Құмырсқа тірлік
Н. Рахмет
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Құмырсқа тірлік. Н. Рахмет
Үй саудалаушы
Рысбектің қуанышында шек жоқ. Қуанбағанда ше? Қалтасы толы ақша. Және де анау-мынау он мың, жиырма мың емес, бақандай жүз мың! Мұндай мол ақшаны Рысбектің өмірінде бірінші рет ұстауы. Бір байқағаны көп ақша адамды бірден өзгертіп жібереді екен. Өңі түгіл түсінде де көрмеген қомақты қаржы қолына тигеннен бері бұл өзін басқаша сезінуде. Көңілі көтеріңкі. Көңілі ғана емес-ау, бұған дейін үнемі төмен қарап жүруден еңкіштеніп кеткен кеудесі де көтеріле бастаған. Бұрынғыдай емес, басын да жоғары ұстап айналасыңа асқақ қарайды. Біртүрлі көп жұртты менсінбейтін сияқты. Әсіресе ауылдағы қалталарында көк тиындары жоқ, сатып пұл қылатын малы мен егіні де жоқ тақыр кедейлерді мүлдем адамсынбай қалғандай. Көңіл-күйі осылайша көтеріңкі, жүрегі қуанышты жігіт бір өзі жарты әлем болып көшеде келе жатыр. Мақсаты-үй қарау. Үй болғанда да ортаңқол, шағындауы емес, еңсесі биік, ауласы кең, алыстан менмұндалап көз тартатын әдемісін таңдау. Ертең көшіп келіп, орнығып алғаннан соң ауылдағы ағайын-туыс, құда-жекжат, жора-жолдасты шақырып қоныс тойын тойлайды. Жо-жоқ, ең әуелі құдайы жол жасайды. «Өлі риза болмай, тірі байымайды»деген. Ең бірінші әке-шешесіне құран оқытады. Ойын-той сосын. Иә, сөйтіп ағайынның басы қосылғанда қысылып-қымтырылмай отыратын кең болғаны дұрыс. Бұл жерде басты мәселе олардың аяқтарын көсіліп салып отыратындығында да емес, мәселе-«бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын» ағайынның жақсы қора-жайға тамсанып, таңдай қағуында. Көпшіліктің бастарын шайқап, тамсана: «Молодес! Рысбек жарайсың! Үйді қатырған екенсің» дегені керек. Олар солай деп жатқанда бұл екі бүйірін таянып, миығынан күліп, жерге шырт-шырт түкіріп тұрады. Осылайша тәтті қиялға беріліп келе жатқан Рысбек аяқ астынан «арс» еткен иттің даусынан селк ете қалды. Еркінен тыс күшпен бір адым кейін серпіліп кеткен ол өзіне қарай шабалана үріп тұрған дәу қара төбетті көргенде жүрегі тас төбесіне шықты. Аяқ-қолы дірілдеп, іші мұздап кетті. Жан дәрмен жерден тас алған боп еңкейді. Сөйтті де «Пашол, пашол»! деп қолын жоғары көтеріп, түсі суық хайуанға өзінше сес көрсетті. Әбүйір болғанда осы кезде үлкен қақпаның ашық тұрған есігінен еңгезердей еркек шығып:
-Герея! Герея! Назад, назад! Ко мне! - деді гүжілдеген қатқыл дауыспен. Сол-ақ екен, жаңа ғана жүнін үрпитіп, айбат шегіп ырылдап тұрған төбет демде райынан қайтып, кейін қарай бұрылды. «Үһ» деп демін бір-ақ алған Рысбек қорққаннан жиырылып қалған денесін босатты. Сосын өзіне оқырая қарап тұрған әлгі адамға жақындап:
-Ассалаумағалейкум! Сататын үй іздеп жүр едім, - деді.
-Они продают.
Иттің иесі быртиған балдақты саусағын қарсы беттегі үйге қарай шошайтты.
Көшенің екінші жағына шыққан Рысбектің көзі бірден көк дарбазадағы «Дом продается» деген жазуға түсті. Аз-кем аңырайып қарап қалған ол көктен іздегені жерден табылғандай қуанып кетті. Үй ортанбеліне дейін қышпен өрілген өрілген еңселі екен. «Осыны алам!» деп ойлады бірден. «Маған керегі де дәл осы үй. Өзі қандай әдемі! Қандай үлкен! Іші де кең шығар» Қуаныш үстінде тұрған тұрған жігіт көк дарбазаны қаттырақ ұрып жібергенін де байқамай қалды.
-Қазір, қазір, - деді ар жағынан әйел дауыс. -Бұл кім?
-Мен үйіңізді алайын деп едім.
Дарбазаның ар жағы тым-тырыс қалды. Сәлден кейін кері қарай жүрген аяқ дыбысы естілді. -Апай, апай, ашыңызшы! Мен сататын үй іздеп жүр едім. Ауылдан келдім, - деді Рысбек жанұшыра қақпаны қайтадан ұрғылап. Осы кезде темір ілгешектер сатыр-сұтыр ағытылды да, кішкене ғана есік ашылып, орта жастағы әйелдің басы қылтиды.
-С... Сәлеметсіз бе? Үйіңізді сатасыз ғой. Маған дәл осыны үй керек.
Бұның басынан-аяғына дейін шолып шыққан әйел жақ ашпай біраз тұрды да:
-Кіріңіз! - деді
Рысбек аулаға енер-енбестен сатыр-сұтыр етіп темір ілгешектер қайта салынды. Ауылдағы ашық-шашық, айлақ-жайдақ қораларға үйренген жігітке бұл бүртүрлі қызық әрі қорқынышты көрінді. Үйдің өзі қандай үлкен болса, қорасы да сондай кең екен. Бақ-бақ гүл тәріздес ақшыл плита төселген атшаптырым аула іші айнадай жарқырайды. Біркелкі болып керілген тор қоршаудың арғы жағында бақшалық жер қараяды.
Осылардың бәрін көзімен бақылап, таңырқап әрі сүйсініп тұрған Рысбекке:
-Жүр! - деді әйел қолын үйге қарай нұсқап.
Рысбек соңыны ілесті.
-Мынау холл. Қыста жылы болады. Батареяларын былтыр ғана ауыстырдық. 9 да 7. Моющиеся обои.
Үй иесі осылай деді де әрі қарай жүрді. -Бізде екі зал бар. Мынау үлкені. Комнаталардың бәрі удобно орналасқан. Көріп тұрсыз өзі широкий.
Әйел төрт бұрышты келген кең бөлмеден кейін келесісіне өтті -Гостинный. Бұл да сондай жақсы. Қонақтардың бәрі сияды. Мынау спальный. Комнаталарға сплошной аккуратно етіп ремонт жасадық. Бұлар мұнан кейін қабырғасына көп қылып кітап жинаған және нешетүрлі ойыншық толы бөлмелерді көрді. Үй иесі олардың да әрқайсысына жеке-жеке тоқтап таныстырды. Сосын ең соңында газ плитасы мен кішкентай-кішкентай әппақ шкафтары сән түзеп қаз-қатар тізілген жерге келді. -Кухня, - деді әйел екі бүйірін таяна беріп. -Мына жерде продукты сақтайтын кладовка бар Ол жылдам қимылдап ауыз жақта білінер-білінбес болып тұрған әппақ есікті ашты. Еденіне ештеңе төселмеген кішкентай бөлменің үш қабырғасы да тақтайдан жасалған сөре. Олардың үстіне жағалай үлкенді-кішілі жәшіктер, ұзын-ұзын кәстрөлдер, қораптар, бос банкілер қойылыпты.
Жігіт осыларға көз жүгіртіп өтем дегенше үй иесі: -Мынау погреб, - деп теп-тегіс еденнің дәл ортасын көтеріп кеп қалды. Сол-ақ екен бір адамның денесі әзер сиятын кішігірім қақпақ ашылды. -Бері келіңіз, көріңіз. Рысбек солай қарай жақындап, тізе бүге бергенде ол шырт еткізіп ернеудегі түймені басып қалды. Жарқ етіп шам жанды. Баздың іші самаладай жарықтан түгел көрінді. Қияр мен помидор басылған, жеміс тосаптары құйылған банкілер, аузы жабық үлкен кәстрөлдер, бір-екі фляг, бөшке сіресіп тұр. Бір бұршақа картоп, жуа үйілген. «Ойпырмай бұл бар сайманы сақадай сай үй екен. Бөлмелері көп. Әр бөлмесінің жеке-жеке аты барын айтсаңшы. Қалай деп еді. Гостинный. Спальный. Гол. Кохня. Гладопка. Қызық. Үлкендеріне орыс ұлдарының атын, кішілеріне орыс қыздарының есімдерін беріпті. Бұрындары қаладағылар сиырларына, бұзауларына, мысықтарына ат қояды екен дегенді еститін еді. Енді үйлеріне де қоя бастапты. Не болса, о болсын. Маған да керегі дәл осындай әйдік үй. Ал бөлмелерін кейін өзім төргі там, ішкі там, ауызғы там, ортанғы там деп қазақшалап алам ғой». Үй иесі баздың аузы мен жаңағы жәшік, кәстрөлдер қойылған кішкене бөлменің есігін жауып тысқа беттеймін дегенше Рекең осыны ойлап үлгерді.
-Үй ұнады ма? - деді әйел сыртқа шыққан бойда -Ұнады. Ұнады. Өте ұнады! Менің іздегенім де дәл осындай үй еді. Қаншаға бересіз? Асыға-аптыға жан-жағына қараған Рысбекке дәл осы кезде тезірек ақысын төлеп үйді алып алмаса, басқа біреу иемденіп кететіндей көрінеді.
-Келісеміз ғой. Қымбат емес. Енді сарайды, қораны көріңіз.
Әйел сарай жақты меңзеді.
-Мында жүріңіз.
-Жоқ, жоқ, керегі жоқ. Осы көргенім де жетеді. Ол жақтың да бәрі жақсы екенін біліп тұрмын. Енді бағаңызды айтыңыз. Қаншаға бересіз? -Келісеміз деді ғой. Елден келген екенсіз сізге түсіремін. Елдерде ақша аз екенін білемін.
Үй алушының бұдан әрі тыңдауға шыдамы жетпеді.
-Нақты неше сонда? - деді төтесінен
-10 мың
-А... а... қанша дейсіз
-10 мың деймін. Күйеуім 10 мың 300 деген. Мен қайта сізге елден келгесін округляйт етіп тұрмын
Рысбек ештеңе түсінбеді. Сосын таң қалып: -Қалай сонда. Мына үйіңізді 10-ақ мың деп тұрсыз ба. Әзіліңіз болар. Бұл там кем дегенде 80 мың теңге шығар, - деді. Осы кезде әйел бүйіріндегі оң қолын бұны ұрып жіберердей қатты сермеп, бет-аузын қисайта айқайлап жіберді.
-Кім, сен өзі не деп тұрсың? Теңгең не? Доллар. Доллар. 10 мың доллар!
-Доллар?
-Иә, доллар, доллар! США-ның ақшасы!
-Немене ақша ауысып кетті ме? Біз ауылда оны естігеніміз жоқ. Теңгенің де қолымызға тигені осы.
-Пошел ты со своей т....
Осы сөзді айта бергенде үй иесінің үні өшті. Сірә теңгенің бетіндегі ұлы адамдардың аруағынан қорыққан болуы керек. Бастай беріп тіліп тістеп қалды. -Сонда не, үйіңізді сатпайсыз ба? Тамыңыз өте ұнап тұр. Маған дәл осы үй керек. -Керек. Керек. Мало что саған осындай дом керек. Сначала денги надо капит. Жолыңыз анау, бара беріңіз! Түрі көгереңдеп ашуланған әйел сатыр-сұтыр еткізіп есікті ашты да, ала көзімен атып бұның шығуын күтті. Рысбек еңселі үйге қимастықпен бір қарап алды да, басы салбырап амалсыздан сыртқа беттеді.
Тысқа шығып, сәл ілгерілегені сол еді, артынан әйел: -Е... ей, сонда қанша теңгең бар? Теңге ауысқан жоқ, - деді есікті жартылай ашып тұрып.
Мұны естігенде жүрегінде үміт оты қайта жанған жігіт: -Жүз мың! Жүз мың теңге! - деді кейін қарай асыға адымдап. -Кілең жүз теңгеліктер мен елу теңгеліктер. Бір дорба ақша, бажамның үйінде дайын тұр! Қуанышы қойнына сыймаған ол көк дарбазаға емпеңдеп жете бергенде темір есік тарс етіп жабылды. Сосын ар жағынан ілгешектердің сатыр-сұтыр етіп салынып жатқаны естілді. Қақпаның алдында маңдайы тасқа тигендей болып тұрып қалған жігіт «әкеңнің аузын...» деп ашушаң әйелді бір сыбап алды да алға қарай жылжыды. Манағыдай емес көңілі пәс тартып қалған. Жүрісі де жәй. «Мына қатындікі не тәлпіштік» - деп ойлады сөйтіп келе жатып. «Сатпайтын болса, үйінің сыртына «Дом продается» деп жазып несі бар. Әй, тіпті құрсыншы! Осыдан басқада сататын үй жоқ дейсің бе. Менікі не, осы қатынға тас кенедей жабысып. Ақшаң болса, алатын үй көп емес пе? Осы кезде жаңағы әйелдің «Теңге ауысқан жоқ» деген сөзі есіне түсті. Сосын жүрісін тоқтатып, ойланып тұрып қалды. «Теңге ауысып кетпей тұрғанда тездетіп бір әдемі үй алып алуым керек. Кім біледі, қазір ештеңеге сенім жоқ. Бұрынғысы анау. Пәлен жыл бойы мәшине алам деп тірнектеп жинағаны ақыр аяғында бір белсебет алуға да жарамай қалды. Сөйтіп тұрып «Ақшаларыңызды банкіге сақтаңыздар. Банк сіздің сенімді серігіңіз» дейтінін қайтерсің. Соны естігенде «Жигулидің» құнына жақындап қалған ақшасы есіне түсіп, іші күйіп кетеді-ау, күйіп кетеді. Енді сол «Жигулидің» кері тағы да келіп жүрмесін. Жылдамдатып қалай да келіп жүрмесін. Жылдамдатып қалай да бір баспана сатып алайын». Осыны нық тұжырымға келген Рысбек енді тезірек жүрді. Көлденең жатқан жолды қиып өтіп, келесі көшеге түсті. Жаңағыдан гөрі кеңдеу әрі тазалау көрінетін көшенің үйлері де одан әдемі сияқты. Қаз қатар орналасқан қора-жайлардың арасында биік-биік болып салынған екі қабат тамдар да бар. Бұл оларды алғаш көргенде кеңсе екен деп қалған. Сөйтсе ешқандай жазуы да, төбесінде желбіреген жалауы да жоқ. Сосын өтіп бара жатқан бір-екі жүргіншіден сұрап көріп еді, олар «контор емес, жеке адамдардың үйлері, коттедждер» деп түсіндірді. «Апырай-ә, - деп ойланды сонда Рысбек. -Бұларда сірә жан басы баршылық болды ғой. Біздің ауылдағы он алты баласы бар Боранбайға, он үш балалы Сейітжаппарға осындай үй салып берсе шіркін. Келіндері қыздарымен бөлмеге таласып, төркіндеріне кетіп қалмас еді. Бұл тамдарда отыз, отыз бес адам жайында тұруға болады. Бірақ мұның таңқалғаны-бірінен бірі өткен сәнді, өзі де, қорасы да үлкен осы үйлерден кіріп-шығып жатқан артық бас адам көрінбейді. Қырманның көлеміндей кең аулаларда я бір асыр салып ойнап жүрген бала көзге шалынбайды. Әйеуір айшықты етіп соғылған әдемі дарбазалардың ар жағында тіршілік жоқтай. Міне, Рысбек сондай сән-салтанаты келіскен көркем баспананың бірінің алдына келіп аялдады. Жо... жоқ! Сатып алу үшін емес. Әшейін қызықтыру үшін. Қаладан шалғай жатқан кішкене ауылдың адамына осы бір хан сарайына бергісіз зәулім үйлер шынында қызық. Бұрындары үнді киноларынан ғана көретін мұндай үйлер лезде өзіміздің Ордалыға орнай қалары деп кім ойлаған. Мына қора-жай тіпті керемет екен. Сарғыш кірпіштен тұрғызылған үйдің құрылымы бөлек. Екі жақ бүйір кәдімгі тамдардікіндей тік бұрыш емес, дөңгелектеніп келген. Сол дөңгелек бүйірлерге жалғастырылып сәл кішкенелеу тағы да екі үй салынған. Үшеуінің де төбелері қызыл-қоңыр шатыр. Кірпіштің өзімен оюланған көп терезелер әсем ғимаратқа екекше әр береді. Үйдің төмеңгі жағы ескерткіш соғатын қызғыш жалтырақ таспен көмкерілген. Ой тамаша! Мынаны қара. Айналасың дәл сондай таспен қоршап екі жерден фонтан атқылатып қойыпты. Жоғарыға қарай шапшыған мөлдір сулар күн сәулесіне шағылысып жалт-жұлт етеді. Ал үйдің қорасы! Қорасы бәрінен де күшті. Тура тамның өзі сияқты сарғыш қыштан тегіс әшекейленіп өрілген. Кірер аузға Самарқан мазарларындағыдай төбесі күмбезделген биік қақпа орнатылған. Осы кереметті аузы ашылып есі кете тамашалап тұрып ойлады: «Ойпырмай, мына ғажайып жайды салу үшін егесі неше жыл ақша жинады екен. Бір ғана кірпішінің өзі неге тұрады. Не деген қисапсыз мол дүние десеңші. Бұл болса анау, өткенде бір пеш салатын қыш алам деп екі айлығын берді. Соның салдарынан бала-шағасы қыстай қантсыз шай ішті. Қызық, осы тамның кірпішінен қанша пеш шығар екн, ә. Құдай біледі, ауылдағы барлық үйдің плитасын жаңалап салуға жететін қыш бар мұнда». Әдемі үйге қарай-қарай көзін тойдыра алмаған жігіт өзінің негізгі шаруасы есіне түсіп, бірауықтан кейін барып орнынан әрең жылжыды. Жақсы әсермен тағы да біраз жүрді. Бір кезде басын көтеріп қаз-қатар тұрған үйлерге назар салды. Ту... у, жаңағының жанында мыналар түк емес! Тіпте қарағың да келмейді. Сыртын қанша әктеп, сырлай берсен бәрібір әлгі хан сарайының көлеңкесіне де тұрмайды. Ал бұрындары осылар көшелерге көрік беретін қаладағы ең үкен тамдар болған. Иә, әр нәрсе өз уақытында деген осы-ау. Рысбек жеңіл күрсініп салғанын өзі де байқамай қалды. Сөйтіп келе жатып «Дом продается» деген жазуды көзі шалды. Жақындап келіп қараса дәл соның жанындағы терезелерінің жиегі бірінші көк, онан кейін ақ болып сырланған, сырты мұнтаздай таза үйге де осылай деп жазып қойыпты. Екі үйге кезек қарап «қайсысын алсам екен» деп ойланып қалған жігіт «көшіп келісімен жөндеп жататын уақыт жоқ, тездетіп ағайындарды шақырып құдайы жасауым керек, не де болса осы тазасы дұрыс әрі бұл анаған қарағанда биіктеу және жаңалау екен» деген тұжырымға келді. Сосын дарбазаның есігіндегі аттың тағасы секілді тұтқаны бұрап көріп еді, оп-оңай ашыла кетті. Бірден ішке енуге «иті жоқ па екен? деп қорқасоқтап тұрғанда, есіктің ашылғанын естіген болуы керек, іштен кішкене қыз жүгіріп шықты. Мұны көргенде әуелі селтиіп тұрып қалған ол шамалыдан кейін:
-Сен кімсің? - деді бұған кірпігін қақпастан қарап
-Мен, мен үйлерінді алайын деп едім. Сатасыздар ғой?
-Сатамыз, сатамыз. Ата, ата, тез келсейші! Қыз жалт бұрылып үйге кіріп кетті. Артынша қарны қабақтай жуан сары кісі шықты.
-Ассалаумағалейкум, аға
-С... Саламат па. Иә, не шаруа?
-Үйлеріңізді алайын деп едім. Сатасыздар ғой? Қаншаға бересіз?
Үй иесі басын кекитіп бұған аз-кем қарап тұрды да, есіне бірдеңе түскендей сәл күлімсіреп. -Әуелі көр. Бәрін қара. Асықпа. Сосын саудаласамыз, - деді қарнының оң жағын ақырын ғана сипап. Жуан сары өзі бастап үйге кірді. Үлкен верандадан кейін ұзынша келген бір бөлме бар екен. Еденіне төселген қызыл паластан басқа ештеңе жоқ. Сол жерден екі жаққа бөлініп төрт-бес есік қатар түзеген. Төрде пердесі айқара ашылып тағы бір бөлме көрінеді. Үй иесі ең әуелі сонда кірді де, шырт еткізіп жарығын жақты. Ортада жалтыраған ұзын қара стол, айналасыңда түстері дәл сондай қаз-қатар тізілген орындықтар. Қабырғаға тақап қоп-қоңыр жиһаз қойған. Оның іші көздің жауын алатын мөлдіреген шыны аяқтарға толы. Ал төбедегі біріңғай моншақтан тізіп судың иірімі сияқты етіп жасаған әдемі шам жан-жағына жарқырай сәуле шашады. -Залымыз 11 де 6. Кісі шақырғанда қиналмайсың. Қанша болса да кете береді. Қай жылы балдар оортасын бөлейік деп еді. Мен бөлгізбедім. Осылай кең тұрғаны жақсы емес пе. Ол төргі там туралы айтып болғасын ұмытпай жарықты өшіріп, сонан соң әлгі қызыл палас төселген жердегі бірінші есікті ашты. Онша үлкен емес жып-жинақы бөлме. Анау айтқандай сіресіп тұрған көп дүние де жоқ. Бірақ, неге екені белгісіз, адамға кірген бойда жып-жылы әсер береді екен. Бұрышта доғаша иіліп келген арқалы диван тұр. Оған қарсы бетке сол диваннан айнымайтын дөңгелек отырғыштар қойылған. Олардың жұп-жұмсақ екені бірден байқалады. Осыны көрген сәтте таңертеңнен бері тікесінен тік жүрген Рысбектің орындықтарға былқ етіп отыра кеткісі келді. Бірақ олай атуге болмайтындықтан сұқ саусағын тигізіп көрді. Мамықтай. Сыртындағы жапырақ түстес жасыл тысының өзі мақпал тәрізді, қолға өте жағымды. Осы кезде оның есіне үйіндегі былтыр ғана сыртын жаңалап шегіренмен қаптаған, әр жерінің пружинасы шодырайып-шодырайып шығып кеткен ескі диваны түсті. «Сонда, - деп ойлады ол, -ертең осы үйге көшіп келгенде осы жерде қисайып сол шегірен диван тұра ма ? Жо... о... оқ, ол болмайды! Ертең ауылға барысымен қара ала сиырдың былтыр туған баспағын сатып жіберіп осындай бір доғаш иілген диванды жұмсақ отырғыштармен бірге алады. Ой-хой, сонан кейін әйелі Бақытжамал екеуі кешкі тамақтарын ішіп болған соң сол диванда тоғын басып, рахаттан-е-еп бір әңгімелесіп отырады-ай».
Демнің арасында осылайша тәтті қиялға беріліп кеткен ол: -Әй жігіт, бері жүрсейші, негып тұрып қалдың? - деген дауыстан дереу есін жинап алды.
Қараса үй иесі келесі есікті ашып мұның кіруін күтіп тұр екен. Қалған бөлмелерді түгел аралап, бәрін түсіндіріп болғасын ол кісі қоярда-қоймай қорасын, ондағы жеміс ағаштарын көрсетті. -Жеріміз 13 сотық. 6 түп алма, 4 түп шие, 4 түп сары өрік, 3 түп қара өрік, 5 түп абрикос бар. Жылда көң төгіп тыңайтамыз. Мында бір мәшине көң көмулі тұр. Мына араға огурцы, помидор, баклажан-маклажанынды егесің. Қысқасы, бала, дұрыстап қарай алсаң, бұл жер сені базарға жүгіртпейді.
-Аға енді осы қора-жайыңызды қанша деп тұрсыз?
- деді бұл бірден іске көшіп.
-Көп сұрап отырған жоқпыз. Жұрттың бәрі қойып отырған сол орта баға.
-Сонда қанша?
-Жеті мың.
-Жеті мың?
-Иә, жеті мың. Жеті мың доллар, меніңше қымбат емес. Маған салса бұл үйді сатпас едім. Балалар коттедж соғып, соған шамалы қаржы жетпей тұрғаны. Әйтпесе...
-Аға, менде доллар жоқ. Теңге.
-Теңгемен де бола береді. Ақша болса болды емес пе.
«Доллар» деген сөзді естігенде манағы әйел есіне түсіп қорқып кеткен жігіттің жүрегі қайтадан орнына түсті. Сосын қуанып:
-Неше теңге сұрап тұрсыз сонда? - деді.
-980 мың теңге!
-А... а, қанша?
-980 мың деймін. Қанша деп ойлап ең енді. Мынандай жері бар үйді жеті жүзге береді деп тұрсың ба? Жуан сарының беті қызарып кетті. Даусы да қатты шықты. Бірақ оны елең қылған бұл жоқ.
-Жаңа ғана жеті мың доллар деп едіңіз ғой? - деді түк түсінбей. -Қарағым-ау, сол жеті мың долларды теңгеге шаққанда 980 мың болады. Қазір доллардың курсы жүз қырық мың. Теливизордан күнде көрсетіп жатқан жоқ па.
-Ауылда свет жоқ қой. Теливизорды ұмытқалы қай заман.
Рысбек жүзін төмен салып, аяғның ұшымен жер шұқыды.
Үй иесінің сөзін жөнді ұқпаса да сауданың беті қатты екенін бажайлаған жігіт кетуге ыңғайланды.
Асықпа дедім ғой. Асықпа, - деді үй иесі осы кезде. -Әлде де ойлан. Басқа үйлерді де көр. Бірақ бұл маңда, әй біздікінен онды үй жоқ-ау. Мынадай бау-бақшаны оңайлықпен таппайсың. Сосын өзің-ақ қайтып айналып келесің.
Рысбек үндеген жоқ.
Қаланың біраз жерін шарлаған үй саудалаушы кешкісін бажасы Болаттың бесінші қабаттағы пәтеріне сүрнігіп жетті. Шай үстінде бүгінгі болған оқиғаларды түгел баяндады. Институтты бітіргеніне екі жыл болса да әлі жұмыс таппай отырған бажасы жездесіне доллар және оның бағамы туралы біраз түсіндірді. -Ал үйіңізді білмедім, - деді ол. -Жер тамдар жайында обшым ойланып көрмеппін, менің қазіргі бар ойланатыным дұрыс жұмыс табу ғана ғой. Мына айтып отырған әңгімеңізге қарағанда үй алуыңыз қиын-ау.
Болаттың бұл сөзін Рысбек іштей жақтырмай қалды. «Шешінген судан тайынбас» дегендей Рысбек бұдан кейін қатарынан үш-төрт күн бойы үй іздеді. Үлкенді-кішілі талай баспананың есігін қақты. Оның алғашқы кездегі «Дом продается» деген жазуды көрсе болды екпіндеп кіріп баратын қарқыны басылған. Және де күн өткен сайын шаһардың шетіне қарай шығандап, көзі түсетін үйлерінің тұрқы да кішірейіп келеді. Енді әуелгідей әр үйді сағаттап көріп жүрмейді. Бірден егесінен нарқын сұрайды. Сосын айтқан долларын ойша жүз қырыққа көбейте қояды. Ар жағы түсінікті. Бірақ құданың құдіреті, бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай алты мың, бес мың, төрт мың, кіп-кішкентай жаман времянкілерінің өзін үш мың дегеннен бір жаңылмайды-ау, жаңылмайды. Бүгін енді бұл мынадай әдіске көшпекші. Қаланың е... ең шетіне барады да, бірден 100 мың теңгеге сатылатын үй бар ма дейді. Иә, осыдан дұрысы жоқ. Әйтпесе бұл түрімен ештеңе тындырмас. Өзі де әбден шаршап бітті. Оның үстіне осыдан келерде ғана киген жап-жаңа топлиының табаны қақ айырылып кетті. Рысбек дәл солай жасады. Салдыраған «ГАЗельден» ең соңғы аялдамадан түсті де, сол жерде темекі, сағыз, коржик сияқты майда-шүйде сатып тұрған әйелге жүрісінің жөнін айтты. Ол шағып тұрған шемішкесін қоя салды да, аз ғана ойланып алып сөйлеп кетті. -Мына қөшемен тік жүріңіз де, солға бұрылыңыз, алдыңыздан «Смоуки» деген камок көрінеді. Сол камоктың жанында үлкен силикат там бар. Сонан кейінгі тұрған кішкентай үйді 120-ға сатады деп естігем. Саудалассаңыз жүзге береді ғой. Құдай, бермегенде не істейді... Рысбек әйелдің сөзінің соңын тыңдамастан сілтеген жаққа қарай жүрді. Оның «Смоукиі» мен «камогын» түсінбесе де, жобалап отырып айтқан үйді тез тапты. Тапты да талып құлай жаздады. «Мынау үй емес үйшік қой, - деп ойлады шошына қарап тұрып. -Тіпті үйшік деуге де келмейді. Неменеге ұқсап тұр өзі? А... тапты! Тауық кетек! Иә, нағыз тауық кетек! Мұның күрке тауықтарының кетегі бұдан әлдеқайда үлкен. Сыртына ұялмай «Дом продается» деп жазып қойғанын қара. Ұят демекші... Ол өзі бар ма қазір?». Ертеңіне Рысбек аяғына су жаңа туфли киіп, бір қап рожки арқалап ауылына қайтты.
Звангүл
Звангүлдің шын аты-Қанткүл. Оны бұлайша, яғни Звангүл деп атап кеткен біз-курстастары. Не десеңіз, Қанткүл звондауға өте құмар. Ол телефон көрген жерде гүлге ұмтылған арадай байыз тауып тұра алмайды. Қалайда телефонды бос қоймай, біз жерге звондау керек. Әйтпесе қызық емес. Ал жатақханада тұратын «мәдениетті қайыршыға дайын телефон қайда. Бұл ретте Қанткүлді көбіне-көп құтқаратын-екі тиын. Иә, кәдімгі екі тиындық қарабақыр. Және де қарабақырларды ол бір өзі ғана таппайды. Бүкіл курс болып жинаймыз. Кімнің қолына екі тиындық түседі-ол Қанткүлдікі. Бұл «тәртіпке курстың барлық қыз-жігіттері үйренген. Қанткүлдің қалтасында қажетті ақша жүрмесе, құлағыңа тыныштық жоқ. Тағы бір жаман жері Қанткүлжан «жоқ» дегенді түсінбейді. «Бер де бер, тап та тап». Бойы бір қарыс болып, екі бүйірін таянып, алдыңғы аяғын сәл бүгіп селкілдеткен күйі жаныңда тұрып алып: -Бол, бол, болсайшы. Күтіп тұратын уақытым жоқ менің. Звондауым керек! - дейді. Сен болсаң бүгіжіктеп, бір қараған қалтаңды қайталап он рет ақтарып, бөлмедегі тиын жатады-ау деген бүкіл шкаф, стол, сөрелердің бәрін тінтіп, ақыр аяғында қолыңа түк ілікпегесін қорқа-қорқа:
-Жоқ. Таппадым, - дейсің даусың дірілдеп.
Міне, бар қырғын осы жерден басталады. Қанекең кетеді долданып.
-О, сезімсіздер, - деп бастайды ол ұрысын. -Сезімсіздер. Сезімнен жұрдайсыңдар бәрің де. Сол жұрдайлықтарыңнан ғой, звондау дегенді де білмейсіңдер. Сосын екі тиын қайдан болсын сендерде... Бұл кезде сен курстасыңның айқайынан құтылу үшін көршілерге жүгіресің. «Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, қай кезде студенттің қалтасы толып тұрушы еді. Көрші қыздарда да іздеген қарабақырың жоқ болып шығады. Сонан келесі бөлменің, ол жерден табылмаса, онан кейінгі бөлмелердің есігін қағасың. Сөйтіп қойшы әйтеуір, біраз қоңсыларынды шарлап, алақаныңа әзер дегенде табылған тиынды қысып, баспанаңа беттейсің. Келсең үйдің ортасына әрлі-берлі кезіп, күбірлеп Қанткүл жүреді.
Сен жоқта гитараңды аймалаймын.
Қолыңның табы бар ғой айналайын.
Бұл көрініске аз-кем аңтарылып, аузың ашылып қарап тұрсың да, звондағыш досыңның жүрісі тоқтамағасын амалсыздан:
Таптым! - дейсің. -Таптым!
Бірақ сенің сөзіңді құлағына ілген Қанекең болмайды бұл кезде. Жүріс одан сайын үдей түсіп, өлең шумақ-шумағымен төгіліп жатады.
Күн сайын терезеңнен сығалаймын,
Өзіңді көрем бе деп құралайым.
Екі тиындық іздеп әбігерге түсетін сәттер жатақанада жиі кездеседі. Тіпті табылмай бара жатса өзіміздің журфакты қойып, жанымызды тұрған филфак, биофак, юрфактардың жатақханаларына дейін барып қайтамыз. Бұлай етпесек лажымыз жоқ. Қанткүлдің звандауға шабыты келген кездегі талабы сұмдық. Тиын болмаса үйтіп жібереді. Сондықтан қалтамызға екі тиындық бақыр түссе Звангүлге деп сақтап жүреміз. Ал сонда бір мені, бір өзін ғана емес, курстың бүкіл қыз-жігіттерін әбігерге салып, тиын іздеткенде Қанткүлжан қайда звондайды дейсіз ғой. Әр жерге. Нақтырақ айтқанда-кез-келген номерге. Яғни ол телефон трубкасын көтереді де көңіл қалған цифрларды тереді. Аржағындағы номері сәйкес келген адам жігіт болса, онда да жас және даусы әдемі, сүйкімді, Қанткүлше айтқанда «жүрегіңді дір еткізіп, сезіміңе сәуле шашатын болса» сөйлеседі, ал егделеу кісі нем есе қатын-қалаш, қыз-қырқын тап келсе дыбыс бермейді. Ондайда Звангүл дереу құлақ-темірді баса қойып, басқа сандарды теруге кіріседі. Бұл жолы да ойдағыдай дауыс болмаса тағы да байланыс үзіледі. Қайтадан жаңа номер алынады. Осылайша Қанекең қалтасындағы қарабақырлар таусылғанша тынмсыз звондай береді. Кейде Звангүлді көп әуреге салмай-ақ керекті дауыс ұшырасады. Ондайда курстасымыздың қуанышы қойнына сыймай кетед. Ерекше толқынаспен жүзі бал-бұл жана тұрып, даусын нәзіктендіре:
-Әлө, әлө-ө, - дейді.
Бұл кезде желінің арғы жағындағы үні әдемі жігіт:
-Иә, тыңдап тұрмын, - дейтін болуы керек, Қанекең әңгімесін батылсыздау бастай жөнеледі:
-Сәлеметсіз бе?
-...
-Сіз кімсіз?
-Ой, есіміңіз қандай әдемі! Қандай ғажап! Немесе «Атыңыз сезімге тұнған мына даусыңызға сәйкес келмейді екен, бұдан былай қарай Арман, Арай, я болмаса Рауан атансаңыз қайтеді?» - дейді. Арғы жақтағы адам қас-қағым сәтте өзінің о бастағы азан шақырып қойған атының өзгеріп шыға келгеніне келісе қояды дейсіз бе, қарсыласып жататын болуы керек. Өйткені Звангүлдің бұл жақтан: -Жо-жоқ. Сіз енді бүгіннен бастап Армансыз. Мен сізді осылай атаймын. Сізге, сіздің мынау сезім тұнған даусыңызға осы есім ғана жарасады. Жақсы, бүгінше сау болыңыз, ертең осы уақытта звондаймын, жақсы, жақсы, - деген сөздері сыртқа естіліп жатады. Мұндай сәттері Қанекең телефон будкасынан өте көңілді шығады. Шыға бере мұрнының үстіндегі алақандай көзілдірігін қөтеріп қойып, иығындағы сумкасынан блокнотын ала салып тез-тез жаза бастайды. Бұл жаңа ғана табылған «жаңа таныстың» телефон номері, әрине. -Кеттік, Нұраш! - дейді мұндайда Қанткүл аса жарқын үнмен. -Алтын балық түсті қармаққа. Уәдем -уәде! Лёля кебабыңды алып беремін. Сонан мен де қуанышты күйде Қанекеңнің соңына еремін. Менің қуанышым-әдемі дауысты жігіттің табылғандығы емес, Звангүлдің осы жерге келгендегі мақсаты орындалып, сондықтан уәдесінде тұрғандығы, яғни маған тау халықтарының ұлттық тағамын әперетіндігі. Үлкен екі көшенің қиылысындағы «Лагманная» асханасына жеткенше Қанткүлдің жағы бір тынбайды. Әңгіме арқау-жаңа танысы болады. -Алтын әшейін, - дейді ол. -Алтын әшейін! Даусын қарашы. Мақпалдай-ау, мақпалдай.
-Түрі қандай екен, ә? - деймін мен де досымның әңгімесіне қызықтап.
-Әрейне әдемі, - дейді Звангүл жұлып алғандай. -
Қасы-көзі қап-қара. Кірпіктері төгілген. Шашы толқын-толқын, иығына түскен. Балапан мұрты енді ғана тебіндеген. Мұрны-қыр мұрын. Ұшқын шашқан отты жанарларымен қарағанда жүрегіңді өртеп жібереді ғой тура, өртеп жібереді. Осылайша Қанекең жаңа танысының жүзін айнадан қөріп келе жатқандай тмүдірместен суреттеп береді. Ертесіне, дәл кешегі сөйлескен уақытымызда курстардан жиналған екі тиындықтарды алып, почта үйінің жанындағы телефон будкасына тағы келеміз. Мен әдеттегідей қолыма кітабымды ұстап сол жердегі арқалы орындыққа жайғасамын. Қанткүл болса өзінің сүйікті шаруасына кіріседі. Бұл жолы өткендегіге қарағанда Арманмен ұзағырақ сөйлеседі. Келесі күні, онан кейінгі күндері де звондауға үзбей келіп жүреміз. Бұл кездері Қанекеңнің көңілі шат, жүзі жайдары, айтатын әңгімесі тек Арман жайында болады. Ал сабақ оқу -екінші кезекке ысырылады. Ең артқы орындыққа жайғасып алған ол бар ынта-шынтымен, өзге дүниені ұмтып, бас көтерместен жазады да жатады. «Ой, мына Қанекең мұғалімнің бір сөзін де қалдырмай түгел тізіп жатыр-ау» деп ойлайсың. Ал дәптерін қарасаң бір жол да жазу болмайды. Өңкей сурет. Звангүлдің өзі аузынан суы құрып тұрып айтатын жас жігіттің бейнесі. Қастары қап-қара, кірпіктері төгілген, толқынданған шашы иығына түскен, енді ғана тебіндеп келе жатқан балапан мұрты бар отты жанарлы азаматтың суреті дәптерің он шақты парағын алып жатады. Яғни, Қанекең қиялындағы қасы-көзі қап-қара сұлу жігітті әр түрлі қырынан көп қылып салып тастайды. Және де әр суреттің төменгі жағына арманшыл қыздың аяулысына деген мөлдір сезімдері жазылады: «Арман! Сені қалай елестететінімді білесің бе? Мүмкін қыран шығарсың сен. Бұдан былай қарай «қыраным» деймін мен сені. Көздерің қап-қара ма? Сол тұныққа батып кетсем ғой. Құшағыңда тұншықсам. Қыран ілген қарлығаш қандай бақытты. Жапалаққа қор болғанша, қыранмен бір сәт қалықтағанға не жетсін!» «Найзағай шатыр-шұтыр етті. (Бұл менің өзің жайлы елесім ғой). Тау жаңғырықты. Екеуміз екі жақтан жүгіріп келіп, қайың түбінде соқтығыстық. Қап-қара жанарларың жарқ етті. Шашыңнан сорғалаған су мойныма құйылып жатыр. Құшағыңа көміліп тұрып көздеріңе қарадым. Жанарыңнан айналайын, жауын шайған қарақат. Әлде найзағайдан қорыққан, әлде буыңа балқыған ес-түссіз мені көтерген күйі жауын тоқтаған соңғы «бейбіт далаға» алып шықтың. Су тасқындап ағып жатыр. Жағада екеуміз. Күн нұры аймалап тұр. Шашың қобырап кетті. Қабағынды түйіп алдың. Мен қорқыныш ұялаған жанарыммен томпая қарадым. Күліп жібердің. Айналайын. Айналайын. Тау жаңғырықты. Сенімен бірге мынау тасқындаған ағынға секіріп кетсем де өлімнен қорықпас едім. Өйткені сен қасымдасың ғой, бала қыран. Темекі, арақ сасыған қуыс кеуделерден, тау иісі аңқыған сенің құшағында бір ғана сәт көміліп шығу-таусылмас ғұмыр!» «Арман-ау, Арман! Тыңдаш мені! Мен саған ғашықпын ғой, естимісің. Бар отты қарашығына тұндырып алған жанарыңның құдіреті ғой мені өзіңе ынтық еткен. Сосын, сосын жүрегімді өртеп жібере жаздайтын қоңыр даусың. Қоңыраудай күмбірлеген қоңыр даусынды естіген сайын көкірегіме жылы шуақ құйылғандай болады. Өмірге, алғы күндерге асыға түсем. Екеуміз қол ұстасып, көк шалғынды кешіп жүретін күн де алыс емес екенін сезем. Тезірек жетсек екен сол жүрегіміз қалаған армандай алаулы шаққа. Мынау жанынды мезі етер ыбық-сыбықтың бәрінен шаршадым. Қиялымда-бір өзің!» Қанткүл телефон арқылы тапқан «бақытының» кейбіреумен кездеседі, ал кейбіреулерімен сөйлесу барысында-ақ «ажырасып» тынады. Яғни 4-5 рет әңгімелескеннен кейін Звангүлге әлгі алтын балық-бала қыран ұнамай қалады. Бұл дегеніміз-әлемді дауысты жігіттің ой-пікірі талапшыл қыздың көкейінен шықпады деген сөз. -О, сезімсіз, - деп күйінеді мұндайда Қанекең. -О, сезімсіз топас! «Оқуға таныспен түстін бе?» - деді ғой. Мен оған сүю жайлы сыр шертіп тұрсам. Қайран осындай топастарға қор болған сезімім-ай. Осы сияқты Қанткүлдің жолығысып, тілдескен мақпал дауыстылармен де «достығы ұзаққа созылмайды. Бірінің сөзі екіншісінің көзі, үшіншісінің өзі-жүрек қажеттілігін қанағаттандырмайды. Мен бүгін біз сондай жаңа таныстың бірімен кездесуге келе жатырмыз. Звангүлдің бұл жігітпен «махаббат құрғанына» біраз болған. Екі-үш айдан бері Қанекеңнің қиялын көкке қалықтатып, бақыт құшағына бөлей алғанына қарағанда бұл азаматыңыз осал бөрікті болмайды. Қанткүлше айтқанда, жапалақ, шүрегей секілді қиқым-сиқым емес, тек заңғар биіктерде самғайтын нағыз қыранның өзі. Жылдамдата жүріп отырып межелі жерге де жеттік. Күн көсем есімімен аталған үлкен көше бойындағы «Ұшқын» кинотеатырының алдында балмұздақ жеп, өзара әңгімелесіп тұрған екі қыздан өзге жан баласы көрінбейді. Біз жақын арада болатын фильмдер тізбесі жазылған тақтаның жанына келіп аялдадық Қанекең мұрнының үстіндегі алақандай көзілдірігін беторамалмен әдемілеп сүртіп, қайта киді. Сөйтті де алаңдаған кейіпте жан-жағына қарады. Мен болсам білегімдегі механикалық сағатқа көз қиығымды салдым. Онға он минут қалыпты. Демек бізбен жүздесетін жанның келуіне әлі он минут бар. Қолдарына газет, кітап, портфель ұстаған бір топ жігіт тез-тез басып, жанымыздан өте шықты. Сәлден кейін бойлары ұзын-ұзын, шаштары желкелеріне түскен үш бозбала бізге қарай жүріп келе жатты да, жақындай бергенгде кілт бұрылып кетті. Ал бір егделеу кісі мен әйел адам қолтықтаса келіп, кинотеатырға кірді. Өйістіп жаңа ғана тып-тыныш тұрған алаңқайда лезде қара-құра көбейіп кетті. Соған қарағанда жақын маңдағы аялдамаға автобус келіп тоқтаған болуы керек. Олай болса қазір біз күтіп тұрған адамның да шаң беріп қалуы ғажап емес. Басыма осы ойдың келуі мұң екен, жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Шыпшып маңдайымнан тер шықты. Сасқанымнан Қанткүлге жалт қарадым. Ол болса жан-жағымыздан өтіп жатқан жүргіншілердің әрқайсысына бір назар салып жалтақтап тұр. -Анау шетке таман сәл ілгерірек тұрайық, көпшіліктің ішінен байқамай қалармыз, - дедім мен оның қолынан ұстап. Байқамай қалғаны несі? Байқамаймыз. Жұрттың бәрінен ерекше ғой ол! Қастары қап-қара, толқынды шашы иығына төгіліп, отты жанарлары жарқ-жұрқ еткен алтынды қалайша көрмей қаламыз? Анадайдан-ақ өзі ерекшеленіп көзге түсер, - деді Звангүл ренжіген сыңайда, қолын тартып алып жатып. Мен сөзден тосылып, ыңғайсызданып қалдым. Сөйттім де не істерімді білмей, қипақтап, қайтадан сағатыма қарадым. Оннан алты минут кетіпті. -Әне, әне, келе жатыр, - деді осы кезде Қанткүл менің бүйірімнен түртіп. Дереу басымды көтеріп, алғы жаққа қарадым. Расында, қап-қара толқынды шашы иығына түскен, ұзын бойлы мұртты жігіт тура бізге қарай келеді. Менің жүрегім қайтадан дүрсілдеп кетті. Қанекең болса көзілдірігін жоғары көтеріңкіреп көзіне тақаған қалпы тесіліп қарап қапты. «Ойпырмай, адам ғашық болса, болатындай-ақ жігіт екен. Бойы қандай. Фигурасы қандай түп-түзу. Иықтысын қара. Жүрісі қандай әдемі. Нағыз ерлерше адымдайды екен». Осыны ойлағанша болған жоқ, әлгі жігіт жап-жақын кеп қалды. Енді оның тұлғасы ғана емес, түрі де ап-айқын көрінді. Сұп-сұлу! Қою кірпіктері қап-қара қастарына жарасып төгіліп тұр. Дәл алдында өзінен көз алмай қадала қарап қалған қос қызға жымиып бас изегендей болған молдован жігіті жанымыздан кідірместен өте берді. Қанткүл де мен де біразға дейін үнсіз қалдық. Кеудемізді біртүрлі өкініш жайлап алғандай. Екеуміз де жерден көзімізді көтермей, өз ойымызбен өзіміз болып кеттік. Звангүлді қайдам, маған әйтеуір осы сәт дүниенің бәрі қызықсыз болып көрініп кетті. -Мынау емес пе-ей?- деді Қанекең бір кезде манағыдан әлдеқайда бәсең дауыспен. Қарасам, шашы ұзындау, балапан мұртты, әдеміше келген балаң жігіт таяп қалған екен.
-Осы, осы ғой, - деді Звангүл қуанышты күйде жәймен сыбырлап. Қызығы -менің бұл жолы жүрегім дүрсілдеген жоқ. Тіпті мына жігіттің қазақ екенін анық көрсем де ешқандай толқыған жоқпын.
-Сәлеметсіздер ме? - деді алдымызға келіп тұра қалған жігіт биязы үнмен.
-С... с... сәлеметсіз, - дедік біз де қосарлана.
-Сағат қанша болды екен, айтып жібересіз бе? - деді ол артынша маған қарап.
-Он бірге он бес минут қалды, - дедім мен сасқалақтап.
-Ой рахмет сізге, әлі он бес минут уақыт бар екен, - деді ол жан-жағына көз жүгірткен күйде. Осы кезде менің миыма: «біз уақыттан жаңылып, бір сағат бұрын келген екенбіз ғой деген ой сарт ете қалды. «Олай болса күтіп тұрғанымыз-дәл осы жігіт!» Кешіріңіз, сіз осы жерде біреумен кездесуіңіз керек пе еді?- дедім мен бұрыла берген оған.
-Иә, - деді ол сәл бөгеле түсіп.
Қанткүл екеуміз жымың-жымың етіп бір-бірімізге қарадық. Құрбымның көзі жанып кеткен. Алаулаған жүзінде шаттық нұры ойнайды. Өзінің сөзімен айтқанда «нағыз бақыт құшағында». Қалыңдығыммен саған он бірдегі жапон фильмін көруге уәделескен едім. Жақсы, сау болыңыздар.
Осылай деді де сүйкімді жігіт өз жөніне жүре берді.
Біз төбемізден біреу мұздай су құйып жібергендей сілейдік те қалдық. Аяқ-қолымыздан жан кетіп қалғандай қимылсызбыз. Бірауықтан кейін мен ес жидым. Жәйлап Қанткүлге қарадым. Ол бір уыс болып шөгіп кеткен сияқты көрінді. Жүзіндегі жаңа ғана ескен әдемі нұрдың, көзіндегі жарқыраған оттың табы да жоқ. Өзінің құр сүлдері қалғандай. Біртүрлі жүрегім ауырып, аяп кеттім. Сосын көңілін аулап, жұбатпақ болған оймен:
-Ер кезегі үшке дейін. Ендігі жігіт міндетті түрде біздікі болады, - дедім.
-А, солай ма? - деді Қанткүл көздерінде қайтадан үміт оты жылтырап.
Жәй ғана айтыла салған осы сөз екеумізге де қуат бергендей болады. Әжептәуір сергіп, серпіліп қалдық. Бір-бір жеңіл күрсініп алып, қайтадан жан-жағымызды бағдарлай бастадық. -Сәлем, қыздар!- деді осы кезде, қай жағымыздан шыға келгені белгісіз, төртбақ қара жігіт күректей алақанын маған ұсына беріп. Мен табан астынан пайда бола кеткен бейтанысқа қолымды я берерімді, я бермесімді білмей, аңырап тұрып қалдым. Аңырған себебім-мына жігіттің кескін-келбеті африкалық негрлерден айнымайды екен. Тек айырмашылығы-олар көбіне сырықтай, бойшаң, аяқ-қолдары салпылдаған ұзын болып келеді. Мынау керсінше. Бойы тәпелтек, аласа, аяқ-қолдары да денесіне сай быртиған, қысқа-қысқа. Ал түрі... Түрі айнымаған-негр. Шашы майда-майда бұйра. Басы-құдды бір кішігірім қазанға қаракөл қозының терісі қаптай салғандай. Доп-домалақ картоп мұрын аласы көп көзге қарай жалпиып, жайыла түскен. Сыртына қарай барынша түрілген етті ерін-оны қара нәсілге әсіресе туысқан етіп тұр. -Сіз Қанткүл емесіз бе? - деді ол аңқиып тұрып қалған маған сұқ саусағын шошайтып.-Мен Араймын ғой, автобус болмай сәл кешігіп... -Жоқ! Жоқ! Мүмкін емес! - деп айқайлап жіберді осы кезде жігітке үрке қараған Қанткүл даусы жарықшақтана. Сөйтті де жалт бұрылып жүгіре жөнелді. -Қанткүл, Қанткүл тоқта! - деп дауыстадым мен қапелімде не болғанын түсінбей қалып. Сосын көпшіліктің ара-арасымен лезде ұзай түскен құрбымның кідірмесін сездім де соңынан тұра жүгірдім. Төртбақ жігіт болса «Қыздар, қыздар» деген күйі маған ере түсіп, сәлден кейін қалып қойды. Мен бар күшімді салып, қанша жылдам жүрсем де Звангүлге жете алмадым. Әуелгіде біраз жерге дейін оның аспан түстес көк кофтасын әрлі-берлі ағылған адамдардың арасынан бірге көріп, бірде көре алмай қалып келе жаттым. Ал кең көшенің қиылысындағы жер асты жолына түскен кезде онан мүлде көз жазып қалдым. Сонан не істерімді білмей, көше-көшені кезіп көп жүрдім. Өзіміз үнемі баратын Панфилов паркінің ішін шарлап шықтым. Оқу корпусы жақтағы шағын саябақтарды, фонтандардың маңайын, аялдамаларды-бәрін-бәрін қарадым. Бірақ Қанткүлді таба алмадым. Кешке жатақханаға кірпігім қимылдап әзер жеттім. Жәйлап бөлменің есігін ашсам Қанекең қаннен-қаперсіз төсегінде жатыр. Екі қолын басына жастаған күйі тас төбеге қарап қимылсыз қалыпты. Еденге пырдай қылып екі тиындықтарды шашып тастапты. Көзін сол қадалған орнынан аудармаған қалпы маған мойын бұрып та қарамастан:
-Сезім айдыныма құрбақа жүзіп жатыр, - деді қарлығыңқы дауыспен. Мен ештеңе демедім. Жердегі қарабақырларды да жинамастан орамалымды алып жинауға шығып кеттім. Осы оқиғадан соң көпке дейін Қанткүл ешкімге звондамай жүрді. Екі тиын жинаудан әбден мезі болған курстастарға бұл дұрыс болды. Құлақтары да тыныш. Маған әсіресе жақсы. Сабақтан қолым босаған сәтте дереу кітапханаға барам. Біраз конспектіні жазып тастадым. Звангүл де бұрынғыдай емес, кітап, дәптерге көп шұқшияды. Не керек күделікті сабақтан қалмай, берілген тапсырмаларды дұрыстап орындап, староста мен мұғалімдерден сөз естімей, әп-әдемі адам болып қалдық. Өйістіп өзіміздің негізгі міндетімізден басқаға мойын бұрмай, тәртіптің тай қазанын тасытып жүргенімізді тағы бір оқиғаға киліктік. Бұл жолы оған мен себепкер болдым. Үлкен шаһардың сырт жағындағы біз тұратын студенттер қалашығы мен орталықтан оқу ғимаратының арасын жалғайтын жалғыз маршруттың №107 автобусы үнемі аузы-мұрнынан шығып лық толады да тұрады. Күнделікті сабақтарына бара жатқан, онан қайтып келе жатқан жастарды, басқа да жолаушыларды толтырып тиеп алатын ұзын сары «Икарустың» бостау кезін өмірі көрмейсің. Әсіресе таңертеңгілік және кешкілік жатақана тұрғындарының басым көпшілігі оқуға барып, қайтатын уақытта 107-ге тұмсық тығу қиын. Бір күні баспанамыздан сабақтың басталуына аз ғана уақыт қалғанда кешігіп шықтық та, аялдамаға жақындағанда жүргелі тұрған сары автобусты көріп тұра ұмтылдық. Жете бере бірінің артына бірі қабаттасып, бірін-бірі итеріп басқышқа аяқтарын әзер іліктіріп тұрғандардың соңынан жармаспақшы болдық. Мен екі қолымды алға қарай созып ішке ұмтылғаным сол еді, автобус есігі сарт етіп жабылды да, ыңыранып орнынан қозғала берді. Дереу кейін серпіліп үлгердім. Ал қолымдағы кітап-дәптер толы қара дипломат есікке қыстырылды да қалды. Біз автобустың соңынан айқайлап тұра жүгірдік. Ұзаған сайын жылдамдығын арттыра түскен сары «Икарустың» соңынан қуып келеміз. Қолдарымызды ербендетіп «тоқта, тоқта» деп дауыстап қоямыз. Жанұшыра жүгіріп келе жатқан менімен қатарласа бере Қанткүл: -Байғұс-ай, - деді. -Байғұс-ай, өзіңнің бар блатной затың осы қара дипломат қана еді, енді бұдан да айрылып қалмасаң жарар еді. Мен бұл сөзге я күлерімді, я ашуланарымды білмей кідірместен жүгіре бердім. Бір кезде, екеуміздің де деміміз құрып ентіге бастаған кезде, едәуір қашықтықта кетіп бара жатқан көлік кілт тоқтады. Өкпелерін қолдарына алып, екпіндеп келе жатқан қос бейбақты жүргізуші айнадан көріп аяды ма, жоқ болмаса іштегілер айқайлап тоқтатты ма, ол жағы бізге беймәлім. Сілелеп, әзер дегенде автобусқа жеткенімізде қолына дипломатты ұстаған шофер алдымыздан шығып: -Аяқ-қолдарың қысылып қалған жоқ па? Амансыңдар ма әйтеуір? - деп сұрады үрейлене. Біз сөйлеуге шамамыз келмей, жолдың жиегіне отыра кеттік. Уһілеп, жөтеліп ентігімізді әзер дегенде бастық. Жүргізуші бізді өзінің кабинасына кіргізіп, жанындағы кішкене орындыққа отырғызып алды.
Кешке қарай бөлмеге келгесін Қанекең қайтадан бұрынғы «әніне» басты.
-Алтын ғой әшейін. Нағыз алтын ғой, - деді домбырасын жәймен шертіп отырып.
-Кім?- дедім мен ештеңе түсінбей.
-Бағанағы шоферды айтам да. Өзің де байқаған шығарсың. Жанып тұр ғой просто, жанып тұр! Өліп түстім біржола. Жүрегім сол кабинада қалып қойды.
Осылай деді де ол:
Ойлармын мен оңаша бір шақтарда,
Ойлармын мен жарым жалғыз жатқанда
Неге солай жаратты екен адамды,
Айтшы жаным, махаббатта шек бар ма? - деп жүрек қылын қозғайтын мұңды әнді сызылта жөнелді. Сол күннің ертеңінен бастап біз сабақтан қайтарда кез келген 107-ге мінбейтін болдық. «Алтын шофер» айдайтын автобусты күтіп тұрмыз. Қаланың жарты бөлігіне жуық жерді айналып шығатын көліктің келе қоюы да оңай емес. Кейде бір сағат, кейде бір жарым, тіпті екі сағатқа дейін тоса береміз. Онсыз да оқудан шаршап, басымыз айналып, көзіміз қарауытып тұрғанда сілелетіп барып керекті автобусымыз шаң береді. Біз жұртпен таласып-тармасып, итерісіп-жұлқысып алдыңғы есіктен мінуге тырсамыз. Ішке кірген бойда кабина жаққа жетуге ұмтыламыз. Иін тірескен адамдардың ара-арасымен сыналай өтіп діттеген орынға келеміз де, кабина әйнегіне жабысып тұра қаламыз. Маған қай жерде тұрсам да бәрібір, ал Звангүл үшін бұл тұрыс-нағыз бақыт! Екі қолымен белдеу темірден ұстап алып ғашығының жұмыс үстіндегі іс-ірекетін рахаттана бақылап тұратын бойжеткеннің бұл сәттегі сезімін тілмен айтып жеткізу қиын. Иә, Қанткүлге салса өйістіп, сүйіктісінің сүйкімді қимылын сыртынан тамашалап тапжылмастан ұза-а-ақ тұра берер еді. Бірақ оған мүмкіндік қайда? Әшейінде әр аялдамаға бір тоқтап, өгіз аяңға салып, жүріп болмайтын «Икарус» мұндай кездері қалашыққа демде жетеді. Қанекеңнің қатты қиналатыны да осы тұс. Бар дүниені ұмытып, бар жанымен жақсы көріп айықпас әсерге бөленіп тұрғанында күйкі тірліктің құлы болып көліктен түсуі керек. Осы бір әдемі сәтті, екінің бірі басынан кеше бермейтін ләззатты шақты қимайтыны сонша кей-кейде ол жатақана тұсынан түспей, автовус келесі рейсті айналып келгенше сол орнында тұра береді. Міне осылайша Қанткүл телефонсыз-ақ, екі тиынды шығындап звондамай-ақ жүрек қалауын тапты. Дәл сол кезде бүкіл Алматыда Звангүлден асқан бақытты жан болмаған шығар. Құрбымның жүргізуші жігітке деген махаббатының өте нәзік болып оянғандығынан онымен бір ауыз тілдесіп, сөйлесуге де батылы жетпей жүрді. Абайсыз жасаған кішкентай әрекеттің өзі Рауанмен екі ортада орнаған мөлдір сезімнің тұнығын шайқап кетердей көрінді. Сақтанғанымыздан есімін де сұрап білмедік. Өзімізше оны жаңадан атып келе жатқан таң шапағына теңеп Рауан деп атадық. Өкінішке орай, сол таң шапағымыз, сол Рауанымыз бірде орнында болмай шықты. Сонша сарылып тосқан 107-нің рулінде еңгезердей орыс отыр. Мұны күтпеген біз қапелімде не істерімізді білмей, бөгеліп қалдық. Сосын автобус жүруге ыңғайланған сәтте жан-дәрмен ішке кірдік. Көпшілікті киіп-жара жүріп отырып алдыңғы жаққа жеттік. Мен Звангүлдің «бақыт бесігі» болған сүйікті орнына тұрып алып жаңа жүргізушіден бұрынғы жүргізушіні сұрадым. -А... а, шофер, молодой парень, он женился, сегодня вечером свадьбу сыграем, - деді дәу сары қуана.
Тосын естілген бұл сөзден шошып кеткен мен өз құлағыма өзім сенбей:
-Что? Что вы говорите? - дедім.
-Да. Сегодня той. Он всех нас пригласил на свадьбу, - деді ол риза кейіпте.
Остановите! Остановите машину! - деді осы кезде бір қолымен аузын басып, екінші қолымен ішін ұстаған Қанткүл есікке ұмтылып. -Болеете, что ли? - деді біз жаққа жалт қараған шофер. Сөйтті де жолды жиектей барып автобусты тоқтатты. Жерге түскесін жүрегін баса алмай қайта-қайта лоқсыған Звангүл көпке дейін өз-өзіне келе алмады. Мен не айтарымды білмей, не деп жұбатарымды білмей, қасында үн-түнсіз сүмрейіп отырдым да қойдым. Оның дүниеден баз кешкен адам құсап бұлайша сүлесоқ күйде қимылсыз қалғанын, үнемі от ұшқындап тұратын нұрлы жанарының көлеңкелегенін, осыншама пұшайман хал кешіп қатты қиналғанын бірінші рет көруім.
Осы сәтсіздік Қанткүлді біртүрлі өзгертіп жіберді. Ол енді бұрынғыдай тыпың-тыпың етіп өзіне тән тіршіліктерін істеп, өзіне ғана лайық қимыл танытпайтын болды. Екі тиындықтарды мүлдем сұрамайды. Телефонның маңайынан жүрмейді. 107-ші «Икарустан» көңілі қалғаны соншалық, бүкіл автобус атаулыны көргісі келмей қалды. Енді біз 107-ге мінбей, жатақханадан бір аялдама ілгері жерден жүретін 100-ші маршруттын көліктеріне баратын болдық. Бұған дейін жолын сарыла тосып, бір көруді армандайтын жүргізушіден енді жолығып қалмасақ екен деп қашатынды шығардық. Жалғыз Рауанды ғана емес, соңғы кезде Звангүлдің ешкімді де көргісі келмейтін болды. Ештеңеге зауқым жоқ. Сабақтын алдыңғы бір-екі жұбына қатысады да, қалғандарында қарасын көрсетпейді. Бөлмеден бір адым аттап шықпайды. Екі қолын басына жастап, тас төбеге қарап қимылдамастан жатады да қояды. Әңгіме-сөз деген сап тыйылды. Бұрындары көңіл-күйі болмағанда баяу домбыра шертіп, ыңылдап мұңды әндер айтып шерін тарқататын. Ал кей кездері бұрқыратып өлең жазып тастап артынша жауыннан соңғы күндей ашылып, жадырап сала беретін. Бұл жолы олай болмады. Звангүлдің көңілін торлаған қалың бұлт көпке дейін сейілмеді. Оның бұлайша түнеріп, тоң-теріс жүргені бөлмелесі-жалғыз маған емес, курстағы барлық қыз-жігіттерге де ауыр тиді. Олар енді бұрынғыдай «Қанеке, ән айтшы», «өлең оқышы», «жаңадан жазған новеллаңды берші, оқып шығып сезімге берілейін» деп аудиторияда да, жатақханада да қолқалайтын болды. Бәрі де аз ғана уақыттың ішінде ауру адам сияқты сылынып түсіп, әрекетсіз қалған, өз-өзіне мүлдем ұқсамай қалған курстастарына кінәлі жандардай имене қарайды. Досымыздың тіршіліктен түңілген мұңдай қиын халі бәрімізді де көңілсіз етіп жіберді. Барлығымыз да тым-тырыспыз. Бұрынғыдай үзіліс кезінде әңгіме-дүкен құрып, бір-бірімізбен әзіл-қалжың айтысып, ойнап-күліп дуылдаспаймыз. Ортамыз біртүрлі, құсы қайтып, базары тарқаған көлдей құлазыды. Осы сәтте бәріміз де іштей Қанткүлдің бұрынғы қалпын аңсадық. Қияли қыздың екі тиын сұрап зыр жүгіріп жүретіні, жанына мені ертіп алып, жымың-жымың етіп звондауға кетіп бара жататыны, «алтын әшейін, жан әшейін» деп сүйіктілерін айналып-толғанатыны, жанып түсіп ғашықтық жырларын оқитыны, сезімге тұнып тұрған мөлтек сырлар жазатыны бәрі-бәрі сағындырды бізді. Осылайша ұнжырғамыз түсіп, салымыз суға кетіп, жанымызға бір нәрсе жетпейтіндей болып жүргенімізде, бір күні Қанекеңнің көзінде қайтадан от ойнайды. Күн жексенбі болатын. Ұйқымыздан асықпай тұрып таңертеңгі шайымызды ішіп отырғанбыз. Бір кезде кесесінің бетін қолымен жауып, төмен қараған күйі құрбым:
-Нұрбике, бірдеңе сұрасам ұрыспайсың ба? - деді батылсыздай үнмен.
-Не нәрсе? Ұрыспаймын, - дедім мен ештеңе түсінбей.
-Екі тиындық бар ма? - деді ол күлімсіреп.
-Не? Не дейсің? - дедім мен қуанғанымнан даусым қаттырақ шығып.
-Екі тиын...
Мен дереу жүгіріп барып шкафтың ішіндегі жинап қойған бір қалта қарабақырды алып ұсындым. -Сен менің жан досымсың! Сен нағыз сезімнің адамысың! - деді Қанткүл қалтаны қолына ала беріп. Сонан екеуміз тез-тез киініп, өзіміздің баяғы телефонавтоматымызға қарай тарттық. Мен жолда келе жатып «Я құдай, талабымызды оңғара гөр!» деп тіледім. Біздің бұл қадамымызды қостағандай төбеде күн де жарқырап, айналаға жылы шуағын төгіп тұр екен.
Құмырсқа тірлік
Былш-былш, шылп-шылп. Табаныңа желімше жабысып, адымынды аштырмайтын, аштырмайтыны сол, басқан аяғынды қайта тартып алудың өзі қиын, қара балшық. Ұлтарақтай да құрғақ жер жоқ, айнала тұтас иленіп жатыр. Осы ми батпақты митындай кешіп Маржанкүл келеді. Аспанда қою бұлт тұтасып тұр. Сонан да төңірек тастай қараңғы. Үйіне дейін әлі біраз жер бар. Күндіз, жарық кездің өзінде оңайлықпен қара көрсете қоймайтын Фабрика көшесі мынандай батпақты кеште қайдан жеткізсін. Қоңыр пальтосының етегін көтеріңкірей қымқыра ұстаған қыз зіл батпан аяғын қоймалжың илеуден әсер суырып, алға қарай аттай беріп еді, былш етіп тізесіне дейін кірді де кетті. Сол-ақ екен қонышынан еніп, аяғының басына бір-ақ жеткен батпақты мұздай су тұла бойын тітіркендіріп жіберді. Ойланып үлгерем дегенше екінші аяғы да сол шұңқырға енді. Пальтосының етегі де, қолындағы сөмке мен сеткі де былғанды. Я жыларын, я күлерін білмей ызаланған ол жуан санына дейін батпаққа батқан күйі бір сәтке не істерін білмей тұрып қалды. Балтырдан, тізеден, одан да жоғары жерлерден өткен салқын денесін қалтыратып барады. Айнала көзге түртсе көргісіз. Ештеңені байқап болмайды. Не де болса осы мәшине доңғалағы қазып тастаған шұңқыр жолмен алға қарай тарта бергеннен басқа амал жоқ. Енді аяйтын да ештеңе қалмады. Бүлінер киім бүлінді. Осы ойға бекінген қыз бар күшімен аяғын көтеріп қалып еді, тұрған орнының лайы мұны қимағандай қорс етті. Екінші аяқты суырғанда да осы «қоштасу әні» қайталанды. Маржанкүл енді еш сақтанбай, етігім, үсті-басым бүлінеді-ау деп қорқасоқтамай, құрғақтау жер іздеп түртінектемей, батпақты батыл кешіп, аяғын кібіртіктемей нық басып тездетіп жүре берді. Былш-былш, шылп-шылп. Былш-былш, шылп-шылп. Бір бүгін емес, жаңбыр жауса болды Маржанкүлдің көрген күні осы. Қаланың іргесінде тұрса да өмір асфальт дегенді көрмеген, жөндеу дегенді білмеген Кесекқорғанның қиқы-жиқы, ойдым-ойдым көшелері осындай күйге енеді. Қыстақтың жері кебір, сор. Сонан да бір күн жаңбыр жауса он күн батпақ болады. Лайсаң кездері қаладан келетін көлік атаулы Кесекқорғанның ішіне енбейді. Үлкен шаһардан тартылған тастақ жолдың аяқталатын жері-кіре беріс ауызға дейін ғана келеді. Сондықтан қалаға барушылардың осы жерге дейін, ал келушілердің аялдамадан кейін толарсақтан батпақ кешпестеріне лаждары жоқ. Маржанкүл мана жұмыстан ертерек шығып, күн жарықта үйіне жетіп алуды ойлаған. Сағат алты болар-болмастан аяғына басқа бас резеңке етігін ауыстырып киіп, орамалын алқымынан байлап, көнетоз пальтосының белін буып, қолына түскі тамақтан босаған ыдыстары мен сөмкесін ұстап, шығып келе жатқан. Мекеме ауласынан өтіп, ілгері жылжи бергені сол еді, артынан келіп, дәл қасынан зу ете қалған сүліктей қара «Волга» қағып кете жаздады. Тіпті жанына жақын келгені сонша мәшине сауыры үстін сүріп өтендей болды. Жүзін осып жіберген автомобиль екпінінің лебінен дем ала алмай тұншығып қалды. Көз алды буалдырланып, қарауытып кетті. Не болғанын түсіне алмай бір сәт тұрып қалған қыз сәлден кейін есін жинады. Сондағы алғаш көзі түскені-үсті-басы болды. Таза жері қалмаған. Көлік шашыратқан батпақты су бастан-аяқ шомылдырыпты. Пальтосы, етігі, қолындағы сөмкесі мен сеткісі-бәрі-бәрі бүлінген. Жаңа қазірдегі ғана қылау жоқ киімінің түрі көрінбейді. Маржанкүл жылап жібере жаздады. Кеудесін ыза кернеп кетті. Не істерін білмей, ашудан жарылардай болған қыз дағдарып тұрып-тұрып, бірауықтан кейін үсті-басын жуып-тазалап алуға амал жоқтықтан кеңсеге қайта кірді. Саусақ тигізсең шекеңді жарып жіберетіндей мұздай су мен киімдерін сүртіп, тазалап, тас кенедей жабысқан батпақтан әзер арылып сыртқа шыққанда күн едәуір еңкейіп қалған екен. Биік баспалдақтан абайлап түсті де, жылдамдата басып алға қарай жүрді. Ылғалданған сырт киім ауырлап кетіпті. Онсыз да жыны келіп, жабырқау тартқан көңілін онан сайын баса түскендей. Маржанкүл жолдың қарсы бетіне өтіп, анадай жердегі аялдамаға барды. Автобус жаңа ғана кеткен сияқты, маңайда бірде-бір адам көрінбейді. Ол қолындағы заттарын орындыққа қойып, өзі темір тіреуішке сүйеніп тұрды. Осы кезде кеңсе қорасына кіріп бара жатқан қара «Волганы» көзі шалды. Манағы мұның үстін былғап кеткен құрып қалғыр мәшине. Мекеме алдына екпіндей барып тоқтаған «Волгадан» шайқатылып Сара түсті. Үстінде қоңыр қызыл былғары плащь. Басында сәнді шляпа. Аяғында тұмсығы сүп-сүйір, өкшесі біздей әдемі етік. Иығына кіп-кішкене жалтырақ сөмке іліп алған. Ол басын биік ұстап, кеудесін шалқайта көтерген күйі жан-жағына бұрылып қарамастан ішке еніп кетті. Соңында кардон жәшікке салынған бірдеңелерді мықшыңдай көтеріп шофері кетіп барады. Сірә екеуі басшылар зат алатын сауда базасына барып қайтқан болуы керек. Олардың осылайша ырғалып-жырғалып бара жатқанын көрген Маржанкүлдің онан сайын ызасы келіп кетті. Осы ашу қысқан күйі жүгіріп барып кластасы Сараға да, оның табанын жала десе жата қалып сүюге дайын, иіліп-бүгіліп тұрған жүргізушісіне де айтқысы келді. «Ей, ақкөздер, - дегісі келді. -Ей ақкөздер, көздерің шынымен де ағарып кетті ме, әлде шел қаптады ма. Бағана мені жапырып кете сақтадыңдар ғой, жапырып. Немененің буы алып бара жатқан. Не, мен сендерге құмырсқамын ба, қалған кезде таптап, жайпап жүре беретін. Мен адаммын ғой. Адаммын!» Өйістіп, дәл қазір жетіп барып, дәл осылайша айтқысы келіп тұрғанда, ауыз-мұрнынан шығарып адам тиеген ұзын сары автобус келіп тоқтады. Ашумен, алай-дүлей болған өз ойымен өзі алысып тұрған қыз көлік ішіне қалай еніп кеткенін байқамай да қалды.
Есікті ашқан сіңлісі бұның түрін көріп шошып кетті.
-Ойбай! Саған не болған? Құлап қалдың ба? Неге кешіктің?
Маржанкүл тіл қатпады. Қолындағы бүлінген сеткісі мен сөмкесін босағаға тастай салды да, батпақтан адам көргісіз болған киімдерін шешті. Апасының ашулы екенін үндемегенінен сезген сіңлісі бұдан әрі сөйлемей, ештеңе сұрамай, сәл бөгеліп тұрды да ас үйге қарай бұрылып кетті. Ыстық шай ішіп, ысытылған рожки ботқаны жеп болғаннан кейін барып Маржанкүлдің терісі жазылды. Тонып қалған денесі жылып, адам қалпына келді. Көңілі де манағыдай емес, ептеп көтерілейін деді. Бұл кезде сіңлісі Жанар мұның ботыйы мен пальтосын, сөмкесін жуып, тазалап, азанға дейін кебу үшін балконға жайып жатты. Ертесіне Сара мен оның шофері кешегі кінәлары үшін кешірім сұрайтын шығар деп ойлаған. Сөйтсе, кешірім қайда. Түк болмағандай. Кластасы ерінінің ұшын ғана қимылдатып, әзер амандасты. Онда да қарсы келіп қалғасын амал жоқтан. Бұл үндемеген күйі жанынан өте шықты. Ешнәрсе болмағандай, ештеңе әсер етпегендей сыңай танытқысы келді. Бірақ Сараның қасынан өтіп бара жатып өзін сондай қораш сезініп кетті. Жоқ... жоқ, қораш емес, құмырсқа сезініп кетті. Иә құмырсқа. Кәдімгі жыбыр-жыбыр етіп жүретін титімдей ғана құмырсқа. Сарамен салыстырғанда шынында бұл құмырсқа сияқты. Тұлғасы да, тірлігі де. Маржанкүл таң қалады. Құдай өзі бастық болатындарды о бастан біліп жаратады. Ілуде біреуі болмаса барлығының да ірі, денелі болып келетіндерін қайтерсің. Сара да сондай. Екеуінің бір жылы туғандарына қарамастан, ол бұдан екі есе келеді. Және бұл сияқты бет-аузы бір уыс, түрі қап-қара, аяқ-қолы шидей емес. Бойы биік, қол-аяғы жұп-жұмыр, денесі толысқан, беті де әдемі, әппақ, ақборықтай. Тағы бір дұрысы-Сара бұл құсап төмен қарап, бүкшің-бүкшің етіп жүрмейді. Тәуір тұлғаға лайық кеудесін көтеріп, басын биік ұстап, тәкаппарланып басады. Құмырсқа туралы ой Маржанкүлдің есіне бүгін ғана келген жоқ. Ол ой санасында біраздан бірі қалыптасқан. Оған себеп осы Сараның іс-әрекеі, тіршілігі, бүкіл өмірі. «Егіншінің баласы арық қазып ойнайды» дегендей, бұрында, бастауыш класта оқып жүргенде-ақ бұлар 4-5 қыз бірігіп «үй», «мектеп» деген ойындарды ойнап, біреуі «доқтыр», екіншісі «мұғалім», үшіншісі «мәгәзінші» болып жатқанда совхоз директорының тұңғышы Сара: -Мен бастық болам, мен сендердің бәріңе бастық болам! - деп қолына мамасының әдемі радикулін ұстап, басын жоғары көтеріп қойып, әрлі-берлі дік-дік етіп жүретін. Сосын қақиып тұрып:
-Гүлмира, сен мәгәзіншісің, маған кәмпит бер.
-Тұрсын, сен апайсың, мектепке бар.
-Маржанкүл, сен доқтырсың, бөпелерге укол салып, битәмин бер, - деп қыздардың барлығына «команда» беретін. О, құданың құдіреті, Сараның сол кішкене күніндегі «арманы» үлкейгенде айнымай келді. Әуелі қалалық комсомол комитетінің секретары болды, онан кейін бірінші секретары, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы, салық инспекциясы, енді міне қаржы бөлімінің бастығы. Ал Маржанкүл болса бір ғана жұмыстың жетегінде, яғни архитектура саласыңда. Анығырақ айтсақ қаладағы сәулет-құрлыс мекемесінде қатардағы маман. Жұмыс орны қаржы бөлімімен бір ғимараттын ішінде. Көбіне Маржанкүлдің жобалары жақсы жасап, есеп-қисаптарды дәл шығаратыны, жоспарларды нақты да әдемі сызатыны коллективтегі бас маманға, әсіресе үлкен бастығына ұнамай қалатын. Ондайда архитектор қыз өз ойын, өз көзқарасын дәлелдеп шыр-пыры шығатын. Кейін, келе-келе, ақыры ойлары мен жоба, жоспарлары ешкімнен қолдау таппағасын, небір үкілі үміттері мен асқақ армандары орындалмай, құр қиял болып қалатын болғасын, бұл да бәрін қойды. Қазір тек басшылар не айтады, не жұмыс тапсырады, соны ғана орындайды да жүре береді. Қыбыр-қыбыр, жыбыр-жыбыр, құмырсқа сияқты жүреді де қояды. Ал өзімен бірге оқыған, бір кездері өзі есеп шығаруды әзер үйреткен Сара құрбысының тірлігі тіпте бөлек. Ол Маржанкүл құсап қыбырламайды, жыбырламайды. Алшаң басып, асқақ жүреді. Нені ойлап, нені армандайды, бәрі орындалады. Сонан да ол жоспар құрудан, алға ұмтылудан, қызметке көтерілуден жалықпайды. Қызметке көтерілу демекші, бұдан 5-6 жыл бұрын Сара әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы болып тағайындалғанда Маржанкүл қалада қызмет істейтін бір топ кластастарымен бірге құттықтап барған. Сонда ол шампан толы бокалды қолына ұстап тұрып, нық сеніммен: -Мен әлі де талай биіктерге көтерілем. Бәріңнің де төбеңнен қарайтын болам, - деп еді. Бұл сонда таң қалған. Таң қала тұрып: «Мұндай әңгімені қалай соншалықты сеніммен айтуға болады. Алдағы өмірдің қандай боларын кім болжап білген. Мүмкін ертең-ақ жәй қатардағы маман болып қалар» - деп ойлаған. Жоқ, сөйтсе Сара жаңылыспаған екен. Жаңылған мұның өзі болды. Қыбырлаған құмырсқа. Жалпы, адамның ойға алған мақсаты, көздеген жоспарлары, әдемі де асқақ армандары орындалып жатпағасын да тіршілікке қалай болса солай немқұрайлы қарап, ойлары ұсақталып, қиялы тұйықталып тоқырап қалады екен. Тіпті бір уақыттары дүниенің бәрі бір сияқты көрініп кетеді. Сондайда адам не нәрсеге де бей-жай, не мәселеге болса да селқос қарай бастайды екен. Осы кезде Маржанкүл ойлайды: әсілі бұл құсап кібіртіктеп, ұялып, жөнді біліп, ретті сақтап, тәртіпке көніп тәрбиелі болып жүрудің көк тиынға қажеті жоқ-ау. Қайта ұят-аятты білмей, арындап сөйлеп, асыра айтып, не нәрсенің болса да белінен бір-ақ басып, қулық-сұмдықты меңгеріп, жылпостыққа жақын жүрген орынды ма деп қалды. Бірақ бұл қасиеттердің қай-қайсысы да қанмен, о бастағы тәрбиемен берілетін болуы керек. Тәрбие демекші, бұл өз тәрбиесіне онша риза емес. Неге екені белгісіз, ата-анасы отбасындағы балаларды темірдей тәртіппен өсірген. Былайша айтқанда көп нәрсеге тыйым салып, қақпайлай берген. Перзентіне ізгіліктен басқаны тілемейтін қайран әке-шеше баланы еркіне жібермей, шектеп, тәртіпті қатайта берсе-өскенде өзіне жақсы, одан кем болмайды деп ойлаған болулары керек. Ал Маржанкүл болса сол қатал тәрбиенің, шектен тыс тәртіптіліктің зардабын бір кісідей тартып жүр қазір. Неге десеңіз, мінезі өте ауыр, әрі тұйық. Кісімен бірден араласып, әңгімелесе қоймайды. Көбіне оқшау жүреді. Момын. Батылсыз. Тіпте айта берсе-ынжық. Сонан да талай жерде тілінің ұшына үйіріліп тұрған сөзін айта алмай, қажетті жерінде батыл әрекетке бара алмай, жан адамның жүзіне жел болып тимей, есесін жіберіп қойып жүргені. Мұның осындай жуастығына әріптестері таң қалып, «Сені революция бесігі-Ленинградта оқыған деп кім айтады, мінезіңде кішкентай да төңкерістің белгісі жоқ» - деп әзілдейді.
Мінез-құлқының бұлайша қалыптасқандығына Маржанкүлдің өзінің жаман жыны келеді. Сондайда ол: «Құдай-ау, жұрттың қыздарына берген шайпаулықтың, қадалған жерден қан алатын зорлықшылықтың, болмашы нәрсені пайда көретін пысықайлықтың, бетің бар, жүзін бар демей айтып салатын батылдықтың, көңілге қарамайтын қаталдықтың, белінен бір басатын көзсіздіктің, ешкімді, ештеңені аямайтын жүрексіздіктің, ешнәрсе әсер етпейтін сезімсіздіктің-осы қасиеттердің ең болмаса біреуін менің бойыма неге дарытпаған» деп күйінеді.
Әнебір жылдары Маржанкүл Сарамен аракідік қатысып тұратын. Сол кездері бір рет оның үйінде болғаны бар. О, үй деп соны айт. Баспана емес, тура хан сарайы! Немесе қымбат жиһаздар мен мөлдіреген әдемі шынылар музейі дерсің. Көздің жауын алар дүние-мүлікпен қоса сәулетшіні таң қалдырған тағы бір нәрсе-бұл пәтердің құрылысы болды. Өзі қазына үйінің үшінші қабатында. Өзі жер тамнан бетер, бөлмелері әрқилы болып, бөлек-бөлек орналасқан және үлкен-үлкен. Дәліздерінің өзі арба сыйып кетердей кең. Едендері-паркет, есіктері-емен. Маржанкүл осы уақытқа дейін өз қолымен талай көпқабатты үйдің жобасын сызып, талай үйдің құрылысына қатысқан және пәтерлерді, бөлмелерді орналастырудың неше түрлі формалары мен әдістерін, олардың әрқайсысының өздеріне тиесілі зандылықтарын жақсы білуші еді. Бірақ мынадай үйді, мынадай жобаны өмірінде көрмепті.
Мұның аузы ашылып, аң-таң болып тұрғанын байқаған құрбысы: -Қандай кең деп танданып тұрсың ба? Бұл обкомның арнайы салдыраған үйі ғой, - деді. -Иә, өзім де солай жобалап тұр едім. Бірақ мен сенің мұндай керемет үйді қалай алғанынды түсінбей тұрмын, - деді архитектор. -Е, сенің түсінбейтінің көп қой. Білмейтінің де көп, - деді Сара сәл жымиып. Сонан екеуі отырып шай ішті. Дастарханда не жоқ дейсің. Қазы-қарта, қара уылдырық, балқаймақ, көкөністен жасалған нешетүрлі салаттар. Әппақ, борпылдап піскен нан. Шай ішетін жылтыр қағаздағы тәуір кәмпиттер, мармелад, чак-чак. Мұнан басқа Маржанкүл өмірінде аузына алып көрмеген, атын да білмейтін тағамдардың қаншамасы тұр десейші. Мұндай дастархан жабдығын туған күндерде, тойларда немесе үлкен бір отырыстарда ғана көретін сәулетші: -Қонақ келе ме? - деді алдындағы дәмнің қайсысынан бастап жерін білмей сасқалақтап отырып. -Жоқ! - деді Сара шай құйып жатып. -Күнделікті жейтін тағамдарым ғой, - деді артынша мұның неге сұрағанын түсіне қойып. Маржанкүл үндеген жоқ. Ішінен «Күнде-күнде мынадай тамақтарға ақшаны қалай жеткізеді?»- деп ойлады. Бұл түрлі тағамнан, тәттілерден кезек-кезек алып, кейбіреулерінің дәмін татып көру үшін ғана аздап жеп, шайды қанып ішіп бола бергенде:
-Қымыранмен қалайсың?- деді үй иесі.
Бұл түсініңкіремей:
-Ол не?- деді.
-Ол несі не, қымыран ішесің бе деймін. Қымыран! Түйенің сүті! Свежий қымыран!
-А... а, - деді Маржанкүл одан сайын таңырқай түсіп.
-Оны қайдан алдың? Осы қалада қымыран бола ма?
Қайдан алғанды қайтесің. Онан да мә, мынаны сіміріп сал, - деді Сара әдемі кесеге құйылған ақты ұсына беріп. Жаңа ғана тойып алған әрі бұрын-соңды татып көрмеген тамақты ішіп-жеуге қорқасоқтайтын әдетімен кесеге үрке қарап тұрған бұған: -Бол, тартып жібер. Асқазаныңа жақсы. Тамақ қорытады әрі тонусынды көтереді, - деді мұның аздап сырқаттанатынын білетін кластасы. «Неде болса тәуекел» деп бұл үлкендеу кесе толы ағарғанды сіміріп салды. Сөйтсе тамаша! «Қандай сіңімді сусын» деп ойлады Маржанкүл ыдысты столға қойып жатып. «Дәмі қандай керемет. Өзі неткен жағымды. Шыннан да жансарайыңды ашады екен. Осыған дейін қалайша бір рет ішіп көрмеген. Қымыранның жанында өзі жоғары бағалайтын қатық пен айран түк емес екен ғой». Қайтқанша қымыраннан тағы бір-екі кесе ішіп, Сараның үш шифоньер толы киімдерін көріп, таң-тамаша болған Маржанкүл кетер кезде кібіртіктей берді. Бұл жерден Кесекқорғанға тіке автобус жүрмейді. Такси ұстауға қалтасындағы тиын-тебені жетіңкіремейді. Амал жоқ, ауылдасынан сұрауға тура келеді.
-Сара, сенде бір сом бар ма?
-Оны не қыласың?
-Такси ұстайын деп едім. Күн кешкіріп қалды. Өзімде бір сом бар. Ақшанды ертең жұмысыңа апарып берем ғой.
Сара үйді басына көтеріп, ішек-сілесі қата күлді. Сөйтті де: Әй Маржан-ай, Маржан-ай! Әлі баласың-ау. Әлі сол баяғы мектептегі қалпың. Қайта оқушы кезде пысық сияқты ең. Кластағы ең жақсы оқитын мықтымыз сен емес пе едің. Маған математика мен алгебраны үйреткен де өзің. Ой, сенен талай сабақты көшірдім ғой кезінде. Солай емес пе? - деді.
-Солайы, солай ғой, - деді бұл күмілжіп. -Ал енді қазір не болған саған. Шамалы пысысайшы былай. Өмірге бейімдел. Жағыдайыңды түзе. Үсті-басыңды, киімдеріңді жөнде. Түрің не мынау, колхоз!... Құрбысы өзінің артықтау кетіп бара жатқанын сезді ме, осылай деді де кілт тоқтады. Аз-кем ойланып, не істерін білмей, үнсіз тұрып қалды. Сонан соң «Қазір машинамды шақырам, үйіңе апарып салады», - деді бәсендеу үнмен. Сараның аппақ «Волгасынан» түсіп, өз үйіне келген Маржанкүл өзгеше күй кешті. Бұған дейін әп-әдемі сияқты бір бөлмелі пәтері бүгін тым қораш көрінді. Кіп-кішкентай, аядай ғана бөлме. Ішіндегі дүние-мүліктері де кіп-кішкентай, шағын-шағын. Дүние дейтін анау айтқандай дүние де жоқ. Күнделікті тұрмысқа қажетті заттар. Кітап салатын ескі шкаф, кішкене шифоньер, ақ-қара түсті «Рекорд» телевизоры, аласа тоңазытқыш, екі ағаш орындық, астында ыдыс қоятын сөресі бар стол-міне бар мүлік осы ғана. «Неткен жұтандық!» - деп ойлады қыз үй-ішіне қарап отырып. «Неткен кереғар көрініс...» Сонан қайтып Маржанкүл Сараның үйіне қарай аяқ баспады. Бірақ сол күннен бастап сәулетші қыздың көкейінде «Құмырсқа. Құмырсқа тірлік» деген ұғым пайда болды. Сонан бастап ол ненәрсені де іштей салыстырып жүретін болды. Негізінен Маржанкүл бастық болуға қызықпайды. Ол турасында ойланып та, бәз біреулер сияқты армандап та көрген емес. Тіпті айта берсе сол сөздің өзі қорқынышты сияқты. Бастық деген бұл үшін тек сезімсіздіктің белгісіндей. Сол өзі қаламайтын бастықтық жұмыстың бұл бір жеріне қатты қызығады-ай. Ол-басекеңдердің астындағы зулаған мәшинесі. Және ол мәшинелер шетінен әдемі болатынын қайтерсің. «Волга», «ГАЗик», «УАЗик», «Жигули» әрі кетсе «Москвич». Әйтеуір бастықтар тырқылдаған «Запорожецті» мінбейді. Бір қызығы сол шіреніп мәшинеден түспейтін дөкейлер көшеде жаяу жүре алмайды екен. Олар зәуқайымда қара жерді баса қалар болса аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп, қалай жүрерін білмей жүргіншілерге соқтығысып, әсіресе көлігі қаптаған көшелерді қиып өтерде қорқып, сасқалақтап, әбден әбігерге түседі. Мұны да бұл бір рет Сара екеуі кешкісін киноға баруға қыдырып шыққанда байқады. Маржанкүлдің бастықтардың мәшинесіне қызығуы -жаяу жүруге ерінгендіктен емес. Сәулетші қыз қайта жаяу жүргенді өте қатты ұнатады. Әсіресе адам аяғы сиректеу тыныш көшелермен немесе жасыл желекпен көмкерілген саябақтармен ойланып, өз қиялына өзі беріліп ұзақ жүруден әсте жалықпайды. Ал архитектуралық маңызы бар зәулім ғимараттар мен тарихи ескерткіштерге, сәулетті де сәнді үйлерге бай ірі қалаларды жаяу аралау-бұл үшін ең рахат, ең бір ғажайып сәттер. Төрт дөңгелекті көліктің Маржанкүлге керек жері-ауылға барып келер кезде. Иә, Жанар екеуі апта сайын ауылға барады. Кесекқорғаннан біраз шалғайлау жердегі совхозға жету де, одан демалыс күні қайту да қиынның-қиыны. Оның үстіне екі қыздың қолы өмірі тағам салынған сөмке, сеткіден босамайды.. Әсіресе ауылдан қайтып келе жатқанда дорбалары толық болады. Сүт-қатық, картоп-қауын, сары май мен таба нан-бәрі төрт-бес тор қалтаға кетеді де тұрады. Ал кеп содан бұлар митыңдайды-ай. Мұндайда бабар жерің жеткізе ме, қайта ұзай түседі. Ауыр сеткілер алақандарын қып-қызыл қылып қиып кетеді. Күн болса бұл кезде тас төбеде шақырайып, күйіп тұрады. Екеуі әр жерге бір демалып, қолдарын суытып алып, ілгері қарай қайта жылжиды. Тірсектері майысып, білдері қайқайып, терлері моншақтап жүріп келе жатады. Қыбыр-қыбыр, жыбыр-жыбыр, нағыз құмырсқа. Бұлар өйістіп ініне дәл тасыған құмырсқаша жыбырлап жүргенде жап-жалтырақ қара «Волганың» артқы жағында шалқайып, жан-жағына асқақ қарап, Сара ауылдан қайтып келе жатады. Соңында оны шығарып салушы совхоз директорының қоңыр «ГАЗигі» болады. Обалына не керек, әуелгі кездерде Сара құрбысы мұны ауылға барарда, келерде аялдамада көрсе болды тастап кетпей, мәшинесіне мінгізіп алатын. Ондайда рахат еді. Нағыз рахат болатын. Жұртпен алысып-жұлысып автобусқа мінбейсің орын алу үшін таласып-тармаспайсың, үйіңе жеткенше белің майысып ауыр дорбаларды арқаламайсың. Тап-таза, сап-салқын, желмен бірге жарысқан көліктің ішінде көңілің шалқып, қиялың қанаттанып, өзіңше жарты әлем болып келе жатасың. Сол кезде саған далада, жолдың жиегінде кетіп бара жатқан жүргіншілер кәдімгі жыбырлаған құмырсқалар сияқты көрініп кетеді. Иә, тіршілік үшін тырбанып, қабырлап бара жатқан құмырсқалар. Тәуір мәшинеге мінгенде және де адамның көңілі көтеріліп, таситынын, жаяуларды менсінбей, мүсіркей қарайтын пендешілік сезімнің пайда болатынын байқады бұл. Өкінішке орай Маржанкүлдің «Волга» мініп, рахатқа батып, әдемі сезімдерге берілетін «бақытты» сәттері ұзаққа созылмады. Сараның әкесі қызына мұнымен дос болып, қарым-қатынас жасауға үзілді-кесілді тыйым салды.
Бір ауылда тұрып, бір класта оқыған екі құрбы қазір бір-бірін танымайтын, білмейтін жат адамдар секілді. Тіпте бір-біріне іштей жау да сияқты. Енді Сара бұрынғыдай ауылға барарда, келерде жолдан тоқтап сіңлісі екеуін отырғызып алмайды, қайта қастарынан жанай өтіп, шыңға көміп, түтінге тұншықтырып кетеді. Сондайда, дәл жанынан зу ете қалған сүліктей қара «Волганың» қап-қара түтініне тұншыға, соңынан қарап тұрып бұл өзін құмырсқа, нағыз қыбырлаған құмырсқа сезінеді-ай.
Сол батпаққа көміліп, мәшиненің астына түсе сақтаған күннен бастап Маржанкүл жан-жағына, алды-артына қарап абайлап жүретін болды. Бір жерден Сараның қара «Волгасы» шыға келіп қағып кететін сияқтанады да тұрады. Расында кім біледі, көңілдері тасып-толып, шалқып келе жатқан бір күні көздері түк көрмей қалып, таптап өте шығуы мүмкін ғой. «Қыбырлаған құмырсқаны» басу да сөз болып па соларға, тәйірі...
Шөп ору да бір қызық
Ой-хой, таңертеңгі ауаның тазасын-ай! Соның ішінде, әсіресе егістік алқаптың ауасы мүлде бөлек. Күріш тақталарынан ескен дымқыл леп Гүлжанның саф ауадан ашыла түскен тынысын одан сайын кеңійтіп жіберді. Озонға байыған көкірек сарайы шалқып кетті. Көңілінде біртүрлі желпініс пайда болғандай. Ол мотоцикл жылдамдығын арттырып, газды басыңқырап жібергенін байқамай қалды. Жолдын екі жағы көкпеңбек. Су бетінен қарыстан биік болып ұзарып толыса бастаған дақылдың жапырақтары жуандап, түсі қоюланған. Оны бұл желмен жарысқан «Восходтың» үстінде отырып көріп келе жатқан жоқ, әрине. Сезіп келеді. Бар жанымен сезіп келеді. Күріштіктің осы мезгілдегі өзіне ғана тән ылғалды лебі сездірді мұны. Көк теңіздей толқыған алқаптың дәл осы кезендегі көрінісі сұлу-ақ. Жансарайы ашылып, көңілі көтерілген қыз бағана апасымен бірге тракторға мінбей, сүйікті «сәйгүлігіне» отырғанына қуанды. Күріштің ортасымен рахат күй кешіп, қала мен дала ауасының арасында «адаптациядан» өтіп, алмағайып халде келе жатқан қызды ұзын жол айдап отырып алтыншы бригадаға жеткізді. Осы жердегі үш киіз үйдің біреуі бұлардың туысы-Қалтайдікі. Қалтай әйелі Айша екеуі күріш егеді. Әрқайсысының мойнында 30-40 гектардан егін бар. Жыл сайын күн жылып жерге көк шығысымен ерлі-зайыпты диқандар егіс басына көшіп келеді. Содан қашан қалың күз түсіп, егін-терін жиналып біткенше ен даланы жайлайды. Жыл сайын бұлар да, яғни апасы, Гүлжан және інісі Дархан үшеуі осында келеді. Қалтай ағасының үйінде жатып пішен орады. Үйдегі екі сиыр мен төрт-бес қой, ешкімге кемінде мың бау шөп керек. Сондықтан Ақшатауда оқитын Гүлжан каникулға шығып, ауылға келісімен дереу пішенге кіріседі. Шөпті уақытында, көкқұрақ кезінде орып алмаса басына қарақұйрық шығып, дардан қамысқа айналып кетеді. Түнде апасы қаз-қатар тігілген үш үйдің екпе талдың қасындағы-арғы шеткісі Қалтайдың алты қанаты екенін айтқан. Жылдамдығы азайып тыр-тырлаған мотоцикл сол үйдің көлеңкесіне тоқтады. Көлігінен түсіп, үсті-басын қаққан қыз жан-жағына қарап сәл бөгелді. Үйден ешкім шыға қойған жоқ. «Балалар қайда кеткен, Айша жеңгесі қайда екен?» Есік қапсырулы тұр. Қиықша саңылаудан қолын ішкі ілгешекті ағытты.
-Бұл кім? Ібән, сен бе?
Қалың көрпешенің үстінде, іргеге таяу жатқан кісі басын көтерді.
Айша жеңеше, мен ғой-Гүлжан.
-А... а... Гүлжан, келіп қалдың ба, кел төрге шық... у... у... уһ... мына бір белім
-Не болды, жеңеше, ауырып қалдыңыз ба? -Кешеден бері белімнен шойырылып, орнымнан тұра алмай жатқаным, балдардың бәрі картоп отауға кетті. Рахия апамдар да жаңа келіп, Қалекеңмен шөптің басына кетті. У... у... уһ... һ...
-Енді ем жасап жатасыз ба? Грелкі, горчишник, бірдеңе қойдыңыз ба?
-Не істейін, не бар дейсің бұл жерде. Бір жатыс менікі.
-Ім... ім... м... Гүлжан аз-кем ойланып тұрып қалды.
-Банкі бар ма?
-Әй, ненің банкісі, бар еді, бәрі ауылда қалды ғой. Бір қалтасы бартұғын.
-Ең болмаса кәдімгі үлкен банкілер бар ма?
Айша Гүлжанға таңырқай қарады.
-Сен кәдімгі сүт құятын, варенье құятын банкілерді айтып тұрсың ба?
-Иә, күнделікті пайдаланатын банкілер ше, соның төрт-бесеуі болса жарайды. -Е... ондай бар. Анау керуеттің жапқышын көтерші, сосын ескі әбдіренің ішінде де қыздардың қияр жабамыз деп жинап жүрген шынылары бар шығар. -Оһ-хо! Үстіндегі көрпе-көрпешелерді жерге түсіріп әбдірені ашқан Гүлжан қуанып кетті. -Банкі жетеді мұнда! Ол әбдіренің қақпағын шалқайтып керегеге сүйеді де, банкілердің орташалары мен кішкенелерін шығара бастады.
-Төртеу, бесеу...
Қалғандары үш литрлік үлкен ыдыстар екен. Енді ол еңкейіп төрде тұрған керуеттің астын қарады. Етпеттеп жатып қолын созып, ірге жақтан стаканның бойындай екі шишаны алды.
-Болды. Енді спирт, арақ бар ма?
-Ой-бүй, Гүлжан-ай, осындай жерде арақ тұрушы ма еді. Қайдағы іспірт?
-І... і... і... түсінікті.
Ол көп ойланып тұрмастан банкілерді сыртқа шығарды. Тазалады. Екі реттен жуылған ыдыстар жарқырап шыға келді. Банкілерді көк шөпке төңкеріп жайған Гүлжан үйге кіріп, керуеттің үстіндегі жолақ матрастың шетін пышақтың ұшымен сөкті. Бір уыс мақта алды. Сосын сыртқа шығып сиыр қора жаққа беттеді. Бірақ қораға жетпей-ақ іздеген нәрсесін тапты. Шөп жинайтын бастырманың белдеу ағашына ілінген бір бума престің сымын көзі шалып қалды. Қисық жерлерін жазып, түп-түзу етіп буып қойыпты. «Қалтай аға ғой мұны істеп жүрген. Пішен баулауға керек болар деген ғой». Ол байламын шешпей-ақ бір сымды суырып алды. Банкілер әбден кепкеннен кейін әлгі сымның ұшына мақта орады. Сосын босағада тұрған құмырсқа бел шамның мойнын жұлып алып мақтаны батырды. Керосин таза екен. Исі мүңк ете қалды.
Бұл кезде Айша ем қабылдауға дайындалып, ыңғайланып жатты.
Гүлжан мақтаға шырпы тигізді. Алаулап жанған отты банкінің ішіне жылдам айналдырып, жон арқадан белге қарай бір-бірлеп қойып шықты. Айшаның ту сырты да кең екен, үлкенді-кішілі жеті банкі сыйды. Бұл жеңгесінің аяқ жағын дұрыстап, үстін жабамын дегенше майонездікінен бастап, 250 грамдық, 500 грамдық, 700 грамдық банкілер тұрған орындарының терісін күмпите бастады.
Күмпигеннің көкесін Гүлжан сонан кейін көрді.
Түндікті түсіріп, самаурынға шай қойып, құмандағы сумен бет-аузын, аяқ-қолын жуып үйге кіргенде керегенің басына ілінген сағат уақыттың болғанын көрсетіп тұр екен.
-Жеңше, халіңіз қалай, жағып жатыр ма?
Дыбыс жоқ
-Айша жеңеше, Айша жеңеше... е... е... е.
Үн жоқ.
Гүлжан қорқып кетті. Жүгіріп барып іргеге қарап жатқан Айшаның бетіне үңілді.
-Пых-пых... х... х... -Ой-й! Жүрегі орнына түскен қыз жәймен жамылғыны ашты. Мәссаған! Банкілердің іші дөңгелектеп кесіп қуырған колбасадай қып-қызыл болып, күмпиіп-күмпиіп тұр. Денесі де, жамылғы да малмандай су.
Бұл пф... пф... дегізіп банкілерді ала бастады.
Айшада дыбыс жоқ. Қимыл да жоқ. Үстін қайта жауып жатып байқады. Оның жастығы да, әсіресе ауыз тұсы, біраз ылғалданып қалыптты. Түске таяғанда шөпшілер мен картоп отауға кеткен балалар, қауын суарып жүрген осы үйдің үлкен ұлы Ібән келді. Қалекеңнің қыздары мұны сағынып-ақ қалыпты. -Гүлжан тәте, Гүлжан тәте, - деп көрген бойда бірінен соң бірі келіп белінен құшақтап, мойнына асылды. Бәрі дастарханға отырып, Дархандар әкелген жұмсақ бөлішкемен, кәмпит, печеньемен шай ішті. Айша орнынан тұрған жоқ. Сол жатқан жерінде басын сәл ғана көтеріп екі-үш кесе шай ұрттады. Сосын қайтадан ұйықтап кетті. Шайдан соң үлкендер жағы жатып дем алып, қыздар талдың көлеңкесіне алаша төсеп алып, кітап оқуға, ұлдар алты карта ойнауға кірісті. Терін басып, қайтадан аяқ-қолын жуып келген Гүлжан апасының жанына қисайды. Сағат бестен өте бұлар сыртын киізбен қаптаған канистрге ашытпа көже құйып алып шөпке шықты. Кеш болса да күн күйіп тұр. Ыстық әлі қайтпаған. Үп еткен жел жоқ. Үшеуі атыздың басымен бірінің соңынан бірі жүріп келеді. Егістіктің ішіне дендеп енген сайын ашық жердегідей емес, ауа сәл де болса салқын тартқандай. Бұлар Қалекеңнің алқабынан өтіп, Айшаның күрішіне келді -Міне, сен мына жерден бастап түсе бер, - деді апасы үлкен тақтаның басындағы біркелкі болып өскен шөпті нұсқап. -Біз Дархан екеуміз арғы шетінен орып келе жатырмыз. Олар алға қарай жүріп кетті. Орағын қолына ұстап, жан-жағына қарап сәл тұрған қыз «қой» деп іске кірісті. Шөпті уыстап алып орақпен тартып қалып еді зың-ң етіп қарақұрым маса ұша жөнелді. Қорғанам дегенше болған жоқ, сол қарақұрым күйінде қаптап бетіне, қолына қонды. Орақты тастай салып кейін серпілген ол орамалын шешіп бетін тұмшалап, мандайын жауып үш бұрыштап тартты. Жеңін түсіріп, білезігінен түймеленді. Сосын ораққа батыл кірісті.
-Сырп... сырп... сырп... сырп...
Алғашқы бау түсті. Екінші, үшінші... оныншы. Қара терге түсіп. Сонда да тоқтаған жоқ. Денесі қызып, жауырыны жазылып, рахаттана бастады.
-Сырп... сырп... сырп... сырп...
Ол қаптаған масаны да елеген жоқ. Белін де суытпады. Мұндайда тоқтамау керек. Бір кідірсең қайта кіріскің келмейді. Және одан жұмыс та өнбейді. Көк құрақты екі жаққа кезек тастап, бір қалыпты қимылдап келе жатқан қыз қарсы беттің орақшыларымен түйіскенде бір-ақ тоқтады. -Ой, Гүлжан, өзің шөпті сағынып қалыпсың ғой, - деді інісі қуланып. -Жайпап тастадың.
-Бүгінге болар осы, - деді апасы. -Күшіңе тиіп кетер. Ашытпа ішіп ал. Бетінің терін жеңімен сүрткен Гүлжан шайқап-шайқап жіберіп суын ішті. О... о... оһ... рахат-ай! Сап-салқын. Тұла бойы дүр сілкініп, мандайына лып етіп тер шықты. Арқамның құрыс-тұрысы жазылып жақсы болып қалдым, - деді Гүлжан. -Ақшатауда жүргенде осындай жұмысты аңсаймын. Сабақтан шаршағанда ауылға тартып кетіп шөп орып, отын бұтап, кетпенді құлаштап сермеп арық қазғым келеді. Енді қызып келе жатырмын, апа. Сіз демалыңыз. Дархан екеуміз тағы бір қарқын қимылдайық. -Мейлі, өздерің біліндер, - деді апасы көздері жайнап, жүзі бұлбұл жанып құлшынып тұрған қызының көңілін қимай.
Ағайынды екеуі жаңа тақтаның басын біраз ашты. Арт жақтан: -Қойындар енді, қайтайық, күн кешкіріп бара жатыр, - деген дауыс шыққанда барып бір-ақ тоқтады. Шынында да күн едәуір кешкіріп, төңірек қоюлана бастапты. Бағана ғана жап-жасыл болып жайқалып көздің жауын алып тұрған егістік алқап енді қарақошқылданып көрініп, қорқынышты кейіпке еніпті. Бұлар күріштіктің арасынан ашық жолға шыға келгенде еңістегі үйлердің ошақтарынан созыла көтеріліп жатқан көк түтін көзге шалынды. Жақындай бергенде байқады -үш үйдің жанында да кешкі ас-ауқаттың қамымен қыбыр-жыбыр етіп әйелдер мен бала-шаға жүр. Қалтай ағасының үй жағында адам қарасы тіпте баршылық. Бір кезде Гүлжан қуанып кетті. Айшаға жеңгесі! Иә, сол! Соның өзі! Белін қалың қылып байлап алыпты. Масахана құрып жатқан қыздарының қасында бірдеңе деп сөйлеп тұр.
-Апа, Айшаны қараңыз, Айша тұрыпты. -Иә, мен де сол ма деп шырамытып келе жатыр едім, - деді апасы. -Манағы тер бекер кетпеген екен. Суықтап қалған ғой, байғұс. Қайтсін енді, бұның да көргені бейнет. Үшеуінің келе жатқанын байқаған Айша әңгімесін қоя салып бұларға қарай жүрді. Жақындағанда екі қолын алдына қойып, иіліп сәлем берді.
-Мана сіз келгенде тұра алмап едім, апа.
-Көп жаса. Өзің тәуірсің бе, қарағым?- деді апасы ризашылықпен.
-Шүкір жақсымын. Гүлжантай бірден орнымнан тұрғызды ғой мені. Ал тамақ дайын. Сіздерге қарап отырмыз. Әй, Жадыра, Жамал, апаларыңның қолына су құйыңдар. Зәуре, сен түтіндікті үйге кіргіз.
Қыздарына осылайша тапсырма берген Айша белін ұстап қазанға қарай беттеді. Қалекең, Айша, олардың үш ұлы мен төрт қызы, бұлар үшеуі, су айдайтын моторшы бала Құбаш, тракторы бұзылып ауылға қайта алмай қалған механизатор Марат барлығы ұзыннан жайылған дастарханды қоршай отырып ет жеді. Тамақ өте дәмді болыпты. Қайқайып келген төрт табақ та босап қайтты. Артынан қатық араластырылған сорпа ішілді. Мұндай тәтті ас болмас. Гүлжан аулдың дәмін әбден сағынып қалыпты. Оның үстіне Айша жеңгесі дайындаған тамақтың жөні бір басқа. Шайды үй йелері мен біріңғай әйелдер, қыздар жағы отырып ішті. Ұлдар тоғымызды басамыз деп мотор жаққа кетті. -Төребайдың жағдайы қалай, жұмысында жүр ме?- деді Қалекең төрт-бес кесені қайырғаннан кейін. -Жақсы. Азаннан кешке дейін пермеде ғой. Жатар орынға бір-ақ келеді. Қазір жұмыстары тіпте көбейді. Мектептің балдарының шөбін қабылдап жатыр, - деді апасы. -Иә, біздің Ібән да қай күні ғана мойнындағы пішенін өткізіп құтылды. Енді әдістаттарын беретін шығар. Сосын амандық болса, МГМСИ-ға тапсырамын деп отыр. -Көке, МГМСИ емес. ДГМСИ, - деп сөзге араласты осы жерде қыздардың кенжесі Бақыткүл.
-Әкеңе жағаласпай тыныш отыр, - деді Айша қызын тәртіпке шақырып. -Енді, көкем дұрыс айтпады ғой... Бұртиып қалған Бақыткүл жанындағы жастықты алып іргеге қарай аунады. Әңгіме қыза түсті. Кімнің баласы қандай оқуға барады, кімнің баласы ауылда қалады? Бұл жағынан әсіресе Айшаның хабары мол екен. Осы отырғанда оның түк те ауруы жоқ сияқты. «Мүмкін құлан таза сауығып кеткен шығар? Сөйтсе жақсы болар еді. Бірақ ертең банкіні тағы бір рет қою керек. Сонда денедегі жел-құз түгел шығады». Осылайша жеңгесінің жағдайын ойлап, ара-арасында әңгімеге құлақ түріп жатқан Гүлжанның көзі ілініп кетіпті. «Төсегіңізге жатыңыз» деп Жамал жауырынынан түрткенде бір-ақ оянды. Сыртқа шығып флягтан су ішті. Сосын таза ауамен тыныстап, мың сан жұлдызы тынымсыз жымындаған аспанға қарап біраз тұрды. «Ауылдың аспаны да кең бе осы, қалай? - деп ойлады ол. -Үлкен қалаларда аспан да, жұлдыздар да дұрыс көрінбейді. Ал-мына жерде-бәрі де ап-айқын, ап-анық».
-Гүлжан тәте, болыңыз, шамды сөндірем. Бұл-Жамалдың даусы.
-Гүлән, жат, ұйықта. Ертең ерте тұрамыз. Бұл-апасының даусы.
Жол жүретін болса, немесе басқадай бір маңызды шаруасы болса дұрыс ұйықтай алмайтын апасы азанда ерте оятты. Қозғалтпай сіресіп қалған аяқ-қолын әрең икемге келтіріп, ұйқы тығылған көзін сығырайтып зорға ашып сыртқа шыққанда жұлдыздар түгел сөніп бітпепті. Айнала енді-енді бозамықтанып келе жатыр.
-Ту... у... у... әлі ерте ғой, - деді бұл қабағын кіржитіп. -Қой балам, күн ысып кетпей тұрып біраз өндіріп тастайық. Бүгін күн жанайын деп тұр. Ұйқы деген не. Ертең шөпті болғасын біржола демаларсың. Бұтында шалбары ғана бар Дархан анадай жерде жуынып жатыр. Бір кезде ол еңкейіп тұрды да кішкене шелектегі суды желкесіне ақтара салды. Ища-ай! Біреу өзінің үстіне су құйып жібергендей Гүлжанның денесі түршігіп кетті. Ұйқысы шайдай ашылды. Осы кезде құлағына «тық... тық... тық» деген дыбыс келді. Тықыл шыққан жаққа қараса Қалекең отын бұтап отыр. Таң қалды. Бұл кісінің әдеті осы. Таң атпай тұрады да самаурынға отын дайындайды. Және біркелкі, майда болып бұталған жыңғылдарды жаңғырықтың жанына текшелеп жинап қояды. Бір қызығы-Қалекең қазанның астына жағатын отынға бас қатырмайды. Тек самаурынға салатынды бұтайды. Ал ошаққа қажеттісін Айша мен балалар өздері қамдап алады. «Өй, ұйықтамай ма екен, - деп ойлады қыз отыз бесінші размерлі керзі етігін киіп жатып. -Мен болсам ұйқтар едім. Отынды сосын да бұтауға болады ғой». Иә, Гүлжанның ең осал жері-ұйқы. Басқа нәрсенің бәріне көнсе де ұйқыдан қалуға көне алмайды. Демалыс күдері түске дейін жатуға бар. Үйде жиын-той немесе басқадай бір шаруа жасалғанда қыз болып ерте тұрып тірлік істеу дегенді білмейді. Ең түпкі бөлменің қуысына кіріп алып ұйқыны соға береді. Үйдегілер қанша айтса да бәрібір бұған. Содан қонақтардың алды келіп, тәтелері мен сіңілілері жайнатып қойған дастарқанға отырған кезде жып етіп бұл да бір шетіне жайғасып алады. Амал жоқ, апасы кісілердің көзінше ұрысы алмайды Осы ұйқыға байланысты былтыр қызық оқиға болды. Бір бөлмеде бұлар үш қыз тұратын. Түн ортасында Алтынай құрбысы қатты жұлқылап оятты. -Гүлжан, тұр, тұр! Жер сілкініп жатыр. Жұрттың бәрі төмен түсті. Далаға шығуымыз керек. Тұр бол! Күндікке сені оята алмадық
Бұл көзін ашпастан «і... і... қазір» деді де қайтадан ұқтап кетті Бір кезде «Гүлжан, тұршы, қыздардың бәрі кет... ті, екуміз-ақ қал... де е... қ.., і... і... ыһ... ыһ» деген дауыстан оянды. Қараса бас жағында бөлмелес жан жолдасы Салтанат еңіреп жылап отыр.
-Не болды?- деді Гүлжан таңырқап.
-Жер сілкін... е... еп...
Осы кезде бұл суда жүзіп бара жатқандай болды. Төсегі қарсы бетке қарай жылжыған сияқты. Біреу тербеткендей. Сөйтіп тербеліп жатып қайтадан ұйықтап кетті. Таңертең оянса қыздар әбіржіп жүр. Түрлері өрт сөндіргендей. Беттері күндегідей емес, ісіңкі, көздері қызарып кеткен. Сөйтсе олар түнімен ұйықтамапты. Жалғыз бұл бөлменің емес, осы студенттер қалашығындағы барлық жатақананың тұрғындары ұйықтамапты. Жер қозғала басталысымен-ақ студенттер түгел сыртқа шықсын делініпті. Сонан жұрт бірін-бірі басып кете жаздап, бірін-бірі итере-митере, сүріне-қабына жан ұшырып төменге түсіпті. Тіпте кейбіреулері жөнді киініп те алмай ұйықтап жатқан жеңіл көйлектерімен шығыпты. Бұны тұрғыза алмаған бөлмелестері жылай-жылай солардың соңынан кете барыпты. «Оятасыз ба? деп есіктің аузында отыратын қарауыл кемпірге айтқан екен, ол да қорқып жоғары көтерілмепті. Сөйтіп бар бала түнімен ызғып-шулап далада жүріп, күздің салқынына әбден тоңыпты. Сол түні қалашықтағы оншақты жатақанада тұратын үш мыңдай студенттің арасынан жалғыз Гүлжан ғана төртінші қабаттағы қырық бесінші бөлмеде қаннен қаперсіз рахатта... не... е... еп ұйықтап шығыпты.
Шөпшілер үйге сәскеге таман оралды. Бүгін Бақыткүл картоп отауға бармай қалыпты. Самаурынға шай қойып жүр. Айша көрінбейді «Тағы да ауырып қалды ма екен» деп ойлады Гүлжан. Қараса шынымен де жатыр. Бірақ ояу.
-Жеңеше, беліңіз тағы қозғалтпай қалды ма? Қатты ауырып тұр ма?
-Әй жоқ, жақсы ғой. Кешегіден жақсы. Тек шамалы кілтілдеп тұрғаны. Құрт
жайып жаңа болдым. Сосын кішкене белімді жазайын деп...
-Қазір, мен қазір қолымды жуып келейін.
Бұл жолы ол ауыр болар деп жеті емес, бес банкі қойды.
-Қолыңнан айналайын, - деді жеңгесі. -Мұны қайдан үйреніп жүрсің?
-Бізге медицина сабағы жүреді ғой. Банкі қою деген ең оңай жұмыс. Менің бұл жасап жатқаным дұрыс емес әрине. Бірақ басқа амал жоқ. Асептика, антисептиканы сақтауға барынша тырысып жүрмін.
-Асептика дегенің не тағы?
-Өй, тазалықты сақтау жағы ғой. Міне болды. Енді жирма минут жата тұрыңыз.
-Апам қиылып қапты ғуй, нәғып айтпай утсыңлар? Апа, жақсысыз ба? Берікбайның тимәкісі мен үйдә сабун таусылып қалып кишә кишка ауылға китеп идім. Апам килгәнін истіп сәлем берәйін дәдім. Салдырап Галя жеңгесі келді. Бұл да күріш егеді. Осы үш қараша үйдің біреуі Галя мен Берікбай ағасыныкі болуы керек. Бұрын олар басқа бригададатұғын. Биыл осы алтыншыға ауысты деген. -Уий, Гульжан мин Дархан да қилып қапты ғуй. Сабақларың қалай? Бізім уйга, ағаларыңа барып сәлем бермейсіңлар ма?
-Шөптен қолымыз тимей жатыр, жеңеше. Кеше кеш қайттық. -Шуп, шуп. Улгересіңлер урып. Сені ағаң уйдә үнемі мақтап айтып утырад. Давай бүгін кишка бизнікинан тамақ ишіңлар. Апа истідіңіз ғуй. Қой мен киттәм. Ағаңа шай бирәйн. Айша, билің тәуір булса сен ла жур Көп кідірмей Галя үй жағына кетті. Атына төрт бау шөп артып Қалекең келді. Бұл кісі күнде түске дейін кетпенін алып әйелі екеуінің күрішін аралап шығады. Атыз, жаптарды қарайды. Су жырып кетеді-ау деген осал жерлерді бекітеді. Суы ескірген тақталардың суын жаңалайды. Соның ара-арасында шөп орады. Одан қала берді бақшаларына барып балаларына картоп, қауын отасады. Таңның атысы, күннің батысы бір тынғанын көрмейсің. Жұрт түстен кейін, күн қайтқанша демалып, жұмысқа кешкі салқынмен шығатын болса, Қалекең аспан айналып жерге түсетін шаңқай түсте де қалыңырақ киініп алып патырлатып шөп ора береді. Пішен ору деп осы кісінің орағын айт. Жойқын. Орағы тиген жер комбайн жүріп өткен сияқты теп-тегіс болып қалады. Соған орай шөп те біркелкі түседі. Ал, бауларына кісінің құшағы жетпейді. Өмірі тынбайтындықтан ба, Қалекенде қырым ет жоқ. Тек сүйек қана бар. Бойы да ұзын емес. Шынашақтай ғана кісі. «Кішкентай адамдар күшті болады» деген сөздің жаны бар екенін бұл Қалекеңе қарап мойындап жүр. Осы Қалтай ағасының бұрында Мария деген сұлу әйелі болыпты. «Қоғалы» колхозының председателі болған Мария өте келбетті, кербез, паң кісі екен. Пүліш, бастон, панбарқыт сияқты таза маталардан тіктіріп киетін киімдері тал бойына жарасып, өзі көрікті адамды одан сайын сұлуландыра түседі. Қызыметіне байланысты ол үнемі ат мініп, онда да анау-мынау емес әдемі, жарау ат мініп жүретін болған. Келісті, сұлу әйелге қызығып, оны жалғыз кемпірдің баласы Қалтайға тең көрмей азғыратындар, неше түрлі әңгімелер айтып тисетіндер көбейеді. Сондай арам пиғылдылардың атын естіп, түсін түстеп анық білсе олармен Қалекең өзі барып «ерекше сөйлеседі» екен. Яғни үлкен демей, кіші демей бірден жағасынан ала кететін болған. Сөйткен бір үлкен жанжал үстінде ағасы ашуын тежей алмай қалып, ферма бастығын қылғындырып тастайды. Жігіттер жабылып жүріп ферма бастықтың кеудесіне екі тізерлеп қонжиған Қалтайдың қолдарын оның тамағынан әзер ажыратып алады. Енді сәл кешіккенде дем жетпей көзі аларған бастық о дүниеге аттанып кетеді екен. Осы оқиғадан кейін әдемі қыз-келіншек көрсе қылмындайтын қулар Марияның маңайынан жүрмейтін болыпты. Бірақ тамағы буып ауырып, мойын тамырлары мен жүйкесі зақымданған ферма бастығы жоғарғы жаққа қайта-қайта шағымданып жүріп Қалекенді төрт жылға соттатып жібереді. Артынша Мария жұмысынан босатылады. Шалынан қалған жалғыз тұяқ-Қалтайы үй болып, тәңіріне мың қайтара тәуба айтып отырған Бибіш әже отбасының ойламаған жерден осылайша шырқы бұзылады. Тағдырдың бұл шаңыраққа жазуы мұнымен тынбайды. Қыстың таусылып бітпейтін ұзақ түнінде азаматы істі болып, көңілі ортайған қаяулы жанның ұйқысы келе ме? Мария жетілік шамның жарығымен нәрестесіне кеудеше тоқып отырады. Бір кезде қарасы жанында әңгіме айтып жатқан енесі ұйықтап кетіпті. Ол «үлкен кісінің көзіне шақырайтпай, басайын» деп ұмтыла бергенде қолы қағып жіберіп, шам құлап кетеді. Мойны бос шамнан төгілген май пілтедегі отқа тиіп лап ете қалады. Не болғанын түсінбей қалған Мария тезірек қашудың орнына, сол отырған жерінде қозғалмастан «апа, апа» деп айқайлай береді. Оянып кеткен енесі есін жиып, келінін сүйреп тұрғызамын дегенше сумаңдаған жалын оның етегіне тиіп үлгереді. Сасып қалған әжей отқа су құймаққа ауызғы үйдің есігін ашқанда Мария далаға қарай тұра жүгіреді. Бір шелек суды лапылдап жатқан киізге құя салып, ізінше сыртқа шыққан қария ештеңе бітірмейді. Дереу көршілерін оятады. Қаншама адам жан-жаққа жүгіріп, жабылып, іздегенмен жеті түннің ішінде ешкімді таба алмайды. Ертесіне іздеушілердің бірі «Жыңғылтөбе» жақтағы әкесінің бейіті жанында шалажансар күйде жатқан Марияны көреді. Бет-аузы, денесінің біраз бөлігі күйген келіншек аудан орталығындағы ауруханада қайтыс болды.
Беркінбайдың үйіне бұлар үшеуі ғана емес, Қалтай, Айша, Ібән -алтауы барды. Рахия аман ба? Жылдағы әдеттерің бойынша Қалекеңнің үйіне барыпсыңдар. Биыл біз де осындамыз ғой. Біздікіне жатпадыңдар ма?- деді Берікбай кірген бойда. -Бәрің бір емессіңдер ме? Амандық болса бұл үйге де келеміз әлі. Қалай, өздерің де аман-сау жүріп жатсыңдар ма, бала-шаға аман ба?- деді апасы отырып жатып. -Әй, Нұржігіт қайным, азғырма. Өйтетін болсаң апамды бұлай қарай жібермей қоямын.
Айшаның бұл сөзін Қалекең қостай жөнелді.
-Иә, солай деп қойшы. Келе салып бұл бізді бөлейін деді ғой.
-Енді, апа менікі екені рас қой. Берікбай бұлардың Қалекеңдерден гөрі өздеріне бір табан жақын екенін меңзеп өтті. -Жарайды енді, - деді апасы осы кезде, әңгіме қиғаштау кетіп қалар деген оймен. -Бір-бірімізге еш жатығымыз жоқ. Бәріміз де ағайын адамдармыз. -Иә, біздікі қалжың ғой, әшейін. Гүлжантай, халің қалай, оқу жақсы ма? - деді Берікбай сөзді дереу басқа жаққа бұрып.
-Жақсы, аға жақсы.
Галя дастархан әкеліп жайды. Артынша ызылдап үлкен самаурын келді. Күбіден жаңа алынған май мен таба нан желінді. Шай үстінде күннің ыстықтығы мен күріштің күтімі, шөптің қалындығы жайлы ғана әңгіме айтылды. Бұлардың несібесіне қарай, бүгін Берікбай жаптың борықтарын алып отырып екі бірдей лақа ұстапты. -Гульжан қариндасы килгәсін ағасы балық әкеледі. Алыста журген балаға деликатес қой деп соны пісірдім. Апа, ит аспады деп айып итпәйсіз - деді Галя дәу табақты ортаға қойып жатып. -Қамырны куп салдым-Жұмысынан килгәнлар жейді ғуй. -Айыбы жоқ қарағым. Қайта жеңіл болады, осы жақсы. Гүлжан да көптен бері балық жемеген шыған. Ал, кәне балдар, келіндер Тамақ алыңдар.
Апасы өзі бастап табаққа қол салды.
Тамақтан кейін тағы да шай ішілді. Онан соң балдай тәтті қымыз келді. Бұл екі кесесін сімірді. Берікбай ағасы қашаннан бие байлайды. Галя қымыз баптаудың шебері. Бұл жағынан келгенде ол анау-мынау қазақ әйелінен асып кетпесе, кем түспейді. Құданың құдіреті, со-на-ау Соликамск деген қалада туып өскен татар қызы Галияның дүниенің бір шетіндегі кішкентай ғана қазақ ауылының жігіті Берікбайға ғашық болғанын айтсаңшы.
Екеуінің үйлерінде де қызық Алпысыншы жылдары шеңгелдері мен жиделері сыңсыған ен далаға жаңа типтегі жаңа совхоз салу жоспарланады. Бүкілодақтық екпінді комсомолдық құрлыс болып жарияланған өңірге қазық қағылып, алғашқы үйлердің қабырғасы қаланысымен-ақ алып елдің түкпір-түпкірінен құрлысшылар ағыла бастайды. Молдавиядан қоңыр киімді студенттік құрлыс отрядтары келсе, Татарстан мен Башқұртстаннан «Широка страна моя родная» әнін шырқап жүз шақты сылақшы-бояушы қыз-келіншек жетеді. Қаздай тізілген қаз-қатар вагондарда тұрып, жұмыс істейтін сылақшылардың бір тобына мехколонна прорабы Берікбай басшылық жасайды. Ол бір-бірінен айнымайтын өңкей ақсары қыздардың ішінен жүзі жылы осы Галяны бригадир етіп сайлап, өзіне көмекші қылып алады. Сонан қыздардың күнделікті жұмыстарын бөліп беру, табель жүргізу, әк, сыр, цемент, құм сияқты қажетті материалдарды қабылдап алу Галяның мойнына жүктеледі. Өз міндетін тасқаққандай етіп атқаратын пысық қызға деген прорабтың ризашылық сезімі бірте-бірте сүйіспеншілік сезіміне ұласады.
-Галя, - дейді бір күні вагон-кеңседе наряд жазып отырып. -Мен сені жұмысты жақсы істейтіндігің үшін қатты ұнатамын. Ал өзінді жақсы көрейін десем қорқып жүрмін.
-Неге? - дейді Галя таң қалып. -Мен соншалықты қорқыныштымын ба? -Ж... ж... жо-о-оқ, - дейді жігіт-Сен сондай сүйкімдісің, сұлусың. Бірақ мен жақсы көрсем саған үйленуім керек қой. Ал сен маған күйеуге шықпайсың.
-Неге шықпаймын?
-Енді, сен бұл жақта қалмайсың. Кетесің ғой.
-Неге қалмаймын?
-Енді, құрылыс біткесін елдеріңе қайтасыңдар ғой.
-Ал мен қайтпаймын. Осында қаламын.
-Неге қаласың?
-Саған күйеуге шықпаймын ба ?
-? -Шын айтамын, Берікбай. Менің қайтқым келмейді. Саған тұрмысқа шығар едім. Мені ол жақта ешкім де күтіп отырған жоқ. Ата-анам кішкене күнімде қайтыс болған. Жалғыз ағам әйелінің қолына кіріп алған, өзімен-өзі, - дейді қыз мұңайып.
-Рас айтасың ба, мені ұнатасың ба- дейді Бекең сасқалақтап
-Жақсы көрем.
-М... м... мен... д-е-е.
Сол күннен бастап екеуінің жұбы жазылмайды. Алғашқы салынып біткен үйлердің бірі осыларға беріледі. Жаңа құрлыстағы тұңғыш той-Берікбай мен Галяның үйлену тойы болады. Кейін құрылыс жұмыстары бітіп, ол жер совхозға айналған кезде көрші Энгельс колхозы түгелімен сонда көшіріліп, Беркбайдың әке-шешесі мен іні-қарындастары бұлардың қолына келеді. Обалы не керек, Галя атасы мен енесіне адал болады. Қазақтың салты бойынша күнде таңертең оларға иіліп сәлем береді. Өздерін балаша күтіп, баптап, барлық жағдайларын жасайтын, «әке, ажа» деп жаны қалмай асты-үстіне түсетін келіндеріне қариялар да риза болып, өз қыздарындай жақсы көріп кетеді. Әуелгі кезде бір ауыз қазақша білмей қиналатын Галя кейін орысшаны ұмытып қалады. Оның қайнылары мен қайынсіңлілеріне «Шырайлым», «Ақбота», «Ержігіт», «Жақсыбала» деп ат қойып алып өз есімдерімен атамайтынына ауыл адамдары екеше сүйсінеді. Галя әсіресе ағайын, туыс басқосатын жиын-тойлар мен ас-құдайыларда көпшілікке қызмет жасаудан алдына жан салмайды. Ол пісіретін неше түрлі тәттілер дастархан сәнін келтіріп, жиналғандардың, әсіресе әйелдер мен балалардың назарын аударады. Өзі келін болып түсіп, бақытын тапқан елдің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын барынша меңгеріп, қазақ келіншектерден кем болмауға тырысқан татар қызының кейбір іс-әрекеттері еріксіз күлкі де туғызады. Келіндер үлкендерге сәлем беру керек дегенді көкейіне мықтап тоқыған Галя әуелгі кездері тек сол әулеттің жақындарына ғана емес, көшеде кездескен кемпір-шалдар мен орта жастағылардың бәріне бірдей иіліп, баратын жеріне басы айналып әзер жететін болған. Сондай-ақ келін қарияларға бөксесін бұлтындатып сыртын бермейді дегенге, үлкен кісілердің алдындағы дастархандарын жинап, табақтарын алғанда бетін бұрмай артқа жүрем деп босағаға соғып, есік жақтағыларды басып-жаншып, қолындағыларын түсіріп алып талай рет абыройсыздыққа қалған. Оның сырт жағымен жәймен шегінбей, қатты жүретініне қарап ауылдың атқойғыштары «Назад келін» атап кеткен. Еш арамдығы жоқ, баладай ақкөңіл, не нәрсені болса да шын ықылас-пейілімен істейтін Галяның мына бір әрекеті ауылдастары арасында аңызға айналған. Бұдан он шақты жыл бұрын Берікбайдың әкесі Жанахмет қайтыс болады. Жақсы көретін атасы марқұмның қыздарымен, етжақындарымен қоса қатарға отырып Галя да жоқтайды. Бір кезде көппен бірге, жақында ғана әкесі қайтыс болған, өзінің Берікбайларға аздап туыстығы бар, Баршагүл деген әйел келеді. Сонан туыс деді ме, әлде қайғысы бір болғасын көзіне ыстық көрінді ме, Галяжан әлгі әйелді тас қылып құшақтап алып:
-У... у... уй... и, Барчагуль,
Сенікі әке улган,
Менікі әке улган,
Огорадта журган
Истігәндә килган
-У... у... уй... и, Барчагуль,
Сенікі әке жақси,
Менікі әке жақси,
Бірақ усындай ыстықта
Үліп қалған жаман.
-У... у... уй... и, Барчагуль,
Сенікі әке кәрі,
Менікі әке кәрі,
Уақытны булған киздә
Уләді ғой бәрі
-У... у... уй... и, Барчагуль,
Не істәймін инді?
Не істәймін инді?
«Қызым» дип ким айтады.
Татар булған мині, - деп шұбырта жөнеледі. Жұрт я күлерін, я жыларын білмей бір сәт аңырып қалады.
-Қалтай, насыбайынды берші, - деді Айша отағасына қолын созып.
-Әй өзіндікі қайда, ылғи менен сұрайсың - деді күйеуі кейіген сыңай танытып
-Енді, насыбай сенде ғой, бізде қайдан болсын...
-Өй, антұрған, қарашы балдардың көзінше не болса соны айтып отырғанын.
-Не, өтірік пе, бағана менің насыбайымды қалтаңа салып алдың ғой. -А, иә сөйткен екенмін-ау. Ал менікі қайда? Әй Жадыра, ана даладағы шапанымның қалтасын қарашы, шақшам бар ма екен?
-Өзің насыбайыңның қайда қалғанын білмейсің.
-Әй сен қатын белің жазылғасын құтырайын дедің ғой.
Қалекең басын шайқап-шайқап күлді. Әйелінің әзілі бұл кісіге бөтен болмаған сияқты. Ерлі-зайыпты екеуі үнемі осылайша бір-бірімен ойнап, қалжындасып отырады. Олардың бұл қылығы әуелгі кезде Гүлжанға біртүрлі ерсі көрінетін. Кейін үйренді. Енді кей күндері жұмыстан шаршап, немесе көңіл-күйлері болмай, екеуі әзілдеспесе үйдең сәні кірмей қалған сияқтанады. Әсіресе Айша өте қуақы, әзілкеш, ақжарқын адам. Дүниені топан су қаптап жатса да, қабақ шыту дегенді білмейді. Оның пейілінің кендігі мен үнемі жарқырап жүретіндігінен болуы керек, бұл шаңыраққа кісі үйір. Қай кезде келсең де осы үйдің астарынан шаршағандай төрде шалжиып жатқан көкаттыларды көресің. Тракторы бұзылған механизатор да, жердің басыда үйі жоқ күрішші де, мал қараған жоқшы да, балық аулап жүрген бала-шаға да түстенуге осында соғады. Бұл жер бейнебір дала асханасы, ал Айша сол асхананың бас аспазы сияқты.
Жеңгесі осынша бейнетке тіпті де қиналмайды. Өзі қай істі де қиынсынбай, ынтаңмен атқарсаң оп-оңай бітетін әдеті емес пе? Мұныкі де сол, үйдің қаншама тірлігін жасап, қаншама адамды күте жүріп Айша әзіл-қалжыңын, ойынын тоқтатпайды. Ол әсіресе қайныларымен қалжыңдасып, ойнағанды тәуір көреді. Кейде кіп-кішкентай Дарханға тиседі.
-Әй, бала қайным-ау, насыбайың бар ма? - дейді ол.
-Мен насыбай атпаймын, - дейді Дархан жымиып.
-Жоқ, басқа насыбайды айтамын, - дейді Айша.
-Басқа насыбай да жоқ, - дейді бала ұялыңқырап.
-Көтек, насыбайым жоғы несі, айтпа ондайды. Келші өзі көрейін, шынымен насыбайың бар ма, жоқ па? - деп Айша Дарханға қарай ұмтылады.
-Кетші ей, кетші ей - деп тұра қашады бала.
Жеңгесі артынан қуып береді.
Қолы қалт еткен кезде Гүлжан кетпен алып күрішке барды. Бұрынғы жұмысына аңсары ауды, бір жағынан Қалекеңе көмектесейін деп ойлады.
-Не істейін аға, әдейі сізге қолғабыс берейін деп келдім, - деді ол.
- демалмадың ба, шөпке дейін шаршап қаласың ғой.
-Жоқ, қайта шынығып, оруға дайын болып барам. -Ы.. ы... ы... Оның да дұрыс екен. Расында адам бір демалғасын қозғалғысы келмей қалады. Ендеше мында жүр, екеуміз аяқ жақтағы атыздарды мықтайық. Ертең суды жаңалайын деп отыр едім. Шеткі тақталардың суы сарғайып кетіпті. Күріш ара-кідік бас ала бастаған. Дақылдың жапырақтары тегіс қалыңдап, қою жасыл түске енген.
Екі жеңін түріп жіберіп іске кіріскен қыз кетпенді құлаштай сермеді.
-Ыһх... ыһх... ыһх...
Топырақ түскен сайын атыз жиегі биіктей берді. Біраз тастағаннан кейін топырақты кетпенмен жазып тегістеп, қатар-қатар басып аяғымен нығыздады. Демде үш-төрт тақтаның айналасың бекітті. Тері моншақтай төгіліп, рахаттанып қалды. Шөп орған мен кетпен шапқанның айырмасы едәуір. Басы мықты, жүзі өткір кетпенді құлаштай сермеп, қолтығынды жазғанға ештеңе жетпейді. Гүлжан кетпенді әбден сағынып қалыпты. Осында келгелі бері «ескі досын» қолға ұстаудың реті келмей жүр еді. Бүгін міне сәті түсті. Әсілі, желмен жарысып далада өскен, соның ішінде құттайынан жер төсін еміп, егін салған адамды тіршілігі қыбыр-жыбыр қалада «қамап ұстау» обал-ақ. Мұның кейде дәрісханада лекция тыңдап отырып даланы аңсайтынын, көкпеңбек күріштік алқап пен бір кездегі диқаншылық кәсібін аңсайтынын қайтерсің. Сондайда ауыл мен егістік арасын жалғайтын жүйіткіген тұлпары-мотоциклін, бала кезінен алақанын ыстап, мейіздей ғып қатырған кетпені мен ораған, қабаттап шұлғау орап кигенде кішкентай аяқтарын қуаттандырып, қарулы етіп жіберетін керзі етігін көз алдына елестетіп, солармен бірге қалған алаңсыз күндерін сағынады-ай.
Мың бау шөпті орып болып, бұлар ауылға қайтуға жиналды. Дархан: «Ой, болдық-ау әйтеуір, енді балдармен қалаға барам» деп қуанып жүрсе, Гүлжанды көңілсіздік сезімі биледі. Жылда шөпті бітіп кетіп бара жатқанда: «Келер жылы каникулда тағы келем ғой» деген ой көңіліне демеу болып тұратын. Биыл олай емес. Алдағы жылы амандық болса оқуын аяқтайды. Институт бітіріп, белгілі бір мамандық иесі болу-әрине зор қуаныш. Ал бір жағынан... үл... ке... е... ен болып есейіп кететін сияқты. Есейсе, қызмет жасаса бұлайша шөп оруға келе алмайтыны белгілі. Бұл теңіздей толқыған көкпеңбек алқапты, Қалтай ағасының бірге суға шомылып, бірге собық теретін үйелмелі-сүйелмелі балаларын, аңқылдаған Айша жеңгесін қимай тұрғанда, ағаштың көлеңкесінде жатқан буат-буат сымдарды көріп қуанып кетті. Ур-ра! Енді бір жетіден соң шөп байлауға болады. Жылда оған келмейтін. Орақтан соң демалатын. Ал биыл келеді. Міндетті түрде келеді!
Бастықтар
Қызық. Кейде біреулерді сыртқы тұлғасына, бет-пішініне қарап «тым қатал, немесе тым жұмсақ адам»деп өзімізше ой түйіп, тұжырым жасап жатамыз. Ал сол «біреулермен» танысып-білісе, араласа келгенде бұл ойымыз мүлдем дұрыс емес болып шығады. Бүгін Сәбила осындай жәйді басынан кешірді. Мана таңертең ертемен бастығы шақыртқан. Жұмысқа күнде жұрттың бәрінен бұрын келетін Сәбила бүгін тіпте ертелеткен болатын. Онысы дұрыс болған екен. Сәл кешіккенде директордың қаһарына ілігіп кететін еді. Абырой болғанда келіп үлгерді.
-Бүгін немен айналысып жатырсыз? - деді бастығы кірген бойда.
-Кешегі өзіңіз айтқан көйлекті ті-гіп...
-Оның бәрін жинап қойыңыз да, қазір машина келеді, сонымен Керімбаеваның үйіне барыңыз!
-Онда не?...
Не жұмыс екенін ол кісі өзі айтады. Барыңыз!
Есікке тақап қалған Сәбиланың соңынан:
-Әрине, қайшыңызды, басқа да құрал-саймандарыңызды ұмытпаңыз. Ол жерге қонаққа бара жатқан жоқсыз, - деп зілдене дауыстады бастығы.
-Уһ... һ..
Қоңыр есікті сыртынан жапқан Сәбила демін бір-ақ алды. Құтылды-ау әйтеуір. Кеше ғана берген көйлегін сұрайтын шығар деп қорыққан ол әңгіменің басқа жаққа ойысқанына қуанып кетті. Шеберханаға келді де дереу қайшысын, өлшегіш метрлігін, борын, ине, жібін сөмкесіне салып сыртқа шықты. Есіктің алдында ешқандай көлік көрінбейді. Бұл сөмкесін қарына іліп, екі қолын қалтасына салып алып әрлі-берлі жүрді. Көп кешікпей-ақ түтін түстес «Джип» машинасына келіп тоқтады.
-Кәрімбаеваның үйіне баратын сіз бе?
-Иә, мен.
-Отырыңыз!
Орнынан жұлқына қозғалған машина шеткі көшелермен жүріп отырып қаланың сыртына шықты. Бағыттары-«Дария» саяжайы сияқты. Сонда Керімбаева саяжайда тұратын болғаны ма? Ол жердегілердің көпшілігі орталықта үйі жоқтар, яғни ауылдан қалаға жұмыс іздеп көшіп келгендер мен сиыр, шошқа, тауық бағып, жеміс-жидек өсіріп күнкөріс жасап отырған зейнеткерлер. Ал Керімбаева әйгілі бастық. Сонда бастықтар да құрқылтайдың ұясындай, кіп-кішкентай саяжай үйлерінде тұра беретін болғаны ғой. Кәрима Керімбаева! Бұл есімді білмейтін адам қалада кемде-кем болар. Өзінің қаталдығында шек жоқ дейді. Бір-екі рет сыртынан мұның да көргені бар. Сырт келбетінің өзі сұсты. «Өмірінде күлмейтін шығар». Осы ой басына келгенде Сәбила қорқып кетті. «Бұл қазір қайтеді? Тіккен көйлегі ұнамаса ше? Әй, осы бастық әйелдердің көйлекке тоймайтыны-ай!»
-Келдік!
Сәбила селк ете қалды. Қараса машина биік дарбазаның алдына келіп тоқтапты. Жерге түскенде көргені-сырты қызғыш жылтыр таспен қапталған зәулім үй. Шофер жігіт екеуі жақындағанда ешкім итермей-ақ дарбаза бір жағына қарай жәймен сырғып ашылды. Арғы жағынан мойнына мылтық асынған алабажақ киімді адам бұларға қарсы жүрді. Сәбила сескеніп қалды. «Солдаттар жұмыс істейтін әскери мекеме болды ғой бұл» деп ойлады ішінен. Шофер қолымен бірдеңені ишаралап еді, анау «өте беріңдер» дегендей басын изеді. Бұлар үйдің бір бұрышына жапсырыла жасалған басқышпен екінші қабатқа көтерілді. Сөйтсе ешқандай да мекеме емес, кәдімгі үй екен. Бірақ кәдімгі деуге болмайды. Патшаның үйі! Сәбила патшаның үйін көрген жоқ. Ол дәл осындай болатын шығар.
-Келіңіз. Сәлеметсіз бе?
Кірген бетте жан-жағына қарап есін жия алмай тұрған тігінші жанына келген әйелді де байқамапты.
-Амансыз ба? Мен-ін....
-Иә білем. Мастерсіз ғой. Атыңыз кім?
-Сәбила.
-Мен Кәрима. Сәбила апай, мына терезелерді көріп тұрсыз ғой. Соған перде жасау керек.
-Перде?Көйлек тікпеймін бе?
-Кімге?
-С... Сізге шығар.
-Іһ... іһ. Мен тек фирменный киімдер кием.
-А... а... а... «Мұнысы жақсы болды ғой» деп ойлады Сәбила. Дүниеде бастық әйелдерге көйлек тіккеннен қиын, жұмыс жоқ. Ойпырым-ой, оларға ештеңе ұнамайды ғой, ұнамайды. Мына жерін неге бүйтпедің, әне жерін неге үйтпедің... Былай тіккенде ол былай болатын еді, олай тіккенде олай болатын еді. Әйтеуір бәрі үйретудің шебері. Білгіш. Ол айтып тұрғандарының біреуі де стандартқа, тігіннің талабына сай келмейтіндігімен шаруалары жоқ. Жалпы бастықтардың көбі өздерін өте білгішпін деп ойлайды. Соның ішінде өз саласыңа, өздерінің жұмыстарына байланыстыны білем десе де жарасады ғой. Ал олардың кейбіреулері өз жұмыстарына, мамандықтарына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын саланы білем деп өзеурейтіндерін қайтерсің. Бірде мынадай қызық болды. Халыққа қызмет көрсетушілермен бірнеше мекеме қосылып, облыстық деңгейде үлкен семинар өткізді. Оған тәжірибелі тігінші-шебер ретінде «Бурда» фирмасының атынан Сәбила да қатысты. Сонан семинаршыларды екі дәу «Икарусқа» мінгізіп алып, қаладағы және оңтүстік аудандардағы ұн тартатын, күріш ақтайтын, сүт, нан өнімдерін шығаратын кіші кәсіпорындарды аралатып көрсетті. Соның бәрінде облыстағы үлкен бастық аузы тынбай сөйлеп, жаңа үлгідегі құрал-жабдықтар мен мини зауыттардың қайдан әкелінгенін, оның әрқайсысының сағатына, сөткесіне қанша өнім шығарып, қаншалықты пайда беретінін тәтпіштеп айтумен болды. Ол көп жерде кәсіпорындар қожайындарының түсіндіргендеріне, байыптап сөйлегендеріне шыдай алмай, ара-арасында қайта-қайта киіп кетіп, ақыр соңында бар сөзді, бар билікті өзі алып, қалағанынша көсіліп отырды. Сонда Сәбила «Ойпырмай, бәрін бес саусағындай білетін мынандай да жан-жақты адам болады екен-ау» деп қатты таңқалды. Сөйтіп үлкен бастықтың көп білетіндігіне таңқалумен, зеректігіне сүйсінумен келе жатқанда бұлар бір шаруашылықтың күріштігіне соқты. Егін-терін жиналып жатқан кез-тұғын. Алдын-ала хабар беріліп қойған болуы керек, егістік басында бір топ адам күтіп тұр екен. «Икарустағылардың» бәрі түсіп болғаннан кейін екі жақ амандасып, ауыл әкімі топ болып тұрғандарды келгендерге жағалай таныстырды. Сөйтсе... Мәссаған. Сәбила байқамапты. Бұлар кезінде күріштен мол өнім алып, елге әйгілі болған даңқты диқандар екен. Үш-төртеу» кеуделеріне жұлдыз таққан Социалистік Еңбек Ерлері. Қалғандары бұрынғы совхоз директорлары мен агрономдары. Сәбила олардың да біразын таныды. Өйткені бұрында «Жақаевшы жастар» бригадасында болып, бұл да күріш еккен. Сол кездері талай-талай конференциялар мен семинарларға қатысып, талай-талай озат күрішшілермен танысқан, таныспағандарының сыртынан көріп-білген. Ол уақыт та өзінше бір қызық дәурен еді. Кейін Сәбила күрішші болу қыз балаға қол емес екенін біліп, тігіншілік кәсіпке біржола ауысып кеткен. Сонан семинарға қатысушылар күріш орағының барысымен танысуға кірісті. Жал-жал болып орылып тасталған дестелерді басып-жаншып атыздың ортасында бәрі ұбап-шұбап келеді. Алдарында үлкен бастық. Ол тағы да аузы тынбай сөйлеп келеді. Арасында қолын сермеп-сермеп қояды. Жан-жағындағыларға бірдеңені түсіндіріп әлек. Манағыдай емес, ашулы. Жұмыс қарқынына көңілі толмайтындай. Бір кезде атыздың шетіне жақындағанда ол қалт тұра қалды да, жерге еңкейіп күріштің екі-үш сабағын қолына алды. Жұрттың бәрі оның жанына үйіріліп, айнала қоршай тұрды. -Міне, көрдіңіздер ме, - деді үлкен бастық күріштің сабағын жоғарырақ көтеріп, оң қолының сұқ саусағымен нұсқап тұрып, -тыңайтқыш аз берілгендіктен дән толық, дұрыс жетілмеген. Сондай-ақ дақылдың сабағы да әлсіз. Қатты емес. Бұл минералдың жетімсіз болғандығын көрсетеді. Сондықтан келесі жылғы егісте осы жағын естеріңізден шығармаңыздар. Ал енді... Үлкен бастықтың бұдан әрі не дегенін есуге Сәбиланың шыдамы жетпеді. Дәлірек айтқанда шыдамы емес, ұяты жетпеді. Топтың арт жағында тұрған ол бұрылды да анадай жерге кетіп қалды. Ұят-ай! Ұят-ай! Ұялғанынан екі беті өртеніп кетті. Ойбай-ау, күріш дәнінің неге толық еместігі мен сабағының неге әлсіз болғандығының себебін мына тұрған диқандар одан он есе жақсы біледі ғой. Олардың әрқайсысы Сыр маржанын өсіруден докторлық қорғайтын тәжірибе жинақтаған кісілер емес пе? Бүкіл ғұмырларын осы далада, Жер-Ананы аялаумен, егін егумен өткізіп келе жатқан жоқ па? Ал анау жиырма, отыз жыл бойы совхоздың агрономы болғандар ше? Ұят-ай! Бұл бастық ең болмаса баяғы СХИ-ды бітірген ауыл шаруашылығының маманы да емес қой. Мамандығы-байланыс инженері. Сәбиланың бұл ұялғаны ештеңе емес екен. Ұяттың көкесі содан кейін болды. Әлгі семинарға қатысушыларды тиеп алған «Икарус» егістік алқаптан шықты да, тақтайдай тегіс жолға түсіп алып, талай ауылды артқа тастап, зулап отырып қалаға келді. Сол зулаған бетімен шаһардың күншығыс жағындағы жаңадан салынған зәулім ғимарат-облыстық аурухананың алдына бір-ақ тоқтады. Бір-бір жамылғыны иықтарына іліп ішке енген жұрт соңғы үлгімен салынған емдеу орталығының кереметтігіне таңырқап, ауыздарын ашты да қалды. Дәрігерлер болса, кірген бойда қонақтарға түрлі бөлімдерді, кабинеттерді аралатып, жаңадан алынған құрал-жабдықтар мен шетелдік аппараттарын көрсете бастады. Шипагерлер көпшілікті қай бөлімнің қандай науқастарды емдейтіндігімен хабардар ете жүріп, өздерінің атқарып жатқан игі істерін, қол жеткізген табыстарын, жаңалықтарын айтуды да ұмыт қалдырған жоқ. Аурухан ішін бір сағаттай аралап көргеннен кейін үлкен бастық қорытынды сөз сөйледі. Ол дәрігерлердің жұмыстарының бәрі жақсы екенін, мынау ТМД елдерінде теңдесі жоқ ғажайып емдеу орнын халықтың денсаулығын жақсартуға тиімді пайдалана білу керектігін тәтпіштеп біраз айтты. Сөйтті де: -Осындай әдемі жерде жұмыс істеп, сендердің пәлен деген ауруды (қандай ауру дегені Сәбиланың қазір есінде жоқ) азайта алмай отырғандарына мен таң қаламын, - деді-Әй, оның бар емі витамин ғой. Қазір жаңадан құрамы өте бай неше түрлі витаминдер шығып жатыр. Соларды күндіз-түні аямай бере беріңдер. Бітті. Ал сендер соны үлкен проблема қылып, республикаға дейін шулаттыңдар.
-Асылхан Оразалиевич, ол ауру... -Тоқта!-Бастық бас дәрігерге айқайлап жіберді-Білем мен сендердің таусылмайтын сылтауларыңды. Все! Ертеңнен бастап ол ауру азаятын болсын! Ой, сондағы Сәбиланың ұялғанын-ай. Қысылғаннан ту сырты тершіп, көзін аурухананың сарғыш кафельді еденінен көтере алмады. Өйткені анау ақ халаттарымен аппақ шағаладай болып тізіліп тұрған, талайдың өмірін ұзартып, талайды ажалдан алып қалған айналайын докторларға қарауға бет жоқ. Бет жоқ.
Эһе... эһе... е... е... Бастықтар деген солай. Ойнапсың олармен...
-Сіз неғып тұрып қалдыңыз. Жұмыс істеуге келдіңіз бе өзіңіз?
-А... а... а... иә, ия...
Сәбила өзінің Кәрима Керімбаеваның үйінде тұрғаны есіне түсіп ыңғайсызданып қалды. Әй, осы ойы құрғырай. Келмейтін жерде келеді. Негізінен тігіншінің серігі ой ғой. Әсіресе оңаша жерде, кең залда көрпе, көрпеше көктеп отырғанда келетін таусылмас ойлар мен тәтті қиялдарды айтсайшы. Міне... міне, тағы да соған ойысып бара жатыр. Қой...
-Сәбила апай, бері жүріңіз.
Кәрима төр жақтағы басқыштың үстінде тұр. Бұл солай қарай жүрді. Түгі екі елі болатын жұп-жұмсақ жолкілем төселген басқышпен жоғары көтерілді. Міне, ғажап! Қандай үлкен бөлме. Сәбиланың тынысы кеңіп сала берді. Аумағы атшаптырым бөлмеде қатар-қатар бес терезе бар екен. Әйнектері жарқыраған сол терезелерден күннің сәулесі молынан құйылып, үйдің ішін әдемі шуаққа бөлеген. Үстеріне ақ жағалы көк көйлек киген екі қыз дәу ораманы екі жағынан көтеріп әкеліп ортаға қойды.
-Міне, осыдан перде тігесіз.
Екі қолымен бүйірін таянып тұрған Кәрима аяғындағы үлпілдек жүнді тәпішкесімен ораманы нұсқады. Сәбила отыра қалып матаны ұстап көрді. Екі қыз екі жағынан көмектесіп орауын жазды. Тамаша тауар. Капрон да емес, жібек те емес, бұл өмірі көрмеген портьерлік мата. Ұзыннан жайып тастағанда тұп-тұнық көлдің беті сияқты болып мөлдіреп жатады екен.
-Ұнады ма, сізге? - деді Кәрима бұған біртүрлі мақтаныш сезіммен қарап.
-Иә, ия. Әрине ұнады!Тамаша мата. Әдемі, өте әдемі!
-Көрдіңіз ғой менің вкусымның қандай екенін. Мен мұны Грецияға барғанда көріп ұнатып, кейін бизнесмендерге алдырғанмын. Менде бұның үш түрі бар.
-Үш түрі?
-Ия, үш түрі. Голубой. Белый. Розовый.
-Оның бәрін не істейсіз?
-Не істегені несі. Үш этажға үш түрін тұтпаймын ба?
-Коттеджіңіз үш қабат па?
-Сәбила апа, бұл коттедж емес. Вилла! Вилла!
-А... а... а...
Шынын айтқанда Сәбилаға үйдің қалай аталғанының бәрі бір еді. Оның қобалжып отырғаны-бұрын-соңды қолына ұстап көрмеген мына матаны дұрыстап тігу жайы. Шеберлерге ең қиыны да осы. Табиғатын білмейтін тауарды қиғанда көздеген мөлшер дұрыс шықпауы мүмкін, сондай-ақ тігіске салғанда ине дұрыс жүрмей, жіп жөнді ілмей, материалдың қиқы-жиқысын шығаруы да ғажап емес. Осы жағынан қорқасоқтап, матаны алақанына салып шетін бір бүктеп, бір жазып «байқап» отырған тігіншіге үй иесі:
-Модасы мынандай болуы керек, деп журналдағы суретті көрсетті. Қараса, оп-оңай. Матаны енімен екі бөліп қояды да, жоғарғы жағына толқын-толқын етіп желбіршек жасайды. Бітті. -Тәуекел, кірісейік, - деді қуанып кеткен Сәбила. Сосын сөмкесінен өлшегішін, қайшысын, ине, жіптерін ала бастады. Сөйткенше болған жоқ, жаңағы екі қыз бүктемелі бір темірлерді әкеліп, сырт-сырт еткізіп жазып жіберіп еді, лезде «Л» әрпі тәріздес саты пайда болды. Осы кезде дәл мыналардікіндей ақ жағалы көк көйлек киген үшінші бір қыз келіп, жалпақ, ірі-ірі цифрлары бар өлшегіш лента ұсынды бұған. Сәбила енді түсінді. Күндікке мыналарды Кәриманың қыздары екен деп «балалары қандай инабаты, қарапайым» деп сүйсініп отыр еді. Сөйтсе... е... е...
-Тігетін машинаңыз мына жақта.
Шебер Кәриманың нұсқаған бұрышына қарай барды. Қуыстағы шағын бөлмеде жетпісінші жылдары Ресейден шыққан аяқ-қолы балғадай «Подольск» машинасы тұр! Көзіне оттай басылды. Бұрында, тұрмыс қажетін өтеу комбинатында бұлар осындай машинамен жұмыс істеген. -Бұл менің мамамның көзі. Приданыйға берген, - деді Кәрима сәл «Подольскіні» қолымен сипап тұрып. Сәбила да жеңіл күрсініп салды.
-Осы машинамен енді сіз бір жұма «жолдас» боласыз.
-Бір жұма? Сонда бір апта ма?
-Иә, директорыңыздан бір жұмаға сұрап алдым.
-Сонда, сонда қанша перде тігем? Қанша терезе бар бұл үйде?
-Жиырма бір!
-?...
-Ал мен жұмысқа кеттім. Перделеріңізді тігіп, шайыңызды ішіп отыра беріңіз. Барлығына қыздар көмектеседі. Үй иесі кеткеннен кейін Сәбила дереу іске кірісті. Екі қызбен үшеуі жабылып жүріп терезелерді өлшеді. Сонан соң әуелі бір пердені қиып, тігіп көрді. Дайын болысымен қыздар сатыға шығып ілді. Жаман болмаған сияқты. Төгіліп, жарасып-ақ тұр. Сәбила бүгінше осымен қоя тұрып, Кәриманың келуін күтпекші еді, қыздар болмады. Жұмысына телефон шалып сөйлескен олар Кәримадан : «Тоқтамай тіге берсін» деген бұйрық алды. Сәбила екінші пердені тікті. Сонан кейін тез-тез шай ішіп алды. Асықпай, жайланып отырып ішкісі келіп еді, оған жағдай болмады. Қыздар машинаның жанына ұзынша келген, беті тәрелкенің көлеміндей кіп-кішкене ғана стол әкеліп құрды да бір кесе, ішіне сүт құйылған бір пәрнек шай, екі-үш тілім нан мен бір-екі тілім колбаса, кәмпит әкеліп беріп, өздері жоқ болып кетті. Сәбила бір пәрнек шайды әуелгі қарқынмен-ақ ішіп қойды. Тағы бір пәрнегін алдырмақшы болып қыздарды күтіп еді, жуық арада ешқайсысы келе қоймады. Сөйтіп отырғанда енді жіпсіп келе жатқан жауырынының тері қатып қалды. Қыздарды алаңдай іздеп отырып өзінің үйіндегі дастарханды жайып жіберіп, құрақ көрпешенің үстінде екі аяқты көсіліп салып тоқ самаурын орталанғанша шүйіретін қою шайын есіне алды. Арқасы мұздап бара жатқасын тігінші амал жоқ қайтадан іске кірісті. Үшінші, артынша төртінші перде тігілді. Қыздар қолдары-қолдарына жұқпай үтіктеп, демде төртеуінде іліп тастады. Бұл кезде күн еңкейіп, кеш те болған еді.
-Ой, какая прелесть !
Матаның қиындыларын жинап болып, белін жаза берген шеберді Кәрима құшақтай алды. Бұл оның бөлмеге кіргенін байқамапты да. -Сабиляшка, у вас золотые руки! Мынау қандай жарасып тұр. Ой, огромное спасибо вам!
-Өй, перде деген ең оңай нәрсе ғой. -Нет, нет, нет! Оны да уметь ету керек. Оған да мастерство керек. Қараңызшы енді. Просто поэзия болып тұрған жоқ па?! Балаша қуанған үй иесі Сәбиланы білегінен жетектеп терезелердің дәл қарсысына алыстау апарып тұрғызды.
-Қараңызшы! Просто прелесть қой!
Шынында да әдемі. Мына жерден тіпті өзгеше болып көрінеді екен. Тұтас қабырғаны алып тұрған бес терезенің төртеуіне тұтылған перде тұс-тұстан төгілген электр жарығының сәулесімен астасып, бейнебір көгілдір теңіз тербелгендей әсер береді. Бағана ғана ашық-шашық тұрған жердің енді бас-аяғы бүтінделіп, жинақталып қалған.
-Ой, үйдің іші қандай уютный болып қалды. Сәбила апай, сізге көп рахмет!
-Күн кешкіріп қалды ғой. Мен енді қайтайын.
-Иә, иә. А... Тұра тұрыңыз. Балаларға сладость берейін. Женя, пакет қайда? Қазір машина апарып тастайды. Сәбила сөмкесін алып төмен түскенде, қолына жылтыр қалта ұстаған қыз ауызда күтіп тұр екен. Сыртқа дейін шығарып салған ол осы көлік мұны таңертең ерте алып келетінін ескертті.
Үйге келгесін тігінші тамақ ішіп отырып та, майда-шүйде шаруамен айналысып жүріп те Кәрима туралы ойлаумен болды. «Өзі анау айтқандай қатал емес екен - деп түйді ол. -Тіпте кейбір мінездері бала сияқты ма, қалай? Түрі де сұсты емес. Пердені көргенде сонша қуанғаны ше? Ойпырмай, бастықтар да шындап қуанады екен-ау, ә? Және болмашы нәрсеге!» Кәриманың бір жақсы жері көп бастықтардай «ана жерін үйт, мына жерін бүйт» деп үйретпейді екен. Тықырақтау, майдалану деген жоқ сияқты. Білгішсінбейді де. Дүниеде мұның бастығынан құдай сақтасын. Нағыз білгіш сол. Білгенде де бұлардың өресі жетпейтін ірі-ірі нәрсені айтса жақсы ғой. Қайдағы бір майда-шүйде, кәкір-шүкірді сөз қылып уақытты алатынын айтсайшы. Қызығы басекеңдер көбіне өздерінің қол астындағы қызметшілерді түк білмейді деп ойлайды. Сонан келеді де анау анандай, мынау мынандай деп, әй үйретеді-ай. Құдды бірінші кластың баласыңа «Әліппе» оқытқандай. Ондайда Сәбиланың мектепте мұғалім болған кезі есіне түседі. Иә, әнебір жылдары оңтайландыру саясатына байланысты ауылдар мен аудандарда тұрмыс қажетін өтеу комбинаттары жаппай жабылып, шеберлер қайшыларын қолдарына ұстап жұмыссыз қалған. Сол кезде он саусағынан өнерлері тамған біраз ісмерлер базар жағалап кетті де, бұл мектепке орналасып, еңбек пәнінен сабақ берген. Сонда балаларға дәл осы директоры сияқты үйрететін. Ал қазір бұлардың ортасында мектеп қана емес, колледждер мен университеттерде «Қолданбалы өнер», «Дизайн», «Пішу және тігу» деген сабақтардан дәріс беретін өте білімді мамандар да бар. Мұның таң қалатыны-директор сол мықтылардың бәрін отырғызып қойып, күнара жиналыс жасап әлгі таусылмайтын «Әліппесін» қайталап оқи беретіндігі. Тағы бір қызығы-бастықтар қарамағындағылардың өзінен артықтау білгенін, артықтау ғана емес-ау, бұрыс айтылғанды дұрыстап жібергеннің өзін жақтырмайды. Сондықтан бұлар бастық не десе де «иә, иә» деп шыбындаған жылқыдай бастарын шұлғып отыра береді. Тіпте ол «Күн шығыстан емес, батыстан шығады» десе, бұлар «иә, батыстан шығады, батыстан шығады» деп келіседі. Бұлай етпеске болмайды. Салғыласу басталады. Оның аяғы дауласу, ұрыс-керіс. Сөйтіп күннің шығыстан шығатынын дәлелдеймін деп жүргеніңде өзің жұмыстан шығып тынасың. Міне, қаладағы тұрмыстық бұйымдар жасап, сәнді киімдер тігетін «Бурда» фирмасының директоры Гүлхан Байбақова осындай. Ал осы аймақтағы шет елдерге шикізат сатумен айналысатын әйгілі компанияның президенті Кәрима Керімбаева мүлдем басқа! Ертесіне Сәбила жұмысты ерте бастады және кешегіге қарағанда жылдам істеді. Қолы да әжептәуір жаттығып қалыпты. Оның үстіне мата да «кірпияз» болмай шықты. Созылмайды да, жиырылмайды да, қалай бүктесең де, қанша тартсаң да, сол бастапқы қалпын сақтайды. Үтікке де жақсы жатады екен. Қымбаттың аты қымбат. Жаман болмайды. Таңертеңнен кешке дейін тыным таппай, бір емес, үш бірдей бөлменің терезесін перделеген тігіншіге Кәрима тіпте риза болды.
- действительно, у вас золотые руки, - деп қайта-қайта арқасынан қақты. Қайтар кезде тағы да балаларына бірталай тәтті-пәтті, жеміс-жидек беріп жіберді.
Бесінші күні жоғарғы жақтың терезелері түгел бітіп, Сәбила мен қыздар астыңғы қабатқа түсті. Бұл жерде көбісі асхана, қойма, жәй демалып отыратын, шахмат-дойбы ойнайтын, жуынып-шайынатын бөлмелер болғандықтан сәнді перделер көп қажет емес екен. Бір-екі бөлмеге ғана әдемі матаның ақ түстісінен шағын перделер тігілді де қалғандарына арнайы жалюзилер тұтылды. Осы күндердің ішінде Кәриманың ешқандай да қатал емес, кәдімгі өздері сияқты қарапайым, жақсы адам екеніне шебердің көзі әбден жетті. Айта берсең былайғы жұртқа қарағанда әлдеқайда ақкөңіл, қайырымды, қолы ашық. Бұның қарсылық білдіргеніне қарамай, күнде үйіне бос қайтармайды. Екі рет қоярда-қоймай машинаға шай, ұн, күріш, асқатық май тиеп жіберді. «Мұныңыз не ?» деген Сәбилаға арқасынан қағып «По-дружеский ғой» дейді. Сосын алмауға амалы жоқ. Ол жұмыстан ерте қайтқан күндері бұның жанына келіп, тіккенін қызықтап тұрып әңгіме айтады. Айтпақшы кеше екеуі жас сұрасты. Сөйтсе Кәрима Сәбиладан бес жас үлкен екен. -Вот тебе, апа, - деді ол ішек-сілесі қатып. -Ой, ұят болды-ау. Совсем ұят болды. Ты извени меня, сестрёнка. -Ештеңе етпейді, - деді бұл ыңғайсызданып. Арғы жағынан «Бастықтардың көбі неге өздерін жас сезінеді екен?» деген ой еріксіз қылтиды. Жұмыстағы бастығы да бұған «Үп-үлкен адамсыз, үп-үлкен адамсыз» деп қоймайды, өзі жап-жас болып сылдырлап тұрғандай. Қайта мына Кәрима арық болғасын ба, жас көрінеді. Ал бұның директоры өзінің шұжықтай болып семіріп, кекселеніп кеткенімен шаруасы жоқ, қит етсе болды Сәбиланың бір көйлек тоздырғанын айтып, «үлкен адамсыз» дейді де отырады. Сондағы екеуінің жас айырмасы-екі-ақ жыл. Бүгін жұмыстың көбін қыздар істеп жатыр. Тігіншінің қолы бостау. Үш-төрт шағын пердені баған тігіп тастаған. Аптаның соңы болғасын ба, шаршадым деп Кәрима жұмысқа бармай қалды. «Прогуляться етіп, кешке бір соғып қайтармын» дейді. -Ой, Сабиляшка, саған қандай жақсы. Балаларың жаныңда. Күнде көресің. Ал мен қызымды қатты сағындым. Бүгін вообще ойымнан шықпай тұр. Үстіне жұмсақ халат киіп, басын сүлгімен таңып алған Кәриманың түрі аянышты. Күндегі жарқылдап, ойнақшып тұратын көздеріне мұң ұялаған, жәудіреп, жасаурай қалыпты. Сәбиланың жүрегі ауырып кетті.
-Қызыңыз қайда? - деді батылсыздау үнмен.
-Алыста, оқуда.
-Астанада ма?
-Америкада!
-А... а... а... Каникулға келмей ме?
-Сол жақта күйеуге шыққан. Американецке!
-А... а... а...
Екі әйел біразға дейін үнсіз қалды. Әркім өз ойымен әуре. Әрине, Кәриманың алыстағы, сон-а-ау Америкадағы қызын ойлап отырғаны белгілі. Ал Сәбила шарасыз күйде. Қалай көмектесе алады? Бауыр еті баласың бір көріп, маңдайынан бір иіскеуге зар болып отырған ана сағынышын қалай баса алады? Баланы сағынудың қандай екенін бұл жақсы біледі. Үлкен-Болатбегі екі жыл Отарда әскерде болғанда жүрегі езіліп кеткен. Былайғы кезде зу ете қалатын екі жыл жиырма жылдай болып көрінген. Уақыт бір жерде тұрып қалғандай өтпей қойған сонда. Ал педучилищеде оқитын Жұмакүлі компьютер бағдарламасын үйрену үшін бір айға Түркістанға кеткендегі сағынғанын айтпаңыз. Туғалы қасынан қарға адым ұзап шықпаған қызына әбден арқа сүйеп кетіпті. Ол жоқ кезде үйдегілердің ешқайсысы да, күйеуі Қойшыбек те, үш ұлы да көзіне көрінген жоқ. Қыз деген ер балалардай емес, анасының жанын үғатын сырласы, ой бөлісер пікірлесі, тіпті кей жағдайда жөн-жоба айтар ақылшысы да екенін сонда білген. Ал мына Кәриманың ұлы да, қызы да сол Америкадағы жалғыз Аида екен. Ой, қиын, қиын! Қалай көмектесе алады. Екеуі былай бір кең отырып әңгімелесіп, шерін тарқатса ол біраз жеңілдеп қалар еді-ау. Мынадай үстелдің үстінде қақимай, жерге көрпешені төсеп жіберіп, екі аяқты көсіліп салып, шай ішіп отырып айту керек қой мұндай әңгімені. Тоқта... тоқта... Солай етсе қайтеді өзі? Бұл онсыз да Кәримаға үйден бір шай берсем деп ойлап жүрген. Несі бар, анау айтқандай аста-төк қылмаса да, бір рет дастархан жаюға шамасы жетеді. Аста-төк демекші, осылардың да шай ішіп, тамақ жегендерін көріп жүр. Сәбиланың қарап отырып қарны ашады. Оның жанында бұл Жұмакүл екеуі қандай дастархан жасайды. Борпылдатып, бауырсақ пісіріп, сәбізін мол етіп, мейіз қосып тұрып шаш палау басады. Жұмакүл пісіретін «Наполеон» тортын айтсайшы! Аузыңа салсаң еріп кетеді ғой. Сәбила дәл осы кезде «Наполеон» тортын жеп отырғандай, жұтынып, жұтынып қойды. Сосын аз-кем ойланды да:
-Кәрима, - деді, -мен сізді үйге қонаққа шақырайын деп едім.
-Не?
-Жексенбі күні біздің үйге жүріңіз, қонақ болыңыз.
-Неге? Неге мен сенің үйіңе баруым керек?
-Енді екеуміз дос болған жоқпыз ба?
-Не? Қалай дейсің?
-Екеуміз подрушка болған жоқпыз ба? «Дос» деген сөзді Кәрима түсінбей қалған шығар деп бұл жолы орысшалап айтты.
-Подрушка?
-Иә, екеуміз подрушкамыз ғой.
-Ха-ха-ха-ха! Ха-ха-ха-ха! Ха-ха-ха-ха!
Кәрима үйді басына көтеріп, қоймастан ұза-а-ақ күлді. Қайта-қайта ішін басып, селкілдеп, бір кезде барып әрең тоқтады. -Сәбила, - деді сосын. -Сәбила екеуміз никогда подрушка болмаймыз. Это не возможно! Менің күйеуім акиматта, ірі қызмет атқарады. Біз светское обществоның адамдарымыз. Ну, правда, малоимущийларға часто благотворительность жасаймыз.
-Сонда біздің үйге бармайсыз ба?
-Ха-ха-ха-ха! Ха-ха-ха-ха!
Осы сәтте Кәрима мұның бастығы Гүлханнан айнымай кетті. Әнебір жылы, фирмаға жұмысқа тұрған алғашқы уақытта, қайдан білсін, бұрынғы өздерінің тұрмыс қажетін өтеу комбинатындағы бастығындай көріп, ойын-тойға, ас-құдайыға бірге барып, бірге ішіп-жейтін шығармыз деп ойлап, Бақытжанының сүндет тойына шақырған. Сонда әшейінде қабағын қарс жауып алып, әкесі жаңа өлгендей түнеріп жүретін Гүлхан қарқылдап тұрып күлген. Дәл осы Кәримаға ұқсап ха-ха-халап көзінен жас аққанша қоймастан күлген. «Ойпырмай, қазіргі бастықтар қалай бір-бірінен айнымайды» деп ойлады. Сәбила үй иесіне таңдана қарап отырып. «Сонда бұл да Гүлхан сияқты болғаны ғой. Иә, бастықтар бір-біріне қатты ұқсайды. Тірліктері де, сөздері де бірдей. Осылардың бәрін бір-ақ әйел дүниеге әкелген бе деп ойлап қаласың кейде». Өзіне тапсырылған жұмысты толық бітіріп, вилланың барлық терезесін «бүтіндеген» тігіншіге Кәрима шынайы алғысын жаудырып, кетерде, қарсы болғанына қарамастан, «По-дружеский» деп біраз ақша берді. Қайта-қайта арқасынан қағып, қолын қысты. Ал Сәбиланың жүрегінде оның ха-ха-халап күлгені мен «Екеуміз никогда подрушка болмаймыз» деген сөзі мұздай болып тұрып қалды. Бірақ тігіншінің жүрегін түсінетін бастық қай?!
Субординация
Қолыңда жолдамасы бола тұрып ауруханаға орналаса алмай бір апта әуреге түскен Тұрсынкүл әжей бүгін түс ауа екінші қабаттағы үшінші палатаға табан тіреді. Пәлен күн сарсылып жүріп әрең қолы жеткен палатаға енгенде ұйықтап жатқан аурулардың бір қалыпты баяу тыныстары ғана естіліп тұрған. «Тыныштық мезгілі» екені есіне түскен әжей аяғының ұшымен ғана басып келіп төрде тұрған бос төсекке отырды. Керует жақтауынан ұстап ентігін басып аз-кем отырғаннан кейін жан-жағына көз жіберді. Аядай бөлмеге екі қатар етіп қойылған алты төсекте өзінен басқа бес адам жатады екен. «Мына шіркіндер емделуге емес, осында демалуға келген бе, алаңсыз ұйқыға басып қаннен қаперсіз жатуларын қарашы» деп ойлады әжей бейтаныс көршілеріне қарап отырып. Ақ сейсепті кеуделерінен төмен қарай ысырып тастап, ыңғайсыздау жатқан ортадағы екі әйелдің пошымдарына көзі түскенде «бәтір-ау, бұлардың қай жері ауру? деген сауал үйрілді көкейіне. Шеттегі сары келіншектің жүзі қуқыл тартыпты. Сірә сырқаты жанына батады-ау, қабағынан кірбің байқалады. Онымен қатарлас жатқан қыз ба, келіншек пе, бетін қабағынан кірбің байқалады. Онымен қатарлас жатқан қыз ба, келіншек пе, бетін қабырғаға беріп теріс қарап алыпты. Өзіне тақау төсекте шашын қозының жүніндей етіп майда бұйралатқан қара қыз қолына кітап ұстаған күйі ұйқыға кетіпті. Қолындағысынан басқа жастығының астынан екі-үш кітаптың шеті қылтияды. Жанында тұрған оны-мұны қоятын кішкене тумбочка үстінде де біраз газет-журнал жинаулы тұр. Қатарлас жатқан көршісінен көзін аудара беріп, «сонша қағаз-кітапты жинап осы жерге оқуға келген бе?» деп ойлады қария. Палатадағылардың ұйқыдағы кейіптеріне осылайша көз жүгіртіп өткенде Тұрсынкүл әжейдің көңілі құлазып сала берді. Бұған дейін ауылының ғана доқтырына көрініп, әрі кетсе Аралдағы інісінің қолына келіп бір ай, жар ай емделіп кететін бұған өміріңде ат ізін салып көрмеген қаланың ауруханасына жату шынын айтса қорқынышты көрініп жүрген. Оның үстіне бірде-бір таныс немесе туыс жоқ бөтен жердегі аурухананың мына палатасында да ең болмаса әңгімелесіп, шүйіркелесіп отыратын өзі қарайлас кемпір-семпір де жоқ екен. Жанындағылардың бәрі жас әйелдер мен шүйкебас қыздар. Осылайша көңілі даладай боп құлазып отырғанда жаймен ғана есік ашылып, ақ қалпақты қыздың басы қылтиды.
-Сізді ординаторскийде врач шақырады!
Өз ойымен өзі болып отырған Тұрсынкүл әжей орнынан тұрып «қайда» деп сұраймын дегенше ақ қалпақты қыз есікті сырт еткізіп жауып жоқ болды. Ұзын коридордың орта шеніндегі есіктен шыққан қарт әуелгіде қай жаққа жүрерін білмей аңтарылып тұрып қалды. Бас аяғына көз жетпес ұзын коридорда селт еткен жан көрінбейді. Тым-тырыс. Не де болса ілгері жүріп көрейін деп аяғындағы су жаңа голошын сырп-сырп сүйреткен әжей дұрыс жобалаған екен. Ең шеткі үлкен әйнекті есікке жақындай бергенде жаңағы ақ қалпақты қыз қарсы жолықты да:
-Мында кіріңіз - деп есікті нұсқады.
Ішке енген қарт қаз-қатар тізіліп отырған ақ халаттылардың қайсысына жақындарын білмей состиып тұрып қалды. Төрдегілердің ешқайсысы басын көтеріп бұған қарар емес. Бәрі де алдарындағы қалың дәптерге бірдеңелерді шұғыл түрде сүйкектете жазып жатыр. Сәлден кейін барып мойнына тыңдайтын резеңкені іліп, бір ұшын қалтасына енгізіп қойған жуантық сары әйел:
-Сюда садитесь, - деп алдында тұрған орындықты нұсқады.
Әжей алдына барып жайғаса бергенде басын қағаздан көтерместен:
-С какой палаты? - деді.
Қария түсінсе де үндемеді. Шынын айтса палатасының нөмірін білуін білгенмен соны орысша жеткізе алмады. -С какой палаты, я вас спрашиваю? - деді осы кезде дәрігер мұның бетіне бажырая қарап. Дәрігердің өктем үнінен секем алып жүрегі мұздап кетсе де, оның жүзіне көзі түскенде қуанып қалды. Әйтеуір қазақ екен.
-Үшінші палата қалқам, үшінші, деді даусы батылсыздау ғана дірілдей шығып.
Осы кезде столдың арғы басында отырған ақсары дәрігер әйел:
-Маған келіңіз, мен ғой шақырған, - деді.
Дәрігердің жұп-жұмсақ даусына жалт қараған қарт орнынан тұрып солай қарай жүрді. Тұрсынкүл әжей дәрігерлер бөлмесінен жарты сағаттан кейін шықты. Сүйкімді дәрігер мұның сырқатының сырын ұзақ сұрады. О баста қалай ауырғаны, қазір қалай ауратыны, ұқысының тыныштығы тамақ алысы... тағысын-тағылар, әйтеуір көп сұрақ қойды. Сосын өкпесін, жүрегін қайта-қайта тыңдады. Ішін, жауырынын саусақтарымен басып, ұрғылап көрді. Қарт не болса да өзін жаңағы жуантық сары емес, сөзі де жүзі де жылы мына дәрігердің емдейтініне қуанды. Бейтаныс ортада өгейсіп отырғанда бұл да болса көңіліне демеу болғандай. Бас-аяғы аз күннің ішінде-ақ әжей палатадағылармен үйренісіп, араласып-құраласып кетті. Жастар болса да жатсынбайды екен бәрі. Қайсысына тамақ келсе де бәрі бірдей етіп бөліп ішеді. Кезек-кезек шай дайындайды. Астың қайсысынан болса да мұны шет қалдырмайды, қайта «әуелі әжем дәм татсын» деп бұған ұсынады. Үйлері осы жерде ме, әлде ағайын-туыс, жолдас-жоралары көп пе әйтеуір палатадағы қыз-келіншектердің әрқайсысына күніне екі-үш адамнан тамақ әкеліп жатады. Және олардың келген кісілермен бірауық далада қыдырып, әңгімелесіп, сөйлесіп, біраз желпініп келетіндерін қайтерсің. Ішке кіргесін де қасындағыларға естіген әңгімелерін, жаңалықтарын айтып, біразға дейін басылмайды. Тұрсынкүл әжей солардың бәріне қызыға қарап, үнсіз отырады. Жұрт ағайын-туыс, тамыр-таныстары жөнінде бір-біріне қызына айтып, әкелген тамақтарын мақтап ішіп жатқанда көңілі жабырқау тартады. Жатқанына бес алты күн болса да мұның артынан сылт етіп іздеп келген жан жоқ. Бұл қалада боса-моса бірде-бір таныс, не ағайын туыс жоқ. Алыстағы ауылда қалған балалары мен келіндері болса, тегіс жұмыста. Олар демалыс күнсіз келе алмайды. Тіпте кейде демалыс күндері де жұмыс істейтіндері бар олардың. «Осындай мал төлдетіп жатқан қарбалас уақытта кімнің қолы босаушы еді. Әй, солар демалыста да келе алмайды-ау» деп қауіптенеді әжей көршілеріне қызыға қарап отырып. Қария қасындағыларға сыр бермегенмен іштей жаман қысылып жүр. Қысылмағанда ше, жұрттың берген тамағын қашанғы іше берсін, өзінің де артынан келіп, мәре-сәре болып жатпағасын. Ішпесіне тағы қоймайды ғой бұлар, тықпалап. Бұл сондайда ұялып бітеді. Бәрінен қиыны-үйінен ақша алып шықпағандығы болды. Бұндай жерде оның да керек екенін қайдан білсін. Қол жуатын сабын, бет орамал, кішкене кесе, қасық сияқты майда-шүйде заттардың бірін де ала келмепті ғой. Қазір солар ауадай керек болып жүр. Ақшасы болса мына жанындағы Меруертке келетін қыздарға айтып дүкеннен керек-жарақтың бәрін алдырар еді де. Ауылдағыдай емес, мұндағы дүкендерде бәрі бар дейді ғой. Осынша аурулардың ішінен өз ауылынан бірде-бір адамның жоқ болып тұрғанын қарасаңшы. Бір таныс кісі көрсе қарызға ақша сұрап алар еді. Осылайша жабырқап жүрген қарт кешкілік инені шаныштыруға да көңілсіз барды. Теріс қарап тұрған сестра қыз стол үстіндегі сатал-сатал сары ала жапқышты ашып жіберіп, қаз-қатар тұрған шприцтің біріне дәрі сорғыза бастады. «Осы жапқышты тазалап жуып қойса қайтеді екен?» деп ойлады әжей, стол жаққа қарап тұрып. Тағы да өздерінің «бұл таза нәрсе, столға жақындамаңыз» дейтіндерін қайтерсің.
-Келіңіз.
Дәріні жоғары қарай шапшытып жіберген қыз көзін инеден аударып, бұған енді ғана назар салды. Оның жүзіне қарт та көз тоқтатып қарап қалды. Біртүрлі таныс сияқты. Бір жерде көрген адамы ма, қалай?
Сөйткенше болған жоқ: -Мені танымай тұрсыз ба, әже? Мен Нұрғайшамын ғой. Жеңіспен бірге оқыған, - деді қыз. -Е... е Нұрғашпын десейші өзіміздің. Әлгі Сапарбектің қызы. Сен осында істейді екенсің ғой. Кеше осылай қарай келерде балалар да айтып ескерткен жоқ. Келгелі бері сені көрмедім ғой, әлде байқамай жүрмін бе? - деді әжей қуанғаннан бастырмалата сөйлеп.
-Осындамын ғой, өзіңіз танымай жүрсіз де - деді Нұрғайша ине шаншып жатып. -Е, мен танымасам әже деп келіп өзің неге амандаспадың, - деді қарт таңданған әрі біртүрлі ренжіген кейіппен. -Мен қайдан таниын сені, осындағылардың бәрі бір-бірінен айнымайды. Үсті-бастары аппақ, ауыздарына дейін ақпен байлап алған. -Бізде қол тимейді ғой, әже, қол тимейді. Осы тұрғанда да асығыспен, сыртта аурулар күтіп тұр. Ал, бара беріңіз, келесі адам кірсін.
Нұрғайша осылай деді де теріс қарап өз жұмысымен болып кетті. Жаңа ғана мұны танығанда қуанып кеткен қарттың көңілі біртүрлі бәсейіп қалды. Өз жағдайын айтқысы келіп, сәл бөгеліп тұрып еді. -Келесіңіз кіре беріңіз, - деген қатқылдау үннен кейін аяғын сүйрете басып есікке беттеді. Шығып бара жатып ойлады: «Жұмысы біріңғайланғасын палатаға келіп, кеңінен отырып сөйлесетін шығар». Палатаға келіп төсегіне жайғасқан әжей қазір Нұрғайшаға не айтатыны жөнінде ойластыра бастады. Иә, ең әуелі үй-ішінің, өзінің жағдайын жақсылап сұрап алар. Сосын өзінің осында келгеніне бес-алты күн уақыт болғанын, осыған дейін әлі ешкім ат ізін салмағанын айтар. Ауылдан ақша әкелуді де, қол жуатын сабын, бет орамал сияқты майда-шүйделерді де ұмытқанын, қазір солардың өте керек болып тұрғанын айтса, ертең өзі де дереу жеткізіп берер. Мұның бұл жерде істейтіні қандай жақсы болды. Бұл да өзінің бір қызы, мектеп бітіретін ана жылдары кенже ұлы Жеңіске жиі келіп, үйден шықпай жүретін. Сонан ба, әйтеуір өзін іштей біртүрлі жақын көреді. Әжей палатада отырып Нұрғайшаны ұзақ күтті. Мезгілі таянып жұрт жатуға айналды. Отырып-отырып болмағасын «Қой, қолы тимей жатқан шығар, өзім-ақ барып сөйлесейін» - деп орнынан тұрды. Ине шаншатын бөлменің ақ пердесін қолымен ысырып қарап еді, іште ешкім жоқ екен. Сосын кейін шегініп қарсы бетте тұрған орындыққа барып отырды. Көп күттірмей-ақ ұзынша коридордың ана басынан Нұрғайша көрінді. Туған қызын көргендей қуанып кеткен қарт орнынан жылдам түрегеліп, оған қарсы жүрді. Жақындай бергенде еңкіш тартқан белін жазып, қалт тұра қалды. Қолына ұстаған бірер шынысы бар Нұрғайша басын тік ұстаған қалпы жанынан жылдамдата басып өте шықты.
-Нұрғайша қалқам, Нұрғайша, - деп соңынан ере түскен бұған:
-Әже, субординация сақтаңыз, субординация, - деді кетіп бара жатып.
Не істерін білмей дағдарып қалған қария коридордың ортасында аз-кем бөгеліп тұрды да, тәлтіректей басып палатасына кірді. Жанындағылар тегіс ұйықтауға кірісіпті. Тек есіктің әйнегінен түскен жарыққа тосып кітап оқып жатқан Меруерт:
-Әже, қайдан келдіңіз, свиданиеден бе? - деді қулана күліп.
Төсегіне қисайып жамылғышын қымтай берген қарт үндемеді, бүртүрлі көңіл жүдеп, тамағына өксік тығылғандай, көз алды кіреукеленіп кетті. Таңертең Тұрсынкүл әжей ауырыңқырап түрегелді. Ыстығы көтеріліпті, басы айналып, денесі зіл тартады. Ертемен қарауға келген дәрігерге де тіс жарып ештеңе деген жоқ. Оған сөйлеуге де зауқы соқпады. Алғашқы кезде жүзінің жылылығы мен сөзінің майдалығына қарап жақын тартып жүр еді. Кейіннен бұған да іші мұздап қалды. Әнеукүні бір рет ауруларды қарап болғасын «Қызым, маған бір жөтелдің дәрісін қосасың ба? Аздап жөтеліп жүргенім» деп еді табан астынан бұлқан-талқан болып ашуланбасын ба. -Мен сіздің қызыңыз емеспін. Енді қайтіп қызым деп айтушы болмаңыз. Менің аты-жөнім Айгүл Алмабековна, мұнан былай осылай атаңыз, - деп зекісін келіп. Сондағы мұның жанындағылардан ұялғаны-ай. Қызы болмаса болмай-ақ кетсін, ұрыспай-ақ кетсін, ұрыспай-ақ жәймен түсіндіріп айтпай ма? Осыған қарап қалғандай «қызыңыз емеспін» дейді. Өзінің қыздары да жетеді, солар аман болсын. Бір емес, алты қызы бар. Дәрігер кеткесін орнынан самарқау түрегеліп, коридорға шықты. Ойы қалайда Нұрғайшаға жолығып, үйіне хат жаздырып алу. Балаларына келерде керек-жарақтарын ала кел деу. Оған жалынбай-ақ Меруертке жаздырар еді. Қара басып үйінің адресін дұрыс білмейді екен. Бұл әйтеуір өзінің үйреншікті атымен «Майарық» ушәскесі, үшінші перме деп жүрсе, ол аты баяғыда өзгеріп кетіпті. Оны да Меруерт айтып отыр. Нұрғайшаның бөлмесіне жақындай бергенде іштен қарына ине шаныштырып қолын жоғары көтерген жас қыз шықты да, артынан сестыраның өзі көрінді. Нұрғайша аузын жыбыр еткізіп, амандасқан ырым жасады да, мұның алдын орап ілгерілей берді. Енді сәл кідірсе, қыздың ұзап кететінін сезген қария ұмсына түсіп:
-Нұрғайша қарағым, - деді, -Нұрғайша маған...
-Кейін әже, кейін, субординация сақтауды ұмытпаңыз, субординация.
Басын жоғары ұстаған Нұрғайша тіп-тік қалпымен ұзынша коридордың бойымен ұзай берді. Тұрсынкүл әже бұл жолы Нұрғайшаның мұнысын көңіліне ауыр алмады. Дұғаның сөзіндей аузынан тастамайтын «сүбәрденәтсесі» несі екен бұл шіркіннің деп ойлады соңынан қарап тұрып. Өткендегідей емес «субординация» деген сөзге құлағы үйрене бастаған сияқты. «Ол не деген екен, кемпірлермен сөйлесуге болмайды дегені ме екен?» Көз қарықтырар аппақ қатырма қалпақтары мен қатырма халаттары киім ілгішке іліп қойғандай тіп-тік болып бірінен соң бірі екі сестра қыз өтті жанынан. Құдды Нұрғайша сияқты бойларын биік ұстап, жан-жағына бұрылып қарамастан түп-түзу жүріп барады. Бұларға да бірдеңе деп тіл қатсаң, «сүбәрденәтсә сақтау керек, әже сүбәрденәтсә» дейтін шығар, - деп ойлады қарт. «Бұларға оқығанда бәрінен де осы «сүбәрденәтсәны» қатты үйрететін болды ғой сірә» Аяғындағы су жаңа голошын сырп-сырп сүйреткен қария белі бүкшиіп палатасына қарай аяңдады.
Еңлік
Орталық кітапхананың оқырмандары залы мен түрлі бөлімдері орналасқан екінші қабаты құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Сырттан қарағанға бұл жерде жан баласы жоқ сияқты. Ауыл шаруашылығы бөлімінен қажетті кітаптарымды алып залға беттей бергенім сол еді, қолында қалың-қалың үш-төрт кітабы бар әдеміше келген ақсары қыз қарсы жолықты. Неге екені белгісіз, өтіп бара жатып ол да, мен де бір-бірімізге көз тоқтата қарадық. Біртүрлі таныс сияқты. Бірақ кім екені бірден есіме түспеді. Сосын шамалы жер өтіп кеттім де бұрыла артыма қарадым. Әлгі қыз кітап өткізетін жерге кезекке тұрыпты. Мен бірден жанына жетіп барып жөн сұрауға ыңғайсыздандым да, сол күйімде оқырмандар залына кірдім. Мұнда да шыбын ұшса ызыңы естілмейтіндей тыныштық. Қаз-қатар қойылған орындықтарда бірі жазып, бірі оқып, енді бірі екі қолын жағына таяна ойланып отырған қыз-жігіттер. Алдыңғы қатарлардан бос орын көзге шалына қоймағасын арт жаққа қарай жүрдім де шеттеу тұрған орындыққа барып жайғастым. Кітап-дәптерлерімді, рөшкемді стол үстіне қойып, әрі-сәрі күйде отырып қалдым. Ойым жаңағы қызда. Құдай-ау, бұл кім? Қайда көрдім? Қашан көрдім? Ойыма ештеңе түсер емес. Болмағасын орнымнан түрегеліп қайтадан кітап өткізетін жерге келдім. Жүзтаныс қыздың кезегі жақындап қалыпты. Алдындағы жігіт кітап өткізетін қағазын толтырып жатыр. Шамалы уақыт күте тұруға тура келді. Сосын анадай жердегі терезеге барып жақтауына сүйендім. Жүзі соншалықты таныс. Қызға қайта қарадым. Енді ол маған сырт жағын беріп тұр екен. Жоқ. Сырт бітімі түк те таныс емес! Орта бойлы, талдырмаш ғана келген бойжеткен. Үстіндегі киімдері өзіне сондай үйлесіп, дене бітімін аша түскен. Шашын иығына келтіріп қиып, ұшын бұйралап қойыпты. Мұнысы да тал бойына жарасып, әдемі нәзіктік беріп тұр. «Сонда кім болды бұл?» деп ойладым мен одан көз алмастан қарап тұрып. «Институтта параллель курста оқыған қыздардың бірі ме, жоқ әлде кештерде, отырыстарда бірге болып, жүзтаныс болғандардың ауылынан ба? Немесе өзінің ең көп баратын сүйікті орны-Шевченко сурет галлереясындағы қыздардың бірі ме? Кім болғанда да әйтеуір бір көрген ғана емес, көптен бергі таныс адам сияқты». Осылайша ойым он саққа кетіп, дал болып тұрғанымда ол жұмыстарын бітіріп, төменге түсетін басқышқа қарай беттеді. Мен соңынан жүрдім. Қатарласа беріп: Кешіріңіз, мені сізді бір жерден көрген сияқтымын, бірақ қайда екенін ойлап-ойлап таба алмадым, - дедім.
Ол жүзіне сәл күлкі үйіріліп:
-Қызық, мен де сізді көрген сияқтымын. Түріңіз де таныс, - деді.
-Мүмкін бір институтта оқыған шығармыз?
Мен өзімнің бітірген институтымды айттым.
-Жо-о-оқ, - деді ол басын шайқап. -Мен женПИ-дің биология факультетін бітірдім. Қазір аспирантурада оқимын. Мен енді шындап таңқала бастадым. Студент кезімде де, одан кейін де ЖенПи-дің қыздарымен араласып, қатысып көрген емеспін. Сонда бұл кім болғаны? Мен ойланып, -үнсіз тұрып қалдым. Бұл ойланудан да есіме ештеңе түспеген соң оның аты-жөнін, қай жерден екенін сұрадым. -Атым Еңлік. Сыр өңірінің «Ақжылға» ауылынанмын, - деді ол таныспаққа қолын ұсынып. Мәссаған!-Мен оны қалай құшақтап алғанымды білмей қалдым. -Сен шынымен сол Еңліксің бе? Сол баяғы Сәлім атайдың қызы Еңліксің бе? Құдай-ау, қандай әдемі болып өсіп кеткенсің. Бір қалада жүріп осы уақытқа дейін қалай кездеспегенбіз? Мен... мен... баяғыда өзіңмен көрші тұрған Қарлығашпын ғой. Қарлығашпын. Осы кезде оның жүзі алабұртып, көздеріне жылт етіп қуаныш оты ойнап шыға келді.
-Ой Қарлығаш! Қарлығаш! - деп құшағын жая ұмтылды ол.
Екеуміз бір-бірін көп жылдар бойы көрмей, сағынысып табысқан бауырлар сияқты құшағымыз ажырамай ұзақ тұрып қалдық.
Ол кезде Еңліктер «Ақжылға» ауылында біздің үймен көрші тұратын. Оның атасы, әжесі бар. Ал менде мандайымнан сипап еркелететін ата-әже деген болған емес. Әке-шешемнің ата-аналары, яғни менің ата-әжелерім мен дүниеге келмей тұрып өмірден өтіп кетіпті. Сонан да мен титтей күнімнен ақ сақалды аталары, ақ жаулықты әжелері бар еркетотай балаларға қызыға қараймын. Ал солардың ішінде Еңліктің атасы Сәлім қарт-ерекше жан. Аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл кісі. Балаларға ұрысу дегенді білмейді. Сонан да ол кісі жұмыс істеп жатқанда біз, көрші-көлемдегі бес-алты бала, қаз-қатар тізіліп қарап тұрамыз. Кей-кейде шөпшек теріп әкеп, су тасып беріп көмектесеміз. Онда-йда атай: -Бәрекелді қарақтарым, бұл еңбектерің үшін мен сендерге қауын жарып берейін, - деп шөптің астына жасырып қойған торламаларын шығара бастайды. Сонан біз Сәлім атаның пышақтың ұшы тиер-тиместен да-а-ар етіп қақ айырылатын бал шырын торламаларына тоямыз. Қауынды көп жейтініміз соншалық, кейбір балалар үлкен доптай болып дөңгеленіп кеткен қарындарын көтеріп тұра алмай, орындарында көздері бақырайып отырып қалды. Біз осылайша мейрімді қартты қоршай отырып мәре-сәре болып қауын жеп жатқанда Еңлік торламадан ауыз да тимейді. Бұл кезде ол атасының ағаштан ойып жасап берген сәнді арбасына жайғасып алып, алма мен өрік жеп отырады. Қарнымыз қампиып, шырын қауынға қарық болсақ та, біз Еңлікке қызыға қараймыз. Өйткені «Ақжылғада» бір түп те жеміс ағашы өспейді. Сәлім ақсақалды жұрт «үйші шал» деп атайды. Ауылдағы қараша үйлердің бәрін осы Сәлім ата жасаған. Ол кісінің таң атқаннан күн ұясына батқанға дейін бір тынбайтыны да сондықтан. Қай кезде көрсең де қоржын тамның артындағы үлкен қорада жұмыс істеп жатады. Қораның іші толы ағаш. Дәл ортада дән түйетін келіге ұқсайтын кісі бойындай сопақ пеш бар. Ол пешке үйші от жағып, ішіне аппақ болып жонылған ұзын-ұзын ағаштарды салып, қыздырып, иіп уақтар жасайды. Киіз үйдің керегесін де, шаңырағын да Сәлім атайдың өзі істейді. Бір сөзбен айтқанда бұл кісінің қолынан бәрі келеді. Біздер, әке-шешелері егіске, жұмысқа кеткен балалар, көбіне-көп осы қорада ойнаймыз. Атасы үйші болғасын ба, жоқ әлде шалдың жалғыз ұлының тұңғыш перзенті болғандықтан ба, Еңлік өте ерке тұғын. Және басқа балаларға қарағанда әдемі киінетін. Бізде бір-екі ғана шыт көйлек болса, онда қызылды-жасылды қымбат маталардан тігілген өзіне шап-шақ, жарасымды көйлектердің, юбкалар мен кофталардың түр-түрі бар болатын. Бұл киімдердің барлығын оған, күнделікті жейтін тәттілермен қоса, қалада қызмет жасайтын Жақсан апасы әкеліп береді. Бүкіл ауыл-аймақты үйлі етіп, жұрттан алған алғысы Сәлім қартқа қарғыс болып тигендей. Бір күні бұл шаңырақты қайғының қара бұлты басты. Беймезгіл қағылған терезенің тарсылынан шырт ұйқымнан ояндым. Апамның «біссіміллә, біссіміллә» деген даусы естілді. Сығырайып тұрған жетінші шамның пілтесін көтерген әкем:
-Бұ кім? - деп ауызғы бөлмеге шықты.
Әшейінде мінезі ауыр, жер қозғалса, қозғала қоймайтын апам бір сұмдықты сезгендей: Құдай-ай сақтай гөр, түн ортасында бұл не, тыныштық болса жарар еді, - деп жанында жатқан мәсісін кие бастады.
Сыртқы есік сықырлап қайта жабылды. -Рахима, тұр, - деді ішке кірген әкем үрейлі дауыспен. -Қуатбектен айырылдық. Дария жағасында өлтіріп кетіпті.
-Ой-бүй, ой-бүй, ой-бүй.
Орнынан тұра берген апам әл-дәрмені құрып қайтадан отыра кетті.
-Ой-бүй, ой-бүй, Сәлім әкем қартайған шағында сорлап қалды-ау.
Апам пырс-пырс жылап жүріп босағада ілулі түрған ескі қамзолын киді. Сөйтті де әкемнің соңынан сыртқа шықты. Менің ұйқым шайдай ашылды. Жарытып ештеңе түсінбесем де, әлгі «өлтіріп кетіпті» деген суық сөз тұла бойымды қалтыратып жіберді. Шамның әлсіз жарығымен қаракөлеңкеленіп тұрған үйдің іші де мұздап кеткендей. Мақта көрпенің астында бір уыс болып бүрісіп жатып Қуатбек аға туралы ойладым. Ол кісі ауылдағы барлық ағалардан ерекше. Үнемі сүліктей қара, сұлу ат мініп жүреді. Өзі де сұлу. Қап-қара қияқтай мұрты қызылшырайлы өңіне әр беріп тұрады. Басына үлкен қара шляпа киетін Қуатбек аға аттың үстінде тіп-тік болып отырады. Қолындағы қамшысына дейін әдемі. Бір жаманы-ол кісі үйінде көп болмайды. Көбіне көрші разьездерге, қалаға кетіп қалады. Кей-кейде өзі сияқты ат мінген үш-төрт адамды ертіп келіп карта ойнайды. Өткен жолы да сөйткен. Екі кештің арасында тасырлатып жеті-сегіз аттылы келді. Орталарында-Қуатбек. Сонан тамақ ішіп алып олар түнімен карта ойнады. Ертесіне түске таман Еңлікке барғанда бұл қораның ішінен әкелі-балалы екеуін көрді. -Балам-ай, осыныңды қоймадың-ау, - деді Сәлім атай бір уыс ақшаны ұлына ұсынып жатып.
-Қоямын, көке қоямын. Осыдан кейін сұрамаймын.
Қуатбек қып-қызыл ақшаларды санамастан төс қалтасына салып алды.
-Түсінбедің балам. Мен ақша сұрадың деп тұрған жоқпын. Осы дүниенің бәрін бір сен деп жидым. Мына жүрісің, қасындағы мына жолдастарың ұнамайды маған. Шешең екеуміз сенің жолыңа қарап, екі көзіміз төрт болады. Келіннен де ұялып өліп барамыз. Балаң анау, сені танымауға айналдым. Бізді көрде тыныш жатсын десең, таста бұл кәсібіңді. Шойын жолға кір. Еңбек ет. Адам бол. Біздің де енді қанша нанымыз қалды дейсің.
Сәлім атайдың даусы дірілдеп, иегі кемсеңдеп кетті.
-Қойыңыз көке, мұныңыз не. Өзім де шаршадым. Жақында бір жағына шығармын.
Қуатбек әкесінің арқасынан сипап, терең күрсінді.
Сонан бері айға жуық уақыт өтті. Сәлім атай «Қуатжаным келіп қалар ма екен» деп күнде құмалақ салып жүрген. Енді міне...
Мұның тамағына тастай бірдеңе кептеліп, көз алды бұлдырап кетті.
Еңліктердің қорасы жақтан иттің ұлыған даусы естілді.
Ұлының қазасы Сәлім атайды мүлдем өзгертіп жіберді. Лезде кіп-кішкентай болып шөгіп, еңкіш тартып кеткен қара түк сөйлемейтін болды. Оның үстіне көмейінен «ыһы-ыһы-ыһы-ыһы» деген жөтелге ұқсас дыбыс шығаратын ауру пайда болды. Бұрын күн ұзаққа қораның ішінен шықпай киіз үйдің сүйегін жасаумен айналысатын кісі енді ол жаққа мүлдем жоламай қойды. Ұзын-ұзын ағаштардың бірін жонып, бірін иіп, бірқатарын көктеп кереге жасап, тынымсыз тірлік ететін атай бір демде сап тыйылды. Қорадағы текшеленіп жиналған бүтін ағаштар да, жартылай дайын болған уық, керегелер де адам қолы тимей сол қалпы тұрып қалды. Сәлім атайдың қорасына барып ойнауды біз де доғардық. Өйткені ол үйден үнемі жылаған дауыс шығып жатады. Біртүрлі қорқынышты. Кейде-кейде апаммен еріп Еңліктердің үйіне бара қалсам белдерін буып алып, көздерін жұмып, теңселіп жылап отырған Сабира әже мен Дәметкен апаны көрем. Олардың зарлы дауыстары жүрегімді ауыртып, төбе құйқамды шымырлатады. Бұрынғыдай емес, Еңлік те басылып қалды. Көбіне бүк түсіп, «ыһы-ыһы» деп күркілдеп жататын атасының жанында үн-түнсіз ойнап отырады. Кіп-кішкентай болса да үй-ішінің қайғысын түсінетін сияқты.
Келер жылы жаздың соңында Қуатбек ағаның асы берілді.
Сонан көп ұзамай Сәлім атайдың үйіне «Победа» машинасымен әдемі киінген екі-үш адам келді. Қолдарында буыншақ-түйіншектері, чемодандары бар. Таңертеңнен бері сол жақта Дәметкен апаға бауырсақ пісіріп, қазан асысып көмектесіп жүрген апам ыдыс-аяқ алуға үйге келді. Жылаған сияқты, көздері ісіп, қызарып кетіпті. -Қарлығаш, сен бөпелеріңе қарап үйде отыр, - деді апам, жүкаяқтың үстіндегі үлкен сандықты ашып жатып. -Әкең келсе жаңа көйлегін, кәстөм-шалбарын киіп мынау үйге келсін. Дәметкенді аттандырайын деп жатыр де. Қазір күн батпай... еһ... еһ... еһ... һ... е... Апам сөзінің аяғын айта алмай солқылдап жылап жіберді.
-Не болды, апа? Тағы да бата оқып келді ме? -Жоқ, бұлар бөтен адамдар, - деді апам көз жасын тыйып. -Дәметкен апаңды алып кетейін деп келген.
-Қайда, қайда алып кетеді?
-Қалаға.
-Неге қалаға алып кетеді?
-Дәметкен апаң күйеуге шығып бара жатыр балам. Енді ол бізге жо-о-оқ... еһ... еһ... һ... е... е. Қуатбек тірі болса осылай болар ма еде-е-е-е...
Мен төбемнен жай түскендей, мелшиіп тұрып қалдым.
Апам поднос пен кесе, тәрелке және екі бөлек мата алып шығып кетті.
Осы уақытқа дейін біздің апамдай үлкен апалар күйеуге тиеді деп еш ойламаппын. Біртүрлі сияқты. Сонда қалай. Қайтып келмей ме? Сәлім атайлар не істейді? Сағира әжем ше? Оларға кім шай қайнатып, тамақ істеп береді? Сиырды кім сауады? Айранды кім піседі? Еңлік ше? Оған кім қарайды? Шашын кім өріп береді? Кім жуындырады? Менің апам кіммен сөйлеседі енді? Кіммен бірге тезек тереді? Мына Дәметкен апа қызық екен өзі. Жо-жо-оқ, күйеуде біраз күн болып қайтып келетін шығар. Әнеукүні күбі сұрап келген Боранкүл әже апама: «Құрсын, беті аулақ, стансадағы Жылқыбайдың былтыр күйеуге кеткен қызы қайтып келіпті» деді ғой. Сөйтіп қайтып келетін шығар. Иә, иә, қайтып келеді, қайтып келді. Осындай ойлардың құшағында ішім әлем-жәлем болып жатып көзім ілініп кетіпті. Бесіктегі Рымтайдың қыңқылынан ояндым. Ол тартпа баудан екі қолын шығарып алыпты. Дереу қолдарын қайтадан байлап, бесікті тербеттім. Осы кезде сырттан дабыр-дұбыр дауыстар естілді. Ытқып далаға шықтым. Күн кешкіріп қалыпты. Еңліктің есігінің алдында бір топ адам тұр. Мен де солай қарай бардым. Дәметкен апа шашағы бар үлкен ақ ләтте тартып алыпты. Үстінде атлас көйлек, сыртынан қоңыр кәстөм киген. Әйелдер оны кезек-кезек құшақтап жылайды. Біздің апам екеуі ұзақ құшақтасты. Сосын жанында тұрған мені көріп қалды да, еңкейіп шашымнан сипады, бетімнен сүйді. Айналайын, Қарлығаш, мен кетіп барам. Еңлік сіңліңе қара. Жылатпа. Кішкентай ғой ол әлі, - деді даусы дірілдеп. Менің тамағыма тастай бірдеңе тығылып сөйлей алмадым. Тек төмен қарап мұрнымды тарта бердім. -Болыңдар, болыңдар, жүрейік енді, - деді үлкендеу кісі қолымен машина жақты
нұсқап.
Жұрт солай қарай қозғалды. Осы кезде үйден дауыс салып Сағира әжем шықты.
-Дәменім-ау, Дәменім-ау, шынымен-ақ кеттің бе? Жалғызыма не деймін, жалғызыма не деймін ертең? Бір-екі адым ілгері жылжыған Дәметкен апа кері бұрылып аңырап келе жатқан енесіне қарсы ұмтылды.
Қос мұңлық бір-бірінен ажырай алмай ұзақ тұрды. -Қой Сағира, баланы ұстама, күн еңкейіп барады, - деді таяғына сүйенген Қыстаубай ата. Әйелдер екеуін ажыратып, Дәметкен апаны қолтықтап алып кетті. Сол бетімен олар көліктің артқы жағына барып отырды. Осы кезде қайдан шыққаны белгісіз:
-Апа, апа!- деп жанұшыра айқайлаған Еңлік машинаға қарай тұра жүгірді.
Ол жетем дегенше есігін сарт-сұрт жапқан «Победа» орнынан қозғалып кетті.
Құлын даусы шырқырап жерге отыра қалған қызды Жақсан апасы көтеріп алды.
Дәметкен апа кеткеннен кейін Еңліктердің үйінде бүкіл тіршілік тоқтап қалғандай болды. Ол жерде ешкім тұрмайтын сияқты. Қоржын там мен киіз үйге кіріп-шығып жатқан адам көрінбейді. Әуелгі күндері тіпті уақытылы шай қойылып, қазан да асылмады. Біздің апам барып сиырын сауып, сүт пісіріп, айран пісіп береді. Сәлім атай тамда, Сағира әже қараша үйде теріс қарап жатады да қояды. Еңлік көбіне атасының жанында болды. Кейде біздікіне келеді. Мен бала бағудан босаған кезде Еңліктің қасында болуға тырысам. Ал түс қайта, ұйықтап тұрысымен дереу сол жаққа барып, есіктің алдына су сеуіп сыпырып, көлеңкеге төсек салам. Апам самаурынға шоқ салады. Осы кезде көрші Боранкүл әже, арғы үйдегі Жұпар әже келеді. Олар Сағира әжемнің жанында біраз әңгіме айтады, сосын көлеңкеде отырып шай ішеді. Еңлік жүгіріп барып тамда жатқан атасын шақырады. Үлкен кісілердің өйстіп, күңгір-күңгір әңгімелесіп отырып шай ішкендеріне мен ішімнен қатты қуанып жүрдім. Апам да солай сияқты. Күндер өте келе Сағира әже қалқиып тұрып, өз тіршілігін өзі істей бастады. Сәлім атай да белін үлкен орамалмен буып алып мал қора жаққа баратын болды. Оның есесіне Еңлік анда-санда зым-қайым жоқ болып кететінді шығарды. Сонан біз зыр қағып іздей бастағанда, бір жағынан келеді өзі. Қайда болдың десек, Әнипаның үйіне, Ораздың үйіне, кейде Розаның үйіне барып ойнадым дейді. Бір күні таңертең тағы да Еңлікті таппай қалдық. Әжесі жүгіріп көрші үйлерге кетті. Атасы кіріп-шығып қораларды қарай берді. Әнеукүні бір рет қозы-лақты жайып жүріп тас жол жақтан келе жатқан Еңлікті көріп қалғанмын. Бірақ ұрысар деп ешкімге айтқан жоқ-тұғынмын. Өзінен де ештеңе сұрамаған. Дереу солай қарай жүгірдім. Ауыл сыртындағы үлкен жолға жақындай бергенде жолдың жиегінде титімдей болып тұрған Еңлікті көрдім. Екі көзі қала жақта. Ештеңені байқар емес. Мен жайлап қасына бардым.
-Еңлік!
Ол селк ете қалды.
-Еңлік, бұл жерде неғып тұрсың?
-Машина күтіп тұрмын. Қалаға барам. Апама барам.
Мен не дерімді білмей қалдым. Жүрегім ауырып кетті. Екі алақаныммен бетімді басып жүремнен отыра қалдым. Сол кезде көрдім. Еңлік қолына айран құятын кішкене ақ бидонды ұстап алыпты. «Апасына айран апарғысы келген шығар» деп ойладым.
-Еңлік, апаңа айран апарасың ба? -Жоқ, бидонға киімдерімді салып алдым. Апам кәрзеңкесіне өзінің киімдерін ғана салды. Менің көйлектерімді салған жоқ.
-Ім... ім... ім...
-Сен неге келдің?
-Сені іздеп келдім. Атаң да, әжең де, бәріміз сені іздеп жүрміз. Жүр, үйге қайтайық, Еңлік.
Мен оның қолынан ұстадым. -Бармаймын!-Ол қолын тартып алды. -Қалаға барам. Апама барам. Апамды қатты сағындым.
Осыны айтқанда оның қабағы түйіліп, аузы бұртып кетті. -Қой, Еңлік, бұзық болма, - дедім мен шашынан сипап. -Қалаға барғанда сен апаңның үйін білмейсің. Қалай табасың? Адасып кетесің ғой. Еңлік қабағын жазып, аузын ашып, ойланып қалды. Біраз тұрды да, үндеместен ауылға қарай аяңдады. Мен соңынан ердім.
Еңлік бірінші класқа баратын жылы біз басқа ауылға көшіп кеттік.
Аллергия
Биғайша түн ортасында тұншығып оянды. Мұрны тас болып бітіп, аузы ашылып, тамағы құрғап, тілі ағаштай болып кеуіп қалыпты. Аузында ылғал жоқ. Ерні шөлдің тақырындай кеберсіп шыт-шыт боп жарылып кеткен. Тамағын кенеп жұтынып көріп еді, кішкене тілінің тұрған жері біреу қыл сыммен қиып жібергендей ду ете қалды. Екі ұрты мен тамағы мың сан ине қадалып тұрғандай ауырады. Орнынан қинала түрегеліп, ас үйдің шамын жақты. Жатарда термосқа құйып дайындап қойған ыстық суды мұздай сумен араластырып, томыртқалап тамағын шайды. Сол-ақ екен жансызданып қалған ауыз қуысының ішінде тіршілік белгісі пайда болды. Қақиып қалған тілі ептеп икемге келді. Суды мол-мол ұрттап, тамағын жібітіп алған биғайша ақ пәрнекке шай демдеп ішті. Екі-үш кеседен кейін барып, басына қан жүгіріп, денесіне жан кіргендей болды. Тас болып тіршіліксіз қалған мұрны да ептеп жыбырлай бастады. Осылайша өзегін жібітіп, аузын икемге келтірген қыз төсегіне қайта бара жатып қарағанда қабырғадағы қытай сағатының тілі түнгі екіден ауып барады екен. Мұның, жалғыз мұның ғана емес-ау, аллергиямен ауыратындардың көпшілігінің ала жаздайғы көрген күні осы. Үп еткен желге, болмашы иіске, шаң-тозаңға, аңызаққа, кейде тіпті ыстық ауаның өзіне түшкіреді-пысқырады, мұрындары тас болып бітеді, көз бен бет-ауыз қышиды, жыбырлайды. Мұндайда амал жоқ, аузынды ашып демалуға тура келеді. Құдайдың өзі тыныс алу үшін әдейі жаратып қойған мұрын өзінің атқарар қызметінен қалғасын бүйтпегенде не істерсін. Әрбірден соң тұншығып, қылғынып, ауа жетпей өліп бара жатады. Ауыздан кірген ауа, ауа болып та жарытпайды екен. Мұрынмен, кәдімгі қос танаумен тыныс алғанға не жетсін, шіркін. Тағы бір жаман әлгі тасболып бітіп, ауа өткізуден алаңсыз қалған мұрын сол біткен күйінше тыныш тұра берсе жақсы ғой, енді одан кеп су сорғалайтынын қайтерсің. Иә, аллергия ұстаған кезде бұлар құдды тұмау тиген адам сияқты болады. Қолдарынан беторамал, шүберек түспейді. Түнімен төрт-бес мәрте тұрып, қайта-қайта тамақ шайын, шай ішіп жүргенде таң да қылаң береді. Осы кезде түнемелікке талай рет бөлінген ұйқы келді. Мұрны да осы сәтте сәл-пәл ашылғандай, тынысы сәл-пәл кеңейгендей болды. Сонан әлі де уақыт бар екен ғой, бір-жар сағат болса да мызғи тұрайын» деп төсегіне қисаяды. Онан кейін бір-жар сағат қайда, көбіне түк сезбей, тас болып ұйықтап қалады. Ондай күндері жұмыстан кешігеді. Бүгін де солай болды. Бағанағы екіден кейін, төртте бір, алты жарымда бір тұрып шай, су ішкен. Сонан соң сегізден өте-бір-ақ оянды. Тұра салысымен дереу газды тұтатып жіберіп, шәйнекті ортадан төмендеу етіп отқа қойды. Екінші термостағы жылы сумен бетін, қолын жуды. Құп-құрғақ болып кеуіп, жарылып кетердей тырсиып тұрған мұрнын, тамағын қайта-қайта шайып, жібітті. Сүртініп жатып айнаға қарап еді, онсыз да үлкен емес көзі онан сайын жұмылып жіпсиіп, беті быттиып ісіп, көздерінің алды қалталанып көгіс тартып кетіпті. Құдды бір түнімен отырыста болып, арақ-шарап ішіп ұйықтамаған кісі секілді. Қанша асығып тұрса да Биғайша сүт құйып, бал салып шай ішті. Өйтпесіне тағы болмайды. Құрғаған тамақтан дұрыс дыбыс та шықпайды. Оның үстіне бұл мектепке әннен сабақ береді. Екі өкпесін қолына алып, аяғы-аяғына жұқпай жүріп келеді. Осындай асыққанда барар жердің де жеткізбей қоятыны бар. Жұмыс орнына жақындап қалғанда жаңадан салынып жатқан қосымша мектеп үйі құрлысының маңынан өте бере, мұрны жыбырлап қоя берді. Сол-ақ екен түшкіріп салды. Сәл жүре беріп тағы да түшкірді. Төрт рет, бес рет, алты, жеті рет түшкірді. Қалтасынан бет орамалын алам дегенше мұрнынан су саулап кетті. Анадай жердегі арыққа барып мұрнын шайып, қолын жуып, сүртіп, үсті-басын қағып-сілкіп реттеп ілгерілей бергені сол еді, көзі қыши жөнелді. Мұнан әрі бөгелуге болмайтынын білген мұғалім сумкасын қарына іле салып, екі жұдырығымен көзін уқалап жіберді. Мектепке жеткенше мұрнын тағы бір тазалап, дауылдап қышып тұрған көзін, бетін, құлағын қайта-қайта қасып алды. Бүгін аллергиясы түскірі күндегіден де қаттырақ ұстап тұрған сыңайлы. Класына асығыс-үсігіс кірген Биғайшаны балалар біртүрлі танымайтын адамдай үрпиіп қарсы алды. Бәрінің бір ауыздан айтатын «саламатсыз ба, апайлары» да күндегіден бәсеңдеу шықты. Бірақ, бұған мән беріп, көңіл бөлген бұл жоқ. Оқушыларды журналдағы тізім бойынша түгендеп шықты да сабағын бастап кетті. -Бүгін балалар, жергілікті сазгер Талапбек Тұрғынбеков ағаларыңның өздеріңдей бүлдіршіндерге арнап жазған «Балақан мен балапан» деп аталатын әнін үйренеміз. Әуелі сөзінің бір шумағын жазып алыңдар, сонан соң оны әнімен айтып берем, екі-үш қайталағаннан кейін бәріміз қосылып айтамыз.
Осылай деді де Биғайша борды алып әннің сөзін тақтаға жаза бастады.
Сары үрпек балапан,
Тиме оған балақан.
Жемін жесін су ішіп.
Ол да сендей балақан.
Осы шумақты жазып болар-болмастан ол тездетіп басып коридорға шықты. Онысы абырой болған екен, кластың есігін жаба бере қатарынан қос рет түшкіріп салды. «Әптішу, әптішу». Қырсық қылғанда бет орамалы да сумкасында қалып қойыпты. Мана арықтың суымен мұрнын жуғаннан кейін костюмін ылғалдап бүлдірер деп, қалтасына салмай, сумкасына сала салған. Енді қарашы. Амал жоқтан екі қолымен мұрнын кезек-кезек сүрткіштеп, түшкіргенде жасаурап қышып кеткен көзін уқалап, бетін сипап класқа қайта кірді. -Апай, жазып біттік, - деп шу ете қалған балалар мұның бетіне қарап сәл аңырып қалғандай болды. -Апай, әнін айтыңызшы! -Әнін айтайықшы, апай - деді арт жақта отырған Әлдербаев пен Қойболова бір-бірімен қосамжармаса.
-Жарайды, балалар, мен мына тақтадағы шумақты әнімен айтып шығайын, сендер
мұқият тындап отырындар.
Са-ры үр-пек ба-ла-п.. ы.. ы.. іһ.. һм.. һм...
Құрғап тұрған тамақты қинала шыққан дауыс осы жерге дейін-ақ жетті. Қиқылдап, шиқылдап жөтеліп қалған мұғалім столға келіп отырып, сумкасынан беторамалын алып мұрнын, бет-аузын сүртті. Удай болып ашып кеткен тамағы ұстап, басын қолмен сүйеп аз-кем отырды. Сәлден кейін жұдырығын аузына төсеп, жөткірініп-жөткірініп алып, орнынан тұрып тақтаның алдына барды.
Кешіріңдер, балалар, мен ептеп ауырып, аллергиям ұстап...
-Ештеңе қылмайды апай, кешіреміз.
-Кешіреміз, кешіреміз - деп жапа-тармағай шуласты оқушылар.
Іһ... іһ... онда әнді қайтадан айтам балалар, сендер мұқият тыңдап отырыңдар. Тамағын тағы бір кенеп алған мұғалім көп кідірмей бастап кетті.
Са-ры үр-пек ба-ла-пан
Ти-ме о-ған ба-ла-қа-а...
Же-мін же-сі су і-ш-і-і...
Ол да се-е-е... іһ... іһ... үһк... үһк... іһ... іһ...
Тас боп біткен мұрын мен кеберсіген тамақ мұғалім қызға мұнан әрі шырқауға мүмкіндік бермеді. Алақанымен бетін басып, қайта-қайта тамағын кенеп тақтаның алдында тұрып қалған Бибайшаға балалар аянышты жүзбен жәутендеп қарап қалыпты. Апайларының осындай мүшкіл халіне бейнебір өздері кінәлідей. Бәрі де тым-тырыс, моп-момақан. -Балалар, мен су... Осы кезде шар етіп қоңырау соғылды. Мұндай қуанбас. Оқушылар да төмен түскен бастары мен еңкейіп кеткен кеуделерін тіктеп, қозғалақтай бастады. Жаңағыдай емес жүздеріне қан жүгіріп, көздеріне қуаныш ұялағандай. Қиналып тұрғанда құтқарып жіберген қоңырауға іштей алғысын айтып, ең әуелі мұрнын, қолдарын жуып алмақшы болған мұғалім тұрмыстық бөлмеге қарай жүрді. Жақындай бергенде «әптішу, әптішу» деп үстін-үстін түшкірген дауысты естіді. Нұрипа Кәрімқызы немесе Аманкүл шығар деп ойлады. Ішке кірсе, жаңылыспапты, тарих пәнінің мұғалімі Нұрипа апай екен. Қатар-қатар қойылған қолжуғыштардың соңғысында бірдеңе жауып тұр.
-Саламатсыз ба, Нұрипа Кәрімқызы, - деп амандасты Биғайша. -Саламатсың ба, Биғайша, денсаулығың қалай, мұрын қалай, ұйықтай алдың ба түнде? - деп хал-жағдайын сұрады ол кісі бірден. -Ой, сұрамай-ақ қойыңыз, - деп қолын сілтеді Биғайша ортаңғы шүмекті ашып жатып. -Сен бері қарашы өзің, түрің не болып кеткен, немене мынау бет-аузың сатал-сатал, - деді Нұрипа Кәрімқызы мұның жүзін таңырқай қарап. -Не бопты? - деп қорқып кетті Биғайша. Сөйтті де бұрыштағы қолкептіргіштің айнасына барып қарады. Масқара! Өз түрінен өзі шошып кетті. Көзінің айналасы, мұрнының үсті, маңдайы қап-қара, қып-қызыл бояу. Екі беті мен ерні әппақ, бор-бор. Құдды циркте ойнайтын клоун! Мана үйден шығарда быттиып іскен көзі мен бетін аздап та болса «жөндеп» ретке келтіргенсымақ болып бояп, ерніне помада жағып еді. Әлгіде ол бояуларды мүлдем ұмытып кетіпті. Иә, бұл аллергия біржола жынды қылып тынатын шығар. Бәсе, бағана класқа кіргенде балалар танымайтын құсап бетіне таңырқай қарап еді-ау. -Мен де түні бойы ауа жетпей тұншығып, дұрыс ұйықтай алмадым, - деді Нұрипа Кәрімқызы қолындағы шүберегін сығып жатып. -Енді мынау, мұрынды сүрте-сүрте беторамал шақ келмей жатқаны. Бізге жетпегені енді жұмысқа келіп кір жуу еді. Ол кісі күйіне сөйлеген күйі сыртқа беттеді. Қолжуғыштың қасында жалғыз өзі қалған Биғайша күлерін де, жыларын да білмей селтиіп тұрып қалды. Сөйтіп тұрып екі көзінің удай ашып, басының біртүрлі зеңіп, мәңгіріп тұрғанын байқады. Сосын бұл түрімен келесі сабақты бере алмаспын деп ойлады. Жаңағы сабағының сиқы анау. Сөйтті де завучтан сұранбаққа мұғалімдер бөлмесіне бас сұқты. Қай үзілісте кірсең де толып отыратын кеңсе ішінде бұл жолы да адам жетерлік екен. Оң жақ бұрыштағы аласа диванда үш мұғалім әлденені қызу әңгімелесіп, бір-біріне жабысыпты да қалыпты. Ортадағы ұзыннан-ұзақ етіп қойылған қоңыр үстелді жағалай жайғасқан төрт-бес жастың бірі кітап ақтарып, екіншісі газет оқып, үшіншісі басын қолмен сүйеп қойып ойланған күйі жазу жазып отыр. Сол жақ босағадағы қуыстау жерге қойылған креслоға шалқайып отырған келіншек мұрнына дәрі тамызып жатыр. Бұл-Аманкүл ұстаз. Мұның да аллергиясы бар. Аллергия болғанда да бұныкі тіпте жаман. Әр-екі-екі жарым сағат сайын тас боп біткен мұрнына дәрі тамызбаса дем ала алмай тұншығып, көгеріп өледі де қалады. Мектептегі осы аурумен ауыратындардың ішіндегі «стажы» көбі де осы Аманкүл. Оның қарғыс атқыр аллергиямен сырқаттанғанына жиырма жылдан асыпты. Әуелі жай ғана тұмау құсап басталып, белгілі бір маусымда, көбіне жаз айларында ғана, ұстайтын аллергия уақыт өткен сайын қозып, үдей түсіп, енді қазір үздіксіз, жыл он екі ай бойына мазасын кетіретін болған. Қайта Биғайша мен Нұрипа Кәрімқызының сырқаты көктем мен күздің арасында ғана соғып, қыстай мұрындары бітуден, көздері қышудан, тамақтары құрғаудан бет-ауыздары жыбырлаудан арылып, екеуі үш-төрт ай болса да демалып, адам болып қалады. Ал мына Аманкүлдікі, құдай пенде баласыңың басына бермесін, сұмдық. Қыс болсын, жаз болсын оның мұрны бітеу. Қос танауымен көкірегін кере демалып, рахаттана ауа жұту деген атымен жоқ бұл байғұста. Бір жағынан өзінің химия пәнінен сабақ беретіні де сор болды маңдайына. Әр түрлі химиялық ертінділермен, иісі өткір қышқылдармен тәжрибе жұмыстарын жасаған күндері Аманкүл о дүниеге барып қайтқаннан кем болмайды. Біржола өліп түседі-ау, байғұс, өліп түседі. Осы Аманкүлдің айтуы бойынша ауызбен, оны қанша бақылай ашып дем алғаныңмен миға дұрыс ауа бармайды екен. Аллергиямен сырқаттанғандардың ұмытшақ, ашушаң, жүйкелері жұқа, қылт етпе болатындары сондықтан дейді. Расында солай болуы керек. Оны Биғайша өз басынан-ақ байқап жүр. Қазір баяғы еске сақтау қабілеті жоқ. Бір-екі рет тындап, оқығаннан кейін-ақ әндердің мелодиясы мен өлендері магнитафон таспасына түсіргендей ұстап қалатын зерде бүгіндері жойылған. Бірақ, Аманкүлге қарағанда шүкіршілік әйтеуір. Ол алаңсыз мақұрым болуға айналған. Егер алда-жалда ұмытшақтар байқауы ұйымдастырыла қалса Аманкүлдің алдына түсер жан бола қоймас. Оның аллергиядан тапқан осы келеңсіз қасиеті айналасыңдағыларға да аз кесірін тигізіп жүрген жоқ. Рөшкіден рөшкі, кітаптан кітап қалмайды. Аманкүлжан қолына ұстады ма бітті дей бер. Ол затыңды екінші қайтып көре алмайсың. Қай жерге, қай класқа апарып тастап кеткенін химия пәнінің мұғалімі өлгенде есіне түсіре алмайды. Ал ұстаздың бұл кеселінің сабаққа, оқушыларға келтіріп жүрген залалы шаш етектен. Әсіресе балалардың аты-жөнін есте сақтау Аманкүл үшін қияметтің қияметі. Шәкірттердің бірінің фамилиясын біріне шатастырудың химия сабағында талай жақсы оқитын оқушы екілік алып, керсінше небір үлгермейтіндер оп-оңай-ақ төрттіктер мен бестіктерге еге болып жатады. Апайларының осындай фамилия ауыстырғыш «шеберлігінен» әбден зәрезап болған оқушылар сабақ айтып болар-болмастан:
-Апай, мен Сеңгірбаевпын.
-Апай, менің фамилиям Бөршиева ғой, - деп тақылдап тұрғандары.
Мұндайда көбіне-көп жақсы жауап бергендердің даусы жарқын-жарқын естіледі. Ал сабақ білмей сүмірейіп тұрғандар үндей қоймайды немесе мұрындарының астынан міңгірлеп қана:
-Ж... Ж... Жақауова.
-І... Ібішева - дейді.
Аманкүлге қиыны да осы. Тас болып біткенімен қоймай суы сорғалап тұратын мұрынды тарта-тарта құлағы да естімей қалған. Сонан:
-Кім дейсің, не дейсің - деп әбіржіп отырғаны.
Ондай кездері көбіне класс әкімі, оқу озаты Әмина жүгіріп келіп, журналдан әлгілердің фамилияларын көрсетіп тиісті бағаларын қойдыруға көмектеседі. Былтыр жазда мұғалімдер бөлмесінің іші жаман мүңкіп кетті. Қолқаны атып, жүректі айнытатын жағымсыз иіс. Бұл немененің исі деп кіріп-шыққандардың жиіркенбегендері жоқ. Сонан еден жуушы әйелдер ана жерді де, мына жерді де қарап ештеңе таба алмады. Бұрыш-бұрышты қайта-қайта сүртіп, стол-шкаф біткендердің ішін ақтарып, бәрін бір-бір сыпыра тазалап, әбігерлері шықты. Сөйтсе, Аманкүлдің сабақтан соң үйге алып қайтармын деп базардан сатып алған еті целофан қалтасымен қараңғылап қойған терезенің арасына түсіп кетіпті. Көгіс тартып, құрттап кеткен етті көргенде барып бұдан бір жеті бұрын оны желдеткіштің алдына қойғаны егесінің есіне әрең түсті. Аллергияның мұндай түрімен сырқаттанғандар бұл қалада аз емес. Бір ғана Биғайшаның ағайын-туыс, жора-жолдас, таныс-білістерінің өзінің арасында біразы осы аурудан азап шегіп жүр. Ал білмейтіндері қаншама. Әсіресе соңғы жылдары науқастар қатары көбейе түскендей. Тағы бір байқағаны-қала іргесіндегі ғарыш айлағында космостық сынақ жүргізілгенде және аспан төсін қақыратып, айналадағы ауаны ластап зымыран ұшырылғанда аллергиясы барлардың ауруы құтырып кетеді. Бұл науқас қатардағы қарапайым адамдардан гөрі бастықтарға өте қиын екен. Әнеугіде Биғайша мәдениет сарайындағы үлкен бір жиынға қатысқан. Сонда алғашқы болып мінбеге көтерілген қаладағы беделді бір басшы ыңырана сөз бастады. -Құрметті залға жиналғандар! Құрметті бүгінгі басқосудың қонақтары! Мен осындай үлкен жина... а... ыс... с... а... а... әптіш... а... а... әптіш. Қатарынан бес-алты рет үстін-үстін түшкірген сөйлесушінің мұрны да қоса шуылдап кетті. Жаңа ғана басын биік ұстап, жұртқа асқақ қарап құдірет болып тұрған басшының тәкаппарлығынан түк те қалмады. Кәдімгі қатардағы пенделер құсап қалтасынан орамалын алып, бет-аузын, жас аққан көзі мен суы сорғалаған мұрнын сүртіп құнжындап да қалды. Сосын көзілдірігін киіп жатып:
-Кешіріңіздер жолдастар, аллергиям бар еді - деді бәсең дауыспен. Бұл аллергияның ешкімді де ханды да, қараны да аямайтынын Биғайша сонда көрген. Жұртты айтады-ау, талай жерде, талай рет мұның да әбігері шығып, беделі түскені бар. Өткенде, жаңа оқу жылының қарсаңында, басқармадағы үлкен бастықтары санаулы ғана мамандарды жинап келелі кездесу өткізген.
Жаңашыл мұғалім ретінде мектеп директоры мұны да ала барды.
Биғайша далыйған кабинеттегі дөнгеленіп қойылған жалтырақ столдың орта шеніне жайғасқан. Басқарма бастығы әр сөзін сатып алғандай зорға айтып, сызданып сөйлеп отыр. Қабағы қатулы. Онсыз да бұл адамды көргенде көлденең бір кінәлары бардай бүгіжіктеп, қипақтап қалатын директорлар тым -тырыс боп қатып қалған. Кейбіреулері тәртіптіліктен дем ала алмай отыр. Кабинетте шыбынның ызыңы естіледі. Бір кезде Биғайшаның мұрны кышып қоя берді. Енді не істейді ? Жан қалтасынан беторамалын алып аузын басқанша болған жоқ: -Ә... ә... әтпіш, ә... ә... әтпіш, ә... ә... әтпішу. Үлкен бастық селк ете қалды. Отырғандар түгелімен бұған жалт қарады. Жанына жайғасқан директоры бүйірінен шымшып алды. Бұл болса сорғалаған мұрнын сүртіп, төмен қарап бүгіжіктеді де қалды. Сәлден кейін мұны ала көзімен атып, қабағы манағыдан да бетер түйілген бастық үзіліп қалған әңгімесін әрі қарай жалғады. Кабинетте тағы да қатал тыныштық орнады. Биғайша енді аузы -мұрнын орамалымен басып, бетін есік жаққа бұрыңқырап отырды. Іштей тағы да түшкіріп қалмасам екен деп тілеп, абай болып отыруға тырысты. Арада көп уақыт өтпей-ақ мұрны тағы да жыбырлай бастады. Оған шамалыдан соң құлағы, көзі қосыла қышыды. Қанша қасымайын десе де бет-аузына қолы қалай барып қалғанын білмей қала берді. Енді қайтсін, жанын қоймай, дуылдап әкетіп барады ғой. Мұндайда екі қолыңды біреу байлап тастамаса, қасымай тыныш отыру мүмкін емес. Құдды партада жыбырлап отыра алмайтын тентек оқушы сияқты. Сөйтіп аллергиямен алысып отырғанда үлкен бастықтың не айтып, не қойғанын да білмейді. Әйтеуір бір кезде төзімін таусып барып басқосу аяқталды -ау. Қайтар жолда директоры сіздің тәртібіңізді қарау керек екен деді зілденіп. Иә, сырқаттың адамды абыройсыздыққа қалдыратын осындай-осындай қиын сәттері айта берсе көп. бүгін де мынау, бір сабақты да жөндеп өте алмады. Қанша емделсе де бұл аурудан құтыла алмай келеді. кейбір білгіштер климат өзгертсе кетеді дейді. бірақ олда әншейін сөз болуы керек. шындап келгенде қазір эколгоиялық жағдайы керемет болып тұрған қай жер бар. Басқасын былай қойғанда теңіздің құрғаған табанынан ұшқан тұз тозаңдары сонау Үнді елінің шай плантацияларын бүлдіріп жатқан жоқ па. Әрбірден соң, ауасы таза жұмақ өлке бар болған күнде де, туған жерді тастап қайда кетпекші. Осындай ойлармен жатып Биғайшаның көзі ілініп кетіпті. Сонан түс көріпті. Түсінде арал теңізі де, Сырдария да суға толып бұрынғы қалпына келген екен дейді. Дария құдды сонау алпысыншы жылдардағыдай, бұның бала кезіңдегідей, ол жағасы мен бұл жағасына көз жетпейтін боп кемерінен асып шалқып ағып жатыр екен. Екі жақ жағасы дәл сол уақыттағыдай көкпеңбек, жиде мен тораңғылға толып, тұнып тұр. Амакүл, Нүрипа Кәрімқыэы, бұл үшеуіде сол жағалауда жиденің гүлін теріп жүр. Үшеуініңде аллергиясы кетіп қалыпты, мұрындары ашылыпты. Үшеуіде кос танауларымен кәдімді сау адамдарша, олайда, бұлайда демалып рахатқа бат-е-еп жүр. Көздері де, құлақтары да қышымайды. Тамақтары да кеппеген, жұп-жұмсақ. Жиденің жұпар иісі аңқыған сап-сары гүлдерін құмарлана иіскеп, мейірлері қанады. Терген гүлдерін дәу дорбаға салып жинап жатыр. Қаладағы аллергиямен ауыратындарға апарып бермекші. Бұлгүл осы науқасты жазатын алтын дәрі екен дейді. Сағаттың шыр еткен ащы даусынан тәтті ұйқыдағы қыз оянып кетті. Түнде жатар алдында «бүгүн тағы да ұйықтап қалып, сабақтан кешігермін» деп сағатты қоңырауға бұрап қойған. Онысы теріс болмаған екен. Терезеден бөлменің ішіңе жылы шуақ төгіліп, төңіректі сәулелендіріп жіберіпті. Өзі қара суға түсіп ағыл-тегіл терлепті. Сонан ба, басы да, тұла-бойы да жеп-жеңіл болып, жап-жақсы сергіп қалыпты. Мұрны даептеп ашылайын деген сияқты. Тамағыныңкеберсігені де аздап басылған. Кешегі басының зіл қара тас болып, миының меңіреуленгені кетіпті. Санасы жауыннан соңғы күндей боп шайдай ашылыпты. Түнде бір тұрғанда қаңсып кеуіп қалған тамағы жұтқызбай ауырғасын, әрі күндегіден де бетер тынысы тарылып, тұншыға бергесін емдік шөпті қайнатып ішіп, басына қалың орамал тартып, үстіне қос қабат көрпе жамылып, тас бүркеніп жатқан. Сонан тұяқ серіппей ұйықтапты. Ас үйге қарай өтіп бара жатып радиодан естілді. Кеше аспан төсін тілгілеп тағы бір зымыран көкке көтеріліпті.
АҚМАРАЛ
Ол кезде менің онжылдықты жаңа бітірген кезім. Үлкен жерге барып оқуға түсе алмағасын ауылға қайтып келіп жұмысқа орналасқам. Жұмысымыз кешке қарай басталады. Фуыл сыртындағы тұқым қоймасында күріш тазалаймыз. Бір кезекте он бес шақты қыз-келіншек бармыз. Аумағы атшаптырым болатын үлкен қойманың бір шетіне тау болып тұқымдық күріш үйілген. Соны, іске қосқанда өнбойы зыр қағып түгел қозғалысқа түсетін, мойны сорайған тазалағыш аппараттың көмейіне күрекпен ысырып салып тұрамыз. Агрегаттың бір шүмегінен таза күріш, екінші шүмегінен күрішке араласып кеткен күрмек, топырақ, басқа да қыл-қоқымдар түседі. Тазартылған дәнді ұзыннан -ұзақ жал қылып үсті-үстіне үйе береміз де, керексіз қалдықтарды зембілмен далағ шығарып тастаймыз. Жұмысымыз оңай. Тек бір жаманы қойма іші тұнып тұрған шаң. Оның үстіне шаңмен қоса ұшқан күріш қылтанақтары бетіңе тікендей қадалып, аузы-мұрнына кіреді. Қойма ішінде сәл жүргеннен кейін-ақ тамағың жыбырлап, шаңға түншығып берекен кетеді. Сосын әр жер-әр жерден жөтелу, түшкіру, қақалулар көбейеді. Осы азаптан сәл де болса алысырақ жүру үшін көбіне зембіл тасуға тырысамыз. Жұмысқа кім ертерек келсе зембіл соныкі болады. Мен көбіне жұмысқа жарты сағаттай бұрын келемін де, он шақты зембілдің іщіндегі ең жеңілдеуін, кішірегін таңдап аламын. Сосын асықпай тұрып басыма орамал тартып, аузмұрнымды тұмшалаймын. Қолғаптарымды киіп, етігімнің қонышын реттеп жұмысқа дайындаламын. Неге екенін қайдам, менімен зембіл тасуға үнемі Ақмарал деген қыз келеді. Өзі сұңғақ бойлы, аққұбаша келген әдемі қыз. Киген киімдері де ып-ықшам, өзіне жақсы жарасып тұрады. Қасы қап-қара, көздері мойылдай, біртүрлі мұңлылау сияқты, әлде маған солай көрінді ме, әйтеуір оның жанарлары бәзбіреудікіндей мағынасыз-мәнсіз емес сиәқты. Ақмарал ауылдың қызы болғанымен мен оны бұрын соңды оншалықты білмейді екенмін. Өзі мектепті бұдан төрт жыл бұрын бітіріпті. Оныңда оқудан жолы болмай, совхозда әртүрлі жұмыстар істеп жүр екен. Бір қызығы Ақмарал менен басқа қыздарға көп үйірілмейді. Жалпы өзі сөзге онша жоқ, көбіне үндемей өзімен-өзі жүреді. Маған ол ылғи ой үстінде, қиял жетегінде жүетін сияқты көрінеді. Қыздардың бәрі кішкене үзіліс кезінде дабырласып әңгіме айтып, шулап ән салып қойманы бастарына көтеріп жатқанда Ақмарал бір шетте өзімен-өзі отырады немесе далаға шығып кетеді. Оның осындай көңілсіз күйін байқаған мен көбіне жалғыз тастамауға тырысамын. Оған кітаптан оқыған, естіген әртүрлі қызықты әңгімелерлі айтып, көңілін сергіткім келеді. Маған салса онымен жақсы дос болып, мұң ұялаған көздеріне күлкі ойнатқым келеді, қолымнан келгенше жақсылық жасап, көмектессем деймін. Тек оның неге көңілсізденіп, мұңайып жүретінін біле алмай далмын. Бір күні жұмыста жаңа ғана бастап үш-төрт зембіл тасығанымыз сол еді, жарық сөнді де қалды. Жанар деген үмітпен біраз уақыт тосып, болмаған соң бәріміз сыртқа шығып екеу-үшеуден бөлініп әңгіме дүкен құра бастадық. Әрнәрсені сөз етіптағы бір шама уақыт өткіздік. Бір кезде қолында әр түрлі құрал сайманы бар электр жөндеушісі келді де қоймаға тоқ беретін үлкен трансформатордың күйіп кеткенін, жуық арада жарық болмайтынын айтты. Қыздардың үйі жақындары үйлеріне барып келуге, қалғандары қойма қарауылының будкасына барып шай қамдауға кірісті. Ақмарал екеуміз сол отырган жерімізде тапжылмастан қала бердік. Үсті бастарын қағып-сілкіп, жан-жаққа тарап жатқан қыз-келіншектерді көзімізбен ұзатып салып, біраз уақыт үнсіз отырдық. Ақмарал қолындағы кішкене таяқпен жер сызғылап әлде бір ой үстінде отырған сияқты. Мен оның өзін оңаша қалдырайын деп жайлап орнымнан тұра беріп едім, -Алмаш, кетпеші мен саған бір нәрсе айтайын деп едім, - деді жаймен. Мен орныма қайта-дан отырдым. Сосын, -Не туралы, - дедім жүзіне қарап. Ақмарал әдемі бір жымиды да ернін тістелеп төмен қарады. Сосын маған жақындаңқырап отырып, еркелетіп шашымнан сипады, мойнымнан құшақтады. Мен де оған еркінсіп иығына басымнан сүйіп, тізесіне қолдарымды қойып отырдым. -Алмаш, - деді Ақмарал бір кезде, -Мен сені туған сіңілімдей жақсы көрем, сенің өлең жазатыныңды білем, газетке шыққан өлеңдеріңді оқығанмын. Сен келешекте үлкен ақын боласын, - деді. Менің еті бетім ду ете түсті. Осы уақытқа дейін Ақмаралды, өзім жақсы көріп, жақын тартып, дос болсам деп жүрген жанның менің өлең жазатыным туралы білетінін ойламаппын. Енді бір түрлі ұят сияқты Онсыз да А қмаралдың алдында қысылып, еркін сөйлей алмайтынын мен енді мүлдем үнсіз қалдым. Бар болғаны оның орамалының шашақтарынын салалап, саусақтарыммен тарай бердім. -Алмаш, - деді Ақмарал тағы да. Ау, - дедім мен басымды иығынан алмастан. Сен осы өміріңде біреуге ғашық болып көрдің бе, деді батылсыздау ғана. Мен онан мұндай сұрақты күтпегенмін, біртүрлі ерсі көрінді, өз-өзімнен қысылып, ұялып қалдым-Жоқ, - дедім кінәлі адамдай. Сосын тіктеліп дұрысталып отырдым. -Ал мен ғашық болып көрдім. Осы жүргенде ғашықтықтан, сағыныштан өлердей болып жүрмін. Түсінесіңбе мені Алмаш, саған айтпағанда кімге айтам сырымды. Бір өзімнің жүрегіме сияр емес, біреуге айтып ақтарылғым келеді. Кеудеме сыймай жалынымен өртеніп бара жатқан сағынышым саған сыр ғып айтсам сәл де болса басылатын сияқты. Тыңдашы мені, Алмаш- деді. Мен екі көзім бақырайып, Ақмаралды жаңа көрген адамдай таңданып қарап қалдым оған. Былайғы кезде үндемейтін, томаға тұйық жанның бұлайша сөйлеуі маған біртүрлі қызық көрінеді. Бір көргеннен ғашық болады дегенге сенбейтінмін, - деп бастады әңгімесін ол. -Сол жайды тұнғыш рет өз басымнан өткердім. Бірге жүретін құрбыларымның көбі жігіттермен қол ұстасып қыдырып, достасып жатқанда соны әбес көретінмін. Кейбір жігіттер бірге жүруге ниет білдіріп, киноға, ойын-сауықтарға шақырса қысылып бармайтынмын. Өзімді ұнатып, соңымнан қалмай жүрген жігіттердің өліп-өшкен сөздері де еш селт еткізбейтін. Қайта оларға ызам келіп беттерін қайтарып, ұрысып тастайтынмын. Бұдан екі жыл бұрын осы қоймаға жұмысқа келдім. Ол кезде анау тұрған бидай сақтайтын кішкене қойманы жаңадан салып жатқан. Оның құрылысын осы жақта әскери борышын өтеп жүрген солдаттар жүргізді. Кейбір қыздар жұмыстан қолдары босағанда кезекпе-кезек сол-даттарға барып, олар бізге келіп, бір-бірімен қатысып жүретін. Сонда мен олардың біреуінің бетіне көз тоқтатып қарап көңіл бөлмеппін. Жұмыстан өзге ештеңемен шаруам жоқ-ты. Ол кезде де дәл осындай қоңыр күз болатын. Совхозда егін жинау жүмысы қызу жүргізіліп жатқан. Бір күні қоймада істейтін бір топ адамды қырманда жұмыс қолы жетпей жатыр- деп сонда алып кеттіде, олардың орнына кішкене қойманың құрылысын салып жатқан солдаттарды әкелді. Бұл біздің қыздарға өте жақсы болды. Көбі оларды бұрыннан таниды екен, кейбіреулері жаңадан танысып, мәре-сәре болдыда қалды. Қойманың іші бұрынғыдай емес, гу-гу әңгіме, сыңғырлаған күлкіге, әзіл-қалжыңға толып жүре берді. Жұмыс та жаман атқарылып жатпаған сияқты. Енді зембілдердің барлығын солдаттар көтеретін болды. Қыздардай емес, олар қалдықтар үйілген зембілдерді қаңбақша көтеріп, демде-ақ сыртқа төгіп қайтіп келеді. Келедіде сол екі арада қарап тұрмай әр қайсысы өздері қалаған қыздардың қолындағы күректерді алып үйілген күріштерді ысырады. Ал қыздардың бұл кезде жүздері жанып, бір түрлі қуанып, бір-біріне мақтағандай сынаймен масаттана қарайды. Осындай сәттерде шеткі жақта істейтін мен ғана жалғыз өзім состиып оқшау қалып қоям. Менің жанымдағы Құрманкүл де қарап тұрмай қолыңдағы күрегін біздің тазалағыштан тускен қалдықтарды тасып жүрген кішкене сары солдатқа бере қояды. Сөйтіп, өзі оны әзілге тартып, оны-мұны әңгімелейді. Ал, зембілдің бір жағын ұстайтын Мурад-Мития дейтін түркімен жігітті дереу қолы босасымен арғы аппаратта тұрған Сырғашқа қарай зытады. Бір күні қойма меңгерушісі Кеңес ағай екі солдатты ертіп келді. Екеуі де бойшаң, қара торы, әдеміше келген жігіттер. -Көрші совхоздағы әскери бөлімнен бізге астық жинауға біраз солдаттар келіпті, - деді Кеңес ағай. -Көпшілігін бригадаларға бөлді. Ал мына екеуін бізге көмекке жіберді. Танысып қойыңдар, бұлар Абдулла, Әшір деген жігіттер. Бүгіннен бастап сендермен бірге жұмыс істейді. Нұржамал, жұмыс жайымен солдаттарды өзің таныстырарсың. Ал№ істеріңе кірісе беріңдер! Осылай деді де Кеңес ағай өз жөніне кете берді. Қыздар мен жігіттер орындарына келіп, агрегаттарды іске қосты. Қойма меңгеушісінің көмекшісі Нұржамал ортада селтиіп тұрып қалған екі солдаттың жанына таяп келіп, олармен қол алысып танысты. Сөйтті де атқарылатын жұмыс барысын айтып, екеуіне тапсырма берді. -Абдулла, зембіл тасушыларға көмектес, ал сен Әшір... Нұржамал қаз-қатар тұрған аппараттарға, оның жанындағы қыздарға көз жүгіртіп аз-кем ойланып қалды. Сәлден соң: -Әшір, сен анау шеткі тұрған тазалығышқа барып сондағы қыздармен кезектесіп істейсің? - деді. Сойдеді де маған қарап көзін қысты. Мен де неге екені белгісіз, оған қарап езу тарттым. Мұндайда текке тұратын Құрманкүл ме: -Ой, Нұржеке жарайсың, біздің Ақмаралдың да қолы босайтын болды деп жылдамдата барып, Әшірдің қолынан жетектеп ертіп келді. -Әшеке, ал танысып қой, мынау біздің Ақмарал деген сұлуымыз, өзі ешқандай жігітке қосылмайды, ешкімге қарамайды да. Енді өзің былай... - деп әй-шәйға келмей сымпылдай жөнелді. -Қойсаңшы Құрманкүл, бүкіл қойманы басыңа көтердің ғой, - дедім мен оған жақтырмаған кейіппен. -Қойғаны несі, таныстыңдар деп тұрмын ғой мен. Болыңдар енді, жұмысымызды істейік - деді Құрманкүл асықтырып. Осы кезде:
-Әшір, - деп қолын ұсынды солдат. -Ақмарал, - дедім мен де қолымды созып, сөйттім де көз тоқтатып оның бетіне қарадым. Тау халықтарына тән сұлу келбет! Екі арасы түйісуге таяп тұрған қап-қара қолын қас. Ерлерге лайық қыр мұрын. Қияқтай қою мұрт. Ұшқын шашып тұрған өткір жанар. Көзіне көзім түсе бергенде ол ұзын кірпіктерін төмен құлатып назарын жерге салды. -Бол-бол жұмысқа кірісіңіздер, Әшір кане күректі қолыңа ал, - деді Құрманкүл осы кезде. Мен қолымдағы күректі солдатқа ұсына қойдым. Күректің сабын ұстай беріп бетіме тағы да қарады ол. Жүзінде күлкі табы бар. Сірә Құрманкүлдің қылығына жымыйған болуы керек. Мен шеткерірек шығып дуалға келіп сүеніп тұрдым. Екі бетім, өң бойым бір түрлі дуылдап ысып бара жатқандай. Жүрегімнің дүрсілі жиелей түскен сияқты. Екі аяғым да дірілдеп кеткендей. Бұрын -соңды сезбеген бей-мәлім күй кешіп біраз тұрдым. Бір жақсысы мені сол сәттері «неғып тұрсың?» деп ешкім мазаламады. Әшейінде дамыл таппай сөйлей беретін Құрманкүлдің де менімен оңаша жұмысы болмады. Үйге келген соң да біраз уақытқа дейін Әшірдің әдемі жүзін көз алдыма қайта-қайта елестетіп, ол туралы ойлап жүрдім. Ертеңіне жұмысқа біраз ертерек келдім. Алдыңғы кезектің жұмысшылары әлі кете қоймапты. Мен қарауыл будкасының жанындағы ұзынша орындыққа отырып, киімдерімді реттеуге, орамалымды дұрыстап тартып алуға ыңғайландым. Сөйткенше болған жоқ, қойма қорасына дабыр-дүбір сөйлескен бір топ солдат кіріп келе жатты. Былайғы уақытта оларға мән бермейтін мен еріксіз солай қарай бұрылдым. Өңкей қоңыр киім киген біркелкі жігіттердің арасынан сағатсыздана біреуді іздейтін сияқтымын. Анадай жерде келе жатқан солдаттарды көзіммен тез-тез шолып өттім. Ақыры өзім іздеген бейнені де таптым-ау. Әшір! Солдаттардың ең соңында келеді. Оны алыстан таныған сәт жүрегім аузыма тығылғандай болып, дүрс-дүрс соғып кетті. Солдаттар маған қарай жақындай түсті. Мен жалмажан түзеліп алып ештеңе байқамағандай төмен қарап отыра бердім. Олар тобымен келді де қойма ішіне кіріп кетті. Әшір менің тұсымнан өте беріп кідіріп қалды. Сәл-пәл ойланып тұрды да жаныма келіп отырды. Осы сәт онсыз да кеудеме сыймай дүрсілдеп тұрған жүрегім тайдай тулап қоя берді. Біртүрлі тынысым тарылып кеткендей.
Қапелімде Әшірдің аузына сөз түспей қалған болар, сәл үнсіз отырды да: - Хал қалай, Ақмарал, неғып отырсың? деді. Мен не дерімді білмей үнсіз қалдым. Толқыған кейіппен. Менің жүрегім шым ете қалды. Оқыс басымды көтеріп алып оның жүзіне қарадым. Ол да маған телміре қарап қалыпты. Осы сәт мен оның жанарларынан бұрын-соңды ешкімнен байқамаған ерекше бір жылылықты, жанымды аялап өзіне қарай еріксіз тартатын шуақты сәулені байқадым. Иә, сол сәтті оның жанары шүпілдеген сезімге тұнып тұр еді. Мен өз еркімнен тыс сол сезімнің тұңғиғына батып бара жаттым. Сол күні жұмыстан соң ол мені үйге дейін шығарып салды. Аула жанындағы балғын теректің тасасында бір-бірімізді қимай біраз тұрып қалдық. Ол қощтасар сәтте саусақтарымды уысымнан шығармай аялай сипап тұрды да: -Мен сені тек бүгін ғана емес, бұрындары да ылғи түсімде көретінмін. Шын айтам, үнемі саған ұқсас ақ көйлекті, толқынданған қап-қара шашаты, әдемі көзді бір қыз түсіме енетін. Мен ол қызды түсімде үнемі қуып жете алмай, қуа-қатты шаршайтынмын. Ал, ол болса ақ көйлегі желбіреп калықтай ұшып ақша бұлттар арасына кіріп жоқ болатын. Мұндай түс көрген күндері ұйқымнан ояна келе жанағы сұлу көріністен айыға алмай біраз отырам. Сосын менің сүйген қызым дәл осындай болса деп армандаймын. Осы уақытқа дейін, кеше сені кездестіргенге дейін армандап келдім. Үнемі ол қыз маған ақша бұлттар арасынан бұлдырап көрінетін. Ал бүгін түсімде мен оны, оны емес-ау дәл сені анық көрдім. Бір қызығы сен де үстіне ақ жібектен тігілген аппақ көйлек алыпсың. Міне, мен сені көптен бері осылай іздеп жүргенмін, енді таптым, енді сенен ешуақытта айрылмаймын, - деді. Мен болсам оның мынау ертегіне ұқсас әңгімесін таңқала тыңдап үнсіз тұрып қалдым. Осы сәтте ол менің екі бетімнен аялай ұстап, нәзік бір қимылмен маңдайымнан, көзімнен иіскеді, сосын, сосын ернімді ып-ыстық шоқ қарап, жып-жылы, жұп-жұмсақ құшаққа еніп бара жаттым. Әшір жаңа ғана әңгіме қылған ақша бұлттар арасында енді мен шынымен-ақ қалыптан ұшып бара жатқандаймын. Әңгіменің осы жеріне келгенде Ақмаралдың дауысы бәсеңдеп діріл аралас шықты. Сәлден кейін тіпті үнсіз қалды. Манадан бері қыймылсыз, бар зейінім әңгімеде отырған мен көз алдымда зырылдап өтіп жатқан кинолента кенеттен үзіліп кеткендей аңырып отырып қалдым. Сосын әңгіме оқиғасына еріп, өзіме әлі жаттау, бірақ жүрегіме жылы әрі қызықты болып көрінетін ғашықтар әлемін шарлап кеткен қиялымды, сана-сезімімді жиып, әрең дегенде өз-өзіме келдім. Жайлап Ақмаралға көз қиығымды тастадым. Ол қолындағы манағы жер сызғылаған кішкене шыбығын бөлшектеп сындырып, төмен қараған күйі үнзіз отыр. Бір кезде мұрнын үсті-үстіне тартқылап, алақанымен көзін сүртті. Осы кезде барып мен оның білдірмей жылап отырғанын түсіндім. Сол-ақ екен менің де көңілім жабырқап сала берді. Кеудемді Ақмаралға деген, өзім жыныма жақын тұтып жүрген осы бір сүйкімді қызға деген аяушылық сезімі жайлап алды. Бұл кезде төңірекке қараңғылық түсіп, аспан төрінің әр жер-әр жерінен жымыңдап жұлдыздар көріне бастаған. Манағы қарауыл будкасына кіріп кеткен қыздардан еш дыбыс білінбейді. Селт етіп сыртқа шыққандары да көрінбейді. Сірә, олар да ыстық шайды ортаға алып, қызу әңгімеге кіріскен болуы керек.
-Жалығап кеттің бе? - деді Ақмарал. -Жоқ. Неге олай дейсің, қайта мен қызық кино көргендей, екеуіңді көз алдыма ап-анық елестетіп отырмын. Сонан кейін не болғанын айтшы. Әшір қайда қазір? - дедім жалынғандай үнмен. -Айналайын сенен, - деп шашымнан сипады Ақмарал. Сөйтті де өзі маған жақынырақ отырып бәсеңдеу үнмен әңгімесін онан әрі сабақтады. -Сол күннен бастап ол мені күнде жұмыстан кейін үйге шығарып салатын болды. Тіпті кейде жұмыстан түн ортасында шаршап шыққанымызға қарамастан көшелерді айналып қыдырамыз. Көбіне мектептің бауына барып отырамыз. Не керек, аз ғана уаыттың ішінде мен оған әбден үйреніп, бауыр басып кеттім. Бұрын барғым келмей зорланып әрең бартын жұмысқа қарай енді асығатын болдым. Үйге келгеннен соңғы тірлігімде еш береке қалмады. Жатсам да, тұрсам да, үй тірлігімен айналысып бірдеңеге қол тигізсем де есімнен бір шықпайды. Есіл дертім-сонымен бірге болу, таусылып бітпейтін сырларымды ақтару, оның жүрегімді өртеп жіберетін отты жанарларына тоймай қарай беру. Өйістіп екеуміздің ортамызда маздаған алау оттың ыстық жалынына өртеніп жүргенде егін-терін жиналып бітіп, Әшірлер өз бөлімшелеріне қайтты. Мен оны жіберуге қимай көрші совхозға дейін жаяулап бірге еріп бардым. Таңертең жолға щыққан Абдулла үшеуміз әңгімелесе отырып 4-5 шақырым жерге лезде-ақ жеттік. Ауыл шетіне іліге бергенде Абдулла менімен жымия қоштасып әскери бөліміне қарай кетті де, біз екеуміз оңаша қалдық. Бір-бірімізге үнсіз қарап тұрып, қол ұстасып кейін қарай жүрдік. Енді ол мені ауылға дейін шығарып салды. Бірақ, бұл жолы жүрісіміз өнбеді. Жүргенімізден тұрғанымыз, бар дүниені ұмытып ынтыға аймаласқан сәттеріміз көп болды. Көрші совхозда болғанмен Әшір екеуміздің арамыз суыған жоқ. Ол үш-төрт күнде бір, жетісіне бір келіп тұрды. Кейде демалыс алып, кейде командирінен сұранып, тіпті кейде жұмысынан қашып келеді. Енді бұрынғы күнде бірге болатын кездегідей емес, қайта бір-бірімізді сағынысып, ынтыға табысатын болдық. Мен оны бар болмыс, мінезімен ұнатып, құлай сүйдім. Уақыт өткен сайын оған деген ынтызар сезімім арта түсіп бара жатты. Күтпеген жерден басталған осы оқиғаға бір жағынан жүрегім жарылардай қуанып, өзімді шексіз бақытты сезінсем, бір жағынан қатты қобалжып жүрдім. Ол қобалжу-енді аз ғана уақыттан соң Әшірдің, жанымдай жақсы көріп, онсыз өмір сүре алмайтындай болған, дүниедегі ең жақыным, ең аяулым болып кеткен жанның әскери борышын өтеу уақытының бітетіндігі еді. Осы кесімді мерзім таяған сайын мен де, ол да іштей абыржып қинала түстік. -Мен сені қалайда алып кетуім керек, - деді ол бір күні қалың ағаштар бой түзеген мектеп бағының ішінде отырғанда. Мен үндемедім. Тек екі көзіме мөлтілдеп келіп қалған ып-ыстық жасты жасырып, теріс айналдым. Үндемегенім-бәрібір өзімнің үйдегі аурушаң жалғыз шешемді тастап ешқайда кете алмайтыным еді. Менің сүйенерге қарам болмай, қатты қиналған кезім де осы тұс болды. Жанашыр туыс-бауырдан ада болып жалғыз жаралғаныма өлердей өкіндім-ау сонда. Сонымен Әшір екеуміз өмір бойы бірге болуға сөз байластық. Ол алыстағы Памир тауларының етегіндегі өз қыстағына барып, біраз күн болып аунап-қунап, туған жеріне деген сағынышы басылғасын ата-анасынан рұқсат алып біздің ауылға біржола келетін болды. Әшір әскери бөлімшеден аттанатын күні мен оны шығарып салуға барғаным жоқ. Өйткені көпшіліктің, ауылдың адамдарының көзінше онымен қоштасу маған өте қиын соғатын болды. Онда барғасын өз-өзіме ие бола алмай жылайтынымды, қол бұлғап кетіп бара жатқан сүйікті жанды қия алмай жүрегім езіле қиналатынымды білдім. Ол күні мен түпкі бөлмеге кіріп алып үнсіз егілдім. «Әлі-ақ келеді ғой»деп өзімді қанша жұбатсам да енді қайтып көріспейтінімізді күні бұрын сезгендей өзімді-өзім тоқтата алсамша. Қайта апам бір жамағайын кісінің үйі қонаққа шақырып сонда кеткен. Жүрегім суырылып бара жатқандай, бүкіл жаным, сезімім, ойым, барлығы-барлығы сонымен бірге кетіп, менің мұңда жалынсыз-жансыз құр сүлдерім қалғандай. Содан кейін Әшірден біраз уақыт жиі-жиі хат келіп тұрды. Хат алған күні менің қуанышымда шек болмайтын. Әрбіреуін қолдарым дірілдеп, жүрегім кеудеме сыймастай дүрсілдей отырып ашамын, сосын өзге дүниені ұмыта, ыстық сезім құшағында ынтыға оқимын. Содан кейін отыра қалып бар ынта-ықыласыммен ақтарыла хат жазамын. Оғанхат жазу мен үшін ерекше бір рахат минуттар болатын. Екеуміздің арамызды жалғастырып тұрған сезімге толы сол бір хаттар сиреп барып ақыры біржола тыйылды. Соңынан мен талай-талай хат жазып, телеграммалар салдым. Бірақ еш жауап болмады. Өзінің соңғы жазғандарында «ауылымыздың бір топ жігіттері мен қыздары комсомолдық жолдамамен алыс бір таулы ауданда ашылған жаңа екпінді құрылысқа кеткелі жатыр»деп қайта-қайта ескерткені бар-тын. Мүмкін сонда кеткен шығар, сөйтіп, жаңа жерге барып орналасып, бірыңғайланғанша қолы тимей жатқан боар деп те ойладым. Бірақ, арада жыл өтті, енді міне екі жылдан да асып барады, еш хабар жоқ. Осы арада Ақмарал әңгімесін доғарып тағы да үнсіз қалды. Мен тырп етіп қозғалмастан отыра бердім.
-Осылай Алмаш, - деді ол ауыр күрсініп. Сосын тағы да сөйлеп кетті. -Бірақ мен Әшірді еш кінәламаймын. Өйткені, оған да оңай емес. Келем деп айтуға жеңіл болғанымен бұл тек Әшірдің жалғыз өз басы шешетін мәселе емес қой. Оның да ата-анасы, бауырлары, туған-туыстары бар. Ол қанша өз тағдырымды өзім шешемін дегенімен, олардың да көңілдеріне қарайды. Тағы бір жағынан жат-жұрттыққа жаралған қыз емес, ер жігітке туған жерін тастап шалғайдағы бір елге кете бару да оңай емес. Міне, осы жағынан еш ретін келтіре алмаған Әшір мені де, өзін де қинамайын деп амалсыздан хат жазуды доғарған болуы керек. Бірақ, бәрібір хат жазбаса да ол мені ұмытқан жоқ, дәл бұрынғыдай сүйеді. Басқаша болуы мүмкін емес. Мен басқаша ойлай алмаймын да. Осыны айтты да Ақмарал басын қойма қабырғасына шалқайта сүйеп мың-сан жұлдыздары жымыңдай төніп тұрған аспанға қарады. Еріндерін жымқыра тістеп алыпты. Жанарларында іркіліп тұрған мөлдір шықтар ай сәулесімен шағылсып лағылдай жалтырайды. Мен болсам осыған дейін сырын білмейтін жанға қызығып, әрі оны аяп, тырс етіп жақ ашпастан отырып қалдым. Енді ол менің көзіме бұрынғыдан да сүйкімді, жүрегі шүпілдеген сырға, сағынышқа, сезімге толы хас сұлудай көрінді. Дәл қазір менің алдымда махаббат тәңірі отырғандай болып елестеді. Мен оның шын жүрегімен беріліп, құлай сүйгеніне, ғашықтықтың алауы күндерін басынан өткергеніне қызықтым. Бір ғажабы жарық сөнген түнгі осы әңгімеден кейін Ақмарал екеуміз мүлдем жақындасып, сырлас дос болып кетті. Енді ол мені кіші демей, теңдей көріп барлық сырын іркілмей баяндай беретін болды. Көбіне айтатыны сол Әшір жайлы. Алғаш әңгімесін бастаған түннің ертеңіне маған қойма түкпірінің қабырғаларындағы екеуінің аттарын ойып жазғандарын көрсетті. Сөйтсем, бұрын байқамаған екем қойманың қабырғасы кісі бойы жетерлік жерге дейін арасына қосу белгісі салынған өңкей қыздар мен жігіттердің есімі екен. Ақмарал Әшір туралы айтуға еш жалықпайды. Бұған дейін жан баласыңа сыр шашпағасын ішінде тұнып қалған екен. «Сенің ерінбей тыңдайтының жақсы болды»дейді қуанып. Ал, мен оның екеуі жайлы әрбір жаңа әңгімесін, жасаған қылықтарын, бастарынан өткізген әдемі сәттерін естіген сайын бұрынғыдан бетер қызығып, таңырқай түсемін. Осылайша Ақмарал екеуміз жақсы дос болып, сырласып жүргенде оқуға барар уақыт болып, мен үлкен шаһарға аттаңдым. Сәті түсіп сол жылы студентдым. Сабақ басталар алдыңда Ақмарал мені жолға шығарып салды. Қоштасар сәтте: -Алмашжан-ай, Әшірден кейінгі бір жақын көріп, көңілім жұбанған жан едің, бүгін сен де кетіп барасың. Тағы да жалғызсырайтын болдым-ау, - деді даусы дірілдеп. Мен өзімді әрең тежеп: -Олай деме Ақмарал, мен сені жалғызсыратпай үзбей хат жазып, каникулда келіп тұрамын, - дедім. -Иә, Әшір де жазбай қойған, сен де сөйтесің, - деді. Сосын бетін көлегейлеген күйі жанарлары боталап, тез-тез басып жүріп кетті. Міне, содан бері де арада сырғып біраз жыл өтті. Мен болсам оқуымды бітіріп, қазір қалада жұмыс істеймін. Ақмарал үйлі-жайлы болған. Үш-төрт бөпесі бар. Шешесі әнебір жылдары дүние салды. Кейде қолым тимей қалған кездері болмаса ауылға барған сайын оған соғамын. Семьялы, балалы-шағалы болып кетсе де екеуміз оңаша қалсақ болды Әшір жайлы таусылмайтын әңгімесін бастай жөнеледі. Оны тыңдай отырып «махаббат мәңгілік»деген рас щығар деп ойлаймын. Әуелгі үйленген жылдары үйіне бір келгенімде «Әшир екеуміз жайлы бар сырым өзіңе аян ғой, мыналардың енді менде тұрғанының реті болмас, саған тапсырдым» деп бірнеше дәптермен хаттарын берген. Оларды мен өзімнің ең қымбат қағаздарыммен бірге сақтап жүрмін. Ақмарал кейінгі кездері мені көрген сайын «Тілші бала, сен менің алыстағы арманым жайлы жазшы, сағынғанда оқып жүрейін» дейтін болды. Мен ешнәрсе айтпай жымиып күлемін де қоямын. Бірақ, біздің ауылға небәрі бір айға ғана жұмысқа келіп, бейқам жүрген қызымыздың жүрегіне сүйіспенншіліктің өшпес отын жағып кеткен сол жігіт жайлы, екеуінің арасындағы әдемі сезім жайлы жып-жылы бір дүниені қалай да жазсам, және оны мөлдір махаббат иесінің атымен «Ақмарал»деп атасам деймін.
НОВЕЛЛАЛАР
МАХАББАТ
Осыған дейін кітаптан қанша оқып, кинодан қанша көрсе де Нұрлан сүю дегеннің осыншалықты ғажап, осыншалықты азап екенін білмепті. Тіпте біреуге байланып, ғашық болып керегі не деп ойлайтын. Жігіттердің соншама әуреге түсіп, әдемі киініп, гүл алып қыздарға барып жүретіні, сосын бар уақытын жіберіп, солардың соңында салпақтайтыны мұны таңқалдыратын. Әсіресе алпамсадай ағаларының әп-әйдік бойжеткендерге кішкентай бала құсатып балмұздақ, лимонад, шоколад әперіп бәйек болатындары Нұрланға тіпті әбес көрінетін. Ал қыздардың қолдың басындай ғана сөмкелерін олардың өздері көтере алмайтындай, жанындағы жігіттер ұстап жүретінін көргенде жыны келіп, намысы оянатын еді. Сөйтсе оның бәрі әрбір еркек кіндіктінің басынан өтетін заңды құбылыс, керемет кезең екен. Сондай керметке ойда-жоқта бұл да тап болды. Институт табалдырығын аттап, білімнің кәусар бұлағына бас қойғанына үш-төрт ай болған. Бір күні жатақханадағы бөлмелес досы Сұлтан екеуі жоғарғы қабаттан төмен түсіп келе жатыр еді, шамасы жоғарғы курста оқитын болуы керек, өздерінен ересектеу екі-үш қыз қарсы жолықты. Бұлар баспалдақтың бір жақ шетіне ығысып, жол бере бергенде Сұлтан: -Ой, Баян тәте, саламатсыз ба, мен сізді келгелі бері іздеп, таба алмай жүр едім, - деп ортадағы әдеміше келген қараторы қызбен шұрқырай амандасты.
Қыз Сұлтанның бетіне ойланып қарап қалды да: -Кешір, інішек, мен сені аздап шырамытқанмен жете тани алмай тұрмын, - деді. -Баян тәте, мен Көкталданмын ғой, сондағы Оразбек ұстаның баласымын. Сіз менің ағам Сабырмен бірге оқыдыңыз емес пе? -А... а, солай де. Бәсе-ау түрінді біреуге ұқсатам. Біз ауылдан кеткенде сендер кішкентай бала едіндер, енді міне әдемі, сымбатты жігіт болыпсындар. Осында оқуға түстің бе? Бұдан кейін Баян Сұлтаннан ауыл-аймақтың амандығын қысқаша сұрап-біліп, өздерінің кеше ғана Көкшетаудан өндірістік тәжірибеден келгендерін айтып, мұның да аты-жөнін, қай облыстан екенін сұрап танысты. Сонан соң екеуін кең отырып әңгімелесу үшін кешке бөлмесіне шақырды. Бұлар «міндетт і түрде барамыз» деп уәделерін берді. Сабақтан келісімен екеуі киімдерін ауыстырып, беті-қолдарын тез-тез жуды да, екінші қабатқа түсіп, он алтыншы бөлменің есігін қақты.
-Келіңдер, төрге шығыңдар, - деді есікті ашқан Баян.
Бұлардікіндей ашық-шашық емес, қабырғаларына бұғы, аққу бейнеленген кілемшелер мен суреттер ілінген үш кісілік бөлме ұядай. Тұрғындардың бірі-Сақыпжамал жерлестерімен киноға кетіпті. Ал екіншісі-Қуанышкүл асханада тамақтың қамымен жүр екен. Көп кешікпей қалайы кострюлді көтеріп ол да келді. Төртеуі отырып шай ішті. Қуанышкүлдің жасаған сарыала палауының дәмі тіл үйіреді. Үш-төрт айдан бері үйдің тамағын жемеген жігіттердің терілері жазылып, маңдайларынан шып-шып тер шықты. Шайды Баян құйып отыр. Өзі де, қимылы да нәп-нәзік. Бұл қыздың өзгелерден ерекше қасиеті бар екенін Нұрлан бағана, бірінші көргенде-ақ аңғарған. Бірақ не ерекшелік екенін білмеген. Енді тапты. Ол-көп қыздарда кездесе бермейтін нәзіктік. «Ойпырмай, - деп ойлады. -Адам баласы осынша нәзік, осынша сыпайы, осынша сұлу болып та жаралады екен-ау». Олар ұзақ шай ішіп, әңгіме айтып отырғанда, бұл үн-түнсіз, көзінің астымен білдірмей Баянға қараумен болды. Сол түні бесінші курстық сұлуға қанша қараса да жас жігіт жанарын тойдыра алмады. Тойдыра алмаған күйі төсегіне келіп жатта. Таңертең байқағаны-Баянды тағы көргісі келіп тұр!Оның жып-жылы шуаққа толы көзі мен сүйкімді жүзі, өзіне әдемі жарасатын, сонымен де адамды еріксіз тартатын, дәл өзі сияқты нәзік қимылы-санасында сурет болып тұрып қалыпты. Ол басын шайқап-шайқап жіберіп, кірпіктерін айқастырып қайта ашты. Тағы да сол мөлдіреген бейне. Сабақта, басқа қыздармен сөйлессем бұл сурет көз алдымнан кетер деп ойлады. Қайдағы!Қайта мына бойжеткендермен салыстырғанда оның ерекшелігі айқындала түсіп, айқындалған сол нәзіктік өзіне тартып, ынтықтыра берді. Кешке жатақханаға келісімен Баянға барам деп ойлаған. Сөйтсе олай болмайды екен. Асығып жеткен арыны екінші қабатқа түскенде басылып қалды. Не деп барады сонда?Пәлендей шаруасы жоқ. Бір курста оқымайды. Ең болмаса Сұлтан сияқты ауылдасы да емес. Дәлізде не істерін білмей, әрлі-берлі сандалып жүрген жігіт ақыры тапты! Тапты да жоғары қарай жүгірді. -Сұлтан, - деді келе. -Біз осы Баяндарды киноға шақыруды ұмытып кетіппіз ғой. -Киноға? Қандай киноға? - деп таңданды керуетінде қаннен-қаперсіз демалып жатқан досы.
-Қандайына болса да бәрібір. -Біз неге оларды шақырамыз? Киноға барғың келсе өзіміздің курстың қыздары да жетеді ғой. -Қызықсың Сұлтан, - деді осы кезде күйіп кеткен Нұрлан. -Кеше ғой олардың тәтті палауы мен шәйін ішіп, жеп алдық. Бүгін енді біздің кезегіміз емес пе? Екеуміз де тамақ пісіре алмаймыз. Енді киноға шақырмағанда не істейміз? Иә, ол да дұрыс екен. Әй осы сенің басың басың қатты істейді. Мен бұл туралы тіпті ойламаппын.
Екеуі қаздай тізіліп он алтыншы бөлмеге келді. -А... балалар, сендер ме, келіңдер, жоғарылатыңдар, - деді жып-жылы күлкісімен жымия қарсы алған Баян. Сұлтан асыға-аптыға келген шаруаларын айтты. Нұрлан болса сәлемдескен бойда босағаға арқасын сүйеп, Баянға жүрегі елжірей қарап қалды. Бұл жолы да бөлмеде Баян мен Қуанышкүл ғана екен. Сақыпжамал жоқ. Сәлден соң төртеуі сыртқа шықты. Бағыттары «Арман» кинотеатры. Билет алып, орынға жайғасарда бұл Баянның жанына отыруға тырысты. Солай болды да. Экранда жүріп жатқан фильмнің не жайында екенін Нұрлан түсінген жоқ. Өз қызығы өзімен. Осы отырғанда бұрын-сонды сезбеген рахат бір күйді басынан кешуде. Денесі бір ысып, бір суыйды. Көзінің қиығын экраннан гөрі қызға көп салады. Кино көргеннің өзі қандай сүйкімді, қандай нәзік! Осыны ойлаған бойда бас салып иығынан құшақтағысы келді. Қолын кіп-кішкентай қолдарының үстіне қойғысы келді. Бірақ қай... да... а... а. Өйістіп оның жанында жайдан-жай отырудың өзі жақсы. Кеудесі тәтті сезімге тұнып тұр. Өзін сондай бақытты сезінуде. Қайтарда бұлар «таза ауа жұтайық» деп жаяу жүрді. Бұл шешімге Нұрлан іштей қатты қуанды. Досының көңіл қалауын байқады ма, жоқ әлде ыңғайы солай болды ма, әйтеуір Сұлтан Қуанышкүлмен әңгімелесіп, алдыға түсіп кетті. Түн тып-тымық. Ауада бетіңді шымшыр аздаған аяз бар. Таңертең жауған аппақ қар көше бойындағы электр шамдарының жарығымен шағылысып жылт-жылт етеді. Екеуі артта жәймен жүріп келеді. Екеуі де үнсіз. Жалпы Баян көп сөйлемейтін, көбіне жұрттың сөзін монтиып қана тыңдап, ретті жерінде жәймен жауап беретін, өте байсалды қыз сияқты. Ал бұл болсча бір адамдай-ақ «сайрайтын» еді. Оның үстіне «оңаша қалсам айтар едім» деген әңгімелері де көп болатын. Енді көрмейсің бе, сол «көп әңгіменің» бірі де аузына түспей келеді. Түспейді емес-ау, сөйлейін десе үні шықпайтын сияқты. «Қой, бүйтіп ұрысып қалған адамдай үндемей жүре бергенім ұят. Неде болса бірдеңе айтуым керек» Іштей осылай бекінген жігіт аздап тамағын кенеп алды да: -Сіз... сіз өзіңіздің сондай нәзік, сондай сұлу, сондай сүйкімді екеніңізді білесіз бе? - деді бас жоқ, аяқ жоқ әңгімені тура төтесінен бастап. Төмен қарап өз ойымен өзі болып келе жатқан Баян естімеген сияқты, үндемей жүре берді. Сосын жігіт оның алдына кес-кестеп тұра қалды да: -Сіз... сіз өзіңіздің сондай нәзік, сондай сұлу, сондай сүйкімді екеніңізді білесіз бе? - деді қайталап. Басын жерден көтеріп, мұның бетіне қараған қыз жымиып басын шайқады. -Ал мен білем, білем! Сіз өте әдемісіз. Қыздардың бәрінен де сұлусыз. Сосын... сосын... мен сізді жақсы көремін. Сізді күнде көргім келеді. -Қой, олай деме, Нұрлан. Мен сенің апаңмын. Сен өзің қатарлы қыздармен дос бол. Баян осыны айтты да тез-тез басып жүріп кетті. Туу, ренжітіп алдым-ау, деп ойлады жігіт. Қандай ақымақ едім... Осыдан кейін көп күн бойы Нұрлан Баянды көрген жоқ. Оның сүйкімді жүзі мен нәп-нәзік қимылы көз алдына елестеп, қанша көргісі келсе де, баруға бата алмады. Бірте-бірте алғашқы ынтыққан сезімнің аптығы басылған да сияқты болды. Балаң жүректегі сол сөне бастаған шоқты Баянның өзі қайта үрлеп жақты. Қыстың соңы біресе жылып, біресе суып, жиі-жиі жауын-шашын болып, күннің көзі ашылмай тұрып алды. Онсыз да ылғал ауа ауырлап, адамның тынысын тарылтқандай. Ашық даланың желпи соғатын самал желіне үйренген Нұрланға ауа-райының бұл өзгерісі қиындау тиді. Дем ала алмай тұншығып, басы айнала бергесін студенттер емханасына барып еді, ондағы дәрігерлер дәрі жазып беріп, шамалы күн емделуі қажеттігін айтты. Жанындағы досы сабаққа кетіп, бөлмеде бұл бір өзі жатқан. Бір кезде сыртқы есік ашылғандай болды. «Біздің балдардың бәрі оқуда, бұл кім екен?» Сөйткенше болған жоқ, әлгі адам жәймен басып ішке кірді. Қараса-Баян! Нұрлан өз көзіне өзі сенбеді. Сосын: -Бұл... бұл шынымен сізсіз бе? - деді таңырқап. -сенің ауырғаныңды Сұлтаннан естіп, келмеуге шыдамадым, - деді ол кінәлі жандай. -Сіз маған ренжіген жоқсыз ба? Баян жымиып басын шайқады. Сол әдемі жымиысты көрген сәтте жігіттің жүрегі шым ете қалды. Дереу көзін жұмып алды. -Не болды? Басың айналып кетті ме? - деді қыз алақанын маңдайына басып. Жігіт тіл қатпаған күйі қолын жоғары созып, өн бойына жылылық дарытқан мамықтай алақанды ерніне басты. Нұрланның ертегі сияқты ғажайып күндері басталды. Бұрын бұған өмір қызықсыз болып көрінетін. Сөйсе ол ешкімді жақсы көрмегеннен екен. Қыздар тіпте де ұнатпайтын. Олар бейнебір тастан-тасқа секіріп, ойнақтап жүрген жеңілтек ешкілер смяқты-тұғын. Сонан соң қыздарды бұл қызылды-жасылды дүниге әуес, тек әдемі киінуді ғана білетін ойсыз жандар деп қарайтын. Сөйтсе мүлдем олай емес! Қыздар-нағыз сезімнің, ойдың иелері болып шықты. Тіпте көп жағдайда жігіттердің сезе алмайтын, ойлай алмайтын, көре алмайтын нәрселеріне солардың ойы мен көзі жетеді екен. Мұның бәрін бұл Баянмен бірге болған аз ғана уақыттың ішінде білді. Білді де бұған дейін өзінің көп жайды-мынау айнала тұнып тұрған табиғаттың сұлулығын да, қаланың осыншалықты әсемдігін де, құстардың сайрап ән салатындығын да, таңның рауандап төңіректі шұғылалы сәулеге бөлеп ататынын да, қара түннің өзі мақпалдай жұмсақ болатынын да-барлығын -барлығын да байқамамайтындығына таң қалды. Көктем шығар-шықпастан екеуі қол ұстасып тай жаққа барды. Тау етегіндегі кішкене төбелердің күнгей жағының қары ерігенімен, көлеңке бетіндегі ақ көрпе түгел түріле қоймапты. Бұлар сәл-пәл ылғалдана бастаған сүрі қарды шыбықпен аршып, астынан бәйшешек іздеп келеді. Нұрланның өз басы әлі күн шуағына бөленіп, тоңы жібімеген мына жерге гүл шығады дегенге сене қойған жоқ. Сонан да біраз іздегеннен кейін «қой, төмен түсейік» деген. Бірақ оған Баян көнбеді. «Табамыз, қайтсек те табамыз» деп жоғары өрлей берді. Бір кезде ол: -Таптым, мен таптым! - деп қуана дауыстады. Нұрлан құрғақ-құрғақ жерлерді аттап басып қыздың қасына жеткенде таң-тамаша қалды. Шынымен де гүл! Қардың астында үлбіреп күлгін түсті бәйшешек тұр. Нәп-нәзік. Жігіт біресе гүлге, біресе қызға қарады. Баянның көздері қуанышқа толып, жүзі нұрланып, бұрынғыдан да сұлуланып кетіпті. -Нәзіктігі сенен айнымайды екен, - деді ол. Қыз әдемі жымиып кірпіктерін төмен құлатты. Осы жымиыс әрдайымда мұның жүрегін өртеп жібере жаздайды. Бұл жолы да сөйтті. Алапат сезімге шыдамай кеткен жігіт қыздың иығынан құшақтап өзіне тартты. Бір қолымен жәймен ғана иегінен қөтерді. Жәудіреген қап-қара көздерге елжірей, ынтыға қараған ол: -Жаным! Жаным менің! - деді үздіге. Сосын еңкейіп шиедей еріннен құшырлана ұзақ сүйді. Жігіттің білегінде басын шалқайтқан күйі талықсып кеткендей сұлық жатқан қыз шамалыдан соң көзін ашты да:
-Тәтті бала, - деді еркелей тіл қатып.
-Жаным! Баяным!
Ыстық еріндер қайтадан табысты. Біраздан кейін екеуі орындарынан құшақ жазбастан тұрып ілгері қарай жүрді. Тағы да қардың астынан қылтиып көрініп тұрған гүлді тапты. Бір-біріне қуана қарап тағы да аймаласты. Тағы да ілгеріледі. Сөйтіп жүріп олар төбенің күнгей бетіне шығып кеткендерін байқамай қалды. Енді аяқтарының астында мұздай қар емес, жұп-жұмсақ болып былтырдан қалған сарғыш шөп ұйысып жатыр. Соны байқаған сәтте жүйкелері құрығандай екеуі де отыра кетті. Шөп үсті құп-құрғақ екен. Жігіт қолдарын басына жастап шалқалап жатты. Аз ғана демін алып, ентігін басқан соң жанындағы қызға қарады. Ол жібектей шашы иығына төгіліп, мүсіндей болып ойланып отыр. «Отырысының өзі қандай нәзік, қандай әдемі». Сүйсініп, көзін тойдыра алмай біраз қарап жатқан жігіт кеудесін көтеріп, сұлу мүсінді құшағына алды. Қыз осына күткендей, ықыластанып оттай ыстық құшаққа ене түсті. Сол жылы жазда бірінші курсты бітірген жігіт ауылына дипломды келіншек түсірді. Тауға шыққан күннен тоғыз айдан кейін дүниеге келген сәбиге «Бәйшешек» деп ат қойылды.
Бір нәзік сезім
Астанадан оқу бітіріп, өзінің туып өскен қаласыңа оралған Қаракөз әуелгіде үйрене алмай, жалғызсырап жүрді. Өзінің қалап алған, қолы жетпей-жылап-еңіреп жүріп түскендегі алып шыққан мамандығы енді келіп өзіне түк ұнамайды. Құдай-ау ең болмаса кішкене бір қызықсайшы. Түк қызықтырмайды. Жалпы мұны о бастан ештеңе селт еткізіп қызықтыра қоймайтын. Студент болып жүрген кезінде курстас қыздар барларын киіп, бойларын түзеп құстай ұшып барып жататын сауық кештердің, жерлестер кездесуінің біреуіне де бармай бөлмеде жалғыз өзі қала беретін. Солардың берекесіз сөздері мен мән-мағынасыз әңгімелерінен гөрі өз қиялына беріліп, өз ойымен өзі отыруды қалайтын. Көпшіліктің тілімен айтқанда сол бір думанды, қызықты ортаның өзіне көңілі толмай, көптің ішінде жалғызсырап жүруші еді, енді не болсын. Күнделікті бір қалыпты тіршілік әлден-ақ мезі ете бастағандай. Күнде таңертең тұрып жұмысқа бару, күн бата шаршап-шалдығып қайту, одан кешкі тамақты ішіп алыа ұйықтау. Бүгін де осы, арғы күні де осы, одан әрі қарай да... Бұдан былайғы барлық уақыты осылай өте берсе сұмдық қой. Әсіресе жүрген ортаңнан ауыз тұщытып әңгімелесетін бір жан таба алмау деген қиын екен. Жұмыста анау, кілең үйлі-жайлы болып күнделікті тіршіліктің харакетін күйттеп, бала-шағаның қамымен жүрген үлкен кісілер. Бәрі бір-бір үйдің арқа тұтар бәйтерегі, оларға еш кінә таға алмайды. Кінә тақпағанда, сонда бара-бара бұл да таусылмайтын күйбең тірліктің қарапайым құлына айналмақ па. Қорқынышты. Қайткенде де бұл сезімнен, ойдан, армандаудан (арманы орындалсын, орындалмасын мейлі) арылып, күнделікті қалыпты тіршіліктің бұлтармайтын бағыныштысы болудан қорқады. Кейде тіпті бәрін-бәрін тастап, әлдебір алыс жақтарға (қай жаққа екенін өзі де білмейді) кетіп қалғысы келетінін қайтерсің. Осы ойын біреулерге айтса күледі, иә олар тек қана күледі де қояды. Мұның топтың ішінде жүріп жүдеген жанын түсініп, тұйықталып қалған қиялын ұштай түсетін бір адам табылсайшы. Бүгін күн жұма болғандықтан кеңседегі ұсақ-түйек жұмысын ертерек бітірді де кішкене сумкасын қолтығына қыстырып бастықтың көзіне түспей тайып отырды. Мақсаты -күн жарықта қаладан онша да қашық емес жердегі «Қараөзекте» тұратын нағашы әжесінікіне жетіп алу. Қазіргі құлазыған көңілінің қалайтыны, ептеп жұбанары да сол бір 50-60 ұйлі шағын станция ғана. Өйткені онда тыныш. Жанындай жақсы көретін, жүрегі меірімге толы енкіш тартқан айналайын әжесінің 2 бөлмелі жер үйі соңғы кезде Қаракөздің сүйікті мекеніне айналған. Әсіресе төргі бөлменің сол жақ босағасына орналасқан төрт аяқты темір пеште тысыр-тысыр етіп жанып жатқан жыңғылдың жарығына қарап қойып, атасының жидеден ойып жасаған ескі домбырасын шертіп отыру бұл үшін ең рахат тіршілік. Бұған салса дәл сөйтіп көп-көп күндер бойы отыра бергісі бар. Жол жиегінде тұрған қыздың ойын дәл жанына доңғалағымен жер сыза келіп тоқтаған үлкен «КРАЗ» машинасы бөліп кетті. Абайсыз тұрған қыз селк етіп басын жерден көтеріп алды. Кабинаның есігін ашып, қобыраған шашы желкесіне түскен қысық көз қара жігіт жылы жымиып қарап отыр. - Отырыңыз, қалаған жеріңізге апарып тастайын, - деді қолын есіктің тұтқасынан ала беріп. Қыз алдында тұрған көлікке мінерін де, мінбесін де білмеді. Отыра берейін десе көңілі әлденеден сезіктенемеау. Мүмкін әлде де бір сенімділеу үлкен кісі кездесіп қалар деп те ойлады. Осылайша кідіріп тұрғанда шофердің: - Отырыңыз, неден қорқасыз, адам жейтін қасиетіміз жоқ, - деген сөзі қызды кабинадан бір-ақ шығарды. Батысқа қарай таспадай тартылған түп-түзу жолмен алып машина баяу жүріп келеді. Жол жүрген кездегі қашаңғы әдеті бойынша қыз терезеден сыртқа қарап өз ойымен болып отыруға тырысты. Бірақ неге екені блгісіз ойы бір жерге тұрақтамай қойды. Әншейінде шоферлардың болмашы сөздерді айтып, қылжақтап мазасын кетіретіндерін ұнатпаушы еді. Қазір мына жігіттің отырғаннан бері тырс етіп үндемей қалғанын жақтырмай келеді. Қызық. Өзінің бұл тосын әдетіне іштей өзі де қайран. Бір-екі рет жігітке жалтақтап қарап та қойды. Ал ол болса қаннен-қаперсіз, екі көзін жолдан алар емес. Әлде мұның бағанағы қашқақтағанына ренжігені ме? Бір кезде жігіт төс қалтасынан темекі алды да тартуға рұқсат сұрады. «Шеге беріңіз» - деді бұл. Ар жағынан «сыпайысын -ай» деген мысқыл ой жылт етті. Жігіт бір-екі рет темекісін сорды да түтінін сыздықтата шығарды, содан кейін күтпеген жерден «танысып қояйық» - деді көзін жолдан аудармастан. Қапелімде бұл не айтарын білмей де қалды. Сәлден кейін барып енді естігендей:
- Қаракөз, - деді.
- Естай.
- О... о, - деді қыз даучсын соза. Менің пір тұтып қастерлейтін композиторым.
- Онда «Қорланды» жақсы көретін болдыңыз ғой? - Әрине. Естайдың өзін де сол Қорланға ессіз ғашық бола алғандығы үшін құрметтеймін. Шіркін-ай, сол адамның жүрегі қандай нәзік болған. «Қорландай» әнді қалай жазды екен? Қаракөз бұл сөздерді қалай атқанын өзі де байқамай қалды. Қашанғы әдеті. Өнер адамдары жайлы әңгіме қозғалса болды, бұл өзге дүниені ұмытып кетеді. - Иә, атымыз Естай болғанмен өзіміз Естайға ұқсай алмай да жүриіз ғой, мынау он жылдан бері рульді құшақтап, - деді жігіт күрсінуі аралас. -Бірақ халық композиторларының әндерін жақсы көрем, әсіресе оларды гитарамен айтқанды өте ұнатам. Осыдан кейін-ақ екеуінің әңгімесі жарасып жүре берді. Ескілікті әнші-ақындар жайлы жігіт те аз білмейді екен. Ал қыздың бұл ең сүйіп оқитын, іздеп, зерттеп жүріп оқитын тақырыбы еді. Қыз қатты таң қалды. Дәл осы тақырыпта осылайша әңгіме айтып, пікір таластыратын өзі қатарлас адамды бұл 5 жыл бойы студент болғанда да сирек үшыратқан. Ал қазіргі шер елдердің құйыртқы әндеріне әуес жас жігіттер мен қыздардың ішінде халық әндерін біліп, Естайдың атын қасиеттейтіндері кемде-кем шығар. Мана кабинаға енбей тұрып-ақ мына шашы желкесіне түскен жігітті солардың бірі болар деп жорамалдаған. Қатты қателескенін енді сезіп отыр. Қызық, бірте-бірте осы жігіт жанына жақын болып бара ма, қалай. Бағана-ақ жүрегі біртүрлі қобалжығандай болып еді. Кабинада қайта орнай қалған тыныштықты тағы да жігіттің өзі бұзды.
- Байқауымща музыкант боларсыз?
- Қыз басын шайқады.
- Әдебиетшімін.
- М.. м, онда неге Естай мен Қорлан жайлы романды өзіңіз жазбайсыз? Қыз жымыиып күлді. Сәлден кейін барып жауап беру орнына: - Ән айтыңызшы, - деді. -Өтінемін айтыңызшы! Бұл кезде Естайда да қыздың тілегін орындамайтын щама жоқ еді. Толқып отырған жүрегін әзер басып қоңыр даусымен «Қорланды» бастап кетті. Аядай жерді ән кернеді. Мазасыз көңілінің «емі» табылған қыз қимылсыз қалған. Бір қызығы жігіт кілең бұның жақсы көретін әндерін айтып жатыр. Абайдың «Көзімнің қарасын», Ақанның «Әудемжерін», Біржанның «Теміртасы» мен Мұхиттың «Зәурешін» бұл жыл он екі ай бойы қозғалмастан тыңдай беруге бар. Жігіт соңғы әнін аяқтай беріп: - Міне аулыңа да келіп қалдық, - дегенде барып есін бірақ жиды. Сосын әннің әсерінен айыға алмай біраз отырды. Шынында да келіп қалыпты. Міне «Сауранбай» көпірінің тұсынан өтіп барады. Қазір түсуі керек. Жалғызсырап жүдеген көңілін селт еткізіп, ешнәрсеге алданбай елегзіген жүрегімнің емін таба білген жанмен қоштасуы керек. Онсыз а баяу жүріп келе жатқан машина жолды жиектей барып ақырын тоқтады. Не айтудың ретін таппаған қыз бір сәт үнсіз отырып қалды. Жігіт те үнсіз. Қош айтудың орнына шынтағын рульге тіреген күйі барлық мейірімін жанаоына жиып алып бұған қарап қалыпты. Ол да қимайтын сияқты. Осыны ойлаған бойда қыздың жүрегі шымырлап қоя берді. Тұла бойынша ыстық қан жүгіртіп өтті. Өзінің енді болмаса еріп кетердей болып бара жатқан сезімін жиып алып:
- Рахмет сізге, - деді. -Әніңізге, әңгімеңізге рахмет! - Мен саған барамын, - деп әдемі жымиды жігіт. Сөйтті де қалтасынан қойын дәптері мен ручкасын алып, мұның қаладағы жұмы орнын жазып алды.
- Қыз «келме» деп айтқан жоқ.
Ауылдан асығып оралған Қаракөз күн сайын терезеден көз алмай болды. Шофер жігіттің уәделі уақытына әлі күн бар. Әуелгі кезде алып ұшып, шыдамастай болып жүрген көңілі бірте-бірте басылайын деген сияқты. Бірақ қалай болғанда да осы өткен бір аптаның ішінде сол бір қысық көз қара жігіттің өзін әбден-ақ баурап алғанын сезді. Ештенеге елең ете қоймайтын көңілінің сол бір жанға алаңсыз ауғанын пайымдады. Ойлаймын деп қаншама рет өзіне-өзі серт берсе де онысы құр әурешілік болды. Әсіресе құлағынан жаныңды өртеп жіберердей қоңыр даусы кетер емес. Бағана, түс кезінде өзі оңаша қалғанда, екеуі айтқан әңгімелердің барлығын қайтадан ой елегінен өткізіп шықты. Соның өзінен біраз ләззат алғандай көпке дейін сезім құшағында жүрді. Сосын «Естай туралы роман жазбайсың ба?» деген сөзін есіне алды. Ия, қиялшыл қыздың кішкене жүрегіне әнші Естай, ақын Естай емес, қарапайым ғана шофер Естай жайлы әдемі бір романның басталғанын ол қайдан білсін..
Жан жұбанышы
Сырттан үйге асығыс енген Дариға үстіндегі ылғалдана бастаған пальтосын шешіп дәліздегі киімілгішке ілді де, дереу төргі бөлмеге озды. Келе сала жарық жағып, терезелердің пердесін түсірді. Сосын аз-кем демін басып отрыды да, бұрышта тұрған қоңыр қызыл шкафты ашты. Сөйтті де ішіндегі түрлі қағаздар мен кітаптарды, газет-журналдарды алып, ақтарыстыра бастады. Бір кезде іздеген нәрсесін тапты-ау. Сырты ақ плакат қағазбен мұқият қапталған қалың күнделік дәптер мен үлкен конверт-қалтаға салынған хаттар. Бұл-Нұрлыбектің бұған арнап жазғандары. Дариға үшін осы үйдегі, тек қана үйдегі емес, бүкіл өмірдегі ең қымбат, ең қастерлі дүние осы. Ол бұл күнделік пен хаттарды жиырма жылдан астам уақыттан бері көзінің қарашығындай сақтап келеді. Мұның ішіндегі әрбір сөз, әрбір сөйлем Дариғаның жүрегінде жып-жылы қалпында сақталып қалған. Сағыныш шөлін басар кәусар бұлаққа, жүрегінің жұбанышына айналған бұл жазбаларды көбіне ол қатты қиналғанда, көңілін мұң басып торыққанда, сүйіктісін-Нұрлыбегін сағынып, аңсағанда қолына алады.
Сарыала жапырақтарға толы күзгі бақты Дариға бүгін ұзақ аралады. Бір жақсысы бұл жерде адам аяғы сиректеу. Тыныш екен. Күннің көзін бұлт торлап, қалың ағаш қоршаған бақ ішін мүлдем күңгірттендіріп жіберген. Ауадан алдағы болар нөсердің дымқыл иісі сезіледі. Күні бойына біртүрлі көңілі құлазып, жүрегін сағыныш сезімі баурай бергесін аяңдап отырып осында келген. Нұрлыбек екеуі талай мәрте қыдырып, талай-талай сырларын бөліскен, бір-бірімен ұғысып, жүрек жақындықтарын біліскен, арман-тілектерінің ортақтығын сезіскен сыршыл бақ бұл. Әне, анау дала еркесі-еліктің сұлу бейнесі ойып жасалған тас-мүсіннің жанында бұлар ылғи да ұзақ аялдап, сырласып тұрушы еді. Сонан соңғы бір сүйікті орындары-аспанға мөлдір маржандарын тынымсыз шашып, айналасың ерекше бір әдемілікке бөлеп, жұртты өзіне алыстан мен мұндалап еріксіз шақырып тұратын жауқазын тәрізді үлкен фонтан. Күз мезгілі болғасын тоқтатып қойған ба, жоқ әлде көптен бері үзіліссіз атқылап бұзылған ба, бүгін ол жұмыс істемей тұр. Ал анау жалғыз аяқ жолдан сәл қалтарыс жерде тұратын арқалы ағаш орындық бүгіндері жоқ. Орнына шөп өсіп кеткен. Ол орындыққа да екеуі талай рет отырып, талай-талай сырларын бөліскен, бір-бірінен ұяла, имене отырып аймаласқан, оттай ыстық еріндерімен өбіскен. Ия, сол сәттері бұлардың жалын тұнған құшақтары мәңгілікке ажырамастай болып айқасушы еді-ау.
Осыны ойлауы мұң екен Дариғаның жүрегі сыздап қоя берді.
Жапырақтары селдіреп сәні кете бастаған кәрі еменге бірталай уақыт тұрып қалған ол бетіне сап-салқын тамшы тигенде барып есін жинағандай болды. Қараса төңірек қоюлана түсіпті. Айнала ағаштардың бәрі қарауытып, бақ іші мүлгіп кеткендей. Денесі де тоңази бастапты. Дереу өз-өзіне келіп, бұл жерде мұнан әрі бөгелуге болмайтынын сезген қыз жылдамдата басып ілгері қарай жүрді.
Күнделік дәптерді көкірегіне қысып аз-кем отырған Дариға енді оны тізесіне қойып, парақтай бастады. Әуелгі екі-үш беттен кейін көзіне оттай ыстық, жүрегіне жанындай жақын жазулар, сүйікті Нұрлыбегінің, армандай асылының бұған деген шынайы сезімін, ынтызар көңілін білдіретін жазбалар көрінді. Сонау жылдардан бері Дариға бұл күнделікті жүз мәрте, мың мәрте қайталап оқып, әбден жаттап алса да, бүгін тағы бір рет қарап шыққысы келді. Күздің күңгірт күні, тұнжыраған бақ, сарыала жапырақтар, бәрі-бәрі Нұрлыбекті, бұның әлдеқашан келмеске кеткен сүйіктісін есіне салып, кеудесін сағыныш селіне толтырған. Маржандайтізілген жазуларды жанарларымен аялап, терең күрсінген Дариға жайлап оқи бастады.
«Айналайын, айналайын сенен. Өзіңді сағынып отырғанымды қарашы. Бір бүгінгі күн ғана емес, сонау өзіңді таныған, ұнатқан күннен басталған бұл сағыныш деген тәтті де азапты сезім. Сол күннен бастап мүлдем ойымнан шықпай қойдың-ау қалқам. Кеше де автобустың үстінде осында жеткенше өзіңді жүрегімдегі ой құндағына әлдилеп келдім. Әнеугіде сенің «түнімен сенімен сөйлесіп шықтым» дегеніңе күліп едім. Енді өзім де дәл сол күйді басымнан кешудемін. Айналайын. Сенің болғаның қандай жақсы. Әйтпесе мынандай шалғайда, жападан жалғыз жүргенде жалғыздықтан жынданып кетер ме ем, кім білген? Ал қазір өзім ғана болғанмен, көңілімде, жүрегімнің түпкірінде жып-жылы болып сен жатсың... Біреуді ұнату, ессіз сүю, ештеңені есептемей, қаперіңе алмай, алаңсыз берілу қандай рахат! Адамды мына өткінші тіршілікке ыстық ететін, өмір сүруге ұмтылдыратын, тірліктің қадірін білдіретін, өзіңде жүректің бар екенін сездіретін де осындай сәттер ғана ғой деймін». 2. 02. 67 жыл
«Мен сені жақсы көремін. Естисің бе, жақсы кө-рем!
Тұнжыраған түріңнен айналайын сенің.
Егер сен болмағанда не істер екем? Кейде қорқам. Өзімнен (сенің енді ғана ери бастаған қатал да нәзік жүрегіңді) алыстатып алам ба деп. Кейде мені мүлдем сүймейтіндей болып көрінесің. Ал кейде бөтен біреуді жақсы көріп жүрген сияқтанасың. О, маған ондай кезде мына дүниенің бәрі түк емес болып кететінін білсең ғой, қалқам. Құдай оның, сенің көңіліңді бөтенге аударудың, бетін аулақ қылсын. Ондай болса бар ғой, тура буынып немесе бетім ауған жаққа қаңғып өлем!Рас айтам. Өйткені сен тым нәзік, тым қатал, тым сезімталсың. Ал түптеп келгенде маған ұнайтыны да осы бір қиын да қызық, әрі жұмбақтау қасиеттерің». 16. 06. 67 жыл.
«Тұнжыр!Мен енді сені осылай атайыншы. Өйткені сен жарқ-жұрқ етіп ашық-жарқын жүрмейсің. Үнемі өзіңе ғана тән салмақтылықпен тұйық, тұнжырап жүресің. Маған ұнайтыны да осы тұнжыраған қалпың. Алдыр-салдыр етіп ішіндегісін ақтарып салып, тереңіне сақтар ештеңесі қалмай, кім болса соған барын жайып салып отыратындардың несі жақсы? Одан да сен құсап бәрін ішінен түйіп, кесіп-пішіп, өз тұңғиғына ғана сақтап, өліп-талып әрең дегенде әзер қол жеткізетін тұңғиық тұйықтар әлде қайда артық қой…
Сонда барып айтканыңның да бағасы артып, ынтықтыра түсе ме қалай? Сенің бәрін ішіңнен сезіп, бірақ соныңды түк білдірмей, ештеңе сезбегендей болатының ұнайды. Өз сезіміңді тым тежеп ұстайтының да қызық, әрі екінің бірі ие бола алмайтын қасиет.
Тұнжырап жүретінің әдемі…
Мен жақсы көретін жауынды күн сияқты. Біз жақта ондай бұлтты мезгіл өте сирек болатындықтан сені маған әдейі тұнжыратып берген болуы керек. Бұл тамаша болды. Өйткені шақырайған тым ашық нәрсенің адамды тез жалықтыратыны бар ғой…
Жазбаның осы тұсына келгенде Дариға ойланып отырып қалды. Құлағына Нұрлыбектің үздіге сыбырлаған даусы келгендей болды. «Тұнжыр… Тұнжырым менің!Мен сені енді Тұнжыр деп атаймын». Иә, екеуі танысқан алғашқы жылдары-ақ Нұрлыбек мұны еркелетіп осылай атап алған. Және де, «Дариғадан гөрі саған осы есім күшті жарасады. Бірақ менен басқа ешкім сені бұлайша атамауы керек. Өйткені сен менікісің, тек қана менің Тұнжырымсың» дейтін. Бұл оның мұндай сөздеріне күлетін де қоятын. Ал ол болса бұған бұрынғыдан бетер ынтығып, үздіге сөйлеп, елжіреп аймалай берер еді. Шіркін-ай, сол кез неткен ғажап еді. Сол кезде бұл неткен бақытты еді. Әттең… Кеудесін сағыныш па, мұң ба, нала ма, өкініш пе, әйтеуір бірдеңе зіл батпаңдай басып, бітеу жардай сыздатқан қыз ауыр ой құшағында ұзақ отырды. Бір мезгілде барып денесінің тоңази бастағанын сезді. Сосын орнынан самарқау көтеріліп, қалың жүн жемпірін алып киді. Бар ой-санасы өткенге беріліп, сол бір тәтті күндер мен нәзік сәттерге қайта оралған Дариға күнделік дәптерді әрі қарай оқыды.
«Қалада сен жоқсың. Сондай көңілсіз. Айналада осынша көп жандар жүргенмен өзің жоқ болсаң бәрі қызықсыз болатынын кім білген. Сен жоқ болсаң тіршіліктің де мәні жоқ екенін бүгін бірінші рет ұғып отырмын. Сабақтан ертерек келіп үйге сыймай қойдым. Иә, бұл маңда сен жоқ болғасын, ол жерде де отырғым келмеді. Қызық. Бұған дейін ойлайтынмын, түннің бір уағына дейін сабақ оқуға бола отыратын шығармын деп. Сөйтсем жоқ. Түннің бір уағына дейін тек өзіңе звондау үшін, өзіңмен бүкіл дүниені, тіршілікті ұмытып сөйлесу үшін ғана отырады екенмін. Оны қалада өзің болмаған екі күннен бері анық ұққандаймын». 21. 09. 67 жыл.
«Күнім сол. Дәл осы сәтте не істеп отыр екенсің. Мен ғой өзіңді сағынғаннан өртеніп бара жатқан байғұс жүрегімді қоярға жер таппай, шарасыз күй кешудемін. Онсыз да сағынудан, сүюден, ойдан пәрше-пәрше болған жүрегімді бір сәтке аясаң етті, күнім?
Кейде мен ойлаймын:
Шіркін-ай, мен кешетін осындай азапты да әдемі сәттерді сен ең болмаса бір рет бір минут қана дәл менше сезе алсаң ғой. Менің мынау өзің деп соққан жүрегімді бір сәтке ғана саған берсе ғой, түсінер едің сонда сүю деген тәтті де азапты сезімнің не екенін. Білер едің сонда менің қандай отқа өртеніп жүргенімді. Сонда барып менің өліп кетпей қалай жүргеніме таң қалар едің. Ал әзірге сен мұның бәрін дәл менше түсінбейсің, сезінбейсің. Тек сенікі құр жобалау ғана.
Бір қызығы сонда да мен сені өліп-өшіп, өртеніп сүйем-ау.
Осынша дүйім жұрттың ішінде жүріп құдайдың саған, мына қарапайым ғана (тек қарапайым ғана емес, көп ретте қатал да) саған табындырып, ынтықтырып қойғанына таң қаламын». 8. 12. 67 жыл.
«Құдай-ай осындай бір сәттерде (қандай сәт, неқылған сезім екенін өзім де білмеймін) жанымда сенің жоғыңды қарашы. Мынау безектеген, белгісіз бір күйді аңсап аласұрған беймаза көңілдің емі табылар ма екен деп бір-екі көңілінде түйсігі бар жандармен сөйлесіп едім, олардан да еш барқадар таппадым. Қайта біреуі қайдағы бір күйбең тірліктің қарекетін айтып өзі құлазып отырған көңілімді одан бетер құлазытып жіберді. Құдай-ай осы мені кім түсініп, мына безектеген байғұс жүрегімнің емін кім табар екен. Осылайша аласұрып, тиісерге қара таппай дел-сал күйде отырғанда сенің де тірлігіңнің қауырт болып кеткеніе айтсайшы». 30. 03. 68 жыл
«Күнім сол, өзіңді өлердей сағынып отырмын. Сені іздеп, сенделіп шаршап біттім. Түнде үйіңе барып, босқа әуре болдым. Жоқ екенсің. Жолдас қыздарыңмен бір жаққа кетіпсің. Сонан не істерімді білмей, көшені кезіп-кезіп қайттым. Мен ойлайтынмын, әуелгі уақыттардағыдай емес, сәл де болса есейдік, енді дәл бұрынғыдай (алғашқы жүрегіміз алып-ұшқан, бір-бірімізге өліп-өшкен, ынтызар кездердегідей) сағынбайтын шығармын деп. Жоқ, сөйтсем ол ойым бекершілік екен. Қайта сағыныштың үлкені енді басталғандай. Жалғыз өзім қараңғы түнде сенделіп келе жатып, кеудем сағынышқа толып келе жатып ойладым:
Сірә, мен өмір бойы сағынумен, өзіңді іздеумен өтетін шығармын. Бүгін қызық болды. Күн демалыс болғасын өзіңе звондадым. Сөйтсем сені жоқ дейді. Бірден көңіліме секем алып қалдым. Сенімен соңғы уақыттары кездеспей кеткендіктен, сонан өзім де күдіктеніп жүргендіктен, жаман қорқып кеттім. Тұнжыр мені шынымен-ақ тастап кетті ме деген ойға келдім. Сонан не істерімді білмей, сасқанымнан блокнотымды ақтарсам Раушан досыңның телефон номері бар екен. Звондасам ол мені мазақ қылсын. Сені қызғанасың ба дейме-ау, сағынасың ба дейме-ау, әйтеуір келеке етіп күледі. Ол-ол ма, бір кезде ол қыз бір сұмдықты шығарды. «Ғашығыңды кеше бір жігіттер алып қашып кетті, енді Дариға саған жоқ» - дейді. Өтірік айтып, ойнап отырғанын білсем де, зәрем ұшып қорқып, жыларман халге түстім. Екі көзім жасаурап, даусым дірілдеп, жүрегім соғып бара жатқасын трубканы тастай салдым. Сонан ал кеп мазасызданайын. Не істерімді, сені қайдан табарымды білмей аласұрдым. «Шынымен маған қарамай, менен көңілі суып, тастап кеткені ме?» деген күдікті ой көкейімнен кетер емес. Сұмдық-ай, егер сен шынымен солай етсең бұл дүние не болар екен? Ай, мен онда тірлік етуден қалатын шығармын. Өйткені сенсіз маған ештеңе де қызық емес. Естисің бе ештеңе! Бірақ сен менімен бұлай ойнай берме. Мен саған ойыншық емеспін. Мен жаны бар, жүрегі бар, өзіңді өліп-өшіп сүйетін, ғашықтық үшін жаралған пендемін. Кеудем біртүрлі өксікке толып тұрғандай. Қызғаныш па, сағыныш па, әйтеуір бірдеңенің жауыз тырнағы жүрегімді аяусыз тырналап жатыр. Екі көзім оттай ысып, жанарларыма жас үйірілеме-ау, әйтеуір бір мазасыз күй кешудемін» 19. 07. 68жыл
Мұнан әрі оқуға Дариғаның шыдамы жетпеді. Қос қолымен бетін басып солқылдап жылап жіберді. Оның ыпыстық көз жасымен бірге осынау қатал тағдырына деген өкпе-реніші, сүйіктісінен еріксіз айырған сұм ажалға деген ашу-ызасы, кезінде балалықпен жіберген кейбір қателіктеріне өкініші, арада қанша жыл өтсе де есінен жалқы сәтке де шықпайтын аяулы жанға деген сағынышы, өзінің кей-кейде шарасыздықтан не істерге білмей мүсәпір хал кешетін кездеріне аянышы бәрі-бәрі лықсып шығып жатқандай. Көптен бері кеудесін мұң басып, тамағына қайта-қайта тастай болып өксік тығылып, көздері боталап, жүрегі аңсаудан елжірей езіліп қапалы күй кешіп жүр еді. Сол мұзқұрсаудың бәрі енді мөлдір жас болып алақанына төгілді. Ол ағыл-тегіл еңіреп, алаңсыз ақтарылып ұзақ отырды. Сөйтіп отырып, өткен өміріне, сол бір махаббатқа толы бақытты кезеңіне, гүл дәуреніне көз жіберді. Ол кезде екеуі де уыздай жас болатын. Екеуі де көкіректері асқақ армандарға толы, білім қуған студент еді. Бірі Шығыстан, бірі Оңтүстіктен келген екі жасты кенді дала табыстырды. Нұрлыбек университетте оқыса, Дариға мединституттың студенті болатын. Студенттік отряд құрамында бидай орағына көмекке барған қыз болашақ математик жігітпен танысты. Сол сап-сары теңіздей толқыған егін даласыңда басталған таныстық келе-келе әдемі сүйіспеншілікке, мөлдір махаббатқа ұласты. Оқуын Дариғадан бұрын үздік бітіріп, қолына қызыл диплом алған Нұрлыбек көп ұзамай Алатау баурайындағы жоғарғы оқу орнының аспирантурасына түсті. Міне, осыдан бастап екеуінің бір-біріне деген ынтызарлығы, сағынышы басталды. Бұл бұрында, яғни ай маңдайы жарқыраған аяулысы жанында, бір қалада жүргенде онша сезіне алмайды екен. Өзінің осыбір жанға қаншалықты бауыр басқанын, оны қаншалықты жақсы көретінін, қалайша іздеп, ол жоқта қалайша жалғызсырайтынын осы кезде білді. Ия, осылайша екеуі бір-бірін аңсап, бір-бірін бұрынғыдан да бетер сүйіп, бір-біріне қарай ұшарға қанаттары болмай, тағаттары таусылып жүргенде Дариғаның да оқу бітті. Сонан еліне барып ата-анасы мен бауырларының жанында небәрі бір-ақ ай болған дәрігер Алматыға жеткенше асықты. Астана аэропортында өрттей қызыл гладиолус гүлімен күтіп алған ғашығының сол сәттегі нұрлы жүзін, сағыныш пен қуаныш қатар тұнған қап-қара көздерін, бұрынғыдан сәл үлкейтіп, қапсағайлана түскен дене бітімін, онан соңғы есінен айыра жаздаған оттай ыстық құшағын өмір бойына бұл ұмыта алар ма екен?
Аспиранттар жатақханасындағы сол күнгі тәтті түн ше?
Осыны ойлауы мұң екен Дариға күнделік дәптерді қайта қолына алып тез-тез парақтай бастады. Міне іздеген жерін де тапты.
«Аллау,
Неткен ғажап!
Адамның жылдарға айырбастамас күндері болады екен.
Мен шексіз бақыттымын!».
15. 08. 70жыл.
Бұны Нұрлыбек сол күннің ертесіне жазып қойыпты.
Астындағы көрсетілген мерзімнен білді оны.
Сол ғажайып түні, алдағы өмірлері жайлы таң атқанша армансыз сырласқан түні жігіт бұған үйленейік, өз алдымызға шаңырақ құрып, отау тігейік деп тілек білдірген. Ерекше толқыныстың, айықпас әсердің үстінде, жүрегі лүпілдей соғып тұрып тыңдағанмен, жігіттің бұл ұсынысын бірден қабыл ала қоймай, «кейін, сәл кейін болсыншы, мен оқуымды жаңа ғана бітірдім ғой» деген бұл сонда наздана.
Дариға сол жылы үлкен клиникалық ауруханаға жұмысқа орналасты. Нұрлыбек болса аспирантурада, әрі бір жағынан университеттің лабораториясында еңбек етіп, зерттеу жұмысымен айналысатын еді. Екеуі бірақ студент кездегідей емес, жиі-жиі кездесіп, қолдары қалт еткен сәтте бірге болып, қыдырып, арман қаланың әдемі жерлерін ұзақ аралайтын. Нұрлыбек әсіресе тап-таза саф ауасы жансарайыңды ашып, көкірегіңе қуат құятын Шымбұлақты, жасыл шыршалары мен қарағайлары көк тіреген Алатау шатқалдарын, ақбалтыр қайыңдары шоқ-шоқ болып алыстан мен мұндалап көз тартатын Көктөбе баурайын ерекше ұнататын. Болашақ ғалым ғылыми шаруаларымен кей-кейде Ресейдің, Украйнаның қалаларына екі ай, үш айға командировкаға кететін. Ал бұл кейбір мейрамдар мен демалыстарда ауылына барып қайтатыны болмаса, көп ұзап ешқайда шыға қоймайтын. Сол, туған жерге барған азғантай уақыттың өзінде Алматыны сағынып, ондағы өзін қимай-қимай шығарып салған сүйіктісін сағынып әзер жететін.
Өйістіп жүргенде, осылайша бірін-бірі бұрынғыдан бетер түсініп бірін-бірі бұрынғыдан бетер іздеп, керек етіп, бір-біріне бұрынғыдан да қатты бауыр басып, енді аз уақыттан соң, яғыни Нұрлыбектің оқуы аяқталғаннан кейін басымызды қосамыз, үй боламыз деп қуанып жүргенде Дариғаның төбесінен жай түсті. Жай түсткен емей немене, айдың, күннің аманында арыстай азаматтан, мынау жалпақ жалғандағы адам болып, қыз болып жаратылғалы өліп-өшіпсүйген жалғыз жаннан айырлса. Нұрлыбектің жұмыста отырған жерінен қан қысымы көтеріліп ауруханаға түсіпті. Бұл хабарды ертесіне естіген Дариға реанимация бөліміне жеткенде жігіт ес-түссіз, көкірегінен қырылдаған қорқынышты дыбыс шығарып ғана жатыр екен. Дәрігерлер қаншама ем жасап, өмір үшін күресіп баққандарымен науқастың беті бері қарамады. Сол тілге келмеген күйі төртінші күн дегенде, таң құлан иектеніп атып келе жатқанда, көз алдында Нұрлыбек жан тәсілім етті. Ұлының ауырғанын кеш естіген елдегі жалғыз шеше мен іні, қарындас та келіп үлгермеді. Бұл сонан Нұрлыбектің жолдастарымен, осындағы ағайындарымен, артынан аңырап жеткен анасымен бірге мүрдені ауылға алып барып ақ жауып арулап көміп қайтты. Ақ көйлек киіп әппақ көңілімен аттаймын деп жүрген босағаны қара жамылып аттады. Елде жоқ ырымды жасап, қатарға отырып қара дауыс салды. Жігіттің жетісің өткізіп қалаға сыңарынан айырлған аққудай қан жұтып жалғыз қайтты, жанын, жүрегін сонда қалдырып құр сүлдері оралды. Сонан бері арада ауыр жылжып жиырма жыл өтіпті. Сонан бері бұл жалғыз. Сонан бері мұның жүрегі жаралы, көзінде жас, көңілінде мұң. Әуелгі жылдары жер бауырлап жатып қалатын. Екі аяғынан жан кетіп, орнынан қозғала алмай қалған күндеріде болды. Қайғыдан тұла бойыныңбәрі шаншып, төсек тартып та жатты. Талай рет ауруханаға түсті. Иә, Нұрлыбектің қазасы бұған өте ауыр тиді. Адам сүйгені жанында жүргенде қадірін оншалықты біле бермейдіекен. Ал оның жоқ екенін, оны мәңгілікке жоғалтып алғанынды мойындаған сайын оған бұрынғыдан бетер ынтығып, бұрынғыдан бетер жақсы көріп, ет-жүрегің езіліп, еңіреп отырып іздейді екенсің. Оның үстіне Нұрлыбекті адам ұмыта қоярлықтай жан емес еді. Сымбатты түр-тұлғаны былай қойғанда, биік парасаты мен пайымдылығы, ойлылығы мен ақылдылығы оны өзгелерден оқшау етіп көрсететін. Ақынжандылығы, өлең-жырға құмарлығы ше. «Дариға, жаным менің, мен өзіңді қалай сүйетінімді тілмен айтып жеткізе алмаймын, тек оны жалғыз өзім оңаша отырып қана, өзіңмен іштей сырласып отырып қана, қағазға түсіре алам. Өзіңе арнаған қалың дәптерім бар, ертең үйленген соң оқисың. Сонда көрерсің менің сен деп соққан жүрегімді» - деп еді-ау бірде, бұл болмашы нәрсеге ашуланып, бұлқан-талқан болып «сен мені сүймейсің, бұдан былай келмей-ақ қой, енді кездесуіміздің қажеті де жоқ» деп мінез көрсеткенде. Ол кезде Дариға жігіттің «дәптер, күнделік» деген сөздеріне анау айтқандай мән де бермеген. Міне, енді сол күнделік, Нұрлыбектен көзіндей болып қалған дәптер, жиырма жылдан бері мұның жан серігі, сырласы, мұңдасы болып келеді. Ия, бұл күнделік-дәптер Дариғаның дүниедегі ең қымбат асыл қазынасы, торығып қиналғанда қол ұшын берер көмекшісі, қуанғанда шаттығын бөлісер тілекшісі, баға жетпес байлығы, жанының жұбанышы. Өткен өміріне осылайша көз жіберіп, сол бір бақытты да бал дәуреніне қиялмен оралған қыз ой мен әсерден айыға алмай, мынау қарапайым да қарадүрсін, жалғызілікті жабырқау тірлігіне қайтып орала алмай біраз отырды. Қиял құсы көкте шарықтап, жуық арада жерге қонбай, аспанда самғап жүріп алды. Бір кезде Дариғаның көзі алдында жатқан дәптерге түсті. Сонда барып ойын жиғандай болды. Өз-өзіне келіп, төмен қарап иіліп, еңкіштеніп кеткен еңсесін көтеріп, тіктеліп отырды. Кеудесін кере терең демалды. Сөйтті де күнделікті қолына алып, қайта көз жүгіртті. «Өзіңсіз маған ештеңе қызық емес. Мынау ғажайып қала да, айбынды Алатау да, бір кездері армандай көрінген аспирантура да, ештеңе, ештеңе де. Осы жүргенде нансаң, өзіміздің Қарағандыға қарай, екеумізді табыстырған сол бір көмірлі қалаға қанат байлап ұшып кеткім келіп жүр. Қалайда өзіңе барсам деймін. Рас айтам, өзіңсіз ештеңе қызық емес маған. Шіркін, осы кезде сен келе қалсаң ғой. Дүние түгел жанданып, айнала сұлуланып, тіршілік қызыққа, думанға толып жүре берер еді. Сенсіз менің тірлігімнің де еш мәні, қызығы жоқ екенін осы күндері мың мәрте қайталап сезіп, сезініп жүрмін, жаным. Өзіңді сұмдық сағындым, хан базарындай қайнаған ортада жалғыздықтан жарылайын деп жүрмін, тезірек өзің келсең екен. Мына Алматының күні де саған ұқсап тұнжырап, онсыз да аңсаудан өлердей болып жүрген мен бейбақты сағыныш тұнғиығына батырып барады. Келуге, мені жалғыздықтан, сағыныштың азабынан құтқаруға тырыс, күнім!». 24. 10. 68жыл
«Кеше ғана өзіңе тағы бір хат жолдадым. Бірақ ол хат басқа біреулердің қолына түсіп қалама деп өзіңе деген сағынышымды, (бұл жаққа келгесін бұрынғыдан мың есе, жүз есе ұлғайған) сезімімді жаза алмадым. Тек жай ғана амандық, саулықпен шектелдім. Ия, өзіңді күн сайын күтіп, тағатым таусылып жүрмін. Сен мені түсін, қалқам! Маған тез жетуге, менің селдеген сағынышымды басуға тырыс. Сенің суретіңді бірге оқитын бір жігітке көрсетсем ғашығың әдемі екен дейді. Мен ішімнен ойладым:Шіркін, менің көзіммен, менің жүрегіммен қарасаң сұлулықтың көкесін көрер едің». 3. 04. 69 жыл
«Сағат түнгі 1-30. Мен бөлмеде жалғыз өзім сені ойлап отырмын. Жүрегім өзің деп соғып, миым сендік әлемді шарлап отыр. Саған деген сағынышым, ынтызар көңілім қашан басылар екен. Екеуміз қашан бірге болып, қай кезде қол үстасып қатар жүрер екенбіз. Сол күн тезірек туса ғой, сол күнге тезірек жетсек қой шіркін!» 9. 11. 69жыл
Қалың дәптердің соңғы бетін жауып, ақжемденіп тозған мұхабасын саусақтарымен аялай сипаған Дариға жанарларын жалғыз нүктеге қадаған күйі қозғалмастан ұзақ отырды. Бұл кезде сыртты қою қараңғылық тұмшалап, түн ортасы әлдеқашан ауып кеткен еді.
КОМПОЗИТОР
-Кеше телевизордан көрдім, жаңа әнің құтты болсын, айналайын! - деді есіктен асығыс кірген кісі. Жеті-сегіз адам бар кабинетте күнделікті шаруасымен айналысып бейқам отырған Рысты алғашында бұл сөздің кімге арналып айтылғанын түсінген жоқ. Сосын қолында үлкен букет гүлі бар, өзіне қарай күлімсірей басып келе жатқан жылы жүзді әйелді танып, онан сайын таңырқап тұрып қалды. -Оу, Рысты саған не болған, қолыңды әкел, «Сағыныш сазындай» ғажап ән жазған адамның алақанын қысып қояйық, - деді ол кісі гүлдерін ұсына беріп.
-Саламатсыз ба? - деп амандасты бұл қос қолын созып. -Құтты болсын, айналайын. Әнің тамаша екен. Маған қатты ұнады. Әуені қандай керемет. Жан-дүниеңді баурап, жүрегіңді сағынышқа толтырады. Сенің әндеріңді үнемі тыңдап жүремін. Бәрі жақсы. Ал «Сағыныш сазың»-ғажап!
Келген әйел осылай деді де ризашылықпен мұның арқасынан қақты.
-Рахмет, рахмет, апай!
-Асығыспын айналайын, қазір жиналысым бар. Әніңе риза болғанымнан соқпай кете алмадым. Талабың оңғарыла берсін. Біздерді осындай тамаша туындыларыңмен қуанта бер.
Ол кісі жылдам қимылдап, сөмкесінен 5 мыңдық теңгені суырды.
-Мынау әдемі әніңнің байғазысы.
-Ойбай, қойыңыз!
Шоқ басқандай ыршып түскен Рысты бұл сөздің аузынан қалай шығып кеткенін сезбей қалды. -Ал, өзіңе, шығармашылығыңа сырттай сүйсініп, тілектес болып жүретін апаңның кішкене ғана сыйлығы деп қабылда.
-Жоқ! Жоқ! Апай мұныңыз не?!
Екі қолын артына жасырған Рысты кейін шегіншектеп кетті.
-Қызықсың ба, апайдың қолын қайтармасайшы, бала құсап қашқаның не.
Әріптестерінің ішіндегі ең үлкені Әлима орнынан тұрып, Рыстыға қарай жүрді.
-Алсаңызшы, алсаңызшы Рысты апай!
Манадан бері бұларға қарап үн-түнсіз отырған қыздар қосарлана өтінді.
-Мұндай жаман әдетті қой, үлкен адам берген нәрсені алу керек!
Даусын қатқылдау шығарған әйел ақшаны композитордың қалтасына сүңгітіп жіберді. Бұл жолы Рысты қарсылық көрсете алмады.
-Ал жақсы, - деді ол кетуге ыңғайланып.
-Рахмет апай!
Рыстының аузына осыдан басқа сөз түспеді.
Сазгер қыз әніне табынушы қонағын сыртқа шығарып салды. Ол кісі машинасының есігін аша берді де, бірдеңе есіне түскендей сәл кідіріп: -Егер авторлық кешіңді, концертіңді өткізем десең демеушің болайын, хабарлас, - деді бұған жылылық толы жанарымен сүйсіне қарап.
-Рахмет, рахмет сізге!
Тұрған орнынан тапжылмай, әппақ көлікті көзімен ұзатып салған Рыстының жүрегі жабырқау тартып кетті. Жаңа ғана қуанышқа кенеліп, толқып тұрған көңілі демде құлазып сала берді. Кеудесі мұңға толғандай болды. Мөлт етіп жанарына жас келді.
Рысты мектепте жақсы оқыды. Оның үстіне қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауызға ерте ілінді. Кластан-класқа көшкен сайын грамоталар алып, мектеп мақтанышына айналды. Аудандық, облыстық олимпиадаларда, басқа да түрлі білім, өнер сайыстарында алдыңғы қатардан көрініп, алтын ұясының абыройын асқақтатты. Қысқасы, бір оқушының басына жетерлік беделі болды. Таң қаларлығы Рысты бала болып осының ешқайсысына да, тіпте ұстаздарының шын қуанып, көпшіліктің алдында дәрежесін көтергеніне де мақтануды білмеді. Ал мұғалімдерден бір ауыз жақсы сөз ести қалса танауы аспанға қарап, есі шығып кететін оқушылар мектепте жетерлік болатын. Мақтану, қол жеткен табысқа тоқмейілсу деген Рыстының ойына кіріп те шықпапты. Қайта көп нәрсеге көңілі қанағаттанбай, үнемі жанына бірдеңе жетпей жүретін. Иә, бұның көңілі қоңылтақсып, бірдеңе, әйтеуір бірдеңе жетпей жүретін. Сол жетпейтін нәрсені кей-кейде бұл даладан тапқандай болатын. Үй тірлігінен, әңгіме айтып, сырласқысы келетін құрбыларынан қашып көбіне ауыл сыртына шығып кететін. Сонан жиделері мен жыңғылдары, шеңгелдері араласа өскен тоғайшықты аралап, балтырлары мен білектерін тікенге жырғызып, ұза-а-ақ жүрер еді. Бұйралана, ұйыса өскен көк шөпті олай да, бұлайда да кешіріп рахаттанатын. Әр тал, әр бұтаның жанына тұра қалып зер сала, қызыға қарайтын. Әсіресе мамыр айындағы жиде гүлдеген кезді айтсаңызшы. Кішкене ғана сары гүлдердің жұпар иісі бұрқырап төңіректі тұндырып жібереді. Сол әтірге бергісіз әдемі иісті кеудесіне түгел толтырып алғысы келгендей, құмарлана жұтады. Жұтқан сайын көкірек сарайы ашылып, санасы сергіп, ғажайып бір күй кешеді. Сондай бір іңкәрлі шақта, жүрегі сұлулыққа шүпілдеп тұнып тұрған тамаша шақта, кенеттен кеудесіне құмыр бұлбұлдың сайрап қоя бермесі бар ма. Миында ма, жүрегінде ме, ол жағын анық білмейді, әйтеуір мұның ішкі сарайында белгісіз бір ән айтылып жатты. Тек ішкі сарайында ғана емес-ау айналада түгел ән шырқалып жатқандай болды сонда. Жиденің сап-сары гүлі де, жап-жасыл сүйрік шөп те, бұтаға қонып отырған шымшық торғай да, өзі де, барлығы-барлығы да тамылжытып ән айтып тұр. Төбеде көк зеңгір аспан соны тыңдап, ұйып қалыпты. Үйге келісімен санасын жайлаған әлгі дыбысты домбыраға салып көріп еді, кәдімгідей ән шықты. Шумақ-шумағымен тіл ұшына оралып тұрған сөзді қағазға түсіріп, кейбір жерлерін жөндеді. Сосын ыңылдап үйде де, түзде де айтып жүретін болды. Бұл 8 класс оқитын Рыстының алғашқы әні еді. Ол «Жиде гүлі» деп аталды. Бір қызығы Рыстыға осы әннен жиденің сап-сары гүлінің хош иісі аңқып тұрғандай болады. Екінші әні әкесіне арналды. Терең сазы, ойлы өлеңі баланың әкеге деген алғаусыз сезімін жеткізетін, жүрегіңді әлдебір мұңға бөлейтін туындыны тыңдаған сайын: - Ойпырмай, балам-ай, осы әнді кім шығарса да, әкесін шексіз сүйетін адам екен, - дейтін әкесі ризашылық кейіпте.
Өкініштісі сол, реті келіп тұрғанда Рысты: - Әке, айналайын жан әке, бұл сізге арналған ән! Мына жаман қызыңыздың өзіңізге арнаған әні! - деп айта алмады. Өйткені Рысты үшін ол кезде «әннің авторы, композитор» деген өте биік, қасиетті ұғым болатын. Мұның ойынша композитор-басқаша жаратылған, ерекше адамдар болып көрінетін. Қиялшыл перзентінің жүрегін жарып шыққан әннің өзіне арналғанын білместен қайран әке көз жұмды. Өзінің сол кездегі ынжықтығына, білместігіне, шыңдықты айтып әкесін қуантпағанына кейін бұл мың мәрте өкінді. Өзегі өртеніп өлердей өкінді. Әлі де өкінумен келеді. Композиторлық өнер туралы Рыстының қасаң ұғымына алғаш рет өзгеріс енгізген аудандық музыка мектебінің мұғалімі Шынар апайы болды. Бүған дейін де аудан орталығында өткен концерттерде, байқауларда өз шығармаларын орындап, көпшілікке танымал бола бастаған «ән шығарғыш» қызды бірде мектепке тексеруге келген бейтаныс кісі шақырып алып: -Рысты, танысып қояйық. Мен Шынар деген апайың болам. Ауданнан келдім. Сенің ән жазатыныңды білемін. Бір-екі рет концерттерде естідім. Әнің жақсы екен. Бізде оқитын кейбір балалар да үйреніп алып айтып жүр, - деді бұған жылыұшырай қарап. Сол-ақ екен Рыстының екі беті ду ете түсті. Маңдайынан шып-шып тер шықты. Не істерін білмей фартугының бауын шиыршықтай берді. -Ұялма, айналайын, - деді мұғалім мұның арқасынан қағып. -Онан да маған әндеріңді орындап берші. Рысты ән-күй пәнінің мұғалімінен домбыра сұрап әкеліп бес-алты ән айтты. Ауданнан келген кісінің ықыластанып, риза кейіппен тыңдағанынан ба, жоқ әлде өзінің де шабыты ұстады ма даусы әдемі шықты. Сол күні мұғалімдер бөлмесінде оқушы мен ұстаз ұзақ сөйлесті. Өнерлі балалардың қамқоршысы талантты шәкіртке қалай да музыкалық білім алу керектігін, мынандай жақсы әндер жазған адамның келешекте композитор болуы қажеттігін қайта-қайта айтты. Ол үшін қандай оқу орнына баруы тиіс екендігін түсіндірді. Бұған дейін мүлдем бейтаныс болып келген жанның сонша шыр-пыры шығып, мұның болашағын ойлап, қамқорсуын алғашында бұл дұрыс қабылдай алмаса да, бірте-бірте үйренейін деді. «Композитор» деген тақырып төңірегінде ойлана жүріп Рысты біраз ізденді. Үлкен энциклопедиядан бастап, осы тұрғыдан мағлұмат беретін кітаптарды, газет-журналдарды ақтарды. Қазақтың халық композиторларынан дүниежүзі классик композиторларына дейінгі жазылғандарды оқып, олардың өмірі мен шығармашылықтарына қанықты. Көбінің есімдерін жаттап алды. Сөйте жүріп сол дарындылардың туындыларын тыңдауға құматты. Бұл ойын ән-күй пәнінің мұғалімі Мағираға айтып көріп еді, ол бұның бетіне күмәндана қарап, қарқылдап күлгеннен басқа ештеңе тындырмады. Бір ауыз жауап та бермеді. Рысты композиторлардың «ғажайып әлеміне» еніп кетіп, әдемі әсерден айыға алмай көп жүрді. Сол сәттері Москва, Ленинград, Алматы сияқты үлкен қалаларда тумағанына өкінді. Әйгілі композиторлардың шығармашылығына, жалпы өнерге қатты қызыққанымен «ертен мектеп бітіргенсін кім болам, қандай оқуға барам?» деген сауалға бұл әлі іштей толық жауап таппаған еді. Шынар апайы айтқан композиторлық оқу бұл үшін қол жетпес арман ғана болып көрінген. Оның үстіне композиторлар туралы оқып, аз да болса мағлұмат алғаннан кейін ол мамаңдықты игеріп, оңдай өнер иесі болу-аспандағы айға қол созғанмен бірдей саналған. Осылайша қиялы бірде көкке самғап, бірде жерге жақыңдап бәсеңдеп, бір тоқтамға келе алмай әрі-сәрі күй кешіп жүргенде, 10 класта «мамандық таңдау» кеші болды. Мектепте бітірушілер үшін жыл сайын болатын осы бір жәй ғана кештің Рыстының алдағы өміріне үлкен бағыт-бағдар сілтейтінін, келешектегі мақсатын нақтылап, айқындап беретінін кім білген. Класс жетекшілерінен басқа үш-төрт мұғалім қатысқан жиында оқушылар бірінен соң бірі орындарынан тұрып, өздеріне қандай мамаындықтың ұнайтынын, кім болғысы келетіндерін айтып жатты. Қыздардың көпшілігі мұғалім, дәрігер болуды қаласа, ұлдар жағы инженер, гидротехник, агроном болғысы келетіндіктерін, ал кейбіреулері ауылда қалып күріш егетіндіктерін, трактор айдап қарапайым механизатор болатындықтарын айтты. Кезек Рыстыға келді. Класта осындай басқа адам жоқтай, қыбыр-жыбыр әңгімені қойып өзіне қадала қалған құрбыларынан қысылған қыз әуелде не дерін білмей сасқалақтады. Фартугының бауын шиыршықтап, үнсіз тұрып қалған шәкіртін әңгімеге шақырған класс жетекшісі:
-Иә, Рзабаева сен кім боласың? Қысылмай айта ғой, - деді.
-К... к... композитор болам!
Онсыз да тыныштық сақталып тұрған кластың іші бір сәт құлаққа ұрған танадай тым-тырыс болып қалды. Жұттың бәрі демін ішіне тартып алғандай. Бейне бір бұл ауызға алуға болмайтын үрейлі сөзді айтып салғандай, кластастарын да, мұғалімдерді де қорқыныш билеп алған сияқты. Бәрі де үнсіз сілейіп қалыпты.
Тыныштықты мектеп директоры бұзды. -Не дейсің, кім болам дейсің, қайтадан айтшы кәне, - деді ол жекірегендей жағымсыз дауыспен.
Әуелі айтқанын естімей қалған екен деп ойлаған қыз:
-Композитор болам! - деп тақ ете қалды.
Осы сәтте жүзіне мысқыл күлкі үйірілген мектеп басшысы орнынан киреңделеп көтеріліп, майпаздай басып мұның жанына келді. Сосын сабақ үстіндегі әдетімен құлағынан тартып тұрып: -Іһ-іһ, композиотор болам дейді. Балалар, естідіңдер ме, Рзабаева композитор болам дейді, - деді көзін сығырайтып кекесінмен. Рысты директордың ойын екнді түсінді. Сол-ақ екен қаны басына шапшығандай болды. Кеудесін ыза буды. Не істерін білмей жұдырығын түйіп алды. Оқушының ашуланғанын білді ме, директор мұның құлағын қоя беріп, сәл шегінді. -Сен өзі композитордың кім екенін білесің бе? Мына тырнақтай, мұрнының боғын сүрте алмай жүрген сен түгіл, сенен зор да бола алмайды! Директордың ақысы қалғандай неғырлап айтқан бұл сөзі Рыстының намысына тиіп кетті.
-Өлмесем болам!
Директордың бетіне тік қараған қыздың көздерінен от ұшқындады.
Сол күннен бастап ән шығарғыш қыздың алдында жалғыз-ақ мақсат тұрды. Ол-қалайда композиторлар даярлайтын оқуға түсу! Қызық, кейде біреулердің сені кемсітем, төмен тұқыртам деп жасаған зиянды әрекеті, керісінше саған пайда болып тиеді. Неге десеңіз, осыған дейін қалай болса солай, жайбарақат, бойыңдағы күш-жігеріңді, мүмкіндігіңді дұрыс пайдаланбай жүресің. Ал аяғыңнан тартып, жолыңа кесе көлденең тұрғысы келетіндер, тыныш жатқан жыланның құйрығын басып, намысына ши жүгірткен кезде-бұрынғы самсоздығың, әрекетсіздігің адыра қалып, ышқынып алға ұмтыласың. Бойыңда қандай күш-қайрат бар екені сонда білінеді. Сонда барып екінші тынысың ашылады.
Рыстыға да дәл солай болды.
Бұған дейін екә ұдай сезімде жүрген қыз тас-түйін болып бекіді. Аудан орталығындағы Шынар апайын тауып алып ақыл-кеңес сұрады, кейбір сабақтардан «консультация» алды. -Сен міндетті түрде оқуға түсуің керек, - деді Шынар апайы бұл үлкен жолға аттанар алдында. -Өзім оқыған КазПи-ға алып барар едім, бірақ онда композиторлар даярлайтын факультет жоқ. Сондықтан өзіңнің бағыңнан көресің. Ал сәт сапар болсын. Мен мұнда сенің тілекшің болып отырам. Келген бойда хабарлас. Үкілі үмітіне әппақ арманын астастырып ару қалаға келген қыздың ә дегеннен-ақ жолы болмады. -Әндерің әп-әдемі, - деді профессор мұғалім, -бірақ музыкалық сауатың жоқ. Консерваторияға түсу ойыңда болғасын музыка мектебінде оқуың керек еді. Маңдайы тасқа соғылып, тауы шағылған қыз сөмкесін сүйретіп ауылға қайтты. Рысты үшін ең азапты күндер басталды. Жұрттың бәрі мұны келеке етіп, күліп тұрғандай. Әсіресе үнемі екі езуінен мысқыл арылмайтын директордың «Сен өзі композитордың кім екенін білесің бе? Мына тырнақтай, мұрнының боғын сүрте алмай жүрген сен түгіл, сенен зор да бола алмайды» - деген сөзі жатса да, тұрса да құлағынан кетпеді. Енді ол мұны бұрынғыдан бетер кекетіп, рахаттанып табалай түскендей. Онсыз да сампылдаған сөзден, ауылдың сыпсыңдаған әйелдерінен қашатын қыз үйден аттап шықпай қойды. Біреу келе жатса болды, ауыр қылмыс жасағандай түпкі бөлмеге тығылады. Адам баласың көргісі келмейді. Бірауық әңгімелесіп, көңілін көтеру үшін соққан құрбыларын «ауырып отырмын» деп қайтарып жібереді. Сол күндері шыннан да бұл ауырды. Тәні емес, жаны ауырды. Өзінен үлкен үміт күткен ата-анасының, ұстаздарының, кластастарының, көрші-көлем, ағайын-туыстарының, әсіресе тілекші, қамқоршы болып жүрген Шынар апайының үмітін ақтай алмағанына күйзелді. Ал директордың енді көзін шұқып тұрып табалайтынын ойлағанда жанын қоярға жер таппады. Осы жан азабынан Рыстыны дала құтқарды. Ия, кәдімгі дала, кішкентайынан қуанса да, қиналса да, күйкі тірліктен қанағат таппай жаны жүдесе де, кең төсіне барып жұбанатын, сырын бөлісетін, өзге түгіл өзі де түсінбейтін көңілінің хошын келтіріп, жүрегінің қалауын табатын айналайын даласы бұл жолы да намысқой перзентіне көмекке келді. Терезелеріне қағаз тұтып қараңғылап қойған бөлмеде бүк түсіп жатқан қыздың ойын сырттан жүргіріп кірген кішкене інісі бөлді:
- Тәте, тәте, сізді далада бір аға шақырып тұр.
Рысты «кім ?» деп сұрағанша болған жоқ, ойын баласы лып етіп келген ізімен қайта шығып кетті. Қараңғы қамап тастаған көздерін шақырайған күнге әзер ашып сытқа шықса, есіктің алдында клуб меңгерушісі Жаңабай тұр екен. Қысқа амандық-саулықтан кейін ол: - Рысты, сені жұмысқа шақырып келдім. Оқудан құладым екен деп үйде жата берме. Серпіл. Тәп-тәуір өнерің бар. Клубтағы көркемөнерпаздар үйірмесіне дұрыс жетекші табылмай жүр еді. Соны өзің басқар, - деді. Табан астынан айтылған бұл ұсынысқа қапелімде не деп жауап берерін білмеген қыз:
- Рахмет, ағай, ойланып көрейін, - деді.
- Ойланатын дәнеңесі де жоқ, ертең клубқа кел!
Осылай деді де Жаңабай ауладан шығып жүре берді.
Клуб меңгерушісінің бұл келісі Рыстыға кәдімгідей ой салды. Санасына біртүрлі сәуле жүгіргендей. «Расында мен енді жұмыс істеуім керек екен ғой» деп ойланды алғаш рет. Ертесіне Рысты жұмысқа шықты. Бірақ үйдің жанындағы клубқа барған жоқ. Бірден далаға тартты. Өздері класс болып күз сайын масақ теруге келетін Қадырбек ағайының бригадасынан бір-ақ шықты. Бірыңғай жастардан құралған «Жақаевшылар» бригадасында күрішке орақ түсіп, нағыз қарбалас басталып жатыр екен. Адам күші ауадай қажет. Әуелгі күндері ол атыз жиегіндегі жатка алмайтын жерлердің күрішін орып, жал-жал болып жатқан дестелерді қопсытып, одан қала берді комбайнға «подовальщик» болып, әртүрлі қол жұмыстарын атқарып жүрді. Сосын айдаушысы аурып, қаңырап тұрып қалған қызыл «Беларусьтың» руліне отырды. «Техника тізгіні-қыздардың қолында» деген бастама бойынша жоғарғы класта бұларға жаппай механизаторлық курсты оқытқан. Рыстының ойнап жүріп алған сол «білімі» енді жүзеге асты. Жалпы ауылдың қыз-келіншектеріне темір тұлпар жүргізу таң емес. Бригадада мұнан басқа да 4-5 тракторшы қыз бар екен. Солардың қатарына екі білегін сыбанып бұл да қосылды. Таңертңнен түннің бір уағына дейін қыздарға да, тракторларға да дамыл жоқ. Комбайншы жігіттердің бастырған күрішін қырманға тасиды. Рыстыға бұл жұмыстың ұнағаны сондай-кейбір қыздар қиналып, ауырсынып, шаршап жүрсе, керісінше мұның көңілі көтеріліп, жаны тыншыды. Ал қос тіркемеге толтыра дән тиеп алып үлкен жолға шыққанда бойын бұрын-соңды білмеген бір сезім билейді. Дәл осы сәтте бұл жер бетіндегі ең үлкен істі, ең ұлы істі атқарып келе жатқандай болады. Кеудесін мақтаныш сезімі керней ме, қалай? Ерлік жасаған сияқты. Өмір қанағат таппайтын, бірдеңе жетпей жетімсіреп тұратын жаны рахатқа бөленеді. «Бұл-қасиетті жердің нәрін бойына сіңіріп, арайлы күннің шуақты нұрына шомылып, диқан-ананың маңдай терімен өскен алтын астықтың құдіреті болар, сірә»деп ойлайды рульде келе жатып. Ал тіркемелерді босатып, қырманнан егістікке қарай беттегендегі сезім мүлде бөлек. Үлкен бір міндеттен құтылғандай, ауқымды жұмысты тыңдырып тастағандай жеңілдеп, қоқиып келе жатады. Енді бағанағыдай емес, жылдамдықты арттыруына болады. Сол кезде, сол жайдақ «Беларусьты» барынша арқыратып, желмен жарысқан кезде көкірек сарайы бір ашылады дейсің. Ескі трактор емес, бейнебір пырақ мініп, көкте ұшып келе жатқандай. Осылайша көңілі шалқып, санасы сергіген қыз бір сәт «ән шығаруды да, оқуды да жинап қойып, біржола осы бригадада қалсам ба екен» деген қиялға да берілмей қалмайды. Бірақ ондайда іле-шала директордың сөзі ойына оралып, өзін-өзі дереу жинап ала қойды. Сонан соң көңілі жабырқап, қайтадан оқудың жайын уайымдай бастайды. Рыстыға енді қиын болып жүргені-қайда, қай оқуға баруы керегін білмейтіндігі еді. Көздеген мақсат біреу-ақ. Қалай да композитор болуы керек. Басқаның қажеті жоқ. «Шіркін ай, - деп ойлайды сонда, -Шіркін-ай, осындайда ең болмаса ақылын айтып, бағыт-бағдар сілтейтін бір адам болса ғой». «Ал мұның досы Айнакүл қандай бақытты еді. Алматыдағы бастық ағасы қалаған институтына түсіріп жіберді». Қыс өтіп, көктем келді. Жердің тоңы жібіп, көк қылтия бастағаннан соқа, тырмаларын сүйретіп, бұлар егістікке шықты. Рысты даланың жібектей ескен самал желін, бойына ерекше жігер-күш беретін тап-таза саф ауасын, жердің иісін сағынып қалыпты. Даланың мұз-құрсаудан арылып, арқа-басы кеңіп, балбырап, бусанып жататын шағы-керемет! Төсіне қыстайғы жауын-шашын сіңіп, бабына келіп, қараошқылданған жерге соқа тиген сәтті көргеніңіз бар ма? Ғажап! Тракторға жегілген соқаның жап-жалтырақ жалпақ пышақтары жер қыртысын қопарып, тасталған топырақты жал-жал қылып тілгілеп тастаған сайын жансарайың ашыла түседі. Денең дүр сілкініп, өн бойыңнан ток жүріп өткендей болады. Төңіректі жүрегіңе сондай жақын, жаныңа сондай жағымды ғажайып бір иіс жайлайды. Бұл-қасиетті жер иісі! Осы иісті құмарлана жұтқан сайын көкірегіңе ерекше нұр құйылады. Сол нұрға малынып, масаң күй кешіп тұрғаныңда кеудеңде сұлу саз күмбірлейді. Осы көктемде тракторшы қыз туған жер және дала жайлы бірінен соң бірі үш ән шығарды. «Топырақтың иісі-тұнып тұрған ән екен-ау» деп ойлады сонда. Сосын бір кітаптан оқыған «Адам деген сөз арабшадан аударғанда жер қыртысы деген мағынаны береді» деген жолдар оралды ойына. Негізі осы рас болу керек. «Әйтпесе жер иісі жанына неге сонша жақын? Жүрегіне неге сонша ыстық? Бойына осынша шабыт қайдан келіп құйылды?!» Сайын даланың көктемгі тынысына әсерленіп, кеудесін әдемі ән кернеп жүргенде күтпеген кездесу болды. Тырма татқан тракторын сәл уақытқа доғарып, басын рульге қойып тыныстап отырса, көзі ілініп кетіпті. Бір кезде бетіне біреудің жұп-жұмсақ алақаны тигендей болды. Алғашында мән бермей жата берді. Әлгі алақан енді маңдайынан сипады. Жып-жылы, жұп-жұмсақ. Осыны сезген бойда көзін ашып, басын көтеріп алды. Дәл алдында күлімсіреп Шынар апайы тұр! Бұл өз көзіне өзі сенбей селтиіп отырып қалды. Апайының: -Хал қалай, Рысты айналайын. Мен сені әдейі іздеп келдім, - деген таныс даусын естігенде барып есі кіргендей болды. Сонан екеуі атыздың бас жағындағы қамыс қостың ішіне барып ұзақ сөйлесті. Апайы мұның жағдайынан толық хабардар екен. Оқуға түсе алмағанын естігенде әуелгі кезде қатты қиналғанын, жүрегі ауырғанын не істерін, қалай көмектесерін білмей шарасыз күй кешкенін айта келе: -Содан бері өзіңді бір соғатын шығар, ақылдасатын шығар деп күттім. Болмағасын бүгін осылай қарай келе жатқан мұғалімдерге ілестім, - деді. -Енді уақыт ұттырмауымыз керек. Бірге оқыған жолдастарымның бір-екеуімен сөйлесіп көріп едім, олар сенің қаладағы музыкалық училищеге түскеніңді жөн санап отыр. Менің де ойым осындай. Училищеде музыкаға сауаттанасың да, бітірген бойда оқуыңды әрі қарай жалғастырасың. Композитор мамаңдығын алудың мұнан басқажолы жоқ. Былтыр дұрыс білмеген екенбіз. Оқуды осылай сатылап бастауымыз керек еді. Жарайды, енді өкінбе. Ең бастысы еңсеңді түсірме. Үмітіңді ұзбе. Әніңді, өнеріңді тастама! Осылай деді де Шынар апайы мұның арқасынан қағып орнынан тұрды. Бұл қонағын тас жолға дейін шығарып салды. Тракторына қайтып келе жатып көңілін осы бір үлкен жүректі ұстазға деген сүйіспеншілік сезімі баурағанын бағамдады. Мұнымен қоса өзіне артылған үміт жүгінің бұрындағыдан бетер ауырлай түскендігін сезінді. Музыка училищесіне Рысты оңай қабылданды. Ел ішіндегі таланттарды тәрбиелеуді мақсат тұтқан оқытушылар емтихан кезінде мұның өнеріне риза болғандықтарын жасырмады. Училищені бітірген бойда ол Алатау баурайындағы баяғы білім ордасына тағы келді. Тағы құлады. Бұл жолы дәл бұрынғыдай рухы түсіп күйремеді. Бірақ «директордың табасына шынымен-ақ қалар ма екенмін» деп іштей уайымдады. Сонан өзінің «өлмесен, болам!»деген созі ойына оралып, үзілуге айналған үміт жібі қайта жалғанды. Сол үміттің жетегінде жүріп жұмыс істеді. Балалар музыка мектебінде мұғалім болды. Бір жақсысы бұл жерде оған ән жазуға мол мүмкіндік туды. Мамандардың айтуынша, әндері бұрынғыдан күрделеніп, мазмұны мен саз тереңдей түскен. Туындыларындағы осы тереңдік үлкен оқуға қайта келгенде мұның жебеушісі болды. Шығармашылық байқауда жаңа әндерін тыңдап көрген әйгілі композитор-профессор:
-Молодец! Оригинально! Өзімнің класыма қабылдаймын! - деді қуана. Қызығы, мұнан кейінгі сынақтардың бәріне сол профессор өзі араласып, жақсы баға алуына көмектесті. Осылайша Рысты жылдар бойы армандаған консерваторияға қол жеткізді. Өмірінде бұлай жүрегі жарыла қуанбаған шығар. Алғашында оқуға қабылданғандар тізімінің ішінен өзінің фамилиясын көргенде, не істерін білмей қалды. Бір сәт басы айналып кеткендей болды. Сосын әлгі жазуды қолымен сызып қайта оқыды. Дұрыс! Рзабаева Рысты! Көз алды бұлдырап кетті. Саусақтарымен көзін сүртіп тұрып өксіп-өксіп жіберді. Берік қамалды алып, жауды жеңген батырларша асығып ауылға жетті. Осыншама жылдар бойы қызымен қоса қиналып, талабының оңғарылуын бір ғана құдайдан тілеп, жаратқанға жалбарынумен жүрген анасы ақжолтай хабарды естігенде мүлдем есі шығып:
-Ақсарбас!Ақсарбос!- дей берді қалбалақтап.
Ертесіне Рысты азын-аулақ сыйлығы мен Алматының апортын алып, аудан орталығына тартты. Жол бойы Шынар апайының қалай қуанатынын елестетіп, әдемі қиялдарға берілді. «Бұл негізінен менің емес, Шынар апайдың еңбегі. Сол кісінің жеңісі, - деп түйді ішінен. -Қазір апайға қалай да осыны айтуым керек».
Өкінішке орай...
Өкінішке орай бұл пікірді аяулы ұстаз ести алған жоқ.
Кейін, көкірек көзі ояу деген талай адамға жыр қылып айтқан бұл сөзді сол күні Шынар апайының өзіне айта алмады. Қуанышы қойнына сыймай, қамқоршы апасына деген алғыс сезімін қалай жеткізерін білмей асығып барғанда аңырап қалды. Апайы бұдан жиырма шақты күн бұрын операция үстінде қайтпас сапарға аттаныпты. Мұны естігенде Рыстының өзегі өртеніп кетті. «Дүние жалған»деген сөздің рас екенін тұңғыш рет сезінді. Сонда бұған ештеңе де қызық болмай қалды. Өліп-талып жеткен консерватория да қызық емес енді. Қызық емес!Өйткені оны соншалықты армандаған, сол әйгілі оқу ордасында мұның білім алуын бар жанымен, бар ниетімен қалаған адамның өзі жоқ!
Атынан ат үркетін үлкен лауазым иесі Дана Әлмағамбетованың мына келісі Рыстының жан-дүниесін толқытып кетті. Ойына Шынар апайы оралды.
Композитордың маңдайына жылы алақан тимегелі көп болған.
ЭССЕЛЕР
Мәңгілік муза
Кейбір жекеленген адамдардың есімімен бір елдің, тұтас бір халықтың тарихы байланысты болады. Бұл жағдайдың, әсіресе өнерде көп кездесетіні белгілі. Өнер халықтікі дегенмен, сол өнерді тудыратын-жеке адам, белгілі бір дәрежедегі талант иесі. Ал нағыз талант, хас шебер-нағыз өнерді, ұлы өнерді тудырады. Міне сондай қайталанбас өнер иесі, қазақ өнерінің бір түрін, бір саласың тудырған, қалыптастырған, өрістеткен адам-Шара Жиенқұлова. Бір ұлттың қажеттілігі үшін бір адамдар жаралады. Ондай жаратылыстар сол елдің келешегі үшін, бақыты үшін, бейбіт өмірі үшін, дәулетін арттырып, білімі мен ғылымын, мәдениеті мен өнерін дамыту үшін, алға апару үшін аянбай тер төгіп, барын салады, қажет болса ғұмырын сарп етеді.
Және өзі де сол жолда жарқырай көрінеді.
Шара Жиенқұлова-қазақтың өнері үшін, оның ішінде би өнері үшін жаратылған аса ірі тұлға. Иә, ұлтымыздың кенжелеп қалған өнері-биді Шара өз қолымен жасады, тудырды, жасап қана қоймай өз төлі, перзенті іспетті болған осынау қимыл, қозғалыс өнерін кәсіпқойлық, яғни профессионалдық деңгейге жеткізіп, шырқау биікке көтерді. 1933 жылы қазақ музыка театрын құру жөнінде республика халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов шақырып алып сөйлескен бес өнер иесі -Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Шара Жандарбекова, Манарбек Ержанов болатын. Сонда әр актерге жеке-жеке тапсырма бере келіп Жүргенов :
-Шара, сіз балерина -биші боласыз. Былайынша да бишісіз.
Бірақ классикалық балет өнерінің негізін игермей болмайды.
Қазақтың профессионал биінің бастау көзі сіз боласыз!- деп еді.
- Міне сол көреген басшы айтқандай, былайғы жұрт тоғыз жылда игеретін классикалық балет мектебін Шара айналасы бес жылда бітіріп, қазақ хореографиясында арнаулы білімі бар тұңғыш маман болды. Сонан соң ұстазы Александр Александров екеуі елге шығып, халықтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғүрпын, салт-дәстүрін көріп қанықты. Ауылдағы той-томалақ, шілдехана, тұсау кесу, ат жарыс, бәйге, көкпар, қыз қуу сияқты ойын -сауықтарға қатысып тамашалады. Осындай сәттерде көрген іс-қимыл, қозғалыс, әрекет-келешек билердің элементтері болды. Киіз басу, ұршық иіру, күбі, саба пісу, , бау-шу, өрмек тоқу, қошқардың мүйізі, бүркіттің қанатын қомдауы, дала гүлдерінің хауыз ашуы, бұлақтың сылдырап ағуы-барлығы, барлығын Шара ұстазының атсалысуымен ұлттық бидің негізі етіп алды. Осының нәтижесінде «Алты қаз», «Тепең көк», «Алтынай», «Тәттімбет» билері дүниеге келді. Бұл-қазақтың профессионал биінің басталуы еді! Шара Жиенқұлова ! Қазақ биігінің негізін қалаушы, көш бастаушысы, қарлығашы! Бұл есімді толқымай, тебіренбей, таңқалмай еске алу мүмкін емес. Шара десе менің қөз алдыма дала сахнасы, алғашқы театрлар, алғашқы спектакльдер, алғашқы билер, қазақ өнерінің тұңғыш өзге халықтар назарына ұсынылуы, тұңғыш гастрольдік сапарлар, соның ішінде әсіресе 1936 жылғы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі елестейді. Оңкүндік! Тарихи онкүндік! Бұратана халық атанып келген қазақ дейтін елдің өнерін, әдебиеті мен мәдениетін талғамы биік Мәскеу жұртына, Советтер Одағы халқына көрсетіп, осы орайдағы қол жеткен табыстарды саралады. Өз мәдениетіміз, ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүріміз, ғасырлар қойнауына жеткен өлмес өнеріміз бар екенін, сол інжу-маржан өнерімізді жаңа заманға сай дамытып өрістете білетін сайыпқыран таланттарымыз бар екенін паш етіп, дәлелдеген сындарлы онкүндік! Бір ғажабы-осы тарихи онкүндік туралы алғашқы әңгімені мен осы мерекеге қатысқан қазақ әдебиеті мен өнері майталмандарының өздерінен естідім. Осы үшін де, ұлттық өнеріміздің іргесін қаласып, шаңырағын көтеріскен осындай алыптардың соңын көріп, олардың алтынға айырбастамас әсерлі әңгімелерін өз ауыздарынан тыңдағаным үшін де өзімді бақытты санаймын. 1976 жылы мен Алматыдағы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің 1 курс студенті едім. Сол жылы 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне 40 жыл толыпты. Міне осы датаға орай сол тұңғыш декадаға қатысқан көзі тірі он шақты өнер иесімен студент-жастардың, әдебиет, өнерсүйер қауымның кездесуі боды. Кездесу Мұхтар Әуезовтың мұражай-үйі ауласындағы ашық театрда өтті. Тарландардың қатарында ақын Әбілда Тәжібаев, биші Шара Жиенқұлова, композитор Бақытжан Байқадамов, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың көмекшісі, писары болған Қасым Тоғызақов, әнші Ғарифолла Құрманғалиев және де басқа кісілер болды. Әдебиет, өнер әлемімен есімдерін жақсы білетін, бірақ оларды жолықтырам-ау деп ешқашанда ойламаған, дүлділдерді дәл жанынан көргенде менің әсершіл жүрегім кеудеме сыймай дүрсілдеп, көзім тұнып қалды. Кісілер бірінен соң бірі шығып сөйледі. Жиынның ибасында жүргізуші қатысушылардан декаданың мәні мен маңызын, әдебиетіміз бен өнеріміздің тарихындағы алар орнын ( оған өзі тоқталып өткен) емес, тек сол күндері болған, есте қалған қызықты оқиғалар жайлы айтуларын өтінген болатын. Естеліктер өте қызықты айтылды. Қасым Тоғызақов онкүндікке қатысқан ең қарт адам, тоқсандағы Жамбыл Жабаевтың Мәскеудің тәртібіне көнбей, қонақ уйде тіпті ауруханада да ішігін, тұмағы мен кебісін шешпейтін қиқарлығы жайлы әңгімеледі. Мұның өзі жыр алыбының тұлғасын бұрынғыдан да биіктете түспесе, аласартқан жоқ. Сол күндері Жәкең жасының ұлғайғандығына қарамастан концерттер мен кездесулерде іркілместен, жаңылмастан жыр бұлағын ағызған. Абыз қарт табан астында суырып салып айтатындығымен, жадының мықтылығымен Ресей жұртын қайран қалдырып, ақын боп туған қазақ дейтін халық бар екенін ұғындырған. Композитор Бақытжан Байқадамовтың ән туралы қызына, шабыттана айтқан әңгімелері де әсерлі болды. Ад Ғарифолла Құрманғалиевтың ширықтата шырқағаны, ән айтқан кезде арқаланып, екі көзі қып-қызыл шоқтай болып жанып, сахнаның төрінен жылжи-жылжи жиегіне жеткені, сонда алдыңғы қатарда отырған мен сахнадан құлап кетеді екен деп қатты қорыққаным күні бүгінгідей есімде. Өйістіп біресе қорқып, біресе таңданып сөйлеушілердің өнер туралы айтқан әңгімелеріне әсерленіп бір ысып, бір суып отырғанымда мінберге Шара шықты. Әйгілі биші, қазақ би өнерінің жұлдызы Шара Жиенқұлова! Өз көзіме өзім сенер емеспін. Құдай-ау, мына кісі шыннан сол ма? Шынымен де сол атақты Шара Жандарбекова ма? Қазақ өнері тарихында есімі Күләш Байсейітовамен қатар аталатын би тәңірі Шара ма? Әсердің көкесі, ысынып-суынғаның көкесі енді болды. Атын аңыздағыдай, көркін ертегідегі хор кызының бейнесіндей, биін қайталанбас хас өнердің үлгісіндей көріп, сыртынан сүйсініп, сыртынан табынып жүрген тұлға дәл алдымда, қол созым ғана жерде тұр!Тіпті мен бұл кісі сол кезде өмірде бар деп те ойламаппын. Айтып отырмын ғой, мен үшін Күләш, Шара деген асылдар ертегінің ғажайып кейіпкерлері сияқты болып көрінетін. Бұл-олардың есімдері баяғыда ақ аңызға айналып кеткендіктен болар бәлкім. Өз кезегінде Шара да онкүндік барысындағы көптеген қызықты жәйттарды әңгімеледі. Әсіресе партия мен үкімет басшылары қатысатын үлкен концертке дайындық бір жерде болып, концерт басқа бір жерде өткен кезде сол жақ дегендері оң жақ болып шығып, бұлардың құрметті қонақтарға емес, керісінше екінші бетке, айдалаға қарап сәлемдесіп, бастарын шұлғи бергендері күлкілі-ақ. Артистердің осылайша шатасып, қайда карарларын білмей асып-асып жатқан кездерінде режиссер Құрманбек Жандарбековтың айкайлап ашуланатындығын және артынша-ақ райынан қайтып, жылдам режиссерлік шешімге келіп, қиындықтан жол тауып кететінін мысалға келтіруі сол мереке күндеріндегі дүбірлі оқиғаларды көз алдымызға елестетті. Әйгілі биші сөйлеп тұр. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді». Жаратылысынан сұлу боп туған, өнер үшін туған адамның өнбойынан парасаттылық, әдемілік, рухани кемелдік самалы ескендей болып көрінді маған. Міне осы кездесуден бастап «Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі алғашқы онкүндігі» менің ең сүйікті тақырыбыма айналды. Онсыз да өнер мен әдебиет десе құстай түлеп, тек қана ұлттық құндылықтар емес, әлім келгенінше, мүмкіндігінше дүниежүзінің, әлем халықтарының рухани қайнарынан сусындауға ұмтылып, осы жолдағы шөлімді баса алмай жургенімде бұл тақырып маған құладүзде кездескен мөлдір бұлақтай болды. Ал Шара, халқымыздың өнері үшін, биі үшін жаралған Шара-мәңгілік тақырып, мәңгілік муза! Адам жас кезінде көп нәрсенің қадірін біле бермейтіні өкінішті. Әйтпесе Алматыда, қасиетіңнен айналайын сол ұлы биші тұратын және бүкіл ғұмырын өткізген Фурманов, Калинин, Коммунистік көшелерінің қиылысында мен де алты жыл жүрдім. (ҚазМУ-дың біз оқыған ескі ғимараты осы маңайда болатын ). Сонда деймін-ау, әлгі кездесуден соң, немесе былайғы бір уақыттары ол кісімен жолығып, сұхбаттассамшы, интервью алсамшы, өнер туралы әңгімелерін тындасамшы. Мұндай мүмкіндіктер болды ғой. Талай рет мен бишінің университет жанындағы саябақта серуендеп жүргенің көргенмін. Сондайда сүйсініп, риза болып, халқымыздың бір өнері өлмесін деп осындай талантты берген тәңірге тәубе айтып сыртынан ұзақ қарап тұратынмын. Сол кездегі жүгіріп барып сәлемдесуге, сұхбатқа келісуге болады ғой. Өйткені біз, болашақ журналистер, сабақпен қатар көбіне газеттер мен журналдарда, теледидарда, радиода тәжірибеден өтіп, өтпеген уақыттарда да ақпарат құралдарымен тығыз байланысып жұмыс жасап, материалдар, хабарлар дайындап жүретінбіз. Бұл өнер адамын әңгімеге тартуға мүмкіндік беретін бірден-бір жағдай емес пе ? Студенттік ырду-дырду күндермен, сабақ оқумен, емтиқан тапсырумен жүріп көп нәрсе ұмытылады, ал ең бастысы-көп нәрсенІ бағамдап, байыптамайсың. Оқу біткесін елге келіп, еңбекке араластық. Әсем қала, қызығы мол студенттік өмір, әдеби, мәдени, өнерлі орта бәрі-бәрі қол бұлғап артта қалды. Көңіл құлазыды, өнерге ғашық, өлеңге әуес, сұлулыққа іңкәр жүрек жетімсіреді. Ауыл да, ауылдастар да, жұмыс та күйбең тірлік үшін, қызмет үшін, дүние-байлық үшін жаралмаған жанды жұбата алмады. Сөйтіп жүргенде, сөйтіп санам қасаңданып, сезімім сөніп жүргенде қолыма биші-автордың «Өмірім менің-өнерім» деп аталатын жаңадан жарық көрген кітабы тиді. Ал кеп оқы. Ал кеп парақта. Біражола өліп түстім. Өлмей қайтейін, мұндай кәусар бұлақтан, мұндай шырын шәрбаттан сусындамағалы көп болған. Бас ала алмадым, қайта-қайта оқыдым, қызыға оқыдым, құныға оқыдым. Бұған дейін онкүндік туралы, қазақ биі мен әні туралы, театр туралы, жалпы ұлтымыздың көркемөнері жайлы білгенім, оқығаным, жиған-тергенім, естігенім бір төбе екен, мына кітаптан алған мағлұматтарым мен қаныққаным-бір төбе болды. Осылайша сіз мені баға жетпес байлыққа кенелттіңіз, өше бастаған жан рахатымның қоламтасын үрлеп қайта жақтыңыз, көңіл-бағыма құс сайратып, жүрек-мезгіліме жаз орнаттыңыз, қасиетті би падишасы! Өміріңіз қандай мәнді, қандай мазмұнды, қандай сәнді, ғибратты еді! Өміріңіз шынынан да-өнеріңіз, жалғыз сіздің өнеріңіз емес-қазақ халқының, ұлтымыздың өнері, сол өнердің бастауы, өсуі, өркендеуі екен. Сіздің осынау ғажайып туындыңыздан басымды бір көтергенде алған әсерімді, түйген ой-пікірімді қағазға түсіріп Алматыға, редакцияға жолдағанмын. Көп кешікпей ол «Қазақ әдебиеті» газетіне шықты. Бірақ оны сіз оқыдыңыз ба, оқымадыңыз ба, білмеймін. Ал мен алтын іздегендей кітабыңызға қайта үңілдім. «Халық өнері-шашылып қалған моншақ тәрізді»- депсіз. Сіз сол шашылып қалатын інжу-маржан моншақтарды ұстазыңыз Александров екеуіңіз ерінбей-жалықпай тірнектеп, бір-бірлеп жинадыңыз. Кейін ұстазыңыздың ұлағатты ісін әрі қарай жалғастырыңыз. Байтақ еліміздің түкпір-түкпірің, ауыл-ауылды аралай жүріп көрген қазақтың ұлттық салтына, дәстүріне, тұрмыс-тіршілігіне, үрдісіне, ежелден келе жатқан мәдениетіне сай, әрбір қимыл-қозғалысы дала тірлігін, далалықтар тынысын бейнелейтін жктпіске жуық би элементін ойлап таптыңыз, қырық шақты би қойдыңыз. Міне сіздің осылайша өлшеусіз төккен теріңіздің нәтижесінде қазақтың кәсіпқой би өнері дүниеге келді. Тек қана би емес, сіз ұлтымыздың балет өнерінің негізін қалауға және қалыптастыруға да айрықша үлес қостыңыз. Тұңғыш қазақ балеті-«Қалқаман-Мамыр» болса, ондағы басты роль Мамырды ойнадыңыз. Бұл 1938 жыл болатын. Ал кейін, араға отыз жыл салып, 1968 жылы өзіңіз ұстаздық еткен әрі директор болған хореография училищесінің бір топ талантты түлектерінің күшімен, жас балетмейстер Болат Аюхановтың көмегімен «Қыз -Жібек» балетін қойдыңыз. Бұл сіздің ұзақ жылғы үлкен арманыңыз болатын. Бойыңыздағы қабілет, дарынның молдығы сонша-сіз өнердің бірнеше түрін қатар меңгергенсіз жіне сол өнер тыңына алғашқы болып түрен салғансыз. 1938 жылы қазақтың тұңғыш көркемсуретті фильмі «Аманкелді» түсірілді. Осы қарлығаш-кинода Аманкелді бейнесін Елубай Өмірзақов сомдаса, батырдың жары Балымның ролін сіз ойнадыңыз. Сондай-ақ елімізде тұңғыш ән-би ансамбілін құрдыңыз. Осы ансамбільмен Ұлы Отан соғысы басталған кезде өз сұрауыңызбен майданға аттандыңыз. Бораған оқтың, лаулаған оттың ортасында тұрып концерт қойдыңыз, би биледіңіз. Осылайша дұшпандарға өнеріңізбен соққы беріп, женіс күнін жақындатуға өзіндік үлес қостыңыз. Алғы шептен елге оралысымен еңбек майданына араласып, гастрольге шықтыңыз. Аяқ жетер жақын жерге емес, Сібір, Орал, Кузбасс, Қиыр Шығыс сияқты қиян шетке ансамбіліңізбен барып, «Бәрі де Отан үшін, бәрі де майдан ушін» деп күн-түн демей қарқынды қимыл жасап жатқан құрлысшылар мен шахтерлерге, зауыт жұмысшыларына, колхозшыларға үш ай бойы үздіксіз қызмет көрсеттіңіз. Ең ғажабы-жеке қаржыңызды Отан қорғау қорына аударып, жауынгерлерге танк сыйладыңыз. Бір күні майданнан үш бұрышты хат алдыңыз. Онда: «Сздің танкіңіз бүгін майданға шықты, ұрысты снаряд оғымен бастаймыз. Командир Байболатов» деп жазылған. Міне елбасына күн туғанда сіздің өнер үшін, би үшін жаралған нәзік жүрегіңіз осылайша Отан деп, майдан деп, жеңіс деп соқты. Осылайша сіз тек өнер мен мәдениет қайраткері емес, өз Отанның шын мәніндегі патриоты, ержүрек қайсар қызы екендігіңізді көрсеттіңіз. Менің мұны тәппіштеп айтып отырған себебім-бұған дейін сізді биші, ұлттық би өнерінің хас шебері деп білетінмін. Сөйтсем сіздің қиын-қыстау кезеңде де, бейбіт өмірге де жасаған ерлікпен пара-пар еңбектеріңіз, ұрпаққа үлгі болатын ұлағатты істеріңіз көп екен. Осыныңыз үшін де сізге мың тағзым дей отырып, енді өзіңіздің өнеріңізге, бір ғана қазақ жұртын емес, күллі Мәскеу көрермендерін, әйгілі өнер қайраткерлерімен музыка мамандарын, әлем халықтарын тамсандырған ғажайып өнеріңізге, осы орайдағы маңызды оқиғалар мен жұлдызды сәттеріңізге оралайын. Жұлдызды сәттеріңіз, абыройыз асқақтап, даңқыңыз әуелеген табысты, бақытты кезеңдеріңіз, шабытты шақтарыңыз неткен мол еді. Өнердің шырқау биігінен көрінген сәттеріңізді оқи отырып, сол дүбірлі думанның, салтанатты ортаның ішінде жүргендей болдым. Ал сіздің сахнаға найзағайдай жарқ етіп шығып, шалт қимылыңызбен, сұлу өрнектеріңізбен, көздің жауын алар сәнді киімдеріңізбен шалқыған күй фонында орындайтын билеріңізді дәл қазір тамашалап отырғандаймын, қан қызып, журек тулайды. Ұзаққа шыққан алғашқы гастрольдік сапарыңыз Лондон қаласыңа, ондағы дүнежүзі халықтары билерінің фестиваліне шақырудан басталды. Темірбек Жүргеновтің тапсырмасы бойынша Александров сізге арнап төрт би қойды. Олар -«Балбырауын», «Келіншек», «Былқылдақ» және «Мерген». Осы төрт биді қысқа мерзімде, небәрі он бес күннің ішінде дайындау үшін таңның атысы, күннңң батысы, демалаыссыз, ас-сусыз (диета сақтап ) қатаң режимде жұмыс істедіңіз. Тіпте көзіңіз қарауытып, есіңіз ауып, репитиция залында құлап қалған кездеріңіз де болды. Бірақ дайындықты тоқтатпадыңыз. Нәтижесінде биді бағындырдыңыз. Осы еңбегіңіздің, өнерге деген осы құштарлығыңыздың арқасында Үлкен театрда өткен қорытынды концертте үлкен табысқа жеттіңіз. Өз ұлтыңыздың мәдениеті мен өнерін өзге халыққа таныстырдыңыз, бар бояуымен, бар сән-салтанатымен, терең мазмұнымен биік дәрежеде таныстырдыңыз. Сол толқынысты сәттен, қазақ биінің Советтер Одағының астанасында тұңғыш орындалуы сәтінен жазғаныңызды келтіре кетейін. Менің оқырманым да сол қас-қағым тарихи сәтті қөз алдына елестетсін, әсерленсін, біле жүрсін. «Шығар кезегім жақындаған сайын жүрек тоқтата алмай шарқ ұрам. Бірақ шабандоз бишілер өнері делебемді қоздырып, бәйгеге шабатын арғымақтай тықыршып, тебіндіреді.
«Қазақ бишісі Шара Жандарбекова билейді!...»
Жалпақ жұртқа жариялап тұр ғой атымды. Құлағым шыңылдап, көз алдым қарауытып кеткендей... Жо-жоқ өзімді қолдан шығармауым керек. Баяғыда ел аралап гастрольмен жүргенімізде Қажымұқан ағайдың күресер алдында: «Уа, қазағым» деп жолбарыс үніндей гүр ете түсетіні бар-тын. Сол кенет есіме түсті, менде «Уа, қазағым» дедім де сахнаға билей басып шықтым. Ду қол соғылды. Бұл менің гүлдей құлпырған киіміме соғылған қол, көрсетілген қошемет еді. Дөңгелене жөнелдім. Бисті жұрт маған да соқты. Қайта тағзым ете шыққанымда кәрзенке толы гүл әкеп қойды. Жер тепкілеп, қайталауымды сұрап тұрып алған жұртқа конфераньсе тағы билейтінімді хабарлаған соң ғана бәсеңдеді. Келесі биіме киіне бастадым-қос етек жібек көйлек, қынама бешпет, беліме қамар белдік буындым. Аяғымда өкшелі, кестеленген кебіс. Басымда үкілі кәмшәт бөрік. Бірінші биімде әшекейленген үкілі тақия, қызыл өртттей көйлек, қырмызы бешпет, оның өңірі сусарымен журмелген, мойнымда алқа, қос бұрымды күміс шашбау-тұғын. Сары жібеккөйлегім жалқындап жұлқына шыға келгенімде көруші халық тағы қол соқты. Бұл мені қанаттандырды. «Балбырауынды» бар бұрауында көсілтсем керек, шырқ иіріле сахнаны айнала билегенімде қос бұрым-қос қанаттай боп екі жағымда керілді. Оркестр де Құрмағазы атамыздың күйін құйқылжыта, құбылта тартқанда сар далада мыңдаған ат шауып бара жатқандай әсер етті, кең зал іші күңгірлеп, әсем желдірме күй кернеп, жұрт толқып кетті. «Мерген» биінде ерекше киініп шығуым керек. Кәдімгі қазақтың бозбала жігіті: басымда түлкі тымақ, оқалы шапан, кестеленген шүберек белбеу, балағына ою сап ықшам тігілген шалбар, тақасы биік саптама етік—бәзбәрі серілеу де сылқым аңшы, не мерген жігіттің порымын беріп тұрған жоқ па? Бұл би ойнақы әрі сайыскерлік, ептілікті бейнелейтіндей қарқынды қимыл-қозғалыстармен орындалуы керек. Солай орындадым да. Қызып кеттім, садақ аттым, арғымақ болып шаптым, не керек, сахнада ортекеше орғыдым». Бұл концерттің бірінші бөлімі сіздің биіңізбен аяқталды. Бұл зор мәртебе. Үлкен жердегі, үлке театрдағы осы алғашқы концертіңіз мұнан былайғы өнер жолыңыздың сәтті бастамасы болды. Осыдан кейін өмір бойы осындай маңызды концерттер шымылдығын сіз жабатын болдыңыз. Осы арада оқырманға айта кететін мәселе-Шара мінген шабан поезд әр жерге бір тоқтап, Мәскеуге он екі күн дегенде әрең жетеді. Ол Қазан вокзалына келіп түскенде сол жерде Лондон фестивалінен қайтқандарды қарсы алып жатыр екен. Биші фестиваль лауреаттарымен бірге жаңа біз әңгімелеген үлкен концертке қатысады. Мұнан кейінгі сапарыңыз әйгілі онкүндік. Мамырдың 17-сінде «Қыз Жібек» спектакілімен ашылған өнер мерекесі өте табысты өтті. Қазақ мәдениеті мен өнерінің мәртебесі биіктеп, жұлдызы жарқыраған осы декада қортындысы бойынша 14 қайраткерге үкімет наградалары берілді. Жамбыл Жабаев, Сәкен Сейфуллин, Күләш Байсейітова, Темірбек Жүргенов, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов және басқалардың қатарында сіз де КСРО Орталық Атқару Комитетінің Председателі М. И. Калининнің қолынан жоғары мемлекеттік награда-«Құрмет белгісі» орденін алдыңыз. Осы онкүндік барысында жақсы өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленулеріңізбен қатар концерттер мен кездесулер барысында небір қызықты жайттер мен естен кетпес әсерлі оқиғаларды да бастан кешірдіңіздер. Солардың бірі Кремльдің Георгиев залында үкімет басшыларымен, Мәскеудің өнер қайраткерлерімен болған кездесулеріңізге байланысты оқиға. Оны да өз сөзіңізбен келтірейін. «Кремльдің Георгиев залы неткен ғажап! Ертегілерден оқитын алтын сарайлар осындай-ақ шығар! Еденнің өзі мұз айдындай жалтырайды, небір алтындатқан әсем суреттер көздің жауын алады. Ақ сүттей жарқ шашқан хрусталь шамдарды көрудің өзі бір арман ба дерсіз. Күләш екеуміз қол ұстасып алғанбыз, мәнерлі коньки теуіп жүргендей мәрмәрлі көк еденде тайғанақ қағамыз. Бір кезде төбемізден төніп тұрған сүт сәулелі шамдарға қараймыз деп жалп етіп тайып түстік! Ұят-ай. Абырой болғанда, өзімізден басқа ешкім көре қоймапты. Тұра береміз деп тағы тайдық. Со кезде бір әлуетті қол Қүләш екеумізді қақ айырып қос қолтықтап ұстай алды. Жалт қарасақ-Сәкен аға! Сасқаннан тағы құлай жаздадық. Сымбатына салтанаты сай бұл ардагер ағаның бетіне тіке қарап сөйлеуден де именетінбіз. Мойыл көздері нұр жайнап, бір қарағаннан жүзіңді шарпып алатын сұлулығына сұсты такаппарлығы тура келген, қазақ поэзиясының қызыл жалауын қолында алаулатып жүрген бүкіл Одаққа мәшһүр адамды осылайша жолықтырамыз деген Күләш пен менің үш ұйықтасақ түсімізге кірер ме екен?... -Ал, қыздар, қалқам онша абыржымаңдар. Қане, Шара биші емессің бе, аяғыңды әсем бас. Бүгін екеуің де ғажап сұлусыңдар, тек бір арзанқол жаман әтірді жағыныпсыңдар, бұларың болмаған екен, - деп қанша жұқалап айтса да қос келіншек бетімізден от шықты. Сәкен аға ақиық қырандай мойнын әсем бұрып екеумізге кезек қарап қойды, езу тартып, сәл жымийды, бипаздап өсірген құндыз қара мұртының ұшы дір етті. -Уақа емес, жассыңдар әлі. Сендерді емес, ана екі жігітті кінәлауға тура келер: гүлді қолдарына қондырған екен, баптай да білсін ! Қымбат әтір сатып әпере алмайтын неғылған нашар күйеулер өздері? Джелтельмен емессіңдер деп екеуін бір желкелейінші, - деп аса қымбат матадан тігілген сүліктей қара костюмінің өңірін ашқанда крахмал жағалы ақ көйлек, қара бантик, қара сұр атлас желет—мүсіндей таразы бойына қандайлық қонып тұрғанын көріп сәл аңтарылып қалдық.
Сәкен аға төс қалтасынан суырып әдемі құты ұсынып тұрды.
-Мынау француз духиы, кәне үстеріңе шашып әдеміленіп алыңдар.
Шынашақтай құтыны алдық та әуелі Күләш, одан мен басымыздан төмен қарай құя салдық. Ішінде болар-болмас бірдеңесі қалған шишаны өзіне бере салдық та зыттық. Артымызға бұрылып қарасақ, Сакен ішек-сілесі қата күліп, ақ жібек орамалман көзін сүртіп тұр екен. Әй, жабайылық-ай! Әтірді шымшымдап алқымға, құлақтың түбіне жұқалап жағатынын білмеппіз ғой». Георгиев залындағы осы кездесуде Темірбек Жүргенов пен Мұхтар Әуезов сөз сөйлесе, Күләш «Гәккуді» сызылтты, ал сіз атақты маршал Буденыймен биледіңіз. Бұл 1936 жыл болатын. Бертініректе, 1960 жылы Совет елінің бір топ әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен бірге Шығыс елдерін араладыңыз. Қай елге, қай жерге барсаңыз да тек өнер көрсетіп қана қоймай, сол халықтың өнерін алып қайтуды да қалыпты дәстүрге айналдырғансыз. Осы әдетіңіз бойынша сол жылы Каир қаласыңда атақты биші әрі талантты кино жұлдызы Наима Акоптан Египеттің «Мұстафа» биін үйреніп келдіңіз . «Египетте болған осы сапарда бір қысылғаным бар, бірақ талай қысылтаяңда жол тауып кетуші ем, бұл жолы да би тәңірісі жебеп, жалқымның өнерін шет ел жұртшылығының марапатына ие еткендей болдым, - деп еске аласыз. -Елуге таяп қалған, онша уылжып тұрмаған шағым. Менң жасымдағы бишілер пенсияға шығып, әрі асса ұстаздықпен айналысуы керек-ті. Бірақ менің бимен қоштасқым келмеді. Ашық алаңда шығыс билерінің дәстүрлі сайысы өтіп жатты. Өнер көрсететіндер таяу Шығыс, Үнді, Біріккен Араб Республикасы елдерінің атақты бишілері, белі бұралған мойыл көз, шырын ерін сұлулары кілең. Кілем төселген тақта мемлекет президенті отыр. Жүрегім толқыды. Әлемнің талай сахналарында сүрінбей өткен басым бұл жерде неге сонша қобалжыдым ?..
Абдель Насерді танып қалдым. Толқуымның негізі де осында.
Бір кезде қазақ күйінің күмбірлеген үні құлағыма келді. Ортаға қалайша жұлынып шыққанымды білмедім! Басымдағы үкілі кәмшат бөркім, желбіршегі мол төгілген көйлегім-менің қанатым секілді, көтеріп кетті. Қос бұрымдағы шолпы сыңғыры саз беріп, би екпінін ширата түскендей. Жылдар бойына байқағаным: қазақтың ұлт киімінің өзіндік «пірі» бар, билегенде қолтығынан демеп шалқытып жіберетін тәрізді. Өзге ұлттарда да солай шығар, бәлкім? Биімнің финалына таядым. «Қалай бітіруім керек?» Бұл жолы бұрынғымнан басаша аяқтауым керек секілді. Қалай ? Абдель Насердің алдына карай жорғалап билеп бардым да қазақша сәлем жасап бір тізерлеп отыра қалдым. Насер орнынан тұрып қасыма келді де мені қолымнан демеп тұрғызды. Салтанатқа қатысып отырған өзге кісілер де орындарынан көтеріліп қол соқты. Египет президенті қатты риза болды, өздерінің атақты бишісін қасына келтіріп, құлағындағы алтын сырғасын менің құлағыма такты». Гастрольдік сапарларыңыз кезіндегі тағы бір қызық жәй әңгімеміздің бас жағында айтып кеткен майданнан оралғаннан кейінгі Қиыр Шығыс, Сібір жаққа барғаныңызда болды. Оқырманға тәтті сөлімен жеткізу үшін оны да өзіңіздің жазбаңызбен берейін. «Новосибирск қаласыңдағы концерт басталатын уақытқа біраз бар, жәй тынығып алайын деп төсегіме жантая бергенім сол еді, есік қағылды. «Кіріңіз» дедім. Апалақтап есі шыққан администраторым келді. Қасында Новосибирск филармониясының жетекшісі бар. -Ойбай, Шара апай, неге жорырымызды білмейміз, билетті түгелдей бір адам сатып алыпты! - деді.
-Е, сатылғаны жақсы, оған несіне сасасың ? -Сатылғаны, әрине жақсы, бірак алған кісіні айтам, қазақ аксақалы. Кассаға келеді де: «давай, все билеты!» деп, белбеуін шешіп, ақшасын бұрқырата шығарады. Сөйтіп, бар билетті сатып алады. Кезекте тұрғандар ойбайлайды да қалады. Бұл не ғажап! Мен де саса бастадым. Қаншама концерт қойып ел аралап, жер кезіп жүріп мұндай оқиғаны-бар концерттің билетін жалғыз адамның сатып алғанын көрген емеспін, естіген де емеспін.
Жергілікті филармония басшысы да: «черт знает, что это такое!» деп тұр.
Кешті сарыла тостық, не болар екен ? ! Қастастық істеген біреу болмаса де ?
Кіші бесін кезі. Театр орналасқан жерде алаң бар, концертіміз осы театр үйінде өтпек. Бір шамада алаңды ат, түйе жеккен арбалар алып кетті. Оның үстіне аттарына шөп тастап, шағын алаңның әптер-тәптерін шығарды. «Бұл кімдер, апыр-ау?» деп еппен соларға қарай аяңдадым. Тәңірі-ау, өзіміздің қазақтар! Бір ауыл көшіп келгендей.
-Кайдан жүрсіздер, ағайындар?
-Өзің кімсің ? Қазақпысың ?
-Өздерің қайдан?..
-Е, бізді қойшы, осындағы бір аудан қазақпыз. Әлгі Шара дейтін биші келді, кәнсерт қояды дегесін тайлы-таяғымыз қалмай келдік емес пе? Колхозшылар анау біргәдір шалға акша жиып бергеміз, - деп түлкі тұмағы оқшырайған біреуді нұскады. Мұндай қызу өткен концерт некен-саяқ шығар. Мен әбден қалжырадым, бұлар таңға отыруға бар. Сонан бригадирлері колхозшылар атынан рахмет айтып, ауылдарына қонаққа шақырып кетті. Мүмкіндік бар ма оған, әр сағатымыз санаулы». Осыған ұқсас тағы бір оқиға Одесса қаласыңда болған-ды. Соның алдында ғана Мәскеуде әйгілі әнші Леонид Утесовпен кездескеніңізде: -Леонид Осипович, Одесса сіздің жайлауыңыздай болып кеткен қала, егер бара қалсам мені қалай қарсы алар екен? - дегенсіз. Сонда әнші: -Ой, Шара Одесса халқының талғамынан шықсаң, саған дүние жүзі табынады дей бер! - деген әзіл-шыны аралас. Жол түсіп Одессаға келдіңіз. Талай саңлақтар өнер көрсеткен, талабы биік, талғампаз жұрты бар үлкен қалада өзіңіздің кім екендігіңізді, қазақ мәдениетінің қандай екенін танытуыңыз керек. Сондықтан да толқуыңыз қатты. - Ой, Шара апа, барлық билет сатылып кетіпті! - деп қуанышы қойнына сыймай администраторыңыз келді. «Рас па, өтірік пе?» деп өз-өзіңізге сенбедіңіз, дегенмен көіліңіз біршама демделгендей.
Концерт басталды. Сырғып шымылдық ашылды, жайнаңдап шыға келдіңіз. Масқара!
Залда саусақпен санарлықтай ғана адам отыр. Бұл қалай ?
Мұнысы несі ?
Өрімтал кезіңізден көптің алдына шығып, өнер көрсеттіп, талай-талай кездейсоқ оқиғаларға тап болып, талай қысталаңнан жол тауып, қысылғанда амал тауып кеткенсіз. Бірақ мынадай жағдайды алғаш көруіңіз. Не істеу керек? Сахнадан шығып кетуге болмайды. Биіңізді әрі қарай жалғастыра бердіңіз.
Бір номер бітісімен администраторыңызды жағадан алдыңыз.
- Неге өтірік айттың? Енді қалай концерт берем?
- Апажан, кассаны тексертіңіз! - деді ол шырылдап.
Ғұмырыңызда «канша билет сатылды?» деген шаруамен айналысып, көмекшіңізге сенімсіздік көрсетпегенсіз. Тұңғыш рет күмәнданып, кассаға кісі жіберттіңіз. Айтқанының айны-қатесі жоқ. Бар билет сатылған. Ойланып тұруға уақыт жоқ, неде болса тәуекел деп концертіңізді жалғастыра бердіңіз. Конфераньсеге айқайлатып тұрып келесі номерді хабарлаттыңыз. Бұл еврей халқының күлдіргі әні-«Көңілді тігінші». (Шараның әнді өзі айта жүріп билейтін де өнері бар. Осы орайда оның репертуарына түрлі ұлттың отыз әні мен биі кірген). Өзіңіз сүйіп орындайтын туындыларыңыздың бірі. Бүкіл өмірі біреудің ескі-құсқысын жамаумен, көпшілікке киім тігумен өтіп келе жатқан қарт ерқашты жұмыстан әбден шаршаған. Оның жалғыз алданары бір жұтым шарап. Жанындағы құмырадан бір ұртап қойса, көзі шырадай жанып, көңілденіп ісіне кіріседі. Міне, қалжыраған тігіншінің осы образын сіз тамаша бере білдіңіз, өте нанымды. Сахна-шеберханада қазақ бишісі емес, еврей тігіншісі жұмыс жасап отырғандай әсер тудырдыңыз. Бір кезде зал жаққа қарадыңыз. Ине щаншар жер жоқ! Дуылдата соғылған шапалақ астында қалдыңыз. «Тағы, тағы» деген дауыстар естілді. «Көңіілді тігіншіні» үш рет қайталадыңыз. Көрермендерден: «Еврейдің басқа қандай әні мен биін биін білесіз? Білсеңіз орындап беріңізші!» деген өтініш-хаттар түсті. Артқа сақтаған дүниелеріңіз бар болатын. Соларды дөңгелеттіңіз, риза болған одессалықтар сізбен қосыла әндетіп, қосыла биледі. - Сөйтіп бар билетті сатып алып сырттай бақылаған, «Ұнаса кіреміз, ұнамаса уақытымызды шығындамаймыз. Кері қайтар болса артистің ұпайы тұгел, ақшасын қалтасына басып алды» дегенге сайып сын тезіне салған талабы жоғары шікәмшіл халықтың талғам биігінен табыла білдіңіз. Міне, осылайша сіз қай елге, дүниенің қай шетіне барсаңыз да өнерсүйер жұртшылықтың риясыз ықыласына, көл-көсір сезіміне, ақеден алғысына бөлендіңіз. Қайда да сізге құрмет көрсетілді, марапат жасалды, тағзым етілді. Өйткені сіз қай ұлттың, қай халықтың болса да жүрегіне теңдесіз өнеріңізбен, қайталанбас өнеріңізбен жол таптыңыз. - Сіздің өміріңіз-өнермен өрілген, бимен өрнектелген ғажайып өмір. Сол жарқын ғұмырыңыздың сәулелі сәттерін, мерейлі кезеңдерін, табысты тұстарын айтып тауыса алар емеспін. Айта түскім келеді, жаза бергім келеді. - Сіз біо ғана хореография емес, сонымен қатар ұлт драма театрының, балетінің, операсының, ән-би ансамбілінің ірге көтеріп қанат жаюына өлшеусіз үлес қостыңыз. Сіз Мұхтар Әуезов, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Шәкен Айманов, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов, Үрия Тұрдықұлова, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский сынды тарландамен тізе қосып еңбек ете жүріп өнер тудырдыңыз, қазақтың үлкен өнерін, өлмес өнерін жасадыңыз. - Сіздің өміріңіз-қазақ мәдениеті мен өнерінің тприхы. Ал өнер таусылмайтын тақырып, мәңгілік тақырып, мәңгілік муза !
Ақжолтай күн, Ақ Бата
Әдетте алып тауды, оың көкпен таласқан құзар шыңдарын бірден бағындыру, бағындыру емсс-ау, жанарыңды тойдырып түгел тамашалаудың өзі мүмкін емес. Сондайда әлгі таудың етегін, болмаса бір бөлшегін, немесе кішкене бір төбешігін ғана қызықтаумен шектелсің. Бірақ биіктікке құмар жанның, асқақтықты аңсаған көңілің, сұлулыққа іңкәр жүрегің әй қанағаттанбайды-ау, қанағаттанбайды. Дархан даланың дарынды ұлы, көнеден қалған қасиетті өнер, қастерлі мұраны кейінгі толқынға жеткізуші, сүлейлер салған сара жолды жәй ғана емес, мезгіл талабына сай дамыта жалғастырушы, жыр жампозы Алмас Алматов жайлы осындай ойға келдік. Өйткені оның жыраулығын былай қойғанда, ғасырлар қойнауынан термелетіп тіл қататын жауһар өнердің түп-тұқиянына үңілу, зерттеу, зерделеу, ұлтымыздың ұлы дәстүрін жаһанға жариялау, тарату тұрғысында атқарып жүрген жұмыстарына қанығудың өзі қиын. Сондай-ақ жыраулық, термешілік өнерге таласы бар жеткіншектерді баулып, оны мектеп емес, жоғарғы оқу орындарында оқытып-үйретудің әдіс-тәсілін, педагогикасын ғылыми негізде дәлелдеп, арнайы бағдарламасын жасағаны-өз алдына бір пара әңгіме. Жыраудың Қорқыт мұраларын зерттеу бағытындағы археологиялық, этнографиялық шараларға жетекшілік жасап келе жатқан тарихи құндылықтарымызға деген құрметі, құштарлығы емей немене. Қармақшы, Қазалы, Арал өңірлеріндегі біздің дәуіміздің алғашқы мың жылдығына жататын шаһарлар мен асарлардың сырына үңіліп, тарихына бойлау-ғалымның жаны сүйетін жақсы ісі. Бала күнінен шежіре кеуделердің қасынан қалмай сөз маржанын теріп, жыр жаттағаны, уақыт оза келе түркі ұзандарының жадынан шығып, зердесінен өше бастаған өлеңдер мен қисса-дастандарды жиып, қазынасын молайтқаны, жазып алғаны, көкейіне тоқып, кеудесіне ұялатқаны қаншама. Ал осының бәрінің, яғни жыраулық өнерді, жалпы музыкалық фольклорды, , этнографияны өрістету орайында жасалған, қолға алынып жатқан қыруар щаруаның бастауында-сол баяғы, бала күнгі жырға әуестік, термеге биімділік, мақам мен сазға құштарлық жатыр. Алмастың бойындағы бұл құштарлық ананың сүтімен, әкенің қанымен, ең ғажабы-туған топырақтың қасиетімен берілген. Иә, көзінде оты, көкірегінде жыры, көмейінде бұлбұлы бар өрен Қорқыт бабаның мәңгілік мекені-Қармақшыдағы Қорқыт стансасы маңында дүниеге келген. Оны айтасыз, Алмастың м әкесі Нұрмахан Қорқыт зиратының шырақшысы болатын. Бір таңқаларлығы-осы зират, дана абыздың жамбасы тиген осы киелі орын әлі ештеңені бағамдап, байыптап үлгірмеген, тіпті мектептің де табалдырығын аттамаған кіп-кішкентай баланың жүрегіне жақын көрінетін.. Былайғы тентектер маңайынан жүруге сескенетін зиратқа бұл жиі баратын. Онда барғанда жансарайы ашылып, көкірегіне нұр құйылғандай болады. Құлағына мұңлы сарын алыс... та... а... ан талып жетеді. Тұла бойын шымырлатып, жанын өзгеше күйге бөлейтін сол сарын бірте-бірте мұны баурап алды. Жатса да, тұрса да ойынан зарлы әуен кетпейтін болды. Сөйтіп жүрегінде, сөйтіп мұңлы сарын баурап, жабырқау кұй кешіп, сәби жанына бір нәрсе жетпей, әлде нені аңсап жүргенде «Ақсақ киікті» тыңдады. --Бұлардың кішкентай қоржын тамдары адамнан арылмайтын. Науқас емдеп, қан алумен, бала сүндеттеумен айналысатын Нұрмахан қожаға кісі үйір еді. Оның үстіне Қорқыт атаға тәу етуге келген жұрттың көбі осы үйге тоқтайтын. Бір күні Нәби Мыңжасаров деген жас жігіт келіп «Ақсақ киік» дастанын жырлады. У.. у... у.. Алмастың сондағы егілгені-ай. Ағыл-тегіл, ел-сел болды. Бір қарақшы жөйт жайылып жүрген киікті қақпанға түсіріп ұстап алып, бауыздайын деп жатады. Сонда бейкүнә жануар тілге келіп: -Маған аз ғана м ұрсат бер. Екі лағым бар еді, соны емізіп келейін, - дейді. Жөй:: -Жоқ, сенің нәтің жануар, мен, саған сенбеймін, адам баласыңан бір кепілдік керек, - дейді. Сонан Мұхаммед пайғамбарға барады. Мұхаммед пайғаибар:
-Жарайды, мен кепілдікке тұрам дейді. Киік илақтарына қарай шауып кетеді. Аңызды мұқият тыңдап оқиға желісіне еріп отырған бала осы кезде киікпен қоса шауып бара жатқандай болады. Тезірек... тезірек жетсе екен балаларына. Ана киікке жаны ашыған Алмастың көзінен жас ыршып-ыршып кетеді. Ал мына жақта белгіленген уақытынан кешіккен киікке ашуланған жөйт:
- Енді сенің жаныңды, - дейді пайғамбарға.
- Сонда ол кісі:
- Сәл күте тұрайық, ана ғой, балаларын қимай жатқан шығар, - дейді..
- Осы сөздерді естігенде болашақ жыраудың құйтақандай кеудесі аяныш сезіміне толып, өксіп-өксіп жібереді.
У.. у.. уһ... бір кезде киік те келді-ау.
Ол: - Лақтарымды еркелетіп, айналып-толғанып, қоштасаам деп жүріп кешіктім. Ал енді соя бер, - деп жөйттің алдына барып, басын иіп тұра қалды.
Сонда жөйт Мұхаммед пайғамбарымызға қарап: - Жоқ, мен соймаймын, бұған азаттық берем. Сіздің алдыңызда адам емес аңның өзі өтірік айтпай, басын иіп келіп тұр. Сіздің дініңіз өте бір жақсы, таза дін екен. Мен бүгіннен бастар осы дінге кіремін, - дейді. Аңыздың осылайша сәтті аяқталғанына тыңдаушы бала қуанып, көзінің жасын тиып, жадырап жайнап сала берер еді. Хикаяда баян етілген осы оқиға жеті жасар баланың ойында біржола қалып қойды. Көз алдына құба жонда лақтарына қарай асыға шауып бара жатқан ана киік. Құлағында Нәби жыраудың айтқан сайын үдеп, түйдек-түйдегімен төгілген даусы.. Бала Алмастың екінші тыңдағаны -Сыдық Қаражанов. Үстігне үнемі әппақ кител киіп, тап-таза болып жүретін әдемі, сыпайы жырау терме-толғаулардың, қисса-дастандардың небір түрін айтатын. Ал өлең құмар өрен төртінші оқып жүргенде Сыдықтың ұлы Сәндудің жырлағанын көрді. Ойпырмай, мұндай да айтқыш болады екен. Сәнду тоқтамай, бірінен соң бірі төрт терме орындады. Төртеуін де Алмас сол заматта, тұңғыш естігенде жаттап алды. 1968 жылы Нұрмахан қожаның отбасы Жаңақалаға қоныс аударды. Іргесі енді қаланып жатқан жаңа ауылда құйма құлақ баланың жыраулық, термешілік қадамы басталды. Осы Жанақалада Алмас таңды таңға ұрып жырлайтын өрен жүйріктерді жолықтырды. Қуанарлығы-бұл жұйріктер талапты жеткіншектің тұңғыш ұстаздары болды. Машарап Әлиев-арабша, парсыша, орысша сауатты, оның үстіне молдалығы, ақындығы бар ақпа-төкпе айтқыштың нағыз өзі. Ол доп қуып жүрген баланы шақырып алып: - Шаңлақта ит әуреге түсіп неғып жүрсің, мә, мынаны жаттап ал, - деп өлең жазылған бір-бір жапырақ қағазды беріп, бәлен күні кел, - дейді. Айтылған күні өлеңдерді түгелімен жаттап Алмас жетеді. Заулатып айтып береді. -Бәрекелді, - дейді жырау. -Тұрмағанбет былай деген, Шораяқтың Омары былый деген, Балқы Базар былайша жырлаған. Келесі күні осыларды айтасың. Құр жаттама, зердеңе толқуға тырыс.
Осылайша «тапсырма» толастамайды.
Орақ Дәнекеровты тыңдаған сайын баланың көкейінде «Біз қашан осылай жырлайды екенбіз ?» деген арман оянады. Ана жер, мына жерге, той-томалаққа барып айтып жүр. Бірақ байқайды. Ай, аздық етеді. Жауырыны енді жазылып келе жатқанда жаттағаны таусылвп қалады. Ал Орекеңнің сілтесі анау. Таусылмайтын теңіз. Ағыл-тегіл, түйдек-түйдек. Құдай сақтасын. Сөйтіп Орақ жырауға таң қалып, соған ұқсағысы келіп, күн сайын тыңдағысы келіп жүргенде, сәті түсті ! Жаңақаладан 15-20 шақырымдай қашықтықтағы Төбесіойық деген жерге Орақ жырау Социалистік Еңбек Ері Әділбек Қайруллаев екеуі келіп қой қыстатты. Алмастың құдайы берді де қалды. Көктен іздегені жерден табылды деген осы. Көбіне далада жүріп қолға түсе бермейтін жырау ауыл іргесіне келді. Сабақ біткенше мұның жаны шығып отырады. Үйге келісімен сөмкені атып ұрып, шай ішіп отыруға уақыты жоқ, таба нанды қойынға тығады да, жаңадан шыққан дәу магнитафонды арқалап алып қыстауға қарай тартады. Жерде қар. Аяқта гүрзәбай етік. Қарш-қарш, қарш-қарш. Қой келердің алдында бұл да жетеді. Дереу жемін беріп, шөбін шашып малды жайғауға кіріседі. Ондағы ойы-Орақ қойшы осы тірліктермен айналып қалмай, тезірек үйге кіріп шайын іше беруі керек. Бала бар жұмысты тап-тұйнақтай етіп орындап, жуынып-шайынып қас қарая үйге кіреді. Бұл кезде Орекең де шайға қанып, жіпсіп отырады. Алдымен Әділбек өлең айтады. Онан кейін Орақ жырау толғайды. Осылайша екеуі кезек-кезек таң атқанша жырлайды. Арасында ет желінеді. Түннің бір уағында үшеуі шай ішіп алады. Таң сібірлеп атып келе жатқанда бала магнитафонды мотордан ажыратады. Сонан сандықшасын арқасына салып алып үйге қарай зымырайды. Тастап кетуге болмайды. Жазылған жырларды жаттап, келесі күні айтып беруі керек. Солай етеді. Ертеңіне бұл Орақша термелетеді.
Соңда ұстазы:
- Ай, Алмасжан, менің арманым жоқ, - дейді разы болып.
Ал кейін Алтын Сейітжанның толғауларын ұстазынан айнытпай бірінен соң бірін төгілткенде: - Барлығын-үтір, нүктесіне дейін Алмасжанға өткіздім, - дейді Орекең рахаттана күліп. Олжабай Жүргенов-«Көроғлы» дастанын айтады. Үйлеріне кісі келсе болды, әкесі «Олжабай жырауды шакыр» дейді. Ұлы қуана-қуана шақырып келеді. Оған керегі де осы. Сонан жырдың тиегі ағытылады. Әбес әңгімесі жоқ, өте сыпайы, мәдениетті жырауды айызы қана тыңдай отырып Алмас «Мен де үлкейгенде осы кісі сияқты болам» деп қиялдайды. Бесінші класта оқып жүргенде бір күні түнде түс көрді. Таңертең таң намазына тұрған әкесі жайнамазын жая бергенде: - Аға, - деді бұл. -Аға мен қобыз тартам! ( Әкесін «аға» дейтін). Әкесі шошып кетті. - Жау қырылып қалды ғой балам, жау қырылып қалды, - деді. Ол кісінің мақалы осындай болатын.
- Жоқ, мен қобыз тартам, - деді бала тағы да. - Не болды, шырағым?- деп әкесі жанына келді. Бажайлап бетіне қарады. Сірә, науқастанып қалды ма, деп ойлаған болуы керек.
- Маған қобыз тауып бер, қобыз тартам!
Намазын оқып болған соң әкесі баланың қасына отырып, жәйлап тасбиғын тартты. Сосын: - Қобызды заман қолдамайды, айналайын. Мына заман қолдамайды. Домбыра дұрыс болады. Домбыра тартқаның дұрыс, - деді. Сол күні түс әлетінде үйлеріне бір мәшине келе қалды. Нұрмахан ақсақал кідірместен көлікке мінді де кетті. Содан бір аптадан кейін келді. Қолында үлкен домбыра. Октябрь ауылында Паязи деген кісі болатын, соған жасатып әкеліпті. Басы қалақтай. Машарап жырауға, Нәби жырауға ұқсап жыр айтқысы келіп жүрген бала әдебиет кітаптарынан өлең көрсе болды, сыпыра жаттай беретін болды. Қандай өлең, не деген өлең-онда шаруасы шамалы. Міндеті-жаттау. Жырды көп білу. Ұзақ-ұзақ дастандар болса тіпте жақсы. Бір кітапта «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры бар екен. Көрген бойда жаттап алды. Әкесі тасбиғын тартып отырғанда айтып беріп еді.
-Айналайын Алмасжан, - деді басынан сипап. -Алғыр боласың-ау шамасы.
Ұлы қанаттанып кетті.
Жаттағаны біраз болған сияқты. Енді баланың топқа түскісі келіп жүр.
Ат жаратып, бәйгеге шабуды жақсы көретін Алмас алтыншыға көшкенде Қазалы жағында үлкен атжарыс болды. Бұлар соған қатысып, бәйге алып олжалы келе жатқанда жолай Сорбұлақтағы Қаражолдасбайдікіне тоқтады. Барлығы жиырма шақты адам. Ақсақалдар аттарынан түсе салып үйге кіріп кетеді. Балалар жағы аттарды жайғап, дастарханға кешігіңкіреп отыратын әдеті. Алмас та сөйтті. Етті апыл-ғұпыл ала бергені сол еді, Машарап:
- Әй қожа, сен бері кел, , - деді.
Бұл қолын сүрте салып жыраудың жанына барды.
- Осы сен бірталай әңгіме жаттадың-ау.
- Иә, жаттадым.
- Онда бүгін сені тыңдайық.
Құдай сақтасын. Қорқып кетті. Сасқанынан:
- Домбыра жоқ қой, домбыра жоқ, - деді.
- Ештеңе етпейді. Баяғыда Рүстембектер оқтаумен де айта беретін.
- Шегінерге жол қалған жоқ. Сонан бала бастап кеп жіберді. Айтып жатыр, айтып жатыр. Шалдар тырп етпей тыңдап отыр. Бастарын изеп қояды. Риза сияқты. Бірақ Машекеңе қарауға жүрек жоқ. Қара су болды. Байқайды-өлеңінің түбі көрініп келеи жатқан сияқты. «Көп білетін едім гой» деп ойлап қояды. Тоқтаған жоқ. Тақпақтап ұрып отыр. Жыраулар терлейді дегенді еститін еді. Бұл да терледі. Өлеңі біте бергенде «Қозы Көрпеш-Баян сұлуға түсті». Біпаз айтты. Бір кезде төрдегі ақсақалдардың бірі: -Баланы шаршатып алармыз. Бүгінге осы жетер. Қоя ғой қарағым!Талабың оң болсынІ- деді.
Алмас бір-екі қайырып барып тоқтады. Осы кезде Машарап шайыр::
- Қожадан жырау шықты! - деді. -Қане бата берейік!
- Алмастың жыраулық өнердегі тұсауы осылай кесілді. Алғашқы батаны Машарап ұстаздан осылай алды. Сол бір жарқ етіп көрінген, бала бүркіттің томағасысыпырылған ақжолтай күн, дуалы ауыздың сол күні берген ақ батасы ұмытылар ма?!Сол бата кейінгі мыңдаған баталардың басы екен. Кейін, ес біліп, етек жапқанда, іздеп барып кімдердің батасын алмады бұл. Кешегі өткен Ақмырза Тұяқбаев, Манап Көкенов, Балқанбай Жүсіпов, Мырзағали Ақжолов, Әбілхан Маханов, Зайыр Рахатов, Мұзарап Жүсіпов, Көшеней Рүстембеков. Несін айтасың. Ақпа-төкпе осы дарабоздардың күллісінің алдына барды Алмас. Жырларына құлақ құрышын қандырды. Арқаланып отырып өзі де толғады. Сонан соң... сонан соң баталарын алды. Алла қабыл еткен сол ақ баталар әлі күнге үзілген жоқ.
Сыр елінің, Сыр елінің ғана емес, қазақтың жыры боп туған өнері боп туған осынау дүлділ перзентіне мақтанасың, марқаясың, рухың көтеріледі.
МЕНІҢ ӘКЕМ
9 мамыр -жеңіс күні жақындап келеді. Биылғы мереке ерекше. Биыл Ұлы Жеңіске-60жыл. 1418 күнге созылған тарихта теңдесі жоқ алапат соғыстың тоқтағанына осы көктемде 60 жыл толады. Осы Жеңісті, осы Ұлы қуанышты болдыруға миллиондаған қанды көйлек қаруластарыңмен бірге сен де қомақты үлес қостың, әке! Тек биыл ғана емес, әр жылы Жеңіс мерекесі жақындаған сйын өзіңді ойлаймын. Ал мереке күні сәндікиініп, кеуделеріне орден, медальдарын тағып көшеге шыққан қарт майдангерлерді жолықтырғанда өзіңді көргендей боламын. Қолдарындағы таяқтарына сүйеніп, қалт-құлт басып, бір-бірімен қауқылдасып сөйлесіп келе жатқан ардагерлердің арасында сен де бар сияқты боласың. Сонан өзіңмен тезірек амандасуға асығакмын. Алға қарай ұмтыла түсіп қалт тұрып қаламын. Өйткені олардың арасындща мен іздеген, мен аңсаған таныс бейне жоқ. Өзің жоқсың, әке! Осыны бағамдаған сәтте кеудемді ащы өксік қысады. Қөзіме мөлтілдеп жас үйіріледі. Жаңа ғана «құлыным» деп құшағын жая ұмтылар, мейірленіп маңдайымнан иіскер деген әдемі үмітім алдамшыға айналады. Жаңа ғана өзіңді кездестірсем деп қуанышқа толған, өрекпи соққан жүрегім су сепкендей басылады. Өйстіп жанарларым жасқа толып, үмітім үзіліп, аңырап тұрғанда тағы топ-топ болып келе жатқан қарттар көрінеді. Құсы қайтқан көл сияқты құлазып қалған көңілім солсәтте қайтадан, көтеріліп, жадырай жөнеледі. Жүрек түкпірінде жылт етіп үміт оты жанады. «Менің әкем осы кісілердің арасында, осы топтың ішінде» дейді аржағымнан бір дауыс. Тағатсыздана тұрып ол топты да қарсы алам. Міне, міне, мынау менің әкем! -Әке... әке... е... е... Бірақ ол болмай шығады. Мына кісі де емес. Басында қоңыр бөркі, үстінде үстінде боз шапшаны бар, арық келген әнебір шал қалай ұқсайды. Еңкіш тартқан денесі де, ат жақты жүзі де тіпте шүңірейген көзі де айнымайды. Жақындай бере аңғардым, оның көзі менің әкемнің көзінен әлде қайда суық екен. Ал менің әкемнің көзі жып жылы болатын. Қажыған, оты азайған шүңірек көздерінде мейірім шуағы төніп тұратын. Көптен бері сол мейірімді көздерді көре алмадым. «Құлыным» деген жылы сөзін ести алмадым. Әп-әйдік болсам да арда бұзау құсатып арқамнан қағатын тарамыс қолдарының табын сезіне алмадым. Жеңіс мерекесіне санаулы күндер қалды. Мен әкемді ойлап жүрмін, сағынып жүрмін. Түрлі кездесулерге, жиындарға қатысып, соғыс жайлы естеліктер айтқан қарт жауынгерлерді көрген сайын «менің әкем де тірі болғанда ғой, осы кісілермен бірге жүрер еді, өзі жастық жалынын берген, денсаулығын берген Жеңістің 60 жылдығын тойлар еді» деп армандаймын. Бірақ бұл арман орындалмайды, әрине... Әкем жеңістің 60 жылдығы түгілі, 50 жылдығын да көре алмады. Ал 45 жылдығын тойлады. Онда да ауруханада. Менің өзегімді өртер үлкен бір өкінішім, әр жыл сайын Жеңіс мейрамында ойыма оралып жанымды жабырқататын оқиға да осы 45 жылдыққа байланысты. 1990 жылдың 9 мамырында әкем Тереңөзектегі аудандық ауруханада жатты. Сол сұм соғыста алған жарақаттынң, сыз окопта қалып тигізген суықтың, онан кейінгі көрген ауыр бейнеттің зардабы-ақыры әкемнің денсаулығын алып тынған болатын. Сонан да ол кісі ауруханаға жиі жатып емделетін. Жыл сайын Жеңіс күні біз, қаладағы балалары, ауылға арнайы барып, әкемізді мерекесімен құттықтайтынбыз. Бұл жолы да сіңілім Ботагөз екуміз Тереңөзекке барып құттықтап қайтпақшы болдық. Сол күні көктем айы болса да, сәске түспей-ақ күн қатты түсіп кетті. Өзіміз Тасбөгет қонысында тұрамыз. Ол жаққа жету үшін әуелі қалаға барып, одан әрі қарай екінші көлікке мінуіміз керек. Осыны қиынсынып, екінші жағынан күннің ыстығынан қашып ойланып-ойланып, аяқ астынан Тереңөзекке бармайтын болдық. Неге екенін қайдам, әйтеуір сол күні сіңілімнің де, менің де кежегеміз кейн тартып, жолға мүлдем шыққымыз келмеді. Біртүрлі шаршадық. Сөйтіп 9 мамырда өз үйімізде болдық. Дәл сол күні және одан екі-үш күн өткенге дейін ештеңе ойлай қойған жоқпын. Сонан кейін... Сонан кейін қатты өкіндім. «Қандай оңбаған едім, - деп ойладым да сонда мен. -Қандай оңбаған едім! Ең болмаса үйде емес, сырқаттанып ауруханада жатқан, балаларым келіп қалар мекен деп екі қөзі төрт болып жолға қарап жатқан әкемді төл мерекесімен, қан кешіп жүріп, кеудесін оққа тосып жүріп орнатқан Жеңісінің мерекесімен құттықтауға да жарамадым. Сонда жанындағы ардагерлерді бала-шағалары, туған-туысқандары, жақындары барып құттықтап, мәре-сәре болып, қуантып жатқанда, менің әкем оларға қызыға қарап, бір бұрышта жетім бала құсап жәутеңдеп отырды-ау, ә? Мен болмағанмен, тағы басқа пәленше, түгеншелер барған шығар дейтіндей де ыңғайы жоқ. Қайран әкешім ай. Кешірші мені. Кешірші мына ақымақ аңғал қызыңды. Ал мен өзімнің бұл қателігімді ешуақытта кешпеймін. Ешқашанда кешірмеймін» Ой сондағы өкінгенімді-ай. Балалары барып, мәре сәре болып жатқан науқастарға қарап қызығып, бізді әне келеді, міне келеді деп күтіп, болмағасын төсегіне барып, бүк түсіп үн-түссіз жатып қалған әкемді ойлағанда көңілім алай дүлей болды. Өкініштен өзегім өртеніп, жанымды қоярға жер таппадым. Кейін сауығып үйге шыққан соң: -Әке, Жеңіс күні құттықтап бара алмадық, бізге ренжіген шығарсыз? - деп сұрадым. Сонда ол кісі маған тіке қарамай, жүзін төмен салып: -Несіне ренжиін, балам. Сендердің жұмыстан қолдарың тимейтінін білем ғой, - деді жәймен ғана. Мен не дерімді білмей қалдым. Ішім қанжылады. Жүрегім езіліп кетті. Тоғызы - демалыс күні болатын. Сол жылы бұдан былай қарай қандай қиындық болса да Жеңіс күні бірінші кезекте және міндетті түрде әкемді құттықтаймын деп ойладым және солай етуге өзіме өзім ант бердім. Өкініштісі сол, келесі жылы 9 мамырды әкем көре алмады. Жеңіс мерекесіне жиырма сегіз күн қалғанда дүние салды. Содан бері Жеңіс мерекесі жақындаса болды осы оқиға ойыма оралады. Оқиғамен бірге көңіл түкпірінен өзегімді өртер сол бір өкініштің ащы запыраны удай болып көмейіме тығылады. Әкем әңгімеге жоқ, өзімен-өзі жүретін біртоға кісі еді. Көңілі қаламаған әңгімені айтпайтын. Біз, балалары, «соғыс туралыайтып беріңізші» деп қанша жалынсақ таонша ашылмайтын. Көбіне: -И... и... қарақтарым ай, соғыс дегеннің несі жақсы дейсің. Сендер ойлағандай ол қызық емес. Ол қырғын. Атыс-шабыс. Қантөгіс. Өлім. Қойыңдар. Ол сұмдықты атамаңдар. Ендігі жерде ондай қиямет болмасын. Ондай қырғынды кейінгі жастар көрмесін! - деп қос қолымен басын ұстап отырып қалатын. Кейде көзіне жас алып, қатты қиналып, көпке дейін өзіне-өзі келе алмайтын. Сондайда мен «Несіне сұрадым екен. Қиын кезі, қиналған сәті есіне түсті-ау» - деп ойлайтынмын. Ал қөз алдыма ол кісі айтқан там-тұм әңгімеден майдан даласы елестейтін. Қиян-кескі ұрыстың бел ортасында қолына автоматын қыса ұстап әкем жүреді. Қып қызыл жалын. Тынымсыз зулаған оқтар. Аспанда ажал уын сепкен самолеттер. Жер дүниені тітіреткен танктер. Сол қым-қиғаш, жан алып, жан берген ұрыстардың бірінде әкемнің сол аяғының төмендеу жағы шым ете қалады. Арғы жағын білмейді. Есін госпитальда жияды. Қатарлас жатқан украин жігітінің айтуынша бұған операция жасапты. Сол аяғының тобығын оқ жұлып кеткен. Бірақ аяқтың бас жағы аман көрінеді. Бұған да шүкір, - деп ойлайды бұл. Әйтеуір қайтадан соғысқа кіруге жараса болды. Ал жарамаса ше? Жоқ-жоқ. Атай көрме! Дұшпанынан кек алмай елге қайтпайды. Құдай тілеуін берді. Үш айдан кейін қолына қаруын алып қайтадан ұрысқа шықты Харьков қаласыңың түбіндегі кескілескен ауыр шайқастардың бірінде тағы да жарақат алды. Дәл жанынан жарылған снаряд дүмпуі тұрған орнынан бірталай қашықтыққа ұшырып жіберді. Сол жерде топыраққа қөміліп қанша жатқаны есінде жоқ. Жертөлде көзін әзер ашты. Басы көтертпейді. Құлағы түк естімейді. Біртүрлі жым-жырт, меңіреу дүние. Бір көзінің алдында тұтылып қоп-қою тұман тұр. Әкемнің Ұлы Отан соғысына қатысып, Украина, Белоруссия жерлерін жолдан азат етуге атсалысқанын, болашақ үшін, бейбіт өмір үшін күрескенін жұртқа ашып айтпасам да, іштей мақтан тұтып жүретінмін. От жалынның ортасында болып, елге жауды жеңіп, жеңіспен оралғандықтан денесі шағын, қағылез болса да, ол кісі маған хас батырдың нағызөзіндей болып көрінетін. Әке деген осындай болу керек, ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешіп, қолына қару алу керек, дұшпанына қүйрете соққы беріп, Отанын, жерін, елін қорғауы керек деп ойлайтынмын. Жоғары класс оқып жүргенде күтпеген жерден Украинаға туристік сапармен барудың сәті түсті. Сондағы куанғанымды-ай! Бір топ озат оқушылардың қатарында ауылдан ұзап шығып, ел көріп, жер көріп қайтатындығым үшін емес, Украинаға, яғни әкемнің соғыста болған жерінде баратындығым үшін қуандым. Украина. Белоруссия деген атаулар менің, жалпы біздің үйдің балаларының құлағына кішкентай күнімізден сіңген. Жұмыстан келіп, шаршағанын басу үшін балаларын алдына алып әлдилеп отырғанда әкем көбіне, «Украин, Белорусь, Харьков, Воронеж» деп тақпақтап, басымыздан сипап еркелететін. Бұл, әрине менің кішкентай кезімде. Қазір ойлаймын: Сонда бізді ойнатып отырып ол кісі бір сәт майдандағы өмірін, қарулас достарын, өзі жаудан қорғаған жерлерін еске алады екен ғой. Бірақ біз ол кезде әкемізден соғыс жайлы сұрауды білмедік. Ал бертін келе, жасы ұлғайған шағында біздің есіміз кірген кезде бұл тақырып төңірегінде әңгіме айтуға денсаулығы көтермеді. Туристік сапар барысында Украинаның астанасы Киев қаласыңда оншақты күн болдық. Қаланың әрбір көшесін, тарихи жерлерін, мұражайларын, соғысқа қатысты орындар мен ескерткіштерді аралап көрген сәттерде менің ойымда әкем жүрді. «Осы маңайды, тап осы мен басып жүрген жерді бір кездері, жап-жас шағында әкем де басты. Бірақ ол кісі мұнда мен сияқтықыдырып келген жоқ, қаланы жаудан азат етуге келді. Әкем шаһардың әрбір сүйем жері үшін соғысты. Мына, көшеде еріне басып бейқам кетіп бара жатқан украин қызы біле мекен осыны? Өзінің осындай бақытты өмірі үшін менің әкем кеудесін оққа тосқанын біле ме екен? Жалғыз бұл қыз емес, осы республикадағы, мына қаладағы мыңдаған, миллиондаған украин жұрты, сонымен қатаросы өңірде өмір сүріп, ұрпақ өрбітіп жатқан орыстар, белорустар, чуваштар, басқа да ұлт өкілдері сезе ме екен осыны?» Мен сол күндері көшеде қарсы жолыққан әрбір адамды тоқтатып алып осыны айтқым келеді. Кеудеме сыймай жүрген, жүрегімді мақтаныш сезіміне бөлеген осы жайлы айқайлап айтып, жалпақ жұрттың бәрін құлағдар еткім келді. Бұл ой әсіресе аты аңызға айналған Днепр өзеніне барғанда қатты мазалады. Сонан ішкі ой-сезімімді әрең іркіп тұрып Днепрдің жағасына «О, Ұлы Днепр, менің әкем Төлтай Рахметов сонау Сыр елінен келіп сенің тыныштығың үшін қан төкті. Сен оны білесің бе?» - деп жаздым.
Асқар тау -әкемнің дүниеден озғанына биыл он төрт жылдың жүзі болды. Он төрт жылдан бері мен әкемді сағынумен келемін. Бұл сезім жылдар жылжыған сайын кемудің орнына ұлғая түседі екен. Ауылға барғанда, әсіресе ол кісімен кезінде қатар жүріп, жиын-тойға, ас-құдайыға бірге баратын, қауқылдасып әңгіме-дүкен құратын қарттарды қөргенде менің де әкем солардың ортасында тұрғандай болып елестеп кетеді. Елес демекші, бұдан екі-үш жыл бұрын мынадай қызық оқиға болды. Бір жұмыстармен туысқан сіңлім Гүлнар екеуміз Тереңөзектегі аудандық музейге бардық. Мұражайда бізден де басқа адамдар да бар екен. Ауызғы залдан бастап екеуміз екі жақ қабырғадағы суреттерді, жағалай қойылған жәдігерліктерді көріп, ауданның арғы-бергі тарихынан сыр шертетін мәліметтерді оқып, көп жайға қанығып келеміз. Мен екі залды аралап бітіп, үшіншісіне ауыстым. Ойымда ештеңе жоқ, қайтадан қатар-қатар тізілген құндылықтарға үңіле бастадым. Бір кезде... Бір кезде көзім жарқ ете қалды. Әкем тұр! О тоба! Сенейін бе, сенбейін бе? Көзімді жұмып, басымды шайқап-шайқап жіберіп қайтадан қарадым. Шынымен сол! Менің әкем! Кеудесіне орден-медальдарын тағып, монтиып қана түсіпті. Төрт-бес майдангердің суреті жапсырылған тақтаның жоғарғы жағына «Ұлы Отан соғысының ардагерлері» деп жазылыпты. -Гүлнар, - деп айқайладым. -Гүлнар, әкемді қара, әкемді қара, менің әке... е... ем! -Кәне, кәне, - деп екінші залда жүрген Гүлнар жетті. -Төлтай әке, шынымен де Төлтай әке, - деді ол келе сурет салынған әйнекті қолымен сипап. Сонда барып менің есім кіріп, суретке қарай қолымды создым. Біздің шуымызды естіпмузей директоры Алма Бақтиярова, қызметкері Манат және басқа да кісілер жанымызға келді. -Менің әкем! Мынау менің әкем! - дей бердім біресе көзімнің жасын сүртіп, біресе суреттің бетін сипап. -Әкеңе қатты ұқсайды екенсің өзің, - деді топтың ішіндегі бір кісі. -Солай ма? - деп қуанып кеттім. Сол сәт кеудемде біртүрлі мақтаныш сезім пайда болды. Іштей әкеме ұқсағаныма қуандым. Жұмысымызды бітіріп, мұражайдан шығар сәтте әкемнің суреті тұрған бұрышқа тағы бардым. Небір сұмдықты, қиямет қайымды, сұрапылды көріп, басынан кешсе де, ешқандай қулық-сұмдықпен, өтірік-өсекпеншаруасы болмаған, өмір бойы еңбек етіп, қоңторғай тірлік кешкен қарапайым шаруа-менің әкем. Суретте-сол қалпы. Басқа қалып-ол кісіде болған емес.
Жеңіс күніне аз ғана уақыт қалды. Мен өзіңді тағы да ойлап жүрмін, сағынып жүрмін, әке!
ҚАСИЕТТІ МЕКЕН
Туған жер -құдірет. Оның құдіреттілігі сол-төрткүл дүниенің қай бұрышына барсаң да ойыңнан кетпей, елесі жүрегіңнің түкпірінде ұядай жып-жылы болып жатады. Сонан соң, небір сән-салтанаты мен сұлулығы бас айналдырар алып шаһарларда, сәулет өнерінің аса озық үлгілерімен салынған ғажайып орындарда, жер жанаты атанған табиғаты бай өлкелерде болсаң да-аз күннен кейін туған жерге, кіндік қаның тамған қасиетті мекенге асығасың. Қазір туған жер, ата жұрттың қадір, қасиетін-бір кездері тағдыр тауқыметімен мұхит асып, тау кезіп жан-жаққа тарыдай шашырап кеткен шет елдердегі қандастарымыздан артық ешкім білмейді деген біржақты пікір қалыптасты. Солайына, солай шығар. Дей тұрсақ та әркімнің туған жер жөнінде өз ойы, өз сезімі бар. Әркімнің жүрегіне-туған жері өзінше ыстық. Менің кір жуып, кіндік кескен жерім -«Қараөзек» деген шағын ғана станция. Темір жолдың бойы болғандықтан әрлі-берлі жүргенде «Қараөзектің»үстінен жиі өтем. Сонда байқағаным, алдағы жаққа қанша асығып бара жатайын, қаншама қалың ой құшағында болайын, жанымдағы жолсеріктермен қандай қызу әңгіме айтып отырайын-бәрібір сол жерге, «Қараөзектің» тұсына келгенде өзгеше күй кешем. Жүрегім біртүрлі елжіреп, аз ғана үйлі кішкентай ауылға үлкен бір сағынышпен, перзенттік іңкәрлікпен ынтыға қараймын. Және бір жаңылмайтын әдетім, жанымда, мейлі үлкен болсын мейлі кіші болсын, сапарлас адам болса: -Мынау менің туған жерім, менің ауылым! - деп мақтана айтамын. Осыны айтпасам біртүрлі күнә болатындай, туған топырақ маған ренжіп қалатындай көрінеді. Бүгін де міне, «Қараөзектің» тұсынан өтіп бара жатырмын. Бір ғажабы-батыс жақтан келе жатсаң да, шығыс жақтан келе жатсаң да, яғни екі бағыттан да ең әуелі үлкен көпір көрінеді. Сырдария мен оның бөлініп аққан бір арнасының үстінен өтетін шойын жолды жалғастыру үшін салынған көпірлердің бірі үшін салынған көпірлердің бірі «Сауранбай», екіншісі «Қараөзек» деп аталады. Осы «Қараөзек» көпірін көрсем болды, алыста қол бұлғап қалған балалық балғын шағым ойға оралады. Сосын екі апам-Лаура, Гүлзат, және мен-үшеуміздің қаздың балапандарындай тізіліп дарияның арғы бетіне өтіп бара жататынымыз көз алдымызға келеді. Көпір үстінде жүріп келе жатқанда төменге қарамауға тырысамыз. Қарадың екен бітті, басың айналып, жүрегің көтеріліп, құлап кете жаздайсың. Өйткені төменде екі жақ арнасын шіреп, кенересіне сыймай, шалқып ағып үлкен өзен жатады. Сол кезде маған дарияның суы бүгінгідей лай емес, қою жасыл болып көрінетін. Мүмкін ол шынында да сондай болған шығар?Сонан соң бала түсінікпен жер бетінде біздің Сырдан үлкен өзен жоқ шығар деп ойлайтынмын. Менің бұлай ойлауым бекерден бекер емес. Неге десеңіз, сол уақытта мол суы леки ағып, жарды ұрып толқып жататын дарияныңана беті мен мына бетіне көз жетпейтін. Судың көптігі және қуатты ағатындығы сонша, кей тұстарда ол ернеуінен асып кете жаздайтын. Сонан да біз дарияның жиегіне тақалып жүруге қорқатынбыз. Ал жақындап бардың екен, жағаға тынымсыз ұрып жататын толқындар өзіне тартып әкете сақтайды. Сыр-ананың кемерінен асып, шалқып-тасып жататын сол жылдары өзеннің екі жақ жағалауы сынсыған тоғай болатын. Жидесі мен жыңғылы жарыса өскен тоғайдың әр-әр жерінде теңге жапырақты тораңғыл да кездесетін. Дария суының ызасынан ба, жоқ әлде жауын-шашынның әсері ме, әйтеуір сол маңайда мия мен көк құрақ көп өседі. Ал көл табандарда сабақтары жап-жасыл, тіп-тік, тап-таза болып қоғалар жайқалады. Біз апалы-сіңілі үшеуміз таңертең ерте көпірден өтіп, арғы беттегі көк майсаға орақ ааламыз. Үлкеніміз Лаура әрқайсысымызға: -Сен он бау, ал сен он бес бау орасың, - деп тапсырма береді. Сонан іске кірісіп кетеміз. Кіп-кішкентай қолдарымызбен көк құрақты уыстай ұстап, түбінен орақпен тартамыз. Көбіне Гүлзат екеуміз жарысы түсеміз. Менен екі жас үлкен апамның алған «міндеттемесі» маған қарағанда көптеу болады. Осыған орай ол жылдам әрә тоқтамай орады. Ал мен болсам бір-екі бау орғаннан кейін айналамдағы табиғатты тамашалап, екі-үш баудан кейін шөпке оралып өсетін шырмауықтың собықтарын теріп, онан қала берді пшеннің басына қонып отырған ала қанат көбелекті қуалап кетемін. Бірауықтан соң өздерінің тиесілі жерлерінің шөбін «баудай түсіріп тастаған» апаларым терлерін сүртіп, аяқ жақта қалған ашытпа көжені ішуге бұрылғанда бел ортаға да жақындамай митыңдап жатқан мені көріп: -Өлә, әлі осы жерде жүрсің бе? - деп беттерін сұқ саусақтарымен сызады. Сосын сусын ішіп, шөл басып алғанекеуі екі жақтан менің шөбіме тиіседі. Межелі жерге жеткен кезде мен: -Ура! Ура! Болық! - деп қуана айғалаймын. Сәлден кейін орақтарымызды иықтарымызға салған үшеуміз ауылға қарай беттеп, үлкен көпірден өтіп келе жатамыз. Мен сонда небәрі 2 класта оқимын. «Қараөзек» станция болғандықтан ондағы бар тіршілік темір жолға, сол жолдармен ерсілі-қарсылы жүретін пойыздарға байланысты. Бұл жердегі жүз қаралы отбасы нәпақасын осы шойын жолдан айырады. Менің әкем теміржолшы болы. Қара күшті, төзімділік пен мол қайратты қажет ететін, , бейнеті белшеден осы салада ол кісі 28 жыл тер төкті. Жалындаған жастық шағы оқ пен оттың ортасында, ұрыс даласыңда өтіп, қиындыққа, ауырлыққа әбдентөселген әкем қара жұмыстың қара нарындай-тын. Үнемі ауыр балғамен, ұзын-ұзын сом темірлермен рельстерді соққылап, майсіңді шпалдарды көтеріп, болат жолда жүретін әкем маған сол жолдардың тамыршысындай болып көрінетін. Бұлай дейтінім-кеш болсын, түннің бір уағы болсын мейлі, жолдың пәлен деген шақырымында, пәлендей бір жағдай болып қалыпты десе әкем бір топ, немесе бір-екі жұмысшымен бірге «бес қаруын асынып» кідіріссіз кете барады. Сол кездерде далада түкірігің жерден түспейтін саршұнақ аяз, бет қаратпайтын дауыл болып, кейде шелектеп жауын құйып тұрады. Біз, балалар, үйде анамыз бен бірге әкеміздің аман-есен оралуын тілеп отырамыз. Мен көрпенің арасында қанша тығылсам да сыртта ұйытқи соққан желдің ысылдаған даусын естіп жатамын. Сосын бойымды қорқыныш билеп ішімнен «тезірек келсе екен» деп күбірлеймін. Көз алдыма алыста... а..., айдалада, тастай қараңғыда қатты дауылмен алысып теміржолдың бұзылған жерін жөндеп жанталасып жатқан жұмысшылар, олардың арасындағы өзімнің әкем елестейді. Олар зорға дегенде рельстің астына жаңа шпал төсеп, темірлерді майлап, айналасың енді тазарта бергенде, арттарынан екі иінінен дем алып, буы бұрқырап, зіркілдеп пойыз келіп қалады. -А... а... ай! - деп мен айқайлап жіберем. Апам сол кезде: -Біссіміллә, біссіміллә. Осы бала шошымалы болыпқалмаса не қылсын, - деп менің жаныма келіп, басымнан сипап, су ішкізеді. Әкем сол кеткеннен таңға жуық, кейде екі-үш күннен кейін, ал кейде бір аптадан соң оралады. Ол кісілер ара-тұра көрші разъездер мен станциялардың теміржолшыларына жәрдем беруге барады. Ондай кездері біздің үйдің және әкелері көмекке кеткен басқа да отбасыларының балалары станцияға аялдған әр пойызға алаңдай қарап жүреміз. Бір күндері бізді сағынтып барып әкелеріміз келеді. Қызығы олар базар базарлауға емес, жұмысқа кетсе де ешуақытта құрқол қайтпайды. Балаларға бір-бірден қораз кәмпит, ойыншық, кей кездері бояу қалам, дәптер, қаламсап, сиясауыт сияқты оқуға қажетті құрал-жабдықтар, ал апама көйлектік мата әкеледі. Біздер базарлықты қуана-қуана алып, мәз-мәйрам болып жатқанда анамыз: -Несіне әуре болдың, көйлегім бар ғой, - дейді өзінің қорғасындай салмақты қалпын өзгертпестен. Сонан соң ақар-шақар болып ортамыз толып отырып шай ішеміз. Аздап тынығып алғаннан кейін әкем өзінше ыңылдап әндетіп қойып, Балжанды, Рахман мен Данабекті ойнатады. Бір жақсысы ол кісі балаларды «қыз, ұл» деп айырмайтын. Қайта қыздарын көбірек жақсы қөретін және ешқашан дауыс көтеріп ұрыспайтын еді. Бірде әкем екеуміз ауылдан біраз қашықтау жердегі бақшамызға бардық. Мақсатымыз-дақылдарды суғарып, үйге қауын алып қайту. Ол кезде бақшалық жер үлкен, соған орай картоп, қауын, қарбыз дегендер мол болады. Қауынның жалпақ-жалпақ қою жасыл пәлектері біріне-бірі жалғасып, ауқымды алапта тұтасып жатады. Пәлектердің қалың болатындығы сонша, олардың арасынан аяқтың ұшын тигізіп аттап жүрудің өзі қиын. Сары ала, торлама, күләбі, қазақы қауын дегендерді піскен-піскенінше алып жейміз, ал жаппай піскен уақытта қақ тілеміз, қауынқұрт қайнатамыз. Әкем қолына кетпенін алып, құлақтарды ашып жүргенде мен оған қол ұшын бере қояйын деген оймен теңкиіп-теңкиіп жатқан қауындарды шетінен бытырлатып үзе бердім. Ішімнен «қауынды көп жинағанымды көріп қазір папам қуанатын болды» деп ойлап қоямын. Соны ойлаған сайын көңілденіп, қауындардың неғұрлым қаттысына, неғұрлым үлкеніне қарай жүгіремін. Бір кезде -Назым, қауын жеп алайық, - деп маған қарай бұрыла берген әкем тау болып үйілген қауындарды көріп қалт тұрып қалды. -О... Ойбүй, мұның не? -Мен сізге көмектесіп жатырмын! -Балам-ау, бұл қауындардың бәрі кәмек қой, піспеген әлі. Бұларды қазір жұлуға болмайды, көбі жүзін де жумаған. Қап әттеген-ай, қап әттеген-ай, енді не істейміз, - деп өкінді де қалды. Мен өзімнің бүлдіргенімді сезіп, ұялғанымнан жылап жібердім. -Қой балам, жылама. Болар іс болды. Көп болса малға берерміз, - деді жұбатып. -Анау арықтағы суға беті-қолыңды жу, қауын жейік. Бақшаны суарып болғасын біреуміз қанар қап толы қауынды, екіншіміз жалғыз түйнекті арқалап ауылға қайттық. Ертесіне әкем есек арбамен барып қалған қауынды тасып алды. Бұрындары ауылда жақсы бір дәстүр бар болатын. Қысты күндері, шаруадан мойын босаған кезде, көрші-қолаң, ата-аналарымыздың жора-жоралары, кейбір сыйласатын кісілері кешке қарай, шақырмай-ақ, бір-бір үйге жиналатын. Сосын түннің бір уағына дейінәңгіме-дүкен құрып, домбыра тартып, ән айтып рахаттанып отырып қайтатын. Сондай үлкендер бас қосатын орынның бірі-біздің үй. Көбіне үйімізге әкемнің бірге жұмыс істейтін жолдасы Манабай, ауылдың қойын бағатын бір қолы шолақ кісі Серікбай және екі-үш көршіміз келеді. Ер кісілер бірыңғай төрге, біз-балалар бір жақ бұрышқа жайғасамыз. Ал апам мен көршіміз Қамаркүл әжем босаға жақта, темір пештің жанына жайып қойған жүгерілерді үгіте отырып, әңгімеге құрақ түреді. Сөзді үнемі Серікбай қойшы алады. Ол кісінің: -Ойпырмай, бүгінгі күннің суығын-ай. Қойлар ықтасын іздеп біраз жерге дейін ұзады. Мен де қайырмадым. Жүгенді бос тастап соңдарынан ердім де отырдым, - деп басталатын әңгімесі біразға созылады. Бір таңқаларлығы ол кісі күнде қай үйден қанша мал өрді, қаншасы қорадан шықпай қалды, кімнің қойы дұрыс жайылмады, кімнің қойы қайыру бермеді, соның бәрі-бәрін жаңылыспай айтады. Көзі ашық, газет-журналды көп оқитын Манабайелде, Мәскеуде болып жатқан жаңалықтарды сөз ете келе әңгімесінің соңын Вьетнамдағы жағдайға әкеп тірейді. Ондайда апам мен Қамаркүл әжем жәймен күрсініп қойып: -Иә, құдай тыныштығыңды бере гөр! Ендігі жерде соғыстың беті әрмен болсын, - деп күбірлейді. Бізге сонша түсінікті емес, бірақ әйтеуір біреуді-біреу атып өлтірген, бір жерлерді бомбалап қиратқан, үйлерді өртеген туралы қорқынышты әңгімелерден барлығымыздың көңілсіздік басып, еңсеміз түсіп кетеді. Сондайда ойланып, бірнәрселерді есіне түсіргендей болып бірауық үнсіз отырып қалған Серікбай қойшы кенет серпіліп: -Иә, құрысын, соғысы құрысын. Көрдік қой ол қияметті. Қой, әлгі кітап қайда, балдар бастаңдар! - деді. Әкем жетілік шамды бізге қарай жақындатып, көтеріп қояды. Күндікке осы сөзді күтіп, дайындалып отырған Лаура сыртында семсер мен қалқанның суреті бар үлкен жасыл кітапты аша салып:
Жақсылар, дастан айтайын.
Құлақ салып тыңдағын,
Жамандық көрме тіріде,
Батырлар қылған қайратын
Қартаймай тұрып әрі де,
Ертедегі ерлерден,
Нұсқа болып соңғыға,
Қалған өлмей бірі де, - деп заулата жөнеледі. Барлығымыз тым-тырыс болып тыңдай қаламыз. Лаура болса өзіндік бір ырғаққа салып, оқыған сайын ашыла түседі. Сол уақытта ер Қамбар Аямады жеткенін... «Әкежан!» деп қалмақтар Пенде боп қолға түседі Түртіп өтіп кеткені, Тақиядай ұшады, Екпініне шыдамай, Атының жалын құшады, - деген жеріне келген кезде Серікбай қойшы: -Ой, пәлі! Ой пәлі!- деп сүйсіне дауыстап, қопаң-қопаң етіп орнынан қозғалып кетеді. «Батырлар жырын» бір күн Лаура оқысы, екінші күні Гүлзат жалғастырады. «Саған әлі ерте» деп мен оқуға қоспайды. Қалың кітап аяқталған кезде, басынан қайтадан бастайды. Бір ғажабы-ерлікті, елдікті, батырлықты, махабатты жырлайтын сол дастандарды қанша рет тыңдасақ та үлкендер де, бала-біздер ешқашан жалықпаймыз. «Қараөзекте» біздің отбасымыз үшін орны ерекше жақсы жандар болды. Ол-туысқаннан да бетер жақын болып кеткен құдайы көршіміз -Садақ көкем, Қамаркүл әжем және олардың ұлы-Асқар. Ауылда кемпір-шалы жоқ шаңырақтың «балабақшасы» көбіне көршілері болатын әдеті. Біздің үйдің де үйелмелі-сүйелмелі сарыауыз балапандарының аман-есен бауырларын көтеріп, қанаттануларына осы кісілердің көмектері көп болды. Әке-шешелеріміз күндіз-түні сыртта, жұмыста жүргендіктен біз Садық көкем мен Қамаркүл әжеме алаңсыз бауыр бастық. Жүректері мейірімге толы бұл қариялардың бізге ықыластары құлағыңды сонша біз ол кісілерді қашан ер жетіп, ес білгенше, өзіміздің туған ата-әжелеріміз екен деп жүрдік. Садық көкем жәй сөйлейтін, аса сабырлы тұйық адам болатын. Қырық жылдан астам өмірін темір жолға, пойыздардың қалыпты жүрісін қамтамасыз етуге сарп еткен. Соғыстан соңғы бесжылдықтарда шөл даланы жайқалған қаламен жалғастырып жүздеген шақырымдарға шойын жол төсегені үшін кеудесіне Ленин орденін таққан. Өзі ешқашан бұл жайында сыр шашпаса да, көкеміздің орденін біз іштей мақтан тұтып, марқайып жүретінбіз. Ал маған Садық көкем шағын кісі болғандығына қарамастан, бүкіл ауылда жалғыз өзі ғана Ленин Орденін алғандықтан нағыз ердей, сол станцияның ең күшті адамындай болып көрінетін. Құмаркүл әжем... Бұл кісі туралы әңгіме мүлде бөлек. Біздің үйдің балаларының дендері сау болып аман-есен ержетулеріне әжемнің сіңірген еңбегі орасан. Бойы екі метрге жуық атан жілікті, көзі үлкен, мұрны да баршылық, аяқ-қолы ұзын, қайықтай галош киетін әжем-ертегілердегі бақсы-балгер кейуаналарға қатты ұқсайтын. Тұрқының осындай алыптығына қарамастан ол кісінің жүрегі өте нәзік болатын. Үнемі айналасыңа үйіріліп, босатпайтын біздерге бір рет те қабақ шытып, қатты сөйлегенін көрмеппін. Осынау мейірбан жанның арқасында біз тек қана балабақша емес, сонымен бірге дәрігер дегенді де білмей өстік. Иә, Қамаркүл әжемнің емшілік қасиеті бар еді. Біздің отбасымыздың акушер-гинекологы да педиатры да-осы кісі болатын. Басымыз ауырып, ыстығымыз көтеріле қалса әжем аузына жуаны толтырып шайнап: -Тіфу... тіфу... тіфу..., - деп бетімізге үш рет түкіреді. Сосын қазанның күйесіне саусағын үйкеп алып тамағымызды басады да, қалғанын маңдайымызға жағады. Біз сол күннің ертесіне-ақ құлан таза айығып, құлдыраңдап шауып кетеміз. Сондай-ақ ол кісі кішкентайларды шөппен, неше түрлі маймен емдей беретін. Мен бірінші класқа баратын жылы шаңырағымызда үлкен қуаныш болды. Төрт қыздан кейін інім Рахман дүниеге келді. Көптен күткен бұл сәбидің құрметіне бүкіл ауыл, қала-даладағы ағайын-туыс шақырылып ұлан-асыр той жасалды. Меймандардың өте көп, соған орай оларға жайылған дастарханның мол болғандығы сонша, той тарқағаннан кейін екі қап кәмпит пен екі қап пешеней қалды. Апамдар қазан-ошақты жиыстырып жатқанда киіз үйде балаларды қызықтырып аузы шымши буылған төрт қаптың сап түзеп тұрғаны әлі көз алдымда. Сол кездің заңы бойынша жас босанған аналаларға үш-ақ ай демалыс беріледі. Біздің анамыз да белгіленген мерзім біткеннен кейін белін буып жұмысқа шықты. Рахманды бағу Қамаркүл әжем мен менің мойныма жүктелді. Оқимын деп кітап, дәптерлерімді дайындап асығып жүрген мен сол күзде мектепке бара алмадым. Қай үйде болмасын ұн аз. Ауылдың адамдары алысқа кетіп жаппай жүгері егеді. Садық көкем мен біздің апам да егіннің басында. Қамаркүл әжем диірменмен жүгері тартып талқан жасайды. Сап-сары етіп жүгері нан пісіреді. Сосын талқанды да, нанды да екі үйге теңдей етіп бөледі. Бір ғана сүт тамақ болмайтынын білді ме, әжем Рахманға сұйық қылып аз-аздап талқан бере бастады. Күн ұзаққа емшек дегенді көрмейтін балаға талқан ұнаған болу керек, ол енді бұрынғыдай шырылдап жыламай, уілдеп ойнайтынды шығарды. Бірте-бірте талқанның мөлшері ұлғая түсті. Аз ғана уақыттың ішінде балпанақтай болған сәбиді мен әзер көтеріп жүрдім. Рахманға талқанның ұнағаны сондай, қарны ашса болды сұқ саусағымен дөңгелек жасап диірменнің айналғанын салып: -И... и... и, - деп бізге белгі береді. Мұны түсіне қойған әжем: -Қәзір, қазір, менің ақ қоянымның тамақ ішетін мезгілі болыпты ғой, - деп кішкентай ағаш тостағанын алып талқан былғауға кіріседі. Садық көкемнің баласы Асқар өте ерке болатын. Лаурамен жасты ол өзінің ата-анасына шолжандаса да бізге ағамыз сияқты үнемі қамқорлық жасап жүреді. Әдемі киінетін Асқардың мен қатты қызығатын домбыра, баян, велосипед, фонар, қолсағат, авторучка сияқты дүниелері көп. Қалаға жиі барып, неше түрлі қызықты заттар әкелетін, жаңалыққа құмар Асқар бірде пойыздан кішкентай чемодан сияқты нәрсені көтеріп түсті. Далада ойнап жүрген біз үйге Асқармен қабаттаса кірдік. -Қазір мен сендерге қызық көрсетем, - деді ол. -Сырттағылардың бәрін шақырыңдар. Біз жүгіріп барып ошақтың басында күйбеңдеп жүрген әжем мен апамды, қора жақтағы әкелерімізді шақырып келдік. -Тақ, бәрің түгелдендіңдер ме?- деді Асқар жан-жағына қарап. Біз: -Түгелміз, түгелміз, - деп жапырлай жауап бердік. Чемоданның ішінде не бар екенін тезірек көргіміз келіп асығып отырмыз. Асқар осы кезде көкпеңбек, төрт бұрышты чемоданды ортаға әкеліп чемоданды ашты. Сосын сөмкесінен шығарған конвертке ұқсас үлкендеу қағаздың ішінен жұп-жұқа қара табақшаны алып чемоданның бетіне қойды да, бір темірді бұрап-бұрап жібергенде табақша айнала жөнелді. Сонан соң бұратылып келген жуандау жылтырақ темірді әлгіге жәйлап тигізе қойып еді, бір әйел шырқай жөнелді. -Астапыралла! - деді бейқам тұрған Қамаркүл әжем қорқып кетіп. -Асқаржан-ау, мынауың не нәрсе? - деді таң-тамаша болған Садық көкем. -Мына айтып жатқан Жамал Омарова ғой, - деді әкем өзінің сүйікті әншісінің даусын бірден танып. -Бұл патефон. Қаладағыларда бұрыннан бар. Ал «Қараөзекте» Садықов Асқарда ғана бар. Ол кеудесін қолымен ұрып-ұрып қойды. Осыдан бастап біз күнде-күнде патефон тыңдайтын болдық. Асқар қалаға барған сайын жаңа табақша әкеледі. Бұрыннан да домбыра, баян тартып, ән айтатын Асқар енді патефоннан үйренген әндерін орындап, көрші-көлемге кәдімгідей «концерт» қойып беретін болды. Ал біз сол әндердің бәрін ішімізден жаттап, үйге барған соң ойын-сауықты одан әрі жалғастырамыз. Ол кездері Наурыз мерекесі тойланбайтын. Ұлттық мейрамдардан білетініміз -Айт. Онда да қазіргідей қоғамдық негізде емес, жәй әр үй, әр ауыл өздігінше атап өтеді. Солай бола тұра айт-ауыл адамдарының асыға күтетін, ерекше дайындалатын мерекесі. Арапа күндері міндетті түрде көп қылып бауырсақ пісіріледі. Ал ертесіне, яғни айт күні барлық үйде дастархан жайылып, ешкім шақырмай-ақ көрші көлем, ағайын-туыс бір-бірінің үйіне кіріп, айттайды. Әрбір отбасы төрдегі кілемнің үстіне, сондай-ақ ортаға жіп керіп ішік, пальто, костьюм, қамзол, көйлек, орамал, тұмақ сияқты сандықта жатқан жаңалау, әдемі киімдерін шығарып, іліп қояды. Айттап келген кісілер мұражайдың мұрағаттарын тамашалағандай бір-бір қарап өтеді. Кейбір әйелдер өздерін қызықтырған киімдерін ұстап, аударыстырып көріп, сол жайында жанындағы айттаушыға әңгімелеп жатады. Ең қызығы-айтқа әрбір адам жаңа киім киюге тырысады. Әсіресе әжелер жағы бұл күндері ерекше құлпырып кетеді. Олар су жаңа атлас көйлектері мен масаты қамзолдарын киіп, бастарына үлкен-үлкен гүлдері бар ұзын шашақты салыларын тартып, қолдарына сақина, білезіктерін салып, аяқтарына әміркен мәсілерін киіп: -Айттарың құтты болсын! - деп үйге кіріп келгенде күнде көріп жүрген қарияларды танымай қаласың. Менің анам да айтқа жұрт қатарлы дайындалады. Жұмыстан сүрнігіп қанша шаршап жүрсе де біздерге қалайда жаңа киім кигізуге ұмтылады. Күндіз қолы тимейтін болған соң айт жақындағаннан түнделетіп тігін машинасына отырады. Үлкен апам Лаура киімдердің түймесін қадау, етегін қайыру, белбеуін сыру сияқты ұсақ-түйектеріне көмектеседі. Қалғандарымыз «көйлегіміз қашан дайын болады екен» деп асығып, ұйқыдан қалып, апамның айналасыңда қалғып-мүлкіп отырамыз. Лаура ересек болғандықтан оған көйлек біздікінен бөлек, тәуірірек тауардан, сәні де басқа болып бірінші тігіледі. Ал қалған үшеуміздікі бірыңғай матадан, фасоны да бірдей болады. Шешеміз мейрамда бізді жаңа киімсіз қалдырмау үшін ұйықтамауға да бар. Әлі есімде, бір рет, ертең айт деген күні, түнде үш көйлек қана дайын болды. Кішкентай Балжанның көйлегін тігуге уақыт жетпеді. Ол болса жылап, ренжіп теріс қарап жатып қалды. Апам үшінші көйлекті біткен кездің өзінде түн ортасы ауып кеткен. Соған дейін көзімізді ашып-жұмып зорға отырған біз жастыққа басымыз тиісімен қор ете қалдық. Таңертең тұрсақ... Міне ғажап! Үйдің ортасына керілген жіпте қатарласып төрт көйлек ілулі тұр! Біреуі көгілдір, үшеуі бірінен-бірі айнымайтын қызыл. Біз орнымыздан ұшып-ұшып түрегеліп, әрқайсысымыз өз көйлегімізді қуана-қуана киіп алдық. Балжанның қуанышында тіпті шек жоқ. Шәйдің үстінде байқағаным-апамның көзі кіртиіп, біздің көйлектеріміздің түсіндей қып-қызыл болып кетіпті. Сол кездері киімдердің дайын болғанына, кішкентай Балжанның да ренжімей бізбен бірдей жаңа көйлек кигеніне қуанғаныммен, кейін өсе келе осы оқиға есіме түссе жүрегім ауратын болды. Кейде ойлап отырып жылағым келеді. Бала үшін шыбын жанын құрбан етуге бар қайран ана!... Айт күні таңертең жіпте ілулі тұрған төрт көйлек сол күйінде көз алдымда қалып қойды. Туған жер туралы ойласам болды осы оқиғалар күні бүгінгідей жанымда жаңғырады. Сосын балалық бал дәуренге, сол бір қайта оралмас күндерге сағынышпен ойша саяхат жасаймын. Туған-жер балалық шағыңның ұмытылмас ескерткіші іспетті. Оның көзіне ыстық көрінетіні де, жүрегіңнің түкпірінде өнбойыңды салқындаудан сақтап, жып-жылы болып жататыны да осыдан шығар.
ӘЗІЛ-ШЫНЫ АРАЛАС ӘҢГІМЕЛЕР
ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН
Осы деймін-ау. Ұялы телефон жоқта қалай күн көрдік екен? Шыннан да қалай күн көргенбіз? Қазір қарап отырсаң бір титтей, иіс сабынның көлеміндей ғана байланыс құралынсыз таң атып, күн батпайтындай. Бүкіл тіршілігіміз соған байланып қалғандай Жастарды қойшы. Жүректері алып ұшып тұрған оларға бәрі қызық. Қарап отырсаң үлкендер де, яғни бастары бурыл тартқан жігіт ағалары мен сарықарын әйелдер де ұялыға үйір. Еркектер төңкерілген қазандай қарынның астына, ышқырға байлап алса, әйелдер жағы қарғы бау сияқтандырып мойынға асып, қос анардан төмен салбыратып қоятын болған. Ой, сәндеріне келіп-ақ қалды-ай! Жалпы, ғылым мен техниканың жаңалықтарына, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» құралдардың өмірімізге енуіне ешқандай қарсылығымыз жоқ әрине. Тек кей-кейде ретсіз кетіп, тым өрескел жәйттерге жол беріп жататындығымыз болмаса. Иә, ұялы телефонға байланысты күлкі тудыратын келеңсіздіктер көп-ақ. Әуелгі кездері оны бірыңғай байлар ұстады. Онан кейін ата-бабасынан бай болмаса да тырмысып, үйтіп-бүйтіп бастық болып, енді-енді қампиып қоңдана бастағандардың қолынан көретін болдық. Қызығы-ол шіркіндер ұялыны ұстасымен шәлтиіп шыға келді. Бұрыннан да шірнеуден кенде емес басекеңдер енді мүлдем болмай қалды. Ал ең қызығы-олардың қолдың басындай аппаратты қалай пайдалануды білмей сасқалақтағандарында. Өйткені ол-үстелдерінің үстінде тұрған телефонның түймесін басуға да ерініп, хатшы қыздарына: «мені пәленге қос, түгенге қос, немесе сізге Пәленбай Пәленбаевич звандап тұр, желіде түгел мекеменің бастығы» дегенде ыңыранып трубканы әзер көтеретін жағдайда емес қой. Енді титімдей-титімдей сандар мен түрлі белгілер бойынша өзі жұмыс жүргізуі керек. Бір операцияны дұрыс орындамасаң діттеген шаруаңды тындыра алмайсың. Даңқы жер жаратын үй құрылысы компаниясының бастығы Андабай байланыстың жаңа құралын Астанаға алқалы жиынға барғанда алып келді. Әкелуін-әкелді-ау. Ал енді оның пайдалануын білсеші. Өмірінде машинка басып көріп пе? Ал бұл өңірге компьютер келгелі Андекең бастық. Сосын оны үйреніп қайтсін. Үйренбек түгілі «тышқанын» ұстаған емес. Мына «ұялыңыз» сол машинка мен компьютерге қатты ұқсайды екен. Тіпте компьютердің жүз еселенген кішкене көшірмесі дерсің. Алғашқыда бұған титімдей түймелердің қайсысын қалай басу керектігін үйрететін жан болмай қиналды. Қайтсін енді, бүкіл компанияда ұялысы бар өзі ғана. Телефонның кітапшасындағы нұсқауларға қарап әрі-бері шұқып еді, түк шықпады, миы ашып кетті. Сосын ұят та болса, байланыс қызметін көрсететін арнайы стансаға барды. Ондағы уыздай жігіттің аузы-аузына, қолы-қолына жұқпай көрсеткендерінің бірін де кәлләсына құйып ала алмады. Тек әйтеуір әрең дегенде құралды іске қосу мен батериядан ажыратуды үйренгендей болды. Сөйтіп телефонды пайдалана алмай, дайын затты пайдаланбаудың ретін тағы таппай ит әуреге түсіп жүргенде қазан қарынның астында, ышқырлығына қыстыруды аппараттың барабандатып, гүрсілдеткен бір музыканы ойнап қоя бермесі бар ма. -Ойбай мынау кімге звондап жатыр? - деді қорқып кетіп. -Кімгеңіз не, сізге ғой, алыңыз, алыңыз тезірек. - деді жанында тұрған қызметкерлері. -Жанна, Жанна, қайдасың, телефоныңды ал, ал деймін тезірек, - деп хатшы қызды шақырды. Жанындағылар ду күлді. -Әндеке, қайда тұрғанымызды білесіз бе. Біз обьектінің басындамыз ғой. -А... а... Енді не істейміз? Не істейміз деймін сендерден. Өйістіп тұрғанда ұялының үні өшті.-У... у... уһ... Құтылады-ау әйтеуір. Даусының жаманыншы. Терлеп кетті ғой. Тіпте шыбынның тұсы дірілдеді ме қалай? Әйтеуір тұла-бойы бір түрлі болды. Құрысын. Есеп-қисап жұмыстарымен айналысатын департаменттің директоры Кеуік шенеуніктер арасында алғашқылардың бірі болып ұялы алды. Сонан су жаңа аппаратты қалтасына салып алып, «Тайотасына» отырып жиналысқа шықпай ма. Жылжығаны сол еді, телефоны әндетіп қоя берді. -Тоқта, Жантай, - деді ол, -Тоқта? -Неге, Кеуеке? -Негесі несі, сотовыйым шырылдап жатқан жоқ па, сөйлеспеймін бе? -Ой, Кеуеке, сіз де қызық екенсіз. -Несі қызық? -Енді, машинаны тоқтатпай-ақ сөйлесе беруге болады ғой. -Қой солай ма? -Кәнешні! -Ойпырмай, ә! Қаладағы мекеменің жетекшісі Торы аңқылдаған ақкөңіл жігіт. Барынша қарапайым, жұртына жәйлы болғасын ұжым мүшелері жақсы көреді. Жақсы көргендері сондай, туған күнінде оған ұялы телефон сыйлады. -Қой, бұларың не, алмаймын, ұят, - деп азар да безер болған бастықтарына қызметкерлері: -Ағай, алыңыз, ешқашан ұяты жоқ. -Алыңыз, алыңыз, сыйлық қой. -Сізден басқа бастықтардың бәрінде бар. -Дұрыс айтады, ағай, сол үшін біз ұялып жүрміз, - деп жалынып-жалпайды. Бәрі жабылғасын қойсын ба, ақыры Торы сыйлықты қабылдады. -Рахмет сендерге, рахмет!- деді ол толқып. -Ал ағай, енді сізбен сотывыймен сөйлесетін боламыз. -Өй, Түйметай, мен мұны қалай ұстайтынын да білмеймін ғой. -Ой, ағай, саспаңыз, үйретеміз. -Біз оның номерін де алып, активін де салып қатырып қойдық. Тек енді сөйлесе бересіз. -Міне, ағай, былай..., былай..., былай... Звонок болғанда бүйтесіз..., сосын бүйтесіз... -І... і... і... Әкімші қыз Шырайлым бірқатар операцияларды көрсетті. Оның түсіндіріп бітуін күтіп тұрған жігіттердің бірі Торыға бірінші болып қоңырау шалды. Сыйлық-телефоннан нәп-нәзік бір әуен төгілді. -О, ағай, сөйлесіңіз. -Қайтіп? -Ортадағы нүктені басыңыз да, «әлө» деңіз. -Әлеу, лөу... лөу... не дейін? -Төке, мені естіп тұрсыз ба, сөйлесіңіз. -Иә, иә, естіп тұрмын, естіп тұрмын. Айнала тұрғандар мұнан әріге шыдамай ду күліп жіберді. Неге дейсіз ғой. Өйткені Торы ұялыны біресе құлағына, біресе аузына кезек-кезек апарып сөйлесіп тұр. Жұрт күлмегенде қайтеді енді. Ой, қызық-ай! Ұялы телефонның әйелдер арасында тудырған комедияларын естісеңіз тіпті күлкілі, кейбірі аянышты. Бұл кісілер алдынғыларға қарағанда ептеп мақтаншақтау, бір-бірінен қалысқысы келмейтін бәсекелестеу халық емес пе? Жанындағы біреу әдемі көйлек кисе дәл соны, немесе онан да жақсысын қалай да, жатпай-тұрмай тауып киетін ханымдар да бар. Міне сондай мазаң маржалардың біреуі-Мәстура. Мәкең соңғы кезде қатты күйіп жүр. Күймей қайтсін. Бұл қатысатын қатындардың үш-төртеуі ұялылы болды. Бұның бәрінен де күйіп кеткені әлгі олпы-солпы киінетін, моданың исі мұрнына да бармайтын тас кедей Тұтқыш да иіс сабын емес, кір сабынның көлеміндей біреуін алып мойнына салпылда.. те... е... е... еп тағып қойыпты. Күйеуім кесек құйып сатып, соның ақшасына алып берді дейді. Ой... бүй... й... й. Мұны естіген Мәстура жаңағыдан да жаман күйді. «Тұра тұр! Тұра тұр, бәлем! Осыдан келесі айлыққа аман-есен жетсін. Бұл да алады біреуін! Бала-шаға ма? Мейлі, қара нан жесе де өлмейді жүгермектер. Солардың тесігін бүтіндеймін деп шаршады ғой тіпте. Жұрт тағып жатқан сотовыйды да салпылда те... е.. е... еп таға алмай». Мәстура осы ашумен күйеуіне телефон осқты: -Әй, сүмелек, - деді салған жерден. -Келесі айлықта мен сотовый алам. Так что ақшаңды анау «құдықтарыңа» арақ әпермей, бір тиынын да шығармай үйге әкелесің. Ар жағынан сүмелегі «иә» деді-ау сірә. Ол әңгімесін әрі қарай жалғастырды: -Иә демегенде қайтесің. Өзің алып беру дегенді білмейсің. Жұрттың байлары әне, жәмән қатындары... ы... ына а... а... ө.. ө... ө... өй... й. Сорлы басым-ай неден мұндай бақытсыз болде... е... е... ем... м. Мәстура айналасың азан-қазан қылды. Миымыз су болды. Сөйтсек бұл сыңсудың басы екен. «Арызын» сүмелегіне неге үйінде айтпайтынын қайдам. Ол күнде жұмысқа келеді де телефонға «мінеді». Әй, сүмелек, - деп бастайды әңгімесін. -Сүмелек, сен сүмелек болмасаң, мен өйстіп сотовыйсыз қор болып отырар ма еде... е... е... м... м. Ө... ө... ө. Мен маңдайым ашылмаған нағыз бейшарамын ғой, сендей сүмелекті бай қыл.... е... е... п. -Қой, қойшы енді, Мәстура, аласың ғой, асықпасайшы, - дейміз біз. -Қоймаймын, қоймаймын, - дейді ол екіленіп. -Ойбай-ай, бәрінен де жаман Тұтқыштың да мойнына салбыра... т... е... п тағып алғанын айтсайшы. «Күйеуім әперді» дейді. Ойбай-ай, ойбай. Ішім өртеніп барады. -Шыда, шыда, енді шамалы шыдасаң ақшамызды да алып қаламыз. -Шыдаймын, шыдаймын! Бүйтіп сотовыйсыз позор болып жүре алмаймын! Айтқандай -ақ Мәкең айлыққа дейін шыдамады. Таныстан таныс қоймай жүріп ұялы телефон сатумен айналысатын коммерсанттардың бірінен несиеге «Нокиа» алып тынды. Қарамағында тоқсандай әйел, оншақты ғана жігіт жұмыс істейтін оқу орнының директоры Патшайым ұялы болғанда колледжде бірде-бір адам бұл кереметті ұстап көрмеген болатын. Ал кейбір жаңалыққа самарқау қарайтын самсоздар тіпте осындай байланыс құралы бар екенінен де бейхабар-тын. Онсыз да Патекеңнің күніне үш рет ауыстыратын көйлектеріне, саны жоқ етіктері мен топлыйларына, дәл сондай түсті сөмкелеріне, неше түрлі кәстөмдері мен күртке, плащтарына, тондары мен бағалы бас киімдеріне ауыздарын ашып, көздерін жұмып тамсана қарайтын мұғалималар енді директордан мүлдем жанарларын айырмай қалды. Осыны сезген ол қоңырау кезінде қолына ұялысын ұстап жиі-жиі дәлізге шығатын болды. Кейде өзімен бірге ала шығуды ұмытқан болып, жанындағы орынбасарларын немесе кезекші ұстаздарды «үстелімнің үстінде қалып қойыпты» деп кеңсесіне жұмсайды. Сонан жіберген адамы емпеңдеп жетісімен телефон түймелерін басып: -Ә-лә, ә... лөу, Поштантай, тамағыңды іштің бе, жұмыртқаңды жедің бе, бананыңды жедің бе, қазыңды жедің бе, галбасаңды жедің бе, икраңды тауыстың ба, і... і... і... мамасының золотойы сол. Ә... лө, ә... лөу, Поштантай, анау соктарыңды, йогуртыңды, айраныңды, минводаңды ішіп, морожныйыңды жеуді ұмытпа, пока... пока, - дейді дәлізді басына көтеріп. Бұл кезде қолдарына журналдары мен кітаптарын ұстаған мұғалімдер мен оқушылар сол маңайға жиналып, қыбыр етпей қарап қалады. Балалар жағы әр тағамның атын естіген сайын, сірә ауыздарынан су шұбыратын болу керек., тамақтарын қылқылдатып жұтынып, жұтынып қояды. Каникул алдында Патшайым педсовет шақырды. Алғашқы семестрдің қортындысы талқыланбақ. Ұстаздар үлкен акт залға жиналды. Төрдегі беті айнадай жалтыраған үстелге жайқалып келіп директор жайғасты. Қолындағы бір бума кілтін, қалам-қағаздарын қойды. Сонан соң «үһ... үһ... үһ» деп жөткірініп жатып, қалтасынан ұялысын алып, бетіне біраз қарап отырды да, алдындағы қағаздардың жанына емес, үстелдің анадай шетіне, көрнекілеу жерге жайғастырды. -Үһ... үһ... үһ... маған министрліктен звондау керек еді. Онсыз да екі көздері төрде отырған оқытушылар бір сәт іштерін тартып, тым-тырыс болып телефонға қарап қалды. Жиналыс басталып кетті. Бастықтың қысқаша кіріспесінен кейін орынбасарлар шығып, әрқайсысы өз салалары бойынша баяндамалар жасады. Әр завуч бес-алты минуттан сөйледі дегеннің өзінде төртеуі жиырма, жиырма бес минут уақытты алды. Ұялыда үн жоқ. Патшайым жан-жағына назар салған болып, телефонға ауық-ауық қарап қояды. Онда дыбыс жоқ. Орынбасарлардың әңгімесі біткеннен кейін мінбеге жекелеген ұстаздар шықты. Жарықтық мұғалімдер бір қызып алса, оңайлықпен тоқтамайды ғой. Не істеп, не қойғандарын тәтпіштеп, білім беруді жетілдіру төңірегіндегі ойларын айтып біраз көсілді. Ара-арасында директор да әңгімеге араласып, сұрақтар қойып, кейбір тұстарда қаттырақ кетіп те қалды. Ал үндемей тыңдап отырған кезінде қайта-қайта үстел шетіндегі аппаратқа көз тастайды. Бір-екі рет қолына алып қарап, қайтадан орнына қойды. Ұялы сонда да әндетпеді. Мұғалімдер енді сөйлегендердің пікіріне өз көз-қарастарын білдіріп, дұрыс, бұрыс жақтарын саралап даурыға бастады. Ал Патшайымның олардың әңгімелерінде шаруасы шамалы сияқты. Екі көзі телефонда, басқа бір ой үстінде отырғандай. Көзінде «шырылдашы, шырылдашы» деген жалыныш бар. Мен оны аяп кеттім. «Не болды екен? Әлгі жоғарыдағы бастықтары маңызды бір мәселені бір хабарлайтын шығар. Соған жаны төзбей отыр-ау, сірә. И... и... и... директор болу оңай дейсің бе?» Өйістіп мен де әліме қарамай директорымды аяп отырғанда педсовет аяқталды. Жұрт ду етіп тұрып жатқанда көз қиығымды Патшайымға ұрлана тастадым. Ол қағаздарын жиыстырып болып, ұялыға қарап сәл тұрды. Сөйтті де жыны келіп, басын дірілдетіп жіберіп, телефонды біртүрлі әбес қимылмен, біреуден тартып алғандай етіп жұлып алды. Ашуға мінген сияқты. Түрі көгеріп кеткен. Бір мұғаліммен бір-екі ауыз әңгіме қайырғаннан кейін қайтып бара жатсам бастықтың кабинеті жақтан жекіре сөйлеген дауыс шығып жатыр екен. Тұсына таянғанда әңгіме құлаққа еріксіз шалынды. -Әй, албасты, мен саған соткаға збанда, төрт пен алтының арасында екі сағат педсовет болады, сол кезде збанда дедім ғой. А... а... простой телефонға? Әй, простойың не, оның не керегі бар. Сотовыйға дедім ғой, сотовыйға! Ақша? Ой, ақшаның астында қалғыр. Жиналыстың үстінде жұрттың бәрін қызықтырып қаратып қойып шіре... не... е... е... п отырып сөйлесем деп ойлап едім. Ойбай-ай, ойбай! Политиканы түсінбейтін мәубас, мырың. Ақшадан жаралған сорлы! Мұнан арғы әңгімені естуге дәтім шыдамаған мен тез-тез басып, сыртқа шығып кеттім. Қарамағында тоқсандай әйел, оншақты ғана жігіт жұмыс істейтін оқу орынның директоры Патшайым ұялылы болғанда колледжде бірде-бір адам бұл кереметті ұстап көрмеген болатын. Ал кейбір жаңалыққа самарқау қарайтын самсоздар тіпті осындай байланыс құралы бар екенінен де бейхабар-тын. Онсызда да Патекеңнің күніне үш рет ауыстыратын көйлектеріне, саны жоқ етіктері мен топлыйларына, дәл сондай түсті сөмкелеріне, неше түрлі кәстөмдері мен күрке, плащтарына, тондары мен бағалы бас киімдеріне ауыздарын ашып, көздерін жұмып тамсана қарайтын мұғалималар енді директордан мүлдем жанарларын айырмай қалды. Осыны сезген ол қонырау кезінде қолына ұялысын ұстап жиі-жиі дәлізге шығатын болды. Кейде өзімен бірге ала шығуды ұмытқан болып, жанындағы орынбасарларын немесе кезекші ұстаздарды ұстелімнің үстінде қалып қойыпты деп кеңсесіне жұмсайды. Сонан жіберген адамы емпеңдеп жетісімен телефон түймелерін басып: -Ә-лә, ә... лөу, Поштантай, тамағыңды іштің бе, жұмыртқанды жедің бе, қазаңды жедің бе, галбасаңды жедің бе, икраңды тауыстың ба, і... і... і... мамасының залатойы сол. Ә... лө, ә... лөу, Поштантай, анау соктарынды, йогуртыңды, айраныңды, минводаңды ішіп, морожныйыңды жеуді ұмытпа, пока... пока, - дейді дәлізде басына көтеріп. Бұл кезде қолдарына журналдары мен кітаптарын ұстаған мұғалімдер мен оқушылар сол маңайға жиналып, қыбыр етпей қарап қалады. Балалар жағы әр тағамның атын естіген сайын, сірә ауыздарынан су шұбыратын болу керек, тамақтарын қылқылдатып жұтынып, жұтынып қояды. Каникул алдында Патшайым педсовет шақырды. Алғашқы семестрдің қортындысы талқыланбақ. Ұстаздар үлкен акт залға жиналды. Төрдегі беті айнадай жалтыраған үстелге жайқалып келіп директор жайғасты. Қолындағы бір бума кілтін, қалам-қағаздарын қойды. Сонан соң үһ... үһ... үһ деп жөткірініп жатып, қалтасынан ұялысын алып, бетіне біраз қарап отырды да, алдындағы қағаздардың жанына емес, үстелдің анадай шетіне, көрнекілеу жерге жайғастырды. Үһ... үһ... үһ... маған министрліктен звандау керек еді. Онсыз да екі көздері төрде отырған оқытушылар бір сәт іштерін тартып, тым-тырыс болып телефонға қарап қалды. Жиналыс басталып кетті. Бастықтың қысқаша кіріспесінен кейін орынбасарлар шығып, әрқайсысы өз салары бойынша баяндамалар жасады. Әр завуч бес-алты минуттан сөйледі дегеннің өзінде төртеуі жиырма, жиырма бес минут уақытты алды. Ұялыда үн жоқ. Патшайым жан-жағына назар салған болып, телефонға ауық-ауық қарап қояды. Онда дыбыс жоқ. Орынбасарлардың әңгімесі біткеннен кейін мінбеге жекелеген ұзтаздар шықты. Жарықтық мұғалімдер бір қызып алса, оңайлықпен тоқтамайды ғой. Не істеп, не қойғандарын тәтпіштеп, білім беруді жетілдіру төңірегіндегі ойларын айтып біраз көсілді. Ара-арасында директор да әңгімеге араласып, сұрақтар қойып, кейбір тұстарда қаттырақ кетіп те қалды. Ал үндемей тыңдап отырған кезінде қайта-қайта үстел шетіндегі аппаратқа көз тастайды. Бір-екі рет қолына алып қарап, қайтадан орнына қойды. Ұялы сонда да әндетпеді. Мұғалімдер енді сөйлегендердің пікіріне өз көзқарастарын білдіріп, дұрыс, бұрыс жақтарын саралап даурыға бастады. Ал Патшайымның олардың әнгімелерінде шаруасы шамалы сияқты. Екі көзі телефонда, басқа бір ой үстінде отырғандай. Көзінде шырылдашы, шырылдашы деген жалыныш бар. Мен оны аяп кеттім. Не болды екен ? Әлгі жоғарыдағы бастықтары маңызды бір мәселені хабарлайтын шығар. Соған жаны төзбей отырау, сірә. И... и... и.... директор болу онай дейсің бе? Өйістіп мен де әліме қарамай директорымды аяп отырғанда педсовет аяқталды. Жұрт ду етіп тұрып жатқанда көз қиығымды Патшайымға ұрлана тастадым. Ол қағаздарын жиыстырып болып, ұялыға қарап сәл тұрды. Сөйтті де жыны келіп, басын дірілдетіп жіберіп, телефонды біртүрлі әбес қимылмен, біреуден тартып алғандай етіп жұлып алды. Ашуға мінген сияқты. Түрі көгеріп кеткен. Бір мұғаліммен бір-екі ауыз әңгіме қайырғаннан кейін қайтып бара жатсам бастықтың кабинеті жақтан жекіре сөйлеген дауыс шығып жатыр екен. Тұсына таяғанда әңгіме құлаққа еріксіз шалынды. Әй, албасты, мен саған соткаға збанда, төрт пен алтының арасында екі сағат педсовет болады, сол кезде збанда дедім ғой. А... а... простой телефонға? Әй, простойың не, оның не керегі бар. Сотывыйға дедім ғой, сотвыйға! Ақша? Ой ақшаның астында қалғыр. Жиналыстың үстінде жұрттың бәрін қызықтырып қаратып қойып шіре... не... е... е... п отырып сөйлесем деп ойлап едім. Ойбай-ай, ойбай! Политиканы түсінбейтін мәубас, мырың. Ақшадаң жаралған сорлы! Мұнан арғы әңгімені естуге дәтім шыдамаған мен тез тез басып, сыртқа шығып кеттім.
Жазғы демалыста санаторияда тынығып қайту үшін пойызға міндім. Тиісті орнымды тауып, сөмкелерімді жайғастыра бергенім сол еді, еңгезердей бір еркек толықша келген кеспелтек әйелді ертіп келіп жанымызға отырғызды. (Бұл жерде менен басқа екі әже бар екен. Төртінші орын осыныкі болды. ) Екеуі аз-кем сөйлескеннен кейін шығарып салушы қоштасып кетіп қалды. Другтарымыз ғой, - деді әйел кімің? деп ешкім сұрамаса да өзінен -өзі сөйлеп. Сөйтті де дереу қолсөмкесін ашып, ішінен үялы телефонын алды. -Але... але.. Адик, сен автобусқа міндің бе, пешком кетіп бара жатсың ба? Ой, зачем жаяу жүресің. Лучше Рафикке мініп алсайшы. Да өзің біл. Ну, пока. Телефонын зың еткізіп басқан ол бір сәт үндемей қалды. Мен терезеден сыртқа қарап өз ойымен өзім болып отырдым. Пойыз қозғала қойған жоқ. Іш пысып барады.
-Але... але... Адик біз әлі жүрген жоқпыз, здесь так жарко.
Карасам ол тағы телефонға жармасыпты.
-Ну ладно, Адик пока.
«Қызық. Айтатын ештенесі жоқ. Неге телефон шалады» деп ойладым мен танырқап. Іш одан сайын ыси түсті. Қолыма бүктелген газет алып желпіне бастадым. Маза кетті У... у... уһ... бір кезде барып пойыздың өнбойы жын қаққандай дір ете түсіп, орнынан жәйлап жылжыдау-ау әйтеуір.
Куанып кеткен кеспелдек әйел дереу ұялысын алды.
-Адик, Адик, поезд жүрді. Ну пока.
Пойыз қозғалысын бәріміз де көңілденіп қыбыр-жыбыр тіршілікке кірістік. Үстімізді ауыстырып, төсек-орнымызды реттеп, заттарымызды жайғастырып дегендей. Арасында далаға қарап тым-тырыс отырып қаламыз. Кейбіреулер бір-бірімен жөн сұрасып танысып, білісіп жатыр. Бір жүргесін қойсын ба, әне-міне дегенше пойызымыз Шиелі стансасына келіп тоқтады. Әйел тағы да телефон түймелерін басты. -Але, Адик, біз шиеліге келдік. Тоқтап тұрмыз. Пока. Ол мұнан соң Жаңакорғанда, Түркістанда, қойшы әйтеуір, тоқтаған стансалардың бәрінде ерінбей жалықпай Адикке хабарласып, айтып тұрды. Ара-арасында басқа біреулермен сөйлескені және бар. Ойпырмай, деп ойладым мен. Мына титімдей телефондағы не деген таусылмайтын тоқ, таусылмайтын ақша?!
-Адик, Адик...
Шырт ұйқымнан ояндым. Вагон іші тастай қаранғы. Жұрттың бәрі қалың үйқыда. Не болғанын, дауыс қайдан естілгенін түсінбей аз-кем отырдым.
-Адик, Адик... Чимкенттен өтіп кетіппіз. Я проспала...
А... а... енді түсіндім. Кеспелтек қатын жоғарғы сөреде екен ғой. И... и... и. Мен қайтадан жастыққа бас қойдым.
Ынтат... тат... тат...
Ынтат... тат... тат...
Пойыз алға қарай жүйіткіп келеді.
Таңертең жуынып шайынып бәріміз шайға отырдық. Чашкідегі шайын ұрттай берген әйел:
-Алматыға жақындадық қой енді Кейселмен күйеуіммен сөйлесейінші, - деді. Сөйтті де қолсөмкесінен қап-қара шырпының қорабындай ғана аппаратты алып, қақпағын ашты. - Але.. ала... где ты? Біз он екіде барамыз. Маникош кайда? На улитце? Ну давай. Ол қолындағысын шик еткізіп сөндірде де, сөмкесінен жаңағыдан үлкендеу көгілдір түсті телефон алды. Ойбай, мынау қызық екен деп ойладым мен. Сонда бір басында үш ұялы болғаны ма? Қызық Мұны мен ғана емес, жанымыздағы басқа кісілер де ойлап, таң-тамаша қалып отыр екен. - Қарағым-ау мөтібидің нешеуі бар өзіңде? - деді көшеден бері сапарлас болып келе жатқан қариялардың бірі. - Үшеу, үшеуі бар, аже, - деді ол көгілдір телефонды орнына қойып жатып, -Адикпен Кемабайлмен күйеуіммен Кейселмен, ал баламмен Белайнмен сөйлесем. Ну и басқа родственниктеріміз бен знакомыйларымызда у кого кандай система, сонымен звандай берем. - А... а... а...., - деді ештеңе ұқпаса да бірдеңе түсінгендей болған кейуана. Оны-мұны әңгіме қылып, заттарымызды жиыстырып бірауық уақыт өткіздік. Бір кезде әсем қаланың шет жағы көрінді. Сол-ақ екен анау тағы да телефонды құлағына апарды.
- Але, сен не істеп жатсың? Гаражда? Поторопись. Мы уже подьезжаем. Давай. - Енді әркайсысымыз сөмкелерімізбен айнасып, үстібасымызды реттеп өз-өзімізбен болып кеттік. Жұрттың алды жүктерін көтеріп жылжи бастады. Біз де солардың қатарына ендік. Иін-тіресіп, быршып тамбурда тұрмыз. Міне вокзалға да кірдік. О тоба! Әлгі әйел заттарын бұтының арасына қыса салып, қолымен ұялысының тетігін басты. - Келдіңдер ме? Мен де келдім. Давай. Осы кезде пойызда тоқтады. Ұялыға үйірдің талайын көріп едім, бірақ дәл мына әйелдей ессіз құмарды кездестірмеппін. Иә, құртақандай бұл байланыс құралыныздың осындай қызықтары жетіп артылады. Тағы бір байқағанымыз мұнаңыздың меніңше жастарға берер пайдасынан гөрі зияны көбірек сияқты. Бұл енді ұялының езу тартқызар емес, ойландырар жақтары. Келешек әке болатын, ана болатын өрімдей қыз-жігіттердің денсаулықтарына тигізер кері әсерін айтпағанның өзінде, былайша, рухани тұрғыда олардың жоғалтқаны көп сияқты. Қолдарына ұялы ұстаған жастар біріншіден, сағыныш деген қлы сезімді ұмытты. Иә, қазір қыздар мен жігіттер бірін-бірі сағынбайды. Несіне сағынсын жатса да, тұрса да, сағат сайын, тіпті минут сайын тілдессе. Сағынбақ түгілі солар бір-бірін «әләу, мәләу» деп жалықтыратын шығар қайта. Ойпырмай, бұрын қыз жігітке сөйлесуге ұялып, бір-біріне тіл қата алмай, көбіне іштей ғана ұғысатын еді. Соның өзі бір жүрек лүпілдетер нәзіктікке толы сәттер болатын. Сондай-ақ екі жастың арасын сыршыл хаттар жалғастыратын. Сол хаттарда да олар жүректерін өртеген от сезімдерін ашық жаза алмай кібіртіктейтін. Ой, не нәрсенің де құны бар, қадірі бар, қасиеті бар заман еді-ау, ол. Сол кездердің махаббатары да баянды болатын. Ал қазір не, «әләу, мәләу... әләу, мәләу. Мен сені сүйем. Сен де мені сүйесің бе, жоқ па? Әләу, әләу... сүйесің бе дейім, бол тез шыныңды айт, а то активим таусылып барады, чоу». Міне, компьютер заманы жастарының махаббаттары осындай. Ал әлгі хат мәселесіне келер болсақ. Қазір олар хат дегеннің не екенін білмейді. Адам баласы әріп танығалы бері келе жатқан эпистолярлық жанрдың бұл түрін мың жылдықтар айрығында ұялы телефон алмастырды. Осы кездегі хатыңыз-қол басындай құралға жазылатын «сообщение». Сонан желкілдеген құрақтай болып өсіп келе жатқан кейінгі толқынға қарап отырып ойланасың. Сонда бұлар қолдарына қалам алып, ойланып-толғанып, күйіп жанып хат жазудың ләззатын сезінбей-ақ, сүйгендерінің даусын бір естуге ынтызар болып сағынбай-ақ бар сезімдерін көшеде, көптің көзінше ұялымен ұялмай-ақ ақтарып салып, шашып-төгіп журе бере ме? Бүйткен сезімде не қадір, не қасиет қалады? Қасиет демекші, бұл телефон төменетектілермен көп айналысатын, яғни оны-мұны сылтау етіп, әйелдерін алдап кететін еркектерге таптырмайтын сенімді «дос» болып алды. -Әләу, Томпаш, бұл мен гой, Қоңқаш, ойбай бастығым пәлен деген жердегі түген деген жұмысқа жіберіп сонда жүрмін. Әзір босайтын емеспін. Немесе: -Әл-әу, Күнқияш, мен бүгін үйге бара алмаймын-ау. Неге дейсің бе? Әй негеғ не сенің. Қазір дария тасып, жер көкті су алып жатқан жоқ па, біз, жігіттердің барлығы сол бөгеттің басындамыз. Онда не істейсіңің қалай. Әй, суды бөгемейміз бе енді. Мұнда әр жігіттің қолында бір-бір күрек. Белшемізден батпаққа батып жүрміз. Давй енді балдар ға өйістіп түсіндіріп айт. Я болмаса:
-Лөу, лөу, Райшка, қалайсың.. і... і... і. Жаным сол.
-Әй, немене болып қалды елжіреп?
-Е... е... қайбір жетісіп отыр дейсің, сені сағын... е... е... е... п.
Сағынсаң келмейсің бе енді үйге, сағат тоғыз болды гой. Қайда жүрсің өзің?
-Ой... бо... о... ой, Райшка, отчет қой, отчет. Айдың аяғы. Сол отчеты түскірді а... на... а... жақтағы мекемеге апарып тапсырамыз гой. Қазір сонда отырмын. Әй, әзір бітпейді-ау. Түнімен тапсыратын шығармын. Сосын гой сені сағы... н... е... е.. п отырғаным.
Міне үй көрместер үйдегі сыңарларын өйістіп «қатыратын» болған.
Ал, құдай қосқан қосақтары аңқау қыдырмаларға тіпті тамаша.
Титімдей телефонға қоңырау шалу білгенмен, оның қызмет көрсету мүмкіндігінен мақұрым, можантопайлау бір әйел: -Сотовый деген рахат екен. Қашан звондасам да күйеуім конторында отырады, - депті.
Мұндай ашықауыздарға не дерсің.
Бір қызығы ұялы туралы ойласаң болды, көкейіңе бастықтарға байланысты оқиғалар орала береді. Соған қарағанда мұны ең көп қолданатын да осы шенеунік мырзалар-ау. Бұрындары кейбір бастықтар қол бастықтар қол астындағы кәкір-шүкір қызметшілері лауазымды немесе елге сыйлы бір кісілермен, соның ішінде әсіресе өзі сияқты дөкейлермен сәлемдесіп, сөйлескенін көре қалса қызғанып, ашуланып, шат-шәлекейі шығатын. Сосын әлгі байғұстың соңына түсіп алып, «бар ісі» сонымен болатын. Тіпті бір басқарманың бастығы қызметкерлеріне ұлкен жерлерден, бөтен мекемелерден адамдар қатысатын жиындар болғанда дәлізге шығып жұртпен амандасуға үзілді-кесілді тыйым салыпты. Бүгінге дейін міне, осындайды еститін едік. Ал қазір басекеңдердің қызғанышы басқаша түрленген. Қазір олардікінен әдемі, олардікінен қымбат ұялы ұстаған сорлайтын болды. -Әй, жаман, әй, аяқ маман, сен бас маман да емессің ғой тіпті. Жұмысыңды жетістіре алмай жүріп блатной сотовый не теңің сенің. Давай әкел бері, саған 7-8 мыңдығы болады. Сен мына мен құсап глобальный вопростарды шешпейсің ғой. Кедей-кепшіктің түкке тұрмайтын бытым-сытым әңгімесіне модадан қалған арзаны жарайды. Үлкен бір департаменттің директоры Дәндеген қарауындағы Күйбіңге осылай депті. Бұл да ештеңе емес. Тәртіп мәселесімен айналысатын мекеменің меңгерушісі Пітегул білімін жетілдіріп келсін деп Шымкентке жіберген әдіскер Әйкөштің әкелген фотоаппары бар телефонын көргенде талып қала жаздады. «Аудандағы ең мықты ұялысы бар менмін деп мақтанып жүрген. Енді қарашы мына несчастный әдіскердің суретке түсіретіні барын алғанын. Не істесе екен? Күйдірді-ау мына қарбаша. Соны оқуға жіберіп несі бар еді. Өзіне де обал жоқ. Не істесе екен, а? Ы.... ы... ы... Тапты! Қымбат ұялы алдың, ақыры ақшаң көп екен ғой сен қыздың. Көзіңе шыбын үймелетейін». Осылайша қызғаныштың қызыл иті ішін тырналап, долылық буған Пітегүл Әйкөштің айлығының тең жартысын кесті тастады. Иіс сабынның, тіпті шырпының көлеміндей ғана аппарат. Солай бола тұра осыған қатысты күнделікті қаншама қызықтар мен «шыжықтар» болып жатады десеңізші. Ал менің таң қалатыным-осы бір байланыс құралы жоқта қалай өмір сүрдік екен? Расында қалай өмір сүргенбіз?
«Отвечаю»
«Отвечаю!» Осы сөз жұртқа жақсы болды. Неге дейсіз бе? Рахат. Шақырған жерге ойланбастан, қиналмастан, екі қолды қалтаға салып бара береміз. Бұрынғыдай әлгі жерге алып бару үшін декен - декенді аралып, базарларды жағалап сыйлық іздемейміз. Қалтамыздың түбін қағып теңге жинамаймыз. Сылтауымыз дайын. Ақша жоқ ! Рас, әнебір жылдары шыннан да ақша болмады. Көп адамда жұмыс жоқ, жұмысы барлардың өзінің өзекті талдырып барып үш-төрт айда зорға алатын айлықтарына ауыз жарымайды. Қалт-құлт еткен кәрі-құртаңның қолына әзір-алдалап тиетін зейнетақылары олардың күнделікті дәрі-дәрмектерінен ауыспайды. Бірақ жағдай осылай болды екен деп қыдыруын доғара қоятын қазекем қайда. Баяғыда бір кербез әйел болыпты. Бір күні ел шетіне жау тиіп, жұрттың бәрі бас сауғалап жан-жаққа тым-тырақай қашады. Ал әлгі әйел қадамын санап басып, асықпай кетіп бара жатады. Мұны байқаған ауылдасы: - Ойбау-ау, жылдамдатсайшы, дұшпандар тақап қалды ғой, - деп асықтырады. Сонда кербез әйел мойнын да бұрмастан: Қой, қарағым, жау келді екен деп жүрісімнен жаңылар жайым жоқ, - депті. Сол айтқандай, ақша жоқ екен деп көпшілік қыдыруын, қонаққа баруын тоқтатсың ба. Қайта бұрынғыдан да үдете түскен сияқты. Бұрындары шақырған жерге барарда ептеп болса да ойланып, аздап болсада да қысылатынбыз. Өйткені жұрт малын атап, орамал-шаршысын беріп, ақшасың той иесінің алақанына салып жатқанда ауызды қу шөппен сүртіп, дым бермей қалуға дәтің бармайтын, ұялатынсың. Тіпте жаныңдағы адамнан кем беруге намыстанып, реті болса өз атыңа лайықтап, дұрыстап ұсынуға тырысатынсың. Ал қазір рахмет! Ешқандай ұят та жоқ, аят та жоқ, сонымен бірге намыста та жоқ. Мұндай сезімдердің барлығы өтпелі кезеңдегі жоқшылықтың жалынына шарпылып, күйіп, өртеніп кеткен сияқты. Бойымыздан ұят сезімнің жоғалуын дәл осы ауыс-түйіс уақытындағы жетіспеушіліктің салдары деп, бар кінәні соған артып қоюымыз да ұғымға оншалықты сия қоймайды. Егер жоқшылықтан ар-намыстан айырыла берсек, ендігі дымсыз қалатын кезіміз болды. Мың өліп, мың тірілген жұртымыз жоқшылықтың неше атасын басынан өткізді емес пе? Жаугершілікті де, ашаршылықты да, соғысты да, жүгері заманды да көрді. Бірақ сол нәубеттің бәрінен де намыс отын өшірмей, ар-ұяттың ақ туын жықпай өттік. Енді міне, аз ғана қиналысқа шыдамай, ұят жағынан сәл сыр беріп алғандаймыз. Ал ең бастысы елдігімізге сын болған сол өтпелі кезеңнен басымыз бүтін, бауырымыз аман шықтық. Құдайға шүкір, қазір жағдайымыз жаман емес. Тіпті көп ағайыннан көп ілгеріміз. Бірақ сонда да осы бір «отвечаюы» құрғырды қоймаймыз. Ауру қалса да әдет қалмайды дегендей, осы сөз бірте-бірте біздің әдетімізге айналып, сүйегімізге сіңіп кетпесе болғаны. «Отвечаю» әсіресе ауыл адамдарының айнымас «серігі» болған. Қалалықтар тойды тек сенбі, жексенбі күндері жасайды ғой. Ал ауылдағыларға бәрібір. Аптаның соңы дегенді, демалыс күн дегенді күтіп отырмайды олар. Ең болмаса бейсенбі, жұма болсын демейді. Сәрсенбінің сәті дұрыс деп апта басталар-басталмастан думандатып, тойлап кеп жібереді. Сонда бір тойға апаратындары толып тұрса екен-ау. Дым жоқ. Ауыз күмпитіп айтатындары сол баяғы жалғыз сөз-«отвечаю». Зат емес ақша емес қу сөз болғасын аясын ба. Үйіп төгіп «беріп кетеді» «отвечаюларын». Ұят-ай Обал-ай. Той жасап жатқан үйге обал тіпте. Шыннан да ғой. Біреуі, екеуі емес, оны да емес, тойға, қуанышқа келетіндердің барлығына жуығы сөйлейтін-«отвечаю» «апаратын» болған. Байқағаным-ондай жиын-тойдың оншалықты қызығы болмайды екен. О... о... ой, той дегендеер адамдар малын жетектеп, ақжаулвқтылар кәмпит, пешеней мен мата салынған сөмкелерін ұстап келіп, әулеттің белді әйелдері әкелгендерін ауыстырып беріп, қызу жұмыс жүріп жатпаған соң, жұрттың аяғы басылғасын, әйелдер қауымы түскен кит-питті, мата-сатаны ортаға үйіп қойып «мынау жағалы киім улкен қыздың әкелгені, мына кәстөм-шалбар ортаншы құдағайдың әкелгені, мына таза тауар қаладағы абысынның сөмкесінен шықты» депеүй иелеріне мақтана есеп беретін. Осы кезде отағасының жанына жақындаған ақша жинаушы кісі қалтасынан ұзын-шұбақ тізім мен бүктелген, мыжылған, шиыршықталған сарыала, көкала, қызылала сомдарды шығаратын. Сосын сұқ саусақты жалап жіберіп, ой кеп санайтын. Ал үйдің кішкентайлары болса қора жақтан:
-Қойымыз үшеу-ақ еді, енді алтау болды. -Ата, жаңадан келгенешкілерді бөлек қораға қамап қойдық, - деп қуана-қуана дауыстар еді.
Ал қазір... қазір-«отвечаю».
Өткенде сушы Жәпектің қызы Әтіркүлдің ұзату тойы болды. Қыздың құтты жерге қону қуанышын бөлісуге келген ағайында есеп болмады. Қазан-қазан ет асылып, табақ-табақ тамақ желінді, қорап-қорап арақ ішілді. «Барған жерде бағың ашылсын» деп аяқталған ақ тілектер ағыл -тегіл болды. Сонымен алдын қараңғы қылмай, артына қарамай Әтіркүл аттанды. Қызды жібергеннен кейін тағы да біраз бөтелке босады. Түннің бір уағында жәпектің бір інісіСәпек ағасына есеп берді. Есебі басталмай жатып аяқталды. Шашуға тізілген жүзден астам адамның пенсиядан берем деген, үш кісі 500 тенгеден әкепті. Екі ағайын ешкіміз буаз, соның лағы сенікі десе, бір туысқан буаз қойым бар, бұйырса қозысын жетектеп әкеп, қораңа қамаймын депті. Үш ауылдас күзде картоптан кеусен береміз, бір жолдасы бір мәшина шөбің мойнымда депті. Ал қалғандары–от... ве... ча... ю... ю. Осы «отвечаюды» бір рет бұл да «алды». Алғанда да әдемілеп, өмір бойы ұмытылмастай етіп «алды». Тәндей пәлен жыл бойы қыр соңынан қалмай жүріп зерттеп, ұзын-шұбақ оқуларына барып, қітаптан-кітап қоймай үңіліп, үш-төрт жетекші ауыстырып, әрқайсысының ғылым жайында айтқан, үйреткен әңгімелерінен шақшадай басы шарадай болып, өлдім-талдым дегенде әзер қорғады. Қорғағаннан кейін кандидат болғанын айғақтайтын қатырма қағазды алу одан да қиын болды. Құрысын. Сонан Қамысты мен Тауқаланың арасын жол қып жүріп, бір қап болмаса да жарты қаптай ақшаны құрбан етіп барып қалтаға салтаға салды-ау әйтеуір дипломды. У... уһ... һ, өйістіп өмір жасын өксітіп, қылауы жоқ қап-қара шашын ағартып алған дипломға мақтанбай тұра алсын ба. Баласыңың ғалым болғаны, әсіресе анаға үлкен мақтаныш екен. Мұның 45 градус ыстықта пойыздан кенезесі кеуіп, миы шайқалып түскеніне қарамай, шайын ішіп болар-болмастан шешесі асықтырды. -Тәнтайжан, - деді ол, -Құдай жеткізсе бізде жеттік қой. Сені кәндилат болды ма өзі, жоқ па? - деп тқайта-қайта сұрап, сеніңкіремей жүр еді дөкей қыз, соған бар қазір, көрсет қағазыңды. Қуанып қалсын.
-О... о... ой, қойшы, апа шаршап отырмын, - деді бұл. -Қой, ертең естісе ренжиді, бар, бара ғой ботам, әкеңнің жалғыз қарындасы ғой. Әкең тірі болғанда... дөкей қыз бағана сені «Берсенесімен» пойыздан күтіп алар е... де... е... е.
Шешесі пырс-пырс етіп, жаулығының ұшын көзіне апарды.
- Қойшы, қойшы, апа, өзім-ақ келдім ғой такси жалдап.
- Қай... д... а... м, қатыстарың ұнамайды маған, әлден бүйтесіңдер, ертең біздің көзіміз жұмылғанда...
- О... о... ой, жарайды енді. Барам! - Бар, байғазыңды алып кел, шашау шығармай, бишембі құран оқытып жіберейік. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген. Әкең бір аунап түсіп жатқан шығар жарықтық. Сенің ат жалын тартып мінгеніңді көрсем дейтін еді. Ол күнге жеткіз... бе... е... д... е... е. Үйден асығыс шыққан Тәнтай мұнай өңдейтін компания президенті тәтесінің қаланың бір шетіндегі офисіне жау тартты. Қалтасында су жаңа дипломы. Қанша кандидат дегенмен де балалығы әлі қалмаған ғой. «Дипломының байғасына не берер екен тәтем» деп ойлап келеді. «Ағасы Мықпайдан қалған жалғыз тұяқпын ғой мен, мүмкін «Мерседесін» берер? Қызығып жүргенімді біледі ғой. Өзі де машинамды жаңалаймын демеп пе еді». Осыны ойлағанда кандидаттың жүрісі ширай түсті. Аяғы-аяғына жұқпай келеді. «Әй, бірақ тәтем қатты ғой, «Мерседесін» бере қоймас». Тәнтайдың алып ұшқан көңілі су сепкендей басылып қалды. Алға қарай адымдаған аяғы кері кеткендей болды. Жәймен ілбіп келеді. Бәрібір бармауға болмайды. Тәтесі ренжиді. «Тоқта... тоқта» - дедіосы кезде бір ой. Мүмкін «Сен енді жәй қызметкер емес, білдей кандидат болдың. Ғалымның жаяу жүргені жараспайды. Ескіні қайтесің, Тәнтайжан. Мінгесін бірден жаңасын мін. Мә, дипломыңның байғазысы. Су жаңа «Джип» ал деп ақшасын берер? Қанша қатты болса да, ол кісінің кейде дарқ ете қалатыны бар еді ғой. Оның үстіне мұның әкесі баяғыда сауып отырған жалғыз сиырын сатып, осы Таскүл тәтесін оқуға түсірген екен». Тәнтай көк тіреген офиске, онан президенттің кабинетіне құжаттарын көрсетіп, бірнеше қағаз толтырып, пәленбай жерге қол қойып, әзер-алдалап зорға кірді. Онда да тәтесімен екеуінің фамилиясы бір болғасын.
- Тәте, саламатсызба халыңыз қалай? - деді бір кірген бойдан. Кісі бойындай былғары креслода таудай болып отырған Таскүл басын әзер көтерді.
- Ә, Тәнтайсың ба, жәй жүрсің бе?Аманшылық па? Жеңешем қалай? -Сізден байғазы сұрап келдім, тәте. Мына жаман ініңіз білдей ғалым. Экономика ғылымының кандидаты Тәнтай Шортаев алдыңызда тұр! Міне, дипломым. Бүгін әкелдім. Бірінші сіз көрсін дедім.
- Құтты болсын!
Тәтесі «шынымен осыныкі ма?» дегендей дипломды жұлып алып, ішін қарады да, жаман сөз оқығандай дереу қайта жапты. Иесінің қолына ұстатып жатып : -Байғазыға ұяттымын. Ақшаның реті болмай... Бірақ-отвечаю! Рас айтам-отвечаю!- деді өз сөзіне өзі риза болып.
Інісі аузын ашып, ештеңе түсінбей ілкі сәт тұрып қалды, сосын есін жиып : -Жо... жо... оқ, тәте, еш қысылмаңыз, - деді, -Мен жәй сізді қуантайын деп... Сау болыңыз.
Сасқалақтап қалған кандидат келген ізімен кері қайтты.
Сол күннен бастап Тәнтай «отвечаю» деген сөзді жек көріп кетті.
Міне бүгін біраз әріптесіміз, өзімізбен бақандай жиырма жылдан бері бірге тырбаңдап, осы ұжымның ыстығына күйіп, суығына тоңып, кеңсенің отымен кіріп, күлімен шығып келе жатқан Шәртіктің шәлтиіп дүниеге келіп қалған күніне жиналып отырмыз. Қарамыз баршылық. Жұмыстан кейін болғасын шығар, жаңа ғана түрлі-түрлі тамаққа толып көздің жауын алып, ауыздың суын шұбыртып жайқалып тұрған дастарханды жайпап тастадық. Бас-аяғы жарты сағаттың ішінде үстелдің үсті шегіртке тиген егістіктей тап-таза болып шыға келді. Біріңғай саудыраған ыдыстар қалды. Егер тамақтан өтетін болғанда оларды да қосып жеп қоятын едік. Қонақтар бірінен кейін бірі сөз алып, тілек айтып, сыйлықтарын Шәртіктің жанында гүл-гүл жайнап тұрған Әлпешке беріп жатыр. Арасында көлемі әжептәуір конверттер де бар. Ойпырмай, мына жұрттың бәрі байыпкеткен бе, бұлары несі деп біз отырмыз. Әкелгеніміз өз-өзімізгебелгілі-«отвечаю». Тәбетіміздің түрі мынау. Сөйтіп отырғанда баяғыда Шәртікпен бірге оқыған, қазір бір-бір мекеме басқаратын жуанбел екі жолдасына сөз берілді. Ауыздарын зорға ашып, ыңырана сөйлеген олар «жүректен шыққан жылы лебізіміздің бәрі осының ішінде» деп қарағайдай-қарағайдай адресаттарды туған күн иесінің қолына ұстатып, шартабақтай бетінен сүйді. Сонан соң екеуі де, бейнебір соны кигенде Шәртіктің мұсылмандығы молайып, қазақша сайрап кететіндей, екі өңірі зерленген ұлттық шапан, басына тұрқы кәдімгі қайықтанайнымайтын қалқиған қалпақ кигізді. Мұны көрген біздің берекеміз онан сайын кетті. -Әттеген-ай, - деді бастық, -біз де қарызға болса да бір шапан әкелмеген екенбіз. Енді не істейміз? Қазір маған сөз береді. Не деймін? Болыңдар. Ойланыңдар. Әшейінде бір-бірімізбен онша сөзіміз жараспайтын біз осы сәт КВН командасының мүшелері құсап басымызды түйістіріп, сыбырластық та қалдық. Ақылдасып жатырмыз. Пыш-пыш, пыш-пыш. Бірақ қанша пышылдасқанмен ештеңе шығар емес. Қалтамыз тесік. «Болыңдар да болыңдар» деп бастық жанымызды алып барады. Бір кезде хатшы қыз Кермеқас:
-Таптым!- деді. -Таптым!
-Иә, иә, не таптың? - дедік біз пыш-пыштауды ұмытып, даусымызды шығара.
-Кімде конверт бар?
Бәріміз аузымыз ашылып бір-бірімізге қарадық.
-Менде жоқ.
-Менде де жоқ.
-Ой қарағым-ай, кім конверт ұстап жүретін еді.
-Қай ғашығымызға хат жазайық.
-Міне, менде бар екен, - дедіосы кезде баласы Балтық жағалауында әскери улищеде оқитын Сырғаш.
-Әкеліңіз!
Сөмкесінен рөшкі мен қойын дәптерін алған Кермеқас бір парағын жыртты да дәл ортасына үлкен етіп «о... т.. ве... ча... е... ем... м... м» деп жазды. Сосын оны конвертке салып аузын жауып, бастыққа ұстатты.
-Мә, түрлі-түсті телевизорыңыз, - деңіз.
-Өй, ыңғайсыз емес пе? Қ... қ... қалай айтам.
-Ештеңе қылмайды, ағай. Келесі айлықтан жинап береміз.
-Иә, жинап береміз, жинап береміз.
Бәріміз бір ауыздан пыш-пыш ете қалдық. Өйістіп отырғанда біздің ұжымның да кезегі келіп, асаба сөзді бастыққа берді. -Аса құрметті Шәке! - деп бастады ол лебізін. -Сіз біздің акционерлік қоғамның аса беделді мүшесісіз. Маңдай теріңізді тамшылатып коллективті өгіздей өрге сүйреп келесіз. Осы жойқын қимылыңыздан таймаңыз. Сізге ұза... а... ақ өмір, мол бақыт тілейміз. Мынау н... н... н... неше түрлі телевизорыңыз... Мен қарауға дәтім жетпей дереу кірпіктерімді төмен құлаттым. Жон арқамды тер жуды. Басымды көтергенде Шәртік әппақ аппақ көңілімен алғысын айтып, қолын қайта-қайта қысып жатыр екен. Екі езуі екі құлағында. Ұят-ай ! Ұяттан бер өртенді. Ішімнен Шәртікті жаман аядым. Көңілінде ештеңе жоқ. Асқан ризашылықпен бізге қарап басын изеп қояды.
И... и... и... Осы атың өшкір «отвечаюдан» қашан құтылар екенбіз?
ГЛОБУС
Өздерінің төл мерекелеріне Панаркүл қызу дайындалды. Өмірінде істемеген кәсібін жасап жалтыраған қызыл матадан ұзын қылып көйлек тіктірді. Соған сай туфли алды. Шашты бұйралатып, бояды, қасты күзеді. Панардың бұлайша әуреге түсіп, шала бүлінетін де жолы бар. Жылдағыдай емес, биылғы мереке ерекше жағдайда өтеді екен. Яғни медбикелер күніне орай ақ халаттылар арасында арнайы конкурс ұйымдастырылыпты. Ол бойынша қаладағы барлықауруханалар мен емханалар қызметкерлері спорт ойындарынан, көркемсөз оқудан, ән айтудан, басқа да көптеген өнер түрлерінен жарысқа түседі екен. Осыны естісімен балалар ауруханасының аяжаны-Панаркүл Шырақжанова ойға қалды. Та... а... ак. Бойы мыртиып, аяқ-қолы бір қарыс болыпбұл жүгіруді жетістірмес. Волейбол? Баскетбол? Жо... жо... оқ, атамаңыз. Бұл сияықты араласар ондай жарыстардың маңы түгіл, шаңына жолай алмайды. Соңы «бол» мен аяқталатын мұндай ойындар кімдердің оңтайына келеді дейсіз ғой. Әрине екі метрлердің. Аяқ-қолдары ұзын, бойлары сырықтай, мойындары құрықтай, мықындары жоғары орналасқан қыз-жігіттердің допты аспанға атып жүретін сәттерінің өзі сұлу ғой. Ондай фигура қайда бұған. Ондай мүсін болмағасын допты әуелете сілтейтін спорттың әлгіндей түрлері бойынша сайысқа түсу де жоқ. Хош, сонымен не істеу керек? Әріптестерінің бірі жүгіріп, бірі доп лақтарып, енді бірі өлең оқып бәсекелесіп жатқанда, бұл қол қусырып, қарап отыруы керек пе? Сонда бұл осыншалықты талапсыз болғаны ма? Тоқта... тоқта! Тоқта! Айтпақшы ән ше? Байқау тек спорт ойындарынан емес қой. Ән айтудан да болады. Міне... міне. Бұл негізі әнді жаман айтпайды. Мектепте көркем өнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі -тұғын. Сонда хормен де, өзі жеке дауыста да ән салатын. Қазір де жиын-тойларда құрбыларымен қосылып әуелет... е... е... еп шырқайды. Ендеше не ойлайтыны бар? Тәуекел. Буды белді бекем. Тағы бір назар аударатыны-конкурс жеңімпаздарына берілетін сыйлықтар да қомақты. Бас жүлде-он мың. Бірінші орын алсаң-бес мың теңге қалтаңда. Шшасына шаң жұқтымас жүйріктер иемденетін бас жүлдеге бас қатырмай-ақ қойсын. Бірінші... Біріншіні құдай бұйыртса қанжығасына байлап қалуы да ғажап емес-ау. Бес мың! Бақанадй бес мың ! Мұның бір ай бойы әркімнің жамбасына ине сұққылап, әр баланың қас-қабағына қарап, әке көке деп алдап-сулап дәрі ішкізіп, тірсегі майысып палатадан-палатаға зыр жүгіріп жүріп, өлдім-талдым дегенде әрең алатын айлығы-бес мың теңгені бір күнде, тіпте 4-5 минуттың ішінде қағып түссе кәнекей. Осындай әдемі арманға, тәтті қиялға бой алдырған Панаркүл репетицияны бастап кеп жіберді. Сол баяғы өзі сүйіп айтатын Сырласу вальсі. Әннің төресі ғой. Сұлу суретпен кестеленіп, сезімге түнған осы бір сазды әнмен бұл қандай конкурсқа болса да түсуге бар. Бала кезінен айтып, өмір бойы жанына серік етіп келе жатқан ән сындарлы сәтте сыр бере қоймас. Хош, сонымен байқау болатын күн де келіп жетті. Топқа түсіп бағын сынайтындардың ішінде анау айтқндай алып-жұлып бара жатқан талант жоқ сияқты. Бәрінің шамасы белгілі. Мейрам кездерінде байқап жүр ғой. А... а... әне қара. Жүйке аурулары ауруханасына былтыр келген фельдшер жігіт. Жақсы әнші. Өзі арнайы музыка оқуын оқыған сияқты. Бір екі рет жазғы концерт алаңында ән айтқаның көрген. Бұл жігітті мүлдем ойламапты. Е... е... е.... Бас жүлде осынікі де. Жарайды. Басқа қорқатын ешкім көрінбейді әйтеуір. Конкурс басталды. Бірінші..... екінші.... үшінші.... уһ төртінші болып шықтау-ау сахнаға. Әуелі даусы аздап дірілдеді. Бүртүрлі қорқыныштылау сияқты. Залға қараса мың-мың көздер бұған қадала қалыпты. Дереу бойын жиып алды. Сосын ол жақа көз тастамауға тырысты. Ештене ойламауы керек. Тек жақсылап шырқауы тиіс. Бара жатқан зымырап байқалмайды уақыт, Бұл не деген қуаныш, бұл не деген бақыт! Барынша мәнерлеп айтуға тырысып, даусын еркін жіберген Панаркүл бір орында тұрып қалмай, әннің ырғағымен сахнада қалықтай басты. Қолында да бос тастамай әуеннің құрылымына қарай сермеп-сермеп алды.
Бүгінгі түн тамаша, нұрлы бар маң,
Бүгін, міне, қосылды арман мен... ма... а... ан.
Соңғы екі қатары екі реттен қайырып көтерінкі дауыспен шарықтап барып аяақтады. Сілтідей тынып отырған жұрт ду ете түсті.
-Молодец! Молодец!
-Жарайсың!Жарайсың!, Пана!
Мұны танитын медбикелер-ау, сірә. Шапалақ үстін-үстін ұрылып жатыр. Соған қарағанда жаман айтпаған-ау!Көпшілікке ұнаған сияқты. Бұған дейінгілердің бәрі жүрек тебірентер әдемі сазынан гөрі даң-дүң айқыны мен тарсыл-тұрсылы көп жастардың «современный» әндерін орындаған. Бұл алпысыншы жылдардың туындысы «Сырласу вальсін» залдағылар қалай қабылдар екен деп толқыған. Сөйт... се... е... е. Қайран көне көздерім-ай! Қайран жібек пен бөзді айыра алатын ән сүйер жастарым-ай !Лүпілдеген жүректеріңнен, сырлы сазды сезіне білетін қалқымаған саналарыңнан сендердің! Өзін қошеметтеген көрерменге қайта-қайта тағзым етіп сахнадан түске Панаркүлді бөлім меңгерушісі дәрігер қолын қысып құттықтап, бетінен сүйді. Алаулаған өрттей қып-қызыл гүл тапсырды. Бөлімдес қыздары боса-моса біріннен соң бірі құшақтап, «молодес те молодец» деп арқасынан қағып жатыр. Ыстық ықыластан, сахнадағы жауапты сәттен бүр түрлі толқып, жүрегі соғып кеткендей болған ол дереу далаға беттеді. Жүрегңн басу үшін мұздай су ішіп, балмұздақ жеді. Өз-өзіне келіп көлеңкеде ұзақ отырған Панаркүл байқаудың қортындысына бір-ақ кірді. Сөйтсе дәл өзі ойлағандай. Біріншіорын! Ия, ия қазылар алқасының төрайымы, әйгілі әнші Ақжанар Қарабаева хабарлады; -Балалар ауруханасының аяжаны Панаркүл Шырақжанова өте тамаша өнер көрсетті. Тағдаған әні де тамаша. Орындауы да жақсы. Қазылар алқасы кеңесе келіп Панаркүлді бірінші орынға лайық деп таптық. Жүлдеге глобус беріледі. Глобус? Глобусы несі? Бес мың қайда? Әлде жаңылыс естіді ме? Панаркүл ештеңе түсінбеген күйі сахнаға шықты. Төрайым дәу көгілдір глобусты қолына ұссатты. Ұлттық киім киген қыз бір тал гүл ұсынды. Глобусын көтеріп орн, ына келіп отырған аяжан әрі сәрі күй кешті. Мұнысы несі? Теңгелері қайда Жарайды, ақшалай емес, заттай берейін деген шығар, бірақ неге глобус береді. Бұл не? География пәнінің мұғалімі ме? Әлде оқушы ма? Зат күйінде бергілері келсе, басқаларға ұсынып жатқандай телефон ба, «Тефаль» шәйнек пе, үтік пе, тіпті болмаса ыдыс-аяқ, сервиз-первиз бермей ме. Баланың ойыншығы құсатып доп-домалақ қып мыны қайда апарады? Қалай алып жүреді? Жұртқа қалай көрсетеді? Мазақ қылғандай бұлары несі. Ол өйістіп жыны келіп, іштей қорланып отырғанда төрайым бас жүлдені хабарлады: -Конкурстың бас жүлдесі жүйке аурулары ауруханасының фельшері Керік Бұзаубаевқа беріледі. Жүлдесі оң мың теңге! Панаркүл күйіп кетті. Жұртқа қолп еткізіп бере салады. Бұған келгенде әйтеуір бір қырсық көлденең тұра қалады. Ауызының салымы жоқ байғұс. Күйгеннің көкесі ертеңіне болды. Таңертең жұмысқа келсе демалатын бөлмеде телевизордан бастап магнитафон дейсің бе, «Тефаль» шәйнек дейсің бе, үтік, қабырғаға ілетін әдемі сурет, хру-
сталь ваза, сағат, телефон -неше түрлі заттар үйіліп тұр. Жпрысқа қатысқандардың жүлделері мен мерекеге алған сыйлықтары екен.
Панаркүлді көрді де қыздар бас салды.
-Глобусың қайда?
-Ей саған глобус бергені несі?
-Әнді қандай тамаша айтып едің, сені тіпте бас жүлде алатын шығар деп едік.
-Бас жүлде болмаса да, бірінші орынға лайыұты жұрыс зат бермейме?
-Ей, айтпақшы бірінші орын алғанға бес мың сом береді дегені қайда?
-Басқа басқа. Глобустарысы несі?Сені мазақ қылғаны ма?
-Қанша күн дайындалып, шырылдап тамағыңды ауыртқаныңды айтсайшы.
-Бес мыңды өздері бөліп алған ғой. Ұятсыздар. -Давай, Пана, глобусты апарып таста. тапқан екен мазақ қылатын адамды. Сол жаман медсестралар укол салғаннан басқа не біледі, осы да жетеді оларға деген ғой.
-Шынында, Айка дұрыс айтады. Апарып бер глобустарын, ойнасын өздері!
Панаркүлдің басы айналып, көзі қарауытып кетті. Құлағы шыңылдады. Дереу кері бұрылды да үйіне тартты. Қатты ашуланғаны сонша, автобусқа міну де ойына келген жоқ. Теміржолдың арғы арғы бетіне жаяу тартты. Қаны қарайып келе жатып өзіне-өзі уәде берді. «Жарысқа қатысып ән салғаннығ, алды арты осы болдсын. Бұлардың қорлағаны ма. Сөздері бір бөлек, істері бір бөлек. Шартты орындау деген жоқ қой бұларда. Еще газетке жазды ғой бірінші орынға бес мың деп. Өңкей өтірікшілер!»
Бұл дәу глобусты көтерген күйі денсаулық сақтау бөліміндегі коекурсты ұйымдастырушы жігітке келді. Орныныда екен.
-Мә глобусың. Рахмет!
Анау бірдеңе деймін дегенше Панаркүл есіктен шығып жүре берді.
Жұмысында қыздары бұл ұлы ерлік жасап Рейхстагқа ту тігіп келгендей ризашылықпен қарсы алды.
-Молодец! Жарайсың, Пана!
-Сүмірейіп жүре бермей, өйістіп анда санда сілкініп алсайшы!
-Әйтпесе өлімтік сияқтысың, үстіңнен түйе өтіп кетсе де қозғалмайсың.
-Сенің сүмелек екеніңді білгесін ғой, анау горздравтағы жігіттің бес мыңынды дереу глобусқа ауыстырып жібергені. Жарты ақшасын қалтасына басып қалған ғой. Әйтпесе неврологическийдегі фельдшерге неге ақшасын тұтас берді. Қорқады олардан. Ондағылардың бәрі...
-Әй Қиғаш, болды біреу естіп қалып бәлеге қалармыз.
-Қой қыздар, жұмыс істейік.
Күні бойы бүртүрлі болып жүрген Панаркүл үйге көңілсіз оралды. Жүрегінде бірдеңе зілдей болып тұр. Кешеден бергі ашу енді біртүрлі өкінішке ауысқан сияқты. Үй киімдерін киіп, сәл демалып алмаққа диванға отыра беріп еді, бірі бесіншіде, бірі жетіншіде оқитын екі сіңлісі шулап қоя берді,
- Тәте, тәте, кешегі глобус қайда? Қайда алып кеттіңіз оны? - Біз сөзжұмбақ шешейік деп едік. Жұмысынызға неге апармадыныз? Үйде тұрсыншы.
- Маған географияға дайындалуға керек еді. Ертең алып келіңізші.
- Қой, оны енді әкелмеймін. Жоқ глобус.
- Неге? Бастығыныз алып қойды ма?
- Жоқ, жоқ, бастық алған жоқ.
- Тәте әкелінізші! Біз енді сөз жұмбақты қалай шешеміз? - Глобусымыз болғансын, сөзжұмбағы бар көп газет сатып алып едік. Ім.... м... м... Панаркүл ойланып қалды. Ойпырмай, мұның сонша жек көрген глобусы екен-ау. Шынында оқушыларға география пәнінен дайындалуға таптырмайтын құрал емес пе? Жалғыз география емес, тарих сабағы үшін де керек. Ал сөзжұмбақты шешу арқылы ондағы дүние жүзі елдері мен түрлі қалаларды, мұхиттар мен теңіздерді, өзен-көлдерді тауып қайсысының орналасқандығын білу арқылы баланың баланың таным-түсінігі молайып, білімі артпай ма? Глобуста Глобуста бәрі-бәрі алақандағыдай ап-айқын көрініп тұрған жоқ па? Жер шарының кішене көшірмесі ғой ол. Жалғыз балаларға ғана емес, үлкендерге де, мұның өзі керек емес пе. Кеше ғана еді ғой, бөлмесіне кілемнің орнына үлкен бір атлас карта ілініп қойсам деп армандап жүргені. Қайда кетті сол асыл арманы. - Қап әттеген-ай Өзі де үлкен шар секілді әдемі еді. Тоққа қоссан көкпеңбек болып жанатынын айтсаншы. Сол кезде әсересе барлық ірі қалалар мен өзен, көлдер ерекше түске еніп, көзді арбайтынын қайтерсің. Қап! Глобусты апарып беру деген мұның ойында мүлдем жоқ болатын. Рас әуелгі кезде қатты ашуланды. Е.. е.. й.. й.. й Бес мың берсе сырдырмасы бұзылып, ақжемденіп қалған етегін жаңалап алам деген жоспары бар еді ғой. Тұмсығы тесілуге айналған етігінен қыста ұялып жүрген. Бұл Панаркүлдің өмірінде бір жасаған шайпаулығы еді. Содан бері де арада сырғып оншақты жыл өтті. Оқиға есіне әлі күнге дейін ұялады. Әсіресе ұйымдастырушы жігіттің глобусты апарған сәттегі түк түсінбей аңырап қалған түрі көз алдынан кетпейді.
Панаркүл осыдан кейін ешқандай жарысқа қатысқан жоқ.
ПЕЙІЛ
Барлықтан, байлықтан не істерін білмей ұрынып жүргеннің емес, киерге киім, ішерге ас таппай өзгеге талып, жыртығы жамалмай отырғанның баласы «талап қылғыш» келеді емес пе? Сондай, үйінде сілкіп салар тулағы жоқ, қорасына тышқақ лақ құтаймаған Жәутіктің кенжесі Мәучен аяқ астынан келіншек әкелем деді. Бала неме жоқты тыңдайма. Қоя тұр, қарыз-парыз алып, тышқан мұрнын қанатайық дегенге тоқтамады. «Әкелем де әкелем, осы қызды алмасам қаңғып өлем» деп қиғылықты салды. Сонан Жәутік байғұс не істесін. Әйелі Әнәпия екеуі ақылдасып, кеңесе келе ағайын, туыс, жекжат-жұрағатқа сауын айтатын болып шешті. Сөйтті де төрт табақ рожки істеп жіберіп жанашыр дегендердің басын қосты. Обалы не керек, шақырылған ағайын түгел дерлік келді. Мөрі көрінбей қалған кенеп дастарханды жағалай отырған олар сүті жоқ шайды біраз сораптады. Әлден соң, қара шай қырып кеткен тамағын кенеп қойып, орталарындағы үлгендері Үбәй сөз бастады. -Қарағым Жәутік, балалар талап қылып жатыр екен. Талап оң болсын, - деді ол. -Ал енді сенің жағдайыңды білеміз. Жұмысың болса жоқ. Қорада малың тағы жоқ. Бірақ, үкір әйтеуір, ағайынның ортасында отырсың. Қолдан келгенін аямаспыз. Көп түкірсе көл деген. Көптеп-көмектеп баланы аяқтандыруымыз керек. Қане, қайсысыңның қандай мүмкіншілігің бар? Жаңа ғана дабырлап отырған ақсақал, қарасақалдар бір сәт ойланып, үндемей қалды.
-Менде бір тоқты бар, - деді тыныштықты алғаш болып бұзған Сәусек.
-Дұр... р... е... е... с.
-Мен бір қап ұн берем.
Төмендеу отырған Тарбақтың даусы нық шықты.
-Міне, міне, дұр... с... е... с. -Күріш басатын шемішке майын мына үш көрші көтерейін деп отырмыз, - деді әйелдер жағынан бреуі. -Тойға баспақ атап отырмын, - деді Жәутіктің үлкен құдасы Оқаш көпшілікке маңғаздана қарап.
-Жөн... жөн... құда. Тойдың өз несібесі өзімен деген.
Үбәйдың дауысы жарқын шықты. Жәутік болса аузы ашылып, осылардікі рас па дегендей сөйлегендерге кезек-кезек қарап, ара-арасында күлімдеп қойып, ризашылық сезімде отыр. Әйелі Әнәпия одан бетер “бақыт құшағында’’. Хош, сонымен той болатын күн де жақындады. Сол-ақ екен, Жәутіктің жәпірейген қоржын тамы адамнан арылмай қалды. Осы әулетке қарасты жас келіндер білектерін түріп, алақандарына түкіріп жіберіп үй әктеуге кірісті. Ал жаулықтарын баса тартып, қолдарына сабауларын ұстай келген әйелдер жүн түтіп, оны бояп, сабап аз ғана күннің ішінде екі киіз басып тастады. Жүннің көп бөлігін өздері ала келді әрине. Ала келді демекші, олар тек қана жүн емес, бірі төрге жаятын, бірі жас жұбайларға салып беретін, енді бірі шымылдықтың ішіне төсейтін, тағы бірі келін шай құйғанда төсеп отыратын су жаңа көрпелер мен көрпешелерді қолтықтарына қыстыра келді. Келін-кепшік пен абысын-ажын осылайша қауымдасып «колхоз» болып тірлік жасап жатқанда, еркек кіндіктілер де қарап қалмады. Иықтарына кетпен, күректерін іле келген жігіттер «субботник» ұйымдастырды. Бір емес қатарынан төрт күн бойы қимылдаған олар Жәутіктің қорасынан он арба боқтық шығарды. Бір-екі жылдың бедері емес, баяғыдан, сонау Жәутік пен Әнәпия үйленіп, үй болғаннан бері жиналып, бүгіндері тау болмаса да төбеге айналған күл-қоқысты жылы орнынан жылжытып, арбаға тиеген жігіттер, әй өздері де өліп түсті-ау, өліп түсті. Кейбіреулері «тазалық акциясының» аяғына дейін шыдамай, аузы-бастарына ұшық шығып ауырып қалды. Бірақ, обалы не керек, ауланың іші айнадай болды. Өмірінде бір арқа отын жатпайтын Жәутіктің қорасына осы дайындық барысында екі тіркеме жыңғыл түсірілді. Өйістіп абыр-сабыр болып жатқанда Әнәпияның Астанаға жұмыс іздеп кеткен қайынсіңілісі Мәтөк келді. Бір қайнағаларының жетім қалған қызы еді бұл Мәтөк. Қолында ештеңесі болмаса да көңілі көл-дариядай. Әнәпия осы қызды кішкентай күнінен бауырына басып, өз балдарынан артық болмаса кем қылмай өсірген. Енді міне, бұл да адам болып, жақсылық хабарды естігесін, жер шалғайна қарамай, артынып-тартынып жетіпті. -Бәріңізді сағындым, әсіресе Әнәпия жеңешемді қатты сағындым, күнде түсімде көрем, - дейді байғұс бала көзінің жасы моншақтап. Ал енді Мәтөктің тойға не ала келетінін білсеңіз. Дәу-дәу тең сияқты ала дорбалардың ішінен не шықпады дейсіз. Шымылдық жасайтын үлбіреген дедорон матадан бастап, келіннің бөлмесіне терезе перде, жас жұбайларға бастан-аяқ сәнді киім, Әнәпияға әдемі желбірлі көйлек, Жәутікке су жаңа кәстөм-шалбар, тіпте сирақтарына қызғыш бантик байлаған ұзын-ұзын екі фужерге дейін ала келіпті. Мәтөктен кейін іңір қараңғысы түсе есіктің алдына тр... р... р етіп келіп трактор тоқтады. Тіркемесінде еркек, әйелі аралас оншақты адам бар. Егіс басынан ентігіп жеткендері көрініп тұр. Үсті-бастары шаң-шаң. Біраұқ көңілдері көтеріңкі. Олар өздерімен бірге екі ешкі, аузын шымшып байлаған екі қап түсірді.
-Талап оң болсын!
-Той құтты болсын!
-Әнәпия-ау, қызың келіп көзайым болып жатсың ба? Құтты болсын бәрі.
-Әумин, әумин! Үйге кіріңдер, төрлетіңдер!
Бұл бұрында... а... а, Кеңес үкіметі кезінде, Әнәпиямен фермада бірге жұмыс істеген сауыншылар мен бақташылар еді. Ферма тарағасын олардың біразы бірігіп «Талқан» деген серіктестік құрған. Қазір бұлар бидай, жүгері, жоңышқа егумен айналысады. Аздаған малдары да бар. Мәтөктің Астанадан әкелген тәттілерімен шай ішіп отырғанда серіктестік төрағасы Тәйтен сөз бастады. -Жәке, өзіңіз білесіз, қазір егістіктің кезі, жұмыстан босай алмаймыз. Сосын күн кешкіріп қалса да төбе көрсетейік әрі шашуымызды берейік деп келдік. Ертең тойға келе аламыз ба, жоқ па, күн қызып, жер шығып бара жатыр. Ірі қараның реті болмады. Азын-аулақ сиырымыз бұзаулап жатыр. Кенжеңіздің тойына Әнәпияның мына бұрын бірге істеген пермелес жолдастары екі ешкі, екі қап ақ күріш әкеп отырмыз, аз да болса көптей көріңіздер.
-Рахмет, рахмет, Алла разы болсын! -Тйға келіңдер қалайда, азанда болмаса да, осылай кештетіп соғасыңдар ғой, сыбағаларың бөлек сендердің. Бүгін енді... і... -Ой, бізге ештеңенің керегі жоқ. Тірліктеріңді жасай беріңдер. Біз қайтамыз. Шаршап отырмыз.
Тәйтен ас қайтарып, барлығы орындарынан тұрды.
Жұма күні келіншек түсті. Мәусеннің жолдастары үш машинаға лента, шар, қуыршақ байлап, ауылды айнала белпілдетіп алып келді. Келін қаланың қызы болса да безірейген тік бақай емес, көзінен нұры төгілген, түрі жып-жылы, үріп ауызға салғандай бала екен. Той жақсы өтті. Оны айтасыз жастар тойы да болды. Ауылдың қыз-жігіттері жиналып «Л-Джи» телевизорын әкеліпті. Ал келіннің коопреативтік коледжде бірге оқыған жолдас қыздары бейнемагнитафон сыйлады. Осылайша демде Жәутік пен Әнәпия-келінді, баласы-әйелді, үйі-дүние-мүлікті, қорасы -малды болды да қалды. Әсілі адамның пейіліне береді деген сөз рас-ау. Кезінде Әнәпия күнде үлкен күбімен айран пісіп, оны фермадағы бүкіл жұмысшыға өз қолымен құйып береді екен. Әнекеңнің пісуі қанған қоп-қою айранынан малға жем, шөп таситан механизаторлар да, ауданнан сүт алуға келетін «Молоковоздың» шоферлары да, коровникке, яғни сиырханаға түрлі жұмыстармен соғатын басқа кісілер де, барлығы-барлығы да сімірмей кетпейтін болған. Тіпті совхоз директоры мен прторг та Әнәпияның айраны үшін фермаға арнайы барады екен. Ал ауылдың шетінде тұратын Жәутіктің үйіндегі айран мен ашытпа көже егіске шығып бара жатқан және жердің басынан таңдайлары кеуіп, шаршап-шалдығып қайтып келе жатқан диқандардың рахаттанып ішетін ең сүйікті сусындары болған.
ГҮЛ БАЗАР
Біздің үйге қарама-қарсы, дәл жанымызда гүл базары бар. Мұнда күндіз-түні сауда қызып жатады. Гүлшілердің таңертеңгі алтыларда басталатын саудасы түнгі он екі-бірлерде әзер аяқталады. Бұл былайынша уақыттағы, яғни жұмыс күндеріндегі кесте. Ал сенбі, жексенбі күндері сауда тіптен қыза түседі. Себеп белгілі. Неше түрлі тойлар-үйлену тойы, 40-тан бастап 80, 90, 100-ге дейінгі мерейтойлар, диплом алу, қызметке тұру, диссертация қорғау, күнделікті туған күндер, алыс сапарлардан оралу, немесе шығарып салу, жеңімпаз болу, соңғы қоңырау-қойшы әйтеуір гүл алуға себеп боларлықтай қуанышты жәйттар қазекемде аз емес. Құдайға шүкір. Осы қуаныштың көпшілігін сенбі, жексенбіге орналастырып тойлаймыз. Сонан да әр аптаның жұмасындағы кештен бастап екі-үш күн бойы гүл саудасы, ой-дөйт, қызып юір береді дейсің. Жылтырақ қағазға оралған, себетке салынған, ши құмыраларға қойылған, жалғыз талы жеке оралған ақ, сары, қызыл, алқызыл, күлгін, көк, сәбіз түстес-сан алуан гүлдер тынымсыз сатылады. Ал мереке күндері... О... о... и... и., мереке күндерін айтпаңыз. Бұрындары тек 8 наурыз-әйелдер мейрамында ғана гүл алушылар көбейетін. Қазір бәрібір. Қандай мейрам болса да, гүл алына береді. Басқасы басқа, ақ қар, көк мұзда тойлайтын жасыл шыршалы Жаңа жыл мерекесіндегі қызықты айтсаңызшы. Бұл күндері гүл саудасы былайғы кездерден он есеге дейін қызады. Түнгі он екіңіз не, бір, екі, үш-таңғы беске дейін табиғаттың осы бір көркем сыйының саудасы толастамайды. Ал бестен бері қарай келесі күннің саудасы жалғасады. «Ойпырмай, бұларда жан жоқ шығар» деп ойладым мен түкірсең жерге түкірігің жерге түспейтін саршұнақ аяздың астында аяқтарына соғып, қолдарын үрлеп, денелерін қимылдатып, ара-арасында секіріп, жүкіріп жылылып жүрген гүлшілерге жылы үйдің терезесінен қарап тұрып. Шыныда гүл саудасымен айналысатындарда жан да жоқ, ұйқы да жоқ екен. Есесіне ақша бар. Иә, қайсыбірін алсаң да өзінше әдемі, өзінше сұлу, нәп-нәзік, үп-үлбірек, қарасаң көзің тоймайтын осынау ғажайып өсімдік-қазір бизнестің үлкен бір түріне айналған. Және бұл бизнеспен айналысатындардың еңбегі-нағыз еңбек! Жылдың айналып келер төрт маусымында да, тәуліктегі жиырма төрт сағаттың жиырма сағатында да бұларға тыным жоқ. Хош деңіз. Ал енді ең қызығы-күндіз-түні, ыстықта да, суықта да, желде де, жаңбырда да сатушылардың саудасын қыздырып, гүл алатын кімдер дейсіздер ғой. Расында кімдер? Кімдер болушы еді. Өзіміз. Кәдімгі қазақтар. Таңқалатының-гүлді сатушылардың ішінде өзге ұлт өкілдері бар (тіпте көбі), ал алушылардың арасынан көре алмайсыз. Сол маңайдан ілуде, зәуқайымда бір көк көзді, немесе қысық көзді жолықтыра қалсаңыз, бәтшағар сағаттап саудалап жүріп үш талдан артық гүл алмайды ғой, алмайды. Ал біздер... о... о... ой, гүл алуда қазір қазекем алдына жан салмайтын болды. Қанша тал болсын, қанша теңге болсын, қандай түрі болсын, бәрібір. Әйтеуір гүл алса болды. Неғұрлым үлкені, көлемдісі, көрнектісі, жылтыр қағазы молдау оралғаны, себеті дәулеуі болса тіпте жақсы. Жартылысынан молынан пішілген кеңқолтық қазаққа не заттың да көп болғаны дұрыс. Бағасында шаруасы жоқ. Бұл ағайындарда саудаласу, бір тиын болса да түсіру деген тағы жоқ. Сұрағанын бере салады. Сонда бір бай болса екен-ау. Байың не, орта дәрежедегі де жағдайлары жоқ. Расында кәркеңке-кәрзеңке гүлдерді алып, мәз болып бара жатқандардың көпшілігі тақыр кедейлер. Қайдан білесің дейсің бе? Сұрақ болғаныңа. Адамның порым-пошымы мен аяқ басының өзі-оның әл-ауқатын айнадағыдай ап-айқын көрсетіп тұр емес пе?! Міне, мына бір үстінде көнетоз күртесі, басында жәпірейген шәпкесі, аяғында сіресі қисайып, жұлығы шыққан қытайдың бәтеңкесі бар бозбала екі құлағы екі езуінде мәз боп барады. Сытырлағын аямай қауқитып, оны түрлі-түсті жіңішке лента-қағазбен әрлеп, әшекейлеп қойған алты жүз теңгенің кәрзеңкесін алыпты. Қолындағысына қайта-қайта қарайды, үлкен бір іс тындырғандай өз-өзіне аса риза кейіпте. Ал басына былғауыш сияқты қоңыр ормал тартып, үстінен баяғы кремплин плащы түспеген, аяқ қолы шидей, қан-сөлі жоқ, боп-боз бетіне ойдым-ойдым болып теміреткі шыққан келіншек қып-қызыл өрттей қалампырлардарды таңдапты. Бірақ өзі тірсегі-тірсегіне соқтығысып зорға жүріп барады. Түске дейін үйді-үйді жағалап сүт сататын екі әйел ақшаларын қосып жіберіп мың теңгенің гүлін алды. Сосын бос бидондары мен баклашкаларын көтеріп ауылдың автобусына мінді. Қалталарындағы қарабақырларын әрі санап, бері санап, біраз тұрған төртбақ еркектің мүмкіндігі гүлінен гөрі көк шөбі көптеу қолдың басындай ғана буатқа әзер жетті. Соның өзіне қуанып, жүрегі жарылардай болған ол қатапрланған шалбарын көтеріп қойып, артына екі-үш тақтай байлаған белсебетіне отырды. Ой-бүй-й деп ойлайсың осының бәрін көріп тұрып, ой-бүй қайран көңілі даладай, қолы қып-қысқа шаруам-ай. Гүл не теңің? Құдай біледі, сен сол соңғы тиыныңды сыпырып беріп алған гүліңді сыйлайтын қуаныш иесі де милығынан келіп, мырғай болып отырған жоқ. Ол да өзің сияқты битын сыққан біреу. Өйткені шет елдік қымбат көлік мініп, коттедждерле тұратын, шырт-шырт түкіріп, шіреніп жүретін ағайындардың сенімен қатыспайтыны белгілі. Сондықтан сен ана гүлді өзіңмен нобайлас, басына тартқан көрпесі аяғына жетпейтін жақыныңа, немесе досыңа алып барасың. Гүлді қайтеді ол? Гул қай сәні? Анау үйіндегі атамзаманнан бергі, бүгіндері төрт аяғы төрт жаққа қисайып құлауға айналған, жаман шкафының үстіне қоланың ыдысына салып қоя қойғанда гүлің со жерге жараса қала ма? -Әй одан да, сол үйдің сабаққа ұстайтын сөмкесі, мектепке киетін киімі жоқтықтан бірін-бірі күтіп көздері бозарып отырған қарадомалақтарына әлгі гүлге беріп, далаға тастап кеткен ақшаңа кітап, дәптер, қалам, қағаз апарсаң қайтеді. Сырт киімі жоқ балалардың ішкі лыпылары да оңып тұрмағаны белгілі. Жанағы сенің гүлге жұмсаған теңгеңе осы кішкентайларға бір-бір емес, екі-үш сыпырадан киетін мәйкі-түрси келеді. Бүгін жайқалып тұрғанымен ертең қурап қалатын шөпті алып жерден жеті қоян тапқандай тапқандай желпілдеп жеткенше әлгі мәйкі-трусидің, нәски-шұлықтың бір дорбасын арқалай келсең, мына көгенкөздер әбүйірлерін жауып, бәшпәйларын жылтыңдатпай, бір бүтінделіп қалар еді. Тоқта, тоқта, сен бұл балалардың ыстық сорпа ішпенгендеріне, тәттіні ауызға алмағандарына, айран, алма, сәбіз, қияр сияқты ағзаларына аса қажетті тағамдарды татпағандарына қашан уақыт болғанын білесің бе?
Білесің әрине! Сөйте тұра қызылды-жасылды гүл базарға жие барасың. Жылтыр қағазды әдемі букет. Алдамшы ғой ол, гүл-құмар бауырым-ау. Әліңе қарасайшы.
Мен Нарықты мақтар едім...
Жұрттың көпшілігі қабағын кіржите қабылдап, шошына қараған нарықтық экономиканың ішін кептіре жамандаудан, тіліміз жеткенше қарғап-сілеуден ендігі айығымыз қанатын да кез болды. Иә, расында біз оған тек қана бірыңғай кіжінумен келеміз (әсіресе әйелдер қауымы). Ал енді мен бүгін сіздерге сол талайлар ренжіп, өкпелері қара қазандай болып жүрген нарықты мақтағым келіп отыр. Неге десеңіз, бұл нарығыңыз ақ шашты әжелеріміздің сылдыраған келіншек кезін, ақ жаулықты аналарымыздың қыз күнін қайта оралтты. Жеңгелеріміз бен бойжеткен қыздарымызды бұрын-соңды кітаптардан оқып, ертегі, аңыздардан ғана естігені болмаса өздері көріп-білмеген беймағлұм тірлікке бастады. Қалайша дейсіз ғой. Адам айтса нанғысыз. Өткен заманның бүгінге қайта оралуы әйелдер өмірінде былайша көрініс тапты. Дала әйелдерінің өмірінде: Нарекең алғашқы жылы қаһарын төгіп, әуелгі қысымшылығын жасағанда-ақ ауылдағы ақ жаулықтыларымыз шап беріп малға, оның ішінде, әсіресе, бұлақтай сүті бар сиырға жармасты. Бұған дейін көбіне сауса сауып, сауғысы келмей ерінгенде бұзауын ағытып жіберіп «жамырап кетіптіге» жаба салатын жеңгелеріміз енді ол әдеттерін тиып, сиырдың желінін қаны шыққанша қақтап алатын болды. Қой үстінде бозторғай жұмытқалаған кешегі мамыражай уақытта сүт жарықтықтың да қадірі кетіп, бір шелекте ашып, екінші бір шелекте көгеріп, қазанда қаспағымен қатып, қор болып тұратын күйге түсіп еді ғой. Енді жоқ. Енді олай болмайды. Енді тек қолға түскен сүттің бір тамшысын қалдырмай қатық ұйытып, айран пісіп, май алып, қалғанын қастерлеп қалтаға құйып, одан қолға іліккенінен құрт жасайтын халге жетті. Сөйтіп көзден таса болғасын көңілденде кетіп, ұмытылып бара жатқан жұмыртқадай әппақ құрттар ортамызға қайтадан келді. Оны келтірмеске амал жоқ, өйткені бұрынғыдай шәйға тістер толып жатқан тәтті көзден бұл-бұл ұшты. Тістеме демекші, айтпақшы, осы соңғы уақыттары ауыл дастарханында бұрын тек «ертеректе болған» деп еститін, бірақ өзіміз дәмін татып көрмеген қауынқақ, қауын құрт, төстік, ірімшік сияқты ұлттық тағам түрлері пайда болды. Оны айтасыз, қазір елдегі үйлерде сөк, талқан, жент, қолдан піскен сары май, отқа жапқан таба нан жиі кездеседі. Ал ақ шашты кейуанасы бар отбасыларының аулалары мен шошаларында бұған дейін мұражайлардан ғана орын алып келген баяғы келі мен келсап, диірмен мен былғауыш, мес пен саба көзге шалынатын болды. Ауылда қазір таң қалдырып, көз алдыңа өткенді, тым-тым алыста қол бұлғап қалған балалық шағынды елестетіп, жанаңды сүйсіндіретін тағы бір тіршілік қайта жанданыпты. Яғни-үйді-үйдің әйелдері, әжелер мен қыз-келіншектер жиналып алып жүн түтіп, ұршық иіреді, құрақ құрап көрпе-көрпеше жасайды, өрнек салып тұс киіз тігеді, киіз басады. Алаша тоқиды. Өйтпегенде қайтеді, бұрынғыдай дүкендерде иін тіресіп, орауымен тұратын палас, гүлдері жайнап көздің жауын алып жататын Мәскеудің кілемі көрінбейді. Өткен жазда ауылдағы үйлердің түгелге жуығы егін салып, бақша екті. Сөйтіп қолдарына кетпен ұстауды ұмытып бара жатқан әйелдер жандарына қара сирақ балаларын ертіп, алып картоптың шөбін отап, қауын суарды, тарының торғайын қорып, жүгері күзетті. Осыдан барып қой, әлгі айтқан қауын құрт пен қауын қақтың, талқан мен сөктің дастарханнан орын алып, ортамызға оралғаны. Ұмытып барады екенмін, қазір көптеген ауылдарда әжелеріміз бен апларымыз сексеуіл мен қарабарақ жағып, сахар қайнататын әдет тапты. Ал осының бәрі айналайын нарықтың шешелеріміздің қыз күні мен келіншек кезін еске алдырғаны емей немене? Енді нарық экономикасы қала әйелдерінің өмірінде қалайша көрініс тапты дегенге келетін болсақ. Бұлар да бұрынғыдан гөрі ширай түсті. Енді ерте тұрып, сүтке барып, уақытында нан алып қоймасаң, мезгілімен талонның азық-түлікін қармап қалмасаң-жағдайың қиын. Бір қызығы, дүкендерде ұзын-шұбақ кезек көбейгенмен, шаштараз, сән ательесі, сауна, маникюр жасайтын зал, тағы да осы сияқты толып жатқан қызмет көрсету орындарындағы әйелдер жағының кезегі сиреп қалды. Мұның да себебі түсінікті. Қып-қызыл қымбатшылық, бұл аталған қызметтің бәрін жасатуды ендігі жерде әйелдердің қалтасы көтере бермейді. Бір сөзбен айтқанда, қала бикештері мезгіл-мезгіл шаш бұйралатуды, оңды-солды боянуды, сыланып-сәнденуді ұмыта бастады. Сәндену дегеннен шығады-ау, осы қәзір қаланыңкербез әйелдерінің өзі қызылды-жасылды киінуді, жарқ-жұрқ еткізіп алтын тағуды қойыпты. Тіпті көпшілігі өткен жылдардағыдай қоқырайған құндыз бөріктер мен жартыраған жаннат құлақшындар да кимейтін болған. Біразының басында түріктің бәтесінен жасаған ақ орамал. Мұның себебі және белгілі. Қымбатшылық, әрі қараңғы түссе болды қараңдаған ұры ала алмай жүрген өші бардай дереу әйелдердің үсті-басына тап береді. Осыдан кейін олар қолға жүзік салып, бағалы бас киім киіп, кербез басып сән-салтанат құрып көшеде қалай жүрсін. Міне, осылайша қайран нарық қала әйелдерінің табиғи түрлерін өздеріне қайтарып, бастарына ақ жаулық салды. Сонымен қалай десеңіз де, қалай тілге салсаңыз да нарық экономика әйелдердің өміріне, күнделікті тірлігіне біраз өзгерістер енгізді. Байқап қарасақосы қымбатшылықпен бірге баяғы замандағы ғажайып ұлттық салт-дәстүріміз, қазақы өміріміз қоса келгендей. Ендеше нарыққа әйелдердің өкпелемегені жөн сияқты. Ең болмаса өзіміздің төл мерекемізде ренжімейікші.
Қол жеткізбеген арман
Көп жұрт Шоқпытқа қарағанда әлдеқайда бақытты. Неге дейсізбе? Себебі олар уақытында КОКП мүшесі болу бақытына ие болды. Яғни олар өздерінің адал еңбек етіпжүргендерін, алдыңғы қатарлы, саналы азаматтар екендіктерін көрсете білді. Ал Шоқпытқа мұндай қуаныш бұйырмады. Ой, несін айтасыз, кезінде партия қатарына Шоқпыт сияқты анау-мынауларды алмады ғой. Алмағаны сол, мүшелікке қабылдау үшін оған лайықты дегендердішекесінен шертіп жүріп таңдады. Ал ондай таңдауға үндеией жүретін Шоқпыт сияқты момындарға ілігу қайда?! Партияға өткізудің талабы да ышқынып тұратын еді-ау. Оған қабылдайтын хатшылар мен басшылар ше? О... о... ой, шіреніп-ақ қалатын. Хош деңіз, сонымен біздің Шөкең коммунистке лайықты ізгі қасиеттерден мүлдем жұрдай болды ма қайдам, әйтеуір армандай болған. КОКП-ға мүше бола алмады. Арман демекші, коммунистік партия қатарына өту бұған кезінде үлкен арман, таудай мақсат болғаны рас. (ол уақытта мұны кім армандап, қиялдамады дейсіз). Өкініштісі-сол асқақ арман. Шоқпытқа ақыры жеткізбеді. Сонда бұл өзінің кімге не жазып қалғанын, әсіресе жанындай жақсы көретін партияға не жазғанын білмеді. Жұрт қатарлы жұмыс істеді, ешкімнің ала жібін аттаған жоқ. Өтірік, өсек дегендерден анадайдан қашып жүрді. Ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық дегендерге тумысынан қарсы болды. Қолынан келіп жатса, бұлда біреуге жақсылық жасауға ұмтылды. Үлкен түгелі кішінің алдынан кесе-көлденең өтпеді, бір адаммен ишай дескен жоқ. Солай болса да мұны мүшелеікке лайық деп таппады. Рас Шоқпыт кеңседе жиі-жиі болатын жиналыстарда бәзбіреулер сияқты орнынан ұшып түрегеліп қызына сөйлеп, қызу пікір айтып, талқыланып жатқан мәселеге өз ойын білдірмейтін. Немесе бастық сөйлеп жатқанда қосамжармасып оның оның лебізін қайталап, тылша мойны талша болып кеткенше тынымсыз бас шұлғып, қошемет көрсетіпотыруды да білмеді. Іш пыстаны ішінде. Тілін жұтып қойғандай жиналысқа үнсіз кіріп, үнсіз шығатын. Қазір ойлап отырса, басқосуларда көсіліп сөйлеп, көзге түспегені бекер-ақ болған екен. Өйткені тап солай етіп, қызына сөйлеп, қызу пікір айтып, ара-арасында «көпшілікке пайдалы» ақыл-кеңестерін үйіп төгетін кейбір әріптестердің бағы жанып, партия қатарына өтті де кетті. Обалына не керек, Шоқпыттың әуелгі жұмыс істеген жеріндегідей қайырымды бастығы бір-жар рет мұны КОКП-ға мүшелікке алуға мезірет жасаған. Сөйтіп ол қасындағы бір-екі ақылқалталарымен, ұйымның хатшысымен кеңесіп көрсе, әлгілер «Ойбай атамаңыз» деп азар да безер болыпты. «Ол мұндай құрметке лайықсыз» депті. «Келешегінен үлкен үміт күтіп, бүгін өткізгеніңізбен бұл атақты алып жүре алмай, ол ертең-ақ атыңызға кір келтіреді. Ең әуелі райкомға, елге, жұртқа, қала берді біріншіге жеккөрінішті болып, абыройдан айырыласыз» депті. Мұндайды естігесін бастықта иман қалсын ба, райынан дереу қайта қойыпты. Сөйтіп КОКП-ға көңіл ауып, айналасыңдағы коммунистерге қызыға қарап, көзі бозарып жүргенде, екінші бір орынға қызметауыстырудың сәті түсе кетті. Ой, Шоқпыттың сондағы жүрегі жарыла қуанғаны-ай! Қуанышының себебі-арман болған партияға енді қолым жететін шығар деген үміт. Сөйтсе, үйбүй бетім-ай. Бұл ұжымда еркек атаулыға сенім артып, КОКП мүшелегіне қабылдау деген өте сирек кездесетін оқиға екен. Бұл түгелі, бүкіл өмірін осы кеңсенің босағасында өткізіп, бір адамдай-ақ осы жердің ыстығына күйіп, суығына тоңған ер азаматтар да өздерінің адал еңбек еткендерін дәлелдеп коммунист бола алмапты. Мұндағы бастығы да анау айтқан сенімсіз болған жоқ. Там-тұмдап жалақысын өсірді. Бірер рет мақтау қағазын берді. Мерекелерде сыйақылардан да құралақан қалдырған жоқ. Бірақ, Шоқпытқа ең керегі-партия туралы жұмған аузын ашпады-ау, ашпады. Сосын бұл «КОКП-ға қабылдауға бұл жерде үзілді-кесілді тыйым салынған шығар» деп ойлады. Сөйтсе жоқ! Олай емес екен. Кеңсе табалдырығын мұнан кейін аттаған Жылмаң деген жігіт суылдап жүріп мүшелікке зу ете қалды. Осылайша Жылмаң әріптесі оп-онай-ақ төсіне басқан қан қызыл билетке қол жеткізе алмай, оған қызыға қарап жүргенде айлар алмасып, жылдар жылжыды. Ой, заманай десеңші! Шоқпытты да комунистке лайық деп, мүшелікке өт дейтін күн туды. Күн туғаны сол-баяғы кекірейіп, өзіңше боп жүретін ұйым хатшысы қазір мұның қыр соңынан қалмай, жанын қоймай күнде партияға өт те өттің астына алып жүр. Сіз коммунистке бірден бір лайық адамсыз дейді. -Табан астынан өзіне көрсетіле қалған мұндай құрметтің себебін Шоқпыт түсінбей қалған жоқ. Жап-жақсы түсінді. Бір кезде бұған армандай боп, кәрәмат боп көрінген комунисттік партия атты алыптың қазір қабырғасы қақырап, шаңырағы шайқалды. -Ал мына басшылар мен хатшылардың бүгінгі әрекеттері сол құрдымға кетіп бара жатқан КОКП-ларына Шоқпыт сияқты бір кездегі негодныйларды өткізіп, қатарын көбейтіп, қайтадан бой тіктеп аламыз ба деген длбаса тірлік. -Бір кезде мұны керек қылмасаң, енді Шоқпытқа сенің де керегің жоқ комунисттік партия-қол жеткізбеген арман!
ҚУАНЫШТАН ҚҰР ҚАЛҒАНДАР
Дәл осы уақытта мекеме басшылары мен қойма меңгерушілері және олардың әйелдері мен балалары көп қызық пен қуаныштан құр қалып жүр. Қандай қызықтар мен қуаныштардан дейсіз бе? -Мәселен әр айдағы әрең жететің әрең жететін ақ түйіннің қарны жарылатыен күн бар емес пе? Міне, дәл соны айтам. Ол күні былайғы жұрттың қуанышы мен бақытында, сірә да, шек болмайтын шығар. Әсіресе әрбір үйдегі тамақ мәселесімен тікелей айналысатын әйел жолдастар мен қызыл қарын балалардың жүректері жарылып кетуге сәл-ақ қалатын болуы керек. Өйтпегенде ше, әйел байғұстар ол күні үйлеріне сеткі-сеткі азық апарып, қанырап қалған тоңазытқыштарын толтырап, иісін бұрқыратып қазанға қызыл салады. Ал бала байғұстардың моншақ көздері қуанышқа толып, қант-кәмпит сияқты тәттілерге қолдары жетеді. Бұл қуаныш емей немене? Қуаныш болғанда да оның ең үлкені, ең маныздысы. Кедейдің бір тойғаны-шала байығаны деген емес па? Ал, сіздер байқадыныздар ма, бұл күндері еріндері етке тиіп, қабысып қалған қарындары домаланып-домаланып шыға келетін отбасы мүшелерінің ішінде нағыз қуанышқа, шын рахатқа кенелетін және бір кісілер бар. Олар-отағасылар, яғни еркектер қауымы. Осы бір рахатқа толы ғажайып күні ол жарықтықтардың қарындары тоюмен қоса көңілдері шалқып, тамқтары жібіп, жанарлары жайнап шыға келеді. Қателеспесек, бұл күні балалардан да бетер шын жүрегімен, бар ниетімен асып-тасып алаңсыз қуанатын да осы кісілер болуы керек. Өйткені азық-түлікке толып, бүйірі бұлтиған сөмкелердің бір бұрышында ерекеңдердің айлық сыбағасы -шатақ сулар, яғни шөлмектер де қоса келеді. Тағы бір тамашасы, әлгі айналайын сөмкенің екінші бұрышында тымпиып-тымпиып темекілердің де тұратынын қайтерсіз... Шетінен алып ауызға сал да бұрқырата бер. Көк түтінге рахаттана көміл. Міне, нағыз қуаныш деген осы. Ұмытып барады екенбіз. Әйел жолдастар үшін және бір қуанышқа толы ақжолтай күн бар. Ол-кір жуатын заттар, сабын мен ұнтақ беретін күн. Бұл күні ұзын-шұбақ кезекте тірсегі шиқылдап тұрған әйелдердің басында бір-ақ ой болады. Ол-ертең жұмыстан ебін тауып ертерек қайтып, көбігін бұрқыратып кір жуып алу. Үлкендер мен кішілерді қуантып, көңілдерін жәй ететін азық-түлік пен ащы суды, сабынды алатын сәттегі кездесетін небір хикаялар мен әңгімелер, ұрыс -керістер мен қып-қызыл төбелестер жайында біз бұл жолы жұмған аузымызды ашқанымыз жоқ. Ол бір ұзақ әңгіме, қызықты жәйттерге толы өзінше бір оқиға. Бір өкініштісі, қарын тойып қуанышқа кенелетін осындай бақытты сәт пен азық-түлік беретін күнгі дүкендердегі ұзын-шұбақ кезектерді, ондағы айтылатын небір әңгімелер мен орын оқиғаларды басшылар мен қойма меңгерушілері білмейді, сезіне де алмайды. Олардың әйелдері мен бала-шағалары да мұндай қуаныштар мен қызықтардан мүлдем бейхабар. Өйткені олар тұтыну кітапшасын, яғни кәртішкілерін құшақтап, тірсектері майысып ешқашан да сауда орындарына бармайды, шұбатылған кезекке тұрмайды. Олардың үйлерінде көздің жауын алардай болып жайнап бәрі тұр. Қанттың да, кәмпиттің де, еттің де, шұжықтың да түр-түрі бар. Сондықтан да бұл парықлар азық-түлік беретін күнгі рахаттың не екенін білмейді. Расында бәсекендер мен олардың жанұяларындағылар бар қуаныш пен қызықтан қағылып жүр. Обал-ақ емес пе?
АДАМИ ҚАСИЕТТЕР МЕН ТІРШІЛІК ТӨҢІРЕГІНДЕ
Кітапханаға әр келген сайын өзімнің түк білмейтініме, түк оқыматыныма жаман ұяламын. Кітаптардың әрқайыссының бетін бір ашып, оларға ашырақтана үңілемін. Үңілген сайын білімсіздігім айқындана түседі. Сонан соң бұдан былай мұнда жиі келіп тұратын боп өз-өзім уәде берем. Бірақ, қайда, күйбең тірліктің қайыс қамыты мойынды кітапханаға қарай бұрғызбайды. Бір ғажабы-мұражайға барсам да дәл осындай күн кешемін. Қанша «жесе» де құлқыны тоймайтын жебірлерге қарап отырып, өзіңді ашкөздік, дүниеқоңыздық ауруына шалдығудан сақтағаны үшін Аллаға мың алғысыңды айтасың. Өзін-өзі жақсы көретін адамдарға рахат. Өйткені олар өзінен басқаға жүректерін ауыртып, қиналмайды.
Өмір дегеніміз-күнделікті күйбең тіршілік.
Қандай адам екені бетінде жазулы тұрғандар бар.
Адамдарға жақсылық жасағың-ақ келеді. Бірақ сол жасаған жақсылықтарыңнын көбі өзіңе таяқ боп тиетіні жаман.
Арсыз адамға не айтарыңды да білмейсің.
Ақшаның жоғы да жақсы. Бар болса көбейтемін деп ит әуреге түсесің.
Әдемі киініп, әдемі сөйлеп, көпшілікке әдемі көрінуді мақсат тұтып, соны бақыт санайтындарға қызығамын.
Қылығы жасандылар онысын қанша жасырайын, білдірмейін десе де, байқағыш кезге ол ұрып тұрады. Жанды тербер сырлы сазға толы әуенді мотордың түріндей жәй жыбыс деп қана қабылдайтындар бар. Қарағым-ау, жасыңа жетпей аһылап-уһілеп, кит еткенге қылт етіп, дүниеден түңіліп не болды сонша?! Сендегі бардың бірі де жоқ, сен қол жеткізген жақсылықтың біріне де ие болмағандарда да жылап-еңіремей, шүкіршілікпен өмір сүріп жүр. Саған сонша қиямет көрініп отырған тұрмыстағы анау-мынау жетіспейтіндер түгілі, он екі мүшесі түгел емес жандар да жылап еңіремей, кеудесінен жалын атып аһ ұрмай тырбанып тіршілік етіп келеді.
Адамда қанағат пен сабыр деген сезімдер де болу керек.
Бір әріптес кісінің баласы әкесін кір сабын, шешесін иіс сабын дейді екен. Сонда өзі көбік болғаны ма?
Ет-етке, сорпа -бетке, қамыр -қарынға.
Иығында пагоны, басында фуражкасы бар өзі шілбиген, бұты тыртиған, бойы бір қарыс жол тәртібінің сақшысы қолындағы қырық қарыс таяғын көтеріп, өтіп бара жатқан машинаны тоқтатты. Жұтынып тұрған су жаңа «Лэнд Крузерден»түскен еңселі жүргізуші тәкаппар болып келіп әлгіге құжаттарын көрсетті.
Бақабасты ГАИ дегенді қойсаңшы!
БАСТЫҚТАР ТУРАЛЫ
Бастықтардың қол астындағы адамдарды бақырып-шақырып, қорқытып-үркітіп өзін мойындатамын деуі-ақымақтық. Адам өзін өнерімен, істеген ісімен, ақыл-парасатымен немесе бай мінез-құлқымен ғана мойындата алады. «Әр сыпырғы өзінше сыпырады». Орыс халқының осы мақалын қазақтар көбіне батықтар жаңадан ауысып, жұмысқа кірісе бастағанда ойға алады. Яғни бұл дұрыс болсын, бұрыс болсын әр бастық өзінше әрекет етіп, өзінше әмір береді деген сөз. Әр жаңа бастық өзінше қимылдаса қимылдайтын шығар, бірақ солардың бәрінің айқайы бірдей. Бастықтардың айтқандарының бәрі дұрыс. Тек қарамағыңдағы қызметкерлердің іштей келіспейтіндігі болмаса. Бастықтарға сөздің жөнін айтсаң да, яғни бұрыс сөзді дұрыстап жіберсең де жақпай қаласың. - Бастығым екі сөздің біріне келмей, үстін-үстін айқайлап жіберген кезде, өзімді
арс-арс еткен ашулы төбеттің алдында тұрғандай сезіндім, - деді бір досым.
- Образно! - дедім мен
Әшейінде бізді көзіне ілмейтін, хал-жағдайымызды білмек түгілі, бізді адам қатарына санап дұрыстап амандаспайтын да үлкен бір бастық әйел бүгін менімен біраз сөйлесті. Қайта-қайта хал-жағдайымды сұрап, аман-саулығымды тілеп, жанымдағы әріптесіме сәлем айтты. Бұған қатты таңырқаған мен: «Неге бүйтті? Қатардағы жәй адаммен неге шүйіркелесті? Оның аспандаған асқақ көнілі қалай төмендеді?» деп ойланумен болдым. Тоқта, тоқта» - деді сонда екінші ойым.-қалай төмендеді демекші, осы кісінің өзі орнынан түсейін деп жүрген жоқ па екен? Сөйтіп көңілі құлазып, төмендегілерді жанына жақын тұта бастады ма екен? Бұл ойымды әріптесіме айттым. Бұдан бұрын лауазымды қызметтерінен кетер алдында екі бірдей басшының дәл өйістіп, жақсы амандасып, хал-жағдайымды сұрап, қамқор пейіл танытқандарын да жасырғам жоқ. Осы әңгімеден 4-5 күн өткеннен кейін әлгі үлкен бастық шынымен де орынан түсті. Бастықтардың қызметтен кетерде қатардағы қарапайым адамдарға жүректері жыли қалатыны несі екен? Әкім барған жерге (түрлі басқосуларға) бастықтар жаны қалмай және бірі қалмай барады. Ал әкім бармаса, мейлі қандай маңызды жиын болсын, ол жерге бірде-бір бастық жоламайды, тек қана қатардағы қарапайым адамдар болады.
Бастықтан қорқатын бастықтар ғана. «Жұрт құсап дүкен де, дүңгіршек те ашпаппыз. Не болмаса маршрутта жүрген «ГАЗеліміз» де жоқ. Жұмыстан олай-былай болып қалсақ, күніміз не болары белгісіз. Түк ойланбай жүре беріппіз». Бұл-ата-бабаларынан қалған байлығы жоқ, тақыр жерден шығып билікке ие болған, енді тақырды толтыра алмай жанталасып, қолындағы санаулы дүниені былай тартса былай, олай тартса олай жеткізе алмай діңкесі құрыған бастықтардың бүгінгі зары. Ең алғаш жұмыс істеген жылдары, яғни жас кезімізде, бастықтың айтқандарының бәрі дұрыс деп ойлайтынбыз. Бастықтарда арман көп. Өйтсем, бүйтсем, мына жоспарды былай жүзеге асырсам, сосын былай істесем деген тәтті қиялдары таусылмайды. Олардың арман-ойларының кейде шарықтайтындығы сонша, Пушкиннің «Балықшы мен балық туралы» ертегісіндегі қарт балықшының қанағатсыз кемпірін еріксіз еске түсіреді.
УАҚЫТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ХАҚЫНДА
Бұрын адамдарда сыйластық, адамгершілік, азаматтық, рухани жақындық деген сезімдер басым болатын. Қазір мұндай сезімдер түгілі, мұндай ұғымның өзі жойылып барады. Адамдар роботқа айналып келе жатқандай. (Асылық айтсам Алла кешірсін). Тетігін басып қалсаң сарт-сұрт жұмыс істей беретін роботтар сияқты. Жолындағыны басып-жаншып, жанталасып алға ұмтылып барады. Ештеңеге қарамайды. Әлгі адами сезімің мен ұғымың-бір тиын. Үлкендердің өзі қатал болып кеткен. Ал жастардың жүрегі-механизм дерсің. Оларға адамгершілік туралы айта бастасаң күледі. «Ол ақша емес қой. Оның не кедергі бар» - дейді. Е... е... е... баяғы «Тарихтан» оқып, төбе шашымыз тік тұратын капитализм деген дүлей осы шығар - деп ойлайсың сонда. Алаңсыз жүріп ойнайтын кездерінде балаларын базар жағалатып, добра арқалатып қойған қоғамды-бейшара қоғам демеске лажың жоқ. Қазіргі кезде әйелдерден гөрі ер кісілер майда әңгімеге үйір болып кеткен сияқты. Бұл өтпелі кезеңдегі жұмыссыздықтың салдары емес пе екен? Белі бүгіліп, бетін әжім торлаған, аяқ-қолдары қисайып, жанарлары елеусіреген кейуананы көргенде, бір кездері оның талшыбықтай бұралған, жүзінде нұр ойнап, көзінде күн күлген бойжеткен болғандығына сене алмайсың. Жап-жас, албырт кезіңде ананы да, мынаны да алғың келеді, қымбат, әдемі киімдер кигің келеді, алыс-алыс қалаларға қыдырып, ел-жер көріп, саяхаттағың келеді. Бірақ қол қысқа, ақшаң жоқ. Ал жасың үлкейіп, өз-өзіңе келіп, азды-көпті қорың, қалтаңда ақшаң болған кезде, әлгі алғың келген заттыңешқайсысы қызық болмай қалады. Көп киім жараспайды. Үйден ұзап шыға беруге зауқың соқпайды, денсаулығың да көтермейді. Кереғар дүние.
Ғылым мен техниканың бұлайша қарыштап дамуын тоқтату керек! Өйткені табиғи ештеңе қалмай бара жатыр. Келешекті ойласаң жаның түршігеді. Осы пәтпен кете берсе келер ғасырларда табиғи өнім түгіл, «табиғи» деген ұғымнынң өзі болмайтын шығар.
Бұрындары қыздары үлкендердің батасын алмай, рұқсатсыз күйеуге қашып кетсе ата-анасы ренжитін. Шешесі ашуланып, бұлқан-талқан болып жыласа, әкесі теріс қарап, бук түсіп жатып қалатын. Ал қазір ондай жағдай бола қалдса екеуі де есі кетіп қуанады. Шешесі тойға киетін ким іздеп базарға тартса, әкесі бақыттылықтан апталап арақ ішеді.
Жұрт ақшаны кәртішкімен банкоматтан алатын болғалы бері бухгалтерлер маған тістерін суырып тастаған жыландар сияқты әсер қалдырады. Бұл жердегі мағына-оларды түсі суық жыланға теңеу емес. Мәселе-жыланның тісін жұлып тастағаннан кейін олар дәрменсіз, қауқарсыз күйге түсіп, жыландық қасиетінен айырылып, бір тұтам қара ала жіп сияқты болып қалатындығында.
ІШІМДІК ПЕН ІШКІШТЕР ТУРАСЫНДА
Спиртті ішімдіктердің, яғни арақтардың небір түрлері бар. Қазір әтірдің құтысындай кішкентай шишадан бастап, самаурынның бойындай үлкен бөтелкеге дейінгі сан алуан формалары шығарылады. Ал оларға жапсырылатын қағаздардың әдемілігін тілмен айтып жеткізу қиын. Азық-түліктердің ешқайсысының этикеткасы дәл осылай сәнделмейтін шығар. Түрлеріне қарай ішімдіктердің бағасы да әртүрлі. Бір балмұздақтың пұлы тұратыны да, бір қойдың құны болатыны да бар.
Қызығы солардың қайсысын ішсең де мас болу түрі біреу-ақ.
Әңгімесінің арасында, ойнап болса да, арақ туралы айта беретіндер-ішкілікке біртабан жақын адамдар.
Арақпен достасу оңай, ажырасу қиын.
Ішкіш басқаға таппаса да, араққа ақша табады.
Тілінің тотяйыны бар белгілі өнер иесі елге келген бір сапарында Қармақшыда болады. Қазекемнің әдеті емес пе. Ауданның игі жақсылары оны қажетті шаруасын бітірер-бітірместен, бір үйге дастарқан жайып шақырып, қонақ етеді. Әуелгі шаймен жеңіл-желпі тамақ қуырдақ беріледі. Дастарқан үстінде тост айтылып, арақ ішіліп, әңгіме тиегі ағытылып, ара-арасында ән-жырға кезек беріліп, қонақ та, оның шашбауын көтерушілер де өте көңілді, жақсы отырады. Бір емес, бірнеше самаурыңды сарқып, шөлмектердің де біразын босатып, аяқ суытар шаққа жақындағанда асаба жігіт:
-Құрметті Шәке, бұрын сахнадан, көгілдір экраннан өнеріңізді тамашалап, атыңызға сырттай қанығып жүруші едік, енді міне өзіңізді де көріп, дастарқандас, дәмдес болып жатырмыз. біз әрине бұған өте қуаныштымыз. енді осы дастарханның қорытындысы сөзін өзіңізге бермекшіміз. өйткені бұл қасиетті Қармақшы жері. жыраулар елі. осыған орай біздің жерде үлкен аста ішімдік берілмейді. Етті арақсыз таза жейміз. Сондықтан қазір жақсылап бір сөйлеп, стаканыңызды түбіне дейін алып қойыңыз, - дейді маңызданып.
Қай кезде де әзіл-қалжыңы тілінің ұшында дайын тұратын өнерпаз ойланбастан:
- Онда ет жемей-ақ өйістіп шай ішіп отыра берейік, - дейді қуақыланып.
ӘЙЕЛДЕР ЖАЙЛЫ
Кейбір әйелдер құлақтары мен саусақтарына неше түрлі алтындар мен бриллианттарды қатарластырып тағып алады. Сонда олар өздерін әдемі болдым деп ойлайды. Ал осындай әшекейленген ханымдарды көргенде менің көз алдыма аяқтары мен қолдарына, мұрындарына сылдырмақтарды тағып алып отты айнала билеп жүрген қап-қара, жалаңаш үндістер елестейді. Сонан күлкім келеді. Өйткені әлгі үндістер «сылдырмақтар мені әдемілеп, сұлуландырып жіберді» деп мәз болып жүр емес пе? Мына әйелдердікі де сондай әурешілік. Американың «бэй-бэй» фирмасының қымбат бояуларын жағатын әйелдер өздерінің «косметиканың норкаманы» болғандарын білмей қалып жүр. Себебі оны бір-екі рет пайдаланған адамның үшінші рет қолданбауға шарасы қалмайды. Неге десеңіз, «Бэй-бэймен» «әдемі» болған бет оны жақпаған кезде маймылдың кейпінде күйге түседі. Міне осылайша америкалық фирма біздің аңқау әйелдерімізді өздеріне оп-оңай тәуелді етіп алады. Байларды қойшы, олардікі «Үфиттің малы сүфитпен кетеді» деген мәселе ғой. Осындайда әсіресе басына тартқан көрпесі аяғына жетпей жүріп «Бэй-бэйға» жем болған кедейдің кербездерін аяйсың. Аяп тұрып олардың-адам тәні сау, жаны сау болмаса, бетіне тонналап жаққанымен ешқашан әдемі көрінбейтінін түсінбейтіндіктеріне таң қаласың. Киімге қызықпайтын әйелді табу-көңнің арасынан алтын іздеп тапқанмен бірдей. Ел ішінде айтқыштар көп қой. Дана деген бір әйел-күйеуі барда ебіл - дебілі шығып, тірсегі-тірсегіне соқтығысып, жудеп-жадап жүретін абысыныңның ері өлген соң үсті-басын реттеп, оңала бастағанын байқап:
- Қайнаға қайтыс болып, абысынның ажары кірді, - деген екен. Осы Дана жұмыс жоқты сылтау қылып дым ақша таппай, іс-әрекетсіз салпиып үйде отыра беретін отағасысын «дос» дейді екен.
- Неге бұлай айтасың, ол сенің күйеуің емес пе? - дегендерге: - Жоқ, күйеу деген табыс табады, отбасын, әйел, бала-шағасын асырайды. Ал бұл бізбен бірге тұратын «жәй досымыз» ғой, - деп жауап беріпті. Ауылдағы Бәтима деген әжейдің жалғыз ұлы ұзақ уақыт жүріп, зарықтырып барып үйленеді. Келін барынша сәнқой әрі өнерлі қыз екен. Аяғына біз өкше туфли, үстіне тар юбка мен кофта, басына шляпа киетін және мондалина тартып, ән салатын жас келінді әйелдер пыш-пыш әңгіме қыла бастайды. Бір күні бастары қосыла қалғанда олар Бәтима әжейге:
- Апа, келініңіздің басында шләпі, қолында мәндәлин, ол қандай қатын болып
жарытады? - дейді сыпсыңдап.
- И... и... и... қарақтарым-ай, оның несін айтасыңдар, асықпаңдар. Кезі келгенде бәрі де өз ретімен болады. Құдай берсе келіннің бір бала тапқанда шләпісі қалар, екінші балада мәндәлині қалар, - дейді әжей сабырмен. Ақылды ене айтқандай, бірінен соң бірін-бес-алты қара домалақты дүниеге әкеліп, жалғыздың шаңырағын базарға айналдырған келіннің шляпа киіп, мондалина тартуға расында да шамасы келмей қалыпты. Жұмысқа жаңадан қабылданған жас жігіттің күнде бет-аузы ісіп, көзі қызарып, басы ауырып келетін болды. Әуелгіде шынымен де науқасы бар шығар деп ойлаған біз кейін мұның «сатып алған ауру» екенін түсіндік. Бой-сойы келіскен, келбетті жас жігіт бүгін тағы да «ауырып», көзі әңгел-шәңгел, бет-аузы ию-қию болып, мазасы кетіп әбіржіп отыр. Мұны байқап жаны ашып кеткен Гүлнар апай:
- Ой, неғып ауырып қалдың, суық тигізіп алдың ба? - деді өбектеп. - Жоқ, түнде бір жерге барып едім, сонан отравить етіп қалдым, - деді ол орысшалап.
Мәселенің мән-жайын ұға қойған Гүлнар апай жәймен ғана:
- Сынок, ты не ходи туда, где отравишся, - деді.
Ішпе, жеме, үйтпе-бүйтпе деген ұзақ-сонар әрі күнделікті құлағың үйреніп кеткен әңгіме емес, осы қысқа да нұсқа сөзге, өзгелерді қайдам, мен өзім қатты таңғалдым.
Әдемі айтылған емес пе?
ТАБИҒАТ ЭТЮДТЕРІ
КӨГІЛДІР КӨКТЕМ
Айналаға әдемі шуағын төгіп, көгілдір көктемнің келіп қалғанын ойласам кеудемді көл-көсір қуаныш билейді. Сосын көз алдыма енді аз уақыттан соң-ақ ананың қыстайғы қалың құрсауынан арылып, рахаттана бусанып жатар ғажайып сәті елестейді. содан кейін-ақ көктемнің сан-түрлі сиқырлы құбылыстары өзіне еліктіріп, елітіп әкетеді. Кешеден бері аспан төсін торлап тұрып алған қою бұлттың көбесі сөгіліп, көктемнің ақ жауыны басталды. Сол-ақ екен көшеде бейқам кетіп бара жатқан жүргіншілер лезде не істерлерін білмей үйді-үйдің, тал-теректердің тасасына тығылды. Ал әне бір бойшаң бозбала мен тұлымы желбіреген жас қыз төбелеріне қолшатыр көтерген күйі жұптарын жазбастан сықылықтай күліп барады. Тек бұлар емес-ау, ақ жауынның астында кетіп бара жатқан жолаушылардың бәрі үстерінің малмандай су болғандарына қарамастан қуана басып барады. Бір кезде сатыр-сұтыр найзағай ойнап, күн күркіреді. Биылдыққа алғаш рет күннің күркіреуі. Мұны халқымыз нағыз көктемнің келуінің белгісі деп есептейді. Ендеше бүгіннен көгілдір көктем айы басталды. Қандай рахат! Ертең-ақ, сай-сала, орман-тоғай, жазық дала, барлығы-барлығы көгеріп, құлпырып сала береді. Ертең-ақ мынау көшенің жиегінде сидыйып, сәнсіз болып тұрған ағаштар жылт еткен күннің қызуынан бойына нәр алып, бүршік атады. Әсіресе, күні ертең дала төсіне қылтиып шығар қып-қызыл қызғалдақтарды айтсаңшы! өрттей-ау, өрттей. сол өрттей гүлді көздеген қызына ұсынып, қаншама бозбала өртенген жүрегінің лүпілін ұқтырар екен. Өрт қызғалдақтарды бір-біріне имене ұсына тұрып қаншама жүрек ұғысар екен, қаншама арман орындалар екен... Толассыз құйған жауын лезде тиылды да бір шеттен күлімдеп күн көрінді. Аспан шайдай ашылған. Төңіректің бәрі түк болмағандай өзгеше түрге еніп, құлпырып сала берді. Ойдым-ойдым жерлерге тұрып қалған шалшық суларға дейін әдемі болып кеткендей. Үйлердің шатыры да, әйнектері де, асфальт жолдың үсті де, бәрі-бәрі әртүрлі түске боялып, сұлуланып кеткен. Неге бұлай дейсіз ғой?... жаңбыр толастасымен-ақ іле-шала көкжиектен керіліп, кемпірқосақ шыққан. Сосын алуан бояуларымен су тиген жерлерді шағылыстырып, айналаны ғажайып күйге енгізген. Жауыннан кейінгі тынысыңды кеңітіп, кеудеңе ерекше нұр құятын тап-таза ауаны айтсаңшы! Көкірек көзіңді ашып, қиялыңды ұштай түсе ме, қалай? Сол ақ жауыннан кейінгі ғажайып нұрға шомылып, тап-таза ауаны жұта түскен сайын жүрегіңді әлде бір сағыныш, әлде бір тәтті мұң баурап алады. Бұл заңды да. Өйткені көктемнің өзі-жүректерді сағынышқа, тәтті мұңға, қуаныш пен махаббатқа бөлер қасиетті маусым ғой.
КӨКЕК КӨРІНІСТЕРІ
Сыр бойына көктемнің алтын діңгегі-көкек айы келіп жетті. Көкектің төрімізден орын алғанын мен мынадан білемін. Бұрынғыдай емес күн ұясынан ертерек шығуға асығып, кешкілік құтты мекеніне қонуға кешеуілдей беретін болған. Сосын осы екі аралықтағы тіршілік те едәуір өзгерген. Бұрын таңертең тұрып сыртқа беттегенде жүзіңді шыңылтыр аяз аймалайтын болса, енді мұрныңа көк шөп пен дала иісі келеді. Одан соң үйден әрі ұзай бере бұрынғыдай денең тоңазып, қойын-қонышыңды қымтай түспейсің, қайта кеудеңді таңғы самалға тосыңқырап, көгіс тарта бастаған төбе басында ұ... з... а... ақ... жүріңкіреп қаласың. Содан өзің осы араға өткен күні келгенде көрінбеген, таң нұрына бүгін тұңғыш рет шомылып тұрған қылдырықтай көкті қызықтап қарап тұрғаныңда саумал ауадан әлдебір ашқылтымдау иіс сезілер еді. Сол-ақ екен сен ойда қалған аз ғана үйлі аулыңа жалт қарайсың. Жанарыңа ең әуелі жер ошақтардан баяу көтеріліп жатқан көкшіл түтін шалынады. Келе сала ақ шелектегі әлі тұна қоймай шымырлап тұрған шикі сүтті басыңа көтересің. Тіліңе ақпандағыдай емес, өзгеше бір тәттілік, көк шөптің дәмі сезілер еді. Бұрынғыдай баптана тамақтанып отыратын уақыт жоқ. Апыл-ғұпыл киіне сала сонадайда қаңтарулы тұрған шынжыр табан тракторыңа отырасың. Егістік алқапқа жете бере кешегі тоқтаған жеріңнен әрі қарай соқаңды түсіріп жіберіп, жер қыртысын аудар жөнелесің. Жеделдетіп төрт-бес айналым жасағаннан кейін бұрылып артыңа қарайсың, сонда бағана ғана бозаң тартып жатқан реңсіз жердің қарақошқыл күйге еніп жал-жал болып қалып жатқанын байқайсың. Мұрныңа сәл салқындау, бірақ жүрегіңе аса жақын леп келеді. Бұл-қасиетті жер иісі, топырақ иісі. Ел ырзығын тасыту осындай алғашқы соқа ізінен басталатынын бар жан дүниеңмен сезінген сайын темір тұлпардың екпінін үдете түсесің. Сонан соң кешке қарай сәл шаршаңқы кейіппен ауылға оралғаныңда қора маңын жас төлдер даусы тербеп тұрар еді.
ҚҰМ ҚЫЗҒАЛДАҒЫ
Қыс бойы мұз құрсау құшағында ақ көрпесін айқара жамылып тып-тыныш, тоң-теріс жатқан жер-ана төсі айшықтанып, ажарланып-ақ қалыпты. Ұшы-қиырына көз жетпес сағым ойнаған сары дала. Осынау енапат жерді, баға жетпес байлықты қазақ деген момақан халықтың кең пейіліне, дархан көңіліне берген ғой деп ойлайсын. Сол сайын даланың сәуірдегі сән-салтанатын көрсеңіз. Сулы, нулы жерлердегі көк құрақтар мен жапырақ жайған ағаштарды, тал-теректерді айтпағанның өзінде, айналасыңда ылғал жоқ, тек көктен ғана жауатын нұрға телміріп, сонан да тереңнен тамыр тартып тірлік етіп тұрған құм өсімдіктеріне қайран қалмасқа шараң жоқ. Міне айдалада, құм шағылда қылтиып қызғалдақ өсіп тұр. Иә, қызғалдақ, сарғалдақ, кәдімгі көздің жауын алып, жүрегіңді дір еткізер әдемі гүлдер өсіп тұр. Ал айнала-адам бие сауым уақыт жүрсе ерні кезеріп, тамағы құрғайтын ыспа құм. Анда-мында ғана шөлге шыдамды тұз шынарындай берік баялыштар мен қарабарақтар, кесіктер мен құм жуалар, тырбақ бұталар көрінеді. Осындай кенезесі кеуіп кеберсіген жерде күлтелері күнге қарай талпынып, үлбіреп қызғалдақ тұр. Нәп-нәзік, қып-қызыл. Гүлдердің тұтасып, шоғырланып өскен жерлері қызыл кілем төсеп тастаған сияқты, өрттей. Үй десең ұшып кететіндей нәп-нәзік болмыстың қайсарлығына таңданасың. Тіршілік үшін күрес. Қызғалдақтың ғұмыры да қас-қағым. Сол қысқа ғана уақытта жапырақ жайып, гүл ашып, далаға сән беріп, құлпырып үлгіреді. Қай кезде де жетіспейтін, бір кем дүние емес пе, ылғалдың аздығынан сабақтары ұзармай аласа болып, қауыздары да кең жайылмай кішірейіп қалған. Құмның қызғалдағына қарап тұрып, суы мол, топырағы құнарлы жерде өсетін үлкен, жапырақтары жалпақ, қауыздары жұдырықтай, түстері де қою, қанық жауқазындарды еріксіз есіңе аласың. Сонан гүлдердің өмірі адам ғұмырынан аумайды екен-ау деген ойға келесің. Иә, біреу көнторғай тірішілк үшін ғұмырланып тырбанып жүр, ал біреулердің барлықтан басы айналып, еріккеннен есі кетуде.
АҚҚУЛАР
Мамыр. Үй маңындағы айдынға күн жылынған шақта аққулар келер еді. Аққуларды көрген сайын белгілі өлең ырғағы ойыма оралатын.
Қалқиды аққу айдында, қалқымайды.
Баяғыдай бой жазып шалқымайды.
Сыңарынан айрылып қалған күні
Бұл өмірдің қызығы жарылайды.
Жартылайды... а-а-а-ай! Шалқымайды.
Осы әнді естіген сайын өзгеше күй кешемін. Осы әнді естіген сайын өзімнің егіз аққуымды көруге айдынға асығамын. Және әнді тыңдаған сайын, аққуларды көрген сайын ерекше бір әсерде, жүрек сыздатар сағыныш құшағында қаламын. Әннің осынша нәзік, осынша саздылығынан, аққудың осынша сезімді, осынша ідемілігінен кейде жүрегімді діріл билейді. Міне тағы да тыңдап отырмын. Гитараның сазды үніне қоңыр дауыс қосылып шалқып жатыр. Айналамда ән төгіліп тұр. Төгіліп емес-ау сорғалап кеп менің кеудеме құйылып жатыр. Алысқа шарықтап кетер ащы дауыс емес, қоңыраулатып баяу тербер сазды дауыс. Әнді тыңдаймын да аққуларым айдынымен қауышар күнге асығамын. Әнші дауысынң сазды, үнділігі сондай әнді көмейімен емес жүрегімен айтып жатқандай. Шынында әнші жігіт бар жан дүниесімен, жүрегімен әннен өзгені ұмытып, өзі де әнге айналып айтып тұр-ау деймін. Иә, әнші, ән және айдынында мамырлаған аққулар тұтас бір дүниеге айналған.
Сыңсып салған әніне тебіреніп,
Қамыс басы қамылып, су жылайды
Су жылайды а-а-а-ай, тұнжырайды.
Көз алдыңа тіпті аққуларды көрмесең де сұлу сурет елестері анық. Ән мен су еркесінің үндесуі, бір-бірін дөп басып түсініп, ұғысуы тілсіздердің бірінің халіне бірінің ортақтасуы.
Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы
Біреу ерте, біреу кеш бір құлайды.
Жүректің нәзік қылын шерткен гитара үнімен қоса қоңыр дауыс да тынды. Тек қана табиғат пен аққудың хал-күйін көрсететін емес, сонымен қатар үлкен адамгершілікке, достыққа, махаббатқа, сыйластыққа шақыратын. Философиялық ойға құрылған әсем де мұңды әнімен қоса менің де жүрегім тоқтап қалғандай. Ән жетелеп алып кеткен мұң мен сағыныш әлемінен қайтып орала алар емеспін. Кеудемді сағыныш сазы сыздатып барады. жанарыма жас іркілгендей көз алдым бұлдырап кетті. Сол бұлдырдан бірнеше ақ нүктелер көрінген. Бірте-бірте айқындала берді. Аққулар Әне, аққулар оралып келеді. Құлағыма қайтадан қоңыр дауыс келді. Жоқ, бұл дауыс емес еді, бұл аққулардың туған жерін сағынған үні еді. Мен бұл әнді әр тыңдаған сайын осындай күй кешем. Және әр тыңдаған сайын мынау қарапайым ортадан жырақтап кетіп, қиял қанатымен түу-түу алыстарға сапар шегіп қайтамын. Сол сапарымда тұйықтала бастаған ойларым ұштала түсіп, көкірек көзім ашылып қайтады. Сезуден, сезінуден аулақтап бара жатқан жүрегім қайта соғып, айналамдағы шулы өмірге қайтадан арманшыл көзбен, сезімтал жүректеп қарай бастаймын. Сол кезде мынандай ойға келемін. Егер адамдарды тасжүректіктен, талғамсыздық пен тоғышарлықтан, ойсыздық пен сезімсіздіктен сақтап қалар осындай құдіретті өнер, сол өнерді туғызар талант иелері, қасиетті табиғат болмаса қайтер едік. Содан кейін әсем әнді шырқататын, сезімге бөлейтін, аққулар оралатын мамыр айы болмаса қайтер едік. Рахмет саған, май айы.
Шілде сыйы
Ту-у мына күннің қайнауын-ай. Сірә бүгін 40 градусқа баратын шығар. Әй одан да жоғарыға баратын шығар деп қалдым. Тіпті бүгін күн ұясынан шықпай жатып қызды ғой, көлеңкенің өзі күйіп тұр-ау, күйіп тұр... Міне жаз айының өзекті шағы, ең ыстық кезең-шілде де басталды. Мұның алдындағы тамылжыған жаздың бастауы болған маусымның күні бірде ысып, бірде жаңға жайлы қоңыржай тартып, енді бірде көктемнен қалған сыбағаны жұтына аман сау жеткізгендей нөсерлетіп өтетін шақтары болса, шілдеде олай емес. Сәске болмай жатып-ақ, тас төбеге шығып алатын алтын кірпік күн жер-көкке бар қызуын аямай-ақ төгеді. Ерке күннің осындай назды қылығын білетін шаруа адам бұрынғыдай емес, тірлікке ерте қам жасауға әрекеттенеді... Әне, таң атпастан төсегінен тұрып кеткен диқан ескі досы кетпенін иығына іле салып, егіс алқабына қарай бет алды. Ондағы ойы-күн көтерілмей тұрып күріштігін қарап шығу. Сонан сәл уақыт өткеннен кейін-ақ ол ұшы-қиырсыз көк теңізге жолығар еді. Расында көкпенбек. Айнала таңғы тыныштыққа ілетіп мүлгіп тұр. Күннен күнге көгі қоюлана түскен күріштің сұлу сабақтарын диқан жігіт алақанымен салалай отырып, түбіндегі судың сарғая бастағанын байқап қалары анық. Сол-ақ екен, орнынан ұшып түрегеліп, атыз сағасына жүгіреді. Сосын қос білегінің жеңін түріп тастап, анадай тұрған кетпенін ала-сала құшақтап сермей жөнеледі. Сәлден кейін ескі судан арылған көк толқын атызға сылдыр-сылдыр етіп тап-таза су құйылып жатады. Ал, диқан жігіт болса екінші-үшінші, онан кейінгі атыздарға қарай жылдамдата басып бара жатады. Міне, аялап ақ күріш өсірген диқандар қауымының шілдедегі тірлігі осылай басталады. Бұл кезде, әсіресе бақшаның жұмысы қауырттана түсері қақ. Ерте көктемнен басталған тынымсыз еңбектің нәтижеге бастар сыңдарлы шағы да осы тұс. Күн сайын қауындығын аралауға шыққан бақшашы әр пәлекке үмітпен қарары анық. Ойлаған дай-ақ әні бір күләбі қауын өткендегісінен біраз үлкейіп қалған ба қалай?! Жаптың екінші бетіндегі томарлардың түсіде күннің қызуынан сыртындағы шимайын көбейте түсіпті. Сірә, жүзін жауып қалған шығар. Осындай тәтті ойлардың жетегінде жүрген бақшашы қауындығына күн сайын келеді. Сөйтіп жүріп бір күні қалың пәлекке еңкейе беріп, сап-сары болып жатқан әңгелекті көрер еді. Сол сәттегі оның қуанғанын көрсеңіз. Алғашқы әңгелек! Ол лүпілдеген жүрегін әзер басып, сап-сары әңгелекті қолына алар. Сонан соң әлі түсіп үлгермеген майда түктерін ақырын ғана сыйпап өтіп, мұрнына жақындатар. Исінің кереметін-ай. Құдды өзі сияқты сүп-сүйкімді. Осы иістің рахатына көміле тұрып, бақшашы ең ыстық шілде айына риза болар еді. Бәрінен де осы алғашқы әңгелектің балалар қолына тигендегі олардың көл-көсір қуанышын айтсаңызшы! Шілде сыйы деген-осы.
АСТЫҚ ӘНІ
Жер бетіне сары ала жапырақтарын төгіп, қоңыр күз де келіп жетті. Тамыздын кейін сыңғырлаған қоңырауын соғып, балаларды оқұ-білімге шақырып қыркүйек есік қақты. Қыркүйек – бұл молшылық айы, береке бастауы. Бұл айда жаз бойы тыныштық құшағында тербеліп жатқан дала гүрілдеген мотор дауысынын оянып, еңбек әуеніні бөленеді. Иә, қыркүйекте дала төсін ән тербейді. Ол – астық әні.
Кеңістіктің жер атты ұлы шарын,
Сендер барда толтырар ұлы іс әлі.
Түстеріңде дән дән көріп, өңдеріңде
Тыйдайсыңдар бидай мен күріш әнін.
Сенім отын жанарда мәңгі ойнатып,
Мынау шулы қаладан шалғай жатып,
Күнге дейін дән үйіп келесіңдер,
Күнге дейін қол созу қандай бақыт! - деп ақын қыз осындай, шақты, осындай шақта дән жинаған дала ерлерін жырлаған шығар. Ендеше бүгінгі біздің әңгімеміз де сол күріш әнін айтатын дала қырандары жайлы. Сіз ұшы қиырсыз сап-сары дән теізін дала кемесіне міріп кешкеніңіз барма? Кешсеңіш сол комбайнға мініп тұрған шақтағы көңіл күйіңіз ше? Жер бетінде өзіңнен асқан бақытты жан жоқ шығар деп ойлайсың. Кеудеңді қуаныш кернеп, жүзіңде шаттық нұры ойнайды. Көздеріңде жігер оты. Өйткені-айналаң толған дән, айнала толы тіршілік, өмір. Сонан комбайнға от алдырып жал-жал дестелерді бастырасың. Екі қолың штурвалда болғанымен жанарларың алдыңдағы бір-біріне жалғасқан күріш дестелерінде. Ойың-бірде-бір түйір дәнді қалдырып кетпеу. Бір дәннің қалауы ол саған диқан ананың мандай терінің далаға төгілгеніндей көрінеді. Осылайша түйір дәнді шашау шығармай жинап алуды мақсат тұтқан сен бір дестеден екінші дестеге, онан үшінші, төртінші... оныншы дестеге ауысасың. Бір кезде көзің жоғарыдағы кішкене әйнекке еріксіз түсіп кетеді. Сап-сары дәндер жиналып тізіле қапты. Бұл бункердің толғаны. Жакындау келіп тоқтаған машинаға жанаса жөнеледі. Сол толассыз саулаған дән ағына қарап отырып, керемет бір күй кешесің. Жүрегің кеудеңе симай кетеді. Көкірегіңді шаттық кернеп бара жатады. Қуаныш жетегінде тынымсыз қимылдай жүріп, айнаға қараңғылық түскенін де сезбей қаласың. Егістікке түннің келіп жеткенін көрші атыздағы комбайын жарығының шағылысқан сәулесінен ғана аңғарасың. Жалма-жан басыңды көтеріп қарасаң айналаң толған шамдар. Бейне бір аспан төсінің бір бөлігін жерге әкеліп қондыра салған сияқты. Ал төбеңде жұлдыздар жымыңдайды. Осылайша жұлдыздардың арасында жүріп, түннің бір уағына дейін дән жинайсың. Сонан көз шырамын алар алмастан таң қылаң бере штурвалға қайта отырасың. Иә, бұл уақытта күн мен түн астасып кетеді. Бұл кезде сайын далада осылайша күндіз-түні ән қалықтайды. Бұл -астық әні, бұл-күріш әні...
КҮЗГІ ЖАУЫН
Далада жаңбыр. Көктем мен жаздағыдай жып-жылы емес, әжептәуір салқын жаңбыр. Көктен демалысыз себелеп, тал-теректерге, шатырлар мен үйлерге, жерге, асфальтқа, менің алақаныма тамып жатқан мөлдір тамшыларға қарап тұрып жаңбырды, кәдімгі ағыл-тегіл ақ жауынды сағынғанымды сездім. Иә, біздің өнірде жаңбыр жаумағанына көп болған. Жаз бойы тамшы тамбай, аптап ыстықта айналаның апшысы қуырылып, өсімдік біткен сарғайып курап, жердің кенезесі куіп, шөліркеп кеткен. Осылайша төңірек құрғақшылықтан қаталап тұрған кезде мына нөсердің құя салғаны жақсы болды. Әттең сәл ертерек, шыжыған шілдеде жауып, селдеткенде ғой шіркін... Күнге күйіп, тұзға қақталып шыт-шыт болып жарылып, қақ айырылуға әзер қалған жер-ана төсі сәл де болса ылғалданып рахаттанар еді. Шөлден аптаптан өлуге айналған тал-теректер мен жыңғыл, жиделердің өнбойына нәр жүгіріп, күміс суға шомылып бір жасап қалар еді. Сөйтіп бүгін сағындырып барып сарыала күздің салқындау жаңбыры жауды. Сол-ақ екен жердің шаңы басылып, ауа тазарып, төңірек тамаша бір күйге енді. Асығыс жүргіншілер сәл ғана салқынға бойларын бірден үйрете алмай бүрсеңдеп бара жатқанмен жүздері жарқын, көздері қуанышты. Мына жауын бейнебір көшенің ғана кірін емес, адамдардың көңілдерінің де кірін түк қалдырмай шайып жібергендей. Расында солай сияқты. Жаңбыр жердің ғана емес, адам көңілінің де нұры-ау. Жауын жаууы мұң екен жабырқау тартқан жүрек сергіп, көңіл күй көтеріліп, шабыт шалқып жүре берді. Терезе әйнегіне мөлдір тамшылар моңшақтай боп тізіле қалыпты. Дүние тап-таза. Көкірек те тазарып, сана да шайдай ашылған. Ал сыртта қоныраулы маусымның түнде басталған жауыны себелеп тұр.
АППАҚ ӘЛЕМ
Кешелері қар жауды. Көпшілікті сағындырып, төзімді таусып барып жауған қар бұл. Жыл он екі айда айналып келер әр маусымның өзінің ерекше бір сыйы, өзіндік өрнегі болатын болса, қылышын сүйреткен қыстан көбіне біздің күтетініміз-шыңылтыр аяз бен аппақ қырау, сосын, сосын көк күмбезінен ақ күміс болып шашылатын ақ ұлпа қар. Ақ мамық қарды осы қысты ұзақ күттік. Көңіл түкпірінде «жаумай 0ояр ма екен» деген күдігіміз де болмай қалған жоқ. Өйткені көне көздердің айтуынша ұлу жылында көбіне құрғақшылық болады екен. Сол күні, сол ақша қар жауатын ақжолтай күні аспан төсі ала-бұлттанып, төңірек түнеріп тұрған. Кеш болып, дала қараңғылық шұшағына ене бергені сол еді, алғашқы ұлпа да жер бетіне түсті. Онан соң екіншісі, үшіншісі, төртіншісі... осылайша көбейе берді. Көбейе берді. Сәлден кейін айнала ақ торғынға оранды. Аспан мен жердің арасын жалғастырып ақ қанат көбелектер ұшып жүрді. Осы сұлу сәтті қимай, ақ көрпесін айқара жамылған аппақ далада, кіршіксіз аппақ әлем құшағында ұза-а-ақ жүрдім.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру