Күйші
Ілияс Жансүгіров
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың күй өнері мен күйшілік құдіретіне арналған атақты поэма. Кенесары хан дәуіріндегі күйшінің ішкі толғанысы мен ұлттық музыканың рухы суреттеледі.
ПОЭМА
І
Аңқытып ақ орданың бір жағында.
Құмар қып тартқан күйдің ырғағына.
Көңіліне тыңдағанның от жағуға.
Жан терге түсіп отыр мынау дуда.
Бес бармақ маймаң қақты перне басып.
Көңілді бірде шымшып, бірде қасып.
Бірде ойнақ, бірде баяу сыбырласып,
Зарлы күй, ащы күйдің, тәтті күйдің-
Бәрін де лақылдатып төгіп шашып.
Табиғат тып-тыныш бола қалды.
Қамыстан жолбарыс та ыңыранды..
Желмая желе жортып жерді шалды.
Аралап, қоныс таппай күй зарланды.
Тас балқып толқып жатты бауырдай боп.
Құйып тұр жазғы жылы жауындай боп.
Бұрқырап кетті түтеп дауылдай боп.
Әйтеуір қырдан көшкен сарындай боп.
Қас батыр көңілі жұмсап, зәрі қайтып.
Қажытты мұзбалақты күй мұңайтып.
Аққудай көкте күйлеп, көлде қалқып.
Талдырып, тамшылатып сығып сарқып.
Тербетіп тыңдағанның көңілін ырғап,
Бұлақтай таудан тасып, тастан орғып,
Аңқылдап жатыр жосып сайды құлдап.
Бота күй маймаң қақты үн былқылдап.
Намазға ұйығандай отыр тыңдап.
Жым-жырт боп тына қалды жел де соқпай.
Адақтап жалғыз шапқан жүйрік аттай.
Ақ түтек тұра ала ма боран соқпай.
Безектеп перне басты шынашақтай.
Дауылдай бұрқыратып ебелегін.
Саймақтың суырғанда «Сары өзенін».
Тіл қылып сөйлеп, зарлап екі шегін,
Күңіреніп жұрттың көңілі түйе болды,
Шерткенде Тойтан тартқан «Боз інгенін».
Бұлт тыңдап мінбей тұрды тау басына.
Қараған бір жан болмай шаруасына.
Қарғалар қалқып қалды жар басында.
Тырп етпей, тілеулес боп зарласынға.
Айналды ақ алмастар қорғасынға.
Бір кеште хан Кененің ордасында.
ІІ
Күй болып, ұйып отыр есіл-дерті.
Кенеге үн бір сарын, күй біркелкі.
Даяшы, төленгіті, би, жендеті.
Арқадан Алатауға ауған беті.
Тарттырып домбыраны отыр Кене.
Жатқандай шабуыл не? Жортуыл не?
Келелі кеңестер не? Ақ найза не?
He тоқтау толқып жатқан айдын көлге?
Шақыртқы ту бола ма тозған елге?..
Кәні, кім ондай болды ұрпағынан?
Ақ туын Абылайдың кім көтерді
Алашта, дүниеден көшкелі хан?
Шаң беріп әр жерден бір қиқулаған
Абылай аруағым, ала туын
Көтерсем... көтерілер өшкен ұран...»
Сарыарқа, Көкшетаулар, Жайық, Еділдер.
Көзінен бұлаң қағып бұйра белдер.
Зеңбірек атанға артқан, найзагерлер
Жарқылдап сыбызғылы күй тартқандай,
Алатау берік қорған, жұмақ жерлер.
Домбыра ауған елге сырласқандай,
Ел қандай, Арқа қандай,, дұшпан қандай,
Ауған ел арт жағымен жауласқандай.
Тынбасқа жауды жеңбей, жер жастанбай.
Бұлтты бұрқыратып от шашқандай.
Әркімнің өз көндімен тілдескендей.
Бәрі бір домбыраға мінгескендей.
Құрыштап құлақтарын үн кескендей,
Сылдырлап кейде қамыс, кейде бұлақ,
Қырдағы қоңыр түнде жыр көшкендей.
Сескеніп жан-жануар жаншылады.
Саусақтар үсті-үстіне қамшылады.
Домбыра көшіреді, қондырады.
Қошамет болса қалай болдырады.
Күрпілдеп бірде бие саудырады.
Бұрқ-сарқ бірде нөсер жаудырады.
Манаурап, тыңдаған жан салбырады.
Күйшінің күйін сонда қойдырады.
Әйелдің ақ сұңқары, ханзадасы.
Кененің кеңесінде ақылдасы.
Немере, хан Кененің қарындасы.
Аңырып тұрып қалды айналасы.
Талайдың айдынымен алған сұрқын.
Қалды ұйып үйдің іші, болды жұрт жым.
Менің де сыртым бүтін, ішім түтін...
Бер маған осы адамды басы бүтін...»
Көтерді Кене ақырын қыздың басын,
Отырды майда сипап қара шашын.
Қарашаш жарлық күтіп керді қасын.
Қаласа, қалағанын алсын, алсын!
Үйсіннің ерулігі болар бізге!
Бергенім басы бүтін байлап басын!»
Сөзіне түсінбеді қыздың қандай.
Сұп-суық болды көңілі мұз құйғандай.
He жөн бар хан осынша күш қылғандай?
Әлде өңі? Әлде түсі? He жын соқты?
Өзіне отыр күйші ешбір нанбай.
Байланып басы бүтін кеткенім бе?»
Жіберді күйші сонда солқ-солқ жылап,
Сорғалап сортаң жасы беттерінде.
Сатса да, сойсадағы өз еркіңде!»
«Екі емес хан жарлығы!» десіп жатыр,
Бұғыбай, Бақай, Бұқай дегендер де.
Қылатын қызметің күй күйлерсің.
Құдайдан бұдан артық не тілерсің!»
Хан айтты, өкім болды! Жансын, күйсін!
Жігіттің жері Балқаш, руы Үйсін!
Сонымен кете барды сорлы күйшің!..
ІІІ
Деп келген сорлы күйші атағына.
Қақтығып орданың бір шатағына.
Азат бас айналды оңай ата құлға.
Мақпал бау, манат ойған отауына.
Алақтап алды-артына назар түсті.
Алтын мен жібек жайған базар түсті.
Көріңді әзірейіл, ажал түсті.
Сықылды жын патшасы дажал түсті.
Ауылдан ажал мені айдаған ба?
«Ақ көбек» күй айтқаны осы болып,
Алдына жарлықпен хан байлаған ба?
Жоқ, өзі түсі жылы, пенде бұ да...»
«Сенікі сонау ірге!- деді ханыша,-
Орын ал, жайлан дағы тарт домбыра!»
Жүгінді тізелерін тіреңкіреп.
Алдына ханышаның қылды тілек:
– Алдияр, ханыша!
– He айтасың, күйшім?
– Мен үйімді қашан көрем?
– Үйіңде нең қалды?
– Шешем...
– Оны күй біледі!
Қарашаш қайтуына күн кескен жоқ.
Болғанда бүгін мұңда, ертең қайда...
Мекені Кене ханның бір көшкен жұрт...
ІV
Шешкенін қыздың қалай түсінбеді.
Айқындап төңіректің пішіндері.
Бір тозаң тимегендей ел көшкелі.
He патша, не хандардың берместері.
Ақ күміс, ауыр тұрман, кім зергері?
Ұстасы Көкшетаудың күміс шапқан
Бақан тұр сырға қылып сәукелені.
Түскиіз түрлентіп тұр керегені.
Жолбарыс, аю жатқан іргелері.
Зер тоқып, күміс шауып, ойған манат.
Күйдіріп көрген көздің жауын алат.
Жарықтық жұмақ құсы қайда болад?
Тұсында ханышаның ілулі тұр
Нар кескен - аспаһани қайқы болат.
Бір үйге жия берген мұнша малды.
Өзінің шекпеніне құсаланды.
Жібекке алтын, күміс, көз майланды.
Айдаһар алдындағы қызға айналды.
Қара шаш, алма сағақ, құралай көз.
Тал шыбық, қыпша белдің өзі нағыз.
Ақ қоян, бозша байтал, ақша нар қыз.
Жігіттер, бәріңізде-ақ сұқтанарсыз.
Күлкі алып қалам қастың қиығына,
Оралтып шәй көйлекті судыратқан,
Мәсілер зер тоқытқан жұлығына.
Періште, әлде пері, әлде жын ба?
Құлпырып қыздың беті албырайды,
Ұқсаған алтай түлкі жондығына.
Сөйлесе меруерт, маржан себілгендей.
Көркіне көз тойынып семіргендей.
Кер марал жусап өрген керілгендей.
Сөйлескен жүрегінен сөгілгендей.
Екі ерні ерте піскен бүлдіргендей.
Жыбырлап көрдегіге жан кіргендей.
Қаратып шырайына талдырғандай.
Лебізі сусыныңды қандырғандай.
Күйдіріп көкірегіңе от жандырғандай.
Кәрі жан жігер бітіп жаңғырғандай...
Көрініп жұтқан шарап - тамағынан.
Паң қыран, қыр тағысы жаралудан.
Тастүлек, түлеп ұшқан бала қыран,
Үстіне пенде батып кіре алмайтын,
Қаймығып қарауынан, қабағынан.
Кей, кейде Кенеге де әкім сөйлеп.
«Қарашаш айтты» десе, «мақұл», жөн» деп.
Жайдары, кейде дарқан келсең-кел деп.
Айырып мақұл, тентек дауды тергеп.
Дария ақыл, кесте сөзі тастап өрнек.
Ән-күйді, ойын-сауық еткен ермек.
Кірпігін қақпай қалды көзі төніп.
Пендеге бітеді екен мұнша көрік?»
Кер торы кәмшат киіп, қасын көріп,
Жұқалап екі бетке еңлік беріп.
Қанғанда сусын ішіп, бойы сергіп.
Өзгеріп өзге аранға кеткен құлап.
Тантырап домбыраны отыр бұрап.
Түкіріп қайта-қайта, тұрмай құлақ.
Ішінен отыр толғап, қыз да сынап.
Күйлер жоқ... Қыздың көркі көлбеңдейді.
Жынданды... Қыздан өзге күй келмейді.
Домбыра таңқ-тұңқ етіп, күй білмейді.
Мыңқылдап, шәуілдейді, мәуілдейді.
«Қалмақ қыз», «Қара жорға» мінген де жоқ.
He тартып, не қойғанын білген де жоқ.
Пернеге әлі бір күй келген де жоқ.
Тартасың енді қашан деген де жоқ.
Тасқындап тыңнан бір күй қосылды ағып.
Жаңа күй, жаңа жолмен кетті лағып.
Суырып ішек тілін, мұңын шағып,
Жүйріктің шыны күйі келгенінде,
Шығаннан шыға шаппай тұрсың нағып.
Алыстап, шырқап, сілтеп, әрі кетіп.
Бірден-бір, ақырын-ақырын төмендетіп.
Соқтырып кейде боран, дауылдатып.
Артынан нөсерлетіп, жауындатып.
Бұрқылдап бірде әлсіреп, бірде қайнап.
Қырандай түлкі алатын көзі жайнап.
Ойнақтап, оқ жыландай андағайлап.
Жорғадай майда дауыс, кейде маймақ.
«Кел, кешке күтемін» деп сөз бергендей,
Жете алмай айналсоқтап жүргеніңде,
Жеңгесін жауабымен жібергендей.
Қызғанып қызды ауылдың иті үргендей.
Сарғайтып сарылтып күй өртегендей.
Құбылып ол да өз ішін түйдіргендей.
Ернінен ып-ыстық қып сүйдіргендей.
Лашын құс өз бойынан қорынғандай.
Көк тұйғын қуға түсіп соғылғандай.
Жарылып жүректен қан ағылғандай.
Сарылтып сары ауыру, сағынғандай.
Көзі жоқ, орны қалды мұнарланған.
Алдында бір сұлу тұр шоғарланған.
Қашаған қыз алдында қылаңдаған.
Арты «Аттан» жер күңірентіп ұрандаған.
Алдынан қызыл алтай бұлаңдаған.
Сағынып cap балақгы жұмарланған.
Торғай боп аспанда ұшып, көкте шарлап.
Қасына ханышаның кеп тұр сарнап.
Сарынын ішіндегі шерге жалғап.
Ебелек ел алдымен қашты қаңбақ.
Күйшінің көзінде қыз бұлдырады.
Бір бұлақ мөлдіреген сылдырады.
Санасыз, саусақ қаңғып қыдырады.
Жүректей сандыраған күй жынданды.
Ондайда қиял бойын жияды ма?
Ұмытып қайда екенін, кім екенін,
Быж-тыж боп отыр сорлы қыз алдында.
Үстіне, не боп кеттім, құлармын ба?
Әлде өңім, әлде түсім, қайда кеттім?
Апырмау, бар ма, жоқ па көз орнында?
Қыран боп көлден қағып, сілкер ме еді?
Кұс болмай, қыз боп шықса құшағыма ап,
Бетіне қалампырды бүркер ме еді!..
Алпыс жыл асығына күйер ме еді!
Көрінбей тірі жанға жүру үшін
Құс кебін перілердің киер ме еді!
Алатау үстінде ұшсаң көз алартып.
Көрінсе жерден бір күн көзім тартып.
Үскіріп, нөсерлетіп, жауындатып,
Аспаннан тіке түсіп алар ма еді,
Ауылын Кене ханның баурымдатып!
Бауырға басып алып кетсем қысып.
Апарып алтын тауда жатсам құшып.
Қалар ек жете алмасқа біз кетісіп.
Тек қана құмалақ caп іздетісіп.
Құс болып осы қызға тұс болмадым.
Қу басым, құр сандалдың, түк болмадың...
Қасына кісі болып бара алмадым.
Бетінен сүймес пе еді самалдарым.
Жүрер ем денесіне әбден тиіп.
Алмас па ем екі беттен шөп-шөп сүйіп.
Қыз кисе қызылымнан ішік жиып.
Құшақтап алсам, әттең, жүрсе киіп.
Елжіреп анда-санда қарайтұғын.
Бір бұрып қаратпас па ем бетін мұңын!
Болмадым әлде күміс, әлде алтының,
Білезік білегіңе салатұғын.
Тоты құс сонау тұрған қанатыңның.
Киер ме ед, қамшатына құндыз болсам.
Ашыған ашығыма қымыз болсам.
Күйдіре, жақындаса жаздамадым.
Қызметін істемедім азғана күн.
Мұқтаж боп қалар еді бұл да менше.
Болмадым мұның бірі, кұдіретім жоқ.
Сарылып ізге түстім, індету жоқ.
Айтуға өмірімше менде тіл жоқ.
Мен-дағы жігітпін ғой, құл иісім жоқ...
Туғаным, әттеген-ай, Сарыүйсін боп!
Келгенде осы араға қиял мұқап,
Жүйрік ой тоқырады жарға тақап.
Сүмеңдеп балдырғандай қақты шоқақ.
Үйткені қалған екен күй байырқап.
Жөнелді жазған жүйрік қайта шырқап.
Желдіртіп, маймаңдатып, дүрілдетіп.
Жетелеп бәрі қызға жүр-жүрлетіп.
Ақсады тойтырақтап, кібірлетіп.
- «Қой, күйшім, жетер!»- деді жымың етіп.
V
Шертілді шер шығарған талай күйлер.
Бір-ақ күй билеп алып күндер, түндер.
Сындырап өзге жаққа саусақ билер.
Қалмайды бастап тартқан күйден сүлдер.
Ханыша есін алып есіл жастың,
Күйшінің көңілінен соққан дауыл,
Лақылдап жүрегінен тасқан тасқын.
Қызығу алмасына алма ағаштың.
Қаңғырған өзге жақга бұл бір қашқын.
Бір күйді бас-аяғы қайталайды.
Сандырап мұның бірін тарта алмайды.
Сүзгілеп өзге бір күй анталайды,
Жүрегі қолын қағып қыз жетелеп,
Кеткенін өзі қайда байқамайды.
Мейірін тыңдағанның қандырған күй.
Аққуды аспандағы қондырған күй.
Балқытып мұз жүректі сүйдірген күй.
Бота боп нар інгенді идірген күй.
Бекітіп жылағанды жұбатқан күй.
Әркімнің өз көңліне тіл қатқан күй.
Жалын күй көкке шапшып лыпылдаған.
Бұлақ күй сусағанға сыңқылдаған.
Ауыру асық дертпен ыңқылдаған.
Бір тілмен ертеңді-кеш қыңқылдаған.
Мүмкін бе күйдің, тілін байқамасқа?
Құршына қыз кұлақтың қақсай-қақсай,
Домбыра өз арманын айта алмас па?
Күй өткір ақ алмастай түскен тасқа.
Қалмады ханышаға құламасқа...
Ол-дағы екі ішектен өрт тіледі.
Ішіне Қарашаштың дерт кіреді.
Қағынтып, жындандырып, қақтырады.
Күйшіні қара терге баттырады.
Күй шіркін ылпылдады, бипындады.
Жыбыршып ханыша да құйтыңдады.
Жалынған жалынды бір жыр тыңдады.
Ханыша домбырадан сыр тыңдады.
«Қызық бар, қыз қызықтар» деген тілі.
Әкетті қызды қағып күйдің жыны.
Қытықгап ертеңді-кеш күйдің үні.
Жуып жүр қыз жүрегін күй сылдыры.
Домбыра қақсай бермей болдыра ма?
«Тартпа!» деп күйді кейде тоқтатады,
Өйтпесе ышқынған күй оңдыра ма?..
Көшіріп қыз көңілін қондыра ма?
Қаһарлы ханышадан көлеңке жоқ ,
Ала өкпе болды, кетті ол бір бала.
Күй тыңдап отырады бойы балқып.
Уһлеп кейде шерін іштен сарқып.
Асқақтап, кейде сөйлеп, желе жортып.
Ышқынып өз-өзінен кейде қорқып.
Күй бар ма екен күйігі мұнша қатты?
Өмірдің бар қызығы домбыра екен!
Жалмап жеп жүрегімді қайда тартты?.
Күңгірт не? Көлеңкені күн ұзартты...
От алды Алатауды, кеш кірді-ау күн...
Маймыл ма, саусақтары неткен епті?
Осындай тәтті күйді қайда шертті?
Міндіріп домбыраға ап кеткендей,
Бұлақ па мынау күйі сылдыр етті,
Барады жүректегі жуып дертті.
Қайратым қара тастай қайда кетті?
Беу шіркін, таудың күйі, тастың күйі!
Құмартқан бір нәрсеге мастың күйі.
Қосылып қызықтаған жастың күйі!
Соғады кейде суық мұздың күйі,
Мұз жатқан қарлы Алатау, құздың күйі.
Осы-ақ қой, жаза басып, жаңылмасам...
Беу жаным жігіт екен! Бағлан торы!
Безектеп не қылмақшы мынау қолы?
Есіл ер хан боп неге тумады екен?
Түу шіркін! Мынау бір күй неткен оңды!
Балқытты-ау, ішіме бір жылу толды.
Бұлбұлым, бұл байғұзым, күйшім болды!
Бұл сорлы Дулат па екен, Үйсін бе екен?
Күйшім боп өміріне жүрсін бе екен?
Қарашаш осыған-ақ тисін бе екен?
Бұ сорлы күйді неге үйренді екен?
Күйата бұған дарын жүрген бе екен?
Хан Кене намыстанбай ти дер ме екен?
Жок, болмас! Ауырдым ба, жындандым ба?
Қараға хан затымды былғармын ба?
Тиюге енді маған құл қалды ма?!
He болды? Ауырдым ба, жындандым ба?
Жоқ әлде түңлік жауып, ұрлармын ба?
Сүйекке кетпес таңба ұрмаймын ба?
Қарайтып хан басымды итіме исем,
Аузыма тас толмай ма мұны сүйсем.
Өзіме өз ауруым, жансам-күйсем...
Айтқанын домбыраның сөйлеп көрсең!
Алмадай, басыңды алып алдаспаным,
Жазаңды не істеген біліп өлсең!
Тоқтатпа, «Тарт!» дегенім - қылғаным шарт!
Толғауы тоқсан күйдің бір-ақ күй бар -
Сылқылдат! Бастыр! Бастыр! Қадалт! Қадалт!
Лапылдат! Жандыр! Күйдір! Құмарт! Құмарт!
Безілдет! Сарнат! Зарлат! Үздіктірші!
Керек жоқ! Лақтыр әрі! Қысқарт! Қысқарт!
Аһласа, кейде демі тауды ұрғандай.
Жастыққа жылы жаңбыр жаудырғандай.
Бей-жай боп жалғыз өзін жау қуғандай.
Қалады айдалада қаңғырғандай...
Ханыша ішін жармай, өз салтында.
Күйімен жұдырық қып хан артында.
Отауы оңашалау орта ауылда.
Жалғыз-ақ домбырашы жатады онда.
VІ
Аулына Кене ханның қоныс бар ма?
Бұл жерде бүгін болса, ертең де жоқ,
Сақ болып тиетін жау, соғыстарға.
Беттеді Кенесары Алатауға.
Жайлы деп осы араны мал қыстауға.
Қарсы алды хан келуін улап-шулап.
Қонақ боп хан ауылы жатыр қунап.
Ат сыйлап, аруағына атан байлап.
Ат-тұрман сарбаздарға, сойыс сайлап.
Жүзіп жүр келген мейман қымызға, етке,
Күнде той, күнде жиын Кене маңы,
Масайрап мәз болған жан сый-құрметке.
Әлімқұл дейтұғын бір әлді датқа.
Әйгілі Ұлы жүзде жақын, жатқа.
Мансапты жинап зекет апармаққа
Дулаттың бір түсетін төбесі деп,
Кене хан келген жанап осы аруаққа.
Істелген сый-құрметтің міні жоқ-ақ.
Сыйласып бірін-бірі, елді тонап.
Әне, анау қараша үйлер отын шабад.
Бүрсеңдеп қызыл сирақ дір-дір қағад.
Келген жоқ бұған әлі орысың да.
Қаройдың көңірсіген қобысында,
Аман ел аумай жатқан қонысында,
Жетеді менмендікке сонысы да.
Төрені теңгермейтін қонышына?
Баласы Әлімқұлдың Сапақ мырза,
Бір сылқым, құрық бермес асау бұл да.
Ойнақтап бәйге сұр ат тақымында.
Ұқсаған бұл да қасқыр Әлімқұлға.
Қырғидай қиын тиген қыз-қырқынға.
Дегенмен жиып бәрін алабының
Әлімқұл ат шаптырып, думан қылды,
Аруақтап жапсар қонған хан ауылын.
Қосылып, тойдағы аяқ, табақшының
Бірі боп құрмет қылды Кене ханға,
Бәйгеден келтірді өзі Сапақ сұрын.
Атылсын ақ жамбылар сырғауылда.
He қажет мұның бәрін теріп мұнда.
Білдірді разылығын Әлімқұлға.
Сауықтап салтанатпен қайтты ауылға.
VІІ
Босатып күн таласқан жіберді атты.
Ханыша «Домбыраны тарт!» деп айтты.
Етіне түскен күйші аңыратты.
Ышқынтып, ішекпенен ішін тартты.
Жалынып қызға жылап, монтаң қақты.
Ауғанда түн ортасы қыз да жатты.
Жап-жарық отау іші, ай самала.
Ұйқы жоқ ханышада, күйші де ояу...
Жердегі отау көктегі ай бола ма?
Күйден бас көп тыңдаса айнала ма?
Оңаша отаудағы қыз, жігітте
Ойлатқан осыларды жалынды күй,
Бір тілді, бір белгілі сарынды күй.
Өлтірген өртей-ертей жанын бір күй.
Бос шауып бет алдына ырғалған күй.
Қызығып, қыз көзіне қырланған күй.
Тіл қатпай, үн қатумен ұрланған күй.
Албытып асықтықпан жынданған күй.
Дауасыз дертке ұшырап ауырған күй.
Өртіне қызды салып жандырған күй.
Қылқылдап қызға қатты жалынған күй.
Аһылап арманы да жарылған күй.
От болып өртенгендей мынау ақ үй,
Қырық аунап қыз жатады төсегінде
Жандырып, үһілетіп жаңағы күй.
Ол жатыр іші өртенген күйік кеуде.
Ұмтылып анда-санда әлденеге.
Қалады кейде оқталып «келдім...» деуге.
Қасында ханышаның «менмін...» деуге.
Қояндай күйші дайын ербеңдеуге.
Тентіреп күйші көнді көлбеңдеуде.
Жақындап бер жағынан барсам ба екен?
Мейрімі мен дегенде мол емес пе,
Қосылып қызығына қансам ба екен?
Өлімді өз мойныма-ақ алсам ба екен?
Болмаса өміріме шерін тартып,
Өртеніп күймен бірге жансам ба екен?..
Жатқан қыз кірпік қақпай, қыбыр етті.
Ақырын «Ханыша!..» деп сыбыр етті.
Наркескен қыз қолында жарқ-жұрқ етті.
Әйтеуір үй есігі сарт-сұрт етті...
Найзағай шатыр-шұтыр, нөсерді айдап,
Дауылдап жер сілкініп, тау күрсініп,
Боп кетті қап-қараңғы көзді байлап.
Зеңбірек күрс-күрс атқан, гу-гу сайғақ.
Қалтырап, қалды сорлы тілін шайнап.
Отаудан дүр-дүр етіп тұрды пері.
Айдаһар ысқырынған секілденді.
Шаңқ етіп, жатқан елді ду көтерді.
Шығарып самайынан шып-шып терді.
Апырмау, әлде біреу, әлде мен бе?..
Қасында ханышаның жалғыз мен-ақ ,
Барады кімнің аузы мен демеуге?
Кеттім-ау, мен ұшырап бір кеселге?
Бардым-ау, өзім анық білмесем де...
Аздырдың әзәзілдей сұм домбыра...
Қасына қалай бардым Қарашаштың?
Аяғым сынып қалғыр қалай бастың?
Өзімді оққа байлап, отына айдап,
Есуас, міне, адастың! Қақпан бастың...
Сандалдым, ашсам аштым... Өзім маспын.
Қалайша айналғаны мынау бастың?..
Ақ сапы кетпес пе екен ішімді есіп!
Алдына хан Кененің алып келіп
Басымды алдаспанмен алар кесіп!..
Болдырған босаң аттай үсті тершіп,
Жоғалып жарық дүние, отыр күйші,
Қоштасып өз жанымен өзі көрісіп.
«Қайдасың, қырылғырлар! Шапшаң кел!» деп,
Манаурап шырт ұйқыда жатқан ауыл,
У-шу боп оянысты... Кетті кернеп.
Қайнап тұр Қарашаштың кегі кернеп.
«Әлгіні тез қолыма ұстап бер!» деп.
- «Бармыз ба, дүниеде, жоғалдық па?
Қайдасың, хан Абылай аруағың,
Кетті ме мендей балаң құрбандыққа?
Тұрмаймын құса болып бұл қылыққа!
Итшілік, жігітшілік, тырқылыққа.
Ханзада қалай шыдар бұл қорлыққа?
Абылайдың жасыды ма асыл қаны,
Осы ма хан ауылының шашылғаны?
Қай қазақ қай заманда басынды әлі?
Ит иіскеп есігімнің ашылғаны:
Қарадан хан төмендеп басылғаны!
Жау алып жағамыздан басынғаны!
Талап қып ілемін деп ақсұңқарға
Ұмтылған екен, кәні, қашан қарға?
Жолбарыс айналды ма нашарлауға?
Ер қайда? Аруақ қайда? Намыс қайда?
Жау шапты ауылыңды Алатауда!
Құрғырлар, неге тұрсың, шаппай жауға!»
Дабырлап, жүгірісіп, жосып түнде,
Бүлінді хан ауылы осы түнде.
Ханыша тұр ашудың әлі үстінде.
Деп біреу тап-тап берді Сарыүйсінге.
Қолынды қоқаңдатпа!- деп, Күйшіме»
-Тауып бер өз қолыма жазалыны!
Таныдым - Әлімқұлдың шолжақ ұлы.
Бітеді сонда оның таза құны!
Тез келтір өз алдыма дозақыны,
Мен оған көрсетейін мазақыны!
Үлгі алсын, мұнан былай қазақ ұлы!
Қоймаймын көрге кірсе ондай кұлды!
Тап шапшаң, таң атырмай!- деп ақырды.
Туғызған талай мұндай дарақыны!
Қалтырап иман айтып күйші тұрды,
Қысылып маңдайынан тер сыпырды.
«Үһ!» деп, күйші байғұс жан шақырды.
VІІІ
Тас емес қара қатқақ, құмдар қатқан.
Оранып ақ күміске қараулатқан.
Өргізген бәрін қойдай қыз антұрған.
Жиылып жатыр адам ойдан, қырдан.
Мысық боп бұл дауысты жан тыңдаған.
Астында ақбоз атпен жарқылдаған.
Жасақтар жалаң қаққан жауға арналған.
Болаттар тас тілуге ожарланған.
Ақ сары алдаспандар жалақ-жалақ.
Мұз балақ, қаңтардағы қырау қабақ.
Күрілдеп көкжалдары көз қанталап.
Аулына Әлімқұлдың аузы қарап.
Жау жетті ел шетіне, әу дескендей.
Қара жер дүбір қақты, дөң көшкендей.
Біреуге бүгін ажал бар дескендей.
Алмас қыз, түсі суык, наркескендей.
Алмасты аспаһани қолына алып,
Ширығып, шыдамы жоқ тұр ханыша,
У жеген бурыл бері порымданып.
Оқыранып, кісінесе күмбір қағып:
«Ұрыны қанды мойын қолға бер!»- деп,
Дулатқа тұрғандары кісі салып.
Сұқсын ба басын итше Сапақ мырза?
Дулаттың битті балақ датқасына,
Деген кім хан аруағын бұлай былға?
Алдында шабуылдың тіл қатуға.
Жанжалды тыншыту ма, ұлғайту ма?
ІX
- Уа, датқа, хан жіберді, үйдемісің?
Сөкпеңіз онша ерте жүрген үшін.
Бүлінді жаны сізден күйген үшін.
Отауын бір текеңіз сүзген үшін.
Ел емес, жау деп күдер үзген үшін.
Түйілді сізге таман қырау қабақ.
Ыңыранды, сілкінді ту, тебіренді аруақ.
Асыңды ақ алмастар алтын сағақ.
Аулыңа зеңбіректің аузы қарап.
Сияқты көрінеді кінә сізде.
Тапжылтпай түсетінін білесіз де.
Шабылып бекер босқа күйесіз бе?
Осынан ел шабысып кете барса,
Тимей ме талай таяқ күнә сізге?
Көп енді кешіксеңіз уақыт озар.
Айтқаным, мезгіл емес мұны созар.
Сіздерге жай қалмады көлбек қағар.
Тезірек тіл бермесең, аулың шабар.
Оңай ма құлайтын құз Кене хандай?
Егерде тез уытын тарқатпаса,
Үйтіліп датқа аулының кетуі оңай.
Ханзада қамырықты неден олай?
- Ақсарбас айттым, алла, қақ пәледен!
Әлде хан өкпелі ме ерулікке?
Көңілі не? Кеше күтпей жібердік пе?
Қақтығып біздің елдің бір баласы,
Ағаттық ісімізді білмедік пе?
Көңілін бір нәрседен кірледік пе?
Сықылды сиыр мінез жаман елміз,
Хан әлде бұл Дулатқа кекті ме екен?
Бір хабар жамандаған жетті ме екен?
Қатыннан, не баладан, не малшыдан
Алды тар, ашуы ожар, екпін екен,
Жіберген жарлығы тым өткір екен.
Аруағы үстімізге шөкті ме екен?
– Шабындар, жылдам, Үйсін, Дулатты
Ауылы жай түскендей Әлімқұлдың,
Басына дулаттардың түсті-ау бір күй...
Жиналды Әлімқұлға датқа мен би.
Тау бүркіт, күшігендер, мықи, қырғи.
X
Төбеде тұрған қолға тақау барды.
– «Уа алдияр, алдияр!
Ел шайқалса - төреге...»
Дегенді айтып,
Сөз бастап бір майталман мақалдады.
Майталман одан артық айта алмады,
«Тіліңді кесіп алып тастайын ба?»-
Дегенде бидің көзі жаутаңдады.
– «Сөз бе екен сұрағаным? Жан ашуы
Дулаттың датқасынан сұрап тұрмын
Қорланған теңесін деп хан басымды!
Көрмеген тентексіңдер тіл кесуді,
Жоғалтып бұзылған ел ресімді.
Тентекке жаза, өлгенге құн кесуді?
Келіпті сақалдарың сүйретіліп,
Датқаның тіліне әбден үйретіліп,
Семіріп алыпсыңдар үйде отырып.
Сыйладың табағыңа у толтырып.
Қалды ма қу тілдерің күрметіліп?
Би емес, бұзылғанның қуатысың,
Тентектің телі менен суатысың.
Жүрсіңдер Әлімқұлдың мияты үшін!
Келгендер Үйсінбісің, Дулатпысың,-
Бәрің де Әлімқұлдың миятысың!
Датқаның кестелемей ұят ісін!
Алдияр, бас, тақсырлап, қойдай шулап,
Алдында ханышаның тұрды Дулат.
Міне бас! Тентек болсақ , кәрің тарқат!»
Қарашаш деді: «Ізіңмен бәрің де қайт,
Әділ кел, Әлімқұлға болмай мият.
Алып кел айыпкерді, алдыма тарт!
Десеңдер, шабылмасын ауылыңды,
Құрбан қыл ел бүлдірген сұм құлыңды.
Албасты, қызға келгіш, мұңғылыңды!
Ол итке кигіз арнап құл киімді,
Күйе жақ, мойнына іл құрымды.
Мықтап тақ мойынына шылбырыңды!
Ауылды айналдырып әкел маған,
Жау болмай, өзге болсаң елге ұқсаған.
Сертім сол - өз қолымнан мойынын шабам!
Осыны істемесең не сөз маған?
Сапақсыз бері таман баспа қадам!
Әлімқұл, Абылайлап аулың шабам!
Болсаңдар осы тұрған елдің басы:
Жауаптың осы айтылған айналасы.
Осы елдің қорлағанға құл тумасы.
Бүлінбес ел ішінің бүтіні осы!
Кетсе де көрге кіріп кешікпесін!
Төбеден уәдені күту осы!»
Тентекті табамыз деп болса мұндай...
Сықылды өңшең Үйсін - сасыр қурай.
Болар деп бұл сұмдықтың арты қалай.
Дулаттар қайтты ізімен кейін қарай.
Қамалған жол таба алмай соқыр жиын.
Салмағы Кене ханның болды-ау қиын...
Ылайсаң - дейін десе менменсиін,
Немесе ер көтерер қылық па осы?
Бұл-дағы шертті ішінен бебеу күйін.
Кім шыдар мұндай өкім зорлықтарға?
Шапқызып өз баласын тұрған кім бар...
Мұндай іс жаушылықты жаңғыртпай ма?
Қараны қаһарланса хан құртпай ма?
Хан басын қара қорлап кете берсе,
Тыюсыз елге бір заң орнықпай ма?..
Біту ме, шабысу ма - шешіп айтпай...
Алдынан Қарашаштың ашу қайтпай?
Ашуы тарқай ма екен қылыш тартпай?
Қылмысты тентегінің мойнын шаппай?
Зеңбірек тұра ала ма күрс-күрс атпай?
Би, датқа жақсылары келді ақылға:
- «Әлімқұл, жұрт айтып тұр, міне, тыңда!
Қалмасын қамырығы хан артында».
Келтірді кеп талқысы жан алқымға.
Байласты соған сөзді ең ақырда.
XІ
Жалақтап, жауды қайда дескен қолды
Байқасаң, жау жарағы зеңбірегі,
Қыз маңы бір ауыр қол - әскер болды.
Дулат тез тентегімен келмек болды.
Торғайдай тығылып тұр күйші сорлы.
Абайлап қыз мінезін бірден-бірге,
Өзінің сұмдығына ішін тартып,
Қалтырап, қырау тұрып жүрегіне.
Еліне кетерін де, жүрерін де.
Қараса Қарашаштың реңіне.
Қыз емес, мынау тұрған қорқау сырттан.
Осыны оятуға оқталдым-ау,
Албытқан жындымын ба, жүрек жұтқан?..
Қай жері қызықтырып бой жылытқан?
Азғырған ақымақ қып сайтан екен,
Сандалтып сары ауру - күй ғой құртқан!
Қырғиға қиқаңы не бөдененің?
Дәмесін домбыраның тіл сөйлесе,
Мен-дағы осы Үйсіндей өлер ме едім?
Құмартып күндіз-түні әурелендім.
А, құдай, Тәуба! Тәуба! Тәуба дедім!
Кәрлі қыз елді бүріп, шырық иіріп,
Үйсінге, Дулатпенен салды бүлік.
Ордада Кене хан да отыр біліп.
Қарадан хан мойнына түскен кұрық.
Деп ішке Кене осыны отыр түйіп.
Алар деп өз абыройын өзі-ақ жығып.
Тымырсып терең жатыр іштен тұнып.
Арыстан отыр барлап тісі ақсиып;
Дүм қылып ханның сыртын Дулаттарға,
Төбеде тұр әнекей, қыз қақшиып.
XІІ
Көк тұман қопарылды, желтең ашқан.
Томсарып мынау қыздай зәрін шашқан.
Жөңкіліп Дулат келді жаны сасқан.
Қоянын алдына caп қақпан басқан.
Келеді қызға таман улап-шулап.
Тез қатар, тасталатын қылыш турап.
Мойнына масқаралап құрым байлап.
Жетелеп біреу атпен, біреу айдап.
Жалғыз-ақ кезігіп тұр хан Кенеге.
Көңілін айдағандай әлденеге...
Бақылап не қылар деп батыр Кене.
Әлімқұл ауылымен тұр төбеде.
Кісесі мойынында, қалт-қалт басы.
Кененің ішке сыймай мына арасы.
Әлімқұл өз елінде ел ағасы.
Кетіп тұр кісіліктен ердің басы.
Азамат әлде айыпты? Әлде нахақ.
Өзі жоқ, көлеңкесі қақақ-қақақ!
«Күнәлі», «қанды мойын» деген лақап,
Дедектеп қыз құрманы келді тақап.
Көрінді жауқазындай еті де әппақ.
-Жетеле, жексұрынды алдыма тарт!-
Дегенде қызға ұсынды қанды мойын,
Алдаспан қыз қолында еткенде жарқ...
Қан басты жерді-көкті қып-қызыл нарт...
«Алла!» деп көзін жұмды Әлімқұл қарт...
Мұның да көзіндегі нажағай жарқ
Еткенде, қыздың тартқан aшy күйін
Домбыра, күй үзілді, кеткендей шарт.
Жарқ етіп, өз мойнынан қан шашқандай.
Астында алдаспанның алжасқандай.
Қанды бас қылыш қаққан домаланды.
Әзірейіл ақ боз атты, алдаспанды.
Алдаспан қыл мойынға тиді тақап.
Ұстатсып ашуменен қалды шап-ақ.
Шапқанда не бітірдің ашу сақтап?..»
Ашуды жағасынан ақыл алды,
Жынды ашу қалды әлсіреп, қалбалақтап.
Жалт етіп шықты бұққан.мейірім қорқақ
Мұның не?- деп мейірім жел боп соқты,
Тұмандай бара жатты ашу тарқап.
Монтаңдап ашу жасып берді тайқақ.
Алдаспан шыға берді қайта тайқап.
Шабылмай қыз алдынан өтті Сапақ.
«Ақсарбас!» деді Әлімқұл тұрған байқап.
Басылды тасқан өзен еткен бұрқ-сарқ.
Майталман бағанағы күлді қарқ-қарқ.
Ханыша тұрды сөйлеп би мен бекке:
«Баласы Ұлы жүздің, разымын,
Түспедің бірің ара бұл тентекке!
Болмаған арашашы мұндай итке.
Әлімқұл өзі қылған бұл билікке.
Ауылын Кене ханның қимағанын.
От жақпай арасына хан-қараның.
Кебіңе қидым, Дулат, иттің қанын.
Алдыма келтіргенім - ит қылғаным.
Құрақтай жел жапырған ығып, шулап,
«Көп жаса! Тағыңда ағар!» деп қария,
Батаға қол көтерді Үйсін, Дулат!
Тоғыз қып түйе бастап, айып құрап.
Бәйгеден кеше келген қара сұр ат.
Ілінді керегеге сірі садақ
Аулынан Әлімқұлдың бетін бұрды,
Зеңбірек үңірейіп тұрған қарап.
Сапаққа жаңа кірді жан домалап.
Мәз болып Үйсін, Дулат кетті тарап.
XІІІ
Жылқыдай жатты жусап тұман тауда.
Шыралжын шырт-шырт етіп жанды отауда.
Жамылған жанат ішік қыз отауда.
Жұп-жуас, ілініп тұр алдаспан да.
Мажырап үйдің ішін нұр басқанда.
Албырап алмадай боп қыздың беті,
- «Е, күйшім, домбыраңды ал!» деген кезде, Күйлердің ағытылар келді реті.
Құлдырап күймен бірге өзі кетті.
Еңіретіп естілмеген күйге шертті.
Қол ойнап, мұнарланып көзі кетті.
Құлдырап күймен бірге өзі кетті.
«Жалғызым! Жалғызым!» деп жылап жатты.
Маңыратты, «қой-қозыны» жамыратты.
Қыраннан қашқан құсты корғалатты.
Қалың қол қаптап қойды ордаға атты.
«Жорғаның» шаңын көкке бұрқылдатты.
Жылатып қыз, жігітті қыңқылдатты.
Қойлар да дүр-дүр үрікті, қасқыр шапты.
Дүрілдеп ұлы дүбір көкпар тартты.
Нәзік күй еркелетіп тербеп жатты.
Домбыра тәтті, тәтті әңгіме айтты.
Қобыз ап, қоныс іздеп күңіренген.
Салынып ат артына қыз күрсінген.
Кетпеген нұсқаған аң Арша көрген.
Кезі екен көзі тұнып аңсап өлген.
Ойнаған бір мақлұктың басын көрген.
Қалды әне, бетіне алып, басып мерген!
Түскенде жерік мерген шын құмарға,
Есалаң өзі болмай жан тұрар ма?
Ұшқан құс, жүгірген аң құтылар ма?
Әнекей мерген ұшты, атқан аңға,
Топырлап топырақ боп жатқан аңға.
Үстінде жалғызының батқан қанға.
Өзіне ұғындырсын не деп мұны?
Аңғал жан, аң деп атып өз баласын,
Өкіріп жылап жатыр мерген құры!
Үздігіп тілдескендей күй мазмұны.
Домбыра баяндайды міне осыны!
Үйіне сүйретіліп келген мерген,
Үні жоқ, сөз айтуға тіл күрмелген.
Көңлінің күйін күй қып шерте берген.
Құмартты, құмды кезді аң көрінген.
Құшақгап ұлды, құмды күңіренген.
Домбыра зарлап, сарнап күңіренген.
Тыңдаған күйді шеше еңіреген.
«Айрылдық жалғызым» деп еңірей берген.
Шешесі болған жайдың бәрін де ұққан.
Зарлы ана аңыраған, күй де у жұтқан.
Оңай ма өз баласын атып жыққан.
Дауысы жылай-жылай бос қарлыққан.
Мұңды айдап қыз көңіліне жамыратты.
Жастықта тыңдай-тыңдай жылап жатты.
Көкке күй өрт жалындай шалқып жатты.
Көк тасы Самарқанның балқып жатты.
Оқ тиген аққу құсты қаңқылдатты.
Өрт қылды қыз бойындағы азғана отты.
Жүректің жазы шығып, жаңбыр төкті.
Жер шалған, жорға салған жылқы ұрлаған.
Күй қайда бір сарынмен қаңқылдаған...
Сауықгы ауыру күй ыңқылдаған.
Ат шауып, барымта алып қиқулаған.
Байланған осыларға «Бала көбек».
Күрпілдеп кейде саба, кейде көнек.
Домбыра бебеуледі тілін безеп.
Біресе «Желмая» күй желек-желек.
«Тәттімбет», «Кенже қара», «Тойтан салған»
«Атылған аққу», «Күйген», «Суға кеткен»,
Тартылды талай сарын, талай арман.
Тартылмай күй болмады мұнан қалған.
Болыпты мезгіл міне таңға таман.
Әндетіп жатты қырдың қыз-қырқыны,
He болды, не қойғанды түгел айтып,
Сырласты ханышамен күй сылқылы.
Үйреткен өз тіліне күй бүлкілі.
Келтірді қыз ойына бір күлкіні:
Дегенін жайы осылай күйдің тілі,
Мерген қыз ширатып кеп ішке түйді.
Саба қыз құйылғандай сылық-сылық күлді.
- Жарайды, жетер, күйшім, тоқтал енді!
Аспаннан арман асып кетсе керек,
Жыбырлап жын-сайтанның жүргендері...
Түнеугі тоқсан күйді тартып берді.
Аңқылдап домбырада күй түзелді!..
XІV
Қуарып, бір қызарды қыздың түсі.
Тебірентіп тоқсан түрлі күйдің күші.
Ер болсаң қызға тілмен сөйлей білші?
Күйшінің күйін, жайын таразылап,
Салмақтап өкім қылды қыздың іші.
Қылаңдап міне кірді сәуле үйге.
Мінекей, атқан таңда, тілеулі үйде
Күйшінің талсасасын, біреуіне,
Күйшіні сенен асқан білемін бе?
Айт, күйшім, менен сенің тілегің не?»
Қызылдап қан жүгіріп реңіне,
Жалтақтап қарай берді қыз өңіне.
Білместен жыларын да, күлерін де.
Көңлімде қалған кір жоқ, кетті сайтан.
Басыма бостандық бер, елге қайтам...
Қуанам, қайтарсаңыз елге барам.
Болар ма бөтен тілек, асылзадам...»
Кербез қыз, ақылы балқаш, ашуы дүлей!
Жайдары жайраң қақса жайнар күңдей.
Қалып ед ханышаның өзі білмей.
He «болсын», не «болмасын» бірі жеңбей.
Айтуға өзге сөзді тілі келмей.
Көзі ойнап, жарқ еткендей болды жан-жақ.
Қысылып қысы-жазы жүрген зарлап.
Қылмаңдап қалды күйші «алдиярлап»,
«Болды,- деп,- босатқаным әлдеқалай...»
Дел-сал боп отыр әлі қыз қиялдап.
Енді оған естілер ме күйлер тәтті?
«Таратып тоқсан күйді жібердің»,- деп
Бір жақтан керең бір ой күңкіл қақгы.
XV
Жібер деп өжет ақыл билік айтты.
Үндемей қыз жүрегі жылап жатты.
Ішінен құрып отыр қыз таразы.
Кетсін деп қыз ақылы болды қазы.
Егерде күй тарттырса қысы, жазы.
Түлкіге ұмтылмас па тағы тазы?
Қыз-дағы күй тартты ғой неше буын,
Сусаған тұра ала ма ішпей суын?
Егерде қостамаса бұл қайтуын?
Қыз ішіп елтіп қалды күйдің уын,
Дерттенген тыңдай-тыңдай домбыра үнін.
Бойында сақтамақшы кім ауруын?
Сүйтсе де қатты ауру ханыша да,
Ол дертпен өзге кісі таныса ма?
Қара мен хан сүйегі қабыса ма?
Сондықтан бұл екеуі табыса ма?
Қарға мен қаз құшағы қабыса ма?
Онымен қыз арманын тауыса ма?
Сондықган тоқсан толғау ойға қалды,
Толғатып ішінен қыз ыңыранды.
Ширығып, арқандалып шыр айналды.
Сүйтсе де жүре бер деп айта алмады.
Дегенге қыздың іші сөз байлады.
Татымас бір өзіңе барлық Үйсін.
Өртеніп, жүрек жанып, бауыр күйсін».
– Алдияр!
– Айт, күйшім!
– Ертең елге қайтайын!
– Тарта бер, асықпа әлі, ақын, күйшім!
Дедім ғой тілегіңді мақұл, күйшім.
Қайтасың жаз шыққан соң ақыр, күйшім.
Сандалды күйші, ішекте күй бұзылды.
Мыңқылдап салып кетті құр күжілді.
Күй жоғын домбырада қыз да білді.
Білді де, білдірместен бүлк-бүлк күлді.
XVІ
Қолында ханышаның күйші жатты.
Күшеніп күйші сорлы күйлер тартты.
Кеудесін қызға таман омыраулатты.
Сыңқылдап соныдан бір күй заулатты.
Серпіні қатты, екпінді сергек, өргек.
Желпінтіп жерді, кетті аспанға өрлеп.
Бір кезек буырқанды кегі кернеп.
Бытырап кетіп жатты өрге өңмеңдеп.
Құмартып жындандырған қызың да жоқ.
Ақ иық, алтай түлкі қызыл да жоқ.
Қыз күйік - күй сарынын бұзу да жоқ.
Бетінде Қарашаштың қызыл да жоқ.
Қыз емес, қарсы алдында албасты отыр.
Осыны байқамаған неткен соқыр?
Байлаған күйші көзін күй ғой кәпір,
Байыптап жаңа-жаңа келе жатыр.
Құтылар бұдан қалай күйші пақыр?
Бастады жаңа сарынды осындай күй,
Сескеніп қыз түрінен шошыған күй.
Жаңа жел, жаңа тасқын - жосыған күй.
Босанды байлауынан шырмалған күй,
Сілкініп Алатауды, жерді жарған,
Саңқылдап соқты сексен қырланған күй.
Қалды екен әлдеқайда көлеңкелеп?
Сауығып домбыра да сала берді,
Ауырған бұдан гөрі сәл ертерек.
Бар шығар осыған бір күшті себеп.
Бұлдыр күй бұлттай тарқап кетсе керек.
Кернетіп кең даланы кезіп кетті.
Ән шырқап қоңыр түнде қой күзетті.
Қорадан қойды қырға қуып кетті,
Мінекей шыңыраудан қауға тартып,
Боранда жылқышы ұшып дір-дір етті.
Сандалды сары ауру бақсыны іздеп.
Ақсүйек - жұттар жеді жүздеп-жүздеп.
Көре алмай жоқ-жітіктер бардан көмек.
Қысқа жіп күрмеу болмай, жүр тентіреп.
Сорлының мұңын салып, күйін қозғап.
Жамырап қозыдайын, қойдай қоздап...
Шулады бала-шаға кете жаздап.
Күйшінің өз күйіне ауысты аздап.
Айдаһар алдында қыз арбағандай.
Шешесі ханышаны қарғағандай.
Тұрғандай байлауда өзі тап қозғалмай.
Тек қана ашу қайнап, кек қозғандай.
Кісі емес айдаһар ма, даусы қалай?
Алдаспан анау қанжар еркін болсаң,
Бұл қызды сүймес едім, бауыздамай.
Қожыр қып жаратыпты қауыздамай.
А құдай жеткіз соған, ауызға май!
Апырмай, бұдан қалай кетсем екен?
Еліме қалай аман жетсем екен?
Жетсе өлім, өкінбестен өтсем екен!
Адамның азат басы дәулет екен,
Өзінде ердің еркі - сәулет екен.
Құрылған маған арнап нәубет екен.
Сорыма құдай айдап келген екен.
Хан емес, қара қабан деген екен!
Апырмау, елге осылар төре ме екен?
Төрелік елге дұрыс бере ме екен?
Құл болып осыларға өлем бе екен?
Бұлардың жүрген жері бүлік екен,
Қан сорғыш, қаралардың сүлігі екен.
Қарашаш қара тастай жібір ме екен?
Қойынын ханышаның ашсам ба екен?
Қанжарды жүрегіне шанышсам ба екен?
Аң болып Алатауға қашсам ба екен?
Осындай сарындармен күй кіжінді,
Кіжінген күйдің тілін қыз да ұғынды.
Сұп-суық қыз жүрекке мұз құйылды.
Айналды ашу шеккен күйге зілді.
Тырс етіп махаббаттың жібі үзілді.
Нәзік қыз кете барып өз жайына,
Орнына отырды оның ашулы аю
Тараған домбырадан у бойына.
У ішіп қыз өзінің қиялында.
Саусағы жез тырнақтың тұяғы ма?
Күй емес, домбырасы ысқырады,
Шағуға әлде кімді ышқынады.
Айнытты жүрегімді, құстырады...»
Дегендей мұрнын ханыша тыжырады,
Домбыра онан арман қызынады.
Қабағын шытып, өңі бұзылады.
Күйші де әбден шаршап болдырады.
Ерленіп күйші, қыздан сөз сұрады:
– Алдияр!
– He айтасың?
– Тілегімді беріңіз!
– Таң атсын...
XVІІ
Таң атты. Жусауынан ауыл өрді.
Жамылып қырау ішік қыр көрінді.
Үй іші қыз бетіне бір нұр берді.
Қызарды, қыздың беті тағы өзгерді.
– Тастама домбыраңды, күйді ұмытпа,
Бұзғандай өзен тасып жатқан мұзды,
Жұмсартты тағы мейірім қатты қызды.
Сапырып сары майға құрт ішкізді.
Қош айтып ықыласпен ой білгізді.
«Уһ!» деп, ел қайдалап күйші сызды.
Көрінбей хан ауылы қала берді.
Нұрланып дүние кеңіп сала берді.
Тартатын тоқсан күйді Үйсін кетті.
Сапақ сұр cap даланы дүрсілдетті.
Күйшімен тоқсан тарау күй де кетті.
Сары Үйсін Сапақ сұрмен үйге жетті.
Арманды «Азат» дейтін бір күй шертті.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру