TELEGEI

Home

Мақалалар (Әбіш Кекілбаев)

Әбіш Кекілбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мақалалар (Әбіш Кекілбаев)

Қаламгер адам мен қоғам, табиғат, өткен мен келешекке қатысты жан-жақты жаңаша тұжырымдар жасаған. Бар бітімін халық тағдырымен байланыстыра білуінің нәтижесінде еңбектері қолданбалы сипат алды. Мақалаларында адам мүддесі, қоғам бейнесі туралы тақырыптарды кеңінен қамтыды.

БАҒЗЫ МЕН БАҚИДЫ ЖАЛҒАСТЫРАР САРА ЖОЛ

Тарихи-мәдени мұра кеше, бүгін, ертең...

Адамзат бұрын жанарын тек алысқа ғана тігетін. Назарына тосын мен таңсық қана түсетін. Көк жиекке дейінгіні көзіне де ілмейтін. Асылдың бәрі алыста, таңсықтың бәрі тасада деп ұғатын. Кейінгі кезде айналамыздағыны да абайлай бастадық. Басқа галактикалар мен цивилизациялар жайындағы қиян-кескі дау-дамайды күрт тыйып, ат шаптырып жердегі айдынның неге тартылғанына, құрық тастам жердегі көне үйіктің неге құлағанына көбірек алаңдайтынды шығардық. Өзін-өзі жер құдіреттей көріп, желпініп жүрген адамзаттың тап бұлай аяқ астынан бүгежектей қалуының сыры неде? Қалай ғана ол бүгін кешегісінен гөрі дәрменсіз, кешегісінен гөрі мүсәпір күйге түсті екен? Жоқ, тап бұның қисыны келе қоймас. Соны дәл бұндай абайшыл қылып жүрген құтының қашуы емес, құдіреттің тасуы болмасын. Соңғы ширек ғасырда өмір сүріп жатқан ұрпақ өзіне дейінгі миллиондаған ұрпақтардың бәрі қосылып жұмсағанынан әлдеқайда көп энергетикалық ресурс шығындапты. Ал енді тап осы қазіргі ауқатымыз бен қару-жарағымызды көбейтпей де, азайтпай да, әлі де осы жыл осы қалпында ұстау үшін күні бүгінгі жұмсап отырған әлгідей жер ойдық энергиямыздан үш-төрт есе көп энергия пайдалануымызға тура келеді екен. Өйткені, қазір әр он жыл сайын соңғы екі мың жылда қанша жаңалық ашылса, сонша жаңалық ашылады. Ондай жаңалықты ашып ап, шаш-етектен пайда түсіруге ұмтылмайтындай сабыр мен қанағатты бізге кім беріпті?! Қазіргі күнде-күнде тұтынып жүрген бұйымдарымыздың тоқсан проценті осыдан сексен жылдай бұрын атымен үрдісте болмапты. Аранды ашқан үстіне аша берсек, ешқандай атом, сутегі, нейтрон бомбасынсыз-ақ дүниенің күлін көкке бір-ақ ұшыратын сыңайымыз бар. Басқасы басқа ғой, ауа екеш ауа мен су екеш судың өзіне зар боп қалар түріміз байқалады. Осынша обырланғанда жер бетіндегілерді тегіс кенелтіп, тегіс қарқ қыла алдық па? Жоқ! Бай мен кедейдің, бар мен жоқтың, тоқ пен аштың ара-жігі бұрынғыдан да алшая түсті. Жер үсті бүгін таңдағыдай индустриялық қоғамға көшкенге дейін орта есеппен алғанда дүниедегі ең дәулетті адам ең жарлы адамнан үш есе көп табыс таба алатын. Бүгінде жан басына шаққанда дамыған елдердегі адамның табысы дамушы елдердегі адамның табысынан отыз есе, тіпті сексен, тоқсан есе көп болып шығады. Материалдық игілікті пайдаланудағы мұндай кереғарлық рухани игілікті пайдалануда одан сайын арта түседі. Ғылыми зерттеулердің 95 процентін бар болғаны 25 елдің лабораториялары қамтиды. Әрбір жүз мың адамға шаққанда Теріскей Америкада – 37, араб мемлекеттерінде – 3, Азияда (тіпті Жапонияны қосқанда) – 2, Латын Америкасында – 1,4, ал Африкада – 0,2 адамның ғылыми дәрежесі бар. Дамыған елдердің тұрғындары айға барып қонып, айлап-жылдап космоста ұшып жүргенде, дамушы елдердің тұрғындарының сексен проценттейі әлі сауатсыз. Мұндай алшақтықты жою үшін жер бетіндегі тіршілік әлі де жүз жыл бойына бейбіт жағдайда дамуы керек. Ал біреулер аспандай биіктеп, екіншілері әлі шыңырау түбінде шыңғырып жатқан ала-құла дүниені бір сәтте жоқ қып жіберу қазіргі адамзат үшін оңайдың оңайы. Ғалымдар жақында элементарлық бөлшектерді бір-бірімен байланыстырып тұрған физикалық константалар қазіргіден сәл өзгешелеу болса, жер бетінде атымен тіршілік болмауы мүмкін екендігін дәлелдеді. Ал бүгінгі адамзат оңдай күрделі де нәзік түзілімдерді түбірімен өзгертіп жібере алатындай құдіретке ие екендігі әркімге-ақ мәлім. Ендеше, біздің бір-бірімізге деген, өзімізді қоршаған рухани, табиғи ортаға деген көзқарасымыз да атымен өзгеруге тиісті. Бүгін тек күллі адамзат қана емес, әрбір тіршілік иесі индивидиум тек түрлік тіршілікті ғана емес, күллі әлемдік тіршілікті сол қалпында сақтап қала аларлық маңыз-мағынаға ие болды. Егер әрбір индивидиумды көздің қарашығындай сақтау арқылы тұтас халықтарды, әрбір халықты көздің қарашығындай сақтау арқылы күллі адамзатты сақтай алатындығымызды жете түсінсек қана, күллі әлемде тек біздің планетамызда ғана орын алып отырған феномен – саналы тіршілікті аман алып қала аламыз. Бұл – біздің цивилизацияның мойнындағы күллі әлемдік парыз. Бұл тек көп нәрсе жайында басқаша тұжырым жасауға ғана емес, көп нәрседен атымен бас тартуға мәжбүр қылады. Ең алдымен, бір кездегі жұрттың бәрінен бай, бәрінен күшті болуға тырысушылықтан, жан-жағымызға қолды мол салып, мол қарамауға ұмтылушылықтан, демек жеке бастылық, топтық, таптық, ұлттық, нәсілдік эгоизмнен бас тартуға тура келеді. Енді адамзат күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып өрге баса алады. Ал ақылдылықтың өлшемі – әділеттілік. Әділет ешкімді кемсітпейді, ештеңенің обалына қалмайды. Сонда ғана адамдар мен адамдардың, ұлттар мен ұлттардың, мемлекеттер мен мемлекеттердің арасында бірін-бірі түсіне және құрметтей білуге негізделген жарастықты қарым-қатынас орнай алады. Ондай қарым-қатынас бізді қоршаған табиғи аяға да, этникалық аяға да, рухани аяға да бірдей қатынасты болса лазым. Тек адам мен қоғам концепциясы ғана емес, табиғат пен цивилизация, тарих пен болашақ концепциялары да атымен жаңаша қарастыруды талап етеді. Адамның ғана мүддесін көздеп, қоғамның қамын жемек әлеуметтік теңсіздікке жол берді. Қоғамның ғана мүддесін көздеп, адамның қамын жемеу, әуелі таптың, сосын империяның, сосын империяларды біріктіретін саяси жүйелердің монополизмін күшейтті. Таптық ұлттық, нәсілдік кемсітушілік те, идеологиялық, мәдени, діни, дүниетанымдық айырмашылықтарға қысым жасаушылық та содан өрбіген. Бұл басқаны қойып, табиғат пен цивилизацияның арасындағы кереғарлықты күшейтті. Адамның табиғаттың бел баласы екендігі рас болса, ол жасаған цивилизация да табиғаттың құрамдас бір бөлшегі, табиғи эволюцияның заңды жалғасы болуға тиісті еді. Алайда, ақыл ой жарастықты ойламай, бас пайданы ғана ойласа, тек адамдар мен адамдардың, халықтар мен халықтардың, мемлекеттер мен мемлекеттердің, мәдениеттер мен мәдениеттердің арасында ғана емес, күллі жаратылыс пен цивилизацияның арасында антогонистік қарым-қатынас орнатады екен. Бұл антогонизмнің катализаторы – қоздырушы күші табиғат емес, цивилизация болып табылатынын тарих тайға таңба басқандай дәлелдеп беріп отыр. Цивилизацияның құдіреттілігіне жарастықты санасы сай келмесе, ол бірте-бірте тек жаратылыстың ғана емес, өзінің де көзін жоймай тынбайтын құртушы күшке айналатыны тағы да айдан анық. Сөйтіп, ақырзаманның орнауы үшін көктен Әзірет әлінің түсуі, жерден Мәдінің шығуы шарт болмай қалды. Оны санаға бағынбай кеткен цивилизацияның өзі-ақ орнатады. Сөйтіп, ол өзінің бастапқы мақсаты – адамзат қоғамын ер жеткізетін емес, кері кеткізетін ықпалға ие болады. Сондықтан да, біздің тұсымызда күн тәртібіне табиғатты қорғау, адамзаттың адамзаттық мазмұны болып табылатын цивилизацияны қорғау қатар қойылып отыр. Мұндай жігі ажырамас үш проблема тек қатар шешіліп, қатар жүзеге асқанда ғана болашаққа деген сенім нығая түседі. Оның кілті біреу-ақ. Ол – саналы дамуды, дамудың санаға бағынуын, даму арқылы сананы өрістетіп, сана арқылы дамуды жүйеге түсіріп отыруды жүзеге асыру. Дамуды қоғамдық мүдде өркендетіп, қоғамдық тәжірибе жүйелейді. Қоғамдық мүдденің ұстанар нысанасы – диалектикалық даму үстінде айқындала түсер жарқын болашақ болса, қоғамдық тәжірибенің қайнар көзі – сондай даму үстінде қалыптасқан және қалыптаса беретін тарихи процестер болып табылады. Тарих пен болашақ концепциясын қайта қарастыру қажеттілігі де осыдан көп өрбиді. Жер бетіндегі жазба деректердің ең ежелгісі біздің заманымызға дейінгі 3000-шы жылға тура келеді. Демек, жазба деректерге сүйенетін тарихымыз бес мың жылдан әрі аса алмайды. Ал оған дейінгі адам нәсілінің тарихы миллиондаған жылдарға барып тіреледі. Соған қарамастан, күллі адамзаттың жалпы тарихы әлі жасақталған жоқ. Тарихи даму әлі ұлттық аядан, мемлекеттік тұрғыдан қарастырылып келеді. Сондықтан онда бір-біріне кереғар догматтық концепциялар үстемдік құрып кетеді де, ұлттық шектелушілікке, мемлекеттік шектелушілікке, қоғамдық жүйелік шектелушілікке жел беретін қисындар туындайды. Ол баршамыздың өзімізді қоршаған аямен жарастықты да әділ қарым-қатынасымызды жасақтайтын ортақ критерийлер табуымызға кедергі келтіруде. Соның қырсығынан көп уақытқа дейін баршамыздың асыраушымыз болып табылатын табиғатты кім уысты молырақ салса, сол көбірек олжаға бататын иесіз дәулеттей көрдік. Сол сұраусыз дәулетті басқалардан бұрынырақ, көбірек қармап қалу үшін қауымға, тайпаға, халықтық, мемлекеттік бірлікке топтастық. Сөйтіп, адамзат нәсілінің өз ішіндегі алауыздықты барған сайын неғұрлым ересен масштабтарда заңдастырып, сол арқылы бір-бірімізге әлімжеттік жасадық. Бір қауым екінші қауымға бас салудан басталған жабайылық әлімжеттік бір мемлекет екінші мемлекетке бас салатын орта ғасырлық әлімжеттікпен тынбай, сондай екіұдай мүдделер жолында топтасқан екі ұдай мемлекеттердің теке тіресуінен тұратын күллі әлемдік империалистік әлімжеттікке айналды, Мұндай жағдайдағы басқыншы соғыс та, қорғану соғысы да күллі табиғаттың түбегейлі күйреп, адамзат пен цивилизацияның біржолата жойылуымен тынады. Сондықтан да қазір халықаралық, мемлекетаралық саясатта теке тірестік қағиданы мүдделер үйлесімі қағидасымен алмастыруды көздейтін жаңаша ойлау концепциясы орын тебе бастады. Ол концепция өз әрекет аясын тек бүгінгі саяси ара-қатынасты жүйелеумен ғана шектелмей, күллі адамзаттық қоғамдық тәжірибені қайтадан сараптап, қайтадан байыптауды да қамтыса керек. Ондай жағдайда бірінші орынға ұлттық та, мемлекеттік те, таптық та емес, күллі адамзаттық мүдделер озады. Олар ұлттық, мемлекеттік, таптық мүдделерді жоққа шығармайды, қайта оларды бәрімізге ортақ табиғат пен цивилизацияны аман алып қалу жолындағы мақсаттың төңірегіне шоғырландырады. Ал бұл тарихи сапаны мыңдаған жылдарға созылып келе жатқан тайпа аралық, ұлт аралық, династия аралық, мемлекет аралық, тап аралық, формация аралық кикілжіңдер мен шайқастардың шетсіз-шексіз шытырман шежірелерінен алып шығып, адамның алғашқы ағаш бұтағындағы миуаны үзіп жеуінен басталып, бүгінгі «Буран» мен «Шатлға» дейінгі екі аралықтағы миллиондаған жылдарға созылып келе жатқан мәдени дамуымыздың заңдылықтарын зерттеп тануға жұмылдырады. Мәдениет тарихы – түптеп келгенде, адамзат тарихы. Сондықтан да ол ұлттық тарихтан да, мемлекет, қоғам тарихтарынан да әрі кеңірек, әрі көнерек. Ол түп басын, қажет десеңіз, галактика тарихынан алады. Өйткені, планетамыздың жаратылуы да, ондағы саналы өмірдің пайда болуы мен дамуы да әу бастан астрономиялық құбылыстардан өрбіген. Жер бұдан 4,6 миллиард жыл бұрын жұлдыздар арасындағы газ бен шаңнан жаратылған. Ондағы тіршілік 4 миллиард жыл бұрын мұхит пен су айдындарында пайда болған. Алғашқы көп клеткалы организмдер 3 миллиард жыл бұрын жаратылады, олар содан 1 миллиард жыл өткен соң барып, аналық, аталық болып екі жынысқа бөлінеді. Адамға ұқсас алғашқы жан иесі осыдан 10 миллион жыл бұрын жарыққа келген. Ал адамның алғашқы жер басуы бар болғаны бір миллион жыл ғана бұрын. Жердегі тіршіліктің негізі болып есептелетін белокты да, тұқымнан тұқымға информациялар дарытатын нуклеин қышқылын да түзетін молекулалар біреу. Ол өсімдік дүниесіне де, жануарлар дүниесіне де ортақ. Мұндай түзілім тек жердегі тіршілік иелеріне ғана тән. Сондықтан біздей мақұлықтардың басқа планетадан табыла қоюы екі талай. Ал басқа кейіптегі, басқа құрылымдағы ақыл иелерінің ұшырасуы әбден мүмкін. Дарвиннің эволюциялық теориясы бойынша, адамдар адам тұрпаттас маймылдардан (антропеидтерден) шыққан. Оның саналы мақұлыққа айналуына, К. Маркс пен Ф. Энгельстің айтуынша құрал жасау мен бірлесіп еңбек етуге үйренуі шешуші ықпал еткен. Мұнда экологиялық жүйелеу африкалық антропеидтерге (горилла мен шимпанзеге) ұқсас («орман маймылдарын») баршамыздың бастапқы бабамыз деп тануға мәжбүр етеді. Олар осыдан 27-12 миллион жыл бұрын Афроевразияны басып жатқан тропикалық ормандарда өмір сүріпті. Олар климаттың өзгеруіне байланысты біреулер адам тұрпаттас маймыл (понгид) боп қалыпты да, екіншілері адам сипаттас мақұлдатарға гоминидтерге айналыпты. Соңғылардың санатына сүйектері Теріскей Индиядан табылған, бұдан 14–8 миллион жыл бұрын өмір сүрген рамапитектер жатады. Олардың сүйектері Азия мен Африканың көп жерінен табылады. Ал кейін тек Австралия ғана емес, Африканың әлденеше елдерінен табылған миының көлемі 500–600 текше сантиметрден 1100–1800 текше сантиметрге дейін баратын австралопитектер сол рамапитектердің ұрпақтары болып есептеледі. 1960 жылы Олдовей (Танзания) аңғарынан табылған, бұдан екі миллион жыл бұрын өмір сүрген австралопитекке ұқсас қаңқа қасынан малта тастардан жасалған дөрекі құралдардың шығуына байланысты гомо-хабилис (ісмер адам) деп аталды. Табан сүйектеріне қарағанда, түрегеп жүруге әбден жетілген мақұлқатқа ұқсайды. Ф. Энгельстің айтуынша, «маймылдардың адамға айналуы» соларға ұқсап, қолдың көмегіне сүйенбей, аяқтарынан тік басып кетуден басталса керек (К. Маркс, Ф. Энгельс. Шығармалары, т. 20. 486-бет). Маймылдардың адамға айналуына ежелгі дүниеде аман қалу үшін тек күшпен қоса ептілік талап ететін жаңа жағдайлардың пайда болуына байланысты жаңа табиғи сұрыптау шешуші әсер еткен секілді. Австралопитектер мен хабилистердің табылуы адамзаттың қайдан шыққандығы туралы пікірді өзгертті. Көпке дейін ғалымдар Орталық және Күнгей Шығыс Азияны «адамдардың алғашқы отандары» деп есептеп келген-ді. Оған әлгі аймақтарда адам сипаттас маймылдар қаңқасының көптеп табылуы әсер еткен-ді. Екінші бір ғалым адамдар солтүстік Европада, Америкада немесе Австралияда шықты деп жолдаған. Бірақ оған жеткілікті дәлелдері болмаған. Үшінші біреулер адамзат жер шарының бірнеше бөлігінде қатар пайда болған. Сондықтан адамзат әр текті, мәселен, сары нәсіл – орангутандардан, қара нәсіл – горилладан, ақ нәсіл – шимпанзеден өрбіген деген қисынын айтқан. Дарвин адамға африкалық понгидтер (горила мен шимпанзе) азиялық понгидтер (орангутандар мен гиббоидардан) гөрі әлдеқайда ұқсасырақ екендігіне сүйеніп, "африкалық отан" қисынына бүйірі бұрды. Австролопитектер мен хабилистердің табылуы да әлгі қисынның ұпайын асыра түседі. Алайда, маймылдардың адам сипаттануын бастап берген рамапитектердің Индияның терістігінен табылғанын естен шығаруға болмайды. Оның үстіне кең-байтақ Азияның қиыр-қиырындағы археологиялық деректер әлі түгел игерілген жоқ. Сондықтан да кейбір совет ғалымдары, хайуандардың адамдану процесі Азияның, Африканың, тіпті Европаның да оңтүстік аймақтарын қамтиды деп есептейді. Не де болса адамдар, морфологиялық, физиологиялық, психологиялық материалдарға қарағанда әуелде бір түбірден, бір тектен шықса керек. Ол әуелі бір аймақта пайда болып, келе-келе Афроевразияның әлгі айтқан аймақтарына тараса керек. Ең ежелгі адамдарға -архаитроптарға солар жатады. Олар Афроевразияда 800–300 мың жыл бұрын өмір сүрді. Малта тастан қару жасаған олдовий мәдениетінің өкілдері ширектік кезеңнің бастапқы тұсында өмір сүрсе, шақпақ тастан екі жағында да жүзі бар шапқы жасаған ашель мәдениетінің өкілдері Европада, Солтүстік, Шығыс Африкада, Орта және Күнгей Азияда өмір сүрді. Олар біздің еліміздің Кавказ, Қаратеңіздің теріскей жағалауы, Қырым, Орта Азия, Қазақстан, Сібірдің Қиыр Күнгей мен Қиыр Шығыс секілді аймақтарын да қамтыды. Архиатроптардың кейбір қауымдары от жағыпты деген де тұспалдар бар. Алайда, от жағу олардан кейінгі палеоантроптардың тұсында кеңінен етек жайса керек. Олар бұдан 250–70 мың жыл бұрын өмір сүрген. Бұрынғы шапқының орнына түрпі мен үшкір жебелі тас қаруды пайдаланып, үлкен жануарларды аулап, ет пісіріп жеген бұл мақұлықтар Европа, Солтүстік және Шығыс Африка, Кавказ, Оңтүстік-Батыс, Орта және Орталық Азияның кейбір аймақтарын жайлады. Олардың тас қарулары алғаш рет Франциядағы Ле Мустье деген жерден табылды. Соған байланысты «Мустье мәдениетінің» өкілдері деп саналады. Бізде неандертальдық сәбидің сүйегін алғаш рет 1938 жылы археолог А. П. Окледников Өзбекстаннан тапқан. Олар үйір-үйір боп үңгірлерде тұрған. Бейберекет етек араласына (промискуитет) да солардан бастап тиым салына бастаған. Кісі жерлеуді солар шығарғанына қарағанда алғашқы діни сенімдер де сол тұста пайда болды ма екен деген болжам бар. Олар бұрынғы адам тектестерге қарағанда әлдеқайда анық сөйлесе алған секілді. Бірақ, шын мәніндегі ақыл иелерінің қатарына бұдан 40–30 мың жыл бұрын соңғы мұз қайтуы тұсында пайда болған неонтроптар ғана жата алады. Шын мәніндегі гомо-сапиенс (саналы адам) солардан өрбиді. Саналылану (сапиестену) процесі де солардан басталады. Бұрынғы үйірлер рулық қауымдарға айналады. Ол күшпен қоса саналылықты да есепке алатын жаңа табиғи сұрыпталу арқасында жүзеге асады. Матриархат, сәндік бұйымдар жасау, үңгірлердің қабырғасына сүрет салып әшекейлеу, тастан және сүйектен мүсіндер қашау осы тұста пайда болады.

Тағы да сауал туады: адамдардың саналылануы қай аймақтан басталған? Совет ғалымы Я. Я. Рогинскийдің концепциясы бойынша, бұл процесс те әуелде бір аймақтан басталған. Оған Оңтүстік-Батыс Азия, Солтүстік-Шығыс Африка, Оңтүстік Европа, Кавказ, Орта және Күнгей Азияның кейбір аймақтары жатуы мүмкін. Моноцентризмге қарсы полицентризм концепцияларын қолдайтындар саналылау бірнеше орталықтардан басталды деп есептейді. Кейінгі көзде бұл процесс екі жерде – Оңтүстік-Батыс және Шығыс Азиядан басталды деген концепция тарап жүр. Бірақ оның археологиялық дәйектемесі жеткіліксіздеу. Сонымен, қазіргі ең көп тараған концепция бойынша, Жер Орта теңізінің Шығысынан басталған сапиенстену (саналылану) теріскей батысқа қарай Европаға, оңтүстік-батысқа қарай Африкаға, Шығыста Тынық Мұхитқа дейінгі бүкіл Азияға тарайды. Қазір Еуразияда басталған бүгінгі адамға ұқсас популяция бірте-бірте шығысқа қарай бағыт алып, жолдағы неандертальдық тұқымдастарымен араласып, кейінгі палеолит тұсында Индонезияға, Филиппинге, Жаңа Гвинеяға, Жапония мен Сахалинге жетті. Ал бұдан 70 мың жылдай бұрын Беринг бұғазының орнындағы мойнақ арқылы Америкаға өтті деп ұйғарым жасауға әбден мүмкіндік бар. Австралиядағы алғашқы адам сүйектеріне қарағанда, ол осыдан 18–8 мың жыл бұрын барып, қоныстанса керек. Неантроптар Тасманияға 11 мың жыл бұрын аяқ іліктірген. Сөйтіп, кейінгі палеолит тұсында адамдар жер шарының барлық бөлігіне де таралып үлгерген. Одан кейінгі эволюция бізде ақ, қара, сары нәсілге бөлінуге әкеп соқтырды. Нәсілдер арғы тегі бір адамдардың ғасырлар бойы белгілі бар тарихи-географиялық аяда табан аудармай өмір сүруі арқасында қалыптасқан морфологиялық және физиологиялық түзілімдер негізінде пайда болған. Мұндай алуан нәсілділік адамзаттың бір тектілігін жоққа шығара алмайды. Оны ең алдымен, нәсіларалық некенің ұрпақтың биологиялық және рухани-әлеуметтік сапасына ешқандай зиянды ықпал етпейтіндігінен қарап-ақ аңғара беруге болады. Кейінгі зерттеулер осы заманғы нәсілдердің арасындағы биологиялық сипаттардың ұқсастығы орасан зор да, айырмашылығы тым болмашы екендігін анықтады. Француз генетигі Альберт Жакардың: «Африка тұрғыны мен эскимос генетикалық жағынан өзіміздің қыстақтағы полицейскийден гөрі әлдеқайда жақынырақ болып шығуы мүмкін»,– дейтіні де сондықтан. Мәселен, теріге қарақошқыл әр беретін меланни пигментінің ықпалына қарағанда африкалықтар бір топ та, европалықтар мен азиялықтар бір топ, ал генадағы лактаз ферменттінің ықпалына қарағанда европалықтар бір топ та, азиялықтар мен африкалықтар бір топ, қанның резустық жүйесі мен иммунологиялық НL-А-А жүйесінен қарағанда, азиялықтар мен эскимостар бар топ та, европалықтар мен қара африкалықтар бір топ боп бөлініп шыға келеді. Гарвард университетіндегі генетик ғалым Ф. Левутиннын дерегінше, қан жағынан салыстырғанда, әр нәсілдегі екі халықтың арасындағы айырма бір нәсілдегі екі халықтың арасындағы айырмадан бар болғаны 7–8 процентке ғана көбірек болады екен. Бұдан шығатын қорытынды: халықтардың да, нәсілдердің не арасында белгілі бір айырмашылықтың бары рас, бірақ, бір халықтан шыққан екі индивидиумның арасындағы айырма одан көп болмаса, аз емес. Сондықтан ЮНЕСКО 1967 жылы: «осы заманғы биология ғылымы халықтардың мәдени жетістіктерінің арасындағы айырмашылықты олардың тұқым қуалау жолымен қалыптасқан генетикалық қасиеттерінің айырмашылығынан көруге болмайтынын анықтады», – деген тұжырымға келді. Арғы түбі Дарвиннен басталатын эволюциялық концепцияны жақтайтындардың айтары: адамзат әуелі бір тектен, сондықтан да бір бесіктен тараған. Тегіміз – адам тектес маймыл да, бесігіміз – әр ғылымның айтуынша әр қилы. Ал екінші бір ғалымдар адамзаттың көп текті емес, біртекті екендігін мойындай отыратын генетикалық мұра – тектік сипаттар қалыптасқан да, тарихи даму тұсында ұрпақтан ұрпаққа мәдениет арқылы беріліп отыратын рухани мұра-тәжірибе жасақталған. Тұқым қуалау арқылы қалыптасқан сипаттар баянды да, ал тәжірибе арқылы қалыптасқан сипаттар кейде тым қысқа мерзім ішінде жойылып кетіп отырады. Мәселен, жазба деректер арқылы баяндап беруге болатын соңғы бес мың жылдықта жүздеген ұрпақтар дүниеге келіп, дүниеден өтті. Бірақ, олардың еш қайсысынан айтарлықтай биологиялық не психофизикалық өзгеріс байқалмады. Ал сол екі ортада адамзат цивилизациясында сан алуан түбірлі өзгерістер болып өтті. Әдетте адамдардың қалған жануарлар дүниесінен айырмашылығының қатарына тік жүрісіндегі, миының салмағының үлкендігі, терісінде түк болмайтыны, басқа жануарлардың ешқайсысынан көзікпейтін, күлетін, жылайтын қасиеттері жатады. Морфологиялық тұрғыдан өмір сүрудің экологиялық түрлеріне бейім тұрғанмен, ол дене бітімі жағынан өзінен басқа ешқандай жан иесіне ұқсамайды. Ең бастысы – барлық жан-жануарлардың өзі тіршілік ететін ортаның сипатына лайық ерекше жетілген бір мүшесі болады: пілдің тұмсығы, жыртқыштардың тырнағы мен азуы, т.т. Ал адамда ондай ала бөтен күшті жетілген мүше жоқ. Ол оның есесін құрал-сайман қолданумен қайтарады. Ал құрал-сайманды дұрыс пайдалану еп пен есепті қажетсінеді. Сөйтіп ол дене бітімнің әлгіндей олқылықтарының орнын ақылымен толықтырады. Мәселен, сәби басқа төлдердің іштен біліп туатын көп қылығына бір жасқа жеткенше жөргекте жатып үйренеді. Осының өзі-ақ жан-жануарлардың тіршілік амалына іштен жетіліп туатынын, ал адам оған белгілі бір тарихи қалыптасқан әлеуметтік ортада үлкендерге қарап үйренетінін айғақтайды. Бұдан көп, Портман «Біз адамнан тіршіліктің өте бір ерекше түрін кереміз. Адам дене бітімі және мінез-құлқы тұрғысынан жануарларға көп ұқсағанмен, тұтастай алғанда, атымен бөлекше пішімделген. Біздің денеміз әр мүшесі, әр қимылымыз осыны аңғартады», – деген қорытынды шығарады. Ендеше, кез-келген зоологиялық түрдің эволюциялық жолмен сұрыптала келіп, ақыл-ойға ие болуы еш мүмкін емес деген пәтуа жасайды. Оның айтуынша, адам әуелден қалған өмірлік пішімдерге ұқсамайтын өзге бір айырықша үлгіден туындаған болуы мүмкін. Бұл жағынан Портман кейбіреулердің адамдар да жануарлардың қолға үйренуі сияқты доместиациядан өтуі арқылы қазіргі сипатқа ие болды деген тұжырымына дау айтады. Біріншіден, әлгіндей процестің нәтижесінде жануарлардың миы азайып кетсе, адамдардікі үлкейген. Екіншіден, мұндай жағдайда жануарлардың жыныстық жетілуі жеделдесе, адамдардың жыныстық жетілуі баяулайды. Оның үстіне, адамнан басқа ешбір жан иесі ешқайда эволюциялық даму нәтижесінде ойлауға, жазуға, өзін-өзі тежей білуге, жыныстық эгоизмді жеңіп, өзге жыныстармен қауымдаса білуге үйренген емес, Портманның әлгі дәйектемелеріне қарап, К. Ясперс жылқының жылқы тектес, маймылдың маймыл тектес ежелгі мақұлқаттардан өрбігені секілді, адам да адам тектес мақұлқаттан өрбіп, қазіргідей аса саналы күйге жеткен болуы мүмкін деген тұжырымға саяды.

Оның айтары: адамды мәдениет тудырған жоқ, мәдениетті адам тудырды. Ал мәдениеттің қайдан тарағандығы мәселесіне келгенде, ол Евфраттағы Шумердің де, Каспий маңындағы, батыс Күрдстандағы Джейтунның да, Орталық Азияның да ондай қызмет атқаратындығы туралы белгілі болжамдардың бәріне де күмән айтады. Қазіргі ғылымның бұл жайындағы болжамдарының бәрі негізінен археологиялық деректерге сүйенген. Ал планетадағы барлық археологиялық мұра түгел қазылып, түгел зерттеліп, салыстырмалы талдаудан өткен жоқ. Сондықтан да оған сүйеніп, әлгіндей нақты қорытындыға келу әлі асығыстық етеді. Бірақ, жер бетіндегі саналы мақұлқаттардың шығуын кейінгі мұз дәуірімен байланыстырсақ, онда жер бетіндегі климаттық өзгерістердің геологияның және астрономиялық себептерін салғастыра отырып, алғашқы саналы тіршілік пайда болуы ықтимал нүктені анықтауға болар еді. Өйткені, мұздың еруін космостық энергияның ықпалына сайысақ, ол белгілі бір астрономиялық денеден шығып, жердің өз осінен космостық энергияның ықпалына сайысақ, ол белгілі бір астрономиялық денеден шығып, жердің өз осінен айналуы заңдылығына орай, планетаны басып жатқан мұзды бір пұшпағынан бастап, бірте-бірте ерітер еді ғой, саналы тіршілікке алдымен қай жерде табиғи жағдай жасалса, адамзат та сол жерде пайда болмай ма?! Мұны анықтау үшін бір археология, бір палеонтология, бір климатология аздық етеді. Оларды негізге ала отырып, басқа да ғылымдарды комплексті жұмылдыруды қажетсінеді. Ал әзірге осы орайда ешқандай эмпирикалық тәжірибелерге сүйенбей, ой қорыту жолдарымен ізденіп жүрген ғалымдардың бірі – совет тарихшысы Лев Гумилев. Ол да сана иелері маймылдан шықты дегенге бас изей қойғысы келмейді. Оның айтуынша, жер бетін басып жатқан мұз Таймырдан басталып, Финоскандикавияға қарай қозғалып, ақырында Атлантикада еріп жоғалған. Кейінгі мұз қайту кезеңіндегі тіршілікке ең ыңғайлы жер Сібір болған. Қысқасы, тарихи дәуірге дейінгі мыңжылдықтардың бізге ұқтырары: адамдардың арғы тегінің бір жерден тарауының мүмкіндіктері, олар жасаған мәдениетінің ең бастапқы нышандары от жағу, құрал жасау және пайдалану әуелде бір жерде пайда боп, кейін басқа аймақтарға тарағаны, сол процестің үстінде оның бір сипаттылықтан көп сипаттылыққа ауысқаны. Ежелгі дүниеде сана төңіректегі табиғи аяны игеру үстінде пайда болды, Азық табу жолындағы қаракет әуелі ақылды, ал әлгі қаракетті одан әрі жетілдіруді ойлаған ақыл ғылым мен мәдениетті туғызды. Алғашқы адамдардың тіршілік ету қарекеттері қандай ұқсас болса, сол жолда айла-амалдары да сондай ұқсас еді. Сондықтан ежелгі дүниенің мәдени біркелкілігі қай көздегіден де басым түсті. Мәселен, Олдовий мәдениетінің өкілдері қандай құрлықты жайласа да, бәрібір бірдей қарумен пайдаланды. Демек, ол қарудың жасалуы мен пайдалану жолдары қайда да ұқсас болды. Ол мәдени әр алуандыққа жер шарының барлық бөлігіне түгел тарап, сондағы географиялық аяны орнықты игеру үстінде тұрақты еңбек үрдістерін, тұрмыс үрдістерін қалыптастыру арқасында ғана жетілді. Сондықтан, белгілі бір мәдениеттің өзіндік сипатының болуы – цивилизация дамуы тұрғысынан келгенде, эволюциялық жетістік. Оның бәрі адамзат санасының өсуіне, мәдени дәстүрлердің негізін салуға айта қаларлықтай үлес қосқанмен, шын мәніндегі мәдениет және оның белгілі бір аймаққа, этносқа байланысты өзіндік сипаттары туралы сөз қозғауға әлі ерте еді. Мәдениетті табиғи аяны игеруден туды дейтін болсақ, оның өркендеуінде құралдардың атқарар қызметі өз-өзінен түсінікті. Біздің бабаларымыздың қолына ең бұрын түскен және ең көп қолданған құралы – тас. Тас құралдармен пайдаланған кезеңді тарихта Тас дәуірі дейді. Тас дәуірінің ең ерте кезеңі палеолит, одан кейінгі орта кезеңі – мезолит, ең аяқы кезеңі неолит атанған. Палеолит тұсында тасты бір-біріне ұрып сындыру арқылы жасалған дөрекі құрал, мезолит тұсында тасты қабыршақтап сындыру арқылы жасалған жартылай өңделген құрал, ал неолит тұсында қажап, егеп, тегістеп өңделген құрал пайдаланылды. Сондықтан да, Лесон 1865 жылы ғылымға неолитті сырты тегістелген өңделген тас құралдардың, палеолиті – ондай өңделмеген кедір-бұдыр дөрекі құралдардың кезеңі деген ұғым – енгізді. Соған лайықты еңбек технологиясы да, еңбек бөлісу де дами бастады, табиғи аяны игеру де тереңдей түсті. Ол таспен қоса, металды да пайдалануға әкеп соқты. Қола дәуірі мен темір дәуірі солай шықты. Құралдардың өзгеруі күнкөріс тәсілдерін ғана емес, адамдардың қауымдасуын да жетілдіре түсті. Адам табиғатқа біржолата тәуелді, сондықтан үйір-үйір боп қана өмір сүріп, ортақ қауымдық меншік қалыптастырған кезең – жабайылық заманы, қарулардың жетіліп, әркім өз бетінше әрекет етіп тамағын асыраумен қоса, өз меншігіне ие боп, ол аз болса, өзгенің меншігіне қол сала алатындай мүмкіндікке ие болған кезеңді – жаугершілік, Варварлық хананы, ал табиғатқа тікелей тәуелдіктен әбден алыстап, қоғамдағы еңбек бөлісу әбден тереңдеп, мемлекеттің шығуына әкеп соқтырғаннан бергі кезеңді – цивилизация заманы деп атаймыз. Ф. Энгельстің жүйелеуінше, жабайылықтың бастапқы кезеңіне адамдар тек орман арасында жеміс, жаңғақ, тамырмен қоректеніп, тек терімшілікпен ғана шұғылданған. Тілдің шығуы да сол тұста болған. Ортаңғы кезеңде, балықпен де қоректене бастаған. Ол отты пайдалануға мәжбүр еткен. Аңшылық та сол тұста шыққан. Бірақ тек бірыңғай аңшылықпен өмір сүрген тайпа ешқашан болған емес. Ет жеуге үйрену адам жеуге әкеп соқтырған. Одан адамзат садақтың шығуы арқасында ғана құтылған. Садақ пен жебе аңшылықты ең басты кәсіпке айналдырды, орман мен үңгірден алып шығып, қолдан баспана жасауға үйретті. Сондықтан да, бұл жабайылық заманының ең жоғарғы сатысы болып табылады. Баспана жасау қолдан ыдыс-аяқ жасауды – құмыра жасауды үйретті. Аңдарды аулаумен қоса қолға үйрету үрдіске ене бастады. Бұл – жабайылықтың бастапқы кезеңнен ортаңғы кезеңге ауысуының белгісі. Шөп басынан дән үгу егін салуды туғызды. Мал басының көбеюі өріс іздетті. Сөйтіп, адамдар кеңістікті батыл игере бастады. Ол тас құралдардан басқа құралдар іздеуге мәжбүр етті. Тас соқамен егіс көлемін ұлғайта алмайсың. Қайыс ауыздықпен атқа мініп, алысқа ұзап кете алмайсың. Әуелі қоланы, артынан темірді балқыту, одан соқа, ауыздық үзеңгі жасау солай пайда болды. Оған дейінгі шаруашылық-аңшылық, балықшылық, малшылық, егіншілік бәрі аралас жүретін, сөйтіп әркім бар мұқтажын бір өзі табатын комплексті шаруашылық еді. Темір құралдарының шығуы еңбек бөлісуді, біреулердің бір ыңғай малшылықпен, екінші біреулердің бірыңғай егіншілікпен айналысуына жағдай жасады. Сөйтіп, отырықшы тұрмыспен қоса көшпелі тұрмыс өмірге келді. Бұл тек еңбек бөлісуді ғана емес, бұйым айырбасын туғызды. Ал ол адамдардың қауымдасуын бұрынғыдан да күрделілендіре түсті. Табиғатқа басыбайлы тәуелді көзде адамдар үйір боп жүріп қорек айыратын. Ол кезде үңгірде көп балаларды бағатын әйелдің рөлі басым болды. Көп болып ортақ тапқан олжаны көп болып ортақ иемденетін. Ол кездегі қарекет тек бір күннің ғана қорегін айырумен тәмамдалатын. Ол кездегі неке әр әйел қауымдағы барлық еркекке, әр еркек қауымдағы барлық әйелге ортақ – жаппай неке деп аталатын. Балалар да ол кезде шешелеріне қарап бөлінетін: «Пәлен әйелдің балалары, түгел әйелдің балалары». Өйткені, жаппай неке тұсында балаларды шешесіне қарап ажырату оңай-тұғын. Егіншіліктің шығуы, мал бағу бұрынғы аң аулағандай, терімшіліктегі емес, өзара туыстас мәселені бір әйелдің балалары ғана боп, бөлек еңбек етуге әкеп соқты. Ендігі табыс бір күнде ішіп-жеп қойылмай, сақталатын болды. Сөйтіп қосымша өнім пайда болды. Егін салатын, мал бағатын әрбір еркек өз табысын өз ұрпағына қалдыруды ойлайтын жағдай туды, жекеменшік қауымдарды жеке шаңырақтарға ыдыратты. Ол жаппай некенің орнына жұптық некені үрдіске енгізді. Жұптық неке балалар да әкесіне меншіктететін ата билікті (патриархатты) туғызды. Қауымдық меншіктің орнына рулық меншік шықты. Еңбек бөлісуден өрбіген рулық меншік ру аралық бұйым айырбасын, рулық одақтарды, ол мемлекеттік одақтарды туғызды. Мәселен, Рим мемлекетін, аңыздың айтуынша, алғашында жүз латын руының бірлестігі құрапты. Оған көп ұзамай екінші жүз ру – сабельдер қосылыпты. Көп ұзамай әр текті үшінші жүз ру көп бірігіпті. Сол үш жүзден құрылған Рим арада үш жүз жыл өткен Фабийлер әулеті билеп тұрған тұста да рулық элементтерін жоғалтқан жоқ-ты. Ол кезде патрицийлер тек ең күшті Фабийлер әулетінен ғана тұратын. Келе-келе жеке меншікке негізделген экономикалық өмір дәулет теңсіздігін туғызды. Содан көп, Рим жұртшылығы дәулетіне қарай алты топқа бөлінді: І-100 000 асс, ІІ-75 000 асс, ІІІ-50 000 асс, ІV-25 000 асс, V-11 000 асс, ал алтыншы топқа дәулеті жоқтар жатты. Таптық жіктеулі солай туды. Гректер мен германдардың мемлекетті де әуелі осылай рулық құрылыстың түрін өзгерту, сосын оның жаңа құрылымдармен әлсірету, ең соңында, мемлекеттік біліктің жаңа түрін ойлап табу арқылы жүзеге асқан-ды. Сөйтіп, адамзат екі миллион жылға созылған алғашқы тапсыз қоғамды аяқтап, бес мың жыл енді толып отырған таптық қоғамға, цивилизация дәуіріне, мемлекеттік құрылысқа көшті. Онда да бәр-бәрі емес, сөйтуге тарихи-экономикалық жағдайлар туған жерлерде ғана солай болды. Рулық құрылыстың мемлекеттік құрылысқа көшу жер бетінде, шынына келгенде, әлі аяқталып біткен жоқ. Бұл – екі миллион жылдан асқан адамзат тарихы. Ал цивилизация тарихына бар болғаны бес мың жыл. Пілге қонған шыбындай ғана көрінетін болмашы мерзім. Ол екі миллион жыл – расын айтсақ, біздің бабаларымыздың табиғатқа икемделуінің шежіресі. Тіпті оның соңғы 50 мың жыл ішінде бес құрлыққа түгел аяқ басуының өзі – соның айғағы. Ол солардың ешқайсысына саяхат жасап барған жоқ, не жаулап алған жоқ. Қажет десеңіз, қайда келе жатқанын да білген жоқ. Бағзы бабаларға бүйтіп жиһан кездіріп жүрген де сол – сол бір күндік қорек табудың қамы. Бір қауымның екінші қауымға әлімжеттік жасауы, табиғи апаттар талай қауымды үйреншікті мекендерін тастап кетуге мәжбүр етті. Әсіресе, мұхит деңгейінің көтерілуі мен термиялық максимум (құрғақшылық) жер бетіндегі тіршілікті асты-үстіне шығарып отырды. Мұндай орасан апаттардың белгілі бір кезеңдер өткен соң барып қайталануы ежелгі дүниедегі жаппай босуды да белгілі бір мөлшерлі уақытта қайталатып отырғызды... Ондай босу тек белгілі бір аймақтардың, құрлықтардың көлемімен шектелмей, күллі планеталық масштабқа дейін ұлғая түсті. Мәселен, мұздың солтүстікке қарай шегінуі ірі аңдардың да солай қарай көшуіне себепші болды. Ал ол аңшы тайпаларды сонау поляр шеңберіне дейін аң аулап баруға мәжбүр етті. Бір кезде Сібірде ірі аңдардың жайылысына қолайлы шүйгіндердің көп болуы сондағы халықтарды да көбейтті. Бағзы кездегі миграцияның осынша кеңінен етек жаюына себепші болған тағы бір жағдай: мың адамды астықпен және етпен асырау үшін 100 гектар егіндік және 400–500 гектар жайылым, ал аң аулап қорек айыру үшін күллі Испания мен Францияның ауқымындай территория керек еді. Трухан өлкесіндегі аңшы кеттер тіпті біздің ғасырымыздың бас шамасында бір маусымда 300 шақырым жол жүріпті. Сол себепті де монғол нәсілдес бір тайпа бес мың жыл бойы Хуэнхэден Беринг бұғазына дейін аң соңынан ілесіп барып, одан әрі ол кезде екі құрлықты жалғастырып жатқан мың километрлік құрлықпен Америкаға өтті. Антрополог Г.Ф. Дебес үнділердің қан құрамын тексеріп, олардың расында да, әу баста аса шағын бір ғана топтан тарағандығын анықтады. Олар табиғаты аса бай құрлыққа тап болып, сол жақта өзіндік сипаты бар жаңа бір цивилизацияның негізін салды. Ал Австралияға барған топ ондай жағдайға ұшыраспай, пәлен ғасырға созылған құрғақшылықтың қырсығынан күні кешеге дейін жабайылық жағдайынан кете алмады. Сібір асқан малшылар ауа-райына байланысты әлденеше рет батысқа жөңкіп, талай әлемдік империяларды қиратып, талай жаңа әлемдік империялар орнатты. Олардың соңғы өкілдері біздің ғасырдың басына дейін көшпелі тұрмыс құрғаны біздер үшін еш дәлелдеуді қажет етпейді. Қарақұмның шөлге айналуынан Индия асып кеткен арийлер Күнгей Азиядан Европа өтіп, осы күнгі күллі индоевропалық дүниені қалыптастырды. Тек, Тынық Мұхит пен Атлантиканың арасындағы Оңтүстік Европаның, Солтүстік Африканың, Күнгей Азияның шөл арасындағы азғантай құнарлы жерлерін қамтитын, ұзындығы құрғақ жердің төрттен біріндей, ені он екіден біріндей жіңішке жолақта ғана алғашқы мемлекеттер мен алғашқы цивилизация орталықтары пайда боп, көркейіп гүлдеді. Ол да тек соңғы екі жарым мың жылда ғана. Ал одан кейін тек Африкада Египет, Азияда Шумер патшалығында ғана көнелікті цивилизация жасалды. Цивилизацияның қаншалықты шапшаң дамығанын түсіну үшін мынандай мысалдың өзі-ақ жеткілікті шығар! Біршама жетілген темір құралдары, ұсталық көрік: қол диірмен, құмыра жасауға керек шеңбер шарық, өсімдік майы мен шарап, металл өңдеу, зергерлік, доңғалақты арба, қайық, тас қорғанды, мұнаралы қала, Гомер эпосы мен мифология – міне, Ф. Энгельстің айтуынша, гректердің жаугершіліктен цивилизацияға әкелген бар мұрасы! Ал одан бергі кезеңде ше? Адамзаттың дүниені тануы, өзін тануы, сол арқылы қоғамдық құрылысты өзгерту, шын мәніндегі прогресті қамтамасыз етуі – бәрі осында. Мифологиялық, діни сенім ғылыми дүниетанымға, ал ол ғылыми негізге сүйенген әлеуметтік-экономикалық практикаға ауысты. Бірақ, мұндай прогресс жер шарын түгел қамти алмады. Саналы адамның таралуы бір орталықтан басталғанмен, мәдениет әр жер әр жерде қатар дамыды. Жарыспалы дамыды. Сондықтан да ала-құла дамыды. Египеттегі, Сириядағы, Эллада мен Қытайдағы, Индия мен Орта Азиядағы жарыспалы даму көп уақытқа дейін Европаға бойлап кіре алмады. Тек 1400 жылдары ғана Европа, Индия, Қытай цивилизациялары бір деңгейге теңесті. Ал Европада 1500–1800 жылдары Микелисанджело, Рафаэль, Леонардо да Винчи, Шекспир, Рембрандт, Гете, Спимоза, Кант, Бах, Моцарттардың тууы бұдан екі мың жыл бұрын Персияда – Заратустра, Индияда – Будда, Қытайда – Конфуций, Иудеяда – Иеремий, Аввакум, Даниил, Иезекииль, Грецияда – Пифагор, Гераклий, Ксенофонттардың қатар туғанындай адам рухын аспандата көтерген кезең болды. Сосын-ақ Европаның бағы жана береді. Ежелгі цивилизация бәрінен бұрын адам рухын шыңдауына қызмет етуге тырысса, жаңа цивилизацияның ирагмативтік мақсаты басымдау болды. Ол рухани мәдениеттен техниканың үстем түсуіне әкеп соқтырды. Ғылымның техникалық бағытта өрбігеніне бар болғаны 150 жылдай ғана уақыт болды. Сол екі ортада табиғи қазба байлықтың таусылу қаупі туды, Озон қабаты тесілді. Биосфераның табиғи айналымының бұзылуы экологиялық қауіптерді күшейтті. Жер бетіндегі тіршіліктің жойылуы жәй әншейін фантастикалық тұспалдан әбден ықтимал қатерге айналды. Утилитарлық мораль адамдарды рухани әлсіретті. Сөйтіп, адамзатқа өзінің творчестволық потенциалы өзіне сор боп жабысатын қауіп туды. Бұл дағдарыстан шығу үшін жаңа экологиялық және культурологиялық сана керектігі бүгінгі таңда ешқандай дау туғызбасы хақ. Әсіресе, мәдениет жайлы танымның сындарлы тарихы мен теориясы жасалмайынша, адамзат қоғамын тұмандандырудың жүйелі программасын жасақтау қиынға түсері сөзсіз. Мұндай программаның негізгі нысанасы – әрбір жұмыр басты пендені, оның өмірлік зәруліктерін қазіргі цивилизацияның ең басты мұратына айналдыру болса керек. Ол үшін әрбір адамға адамзаттың өткендегі тындырғанының алдында «тікелей мұрагерлік», бүгінгі тындырмағының алдында «тікелей міндеткерлік», ертеңгі тындырмағаның алдында «тікелей жауапкерлік» деп ұғатындай терең зерде, тарихи сана керек. Ол әр кім адамзат пен өзінің, әлем мен өлкесінің, тарих пен өмірінің арасындағы байланысты табиғи бірлікте қарастыра алса ғана мүмкін болады. Әйтпесе өз төңірегіндегі мәдени мұралардың мән-маңызына немқұрайды қарайтын рухани нигилизмге, не солардан басқа ештеңеге басы ауырмайтын рухани томаға тұйықтыққа ұрынады. Оның екеуі де толыққанды тарихи зерде, рухани парық бола алмайды. Өйткені, қазір қай қауымның, қай халықтың болмасын тағдырын, бүкіл планетаның тағдырынан бөле-жара қарай алмайтынымыз кім-кімге де аян. Бірақ, мұндай өзара тәуелділіктің бойында да ойлантатын жәйттер жеткілікті. Бір кезде бір бұтақтан тараған адамзат әуелі құрлық пен суда жаңа сауда жолдары ашылып, кейін ғылым мен техника дамып, бірнеше ғасырдан кейін жер шарының түкпір-түкпірінен қайта ұшырасқанда, әуелі бір-бірінің тек айырмашылықтарын ғана көрді. Содан көп, олар «өздеріміз» бен «өзгелерге» бөлінді. Тіпті «этнос», «варвар» деген сөздердің түп мағынасының өзі: «біз емес, өзге жұрт» деген сөз. Мұндай нәсілдік жатырқау рухани жатырқауға, ал ол келе-келе «мәдениеттілерге», «мәдениетсіздерге» бөлінуге, содан «мәдениетсіздерді» «мәдениеттендіруге» ұласты. Бір кездегі бір мемлекеттегі, бір қауымдағы экономикалық, әлеуметтік теңсіздік енді халықтар мен мемлекеттер арасындағы жалпы планеталық құбылысқа айналды, «Буржуазия, – К. Маркс пен Ф. Энгельс жазғандай, – өндіріс құралдарын жедел жақсарту және байланыс құралдарын шексіз жеңілдету арқылы ең жабайы деген халықтарды да цивилизацияға тартты. Өздері шығарған арзан бұйымдар – міне, олардың барша «Қытай қамалдарын бұзып, шет жұрттыққа өліспей беріспейтін қандай қайсардың да басын идіретін «ауыр зеңбірегі». Қысқасы, ол бүкіл дүниені «өзінің тұрпаты мен пішініне ұқсастырып қайта жасап шығады». Буржуазияның бұл жолда жеткен табысы да, алған олжасы да аз емес. Американ антропологы Ральф Ликтон әзілдегендей, таңертең ұйқыдан тұрып, төсегін Қытайдан келген шәйімен жауып, бір кезде Индияда ойлап табылған болат пышақпен нанға май жағып жеп, Абиссиниядан келген кофені ішіп, отандық газеттен шетелде болып жатқан бір сұмдықты оқып, төбе шашы тік тұрған тоғышар үнді-европа тілінде ежелгі еврейлер тәңірісіне өзінің қара басынан қара бақайына дейін американдық болып жаралғаны үшін мың мәртебе шүкірлік айтады. Бұл әлгі «күллі дүниені өзіне ұқсатып қайта жасап шығатын» сабазымыздың сиқы. Тек Американың ғана емес, Англия мен Францияның, Германия мен Португалияның, Россия мен Испанияның күллі тарихын қалған дүниеге не бергендігімен ғана емес, одан не алғанымен де сипаттап шығуға әбден болады. Сондықтан мәдени дандайсу да, мәдени қорлану да, өзгенің бәрін өзіндей қылуға тырысатын астамшылдық та, өзіне ұқсағысы келмей, өзгелерге ұқсағысы көп тұратын бәйнәсіл тексіздік те – рухани диуаналық қана болып табылады. Ал осы заманғы информатика дамып, жер бетін біркелкілендіру тенденциясы күшейген сайын басқа мәдениеттердің бұрын байқалмаған соны қырлары мен сырлары ашыла түсуде. Бір кезде Франц Фанон айтқандай: «Егер сені өз адамымыз деп қабылдағанын қаласаң, онда өзің емес, өзге боп, ақ нәсілдің кісісі боп көрінуге» тура келсе, қазір американдық Эдвард Холл айтқандай: «ақиқатқа баратын жолдың көп екенін, оны ізденуде ешқандай мәдениет басқалардан ешқандай артықшылық пен айрықша позицияға ие еместігін» мойындауға тура келеді. Ұқсастықтың емес, айырмашылықтың құны арта түсті. Демек, әр мәдениеттің даралығы мен жалпылық сипатын айыру – қазіргі өзіңді тану мен дүниені танудың ең өзекті арқауына айналды. Әлемдегі әр алуандықтың көптігі сонша, тіпті осы мәселенің өзіне дүниенің әр бөлігінде әртүрлі мән беріледі. Мәселен, ЮНЕСКО-ның «Мәдени даму-аймақтық тәжірибе» деп аталатын зерттеуінде бес түрлі аймақтан шақырылған бес маман өз мәдениеттеріндегі қазіргі ситуацияның ең өзекті мәселелерін былай топшылайды: әуелден дін, өнер, мораль қоғамның қозғаушы күші деп танылған африкалық цивилизацияда қайткен күнде де өзіндік даралықты аман сақтап қалудан асқан міндет жоқ, бір-бірімен ешқандай туыстығы жоқ халықтардың арасынан жаңа ұлттар болып қалыптасқан Кариб бассейні тұрғындары үшін мәдениеттердің арасында да сондай өзекті байланыс орнатудан асқан проблема жоқ, әу бастан-ақ көп нәсіл, көп дін, көп концепцияларды туғызып, сол арқылы өзінің рухани келбетін қалыптастырған Азиялық мәдениет үшін өзінің төл сипатын сыртқы дүние ықпалымен қалай үйлестіре білу уәйімі, араб-мұсылман цивилизациясының есіл-дерті – пенделерді индустрия дәуіріндегі пайдакүнемдік күпірліктен ежелгі мейірбандық пен ибалыққа қайтып оралту, бір кезде мәдени дәстүрлері соншалықты тұрақты болған Европа цивилизациясы бір жағынан барша бұқараға бірдей ұғынықты әсіре тұрпайылықтан, екінші жағынан тек азын-аулақ зиялылардың ғана көңілін аулайтын әсіре талғампаздықтан қалай құтылудың амалын таба алмай әуре. Бірақ, осының өзі-ақ қазіргі рухани ізденістердің бәрі дерлік мәдени әр алуандықты бірдей мойындап, сондай дүниеде жарастық орнатуды көбірек көздейтіндерін аңғартқандай. Демек, бүгінгі әлемдік мәдени ахуалдың ең басты қасиеті – тосыннан да өзіңе етене сипат, әбден етенеден де бүгінге ғана тән соны сипат таба білу. Бір-бірімен тығыз байланыстағы бүгінгі дүние бір-біріне атымен бейхабар бағзы дүниеге де, бір-біріне не жатырқап, не таңырқап қарайтын кешегі дүниеге де ұқсамайды. Сондықтан мәдениеттердің бір-бірімен өзара қарым-қатынасы да баяғыдағыдай, не кешегідегідей бола алмайды. Мәдени өктемдік те, мәдени бейтараптық та бүгінгі цивилизация үшін аса қатерлі. Өйткені, оны жасайтын көп мәдениеттердің біреуінің бір тіні не қасақана, не абайсыз сетінеп кетер болса, онда күллі цивилизацияңыздың өзінің қақырап шыға келуі ықтимал. Әлемдік мәдени ситуацияның мұнша нәзік болуының ең басты себебі – тарихтың белгілі бір кезеңдерінде халықтар мен мәдениеттерге басқыншылықпен баса-көктеудің айрықша көп киліккендігінде. Индустриясы дамыған елдердің өз енерін, өз тұрмыс салтын қалған дүниеге күшпен телуден қаймықпағандығында. Содан көп мәдениеттің ел мен елді, халық пен халықты табыстыратын рухани көпір болудың орнына, олардың бір-бірінен сескенуі мен жиренуінің тұрақты себепшісіне айналғандығында. Австралиялық психолог Бокнердің айтуынша, басқаны былай қойғанда білім алудың халықаралық жүйесіне көшу жергілікті үрдістердің ұмытылып, сыртқы мәдени ықпалдың ырқына көшуге жол ашты, сөйтіп, осы заманғы мәдениетке ұмытылған кейбір қауымдарға өз мәдениетімен біржолата қоштасуға тура келді. Сөйтіп, әлгі елдерде рухани дәстүрлерді ұрпақтан ұрпаққа таратып отыратын тарихи қалыптасқан әлеуметтік институттар жойылып, олардың орынына, испан публицисті Аугуста Роа Бастос айтқандай, сыртқы ықпалдың «агенттері» болып табылатын академияларды, университеттерді, кітапханаларды, мәдениет ұйымдары мен қорларын басқаратын клерктер аппараты үстемдік құрады да, келе-келе күллі қауымның рухани келбеті өздерін асырып отырған күштердің қалауынша қайта қалыптастыруға күш салатын «жергілікті интеллектуалдық элитаға» айналады. Ондай жағдайда элита, түптеп келгенде, өздері қызмет етіп отырған мәдениет үшін де, өздері мәдениет таратып отырмыз деп есептейтін қауым үшін де, ешқандай етенелігі жоқ, екі жақ үшін де, атымен бейтарап, барлық тұз бен дәмнен айырылған дистилат су секілді нәрсіз «өнерді» өрбітіп, оны ұлттық мәдениет дәрежесіне көтеруге тырысады. Сөйтіп, тек бағынған елдердің ғана емес, күллі планеталық мәдениеттің рухани дербестік пен сопылықтан, тарихи, тілдік, психологиялық өзгешіліктерден айырылып, бедерсізденуі басталады. Бұл – алыстан жалғасатын «мәдени ықпалдастықтың» әкелер нәтижесі. Ал қазіргі дүниедегі мемлекетаралық, саяси-экономикалық тәуелділік тек ежелгі «отар-доминион», «колония-метрополия» схемасының кескіндеуіне сыя бермейтін жаңа тікелей этникалық ықпалдастықты өрбітуде. Мұндай ықпалдастықтың қаншалықты ауқымды және тегеурінді екендігін жер бетінде 3000 тіл, 2000 этнос, ал бар болғаны 180 мемлекет бар екендігіне қарап та аңғара беруге болады. Көп ұлттылық – елдердің көпшілігіне тән сипат. Әрине, мұндай жағдайда этникалық ықпалдастық өрши түспесе, баяуламайды. Ол бүгінгі таңда консолидация (ынтымақтасу), ассимиляция (кірігісу), интеграция (ыңғайласу), этногенетикалық миксация (тұқым араласу) жолдарымен жүзеге асуда. Ұлт-азаттық қозғалысының жеңісіне байланысты көптеген мемлекеттерде өзара тектес, тілдес, мәдениеттес ұсақ этностардың бірігіп, жаңа ірі этнос құруы (этносаралық ынтымақ) және ішкі қайшылықтардан басы бірікпей жүрген этностардың ұйымшылдығының артуы (этносішілік ынтымақ) кеңінен етек жаюда. Сол сияқты бір этностың екінші этноспен өз еркімен не күшпен кірігуі (ассимиляңия) сирек кездеспейтін құбылыс. Бұл, әсіресе, экономикасы аса дамыған елдерге айрықша тән. Мәселен, ал АҚШ-та, социолог Милтон М. Гордонның айтуынша, үш түрлі кезеңде үш түрлі әдіспен жүзеге асыпты. Бір кезде ежелгі құрлықты Европаның әр елдерінен барған босқындар жаулап алған кезде жаңа мекендеушілердің арасында англосаксон элементінің сан жағынан басым түсуіне байланысты өзге келімсектердің бәрі соның тілін ортақ тіл етті. Бұл әдіс «англосаксоншыл конформизм» деп аталады. Әлгі үстемдік келе-келе биологиялық сипат алып, келімсектердің англосаксондармен тұқым араластығы күшейді. Бұл «дәнекерлесу әдісі» деп аталады. Қазір жер бетінде жаңа американдық қауымның әбден нығайып алуына байланысты, ондай ықпалдастыққа бұрынғыдай көп күш салынбай, мүдде ортақтығы, идея ортақтығы арқылы бірлесіп өмір сүре беретін «мәдени плюриализм» тенденциясы байқала бастады. Соның нәтижесінде, өзгелерді былай қойғанда, бірнеше ғасыр бұрынғы құл сатушылық дәуірінде келген африкалық элементтің өзі этникалық санаға ие боп, «біз бар жерде мен бармын», «мен бар жерде біз бармыз» деген қағида бойынша бірігіп, өзіндік мәдениет жайында сөз ете бастады. «Қараның әдемі болмауы, әдемінің қара болмауы мүмкін емес», – деген принцип те әлгіндей мәдени дербестікке ұмтылудан туған. Осының өзі-ақ, тіпті ассимиляция жағдайында да «мәдени өзіндік сипат» проблемасының күн тәртібінен түспейтіндігін байқатқандай. Бірақ, оған бола этникалық ықпалдасу процесі көбіне-көп ыңғайласу бағытында дамуын тоқтатар емес. Бұның ерекшелену түрі – этногенетикалық миксация. Ондай ықпалдастыққа ұшыраған этностардың екі жағы да өздерінің етене сипатынан айырылып, жаңадан пайда болған атымен соны сипатқа көшеді. Жаңа антропологиялық кейіп жаңа этнографиялық мазмұн қалыптастырады. Латын Америкасы елдеріндегі мәдени және этнографиялық ситуация – соның айғағы. Мұндай процесс – құрлықаралық колониализмнің шырқау биікке шыққан кезінде жүзеге асып қалған жағдай. Сондықтан да ол дәл бүгінгі таңда қалған этникалық процестерге қарағанда анағұрлым сирек кездеседі. Ол мемлекетаралық, этносаралық масштабтан пендеаралық масштабқа көшті. Соған байланысын, одан туындайтын проблемалар – күллі планеталық культурологияның емес, ұлттық не аймақтық культурологияның зерттеу нысанасы. Бүгінгі жағдайға ең тәуірірегі – І этникалық ыңғайласу процесі. Ол негізінде бір мемлекеттің ішіндегі мәдени, тілдік, психологиялық, территориялық дербестікке ие әр алуан этностардың бір мақсат, бір мүдде жолында қауымдасуы үстінде пайда болады. Ондай процестің үстінде жаңа этнос пайда болмайды, жаңа қауым пайда болады. Бұл әсіресе дамушы мемлекеттерге тән. Осындай ондаған, тіпті жүздеген этностардың қауымдасуы негізінде алып қауымдар – метаэтникалық бірлестіктер қалыптасуда. Оған Индия, Индонезия, Филиппин, Пакистан сынды мемлекеттер жатады. Социализм жағдайында мұндай құбылыс КСРО-да жүзеге асты. Соның нәтижесінде «Совет халқы» деп аталатын әлеуметтік жаңа бірлестік құрылды. Бұның бәрі – этникалық ықпалдасуға жататын процестер. Біздің заманымызда олардан гөрі сирек ұшырасқанмен этникалық шығысу процестері де кездеседі. Оның этникалық парциация (ыдырау) және этникалық сеперация (бөліне жарылу) деп аталатын екі түрінің екеуі де орын алып отыр. Ұлт-азаттық қозғалысының жеңіске жетуіне байланысты әуелде күшпен біріктірілген кейбір мемлекеттер құрамындағы халықтардың тәуелсіздік алуына байланысты бірнеше жаңа мемлекеттерге ыдырады. Оны этнография ғылымында «этникалық парциация» (ыдырау) деп атайды. Бір кезде бір ұлт болып есептелген шығыс славяндарының кейін орыс, украин, белорус ұлттарына бөлінуі де осы процеске жатады. Ал кейде тіл, тарих, психология, территория жағынан тұтас отырған халықтың бір тобы нақты саяси, экономикалық себептермен өз алдына дербес мемлекеттік бірлік құрып, бөлініп шығады. Ол «этникалық бөліне жарылу» сеперация деп аталады. Мәселен, исландиялықтар – ІX–X ғасырда жаңа аралға көшіп кеткен норвегтер. Олар келе-келе өз алдына дербес ұлттық сана қалыптастырды. Тұстастай алғанда, осы заманғы этникалық процесте ажырасудан гөрі ыңғайласу тенденциясы басымырақ. Ол және бүгінгі адамзат қауымдасуының мүддесіне көбірек пайдалы. Жер бетіндегі баянды бейбітшілік те, адамзаттың әл-ауқатының артуы да, күллі цивилизация мен атмосфераның аман сақталып қалуы да тек соған байланысты. Ал мұндай жағдайдағы мәдениет аралық ситуация қалай қалыптаспақшы? Ленинизм күллі адамзат күндердің күнінде «бір ұлтқа айналады» деп уағыздады. Бірақ оған жетпес бұрын ғылыми коммунизм негізін салушылардың: «ең алдымен, ұлтаралық кикілжіңнің әр қандай түріне әкеп соқтыратын нәрселердің бәрінен арылу керек, әр халық тәуелсіздікке ие боп, өз үйінде өзін қожайын сезінетіндей жағдайға жету керек» (К. Маркс, Ф. Энгельс. Шығармалары, т. 21. 422-бет. Орысшасы.), – деп тұжырымдады. Демек, бұл деген сөз – жер шарының қай бөлігінде болсын, суверендіктен бас тартуға әлі ерте, әңгіме тек оны қалай пайдалана білуде болу керек деген сөз. Халықаралық мәдени ситуация бұл заңдылықтарды айғақтай түспесе, жоққа шығармайды. Дәл бүгінгі тандағы этникалық процесте интеграциялық (бірлесушілік), дараланушылық (дифференциациялық) тенденциялар қатар жүріп, қатар өрбитінін өмір өзі көрсетіп беріп отыр. Басқа метаэтникалық бірлестіктерді былай қойғанда, біздің елімізде әлеуметтік-экономикалық сферада бүкілодақтық сипат ұлттық ерекшелік сипаттан басымырақ түскенмен, ондай ерекшелік этникалық сферада, әсіресе, мәдениетте айта қаларлықтай көзге түсіп, көпке дейін сақталмақшы. Өйткені, ұлттық айырмашылықтың, әсіресе тілдік айырмашылықтың «сүртіле» қою – таптық айырмашылықтың жойылуымен салыстырғанда, аса ұзаққа созылатын процесс. Соны ескермеу, «ұлттарды біріктіруге» асығу қазір қандай елеулі келеңсіздіктерге әкеліп соқтырғаны бәріміз білетін жәйт. Қазіргі көп ұлтты мемлекеттердің қай-қайсысында да тілдік, этникалық айырмашылықтарға мән бермеу ойлантарлықтай әлеуметтік салдарларға ұшыратуда. Сондықтан да ұлт-азаттық қозғалысының жеңісі арқасында, тәуелсіздікке қолдары жеткен мемлекеттердің қай-қайсысы да, ең алдымен, тіл мәселесіне, мемлекеттік тілдік құрылымына ерекше мән беруде. Өйткені, халықтардың мәдени ерекшелігін белгілейтін ең қуатты тарихи, психологиялық, тілдік – үш фактордың ішіндегі ең айқын көзге түсетіні де – тіл. Сондықтан да, отаршылдық қай заманда да ең алдымен сол үшеуін, әсіресе тілді ерекше нысанаға алған. Тарихи сананы жою арқылы ұлттық психология жоғалады. Ол екеуі тілдің ұмытылуына әкеліп соқтырады. Ал бұл үшеуінен бірдей айырылған соң ешқандай этникалық, мәдени дербестік жайында сөз етудің жөні келмейтіні өз-өзінен түсінікті. Басқаны былай қойғанда, адамзат цивилизациясының алтын бесіктерінің бірі болған атақты Египет алты ғасыр Римнің қол астына кіргенде баяғы жабайылық тұрпайылыққа қайта түскені белгілі. Мұндай рухани жансебілдің ең тұяқ серпер шекарасы – тіл. Монтескьенің: «бағынышты халық қашан тілін жоғалтып үлгергенше, үмітінен айырылмайды», – дейтіні де сондықтан. Ендеше қазіргі бүкіл планеталық құбылысқа айналып отырған ұлттық қайта жаңғыру жолындағы күрестің алғашқы шартына тілдің шығуы тегіннен-тегін емес. Тілдік әр алуандық сақталған жерде мәдени әр алуандық та сақталады. Ал қазіргі цивилизацияны, қажет десеңіз, адамзаттың өзін тек этникалық әртекті мемлекеттер жағдайында мәдени көп түрлілікті қамтамасыз ету концепциясын ойдағыдай орнықтыра алсақ қана сақтай аламыз. Ондай көп түрлілік тек жалпы планеталық көлемде ғана емес, бір мемлекеттің ішінде де ұшырасары сөзсіз. Қайткен күнде де ондай әр алуандықты сақтаудың жалғыз-ақ жолы – әр мәдениеттің өзіндік ерекшелігін тану және құрметтей білу. Ол үшін әр қилы мәдениеттің маңызы мен қадірін, басқа этникалық топтардың мүддесі мен зәруіне жете ұғынып, өзіңді өзгелерден өктем ұстамай, олардың орнында өзім болсам қайтер едім дейтін тұрғыдан шешім қабылдай алуға, көмек көрсеткенде көмек берушінің емес, көмек алушының мүддесін көбірек ескертуге, біздер үшін аса ыңғайлы үрдіс-салт өзгелер үшін онша тиімді болмауы мүмкін деп ойлай алуға үйренуіміз қажет. Мұндай қарым-қатынас ұлы державалық геоцентризмнің де, жергілікті этноцентризмнің де ауыздарына бірдей құм құяры сөзсіз. Жалпы алғанда, мәдениетті өшпенділік пен жатырқаушылықтың, теңсіздік пен басқыншылықтың, өзімшілдік пен кемсітушіліктің қаруы қылып пайдалану – мәдениеттің де, адамгершіліктің де табиғатына атымен жат сорақылық. Сондықтан мәдени дәстүрлерді елемеу, ескермеу қандай әнтектік болса, оны жаңаның жолына кесе көлденең кедергі қып қою да – сонда әнтектік. Мәдениет – қорадағы мал да, қазандағы ас та, қалтадағы ақша да емес, оны тек бір өзім ғана иемденем дейтін іштарлық ұлттық томаға-тұйықтыққа, ал оны өзгелердің мәдениетінен жоғары санап, жоғары бағалау – рухани астамдылыққа, өзгенікіне қызығып, өзіңдікін бағаламау – рухани именшектікке соқтырады. Оның үшеуі де мәдениеттің бірден-бір жігерлендіруші күші болып есептелетін рухани тәуелсіздікті қаралай аяққа басу болып табылады. Мәдениетті адам мәдениетті алаламайды, бағалайды, өзгенікі, өзімдікі деп бөліп, біреуін қолдап, біреуін қорғайды. Қайсысының да тарихы мен сыр-сымбатына жіті үңіліп, терең түсінуге тырысады. Мәдени плюрализм солай орнығады. Ондай өрелі рухани қызметін жақыннан бастап алысқа, өткеннен бастап ертеңге қарай жалғастырады. Өткендегіні – бүгінгінің, бүгінгіні – ертеңгінің мұрасы деп ұғады. Ал мұра дегеніміз – ол тек тарихи ескерткіштердің жиынтығы емес, ол адамдардың дәйім күрделі, дәйім белсенді әрекеттерінің барлық жемісі мен нәтижесі, жеңісі мен тағлымы. Мұраның қалай жасалып, қалай қордаланатынын білмей тұрып, оларды табу мен бағалауды, зерттеу мен сақтауды үйрену мүмкін емес. Бұл гәп бізді тағы да тарих қойнауына жетелейді. Ежелгі дүниедегі қорек айыру қамы бір текті адамзатты барлық құрлыққа бірдей шашып, әр нәсілді қауымға айналдырып, бүгінгі этникалық және мәдени әр алуандыққа жол ашып бергендігін жоғарыда айтып өттік.

Осы заманғы мәдениеттің көп түрлілігі мен әр тектілігі де содан шыққан. Өйткені, мәдениет дегеніміздің өзі – адамдардың өздерін қоршаған табиғи және әлеуметтік аяны өзгертіп, сол екі ортада өздерін де өзгерте білу қабілеті. Ендеше, әрбір мәдени-дербестіктің ар жағында белгілі бір табиғи ортада тарихи қалыптасқан қауымның күн көрісіндегі тұрақтанған дәстүрлі қарекеттердің ықпалы жатады. Жер шарындағы халықтардың кейінгі палеолит, мезолит, неолит, қола, темір ғасырлары тұсында территорияларды игеріп, сол арқылы әлеуметтік-экономикалық өзара қарым-қатынастарын жетілдіруі олардың мәдени-шаруашылық жіктелуін туғызды. Ол шаруашылық пен мәдениеттің өзара тұрақты байланыстарынан туындайтын белгілі бір мәдени-шаруашылық типтерін қалыптастырды. Капитализмге дейінгі үрдісте болған мәдени-шаруашылық типтерін үшке бөлуге болады. Неолит революциясы деп аталған садақ пен жебе ойлап табылғанға дейін адамзат негізінен терімшілік, аңшылық, балықшылықпен шұғылданды. Бұл – тарихтағы бірінші мәдени-шаруашылық типі. Садақ пен жебе жасау әуелі кетпенмен егін салып, мал өсіруге үйретті. Бұл – екінші мәдени-шаруашылық типі. Темірмен қаруланудың нығаюы малға жегіп, соқамен егін салуды шығарды. Бұл – үшінші мәдени-шаруашылық типі. Біздің эрамызға дейінгі бірінші мыңжылдықта Афроевразиялық шөл және шөлейт аймақтарында жаңа мәдени-шаруашылық типі – көшпелі мал шаруашылығы шықты. Бұл типтер капитализм тұсындағы индустриялау процестері нәтижесінде түбірлі өзгеріске ұшырады. Адамдар әлгіндей мәдени-шаруашылық типтерін белгілі бір территориялық аяда өркендетеді. Сол процесс үстінде олардың тек материалдық мәдениеті ғана емес, рухани мәдениеті де қалыптасады. Ондай қоғам пайда болғанға дейін ондай аймақтар белгілі бір табиғи-географиялық шекаралармен шектеледі. Ал таптық қоғамның пайда болуы оларды мемлекеттік шекаралар аумағына көшірді. Бұның бәрі, әрине, мәдениетті туғызатын географиялық, экономикалық, әлеуметтік факторлардың белгілі бір тұрақты ықпалын орнатады. Мәдениеттің өзіндік сипатының қалыптасуында ондай тұрақты ықпалдың шешуші қызмет атқарары айтпасақ та түсінікті. Адамзат цивилизациясы дамыған сайын мәдени-тарихи аудандасуда экономикалық, саяси факторлардың маңызы барған сайын күшейе түседі. Ол факторлар елдер мен елдердің, халықтар мен халықтардың арасындағы қарым-қатынасқа да ерекше қарқын бітіреді. Ол қарқын мәдениеттер мен мәдениеттер арасындағы ықпалдастықты туғызады. Ондай ықпалдастық зорлық-зомбылық араласпаған жерде мәдениеттердің өзіндік сипатының жойылуына емес, байып көркеюіне қызмет етті. Сондықтан да біз белгілі бір тарихи-мәдени аймақтың мәдениетінің өзіндік сипатын сөз еткенде сол өлкенің табиғи байлықтары арқылы қалыптасатын экономикалық сипатын да, сол арқылы көрші аймақтармен арнайтын экономикалық-саяси байланыстарын да назардан қағыс қалдыра алмаймыз. Сөйтіп, мәдени өзіндік сипат – тарихи даму үстінде қалыптасатын диалектикалық құбылыс. Сондықтан да оны халық тағдырынан, халық тарихынан бөле-жара қарастыра алмаймыз. Егер біз тарихи-мәдени мұралардың қалыптасу жолына осы тұрғыдан үңілер болсақ, қазақ жерінің адамдар мекен-жайына – ойкуменаға ең алғаш іліккен аймақтардың бірі екендігіне көзіміз жетер еді. Тас дәуірі: ежелгі, орта, кейінгі палеолит деп үшке, ежелгі палеолит – шельден бұрынғы, шель, ашель деп үш, орта палеолит – кешең ашель, мустье деп екіге, кейінгі палеолит – ориньяк, солюте, мадлен деп үш кезеңге бөлінеді. Ежелгі палеолит 2,5 миллион жыл бұрыннан басталып, осыдан 800 мың жыл бұрынға дейін созылған. Орта палеолит біздің дәуірімізге дейінгі 140–40 мың жылдықтарға дейін жалғасқан. Кейінгі палеолит осыдан 40 мың жыл бұрын басталып, 10 мың жыл бұрынғы кезеңмен аяқталады. Қазақстанға ежелгі адам осыдан миллион жылдай бұрын шель-ашель кезеңінде аяқ басқан. Оған Қаратаудағы Шабақты, Тәңірқазған, Бөріқазған, Ақкөл, Қазанғап маңынан табылған шақпақ тас құралдар айғақ бола алады. Олар – питекантроптер мен синантроптердің замандастары. От жағып, аң аулап, шөп басын үгіп, қорек айыратын Хомоеректустер еді. Ежелгі палеолиттің екінші кезеңі боп есептелетін ашель-мустье тұсында неандерталь адамы сипаттас жан иелері Қазақстанның Қаратау-Сарысу алабынан Ертіс басына дейінгі аймақта жайлап, баспана тігуді, тамақ пісіруді үйренген. Оған Қаратау, Сарысу, Балқаш бойы, Ертіс басы өңірлерінен табылған тас құралдар куә. Кейінгі палеолит дәуірінде Қазақстанда осы заманғы адамдар сипаттас хомосапиенстердің протоевропеид нәсілдес өкілдері анаби үрдісімен тұрмыс құрған. Ол тұста мұнда зіл (мамонт) тектес ірі хайуандар көп болған. Соңғы піл (мамонт) Жайық өзенінің сол жағасында осыдан 8000 жыл бұрын өлген. Кейінгі палеолит кезеңінің ескерткіштері барлық аймақтар бойынша түгел зерттеле қойған жоқ. Мәселен, Батыс, Солтүстік Қазақстаннан ол дәуірге жататын ескерткіштер әлі табылмай отыр. Қазақстанда мезолит және неолит заманы біздің дәуірімізге дейінгі XІІ–X және ІІІ мың жылдықтарға дейін созылды. Ол кезде мұндағы табиғат қазіргі кейпіне түсті. Рулар тайпаларға біріге бастады. Қазақстанда ол тұстың 400 ескерткіші табылды. Аталмыш кезеңге жататын тұрақтар көбіне-көп бұлақ бастарынан ұшырасады. Тас құралдармен бірге керамика сынықтары жиі кездеседі. Қаратау бойындағы, Арал маңындағы, Қараторғай жағалауындағы, Жезқазғандағы, Алтайдағы Усть-Нарым, Кіші Краснояр, Батыс Қазақстандағы Ырғыз, Қарақұм ескерткіштері ежелгі қазақстандықтардың тұрмыс салты бір жағынан Орта Азиядағы, екінші жағынан Орал бойындағы, үшінші жағынан Батыс Сібірдегі дәуірлестерімен ұқсас екендігін аңғартады, Біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдықтың орта тұсында Қазақстан тайпалары қолдан бұйым жасауды меңгерген. Ол көшпелі мал шаруашылығын туғызды. Терістік жарты шардағы құрғақшылықтың күшеюі құдық қазуға үйреткен. Ол тұста Қазақстанда андронов мәдениеті өркендеген. Андронов мәдениетіндегілер өлгендерді төрт бұрышты, дөңгелек, сопақша тас қорғандарда жерледі. Мүрделер не өртелді, не сол қапталына бүк түсіп жатқан күйінде тас қорапшаға, не жерден қазылған шоқырға қойылды. Түбі жалпақ керамика ыдыстар, жартылай бүктелген жапырақша сырғалар, екі шеті шиыршық атып бітетін бұрама білезіктер, ою салынып нақышталған кесе тақталар – сол заманғы обаларды қазғанда табылатын негізгі бұйымдар. Біздің дәуірімізге дейін ІІ мыңжылдық бітіп, бірінші мың жылдық басындағы андроновтықтар әуелі жайлауға шығуға, сосын көшпенділікке көше бастайды. Ол заманнан қалған сүйектерді зерттегенде ірі қара малдың орнына ұсақ жондықтарды көбейту етек алғаны байқалады. Атты, түйені қолға үйрету сол көшпенділік кезеңінің басы болғанға ұқсайды. Қазақстандағы егіншілік неолит заманында басталыпты. Кен қазу, кен қорыту да сол кезде үрдіске еніпті. Оның жұрнағын Ұлытаудан, Алтайдан, Көкшетаудан ұшырастырамыз. Қола дәуірінің жүзден астам мекен-жайы табылып, оның отызына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Ол қола дәуірінде бізде малшылықпен қоса кетпенмен егін салу үрдісте болғанын аңғартады. Анабиліктің заманы өтіп, атабилік бел ала бастапты. Сол кездегі молаларға жасалған қазба жұмыстары таптық теңсіздікті байқатады. Ру, тайпа басылары жақсы өңделген тас табыттарға салынып жерленген, бастарына үлкен обалар үйілген. Қабіріне қымбат жиһаздар бірге көмілген. Қола дәуірінде күнге табыну, отқа табыну етек алған. Оған сол көздің зергерлік, керамика бұйымдарындағы күн тәңірісінің тұспалдары, мүрдені өртеп, күлін жерлеу үрдісі айқын айғақ. Қабірге қызыл жоса себу, әрі отқа табынуды, әрі қанға сиынуды көрсетеді. Қызыл түсті қастерлеудің арғы түбі күнге, отқа табынудан шыққан. Көшпелілік күнмен бірге айға табынуды шығарды. Оған түзде мал түнету, айға қарап бағдар айыру, ауа райын барлау мәжбүр етсе керек. Қола заманының зираттары ата-баба аруағына табынуды да сездіреді. Өліктің дүние-жиһазын, қару-жарағын, ішімдік-тамағын бірге көміп, қабірге үйдің пішінін беру соған меңзейді. Құрбандық шалатын жерлер айнала ормен, не қаз-қатар тізілген қада тастармен қоршалған. Оны кромлех дейді. Молаға да сондай қоршау салу аруақтардың қыдырып кетпеуін көздегендік еді. Қола дәуірінде адам өзінің табиғат пен тайпасынан еш бөлінбеуге тырысатын дүниетанымын одан әрі нығайтқан. Бұл діннің шығуына себепші болған. Тек Орталық Қазақстанның өзінде қола дәуірінің 30 тұрағы және 150 зираты табылды. Олар – аса күрделі монументальды құрылыстар. Ерте қола дәуіріне Нұра бойынан, орта қола дәуіріне Атасу бойынан табылған ескерткіштер, кешең қола дәуіріне Беғазы-Дәндібай ескерткіштері жатады. Солтүстік және Батыс Қазақстанның қола дәуіріндегі 80 тұрағы, 90 зираты табылды. Екі аймақтың ескерткіштері де бір тектес. Қалың тастан қаланған төрт бұрышты не дөңгелек тас қоршаулар мен топырақтан үйген обалар. Ақтөбедегі Қарғалы, Тасты бұтақ, Тобылдағы Семиозер, Петропавловск маңындағы Вишиневка, Бескөл ескерткіштері бұл аймақтардың ежелгі сақ-сармат мәдениетін жасақтауға белсене қатысқандығын байқатады. Қола дәуіріндегі Шығыс Қазақстан егіншілікті де, металлургияны да, малшылық, аңшылық, балықшылықты да комплексті дамытқан өлкеге ұқсайды. Мұннан табылған ескерткіштер аса бай. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда қола дәуірінің ескерткіштері қалған аймақтарға қарағанда аз ұшырасады. Олар кедей әрі қарапайым жасауланған. Табылған қола бұйымдар өте аз. Керамикасы өрнексіз. Шамасы, қола дәуірінде бұл аймақтың табиғаты қалған аймақтарға қарағанда шаруаға аса қолайлы бола қоймаса керек. Ол тұстағы Арал маңы мәдениеті далалық аймақтардың мәдениетімен орайлас. Тегіскеннің мавзолейлері – Қазақстанның қола дәуіріндегі сәулет өнерінің көрнекті үлгісі. Мұнан табылған жүзден астам қола шегелер атақты Пазырық обасының бұйымдарын еске салады. Тегіскен керамикасының бір алуаны Хорезм цивилизациясының, бір алуаны Бұғылы, Беғазы-Дәндібай цивилизациясының ықпалын сездіреді. Қола дәуірінде Қазақстанда неолиттің байырғы комплексті шаруашылығы – егіншілік пен мал өсірудің екі бөлінуіне, уақытша тұрақ– орнықты мекен-жайға, тас құралдар – әр қилы металл қоспаларынан жасалған сапалы құралдарға ауысқан. Көрші аймақтармен байланыс күшті дамыған Түстікте Орта Азия, батыста Шығыс Европа мәдениетімен ықпалдастық орныққан. Біздің дәуірімізге дейінгі VІІ–ІV ғасырларда Қазақстанның оңтүстігінде тиграхауда сақтар (массагеттер және дайлар), батысында савроматтар, орталығында – исседондар, шығысы мен терістігіндегі аримаспа тайпалары қоныстанған. Олар шығыс-иран диалектісінде сөйлесе керек. Сол сияқты алтай тілдерінің де әсері болуы ықтимал. Ол тұста Қазақстан мен Орта Азияға Ассирия мен Мидияның, Ахеменидтер мемлекеті мен Персияның мәдени ықпалы қатты сезілген. Ал біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта Қазақстан территориясында құрғақшылық күшейді. Ол бүкіл аймақтың көшпелі мал шаруашылығына бірыңғай ауысуына мәжбүр етті. Ол кездегі қазақстандықтардың антропологиялық тұрпатына жиырма проценттей монголоид элементі араласты. Бұл әсіресе алтай нәсілдерімен қоңсы шығыс сақтарына тән еді. Бұл жағының антропологиялық негізін далалық европеидтер түзген-ді. Ал батыстағы сарматтарда Жерорта теңізі маңынан келген нәсілдің ықпалы басым болды. Археологиялық материалдар ол кезде дала көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы мал шаруашылығы мекені болғанын аңғартады. Біріншісі Батыс және Орталық Қазақстанға тән еді. Олардың малында қой, түйе, жылқы басым түсті. Мұнда бірыңғай көші-қон орын алды. Жартылай көшпелі мал шаруашылығы Жетісу мен Шығыс Қазақстанға тән еді. Мұнда маусымдық көші-қон орын алды. Ал отырықшы мал шаруашылығы Оңтүстік Қазақстанға тән болды. Сақтар тұсында түйе қолға үйретілді. Бірақ арбамен көшіп қону әлі үрдісте еді. Мал шаруашылығымен қоса, кен қорыту, ұсталық, зергерлік өркендеді, әскери қару-жарақ жасайтын миясарлық дамып, керамика азайып, теріден, металдан, ағаштан жасалған ыдыс-аяқ көбейді. Сүйектен, мүйізден бұйым жасау, өрнек тоқу, киіз басу, ши өру үрдіске кірді. Рулық қауымнан таптық қоғамға көшер жолдағы әскери демократия үстемдік етті. Ол тұстағы қоғамдық түзілім аталастардың рулық тобы – көшпелі қауым – тайпа-тайпалар одағы дейтін жүйелестіктен құрылды. Ол тұстағы тайпалар одағы мемлекеттік құрылымның бас еді. Есік қорғанынан табылған алтын киімді адам ондай одақтың көсемі өзін күн сәулетті падишаға – мемлекет басшысына теңей бастағанын аңғартады. Бұғылыдан табылған төбесін күрке тігіп көтерген жер үй – киіз үйдің алғашқы кейіптемесі. Оның ар жағында ормандағылардың үшкіл төбелі күркесі жатса керек. Түйені қолға үйрету, таудағы жайылымдарды игеру күмбез тәрізді киіз үйді дүниеге әкелді. Археологиялық материалдар сақтардың рулық-аталық әулиелерге, ата-бабаға, жарылқаушыға сиынғанын байқатады. Сақтар андроновтықтардай тас қорапшаларға салынбай, бірден топыраққа қойылған. Үйілетін обалар домалақ пішінге көше бастаған. Қабірдің қапталынан үңгірлеп лахат ойылып, мүрде соған бұрынғыдай бір қапталынан бүк түсіріп емес, шалқасынан ұзын сұлап жатқан күйі қойылатын болған. Отқа табыну, күнге табыну әлі үрдісте еді. Анамизм, тотемизм, магия күшін жоғалтқан жоқ-ты. Сақтарда қол өнері жақсы дамыды. ІІІиыршық атып оралып жатқан жыртқыш – реалистікпен бейнеленген скиф оюы ең негізгі әшекейге айналды. Скифтердің жан-жануарлы стилі үш кезеңге бөлінеді. Бастапқы кезеңінде тұрған не жатқан бір ғана аң бейнеленді. Екінші кезеңде, ол қимыл үстінде не екінші бір аңмен жағаласып жатқан қалыпта бейнеленді. Бұл оның нағыз шырқау шағы болды. Үшінші кезеңде біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ–ІІ ғасырда бұрынғы реалистік бейне енді схемаға, тастан көз салған орнаментке ауысты. Мұндай өрнекте салынған жануар сол белгілі бір тайпалардың сиынатын аңдары – тотемдері еді. Геометриялық, өсімдік ернекті, жан-жануар өрнекті, символдық өрнекті орнаменттер де сақтар дәуірінде туды. Геометриялық өрнек андрондық мәдениетінің ықпалы. Өсімдік бедерлі өрнек ежелгі Шығыс мәдениетінің ықпалы. Символдық орнамент – табиғат пен күн, айға табынудың нәтижесі. Жан-жануар бедерлі өрнек – скиф өнері стилінің сарқыншағы. Жан-жануарларды бейнелейтін петроглифтердің де көбі ол сақ дәуіріне туған. Мәдени әр сипаттылығы жағынан темір дәуіріндегі Қазақстан Орталық, Батыс, Солтүстік, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан және Арал маңының шығысы деген аймақтарға бөлінер еді. Орталық Қазақстандағы Тасмола мәдениетіндегі ала-құлалық ол кезде бұл аймақтағы көшпенділер миграциясының күшейгендігін, хундармен соғыста жеңілген ЮЕЧЖ-дердің батысқа қарай ығысқандығын байқатады. Батыс Қазақстан ескерткіштері савромат мәдениеті андронов және қабірінің ішін ағаштан өретін өрмелі мәдениеттің тоғысуынан тұратынын сездірді. Мұнда табынушылық тым күшті байқалады. Мұнда Орта Азия, Күнгей Шығыс, Оңтүстік Орал және бұрынғы Скифияның мәдени ықпалы бірдей тараған-ды. Шығыс Қазақстан мәдениетіне ежелгі андроновтықтар дәстүрімен қоса алтайлық нәсіл әсері қатты сезілді. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан темір дәуіріндегі биіктігі жиырма метрден асатын «патша үйіктерінің» көптігі жағынан алдарына жан салмайды. Темір дәуірінің ескерткіштері ол кездегі Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуында ала-құлалық болғанын, мәселен, шығысы мен оңтүстік шығысында таптық қатынастар қалған аймақтарға қарағанда бұрынырақ пайда болғанын аңғартады.

Біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырдан біздің дәуіріміздің ІІІ ғасырына дейінгі мың жылдықта Жетісу мен Қазақстанда қанды тайпа бірлестігі құрылды. Бір жағы Қытаймен, екінші жағы Парфиямен шектесіп жатқан бұл одақ шын мәніндегі цивилизация орталығына айналды. Бұл тұста Оңтүстік және Оңтүстік Қазақстанда қалалық мәдениет аса дамыды. Оған көшпенді дала да, сондағы түркі тілдес тайпалар да белсене ат салысты. Біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларындағы «Халықтардың ұлы жөңкілісі» Қазақстан, Орта Азия, Күнгей Азия мәдениетінде синкретизмді күшейте түсті. Антропологиялық өзгерістерде де шек болмады. Ол кезде Қазақстанның күнгей алабындағы үйсіндер, хундар, қандылар одақтары, мемлекеттік сипат ала бастады. Іле, Талас, Шу алабындағы үйсін мәдениеті ескерткіштері, оның шығысындағы хун мәдениеті жұрнақтары, Батысындағы Кангюй мәдениеті мал шаруашылығымен қоса егіншілікті, көшпенділікпен қоса отырықшылықты бірдей дамытты. Сырдария бойындағы көнелікті қалалардың көбі – сол Кангюй мәдениетінің жәдігерліктері. VІ ғасырда «ұлы жөңкіліс» сахнасына түркі тайпалары шықты. Олар Алтай мен Дунай арасын тағы да шаңға бөктірді. Ондай кең-байтақ территорияны ат үстінде жүріп билеу қиын еді. Содан келіп, Батыс, Шығыс түрік қағанаты құрылды, Батыс түрік қағанаты Қаратау мен Жоңғария арасын алып жатты. Қағанатты түрік тұқымдастарымен қоса Согдиа көпестері де жайлады. Бұл – қағанаттың халықаралық сауда аренасына шығуына оң ықпал жасады. Согдиялықтар арабтар шабуылынан жан сауғалап келген-ді. Олар сауда мен мәдениетке ғана емес, дінге де әсер етті. Жетісу қалаларына егіншілік пен керамиканы, согдия жазуы мен буддизмді солар әкелді. Түрік қағанаты бір жағынан Маверенахрдың, екінші жағынан Шығыс Түркістанның қыспағына ұшырады. Маверенахрды тоқтата алғанмен, Шығыс Түркістаннан келген қараханидтерді тоқтата алмады. Оның үстіне арабтар шабуылы да үдей түсті. Бұның бәрі Батыс түрік және Түргеш Қанағатының құлауына әкеліп соқтырды. Сөйтіп, Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия араб халифтарына қарады. Бұл әлгі аймақтың дін жағынан мұсылмандануын, саяси жағынан феодалдануын тездетті. ІX–X ғасырларда Сырдария мен Арал-Каспий далаларын, Жетісу мен Сібірді жайлайтын көшпелі және жартылай көшпелі тайпалардың түркіленуі негізінде Оғуз одағы құрылды. Ол бұрынғы аталастыққа негізделген рулық байланыстардың әлсіреуіне, жаңа территориялық-шаруашылық бірлік құрылып, ерте феодалдық қатынастардың күшеюіне біршама ықпал жасады. Ол Еділ бойы, Маңғыстау, Үстірт арқылы Шығыс Европамен байланыс жасап, Киев Русімен әскери-саяси одақ құрды. Бірақ, ұланғайыр территорияға ие болған бұл ортағасырлық мемлекет те ұзақ өмір сүре алмады. Оны көшпелі қыпшақтар құртты. Осынау қиян-кескі замандарда Күнгей Қазақстандағы Испиджаб (Сайрам), Отырар, Тараз, Құлан, Ақтөбе, Дженд сынды қалаларда біздің материалдық және рухани мәдениетімізге өшпес із қалдырып үлгерді. Бірінші мыңжылдықтың екінші жартысында Алтайдан Еділге дейінгі аралықта түркілену процесі жүрді. VІ–VІІ ғасырларда түріктердің өз жазуы болды. Ол бір-бірімен жалғаспайтын 38 таңбадан тұрады. Бұл жазудың жартастан, Жамбыл маңында табылған керамикадан, Шығыс Қазақстаннан табылған қола айнадан ұшырасты, ІX ғасырда Шығыс Түркістанда «ұйғыр жазуы» туды. Сөйтіп, Қазақстанның ұлан-байтақ даласында қазіргі қазақ халқының этногенезін қалыптастырып, мәдени дербестігін тудыратын саяси, экономикалық, мәдени процестер ғасыр өткен сайын тездей түсті. X–XІІ ғасырлардағы Қараханидтер мемлекеті жергілікті түркі тілді тайпалардың бірігуіне әсер етті. Алайда XІІ ғасырдағы монғол шабуылы ол процесті тоқтатып, мұндағы этникалық өзгерістерді одан сайын күрделендіре түсті. Отырықшы элементтің ықпалы тағы да азайып, көшпелі элементтің үстемдігі қайта күшейді. Қазақстан монғол үстемдігі тұсында Алтын Орда құрамына кіретін Ақ орда мен Көк Орданың, Шағатай ұлысына кіретін Моғолстанның қарауына өтіп, үшке бөлініп кетті. Содан тек XV–XVІ ғасырда монғол үстемдігі біржола күйреген соң барып, дербес хандық құрады. XVІ ғасырдың орта тұсында оның құрамына бұрынғы Жошы мен Шағатай ұлыстарының қарамағындағы түркі тілді көшпелі тайпалардың бір тобы кірді. Сөйтіп, қазақ хандығының құрылуы қазақ этносының қалыптасып, оның біртұтас мәдениетін жасақтауға жағдай жасады. Ол мәдениет жер бетінде адам пайда болғалы осы аймақта қалыптасқан барша тарихи-мәдени және шаруашылық дәстүрлерге сүйенді. Өйткені, оны жасайтын этностың тегінде әлгі мәдени-шаруашылық дәстүрлерді қалдырған ежелгі-кейінгі этностардың бәрі де бар-ды. Олар бірі қалдырған мәдени жұрнақты, генетикалық мұраны екіншісі өшіріп отырған жоқ-ты. Қайта бірін бірі байытып, бірін-бірі дамытқанды. Империализмге дейінгі мәдениет қай кезде де басқыншыдан үстем түсіп отырған-ды. Монопольды империализм ғана жер бетін мәдени, экономикалық, тіпті тілдік біркелкілендіру идеясын ұстанды. Ондай идеяға Жан-Жак Руссо, Имануэль Кант секілді ұлы ойшылар қарсы шыққанды. Мұндай біркелкілікті күшпен орната алмаған империализм қазір жер жүзілік үкімет құру арқылы саяси, халықаралық көп ұлтты корпорациялар құру арқылы экономикалық жолмен жүзеге асырудың сан қилы мүмкіндіктерін қарастырды. Конвергенция теориясын қолдаушылар халықтар арасында ұшырасатын кикілжіңдерді әуелі жұмсарту, сосын бірте-бірте жоққа айналдыру концепциясын ұсынады. Американ экономисі Д. Гэлбрейттің айтуынша, жұртшылық тұтынатын бұйымдарды біркелкілендіру арқылы экономикалық сұранымдарды да біркелкілендіруге болады, одан өмір салты біркелкілендіреді, сөйтіп кімнің технологиясы үздік болса, соның өмір салтын, мәдени үрдісін күллі планеталық үрдіске айналдыруға болады. Ол процесті қазіргі электронды цивилизация аса шапшаң қарқынмен жүзеге асыра алады-мыс. Ал марксизм күллі адамзаттың біркелкі дамуы барлық мемлекеттерде кісіні кісі қанайтын экономикалық теңсіздік жойылмай тұрып жүзеге аспайды деп ұғады. Ал ондай қанаудың жойылуы барлық елде бір кезде бола қоймайтын құбылыс. Оның үстіне халықтардың өткендегі мешеуліктерінің салдарын жою да – ұзаққа созылатын процесс. Ал ол қай ұлттың да рухани потенциалын мейлінше дамытып барып, күн тәртібіне қойылмақшы. Ондай қарышты даму өзіңе дейінгі ұрпақтардың қалдырған мұрасын түгел меңгеріп, түгел бойыңа сіңіруді талап етеді. Қазіргі қайта құрылу кезеңінде тарихи-мәдени мұраны табу, тану, қорғау және пайдаға асыра білу мәселесінің қай көздегіден де өткір қойылуының түпкі сыры да осында. Ұлтаралық қарым-қатынаста әлеуметтік әділет орнату жолындағы күрес мәдени мұраға деген көзқараста орын алып келген догматизм сарқыншақтарынан тез арылуды талап етеді. Колониализм қыспағына ұшыраған елдердің мәдениетінің тарихын тек совет дәуірінен бастау, одан арғы мұраны таптық тұрғыдан саралаймыз деп, жарым-жартылай қарастыру, халық тарихын диалектикалық тұрғыдан зерттемей, қолдан жадағайландыру біздің материалдық та, рухани да көп мұрамыздың көз таса қалуына әкеліп соқтырды. Археологиялық дәуір мен осы заманғы кезеңнің екі ортасындағы көп ғасырлар назардан қағыс қалып келді. Асып кетсе, XV ғасырдағы қазақ хандықтарының қайта құрылуынан ғана басталды. Ол тұста көшпелі үрдістің басым түсуіне байланысты, «қазақтардың пәлендей материалдық мәдени мұрасы жоқ», – деген де ұғым болды. Алдымен, көшпелі тұрмыстың адамзат цивилизациясының өзіндік сипаты мен өзіндік тарихы бар бір тіні екені ескерілмеді. Көшпелі тұрмыстың этнографиясы, этикасы, философиясы мен дүниетанымы – біздің мұратану ісіміз үшін атымен түрен түспей, тың жатқан қабаттар. Екіншіден, көшпелі дүние мен отырықшы дүниенің ара-қатынасы «варварлар мен цивилизация» дейтін көне кескіндеменің ауқымына сыймайды. Бұл екі ортада да дисгармониядан (сиыспастықтан) гөрі гармония (сиысымдылық) басымдау. Ежелгі дүниенің экономикалық бұйым алмасуы мен еңбек бөлісуінен туған екі сфераның арасында қайшылықтар шықса, оны тарихи дамудың диалектикалық күрделілігі тұрғысынан түсіндіруіміз керек. Үшіншіден, дүниеде ешқандай отырықшылықпен байланыспайтын таза көшпенді мәдениет жоқ. Европаның көп халықтары – бұрынғы көшпенділер. Ал олардың бүгін таңда адамзат цивилизациясына қандай үлес қосып отырғандығын әркім-ақ біледі. Қазақстандықтардың арғы бабалары да тап солар секілді ежелгі элин, рим, парсы дүниесімен мәдени қарым-қатынас жасай білді. Оның үстіне өздеріне көрші Орта Азия цивилизациясын, Қырым, Таяу Шығыс цивилизациясын жасауға белсене ат салысты. Қазақтардың «жиырмасыншы ғасырға» құр қол келмегендігіне дәлел көп-ақ. Қазір баспаға әзірленіп жатқан «Қазақстан тарихы және мәдени ескерткіштерінің жиыннамасының» бірінші томына әлденеше мың ескерткіш туралы мақала енеді. Ал бұл жиыннама осындай он томнан тұрады. Сонда есепке алынып отырған ескерткіштердің өзінің қанша екенін біле беруге болады. Ал әлі зерттелінбей, есепке алынбай жатқандары қаншама? Қазақстан археологиялық ескерткіштерге аса бай. Алғашқы қауым үңгірлері мен кеуектерін, ежелгі тұрақ орындарын, кенелік қалалықтарды, балбал мүсіндерді, мегалиттік менгирь, дольмен, кромлех ескерткіштерді, бағзы егістіктер мен керуен, көш жолдарын, некропольдер мен дара мавзолейлерді, петроглифтерді молынан ұшырастырамыз. Ал, Қазақстан қалалары ше? Месопатамиядағы мәдени қабат 20 см, Москвада 10 см, ал Самарқандта 30 см. Самарқандтың Сырдария бойындағы «інілері» ше? Олардан Отырардан басқасына күрек тиген жоқ. Оның да ежелгі қабаттары әлі тереңде. Ежелгі Испириджаб сақталынбады. Тараз да соның кебін құшты. Бірақ, Іле, Талас, Шу бойындағы Қараханид қалаларын, Сырдария бойындағы Қаңлы, оғуз қалалары, Еділ-Жайық бойындағы Алтын Орда қалаларын мұқият қазып зерттеуге әбден мүмкіндік бар. Архитектураға келсек, Караханидтер, Тимур дәуірлерінен қалған дүниежүзілік маңызы бар ансамбльдерімізді қалпына келтіруге тиістіміз. Бірақ, бұған экологиялық жағдай ойсырата кедергі келтіруде. Орталық Қазақстан мен Батыс Қазақстан архитектурасының мұралары өзіндік реставрация технологиясын талап етеді. Ежелгі дүниені былай қойғанда, қазақстандық Орта ғасыр, Қазақ хандығы, кешегі Россия капитализмінің далаға аяқ басуы, совет жылдары даламыздың тарихы-мәдени рельефіне айта қаларлықтай із тастады. Халқымыздың шетелдік басқыншылықпен көп ғасырлық күресі талай-талай тарихи ескерткіштер қалдырды. Қазақ эпосына байланысты орындардың өзі – арнайы зерттеудің объектісі. Оның үстіне мұра тек археологиялық, архитектуралық, рельефтік ескерткіштерден ғана тұрмайды ғой. Қазақстан топономикасы, қазақтың этнодизайны, музыкалық, әдеби фольклоры, халықтың қалаулы ұл-қыздарының өміріне байланысты мемориалдық орындар... Іздей білген кісіге мұра көп. Ал Қазақстан археографиясы енді-енді ғана тәй-тәй тұра бастады. Біздің өткен тарихымызға байланысты құжаттар РСФСР-дің, Закавказьенің, Орта Азияның, Күнгей Азия мен Қытайдың ондаған қалаларынан табылады. Оларды жинап, сұрыптау – аса маңызды. Осының бәрі тиісті ғылыми, мәдени, саяси-әкімшілік және қоғамдық ұйымдардың күшін біріктіріп қана жүзеге асыруға болатын кең ауқымды «Мирас» программасын жасақтауды талап етеді. Бұған бел шешіп кірісіп отырған мемлекеттік ұйымдар көрінбейді. «Қазреставрация» тресіне республикалық бюджеттен ескерткіштерді қалпына келтіруге бөлінетін ақша көбіне-көп мәдениет орындарын жөндеуге жұмсалады. Жинақталған қолжазбаларды оқи алатын мамандар ғылыми-зерттеу ұйымдарының өзінен табылмайды. Жергілікті жерлерде мәдени мұралар тәрбиелік мақсатта пайдаланылмайды. Бұл салада оқу орындарының, жастар ұйымдарының, басшы орындарының күштері біріктірілмеген. Мұраны зерттейтін, насихаттайтын, қорғайтын, қалпына келтіретін мамандар жетіспейді. Республикада оған бағытталған бір де бір оқу орны, бір де бір факультет жоқ. Азын-аулақ қолда бар мамандарымыз сол мұраларды мұрагерлеріне өз тілінде түсіндіріп бере алмайды. Сондықтан да мұра сақтау ісіне жас буындар белсене қатыса алмай отыр. Республикадағы қоғамтану ғылымы тарихи санамызды, мұрагерлік мәдениетімізді қалыптастыруға дәрменді әсер ете алмай келеді. Қысқасы, тарихи-мәдени ескерткіштеріміз қандай көп болса, оның шешілмеген мәселелері де сондай көп. Оған жұртшылықтың өзі бас-көз болмаса, ертең бүгінгімізден де көбірек күйзелуіміз мүмкін. Ол үшін әр адам өз ғұмырының бағзыдан бақиға баратын ұзақ жолдың бір үзігі екенін ешқашан естен шығармауы керек. Артында ұрпақ қалғанын қалай қаласаң, оның сен білгеннен көп білуіне, сенің қолыңнан келмегеннің оның қолынан келгеніне қам жасай біл! Атыңды ғана үйретіп қойма, тарихыңды да үйрет. Өйткені, мәдениетті мәңгіліктің ырзығы ететін де сол – тарихи сана. Бағзыдан бақиға тартылған сара жол да – сол сана. Өз өлкесінің тарихын білмеген күллі планета тағдырына қайдан қинала қояды?! Өз мәдениетінің жәй-күйіне жаны ашымайтын тоғышар адамзат цивилизациясының көсегесін қалай көтертеді?! Ендеше, тарихи-мәдени мұраға жаны ашу – жас ұрпақты, әрбір сана иесін отаншылдыққа да, жаһаншылдыққа да, шынайы патриотизм мен гуманизмге баулудың ең тиімді, ең ықпалды жолы. Мұрагер болуға үйренбей тұрып, күрескерлікке де, жасампаздыққа да қол жетпейді.

1988 жыл

УПРЯМСТВО ПАМЯТИ

Речь на открытии Маргулановских чтений в Академии наук
Республики Казахстан
Уважаемая публика!

Итак с этого знаменательного момента берет свое начало еще одно благородное предприятие которое со временем может занять достойное место в нашей духовной жизни. Отныне все, кому не совсем безразлично то, что вчера свершилось, сегодня происходит, завтра нас ожидает, каждый год будут собираться подобным образом чтобы по-деловому обмозговывать предпринимаемые всеми нами меры по осмыслению пройденного пути, изучению и сохранению окружающей нас историко-культурной среды. Ибо само время ясно дает знать что идти вперед – это вовсе не означает: смотреть только вперед. Верная ориентация в исторической перспективе, по сути дела не возможна без постоянной перспективе, по сути дела не возможна без постоянной сверки стоящих задач с накопленным опытом радужных ожиданий с горькими уроками, реальных шансов с возможным срывами. Ради этого и существует историческое сознание. Именно непрестанному обострению, а не притуплению его служат и исторические знания. А это, возможно, самое ценное и принципиальное сегодня для всех нас. Ведь никому не секрет теперь то, к чему приводит принуждение истории выступать безропотной служанкой общества вместо строгой и заинтересованной наставницы. Тщательно проводившийся десятилетиями курс на самооболынение каждого и всех принудил и Клио тщательно заняться всеобщей духовной анестезией именно тогда когда только острая боль смогла внушить массам обреченность на провал дальнейшего слепого следования диктату устоявшихся привычек. Идеологический допинг все равно ничем не помог нам добиться невероятного. Наоборот, мы теперь как никогда убеждены в том что и общество как и природа рано или поздно отбрасывает то, что не нужно для его саморазвития. Это хорошо. Плохо лишь то, что это не произойдет само собою. Требует много усилий, жестких, порой жесточайших испытаний, иногда даже крови. Избежать подобное возможно лишь тогда когда четко и непреклонно руководит нашими действиями наша благоразумная память, а не только-только наши благие желания. Ведь добро, правда справедливость – вещи невероятно хрупкие. Чтобы сберечь и отстоять их необходимо мобилизовывать, причем постоянно и неустанно, все мощное и разумное, заложенное в человеке и обществе. А зло кривда, насилие изначально грубы, наглы, всепроникающий. Чтобы им добиться своего достаточны лишь робость одних лукавство других, равнодушие третьих. Оттого, так неузнаваемо исказились в нашем вчерашнем сознании представления о нашем же давнем и недавнем прошлом. На глазах всех на пьедестал вечности, казалось бы, прочно водрузились фигуры явно преходящие, а поистине вечные чуть ли не навсегда покрыла густая заросль травы забвения. Восстановление безбожно искривленной памяти только начинается. И тут нам не обойтись без основательного знания дела. Глубинное постижение уроков прошлого – это самая надежная гарантия от повторения роковых ошибок и в будущем. Ведь не зная того, что было, не возможно предугадать то, что будет. Чем больше знаешь прошлое, тем вернее предугадать будущее. Потому и история должна лечь в основу самосознания общества, осмелившегося, наконец, на решительный бросок от тины догматических рутин на надежную твердь осознанного благоразумия и всепрозрения. Нет, не обойтись нам ныне без истории и в малом, и в большом. Ибо сегодня не только мы, а все человечество стоит перед дилеммой: либо научиться думать по-новому и самоспасаться, либо подчиниться воле людьми же всефорсируемого апокалипсиса. Завело в такой тупик наше же всесилье и разобщенность. Выход один: единство. Единство ценою не унифицирования всего, а беспрекословного признания правомерности присущих всем сущим многообразия и различия. Невозможно, как бы этого ни хотелось, стимулировать все то, что нас объединяет, пренебрегая всем тем, что нас друг от друга отличает. Время все убедительнее доказывает то, что человечество к такой губительной разобщенности привела не его изначальная разнородность, а эгоцентричное игнорирование этого никем не опровергаемого объективного обстоятельства. Время также неумолимо заставляет признать правоту Платона, еще в древности изрекавшего мысль о том, что «мы должны быть вместе, оставаясь каждый самим собой». Тут Восток и запад издревле не расходились во мнениях. «Нет ни прошлого, ни будущего, ни настоящего – все в одном, одно во всем», – утверждал японский поэт VІІ века Сэн-Цань. Все и одно. Каждый и все. Между этими понятиями механически не ставить знаки тождества, большего или меньшего неравенства, подобия, вычитания и суммирования. Словом, даже математике не легко формулировать или моделировать оптимальную структуру взаимной зависимости исторических судеб народа и человечества. Но не трудно тут заметить правомерность того, что следует обо всем сказать через одно, чем об одном сказать через все. Значит, не постичь истинную суть всего, не постигая сути по отдельности составляющего его каждого. Нет искреннего единства всех без подлинного постижения сути и достоинства друг друга. И тут не мыслимо ничего без помощи все помнящей истории. Только благодаря ей народы и нации, общества и сообщества способны по достоинству оценить друг друга и признать друг друга себе подобными. Оттого и исторические знания сегодня ничем не заменимые мощные средства формирования, и патриотического, и интернационального и здравого этнического сознания. История таковой становится лишь тогда, когда она не лукавит, не приспосабливается, не пасует перед установлениями времени, а формирует их сама в строгом соответствии с объективными законами общественного развития. Да, история была и остается вторичной по отношению к обществу. Но это, прежде всего означает, что история отображает общество так, оно на самом деле есть, а не так, каким оно себя хочет видеть. Однако до вчерашнего дня не каждый из нас строго следовал этой аксиоме. Но были... были редкие титаны духа, которые, не взирая ни на что, делали свое дело так, как это полагалось, ни на минуту не скатываясь на низость, диктуемую околонаучной конъюнктурой и житейской целесообразностью. Не все, конечно, выдержали подобное испытание времени. А Алькею Хакановичу Маргулану было не у кого занимать твердости духа, независимости мышления, законной гордости и достоинства истинного патриота своего дела, своего народа, своего многонационального Отечества, которому, по его глубокому уразумению, нужна не всякая, а подлинная история, увиденная и осмысленная кристально честным, ничем не подкупным, настоящим ученым, ученым и гражданином самой высокой пробы. Таковым был и остался он навсегда. Этот человек, слывший еще при жизни ходячей энциклопедией, целой академией в единственном лице, бесстрашным рыцарем науки, сказавшим во всем – истории, археологии, этнографии, фольклористике и народоведении – только свое сокровенное слово, слово нетленное, всепросвещающее и все-освещающее, зовущее всех к углубленному изучению всего еще до конца неузнанного и непостигнутого в историческом бытие и беспредельном космосе духовного самосовершенствования народов и культур. Его подвиг, на мой взгляд, можно охарактеризовать одним словом – упрямством непокорной исторической памяти. Потому и столь новое начинание, вызванное самыми высокими и добрыми побуждениями, называется Маргулановскими чтениями. Это начало принципиально нового перечитывания своей истории, начало в корне нового ее переосмысления.

Давайте пожелаем этому успехов и плодотворного продолжения!
1989 г.

ГОСУДАРСТВЕННОЕ САМОУТВЕРЖДЕНИЕ НАРОДА

Қымбатты әріптестер!

Егемендік – ең басты мәселе. Ол шешілмей ештеңе шешілмейді. Ешкімді енжар қалдырмайтын бұл мәселе төңірегіндегі пікірімді әр тілде сөйлетін әр алуан қауым тарапынан керексіз ұшқарылық пен түсініспеушілік шақырмау үшін осы отырғандарға түгел түсінікті тілде айтқым келеді.

Уважаемые коллеги!

В каком сложном и многослойном обществе мы живем – в этом убеждаемся лишь в последние годы. Они ясно дали знать, что и односторонняя абсолютизация национального суверенитета, и известная с первых дней перестройки доктрина «СССР без нац. территорий и республиканских границ», и попытка ортодоксального интернационализма добиться безапеляционного единства народов путем усиления дисциплины и идеологической работы, не разрешили, а еще больше усугубили существующие в национальных отношениях проблемы. Не говоря о других, даже инициаторы перестройки не сразу нашли более менее оптимальный подход. Их прозрение в этом вопросе напоминает ленинские поиски в свое время. Ведь ратуя до революции за разрушение всяких национальных перегородок во имя классовой солидарности, в годы гражданской войны – за единство в обстановке борьбы против империализма, находясь руля реальной власти только в последние годы жизни, он идею «уничтожения национальных различий» назвал «вздорной мечтой» и считал, что они «будут держаться еще очень и очень долго, даже после осуществления диктатуры пролетариата во всемиром масштабе» (ПСС, т. 41, стр. 77), призвал максимально удовлетворить «требования бывших угнетенных наций», «идти на уступки», а не требовать беззапеляционного единства. Самой оптимальной формой осуществления этого находил «федерацию путем всестороннего учета интересов союзных республик». К такому выводу Ленин пришел не самостоятельно. Ибо точно к этому же призвал и И. Кант в своем трактате «К вечному миру». Кстати, вокруг идеи строгого учета, не игнорирования национального фактора, развивается мысль и в работах Ж.Ж. Руссо, И. Фихте, Я. Коменского, Маркса, Энгельса, Ганди, Ясперса и многих других. На такой идейной базе гуманисты недавнего прошлого призвали мировое сообщество переходить от принципа мировой империи к принципу мирового порядка. На этом зиждятся и сегодняшние доктрины «нового мышления» и «сбалансирования интересов». Обо всем этом не пришлось бы говорить, если бы в иных выступлениях и газетных публикациях не прозвучала нотка односторонней трактовки цивилизованного общежития человечества, попытка преподнесения идеи национальной государсвенности как несовместимую с принципами правового общества и демократии, как сугубо провинциальный мировоззренческий атавизм. Был бы он на самом деле таковым, то право народов на самоопределение и уважение национального достоинства не оказалось бы одним из самых основополагающих принципов всех новейших международных актов о правах человека, мира и демократии. Правильность такого подхода доказана самой практикой. Разве последние годы не убедили нас в том, что и людям трудно найти согласно, если их народы не в состоянии находить общий язык? Потому, правильно подчеркивая приоритетность общечеловеческих ценностей и права личности, не следует забывать, что и то, и другое осуществимо лишь при гармоничном межличностном и межнациональном взаимоотношении, что человека можно возвысить, лишь сполна удовлетворив не только его личные потребности, но и интересы той среды, которая, в принципе, питает его и как субъекта, и как объекта социального прогресса. Основной заслугой перестройки является то, что она внесла ясность в том, что нет подлинного интернационализма без подлинного национального развития народов, нет подлинного коллективизма без подлинного личностного развития людей. Поэтому, если мы по-настоящему жаждем построить гармоничное правовое сообщество людей, то надо избегать противопоставления национального общечеловеческому, интересов людей – интересам народов. Именно упрямое игнорирование одних, абсолютизирование других привело нас к сегодняшним неслыханным катаклизмам. Не следует забывать, что свобода народов, тоже из категории общечеловеческих ценностей. Пока не найти в мире государств, где достигнуто все, благодаря игнорированию национальных интересов. Оттого и никто не назвал самую идеальную модель абсолютно без национального государства, хотя национальную государственность обличали как пройденный этап. Неправомерна тут ссылка на пресловутый американский, западногерманский, швейцарский, австрийский опыт. Да тут, на самом деле, не национально-территориальный, а сугубо административно-территориальный федерализм. Но так получилось вовсе не за счет игнорирования национального фактора. Наоборот, так получилось из за национальной однородности их населения. Например, в ФРГ и Австрии инородцы составляют всего 0,2 и 3%. В США доминирует разноплеменный европейский этносоциальный организм, в одно время внедрившийся в новую территорию, практически вытеснив оттуда ее исторических хозяев, в течение трех веков заново оформившееся как нация с одним языком, с одними государственными интересами и с одной национальной гордостью. А что касается Швейцарии, там царствует идеальный федерализм как раз благодаря тонкому учету этнических интересов четырех этносоциальных организмов, представляющих собой четыре крупных осколка, историко-географически отколотых от своих основных масс, населяющих соседние четыре государства. Словом, пока нигде не найти межнационального благополучия, обеспеченного за счет игнорирования этнических интересов и своеобразия друг друга. Опыт ЕЭС, реализовавшего по Римскому договору 1957 года давнюю мечту об общем экономическом пространстве в Европе, доказывает, что путь к разумной интеграции лежит через справедливую дифференциацию интересов при строгом учете суверенитета государств и народов с разным уровнем развития и гарантированной защищенности их от друг друга. Это должно стать универсальным принципом и межгосударственных, и межнациональных отношений. Этому, по-моему, больше соответствует проект Верховного Совета. Там все принципы взаимоотношения со всеми субъектами Союза, удовлетворения политических, моральных, духовных, экономических интересов, военной, экологической, межнациональной и межгосударственной безопасности населения строго подчинены именно этому. И тут максимально концентрированы добрая воля и искренние устремления и общественности, и авторов проекта, и Президента республики. Бездоказательное сомнение в этом глубоко ранит любого из нас. Ведь в принципе, государственное самоутверждение любого народа на своей исторической родине никак не должно раздражать представителя любой другой этнической группы. Ибо их народы добиваются или добились уже того же самого. Понятно стремление любого иноязычного казахстанца чувствовать себя абсолютно равным во всем, но оно не должно уязвлять любого казаха. Ибо жизнь и жизненные интересы человека везде, всюду священны и заслуживают всемерной поддержки и содействия. Для этого самое главное – построить демократическое общество, где населящие его ныне 17 миллионов мужчин и женщин, их потомство могли бы рассчитывать на жизнь в мире и согласии. Концептуальным ядром Декларации ВС является именно это. На наш взгляд, всеуспокоительную устойчивость казахстанскому суверенитету придает конституциализация гражданства Казахской ССР. Это снимет не совсем обоснованное опасение у одних стать потом невольными беженцами, у других опять чувствовать себя ущербными и ущемленными в чем-то на своей родине, у третьих – и впредь не оказаться лишенными возможности общаться с родной этнической средой. Институт гражданства Республики позволяет всего этого добиваться постепенно, не силовыми, а правовыми и экономическими средствами, при этом, никому ничем не угрожая, никого ни в чем не ущемляя. На мой взгляд, одобряемый мною Проект содержит в себе многое необходимое для этого. Можно его обогатить, но никак не в сторону минимализации этнических мотивов. Мне нравится и его взвешенный тон. Хотелось бы и обсудить его без резких политических жестикуляций.

Я за принятие Декларации в варианте, предложенном Верховным Советом.
1990 г.

ӘЙТЕКЕ БИ

Қазақ сахарасының қай тарабынан көз салсаң да жанарыңа әуелі сол үшеуі ілігетін.

Иә, ол да үш арыстың тірегі, үш асылдың бірі еді.
Дүние жалған десейші!

Мөртөбе мен Күлтөбеде күнде жиын кезеңде алты алашты аузына қаратқан сол үшеуін де күндердің күнінде біреу білсе, біреу білмейтін болады деген кімнің ойына кіріп шықты дейсің?! Өздері түгілі астарындағы аттарының мінезін, қолдарындағы қамшыларының сыр-сипатын әркім-ақ жазбай танымас па еді?! Ал енді сол үш бәйтеректің өзін бірде шалса, бірде шалмайтын, бірде таныса, бірде танымайтын көз қанша?! Үшеуінің жұбын жазбай танитын жанар, үшеуінің қасиетін айтпай ұғынатын көкірек жылдан-жылға азайып, есін енді жиған ел-жұрт үшін тайға басқан таңбадай мағлұмат беретін көре қалған, ести қалғандардың өзі таусылып бітуге айналған. Бір ғасырда, бір кезеңде, бір мақсат жолында тізе ажыратпай бірге күрескен үш сабаздың тағдыры үш қилы болғанға ұқсайды. Біреуі асарын асап, жасарын жасап, ағайын ортасында, сонау пейіштей әсем Баянауыл аймағында дүние салып, әуелі аманат ретінде сол араға қойылып, артынан Түркістандағы Әзірет Сұлтанның киелі қорымына әкеліп, жерленеді. Біреуі төбе би болып қана қоймай, өле-өлгенше бір ұлыстың төре билеушісі бола жүріп, қастандыққа ұшырап, шәйіт кетеді де, исі түркі байтағы Шаш шаһарының қақ ортасынан топырақ бұйырып, үлкен-кіші бірдей тәуеп етер әулие атанады. Ал үшіншісі... Туған жылы белгісіз. Өлген жылы белгісіз. Жатқан жері белгісіз. Белгілісі: Алаш ішінде Алшыннан, Алшын ішінде Әлімнен, Әлім ішінде Төртқарадан, Төртқараның Қарашы, Қараштың Сейітқұлы. Сейітқұл болғанда, кәдімгі Әз-Тәукенің төртінші атасы, атақты Қасымхан өлген соң біраз уақ қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдік ұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, қасына төртқара Сейітқұл дегенді ерте кетпейтін бе еді, – сол Сейітқұлдың дәл өзі, Сейітқұлдың сегіз баласының аты жер жарған. Ең атақтысы Жалаңтөс сол кезде бар болғаны бес жаста екен. Сол Жалаңтөс сол кезде бар болғаны бес жаста екен. Сол Жалаңтөс Нұратада жүріп, Бұқар мен Тамды маңындағы қазақ ұлыстарын билеп отырған Ақназарұлы Дінмұхамедтің көзіне түседі. Ол – кәдімгі Хафиз Таныштың «Абдула – нәмесінде» Дінмұхамед. Қасым өлгесін, шырқы бұзылған, қазақ хандығының еңсесін қайтадан тіктеп берген әкесі Ақназардың саясатын одан әрі жалғастырып, Абдолла әулетінен өрбитін билеушілермен батыл тайталасқа шығып, қазіргі Орта Азияның кейбір шаһар-мемлекеттерінің тізгінін өз қолына ала білген қазақ ханы. Жалаңтөс те Дінмұхамедтің сол күресі үстінде көзге түссе керек. Оның, Бұқар, Самархан, Гератта бас қолбасшылық, тіпті билеушілік дәрежеге жетуінің де арғы астары осында жатса керек. Не де болса, Жалаңтөстің дәулеті мен беделінің асқандығы сонша, Самарқандағы әліге дейін көздің жауын алар Шердор, Тілләқараны салдырады. Әз-Тәукенің әкесі Салқам Жәңгір жоңғар шапқыншылығын тойтармақ боп, қиын шатқалда шайқас салғанда, артынан жиырма мың қол бастап келіп, жеңіске жеткізеді. Тәуке тұсындағы Кіші жүздің ұлыс бегі Әйтеке, міне, осындай ықпалды әулеттен шыққан. Ол Жалаңтөстің әкесі бір, анасы бөлек бауыры Ақшаның үшінші баласы Бәйбектен туады. Бір ғажабы, осындай атақты тұқымнан өрбіген атақты бидің қай жерде жерленгені беймағлұм. Туған, өлген жылының белгісіз болуы да соған байланысты секілді. Оны анықтау үшін не зиратын, не сол кезеңнің археографиялық ескерткіштерінен жазбаша дерек табу керек. Өйткені, оның тізелестері Төле мен Қазыбек билердің «Ақтабан» оқиғасынан кейінгі өмірінің негізгі сипатын сол кездегі орыс-қазақ қатынастары құжаттарынан ұшырастыруға болады. Олардың қай жылы туып, қай жылы өлгені де сол деректер бойынша айқындалып отыр. Ал, аталмыш кезеңдегі орыс-қазақ қатынастары жайындағы деректерде Әйтекенің аты ұшыраспайды. Рас, кейінгі жылдарғы кейбір тарихи зерттеулерде, мәселен, В.А. Моисеевтің «Джунгарское ханство и казахи XVІІ – XVІІІ в.в» деген еңбегінде (Алматы, «Ғылым», 194-бет) Нұралы сұлтан әкесі Әбілқайырды өлтірген Барақты құрамында Ұлы жүз Төле би, Кіші жүз Әйтеке би, Шөмекейден – Жалған би, Шектілерден – Сырлыбай мен Баба би, Ысықтан – Кебек мырза кірген билер сотына тартты, сот Барақты ақтады дейтін дерек кездеседі. Оны дәлелдеу үшін Ш. Уәлихановтың 1985 жылы шыққан бес томдығының төртінші томының 88-бетіндегі деректерге сілтеме жасайды. Ал ол деректі сөзбе сөз аударсақ: «Мәселен, Орта жүздің аса күшті билеушілерінің бірі Барақ сұлтан 1758 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтіріп, өзін тергеу үшін барлық қазақ билерінің ішінен төртеуін таңдап ап, сот құрады. Олардың қатарына Үлкен Ордадан Төле би, Кіші Ордадан Әйтеке би кіреді», – делінген. Ш. Уәлиханов бұл арада қандай дерекке сүйенгенін айтпайды. Істің келесісіне қарасақ, Кіші жүз ханының өлімін тексеретін дауға Кіші жүздің бас биі Әйтекенің кіруі әбден заңды. Бірақ орыс-қазақ қатынастарының Әбілқайыр өліміне байланысты ақпарларында Әйтеке есімі атымен ұшыраспайды. Оның үстіне, Барақ Әбілқайырды 1758 жылы емес, 1748 жылы күзде өлтірді. Екіншіден, 1758 жылы Барақтың ешқандай билер сотына жүгінуі мүмкін емес. Өйткені, ол 1750 жылы Қарнақ деген жерде бір қожаның үйінде қонақасы үстінде уланып өлген. Ендеше, әңгіме 1748 жылдың күзіндегі оқиғалар турасында болса керек. Ал олар сол кезде Бопай ордасы мен қазақтар арасында болып қайтқан тілмаш Ю. Гуляевті, казак атаманы С. Абдрезяқовтың күнделіктерінде егжей-тегжейлі жазылған. Қыркүйектің 23-і күні бопай ханшаға Әбілқайырдың бұрынғы әйелінен қалған қызына үйленген күйеу баласы Жәнібек сұлтан (кейбір авторлар Шақшақ Жәнібек батырды сұлтан Жәнібекпен шатастырып, ханға күйеу бала қылып қоятыны бар. – Ә. К.) келіп: «Барақ сұлтан туралы хабар келді. Оны Орта жүздің Қаракесек руының Қазыбек би бастаған игі жақсылары Ұлы жүз бен жоңғар қалмақтарына асып кетуіне жол бермей, тоқтатып қойыпты. Соның қырсығынан күллі Орта жүз қазақтарына пәле келеді, – депті. «Күллі Ордамыздың көші-қонын кеңейтіп берген атақты ханды өлтірдің екен, енді өзің бас хан болып Айшуақ сұлтанның орнына балаңды аманатқа жіберіп, ұлы ағзамның пәрменімен бізге берілген кең өрістің қауіпсіз болуын қамтамасыз ет. Олай ете алмайды екенсің, сен үшін, сенің серіктерің үшін Кіші жүзбен жаманатты болар жайымыз жоқ. Әбілқайыр балаларына ұстап береміз, не істегілері келсе, соны істесін», – депті. Оларға Барақ: «Мен Әбілқайырды өлтірсем, суайттығы үшін өлтірдім. Ол суайт еді. Аз суайттық жасаған жоқ. Маған да көрсетпегені жоқ. Күйеу баламның Хиуадан жіберген үш түйе затын жол-жөнекей тонап алды. Бұл сендер секілді қарашаның араласар шаруасы емес. Ол билеуші болса, мен де билеушімін. Бір-бірімізге не істеп, не қоятынымызды өзіміз білеміз. Ол Бөлекей-қоян тұқымы болса, мен Шығай тұқымымын. Оның бізбен таласар не жөні бар? Біздің әулеттің олардан абыройы кем бе? Атағы кем бе?» – деп жауап беріпті. Сөйдепті де, төрт биге, атап айтқанда, Кіші Орданың Алшын Төртқарасының Қаратоқасына, Орта жүздің Қаракесегінен Қожанайдың Мәмбет аталығына, бағаналы Найманның Өтебайына өз атынан сәлем жолдап, «егер солар Әбілхайырды, өлтіргенің теріс болды десе, басымның еркін соларға беремін», – депті. Көріп тұрмыз, бұлардың арасында Төленің де, Әйтекенің де аты жоқ. Ю. Гуляевтің күнделігінде келтірген бұл деректі С. Абдрезяқов, қуаттайды. Оның айтуынша, Барақ наймандағы Өтебай Шүрек би, Қабанбай батырға, Қаракесектегі Қазыбек биге үш кісі жіберіп, «Әбілқайырды өлтірдім. Қазақтар оның орнына мені хан қояйын деп жатыр», – деп хабарлаған. Оған жоғарыда аты аталған игі жақсылар қатты наразы болған. «Әбілқайыр баласын аманатқа берсе, өз пайдасымен қоса, ел пайдасын да ойлады: сол арқылы еліміздің жайлайтын жерін кеңейтті; сауда-саттықты жақсартып, халқымыздың мұқтаж нәрселерін тауып берді. Сондықтан да оны атақты әрі бас ханымыз деп білдік. Оны өлтіріп, өз басыңа өзің қауіп тілеп алдың. Барақ, сен ел көңілін тапқан кезде хан болмасаң да, ханнан кем шыққан жоқсың. Бірақ бұл жолы сені хан деп мойындай алмаймыз,» – деп Барақ жаушыларын құр қол қайырыпты. Сұлтан Төле биге де хабаршы жіберген екен. Одан да сондай жауап алыпты. Амалсыз Сарысудың жоңғар жағын көшіп қоныпты. Қасын 500 шаңырақтай ғана ел қалыпты. Осылай жан-жақтан дүңк-дүңк хабар жетіп жатқан кезде Әйтеке жайында ләм-мим сөз жоқ. Қазанның 2-сі күні. Болай бәйбішенің ауылында Нұралы ақ киізге көтеріліп, хан сайланды. Оған қатысқан игі жақсылардың арасында Әйтекенің аты аталмайды. Араға аз күн түскесін, Нұралыны хан сайлағандар жан-жаққа аттанып кеткесін, қазанның 15-16 күні Батыр сұлтан хан сайланады. Оны сайлағандардың арасында да Әйтекенің аты жоқ. Ал Моисеев кітабында айтылатын Шөмекей Жалған, Шекті Сырлыбай, Бәби Мөңке, Ысық Кебек билерге келетін болсақ, 1748 жылдың 27 қыркүйегінде Бопай үйінде Шақшақ Жәнібек батыр қатысқан Орта, Кіші жүз ру басыларының кеңесіне Барақтың одақтасы Батыр сұлтанды да шақырып келу үшін әлгі төрт би жұмсалады. Олар барса, Батыр сұлтанның үйінде Әйтеке бидің балалары Жалтыр мен Қонысбай, шекті Тілеміс билер бастаған игі жақсылар отыр екен. Олар Бопай үйіндегі мәслихатқа барудан бас тартқан. Жалтыр мен Қонысбайдың Әбілқайырды емес, Батырды жақтайтындығы 1731–33 жылдардағы Тевкелев күнделігінен де белгілі болатын. Бірақ сол 1723 жылдан былайғы қазақ даласындағы аласапыран жағдай туралы Россия әкімшілігіне түсіп жататын әртүрлі ақпарларда Әйтеке аты бірде-бір рет ұшыраспайды. Неге олай? Бәлкім, Әйтекенің орыс-қазақ қатынасына байланысты ұстанған саяси бағытынан болар. Олай дейін десең, Әбілқайырмен бірге 1731 жылдың күзінде ант бермей, 1732 жылдың қысында Тевкелев шатырына оңаша көп, ант беретін Батыр сұлтан, патшаға Кіші жүз елшілігі кеткенін естіп, 1733 жылы Уфаға өз елшілігін аттандыратын Сәмеке хан, 1734 жылы Ұлы жүз елшілігін Петерборға жіберген Қодар, Төле, Сатай, Ханкелді, 1738 жылы Әбілхайырмен бірге Татишевке барып ант беруден тартынып, 1740 жылы Урусовқа барып ант беретін Әбілмәмбет, Абылай, 1735 жылдың 20 желтоқсанында қарауларындағы Керей сұлтан, Дәулен, Тілеуімбет, Шорабай, Шүрек, Тәнеке, Боқай, Қалқаман, Шұбар, Өтебай, Ерназар, Сүйіндік, Қабанбай, Жарасбай, Елқонды, Жекеман, Жарылқап, Өтебай, Балтемір, Тоқаш, Тоғын, Сатыпалды, Қонақбай сынды ру басыларымен бірге, «Әбілқайыр қалай мойынұсынса біз де дәл солай мойынсұнамыз», – деп бодандыққа алуды өтініп хат жазып, қарауындағы қырық мың үйімен 1742 жылы қарашада бодандықты қабылдап, ант беріп, патшаға Сырымбет Бекбасұлын елшілікке жіберетін Барақ сұлтан, 1745 жылдың қазанында қарауындағы он мың үйімен бодандықты қабылдап, Рахманқұл биді елшілікке жіберетін Күшік ұзақ уақыт үнсіз-түнсіз жатып алған Қазыбек пен Бұқар жайындағы деректердің ешқайсысын қағыс қалдырмай, бәрін қағазға тіркеп баққан орыс әкімшілігі дәл солар тұрғылас Әйтекеден мұнша нағып көз жазып қалған? Ол кездегі деректерден қазақ арасындағы саяси ахуалдың біркелкі, бірыңғай емес екенін айыру онша қиын емес. Мәселен, Әбілқайырдың бос тұрған бас тақты иемденіп қалу үшін сонау Тәуекел, Тәуке заманынан бері айтылып келе жатқан әңгімені қозғап, патша ықпалын пайдаланғысы келгені, онысынан ештеңе шықпасын байқап, көрші Иран, Түркия, тіпті жоңғар қонтайшысымен астыртын байланыс жүргізе бастағаны, бас тақты Өсеке әулетіне беріп қоймас үшін, олардың жолын бөгеу мақсатында өздері де ақ патшаға үсті-үстіне елші аттандырып, бодандық сұраған Жәдік әулетінің әрқилы өкілдері Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай, Батыр, Барақ, Күшік басындағы бірде олай, бірде былай аумалы-төкпелі ахуалдар, қол астында амалсыз отырған жоңғар қонтайшысына бір жақты кіріптар болып қалмас үшін оқтын-оқтын орыс әкімшілігіне де елші аттандырып отырған Жолбарыс хан мен Төле би саясаты, бодандыққа ант бердік екен деп, орыс патшасының ғана иегінің астында кетіп, екінші жақтан қауіп шақырып алмау үшін Цинь билеушілерінің де қас-қабағын аңдыған Абылай дипломатиясы, екі жақтан бірдей кезенген екі күштінің екеуін де емексіткенмен, екеуіне де түбегейлі ыңғай танытпауды көздеген Қазыбек пәтуасы, бір жағынан Қызылтау мен Ертіске қол сала бастаған патшадан, екінші жағынан шапанының шығыс жақ шалғайына шап бергелі отырған шүршіттен бірдей қауіптенген Бұқар уайымы жүйе-жүйесімен тайға басқан таңбадай сайрап тұр, Осындай дәнданай кезеңде заманында бір арыстың ұлысбегі болған, ата-тегі сонау Шығай, Ақназар, Салқам Жәңгір, Тәуке замандарынан бермен қарай қазақ саясатына белсене араласып келе жатқан, үш жүзге сөзі бірдей өтімді Әйтекенің әлгі ағымдардың ешқайсысына қосылмай, тым-тырыс жатып алуы мүмкін бе, сірә? Алты алашты аузына қаратқан әкелері отырғанда, Жалтыр мен Қонысбай білектерін сыбанып, талас-тартыс ортасында жүрер ме еді? Жан-жаққа хабар шаптырып, аузы дуалылардың лебізіне құлақ тосқан Барақ сұлтан мен Әбілқайыр балалары Әйтекеге нағып хабар салмайды? Хабар салса, жауабы қайда? Жоқ, қисынға келмейді. Соған қарағанда, ол кезде Әйтекенің көзі тірі болмаса керек. Тіпті қайда жерленгенінің әлі күнге беймағлұм қалуы да соған меңзейді. Ол кезеңге аман жеткен Сәмеке, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Батыр, Барақ, Күшік, Абылай, Төле, Қазыбек, Бұқар, Ханкелді, Қодар, Сатай, табын Бөкенбай, шақшақ Бөкенбай, қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жәнібек, сұлтан Жәнібек, тама Есет, Әжібай, Арал, Қабанбай, Малайсары, Олжабай, арғын Сырымбет, найман Сырымбет – бәрі жайында да жазбаша деректер бар. Тек Әйтеке жайында дерек жоқ. Демек, ол әлгі айтылып отырған кезеңнен көп бұрын ахиреттік болған. Зираты да ол үшін сонау Сейітқұл заманынан атақоныс боп кеткен Қаратау мен Нұрата арасындағы аймақта қалған. Қалың Алшын әлгі жерден әлдеқашан табан аударып кеткендіктен Әйтеке зираты да ұрпақтар жадынан ұмытылған. Ел арасындағы Әйтеке Шу, Сарысу жағында қалды, Келес бойында қалды деген еміс-еміс хабарлар тегін тарап жүрмесе керек. Бәлкім, бабалары Сейітқұл, Жалаңтөс, Ақшалардың қастарына жерленуі де ықтимал. Кім біліпті, ол жайындағы деректер Орта Азия халықтары архивтерінен табылар. Қай жылы туып, қашан өлгені де сонда анықталар. Ал әзірге білетініміздің көбі – аңыз тақылеттес мәліметтер. Оның қайсысы ақиқат, қайсысы лақап – ол арасын бір Алланың өзі ажырата жатар. Аңызға айтқызсаңыз, қазақты аузына қаратқан үш бидің жасы үлкені – Төле, ең кішісі Әйтеке. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, Төле 1663 жылы туып, 1756 жылы қайтыс болған. Тоқсан үш жас жасаған. Ал 1763 жылы 11 наурыздағы Сібір губернаторы генерал-майор фон Фрауендорфтың Сыртқы істер коллегиясына жазған рапортында 1762 жылдың 11 желтоқсанында Жайық казагы Размамбет – Дархан мен тілмаш Айдар Сапаров барып жолыққанда, Қаракесек Қазыбек би тоқсан алты жаста екендігін көрсетеді. Сонда ол 1667 жылы туған болып шығады. Демек, Төледен төрт жастай кіші. Ал Әйтеке ше? Расында да кіші ме? Жуырда «Халық кеңесі» (10 қазан, 1991 жыл) көшіріп басқан «Дала уалаяты» газетінің (И 9, 1890 жыл) «Теле би айтқан екен», – деген аңызы: «Кіші жүзде алшын Қаражігіт би атақты кісі болған екен. Сол кісінің қартайып қалған уақытысында бір жұт болып еді. Жаман жұтап, тік мүйізді сиыр, тік құлақты жалқы, төрт малдан дәнеңе қалмапты. Алшын Қаражігіт бидің азамат, ержеткен жалғыз баласы бар екен. Сол баласын Ұлы жүзде Үйсін Төле биге жібереді дейді.

– Бар, балам, ақыл сұрап кел, кедейліктен кісіні ерікке қоймай сүйреп алып шығып, құтқаратұғын айла болар ма екен, – деп. Бұған айла не болатұғынын Алшын Қаражігіт бидің өзі де білсе керек. Бірақ, өзімнің үй-ішімнен айтқаным балама ем болмас, не де болса, алыстан барып естіп келсе, көкейіне түсіп, көңіліне қонып, баламның ұғып алуына жақсы болар деп ойлады дейді» деп басталады.

– Бұл арадағы Алшын Қаражігіт би деп отырған адамның өзі – Әйтеке. Оны тұстастары Қаражігіт деп те атаған. Көне жазба нұсқаларда Айтық би деп те жазылады.

Әлгі аңызға қарағанда Қаражігіт Төле биден кәрі болмаса, жас болмағанға, бұрын дүние салмаса, кейін дүние салмағанға ұқсайды. Ендеше, Әйтеке неге көбіне-көп үш бидің ең кішісі сияқты болып көрінеді? Шамасы, ол Әйтекенің жасына емес, жолына байланысты қалыптасқан көзқарас болар. Бұл алуандас болжамды кейінгі жылдары ғана қолымызға тиіп отырған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Даналар» атты өлеңінен де табамыз. Онда: «Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен, Әлдибек, Айтпай, Майлы шешен өткен. Жолы үлкен, жасы кіші Төле бидің Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбектен», – делінген. Ол мұны неге сүйеніп айтып отыр? Оның жауабы да әлгі өлеңнің өзінде түр: «Өнерге құлаш ұрып бала жастан, Тарихын бұл үш жүздің етіп дастан, Баласы Толыбай сыншы Қожаберген Бой ұрған ерен іске әуел бастан». Демек, ақынның тілге тиек етіп отырғаны – XVІІІ ғасырда өмір сүрген Қожабергеннің «Елім-ай» дастаны. Әнші, күйші, ақын, елшілікте де жүріп көрген көзқарақты кісі Кожабергеннің айтуынша, Әйтеке елу алты жас жасапты. Ал оның қай жылы туып, қай жылы өлгенін тек дастанның композициялық құрылымына, сөз болып отырған оқиғалардың баяндалу ретіне қарап қана топшылауға болатын сияқты. Дастан:

Баласы Халдан-Бошақтың Сыбан Раптан,
Көрші елдің жау аламын боп көз алартқанынан», –
деп басталады да,
Ызғарлы күн шығыстан жел келеді,

Шұбырған Алтай жақтан ел келеді,
Еділден Үбашы қалмах, тағы шапты,
Зор бөгет тас маңдайға кез келеді», –

дейтін замандағы қазақтың басына түскен қиын жағдайды жүйелей баяндайды. Сонда Әйтеке екі жақтан жау қамаған қазақтың бас көтерерлерінің басқыншыға қарсы шыға алар қару іздеп, орыс, қытай тараптарына елші жүгіртіп, одан ештеңе шықпай дағдарған тұсында айтылады:

«Қаруын орыс пен қытай сатпаған соң,
Қатынас арадағы тоқтаған соң,
Сенделді хандар, билер ақыл таппай,
Кенеттен қалмақ елді таптаған соң;

Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,
Келгенде елу алты жасқа ажал жетті;
«Бағыну бір көсемге дұрыс қой!» – деп,
Боларын осы апаттық болжап кетті;

Төреден Әйтеке би безін деді,
Келді ғой көсем сайлар көзің деді,
Қазақты батыр көсем басқармаса,
Быт-шыт қылар жау қалмақ, сөзін деді;

Хан сұлтан, төре күні өткен деді,
Олардан ақыл-айла кеткен деді;
Қазағым, өзіңді-өзің тұтас ел қып;
Басқарар енді уақыт жеткен деді;

Ақылды болсын батыр көсем деді;
Басқарса, қазақ болар есен деді;
Көрші елмен татуласып, тіл табысар
Тағы да болсын өзі шешен деді;

Осындай көптен көсем ізде деді;
Хандарды шеттетуді көзде деді;
Қазақты төре бастап көгертер деп,
Малтаңды, би мен бектер, езбе деді;

Үш жүзден үш ақылшы болсын деді;
Қазаққа бақ пен дәулет қонсын деді;
Сайлаған көсемдерің кемеңгер боп,
Халықтың болашағын шолсын деді;

Бұл сөзді би мен бектер ұға алмады,
Бас қосып, дұрыс кеңес құра алмады;
Үш жүздің шонжарлары төре жоқ боп,
Ортадан батыр көсем шыға алмады.

Өткен күн ойлағанмен, қайта оралмас,
Бақты құс ұшып кетсе, қайтып қонбас;
Өсиетін Әйтекенің естеріне ап,
Қазыбек, Төле, Ақсауат шайқады бас;

Қазыбек, Төле, Ақсуат шешен жорға
Қиналды ақыл таппай, осы жолда;
Сайланды Әбілқайыр әскер басы,
Өзінше ел билігін алып қолға;

Жас биі Кіші жүздің Малайсары,
Ол-дағы ақыл-айла таба алмады;
Бас қосып, Күлтөбеде кеңес құрып,
Жөн көрді қоршау бұзып құтылғанды».

Бағзы дастанның суреттеп отырған кезеңін тарихи деректер де тап осылай сипаттайды. Қалдан Бошақтың тұсында жоңғарлар Жетісудың көп жерін иемденді. 1684 жылы оның бас қолбасшысы Сыбан Раптан Сайрамды алып, күл-талқан етті. Егер жорық сол қарқынымен жүре бергенде, қазақтардың жағдайы не болары белгісіз еді. Бірақ сол кезде қонтайшы мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың қатты шиеленісуі жоңғарлардың басты назарын басқа жаққа аударып әкетті. Қазақ майданында толас туды. Сол кезде қазақтар қалмақтардың мұншама еңсере қимылдауының сырын дұрыстап ұға бастады.

«Торғауыт жоңғар, ойрат – бәрі қалмақ,
Орыстар мен қытайды жүрген алдап,
Сол екі елден алған соң дәу мылтықты,
Келеді жолдағы елдің бәрін жалмап», –

деп Қожаберген айтқандай, жоңғарлар ол кезде қазақтардан екі түрлі себеппен басым түсті. Бірінші, Орал тауларынан Тынық мұхитқа дейінгі байтақ кеңістікке бірдей көз сүзіп отырған Ресей мен Қытайдың арасында іштей бәсекені шебер пайдалана білді; соның арқасында өздері жасай алмайтын мықты қаруларға ерте ие болды. Осыны аңғарған Тәуке жоңғар-қытай соғысына байланысты талас жақты пайдаланып, орыс әкімшілігінің көңілін табуға, сол арқылы оны өзіне саяси одақтас етіп, қару-жарақ бөлісуді көздеді. Тек 1686–1693 жылдардың өзінде Сібірге бес рет елшілік жөнелтті. Ал, 1693 жылы Қалдан Бошақтыға у беріліп, өлтіріліп, жоңғарлар арасындағы таққа талас қызған көзде, елші аттандыруды бұрынғыдан да жиілетті. Бірақ ол әрекеті ешқандай нәтиже бермеді. Өйткені, Ресей өзінің негізгі бәсекелесі қытайлармен алысып жатқан астыртын одақтасы Жоңғарияны әлсіреткісі келмеді. Екіншіден, тездетіп «Жаркент алтыны» мен «Үнді алтынына» жетіп алу үшін Еділ қалмақтарының башқұрттардың, шет аймақтағы қазақтардың қазақ даласына біртіндеп басып кіруіне жағдай жасағысы келді. Үшіншіден, қазақ билеушілерінің арасында Ресеймен одақтас болуды қаламайтын қарсы күштердің бар екенін жақсы білетін еді. Тәуке ордасындағы «Ресеймен тату болуды» жақтайтындар мен «Ресеймен араздықты» жақтайтындардың арасындағы тайталастың салдарынан 1692 жылы жіберілген А. Неприпасов, В. Кобяков, 1694 жылы жіберілген Ф. Скибин, М. Тришин елшіліктерінің қамауға алынып, елші А. Неприпасов пен тілмаш Оразай Түркістанда қайтыс болып, елшіліктің қалған мүшелері 1695 жылы зорға қашып құтылып, 1697 жылы Тобыл қаласына әзер жеткенін де ұмытпаған еді. Бұл – Ресей әкімшілігі үшін нағыз іздегенге сұраған болатын. Мұндай дүрдараздықтан түбінде Ресей емес, қазақтар зардап шегерін жақсы білетін. Өйткені, Ресей 1552 жылы Қазанға басып кіргенде де, 1873 жылы Хиуаға басып кіргенде де дәл осындай «орыс елшісі мен орыс тұтқындарына» көрсетілген зорлықты тілге тиек еткен-ді. Жалпы, болашақта қол салуды ойлап жүрген көрші елдерінен алдын-ала осылай ілік шығарып қою барша империялардың, соның ішінде патша империясының да кәнігі әдеті еді. Онсыз да жан-жағынан жау анталап, жаны алқымға келіп отырған қазақ хандығымен қырғи-қабақ жағдай ол кезде Ресей үшін стратегиялық жағынан да, тактикалық жағынан да әбден тиімді еді. Сондықтан да ол қазақ хандығының дипломатиялық табысқа жетіп, сыртқы факторларды пайдалана отырып, әлсірей бастаған ахуалын қайта күшейтіп алуына жол бергісі келмеді. Қазақ руларының Еділ, Жайық, Есіл, Тобыл, Ертіс бойындағы «казак бекіністерін жиі мазалайтындарын» тілге тиек етіп, қабақ жылытпауға бел буды. Тәуке ұсыныстарының бәрін аяқсыз қалдырды. Ол аз дегендей, қазақ даласына батыстан, терістіктен, шығыстан тіпті күнгейден жасалар қысымшылықтарға астыртын дем беріп отырды. Қожаберген дастанында да «Ағайын ел Естектің» де, Қоқан, Хиуа, Бұқардың да, «Еділдегі үбашы қалмақтың» да өз-өзінен қоқаңдап жүрмегендегі әдемі айтылған. Қолдарыңда қаруы бар Ресей мен Қытайдың қазақтың өзіне ғана «шөл», жан-жағындағы жұрттардың бәр-бәріне «көл» бола қалуының сырын да ақын дұрыс аңғарған:

«Қазақтың сахарасы жүз құлпырған,
Қытай мен орыстарды қызықтырған».

Арғы-бергіде қазақтардың халықаралық жағдайының мұнша шиеленіскен кезі болған емес. Соны пайдаланып, 1697 жылы қонтайшы болған Сыбан Раптан таққа отыра сала, Тәукемен алысуға бел буды. Бұл қазақ қауымын қатты тітіркентті. «Қайткенде аман қаламыз?» – деген сауал кім-кімді де қинады. Әйтекенің де әлгіндей тебіреніске түсуі сол кездің ахуалына сәйкес келеді. Оны осынша тебіренткен мәселелер 1710 жылы қазақ жүздерін Қарақұмда бас қосуға мәжбүр етті. Онда «Қазақ енді қайтуы керек, мұндай жағдайда қазақ әскерін кім басқаруы керек?» – деген мәселе талқыланды. Қожабергеннің айтуында, Әйтеке өзі айтып жүрген «бір көсемге бағынатын күнді», «көсем сайлайтын күнді» көре алмай кеткенге, ал ол келгесін оның өсиеті орындалмай қалғанға ұқсайды. Соған қарағанда, ол Қарақұм құрылтайынан бір жыл бұрын дүние салғанға сәйкеседі. Ендеше, Әйтеке 1653 жылы туған болып шығады. Ондай жағдайда жас шағынан Төле биден де, Қазыбек биден де үлкен болып шығады. Бәлкім, Қожаберген «Әйтеке боларын осы апаттың біліп кетті», – деп, 1723 жылғы «ақтабан шұбырындыны» айтып отырған шығар. Онда Әйтеке би 1666 жылы туып, 1722 жылы дүние салған болып шығады. Олай болған күнде де, Қазыбектен бір жас қана үлкен, Төле биден үш жас қана кіші болып шығады. Бәрібір, үш бидің ішіндегі ең жасы кішісі болмайды. Бірақ ондай жағдайда, дастанда айтылатын «көсем сайлау» жиырмасыншы жылдардың аяқ кезіндегі Ордабасыда болатын құрылтайға меңзеп тұрғандай болар еді. Оның реті келмейтін тәрізді. Өйткені, бүкіл дастанның сөз ләміне қарағанда, ондай көсем сайлау Әйтеке өлгесін іле-шала өткендей. Сонда атақты бидің өсиеті аяққа басылып, ғаскер басы қарадан емес, төреден сайланғандықтан 1723 жылы жауға тойтарыс бере алмай, ел тоз-тоз болып кеткендей көрінеді. Ендеше әңгіме 1710 жылғы Қарақұм құрылтайында Әбілқайырдың ғаскер басы болып сайлануы хақында болса керек. Өйткені, Ордабасыдағы жиындағы Малайсары турасында:

«Ол-дағы ақыл-айла таба алмады,
Бас қосып Күлтөбеде кеңес құрып.
Жөн көрді қоршау бұзып құтылғанды», –

деп айтуға болмайтын еді. Қазақтардың Мәртөбедегі жиыны Сайрам құлағаннан кейін өткізілмей қалса, 1723 жылғы Ақтабан шұбырындыдан кейін Күлтөбенің басындағы жиын да тараған еді. Күлтөбеде күнде кеңес болып келген түс, дәл сол 1684 жыл мен 1710 жылдың, 1711 жыл мен 1723 жылдың арасына сәйкес келеді. Әбілқайырдың ғаскер басы сайлануына іштей наразы Малайсары Күлтөбедегі жиында іс жағдайын түзей аламыз деп дәметсе, тек сол 1710 жылғы жиында тұрып дәмете алады. Осыдан кейін біз Әйтеке сол 1710 жылғы жиынға жетпей дүние салған, Әбілқайыр Кіші жүзге Әйтекенің көзі тірісінде емес, қайтыс болғанын, ұлысбегі болған деп топшылаймыз. Тек сондай жағдайда ғана Малайсары би орына би ұлысбегі болмай, ғаскер басы сардар ұлысбегі болып кеткеніне ренжи алады. Біз бұл әңгімені кімнің жасы кімнен жасы кімнен үлкен, кімнің жолы кімнен үлкен екендігін анықтау үшін айтып отырған жоқпыз. Ондай арзан даудың бетін әрмен қылсын. Жалпы атам қазақтың жолға қарау әдеті әу баста ел арасы мен кісі арасын кетістіру үшін емес, бекіттіру үшін ойлап табылған. Біреуді жасына қарап сыйласаң, біреуді жолына қарап сыйлайсың. Жолына қарап көрсетілген жораға ешкім де өкпелемейді, ешкім де тарынбайды. Әсіресе қазақ баласы «кіші» деген сөзге өкпелемеген. Өйткені үлкен балаға енші тисе, кіші балаға мұра, үлкен ағаға төр бұйырса, кенже ініге қара орын бұйырған. Ата-ананың шаңырағы кіші балаға қалып отырған. Ғылымда минорат үрдісі деп аталатын бұл қағида көшпелілердің тек ошақ басы қарым-қатынасында ғана емес, саяси-мемлекеттік құрылымында да қатты қадағаланған. Туыстық жолымен табыса алмайтын адамдарды «өкіл аға», «ноқта аға» қып табыстыру да содан қалған. Олай болса, бір халықтың үш арысының бірін ұлы, бірін орта, бірін кіші санағанмен ешқайсысының басы аласарып, бағасы кемімейді. Атақты үш би адамдар арасындағы осы бір этикалық жарасымды күллі елдік жарасымға айналдыруға тырысқан. Қазақ үшін татулықтың, тұтастықтың асқақ өлшемі – екі туып, бір қалу, сондықтан да олар бүкіл ұлтымызды екі туып бір қалған қып көрсету идеологиясын ұстанған. Өйткені, ол үшеуі үшін ел мерейінің биік болғандығынан асқан мұрат болмағанға ұқсайды. Бұл ретте Қожаберген дастаны Әйтеке бидің қайраткерлік тұлғасын ірілендіре түсетін тағы бір қасиетін ашып береді. Ол – қазақ қауымын өрге бастыруға кедергі келтірер кертартпа үрдістерге батыл қарсы шыққандығында. Адамды, азаматты ата тегіне қарап емес, қабілетіне қарап бағалауға үндегендігінде. Сол арқылы халқына қамқор, еліне пана бола аларлық шын асылдар мен шын арыстардың көбейе түсуін көксегенінде. Әсіресе, қазаққа өзін-өзі тұтас ел қып басқарар уақыт енді жеткендігін айрықша баса көрсеткендігінде. Бір қызығы, ешкімге есесін жібермес би батырлықпен қоса «көрші елдермен татуласып тіл табыса алар» мәмлегерлікке де қатты мән береді. Қазақтың көсемі халықтық мұраттың көксеген биігіне емін-еркін көтеріле алатын майталман болса екен деп тілейді. Ел мұраты жолындағы сол ұғым, сол мақсат билік жолындағы күрестің құрбандығына шалынып кетпесе екен деп уайымдайды. Төре әулетінен де сол үшін тіксінеді. Бәр-бәріне тақ тие бермегендіктен, баққұмарлыққа бой алдыруға мәжбүр болған тұқымның «башпайдан қағар» құлығы ел басына күн туғанда ел жоғын жоқтар ұл тууына кедергі келтіріп жүрмес пе екен деп қорқады. Қорықса-қорыққандай, уайымдаса уайымдайтындай жағдай... Бірақ Әйтекенің ұлы замандастары Төле, Қазыбек тізелестерінің өсиетін естеріне ап, тек «бастарын шайқап» қана қоймағанға ұқсайды. Өйткені, Әйтекенің көксеген ел бірлігі – олардың да көкірегіндегі арман еді. Алайда олар ертең келер жаудың дүбіріне Әйтеке бидей шамырыға тұрып, қапия тауып, тап басып, қан қасап қылып кеткен қанқұйлы жауға Қожаберген жыраудай қорлана тұра, заманағайым болғанмен, заманағайып әлі болмағанын, өткенге бола өкініп қана қоймай, ертеңге бола қам жасау керек екендігін мықтап ұққанға ұқсайды. Оның жолы – ел басына күн туып тұрғанда ел арасына іріткі салмау. Бір-бірінің бетіне жоқтан өзгені салық қалып, жан-жаққа шалқайысып, шашырап кетуіне жол бермеу. Ол үшін қазақ ұлыстарының қай тарабына да, қазақ қауымының қай бөлігіне де бірдей сенім артып, бірдей талап қою керек еді. Олай болса, қараға қандай әділ болса, төреге де сондай әділ болары керек еді. 1710 жылғы Қарақұм жиынында қазақ әскерін бастау «Алаш» ұрандыдан Бөкенбайға, «Арқар» ұрандыдан Әбілқайырға жүктелуі де соған меңзейді. Қараны қалай ата тегіне қарамай, қабілетіне қарап әділ бағаласа, төрені де тап солай әділ танып, әділ бағалауға тырысқандары байқалады. Бұрын тақ мініп, тәж кие қоймаған Өсеке әулетінің өкілдерінің біреуіне Кіші жүзде (Әбілқайырға), екіншісіне Ұлы жүзде (Жолбарысқа) әуелі ұлысбегілік, кейін хандық тиюі, бір кезде бабалары сөзге ұшырап, содан біраз уақыт биліктен шет қақпай қалып келген Күшік, Барақ, Әбілмансұрлардың қайтадан ықпалға ие бола бастауы ұлыс пен ру тізгіндерінің де бұрынғы аталы, атақты әулеттерді қуалап кетпей, кейінгі ел басына сын боп түскен сәттерде қапысыз көзге түскен батырларға сеніп тапсырылуы – соның айғағы. Оның үстіне енді-енді басы қосылып, ұйтқысы қойылып келе жатқан қазақ қауымы билік жолындағы талас әлдеқашаннан ата кәсібі болып алған әулеттердің арасындағы ырың-жырыңға ілесіп, ұлысаралық дүрдараздыққа ұрынбауы үшін де біраз қам жасалған. Ол үшін сонау Шыңғыс заманынан бері әдетке айналған бір ортаны тек бір әулеттен шыққан сұлтандар билейтін үрдіс бұзылды. Қазақтың әр жүзі өзара билікке таласқан Жәдік, Өсеке әулеттерінің әрқайсысына жеке-жеке еншіленіп берілмей, әр жүзде де екі сұлтан әулетінің екеуінің де өкілдері жүруі көзделді. Мәселен, Кіші жүздің бір ұлысын бұрын Орта жүзді билеп келген Қайыптың баласы Батыр сұлтан басқарса, Орта жүздің Атығай, Керей ұлыстарын оған дейін Кіші жүз ұлыстарын билеп келген қанішер Абылай, Әбілқайыр балалары Әбілмансұр мен Ералы басқарды. Қазақ ұлыстары тек сұлтандар ықпалында кетпес үшін әр ұлыстың өз ұлысбегі, өз қолбасшысы, өз пірі болды. Оның біреуі «арқар» ұранды төреден, біреуі «алаш» ұранды қарадан, біреуі «алла» ұранды қожадан қойылды. Мұның аржағында сонау гректер мен римдіктер де, мынау парсылар мен үнділер де мұқият ескеріп отырған үш қауымды – әр қоғам, әр мемлекетте болатын үш қауымды – абыздар, нояндар, кәсіпкерлер қауымын бірдей ескеру қағидасы жатыр. Өйткені ежелгі мемлекеттермен күні кешеге дейін өмір сүріп келген көп қауым әркім өз еңбек, өз дәулетімен дербес күн көріп, әркім өз қару, өз көлігімен қосылып, бірге қорғанатын қоғамдасу жүйесінде дәурен сүрді. Ал ондай жүйеде қауымды құрап тұрған құрамдас бөліктердің бәрін бірдей ескеріп, бірдей елеп, бірдей қамтымайынша, ынтымақ пен жарастық орнату ақылға сыймас құбылыс еді. Сондықтан да олардың қоғамы – әскери-демократиялық қауым атанған. Қауымдық демократияның бірлік пен тепе-теңдік заңы кейін республикалық демократияға да негіз болды. Біздің Мәртөбеде, Күлтөбеде, Қарақұмда мәслихат құрған бабаларымыз да бұндай мәселеге ерекше мән берген. Бір өңкей тережақ, қожажақ, не қаражақ болып кетпеген. Үлкен тарихи сын түскен кезеңдерде халықтық бұқараның саяси ықпалы артып отырған. Ел басына қандай кезеңнің кез келуіне байланысты біресе абыздық, біресе нояндық қауымның ықпалы басым түсіп отырған. Тәуке заманының бастапқы кезінде билердің, аяқ кезінде батырлардың үстем түсуі де сондықтан: тарихшы Н. Г. Аполованың 1711 жылғы Қарақұм құрылтайы ел басына түскен жағдайға байланысты батырлардың басым түскен жиыны болды деп бағалауының әбден жаны бар (Н. Г. Аполова. Присоединение Казахстана к России. Алматы. 1948. 169-бет). Ол тұста ел тізгіні батырларға ұнаған сұлтандарға тигенге ұқсайды. Жалпы Төле, Қазыбек, Әйтеке заманынан бастап, далалық ел билеу жүйесінің ежелгі үрдістерді бұзып, бұқаралық ықпалға ден қойғаны сонша, көне түркі заманының Орхон ескерткіштерінде қалған «Қағаныңның айтқанын қыл», Шыңғыс заманының жосығында жазылған «ханың қайда қойса, сонда тұр» дейтін қағидаларының бәрі айтарлықтай әлсіреді. Қазақ ел басыларынан ант алған В. Н. Татищевтің Орта жүзде арғын Жәнібек пен найман Шүрек, Кіші жүзде табын Бөкенбай ханнан да өткен ықпалды, Ташкентке барып қайтқан М. Асановтың «атақты қазақ биі Төле биді Ташкентте ханнан бетер қадірлейді» дейтіні де сондықтан. Асанқайғының Әз-Жәнібек, Шалкиіздің Темір, Жиембеттің Есім, Марқасқаның Тұрсын, Бұхардың Абылай алдында шімірікпей сөйлеуі, Әйтеке би мен Қожаберген жыраудың күллі төре әулетіне шүйлігуі халқымыздың ежелден рухани басыбайлыққа мойынұсынбайтын рухани өрлігін танытады. Бірақ жақсының да, жаманның да мөлшері бар. Отаршыл саясат біздің өзгеге сенгіш, өзімізге сезіктенгіш мінезімізді де өз пайдасына жарата білді. Сонау XVІІІ ғасырдың өзінде әуелі сұлтан мен сұлтанды, артынан сұлтан мен биді, сұлтан мен батырды атыстырып, шабыстыруға кірісті. Ол, әрине, ел пайдасына да, халық пайдасына да шыққан жоқ. Әбілқайыр қанын арқалап келіп отырғаны үшін Төле, Қазыбек, Қабанбай, Шүрек, Өтепбайлар қолынан қағып, маңға жуытпай жіберген Барақты алыстағы Неплюевтің артынан адам жіберіп, ішке тартып алдарқататыны да сондықтан. Қалай болған күнде де Ұлы Петрдің «Орта Азия елдеріне қақпаны» ашып, сауда-саттықты нығайтуды көздеген жоспарын жүзеге асыруға тырысқан Неплюевке көптеген машақат туғызып, қол байлау боп келген Әбілқайырдың да, оның түбіне жетіп тынған бақталасы «Барақ сұлтанның да көзі құрыды» деп патша шенеунігі Витевский жазғандай, бұл тұсында Ресейдің қай ұлығын да қатын қуантқанымен, қазақтың қай ұлысын да қатты мұңайтқан оқиға болып еді. Сол кездегі маңдайларына біткен сұлтандардың ең азулы екеуін алыстырып қойғаннан замандастарына да шыққан мүйізі шамалы еді. Әрине, осының өзі-ақ қазақтың ел ұстарларының қай уақытта да бір-бірімен майлы қасықтай болмағанын аңғартады. Бірақ одан шығарып, Ақтабан шұбырынды алапатына тек төрелердің алауыздығынан ұрындық деп түсіндіруге болмайды. Ол кезде қазақ даласында жоңғар басқыншылығына қарсы тұрар отаншыл күштер де, бұқарашыл саяси ықпал да жеткілікті болғанмен оның орайын келтірер әскери-саяси мүмкіндіктер жеткілікті болмады. Әсіресе ол тұстағы Евразиядағы халықаралық жағдай қазақтардың сөзін сөйлемеді. Сондықтан да жан-жақтан бірдей жабылған көп жауға бірдей төтеп бере алмайтын болғандықтан қазақтарға тәсіл өзгертуге тура келді. Бірақ ол үшін сол кездегі хан, сұлтандар мен би, батырлардың батыстың ыңғайын аңдығандарын да, шығыстың ыңғайын аңдығандарын да, тіпті екеуінің де көңілін бірдей тапқылары келгендерін де басқа деп жазғырсақ та, «сатқын» деп жазғыра алмаймыз. Ол үшін бүгінгі біз түгілі, сол қиқулардың ортасында жүргендердің өздері де бет жыртысса да сүйек сындырыспаған. Сондықтан ұлттық тарихымыздың ірі тұлғаларына баға бергенде, оларды сол кездегі арақатынастың да, бүгінгі арақатынастың да әлгіндей «кірбіңдерінің» салқынын тигізбей, сол кездегі нақты тарихи мүмкіндіктер мен әлемдік әлеуметтік даму тенденциясы заңдылықтары тұрғысынан көп баға бергеніміз лазым. Баяғы қасіреттерімізді сөз еткенде, бүгінгі ынтымағымызды, кешегі өкпелерімізді айтқанда ертеңге деген үміттерімізді ұмытып кетпегеніміз жөн, ертең ел боламыз ба деп отырғандардың бәрі де бұл қонысқа аспаннан, айдан түспегені, сол бағзыдағы бабалардың ұрпақтары екені естен шығып кетпесін. Шын бағбан алма ағаштың түбін қуратып қойып, басын шалып, мәуеге қарық болмайды. Дихан жұрттардың, «бәйтеректің басына саңғыған құс бақ та, діңгегіне сарыған ит сор» дейтіні де сондықтан. Тарих – жүрегіңнің тілі де, сүйегіңнің діңі. Қазақ үшін сүйек сындырудан асқан сөлекеттік болмайды, бет жыртысудан асқан берекесіздік болмайды. Жауға істеріңді ағайынға істеу, сыртқа көрсете алмай жүрген айбатыңды ішке көрсету мәрттік емес, нәмәрттік. Ел басына күн туған қиын заманда бабалар жаға жыртыспаған, сүйек сындырыспаған. Сондықтан қай тарабымызға да, қай ұрпағымызға да бірдей әділ болайық. Тарихта талай ұпайымыз кетті екен деп: «бұл қонысқа қондырған ата-бабам оңбасын таңда сират басында», деп тепсінбейік. Тепсінсек – Махамбеттің тындырғанын тындырып алып, тепсінейік. Қиюы кеткен қилы замандардың өткелектерінен өте-өте сипат түгілі сымбылдан айырылып қала жаздаған жұртымыздың кем-кетігі бір күнде тола қоймады деп тізгін ұстағандарымыз бен азғантай естияр азаматтарымызды көрген жерде біз де бас салып, дүрсе қоя бермейік. Бас салсақ – Әйтекенің ойлағанын ойлап, айтқанын айта алатындай болып алып, бас салайық. Әйтпесе ел болмас елдің төбесіне ту тұрақтамас, төресіне тәж тұрақтамас деген бар. Көрінген тентек тепсініп барып, теуіп кете берсе, ту қайтіп тұрақтайтын еді. Жұлқынып барып, жұлып алып жүре берсе тәж қайтіп тұрақтайтын еді?! Ту тұрақтатпас тұлдыр үйге, тәж тұрақтатпас тұлдыр басқа бақ пен ырыс қалай қонатын еді?! Ырыс тұрақтау үшін ыждаһатпен қоса ынсап, бақыт тұрақтау үшін батылдықпен қоса бәсіктік керек шығар. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, бәріміз де мәре-сәре болып жатқанда ұрыншақ емес, ұғымсақ, тиіскек емес, үйірсек болғанымыз келіңкірейтін тәрізді. Бағзыдағы Қожаберген жырау айтқан «Үш жүздің еш баласын жат көрмейтін» мінез тек ел шетіне жау тигенде, ел басына күн туғанда ғана емес, бәр көздің бәрінде керек. Сонда ғана ел шетіне жау тимейді, ел басына күн тумайды. Бағзыдағы үш асыл соны ойлаған. Ол кезде де атам қазақтың таңдайынан жарылған талай ділмәрі болған. Бірақ кез келгені көрінген жерден тақылдап қоя бермей, сөздің орайын ғана емес, заманның сыңайының алды-артын абаймен аңди алар даңғылдарының аузына қараған. Әйтеке – өз заманындағы дәл сондай үш арыстың тірегі, үш дақылдың бірі еді. Қысқасы, біз Әйтекенің қанша жасағанын білмесек те, не тындырғанын жақсы білеміз. Атақты үш бидің – Төле, Қазыбек, Әйтекенің бір ананың тетелес үш ұлындай қатар аталып, қатар қадірленуінің де, ел жадында бірдей қалуының басты сыры да осында: киелі үштік санында Төле, Қазыбек, Әйтекелердің қазақ тарихы, қазақ санасына сіңірген өлмес-өшпес еңбегі де осы үштік бірлікті нығайтқандығында. «Мейлінше өміршең, мейлінше ұғымтал ел бірлігі, халық тұтастығы идеологиясын жасақтай білгендігінде. Сол идеологияны жүзеге асырудағы өз орындарын өздері белгілеп, көздері жұмылғанша сол уәжден шыға алғандықтарында.

Расында да, қызық өзі...

Бір аңызда Ноғайдың ханы Өлеңтіге бағынатын Ақназар хан кейін өз ұлысын бөліп әкетіп, қарауындағы аймақты үш баласына бөліп беріпті. Содан қазақ Үш жүз атаныпты. Екінші бір аңызда орыстар Астраханды алғанда ағайынды үш жігіт бос жатқан далаларға қашып кетіп, содан Үш жүз өсіп өніпті. Үшінші бір аңызда Бұқар ханы Арыстан бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ елін шапқанда ат көтіне салып алып келген тұтқын қызға аяқ салып, содан бала бітіп, ол сауысқанның аласындай ала боп туып, жапан түзге аласталып кетіпті. Айдалада аң аулап, күн көріп жүрген жалқы жігіттің хан баласы екенін біліп қалған Майқы би Үйсін деген баласына бастатып жүз нөкер беріпті. Оны естіп Қотан би де Болат деген баласына бастатып жүз нөкер жіберіпті. Қоғам би де тұрғыластарынан қалмай, Алшын деген баласына бастатып жүз нөкер қосыпты. Осы жүздіктер үсті-басының алалығына бола Алаш атанып кеткен ханзаданың қосынына қосылған реттеріне қарай, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз болып үшке бөлініпті. Төртінші бір аңызда Сібірді жайлайтын Алат Тайпасының Алаша деген сұлтаны үш жүздікпен Бұқараны шауыпты. Жеңіліп қалып, соңындағы үш жүз қолымен Түркістанды мекендеуге мәжбүр болыпты. Үш жүз содан шығыпты.

Бұл – аңыздың айтары.

Аңыз болса да талай нәрсені аңғартып тұрғандай. Алдымен аңғартары, қазіргі қазақ ұлтының бірнеше құрамдас бөліктерден тұратындығы, екіншіден, ол бөліктердің бір арнаға тоғысуы, бір кезеңде емес, әр кезеңде жүзеге асқандығы. Оған солар жайлайтын саяси кеңістіктегі әр қилы тарихи құбылыстардың әсер еткендігі. Бір қызығы, үш жүз жайындағы қай аңызда да ноғай хандығы мен Абдолла әулеті билейтін Орта Азия хандықтары айтылады. Осы бір деталь әлгі аңыздардың шығуына себеп болған тарихи шындықты танып-білуге мүмкіндік туғызады. Өйткені, Абдолла әулеті билеген хандықтар мен көрші көшпелі тайпалар арасындағы қақтығыстардың, ноғай ордасының ыдырауының шежіресін жасақтайтын жазбаша деректер бар. Сол арқылы қазақтың Үш жүзінің қашан бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір ұлтқа айнала бастағанын аңғару қиын емес. Қазақ ұлтының бір этникалық жиынтыққа айналуы әуелі Жошының Орда-Ежен деген ұлының әулеті, кейін Шәйбай деген ұлының әулеті билеп, сол билеуші екі әулеттің арасындағы кикілжіңнің нәтижесінде Ақ Орда мемлекетінің ыдырауынан басталды да, әуелі Шағатай әулеті кейін оның қарауындағы әскербасылар санатынан шыққан Темір әулеті билеп, сол екі билеуші әулеттің тартысы салдарынан тоз-тоз боп тарап кеткен Шағатай мемлекетінің құлдырау тұсына ұласты, ақырында бір кезде жер жүзін дүркіретіп, әуелі Бату, Тоқа-Темір балаларының өз арасындағы, кейін оларды тақтан ығыстырып, өздері билеуші болған әскери ақсүйек Маңғыт әулеті өкілдері арасындағы шиеленіс салдарынан жат табанында қалған Алтын Орданың ақырғы жұқанағы Ноғай Ордасының құлауымен аяқталды. Бұл арада айта кететін бір мәселе, аңыздардың «Ноғайдың Өлеңті ханына бағынған» Ақназар хан турасында сөз қозғауы да тегіннен-тегін емес. Қасымхан өлгеннен кейінгі аласапыран тұсында оның баласы Ақназардың Ноғай Ордасына барып бас паналағаны, Иван Грозныймен ауыз жаласып кеткен Алшы Ысмайылға бола, араларына іріткі түсіп отырған елдің көзіне түсіп үлкен беделге ие болғаны, сондай наразы рулардың бірқатарын ертіп әкеп, жаңа құрылып жатқан қазақ хандығына қосқаны белгілі. Ақназар өзі хан болып алғасын да, Ноғай ордасымен байланысын үзбеген. Алшы Ысмайыл 1557 жылы Иван ІV патшаға Ших-Мамай балаларының өзіне қарсы шығып, қазақ ордасының ықпалына ауып кеткенін айтып шағынса, 1569 жылы Мәскеу елшісі Семен Мальцев Ақназардың жиырма шақты қазақ сұлтандарымен бірге көп, Ноғайларға шабуыл жасағанын мәлімдейді. Ал аталмыш өлкеде 1577 жылы болып қайтқан орыс елшілері Ақназардың Жайықтың шығыс бетіндегі Ноғай ұлыстарын былай қойғанда, Еділ мен Жайықтық арасына жайғасқан Дінахмет мырзаның ұлысының өзіне қауіп төндіре бастағанын хабарлайды. Жайық пен Ырғыз арасындағы көшпелі тайпалардың қазақ хандығына көп қосылуы осы кезеңде, Ақназар тұсында жүзеге асты. Бірақ, Алшы Ысмайылға жұлдызы қарсы Ших-Мамай балаларының қол астындағы «Алты ұл» ұлысы немесе қиссаларда айтылатын «он сан Ноғай Орманбет елі», Жем, Үстірт, Маңғыстау өлкесі ол кезде орыстың да, қазақтың да қол астында емес еді. Бұл аймақты 1620 жылдары торғауыт қалмақтардың басып алуы, белгілі орыс тарихшысы П.И. Ивановтың айтуынша, «бұрын Ноғай ұлысының құрамына кірген Алшын тайпасының атымен аталатын» ұлыстың қазақ жағына шығуын біржолата аяқтады. «Қазақ пен ноғай айырылды, қазақ сартқа қайырылды» дейтін жырлардың, «Ел айырылған» күйлерінің туатыны да сол тұста. Сөйтіп, бір жарым ғасырдай уақытқа созылған процесс тәмамдалды. Бұрын бір Одақта ұзақ уақыт бірге болмаған, бір-біріне бағынбаған, үш мемлекеттің құрамында жүрген, тілі бірдей, діні бірдей, тұрмыс-салты, шаруашылық үрдісі бірдей көшпелі тайпалардың жаңа саяси Одаққа бірігуі атақты Ақназар ханның тұсында тиянақталды. Ақназар, бір аңызда айтылатындай, қол астындағы өлкені үш ұлына бөліп берген жоқ, үш тараптан келген үш ұлысты қол астына біріктірді. Біріктіру бөліп беруден әлдеқайда қиын шаруа еді. Бұл арада біздің тарихшыларымыз, басы С. Асфендияров болып, М. Тынышбаевқа бекер жармасады. Үш жүздің ар жағында тарихи қалыптасқан территориялық бірлестік емес, тарихи қалыптасқан саяси-мемлекеттік бірлестік жатыр. Қазақ ұлыстарын билеген хан-сұлтандар бір әулеттен тараған. Олардың арғы бабалары Шыңғысхан өз балаларына территория үлестіріп берген жоқ. Әскер үлестіріп берді. Сол әскерлерінің жорыққа шығатын бағыттарын белгілеп берді. Сол бойынша әр баласы өзі жаулап алған аймақтарда өз ұлыстарын қалыптастырды. Ол ұлыстар да әр қилы кезеңде әр қилы саяси себептермен әр тарапқа ыдырап, жаңаша саяси одақтар құрады. Қазақ хандығының құралуы да сондай құбылысқа жатады. Оның құрамына кірген ұлыстардың да бәрі-бәрі жаңа одаққа өз жерлерімен, өз этникалық территорияларымен келіп қосылған жоқ, көбі көшіп келіп қосылды. Сондықтан да, өздерінің жаңа мемлекеттік-саяси құрылымын жерге қарап емес, жолға қарап белгіледі. Бұл территорияларды біріктіру арқылы жаңа мемлекеттік Одақ құрудан әлдеқайда қиын мәселе еді. «Әуелден бір туған», «әуелден еншісі бөлінбеген қазақ», «арғы түбі – Алтайдан тарайтын алты алаш» дейтін қисындар да содан шыққан. Үш тараптан келген үш ұлыстың басын қосу үшін әуелден бір туған деп жариялап, мемлекеттік құрылымды, қандастықты қуалайтын туысқандық жүйеден негіздеуден басқа жол жоқ еді. Бұндай бірлік идеологиясының да негізін салушы Ақназар еді. Ол қазақты кейбіреулер айтып жүргендей, үш жүзге бөлген жоқ. Үш тарап үш ұлысты ағалы-інілі үш туысқан бастаған. Үш жүз деп жариялап, бастарын қайта қосты. Көшпелі тұрмыс пен көшпелі экономика үшін ауадай қажет туысқандық психологияны соған негізделген этика мен моральді жаңа саяси одақтың негізгі идеологиялық арқауына айналдырды. Жаңа одаққа ортақ мекен болып отырған территорияның түкпілікті иелері – Моғолстан қазақтарының жолын қадірлеп, Ұлы жүз атандырды. Жаңа одақтың алғашқы құрылымына негіз болған Ақ Орда қазақтарын Орта жүз санады. Жаңа одаққа кейін келіп қосылған Алтын Орда қазақтары кіші жүз атанды. Сол арқылы жаңа одаққа біріккен саяси субъектілердің конституциялық арақатынасының этикалық принциптері белгіленді. Бұл алауыздықты емес, ағайынгершілікті, жікшілдікті емес, ынтымақты көздеген концепция еді. Ол концепцияның шын мәніндегі далалық конституцияға – «Жеті жарғыға» айналғаны Тәуке ханның тұсы еді. Тәуке Ақназардан кейін бір ғасырдан астам бірге өмір сүре бастаған жаңа қауымның басындағы қасиеттер мен қайшылықтардың бәрін ескере отырып, мемлекеттік бірлікті нығайтуға септігі тиер моральдік үрдіс, саяси жүйе қалыптастырды. Күллі ұлттың бірлігін қалыптастыру үшін оны құрайтын үш ұлыстың ара-қатынасын әділет жолымен, туысқандық, ынтымақ жолымен қайта жүйеледі. Әр ұлыстың ішкі бірлігін нығайту үшін оны құрайтын ру тайпалардың ара-қатынасын әлгі қағида тұрғысынан қайта саралап берді. Әркімнің қонысы, суы, көші-қоны, қоғамдағы орны мен әлеуметтік сыбағасы, малының таңбасы мен дастархан басында ұстайтын жілігіне дейін нақтылай белгіленді. Ондай саяси-праволық жүйенің қаншалықты өміршең екендігі Тәуке тұсында көрінді. Ел ынтымағының ондай нығайған, ел дәулетінің ондай өскен тұсы біздің арғы-бергімізде болған емес. Тәукенің «конституциялық дәуірлеуін» жүзеге асыруда үш ұлыстың рухани көсемдері болат Төле, Қазыбек, Әйтекенің еңбектері аса жоғары болды. Олар тек ақыл білігімен емес, өздерінің мінез-құлқымен де өздері жүйелеген жол-жоралғыға лайық бола білді. Жастарына қарай емес, жолдарына қарап сөйлеп, қаракет етті. Төленің – аға, Әйтекенің – іні болуы да сондықтан. Туысқандық жол-жораны мемлекеттік саяси үрдіске айналдыру тек қазақтарға ғана емес, қауымдық демократияны соған негізделген әскери республикалық жүйені бастан кешуіне мәжбүр болған барша қауымның бәріне тән құбылыс еді. Мәселен, ежелгі скифтерді ақ алыңызшы. Геродоттың келтіретін аңызы бойынша, скифтер – сол замандағы халықтардың ең жасы. (Демек, жаңадан құрылған саяси бірлік деп ұғыңыз, – Ә. К.). Олар мекендейтін шөл аймаққа алғаш аяқ басқан адам – Тарғытай. Әкесі – Зевс, шешесі Борисфеннің қызы. Липоксай, Арпоксай, Колоксай деген үш ұлы болған. Аспаннан түскен соқа, мойынтұрық, айбалта, табақты үшеуіне бергенде үлкен екеуі бас тартып, бәрін ең кенже інілері Колоксайға беріпті. Ал Диодарға айтқызсаңыз, Зевс кеуде жағы әйел, бөксе жағы жылан құбыжықпен аймаласып, одан Скиф деген ұл туады. Оның Пал және Нап деген екі інісі болады. Нарт деп аталатын эпостық дастандардың айтуынша, күллі халыққа негіз болған Ахсартакката, Алагата, Бората деген үш рудың біреуі ақылымен, екіншісі күшімен, үшіншісі дәулетімен көзге түсіпті. Зоррастра жайындағы аңыздарға негізделген «Шахнаманың» баяндауынша, Феридум Иеменнен қайтып келе жатқан үш ұлын сынағысы келіп, айдаһар болып алдарынан шығыпты. Сонда Сельм қаша жөнеліпті, Тур айқасқа шыққалы тап беріпті, Иредж жыртқыш хайуанды алдап-сулап жуасытыпты. Сол мінездеріне қарап, Феридум дүниені үшке бөліп, Батыс пен Ұрымды Сельмге, Қытай мен Туранды Турға, Иран мен жоғарғы билікті Иреджеге беріпті. Басқаны былай қойғанда, Римде де алғашқы қауым латын тайпасына кіретін жүз рудан тұрыпты. Оған тағы да жүз рудан тұратын Сабель тайпасы қосылыпты. Екеуіне әрқилы жүз рудың басын құраған тағы бір тайпалық одақ кіріпті. Сөйтіп, Римнің өзі де үш жүзден құралыпты. Үш жүздікке кіретін үш жүз рудың ең басты ақсақалдары сенат құрып, ел солардың ақылымен жүріпті. Бұл қалай? Ежелгі әжелеріміз үшеуден не кем, не артық құрсақ көтере алмаған ба? Неге бұлай бар-жоғы үшеу-үшеуден шығады да тұрады.

Расында да, неге үшеу? Неге екеу емес, немесе төртеу емес?
Бұл арада да ойланатын жайлар бар сияқты.

Адам атамыз бен Хауа анамыз Абыл мен Қабылды туады. Екі ұл. Екі туысқан. Ақырында бірін-бірі өлтіріп тынды. Ыбырайым пайғамбар бәйбішесі Сарадан бала көрмей, мысырлық күңі Агардан ұл сүйіп, атын Ысмайыл қойды. Кейін аруақ жебеп, Сара да құрсақ көтеріп, Ысқақ деген ұл тапты. Өзі бала көргесін, күңнен туған Ысмайылды шешесімен бірге Мысырға қайта қуды. Ол сол жақта жүріп, көп әулет таратты. Олардан қазіргі арабтар шықты. Ысқақ балаларынан еврейлер өрбіді. Аналары бөлек болғанмен, аталары бір Ысмайыл мен Ысқақ балалары әліге дейін жауласып келеді. Ысқақ нақсүйер бәйбішесінен Иса және Жақып деген егіз ұл сүйді. Бір күні бір құрсақтан шыққан ол екеуі де тіл табыспай етті. Ыбырайым үш әйелден сегіз ұл, көп немере көрді. Бірақ оның әулеті бір-біріне тыныштық көрген жоқ. Оның ұлы Жақып он екі ұл сүйді, бірақ солардың ішінен тек Жүсіпті жақсы көрді. Соның қырсығынан бүкіл әулеті қырқысып өтті. Ал олардың бәрінің бабасы Нух пайғамбардан Хам, Сам, Япес тарады. Үшеу. Үшеуінен үш алуан нәсіл өрбіді. Үшеуінің арақатынасы әр заманда әрқилы болды. Бірақ, адамзат әлі тірі. Әлі жер басып жүр. Ойланатын гәп. Жоғарыда келтірілген аңыздар бұл жайында біз жеткілікті ойлана қоймағанымызбен, бізден бұрынғылардың мықтап ойланғандарын қапысыз танытқандай. Бірнеше тайпалар бір халыққа бірігерде, бірнеше ұлыстар бір мемлекетке бірігерде саяси құрылымды жұп санға бөлмей, тақ санға бөлуге тырысқан. Әсіресе, үш санын ұнатқан. Өйткені, жұп сан қарама-қарсы екі жаққа бөлініп кетуге, ыдырау мен тартысқа ыңғай тұрса, тақ сан қарсыласушы күштерге арасалмақ жасай алатын үшінші күшті туғызады. Бұл бір бөліктің басым түсіп, қалған бөліктерге қысым жасауына жол бермейді. Қазақтардың «Екеу – біреудің құдайы», «Екеуге иық көрсеткен біреу – өзінің соры, біреуге иық көрсеткен екеу – елінің соры», «Жақ-жақ жүргенше, тақ-тақ жүр» – дейтіні де сондықтан. Ежелгі кітап Авестаның алғашқы падиша Инма Ахур Маздадан алған алтын қаруымен қара жерді үш есе ұлғайтты, Ригведаның құрбандық шаларда үш шырақ жағылуы керек, ол Агна тәңірдің үш түрлі сипатын, үш жерде туғанын, үш тектен жаралғанын білдіреді деуі де тегіннен-тегін емес. Абыздар қожасы Бундахишна үш шырақты бірдей маздатқан Имма билік құрған тұста «іс қай көздегіден гөрі өрге басты» деуінде де көп мән бар. Тарихшы Ж. Дюмезильдің: «Мейлі ол әрқилы заттар ма, әлде шам-шырақтар ма – қайсысы болғанда да, басқа бір дүниеден келген және Иран мен Скифияда патша мен халықтың тек әлеуметтік үштік шарты жағдайыңда ғана көркейіп, гүлдене алатындығын бейнелейтін ырым» дейтіні де соған дәлел. Әуелде айналадағы бір-біріне атымен ұқсамайтын кереғар құбылыстарды ғана аңғарған адамзат келе-келе олардың арасындағы табиғи байланысты да байқаған. Күннің түнге, не түннің күнге ауысатынының ортасында ымырт болатынын, қыстың жазға ауысарында көктем, жаздың қысқа ауысарында күз болатынын, ондай аралық құбылыстар болмаса, дүниеде ешқандай бірлік, ешқандай жарастық болмайтынын аңғарған. Көк пен жерді күннің нұры, әйел мен ерді қимас көңіл біріктіріп тұрады деп ойлаған. Сол байланыстың бірінен ырзық өрбісе, екіншісінен дәулет өрбиді деп санаған. Қазақтың «Жалғыздың өзі – Сығай, екеудің бірі – жұбай, үшеудің бірі – шарана, төртеудің бірі – қаймана» дейтіні де сондықтан. Табиғаттағы үшінші күш кереғар екі күштің бірін-бірі құртуына жол бермей, теңестіріп тұрады, төртінші күш онсыз да тайталас дүниені одан сайын өршітіп жібереді. «Диірменнің бір тасына ғана тұтқа салып, айналдырсаң үн аласың, екі тасына бірдей тұтқа салып, бірдей айналдырсаң құм аласың» деген де соған меңзеп тұрғандай. Сондықтан да адамзаттық қауымдасудың қай түрі де дәнекер бола аларлық әлеуметтік күш іздейді. Оны алғашқы ошақ басы қауымдасуға негіз болған туысқандық қағидаға, кіндік байланысы заңдылығына негіздейді. Тайпааралық одақтар жайындағы аңыздарда адым сайын нанғысыз ғажайып жәйттердің араласып жүруі олардың табиғи жолмен емес, жасанды жолмен түзілгенін аңғартатындай тұспал болса керек. Қауымдастық ынтымақ идеологиясын туысқандық психологияға ыңғайлау одақ құрып отырған күштердің арақатынасының әділеттілік пен қайырымдылыққа негізделуін көздейді. Үштік одақтың бір мүшелерінің аға, бір мүшелерінің іні болып кетуі оларды бір-біріне әлімжеттік жасаудан сақтандырады. Атақты этнограф Дм. Фрэзер айтқандай, малшы халықтардың мекендейтін жерінің кеңдігі олардың балаларының ер жеткендеріне алдын-ала енші беріп, бөліп шығарып, ал өздеріне тиесілі дүние-дәулетті өздерінің көздері тірісінде бұғанасы бекір-бекімесі беймәлім кенжелеріне қалдыруға жағдай жасайды» десе, Рашид ад Дин мен Рубрук бұл жағдайдың әсіресе, түріктер мен монғолдарға тән екенін баса көрсетеді. Көшпелі мемлекеттердің саяси құрылымының үштік одаққа, туысқандық қағидаға құрылуын көптеген ғалымдар игілік бөлісудің әлгіндей үлкендерге енші беріп, кенжеге шаңырақ қалдыратын минораттық жолымен тығыз байланыстырады. Отырықшылық жағдайында игілік бөлісудің бұл қағидасы еңбек бөлісуге де негіз болады. Қандай қоғамдық бірлік болса да саяси биліксіз, қорғанысты қамтамасыз ете алар әскери күшсіз, жеткілікті ырзық-дәулетсіз өмір сүре алмас еді. Бұл үшін міндеттің үшеуін де әуелде әр тайпа өзі қамтамасыз етеді. Жаңа одаққа біріккен соң, келе-келе әрқайсысы әлгі үш бағыттың біреуіне көбірек бой ұрып ыңғайланады. Фирдоусидің байлықты үлкен Сельмеге, жауынгерлікті ортаншы Турға, білік пен билікті кенже Иреджеге беретіні де, қазақтардың «Ұлы жүзді қолына қауға беріп, малға қой, Орта жүзді қолына қамшы беріп, дауға қой, Кіші жүзді қолына найза беріп, жауға қой», дейтіні де соны аңғартқандай. Үштік одақ көшпелі мал шаруашылығына тән көл-көсір кеңістікті иеленуге де ыңғайлы еді. Скифтердің де, сарматтардың да, сақтардың да, гундердің де территориясы үш бөлікке бөлінген. Мұндай үштік бірлік олардың әскери құрылымының да негізгі сипатына айналды. Геродоттың жазуынша, Дариймен соғыста скиф әскері Иданфирс, Скопаксис, Таксакис дейтін үш патша басқарған үш қолдан тұрған. Қытай тарихшысы Сым Цзяннің мәліметіне қарағанда, біздің ғасырымызға дейінгі ІІІ ғасырдағы хун қауымы да осылай түзілген. «Өгізнаманың» баяндауынша, жорықтан қайтып келе жатқан Өгіз хан бір садақ, үш жебе тауып алады. Алты ұлы бар Өгіз хан садақты үшке бөліп, үш үлкен ұлына, үш жебені үш кіші ұлына береді. Тағы да сол үштік. Көшпелі мемлекеттер мемлекеттік түзілімнің үш бөліктен тұрғанын қалағанымен, оны түзейтін құрылымдар жұп рулардан, не аталардан тұрады, алты арыс, сегіз арыс, он екі арыс боп келеді. Көшпелі еврей тайпаларының өзі он екі руға бөлінген. Ежелгі еврей патриархтары да, кейінгі скиф, гүн, түркі падишалары да тақ қасындағы орындарды шонжарларына дастарқан басына еншілі сыбағасына қарап жайғасатын ретпен жайғастырыпты, әрқайсысының сыбағалы жілігін атапты. Бір малдың жеті мүшеден, екі қол, екі саннан, он екі жіліктен тұратынын ескерсек, көшпелі қоғамдардың құрылымында жеті, төрт, он екі сандарының неге жиі ұшырасатынын түсіне беруге болады. Қысқасы, үштік бірлікке негізделген қазақ қауымның құрылым жүйесі өз-өзінен шыға салмаған. Оны тек біздің халыққа ғана тән артта қалушылық, бар пәленің басы содан деу – сонау арғы-бергіні білмеуден шыққан ұшқарылық. Бұл жүйе – халқымыздың жаңа мемлекеттік тірлік жасау жолындағы саяси ізденістерінің нәтижесі. Бабаларымыз әлгіндей мақсаттарына жету үшін әлемдік тәжірибенің басты қағидаларын пайдалана білген. Бұған әсіресе, «Жеті жарғыны» жасақтаған билердің сіңірген еңбегі зор. Оны жасақтап қана қоймай, нақты жүзеге асыруда Төле, Қазыбек, Әйтеке айрықша орын алады. Олардың есімінің әлі күнге ел есінен шықпауы да соның айғағы. Олар жасаған жүйе ғарыштық кеңістікте табиғат райына қарай, көшіп-қонып жүрген қазақ тайпаларын бір одаққа біріктіру тұсында өзін-өзі әбден ақтады. Ал кейін әлгіндей бірлік әлсіреп кетсе, оған бабалар байыптаған жүйенің осалдығы емес, басымызға түскен зобалаң тағдырдың шытырман күрделілігі айыпты. Егер әлгіндей пәтуа адыра қалып, тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен үш ғасырдың өзінде де бір кездегі ынтымақтың сұлбасы үзілмей келе жатса ол да – сол бағзы жүйенің арқасы. Оған жете мән бермей, халық басына кейін жамалған індеттердің бәрін ұлттық құрылымымыздың тарихи қалыптасқан қағидаларынан көру, оны түзген бағзы бабаларымызға тіл тигізу бүгінгі ынтымағымыздың өзіне де іріткі дарытпаса, ұйытқы дарытпайды. Тәуке заманы ел бірлігін қамтамасыз етудің әбден жүйеленген кезеңі еді. Бірақ ол дәурен де ұзаққа бармады. Ел ұйытқысы қайта бұзылды. Алайда ол кейбір авторлардың қазіргі айтып жүргеніндей, қазақ қауымының әуелден алауыздыққа ыңғай тұратындығынан емес еді. Жаңа ұйып келе жатқан ынтымаққа халықаралық жағдайдың қатты шиеленісуі кедергі келтіргендігінен еді. Ол шиеленістен шығу үшін қазақтың өз күші аздық етті. Сыртқы күштерді, сыртқы ықпалдарды да іске қосу қажет болды. Бір кездегі Тәуекел мен Тәуке сияқты сырттан одақтас іздеуге тура келді. Ортақ мекен болып отырған аймақ уақытша жаудың қолының астында қалып, әр ұлыс бір кезегі өзі көшіп келген этникалық территорияны қайта қаратып алу жолында күресуге мәжбүр болған тұстағы билік иелерінің бәрі де ұстануға тура келді. Атамекеніне дейін жоңғарлар алып қойған Орта жүз ұлыстарының сұлтандары бір кездегі жайлап көшкен жер-суларына оралу үшін алысып жатқан қарсыластарының ар жағында тұрған ықпалды орыс, қытай патшалықтарының көңілін бірдей аулауға тырысса, бір жағынан Нәдір шах, екінші жағынан Еділ қалмақтары, үшінші жағынан башқұрт феодалдары, төртінші жағынан шалғай өлкедегі құнарлы жер-судың бәріне бауыр басып алған казачество әскерлері иемдене бастаған өз этникалық территорияларын қайтарып алуға бел буған Кіші жүз ұлыстарының билеушілері Батыстағы орыс патшасының көңілін аулауға мәжбүр болды. Мұндай саясат қазақ жұртына айналасы ширек ғасырдың ішінде жоңғарлар қол астында қалып қойған өлкені ғана емес, бір кезде көрші хандықтарға қол болып кеткен ежелгі территорияны түгелге жуық қайтарып алуға жағдай жасады. Алтай мен Тарбағатайды, Ертіс пен Баянауылды босатып алуда Бөгенбай мен Қабанбай, Олжабай мен Жасыбай не істесе, Жетісу мен Алатауды қайтып алуда Наурызбай мен Райымбек, бір жағы Маңғыстау, бір жағы Есіл мен Тобыл аралығындағы ұланғайыр өлкені қайта иемденуге Жәнібек пен Бөкенбай, Есет пен Арал, Есек пен Әжібай соны істеді. Демек, он сегізінші ғасырдың отызыншы-елуінші жылдарында қазақ ұлыстарының бір бөлігі ғана басқыншы жаумен арпалысып, қалған бөліктері бастарын сағалап қарап отырды деп ойлау қате ұғым. Ол жылдары қазақтың қай ұлыс, қай өлкесінде де өздерінің ата қонысын жат қолдардан тезірек қайтып алу жолындағы кескілескен күрес жүріп жатты. Сондай күрестің нәтижесінде ғана Ұлы жүз ұлысы бір кездегі Моғолстан құрамында, Орта жүз ұлысы бір кездегі Ақ Орда, Көк Орда құрамында, Кіші жүз ұлысы бір кездегі Алтын Орда құрамында жүргенде жайлап-қыстаған қоныстарының көпшілігін қайырып ала алды. Сол жылдарғы күрестердің арқасында ғана қазақ елі Атыраудан Алтайға, Тобылдан Қордайға дейін созылатын қазіргі мемлекеттік территориясына ие болып отыр. Оны сыйламау – ештеңені сыйламау. Ол жылдары қазақ өлкесінің қай тарабында да, қай ұлысында да әскери тәсілдермен қоса мәмілегерлік тәсілдерге көбірек мән берілді. Әбілмәмбет пен Барақ бір жағынан балаларын қонтайшыға аманатқа жіберсе, екінші жағынан елшілерін орыс әкімшілігіне аттандырып жатты. Әбілқайыр баласын орыс патшасына аманатқа жіберсе, қонтайшыға елші шаптырып жатты. Абылай Петербургқа бауырларын, Пекинге батырларын елшілікке жұмсап жатты. Екі жақты қысымның ортасында қалған елге олай етпеске жағдай жоқ еді. Жоңғар әскерін біздің шекарамызға ешкім шақырып әкелмегені сияқты, патша әскерін де ешкім шақырып әкелген жоқ-ты. Жайық бойына да, Ертіс, Есіл, Тобыл бойына да казактар бір кездегі Ақ Орда, Көк Орда, Алтын Орда сынды іргелі мемлекеттер құлап, олардың құрамындағы түркі тілді көшпелі тайпалар Жетісу мен Қаратау бойына кетіп, жаңа хандық жолында күресіп жүргенде пайда болған-ды. Кейін қазақтар Ертіс бойынан да, Жайық бойынан да қалмақтарды тықсырып шыға алғанмен, казактарды тықсырып шыға алған жоқ. Қай тарапта да өзіміз деңгейлес көшпелі халықтармен сөйлескенде найзаның ұшына көбірек күш салғанымызбен, олардың ар жағындағы орыс, қытай әкімшілігімен сөйлескенде, еріннің ебіне көбірек күш салғанбыз. Батыстағы ұлысбегіміз олармен сауда-саттық орнатамын деп Орынборды салдырса, Шығыстағы ұлысбегіміз Троицкі мен Ерен-Қабырғаны салдырған. Бірақ халқымыздың төбесінен зеңбірек жаудырсын деп емес, керек-жарағымызды жақын жерден табайық деп салдырған. Қай-қайсысы да сол арқылы екі жағынан екі арыстан қамап, тығырыққа тірелген жұртын аман алып қалудың, ұтыры келген жерде қапы қалмаудың, әлі жетпеске әлек болмаудың амалын қарастырған. Қай-қайсысы да әуелі өз іргесінен арсылдаған арыстанға алаң болған. Қайсысы да елдің ойында жоқты емес, елдің ойында жүргенді істеген. Әйтпесе, айналасы он шақты жылда екі ұлыстың барша бас көтерерлері бодандыққа түгел ант беріп шықпас еді. Қазақ билеушілері әр тұста, әр қилы мәселеге бір-біріне қарағанымен, түптеп келгенде, қазақтардың сол замандағы халықаралық жағдайын реттеуде бір бағыт, бірдей саясат ұстанды. Ол – өз деңгейлесіне есе жібермей, өзіңнен күштінің аузына өзін жүгірмеу, ашуына тимеу, аңыс андап әл жиып алу. Сол арқылы шығыста жоңғар, күнгейде ауған, иран, батыста қалмақ экспансионизміне тойтарыс берілді, шығыс шекараға 180 мың әскер төккен, батыс шекараға 80 мың әскер төккен Цин, Ресей экспансионизміне біраз уақыт аңыс аңдай тұруға тура келді. Егер патша өкіметі Петр тұсында-ақ бір жағынан, Орал тауларынан әрі асып, Қиыр Шығысқа дейін жетіп, Корея арқылы Қытайды жаулап алу, екінші жағынан Каспий теңізінен әрі асып, Үндістанға жетіп алу жоспарын жасап қойғанын, оны біліп қалған Цин империясы Россияға үсті-үстіне елші жіберіп, бір кезде Шыңғыстан ұрпақтары жаулап алған кеңістікті бөлісіп алу үшін Жоңғар хандығымен бірге шайқасуға азғыра бастағанын ескерсек, аталмыш тұста қазақ билеушілерінің «орыс факторымен» есептеспеуге еш амалдары қалмағанын түсінеді. Тәуке мен Қайыптың Қазан мен Тобылға, Әбілқайыр мен Сәмекенің Уфа мен Петербургқа неге елші шаптырғанын ұғар едік. Батыс пен Оңтүстікте ірі жеңістерге еткен Ресей одан әлдеқайда әлсіз Шығыс территорияларын бәрібір басып алмай қоймайтынын кейін Орта Азия хандықтарын қалай басып алғандығымен айқын аңғартты. Мұндай күші басып озбырды мәмілемен тоқтата тұрудан басқа жол жоқ еді. Ондай уақытша бағына тұру саясаты арқылы бір кезде Александр Невский моңғолдардың, ІІ Фридрих арабтардың, вьетнамдықтар Сүбітейдің әл бермейтін кәрінен құтылып, кейін күш жинап алған соң өз мақсаттарына жеткен-ді. Қазақтар да әлгіндей саясат арқылы күштеп отарлауды бір ғасырдай уақытқа кешеуілдетті. Ол екі ортада ежелгі этникалық территориясының көпшілігін қайтадан иемденіп үлгерді. Бірақ, батыстан келер отаршылдықты тоқтата алмады. Оны саны аз қазақ халқы түгілі, қарақұрым үнділер, қытайлар, арабтар да жүзеге асыра алған жоқты. Ендеше, кейін отаршылдықтан бәрібір құтыла алмаған екенбіз деп, сөз болып отырған кезеңнің тек жауынгерлік жетістіктерін ғана мойындап, мәмілегерлік жетістіктерін мойындамау шындыққа қиянат болар еді. Егер іргедегі башқұрттарды қан жоса қып жатқан патша экспансионизмін мәмілемен тоқтата тұрмағанда, ұланғайыр территориямызды ұлтарақтай қып тастаған торғауыт-ойрат экспансионизмінен, оларды тасалап келіп тұрған қытай экспонсионизмінен құтылар-құтылмасымыз екіталай еді. Егер ұлттық территориямызды сол кезде қайырып алмағанда қазір ешқандай егемендік жайында сөз ете де алмас едік. Қазақ хандары мен ру басыларының орыс әкімшілігімен сол кезде жүргізген келісімдері жиырмасыншы жылдары ұлттық-территориялық мемлекеттік бірлігімізді қайтадан қалыптастыруға легитимдік (заңдастырушылық) негіз болды. Тіпті тарихи-объектілік жүйені лақтырып тастап, баламалық даму логикасынан келген күннің өзінде де он тоғызыншы ғасырда күллі Азия мен Африканы түгел жайлап бітірген отаршылдықтан қазақтардың аман қалуына ешқандай негіз жоқ. Шығыстан көп қытай бағындырғанда да, күнгейден көп ағылшын бағындырғанда да бүгінгі егемендігіміздің дәл бүгінгі құрамда, дәл бүгінгі территориялық аумақта болатынына даусыз кепіл қайсы? Осыдан үш ғасырдай бұрын Ақназар – Тәуке заманында қалыптасып біткен ұлттық-мемлекеттік бітімімізді сол тұтастығымен жаңаша өркендетуге жағдай туып отырғандығы үшін біз, әрине, басқа отаршылдықтан гөрі жақсы отаршылдық саясат жүргізушіміз деп патша өкіметіне емес, бабаларымыздың ғасырлар бойына халық тағдырын ойлаған саяси творчествосына, сол негізде талай өртте мәуесі қырқылғанмен, тамыры үзілмеген азатшыл рухымызға қарыздармыз. Олай болса, өткеннің қай кезеңіне де әділ қарайық. Шамасы келмейтінді істемедің деп, шамасы келгенді тындырғанды жоққа шығармалық. Халқымызды әу бастан «құдай ұрған», қауымымызды әу бастан алауыз қып көрсетпейік. Билік жолындағы күрес қай тұста да болған. Тізгін ұстағандар алысты екен деп олардың қол астындағы халықтарды да алыстырып қоймайық. Әңгіме болып отырған кезеңде жүз бен жүз, ру мен ру алысқан жоқ. Жұрт сұлтандардың шашбауын көтеруші болмай, оларды айтқандарына жүргізе білді. Әскери демократиялық қоғамда қару ұстай алар естияр еркек кіндіктер ел тағдырына байланысты мәселенің қай-қайсысын шешуге де тікелей ат салысатын. Олай болмаған күнде Төле де, Қазыбек те, Әйтеке де шықпас еді. Олай болмаған күнде Тәуке Төле, Қазыбек, Әйтекеге; Әбілқайыр Жәнібек пен Бөгенбайға; Абылай Қазыбек пен Бұқарға; Барақ Шүрек пен Қабанбайға жүгінбес еді. Расына келсек, қазіргі біз білетін алауыздық пен әкімшілік ол заманнан көп кейін, ол заманда қалыптасқан ел билеу жүйесі әдейі аяққа басылған кезде шықты. 1824 жылы хан билігі, 1868 жылы сұлтан билігі жойылды. Сол арқылы қазақ даласы дәстүрлі мемлекеттік сипатынан айырылды. Оған басқа топырақта қалыптасқан бюрократтық билеу жүйесі күшпен төленді. Елден гөрі өз басын, ұлттан гөрі ағайынын көбірек қамтып, ақылдан гөрі айла-шарғыны көбірек малданатын пысықайлардың «партияшыл», «топшыл» күресі етек жайды. Ру-ру болып, ата-ата болып, билікке таласу да содан шықты. Сондай кикілжіңді тілге тиек ету үшін: «Анау ауылдан шыққандар шетінен сұңғыла, мынау ауылдан шыққандар шетіне миғұла» деп бірін-бірі көзге шұқитын әдет пайда болды. Көзі тірі жүргенімізді былай қойып, баяғыда сүйегі қурап қалған бабаларымызды әрі итеріп, бері жығатын болып бара жатырмыз. Одан құтылу үшін бір-бірін әрі итеріп, бері жығатын әуре-сарсаң емес, ортақ мақсат жолындағы ынтымақ керек. Ондай ынтымақ бір-бірімізден мін іздеу жолымен емес, әрқайсымыздың көкейкесті мүддемізді бірдей елеп, бірдей ескеру жолымен орнайды. Төле, Қазыбек, Әйтеке есімдерінің әлі күнге ауыздан түспейтіндігі де сондықтан. Замандастарына сүйек сындырысып, жаға жыртысуды емес, бірі жең, бірі жаға, бірі іні, бірі аға болуды, өзара теңдік арқылы елдікке, елдік арқылы өзгелермен тендікке жетуі үйреткендіктерінде. Халқымыздың Қаратау бойындағы қашанғы қара жұрты болып келе жатқан Шымкент қаласының ортасында Ордабасы деп аталатын алаң бар. Оған бір тараптан Төле би, екінші тараптан Қазыбек би, үшінші тараптан Әйтеке би көшелері келіп тоғысады. Үш сала – бір арна. Қай істе де, қай тұста да осыны ұмытпасақ, талай кемісіміз түзеліп, талай ортамыз толар еді-ау..

1991 жыл.

ЖӘНІБЕК ТАРХАН ЖАЙЛЫ

Торғай қаласында өткізілген ғылыми конференцияда сөйлеген сөзі «Шақшақ Жәнібек қандай адам болды?» – деген бір үлкен сауалдың көптен көңілде жүргені рас. Бірақ оған жауап бұдан бірнеше ғасыр бұрын берілген еді. Оны қазақ та, қазақтан басқа да берген. Көзі тірісінде Жәнібекті көрген, кім екенін білген Бұқар жырау мен Тәттіқара ақынның сөзіне тоқтап, осы әңгімені бітіруге де болатын еді. Бірақ біз сөзге бұған дейін тоқтап келе жатқан жоқпыз, құдай бұйыртып келешекте тоқтап жатсаң, ол да кеш емес деп ойлаймын. Ал қағазға сенетін болсақ, Жәнібек туралы сол кезде жер басып жүрген қазақтың бәрінен көп жазылған. Бұлай дейтінім, шығармашылық қамымен, бұл тұлға жайында көп шұғылданған кісілердің бірі менмін. Біздің қазақтың тарихына байланысты көп құжат Санкт-Петербургта бұрынғы Бас штабтың «Әскери-саяси архив» дейтін қорда, Мәскеуде сыртқы істер министрлігінің жанындағы үлкен «дипломатиялық архивте» жинақталған. Сол архивтердегі «қазақ істері», «қалмақ істері», «башқұрт істері», «жоңғар істері» дейтін мұраларда, одан басқа «Түркістанның жауланып алыну тарихына» байланысты құжаттардың бәрінде Жәнібектің аты жиі кездеседі. Оның көбінде Әбілхайыр ханның, біразында Абылайдың аты бар, ал Жәнібек жайлы Әбілқайырдан да, Абылайдан да кем айтылмаған. Осыларды былай қойғанда, сол кісі жөнінде орыс империясының тарихын жазған Соловьевтан бастап үлкен фундаментальдық еңбектерден де көп мағлұмат табуға болады. Сол заманда отарлаушы әскерді басқарған қолбасшылардың барлығы міндетті түрде естеліктер жазған. Міндетті түрде күнделік жүргізген, оны журнал деп атады. Солардың көбінде Жәнібектің аты бар. Орынбордың тұңғыш генерал-губернаторы Неплюевтың мемуарында, міл заманға байланысты басқа да құжаттарда бұл кісінің қайраткерлігі жан-жақты қамтылған. Сол құжаттар бойынша Ресейдің атақты барлаушысы, Таяу Шығысты, Иран, Индияны ықпалға көндіру мақсатымен талай миссияларды басқарып барған, сол сияқты Орта Азияда да көптеген «зерттеушілік» жұмыстарды басқарған, сол еңбегі үшін императордан алтын медаль алған ориенталист ғалым, арғы тегі поляк, Витевскийдің Орынбор губерниясының тарихы жайында кітабы бар. Соның да ең бір орталық кейіпкерлерінің біреуі – Жәнібек. Мен өзімнің сол дәуір жайында жазған еңбегімде қазақтың керекті аңызын аңыз қалпында, ал басқа мәселелердің бәрін, керек десеңіздер, кескініне дейін деректерге сүйене отырып жазуға тырыстым. Содан да болар кейінгі әрі тарт та, бері тарт таластар тұсында маған да біраз таяқ тиді. Колбин келген кезде менің үстімнен талай арыздар түсті. Сонда «қазақтарды азғырып жүрген Есенберлин, Мүсірепов, Мағауин, Сүлейменов дейтін сұмырайлар бар, солардың ең бір пәлесі Кекілбаев деген, өзі барып тұрған қазақшыл», – деп жамандады. Колбин кетіп қалып еді, әлгі жазғыштар енді мені орысшыл, біздердің басқа бабаларымыз құрып қалғандай қайдағы Әбілқайырды, Жәнібекті, Бөкенбайды, Есетті жазады деп жазғыратын әңгімелерін әлі айтып жатыр. Мұндай жағдайда Жәнібек бабамыз жайындағы көптердің басын ашып алғанымыз дұрыс. Ол кісі жайлы парасатты әңгіме енді ғана басталды. Жәнібектің қазақ үшін қадірлі болатындығы тек батыр болғандығы үшін ғана емес, қазақта мыңдаған батырлар болған. Бәлкім алысқанда Жәнібектен де жауырындылау шыққан батырлар аз емес шығар. Түсірген жауының саны көп батырлар да бар шығар. Бірақ Жәнібектің Жәнібек болуының ең басты сипаты оның батырлығында емес. Батырлық оның «сегіз қырлылығының» алдымен көзге түскен бір қыры ғана. Жәнібекті ұлан-асыр тарихтық төріне шығарып тұрған нәрсе – оның шын мәніндегі саясатшылығы. Шын мәніндегі мемлекеттік қайраткер екендігі. Ал батырлыққа келетін болсақ, оның да талай түрі бар... Жау тоқтатудың орнына, жау жоқ жерде жау шақыратын батырлар да көп болған, дау тоқтатудың орнына дау шақыратын билер де көп болған. Бізге дау шақыратын, жау шақыратын билер мен батырлар емес, қарап отырып тоқтықтан, қымыздың желіне масығып көршіге тиіспей, халықтың басына і түсе кенде қол бастайтын сардарлар керек. Әншейінде құлақ тыныш отырғанда өзі килігетін билер емес, құлақтан маза кетіп, арың төгіліп бара жатырғанда сөз бастайтын ділмарлар керек. Ең дұрысы, сөзді де, қолды да бастатпауға тырысатын, елдің тыныштығын, ағайынның аманшылығын сақтайтын елдарлар керек. Екі жолбарысты соңына ерткен, өзі үшінші жолбарыс сияқты боп, айбынын асырған батыр Жәнібектің бүгінгі ұрпақ үшін қадірлі болатындығы, кісінің тағдырын бір ауыз сөзбен шешкен би Жәнібектің біз үшін қадірлі болатындығы, ең алдымен, сол батырлығы мен сол билігін елдарлыққа жұмсағандығы. Меніңше, жаңағы айтқан сыртқы архивтердің құжаттарында да Жәнібек атының жиі кездесетіндігі де осы елдарлықтан шығар. Әңгіме болып жатқан кезеңде қазір де ұлықталып отырған билердің де, батырлардың да көбі тірі жүр еді. Алайда генерал-губернатор Неплюев 1742 жылы патша ағзамға Жәнібекті: «бұл екі ордаға да бірдей қадірлі, екі ордада да хандардан да беделі артық, екі ордада хандармен бірдей тыныштық пен тәртіпті қамтамасыз ете алатын бірден-бір адам», – деп бағалап, сондықтан да «басқа адамдармен шатастырмас үшін оған тархан атағын дара, ешкіммен араластырмай жеке беру керек» деген ұсыныс жасауы да тегін болмаса керек. Бұл ұсынысты кейде біз қазақылық ұғымға салып: «оған неге орыстың емешегі үзіліп қалды, соған қарағанда Жәнібектің оларға жасаған бірдеңесі бар ғой, соны айрықша бағалап отырған болуы керек», – деп секем алатынымыз бар. Бұл – Жәнібек туралы шын ақиқатты білмегендіктің салдары. Әлгі деректерді оқи отырып, Ресей патшасы да ақымақ кісі еместігіне көзің жетеді. Ақымақтар екі құрлықты бірдей қамтитын ең үлкен империяны жасай алмас еді. Олар кезкелген елдің бәрін зеңбірекпен, күшпен алуға тырыспаған. Өйткені, мықтының да тасып бара жатқан рәсуа күші, мықтының тастайтын рәсуа ақшасы жоқ. Мүмкіндігі болса, ол да ымырадан қашпайды, ол да мәмілеге жүгінеді. Мінекей, сол себептен де бір жағынан батыстағы мұхитқа, екінші жағынан оңтүстіктегі мұхитқа жете алмай, екі жақпен бірдей соғыс салып жатқан, үшінші жағынан жеделдетіп елсіз жатқан, сусыз жатқан қалың орманды басып етіп, тездетіп қиыр шығысқа жетіп алу саясатын ұстанып отырған орыс үкіметі Орта Азияға да бірден зеңбірекпен кіргісі келген жоқ-ты. Өйтсе, жолынан қалады. Қыруар шығынға батады. Оған ең әуелі бос жатқан тундра мен тайга арқылы Қиыр шығысқа жетіп алу тиімді еді. Ресей империясы егер қазақ хандары келіссөз жүргізбесе, Қазақстанды сол кезде алар ма еді, алмас па еді деп ойлаудың өзі балалық шалық. Ресейдің сыртқы істер коллегиясының жұмысын жүргізген Кириллов 1734 жылы «Россияның шығыстағы саясаты» деген үлкен байыптама жазғаны белгілі. Соны мұқият зерделесеңіз, Ресей ол кезде Сібір арқылы Қиыр Шығысқа жетіп алуды, мұхитқа жеткеннен кейін сол кездегі дәуірлеп келе жатқан Қытай империясына қарсы екі күш – біреуі корейлер, екіншісі аралға барып күшейіп, ешкімді мойындамай бекініп жатқан жапон сегундарын пайдалана отырып, Қытайды әлсірету саясатын ұстанғанын аңғару қиын емес. Бұл саясатқа іргелес жатқан Қазақстан мен Орта Азияны пайдалануды да ойлаған. Ол пайдаланбаса, оларды Қытай пайдаланар еді. Мінеки, сондай жағдайда Қазақстанның бодандығы жайлы сөзді Әбілқайыр бастасын мейлі, Жәнібек бастасын мейлі бұл жетіскеннің әңгімесі емес. Екі оттың ортасында қалғанның жантәсілім әңгімесі. Амалсыздықтың әңгімесі. Ал Қазақстан деген елдің өзі қирап қалған монғол империясының орнында пайда болғанын өздеріңіз білесіздер. Көз ашқаннан бастап үш ғасыр бойы осындай қиындықтың шырмауында жүрді. Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде жаңа мемлекеттілікті сақтап қалу жолында қанша түрлі қауіп-қатер болды. Сол кезде де үлкен мәмілегерлік іске жүгінуге тура келді. Сонау Тәуекел ханның тұсында-ақ қазақтар тек қана өз күшіне сеніп қоймай, көршілермен ықпалдастыққа да назар аудару керек екендігін жақсы түсінген-ді. Жәнібек 1693 жылы туды. Ал 1690 жылы қазақтың сол кездегі астанасы Сайрам қаласы екінші рет қалмақтың шапқыншылығына ұшырап, түпкілікті жойылып кеткен-ді. Қазақтың жыл сайын өтетін мәслихаты Сайрамның түбіндегі Мәртөбеден Ангрен бойындағы Күлтөбеге көшіп кеткен-ді. Мінеки, сол кезде дүниеге келген баланың алдында қандай заман тұрғанын, өздеріңіз аңғара беріңіздер. Сол 1690 жылдардан бастап Тәуке өлгенге дейін қазақ хандығы Ресеймен ықпалдастық саясат орнатуға тырысты. Өйткен себебі, біріншіден, жоңғар хандығына тойтарыс беру керек болды. Ол жоңғардың өзінен қорыққандық емес еді. Жоңғардың ар жағында Цин империясы батысқа бағыттап келе жатты. Шығыстан ең үлкен экспанция төніп тұрды. Соны пайымдаған қазақ билеушілері бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүретін қазақ-жоңғар соғысында бәрібір табан тірейтін тірек болуы керек екендігін түсінді. Екіншіден, батыстағы Ресейдің қытай экспонционизміне қарсы Жоңғарияны пайдаланып отырғандығы, сол үшін де оған қару беріп отырғандығы белгілі болды. Сол кездегі жоңғар елшіліктерінің берген жауабына қарағанда, «Оларда 500 түйеге артатын зеңбірек, елу мортир, басқа да оншақты артиллерия түрлерінің барлығы анықталды». Ал Ренат деген жалғыз швед азғантай уақытта заводы, металлургиясы жоқ елде осынша артиллерия құралдарын бір өзі жасап шыға алмасы айтпаса да түсінікті. Ол жәй әншейін көз алдарқату. Ал шын мәнінде жоңғарды Россия ол кезде мықтап қаруландыра бастады. Өйткені, Россия ол кезде Цин империясының Орталық Азияны иемденіп кетуінде бірден-бір қарсы ел еді. Өйткені, Қытай империясы Орта Азияны алатын болса, Россияның Еділ бойындағы шекарасына жетіп жығылар еді. Өзінің болашағын ойлайтын кез-келген ел мұның алдын алуға, жауды алыстан тоқтатуға тырысады. Осындай жағдайда екі ортада отырған қазақ хандығы тек жан-жақтың бәрін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ыңғайыма қаратамын деп отырса, ханы да, биі де, төресі де, қарашасы да көрпесіне қарап көсілмей, көстеңдеп, қаралай қағынып отырса, онда өңшең бір ақымақтардың елі болып шығар еді. Құдай қарасқанда, сол кездің өзінде де қазақ даласында ақылдылар аз болмапты. Ақылды батыр да, ақылды бай да, ақылды хан да, төре де табылыпты. Сондықтан да олардың біреуін қиқы, біреуін жиқы санағанымыз баяғыдағы бабаларымызға обал болумен қоса, біздің қазіргі бірлігімізге де қиянат. Оның үстіне, менің Жәнібекті қатты қадірлейтіндігім – қазақтың мемлекеттігіне адалдығы. Өйткені, орыс үкіметі болсын, жоңғардың қонтайшысы болсын, қытайдың боғдаханы болсын, қазақты билеп тұрған, оған ықпалы зор хандар мен батырларға ғана хат жазған. Кез-келген батырға, биге хат жазған емес. Ол батырлардан орта жүзде – Арқадағы Жәнібекке, Түркістандағы Нияз батырға, кіші жүзде – жеті руды бірге билеп отырған Бөкенбай мен Есетке ғана хат жазған. Қалған бірде-бір батырға хат жазып, арнайы дипломатиялық депеше жүргізіп көрген емес. Осының өзіне қарап отырып-ақ мынадай жағдайды түсінуге болады. Батыр болсын, басқа болсын, Жәнібек – ұлыс бегі. Қазақтың бүкіл бір ұлысының тұтастығын қамтамасыз еткен саяси басшы. Аса ірі саяси тұлға. Есет пен Бөкенбай да солай болған. Олардың ханмен тізелес отырып жүруінің себебі де осындай саяси статустан. Оған әлгіде айтылған қазақ байланыстары құжаттарын байыптап оқитын болсаңыз, көзіңіз жете түседі. 1736 жылғы Орскіде Татищев келіп қазақтың елбасыларымен жүргізген журналында, 1738 жылы генерал-лейтенант Урусов жүргізген келіссөздерде де, 1742 жылы Неплюев Орынборда жүргізген келіссөздерде, 1747 жылы Тевкелевтің жүргізген келіссөздерінде де, 1749 жылы Нұралыны хан сайлау жөнінде Петербургтан грамота келгенде, Орынбордың түбіндегі инагурацияға барғандағы протоколда да, осылардың бәрінде де, Жәнібек аты ең алдымен аталады. Жәнібек ол келіссөздерге екі түрлі статуспен қатысады. Дипломатиялық қабылдаулардың екі түрлі жолы бар. Біріншісі – ресми делегациялар арасындағы келіссөздер. Оған хан, хан таныған ресми ұлысбегі, сұлтандар қатысады. Хан кез-келген сұлтанды қасына ертпейді. Ол кезде жүздеген сұлтан болған. Солардың арасында әрқайсысы бір-бір ұлысты билеп отырған сұлтандар ғана қатысады. Мысалы, Әбілқайыр келіссөзге барғанда өзі, байұлыны билеп отырған Нұралыны, Керейді билеп отырған Ералыны ғана ерткен. Әйтпесе өз тұқымындағы бүкіл сұлтандарды қасына ертіп апарған жоқ. Әбілмәмбет те қасына атығайды билеп отырған Абылайды ғана ерткен. Өйткені, бұлар – ұлысбегілік статуспен барған кісілер. Міне, осындай ұлысбегі болып барған кісілерді біріншіден ресми делегациялармен бірге қабылдайды. Одан кейін Европалық протокол бойынша делегацияны бастап келген мемлекет басшысын жеке қабылдайды. Мұны партикулярлық келіссөздер дейді. Делегацияның құрамындағы кіші суверендерге де осындай партикулярлық негіздегі жеке қабылдаулар жасалады. Мінекей, Жәнібек те өле-өлгенінше әрі хандармен ресми келіссөздерге де қатысқан. Сонымен қоса оның құрметіне әлгіндей жеке партикулярлық қабылдаулар да ұйымдастырылған. Жәнібек, осы реттен қарағанда, неге шыж-быж болып Әбілқайырдың қашан көзі жұмылғанша қасында жүрді? Әбілқайырдың тірі кезінде де естімеген сөзі, көрмеген қоқайы аз. Бұл арада ақылды, өзі ханнан кем емес Жәнібек Әбілқайырдан неге безіп кетпейді деген мәселе тууы мүмкін. Өйтетін себебі, Жәнібек билік үшін күрескен жоқ, қазақтың мемлекеттілігі үшін күресті. Әбілқайыр да билік үшін күресті деген қазақы ұғым. Ол да қазақтың мемлекеттілігі үшін күресті. Сондай мемлекеттілікті қамтамасыз ететін бас тақ үшін күресті. Болат өлгеннен кейін оның орнына ұзақ уақытқа дейін ешкім тағайындалмады. Әбілмәмбет ешқандай ерлігімен көзге түскен жоқ. Сәмеке қартайып келе жатты. Мұндай кезде бас тақты иесіз қалдыруға болмайтын еді. Өйткені, батыстағы Россия ол кезде башқұртты зеңбірекпен ұйпай бастады. Шығыста жоңғар өңмеңдеп тұрды. Осындай кезде қазақтың ханы аса ірі әскери стратег адам болуы керек еді. Ондай адам ол кезде қазақ қоғамында бар еді. Ол осыған дейін қазақ-жоңғар соғыстарында талай рет көзге түскен Әбілқайыр еді. Әбілқайыр бас билікке бір жағынан баққұмарлықтан, екінші жағынан қоғамдағы объективті жағдайларға бола ұмтылды. Ол да бұл жолда қолдайтын үш жүздің аузы дуалыларын қасында ұстауға тырысты, солардың ықпалына сүйенді. Мінеки, осы кезде оған үлкен тірек болған кісі, ел ішінде де, сыртта да асқан ақылымен, көрегендігімен ханды да, қараны да, жауларын да, достарын да өзімен санасуға мәжбүр еткен шақшақ Жәнібек тархан еді. Міне, бұлардың бәрі Жәнібек батырдың өз тұсындағы саяси өмірдің ең басты, ең ірі орталық тұлғаларының бірі екендігін айғақтайды. Ендеше, ол еліміздің егемендігі жолындағы көпғасырлық күресінің де мақтанышы бола алады.

1993 жыл.

ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ, ЕЛЖАНДЫЛЫҚТАН – ТАҒЫЛЫМ

1993 жылы 3 шілде күні
Талдықорған облысы Бел жайлауында
Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр
басқарған Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы

салтанатында сөйлеген сөзі.

Әлеумет!

Айналаға қараңызшы... Асқар тау, саумал ауа, көк майса – бәрі-бәрі: «өс, өн, өрбі, мейірлен, шаттан!» – дейтіндей ғой. Бірақ бүгін бұл араға осынша ғажайып сұлулықты қызықтауға, жомарт табиғаттың мынау шарасынан асып, шалқып-төгіліп жатқан шарапаты мен рахатын тамашалауға емес, тағзым етіп, тағылым алуға келіп тұрмыз. Біз үшін бұл араның әр тасы киелі, әр бұтасы қасиетті. Олар бұдан үш жарым ғасыр уақыт бұрын көз көріп құла естімеген ерен ерлікке куә болған. Сондағы атамекеннің қамы үшін, ата-жұрттың бағы үшін арыстан боп алысып, жолбарыс боп жұлысқан алты жүз сайыпқыранның бәрінің бірдей аты есімізге түсіп тұрған жоқ. Бірақ бәріміздің де бойымызды кернеп тұрған – солардың қаны, ойымызды тербеп тұрған – солардың арманы, жадымыздағы солардың өсиеті, жанымыздағы – солардың қасиеті. Бәлкім, тіпті талайымыздың бет-әлпетімізде де солардың дидары тұрған шығар. Ендеше, екі дүниеде де мейманасы асып, нұры тасыды деген осы болады. Қайсыбірі осы арада шейіт болған, қайсы біріне кейін басқа арадан топырақ бұйырған қасиетті бабаларымыздың аруақтарының алдында солардың ерліктерінің арқасында аман қалып, өсіп-өніп, он миллионнан асып отырған ызғындай ұрпақтың атынан бас иіп тағзым етеміз. «Жарықтықтарым, жандарыңыз жаннатта болғай, ел-жұртқа тілеп өткен тілектеріңіз жаратқан иенің жақсы құлағына шалынып, қабыл бола бергей!» – дейміз. Біздің бұлайша тебіренетіндігіміз – егемендік алған еліміз бен тәуелсіз болған мемлекетіміздің тамырын тереңге тартқан телегей тарихымыздың ең бір манызды, мағыналы тарауы осы арадан басталғанды. Дүние жаратылып, су аққалы мынау салқар сахараны әрлі-берлі кесе көктей көшіп-қонып жүрген ежелгі жұртымыз талай рет дербес орда тігіп, өз алдына ел болды. Талай рет басқыншылық дауылы сапырып, шаңырағы шайқалды. Бірақ еркіндікке ұмытылған асау арманын ешкім өшіре алған жоқ. Бұдан бес ғасырдай бұрын да қос құрлықты қоса айқарған алып империя ыдырағанда біздің халқымыз тап осы далада тап осылай орда тіккен-ді. Бірақ, ол заманда бұны құптағандардан гөрі ұқпағандар көп болды. Әсіресе, Шыңғысхан империясының құлауы нәтижесінде Еуразияда шешуші ықпалға ие бола бастаған іргелі мемлекеттер осынау көл-көсір кеңістікті тікелей не жанамалай өз ықпалдарында ұстауға тырысты. Ол үшін бұрынғы көшпелі империяның орнында пайда болған діні, тілі, саяси дәстүрлері жағынан да әр түрлі жікке бөлінетін көшпелі хандықтарды бір-біріне айдап салды. Бұл жолда жаңа билеушілердің аталмыш кеңістікті бір өзі жеке дара билейтін үстемдікке ие болу, күйреген империяның күйтін күйттеп, ол үшін кек қайтару пиғылдарын асқан шеберлікпен пайдалана білді. Көршілес жаңа империялардың мұндай әрекет саясаттарын түсінбеген кейбір көшпелі мемлекеттер бір кезде Шыңғысхан қол астында болған жерлерді түгелдей не ішінара қайтарып алу мақсатында шындап кірісті. XV ғасырда Гоби мен Алтай арасынан бас көтере бастаған Жоңғар хандығы сондай пиғылдың бірден-бір ұясына айналды. Әйгілі тарихшы Н. Бичуриннің пайымдауынша, Есенханнан Хара-Хулаға дейінгі бір жарым ғасырлық бейбітшілік тұсында әдейі көбейіп, байып алған ойраттар Шыңғыс хан империясын қайта тірілту үшін Алтайдан Атырауға, Оралдан Үнді шекарасына дейінгі аймақты өзіне қаратып алуға ниеттенді. Өзара араздасқан боп, бірін-бірі көрші елдердің жеріне білдіртпей басып кіруге итермеледі. Әсіресе торғауыттар мен қошауыттар жаңа мемлекетке бірігіп жатқан қазақ тайпаларының Сырдария бойына жинақталуын пайдаланып, уақытша босап қалған Ертіс, Шідерті, Қамысты, Есіл бойларын иемдене отырып, Еділ сағасына дейін жетті. Бұл, академик Н. Веселовский айтқандай, тіпті де алауыздықтан бөліне-жарылу емес, «жаңа жерлер жаулап алу мен Шыңғыс хан империясын қайтадан қалпына келтірудің мықтап ойластырылған жоспары», – еді. Өріс мәселесін бұлай шешкенмен, қытай базарынан аласталған ойраттар сауда-саттықта басқаша жол іздеді. Ең таяу тұрған Орта Азия базарына жетуге асықты. Бұл арада күшке жүгінуге ниеттенді. 1640 жылы Тарбағатай құрылтайы «Дала жосығын» қабылдап, Жоңғар хандығы мемлекеттік құрылымын, шаруашылық үрдісін, ішкі-сыртқы саясатын біржола миллитаристік сипатқа көшірді. Оған шығыстағы цин қысымы, батыстағы сауда-саттық мұқтажы ықпал етті. Ойлаған мақсатқа жетуге жаңа құрылып жатқан қазақ хандығы көп кедергі келтірді. Ол бастапқы кезеңде ойраттармен бейбіт қатынас ұстанды. Келе-келе олар да гәпке түсінді. Әсіресе, ойрат тұтқынынан қашып құтылған Салқам Жәңгір көрші елдерді шығыстан келер қауіптің шын астарын айтып, бірігіп қорғануға шақыра бастады. Батыр қонтайшы ол ниетті жүзеге асыртпау үшін тұтқиылдан соққы беруге бел байлады. Жаңа қорғаныс одағын құрып үлгірмеген Жәңгірге елу мың әскерлі қонтайшыны 1643 жылы бар болғаны алты жүз сарбазбен дәл осы арада тосып алуға тура келді. Өйткені, тосын шабуылды тосын әдіс қана тойтара алатын еді. Әдетте, жоңғарлар осылай тау-тасты сағалап соғысып, ал қазақтар дұшпанын айдалаға ала қашып, бытыратып барып, ұтылап тиісіп жүріп ұтып кететін Батыр қонтайшы да бүйтіп өз әдістері өздерінің алдынан шығады деп ойлаған жоқ еді. Жәңгір, бір жағынан, жасақ жиып үлгере алмады, екіншіден, басқа амалы болмады, үшіншіден, осылай жаңа одақтастарына тезірек шешім қабылдауды мәжбүр етуді көздеді. Ол мақсатына жетті. Әлемдік соғыс өнеріне жаңалық боп енердей мысал тауып берді. Өзінен жүз еседей көп ауыр қолды қисапсыз шығынға ұшыратты. Тек кейіннен көмек келуге жағдай туғызып қана қоймай, қапысыз дайындалған жойқын шабуылды тойтарып, төнгелі тұрған қауіпті көп жылға кейін шегертті. Сол арқылы жас мемлекеттің қорғанысын нығайтуға, көрші елдермен саяси ара-қатынастың сипатын өзгертуге, ішкі ынтымақты, сыртқы ықпалдастықты нығайтуға мүмкіндік алды. Сөйтіп, берісі Орталық Азияда, өрісі жалпы Еуразияда қалыптасып келе жатқан геосаяси ара-салмақты түбірімен өзгертіп жіберді. Әрине, бұл жеңіс жоңғар басқыншылығына түбегейлі тойтарыс бере алмады. Ол араға тоғыз жыл салып қайта жанданды. 1652 жылғы шайқаста он жеті жасар Қалдан Жәңгірмен жекпе-жекке шығып, жеңіп кетті. Одан кейін де бір ғасырға созылған тайталастың тағдыры батысқа қарай баса көктеген цин өктемдігіне ұласып, жоңғар хандығының біржолата жойылуымен тәмамдалды. Заман озды. Дүние өзгерді. Жау тоқтатқан Жәңгір, орда бұзған Жалаңтөс, оларға ерген қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, қарақалпақ, түрікмен батырлары жер көкірегі мен ел көкірегінен тиесілі орындарын иемденді. Алайда, өшпейтін, өзгермейтін нәрселер бар. Анау көбең жылқынық сауырындай жалтылдап жатқан көкмайсаның арасында бір кезде айлап-апталап бастарын ажалға тіккен ардақтардың жанына түскен жыртықтай, тәніне түскен тыртықтай боп атамзаманғы оқпана шұқырлар әлі жатыр. Жер-анаңның көкірегін ойып түскен сол тыртықтарды көріп ойсырамау, Ел-ананың ертеңі туралы ойланбау еш мүмкін емес. Өйткені, бұл арада екі әскер, екі қолбасы емес, екі құбылыс ұстасты. Тәй тәй басқан тәуелсіздікке жалғанды жалпағынан басып қалған көкжал басқыншылық тап берді. Сонда жаны Қарқараға келген азаттықты аман алып қалған отаншылдық болды. Бүгінде, міне, тағы да егемендік қаз тұрып, жаңа тәуелсіздік тәй-тәй басып келеді. Құдайға шүкір, тап Зергелі тұрған қауіптің әзір беті аулақ. Бірақ, қатпаған қабырғаны қайыстырар, бекімеген бұғананы майыстырар шындықтар мен ауыртпалықтар толып жатыр. Ең бастысы – жаңарыстың шабандап, дағдарыстың табандап тұрып алғаны. Біз қолымыздан келгенін істеп жатырмыз. Дүрбелең кезеңде орнықтылықтан ауытқымадық. Уақыт оздырмай, әлемдік қауымдастыққа мүше болып алдық. Жаңа тәртібімізге лайық жаңа жосығымызды қабылдадық. Кей ісімізге мимырттық кездескенмен, көп ісімізде ілгерілеу бар. Аяқ алысымызға алыс-жақын адамзаттың ықласы артып отыр. Өзімізге қойғанда, жұрт қатарлы ел болып кете алатынымызға еш күмән жоқ. Алайда, біз ай астындағы жалғыз ел емеспіз ғой. Жан-жағымызда аулан сипатты, қайшылықтары мол, қат-қабат өзгерістер қатарынан жүріп жатыр. Ол біреулерді армандаған тәуелсіздігіне жеткізсе, екінші біреулерді ғасырлар бойы үйренісіп қалық ықпалынан айырды. Өзгеріс жүрген жерде қиыншылықтар мен қиналыс та жүреді. Жер бетіндегі қалыпты ара салмақ бұзылды. Жаңа ара салмақ әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Мұндай жағдай әлеуметтік ауа райында қопарылмалы ахуал орнатары белгілі. Ондай дүдәмалдық жағдайды өз мақсаттарына пайдаланып қалуға тырысатын күштер де аз емес. Кейбіреулер кешегіге, екінші біреулер бәрін қойып тіпті баяғыға тартқыласа, үшінші біреулер жүріп жатқан құбылыстарды одан сайын асықтырғысы келеді. Талайлар кешегі тоталитаризмді құлатарда қолданылған жаппай мансұқтаушылықты одан әрі өршіте түсуге құмар. Оның жас демократия мен тәуелсіздікті де шайып кетуі ықтимал екенін ескермейді. Тіпті егемендік, мемлекеттілік, тәуелсіздік, отаншылдық деген ұғымдарды кертартпалыққа теліп, жоққа шығаруға тырысатындар да табылмай қалып жүрген жоқ. Нарық пен демократия ондай-ондаймен қабыспайды деп қисындайды. Бұл – шындыққа қиянат. Шынайы либерализм, нарық пен демократия, шындап келгенде, екінші дүниежүзілік соғыстан соң өрістеді. Сол екі ортада әлемдегі дербес мемлекеттердің саны екі есе көбейді. Мамандардың пайымдауынша, бұл процесс әлі өрістеу үстінде. Бәрін қойғанда, либерализмнің де, демократияның да отаны болған Батыс Европада тәуелсіздігі мен егемендігінен бас тартып отырған ешкім жоқ. Өйткені, шынайы либерализм, демократия адамдар бостандығын қандай мойындаса, халықтар бостандығын да сондай мойындайды. Азат емес қоғамнан азат азамат шықпайды. Ал азат азамат қоғамының бостандануын, отанының тәуелсіздігін жақтайды. Қол жеткен азаттық пен тәуелсіздікті сыртқы әлімжеттікке, ішкі алауыздыққа қолжаулық қып жіберткізбейді. Егер табиғатта бар ұлттық, мемлекеттік, территориялық сипаттар мен шек-шекараны ескеріп, есепке алмаса, оны өз пайдасына жарата білмесе, нарықтың аты нарық болмас еді. Бірақ ол айырмашылықтарды бір жақты желеулеткен оқшаулануды емес, қайта оларды жан-жақты мұқият ескеретін ықпалдастықты жақтайды. Бәрінің де мүдделес жақтардың үдесінен шығардай тиімді болғанын көздейді. Демократия да табиғатта бар мүлде айырмашылығын жоққа шығарса, әділеттің емес, қиянаттың құралына айналар еді. Бірақ бар айырмашылық – ерекшеліктердің текетірес жолымен емес, бірін-бірі құрметтеушілік, бір-біріне қиянат етпеушілік жолымен шешілуін көздейді. Ендеше, демократия мен нарықтан біздің жас тәуелсіздігімізге тиер зиян жоқ. Егер біз отаншылдықты өз еліміздің тәуелсіздігі мен өз қоғамымыздың кемелдігіне қалтқысыз қызмет ету деп түсінсек, онда сол тәуелсіздікті қамтамасыз еткен жаңарысты одан әрі тереңдете түсуге мүдделі болуға тиіспіз. Ол үшін тек жақын кеңістіктегі жағдайлардың шылауында кетпей, заманалық құбылыстарды да мұқият қадағалай білгеніміз жөн. Санадан әлі кетіп болмаған иемденгіш өркениет экономикалық көрсеқызарлық пен саяси әлімжеттікті біржақты әспеттеп, өзгенің әлжуаздығы мен мұқтаждығын кіріптарлыққа айналдырып, әуелі аймақтық, артынан әлемдік үстемдікке ұмтылатын отаршылдықты туғызды. Ол жан-жаққа бөлінген әлемдік текетіреске ұштасты. Ондай текетірес жеке халықтардың ғана емес, күллі адамзат пен планетаның болашағына түбегейлі қауіп төндіргендіктен де, қазіргі ахуал орнап отыр. Ендігі жерде халықтар мен мемлекеттер бір-біріне кіріптарлықтан жан-жаққа бөлінетін одақтастық жолына түсіп емес, бір-бірінің тәуелсіздігін мойындап, мүдделерін қалтқысыз құрметтеп, бірдей тиімділік жолымен ықпалдасу арқылы ғана құтыла алады. Тек сонда ғана өздерін де, күллі өркениетті де аман сақтап қалады. Бүкіл адамзат соңғы жылдарда болып жатқан өзгерістерден осындай үміт күтіп отыр. Баршамыздың басымызды қатерге тіккен «әлемдік үстемдік жолындағы одақтастар тайталасы» осымен бітсе екен деген тілекте. Ал егер жас тәуелсіздіктер азаттықтың алғашқы кезеңінің күшейе түсер күйзелістеріне шыдамай, жан-жағымен бар жаққа бірдей тиімді демократиялық – өркениеттілік тұрғыдағы ықпалдастық орнатудың орнына жан-жаққа бөліне жарылушылықтың былайғы әлем тарапынан секемшілдік шақыратын жаңа бір түрлері мен қағидаларына бой алдыра бастаса, өздерін тек сырт сипаты мен шекара-аумағы ғана өзгерген сол баяғы кіріптарлық ахуалға, ал адамзатты бір-біріне сеніп болмас қырғи-қабақтық ахуалға қайта оралтар еді. Ендеше, егемендігімізді нығайту, тәуелсіздігімізді баянды ету – біздің халқымыз бен қоғамымыз алдындағы отаншылдық, қалған адамзат алдындағы адамгершілік парызымыз. Ол парызды ойдағыдай атқарып шығудың оңай емес екені рас. Қазіргі күйзелістің тамыры терең, салдары салқар. Жер кең. Байлық мол. Қарамыз аз. Одан туатын қиындықтарды кешегі «орталықшыл экономизм» шешудің орнына, одан сайын шиеленістіріп жібергені мәлім. Өнеркәсібіміздің көбінесе сыртпен ұштасып, іштей тұтаспай жатуы да, бір пұшпағымыздың шығандап озып, екінші пұшпағымыздың қалып қоюы да, бар байлықтың бәрі бола тұра, ештеңеге қарқ бола алмай келгеніміз де тегіннен-тегін емес. Бас-басына би болғысы келетін саяси топтар, бас-басына бай болғысы келетін экономикалық күштер осы жағдайларды пайдалана отырып, онсыз да жолы жіңішке тәуелсіздіктің жолын одан сайын тарылтып бағуда. Жарлының асын жапа-тармағай бісміллә құртады дегендей, жан-жақтан сұғыну, жан-жаққа ала қашу да азаймай тұр. Кешегі салалық өзімшілдіктің орнын енді кәсіпорындық өзімшілдік басты. Оның үстіне ойда жоқта отан жайлы ұғымын қайта қарауға мәжбүр болып отырған миллиондаған жандардың өздері мен балаларының болашағына бола заңды алаңдаушылығын пайдаланып, бөліне-жарылушылықты, жер, тіл, лауазым дауын қопсытқысы келетіндер де баршылық. Қысқасы, шетін мәселелер көп. Шешуге мүмкіндік тапшы. Ол мүмкіндікті қамтамасыз ету үшін де уақыт қажет. Бұл орнықтылықты талап етеді. Тәуелсіздікке жұлдызы қарсылар, ең алдымен, сол орнықтылықты шайқалтуға құштар. Сәл нәрседен ілік шығара қойғыш, дау туғыза қойғыш күштердің де көздейтіні сол. Жанжал шығарып, жауапкершілігін жас тәуелсіздікке арта салу – тоталитаристік кекшілдіктің кәнігі тәсілі. Ондайдың шылауында кетіп, саяси әулекілік пен әлеуметтік шыдамсыздыққа жол беріп алған аймақтардың күндерінің қандай болып жатқанын көріп отырмыз. Ендеше, дәл бүгінгі таңда бізге керек отаншылдық пен елжандылықтың ең басты сипаттары: саяси қоқан-лоқының қай түріне де төтеп бере алатын ұстамдылық, өз қамын өзі жеп, өз құлқын өзі түзей алатын салихалылық, өзгелер мүддесіне түсіне қарайтын, қолынан келсе қолғабыс жасап, қолынан келмесе, біреудің басындағы жайсыздықты ушықтырмайтын ізгіліктілік, ертең өзі қиянат көрмеу үшін бүгін өзгеге қиянат жасамау керектігін ұмытпайтын көшелі көрегендік болса лазым. Ал азаматтық жігер, әлеуметтік белсенділік, ұлттық намысқа келсек, оны, ең алдымен, өз бойымыздағы кетік-кемтікті түзетуге жұмсаған жөн. Қауырт келген өзгерістер бұл жағынан оязымыз мол екенін бұрынғыдан да айқындай түсті. Ата-бабадан қалған кең байтақ даланың асты мен үстіндегі бар байлықтың бәрін өндіріп, өңдеп, ұқсатуға жетілмей тұрып, экономикалық тәуелсіздіктің іргесі өз-өзінен орныға салмайды. Өзгеріп жатқан дүниенің қай құбылысын да сырттай қызықтамай, бел шешіп араласып, белсене ықпал ете алмай тұрып, тереземіздің теңеліп кете қоюы да қиын. Ұлан-байтақ өлкеміздің қай пұшпағын да өз үйіміздей көріп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, бір атаның баласындай бірге көгертіп, бірге құлпыртуға білек сыбанып бірге кіріспеген жерде, бірлік-береке жайындағы әңгіменің де тұзы жеңілдей бермекші. Етек-жеңі Европа мен Азияны бірдей қамтып жатқан ен байтақ Отанымызды жаңаша қорғап үйренбей тұрып, заманамен қатар адымдап, қатар дамуымыз да күмәнды. Демократия оңай бақ табу, нарық оңай мал табу деп ұғатындардың мықтап қателесетінін уақыт өзі көрсетіп беріп отыр. Біз бұған дейін бір-бірімізбен жарысып келсек, енді күллі адамзатпен жарысқа түсуге тура келеді. Намыс қуған дұрыс. Мансап, бақ, дәулет іздеген де теріс емес шығар. Бірақ, ол жолда ұпайымыз түгел болуы үшін өзімізді өзіміз қамшылай, өзімізді өзіміз шыңдай білуіміз керек. Сары уайым сапыратын уақыт кетті. Сарқылмас сабыр, ұтымды әрекет, тыңғылықты ыждаһатты күйттейтін уақыт жетті. Өйткені, әркім өз талайын өзінен көретін тәуекел мен жауапкершілік кезеңі келді. Әйтпесе, есесі кетеді. Опық жейді. Мұндай әңгімеден ешкім апшымауға тиіс. Өйткені, қандай халық, қандай қауым болмасын, өзінің тарихи дамуын өзінің тарихи отанында толығымен қамтамасыз ете алған жағдайда ғана, ішкі күштермен жарастықты ынтымақтаса, сыртқы күштермен тиімді ықпалдаса алмақшы. Біз таңғажайып қиял дүниесінде емес, кедір-бұдыр шындық дүниесінде өмір сүріп отырғанымызды бір сәт те ұмытпағанымыз жөн. Ешкімнің қызылына қызықпайтынымыз белгілі. Бірақ, ештеңеден де қапы соғып қалмауымыз керек. Орнықсыз заманда озбырлыққа құрбан болып аярлықтан алданып қалмауымыз үшін тыңғылықты білік те, тегеурінді білек те, тәуекелшіл жүрек те керек... Тек сонда ғана азаматтықтың ақ жолында мерт болған арғы-бергі ата-бабаның лайықты ұрпағы, олар қорғаған атамекеннің бүгінгі қожасы, әрі панасы, жасарып-жаңғырып жатқан адамзат қауымдастығының терезесі тең мүшесі бола аламыз. Желдің өтінде, жаудың бетінде жүріп, сонау қадым ғасырлар түкпірінен бүгінгі тәуелсіздік пен егемендікке жол салып берген қаһарман бабаларымыздың шәйіт қаны тамған шайқас орнында бас қосып, ерліктеріне тағзым етіп, нар тәуекелдері мен береке-бірліктерінен тағылым ала отырып, байласар пәтуамыз бен берер сертіміз осы болса керек деп білеміз.

АРҒА ТАРТПАЙ – АРМАН ТҰЛ, НАМЫС ҚУМАЙ – МАҚСАТ ТҰЛ

Ұлттық намыс туралы ойлансақ.

Тарихта «кіндік кезең» деп саналатын тұстар болады. Ондайда белгілі бір саяси құрылыстардың ғана емес, күллі қоғамдық тіршіліктің тұтастай түгел өзгеруі талап етіледі. Біздің бүгінгі бастан кешіп отырған құбылыстарымыз көп ретте сондай кіндік кезеңдерді еске салады. Бұл орайда жиі талас туғызып жүрген мәселе – ұлттық мемлекет идеясы. Кейбіреулер ұлттық мемлекеттер көп ұзамай тарих сахнасынан біржола кетеді деген сәуегейлік айтады. Ал екінші бір ойшылдар, керісінше, кейінгі өзгерістер ұлттық мемлекет идеясының өшуі емес, өршуінің айқын көрінісі деп дәлелдейді. Қайсысы дұрысы? Міне, алдымен осы жәйттің басын ашып алмайынша, бүгін таңда көп сөз болып жүрген ұлттық намыс, ұлттық сана дейтін ұғымдардың да мән-мағынасына қапысыз қаныға қоймас едік. Ендеше адамзат қоғамында болып жатқан әлгіндей құбылыстарға байланысты біздің өз ұлттық болмысымызда, ұлттық санамызда қандай өзгерістер болуы ықтимал? Бұл сұрақтың кез-келген естияр азаматты енжар қалдырмайтыны әбден түсінікті. Оған дұрыс жауап табу үшін жалпы адамзат қоғамының өткен жолына тағы да көз жүгіртуге мәжбүр боламыз. Өйтпейінше, біз алға басып барамыз ба, не кейін шегініп келеміз бе, алған бағытымыз дұрыс па, бұрыс па дейтін күдік-күмәннан арыла алмас едік. Ал, ұлттық сана дегеніміздің әзі де, әр адамның жеке азаматтық санасы сияқты, әр ұлттың өз тіршілігін өзі бағдарлауы, өзінің барар жерін, шығар биігін өзі белгілеуі, өзінің алдына өзі мақсат қоя білуі ғой. Олай болса, қазіргідей әрі-сәрі кезеңде біз адамзат тарихының тағылымдарына қайта-қайта жүгінбеске амалымыз жоқ. Жалпы, жер бетіндегі тіршілік миллиондаған жылдармен есептелінеді. Соның тек кейінгі бір миллион жылында ғана саналы адам дүниеге келді. Алайда, адамзат тарихы одан әлдеқайда әріден, жер бетіндегі тіршіліктің пайда болуынан басталады. Ал жер дегеніміздің өзі де – үлкен космостың кішкентай ғана бөлігі ғой. Ендеше, тіршілік – тек жер тағдырымен шектелмейтін, үлкен ғарыштық ұғымдағы құбылыс. Сондықтан да біз өз ұлттық тарихымызды жалпы тіршілік тарихынан, адамзат тарихынан бөле-жара қарастыра алмаймыз. Олай етсек, ер жеткенімізді де кер кеткенімізді атымен ажырата алмауымыз мүмкін. Осы тұрғыдан келгенде, мына бір жайды мықтап еске ұстағанымыз жөн сияқты. Миллиардтаған жылдармен өлшенетін тіршілік тарихы мен адамзат тарихында ұлт, мемлекет дейтін ұғымдардың шыққаны күні кеше ғана еді. Дәлірек айтсақ, неолит заманынан бермен қарайғы кезеңде еді. Оның әр жағындағы миллиондаған жылдар бойы адамзат қалған тіршілік иелерінен ірге ажыратып кете алмай, бүкіл табиғатпен бөліне-жарылмайтын бір құбылыс саналып келді. Жалпы, жан иелерінің қалған жаратылыстан оқшауланып көзге түсіп тұратын жалғыз қасиеті – өз қорегін өзі табуға тырысатындығы еді. Бұл қасиет бүкіл биологиялық индивидумдардың бәріне де тән. Қанша саналы дегенімізбен бұл мәселеде адамдар да алғашқы кезеңде басқалардан көп алысқа ұзап кете алмады. Олар да жер бетінде өзінен-өзі өніп тұрған дайын ырзықты тауып қоректенгеніне қанағат етті. Ғалымда оны терімшілік дәуір дейді. Шөптің басында, судың ішінде, өзін қоршаған ортаның кез-келген жерінде дайын күйінде тұрған ырзықты жиып алып жеу – бағзыдағы бабаларымыз білген бірден-бір экономикалық қарекет болатын. Ең таңғалатын жағдай: сол миллиондаған жылдарға созылған адамдық тіршіліктің тоқсан проценті осындай дайын тұрған табиғи ырзықты сол әзір күйінде әжетке жарататын терімшілдік дәуірге жатады. Ал оның бер жағындағы он проценттей ғана мөлшерді иемденетін келте кезеңде біздің ырзық айыру дағдымыз түбегейлі өзгерді. Бұрынғы табиғаттағы дайын тұрған ырзықты дайын күйінде пайдалану орнына табиғатпен қосыла отырып, өз ырзығыңды өзің көбейте түсу жолында қаракеттене бастадық. Оған дейін шөп басындағы дәнді теріп алып, соны қорек етсек, енді оны өзіміз қолдан өсіруді, далада жүгіріп жүрген мақұлықаттарды ұстап алып, тамақ етсек, енді оны қолға үйретіп етін азық, жүнін, терісін киім етуді кәсіпке айналдырдық. Мұндай үрдістің шыққанына бар болғаны тоғыз-он мың жылдай ғана уақыт болды. Мінеки, неолит революциясы деп жүрген революциясы да осы еді. Неолит революциясы адамдарды бұрынғы биологиялық индивидиум және табиғи үйірдің өкілінен әлеуметтік индивидиум және әлеуметтік ортаның (социум) мүшесіне айналдырды. Бұл бірден жүзеге асқан жоқ, біртіндеп жүзеге асты. Әуелі қан қуалаған тектік жолмен топтасу – рулардың шығуы, рулар бірлесіп, тайпалық одақ құрауы сияқты алғашқы саяси қауымдасу кезеңі басталды.. Оның барлығы мемлекеттік құрылысқа келер жолдар болғанымен, әлі мемлекеттік құрылыс емес еді. Ендеше ол тұстардың бәрінде екі аяқты нәсіл этникалық жолмен ұйымдасудың да ең бір бастапқы кезеңінде жүрген еді. Ондай тар ауқымнан шығып, үлкен мөлшерде топтасу, сол топтастықты одан әрі дамытып, ұлғайта алатындай саяси құрылымдар түзуге әкеп тірейтін әлеуметтесудің жүзеге асқанына бар болғаны бес-алты мың жылдай ғана уақыт болды. Ал әуелі осындай өз алдарына дербес-дербес құралған жиынтықтардың бір-бірімен өз еріктерімен бірігуі, өз еріктерімен бірікпесе, күштілері әлсіздеріне әлімжеттік жасай отыра біріктіруі басталғанына не бары үш-төрт мың жылдай ғана уақыт өтті. Сол екі ортада екі аяқты нәсіл танымастай өзгерді. Жер белдеуінің бойынан бастап жер кіндіктеріне қарай қашқан мұзға ілесе отырып, әуелі аң қуалады, кейін сол қуалаған аңдарының кейбірін қолға үйретіп, молшылықты күйттеді. Жол-жөнекей мұздан босаған жерлерде өсіп тұрған өсімдіктердің дәнін жиып, тамырын сорып; миуасын теріп жеп жүре, диқандыққа дағдыланды. Сөйтіп, бірте-бірте адамдық күнкөрістің көп ғасырдан бері көз қанықты болып алған жолдарына көшті. Оған жету үшін де мыңдаған жылдар керек болды. Неолит революциясы географиялық ортаны игеруде үлкен бетбұрыс жасады. Географиялық кеңістіктерді игеру үстінде қалыптасқан жиынтық өзі игерген ортаның жағдайларына иемдену барысында өз тіршілік үрдісін қалыптастырды. Ол нәсілдік даралануды туғызды. Сол арқылы көптеген этностардың, ұлттардың шығуы жүзеге асты. Мінеки, осылайша биологиялық дамудың шетінен этникалық даму шешуші орынға шықты. Ондай нәсілдік дамуға әмір сүріп отырған ортаның тарихи-географиялық сипаттары айрықша ықпал етті. Өйткені, адам ұзақ уақыт бойына тек жер үсті дайын игілікті ғана пайдаланды. Сосын оны қолдан толықтыратын жолдарға егіншілікке, малшылыққа көшті. Сүйтіп, күні кешеге дейін вегативтік кеңістіктерге тікелей тәуелді болып келді. Соңғы үш-төрт ғасырдан бұрынғы уақытты вегативті кеңістікке тәуелділік заманы деп есептеуіміз керек. Тек соңғы үш-төрт ғасырда ғана адам кеңістіктің үстін ғана игеріп қоймай, астын да игеруге кірісті. Ұлттық әр алуандық қайдан пайда болды? Көп уақытқа дейін адам нәсілеттілердің саны өте аз, ал жер бетіндегі кеңістік соншама үлкен болды. Адамдар сол өте үлкен кеңістіктерді шарлап кезіп жүрді. Аң аулау үшін де, мал өсіру үшін де өте үлкен кеңістіктер керек еді. Әрбір адам, не болмаса әрбір жан ұя өзінің қорегін айыру үшін жүздеген, мыңдаған шақырым жерлерге барып мал бағатын, аң аулайтын. Сөйтіп, кеңістіктік көптігі мен одан алатын ырзықтың аздығы алғашқы адам нәсілеттілер жиынтықтарының оңашалануларына жағдай туғызды. Сондықтан олар бірнеше жүздеген, мыңдаған оңаша-оңаша ұжымдарға бірікті. Сол ұжымдар мыңдаған жылдар бойы белгілі бір кеңістікте, күнкөрістің белгілі бір түрлерімен шұғылдана жүріп, тек қана өзара араласып, өзара ықпалдасып, ортақ әрекеттесу арқылы саналы түрде тұрақты жиынтықтар жасады. Бұл тілдің, дәстүрдің, тағдырдың бірлігіне, тіпті тарихтың бірлігіне әкеліп тіреді. Осы жағдайлар болашақ этникалық бірліктің қалыптасуын қамтамасыз етті. Жаңағы айқын вегативтік кеңістікке тікелей тәуелді кезеңде ұлттық ұю қалыптасып кете алмады. Ол кезде қаншама үлкен жиынтықтар болғанымен, олардың тұқым, қан қуалайтын жүйелері ұмыт бола қоймаған-ды. Оларды ұмытатындай белгілі бір аяда тым көп мөлшерде жинақталып, өзара ию-қию араласып, жікті білдірмей жымдасып кете алатындай жағдайлар әлі орнаған жоқ еді. Сондықтан капитализмге дейінгі кезеңде негізінен адамдардың ұйымдасу, қауымдасу үлгісінде тектік жол бірден-бір ұйымдасушылық қағидаға айналып отырды. Феодал дегеніміздің өзі феод ұғымынан шыққан-ды. Мұның өзі – белгілі бір бекзаданың төңірегіне топтасқан бірнеше тектердің жиынтығы деген сөз. Қазақтардың да тайпа дегені көршілес, қоңсылас жүрген рулардың белгілі бір туыстың жүйемен топтасқан одағы ғой. Ондай туыстық жүйе болмаған күннің өзінде әлгі руларды туыстас, тектес деп санататындай қисындар бәрібір ойлап табылар еді. Оның барлығы біздің қазіргі пайдаланын жүрген ұлттың мағынасына бәрібір жақындай алмас еді. Ұлт болу үшін өз мемлекетіңнің болуы, тіліңнің, жеріңнің тұтас болуы керек дейтін қағида бар. Ол әдетте Сталинге телінеді. Бірақ олар оған дейін де нәсілтану ғылымында бар сипаттамалар еді. Бәлкім, үстеме таптық сипаттар қосақталуы аталмыш кескіндемені айтарлықтай тұрпайыландырған шығар. Алайда ұлт болу үшін жер тұтастығы, тағдыр тұтастығы, қарым-қатынастардың тұрақты үрдісі болуы керектігі ақылға сыятындай шарттар еді. Осы ретпен келгенде, ерекше ескеретін бір жәйт: жаңағы айтып отырған кейбір ұлттар вегативтік кеңістікті ерте замандарда игеріп, оның табиғи мүмкіндіктерін ертерек тауысып, оны қолдан толықтыратын жасамыс тәсілдерге ертерек көшті. Соған қарап, жалпы төңірегімізді қоршап тұрған дүниені бірін жаратылыс, екіншісін жасамыс деп екі айырық салаға бөлетін қисын шықты. Жаратылысымыз күн, су, ауа – «құдайдың өзі жасаған» ортамыз да, жасамысымыз – сол ортаның адамның қолы араласып, қосымша сипаттар қосып, күрделілендірген түрі еді. Мәселен, қала, егінжай, суландыру, қатынас, байланыс жүйелері, т.б. Адамзат қауымы сол жаратылыстық аядан жасамыстық аяға бір уақытта жаппай көшкен жоқ. Біреулері бұған мыңдаған жылдар бұрын, екінші біреулері бірнеше ғасыр бұрын ғана кірісті. Ал, үшінші біреулерінің тіршілігінде жасамыстық аядан гөрі жаратылыстық ая әлі күнге басым түсіп келеді. Жер бетіндегі өркениеттің әр алуандығы, әр ұлттық мәдениеттің өзіндік сипаты, әрбір ұлттардың санасында айта қаларлықтай айырмашылықтардың болуы – негізінен, осы себептерден туындайды. Мұны біреулердің еңбекшіл болғандықтан ерте дамып кетті, екіншілері жалқау болғандықтан кейін қалып қойды деп түсінуге бола ма? Жоқ, болмайды. Белгілі бір биологиялық түр ретінде адамның дамуы өзін қоршаған ортаға тікелей байланысты екенін айттық. Өзін қоршаған ортада оның тіршілігіне қажетті барлық жағдай туып тұрса, ол өзінің жаратылыстық жағдайын көп өзгерте қоймайды. Жасамастық жолға да дендеп кеше бермейді. Мінеки, көптеген ұлттардың жиырмасыншы ғасырға дейін вегативтік кеңістікпен қарым-қатынас тұтқынында қалып келгенінің сыры да осында. Төңірегіндегі оңай ырзық айыратын табиғи мүмкіндіктердің әлі сарқыла қоймағандығында. Бұдан мыңдаған жылдар, бірнеше ғасырлар бұрын өз тұсындағы саяси жағдайда өте үлкен ықпалға ие болған ұлттармен ұлыстардың кейін ондай ықпалдан өз-өзінен айырылып қалуының да негізгі себебі – жаратылыстық мүмкіндіктердің молдығына мәз болып, жасамыстық мүмкіндіктерге тым кеш көшкендігі. Осындай санаттағы ұлттарға қазақтарды да қосуға болатын тәрізді. Егіншіліктен біржолата ірге ажыратып, бірыңғай малшылыққа көшу ежелгі экономикалық қатынастардағы айтулы өзгеріс болды. Тек қана малшылықпен шұғылданатын көшпелі тұрмыстың шығуы негізінен Орталық Азияға тән құбылысты. Орталық Азия халықтары көп уақытқа дейін Евразияның ұлан-байтақ жазықтықтарын, таулары мен құмдарын қыс қыстау, жаз жайлауына айналдырып, ондаған ғасырлар бойы емін-еркін көшпелі дәурен сүрді. Ондай шаруашылық үрдіс қазақ үшін тіпті бүгінгі жиырмасыншы ғасырларға дейін созылды. Бұл жағдай оның басындағы саяси-экономикалық өзгеру процестерін ойдағыдай өрістетпей, белгілі мөлшерде баяулатып тастағанына бүгін көзіміз жетіп отыр. Біздің күнделікті күнкөрісімізді қамтамасыз ете алатын вегативті кеңістіктердің көп болуы, жанбасымыздың аз болуы, өзіміз жүрген географиялық аяны тек бір-ақ бағытта, мал өсіру бағытында ғана игеруге жағдай жасады. Сондықтан ата-бабаларымыз малының өрісі мен суатын ғана ойлап, жеріміздің астындағы байлықпен ісі болмады. Ол түгілі көз алдымызда ағып жатқан өзендердің бойына егін салып, шалқып жатқан шалқар көлдерімізден балық аулап, ырзық айыруға да онша ықыласты бола қойған жоқпыз. Төрт түлік малды азық та қылдық, көлік те қылдық, көрік те қылдық. Сөйтіп, даламыздың кеңдігі, тек үстіндегі байлығының өзі қажетімізден асын түсуі бізді ұзақ уақытқа дейін басқаша тіршілікке атымен алаңдата қоймады. Қазақ халқы осындай молшылық, кеңшілік дәуренде жүрген кезде адамзаттың қалған бөлігі өз төңірегіндегі табиғи тіршілік ресурстарының сарқылын бара жатқандығын байқап, оны қолдан толықтыратын жолдарға көше бастады. Егіншілікті, жерді қолдан суаруды меңгерді. Ол үшін отырықшылыққа көшу керек болды. Осыдан барып, біз мекендеп жатқан Орталық Азияның өзінде отырықшы мемлекеттер пайда болды. Мұның өзі келе-келе көшіп-қонып жүрген малшы мемлекеттердің тіршілігіне көптеген қиындықтар әкеле бастады. Әсіресе, бұрынғыдай емін-еркін көшіп-қонуға кедергілер көбейе бастады. Рас, ондай отырықшы мемлекеттерге бастапқы көзде оншалықты көп территория қажет бола қойған жоқ. Өйткені, олардың экономикасының әуелдегі негізгі көзі – егіншілік, ұсақ кәсіпшілік, сауда-саттық болатын. Сондықтан да оларға көшпенділер сияқты бір құрлықты түгел иемденуге тырысудың қажеті шамалы еді. Әрине, ондай отырықшы мемлекеттердің шығуы көшпелілікті тежеген жоқ, Қайта олардың жағдайын жақсартты. Өйткені, көшпелілер өзінің үйреншікті шаруашылығымен шұғылдана отырып, қажетті бұйымдары мен мүліктерін көршілерінен алатын экономикалық айырбастың тұрақты түрлерін қалыптастырды. Бұл көшпелі дәуірдің тағы да ұзаққа созыла түсуіне әсер етті. Азияда осындай жағдай үстемдік құрса, екінші бір материктерде, мысалы Европада, бұрынғы аңшылар, балықшылар, вегативтік кеңістікке тәуелділіктің алысқа апармайтынын ерте аңғарды, табиғи мүмкіндіктің тапшылығының дәмін ертерек татты. Сондықтан олар табиғи ортамен қарым-қатынастың жаңа түрлеріне жетілді. Табиғатты игерудің өнікті амалдарын тезірек үйренді. Ол ғылымның жетілуіне, техниканың дамуына ықпал жасады. Ол екеуі жер үстіндегі табиғи байлықтарды азайтқан үстіне азайта түсті. Енді жер астын да игеруге, қазба байлықты да адамзат қажетіне асыру қарекетіне кешірді. Осыдан барып өнеркәсіп шықты. Индустрияның шығуы капитализмнің келуі, қосымша құнның адам нанбастай мол мөлшерде қордалануы осыдан үш-төрт ғасыр ғана бұрын жүзеге аса бастады. Ондай үрдістің Еуропадан басталуы да тегіннен-тегін емес еді. Бұл құрлықтың климаттық жағдайы, тұрғындардың жиілігі, қоныстануының заңдылықтары, жер шарының қалған аймақтарынан әлдеқайда бөлек еді. Бірақ жер шарының бір бөлігінде қорек айырудың, тіршілік етудің жаңа және өте ықпалды, өнікті түрінің пайда болуы қалған бөліктеріне де тікелей әсер ететіні түсінікті. Осыған байланысты соңғы үш-төрт ғасырдың ішінде, тіршілік, қорек айырудың европалық үлгісі, қор жию тәсілдері дүниенің төрт бұрышына түгел тарай бастады. Адамзат тіршілігінің негізгі үрдісі кейінгі үш-төрт ғасырда европалық үлгілерге мейлінше жақындай түсті десек, ақиқаттан аулақ кетпейміз. Бүгінгі заманда жер бетінің түгелге жуық ұстанып отырған қағидасы – осы айтқан Еуропалық, тиімділік тәсілі. Әрине, өз-өзінен бұлай бола қойған жоқ! Халқының жиілігі, жер көлемінің тарлығы, климат жағдайы Еуропада өнеркәсіптің ең алдымен шығуына себепші болды. Ол өнеркәсіп территориялық тұрақтылықты талап етті. Өйткені, жер асты байлығын игеру, жер үсті байлығын игерудей емес, ауа райына тәуелділікті азайтты. Климаттың құбылуына байланысты бір құрлықтан екінші құрлыққа үдере көше жөнелетін, жаппай миграция тыйылды. Енді адамдар бұрынғыдай тек қуалау жолымен емес, бір аяда ұзақ уақыт бірге тіршілік ететін мекендестік жолымен де ынтымақтаса алатын болды. Ондай ынтымақ этникалық жағынан ала-құлалау, әр алуандау болғанымен, экономикалық мүдделестігі жағынан бір-біріне мейлінше тәуелді жаңа этникалық-территориялық жиынтықтарды туғызды. Ұлттар солай пайда болды. Территориялық тұрақтануды рухани-экономикалық ықпалдасуға ұластырған бұндай күрделі жиынтықтардың ынтымағын қалыптастыру үшін бұрынғыдан гөрі күрделірек және пәрмендірек саяси құрылымдар керек болды. Мемлекеттік білім институттары солай қалыптасты. Мемлекеттің ұлттық санаға, ұлттың сананың мемлекеттілікке тікелей байланысты болатындығы да сондықтан. Жаңаша кеңістік игеру мен жаңаша шаруашылық құру территория мен тұрғындары арасында жаңаша сабақтастық туғызды. Дүниеге ұлттық мемлекет идеясы солай келді. Бұрынғы бір дінді ту етіп ұйымдасқан әлемдік империялар енді ұлттық-территориялық жаңа жіктелуге байланысты қайтадан ыдырай бастады. Қасиетті Рим империясы мен оның қиыр батыс және қиыр теріскей аймақтары арасында жерге таласудан шыққан отыз жылдық соғыс өнеркәсіптің өркендеуіне байланысты жаңа күшейе бастаған шет аймақтардың территориялық талабын мойындаумен аяқталды. Осы заманғы ұлттық мемлекет идеясының шығуына да сол 1648 жылғы Весталь бітімі себепші болды. Содан басталған егемендену процесі ғылым мен техниканың дамып, соған негізделген жаңа өркениеттің өркендеуіне айта қаларлықтай ықпал етті. Сөйтіп, әлемдік дамудың алдына шығып алған Еуропа капитал мен бұйымды көптеп сыртқа шығарып, сырттан көптеп шикізат әкелу мақсатымен дүниені қалған бөліктерін отарлауға кірісті. Дамыған Еуропа елдері іргедегі көршілерін қосып алу жолымен көбейетін бұрынғы империялардай емес, техниканың дамуы арқасында алыс елдерді де өз ықпалдарына бағындыра алған жаңа трансконтиненталдық империялар туғызды. Ондай мүмкіндікке бір емес, бірнеше елдердің қатарынан ие болуы жер шарын қайта бөліске салатын дүниежүзілік соғыстарды шығарды. Сондай бір дүниежүзілік соғыстың империялардың пайдасына шықпауы XX ғасыр басында АҚШ президенті Вудруф Вильсонды «халықтардың өзін-өзі билеу құқын қамтамасыз ету» идеясын қайтадан көтеруге мәжбүр етті. Россиядағы большевизм монархизмге қарсы күресте ол идеяны шебер пайдаланды. Бірақ, көп ұзамай ұлттық тәуелсіздік қағидасын таптық күрес қағидасы жолында құрбандыққа шалды. Ол жаңа сипатты әлемдік текетіреске жол ашты. Вул жағдай екінші дүниежүзілік соғыс басталмай жатып, Рузвельт, Черчилль, Сталинді «Атлант хартиясын» қабылдап, «ұлттардың өзін-өзі билеуі» қағидасының заңдылығын қайтадан мойындауға мәжбүр етті. Бірақ, екінші дүниежүзілік соғыс ұлт-азаттық қозғалысының пайдасына шешілгенмен, «ақ империализм» де, «қызыл империализм» де оны әлемдік үстемдік жолындағы күрестің қаруына айналдыруға тырысты. Сөйтіп, «әлемдік империя» «әлемдік үстемдік» құру идеясын қайтадан күшейтуге жан салды. Ол бұрынғыдан да қатерлі, тіпті күллі планетаны құрдымға батыруы мүмкін болатындай қауіпті дәрежедегі текетіреске әкеп соқтырды. Ол текетірестің күйреуі де «әлемдік үстемдік» қағидасының емес, «ұлттық тәуелсіздік» қағидасының пайдасына шықты. Қазір жер бетінде екі жүздей тәуелсіз мемлекеттер болса, мамандардың айтуынша, олардың саны келесі ғасырдың ортасына шейін үш жүзге жетуі ықтимал. Демек, ұлттық мемлекет идеясы әлдеқашан ескірді, ендігі әлем тәуелсіздену жолымен емес, ықпалдасу жолымен өркендейді дейтін қисын – әлемдік үстемдік ниетінен әлі бас тарта қоймаған империалистік көлгірліктің айла-амалы. Ресурстар азайып, жасампаздық жойымпаздыққа ұласып кетуі ықтимал жағдайда әлемдік ықпалдастық керек екендігін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, ондай ықпалдастық «әлемдік үстемдік орнату» жолымен емес, барлық жақтың мүддесі бірдей ескеріліп, еш тараптың да мүддесіне қауіп төнбейтіндей, әлемдік тәртіп орнату жолымен ғана жүзеге аса алады. Ондай тәртіп халықтар мен мемлекеттердің кіріптарлығы емес, тәуелсіздігін, томаға-тұйықтығын емес, ықпалдастығын, жақ-жақ одақтастығы емес, дербес-дербес тең құқылығын жаппай даусыз мойындау арқылы ғана іске асады. Бұл жолда әлемдік үстемдік жолында тап-тапқа бөлінген әлемдік саяси текетірестер де сондай қауіпті болса, не дін жолымен, не тарихи дәстүрлестік жолымен жақ-жақ боп тайталасатын аймақтық саяси текетірестер де сондай қауіпті. Олардың қай-қайсысы да әлемдік тәртіпке емес, әлемдік тайталастыққа апарып соқтырады. Ондай текетірес пен тайталаста бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған жас мемлекетіміз болған. Ол кейде өз алдына отау тігіп, оңаша хәл кешсе, кейде көршілерімізге кіріптар болып, бағынышты күй кешті. Талай рет басқалармен қосылын, жиынтық мемлекеттер құрамында болды. Қалай болған күнде де, мыңдаған жылдарғы мемлекеттік дәстүріміз бар. Бірақ, өркениетті мемлекет болуға енді ғана бет бұрдық. Ондай беталыс жиырмасыншы ғасырдан ғана басталды деп айтуға әбден болады. Он тоғызыншы ғасырда қазақ даласында жекелеген кендер қазылғанмен, жекелеген өнеркәсіп орындары ашылғанымен, жекелеген өнеркәсіп орындар ашылғанымен, ол ұлттық шаруашылық үрдісімізді түбегейлі өзгерте алатындай ықпалға ие бола алған жоқ-ты. Оның үстіне, жаратылыстық аядан кетіп, жасамыстық аяға көшуіміз көп жағдайда күштеп жасалынған-ды. Қазақтар көп жағдайда жаңа кәсіпті өз еркімен игерген жоқ, екіншіден оны өз еркімен игеруге мүмкіндігі де болған жоқ. Мінеки, соның салдарынан біздің ұлттық санамызда белгілі бір мөлшерде өзін үлкен индустриядан аулақ ұстау, не болмаса оған жатсына қарау салқын орын алын келді. Екінші жағынан, біздің даланың байлығын игеретін күштер жергілікті халықты өз істеріне араластырғысы келмеді. Мүмкіндігінше, одан шет қалдырды, ғылыми-техникалық өзгерістерден аулақтау ұстау саясатын жүргізді. Бұған көзіміз қазір жетіп отыр. Қазақстанның көп салалы экономикасында жергілікті халықтың үлесіне тигені тек мал шаруашылығы ғана. Қалған салаларда оның үлес салмағы тым қораш. Қысқасы, қазақтар өз жерінде болып жатқан индустриялық революциядан тысқары тұрды. Оның жай-жапсарынан көк арақты кісілер ретінде хабардар болғанымен, қолма-қол араласып, жетекші тұлғаға айнала алмады деп айтуға әбден хақылымыз.

Бұл жалпы отаршылдық атаулының ұстанатын ортақ саясаты еді.
Ол заңдылық қазақ даласын да айналып өте алмады.

Біз қазір саяси тәуелсіздігімізді нығайтып жатырмыз. Ол жолда табыссыз да емеспіз. Бірақ экономикалық тәуелсіздігіміз турасында тап бұлай батыл айта алмаймыз. Өйтетіні – білердің күнкөріс айыру үрдісіміз қалған адамзат жеткен биіктен әлі де болса төмен тұр. Мұны ашық мойындамасақ, өзімізді өзіміз алдарқатып, әлі де талай уақыт жолдан қаламыз, Осыған орай, әртүрлі әңгімелер айтылады. Қазақ қандай жолмен ілгері басуы керек? Қандай бағыт ұстансақ, тезірек ел болып кете аламыз? Бұл мәселеде де ешкімге ұқсамайтын атымен жаңа үрдіс табу өте қиын. Өйткені, тарихи дамудың дағдыларын күллі адамзат қалыптастырады. Ал ұлт – оның бір бөлшегі ғана. Демек, кез-келген халық өзін-өзі аман сақтап қалуы және ілгері дами білуі үшін бүкіл адамзаттық тәжірибеге жүгінуге мәжбүр болады. Осы реттен келгенде, адамзаттың даму жолдарын мейлінше зерделеп, жете білуіміз қажет. Еуропалық технология, осы заманғы үрдіс пен рационалды мәдениет, жалпы өркениет өзінен-өзі туа салған жоқ. Сол айтулы Еуропаңыздың өзі де өзгелер тәжірибесін мықтап үйренді. Қатыгез табиғат жағдайында кеңінен өріс алған құрылыс салу, қолдан жер суару, дақылдарды қайтадан егу, өндіру, кеңістікті игеруді мөлшерлей білу, әуелі Еуропа емес, Афроазияда, Мысыр мен Қосөзен алқабында пайда болды. Отырықшы Азия ойлап тапқан математика, қыш өңдеу, қолдан құрылыс материалын жасау, жалпы механика жалпы медицина, астрономия өз отандастарынан гөрі басқа құрлықтарға көбірек қызмет етті. Демек, Еуропалық мәдениет деп жүргеніміздің өзі де – оған дейінгі күллі адамзат мәдениетінің ғасырлар сұрыптаған ең тиімді, ұтымды жолдары. Соны қапысыз үйрену арқылы қалыптасқан мәдениет. Ендеше, ол неге тек еуропалықтарға ғана тән болуы керек? Неге ол тәуелсіздік алып, өз жерінің үстіңдегі байлықты да, астындағы байлықты да игеруге енді-енді кірісіп жатқан басқа халықтарға өнеге бола алмайды?

Болғанда қандай?...

Мұндай ұлттық томаға-тұйықтықты тәуелсіздік деп ұғу – өскісі келген халықтың емес, өшкісі келген халықтың ісі. Әркім әр қырдың астында дәурендеп жүретін кез кетті. Өз игілігіңді өзің игере алсаң – игергенің, игермесең – өзге игеріп қояды. Өз ырзығыңды өзің жесең – жегенің, жей алмасаң – өзге жеп қояды. Өзің қапы қалмауға тырыспасаң, өзге қапыңды тауып кететін заманда отырмыз. Сондықтан басқалар білгенді біліп, басқалар меңгергенді меңгермесең, кіріптарлық пен басыбайлылықтан бәрібір азат бола алмайсың. Оның үстіне сен неғұрлым аз халық болсаң, солғұрлым тез жетіліп, солғұрлым көп үйренуің керек. Өйтпесең, өз ұпайыңды өзің түгендей алмайсың. Осы заңдылықты ескермей, кейінге тартуымыз, әлі де кең жүріп, кең тұруға тырысуымыз көсегені көгертпейді. Ұлттық намыс, ең алдымен, елгезектігіміз бен ыждаһатымыздан көрінуге тиісті. Өзгелер тәжірибесін дұрыс талдап, дұрыс бағалай білу – тәуелсіздікке үйренудің ең басты тағылымы. Біздің бастан кешіп отырған жағдайымызды көптеген мемлекеттер екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өз бастарынан өткерді.

Солар не істеді?

Бұрынғы дәстүр аумағында қалып, өткеннің ізімен жүруге тырысқан елдер әліге дейін өзіндік экономика жасақтай алған жоқ. Көбіне-көп шикізатын сатып, санының аздығын, шикізатының молдығын пайдаланып, күнкөріс айырғанына мәз болып отыр. Ал басқалармен батыл жарысқа түсіп, өздерін өздері рухани шыңдауға дәті тұра білген елдер өз байлығының аздығы ғана емес, тіпті жоқтығына қарамастан, осы заманғы технологияны алдымен игерудің арқасында әлемдік экономиканың көшбасшысына айнала алды. Мысалы, біздермен бір құрлықты мекендейтін, өзімізбен нәсілдес жапондарды алайықшы. Олар қоныстанған аралдарда шикізат атымен жоқтың қасы. Біздегі мүмкіндіктерден түгелдей ада. Соған қарамастан жапонның іскерлік ақылынсыз қазіргі әлемдік экономиканы көзге елестету еш мүмкін емес.

Осындай рухани кемелділікке жетуге біздің мүмкіндігіміз бар ма? Әрине. Біз бұрынырақ тәуелсіздік алған басқа елдерге қарағанда, жаппай сауаттымыз. Көбіміз техниканы өзіміз жасамағанмен, оны пайдалануға дағдыланып қалдық. Жеріміздің астында қанша байлық бар екендігінен жеткілікті хабардармыз. Қалған елдердің өнеге-үлгісін күнде көріп отырмыз. Оның үстіне қазір бұрынғы ата-бабаларымыздың өңі түгілі түсіне енбеген соны мүмкіндіктерге иеміз. Біріншіден, бізде технологиялық мағлұмат бар; Екіншіден, соны жүзеге асыратын шикізат мол. Үшіншіден, жаңа технологияны игеруге жеткілікті мөлшерде жасамыстық тіршілікке икемделген тәжірибеміз және бар. Қазір жасамыстық жағдайға бейімделмесек, өмір сүре алмайтындай кезеңде тұрғанымызды жақсы түсінеміз. Өйткені, өркениет тұрмысымызға әлдеқашан енген. Оның артықшылығымен пайдаланудың дәмін әлдеқашан татқанбыз. Өркениетті ел боламыз дегенді де осыған сүйеніп айтамыз. Ендеше, бұрынғы ұстанып келген үрдістеріміз бен дәстүрлеріміздің күні не болады? Олардың барлығын мансұқтап, бір күннің ішінде басқа адам болып шыға қоюымыз мүмкін бе? Бұл арада да басқалардың тәжірибесіне зерделей қарағанымыз абзал. Жер бетінде бұрын аңшы болмаған, егінші, малшы болмаған ешбір жұрт жоқ. Немістер де, ағылшындар да, жаңа мысалға келтіріп кеткен жапондар да, әуелде солай күн керіп, солай қорек айырды. Бірақ, олар жаңа мамандықтарды игеру үстінде өздерінің мыңдаған жылдар бойы жасаған мәдени мұраларың ұмытып, заманалар бойы қалыптасқан ұлттық психологиясын түгелдей өзгертіп жіберген жоқ. Олардың бойына жаңа психология, жаңа үрдіс сол мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық ерекшеліктерімен жарасым табу арқылы сіңді. Егер немістер өздері жайлаған ортадағы қатаң табиғатта үлкен төзімділікке, тапқырлыққа дағдыланбаса, аң аулаған, егін салған көздегі бойларына дарыған қасиеттерді, сол тұста тапқан амал-тәсілдерін жаңа индустриялық үрдісті игеруде де тиімді пайдаланбаса, бүгінгі биікке көтеріле алар ма еді?! Иә болмаса, жапондар шашыраңқы тар аралдардағы тапшылық салдарынан жоқтан бар жасауға, алақандай жерге бүкіл әулетін асырайтындай егін салып, тастың үстіне гүл өсіретіндей ұсынықтылыққа жетіскен іскерлігін пайдалана отырып қана осы заманғы ең озық технологияны меңгерді. Сол сияқты, заманалар бойы сүйектеріне сіңген үй ішілік, қауымдық, ұжымдық мінез-құлықтарынан да айныған жоқ. Мәселен, жапондар күні бүгінге дейін өздері жұмыс істейтін фирмасын өзінің қасиетті қара шаңырағы, өзінің ата-қауымы сияқты қастерлейді. Олар да үлкен рулық-феодалдық жолдан өткен халық. Сондағы ру басыларын, батырларын, ақылды азаматтарын, сеньорларын қалай сыйлаған болса, қазіргі өз фирмаларының, ұжымдарының басшыларын да тап солай сыйлайды. Не болмаса, бұрынғы самурайлықтың бусидо деп аталған моральдық жосығының көп қағидаларын қазіргі еңбек мәдениетін, кәсіби этиканы қалыптастыруда орынды пайдаланды. Қысқасы, өздерінің бір заманғы қауымдық психологиясын түгелімен далаға лақтырып тастамай, оны мына жаңа жағдайға икемдей білді. Өмірдің жаңа заңдылықтарын игеруде әжетке асыра білді. Біздің қазақ қауымында да мыңдаған жылдар бойы жан-жақтан әр алуан діндердің, нәсілдердің, мәдениеттердің шырқ айнала қоршап тұрған тайталас ортасында өмір сүргендіктен ықпалдастыққа ыңғайласа қалыптасқан жақсы-жақсы дәстүрлер бар. Ол – кеңпейілділік-мейірбандықпен қоса аршылдығымыз. Атаның сүйегін қорлатпайтын, өз жерін, өз суын сүйетін, мыңдаған шақырымға созылып жатқан маң даланы бір басының меншігіндей қасиеттеп, қастерлеп отыратын үрдістеріміз ешқашан ескіруі, тозуы мүмкін емес. Оның үстіңе қазақтың көп нәрсеге қызыққыш, көп нәрсені білгісі келетін елгезектігі, ыссылы-суықты табиғат өзгерістеріне оңай икемделе қоятын, жағдай талғамайтын төзімділігі және бар. Осындай қасиеттердің қандастарымызға осы заманғы индустриялық, тіпті индустриядан кейінгі атымен соны технологияны тез, жан-жақты игеруге пайдасын тигізері сөзсіз. Біздер бұрын ел қорғаған батырларымызбен мақтанатын едік. Біраздан бері «өз ортамыздан пәлен министр, түген профессор шықты», – деп қуанатын болдық. Бұл біздің намысшылдығымыз. Ендеше, сол намысшылдығымызды жаңа заманға лайық жаңа үрдістер игерудің психологиялық қаруына неге айналдырмаймыз?! Біз неге іскер адамдарымызға, білгір мамандарымызға мақтанбауымыз керек? Қазір ғой, қандай елге барсақ та, ең алдымен, ол елдің комфортын, сән-салтанатын, шығаратын бұйымдарын, кісі құрметтеу, қызмет көрсету мәдениетін ауызға аламыз. Қазір адамды, қауымды бағалаудың қағидалары да өзгеріп кетті. Сол жаңарған қағидалар қазақтар үшін жат болар ма еді? Жоқ, жат болмас еді. Қазақтар да бір кезде адамдарды көргенді-көргенсіз, тәрбиелі-тәрбиесіз деп бөлетін. Не болмаса, кісі бағалағанда, оның ұстаған шаруашылығына, мінген атына, киген киіміне, құрып отырған тұрмысына қарап бағалайтын. Неге біз жаңа іскерлікті игеруді, немесе жаңа мамандықтарды меңгеруді осындай бәсекеге айналдырмаймыз?! Біздің халқымыздың табиғатында бәсекешілдік бар. Біздің намысшылдығымыздың өзінде де әлгіндей бәсекешілдік жатыр. Неге біз осы бәсекешілдігімізді жаңа заманға ыңғайлануға пайдаланбаймыз ?! Ондай бәсекешілдік әуелден басыбайлыққа көндігіп қалған көнбіс қауымдарға емес, емін-еркін дәурендеп қалған азаттықшыл халықтарға ғана тән құбылыс. Ал өз-өзінен төлдеп, өз-өзінен көбейіп жататын мал үстінен ырзық айырып қалған көшпенді қауымда адамдар көбіне-көп кісіге кіріптар бола бермеген. Ашуланса, ағайынымен де ат құйрығын үзісіп, нағашысына не қайнына тайып туратын әдет те содан шығып жүрген шығар. Ылғи қозғалыс үстіндегі көшпелі шаруашылық өз аяғына жалынған мал болмаса, қозғалмайтын қор жинауға құлықты емес еді, Демек, дүниеге кіріптарлық та сүйекке сіңбеген. Ендеше, біздің бабаларымызға басты мұрат – басының қадірін асыру ғана болған сияқты. «Жігітке жүз өнер де аз», «сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін қағидалар тегіннен-тегін тумаса керек. Өйткені, жорық үстіндегідей ылғи жол үстіндегі тіршілікте де барлық өнер өз бойыңнан табылмаса, басқа біреуге амалсыз кіріптар болуға тура келетін еді. Сондай кіріптарлықтан қашып, қай өнер, қай қасиетте де ұятқа қалмауға тырысатын намысқойлық көшпенді тұрмыстың бір сарындылығы салдарынан жан-жақты жасампаздыққа ұласа алмай, бір басының бағасын ғана асыруға тырысатын бәсекешілдік пен баққұмарлықты асқындырып алған жерлері де бар шығар. Ол да – түптеп келгенде, рухани максимализмнің көрінісі. Оны күншілдікке айналдырып жіберіп жүрген де бір сарынды экономикалық үрдіс пен содан өрбіген күйкі әлеуметтік тағдыр. Ежелгі экономикалық үрдіс жаңа экономикалық үрдістің тегеурініне төтеп бере алмады. Ескі экономикалық үрдіс қалыптастырған ескі әлеуметтік үрдіс жаңа экономикалық үрдістің алдында кіріптарлыққа ұшыратты. Зордың өзін қорға, жақсының өзін жаманға айналдырмаса, кіріптарлықтың аты кіріптарлық болар ма еді?! Бұндай мәселеде, себеп пен салдардың ара-жігін ажыратып алмасақ, қасиетімізді қасиетсіздікке жорып, өз бәсімізді өзіміз түсіріп алуымыз да ғажап емес. Егер мәселеге осы тұрғыдан келсек, қазақтың «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді», – дейтін рухани максимализмі біздің әрі шұғыл, әрі түбегейлі шыңдалуымыз бен шымырығуымыздың бірден-бір моральдық қозғаушы күші бола алар еді. Жалпы, дәстүр-дәппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу – есуастық. Бірақ, оның бәрін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, жақсартпай, сол қалпында ұстануға тырысу – өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар жаны қастық. Олай болса, көшті-қондымен өткізген өткенімізді біржақты бағалауға болмайды. Біз оңымен қоштассақ, қимай қоштасамыз, жамандығына немесе бізге жасаған қиянатына бола қоштаспаймыз. Адамзаттың саны өсіп, табиғи ресурстар азайып, әлемдік ықпалдастық әркімді өз қалауымен дәурендей беруіне жібере қоймайтын осы заманғы ортақ дағдыластыққа бағынбасқа амал қалмағандықтан қоштасамыз. Ендеше, оның бойындағы қазір қолбайлау болатындай қасиеттерді жағдайға ыңғайлап жетілдіреміз, ал бұрын жасампаздығын жағдай болмағандықтан ойдағыдай таныта алмай келген жақсы қасиеттерін жарқыратып аша түсеміз. Біздіңше, ондай жақсы қасиеттерімізге тұрмыстағы шүкіршілік пен қанағатшылдыққа баулынған тұтынушылық минимализмді, соның арқасында кіріптарлыққа бас ұра қоймайтын рухани максимализмді – аршылдық пен намысшылдықты, бірақ салқар кеңістікте оқшаулана беруге жол бермейтін, у ішсең, руыңмен ішуге мәжбүр ететін қауымшылдықты, оған басыбайлықпен бас ұрғызбай, өзіңді-өзің тежей білу арқылы жүгінетін абырой-өжеттілікті жатқызуға болар еді. Әрине, ол қасиеттердің өзі де заман талабымен үйлесімділікті қажет етері сөзсіз. Көшпенді өмірдің сондай бір жақсы жоралғысы – жаңаруға, жаңа ортаға құмарлық. Тар аяда тұйықталмай, кеңге ұмытылған еркіндікке құштарлық. Кеңістікті бойлай өтіп, бұрын бармаған-баспаған жаңа өлкелерге жетуге ынтыққан тәуекелшілдік. Соныдан тайсалмайтын, жаңадан жасқанбайтын елгезектік. Кеше ол мінез жұртымызға бұрын көрмеген жаңа кеңістіктерді игеруге көмектессе, енді бұрын ұстанбаған жаңа үрдістерді меңгеруге көмектесері сөзсіз. Ұлттық психологиямыздағы мұндай қасиет те байырғы тұрмысымыздың дәйім қозғалыс үстіндегі динамикалық сипатынан туындап жатса керек. Алайда, бұл қасиеттің даулы да, даусыз да тұстары бар. Қауіпті де, қауіпсіз де қасиеттері бар. Қауіптенбейтін жері – ошарылып отырып қалуға, тоқмейілсіп тоқырап қалуға жол бермейтіндігі. Құбылмалы табиғаттың ыңғайын тауып, өзі жүрген ортамен ықпалдаса қарекеттенуге итермелейтіндігі. Қауіп шақыратын жері – кеңістіктегі тұрақсыздықтың рухани тұрақсыздыққа ұрынуы, елгезектіктің ұшқарылыққа ұласуы ықтимал екендігі. Ол, әсіресе, қауымның өз билігі өзінде болмаған жағдайда өзінен-өзі безінуге, өзін-өзі мұқатуға әкеліп соғатынын Күні кешегі тарих әбден дәлелдеп берді. Біздің жаңа заманға икемделгіштігіміз сондай: кейде өз қауымымызда атымен жоқ қырсықтарды өзіміз іздеп таба қойғышпыз. Мәселен, отызыншы жылдары таптық қатынастар әлі кеңінен етек жая қоймаған біздің арқайын қауым тап жауларын құрту жолындағы күресте басқа жұрттың бәрінен озып кетті. Оның қасында мына тың мамандықтарды, жаңа кәсіптерді игеру, өз өлкеңнің игілік-дәулетіне иелік жасауда жұрттан қалмайтындай икемділік пен белсенділік таныту, сапалы бұйым шығару, жұрт алдында ұялмайтындай қызмет көрсете білу жолындағы бәсекешілдігіміз әлдеқайда орынды емес пе?! Ұлттық жауапкершілігіміздің бүгін таңдағы бірден-бір өзегі – экономикалық тәуелсіздікті қалыптастыру болса лазым. Ұлттық намысымыз сол экономикалық тәуелсіздікті қалыптастыратын қасиеттерді бойымызға тездетіп дамытуға түрткі болғаны дұрыс. Егер бізде сондай сана, сондай намыс неғұрлым тез қалыптасса, онда біз дегенімізге солғұрлым тез жете аламыз. Егер біз ондай сана мен намысқа жету жолында әлі де самарқаулық, керенаулық көрсететін болсақ, әлемдік дамудың қазіргі қарқынына ілесе алмай, артта қаламыз да, алға қойып отырған мақсаттарымыз жүзеге аспайды. Сондықтан бүгінгі таңда қай жолмен жүреміз, қалай тұрамыз, неміз жақсы, неміз жаман дейтін әңгімелердің көбін қалыптасып отырған шындықтың біздің алдымызға қандай міндеттер мен мүмкіндіктер тосып отырғандығымен тығыз қабыстыра білуіміз керек. Барлық нәрсе ақылға сыйымды болсын. Өйткені, жабайы табиғаттың өркениетке айналуының өзі жер бетіндегі барлық құбылыстың ақылға сиымдылыққа ыңғайлануына байланысты еді. Жер бетіндегі барша тіршілік ақылға сыйымдылыққа ыңғайлай құрылған сияқты. Құдай, жасаған, жаппар хақ, құдірет деген ұғымдар да содан шыққан болуы керек. Әйтпесе, бет-бетіне ағып жатқан су, шашылып жатқан тас, шашырап жатқан мал, бет албаты лағып жүрген жан-жануарлардың арасында белгілі бір ықпалдастық байланыстар барын, солардың қай-қайсысында да белгілі бір жүйелілік барын байқамаса, адам сол заңдылықты жасаушы күшті, құдайды іздеп, ғасырлар бойы миын шаршатпаған болар еді. Сондықтан, біз де өз тіршілігімізді ақылға сиымдылыққа бағыттауымыз керек. Ал ақылға сыйымдылық – жұрт сияқты өмір сүре білу, олардың алдында именшектейтіндей қор да болмау, сескендіретіндей зор да болмау, басқалардың қадір-қасиетін сыйлай білу, өзіңді басқаларға сыйлата алардай қадір-қасиетке ие бола алу. Меніңше, ұлттық сана мен ұлттық намыстың негізгі мәні, міне, осында жатқан сияқты.

Қысқасы, арға тартпай – арман тұл, намыс қумай – мақсат тұл.
1992 жыл.

ЕЛ ИЕСІ, ЖЕР КИЕСІ

Аспан мен Жер арасындағы тіректің бар сыр-сипатына түсініп болдық деуге әлі ерте. Тіршіліктің түп бастауы қайда? Ол қайда салқар арнаға айналды? Бастауы бар құбылыстың ақыры да бола ма? Ендеше, мұншама жүйелі дүниеге осынша сындарлы сипат дарытып отырған күш қандай? Барлығына тыңғылықты жауап тауып болған жоқпыз. Табамыз деп дәмету де бәлкім, күпірлік шығар. Әзірге түсінгеніміз: адамзат дүние жаратылып, су аққалы өзін табиғаттан бөле-жарып қарай алмаған. Қалған табиғаттан айырмашылығын түсінсе де, астам тұрмын деп ойлай алмаған. Ал ондай күпірлікке бой алдырған кезде өз басына өзі тауан тілеп алған. Сөйтсе, астамшылық – азғындық екен. Сондай астамшылықтан тыйдыра алатын Заңдылықты Тәңірі деп, Тоба деп, Жаратқан деп, Құдай деп таныған. Әр асқанға бір тосқан – мәңгілік жарасымның мәңгілік көңіл қағидасы. Одан туындайтын мың сан қисынды аз күн тіршілік кешетін пенде шіркіннің түйсігіп, түсініп, меңгеріп, бұлжымас қағидаға айналдырып, бұлтартпай ұстанып үлгере бермеуі де ықтимал. Алайда, сол түп бастау Жарасым мен Заңдылықтың жер үсті Сақшылары жоқ, тіпті болмаған деп ойлау ақылға сыймас нәмарттық болар еді.

Ондай Абзал Ақыл Иегері болған! Болғанда қандай! Бола бермек те! Қолыңыздағы кітап сондай Дара Парасат, Дара Рух, Дара Шарапат, Дара Шапағат иесі хақында ел жадындағы көптерді баян етеді. Жаппай бірдейлікті әспеттеген кезеңде Даралық атаулы мансұқ етілді. Айрықшалық атымен ғайбатталды. Айырықша икем, айрықша ықылас, айрықша қабілет, айрықша ыждаһат, айрықша қасиет атаулы түгел жоққа шығарылды. Сондай жаппай иманнан безген кісәпір заманда Атырау мен Арал, Орал мен Копет-Даг арасын алып жатқан ұлан-байтақ өлкенің ежелгі тұрғындары Қасиетті Бекет-Атаға бағыштап бір ауыз қиянат сөз айта алмаған, зәредей де қиянат қылық жасай алмаған. Бұл өлкедегі әр шаңырақ қуанған көзінде де, құлазыған көзінде де алдымен Бекеттің атын ауызға алған. Бір кезде осынау кең-байтақ өлкеге жан-жақтан көз алартқан басқыншыны Оның атын айтып ұрандап. Оның ұрпағына ту көтеріп, қол бастатып тойтарыс берген. Біздің талай әкелеріміз бен ағаларымыз кешегі қан майданда да жан алқымға келгенде Одан медет сұрап, көз жұмғанда да артындағы шиеттей ұрпақты. Оған аманат қып қалдырғаны кәміл. Жақсы заманда да, жаман заманда да. Оған деген ел сүйіспеншілігіне қылау түсіп көрген жоқ. Өйткені, ол тірісінде – елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат. Жаудан елді арашалаған Батыр. Дауда әділетті арашалаған Қази. Озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірәдар. Оның қыранның қанаты талар қиян даланы жайлаған Ата Жұртының, Ата Мекенінің барлық шекарасында қырандар түлек түлететін қия шыңдардан өз қолымен тас қашап, тауды үңгіп, жер асты ғимараттар салып, мешіт-медреселер ашуы да ескі аңыздардағы Прометей ибн Фархадтарды, Киелі кітаптардағы Мұса мен Әзірет Әліні еске түсіретіндей ерен ерек. Шөл кезіп, ерні кезерген еліне асасының ұшымен тас шұқып, кәусар бұлақ тауып берген Мұса пайғамбарымдай Маңғыстау мен Үстірттегі Бекет-Атаға байланысты жердің бәрінде де балдай бұлақ, көк құрақ, маңыраған арқар, таутеке. Олар – Елдіктің шебі. Елдіктің тері. Оларды жауға алдырған жұрт Ел болып тұра алмайды. Ондай Елдік Намыс пен Иман ұяларын қастер тұта білмеген жан иесі қатарға кіріп, адам санатына еніп, қалтырамай жер басып жүре алмайды.

Елі мен Жерін шексіз сүйген Асыл Азамат, Абзал Адамды Елі де шексіз сүйеді. Бекет-Атаның басты құдіреті – міне, осында. Өйткені, ол көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес Әділдіктің, күпірлікке жол бермес Адалдықтың, қараулыққа жол бермес Шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес Мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес Парасаттың асқан үлгісін танытып, үлкен-кішіні, алыс-жақынды, дос пен дұшпанды түгел мойындатқан адам. Адалдықтан асқан құдіреттіліктің, әділеттіліктен асқан әулиеліктің болуы мүмкін бе?!

Мейірімнен асқан кие, Парасаттан асқан қасиет болушы ма еді, тәйірі?! Ендеше, сондай асыл перзент таба алған, тауып қана қоймай, асылдығы мен абзалдығына бола өз Перзентін өзі Пір тұтқан халқыңнан қалай айналмассың!

Ондай ұлдарын өлімге қимайтын елдің өзі де өлмейді.

Өткендегілерінің өсиетін, тірідегілерінің арман-ниетін айырықша қастерлеп, өмірлік мұрат еткен өнегелі Ел өліге бас игенмен, өлімге бас июші ме еді?! Ендеше, сондай асқақ жұртының ақар-шақар шың басындай тәкаппар жүрегінен мәңгілік жәннат тапқан Әлсізге Медет, Күштіге Айбар, Зарыққанға Жебеу, Тарыққанға Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі – Пір Атаға қанша тағзым қылсаң да, артық емес деп білеміз. Өйткені, атасыздық – отансыздық, отансыздық – опасыздық, опасыздық – имансыздық. Ал имансыздық еліңнен, жеріңнен безінтіп қоймай, өзіңнен де безіндірері сөзсіз. Өзінің қадірін білмеген, ненің қадірін білуші еді?! Ештеңенің қадірін білмеген, ешкімді де қарық қылмайды. Құдай тек сондайдың бетін аулақ қылғай! Ал Өткенде Жақсылардың болғанына сенетін адам, бүгінде Жақсылардың барына сенеді.

Ал Жақсылардың барына сенетін адам өзі де, Жақсы болуға тырысады.
Ал Жақсы болудың, Жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ.
Ал Жақсылық жасаудың, Жаман Атқа ілігуден аулақ болудан басқа жолы жоқ.

Ләйім, әрқайсымызды, бәрімізді, жалпақ жұрт жамағатымызды Жаманаттан, Жаман Аттан сақтағай! Жақсы Тілегімізді жөн тыңдап, жөн түсінер Жақсы Құлақтар мен Жайсаң Жүректер көбейе бергей.

БАҒЗЫДАН ЖЕТКЕН БАБА ЖЫР

«Манас» дастанының мың жылдығына Бүгін біздің қай-қайсымыздың да көңіліміздің төріне ықылым замандар қойнауынан мызғымастан мың жасаған айтулы Дастан мен ол жырлаған атақты Батыр тіріліп келіп отыр. Олар бізді тағы да тақуа тарихпен бетпе-бет қалдырып, арғы-бергімізді сарапқа салдырмақшы. Мұндайда уақыт пен кеңістіктің жік-шекарасының бәрі өз-өзінен ұмытылып, бәрімізді бір тектен өрбітіп, бір тамырдан тарататын түп бастауларға, түбегей бірлік пен түбегей тұтастыққа тереңдей үңілуге мәжбүрміз. Өткенге бойлаған сайын арамыз жымдасып, айырмамыз азая түсетіндей. Бәріміздің де, арғы бергіде талайды тамсандырып, талайды табындырған небір сүлейлерді тудырған екі аяқты нәсілден екендігімізді қапысыз ұғына түскендейміз. Бірақ, осынау әбден басы ашық ақиқаттың өзіне бар-бар уақытта мадиықтанып, масаттана қоймайтынымыз тағы рас. Қайта оған қаралай ұялып, қаралай арланатын, ара-тұра таусыла тарығып, дағдара торығатын шақтарымыз да аз емес. Өйткені, әуелден табиғаттан айрықша жаратылғанымен, талайды бастан кешіріп, талай жерде ауызы күйгенімен, айнала болмыстың қырық қатпар құпиясы мен ұңғыл-шұңғылын үңіле зерттеп, жансыз ортаның бейтарап самарқаулығынан туындайтын қияметі мен жанды ортаның жаны ашымас қысастығынан балалайтын қиянатының қыр сырын түгел біліп, кемел мен кесірді, естілік пен есуастықты, абзалдық пен арамдықты айна-қатесіз айыра алатындай биік парасатқа бірден-бір ие Адамзаттың өз ақылына өзі мойын ұсынбай, өз білгенін өзі жүзеге асыра алмай, әлге дейін әуре-сарсаңда жүргеніне қалай қынжылмассың?! Дүние жаратылып, су аққалы өзі жер-жебіріне жеткізе мансұқтаумен келе жатқан талай жексұрындық пен кесепатты, озбырлық пен зұлымдықты өзі қойдай қоздатып, түйедей боталатып жатқанына қалай күйінбессің?! Ендеше, сондай өзгелерді түгіл өзін-өзі аяп, өзін-өзі желеп-жебеуге жетіле қоймаған желбас нәсілден өрбитіндігіне несіне жетісіп масаттанбақсың, несіне жетісіп мақтанбақсың?! Қалайша өз бармағыңды өзің тістеп, қаралай пұшайман болмассың?! Солай бола тұрса да, сарсаңға түскен санаңды сабасына оралтып, сергелдең болған сезіміңді сабырға шақырып, тәркке ұшыраған тәуекеліңді тәубеге келтіретіндей, медеті мол мерейлі жәйттер де баршылық. Мәселен, құдайдың ғана қолынан келердей талай таңғажайып адамның да қолынан келіп жатады екен. Айтсаң ақылың жетпестей, ойласаң қиялың жетпестей талай ғаламат алты қат аспан үстінде де емес, жеті қат жердің астында да емес, тап өз іргеңде, тап өзің басып жүрген топырақта да жүзеге асып жатады екен. Ондайда басқа тараптарда емес, тап осында, басқа сипаттарда емес, тап осылай жаратылғаныңа шексіз риза болады екенсің. Төбең көкке жеткендей боп, қуанады екенсің. Бүгін де, міне, тап сондай риясыз сөзімге бөленіп отырмыз. Өйткені, тек бір жұрт, бір ұлт, бір ағайын-аумақ қана емес, күллі адамзат нәсілін шаршысына толтырып шаттандыра алатындай, өз құдіретін өзіне түсіндіріп масаттандыра алатындай айрықша себептің, айтулы оқиғаның әлемет әсеріне емін-еркін кенеліп отырмыз. Жә, әуелі жырға дес берелікші: «Баяғының аңызы – айтсақ кірер маңызы. Ежелгінің аңызы – ес көргенге маңызды. Кейі жалған, кейі шын – кейінгілер көңілі үшін... Көбі өтірік, көбі шын – көпшіліктің көңілі үшін көтермелеп айтамыз, көкжал Ердің жөні үшін. Жанында болған кісі жоқ, жалған сөзбен ісі жоқ. Төрінде жатқан кісі жоқ, өтірікпен ісі жоқ, – бабалардың аңызы, бастамасқа болар ма? Аталы сөз маңызы айтпай ішке қонар ма? Шежіреден ұққан сөз, өсіп-өрбіп шыққан сөз; кәрілерден алған сөз, халық аузында қалған сөз; аңыздарға толған сөз, ат көтермес болған сөз; азғындарға жуымай, азаматқа қонған сөз... Өрендерден қалған сөз, еншіге жұрт алған сөз, ой-жүрекке қонған сөз, толқыта іште толған сөз; жауға аттанған батырдың жан серігі болған сөз; естігеннің мейірі емін-еркін қанған сөз; шешен біткен шерткен сөз, мешеу көңілін еріткен сөз; боран соққан қырменен, қиқу-айқай шуменен, сүрінбейтін тілменен, қарлықпайтын үнменен, арқар өрген белменен, бұлт айдаған желменен, тайталаса жарысып, бірге жасап келген сөз, баласына атасы мәңгі еншіге берген сөз; мөлдіретіп моншақтай жұрт саралап терген сөз...» Пәлі, пәлі...

Жақпар құзды жапыра құлаған тау суындай тасқындай төгілмей ме?! Атаңа қоқи, айыр қалпақ жомоқшы-ай! Аузың қандай айтқыш еді?! Көзің неткен көргіш еді?! Көңілің неткен түйгіш еді?! Тер шығатын теріден емес, қан шығатын тамырдан емес, жас шығатын жанардан емес, жай әншейін жел шығатын желпілдек ауыздан желпіне шыққан бір көпті құзғынның да ғұмыры жетпес ұзаққа, құмайдың да аяғы жетпес қиырға алып қашып, мың жыл, мың бел, мың асқар асырып жүрген де осындай ерен қасиетің ғой... Расында да, ықылым заманаларға куә болған, талай ұрпақтың тілін ашып, талай ұрпақтың көзін жұмдырған, мың жасап, миллиондардың көкірегінде тұнған жырдың Тынық мұхиты – «Манас» атты Ата Дастанның өлі күнге құлағымызды елітіп, көңілімізді еліктіріп, жүрегімізді еріте жөнелетіндей ерекше сиқыры неде екен?! Бәлкім, аспан астын бір өзі толтырып жатқан ақ жаулықты Ана Алатаудай апайтөс алып бітімінде шығар... Бәлкім, көкжиектің көрпесін қалай тартқыласа да, қайда тартқыласа да, бәрібір сирағы шығып қала беретін салқар Сары Арқадай көл-көсір көлемінде шығар. Расында да, «Манас» ежелгі үндінің «Махабхаратасынан» екі жарым есе, ежелгі гректің «Иллиадасы» мен «Одиссеясын» бірге қосқандағысынан жиырма есе көп. Бүгінде қолда бар алпыс бес нұсқаның ең сүбелілерінің бірі Саяқбай Қаралаев жырлайтын нұсқа жарты миллион жолдан асады. Көлемі қара жердің төрт тарабын түгел көмкергендей, еңсесі бұлғақтаған Бұланайдың да төбесінен қарайтындай осыншама заңғар дастанның өн бойында көңілден шықпайтындай олпы-солпы бір шумағы, бір жолы жоқ, таңғалдырмайтындай, тамсандырмайтындай селкем-шалыс бір сөз, бір теңеуі жоқ. Мазмұны ақар-шақар сеңгірдің сексиме тұмсығынан жемтігін болат серіппедей бір-ақ ытқып, бауырға ап, баса қалғысы көп тұрған тау тағысының бұлшық етіндей тып-тығыз. Бітімі жылтырай семірген жолбарыстың жылмағай жонындай жұп-жұмыр. Жер бетіндегі Алатаудың қанша көркем болғанмен опырайған ойқы-шойқысы, жапырайған жалба-жұлбасы, ебіл-себіл елбе-желбесі жеткілікті. Жыр сомдаған Манастау қанша заңғар, қанша алып болса да, мөлдіретіп меруерттен, жалтыратып жақұттан, лапылдатып лағылдан құя салғандай. Көздің жауын алардай көркем, сұғы өтердей сұлу. Қайтіп таңдай қақпассың?! Қайтіп басыңды шайқамассың?! Мың жыл бойына ең сұңғыласы мен ғұламасын, тапқыры мен айтқырын Ата Дастанға жұмылдырып, мың қайтара қырнап-жонып, мың қайтара елеп-екшеп, мың қайтара сылап-сипап, мың қайтара әрлеп-нәрлеп, әлемде теңдесі жоқ Жыр Асқарын сомдап шыққан ақпа-төкпе Ата Қырғыздың аруағынан қайтіп айналмассың, ақылына қайтіп бас ұрмассың!.. Мың жасаған Ата Дастанның алдына жүгініп, аузына үңіліп, мың күн тыңдасаң да, ынтығың еш басылмасы, ықласың еш тарқамасы хақ. Өйткені, көзіңнің сорасын сорықтырмай, көңіліңнің жарасын айықтырмай, жаныңды шүберекке түйгізіп, қылп-қылп еткен ақ алмастың жүзімен жалаңаяқ жүгірткендей, төбе шашынды тік тұрғызып кірпігіңе шық тізгізіп, ет-жүрегіңді елжіретіп, ойыңды он саққа, қиялыңды қырық саққа тентіретіп, албастының алдына барғандай, көз бояушының көзінде қалғандай, қараптан-қарап арбалып, қараптан-қарап қармалып қалатының да, жорғадай тепеңдеп, жортақтай секеңдеп, жолбарыстай атылып, арыстандай «ах» ұрып, лапылдай жанып, лекілдей құйып, теректей теңселіп, желектей жайқалып, шалғындай шайқалып, обырдай омақасып, жанқастадай жағаласып, жағын сауып, жалынын төгіп, еркіңе қоймай, еліктіре елпілдетіп, желіктіре желпілдетін, елжірете еңкілдетіп, қақпақылдай қаққылап алып жөнелетін жойқын жомоқшының аузынан аузыңды, көзінен көзіңді ажырата алмай, шырмауықтай шырмалып қалатының да тегіннен-тегін емес. Сүйегіңді сүліктей сорып, жүрегіңді жегідей жеп, баурап алып бара жатқан ақтүтек жыршының көмейінен ағыл-тегіл ақтарылып жатқан аласапыран сөздің шұрайы да, ол бейнелеген көріністердің көз тартар шырайы да емес. Қаз-қалпында қайта орнай қалған бағзы заманның, баба заманның мың жыл бойына сейілудің орнына қойыла, азаюдың орнына қалыңдай түскен бабаулаған зары мен батпан-батпан мәні. Талайды көріп, талайға төзіп келе жатқан тарланбоз жұртыңның тақсіретті тарихы мен тауқыметті тағдыры. Мың жыл бойына бабалардың басын қатырын, қанын қайнатып, жүйкесін шамырықтырып келген екіұдай хәлдер мен екіұдай жолдардың шиырлары мен шытырмандары енді сенің де ойыңды ойсытып, қиялыңды қысыратып, жүрегіңді шымшылай бастайды. Бағзының кебінен бүгінгінің уайымымен уланып, бүгінгінің кейпінен ежелгінің өксігі мен өкінішін аңғара алмай. Қызылды-жасыл табиғат пен қырғын-қызық думандар, ұлан асыр тойлар мен ызы-қиқы шайқастар, салтанаттық сайрандар мен өжеңдеген даулар, ғашықтықтың буы мен батырлықтың дуылы – бәрі-бәрі көрген түстей ғайып боп, көкірегінде көлкілдеп көне қыжыл оянады. Қайтадан қаралай мысың құрып, қайтадан арғы-бергінің айықпай келе жатқан ащы запырандарыңа күмп бересің. Қайтадан қаралай мысың құрып, қайтадан ескірмеген ежелгі көптер есіңе түседі... Сонда ол жағыңды таянып, жанарыңды шылайтындай, қабырғаңды қайыстырып, бұғанаңды майыстыратындай неткен көп, неткен гөй-гөй... Иә, мың жыл бойына ауыздан түспей, жырланып келе жатқан Ата дастанның болмыс-бітіміне кейінгі ұрпақ, кейінгі сананың қосқан жапсырма сипаты қандай көп болса, ол алғаш рет ауызға іліккенге дейін халық басынан өткен көптің сүйек пен сүйек, етпен ет сіңісіп кеткен түбегей сипаттары да тап сондай көп. Бәлкім, соңғысы алдыңғысынан да басым түсер. Өйткені, әу баста қиялды қозғап, сөзімді тербеп, жаңа бір жойқын дастанның тууына түрткі болған түп себеп те сол мың жылдан бұрынғы терең қатпарларда жатыр ғой. Осының басын ашып, дәнін аршып айтудың орнына біреулер дастанды қырғыз халқының арғы-бергіде басынан еткен оқиғаларының әншейін жиынтығындай көрсе, біреулер әуелде сондай бір ғана оқиғадан өрбіп, сосын кейінгі болып өткен оқиғаларға жалғаса салған, өз-өзінен ұзарып, өз-өзінен ұлғайып жатқан ұлан-ғайыр әлқиссадай көреді. Жоқ, олай емес. «Манас» – бір жұрттың басында арғы-бергі болып өткен оқиғалардың басын қалай болса, солай біріктіре салған далима дастан емес. Ол – бабалар тұсында бас алып, аталар аяғына жеткізе алмай, әкелердің әлі келмей, тек жер басып жүрген жаңа ұрпақтың тұсында ғана біржолата жүзеге асуы ықтимал асыл мұрат, асқақ мақсаттың туу, өрбу, орнығу жолының рухани шежіресі. Түптеп келгенде, төрт кезеңнен тұратын дастандық дәуірдің әр кезеңінде де бір сипатты құбылыс қайтадан көрініс беріп, қайтадан бір жол, бір жүйемен өрбиді. Әр кезеңде әр кейіпкер жеке дара бастан кешетін бір сипаттағы ұқсас коллизиялардың драматизмі сатылап күшейіп, одан туындайтын концепциялық пайым да сатылап тереңдей түседі. Бұл бүкіл бір ұлттық ғасырлар бойы жүзеге асыра алмай келе жатқан ең басты мүддесінің ұрпақ ауысқан сайын күрделіленіп, ұрпақ ауысқан сайын өткірленіп келе жатқандығының көрінісі. Уайымның арманға, арманның үмітке, үміттің сенімге айналуының қырық қатпар қиын да қызық құбылма жолы. Бұл мақсат – ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан аңсарлы мақсат. Бұл тақырып – ұрпақтан ұрпақ өрбітіп келе жатқан өзекті пәтуа. Ұлттық сананың уызымен мәйегі, ұлттық құлықтың уыты мен жұлыны. Сонда қырғыздардың ұлттық парасатының бірден-бір өзегі болған бұл пәтуа қай кезеңнен бас алды, ұлттық поэзиясының бірден-бір тіні болған бұл тақырып қай көздерде ауызға ілікті? Бұл сауалға жауап іздесең, әңгіме әріге кетеді. Дүние жаратылып, су ағатын әлімсаққа барып бір-ақ тіреледі. Ғарыш жаратылғанына 18 миллиард жыл болса, біз басып жүрген жұмыр жердің жаратылғанынан бері төрт жарым миллиардтай жыл өтіпті. Санасыз тіршіліктің пайда болғанына үш жарым миллиард жыл толса, саналы тіршілік бар болғаны қырық мың жылдай уақыт бұрын ғана пайда болыпты. Оның отыз мыңдайын үйірлестік үрдісте өткізген екіаяқтылар тек соңғы он мың жылдықта ғана қауымдастық үрдіске көшіпті. Біреуі су жағалап, балық аулап, біреулері ну жынысқа сүңгіп, аң қуалап, біреуі желек басынан мәуе теріп, біреуі шөптің басын үшіп, дән жинап, экваторға жуық бойлықтар бойынан басталған бұл құбылыс қашқан мұзбен бірге көшкен аңдарға ілесіп, ен байтақ Еуро-Азия кеңістіктеріне де жетті. Мұнда да әркім өз үйренген қарекетпен қорек айырып, соған лайық қоныс иемденді. Дән теріп, миуа жинаған терімшілер мен балық аулаған балықшылар отырықшы боп дария сағалап, бірте-бірте диқаншылық пен кәсіпкерлікке көшті. Аң қуалаған аңшылар бірте-бірте малшыларға айналып, жұлдызға қарап, жол бағдарлап, топырақ жалап, жер танып, жел иіскеп өріс, шөп иіскеп қоныс тапты. Алдарындағы сатырлаған төрт аяқтылардың өрісі мен қонысын ойлап, аспандағы бұлттың аңысын аңдады. Суының молайып, шөбінің көбеюіне байланысты бірде күнгейге, бірде теріскейге ағатын өзендердің алаптарына, біресе Еуропаның біресе Азияның ен байтақ жазираларына алма-кезек ауып қонып, екі құрлықты көктей өтіп, екі мұхиттың арасында жөңкілді де жүрді. Көшкені сайрандай, қонғаны мейрамдай қызық дәуреннің басы шадыман болғанымен, аяғы шырғалаңға ұласты. Тарих пен табиғаттың нағыз ерке бұландарындай көрінетін көшпенділердің ең ұзақ үстемдік құрған аймағы – қазіргі біз өмір сүріп жатқан кеңістік. Сібір мен Орталық Азия таулары мен далалары. Оған куә – «Манас» дастанының өзі. Ондағы көсілте баяндалатын көл-көсір хикаяларда суреттелетін дәстүрлер мен салттар, мінездер мен құлықтар мотор, мінген мына біздерге де әбден таныс, әбден түсінікті. Кейіпкерлері де ежелгі дүниеден тіріліп келген бейтаныстай емес, тап қазір кіріп келген есіктес көршіңдей тіптен етене. Тартып жүрген тауқыметтері мен кешіп жүрген көптері де бес саусақтай белгілі. Сөйтсек, қазір жүзеге асыра алмай күйзеліп жүрген жәйттеріміздің бәрі мың жыл бұрынғы бабаларымыздың да өзегін өртеген күйіктер екен. Бір ғұлама айтқандай, Еуро-Азияның әр алуан жер бедері әр алуан үрдіспен өмір сүріп, әр алуан мәдениет түзетін әр алуан этностардың қалыптасуына жағдай жасады. Табиғи әр алуандық олардың бейбіт өмір сүруіне көмектеспесе, кедергі келтірген жоқ. Жаны бар пайым. Бірақ, ай астында баянды не бар? Тек кім-кім де өз үйренген аяда өзі үйренген әдіспен ырзық айыра алған замандарда ғана жағдай солай болғаны рас. Ал бас өсіп, ауыз көбейіп, үйреншікті аяда үйреншікті әдіспен күн көру қиындай бастағанда, әлгіндей қоян-қолтық қоңсыластықтың да шырқы бұзыла бастады. Тіпті бір үлгімен өмір сүретін үрдістердің өзі бір-біріне ауыз салатынды шығарды. Әсіресе, бұл көшпенділерге жәйсіз тиді. Олар енді бұрынғыдай түк шыққан жердің бәрі қонысым, су түскен жердің бәрі суатым деп, аяғы жеткен жердің бәрін иемденетін әдеттен бой тартуға мәжбүр болды. Оны самсаған сары қолы бар көп тайпалардан гөрі әлім-берім аз тайпалар ертерек сезінді. Белгілі бір жинақы кеңістікке кіндіктен байланып, қауымдастықтың берік түрлеріне көшуге тура келді. Бұрынғыдай жөңкіле жөнелген жойқын нөпірлерге қосыла салып, арқадан қаққанның алдына түсіп, маңдайдан сипағанның соңына ілесіп, жетекте кеткендер тарихтың дәлізінде қалып, шамасына қарай шарқ ұрып, жағдайына лайық жайлы қоныс таба білгендер көп нәсілді адамзаттың құтхана мешітінен өз құжырасын иемденді. Соны алдымен түсініп, алдымен ыждаһат қылған қауымдардың бірі қырғыздар болған сыңайы бар. Сондықтан да, олардың аты тарих сахнасына өзімен тұстас шыққан тайпалардың көбіндей, әр қауымның құрамына бір сіңіп, өз дербестігін жойып алмай, бүгінгі тарихқа да аман жетті. Қырғыздардың аты қытай деректерінде біздің дәуірімізге дейінгі 201 жылдардан бастап ұшырасып, біздің дәуіріміздің VІ-Х ғасырлары арасында жиі кездеседі. Олар жайлы деректер VІ-ІХ ғасырлардағы орхон-енисей тас жазбаларында да мол жолығады. Сондай құлпытастардың бірінде қырғыздардың Орхон мен Тола бойындағы ұйғыр патшалығын құлатқаны жазылған. Бұл қытай жылнамалары айтуынша, 847 жылы болған оқиға. Демек, В. Бартольд айтқан «қырғыз мемлекеттілігінің дәуірлеуі» тап осы кезеңге сәйкес келеді. Қырғыздардың отырықшы, көшпенді көршілеріне көп тиісіп, көп жеңіске жететіні де осы тұс. Бұрынғыдай емес, бастары бірігіп, ауыздары қосылатыны да осы тұс. Сол қырғыз кейінгі мұсылман тарихшыларының ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы еңбектерінде Батыс Тәншәнді жайлайтын, жау келгенде қатын-балаларын құз-қияға шығарып жіберіп, тар шатқалдарда бекініп, көршілерінің шапқыншылығына батыл тойтарыс бере алып жүрген аса жауынгер халық ретінде бейнеленеді. Біздіңше, ұлы дастанның оқиғалық төсегін қырғыздардың ІХ-ХІ ғасырларда Алтайда жүріп ұйғырлармен, қидандармен шайқасқанымен де, XV-XVІІ ғасырларда Тәншәнде жүріп көрші хандықтармен шайқасқанымен де біржола байланыстыруға болмайды. Сол сияқты ондағы айтылған әр соғыс, әр шайқасқа, әр кейіпкерге нақты тарихтан нақты балама іздеудің де жөні жоқ. Дастан екі мың жыл бойына тарих назарында келе жатқан халықтың басынан өткен оқиғаларды кезек-кезегімен көзінен тізіп баяндап шыққан көркем шежіре емес. Сол екі мың жылдық халық тағдырының негізгі өзегі болған іргелі ел, тұтас жұрт болып, әлемдік болмыстан өз орнын табу жолындағы күрделі күресті тұтастай шолып, күрделі тарихи процестің әлеуметтік-философиялық тұңғиықтарына бойлаған тарихи пайымдық, тарихи уайымдық эпос. Оның басты сарыны – баста тұрған дәуренді дәріптеу емес, бастан ауған дәуренді жоқтау, оның қайта оралуын аңсау. Қырғыз тарихындағы ондай кіндік кезеңнің бұдан мың жыл бұрын орхон-енисей бойларындағы ұлы жорықтар мен ұлы жеңістерге сәйкес келетінін материалдық ескерткіштер тайға таңба басқандай дәлелдеп түр. Ұлттық идея дегеніміздің өзі – іргелі ел болуға, өз мекеніңді өзің иемденіп, өз болмысыңды өзің шыңдауға ұмтылу екені белгілі. Қырғыздардың бұндай ниетті нақты жүзеге асыруға да әлгі кезеңде кірісіп, алғашқы нәтижелерге жеткендігі мәлім. Ендеше, істегенін ауызбен бекітіп, артық ұрпаққа өсиет қып қалдыратын көшпенділердің ондай дәстүрін ол кезде ұмытып кете қоюы мүмкін бе? Жоқ. Олай болса тасқа қашап дерек қалдырған айтулы оқиғаның сөзбен баяндалатын рухани дерегі қайда? Ол бүгінгі «Манастың» алғашқы нұсқалары болуы әбден мүмкін. Дастанның негізгі сюжеттік-фабулалық арқауы да сол кезең оқиғаларына сайма-сай келеді. Стильдік-көркемдік төсегінің ең терең қабаттары да сол кезеңнің эстетикалық-дүниетанымдық сипатымен астасып жатыр. Ал, концепциялық уытының тіні түзіп тұрған негізгі идея сол кезең оқиғаларының басты мақсаты болғаны тарихтан белгілі. Ендеше трилогияның, әсіресе, Манастың жеке өзіне байланысты алғашқы бөлігінің идеялық, фабулалық, көркемдік төсегінің сол кезеңде туған тұңғыш нұсқалардан өрбіп жатуы әбден ықтимал. Бір ұлттың бір мың жыл бойы жырлап келе жатқан негізгі шығармасының географиялық аясы мен кейіпкерлік құрамы кейінгі ғасыр құбылыстарына орай түбегейлі өзгеріске ұшыраса, онда тұрған таңданатындай ештеңе жоқ. Бәрі өзгерсе де бастапқы кіндік идея өзгерген жоқ, оған түрткі болған кіндік оқиға мен кіндік кейіпкер өзгерген жоқ. Өйткені, ол идея әлі күнге түгелімен жүзеге асып болған жоқ. Сондықтан да, әу баста ұлы жорықта ұлы жеңіске жеткен ұлы қолбасшыны жоқтаудан шығуы ықтимал әйгілі дастанның басынан аяғына дейін өткенді дәріптей отырып, бүгінгіні қомсыну, ертеңге үміттене отырып, көлденеңнің кесепатынан сескену сарыны басым түсіп жатады. Бұл дегенше жеткен жұрттардың емес, жете алмай жүрген жұрттардың тарихи санасына, көркемдік танымына тән сипат. Трилогияның алғашқы бөлімімен кейінгі бөлімдерінің көркемдік болмысы мен композициялық құрылымында, бейнелеу қағидаларында айта қаларлықтай айырмашылықтар болуы да тегіннен-тегін емес. Манасқа байланысты бөлімдегідей емес, «Семетей» мен «Сейтекте» оқиғалар архаикалық героикадан, ұлан асыр кең қарымдылықтан арылып, негізгі кейіпкерлердің таза жекебастық арақатынасына, содан туындайтын трагедиялар мен драмалар төңірегіне топтастырылған. «Манас» эпикалық қарымы күллі ғаламға бара-бар нағыз үлкен эпос, үлкен эпопея болса «Семетей» мен «Сейтек» – бір әулет, бір буынның шындығымен орайласып, бұл заманның тілімен айтсақ, «романдандырылған» «шағын эпос». «Манастың» финалынан басқа бөлімінде ұлан-асыр той-думан мен аламан-асыр шайқастар, аза мен қуаныш, жеңіс пен жеңіліс, тағдырдың тауқыметі мен рахаты қой қосақ түсіп, қосарланып отырса, «Семетей» мен «Сейтекте» бір күдік пен бір үміт итжығыс түсіп жататын сезім сергелдеңі мен сананың сарпылысы молырақ. Салдарына қарап, себебін таппақ зардабына қарап зауалын таптырмақ рухани әуре-сарсаң көбірек. Бір кезде бабаларды жеңістерге жеткізіп желпіндірген оптимистік «кіндік идея» енді ұрпақтан ұрпақ ауысқан сайын ұлт көкірегіне шер болып жабысып, шемен болып байланған түпсіз уайым, тұңғиық дертке, өліспей беріспейтін өр мақсатқа айнала түсіпті. Халық тақсіреті қайдан өрбиді? Біреуді аз, біреуді көп, біреуді жарлы, біреуді бай қып жарататын алақол дүниеде қоздамай тұрмайтын сыртқы қысастық пен ішкі келеңсіздіктерден өрбиді. Әйгілі дастан өзге жерде келімсек саналып, келекеге ұшырап, өз жерінде саны аздықтан санатқа ілікпей, аяққа басылып есесі кетіп, езіліп жүрген қырғыздардың аянышты тағдырын суреттеуден басталады. Жат жерде де ебін тауып, байып алған Жақып, малына қорған, дәулетіне қожа болатындай мұрагер іздесе, батыр Балта тойғанға мәз боп, тоғышарлана бастаған алыстағы ағайынды арттағы атамекенге қайта бастап апарып, туған жұртымен қайта қауыштыра алатын сайыпқыран көсемді аңсайды. Бесіктен белі шықпай жатып: «қожаны көрсе қорқытып, саба толы қымызды қолына берсе бір жұтып», «анау-мынау ас болмайтын», «жарым шелек арақты жалғыз ішсе мас болмайтын» алып Манасқа бай Жақып «Дүниенің парқын білмейді» деп күйінсе, адал тілек, ақпейіл Ақбалта батыр: «Дауыл келсе, жел тимес, қалың тоғай бұл болар; даушы келсе, мал бермес, қара көкжал ұл болар; аман болса бұл бала, өлгеніңді тірілтер, өшкеніңді жандырар», – деп сүйінеді. Ерен туған ер Манас ел сенімін ақтады. Алтайдың астын үңгіп алтынын алып, алқабын толтыра егін салып, адырын қаптата мал жайып әбден байып алған қырғыздарды үйренген қоныстан кеткісі келмей, кежегелері кейін тартса да, әлдеқашан ұмыт қалған ата-қонысына бастап апарды. Бөгесін болғысы келгендерді топырлата қырды. «Бет қойысар дау шықса, белдесетін жау шықса, қарауыл шығар дөңі жоқ, қақтығыс болса қапыста, қол сиятын жері жоқ» жайдақ тегіс пен тар қолатқа кідіртпей, «көк толқыны шайқалған, көк желегі жайқалған, көк майсасы жайқалған; шыбығы бар шынардай, шынарлары мұнардай; тынық аққан бұлағы, пейіштен артық сияғы; қарабура шатқалы, аспан сүйген асқары, жер сауыры Таласқа» бір-ақ жетіп тоқтайды. Бір кезде Оразды ханы өлген қырғызды оқыста басып, «бірін айдап Оралға, бірін айдап Еренге, біреуін көміп тереңге, біреуін қуып Қаңқайға», қан талапай еткен Қоқанның қоңқай ханы Әлеукеден өш алып, жан-жаққа шашылып кеткен қандастарын қайта жинай бастайды. Туыстас түркі нәсілдерін билеп отырған жақсылар мен жайсаңдардың жасы үлкендеріне өзі барып, жасы кішілеріне ат жүгіртіп, адам жіберіп, білек қосысар бірлікке, ірге тұтастырар ынтымаққа шақырады. Ағайын қатағанның ардағы Қосай дәу айқара құшағын ашып, алдынан шықса, Алайдағы қалша ағайынның Саурық ханы қиырдан келіп, жер шұрайын иеленіп, ел шырайын түгендей бастаған батырға өзі келіп соқтықты. Қалмақ ханы Текес үдере көшкен қырғыз көшін қиын мен қияда торуылдаса, Мәнжі ханы Қитуша ел шетіне дүрбелең салып, тыныштық бермеді. Ел қамын ойлаған Манас иілгенге иілді, шүйілгенге шүйілді. Ата жұрттың қайта қаулап өсуіне, атамекеннің қайта гүлдеп құлпыруына септігі тиер қам-қарекеттің қандайынан болса да тайынбайды. Оның бұл қылығын жақтырмайтындар алыстағы жаттан да, іргедегі жақыннан да көптеп табылды. Өзгені қойып, туған әкесі Жақып елдің басын қоспақ боп, ердің ауызын алмақ боп, күні-түні іргесін атқа, төрін қонаққа таптатып жатқан баласына: «Ойымнан кетпес сор қылдың, Манас; сансыз малды қор қылдың, Манас; аты жоққа ат беріп, тоны жоққа тон беріп, қартайып қалған көзімде, шын мүшкілді сен қылдың, Манас. Қаптаған мың-мың мал қайда? Аялы Алтай жер қайда? Қабырғалас тұрушы ек, қара Қытай ел қайда?» – деп килігіп, сақалын жуып, шашын жұлады. Елдіктің жолына қимай, көгенінің босап қалған бұршағы мен желісінің ағытылған ноқтасын санап, азаттықтың жолындағы кемді күнгі қиындыққа шыдамай, басы байлаулы, аяғы тұсаулы болса да, қарыны тоқ, көйлегі көк жатқа кіріптар күндерді сағынатын мүсәпір мүскіндер, шамасы, ол заманда да табылыпты. Қара бастың қамы үшін, шеке қышытар таж бенен тақым қышытар тақ үшін өз жұртына өзі өрт салып, өзгелермен жер түбінен жең ұшынан жалғасатын жаудан бетер жәдігөй жексұрындар ол заманда да аз болмапты. Алыс Қаңғайдағы Есеннің сойылын соғатын көзкөмендер Таласта жатып, аңғал Манасқа у қосып, арақ беріп, өз тізгінін қолына енді алғалы тұрған сорлы жұртты бұрынғыдан бетер сорлатып кете жаздайды.

Тым таныс құлықтар мен тым таныс қылықтар емес пе?!

Елдіктің жолына қашанда қаптаған кедергі тұрғызылыпты. Азаттықтың жолына қашанда аран ор аз қазылмапты. Сырттағы дұшпан іштегі алаяқтың аярлығын, тоңмойын тоғышардың топастығын, даңққұмар дарақының даңғойлығын қашанда қапысыз пайдаланып бағыпты. Бәрі де елім деп еңіреген ерлердің соңына шоқ алып түсіп, азаттық деп арпалысқан асылдарды аяғынан шалып бағышы. Сондайдағы қазылатын ор мен құрылатын тордың аты – Тоғышарлық екен. Дүние жаратылып су аққалы барша келеңсіздік пен кесепаттың тақымынан түспей келе жатқан тор шолақтың аты да – Тоғышарлық екен. Тоғышарлық арыса мүсәпір, тойынса кісәпір болмай тұра алмайды екен. Манас өзімен ұстасқан жаудың бәрін жеңе алғанымен ғана емес, бақ пен ырзықтың, атақ пен даңқтың, құрмет пен махаббаттың, сый мен салтанаттың бәрін көрсе де, кісәпірлікке ұрынбай, тоғышарлықты да жеңе алғанымен қасиетті. Ол өр десең өр, ер десең ер. Бірақ, жау алдында өр де, дос алдында жер. Ел мүддесі дегенде өз мүддесін, ел намысы дегенде өз намысын ойланбастан құрбандыққа шалып жіберетін мәрт. Ұрын барғанында қараңғыда қол салғанына қитықтанып:

«Нөкөрүм аты да Манас,
жекөрүм аты да Манас,
баскарчым аты да Манас,
баканчым аты да Манас,

басып жүрген қызматкар
жалчимдын аты да Манас,
башымды кантип кемейүн,
аты Манас экен деп,

айтқанға кантип көнөйүн;
атамдын үйүн бұлғабай
азыр кетип жөнөгүн!» –

деп атып тұрған қиқар қалыңдығының қолындағы пышаққа абайсыз қарналып қала жаздағанда, ашу қысып:

«Санирабийғаны көөдөнге Манас тепкени,
Рабийга сулуу қыз көмөлөнүп кеткени;
баатыр Манас бабандын
баатырлығы эмей неткени;

алиги көрген қан қызы Атемирдин жалғызы
атасынын төрүнде абыдан жеди таяқты,
ал жерде башын үзмөкчү, ажар, көркүн,
тұрпатын, тартып керүп сымбатын

арстан Манас аяды;
беш кабырға кыйрады, бетин басып ыйлады,
Манас басып чыкканча жеңине қаны сыйбады» –

демекші, шала бүлініп, әскеріне барып, болашақ қайнатасының астанасын шауып ала жаздайтын асау Манас достан да, дұшпаннан да алданғанымен, досқа да, дұшпанға да ашуланғанымен, астамсып көрген емес, күшім жетеді екен деп зорлыққа, айлам жетеді екен деп аярлыққа барған емес. Бірақ, ол жүрген ортаның бәрі Манас емес еді. Даңқты даңғойлықпен, мәрттікті мастықпен, намысты найсаптықпен шатыстырып алып, аярлықты айып, астамдықты ұят кісәпірлікті кінә санамай, бәрін де белден басып жүре беретін бетсіздер де толып жатқан-ды. Сондай бір бетпақ Көкетай ұлы Боқмұрын өгей әкесінен қалған оңай олжаға мастанып, атын шығармақ боп ас береді. Оған шартараптың досын, жатын түгел шақырып, Манасты шақырмайды. Бір-біріне қаны қатып жүрген қас дұшпандарды бір тойға түгел жинап, бір төрге қатар отырғызам деп, сауық-сайранды қызыл-шеке қан майданға айналдырып ала жаздайды. Қорыққанынан Манасқа ат шаптырып, соның айбарына арқа сүйеуге мәжбүр болады. Бірақ, онсыз да бір-біріне тісін басып жүрген бақас елдердің онсыз да сызат арасы бәйге мен бәсекенің салдарынан одан сайын ырсиып ашылып кетеді. Жүрек сыздар сөз айтылып, сүйек сырқырар іс істелінеді. Талай шаңырақ ортаға түсіп, талай жылқы талауда кетеді. Талай арудың етіне дақ, талай ердің бетіне дақ түседі. Қарқараның шыбынсыз төсіне қақырадай ордалар қонып, дала мен тауды жайлаған барша халықтың барлық көріктісі мен келістісі, күштісі мен жүйрігі, ділмары мен дүлдүлі түгел жиналып, ай бойы көшпенділер әлемінің барлық байлығы мен барлық салтанатын көрсетіп баққан ұлы думан көшпенді әлемнің барша кесепаты мен кесірін де түгел ашып, өз пердесін өзіне сыпыртып, енді қордалана бастаған берекені бір күнде тәрк, енді іргелі ел бола бастаған қауымды бір күнде ғарып қылып кете барады. «Көкетайдың асы – көп жанжалдың басы» атанған ұлы жиын мәнжілер мен қырғыздардың арасындағы ұлы майдан, ұлы шайқасқа ұласып, сол жорықта қырғыздар мен қазақтар бас батырларының бәрін мерт қылып, бас қолбасшысын аяр жаудың алдап келіп, артынан ұрған улы айбалтасынан жазылмастай дертті қылып, мол олжамен қоса мол қасіретке батып оралады. Сөйтіп, Манас сынды ел қамын ойлап, жанын шүберекке түйіп, басын отқа тігіп жүрген есіл сабаздардың көптен көксеген мақсатының түбіне көлденеңнен құйысқанға қыстырылып, қажет десеңіз дос пен жаудың, пайда мен зиянның ара-жігін ажырата алмай жүріп-ақ ат шығарып, абырой асырмақ болып, өлінің аруағын, тірінің ар-намысын бір басының дақпырты жолында құрбандыққа шалып жіберуден тайынбайтын бір әумесердің бір әулекілігі жетіп тынды. Ондай дарақы да даңғой Боқмұрындардың топастығынан туындап, жақсы істі жарты жолда қалдыратын ойда жоқ қырсықтарды ішіне қыл айналмайтын шыжбыңбай Шынқожалар, бақастықтан бауырынан безетін көр көңіл Көбештер, мал құмарлықтан баласын баз кештіретін жәдігөй Жақыптар, кек құмарлықтан неден де болса тайынбайтын қияңқы Қияздар, қаралай күңкілдеп, сасық өкпе-бопсаға бола досын омақастыра салатын үңіреңбай Үмітейлер, тақ үшін тұтас елін түгел сатып жіберуге пейіл баққұмар, сонысынан да қанқұмар Ханшоралар одан сайын асқындырып жібереді екен. Ордадан Манас кеткесін ортадан мәніс кетті. Ұлы есім мен ұлы іске сатқындық басталды. Әке баласын сатты. Іні ағасын сатты. Нөкер көсемін сатты. Мекер төсегін сатты. Босаға терді сатты. Тер беті жабылып үлгермеген көрді сатты. Дәулет әдетті сатты. Әдет абырой-әжетті сатты. Азғындық басталды. Азғындықтан аман қалудың жалғыз жолы – ел ауып, жер ауып аласталу болды. Сол көпке ұшыраған ана Қаныкей мен әже Шиырлы азған елден алыс қашып, асылдан қалған тұяқ Семетейді жетілдірді. Семетей ат жалынан тартып міне, елге оралды. Семетеймен бірге елге сенім оралды. «Манастың ұрпағы жалғасса, ісі де жалғасады», – деп ойлады жұрт. Бірақ, Манастың қолына жарасқан қорқау Семетейдің де қолына жармасты. Манастың аяғына оралған аяр Семетейдің де аяғына оралды. Манастың алдына ор қазып, артына тор құрған күншілдік пен топастық Семетейдің де алдынан ор қазып, артынан тор құрды. Аярлар алдап соққан аңғал Семетей әке күмбезінің қасында әкесі жеген опықты жеді. Сөйтіп, атаның кебін әке киіп, әкенің кебін құрсақтағы бала киетін күн қайта туды. Тағы да азғындар елде қалып, асылдар аласталды. Оспадардың озбырлығынан қолды болған айдай сұлу Айшүректің қосағында кеткен шарана елінің қайда, жерінің қайда екенін біліп қойды. Семетейге қуанған ел, Сейтекке де қуанды. Сейтек бірақ Семетей оралғандағыдан да көбірек таланып, көбірек арыған жұртқа, одан да гөрі араны ашылып, одан да гөрі арсыздана түскен ағайынға оралды. Семетей әкесімен алысқан дұшпанмен, үйреншікті жаумен айқасқа түссе, Сейтекке әкесі түгілі жеті бабасы естіп білмеген, кездесіп көрмеген жер түбінен келген жебірмен шайқасуға тура келді. Бұл ретте, «Сейтек» дастанының философиялық ауқымы, болмыстың ең терең, ең терең, ең тұңғиық, ен шытырман құбылыстарын ең ұрымтал тұстарынан қамтып, ұтымды аша латын ұтқырлығы мен тапқырлығы жағынан әлемдік ауыз әдебиеті түгілі жазба әдебиеттің ең үздік туындыларымен атар тұра алатындай сүлей шығарма екендігін айрықша өліп айтуды парыз деп білеміз. Бағзы мен бүгіннің арасындағы қыл көпірдей бұл туындының бар сипаты мен бар қасиетін түгел тану үшін нағыз осы заманның бостан танымы мен сергек пайымы, нәзік талғамы мен жіті зердесі қажет болатыны даусыз. «Сейтектің» әр тарауы, онда баяндалатын әр оқиға адамдық болмыстың бар құпиясын нағыз сұңғыла зерттеушінің көзімен терең барлап, кемел кескіндеп, дәл пайымдай алған бір-бір тәсіл. Ең күрделі құбылыстың математикалық дәлдікпен есептелген өте дөп философиялық тұжырымы. Тек екі-ақ оқиғаны – Семетейдің ғайып боп кетуі мен Сейтектің Сарыбаймен шайқасын алайықшы. Екеуіде әлемдік әдебиет пен күнделікті тұрмыста айтыла-айтыла ауыз ауыртқан үйреншікті ұғымнан туындаған кең қарымды философиялық метафора. Көзапара бір жағынан бір жендет найзасын сумаңдатып, екінші жағынан екінші жендеті қанжарын жалаңдатып, «әне-міне дегенше, қасына жетіп келгенше, басын кесіп алғанша, құмарлары қанғанша, қарамай алды-артына еріп кеткен секілді, қимылдамай, үндемей, көз ілеспей жоқ болды, сүйегін таппай сабаздың жаны шығып жау азғын ет жүрегі от болды...». «Семетей» дастанының соңында басты кейіпкер тап осылай ғайып болады. Ол «Сейтек» атты келесі кітапта ол елсіз таудың арасында қолды боп кеткен тұлпарына мініп, иесіз қалған сұңқарын ұстап, аң аулап жүрген жерінде Қарадәудің көзіне түседі. Оның атын атап шақырғанына қарамай, үңірейіп тұрған қара үңгірге кіріп кетеді. Бұны естіп, көруге барған Бақай да тап осындай көрініске куә болады. Әйелі Айшүрек пен баласы Сейтек те жалбарынып елге қайтара алмайды. Ақыры анасы Қаныкей барып, тағы боп кете жаздаған баласын алдына алып, ақ мамасын аузына салып, үйіріне қосады. Оны бұндай күйге ұшыратқан перілердің дуасы емес, жанын жегідей жеген ұят еді. Бір жағынан, алданып атын жатқа беріп, бес қаруынан қаралай айырылғанынан, екінші жағынан қас дұшпанының құрған тұзағына өзі барып түскенінен, үшінші жағынан жақсы досы Құлшараны қаралай отқа түсіргенінен, төртіншіден, адалдықпен аңғалдықтан сенімін, ана сүтін ақтай алмай, орта жолда опық жеп қалғанынан, алтыншыдан, осынша қиянат пен қараулыққа барып отырған ағайыннан, жетіншіден, мұнша әділетсіздікті көріп отырып, қол ұшын бере алмайтын елінен ұялғандықтан өз-өзінен ғайып болып еді. Тірілей жерге кіреді деген осы еді. Мұндай пұшайман хәлден анасы келіп, ақ сүтін кешіп, қайтадан сенім артса ғана арыла алар еді. Семетейдің бір басындағы бұл күйзеліс бүкіл ел басындағы күйзеліс еді. Ал, Сарыбай – арғы-бергі әдеби санадағы ең қорқынышты, ең жиренішті құбыжықтардың ең жаңа, ең үрейлі түрі. Өйткені, ол бұрынғы аңыздарда кездесетін бір жері болмаса, бір жері адамға ұқсайтын құбыжық емес, барлық қасиеті, барлық мінезі, барлық құлқы мен қылығы құбыжықтыққа айналып кеткен адам. Жалмауыз сияқты адамдар ауылда да толып жатыр. Олардың да салып жатқан ойраны аз емес. Ал мынау дәл адам сияқты жалмауыз сонау жеті қиян жер түбінен келіп отыр. Сонысын бұлдап мұндағы Манас жұртының түгелімен көзін құртып, барын өзі иемденбек. Жер бетінде жалғыз өзі қалып, бәріне өзі ие болғанша соңына сары масадай самсаған қол ертіп, жолындағыны түгел жойып, сайранды сала бермек. Тек адамдарды ғана емес, аққан суды, өскен шөпті, жүгірген аңды өз қалауынша өзгертпекті сылтауратып, түп-түгел қырып салмақ. Сөйтіп, жер үстін, аспан астын жалғыз жалмауыз жайлаған жапан түзге айналдырмақ. Оған ешкім жеке төтеп бере алмайды. Жеке айқасып жеңе алмайды. Алыс боп, жақын боп, ағайын боп, жат боп, кәрі боп, жас боп, әйел боп, еркек боп, жабыла жүріп тойтармаса, ешкімге де, ештеңеге де дес берер емес. Қияндағы Қайып қызы Құялдының Алатауға ат сабылтып көп, Сейтекке қол ұшын беретіндігі де сондықтан. Дастанның соңғы тарауын төбе шашың тік тұрып, тұла бойың түршігіп отырып оқисың. Ықылым замандар хикаясының ақырғы бетін баяғы қатыгездіктерден емес, бүгінгі қатыгездіктерден үрейлене отырып, жабасың. Иә, кейінгілердің соры алдыңғылардан гөрі де қалыңдай түскен сыңайы бар. Бірақ, одан сескенер Сейтектер жоқ. Біржола өліп біткені-бітпегені әлі беймәлім жаңа Жалмауыздың мүрдесінің жанында жаңа шайқастарға сақадай әзір түр. Міне, мың жылдан бері айтылып келе жатқан көп әлі тамамдалған жоқ. Онда көтерілген көкейкесті әңгіме Алатаудың ар жағы мен бер жағында қайтадан қозғалып жатыр. Мұндай сын сағатта бабалардың барша жүрек сырын, рухани шырынын, ақылы мен даналығын түгел сығып ап, бір арна, жүйеге құя білген ұлы Халықтың ұлы дастанын шұқшия оқып, арын, жанын тазартып, селқос сөзімін оятып, дағдарған санасына қозғау салу – әрбір көзқарақты азаматтың қасиетті парызы болса керек. Көз алдыңа көне дастанды сұңқылдай соғып отырған айырқалпақ жомоқшы қайта оралды.

Ол көне сарынмен жаңа бір кейіпін баяндап отырғандай:
Ақар-шақар ала шың Ата қоныстары еді:
Бағзыдан жеткен баба жыр –
Елдіктің асыл дерегі.

Қайта гүлдеп солған бақ,
Үзілген үміт тірілді.
Сөнген от қайта алаулап, –
Дүние тағы дүбірлі.

Тарих тезі теңселді –
Теңістірер мұрсат бер!
Сейтек сермер семсерді
Сертке тағар ұрпақ бер!

Үміттің оты үдегей,
Арымай көңіл көр-жерден,
Айналып соғып жүрмегей
Семетей кешкен сергелдең.

Мойымай тілеп, сұрайын,
Мойныма салып бұршақты:
Құр тұрғызба, құдайым,
Манастар туған құрсақты.

Жаһанды жайпар жау-жарақ
Жабыла төнсе – жастанбас,
Жарты әлем тола жамағат
Жамырай сүйсе – мастанбас.

Асқар Манас, Ай Манас,
Өртенбесін өзегің,
Азат елмен аймалас,
Келді тағы көзегің!

Манаурап барып батқан күн
Маңғазданып қайта атсын,
Бағзыдан жанға батқан мұң,
Байызы қанып, жай тапсын,

Асқар Манас, Ай Манас
Жаңа ұрпақпен аймалас.
Асқар Манас, Ай Манас,
Азат жұртпен аймалас!

Асқар Манас, Ай Манас...
Алла әумин дегей...

О тоба, дүниеде тап мұндай да таңғажайып дана дастан барына шүкір. Ол дастанды жаппай жаттап, жаппай жырлап жүрген дархан халық барына шүкір.

Оны қасиеттеп, әспеттей берер жаңа нәсіл, жаңа ұрпақ барына шүкір...

БЫТЬ СЫНОМ НАРОДА

К 150-летию со дня рождения Абая Человек-загадка... Таким себя считал сам Абай. Неслыханно жестокой и глубокой была его трагедия: искренне недоумевал – любит или не любит свой народ. Если любит, то почему не нравится ему, все, что делается вокруг. Если не любит – к чему жить среди, почему не спастись бегством, уйдя куда глаза глядят... Не один Абай оказался в этих степях в такой ситуации. По-разному искали путь спасения из подобного тупика: сверхверой в сверхчеловека – Заратуштра; неустанным поиском бессмертья – Коркыт; добровольным отказом от этого бренного мира, не дожидаясь даже смерти – Ходжа Ахмед Яссави; бегством всем народом в иной, более безопасный край – Асан Кайгы; битвой до смерти, до последнего – Махамбет... Абай был не только продолжателем их исканий, он нашел вполне приемлемое не только для своего, но и последующих времен решение вечного для наших степей подлинно гамлетовского вопроса. Чем и восхищается сегодня все человечество. Феномен Абая – не только им самим, но и всеми последующими поколениями, еще не достаточно разгаданная загадка. Бесполезно искать разгадку в личности одного Абая или в обстоятельствах его времени. Абай – титан духа и мысли. Тайнопись явлений столь восхитительного масштаба расшифровывается лишь софовенными секретами самого бытия. Ибо в этом мире, называется, ничего не происходит так запросто, как самое изначальное и основополагающее. Если верить подсчетам ученых: за ничтожные доли микросекунды узнают друг друга комплементарные единицы нуклеиновых кислот и жди появления на свет нового живого существа. А огромная Вселенная, выходит, возникла всего-навсего за многобиллионную долю секунды в результате беспрецедентного взрыва, произошедшего восемнадцать миллиардов лет тому назад из-за чрезмерного накопления уплотненных сверхмощных зарядов первоэнергии. Все, остальное, получается, требует времени и усердия. И немалого. Не полтора века, а многие тысячелетия понадобились, чтобы сегодня мир восхищался Абаем. Потребовалось, например, населению североазиатских широт дольше всех вести кочевой образ жизни. До конца исчерпать потенциал существования за счет вегетативного поля. До конца испить чашу упоения и горечи от слитности с природой, всецело зависимой от климата. Поэтому почти постоянно конфликтовать с остальной природной и моральной средой. Кто так постоянно рискует, тот и провоцирует остальных на сопротивление. Неистово истощая самого себя мобильными, однообразными жизнедеяниями, настойчиво закаляет своих противников и умом, и силой. Непрекращающиеся флуктуации вызывают адекватные, даже превосходящие контр-флуактации. Форс-контрфорс. Такова формула взаимо-отношений кочевников с остальным миром. Невозможна стабильность. Значит, исключается возврат к прежнему раскладу вероятностей. Вместо этого – перманентная угроза исчезновения. И упорное противостояние с остальным миром, и слепое следование его давлению в одинаковой степени могут обернуться для любого социума или индивидуума самоаннулированием. Оттого и всем живым существам, и анаэробной бактерии, и осознающим себя индивидуумам, приходится учиться селективно отвечать на раздражения среды, постоянно приспосабливаться к непредвиденным ситуациям. Проявить самоорганизующую волю, складывающуюся из наследственности, опыта имманентной для системы способности производить оценки. В мире, еще малопознанном и не подвергнутом сплошной интеллектуализации, самоориентация и самомобилизация полагались не на аргументы и анализ, а на интуицию, даже инстинкт, на конкретные раздражители человеческих чувств. Кочевой мир напрямую контактирующий с природной и космической стихией больше всех нуждался в системе самоорганизующих и самобилизующих самоустановок. В прорицателях и пророках, в их всеобъясняющих и всеобъемлющих учениях. Этим и обусловлено то, что именно им созданы почти все мировые религии: иудаизм и ислам – на юге, тенгриханство и зороастризм – на севере. Они также были заинтересованы не менять их на каждом шагу, а менять только на предельной точке самоисчерпания устоявшегося и то по особому предзнаменованию небесного разума. Только тогда, когда был крайне необходим решительный прорыв за пределы привычного и прижившегося... Аналогичным экстремальным состоянием степного общества вызван к жизни и феномен Абая. Не только неистребимым стремлением сверхталантливой личности самоутвердиться, но и настоятельной потребностью целого народа выжить и уцелеть выпестован гений Абай, невольно напоминающий своими духовными мытарствами Моисея и Заратуштру. Не на чужбине, как при Моисее, а у себя на родине стали гонимыми соплеменники Абая. И не в начале этнического самоутверждения, а после многотысячелетней гегемонии на евразийских просторах пришлось им сполна мыкать горе. Вдребезги разбилась могучая кочевая империя, простиравшаяся на всем пространстве, некогда занятом палеоокеаном Татис. Распались и появившиеся на ее месте разрозненные ханства, как мелкие и быстро мелеющие озера на дне чаши вчерашнего безбрежного океана. Задыхались как рыбы в луже, народы, чувствовавшие себя прежде акулами, вечно шурмующими кочевые раздолья. Таковой была участь казахов, последними терявших былую удаль степной воинствующей государственности. Их ханство под мощным и разносторонним давлением из-вне было сперва раздроблено на мелкие части, потом каждая из нас из-за дефицита самодостаточности была цинично удушена. Стремление вернуть былое, потрясавшее степь в течение почти двух столетий, не увенчалось успехом. Спасать народ, как Моисей и Заратуштра, спешным выводом за пределы табельного пространства было уже поздно. Это не удалось даже Асану-Кайгы, который еще четыре века назад, до Абая, предвидел такой мрачный исход. Беда не в том, что непостоянно центростремительно степное общество, а в том, что кочевничество как истерический феномен уже самоисчерпалось. Вегетативное поле давно перестало быть ареной самодостаточного существования. И не стало больше служить основным критерием геополитических устремлений. Человеческий аппетит насыщался не только за счет биосферы, но и геологических пластов. Назревала попытка нового передела жизненного пространства. Казахская степь, издревле считалась осевой областью истории, главным коридором всех великих переселений народов – массовых миграций евразийского населения с Воетока на Запад, с Запада на Восток. К концу прошлого века европейской глобалистикой она стала квалифицироваться как хартленд (Срединная земля), недосягаемая для морских флотилий, уже тогда стала объектом вожделения всех крупных держав и проблемой особой остроты в мировой геополитике. Ибо, как определил политтеограф Холфорд Маккиндер еще в 1904 году, «кто управляет Восточной Европой, тот управляет хартлендом. Кто управляет хартлендом, тот командует «миром-островом». Кто управляет «миром-островом», тот командует всем миром». Это обстоятельство потом вынудило сверхдержавы на две мировые горячие, одну холодную войны, на создание трансконтинентального оружия и превратило казахскую степь в страшный ядерный пуп земли. Каким-то сверхглубинным чутьем Абай предчувствовал, что его край и народ становятся не переферией, а самым центром при новом переделе жизненного пространства. Как быть при этом народу еще не слезшему с коня война-пастуха? Как быть степняку, навсегда распрощавшемуся с пикой и еще не научившемуся держать в руке ничего, кроме плетки из сыромятной шкуры? Каким головоломным был этот вопрос для тогдашнего степняка легко догадаться, если до сих пор многим еще не ясно, что степному населению при новом мировом разделении труда и благ остается лишь один выбор: либо как степная флора и фауна, стать жертвой ситуации, либо участвовать как партнер, теперь вобравшейся уже в твой дом, мировой интеграции. Либо быть отброшенными другими в сеть явной или подспудной резервации, в вечные заложники традиционного быта и жизнедеятельности, либо включиться в жестокую конкуренцию самоутверждения и самореализации каждым. Нужен был новый поводырь растерявшейся толпе, указывающий вразумительный выход из этого, в буквальном смысле перевернувшегося для них ногами верх зловещего мира. Таким для казахов явился Абай. И он почти до сорока лет тщетно старался исправить неисправимое. Праведное правление возможно только там, где среда сама идет навстречу доброй воле. А там, где она живет вся в прошлом, а реальная власть заинтересована долго держать ее в таком затюканном состоянии, пока она окончательно не деградирует, нет другого выбора, чем идти против всех, даже против родных людей, родного народа. Невзирая на их роптания. Рискуя честью при жизни и доброй памятью о себе после смерти. Но из-за искреннего сострадания и любви к людям и народу. В таком глубоко трагичном состоянии жил и творил Абай в течении целой четверти века. Ибо он первым из всех степных властелинов дум отважился открыть глаза народа на вее усиливающуюся неадекватность его образа жизни с неотступными уже процессами мировой истории. Поэтому из его глаз текли горячие слезы любви, а с уст срывались одно яростнее другого слова неприкрытой ненависти к предвзятости, в сетях которой с каждым годом все больше и глубже запутывается его народ. Не изменить жизнь, не изменяя самого себя. Не обрести родину всем, не обретая каждым в отдельности самого себя. Быть как все, жить как все, научиться всему тому, что умеют все другое. Знать язык других, научиться их искусству и умению – это возвышает, а не унижает, делает равными с ними и менее зависимыми, чем жить и ничего не знать и не уметь. Такое, естественно, кощунственно звучит для слуха тех, кому и так надоело издевательство других. Нет большего святотатства для ума степняков тысячелетиями живших общиной, не признающих ничего другого, кроме этого нет, чем призывы: «Сам корми себя», «Не уповай на других, усердствуй сам». На подобное тогда никто, кроме протестантов на Западе и поздних реформаторов конфуцианства на Востоке, никак не осмелился на белом свете, твердо помня, что во всех пяти священных книгах обогащение трактуется как источник зла. А Абай, не только отдельными высказываниями в стихах и «Словах назиданий», а всем творчеством и всем образом своего поведения, начисто отвергает не только до государственный реципрокный, но и про то государственный редистрибуционный обмен продуктами и приветствует самореализацию человека в труде и самоутверждение через него. Нет для него ничего отвратительнее, чем социальное иждивенчество. В «Шестом слове», однозначно критикуя примитивный эгалитаризм, паразитирующий конформизм, тотальную обобществленность благ и богатств, приводящих к вульгарному социализму, Абай признает только общность цели, идеалов и понятий их ценности. Абай против чрезмерной абсолютизации власти и социальной распущенности масс. Соль общественной гармонии ищет в честном труде каждого. Горячо убеждает своих соплеменников в том, что пока каждый не добьется достаточного самообеспечения своим трудом, и народу не знать подлинного равенства и свободы. Только тогда человеческое дитя может быть другом по отношению к другому себе подобному. Только тогда он другому, себе подобному не кажется либо хищным угнетателем и кровопийцей, либо ленивым завистником и дармоедом. Иначе нет человеку большего врага, чем сам человек, а казаху, чем сам казах. Поэтому, как понимает Абай, удаль воина ничто в сравнении с прилежанием ученого, усердием ремесленника, терпением торговца и упорством дехканина. Труд – мера всего и единственная гарантия человеческого счастья. Вот что составляет концептуальное ядро всего того, что написано им как поэтом и мыслителем. Чем малочисленнее и слабее народ, тем прилежнее приходится трудиться и учиться у других. Иначе не быть им достойным партнером в мире всеобщей конкуренции. Мало призывать людей к милости к падшим и слабым, необходимо мобилизовать их к самосовершенствованию самых падших и слабых. Вот в чем смысл патриотизма и гуманизма в абаевском миропонимании. Не случайно, что второй после лени люто ненавидит Абай спесь. По его трактовке, лень рождет дармоедство, а спесь – невежество. Невежество и спесь оборачиваются несмываемым позором для сильных, непоправимой бедой и гибелью – для слабых. Таким образом, Абай, как справедливо отметил Президент Назарбаев, еще в прошлом веке осмыслил и осознал жизнеспасительную суть нынешних перемен, на целый век опередил не только своих соплеменников, но и мыслителей многих народов, только в нынешнем веке вставших на путь реформ и модернизации. Мало кто был в состоянии по достоинству оценить его дерзкий вызов и понять его спасительное значение и суть. Себе Абай, как не раз сам признавался в этом, казался одиноким изгнанником в родных степях, среди своих же сородичей. Нам он видится прикованным к скале недопонимания Прометеем, как и последний, ничуть не проклинавшим кровожадных стервятников, заживо вынимающих из его тела печень и сердце, смотрящим на свой еще недостаточно смышленный народ не злобным укором, а с глубоким состраданием и жалостью. Для нас, как и он, рискнувших изменить мир, изменяя себя, нет более верного и надежного единомышленника и наставника. Для остального мира нет более убедительного выразителя наших сокровенных дум и чаяний. И сегодня, как никогда, мы осознаем, что не слова наши, а дела, подтверждающие жизненность его многострадальных мыслей, должны лечь живыми цветами у подножия его вечной памяти. И тогда как следует спасем и до Абая, и после Абая сполна мыкавший горе наш все еще не избавившийся от косности и предвзятости, веками устоявшихся, народ.

1995 г.

ТӘУЕЛСІЗДІК БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Күні кеше ғана сияқты еді. Оған да төрт жыл болыпты. Пәлен күнге созылған парламент дауы да аяқталды. Дауыс берілді. Басым көпшілік егемендікті жақтады. Алаң толы жастар қабылданған құжатты сол бойда жариялауды талап етті. Бір топ депутаттар алдына барып оқып берді. Қомсынғандар да табылды. «Бірден тәуелсіздік жариялау керек еді. Мұндай егемендіктің қажеті қанша?» – десті олар. Бірақ, ондай егемендіктің де әбден қажет екенін келесі жылдың тамызы көрсетіп берді. Аяқ астынан жарияланған төтенше жағдай тек Мәскеудің аумағымен шектелді. Егемен республикаларға ықпал ете алмады. Күллі кеңестік кеңістіктегі азаматтық соғысқа айналып кетуі әбден мүмкін саяси айла-шарғы жаңа егемендік сынды құқықтық тосқауылға тап боп, тоқырап қалды. Оған сол жылы қоңыр күзде одақтық парламент пен республика парламенттері делегациялары бірлесіп өткізген мәжілісте әбден көзіміз жетті. Қабылданған қорытынды құжат империялық құрылымдардың хәлі мүшкіл екенін айқын аңғартқандай еді. Алайда, жағдайды одан әрі шиеленістіре түскісі келетін күштердің де аз емес екендігі байқалады. Таптық идеология патриоттары баспасөз залына жиналып, үсті-үстіне мәлімдеме қабылдап жатты. Ұлы державашыл күштер әжетхана алдындағы вестибюльдерге жапырласып, желпіне сөйлеп тұрған Владимир Жириновскийге ауыздарын ашып бақты. Сөйтіп, қоғамды одан әрі реформаландырудың тізгіні орталықтан біржола кетіп, шет аймақтарға, бұрынғы одақтас республикаларға көшті. Егемендік кепілі болып табылатын президенттік институттар құрылды. Олар бүкілхалықтық дауыс беру жолымен сайланды. Қазақстан да өз Президентін сайлап, өз тәуелсіздігін жариялады. Оны әлемдік қауымдастық бірден мойындады. Тәуелсіздікті заңды жолмен бекітетін Жаңа Конституция керек болды. Белая Вежада бас қосқан Кеңестер Одағының тарихи құрылтайшылары одақтан шығатындықтарын мәлімдеді. Сөйтіп, әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан үлкен империя күйреді. Оған қуанғандардан гөрі үрейленгендер көп болды. Олар тек, кейбір саясатшылар көп айта беретіндей,«бір күнде «шет елдік» боп шыға келген жиырма бес миллион орыстар» ғана емес еді. Бірлесіп басталған реформа аяқталмай қалды. Демократиялық үрдіс әбден орнығып үлгермеді. Либералдық қағидалардан таптық қағидалар әлі де үстем түсіп тұрды. Жалпы гуманистік мұраттардан гөрі таптық интернационализм қисындары әлі де кеңінен танымал еді. Мұндай жағдайда жаңа жарияланған егемендіктер мен тәуелсіздіктер заңды күшін сақтап қала ала ма? Сонау қайта құрудың басындағы солақай басшылық әдейі қолдан қоздатқан ұлтаралық кикілжің өрті енді кешегі кеңестік кеңістікті түгел қамтып кетпес пе екен? Демократиялық жолмен қайта құрылып үлгермеген қоғам халықаралық нормаларға мойын ұсынып, бейбіт жолмен ыдырап, кейін халықтардың азаттығына, мемлекеттердің тәуелсіздігіне нұқсан келмейтіндей боп, мемлекетаралық қатынастардың осы заманғы озық үлгілеріне сәйкес қайтадан бейбіт ықпалдасып, бейбіт ынтымақтасуын қамтамасыз ете ала ма?.. Жаңа егемендіктер күрделі өзгерістерді одан әрі ойдағыдай өрістетіп кете ала ма? Кертартпа пиғылдарға не орынсыз асығып-үсігушілікке ұрынып, реформаны да, демократияны да, тәуелсіздікті де тәрк етіп алып жүрмей ме? Орынды уайым. Алматы ұшырасуына да сол себеп болды. ТМД да сол себептен құрылды. Кеңестер Одағы енді жоқ. Оған кірген мемлекеттер бұдан былай бір-бірімен достық, тең құқылық жағдайында ықпалдасатын болады. Ол шешім қағаз жүзінде қалды деген бекер сөз. Егер мемлекеттер арасында ашық қырғи-қабақтыққа жол берілмей келе жатса, ол да әлгі уақытылы қабылданған шешімнің арқасы. Алайда, Белая Вежа да, ТМД да – жаңа тәуелсіздіктер жолындағы тұзақты түгел үзіп кете алмапты. Оған «егемендік» пен «тәуелсіздікті» әлі күнге келеке ете сөйлейтін саяси риториканың өзі-ақ дәлел. Олар Кеңестер Одағындағы жағдайдың бұлай өрістеуін іштегі ұлтшылдық пен сырттағы жымысқылықтан көреді. Оларға айтқызсаңыз, ешқандай тоқырау да болмаған сияқты. Тоқырамаса, Кеңестер Одағындай әлемдік держава тапа-тал түсте өз-өзінен құлап қалар ма еді?! Нағыз іштен іріп-шіру деген осы. Оны, әрине, ішкі, сыртқы оппозиция бірден байқады. Сөйтіп, қоғамдық санада әуелі айтылып жатқан сөзге сенбейтін, кейін өкіметтердің істеп жатқан ісіне сенбейтін секемшілдік пайда болды. Кейін ол ашық наразылыққа ұласты. Бұрын жоғарының сөзіне сенгіш қауым енді көлденеңнің сөзіне сенгіш болды. Жаппай қарулану мен бейбіт экономикалық бәсекеде бірдей ұтылу ішкі оппозицияның тілін шығарды. Ол мінез қоғамның төменгі қабаттарынан жоғарғы қабаттарына өрмеледі. Ұзақ жыл билеп-төстеген геронтократия (ақсақалшылдық) билікке асыққан жас элитаның көз қырына қалды. Көшедегі наразылық ордадағы наразылықпен жең ұшынан жалғасты. Жоғарыдан түсетін нұсқауды екі етпейтін құлақкесті психологияны пайдалана отырып, бұқараның штабтарға, төменгі штабтардың жоғарғы штабтарға, шет аймақтардың орталыққа мойын ұсынбауы күшейді. Сол табысына мастанған жаңа элита ұлтаралық қарым-қатынасты қайтадан жетілдірем деп жүріп, «ұйықтап жатқан аждаһаны» өзі түртіп оятты. Мұндай авантюраның салдарынан қашып, өздері республикалық партия ұйымдарын автономдандыра бастады. Республикалар егемендік жарияламай тұрып, республикалық партия ұйымдары өз уставтарын қабылдап үлгерді. Кремльдің «жаңа арманшылдары» егемендіктер парадын» қаншама келеке еткенмен, өздері бастап берген жаппай ыдырау процесін тоқтатар айла таба алмады. Партия комитеттерін тастап, кеңестерге ауысты. Ол да жаппай ыдырауды тоқтата алмады. Енді бүкіл державалық халық шаруашылығы комплексінің өміршеңдігіне жүгінуге мәжбүр болды. Жергілікті өкіметке онсыз да бағынбайтын одақтық кәсіпорындарды одан сайын бағынбайтындай қылу мақсатымен, кәсіпорындардың өз билігі өзіне берілді. Сөйтіп, империяның бірден бір жұлыны болып табылатын орталықтан үйлестіру және басқару жүйесінің тамырына балта шабылды. Одақ осылай ыдырады. Тәуелсіздік осылай орнады. Бәрі де жоғарыдан және орталықтан жүзеге асырылды. Ол үшін енді жершілдік пен ұлтшылдыққа өкпелеудің еш жөні жоқ. Егер ара-тұра ондай да құбылыстар кездессе, олар да «қайта құру көсемдерінің» өз мақсаты жолында неден де болса тартынбағандығының салдарынан орын алды. Қысқасы, жаңа коммунистік элита өзі отырған бәйтерекке өзі балта шапты. Ұзақ жыл билік басындағы партия даңғойлық пен ішкі ала құлалылыққа ұрынбай тұра алмасы белгілі. Қоғамдағы қай күш те ықпалды топта өз адамын ұстағысы келеді. Сөйтіп, ол мүдде бірегейлігі мен көзқарас бірегейлігінен айырылады. Біреулердің тіпті істің тап осылай тынғанына әуелден де тілектес болуы әбден мүмкін еді. Екіншілері, әліптің артын бақты. Үшіншілері, сазға отырып қалғанын кеш байқады. Жағдайды түзейміз деп жүріп, әбден күзеп алды. Сөйтіп, Белая Вежа, түптеп келгенде, болары әбден болып, бояуы әбден сіңіп қойған тарих шешімін заңдастырды. Мұндай жағдай әлемдік империялардың бәрінің де басынан өткен. Бірақ жаңа жағдайда бұрынғы метрополия мен отарлар арасында өшпенділік өршіп кетпеуіне көп мән берілген. Британ, француз Достастығы да содан туған. Біздегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы да солай туды. Өйткені, тәуелсіз мемлекеттердің бәрі де жаңа заманға лайық жаңармайынша қатарға қосыла алмайды. Оған озық технология, инвестиция және халықаралық қолдау керек. Ол тек орнықты ахуалдағы елдерге ғана көрсетіледі. Сондықтан неоимпериализм, неоколониализм, ұлттық томаға-тұйықтыққа ұрындырмайтын әлемдік ықпалдастыққа ұмтылады. Ол үшін де егемендік ықпалдастыққа ұмтылады. Ол үшін де егемендік пен тәуелсіздік керек. Ендеше, сыртымызда тұрып та, өз ішімізде жүріп те егемендік пен тәуелсіздікті біржақты келеке ететіндер, шындап келгенде, ынтымақ пен ықпалдастықты емес, бұрынғы біреуге басыбайлылық пен кіріптарлықты аңсайтындар болып табылады. Олар нақты адамдардың басындағы нақты қиындықтар мен нақты қолайсыздықтарды тілге тиек етеді. Оған түсінген жөн. Отандастарымыздың қай-қайсысының да уайымына ортақ боп, көмектескен абзал. Бірақ, адамдар да, халықтар да әлдеқашан жүріп кеткен пойыздың соңынан жүгірмей, қалыптасқан жағдайда өзіне де, өзгелерге де бірдей тиімді пәтуа ұстана отырын, өзгеріп жатқан дүниеден өз орынын таба алатынын да ұмытпаған дұрыс. Кешегі кеңестік кеңістікте әлі де болса, буынсыз жерге пышақ ұру, сол арқылы тәуелсіздіктерді тұқыртып бағу пиғылдары орын алып отыр. Жаңа тарихи ситуацияны атымен ескергісі келмеген, бір жаққа ғана тиімді нормаларды көлденең тартып, болашақта тығырыққа тіреуі ықтимал стандарттарды тықпалап баққан саяси жымысқылық өз дегеніне жете алмады. Алайда, саяси жолмен жүзеге асыруға шамалары келмегенді экономикалық жолмен жүзеге асыруға ұмтылатындар ұпайларын жіберер емес. Олар қалыптасқан байланыстардың бұзылуын асқынтып, қайтарымдық-төлемдік, тасымалдық, жабдықтаушылық, энергетикалық қысымды күшейтіп бақты. Ұлттық ақша дүниеге солай келді. Бұған байланысты халықтың кейбір бөлігінде туған алаңдаушылықты пайдаланып, ашық саяси қоқан-лоққыға көшкісі келгендер де бой көрсетті. Бір кезде қайта құру процестеріне тыңғылықты ойланып алып кіріспеген кеңестік кеңістіктегі ахуал әлі солқылдақ. Біреулер оның орынында пайда болған мемлекеттер қазіргі қалпында да іргелі мемлекет болып кете алатынына сенеді. Енді біреулер оларды одан әрі ыдырата түскісі келеді. Үшінші біреулер кешегі кеңес кезіндегі империяны, төртінші біреулер баяғы патша тұсындағы империяны аңсайды, бесінші біреулер таза славяндық, алтыншы біреулер, мүмкін болса, Орталық Азияны да, ең кемінде Қазақстанды да қамти кететін түркі-славян одағын құруды көксейді. Ал, қалыптасып отырған жағдайды одан әрі орнықтырып, тәуелсіз мемлекеттердің өзара екі жақты байланыстарын да, көп жақты байланыстарын да былайғы дүниемен қарым-қатынасын да өз еркімен көңінен дамытып, жаңа қағидалар негізінде жасақтала бастаған әлемдік ықпалдастыққа тікелей шығуын тереңдете түскісі келетіндердің дауысы тым әлсіз естіледі. Бұл ешкімді де енжар қалдыра алмайтын жағдай. Тәуелсіздік пен ықпалдастықтың аясын тек кешегі немесе баяғы тарихи дәстүрлі ауқымдармен ғана шектеу жаңа империяшылдықтың, жаңа гегемонизмнің, саяси-мәдени жаңа бөліне-жарылушылықтың қаупін күшейтіп, енді-енді бәсеңдеп келе жатқан әлемдік текетірестік ахуалды қайта қоздырып алуы да ғажап емес екендігін ескермей болмайды. Ынтымақтастық та, ықпалдастық та бір-бірінің мүддесін нәзік түсініп, қатаң қадағалауды талап етеді. Онсыз ол баяғы сол баса көктеушілікке ұласып кетеді. Шынайы ынтымақтастық пен ықпалдастық шынайы тәуелсіздік бар жерде ғана жүзеге асады. Осы даусыз ақиқатқа көзжұмбайлықпен қарап, үйреншікті үрдіс пен көне сүрлеулерге жүгіру кешегі кеңестік кеңістіктің шын мәніндегі демократиялық кеңістікке айналуына бірден-бір қол байлау боп келеді. Отандастарға қамқорлық жасаған жөн. Бірақ ол көрші мемлекеттердің ішкі ісіне қол сұғу деген сөз емес. Тіпті қайда болса да, баса-көктеп кіріп бурадан да тартынбайтындардың бар екендігі де көрінбей қалып жатқан жоқ. Ондай ниет үстемдік еткен жерлерде екі жақтың да боздақтарының қаны мен аналарының көз жасы бірдей төгілуде. Соған қарамастан, көрші кеңістіктерде сәл нәрсені сылтау етіп бөліне-жарылушылық пиғылдарды қоздырғысы келетін іріткі әрекеттерге әуестердің саны азаяр емес. Бұндайдан сескенген жаңа тәуелсіздіктер ішінара төтенше амалдар қарастыруға мәжбүр болатыны айтпаса да түсінікті. Тәуелсіздікке қысым жасау демократияға қысым жасауға ұрындырмай қоймайды. Шынында да адам бостандығын жақтайтын күштер тәуелсіздік тағдырына да енжар қарай алмаса керек-ті. Өйткені, тұтас халықтардың бостандығы аяққа басылып отырған қоғамда азамат бостандығы да аяққа басылмай қалмайтынын кешегі кеңестік кезеңде өз көзімізбен көрдік. Ендеше, тәуелсіздікке немқұрайды қарау деген сөз – демократияға немқұрайды қарау деген сөз. Демократияға немқұрайды қарау – адам бостандығына немқұрайды қарау. Осыны ұқпай, оңды-солды тәуелсіздікке тиісетін, өмірде кездесіп отырған келеңсіздіктердің бәрін егемендік пен тәуелсіздіктен көретін пиғыл, түптеп келгенде, демократиялық пиғыл боп санала алмайды. Ондай оспадарсыз пиғылдың опық жегізбей қоймайтынына да енді көзіміз кетті. Алайда, оспадарсыздыққа оспадарсыздықпен жауап беріп, тәуелсіздіктің көсегесін бәрібір көгерте алмайтынымыз да рас. Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның алдындағы ғана емес, өз тағдыры алдындағы жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның жарастығын ойлаған адам ғана жарастықты дүниеде өмір сүре алады. Тек азат адамдар мен тәуелсіз халықтар ғана дүниеде ондай шынайы жарастық орната алады. Өйткені, халық бостандыққа жетпей тұрып, қоғам бостандыққа жете алмайды. Қоғам бостандыққа жете алмай тұрып, адам бостандыққа кете алмайды. Сондықтан да, бүгін күллі жалпақ әлем бостандықты ту еткен жарастықты аңсайды. Ендеше, адамдар мен қоғамдардың, мемлекеттер мен халықтардың өз еркі өзіндегі тәуелсіздігі – ешкім тіл тигізе алмас қасиетті ұғым. Қазіргі адамзаттың ең басты мұрасы, ең асыл игілігі. Демек, заман бәрібір біздікі. Бостандыққа ұмытылған адамдар мен азаттыққа ұмытылған халықтардікі. Тәуелсіздікке ұмытылған мемлекеттердікі. Оны түсінбеу өзін де, өзгелерді де қара суға теріс ағызу болып шығады. Ол үшін өтпелі кезеңнің келеңсіздіктерін көлденең тартудың да жөні жоқ. Мың жылдап күткен арманды бір күнде жүзеге асыра салмасымыз белгілі. Ғасырлап аңсаған азаттық бәрімізді бір күнде бай қылып, барша мұратқа жеткізбей жатқаны да рас. Қиындық пен қиянаттың көбеймесе, азаймай тұрғаны да рас. Бәрі де рас. Бірақ, бәрі де тәуелсіздіктен емес. Жаңаны көрсе, жағасынан алып бағатын жаны қас кертартпалықтан. Кешегісін көксеп оқыранған отаршыл озбырлықтан. Тарысы піскеннің тауығы бола салып, ел пайдасынан гөрі өз пайдасын көбірек ойлайтын тоғышар пысықайлықтан. Жаңаның атын малданып – бақ, абыройын малданып – байлық тапқанша асыққан әлеуметтік әумесерліктен. Қысқасы, даңғойлық пен даңғазалықтың бұрын оянып, шын намыстың әлі ширықпай жатқандығынан. Әркім өз пікір мен өз әрекетінің тізгінін өзі қолға алып, нақты іске кірісе алмай жатқандығынан. Ол үшін біріміз емес, бәріміз ұяттымыз. Соны мойындасақ, келеңсіздік бүгін жойылмаса, ертең жойылады. Әзір орнай алмай жатқан молшылық пен әділет бәрібір орнамай қоймайды. Қай халық та ондай дәуренге жетсе, тек тәуелсіздіктің арқасында жетіп жатыр. Ал қолымызға әзер қонған азаттық құсын бір үркітіп алсақ, қайта айналып қонғанша қашан?! Олай болса, уақытша қиындықтарға бола мәңгілік-мұраттарымызды тәрк ете алмаймыз. Тәуелсіз еліміздің көгеріп-көркеюі жолында күш-жігерді аямаймыз. Тарихтың қандай қатал сынына да табандылықпен төтеп бере аламыз. Өйткені, тәуелсіздік бәрінен қымбат, бәрінен ұлы

ЖАРҚЫН БЕТБҰРЫСТЫҢ ЖОЙҚЫН БЕТАШАРЫ

1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларының 10 жылдығына орай Иә, одан бері де он жыл өтіпті. Келелі оқиғалар мен кемел өзгерістерге толы он жыл. Ал оған дейін ше?.. Қиялын қысыратып, сананы сарсылтқан сан ғасырлар... Біздің баларымыз тек кейінгі бес ғасырда ғана емес, ен байтақ Еуразияның біресе ана пұшпағына, біресе мына пұшпағына барып, одырайтып орда тігіп, желпілдетіп ту көтеріп жүрген бес мың жылдық ұзақ ғұмырдың ұзына бойында өз тағдырымыздың дәл осындай берекелі бетбұрысын аңсаумен өткен шығар. Өйткені, олар өздерінің жауынгер рухын, саяси тегеурінін бір аймаққа да, құрлыққа да, тіпті іргелес жатқан қос құрлыққа да әлденеше рет мойындата алды. Алайда аспан асты дүниенің шар тарабына да, бес құрлықтың бесеуіне де түгел мойындата алып отырғаны осы елдердің тұсымызда ғана. Бұл үшін тек біздің ғана емес, күллі адамзаттың түгел кемелденуі керек болды. Бостандықты аңсамайтын жан иесі, тәуелсіздікті көксемейтін қауым атаулы болмайтынын саны халықтар баяғыда-ақ ұқты. Ал бұндай айдан анық ақиқат саны көп қауымдардың да түйсігін, түсінуі үшін атом жырына жетіп, айға барып қонуымыз қажет болды. Әлемдік империя орнатудан гөрі әлемді тұтасымен иесіз зиратқа айналдырып жіберу әлдеқайда оңай екендігін даусыз дәлелдейтін қырып-жойғыш қарудың үрейі ғана ұғындыра алды. Сонау Рим цезарлары мен Дарий, Ескендір Зұлқарнайын мен Шыңғысхан, Ұлы Карл мен Наполеон Бонопарт бізге асыра алмай кеткен әлемдік үстемдік желігі жиырмасыншы ғасырда қайтадан өршіді. Екі дүниежүзілік соғыс, бір қырғи қабақ соғыс мемлекеттердің санын азайта алмады, көбейтті. Империяларды одан сайын ұлғайта алмады, ыдыратты. Отаршылдықты тәуелсіздік, озбырлықты бостандық жеңіп шықты. Ол жеңіс арғы заманда да, бергі заманда да «жер кіндігі» аталған біздің даламызға тым кешігіп келді. Өйткені, біздің маңдайымызға тым тоңмойын озбырлық пен шектен асқан оспасыздарсыз отаршылдық тап болыпты. Оны еңсеру оңайға түспеді. Күллі адамзаттың күш біріктіруі керек болды. Екінші дүниежүзілік жүйеге айналғысы келген әсіресе астамшылдық үлкеннің де, кішінің де шамына тиді. Орынсыз даңғойлық сырттың сабырын сарқып, іштің сүлдерін құртты. Іштегі наразылыққа, сырттағы араздыққа, билікке таласушы күштердің бір-біріне тор құруда неден де болса тайынбайтын жанқаста бетбақтығы қосылды. Соның бәрі мың күн сынбаған шынының бір күн сынар шетін сәтін жеделдетті. Сондай сәт мына сіздер мен біздердің көз алдымызда өтті. Санаулы күндер мен түндерде сан ғасырға мазмұн боларлық сындарлы құбылыстар өрістеді. Олардың шын мән-маңызына жете түсініп, әділ бағасын жеткізіп беру үшін әлі де әлденеше ұрпақтың ақыл-ой, жігері керек шығар. Бұл арада бүгін тек алғашқы байламдар мен бағамдар ортаға түспекші.

І. 1986 жылғы желтоқсанның әлеуметтік-экономикалық және саяси астары

Дүбірлі Желтоқсан оқиғасы бұрынғы Кеңестер Одағында 1985 жылы сәуірде дүркірей жөнелген «қайта құру» дүмпуінен туындағаны мәлім. Ол күндей күркіреген Кеңестер елі мен дүйім дүниенің ғана емес, жұмыр басты пенденің ғұмыр-тіршілігінде де көп нәрселерді астын үстіне шығарып, аударып-төңкеріп тастады. Жоғарыдан басталған бұл дүмпу кеңес қоғамындағы өзара қайшылықтарды қым-қуыт ушықтырып жіберді. Қоғамдық санада қопарылыс тудырған жариялылық пен демократияландыру, халықтың жаппай саясаттану процесі мемлекеттік монополия билеп-төстеген жоспарлы экономиканың мешеу әрекет-қарекетімен көрер көзге кереғар келіп отырды. Елдің сарабдал зиялы қауымы санасында, бір жағынан, шаруашылықты жүргізудің либералды әдістерін жақтаушылар, екінші жағынан, қолда бар ресурстарға орталық өкімет қожалық ететін жоспарлы экономиканы сақтап қалуды қолдайтындар арасындағы тартыс бар пәрменімен бой көрсетіп келе жатты. Социализм мен коммунизм идеясына қалтқысыз сеніп келген қалың бұқара қоғамдық байлықты қоғам мүшелері арасында бөлісудің әділетсіздігіне барған сайын көз жеткізе түсті. Кеңінен кеулеп кеткен сыпыра теңгермешілік жаппай әлеуметтік масылдыққа әкеліп соқтырып, жеке адамның адымын аштырмас алапат кедергіге айналды. Қоғамды демократияландыру нысанасын мақсат еткен жаппай саясаттану адамдар ойында ұлттық сана-сезімді де оятпай қоймады. Ұлы державаның шет аймақтарында ұлттың өзін-өзі билеу қағидасын қайыра толғану, СОКП жүргізіп келген ұлттық саясатқа күмәнмен қарау күшейді. Ешкімге жасырын сыр емес, бұрынғы Кеңестер одағында ұлт мәселесі әрқашан жауырды жаба тоқумен тынатын-ды. Ол әлсін-әлсін жекелеген этностарды бір аймақтан екінші аймаққа қоныс аударту, кейде одақтас республикалардың шекарасын қайтадан кесіп-пішу арқылы жүзеге асып келді. Ұлт мәселесінің шиеленісуі әлеуметтік кикілжіңге киліктірген көздерде жаппай жазалау мен қуғын-сүргін жолымен тұншықтырылып отырды. Ал сырты бүтін, іші түтін тыныштық орнаған тұстарда ұлтаралық қатынас мәселелері атымен ауызға алынбады. Қоғамдық қатынастарды демократияландыруға тырысу, бұрынғы одақтас республикаларда үлкен экономикалық дербестікке деген ұмтылыс туғызды. Онымен қатар, жекелеген республикаларда қайсыбір ретте ресми идеологияға қайшы келіп қалатын «ұлттық ауа жайылушылық» төбе көрсете бастады. Бірі ұлттық элитадан, екіншісі қалың бұқарадан бастау алған бұл екі тенденция Орталық өкімет жүргізіп келген ұлт саясатына деген наразылықты күшейтті. Ол құбылыстардан Қазақстан да оқшау қала алмасы түсінікті. Реформаторлық қозғалыстардың ашық көрінісі болған 1986 жымы Алматыдағы Желтоқсан оқиғалары Мәскеудегі саяси орталыққа бағынбауды көздеген аймақтық бас көтерулер шеруін бірінші боп бастап берді.

ІІ. 1986 жылғы желтоқсанның тарихи маңызы

Сөйткен Желтоқсан желпінісінің тарихи маңызы қандай? Ол өзі, революция ма? Көтеріліс пе? Қозғалыс па? Әлде қатардағы оқиға ғана ма? Желтоқсан толқуы, әрине, революция емес. Өйткені, революция дегеніміз – түбірлі әлеуметтік өзгерістерді жүзеге асыру мақсатында бұқаралық қозғалыс лидерлерінің күш көрсету жолымен мемлекеттік өкіметті басып алуы. Алайда, жастарды алаңға алып шыққан Желтоқсан наразылығын қатардағы оқиға деп те қарастыруға болмайды. Неге? Оған оң жауап бере алатын алуан түрлі дәлелдер табылады. Тоталитарлық тәртіп, әдеттегідей, өз халқынан митінгілерде, революциялық мерекелер мен басқа да оқиғаларға орай өткізілетін шерулерде билеуші партияның саясатын қолдап, қолпаштауға бағытталған белсенді бірауыздылықты талап етеді. «Тоқыраудың» соңғы жылдары халықтың тоталитарлық тәртіпке деген үнсіз қарсылығы ерекше күшті еді. Алайда Алматыдағы әлгі оқиға ондай үнсіз наразылық бетпердесін де аспанға бір-ақ ұшырды. «Кайта құру» кезеңі ішінде үстемдік режим тұңғыш рет күллі жүйенің сыр бере бастағанын байқайтындай өте бір өжет қарсыласуға килікті. Әдетте қатардағы қарапайым оқиғаларға қалай болса солай қарайтын самарқау өкіметтің соншалықты сорақы қимылдарға баруының өзінен-ақ Желтоқсан дүмпуінің тегін еместігін айқын аңғаруға болады. Оқиға салдарын жою үшін кеңестік тәртіп аппараты барын салып бақты. Қорқытты, үркітті. Теріс үгіт айтылын, қиянат насихат жүргізілді. Оқиғаға тікелей қатысушыларды ғана емес, бүкіл қазақ халқын қуғындау науқаны басталды. Көтерілісшілер қатаң жазаланды. Көпшілігінің өміріне де, көңіліне де жазылмас жара түсті. Ұлан-байтақ державаның қай бұрышында да қаралау жиналыстар ұйымдастырылды. Күллі бір халыққа СОКП ОК-нің арнайы қаулысымен «қазақ ұлтшылдары» деген айып тағылды. Бұл үгітті либерияшылдық пен ежовшылдық тұсында да орын алып көрмеген оспадарлық еді. Мұның соңы неге соқтырғаны белгілі. Кешегі кеңестік тоталитаризмді айыптаушылар Алматы оқиғаларын әлі күнге дейін айналып етуді тоқтатпай келеді. 1962 жылы еңбекақының уақытылы төленуін талап етіп бас көтеріп, аяусыз жазаланған Новочеркасск жұмысшыларының әрекетімен салыстырғанда, Алматы оқиғасында қойылған саяси талаптың сипаты атымен бөлек еді. Егер жұмысшылар таза экономикалық талаптары үшін оққа ұшып, тоталитарлық аяусыз тәртіптің құрбаны ретінде тарих төріне енсе, біздің жастарымыз Орталықтың өзім білемдігімен келіспей, СОКП ОК-нің Саяси Бюросының шешіміне қаймықпай қарсы шықты, сөйтіп қанқұйлы режиммен жанқаста шайқасқа түсіп, әлем алдында айырықша жанқиярлық көрсетті. Республика партия ұйымының басшылығына Колбиннің тағайындалуы жастардың бас көтеруінің нағыз себебі емес, әншейін сылтау ғана еді. Себеп анағұрлым тереңде жатты. 1986 жылдың аяғына қарай елдің экономикалық, саяси, әлеуметтік, ұлттық мәдени дамуындағы кең көлемді ілгерілеушіліктер Орталық пен одақтас республикалар арасындағы қарым-қатынастың барынша шиеленісуіне әкеп ұрындырды. Ұлан-байтақ елді басқару жүйесінің шамадан тыс орталықтандырылуы сыр бере бастады. Бәрін бір өзі билеп-төстейтін оспадарсыз орталық бұрын-соңды ешкім біліп-көрмеген құбыжық құбылысқа айналды. Жергілікті мәселелерді жедел әрі жетімді шешу үшін жергілікті билік орындарына жеткілікті өкілеттер беру туралы мәселе күн тәртібінде тұрған-ды. Қоғамдық дамудың логикасының өзі одақтас республикаларды уақытша келімсектер емес, жергілікті мәселелерді жетік білетін мамандар басқаруын талап етті. Әміршіл-әкімшіл жоспарлы экономика мен болашақ экономиканың өсу қажеттілігі арасындағы қарама-қайшылық та осыдан байқалды. Қалыптасқан жүйеде елдің құрдымға қарай құлдилай түсетіні кім-кімге белгілі болды. Бірақ ешқандай түбегейлі шаралар қарастырылмады. Горбачев бастаған демократиялық өзгерістер сөз жүзінде бір басқа, іс жүзінде екінші басқа сипатқа көше бастады. Болмайтыннан дәметтіріп, сенбейтінге сендіру алданған бұқараның ашу-ызасына әкеліп ұрындыратыны қашаннан белгілі. Ондайда өз-өзінен қордаланатын әлеуметтік қуатты жасампаз мақсаттарға қарай бағыттай білу – қиынның қиыны. Адамдарды демократияға үндеп, тоталитарлық жағдайда өмір сүргізу – тек қана екіжүзділікті ғана емес, әлеуметтік әсіреңкілікті де күшейтті. Мұндай рухани көлгірлікке қоғамдық сана оңай көндіге қоймады. Мұндай жағдаймен жастар, әсіресе, білімді, ой-өрісі дамыған жас өскіндер келісе алмады. Сондықтан да алаңға басқалар емес, студенттердің шығуына еш таңдануға болмайды. Дүмпудің өзге себептері ретінде адамдардың адами қасиет, демократия, адам құқығы, ұлттың мақтаныш туралы ұғымдарының айта қаларлық өзгеруін атауға болады. Бұл жерде Н. Ә. Назарбаев: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Олар жүз жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді», – деп дәл бағалаған. Желтоқсан оқиғасында тоталитарлық үрдіс жағдайында пісіп-жетілген, түбірімен қате ұлттық саясат идеалдарынан туындаған объективті алғышарттар болды. Егер Новочеркасск дүмпуі кездейсоқтығына байланысты өз дәрежесіндегі жеке-дара оқиға болып қалса, Алматы оқиғаларына байланысты бұлай деп айта алмаймыз. Баку, Тбилиси, Вильнюс оқиғалары – осынау процестің заңдылығының жарқын айғағы. Алматы одақтас республикалардағы жаңа санадағы ұлттық қозғалыстар ағымының толқыны болды. Ол пәлен жылдар бойына мызғымас қамал саналып келген кеңестік империяның іргесін мүжіп, көбесін күйретіп, ақыры жер бетінен жойылып тынуына ұрындырған пәрменді соққы боп тиді. Осылайша мақсаты, мінезі, басып-жаншылу әдісі, алғышарты, себеп-салдары және маңызы жөнінен жастардың Желтоқсандағы дүмпуі – қарапайым оқиғалар қатарына жатқызуға болмайтын өзгеше тарихи феномен. Оның қазақ даласындағы 1916 жылғы жаппай көтерілістен дәл жетпіс жыл кейін болуы да тегін емес. Екеуі де орталықтың бір ғана озбырлығын пайдаланып, күллі ұлттық болмысты түбірімен шайқап, жаңа сапалық өреге көтеріп берді. Бұл ретте 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасын, бәлкім, көтеріліс деп те бағалауға болар. Әрине, көтерілістің классикалық анықтамасы бойынша жаппай етек алу, көтерілушілер жағынан күш қолданылу, әрекеттердегі ұйымшылдық және көтерілісшілер штабының болуы, материалдық, техникалық, әскери дайындық жасалуы сияқты сипаттар керек. Желтоқсан оқиғасында ондай алғы шарттар болмағаны белгілі. Стихиялығына және ұйымдастырылмағандығына қарамастан, салдары жағынан өзінен кейінгі бүкіл бір ұлт, бір елдік ауқымдығы әлеуметтік процестерді алдын-ала анықтап бере алды. Бұл жағынан ол көтеріліс деуге әбден лайық. Кең ауқымдағы әлеуметтік қозғалыстың бастауына мұрындық болатын осындай көтерілістер де бар. Сөзіміз жалаң болмас үшін, батыс социологтарының беделді өкілдерінің бірі Э. Гидденстің айтқанына назар аударайық. Оның анықтауынша, әлеуметтік қозғалыс дегеніміз – «бұл жалпы мүддеге немесе жалпы мақсатқа ұжымдық әрекет арқылы қол жеткізуге тырысқан ұжымдық талпыныс. Оның кейде бұқара желпінісінің әуенімен кетіп, жосықтық ауқымынан ауытқуы да ғажап емес». ... Ал жастардың желтоқсандық бас көтеруінде жалпы мақсат қандай айқын көрінсе, ұжымдық сипаты, бұқаралық стихияның әуенімен кетіп, шектен шыға ауа жайылушылықтың да орын алғаны сондай айқын. Әрине, бұқаралық дүмпулердің ондай заңдылығын жазалаушы машина қасақана ушықтырып бағуға тырысады. Аталмыш оқиға тоталитарлық жүйеге, отаршылдыққа ашық қарсы шықты. Демократиялық, ұлт-азаттық реңдегі мінез де танытты. Осы тұрғыдан алып қарағанда Желтоқсан оқиғасын жай әлеуметтік қозғалыстың белгілі бір көрінісі ғана деп емес, бұлтты күнгі найзағайдай жарқ етіп көрінген реформаторлық қозғалыстың жарқын прологы деп санаған жөн. Жаңа тарихи бетбұрысымыздың жойқын беташары деп санаған жөн. Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы мен жетістігіне баға беру барысында оның алуан қырлы, алуан сатылы сипатын айтпай кетуге болмайды. Қазақстандағы Желтоқсан оқиғасы одақтас республикалардың Орталық өктемдігіне үнсіз қарсылығына жария сипат бітірді. «Дауыл алдындағы тыныштықтың» астан-кестеңін шығарды. Сырттай қарағанда, мызғымастай көрінетін коммунистік идеологияның сенімнен біржола айырылуын тездетіп берді. Осы орайда қозғалысты, біріншіден, ішкі ұлттық маңызы бар оқиға (ұлттың өзін-өзі тану сезімнің оянуы) ретінде, екіншіден, жалпы одақтық деңгейдегі (одақтас республикалардың егемендігіне серпін берген) оқиға ретінде, үшіншіден, әлемдік маңызы бар (социалистік лагерьдің күйреуінің басталуы) аса салиқалы көп сипатты әлеуметтік сілкініс – атышулы тарихи феномен ретінде бағаласа да артық емес.

ІІІ. 1986-ның Желтоқсаны – социалистік кұрылыстың күйреуінің хабаршысы

Кез-келген қоғамдық жүйенің күйреуін сол қоғамдық жүйенің өз болмысынан бөліп алып қарастыруға тіпті де болмайды. 1986 жылдың желтоқсаны тек кеңестік мемлекеттік машинаның ғана жүрісін шайқалтқан жоқ, социализмнің бүкіл әлемдік жүйесінің дәурені өтіп бара жатқандығының хабаршысы болды. Осынау жүйенің күллі ғұмырын шартты түрде екі кезеңге бөлуге болар еді. Екеуіне де Қазақстанның тікелей қатысы бар екендігін айта кеткен жөн. Алғашқысы «Будапешт күзінен» басталып, 1979 жылғы Целиноград оқиғаларымен және 80-жылдардың басындағы поляк оқиғаларымен аяқталды. Екінші кезең 1986 жылдың желтоқсанынан басталып, тағы да сол желтоқсанда, бірақ бір кездегі қуатты держава – Кеңестер Одағының бір кеште көрген түстей ғайып болғанын ресми түрде хабарланған Алматы саммитімен түйінделді. Бір қарасаңыз, тағдыр тәлкегі сияқты. Бірақ фактінің аты факт: социалистік жүйенің күйреу циклының 1986 жылдың желтоқсанда басталған екінші кезеңі бес жылға созылды. Ол 1991 жылдың желтоқсанында өзі бастау алған қалада аяқталды. Әрине, социалистік лагерь 1989 жылдың аяғында-ақ Шығыс Еуропа елдеріндегі «жұмсақ» революциялар нәтижесінде күйреген еді деп таласуға болады. Бірақ күллі социалистік жүйенің негізгі күретамыры бұл оқиғалардан кейін де біразға дейін сақталып келді. Алматыдан кейін Сумгаит, Тбилиси, Баку және Вильнюс оқиғалары жалғасты. Осы тұрғыдан алып қарағанда, КСРО күйреуінде Алматы оқиғасының басты рөл атқарғаны туралы белгілі құқық қорғаушы Е. Боннэр тұжырымының әбден дәлелді екендігін айтқан дұрыс. Социалистік жүйе ғұмырының алғашқы кезеңінде кеңестік қысымға қарсы толқулар Шығыс Еуропа елдерінде кеңінен орын алды. Бірақ олар жексұрын жүйе ауқымынан жеке-жеке шығып кетуді ғана көздеді. Қайта құру дәуірінің басталуы мен Кеңестер Одағындағы жаңа экономикалық бағыттың социализм идеяларының толық жеңілісімен және КСРО-ның құлауымен аяқталатынын ешкім де алдын-ала білген жоқ. Бұл ретте коммунистер бір кездегі М. Хайектің Октябрь төңкерісі туралы айтқанындай, тағы да «өзін-өзі құртып тынатын өзім білемдікке ұрынды». 1986 жылдың желтоқсанында Алматыда құр қол халыққа қарсы коммунист реформаторлар қарулы күшті пайдаланғаннан кейін барып Горбачев бастаған жаңа бағыттың жаңаша ойлау жүйесінің нағыз өзі емес, тек жалаң жарнамасы екендігі жөнінде берік ұғым қалыптаса бастады. Қазақстандағы оқиға кеңестік қоғамды шынайы демократияландыруда өрмекті жүзінен аударып берген өрелі құбылыс болды десек артық айтқандық бола қоймас. Бұрынғы Одақтың бүкіл аумағын қамтыған осынау процестер КСРО басшылығының 80 жылдың аяғында шығыс еуропалық елдерде күш қолданудан амалсыз бас тартуына себеп болды. Өйткені, партиялық номенклатура үшін ендігі жерде кеңестік құрсауды сол қалпында ұстап қалғаннан гөрі «ішкі» империяны аман сақтап қалу міндет анағұрлым маңыздылау еді. Осылайша, Алматыдағы 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасы социалистік құрылыстың күйреуінде басты әрі шешуші қызмет атқарды және шығыс еуропалық халықтардың өздеріндегі тоталитарлық-коммунистік жүйені жеңіп шығуының негізгі халықаралық факторы болды. Күллі планетаны социализм лагеріне айналдыруға тыраштану барысында тоталитарлық мемлекеттің қуатты тетігі кенеттен опырылып түсті. Мұның өзі миллиондаған бұрынғы кеңестік азаматтар секілді, қазақстандықтар тарапынан да психологиялық аһ ұру, қайғыру сөзімін туындата алған жоқ. Мемлекетті дамытудың социалистік моделі капиталистік елдермен бәсеке жағдайында төтеп бере алмай, құрдымға құлады. Сөйтіп, коммунистік тәртіптің мызғымас еместігіне көзі жеткен халық демократиялық қоғам орнатуға бір жолата мүмкіндік алды. Отаршылдық идеяның қысыр қиял екендігін дәлелдеп шығу үшін біздің дәуірімізге дейінгі үш мың жылдықтағы Қос өзен аймағындағы немесе біздің дәуіріміздің үшінші ғасырындағы Ирандағы Маздақ үстемдігі тұсындағыдай бұл жолы да бар болғаны сексен жылға жетер-жетпес уақыт жеткілікті болды. Кеңестік империяның негізін шайқалтуды жалғастыруда бұрынғы КСРО-ның басқа республикалары үшін дәл осы Алматы оқиғасының үлгі болғаны ең биік тарихи әділеттілік екені ақиқат!

ІV. Желтоқсанның маңызы, себеп-салдары

86-ның Желтоқсаны қазақ халқының ұлттық сезімінің өсуіне айрықша ықпал етті, қазақтың өзін-өзі тануын, ұлттық мақтаныш пен тәуелсіздік туралы ұғымын түбірімен өзгертті. Жазалаушы машинаға құр қол қарсы тұрған жас ұландарына деген шын мақтаныш сөзімін сан салалы үгіт-насихат машинасы тарапынан бүтіндей бір халықтың ұлтшыл деп айыпталуы одан сайын ұштап, қазақ халқының этникалық есею, бірігуін, ұлттың кемелденуін одан сайын тездетіп берді. Халықаралық тұрғыда танылған ұлттардың өзін-өзі басқару құқығы принцип кеңестік кезеңмен салыстырғанда мүлде бөлек мағынаға ие болды. Дербес мемлекеттік жолындағы күрес өршіді. Осы тұрғыдан келгенде қозғалыстық жалпы қазақстандық және халықаралық маңызы өте зор. Жастардың бас көтеруі сонымен бірге демократия мен адам құқығы туралы ұғымға да айта қаларлық өзгеріс енгізгенін көрсетті. Егер бұрын жеке мүддеден гөрі партиялық-мемлекеттік мүдденің айқын басымдылығы мойындалса, Желтоқсаннан кейін принципті түрде басқа көзқарас етек жайды. Адамдар жария етілген демократиялық бағытқа имандай сенді және олардың әрқайсысына қатысты мәселені олардың өздерін қатыстырмай шешуге ешкімге де жол бере алмайтындықтарын іс жүзінде дәлелдеді. Жастар өздеріне мемлекеттік машинаның бұрандасы, тілсіз қуыршақ ретінде қарайтындармен ымыраға келгісі келмеді, өздерін мемлекетті басқару ісіне қатысуға құқы бар толыққанды азамат ретінде сезінді. Кеңестер Одағының тоталитарлық жүйесінің шырқау шегінде тар олигархиялық билікке қол сұғылмайтындығы туралы түсініктің тас-талқанын шығарып бергені үшін де Желтоқсан қозғалысы бүкіләлемдік тарихи маңызға ие. Кеңестер Одағының құрамына кірген Қазақстанда адам құқығын қамтамасыз ету мен қорғау Қазақ КСР-інің 1979 жылғы Конституциясы бойынша тек сөз жүзінде ғана қалды. Іс жүзінде сөз, ақыл-ой бостандығы және басқа да азаматтық құқықтар табанға тапталды. Мұның өзі аузын буған өгіздей болғысы келмеген халықтың әр көз ашу-ызасын тудырып отырды. Республиканың бірінші басшылығына өзі тіршілік етіп, жұмыс істейтін ортаның не тілін, не әдет-ғұрыптарын, не мәдениетін білмейтін адамды тағайындау – шектен шыққан кемсітушілік еді. Қазақстанның көптеген қалаларында алаңдар мен көшелерге шыққан халық өзінің азаматтық құқықтарының бірі – сөз бостандығын ғана пайдаланған болатын. Бірақ сол кезде – 1986 жылдың желтоқсанында, халықтың демократиялық ерік-құқын білдіруін ел басшылығы барлық адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде саналатын тәртіп тұғырын шайқалту деп қабылдады. Алматы оқиғасы халықтың сана-сезімінің өскендігінің, өзін толғандыратын проблемаларға азаматтық көзқарасын білдіру құқығын пайдалануға деген аңсарының да көрінісі еді. Желтоқсан оқиғасы барысында Қазақстанда алданып, түрмеге тасталған ақыл-ой мен ар-ождан тұтқындары пайда болды. Олар жоғарғы басшылықтың әрекетіне қарсы өздерінің келіспеушілігін білдіруден жасқанған жоқ, олар өз халқының азат өмірі үшін айқасқа шыққан саналы күрескерлерге айналды. Алматы дүмпуінен кейін бейбіт шеруге қатысушыларды ұлтаралық жанжалды ушықтырды деп кінәлады, оларға «ұлтшылдар» деген айып тақты. Бірақ ондай әрекет кері өсер тудырды. Қазақстанда қазақ тілінің қадірсіз жағдайына, оның қолданылу аясының тарыла бастауына тұңғыш рет назар сонда аударылды. Бүгінде сөз бостандығы, ақыл-ой бостандығы заңды түрде Конституцияда бекітілген, республика оларды еш шектеусіз пайдалана алады. Қазақстан халықтарының барлық тілдеріне еркін дамуына жағдай жасалған, ал қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, күнделікті өмірге белсенді енгізілуде. Республикада ұлттық мәдениетті, тарихты, дәстүрді тануға ұмтылыс басталды. Ұлттық дамудың семіп қала жаздаған тамырына жаңа нәр құйылды. Осы тұрғыдан алғанда 1986 жылғы Желтоқсан Қазақстан тәуелсіздігі үшін, қазақ ұлтының гүлденуі үшін, оның тарихы мен мәдениетінің барынша өркен жаюы үшін түн ұйқысын төрт бөлген азаматтардың барлығына да аса қымбат, аса қасиетті. Сонымен, Желтоқсан оқиғасы – азапты тарихымыздың ашуға толы ақтық беті, азат тарихымыздың арман мен айбынға толы алғашқы беті болып табылады. Ол – баяғы ата-бабаларымыздан бермен қарай көкейкесті болып келе жатқан біршама мұраттарымызға жеткізер жарқын бетбұрысымыздың жойқын беташары болып саналады. Ендігі міндет – Желтоқсан жол салып берген жаңару мен жаңаша даму процестерін ойдағыдай өрістете білу. Қай тараптың да саяси-экономикалық қоқан-лоққысына төтеп бере алатындай сындарлы мемлекет болу. Біздің бұл мұратымыз жұрттың бәр-бәріне де ұнай бермейді. Қаралай тістерін қайрап, ұрынарға сылтау таба алмай, сырттан кәукілдейтін әлімжетшіл әулекілік те аз емес. Өкінішке орай, олардың сағын сындырмай, бір сөздерін екі етпей, іштен тұрып қостай жөнелетін жарамсақ күштер де кездеспей қалып жатқан жоқ. Дүние жаратылып, су аққалы бір де бір ақыл-ой иесі барып көрмеген күпірлікке барып, егемендік пен тәуелсіздікке тіл тигізіп, оларды індетке, апатқа, дертке, нақұрыстыққа балап сөйлеп, бажылдайтын да солар. Рас, біздің тәуелсіздігіміз қан майданда емес, бейбіт жағдайда келді. Бірақ, қан да төгілмей қалған жоқ. Қалай келсе де, одан қастерлі, одан қасиетті ештеңе болмауға тиісті. Тәуелсіздік алғанмен, бірден қарқ бола алмай жатқанымыз да рас. Бес ғасыр бойғы тілектің бәріне бес жылдың ішінде жете алмай жатқандығымыз да рас. Олқы түсіп, орашолақ кетіп жатқан тұстарымыз да аз емес. Бірақ, ағыл-тегіл тойғыза қоймадың деп анасының көкірегін қыршығанды кім көрген? Тісі шыққан да сүйте ме екен... Ендеше ағайын, өтпелі кезеңнің бар қиындығын тәуелсіздіктен көріп, оны тәлкек еткісі келетіндердің шылауында кетпей, елдігімізді қастерлей білейік. Бір жағынан – жалаң экономикалық пайдакүнемдіктің, екінші жағынан – жағдай әлеуметтік іштарлықтың дертіне шалдықпай, бәрінен де егемендік пен тәуелсіздік мүддесін жоғары қойып, күллі қауымымыз бен ұлтымыздың күш-жігерін жаңару мен кемелдену жолына жұмылдыра алсақ қана елдігіміздің іргетасы нығая түспекші...

Тәуелсіздікке жету мен оны қорғап қалудың амалы екі басқа.
Бүгінгі тәуекел – осы жолдағы жаппай жауапкерлік.
Бүгінгі ерлік – осы жолдағы жаппай ыждаһат.

Өйткені, бүгін таңда тәуелсіздікті нығайтудың да, жуырда Елбасымыз өз Жолдауында айтқандай, «білек сыбанып, жұмысқа жұмылудан басқа жолы жоқ».

Желтоқсан рухы бізді осыған шақырады.
Азаттық туын асқақ, тәуелсіздік тұғырын берік ұстауға шақырады.
Осы жолда қан төккендердің жаны жанатта болғай!

Осы жолда тер төккендердің еңбегі жана бергей! Ісіміз өнікті, көшіміз көлікті болғай, ағайын!

ЕЛДІК ПЕН ЕРЛІК КИЕСІ

тарихнамалық эссе Тәуелсіз даму – өткенді мұқият зерделемей, келешекті кеңінен болжамай, жүзеге аса қоймайды. Сондықтан да қалың жұртшылық бүгінгі ұлттығымыз бен мемлекеттігіміздің тарихи бастауларына айрықша ықылас аударуда. Тек күні кеше ел жолында жан қиған боздақтарымызбен қоса ұлан-ғайыр атамекенімізді қорғап қалған бағзы бабаларымызға, рухани тұрлаулығымызды қалыптастырған ойшылдарымыз бен пірәдарларымызға ризагер ұрпақтың атынан тағзым етіп, құрмет көрсетуде. Ондай қастерлі есімдер мен мүбәрак жәдігерліктер кең-байтақ еліміздің қай шалғайында да халық назарынан қағыс қалып жатқан жоқ. Далба тауында атақты Бұхар Қабанбайға Мінәжат орны салынды. Жендеттік пен шолақ белсенділік жер төмпешікке айналдырған Махамбет қабірі ат басын бұрып, іздеп барар зиярат орнына айналды. Еділ бойында Құрманғазы сағанасы еңсе көтерді. Мұндай жан қуантар жақсы құбылыстар, әсіресе, халқымыздың қай ғасырда да қасиетті қара орыны саналған ежелгі Қаратаудың екі бетінде өте көп. Күнгейі біршама көзге ілігіп, зерттеліп келсе, теріскейі енді-енді назарға іліге бастады. Ғалым Мелиоранский Шаш уәлаятының бас пірәдары санаған Қызылкөл маңындағы Баба Түкті Шашты Әзіздің күмбезі жаңартылды. Тұран даласында мұсылман дінін таратуда тиянақ бекеті болған Баба-Атаның көне ғимараттары археолог күрегі мен жәдігерлікті жаңғыртатын зерделі құрылысшы қалағын сағынып тұр. Қыр мен Сыр арасындағы қарым-қатынастың кіндігі болған Көне Созақ шаһары әлі ат басы бұрылмаған тың тұрақ. Ол тек транзиттік сауда бекеті ғана емес, ұлттық мемлекеттілігіміздің бесігі болған саяси орталық. Оның көне топырағына көмілген құпия мен сыр өте көп. Тек кілтін тауып, қаныға білу керек. Сондай бір ыждаһатты зерделеуді талап ететін нысана – Қарабура мазары. Ол туралы ел аузында айран-асыр қалдыратын аңыз көп. Кешегі солақай заманда әулие деген сөзден ат-тонымызды ала қаштық. Олар жайында ойлануға да құлқымыз болған жоқ. Халықтың ғасырлар бойы өшпей келе жатқан ерекше ықыласының сыры неде екеніне де назар аудармадық. Оны біржолата надандыққа, санадағы мешеулікке сайыдық. Ауызша мәдениет өкілдерінің ақиқаттың өзін аңызға айналдыруға мәжбүр болғанын түсінбедік. Өйтпесе, ел өмірінде елеулі маңызға ие болған небір ерекше тұлғалар мен оқиғалар әлдеқашан естен шығып кетер еді. Халық ондай ұмытылмас тұлғаларды қандай тауқымет тартса да, естерінен шығарған жоқ, Енді соның сырына салиқалықпен қарамай, әншейін көп ертегінің бірі ғой деп салғыртсынсақ, тарихи санамыз тайыздана түспесе, молаймайды. Онда біздің этникалық, саяси қалыптасуымыздың, әсіресе, бастапқы кезеңдерінің қыр-сыры қалтарыста қала береді. Ендеше, ең болмаса, аты ұранға айналып, бір тайпа елдің туына айналған тұлғаларға байланысты ақиқаттарды аңыздан аршып алуға күш салмасақ болмайды. Ол, әрине, бір сәтте жүзеге аса салмайды. Ұзақ уақытты, көп әрекетті қажет етеді. Бұл, әсіресе, қазір керек. Елдігіміз бен жер-суымызды неше қилы таласқа салғысы келетін кертартпа солақайлық арылмай тұрғанда керек. Кеше неге олай болғанын, бүгін неге бұлай болатынымызды да дәлелдеу үшін өткеннің куәгерлігі керек. Сол бағзының бүгінге дейін ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан жалғастығы керек. Бәлкім, халқымыздың: «Ағайын бір – әліде, бір – тіріде», – дейтіні де сондықтан шығар. Өйткені, орасан қуаныш пен орасан қайғы жан-жағыңды еріксіз түгендетеді. Талабың оңға басу үшін тәуекеліңе тәуекел қосар күш керегі даусыз. Адам ғана емес, тұтас халық та солай. Басына қиын міндет түскенде ол да алды-артын тегіс барлап, жан-жағынан таяныш-тірек іздейді. Біз қазір де дәл сондай өткелектің өтінде тұрмыз. Тарих бүгінгі ұрпақтың мойнына бабаларымыздың да иығына түсе қоймаған ауыр жүк артып отыр. Абыройлы атқарып шығу үшін өлінің шарапатына, тірінің қолғабысына жүгінбеске шара жоқ. Азаттық жегенің аузында, жемегенің алдыңда, қарқалазы боп шалқып жүруге емес, болғаның мен болмағыңды, бүгінгің мен болашағыңды өзің қарастырып, өзің қамдастырып жүру үшін керек. Кісіге қол жайып, күніңді басқаға қаратпауың үшін керек. Азаттықтың дәмін бір татқан оны аңсамай тұра алмайды. Аңсағанына жетпей тынбайды. Біз бүгін бұрын да азат болған жұрттың ұрпағы болғасын азат болып отырмыз. Сондай дәуренді бастан кешкен бабалардың рухына сеніп, тәуекелге бел буып отырмыз. Ежелгі Қаратау – халқымызды жаңа бір құбылыс ретінде қалыптастырып, қияға қанат қақтырып ұшырған құтты ұя. Теріскей мен Күнгейдің, Шығыс пен Батыстың ортасындағы қыр арқа қырбық шоқылар жан-жақтан тарам-тарам ағылып келген әр төркін нәсілдердің басын қосып, бір жүйектен дәм, бір жүлгеден нәр татырып, қоян-қолтық араластырып, бір бүтінге айналдырып, қайтадан өрелі іске жұмылдырып, өрісті жолға шығарып отырған. Біздің түп-төркініміз болып есептелетін қай нәсіл де осындай көпті бастан кешкен. Алты жалаулы Алаш атанғанда да осылай еттік. Үш жалаулы Алаш атанғанда да осылай еттік. Үш жалаулы Қазақ атанғанда да осылай еттік. Ежелгі Қаратау соны еріксіз еске салады. Оның теріскей бетіндегі ұшан далаға ұласар жердегі ескі Созақ шаһары да соны еске салады. Сол шаһардың ту байлар тұлғасындай қайта бой көтерген Қарабура мазары да соны еске салады. Қарабура... Әлденеше ғасыр бойы ауыздан түспей келе жатқан есім. Қиналғанда медет болар Қуат. Шамданғанда қайрат бітірер Ұран. Қалай болғанда да, бүгінгі қазақтың ұлт болып ұйысуына ғасырлар бойы нақты үлес қосып келе жатқан нақты құбылыс. Оның халқымыз дамудың жаңа жолына түсіп, күллі адамзатқа танылып, жаңа заманаға көшіп жатқан тарихи кезеңде қайтадан ауызға алынып, кеңінен ұлықталып жатуы да әбден заңды. Қарабураны мыңдаған жандар тарихи тұлға деп, нақты адам деп, нақты адамдардың нақты баласы деп біледі. Бірақ оның хатқа түскен өмірбаяны жоқ. Тегі, ортасы, өмір сүрген заманы – бәрі тек тұспалдап мөлшерленеді. Бірақ одан оның тұлғасы аруақтанбаса, әлжуазданбайды, биіктемесе, аласармайды. Оның Қарабура атануы да, Қожа Ахмет Яссауиды ақ жауып, арулаған, демек бір тайпа ел емес, күллі түркі дүниесі мойындарлық рухани Пір саналуы да тегіннен-тегін емес.

Ол бір кездегі бабаларымыздың нақты тарихи тағдырларын еске салады. Шежіреге айтқызсаңыз, ол – Тама батырдың баласы. Ал, Тама батыр атақты Қырымның қырық батыры дастанының бір тарауы Қарадөң балалары топтамасында, Мұрын жыраудың айтуынша, былайша өрбиді: Қарадөң батыр, оның баласы – Жұбаныш, оның баласы – Сүйеніш, оның баласы – Ер Бегіс, оның баласы – Ер Көгіс, (кеңде Тоғыс деп та аталады), оның баласы – Тама, одан – Тана туады. Жырау бір топтаманы осы арадан үзіп, Нәрікхан мен оның баласы Шора батыр туралы жеке жырлайды. Ал қазақ аузындағы шежіреде Тамадан – Қарабура, Қарабурадан – Нәрік, Нәріктен – Шора, Шорадан – Есенгелді, Есенгелдіден – Атамшыл, Атамшылдан – Торым, Торымнан – Базарқұл, Базарқұлдан – Көкі, Көкіден – атақты Есет батыр туады. Орынбор губернаторы И. Неплюевтің 1747 жылдың 8 шілдесіндегі Сыртқы істер коллегиясына жолдаған ақпарында Есет тарханның жасы сексенде екені айтылады, ал 1750 жылғы 5 шілдеде берілген Қырғыз Шектінің батыры Бәйімбеттің асына қатысқанына қарағанда жасы тоқсанды тақымдап барып қайтыс болғанға ұқсайды. Бұл мәліметке қарағанда, Есет 1667 жылы туған болып шығады, Оның оныншы атасы болып табылатын Қарабура, шамамен, ІV ғасырдың орта шенінде өмір сүрген кісі болып шығар еді. Олай болса, қазір бір тайпа елге атау болып отырған Тама сол XІV ғасырдың аяқ шамасында немесе XV ғасырдың бас шамасында дүниеге келгенге ұқсар еді.

Олай болуы қисынға келе ме?

Бұған тек тарихқа сүйеніп қана жауап таба аламыз. Ал ел аузындағы шежіреде аталатындардан нақты тарихи деректер қалдырған сүйекті тұлға – Нәрік ұлы Шора батыр. Оның есімі жырда да, аңызда да Қазанға байланыстырылып айтылады. Қазақтың Шора батыр және Нәріктің ұлы Шора дастандары қазақтың тама тайпасын бір кезде Қазан маңын жайлаған ел қып бейнелейді. Сондықтан Шора мен Нәрікханның басқа да балалары бар болғаны 114 жыл өмір сүрген Қазан хандығының тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғалар ретінде бауырлас татар халқы да зор мақтаныш тұтады. Ендеше, бұл мәселеде көп нәрсенің түйінін шешетін Қазан қаласын 1177 жылы бұлғарлардың Сайын деген ханы салдырған деп есептеледі. Бұлғар мемлекетінде Сайын деген хан болды деген басқа мәлімет жоқ. Бұл арада да Сайын деген лақап та иеленген Бату сөз болып отыруы әбден мүмкін. Ендеше, бұл қаза Батудың ұлы Сартак үшін салдырылған деген сөздің жаны бар болып шығады. Қайткен күнде де ол 1376 жылы Ақсақ Темір шапқыншылығына ұшырағанға дейін назарға көп іліге қоймайды. Қираған қаланың қайтадан қалпына келуіне Тоқтамыс ханнан кейін Қыпшақ хандығын біршама қайтадан күшейткен Ұлы Мұхамбет хан көп әсер етеді. Ұлы Мұхамбет – Мәскеу патшалығын қалтыратқан ең соңғы Алтын Орда ханы. Ол 1444 жылы Нижегород пен Рязаньды шауып, Суздаль түбінде орыс әскерін тас-талқан етіп жеңді. Ұлы князь Василий Васильевичті қолға түсірді. Бірақ, кейін Алтын Ордадағы ішкі алауыздықтық Ұлы Мұхамбетке орыс падишасымен мәмілеге келуге мәжбүр етті. Патша тұтқыннан босаған кезде Ұлы Мұхамбеттің баласы Қасым сұлтанға Мешер өлкесін тарту етті. Көп уақытқа дейін Қасым хандығы деп аталған жеке ұлыстың астанасы болған Қасымов хандығы деп аталған жеке ұлыстың астанасы болған Қасымов қаласы дүниеге солай келді. Бірақ, Тоқтамыс пен Едіге көбесін күйретіп кеткен Алтын Орда бәрібір қалпына келе алмады. Әр тараптың сыртқы ықпалының ыңғайына жығылған шонжарлар ішкі алауыздықты күшейтті. Қыпшақ даласында ықпалы күшейе бастаған кіші Мұхамбет Ұлы Мұхамбетті жұмбақ жағдайда саясат сахнасынан кетуге итермеледі. Біреулер, оны үлкен ұлы Махмутбектің қолынан қаза тапты деседі. Біреулер кіші Мұхамбет өлтірді деседі. Біреулер, дәурені өткен билеуші бір кезде өзі тұтқыннан босатқан орыс падишасына барып бас сауғалады деседі. Не де болса, Ұлы Мұхамбеттен соң Алтын Орданың қайтадан басы құралады деген үміт азайып, оның орнында пайда болған ең үлкен Хандық – Қыпшақ хандығының өзі тоз-тоз боп ыдырай бастады. Кіші Мұхамбет Дон мен Жайық арасына оған шектес Шибан, Түмен хандықтарына ықпал жүргізе алды. Сейдахмет хан Днепр мен Дон арасын, Ұлы Мұхаметтің аталас інісі Хажы Герей Дон мен Қырым арасын биледі. Ұлы Мұхамбеттің үлкен ұлы Махмутектің үлесіне Самарадан Сура өзені аралығындағы өлке тиді. Ол өз ұлысына бір кезде қирап қалған Қазан қаласын астана етіп, қайтадан қалпына келтіре бастады. Махмутек кенже інісі Қасыммен араз болды. Қасым Мешерде қалып өз хандығын құрды. Қалған бауырларының қысастығынан қауіпсіз болу үшін орыс падишасымен ықпалдасты. Махмутек бар болғаны үш жыл билік құрды. Оның орнына келген Ибрагимді Қазанның түпкілікті тұрғындары ұната қоймады. Қазан шонжарлары Қасымды таққа шақыруды қолай кәрді. Бұл Қазанның саяси өміріне Мәскеу ықпалының араласуына жол ашты. Қайтыс болған Василий Васильевичтің ұлы Үшінші Иван Қазан тағына өз одақтасын апару үшін Ибрагим ханға қарсы соғыс ашты. Екі жылға созылған соғыс Ибрагимді жеңілуге мәжбүр етті. Бейбіт келісім жасалып, Ибрагим Руське қарсы әрекеттерден тыйылуға уәде берді. Бірақ, ол араға тоғыз жыл салып, Вятка шабуыл жасады. Тағы да жеңілді, Қазандағы алауыздық қайта қозды. Біреулер таққа Ибрагимнің үлкен ұлы Әлиді, біреулер екінші ұлы Мәмет Әминді қойғылары келді. Ноғай Ордасының араласуымен Әли таққа отырды. Жеңілген Мәмет Әмин Үшінші Иванға барып паналады, Кашир қаласын иеленді. Үшінші Иван әлдеқандай сылтау тауып, 1487 жылы соғыс ашып, Қазанды үш апта бойы қоршауға алды. Әли жеңіліп, берілуге мәжбүр болды. Ол Вологдаға жер аударылды, таққа Мәмет Әмин отырды. Бұл хан орыс падишасының айтқанынан шықпады. Әйел құмар болды. Соның салдарынан шонжарлармен тіл табыса алмады. Олар 1496 жылы Сібірдің Мамық ханын таққа шақырды. Мамықты Ноғай Ордасы жақтады. Бірақ, Мамық та Қазан диуанымен тіл табыса алмады. Олар Мәскеумен астыртын сөз байласып, қашып кеткен Мәмет Әминнің өзін емес, баласы Әбділ-Латифті шақыртты. Ол үш жыл билік құрды. Бірақ, дүниеқоңыздыққа жол берді. Қазандықтардың шағымы бойынша, Иван Васильевич оны 1502 жылы тұтқынға алып, Белоозеро деген жерге аударып, орнына әкесі Мәмет Әминді қайта қойды. Мәмет Әмин Вологдаға жер ауып кеткен ағасы Әлидің әйеліне үйленді. Ноғай ханшасы қайнысын патшаға қарсы шығуға көндірді. 1502 жылы тұтқынға алып, Белоозеро деген жерге аударып, орнына әкесі Мәмет Әминді қайта қойды. Мәмет Әмин Вологдаға жер ауып кеткен ағасы Әлидің әйеліне үйленді. Ноғай ханшасы қайнысын патшаға қарсы шығуға көндірді. 1505 жылы орыс елшісі мен саудагерлерін өлтіріп, Төменгі Новгородті қоршауға алды. Бұл Иван Васильевичтің өлген көзі еді. 1507 жылы жаңа патша Үшінші Василий қалың қолмен Қазанға аттанды. Мәмет Әмин райынан қайтып, қайтадан мойын ұсынды, 1517 жылы Әбділ-Латиф, 1518 жылы Мәмет Әмин өлді. Сүйтіп, Ұлы Мұхамбет ұрпағы атымен тақтан тайды. Бұл екі арада Түркия күшейді. Ол мұсылман дүниесіндегі ықпалды елге айнала бастады. Қырым хандығын өз жағына шығарып, солар арқылы Қазан билігіне араласуға күш салды. Мәмет Әминнің орнына келген Шах-Әлиге қарсы Қазан шонжарларын азғырды. 1521 жылы оны тақтан тайдырып, орнына Қырым ханының інісі Сахип-Герейді қойғызды. Ол 1524 жылы орнына баласы Сафа-Герейді қалдырып, Қырымға барып келуге кеткенде, орыстар көп әскермен келіп, Қазанды қамайды. Қазандықтар бітімге келуді ұсынып, жас бала Сафа-Герейді өздеріне хан қылып қалдыруды өтінді. Бірақ, көп ұзамай қырымдықтардың алауыздық әрекеттерінің жандана бастағанын байқап, Мәскеу патшасы Сафа-Герей мен шонжарлардың ант беруін талап етті. Қазан қайтадан ереуілдеді. Патша әскері жеңіске жетіп, Сафа-Терей елден қуылды. Патша бұрынғы хан Шах-Әлидің інісі Жан-Әліні таққа отырғызды. Қазандықтар 1535 жылы оны да қуып шығып, орнына Сафа-Герейді қайта қойды. Сафа-Герей Қазанға ықпалы күшті Ноғай Ордасының аузын алуға тырысты. Едігенің немересі Жүсіптің қызы Сүйінбикеге үйленді. Мәскеу патшасы Иван Грозный ол кезде әлі сәби еді. Анасы Елена Глинская Шах-Әлиді қайта отырғызуға күш салды. Нәрік ұлы Шора, міне, осы кезде тарих сахнасында шығады. 1545 жылы 29 шілдеде Ұлы князьге Қадыш төре мен Шора Нәріковтің жұмсауымен Галич боярының баласы Васька Бортев келіп, Қазанға әскер жіберуді сұрайды. Ал 1546 жылы 17 қаңтарда патша сарайына Қазандағы елші Игнатий Яхоньтьевтан Рудак Бултаев арнайы хат әкеледі. Онымен бірге Гамет шейх, Абүйірхан, Сейіт және Қадыш пен Шора мырзалар келіп, Сафа-Герейді қуып шыққандарын мәлімдеп, орнына астрахандық Шах-Әлиді таққа отырғызуды сұрайды (Ноғай істері, 4 жазынды, 43 парақ). Қазандықтар Шах-Әлиді қуана қабылдады. Бірақ, көп ұзамай, қырымдықтардың азғыруымен, қайтадан қудалай бастады. Хан жағында азғантай топ қалды. Әсіресе, Шора Нәрікұлы ханды қастандықтан сақтандырып, бір ұлы жиынның үстінде, жұртқа байқатпай қашырып жібереді. Сафа-Герей үшінші рет көп таққа отырады. Шах-Әлидің жақтастарын қуғындай бастады. 1546 жылы 15 тамыз күні Қазанда Шора, Баубек, Қыдыш және басқаларды өлтіреді. Шах-Әлиге жақтас болған Шора Нәріковтың бауырлары қындап қалғандықтан, Қырымға қарсы жорықты кейінге қалдырады. Кейін әлденеше рет барып, Қазан төңірегіндегі елді шапқанмен, Сафа-Герей берілмеді. Үш жылдан соң барып дүние салады. 1549 жылы орнына Сүйінбикеден туған ұлы Өтеміш хан сайланды. Бұл жағдайда қырымдықтар өз ықпалын күшейте түсті. Иван Грозный жорыққа шығуға мәжбүр болды. Қазанның қақ түбінен Свияжск қамалын салып, болашақ жорыққа әзірлене бастады. Қазандықтар орыс тұтқындарын босатып, Шах-Әлиді хан қоюға көнді. Ол да Сүйінбикеге үйленіп, Ноғай Ордасынан көмек дәметуге мәжбүр болды. Алайда, көп ұзамай, қастандық жасады деген сылтаумен, Сүйінбике мен Өтемішті Мәскеуте жіберткізеді. Бұл жағдайды одан сайын қиындатып жіберді. Шах-Әли Свияжскіге қашып, Қазанда астрахандық сұлтан Жәдігер-Мұхамбет хан сайланды. Ол Түркия ықпалындағы билеуші еді. Иван Грозный 1552 жылы маусымда шешуші жорыққа аттанады. Бұл жорыққа 1546 жылы қол астына қашып барған Қазан шонжарларын мейлінше пайдаланғысы келіп, оларға жақсы жағдай жасап баққанды. Алайда, ол есебінен түк шықпады. Сол кездегі «Синод жылнамасында» жазылғандай, «Қазан қашқыны Шапқын төре Руське қызмет етуге қашып келгенде, Ағзам оған Мәскеуден үлкен үй берді. Оңбаған бес жыл қызмет етіп, жылап-сықтап Қазанға қайтаруды сұрады. Қайтып барған соң әйелінің айтқанына еріп, қазандықтар жағына шығып кетті». Сол тұстағы орыс құжаттарының көрсетуінше, екі ортада әлденеше рет елші боп жүрген Шапқын мырза Қазанды аларда патшаға қарсы соғысады. Сол жылғы 22 тамызда Қазаннан қашып шыққан жансыз Қамай мырзаның айтуынша, Жәдігер патша, дінбасы Күлшәріп-молла, Ноғай Изенеш мырза, Шапқын, Аталық, Ислам, Әлікей Нәріковтер, Түмендік Кебек пен Дербісәлі халықты христиандарға қарсы үгіттеп, ашындырып үлгереді. Бұл тізімдегі Шапқын, Аталық, Ислам, Әлікей деген адамдар Шораның бауырлары болып шығады. Әлгі мәліметте «бұл төртеуі Нәріков» деген фамилияға төртеуі бірдей тіркесе айтылса, басқа мәліметтерде жеке-жеке де айтылады, 26 тамыздағы Қазан Кремлі үшін болған соғыста қазандықтар ержүрек князь Ислам Нәріков, Сүйіншәлі баһадүр және басқа қаһармандарынан айырылды», – деп жазды Карамзин. Әлікей (кейде Алексей) Нәріков туралы да демен, қорғандағылардың жер астымен өзеннен барып су алатын жерін байқап қалып, сол кәрізді қопару арқылы патша 2 қазанда Қазан Кремліне басып кіреді. Астананы қорғаған сайыпқырандар қатаң жазаланады. Аталмыш Нәріковтердің сол шайқаста түгелдей мерт табуы әбден мүмкін. Ал, олардан қалған ұрпақ қайда? Олардың кейбірі басқа түрік халықтарының құрамына, кейбірі орыс дворяндарына кіріп кетуі ықтимал. Ал, бәр-бәрінің қазақ құрамына көп қосылмағаны шежіреде-ақ көрініп тұр. Қазақ шежіресінде Нәріктің Шорадан басқа балалары аталмайды. Демек, олардан қалған тұқымдар жүрсе, олардың тегі аталар еді. Ал, Шорадан өрбитін Шотқара, Есенгелді, Жабал, Жөгі ұрпақтары қазақ шежіресінен өз орындарын тапқан. Әңгіме, бірақ, бұнда да емес. Орыс құжаттарына қарап-ақ, мынадай қорытындыға келуге болады. Қазіргі тамалар сонау Алтын Орда заманында белгілі ықпалға ие болған. Соған қарағанда, Шораның үлкен атасы, Нәріктің өз атасы боп саналатын Тама ол кезде де жеке кісі емес, күллі бір тайпа ел болғанға ұқсайды. Өйтпесе, Қазан хандығының өмірінде әлгіндей үлкен ықпалға ие болу үшін, орыс патшасымен тікелей қатынасқа шығып, сол кездегі мұсылман билеушілерінің Қырым хандары, Ноғай Ордасы әмірлері сынды әлуетті әулеттеріне ашық қарсы шығып, астрахандықтар әулетін ашық жақтау үшін тек бір ғана әулеттің емес, ең кемі бір рулы елдің қолдауы қажет еді. Нәрік балаларының Шах-Әлі мен Жәдігерге жақ болуында да мән бар еді. Қырым хандығы да, Ноғай хандығы да Қазан хандығына өз ықпалын жүргізуге тырысты. Қырымдықтар түрік сұлтандарына арқа сүйесе, ноғайлықтар орыс падишасын одақтас етуге тырысты. Өйткені, ол кезде орыс-ноғай ара-қатынастары кеңінен өрістеген-ді. Ноғай Ордасының үлкен билеушісі, Едігенің немересі Жүсіп Бату балаларына аталық боп, хандарды өз қолдарынан қойған үрдіске басып, Қазанға да өз адамын қойып, «маңғыт ықпалын» нығайта түсуге тырысты. Қырымнан шыққан Сақып-Керей, Сафа-Герейлерді емес, Астрахан әулетінен шыққан Шах-әлі, Жан-Әлі, Жәдігерді қостауында да сондай ой бар-тұғын. Қазан жорығынан соң Астраханды алғанда да, ағасы Жүсіп Жаңбыршыны жақтаса, інісі Алшы, Смайыл өз жиені Дербісәліні таққа отырғызғысы келді. Әркім өз сыбайласын билікке ұмтылдырды. Шораның Шах-Әліні, оның бауырларының Жәдігерді жақтауларына қарағанда, Ноғай ұлысындағы орысшыл Алшы Ысмайылды емес, мұсылманшыл Жүсіпті жақтағандарын байқаймыз. Орыс патшалары бұрынғы одақтастарының Қазан мен Астрахан соғысындағы мұндай пиғылын кешірмеді. Астраханды ала сала, Ноғай ұлысына қол салды. Ысмайылды қолдап, Жүсіпті жеңіліске ұшыратты. Сол тұста тамалар да шығысқа қарай ойысып, одан әрі Ноғай Ордасы мен Дешті Қыпшақтың киген кебін кисе керек. Бір тобы қазандықтардың, екінші тобы Кавказға ығысқан ноғай, қыпшақтардың, үшінші тобы башқұртқа айналған ноғай, қыпшақтардың, төртінші тобы қазақтарға келіп қосылды. Бүйтіп, бірнеше ұлттардың құрамында жүретіндей көп халық бір әулеттен емес, бір рулы ел, бір тайпадан ғана шыға алса керек. Ендеше, Алтын Орда мен Ресей тарихында айтулы орын иемденген Нәрік балалары – Тама деген кісінің шөбере-шөпшектері емес, Тама деген тайпаның билеуші шонжарлары болса керек. Өйткені, Қазан хандығында ақсүйек қауым, қарашы, ұлан және сейіттер ғана саясатқа араласқан. Қарашылар ханға да ықпал ете алған. Ұландар – әскери тап, сейіттер – дін адамдары боп аталған. Шора орыс құжаттарында «князь» деп көрсетіледі, Шах-Әлінің бірден-бір қамқоршысы боп көрінеді, орыс падишасына елшілікке келумен қоса, інілерін де елшілікке жібереді. Әдетте мұндай «қарашы» атақ әр рудың ең атақты әулеттерінің ең үлкеніне ауысып отырған. Ендеше, Нәрік әулеті тамалардың сондай текті атасы болса керек. Ол тұста Қазан хандығында «қараша» атану көбіне-көп Шырын, Барғын, Арғын және Қыпшақ тайпаларының үлесіне тиген. Соған қарағанда, ол кезде тамалар әлгіндей тайпалық одақтардың біреуінің құрамында іргелі орын иемдене алатындай, немесе дербес ру ретінде де хан сарайына ықпал ете алатындай көп қауым болғанға ұқсайды. Олай болса, Таманың, оның баласы Қарабураның XV ғасырда тууы мүмкін емес. Өйтсе, одан туған балалар үш атаға жетпей жатып, хан орданы билеп-төстейтіндей ықпалға ие боларлық дәрежеде көбейе алмас еді. Ендеше, әкесі Тама мен баласы Қарабураның қай шамада дүниеге келуі мүмкін? Егер біз аталмыш аймақта Дон, Днепр, Днестр, Азау, Сибаш, Кавказ, Тамань, Танаис деген топонимдердің сонау скиф-сақ замандарынан бар екенін және олардың кейбірі этнонимге, немесе этнонимнен (ел атауынан) топонимге (жер-су атауына) айналып кеткен сездер екенін ескерсек, әлгі тұспалымыздың жаны жоқ еместігіне көзіміз жете түсер еді. Бір кезде Кавказ асып, Таяу Шығыстан келген тайпалар мұздың терістікке шегінуіне байланысты климаттық өзгерістер тұсында далалыққа айналған аймақтарда аңшылықты тастап, малшылыққа көшті. Мал санының көбеюі суат және өріс іздейтін тұрақты көші-қондар маршруттарын қалыптастырды. Жыл маусымына байланысты өзгерістер бойлық бойынша көші-қонды қалыптастырды. Бұл – әсіресе, Евразияға айрықша тән құбылыс. Егер біз жылқының күнгей Европа жазықтарында қолға үйретілгенін ескерсек, атты көшпенділер Азау мен Атырауды айналып, Қазақстан мен Орта Азия, сол арқылы Сібір мен Алтайға өткенін байқар едік. Бүгін Дон даласында жүрген малшылар ұзамай Сібір мен Алтайдан барып бір-ақ шығып жүрді. Олар бір қоныстан бір қонысқа үйреншікті кәсіптерімен қоса үйреншікті дәстүрлерін де алып барды. Тіпті жаңа аймақтардың жер-суына да өздеріне тән атты қойды. Сол топонимдерге қарап-ақ көшпелілер миграцияларының аралық кездері мен бағыттарының қандай болғанын анықтауға болады. Олар орта жолда жергілікті этностармен араласып, жаңа ұлт, жаңа нәсілдерге айналады. Соған қарамастан ежелгі этнонимдер мен топонимдерді сақтап қалады. Қазіргі алшын руына кіретін көптеген рулар біздің тұсымыздың бірінші мыңжылдығында көбіне-көп Алтай жағында жүрді. Бірақ, одан бұлар тек осы арада қалыптасты деген қорытынды шықпайды. Олардың кейбірінің атаулары сонау Страбон заманынан Шығыс Европа топонимдеріне тән атаулар болуы көп жағдайды аңғартқандай. Демек, олардың ата-бабалары немесе құрамдас бөліктерінің кейбіреулері өткен замандарда аталмыш өлкелерден табиғи миграция жолынан ауысын келуі ықтимал. Дәл сондағыдай климаттық өзгерістер енді кейін қарай көшуге мәжбүр ететіні де түсіністі. Алтайдағы алшын рулары бір жағынан табиғаттың, екінші жағынан тарихтың дүмпуінен V–VІІ ғасырдан бастап батысқа қарай жылыса бастады. Әуелі Жетісуға келіп ірге тепті. Сондағы жергілікті тайпалармен ықпалдасып, жаңа одақ құрады. Шығыстан қидандармен, қарлықтармен бірге ығысып келген тамалар мен табындар Жетісуға келіп, үйсіндермен бірге жаңа мемлекет құрамына кірді. Ол жөніндегі мәліметтер Қазақстан емес, башқұрттың құрамындағы тама, табындар шежіресінде жақсы сақталынған. Олар өздеріміздің түп атамыз үйсін Майқы би деп есептейді. Шыңғысханды хан сайлағанда қазіргі қазақ руларынан үйсін Майқы би мен қоңырат Саңғыл би қатысыпты дейді. Сол кездегі үйсін одағында шығыстан көшіп келген тамалар мен табындар да болса керек. Сол кезде үйсіндерге Шыңғысхан берген елді – Жетісуды башқұрт табындары мен тамалары да отандары санап, үйсін тамамыз, үйсін табынбыз деп жүрген. Сол кездегі ұрандары – «салауатты» көп уақытқа дейін ұран тұтқан. Кейін олар Қарахан мемлекетінің құрамына кірген. Оған башқұрт табындардың шежіресі куә. Башқұрттағы қара табындар ататегін былай таратады: Майқы биден Елек би туады, Елек биден Бура (боғра) би туды, одан Қара хан туады. Қара Ғазиз табындардың атасы болып табылады. Ал тарихта Қарахан Жетісуда түркілердің жаңа мемлекетін құрады. Одан Бура (боғра) хан туады. Оның ұлы Елек хан XІ ғасырда пұтқа табынатын түріктерді мұсылманға кіргізеді. Кейін табындар қыпшақтарға араласып, Қара теңіз бойына көшіп барады. Ар жағында олар да Алтын Орда мен Дешті Қыпшақ киген көпті киеді. Дәл осындай жағдайлы башқұрт тамьяндар шежіресінен де ұшырастыруға болады. Олар да шыққан тегіміз Майқы би, шыққан жеріміз Жетісу, бұрын үйсін тамьян болғанбыз деп есептейді. Ендеше, олар да сол кезде табындар кірген мұсылман дініне кіргізген билеушілерді ата-бабаларына сайып, пір тұтты ғой.

Әлбетте...

Ендеше, Таманың XV ғасырда тууы еш мүмкін емес қой. Қара Ғазизден қара табындар тарады деген қисынның тамалардың да этникалық санасына өз салқынын тигізбеуі мүмкін бе? Мүмкін емес. Тамалардың ұранының Қарабура болуы – соның айғағы. Біздіңше, Қарабура – тамаларға мұсылман дініне кіріп, Қарахан мемлекетінің құрамында болған кезден қалған ұран. Содан кейін олар қыпшақтармен, қаңлылармен, печенегтермен араласып, Қырым, Қаратеңізге көшті. Соңдарынан келген монғолдармен араласып, әуелі Алтын Орда құрамына, сосын одан қалған жұрнақ мемлекеттердің құрамында болды. Алтын Орда мен Дешті Қыпшақ ыдырағанда тамалар да ноғай, башқұрт, татар, қазақ, қарақалпақ, өзбек, қырғыз халықтарына сіңіп, тоз-тоз тарап кетті. Әр халықтың құрамына қандай күйде кірсе, содан бергі ата-бабаларын нақтылап тарата алады да, одан арғы тегін әр қилы аңыздарға айналдырып жібереді. Қарабура – Таманың баласы болуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Өйткені, тамалар X ғасырдан бұрын да бар этникалық атау. Ал, Қарабура – адам болсын, жоқ тек ұран ғана болсын, мейлі X–XІ ғасырларды дүниеге келген Қарахан мемлекетіне байланысты құбылыс. Көшпелілер мұсылман дініне кіруіне байланысты және одан кейінгі оқиғалардың әсерімен ежелгі ұрандары мен еншілерін, таңбалары мен айырым белгілерін өзгертіп отырған. Оған қандай мемлекеттің құрамыңда қандай маңызға ие болғаны әсер еткен. Бір мемлекетте тақтың оң жағынан орын тиіп, санның жілігі бұйырған тайпаға екінші мемлекетте тақтың сол жағынан орын тиіп, қолдың жілігі бұйырары ықтимал. Пұтқа табынатын кезде мифтік аруақтарды пір тұтқандар дінге кірген соң әулиелер мен әулие әулеттес билеушілерді, кейін өз руынан шыққан көрнекті қайраткерлерді пір тұтқан. Ескі аңыз бойынша, Шыңғысты ақ киізге көтеріскен үйсін Майқы биге, хан: «бұдан былай ұраның – салауат, құсың – бүркіт, ағашың – қарағаш, таңбаң – сүргі болсын», – депті. Қоңырат Саңғыл биге: «ұраның – қоңырат, құсың –қыран, ағашың – алма ағаш, таңбаң – ай болсын», – депті. Ал сол, үйсіннің ұраны кейін «Бақтияр», бірде «Қабылан», «Сиқым», «Ребек», «Жаныс», «Төлеген», «Ботпай», «Шымыр», «Қойкелді», «Қарасай», «Жауатар», «Бәйтерек», «Айрылмас» деп атақты бабалардың аттарымен алмастырылды. Қоңырат та «Алатау», «Мүлкамал» деп ұрандатты. Ендеше, Қарабура жәй ұран ғана болса, ол ұран, қайталап айтамыз, тамалардың Қарахан мемлекетінің құрамында болып, мұсылман дініне кіруіне байланысты сол кездегі падишалардың құрметіне берілген болып шығар еді. Егер тарихта болған нақты адам болса, онда оған мұндай есім әлгіндей заманда дүниеге келуіне байланысты берілген боп шығады. Демек, ол X–XІ ғасырларда туған болып табылады. Кейін ерекше қасиеттерімен көзге түсіп, өз тайпаластарының әуелі піріне, артынан ұранына айналуы мүмкін. Мәселен, «Қабанбай», «Ағатай», «Бекет», «Қарасай», «Баймұрат», «Бақтыбай», «Дәуімшар», «Қойкелді» деген ұрандар осылай пайда болды ғой. Бұл реттен келгенде де Қарабура Таманың өз кіндігінен тууы қандай мүмкін болмаса, нақты деректерге қарағанда XV ғасырларда өмір сүрген Нәріктің де Қарабурадан тууы еш мүмкін емес. Өйткені, Нәрік XV ғасырда Қаратау бойынан соңынан ызғындай рулы ел ертпей, салт басты сабау қамшылы көшіп барып, Қазан хандығының шонжары бола салмайды. Ал, XV ғасырда Еділ бойында өмір сүріп, Қаратауға келіп дүние салған дейін десек, онда Қарабура Қожа Ахмет Йасауидың жаназасын шығаруы еш мүмкін емес. Ендеше, тамалардың ұранына айналып, көне Созақта күмбезі тұрған Қарабура Қарахан мемлекетінде туып, Қара мен Боғра хандардың құрметіне осындай атқа ие болған перзент болса ғана, түркі дүниесіне дін таратушылардың алғашқы легіне ілесіп, есімі Қожа Ахмет Йасауимен бірге атанатындай сый-құрметке ие болуы мүмкін. Тарихқа сүйенсек, Алтын Орда маңғыттары Қаратау бойындағы Баба Түкті Шашты Әзізді әулие тұтып, Маңғыстауда да, Еділ бойында да осылай атанатын киелі орын тұрғызып, басына барып түнеген. Тіпті кейбіреулері арғы бабамыз Қожа Ахмет Баба Түкті Шашты Әзіз деп, Түркістандағы ұлы күмбез бен Қаратаудың теріскейіндегі ескі әулиені біріктіріп, бір кісіге теліген. Бұның бәрі, олардың бабаларының мұсылман дініне Қаратау бойында кіргендерін аңғартады. Қайткен күнде де, тамалардың Жетісу мен Қаратауда жүргенде мұсылман дініне кіргені рас. Сол кезде «Қарабура» деген ұранға ие болғаны рас. Еділ бойында да, Орал тауларында да сол ұранмен жауға шапқандары да рас. Сол ұранға сеніп, талай ерлік істерге барып, бірнеше бауырлас халықтардың тарихында өшпес із қалдырғандары да рас. Ендеше, Қарабура есімінің бүгінге дейін ел есінде қалып, ерекше қастерленуінің тарихи негізі бар. Дүниеде құм табиғаттас нәсілдер де болады. Олар ойда орны, қырда ізі қалмай, шаң боп шашылып кетеді. Көп болса да, басы бірікпейді. Құдай содан сақтасын! Өз тағдырына өзің ие болу үшін жаныңның азығы, санаңның қазығы болғаны лазым. Сонда ғана желімдей ұйысып, аз да болса, саз боласың. Ұлт санасына ұйтқы солай қордаланады. Қазақ санасының сондай ұйтқысы – бабаларға тағзымы мен ағайынға бауырмалдығы. Соның арқасында ғана бабалар жайлаған өріс пен қоныстың ізінен мыңдаған жылдар бойы адаспай, көшіп-қонып, мекендеп келеміз. Соның арқасында ғана бір-бірімізден көз жазбай, көңіл суытпай бірге келеміз. Ондай қасиеттерді ескі деп лақтырып тастағанда, орнына табылар жаңа қайсы? Ол санатыңды нығайтып, санаңды байыта ала ма? Жаңарам деп отырып, жаңылып, шыңдалам деп жүріп, шырғалаңға ұшырап, шәт-шәлкейің шыққаннан сақтасын. Ендеше, дүниеден өткен мыңдаған жандардың тірлігіне қуат, дүниеге келмек мыңдаған жандардың өмірлеріне өнеге болмақ қасиетті есімді қастерлей білгеніміз өте ғанибет... Қарабура... Қара... Бура... Памир мен Қаратау арасын жайлап жатқан ежелгі мәдениетке ерекше тән құбылыс. Киелі ұғым. Қара – көптің белгісі. Бура – күштің белгісі. Шабынған Бура бейнесін ескі жартастардағы сүреттерден де, ежелгі қалалар орнынан табылған мүсіндерден де, ескі ғимараттардың ою-өрнектерінен де табуға болады. Эфталиттер мен хазарейлер, кушандықтар мен қаңлылар соқтырған ескі теңгелерден де қанатты, қанатсыз буыршындар бейнесі ұшырасады. Алтайдан келген қарақытайлардың бұл өлкеде өз билігін орнықтыру үшін бұл тұспалға жүгінуі де тегіннен-тегін емес. Кие – күш. Күш – кие. Кие дарымай ер көсегесі көгермейді. Кие дарымай ел көсегесі көгермейді. Біздің тәй-тәй басқан тәуелсіздігіміз бен қаз-қаз тұрған азаттығымыз аруақтанып, асқақтай түсуі үшін де айбар керек. Өлі риза болмай, тірі байымайды деседі. Аруақ разы болмай тұрып, абырой асар ма? Абыройсыз айбар бітер ме?! Ендеше, талайды тарихтың тар өткелегінен сүрінтпей өткізген бабалар шапағаты бізге де тигей!

Баба аруақ баршамызға жар болғай! «Қарабура» деп ұрандаса болды, жауға жеке шапқан батырдың өзі қаптағайлаған қалың қол боп көрінеді екен. Есет пен Қарабас, Есеттен туған Ботакөздердің ерлігі жөнінде осындай аңыз бар. Қаратау бойындағы қара орында қалған пірлерінің атын артындағы ұрпақ ғасырлар бойы аузынан тастамай келеді. Сан сапырылысты бастан кешкен халықтың басы қосылып, санаты түзеліп келеді. Соның бір белгісі – елімізге ежелден пір болған ардақты есімдер мен орындар қайтадан ұлттық түлеуіміздің ұйтқысы бола бастады. Бабаларымыз бұдан бір жарым мың жыл бұрын шығыстан қаптап келген қалың жаудың бетін қайтарған Талас бойындағы кәрия шаһар қайтадан Тараз атанды. Түркі нәсілдің түп астаналары Баласағұн мен Сайрамның көне жұрты оқымыстыларымыздың көзіне қайта ілікті. Түркі дүниесіндегі дін-мұсылман тірегі Түркістанның мерейтойы тойланбақ. Қожа Ахмет Иасауи мұралары қайтадан жарық көрді. Баба Түркі Шашты Әзіз күмбезі бой көтерді. Бауырларынан бір-бір тайпа ел өрбіген Бәйдібек пен Құрбан аталарымыз да осынша ұлықталуға лайық. Созақтағы Қарабура салтанаты да – сол санаттағы оқиға. Ол да халқымыздың ұлттық болмысын марқайтқан мақтанышты құбылыс.

Ел болып, ес жиылады деген осы.

ТІЛ КӨГЕРМЕЙ, ЕЛ КӨГЕРМЕС

Қадірлі әріптестер!

Бүгінгі семинар-кеңестің жұмысына зор қанағаттанғандықпен қарауға барлық негіз бар. Біріншіден, ол уақытында өтті. «Қазақстан Республикасы Тіл саясаты Заңының» қабылданғаны жуырда ғана. Елбасының қойған қолының сиясы әлі кеуіп те үлгерген жоқ. Екіншіден, бүгінгі кеңеске нағыз керекті адамдар шақырылыпты. Мемлекеттік билік жүйесінің барлық саласының және барлық деңгейінің өкілдері қатысып отыр. Жаңа Заң ең бастан осындай үлкен мемлекеттік маңыз берілген жағдайда ғана ойдағыдай жүзеге аса алады. Үшіншіден, кеңеске қатысушылар зор белсенділік танытты. Баяндамада да, шығып сөйлегендер сөзінде де қонымды пікірлер, орынды ұсыныстар баршылық. Ол көңілге үлкен үміт ұялатады. Қандай Заңның да тағдыры, көбіне көп оны орындауға, ең алдымен, мемлекеттік билік орындарының қаншалықты құлықты екендігіне байланысты болатыны еш құпия емес. Әсіресе, тіл туралы Заң айрықша үлкен ықыласты талап етеді. Әсіресе, біздердің тарапымыздан. Өйткені, біз бен сіз үшін өз мемлекетімізді одан әрі орнықтырып, нығайта түсуден басқа мұрат жоқ. Ал тіл саясатының бұл мәселеде қаншалықты маңызға ие екенін өмір өзі көрсетіп беріп отыр. Тілдік жарасым жоқ жерде әлеуметтік жарасым болмайды. Ал, әлеуметтік жарасым тек әділетке ғана сүйене алады. Әділіне жүгінсек, адамзаттың адамзат болып қалуына барлық халықтың бәрі қажет. Олардың тарихи жасақталған тілдері мен мәдениеттерінің бәрі қажет. Бір тілдің жоғалуы – тек белгілі бір ұлтқа ғана емес, күллі адамзатқа жасалған қиянат болып табылады. Ал мәдениет пен тіл сияқты аса нәзік құбылыс тек белгілі бір ортада ғана өркен жайып, көсегесін көгерте алады. Әр тіл мен мәдениеттің ғасырлар бойы қалыптасқан сондай етене ортасы бар. Мәселен, қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес бір бөлшегі ретінде тек қазақ топырағында ғана ойдағыдай дами алады. Ол осындай күллі адамзаттық маңызы бар рухани құбылыс ретінде кемелденіп жетілуге тиісті мемлекеттік маңыз бен нақты қамқорлықты тек қазақ топырағында ғана талап ете алады. Бұны отандастарымыз дұрыс түсінеді. Оған барша естияр қазақстандықтардың тікелей дауыс беруі жолымен қабылданған жаңа Ата Заңымыз айғақ. Ол еліміздегі тілдік қатынастарымызды да конституциялық жолмен реттеп берді. Ол реттіліктерді жүзеге асырудың құқықтық жолдары Тіл саясаты туралы жаңа Заңмен нақтыланды. Ол Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерінің өз ана тілдерін оқып-үйренуіне, құрметтеуіне ерік береді. Мемлекет тарапынан мүмкіндігінше көмек көрсетіледі. Енді бұл төңіректегі мәселелерді одан әрі саясаттандыра бермеген жөн. Ол үшін Жаңа Заңды жүзеге асыруға қажетті Мемлекеттік бағдарлама мен басқа да қосалқы құжаттарды жұртшылықты алаңдатпайтындай қып, уақытылы және мұқият әзірлеуіміз дұрыс. Бұл – Үкімет атқаратын парыз. Тілдерді дамытудың мемлекеттің бағдарламасы кешіккен жерде саяси айтыс-тартыстың қайта қозып кететіндігін еткен жылдар көрсетіп берді. Екіншіден, бұл құжатты алысқа сермемей, таяу жылдарда атқарылатын керекті ауқымы нақты пайымдалғаны тиімді. Екінші, ол шараларды жүзеге асырудың мерзімі, жауапты тұлғасы мен материалдық шығыны бүгінгі саяси-экономикалық ахуалға сәйкес анық көрсетілгені лазым. Әйтпесе, ауқымды аламыз деп, аяқсыз қалатын шараларды белгілеп, болмайтын шаруалар төңірегіндегі өнбейтін дауларға қайта желік бітіріп алуымыз ғажап емес. Аз да болса, сатылап болса да, көзге көрінетіндей ілгері басушылық жоқ жерде бұл жағынан сары уайым сапырушылардың, екінші жағынан, «Қап, бәлем, қалай екен», – деп ашық табалаушылардың қыспағында қаламыз. Ол үшін мемлекеттік тілдің қолданбалық аясын кеңейтуге басым маңыз беруге тиіспіз. Бұл арада басын ашып алатын бір мәселе бар. Қазақ тілі – лингвоархеологиялық немесе лингвоэтнографиялық құбылыс емес. Ол – үлкен саяси-әлеуметтік құбылыс. Ол өзге ұлт тілдері бастан кешкен даму процестерінің бәрін бастан кешті. Тек XX ғасырдың өзінде үш рет жазу реформасына ұшырады. Жазбалы-полиграфиялық, бейнелемелі-дыбыстамалық жүйеге ие болды. Өзге тілдермен ықпалдасу тәсілдерін де меңгерді. Аударма, сөздіктеме тәжірибесін де жинақтады. Көп жанрлы көркем әдебиет пен өнер, көп салалы ғылым мен техника, көп бағдарлы ақпарат, көп сатылы білім беру, мемлекеттік басқару мен қоғамдық ықпал, саяси дүниетанымдық көзқарас қалыптастыру құралына айналды. Оның негізінде туындаған көркемдік құндылықтар өзге тілдерге аударылды. Әлемдік әдебиет пен дүниетанымның үздік үлгілері қазақ тіліне ойдағыдай аударылды. Оны қайтадан үй ішілік, тұрмыстық қатынастар ауқымымен шектеу еш мүмкін емес. Оны кешегі тоталитарлық идеология да, «қосылысу мен құйылысуды» ғана күйттеген солақай интернационалистік саясатты жүзеге асыра алмады. Сондай қиянатты әшкерелейміз деп, тіліміздің ахуалын тым мүшкілдендіре, мүсәпірлендіре суреттеуге тырысушылық оған деген нигилистік көзқарасты одан сайын өршітіп алды. Билік жолындағы таласта қандай тәсілден де тайынбайтын күштер тарапынан қазақ тілін архаикалық құбылыс, ал онымен пайдаланатындарды кертартпалық пен кешеліктің өкілдері деп көрсетуге тырысатын пиғылдар да бой көрсетпей қалып жатқан жоқ. Сондай солақайлық салдарынан тіліміздің болашағына, өмірлік қабілетіне өзге отандастарымызды қойып, өз қандастарымыздың күмәні күшейе бастады. Мектептегі балалардың қайта алынып кетуі, тіл үйренетін үйірмелердің жұмысының озбауы, ілеспелі аударманың салғыртсынуы, жиналыстардың қайтадан бір тілділікке көшуі әлгіндей күдік-күмәндардың бел ала бастағандығының белгісі. Ендеше, ендігі жерде жылап-сықтап тіл көсегесін көгерте алмайтынымыз белгілі болды. Жоқты талап етуге шеберміз. Барды ұқсатуға олақпыз. Басты қырсық осында. Бұл арада мынаны ескеру керек. Қандай ма тіл болмасын, оның даму деңгейін қанша адамның ол тілде сөйлейтіндігі белгілемейді. Ол тілдің өмірдің қанша саласында қолдана алынатындық қабілеті анықтайды. Бұл ретте, біздің социлингвистеріміз бен статиктеріміз Қазақстан тұрғындарының қаншасы қазақша біліп, қаншасының қазақша білмейтінін анықтағанмен, оның қай салада қалай пайдаланып жүргендігіне бас ауыртпады. Расына келсе, қазақ тілін білмейтін, тіпті білгісі келмейтін адамдар бар болса бар да шығар, ал бірақ өмірдің қазақ тілін пайдалану мүмкін емес бір де бір саласы жоқ. Қазақ тілінің қолдану аясы тілдің қабілетсіздігінен тарылтылған жоқ, тездетіп бір тілділікке, бір ұлттылыққа көшу жолындағы көптеген көз алара, көз таса әрекеттердің салдарынан қасақана қолдан тарылтылған. Әйтпесе, тіпті тоталитаризм жылдарында ол тілде әлемдік философия мен әдебиеттің, осы заманғы ғылым мен техника салаларының зерттеу еңбектері басылып шыққан-ды. Жоғары математика мен астрономиялық, медицина мен геологияның, жаратылыстану мен қоғамтанудың талай оқулығы қазақ авторларының қолынан жарық көрген. Бұл саладағы әрідегі Бөкейханов, Байтұрсынов, Асфендияров, Досмұханбетов, Ермековтерді былай қойғанда, күні кешегі Сыдықов, Машанов, Ибрашев, Еркеғұлов, Оразақов, Әбішев, Шағым Жұмабаев еңбектерін-ақ еске алыңызшы. Осының өзі-ақ, қазақ тілінің жетілген беллетристика тілі ғана емес, толыққанды саяси және ғылыми публицистиканың тілі екендігіне көзімізді анық жеткізе түседі. Оның мешеулігі мен кенделігі жайындағы лақаптар – бүгінгі саяси риторикадағы көп бейпілдіктің ең бір өрескел түрі. Ендеше, әлгіндей қиянатын арылу жолы – мемлекеттік тілді мемлекетіміз өмірінің барлық саласында батыл қолдану. Бұл мәселені шешуде демографиялық аспектіге жүгіре бермей, негізінен институттық, функциональдық аспектілерге жүгіну орынды. Ең алдымен, билік орындары мемлекет тілінде сөйлемей тұрып, күллі мемлекет өз тілінде сөйлемейді. Оның деңгейі қанша бастықтың, қанша шенеуніктің қазақша білетіндігімен анықталмайды. Ісқағаздары, жиналыстар мен мәжілістер, мемлекет рәсімдері қай тілде жүзеге асатындығымен анықталады. Сондықтан, шенеуніктерді емес, билік институттарын қазақша сөйлетуге күш салуымыз керек. Ол ісқағаздарын жүргізетін жинақтар мен рәсімдерді әзірлейтін біз бен сізге байланысты. Өкіметтің өзі сөйлемейтін, өзі іс жүргізбейтін тілде қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық құрылымдардың сөйлей қоюы, іс жүргізе қоюы екіталай. Сондықтан тіл заңының шарттарын мұқият орындауда мемлекеттік билік орындары өздері өнеге көрсетуге тиісті. Білім беру саясаты – мемлекеттік саясат. Білім беруді қаржыландырудың алуан көздері болуы мүмкін. Бірақ, білім берудің халықаралық қалыптарын сақтауды, оның концептуалдық, методологиялық жүйесін жасақтауды тек мемлекет қана жүзеге асырады. Осы тетіктерді пайдалана отырып, ана тіліміздің білім берудегі аясын кеңейтуге тиісті ықпал жасауға болады. Жұрттың бәрінің қазақша оқуын қамтамасыз етпеген күнде де орта білім мен жоғары білім беруде барлық пәндерді қазақша оқытуға қажетті оқулықтар мен мамандар әзірлеуді жолға қоя алсақ, қазақша білім беру аясын толық көлемде кеңейтуге жағдай жасаған боп шығамыз. Бүгін таңда ең алдымен осыны жүзеге асыруға ұмытылғанымыз жөн. Егер біз Қазақстанда алынған дипломның халықаралық деңгейде әжетке асуын қамтамасыз ететін болсақ, онда барлық пәндер бойынша оқулықтарды халықаралық білім стандарттарына сәйкес қайта жазып, немесе басқа тілдерден аударып, қайта бастырып шығаруымыз керек. Жаңа оқулықтарды ең алдымен қазақ тілінде басып шығаруға басым мән бергеніміз тіл туралы жаңа заңның да, білім берудің жаңа байыптамасының да жүзеге асыруға бағытталған шешуші қадамы болар еді. Тілдік климатты жасауда ақпараттың атқарар қызметі айтпаса да белгілі. Нарықтық қатынастар жағдайына ана тіліміздегі ақпарат аясын кеңейтудің соны мүмкіндіктерін қарастырмай болмайды. Өйткені, нарық жайындағы білім мен ақпаратқа әсіресе шалғай аудандар мен ауылдар зәру. Бұл ретте, ұлт тілінде тәуелсіз ақпарат жүйесін жасақтаудың мүмкіндіктері өте жақтаулы. Шетелдік инвестиция мен халықаралық экономикалық ықпалдастық әзірге индустриялық өндіріс пен қалалық ортаны ғана қамти алып отыр. Бұл мемлекеттік тілдегі ақпарат құралдарын қаржыландыруға мемлекеттің басты маңыз беруін талап етер объективті жағдай. Тілдік ахуалдың нарық үшін тартымды сипатқа көшуінде жарнаманың да атқарар қызметі зор. Кейінгі көзде безендіруі мен жарнамаларына қарап, біздің қалаларымыздың қай елдің қалалары екенін айырылып алу қиындап кетті деген сөз көп айтылып жүр. Бұл – біздің жарнамаларымыз тек қазақша жазылсын деген сөз емес. Қазақ тілін көше безендіруде сол баяғы таз қалпында қалдыруға енді болмайды деген талап. Орынды талап. Өйткені, мемлекеттік тіл – мемлекеттің туы, гербі, гимні сияқты символы. Оны отандық фирмалар да, шетелдік фирмалар да мықтап ескеруге тиісті. Жер бетіндегі мемлекеттер қазір түгелге дерлік нарық қатынасына көшті. Бірақ, өз тілінде жарнамаламайтын бір де бір ел жоқ. Егер біз ұлттық ортамызды нарықтық ахуалды тезірек мән орнатқымыз келсе, мемлекеттік тілдегі жарнамаға көбірек мән бергеніміз жөн. Бұл негізінде кәсіпкерлер мен кәсіпорындар тарапынан емес, көше безендіруді, жарнамаларды жасақтау мен орналастыруды үйлестіретін билікшілер мен билікші орында тарапынан орын алып отырған енжарлық. Тіліміздің қолданылу аясын кеңейту мен әлеуметтік беделін арттыруда сындарлы терминология мен ономастикалық саясаттың тигізер пайдасы өлшеусіз. Бұл ретте де ойландыратын мәселелер қордаланып келеді. Термин жасауда жүйесіздік бар. Әр басылым, әр автор өз баламасын ұсынып, қарапайым оқырман мен тыңдарман кімге құлақ асарын білмек түгілі, қай ұғымның нені білдіретінін айырудан қалып барады. Ономастикада да бір кезде келісілген пәтуалар атымен ұмытылды. Кім көбірек айқайлап, бұрынырақ жүгірсе, оның ұсынысы ономастикалық дәрежеге ие болып келеді. Бұл мәселелерді бір ізділікке түсірмей болмайды. Бұның бәрі мемлекеттік тіл саясатын қалыптастырып, жүзеге асыруда кетіп отырған, қолға алынбай жатқан кемшіліктер мен олқылықтарды түгел қамти алмайды. Бірақ, әнтек көзге ұрып тұрған «әттегенайлар». Тек солардың өзіне байланысты ақылға сыйымды шешім тауып, тез арада жүзеге асыра алсақ, тілімізге деген нигилистік көзқарасты, мемлекеттік билік орындарының ана тілімізге деген қамқорлығына деген нигилистік көзқарасты белгілі мөлшерде әлсірете алар едік. Мұндай ингилизмнің белең алып кетпеуі үшін, тіл саясатын жүзеге асыруды қаржыландыру төңірегінде жариялылықты қамтамасыз етпей болмайды. Бұл мақсатта жұмсалатын қаржының көлемін мемлекеттік бюджетте жеке жолмен көрсеткен жөн. Оны халық та, тиісті мекемелер мен ұйымдар да айқын біліп отырса құба-құп. Тіл заңында шешімін дұрыс тапқан мәселелер қатарында «Өкілетті орган» жөніндегі бапты да атап айтқан дұрыс. Өйткені, тіл мәселесі мемлекеттік саясаттың арнайы бағыты болып қала бермек. Оны мемлекеттік тұрғыда жүзеге асыруға барлық мемлекеттік билік орындары түгел ат салысуы керек. Мұндай көп тарапты, көп бағытты жұмыс уақытылы және икемді үйлестіруді қажет етеді. Оны арнайы ұйымсыз қадағалау аса қиын. Жалпы, Заңды жүзеге асыру жөнінде Үкіметтің арнайы қаулы қабылдағаны жөн шығар. Мемлекеттік тіл саясатын мемлекеттік билік жүзеге асыратыны белгілі. алайда, бұл бұқаралық іске айналғанда ғана көздеген мақсатына жете алады. Тек кез келген басшы ғана емес, кез келген азамат тіл тағдырын мемлекет тағдырымен астастыра қарауға үйренуі қажет. Сондықтан мемлекеттік билік орындары тіл саясатын жүзеге асыруда қоғамдық ұйымдармен, саяси партиялармен, мәдениеттік және азаматтық қозғалыстармен кеңінен ықпалдасудың мүмкіндіктері мен жолдарын жан-жақты қарастырулары шарт. Тіл тағдырын тек ақша шешпейді. Тек билік шешпейді. Ақшаны мол шашып, билікті қатайтып, санскрит пен эсперантоны да кеңінен енгізуге болады. Ал, біздің жағдайымызда әңгіме ана тіліміз жөнінде болып отыр. Анасын қадірлемеу қандай хайуандық болса, ана тілі тағдырына енжарлық та адамгершілікке жатпайтын өрескелдік. Бұл отаншылдықпен тікелей байланысты. Елінің тәуелсіздігін ойлайтын адам тілінің кемелденуінен де қолғабысын аямауға тиісті. Бұл ретте қоғамдық қорлар мен ұйымдардың ықпалы орасан зор болмақшы. Олар мұндай нәзік мәселеде мемлекет араласа алмайтын жерлерге де араласа алады. Ол үшін әлгіндей қорлар мен қоғамдық ұйымдар саясатсызданып, таза культурологиялық сипатқа көшкендері ләзім. Тіл мүддесін қорғап, тіл зәруін қамтамасыз етуде тек мемлекеттік орындарға талап қоюшылықпен ғана шектелмей, оларға тиісті қолғабыс жасауға үйренулері қажет. «Тіліміз құрып кетті, құрдымға батып бара жатыр», – деп, көздің жасын көлдете бермей, оның маңызы мен мүмкіндіктерін жан-жақты ашып, әлеуметтік көзқарасына деген сенімді нығайта түсуге күш салған дұрыс. Тілді насихаттау мен үйретуде жеке адамдардың, жанұялардың атқарар қызметін жан-жақты зерттеп, оларды өнікті жүзеге асырудың әдістемесін жасауға ерекше мән бермей болмайды. Шығыстың ежелдегі бір данышпаны: «Дүниені түзеткің келсе, әуелі өзің түзел, сосын балаң мен достарыңды түзе», – деген екен. Егер ана тілімізге шын жанымыз ашитын болса, оны әуелі өзіміз үйреніп, сосын балаларымыз бен достарымызға үйреткеніміз абзал. Ал, бұл үшін де арнайы заң шығарып, әдейі қаржы бөлуді талап етсек, маңызды істің бәсін түсіріп, тек өзіміздің ғана емес, халқымыздың ар-намысын аяқасты еткен болар едік. Қысқасы, қиын да қажетті парызды талқыға салып отырмыз. Ол бізден табандылықпен қоса инабаттылықты талап етері даусыз. Егер біз бұл төңіректегі саяси ахуалды сауықтырғымыз келсе, сөзді азайтып, істі көбейтуіміз қажет. Бұл істе де мемлекеттік билік мұрындық болуға тиісті. Ендеше, осы отырғандар осы мәселеде ерекше ұйымшылдық пен ыждаһат танытуға тиісті. Іске сәт, достар!

1997 жыл.

ДҮНИЕНІ ТҮЗЕТКІҢ КЕЛСЕ, ӘУЕЛІ ӨЗІҢ ТҮЗЕЛ

– Әбеке, сіз оқырман қауыммен әрдайым сұхбаттасып тұрдыңыз. Өзекжарды ой-пікірлеріңізді ортаға салдыңыз. Кейінгі көзде оны сиретіп барасыз. Оған қызмет бабының да әсері болатынын түсінеміз. Бірақ, көп көңілінде жүрген кейбір мәселелер төңірегінде ой бөліссеңіз екен...

– Иә, мен – мемлекет қызметіндемін. Оның өз тәртібі бар. Қандай лауазым иесі де өз өкілеттігі аясынан аспауы керек. Оқырман қауыммен де сол аяда сұхбаттасуға тырысамын.

– Сіз сонда қай саланың мәселелерімен шұғылданасыз?

– Жаңа Ата Заңымыз мемлекетіміздегі билік бөлісуді айқын межелеп берді. Ішкі, сыртқы саясатымызды, Конституциялық құрылысымыздың орнықтылығын Президент жасақтайды. Сол бойынша Елбасы құрған үкімет арнайы бағдарламалар түзіп, жүзеге асырады. Оған қажетті құқықтық негіз парламент арқылы қабылданады. Оның орындалу барысын сот билігі мен құқық қорғау орындары Ата Заңымыз белгілеген жүйемен қадағалайды.

Мен Президент қызметін қамтамасыз ететін топтың мүшесімен. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Ата Заңымыз белгілеген жаңа лауазым. Оны Президент қызметке тағайындап, өзі босатады. Тікелей Президентке ғана бағынып, Президентке ғана есеп береді. Белгілі бір саланы басқармайды. Президент тапсырмаларын орындайды. Оның парламентпен, Орталық жөне жергілікті атқару орындарымен, қоғамдық бірлестіктермен байланысын қамтамасыз етіп, Президент жүргізіп отырған саясатын түсіндіреді. Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңес, Адам құқығы жөніндегі комиссия, Мемлекеттік марапаттау комиссиясы, т. б. кеңесші-саяси құрылымдардың жұмысын үйлестіреді. Сол сияқты, Елбасының кейбір өкілеттік сипаттағы қызметтерін атқаруына болысады.

– Сонда бұл дәстүрлі уәзірлік қызмет пе? Мәселен, Абылай қасындағы Бұқар жырау сияқты. Кейбіреулер солай түсініп жүр ғой.

–Абылай мен Бұқар арасындағы қарым-қатынас жұрт айтып жүргеннен әлдеқайда басқаша болған. Бұқар да, Қазыбек те, Жәнібек те – өз алдарына ұлыстары бар билікшілер. Абылайдың бастамаларына қосылған да, қосылмаған да кездері бар. Абылайдың да оларға құлақ асқан да, құлақ аспаған да кездері бар. Сондықтан, Абылай ордасында Бұқар ешқандай лауазымды қызмет атқарған жоқ. Шығыстың уәзірі батыстың министріне сәйкес лауазым. Абылайдың ондай үкіметі болмағаны белгілі. Сондықтан Бұқар да үкімет мүшесі болған жоқ. Олар ел билеуді өз тұстарындағы үрдіс бойынша жүргізді. Ол үрдістің үйренетін жәйттері болғанымен, сол қалпында көшіре салуға келмейді. Одан бері екі ғасырдан астам уақыт өтті. Көп ұзамай жаңа ғасырға аттаймыз.

Оған адамзат тек технологиялық үрдісті ғана емес, содан туындайтын саяси-экономикалық қатынастарды да белгілі мөлшерде бір ыңғайға көшіріп, аттағалы отыр. Қазақстан да сол құбылыстан шеткері қала алмайды. Оның бәрі де конституциялық дәрежеде заңдастырылған. Мен бұрын да талай рет айтқанмын, билік институттары мен лауазымды адамдардың қарым-қатынасында конституциялық қағидалардың мұқият сақталғанын жақтайтын адаммын.

- Сіз қазіргі қалыптасып отырған жағдайға қанағаттанасыз ба?

- Мемлекеттілігіміздің дамуы тұрғысынан келсек, қанағаттанамын. Тәуелсіздік алдық. Ол түгел мойындалды. Соған сүйеніп, әлемдік қауымдастықпен ықпалдасуымызды жылдан-жылға жан-жақты кеңейтіп келеміз. Жан-жаққа жалтақтауды азайтып, өз мүддемізді бірінші орынға шығара бастадық. Қай мәселеде де өз көзқарасымызды қалыптастырып, сол тұрғыдан қайрат етуге көштік.

Отандастарымыздың бүгінгі нақты тұрмыс ахуалын ойласам, экономикалық дағдарыстан шығудың біз ойлағаннан гөрі ұзаңқырап бара жатқаны, оның қоғамдық рухани ахуалымызға өз салқынын тигізе бастағаны, әрине, қабырғама батады.

- Неге бұндай күйге ұшырадық деп ойлайсыз?

- Кейінгі онжылдықтың көп оқиғасы төбеден түскендей төтен өрбіді. Сондықтан олардың сыр-сипатына бірден түсіне қалған жоқпыз. Оның үстіне кеңес кеңістігінде демократия нышандарын білгенмен, демократиялық билік жүйесін бастан кешкен бір де бір халық жоқ еді. Сондықтан, күшті билікке бас ұру басым болды. Ал билік әлсіреген жерде әрі-сәрілікке ұшырап, дүрбелеңді көбейтіп аламыз.Соны пайдаланған большевиктер монархияны құлатып, одан да озбыр жүйе орнатты. Озбырлық наразылық тудырмай тұрмайды. Ол көбіне-көп қоғамның жоғарғы қабаттарында, билікке жақын жүретін не ықпал ете алатын топтардан өрбіп, солардың атсалысуымен төменгі қабаттарға да жайылады. Ол бірақ зорлықшы не басқа біреуден жеңілгенде, не мерт тапқанда, не ойсырай сүрініп, қателікке ұрынғанда ғана барып сыртқа шығады.

Сексенінші жылдары коммунистік режим әлгі үш келеңсіздіктің үшеуін де бастан кешті. Бейбіт экономикалық жарыста жеңіліп қалды. Билік басындағылар бірінен соң бірі қазаға ұшырай бастады. Олардың қателіктерін түзетпекші лидер көп ұзамай өзі бір қатеден соң бір қатеге ұрына бастады. Сүйтіп, қопарылмалы жағдай орнады. Қайта құру реформасы эволюцияшыл сипатқа көшті. Билікті реформалау билік жолындағы тартыстың құралына айналды. Ол реформаланып жатқан қоғамның жаңа сапаға өтуін емес,біржолата жойылуын тездетті. Сүйтіп, саяси революция жүріп жатқан реформаның эволюциялық ырғағын бұзып жіберді. Көп процесті асығып-үсігуге мәжбүр етті. Ол экономикалық дағдарыстан шығуымызды кешеуілдетпесе, тездеткен жоқ.

- Сонда сіз оқиғаның бұндай барысына қуанасыз ба, ренжисіз бе?

- Империя құламайынша тоталитаризм құламайтын еді. Тоталитаризм құламаса, демократия да алыстай түсер еді. Демократиялық дүмпусіз тәуелсіздік ала алмас ек. Сондықтан, қуанамын, әрине. Алайда, кеңестік кеңістіктегі реформа – ұлттық құбылыс емес, геосаяси құбылыс еді. Бұрынғы бір саяси кеңістікте бірнеше саяси кеңістіктің пайда болуы жүргізіліп жатқан реформаны ұлттық ауқымда да, халықаралық ауқымда да қайта зерделеуді талап етті. Көп күштер бұл процесс демократиялық бағытынан ауытқымайды деп түсінді. Жаңа мемлекеттер жаңа дәрежедегі байланыс орнатады деп түсінді.

Бұрынғы орталық реформада да үйлестіруші ықпалын сақтап қалады деп түсінді. Сондықтан, оларға берілетін көмек күллі кеңестік кеңістіктегі реформаға берілетін көмек ретінде қарастырылды. ТМД, экономикалық одақ пиғылы содан туындады. Халықаралық қауымдастық ұлтшылдық сеператизмнен сескеніп, интеграциялық процесстерді өрбітуді жақтады. Бірақ, интеграцияны көп жағдайда реинтеграция ретінде түсіну етек алды. Ол бұрынғы геосаяси ара салмақтың қайтып оралу қаупін азайта алмайтын еді. Ондай жолмен қалыптасқан кеңістік бәрібір мешеу технология, бәсекеге төтеп бере алмайтын бұйым, солқылдақ нарықтық қатынастар, кешең даму кеңістігіне айналар еді. Ондай реформа ол кеңістікке де, әлемдік экономикаға еш тиімді болмас еді. Халықаралық қауымдастық бұны тез арада түсіне қойған жоқ. Тек Ресейдегі кейінгі сайлаулар науқанында жаңа гегемонизм мен өткенді көксеушілік үлкен саяси қауіп ретінде ашық бой көрсеткенде ғана барып түсінді. Содан кейін ғана жаңа мемлекеттер тұтас күйінде де, әрқайсысы дербес күйінде де жаңа геосаяси сюжеттің нақты тетіктері ретінде қарастырыла бастады. Бұл аталмыш елдермен экономикалық қарым-қатынаста, әсіресе инвестиция саясатында түбегейлі бетбұрыс жасатты. Ондай бетбұрыссыз тәуелсіз мемлекеттерде жаңа экономика жасау, расына келсек, мүмкін емес еді. Оны қайта құру басталғаннан бергі кезең әбден көрсетті.

Өз күшімізбен де экономикамызды жаңартын алар едік дейтін де пікір бар ғой. Иә, ондай пікір жаңа экономика жасауға тырысқан барлық қоғамның бәрінде де болған. Белгілі кезеңнен кейін бәрі де ол райынан қайтқан. Көпке дейін ол райдан қайта қоймаған Латын Америкасы елдері еді. Олар да қазір сыртпен ықпалдастықты кеңейте түсті.

- Қытай ше?

- Бұрынғы социалистік елдерден шеттің капиталын, технологиясын тартуға, бірлескен кәсіпорындар ашып, еркін экономикалық аймақ құруға алдымен Қытайдың кіріскенін жұрттың бәрі біледі. Турасын айтсақ, шеттің капиталын қатыстырмайтын, сыртқы ықпалдастықтан бас тартатын бір де бір ел жоқ.

Экономикадағы ашық есік саясаты дұрыс та шығар. Бірақ, қақпаны тым айқара ашып тастаған қалай болар екен. Қазақстан халықаралық шайхана болып кетті дейтіндер де бар. Олай ойлайтындардың логикасымен келсек, дамыған елдердің бәрі халықаралық ресторан болып шығар еді. Шайхана қалыпта қалып қоймауға тырысқан дұрыс. Бірақ, халықаралық рыноктан есікті бәрібір тарс жауып қоя алмаймыз. Экономикалық мүддемізді, экономикалық қауіпсіздігімізді ойлау – есікті тарс жауып қою емес. Саудаласа білуге, кіммен қалай ықпалдаса білуге, экономикалық шарттардың саяси-әлеуметтік астарларын мұқият ескеріп, отандық өндірісімізді тезірек жандандырып, бәсекеге төтеп бере алатын бұйымдар шығарып, ұлттық әл-ауқатымыздың тезірек тыңайып, көгеріп-көркеюіне қызмет еткізе білуде.

- Бұл шаруа ойдағыдай өрістеп жатыр деп ойлайсыз ба? Ұпайымыз кетіп қалып жатқан тұстарымыз жоқ па?

- Бұл мәселенің мен атқаратын істерге тікелей қатысы болмаған соң, маған сырттан тұрып, бал ашуға болмайды. Бұл – тиісті экономикалық қызметтердің шаруасы. Президент сырттан инвестиция тартуды әбден саралап, бірнеше құрылымдар құрып, қайсысына қандай көздерден қандай мақсатта қандай жолмен қаржы тартуға болатынын егжей-тегжейлеп берді. Ел ресурстарын пайдаланудың ұтымды жүргізілуін қадағалайтын қызметтер ашылды. Солар әр жобаны жеке-жеке талдаудан, сараптан өткізіп, суық қолдар мен көлденең пиғылдардың араласып кетпеуінен қырағы сақтандыра алулары керек.

Реформаның ойдағыдай мандып кете алмай жатқандығы экономикалық сұғанақтықтың етек алып кеткендігінен дейді... Реформаның мандып кете алмай жатқандығы біздің бұрын да нарықтық қатынастар күшті дамымаған, кейін жоспарлы бөліспелі экономика тұсында бұрынғы әлсіз нарықтық дәстүрлеріміздің өзінен де айырылып қалған, жеке басына пайда тауып, баюды түбегейлі мансұқтайтын өз қолы мен өз ойына сенбей, мемлекеттің қолына қарап қалған этатистік қоғамнан шыққандығымыздан. Бірақ, ондай қоғамда билік жүрген жерде байлық та жүретіні белгілі. Кеңес қоғамындағы билеуші элита әуелі шексіз билікпен қанағаттанды. Отыз жетінші жылдары тоталитаризм құрығы өз мойындарына түскен соң, жеке адамның шексіз билігінен тайсалып, өздеріне экономикалық артықшылықтар мен жеңілдіктер жүйесін кеңейте бастады. Брежнев тұсында ашық сибаритизм етек жайды. Жоғарғы жақтың сибаритизмге бой алдырғанын байқап, төменгі жақта көлеңкелі экономика да еріс жая бастады. Жоғарыдан жасалатын реформа тұсында бұрын ресми түрде ауыздықталғанмен, астыртын түрде асқына түскен саяси мансапқорлық пен көлеңкелі экономика негізгі ықпалды күшке айналары түсінікті. Империя құламай тұрғанда кәсіпорындардың өз тізгінін өзіне беру, бартерлік айырбасқа жол ашу, лицензиялар мен несие берудің ашық бәсекеден тысқары бөліспелі жүйесі, жұрт жай-жапсарға түгел түсініп алмай тұрып басталып кеткен асығыс жекешелендіру бұрыннан да күшті салалық эгоизм мен экономикалық штабтар пайдакүнемдігін ұлғайтпаса, әлсіреткен жоқ. Оны, бірақ «тәуелсіздіктер парады» емес, империялық бас штабтардың өзі бастап берді.

— Егер оның бәрі тәуелсіздік алғаннан кейін басталса, әлдеқайда тазарақ болар ма еді?

— Тәуелсіз мемлекеттер өзінің адамдық материалын жасап үлгере қойған жоқ. Әзір қолда барымыз – кешегі кеңес көзінде қалыптасқан адамдық материал. Бәріміз де сол материалдан жасалғанбыз. Көпшілігіміз – экономикалық бастамашылдыққа баулынбағанбыз. Кәсіпкерліктің өзін өліге дейін қылмыскерлік санап, етіміз түршігеді. Отандық кәсіпкерлік дәстүрлеріміз көлеңкелі экономика үрдісінде тәрбиеленген. Ашық кәсіпкерлік жағдайының өзінде астыртын кәсіпкерлік тәсілімен әрекет етеді. Сондықтан өндіретін бизнес жоқ та, алыпсатарлық бизнес ұлғая түсуде. Ресурс ақшаға айналғанмен, бұйымға айналмайды. Дүкенде бұйым көп болғанмен, оны шығарып жатқан кәсіпорындар жоқ. Жұмыссыздықтың, салықтың толық жиналмауының, жалақы мен зейнетақының уақытылы төленбеуінің төркіні де сонда екенін бәріміз білеміз. Бірақ, бәріміз бұның бәрін қамшының күшімен түзетіп алғыңыз келеді. Экономикалық қудалау саяси қудалауды туғызбай қоймайды. Ол тоталитаризмге қайтын оралтады. Оны қай-қайсымыз да қаламаймыз.

— Сонда қайтпек керек?

— Өлмектің соңынан өлмек жоқ. Жоспарлы-бөліспелі экономика енді келмейді. Мемлекеттік меншік бүкіл елді асырай алатындай монстр-монополист емес. Әркім экономикалық бастамашылдықтық қыр-сырына қанығуға күш салғаны лазым. Отандық өндірісті жандандырудың жан-жақты шаралары қарастырылса дұрыс. Ұлттық капиталды ұлттық экономикаға қызмет еткізе білуге тиіспіз. Президент үкіметтен соны талап етіп отыр. Жұртшылықты соған шақырын отыр. Шетелдік инвестиция тартудың да негізгі мақсаты сол. Шағын және орта бизнесті дамытудың да көздейтін мақсаты сол.

– Көлеңкелі экономиканың көлеңкелі тұстары сол қалпында қала бере ма?

— Президент бұл мақсатта салық саясатын қайта қарады. Салық жинаудың тәртібін қатайтуда. Үкіметке берілген несиелердің қайтарымын қадағалауды талап етуде. Өндіретін бизнеске жеңілдіктер беруде. Ұлт ішілік, халықаралық капитал қозғалысын ұлттық экономикалық мүдде тұрғысынан қайта жүйелеуді қолға алуда. Тендер тәртібін жетілдіру керектігі дау туғызбайды. Қалыптасып қалған монополияларды, олигархияшылдықты жоюда сырттан капитал, шетелдік инвестициялар тарту, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы кәсіпкерлердің жаңа буынын шығарудың да ықпалы аз болмайды. Билеу жүйесіне, әсіресе экономиканы үйлестіру жүйесіне жеткілікті білім алған, бөліспелі бизнеске қатысы жоқ тың күштерді тарту да экономика сауығуына септік етпек. Қысқасы, ұлттық мүддеге, халыққа қызмет етпей, оңай байып алғыштарға оңай тимейтін экономикалық тәсілдердің бәрін де пайдаланған жөн. Бұның бәрі баршамыз экономикалық бастамашылдыққа үрке қарамай, әр үйдің бизнеспен шұғылданатын өз адамдарын шығарып, өз экономикалық мүдделерін өздері қамдастыра алатындай ахуалға жаппай көшпейінше, ойлаған нәтижеге жеткізе қоймайды. Сондықтан, қай-қайсымыз да тек жоғарыға қарамай, жан-жағымызға да қарай білгеніміз дұрыс.

— Мұндай экономикалық қарымдылыққа даладағыларымыз түгілі қаладағыларымыздың өзі тәуекел ете алмай отыр. Әсіресе, ауылдың қатты күйзеліп отырғанын талай рет өзіңіз де айтқансыз. Ауыл осы күйзелісті күйде қала бере ма?

— Ауыл – бәріміздің де жанымызға бататын жағдайда. Жоспарлы экономика кезінде дені мемлекетке қарыздар болып отырған ауыл шаруашылығы нарыққа стихиялы түрде көшуден бірінші боп құлдырады. Энергияның, техниканың, тыңайтқыштың қымбаттауы, өндіруші өнеркәсіптің жабылуы, қала мен ауыл арасындағы айырбастың нарыққа көшуі колхоздар мен совхоздарды сол қалпында қалдыра алмайтыны баяғыдан белгілі болса да,

жекешелендіру заңы баяғыда шықса да, жергілікті жерлерде жекешелендіруге асыға қоймады. Ол ортадағы мал мен дәулеттің көрер көзге тоналуына жол берді. Көп шаруашылық бөліп алатындай ештеңе қалмаған көзде барып жекешелендірілді. Өндірісін тақыр жерде бастаған нарықты шаруашылық, әрине, тауқыметке ұшырайды. Олар өз бетімен тыңайып кете алмасы белгілі. Мемлекеттік қамқорлық керек. Оған жететіндей ұлттық капитал әлі жинақтала қойған жоқ. Шетел капиталы нарықтық үрдіске көшпеген салаға бармайды. Сондықтан осының бәрі ескеріліп жасақталатын жаңа ауыл бағдарламасы керек. Ол, ең алдымен, ауыл тұрғындарын нарыққа баулуға, ауыл жастарын өнеркәсіп пен бизнеске, тұрмыстық қызметтерге тартуға, ауыл өнімдерін өңдеу мен өндіруді ұлғайтуға, халық көп тұратын ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын да көп жасақтауға бағытталуы қажет. Ауыл қолдамайынша Қазақстанда нарықтық менталитет үстемдік ала қоюы қиын. Сондықтан нарықты жақтайтын реформашыл күштер ауыл ахуалын ең өткір, ең шешуші мәселе ретінде қарастырулары керек. Жергілікті әкімшіліктер негізінен ауыл жағдайын жақсарту үшін отырғандарын бір сәт те ұмытпағандары жөн. Ауыл – үкімет қызметінің де ең басты көрсеткішіне айналары заңды. Президент бұл жайында түбегейлі мақсаттар көздеуде. Ол – мемлекетіміздің келешек дамуының қазіргі жасалып жатқан ұзақ мерзімді бағыттамасының да ең басты арқауларының бірі.

— Сонда ауылдың жағдайын да нарық арқылы жақсартудан басқа жол жоқ дейсіз ғой. Ауылға жаны ашитын азамат ретінде осылай дейсіз ғой...

— Иә, ежелгі қытай мақалы айтқандай, ауыспалы заманда өмір сүруді тек қасыңа ғана тілеуге болады. Сол қасыңа тілейтіндей қысталаң жағдайда өмір сүріп жатқан отандастарымның бәрін аяймын. Соның ішінде бейнеті тіптен асып кеткен өз қандастарымды, әсіресе, ауыл тұрғындарын қатты аяймын. Бірақ, мен аяғанмен, заман бәрібір аямай тұр ғой. Үйреншікті дәурен еді деп, оларды баяғы бабалар тұсындағы бақташылық дәурендерге бәрібір қайтып оралта алмаймыз. Үйренген жау атыспаққа жақсы деп, аштан өлтіртпеуге, көштен қалдырмауға енді-енді жетісе бастаған секілді болған кешегі колхоз-совхоз заманына да жол жабылды. Енді ондай ұжымдасқан шаруашылық та нарық заңдарына ғана сүйеніп өмір сүре алады. Сондықтан, ауылдағы ағайынға шындап жанымыз ашитын болса, барлық пәле нарықтан деп жарапазан айта бермей, адамзаттың басым көпшілігі ұстанған шаруашылық жүргізу үрдісіне қайткен күнде де тезірек жетілуге жәрдемдесуіміз қажет. Жалпы, өз халқымызды, ауылдағы ағайынды жаңалықтың исі мұрындарына бармайтын олақ та одағай қауымға санап, мал төңірегінен шығармай қоюға тырысқан кешегі кеңес тұсындағы экономикалық снобизмге қайта ұрынбауымыз керек. Оларды осы заманғы экономиканың барлық саласына да батыл араластыратын шараларды қарастырған мақұл. Бауырыңнан шыққан балаңды қанша аяғаныңмен, өмірбақи ата бесікке бөлеп қоя алмайтының сияқты бауырынан өрген халқыңды да аяғанның реті осы екен деп, мәңгібақи атакәсіпке байлап қоямыз деудің жөні жоқ. Қазақ ешқашан ондай мешеу халық болмаған. Жаңа орта мен жаңа жағдайға тез үйренісе алатын алғырлығы мен көнбістігінің арқасында ғана тарих пен табиғаттың талай соқталаңынан аман өтіп келеді. Соны ескерейік. Зар илей бергенше, баршамыз болып тәуекелге мінейік. «Балық жегісі келген адамға балық бергенше, балық аулауды үйрет», – дегендей, ауылдағы ағайынды ендігі жерде жылу жиып, жартымсыз жәрдем беріп, қарық қыла алмайсың, нарық жолына батыл қадам бастырып, баулып, қалыптасу кезеңінің қиындықтарын жеңілдетуге ғана жәрдемдесіп, жақсылық жасай аласың деп ойлаймын.

– Ауыл түгілі, қала жарыққа, жылуға жарымай отыр. Жергілікті емхана түгіл астаналық клиникалар дәрі-дәрмекке қат. Мектептер түгіл ғылым академиясының өзі кісі есігіндегі күй кешуде. Жоғарғы оқу орындарына қайтадан бастағы білік емес, қалтадағы ақша түсе бастады.

– Жарықтық Құнанбай қажы: «Мен жыласам, барлық қатыннан асырып жіберер ем», – деп айтқандай, әлеуметтік саладағы қиындықтар мен келеңсіздіктерді Президент төңірегі білмей отырған жоқ. Жоқтық жомарттың қолын байлайды деп, мемлекеттің азғантай қаржысы ең зәру жерге жұмсалсын деп, бұл саланы аса нәзік реформалауды қанша тапсырғанымен, әлгіндей қиындықтардан арыла алмай отырмыз. Кітапханалардың саны амалсыз кемігенмен, кітап қоры сақталып, ешкім бас сұқпайтын қоймалардан жұрт көп баратын оқу залдарына көшсін. Төбелерінде туы болғанымен, терезелерінде буы жоқ, ылғи бос тұратын көп мәдени ошақтардан гөрі халық көп жиналатын демалыс-сауық орындары ұйымдастырылсын. Аты бар да, заты жоқ елді мекендерді көбейте бермей, халық жолы бар, жарық пен жылу бара алатын, ауруханалары дұрыс ем, мектептері дұрыс білім бере алатын ықтимал елді мекендерге шоғырландырылсын. Кейінгі кезде көтеріліп жүрген бұндай әңгіменің көпшілігі ауылға жамандық ойлағаннан туып жүрген жоқ. Бұның бәрі – нарық жағдайында ескермей болмайтын процестер. Бұны дұрыстап түсіндірудің орнына, істі тұрғын халық зардап шекпейтіндей қып, икемді ұйымдастырудың орнына қаршылдаған қайшыға жүгіріп, бас салып қысқарта бастаймыз. Ықтималдандыру тек қысқарту емес. Жұртшылық үшін тиімді қылу деген сөз. Президент талабы осыны көздейді. Экономикалық дағдарыстан шыққанша ең басты міндет – барды жоғалтпау. Жағдай жақсарған сайын барға бар қосылу керек. Әлеуметтік саясаттың басты мақсаты осы. Нарық жағдайында атқарушы билік экономикалық игілік бөлісуге емес, әлеуметтік ойсырауға жол бермей, рухани-мәдени саланы дамыту үшін керек екендігін үкіметтік орындар да, әкімшіліктер жақсы түсінсе лазым.

Ал ғылым академиясына келсек, жаңа талаптарға байланысты ғылыми-зерттеу істерін де жетілдіру керек екені белгілі. Оның қазіргі жағдайы бұл саладағы ең ықтимал үлгі деп ешкім айта алмайды. Сондықтан ол бұл қалпында да ұзақ қала алмасы түсінікті. Бұл мақсаттағы ізденіс әлі де жалғасатыны сөзсіз. Біздің кеңістікте мемлекет қолдайтын ғылыми корпорацияның академиялық үлгісінің тамыры әлі де берік, мүмкіндігі әлі де жеткілікті екендігі белгілі жағдай. Президенттің ғылым мен қоғам пайдасына шығатын ұрымтал ұсынысты қолдайтынына еш күмәнданбаған жөн. Білім беру реформасы әлі аяқталып біткен жоқ. Ол жаппай сауаттылық көрсеткішін сақтауды, қоғамның шынайы интеллектуалдық қуатын жасақтау, ол үшін нағыз талантты мен қабілеттілерді сұрыптай білуді жетілдіру, оны көп арналы қаржыландыру арқылы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді көздеуге тиісті. Қабілет сұрыптау тек қабылдау емтихандары тұсында ғана емес, бүкіл білім беру барысында жүзеге асуға тиісті. Сонда ғана диплом да, студент партасы да болашағы бар білімді жасқа бұйырары хақ. Ата-аналардың да, кадр дайындауға мүдделі мемлекеттік, мемлекеттік емес құрылымдардың да, бюджеттің де қаражаттары әншейін амбицияны емес, шын қабілетті, жол-жөнекей жандайшап қалталарды емес, білім беру ісін қолдайтындай қылып сындарлы жүйе жасау – күн тәртібінде тұрған ең өткір мәселе екендігін Елбасы айдай жұрттың алдында талай рет ашып айтты. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының онсыз да қалтасы тоқтарға үстеме олжа боп кетпей, әл-ауқаты орта не ортадан төмен, әсіресе, көп балалы үйлерден шыққан қабілетті жастарды оқытуға жұмсалуын қадағалауға қатты назар аударып отыр. Ол орта, жоғарғы мектептерде оқылатын пәндерді, олардың оқулықтарын, оқыту дәрежесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді, барлық мектептерді компьютерлендіруді, оны әуелі ауыл мектептерінен бастауды үкіметтен қатты талап етіп отыр. Бұнда да ырғалып-жырғалатын болсақ, шын сауатсызданатын немесе аты ғана сауатты саналып, ештеңеге жарамайтын білім алатын жағдайда қала беруіміз мүмкін.

— Бізде авторитаризм қаупі бар, Жаңа Ата Заңымыздың кіріспе бөлімі мен кейінгі тараулары арасында қайшылық бар, Президенттің қолына көп билік шоғырландырылған, оған тіл тигізген адамға белгіленген шара тым қатал деген пікірлерге қалай қарайсыз?

— Конституцияның бастапқы бөлімі біздің қандай мемлекет орнататынымызды анықтайды. Кейінгі тараулар ол мақсатқа жету үшін мемлекеттік билікті қалай жүзеге асыратынымызды белгілейді. Конституция – азаматтардың, билік институттарының бірін-бірі жойып жіберуіне, соның салдарынан мемлекеттің өзінің жойылып кетуіне жол бермейтін, сол арқылы баршаның игілігі мен бостандығын, өмірі мен кемелденуін қамтамасыз ететін бүкілхалықтық пәтуа. Халық тікелей дауыс беру арқылы бүгін таңда бұны қамтамсыз етуге Президенттік республика үрдісін қолайлы деп тапты. Барлығы да сол концепциялық желіден өрбиді. Ауыспалы кезеңдерден өтіп, тәуелсіз мемлекеттер тағдырына қауіп азайып, азаматтарымыздың құқық мәдениеті жетілген сайын билік бөлісу жүйелеріне де тиісті өзгерістер енер. Бүгін таңда Ата Заңымыз өз міндетін ойдағыдай атқарып отыр. Оны бұлжытпай орындау – баршамыздың азаматтық парызымыз. Демократия бір күнде төбеден түсе қалатын құбылыс емес. Диалектикалық процесс. Тап-таза тоталитаризмнен кейін тап-таза демократия орнай салмасы белгілі. Қоғам тоталитарлық санадан неғұрлым жедел тазарса, биліктің демократиялануы да соғұрлым тездейді. Демократия тағдырына мемлекеттік билік пен азаматтық қоғам институттары бірдей жауапты. Олардың ара-қатынасының революциялық сипатта өрістеуі авторитаризмнің, эволюциялық сипатта өрістеуі демократияның мүмкіндігін күшейтеді.

Жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның қалыптасу кезеңінде Президентке ең ауыр жүк артылып, басқа ешқайсымыздан талап етілмейтін Конституциялық құрылыстың бірден-бір кепілі болу жауапкершілігі міндеттеліп отыр. Соған сәйкес құқықтық өкілет пен моральдық мүмкіндік беру әбден заңды; Президент түгілі жәй азаматымызды балағаттауға жол бермеу керек. Демократия парасат пен мәдениетке сүйеніп өмір сүре алады. Бейпілдік иен бейбастақтық ең алдымен демократияны құртады. Ендеше ол екеуіне неге кеңпейіл болуға тиіспіз?!

– Президент жағдайды түгел біле ме? Төңірегіндегілердің шындықты сол қалпында айтуға батылы жете ме?

– Билік басындағылар да, қасындағылар да шындықтың бетіне тура қарауы керек. Ол әрқайсымыздың қолымыздан әр түрлі дәрежеде келіп жатуы мүмкін. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы құлағын әркімнің аузына тосқан немесе кеңсе баққан басшы емес. Ылғи ат үстінде. Ел ортасында. Әр түрлі топтар өкілдері есігін босатпайды. Ақпарат құралдарына алды ашық. Өзі жүргізіп отырған саясатты өз аузынан түсіндіреді. Оппозициямен диалогке де батыл бара алады. Сонда: «Сіз жағдайды білмейсіз. Шын жағдай мынадай. Сіздің істеп отырғаныңыз қате. Дұрыс жолы – мынау», – деп айтқан біреуді көрдіңіз бе? Әншейінде бізге келгенде күңкілдейтіндердің өзі ол кісімен кездескенде жібектей есіліп қоя беретінін талай көріп жүрміз. Қошемет-қолпаш айту жағынан күнде қасында отырған біздерден гөрі оқта-текте бір соғатын ағайындар ұпайын асырыңқырап жібереді. Бірақ, біздің Президентіміз ненің өтірік, ненің шын екендігін аңғара алмай қалатындай аңғал кісі емес. Менің байқауымша, аузындағы сөзің мен көмейіндегі пиғылыңды қатар байқап отыратын әбден ысылған, талай талқыны көрген тәжірибелі саясаткер. Ондай кісіге шындық айтудың қиындығы жоқ дей алмаймын. Өзі біліп отырған кісіге одан асырып айту, әрине, қиын. Ал өтірік айту да оңай емес. Сондықтан өз басым өз пікірімді өз қалпында айтуға тырысамын. Назарбаев, бір жақсысы, таласа біледі. Таласа білетін кісі, айтпай қалғаныңды да айтқыза біледі. Ұсынсаң – себебін айт. Қосылмасаң – дәлеліңді айт. Көңіліңнен шыққан тапсырманы орында. Көңіліңнен шықпаса – уақытылы бас тарт. Салдары қандай болса да– керіп ал. Бастық пен бағынышты арасындағы қарым-қатынас құқықтық межеден аттап кетпеуге тиіс, әдеп-әжеттен аттап кетпеуге тиіс деп есептеймін. Мәселені ақылдасудың, талқылаудың, кеңесу мен дәйектеудің, келісудің, шешім қабылдаудың өркениетті тәсілдерін білу – кәсіби парыз. Одан аттап, бас изей беру – көлгірлік, жағадан алып, жармаса кету – оспадарсыздық, қалай да өз дегенімді өткізем деп, айла-шарғыға бару – интригандық деп білемін. Билікті аздыратын осы үшеуі. Мемлекеттік қызметші үшеуінен де аулақ тұруға тиісті деп есептеймін.

Әдетте, бастың өзіне соқтыға алмаған мойынды шымшылайды деп бар пәлені бағыныштыларға итеріп салу – не жауапкершіліктен қашып дағдыланған әккі әкімгершіліктен, не жағдайды білетін жақсы билікші қоғамды бір өзі түзете алады дейтін этатистік санадан, не пәленнің орнына өзім отырсам, бәрін қатырам дейтін мансапқорлық күншілдіктен, не билік төңірегіндегілердің арасына ши жүгіртіп, билік институттарының соғысын қолдан қоздырғысы келетін әбжілдіктен өрбитін індет. Әйтпесе, Қазақстанның бастан кешіп отырған қиындықтарын түбегейлі реформа жүргізген барлық қоғамның бәрі бастан кешті. Бұрын социалистік ел болған Шығыс Европа елдерінің күні анау, ТМД елдерінің күні мынау. Тіпті асып-төгіліп жатқан АҚШ-тың өзі бірнеше онжылдықтар бойы «ұлы депрессияның» тауқыметін тартпады ма? Соның бәріндегі реформаны Назарбаев, не оның үкіметі, не оның төңірегі жүргізіп пе еді?! Өз басым Президент Назарбаев тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтайтын, көп жағдайда біздің еркімізден тысқары қалыптасқан қиын ахуалдан тек нарық реформасын ойдағыдай жүргізу арқылы шығуға болады деп есептейтін, өз ішімізде тыныштық пен бүтіндік, алыс-жақын әріптестермен тиімді ықпалдастық орнату арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін саясат жүргізіп отыр деп білемін. Сондай саясатты қолдайтындықтан да осы қызметке келісімімді бердім. Оны атқара алатын менен басқа ешкім жоқ деп ешқашан ойлап көрген емеспін. Олар аз болмау керек. Бірақ, Президент командасына оған мақтау-мадақ айтып, не оңды-солды жамандап, қорқытып-үркітуге тырысып, не төңірегіндегілердің арасына ши жүгіртіп, іріткі салу арқылы жетуге ешқашан ниет етіп көрген емеспін. Билікке біреуді жамандап емес, өзіңді таныту арқылы ғана жететін өркениетті мансапшылдыққа бой ұратын кез келді. Әйтпесе, басқару жүйесін де жақсарта алмайсыз. Алауыздықты да тия алмаймыз. Кадр саясаты жайында жаңа байыптама керектігі де сондықтан.

— Қазіргі Президентімізге ешқандай балама жоқ дегенге қосыласыз ба?

— Президент сайлауға дейін жетілген қоғамда Президентке неге балама болмасын?! Әбден болады. Алғашқы сайлаудың өзінде үш үміткер аталды. Біреуі қазіргі Президенттің пайдасына өз еркімен сайлауға түсуден бас тартты. Екеуі сайысқа түсті. Одан бері қанша жыл өтті! Қанша саяси партиялар дүниеге келді. Үміткерлер табылуы әбден мүмкін. Алайда, басталып кеткен реформаны көздеген межеге жеткізу үшін онымен біте қайнасып кеткен нақты тәжірибе, процестер барысында шындалған терең білік, тек ұлттық факторға ғана емес, аймақтық, әлемдік факторларға байланысты өмірлік мәселелерді ойдағыдай шешу үшін шектес елдерге, алыс-жақын әріптестерге, халықаралық қауымдастыққа кеңінен танымалдық пен үлкен бедел керек. Ол жағынан бүгін таңда қазақ саясатшыларының арасында Назарбаев даусыз басымдыққа ие. Бұл, қаласақ та, қаламасақ та, мойындайтын шындық. Елбасының беделі қай мемлекет үшін де ұлттық игілік. Әсіресе, жаңа тәуелсіз мемлекет үшін. Ендеше оны қастерлей білейік.

— Оқта-текте, алыс-жақын баспасөзде Қазақстан Президенті де Түрікменстан Президентінің ізімен кетпес пе екен деген қауіп айтылады.

— Оның жауабын Нұрсұлтан Әбішұлы өзі айтты ғой. «Халық қаһарманы» атағынан бас тартты. Алған сыйлығын жетім балалар үйіне берді. Жаңа астананың атын өз атымен атауға қарсы болды. Сол арқылы гуманизм мен демократия қағидаларына адал басшы екенін айғақтады. Халық өз ықыласын әр түрлі жолмен білдіруі мүмкін. Оның бәр-бәрінен астар іздей бермеген жөн. Президентке қолпаш емес, қолдау керек. Күрмеуі келте кезеңде күңкілдей бермей, көп нәрсеге түсіністікпен қарасақ – одан асқан ыстық ықылас жоқ деп санаймын.

— Айтпақшы, Ақмола атауы сол қалпында қалды ма?

– Жуырдағы құрылтайда Елбасы нақтылап айтты. Өзгертілмейді. Оны «Ақмол», «Ақмолда» деп түсіндірудің де қажеті шамалы. Ол да бір кезде баспасөз бетінде айтылған түсініктеме еді. Енді оны да Президент төңірегіне таңғысы келетіндер бар. Ақ – қай мағынада да ұнамды сөз. Мола – қазақ санасында «аруаққа», «киеге», «қасиетке» байланысы бар қастерлі ұғым. Әлемдік астаналардың көпшілігінің атаулары «сиыр су», «ормандағы қалашық», «лай су», «ұйықты жер», «құдықты жер», «сусыз жер», «желдің өті» сынды, орналасқан жеріне байланысты семантикалық төркінінен ербитінін ескерсек, «Ақмоланың» да тап пәлендей ерсі ештеңесі жоқ.

– Президенттер жанұясы мүшелерінің саясатқа араласуына қалай қарайсыз?

– Әлемдік саяси тәжірибеде бар құбылыс. Оған талай мысал айтуға болады. Конституциялық талаптар мен шектеулер Президенттер жанұясына да қандай қатысты болса, Конституциялық құқықтар мен мүмкіндіктер де Президенттер жанұясына сондай қатысты болуға тиісті.

Біздің ешқайсымыздың ешкім турасында заңнан асқан қатал, не заңнан асқан кеңпейіл болуға хақымыз жоқ деп санаймын.

— Үкімет мүшелерімен ара-қатынасыңыз қалай?

— Мен мемлекет қызметінде әркімнің өз міндетін білгенін, өзгенің шаруасына сұғанақтық жасамағанын қалайтын жанмын. Үкіметпен ара қатынастарда да осы қағидаға сүйенемін.

Президент командасындағы адам болғандықтан, Президент мақұлдаған үкіметпен түсіністікпен жұмыс жасауға міндеттімін.

— Әдебиеттегі әріптестеріңізбен, әсіресе, О. Сүлейменов, Ә. Нұрпейісов, Ш. Мұртаза, М. Шахановтармен қандай қатынастасыз?

— Бұл төртеуінсіз жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиеті мен қоғамдық ойын көзге елестету мүмкін емес деп есептеймін. Тек оларды ғана емес, әдебиетіміздегі ауыз тұщытарлық әр шығарманы, олардың авторларын, маған қалай қарайтындықтарына қарамастан қастерлеймін. Әдетте, ұнатқан шығармама уақытылы лебіз білдіруге тырысамын. Көңіліме қонбаған шығарма жайында ауыз ауыртпаймын. Әдебиетте де, саясатта да адамдармен емес, көңілге қонбайтын идеялар мен тенденцияларға қарсы күресіп күресу – әлеуметтік белсенділік. Ұнатпаймын, не ұнатпайды екен деп біреудің қыр соңынан қалмау – пәлеқорлық. Өшпенділікпен ешкімді де, ештеңені де түзете алмайсың.

— Ал, олар сізге қалай қарайды?

— Нұрпейісов жазушылығымды бағалайды. Саясатқа әуестігімді тап пәлендей құптай қоймайды. Мұртаза мен Шаханов әдебиетте де, саясатта да менімен кереғар бағытта емес сияқты. Сүлейменовпен саяси-эстетикалық көзқарастарымыз көп ретте үндеседі. Оның шығармаларын өз топырағымызда бірінші боп аударған, насихаттаған адаммын. Көркемдік ойымызды ғасыр биігіне көтерудегі үлкен орнын ерекше бағалаймын. Әдебиетте де, саясатта да жекелеген тұлғалар, шығармалар, тенденциялар мен мәселелер төңірегінде көзқарастарымыздың тоғыспай қалатын тұстары бар. Бірақ, баррикаданың екі бетіндегі жандармыз деп есептемеймін. Шамасы, Олжас та солай ойлайтын шығар. Өйткені, осы қызметке тағайындалғанда Брюсельдегі Ш. Айтматов пен Римдегі О. Сүлейменов алдымен құттықтағандар болды. Сондағы Олжастың: «Өзіңіздің адал еңбегіңізбен қазақ әдебиеті саласында, Парламенттің жұмысы мен Мемлекеттік үлкен қызметтерде Сіздің бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің керегесін керіп, шаңырағын көтерісіп, туын тігісіп жүргеніңізге шын жүректен қуанып, мақтан етемін», – деген сөздері, Шыңғыс ағаның: «Әбіш інім! Тарих біліп істегендей. Бұл қызметке келуің – ұлттық табыс. Өмірің өркендесін, еңбегің – халық үшін, қаламың – рух үшін, ақылың – заман үшін», – деген ағыл-тегіл ақ батасы әрі мықтап тебірентті, әрі мықтап ойлантты. Әрине, бұндай сөздер менің тап олар айтқандай кемел биікке көтеріле алғандығымнан болмас. Бірақ, бұл теріс пікірдегі адамдардың ауыздарынан шыға қоймайтын сөздер ғой.

— Әбеке, тәуелді-тәуелсіз ақпараттармен тегіс танысып отырасыз ба?

— Әлбетте.

— Ендеше, сізге Махамбет пен Сырымды туған жұрттан, Маңғыстау сынды жауынгер аймақтан жаралып отырып, білекті түріп неге шықпайды деген бопса айтылып қалады. Ондай бопса әлгі санаттағы қаламдастарыңызға да айтылады...

– Түсінікті. Білекті сыбанатын жерінде сыбану керек. Мәселен, Жаңа Өзен оқиғасы тұсында әуе десанты басып алған қиыр қалаға кеудеден итергендерге қарамастан, жүрегін қолына алып, елден бұрын жеткен – мен, менің шақыруыммен барған қаламдас ағаларым емес пе еді? Онда білекті түрсек, тоталитарлық орталықтың экономикалық отаршылдығына қарсы түрдік. Ал бүгін сонда Азаттыққа жеткен жұрттардың бәрі де бастан кешкен уақытша қиындықтарға шыдамай, өліп-талып зорға алған тәуелсіздігімізге қарсы білек түрем бе? Ол, қазақша айтқанда, битке өкпелеп, тоныңды отқа жағу болмай ма?! Әрине, бұндай бопса «күйінген тәңірісін қарғайды» деген көп қой. Дағдарысты ахуал қабырғаға батқандықтан айтылатын шығар. Бірақ, одан билік жолындағы күресті қоздырып емес, білек түріп, еңбекке кіріссек қана тездетіп шыға аламыз. «Өмір деген күрес» деген ұғым бар-бар уақытта жасампаз қарекетке жұмылдырмайды. «Өмір деген еңбек» деген ұғым ғана жасампаз қарекетке жұмылдыра алады. Мен үшін тәуелсіздік бәрінен қымбат. Оны жойымпаздықпен емес, жасампаздықпен нығайта аламыз. Билік жолындағы тайталастың желігіне беріліп, орнықтылық ахуалды бір шайқап алсақ, қолда жоққа қол жеткізбек түгілі, қолда барды шайып жіберуіміз мүмкін. Одан кімнің мүйізі шығады? Күйзелсек те, абайлап сөйлейік, ағайын...

– Жазушы қоғамға жазу столында отырып та ықпал ете ала ма?

– Әрине. Ете алады. Бірақ, қоғамға қай тұста, қай кезеңде ұрымтал ықпал етуді өзі шешеді. Сократ, Платон, Диоген, Байрон, Шелли, Шиллер, Петефи, Мицкевич, Сырым, Махамбеттер неге айтыс пен тартыс ортасында жүреді? Аристотель, Сенека, Макиавелли, Науаи, Ұлықбек, Бабур, Гете, Байтұрсынов, Сейфуллин, Мальро, Гавелдер неге билік ордасында отырады? Конфуций, Вольтер, Тоныкөк, Қорқыт, Асанқайғы, Жиембет, Бұқарлар неге билікшілерге кеңес береді? Бомарше, Грибоедов, Карпентьер, Пабло Неруда, Айтматов, Сүлейменов, Шаханов, Өкеевтер неге елшілікке жүреді? Бәрінің де жауабы, міне, осында.

Бізде бірыңғай әдеби қызметпен өмір сүру кеше де оңай емес еді. Бүгін де оңай емес. Сондықтан жазушылықты қызметшілікпен сабақтастырып үйрендік. Мен де сол үрдіспен оқыған он бес жылдан басқа уақыттың бәрінде де мемлекет қызметінде жүрмін. Жария саясатқа да аз араласқам жоқ. Қазақстандықтар мені қаламгер ретінде қанша білсе, саясатшы ретінде де сонша білетін шығар. Алдарына үш рет барғанымда үш рет парламентке жолдама бергендері де сондықтан шығар. Елбасымыз да осылай ойлағандықтан осымен бесінші рет өз аппаратына қызметке шақырып отырған шығар. Ол талай рет өз алдына билігі бар қызметтерге де жұмсады. Өз оңтайыма қарап, ол ұсыныстардың бәр-бәріне келісім бере қойған жоқпын. Ал қолайым келеді-ау деген ұсыныстарды, әрине, қабыл аламын. Өйткені, бұның бәрі – сенім. Халқына қызметін аямайды деген сенім. Сенімді ақтау – парыз.

– Мен сіздің еңбек жолыңызды жақсы білемін. Жақсы білгендіктен де, кейбір тиіп-қашты пікірлерге анықтық енгізу үшін әдейі сауалдар беріп отырмын. Ол үшін апшымайтын шығарсыз.

– Әдебиетші де, саясатшы да, бәрібір сөзден қашып құтыла алмайды ғой. Жұрт аузына қақпақ бәрібір табылмайды. Өзін-өзі сыйлайтын адам өзгенің үстінен сөз айтпайды. Пушкиннің Онегин туралы айтқанындай, «күндесе де, қызғанса да білдірмейді». Ал өзін-өзі сыйлай алмайтын адам өзгені сыйлап қайтеді?! Бейпілдік содан өрбиді. Тек халықтың, құдайдың көзі оң болғай дейміз ғой.

— Ұлттық мемлекет идеясы ескірді дегенге қосыласыз ба?

— Қосылмаймын. Вестфальд бітімінен кейін туған бұл идея араға әлденеше ғасыр салып, жиырмасыншы ғасырда қайта жанданды. Екі дүниежүзілік соғыс, бір қырғи қабақ соғыс империяшылдықтың көбесін күйретіп, ұлттық мемлекеттердің санын көбейтіп отыр. Империяшылдық текетіреске әкелді. Ұлттық тәуелсіздік мемлекеттер арасындағы мүдделестік пен ықпалдастыққа көбірек ықтималдық бітіреді деген сенім бар. Гегемонизм мен жаңа блоктарға жол бермейтін жаңаша ықпалдастықты жақтайтын болсақ, соған ең икемді буын ретінде ұлттық мемлекет құбылысын да жаңаша пайымдай білуге тиістіміз.

— Біздің мемлекеттік идеологиямыз қандай болмақшы?

— Бұл сұраққа конституциялық дәреже жауап берілді. Енді сол мұраттарды жүзеге асыруға, сол арқылы адамзаттық қауымдастықта өз орнымызды иеленуге ұмтылып, біздің тәуелсіздік алуымызды тарихи жаңсақтық санайтындарға мемлекеттігіміздің тарихи төркіні мен келешегін кеңінен қарастырып тойтарыс беріп, егемендігімізді жаңа геосаяси қитұрқылықтарға жемтік етпей, қорғай білуге тиіспіз.

— Тіл туралы заңның болашағына қалай қарайсыз?

— Заң орындалуы керек. Ол дайындалып жатқан кезде таласқанымыз орынды. Қабылданар қарсаңында таласқанымыз орынды. Ал енді қабылданған заңды қайтадан таласқа жем қылу – тілге де, мемлекетіміздегі татулыққа да жаны ашығандық емес. Бұл заңның орындалуына, ең алдымен, мемлекеттік билік институттары, әрбір инабатты қазақстандық, әрбір қазақ азаматы, қазақ шаңырағы ерекше жанашырлық жасаса лазым. Жә, бұл өз алдына кең отырып, кеңесуді қажет ететін мәселе ғой...

— Дұрыс айтасыз. Ал ақпарат құралдарына қандай тілек айтар едіңіз?

— Ақпарат құралдары – төртінші билік деп жүрміз ғой. Ендеше, олар басқа билік бұтақтарына қандай талапшыл болса, өздеріне де сондай талапшыл болса екен. Билік мемлекетті шайқалту үшін емес, орнықтыру үшін қызмет етеді. Қай биліктен де ең алдымен істің байыбына бара білетін салиқалылық талап етіледі. Ендеше, қоғамды түзеу үшін әуелі пікірді түзеуге күш салған жөн. Гуманистік баспасөз ешқашан жас тәуелсіздікті, азаттығына ұмытылған халықты тәлкек етпеген. Қолдаған, бірақ қорламаған. Бізде басқаны қойып, егемендік, тәуелсіздік, ұлттық мәдениет, ұлттық тіл, Ата Заң қағидаларын әжуалай сөйлеуді әдет еткендер бар. Жекелеген адамға, ірі-ірі әлеуметтік топтарға біреудің кәсіптерін, біреудің ауылда, біреудің қалада туғандарын, біреудің ана тілде, біреудің мына тілде оқығандарын желеулетіп, ұрына сөйлеу де тиылмай келеді. Ақпарат құралдары алдымен әлеуметтік бейпілдіктен бойларын аулақ ұстаса екен деймін. Ақпарат бостандығы да адам бостандығы үшін қажет. Олай болса, ақпарат батылдығы жолында адам ожданына тиісіп, адам бостандығына қол сұғуға болмайды. Ақпарат бейбастақтығы демократияға да, гуманизмге де емес, әлеуметтік экстремизм мен рухани цинизмге қызмет етеді. Сондықтан қай билікте де бейбастақтықты қолдамайтыным сияқты, ақпарат пен баспасөзде де бейбастақтық бел алмағанын қалаймын. Егер еліміздегі тату-тәтті ахуалды жақтасақ, уақытша қиындықтар төңірегінде байбаламдай бермей, байыбына барып, терең талдап, оны түзетудің мүмкіндіктерін кеңірек ашып көрсетсек, жұртшылықты ақ адал маңдай терімен өз күйін өзі түзейтін еңбекшілдікке, қарекетшілдікке баулысақ, қандай ғанибет болар еді. «Дүниені түзеткің келсе, әуелі өзің түзел», – деген қастерлі қағидаға жаппай мойын ұсынбай тұрып, жағдайды жақсартып алу өте қиын.

– Сұхбаттасқаныңыз үшін үлкен рахмет.

ЖЕР КІНДІГІ АТАНҒАН ӨЛКЕ

Жасаған ие осы бір құлазыған құла дүзді былайғы дүниені шектен шыға таңдандыру үшін жаратқандай. Қиялда ғана болатындай қиян өлкеге көкте самғасаң, жер бетімен жылжып, ғұмыры жете алмайтындайсыз. Иллюминатордан қағынды тиіп, арам қатқан арық түйенің қатып қалған қара сұр көңіндей солғын жер бедерін көргенде, ғарыштың бір әлі белгісіз планетасына келіп қалған екенбіз деп ойлайсыз. Бірақ, бедірейіп жатқан осы бір бедеу кеңістіктің түбіне бойлай түскен сайын көзіңізге жылт оянып, көңіліңіз әрі-сәрі күйге толады. Шошына түршіккен сезіміңіз жайбарақат тарта қоймаса да, «қайдан келдімге» түспейсіз. Көре түскіңіз, біле түскіңіз келеді. Көре түскен сайын, біле түскен сайын құпия сандықтың қақпағы ашылғандай құмарта түсесіз. Бір қызығы, оның бойынан Алтайдан Атырауға дейін көсіліп жатқан қазақ даласына тән қай қасиет, қай сипаттың бәрін де табасыз. Тіпті, қазақ даласында бұдан басқа ұшыраса қоймайтын ерекше нышандар да көзге түспей қалмайды. Ұлы Тұранның теріскейі мен күнгейінің, батысы мен шығысының ежелгі, кешегі, ертеңгі кескіндері түгел қылаң береді. Тұран деген не бопты, тәйірі... Күллі планетамыздың жаратылыстық болмысынан мұнда бой көрсетпейтін ештеңе қалмағандай. Құдіреттің өзі аспан асты әлемнің барлық сыр, барлық қасиетін қаз-қалпында бейнелейтін арнайы көрме залын осында әкеп әдейі орнатқандай. Міне, мынау – атақты Қарақия ойпаты. Мұхит деңгейінен жүз отыз екі метр төмен алып қазан шұқыр. Қапелімде, сонау Синай түбегіндегі Өлі теңіз қолтығына тап болған екем деп қаласыз. Тап сондағы Інжіл аңыздарына толы сортаң көлдерді, кебір бұйраттарды, қай дұшпан көп қалмаса да, айлар бойы алдыртпастай андыздап тұрған табиғи қамалдарды көресіз. Өлкенің әр тұсында шашырай жайылып шыққан шарбы бұлттардай ақ шаңқан таулар айсбергтерге толы Гренландия маңында жүзіп келе жатқандай әсерге қалдырады. Атыраудың шығыс бетінен тізеле төніп тұрған жалаңаш құздар түксиген Скандинавия тұмсықтарын еске түсіреді. Әлдекім әлдебір самұрықтарға тиеп әкеп, әдейі аспаннан төгіп кеткендей кереге жал сусыма құм шағылдарға көзіккенде, Нубия мен Такла-Макан шөлдерінен бір-ақ шыққан екенмін деп ойлайсыз. Ал жүздеген шақырымдарға созылып жатқан тақтайдай тегіс түз сорларды, ондаған шақырымдарға созылып жатқан жылмағай тақырларды, жүздеген шақырым бойы тұяқтан қағар, шашаға жармасар кедергісі жоқ тұлдыр жазықтарды, бәлкім, басқа ешқандай да емес, тек осыннан ғана таба алатын шығарсыз. Түбектің құбыла бетінен кірсеңіз, теріскей бетінен апарып бір-ақ шығаратын ұзыннан-ұзақ жер асты үңгірлер, айдаладағы түлкінің ініндей тар апаннан басталып, біріне бірі жалғасып жатқан зәулім кеуектерді шүпілдете толтырып жатқан жер асты көлдер, жылмиған құба түзде жер астынан өзінен-өзі жарып шығып жатқан ащы сарқырамалар, жер бетіне өзі көрінбей, күркірей ағып жатқан үні ғана жетіп тұратын тұңғиықтағы өзендер, өз-өзінен опырыла құлап, оқыс ойылып кететін оқпандар – әй, қайдам, Маңғыстаудан басқа тараптан табыла қояр ма екен?! Біреулер оны Мыңқыстау елі, мыңдаған жолдар өлкесі, мыңдаған шың құздар мен шыңырау құдықтар аймағы деп атап жатады. Ал маған ол әлі де сырын аша қоймаған мың құпия, мың жұмбақ ордасындай көрінеді де тұрады. Оның әжім-әжім таулары мен көне кітап парақтарындай сарғыш тартқан жырым-жырым жазықтарының сырларына терең бойлаған адам Тек бір өлкенің ғана емес, күллі Евразия құрлығының, ол түгілі әмбе Жер шарының, тіпті Күнді айнала орналасқан ғарыштық әлемнің талай тылсым құпиясына қаныға алар еді. Егер1 бір кезде ғарыштың жаралуына ықпал еткен түп қуаттың шектен шыға қордалануынан болған алғашқы қопарылыс тұсында бөлініп шыққан ыстық газдар жиынтығынан туындағаны планета тарихының космостық кезеңінің жұрнақтарын көргісі келген адам – Маңғыстауға келсін, сүңгуір киініп, Атырау түбінің базальт қақпағына үңіліп, не оның қазандағы құрттай қайнап жатқан кезеңінде, шашырап сыртқа шығып қалып, қатып суынған бөлігі Батыс Қаратау, Таушық, Шығыс Қаратау сілемдеріне зер салсын. Басқа болмаса да, Отман таудың басына шықсын. Отпан – Отман – От адам – От киесі... Байқаған кісіге «Авестадағы» тірлік басы, өмір иесі, жаратушы рухтың атын еске салып тұр ғой. Сол ыстық газ суынып, сұйықтық пен қаттылыққа бөлініп, біреуі әуелі Жер шарын түгел қамтыған мұхитқа, екінші бөлігі қатпар-қатпар жер қыртысына айналуын зерделейтін геологиялық дәуірлердің тайға таңба басқандай іздерін түгел көргісі келген адам – Маңғыстауға келсін... Теңіз бен түбек астасқан құз жағаларға зер салсын. Атақты геолог Н. Андрусовтың Маңғыстауды палеонтология мен тектоника, планетология мен стратиграфияның беті ашық жатқан оқулығына теңеуінің өте орынды екеніне ден қояры даусыз. Күн сәулесі мен судағы көмірқышқылы атомдарының жалғасуынан бас алған жанды тірлік тарихына ынтызар адам Маңғыстауға келсін, Қаратауды қаусыра құшақтап жатқан ақ таулар мен күллі түбекті тұтас көміп жатқан қаспақ-қаспақ жер қыртыстарына көз салсын, – алғашқы анайы бактериялардан бастап, алып динозаврлар мен ихтиозаврлардың сүйектеріне дейінгі барлық органикалық дүние қалдықтарын түгел таба алар еді. Өйткені, бұл – күллі Евразияның ең терең жері. Мұхит деңгейінен санағанда ең еңіс жері. Күллі планетаның Өлі теңізден кейінгі ең терең екінші кіндігі. Сондықтан бір кездегі күллі Евразияны тегіс қамтып жатқан Татис мұхиты сарқылғанда оның бойындағы барлық минералдық және органикалық тұнбалар осы терең шұңқырларға құйылған. Сонау күлгін кебірлер, сарқаспақ бұйраттар, кесіртке тұмсық қыраттар, ақ шаңқан шындар сол шөгінділерден түзілген. Анау айдаһардың аузындай аңқиған аран-аран қапы аңғарлар да – сондағы мұхит асты ағындар мен ежелгі дариялардың арналарынан қалған жұрнақтар. Ұшаққа отырып, осы бір ұланғайыр өлкені шыр айналып ұшып көріңізші... Көгілдір ауа тұна-тұна көк тұңғиыққа айналады. Мөлдіреп түбі көрінеді. Сонда Маңғыстаудың қиялы жетпестей қиыр-шиыр, оймыш-оймыш, шым-шытырық жер реңін де сол ежелгі мұхит ағындары мен толқындары қалыптастырғанын қапысыз аңғарар едіңіз. Маңғыстау кейде, көктен қарағанда, қақпақ сүйегі ашылып қалған адам миындай қыртыстанып жатады. Иә, бұл, расында да, ежелгі жаратылыс пен ежелгі тіршіліктің тылсым құпияға толы ғаламат ғимараттарының абайсыз ашық қалған қақпасындай. Ми демекші, саналы өмірдің сапырған мұхиттай сан тарау тарихының өрмегі үзіліп көрмеген өрнекті шежіресі де осы өлкеден табылады. Осыдан үш миллион жыл бұрын Африкада экватор бойында, ағаш басынан түсіп, денесін тіктеп жүріп, өз бетімен әрекетке көшкен адам нәсілі осыдан бір миллион жыл бұрын Таяу Шығыс арқылы, көшкен мұздың соңынан қашқан андарды қуалап, Европа мен Азияға аяқ басқанда әуелі көп тұрақтаған жерлері осы Қаратеңіз бен Атырау бойлары болатын. Кавказ нәсілдестер күллі Европаға Қаратеңіз аумағынан, ал алғашқы адамдардың рамапитектер деп аталатын шығыс бұтағы көбіне-көп осы Атыраудан айналаға шашырағанды. Өйткені, олардың табиғи панасы, суаты, аңы мен миуа дәні, балығы көп теңіз, көл, өзен бойларын қоныстайтыны түсінікті. Елу мың жыл бұрын санаға ие боп, күллі Азия құрлығын баса көктеп, қазіргі Беринг шығанағы жатқан тұстан Америкаға да өткен. Осыдан он мың жылдай бұрын табиғатта болып өткен өте күрт өзгерістер салдарынан егін егіп, мал асырауды меңгере бастаған. Маңғыстау мен Үстіртте адамзаттың көпғасырлық эволюциясының қай кезеңінің де жәдігерліктерін көптеп табуға болады. Орта палеолит дәуіріндегі, осыдан 30–40 мың жылдай бұрынғы алғашқы қауым тұрақтары, тас индустриясы, ежелгі металлургия жұрнақтары, керуен сарайлары мен әскери бекініс, шығырлар мен шыңыраулар, кеме айлақтары мен көне ғимараттар, отқа табынушылардың, пұтқа табынушылардың мінәжат орындары ию-қию араласып жатыр. Көне шығырдан атом станциясына дейін, шақпақ тастар кенішінен мұнай химиясына дейін, ежелгі кеуек баспаналардан атом қаруын сынайтын шахталарға дейінгі өркениеттік дамудың саты-саты жолдары түгел сайрап жатқан өлкеден адамзаттың саяси, рухани кемелденуінің кезеңдік көріністерінің кесек-кесек нұсқаларын да молынан таба аласыз. Арғы бабаларымыз осындай кемелдену жолында талай сүргінді бастан кешті. Өз-өзінен өніп-өсіп жататын табиғи өрістерге тәуелді заманда ауа райының қабағына қарап, біресе қиыр батыстан қиыр шығысқа қарай, біресе қиыр шығыстан қиыр батысқа қарай жөңкіді. Аңшы, терімші көздерінде ну ормандарға, малшы көздерінде ну шалғынды кең өрістерге, дихан көздерінде өзен бойларына, балықшы көздерінде су айдындарына ұмтылды. Ал қайым замандарда бұл өлкеден соның бәрі табылды. Маңғыстау бір кезде мұхит астында жатса, кейін сыңсыған субтропика аймағына айналды. Субтропика тұсындағы хайуандардың сарқыншақтары өткен ғасыр ортасына дейін жетті. Қызылтас пен Кетікте әскери бекіністерді салған патша әскерлері жабайы түйе (қапсағай немесе тау талақты), жабайы жылқы тарпандарды, мешіндерді (мартышкаларды) өз көздерімен көргендерін жазады. Демек, мұнда сонау тас дәуірінен бермен қарай тірлік үзілген жоқ. Қола дәуірінің үйшіктері мен балбал тастарынан көз аша алмайсыз. Көшпелі дәуірдің сүрлеулері орта ғасырларда жартылай керуен жолы күйін кешіп, кейін темір жолдар мен тас жолдарына айналды. Үстірт пен Маңғыстаудағы тау шыңдарынан, ежелгі құлпытастардан бағзы аңшылар мен терімшілердің де, кейінгі көшпенді жауынгерлер мен малшылардың да қолтаңбалары, салған сүреттері самсап тұр. Солардың кескін-келбеті, ежелгі зираттардағы жерлеу тәсілдері мен ескерткіш орнату үрдістеріндегі өзгерістер бұл аймақтың ежелгі Евразия кеңістігіндегі этнонәсілдік процестерден еш уақытта қалыс қалып көрмегенін байқатады. Эллиндер мен римдіктердің замандастары скифтер Танаистан шығысқа беттегесін сарматтар қонысына ұласады да, олар Үстірт арқылы Маңғыстауға ойысып, Аралдың терістігінде сақтармен, күнгейінде массагеттермен ұштасады. Ежелгі Евразияның үш ұлы ұлысының тоғысындағы бұл өлке сол замандардағы саяси, экономикалық, мәдени-рухани ағымдарының бәрі көп шарпысқан тарих бұғазына ұқсайды. Сол шарпысулардан жаратылған этнонәсілдік, дүниетанымдық, өркениеттік өзгерістердің бәрі де сол тарихи тар бұғаздың сүзгісінен сүзіліп шыққандай. Бір жағынан жауынгер, бір жағынан бақташы, бір жағынан аңшы сол бір жиһангез ұлыстардың ықпалдастық өрісіне айналған өлкенің ерекше маңызы мен орны тек ескі қолжазбалардан ғана емес, осындағы мол қордаланған тарихи, табиғи ескерткіштерден де айқын байқалады. Кейін олардан қалған субстраттар Сібір, Алтай, Гоби аралығындағы ұлан-ғайыр аумақтардағы рамапитек аңшылар мен терімшілер қалыптастырған этникалық түзілімдермен мидай араласып, күні бүгінге дейін жетіп отырған этностарға тектік ұйтқы болғандары белгілі. Егер батыстағы Балқантау мен Шығыстағы Байқал көлі арасындағы жазықтар көшпенді тайпалардың қоныс аудару маршруттарының негізгі өрісі болса, олардың жолдарындағы Ертіс, Балқаш, Сырдария, Қаратау, Арал, Жайық, Еділ, Атырау алабы баяғыдан келе жатқан байырғы тайпалармен әуелі сауда-саттық, шаруашылық, сосын қыз алысып, қыз берісетін, тектік, қандастық, саяси одақтар құрып, бір мемлекетке, кейін жаңа этностарға кейін жаңа этностарға бірігетін араластық аймақтар еді. Шығыс Европа мен Азияны мекендейтін қазіргі этностар дәл әлгіндей жүйемен өрістеп келген ғасырлар сапырылыстары нәтижесінде қалыптасқан-ды. Сол бір аударма-төңкермелердің жаңа бір қалыпқа түсетін аймақтарының негізгі біреуі – осы Маңғыстау. Оған осы өлкенің топонимдері, гидронимдері, қазіргі тұрғындарының атаулары айқын айғақ бола алады. Теңіздің біресе Каспий, біресе Хазар, біресе Әбескүн, түбектің біресе Сиях-Кук, біресе Маңғышлақ, біресе Маңғыстау аталуы да әлгіндей миграциялық жөңкілістерден хабар бергендей. Отман, Ман ата, Манашы, Маңғышлақ, Маңғыс-тау, Ман-Суалмас, Ас-Мантай, бәлкім кейін санскритке, Авеста мен ригведаға, тәңіршілік пен зороастризмге негіз болған ежелгі рамапитектер дүниетанымынан өрбіп жатқан атаулар шығар. Демек, алғашқы адам қауымдары бұл аймаққа тек табиғи кеуек тұрақтарын, суаттарын, тас қазған шахталарын ғана емес, жер атаулары мен кейін материкке дендеп кірген жол бағыттарын да тастап кеткен шығар. Бұл түбек – Тұран аймағындағы Үйсін, Қаңлы, Түрік, Оғыз, Дешті Қыпшақ, Ақ Орда, Шағатай мемлекеттерінің де, ежелгі Хорезмнің де, Еділ бойындағы Бұлғар, Хазар, Алтын Орда, Днепрдегі Русь тарихи тағдырына өз үлесін қосқан өлке. Евразияға тәңіршілік, зороастризм, иудей, мұсылман діндерінің таралуы да бұл өлкені айналып өте алмаған. Сондықтан да, Геродот тұсындағы Аристей, орта ғасырдағы Фадлан, Ибн Батута, Әл Макдисиден кейінгі Вамбери, Гмелин, Карутц, Бартольд сынды әлемге әйгілі дүниетанушылар бұл өлкеге көп көңіл бөлді. Бұл жерге көп жиһангездердің де, жиһангерлердің де аяғы жиі тиді. Кир мен Дарийдің, Аттила мен Ескендірдің, Хорезм шахтары Атсыз, Текеш, Мұхаммедтердің, Бату мен Ақсақ Темірдің, Нәдір шах пен орыс императорларының самсаған сары қолдары өтті. Атақты Жалелетдин, Алтын Орда тұсындағы билеушілер Түйе қожа, Орысхан, Тоқтамыс, Едіге, Орманбет, Ақ Орданың ыдырау тұсындағы Асфендиярхан, Әбілғазы, Мұхаммед Шайбанидің тарих қойнауына ұлы сапарлары осы арадан басталды. Мәңгілік даңққа бөлейтін шешуші жорықтарына қолды осы арадан жинады. Саяси қысталаңдарда осы арадан көп пана тапты. Ос арада қазір жер аты, су аты, ру аты боп қалған ономастикалық ұғымдар бұл өлкенің Евразия, Орталық Азия, Қазақстан тарихына қосқан сүбелі үлестерінен хабар бергендей. Салжұқтар тарихында қомақты орын иеленетін Ақман мен Қараманның біреуінің ұрпағы жеке этноним болып, осындағы қазақтардың құрамында жүрсе, біреуі топонимге айналып, осы арадан мәңгілік қонысын тапқан. Қожа Ахмет Иассауи тұсындағы оғыздар бөлінуінде көзге түске Есен Гөзлі Атаға да, одан туған Омар Атаға да осы арадан топырақ бұйырған. Бес өгіз, тәнкі (таңғут), бәйті (байыт), бесбұлақ – бесбуляк – бес бөлік, өмір, еміл, аусары (афшар), қарқын, бозашы, айладыр, шайыр, шетпе, қаңға, ерсары, кертті, қошқар, оғланды, онды, дәнішман, өңеже, шытжа, мерет, түбіжік, бұрыншық, сенек, сұмса, үдек, басыгүрлі, жазыгүрлі, байтақ, алан қала, ноғай төбе, уа сынды топонимдер, алшын, байұлы, адай, қызылқұрт, масқар, таз, ноғай, маңғыт, бұзау, айтумыс, жеменей, мұңал, тобыш, ақпан, балықшы, кедей (күдей), байбол, тіней, әйтей, бегей, жомарт, жары, қырық мылтық, әлмембет, тәзіке, қосай, қалша, матай, қараш, қожағұл, шоғы, мұңал, әли, бәйімбет, бегімбет, өрөзек, қалша, абдал, т.б. этнонимдер хазар-Хорезм, қаңлы-үйсін, оғыз-қыпшақ, ноғайлы-қыпшақ, қыпшақ-монғол одақтастықтары тұсындағы миграциялық, этногенетикалық процестерден хабар бергендей. Ол ежелгі бабаларымыздың емшектестігінен гөрі, ежелгі тайпалардың қоныстас, сулас, еншілес, одақтастығынан көбірек дерек танытқандай. Аталмыш этнонимдер үш жүзде емес, түркі халықтары мен оған көршілес үндіевропалық халықтардың этникалық құрамдарынан да ұшырасатындығы тегіннен-тегін болмаса керек. Алтын Орда, Дешті Қыпшақ заманындағы тарихи болмысымызды баяндайтын «Қырымның қырық батыры» атты батырлар жырының топтамасының осы аймақта ғана тұтасымен сақталып, атақты Мұрын Сеңгірбекұлы жыраудың аузымен біздің заманымызға жетуі де кездейсоқ құбылыс емес. Ежелгі ноғайлы заманындағы Сыпыра жырау осы өлкеде туып, өмір сүріпті деген мәлімет бар. Демек, Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбай, Сәттіғұл, Зәкәрия, Сүгір «қаһармандық жыраулық мектебінің» бүгінге дейін мұрты сынбай жетуінің де тарихи тамыры тым тереңде. Маңғыстау мен маңғыстаулықтар қазіргі елі мен қазақ жерінің қалыптасуына да белсене ат салысты. Сонау VІІ– VІІІ ғасырлардағы Атырау, Арал, Қаратау маңындағы ежелгі сақ, массагет, кейінгі печенег, қаңлы, оғыз субстраттарының Сібір мен Алтайдан келген қыпшақ, қалмақ, қидан, алшын, байұлы тайпаларымен араласуынан осы заманғы Кіші жүз рулары түзілді. Олар Алтын Орданың ыдырауына байланысты, әр түрлі халықтардың құрамына быт-шыт шашырап кетті. Қазіргі Еділ, Жайық, Маңғыстау, Үстірт, Жем, Ырғыз бойларын жайлаған бөліктері Ақ Орда мен Шағатай ұлысындағы қандастары мен тілдестеріне қосылып, дербес ұлт, дербес мемлекет болып бірігуіне тікелей үлес қосты. Ол замандарда Ноғай Ордасына қарап келген бұл өлке тұрғындарының оғыз тілдес бір бөлігі торғауыт қалмақтарының қол астына қарап кетсе, қыпшақ тілдес бөлігі Ақназар хан тұсында Қаратау мен Жетісу бойында шаңырақ көтерген қазақ хандығына барып кірді. Қазақ ұлтының бастан кешкен тауқыметтерінің бәрінде де көресінді көппен бірге көрді. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада Сауран айналған Алшын руларымен бірге Әмудария мен Сырдария, Нұратау мен Қаратау арасындағы жаңа қоныстарын тастап, әуелі Ырғыз, Торғай, кейін Еділ, Жайық бойларына ығысып, кейін Сырым, Атағозы, Арынғазы, Сүйінқара көтерілістері тұсында ежелгі этникалық қоныстарына түпкілікті ауып қонды. Отаршыл Ресей мен Хиуа зорлығына бірдей қарсы болған қайсар маңғыстаулықтарды қалған қазақтардан бөліп тастау үшін неше қилы айла-тәсілдің бәрі істелді. Қазақ даласын жаңаша билеуге тырысқан патша әкімшілігіне қарсы ереуілдеген Иса, Досан көтерілісіне дейін Маңғыстау Кавказ сырты өлкесіне қарап, Тифлиске бағындырылды. Көтеріліс жанышталған соң Түркістан өлкесінің Каспий сырты облысының қарауына беріліп, Ташкент пен Ашхабадқа бағындырылды. Әкімшілік әрі-сәрілікке ұшыраған өлке көп уақыт бойы көрші халықтар түгілі өз қандастары тарапынан көз түрткі көруге мәжбүр болды. Оның үстіне, қызыл тоталитаризмнің зорлық-зомбылығына мойын ұсынбаған атышулы Адай көтерілісінен кейін «жұмысшы табы қалыптаспаған» «арда аймақ» ретінде көз алара алалаушылық саясатының құрбандығына айналды. XVІІІ ғасыр тұсынан қос құрлық арасындағы транзиттік қақпа, стратегиялық маңызы зор, табиғи байлықтарға аса бай қазыналы өлке саналып келген Маңғыстау өңірі алпысыншы жылдар ортасына дейін қасақана дамытылмай қойды. Бірақ, алтын жерде, алмас белде құр жатар ма? Бұйығы түбек алпысыншы жылдар ортасынан бастап, қазба байлықтары игеріліп, қатынас жолдары салынып, экономикалық тұрғыдан дами бастады. Жетпісінші жылдар ортасында өз алдына әкімшілік-территориялық облыс боп құрылды. Содан бермен қарай өлкенің тек табиғи байлықтары ғана емес, тарихи-рухани байлықтарына да назар аударыла бастады. Кейінгі жылдар зерттеулері көп уақыт шет аймақ саналып келген өлкенің ұлттық болмысымыздың көп ғасырлық кескіндемесін қаз қалпында сақтай алған аспан асты музей, асыл қазынаға толы алып қорық екендігін анықтады. Бірақ, Маңғыстаудың рухани қазыналары табиғи қазыналарындай жете зерттеліп, толық игеріле қойған жоқ. Оның көп жұмбағы әлі шешілген жоқ. Көп сырлары әлі ашылған жоқ. Назарларыңызға ұсынылып отырған «Маңғыстау» атты энциклопедия алтын толы алып сандықтағы қазыналардың тек үстіңгі қабатының ғана бетін ашады. Ал, одан арғы терең қабаттарына бойлап еніп, жете зерделеу болашақ ұрпақтар мен кітаптардың үлестеріне тимек. Алайда, алғашқы адым әрдайым қиын. Бірақ, алыс сапар онсыз басталмайды. Ендеше, оқырман қауым көп мамандардың көп жылғы ізденістерінен туындаған бұл еңбекті ризашылықпен оқып шығады деп сенеміз.

ЖАБЫЛА ІСКЕ ЖҰМЫЛСАҚ, ЖАҒДАЙ ТЕЗ ЖАҚСАРАДЫ

Қадірлі қауым!
Құрметті төрбасы!
Сөз бергеніңізге рахмет!

Биыл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2030-шы жылға дейінгі дамуымыздың ұзақ мерзімді Стратегиясын ұсынды. Бұл өз қоғамымызда да, шетелдерде де дер көзінде жасалған батыл бастама ретінде бағалануда. Ол түсінікті де еді. Үш жылдан соң жиырма бірінші ғасырға аяқ басамыз. Әлемдегі жаңа ахуал қалай қалыптаспақ? Оған ешкім де енжар қарай алмайды. Бірақ, ғасыр тоғысында басталған тарихи құбылыстардың, әсіресе кешегі кеңес кеңістіктегіндегі өзгерістердің немен тынатынын білмей тұрып, ештеңе анықталмақшы емес. Ол ендігі жерде тәуелсіз мемлекеттердің өз даму бағыттарын қаншалықты дұрыс таңдап алғандығына және оны қаншалықты табандылықпен жүзеге асырып жатқандығына байланысты болмақшы. Бұл ретте «Қазақстан – 2030» Стратегиясы тек қазақстандықтардың ғана емес, күллі әлемдік қауымдастықтың да көңілін бірлей алды. Елбасымыз қалыптасқан жағдайды байыпты талдап, бүгін қай шамада жүргенімізді дәл көрсетіп берді. Сөйтсек, тәуелсіз алты жыл үшін аз жұмыс істелмепті. Тоталитаризм тәрк етілді. Демократия қалыптасу үстінде. Егемендігімізді дүние түгел мойындады. Соған сәйкестіріп, мемлекеттік билік үлгісін пішімдедік. Бірақ, бәрі де экономика түбегейлі жаңғырған күнде ғана өзін өзі ақтаған іс боп шықпақшы. Ал мұндағы өзгеріс өлі де болса баяу. Кешегі кеңес империясының түбіне жеткен экономикалық тоталитаризм өз бетімен өмір сүріп кете алатындай бір де бір аймақ, бір де бір сала, бір де бір кәсіпорын қалдырмашы. Бір кәсіпорынның тоқырауға ұшырауы ұлттық трагедияға айналып шыға келуінің сыры да сонда. Қайта құрудың қасіреті де осында. Билікке талас саяси истеблишментті алауыздыққа ұрындырды. Ол басқару жүйесін өз-өзінен қақырата күйретті. Әлсіреп бара жатқан орталық территориялардың астамсуына жол бермес үшін кәсіпорындардың бұйдасын тым ерте мойындарына үріп жіберді. Бірақ, ондай бостандық тырп еткізбес технологиялық кіріптарлық жағдайында экономикалық истеблишменттің бейбастақ ұры-қарылық жолына түсуін заңдастырғаннан басқа еш өзгеріс әкелмеді. Кейін бір кездегі қаһарлы империяның біржола құрдымға кетуіне түрткі болған кәсіпорындарды суға батыру эпопеясы осылай басталған-ды. Енді соның зардабын тәуелсіз мемлекеттер аямай тартуда. Өз беттерімен ешқандай түпкілікті бұйым шығармай, жол-жөнекей қосалқы операцияларға маманданған ұлттық кәсіпорындар да, ондағы жұмысшы-мамандар да технологиялық дәрменсіздікке әбден бой алдыртыпты. Соның салдарынан өндіріс ықтималданбай, шағын және орта бизнес дамымай отыр. Төбеден түскен реформаға кәсіпорындар сол өндіргенімізді өндіріп-ақ нарыққа көшіп, қарық боламыз деп сенді. Шикізат пен шала бұйымның (полуфабрикаттың) капиталға айналуының қиын жолын үйренуге құлықты болмады. Ол көбіне-көп көлеңкелі экономиканың қанжығасына бұйырды. Бір кезде бәсекеден әдейі аулақтатылған өндірісті қайта жандандырудың мүмкін еместігін енді-енді түсіне бастадық. Халықаралық сұранысы мол шикізатты тұрақты валюта мен озат технология базарына шығаратын жаңа бағыттар мен ықпалдастар тауып, сол арқылы бәсекеге төтеп бере алатын өз өндірісімізді қалыптастыруға енді-енді бет бұрдық. Бәрібір басқаларға ісіміз түседі екен, кешегі қалпымызда неге отыра бермедік деушілер де табылар. Кеше екінші бір мемлекетке тікелей тәуелді едік. Оның біздің мемлекеттік де, ұлттық та дербестігімізді қаншалықты қарқ қылғанын білеміз. Ал бүгін үлкен де, кіші де тікелей ісі түсетін халықаралық нарықпен ықпалдастыққа ұмтылып отырмыз. Әзір сұраушы болуға тура көп тұрғаны рас. Бірақ толыққанды ықпалдастыққа жетісе келе, әлемдік нарық тамырына қан құятындар қатарына көтеріле алуымызға жағдай жасайтындай экономикалық және геосаяси алғышарттарға түгел ие екендігімізді уақыт көрсетіп беріп отыр. Онымызды ұнатпайтындар іште де, сыртта да аз емес. Халық сөзін сөйлегенсіп, солардың жыртысын жыртып, іштен ұрып, аяқтан шалатын ала көңіл пиғылдар да ұшырасады. Реформаға кіріскелі де кеткен кемшіліктер көп. Кемшіліктерді жібергендер де аз емес. Солай екен деп, бір-біріміздің жағамызға жармасып, жағаласып кеткеннен жағдай түзеле ме?! Жоқ. Ал соның бәрін көріп, біліп, тырп етпей қарап отырғанды, әрине, ешкім кешпейді. Ендеше, ұзақ мерзімді стратегия жасақтау сияқты ең қиын шаруаны өз мойнына алған Елбасының нар тәуекелін жұртшылықтың сонша құлшына құптауын әбден түсінуге болады. Стратегияның ұғындыруынша, адамдарымызды іскерлік бастамашылдыққа ынталандырған дұрыс. Әйтпесе, реформаның әлеуметтік аясы қалайша кеңімек? Басқаша қандай жолмен жасампаз бәсекені оятып, экономика төңірегіндегі тартыс-талас пен айла-шарғылардың аяқтарына тұсау салмақпыз? Реформаны осындай баршаға түсінікті басы ашық жолдармен жан-жақты сауықтырмайынша, жағдайдың түзеле қоймасы түсінікті болды. Кешегі кеңес қоғамы – «еліріп» те көрді, «есеңгіреп» те көрді. Енді не істемекші – соқыр ызға мінбекші ме, жоқ есін жиып, белін буып іске кіріспек пе? Осыншалық жауапты кезеңде, бәрін билік жолындағы күреске сарп ету өте қауіпті. Одан да қоғам мен реформаны әлеуметтік құштарлықтар шарпысынан арашалап алуға күш салған дұрыс. Әсіресе, бұл басқа бір уақытта басқа біреулердің жіберген келеңсіздіктерінің зардабын шегіп айырған қазақстандықтар үшін айрықша есте болатын нәрсе. Ол үшін әркім өз жағдайы мен ортақ жағдайды жақсы білмегі шарт. Ал біздің бүгінгі нақты жағдайымызға келер болсақ, Холмз біліп айтқандай: «біздің қай шамадан табылатындығымыз емес, қай бағытқа бет алып келе жатқанымыз маңыздырақ». Біздің реформа революционаризм зардабын аз тартқан жоқ. Енді оны мейлінше эволюцияландыра түсуге күш салу керек. Эволюция дегеніміз үздіксіз өзгеріс үстіндегі дүниеге бүкіл қоғам боп, жеке адам боп, үздіксіз икемделе түсу деген сөз екені белгілі. Сондықтан да, Елбасымыз: «енді ахуалды терең таразылау, дамуымызды әлемдік тәжірибе тұрғысынан талдау және реформаларымызды іске асыру мен жаңа институттарымыздың қалыптасу дәрежесін үздік әлемдік тәжірибемен салыстыру маңызды», – деп ескертеді. Әлемдік тәжірибе... Оған жұрттың бәрі жүгінеді. Бірақ, әркім өзіне керегін іздеп жүгіреді. Біреулер сол арқылы осындай кезеңде өз табы мен қауымының бағасын асырғысы келеді. Екінші біреулер өз ұлты, мемлекеті, мәдениетінің ерекше маңызын дәлелдегісі келеді... «Қазақстан – 2030» авторы ондай әсіре мақсат қуалаудан аулақ. Ол кешегі кеңестік кеңістіктің кейбір білгіштеріндей айырықша жол немесе «дамуға айырықша бейім субъектілер» іздеп те әуре болмайды. Әдетте, ондай-ондайға империялық астамшылық үйір етеді. Біздің Елбасымыз енді-енді қалыптасып келе жатқан жаңа әлемдік тәртіпті ескере отырып, келешекте қапы қалмауды көбірек көздейді. Ол үшін бүгін жұрттың көбі жаппай үлгі тұтып, үйрене бастаған кейбір өзара дамып жатқан қауымдардың құпиясына бізге де мұқият зер салған дұрыс. Сүйтсек, батыс европалықтар ешқандай тылсым күштің әсерімен емес, адам көбейіп, жер тарылып, үйреншікті қорек айыру мүмкіндігі күрт азайып кеткендіктен күнкөрістің соны түрлеріне көше бастапты. Басқаны қойып, діни көзқарастары мен ұстанып келген әдет-ғұрыптарын да түбегейлі қайта қарауға мәжбүр болыпты. Макс Вебердің айтуынша, әлемдік діндердің шаруашылық этикасына айта қаларлық жаңалықтар да осылай еніпті. Батыс Европа мен Солтүстік Американың, Индиядағы джайни дініндегілердің, Күнгей-Шығыс Азиядағы Қытай шашыранды топтары – хуасяоның елден ерек кәсіпкерлігінің түп себептері де осылай түсіндіріледі. Тіпті жапондардың да айрықша жолы болғыштығының арғы себебі сонау XVІІ-XІX ғасырлардағы Токугава дәуіріндегі будда секталары сіңірген діни-этикалық нанымдарда жатқан боп шығады. Жаңа вебершілдер Ресей өндіріс-сауда табының алпыс төрт процентін құрап, араларынан Рябушкин, Морозов, Солдатенков, Кокоревтарды туғызған ескі сенімдегілердің (старобядшылар) іскерлігін де осылай түсіндіреді. Істің шын жәйі осылай ма, жоқ па – гәп онда емес. Даусыз нәрсе – кез-келген мәдениетте өмірге деген белсенділікті, әрекетшілдікті, шаруақорлық пен сынақтылықты, дәулет жыюды қастерлейтін қағидалардың молынан табылатындығы. Алайда, олар, мәдениет түзілімінде, ұлт болып ұстанар құндылықтар жүйесінде әр елде әр қилы орындар иемденеді. Сол себепті де, олар бір мәдениеттің негізгі жұлын қағидасын құраса, екінші бір мәдениетте қосалқы қызмет атқарады. Осылай болғандықтан да, ондай қағидалар біреулердің ұлттық идеологиясына айналса, екінші бір жұрттардың ұлттық дүниетанымының әлі зерттеле қоймаған қалтарыс қабаттары болып саналды. Ондай жосықтар қазақ мәдениетінде де аз ұшыраспайды. Кез келген ертегімізде жалқаулық келеке етіліп, еңбекқорлық дәріптеліп жатады. Бірақ, бұны ешқашан басты мұрат, өзекті қағидаға айналдыра қоймаппыз. Демек, осыған негізделген құндылықтар жүйесін жасақтап, соған лайық мінез-құлық қалыптастырмаппыз. Ол, бірақ, кейбіреулер айтып жүргендей туа біткен ұлттық самарқаулығымыздан емес. Тарихи тағдырымыздан. Ал тарихи тағдырдың сыртқы факторларға да аз тәуелді болмайтыны белгілі. Оның үстіне қай халың та оп-оңай және тез арада ұлт болып қалыптаса салмапты. Оны дәлелдейтін деректер жеткілікті. Олардың бәрі де экономикалық құнттылықтың объективті жағдайларға көбірек тәуелді екенін аңғартады. Қиын жағдайлар экономикалық ыждаһаттылыққа көбірек итермелепті. Демек, әуелден еңбекке бейім, не әуелден еңбекке енжар жаратылған халықтар болады деген бос әңгіме. Кез-келген қауым, бұдан әрі үйреншікті жолмен өмір сүріп, аман қала алмайтынына көзі жеткен сын жағдайдың бәрінде де қажыр-қайратына шындап мінеді екен. Біздің қазіргі бастан кешіп жатқан кезеңімізді сондай сын кезеңге жатқызуға бола ма? Әбден болады. Ол үшін дағдарысты ахуалымызды сипаттайтын көңілсіз статистиканы көлденең тартып жатудың қажеті шамалы. Бір біз ғана емес, қажет десеңіз күллі адамзат аума-төкпе ауыспалы кезеңде өмір сүріп жатыр. Бұған дейінгі ұстанып келген қағидаларымыз сыр білдіре бастады. Қоршаған табиғи және рухани ортаға деген жаңа қарым-қатынас әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Қорек көздеріміз таусылуға тақау. Оларды немен алмастыратынымыз белгісіз. Қоскіндікті дүние күйреді. Дүние үйлесімінің жаңа үлгісі әлі беймәлім. Қолда бар жетімсіз ресурстар мен игіліктерді ақылға сыйымды қып бөлісуді жүйелеуге ешкім тәуекел етпей отыр. Осындай әр-сәрі кезеңде жас мемлекетіміз бен байлығымыз көз жұмбай бөлістің оңай олжасына айналып кетпес пе екен? Табиғаттық және жамиғаттық мүмкіндіктерімізді жаңа жағдайда қайтып жарастықты дамыта аламыз? Көзіміз жетіп тұрған жалғыз ақиқат: өзі жей алмайтын шөпті қорып, шөмеле үстінде арам қатқан иттің де, үйренбеген ыдыспен ас беріп, меймандарын тойғызып, өзі аш қалған көк құтанның да күлкілі әрі күйікті ахуалдары бізді еш қызықтырмаса керек. Міне, біз үшін ең басты уайым осы болса керек. Оны мұншама ушықтырып тұрған ресурстардың жетіспеуі де, мүмкіндіктердің тапшылығы да емес, сана дағдарысы, Кеше ешкімге ұқсамаймыз деп алжассақ, бүгін өзгелердің көсегесін көгерте білген өнегеге үйренісе алмай дағдарып отырмыз. Бүкіл қауым боп әуре-сарсаңға түсіп, аномия ахуалындамыз. Ондай әрі-сәріліктен не сырттан тап болған тосын пәрмен, не намысқа мініп, бар күш-қуатты тосын дағдарыстан тез арылуға тегіс жұмсай алатын өз жігеріміз ғана шығара алады. Ондай мақсатқа өз білдігіңмен жұмыла білу өзгелердің итермелегенінен әлдеқайда тиімді екенін әлемдік тәжірибе әлденеше рет дәлелдеп берген. Латын Америкасы мен Африка-Азия елдері өткен ғасырда-ақ өркениетке күштеп көшіріле бастады. Бірақ, екінші дүниежүзілік соғыстан соң ғана өзгеріс жолына түскен Оңтүстік-Шығыс Азия мен Тынық мұхит елдері олардан әлдеқайда озып кетті. Өйткені, олар батыс европалық үлгілерді көзсіз көшіре салмай, өз дәстүрлеріне лайықтап өзгерте білді немесе тел мәдениеттерінен әлгілерден кем түспейтін баламалар тапты. Мәселен, жапондар экономикалық белсенділікті ұлттың ішкі құрылымының иерархиялық өзгешеліктерімен шебер үйлестіре білді. Ежелгі Русь дәстүрлеріне адалдықты айрықша күйттеген ескі сенімдегі орыстар іскерлікке келгенде былайғы орыстардан көп ілгерілік танытты, Тірі мақұлықты жеу күнә деп есептейтін джайни дініндегі үнділіктер шаруа қумай, коммерция мен финанс жолына түсіп, зор табыстарға ие болды. Демек, жаңарудың рухани алғы шарттарын іздеу дегеніміз дәстүрді не қатаң қадағалау, не атымен жоққа шығару емес екен. Қолда бар мәдени-әлеуметтік мүмкіндіктерімізді бүгінгі талаптар тұрғысынан қайта зерделеп, қайта сараптау екен. Түптеп келгенде, кез-келген мәдениеттен қоғам күш-жігерін жаңа өрелі міндетке жұмылдыруға негізгі арна болуға жарайтын ұтымды қағида тауып алуға әбден болады. Ол бұрын оқта-текте болмаса, көбіне еске түсе қоймайтын сирек қолданыстағы нақыл болуы да ғажап емес. Бірақ, қоғам тағдырын шешіп тынатын жаңа міндет оны жаңа өмірлік идеологияның өзекті тініне айналдыра алады. Қоғамдық жігерді мұншама кең қарымда іске жұмылдыру үшін, ең алдымен, мақсат саралығы, бағыт айқындығы басты шарт болып табылады. Сондықтан да, Елбасымыз күшті және әлсіз жақтарымызды, ішкі және сыртқы қауіп-қатерді мейлінше тәптіштей талдады. Ол ештеңені жасырып та қалмапты, асырып та бағаламапты. Мұндай ағынан ақтарыла сөйлеуге тек қазіргідей әуре-сарсаңға өз еркімен ұрынбаған, енді ол тығырықтан өз күшімен шығуға талаптанып жатқан мемлекеттің басшысы ғана құқылы. Бізді тәуекелге мінгізетін екі күш – табиғи байлығымыздың молдығы мен дәріптеліп жатады. Демек, жаңарудың рухани алғы шарттарын іздеу дегеніміз дәстүрді не қатаң қадағалау, не атымен жоққа шығару емес екен. Қолда бар мәдени-әлеуметтік мүмкіндіктерімізді бүгінгі талаптар тұрғысынан қайта зерделеп, қайта сараптау екен. Түптеп келгенде, кез-келген мәдениеттен қоғам күш-жігерін жаңа өрелі міндетке жұмылдыруға негізгі арна болуға жарайтын ұтымды қағида тауып алуға әбден болады. Ол бұрын оқта-текте болмаса, көбіне еске түсе қоймайтын сирек қолданыстағы нақыл болуы да ғажап емес. Бірақ, қоғам тағдырын шешіп тынатын жаңа міндет оны жаңа өмірлік идеологияның өзекті тініне айналдыра алады. Қоғамдық жігерді мұншама кең қарымда іске жұмылдыру үшін, ең алдымен, мақсат саралығы, бағыт айқындығы басты шарт болып табылады. Сондықтан да, Елбасымыз күшті және әлсіз жақтарымызды, ішкі және сыртқы қауіп-қатерді мейлінше тәптіштей талдады. Ол ештеңені жасырып та қалмапты, асырып та бағаламапты. Мұндай ағынан ақтарыла сөйлеуге тек қазіргідей әуре-сарсаңға өз еркімен ұрынбаған, енді ол тығырықтан өз күшімен шығуға талаптанып жатқан мемлекеттің басшысы ғана құқылы. Бізді тәуекелге мінгізетін екі күш – табиғи байлығымыздың молдығы мен мәдени-әлеуметтік ахуалымыздың салауаттылығы. Рас, біздің мәдени-рухани құндылық жүйеміз әлемдік тәжірибенің өзекті қағидаларымен көп ретте үйлесе бермейді, бірақ оларды зерттеп үйренуге септігін тигізе алады. Әрине, кез-келген қоғамның қандай түбегейлі өзгеріс тұсында да тапжылмайтын, сүйтіп, келесі өзгерістер көзінде негізгі рухани тірекке айнала алатын өзекті қасиеттері болады. Таптық идеология бізді ондай рухани діңгектерден жұрдай қылып, үгітке оңай көнетін, иі жұмсақ қауымға айналдырды. Ондай қоғамды қандай бағытқа да бұйдасынан ұстап жетелей жөнелу қиынға түспейді. Бірақ, Мұндай «осалдығымызды» орнымен пайдалану осындай шешуші көзде тарихи ерік көрсетпекші тұлғалардың ерекше жауапкершілікті талап ететіні түсінікті. Өзіміз жайлаған кеңістіктегі геомәдени ара салмақ бізді екі құрлық өркениетін де жатырқамауға бейім етті. Ол осы заманғы жаңаша ықпалдасуға өте-мөте қажет ашық қоғам орнатуымызға құлықты етеді. Естен шығармайтын бір нәрсе: бұдан былай ұлтты да, ұлттық мәдениетті де баяғы бір кезде қалыптасып, енді сол қалыптан ешқашан тапжылмайтын, қатып-семген реликт деп қарау дұрыс емес, тарихи қалыптасқан этно-мәдени дербестік пен аумақтық тұтастыққа ие қауымның қалған дүниемен жарастықты өмір сүруіне жағдай жасайтындай боп, үзбей толығып, үзбей жетіліп, демек үзбей өзгеріп отыратын ылғи даму үстіндегі диалектикалық тірі құбылыс деп қарастырған дұрыс. Стратегияның «Біз бүгін қай жердеміз», «Қазақстанның миссиясы» деп аталатын тараулары қазақстандықтардың реформаға артып отырған мүдделері мен үміттерін, көздейтін мақсаттарын саралап көрсетуге арналыпты. Егер олар басым маңыздылығы жағынан саты-сатыға, кезек-кезекке бөлініп, тәртіпке келтіріліп, егжей-тегжейлі жүйеленбесе, бұл құжат күллі ұлттың күш-жігерін ортақ мақсатқа жұмылдыра алатын стратегия мен тактика қызметін атқара алмас еді. Үшінші негізгі тарау міне, осыған еншіленіпті. Бұл ретте, ұлттық қауіпсіздіктің неге бірінші орынға қойылғаны осы көзден дау туғыза бастады. Бірақ, шындап келгенде, бұл арада таласатындай ештеңе жоқ. Баршамыз «ортақ отанымыз» саналынған Кеңес одағынан әлдеқашан айырылдық. Оны қайта оралтамыз деп дәмету енді естір құлаққа ерсі. Өйткені, ол бүгінгі әлем түгел мойын ұсынып отырған даму тенденцияларына атымен қайшы келеді. Сондықтан да тәуелсіз жас мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігі азаматтарымыздың көгеріп көркеюі мен жүргізіліп жатқан реформамыздың табысқа жетуінің басты кепілі болып табылады. Оны қамтамасыз етудің алғы шарты – қоғамның ынтымағы мен ішкі саяси орнықтылығы. Бұл әуелден көп нәсілді, оның үстіне одан әрмен жіктеле түскен біздің алабажақ қоғам үшін анау айтқандай оңай міндет емес. Алайда Елбасымыз көп құрамды қоғамның орнықтылықты қамтамасыз етуде біріне-бірі бақылаушы әрі қолғабысшы бола алатындығын да байыпты ашып бере алыпты. Бұл – ешқашан өткірлігін жоғалтпайтын мәселе. Сондықтан, жақтас күштердің де, қарсылас күштердің де әсіре әупірімдігіне жол беруге болмайды. Бір өкініштісі, кеңестен кейінгі реформаны бастағандар Фридрих Хайектің белгілі ақылына құлақ аспады. «Институттарды біртіндеп жақсарту» орнына «түгелімен өзгертуден» бастады. Макроэкономикалық фанатизм әлеуметтік мәселелерді атымен қалтарыста қалдырады. Кәсіпорындардағы жаппай тұралау жаппай кедейленуді өршітті. Ол әлеуметтік әділетті сыңаржақ ұғынатын кертартпа пиғылдардың бел алуына жағдай жасады. Бұл тап пәлендей елеп-ескермейтіндей осал қауіп емес. Алексие де Токвильдің айтуынша, демократиялық мәдениеті әлі жетіспеген қоғамды реформалаудағы асығыстық кереғар күштердің текетіресін күшейтеді. Ал ол өкіметте қатал әдістер мен әрекеттерге итермелеуі ықтимал. Әдетте мұндай алғы шарттар қоғамның жаман ахуалы одан әрмен нашарлаған көзде емес, керісінше, жаман ахуал әбден нашарлап барып, енді едәуір жақсара бастаған, бірақ жұрт оны одан сайын жақсарта түсуге асығатын кезде бой көрсететін көрінеді. Сондықтанда, Стратегия қоғамдық орнықтылыққа шешуші маңыз беріп отыр. Демек, реформаның жаңа кезеңіне көшкенде макроэкономикалық процестерден гөрі микроэкономикалық процестер, саясаттан гөрі іс, саяси белсенділіктен гөрі экономикалық әрекетшілдік үстем түссе лазым. Ол үшін алдағы мақсат айқын болу керек. Сол себепті де, стратегиялық басты басымдылықтардың негізгі тобы сыртқы және ішкі инвестицияларды көбірек тартуды көздейтін ашық нарыққа, қуат көздерін тиімді пайдалану мен инфрақұрылымды қайта құруға, экономиканы тыңайтып, азаматтарымыздың денсаулығын, білімін және әл-ауқатын арттыруға бағышталады. Бұл арқылы, Қазақстанның көгеріп көркеюінің шын мүмкіндіктері, олардың жүзеге асуының ықтимал кескіндемесі егжей-тегжейлі нақтыланады. Еліміздің өзге дүниемен ықпалдасуының тарихи зәрулігі мен заңдылығы да әсерлі дәйектеледі. Әлгінің бәрін жүзеге асыруда мемлекеттің алатын орны мен оған қойылатын талаптар да мейлінше сарапталады. Ал соның бәрі алыс арман, құрғақ қиял боп көрінбес үшін 1998-2000 жылдары атқарылар жеті басымдық пен Үкіметке 1998 жылға қойылар сегіз нақты міндет жеке-жеке талданады. Сол арқылы ұзақ мерзімді бағдарламаны кезең-кезеңге бөліп іске асырудың, алыс келешекті біртіндеп жақындата түсудің ұғынықты әдістемесі жасалынған. Ұзақ мерзімді бағдарлаудың мұндай әдістемесі адамдардың реформаның мәні мен мақсатын, ықтимал салдарларын айқын түсіне алмаудан туындайтын әлеуметтік абыржушылықты сейілтіп, қоғамдық санаға сергек серпін бітіреді. Расын айту керек, ел ішіндегі мұндай сары уайымшылдық көбіне-көп саяси мәдениетіміздің төмендігінен өрістеп отыр. Көпшілікке демократияны пікірдегі бейпілдік, әрекеттегі дөкірлік, жаппай баққұмарлық пен жанжал құмарлық деп ұғындыруға ынтызарлық азаймай отыр. Біздің плюрализм әзірге болып жатқан өзгерістерді жоққа шығару арқылы бедел асыруды, дау-дамаймен билікке жетуді көбірек күйттеп жүр. Көп нәрсенің байыбына бармай, көпшіліктің көңілін бұзатын күйдіргі әңгімелерді қоздыруға үйір. Егер қазіргі дағдарысымыз жайында жиі айтылып жүрген пікірлерді жинақтай тұжырымдасақ, мынаған саяр еді: Президент шын жағдайды білмейді. Төңірегіндегілер мен төмендегілер жауырды жаба тоқиды. Содан өндіріс құлдырап, қылмыс көбейіп, жұмыссыздық асқындап, әл-ауқат нашарлап отыр. Қысқасы: бәріне басшылық кінәлі. Ол өзгерсе, жұмақ өз-өзінен орнай қалады. Патернализмнің бағзыдан бергі тапжылмайтын тар ұғымы.

Енді осының несі теріс, несі дұрыс екенін елеп-екшеп көрелікші. Елбасы ештеңеден хабарсыз еместігіне, басқаны былай қойғанда, сөз болып отырған стратегияның өзі-ақ айқын айғақ бола алғандай. Төңірегіндегілер мен төмендегілер дұрыс мәлімет бермейді десе, кей ретте солай екені рас. Оны талай рет Президент өзі де айтып өтті. Ал бірақ, өндірістің құлдырауына тек басшылық кінәлі деп санау шын жағдайды дұрыстап түсінбейтін не әдейі түсінгісі келмейтін қияңқы көкіректен ғана туындауы мүмкін. Ондай көзқарас тек шындықты бұрмалап қоймай, күллі реформаның мән-мағынасын атымен теріс ұғындырады. Бұған сенсек, қоғам реформаның субъектісі емес, тек объектісі ғана болып шығады. Пәленің дудай қара басы да осы түсінікте жатыр. Көпшілік арасында сондай ұғым бел алып кеткендіктен де, реформа өрге баспай келеді. Оған түрткі болатын қырсыздықтар мен қырсықтардың әлі де көп екені белгілі. Әрине, қызметін жеке басына пайдалану ұят. Бармақ басты, көз қысты бизнес – нағыз қылмыс. Ал, көпшілік әлі ештеңеге түсінбей тұрғанда, реформа үстінен жем айырып қалуға тырысу – бар індеттің басы. Бұның бәріне қосылуға болады. Бірақ соның бәріне тікелей себепші болып отырған жаппай экономикалық бойкүйездікті реформа жолындағы ең басты кедергі деп емес, тек әншейін дүмбіл өз басшылар жіберіп отырған көп кемшіліктің бірі ғана деп санауға қосылу әсте мүмкін емес. Бүйтіп тұралауымыздың түп себебін тым жайдақтатып ұғындыру қоғамымыздың да, азаматтарымыздың да мүддесінен шықпайды. Осындай ең басты келеңсіздікпен көп болып күресудің орнына, тек билік орындарымен біржақты шайқас салу жағдайды жақсартпайды, ушықтырады. Ондайды көздейтін күштерді қанша ант су ішкендерімен, оң пиғылдағы оппозиция деп бағалау қиын. Оң пиғылдағы оппозиция өзінің тілеулестік келбетін тәуелсіздікті нығайтуда, реформаны тереңдетуде, халықты дағдарыстан тезірек шығаруда үкіметтің өзімен бәсекелесе алатындай нақты істерімен ғана дәлелдей алмақшы. Ол үшін өкімет те, оппозиция да қоғамның өзін-өзі жігерлендіре алатындай ішкі мүмкіндіктеріне мейлінше нәзік қарап, орнымен іске қосып отырса лазым. Ең бастысы, штаттағы қызметтен басқаны жұмыс деп қарамаушылықтан бас тартатын, соған көпшіліктің де көзін жеткізетін көз әлдеқашан келді. Қай дінге айтқызсаңыз да: пендені көкте бір тәңір, жерде тек өзі жарылқай алмақшы. Тәңір де тек сақтанғанды ғана сақтамақшы. Сақтанудың басты шарты – адал жүріп күнкөріс айыру. Демек, еңбектену. Сондықтан да қай мәдениеттің өкілі де жұмысы бар болса, ақша сұрамаған. Ақшасы бар болса, шикізат сұрамаған. Шикізат бар болса, жұмыс та, ақша да сұрамаған. Біреуі болса, қалғандарын өзі тапқан. Құдай жарылқағанда, біз шикізатқа бай елміз. Табиғи ресурсты қаржыға не технологияға айырбастау қиын емес. Тек үйлестіре білсек жарағаны. Әркім әуелі еңбекті көп қажет ететін қызмет істеп ауқаттанады. Одан қаржыны, сосын ақыл-ойды көп қажет ететін күрделі қызметтерге көбейе алады. Тап осындай жолдан өтпейінше, кез-келген ел де кемелдене алмайды. Ол да әуелі еңбекті көп қажет ететін өндірісті қолға алады, сосын әуелі қаржыны, кейін ғылыми-техникалық ойды көп қажет ететін өндірістерді жолға қояды. Нарық жағдайында басы байлаулы, аяғы тұсаулы ештеңе жоқ. Бәрі де тек өзіңе, өз қабілетіңе байланысты. Ең бастысы – табиғи шикізатқа әуелден кенде емеспіз. Соны дұрыстап ұқсата алсақ, пендеміздің де, әмбеміздің де жұлдызымыз жарқырамақшы. Ол үшін әрқайсымызға белді бекем буғызатын тәуекел, баршымызға – ауыз бірлік қана керек. Сол екеуіне қол байлау болып отырған әлеуметтік-психологиялық құрсауларды қалай бұзып шығуды дұрыс көрсетіп бере алса, жұрт – өкіметтің бе, оппозицияның ба – кімнің соңынан еретінін өздері шешеді. Президент келешек мүмкіндіктеріміздің қандай екенін, оның қайтып жүзеге асатынын қалай пайымдайтынын ортаға салып, көп көңіліндегі көп күмәнді сейілтті. Әуелі қоғамды қиын жағдайдан шығарып алуға, сосын жаппай көгеріп-көркею жолында жабыла еңбектенуге шақырды. Бұны не деп атасақ та, құрғақ қиял дей алмаймыз. Үйтер болсақ, билік алсам, бәріңді қарық қылам деп бәлденуді қалай атамақшымыз? Шамасы, бұндай ұшқарылыққа экономикасының жетпіс проценті жекешеленіп кеткен қоғамда мемлекет билікші емес, ықпалдас ретінде ғана әрекет ете алатындығынан бейхабар адамдар ғана ұрына алатын шығар. Ондай барлық нәрсенің бәріне бірдей билігі жүре бермейтін мемлекет отандастарын қай мәселеде де тек өз күш-жігеріне сенуге шақыруға мәжбүр. Ал өзі көпшілікке тек әрекет бостандығын қамтамасыз етуге, сосын қай тараптың да, соның ішінде мемлекеттің өзінің де, заңдастырылған ойын ережесін бұзбауын қатаң қадағалауға уәде бере алады. Осы себептен де, «Қазақстан - 2030» Стратегиясы адам факторын дамудың ең мықты басымдығы ретінде ең жоғарғы орынға қояды. Сүйтіп, адамдарды өздеріне сенуге шақырады. Тек сондай адам ғана қалыптасып отырған жағдайға қапысыз қаныға алады. Тек сондай адам ғана өз мүмкіндіктерін жете бағалап, қандай іске қалай жұмылу керектігі жайында дұрыс қорытындылар жасай алады. Тек сонда ғана жалқының ғана емес, жалпының да келешегімізге деген сенімі нығайып, күллі ел боп іске жұмыла аламыз. Бұл арада Елбасы өз парызын абыроймен атқарып шықты. Ендігісі – әрқайсымыздың өз қолымызда. Көп нәрсе Стратегияның көздеген мақсатын көпшілікке дұрыс жеткізуге байланысты болмақшы. Оны да қасаң қағидаға айналдыру қиын емес. Қазіргідей кім-кімнің де тісі қышып, тілі ұзарып тұрған тұста не қилы бейпіл әңгімеге беріліп, қай бастаманың да қадірін түсіру оп-оңай. Бірақ, олай ету – өзіңе жаның ашымау, еліңе жаның ашымау болып шығар еді. Саяси цинизм дегеніміз де осыдан өрбиді. Олай болса, Президент бастамасын қолдап, сөз болып отырған стратегиялық міндеттерді әр қилы дәрежедегі мүдделі топтардың, әр адамның өз шама-шарықтарына қарай шақтап, өз бойларына сыйымды қып кесіп-пішілген өз бағдарламаларын жасауларына жәрдемдесу – саяси кемелділіктің белгісі болып табылмақшы. Қандай Стратегия да тек осылай нақтыланғанда ғана іске аса алады. Бұл арада біз өзіміздің де, өзгелердің де пайдалы тәжірибесіне көп жүгінуге мәжбүр боламыз. Әсіресе, өзіміздің есепке алынбай жатқан ішкі мүмкіндіктерімізге айрықша назар аударғанымыз жөн. Біздіңше, ондай мүмкіндіктеріміз аз емес. Мәселен, қазақтар да, жапондар сияқты ұлттық тұтастықтың иерархиялық құрылымын жүйелі жасақтаған халық. Жапондар жаңару кезеңінде сондай жүйені ескі деп ысырып тастамай, жанұялық деңгейде де, фирма, компания, синдикат сынды корпоративті деңгейде де, тіпті бүкіл ұлттық деңгейде де ұйымшылдық ұйытқысына айналдырып, қоғамның экономикалық гүлденуіне жемісті қызмет еткізе алды. Ал біз неге өйте алмай отырмыз? Себеп біреу: біз өз дәстүрлерімізді өткен ұрпақтардың пайдалы не өнегелі тәжірибесі деп емес, кертартпа ескіліктің кесірлі қалдығы деп түсінуге үйренгенбіз. Оның үстіне, көп жұрт, мәселен, батыс европалықтар жаңаруды өзінің ұлттық дамуының заңды жалғасы ретінде жайбарақат қабылдады. Жапондар да оған өз ұлттық дамуын ешқашан үзбестен келді. Сондықтан, олардың қоғамдық санасындағы сабақтастық тіні өте мықты. Ал қазақтарға басқа жазмыш бұйырыпты. Патшалы Ресей оларды мемлекеттіліктен, өз билеу үрдісінен, тарихи қалыптасқан ұйымшылдық ұйытқысынан айырды. Баяғыдағы Жер реформасы ежелгі шаруашылық жүйесінің де тас-талқанын шығарды. Сүйтіп, қырдағы көшпелі қоғам өз бетімен тіршілік ете алардай жора-жолын үстіміздегі ғасырдың басына дейін түгел сарқып бітті. Бұндай дағдарыс Алаш қозғалысын дүниеге әкелді. Ол қазақтардың жалпы адамзаттық прогресс арнасында дамуға бет бұруына мұрындық болатындай өз мемлекетін қалыптастырғысы келді. Бірақ, коммунистік режим қазақтарды қайдағы бір құрғақ қиялдармен бастарын айналдырып, әлгіндей мақсаттан әбден күдер үздірді. Көбіміз өз қағымыздан өзіміз жеріп, жат болып кетуге айналдық. Тапшыл идеология жікшілдікті қоздырып, ұлттық татулық тамырына балта шапты. Ұжымдық ыңғайластық, қауымдық ыңғайластықтан да асып түсіп, жеке мүдденің жөлкесіне шүйілді. Сонда біздің экономикалық енжарлығымыз қайдағы туа біткен қасиет болады?! Бұл – шет аймақтағы жұртты адам ретінде де, ұлт ретінде де өздерінен өздері безіп кетулеріне күш салған жымысқы саясаттың қасіретті салдары. Ол мақсатқа әлгі әзәзіл саясат біздің дәстүрлеріміздің бірқатарын атымен жоққа шығарып, екіншілерінің тонын айналдырып, теріс пайдаланып, үшіншілерін қасақана әспеттеу арқылы жетті. Нәтижесі адам таңғалатындай! Осы ғасырдың басында даму жағынан бізден әлдеқайда кейін жатқан аңшы, балықшы, терімші, жартылай егін егумен шұғылданған талай-талай «қауымдар» басқа тарихи жағдайда нарық қатынастарына баулынып, іскерлік пен кәсіпкерлікте бізден әлдеқашан ілгері озып кетті. Ал біздің бұл саладағы кенделігімізді бір-ақ мысалдан көруге болады. Басқаны былай қойғанда, біздің бабаларымыз бір кезде көшпелілер, демек, кең байтақ кеңістіктерді жедел меңгеріп, күллі құрлықтардың геосаяси жағдайын түбегейлі өзгертуге мәжбүр еткен, сүйтіп өз тұсындағы айта қаларлықтай бастамашыл қауым болды дегенге бүгін айтсаң ешкім сенбейтіндей. Социалистік отаршылдық бізді жартылай көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданатын жартылай патриархалдық резервацияларға қуып тықты. Өз жерімізден табылып жатқан байлықты игерісуге, жедел дамып жатқан жаңа өндірістерге тартуға ықыластық көрсетпеді. Сөйтіп, қоныс аударғанды жанымыз сүймейтін, төңірегіміздегі табиғи орта мен жаңа еңбек салаларын игеруге зауқымыз соқпайтын әлеуметтік самарқаулыққа аямай бой алдырдық. Бұл бүгін реформаны жеделдетуге, еңбек күштерін геоэкономикалық және демографиялық ерекшеліктерімізді ескере отырып, ақылға сыйымды қып жаңаша орналастыруға, елімізді қалалық тұрмысқа жақындатуға, инфрақұрылымдар мен байланысты ықтималдандыруға көрер көзге қолбайлау болып отыр. Бәрін жоспарлап, алдын-ала кесіп-пішіп отыратын орталықтың жымысқы есептері салдарынан түпкілікті халықтың басым көпшілігі табысы жоқ, шығыны мол, жетілуге бейім емес, ең болмаса, өзі өндірген өнімді өз керегіне ұқсата алмайтын қарабайыр агрошаруашылықпен шұғылданып келді. Егер Қазақстанды индустрияландырудың соншалықты кең қарымы мен жұмсаған қыруар қаржысын ескерсек, бұндай кереғарлықты жұмыс орны немесе жалақы қоры тапшылығынан болған деп түсіндіре алмасақ керек. Аудандастыруда да арам пиғылдар аз болмаған. Аумақтық бөліну патриархалдық этноқұрылымның жіктелу шекараларымен сәйкес түседі. Ал, бірақ, оны билеу жүйесі бұрынғы қауымдық демократияға тән жариялылықпен, ашық талас пен сөзге тоқтауға, жақсыларды сұрыптау мен ұлықтаудың жоралы жолдарымен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Мұндай анохронизм ішкі ықпалдастықтың бір кездегі хандық мемлекеттілік тұсындағыдан күрт төмендеп, аталастық, руластық, тайпаластық дәрежеге дейін құлдырауына жол берді. Сөйтіп, кеңес саясаты, шынтуайтқа келгенде, қазақ қауымының қауқарсыздана, қазақ санасының құнарсыздана түсуіне мүдделі болды. Бұл үшін ұлтты емес, жылдар бойы оны төл сипатынан айырып, әдейі тоқыратып, біржолата жойылып тынғанын көздеген жымысқы саясатты күстаналауымыз керек. Сыннан өткен дәстүрлерін ұмытып, меридиан бойымен көшіп-қонатын үйреншікті шаруашылығына қажетті ұлан-ғайыр өрістері мен табиғи суаттарынан ада болған қазақ ауылы ғасырлап қалыптасқан өзін-өзі асырау, өзін-өзі қастерлеу, өзін-өзі сақтау иммунитеттерін де біртіндеп жоғалта бастады. Кеңестік кезең индустриялану ауылшаруашылығын бүгінгі ғылыми-техникалық прогресспен қаруланған агроөнеркәсіпке айналдыра алмай-ақ кетті. Сөйтіп, таптық интернациоанализм мен социалистік гуманизм қазақтардың ұлттық қасиеттерінен – тілін де, дінін де, тарихын да, дәстүрлі ұлттық құрылымын да емес, көпіртіп көп айтыла беретін атадан балаға ауысып келе жатқан мал баққыштығын ғана мейлінше қолдап бағыпты. Соның қырсығынан, міне, бүгін не шаруа, не жұмысшы бола алмаған әрі-сәрі қауым нарыққа бейімделудің парқына жетісе алмай, азап тартуда. Осыншама ақылға сыймастай боп жұлмаланған экономгеографиямыз бен экономпсихологиямыз қоғамымызды қайтадан ықтималдандыруды көз апара қиындатып отыр. Енді, міне, ауылдың әлгіндей күйзелісті халін түзетпейінше, Қазақстан реформасы қарыштап кете алмасы хақ. Ал ол үшін ауыл тұрғындарын, әсіресе, жастарды осы заманғы нарық экономикасына, индустрияға, инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласына мейлінше көптеп тартудан басқа амал қалмайды Тек бір нәрсені ес көрген жөн. Ауылды ұлттық болмысымыздың көсегесін көгертетін бірден-бір ая ретінде асыра әспеттеумен де, оны ешқандай өзгертіп-жаңартуға болмайтын әлеуметтік реликт, тіпті отандық реформаның астына қойылған ең қауіпті қопарылғыш бомба ретінде сипаттап, асыра күстаналаумен де еш келісуге болмайды. Түптеп келгенде, ауыл біздің реформамыздың ең маңызды, ең басты басымдығы болып табылады. Біз бұны өткен үшін біреуден өш алу үшін айтпаймыз. Бүгінгі тақсіреттің тек бүгіннен өрбімегенін, оның бәріне тек өзіміз ғана немесе тек бүгінгі ұрпақ қана айыпты емес екенін, бірақ одан тездетіп құтылуды тек өзіміз ғана – тек бүгінгі ұрпақ қана жүзеге асыра алатындығымызды түсінуіміз үшін айтамыз. Бүгінгі тоқтап қалған өндіріс, тұралап қалған тұрмыс, азып жатқан тәрбие, арып жатқан мәдениет үшін жап-жас тәуелсіздігіміздің титтей де кінәсі жоқтығын ұғыну үшін айтамыз. Оны жариялауға бір күн жетеді. Шындап тәуелсіз болу үшін көп жыл керек. Отаршылдық өзінен құтылса да, сорынан құтыла алмайтындай қып, құзғын қақпандарын құжынатып құрып кеткен. Даламызға ғана емес, санамызға да құрып кеткен. Келешегіміздің де тірсегін қырықпасын десек, оның бәрін біз іздеп тауып, біз жүріп аршып алуымыз керек. Демек, стратегиялық міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру үшін тек жоғарыдағыларға ғана емес, төмендегілерге де, әсіресе, әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-психологиялық болмысымызға байланысты бірқатар мәселелер төңірегінде мықтап ойлануға тура келеді. Бұл арада, реформаның тарихи процесс екенін ешқашан естен шығармаған абзал. Ұқсас жағдайлар ұқсас шешімдер талап етері хақ. Бұндай көзде алдыңғы ұрпақтар қалдырған тәжірибені аттап өте алмаймыз. Оларға өзіміздікі не өзгенікі екендігіне емес, қазіргі қалыптасып отырған жағдайымызға қаншалықты сәйкес келетіндігіне қарап, маңыз берсек ғанибет. Ең бастысы, осы заманғы саясат тек ұлттық мүдделерді ғана емес, ең алдымен, адамзаттық мүдделерді қапысыз ескеруді талап етеді. Нарық пен демократия, сол арқылы индустрияланудан кейінгі үрдіс дамуға батыл бет бұру – дәл сондай күллі адамзаттық мүдде. Ол үшін тарих алдында өкімет пен қоғам бірге жауап береді. Ырғақты даму тұсында отаншылдық тіршілік аясын мейлінше кеңейту арқылы көрінсе, үрдіс даму тұсында сол кеңістік мүмкіндіктерін жете игеру арқылы көрінеді. Ол үшін кез келген ел мен ұлт кез келген салада есесін ешкімге жібермейтіндей боп, бәсекеге төтеп бере алуы керек. Ал ол тек азаматтары соған жарай алған қоғамдардың ғана қолынан келмекші. Бұл реформа, кәсіпкерлік төңірегіндегі ахуалды мейлінше ізгілендіре түсуге, олардың тартымдылығын барынша арттыруға баса көңіл бөлуді талап етеді. Ол үшін ең алдымен прагматистік сана қалыптастыруға басты маңыз бермесек болмайды. Бұрын білімді тым идеологияландырып жіберіппіз. Оны гумандандыру деп түсіндірдік. Шын гуманизм – адамдарды өзіне-өзі риза болатындай өмір сүруге, ұрпақтарының қамын қапысыз қамдастыра білуге баулу ғой. Білім мен мәдениет те сол үшін керек қой. Ал біз балаларымыз санасын ешқашан тікелей қажетіне жарамайтын көлденең мағлұматтармен сықап бағыппыз. Басқаны қойып, оқулықтарымыздың ақпарат банкі атымен ескірген. Математиканың өзі бізде қалтаңдағы тиын-тебенді емес, аспандағы жұлдызды санауды үйретеді. Экономикалық ахуалдың сауығуы бизнестің ойдағыдай ізгілене түсуіне да тығыз байланысты. Бір өкініштісі, іскер адамдарымыз жалпы ахуал жақсармай тұрып, өз істерінің де өрге басып кетпейтіндігін әлі түсіне қойған жоқ. Кедей-кепшікке көмектесуден гөрі көңіл көтеруге көбірек ұқсайтын қайрымдылық шараларын өткізумен кәсіпкерлікке деген қырын көзқарасты жақсарта алмаймыз. Халық реформаның отаншылдық сипатының арта түскенін қалайды. Өз кәсіпкерлеріміз әлі аз. Бары да елжандылық таныта алмай келеді. Отандастарымыз үшін жаңа жұмыс орындарын жасау мардымсыз. Орта және шағын бизнесті қандастарымызды іскерлікке баулудың бірден-бір мектебіне айналдыра алсақ, құба-құп болар еді. Оған бөлінген қаржыны тек осы мақсатқа жұмсасақ лазым. Ірі кәсіпорындарды жекешелендірудегі отандық ұлттық капиталдың үлесі әлі қораш. Бұл мәселедегі мөлдірлік пен жариялылық жағымсыз лақаптардың жолын кесіп, отандық кәсіпкерліктің қатарын кеңітіп, белсенділігін арттыруға оң ықпал етер еді. Ал отандық кәсіпкерліктің, әсіресе, орта және шағын бизнестің көзге көрінерлік табыстары қалған отандастарымызды да жігерлендірер еді. Нарықтың келешегіне деген сенімді нығайтар еді, Жаппай іске жұмылуымызды тездетер еді. Ал бұл – әр жанұяның, әр азаматтың еңбекшілдігін арттырмайынша, мүмкін емес нәрсе. Бүгін таңда бұл – қанша айтсақ та, оның жолында қандай іс істесек те, көптік етпейтін өзекті міндет. Оның үстіне, бұл – әлеуметтік прогрестің де басты мұраты, басты көрсеткіші. Имануэль Кант қатты табынатын Жоғарғы Игілік қағидасы да түптеп келгенде, өр адамның өзін-өзі сыйлай алатындай лайықты өмір сүруі болып табылады екен. Өркениетті жаңаша дамыту байыптамасының басты қағидасына да соның алынуы тегіннен-тегін емес. К.Майнцер, айтқандай, «әскер сияқты әкіріп-жекіргенге көне қоймайтын», бірақ, адамдарға қызмет еткізу үшін бәрбір қандай да болмасын «басқару параметрлерін» талап ететін нарық жағдайында да Жоғарғы Игілік қоғамның өзін-өзі басқаруының ең тиімді тетігі ретіндегі маңызын арттыра түспекші. Ендеше, нарықты орнықтырудың да ең пәрменді қаруы адамдардың жеке мүддесі болып табылады. Онсыз қоғамдық мүдде деген бос сөз екен. Жеке мүдде қоғам дамуында әр көз тежеуіш емес, демеуіш болған. Олай болса, күллі қоғам боп, дағдарыстан тез шығу жолында жұмылуды отандастарымыздың жеке мүдделілігін арттырудан бастаған дұрыс сияқты. Ол әр адамның, әр жанұяның, әр аймақтың өзгешіліктерін мейлінше жіті ескеретін мейлінше нәзік әдістермен жүзеге аспақшы. Әйтпесе, жалпылама көзқарас жағдайды одан әрі жадағайландыра түсері хақ. Мәселенің, шырқ айналып келгенде, мына біздің әрқайсымызға көп тіреле беретіндігі де сондықтан. Әрқайсымыздың өз көзімізбен көре алатындай жуық мерзім ішінде не істеп, не қоя алатынымызды нақтылайтын түсінікті бағдарлама ғана бәрімізді бірдей іске жұмылдыра алмақшы. Қысқа мерзімді реформа деген табиғатта болған емес, болмайтын да көрінеді. Сондықтан да ұсынылып отырған Стратегия ұзақ мерзімге арналыпты. Бірақ, алыс мерзімге арналмапты. Өйткені, алыс келешекте Джон Мейнард Кейнс айтқандай, «бәріміз де мәйітпіз». Осы арада бес жыл емес, он жыл емес, отыз жылдан астам мерзімнің неге алынып отырғандығы туралы әңгімеге тағы бір оралуға тура келетін сияқты. Қазір жұрт Биссмарктің бір сөзін жиі-жиі еске алатын болып жүр. Қатаң тәртіпті қастерлеп өткен Пруссия перзенті Бисмарк үшін философ пен солдаттан басқаның бәрі алаяқ көрінуі ғажап емес. Оның ыждаһатты пайдакүнемдікті соншама қастерлейтін отандасы Макс Веберге қаншалықты қосылатындығын да бір тәңір білсін. Бірақ, бір кезде герман канцлері айтып кеткен пікірді кейін неміс философы айтқан және бір пікірмен будандастырып, революцияға емес, реформаға байланыстырып, қайта кескіндер болсақ: қандай өзгерісті де арманшылдар әзірлеп, тәуекелшілдер жүзеге асырып, нағыз прагматиктер ғана жеңіске жеткізе алатынын ұғынар едік. Қайта құруды да тоталитаризм жылдарында тек арманшылдар аңсады. Нағыз кезеңі келгенде нағыз жұлын жұтқандар қолға алды. Бірақ, одан арғы процестер ойдағыдай дамып кете алмай жатыр. Соған қарағанда, біздегі реформа тізгіні өзінің шын қожайындары прагматиктердің қолына түгел кешіп болмаған сияқты. Сондықтан да өтпелі кезең әлі аяқталған жоқ. Ал «Қазақстан – 2030» тек кемел прагматизм ғана атқарып шыға алатын келелі жәйттерді сөз етеді. Елбасының пайымдауынша, ондай жағдайға 2000 жылдан бастап аяқ басар сыңайымыз бар. Тәуелсіздікпен бірге реформаға кіріскен мемлекеттер тәжірибесін көп зерттеген Роберт А.Даль жиырмасыншы ғасырдағы жағдайларды талдай отырып, реформаның ойдағыдай өрістей алмауы салдарынан талай тәуелсіздіктің қайғылы халге ұшырағанын, ал он үш елде демократия күйреп, орнына реакцияшыл күштер келгенін жазады. Ондай қауіп, әсіресе, кезекті сайлаулар өтетін немесе ұрпақтар ауысатын көздерде ерекше күшейген. Реформадан тым үлкен үміт күтіп, ол тез арада жүзеге аса салады деп ойлаған сенімпаз электорат кей кезде кезекті сайлауда кешегі одақтастарын жығып беріп, қарсы жаққа дауыс берген. Ал жаңа режимдерге жиырма бесінші, отызыншы жылдары тап болатын келеңсіздік, көбіне-көп, жаңа ұрпақтың сахнаға шығуына байланысты туындаған. Уәдеден шыға алмаған әкелердің балаларынан жақсылық күте алмайтынын Хосе Ортега и Гасетт жақсы жазған-ды. Оның айтуынша, әр буының белсенділік кезеңі 30 жылға созылады. Алғашқы он бес жылында өз мүддесіне жету үшін билік жолында күреседі. Ал екінші жартысында жеңістерінің жемісін теруге тырысады. Сондықтан қандай дүрбелең кезеңнің де он бес жылдан ұзаққа созылуы мүмкін емес деп санайды. Біздегі қайта құрудың басталғанына он бес жыл болып қалды. Ол, бірақ, ойламаған жерде тәуелсіздікке ұласты. Ал, оған әлі он жыл да толған жоқ. Ендеше, «жеміс теруге» білек сыбануға әлі ерте. Экономикалық реформада да ондай кезең келе қойған жоқ. Шынайы прагматизм мен нарық тек жеке меншіктен өрбиді. Ал ол әлі түпкілікті жеңіске жетіп болған жоқ. Бірақ, бірте-бірте еңсеріп келеді. Ғасыр тоғысынан арғы кезең прагматиктердің өз жағдайларын нықтап алу кезеңіне айналатын болады деуге барлық негіз бар. Тарихи меже – 2000 жыл. ТМД елдерінің көпшілігіндегі кезекті сайлаулар өтеді. Сол шамадан бастап, дүние әйтеуір жақсылыққа қарай өзгеретін шығар деп ойлайтын «сенімпаз электорат» емес, нені көксеп, ненің жолында күресетінін жақсы білетін «мүдделі электорат» дауыс беретін болады. Қоғамдық көзқараста да жеке меншікке деген түбегейлі бетбұрыс сол жылдары жасалары түсінікті. Өйткені, ол кезде экономикада да, саясатта да жаңа буын үстемдік құра бастайды. Ол буын тоталитаризм дағдарған жылдары дүниеге келді. Демократия бел ала бастаған кезеңде ержетті. Таптық идеологиядан жаппай бас тарту рухында тәрбиеленді. Одан кейінгі буын біржола нарықтық қатынастар мен демократиялық үрдістер тұсында дүниеге келіп, тәрбиеленіп, ер жетпек. Сондықтан да, «Қазақстан – 2030» авторы аталмыш кезеңде демократиялық менталитеттің біржола басым түсе бастайтынына сенімді. Осыны ескеріп, жеке меншіктің, аралас инвестицияның, ашық қоғамның, саяси плюрализмнің, меншік иелері билігіне қол сұқпайтын кәсіби үкіметтің, қылмысты бұғалықтаудың, жаңа адамдық сапаның мәселелерін батыл көтеріп, коррупцияға, экономикалық бойкүйездікке, ақаулы тұрмыс салттарына қарсы белсенді күреске шақырады. Бұның бәрінің тарихи шындыққа айналуы қазіргі естияр буынның тарихи жауапкершілігіне байланысты екендігіне әдейі тоқталады. Ол жауапкершілік өте қарапайым нәрседен – өз дастарханының ырзығы мен өз ошағының басының игілігін дер көзінде мықтап ойлай білуден басталады. Бірақ, осынау ақиқатқа түсіну көпшілігімізге оңай болмай тұр. Өткенді көксеушіліктің де түп-төркіні сонда сияқты. Болып жатқан жаңалықтардың күмән атаулыны түгел серпіп тастауға қауқары әлі жетпей тұр. Талайымызға тап анау айтқандай оңай ғасыр тап болмайтын түрі бар. Ол туралы ойлағандар бағзы неолит революциясын қайта-қайта ауызға ала береді. Ал ол кезде ең күштілер де, ең әлсіздер де аман қала алмаған-ды. Аяғы аспаннан келген аламан-асыр дүниеде, соған лайық амал тауып, жойылып кетпеген әдісқой тіршілік иелері ғана жер бетіндегі өмірдің одан арғы өрбуіне мүмкіндік жасаған-ды. Бұны қазір қайтып жүзеге асыра аламыз? Қоғам болып, ұлт болып, саналы мақұлық – адам болып қалай жүзеге асыра аламыз? Кейбіреуге айтқызсаңыз, ұлттық идея мен идеология бәрін шешіп бере салмақшы. Бірақ, көз келген ұлттық идеяның айтары: біз басқалардан кем емеспіз. Бұны басқаларды жеңе отырып дәлелдегісі келгендер талай рет сазға отырды. Ал өзін жеңе отырып дәлелдегендер өз дегендеріне жетіп жатыр. Күштің де, дәулеттің де, көптіктің де ештеңені оңай бітіріп жатқаны шамалы. Өткендегі дүркіреген дүлей мемлекеттердің талайы әлі күнге өз дегендеріне жете алмай, күлдікөмеш күй кешуде. Тіпті АҚШ-тың өзі әрі бұлықсып, бері бұлықсып, Франклин Рузвельт тұсында ғана өз тізгіндерін өздері тежей алып, дүниеде қалыптасып жатқан жаңа жағдайды ескеріп, өз күш-қуатына, мүдделері мен мүмкіндіктеріне лайық жаңа көзқарас, жаңа құлық жасақтай алған соң ғана аршынды даму жолына түспеді ме?! Германия мен Жапония да жұрттан асамыз деген көздерінде емес, ондай астамшылдықтан бас тартқан кездерінде ғана көш басына іліге алды ғой! Оңтүстік-Шығыс Азия елдері де өзгенің тарапынан да, өздерінің тарапынан да ондай өктемдікке дес бермеу арқылы ел қатарына қосылып отыр. Бойкүйездік те, әупірімдік те адамдары да, халықтарды да жолдарынан қалдырмаса, жұлдыздарын жандырмапты. Демек, күш-қуатын орнымен жұмсамаған ұлт та ойдағыдай дами алмайды. Ішкі-сыртқы алып-ұшпа пиғылдарға оңай бой алдырған елдердің қандай хәл кешіп жатқандары белгілі. Егер бейбіт тіршілігіміздің жанға жайлы жылы ауасын әлеуметтік алағай-бұлағайлардың алай-түлейіне орынсыз ысырап қылғымыз келмесе, ортақ шаңырағымыздың үзігі мен жабығын қалай болса, солай, ашып-шашып тастамай, бекем отырмағымыз шарт. Өз іргеміздің бекемдігі – өте нәзік мәселе. Өкпе-бопсаға бой алдырсақ, өз берекемізді өзіміз кетіреміз. Жанды қинайтын жаңғыз нәрсе: тәуелсіздігімізді жақтырмайтын да, реформамызды жақтырмайтын да, тіпті екеуін бірдей жақтырмайтын да пиғылдар әлі аз емес. Бұл болып жатқан процестерді бұдан әрі де бір кезде басқалар бастап берген сарынмен жалғастыра беруге болмайтынына көзімізді жеткізе түскендей. Сондықтан, реформаның кедір-бұдырына тәуелсіздігімізді ойлап, тәуелсіздікті нығайтудағы «әттеген-айларға» реформа мүддесін ойлап, сабыр сақтай тұруға тура келетін тұстар аз емес. Дәл қазір максималист болып, атақ шығару оңай да, реалист болып, абырой табу қиын. Бірақ, басқадай жемісті жол бәрібір жоқ. Әсіресе өткенді көксеу – өз кеңірдегіне өзің қанжар тақау. Енді саған: «Құлдығым, келдің бе?» – деп құшағын аша қояр, бауыры езіліп отырған ағайын жоқ. Ондай ағайын бұрын да болмаған. Болса, отау тіккенінде, ошағыңның астына отын салыспас па еді?! Жасыратын несі бар, жалпының жағдайды жақсы білмейтіндігі экономикалық оспадарсыздықты да, саяси оспадарсыздықты да асқындата түсуде. Біреулер экономикалық тойымсыздыққа ұрынып, әлеуметті ызаландырады. Біреулер соны пайдаланып, билікке жетіп ала қойғысы келеді. Белсенділіктің де белсенділігі бар. Лайықты өмір сүруіңе ғана жеткілікті белсенділік бар да, одан асып түсетін белсенділік бар. Эрих Фроммның сараптауынша: алдыңғысының аты – еңбек те, артқысының аты – желік. Кейде еңбек қуып жүрген белсенділігімізден желік қуып жүрген белсенділігіміз үстем түсіп жатқан жоқ па деген ой көбірек мазалайды. Желіктің жетістіре бермесі анық. Тіршіліктің ең түпкілікті инстинктерінің ұзақ тұншықтырылуы қырсығынан, психикалық әлеуметтік қуаттың шамадан тыс қордалануы жеке адамдардың байлыққұмарлыққа, билікқұмарлыққа, кекшілдікке, ал қоғамды дау-дамай мен даңғазаға, әлеуметтік зобалаңдарға ұрындыратыны тарихта аз кездеспеген. Ондай індеттерге, әдетте, әрі-сәрі өтпелі кезеңнен әбден жүйкелеген әлжуаз қоғамдар көбірек шалдығады. Біз экономикалық оспадарсыздыққа аз назар аударып жатқан жоқпыз. Оған қарсы күресті күшейтуді айтпайтын күніміз жоқ. Ал билік жолында неден де болса тартынбай, халықтың басындағы жаңғыз игілікке – татулығымыз бен орнықтылығымызға қоқан-лоқы жасайтын саяси оспадарсыздықты көзімізге де ілмейміз. Ол соншалықты еленбестей ерсілік емес. Ортақ қиындыққа бірге төтеп беруге шақырудың орнына, орынсыз қиқуды көбейту жолдан да қалдырады, әлеуметтік пиғылды да бұзады. Әлеуметтік даукестік, жаппай жанжалқұмарлық бірде-бір мәселені шешпеген, шиеленістірген. Тарихтың солай шие байланған талай күрмеуі әлі сол шие байлаған қалпында. Біздің басымыздағы бүгінгі тауқымет те баяғыда басқалар бастап берген дау-дамайдан өрбіп жатыр. Неғұрлым көп боп қуалап, неғұрлым үлкен аңды жайратсақ, бәріміздің де аузымыздан ақ май ағады дейтін заман бағзыдағы аңшы бабаларымызбен бірге кеткен. Одан бергі қиындықты қиқуласып жеңеміз, бәріміз жамырай жүгірсек, бәрімізді жарылқайтын мамыра заман орнайды деген тапшылдық тапсынулар талай жерде тақырға отырғызды. Өйтіп әулекіленбеген жұрттарда әркім өз игілігін өзі айырып жүріп-ақ, өздерін де, елдерін де қарқ қыла алды. Ендігі жерде біз де жоғарыдағыларды да, төмендегілерді де, реніштілерді де, ренжітетіндерді де тек ізгілік арқылы жөнге түсіре аламыз. Ізгілік дегеніміз – өзің мен үрім-бұтағыңа игілік болып даритын адал еңбек. Осыны жете ұғынған Елбасымыз демократиялық ел билеудің дәстүрлеріне жүгініп, реформаны ойдағыдай өрге бастыру үшін жұртшылық пен әрбір азаматты іске жаппай жұмылуға шақыратын саяси бастаманы дер көзінде көтеріп отыр. Бұл біздің конституциялық құрылысымызға деген сенімімізді нығайтады. Келешекке деген үмітімізді көбейтеді. Азаматтық қоғамымыздың кемелділігі де осындай сындарлы бастаманы қаншалықты ұйымшылдықпен қостағанына қарап анықталмақ. Қазақстан реформасы жаңа кезеңінде адамға баса көңіл бөліп, күш-қуатындағы әрбір отандасымызға – жұмыс не пайдалы іс тауып беруге, әрбір мүжәлсіз отандасымызды – әлеуметтік қорғауды күшейтуге күш салмақ. Ол да баршамыздың күшімізбен жүзеге асады. Күнбе-күн өзіміз жете түскен ақиқат мынау: жаппай іске жұмылсақ қана, жағдайды тез жақсарта аламыз. Ұлттық ғылыми ойымыз да осындай кезде отандастарымызға көмекке келгені дұрыс. Бір кезде индустриялану тұсында еліміздің табиғат байлықтарын зерттеу мен игеруде табиғат танушылығымыз қандай ыждаһат танытса, қоғамымыздың рухани мүмкіндіктерін зерттеу мен іске жұмылдыруда адам мен қоғамтанушылығымыз да дәл сондай ыждаһат көрсетулері жөн. Солай болады деген нық сеніммен, Елбасымыздың жаңа саяси бастамасының өміршеңдігі туралы өз ой-толғамымды аяқтағым келеді. Назарларыңыз үшін рахмет!

Желтоқсан, 1997 жыл.

ЖАҢА АТАУДА ЕЖЕЛГІ ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ БАР

- Астана Ақмолаға ауысады дегеннен бері оның аты туралы әр қилы пікірлер туып келді. Өткен жазда Елбасымыз Қазақстан халықтары Ассамблеясының кезекті жиынында байырғы атауды өзгертпей тұра тұрғысы келетіндігін айтты. Енді, міне...

– Иә, Ақмола атауын бәрібір өзгертуге тура келді. Түпкілікті ұйғарымға келу де оңай болған жоқ. Елбасы жұртшылық пікірлерін де ескерді. Ғылыми дәйектемелерге де құлақ асты. Бұл реттен келгенде, «Ақмола» деген атаудың да әбестігі жоқ екені рас. Оны жасап тұрған екі түбірдің біріншісі ешқашан ешқандай дау туғызып көрген жоқ. «Ақ» – кім-кім де қастерлейтін ұғым. Ал, екінші «мола» деген түбір баяғыда Целиноград деген ат қойылғанда да бірден-бір желеу болған сөз еді. Семантикалық жағынан, «мола», «там», «бейіт» деген ұғымдардың ешқайсысы да кісі үркітпеуге тиісті. «Қорған», «үй», «от басы»

– баяғыда да, қазірде де жұрттың құлағына әрі ыстық, әрі түсінікті ұғымдар. Бірақ, бір сөздің әр ғасырда әр қилы мағына білдіруі мүмкін екендігі де көз жетіп жүрген ақиқат. Осы реттен келгенде, қазақтың көп жерінде бұрын жанұяны, бір оттың басындағы адамдарды, кейін олардың бірге жерленетін қорымын білдіретін «бейіт» атты араб сөзі біржолата «зираттың» баламасы болып кірікті. Баспананы білдіретін «там» өлік басына тұрғызылар жәй болып сіңісті. «Қорған», «қамал» мағынасынан біртіндеп айырылған «мола» сөзі біржолата кісі қорқытатын ұғымға айналыпты. Қалың көпшілік тіл білімінде синекдоха деп аталатын бұл құбылысқа бәрі бірдей қанық емес. Бүгінгі ұрпақтың бәр-бәрі аталмыш сөздің қазіргі тұрмыстық қолданыстағы мағынасынан басқа да мағыналары болғанын біле бермейді. Ал бұндай мағыналық екі ұдайылық жаңа астананың имиджіне оң ықпал ете қоймайтындығы даусыз. Ол өз кезегінде еліміздің мемлекеттік имиджіне де пайдасын тигізбесі түсінікті. Сөйтіп, бұл тек тілдік фактормен шектелмей, әлеуметтік психологиялық мәселеге айналды. Осыны ескерген Елбасы жаңа астананың тұсау кесер тойы алдында оның атын да жаңалау туралы шешім қабылдап отыр.

— Бүйтіп, жұрттың бәрі түсіне бермейтін атауларды өзгерте берсек, тарихи қалыптасқан атаулардан жұрдай болып қалып жүрмейміз бе?

— Егер ежелгі атау белгілі бір елдің өз тұрғындары және шектес қауымдар тарапынан екі ұшты ұғым тудырмайтын болса, сол қалпында қала бергені дұрыс. Мәселен, бұрыннан дүниеге мәшһүр Мерв, Баку, Лондон, Берн, Берлин, Дублин, Дамаскінің неге «жылан», «жел», «ормандағы алаңқай», «аю», «аю апаны», «көл», «сауда орны» деген ұғымдармен байланысты болғандығын сұрап, не өз елдерінде, не сырттан бастарын ауыртып жатқан ешкім жоқ. Өйткені, ол елдерді де, қалаларды да жұрт ежелден біледі. Ал, біз турасына келсек, дүние жүзінің көп елдері мен халықтары енді-енді танып, мойындай бастаған мемлекетпіз. Ежелгі тарихымызды өзгелер түтіл өзіміз енді-енді шындап зерделей бастадық. Кез-келген жаңа мемлекет жайында бастапқы көзден дұрыс көзқарас қалыптастыра білудің мәні зор. Тәуелсіздік алуымызбен қоса астанамыздың жаңа орынға ауысуы бізге әлем назарын екі есе арттырып отыр. Оның үстіне, біздің жаңа астанамыз бұрын қалған әлем үшін жабық аймақ болып келген өлкеге орналасып отыр. Сонау Геродот пен Аристейден бастап «түнек елі», «алтын қорыған тазқаралар елі» ретінде тым күңгірт бейнеленіп келген маң дала осы ғасыр басынан ағылшын геосаясатшысы Маккиндердің ауызымен «жер кіндігі» аталды. Әлемдік мұхиттың ешқайсысынан атып снаряд жеткізе алмайтын бұл кеңістікті қалған дүние саяси ауа райынан шеткері қалдырмау жаппай қаруланудың негізгі мақсатының біріне айналғаны, континентаралық баллистикалық қару да әу баста сол пиғылдан туындағаны белгілі. Ол кеңістік тоталитаризм тұсында жаппай саяси жер аудару мен қырып-жойғыш қаруларды сынау алаңына айналғаны да мәлім. Сондай құлақ шошытып тастаған өлке тәуелсіздік алғанымыздан соң ғана әлгіндей қорқынышты сипаттарынан арыла бастады. Енді ол «ашық есік» саясатын ұстанатын демократиялық мемлекеттің орталығы көшіп келуіне байланысты тек әскери зымырандар ғана емес, бейбітшілікті, екі жаққа бірдей тиімді саяси, экономикалық, рухани ықпалдастықты көздейтін кез-келген ізгі ниетті адамның аяғы жете алатын кеңістікке айналып келеді. Ендеше, жаңа астананың аты да, ажары да айрықша тартымды болуға тиісті. Бұл – біз ұстанған саяси бағыт пен мемлекеттік құрылымнан туындап отырған шарт. Ол алға қойған мақсаттарымызға да, тарихи дәстүрлерімізге де еш қайшы келмейді.

– Ендеше, тарихи дәстүрлік жағынан жаңа орталығымызды ресми мәртебесін білдіретін ұғыммен атай салғанымыз қаншалықты қонымды?

– Ежелгі дүние қауымдары «қасиетті», «шарапатты» деген орындарға ғана тұрақ салған. Сол тұрақтардың кейбірі өсе келе әуелі тайпалық бірлестік, кейін тайпалар одақтастығының, артынан алғашқы мемлекеттер мен байырғы мемлекеттердің орталығына айналған. Кейін бізге жұмбақ болып жүрген қарапайым сөздер алғаш иемденушілер үшін ең киелі ұғымдар болуы ғажап емес. Халықтарының табаны сол қалпында сақталған елдер орталықтарының әлге дейін ежелгі атауларын сақтап қалуы да сол себептен шығар. Бұл дәстүр кейінгі ғасырларда да жалғастық таппай қалған жоқ. Билікті кие тұту – көп астананың аттарынан да, орналасқан жерлерінен де байқалады. Мәселен, 736 жылы Тигр өзенінің жағалауына салынған жаңа қалаға иран тілді бастапқы тұрғындары «бағ» – тәңірі, «дад» – тарту дегеннен шығарып, «тәңірінің тартуы» деген ат берді. Кейін арабтар Дар-эс-Салам – «бейбітшілік тұрағы» деп өзгерткенмен, ресми құжаттарда ғана пайдаланылып, жаппай қолданыста баяғы атауын сақтап қалды. Джакарта – санскритше: «жеңіс мекені». Лима-кечуа тілінде: «тәңірдің айтқаны естілетін жер». Амман – ежелгі Мысыр тәңірісі Аммонның киесі қонақтаған қоныс. Ереван – Ару тәңірінің үйі. Қысқасы, дүйім жұртқа билігі жүретін ықпал орталығы. Бір қызығы, ежелгі дүние, көбіне көп, биліктің орталығы биіктің басында болады деп түсінген. Құдайлар Олимптің басында кеңес құрады деп ұққан гректер өздерінен бұрынғы пеласг тайпаларынан қалған «төбе» деген сөзді басты құдайларының да, астаналарының да атына айналдырған. Белград, Вена, Варшава, Иерусалим, Каракас, Киев, Лондон, Таллин, Тель-Авив, Уфа шаһарларының арғы түп мағынасы ежелгі тайпалар тіліндегі «төбе», «дөң», «биік» деген сөздерден туындап, кейін соның басына салынған құрылыс, қамал, қорған, қалалардың сипатына қарай үстеме мағына қосып отырған. Демек, бәрі де билік шығаратын биік деген мағынаны білдіреді.

Бұл дәстүр біздің түркі-монғол әлеміне де өте-мөте тән болған сияқты. Тіпті ежелгі түркі тіліндегі «тау» мен «тақтың» арасында тек дыбыстық қана емес, мағыналық та үндестік бары даусыз. «Тәңірді көргің келсе, тауға бар» –деген мақал да, Тәңіртау, Хан-Тәңірі атауы да тектен тек-ке шықпаған сияқты. Түрік-моңғолдың ортақ бабасы – Олжай. Інжіл тілінде – Яфес. Нұқ пайғамбардың ұлы. «Оғызнаманың» айтуынша, Ортақ (Ұлытау), Кертақта (Кішітауда) орда тігіп, Қарақорымды жайлаған. Қазаққа айтқызсақ: хан жайлаған Қаратау, би жайлаған Алатау. Билікті бәрібір жоғарыдан күткен. Жиынды төбенің басында құрған. Мәртөбе. Күлтөбе. Ордабасы, Хантауы. Шыңғыс жиын ашқан Мыңбұлақ, Бату жиын ашқан Ордатау, Жәнібек пен Керей жиын ашқан Қозыбасы, Үш би жиын ашқан Ордабасы. Бәрі де – өз тұсында күллі ел тағдырын шешетін билік орындарына айналған. Кейін ондай жерге орда қонып, тұрақты қоныстар пайда болған. Орда, Үрға, Ордабасы, Ордабазар, Ордакент содан шыққан. Оларға билік құратын мекенжайлар салынып, әуелі бекіністі қамалға, сосын байтақ шаһарларға ұлғайған. Сарай, Ақ Сарай, Көк Сарай, Ескі Сарай, Сарай-аль-Джадид, Сарайшық, Сарайлы, Ақ қорған, Ақкермандар содан қалған. Сонау Анадолы, Балқан, Дунай, Днепр, Қап, Азау, Еділ, Жайықтан бастап Сары Өзенге дейінгі аралықтағы осы тектес атаулар ежелгі саяси орталықтардың өсуі мен өшуінен, көшуі мен тұрақтануынан хабар бергендей. Бір ғана Алтын Ордада 110 қала болып, оның жиырма бірінде ақша шығарылыпты. Осының өзі-ақ біздегі мемлекеттік билік дәстүрінің қаншалықты тереңде жатқанын аңғартқандай. Қазақ даласындағы «кент», «қант», «шаһар», «қала», «балық», «байтақ», «астана», «орда» топонимдерінің, «кердері», «балықшы», «сунақ» руларының ұшырасуы біздің урбанистік дәстүрлерімізді айғақтап тұрғандай.

– Ендеше, сол дәстүрлер жаңа астанаға ат қоюда қаншалықты көмек көрсете алды?

– Меніңше, мықты көмек көрсетті. Жоғарыдағы мысалдарға қарағанда, түркі-монғол дүниесі саяси орталыққа ат беруде ерекше ұстамдылық танытқан. Саяси үстемдік құмарлықты білдіретін немесе мемлекет пен билікшіні мадақтайтын дәріптемелік сипаттамалар атымен ұшыраспайды. Көбіне, көп оның мемлекеттің саяси орталығы екендігін білдірумен ғана шектелген. Қарақорым – әскери қосын қонатын орын. Ұрға – әскер басының ордасы тұратын тұрақ. Сарай – билік мекемесі орналасқан жай. Олар бұл қағиданы өздері үстемдік еткен кеңістікке де кеңінен дарыта білген. Мәселен, Пекинді монғолдар Хан-балгат (патша қала) деп атаса, қытайлар Бэйцзин – солтүстік астана, ал Нанкинді Нанцзин – оңтүстік астана деп атаған. Жапондар да ескі астанасын Киото – батыс астана, жаңа астанасын Токио шығыс астана деп атаған. Бұл батыс елдеріне де тән дәстүр. Славян дүниесі Византия астанасы Константинопольді Царь-град (патша қала) атаған. Кингстон, Кингсберг – король тұратын қала атаулары соған куә. Сондықтан, жаңа саяси орталығымызды жәй ғана Астана атауымыздың тарихи дәстүрлерімен, қай тұрғыдан келсек те, терең қабысатыны ешқандай дау туғызбаса керек.

– Олай болса, тіліміздегі дәл осы ұғымды білдіретін басқа сөздерге емес, неге тек «астана» деген сөзге таңдау жасалған?

– Оның бірқатар себебін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жарлығын жариялағанда өзіде айтты. Қала әкімі Ә.Жақсыбеков те жүйелі түсініктеме жасады. Расында да, қазіргідей тыңдамалы-көрмелі белсенді ақпарат құралдары заманында жаңа атаулардың қалай дыбысталып, қалай бейнелейтіндігіне де мейлінше назар аудармай болмайды. Оның үстіне, бұл тұрғыдан да, ежелгі, жаңа дәстүрлерімізге ерекше мән берілгенін баса айтуымыз қажет. «Астана» деген сөз жас мемлекетіміздің конституциялық басты әлпетін де, қалған баламаларға қарағанда, анығырақ аша түседі. Рас, Астана дейтін қала қазақ даласында бұрын да болыпты. Ол Ақтөбе облысында Қарасу өзенінің Ұлы Қобдаға құяр сағасына орналасыпты. Кеңгір бойындағы Домбауыл, Аягөздегі Баян сұлу кешендерінің діңгектеріне ұқсайтын діңгектері мен қабырғаларының орны XІX ғасырдың аяғына дейін сақталып келіпті. Қазақ энциклопедиясының бірінші томының 521 беттегі дерек бойынша, Дешті Қыпшақ (ХІІ-ХУ ғ.ғ) заманының жұрағаты болса керек. Шамасы, бұл сол дәуірдегі көп болып жиылып, кеңес құрып, шешім қабылдайтын орталық болса керек. Кейін соған ұқсас жиын-той өткізетін жерлерді, сосын жиын-тойдың өзін, ақырында соған жиылып ұйғарым айтатын халықты, көпшілікті атап кетсе керек. Өйткені, өткен ғасырдағы шығарған жырларында Сәттіғүл ақын: «Астана жұртқа дабылың, хабарың тегіс білінді, досың түгілі дұшпаның айта алмас тауып мініңді, қолдағы тұрған алтынсың, біле алса халқың пұлыңды», – деп жырласа, Өмір Қараұлы (XІX ғ.) жырау: «Ер жігіттің белгісі қиын жерден қиялап көкірегі ұшқан шартарап, астана халқын асырап, көзін салар алысқа, жауабын берер жаңылмай», – дейді. Ел аузында: «Ақ сүйрік саусақ кимесе, алма мойын ілмесе, алтын да азып, жез болар; астана алдын көрмесе, алқалы дауға кірмесе, ақыл да жасып өз болар», – деген сөз бар. Бұның бәрі де «астанаға» географиялық мазмұнынан гөрі саяси-әлеуметтік мазмұн беріңкірейді. Дүйім көпшілікке баға беретін алқалы жиынға көбірек меңзейді. Ғасыр басындағы зиялыларымыз әуелі батыс шалғайдағы Орынборға, сосын күнгей беттегі Ақмешітке, кейін шығыс шалғайдағы Алматыға астана мәртебесін бергенде көрші ағайындарымыз сияқты «орталық» деген географиялық сипаты басым ұғымға бой ұрмай, биліктің жалпыхалықтық тегін бейнелейтін «көпшілік жиналатын ая» деген мағына білдіретін әлеуметтік сипаты басым атауға тоқтапты. Бұл арқылы халқымыздың ежелгі грек полистері сияқты ат жалын тартып мінер жасқа жеткен естияр қауымы – астана жұрты болып, бірлесе шешім қабылдайтын демократиялық үрдісін мәңгі есте қалдыруды ойласа керек.

Елбасы Жарлығы да ғасыр басындағы қазақ зиялылары ұғымын дамытып, «астана» саяси терминін нақты ономастикалық атауға айналдырып отыр. Сүйтіп, бір кезде Бұқар бабамыз айтқан Есіл бойындағы Қараөткел мен Нұра бойындағы Ақмола арасын алып жатқан кең алқапқа жайғасатын нағыз осы заманғы жаңа қала тәуелсіз мемлекет орнықтырып жатқан еліміз дүйім көп болып жиылып, келелі мәселелер талқылап, кеңінен толғап, кемел шешім қабылдайтын алқалы орын Астанаға айналып отыр.

- Айтқаныңыз келсін. Жаңа орталығымыз да, оның жаңа атауы да құтты болсын!

– Рахмет!

Мамыр, 1998 жыл.

ҚАЙЫРЛЫ АСТАНА БОЛҒАЙ!

— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астана жайлы ұсынысы алғаш талқыланған көзде парламентшілер тарапынан талай күйдіргі сөз естуіңізге тура келді. Сол күдік-күмәннің теріске шыққанына ерекше қуанышты шығарсыз.

— Иә, әрбір жаңа іс, әсіресе, әрбір батыл шешім бірден қолдау таба бермейді. Ол жолы да әр қилы әңгіме айтылғаны рас. Бірақ, көз қорқақ, қол батыр емес пе? Жаңа астанаға межелі көзде көшіп келдік. Құрылыс қызу жүріп жатыр. Тұсаукесер тойға келген қауым Сары Арқа төсіне көп ұзамай нағыз осы заманғы шаһар орнайтынына, оның ірі саяси, мәдени, іскерлік орталыққа айналатынына көздері әбден жететініне кәміл сенімдіміз.

— Ақмоланың тұсаукесер тойы – биылғы халық бірлігі және ұлттық тарих жылының да түсаукесері болмақшы ғой.

— Дұрыс айтасыз, Жаңа астана ұлттық тарихымыздың жаңа бетбұрыс кезеңінің тұсауын кеспекші. Ондай бетбұрыстың идеологиясы – «Қазақстан – 2030» Стратегиясы. Ол қай өлкеде қалай жүзеге асып жатыр? Бүкіл елімізде қалай жүзеге аспақшы? Тұсаукесер тойға әзірлік кезеңінде де, биылғы тарих жылының өне бойында да – бұл мәселе басты назарда тұруға тиісті. Қазір Ақмолада әр облыстардың күндері өте бастады. Онда аймақтарымыздағы нақты істердің нәтижелері, экономикадағы, өнердегі жаңа жетістіктер көрсетіліп жатыр. Әр өлкенің таяу жылдардағы және арғы болашақтағы ұстанып отырған мақсаттары баяндалып жатыр. Маңғыстаулықтар да өз күндерін үлкен табыспен еткізеді деп күтілуде. Тарих жылын өткізуде де жерлестеріміз намысты қолдан бермейді деп есептейміз. Өлкедегі бай тарихи-мәдени қазынаны жинауда, зерттеуде, насихаттауда бұған дейін де қомақты шаруалар атқарылып келеді. Енді оны жетілдіре, тереңдете түсуге тиістіміз.

– Тарих жылын өткізудегі басты мақсат не деп санайсыз?

— Ол – бүгінгі иемденіп отырған аумақтық тұтастығымызды нығайтып, қоғамдағы ауыз бірлігімізді күшейтіп, тәуелсіздігімізді одан әрі орнықтыра түсуге, демократия мен реформаны өрге бастыруға ауадай қажет жаңа жасампаз тарихи сана қалыптастыру.

— Ол қалай жүзеге асады деп ойлайсыз?

— Ұлан-байтақ қазақ жерін иемденіп, басқыншылардан қорғап қалу жолындағы ерен шайқастардың жай-жапсарын неғұрлым жетік білсек, аумақтық тұтастығымызды сақтай білудің қаншалықты маңызды екенін соғұрлым терең түсінеміз.

Халқымыздың ақ және қызыл отаршылдыққа қатысты күресінің жай-жапсарын неғұрлым жан-жақты байыптай алсақ, бүгінгі тәуелсіздігіміздің тарихи заңдылығы мен болашақ тағдырымыз үшін қаншалықты құндылығыңа соғұрлым көзіміз жете түседі. Тоталитаризмнен көрген зардаптарымыздың арғы астарына неғұрлым жіті үңіле алсақ, демократияның адам үшін, ұлт үшін, қоғам үшін қаншалықты қадір-қасиеті барлығына қаныға аламыз. Еліміздің өткен жолына осындай үш түрлі қырынан көз салсақ, біздің халқымыздың көкейтесті мүдделеріне жетуі үшін дербес саяси кеңістік керек екендігін, ол тек тәуелсіздік арқылы қамтамасыз етілетіндігін, ондай тәуелсіздікке тоталитаризм емес, тек демократия ғана жеткізе алатынын, ал демократия кез-келген саяси бостандықтың кепілі болып есептелетін экономикалық бостандық бар жерде ғана жүзеге асатынын, ол нарықтық қатынастарға көшуді талап ететінін ұғына аламыз. Тәуелсіздікті, демократияны, реформаны тереңдетудің биылғыдай бетбұрыс жылының халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы боп жариялануының негізгі себебі де, міне, осында.

– Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ деген қағида тағы да өз құдіретін көрсетіп отыр дейсіз ғой.

— Иә, өткенді білмей, бүгінге түсіне алмайсыз. Бүгінге мықтап түсінбейінше, ертеңгі мақсаттарды дұрыстап бағамдай алмайсыз.

— Бұл үшін не істі басуымызға пайдалы жаңа тарихи сана қалыптастыра аламыз.

– Тарихқа деген жаппай әуестікке қалай қарайсыз?

– Өз тарихыңа деген жаппай енжарлық – күйінішті, жаппай елгезектік – сүйінішті құбылыс. Бірақ игі ниеттің өзі де үлкен жауапкершіліктің арқасында дегеніне жете алады. Әйтпесе, мұндай нәзік іске қарадүрсін кіріссек, «тәп-тәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылды-ау» дегеннің кебін киеміз. Сондықтан өткеннен қалған деректерді, мұрағаттарды, рухани материалдық жәдігерліктерді жинау, сақтау, қорғауды жаппай күш біріктіретін бұқаралық іс, ал оларды зерттеп, бағалап, тиісті қорытындылар шығаруды қажетті дайындығы мен тәжірибесі бар мамандардың кәсіби шаруасы деп санауымыз керек.

Бұл істе де ақылға сыйымды еңбек бөлісу арқылы ойдағыдай нәтижеге жете аламыз. Үстіміздегі жылды ұлттық тарих жылы деп жариялағанда да, осындай мақсат көзделіп отыр. Жаңа тарихи сана қалыптастыруға, ұлттық тарихымызды қайта сараптап, болашағымызды қайта пайымдауға қажетті деректер мен мұраларды төкпей-шашпай жинақтап алуға күллі халық боп қолғабыс жасаған жөн. Сол арқылы ұлттық тарих ғылымының әдістемелік тұрғыда да, деректемелік тұрғыда да жемісті дамуына жағдай жасаған дұрыс. Өйткені, біздің өткеніміздің көп дерегі қағазға түспеген. Түскендері қазір басқа елдердің мұрағат қорларында қалып отыр. Тоталитаристік үрдіс тұсында көп құнды деректер айтылмай, қалтарыс қалды. Соны білуі ықтимал ұрпақтың бар көзін қапы жібермей, халық зердесінде қалған деректерді уақытылы жинақтап алу керек боп тұр.

– Бұндай мүмкіндік бар-бар көзде тиімді пайдаланылын жүр деп ойлайсыз ба?

– Бұл істе ақаулар мен ағаттықтар бар. Бәрінен жаманы – тарихты тәлім деп түсінбей, мақтан деп түсіну де бой көрсетіп қалады. Тарихи тұлғаларды біржолата не ақ тақтаға, не қара тақтаға жазып қоюға тырысушылық та сондай түсініктен өрбиді. Біз тарихи шындықты біржақты емес, жан-жақты білуге ұмтылуымыз керек. Өйткені, біз өткенді сол қалпында қайталау үшін емес, одан дұрыс қорытынды шығара білу үшін зерттейміз.

— Сіз – тарихи романдар авторысыз. Сіздің кейіпкерлеріңіз – Шыңғысхан, Ақсақ Темір, Әбілхайыр, Абылайлар ұнамды кейіпкерлер ме? Ұнамсыз кейіпкерлер ме?

— Екеуі де емес. Тарихи кейіпкерлер. Олардың өз тұсында да, қазір де біреулерге ұнауы мүмкін. Біреулерге ұнамауы мүмкін. Тарихи тұлғалар да кәдуілгі пенделер арасынан шыққан. Кез-келген кәдуілгі пенденің біреулерге ұнап, біреулерге ұнамайтындығы сияқты, оларға да әркім әртүрлі қарайды. Бірақ, олардың өмірі өз тұсының шындығын қалғандардан гөрі көбірек қамтып, тереңірек ашады. Шын әдебиетте ұнамды, ұнамсыз кейіпкер деген болмайды. Өз дәуірі шындығын немесе адамдық болмыс шындығын бір қырынан ашатын типтік немесе көп қырынан ашатын күрделі кейіпкерлер болады. Мен соның соңғысына көбірек іш бұрамын. Сондай күрделі тұлғалары мол кезең қоғамдық болмыстың қыр-сырын кеңірек, тереңірек түсінуге жағдай жасайды.

— Өмірде жұрттың бәріне ұнайтын адам бола ма?

— Болмайтын шығар...

— Тарихта ше?

— Онда да солай ғой. Көбіне-көп елден ерек ерлік көрсеткен немесе елден ерек іс тындырған, тіпті елден ерек қателік жіберген тұлғалар тарих назарын көбірек аударады.

— Неге олай?

– Өйткені, біздер, адамдар, тек ерекшелер мен ересендерге ғана назар аударамыз. Тұсында замандастары сондай назар аударған тұлғалар көп уақыт тарихта да сондай баға иемденеді.

– Ол баға өзгеруі мүмкін бе?

– Әбден мүмкін. Дамудың өз жүйесі, өз заңдылығы бар. Ол кейде түбегейлі бетбұрыс жасайды. Ондай тұста құндылықтар жүйесі де түбегейлі өзгереді. Ал ол, өз кезегінде, тарихи бағаларды да өзгертеді.

— Қазіргі кезеңді соған жатқызуға бола ма?

— Болғанда қандай. Тоталитаризм демократиямен, отаршылдық тәуелсіздікпен алмасты. Бірақ, одан кешегі ақтың бәрі қара, қараның бәрі ақ боп шығады деп ойлауға болмайды. Өйткені, езгі кезінде де еркіндікті, қиянат көзінде де әділдікті көксегендер бар. Олардың кез келгені жаңа тарихымыздан өз орнын тауып, жаңа тарихи санамызға өз нұрын түсірері даусыз.

– Сондай тұлғалардың бірі – Сәттіғұл ақын жырлаған Досан батыр ғой. Биыл сол Досан батырдың тойы өтпекші...

– Игілікті іс. Тәуелсіздік тарихында ең құрметті орын иемденуге лайықты есім. Ол бастаған көтеріліс тек бір өлкенің ғана емес, күллі ұлтымыздың тағдырында өшпес із қалдырды. Ол көтеріліс – патша өкіметінің бір жарым ғасыр әзірленген Каспийден арғы аймақтарды жаулап алудың кең қарымды жорығына ең бірінші боп қарсылық көрсетті. Тек Қазақстанның ғана емес, іргедегі Хиуаның, күллі Орта Азияның отарлануына бөгесін болғысы келді. Қазақ даласындағы барлық көтерілістің ішінде бұл көтерілісті басып-жаншуға патшалы Ресей ерекше көп күш салды. Күллі Кавказдан, Еділ бойынан әкеліп әскерлер төкті. Қуатты империяны соншама дүрліктірген бұл оқиға мен оның орталық тұлғалары, әрине, жаңа тарихи санамызда айрықша мазмұнға ие болмақ.

— Бізде бұл көтерілістегі оқиғалар мен нақты тұлғаларды бағалауда кереғар пікірлер кездесіп қалады. Кей ретте сіздің «Маңғыстау» энциклопедиясындағы Иса Тіленбаевқа берген бағаңызға дау айтушылар бар. «Ұйқыдағы арудың оянуында» атақты бидің көтеріліс соңындағы қылықтарын «жалтақтық» деп бағаласаңыз, аталмыш энциклопедияда «екіжүзділік» деп бағалапсыз.

— Бүгінгі таңда бұл тым үзілді-кесілді пікір деп білем. Бұдан жиырма жылдай бұрын жазылған еңбегімде сол кездегі ресми бағаға мен де қосылғам. Кейін ол энциклопедиялық шолуға айналғанда қолжазбаны баспаға өзім қарап беруге қолым тимегендіктен тиісті өзгерту енгізілмепті. Ал екі ортада талай уақыт өтті. Талай нәрсеге көзқарас өзгерді. Тек бұл көтеріліс емес, сол тұстағы басқа көтерілістер жайында да бұрын білмей келген көп нәрсені біле бастадық. Осы тұрғыдан келгенде, халық тағдырында із қалдырған айтулы оқиғаларды мейлінше жан-жақты қарастырып, тарихи тұлғаларға баға бергенде біржақты дәріптеушілікке де, біржақты даттауға да ұрынбаған жөн екен. Өйткені, тарих тізгіні де, тағдыр тізгіні де ешкімнің өз қолында емес екен. Кейде жақсы пиғылдың өзі де жақсы нәтижеге жеткізе бермейді екен. Ол, көбіне-көп, адамның тек өзіне ғана емес, қалған тарихи алғышарттардың қалай орайласуына байланысты болады екен. Сондықтан да, Абай адамды істі қалай аяқтағанына емес, қалай бастағанына қарап бағалау керек деген екен. Егер дегеніне жете алмаса, оның сырын тек өзінен ғана емес, заманынан да іздеу керек екен. Иса Тіленбаев та – тап осы тұрғыдан келіп бағаланатын тұлға. Бұл көзқарасымды «Маңғыстау» қолжазбасын баспаға әзірлеп жатқан топқа айтқанмын. Ол 351-беттегі «Тіленбаев Иса» деген мақалада ескеріліпті де, жалпы шолуда ескерілмепті.

Мәселенің түп мәніне келер болсақ, Иса Тіленбаевтың 1870 жылғы Маңғыстау көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі болғаны, көтерілісті ішкі Ресейден әскерлер келіп жанши бастаған соң, сол жылдың аяғына қарай, қалған үзеңгілестерімен бірге ереуілші ауылдарды ертіп, Хиуа аумағына уақытша жылыстағаны, қарсылықты сол жақта жатып жалғастырғаны рас. Бұл 1977 жылғы шыққан М.Тұрсынованың «Казахи Мангышлака во второй половине XІX века» деген кітабында нақты тарихи деректермен дәлелденген. 1979 жылғы «Қазақ ССР тарихының» үшінші томында да солай көрсетілген. Бұл ақиқатты мен де жоққа шығарған емеспін. Бірақ, Ресей Хиуаны да басып алған соң, шалғайда жатып шайқасу да мүмкін болмай қалған көтерілісші ауылдар басқа барар жер, басар таулары қалмаған соң, 1873 жылы патша әскерінің қол астында қалған Маңғыстауға қайта оралып, әскер басшысы Ломакиннің алдына барып, амалсыз мойын ұсынуға мәжбүр болды. Патша өкіметі де ол мәмілеге қарсылық білдірмеді. Өйткені, өлке тұрғындарынан бұл көтеріліске араласпаған бір де бір шаңырақ жоқ еді. Тұтас елді түгел қырып тастау мүмкін емес еді. Сондықтан ақырына дейін беріспеген азғантай ереуіл басшыларынан басқаға кешірім берілді: 1874 жылы Иса да кешірім алып, қайтадан болыс болып тағайындалды. Бұл жәйінде жарық көрген тарихи еңбектердің бәрінде де нақты көрсетілген. Оны түбегейлі жоққа шығаратын құжат әзір ешкімнің де қолында жоқ. Менің де қолымда жоқ. Бірақ, бұдан Иса Тіленбаев көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болмапты деген қорытынды шықпаса керек. Оның үстіне бұндай көпті сол тұстағы отаршылдыққа қарсы күрес көсемдерінің көбі киіпті. Олардың арасында отаршылдардың өз қолдарынан қаза тапқандары тек Исатай Тайманов пен Досан Тәжиев қана. Махамбет Өтемісов пен Жанқожа Нұрмұхамбетов өкімет жұмсаған ауыл арасы жандайшаптарының қолынан мерт тауыпты. Сырым Датов, Кенесары мен Наурызбай Қасымовтар ел ауып, жер ауып кеткен жерлерінде отаршылдық құрығынан құтыла алмай, құрбан болыпты. Ал бастарын тауға да ұрған, тасқа да ұрған Есет Көтібаровты. Тайшық, Ахмет, Садық Кенесариндерді, Иса Тіленбаевты құтыларға жер қалдырмай, өздері көп мойын ұсынуға мәжбүр етіпті. Бұл патша отаршылдығының ендігәрі мұндай көтерілістен әбден күдер үздіру үшін жасалған әккі саясаты еді. Соған қарап, әлгі топтағыларды «жалтақ» не «екіжүзді» деп, халыққа жаны ашымаған кісілер қылып шығару тарихи әділеттілікке сыймас еді. Отарлауға қарсыласушылардың соңғы тосқынын бастағандардың бұлай етпеске шаралары да қалмады. Бұрынғыдай қаша ұрыс салатын жер қалмады. Қазақстан мен Орталық Азия түгел жаулап алынды. Қытай, ауған, парсы шекараларын орыс әскерлері күзетке алды. Өлкенің барлық елді мекендері әскери бекіністерге айналды. Бұдан арғы қарсылық халықты босқа қырғызу болатын болды. Халық қамын ойламаса, олар әлгіндей жандарын отқа салар ма еді. Тарихи әділеттілікке келсек, халық қамын жегендерді жасай алмағандарына қарап жазғыру обал, ал жасағандарын елемеу не бағаламау – қиянат. Әлгіндей амалсыздық – қиянатшыл көппен ашық айқасқа түскен жаужүректердің талайының тартпай қалмаған тақсіреті. Шамасынан асар шайқасқа түскен талай шандоздың алдынан қазылған аран ор. Тек қазақ даласында ғана емес, Қап тауындағы Шәміл мен Хажы Мұраттар да тап осындай сергелдеңдерді бастан кешкен. Арман жолында алысқандардың өліп кетуі ерлік болса, тірі қалуы – қасірет. Ол үшін ешкімді де жазғыруға болмайды. Егер ежелгі гректер тілімен айтсақ, туған топырақта аты ардақталып, аруағы ұлықталып, дүбірлі тойы өткелі жатырған Досан – героикалық тағдыр иесі, Иса – трагедиялық тағдыр иесі. Героика да, трагедия да өнерде де, тарихта да босағаны емес, төрді иемденеді. Кейінгі ұрпақ біреуінен өнеге, біреуінен тағылым іздейді.

– Бұндай ерелі қорытынды шығарып, өнеге мен тағылымды тани білу үшін де көп нәрсені елеп-екшей алатын рухани ізденістер керек шығар.

– Әрине. Рухани ізденіс дегеніміз – өткендегі де, бүгіндегі де, өз басыңдағы да, өзгелер басындағы да жай-жапсарды жан-жақты пайымдап, одан түйген қорытындыларыңды қайта-қайта сарапқа салып отыру емес пе?

Соның нәтижесінде кешегі қателігіңді бүгін қайталамауға тырысу емес пе?! Әрине, бұл оңай емес. Бірақ, қиын екен деп, шындыққа көзіңді жеткізбей бәрібір отыра алмайсың ғой. Тарихи зерде жылын да сол үшін өткізіп жатырған жоқпыз ба? Бұрын білмей келгендерімізді білуге, ескермей келгендерімізді ескеруге, ойланбай келгендерімізді ойлануға тиісті болғандықтан өткізіп жатырған жоқпыз ба? Өзіміз өзгеріп, өзіміз кемелденбесек, өмірді өзгертіп, өмірді кемелдендіре аламыз ба?

– Тарих жылын өткізуге жұрттың бәрінің тап осылай қарай алатындығына сенесіз бе?

– Тырысуымыз керек. Өзіміздің өткеніміз жайындағы шындықты мейлінше түгел білмейінше, оған керекті деректерді мейлінше толық жинақтамайынша, ұлттық тарихымызды да, жаңа тарихи санамызды да түбегейлі жетілдіре алмаймыз. Алыс тарихымызды пайымдағанда да, жақын тарихымызды пайымдағанда да, тіпті бүгінгі процестерге баға бергенде де тапшылдық идеологияның не мақтап, не даттауды ғана үзілді кесілді талап ететін қара дүрсіндігінен арылуымыз керек. Себеп пен салдарды, мүмкін нәрсе мен мүмкін емес нәрсені, обал мен сауапты ұмытпайтын байыптылық пен әділетшілдіксіз тарихи шындықты қалпына келтіру мүмкін емес. Мұндай объективизм күні кешеге дейін «буржуазияшылдық» саналып келді. Расында, бұл – гуманистік қағида.

Менің жоғарыдағы өткен өмірдің қалтарыс деректерін түгендеп жинақтауда қалың көпшілік болып, қолғабыс тигізгенімізбен, оны талдау мен бағалауды кәсіби білімнің қолына беруіміз керек деген пікірім де осыдан туындап жатыр. Тек сонда ғана күллі бір дәуірдің өзегі болған ерелі процестерді зерттеу мен бағамдаудың объективті әдістемесін, қателіктерге ұрындырмас қағидаларын мұқият айқындай аламыз. Маңғыстау көтерілісі мен оның көсемдерінің іс-әрекеттеріне де тек сондай жағдайда ғана түбегейлі баға бере аламыз. Оған дейін бұл оқиғаның қыр-сырын жан-жақты ашатын нақты деректері мен куәліктерін молынан жинастыра бергеніміз жөн.

– Дәл қазіргідей өтпелі кезеңде саясатпен шұғылдану оңай емес шаруа ғой. Қиналғанда, Әбеке, нені еске аласыз, неден қуат табасыз?

– Баяғыда екеуміз бірге бастан кешкен бала шағымызды еске аламын. Сол кездегі қиындықтар жадыма оралғанда, қазіргі қиналып жүрген жәйттерім жеңілейіп сала береді. Екі колхоздың ортасында қақ маңдайдан қадалған қара суыққа беттей алмай, тобықтан келетін суық қарды жалаң аяқ баса алмай, дірдек қағып мектепке бара жататынымыз есіңде ме? Соған қарамастан, өршеленіп, ілгері тырмыса беруші едік қой. Сонда өлермендікке салып, өршелене алға ұмтылатын тезім мен қайсарлық таба алмасақ, бұл күндерге жете алар ма едік, жете алмас па едік. Сонда табылған шыдам қазір неге табылмайды? Сонда алға бастырған қайсарлық қазір неге алға бастырмайды? Сонда біз біреуді жазғырып па едік? Тағдырдың ісі деп, өзімізді өзіміз қайрамап па едік. Қазір неге өйтпейміз? Кісі боп кету сонша қиын болғанда, ел боп кету қайдан оңай болады? Ол үшін де тезім мен жігер керек. Сонда ғана көшіміз дәйім көлікті болмақ. Біз бен сіздің дәтке қуатымыз – дәл осындай шешуші кезеңде өмір сүріп жатқандығымыз. Талай ғасыр сарыла тосып, сағынып көрген сәби тәуелсіздікті тәй-тәй басқызып келе жатқан тарихи буынның легінде келе жатқандығымыз. Әкеміздің өлгенін тумай жатып көрген біз ешқашан арманнан айырылып көрген емеспіз. Ол мінезден егдергенде де айнымайтын шығармыз.

– Әбеке, аман жүр!

– Өзің де солай бол. Баршамыз да аман болайық.

Әңгімелескен Ізбасар ШЫРТАНОВ.
«Маңғыстау» газеті, мамыр, 1998 жыл.

ОТАН ТАРИХЫ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУЫМЫЗДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Ұлттық Ғылым Академиясы Сессиясындағы сөз
Қадірлі қауым!
Қымбатты меймандар!

Ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атынан қызу құттықтап, Сессия жұмысына табыс тілеуге рұқсат етіңіздер. Бүгін бұл жиынға жұртшылық назары түгел ауып отыр. Ол түсінікті де. Қандай реформа болмасын, кешегіні терең талдап, ертеңгіні дұрыс пайымдау арқылы ойдағыдай өрістей алады. Сондықтан да, өткен күзде Елбасы «Қазақстан – 2030» Стратегиясын ұсынып, 1998 жылды – Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп жариялады. Қолға алынып отырған реформаны өрге бастыру үшін бірінші кезекте тоталитаризм салдарларынан әбден арылып алуымыз керектігіне барған сайын көзіміз жете түсуде. Ал тоталитаризм тек жұртты тарихи санадан жұрдай қып, жаппай мәңгүрттендіру арқылы өз дегеніне жете алмақшы. Әйтпесе, пәлен жылдар бойына даму заңдылығын көпе-көрінеу белден басып, қайдағы бір қысыр қиялдармен халықтың басын қатырмаған болар еді. Күні кешегі өз көзімізбен көргендеріміз тоталитаризмнің тарихи санамен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын, ал ешқашан жүзеге асып көрмеген және ешқашан жүзеге аспайтын қисынсыз қиялға сену үшін бүгінгі де, кешегі де шындыққа көзіңді жұма қарап, құлағыңды тарс бекітіп тастауға мәжбүр ететіндігіне күмән қалдырмады. Расында да, жан-жағын темір тормен қоршап тастаған қараңғы қоршауда өмір сүріп келгендігіміз әбден рас екен. Әлемдік экономикалық, саяси, мәдени дамудан атымен алшақ жатыппыз. Жалпы адамзаттық тарих арнасынан айдалаға лағып кетіппіз. Талай халық талай жылдар бойына өз өткенін өзі ұмытып, өзгенің тарихын өзімдікі деп ұғып, уақыт ағымында қайдан шығып, қайда бара жатқанын өзі ұқпайтын өгей ене бауырсақ әсіреңкі күй кешіпті. Бүгінгі көп келеңсіздік те сол көзжұмбайлықтан өрбіпті. Тарихтың талай талма тұсында тап осылай болыпты. Барлығы да дақпыртқа сеніп, даңғазаға елігуден басталыпты. Бірақ, кешегі кеңестік кеңістіктегі құлақкестілік бұрын-соңғы етекбастылықтың қай-қайсысынан да асып түсіпті. Олай болуының себебі де жеткілікті еді. Біріншіден, коммунистік қазымырлықтың дәуірлеуі теңдесі жоқ технологиялық төңкерістермен тұспа-тұс келді. Ол адам санасын ауыздықтаудың талай қитұрқысын меңгеруге жағдай жасап берді. Осы заманғы қоғамның қолында бар мүмкіндіктер – ақпараттың, үгіт-насихаттың, білім беру мен күш көрсету жүйелерінің барлығы да айтқанынан ешкім шықпайтын ерен билік жағдайында тек бір мақсатқа – жұртшылықтың әлеуметтік мінез-құлқын адым ашқызбай аңдып бағуға жұмылдырылды. Соның нәтижесінде, миллиондаған адамдардың ары мен ойына ашық та, астыртын да қысым жасайтын әзәзіл жүйе жасақталып, ол бұрын-соңды әлем тарихында болып көрмеген әлемет деңгейге дейін шектен шыға асқындады. Бейнелеп айтсақ, қызыл озбырлық азаматтардың қоғамдық санасын түпкілікті жойып жібермегенімен, өз уысынан шығармай, қылғындырып ұстайтын қыл тұзақты қапысыз ширатып бақты. Тап мұндай күллі планеталық деңгейдегі ақыл-ой апатының мысалын арғы-бергі тарихтан тап басып айтып бере алмаймыз. Жұртшылық санасын мұншама тұралатудың бір-ақ мақсаты: адамдардың миы мен көкірегін қазір жазып, артынан сүртіп тастауға оңай мектеп тақтасындай кез-келген ақпаратты, тәр мен тәртіпті, қисын мен қағиданы оңай тықпалап, оңай өшіріп тастауға қолайлы ой сырдаңдығы мен пікір сырғанақтығына жаппай бой алдырту еді. Бірақ, түптеп келгенде, бұл коммунистік үрдістің өзіне тауан болды. Өзі де сол жұрттың неге болса, соған сеніп, оңай елігетіндігінен ат жалынан ауып түсті. Екіншіден, идеологиялық жағынан да, технологиялық жағынан да мұздай қаруланған тоталитаризм тек бір кезеңдерді ғана емес, күллі әлем тарихын тұтасымен қайта қарап, тергеп-тексеруге алды. Тарихи дамудың сан алуан жолының бәрі мансұқталып, тек тап күресі ғана бір жақты ұлықталды. Сөйтіп, қоғамдық сана ғылыми пікірге емес, қалай да мойын ұсынбасыңа қоймайтын соқыр сенімге иек артты. Тарих апологияға, саясат теологияға айналды. Үшіншіден, мемлекет қолындағы билік пен қоғамдық зерде адамзат тарихын таптық күрестің тар қауызына қуып тығуға жұмсады. Оған мойын ұсынғысы келмегендердің мойындары үзілді. Мұндай ауыз айтып жеткізе алмас ауқымдағы ақыл-ой азғындауы кешегі кеңестік кеңістікті түгел қамтыды. Бірақ, біздің қауымның талайсыздығы бәрінен де асып түсті. Таптық күрес тұрғысынан келгенде, Еуразия көшпенділерінің өткен жолы тарих деп айтуға келмейтін тантық әңгіме боп қалды. Сондықтан, үшінші мыңжылдыққа аяқ басарда бізге өткен-кеткенімізді қайтадан сараптамасқа жағдай жоқ. Өйткені, тарихи жадымызды қалпына келтіріп, тағдырымызды қайта таразылау тәуелсіздігіміздің де мән-маңызын тереңірек ұғындыра түседі. Күні кеше халықтар тарихын қолдан бұрмалаудың қаншалықты өрескел деңгейге жеткенін бүгін әрең аңғарып отырмыз. Қазақстанда өткен ғасыр аяғында пайда болған азғантай жұмысшылар тобы пролетариат деп жарияланып, әлеуметтік кемелділіктің бірден бір кепілі деп саналды. Бүгінгі қазақ ұлтын құрайтын тайпалардың мыңжылдықтар бойы бастарынан кешкендері сол кеше пайда болған кенже қауымның мүддесі тұрғысынан зерделегенде тарихқа да, адамзатқа да еш қажеті жоқ бекер әурешілік болып табылды. Тұтас бір ұлттың өткенін бұлай тұрпайыландыру көп мақсатты көздейтін еді. Қазақтардың тарихи бірлігін тұтастай мансұқтаудың қандай қасіретке ұшыратқаны 20-30-жылдардағы тәркілендіру тұсында анық байқалды. Көшпенділік кешегі Қазақстан байлығын игерудің қай-қай тұсында да аянбай қарғап сіленді. Ол көшпелі халыққа жаны ашығандық емес еді. Өз жер, өз топырағының игілігін игергенде «қолыңнан келмейді» деп, өзіңді аулаққа қуып тастаудың айла-шарғысы еді. Әлеуметтік әулекілік қазақ қауымын қатты күйзелтті. Әсіресе, ауыл күйреді. Басымыз өспеді, барымыз өшті. Жартымыз қырылып, жартымыз бостық. Ұлт тарихын жоққа шығару ұлттың өзін жоққа шығару болып шықты. Көп уақытқа көшпелілерді өз бетімен дами алмайтын, жасампаздық қасиеттен атымен ада, жөн білмес, жүген тимес, қырып-жойғыш сойқан күш ретінде көрсету бел алып келді. Ол пікір көшпелілер мен отырықшылардың өмірлік-рухани мүдделерінің ешқашан бітіспейтін, ежелгі кереғарлығы бар деген қисынға сүйенді. Соған иек артып, баяғыда патша ағзамның генералдары Орталық Азия кеңістіктеріне қол сұғушылықты өркениетті әлемнің қауіпсіздігіне жасалып жатқан қамқорлық деп түсіндірген еді. Ал олардың өңін айналдырып алған мұрагерлері тұтас ұлттарды қаралай жойып жіберу жолындағы әсіре интернационалистік көзбояушылықтарын тағы да сол адамзат пен өркениеттің сәулетті болашағына қам жеушілік деп дәлелдеп бақты. Сөйтіп, ресми саясатқа коммунизм деп аталатын қайдағы бір қияли қоғамның саяси-әлеуметтік және экономикалық мұраттарына қабыспайтын деректер мен көзқарас атаулы тарихтан түп-түгел, сыпырылып алынып тасталды. Ғылым тізгінін де өз қолында мықтап ұстаған билікші партия күллі әлем тарихын барша адамзаттың баяғыдан бері социалистік және коммунистік қоғам құру жолында жүргізіп келе жатқан саналы күресінің шежіресі деп ұғындыруға күш салды. Ал ондай таптық таяздық пен әлеуметтік бөле-жарушылыққа бой алдырмаған тұлғалардың бәрі ұлтын сатқан халық жауы саналып, аттары ауызға алынбайтын болды. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Мұстафа Шоқай, М. Тынышпаев, X. және Ж.Досмұхамбетовтер осы көпті киді. Расында, олар ғасыр басында-ақ қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртудың тарихи маңызын қапысыз ұққан кемел саясатшылар еді. Мұндай жағдайда, баршамыздың алдында шын тарихымыздың желпіндіретіндей жеңісті сәттерімен қоса, ойсырата ойландыратындай ойранды беттерін де толығымен қамтып, тұтасымен қалпына келтіру міндетінің тұрғандығы қаншалықты маңызға ие екендігін айтпаса да түсінікті. Қайткен күнде де, біз өз халқымыздың тарихтағы өз бағыт-бағдарын табу жолындағы күрделі ізденістерін айқын көзге елестете алуымыз үшін өткенімізді білуге тиістіміз. Біз аспаннан түскен жоқпыз, ауадан жаратылған жоқпыз, арттағы ұрпақтың игілігі үшін атамекенді қаны мен терін аямай төгіп, азап пен арпалыста алыса жүріп, аман алып қала алған ата-бабалардың ұрпағымыз. Олардың бастан кешірген абыройлы сәттері біздің рухымызды асқақтатып, жеңілістері мен жәбірленген сәттері бізді де қателіктер мен адасушылықтардан сақтандырады. Ұлттық тарихқа ұмсынуымыз тек еткенге құмартушылықтан емес, болашаққа деген мақсаттарымыздың қаншалықты негізділігін пайымдау қажеттілігінен туындап отыр. Уақыт талабына тек өткенді біліп, тарихқа қанығып барып, дұрыс жауап таба аламыз. Цицеронның «тарих – тағдырымыздың тәрбиешісі» дейтіні де сондықтан. Басқаша айтсақ, тарих бүгінімізге берер тағлымы мен ертеңімізге сілтер жөн-жосығымен қымбат. Сондықтан да, бүгін кешегіні әділеттілік пен әрі шыншылдықпен байыпты зерттеп, жан-жақты пайымдай білуге тиіссіз. Бұл ретте адамзаттың бейнеті көп өткен жолы екі түрлі солақайлықтан абай болуды аңғартады. Біріншісі – өз тарихыңды өзің аңызға айналдырып, өз дәстүріңді өзің әсіре дәріптеуге бой алдырмау. Бағзыдағы бабаларымыз қандай керемет болғандарымен, көп жағдайда өз кінәмізден емес, өзгелер кінәсінен кейіндеп қалған кенделіктерімізді, басқалар емес, өзіміз танып, өзіміз түзетуге тиіспіз. Оның үстіне, өзіңе өзің қаралай сұқтанудың қаншалықты кесепатты екендігіне талай рет көзіміз жеткен. Ең бір биік дамыған, әрі басы қаулап өскен, іргелі қауымдардың өзі кеудемсоқтыққа ұрынғандықтан басқалардың көз қырына ұшырап, біржола құрып кете жаздапты. Жиырмасыншы жылдардағы Европа фашизмінің тағдыры бұған айқын айғақ бола алғандай. Екінші бір солақайлық – өз бағаңды өзің білмей, қаралай қымсынып, өз тарихыңнан өзің қорынушылық. Ол көбіне-көп үгіт-насихат машинасы миымызға күштеп құйып баққан жаңсақ ұғымдардан туындайды. Ондай машиналар әлдеқашан қирап қалса да, олар қалыптастырған қасаң түсініктерден әлі арылып болған жоқпыз. Мәселен, қоғамдық пікірде, тіпті өз отандастарымыз бен жақын көршілеріміз тарапынан Орталық Азия халықтарын іргелі өркениет дамытуға ыңғайы жоқ, одағай да олақ, әрі жөндеріне жүре алмайтын сотанақ қауымдар санайтын солақай көзқарас әлі күнге ұшырысып қалып отырады. Әлемдік тәжірибенің айтуынша, ұлттық тарих әрқилы зерттелуі мүмкін. Ол кейде белгілі бір ұлт пен елдің өзге ешкім де қайталай алмас ерен жаратылғандығы турасындағы нәсілшілдік немесе ұлтшылдық астамшылыққа желеу боп та кете алады. Кейде өз халқыңа байланысты әділетті орнына келтіріп, соның нәтижесінде, бүкіл қоғамды ынтымақтастырудың қуатты құралы да бола алады. Мәселе, тарихты зерделеуді қандай мақсатпен қолға алуға байланысты болмақшы. Не де болса, кешегі кеңестік кеңістік халықтарының ұлттық-мемлекеттік сәйкестілігін жаңаша қалыптастыруда тарихты білудің маңызы зор екені аян. Тоталитаризмнің тарс бекітулі тар қыспағына түскен халықтар өзіндік ерекшеліктерінен жұрдай боп айырылу арқылы өзіндік тарихынан да жұрдай боп айырыла жаздады. «Жаңа тұрпатты кеңес адамын жасауды» көздеген бірдейлену саясаты қолдан мәңгүрттендірудің ең бір қатал, ең бір көлгір түрін үрдіске енгізді. Соны ескерсек, өткенді білу дегеніміз өз тегіңді танып, өзіңе өзің келу болып шығады. Тарихи тамырыңның қайдан өрбіп, ұлттық болмысыңның қайда жатқанын білмейінше, жаңа сәйкестілік туралы сөз ету де мүмкін емес. Тоталитаризм адамдарды тарихи санадан айыру арқылы халықтарды тек өткенінен ғана емес, ең алдымен болашағынан да айыруды көздеді. Таңдаулы тап жөніндегі тар қисын адамзаттың әлеуметтік те, өркениеттік те тарихын уақыт жағынан да, кеңістік жағынан да қолдан тарылтып тастады. Бәрі де жекелеген өркениет ошақтарының, әлеуметтік топтардың және идеологиялық қисындардың айырықша маңызын әсіре әспеттеуге арналды, Сананың жұмысшы табына лайық бірдейленуі, еңбектің өнеркәсіпке лайық техникаландырылуы, әлеуметтік қатынастырдың жақ-жақ боп жағаласып, өзара өшпенділікке ұласуы алға басушылықтың асқар шыңы боп саналды. Оған сәйкеспейтін құбылыстарға тарих көңіл бөлмейтін болды. Тұтас мәдениеттер анайылық боп табылып, тұтас халықтар – жабайылар боп саналды. Кейбір мемлекеттер тарихта атымен болмаған, ұшыраспаған делініп, біржолата жоққа шығарылды. Сондайлардың арасынан біз де табылдық. Ал біздің өткенімізде білуге тиісті, қадірлеуге тиісті жәйіттеріміз аз ба еді? Біздің арғы бабаларымыз өз тұсындағы Еуразия құрлығының тарихына ешқандай үлес қоспай, алыста асық ойнап жатып па еді? Бұның жай-жапсарына әбден қанықпасақ, өткенімізге деген құрметіміздің бекерлігі, болашаққа деген үмітіміздің мекерлігі туралы азғырынды уағыздардың қанжығасына оңай бөктеріліп кете барамыз. Басқаны қойғанда, біздің сахарамыздың географиялық орналасуының өзі-ақ әуелден әлемдік тарихи процестерден атымен тысқары жатқандығымыз жайындағы жала тұжырымды бекерге шығарады. Біздің жерге алғашқы адамдар, археологтардың айтуынша, шелль-ашелль кезеңінде аяқ басқан сыңайлы. Палеогеографиялық ахуал, тас құралдары мен фауналық жәдігерліктер соған меңзейді. Бірақ, біздің далаларымыздың адамзат мекеніне айналуы жер бетін басқан ежелгі тегіс мұзды күрт ерітіп, ірі хайуандарды жаппай терістікке қарай жөңкіле босуға мәжбүр еткен термиялық максимумға байланысты сияқты. Соларды қуалаған алғашқы аңшылар экваторға жанаспалы бойлықтардан теріскей Еуразия бойлықтарына, жолдарындағы көлденең түсіп жатқан асу бермес асқар таулар белдеуінен Қаратеңіз, Каспий маңындағы қолаттар, Памир-Гиссар тар қапылары, Оңтүстік Қытай ойпаты арқылы ғана өте алса керек. Неолит зілзаласынан алып аңдардың тегістей қырылып қалуы садақтың пайда болуын, ұсақ аңдарды аулау олардың біртіндеп қолға үйретілуін тездеткен тәрізді. Сөйтіп, дайын ырзық айырудан ендірмелі ырзық айыруға біржола көшу тездетілді. Ауа райына тікелей тәуелді көшпелі мал шаруашылығы геоэкономикалық, геосаяси, геомәдени тәсілқойлықты жетілдірді. Ол аталмыш бойлық тұрғындарының әлеуметтенуі мен нәсіларалық байланысына тың серпін қосты. Жылқы мен түйені қолға үйрету доңғалақ пен ауыздықты ойлап тапқызып, ендік бойымен де, бойлық бойымен де емін-еркін көшіп-қонуға жағдай туғызып, алғашқы құрлықаралық қатынас жолдарының сұлбасын салғызды. Ұланғайыр кеңістіктегі ашық аспан астындағы үздіксіз қозғалыс үстіндегі көшпелі күнкөріс ауа райы мен табиғат өзгерістерін алдын-ала болжап, биоценөз кірпияздығына оңай бейімделіп, тұрмыс пен шаруашылық икемділігін барынша арттыра түсуге итермеледі. Кен қорыту, тоқымашылық, зергерлік өрістеді. Аспан денелері, өсімдіктер мен хайуанат дүниесі қатаң қадағаланды. Әлеуметтік ұжымдасу мен ағайын-жекжаттық қатынастардың жан-жақты қарастырылып, әбден жіліктелген жүйелемесі жасақталды. Егер біз табиғатты қаралай тонау емес, онымен тіл табыса өсіп-өнуді де өркениет деп ұғар болсақ, әлгі айтылғандардың бәрі көшпелілер әуелден өркениетке ыңғайы жоқ, сондықтан үйреншікті дағдыны бұзып шыға алмайтын, өз бетімен дамуды мандыта алмайтын мешеу қауым деген күйкі түсініктің күлін көкке ұшырып, бұл салада олардың адамзат игілігіне не қосып, не тындырғанын дәлелдеп бере алса керек. Солардың нәтижесінде қалыптасқан тәңіршілдік, заростризм, манихейшілдік дүниетанымдары Таяу Шығыс діндері, мифтері, эпостарында идеологиялық, этико-эстетикалық тұрғыдан әбден сұрыпталды. Жауынгер түздіктер ұстанған бір-біріне қарыздарлық моралы аралдағы жапондардың «бусидо» ғакдиятына негіз болды. Оңай жығылып, оңай тігілетін баспана мен соған лайықталған киім, бұйым үлгілері қарсы жатқан жарты шарға дейін кеңінен тарады. Тарихи өзгерістердің бұрқақ дауылдары бұл далада дүниеге келген нәсілдер мен құбылыстардың бәр-бәрін басқа тарапқа ұшырып әкеткен жоқ. Ең бастысы оларды өрбіткен жұрттардың негізгі табаны өз орындарында қалды. Мәселен, қазіргі қазақ ұлтының құрамынан сонау скиф-сармат, сақ-ғұн, үйсін-қаңлы, оғуз-қыпшақ, түркі-маңғол этникалық түзілімдерінің түпкі жұрнақтары түгел ұшырасады. Ал олардың батыста – Қаратеңіз, Азау, Теріскей Қап, төменгі Еділ, Түскей Орал, Каспий маңы алаптарында, шығыста – Туран, Алтай, Саян, Байқал, Қиыр Шығыс өңірлерінде мыңдаған жылдар бойы үздіксіз өрбіп келген нәсілдік, мәдени, саяси, шаруашылық аралас-құраластығының арқасында түзілгендігі түсінікті жәйт. Осынау шығыстан батысқа созылып жатқан ұланғайыр кеңістікте олар рулық-тайпалық одақтардан бастап көшпелі империяларға дейінгі таза конфедеративтік қарым-қатынасқа негізделген саяси ықпалдасуды бастан кешті. Жоғарыда аталған ұласпалы аймақтар оларды этникалық қалыптасу тезінен өткізсе, екі ортадағы дәнекер боп жатқан Туран жазиралары өрелі геосаяси қарекеттерге ауыздандырды. Әсіресе, сол жазиралардың жүрек тұсын иемденген қазақ даласы Абылдың кәсібін Қабылдың кәсібімен, көшпелілікті отырықшылықпен, малшылықты егіншілікпен ұштастыруға аса қолайлы болды. Оның қос құрлық шектестігіндегі орналасу орыны әрдайым «қапият шабуылдар мен тұтқиыл тойтарыстар» жағдайында аса сергек өмір сүруге мәжбүр етті. Бұл кейбір «білгіштер» айтып жүрген өзін-өзі көбейтуден басқа ешқандай тарихи қам-қарекетке бейім емес дел-сал көшпенді тұрмыс туралы тұжырымның шындыққа атымен қабыспайтындығын көрсетеді. Көшпенділердің бір құрлықтан екінші құрлыққа жаппай аяқ басуын туғызатын аса ірі геосаяси операциялар тұсында ылғи да басқа жер емес, тек Қазақстанның аттаныс шебіне айналып келгендігі де соның дәлеліндей. Ондай кезде ел-жұрт түгел жосып кетпеген. Жартысы ата-қонысты, дәп пен дәстүрді, тұқым-тұяқ тектілігі мен рух тазалығын аманатқа алып, орынында қалған да, жартысы алыс жорыққа аттанған. Барлық ырзық жер бетінен айырылатын агроөндіріс заманындағы жаңа кеңістікке ұмтылушылық көбіне-көп Еуразия көшпенділері жайлаған түкпірлерден өрбіген-ді. Кейін шаруа жүргізудің отырықшы түрлері басым түсе бастағанда кешегі үстем аймақ енді сырттың саяси, идеологиялық, тіпті әскери қысымына өзі жиі ұшырайтын болды. Біздің далаға антика, христианшылдық, буддизм, ислам солай келді. Индустриялық шаруашылық үрдісі оны біржола басыбайлылық аймағына айналдырды. Ол ахуал күні бүгінгі қос кіндікті дүние күйреп, үміт пен күдік итжығыс түсіп, ұлтаралық, еларалық, өркениетаралық қатынастардың қалай жарасымды үйлесетіні әлі беймәлім болып тұрған дүбәра кезеңге дейін созылып келеді. Бірақ, бұның басын ашып айту кеңестік идеологияның түпкі мүддесімен сәйкеспеді. Ол шет аймақтар тарихын ауызға алмауға тырысты. Сол арқылы, оларды тау-таста тағылық құрып жүрген жерлерінде революцияшыл пролетариаттың ақпейілділігі арқасында ғана адамзат санатына қосылғандар деп ұғындыру әлдеқайда оңай еді. Кеңес адамдарының біреулерді әуелден алда жүретін аға, екінші біреулерді ылғи да қолынан жетектейтін іні тұтатын дәстүрі де осылай қалыптасқан-ды. Бұған шынымен сенгендер мен әлі де сенетіндер өте көп. Сондықтан да, кейінгі жылдардың объективті өзгерістері біреулерді шынымен апшытса, біреулерді шынымен абыржытты. Ендігі тірлік қалай болмақ? Ол әлі көп жұрт үшін беймағлұм нәрсе. Қазіргі дүниенің осындай екі ұдайылығы мен қосүрей ахуалын пайдаланып, Қазақстанның тәуелсіздік алуын ешқандай негізі жоқ тарихи жаңсақтық деп түсіндіріп, жұрт көңіліндегі күмәнді күшейте түскісі келетіндер де аз емес. Ондайлар іргелес кеңістіктерді былай қойып, өз ортамыздан да табылып жатыр. Оларды сөйлетсеңіз: біздің жеріміз европалықтар аяқ ізін салғанға дейін экономикалық жағынан әлі игерілмеген, саяси жағынан әлі ешкім иемденбеген, қаңырап бос жатқан қу медиен кеңістік болып шығады. Бұл надандықтан емес, әлі де талай нәрседен күдерін үзе қоймаған геосаяси астамдықтан өрбіп отыр. Ондай уағызшылар бір кезде ата-бабалары өзгелердің әлімжеттігінен әлі жетпей айырылып қалған тәуелсіздікті кейінгі ұрпақтардың әділеттілік жолымен қайтарып алуға қақылы екендігін мойындағысы келмейді. Өткен ғасырларда гуманист ойшылдардың барлығы, оның ішінде мемлекет теориясының Гобс, Локк, Монтескье сынды ең үздік білгерлері мойындаған бұл қағида XX ғасырда жұртшылыққа кеңінен танымал халықаралық құжаттармен заңдастырылды. Бірақ, біздің саяси тоңмойындық баяғы мектептегі көзден бастарымызды ауыртқан бір-екі дуалы ауыздан басқаның уәжіне тоқтамайды. Алайда, сол дуалы ауыздардың өздері де жер бетінде мәңгібақи тәуелсіз болып келе жатқан бір де бір ел жоқ екендігін жасыра алмаған-ды. Тіпті, бізбен іргелес жатқан аса ірі мемлекеттердің өздері де талай рет кіріптарлық көрген. Көбін кейін өздері отарлаған көшпелі көршілерінен көрген. Мемлекеттік тарихымыздың ежелгі кезеңдерінің кемшін зерттеліп, кеңінен мәлім болмауы әлгіндей қасақана таратылатын евроүстемшілдік тарихнамасының таптаурын көзқарастарының қолына су құйып жүргені рас. Бірақ, аз да болса, абырой-әжеттен хабары бар тарихшыларды абайлап сөйлеуге мәжбүр ететін, талай рет дүниені дүр сілкіндіріп, батыстың да, шығыстың да ақылдыларының жадынан шықпастай жойқын оқиғаларға мұрындық болған Орта Азия халықтарының соңғы мың жарым жылдық тарихын кеңестік тарих ғылымы ешқашан өз кейпінде баяндап та, бағалап та көрген емес. Қайдағы бір құбыжық құбылыстардың тізбегі ретінде құрыта, құйқылжыта, құбылта суреттеп бақты. Содан ауызданған саяси көк езулік енді, міне, баяғыдағы ата дұшпандарын ғана емес, күні кешегі қарулас, пікірлес, мүдделес, одақтас туысқандарымыз деп жүрген көршілерін де мемлекеттілік пен өркениеттіліктен атымен хабарсыз арда қауым қып ғайбаттап, тіл безеп бағуда. Тіпті кешегіні қанша көксеген күннің өзінде де оны, жиі айтыла беретін «тәуелсіздік парады» емес, өктем уақыт пәрменіне төтеп бере алмаған өз дәрменсіздігі күйреткенін көріп отырып, көрмегенситін көлгірлік жанға батады. Озбырлық, бірақ, обал-сауапты қайтсын. Олар ежелгіні айтпаған күннің өзінде, тіпті бертін көздегі, құрылғанына 1450 жыл енді толғалы отырған, өз тұсында елеулі ықпалға ие болып, батыс, шығыс тарихи жазбаларында кеңінен сөз болған Түрік қағанатының өзін көзге іліп жатпайды. Ол мемлекеттің Византия, Иран, Қытай елдерімен саяси-экономикалық қарым-қатынас жасап, Манчжуриядан Керчь түбегіне дейін, Енисейден Амударияға дейін қоныс иемденгені белгілі. Ол дәуірлерде бірде-бір отырықшы мемлекет, тіпті мемлекеттер тобы мұндай ұланғайыр аумақты иемдене алмаған-ды. Орталық Азия мен Византия арасындағы кеңістікте бірін-бірі алмастырып жатқан көшпелі империялар көптеген халықтардың этногенезіне әсер етіп, сан алуан мәдени кешендердің дүниеге келуіне себепші болды. Ол XX ғасырдың бірінші ширегіне дейін өз нақышын жоймаған өміршең өркениет екендігін таныта алды. Аса ірі дипломатиялық және сауда-саттық арнасы болған «Жібек жолы» ежелгі еларалық ықпалдастықтың айқын көрінісі еді. Ол халықтар мен мәдениеттерді байланыстырып, ерте дәуірлердегі материалдық және рухани араластықтың аса тұрақты әрі аса құдіретті кепілі бола алды. Түріктердің өзінше айшықталған сына жазуы да сондай байырғы байланыстардың нәтижесінде қалыптасқан сындарлы құбылыс еді. Ғалымдардың Алтайдан, Шығыс Түркістаннан, Жетісудан, Хакасия мен Тувадан тапқан екі жүзден астам ескі жазу ескерткіштері түріктердің сонау VІ ғасырдың өзінде өркениет өресінің қандай биігіне самғап шыққанын дәлелдейді. Қазақстан тәуелсіздік алғандығы арқасында өткен жазда ата-бабаларымыздан қалған осы асыл мұраларды сақтап, зерттеп, насихаттаудың халықаралық бірлескен бағдарламасын жасау туралы бастама көтерілді. Бұл – ешқандай томаға-тұйықтық атаулыны мойындамайтын дархан мәдениет еді. Дала тірлігі ұланғайыр кеңістікте көшіп жүретіндердің дүние түйсінуі мен дүние түсінуін қалтқысыз бейнелейтін қаһармандық эпостардан анық аңқып тұратын ақ пейілдік рухын қалыптастырды. Қарапайым бақташы халықтың тарихи, адамгершілік, шаруашылық, мәдени тәжірибесінен жинақталып, ауызша шығарылған поэтикалық шежіре-дастандардың мыңдаған жолын жатқа айтып бере алды. Сөйтіп, далалықтар ежелден бергі тарихынан ешқашан мақұрым қалып көрген емес. Олар қарым-қатынас жасаған халықтарды рухани байытты, Еуразия табиғаты жайындағы білімдерін арттырды, экономикалық дамуы жағынан, әлеуметтік ұжымдасуы жағынан, мәдениеті, нәсілдігі, діні, ділі жағынан әр деңгейдегі, бір-біріне ұқсамайтын, бір-бірінен қашық жатқан мөлтек қауымдастықтарды ұйыстырып, дүниенің кеңдігі мен әр алуандығын әйгілей түсті. Көбіне-көп ауа райы құбылыстарына орайлас бірде өршіп, бірде өшіп тұратын көшпелі дүние динамизмін былайғы жұрттарға тән әлеуметтік-экономикалық кикілжіңдер логикасына сүйеніп, түсіндіре алмайсыз. Сол сияқты бұны кім көрінген сөзіне бермейтін көктің еркімен болып жататын сиқыр құбылыстарға саюдың да реті жоқ. Үздіксіз көші-қон жағдайындағы шаруашылықта жиі-жиі туындайтын бірігу мен ыдырау қажеттілігі, түптің түбінде, Ұлы Түрік елінің де дәуренін өткізді. Түрік әлемінің ішкі ықпалдасуының саяси, экономикалық, мәдени және бауырласу процестері монғол басқыншылығы кезеңінде көп әлсіреді. Ол аз десеңіз, кей түркі тайпалары ежелгі қоныстарынан ауып кетті. Алайда, аз уақыт ішінде көп аумаққа ірге теуіп үлгерген монғол империясына да зор ықпал ете алды. Шыңғысхан өз империясын Түрік қағанаты туғызған әскери-әкімшілік жүйеге негіздеп құрды. XV ғасырдың 60-жылдары аяғында Қазақ хандығының құрылуы да Ұлы Түрік елі мен Монғол империясының тағдырына тығыз байланысты болды. Ол – Шығыс Дешті-Қыпшақ, Жетісу және Түркістан аймағында ғасырлар бойы өрістеп келген экономикалық, әлеуметтік, этносаяси процестердің заңды нәтижесі еді. ХІҮ-ХҮ ғасырларда көшпелі мал шаруашылығымен, отырықшы егін шаруашылығымен шұғылданатын атыраптар мен қала мәдениеті орталықтарының аралас экономика құрып, өзара ықпалдасуы негізінде экономикалық тұтастық аймағы қалыптасуы қазақ жерлерінің бір саяси құрылымға бірігуінің негізгі алғы шарты болды. Қазақ хандығы Орталық Азияда үш ғасыр бойы елеулі орын иемденді. Тарихи қалыптасқан ұлттық мемлекет қазақ халқының аузын біріктіріп, этникалық аумағын бекемдеп, рухани және мәдени даумын кемелдендірді. Төрт тараптан түгел бірдей қысым көрген қазақ халқы өзінің этникалық аумағын түпкілікті құтқарып қала алды. Ол аумақ сонау XVІ ғасыр жазба деректерінен бастап күні бүгінге дейін Қазақстан деп аталып келеді. XVІІ ғасырдан бастап Орталық Азия халықтары, басқа құрлықтардағы халықтар сияқты, үздіксіз экономикалық, саяси-қоғамдық, рухани дағдарыстар тығырығына тап болды. Дүние жүзінде шаруашылық жүргізу дағдысы түбегейлі өзгерді. Еуразия құрлығындағы геосаяси жағдай да соған орай мың құбылды. Теріскейден шикізат көзін іздейтін және өз бұйымдарын жоғары бағамен өткізетін оңтайлы базар ашуды көздейтін Ресей империясы пайда болды. Қазақстан өзге де Орталық Азия мемлекеттерімен бірге сол империяның геосаяси мүдделерінің шеңберіне ілікті. Ал ол мүдделер әрқилы тікелей де жанама тәсілдермен байырғы халықтарды мәдени, тілдік, тарихи-этикалық нәсілдік тұтастықтан айыруға тырысты. Тоталитарлық үрдіс тұсында жағдай одан әрі асқындады. Ұлттық сөзім әлсіреп, біржолата күйреуге айналды. Шет аймақтарға тарихи тұрғындарының кім екендігін ұмыттыру үшін арнайы жаппай көші-қон ұйымдастыру жолымен көп ұлтты салт күштеп таңылды. Тоталитарлық империя құлаған соң, тәуелсіздік алған халықтар жаңаша дәурендеу кезеңіне аяқ басты. Бейнелеп айтсақ, күл боп құрып кетуге айналған халықтар қайтадан қалпына келе бастады. Бұл тарихи жадымызды тірілтуде аса ұқыптылықты қажет етеді. Өйткені, жадымызға жақсылықтармен қоса, талай-талай жағымсыз құбылыстар да мықтап қонақтап қалған-ды. Бүгін өткенді ойлап сағынғаннан да, өткенді ойлап кіжінгеннен де еш пәтуа таппайсың. Тек келешекке сеніп, жігерлі еңбектене білсең ғана тарих сыйлаған тың мүмкіндіктерден тыңғылықты іс шығара аласың. Әлемдік саяси күштер ара салмағында демократиялық пиғылдардың басым түсуі арқасында теңдікке жеткен халықтар тек сол процестерді одан әрі тереңдете түсу арқылы ғана өз тәуелсіздігін сақтап қала алады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл туралы жуырдағы Астана тойында әдейі тоқтап айтты. Ол үшін әзіңнің өкінішті, өзгелердің жемісті тәжірибесін жан-жақты зерттемей болмайды. Бірақ бір нәрсені ұмытпаған жөн. Бұл заманғы тарихи сана баяғыда Марк Аврелий айтқан: «бүгін болып жатқан оқиғалар бұрын да болған, болашақта да болады», – деген қисынға негізделмеуі керек. Өз халқы мен күллі адамзат тарихын жетік зерттеген кісінің түпкілікті түйер түйіні бұндай болмасқа керек. Ол бір кезде Актон айтқандай, «тарих бізді тек өткен замандардың ғана жөнсіздіктерінен емес, осы бүгінгі күнгі жүгенсіздіктерден де, жұтқан ауамыздың қысымы мен қоршаған ортамыздың озбырлықтарынан да құтқара алатындай болуға тиісті» деген қорытындыға келсе лазым. Бәлкім, бұл тым әсіре арманшылдық сияқты болып естілер. Бірақ, өткеннің тәжірибесі бұлтартқызбастай қылып дәлелдеп отырғандай, кез келген тарихи әрекет қандай ма болмасын елден ерек халыққа, елден ерек қаһарманға, елден ерек дін мен идеологиялық ілімге біржақты иек артқан жағдайда, адамзаттың да, өркениеттің де көсегесі көгермеген, қайта көктей сола жаздаған. Бүгін көп жұрттың көзі жете бастағандай, адамзат та, мәдениет те әркімнің де өмір сүруге, әркімнің де өз дегеніне жетуі жолында әрекет етуіне құқылы екендігін және өзгелердің де сондай құққа ие екендігін терең ұғынған жағдайда ғана ойлағанын орындап, көздеген мақсатын жүзеге асыра алмақшы. Біз де жаңаша тарихи таңдауымызды жасағанда бұрын-соңды ешкім жүрмеген ерекше жолға ұмытылған емеспіз. Көп жұрт жүріп, көп жұрт үмітін ақтай алған өркениет даңғылына түсіп, өз бағымызды сынап көруге талпындық. Сондықтан да, тәуелсіз мемлекетіміз өз азаматтарын отандық және әлемдік тарихты терең білуге үндеп, сол олда тиісті қолғабысын аямауға бел байлап отыр. Халық бірлігі және ұлттық тарих жылын өткізу жөніндегі комиссия басшылығымен ғылыми-практикалық конференциялар, атақты ғалымдар дәрістері, ғылыми зерттеулер, этнографиялық, археографиялық, археологиялық, ономастикалық экспедициялар ұйымдастырылып, ақпарат құралдары арқылы да талай-талай тартымды шаралар қолға алынуда. Алты томдық «Қазақстан» энциклопедиясы, он томдық «Қазақтар» анықтамалығы, үш томдық «Қазақ мәдениеті» энциклопедиясы сынды іргелі еңбектер баспаға әзірленді. «Отан тарихы» атты жаңа журнал басылатынын әдейі атап өткіміз келеді. Ол қазақстандықтардың өз тарихы мен түп-төркініне терең үңілуіне көп көмек көрсете алатынына кәміл сенімдіміз. Түркістан мен Тараздай ежелгі қалаларымыз, Дулати, Қорқыт, Құрманғазы, Ахмет Байтұрсынов, Амангелді Иманов, Шал Күлекеұлы сынды елеулі тұлғаларымыз, Аңырақай шайқасы, Қазақ хандығының құрылуы сынды тарихи оқиғаларымыз аталып өтпекші. Бұл шаралар тұсында ұлттық тарихымыздағы елеулі белестер жаңаша пайымдалып, жаңаша бағаланбақшы. Қазақстанды тұтастай этномәдени тұрғыдан зерттеу қолға алынды. Оған ғылыми құрылымдар, орталық және жергілікті билік орындары түгел атсалысуда. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің елең еткізердей тың деректері мен жаңа беттері көптеп ашылады деп үміттенеміз. Сөйтіп, халқымыздың тарихи жадын қалпына келтіру бағытындағы шараларға тікелей кірісіп кеттік дей аламыз. Бұл істе зиялы қауымның қоса алар сүбелі үлесіне тағы да назар аудартқымыз келеді. Өйткені, азаттық пен тендіктің өмірлік маңызын ең алдымен осы орта терең ұғынып, өзгелерге де ұғындыра алғандығы құпия емес. Енді, міне, сол көксеген мақсатқа жеттік. Оны түбегейлі жүзеге асырып шығудың жауапкершілігін мемлекеттік басшылықпен қоса ұлттық зиялы қауым да өз мойнына алуы керек деп ойлаймыз. Қысқасы, қай-қайсымыздың да халық алдындағы борышты қалтқысыз өтейтін көзіміз енді келді. Бастама көтерген дұрыс. Оны жүзеге асырған одан да дұрыс. Халық тарихқа өз үлесін қосып та келді, қоса да бермек. Ал, зиялы қауымның ондай өрелі жұмысы, түптеп келгенде, енді басталмақшы. Әрине, бүгін таңда ғылымның да айдарынан жел есіп отырмағаны белгілі. Оңай көзде ойсырата іс тындыруға әркім де құштар. Қиын көзде бел бууға тек ел қамын жейтін ер жүректілер ғана тәуекел ете алады. Зиялы қауым – сондай қауым. Ол тәуелсіздік мұратын бойға сіңіруге, қолға түсіруге шешулі үлес қосты. Тәуелсіздік – бүгінгі тірі ұрпақтың халқымыздың тарихи тағдырына қосқан ең басты үлесі. Ешқашан ескермейтін, естен шықпайтын ұлы үлесі. Ертеңге деген нық сеніміміздің алтын арқауы да содан өрбиді. Расында да, осында отырған көпшілігіміз осыдан аз жылдар бұрын көкейіміздегі асыл арманның жүзеге асқанын көзіміз тіріде көре аламыз деп ойлап па едік. Қазақстандықтар зиялы қауым ізденістерінің ел мүддесінен шығатынына еш күмәнданып көрген емес. Өйткені, кез-келген қоғам тек ғылым арқылы ғана уақыт пен кеңістік ауқымындағы өз орнын дәл аңғарып, дәл мөлшерлей алмақшы. Халқымыздың арманда кеткен талай боздағының маңдайына бұйырмаған бұл бақытты ерекше қастерлей білгеніміз жөн. Егер қай-қайсымыздың да әуелден құдайдан ырыс-дәулеттен бұрын абырой тілегеніміз рас болса, алдымен осы қасиетті парыз үлесінен шығуға қам жеуіміз қажет. Бұл – әсіресе ұлтымыздың тарихи зердесін тереңдетіп, жаңа қоғамдық санасын қалыптастыратын гуманитарлық ақыл-ойымыздың айырықша қаузайтын қағидасы. Өйткені, гуманитарлық ғылым – қоғамдық, ұлттық, мемлекеттік болмыстың ең биік көрінісі. Және бір жағдайды есте тұтқан дұрыс. Бұрын-соңды ұлттың рухани оянуына мемлекет тікелей өзі мұрындық болған емес. Бұрын-соңды мемлекет пен қоғамдық ғылымдардың түбегейлі мүдделері бүйтіп бір жерден шығып көрген емес. Бұл да – біздің халқымыздың басына қонған сирек бақыт. Бұндай жағдайда, халқымыз зиялы қауымымыздан тарих тасқынында бетімізбен лағып кетпей, өз бағыт-бағдарымызды тыңғылықты табуда қандай өрелі табыс дәметуге де қақылы. Түйіндей келе, Ұлттық Ғылым Академиясының бүгін ашылып отырған сессиясы замана талабынан туындап отырған қоғамдық жаңа менталитет пен жаңа ұлттық сана қалыптастыруда жүйелі ізденістерге жол ашатын түпкілікті бетбұрысты бастап беретіндігіне кәміл сенгіміз келеді.

Іске сәт!
Рахмет!
Шілде, 1998 жыл.

ӨТКЕН – ӨРЕУІЛ, ҚАЛҒАН – САЛАУАТ

Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде жерленген бағзы бабалар аруағына тағзым ету

Уа, аруағы асқар, шарапаты шалқар ұлы піріміз!
Уа, тірісінде тірек, өлісінде медет болған жарықтық Ата-баба!
Уа, жамыраса келіп, қаумаласа құлақ тосқан қадірлі ағайын!

Бүгін біз фәни мен бақидың, қиянат пен мақұлдың, обал мен сауаптың ара-жігін айқындап, мән-маңызына еріксіз қанығар ерекше сәтті бастан кешіп тұрмыз.

Көрмегенді көріп, ұқпағанды ұғып, өкініштен өксіп тұрмыз.

Сұранып келмейтін, қуанып кетпейтін жалғаншы дүниенің опырайған олқысы мен кемірейген кемшіні әлі көп екенін көріп, күйзеліп тұрмыз. Соның талайын орнына келтіру мына біздердің, қазіргі жер басып жүргендердің маңдайына жазылып, талайына тап болғанына бір жағынан пікір етіп, бір жағынан шүкір етіп тұрмыз. Бүгін, міне, мысымызды құртып, еңсемізді түсіріп, қабырғамызды қайыстырып жүрген бір жағдай: нұрлары екі дүниеде бірдей шалқып, жандары жаннаттың төрін иемденген, есімдері дүние тұрғанша ұрпақтардың жадында тұратын жарықтықтарымызды осынау дүние тұрғанша тұрмақшы киелі ғимараттағы бұйырмыс мекендеріне қайта жайғастырғанымызға тәубе деп тұрмыз. Ұйтқымалы уақыт, құбылмалы заман, жетесіз сана, жетімсіз тәрбие осынау киелі орынға да суық қолын сұққаннан болған аусар ағаттыққа, қияс қиянатқа қинала тұрып, көкте тобадан, жерде аруақтардан қиыла кешірім сұрап тұрып, орнына келтірдік. Құдай бұндайды енді көргізе көрмегей, басымызға енді қайтып келгізе көрмегей деп, жалынып-жалбарынып тұрып жүзеге асырдық. Өткен – өреуіл, қалған – салауат. Ендігі ісімізге сәт, ендігі ұрпағымызға абырой тілейік, жамағат! Ақылдары жеткенге амалдары жетпей, айнала торыған азулы дұшпандармен алысып, бармақтарын тістеп, арманда өткен ата-баба өздері кешкен шырғалаң мен шытырманға толы қилы заман, келеңсіз тірлік, кесепатты көп олардан кейін де түзеле салмағанын, қайта бұрынғысынан да бұзақыланып, өршелене өршіп, өрт қоздатып, талай бәйтеректің мәуесін күйдіріп, тамырын қырқып, таң махшарда жолығар тажал отына талай жерде тірілей үйтіліп, талай көзде талапайға ұшырап, бұл заманға шығарға жаны, тамарға қаны сарқыла жаздап, әзер иек артып отырған азабы асқан халқы мен соры арылса, енді арыла ма деп отырған ұрпақтарына жазғырса да жандары ашыр, місе тұтпаса да, мүсіркер деп ойлаймыз. «Орнында бар оңалады», – деп кеткен өздері еді ғой. Сол арттарында қалған қара орындары – жан сала қорғаған атамекендерінде бастары қарайып тірі жүрген біздерміз ғой. Өздері жоқтағы талай зобалаңнан тұздай құрып кетпей, басқыншының табанында тапталып қалған туды қайта асқақтата көтеріп, көрінген қолын сұқаңдатқан жер мен суға иелік құрып, көлденең көк аттының қанжығасына бөктеріліп бара жатқан қасиетті қазыналарымыздың жұрнағын қайта жинап, өз таңдайымызда тұрып, өз көкірегімізге өгей болып кете жаздаған ана тілімізге қайта емешек үзіп, безіп кеткен дінімізге қайта мойын ұсынып, езіліп біткен елдіктің еңсесін қайта тіктемек жолындағы таудай тәуекелімізді көріп, тәубе десер деп дәметеміз. Қаршадайымыздан мойнымызға қарғы байлап, басымызға ноқта тағып, жетім тайлақтай жетелеп әкетіп, жат қылмақ жады ниетке тартыншақтап, қалпынан шыққысы келмей қашқақтап, қақ-сұққа шыдап өскен жырық ерін, жыртық өкпе өз ұрпақтарымыз болмаса, күндердің күнінде бұған да жете алуымыз неғайбыл еді ғой. Зарыққанымызды көріп демер, тарыққанымызды көріп жебер деп дәметеміз. Өткенімізді көріп безінсе де, ертеңімізге сеніп елжірер деп дәметеміз. Біз Астанадан осында жол жүрер алдында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «құдай тек ендігі жерде өлінің үрейін, тірінің мерейін ұшырмайтындай қып, қай ісімізді де оңға бастыра көргей. Қиянатты пейіл, қияметті мейір тоқтады деген. Мейір оңалса берекет, пейіл оңалса әрекет өрге басар деген. Жаратқан тек берекеміз молайып бірлігіміздің, әрекетіміз молайып тірлігіміздің оңға басқанын көруге жазғай!» – деген тілек білдіріп, баршаңызға дұғай сәлем жолдады. Басымыз өскей, бағымыз тасқай, еліміздің еңсесін биік, ұл-қызымыздың ырыс-несібесін мол қылғай! О дүниелік ата-бабаның жолығар орны – жаннат, бұ дүниелік жамағаттың жолығар орны – жақсылық болғай! Осынау киелі орында қасиетті ата-бабаның алдындағы перзенттік қарызын түгендесе келген осы қауымның бұл тілегін көкте Алла, жерде аруақтар құп көргей!

«Әумин», – дейік, ағайын!
Маусым, 1999 жыл.

АТАДАН – ӨСИЕТ, АНАДАН – ҚАСИЕТ

Бәйдібек ата мен Домалақ ана кесенелерін ашу салтанатындағы сөз
Орта толсын, әлеумет!
Той тойға ұлассын, ағайын!

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының осы жиынға жолдаған дұғай сәлемін әлгінде өздеріңіз естідіңіздер. Ие, бүгінгі жиын – Елбасымыз орынды еске салғандай, әңгімені амалсыз әріден қоздататын тарихи тағлымды жиын. Биылғы жылы айырықша зерделеніп жатырған ұрпақтар сабақтастығының аса бір салиқалы салтанаты. Бабаға бағышталған, анаға арналған перзенттік махаббат пен елдік бауырмалдықтың еңселі машурасы. Киелі бабамыз бен аруақты аналарымыз жатқан осы бір жоталы биіктер мен осы бір жоралы жолығысымыздың өзі арғы-бергімізді түп-түгел көз алдымызға алып келгендей. Қақ маңдайда – хан жайлаған Қаратау мен би жайлаған Алатау. Анау алдымыздағы алшия жайғасқан екі шың – осыдан екі жарым ғасыр бұрынғы қанқұйлы басқыншылықта қан қасап болған Садыр Жомарт ауылының шабылған алқабы – Үлкен Тұра мен Кіші Тұра. Жоңғар соғысының қанқұйлы эпопеясы сол арадағы сол бір сорақы оқиғадан өрбіген. Ту сыртымыз – ағаш уықты, киіз туырлықты Алаштың алшаң басқан Сары Арқасы. Бұл арадан қай тарапқа көз салсаң да, сай-сүйегіңді сырқыратар шерлі оқиғалардың да, еңсеңді көтеріп, елжіретіп жіберер елдік оқиғалар мен ерлік оқиғалардың да орындарын молынан табасың. Сондықтан да, қай пұшпағы да бірдей қымбат, бірдей қасиетті қазақ даласының қай тарабынан келсек те, бұл ара біздің көзімізге оттай басылады. Өйткені, сан толғаулы тауқыметті тағдырымыздың асау арнасы ең әуелі осы арадан бас алған, тоқсан тарау толқымалы тарихымыздың өрмегі осы арадан өріс алған. Арғы түбін Адам Ата мен Хауа Анадан бастайтын адам нәсілі біздің жерімізде ең алдымен мынау қатпар-қатпар Қаратауға аяқ іліктіріпті. Әуелі күнгейінен ырзық айырып, кейін теріскейіне, одан әрі көсілген кең жазираларға қадам басыпты. Жер ұзарып, пана азайып, қорек сиреген сайын тәсілі асып, әрекеті көбейіп, жеті қат жерді қойып, алты қат аспанның сырына жетіліп, терістікке тұтасып жатқан тоңға, шығыста тұмсық батпас нуға, батыста шалқып жатқан суға тірелгенше шартарапты шарлап бағыпты. Табиғатқа тұтастай кіріптар кезеңде ауа райының айтқанын тыңдап, тасқын судай әрлі-берлі жөңкіліп баққан сан нәсіл қайда бет алса да, осынау бір құда табақтағы құйрық бауырдай аймаласып жатқан екі таудың айналмасы көп қойнауларына амалсыз іркіліпті. Әр іркілістерінде әр алуан нәсіл өзара жаңаша қиюласып, жаңа бір этникалық сипат тауып, жаңа бір жиынтық атауларға ие болыпты. Бертін келе сол бір ынтымақтары мен ықпалдастықтары тұрақтанып, мемлекеттер құрыпты. Солардың көбі осы арада шаңырақ көтеріпті. Бірде қосылып, бірде шашылып отырған тарихи ыңғайластықтан туындаған сол бір ежелгі мемлекеттіліктің кейінгі бес-алты ғасырдағы баяндаған байырғы кескіндемесі – қазақ мемлекеттілігі болса, ол да бір кезде осы Қаратаудың бір сілемінде бесікке түсіп, әлденеше рет шетінеп кете жаздап, енді, міне, анау ақ бас Алатаудың бір жұмақ қойнауында ат жалынан тартып мінер азаттыққа қолы жетіп, тәуелсіздік ордасын самиян Сары Арқаның сайранды төріне орнатып жатыр. Ендеше, бұл өлке – бәріміздің ортақ бесігіміз. Дастандарымыздағы қуған арманыңа жететін, асылыңды табатын жерұйық Жиделібайсын да осында. Ата-бабаларымыз қатар тізе бүгіп – қолдарына алғаш рет құран алысқан жері де осы, талай рет қатар тұрып, аруақ түгендесіп, жамырай ұран салысқан жері де осы. Бүгінде ұшы-қиырсыз қазақ даласының қай түкпірінде жүрсек те, бәріміздің де түп бабаларымыз қалған түп Отанымыз осы ара. Бұндағы киелердің қай-қайсы да бәрімізге ортақ. Бұндағы әулие-әмбиелердің қай-қайсы да бәрімізге ортақ. Бұндағы бабалардың қай-қайсысы да бәрімізге ортақ. Олардың алдындағы парыз да ортақ, қарыз да ортақ. Оларға біз мынау күн бе күн көріп жүрген жарық дүниені сыйлап кеткендері үшін қарыздармыз. Біз оларға мәңгілік аттары өшпейтін даңқ сыйлауға парыздармыз. Біз бұны, әсіресе, аңсаған азаттығымыздың аяқ-жөнін түзейтін алғашқы кезеңінде айырықша есте ұстауға тиіспіз. Жерден шықпағанымызды, көктен түспегенімізді ұғындыру үшін де осылай істеуге тиіспіз. Ешкімнен кем, ешкімнен қор еместігімізді ұғыну үшін де осылай істеуге тиістіміз. Бәріміздің әу бастан да бір болғанымызды, бір болсақ, күні ертең-ақ қайтадан дүр болатынымызды түсіну үшін де осылай істеуге тиіспіз. Биылғыдай айтулы жылы бұл өлкенің бұл салада да тындырып жатқаны мол екен. Кешелі-берді Қаратауды әрі айналып, бері айналып, киелі орындарға зиярат етуге сәт түсті. Бабалар аруағына тебіреніп тұрып, бүгінгі жеткіншектеріміздің жетелі істеріне еміреніп тұрдық. Өлінің үрейі, тірінің мерейі ырза болардай тірлік бар екен. Жерімізге кие, елімізге иман дарытқан Ұзын Ата, Баба түкті Шашты Әзиз, Қарабура әулие, Жабай ата, Ыстық әулие кесенелері бой көтеріпті. Арыстан-баб тарихи қорығында кешенді жұмыстар басталыпты. Қазіргі ұлттық тарихымыздың түп бастауында әйгілі Майқы бимен үзеңгілес болып, онымен бірге Шыңғысты хан сайлауға қатысып, өз алдына ұран, құс, ағаш, ұлыс иемденген Саңғыл би бабамызға да еңселі күмбез тұрғызылып жатыр екен. Бәрінің де ізінде қалған ұрпақтары айырықша ыждаһат қылыпты. Еңбектері Алладан қайтсын! Бірақ, баба – бәрімізге ортақ. Оларға көрсетілер құрмет пен ізет те ортақ. Өйткені, біздің бабаларымыз – бәрімізге ортақ бір қоныстың шебін бірге қорғасып, бір халықтың арын бірге араласқан күллі қазаққа бірдей қымбат жайсаңдар. Оған киелі Түркістандағы Әзірет Сұлтан Ғимаратындағы жөндеу жұмыстарына байланысты ата-бабалардың асыл сүйегін арулап қайта қойған сәтте көзіміз айқын жете түсті. Исі қазақтың игі жақсыларының қатарласып бірге жатқаны – бір кезде бабаларымыздың жұп ажыратпай бірге жүргендігінің куәсі. «Жеңсек басымыз бір биіктен бірге көрініп, өлсек сүйегіміз бір шұңқырға бірге көміледі» – деп тізе қосысып тірлік кешкен ата-баба үрдісі қиын күнде де қарға тамырлы қазақ болып қалуымыздың бірден бір кепілі болды. Ендеше, олардың қасиетті есімдері мен орындарын көздің қарашығындай күтіп сақтау да қарға тамырлы қазақтың ортақ борышы. Бұл тұрғыдан келгенде, тек осы өлкенің өзінде, алда да атқарылар міндеттер көп. Келесі жыл – ежелгі Түркістанның тойы. Ортақ туымыз, ортақ піріміз орнаған киелі қаланың тойына алла жазса, бәріміз де қатысармыз. Бірақ, оған қонақ болып бару күпірлік. Қонақ күтуші боп бару аздық етеді. Күллі әлемнен, ислам дүниесінен меймандар қабылдайтын елдік тойына күллі ел боп тегіс атсалысуымыз шарт. Көрші жатқан да, алыс жатқан да облыстардың бәрі алдын-ала әрекеттеніп, сол мерекеге қосар үлесі мен соған дайындықта атқарар қызметін анықтайтын уақыт жетті. Ұлтымыз дүниеге келген Сыр, Қаратау, Алатау бойларының әр тасы – тарихи ескерткіш. Мүбәрәк белгі. Бұл айрықша абайшылдықты талап етеді. Кеше Шашты Әзиз басында бір топ ақсақалдар келіп, сондағы киелі Жылыбұлақ тағдырына алаңдаушылық білдірді. Бұл сияқты тарихи-рухани ескерткіштерімізді мемлекеттік қорғауға алудың барлық шараларын қарастыруға міндеттіміз. Ол үшін қолданыстағы заңның барлық өкілетін түгел пайдаланып, ол жеткіліксіз болса, тиісті өзгерістерді тездетіп енгізіп, әлгіндей орынды талапты орындаудың амалдарын шұғыл ойластырмай болмайды. Тарих өткенге емес, бүгін мен ертеңге қызмет етеді. Осы бір ұлы ұғым, ұлы парыз, ұлы жауапкершілік бүгін, міне, тірісінде абыройы мен дәулеті, өлісінде қаулап өскен әулеті жан сүйіндіріп өткен жарықтық Бәйдібек бабамыздың, аруақты Домалақ анамыздың, аттары ардақ бес анамыздың бастарына көтерілген жаңа кесенелердің құрылыстары бітуіне арналған осынау салтанатта басымызды тоғыстырып отыр. Арғы-бергіде асыл мен ардақтыны көп көрген біздің халқымыздың ауыздан тастамай айырықша әспеттеп келе жатқан бір тұлғасы – Бәйдібек бабамыз. Тек өз ұрпағы үшін ғана емес үш арыс қазаққа, алты баулы алашқа түгел қастерлі есім. Бір жағынан ол күні бүгінге дейін өніп-өркендеп жатқан нақты әулеттердің түп атамыз деп санайтын тұрлаулы тұлғасы, бір жағынан өніп-өскендіктің, көгеріп көктегендіктің, жарастық пен инабаттың, бауырмалдық пен елжандылықтың символына айналған ұлы ұғым. Шежіреге үңілсек, қазіргі қазақ ұлтын құрайтын үш этникалық бірлік – Байшора (Ақарыс), Жаншора (Бекарыс), Қарашора (Жанарыс) болса, соның Байшорасының Майқысынан, Майқының Бақтиярынан, Бақтиярдың Үйсінен, Үйсіннің Ақсақалынан, Ақсақалдың Қарашынан өрбиді. Арғы шораларды былай қойсақ, Майқы, Бақтиярлар – ежелгі тарихта бар тұлғалар. Олардың ұрпағы шығыста Қытайға, күнгейде Кашмир мен Ауғанстанға, Орта Азия мен Таяу Шығыс елдеріне түгел тараған. Оларды есепке алмай, қазақ топырағында қалғандарының өзін есептегенде ең кемі ұлтымыздың үштен бірін құрайды. Бәйдібек – сондай мол әулеттің түп атасы саналады. Ол жайында арғыдағы Әбілғазы, бергідегі Аристов, Уәлиханов, Аманжоловтай атақты ғалымдар тоқтала жазды. Айтулы Төле би Әлібекұлының қолжазбасы Ташкенттің сирек қолжазбалар қорынан табылды деген дерек бар. Бұқар мен Ташкентте басылған басқа да еңбектер бары айтылады. Оларды тыңғылықты зерттеп, ғылыми тұрғыдан мұқият дәйектеу – болашақтың ісі. Алайда, даусыз бір ақиқат – біз көп уақытқа дейін фольклорлық мәдениет өкілдері болып келдік. Біздің шежірелік әдебиетіміздің хронологиялық нақтыланбай жататындығы да сондықтан. Арғыдағы тарихи тұлғаларымыз нақты адамнан аңыз кейіпкеріне көбірек ұқсап кетеді. Оның бір себебі, олардың бір парасы сонау таза мифологиялық сана үстемдік құрып тұрған көзде өмір сүреді де, өз басындағы оқиғалар мен жағдаяттарды сыртқы рухтардың ықпалына саяды. Екінші бір парасы таза діни көзқарастар үстемдігі тұсында өмір сүріп, өз ахуалын жаратушы иенің айырықша ықыласына апарып телиді. Үшінші бір парасы, ондай көзқарасты жүйелердің тоғысында туып, синкреттік кейіп танытады. Оның үстіне, фольклорлық мәдениеттің ақпараттық жүйесі өмірлік дерек естен шығып кетпеуі үшін әдейі әсірелеп баяндауды талап ететінін қосыңыз. Мұндай жағдайда артында нақты ұрпақтары бар, қайда туып, қайда жерленгеніне дейін белгілі тарихи тұлғалардың өзінің нақты өмірбаянын жасау қиынға түседі. Ондай өмірбаян тіпті күні кешегі Төлебилер уақытында да туа қоймауы мүмкін. Оның үстіне, Бәйдібек баба – бұрын өз алдына мемлекет болған үлкен этникалық құраманың тізгінін ұстаған тайпалық көсемнің не өзі, не прототипі болса керек. Оны ондай әлеуметтік биік статусқа көтеру үшін де ол кездегі қоғамдық сана белгілі дәрежеде айрықша киелілік деңгейде әспеттеуге, оның қолындағы билік пен дәулетті аса жоғарғы үстем рухтың айрықша шарапатымен түсіндіруге мәжбүр болған. Сондықтан, осы арада жерленген ұлы бабамыздың өмірбаянын тарихи нақтылау көптеген ғылымдардың үйлеспелі атсалысуын талап ететін күрделі шаруа. Ондай кешенді зерттеулер жүзеге асқанша, айтылар пайымдаулардың қай-қайсысы да әзір болжамдық деңгейден аса қоймас. Қолда бар тарихи деректерде, ел аузындағы аңыз әңгімелер мен шежірелік баяндауларда Бәйдібек – қара қылды қақ жарған әділ би, дүлдүл шешен, ақылгөй азамат, қол бастаған батыр, дәулетті өзі үшін емес, елі үшін жиған сақи адам боп бейнеленеді. Бәлкім, сол үшін де бір кезде батыс пен шығысқа бірдей мәшһүр болған Үйсін мемлекетінің негізгі табаны боп табылатын Жібек жолы бойындағы түгін тартса майы шығатын құнарлы қонысқа ие болып қала алған шығар. Сол үшін де әлгіндей жерұйық өлкені бастарына қандай қарлы Қаратау іс түссе де, ешқайда тырп етпей, тапжылмай қорғай білген табанды ұрпақ бітіріп, олардың басын да, бағын да шаршысына толтырып мол еткен шығар. Сол үшін де оны ел басына күн туғанда қобалжымай қол бастайтындай, дау туғанда қаймықпай сөз бастайтындай, бақ орнап, дәреже тигенде тайынбай тәуекелге бел байлайтындай талай сұңғыла-сүлейлердің өзі түп бабасы санап, тобадай табынған шығар. Бергідегі көздеріміз көре қалған жайсаңдарымызды айтпағанда, бүгінде көзі жоқ Құдайдат пен Қамарадин, Мұхамед Хайдар Дулати мен Қарасай, Саңырақ пен Наурызбай, Төле мен Райымбек, Өтеген мен Сұраншы, Сүйінбай мен Жамбыл сынды сүлейлеріміздің Бәйдібекті түп тұяғы санап, айрықша қастерлеп өткендігіне ешкім дау айта алмас. Басқасын былай қойғанда тек осы үшін-ақ Бәйдібек баба аруағын қалай ұлықтап, қалай қастерлесек те артықтық етпейді. Шығыста Хан тауы, батыста Түркістан, түскейде Шаш пен Жиделібайсын, теріскейде Сарысу арасындағы аймақта Бәйдібекке байланысты әлденеше жер атаулары бар. Бәйдібек арығы, Бәйдібек биігі, Бәйдібек бұлағы, Бәйдібек шыңы, Бәйдібек жайлауы, Бәйдібек төбесі... барлығы да нақты адамның туып-өскен отанын, тірлік кешкен аясын көрсете алатындай нақты атаулар. Көзден кетсе де, көңілден өшпейтін қымбат адамның өнегелі өмірінің өрнектері. Осыған қарап-ақ, оның аңыздық тұлға емес, тарихи тұлға екендігіне көңілің көбірек бұрады. Оның үстіне, оған байланысты айтылатын аңыздарда ертегінің батырларына ұқсайтын әсіре әспеттеу жоқ. Тау жығып, көл жұтатын, мың кісімен бір өзі шайқасатын айрықша алапат қасиеттерімен емес, әркімге ұғынықты адами қасиеттермен сипатталады. Пейіліне лайық дәулетке, ниетке лайық әулетке кенелген кемел адам ретінде дәріптеледі. Құдай жолына адал діндарлығы үшін, ағайынға адал бауырмалдығы үшін, халық қамын қамдаған елжандылығы үшін дәріптеледі. Әргі найманның Аталық биімен достығы, оның келіндікке берген қызы Қызайымның тағдыры, туған бауыры Байтулы, зайыптары Марау (Сары бәйбіше), Зеріп, Нүрила, ұлдары Жәлмембет, Түргеш (Сары үйсін), Тілеуберді (Жарықшақ), келіндері Жұпар, Сыланды, Қарашаш туралы аңыздар да тек биік адамгершілік тақырыбына негізделген. Қазақ өз көкірегіндегі асыл мұраттың бәрін осы бір абзал тұлғаның бойына тоғыстырғандай. Ол – ағайын қадірін білетін адал туыс, жекжат қадірін білетін асыл құда, ұл өсіріп, ғұмырын ұзартқан, қыз сүйіп өрісін кеңейткен бақытты әке, әйелдің көркі мен ақылының парқын жетік білетін сүйікті жар ретінде кейіптеледі. Оның осындай өнегелі қасиеттері бұл аңыздардың ар жағында нақты өмір шындығы тұрғанын аңғартқандай. Ел арасына алалық түсіп, біреу баққа мастанып, біреу атаққа ашқарақтанып, біреу артық дәулет күйттеп, ағайын жарылып бөліне көшіп, кешегі жұрт айбынған айдынды мемлекет ыдырап, тоз-тозы шыққанда қара орында қалған бөліктерінің басын құраған нақты тұлға келе-келе аңызға айналып, айрықша инабат пен парасат иесі Бәйдібектің қазіргі ел аузындағы бейнесін сомдағандай. Оның бауырлары, әйелдері, келіндері туралы аңыздар қол астындағы елдің біріндеп қауымдасқанын аңғартқандай. Тайпалардың әлгіндей себептермен саяси бірігуін туысқандық бірлік кейпінде мазмұндап, оған бастамашы болған тарихи тұлғаны сондай бірлікке кіргендердің түп атасы қылып бейнелеу әлемдік этнологиялық тәжірибеге әбден сіңіскен әдет болатын. Бұндай арғы түбінде шын тұлға мен шын оқиға жатып, оның басына күллі қауым басындағы тарихи хал-ахуал саналы түрде шоғырландырылып, ел арасындағы, тайпа арасындағы қарым-қатынас ағайындық-туысқандық, құда-жекжаттық жолмен тұспалдай бейнеленетіні шығыстық тарихи эпоста да көп көзігетін жағдай. Қорқыт та, Асан Қайғы да тап сондай тұлғалар еді. Бірақ, арғы түбі тарихи тұлғалар еді. Біреуі оғыз тайпаларының ыдырап, бөліне жарылып көшуіне қапаланған халықтың, біреуі ноғайлы жұртының басынан бақ ауғанына қапаланған халықтың өз көзінде елжанды мінез танытқан тарихи тұлғаларына көңілі біткендігінен бастау алған туындылар еді. Сондай тарихи тұлғалардың кешкен рухани халінің халық жады жаңғыртқан тұспал кескіндемелері еді. Бәйдібек жайлы аңыздар да үйсін мемлекеті ыдырап, бастарынан бақ ауған халықтың қара орында қалған жұрттың басын біріктірген басшысы жайлы тұспал өмірбаян емес пе екен деген ойға қалдырады. Олай болса, Бәйдібек – халық саналы түрде өнеге тұтып, саналы түрде дәріптеген тарихи тұлға болып шығуы әбден мүмкін. Бәйдібек бейнесінің сакрализациялық төркінін одан бұрынырақ дәл осы өлкеде өмір сүрген баят тайпасының басшысы Қорқыттың, қайы тайпасының басшысы Қазығұрттың, сельжук тайпаларының басшысы Дуқақ, Ақпан, Қараман, Тоғурыл бейнелерімен, немесе көп бертінгі ноғайлы Асанқайғының бейнелерімен салыстырғанда әлгіндей елдік драмалардың шарықтау көзінде емес, одан көп кейін қапалы жұрт торығып, өткен бақыттан күдер үзіп, енді қалған жұрнақтардың басын біріктіріп, қайтадан ел болуды көксейтін бәсеңдік кезеңінде тірлік кешкен тұлғаға ұқсайтынын айқын аңғарар едік. Ол арғы үйсіннің дәуірлеу тұсының емес, оның қара орынында қалған үйсіннің қайта дәуірлеуін бастап берген көсем бейнесіне көбірек келеді. Бұның да анық-қанығына жетуді алдағы күнге қалдыра отырып, қазіргідей елдік тұтастығымызды қай көздегіден гөрі де көбірек қамдастырар кезеңде халықтың естен шығармай келе жатқан ерекше дәстүрін жалғастырып, кемел тұлғасы мен кемеңгер бабасына тағзым етіп жатқан тәрбиелі құрметі өте орынды деп білеміз. Дәйім тағдыр талқысы мен тарихтың қатал сынына жиі ұшыраған біздің халқымыз атадан өсиет, анадан қасиет дарыта білу арқылы ғана көсегесін көгерткен. Бәйдібек ата мен Домалақ ананың жарыса дәріптелуінде де осындай сыр бар. Өз өміріміз бен келешегіміз үшін бізді жаратқан, өздері де жарастықта өмір сүрген асыл қосаққа мәңгі-бақи қарыздармыз деп ұғатын ұрпақ пен ел жұрт бабасы мен анасына табыну арқылы жанұядан басталып, жалпақ жұрттың бәрінің көсегесін көгертетін татулық пен ынтымақты құрметтейді. Бүгін де, ертең де, болашақта да береке-бірлігімізге ешқандай қауып төнбеуін көксейді. Ел жадында Домалақ ене атанған Нүрила анамыз бұл өлкеде, ұлтың рухани болмысында исламдық мәдениеттің терең сіңіскендігінің бір даусыз дәлеліндей бейнеленеді. Оның мейірбандығы бірлікшіл ақылы мен қайырымды өнегесі нағыз Тәңір анаға лайық сипаттарға ие. Біздің халқымыз батыс пен шығыстың көп жұрттарына кеңінен танылған мифтік ұғымға айналған бұл жораны да өзінше дамытқан. Атаны анадан, ананы атадан бөле-жара қарамай, екеуінің сыйластығын ел бүтіндігінің бірден-бір кепіліндей айрықша қастер тұтқан. Сол арқылы ұлынан парасат, қызынан әжет талап ететін талғампаз жұртымыз кейінгі ұрпақтардың биік адамгершілігін қалыптастыруда өз ата-бабасын, өз ата-анасын өнеге тұтқан. Солардың аруағын апшытудан тайсалып, қисық пен қиянатқа бармаған. Бір тоқтының етін түгел үлестіріп жамағаттың өзегін жалғап, он екі жілікті орынымен үлестіріп бір қауым жұрттың көңілін жарастыра білген көреген жұртымыз әділет арқылы бірлікті, сыйластық арқылы тірлікті көріктендірген. Біз бүгін жарықтық Бәйдібек атамыз бен Домалақ енемізге құрмет көрсету арқылы халқымыз дәріптеген асыл мұраттар мен биік мақсаттарға адалдығымызды айғақтаймыз. Сол арқылы қасіреті асқан халқымыз бен тақсіреті асқан тарихымыздың жоғын жоқтасып, кемісін түзесуге әрдайым әзір екендігімізді білдіреміз. Біз үшін тәуелсіздіктен асқан мұрат, бірліктен асқан мақсат жоғын тағы да айдай әлемнің алдында жария етеміз. Уақытша қиындықтардан бола алған беттен адаспайтындығымызға, айтқан серттен алжаспайтындығымызға өзімізді де, жұртты да сендіреміз.

Өткенін ұмытпайтын ұлтқа сенсеңіздер – бізге сеніңіздер!
Атасын ұлықтайтын жұртқа сенсеңіздер – бізге сеніңіздер!
Анасын ардақтайтын ұрпаққа сенсеңіздер – бізге сеніңіздер! – дейміз.

Солардың арманын жалғап, өнегесін өрбітіп, өз келешегімізді өзіміз кемелдендіруге ұмтыламыз. Келешек ғасыр мен мыңжылдыққа атаның өсиетіне, ананың ақ сүтіне адал ұрпақтар боп аттап, есесін ешкімге жібермейтін, еңсесін ешқашан түсірмейтін намысшыл қауым боп жетіліп, атамекеннің көркін, ата жұрттың абыройын асыру жолында күш-жігерді аямайтындығымызды білдіреміз.

Құдай сол тілегімізді қабыл қылғай!
Аруақ қош көргей!

Бәйдібек атамыздың, Домалақ енеміздің, барша аймақтарымыздың бәрінің терін иемденген абзал рухты бабаларымыз бен асыл аналарымыздың аруақтары ақ ниеттерімізге риза болып, баршамызға жар болғай!

Маусым, 1999 жыл.

АЛЫСТАН ЖЕТКЕН АҚИҚАТ

Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің туғанына 500 жыл толуына
орай Тараз қаласында өткен жиындағы сөз
Қадірлі қауым!
Мәртебелі жиын!

Қоғамымыздың рухани өміріндегі аса бір айтулы оқиғаға куә болып отырмыз. Атын бүгінде әлем білетін Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің мүшелді жылы өз елінде алғаш рет аталып отыр. Бұл – Әбу Нәсір әл-Фарабидің мыңжылдық салтанатынан кейінгі екінші бір ерекше жағдай. Бақсақ, ғасырлар бойы өз байлығымыздың қызығын өзіміз көре алмай келіппіз. Өз қазынамыздан өзіміз қол үзіп қалыппыз. Өз жақсымызды ағалаудың орнына кей ретте кісі ағасын көбірек жағалап кетіппіз. Сүйтіп, өзімізді өзіміз жете білмейтін, жете танымайтын жағдайға жетіппіз. Бұл – тек отаршылдық саясаттың ғана емес, сол қалыптастырған бодандық сананың өрескелдігі еді. Ұлы тарихшының аты мен мұрасының дәл осы көзде өз топырағына оралуы – бір жағынан оның «сап күміс те, қорғасын да, құйма таза алтын да ақыр түбі түспей қоймас әу бастағы қалпынан деген сөзінің растығын дәлелдесе, екінші жағынан «болар істің басына жақсы келер қасына» дегеннің нағыз үлгісі болып табылады. Өйткені, біздің жас тәуелсіздігімізді біреулер тарихи әділеттің қалпына келуі деп қабылдап, қуанып жүрсе, екінші біреулер жер астынан жік шыққандай, екі құлағы тік шыққандай көріп, қуарып жүр. Әр қилы астамшылдық қисыншылары әлі де аумақтық тұтастығымызға, мемлекеттілігіміздің тарихи негізділігіне, тәуелсіздігіміздің келешегіне күмән туғызуға тырысып бағуда. Ондай шоқылдарды шамшылдықпен емес, тарихи дерекпен, ғылыми дәйекпен тойтара аламыз. Бұл мәселеде отандық тарихнамамызға Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих – и Рашидиінің» алатын орны айырықша зор. Кейде ол ұлттық тарихи санамыздағы алапат жыртыққа жапсыратын жалғыз жамауымыздай болып елестейді. Көлемі жағынан соншалық қомақты емес бұл еңбек сонау Шыңғыс хан тұсынан қазақ хандығына дейінгі екі аралықтағы тарихи тағдырымыздың талай астарын ашып бере алады. Өйтетіні: ол ежелгі замандарда шығысқа қарай скиф, сармат, масагет, сақ, арыс, ас болып шашырай қоныстанын, кейін ғұн, үйсін, қаңлы, түркеш, түрік, оғыз, қыпшақ, монғол болып шығыстан батысқа қарай қайта ағылған көшпелі тайпалардың жолындағы соқпай өте алмайтындай құйқалы құнарлы өлкедегі шытырман оқиғалардың барысын баяндайды. Сол оқиғалардың қақ ортасында жүріп қана қоймай, олардың қалай өрістеуіне тікелей ықпал ете алған саяси топтың өз көзқарасын білдіреді. Сол арқылы бір кезде екі құрлықты бірдей қаусырып жатқан алып империялардың неге күйреп, оның орнында өз тәуелсіздігін көксеген ұлттық мемлекеттердің қалай пайда болатынын ашып береді. Ондай құрылымдардың қайткенде құлпырып, қайткенде құлдырайтынын нақты мысалдармен деректейді. Біз үшін бұл еңбектегі қазақ хандығының қалыптасу кезеңінің деректері қандай бағалы болса, сонымен қабаттаса өрбіп жатқан Алтын Орда, Дешті Қыпшақ, Шағатай Ұлысы, Моғолстан мемлекеттерінің құлдырауы мен құлауының егжей-тегжейлері де сондай бағалы. Олай болатыны – өткеннен өнеге іздегеннен гөрі тағлым іздеген тиімдірек. Тарих мақтану үшін емес, сақтану үшін керегірек. Әйтпесе, бұрынғылардың талай жерде маңдайларына соғылған сойқан жартастарға соқтықпай өтуге жетілмесек, бағзыдағылар кешкен базды қайта кешіп, олар киген таз телпекті біз де киюіміз әбден мүмкін. Бұл арада басын ашып айтатын мәселе: Мырза Мұхамед Хайдар Дулати құлпыру емес, құлдырау заманының куәгері болды. Жошы, Өгедей, Шағатай ұлыстарының тоғысында туып өсіп, өмір сүрген ол бұл үш ұлыстағы ғана емес, бір кезде Шыңғыс әулеті билік жүргізген барлық аймақтардағы ахуалдан жеткілікті хабардар болды. Оның үстіне, ол туып-өскен өлке – осы бір жаппай ыдыраудың ең күшті байқалған эпицентрінің бірі еді. Бұл мәселеде, әсіресе, сонау Шыңғыс заманынан Шығыс және Күнгей Жетісуға – Маңлай сүбеге ұлысбектікті атадан балаға мұра етіп келген Бабдаған, Ұратөба, Төлек, Болатшы, Құдайдат, Саид Ахмад, Мухамед шах, Саид Әли, Мұхамед Хусейіндердің үзілмеген желісін тікелей жалғастырған ұлы тарихшының өз тәжірибесінен ортаға салары тіптен мол еді. Ол аз болса, бір кезде отырықшы үрдіс пен көшпелі үрдіс бетпе-бет астасқан Шағатай ұлысының Маверенахр мен Моғолстанға бөлініп кетуіне бірден бір себепші болған айбынды әулеттен туып-өскен саясатшы хандық биліктің әбден ыдырап, феодалдық үстемдіктің бел ала бастаған кезеңін бастан кешті. Оның аталасы, Болатшы бабасының туған інісі, Шу, Талас өңірінің билеушісі, әйгілі әмір Қамар ад Дин Моғолстанда хан билігін құлату, Ақсақ Темірдің дала уәлаяттарына басып кіруін тойтару, ол үшін Ақ ордадағы Орысханмен, Алтын ордадағы Тоқтамыс ханмен одақтасып, көшпелі түркі тайпаларын біріктіріп, өз алдына мемлекет құру жолында күресті. Сол пиғыл Мырза Мұхамед Хайдар Дулати тұсында күшейе түспесе, еш әлсіреген жоқ еді. Осындай екі ұдай заманда өмір сүрген ұлы тарихшы бөліне жарылушылықты емес мемлекеттік тұтастықты, орталық билікті әлсіретуді емес күшейтуді жақтады. Ол үшін мұсылманшылық пен отырықшылыққа сүйенуге шақырды. Оның бұл көзқарасы Дешті Қыпшақ, Моғолстандағы ахуалды да, жаңа қалыптасып жатқан қазақ хандығындағы жағдайды талдағанда да анық байқалады. Керей мен Жәнібектің Жетісуға ауып келуін, олардың балаларының билікшілік қызметін, әсіресе Қасым ханның ақылын, адамгершілігін, көрегендігін байыпты көрсеткен Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің қазақтармен болған шайқастарда Сұлтан Махмудтың жеңілістеріне апшып, Алаша хан аталған Сұлтан Ахмед пен Рәшид сұлтандардың жеңістеріне масаттануында да осындай сыр жатырғанды. Бұл бір жағынан Моғолстан билеушілеріне туған жиен, бір жағынан Маверенахр билеушісіне туған бөле болып табылатын тарихшының өз тегіне іш тартуынан емес, мемлекет табиғаты мен даму келешегіне деген өзіндік көзқарасынан өрбіп жатқан байлам еді. Ол елдің ел болып кетуінің алғы шарты – өз мемлекеттілігін нығайтып, оның бөліне жарылуына жол бермейтін күшті орталықтандырылған билік пен біріктіргіш қағидаларға мойын ұсынып, тұрақты ырзық айыру мен жаппай еңбекті қамтамасыз ете алатын отырықшы экономикамен шұғылдану деп түсінді. Оған ғалымның аталмыш еңбегіндегі пайымдаулары ғана емес, жеке басының одан арғы өмір жолы да толық дәлел бола алғандай. Моғолстан құлағаннан кейін ондағы тайпалардың бір парасы қазақ хандығына кірсе, бір парасы қырғыз халқын құрағаны, бір парасы Маверенахрда қалып, бүгінгі өзбек ұлтын қалыптастыруға атсалысқаны, бір парасы Үндістан ауып, Ұлы Моғол мемлекетін жасақтауға үлес қосқаны белгілі. Мырза Мұхамед Хайдар Дулати осы соңғы топтан табылды. Бұл ол үшін тек тағдырдың ісі ғана емес, саналы түрде жасалған салауатты таңдау сияқты. Кашмирді билеген кездегі саясаты да соны айғақтайтындай. Біз тарихты бізден бұрын не болып, кімдер өткенін білуге үшін ғана емес, ең алдымен, олардың қайсынан қандай өнеге, қандай тағлым ала алатындығымызды анықтау үшін зерттейміз. Бұл тұрғыдан келгенде, айтулы бабамыздың әлгіндей көзқарасының қисынсыз еместігін мойындауға мәжбүрміз. Халқымыздың одан бергідегі талайлы тағдыры бұған көзімізді әбден жеткізгендей болды. Мемлекеті болмай тұрып, қай халықтық да көгеріп, көркейе алмайтындығын, ол үшін үйреншікті үрдісінің емес, замана ағымының, адамзаттық даму көшінің айтқанына көбірек құлақ асу керектігін дәлелдеп берді. Ал, ұлы тарихшының келтірген деректерін пайымдасақ, мемлекетті билік пен байлыққа таласқан әлеуметтік өркөкіректік әлсіретеді екен. Билікке ұмытылғандардың құқайы билігі барлардың шамшылдығына ұласып, саяси текетірес ахуалды асқындырады екен. Ондай желікке берілген қауымдар жерінің байлығын, халқының қасиетін текке рәсуә етіп, барған сайын шиеленісе түсетін шетін оқиғалардың құрбандығына айналып, тіпті құрып кету қаупіне ұшырауы да ғажап емес екен. Ондай келеңсіздіктен біржолата арылатындай кезеңге енді жегіп отырмыз. Ол үшін өз мүддемізді өзіміз жүзеге асыра алатындай өз саяси кеңістігімізді, өз мемлекетімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз қажет. Мұндай тарихи жауапкершілікті жете сезінуіміз үшін өткен жолдарымыздың тауқыметті тағлымдарын жетік білмегіміз шарт. Біз үшін сондай ұлағат ұсына алар ұлы ұстазымыздың михнатты еңбегі мен қиғылықты тағдырына тағзым ете отырып, артына қалдырған асыл мұрасын жаңа қоғам, жаңа ұрпаққа жан-жақты зерттеп-зерделеп беретін ғылыми қауымның бүгінгі жиыны мен алда тұрған асқаралы жұмыстарына үлкен табыс тілейміз.

Рахмет!
Шілде, 1999 жыл.

ОРТАҚ ІСКЕ – ОРТАҚ ЫҚЫЛАС

Қадірмен қауым!

Үстіміздегі жыл ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығына еншіленді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осылай ұйғарды. Бұл тегіннен-тегін емес-ті. Бұдан былайғы тағдырымыздың көптен көксеп жеткен тәуелсіздігімізді қаншалықты көздің қарашығындай сақтай алатындығымызға байланысты болары түсінікті. Ал, бұның бірден бір кепілі – ұлттық бірлігімізге қаяу түсірмеу екені белгілі. Ондай бірліктің негізгі ұйытқысы – ұрпақтар сабақтастығы екендігі тағы да аян. Арғы-бергідегі арманда кеткен баба буынның, бүгін ортамызда жүрген аға буынның халқымыздың осы күнге дейін аман жетіп, өніп-өрбуіне, өсіп-өркендеуіне қосқан қай үлесін де әділ бағалап, олар салған игі дәстүрлерді жемісті жалғастырып, жеткен жетістіктерді одан әрі дамытып, жете алмай кеткен жеңістеріне батыл құлаш сермеп, шеккен тауқыметтерінен тиісті қорытынды шығарып, алға жылжуымызға септігі тиер шарапатты тағылым ала білсек қана, аузымызға алалық, ісімізге шалалық кірмесі даусыз.

Бүгін де бізге дәл осындай мақсат, дәл осындай парыз бас қостырып отыр. Әлеуметтік әлімжеттіктерден талай көресіні көрген ұлттық санамыздың қуанын та, ұялып та ұлықтайтын ұлағатты тұлғаларының бірі, тірі жүрсе, биыл тоқсанға толатын Құдайберген Жұбанов еді. Қуанатындығымыз: ол аз өмір сүрсе де, көп еңбек сіңіріп үлгеріпті. Осы ғасырдың басындағы санатқа кіріп, салиқалы ел боламыз ба деген үміт көктемінің келте шуағында жедел жетісіп, кемел бой көтерген көрікті бәйтеректей бұл тұлға жылдар көлегейлей алмас, ықылымдар ұмыттыра алмас өшпес із қалдырыпты. Ұланғайыр жол салыпты. Ұлттық руханиятымыздың өзегі болып табылатын ана тілімізді зерттеу мен игерудің өз заманындағы шығыстану мен түріктанудың ең үздік өнегелерінен бастау алған өрелі ғылыми арнаға түсіріп, өз мектебін қалапты. Ұлттық оқу-ағарту ісіне тарихи дамуымыздың талабына сәйкес баянды бағдар тауып беруге көмектесіпті. Ұлттық санамызға өміршілдік еткен өскелеңдіктің, жаңашылдық пен жасампаздықтың рухын сіңіруге күш салыпты. Әдебиетіміздің арын араласып, мәдениетіміздің жоғын жоқтасыпты. Тарихи зердемізді тереңдетіп, көмескілене бастаған көнеміздің жарқырай жаңаруына, ұмытыла бастаған ұлағатымыздың қайтадан үрдіске енуіне аянбай ат салысыпты. Қысқасы, рухани жасару, жаңғыруды көксеген қауымымыздың мүдделері жолында майлыққа да, сулыққа да жарап бағыпты. Ұялатынымыз: осыншалық жанқияр еңбегіне орай мерейі тасып, беделі аса бастаған қажырлы қайраткер келелі істің бірінен соң бірін тындырып, игі бастамалардың бірінен соң біріне мұрындық болып жүрген кемел шағында жаттың жазасына ғана ұшырап қоймай, жақынның жаласына да ұшырап, қырыққа жетпей қыршынынан қиылыпты. Өйтетіні: ол да талқысы мол тар кезеңде, өкінішімен қоса өкпе-бопсасы, өжеттігімен қоса өштестігі, үмітімен қоса үрейі де өршіп кететін өтпелі кезеңде, қай халықтың болмасын басына мың жылдарда бір оралып соғатын мақсат пен мүмкіндік орайлас көзігетін ауыспалы кезеңде өмір сүріпті. Ондай тұста, әсіресе, көптен санатқа кіре алмай қағажу қалып келе жатқан қауымдарда көкейтесті мүдделермен қоса қордаланып қалған әрқилы әлеуметтік қыжылдардың бәрі бірдей өре түрегелері мәлім. Бұл тұғырдан тұлпарға ауысып мінетіндей түбегейлі тарихи мүмкіндікке ие ететін ауыспалы кезеңді әр нәрсеге бір таласып, әркімге бір жармасып, әрі итеріп, бері жығатын ауытқымалы кезеңге айналдыра қоюға құштар әулекі құбылыстарға да желік бітері сөзсіз. Жаппай баққұмарлықтың, таққұмарлықтың, атаққұмарлықтың дерті өршитіні аян. Ал ол ел болмағыңды қаламайтын есіртпеліктің айтағына елігіп, жұрт болмағыңды жақтырмайтын жадылықтың айтқанына ылығып, енді-енді ес жиып келе жатқан елдіктің, онсыз да теңселіп тұрған теңдіктің мысын әбден құртып бағары – көрмей-білмей жүрген жәйт емес. Ондай кезде қайткенде қапы қалмауды тек сандақтың саңлағы ғана сараптай алады. Ондай сара ақыл иелеріне кенделіктен қапы қалған халықтар аз емес. Сол сияқты, бардың бағасын тұсында білмей, айтқанына түгел ермей, кейін сан соғып жатқан қауымдар да жеткілікті. Әркімге бір сеніп, әулекілікке беріліп, өз басына өзі тауан тауып алып жатқан жұрттар да жоқ емес. Арғы-бергідегі көп ойшылдардың қоғамның зиялы тобы, саяси-ғылыми, рухани элита туралы әр тарап қисын айтуы да осыдан туындайды. Білік пен зерде, талант пен қабілет дарытуда табиғат пен тарихтың, тек пен ортаның, тәрбие пен ыждаһаттың әрқилы ықпалының арасалмағын әлі ешкім дәл мөлшерлей алған жоқ. Сондықтан ортақ іске ортақ ықылас болған күннің өзінде әр күш, әр алуан үлес қоспақ. Ал азғантай уақытта асқар таудай іс тындырған Құдайберген Жұбановтардай сирек жаратылатын тұлғаларды тірлікке қойғанда ұлттық рухани өремізді қандай өрелі биікке көтерісе алатынын көзге елестету қиын емес. Бір басында ондаған адамдарды айырықша көзге түсіре алатындай ерекше қабілет пен талант бар, әрі тілші, әрі әдебиетші, әрі өнертанушы, әрі тарихшы, әрі жазушы, әрі сүретші, әрі шебер, әрі педагог, әрі ұйымдастырушы, әрі суреткер, әрі сазгер бұл жайсаңды ерте жоғалтқаннан біздің ұлтымыздың ұтылған ұпайын санап шығудың өзі мүмкін емес. Бәрінен де көзің шыққыр көре алмаушылық пен ішің жарылғыр іштарлықтың марқұмнан қалған қасиетті мұраның өзіне қанжар ала жүгіріп, көбін жойып, жоғалтып, өртеп жібергені өкінішті-ақ. Әрине, қанша сүлей болғанымен, жеке алғанда, қай саңлақ тұлға да халықты бір өзі қарық та қыла алмайды. Қанша дүлей болғанымен, бір өзі оны біржолата ғаріп та қыла алмайды. Сондықтан анау келіп құлпыртты, мынау келіп құртты дейтін қисынсықсымақтар әлеуметтік құбылыстардың арғы төркініне терең бойлай алмаған, не бойлағысы келмейтін жәй әншейін бәдік әңгімелер. Тоғышар сананың тарих алдындағы жауапкершілікті сахнадағы санаулыларға итере салып, өздері әрдайым қатаң қазының қалпында қалғысы келетін арзымсыз пиғыл. Әйтпесе, қай халық та өз мұратына жабыла жұмылып жүріп қана жете алатыны әлімсақтан белгілі ақиқат. Рас, ондай өрелі іске мұрындық бола алатын, ұлттық өзінің дәрменін, басқалардың оған деген ықылас-пейілін, халықаралық жағдайды, уақыт ағымын, тағы да басқа да толып жатқан табиғи, рухани, саяси, әлеуметтік факторларды жіті ескере шырын, ықтимал әрекеттерге уақытылы бастай алатын ықпалды тұлғалар мен топтардың болатынын ешкім де жоққа шығармайды. Мәселе олардың оңтайлы кезде табылып, табылмауында, ықтимал тұста ықтимал әрекеттерге бара алып, бара алмауында. Оларға қалған топтардың еріп, ермеуінде. Түптеп келгенде, бар мәселені керекті жағдаяттардың болып, болмауы емес, солардың үйлесімді орайласып, орайласпауы шешеді. Көрпеңе қарап көсіле білу, әсіресе, осындай тарихи тоғыстардың тұсында керек. Бұрын өктемдікке ие елдер, ондай артықшылықтан айырылып қалғанына көнгісі келмей, тулап бағады. Ал өз алдына енші алып шыққан отау үй бірден өз тірлігін өзі қамдап, өз көңілін өзі қымтап, өзі мүддесін өзі қорғай алмаса, бұрынғы үлкен үйдегі ырың-жырыңды көзсіз қайталап, сол ықпалдан шыға алмаса, шамалы уақытта қатарға қосылып, қанат жайып кете қоюы неғайбыл. Бұндай жағдайда, ауызға бостандық берілді екен деп, айта алмай келгеннің бәрін ағытып, бір қиқудан соң бір қиқу оятып, арзан абырой таба қойғысы келетін солақайлық пен содырлық жұртты жолдан қалдырады, араға іріткі салады, дау көбейтпесе, іс көбейтпейді. Ал бұрынғы байлаулы қолы шешілген бойда кеткен есені қайтарып, кемшіліктер мен кенделіктерді жойып, ел болмақ жолындағы еңбекке, нақты шаруаларға жедел кірісіп кете алған жетелі қауымдар жетем дегеніне тез жетпекші. Құдайберген Жұбановтан қалған азғантай мұра оның осы сойдың азаматы екендігін анық аңғартады. Оның жазған-сызғандарынан өз тұсындағы шым-шытырық дау-шаралардың сан-қилы салқынын емес, өз кезеңінің көкейтесті мүдделері мен мұраттарын ғана таба аласыз. Сол жолдағы ыждаһат пен ынтаны ғана таба аласыз. Сондықтан да ол әлі орнығып болмаған аума-төкпе заман мен әлі жөнін тауып үлгермеген аласұрма қоғамның ұшқарылығы мен алып-ұшпалығынан нақақтан мерт тапты. Ол шеккен азап – өз ортасынан алға озып кеткені үшін опа таба алмаған өрен ойшылдықтың азабы. Оның тағдыры – ішек-бауырыңды сілті ішкендей жидітіп, ет жүрегіңді езілте күйзелтетін күйікті тағдыр. Әсіресе, дәл қазір баршамызды тағы да тағы ойлантып, тағы да тағы толғантатындай тағылымды тағдыр. Өйткені, бүгін өз қауымымызға тап болған тап сондай сирек мүмкіндікті тап солай қожыратып алмаудың жауапкершілігін қай көздегіден де анығырақ сезініп, айқынырақ түсініп отырмыз. Өйткені, біз – тап сондай өжеттікті өштестікпен, белсенділікті безбүйректікпен шатыстырып алудан өрбіген алапат өрттен қалған айлапат өртеңнен өнген алтынбыз. Тамырымыздан дарып жатқан нәрдің емес, желегімізді желпіп тұрған желдің ыңғайына жығыла беретін болсақ, біздің де қашанға дейін, қаншаға дейін көгеріп кектей алатынымыз беймәлім. Сондықтан да, ұрпақтар сабақтастығын дәйектегенде, өткендегі арыстарымыздың не бітіріп, не тындырғанын айтып мақтанудан гөрі олардың көксегендеріне неге жете алмағандығын ойлап сақтануға көбірек көңіл бөлгеніміз дұрыс екені даусыз. Бұны, әсіресе, қазір мықтап есте ұстағанымыз парыз. Біздің маңдайымызға бабаларымызға бұрын-соңды бұйыра қоймаған бақ бұйырып отыр. Бірақ, тәуелсіздік әрдайым әлемді сескендірер әлділердің де әлсіреп, әбден әлжуаз тартқан тұстарында тап болады. Оған әу баста жоқтық пен жұтаңдық ілесе жүретіні үйреншікті шаруа, Соған шыдай алмай сыр алдырып алған сабырсыз қауымдар өз бағын өзі теуіп, өз тәуелсіздігін өзі көктей солдырғанына тарих талай рет куә болған. Ондайдың беті аулақ болсын десек, өз халқымыздың тек осы ғасырда жеген опықтарынан тиісті қорытынды шығара алмағымыз шарт. Алдымен шығаратын қорытындымыз – заман ұсынып отырған жаңа мүмкіндіктің жолын кеспеу. Елдіктің жолында қолыңнан келетінді аянып қалмау. Озғанға көз алартпау, қалғанға тұмсық көтермеу. Қолы ұзындар жабылып қалтасына, тілі ұзындар жабылып жағасына жармасып, қадымын аштырмай қармаласып жатқан қаршадай мемлекетіңе қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болса да, болысып бағу. Жарытпады екен деп анаңды көкірегінен тістемейтінің, қарық қылмады деп қауқарсыз әкеңді кеудесінен итермейтінің сияқты, бірден күрп еткізіп тастамады екен деп, бұғанасы қатпаған тәуелсіздіктің басына бар пәлені үйіп-төкпеу. Ауырына оған қосыла арқанды тосып, қиынына оған қосыла қол ұсыну. Ат құрғатпай атойлап баққан алапаттардан азап шегіп, көзі ашылса, енді ашыла ма деп отырған қауымның үмітін үздірмеу, жігерін жасытпау. Ар-намысын қайрап, тәуекелге бел буғызу. Тәуелсіз болғысы келген жұрттың тәуекелшіл болмағы шарт. Олай болса, байлаулы қолымыз шешілгенімен, көздегі томағамыз сыпырылғанымен, көксегеніміздің бәріне бір күнде жете салмайтынымызға шыдамағымыз шарт. Бодандықта өкініш көбейсе, бостандықта жауапкершілік күшейетінін түсінбегіміз шарт. Жоқ-жітіктің бәрін жіпке тізген таба құмарлық та, соның бәріне айыпты іздеп, әркімге бір жармасқан жала құмарлық та, орынсыз өкпешілдік те, болымсыз бопсашылдық та ең алдымен елдікті мұқалтатынын мықтап ұқпағымыз шарт. Қой көрмеген қуалап өлтіреді дегендей, дербестік тізгіні қолымызға тиер-тиместен, біресе билікке, біресе білікке, біресе бірлікке килігетін ұрдажықтықтың қандай орға жығып, қандай сорға тап қылатынына көзіміз жетердей уақыт болды. Мұндайдан арғы-бергіде аузы аз күймеген қазақ халқының әрбір естияр азаматы тап бүгін байлықты да, билікті де емес, елдікті көбірек ойлағаны орынды болар еді. Оған ақылы жететіндер басқалардың ақылы жетпейді екен деп айнып кетпегендері дұрыс. Бәрібір бар салмақ қолынан келетіндер мен ақылы жететіндерге түседі. Сондықтан, еркім қолынан келетіннен аянбағаны жөн. Бұл, әсіресе, бүгінгі әңгімеге өзек болатын тіл мәселесіне тікелей байланысты. Мұнда да әзірге жаппай жанашырлықтан гөрі жамырай сынай жөнелу, өкпе-бопсаға бой алдыру көбірек байқалады. Бұл мәселеде бәрі бәз-баяғысынша, ешқандай қозғалыс жоқ деп санау қиянат. Экономиканың қазіргідей жібі жіңішкеріп, әлеуметтік ахуалдың қазіргідей жүйкесі жұқарып тұрған кезінің өзінде, жаңа заң, арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдау, дербес билік құрылымын жасақтау оңай емес еді. Елбасының тікелей талапшылдығы арқасында ғана жүзеге асып отыр. Мемлекеттік билік орындарында іс-қағаздарын қазақша жүргізуге көше алсақ, шенеуніктер жаны үшін өздері-ақ тіл үйренеді. Тіл үйренуге бетбұрыс қайта жанданды. Тек соны кеңейте түсу керек. Бұл саладағы оң істердің бәрін көзден таса қалдырмай, көп болып, қолдай, құптай білуіміз қажет. Кібіртіктің бар екені рас, талпыныс жоқ деуге болмайды. Тіл департаменті саяси әңгімеге емес, нақты істерге мұрындық болуға көшкені дұрыс екендігі анықталды. Кеше Ел басында әлеуметтік салада көп сөз болып жүрген мәселелер жайында пікір алысылды. Ауыл. Тіл. Мәдениет. Ғылым. Білім беру. Денсаулық сақтау. Әлеуметтік қорғау. Жұмыссыздық. Жастар. Оралмандар. Қай мәселені де мұқият қадағалап, тыңғылықты біліп отырған Елбасы қаншалықты қиын болса да, аталған мәселелерге айрықша назар аударуды үкіметтен қатты талап етіп отыр. Бұрынғы тапсырмаларының үстіне жаңа тапсырмалар әзірлеп отыр. Мемлекет бұл салада қолдан келгеннің бәрін істеп бағары анық. Бірақ, тап сондай талапты әрбір азамат, әрбір ұжым, әлеуметтік топ өзіне де қою керек сияқты. Тек жоғары жаққа қарай кіжінумен шектелмей, әркім алдымен өз қолынан келетінді түгел істеп шығуға ұмтылмайынша, ғасырлар бойы тоқырап қалған тіл шаруашылығының тездетіп қатарға қосыла қоюы қиын. Есесі кетіп келген тілімізді мұратына жеткізу үшін, бәрінен бұрын, қай-қайсымыздың да қолымыздан келуге тиісті дұрыс ана, дұрыс ата, дұрыс ұстаз, дұрыс азамат бола білуге көбірек көңіл бөлгеніміз дұрыс сияқты. Әуелден «әлдиімізді» дұрыс айтқанда қазір көп сыналатын әлдекімдерге ұқсайтын әрі-сәрі әкім-қаралардан да аман болар ма едік, қайтер едік. Ата-ана баласына дұрыстап тіл ашырып, дұрыстап тіл үйретсе, ғалымдар заманға лайық білім беретін сапалы оқулықтар жазса, ұстаз барлық пәнді өз тілінде дұрыстап оқыта алса, жұртшылық өз тілін өздері әспеттей алатын әлеуметтік ая жасай алса, өз халқының қамын өз тілінде ойлай алатын көшелі азаматтар да көбейе түсері сөзсіз. Ондай азамат әкім, министр, академик болу үшін ең әуелі өз байлығын өзі игеріп, өз мәдениетін өзі өркендетіп, өз тілін өзі әспеттей алар өз ел, өз мемлекетің болуы керек екендігін оңай ұғар еді. Күллі халықтардың бәрі осыған тырмысып жатқанда, бізге де солай етпей болмайтынын түсінбейтіндердің саны күннен-күнге азая түспесе, көбейе қоймас. Үмітімізді үзбелік. Ендеше, еңсемізді түсіргеннен басқа ешқандай септігі тимейтін сары уайым сапырушылық дәл бүгінгі жиынға жараса қоймас. Ол барға, жоққа қарамай, бойындағы барды өз халқына сарқып бере алған сайыпқыранға, саңлақ ғалымға, өнегелі ұстазға арналып отыр ғой. Ол өз қолынан келетінді өзгеден дәметсе, бүгін істей алатынын ертеңге қалдырса, еселі еңбектің орнына өкпе-бопсаға бой алдырса, бар мұқтаж, бар кемісті басқаның бетіне салық қылғанынан халқымды қарық қыламын деп ойласа, тап осындай өрелі биікке жете алар ма еді ?! Қысқасы, бүгін жағдай қанша қиын болса да, туған тілімізді мерейлі биігіне жеткізу жолында қолымыздан не келіп, не қоятынын жан-жақты сарапқа салып, салиқалы қорытындылар шығарғанымыз дұрыс.

Сонымен, келелі кеңес болғай, орта толғай, ағайын!
Мамыр, 1999 жыл.

ТҰЛА БОЙЫ ТҰНҒАН ЖҰМБАҚ ТҰЛҒА

«Бейбарыс» романына алғы сөз
Бейбарыс... Осы бір есім аталғанда менің есіме 1968 жылдың күзі түседі.

«Төңірегіміз – жота-жота көк ала бұйраттар. Кешкі ымыртта сия төгіп тастағандай көк нілденіп көрінеді... Жер Орта теңізінің жақындығы ашық терезеден лүп ете қалған майса самалдан білініп тұр. Сонадайдан сәңкиген бір тұмсықтың басына иреңдеген тар жолмен көтеріліп келеміз... Алдымызда – мұхит деңгейінен жеті жүз елу метр биік шоқының басына салынған абажадай көне қамал қарауытты... Расын айтсақ, Сирия мен Ливанда біз көрген әскери қамалдардың ең үлкені де, көп қирамай-бүлінбей дұрыс сақталғаны да сол екен. Оған төрт мың атты рыцарлар жайғаса алады... Ең әуелі астыңғы қабатта екі жаққа екі тосқауыл коридор тарайды. Онда атты әскер тұрады. Сосын түпте ең соңғы үшінші тосқауыл коридор бар. Қорғанның ортасында, қамалды жау ала қалса, ат-матымен құлап өлсін деп жасалған, қашан ернеуіне тірелгенше көзге көрінбейтін ұшпа көл жатыр. Ол әлі күнге дейін сол күйінде сақталыпты. Қапелімде байқамай қалып, аңғырттау туристердің талайы ұшып өліпті. Қамалдың бұрыш-бұрышындағы мұнаралармен екінші қабатқа көтерілесің. Онда әскерлердің жатақханасы, сауық залы, мінәжат залы орналасқан. Бір кезде үстеріне талай қан, талай шарап төгілген қара тастар баяғы күйінен мызғымапты. Одан жоғары қақ төбеде Ханшайым мұнарасы тұр. Одан төңіректегі отыз-қырық шақырым жердің бәрі көрінеді. Терістік батыста Жерорта теңізінің қойнаулары мұнартады... Византия императоры Ираклий арабтардан жеңіліп, Константинопольге қашқанда: «Қайран, Сирия, жауға қияр жер ме едің?» – деп тап осы көк қойнауларда бара жатып айтқандай. Тас қорған төңірегінде дұшпанды тұтқиылдан төбеден түсіріп, қапы қалдыратын, қалтарысы жоқ нағыз найза биіктің басында... Алайда, жау дарытпас қорған, оқ дарытпас батыр бар ма? Ол да тізе бүгіпті. Биіктің басындағы тас қорғанға жете бергенде, қақпаның астында тұрған екі-үш араб жігіттері, біздерді көріп естеріне түсті ме, қамалдың маңдайындағы мәрмәр тақтаны көрсетіп: «Сұлтан Бейбарыс. Мамлюк», – дей берді. Профессор Ақжан Машанов тақтаға үңіліп еді, расында да, Сұлтан Бейбарыстың аты жазулы болып шықты... Мәрмәр тақта Сұлтан Бейбарыстың бұл қамалды 1271 жылы алғанын мәлімдейді». Бұл менің осыдан дәл отыз бір жыл бұрын, 1968 жылдың күзінде Ливан, Сирия сапарынан оралған соң «Лениншіл жас» газетіне жариялатқан «Жебе мен жұмыртқа» атты сапарнамамнан үзінді. Ол кезде Мысыр мамлюктерінің көсемі Бейбарыс сұлтан қазақ оқырмандарына кеңінен мәлім емес еді. Сондықтан аталмыш жазбада ол туралы естіген-білген мәліметтерімді ортаға салыппын. Одан бері талай қаламгер осы бір жұмбақ тұлға төңірегінде сөз қозғады. Солардың көпшілігінің соқпай өте алмайтын бірден бір дерегі бұдан әлденеше ғасыр бұрын дүниеге келген «Сұлтан әз-Захир Бейбарыстың ғұмырнамасы» еді. Ол мысырлық тарихшы Ибн Иайстың (1448-1524) айтуынша, XVІ ғасырға жатқызылса керек. Белгілі ағылшын мысыртанушысы Лэннің (1801-1876) деректеуінше, бұл XІX ғасырдың ортасына дейін арабтардың бұқаралық әдебиетіндегі ең мәшһүр шығарма болыпты. Осы заманғы мысырлық прозашы Таха Хусейн бала көзінде ауылдық жерлерде бұл шығарманы өз құлағымен талай тыңдап тәнті болыпты. Шығарма тек тақырыбымен, кейіпкерімен ғана емес, жанры бойынша да әлемдік әдеби үрдістердің ерекше бір құнды ескерткіші болып табылады. Таяу Шығыстағы мұсылман қалаларында мейрамдар мен жәрмеңке күндері базарлар мен алаңдарда, дәмханалар мен шайханаларда жиналған жұрттың алдында әңгіме соғып тұрған мұхаддистерді көруге болатын еді. Олар әңгімені жанынан шығармай, алдында жатқан қағаздарға қарап айтатын. Оқта-текте сөзді қоя қойып, ән салатын, би билейтін, саз шалатын немесе анадай жерде бөлек отырған сазшылар мен әнші-бишілерге кезек беретін. Осындай «халық сауықханасында» баяндалатын ұзақ «әлқиссаларды» шығыстанушы әдебиетшілер «халық романы» деп атап кетті. Ол Батыс Европа жұрттарындағы «авантюралық романдарды», «жылпостық романдарды», «куртизандық романдарды» еске салатын. Шым-шытырық оқиғалы «ғашықтық хикаяларын», «ерлік хикаяларын», «сайқы-мазақтық» немесе «сиқыршылық хикаяларын» шығыс жұрты сүйіп тыңдайтын. Олар кейін батыс оқырмандарына да танымал бола бастады. Солардың ішіндегі ең көп тарағандары» «Мың бір түн», «Антараның ғұмырнамасы», «әз-Захир Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасы». Қалмақан Әбдіқадыров, Қалтай Мұхамеджановтың аудармалары арқылы «Мың бір түнмен» жақсы таныс қазақ оқырманы енді, міне, Сауытбек Абдрахмановтың аудармасында «Әз-Захир Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасымен» танысқалы отыр. Талантты қаламгер, зерделі білімпаз Сауытбек Абдрахманов шығармада баяндалатын ортаның бояунәшін, шығыс халық романының тектік-түрлік сипатын қапысыз жеткізе білген. Шығыс қиссаларымен көптен таныс қазақ оқырманының қолына тигелі отырған жаңа кітаптың әдеби түстемелігін бұдан көбірек ежіктей түсіндірудің қажеті шамалы деп білеміз. Алайда, оның талай ғасыр, талай ұрпақтың құлағын елеңдетіп келе жатқан әйгілі тарихи тұлға мен оның заманы жайлы шындықты молынан білуге тырысары түсінікті. Ондай оқырманға алдын-ала айтарымыз: сұлтан Бейбарыстың егжей-тегжейлі өмірбаянын бұл шығармадан сол қалпында көздестіре алмайсыз. Ал, бірақ ол бастан кешкен оқиғалардың ұзын-ырғасымен ұшыраса аласыз. Ол, біріншіден, шығарманың негізгі төсегі болып есептелетін мамлюктер сұлтанының жеке хатшысы Мухи ад-Дин ибн Абд әз-Захирдің (1223-1292) өз қожайынының бастан кешкен оқиғаларының барлық қыр-сырын түгел білмейтіндігінен; білгендерінің өзінде толығымен ақтарыла салмайтындығынан; билікке төңкеріс жолымен келіп, төңкеріс жолымен кеткен әмірші болмысының жай-жапсары ішкі-сыртқы дұшпандармен ұдайы тартыс тұсында жария болуы еш мүмкін еместігінен, әрдайым бір енін ішінде ұстап өтуге мәжбүр ғұмырды баяндайтын ғұмырнамашыға да бір енін үнемі ішінде ұстап өтуге тура келетіндігінен; екіншіден, бұл шығармаға қосымша деректемелік болып табылатын әл-Макризи (1364-1442) және Ибн Таг-ри-Бирди (1409-1470) сынды тарихшылардың еңбектерінің де біздің заманымызға дейін үзік-үзік болып, толық қалпында, жүйелі түрінде жетпегендігінен; үшіншіден, оқиға болып өткен заманның әлеуметтік-психологиялық-идеологиялық-дүниетанымдық сипатынан; төртіншіден, қағазға түскенімен, ауыз әдебиетінің эстетикасына лайықталып, тыңдаушы құлаққа ұғынықтылыққа бағышталатын халық романының жанрлық табиғатынан; бесіншіден, айтушыдан айтушыға көшкен сайын әсерлілігі артқанмен, деректік нақтылығы кеми беретін ауызша ақпараттың өзіндік өзгешелігінен. Қысқасы, бұл туындыдан әр кейіпкердің, соның ішінде басты кейіпкердің де тарихи нақты деректік кейіптемесін таба алмағанмен, ол кешкен дәуір мен дәуреннің сипатына қапысыз қанығуға болады. Шығарма, негізінен, XІІІ ғасыр оқиғаларын қамтиды, Ол жаппай бүліншілік ғасыры еді. Азия түкпірінде асқындаған демографиялық өсім мен көшпенді тіршілік айыру үрдісі арасындағы қарама-қайшылықтар ушықтыратын кезекті жаппай көшу алғашқы мың жылдықтар тоғысында Рим империясын күйретті. Екінші мыңжылдықтар тоғысында оған мұрагер болып қалған Шығыс Рим империясының басына күн туды. Батыс әлемінің идеологиялық дәнекері – христиан діні екіге жарылып, бір-бірімен бітіспес күштерге айналды. Жаңа әлемдік дін Исламды ту еткен жаңа әлемдік империя – Араб халифаты да тоз-тоз болып, оның орнына пайда болған мұсылман мемлекеттері одан әрі ыдырауға ұшырады. Идеологиялық негізде емес, тұрмыстық-экономикалық үрдіс ыңғайластығымен ынтымақтасқан жаңа көшпенді империя-монғол астамдығы да алғашқы екпінінен айырылып, сыртты қойып, өз ішілік айқасқа бой ұрды. Қай елде де, тіпті жалпақ әлемде де глобальды ағымдардан гөрі локальды ағымдар, бірігушілік пиғылдан гөрі ыдыраушылық пиғылдар үстем түсе бастады, Батыс Европадағы игілік бастауында қолда бар ырзық қоры мен артық ауыздардың арасындағы кикілжің өршіп, тұрғындардың бойындағы басы артық күш-жігер клерикалдық авантюраларға жұмсалды. Кіші балалар мен ортаншы балалар атақонысты ағаларына тастап, католик шіркеуінің жұмсауымен Ғайса пайғамбар жерленген Құдысты (Иерусалимді) босатып алу үшін Араб елдеріне қарай ағыла бастады. Бір кезде қоныс тарлығы мен сыртқы қысымнан дүрбелеңге ұшыраған Орталық Азия халықтары үстемдікке таласты, сосын әуелі ес жинап, етек жабу үшін бас біріктірді, сол тұста белсенділік көрсеткен бес қару, әрине, алдымен, төңірегін тақымға басуға жұмсалды; одан әлемдік үстемдікке жетіп, әуелі масайрау, сосын тоқырау кезеңдерін бастан кеше бастады. Шектен тыс билік пен байлыққа ие болған үстем күштер өзді-өзді қырқысып кетті. Өзді-өзді билікке таласушылардың қай-қайсысы да әскери күшке сүйенді. Бұл кейінгілердің әлеуметтік беделі мен қоғамдық ықпалын күшейтті. Саяси элита алауыздығын әскери элита пайдалана бастады. Саяси-этникалық сепаратизм әлеуметтік-қауымдық сепаратизмге ұласа бастады. Бұрын геосаяси экспансия құралы ретінде пайдаланылған әскери қару енді әлеуметтік-саяси экспансияның құралы ретінде жұмсала бастады. Ол бірте-бірте саяси үстемдік құралы болуды місе тұтпай, өзі үстемдік иесіне айнала бастады. Шағатай ұлысында барластар, Жошы ұлысында маңғыттар билікке солай келді. Басқыншылық бүлікшілікпен алмасты. Бүлікші мен заңсыз билікке келетін оспадарлық әлемдік дәрежеде үйреншікті құбылысқа айналып, легитимдікке ие болды. Империялық доктриналар түпкілікті күйремегенмен, бұрынғы әлеуетінен айырылып қалды. Оны қайтадан тірілтпекші болған үстем күштер жеңіске жете алмады. Мәселен, Алтын Орданы қалпына келтірмекке ұмытылған Тоқтамыстың, Шыңғысхан үстемдігін тірілтпек болған жоңғар қонтайшыларының есек дәмесінен ештеңе шықпады. Қайта басқыншылар арасындағы алауыздықты өз халықтарының ұлт-азаттық мүддесіне пайдалана білген Александр Невский, Екінші Фридрихтер болашақ империялардың негізін салған аса ірі мемлекеттік бірліктер құра алды. Араб халифаты иелігіндегі аймақтардағы сеператистік ағымдарды орынды пайдалана білген сельджуктер бұрынғы жалпы исламдық империяның орнына өз империясын құрды. Таза клерикальдық идеология мен байырғы аграрлық-шаруашылық қатынастар дәуіріндегі қағидалар аумағында қалған Әмір Темір, Тоқтамыс, Едіге, соңғы монғол хандары, жоңғар қонтайшылары, «Ақ Орда», «Көк Орда» билеушілері, ұлы Моғол билеушілерінің империяны қайта күшейту пиғылдарынан нәтиже шықпады. Ұлттық-аумақтық сипаттағы мемлекеттермен шектелуге тура келді. Тіршілік айыруда ежелгі аграрлық-шаруашылық үрдістерінің аумағында қалмай, жаңа өркениеттік үрдістермен қол жалғаса білген Батыс, Шығыс Европа мен Оңтүстік-Батыс Азияда киелі Рим, Осман, Австро-Венгрия, Ресей сынды империялық құрылымдар түзілді. Кейінгі тарихи даму мен саяси ара салмаққа мұрындық болған ХІІ-ХІІІ ғасыр бір кездегі қуатымен жер тітіренткен Араб халифатын да айналып өткен жоқ. Пайғамбар көз жұма сала өршіген билікке талас исламдық идеологияның тұтастығына қауіп туғыза бастады, Пайғамбардың өз әулеті мен тізерлес серіктерінің арасындағы бақталастық мұсылман қауымын екіге бөліп, кейін әлденеше бұтақтарға бұтарлап жібергені белгілі. Солардың ең ірілерінің және ең ықпалдыларының бірі – фатимашылдар. Мұхаммед пайғамбардың қызы мен оның күйеуі Әзірет Әліні айырықша қадір тұтқандар қозғалысы. Олар әуелі Мысырдың әл Каһира қаласында үстемдік құрды. X ғасырдың аяқ тұсында Палестина мен Сирияны өз ықпалына қаратты. Фатима әулеті билейтін халифат (910-1171) солай дүниеге келді. Олар шиизмді ұстанды. Ортодокстік суннизмді мойындамай, Әзірет Әлі мен оның балаларын ғана пайғамбардың бірден бір рухани мұрагері санады. Бұл қағиданың негізін салушы Исмаилды жақтайтындар астыртын ұйым құрып, Бағдат халифаты ықпалына қарсы ұйымдасқан күрес жүргізді. XІ ғасырда олардың «хаш-шашин» («хашиш» есірткісінің атынан шыққан) ордені жан-пидалық жолға түсіп, террористік әрекеттерді құдай жолындағы күрес деп заңдастырды. Бұл Араб еліндегі бүлікшілік әуенді күшейтті. Оның үстіне, Әзірет Әлі мен балалары тұсында, оның жолын қуушылар ықпалындағы елдерде ежелгі Бабылдың магияға әуестігі кеңінен етек жайғанды. Бұл жағдай да айтылмыш аймақтағы айтылмыш дәуірдің саяси-әлеуметтік ауа райына айта қаларлық ықпалын тигізді. Сөз болып отырған шығарманың сюжеттік-фабулалық жүйесіндегі кейде тіпті адам нанғысыз оқыс бұлтарыстар мен кейіпкерлер іс-әрекетіндегі төбеден түскендей тұтқиылдық түсініктемелер мен сиқыршылық сипаттарды осымен түсіндіруге болады. Күш көрсету, төтен ерлік, айла-шарғы ол тұста айырықша қасиет саналды. Күш пен айла ол тұста айырықша бағаланды. Әсіресе, бір жағынан Құдысты қайта тартып алуға күш салған крест ұстаушылардың, бір жағынан монғол басқыншыларының қысымына ұшыраған қысталаң тұста әскери-саяси авантюра романтикалық сипат алып, жүрек жұтқандық санала бастады. Ондай жағдайда әрбір дәулетті адам өз жасағын ұстауға мәжбүр болды. Құл базарында да жұмыс істейтін емес, шайқас салып сайысатын «жанды табарлар» сатылды. Күні етіп, күші әлсіреп бара жатқан Фатима әулеті де тек сондай күштерге иек арту арқылы өз ғұмырларын ұзартқысы келді. Халық бұқарасынан қол үзіп қалған немесе онымен тіл табысқысы келмей, бойларын аулаққа салған, билікті қауымның әлгіндей жалдамалы күштерге арқа сүйейтіндігі ежелгі әдет. Бірақ, ешқашан опа таптырмаған қатерлі әдет. Әуелі «қара африкалықтарға», әсіресе, Судан зұлыстарына сүйенген Фатима әулеті бірте-бірте жалдамалы әскерді ұлғайтып, соған иек артты. Ондай жалдамалылар әуелі билікке таласқан топтардың ұпайын түгендесіп жүріп, кейін дербес күш ретінде саясат сахнасына шыға бастады. Мысырдың атақты қолбасшысы курд Салах ад-Дин 1171 жылы Фатима әулетінен шыққан соңғы халиф Әдідті тақтан құлатты. Әскери аристократияның Айюб әулеті (1171-1250) билікке келді. Салахатдин тұсындағы қайтадан қалпына келген суннизм үстемдігі, крест ұстаушыларға қарсы күрес ол өлген соң қожырап кетті. Айюб әулетінің өз ішінен алауыздық шықты. Соны пайдаланған Екінші Фридрих есебін тауып Құдысты қайтып алды. Крест ұстаушылар Жер Орта теңізінің шығыс бетінен әлденеше қамалдар тұрғызып, Мысырға да әлденеше рет ауыз салды. Сондай әрекеттердің бірін 1249 жылы француз королі ІX Людовик өзі басқарып келді. Ол 1250 жылғы Мансұр маңындағы соғыста тас-талқан боп жеңіліп, өзі қолға түсті. Бұл жәйт бір кездегі ең ықпалды әскери күш мамлюктерді ерекше күшейтіп жіберді. Тап сол жылы олар билік басына өз қолбасшылары Айбекті отырғызды. Сөйтіп, Ніл бойындағы мамлюктер орналасқан аралдың атынан шыққан бахрлықтар әулеті үстемдігі орнады. Негізінен көшпелі түрік тайпаларынан шыққандар басымдық ететін бұл әулет бұрынғы күрдтер ықпалын әлсіретіп, әскерде де, мемлекет билігінде де өз ықпалдарын күшейтті. Сол тұста ерекше көзге түскендердің бірі 1260 жылы монғолдарға тойтарыс берген аз-Захир Рухи ад-Дин Бейбарыс әл-Бундукдари еді. Мысыр тарихын зерттеушілердің айтуы бойынша, ол 1223 жылы туып, бала көзінде сатылып алынып, Айюб әулетінен шыққан сұлтан Салих Нәжім әд-Диннің жеке ұланына қабылданыпты. Сирияда әскери оқуда болып, мамлюк әскерінде көзге түсе бастапты. Мансұр соғысында ерлік көрсетіп, сұлтан атағын иеленіпті. Тұран-шахқа қарсы бүлікті басқарысыпты. Өз бәсекелесі мамлюк сұлтаны Құтыздың да түбіне жетіпті. Монғолдар 1258 жылы Бағдатты алған соң, халиф жанұясын түгел дарға асыпты. Содан аман қалған бір ханзаданы Бейбарыс Каирға алдырып, 1261 жылы халиф әл-Мустансир деп жариялапты. Соның қолымен өзін «ислам елдері мен ол бағындырған елдердің билеушісі» деп жариялатып, сұлтан атағын иемденіпті. Мысырдың хал-жағдайын жақсартып, онда он жеті жыл тыныштық орнатыпты. Жер аумағын кеңейтіпті. Батыс пен Шығыс арасындағы сауда жолының бірден бір қожасына айналыпты. Жер иеленуді жетілдіріп, жер суландыруды жолға қойыпты. Тоғандар, каналдар қаздырып, бөгеттер тұрғызыпты. Крест ұстағандардан елді тазартып, монғол шапқыншылығын тежепті. Жаужүрек қолбасшы болумен қоса, айлакер саясатшылығымен де танылыпты. Ел арасындағы беделін де нығайта біліпті. Сөйтіп, тек мысырлықтардың ғана емес, күллі мұсылман халықтарының мақтанышына айналыпты. Оған сөз болып отырған шығарма да куә. Онда Бейбарыстың атағы мен абыройына көлеңке түсіретіндей ештеңе жоқ. Оның істеген әр әрекеті, ол айтқан әр сөз ерекше ерлік пен данышпандық ретінде дәріптеледі. Бұл, бір жағынан, тарих топалаңына молынан ұшырап, көп зардап кешкен елдің Бейбарысқа деген шын ризашылығынан туса, екінші жағынан, оның тұсындағы мұсылман дүниесіне ортақ жетістіктер болып танылған жеңістерді ерекше бағалағандық еді. Оның үстіне өз елдерінің беделін қайтадан қалпына келтірген тарихи тұлғаның өмір жолының көлеңкелі беттерін қазбалау мысырлықтардың ұлттық санасының мүдделерімен сиыспайтын еді. Бұл жағдай өз тұсында да, кейінгі ғасырларда да атышулы болған тарихи тұлғаның жеке басының тағдырын қалған дүние үшін тылсым жұмбақ күйінде қалдырып келеді. Оның шыққан тегін, бала шағын, мансаптық жолын біржақты аңызға айналдырып, әскери ерліктерінен басқаны қалың қауым назарынан қағыс қалдырады. Соншама бұлыңғыр өмірбаянда басы ашық айтылған даусыз дерек – Бейбарыстың мамлюк екендігі. Романның айтуынша, ол ағаларының қастандығына ұшырап, тешіренді дәруіш құтқарып ап, құлдыққа сатып жіберген Хорезм билеушісінің баласы. Бұл расында да солай ма? Әлде өз елдерін жиырма жылға жуық билеген адамды тегі күмәнді құл деуге арланған Мысыр қауымы әдейі ойлап тапқан қаңқу ма? Ол арасы әлі де жете анықтауды талап етеді. Романда Бейбарыстың тегін Бану Исмаил тайпасының бәдәуилері айтып береді. Ал расында бұндай тайпа болмаған. Мамандардың айтуынша, белгісіз авторлар Исмаил жолын жақтаушыларды тұспалдап отырса керек. Біздіңше, олар айтқан Бейбарыс өмірбаянында нақтылықтан гөрі тұспал басым жатқан сияқты. Олардың айтуынша, Бейбарыстың атасы Хорасанның билеушісі болыпты. Оның Тала, Лама, Жамақ деген үш ұлы болыпты. Кәрі әкей тағын кімге қалдырғаны лайық екендігін білу үшін балаларын бір-бір күннен таққа отырғызып сынап көріпті. Тала мен Лама өздерінің өркөкіректіктерін, Жамақ әділдігін көрсетіпті. Тақ кенжеге бұйырыпты. Ол екі ағасына елді бірігіп билеуді ұсыныпты. Бірақ екі ағасы іштарлық қылып інісін қашып кетуге мәжбүр етіпті. Қашқын Жамақ жолда келе жатып арыстанға жем болғалы жатқан бір шалды құтқарыпты. Сөйтсе, ол аң аулай шығып, серіктерінен адасып қалған Хорезм билеушісі екен. Ол Жамақты көзі тірісінде бас уәзір қып ұстап, өлгесін тағына мұрагер етіпті. Хорасанда қалған екі зорлықшы ағасына елі қарсы шығып, елден қуып жіберіпті. Екі қашқын інісіне келіп паналайды. Бір күні олар Жамақтың ұлы Махмұдты ертіп, аңға шығыпты. Сонда қастарындағы Махмұдтың қол-аяғын буып, үңгірге тығып, кетіп қалыпты. Ыңырсыған дауысты естіп барған бір дәруіш баланы босатып алып, Бурса шаһарына әкеліп құлдыққа сатып жіберіпті. Сөйтіп ол болашақта мамлюк болатын балалар жинап жүрген Әли ибн әл-Барак деген саудагердің қолынан бір-ақ шығыпты. Ол Дамаскіге келгенде шаһар бегі Әлі әл-Акбаси деген адам Махмұдты Али ибн әл-Баракқа берген қарызының өтеуіне алып қалыпты. Одан оның апасы Фатима әл-Акбаси ханым бала қылып асырап алып, өлген ұлының құрметіне Бейбарыс деген ат беріпті. Сол Бейбарыс айдыны асып, Мысырға билеуші болып тұрғанда бір күні бейтаныс жолаушы келіпті. Ол әкесі Жамақтың тірі екенін, Хорезм мен Дербентті билеп тұрғанын айтыпты. Қажыға келген біреулер Каирға соғып, әл-АзҺар мешітінде Бейбарысты көріп, өз билеушісі Жамаққа қатты ұқсайтындығын аңғарыпты. Елдеріне айтып барса, Жамақ баяғыда жоғалып кеткен баласының тірі екеніне қуанып, өз көзімен көріп, біліп қайтуға жаушы жұмсапты. Бұны естіген Бейбарыс сұлтан уәзірлерімен ақылдасып, әуелі ата-анасына хат жіберіп, артынан өзі барып қайтуға бел байлапты. Солай етеді де. Оны көрген әкесі Жамақ, анасы Әйек естері шыға қуанады. Әкесі Тебриз билеушісі Қалауыннан көріп отырған зорлығын айтады. Бейбарыс Ибрагим деген серігінен хат беріп жібереді. Ол хатты Тебриз сарайына жасырынып кіріп, ұйықтап жатқан Қалауынның бас жағына Қояды. Оянғасын оқып көрген Қалауын әуелі апшығанмен, артынан уәзірлерімен ақылдасып, сабарына түсіп, Жамаққа ендігәрі зорлық жасамайтынын айтып, кешірім сұрап жаушы жібереді. Әкесіне теңдік алып берген Бейбарыс аман-есен Каирға қайтады. Бірақ, арада біраз уақыт өткен соң, мұсылман тақуасы боп келген, іріткі салып жүретін католик жансызы «ант ұрған Хуан» Тебризге барып, отқа табынушылардың әміршісі Қалауынды Бейбарысқа қарсы айдап салады. Бірақ, Қалауын дегеніне жете алмайды. Жеңілгенін мойындап, сұлтанның қарауына өтуге пейіл болады. Алайда, әбжілдіктің соңына түседі. Кезекті қажы айында Меккеге бара жатқан Бейбарысқа ере кетіп, жолда Дамаск әкімімен бірлесіп, сұлтанның тамағына у салып өлтіреді. Бейбарыс Дамаскідегі Таб әл-Барид зиратына жерленеді. Таққа отырған Қалауын Бейбарыстың балаларын өлтіріп, әйелі Тәжі Бақытты қуғынға түсіреді. Сұлтан Бейбарысты қолдап келген Бану Исмаил тайпасының адамдары Қалауынның ұлы Халелмен барып, Каирдегі Хусейін мешітіне жұма намазға келе жатқан жерінде Қалауынды өлтіреді. Халел таққа отырады. Жеті жылдан кейін мамлюктер оны да қастандықпен өлтіреді. Оның орнына Қалауынның Мұхамед ән-Нәсір деген екінші баласы таққа отырады. Ол елді қырық үш жыл билейді. Романда келтірілген бұл деректер шындыққа қаншалықты саяды? Ол тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Қазіргі қолда бар деректер ақи-тақи тұжырымдар жасауға аздық етеді. Біздің бүгін таңда білетініміз: Бейбарыс сұлтан дүниеге келген көзде Хорезмнің соңғы шахы Жалал әд-Дин әлі тірі еді. Ал, Хорезм мен Хорасанның байырғы аймақтарын әлдеқашан монғолдар жаулап алған-ды. Жәлел-әл Дин Солтүстік Индияда, Иранда, Әзірбайжанда ұрыс салып жүрген-ді. Ол 1231 жылдың 17-і мен 20-ы тамызы арасында қашып-пысып жүрген кезде ұйықтап жатқан жерінде Хорезмдіктер туысқанын өлтірген бір ызалы курдтың қанжарынан қаза тапты. Одан кейін Хорезмдіктердің босқын әскерін Мұхам-мед Баракат-хан ибн Дәулет-Мәлік деген әмір басқарды. Айюбтардың сұлтаны әл-Мәлік әс-Салих оған ағайын қарындасын беріп туыстасты. Хорезм әскері алауыздыққа ұшыраған Айюб сұлтандарының біресе анауына, біресе мынауына болысып, бүлікші жаугершілікпен шұғылданды. Сол тұста Дамаск билеушісі Крест ұстаушылармен одақтасып, Мысырға шабуыл жасауға әзірленіп жатты. Мысыр сұлтаны әл Мәлік әс-Салих Хорезмдіктерді көмекке шақырып, Сирияға Руки әд-Дин Бейбарыстың басқаруында жер қайысқан әскер аттандырды. Дамаск қолы мен Мысыр әскері 1244 жылғы 17 қарашада Газа түбінде шайқас салды. Мысырлықтар жауын тас-талқан қып жеңді. Мысырлықтар мен Хорезмдіктер Газаны, Палестинаны, Құдысты, 1245 жылы Дамаскіні басып алды. Сол жерде Хорезмдіктер мен айюбтықтар арасында жерге талас туды. Өкпелеген Хорезмдіктер қарсы жаққа шығып кетті. Сол кезде Хорезмдіктерге одақтас болып жүрген Рухи ад-Дин Бейбарыс шұғыл түрде Каирға шақыртылып, тұтқынға алынып, қамал ішінде өлтірілді. Өйткені, ол Хорезм қызына үйленген-ді. Хорезмдіктер арасында өте беделді еді. Әл-Макризи, Абу-л Фида, Ибн Тагри-Берди деректерінде айтылатын бұл тұлғаның біз сөз етіп отырған кейіпкерімізге ешқандай байланысы жоқ сияқты. Өйткені, әңгіме болып отырған кезеңде сұлтан Бейбарыс қаза тапқан жоқ-ты. Қайта оның бақыт жұлдызы жаңа жарқырап келе жатқан-ды. Сондай-ақ, В. Г. Тйзенгаузен жинақтарында келтірілген Руккедин Бейбарыс атты араб жазушысын да бұл қолбасшымен де, әйгілі Мысыр билеушісімен де шатыстыруға болмайтындай. Мәселен, ол 1282 жылы өлген Мөңке-Темір, одан кейінгі Тоқты мен Ноғайдың ара-қатынастары туралы да жазады. Ал бұл кезде сұлтан Бейбарыс әлдеқашан дүние салған-ды. Бірақ, бір-бірімен шатыстыруға болмайтын осы бір үш Бейбарыстың арасындағы дәнекер сынды Рухи-ад-Дин нені білдіреді? Бәлкім, бұл бір кезде Махмұд аталған баланы сатып алған әулеттің даңқтамасы (титулы) шығар. Үшеуі де сол әулетке жататын шығар. Фатима ханымның: «Менің саған ұқсайтын балам өлген. Сенің атың да сол сияқты Бейбарыс болсын», – деуінде осындай мән бар шығар. Бұл біз үшін әлі жұмбақ. Алайда, Сирия мен Мысырдағы Хорезмдіктер тарихынан да біз сөз етіп отырған әл Мәлік әз-Заүир Рухи әд-Дин Бейбарыс әл-Бундукдари әс-СәлаҺидің тегін анықтайтындай айқын дерек ұшыраспайды. Мысырды билеген Бейбарыс 1260 жылы таққа отырып, 1277 жылы қастандықтан қаза тапты. Билік басына келісімен Крест жорығына қарсы шабуылға әзірленді. 1265 жылдан бастап Крест ұстанғандар бекінген қамалдарды бірінен соң бірін ала бастады. 1267 жылы Кіші Армения патшалығына, 1275 жылы Кіші Азия сельджуктарына қарсы жорықтар жасады. Хулағу әулетінің үстемдігіне қарсы Алтын Ордамен одақ жасасты. 1262 жылы оған Византия арқылы бірінші елшісін жіберді. Каир мен Сарай екі ғасырлық уақыт ішінде елуге жуық елшілік алмасыпты. Кейін Тоқтамыс тұсында Мысыр, Османия, Алтын Орда арасындағы қайта өрбіген одақтастық байланысын бір кезде Бейбарыс сұлтан бастап беріп еді. Ол Алтын Орданың исламға көшуін жақтады. Ибн-Абдөзаххир мен Руккедин Бейбарыстың айтуынша, Мысыр сұлтаны әл-Мәлік әз-ЗәҺер Беркені Хулағуға қарсы айдап салып, маңғолдар арасында алауыздық туғызуды көздеді. (Тизенгаузен, І т. 53-98 беттер) Ибн-Уәсіл мен әл-Муффадділдің айтуынша, Берке: «біз батыстан, сен шығыстан тиісіп, Хулағу әскерін қыспаққа алып, бір адамын қалдырмай қырып жіберейік», – деп елші салды, оны әл-Мәлік әз-ЗәҺер қостады». (Тизенгаузен, І т. 53-98 беттер). Қайткен күнде де, бұл одақтастыққа екі жақ бірдей мүдделі болды. Берке өз қызын сұлтан Бейбарысқа ұзатты. Одан аталмыш романда сөз болатын Сейіт хан Мұхамед атты тұңғыш ұлы туады. Кейде ол Нәсір әд-Дин Берке хан деп те аталады. Ол 1279 жылы анасымен бірге Дамаск қаласына келеді. Көп ұзамай Сирияда ереуіл басталады. Ереуілшілерді бітімге шақыруға жас сұлтан анасын жұмсайды. Қала ақсүйектері алдынан шығып, ханшаның жолына жібек төсеп, жата қалып өзін сүйіп, құрмет көрсетеді. Бірақ, ханшаға еріп барғандардың кінәсінен келіссөз көздеген мақсатына жете алмайды. Сұлтан анасын Қарақ қамалына қамауға мәжбүр болады. Кейін сол қамалға өзі де қамалады. Мысыр тарихшысы Кутбидің айтуынша, ол аса рахымды, аса сахи адам болыпты. Таққа ие болған қайын атасы Қалауын 1280 жылы сұлтанды у беріп өлтіреді. Оған ыза болған туған қызы Ғазия-қатын әкесін сегіз жыл бойы қарғап сілеп, дауыс салып жүріп өледі. Сейітті анасы 1281 жылы Дамаскідегі әкесінің күмбезіне әкеліп жерлейді. Кутбидің айтуынша, Берке ханның ұлы, әмір Бедр әд-Дин Мұхаммед те Каирде тұрып, қайтыс болыпты. Арабша өлең жазыпты. Екі том кітабын шығарыпты. Осы азғантай деректің өзі-ақ романда Бейбарысқа телінетін Хорезмге, Дербентке, Тебризге байланысты деректердің ар жағында өмірбаяндық мән жатпағанмен, аса үлкен саяси мән жатқанын аңғартады. Оған өмірбаяндық сипат беру Бейбарыстың Хулағудың қоластындағы Кавказ, Кіші Азия, Иран аймағына деген геосаяси мүдделері мен мақсаттарынан сес бергендей. Аталмыш аумақтарға қол созуға моральдік құқы барлығына негіз салуға тырысқандық сияқты. Қайткенде де, сұлтан Бейбарыстың түпкілікті мысырлық еместігі, мамлюк екендігі даусыз. Ол аталмыш романда айтылғандай маңғолдар жаулап алған соң Таяу Шығысқа ауа көшкен Хорезмдік түрік тайпаларының арасынан шығуының да жаны жоқ емес. Бірде шабуылдап, бірде қаша қорғанып жүрген босқын әскердің талай бөлігінің мамлюктерді молықтырғаны да рас. Мәселен, түрікмен Айбектің жасағы тап сондай көпті бастан кешкендігі белгілі. Сондай-ақ, маңғолдар жаулап алған аймақтардың босқын жұртының да талай боздағы жол-жөнекей қолды боп, құлдыққа сатылып, ақыр аяғында мамлюктер қатарынан шыққан-ды. Әсіресе, кавказдықтар мен одан арғы далалықтар мұндай көпті көп кешкен-ді. Солардың ең көбі бұрынғы Қара теңіз, Азау бойын жайлаған қыпшақтар болды. Олардың бір бөлігі 1241 жылы Көтен ханның басқаруымен Дунай асып, Паннония далаларына көп орнықты. Олардан қалып қойғандар немесе маңғол қолдарынан қашып келе жатқан босқын тайпалар да барар жер, басар тау таба алмай, құл базарларда сатылып кете барды. Бату мен оның әулеті бір кездегі қарсыластарын одан әрмен қуалап Таяу Шығыс асып кетуге мәжбүр етті. Олар негізінен Қытай қоқан-лоққысынан жеңіліс тапқан, Алтайдан ауып келген бұрынғы Түрік қағанатын құрағандар мен кейін Шыңғысханға қарсы шығып, жер ауа көшуге мәжбүр болған тайпалар еді. Ондай тайпалар көбіне-көп қыпшақтар деп аталды. Бейбарыс тұсындағы Мысыр мамлюктері көбіне-көп қыпшақтардан тұрғаны белгілі. Каирда сондай қыпшақтар тұратын махаллалар Орда деп аталды. Олар араб дәстүрлерін жақтырмай, өз дәстүрлерін ұстанды. Мамлюктен шыққан шонжарлар көшеде күймелерге мініп жүретін. Алдарына қыпшақша киінген үш жүз музыкашыны шығарып, өз саздарын ойнатты. Ағыл-тегіл тойлар жасады. Жылқы сойып, қазы, қарта жеп, қымыз ішті. Лаврентий жылнамасында Бейбарысты «бурчевич» деп жазса, араб жазушысы әл-Айни оны да, оны өлтіріп, тағына отыратын Қалауынды да «қыпшақтардың берж әулетінен шықты», дейді. Мұхамеджан Тынышбаев Алаш этнонимінің арғы төркінін Алшындармен байланыстырып, оған кіретін беріш тайпасын Алтай, Сібір мен Оңтүстік орыс жазығындағы гидроним, топонимдермен байланыстырып, маңғол шапқыншылығынан көп бұрын Шығыс Европаға ауып келген тайпа ретінде сипаттағаны мәлім. Ал Әлкей Марғұлан хазарлар ортасында «Хазаруғ», «беріштек» деген екі қауым болғанына сүйеніп, оларды аталмыш өлкеде арабтар келместен бұрынғы бір тайпа деп есептейді. Тарихшы С. А. Плетнева VІ ғасырдың екінші жартысында пайда болған Түрік қағанаты абдалдар (эфталиттер) мемлекетімен жауласып, Византиямен, Иранмен байланысқа шыққанын айтады. Абдалдарды жеңген қаған Ираннан алым сұрайды. Иран бас тартады. Оған қарсы жорыққа шыққан түріктер Дербентке келіп тіреледі. Естеми хан болгарларды, хазарларды, беленжірлерді бағындырып, Дербентті қамайды. Бірақ, арада түріктердің өз арасында алауыздық туып, Кавказды жаулап алу жорығы он бес жылға кешеуілдейді. Тек VІІ ғасырдың басында ғана қайта жанданып, Дербент, Албания, Иберия бағындырылып, Тбилисиді қоршауға аттанады. 630 жылы Арменияға шабуыл басталған көзде қайтадан алауыздық туады. Түрік державасы түпкілікті құлайды. Ұсақ мемлекеттерге бытырап кетеді. Дуло (Дулу) Кубрат басқарған болгарлар өз алдына мемлекет құрайды. Олар Түрік қағанатында Ашин руымен билікке таласып келіп еді. Кубрат өлген соң ордасы екіге бөлінеді. Аспарухтың қол астындағылар Дунай асады. Ботбайдың қол астындағылар Хазар қағанына бағынады. Хазарияны Ашин руы билейтін. Олар VІІІ ғасырда Теріскей Кавказ бен Қара теңіз маңына дейін билеп, Византиямен одақ құрып, араб шапқыншылығына қарсы шықты. Талайды бастан кешкен Хазария 965 жылғы орыс-печенег одағының соққысына ұшырады. Хазарлар Маңғыстауға, Еділ сағасына қашты. Иудаизмді тастап, мұсылмандыққа көшті. Хорезмдіктермен одақтасты. Хазарларды Ашин руының билегені анық. Ашиндердің көсемі Білге қағанның қайын атасы әрі саяси ұстазы Тоныкөк болғаны аян. Қытай тарихшысы Ма Шацшудың айтуынша: «Түниқұқ – Алтайдағы Қара Ертісті мекен еткен Қарлық елінің Себек тайпасынан шыққан адам» («Қазақтың көне тарихы». Алматы. 1993. 116-бет). Себек – қазір беріш руының бір бұтағы. Сондай-ақ, қытай жылнамасына түскен Айбас тайпасы да Ашин руының құрамдас бөлігі. Оның көсемі Айбас батыр – қытайға қарсы соғыста көзге түскен адам. Оның елінің бір бөлігі қытай жерінде қалып, бір бөлігі ұйғырлар құрамына өтіп, бір бөлігі батысқа жылысып, Жайық бойынан шығады. Жазушы Әнес Сарай Византия патшасы Багрянародныйдың аталмыш өзенді X ғасырдың бірінші ширегінде жазылған еңбегінде Гейх деп атағандығын ескеріп, Жайық беріштер бұл қонысқа ІX ғасырға дейін келіп болған деп есептейді. Орыс жылнамасына «бурчевичтердің» енуінде де бұл тайпаның орыс-хазар шайқастарына араласы себепші болған шығар. М. Тынышбаев, Ә. Марғұлан пайымдамалары да соған меңзейтіндей. Олай болса, беріштер маңғолдар жағында болмай, оларға қарсы күресті. Олардың қуғындауына ұшырап, ел асып, жер ауды. Олардың Қалқа бойындағы шайқасқа қатысуы әбден мүмкін. Қыпшақ ханы Көтеннің Ашин руынан болуы әбден заңды. Ашиндердің құрамында беріштер де болғанын ескерсек, Көтенге еріп, Паннонияға барған қыпшақтар арасында беріш деген ру бары, ал қазақтағы беріштердің құрамында Көтен деген тармақ бары тегіннен-тегін емес. Атақты Жәлел ад-Дин бастапқы әскерін Маңғыстауда жинағаны белгілі. Мұхаммед Хорезмшах тұсында Маңғыстауда оғуз тайпаларымен қоса қыпшақ тайпалары да көп тұрды. Олардың басым көпшілігі монғолдардан бұрын көп орнығып, оларға қарсы күрескен тайпалар еді. Бұрын хазарлармен бірге болып, Хорезммен одақтасқан тайпалар еді. Олардың арасында беріштердің де болмағы ақылға сыйымды. Кейін Әз-Захир Бейбарыс сұлтан атанған Махмұд деген бала Бурсаға Хорезм жағынан келсін мейлі, Дербент жағынан келсін мейлі, Қаратеңіз бен Азау маңында не Атырау тұсында тусын мейлі – оның ата-бабаларының қыпшақтардың беріш тайпасынан тарауы қай жағынан да қисынға келеді. Егер оны өлтірген Қалауынның да «берж оғлы» екендігі рас болса, Мысырда 1250 жылы билікті өз қолдарына алған қыпшақ мамлюктерінің сұлтанының соңғы төресі – Бейбарыс, Сейіт, Ахмет Шаламыш, Қалауын, Халел, Мұхамед ән-Нәсір беріш қыпшақтар болып шығады. Бір кездегі ұлы Түрік қағанатын билеген Ашиндер әулеті билік сахнасынан XІV ғасырдың алғашқы ширегінде кеткен болып шығады. Иә, әу баста сарай жылнамасынан бастау алған «Сұлтан әз-Захир Бейбарыстың ғұмырнамасының» ашылмаған жұмбағы әлі де көп. Бір жағынан, ол бағзы ғасырлардың кейінгі ұрпақтарға тастап кеткен цифрограммасы сияқты. Оның сиқыр жұмбақтарын шешіп, тылсым сырларына қанығу үшін әлі талай ұрпақтардың талай ізденістері талап етілетіні даусыз. Дегенмен, қалай болғанда да, мына жайдың басы ашық: ол – жат жерде жүріп құлдықтан хандыққа жеткен, Мысырдай ұлы мемлекеттің, араб дүниесінің тарихында ғана емес, жалпы адамзат шежіресінде өзінің өшпес ізін қалдырған Бейбарыс сұлтанның қыпшақ ұлысының, кейіннен қазақ атты ұлттың туының астына біріккен елдің ұланы болғаны; тұла бойы тұнған жұмбақ бабамыздың, баршамыз мақтан етер осынау таңғажайып тұлғаның асқан ақылы мен ерен ерлігі, өмір бойы туған жерін аңсап өткен перзенттік сағынышы ұрпақтарымыздың ардақ тұтуына әбден лайықты екендігі. Мұнан біраз жыл бұрын қазақ кино шеберлері екі сериялы «Бейбарыс сұлтан» фильмін түсіріп, онда басты рөлдегі өрен жүйрік актеріміз Нұрмұқан Жантөрин ұлы әміршінің ұмытылмас бейнесін сомдап кеткен болатын. Қазақ оқырманының қолына тигелі отырған «Бейбарыс» романы – біздің ұлы бабамызға тағзымымыздың тағы бір келісті көрінісі.

1999 жыл, 26 қыркүйек.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙