп сөйлемей тоқтаймысың.
Күнәңді тірліктегі кешпей кетсем, Өлген соң сүйегімді соттаймысың, — деп теріс қарап жатып алған дейді. — Пах, пах, тірлікте де кешпейтін күнә болады екен-ау шамасы, — деген Шөнек Тобыққа қарады. — Иә ІІІөке, тірлікте сыйластыққа ас жетіп, Ал дәмге бұрын лайық, — деген Тобық дастарханға икемделе берген. Дәм ішіліп, бет сипасқан қарттар өткен-кеткеннің басын шалып, әрі-бері қысыр әңгіме қозғап отырғандарын пайдаланып, Көбес дастархан басынан тұрып кетпекші болғанда әкесі отыра тұр дегендей ишара жасады. — Балам, шаршаңқырап қалдым-ау деймін, жастықты жөндеп жатқызшы, — деген Тобық қисая берді. Жайғасып жатып аз кем тыныстаған қарт әңгіме бастаған. — Балам отыр, келінім сен де тыңда. Өткеннен ғибрат дегендей мына бір әңгімені тыңдасын деп әдейі шақырдым, Шөке. Балаларым, сендср де тыңдаңдар. Осы отырған үшеуіңе де қатысы болар шамасы, — деген Тобық шал аз-кем тыныстап алғысы келгендей бөгеле беріп әңгімесін ағытты. — Ертеде түйе мінген жалғыз жолаушы бір шаһарға кезігіпті. Қырсық шалайын десе қиын ба, түйелі адам бір үйдің алдынан өте бергенде ит тап береді. Өзі де көлденең көк аттыны өткізбейтін қанды ауыз қабаған ит болса керек. Түйенің балақ шудасына, тірсегіне жармасып, жүргізбей қояды. Анадай тұрған үй иесі шал да шәуілдеген немені қуып жіберудің орнына жүргізбесе жүргізбесін деген кісіше мәз болып тұра беріпті ғой. Ашу қысып әбден қорланған түйелі адам қолындағы таяғын итке жіберіп қалғанда көздеген тұстан шықпай, анадай тұрған шалға барып тиген ғой. Сіңіріне ілінген сорлы шал табан аузында тіл тартпай өліп кетіпті. — Астағыпыралла, — деген Шөнек жаңағы бір тосын оқиға өз көз алдында болғандай шошынып, таңдай қағып басын шайқады. — Табан астында болған мына оқиғаны байқап тұрған шалдың екі баласы жаңағы жазғанды түйенің үстінен жұлып алып сабай жөнелсін. «Әкемізді әдейілеп өлтірдің» ғой баяғы олардың қояр кінәсі. «Ойбай-ау, білмейтін, танымайтын адамды әдейілеп өлтіріп не қара басты дейсің мені. Нақақтан күйдірмеңдер. Ешқандай өштігімнің жоқтығына сеніңдер. Итке жұмсаған таяқ иесін тапса бұл да бір алланың жазмышы шығар», — дейді түйелі жолаушы. Сонымен сілейте соққыға жығылған бейшараны шаһардың бас қазысына сүйрелеп алып келіпті жаңағы балалар. Мән-жайды естіп білген қазы қалай болғанда да мойнында кісі қаны бар, өлімге лайықсың, дарға тартыласың деген шешімге келеді. Базар алдында құрулы тұрғандар ағаштың түбіне келгенде жолаушы: «Осыдан үш күншілік жерде үйім, бала-шағам бар еді. Тым болмаса олармен қоштасып, бақұлдасып келуге мұрсат беріңіз» дейді қазыға. Қазы жиналған
жұртшылыққа қарап: «Ал халайық, мына мүсәпірдің тілегін естідіңіздер ме? Мен бала-шағасымен қоштасып келуге мұрсат берер едім. Бірақ мұның сөзінде тұрар-тұрмасына сенімім жоқ. Сондықтан бұның сөзіне кепілдік бере алатын адам араларыңыздан табыла ма?» деп жұртшылыққа сауал тастапты. Тырс етіп ешкім кепілдік беремін деп шыға қоймапты. — Мінез-пиғылы беймағлұм адамға сеніп кепілдік беру де қиын-ау, — деп қойды Шөнек. — Қайдан сенсін... — Сонымен ешкім де шыға қоймаған соң қазы: «Ал мүсәпірім, менде жазық жоқ. Сен үшін кепіл болатын адам табылмады. Дарға тартыласың енді» деді де, жендетке бұйрық беріпті. Сонда топ ішінен біреу шығып «Мен кепіл боламын!» депті. — Пах, пе дейді-ау, — Шөнек шайқалақтап қозғалып қойды. — Сен кепіл болсаң мынаның орнына келіп тұр. Үш күн баруы, үш күн кері оралуы бар алты күнге мұрсат бердім. Үй-ішіңмен бақұлдасып кел. Егер алтыншы күні дәл осы мезгілде оралмасаң сенің орныңа кепілдікке келіскен мына адам дарға тартылады. Алдап кетсең мойныңда екі бірдей адамның қаны кететіндігін ұмытпа. Ал енді жөнел, мүсәпірім, — депті қазы. Сонымен шаһар халқы алтыншы күні алаңға қайыра жиналыпты. Кепілдік берген кісі дар түбіне келіп тұрыпты. Уақыт белгіленген мерзімнен өтіп барады. Ал үй-ішімен бақұлдасып қайтпақ болған түйелі адам әлі жоқ. Халықтан маза кете бастапты. Өлген шалдың балалары да қазыға әлсін-әлі келіп: «Ол сұм алдап кетті. Біздің адал, аңғалдығымызды жер етті. Сұм немеге сенбеу керек еді. Енді, міне, жазықсыз адамның қаны төгілетін болды», — деп дігірлей бастаса керек. Төзімі таусылған қазы жендеттерге кепілдік берген кісіні дарға тартыңдар деп белгі беріпті. Бейшараның мойнына арқан түсе бергенде әлде кім «анадайдан шаң көрінеді, бәлкім сол түйелі адам шығар, сабыр етелік» деп дауыстапты. Шынында да бұл келіп қалған мінген атын ақ көбікке малындырып, азыптозған анадағы жолаушы еді. Атынан түсе салып дар түбіне жүгіріп келіпті. — Алдияр тақсыр, талай жер шалған атым болдырыңқырап аздап кешігіп қалдым, айып менен, дарға аса беріңіз енді, — депті ентігін баса алмай. — Ал саған, бейтаныс бауырым, мың да бір рахмет, сенің сенім адалдығыңның алдында жаным пида. Осы кезде өлген шалдың үлкен ұлы қазының алдына келіп етпеттей жығылыпты. — Уа, әділ қазы, мына жолаушыға азаттық беріңіз, әкемнің құнын кештім, — депті күңіреніп. Жиналған жұрт таң-тамаша қалысыпты. Сонда қазы кепілдік берген кісіге бұрылып:
— Сен аты-жөнің білмейтін, мойнына жүктеген кісі қаны бар, пиғылынан беймағлұм бейтаныс біреуге кепілдік бергенде мынау алдап кетеді демедің бе? — деп сауал қойыпты. — Беймәлім адамға өз басымды өлімге тігіп, кепілдік бергенде мен бір ғана нәрсеге: адамдар арасындағы ұлы сенімге сендім. Алдап кеткен күннің өзінде де мен сол сенім үшін шәйіт болатын едім, — деп жауап қайтарыпты жаңағы ақжүрек. — Ал сен жолаушым, мына бейбақтың кепілдігін пайдаланып, тура келген ажалдан құтылып кететін едің ғой. Алты күндік жолыңнан неге қайтып оралдың, — депті қазы. — Мен екі адамның мойныма түсер қанынан да қорыққаным жоқ. Өлім жолы сан тарау-біреу оттан, біреу судан, біреу кісінің қолынан дегендей... Өлім біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Біреудің өліміне біреу себеп те болып жатпай ма. Бұл жағы мені онша қинаған жоқ. Менің аяқ-қолымды жерге тигізбей кері оралтқан бір-ақ күш бар. Ол — мына бейтаныс бауырымның маған деген шексіз сенімі еді. Қаншама мың халықтың ішінен бір адам шығып саған құлай сеніп тұрса, оның сенімін аяққа басу барлық жазадан да ауыр, барлық жауыздықтан да өткен қайғы-қасірет болар еді-ау деп түсіндім, — депті түйелі жолаушы. — Ал ұлым, арыстай әкең өліп жатқанда, оның өліміне мына бейбақ себепкер болып тұрғанда қазы шешіміне неге ара түстің? Соның мәнісін айтшы бізге, — деді қазы шалдың үлкен ұлына бұрылып: — Бір-бірін танымайтын екі адам бір-біріне осылайша шексіз сенім білдіріп жатқанда әкемді абайламай өлтіріп алған мына жолаушыны өлімге байлап бергенім қаталдықтың шегінен шыққандық болмай ма. Біз де өмірден өтерміз, жер сарайын жаңғыртып жаңа ұрпақ келер. Сонда сол жаңа жас ұрпақ өткен бабаларымыздың арасында алакөз сенімсіздік басым болған-ау, сол үшін де бірбіріне жауыға қарап, итше ырылдасып, қасқырша қырқысып жатыпты, тіпті өлімге де қиып жіберуден тайынбаған демей ме бізді. Өлер әке өлді, орны толмас, бірақ адамдар арасындағы сенім ұлылығын құрметтемесек жалғыз әке түгілі аспандатып, ардақтап өтер, адамдық қасиеттен де айырылармыз-ау деп қорықтым. Түйелі жолаушыға кешірім беріңіз дегенімнің себебі осы еді, — депті шалдың ұлы. Қазы да, жиналған халайық та үш адамның біртұтастай табылған уәждерін құп көрісіп, тарқасып қайтқан екен дейді. — Пах, пах, аталы әңгіме мында жатыр ғой, Тоқа. Көзімді ашқандай болдыңау жарыктығым. — Шөнек тұңғиық ой кешкендей сақалын саумалап, төмен қараған күйі отырып қалып еді.
Тобық маңдайына шып-шып шыққан терін сүртіп, сусын ұсынған келініне сүйсіне көз қиығын тастап, аз-кем жатты да: — Адамдар бір-біріне деген сенімнен айырылса тағы болып талап, аждаһа болып жалмамай ма бір-бірін. Иә, Шөке, солай. Маған көрсеткен бір кездегі сенімсіздігің осы күнге дейін менің көкірегіме шемен болып қатып, сенің жүзіңе шіркеу болып келді емес пе. Бір жылдың төлі болып қатар жүрер біздерді осы күнге дейін алыстатып, аулақтатып келген де, ортақ қызығымыздан, татар дәмімізден қақпайлап келген де сол сенімсіздік салқыны-ау, Шөке. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адам ашуы басы жерге жеткенше» деп, алдыңа әлденеше рет барғанда бір илікпегенің қалай? Әлде мені сол кеткенімнен мүлдем келмесін деп тілеп пе едің. — Тек, астапыралла, тек, олай деме, Тобық. Сайтан азғырды да... Ой Тоқамай, баяғы пендешілік шіркеу де әйтпесе бар күнә өз мойнымда тұрғанда аяғыңа өзім келіп жығылуым керек емес пе еді. Соған бір жағы ұят, бір жағы сасық намысы түскірі жіберді ме мені. — Ой пәлі, Шөкесі-ау. Айтасың-ау сен де. Жиырма жыл бойы неткен шіркеу, неткен намыс саған мойнын бұрғызбаған. Жә, сені мына екі баламның алдында жерлейін деп шақырғаным жоқ, арыздасайын деп шақырдым. Бәрі де ұмыт, бәрі де кешулі. Мен баяғыда-ақ кешкенмін сені. Тек сенің үрке қарап, осқырынуыңнан әлі де көкірегіңде сенімсіздік кінәраты бар-ау деген ой мазалай берді емес не мені. Енді соның бәрінен тазарып отырмын. Сен де тазар, жарқыным. Шөнек Тобық құрдасының кеудесінде жатқан әлсіз қолдарын алақанына салып, еппен қысып ұстаған қалпы ақкіреуке жамылған басын иіп кемсеңдей берді. — Кеше гөр кемеңгерім. Мен кещенің айыбын кеше гөр, —деп күбірледі ол. — Әй Шөкем-ай. Айттым ғой жаңа бәрін де кештім деп. Кешпесем адал дәмімнің үстінде осылай отырар ма едік. Ал сен күшік, — Тобық ұлына ежірейе қадалды, — енді қайтып сенбеймін деген сандырағыңды естіртпе маған. Шәй құйып отырған Кербездің өңі қызарып жүре берді. Көбес болса әке жүзіне қараудан қаймыққандай жер шұқып отырып қалды. Ертеңінде таң ата Тобық қарт мәңгілікке көз жұмды. Атып келе жатқан арайлы таңның сүт сәулесі қарттың әжімді маңдайынан төмен қарай сорғалай сырғып келіп жан сарайын ұзақ күндер мен түндер мазасыз дүбірге бөлеген сенім үмітінің бір үзік тамшысындай бөлігі миығына ұйып қалған екен.
ӘУПІЛДЕК ЗАРЫ Қар басты Әупілдектің қамыстарын, Айтады әркім көрген қасірет зарын. Түседі қайғылыға қара тұман, Кім білер сол тұманның ашыларын.
Жатаған төбелердің сауырын жеңіл сипап, құлдыраңдай есіп, майда жортақтаған самалмен баяу тербеліп, ырғала толқи түсіп барып, төңкеріле теңселіп кеткенде Арқаның айдары күміс, ақ бұйра селеулі даласы күн сәулесіне бауыры жарқ ете қалар ақ сазанды айдынға ұқсап кетеді екен. Көде түбінен күнмен таласа көтеріліп алған сан мың бозторғайдың әуелеп кеткен әуені ту биіктей осынау алып та аңғал, марғау да маңғаз мекеннің ғұмырлама күйіндей сорғалайды да тұрады. Қадау-қадау қызыл қурай, шоқ-шоқ тобылғы түбіне ұйыса, шырмала біткен қалың қауды паналаған сан мың көбелек қанаттарын шықтан сілкіп алып әр тұсқа шашырай ұшып дала төсін қайталанбас әрлі түрмен кестелендіре берген. Болмашы самал лебінен қалтырай қалған мақпал қанаттарын жеңіл дірілдетіп әрлі-берлі, оңды-солды, жоғары-төмен құңқылжи самғаған көбелек екеш көбелекке дейін осы бір марғау өңірдің мамыражай қуаныш тірлігіне разы қылық танытқандай екен. Шырқап шыққан биігінен шығаңдап шалғай кетпей, топшысы талып бір мысқал төмен түспей, белгілі бір мөлшерлі кеңістік биігіне ілініп қалған жалғыз ноқат — бозторғайы болмаса, жайдары қылықпен еркелей өскен самалы болмаса, сайын дала аппақ жазық жонымен жылжып өтер уақыт керуенінің өзі де бір сарынды жүрісінен жаңылып кетіп бір сәтке тізе бүгіп, қалғи қалған ба дерсің. Ол да осынау ұлан-байтақ кеңістік жонымен көшекөше қажып, қиырына жете алмасын сезінгендей қайырлап қалған-ау дегізгендей. Дала тірлігінің күре тамырындай бүлкілдей ескен жел мен сол тірліктің мадақ жыршысы — бозторғай үнінен басқа оқшау құбылыс қылаң берер емес. Бар алап: кіл аспан, марғау төбелер, ұлан-ғайыр жазықтық, сылаң сағым, бозторғай шырылы, көбелек дуылы бәр-бәрісі ұйыған тыныштық қалыппен жаныңа мақпал шуақ қотарып осы бір бейкүнә тірлік қалпынан айнымай, қиял-бесік құндағында әлдиге бөленіп жата бергей деген ізгі тілекке жетелейді. Жатаған төбенің басына шоқытып шыға келген үш салт аттың тұяқ дүбірі жаңағы бір мүлги қалғап тыныштықты тосыннан түртіп оятардай ширақ екпін танытқан.
Ортадағысы боздан шаңқан шыққан көк қасқа ат мінген қияқ мұртты, қызыл шырайлы, сұлу дидарлы, шарасы кең мойылдай мөлдір жанарлы Сәкен еді. Қазақы оюмен әлеміштеп тастаған тік жаға көйлегінің омырауын айқара ашып, салқын самалға көкірегін аймалата сүйдіріп тұрған ақын жігіттің ой тұнған өткір жапарлары осынау даланың қиырсыз қияпатын қия алмаған қалыппен біртүрлі елжірей, еркелей шолады. : Арқа өңірінің көзге оқшау ұрар қырат белесі жоқ ұшан-теңіз кеңістігі ақын жанын аз-кем алдарқатқандай, тізгін тартқызып жеткендей, сұлулығы ала бөтеп қалпымен ұшырасқан еді. Осы бір іңкәрлі, аяулы, тәтті сәттен көз жазып қалғысы келмеген Сәкен ат басын еріксіз тежеген. Қос қапталдап келе жатқан екі салт атты да ақын көңілін қапысыз ұғынған болса керек, тізгін тежесіп, кідірістей берген. Шәй шымылдықтай судырай төгіліп барып селеу басын шымқай орап тастап, бел белестерге, қырат-төбелерге қарай сынап болып сырғып, сең болып жылжи жөнелген сағым арасынан жарқ еткен ажары бірде айқындалып, бірде күңгірт тартып, көмескілене қалып қос көл жатыр еді. Сағымның бірде сиқырлы шымылдығымен тым жақын тұстан жалт ете түсіп, бірде тым әріге жылжып кетіп, діріл қаққан қос судың мына ғажап тірлік құрсағында қалғып кеткен сәті Сәкенді қатты тебірентіп тұрғандай. — Ақсақал, анау не көл? — деді жолбасшы қартқа мойын бұрған ақын. — Ә, анау жалтырап жатқандар ма? Бірін Алакөл дейміз де, екіншісі кәдімгі Әупілдек қой, жарықтық. — Қарт үні соңғы атауды біртүрлі жүрек дірілімен жеткізгендігін ақын көңілі жазбай танып еді. — Апырай, Әупілдек осы деңіз. Сол көлдің басына барып қонал қаласақ... Сәкен атын тебіне түсіп ілгері оза берген. Ынтық сезім ықтиярын жеңіп, көңіл тұнығын шайқап кеткен жаңағы бір жалт еткен әсер әлдиімен ілгері ұмтылған ақын жігіт ендігі жерде ат жүрісін жебелете түскен. Міне, көл табанына тұмсық тіреген құла төбе басына да ілінді жүргіншілер. Төбе басына тіктей өрлеп барып тізгін тежегенде Әупілдек бар ажар кескінімен көсіле түсіп, кеудесінен майда толқынды жамырата өргізген қалпы назарға іліккен. Жағалай біткен нар қамыстардың тасасынан сылаң етіп көл дидары жалтырап шыға келгенде Сәкен жүрегі аунап түскендей бір тулап қалып еді. Жым-жырт тыныштық аясында шымыр-шымыр толқып жатқан Әупілдек Сәкенге ескі танысындай ыстық, іңкәрлі жүрек сағынышындай сүйкімді қалыппен ұшырасқан. Қамысы Әупілдектің мүше-мүше, Сарғайдым осынау көлдің суын іше. Қос қанат құсқа біткен маған бітсе, Бармас па ем қалқатайға әлде неше..
Әупілдек... «Қыз мұңының куәсі, он төресінің тұғыры болған.Әупілдек сен бе едің.,. Сол бір мұңлы ән болмаса қазақ даласындағы атаусыз көлдердің бірі болып жата берер ме едің, қайтер едің, жарықтық. Ән тарихы — ел тарихы, жер тарихы деген осы ғой. Бір-бірінен неге ажырасын. Анау қоңыр төбе — Сырымбет Ақанның әні болмаса осылайша аспандап кетер ме еді... Әупілдек... Әуені бөлек, әрі ала бөтен ән баянсыз махаббаттың зарлы наласын қапысыз жеткізе алған ғой...». Осы бір мұңлы әнді алғаш қайдан естіп еді. Алғашқы әсері қандай еді. Сәкен ойы осы бір тұсқа жетіп іркілгенде ойын-сауық үстіндегі ауыл кеші көз алдында көлбеңдей берген. Ақмола төңірегіндегі бір ауылда, Қабиба қыздың аузынан естіген еді-ау. Өзі қандай уылжыған сұлу болса, әнді де сондай бір сұлу сырмен терең мұңмен айтады екен Қабиба қыз. Оның орындауындағы «Әупілдек» тым әсерлі де әдемі шығып еді. Үкілі домбыраның сезімнің терең иірімінен суыртпақтай тартып шығарған шымыр-шымыр жан тебіренісіндей болып естілген қоңыр әуен салған жерден шығандап кетпей бірте-бірте өрлеп келіп, биіктеп шығатын да ащы зар, күйікті күйзеліске булыққан күйі аңырай өксіп тұрып алатын. Шумақтай шумаққа ауысқан сайын көңіл күйзелісі тереңдеп, қайғы хал ауырлай түсетін. Ән әуенінің әлем-жәлемнен аулақ, құсалық тереңінен қотарылған қайғылы үн бедерлері көңілге мұң оралтып, ет жүрегіңді елжіретер алабөтен күйге бөлейтіндей еді-ау.Әнші қыздың ай маңдайы, шарасы кең қос жанары, ажарлы дөңгелек жүзі, тіпті пернеге қадалған сүйрік саусақтарына дейін тек осы бір әнді — «Әупілдекті» ғана айтуға жаралғандай, ән зары мен бірге үндесіп, біте қойындасып кеткендей әсер қалдырған Сәкенге. Сол бір мұңлы қалпын бұзбай келіп ән де аяқталған. Жанарына бір ыстық та күйікті жастың лықси толқып келіп қалғаны, содан өзін зорға тежегені есте. — Уа, бәрекелді, Қабиба. — Ән деп осыны айт. — Әніңе де, өзіңе де болайын, — деп дуылдасқан сәтті пайдаланған Сәкен отырған орнынан ұшып тұрып, тысқа шығып кеткен. Содан көпке дейін өзінеөзі келе алмай ауыл сыртын кезіп жүріп алған. Жаңа ғана естіген «Әупілдек» зарымен бірге қосыла күңреніп, жан сезіміне ала бүлік болып енген алабөтен сезім селіне соқтығып, дел-сал халге түскен, іштей өксіп езіле егілген. Нелер әнді естіп жүріп тап мұндай мұнданып егілмеген, жас болып төгілмеген еді Сәкен. Неткен қасыретті ән еді, жаным-ау. Көл басына күнде келіп нар қамыстың сылдырына, әупілдек құстың тереңнен тұншыға шыққан ауыр күрсінісіне қосыла отырып еңіреген әйел зарында айықпас мұң, жадырары жоқ ауыр, нала мол екен. Сүйгеніне қосыла алмай зар илеген ғашық жүрек қана тап осылай күңіреніп, тап осылай егілсе керек.
Енді міне, сол әннің неше ықылым зарын тыңдап, қасірет шегіп, қапаланған келіншектің күйікті күндеріне куә болған көл — Әупілдекпен жүздесер сәт те жетіпті. Аттарын қалмақшылап қаңтарып тастаған жолаушылар екіндіге еңкейіп қалған күн ыңғайына қарап осы арада бел босатып, дем алғанды мақұл көрген. Жолбасшы қарт атына өңгерген бас қоржынды жасыл құрақ үстіне алып келіп ақтара бастады. Балаң жігіт мосыға шәугімді іліп, астына от қойды. Сәкен Әупілдекті жағалап кетті. Нар қамыстар үкілі бастарын жеңіл тербеп, қойны-қоншын қуалай жүгіріскен самал лебімен ырғала түсіп барып сыңғыр-сыңғыр, сыбдырсыбдыр етісіп қалады. Аумағы шар айнадай дөңгелене біткен көл жалтырында табаны тереңге тартқан сабырлы салмақтық, самал өтіне жүзін тосып баяу шымырлаған ерке қылық бар. Күн сәулесі маңдайынан тайғанақтап барып жалт ете қалар көл дидары баяу толқып кетіп, діріл қаққан сайын толқын үні балтыр соққан шолпының сыңғыр-сыңғыр үнін, арулардың жарқын күлкісін еске түсіре ме, қалай? Жоқ, күлкі де, шолпы да бола қоймас. Сүйгеніне табыса алмай зар кешкен бейбақ жанның құсалық әнін тыңдап, сан дөңбекшіген Әупілдекке еркелік, желегін желпіген желік думан жараса қояр ма екен. Сәкен төңірегіне қамыс, қоға ұйыса біткен Әупілдек көлін жағалап ұзақ жүрді. Ойына сол бір тойдағы Қабиба сұлудын шырқатып салған әні тағы да оралды. Мұң кенжен келіншектің ажар-кескінін ойша өрнектеп, көңілімен кестелегендей Сәкен қиялы бір қиырды кезіп кетіп еді. Бейбақ ару, сорлы қазақ қыздары... Қайғы-қасіреттеріңнің жоқшысы болып қанша ән, қанша зар қалды арттарыңда... «Жазған ару, сенің қай тұсыңнан келіп мұңлы әнін сыңси салып журді екен, беу Әупілдек. Бәлкім тап осы тұсқа келіп тұрып мұң шерін ақтарған болар ма. Әлде ана бір түйетайлана біткен жарлауыт қабақты тұста отырды ма екеп егіліп. Сол қамыс, сол көл... Үнсіз, тілсіз жатыр... Бейбақ жан зарын тыңдар ет жүректі адам таппай, мұң-зарын мына жатқан меңіреу көлге арнаған, көлмен бірге күңіреніп, көл құсы әупілдекпен бірге тұншыға қамыққан-ау». Ақын Әупілдекті жағалап ұзай берген. Құлағында құрақ сыбдыры, құс шуылы, көкірегінде Әупілдектің сыңси тегілген текті әні — қасірет әні бас көтеріп келе жатқандай еді. Арғы жағалаудан шіңкілдескен қос шүрегей ұшып шықты даСәкен тұрған тұстағы жалтырға келіп бауыр төседі. Қос қанат құсқа біткен маған бітсе, Бармас па ем қалқатайға әлде неше...
«Неткен арман, орындалмайтын, қанатын қағуға дәрмені жоқ топшысы қырқылған қайғылы арман ғой бұл. Сөзін тыңдатар пенде, қайғысына ортақтастырар жанашыр таппаған шерменде жанныңболмашы қиял, болымсыз тірлік әуресіне түсері, сөйтіп қолдан келмес арманға үміт артып, үздіге егілері бар». Сол бір бақытсыз жанның ендігі алданыш тірлігі ән, зарлы да қасірет әні болғаны ақын көңілін кіршігі жоқ пәктігімен, ұшқыр сезім қуатымен қатты тебірентіп еді. Сәкен ойы ән әуенімен ілесе келіп зарлы жанның қос қанат байлап ұшарына, биікке самғарына иланғандай бір түрлі елегізе қалған. «Бәлкім қайғылы жан шынында да өзіне қос қанат бітіп, сөйтіп сүйгеніне самғап жетеріне сенген де шығар-ау. Адам зарыққанда, сағынып сарғайғанда нені аңсап, нені армандайды дейсің. Бұл нағыз асыл арман, қанатты арман ғой, жаным-ау. Зерделі апатайым, арман қанатың неткен ұшқыр еді сенің. Қос қанат байланса дүлей дауылға да, нөсерлі жауынға да, алдыңды ораған өртке де, құсалық дертке де қарамай самғар едің-ау. Әттең, әттең... «Осы бір сәт ақ көйлектің қос етегін желмен желбіретіп, ақ білектерін құстың қос қанатындай жеңіл сілкіп тастап көл бетімен түстікке — сүйген қалқасына қарай ұшып бара жатқан мұңлы сұлу елес бергендей болды ақынға. Омырауын самал сүйген арудың қос қара бұрымы жон арқасында желбіреп, көл айдынын сипап барады, жанарларынан ыссы жас сорғалай төгіліп, көл бетіне сіркірей төгіліп барады. Армандаған адамына жетсе жарар сді. Әлсіреген білек, алып ұшқан әлсіз жүрек мерт етпесе болды да. «Ұш, самға, сәулем, аялдама, сүйгеніңе жетуге асық. О дағы зарығып, зарланумен жүрген болар. Жарып өт мына көлдің нар қамысын, дөңбекшіген дүлей толқынын. Шын ғашықтар ғана осылай самғап, осылай зарланса керек. Самғай түс, сәулем, самғай түс... Тілектеспін, табысуыңа...». Бірақ әлсірегеп қос білек — қос қанаты талғандай мұңлы жан Әупілдектің ақ айдынды ортасына жете құлап түсті. Ақын көңілінде манадан бері үзілмей сыңсыған зарлы үн де сап тиылды. Жазған-ай. Бәрі де жалған, бәрі де бос арман болғаны ма. Қеліншек құлап түскен тұстың суы ақ маржан болып аспанға шашылып кетті де шашырай төгілген тамшылар астынан сыңар аққу сыңсың шыға келді — келіншек аққуға айналып кетсе керек. Көңіліне осындай бір сырлы құбылыс елесін әлсін-әлі оралтып, өзді өзімен қиял шарлап, қимас бейне, қылықты әуен әлдиімен тұрған Сәкен арман биігінен мерт болып құлай түскен елес - келіншектің табан астында аққуға айналып жүре бергеніне біртүрлі шаттанып, қуанып қалғандай еді. Көл бетіне аса бір ынтық іңкәрлі құштарлықпен сүзіле қарап, өз өзіннен күбірлей берген.
«Тәңір жазған-ай, қос қанат құсқа біткен маған бітсе деп армандамап па едің, енді ұшсаңшы қалқашыңа. Аққу болып ұшсаңшы енді». — «Беу жазған-ай, сыңарынан айрылған аққу да бір, сүйгенінен айырылған шын ғашық та бір екен-ау. Әупілдектің басындабар қызық-қуанышынан айырылып, қайғы-наланы ғана еншілеп алған мұңлық жан кімді іздеп, кімді аңсайды енді. Үміті үзіліп, қанатты арманы топшысынан қырқылғанда осылайша егіліп жыламағанда қайтеді сорлы мұңлық». Ақын көңіл көзі алдында көлбеңдеген осы бір мұңлы әсер суретіне берілген қалпы Әупілдектің арғы жағалауына сүзіле қарап қалып еді. Жаңағы бір жан дүниесін билеп алған тосып қиял, жанды елес жібін үзгісі келмегендей еліге, егіле қадалған қалпы бар. — Сәкенжан. Ақын жігіт селк ете түсті. Қасында жолбасшы қарт тұр екен. Жүзін жуып кеткен ыссы жасқа қалай, қашан, қай сәтте ерік бергенінен хабары жоқ Сәкен қартқа жалт қарап еді, шал шошынғандай шегіншектеп барып бойын әзер жиды. — Дәм суып қалды. — Ә, дәм дедіңіз бе... Мен қазір ақсақал, қазір. Сәкен қалтасынан ақ торғын орамалын алып жанарына апара берді. * Әупілдек көлдің жағасы. Төңірегін мақпал қараңғылықпен қымтай қаусырып түн де жылжып жеткен еді. Өліара шақ. Ту биіктен жұлдыз біткен өлімсіреген, талмаусыраған сәуле шашып, қиялыңды қияға жетелегендей әсерлендірер ойға құнтақтап, тәтті елеске еліктіреді, елтітеді. Ер тоқымын басына жастап қисайған қарт қорылға басты. Бозбала жігіт пен Сәкен ғана ояу. — Аға, Әупілдек деген құс осы көлді мекендейді деген рас па? — Рас, қалқам, ұйықтамасаң даусын да естіп қаларсың. Сәкен түнгі аспан күмбезінен төменге сорғалай құйылған жұлдыздардың әлсіз дірілді, сан түсті сәулесіне сүзіле қарап, қиял кешіп жатыр. Құлағына көл суының омыраулап келіп жағалауды ұрғылаған күрсінісі талып жетеді. Сүйрікті қамыс, борықты қоға сыбдыры көңіл тербеп, сезіміңді желпитіндей. Шексіз киял, шетсіз аспан астына сыймай тебірене толқып, биіктен биікке самғайды ақын киялы. Осы сәтте көлдің арғы жағалау түсынан «Әу-әу-әуп, әу-әу-әуп» деп тереңнен тұншыға шыққан бір қорқынышты үн де естіліп қалып еді. Бозбала жігіттің бойы түршігіп, ақын ағасының бауырына тығыла түсті.
— Міне, әупілдегің осы. Тереңнен су тартып шығара алмай жатқан зәбірлі жанның даусына ұқсамай ма? Өзі қолтоқпақтай болғанымен үні зор. — Иә, солай екен, аға. — Ертеректе осы көлге бір сұлу қыз жиі келіп, өлең айтып жүріпті деген рас па, аға? — Рас, «Әупілдек» деген қасірет әнін естімеп пе едің? — Естігем, аға. — Естісең сол ән сүйгеніне қосыла алмай құсалықпен өткен өзің айтқан мұңлы қыздың әні. — Әжем ұршық иіріп отырып осы әнді жиі айтатын. Мұндай да мұңлы ән болады екен-ау деп атам да еліге тыңдаушы еді. Ол кезде ән қадірін білдік пе, баламыз ғой. Қазір аңдасам шынында да қайғылы ән ғой, аға. — Иә, інім, солай... Бұл ән емес зар ғой, Әупілдек зары... Бала жігіт те әжесінен естіген ән әуенін ойға оралтса керек. Терең күрсініп, ойға берілгендей үнсіз қалды. Бәлкім оның да бала қиялы «Әупілдек» әнінің қасірет күйімен толғана тебіреніп, қою мақпалды түн құшағына құлаш ұрып жатқан болар-ау. Төбеден төне қалған жұлдыздарға сүзіле қарап Сәкен жатыр. Құлағында Әупілдек көлінің қамысты жағасын тынымсыз соққан толқын сылқылы, қалың қауды қырпып шалған шідерлі аттар пысқырысы, бақалар құрылы, көкіректе мұңлы ән сазы, көңілде сұлудың көлге сүзіле, егіле қарап тебірене салғандағы мұңлы сипаты. Ендігі бір сәтте тағы бір беймәлім құстың сұңқылы естілді. Су сабаласқан қанаттардың қақтығысқан қатқыл дыбысы жарыса шықты. — Мынау аққудың үні — жалғыз аққу. Қос аққу бұлайша мұңмен сұңқылдамайды. Сыңарынан айырылған ғой, бейбақ — Сәкен елегізіп басын көтеріп алды. Ақынның ойына манағы бір тәтті елес оралды. Мұңлы ару, сыңар аққу. Бәлкім сүйгенін күні бүгінге іздеп жүрген аққуға айналып кеткен келіншек болар ма жаңағы сұңқылды үн иесі. Бірақ мұның бәрі қиял орындалмаған арман ғой. Не сыр бар осы көлдің аясында? Ну қамыс судыраған саясында? Естіледі аққу құстың үні мұңлы, Не сыр бар ақ сұлудың ұясында? Сәкеннің жаңағы бір қиялымен қабаттаса, қанаттаса шыққан жан толқынысы жыр болып, көкірек тереңінен қотарылған сыр ағыл-тегіл ақтарылып бара жатқан.
Қатқыл самалдың қанаты нар қамыстар басын желпи түсіп судыр-судыр еткізеді. Әупілдек тұстан бой тоңазытар салқын леп есті. Көл қорысының шіріңді иісі қолқа қабады. Елегізе қалған сергек көңілдің ендігі жерде мазасызданбай жайдан-жай жатуы мүмкін емес еді. Сәкен орнынан сергек тұрды да әлгі бір әзірде өшіп қалған ошақ түбіне еңкейді. Оты өшкен ошақ астындағы қоламтадан сығырайған жалғыз шоқты тауып алып қоздата қозғап, үстіне шырпы тастаған ақын койын кітапшасына жаңағы бір өлең жолдарын түсіріп сәл кідірген. Аққу құстың сыңсыған үні тағы да шалынды құлаққа. Сұңқылдап аққу құс та жылай ма екен? О дағы көздің жасын бұлай ма екен? Аймалап ұясында балаларын, Елжіреп, сипап байғұс сылай ма екен? Бірде лап етіп, бірде өлеусіреп өше түсіп барып, қайта тірілер от сәулесі түскен дәптер бетімен ақын қаламы тынымсыз жүйткіп, ұзақ жосылды. Көңілін толқытып, көкірегін күмбірлеткен Әупілдек әсерін езінше толғап, өзінше жырауға іңкәрлі жүрек көпке дейін алып ұшқан шабытты күйден жазбап еді. Түн іргесі сөгіліп, атаң таңның бозмамық сәулесі қылаңдана бой байқатып та қалып еді. Жаздың өресі қысқа тұтам түні түндікті түре келген таң сәулесінен ығыса берген. Сәкен Әупілдек көлінің басындағы түнді осылайша ұйқысыз өткізген. Таң бозамық сәуле сепкеннен-ақ оты өшіп, коламтасы ғана қалған ошақ басынан тұрып кеткен ол ақ буалдыр тұман қымтаған көлге келген. Табиғаттың мәңгілік жаратылысындай ештеңеге алаңы жоқ өз жайына жатқан Әупілдек түні бойғы мазаң сұңқыл мен қаңқылдан қалжыраған, жаңа ғана қалғып кеткекдей ақ тұманды айқара жамылып, мүлги қалыпты. Төңірек тым-тырыс, тып-тыныш кілкіген қаймақ тыныштық құшағында. Сәкен буалдыр тұман құшағында жатқан көл айдынын іздестіргендей қас қақпай, үздіге үңілгенімен кемер соққан майда толқын тепсінісінен, қамысқоға сыңғырынан басқа ештеңені ажыратып, аңғара алмады. Кешегі жарқын қабақ, жайдарлы қылықтың ғұмыры ұзаққа бармапты. Өмірдің өтпелі, көшпелі дәуренін басынан сан рет аттандырған Әупілдек ажарында салқындық, жабырқау жетімдік бар. Әупілдек сыр бүгіп тұйық жатыр. Енді ол мұңлы арудың бота жанарларындай жаудырай қалған жалтыр суын да, сыңарын іздеп шарқ ұрған аппақ қуын да көрсеткісі жоқтай етек-жеңін қымтап алған. Азалы, жаралы арудың әнін тыңдаған сайын бұл да қайғыға мелдектей батып, айықпас қасірет тартқан, сөйтіп қамығып, бозғылт тұман қымтанған қалыппен үнтүнсіз меңіреу-мылқау күйде қалсам дей ме екен.
Әупілдек тұңғиықты көтереді, Көтерсе көлді ойран етер еді. Тағдыр да рақымы жоқ меңіреу ғой,
Күш берсе тұншыққанға не етер еді? Сәкен көңіліне көлдің тап жаңағы сәттегі самарқау, сараң сипаты осындай бір өлең шумағын оралтып еді... Үш салт атты құбақан төбе басына шоқытып шығып, тізгін тежесті. Сәкен Әупілдек тұсқа тағы да мойыл жанарларымен сүзіле, егіле қараған. Көл бетінен боз тұман баяу сырғып, көшіп жатыр екен. ...Түседі қайғылыға қара тұман, Кім білер сол тұманның ашыларын... Әупілдек қамыстарының сыңғыры осы бір мұңлы да зарлы әуенді ақын құлағына тағы да жеткізгендей ме, қалай? Ана бір нар қамыс түбінен бермен қарай жарқ етіп шыға келген аққу ма, әлде мұңлы ару ма екен. Екеуінің бірі болар... Жолбасшы қарт атын тебінді. Ақын астындағы шаңқан да шабыс тілегендей ауыздықпен арпалысып алға озды. Сәкен Әупілдекке ақтық рет тағы да бұрылып көз қиығын тастаған. Көз тартар ақ айдын әлі көрінер емес. Бірақ көл бетінен боз тұман жеңіл сырғып көшіп жатыр, көшіп жатыр...
ТҮНГІ ҚОҢЫРАУ Әдебиетіміздің үш тағаны — Сәкен, Ілияс, Бейімбет рухына ескерткіш.
Ол түнді ұнататын. Ұнататыны сол — түн тыныштығын жамылып алып жазу столының басында мәңгілік отыра берсем деп те армандайтын. Ақ қағазға бар арманды, ойыңды, үміт-тілегіңді, жүрек лүпілінің атойлаған ыстық іңкәрлі сезімін түсіресің. Өз маңдайыңа бұйырған талап дарыныңның қуатымен қиял құсыңды әр тарапқа самғатып, ой көзің жетер әлемнің әр қиырынан сыр тартасың. Өткенің мен бүгінің жайлы ой толғап, келешегіңе үміт көзімен қарайсың. Еліңнің тағдыры, халқының мұңы мен үміт-тілегі болып сөйлегің келеді, ұстараның жүзіндей қылпып тұрған мына кезеңнің тұңғиығына бойлап, қиясына самғағың келеді. Халқыңа түйгенің мен білгеніңді бүкпе, қоспасыз ашық айтып, ағынан жеткізу де сенің мойныңда. Ию-қиюы мол күні бойғы жүйкені жұқартып, қажытатын мазаң тірліктен бір сәтке мойын босап, өзіңмен өзің қалғанда манаураған мақпал түннің тылсым тұңғиығына бойлай түсіп, қиял кешкенге не жетсін, шіркін! Ақын адамға түн құшағының айтар сыры да, ұсынар жыры да алабөтен емес пе? Сығырайған май шамның түбінде талай түндерін өткерген ақын үшін бұл сәттің қайталанбас қуанышы, көңіл марқайтып, жан сезімін рахатқа бөлер әсерлі әлдиі бір оқшау сырлы әлемдей еді. Соңғы кезде дәуірлеп кеткен айтыс-тартыстар үстінде солақай соққылар да сілтеніп, қызды-қыздымен ар-намысқа тиер таяз түйіндеулер де болмай қалмайтын. Талайлар аяқ астынан данышпан атанып, ұшпаққа ұшып, кейбіреулері ұлтшылдықтың қамытын киіп, ортадан аласталып жататын. Мұндай тартыста ешкім де аянып қалмай, барын салатын. Сонда бұл «біздің мінбеміз өш алудың, аяқтан шалудың орнына айналып бара жатқан жоқ па,осы?» деп қамығатын. Бірде ақиқаттың ақ кептері шарықтап ақын жанын қуантар болса, бірде жалғандықтың жапалағы жалпылдап жанын зар еңіретер еді. Әйтеуір ию-қию болып жатар күндізгі тірліктің бәрі де мына мақпал түннің құшағында бір сәтке ұмыт болып, ақын жанын ләззәтті жаңа бір тірлік өз жолына бастайтын. Қаламдастар жиынында жанын жаралап, беделін саудаға салған, арына күйе жағып, масқара етпек болғаи кейбір ептілер мен қызғаныштың қызыл
итін шабаландырған пысақай парықсыздардың у-шуынан жүйкесі жұқарып, жандүниесі тас-талқан болып қажыған шақта осы бір мақпал түн өзінің майда самалымен желпіп уатып, тылсым тыныштықтың әлдилі құшағына алып тербетер еді де былай деп әндетер еді: «Бәрін де ұмыт, қолыңа қаламыңды ал да, ой маржаныңды ақтара бер. Халқыңа сенің ептілер мен қызғаныштың күлін бұрқыратқан парықсыздармен арамтер болған айтысыңнан да жалғыз ауыз жырың қымбат. Халық—таразы, уақыт —қазы. Саған да, сенің жырыңа да солар берер бағасын. Олай болса кідірме де, іркілме. Алаңдар, алдарқатар кезің емес. Жаз. Бәрін де жаз. Жаңа заманның ұлылығын жаз, халқыңның күйзелісін жаз, жымысқы қулықты, сұрқия сұмдықты жаз. Қолдан жасаған көсемдердің қиянатшыл, кінәсін жаз, алданған ел, жазықсыз жапа шеккен ерді жаз. Бәрін жаз. Әділін жаз, ұрпақ, ел алдындағы парызыңды сонда ғана өтерсің. Өйткені сен ақын ғана емес, өз дәуіріңнің ұраншыл адал азаматысың. Ақиқат дәуір сенен қоспасы жоқ шындықты талап етеді. Ендеше түн жамылып отырып жазған әр жырыңнан ақиқат пен әділдіктің ақ алмастай ұшқыны жарқылдап тұруы керек. Жаз. Бәрін жаз. Тек ақиқатыңды сөйле». Ол бүгін де аядай бөлменің Алатауға қараған беттегі көк перделі терезе түбіндегі емен стол басында отыр. Күндіз болса қос қапталға сырылған көк перденің арғы жағынан аспанды иығына қондырған алып тау өзінің бар тәкаппар, асқақ тұлғасымен көзге ұрар еді. Бұл сонау ұшар басын мәңгілік көксоқта мұз аптаған, қойнау-қолатын көк балақты шыршасы мен қарағайы қаусырмалаған, мойнына торғын бұлттан орамал ораған тау тұлғасына қызығар еді. Жеме-жемге келгенде бір-бірімен итше ырылдасып, қорқау болып шайнасқан, қажетті жерінде монтанси мүләйімсіп, құшақ ашып құрақ ұшар, орайын тапса тірсектен тістеп, етектен басар, ту сыртыңнан орға итеріп, омақаңнан түсірер мысықтабан пенделер тірлігін тәрік еткен; қамшының сабындай келте ғұмырда бірін-бірі отқа салып шыжғырып, қызғаныш иесімен аяусыз шабақтаған, ғайбат өсектің уытымен азаттаған пенделердің қиқымбақай қылығына пысқырмаған алып тау асқақтығымен бір сәтте төмендемеген қалпы бұған әрі тәкәппар әрі таза тұлғасымен қымбат көрінетін. Табиғатындағы бірбеткей, былайғыларға тәкаппар көрінетін ары биік асқақтығынан ба, болмаса тірліктің қағажу, соққысын көргендіктен бе, шаужайдан алып, аяқтан шалған жымысқы әрекеттердің аярлығына шыдамы таусылып күйінер еді. Онысын жиын үстінде байқатып та қалатын. Бірақ өмірдің өктем қоқайынан ығынып, бұғынуды білмейтін, шындықтың шырылдаған қызылшақа перзентін жазықсыз жала, орынсыз күстәналаудан жанын салып қорғайтын ақын жүрегі өз бағытының дұрыстығына ден қойған сайын сабырлық сабасына тез оралтып, іштей ширыктырар еді. Оның үстінде,
баспасөз бетіндегі оқшау пікір, орынсыз кінәлаулар аз болғандай соңғы кезде мұның басқан ізін аңдитындар да табылыпты. Қайда барса да жансыз елестей бір бейне алды-артын орағыштап, бірде сайқалдықпен жылмыңдап, бірде аярлықпен алдарқытып, енді бірде доңайбат тапытып, әбдеп мазалап болған. Манағысын кезіккен жылмың қаранын, тайқы мандайынан құлаған дөдес қабағының астынан жылт-жылт еткен жылан көздері мұның тұла бойын тіміскілептінтіп, арбап тұрып алды емес п? Осы бір жылмың қарамен кездескісі-ақ келмесе де, соңғы кезде қайдан пайда боларын кім білсін, алдын орап шыға береді. Көшенің бұрылысынан да, аудитория аузынан да, сатының үстінен де ұшыраса кетеді. Бейне бір мұның соңынан шырақ алып түскен тыңшыдай, болмаса көлеңкесіне айналып жеткен жансыздай ма дерсің?! — Уау, ақын аға, тағы да ұшырасып қалдық па, — деді жылмиып. Бұл салқын ғана бас изеп өте бермекші еді, анау алдан кескестейді: — Кешегі газетке шыққан поэмаңызды айтам... ғажап екен... Бәлемдерді сойып салыпсыз... Сөйту керек... Батыл айтыпсыз... Саяси астарын айтамын... Бірақ өзі бітпеген-ау, сірә... Күтеміз соңын... — Е, күт, күт. — Бұл басын тағы бір изеді де аялдамаған қалпы аудиторияға еніп кеткен. Содан кешкілік үйге қайтып келе жатып көпір қиылысында онымен тағы да ұшырасқан. Төңірегінде қараңдаған ешкім жоқ сықылды еді, жылмың қара жер астынан шыға келгендей оң қапталдан сап ете қалды. Жылан көздерінде ойнап тұратын құйтырқы қулықтың жасанды жарқылы өшіп, оның орнына зәрін шашқан өшпенділік ызғары тұтана қалған екен. Ақынның жон арқасы ду ете қалды. «Апырмай, мына неменің көздері жаналғыш қанішердің рахым, мейірімнен жұрдай көздеріндей неткен суық еді». — Уау, тағы да ұшыраса қалдық па, ағасы... Байқаймын, осы сіз менімен жүздесуден аулақтайсыз... Мен көрінсем-ақ ытырына қаласыз... Қапелімде не айтарын білмей қалған ақын: — О, о, не дегенің... — деп абдыраған. — Білем, білем... Қашқақтайсыз... Тіпті сөйлескіңіз де келмейді... Ал мен болсам сізді құдай тұтам... — Оныңа рахмет, шырақ. — Ал сіздің менімен сөйлескіңіз де келмейді, — деді тағы да нығарлай қайталап. — Ал мен болсам сіздің жолыңызды қуып жүрген қаламдас ініңізбін. Менде де намыс бар. «Намысшылын мұның». — Ендеше менімен тең адамша сөйлесуіңізді қалар едім. — Сонда не туралы. — Мәселен өмір туралы, саясат туралы, халықтың досы кім, жауы кім сол туралы...
— Үндемейсіз. Үндемейтініңіз өзіңізді ұлы санайсыз. Былайғылармен пікірлескіңіз келмейді, сынағандарға мінез көрсетесіз. Мен сияқтыларды көзіңізге де ілгіңіз келмейді. Құдайдың шын рахым, мейірі түскен пендесіекеу болса соның бірі өзіңіз, ал біреу болса тап соның өзісіз. — Жылмың қара сұқсаусағымен мұның кеудесін нұқып жіберердей ұмтылыңқырап барып кідірді. — Түсінбедім, шырақ. — Түсінесіз, түсінгенде қандай... Кемеңгерсіз, таланттысыз. Ал олардан мен пақыр жұрдаймын. Еңселісіз, ғажап көріктісіз, әйел біткен... — Не деп кеттің, жарқыным, тоқтат енді... — Жо-жоқ, тоқтатпаймын. Иә, иә, әйел біткен көзіңіздің қиығына ілінуді армандап өліп-өшеді. Ал менің ұсқыным болса мынау... Сонда әділдік қайда? Құдайдың рахымы қайда пендесіне. Жо-оқ, ол болмайды. Құдайдың жіберген қателігін мына біздер, жердегі пенделердің өздері-ақ жөндеуі керек. Сіздің күндік тірлігін ғана қанағат тұтып, ішіп-жегеніне ғана тойымдылықпен қарайтын тоғышар, топас, қызғаншақ, сөйте тұра биіктен көрінуге өлермендене ұмтылған былайғы пенде-сымақтардың арасында жүруіңіздің өзі қиянат. Ойдан да, ақыл, парасаттан да, тұлға, көріктен де құр қалған ергежейлі пенделер арасында Гулливер болудың несі бақыт!? Осындағы әдебиет әлемінде жүрген төрт-бес Гулливерден арылмай ергежейлілердің ішкен асы бойға сіңер емес. Міне, сізге айтар ақиқат осы. Логикаға сыймайды-ақ. Бірақ ақиқаты сол... түсінемісіз... Адамның жандүниесін егілтетін ғажап дүииелерді жазуға ақылыңыз жеткенде, ергежейлілер психологиясын қалай білмегенсіз. Ал мен жеті хат жер астындағы қулық-сұмдықты сеземін. Менің сізден артықшылығым да, жеккөрініштілігім де сол. Мен сұлулық, кемеңгерлілік, ізгілік, ақиқат дегендерге антипод әрекеттердің хабаршысымын. Сондықтан мен сізбен бір сапта бола алмаймын. Сіздің мені жек көретініңіз де содан болар. Бірақ мен де жақсы көрінемін деп жаныға алмаймын. Ақылға сыймайтын оғаш та оқшау нәрсе. Ал сіз болсаңыз күнде бір поэма жазып биіктей бергіңіз келеді. Біз оған тиым салуға тиіспіз. Біз бұл артықшылықтан тез арада арылуымыз керек. Пенделердің ойы да, сана-сезімі де, ақылпарасаты да бір деңгейде, әрі кетсе сүйем ілгері, сүйем кейін қалыпта болуы керек. Сонда ғана біз бір-бірімізді күндемейміз, қызғаныштың қызыл қапшығы ішімізде қыңсылап, ұлымайтын болады. Ха-ха-ха... Ақын бұл ғұмырында естімеген мына сұмдықты айтып тұрған жылмың қараға шошына қараған. Қанын ішіне тартып алған жылмың қараның өңі күлгін тартып, кебірсігеи еріндерінің қос езуі көпіршіп кетіпті. Жылан көздері өңменіңді көктей өтер зәрлі ызғар шашып, өштестіктің бар уытын жиып алыпты. — Сонда не істемексің? «Менен құтылу үшін» демегі тіл ұшында қалды. Бірақ онысы жылмың қараға жұмбақ емес-ті. — Ә, оны ойлану керек, — деді сызданып.
— Ойлан, жарқыным, ойлан... Ақын ширақ адымдап жүріпкетті. Жүгірмесе жете алмасын сезсе де жылмың қара жүгіруді намыс көріп ентелей елпілдеген. Қанша тапырықтағанымен ақынға ілесіп қатар жүре алмаған ол іштей өртеніп, ызаға булыққан. Әйтсе де соңынан қалмай өкшелей ерген қалпы мұның есігінің алдына дейін еріп келген. — Ойланамыз, ойлануға тиіспіз, ойлану үстіндеміз... Жылмың қараның құлақ жарды ащы үнін ту сыртымен қабылдаған ақын үйге еніп кетті. «Провокатор. Арандатқыш арамза». Ақын қатты түтігіп, ызадан өртенердей ашуланып-ақ еді. Жиын үстінде осыпдай бір зәрлі сөздерді естісе, әділетсіз жаладан жапа шексе аядай бөлмесіне сыймай аласұрып, қатты күйзелер еді. Ақынның әркімге-ақ сенгіш, баладай аңғал көңілі өзіне қастық ойлайтын адамның барлығына әсте сенбейтін. Көбін білместікке, түсінбестікке жоритын. Бірақ соңғы жиында өзімен қанаттас жүрген бір қаламгердің мұның соңғы поэмасына шүйліккені жанына қатты батып еді. Айтысып жатудан тартынып, «арыңа сендім» деген де қойған. Содан үйіне келген соң телефонның құлағына жармасып санаулы достарының біріне звонок шалған. «Апырмай, жылтыр қараныкі белгілі әуен дейін, ал анау мықтынікі несі. Мен айтсам ел өмірінің шындығын айттым. Ал шындықты айттың деп бейсаясаттыққа бардың деу қиянат емес пе?!». Телефонның арғы жағынан да көңіл орнықтырып, жанын жайландырар тұшымды жауап болмаған соң бұл да артық ауыс сөзге бармай іштей тынған. Жанын күйзелтіп, сан мың сауалдың бірде біріне жауап таппай қиналғанда Алатауға сүзіле қарайтын әдетімен көк перде алдында тапжылмай тұрып алатын. Жарықтық Алатау сол баяғы бақилық асқақтағанынан ауытқымаған қалпы тұрады да қояды. «Шіркін-ау, осылайша бір-біріңмен жұлқысып жүріп есіл ғұмыр еш болмас па?!. Ел тағдыры, халық қамын ойласар азаматтар сендер болғанда, сендерге үміт артар ел жайы не болмақ. Соны ойласаңдар етті. Алты бақан алауыз кімнің түбіне жетпеген. Сендердің де түптеріңе сол жетер әлі. Күншілдіктің күлін сабап, қызғаныштың шоғын қаузаламай естеріңді жисаңдар етті» деп тұрғандай-ау мына Алатау. Бірақ маңдайы тасқа тимей тоқтар жұрт бар ма?! Жан дүниесін қатты жаралап, сезімін сең соққандай есеңгіретіп кеткен жылмың қараның жаңағы зәрі, тұла бойын тінткілеген жылан көздері, сол көздерден төгілген улы өшпенділік мұның санасында сайрап тұрғанымен Алатаудың алып тұлғасына сүзілген сайын шиыршық атқан жүйесі босап, әлде неге алдарқанып алданғандай суынып сала берген. Ақынның әдеті осы. Орынды-орынсыз марапаттау естісе де, орындыорынсыз ғайбаттау естісе де шектен шығып тасып төгілмей, арнасынан суалып
сарқылып қалмай өзін қалыпты деңгейде ұстағысы келгендей қарт Алатаумен іштей сырласып мұңдасар еді. Ұлы тау алдына жүгініске келіп, өзін қамалаған сан мың сауалға жауап іздер еді. Сонда кәрі Алатау жонынан бұлт жөңкілтіп, төсіне найзағай жаныған, көк нөсер, ақтүтек боранға жартас кеудесін тосқан бақилық маңғаздылығымен, жаңылмаған жаратылысы бөлек жайсаңдығымен ақынға жылы ұшырар еді. «Өмір тауқыметіне, тірлік тартысына төтеп бергендер ғана ел жүгін арқалар болар. Қайыспа да, қамықпа. Ел деп еңірегендер пешенесіне басқалардан әлде қайда батпандырақ жүк тиерін, қаттырақ соққытиерін білсең керек еді, «ұлым» деп тұратындай ма, қалай? АқынАлатаумен ұшырасқан сайын осындай бір сыр түйеді. Ақын көк перденің алдындағы емен столға отырмас бұрын, сол перденің арғы жағындағы Алатауға көз тігіп аз-кем аялдауды қалап тұрады. «Аруақты ата тау, ақын ұлыңның шабытына от берер шақпақ тасы бола гөр, адастырмай ақ жолыңа бастай гөр. Ұлыңды адастырма. Жолымның ақтығына деген жүрек сеніміме қуат беріп, ел үні, халық тілі болып сөйлер жырымды қанаттандыра гөр». Ол ақ қағазға ақ армандай аппақ жырларын ақтармас бұрын осылайша өзі тәңір тұтқан тауға қарап іштей мінәжат етер еді. Бүгін де сөйтті. Алатаудың мұз құрсанған алып шыңдарының ағараңдаған сұлбасы қараңғылықтың құшағына там-тұмдап сіңген сайын өңіп, бірте-бірте өшіп бара жатқандай еді. Ендігі сәтте алып таудың алапат айбынды тұлғасы түннің тойымсыз құшағымен қауыша кірігіп, ізім-қайым жоқ болды да, сол тұста сірескен қою қараңғылықтың көбесі сетінемес меңіреу қабырға-қамалы орнады. Көшедегі асыр-сабыр да тиылып, бірте-бірте әр үй, әр ошақ басы қалғып барып қатты ұйқы, тәтті ұйқы аталатын жан тыншуының жайлы бесігіне бөлене берген. Тек қана көк пердеден көмескі сәуле төккен ақынның аядай бөлмесінде ой кешкен ояу тірлік бар-ды. Сол бөлмедегі жары мен жалғыз нәрестесінің бейбіт тірлігінің бұзылмауын күзеткендей көз ілмей, стол басында ақ қағаз бетіне үңілген ақын ғана ұйқысыз отырған. Ол ғұмырының біраз жылдарын осылайша көз ілмеген ой майданының үстіндегі тәтті де ащы, азапты да ауыр ләззәтті айқастармен өткізіп келеді. Ақынның жары да түнгі тірліктің бұлайша басталып, осылайша ұласып кете барар сәттеріне бойы үйреніп алғандай, бастапқы кездердегі «жатсаңшы, тынықсаңшы, ертең де күн бар емес пе» дейтін ерке назын сирексіткен. Ақынның өзі де стол үстіндегі ақ қағаз бен ақ мамық үстіндегі аққудай жарының ортасында отырып әрі-сәрі күйге түсуші еді алғашқы жылдарда. Сонда тілсіз қағазға телмірген азапты ойлардан қажып барып, жар назына еріксіз еңсе бұрып, орындықтан еңсеріле аунап түсер еді. Енді сол бір тәтті
шақтан бұл, бұдан тәтті шақ аулақтап, ту-ту алысқа ұзапкеткен тәрізді. Бауырына нәрестесін басқан жары аз-кем аунақшып жатады да көз ілдіреді. Кейде мұның көңіліне сайтан сезім кіріп, «құлақ түр, жарың келсеңші деп зарығып жатыр емес пе, таста қаламды» дегендей болады. Бұл сол бір сайтан желікке иланғандай төгіліп келіп қалған сезім селін аз-кем қаңтарып қойып, үнсіз қалады, тіпті жары мен баласы жатқан кереует тұсқа ұрлана көз қиясын да тастайды. Онысы өзіне әрі ерсі, әрі ұятты көрінеді. Иә, бұл соңғы жылдарда жоғары мектеп шәкірттеріне дәріс айтудан басқа, басы артық санаған барлық қызметтен тиылып, бірыңғай творчестволық жұмысқа ден қойып еді. «Талантты өкпелетсең тастап кетеді» дейтін еді ғой бір ғұлама. Сол айтқандай біраз жылдарын ел басқару, қоғамдык қызметтерге арнаймын деп, өзінің ақын екендігін де ұмыта жаздапты. Бірақ тібиғатынан бойға біткен кемеңгер ақындық қуат өзінің сиқырлы күшімен басқа жаққа алаңдатып бет бұрғызбай, өзіне басы бүтін қаратып алған. Қазір ол жоғары жақтың саусақ нұсқауымен ел басқарғаннан да қалам шабытымен сол елге қызмет етудің дұрыстығын ұғынған. Байыптай білсе туған елдің жас әдебиеті соңғы жылдарда аяғынан нық тұрып, дәуір үнімен үндесе алар өз дауысын байқата бастағандай екен. Тіпті ғасырлар бойы сахара төсін жамырай жайлап алған ән мен күйді әр тараптан жиыстырып, қақпақылдай қайырып әкеліп театр аталатын ақ отаудың астына топтастыруы бір ғажап жаңалық болды-ау өзі. Сонау Арқа, мынау батыс, анау шығыс пен ел кіндігі — оңтүстік өлкелердің небір бұлбұл көмейлері бір шатырдың астына бас біріктіре қалғанда туған халқының ғасырлар бойы байқалмай келген бар асыл мұрасына сықай толтырылған алтын сандықтың қақпағы ақтарыла ашылғандай әсерге бөленгені де есінде ғой ақынның. Сол театрыңа келуші жұртшылық «Драма беріңдер, қаламгер жолдастар!» деген де тілекті білдіруге өресі жетіп қалса, мен ақын едім деп қалай отырасың қол қусырып, жыраулар мен төкпе ақындар аузына телміріп өскен халық үшін бәрі жаңалық, бәрі таңсық. Ғасырлар бойы рухани жан-дүниесі қаталап келген халықтың білім, танымға деген ынта, ықыласы алабөтен. Сол бір алапат шөлді басар татымды дүниелерге қол созу тап өзінің борышы сияқты. Жаңа қоғамға қадам басқан елі үшін атқарылар еңбек, төгілер тер, жұқарар төзім, жұмсалар жігер-қайрат қаншама керек болса, сол еліңнің мәдениеті мен өнері, әдебиетіндегі тың жатқан қатпар-қатпар дүние-жиһаздар тең-тең болып буылған күйі аузы шешілмей қаға берісте жатыр емес пе. Сонау ұлы жыраулар сомдап соққан асыл жауһарлар ұшан-теңіз бір әлем болса, жаңа дәуір жаңа дүниелерді күтініп отыр емес пе. Соның бәріне араласпай, бәрін жиып-термей іс бітер ме. Талантың да, жандүниең де, таным-түйсігің де,
білім парасатың да, бар ғұмырың да осы жолға бағышталуы керек. Тек ғұмыр жетсін де. Қалам сілтер соны соқпақ та, тың тақырып та ұшан-теңіз. Талабыңа қуат, қиялыңа қанат, топшыңа төзім бергей-де. Алға жетелер арман да көп, ойда жүрген асыл үміт те аз емес. Күндізгі мазаң тірліктен соң, түн жамылған стол басына оралуды аңсап тұратын ақынды іңкәрлі арман асықтыратын, алға жетелеп, ақ үміттің ыстық құшағына алып, тербелте әлдилейтін. Міне, бүгін осынау іңкәрлі арманға бас қойғандай еді. Соныға құлаш ұрмақ. Туған әдебиеттегі проза қаншалықты жас болса, республикадағы қазақ жұмысшылар табының да қалыптасуы соншалықты жас емес пе. Ендеше осы бағытта қалам қуатын байқастағаны мақұл болмақ. Жұмысшы тақырыбы әдебиеттегі төл басы болса, сол көптің өз еншісіне тимек. Ауыр көш, азапты жол. Бірақ әдебиет аталатын қасиетті отаудың қазығын қадасып, шаңырағын көтерісу кезеңіне тап келгендердің бұдан басқа таңдары да жоқ. Бәрі де туған әдебиеттің ертеңгі болашағы үшін келер ұрпаққа ұлағат болар игілікті талпыныстар ғой. Ол бүгін ақ қағазды алдына алып, жаңа бір іске кірісерде, осындай жарқын мұраттың іште толқыған қуатымен қанаттанып, бойын кернеген іңкәрлі сезім жылуына бөленгендей еді. Телефон шыр ете қалды. — Тыңдап тұрмын. Арғы жақтан темірді темірге соққанда шығатын әрі жансыз, әрі ащы үн естілді. Ақын бірден таныды, төбе құйқаңды шымыр еткізер осы бір суық үнді естіген сайын «бұйрық беруге ғана жаралғаи неткен темір үн», – дейтін іштей. Ішкі жан сезімін танытпайтын, толқыныс, дірілі жоқ өлі үн. Көз алдында бақырайтып қойып жалғыз бауырын бауыздап жатса да, осы шыңқылдаған қасаңдығынан жазбайтын әміршіл үн ғой мынау. Бұл лауазымы биік адамның, көне Рим шешендерінше, дауысын баптаумен әлек болатынын, айна алдында отырып бірнеше сағат бойы бет-бейнесін құбылтып, жаттығатындығын, сөйтіп өзінің үнімен, жүріс-тұрысымен, президиум төрінде отырып төбеден төне қарауымен былайғылардың мысын басуға тақыланып алғандығын, қолдан жасалған көп көсемдердің бірі болуға жанын сала жанығып жүргендігін, әрине, ақын білмейтін. Алқалы жиындарда қоладан құйылған Будданың өлі мүсініндей міз бақпай сызданып отыратын да қоятын, ал сөйлей қалса «қаптал кеткен халық жауларына өлтіре соққы беруге» шақырған төбе құйқаңды шымырлатар темір үнімен үрейіңді алатын. Киген киімі, жүріс-
тұрысында қылауы жоқ сірескен басшы қызметтегі осы бір адамның беймезгіл телефон соғысын ақын жақсылықтың нышанына жорымаған. — Ақын жолдас, ана поэмаңызды түсіне алмадық. Не айтпақсыз сонда. Партия саясатына күйе жағу, алаштың баяғыда-ақ үндері өшкен лидерлерінің лақпа әуеніне басқансыз ба. Біз түсіне алмадық мұныңызды, жолдас ақын. Үлкен адамның сізге деген өкпесі қара қазандай. Сөзімнен шықпағаныңыз өкінішті-ақ. Бұл бірдеңе айтпақ болып оқталғанша телефон байланысы үзіліп кетіп еді. «Не деп кетті мынау мықты. Партия саясатына күйе жағу дейді. Әзілі ме, шыны ма. Ел өмірінде болып жатқан жағдаятты қоспасы жоқ қаз-қалпында баяндап, оған кейбір басшылардың тікелей қатыстылығын, ел басқарудағы солақай сыңаржақтылығын батылы кетіп айта алса, жаза басқаны қайсы. Ел басында отырған бірер басшының жіберген қателіктері үшін партияны жазғыру деген ақылға сияр ма. Әлде мұндайлар өз әрекеттерін «партия саясаты – оның сара жолы» деген ұлы ұғыммен бүркелемек пе; күндердің күнінде солай істеуге мәжбүр болдық деп ақталу үшін жасалып отырған құйтырқылығы шығар, онысы; бүтін ел тағдырын бұлайша ойыншыққа айналдырып, жеңіл-желпі қарау, сөйтіп «айттым бітті, кестім үзілді» дейтін солақай әрекеттер құрбаны ету қылмыс емес пе?; әділдік, ақиқат жолы толайым ел түгілі, кез келген адамды жазықсыз жала алдында жығып бермесе керек». Ақын телефон жанында сең соққандай сенделіп тұрып қалып еді. Телефон тағы да шыр ете түсті. Бұл жалма-жан телефон құлағына жармасты. «Бәлкім жаңағы қасаң дауыс иесі шығар. Менің жаңағы айтқандарым әзіл еді. Сөйтіп анда-санда ойнап, кейбіреулердің жүйкелерін тексеріп қоятыным бар. Кешіріңіз. Поэмаңыз қазіргі кезеңнің ащы шындығын әділ айтқан, батыл айтқан. Бізге тап осындай көбігі жоқ шыншыл шығармалар керек. Бұл біздің ел басқарудағы жұмысымызда үлкен көмек болмақ. Үлкен адамның өзі солай деп отыр» дейтін болар. — Тыңдап тұрмын. — Ағатай, кешіріңіз кештетіп звондап жатқаныма. Мен осы қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын қарындасыңыз едім. Кеше елден келіп едім, әкейдің өзіңізге деген сәлемін жеткізейін деп, әдейі... Кешіріңіз, ағатай... — Оқа, оқасы жоқ, айналайын. Қайдан келдің, әкең кім еді, қалқам? — Арқаданмын. Аймақ деген ауылданмын, ағатай. Осыдан он жыл бұрын... Өзіңіз болып...
— Иә, иә... Есімде. – Ақынның дауысы дірілдеп, толқи шықты. – Аймақ, Аймақ... Есімде бәрі, есімде... — Әкей әдейі сәлем айтып, саулығыңызды тілеп қалды. — Рахмет, айналайын, сау-саламат болсын. Ел қалай? Халықтың көңіл-күйі қалай? — Ел... елдің несін сұрайсыз. – Қыздың үні жасып шықты. – Қиын болып тұр ғой, ағатай. — Соңғы шыққан поэмаңызды ел болып қолдан-қолға жүгіртіп оқып жатыр. Дәл кезінде жазылған екен дейді. Ел жағдайын қолмен қойғандай ашық жазыпты дейді. Осыдан кейін жағдайымыз түзелер деседі, елдегілер. Бәрі де өзіңізге мың-мың сәлем жолдап қалды. Алғыстарын айтып қалды, ағатай. Кешіріңіз... Сау болып тұрыңыз... Хош, ағатай. — Хош бол, қалқам. Ақынның жаңағы бір күйзелісті жүзі сәл жадырап, аққұба өңінен ризашылықтың жарасымды табы білінгендей еді. «Аймақ, ел, халық... Бәрі оқып жатыр дейді... Ризамыз... Дер кезінде жазылған екен дейді. Бұдан артық не қуаныш болсын. Халқың оқып, құптап жатса еңбегіңнің еш болмағаны емес пе. Елдің жыртығына жамау, көңіліне демеу бола алсаң басқа бақыттың не қажеті бар». Осыдан он жыл бұрын уығын қадасып, шаңырағын көтеріскен ауылға Аймақ деп айдар таққан, сөйтіп құйрық-жалын сүзіп, сауырынан сипап, жаңа өмірге бет түзеп жіберген жас тұлпары емес пе еді, ол ауыл. Ақынын ұмытпапты, алғыстарын айтып сәлемдерін жолдап қалыпты. Арқаның шалғай қиырындағы осы бір ғажап мекен ақын өмірінің қайталанбас қуанышы, шабытының шәрбатты бұлақ көзін ашқан бақытты шақтарына тұрақ болып еді-ау. Сол кезде бұл өзінің көңілінде жүрген іңкәрлі сезімін ақ қағазға армансыз ақтарып, табиғаттың талғампаз қолынан шыққан сымбатты, сұлу өңірге байғазы боларлық кесек поэма жазып еді. Оқжетпес аталатын найза шоқының түбінде жатып, қаймағы бұзылмаған сұлу табиғат аясында шабытты сезімін әлдилете жүріп өмірге әкелген бұл шығармасы ақынның досын да, дұшпанын да тәнті еткен біртуар сомдалған сымбатымен сұқтандырған. Тазалық пен сұлулыққа, мөлдірлік пен ізгілікке үндеген аяулы өңірді оның жатсынуы жоқ бауырмал адамдарын ақын неге ұмытсын. Жүрегінде, көңілінің төрінде жүреді. Ақынның жанарына жас іркіліп, көңілі алай-дүлей беймәлім күйге түскен еді. Ол столға отыра бергенде телефон тағы да шар ете қалды. — Тыңдап тұрмын. — Хи-хи-хи... Тыңдасаң былай, ақыным. Біз ойландық.
— Не... не деп тұрсың? Нені ойладың? – Қайдан соққаны белгісіз, бөлме ішінде екпіндей есіп өткен әлде қандай суық ызғардан тұла бойы қалтырап кеткен ақын қапелімде кіммен сөйлесіп тұрғанын да аңдай алмаған. — Күндізгісін ойланамыз демеп пе едім?! — Ә, сен бе едің. Пілге шәуілдеген қанден. – Ақын қатты ашуланып, өзінөзі ұстай алмай қалшылдап барып, зорға тежелген. — Айт, айта түс. Маған сенің тас-талқан болып ашуланғаның, анау асқақ басыңды босағаға соғып есіңнен тана жынданғаның керек. Өйткені, сен біздің ортамызға лайық емессің. Бәрімізді еңсеңмен де, ақылыңмен де басып, жер қылғаның жетеді. Самсаған жұлдыздар сәулесін, көз қарықтырар күн өткір нұрымен өшіріп тастамай ма. Ол жұлдыздар үшін қиянат болмақ. Ал біз қиянатты кешірмейтін халықтанбыз. Біреудің шоқтығы биіктей түссе былайғыларымыздың ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болатын, қызғаныш, күндестігімізге найза бойламайтын халықтанбыз. — Халықтан садаға кет. — Жоқ, ақыным, қателесесің. Өзіңді туған халқыңның барлық сырын білгенде, тап осы осалдығын білмей келгенің өз басыңның соры, ақберен ажалың боларын ұғынбапсың-ау. «Ақын да бір бала» деген осы-ау. — Арамзалығыңды халыққа аударма, жарқыным. Ұртыңның арам қанын басқаға жағасың, ақымақ. — Менің ақылды, ақымақтығымнан былайғыларға келіп-кетері шамалы. Ал сен сияқты даналардың кейде батырдай аңғал, алжыған шалдай ақымақтық әрекеттеріне кешірім жоқ. Сол кешірместіктің қара жебесіне байланғандардың бірі өзіңсің. Біз әлі де қан тілеген қара жебені сен сияқты данышпан ақымақтардың өңменін көздеп ата беретін боламыз. Өзің ойлашы, ақыным. — Халқым дедің, Ел, Отан дедің, ақыл-ойыңды солардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға жұмсаумен жүрсің. Сонау бір жылдарда екі аяғың кісенделіп, Сібірдің көк тайғақ мұзында қызыл тобықтан қан кешіп, жаяу жортқанда да сол халқым демеп пе едің? Қане сол халқың? Қім бар сенің үніңді тыңдап, жазғаныңа имандай ұйып отырған? «Заманың түлкі болса тазы боп шал» деген баба қағидасын ұмытқансың. Өмірдің бүгінгі шындығы сенің түйсігіңдегі шындықтан алшақ жатыр. Сенің бар қайғың да, катастрофаға жетуің де, елден. — Тоқтат былшылыңды. Мен халқымның болашағына шексіз сенімдегі адаммын. Бүгін қамығып, жабықсам да, күні ертең жарқын ғұмыр кешеріне шүбәм жоқ. Ал менің катастрофам бүтін халықтың күйреуі емес. Олай деп алжаспа. — Оптимист екенсің. Бірақ бәрі де бітті ғой, ақын жолдас. Катастрофа таяу қалды. Тіпті бүгінгі түн ақырғы түнің де болар. Содан соң бәрі де күл болып көкке ұшады. Көз майыңды тауысып, ақыл-ойыңды сарыққан дүниелеріңнің бәрі де өзіңмен бірге мәңгілікке өледі. Халқыңа арнаған әр жол өлеңің, әр кітабың сол халқыңа атқан ажалды оқ болып тиеді. Сондықтан олар жаудың
өзі де, сөзі де жау деп сенің өлі рухың түгілі, әрбір ауыз сөзіңнен бойын ала қашатын болады. Бұдан асқан өлім, бұдан өткен қорлық бар ма, ақын жолдас?.. Сөйтіп өзің сүйген халқың өмірде сендей ақынның болғанын мәңгілікке ұмытады. Ел санасынан өшесің. Міне, өмірдің шындығы керек болса. Хи-хихи... . — «Ит үреді, керуен көшеді». — Айт, айтып қал. Үнің құлағымда жүрсін, айтып қал... Айтпақшы, соңғы поэмаңның өзіңе ақ мылтық болып тигенін сезбедің-ау, сен бейбақ. Өртеніп кеткір сол елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап нең бар еді. Үлкен адамның жынына тигені де сол болды. Көсемдер өз басынан сөз асырмайды. ІІІамына тисең тәйкеңнен түсіреді. Ал сен көсемнен де көреген, одан да зор данышпан болғың келеді. Оныңды, көсем түгілі, қоқысқа қонған қоңыз – мен де кешпес едім. Өз қолыңмен құрысқан еліңнің, туын тұтып, ұраншысы болған партияның алғыс, рахметіне бөленгің келді. Ол бола қоймас. Бәрі де бітті, ақын жолдас. Хи-хи-хи... — Жеке адаммен партияны шатастырма, шырақ. Қолдан жасаған көсеміңнен қорқа алмадым. Сандырағыңа сенбеймін, сендірем деп өзеуреме де. Арандатқыш арамза. – Ақын телефон трубкасын қоя салды. «Апырмай, мынау да анадан тудым дей ме екен. Бір аспанның астында, бәріміз жұтатын ауамен тыныстап, бәріміз ішіп жүрген суды татып жүр ме, жаным-ау. Қара жер осындай жауыздарды да көтере береді екен-ау. Жоқ. Бәрі де түс, бәрі де жалған. Сенбеймін, көңілім, жүрегім, бар болмыс бітіміммен сенбеймін. Иландыра алмайсың, арамза неме. Әлемдегі ақ кептер ақиқат пен шаң қонбас шындық – партия ісі, партия сөзі, партия жолы. Мені сайқал қулықпен бұл ақиқат жолдан тайдыра алмайсың. Қорқытарың өлім бе. Оныңмен талай жүздескенбіз. Өмір деп соққан жүрек, өлім деп жағаға жармасқан ажалыңды қанжығасына сан рет өңгеріп кетпеп пе еді. Жоқ, сайқал неме, мені өліміңмен үркіте алмайсың. Өмірдің ақиқат шындығы үшін, туған халқымның арман, мүддесі, үміт тілегі үшін, өліп кетсем өкініші жоқ. Бар ғұмырым осы ұлы мұраттарға бағышталып келсе, неден тайынып, кімнен қаймықпақпын. Отан алдында да, ел, халық алдында да арым таза. Ары тазаға өлім жоқ». Ақынның қос құлағы шулап, самайы солқылдайды. Тұла бойы қалтырап, жаңағы бір арсыз ғайбаттан жан дүниесі өртеніп, күйінішті сезім алқымына лықси кептеліп, тынысын тарылтқандай болды. Қөз алды қызылды-жасылды от шашқан ақта-төк, аласапыран бейберекет түсініксіз бірдеңеге айналып жүре берді. Табандары еденге желімделіп қалғандай аяғын ілгері баса алар емес. «Жаңағы жан түршіктірер хабарды жеткізген сенбісің» дегендей қара телефонға мең-зең қалпы қас қақпай қадалды да қалды.
Қысқа түннің ішінде үш қоңырау соғылды. Алғашқысы өз басына төніп келе жатқан апаттың хабаршысындай болса, соңғысы сол апаттың босағаны аттап келіп қалғанын ескертті-ау, сірә. Ал анау ел сәлемін жеткізген бейтаныс қарындас-ше. Алыстағы бауырлардың бұған деген ақ алғыс, ыстық сәлемін қанатымен су тасыған қарлығаштай етіп жеткізген аяулы баланың әр сөзінде ақынға деген өлмес ғұмыр сыйлаған тағдыр шешімі, елдің мәңгілік ортаймас дариялы алғысы, аманат арманы бардай-ау, өзі. Ақын алыс Арқадан жеткен осы бір ыстық ел сәлемінен өз өмірінің өлмесін, жырларының ауылдан-ауылға, ауыздан-ауызға, жүректен-жүрекке жалғасып кете беретіндігін, оны ешқандай да күштің тоқтата алмасын, тіпті қолдан жасаған «көсемнің» де әмір, өктемдігі өтпесін сезген. «Артыңда тілеуіңді тілер, әр өлеңіңнің жолынан жан жылуыңды, жүрек лүпіліңді сезінер елің бар. Ақиқат жаршысы, әділдік жыршысы екендігіңді, сонау отты жылдардан бері ұлы Отанға, партияға адалдығыңды бар болмысбітіміңмен дәлелдей білгендігіңді туған халқың біледі, сезеді. Ал халық жүрегінен, оның зердесінен өзі туған перзенттерінің ұлы істері, асыл еңбектері, жарқын бейнелері өшпейді, ешқандай күш өшіре алмайды». Ақынның сұңғыла сезімі, жүрегі осыған сендіргендей еді. Жаңағысын жан-дүниесін жазықсыз жаламен өртеп кеткен ғайбат, айбаттарды иығынан сілкіп, сыпырып тастағандай ақын шиыршық атып, шамырқана қалып еді. Ол езін тосып тұрған ақ қағазға, жұмыс орны – емен столға беттеген. Ширақ адыммен столына жақындай бергенде есік қоңырауы соғылған. Тағы да телефон болды ма екен деген ол аңырап тұрып қалған. Бірақ бұл беймезгіл соғылған есік қоңырауы еді. Қоңырау үсті-үстіне соғылды. Тәтті ұйқыдағы жары шошып оянды, сәби шар ете қалды. Осы сәтте тым-тырыс тұрған аспан ойылып жерге түскендей сатырсұтыр күркіреп, найзағай жарқ-жұрқ ете қалды. Ақынның отты жанарына, шыңына найзағай жүзін жаныған асқақ Алатаудың мұз құрсанған алып тұлғасы қан қызыл жалқын жалынға оранған бір түрлі сұсты қалпымен шалынған еді.
«ҚЫЗЫЛ ҚІТАПҚА» ТІРКЕЙТІН ЕРКЕК
Апыр-ау, осы уақытқа дейін кімнің керек, кімнің керексіз екендігін қалай білмей келген. Білмек түгілі байыбына барып, бажайламағанға да ұқсайды. «Сен жақсы, мен жақсымын» бос салпақтап шаба берсек керек. Енді міне, Зүбәржіаттың арқасында мына тірліктің шешілмей жүрген бұл жұмбағының да кілтін тапқандай. Бажайлап қараса қатар жүргендердің көбі сен үшін, сенің толайым тірлігін үшін үш қайнатсаң сорпасы қосыла бермес оқшау жандар екен де ілуде біреуі ғана тірлік тегершігіңді қозғасуға қатысты болатын көрінеді. Бұл не деген сөз? Бұл өмірден өзіңе, өз тірлігіңе қатысты ғана жандарды жаза баспай тани біл, солармен ғана істес бол деген сөз. Әйтпесе аңкылдағанмен аңқылдасып, жарқылдағанмен жарқылдасып жүріп қамшының сабындай ғана ғұмырыңның қалай өткенін де аңғармай қалатын түрің бар. «Бұқа буға, азбан дуға» дегеннің дәурені өткен, ендігі тірлік «сен маған, мен сағанның» құзырына бағынышты. Ендеше «заманың түлкі болса тазы боп шалдың» қалыпты қағидасын ту ет те тарта бер — жаңылмайсың. Сөйтсең ғана аңсаған биігіңе, арманды мақсатыңа бір табан болса да жақындай бермексің. Тіпті ұшпаққа ұшырар баянды бақытқа да белшеден батарың ғажап емес. Тек өз ортаңның алға сүйрер ағысты арнасынан аулақтап кетпей, көш көлігінен аунап қалмай, үзеңгілес жүрген істес жандардың аңысын аңдаудан қапы қалма. Орайы келсе орақ ор, қажет деп тапсаң кетпен шаптың одауы да сыртқы ортаға икемділігіңмен, пысықай әрекетіңмен өтелмек. Бұл әрине, сыртқа тепсінтіп шығарар шырайлы қылық емес. Бұл тым тереңде, тылсым тұңғиық иірім түбінде жасырын ұстайтын, өзіңе ғана мәлім, былайғылардың үш ұйықтаса түсіне де ене бермейтін беймәлім сыр болғаны мақұл. Осының бәрін Зүбәржатпен отасқан он бес жылдың ішінде оның аузынан күнде естіп жүрсе де, ден қойып мән бере бермепті. Енді байқаса әйелінің әр сөзі имандай ұйытар шындық, жадыңнан шығармас кітап сөзіндей ақиқат екен ғой. Әрине, өмірдің мұндай да құйтырқысы болатынын Әжібай тұспалдап, күңгірттеу, көмескі қалыпта түйсінгені болмаса тап солай бола қояйыншы деп бұл түскірдің соңына түсіп, індете қаузалаған емес, зымияндық қылық менен аулақ дейтін бейкүнә әрекеттен әрі аттап көрмепті. Бірақ та өз тұрғыластарының қызмет баспалдағымен ілгері өрлеп, әсіресе, өзімен интернатта оқыған көке мылжың Көсеубай сияқтылардың бөлім бастығына дейін өсіп кеткендігін көріп, өзінің суырылып оза алмай көш шаңдарында әлі күнге тапырақтап келе жатқанын сезінген сайын «апыр-ау, менің бұл терлік
сулар бос тепеңімнің таусылар күні болар ма, әлде өмір бойы аядай бөлменің босағасына таман орналасқан жатаған стол, шиқылдақ сары орындыққа жабысқан қалпы отыра бермекпін бе?» деген өксік ой бас көтере бастағандай да еді. Бірер айдың ішінде осы жылымшы, жылбысқы сезім кәдімгідей ширығып, ақыры долылыққа бет бұрған, кәдімгі улы запыран құсар құсалыққа қамағандай да. Оған себеп өзімен бір күнде осы аядай бөлмені аттаған жаялық езу Жапақтың мынау деген трестке өсіп кеткендігі еді. Осы бір Әжібай шаңырағының төбесінен жай түсіргендей болған тосын оқиғаны естіген күні Зүбәржат ұрынарға қара таппай отырған тентек немедей төрт бөлмелі үйге сыймай алас ұрсын. Баяғыдан булығып, тұншығып келген уытты сезім тап осы арада алайдүлей ашу шашып ақтарылды дейсің. «Өй, сорлы сопы да сүйінші сұрағандай не бетіңмен айтып келіп отырсың? Әй, неме қойнынан бөзі, аузынан сөзі түскен жаялық езу Жапақтан нең кем еді сенің. Бастығына барып столын түйгіштеп отырып айтпаймысың соны... Әй, сен неме кімнің дос, кімнің көлгір екенін де сезбейсің ғой бірақ... Ісің түсетін, құрығы ұзын, өмірі жүріп тұрғандармен жанаса бер деп құдайдың зарын қылдым. Бірақ ақпа құлаққа айттың не, айтпадың не... Саған ана көк езу Көсеубай да бір, ана үлкен үйдегі Бәжекең де бір...» деп буырқанып барып бір тыныстанған. Бұл болса: — Ойбау-ау, жақсы-жаман болсын, Көсеубаймен интернаттың қара нанын бір бөлістік емес пе. Бала күнгі досымнан қалай без дейсің» — деп өзінше бұра тартқан. «Ойбай-ау, көк езу Көсеубайдың дуасы жоқ сол бір сылдыр сөзіне тойсаң, сен тоятындай болдың емес пе. Ол сөйлесе болды, әкең өсиет айтып отырғандай шұлғисың да қаласың... Қой енді оныңды. Пайдасы жоқ доссымақтарыңнан, дұрыс ақылын айтатын жат артық. Дайын асқа тік қасық деп, осында келіп емешесі үзілгендей елжіреген қай досың Әжібайдың қамын ойлап, қолтығынан сүйепті. Осының да бір ілгері жылжитын кезі болмап па еді деп ойлапты. Жоқ... Бәрінікі де далбасалық. Құтыл ондайлардан, өз жолыңды, өз сүйенішіңді тап. Біздің де көк «Волгамен» көсілтіп, ел қатарлы қыдырғымыз келеді. Көсеубайдың жаман сарысы мінген машина менің астымнан түсіп қалар деп қорқамысың, әлде мен оған лайық емеспін бе. О, несі-ай, бастан ұрған баспақтай бұғына беретіні. Ана жүрген бастықтардың қайсысы іскерлігімен сол орында отыр дейсің. Адамның күні адаммен деп, бәрінің де бір-бір қолдаушысы бар. Құдайға шүкір, біз де ондайдап құр алақан емеспіз. Тек қыбын тауып, сөзіңді өткізе біл. Ендігі күнің үлкен үйдегі Бәжекеңдерде қалғанын неге ұқпайсың, кеще-ау...» деп қыстыға алқынған Зүбәржат.
Бұл дал болды. «Көсеубайдан без, Бәжекеңе жақындас дейді, Бәжен кім, институтта жүргенде осы Зүбәржатпен таласқа түскен көп пысықтың бірі емес пе еді. Енді келіп махаббаттың машақатты жолында жүз шайысып, көріспестей ажырасқан Бәженнің алдына қалай бармақ, жігіттік намысы қалай көнбек оған». Бәженінің атын естігенде Әжібайдың жон терісі тершіп, басына қан шапшыды. Мұның Зүбәржатпен қосылған тойы үстінде аяғын әнтек-тәлтек басып бұлар отырған төргі стол басына келген Бәженнің табалай күлген ұсқынсыз бейнесі Әжібайдың өлсе есінен кетер ме? «Қалай Әжібай, Зүбәржатты алып қарық болдың ба. Ха-ха-ха» Бәженнің табанға басқандай табалай сөйлеген осы бір өктем сөздері өңменінен қадалған уытты жебедей тым жәйсіз тигенімен Әжібай көк терідей төзімді көнтерлігіне бағып, үнсіз қалған. Бар болғаны оның қалтылдай ұсынған фужеріне өз ыдысын ыржалақтап тоса берген. Ал қарсы алдарында бұларды мазақтап тұрған Бәженнің өңменінен ата тіктей қадалған Зүбәржаттың отты жанарларынан «Осының бәріне сен кінәлісің, енді несіне табалайсың» деген ыза-жалыны сөніп үлгермеген, бірақ та осы бір апайтөс қапсағай денелі әдемі жігітті қия алмаған, күйікті сезім жарқылы мен мұндалағандай еді. «Солай Әжібай, Се ля ви. Біреудің қаңсығы біреуге таңсық деген сол... Хи-хи-хи...». Әжібай ыржалақтап төмен қараған да өзін екі орап алғандай мына тұрған апайтөс алып жігіт Зүбәржатты соңынан ертіп кетердей кәдімгідей-ақ хауіп күтініп, қалыңдығының қолына жармасқан. Зүбәржат болса бұған боталаған мойыл жанарларынан бұршақтата жас төгіп тұрып, бір түрлі жаси, егіле қараған. «Мына менмен, өзімшіл неменің табасынан құтқарсаңшы жазған... Мені жер етіп тастап кеткенімен қоймай, сенің де жігіттік ар-намысыңды аяқ асты етті ғой. Сол мазақты сезбейтіндей не қылған ез едің. Тұмсығын бұзып жібермесең де, бетіне тіктей қарап бірдеңе десеңші...» Зүбәржаттың көмейге лықсып келіп қалған осы бір араша тілеген өксікті күйін Әжібай аңғарар халде емес еді. Опың тап осы сәттегі қылығы Зүбәржаттай сұлуды қолына қондырғанға ғана шексіз разы жанның шүкірлік еткен шектеулі қылығы болатын. Зүбәржаттың өксікке толы өкінішті сезімін өткінші құбылыстай деп қапа бағалауға өресі жеткен Әжібай ездігінен жазбаған. Бәженнің мысқылды әжуасына жон терісі көк шыбықтан тулақ болып кеткен колхоздың сынық мүйіз тарғыл өгізіндей көнтерлілік танытқан, ғайбатты мысқылды маса шаққан құрлы сезінбеген, сезінсе де селк етпеген күйде ыржалақтап тұра
берген. Өйткені ол Бәженнің «менен қалған Зүбәржаттан не опа табарсың» деген табасына пысқырмаған, қайта сан жігіттің діңкесін құртып, күдерін үздірген ақша маңдай, мойыл жанарлы Зүбәржат сұлуға қолы жеткендігіне шексіз разы, тағдырына алғысты әсерде болатын. Бұл сәтте Әжібайдан бақытты, Әжібайдан қуанышты жан жоқ еді-ау. Хи-хи-хилаған Бәжен қолындағы арақ толы фужерді басына бір-ақ көтерген де ыдысты еденге соғып быт-шыт етіп, той дастарханын тастап шығып кеткен. Бәженнің бұл әрекетінен Зүбәржатты мынандай иі жұмсақ, жетесіз адамға қимағандық, сөйте тұра сол сезімін жасанды, ожар оспадарлықпен бүркелемеген тентек мекер қылық қылаң бергендей еді. Той үстінде Зүбәржат қос қолмен бетін басып ұзақ жылаған. Әжібайдың ездігіне жылаған, өзінің құлай, ынтыға сүйген Бәженінің мұның «тек Бәжен» деп соққан жүрек лүпілін ұғынбағандығына жылаған. «Ер соңымнан, таста Әжібайды» десе Бәженге ілесіп, той дастарханын аттап жүре беруге де әзір Зүбәржаттың тап осы сәтте жан сарайы құлазып, төрт құбыласы түгел қаусап, күйреген күйікті сезім өртінде қалғанын Әжібай сезді деймісің. Бар қуанышы Бәженнің сол сөзді айтпағандығы, Зүбәржаттың қасында калқиып қалғанына шүкіршілікпен тынған түрі бар. Сол бір оқиғадан бері де он бес жыл артта қалыпты-ау. Тағдыр бұларды анда да, мында да сүйреген. Бірақ қай қиыр, қай ортаға түссе де, Әжібай Әжібайлығынан таңды ма екен. Ал Бәжен институттан соңақ облыс орталығына орнығып алған да жылмен жылжи өрлей берген, желі оңынан соғып, бір қызметтен екінші қызметке сатылай көтеріліп, ақыры үлкен үйден бір-ақ шыққан. Сырт көз Бәженнің бұл самғасын Кербездің алып та, шалып та жығар астанада отырған қос ағасының демеу көмегі деседі. Не десек те, «жілік алмақ баланың қылығынан» деп Бәжен де қара жаяу емес-ті. Ал Әжібай-ші. Облыс орталығындағы бір мекемеге келіп, аядай бөлменің босаға тұсындағы жатаған стол, шиқылдақ сары орындыққа қонақтағалы тапжылмай табандады да қалды. Зүбәржат жаялық езулі Жапақтың ірі қызметке өсіп кетті деген хабарды естіген сәтте-ақ Бәженнің есімін айтып, Әжібайды көріне көзге соның аяғына жығылуға жетелегені мұның ет жүрегін аяусыз жаныштап, намысына от тастағандай еді. «Сен осының бәрін шынымен-ақ маған айтып отырмысың. Сонау қосылу тойымыздағы мазағына төзгенім де жетер. Енді келіп ол оңбағанның аяғына жығылып, қызметімді өсіруге көмек қолыңды соз дей алмадым. Жұмыссыз қалсам да бармадым. Бұл қорлығыңды, Зүбәржат, тоқтат!» дегісі келген. Тіпті Зүбәржатқа тіктей қадалып тұрып, осы ойларын дауыс көтеріп,
еркектігін танытар тепсініспен ашына, ашық айтуға да тиіс еді. Бірақ мойыл жанарларынан от шашып, кере қарыс мандайына ашу шакырғанда үйіріліп шыға келетін әжім иірімін көргенде жым болды. Манадан бері бұрқ-сарқ қайнаған намыс оты әп-сәтте сап болып басылған да сыртқа шыға алмай тұншығып барып тынған. Бар болғаны мүләйім мүскіндікпен: «Апырмай, қинадың ғой. Бәжекеңе барудың өзі қалай болар екен... Үлкен үйде отырған адамды мазалап... тіпті қисынын таба алмай тұрмын», — деген күмілжіп. «Оның не қисыны бар. Бар да дәмге шақыр. Институтта бірге оқыған аты бар емес пе. Түтін түтеткен жерімізді көр дегеннің несі айып. Дәмнен үлкен емес. Келеді. Қалған шаруаны маған тапсыр», — деген Зүбәржаттың толқын ұрып өткендей кең маңдайы тағы да жиырыла қалған. — Апырмай, тіпті... — Ой, сорлы, қызғанған қызылың мен болсам жиырма жыл бойы қызығымды көріп келе жатқан жоқпысың. «Қымызды кім ішпейді, қызға сөзді кім айтпайды? деп... Болары болып, бояуы сіңген... тышқан ініне кіре алмай жүріп құйрығына бірдеңе байлайды деп... Бар да осы жетіге дәмге шақыр, — деген Зүбәржат кіртиген қабақпен орнынан тұрған. — «Намысшылын мұның... Намыс болса баяғыда-ақ жұрт қатарлы ілгері ұмтылар едің ғой. Жетеді ендігі шегіншектегенің». Әжібай шынында да шақырғаныма келмес деп күдік ойлаған еді, бірақ Бәжен еменжарқын қалып танытып, тіпті көптсн көріспеген туыс адамдардай шүйіркелескісі келген алды кең енжайлау аңқылдақ ажармен қарсы алған. «Асықпа, отыр, әңгіме айт. Зүбәржат қалай? Бала басын нешеуге жеткіздің? Қызмет сол баяғы қалпында ма? Бір қалада тұрсақ та көріспейміз. Кербезді, келіншегімді айтам, сендер білмейсіңдер ғой, өздеріңмен таныстырсам ба деп жүр сдім. Енді міне, өзің де келе қалдың. Таяуда ғана сендер жайлы әңгіме қозғап едік», дегендерді Әжібай өз бұйымтайын жеткізгенше бұл ақтарып-ақ тастаған. — Бәжеке, осы жетіде біздікінде болсаңдар... Ана Кербез екеуің, — деген Әжібай тұғжыңдап төмен карады. Бәженге тіктеп қараудан қысылатындай, тіпті қаймығатындай да ма, қалай, екі қолымен қос тізесін уқалап, басын көтермейді. Еденге төселген түкті кілемшенің айшықты өрнегін қызықтаған жанша жанарларымен жер тінтіп, төменшектей береді. Бәженге мұның мына қылығы ерсілеу көрінсе де «Е, со баяғы Әжібайлығыңнан өзгермеген екенсің ғой, жазған» деген ой ұшығына шыққан ол «сен шақыр, мен шақырмен бір жеті қиналған боларсың, шамасы. Тап осы келгенде де Зүбәржаттың желкелеуімен келген боларсың-ау» деген де іштей мырс-мырс мысқылға көшкен.
— О, Әжеке, жарайсың. Шақырғаныңа рахмет, барамыз. Адрес калай еді, — деп стол үстіндегі жыл-паракка барар үйдің жөнжобасын жазып алып жатты. — Қонақтар келетін күн жақындаған сайын Әжібайдан маза кетті. — Сорлы-ау, сонша мазасызданғаның не? Өзіміз білетін Бәжекең болса өзгере коймаған шығар. Сонша әбдің ұшатындай не көрініпті, — деген Зүбәржат ашық күнде су болған Әжібайдың мына күйіне кейістік білдірген. — Қонаққа шакырып отырып жұмыс жағдайын айту қалай болар екен?.. — О жағын маған жібер. Тек сөзге араласып бірдеңені бүлдіріп алып жүрме.
— Көсеубайларды қоссақ қайтеді? — Қой, ойбай. Сол көк езуіңді қойшы осы. Осы үйден ішіп-жеуден тісі сарғайғандай болды ғой. — Ептеп сөз біледі дегенім ғой. Көңіл көтеріп... — Қой әрі, жұмыс жайын шешкің келсе Бәжекеңнің оңаша болғаны жөн. Үшінші көзді куәға тартқандай етіп... Үлкен қызметтегілердің ондайда бой сақтайтыны болады. Қызметің өссе көрерсің көк езуіңді, тойларсың; сонда... Үлкен үйде қызмет істеген неге теріс болсын, тәртіпке төселгендігін танытып, тура уақытында Кербезін ертіп келген Бәжен бұлардың есігін қаққан. Зүбәржаттың қиядан шалар қырағы жанары айқара ашылған есіктен күнде көрісіп жүрген достарындай еменжарқын қалыппен кіріп келе жатқан қадірлі меймандарын бастан-аяқ қапысыз шолып өтуге үлгерген екен. «Таңдап алғаның қандай екен» дегеи құйтырқы ойдың да көптен көңіл түкпірінде бұғылып жатқандығынан да болар, осы тұста малына киінген Кербезге көз қиығын тастап тұрып «бір қарағанға көңіл толарлықтай екенсің» деген ой ұшқыны өне бойын қызғаныш жалынымен шарпып өткендей болған. Бәжен болса толысыңқырап, бір кездегі қара қоңыр жүзі ақшаңқан тартқан ба қалай, ажарлана түсіпті. Самайдан білінген ақ қылтанақ төбеге шапши ұмтылыңқырап барып қайырлапты да қайратты қою қара шашына буырыл ірең қосылыпты. Онысы зор тұлғалы жігіттің айбынын арттырып, келістендіре түскендей екен. Өткен күндердің із-түссіз еместігінің хабаршысындай әсер қалдырар белгілер маңдай мен шарасы кең қоңыр қой көздерінің төңірегіне майда сызаттар болып түсіпті. Зүбәржат ту сыртында аңырайып тұрып қалған Әжіібайға кейістікпен болар-болмас шытыла қабақ тастап және онысын сездіргісі келмегендей: — Ойбай-ау, аңырып неге тұрсың. Замандасыңның пальтосын алып, шешінуге көмектеспеймісің. Жақсы әйел көрсең ақыл-есіңнен адасып қалатының-ай, осы сенің, — деп ерінің әлден абдырай бастағанын ақтағысы келгендей әзілге бұрып, жуып-шайған болды. Бәженнің сыралғы құлағы Зүбәржаттың «Жақсы әйел» деген сөздерінен әлде қандай бір кекесін, әлде
қандай бір ызалы әжуа лебін аңдағандай да еді. Мүмкін қағыс естіген де болар, әйтсе де осы бір сөздер айтылар тұста Зүбәржаттың үнінде құйтырқылық қылаң бергендей еді. Дәм үстінде Бәжен мен Зүбәржат шүйіркелестік жолымен аз-кем әңгіме сабақтастыруға ыңғай білдіргендері болмаса Әжібайдың орнығып отырысынан да ас бөлмеге жүгірісі көбейіп кетті. «Тұздық суып кетті, ысытып әкеле кояйын, салат үстемелейін, сулық орамалың қайда еді, сен отыра бер өзім...» деп қолды-аяққа тұрмай зыр жүгірумен болды. — Ой, Әжеке-ау, бір уақ отырсаң етті. Ас иесімсн тәтті деп... Кел, Зүбәржаттың денсаулығы үшін алып қоялық, — деген Бәжен алдындағы рюмканы көтерді. — Жоқ...жоқ... Бәжеке, ала беріңіз... Ала беріңіз. Мен мына тұздықты ысытып... — Әжібай тағы да ас бөлмеге жүгіріп кетті. Әжібайдың мына қылығына күлерін-күлмесін білмей аңтарылып қалған Бәжен басын шайқап, мырс етті де рюмкасын стол үстіне қоя салды. — Ойбай-ау, қайда кеттің. Кісіні телміртпей келсеңші, — деген Зүбәржаттың бұйрығын күтіп тұрғандай тұздық кұйылған ыдысты көтеріп жылдам оралды. — Ойпырмай, Әжеке-ай, отырсаңшы. Бір шешіліп сөйлесе де алмадық-ау өзі, — деген Бәжен Зүбәржатқа бір, Әжібайға бір қарап ақжарқын қалыппен лекіте күлді. Шешіліп сөйлесерліктей ниет болғанымен екі жақтан да солақай-шалыс түсіп жатқан көңіл тігісін жатқызып жіберер жіптіктей сөз шықпай қинаған түрі бар. Студенттік шақтың кейбір сәттерін тиіп-қашты еске алысқанымен, ол жылдардың қойнау-қалтарыстарына тереңірек байлауға бата алмай, бойлай қалса бірдеңені бүлдіріп алатындықтарын сезгендей секем алған сақтықсақтану алдарын орай бергенге ұқсайды. Ол тұстан өнімді ештеңе шықпасын сезген Бәжен Әжібайдың жұмыс жағдайына ойысқан. — Е, он бес жыл бойы тұлыпқа алданған сиырдай өзін-өзі алдарқатумен жүріп жатыр ғой замандасың. Осының да жағдайын бір білейінші дейтін кімі бар? — деген Зүбәржат кәдімгідей жаси сөйледі. — Неге, неге олай дейсің, жыламаған балаға сүт бермес болар... Әйтпесе алдымызға келе қалса тартылар ретіміз жоқ қой. Көз көрген, оның үстіне өзің барда... — деген Бәжен орта жолда мүдіріп барып Әжібайға «осы уақытқа дейін қайда жүргенсің» деген кісіше кіртие көз қиығын елеусіз тастаған. — О, о жағы рас... үйреншікті болған соң ептеп жүріп жатқан жай бар. Осы қызмет те... жарайды бізге... Әне, бұны төрге сүйресең босағаға қарай сырғи береді.
— Қызмет қолдың кірі деген... — Бүгін былай, ертең олай дегендей... Орайы келсе есте болсын, — деген Бәжен Әжібайды тап қазір қызметке алғалы отырған адамша мардымси сөйлеп, маңғаздана калды. — Е, сөйтші, Бәжекесі, — деген Зүбәржат Бәженге біртүрлі назды қылықпен қиыла көз қиығын тастай күлімдеген. — Келіңіздер Бәжен үшін алып қоялық, — деген Әжібай да мына жылы сөзге разылығын білдіріп, орнынан елпең ете түсті. Кербез тобылғы торы коньяктың екі-үш рюмкасынан кейін-ақ манағы сыпайылықты серпіп тастап, күнде араласып жүрген сыралғы жандардың ортасында отырғандай аңқылдақ қалыпқа ауысып еді. Кербездің мына қылығын аңдаған адам оны табиғатында ортаны жатсынбайтын, ақжарқын, болмаса кез келген ортада өзін бимін деп биіктеу ұстайтын өктем еркетотайлау келіншектердің категориясынан да болуы ғажап емес дерліктей еді. Не десек те Ксрбез Әжібай дастарханында қымсынбай кең отыр. Қызыл шырайлы жүзі одан әрі бал-бұл жанып, біртүрлі сұлулық реңмен құлпыра түсіпті. Таңғы шықтай мөлт-мөлт еткен мөлдір жанарларынан осы тірлігіне шексіз разы жанның алаңсыз, аңғал қалпын аңдатар шаттық лебі есіп тұрғандай еді. Шалқып толқыған осы ғұмырының тірек сүйеніші қасында отырған мына Бәжен екендігін де қапысыз сезінер және онысын толық мойындаған, сол мойындағанын жат көзден де таса етуді білмейтін, тіпті бұл қылығын мақтан да ететіндей еркін еркелік бар. Онысын әлсін-әлі еске алып отырмаса естен шығарып алып, күпірлікке ұрынар жандай Бәженге еркелей сүйкеніп, «прелесть ты мой» деп қойып отырды. Әйелінің мына қылығына әбден үйреніп алғандығынан ба, әлде осы бір еркетотай қылықты өз өмірінің мәні де, сәні де деп ұғына ма, Бәжен де Кербезінің «прелесть ты мойына» кәдімгідей марқайып, масаттанған қалып танытып, қораздана түсетіндей, кейде ашык, кейде тұла бойын селкілдете, лекіте күліп алады. Ерлі-зайыптылардың мына қылықтарын Зүбәржат біртүрлі оғаш сезінген. Осыдан он бес жыл бұрын Әжібаймен қосылу тойы үстінде табалай күлген, ар-намысын аяқ асты еткен Бәженнің солақай қылығын еске түсіргендей ме қалай мына отырыстары. Екеуара алдын-ала келісіп алып бұлардың дастарханын әдейі сайқымазақ етіп отырғандай да ма дерсің... Қонақтарының сайқымазақ қалыптарын көтерер көнтерлілік Зүбәржат бойынан табылса керек. Өйткені оның аңсары да, арманы да мына қойнынан бөзі түскен, қойдан қоңыр Әжібайын бір биікке көтеру емес пе еді. Сол жолда мына ақ дастарханын, тіпті арын да аяқ асты етер нелер қыспаққа шыдап бағарлық төзімділікке бекінген сыңай бар Зүбәржатта. Ендеше Бәженнің
мекерлігі мол қатыны оғаш бірдеңелерге барды екен деп Әжібайдың өсуі меп өшуін тізгіндеп отырған мына қадірлі мейманы алдында иіліп төсек, жатып жастық болудан тартынбаса несі айып. Неге де болса төзеді, көнеді. Брақ онысын Әжібайы түскір түсінбейді де ұғынбайды. Жанға бататыны да, жүрегіне жазылмастай касірет жамайтыны да сонысы ғой. Әйтпесе бұл жазғанның еркек болып алдын ораған кезі жоқ — ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Ездігіне қарамай едіреңдеп отырса не істер едің. Бұған да шүкіршілік... Өз дастарханына өзі ие бола алмай қонақтар билігіне мойынсұнып, «ләппәй тақсыр» қылықпен бас шұлғып отырған Әжібайдың жасықтығы жанына батса да, бұл жолы да іштен тынып, сыпайылық сақтаған. Қанша өрекпісе де өлі намыс бас көтерер ме енді. Жан сарайының әлем тапырығын шығарып алай-дүлей еткен ызалы сезім тепсінісін тұншықтырғысы келгендей: — Кербез-ау. Бәжекеңе күнде осылай еркелейсің бе, әлде... — деп күлген болды. — Зүбәржанка, күйде осылай... Әйтпесе тәубемізден жаңылмаймыз ба? Шалқып-толқып жүргеніміз осы шалдардың арқасы емес пе? — деген Кербез аса бір жарасымды қылықпен Бәженге сүйкене түсіп барып «мой прелесть» деп қойды. Зүбәржат Әжібайға тап осылайша еркелеп, тап осылайша «тірек, сүйенішім-ау» деп сүйкене алар ма. Әжібай да «тірек-сүйенішіңмін» деп қораздана қопаңдап, қуақы қылық таныта алар ма жұрт алдында. Әттең бәрі де алдамшы, елеусіз етіп жатқан жалған ғұмыр екен ғой. Кербездің жаңағы сөзінен кейга біртүрлі жасып, жабырқап қалғандай сді. Бірақ онысын да жасанды шымылдық күлкісімен тасалай білген. Зүбәржат бөтелкелердің тасасында отырған Әжібайға қарады. Шөлмек ішіндегі сұйықтың қаншасы ішілді екен деген кісіше тобылғы торы коньяк құйылған бөтелкеге телміре қарап отыр екен. Дастархан басында жападан жалғыз қалғандай, болмаса мына келген меймандарда ісі жоқ адамдай самарқау отырған Әжібайға біртүрлі мүсіркей қараған. Көмейіне күйікті өксік тығылып, ағыл-тегіл жылағысы келіп кетті. Осыдан он бес жыл бұрынғы өткен сүреңсіз той үстіндегі Әжібайдың ез қылығы тағы да есіне түсіп, жаңағы бір жан-дүниесін шарпып өткен ызалы, өкінішті сәт тағы бір бұрқ ете қалған да, мұнысынан ештеңе шыға қоймасын білетін сұңғыла көңіл әдетінше сабасына түсіп самарқау тарта берген. Он бес жыл... күндегі тірлік осы. Неткен азап, кеткен алдамшы тірлік еді.. Бірақ Зүбәржат тап сол тойдағыдай бетін басыл ағыл-тегіл жылай алмады, жылай алмайтын да еді. Тартып жүрген азап, көріп жүрген қорлық, қатардан кейін қалған кембағалдың өтеуі мына Әжібайдың креслосы биіктеп, «Волга» машинасына
мінумен ғана өтелер. Одан басқа жол да, мақсат та жоқтай көрінген Зүбәржатқа. Сол жолға барын салады, неден болсын тартынбайды. Өз өзінен ширығып, іштей жиырыла калған Зүбәржат алдындағы коньяк толы рюмканы қолына алып ішіндегісін қалай ішіп салғанын да аңғармай қалды. Әжібай басын шошаң еткізіп көтеріп алды да, әйеліне бақшия қадалды. Кербез біртүрлі мекер күлкімен сылқ-сылқ күлді. — Ас болсын, Зүбәржатқа, — деді. Бәжен төмен қарап біртүрлі ыңғайсыздау қалып танытты. — Бәжеке, сөзің өтетін жерде отырсың ғой. Мына курстас жолдасыңды да ойлай жүр. Қашанғы аядай бөлмеде отыра береді, — деген Зүбәржат манағысын басталып, бірақ орта жолда үзіліп қалған өтініш-тілегін қайыра сабақтаған. Бәжен жаңағы бір сәттік толқи қалған Зүбәржат қылығының ізімқайым жоғалып, басқа ажардағы кейпіне таңдана қарап қалыпты. Әжібай да әңгіменің өзіне қатысты екендігін енді аңғарғандай бөтелке түбінен басын көтерді. Ыржиып Бәженге қарады. — Е, осы жағын ептеп жіберсең, Бәжеке. Ана Жапақ та өсіп... — Басқада нең бар, өз басыңды қарық қылғандай о несі... — Зүбәржат жаратпай қалды. — Да, да Бәжеке, достарға көмектесу керек. Әсіресе Әжібай сияқтыларға... Әжібайчик тіпті ғажап адам екен. Просто ғажап, — деген Кербез ай сырғасын дір-дір еткізіп рахаттана күліп алды да, — сізге бір комплимент арнасам ренжімейсіз бе? — Жо-жо-жоға. О не дегеніңіз. Айта беріңіз... — деген Әжібай орнынан атып тұрып рюмкаларға коньяк құя бастады. — Онда сіз «Қызыл кітапқа» тіркейтін өте сирек кездесетін еркек... то есть адамсыз... Әйелінің алаулаған жүзіне бақшия қарап Бәжен «осы сөзді рас айтып отырсың ба» дегендей аз кідірістеді де, сөз астарының байыбына енді барғандай екі иінін селкілдетіп, булыға күлді. Зүбәржат та мына комплименттің қай тұрғыдан айтылғанын аңғарса да аңғармаған, байыбына бармағандай аңғал қылықпен Кербезге қосыла күліп «Біздің шал сондай» дей берген. Әжібай болса Кербез келіншектің сыңғыр-сыңғыр күлкісімен ілесе шыққан мына комплименттің өзіне арналған баға жеткісіз қымбатты сыйындай қабылдаған. Алғыс сезімін білдіруге асыққан Әжібай столды айналып өтіп Кербездің қасына жүгіріп барды да епетейсіз қимылымен келіншектің қолын алып, алақанының сыртына көнек ернін тоса берді. — Рахмет Кербез, тіпті ғажап айттыңыз, — деді ыржалақтап.
—Кәне «Қызыл кітап үшін», соған тіркелген бірінші еркек сен үшін алып қоялық, — деп күлкіден тиылған Бәжен ауыр қозғалып орнынан тұрды. Дидарындағы жаңа ғана жарасымды жарқыл танытып отырған қуақы күлкі пышақ кесті тиылған. Өңі бір-түрлі жүдеу тартын, жабырқай қалыпты. — Ал Бәжеке, үй осы. Келіп тұрыңыздар. Біздің шалдың жағдайы бір бүйіріңізде жүргей, — деген Зүбәржат бұл шақырыстың басты мақсаты Әжібайдың қызмет жағдайын шешіп алу екендігін тағы бір еске салғандай еді. — Реті келсе ойластырып көрелік, — деген Бәжен сырбаз қалыпқа көшіп сыздана қалды. — Айтпақшы бөлім бастықтарың бірер айда демалысқа кетеді ғой деймін... — Ретін табу өз қолыңда ғой, Бәжеке, — деген Зүбәржат қыз күнінде еркелей қалатын қымбат қылықпен Бәженге қиыла қадалып еді. Бәженнің жоны тершіп, самайы солқылдап кеткендей болды. Бойын тез жиып басын шұлғыды. Езу тартқандай епетейсіз кейіппен Кербезге көз қиығын тастап еді, ол пальтосын киіп жатыр екен. — Иә, иә, Бәжеке, бірдеңе қылыңыз енді... Бәжен өзіне мүләйімси, бұрынсоңды байқалмаған жалынышты қалыппен мөлие қарап қалған Әжібайға біртүрлі тіксіне қадалып еді. Зүбәржат ерінің алдын орай Бәженнің иығына пальтосын жаба берген. Әйелінің ту сыртында тұрып тағы да: — Бәжеке, бірдеңе қылыңыз енді, — деген Әжібай мойнын ішіне алып, шегіншектей берді. Бар тірлік тағдырын мына қарсы алдында тұрған сырт көзге зілді де сабырлы, сырбаз да менмен, қажетті жерінде жарқылдай да білетін адамға басыбайлы бүтіндей тапсырған, «құдай алдында сұрауым жоқ» пиғылмен мүләйімси қалған Әжібай қылығы әрі тосын, әрі табиғи болып көрінген Кербезге. Бәлкім өмірде үнемі екі ұдай сезім, екі ұшты пиғыл, ірілер қабағын бағып жалпақтай өмір кешетіндер үшін бұл тосын да, табиғи да емес, заңдылық болар. Бірақ оның байыбына барып, сырына ой жүгіртіп жатқан Кербез жоқ-ты. Рахметін айтысқан меймандар тысқа шыққан. Алпамсадай Бәженінің қолтығына тығыла түскен Кербез: «Қызыл кітапқа» тіркейтін еркек... «Қызыл кітапқа» тіркейтін еркек», — деп сылқ-сылқ күліп бара жатты. Екі айдан соң Әжібай бөлім бастығы болыпты деген хабар дүңк ете түсті. — Таяуда Әжібайдың үлкен үйге кіріп бара жатқанын көрдім. Зүбәржаттың желкелеуімен Бәжекеңді тағы да қонаққа шақырады-ау шамасы, — дегенді көк езу Көсеубай айтып кетті. Бәлкім, рас та шығар. Өйткені Әжібай сияқты еркектердің орны «Қызыл кітап» қой шіркін.
Алғыс
Осы кітаптың жарық көруіне көмек қолдарын ұсынған: «Бурабай» санаторийінің бас дәрігері Қайырлы Құрмановқа, Васильков кенбайыту комбинатының директоры Хасен Абсалямовқа, Халық банкісінің бастығы Қуанышбек Рымжановка, «Көкше» сауда үйінің директоры Сансызбай Мұхитановқа, «Тұмар – Көкше» А. Қ. президенті Әди Елемесовке, «Азықтүлік» фирмасының директоры Сәлима Сансызбаеваға, «Жалын» А.Қ. директоры Майра Шоғырмақовага, облыстық жекешелендіру комитетінің бас маманы Мұрат Бекеновке, «Игілік» АҚ президенті Тілепберген Әйкеновке, Көкшетау қаласының әкімі Айдар Мурзинге, ПҚФ «Автотранс» директоры М. Цуровқа, «Интер – Көкшетау» АҚ президенті Рүстем Әлібековке, С.П.«Асардың» бас директоры А.Бекмұхамедовке және Көкшетау облысының әкімі Қызыр Жұмабаевқа зор алғыс сезімімді білдіремін.
МАЗМҰНЫ ______________________________________________ Қанкешу....................................................................................................................3 Аран........................................................................................................................91 Аңсаған жүрек әні еді..........................................................................................128
Әңгімелер Күйік ғұмыр.........................................................................................................158 Сенім туралы хикая.............................................................................................171 Әупілдек зары......................................................................................................186 Түнгі қоңырау......................................................................................................195 «Қызыл кітапқа» тіркейтін еркек.......................................................................208
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру