Бабалар сөзі. 76-том
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Бабалар сөзі» – көптомдық құнды дүние. Бұл серия аясында ауыздан-ауызға тарап, бүгінгі күнге жеткен өлең-жырлар, шежіре-дастандар, эпостар мен хикаялық дастандар топтастырылған. Қытай мен Моңғолиядағы қазақ фольклорымен де осы сериядан танысуға болады. «Алпамыс батыр» жырының әртүрлі нұсқасы, жа...
НОВЕЛЛАЛЫҚ ЕРТЕГІЛЕР
1. Аяз би
Ертеде Мадан деген хан болыпты. Хан болған соң оның қырық уәзірі болады ғой. Бір күні хан уәзірлерімен мәжілістес болып отырып:
– Уәзірлерім! Сендер қырқың да асып туған ақылды, данышпан едіңдер. Мен сендерді бір жұмысқа жұмсаймын, сендер маған дүниедегі адамның жаманын және шөптің жаманын, құстың жаманын тауып келіңдер. Он бір ай уақыт беремін. Сол он бір айдың ішінде тауып келмесеңдер, жазалы боласыңдар! – дейді.
Хан бұйырған соң, амал жоқ! Уәзірлері өзара ақылдасып, іздеуге кіріседі. Көп іздеп, азап шегіп, шеңгел деген шөпті тауып: «Өзі - тікен, арасынан жүрсе, киім жыртады, мал жемейді екен, шөптің жаманы осы ғой», – деп, шеңгелді алады. Қырғауыл деген құсты тауып: «Үстінде жүні жоқ, ұсқыны келіссіз, құстың жаманы осы екен», – деп, қырғауылды атып алады. Енді адамның жаманын таба алмай, қырық уәзір келе жатса, таудың етегінде, үстінде жыртық тоны, басында тері тымағы бар, бір адам бес-он қойды бағып жүр. «Адамның жаманы, сірә, осы болар-ау», – деп тұрғанда, әлгі адам:
– Уа, мырзалар, жол болсын! – деді.
Уәзірлер ханның сондай бір жұмысқа жұмсағанын, шөптің, құстың жаманын тауып, ал адамның жаманын таба алмай жүргендерін айтады. Жаман түрып:
– Түсінікті! Адамның жаманы керек болса, мен боламын, – дейді.
– Олай болса, жарайды, – деп, Жаманды атына мінгестіріп алып ханға жөнеледі.
Ханға келе жатып, Жаман:
– Адамның жаманын тауып алдыңыздар, бірақ шөптің жаманы мен құстың жаманын таба алмаған екенсіндер. Шөптің жаманы – қарақоға, құстың жаманы – сауысқан еді, – деп, уәзірлерге қырғауыл мен шеңгелді тастатып, олардың орнына қарақоға мен сауысқанды алдырған.
Уәзірлер мәнісін сұрайын деп еді:
– Хан алдында айтамын, – деп Жаман сөйлемеді. Уәзірлер келген соң, хан әкелген адамға қарап:
– Әкелген адамдарың жарайды. Қазірге аспазшыға апарып беріңдер, көже мен нан берсін, сыйласын. Ертең ортаға алып, тамаша етеміз, – деп, Жаманды ас үйге жібертеді.
– Бірақ, – дейді хан, құстың жаманы мен шөптің жаманын таба ал-маған екенсіндер. Құстың жаманы – қырғауыл, шөптің жаманы – шеңгел еді. Осыны көре, бұларды әкелулеріңнің не жөні бар еді? – деп, хан уәзірлерге қатулана бастайды.
Сонда уәзірлер:
– Тақсыр! Айтқаныңыз дұрыс! Біз шөп жаманы деп – шеңгелді, құс жаманы деп – қырғауылды алып едік. Бірақ жолшыбай әлгі жаман: «Шөптің жаманы – қарақоға, құстың жаманы – сауысқан», – деп, бізге оларды тастатып, қарақоға мен сауысқанды алдырды, – деп, жауап береді.
– Е, Жаманның не білгені бар екен? Шөптің жаманы – қарақоға, құстың жаманы – сауысқан екенін қайдан біледі? Алып келіңіздер! Сұралық, – деп, бұйрық етеді. Жаманды ханға алып келеді. Хан Жаманның бетіне қарап:
– Мен құстың жаманы – қырғауыл, шөптің жаманы – шеңгел деп ойлаушы едім, сен оларды уәзірлерге тастатыпсың. Сен шөптің жаманы – қарақоға, құстың жаманы – сауысқан екенін кайдан білдің? – дейді.
– Тақсыр хан! Елу жасқа келіп жаман болған жоқпын, жасымнан-ақ жаман едім. Өмірім отын, су тасумен кісі есігінде құлшылықта өтті. Сол уақытуа шеңгелді әкеліп отқа жақсам, кешке жаққан отым ертеңіне дейін, сексеуілдің шоғындай жайнап жататын еді. Сол уақытта: «Киім жыртып, мал жемейтін шеңгел отын болып, пайдаға асады екен-ау», – деп, ойлаған едім. Ал енді қарақоғаны алып, отқа жақсам, жанбайтын еді, үрсем, жалыны мен шоғы бірге сөніп, күлі бұрқырап үйдің ішін алып кететін еді. Отқа жанбаған сон, апарып малға салсам, барлық мал мұрнын жиырып, жемейтін. Сонан соң: «Қарақоға тіпті пайдаға аспайтын шөп қой», – деп ойлаушы едім. Қарақоғаның жамандығын содан білдім, – дейді Жаман.
– Сауысқанның жаман екенін қайдан білдің? – дейді хан.
– Қырғауылдың қанаты бар да, жүні жоқ болса да, адамның пайдасына жарайтын құс еді. Біреудің сиықсыз болуы оның жаратылысынан. Қырғауылдың айыбы – тек сиықсыздығы. Ал сауысқанның жүні ала болғаны сияқты, өзі де ала, бірлігі жоқ. Екеуі бірігіп ұшпаған, екеуі бірігіп қонбаған, адам пайдасына аспайтын құс еді. Сондықтан құс жаманы – сауысқан деймін. Сауысқан мен қарақоғаның жамандығын білдің. Енді өзіңнің жамандығынды кайдан білдің? – дейді хан.
– Уа, тақсыр! Менің жасым елуге келді. Мен қатарлылар әйел алып, бала көрді; келін жүмсап, қызық көріп отыр. Мен қайда болса сонда, әлі күнге дейін әркімнің артына мінгесіп, басқа біреудің құлшылығында жүрмін. Енді мен жаман емей, жақсымын ба? – деп, Жаман ханға қарайды. Хан басын шайқап:
– Апыр-ай, осы жаман болса жарар еді. Құстың, шөптің, өзінің жамандығыңа да дәлел айттың. Жарайды. Енді менің бір тұлпарым бар, соны сынап бересің бе? – дейді.
– Жақсы, сынап берейін, – деп, тұлпарды алып келген соң, Жаман тұлпардың алды-артына қарап:
– Тұлпарыңыздың сипатынан мін таба ал-мадым. Енді мініп қарар едім, – деп, ханнан рұқсат сұрап алып, тұлпарға мініп, есік алдындағы өзеннен әрі-бері өтті де, қайтып келіп:
– Тақсыр! Тұлпарыңнан басқа мін таба алмадым. Тұлпарыңыз тек сиырға шатыс екен, – дейді.
– Апыр-ай, оны қайдан білдің? Айтқаның рас. Менің Ақша хан деген құдам бар еді. Соның тұлпар табатын бір биесін қалап алдырғанмын. Бие күні жетіп, кұлынды таба алмай, өлер болған соң: «Бие өлсе өлсін, құлын қалсын», – деп, ішін жарып, құлынды алғанмын. Сол құлын осы еді, әбден отығып кеткенше, сиырдың сүтімен асырап едім. Ал енді сен мұның сиырға шатыс екенін кайдан білдің? – дейді хан танданып.
Тұлпардың бөтен мінін таба алмадым. Бірақ тұлпарыңыз судан әрі-бері өткенде, аузын суға малып, артқы аяғын сілкіп өтті. Сиыр күніне қырық суарсаң да судан айдағанда, аузын суға малмай, артқы аяғын сілікпей өтпеуші еді. Тұлпардың сиырға шатыс екенін сонан білдім, – дейді. Жұрт таң қалып, бір-біріне қарасады. Хан біраз ойланып отырып:
– Енді менің бір гауһар тасым бар. Ол тастың Сүлейменнің жүзігіндей, Мұсаның асасындай, Дәуіттің қоржынындай қасиеті бар. Сол тасымның қандай қасиеті бар екенін тап, – деп, қазынасындағы тасты алдырып берді.
Жаман тасты алып, салмақтап, байқап қарап отырды да:
– Сіздің тасыңыз, рас, қасиетті тас екен. Бірақ екі жылдан соң қасиеті бітеді. Тастың ішінде екі ақ қарабас құрт бар. Тасыңыздың пышақ сырты қалындығы қалыпты. Сол құрт екі жылдан соң тесіп шығады; тесіп шыққан соң тасыңыз пайдаға аспайды, – дейді.
– Жұрт не дерін білмей, бірсыпырасы: «Бәрібір екі жылдан соң пайдаға аспайтын болса, тасты жаралық», – депті. Бірсыпырасы: «Жаманның сөзіне бола, тастан айрылмайық», – депті. Ақырында тасты жармақшы болады. Тасты жарып қараса, ішін екі ақ қарабас құрт кеулеп, тесуге жақындап қалған екен.
– Тастың ішінде құрт бар екенін қайдан білдің? – дейді хан.
– Тастың қасиетіндей салмағы да болу керек. Тас жеңілденген екен. Құрт бар екенін содан білдім, – деп жауап береді.
– Апырмай, сен жаман болмадың ғой! Қайта, сен бір данышпан болып жүрме! Ал сен менің өзімді сынашы. Мен неше атамнан бері хан екенмін? – дейді хан.
Жаман:
– Жақсы! – деп, тақта отырған ханның алды-артына шығып, алдына келіп, ханның бетіне тіке қарап тұрып:
– Тақсыр ханым! Ақыл-ойың ешкімнен кем емес, бірақ хандық қара басында, қарадан туып хан болғансыз, атанда хандық жоқ, – дейді.
Жаман сөзін бітірмей, хан сөзін бөліп:
– Жоқ, қате айтасың! Мен жеті атамнан бері ханмын. Өзімді қойғанда да алты атамды қайда жібересің? – деп зекіреді.
Жаман саспайды.
– Жоқ, тақсыр! Сіздің қара басыңыздан басқа жеріңізде хандық жоқ. Сіз нағыз наубайдың баласысыз, – дейді.
Хан не дерін білмей, халыққа қарап:
– Апырым-ау, мына Жаман не дейді! Халқым, мен хан баласымын деп жүр едім, шақырындар анамды! – дейді. Ол о дүниеге біреудің қанын жүктеп барып, тәңірі алдында кара бет болмасын, не де болса шынын айтсын. Әйтпесе ашумен мына Жаманның басын кесемін! – дейді.
Шешесі келген соң, хан шешесіне Жаманның сөзін айтады. Шешесі терең күрсініп, сөзге кірісті:
– Е, шырағым! Жасым сексенге келгенде біреудің қанын жүктеп не кылайын. Бір сыр бар еді, оны тәңірінің өзі білетін еді, мен білетін едім. Мынау Жаманың біліпті, енді айтайын. Атаң сенің Зәрлі хан еді. Менен бұрын он тоғыз әйел алып, кілең қыз тапқаны үшін бәрінің де ішін жарып өлтірген екен. Соның үшін де. «Зәрлі хан» деп халық ат қойып еді. Жиырмасыншы әйел етіп мені алды. Мен де екі қабат болған соң, жалғыз жанымнан қорқып, тәуіптерге қаратып едім: «Сенің ішіндегі де қыз», – деді. «Қыз тапсам мені де өлтіреді ғой!» – деп, қайғы жедім. Сол күндерде аспаз наубайдың әйелі де екі қабат екен. Оның да тамырын ұстатып қарап едім: «Оның ішіндегі ұл», – деді. Жалғыз жаным үшін сол жерде маған ой келді. Ол әйелді оңаша шақырып алып, барлық мұңымды айтып, қазынадан табақтап алтын беріп: «Ақиреттік дос болайық, ұл тапсаң, ұлынды маған бер, менің қызымды ал. Бірақ бұл сырды ешкім білмесін!», – деп жалындым. Әйел табақтап алтын алып, бір жағынан мені аяп, сол жерде уәдесін берді. Туар кезімізде Зәрлі хан аңда еді, екеуміздің толғағымыз бір күнде келіп, бір сағатта босанып, сырды ешкім білмесін деп, басқа біреуді де жолатпай, біріміздің баламыздың кіндігін біріміз кесіп, сол қолыммен қызымды беріп, оң қолыммен алған шырағым сен едің! Енді бұл күнде мына Жаманың оны біліпті. Сыр ашылуға тәңірі жазса, не шарам бар?! – деп, сөзін аяқтай алмай, шешесі жылап жібереді.
Хан:
– Сөз тапқанға қолқа жоқ! Олай болса, мен таққа лайық емес екенмін, осы оқиғаны оймен білген сіз лайықты екенсіз, – деп хан тағынан түсіп, тақты Жаманға береді.
Жаман:
– Жоқ, тақсыр! Кешегі күні: «Жаман кісі керек», – дегенде, ат артына мініп келген жаман едім, бүгін таққа отырмаймын. Сіздің көлеңкеңізде жүрсем де жарар. Тағыңызға мініңіз, – деп болмайды.
Хан таққа отырып:
– Апырмай, менің наубайдың баласы екенімді қайдан білдіңіз? – дейді.
Сонда Жаман:
– Мен жаман-жақсы болсам да үйіңізге келген қонақ едім. Хандардың ішер асы – жал мен жая аузыңызға түспей, нан, көже түсіп, мені келісімен аспазға жібердіңіз. Салтыңызға тарттыңыз. Сіздің шонжарлы, атаулы хан емес екеніңізді содан байқадым, – дейді.
Жиналған жұрт таң қалады. Сол күйінше хан тағы да хандық қылды. Жаман оған жақсы уәзір болды. Жаман ханға ақылымен, тапқырлығымен жақты. Қырық уәзір шетте қалды. Күндердің күнінде, бір күні Жаман сыртқа шығып тұрса, қаланың ортасында алты қанат ақ боз үй тұр; төңірегінде қаптаған кісі, үйге кіруге кезек күтеді. Жаман қайтадан үйге кіріп, ханнан:
– Бұл не жиын? – деп сұрайды.
Хан сонда:
– Қалада қара болса да, байлығы менімен қатар, Уәлібай дейтін бай бар. Сол байдың Меңді дейтін қызы он бес жастан күйеу таңдап: «Өзімнен ақылы артық кісіге тием», – деп, жиырма жылдай отырды, қазір отыз бесте. Бұған дейін ешкім ақылы артып, оған күйеу бола алған жоқ. Бәрі де барып, қызға жауап қайтара алмай, қайтіп кетеді. Ол жиын қызды жеңіп аламыз деп жүрген бай мырзалардың жиыны, – дейді.
Жаман: «Мен де барып көрсем қайтеді?» – деп ойлап, кешке жұрт орынға отырған соң, жайлап қыздың үйіне барады. Есікті қағып еді, бір әсем келіншек шығып:
– Не жұмысыңыз бар? – деп сұрайды.
– Менің жұмысым сенде емес, қызда. Бар, қызға айт! – дейді. Келіншек күліп, қызға барып:
– Бикеш-ау, күйеу таңдаймын деп, сен де жұртты басындырып болдың-ау! Адам көргісіз бір жаман кісі сенде жұмысым бар, – дейді. Сенен ол да дәме етіп келген білем! – деп, қалжыңдайды.
Қыз жымиып күліп:
– Ол түрге жаман болғанмен қандай кісі екенін қайдан білесің? Мынаны алып барып бер, – деп жеңгесіне гауһар, пышақ, тәрелке және қайрақ тас беріп жібереді.
Жеңгесі ол заттарды апарып берген соң, Жаман қолына алып қарап тұрады да:
– Бар, мүның құралын әкел, – дейді.
– Ойбай! Әлгі жаманың: «Мұның құралын әкел» дейді, – деп, жеңгесі қызға қайтып барады.
Қыз:
– Жарайды, – деп, жеңгесіне балға мен төс береді.
Жаман балға мен төсті алған соң қайрақты төске қойып, балғамен ортасынан бөледі, тәрелкені уатады, пышақты жетесінен сындырады, гауһар тасты қақ жарады.
– Мә, бикешке алып бар! – деп, келіншектің қолына береді. Сынған заттарды көрген соң қыз ұшып тұра келіп:
– Сол адам шайтан болмай, адам болса, менің тап баратын кісім. Шақыр мұнда! – дейді.
Жеңгесі не дерін білмей, Жаманды шақырып келеді. Қыз оны құрметтеп қарсы алады. Бұрын да талай бай балалары, хан балалары келеді екен. Бәріне қыз манағы заттарды береді екен. Бәрі де: «Менің үйімде пышағым жоқ па, болмаса қазынамда гауһар тасым жоқ па, әлде қайрақ таба алмай жүрмін бе?» – деп, ашуланып қайтып кетеді екен. Тап сол күні қыздың ағалары ақылдасып: «Бүл қалай болды? Осы қыз отыз беске келді. Күйеу тандап, әлі біреуге тиген жоқ. Сірә, оның басқа бір сүйгені бар шығар? Ондай адамы болса, ұстап алайық», – деп, қарауыл қойыпты. Таң атқан соң Жаман қыздың үйінен шығып бара жатса, қарауылшылар оны ұстап, байдың балаларының қолына апарып береді. Бай балалары Жаманды дірдектетіп ханға апарып:
– Мына уәзірді ұстап алдық. Бізді келмей жатып басынды! – дейді. Хан Жаманды оңаша алып, сұрайды.
– Қыздың үйіне бардың ба?
– Жоқ!
– Мыналар ұстап алдық дейді ғой?
– Олар өтірік айтып, бәле жауып жүр, мені даладан ұстап алды.
– Мен сенің ақылыңды сыйлап, астымдағы тағымды да беріп едім. Тақты өзің алмаған соң, ең жақын уәзірім қылып едім. Уәлі маған олардан қымбат емес. Шыныңды айт. Қызды алып берем, – деп еді хан, Жаман тіпті шынын айтар болмады.
Хан ашуланып, жендеттерге Жаманды дарға асуға әмір қылды. Жендеттер хан бұйырған соң, Жаманды дарға апарып, мойнына дұзақ салып, дардың жібін тартып, жоғары көтерді. Жаман иманын айтып, қырылдап, енді демі бітуге айналғанда, көпті жарып, ақбоз атты, ақ киімді, бетіне перде жапқан бір кісі келіп, дардың жібін кесіп жібереді де, сұлап жатқан Жаманның көкірегіне қылышын көлденең тастап, жайына кетеді. Жаман біраз қырылдап жатып, есін жиған соң, жендеттер тағы да дарға тартайын деп ыңғайланғанда: «Мені енді ханға апарындар», – деп өтінеді.
Жендеттер қайтып алып келген соң, хан:
– Бұл кезге дейін неге өлтірмедіңдер? Менің бұйрығымды екі етесіңдер ме?! – деп ақырады.
Жендеттер тұрып, уақиғаны айтып беріп, ас десе, әлде де дарға асуға әзір екенін білдіреді. Енді хан Жаманға:
– Маған барам деп неге айттың? Әлде манағы айтпаған шыныңды айтайын деп келдің бе? – дейді.
– Е, тақсыр, шынымды айтайын деп келдім.
– Онда Уәлібайдың қызының үйіне барғаның рас па еді?
– Рас еді.
– Алам деп, уәде беріп пе едің?
– Беріп едім.
– Ендеше, мана неге айтпадың?
– Тақсыр! Мана айтпаған себебім мынау еді. Мен барып, Уәлібайдың қызына сырттан хабарласқанда, ол маған бір тәрелке, бір қайрақ, бір пышақ, бір гауһар тас беріп жіберді. Ол оның: «Қайрақтай болып езілгенше, тәрелкедей болып уатылғанша, пышақтай болып, басы кесілгенше сыр айтпайтын кісі, мына гауһар тастай жарып мені алады», – дегені еді. Сол сырды: «Пышақтай болып басым кесілгенше айтпаспын!» деп, пышақты жетесінен сындырып, «қайрақтай езілгенше!» деп, қайрақты уатып, «тәрелкедей уатылғанша» деп, тәрелкені қиратып, «гауһар тастай жарып, сені алам!» деп, гауһар тасты қақ бөліп, уәде беріп едім. Сол себептен мана шынымды айтпап едім. Қыздың өзі мені аяп, ақ боз атқа мініп, бетіне перде жауып келіп, дардың жібін қиып, көкірегіме көлденең қылыш тастап кеткені: «Мен үшін кінәсіз өлме, ерлігіңді көрдім. Қылыш үстінде серт жүрмейді деуші еді, антыңды қайтып ал», – дегені еді. Өзі рұқсат берген соң, шынымды айтып отырмын, – деп, Жаман сөзін аяқтады.
Хан Жаманның сөзінің шындығына көзі жетіп, ел жинап, отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, қызды Жаманға алып береді. Жаман тапқырлығымен ханға жағып екеуі дос болыпты. Бір күні қырық уәзір кеңесіп отырып: «Бұл Жаман біздің жаман кісі іздегенде, ат артына мінгестіріп алып келген жаманымыз еді. Бұл күндерде хан оны өзіне жақсы дос қылды; қыз әперді, бізді есепке алмай тастады. Қой, бүйтіп болмас! Біз бұл екеуін араздастырайық. Жаманның әйелін мақтайық, үйіне қонаққа апарып көрсетелік. Сөйтіп, екеуінің арасына от жағалық», – деседі. Уәделері бойынша Жаманның әйелін ханға мақтайды.
– Тақсыр, шынында, ол әйел сізге лайық әйел! – деп, ханды азғырады.
Хан Жаманның үйіне барып, өз көзімен әйелді, оның тәрбиесін көрген соң: «Шынында, маған лайық әйел екен», – деп ойлап, үйге қайтып келіп, қырық уәзірмен кеңеседі.
– Ойда жоқта ойға салған сендер едіңдер. Енді әйелді алуға маған қандай айла тауып бересіндер? – дейді.
Уәзірлер кеңесіп:
– Жақсы, тақсыр! Жаманды шақыр! Біз оны Барса-келмеске жұмсайық. Сонда ол өлер, ол өлген соң жесір әйелді сіз алмай, кім алар дейсіз! – дейді.
Жаманды шақыруға хан бір жігіт жібереді. Жіберген жігіті барып, үйден сығалап қараса, төрде төсек үстінде Жаман жатыр. Әйелі төрдегі шар айнаға қарап, өз көркіне өзі таңғалып, Жаманға сөйлейді:
– Мен осы тәңірінің ісіне таңмын. Әркімді өзінің қатарына қосса еді. Арасы жер мен көктей адамдарды біріне-бірін қосып қойған тәңірінің құдіреті күшті-ау деймін. Өзіме қарасам, он төртінде туған ай сияқтымын, саған қарасам, суы біткен көлдей, қара майы біткен шелектейсің.
Жаман басын көтеріп алып:
– Жоқ, олай емес! Атамыз адам бейіштен қуылып, шығып бара жатқанда, тәңірі: «Е, Адам, бейіш сенің үшін жаратылып еді, шайтанның азғыруымен шығып барасың, енді бейіштен қалағанынды алып кет», – деген еді. Сонда Адам: «Тәңірі! Сенің қандай затыңның қадірлі екенін қайдан білейін?» – деген соң: «Адамзатқа пайдалы үш затым бар, біреуі – қыдыр, біреуі – бақыт, біреуі – ақыл, осының бірін ал», – деген екен тәңірі. Сонда Адам ақылды алыпты. «Ақыл тұрмаған жерде біз де тұра алмаймыз», – деп, қыдыр да, бақыт та ақылға табынған екен. Сол сияқты сен қазынадағы қызыл алтын едің, мен ақыл едім. Менің қаралығыма, иә қарттығыма қызығып тиген жоқсың, ақылыма тидің, – деп, қарқ-қарқ күледі.
Әйелі Жаманның сөзіне күліп, артына қарағанда, пердесі ашулы екен, есіктен кіріп келе жатқан жігіт, оның жүзін көріп, есінен танып құлап қалыпты. Сол жерде бетіне су бүркіп, жігітті тұрғызып алып, жұмысын сұрайды. Жігіт келген жұмысын айтып келген соң, хан:
– Сен кеткелі көп уақыт болды, сен мұнда жүртты иіріп отырғызып кеттің, – дейді.
Жігіт басынан өткен уақиғаны айтқан соң, әуелде әйелге ғашық хан, онан сайын ынтық болады. Жігіт кеткен соң Жаман:
Ханға барайын ба? – деп, әйелімен ақылдасады. Әйелі:
– Бар, сені Барса-келмеске жұмсарын көптен-ақ сезгенмін. Риза бол, бірақ жолға жұлқынған жүйрік, жылжыған жорға мінбе, жылқыдағы ең семізді мін. Қырық уәзір сені үш күншілік жерге шығарып салар. Олардың қарасы үзілген соң, сен де қайт. Орман ішіне апарып, атыңды сой да, етін алып кел, соны қорек қылып жата береміз, – дейді.
Жаман ханға келген соң, хан сөз бастайды:
– Мен сені бір ұзақ сапарға жұмсаймын, жұмсағанда, сенің ерлігіңнен үміт етпеймін, ақылыңнан үміт етемін. Барсаң, айтамын, – дейді.
– Жақсы, барайын, – деп, Жаман ризалығын көрсетеді.
– «Барса-келмес» дейтін жерде «інжілі қой» дейтін қой бар, – деп айтады. Бір түгі – алтын, бір түгі – күміс, сойса, терісі бір адамға тон дейді. Соның терісін үстіме кигім келеді. «Інжілі үйрек» деген үйрек бар, қанаты – күміс, басқа жері – алтын дейді. Соны тәж қылып кигім келеді. «Дәудің інжілі қара арғымағы бар, бір шапқанда жүз шақырым шабады» дейді. Соны мінгім келеді. Міне, осы жұмыстарға барасың, – деп, Жаманды хан кілең өтірікке жұмсайды.
Жаман ханның жылқысынан бір семіз атты таңдап мініп, жолға шығады. Қырық уәзір үш күншілік жерге шығарып салып қайтады. Уәзірлердің артынша Жаман да кейін қайтып, Қаратоғай деген орманға апарып, атын сойып, үйінен көлік әкеліп, етті тасып, тұздап алады. Төсегінің астынан адам бойы жер қазып, күндіз сонда, түнде әйелінің қасында жата береді. Ай өтеді, жыл өтеді. Бір күні Жаманның үйіне, жеңгесіне көңіл айтуға хан келеді. Қонақ асы жеп болған соң, хан сөз бастап:
– Адамның, шөптің, құстың жаманын әкел дегенде, уәзірлерімнің алып келген Жаманы еді. Жаман болса да, ақылына риза болып, тағымды да беріп едім. Ақылының арқасында, сені де алып еді. Сол ақылынан үміт етіп, бір жұмысқа жұмсай қойып едім, келер уақыты өтіп кетті. Құдайдың әмірі болды ма, деймін... Сені қор қылып, жалғыз тастамаспын, «Аға өлсе, жеңге – мұра» деген, қолыма алып бағармын, – деп үгіт айтады.
Әйел отырып:
– Е, құдайдың әмірі болса не шара? Ол келгенше сенің қолында бір қадірлі тас бар еді, соның тілімен сен оны жарып едің, жарылған соң ол тас пайдаға аспады ғой. Сол секілді әр заттың пайдалы уақыты бар еді. Кешегі қыз күнімде болса, бірсәрі, енді мен сол жарылған тас сияқтымын. Саған қызмет етіп жаға алмаспын, әуре болма, – дейді.
Хан әйелден жеңіліп, үйіне қайтады. Хан шығып кеткен соң, қатын байын шақырып алып:
– Бар, енді ханның жауабын өзің бер, – деп қоя береді.
Хан да барып тағына отырады, Жаман да сәлем беріп кіріп барады. Хан сасып қалып:
– Уа, қашан келіп қалдың? Ал енді әңгімеңді айта бер! – дейді. Жаман тұрып:
– Әңгіме ұзақ емес. Уәзірлер шығарып салған соң, бір аш арыстан соңымнан қалмады. Мен: «Барса келмеске» барып жауды мұқатқанша, мына жауды мұқатайын!» – деп, қылышымды суырып алып, қуып кеттім. Өз аулыма апарып, қамап едім, онан шығып кетті. Осы сіздің ордаға кірді ме деп отырмын, – дейді.
Хан не дерін білмейді, бір қызарады, бір бозарады, жерге кіріп кеткендей болады, ақырында:
– Мен айыптымын, менде бір қате болды, шайтанның азғырғанына ердім, оған себеп мына уәзірлер. Бұлар енді иә саған, иә маған енді бір қатер қылар, енді сен іргенді көтер, бөтен елге көш, – дейді.
Жаман риза болып, көшетін болады. Хан бірнеше түйеге жасау, асыл зат арттырып, Жаманды Ақша ханның еліне көшіріп салады. Жаман Ақша ханның елінде бір қадірлі адам болып түра береді. Күндердің күнінде хан Жаманның сөзі көкейінен кетпей, шалқасынан шаңыраққа қарап, ойланып жатыр еді, қырық уәзір кіріп келеді. Хан басын көтеріп алып:
– Жау шапты, ел бүлінді, апат соқты. Осыны ойлап табындар! Болмаса, жазалаймын, – дейді.
Уәзірлер ақылдасып, өздері таба алмайтын болған соң, Жаманды іздеп барып, оған ханның айтқанын айтады. Жаман қырық уәзірді құрмет етіп болған соң:
– Жақсы, мен жауабын берейін. Хан мені ойлап, қапаланып жатқан шығар, қай-қайдағы есіне түскен шығар, сендерге де өкпесі болса керек. Сөйтіп жатқанда, ханның ордасының күлдіреуішінің бір басы шыққан болар. «Жаман болса, осыған бір нәрсе айтар еді, сынайын», – деп, сендерге айтқан ғой. Барып күлдіреуішінің басын салып берсеңдер, ханның қызметі тамам болады, – деп кеңес береді. Уәзірлер ханға келіп:
– Тақсыр! Мына бір күлдіреуішіңіздің бас жағы шығып кеткен екен, соны салып берейік, – деп, рұқсат сұрайды.
Хан рұқсат берген соң, күлдіреуішінің басын салып береді. Хан күліп:
– Мұны кім үйретті сендерге? – деп сұрайды. Уәзірлер шынын айтады, хан уәзірлеріне:
– Ол Жаман болса да, қысылғанда айла табатын ақылды, данышпан еді. Әркімнің пайдасына жарайтын еді. Сендер күндеп, ақырында екеумізді айырдыңдар. Егерде ол сендерге ақыл таппаса, сендер өлетін едіңдер. «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» деген мақал бар, – дейді.
Қырық уәзір ханға жағамыз деп, ханның көңілін аулап, күнде ойын-той жасап жатса да, ханның көңілі көншімейді. Жаманды сағынады. Бәрі де Жамандай бола алмайды. Бір күні хан ерігіп, уәзірлерімен аңға шығады. Аң іздеп келе жатып, таудың етегінде қой жайып жүрген бір шалға ұшырап, сәлем беріп:
– Уа, ата, мына таудың басын қырау шалғалы неше жыл болды? – деп сұрайды.
– Бір жиырма жыл болған шығар, –дейді шал.
– Бұл таудың етегін қырау шалғалы неше жыл болды?
– Он бес жыл болды.
– Бұл таудың басынан бұлақ аққалы неше жыл болды?
– Оған да бір он жыл болған шығар. Хан ойланып тұрып, тағы да:
– Ата, өзіңіз нешеусіз? – дейді.
– Ой, шырагым-ай, жатқанда екеумін, тұрғанда төртеумін.
– Баба, менің қырық асыранды қазым бар, соны білдірмей жүнін жұлып, күйдірмей пісіріп, қан шығармай сойып беретін кісі бар ма? – деп сұрайды хан.
Сонда шал:
– Адамына тап болсаң, айтқаныңнан да артық етер, – дейді. Хан шалдың сөзіне қанағат етіп, атының басын бұрып, үйіне қайтады. Хан үйіне келген соң, уәзірлеріне:
– Мен не дедім, шал не деді? Соны айырыңдар, оны айыруға бір ай уақыт берем. Айыра алмасаңдар, қырқың да өлесіңдер, – дейді.
Уәзірлер сасып, өздері таба алмайтын болған соң, бәрі де баяғы Жаманға барып, ханның айтқанын айтады. Сонда Жаман:
– Бұл оңай жұмыс емес. Бастарың өлімге байланған екен. Жақсы, енді болмас, тағы да бір амал табайын. Сендер бір ат қалдырып, басқа аттарыңды сойыңдар, киімдеріңді өртеп, сонымен бір аттың етін пісіріңдер, мен мына қалған атқа мініп сендерді ханға жалаңаш айдап барам. Егерде сендер, арланып, қастық етпейтін болсаңдар, мен сендерді хан алдында құтқарып алам, – дейді.
Уәзірлер бір ауыздан:
– Ойбай, тақсыр, арланбаймыз! Жанымыз қалса болады, ханымыз бізге мықтап өкпелеп жүр, – деп, риза болып, сол жерде отыз тоғыз атты сойып, бір атты қалдырып, сойған аттардың біреуінің етін өздерінің киімін жағып пісіріп, етін жеп алады. Етті жеп болған соң, соймай қалдырған ала шолақ атқа Жаман мінеді, қолына құрық алып, жалаң аяқ, жалаң бас уәзірлерді ханға айдап жөнеледі.
Жаман келе жатыр дегенді естіп, хан кырық жігіт ертіп, жібек кілем, жібек шатыр алып, түстік жерден алдынан шығып, Жаманды жер бастырмай құрметтеп, жібек кілемге түсіріп алады. Хан уәзірлерді ұмытып кетеді. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап жата береді. Бір күні уәзірлердің арасында: «Бұл хан өз қызығы өзінде жата берді. Түнеугі сөзін үмытып кетті білем», – деген күңкіл шығады. Жаман оны естіп, уәзірлерді шақыртып алып, жиылған халық алдында:
– Ол шал жұрттан асқан дана еді. Хан оның даналығын сезіп, «Қырық уәзірімді жөнге салып, ақыл айтпас па екен?» – деп, сәлем беріп, тілдесіп еді. Ханның: «Бұл таудың басын қырау шалғалы неше жыл болды?» дегені: «Сенің шашыңа ақ кіргелі неше жыл болды?» дегені еді. Шал: «Шашыма ақ кіргелі жиырма жыл болды», – деді. Ханның: «Бұл таудың етегін қырау шалғалы неше жыл болды?» дегені: «Сақалыңа ақ кіргелі неше жыл болды?» дегені еді. Шал: «Оған да он бес жыл дегені: «Көзіңнен жас аққалы неше жыл болды?», – дегені еді. Шал: «Оған да бір он жыл болды», – деді. Ханның: «Ата, өзің нешеусің?» дегені: «Үйінде неше жаның бар?» дегені еді. Шалдың: «Жатқанда екеуміз, тұрғанда төртеуміз» дегені: «Менің бұрынғы әйелім өліп қалған еді, қазіргі әйелімнің байы өлген; түнде жатқанда екеу болғанмен, күндіз қойда жүргенде мен өлген әйелімді сағынам, қазір әйелім үйде отыр, өзінің өлген ерін ойлайды», – дегені еді. «Жатқанда екеу, тұрғанда төртеуміз» дегені – сол еді. Ханның «Қырық асыранды қазым бар, соны қан шығармай сойып, білдірмей жұлып, күйдірмей пісіріп беретін кісі бар ма?» дегені: «Менің ақылсыз қырық уәзірім бар, соларды ұрмай-соқпай жөнге салып беретін кісі бар ма?» дегені еді. Шалдың: «Адамына тап болсаң, айтқаныңнан асырар» дегені, оның шешуін маған жолдағаны еді. Сендер мені іздеп барған соң, үстеріндегі киімдеріңді алып отқа жаққаным, білдірмей жұлғаным, күйдірмей пісіргенім; сендерді алдыма салып, жалаңаш жаяу айдап ханға әкелгенім, қан шығармай сойғаным еді. Ал енді осымен ханның жұмысы біткен шығар? – деп, Жаман сөзін аяқтады. Хан:
– Уәзірлерімнің күнәсін кешірдім. Неше рет екеуміздің арамызға от салып, қоныс аударып, көшіп кетуіңе себеп болып еді. Сонысына ызаланып: «Өздері әбден жеңілсін, кінәларын мойнына алсын» деп едім. Менің тілегім орындалды. Ал, халық, мен де біраз хан болып, қызық көрдім. Ендігі хандығымды мына досыма берем. Сіз де, енді тартынбаңыз, таққа сіз мінуге уақыт жетті, қалған өмірде сізге қызмет етіп, сіздің хан болған қызығыңызды көрейін, – деп, Жаманды қолтықтап әкеліп, хан тағына отырғызды.
Елі отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, Жаманды ақ киізге салып, хан көтерді. Жаман ақша ханның еліндегі үйін көшіріп алады. «Жаман таққа мінген соң, ешбір соғыссыз, бес хандықтың қонысын біріктіріп, ел арасында достық орнатыпты», – дейді. Әр ханның адамдары өз елінен әділдік таппаса, бұған келіп, қосыла беріпті. Сол уақыттан бастап әділдігі үшін бес ханның елі Жаманға: «Аяз би деп ат қойып, сол аты өле-өлгенше қалды», – дейді. Аяз би әділ болды. Тұра билік етті. Нашарларға қарасты. Баяғы өзінің жыртық тоны мен жаман тымағын ордасының мандайшасына шегелеп қойды. Кейде хандықпен көңілі ауытқып, тура жолдан таяйын десе, шегелеулі тоны мен тымағына қарап: «Ай, Аяз, баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!» – деп, көңілін басушы еді дейді
2. Атымтай Жомарт
Мысырда хан сарайында уәзірлердің мәжілісі болды. Мәжіліске Атымтай Жомарт та қатысады. Сарайға жиналған уәзірлер Атымтайды алғаш көргенде, жомарттығы қандайлық дәрежеде екен деген сияқты кейбіреулері таңғырқасты. Содан бір сыпыра жомарттық туралы сөз басталды. Атымтайға таныс адамдар, Атымтайдың жомарттығын мақтады. Уәзірлердің ішінде Зейнілғабиден Атымтайдан Бағыдат шаһарындағы Бану Халима жомарт деді. Бұған уәзірлер екі жарылды. Кейбіреулері Атымтайды, кейбіреулері Бануды жомарт деді. Сонымен екшесіп келгенде Зейнілғабиден Атымтайды қасына ертіп, Бағыдат шаһарына барып Бануды көзімен көретін болды. Зейнілғабиден мен Атымтай Бағыдатқа келгенде жұрт Банудың жомарттығын алдын ала мақтай бастады. Шынында Бану қоластындағы жетім-жесір, қайыршыларға күнінде бір неше рет қайыр тілеп келсе де, күніне бір-бір ділдә беріп қайтарып отырған. Бануды сынау үшін Атымтай қайыршы киімін киіп, кіріп келіп еді, бір ділдә берді де жөнелтті. Сол күні кешке таяу Атымтай киімін өзгертіп киіп, қайыршы болып және келіп еді және бір ділдә берді. Бұрылып есіктен шыға беріп, қайта оралды да рұқсатпа деді Атымтай.
– Сізбен танысып, біраз әңгімелесуге болар ма екен?
– Неге болмасын.
– Мен Атымтай едім, бұрын естуіңіз бар шығар. Бүгінгі күн екі рет қайыршы болып қолыңнан екі ділдә алдым, мен сияқты күнінде бір неше жүз мың қайыршылар келіп, бір-бір ділдәдан бір неше рет алып отыратын болса, көп қазына керек, бұған сіздің қазынаңыз соншалық таусылмайтын көп пе еді.
– Қазынаның таусылмайтын себебі бар. Мұны айту қиын. – деді.
– Қазынаңыздың таусылмайтын себебін білуге бола ма? – деп Атымтай жабыса кетті.
– Осы шаһардан алты айшылық жерде Гауһаршашба дейтін шаһар бар. Сол шаһарда өнерпаз Гауһаршашба деген адам болған. Қазір де сол адам тірі. Тәңертең базар жиналған соң базарға келіп Гауһаршашба гауһар шашады. Жиналған жұрт гауһар теріп еңбектеп жатқаны. Осының гауһары неге таусылмейды, себебін біліп келіп берсең мен де қазынамның таусылмайтындығын айтамын.
– Олай болса мен қалай да аралап барып қайтамын. Бірақ өзің сөзіңде бол, – деді де шығып жөнелді.
Зейнілғабиден мен Атымтай Гауһаршашба шаһарын іздеп талай жер жүріп, өмірі көрмеген жыныс қарағай, биік тауларды аралап, арып шаршап, Гауһаршашба шаһарына келді. Шаһарға келген соң Гауһаршашбаның пәтерін тауып бір неше күн демалып тынықты. Келген жұмыстарын айтты. Гауһаршашба Банудың айтқанындай қартайса да базардың жиын ортасына барып, өз қолынан гауһар шашып жүргенін Атымтай мен Зейнілғабиден көзімен көрді. Гауһардың соншалық таусылмайтын қорының қайдан шығып жатқанын жабысып сұрап еді, Гауһаршашба осы шаһардан төрт айлық жерде бір қари алам бар, оның қарилығы сондайлық, таңертеңнен кешке дейін құранның бір ғана екі-үш аятын оқиды да отырады. Онан жалығу, басқа кәсіп істеу дегенмен жұмысы жоқ. Атымтай Гауһаршашбаның аузынан былай деп жауап естіген соң Зейнілғабиденмен ақылдасып, тәуекел барып көріп қайталық деп ұзақ сапар шекті. Гауһаршашбаның айтуы бойынша, төрт ай жүріп әрең дегенде қаридың шаһарына келді. Шаһарға кеалген соң қариды сұрап келсе Гауһаршашбаның айтқанындай ауыз жаппай «Енна ағмалы бенниати» деп қайта-қайта дауыстап оқып отырды. Арасында қаридан өздерінің келген жайларын айтып, Атымтай сұрақ қойды. Не себепті дауыстап ауыз жаппай бір-екі ауыз аятты оқисыз да отырасыз деді. Көзін сипап, иегін көтеріп, Атымтайға бұрылып қарады да, мұның мәні бар, – деді. Бұл арасын толық түсіндіріп айту үшін ең әуелі осы шаһардан үш айлық жерде бір мініскер бар. Ол мініскер дүниедегі ең бірінші қолөнерші деуге болады. Сол мініскердің кім екенін біліп берсең әңгімені бастан-аяқ айтамын, – деді. Атымтай көп ойланып отырды да мұны да іздеп жүріп кетті. Жолаушылық ұзақ сапарға үйреніп алған адамдар кешке дейін жүріп келіп біраз дамылдап, түнге тағы да шаһарға келген соң мініскерді тауып өзіне жолдықты. Мініскердің шеберлігі соншалық, ағаштан түйін түйеді. Бірақ, ағаштан қандайлық нәрсе істеп шығарса да әрі-беріден соң жерге ұрып быт-шытын шығарып жоқ қылады. Бұл арасы бір ғажап іс. Мұны Атымтай білмек болып және жөнін сұрап еді, ол шаһардан айшылық жерде үлкен шаһар бар, сол шаһарда дүниедегі ең биік, ең үлкен Ақмешіт дейтін мешіт бар. Соның азаншысы тәңертеңнен кешке дейін дамылсыз айғайлап азан айтады да отырады. Бес уақыт намазының орнына ол бір неше мың рет азан шақырады. Осының азанының мезгілсіз осынша айтылатындығын біліп келіп бер, сонан соң мен өз жайымды түсіндіріп беремін деді. Атымтай Зейнілғабиденді ертіпе мініскердің нұсқаған жолдарымен азаншының шаһарына келеді. Келсе мініскердің айтқанындай Ақмешіттің үстіне шығып алып, айғайлап азан шақырып тұрған азаншыны көрді. Іздеп келіп азаншының мезгілсіз азан шақыратын себептерін сұрап еді, осыдан он бес күндік жерде, жапан далада құдық бар, сол құдықтың басында күні-түні киік күзетіп отырған адам бар, киіктері мен киік күзетіп отырған адам, былайғы адамды көрсе үркеді. Жайы келсе киіктер тырым-тырақай болып қашып қалың жыныс қарағай арасына сіңіп кетеді де, құдықтың басында жалаңбас бір адам отырып қалады. Осының мәнісін біліп берсең, сонан кейін мен де өз жәйімді түсіндіремін деді. Атымтай азаншының айтқан жолдарымен жүріп келіп, құдыққа таяп келгенде қалың мал көрінді. Жақындап келіп еді, мал дегенің киік болып шықты. Киіктер Атымтайды көргенде дүр етіп үркіп, қарағай арасына сіңіп кетті. Құдыққа келсе, құдықтың басында бағанағы азаншы айтқан жалаңбас еңгезердей шонжар бір қара жігіт отыр. Жөн саұрап сөйлесейін деп еді, Атымтайға жарытымды жауап бере алмады. Екі сөзінің бірінде қыз, қыз деген сөздер қыстырыла берді. Сірә есалаң адам болуы керек деп Атымтай қиналыңқырап қасында біраз дамылдап отырды.
– Сіздің жөніңізді кімнен білуге болады, – деді.
– Үш күншілік жерде мешіт бар, сол мешіттің қазіретінен сұра, – деді.
Атымтай бұлай деп жауап бергеніне ырза болып мешітті іздеп жүріп берді. Сұрастыра-сұрастыра мешітті келіп тапты. Елсіз, жұртсыз жерге салынған жалғыз ғана мешіт екен. Мешіттің ішіне кіріп қазіретті бөлмесінен тапты, басына дағардай ақ сәлде ораған, сақалы белуардан түскен аппақ қудай адам екен. Есіктен атымтай кіріп келгенде орнынан ұшып тұрып қол қусырып, амандасып қарсы алды.
– Е, балам, аман келдің бе? Жолың болсын, әңгімеңді сөйлей отыр, – деді.
Атымтай бастан-аяқ әңгімені уәзірлердің Мысырда болған мәжілісінен қозғады. Қазірет қабарын алып, жақсы шыраймен отырып тыңдады. Қазірет Атымтайдың сөзі аяқтағаннан кейін: «балам, – деді, енді бұдан былай қарай тағы жиһан кезіп, жиһаншы боламын ғой деп қорықпа, осыдан былай, енді кейін қайтасың», – деді.
– Анау құдық басында отырған жалаңбас қара бар ғой, оның қасындағы еріп жүрген көп киіктің бәрі де адам, бұлардың шаһары сол құдықтың оңтүстігінде мың шақырым жерде болады, анау жалаңбас қара бір күндерде сол шаһарда қан болған. Киіктер қанның әскері еді. Шаһарынан қыз жетпегендей, перінің қызын алымын деп, Періойнақ деген жердегі бір бастауға келіп, перінің қыздарымен айқасқан. Перінің тілін біледі ме, болмаса олармен үйлесе алмады ма, әйтеуір өздерін пері соғып, қанды дуана ғып, сол бойы отырғызып кетеді де әскерлердің барлығын киік қылып жібереді. Өзің көрген сол киіктер қанның әскерлері, ал, бұған жәрдем беріп, перімен сөйлесерлік шаһарларында еш бір адам жоқ. Жұрттың бәрі де Періойнақ деген жердің маңынан жүруге қорқып, екі күн, үш күншілік жерден бұрылып кетеді. Бұларды қайтадан адам қалпына келтіріп, шаһарына қайтару тек ғана менің қолымнан келер еді, бірақ, менің баруға уақытым жоқ. Олардан ешкім қабарласпайды, сонымен олардың жайлары осы еді.
Атымтай естігенде қазіреттің бетіне қарап отырды да:
– Қазірет, – деді, одан арғы жолдардағы азаншы, мініскер, қари, Бану тағы-тағылардың сырларын ашып бермейсізбе, – деді Атымтай.
– Олардың жайларының бәрі де маған белгілі, бірақ түпкілікті сырларын жол бойы өздері айтамын депті ғой, айтар, – деді.
Атымтай, қазірет бұлай деген соң көп қазып сұрамады. Әйткенмен, Банудың қазынасының түпкі қорының қайдан шығып жатқанын білуге ынта қойды. Атымтайдың ойын қазірет те біліп, былай деп жауап берді: «Бану қазынасының көптігін өзі айтар, бірақ Банудың өз басы саған құмар, түбінде Банудың тілегі орындалады, сен Бануды алуың керек», – деді. Қазірет Атымтайға батасын беріп, шығарып салды. Атымтай келген ізімен бір неше күн жүріп азаншыға келді. Азаншы құрметпен қарсы алып, күтті. Атымтай азаншыға шешіліп барлық жағдайдың бәрін бастан аяқ сөйледі. Азаншы өзінің жайын Атымтайға әңгіме қылып сөйлей бастады: мен осы шаһардың азаншысымын. Мезгілмен ғана бес уақыт намаздың алдында мешіттің жоғары мінбесіне шығып азан шақыратынмын. Менің дауысым мұңды, толқынды жанның бәріне сүйкімді еді, айтқан зікірімді жұрт ұйып тыңдай қалатын. Бір күні жұрт жұма намазына жиналып, мен намаздың алдында азан шақыруға шықтым. Екі қолды құлаққа қойып зікір салып тұрғнымда көз алдым қарауытып, басым айналып кеткендей болды. Көз алдыма жіпке тізілген қолға тотылық маржан тартыла қалыпты. Қызықтым, ұстай алып ем, көтеріп бойы мешіттен шығарып көкке алып жөнелді. Көз сол бойы жұмылып кетті, көкті аралап, көктің талай қатпарларынан өттім, әуені де аралап маржанның астында салбырап келемін. Ойлаймын, қолымнан шығып кетіп, жерге құласам, күл талқаным шығып қалады-ау деймін. Әйтеуір көзімді ашқым келмейді. Мүмкін көзімді ашсам, көкте жүріп жерді көріп, жүрегімнің қабы жарылып кетерме. Бір мезгілде сырылдап, тұйғындай түйіліп, жерге қарай зымырады. Мен астында салбырап қалмай жүрмін. Әлде не уақытта аяғым сыбдырлап шалғынға оралды, қолым босап қалыпты. Көзімді ашып жіберсем, құлазыған жапан дала екен. Шалғында белуардан бөленіп жатырмын. Маңайыма көз жіберіп едім, қалың жайылып жүрген қарала, торала таудан түсіп келе жатқан қойларды көрдім. Қуандым, қойшысына сөйлесіп неде болса елге барамын ғой дедім. Орнымнан ұшып тұра келіп, қойға таман жүре бастадым. Қойдың артынан еріп келе жатқан қойшыға жолығып, ел сұрадым. Ол жауап берместен бұрын менің жөнімді сұрай бастады. Сұрағына қарай жауап беріп жатырмын. Бірақ, бүгін шықтым елден дегеніме сенбей, ашуланды. өзі де алпыстың ішіне келіп қалған ақсақалды адам екен. Шырағым мені алдауға айналдыңба деп тілге келмей-ақ қолындағы таяғымен салып қалды. Зәре қалған жоқ, қорықтым, ғапу сұрап жалындым. Әйтеуір жер таяқты жеп алған соң, неде болса елге жету мақсат болды. Қойшының нұсқауы бойынша елге таман бетімді түзеп тағы жөнелдім. Бұл уақытта күн батуға таянып қалған еді. Мен бір белең асып түскенімде үлкен зиратқа кездестім. Енді ауыл зираттан көп алыс емес екенін білдім. Бірақта зиратқа түнеу ғадетім еді, сол ғадетім бойынша зиратқа түнедім. Күн батып, көз байланған соң таудан туралап зиратқа қарай төнген, табақтай дөп-дөңгелек от көрінді. От барған сайын жақындап, зиратқа таяп келгенде, қорқып жасырынып жатып сығалап қарадым. Сүйтсем, от дегенім айдағардың көзінің оты екен. Келді де бір жалпақ есіктей тасты аударып, ішіне кіріп адам суретіне түсті. Бұл уақытта мен де орнымнан ұша түрегеліп әлгі қақпа тасқа келдім. Соңынан ердім, қуыстың ар жағы үй екен. Бір-екі есікті ашып кірді, үшінші есікті ашқанда, ар жағынан күн мен айдай бір сұлу қыз шықты. Қызды көзім шалды, бірақ айдағар жазым қылар деп ізімше шығып жөнелдім. Қай уақытта шығар екен деп екі көзім қақпа таста, зираттың бұрышында аңдыдым да отырдым. Таң қараңғысында тағы айдағар суретіне түсіп тауға қарай жөнелді. Ертеңінде мен өз бетіммен елге қарай тарттым. Үлкен бір шаһарға кездесіп, қайыршылық құрдым. өз шаһарымның қаншалық жерде екенін мөлшерлей алмадым. Жайымды айтып сұрайын десем тағы да таяқ жеймінбе деп қорықтым. Әйтеуір бір жақсысы, қайыршының жөнін сұрамайтын елдің ғадеті ғой, сол ғадет бойынша менің жөнімді сұрап білуге ешкім құмар болған жоқ. Түнде қонып аттанған үйлерім ханның қызы жоғалып, оны айдағар, дию алып кетті деседі. Бірақ, соны мен көріп едім, тауып беремін деп оқыста біреуге аузымнан шығып кетті. Менің бір ауыз сөзім дереу қанға жетті. Хан дереу бүкіл шаһардан мені іздетіп, қонып жатқан жерімнен алдырды. Хан шақырды дегенде тағы да бір қылмыс тағып, жазалап тастарма екен деп қорқып, қашан алдына келгенше зәре құт қалмады. Сүйтсем жоғалған қызын сұрады, табамысың деді, іркілгем жоқ, табамын дедім. Менің табамын деген сөзім шыққанда қан қуанып орнынан ұша тұрып еді, олай-бұлай жүріп егер, – деді, қызымды тауып беретін болсаң, сол қызымның өзін, болмаса қызымдай уәзірлерімнің қыздарының ішінен таңдаған қызыңды өзіңе алып берем деп уәде берді. Қыздарды шақыр деп еді, сау етіп қан отырған үйге оншақты қыз жетіп келді. Қыздардың сұлулығы соншалық, бірінен бірі өтеді. Төмен қарап үндемей отырдым да байыппен, «хан мынау уәзірлердің қыздарының ішінен өзіңіз лайықтаған біреуін берерсіз», – дедім. Хан бетіме қарап алды да, ортада тұрған бір қызды нұсқап, қолын созып көрсетті. Мынау деді, Тайыр деген бас уәзірдің қызы Шолпан, олай болса сенің қалыңдығың деп қызға қарап еді, қыз ұялып төмен қарады. Басқа қыздар Шолпанды ортаға алып, хан рұқсат еткен соң орнындрынан қозғалып жөнелді. Менің де көңілім өсіп қуанып, недәуір көтеріліп қалдым. Бақытыма қарай қан кез болды, енді жолым болар, ханның қызын тауып беруім керек, бұл маған қойылған серт деп ішімнен ойландым да қойдым.
– Жә, менен қандай жәрдем күш, құрал-сайман керек, – деді хан.
– Қырық жігіт, әскерлік құрал күштерімен ертең кешке дейін болсын, бірақ, ол жігіттеріңіз менің әмірімде болып, не бұйырсам соны орындайтын болуы керек, – дедім. Ертеңінде кешке таман сауыт, сайманмен қырық жігітті ертіп кәдуелгі зиратқа келдім. Жігіттердің бәрін де зираттың ішінде жасырып қойып, қазыр мынау таудан айдаһар келеді, соны аңдймыз. Анау қақпа тасты ашып қуысына кіргенде даяр тұрыңдар, шыға берісінде соғысамыз, – дедім жігіттерге.
Көз байланған соң күндегі әдеті бойынша таудан еңбектеп айдаһар да келіп қақпа тасқа ілінді. Қақпа тасты қопарып аударды да кіріп кетті.
– Әне көрдіңдер ме? – дедім жігіттерге.
– Көрдік, – деді.
– Біздің алысатын жауымыз осы. Егер өлтірсек қыз табылады. Барлық күшті жинап ол айдаһар суретіне түспес бұрын, адам суретіндегі күнінде айқасуымыз керек, – дедім.
Қырық жігітпен қақпа тастың аузын алдық. Өзім жігіттердің алдынан белсеніп қару сайманын қолға алып әзір болдым. Таңға жуық айдағар ысылдап шығып келе жатқанда демімен тартып еді, жігіттердің бәрі де қаша жөнелді. Мен семсерді екі қолыма көлденең ұстап, айдаһардың аузынан тіліп өте шықтым. Мен талып қалыппын, жігіттер қашып қанға барып, қайыршы айдаһармен алысып қалды, біз қорқып қашып кеттік деді. Хан екінші қабат кісі жіберіп, бұлар келсе айдаһар өліп қалғанын, менің талып қалғанымды көрді. Менің басымды сүйеп, есімді жинағаннан кейін қақпа тастың ішіне кіріп қызды алып шықты. Жұрт шапқылап ханға қабар жеткізді. Хан қырық күн ойын, қырық күн той жасап, екі той бір болсын деді. Шолпанды маған тигізді. Мен Шолпанды алған соң ханға уәзір болып қызмет істедім. Менің атымды хан Жолдыаяқ қойды. Бұрынғы өз атым Қакім болатын. Сонымен жақсы тұрмыста төрт жылды өткіздім. Үйлі-баранды, бала-шағалы болдым, ханға қызметім жақты. Хан сондайлық маған сенді. Басқа уәзірлерден жасырын сырларын маған ғана айтатын еді. Бір күні түнде жүгіріп Сағила деген жеңге келіп, суық хабар жеткізді. Сағиланың сөзіне қарағанда, сол күннің өзінде қырық уәзір сыналып, ханның бұйрығы бойынша мені дарға аспақшы болыпты. Мұны естіп Шолпанға ақылдасып едім, Шолпан мен мұны естідім. Бірақ сен айтқан боларсың деген сұраққа сенбедім. Сенбеген соң саған айтпаған едім. Менің естуімше сені сынайды деді. Бірақ ханның қызы куәлік беріп, бұрын бір диудың соңынан қақпа тастың қуысына еріп кіргенін көріп едім, – депті дегенде менің зәрем ұшып кетті. Көп ойландым. Ханның алдына барып бастан-аяқ қал-жайымды айтсам ба екен дедім, шырақ диудан өзі қорқып тұрған хан ұстап алып өлтіреді ғой деп ойлап және қорықтым. Қашу керек дедім ішімнен. Бірақ Шолпанға бұл сырымды айтпадым. Амал қанша Шолпанды тастап, сол түнде шаһардан шығып қашып жөнелдім. Соңынан менің қашып кеткенімді естіп іле бүкіл шаһар халқы болып, таңды бетке ала іздеді. Қарағайдың арасында маған жетіп жабыла шаһар болып, ортаға алып қуды. Мен қашып келемін, қалың жұрт қуып келеді, желдің лебіне түріліп көтерілген етегімнен әне ұстайды-ау, міне ұстайды-ау деген кезде менің көзіме маржан елестеді. Бас салдым, көтеріп алып жөнелді. Жұрт артымда шулап, не деген керемет деп қала берді. Маржанның астында баяғыдай салбырап келемін. Әлде не замандарда бір қамысқа келіп аяғым ілініп еді, көзімді ашып жібердім. Ештеңе де жоқ, қалың қамыстың ішінде қалыппын. Жан-жағыма бұрылып қарап едім, биік құм таудан басқа көзіме еш нәрсе көрінбеді. Неде болса осы таудың басына шығайын деп екі етегін беліме түріп алып, әрең дегенде тауға шықтым. Таудың арғы жақ бетінде, тек қана жалғыз, көк шатырлы күмбез көрінді. Аяңдап отырып күмбезге келіп едім, есігінің алдынан күзетші әйел кез болды. Кіруге рұқсат сұрап едім, тұра тұрыңыз, сөйлесіп келейін деп, тұра жөнелді.
– Кіруге рұқсат, – деді.
Күзетші әйелдің соңынан есіктен кіріп, аралап сарайға келсем, асыр салып билеп жүрген қырықтай жас қызды көрдім. Қадиша деген ханның жалғыз қызы, қасындағылары соның ерген күзетшісі екен. Бұрын ешкімді іштеріне жібермейтін тәртіптері болса да, бұл жолы маған ондай тәртіп қолданған жоқ. Не керек, өздерімен бірге күмбезде асыр салып ойнап көп уақыт өткердім. Қадишамен жақсы таныс болдым, мені сарайдан шығарғысы келмеді, бірақ мен ол өмірге риза болмадым. Менің есі дертім туып өскен шаһарым болды да тұрды. Жатсам, тұрсам осылардың есігінен қалай шығып құтылармын деймін. Бір үні барлық қыз жапа-тармағай сыртқа шықты, мен де шықтым, ойнап жүріп қыздардың арасынан сытылып қаштым. Тұра қуды, құтқармауға айналды. Састым, не қыларымды білмедім. Енді ұстаса оңдырмас, ханға айтып дарға асады ғой деп ойлаймын. Енді ұстайды-ау дегенде ойламаған жерден тағы да маржан сап ете түсті. Шап бердім, көтеріп ала жөнелді, қайда алып барады, қай жерге тоқтайды, онда менің жұмысым жоқ, шынында ондайды ойлауға мұршамды келтірмеді. Ұшқанда жылдамдығы сондайлық, көзіңді аштырмайды ғой. Не заманда табаным жерге тиіп, қолым босап, көзім ашылып кетті. Қарасам өз шаһарым, өзіміздің мешіт тұр, мешітке қарай жүгірдім. Келсем жұрт жиналып, намаз оқығалы жатыр екен. Мені көріп құшақтап бірінен соң бірі аузымнан сүйіп, төсіне қысып мәз болды да қалды. Менің қайда, қалай барып келгенімді сұрады, несін жасырайын бәрін айттым. Жұрт былай деп жорыды, ол сенің маржан дегенің бақыт құсы, анау бастапқы уәзірдің қызы бірінші жұбың, екінші құдай қосқан жұбың Қадиша, ол саған туғаннан ғашық еді, сені күтіп жатқан беті болатын. Сен онан бекер қаштың, – делі. Мұны естігенде жаман өкіндім. Расында Қадишаны алып кетуім керек екен, ол бір өмірлік өкініш болды. Мен содан бері қатты өкінішті болдым. Қайғырып мешіттің төбесіне мінбеге шығып алып, мезгілсіз зікір шақыратын себебім сол. Бақыт құсы тағы келеме деп үмітті болам. Зікір салмасқа менде еш бір дәт қуат қалған жоқ. Еріксіз бақырамын да тұрам, кейбір шаһар қалықтары мені жынданған деп те сөз қылатын көрінеді. Олардың сөзі ішіме де кірмейді. Міне менің мезгілсіз зікір салатын себебім осы, – деді азаншы. Атымтай азаншының аузынан әңгімесін естіп болған соң, рұқсат сұрап мініскердің шаһарына жүріп кетті. Көп уақыт жүріп шаһарға келді. Шаһарға келіп мініскерге азаншының мән-жайын, азаншының өзі айтқандай қылып түп-түгел айтып шықты. Мініскер: «Атымтай, – деді. Енді мен мініскерлік жайымды айтайын, сен құлақ салып түгел тыңда», – деді.
– Менің шаһарым осы арадан мың шақырым шамасында, шаһардан қашып келіп отырған мен бір қашқынмын.
Менің әкем жәй ғана қолөнерші еді, әкемнің тәрбиесімен мен де қолөнер жұмысына жасымнан берілдім. Қолымнан келмейтін өнер жоқ, он қолымнан өнер төгілді. Мен темір де соғамын, темірден түйін де түйемін, ағштан жасамайтын, түймейтін түйінім болмайды. Атадан жалғыз едім, әке-шешем қартайып мені үйлендірмекші болды. Көп уақыт қыз таңдадым, лайықты сұлу қыз кездеспеді, осы қандай ай мен күндей сыншы болып кеткенімді білмеймін. Бір күні үйіме бір ақсақал келіп қонды. «Балам, – деді, қалыңдығың бар ма», – деп мені айналдырды. Жайымды айттым. Маған сұлу керек еді, сұлу таба алмадым дедім. Сенің көзің сұлу зат жасап әбден машықтанып қалған. Саған жуырмаңдағы өңі сұлу қыздар ұнай қоймас деді. Ақсақалдың мұнысы рас еді.
– Я ақсақал, өзіңіздің табар сұлуыңыз барма, – дедім.
– Менің табар сұлуым саған ұнайды, ондай сұлу дүниеде болмауы керек, болса мұнан артық сұлу бұл өмірде көргенім жоқ деді.
Шамасы ақсақалдың жасы алпыс жастан асқан еді. Алпыс жылдық өмірімде мұнен артық сұлу көрмедім дегенде, жүрегімді тас сендірді. Ақыр ақсақалға еріп, ақсақалдың айтқан сұлуын іздеп бардым. Барсам дүниеде жоқ сұлу десе сұлу екен. Бар сын көзіммен қарап сынасам да, тұрған бойынан түймедей мін таға алмадым.
– Ақсақал, – дедім, сіздің мынау көрсеткен сұлуыңыз көңілге ұнады, мен мұндай сұлу көргенім жоқ едім. Мақтауға сөз таба алатын емеспін, – деп ем, ақсақалым қарқылдап күлді.
Сол жол ақсақалдың жәрдемімен құда болып, қалың малын төлеп сұлуды алдым. Сұлудың аты Айсұлу еді, Айсұлуды алғаннан бері жұмыс істеп кәсіп қылуға мойын жар бермеді, желкеден бір нәрсе тартып тұратын сияқты. Қасынан шықсам, көзінен таса болсам, жаным шығып кете жаздайды. Айсұлу да мойныма оралып қасынан шығарғысы келмейді, еңбек істеп, мал тауып күн көру керек еді. Ол менде болмады. Кемпір-шал өлді, тұттай болып кедейлендік, қолдағы бар таусылды, осы жоқшылықтың бәрі де Айсұлудың қасында отырғанда ойға кіріп те шықпайды. Бір күні біреулермен еріп жолаушы шығатын болдым. Менің жолаушы шығатынымды Айсұлумен ақылдасып бір ай бұрын шештік. Сонымен жүріп кеттім. Жолаушының еркі өзінде болатын, «құдай қонақпыз» деп бір үлкен ақ ордаға келіп түсе қалдық. Бес-алты адам едік, күтті. Түнде бір құмалақшыға бәріміз де құмалақ салдырдық, менің кезегім келгенде құмалақшы бетіме бір қарап алды да, жәйіп қойған құмалағына қарап алып: «Балам, – деді, сенің ажалың әйеліңнен болады», – дегені ғой. Сенгенім жоқ, оттап отыр деп ішімнен ұрыстым, бетіме қарап маған сенбей ішіңнен ұрсып отырсың ғой, айеліңнің таңға жуық еті мұздап, еркекпен бірге тамақ ішпейтіні распа дегенде шошып кеттім. Осы иттің айтып отырғаны сандырақ, сандырақ та болса мынау сөзді тауып айтты-ау деп қорықтым. Шынында Айсұлу басқа еркек түгіл өзіммен бірге отырып тамақ ішпейтін еді. Және таңға жуық еті мұздай болатын, ойлаушы ем, еркекпен бірге тамақ ішпеуін, таңға жуық етінің мұздауын бір себептер бар ғой, сол себептерін сұрасам көңілі қаларма екен дейтін ем. Барған соң енді сұрамай болмас деген ойға келдім.
– Ал бәлгер, рас-ақ болсын, енді барған соң сүйтіп ол әйелмен айырылысу керек бе? – дедім.
– Енді жан керек болса айырылысасың, болмаса әйеліңнен өлесің, бұл екі арасын өзің таңдауыңша, – деді.
Мен сол қорыққаннан қорқып, қорқынышты ұстай үйге жеткенше таудай қылып үйіп алдым. Үйге келген соң, әйелімнің бетіге қарасам, жүрегім аузыма тығылып, кеудемнен бір бәле тіреп тұрған сияқты болды да қалды. Қорықсамда қайтейін, «менімен бірге тамақ іш, және таңға жуық етің неге мұздайды, айт», – деп жабыстым. Ашулануға айналды, өңі өзгеріп бұрылып барады екен, табан тіреп сөзімде тұра алмадым. Ойпырмай сұлуым-ай, неге ашуландың деп қорыққанымнан мойныма оралдым. Жан тәтті ғой, жанымды қоярға жер таппай жаман сасқаным. Сонымен неде болса қашып кетейін, қашқын болайын деген қорытындыға келіп, сұлудан қайтып безудің ақылын таба алмадым. Бір күні мұрныма мақтаны тығып, ауа кірместей, шықпастай тығып тастадым да, сұлудың қасында өтірік ұйықтадым да жаттым. Түн ортасында төсектен атып жерге түсті, сандықты ашып, жақсылап киінді, айнаға қарап таранды, бір нәрсені алып келіп мұрныма иіскетті, маңдайымды уқалап жіберді де шамды өшіріп үйден шықты. Бұл қайда бара жатыр, соңынан қалмайын деп мұрнымдағы мақтаны алып тастап, соңынан ердім де отырдым. Үлкен көшемен аяңдап отырып басынан шығып, ордалы жыланның ішіне келіп жылан суретіне кірді де кетті. Мұны өз көзіммен көрдім, бұрынғы қорқыныш қорқыныш па, қорқыныш онан жаман зорайды, ізімше қайтып келіп орныма жата қалдым. Мұрныма мақтаны тығып қойдым, ойлаймын, бұл сайтан ба, әлде диу, періме деймін де тағы да ойланам. Не заманда таңға жуық келді, шешініп келіп орнына жатып еді, еті маұздай екен. Әрине жер бауыры суық келеді ғой, жыланмен ойнап күліп, жерден шығып келген соң солай болу керек. Сонымен ертеңінде түнде өз үйімнен өзім үркіп, қашқын болып шаһарымнан шығып, міне осында келдім. Мен келгелі бір қыдыру жыл болды, артымның не күйде болып қалғанын білмеймін. Мұнда келген соң ағаштан түйін түйіп, кімге не керек, керегіне қарай нәрсе жасап шығарамын. Сол қолымнан жасап шығарған нәрсем сондайлық сұлу болып шықса, отырамын да осы сіра сұлуда менің не жұмысым бар, басыма тиіп еді ғой деп жерге ұрып быт-шытын шығарамын да, өзімді өзім басқа ұрып ақырында қарқылдап күлетінім сол. Бұған да шүкіршілік, басым аман қалғанына қуануым керек деймін. Міне менің барлық қал жайым осы деп мініскер Атымтайға әңгімесін аяқтады. Атымтай мініскердің жалпы жайымен танысып, әңгімесін естігеннен кейін аттанып жүріп кетті. Атымтай сол жүргеннен жүріп Қаридың шаһарына келіп, қарияның өз үйіне түсті.
Қарияға мініскерің жайын сөйлеп, енді қарияның өз жайын сұрады.
Қария:
– Мен ұры едім, ұры болғанда мал яки зат ұрлайтын кәдуелгі ұры емес, осы адам ұрлайтын ұры едім, – деді.
Ол күнде менде төл ат қып мініп жүрген Тобышақ деген атым бар еді. Атымның орамдылығы, шапшаңдыағы, шабысының дәрежесі сондайлық, атылған оқпен жарысатын. Сол атпен жүріп бір шаһардың адамын көшеден, кез-келген жерден алдыма өңгеріп, ала қашып екінші шаһарға алып барып, құлдыққа сатып жіберетінмін, осыны кәдімгі кәсіп қып жүрдім. Бір күні бір шаһардан бір адамды екінші шаһарға сатып келе жатсам, айыр жолдың тарауында бір ақсақал отыр. Жақындай бергенімде ұшып тұра келіп амандасты. Сол уақытта менің ойымда құдай сол ақсақалды оңынан берді ғой, өңгеріп ала кетіп бір жерге құлдыққа сатып жіберейін деген ойыма кірді. Бірақ, аман сәлемнен кейін: «балам дос болалық», – деді. Мен жөнді жауап бермеп ем, «менсінбей тұрмысың» деді. Және «балам қандайлық кәсіп істейсің деген сұрақты көлденеңнен қойып жіберді». «Кәсібім ұрлық» дедім. «Адал кәсіп істеуге болмай ма?» деді, «адал кәсібіңіз не?» дедім. «Дос болсаң мен адал кәсіпті үйретемін, дос болалық» деп жабысты. «Болсақ болалық» дедім.
– Олай болса ер соңымнан деп ақсақал алдыма түсіп жортып жөнелді. Шауып келемін, тобышақтан тері де шықты, нәсілі тобышаққа жеткізетін емес сияқты. Ол жүрген бетімен жүріп келіп сәскелікте үлкен дарияға кездестк. Ақсақал кәлімгі қара жерден жүгіргендей судың бетіне жүгіріп алып жөнелді. Мен суға келіп тіреліп тұра қалып едім, жүр деп айғайды салды. Мен де суға тобышақты салып жіберіп жүзіп өте шықтым. Алдымыз биік жартас еді, шатқа келіп тірелдік, атты саяға байлап жоғары шыңырауына шықтық.
– Балам, – деді қорықпа, сескенбе және масаттанба, – дегені ғой.
– Жарайды деп тәуекелге кірдім, келе үлкен жартасты етекке домалатып жердің құлағын тапты. Үңіліп қарасақ терең, үлкен аңырайған қуыс, ақырындап жел сызғып тұр. Жүр деп шал бастап кіріп кетті. Мен де соңынан еріп келемін, арырақ барған соң, арғы жағы үй болып шықты. Бір есікті ашып кіріп келіп еді, байлаулы тұрған дәл менің тобышағымдай он екі тобышақ тұр. Онан ары жүріп еді алдымыздан шалқыған жалын, сықырланған айдағар жылан не түрлі зиянды қайуандардың бәрі ауыздарын ашып, тілдерін жалақтатып қарсы шықты. Ақсақал қамшысын иіріп ашуланып еді, жолын сөніп, хайуандар бүйірін соғып жата кетті. Онан әрі және бір есікті ашып кіріп келдік, ай мен күндей бір сұлу қыз кездесті. Ақсақал қызды көре ақырып, «шешін» деп зекіріп қамшысын иіре беріп еді, қыз жалбарынып адамның ішіне кірерлік не түрлі тәтті сөздерді айтып шешінбеу айласына кірісті. Ақсақал онан сайын өршеленіп қамшыны қыздың арқасына түйілтіп қояды. Ақыры жанын қоймады, көйлегін шештіріп, енді іш киміңді шеш деп бұйырды. Қыз ғауретімді ашамын ба деп жыламсырап жабысып еді, ақсақал онысына көнбеді, еріксіз тыржалаңаштанды. Қыздың бұлшық еттері құйған шамдай, еті аппақ қардай адамның аққуы екен. Ғауретін ашқанға мазаланды білем, шалқасынан құлады. Қыз құлап еді аузынан ақ көбік бұрқырап ағып, үйдің ішін көбік басып кетті. Дәл сол уақытта ақсақалдың қызды жалаңаштағанына мен де ішімнен наразылық білдіріп тұр едім, ақсақалым көңілсізденіп, «Балам, – деді, сен көңіліңді мықтап ұста, маған да өзіңе де жаман болады, былқылдама», – деді. «Осы есіктен шыға алмай қалармыз, көңіліңді мықты ұстайық», – деді. Маған десе қызды қуырып жесін деп бекіндім. Қыздан өтіп және бір есікті ашып кіріп едік, адам айтқысыз жиһаз қазына мүлкіне кездестік. Кейін қалған он екі тобшақты айдап келіп қазына мүлік жиһазды теңдедік. Сүйтіп тобышақтарды мен сыртқа айдап жөнелерде, ақсақал қыздың аузынан шыққан көбіктен бір қуық көбік алды. Келген жолымызбен тобышақтарды айдап қосылған тарау жолға келдік. Ақсақал тұра қалып: «Ал балам, мынау қазынаның қаншасын аласың, дос едік және адал кәсіпке баулымақшы болып уәде берген едім», – деді.
– Досыңнан түйе сұрасаң қорыққаннан бие береді, – деп мен тобышақтың жүгімен қақ жарымын сұрадым. Ақсақал қынжылмады. «Балам бөліп, жартысын ал», – дегені. Алты тобышақты жүгімен айдап алдыма салып, ақсақалға қоштасып, жөніме жүріп кеттім. Былай шыққан соң ойыма келді, «апыр-ау бәрін неге сұрамадым, сұрасам да беретін еді ғой» деп көңіліме келе берді. Тұра қалып қолымды бұлғап айғайлап шақырдым, жетіп келді, «не айтасың досым», – деді. «Мынау өзі бір жақсы адал кәсіп екен, сізді шақырғаным анау алты тобышақты жүгімен маған беріңіз, керек болса өзіңіз тағы да аласыз ғой», – дедім. «Ал балам, достан кісі мал аяйма», – дегені. Сүйтіп ұялмай он екі тобышақты айдап және жөнелдім. Пендешілік қандай, көңіліме тағы бір жаман ой келді. Осы он екі тобышақтан анау қыздың аузынан шыққан көбік артық шығар деп ойладым. Шақырдым, аяңдап жетті, не айтасың балам деді. Көбіктің жайын сұрайын деп едім, ол неменеге керек, мүмкін ол көбік мынау он екі тобышақтан қымбатырақ шығар дедім. Ақсақал біраз үндемей тұрды да, мынау көбікті адамның көзіне жақса, дүниенің бәрі ұжымақ болып көрінеді деді. Жабыстым, ал ақсақал менің көзіме жақ, ұжымақты көрсет дедім. Қуықтың аузын шешіп, көбікті бармағына жағып алды да, екі көзіме жағып келіп жіберіп еді, көзім соқыр болды да қалды. Он екі тобышақты алдына салып ақсақал айдап жөнелді. «Ақсақал еке ақсақал, көзімді жазып кет», – деп жалынып ем, көзің жазылады «еннама ағләлі беннети» деп айта бер, – деді. Сол жолдың үстінде қақсадым да отырдым. Жүргіншілер кездесіп шаһарыма алып келіп тастады, сонан міне осы күнге дейін көзім жазылама деп күні-түні қақсаймын да отырамын. Былайғы жұрт менің не қылып отырғанымды білмейді, әйтеуір бір аят сөзді оқып отырған соң «қари» деп ұғынады. Мен қаншалық қари болайын, өмірі басым сәждеге тиіп көрген емес деді.
Атымтай қаридың әңгімесін естігеннен кейін, онан аттанып Гауһаршашбаның шаһарына, Гауһаршашбаға келді. Гауһаршашбаға қаридың барлық жайын айтқан соң Гауһаршашба гауһардың қайдан шығып жатқаннын айтты. Он алты он жеті, шамасында Гауһаршашба өз шаһарында Зейніл деген байдың қолында малайлықта болады. Малайлық өмір, кісі есігі қандай қиын, адамның өмірі өксиді екен деп әңгімені өз өмірінің кісі есігінде жүрген күннен бастайды. Байдың қолында екі ақбоз тұлпары болды. Бір күні бай жолаушылап барып келді де, дәл түнде таңасып тұрған атты маған суарып отқа қой деді. Аттарды суарып құдық басында тұр едім, көлденеңнен екі ұры пайда бола кетті. Мен басында ұры екен деп ойлағаным жоқ едім, жәй адам ғой деп қашпадым. Жақындап келді де тізгінімнен шап беріп аттан аударып тастады, өзімді тіл ауыздан қалдырып өлімші қылып сабады. Беті-аузымды қан жауып кетті, ұрылар атты алып жөнелді. Есімді жинаған соң аяңдап байға келіп істің мән жайын айтып ем, сенбеді. Өзің қолыңнан жөнелтіп келдің деп басыма келіп міне түсті. Тепкілеп көгала қойдай қылып серейтіп босағаға салып қойды. Ыңырсып жатыр едім, мынау сорлыға обал болды-ау деген ешкім болмады. Есімді жинап алып, басымды көтеруге айналсам, бай және келіп ұрып өлімші қылып кетеді. Сол түн таң атқанша таяқ жеумен болдым. Бүйткенше өлейін, таудан құлайын деген оймен еңбектеп құздың басына шықтым. Құздың басында тұрып жерге қарасам, көз жетпейді. Тіпті алыс ойыма әр түрлі нәрселер түседі, сүйтіп отырғанымда қасыма бір ақсақал келіп пайла бола кетті. Мен енді құлауға ұмтылғанымда бағанағы ақсақал етегімнен ұстай алды. Егер мынадан құласаң дымың да қалмайды, өзіңді-өзің азапқа салғалы тұрған неткен жансың, мұның жарамайды деп тоқтау айтты. Және мұнан былай қарай өз күніңді көр бейшара деп бір қуық көбік берді. Көбікті топыраққа шашсам гауһар болып шығады, көбік және таусылмайды. Менің кәсібім бүкіл шаһарда бұрын өзім сияқты ғарып, қысірлерді гауһар шашып, солардың тұрмысын оңдау болып отыр. Менің атымды шығарған осы қуық еді деп қуықты жан қалтасынан суырып алды. Бану жомарттығын сенен асырамын деп, қайыршыларға мырзалық құрып отыр. Оның қатынасын көтеріп, жәрдем беріп отырған мен. Үйтпеген күнде оның жомарттығы сенен анағұрлым төмен, – деді. Және қазірдің өзінде Рум шаһарында хан сайлауы басталды, соған дейін жетуің керек деді. Атымтай Гауһаршашбаның әңгімесін естігеннен кейін Бағыдатқа келді. Бағыдатқа келген соң Зейнілғабиденді Бағыдат шаһарына қандыққа сайлап, Бануды қырық күн ойын, қырық күн тойын істеп өзі алды.
3. Төрт дәруіш
Баяғы заманда қара басы бақ дәулетке емін еркін болса да, дүниенің ауыр бір арманына ұшырайтын адамдар болған екен. Сондай бір арманды адам ессіз далада зар илеп жападан жалғыз келе жатады. Аты – Мұратқан. Сонда Мұратқан не қылам, үш жыл сандалып көк өгіздің уақиғасын біле алмадым, бұл былай тұрсын, іздеп шыққан қыздың да жүзін көріп ауыз екі сөйлесе алмадым, енді мұны ұшқан құс, жүгірген аң, білмейді, қайтып кетуге ел-жұртымның қайда қалғанын тағы білмеймін. Көкте екенімді, жерде екенімді қәзір білер жан жоқ, – деп, төмен қарап аяңдап келе жатыр еді, адамша азынаған бір дауыс құлағына жетті. Адамзат көрмегеніне, ел-жұрттың бетін көрмегеніне талай замандар өткен Мұратқанға мына дауыс бір түрлі қорқыныш сияқты да болады. «Я, алла, бұл не ғажап, бұл жерде адам баласы жүрмейтін еді ғой» деп, жан-жағына көз салып қарап тұра қалды. Қараса алдына бір үлкен дәу таяп, төніп, келіп қалған екен, Әлгі дауыс қоймай мүны шақыра бергендей болды. Мұратқан бұл да өзімдей адам шығар деп тауға қарай жүрді. Биік тауға таяп келгенде, бір үлкен құс сияқты нәрсені көрді. Мұратқан басы адам сияқты болған соң, бұл адамша тіл біледі екен деп ойлады.
– Ей, бері келгін, – деп дауыс берді. Оны құс тыңдамай кетіп қалды. Мұратқан ойланып, «адам сияқты құс болады деуші еді, осы екен ғой, мұнан гөрі есті біреуі тағы бар шығар» деп, таудың басына қарай жүрді. Бір заманда таудың басына жетті.
Келсе бір биік тау, жан-жағына қарады, еш нәрсе көрінбейді. Жалғыз-ақ етекте бір қара тұр. Онысы бейіт болып шықты. Соның ішінде бір нәрсе қараңдайды. Одан басқа ешнәрсе жоқ. Мұратқан біраз дамылдап отырады да, қой бүйткенше өлген артық, ақыр ит жемеде кетеді екем, онан да қинамай тастан секіріп құлап өлейін деп, әлгі биік тасқа келіп құлайын деп тұрғанда арт жағынан бір дауыс: «Ей ақымақ, құдайсыз ажалды өзің сұрама, бейітке барсаң мұратыңа жетесің», – деді. Артына жалт қараса дәнеме жоқ. Онан соң анау қарайған бейіт екен ғой, оған да бара кетейін деп ойлады. Соған қарай жүрді, кіріп келсе ішінде үш адам отыр. «Ассалаумағалайкүм», – деді Мұратқан. «Алейкүмсалам, жоғары шық» деді отырғандар. Біраз отырған соң үшеуі бір-бірінен жөн сұрасты. Отырған үшеу Мұратқаннан халін баян етуді тілек етті. «Сонан соң бәрімізде кезекпен айтамыз», – деді, «Жарайды», – деп, Мұратқан сөз бастады
Бірінші дәруіш
Мен, Бағдат шаһарындағы патшаның баласы едім. Әкемнің патшалық дәрежесі үлкен. Қол астына бірнеше шаһар қарайды. Мен жалғыз баласымын, әбден кәмелетке толдым. Бір күні жалғыз өзім сарайда отыр едім, ойыма әлденелер түсті. Қой бүйтпейін, не қылсам да дәулет жетеді ғой, әкем бетімнен қақпайды, халық аузында жүрерлік бір іс істейін деп ойладым. Сол шаһарға қараған балташы, ұста барлығын жиып алып, шаһардың орта тұсын көрсетіп: «Осы жерден сыртын неше өрнекпен безендіріп, маған тамаша бір сарай саласыздар. Қараған адам қайтып көзін алмайтын болсын. Алтын, гауһар, інжуден салынсын, қараңғы түнде неше шақырымдай жерді жарық қылып тұратын болсын. Бұл дүниеде оған тең сарай болмасын, мен өзім сарай біткен кезде келіп бір-ақ көрермін. Және қырық есігі болсын, әр есік әр қабырғадан шығатын болсын. Егерде осы айтқандай болмаса тегіс бастарыңды аламын», – дедім. «Құп тақсыр», – деп шу ете түсті. Осымен жүріп кеттім. Мен сарай салғызып жатырмын деп әкеме айтпадым. Сонымен аң аулап, саяхаттап жүре бердім, жарты ай аңда болсам, жарты ай үйде болам, осы сауықпен бір жыл өтті. Бір күні қасыма қырық нөкерімді ертіп алып сарайымның біткен-бітпегенін көруге келдім. Келсем біткен екен. Өзіме хабар етіп, көрсетуге күтініп отыр екен. Байқап қарасам, сарайдың сыртына адам баласының көзі тояр емес, алтын-күміс жалатыпты. Қайран қалып көзімді айырмадым. Бұл алтын күмбез сарайдың сұлулық тамашасын көрген адам соған қарап тұрумен-ақ өмірінің қалай өткенін білетін емес. Енді ішін көрейік деп, бір есігінен кіріп едім, есім шығып кетіпті, қайдан келіп қайда баратынымды ұмытып кеттім. Қырық жігіт қасымда, әлгі сарайды үш күн аралап зорға бітірдім. Ішінде жүріппіз де қойыппыз. Бой жазып біраз жүрген соң бір жігіт: «Мұнымыз қалай, түк көрмеген кісіше жан-жаққа қарап жүріп алғаны-мыз», – деді. Артыма жалт қарап: «Қанша уақыт болды», – дедім. Жігітім: «Бүгін біз келгелі үш күн етеді», – деді. «Ендеше қайтайық», – деп далаға қарай жүріп едік, жол таба алсақшы. Әрі бері жүріп едік, жол таба алмадық. Сонан соң үй салған бір балташы есіктен шығарды. Қайтып келген соң әкеме хабар салдым.
– Жарайды, – әкем қырық уәзірін қасына ертіп сарайды көруге кетті. Аралап жүріп қайтты. «Жасым алпысқа келді, неше жыл патшалық дағуасын құрдым, осы уақытқа дейін артыма мұра болып қаларлық бір іс істемеген екенмін. Балам, қайырлы болсын», – деп әкем маған риза болды. Кешікпей мен сарайға кірдім. Кірген соң қырық есігіне қырық күзетші қойдым. Қайыршы келетін болса, әр есігінен бір мың ділдә беретін қылып қойдым, сөйтіп салтанатпен бірнеше уақыт өмір сүрдім. Бір күні нөкерім қасымда, көңілім шаттанып, әңгіме-дүкен құрып отырып: «Осы дүниеде менен де салтанатты патшазадалар бар ма екен, шіркін бақ мынау, дәулет мынау, жомарттық, сарай салтанат мынау, енді осыларыма лайық ай мен күндей бір сұлу жарым болса», – дедім. Нөкерлерім үндемей отырды да: «Тақсыр, олай демеңіз, дүниеде кім жоқ дейсіз, дүниеге кім келіп, кім кетпеді осы күнде. Мысыр шаһарының Ыбрайым атты патшасының Шамшибану деген қызы бар, оның сұлулығына теңдесетін жан жоқ, он төртінен туған айдай, көзі түскен адамды еріксіз елжіретіп әкетеді. Оның қазіргі патшалығы және жомарттығы сізден он есе артық, оның да осы секілді сарайы бар. Мың жерден есік шығарған, келген қайыршы болса, сол есіктің бәрінен қайыр алады, бір алғанда қайыршы басы он жүз мың ділдә алады. Оның бұл жалғанда теңдесі жоқ және сол жерге келген қонақты, қандай асығыс шаруаң болса да, үш күн қондырмай жібермейді. Сол қыз келсе, әрине бұл сарайыңыз мұнан да артық гүлденер еді. Бірақ ол келмейді ғой», – деді. Мына сөз маған мейлінше ауыр тиді. Қатты қаһарым келіп:
– Сен, лағнат, аузыңа келгеніңді оттап не деп былжырап отырсың, осынша халықтың алдында масқараладың, – деп әлгі нөкерімді жазалайтын болып, екі жендет шақырып алып: «Мынаны дарға тарт!» – дедім. Екі жендет тартып жөнелгенде: «Тақсыр, дат», – деді. Көз көрген жолдас қой, айта қой датыңды дедім. Көзінен жасы ағып, «Тақсыр, мен сізге айтқанда сізді кемітейін деп, болмаса қорлайын деп ойлаған жоқ едім. Көп қызмет істегенімнен, сізге тәуір әйел керектігін ойлап не қылса да соны алсын деп едім, сізге еш қастандығым жоқ, енді менің сізден сұрайтыным, хан әмірің екі емес қой, мені қазіргі өлімнен босатып, қашан Шамшибану қыздың сондай екенін білгеніңізше зынданға сала тұрыңыз, егер менің осы сөзім өтірік болса, ризамын, басымды алыңыз, болмаса, рас болса, қайтесіз, нақақ қанымды төкпейсіз бе?» – деп, еңіреп қоя берді. Мен бұл сөзге тоқталдым да: «Ашу үстінде жаза бердім, қанша жазасы болса да кештім», – дедім. Ол: «Жоқ, тақсыр хан әмірі біреу, мені зынданға салыңыз, қыздың хабарын білген соң босатарсыз», – деді. «Жарайды», – деп, оны салдырып тастап қанша сауыт-сайманмен Шамшибануды іздеп жүріп кеттім. Шамшибануды іздеп кеп қаңғырдым. Арып-ашып шаршадым. Өзім жаяумын. Әлде қандай заман болады деп істетіп, киіп шыққан темір етік таусылып оймақтай қалғанда, темір таяқ таусылып тебендей қалғанда, екі көзіме көк шыбын ұялап, қыбырлап қана келе жатыр едім, бір мезгілде алыстан ызылдаған дауыс шықты.
Дауыс шыққан жаққа қарап байқасам, ат үстіндегі адамдай алдына бір нәрсе салып айдап жүрген секілді. Азырақ тұрдым да, «қой, неде болса бұған барайын» деп ойлап, ептеп аяңдап жүріп келе жаттым. Өмірден күдер үзгендей таяп келсем адамзат екен. Келе амандасып жөн сұрастық. Мен шалға Мысыр шаһарының қызы Шамшибануды іздеп келе жатқанымды баяндадым. Қойшы шал менің сөзімді тыңдады да: «Ой, байғұс, оған жолығып амандасам деп әуре болма, өзі осы күні ауру, адамзатқа көрінбейді, не себептен болғанын білмеймін. Үстіне әкесі де кірмейді дейді. Сыртынан барған сен бір мүсәпір адамсың, жолығам дегенге боларма екен. Ал, барам десең сол Мысыр шаһары осы арадан түстік жерде, мен сол ханның отардағы койын бағып жүрген кісімін», – деді. Қойшының жөнімен шаһарға қарай жүріп кеттім, күн бата шаһарға жеттім. Шаһардың сән-салтанаты адам қарап тоймайтын сұлу екен. Жолыққаннан патшаның сарайын сұрайын деп, тамашалап бір көшемен жүріп келе жатыр едім, бүйір жақтан «тоқта» деген дауыс шықты, қарасам бір адам жаныма келіп: «қайда барасыз, тоқтаңыз, бүгін мынау үйде қонақ боласыз», – деді. Патшамыздың әмірі бар: «Қонақ қылмай адам баласын өткізбе», – деген, үш күн мұнда боласыз да, баратын жеріңізге сонан соң барасыз», – деді. Тоқтағым келмей, не болса да патша сарайына барып жетейін деп едім босатпады. Амал барма еріп үйіне келдім. Кіріп келсем ол үйдің өзін қонаққа деп арнап салдырған екен. Қарап отырдым, осы қонақ үйдің өзі сарайыма таяу бар екен. Отырысымен тамақ әкелді. Жасаған сайманы көрмеген қымбатты нәрселерден екен. Ішіп болған соң ыдыс-аяқты апарды да, енді біздің мүліктен шықты деп, бір бұрышқа үйіп тастады. Аздан соң ет әкелді, оған да жасаған нәрселері анадан артық, көзді тойдыратын, адам баласының қолына қалай түсті екен, бұл нәрсе тек періде ғана болуы мүмкін ғой деп ойладым. Сонымен үш күн жаттым, тамаққа жасаған нәрселердің бірін-біріне қоспады, бірінің артынан бірін бағанағы бұрышқа үйе берді. Мерзімді уақытым толған соң жүруге ұлықсат сұрадым. Енді ұлықсат берді, бірақ сізге айтатын сөз мынау: «Үйілген нәрсе біздің мүліктен шыққан, тағам берген соң сіздің мүлкіңіз болып қалған, бірге ала кетіңіз», – деді. «Жоқ, рахмет, көлігім жоқ, алып жүре алмаймын, керегі жоқ», – деп едім: «Жоқ болмайды, патша білсе басымызды алады, мұны алмай кете алмайсыз», – деді даяршы. Алмаймын деп едім, еріксіз берді, амал бар ма, алып шығып арқалап келе жатыр едім, жолда бір қайыршы кездесіп, құдай алдында қарыздығым жоқ деп нәрселерді әлгіге беріп, патшаның сарайының жөнін сұрап алып жүріп кеттім, енді көшенің ортасына жете бергенде және біреу ұстап алып қонасың деп жібермей тағы қондырды. Байлаудағы адамдай қонбайым десем болмайды. Бұл да әлгіні істеді, сонымен қыздың сарайына жеткенше тоғыз қондырды. Сол арада берген нәрсе шаһардың мүлкіне тұрады деуге болар. Бұдан құтылып өтіп қыздың сарайына келдім. Бір адам жүгіріп шығып, үйге кіргізді. Кірген соң жөн сұрасып отырдық, әлдене уақытта бір бәйбіше адам келіп жайымды білген соң, бір жендетін шақырып менің шаруамды айтты. Жаңағы келген кісі қыз Шамшибанудың даяршысы екен де, бәйбіше шешесі екен. Ол отырды да: «Ой, шырағым, сенің қолыңнан келмейді ғой, – деді. – Себеп осы күні оңтүстік жақта бір патшаның баласы бір көк өгізге жылында бір дүре салып, артынан өзі зарлап жылайды екен. Өмірі осымен етіп келе жатса керек. Сол не себептен сөйтеді, соның кінәсін біле алмай, Шамши қазір қайғы үстінде, кімде кім соны біліп келсе, мейлі қайыршы болсын, мен соған тиемін дейді», – деді. «Жарайды, оны мен табам», – дедім де, соны іздеймін деп жүріп кеттім. Сонымен айлар, жылдар жүріп отырып, айтқан жөнмен іздеп, арып-шаршап бір шаһарға келіп жеттім-ау. Бір көшенің бойын өрлеп жүріп келе жатыр едім, бір шал адам ұшырасты. Шалдан:
– Ата, бұл шаһар не деген шаһар, – дедім. Шал тоқтап:
– Балам, өз жолың болсын, қайдан келесін, – деді.
– Айтқаның келсін, мен бір мүсәпір баламын, баласы жоққа бала болам, – дедім.
– Ой, қарағым, перзент көре алмай өмірім жылаумен келе жатыр еді, маған бала боласың ба? – деді қарт.
– Жарайды, ата, болам, – дедім.
Шал қошаметтеп, бетімнен сүйіп, үйіне ертіп алып келді. Бір кемпірі бар екен, ол да қуанып жылап көріскендей болып жатыр. Сол уақытта күн сәске еді. Шал мен кемпір айтты: «Балам, біз мына халықпен бірге баратын жеріміз бар, сен осында отыра тұр», – деді. «Қайда барасыздар», – деп сұрап едім, «көк өгізді жігітке барамыз», – деді. «Ата, мен де барайын, сізге бала болдым ғой, осы бастан ел таниын», – дедім. Менің көңілімді қия алмай екеуі: «Жүрсең жүре ғой», – деді. Қуанып кеттім. Өне бойларына қара киіп алды, маған да кигізді, далаға шықсақ бүкіл шаһардың халқы қара киген, батысқа қарай шұбырып кетіп бара жатыр екен. Барлық халық шаһардан үш шақырымдай бір тоғайдың жанына барып, қаз-қатар тізіліп отырды. Бұлар біраз отырғаннан кейін бір көк өгіз мінген жігіт келді, артына мінгескен бір жігіті бар, жарты шақырым жерге келіп түсіп, артына мініп келген жігіттің қолындағы қоржынынан бір кесені алып, мінгескен жігітке берді. Ол отырған топқа жүгірді. Халықтың бәріне, басынан аяғына дейін кесені көрсетіп өтіп, қайтып жолдасына келді. Кесені қолынан алды да жар салып, үш бөліп, қылышпен жігіттің басын қағып тастап, көк өгізді жігіт зарлап кеп жылады. Жылаған уақытта шыққан дауысына адамның сай-сүйегі сырқырайды. Тыңдаған халықтың бәрі төмен қарап жыласып отыр, біреуі жоғары қарамайды. Бағанағы жігіт жылап-жылап өгізіне мініп ап жөнеле бергенде мен соңынан тұра жүгірдім. Кетіп бара жатқанда жанымда отырған шал: «Қайда барасың, қарағым, өлтіреді», – деп, жылап қоя берді. Оған болайын ба, іздеп келген шаруамның өзі сол еді. Жүгіріп бара жатқанымда бір жігіт, «мынау адамды жын соққан ба, ұстаңдар, жібермеңдер, ажал түртіп жүрме, өзінің дені сау адам емес, босатпаңдар» деп, ұстап, жібермей-ақ қойғаны. Енді қайтерімді білмедім, онан босап баруға тұратын мекенін пәнде білмейді, адасып қалдым. Ызаланып енді екінші жылға қалдым. Сол баяғы алғашқы келген шалдың қолында мен бала, ол әке болып жүре бердім. Жыл он екі ай өткен уақытта көк өгіздің келер уақыты жетті, әке, шешем қал деді, мен барам деп, ақырында менің көңілімді қимады, ертіп жүрді: «Бірақ, ана жылғыдай тағы жүгіріп жүрме, өлтіріп тастайды, ол жігіттің алдына ешкім барған емес», – деді әкем. Мен «жарайды» деп алдап жүріп топқа келдім. Отырғаннан кейін әрі беріден соң көк өгізді жігіт келді. Баяғысындай кесе беріп, жігітті жіберді. Жігіт елге көрсетіп болып қайтып барған соң кесені сындырып, жігітті өлтіріп, ой, зарлап жылады дейсің. Сонан соң, өгізіне мініп жүре бергенде, артынан тағы жүгірдім. Отырғандар, «ой мына жігіттің дені сау емес, ұста» деп, тағы жібермей қалды. «Досым, замандасым, қайғысына ортақ едім, жібер» деп халыққа жалынып едім, әке-шешем «өтірік айтады» деп, ешкім мені босатпады. Содан сорым қайнап, жылай-жылай үшінші жылға қалдым. Тағы шал мен кемпірдің қолында тұра бердім. Ол екі байғұс өз баламыз деп мені жақсы күтеді, жанын үзеді. Кейде «қарағым, сен неге күліп-ойнап жүрмейсің, әрқашанда ренжіп жүресің, не ойың бар, айтшы? Әлде тамағың аш па? Болмаса, киімің жаман ба?» – деп сұрайды. «Жоқ, ата, өзімнің мінезім солай», – деп айтпаймын, тек жүрем де қоям. Сонымен тағы бір жыл өткен соң елдің баратын уақыты болды. Дәл ертең барамыз дегенде: «Әке, мен бір жерге барып келем», – деп, кешке жақын кетіп калдым. Жігіттің келетін жолындағы белгілі тоғайға келіп, жасырынып, бұғып елге көрінбедім. Ертеңінде дәл түсте жігіт шаңды бұрқыратып келе жатыр екен. Алдынан жүгіріп шығайын дедім де, қой, оным асығыс болар, қайтқан бетінде жолығайын деп тұрдым. Баяғыдай өгізінен түсіп, елге кесені көрсетіп, қайтып барғаннан кейін кесені сындырып, жігітті өлтіріп, жылап-жылап зарлап болып, бір ақырып қалды. Отырған ел ағытқан қозыдай шаһарға қарай жөнелді. Олар кеткен соң жігіт те жөніне қарай қайтты. Жүре бергенде артынан жүгірдім. Тақай бергенде артына жалт қарап, қылышын суырып ала ақырып, маған тұра ұмтылды. Мен «бәрі бір өлетін адаммын, онанда осы менің қаныма сіз ортақ болып, басымды алып тастаңыз», – деп, басымды ұсына бердім. Таяу келіп, қылышын қынына салды да: «Бұдан былай жүрме, егер жүрсең басыңды алам», – деді де жүріп кетті. Мен қарап тұрмадым, артынан тағы жүгірдім. Барлық қаһарын тігіп алып маған қарсы шапты. «Басымды алып тастаңыз, ақыр өлем», – деп басымды ұсындым. Басымды шаппады, қайрылып жүріп кетті, мен де жүрдім, енді қайрылып қараған жоқ, жүре берді, мен де жүре бердім. Әлден уақытта бір үлкен күмбезге келіп кірді, артынан мен де келіп кірдім, келсем көк өгізді бір бағанаға байлап қойыпты. Үлкен сарайдың жан-жағы есік, төрдегі бір есіктен дауыс шығады, соған қарай аяңдап келдім, бұрынғыдай емес, бойым үйренді, қорқу кетті. Барлық мұратыма жеткен болып жүрмін. Әлгі үйге келіп кірсем, жігітім зарлап, жылап отыр, өзінен басқа адам жоқ. Есік аузында садақ ұстап бір адам тұр, түрінен адам шошитын. Сарайдың кірер аузында қорқып тұрдым. Жігіт жылап болып бір ақырып қалып еді, бір есіктен өңкей қара киген бір келкі жігіт кіріп, бәрі де төмен қараған күйі, өң жоқ, түс жоқ айнала отырысты. Оң жақта бір шымылдық құрулы тұр, оның ішінде бір қыз жатыр. Әлден уақытта бір ақырып қалып еді, бағанағы отырғандар қасқырдан үріккен қойдай топырлап кірген есіктен шығып кетті. Олар кеткен соң жігіт шымылдықтың ішіне кіріп, ой зарлап жылап еді дейсің, даусының зары қара тасты жібітетіндей. Мен үйдің ішіне кіріп отырдым. Мұның қалай деген ол жоқ, өз ісімен әуре. Жылап зарлап болып, көзін сүртіп, қыздың іргесінен бір жуан таяқты алып шығып, бір ысқырып қалып еді қылыш асынған бір-екі жендет жетіп келді. Қөк өгіздің төрт аяғына төрт қазық қағып, мықтап байлап қойып дүрені салды. Кейін өз қолынан жонына жүз таяқ және салды. Ол жарамай сынған соң, өгізді шалқасынан салып қойып және бір таяқпен бауырын тілгілеп, екі бүйіріне екі жүз таяқ салды. Өгіз өкіргенде құлындағы даусы құраққа шықты. Әрі-беріден соң өгіз шала жансар қалды. Төрт жүз таяқты салып болып өгіздің ауыз-басын торғын орамалмен сүртіп жіберіп кілемнің үстіне құс төсек салып, жатқызып қойды. Қайтып үйіне келіп отырды, аздан соң тамақ әкелді, оны ішіп болды да, мені қасына шақырып алып: «Кәне, шырағым, бейнет көрген адамға ұқсайсың, өлімге жанынды қиғандай тірліктен үлкен не арманың бар, айтшы?», – деді. Айтшы дегенде қуанғанымнан жылап қоя бердім. Мен өзімнің кім екенімді, басымнан кешкен уақиғамды бастан-аяқ қалдырмай баян қылдым. Көк өгізді жігіт: «Ой сіздікі ештеңе емес, құдай сені ертең-ақ жарылқайды, себеп менің уақиғамды біліп алып қайтасың, өмірі өлгенше қайғы жайлап кететін мені айтсаңшы», – деп сөз бастады.
– Мен де бір патшаның баласы едім, әкемнің ешбір перзенті болмай үш қатын алған екен. Ең, кіші қатыны, менің әжем, екі қабат болған уақытында, әкем баламның өміріне кітап ашып бер, бақытты бола ма, жасы ұзақ бола ма, қыз бола ма деп шаһардағы барлық бақсы-балгерді жиып алып сұрапты. Бақсылар кітаптарына қарап, балдарын ашып-ашып, бәрі де үндемейді, патша: «Неге айтпайсыңдар, не көрдіңіздер», – деген екен, сонда бір ішіндегі ғұлама үлкені: «Әйеліңіз ер бала табады. Атын Әшім қойыңыз», – депті. Онан соң он екі жасқа келгенше жер астына сақтаңыз, әйтпесе өмірі қысқа болады. Өзінің көргені бейнет болады деген екен. Әкем еркек бала деген соң қуанып, бірнеше жұмыскер жиып алып, жерден сарай жасатқан. Оны болған соң он екі жылға жететін азық үйдіріп, шешемнің айы-күні толған уақытында қанша даяршымен, мені оқытатын молла мен бәрімізді жер астына түсіреді. Шешем сол жер астында босанып, сонда асырап, сонда тәрбиелеп жүріп жатады. Мен іштеме білмеймін, кәдімгідей сейіл құратын жері бар, сарайы бар, жақсы оқып жүрдім.
Сонымен жасым он бірге келді, бір күні сейіл құратын жерге барып қыдырып әрі-бері жүр едім, жоғарғы жақтан бір болымсыз жарқыраған саңылау көрінді, әлгіні тамаша қылып қарап тұрып едім, әрі беріден соң алтын таққа мінген дүниеде теңдесі жоқ, бір сұлу қыз әлгі тесіктен түсіп қасыма келіп, мені алдына алып құшақтап, қысып-қысып оң бетімнен бір, сол бетімнен бір сүйді де қайтадан ғайып болып, жоқ боп кетті. Ешбір тұрағын білдірмей кетіп қалды. Ол кетісімен әлгі жерде талып қалыппын. Әрі-беріден соң көзімді ашсам шешемнің екі көзі бұлаудай, молда дем салып отыр, ғашық оты ішімді күйдіріп әкетіп барады. Не болды деп молда мен шешем сұрайды, айтуға аузым жоқ секілді. Әкеме хабар салып, жер үстіне алып шықты. Ат жетер жерден бақсы іздеп, еш бірі ем қыла алмай қойды. Ақыры шаһарымыздағы бір ғұлама қарап: «Бұл бала жазылмайды, бұл ғашық болған болу керек, пәлен шаһарда бір дәрігер бар, соның бір қарағанынан қалмайды, баланы сонда жіберіңіз, бәрі бір шақырғанмен ол келмейді, мен өзім бастап апарайын, дәрігерге қанша тарту сыйлықпен жіберіңіз», – деді молда. Мұны есітіп әкем пақыр мен жазылғандай болып қуанып, ырғап-жырғап жүргізді. Арада бірнеше күн жол жүріп дәрігерге келдік. Әлгі дәрігердің әдеті халқын жылында бір қарайды екен. Елінде жөнді ауру болмайды, адамды ажалға да талғап қана құдайдан қорыққаннан береді екен. Сонымен мен барған кезде елінің жиылып көрінетін уағы болып қалыпты. Шаһардан бес шақырым шамасындай жерде сарайы бар екен, соның алдына елі жиылып қаз қатар отырады екен. Өзі жалаңаш келіп, елді қарайды. Сол елмен бірге мен де келіп отырдым, дәрігер келіп, басынан төмен қарап-қарап, қайсыбіріне ауруың жоқ деді, әлдеқайсына бір жапырақ кағаз берді, қайсыбіріне дәрі берді, бәрі де оңалып тарап, кетіп қалды. Маған келді де бетіме қарап өтіп кетті, өзімнің түсім сарғайып, өңім бұзылып кеткен болуым керек. Анау қарамаған соң жаннан күдер үзіп, «өледі екем ғой» деп ойлап отырдым. Әбден ел тарап болған соң шал келіп, мені ертіп өз сарайына алып келді. Үйіне кіріп бір үлкен шкафка алып келіп, аузын ашып, астыма орындық қойды. Шкаф толған кітап: «Мынаны оқи бер» деді де, өзі кетіп қалды. Оқып отырмын, еш нәрседе шаруам жоқ, күн сайын тәуір болып келе жатқан секілдімін. Шүкір жаман емеспін, кітаптардың бәрін алты ай ішінде оқып бітірдім. Бір күні бір кітапты оқып отыр едім, ұстазым бір аурулы шалды алып келіп шалқасынан жатқызып қойыпты. Кітапты оқып отырсам кітапта: «Көсеу темірді отқа қыздырып, бісмілла деп, аурудың басына таяп апарсаң мойнына жабысып тұрған кенедей дерт темірдің басына жабысып шығады, темір ыстық болса, шал өліп кетеді» делінген екен. Әлгі өзімнің ұстазым шалды осылай емдегелі жүр екен. Ұстазым темірді ысытып алып кетті. Байқасам темір ыстық. Таяп, тиіп кетсе өліп кететін. Ауруға жаным ашып: «ата, өліп кетеді», – дедім. Сол-ақ екен темірді лақтырып жіберіп, шашын, сақалын жұлып, ойбай салып, үйден шығып, безіп кетті де қалды. Онда жұмысым болған жоқ. Жүгіріп келіп, темірді суытыңқырап жіберіп, аурудың басындағы дертін алып, тұрғызып қоя беріп, жүгіріп далаға шықсам, ұстазым жарылып өліп қалыпты. Бұл не деген ғажап болып кетті деп жүрсем, ол кісі, мынау өзімнен қалай асып отыр деп, күншілік етіп жарылып кетіпті. Сонымен шалды ақ жауып, арулап қойып, сарайларын аралап жүрсем, бір бөлмеде кішкене ғана бір сандық тұр. Ашып қарасам, ылғи дұғалық, ісми ағзам дұғасы. Әлгілерді қолыма алып, оқып көрсем, пері байлау шарттары бар екен, алып оқып, ойлап отырдым. Баяғы қыз осы періден шығар, бұларды байлайын деп, бір дұғалықты алып оқыдым. Әлден уақытта: «Жаным, бұл не қылғаның қырасың ба мұнша», – деп, жиылып келіп тұрған ылғи перілер. «Сендерде менің шаруам жоқ, патшаларыңның қызын әкелсеңдер босатам, болмаса бәрінді қырам», – деп едім, Жымыр деген бір ұшқын жіберіп патшаның қызын алдырды. Өзімнің неше жыл зарығып сал ауру болған Шахинорды есіктен алып келгенде, есімді білмей талып кеттім. Әлдене уақытта көзімді ашсам, баяғысындай алдына алып, су бүркіп отыр екен. Құшақтап, көрісіп, «жә, құдай, тілекті бердің», – деп мауқымды бастым. Байлаған перілерді босатып, некемді қидырып, осы сарайымды өзіме бөлек етіп салдырып, өзіме арнаған үйге кіріп сәт күні екеуміз қосылып жатқан едік. Сырт жағымнан бір дауыс: «Ой, ақымақ, тозаққа кетесің, қойныңдағы ісмиағзам дұғасын бері әкел», – деді. Байқағам жоқ, суырып бере салдым, қолына түскен соң таптыра ма, алды да кетті. Сөйтсем мені перілер алдап, аңдып жүреді екен. Өздерін байлайтын дұға қолдан кетіп қалды. Ана шымылдықтың ішінде жатқан қыз не өлі емес, не тірі емес шала жансар. Көк өгіз сол дұғалықты сұрап алған пері. Ұстап алып, жылында кегімді бір алам. Зарлап жылайтыным ана қыздың күйігі, сол пері тірілмейді, бұл дүниеде осымен қосыла алмай кеткенім-ау деп жылаймын. Халықты иіріп алатыным бәріде, менің осындай болғаныма қайғылы. Өзім барып жылап, зарлайтыным халыққа ашықтығымды білдіремін. Өлтіретін жігітім сол ұстап қалған перілерім. Жылында біреуін ел көзіне керсетіп өлтіріп қайтамын. Қайтып келіп дүре салатыным шыдай алмай кек алам. Торғын орамалмен ауыз-мұрнын сүртетінім жаным ашиды. Осы уақиғаға міне бес жыл болды. Содан бері тартқаным қасірет», – деп сөзін бітірді. «Енді ұлықсат беріңіз, исмиағзамды мен іздеймін», – дедім. «Жоқ, осы өнермен неше жыл мен де табалмай зарлап отырмын. Қор боласың, елге бар да ғашығыңды қуантып, мақсатыңа жет», – деді ол. «Жоқ, іздеймін, өлсем сізден артықпын ба?», – деп, дұғалықты іздеп жолға түстім. Қайда екенін ешкім білмейді, әйтеуір бетім ауған жаққа қаңғып жүріп кеттім. Бет алды сандалып жүріп, каңғып, еш дерегін білмей, қой, табалмай барғанша, өлгенім артық деп, бір тауға шығып, жар тастан кұлап, өлем деп тұрғанда, бір дауыс: «Ей, ақымақ, неге кетесің, ана бейітке бар, үш дәруіш отыр, соған барсаң мұратыңа хасіл болады», – деді. Мұнда келіп едім, сіздерді көрдім деді Мұратқан.
Екінші дәруіш
– Енді сіз сөйлеңіз, – деді үш дәруіштің әуелгі екеуі. Мұратқанның алдында келген адам сөзін бастады.
– Мен Жазира шаһарының патшасының баласы едім, әкем сонша жақсы-ақыл иесі адам болды, мен еркемін, жасым камалатқа толып, сейіл серуен құрып жүремін, қасыма ерген қырық нөкерім бар, «бұл жалғанда теңдесім жоқ», – деп ойлаймын.
Еш нәрсе ойыма кіріп шықпайды, бір күні серуенге шығып аң аулап келе жатыр едім, алдымыздан бір басы алтын, бөксесі күміс киік ойнақтап шыға келді. Құдай берді деп, алды-артымызға қарағамыз жоқ, бет бетімізбен қуып жөнелдік, киік қашып келеді, біз қуып, айқай салып келеміз, ештемемен жұмыс жоқ, есі-дертіміз киікке жету, ол жарқ-жұрқ етеді. Аттары шаршаған жігіттер бірте-бірте қалып жатыр, онда шаруам жоқ, есі-дертім киікті ұстасам деймін. Киік сонша қызықты, шіркін-ай, ұстап алып сарайымның ішіндегі бақшаға қоя берсем деймін. Атым жүйрік, болдырар емес, неше түрлі болып аспанға ұшып кетеді. Бір мезгілде артыма қарасам адам көрінбейді, бәрінін аты болдырып, қалып қойыпты, мен оны керек қылғам жоқ, қызумен киікке қызыға-қызыға қуып жүре беріппін, күн батуға таянған мезгіл еді. Киік те болдырды, менің атым да болдырып келе жатқанда, алдымыздан бір үлкен су кездесті. Бұған киік те келді, мен де келдім. Қайда барарын біле алмай секіріп суға түсіп жүзіп жөнелді, шыдап тұра алғаным жоқ, мен де түстім, әлден уақытта ол да шықты аржағына, мен де шықтым. Және қашып жәнелді, беті таяу тұрған бір тау бар екен, соған қарай тартты, мен де қалғаным жоқ. Таудың бір үлкен терең сайына қарап қашып келеді, мен де қуып келем, сайдың төр жағында бір көк күмбез тұр, киік келді де соған кіріп кетті. Артынан келіп, атымды байлап тастап мен де кірдім. Келсем дәнеме жоқ. Екінші бір есіктен қарадым, іш жағын неше түрлі етіп безеген екен, кірсең шыққысыз бір сарай. Соның дәл төрінде киік сұлап жатыр, оның басында ақсақалды бір шал жылап отыр. «Сені кім осындай қылды, жануарым, құдай, оны да сендей азапқа салсын», – деп отыр екен. Екінші бөлмеге қарасам оң жақ қабырғада бір шымылдық құрулы тұр. Аржағында, ай десе ауызы, күн десе көзі бар, қара қасы қиылып бір қыз отыр. Көзім түскен кезде, бойымнан тағат кетіп жан тәніммен ғашық болып, «Ей, сен не қылған адамсың?» – дедім. Үндемейді, жымия қарап көрген сайын сабырымды алып барады. Жақын келіп: «Ой, сен не деген жансың, не ғып отырсың?» – дедім, үн жоқ бедірейіп отыр. Үндемегеніне ызаланып: «Жаным-ау, неткен жансың, жөніңді айтсаңшы», – деп, дәл қасына жетіп келсем сурет екен. Не болып кеткенімді білгенім жоқ, сурет болса да есім шығып талып кетіппін. Суретті құшақтап, зарлап, жылап отыр едім, жасы алпыс-жетпіс мөлшерінде, бір қарт адам кіріп келді де: «Әттеген-ай, жас басынан мына дертке қайдан душар болып қалды, сорлы бала, мұнда не шаруаң бар», – деді.
– Бәрібір ол сенің қолыңа түспейді, ғашықтық дертпен өлгеннен басқаң жоқ, – деді ақсақал қасыма келіп, жылап отырып:
– Ата, – дедім, – құдай үшін маған жөн-жобасын, қай түрлі екенін айтып көрсетіңіз, – дедім шалға.
– Шырағым, мен шал емеспін. Биыл жасым жиырма сегізге шығады, осы қыздың әуресімен шашым, сақалым ағарды. Менің балалау кезім еді, жиырмаға жетер-жетпес уағым. Ром шаһарына барып келе жатқанда, бір сәнді салтанатты үлкен шаһарға кез келдім. Шаһарға таяп келіп қасына қондым. Күн ыстық, түс мезгілі еді. Шатырды тігіп тастап жатыр едік, аздан соң бір жігіт келді, сол шаһардікі екен, әдемі, еркек затқа бітпеген пішіні бар, періште десең болады. Ат үстінде тұрып, «Жолдарыңыз болсын, қай жердікісіз», – деді. «Айтқаныңыз келсін, Ром шаһарына барып келе жатқан керуенбіз», – дедім. Үш-төрт жас менен кіші: «Ағай, бері келіңізші, сізде бір шаруам бар еді, – деді. Бұрын көріп білген кісім емес, бірдеме істегелі жүр ме деп қорқақтап, бөгежектеп едім: «Қорықпаңыз, мен де адам баласымын не қылар дейсіз», – деді мұңайып, жіңішке дауыспен майдалап қана. Қасына бардым. «Ажарыңыз тәуір болған соң сізге бір іс тапсырайын деп келдім. Бармасаңыз айтпаймын», – деді. «Айтыңыз, түріне қарай барамын», – деп едім, ол: «Мойныңызға алсаңыз айтам, әйтпесе айтпаймын, нәсіліңізді көргесін сіз орындай алады деп келіп отырмын», – деді.
– Жарайды, енді айта ғой тәуекел, барайын, – дедім. Қалтасынан бір сөз жазған хат алды да, мына хатты сонау ақ мұнараның ішінде, сегіз патшаның санаты отырады, сол күмбезге барыңыз, күн батыс жақтағы есіктен кірсеңіз кішкене көше бар, соның жан-жағында бөлек-бөлек есігі болады, аузында күзетші, кісі көрсе атады, сіз соларды көргеннен қолыңызды көтеріп барыңыз, қасына барған соң хатты көрсет, сізді нұсқап жібереді, сонан оң жақ қабырғада үш есік болады, сіз соның екеуінен өтіп, үшінші есікті ашып тұрсаныз төрінде аяқ, қолы шынжырлаулы бір арық жігіт отырады, мына хатты сол жігітке беріңіз, беріп, қолына тиген соң жарты ауыз сөзге келмеңіз, тез кейін қайтыңыз.
Осыны істегенде, шапшаң тез барыңыз, егер жауапқа келемін деп бір минут кешіксеңіз сіз бұл дүниелік адам болмайсыз. Басыңыздың қалай кесіліп қалғанын біле алмай қаласыз», – деді. «Мен қызбын, әкем бермеймін деп, ұстап отырған менің ғашық жігітім еді», – дейді. Мен қызбын деп айту мұң екен, жан-тәніммен ғашық болдым. Жүрегімде сабырлық қалмады. Мен осындай халге душар болды деп, ішкі сырымды айтқым келіп еді, бірақ мұның хатын апарып, әуелі оның ішкі сырларын біліп алайын деп ойлап, «құп болады» деп, хатын алып жүріп кеттім. Айтқанындай ақ күмбезге келіп, көрсеткен есіктен кірдім. Мен кіріп келсем, үш есік тұр. Төргісінің аузын ашып қарасам, бір жігіт отыр, аяқ-қолы шынжырлы. Нұсқасына қарасам, адам баласының жаны ашитын, арықтығы-аржағынан сүйектері көрініп тұр, бір түрлі мехнат көріп отырған адам. Түрін қарап тұрсам, құр қу сүйекті құрап қойған секілді. Не қыларымды білмей, осыны істеген адамды, шамам келсе, отқа итергім келіп қаным қайнап, жөнін сұрайын деген оймен хатты қолына беріп: «Жаным-ау, мұнша саған не болды» деуім-ақ сол екен, дүние жүзі қозғалғандай шатыр-шұтыр етіп, зілзала орнағандай болды. Не екенін білмеймін өліппін деп қалыппын, сонан кейін көкте екенімді, жерде екенімді білмеймін. Бір уақытта кішкене есім кірейін депті, қозғалуға дәрмен жоқ, өне бойым ұсатылып қалған, қимылдатпайды, басым зеңеді. Байқасам мүшелерім өзімдікі емес секілді. Жан-жағыма көз жіберсем өзімді табытқа салып, көтеріп жүр. Өне бойымды қызыл қан жауып кеткен, жатқан жерімде қара құрттай кісі қаптап жүр, басым быт-шыт болып жарылып қалыпты. Бұл қалай деп сұрайын десем, шамам келетін емес, көтеріп жүрген адамдарға: «мені бір оңашалау жерге апарыңыздар», – дедім. Іздеп келіп алатын жолдастарым, қайда екенімді білмей жүр ғой, әлде мынадан қорқып қашып кетті ме екен деп те ойлаймын. Әйтеуір топтан шеткері бір жерге алып келіп, табытыммен қойды, ептеп байқасам бұрынғыдан көрі есімді жиып қалыппын. Топтың ортасында биік құрылған табыт тұр, үстінде бір өлген адам жатыр. Астында бір еңгезердей әдемі жігіт, басында айық қалпақ, қолында қос желек найза, үстіне киінгені торқа сауыт, мойнында садақ, екі көзінен жас ағып: «бауырым-ай, тыянағым-ай, жүзіңді көріп, ауыз екі қоштаса алмадым-ау», деп зарлап, найзасына сүйеніп жылап тұр. Сонша көп халық табытты айналып жылап олар да тұр. Тұруға шама жоқ, бір кісіні шақырып алып, «мынау не уақиға» деп сұрадым. Ол адам жайланып, жаныма отырып, мұны сұрасаң айтайын деп, бетіме қарады да: «анау табытта тұрған жігіт, бағанағы өзің хат апарған жігіт деді. Сен сөйлеспей бере салып, кейін қайтқанда адам білмейтін еді. Ешкімді сөйлестірмеуге ешкімге көрсетпеуге патшаның қойған адамдары сенің даусың шыққанда соғып кетті. Қыздың дұғасы бар деп айтуы да сол еді. Анау өлген жігіт патшаның баласы. Және оның інісі де патша. Бірақ бұл патша болғанда арық жігіттің әкесіне қарайды. Қыз сол кіші патшаның қызы. Інісі ағасын өлтіріп, орнына үлкен патша болсам-ау деп жүреді екен. Бір мезгілдер болғанда, ол есебін адамға сездірмей, бір мыстан кемпірге ақы беріп, ағасын өлтіртіп, мұра менікі деп, баласына бермей ағасының орнына патша болды. Сонымен ол жүріп жатты. Екеуінің әкесі бір туысқан кісілер болса да қыз жігітке ғашық, жігіт қызға ғашық. Мұны бір күні қыз әкесі сезіп қойып, «екі тозақы, бұлар шариғатқа қисық іс істеді, және мені халыққа масқаралады, патша қызы інісіне ғашық деген әңгіме елге жайылды, мұны жөншілікпен өлтірмей масқаралап өлтірейін» деп ойлады. Ақыры жігітті шынжырлап қысып ұстады. Сөйтіп ешбір айла таба алмай қыз жүре беріп, ешкім білмейді, сырттың адамы деп, сені жіберген еді. Өзің сөйлесем деп мына бейнетке ұшырап жатқаның, жаңа сенің сөйлескеніңді қыз әкесі патша біліп, жігітті дарға тартып жіберді. Сол екі ортада арық жігіттің бір апасынан туған жиені болушы еді, бетіне жан келмейтін мықты батыр болған еді. Бір күні түс көреді де, халқына «қару-жарақтарыңды алыңдар, менің нағашым бір пәлеге кездесті, соны біліп қайтам» деп, іздеп келген еді, мынау арық жігіттің өлген үстінен шықты, келе айқай салып араласып берді. Сол жерде дар басына жиылып тұрған халықтан біліп, патшаның басын алып, нағашысын анау мұнараға салып, өзі астында жылап, зарлап тұр. Қыз Күләнда әлгі батырдың қасында бір талып, бір тіріліп отыр», – деді бөтен адам. Сөйтіп отырғанымда баяғы өзімнің көрген жолдастарым жылап, шулап, мені тірі тауып алғанға өздері қуанып, мені сол табытыммен көтеріп қосқа алып келді. «Кәне, енді біз жүрейік, өстіп отырып осылардың бірдемесіне ілініп кетерміз, қайтайық», – деді жолдастарым. Менің онда жұмысым жоқ, есі дертім Күләнде, енді бір көріп сонымен сөйлессем деймін. Күләндамен сөйлессем бе деген оймен ақырында жігіттерді тоқтаттым. Екі-үш күн өткізіп, жараларым тәуір болды. Соның жүзін көрейін деп, шаһарға таман аяңдап келдім. Сұрастырып білсем, батыр жиен бір бөлек алтын сарай салдырып, соған қызды бөлек күттіріпті. Жан-жағын қоршаған әскер. Мұнан күдер үзген соң қайтерімді біле алмай, сандалып келе жатып, енді әуре болмайын, себеп – ол менің қолыма енді түспейді, мұның суретін алсам да болар деп ойладым. Күләнда қыз көк күймелі пәуескемен келе жатыр екен, күн ыстық, пердесін ашып, мені көріп, атын тоқтатып тұрып: «Әй, жігіт, сен сөйлеспегенде өлмейтін еді ғой, бірақ та жазу осылай шығар, сен де қас қылған жоқ шығарсың», – деді. Сонсоң мен жылай бердім. Ол «неге жылайсың» деп сұрады. Өз қалымды айтып ем: «Ой, бейшара, әуре болма, батыр білсе, екеумізді де өлтіреді, онан да өзің бар да еліңді тап», – деді. «Ең болмаса суретіңді берсеңші», – дедім. «Ендеше, алтын сарайдың батыс жағына бар да тұр, қазір мен де барамын», – деді қыз. Келіп тұрдым, әлден уақытта, күн батар мезгілде қыз келді. Көрді де бір нөкерін шығарып алып, үйдегі менің суретімді әкеп берші деді. Нөкері алып келіп маған берді. Сосын Күләнда қош айтысып, сарайға кіріп кетті. Жылай-жылай мен қайттым. «Ана тұрған сол қыздың суреті, – деді шал. Ол үшін әуреленбе, ала алмайсың, өзің жазым боласың, қайт», – деді. Мұны естіп, тағы жалынып, зарлап: «Ататай-ау, рақым қылсайшы, мендей құрбыңа жөніңді айтсаңшы, барайын», – деп шалдың аяғын құшақтап жалындым.
– Тоқта, – деді бір уақытта, сенің зарың менің сүйегімді сырқыратты, енді айтайын. Шал мені ертіп биік таудың басына алып шығып, жөнін көрсетіп: «Осымен тоқтамай жүре бер, алдыңнан бір үлкен көл, жайқын су кездеседі, сонан аман өтсең еліне барасың, – деді. Егерде осы жолмен жүріп отырып суды тапсаң сол суда менің астылы-үстілі байлап қойған кемем бар, соған мін, және батысқа қарай аға бер, басқа жаққа бұрылсаң ғұмырыңда табу жоқ», – деді. Мен бәрін сұрап алып, «құдай енді өзің оңғар» деп, жолға түсіп, жүріп кеттім. Шалдың көрсеткен жолымен тура аман-есен суға келдім. Суды жағалап жүріп кемені тауып, біраз осы жерде тынығайын деп үш күн жаттым. Төртінші күні жүрмек болып, кемені дайындап, суға түсіп кете бардым. Күн батысқа жүріп, кемені айдап келе жатыр едім, күн бұлттанып жел тұра бастады. Дауыл соқты. Мен кеменің астыңғы қабатына түсіп алып жаттым. Әлдене уақыт жел шығып, судың жүзі боранша көпіріп, толқын таудай болып, кемені айдап жөнелді. Біресе аударып, біресе домалатып жүріп келеді. Менде ес жоқ. Кемесімен суға кетем ғой деп жылап қорқып, жанымменен қош айтысып жүріп келемін. Бір мезгілде жел басылғандай болды. Кеменің үстіңгі қабатына шығып қарасам, қалай кетіп бара жатқаным білінбейді. Дүние жүзі көкпеңбек су, дүниенің ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейді. Мен жылап-еңіреп, «мына судан енді шыға алмай өлгенім ғой, Күләндам жүзіңді бір көре алмай кеткенім бе» деп, ботадай боздап жылай бердім. Бір уақытта жел қайта көтеріліп, таудай толқындар кемені аударып төңкере бастады. Мен сорлы тағы кеменің астыңғы қабатына кіріп жатып алдым. Кемені толқын тербеп айдап, сырғытып келеді. Осымен судың бетінде жеті күн жүрдім. Әлдене уақытта кемені жел айдап жағаға алып келді. Қуанып, секіріп түсіп, кемені байлап тастап, қырға шығып, жүгіріп келе жатырмын.
Көздің ұшында шаһар көрінеді. Биік ақ мұнарасы бар. Жүгіріп шаһарға келдім. Келсем адам жоқ, бір түрлі сәнді шаһар. Бұл не шаһар деп, аралап келе жатып ортасында күнше зейнеттеп салған сарайды көрдім. Айналып жүріп бір жақ есігінен ішіне кірдім, сарайдың асты-үстінде адам айтқысыз алтындаған құрулы тақ бар екен. «Ей, тәңірім, бұл шаһардың адамдары, малы, жан иесі қайда кеткен, апат келіп қырылды ма екен, болмаса қалпымен жолаушылап кетті ме екен» деп тұрып, тақтың үстіне шығып, өз елімдегі патшалық өмірім ойыма түсіп, масаттанып отыр едім, әлдене уақытта даладан дауыс шықты. Не дауыс екен деп есім шығып, далаға шықсам шаһардың іші толған маймыл. Мен есімнен айрылып талып кеттім. Менің үніммен маймылдардың жұмысы жоқ. Мені көріп қалып, шуласып, «құдай берді, мынаны патша қылып аламыз, жез тырнақ бізге тимейді» деп шырқырасып жатыр. Бір мезгілде көзімді ашсам бетіме су сеуіп отырған ылғи маймыл, тағы не пәлеге жолықтым деп зарлап, мен жылап өсиет айтып отыр деп ойлапты. Мен зарлап, жылап болған кезде маймыл көтеріп алып келді. Тақтайда жазу бар екен, әкелді де менің қарсы алдыма қойды. Бұл не нәрсе деп тамашалап қарап тұр едім, жазылған сөз мынау екен: «Бұл шаһарға келген адам баласы осындағы жазу бойынша, маймылдарға патша болып тұра береді. Егер кетем деп ойласа, өмірін қорлықпен шірітеді. Шыдамай кетем деп күн шығысқа қарай жүрген адам жез тырнаққа кез болады, оңтүстікке жүрген адам кісі етін жейтін адамға кез болады, солтүстікке жүрген адам шегі жоқ су болады, осы маймылдарға патша болып тұрса, ақиретте ақ жүзді иманды болады», – деген. Ақырында мұны жазған мен Сүлеймен пайғамбармын деп қол қойған. Мына жазуды оқып мен тағыда талып кеттім. Өліп кетті ме деп маймылдардың есі шығып, шуылдап, су сеуіп тағы тірілтіп алды. Бір уақытта маймылдар өзі сойып жесін деп, бір семіз қой берді. Неше күн су бетінде жүріп, қарным ашып қалған екен. Маймылдардың енді қастық қылмайтынына көзім жетіп, қойды өз қолыммен сойып, бұзып, қазанға асып жедім. Сөйтіп мен маймылдарға патшалық әмір ете бердім. Түн болса маймылдар, жатсам да маймылдар айналамды қоршап ұйықтайды, қашып құтылу қиын-ақ. Таң атып, тамақтанып болған соң бір итті ерттеп, мені мінгізіп алып, ертіп жүрді. Күн шығысқа қарай келе жатырмыз, сәске мезгілінде бір үлкен дарияға келдік. Сол күні жез тырнақтар маймылға шабуыл жасайтын күні екен, әлдене уақытта жезтырнақтар қара құрттай қыбырлап келе жатыр. Маймылдар мені шыр айналып, тығылып, шулап түрды. Жезтырнақтар таяп келіп, мені көріп, маймылдарға тие алмай иіріліп тұрып қалды. Маймылдар қуанып, «адамзаттан патшамыз бар» деп, жезтырнаққа көрсетіп, жүгірісіп жүр. Егер адамзаттан патша қойса, жезтырнақ тимейді екен. Олар иіріліп тұрып-тұрып тарап кетті. Түс болған соң біз де шаһарға қайтып келдік. Күндіз-түні уайым қайғы, қалай кету есебін таба алмай жылаймын да отырамын. Бір күні ойланып отырып, қой, бүйітпейін, халқымды аралайын деп, бұларға әмір қылайын. Сонан соң өздерінен өздері әуре болып кеткен кезде қашайын деген ойды ойладым да халқымды жиып алып, мен алыста жатқан елімді аралаймын деп, жүйрік итті ерттетіп, мініп алып, ел аралауға жүріп кеттім. Құмырысқа жақтағы бір маймылдың аулына келіп қондық. Патша келген соң есі қалама, арақ-шарапты жинап, малды сойып, естері шығып шуласып жүр. Сөйтіп отырғанда мен барлық жұртты жинап алып, арақ-шарапты ішкізіп, түгел мас болған кезде итке мініп алып, қашып жүріп кеттім. Мастықтары қайтып, естерін жиған кезде, олар тұрып мені іздейді. Кетіп қалғанымды біліп, барлығы жиылып, ой-байлап, жыласып, енді өлдік деп шулап, иттеріне мініп алып, менің кеткен ізіме түсіп алып, қуып береді. Олар қуып, жақындап келе жатқанда мен де жаңа ғана құмырысқаның жұртынан өттім. Құмырысқалар жалғыз мені байқамастан алдында шырт ұйықтап жатқан еді. Мына қуған маймылдардың дүбірімен оянып, көріп, әдейі өз жұртына іздеп келген жауды аясын ба, қарсы шығып соғыс салды. Мұны көріп, маймылдар мені қууға шамасы келмей құмырысқалармен соғысып қала берді. Мен сол жүргеннен жүріп, тоқтамай үш күн, үш түн жүрдім. Тынымсыз жүрген ит онан ары жүруге жарамай болдырып, өлім халіне келді. Берейін десем түк тамақ жоқ, енді қайтерімді білмей, я құдай, мен ғаріпті осынша неге аямадың деп уайымдап отырдым да, «қой, бүйтпейін, мұнымен отырып өліп қалармын, жүріп тіршілік қылайын» деп, итті тастап, жаяу қаңғып жүріп кеттім. Көп жүрдім. Ел-жұртымның бетін көре алмадым. Ылғи шөл, жапан дүз дала. Әбден халім бітіп, өлудің аз-ақ алдында болып келе жатыр едім, алдымнан бір биік тау көрінді. Соған аяңдап келдім. Басына шығып қарайын, жан-жақтан не көрінер екен деп ойлаған едім, әлім бітіп, шаршап, қалай шығарымды біле алмай тұрдым. Дәл тұрған жерімнен бір биік тас көрінді. «Қой, бүйтіп ит жемеде өлгенше, мына тастан құлап өлейін» деп, енді секіргелі тұрғанымда, арт жағымнан бір дауыс: «Ей, ақымақ, имансыз неге өлесің, онан да анау бейіттің ішінде екі дәруіш отыр, соған барсаң мұратыңа хасыл болады», – деді.
Мұнда келіп едім, мына екеуіңді көрдім», – деді.
Үшінші дәруіш
Мен де бір патшаның баласы едім, әкем сонша қаһарлы, алдына еш адам келмейтін түсі суық адам еді. Сол кісіден мен жалғызбын. Және бір қарындасым бар. Басқа ұл туысым жоқ. Сайран етіп, сауық құрып жатамыз. Еш уайым жоқ. Қасыма ерген нөкерлерім бар. Күнде сауық. Әкемнің қартайған уағы еді, бір уәзірі бар, ол да халыққа қадірлі, бірақ қатаң мінезді еді. Бір күні әкем ауырып, үш күн жатып, дүниеден қайтты. Өзім жас, әкем өлген, уайым-қайғымен қараланып мен жүрмін. Шешем тәуір кісі еді. Бір күні: «Балам, өлгеннің соңынан өлмейсің, осы елдің түрі жаман, түбінде ертерек мына әкеңнің орнына отыр, өйтпесең ана уәзірдің мәнезі жаман, аударып алып, таққа отырар да сені қаңғытып жіберер, онан бұл ұялатын кісі емес. Саған менің ақылым», – деді шешем. Мына сөзді түсініп, елімді жинап алып:
– Ай, халқым, әке өлсе балаға мұра деген еді. Мынау әкемнің орны бос тұрмасын, – дедім елге. Анау-мынау деп отырғанда уәзір сөз бастап еді, отырған ел соны мақтады. «Патшаны енді көп болып, тас салып сайлаймыз, мен болам деген кісінің бәрі де патша бола берсе, елдің бәрі де патша болар», – деді ол. Анау-мынау деп едім, елдің беті ауып кеткен екен, сол жерде табан аудармай уәзірді патша қойды. Уәзір мені сол сарайдан шығарудың қамына кірісті. Жас болсам да жөншілікпен шығам ба, тартыса кеттім.
Ақырында уәзір қойған жоқ, өзімді қорлықпен масқаралап айдап шықты. Сонымен не қыларымды білмей, сандалып жүрдім. Сол әкем патша болып тұрғанда бір досы бар еді. Бір күні жылап соған келдім. Ол мені көріп жылап, «қайран, шырағым Зейнел-ай» деп, құшақтап, біраз тұрып, шешем, қарындасым – бәрімізді үйіне ертіп келді. Отырып:
– Ей, Зейнел, әкеңмен құдай дескен дос едік. Сен мына халге ұшырап қалған екенсің. Әкең тірі уағында бір перінің патшасымен дос еді, соған жылда бір барушы еді, барғанда мені қалдырмай алып барушы еді, сонда пері айтушы еді, осы сурет қырыққа толса, не болам десе боласың, кімде қандайлық кегің болса, соны қалайда аласың деп еді, сен соған барып мына болған халіңді айт, әкеңмен достығын айт, сонан соң анау қалған маймылдың суретін сұрасаң берер, мен соған ертіп барайын, – деді.
Әкемнің досы екеуміз жүріп отырып, бір күндерде періге келдік. Күтіп алды. Сонан соң болған халді айттым, әлгі пері патшасы отырып, басын шайқап:
– Балам, сені қайдан білейін, ешбір сырыңды алғаным жоқ, әкең адал достыққа жарайтын жақсы кісі еді, – деп отырды да, жарайды, әкеңмен дәмдес болып едім, бір рет сынап, берейін. Мен адамзат патшасы Онзила шаһарының қызына ғашық едім, мен соны тартып алам деп барғанымды біліп елі исмиағзам дұғасын оқып жолатпай қойып еді, сонан не істерімді білмей отырмын. Не ықтиярымен бермейді, соны қас қылмай әкеп берсең маймылдың суретін берейін, – деді. Пері патшасы соны айтып, қолымызға: «мынаумен іздейсіңдер» деп, бір қыздың суретін берді. Қарасақ көрген адам жолында өлетін.
Суретті алып, патшаның ғашық қызын іздеп кеттік. Көрсеткен жөнімен іздеп, неше күн жүріп келе жатыр едім, елсіз далада иығына қоржын салған бір қайыршы шал кезіге кетті. Сәлем беріп жөн сұрады:
– Балалар, мен сол шаһардікімін, – деді. Қайыршыдан мына жақсылық хабарды естіген соң, мен тұрып:
– Е, ақсақал, қайырсыз мың тенге аласыз ба, жоқ қайырлы бір теңге аласыз ба? – дедім. Қайыршы:
– Қайырсызды не қылайын, қайырлы бір теңге беріңдер, шырақтарым, – деді. Сол жерде қайыршыға бір ділдә беріп, жүріп кеттік. Жөнін сұрап, бір мезгілде шаһарды тауып алып, күн кешкірген уақыт, шаһарды аралап келе жатыр едік, шаһардың орта тұсында бір үлкен алтын сарай тұр екен. Бір жағы құлаған, ішінде бір шал, бір қыз отыр. Келсек бағанағы қойнымыздағы суреттегі қыз. Көңіл шат болып, осында қонайық деп келе жатсақ, отырған шал бағанағы өзіміздің қайыр берген шалымыз. Аттарымызды байлап тастап, «ассалаумағалайкүм» деп кіріп келдік. Көргеннен-ақ тани кетті. Бәрі де, жылап отыр. Шал қалбалақтап:
– Жоғары шығыңдар, балалар. Жолдарың болсын, қарақтарым, сендердің, бір ділдәлерің, қайырлы, берекелі болып, бүгін соған көп нәрсе алдым. Мына балам қуанып көп алғыс айтып отыр, – деді. Алла сендердің жолдарыңды қылар, біз де мүсәпір адам едік, – деді. Сонда қуанып отырып, қасымдағы досым сөз бастап, пері патшасы жібергенін айтып, қызды сұрады.
Шал мына сөзді естіп, жылап сөз бастады:
– Балалар, мен заманымда патша едім. Қапыда құдай тағала мына күйге салды, сол пері лағнет келіп, соғысып, мал мүлкімді талауға салып, көп қинау көрсетті. Мен де патшамын, жөншілікпен қызды бермедім. Енді күллі елді бүлдіретін болды. Сонан соң молдалар жиып, періге ем мынау болады деп, бәрі исмиағзамның дұғасын оқыды. Әрі беріден соң албасты секілді басып отырған пері әскері бір сағатта кетіп бітті. Кетсе де тыныш кеткен жоқ. Осылайша өзімізді ғарып қып, мына сарайдың бір жағын бұзып, барлық адамдарымызды жылатып кетті. Сонан бері осы халмен күн көріп жатырмыз. Сіздердің кешегі берген ақшаларыңыз өзім осы халге келгеннен бері көрген қайырлы нәрсем болды.
Енді, балалар, сендерге не айтам, өзім мына халде отырмын, заттарың тәуір керінеді, періге осы баламды бермеймін деп, түсіп отырмын ғой, қалай қып аласыздар, өстіп отырып бұл баламды енді жылата бермейін, құдай алдынан жарылқасын, – деді шал. Осы күні сол сарайда болып, ертеңіне қызды алып келе жатырмыз. Мен қызға жан-тәніммен ғашықпын. Жоқ жерде өзімнің ғашық екенімді қызға айттым. Қыз Шарбану:
– Мен қайдан білейін, менде не ерік бар, мені не қылғалы алып келесіздер, – деп, ауыр күрсініп жылады.
– Жаным Шарбану, мен сендік, енді ешкімге бермеймін, ықтиярмысың, – дедім.
– Ондай күн болатын болса, өз нәсілімнен қайда барам. Амал жоқ, ерік кетіп келе жатырмын. Онда да мен қанша баянды болып тұрар дейсің. Құса болып өлем. Нәсілің адам, пері емессіз ғой, сізге мен де ғашықпын, не қылсаң да ықтиярмын, – деді.
Шарбану сүйтіп тұрғанда бағанағы досым келіп:
– Ой, ақымақ, былай жүр, есітіп пе ең патшаның айтқан сөзін. Қастық қылма дегені қайда. Бұған қатысып алып, берсең, сен де, қыз да, мен де бұл жиһанда болмаймыз. Есің жоқ, біз ана қалаған маймылдың суретін алсақ барлық мұратқа жетеміз жолаушы болма, – деп ұрсып, қуып жіберді. Енді таң атып бұл қонған жерден жүріп кеттік. Ертең мен қыздың қасына келіп, әртүрлі сөз айтып отыр едім, досым және келіп ұрысты. Мен әрі-бері көнбей:
– Маған енді маймылдын суретінің керегі жоқ, осы Шарбануды өзім алайын, – деп айтып едім, досым маңға отырғызбады.
– Бұл жерде әзір ақымақтық қылма, суретті алсақ, осы мұраттың бәрі де болады. Мен өзім бәрін де орындаймын, – деп қызға жолатпады. Осымен келе жаттық. Енді екеумізді аңдып жақындастырмады. Ішімнен қан өтіп мен жүрмін. Ақырында аңдушыны, алдаушы жеңеді деген ғой, бір қапысын тауып, Шарбанумен қосылып қалдым. Оны досым біліп қалып, ойбай салып, сен бүлдірдің, енді бізге түк жоқ, – деп, жер теуіп ұрысты. Мен досыма жалынып: «Ей, ағатай, маған жаныңыз ашыса, осы Шарбануды өзім алайын, енді маймылдың суретінің керегі жоқ», – деп зарлап жыладым.
Олай-бұлай айтып едім болмады. Зарығып жылап жалындым, болмады. Ақырда менің көңілімді қимай айтты:
– Жарайды, енді тұра-тұр, осы перілердің мұрнына исі келсе, жоламайтын бір дәрі болушы еді, кінә өзінен болсын, оның исі мұрнына келсе, Шарбанудан безіп кетеді, тастайды. Сонан кейін қызды да аламыз, маймылдын суретін де аламыз, – деді. Сонымен қыз Шарбанудын қолына дәрі жақты. Бірнеше күн жол жүріп алып келді. Сонан соң бізді бір бөлек үйге әкеліп кіргізді, қызды онаша бір үйге апартты. Тамақ ішіп болған соң, досымыз екеумізді қыз отырған үйге әкелді. Әр-беріден соң Шарбанудың қасына барып еді, иіскелеп тұрып шошып, секіріп шықты. Сүйтіп біздің қасымызға келіп, ақырып:
– Батшағар, сен неше келіп, менің неше түрлі сырымның бәрін білгенсің. Антұрған, саған мен көрсетейін, – деді. Маған келіп: «Ей, оңбаған, адалмын, дос болам дейсің адамзат опасыз келеді» деп, екеумізді жаққа екі тартып еді, дүние жүзі зілзала орнағандай шақыр-шүқыр етіп астан-кестен болды. Мен өліппін де қалыппын. Сонан кейінгі халдің не болғанын білмеймін. Бір уақыттар болғанда көзімді ашсам ел жоқ, күн жоқ, бір меңреу cap далада жатырмын. Досым да жоқ, қыз да жоқ, перінің шаһары да жоқ, не жер екенін біле алмай естен танып, жынды кісіше біраз отырыппын. Аздан соң есімді жиып алып, бір таныс жер табылар ма екен деп едім, жердің бәрі жат, әкеден, тәж, тақтан, ел-жұрттан айрылған былай тұрсын, бәрінен мынау өтіп кетті. Ыза мен дерт ішке симай жылап: «Я, құдай, неңді алдым, осынша жас басымнан ғарып қылғандай, енді мынау күйікті тарттырғанша, ал құдай деп, ызаланып, жылап жатып, ұйықтап кеткен екенмін. Түсімде әкем келіп айтады: «Шырағым, ренжіме, Алланын жазуы осы, осыдан аумай бетінді күн батысқа қойып жүре бер. Алдыңнан бір биік зеңгір тау керінеді. Соның батыс жақ етегінде бір бейіт бар, соған барсаң барлық тілеуің қабыл болады», – деді. Сонан еш нәрседе жұмысым жоқ, қатты қуандым. Түсімдегі аян бойынша жобалап жүріп келсем, бейіт тұр екен. Ішіне кірсем мына кісі жалғыз отыр екен деп, сол жақтағы біреуін көрсетті. Өзге отырғандар:
– Жарайды, бұл осымен тоқтасын. Енді сіз айтыңыз, – деді бәрі ең алғашқы келген біреуіне. Ол сөзін бастады.
Tөртінші дәруіш
Төртінші дәруіш отырып:
– Мен бір уәзірдің баласы едім. Әкем ағалы-інілі немере еді. Екеуі де уәзір еді. Екеуі өлердей дос, сонша жолдас, бір-біріне жанын қиятын еді. Екеуінде де бала болмапты. Сүйтіп жүргенде аруақ жар болып, екеуінің де кейінгі алған қатыны жүкті болыпты. Өте қуанышты, шаттанып жүріпті. Менің әкемнін аты Фазыл еді, анау уәзірдің аты Қамза еді. Бір күні, менің әкем Қамзаны қонаққа шақырып, кеңесіп отырып, екеуміздің де әйеліміз жүкті болды, екеуі бірдей ұл тапса, нұр үстіне нұр, екеуі бірдей қыз тапса, онда керегі жоқ, егерде екеуміздің әйеліміз бірі ұл, бірі қыз тапса, қосайық, – дейді.
«Ата-ененің жоралғысы, менің әйелім ұл табады, сенің әйелің қыз табады деген сөз емес қой», – дейді, менің әкем отырып. Қамза отырып айтады: «Бұл дұрыс сөз, осы сөз менің де ойымда бар еді, бір айтайын деп жүр едім», – дейді. Осыған екеуі де сөз байласып қояды. Бір күндер болғанда, ай-күндері жетіп екеуі босанады. Менің шешем ұл табады, Қамзаның әйелі қыз табады. Ол қыз тапты деп ренжімейді, әйтеуір перзентке зар болып жүрген адамдар қатты қуанып, неше күндей ұдайы той қылады. Сонымен екеумізді тәрбиелеп жүреді. Екеуміз де сұлу, көркем болыппыз. Менің атымды Хасен қойыпты, қыздың атын Күлзайра қояды. Сонымен екеумізді бір жерге күтіп, бір жерге асырайды, көз тиеді деп жасырып асырайды. Осымен бірнеше уақыт өтіп, бес жасқа толған соң молдаға береді.
Оқып жүрдік, тәуір ғылым иесі болдық. Бір күні менің әкем отырды да:
– Ұлы жоқ адам сорлы, мал-мүлкі иесіз тұрған бір нәрсе емес пе. Қызды балам деуге бола ма? Ертең өскен соң біреумен кетеді. Ақыры жиған-тергені сол қызын кім алса, сонікі болады. Менің артыма ие болады, мұра болады деуге болмайды. Біздің Қамза да сорлы адам ғой, жасы болса келіп қалды. Мирасқоры жоқ. Күлзайра да біреу үшін асырап отырған балапан емес пе, – депті. Бұл сөзді Қамза естіп, ботадай боздап жылап:
– Мына сөзді Фазылдан естігенше өлейіп. Мен Күлзайраны ұлдан артық көріп жүргенде Фазыл мынаны айтты. Ертең біреу мұнан да жаман сөз айтар. Онан да мынау Фазылдың сөзін естімей, құлақ естімеске кетейін, – деп Қамза бір түнде кашып кетеді де қалады. Оны ешкім білмейді. Жалғыз-ақ бір жапырақ қағазды жазып, төрт бүктеп, есіктің маңдайына қыстырып кетеді. Бұл мұнымен бара тұрсын.
Әкем ертең ертемен тұрып, уақытында қызметіне кетеді. Ол күні Қамза уәзір бармайды. Менің әкем: «бұл кеше кешке аман еді, ауырып қалған ғой, көңілін сұрайын» деп, есіктен шығып келе жатса, есіктің маңдайында төрт бүктеулі қағаз қыстырулы түр. Мұны кім қыстырды екен, бұрын бұл жерде ешнәрсе болмаушы еді деп, тамашалап келіп алады. Қараса, жазылған қағаз. Жазған сөз мынау: «Қош, досым Фазыл, ақиретте көрісерміз, бұл жалғанда енді екеумізге бір тұрып, бір жүруге нәсіп етпеген, енді көз көрмес, құлақ естімеске кеттім, менің қалған дүниемді сен жиып аларсың, ақыр менде бала жоқ, иесіз дүние ғой», – деп, аяғына атын қойыпты. Әкем мына сөзді оқып, «дүние мені жазым басқан екен, сөзімді естіген екен ғой, қайран досым-ай» деп, есінен танып қалады. Есіктің алдында бұл кісінің талып жатқанын шешем көріп, не болып қалды деп, есі шығып қорқып, «әлде, Хасеніме бірдеме болып қалды ма» деп ойлап, оған қарамай жүгіріп үйге келді. Мен жаспын, ештемені парықтаған уағым емес. Артынан мен де шықтым. Келсек әкем әлі талып жатыр. Әкемді көрген соң мен шырқырап бас салып, жылап жатырмын. Шешем енді қайтерін білмей, әкемнің бетіне су бүрікті, әкем аздан соң есін жиып, көзін ашты. Зарлап жылап, «не болды, не көрдің, біреу ұрды ма, болмаса бір нәрсе көрдің бе, неге бүйтесің» деп шешем сұрап еді, әкем ештеме емес деп айтпады. Сол уайымдаған бетімен үйге келді. Келген соң: «Қайран, досым-ай!» – деп және жылады. Досым деген соң шешемнің түсі бұзылып: «Не болыпты, Қамза өліп пе?» – деп сұрап еді: «Қашып, көшіп кетіпті, маған тастап кеткен хаты мынау», – деді. Шешем қағазды алып оқыса, жазылған сөз әлгі. Бұл хаттағы сөзді естіген сон, мен де ботадай боздап жылап, баршамызға бір үлкен қайғы болып, не қыларды білмей құр жылаумен отырдық та қойдық. Осы қайғымен әкем уәзірліктен шықты. «Іздеймін», – деді. Ешбір дерегін біле алмады. Осы уайымда жүріп әкем өзінің айтқан арманын қылып ауып кетті. Мен дәулеттен айырылдым, жай кетуге айналды. Сонымен бір уақыттар болғанда, әкем дүниеден қайтты. Жетім бала, жесір қатын болып қалдық. Әкеден онша дәулет болмады. Мен сол уақытта он үш жасқа келдім. Бір күні: «бүйтіп отырмайық, бір кәсіп істейік деп, мен келіп базардан бір балаған жасап алып, ылғи халуа пісіріп сататын болдым. Жұрт халуамды тәтті деп, екінші өзімді де тамашалап келді. Халуам өтімді болды, осымен пайда қылып жақсы болып тұрдым. Иә, бұл осымен тұра тұрсын. Сонымен Қамза сол кеткеннен мол кетті. Басқа патшаның қол астына барып уәзір болды. Күлзайра тамаша болып өсті. Адам баласы қарап тұрғандай, он төртінен туған айдай толықсыды. Сонысынан кауіптеніп Қамза Күлзайраны ешкімге көрсетпеді. Сонымен ол да жата тұрсын. Енді екі періден сөйлейік. Пері патшасының Шымыр, Әмір деген екі жол қараушысы жаңа дүние жүзін түгел кезіп, байқап жүретін екі перісі бар еді. Екеуі дүние жүзін кезіп жүріп, бір жерде кездесіп, көрген-білгендерін әңгіме қып отырып, Шымыр айтады:
– Ей, Әмір, мен бір нәрсе көрдім. Дүние жүзінде бір адамзаттың қызы бар. Аты Күлзайра. Шіркін-ай, мұнша да көрік біте береді екен. Кез келіп сол шаһардың ішін аралап жүрдім. Бір қараңғы үйден өтіп келе жатсам терезеден жарық көрініп тұр екен. Ептеп бақылап қарасам жаңағы қыз қараңғы үйді нұрымен жарық қылып тұр екен. Қайран болып, соны патшаға айтайын деп келе жатыр едім, – деді Шымыр Әмірге. Сонда Әмір:
– Ей, сенің оның өтірік. Мен бір жігіт көрдім. Аты Хасен. Құдай тағала бұл секілді адамды да жарата береді екен. Сенің мына айтқаныңнан он есе артық. Бір күні сол уәзірдің тұрған шаһарына келе жатыр едім, анадайдан бір сәуле бетіме түсті. Әлгі сәулеге қарап келдім, келсем бір нашар ғана үйдің ішінен жарық шығып тұр, ақырын ғана келсем сол үйдің іші айналасымен жап-жарық болып тұр. Көрсем үйдің ішінде бір нашар ғана жігіт жатыр. Тікелеп қарасаң көзіңді шыдатпайды. Біраз тұрып қайттым. Өзіміздің перілерде осы секілді жан бар ма екен деп, жай ғана байқайын деп келе жатыр едім, – деді Әмір пері. Шымыры айтты, «сен өтірік айтасың, қыз әдемі болу керек» деді. Әмір айтты: «Хасен жігіт әдемі»», – деп. Шымыр: «Ендеше мен қызды әкелейін, сен жігітті әкел, сонан соң қатар салып қарайык, қайсы әдемі екен, әйтпесе біле алмаймыз», – деді. Шымыр жарайды деп, екеуі қыз бен Хасенді алып келуге жүріп кетті. Әрі-беріден соң Әмір Хасенді (мені) тауып алып, қыздың үйіне алып келе жатты. Бұл екі арада Күлзайра қыздың басында бір хал болып қалды.
Бір күні хан аңнан келе жатып, уәзірдің қызын көріп қалып, жан-тәнімен ғашық болады. Үйіне келіп отырып, тағына мінген соң уәзірін шақырып алады да: «Сенің қызың бар ма», - деп сұрайды. Уәзір сасыңқырап: «Жоқ еді, тақсыр», - дейді. Патша долданып: «Бар қызын жоқ деуін қарашы, әлде маған бермейін деп айтып отырмысың, бермеген өнеріңді көрейін», – деп, жендетті шақыртып алады. Сол кезде патшаның қаһарына шыдамай: «Тақсырай, биттей тұра-тұршы, айтайын, қызым бар, жасым болса келіп қалды, өзіңіз көріп отырсыз, жалғыз бала болған соң, әзір ешкімге бермеймін деген антым бар еді, сол уәде бойынша айтып салдым, ғапу етіңіз, не қыл дейсіз», – депті. Мына сөзді естіп, патша қаһарынан қайтып: «Қызыңды маған бер, әйтпесе басыңды алам», – дейді. Уәзір: «Жарайды», – деп, ренжіп, үйіне келеді. Түсі өзгерген. Екі көзінде жас бар. Қатыны: «Жарқыным, неге бүйтесің, не болды», – деп сұрап еді, Қамза жылап: «Осынша жасқа келгенде көзімнің ағы мен қарасындай бала еді, соны патша бер», – деді, бермесең үй ішіңмен түгел қырам деді», –деп, Қамза көзінін жасын тия алмай өкіріп қоя берді. Әкесін көріп, Күлзайра шыдай алмай: «Әке жылама, патшаға жауабын өзім берейін», – деді. «Қарағым-ай, сен не жауап бере аласың», – деп әкесі мұңайды. «Жоқ, әке, қызымның өзі біледі деңіз, сонан соң өзі келеді, болмаса кісі жібереді», – депті Күлзайра. Әкесі: «Жарайды», – дейді. Патша әрі-беріден соң шақырып алып: «Қалың малыңды алып, қызыңды кешіктірмей бер», – депті. «Жарайды, тақсыр, әйтсе де қызымның өзіне өзің барып сөйлес, болмаса кісі жібер, менің де көзімнің ағындай жалғыз қызым еді, бір ауыз сөз салмай бара салуға көнбес, болмаса бірдеме етіп өліп кетер, туғалы беті қайтпаған бала еді», – депті. Мына сөзге патша ойысып, бір уәзірін жіберді. Уәзір кеп айтқан екен, қыз: «Мен патша екенмін деп масаттанбасын, менің теңім емес, қу түбірді құшақтап жата алмаймын, өз теңім керек, кім болса да жас керек», – депті. Уәзір мына сөзді естіп, патшаға айтып келді. Бұл сөз патшанын өңменіне салған найзадан кем тиген жоқ. «Патшаға қыз тимепті» деген сұмдық сөз ә дегенше-ақ ел арасына жайылып кетті. Патша «дереу осы шаһардан өзі жынды бір жас адам тауып әкел», - деп бұйрық қылды. Уәзір сол жерде шаһарды кезіп жүріп бір жынды бала тауып алды. Жасы сол кезде он бес, он алты шамасында еді. Алып келіп патшаға берді. Уәзір ызаланып, қорланып, терісіне симай отыр. Хан қаһарына мініп: «Дереу екеуіне бүгін қалыңдық ойнат, мына жынды бала күйеу болады, Күлзайраны осы жындыға берсін, болмаймын десе қыз да, әкесі де бетін айтсын, қарсылыққа қаһарымды көрсетіп, түгел дарға тартам», – деп, әмір қылды. Уәзіріне «тез қайтып кел» деп жіберді. Уәзір келіп, патша осылай деп айтады деп еді, Қамза ойланып, төмен қарап отырып, қорланып: «Патша не қылса да әміріндемін», – деді. Уәзір осылай деп айтты деп келді. Сол күні патшаның әмірі бойынша, Күлзайраны жындыға қоспақ. Кеш болған сон, жындыны күйеушілетіп алып келді. Бір оңаша үйді босаттырды. Төсекті салып, жындыға ұқтырып, не қылсаң да Күлзайраның қасына жат деп, уәзірлері қайтып кетіпті. Бірақ, жынды не білсін, баруға бата алмай Күлзайраның қарсысында тұрады да алады. Бұлар бүйтіп түрғанда, Әмір, Шымыр – екі пері мені алып жетіп келді. Шымыр: «Үйде кім бар екен, мен біліп шығайын», – деп, ішке, қыздың жатқан үйіне кірді. Келсе, адам сияғы жоқ біреу тұр, қыз ызаланып бетін бүркеп алған екен. Сол жерде Шымыр осылай да осылай екен деп Әмірге қайтып келді. Сонан екеуін сыналық деді Әмір, Шымыр қайта жүріп, жындыны алып шығып, далаға апарып, жасыра салып, мені үйге алып кірді. Кірсем қыз кішкене тыныштанып ұйықтап қалыпты. Перілер мені қасына әкеп жатқызды. Енді өздері кейінірек барып тұрды. Мынау жақсы деп айта алмай, енді былай қылайық деп, Әмір пері айтты:
– Бірі ұйықтағанда, бірін оятайық, қайсысы бетінен бұрын сүйсе сол сұлу, – деді. Сөйтіп келіп, мені оятады. Сонан соң көзімді ашып қарасам, бір түрлі хош иісті, таза ауалы, жібек пен торғыннан басқа ештеңе төселмеген үйде жатырмын. Қасымда бір қыз жатыр. Мына халді өзіме сиғыза алмай қайран болып, Күлзайраға қарап отырдым, өне бойым балқып, денем шымырлап, құдай мына халді маған көрсетеді екен-ау деп, ыстық жас көзімнен шығып кетті. Не қыларымды білмей, басқаға қарауға дәрменім жоқ, ештеңе дей алмай жалтақтап, өңім бе, түсім бе деп қарадым да отырдым. Оятайын деп едім пері соғып кете ме деп, қорқып, оята алмадым. Сөйтіп отыр едім бар бойым балқып, ұйқым кеп, еріксізден еріксіз ұйықтап қалдым. Мен ұйықтаған соң Күлзайраны оятады. Ол оянып, шошынып, әлде ұйықтаған соң қасыма келіп жатқан жынды ма деп ойлап, мұнымен бүйтіп өмір өткізгенше, өлейін деп, тәні бұзылып, ұшып тұра келеді. Қарап, бір тамаша адамға ұқсамаған, өзіне теңдес бір жігітті көреді. Мен ұйықтап жатырмын. Сол жерде Күлзайра қуанып, өзін-өзі ұстай алмай менің бетімнен сүйіп алады. Онан мен сескеніп, оянып тұра келдім. Екеуміз сол жерде құшақтасып, бастан өткен оқиға халді айттық. Сол уақытта таңға жақындап қалған уақыт еді. Пешпетім, бөркім бар, киімнің бәрін шешіп қойғам. Екеуміз амандасқан соң, басқа сөзді қойып, көңілдің нәсібесін тойғыздық. Содан соң екеуміз бірдей маужырап, сол құшақтасқан бойымызбен ұйықтап қалыппыз.
Бір уақытта оянып көзімді ашсам, не онда емес, не мұнда емес, бір көріп білмеген, сыртын шыр айнала қорған соққан шаһардың сыртында жатырмын. Есім кетіп, не болғанымды білмей басым шыр айналды. Сөйтсем, біз ұйықтағаннан кейін екі пері мені алыпты да кетіпті. Таң атыпты, басымды көтеріп қарасам, білмеген жер, енді Күлзайра естен кете ме, көзімнен жас аға береді. Не қыларымды білмей, қорғанды жағалап жүріп келе жатыр едім, қойнымда бір нәрсе сыртылдайды. Алып қарасам төрт бүктелген қағаз екен. Ашып қарасам, барлық болған оқиғаны жазып кеткен. Есім шығып, мынаны көрген соң қайғы басып, енді ешкімге өлімтігімді көрсетпейін, бәрібір Күлзайра табылмаса, менде тіршілік жоқ деп ойладым. Бірақ, Күлзайраның туған жерін жазбапты. Осымен не қыларымды білмей қаңғып жүріп кеттім. Бірнеше уақыт жол жүріп, қарным ашып, есім кетіп, жүдеп келе жатып ойладым. «Қой, бүйтіп өлгенше, тез өлейін деп, бір үлкен дарияға келіп, секіріп өлейін», – деп тұрғанда жоғарыдан бір дауыс: «Ей, бейшара, түспе, неге кетесің. Ана тұрған бейітке барсаң, мұрадың хасыл болады», – деді. Мұнда келіп, сандалып, мұрадым қалай хасыл болады деп ойланып отыр едім, мына кісі келді, – деп, өзінен кейін келген бір дәруішті көрсетті.
Бұл төрт дәруіш әңгімелерін аяқтап болып отырғанда сырттан бір адам:
– Ассалаумағалайкүм, – деп кіріп келді. Бұған бәрі де қарай қалды.
–Жоғары шығыңыз, – деді отырған дәруіштер. Келген кісі:
– Жоқ, отыра беріңдер, менің айтатын бір сөзім бар. Ол қайсы десеңіздер, мен өзім патша едім, жасым мынау, орта жасқа келдім. Бір күні түсімде әкем «Қара әулиенің бейітіне барсаң ішінде төрт дәруіш отырады, сөйлесіп, соның сөзін әбден бітірген соң қатының ұл тауып мұрадың хасыл болады», – деді. Міне, менің келгеніме бүгін бір жыл болды. Сіздер де сөздеріңізді бітірдіңіздер. Жаңа ғана бір кісі: «Әйеліңіз ұл тапты», – деп сүйінші сұрап келді. Сіздердің арқаңызда құдай мұратымды хасыл қылды. Енді жүріп біздікіне қонақ болыңыздар. Жайларыңызды білдім, шама келсе, көмек қылайын, көптен ел көрмей жүрген шығарсыздар, – деді.
Патшаның сөзін естіп, қалай қыламыз деп, дәруіштер ақылдасқан кісіше, бірінің бетіне бірі қарады. Бұл қалай, әруақ өтірік айта ма, біздің мұратымыз қане хасыл болғаны? – деп, көздерімен ишараттап сөйлесті. Сонда біреуі отырып:
– Көзім әлі іштемеге жеткен жоқ, жүріңдер, барайық, – деді. Барлығы да: «Барсақ, барайық», – деп, патшаның үйіне келді. Келсе, елінің бәрі қуанышты. Оның үстіне бұлар келді. Патша үйіне кіргізді. Баланы орап қойыпты. Той қылып жатыр.
Сөйтіп отырғанда бала жоқ деп біреу келді. Бәрінің де есі шығып кетті. Жүгіріп катынына келсе, бала жоқ. Қатынының көзі былаудай. Патшаның есі шығып, талып кетті. Біраздан соң су бүркіп тұрғызып алды. Патшаның көзі күндіз-түні жылаумен болды. Осымен үш күн өтті. Патша: «Я, құдай, өзің беpіп, өзің алдың ба, не ғажап болғанын білмедім, Алла», – деп жылап алды. Сөйтіп отырғанда біреу тағы жүгіріп келді. Патша қуанып, баласын әкелдіріп көрді. Сөйтіп, қуанысып отырғанда біреу баланы ораған кілемді жайды. Баланы әкеліп тастаған да осы кілем екен. Жұрт кілемді тамашалап, қарап отырса, бір өзі қаншама дүние малға тұратындай. Жұрт кілемді жайып қойып үстіне отырысты. Үстіне патша, төрт дәруіш бесеуі отыруы мұң екен, кілем алып ұшып жөнелді. Ұшырып отырып бір қиын, құзды таудың арасына салған шаһарға алып келіп, алтын сарайдың алдына түсірді. Әрі-беріден соң перілер қаптап шығып, құрметтеп, бұларды қарсы алды. Сарайға келсе, алтын тақтың үстінде патша отыр екен. Ортасынан орын берді. Бұлар отырған соң, пері патшасы сөз бастады:
– Менің сіздерді алдыртып отырғаным, менің әйелім босанып ұл тауып еді. Сонан бір шабарманымды дүние жүзін аралап бүгін осы менің қатыным босанған күні кімнің қатыны босанып, қыз тапса, соны алып кел деп едім, сол күні сенің қатының босанып ұл тапқан екен. Сонан соң екі баланың біріне бірінің көзі үйренсін деп үш күн мұнда, үш күн онда апарып тастайтыным сол, – деді. Перінің патшасы: «Енді асықпаңдар, құдай қосқан құда болдық», – деді. Пері патшасы осыны айтты да адам көрмеген ойын-сауық істеп көрсетті. Бірімен бірі күрескенде, ойнап, қылыш шабысқанда, құдай мыналардың қасына жолата көрме дегендейсің. Себеп, екі пері алыса кеткенде бірін-бірі жығып салып, қылышпен екі бөліп, қанын ағызып тастайды. Әрі беріден соң, «бісмілла, ұйықтап кетіппін» деп, тұра келіп және алысады. Осындай ойындармен екі күн өтті. Ертеңіне тұрған соң пері патшасы: «Саяхатқа шығайық, жер аралайық, сіз келген соң біздің бәрімізді көріп кетіңіз», – деп, төрт дәруіш, жаңа патша бесеуін бір періге мінгізіп ұшып жөнелді. Зуылдатып келе жатты. Бұлар өздерінен өздері жандарынан күдер үзіп, ең болмаса ана жолдастарымызбен қоштаса алмадық десіп келеді. Әрқайсысы іштерінен сүйтіп ұшып келе жатыр еді, пері патшасы тұра қалып: «Ей, құдалар, мына адамзаттың бәрі жиналып, неге бүйтіп күңіреніп жатыр», – деп сұрады. Дәруіштер: «Білмейміз, біздің көзіміз жетпейді», – деді. Енді шетінен барып көрейік деп, таяп келіп, пері патшасы төмен қараған уақытта, Мұратқан боздап коя берді. Әлдене уақытта есінен танып құлап кетті.
Пері патшасы «бұған не болды» деп, бір дәріні мұрнына иіскетіп еді, Мұратқан ұшып тұра келді. «Ей шырағым, саған не болды, мұның қалай, неге бүйіттің», – деп еді, ол халін айтуға аузы келмей, кемсеңдеп жылай берді. Қасындағы дәруіштің біреуі: «Тақсыр, мұның жылайтыны мынау болу керек дей бергенде, Мұратқан өксігін басып, мен өзім айтайын деп, сол жерде бастан-аяқ халін айтты.
– Анау тұрған сол көк өгіздің иесі, жылап отырған сол ғашығы осы күнге дейін шала жансар, соны қайтерін білмей өмірін жылаумен алып келе жатыр. Анау жатыр. Анау жиналған сол жігіттің елі, ананың қайғысына әлі де күйзеледі, – деді. Мұратқан мұны айтқанда пері патшасы: «Келгеннен бері халіңді неге айтпағансың», – деп, ызаланып: «Ол жігіттің исмиағзамын әкеткен перінің атын білмейсің бе?» – деп сұрады.
– Жоқ, білмеймін, бірақ сол пері Жауһарнегінің шаһарынан деп еді, – деді Мұратқан. Мұны естіп алып, пері патшасы алып кел деп бұйрық қылды. Баяғы Шымыр тоқтамай сабап кетті. Ол келгенше қалған үш дәруіш: Қайдархан, Зейнел, Хасен үшеуі де жылап қоя берді.
– Я, енді сіздер қалдарыңызды айтыңыздаршы, – деді пері патшасы. «Мен айтам, мен айтам» деп, үшеуі таласа бергенде он жағында отырған Зейнелге: «Шырағым, сен айтшы, – деді. Ол да әкесінің өлгенін, уәзір оның орнына патша болғанын, онан оны қуып шыққанын, онан пері патшасына барып, маймыл суретін алмақ болып, өзін-өзі қызға жұмсағанын, ол қызға ғашық болғанын, ақырында пері патшасы соның бірін де бермей қуып жібергенін бастан-аяқ айтып берді. «Өңкей нәлет» деп долданып, пері патшасы Әмір деген шабарманын шақырып алып, сен Қылымда шаһарының патшасын тез барып алып кел», – деп, бұйрық қылды.
Екінші кімде қандай арыз бар деді. Пері патшасы тағы да он жағына қарап, Қайдарханға айтты. Қайдархан тұрып:
– Мен де бір сорлы болып жүріп сізге кез келдім. Аруақтың түсімде берген аяны елде сіз шығарсыз. Оқиғаңды біреуге айтып тамамдасаң, мұратыңа жетерсің деген еді, тамам етіп айтып болған соң сізге кез болып отырмын, – деді. Бұл Қайдархан: аң аулап шыққанын, онан киік кезігіп оны қуғанын, онан ұлы судан өтіп сарайға келгенін, онан Күләнданың суретін көргенін, шалдан барлық оқиғаның жайын естігенін, онан кемеге мініп, онан қашып құтылғанын, онан бейітке келгенін, сонан осы патшаның өзіне жолыққанына дейін айтып өтті. Сонан сон пері патшасы бір шабарманын тағы шақыртып алып: «Тез барып, адамзат Ұрмая шаһарының патшасының қызы Күләнданы алып кел», – деп жіберді.
4. Қыпша
Бұрынғы заманда бір саудагер өте дәулетті бір бай болыпты. Бұл саудегер байлықпенен дүниедегі не түрлі асылдарды, қайдағы адам таң қаларлықтай заттарды жинай беріпті. Бай айналасын кең, өзін биік қылғызып қорған жасаттырып, не түрлі адам көрмеген заттарды қорғанның ішіне жайып, жинап шәрі халқын шақырып қонақ қылып, жиналған дүние мүлік, асыл қазыналарын тамаша үшін халыққа көрсетіп: «Осы дүние жүзінде менде жоқ зат бар ма? Менде жоқ заттардан менде жоқ заттар болса айтыңыздар, мен оны тауып аламын», – деп сұрайды. Жиылған халық естіп көрмеген заттарды көріп қайран қалып, дүние жүзінде сізде жоқ асыл зат болмас десіп, мұндайда дүние мүлік жинаған адам болды екен-ау деп қайран қылыпты. Сонда бір адам отырып: «Ей байеке, енді мұндай он есе дүние жинасаңызда Қыпшаға жетіп жатқан жоқ», – дейді де кетіп қалыпты. Саудагер ары-бері ойланып: «Мен мұнша дүниені жинағанда Қыпшаға жетпейтін бұл Қыпша деген қандай зат екен? Мұнымен іздеп таппасам мен бұл дүние малды несін жинадым. Сол Қыпшаны не зат болсада, осы дүние жүзінде болса тауып аламын», – деп, сексен қашырға гәуһәр, алтын, ділләларды артып, қасына жолдас ертпей жалғыз өзі шәріден шығып кетеді. Елінен ұзап шығып алғанда ой түсіп, бұл Қыпша адам емес шығар? Егер адам болса, айтқан адам, пәлен жердегі сондай бір сұлу дер еді. Жанды зат болса пері болар ма? Жоқ әлде жансыз бір асыл ма екен? Япырмау сол Қыпшаның не зат екенін, қай жақта, екенін сұрап алмай осы жүрісім қалай жүріс? Енді елге қайтып барып анығын сұрасам қайтеді деп ары-бері ойланып, енді қайтып барғаным елден ұят, неде болса іздеп көрейін деп, бет-алдына қаңғып айдан-ай, жылдан жылдар өтеді. Көрінген адамнан Қыпшаны білесіндер ме деп сұраса адам білмейді. Бір кезде бір шәріге келіп, әркімнен сұрап жүрсе, бір сақалды адам кезігеді.
Саудагер:
– Ата Қыпша дегенді естуіңіз бар ма, – деп сұрайды. Әлгі:
– Қыпшаны неге сұрайсың? Қыпшаны қалай есіттің, – дейді. Саудагер болған уақиғаны түгел сөйлеп береді. Сақалды адам саудагерге біраз қарап тұрып:
– Сұрап жүрген Қыпшаңды тауып берсем не берер едің, – дейді.
Саудагер:
– Сөзіңіз рас болса сексен қашыр алтын жамбы гауһарым бар, соның барлығын берейін, – дейді.
Шал:
– Үйім пәлен жерде кешке кел, бірақта менің әміріме бой сұнасын, –дейді. Саудагер «болады» деп, барлық дүниелігін өткізіп беріп, бұл Қыпша деген не зат екен? Енді не болса да болары болды, алла неге жазса соны көремін деп, кеш болғанда шалдың сарайының есігіне барады.
Сол кезде шал қақпасын ашып, сәудегерге «дымыңды шығарма» деп, қылышты шығарып алып, бүркенген бір адамды сарайынан алып шығады да, саудагердің қасына келген соң, дыбыстарың шықса бастарыңды шауып жіберемін деп, екеуін айдап отырып шәрінің сыртына шығарып бір қанша жерге дейін айдап келіп, саудагерге: «Ұста мына қолдан, таң атып күн шықпай көруге, немесе жауап қатуға болмайды. Ал кетіңдер», – деп өзі сол жерде қарап тұрады. Сәудегер бір адамның қолынан жетелеп келе жатып «Қыпша дегені адам болды ғой, бұл соқыр ма? Пұшық па? Дүние қазынамды сарып қылып қанша бейнет көргенімдегі тауып алған Қыпша қандай адам болып шығар екен», – деп ойланып келе жатып күрсініп қалыпты. Сонда жетелеп келе жатқан адамы «қорықпаңыз» деп қояды. Дауысын байқаса әйел дауысы, таң атып күн шыққандай бір бастауға келіп, сәудегер: «Енді неде болса көрейінші», – деп бетін ашып жібергенде күндей жарқ ете түсіп, саудагер талып қалады. Қыпша сәудегердің бетіне су бүркіп есін жиғызып алып, өзінің тарихын сөйлей бастайды:
– Мені сізге берген шал менің шешемнің ағасы. Менің әкемде, шешем де бір жасымда өліп мен нағашымның қолында қалыппын. Мен екіден үшке шығарымда нағашым осы балам бөлекше адамзатқа көрсетпей бағамын деп, елге мені өліп қалды деп хабарлап қояды. Соныменен нағашым түпкі төр үймен жалғастырып маған арнап жекелеп бір үй салады, менің бөлмемнің есігі түпкі үйдің төрінен төмен түсіп, менің үйімнің есік жағынан басқықпен өрлеп шығатын етіп жасаған. Қорамен даруазаны мықты биік етіп жасап, күндіз-түн қақпаны бір минөт ашық қоймайтын болған.
Кісі жоқта үй ішімізбен бірге отырамыз. Сырттан келген адам есік қақпайтын амалы жоқ сонда мені басқышпен өз бөлме жіберіп келген адамдарға сонан кейін қақпаны ашып кіргізіп тұрады. Нағашым өзі оқытып өз білгенін түгел білгізді. Мені сондай етіп бағуменен нағашымның үй ішінен басқа сізден басқа адам баласы көрген емес. Мен биыл он сегіздемін, осыдан үш жыл бұрын нағашымның алыс жердегі бір қыймас досы келіп екеуі төр үйде сөйлесіп отырғанда нағашым айтты: «Біттейінен бағып, желге, құсқа тигізбей өсірген алма әбден піскенінде жеуге қыймағаннан қиын нәрсе болмайды екен. Бірге сондай бір уайым кезіккеніне бір жылдан асып барады», – деді. Сонда нағашымның досы: «Досым ондайлық жеуге қимайтын алманың қолға келуі оңай емес, алла тағала қимастай етіп қолға берді, Алланың төтенше берген бір рахымы, Алланы тәрбиелеп әбден піскенінде өзінің жаралуындағы бетіне қарай бейімделмесеңіз, алмасаңыз дер кезінен өткен соң дүниеге келіп жаралмаған өлі бір зат болады да қалады. Соның үшін сіздің бұл ойыңызға қосылмаймын», – деді. Нағашым үнсіз отырып қалды. Келген мейманменен барлығы тамаққа отырғанда бір ыдыстағы асты нағашы шешем байқамай «мынау Қыпшаныкі» деп қалды. Нағашымнан басқа жағдайды ұққан досы нағашы апамнан менің атамды естіп қалып еді, менің бөлмемнің керегесі өте жұқа болған үшін төр үйдегі сөйлеген сөздерді анық естіп отыратын едім. Менің атымды сол адамнан басқа дүниеде адам баласы есітпеген және де менің дүниеде бар екенімді де ешкім білмейтін еді, сіз мені анық іздеп келсеңіз сол адамнан естіп келесіз депті. Саудагер Қыпшаны көргенше Қыпшаның не зат екенін білмей келгенін түгел айтып беріпті. Қыпша:
– Алла басында мені сізге қосылуда нәсіп қылған екен енді еліңізге тартыңыз, – деп, екеуі еліне қарай келе жатып, жолда бір шәріге келіп тоқтайды, екеуі кеңесіп осы шәріде бірақ тоқтап дем алалық деп, бір үйді пәтерге алып өздерінше бір үй болып отырады.
Қыпша бетіне перде жауып, жүзін бір адамға көрсетпей сақтануда болды. Қыпша бір күні «бізге аз тұрсақта қаражат керек қой», – дейді де, бір орамал тігіп, «базарға апарып сатып кел» деп еріне береді. Сәудегер базарға шығарғанда базардағылар таласып ақыры бір бай сәудегер қымбат бағамен сатып алады да, «осындай орамалдар болса қанша болса да ала беремін», – депті. Орамал өте қымбат бағаға нарқы кесіліп Қыпша күн сайын бір орамал шығарады да, бір айдағы сатылған орамалдың соммасы бір қанша мың діллә болып кетіпті. Бұлар артықша пайдаға қызығып осы шәріден бір үй салмақшы болады. Қаражат жеткен үшін қорасын мықты етіп өте жақсы үй салдырады. Қора-жай біткен соң өз үйлеріне көшіп шығып Қыпша еріне айтады: «Осы қораға адам баласы кірсе өмірлік өкінішке қаламыз өте сақ боларсыз», – депті. Бұрынғы әдеттері бойынша күніне бір орамал сатып, ақыры байдың бірі болады. Бір күні сол шәрінің патшасы шәріні аралап жүріп орамал сатып алып жүрген сәудегердің дүкендегі орамалды көріп:
– Мына орамалды қайдан алдыңыз? Мұны қандай адам жасады екен, – деп сұрапты.
Сәудегер:
– Тақсыр осы адамды сататын бірақ адам, өзі осы қаланың адамы емес сырттан келген болуы керек, – депті.
Патша орамал тіккен адамға көрмей ақ ғашық болып, саудагерге:
– Осы орамалды сатып жүрген адамның үйін алдымен өзің көріп, онан кейін маған көрсетіп бересің, – деп бұйырады.
Саудагер:
– Болады тақсыр, – деп уәде береді.
Патша кетісімен ақ орамал сатушы саудагерде орамалын алып келіп қалады. Дүкендегі саудагер орамалын алып, тиісті ақшасын беріп, тездетіп дүкенін жауып орамал сатушының артынан кейінірек жүріп еріп алады. Орамал сатушы саудагер бірнеше көше айналып келіп өте сәндеп жасаған бір сарайға кіріп кетеді. Саудагер көріп алып, ертесіне «орамал сатушының үйін таптым» деп хабарлайды. Патша көрген саудагерді ертіп өзі келіп көріп, «осы үйдегі әйел қандай екен көріп кел», – деп бір уәзірін жібереді. Уәзір келіп қақпа қақса ар жағынан бір әйел дауысы «кіруге рұқсат жоқ, қайта беріңіз» деп қақпаны ашпайды. Уәзір болған уақиғаны патшаға айтып келеді, патша бұл хабарды есіткен соң ойланғанымдай осында өзін халыққа көрсетуге болмайтын әйел бар екендігін біліп, ғашықтығы бұрынғысынан да арта түседі. Саудагердің үйіндегі әйелді білу үшін бір неше адамдарды жібергенмен қораға кіре алмай, бұған енді не амал бар деп уәзірлермен ақылдасқанда, бір уәзірі, тақсыр, ол қораға айламен кірсе «пәлен» деген мыстан кемпір кірер дейді.
Патша мыстан кемпірді шақыртып алып:
– Шеше, айламен сол қорадағы әйелдің анық, қандай екенін біліп берсеңіз сізден дүние аямаймын, – дейді. Мыстан «қандай болса да анығын өз көзіммен көрейін», – деп уәдесін беріп, үстіне адам денесіне ілмейтін жаман киімдерді киіп қайыршы болып, кешке таман саудагердің қақпасына келіп қайыр сұрайды. Қыпша садақаға қақпасын ашпай ар жағында тұрып бір діллә береді. Кемпір ділләні алып батасын беріп, «балам, панасыз алыстан тентіреп келген бір мүсәпір едім, осы қаладан бір адамды танымаймын, құдай үшін үйіңізге бір түнеп шықсам», – деп жалынады. Қыпша, «шеше, кіруге рұқсат жоқ, кетіңіз», – деп кетіп қалады. Мыстан ол күні кетіп қалып, ертесі кешінде тағы да қайыр сұрап келеді. Қыпша және бір алтын садақа беріп, нетүрлі амалмен сөйлеген сөзіне қарамай кіргізбей қояды.
Күн батып қараңғы түсе бастағанда үй иесі саудагер келсе кемпір қақпа түбінде отырып, саудагерге неше түрлі айламен зарлы сөздерін айтып, бір түнеп шығуға рұқсат сұрайды. Саудагер бір діллә садақа беріп «шеше кіруге рұқсат жоқ» деп қораға кіргізбейді. Сәудегер қақпасын ашып ішке кіргенінде мыстан кемпір «балам, мен сорлыны осы шәрінің адамы үйіне кіргізу былай тұрсын, кешінде жатып шығуға қақпасының алдында жатқызбайды. Сізден рұқсат болса қақпаңыз алдына түнеп шығып, таң атқан соң елден сұрайтын қайырды сұрайын», – дейді. Саудагер іште тұрып, «шеше сізден мен көшені қорымайын, ондай етемін десеңіз мейліңіз», – деп кетіп қалады. Мыстан амалменен түнімен қақпаның алдында жатып, ел тұрған кезінде қайыр сұраған болып кетіп қалады. Бұл мыстан осыменен үш күн кешінде үздіксіз келіп, сәудегердің қақпасының алдына түнейді. Төртінші кешінде қорасына кіріп бара жатқан саудагерге:
– Әй көп жасағырай, сіз болмасаңыз осы қалада күндіз болсам да, түнде бола алмас едім, қақпаңыздың алдын бергеніңіз, маған төріңізге отырғызып, құс-төсекке жатқызғандай болды қарағым, жолың болсын», – дейді.
Сонымен бір-неше күн өтіп, енді бір күні мыстан саудагерге:
– Балам, мен әзір осындай қалда жүргенмен, жаралыстан мұндай емес едім. Құдайдың кездейсоқ қосуымен ғана осы қалға келген едім, сол бір төтеннен кезіккен іспен осы қалға кезгіп, сол істі негіздеп жүргенде жәйім бар еді. Сіз болмасаңыз осы шәріде жүре аларда емеспін, сіздің арқаңызда осы шәріге тиянақтап, ісім оңына таман айналғандай болды. Шаруам әбден аяқталып өз шәріме қайтарымда, өзіңізге қош айтып, тосынан ұшыраған ісімді әбден түсіндіріп кетемін балам, сізге көп рахмет, – дейді.
Саудагер, «жақсы шеше, – деп қорасына кіріп кетіп, бұл сорлының кездейсоқтан жолыққан ісі қандай іс екен», – деген ойға келеді. Есіктен сөзін Қыпшаға айтқанда, Қыпша:
– Ондай ісі болса кетіп бара жатқанда естірсін кім біледі, адам аласы ішінде деген, – дейді. Енді бір кешінде жаңбыр жауады. Саудагер анадайдан көрінгеннен-ақ мыстан өтіріктен иегі иегіне тимей дірілдеп тоңып, бүржйіп тұрып саудагерге:
– Ойпырмай жаным балам-ай, тоңып өліп кетер ме екемін, тіпті әлім құрығандай болып барамын, – дейді. Саудагер аз ойланып, «осы бейшарада не бар? Мына нөсер жаңбырда обал болмасыншы» деп, қақпасын ашып өзі қорасына кірерде, «Шеше өте қатты қалтырап тоңып кеткен екенсіз, үйге кіріңізші», – деп, үйіне ертіп кіреді. Мыстан ертіп кіріп келгенде Қыпшаның жүрегі су ете түсіп, пердесін жүзіне жаба алмай қалады. Мыстан Қыпшаны көріп, «бұл шынымен адам ба? Жоқ пері зат па екен?» деп неше түрлі ойға қалады. Қыпша еріне «іс жаманға соқпасын, болар іс болды, енді бұл кемпірді мен жібермеймін» дейді. Сонымен кемпірге жаңа киім кигізіп Қыпша, «сізді шеше орнына шеше, әке орнына әке қыламыз. Дүние міне жетеді, енді осы қақпадан шықпайсыз, өлсеңіз өз қолымыздан таза арулап қоямыз» дейді.
Кемпір «жібереймін» дегенге ішінен қатты қорқып, сыртынан өте қуанған болып, күле сөйлеп, «ойбай-ау олай десең балам, менің құдай тілеуімді шынымен берді емес пе? Менің онан артық қандай тілегім болады» деп өтіріктен батасын беріп, күлміңдеп қалады. Мыстан кемпір бір айдан артық тұрады. Қыпшаның байқауынша кете қоятын түріде сезілмейді. Бір күні мыстан бада-бада болып жылап отырғанын Қыпша көріп, «шеше не болды?» деп сұрайды. Сонда мыстан:
– Балам, мен хал-жәйімді ашып айтпағанмен осы үйдегі балама үйіңізден пана таппай тұрғанда шет жағалатып айтқан едім. Менің ерім де өздерің сияқты өте бай еді. Ерім қайтыс болып, жалғыз баламмен екеуміз осындай бір сарайда шошайып қалдық. Бір күні осы шәрінің қарақшылары жалғызымды өлтіріп, барлық қазына дүниелігімді бұлап алып кетті. Мен жалғыз қалып, бар дүниемнен айырылған соң кімге сиямын деп, сол дүниелігінен бірдеме тиер ме екен деп, қайыршының киімін киіп осы қалаға келіп жалбызбалап жүріп бір адаммен жалғасып, қарақшыларды тауып дүниелігімді тигізіп берсе, жалғасқан адамға тиген дүние мүліктің тең жарымын беретін болып, сол кісінің амал, күш-қайратымен ұрланған заттарымның жарымға жуығын тигізген едім. Тиген дүниеліктің өзіме тиістілерін жерге көміп, қойып алды тиген соң қалғанында тигізіп алайын деп тоқтап жүр едім. Ол көмген заттарының көпшілігі шірімейтін алтын, гауһар сияқты асылдар. Ал енді өзі өлседе өз көзім жұмылғанша, «ең болмаса киген киімі көз алдымда тұрсыншы» деп, жалғызымның бір бағалы ішігінің өзін алып едім. Жылаған себебім біріншіден арманда кісіден өлген жалғыз есіме түсті. Екіншіден көз алдымда тұрса деген ішік шіріп қалады ау жалғызымның көзін құдай оңына келтіріп, қолыма тигізгенде қайтадан айрылатын болғаныма ренжіп отырмын. Мен жалғазыммен үстіндегі киімі үшін ғана жыламасам, дүниесі құрғыр үшін жыламаймын қарағым. Дүние деген осы үйде жетерлік екен ғой, енді өзімнен тумасаңдар да туғандай болған сіздерге болмаса шынында шырағым маған енді қанша керегі бар. Сендер аман болсаңдар, енді ештеңе мұқтаж болмасыма көзім жетті шырағым. Егер сіздерге керек қой десеңіздер, өзім көтергенімше жарым-жартылап алып келейін. Сіздерге керек болмаса шірігені шіріп жата берсін. Енді дүниесі құрғырға өте қызып та отырғаным жоқ, – деп монтанысыды.
Сонда Қыпша ойға кетіп, «осы кемпірдің менің еріме айтқаны шын болды ау. Ойлап қарағанда еріме бастапқы айтқан сөзі осы екен ғой, мұның шіріп кететін баласының киімін шіріттіргенім тіпті обал болар, мұны баласының киіміне жіберейін» деген ойға келеді.
Қыпша:
– Шеше ол балаңыздың киімін қойған жері жақын ба еді? Алыста ма?
Мыстан:
– Ойбай қарағым, осы қаланың ішінде, адам көрмейтін бір оңаша жерге тығып едім, оны қалайша сұрадың шырағым, – деп қояды.
Қыпша:
– Баламның киімін көріп отыра алмайтын болдым ау деп жылаған соң ішкімге көрінбей алып келсе боларма екен, – деп сұрап отырмын дейді.
Мыстан:
– Ондай ойласаң тіпті құдай тілеуіңді берсін, ана дүниесі құрғырдан да жалғыздың киімі ғой өте маған қажеттісі. Сүйтсе де дүниесі құрғұр да өздігінен табылмайды ғой, бір күнде еңбек қылып жинаған дүниелік бекер жер астында қалмасын, менде ол толып жатқан дүниеліктің қаншасын көтеруге шама болсын. Сондай болсада өзімнің шамама қарай көтергенімше ала келейін, – дейді.
Қыпша:
– Жарайды шеше, тезірек қайтыңыз және ешкімге көрінбей келіңіз, – дейді.
Мыстан кемпір:
– Болады балам, – деп қақпадан шығып алып, қуанышы қойнына сыймай жүгіре басып патшаның ордасына келіп:
– Тақсыр, ғашығыңызды таптым, пері ме десем, адамзат екен, ақылын таптым, өзін әзір алып келемін. Маған бір бағалы гауһар даяр етіңіз, – депті.
Патша өте қатты қуанып, барлығын даяр қылады. Мыстан, бір асыл ішікпен өзі көтергендей гауһарды арқалап, дерек қағып Қыпшаға жетіп келеді. Мыстан, «балам жалғызымның бір көзін әкелдім. Мұнымен қосып көтергенімше гауһар, діллалардан бір азырағында көтергенінше әкелдім. Менің енді кәрі қойдың жасындай ғана жасым қалды, жаным балам өздеріңнің дүниелерің ғой далада қалғанша қалғанын түгел жеткізіп алсақ қайтеді», – дейді. Қыпша бұл мыстанға әбден сеніп:
– Оларыңыз жақындама, –деп сұрайды.
Мыстан:
– Қарағым-ау қашық емес демедім бе? Оңаша бір бақтың ішінде. Балам бетіңе пердеңді жауып ал, өзіңе құдайымның берген шырайы бар емес пе? нәма харамдар жүзіңді байқамасын. Менен жас, қайратың бар ғой, екеуміздің бір рет көтеріп келгенімізден қала қоймас. Егер түгел көтере алмасақ қалғаны көп болса менің бір барып әкелетінімдей-ақ қалар, – дейді.
Қыпша кемпірге күдіксіз сеніп ішінен «мұның алтын, гауһарларының жер астында қалғаны да болмас» деп ойланып:
– Жүрсеңіз жүріңіз, – деп, кемпірге ілесіп көшеге шығады. Мыстан кемпір патшаның жеке бір қалың бағына алып келмекші болған екен, кемпір Қыпшаны сол баққа ертіп келеді. Бұларды асығып күтіп тұрған патша жендеттері сөзге келтірмей патшаның ордасына алып келеді. Қыпша бармағын шайнап шарасыздан патшаның ордасында еріксіз қолға түседі.
Патша Қыпшаны көрген соң бүтіндей есінен айырылып:
– Мен сізге көрмей жан, діліммен ғашық болып алғыздым. Әзірден бастап менің адамымсың, – деп, мақсатын орындамақшы болды.
Қыпша:
– Сізде, бізде мұсылманбыз, мұсылман шариғатында, бір әйел ерінен шықса үш ай он күн мүдеті болатынын әділ патша өзіңіз жақсы білесіз. Менің бұрын ері бар адаммын, ерім болсада ендігі өмірім сіз сияқты атақты патшаға тура келген соң мен сізге ризамын. Бірақ та менің тілегім келешегіміз қайырлы болуы үшін шариғат үкіміне бой сұналық, асығыстық шайтан ісі деген. Шариғат үкімі біткенше екі жағымызда сабыр етелік, – депті.
Патша үш ай он күнді өте қашықсынып:
– Ойбай оныңыз тым ұзақ қой, сіз шын тілесеңіз бір ай он күнге тоқталық, – деп, 40 күнге тоқтайды.
Қыпша берік сарайда қамауда еріксіз қала береді. Ендігі әңгімені ері саудагерден басталық. Саудагер базардан шығып үйіне келсе, үйінде Қыпша да, кемпір де жоқ. Сұмдықтың болғанын сезіп шаш, сақалын жұлып есінен танып біраз жатып қалады. Бір кезде есін жиып, біраз отырып, «маған енді тіршіліктің керегіне» деп ойлап, үйіне бір адамды пәтерге отырғызып қайыршының киімін киіп, үй ме үй, көше ме көшелерде «Алла ақ», – деп тентіреп мойнына қоржын салып, «Қыпшадан хабар шығар ма екен», – деп жүре береді. Саудагер күндіз болса үй-үйден қайыр сұрап, қора-қораларға кіріп, дымы құрығанда кешінде өз үйіне келіп жатады. Сонымын арада 38 күн өтеді, Қыпшадан әлі хабар жоқ, отыз тоғызыншы күні тентіреп жүріп патшаның қақпасының алдына келіп бар дауысымен «Алла ақ», – деп асай-мұсайларын салдырлатып тұрады. Қыпша ері саудагердің дауысын танып, хат жазып, болған мәселені айтып, «пәлен адамда осы патшаның биік дауыл қорғанынан қарғып түсетін екі тұлпар атты бар екен, соны қайтсеңде сатып алып, ертең кеште ел ұйықтаған кезінде осы қақпаның ішіне кірмесең, енді мен саған жоқпын», – деп, ол хатты бір нанның ішіне тығып бір күтушіге «мына нанды, сыртта тұрған қайыршыға бер», – деп беріп жібереді. Ері ол нанды қоржындғы көп нанның ішіне тастай салып тағыда жүріп кете береді. Отыз тоғызыншы күні сәудегер еш қандай дерек табалмай қайғымен қатып үйіне келіп жатады. Қыпша кеткелі анық бір жапырақ нанның басын құрап жемеген, қарыны әбден ашқан, жылап жатып үйіп төгіп тастаған нанның ішінен бір нан алып жемекші болып, қолына алған нанды пышақпен кесіп жібергенде ішінен Қыпшаның хаты шыға келеді. Саудагер хатты оқып ақуалға толық түсініп, сол түні таң атқанша ұйықтамай, таң атысымен екі тұлпардың иесіне келіп, өз бағасынан неше есе артық баға беріп екі тұлпарды сатып алады да даярлық етіп тұрады. Кешінде патшаның биік дауалына екі тұлпар атты қамшылап, қамшылап жіберіп, биік дауылдан қарғытып ішке түседі. Саудагер ішке түскенде Қыпшаның алдындағы күтушілері ұйықтамай, Қыпша кешігіп қалады. Саудагер бірқанша күндерден бері қайғымен ұйықтамай жүргендіктен, біраз отырған соң ұйқысы келіп тұтқыйылдан ұйықтап кеткенін өзі білмей қалады. Сәудегер ұйықтап жата берсін, сол шәріде жатқанның жанын кесетін бір ұры бар екен. Ол ұры патшаның қазынасын ұрламақшы болып, сырттан бұзып алуға ретін таба алмай қазына қорының ішінде болған үшін жер астынан тесіп келіп, алдымен қораның ішіне кірмекші болып, бірнеше күндерден тартып жер астын кеулеп қазған екен. Саудагер қатты ұйқыға кірген кезінде әлгі ұры патшаның биік дауылының ортасынан тесіп шыға келеді. Ұры шыға келсе, бір адам екі жақсы атты ұстап, ұйықтап жатады. Ұры «бұл атпен қалай түседі, мұнда бір сыр болу керек» деп, екі атты саудагердің қолынан алып, басқа бір жерге барып тұра қалғанда сарт етіп есік ашылады. Ұры «бұл нағылған адам екен» деп қарағанша болмай қоржынның екі басын толтырып көтерген бір әйел жетіп келіп ұрыға «қоржынды мықтап байла, тезірек кетелік», – дейді. Ұры қайран қалып, «не болса, сол болсын осы адамның бетіне қарай істейін» деп қоржынды тездете қанжығаға байлағанша Қыпша тұлпарға мініп дауылдан қарғыта жөнеледі. Ұры аттардың дауылдан қарғып кететінін біліп қоржын байлаған атпен қарғытып Қыпшаның қасына ереді. Қыпша, «ал енді бетіңді түзе де осы тұлпардың бар жүрісімен жүр», – деп екеуі қараңғы түн ішінде жарысып жүріп кетеді. Бұлар жарысып кете берсін, саудагер бір кезде қатты ұйқыдан ояна келсе, қолындағы аттары жоқ. Саудагер сұмдықтың болғанын біліп, есі шығып қалай болса солай қораның ішінде сенделіп жүріп, бір жерге гүп етіп түсіп кеткенін өзі білмей қалыпты. Бұл түсіп кеткен жері патшаның қазынасын ұрлау үшін қазып шыққан ұрының қазған жері болып, соныменен таң біліне көшеге шыға келеді. Қыпшадан айрылған соң, «маған енді тіршіліктің керегі жоқ», деп, дерексіз кеткен Қыпшаны іздеп, беті қалай ауса солай тентіреп жүре береді. Ендігі сөз Қыпшадан басталық, «бәледен құтылдым ба» деп, асығып аттың арынымен тұра шаба жөнелген Қыпша бір-екі көше айналғанда-ақ басқа адам екенін білсе де, «не де болса болары болды, ақырын бірақ көрейін» деп сол бетімен кете береді. Ұрының қуанышы ішіне сыймай Қыпшамен үзеңгі қағысып жарысып келеді. Таң атқанда қараса, адам екені, перизат екені белгісіз бір сұлу. Қыпшаға қарағанда аттан талып түсе жаздап, жан-тәнімен ғашық болып, «Құдай бағымды көтеріп, қиуасыз жерден кез болған жаным, енді мақсатты орындалық», – деп Қыпшаны айналдыра бастайды.
Қыпша:
– Мені құдай сізге қосу үшін ойда жоқ жерден кезіктірді, енді мен сіздің адамыңыз болдым. Асықпаңыз, асығыс сайтан ісі емес пе? Алдымен мына зұлым патшадан ұзап құтылып алған соң, өзімізді өзіміз білеміз ғой, – дейді. Ұры бұл сөзге қатты риза болып, сол жарысқан беттерімен тұлпарлардың бар жүрісіменен шауып отырып, түс қайта бір қалың ағашқа келіп түседі.
Бұлар аттан түскенде, ұры сенделіп, ат соғып шаршап қалғандығын айтады. Сонда Қыпша:
– Сіз жер қазумен бұрын қатты шаршағансыз ғой, мен артық шаршамадым, сырқыраған қол-аяғыңызды біраз уқалап, сізді тезірек тынықтырып алайын, – деп, ұрының қол-аяғын уқалай бастайды. Ұры бұған өте насаттанып, мұртынан күліп, аяқтарын созып жіберіп, қуанышы ішіне сыймай жата береді. Қыпша адам талдыратын у дәріні білгізбей ұрының аяғына жаға береді. У дәрі ұрының денесіне жайыла бергенде ұры бір-екі есінен талып талып қалады. Қыпша ұрыны талдырып тастап, тұлпардың бірін мініп бірін жетегіне алып жүріп кетеді. Ұры талған күйінше жата берсін.
Қыпша ұрының бар киімін шешіп алған еді, ұрыдан ұзап шыққан соң өз киімдерін қоржынға салып бөктеріп алып, ұрының бар киімін киіп еркек болып алып тарта береді. Бір шәрінің сырт жағына келгенде топырлаған қалың адамды қөріп бір адамнан жиылған адамның жәйін сұрайды. Сұраған адамы:
- Біздің шәріміздің бір-неше заманнан бері «бақыт құс» деген бір құсы болды. Ол құстың тұқымы өмірінде бірақ рет жұмыртқалайды. Жұмыртқаларында тамақ жемей, су ішпей, қанат қағып шақылдайды. Сол кезде босатып қоя берсе, ұшып кетіп екі ай өткенде келеді. Сонан кейін ұзамай ақ жұмыртқалап, жұмыртқасын басып, балапан шығарған соң ұзамай өзі өліп, балапаны қолдан асыраумен анасындай бақыт құсы болады. Сонымен бірге біздің осы шәрімізге кім патша болатын болса, бақыт құсы сол адамның басына қонады. Біздің осы шәріге көп жылдардан бері бақыт құс басына қонбай ешкім патша болған емес. Ал енді мына халықтың жиылған себебі, біздің патшамыз өлгеніне бір айдан артық болды. Шәрі халқы бақыт құсын жіберіп, патша сайламақшы болып құсты ұшырғалы бірнеше күн өтсе де, бақыт құсы ешбір адамның басына қонбай, ағаш басына қонып, осы сіз келген жаққа қарап қанатын қаға береді, соған халық қайран болып күн сайын осы насай топыр, – деп сөзін аяқтатады.
Қыпша жыйылған елдің жәйін түсінген соң, «осылардың тамашасын көрейінші» деп, көпшіліктің ішіне келіп тұра қалады. Қыпша келіп тоқтасымен бақыт құсы үшіп келіп Қышаның басына қонып, біраздан соң қайта ұшып баяғы отырған ағашына барып қонып отырады. Көпшілік бұған қайран болды. Құсты сынау үшін отырған ағашынан түртіп ұшырып жіберсе, Қыпшаның басына келіп қонып, аз отырып қайтадан отырған ағашына барып қонады. Көпшілікте үш рет сынап көреді, үшеуінде де құс бір қалыптан аумайды. Сонда өлген патшаның ақылды бас уәзірі айтады, «көпшілік осы келген адам бізге уақытлы патша екен, біздің негізгі патшамыз бұл халықтың ішінде жоқ екен. Енді осы жігітті таққа шығарайық, негізгі патшамызды тағыда көрерміз», – дейді. Қыпшаға барлық көпшілік бас иіп, «тақсыр сіз біздің патшамызсыз», – деп таққа шығарып, патша қылады. Қыпша өте әділеттілікпен халықты басқарып тұра береді. Қыпшаға көпшілік, «сізде әйел жоқ екен, өзіңізге лайық бір сұлу алыңыз, әйелсіз тұруға бола ма», – дейді. Қыпша, «менің үйленетін уақытым кейінірек, әзірше үйленбеймін», – деп қояды. Патшасы өлген шәрінің бақыт құсы бір қанша күнге дейін ешкімнің басына қонбай қойғаны, ақырында екі тұлпар аты бар бір жолаушының басына бірнеше рет қонып қайтадан үшіп тұрғаны, ол адам патша болып, үйленбей тұрғаны елден елге естіліп дабырап кетеді. Қыпшаның ері саудагермен Қыпшаны алдырған патша, мас болып қалған ұры үшеуі де Қыпшаның дертіменен, қайғысымен қарайып, Қыпшаны іздеп сандалып жүріп ел аузындағы өлген патшаның орнына патша жайлы болған ахуалдарды үшеуіде естиді. Бұлар болған істің жайына қарап, «жаңа болған патша анық Қыпша болар» деп, қуаныштан жүректері жарылып кете жаздайды. Қыпшаға ғашық болған патша, «Қыпша уақытша патша негізгі падша бар деп дәулет құсының күтіп тұрғаны өзім-ақ болдым ғой» деп қуанады. Қыпшаның ері саудагер осы ойды ойлап, «құдай бұйырса Қыпшаны таптым ғой, сол анық Қыпша болды» деп қуанады. Ұры «бұл анық мен патшаның ордасынан алып шыққан сұлусымақ болды. Ол сұлу маған шын сөзін айтып ақ еді, бірақта мен тұтқыйылдан талып қалған соң кетіп қалды ғой. Енді тауып алсам, өзінің уәдесі бойынша ол сұлу менікі болады. Сонда дәулет құстың күтіп тұрған падшасы мен болдым ғой» деп қуанады. Бұл үшеуі де жаңа патшаның шәрісінің жөнін сұрап алып, асығыстықпен сол шәріге қарап жүріп береді. Саудагер асығыстықпен келе жатып, сапарда көп жүрген бір адамга кезігеді. Екеуінің бет алысы бір жақта болып, бұлар жолдас болып бірге жүріп келе жатып, саудагер жөн сұрайды. Патша өткен ақуалды түгел айтып келіп, іздеген ғашығымды тауып, сол шәрінің өзіне патша болуға аз уақытым қалды деп қуанышын түгел сөйлеп береді. Саудагер толық түсініп, ішінен құдайға тәубә қылып, ақ иіледі сынбайды деген ғой істі бәйгеде көрерміз деп, мен сол шәріде бір жұмысым болып келемін, сапарыңыз қайырлы болсын. Енді екеуміз бір жолдас екенбіз деп ойлап, екеуі жолдас болып жүре береді. Бір-екі күн өткен бұлар бір адамға кезігіп жөн сұраса, ол адам Қыпшаны алып қашқан ұры болып шығады. Ұры Қыпшаның берген уәдесі айта келіп, енді іздеген ғашығымды тапсам, дәулет құсы күтіп тұрған патшасы өзім шығармын деген қуанышын айтады. Сонда падша саудагерге сыбырлап қана «мына тамашаға қараңыз, менің еңбекпен алдырған ғашығымды ұрлап алып кетіп, айтып келе жатқан сөзін көрдіңіз бе? Сіздің де жұмысыңыз сол шәріде екен ғой, Қыпшаны тапқаннан кейін мұның оттасын көресіз ғой», – деп теріс қарап мырыс-мырыс күліп жібереді. Саудагер ішінен «тұп-тура айтып келесің, сен зұлым болмасаң, Қыпша екеумізге осы көрген бейнет барма еді» деп патшаға қосыла күледі. Бұл үшеуіде қуанышпен келе берсін, енді Қыпша жақтан әңгіме басталық. Қыпша таққа отырғаннан кейін ерін іздеу үшін әртүрлі ойға келіп, «Япырай дерексіз қалай іздетемін. Осы атақты шәрінің падшасын сайлаудағы болған ахуал талай жерге таралмас па екен, ел аузынан есіткен аңызға қарай менің осы елге уақытлы патша болғанымды халайық оймен білмес екен, мүмкін менің өз ерім тұрсын, зәлім патша мен ұры да іздеп келмегей неде болса бір аз уақыт байқайын» деп, патшалық үкімін жүргізіп өзінің әйел екендігін білгізбей тұра береді. Сонымен бір қанша күндер өткен соң, бір күні дәулет құсы қанатын қағып, шиқылдап, талпынып аласұра бастайды. Мұны көрген ақылды бас уәзір, мына құстың мынандай етуі бекер емес, мұнда бір мән болды. Мүмкін бұл құстың жұмыртқалайтын да уағы емес, меніңше біздің негізгі патшамыз осы шәріге келген болуы керек деп, құстың аласұруын Қыпшаға айтады. Қыпша, «олай болса халық жиылып майданға шықсын, құсты жіберіп көрелік» деп, халық болып майданға шығады. Халық жиылып түгел болғанда, дәулет құсын отырған орнынан ұшырып жіберсе, құс ешкімнің басына қонбай Қыпшаның басынан үш айналып келіп, өзін ұшырған орнына қонып отырады. Көпшілік үш рет сынап көрсе құс бір қалыптан аумайды. Сонда бас уәзір тұрып, «мынаның ойынша біздің ендігі патшамыз басқа адам болатын болды. Бірақта мына патшамыздың басынан айлана беруі қалай екен? Осы жиынға келмей қалған адам бар ма екен» дегенше болмай, үш жолаушы қалың топтың ішіне жетіп келеді. Қыпша сонадайдан үшеуінде танып, ішінен құдайға шүкірлік етіп, қуаныш пен тағында отыра береді. Жолаушылар келіп тұра қалсымен-ақ дәулет құсы ұша жөнеліп, тұрған зәлім патшаның беттерін тырнап қаната барып, сәудегердің басына қона қалады. Қыпша шыдай алмай, қалың жиынның ішінде ерімен жылап көріседі. Саудагер Қыпшаны көргенде есінен танып, жығылып түседі. Көпшілік қайран қалып Қыпшаның әйел екенін сонда ғана біледі. Қыпша бұрынғы өтілген, бастан кешкен істерді түгел сөйлеп береді. Жиылған халық Қыпшаға сансыз рахметтерін айтып, ері саудагерды сол сағатында таққа шығарып патша етеді. Саудагер патша болған соң, зұлым патшаны дараға тартып өлтіртіп, ұрыны азат етіп еліне жібереді. Саудагермен Қыпша сол шәріде патшалық дәуірімен қалған өмірлерін қызықпенен өткізіпті.
5. Қарға Шаһизат
Ілгергі өткен ерте заманда өте даулетті бай болады. Есігінің алдында бірнеше малайлары, құлдары болған. Малы орасан көп болған. Бай алпыс үшке жеткенше бала көрмей, бір перзентке зар болған. Үш әйел алады, үшеуінен де еркек кіндік болмайды. Бай алпыс үшке келгенде төртінші өйел етіп, бір кедейдің қызын алады. Тоғыз ай, тоғыз күн өткенде әйел екі қабат болады. Бай қуанып, ел-жұртын жинап:
– Менің әйелім ұл перзент таба қойса, менің жүрегім жарылып кетер, әйелім туғанша тағат етіп отыра алатын емеспін. Сондықтан маған ерем дегендерің соңыма еріңдер, мен үлкен кеме жасап су арқылы жер жүзін кезгім келеді, – дейді.
Ел-жұрты айтқанын кабыл алып, ұсталарды жинап қырық күн ішінде ішіне елу кісі кететін кеме істеп, бейсенбі күні түстен кейін кемені суға салмақ болып, бай құдайы қылып, ел жұртымен қоштасып елу кісімен кемені суға итеріп салайын деп жатқанда бір қара қарға ұшып келіп, кемені суға салдырмайды.
– Мені балаңа ортақ қылсаң, кеменді суға салдырам, – дейді. Бай жолынан қалмас үшін «балама ортақ қылам» дейді. Балама ортақ қылам деген соң, қара қарға да ушып кетіп қалады. Сонымен бай кемесін суға салып жүріп кетеді. Бірнеше күн, айлар өтеді. Ай толып, байдың әйелі арыстандай бір ұл табады. Елі жиылып неше күн ойын, неше күн той қылып, баланың атын қояды. Байды іздеп сүйінші алуға жұрт асығады. Күні-түні теңізді аңдиды. Байдан хабар болмайды. Бірнеше жылдар өтеді. Бала қара табан болып, бес-алты жасқа жетеді.
Ел-жұрты байдан, қасындағы жолдастарынан күдер үзеді. Он шақты жылға дейін хабар болмайды. Бала он төрт он беске келеді.
Бір күні бала шешесінен:
– Менің әкем қайда? – деп сұрайды.
Шешесі болған істі бастан-аяқ баян етеді. Бала ел-жұртын жиып, қасына қарулы, әдісшіл бірнеше жігіт алып, әкесін іздемекші болады. Елін жиып кенес құрып жатқанда он бес кісімен азып-тозып жаяу, табандары кесіліп, көрмеген қорлығын көріп, бай еліне келеді. Жұрты алдынан шығып сүйінші сұрап, байды қуантады. Бай баласымен көрісіп, жүрегі жарылғандай қуанып, қайтадан қырық күн ойын, қырық күн той қылып шерін тарқатып, мұнша жасқа келгенде ұл перзент бергеніне құдайға тәубә қылып, жетім-жесірге қарап, қолындағы барлық құлына бостандық береді. Бала балалармен асық ойнап жүре береді. Бір күні бір баланың асығын зорлықпен жығып салып тартып алады. Астында жатқан бір таз қу бала екен.
– Сенің, біздің елде не жүмысың бар? Сенің әкең қарға Шаһизат, біреудің елінде жүріп бүйтесің. Еліңе кет, қаңғырған неме, – дейді. Бала үстінен түседі де, үйіне жылап жүре береді. Әкесіне келіп:
– Менің әкем кім? Мен әкемді іздеймін. Бұл елде тұрмаймын, – дейді.
Әкесі өткен істі жылап отырып баян етеді. Бала Қарға Шаһизатты іздемекші болады. Бай ел-жұртын жиып, балаға неше күндік асын беріп, астына өзінің сүйген атын беріп «шылауыңды қаусал ағзам, періштелер қолдасын, бабаларым жар болсын» деп, еңіз-теңіз болып, батасын беріп баланы ат тандырады. Бала кару жарақ асынып, ел-жүртымен амандасып, жолға шығып кетеді. Сонан бала неше күн, неше түн жүріп отырып, бір күндері бір үлкен шаһарга кез келеді. Шаһардың шетінде бір данышпан адамға кездеседі. Жөн сүрасады. Данышпан адам:
– Бұл жылан патшасының шаһары. Бір жақтан келген бөтен адамды біледі. Ордасына апарып, көп жыланның ортасына қояды. Біреуі мұрныңнан, біреуі аузыңнан кіріп, мойныңа оралып, тұла-бойыңды аралайды. Ол кезде тіпті қимылдамағайсың. Өйткені сені арбап жүреді, Егер қимылдасаң, өлгенің, – дейді. Сонымен бала ордаға келеді. Хан шақыртып алады. Хан кішкентай жіңішке ақ жылан екен. Алтын табаққа салып, айдаһар басына көтеріп жүреді екен. Баланы апарып көп жыланның ортасына кіргізеді. Біреуі аузына, аяғына, құлағына, мойнына кіріп, оралып жүреді. Бала қозғалмай тұрады. Қозғалса, өлетінін біледі. Бала жыланнан аман-есен құтылып, бағанағы жолыққан кісіге келеді. Не қылып ел кезіп жүргенін бастан-аяқ баян етеді. Жаңағы кісі:
– Ол қарға Шаһизат осы жерден жақын. Ол кезеп хан. Алдына барған кісі аман қайтпайды. Барғаныңмен өліп кайтасың, – дейді.
– Сен жап-жас бала екенсің, саған мен бір жақсылық қылайын, айтқанымды орында, – дейді.
Бала әбден болады дейді. Қуанғаннан астындағы атын түсіп береді. Кісі:
– Қарға Шаһизаттың қырық қызы бар. Қырқынын қырық отауы бар. Күнде түсте қырқы қырық аққу болып, сәске түсте ұшып келіп, осы жақын жерде бұлақ бар, соған шомылады. Сол шомылғанда отыз тоғызы бір де, жалғыз біреуі белек түседі. Сен амалдап сол жалғыз түскен қыздың киімін түсіріп алсаң, ісіңнің орындалғаны, – дейді.
Бала қуанып таңертең барып, қыздардың суға түседі-ау деген жеріне барып аңдып жатады. Сәске түс бола берген кезде қырық аққу шырқ айналып келіп, бұлақка қонады. Отыз тоғызы бір түседі де, бір аққу бөлек түседі. Бала андып жатып, шешініп суға шомылған кезде жүгіріп келіп киімін баса қалады. Басқалары адамды көріп үшып кетіп, жалғыз өзі қалады. Жаңағы қыз:
– Ей, адамзат, киімімді бер. Саған да бір жәрдемім тиер, егер мен керек болсам қырық бірінші отаудан мені тап, – дейді. Сосын бала киімін береді. Қыз киінеді де, аққу болып ұшады да кетеді.
Бала күн батқанша асығып, күн батқан кезде қатар тіккен қырық отаудын күншығыс шетіндегі жеке отауға кіріп келсе, ай десе аузы, күн десе көзі бар, шашы жерге тиіп көзі жарқырап баяғы қыз отыр екен. Бала қарға Шаһизатты іздеп келе жатқанын, неше ай, неше жыл іздеп азап шеккенін айтады. Қыз жақсылап күтіп, жайлы төсекке жатқызып балаға рахымы түседі.
– Менің әкем – Қарға Шаһизат. Алдына келген адам сау кетпейді. Сен ертең азанмен ханға барып сәлем бер. Келгеніңді баян ет. Саған не айтады, не тапсырады, бұлжытпай, ұмытпай маған баян ет, – дейді.
Бала таң алакеуіммен ханның ордасына аяндайды. Рұқсат алып патшаға тағзым етіп:
Ассалаумағалейкүм, Алдияр тақсыр ханымыз,
Құтты болсын, ей, шаһым, саясатты тағыңыз.
Артылсын деп тілеймін, Күннен күнге біз ғарып,
Бастағы дәулет бағыңыз, – деп, алдиярлап келген жайын баян етеді.
Патша:
– Олай болса, сен ақиқат менің балам болсаң, мен сынайын. Жұмыс тапсырам. Соны орындайсың, – дейді.
Бала:
– Құп болады, – деп тәжім етеді. Патша:
– Екі шаңқан боз түрі де бір, түсі де бір. Соның анасы қайсы, баласы қайсы айырып бер. Соны айыра алмай жүр едік, – дейді.
– Егер тапсаң, анықтап баласы дегенінді оң қолыңа, анасы дегеніңді сол қолыңа ұстап, шатастырмай алып кел. Егер таба алмасаң жаныңнан безе бер, – дейді.
Бала иығы түсіп, екі биені жетектеп жасырынып қызға келеді. Ханға айтқанын баян етеді. Екі шаңқан бозды тапсырғанын, содан жәрдем болмаса өлетінін айтты.
Қыз:
– Сен екі күнге ханнан мәулет сұра! – дейді. Бала ханға барып тәжім етіп, екі күнге мәулет алып келеді.
Қыз:
– Сен бұл екі атты таң асыр, қалың киіз жауып қараңғы кебеге байлап суын ал. Ертеңіне дейін шөп берме. Күн толған соң, бір уыс жоңышқа алып әуелі біреуіне, екінші рет біреуіне бер. Сонда біреуі оқыранып, тепсініп шыдап тұра алмас. Соны баласы, үндемегенін анасы де де, алып барып бер, – дейді.
Бала айтқанын істеп ертең азанда, «мынау-анасы, мынау -баласы» дейді де, алып барып береді. Хан екінші рет:
– Сен бүгін түніменен бір үлкен шаһар орнат. Ішінде гүлдер болып, бұлбұл сайрап, бұлақ ағып таң-тамаша қылғандай болсын, – дейді.
Бала:
– Құп! – деп тәжім етіп кетеді. Қызға амалдап келіп жолығады. Тапсырмасының бәрін айтады. Қыз тепсініп-ақырып жерді теуіп-теуіп жібереді. Жұмысқа мойымайтын дәулер толып кетеді.
Қыз:
– Ертең алакеуімге дейін пәлен саржын жерге шаһар салып, ішінде бұлбүл сайратып, бау-бақшалар орнатып, таң-тамаша қылатын шаһар салындар, - деп бұйырады. Қыз бен бала жата береді.
Бала таңертең тұрып караса, бір шаһар орнатқан. Адам қарап тұрғандай. Бұрынғы қарға Шаһизаттың шаһарынан сәулетті, өте сұлу. Бала қуанып, азаннан патшаның ордасына аяңдап барып, тәжім етіп:
– Айтқаныңызды орындап келдім, – дейді.
Патша:
– Апырмай, нағып орындадың! Мынау кісінің қолынан келмейтін нәрсе еді. Бұл жалғыз кіші қызымның қолынан келетін еді. Онымен қалай жақын бола қойды, – деп ойлап, хан уәзірін ертіп, жаяулап салынған шаһарды аралап, таң-тамаша қалып, кешке әрең ордаға қайтады.
Патша:
– Енді, балам, бір буын қамыс берем. Осының басы қайсы, түбі қайсы. Соны тауып кел, – деп қолына бір буын қамыс береді. Бала қамысты алып қызға келеді.
Қыз:
– Енді бір буын қамыс берсе, жұмысыңның оңайланғаны, – дейді.
– Қамысты аспанға лақтырсаң әуелі келіп түбі жағы түседі. Сол жағынан ұстап алып барып бер, – дейді. Бала қамысты жоғары лақтырып, жерге түскен жағын ұстап, ертеңіне апарып береді. Патша:
– Таптың, айтқан жерден шықтың. Қырық қызым бар. Соның біреуін таңда да ал. Сөйтіп өзіме уәзір бол, – дейді. Бала патшаның айтқанын қызға айтады.
Қыз:
– Ертең патша жұртын жияр, қырық қызды бірдей киіндіріп, беттеріне перде ұстап қатар қояр. Сен сол кезде қайсыны аларыңды білмей сасарсың. Сол кезде мен ғаріп оң өкшемді қимылдатармын. Сен осы қызды ұнатам деп айрылмағайсың, – дейді.
Ертең азанда жүртын жиып, қырық қыЬды қатар қойып, балаға:
– Таңдағанынды ал! – дейді.
Бала ол жағына бір шығын, бұл жағына бір шығып, аяқтарына қарап жүрсе, қыз ортасында бір өкшесін кимылдатып тұр екен. Бала келеді де:
– Осы қызды ұнатам, – дейді.
Патша сөзден танады:
– Бұл әкемнің кенжесі, қарындасым еді. Мұнан басқасын таңдап ал, –дейді. Бала:
– Бұл қызды бермесең, алмаймын, – дейді.
Сонымен ертең және таңдамақшы болады. Бала кешіне қызға келеді:
– Ертең менің орныма басқа қыз қойып, мені қотыр баспақ қылып, күн шуаққа байлап қояр. Мен күн шуақта жаланып тұрармын. Сол кезде сен қыздарды ұнатпа да, сол қотыр баспақты бер деп патшадан сұра, – дейді ол.
Ертең азанда патша жұртын жиып, қырық қызын қатар қойып, баланы жібереді. Бала әрі-бері жүріп:
– Сіз маған қызыңызды бермесеңіз, мен еліме қайтамын. Маған әне бір қотыр баспағыңызды беріңіз, күнге кептіріп жол азық қылайын, – дейді.
Патша:
– Жоқ, ойбай, әкемнен қалған жалғыз баспақ, оны беріп әкем жүзін көре алмаймын, – дейді.
Бала:
– Оны бермесеңіз, мен қызыңызды ала алмаймын, – дейді. Патша хұзратын тарқатып, уәзірлерімен кеңесіп, баланың біліміне ырза болып, кіші қызын беріп, неше күн ұлы той қылып, баланы өзінің орнына хан көтеріп, өзі тәубе қылып, баланың хандық құрған қызығын көріпті. Сөйтіп бала бір қыздың білімінің арқасында бір елді билеп, неше жыл хан болып дәурен сүріп, мұратына жеткен екен.
6. Шын сүйіскендер
Eрте-ерте ертеде, ешкі құйрығы келтеде, ел ханға қарағанда, хан елді алдағанда бір би болыпты. Ол бидің жалғыз баласы болыпты. Өзі ол замандағы оқуды тауысқан сондай сауатты және салауатты болыпты және катарынан асқан сұлу жігіт болған. Баласы жиырмаға келген соң, оқуды бітіргеннен кейін би баласын шақырып алып:
– Балам, енді үйлен, мен қызығыңды көріп, немеремді сүйер ме екенмін, – дейді.
Онда баласы:
– Жарар, ата, өзіме ыңғайлы сұлу қыз болса, үйлену қиын емес қой, – деп жүре беріпті.
Атасы бірнеше қыздарды көрсетсе, оны бала жаратпай, алмаймын депті. Сонан кейін атасының көңілі қалып, баласына ашуланып халқын жинап алып:
– Халқым, мен баламнан көңілім қалды, ол енді үйленбесе мен онымен бірге тұрмаймын, – депті. Енді сіздерден сұрайтыным, маған әдемілеп сол балама арнап үй салып беруге жәрдем етіңдер, – дейді.
Оған халық «бұныңыз дұрыс» деп, жәрдем беріп, халық берсе көл деген, бір ай ішінде жақсы екі бөлмелі үй салынып шығады. Сонан кейін би баласын сол үйге кіргізіп, өзі сыртынан қарап тұратын адамдар қояды. Өзі қатынауды да қояды. Баласы кітаптарды оқып ермек етіп жата береді. Сол заманда тағы бір ханның қызы асқан сұлу болса керек, ол қыз да күйеу таңдап, еш адамды жаратпай, өз алдына бір үй салдырып алып, бұл қыз да жалғыз тұрады екен.
Бұрыңғының айтуы бойынша, дүние жүзінде бір-екі пері екіге бөлініпті, бөлініп алып түнге қарай ел аралап жүреді екен, біреуінің аты – Дәу пері, екіншісінің аты – Шолақ пері болады. Сол екі пері бір түні жер жүзін аралауға шығады, екеуі екіге жер жүзін бөліп алыпты, Дәу пері Азияны аралауға, Шолақ пері Европаны аралауға кетіпті. Дәу пері Азияның жартысын аралап болып, енді жартысын аралап келе жатса, бір үйдің терезесінен жарық көрінеді. «Бұл не қылған жарық» деп, жақын келіп терезеден қараса, бір жақсы жігіт ұйықтап жатыр екен. Соның нұр сәулесі үйдің ішін жарық етіп, терезеге де түсіп тұрған сол екен. Мұны көріп Дәу пері таң қалып, аузы аңқайып тұра береді. Бір уақытта, Шолақ пері өзінің аралайтын жерін аралап бітіріп, Дәу перімен уәделі жерге келген соң, «бұған не болған» деп, іздеп келе жатса, баяғы терезенің тұсында үңіліп қарап тұрған Дәу періні көреді. «Ау, сен не қылып тұрсың?» – деп қасына келеді. Сонда Дәу пері: «Мұнда кел, қызық көресің», – деп, Шолақ періні шақырып өзі көрген жігітті көрсетіпті. Онда Шолақ пері айтады: «Ой, осы да сұлу болып па, ой, мен бір қыз көрдім, ол мұнан екі есе артық сұлулығы», – дейді. Онда Дәу пері: «Жоқ, мұнан артық адам баласының, сұлулығы аспайды», – дейді. Онда Шолақ пері: «Жоқ, менің көрген қызымнан артық сұлу болмайды», – деп екеуі таласа-таласа төбелесіп те қалыпты. Оларды көретін жан жоқ, екі пері төбелескесін оңай болсын ба? Сөйтіп төбелесе, төбелесе шаршап екеуі отыра кетіпті.
Сол уақытта Дәу пері айтады: «Әй, Шолақ, біз екеуміз бұрын өте тату едік қой. Бүгін бір-екі адамның сұлулығына шатасып төбелескеніміз болмас, онан да бері кел, екеуміз татуласайық та, ойланып бұл таластың шешуін шешейік», – дейді. «Ия, оның дұрыс екен», – депті. Шолақ пері қасына келіп айтады: «Олай болса, айда, екеуміз менің көрген қызыма барайық, сен соны көр, сонан кейін ол қызды алып келіп мына сенің көрген жігітіңнің қасына салайық та сонан кейін жігітті оятсаң, егер жігіт қызды құшақтап бетінен сүйсе, онда қыздың сұлу болғаны. Егерде сүймей құр құшақтап жата кетсе, ол уақытта қызды оятармыз», – деп уағда жасап қыздың еліне кетіпті.
Қыздың еліне келіп терезесінен қараса, қыз да айтқандап сұлу екен. Содан кейін уағда бойынша қызды жігіттің еліне алып келіпті де, жігіттің қасына салып, сонап кейін ептеп жігітті оятыпты. Жігіт оянса, қасында бір қыз жатыр, ай десе ауызы, күн десе көзі бар, жігіт ойлайды, «әкем маған теңімді жаңа тапқан екен, енді бұл қызға мен үйленермін» деп ойлайды да, қолындағы балдағын қыздың қолына салып, өзі қыздың қолындағы сақинасын алып өз қолына салып, сонан кейін қызға бетін беріп жатып ұйықтап кетіпті. Бір уақыт тұрғаннан кейін екі пері енді қызды оятады, қыз оянғаннан кейін жан-жағына қараса, бөтен ешкім жоқ, қасында өте сұлу бір жігіт жатыр. Қыз «мұндай жігітті іздеп таба алмай жүр едім, менің теңім өзі келген екен» деп, құшақтап, үш қайтара бетінен сүйіп, сол құшақтаған күйінде ұйықтап кетіпті. Сол кезде Дәу пері қасында тұрған Шолақ періні жұдырығымен бір ұрып жіберіп: «Әне, көрдің бе?» – депті. Сонан соң қызды көтеріп алады да өзінің еліне апарып, төсегіне салып, өздері жөндеріне кетіпті.
Біраздан соң таң атып үйге жарық түскен соң, бидің баласы оянып қараса, қасында ешкім де жоқ. «Қой, бұл көрген түсім шығар» десе, қолында қыздың сақинасы калған, ал өзінің жүзігі жоқ. «Япырмау, бұл қалай, түсімде көрдім дейін десем жүзігім жоқ, өңімде көрдім дейін десем қыз жоқ» деп, аң-таң қалып отырғанда үстіне өзінің кызметкер кісісі келеді. Ол кісінің есімі Жетім екен. «Ой, Жетім, түнде менің қасыма әкеліп салған сұлу қыз қайда болды?» – дейді. Сонда Жетім аң-таң қалып тұрып: «Жоқ, төрем, сіздің қасыңызға ешкім де қыз салған жоқ, мен қыз көрген де жоқпын», – дейді. «Олай болса мен жуынып киінгенше, сен әкеме барып соның жайын біліп кел және айтарсың егер де сол қызға үйлендірсе, мен оған өте ризамын», – дейді. Сонан соң Жетім жүгіріп биге барып: «Тақсыр би, мені сізге төре жіберді», – дейді. «О, неге?» деп би сұрайды. Сонда Жетім Бидің, баласының сәлемін айтады. Би кішкене ойланып отырып: «Е, оның қасына қыз салғаным жоқ, өзінің есі дұрыс па екен», – деп, өзі Жетімге еріп баласының үйіне барса, баласы жуынып, киініп отыр екен. Әкесі келгеннен кейін сәлем беріп болып:
– Әке, түндегі менің қасыма салған қыз кімнің қызы, соны мен алар едім, – дейді.
Сонда әкесі басын шайқап:
– Мен қыз салғаным жоқ сенің қасыңа, – дейді. Оған баласы сенбейді:
– Әке, егер де ол қызды маған қосқың келмесе, мен сені көрмеймін, тамақ та ішпеймін, – дейді де тұлан салып жатып алыпты.
Би өзінің үйіне келіп, бәйбішесіне баласының жайын айтып, еліне жар салып, «дәрігер іздеңдер, балам ауруға айналды» деп, қарата бастайды. Онымен бала жазылмайды. Ал бұл жата берсін. Ендігі хабарды қыздан білейік. Сұлу қыз да таң атқан соң баяғы жігіт тәрізді өз-өзінен таңырқанып, «бұл қалай» деп, кішкене отырған соң, есігінің алдындағы қызметкер әйелді шақырып алып: «Сен әжеме бар, менен сәлем айт, егер де әкем мені түндегі менің жаныма салған жігітке берсе, мен барар едім», – дейді. Ол қолындағы жүзікті ешкімге көрсетпей шығып кетеді. Қызметкер әйел барып ханның бәйбішесіне айтса, бәйбіше шошып түсіп «біз жігіт салған жоқпыз, жігіт деген немене» деп, ханға хабар беріп, бәйбіше қызына келіп мән-жайын сұрайды. Онда қыз шешесіне «жігітті маған қоспасаңдар, мен де сендерді көрмеймін» деп, теріс қарап жатып алады.
Хан қызының мұнысына аң-таң болып, «жалғыз өзі бір үйде жатушы еді, бір нәрсенің салқыны түскен шығар» деп, еліндегі өзі білетін дәрігерлерге қаратса, олар «біздің қолымыздан келмейді, бұл балаңызды біз жаза алмаймыз» дейді. Сонан соң хан еліне жар салады. «Кімде-кім менің қызымды ауруынан жазып шығарса, сол адамға қызымды қосамын, – дейді. Егер де жаза алмаса, сол қараған кісінің басын аламын», – депті. Сонан соң бірсыпыра есалаң жас жігіттер, «біз жазамыз» деп барып, бастарынан айрылып, жұртына аңыз болыпты.
Бір күні қыз ойға қалып отырып, есігінің алдындағы әйелді жіберіп, әкесінің бас уәзірін шақыртып алыпты да былай дейді:
– Әй, аға, мен сізді бір қиын сапарға жұмсайын деп отырмын, – депті, баяғы жүзікті көрсетіп отырып, сіз осы жүзікті алыңыз, әкемнің тұлпарына мініңіз, тұлпардың кілті менде, сонымен құлыпты ашып, бірнеше айлық азықпен сіз жүзіктің үстіндегі айшығына қарап менің көрген, ғашық болған жігітімді іздеңіз, егер де сол елді тапсаңыз, ол жігіт те мен құсап жатқан шығар, соған дәрігер болып үйіне кіргеннен кейін осы жүзікпен менің берген сәлемдемемді берсеңіз ол жігіт жазылады. Сонан соң амалын тауып ертіп алып келерсіз, – дейді.
Оған уәзір:
– Жарар, іздесем іздеп көрейін, – деп, қыздан жүзік пен сәлемдеме орамалын алып, ханның тұлпарына мініп алып, айлық азығымен жолға шығып бірнеше елдерді аралап, бірнеше ай жүріп, бір күні елге келіп ол елдің хандарынын үйінің төбесіндегі айшыққа қолындағы жүзіктің жүзіндегі айшықты салыстырып қараса, ұқсас болып шығады. Сонан соң уәзір бір кемпірдің үйіне келіп:
– Шеше, мен сіздікіне атымды қойып кетейін, ол атымның ақысына қой басындай алтын берем, ешкімге көрсетпей бағып тұрарсыз, қашан өзім келгенде алам, – деп, атын сонда тастап, өзі дәрігер болып, қолына таяқ алып, сол елді аралап ауру емдеп жүре береді.
Сонда бір кісі айтады:
– Егер де сен жақсы дәрігер болсаң, біздің бір биіміздің жалғыз баласы көптен бері ауырып жатыр соған бар. Егер де жазып шығарсаң не тілесең де береді, – дейді.
Сонда уәзір оған «мені ертіп барыңыз» деп, жабыса кетіпті. Біраз жүрген соң, бидің үйіне келіп, дәрігерлігін айтқаннан соң, би «болды, осы баламды жазсаң не сұрасаң береміз», – дейді.
Сонда уәзір «дәрігер» биге айтады:
– Маған үш күн уақыт берсеңіз үш күнге дейін балаңызбен өзім жалғыз боламын, ешкімді қатынастырмаңыз, ол үшін үш күндік тамақты балаңызға бармай тұрып кіргізіп қойыңыз, сонан соң мен барып кірген соң балаңыздың үйінің есігін сыртынан құлыптап қоярсыз, – дейді. Айтқанының бәрін істеп болған соң уәзір «дәрігер» баланың үйіне барып кірсе бидің, баласы төсекте жатыр екен. Кішкене отырғаннап кейін, уәзір айтады:
– Мен саған алыс жерден сәлемдеме алып келдім, басынды көтер, – дейді де қыздың берген орамалы мен жүзігін береді. Сонда бидің баласы төсектен ұшып тұрып, киімдерін киіп, уәзірден сұрайды:
– Мені ол қызға алып барасыз ба? Ол қыздың елі қашық па? – дейді.
Сонда уәзір айтады:
– Ол біздің ханымыздың, жалғыз қызы еді, ол да сен құсап саған ғашық болып ауырып жатып алған соң, мен сені іздеп келдім, – деді. Сонан кейін бастан өткен әңгімеге қаныққан соң бидің баласы мен уәзір жолға дайындалады. Уәделі үш күн өткен соң, бала әкесіне хабар береді:
– Мен тәуір болдым, енді менің бес қаруым мен атымды әкеліп берсін және бір семіз атты ертіп келтірсін. Біз дәрігер екеуміз аңға шығып серуендеп келеміз, – дейді.
Бұған би қуанып, бар сұрағанын дайындап әзірлеп береді де қуана-қуана қалады. Уәзір «дәрігер» бидің баласын ертіп шыққан соң, баланы бір жерге қоя тұрып, өзі барып кемпірдің үйіндегі атына мініп, үш атпен бір күншілік жерге барған соң, баяғы бидің семіз атын сойып үйден алып шыққан баласының ескі киімдерін қанға бояп тастап, аттың етін азыққа пісіріп алып, қыздың еліне қарай уәзірге еріп бидің баласы жүріп кетіпті. Бірнеше ай жүріп қыздың еліне келіп, баяғы өзін ертіп келген уәзірдің үйіне келіп түсіп, атын, қару-жарағын сол үйге қойып, өзі аңшы-дәрігер болып ханға келіп:
– Мен жаңа пері жабысқан дәрігермін, сіздің қызыңызды науқас деп естіп, соны ұлықсат етсеңіз қарауға келдім, – дейді.
Онда хан:
– Шырағым, жас бала екенсің, сен жаза алмассың, егер де жаза алмаған дәрігердің басын аламын, сөйтіп сенің де обалыңа қалармын, – дейді.
Онда бидің баласы айтады:
– Мен оған ризамын, егер де жазып алсам сіз уәдеңіз бойынша қызыңызды маған бересіз, – дейді. Сонан соң ханмен уәделесіп, үш күн мерзіммен жан қатынамайтын уәдемен бидің баласы хан қызының үйіне келіп кірсе, қыз төсекте уһілеп жатыр екен. Сонда бидің баласы былай депті:
Мен келдім сені іздеп алыс жолдан,
Алыңыз сақинаны біздің қолдан.
Кездесіп осы үйде ғашық жарға,
Тілегім көптен күткен қабыл болған
– дегенде, басын қыз көтеріп алып:
Сіз шығар бір Алладан сұрағаным,
Күндіз-түн сенің үшін жылағаным, – деп тұра көрісіп жылағанда бидің баласы бетіндегі пердесін алып тастап, қызды құшақтай беріпті. Сонымен уәделі үш күн біткеннен соң, ханға хабар беріп, хан отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап бидің баласына қызын қосыпты. Ол осыменен тұра тұрсын. Енді биден хабар алайық.
Би бір күн өткен соң баласы қайтып келмеген соң, өзі атына мініп, қасына жігіттерін ертіп баласын іздеуге шығыпты. Бірнеше күн іздеп жүріп бір жерде қанға боялып жатқан баласының киімін тауып алып, «баламды өлтіріп кетіпті» деп, есінен танып жылап-жылап еліне келіп, асын беріп, құран шығарыпты. Сонымен би баласынан күдер үзіп тұра берсін. Енді қыз бен жігіттен сөйлейік. Екеуі басын қосып, көңілдері бірленіп бір жылдай тұрған соң, бидің баласы әйеліне айтыпты:
– Менің елімде ата-анам қалды, мен соған көшкім келеді. Сен әкеңе хабар бер, бізге ұлықсат берсін көшуге, – деп, әйелін хан атасына жіберіпті. Хан оған риза болып, батасын беріп, қырық отауды қырық нарға артып, қырық күң беріп, бір ауыл етіп бидің еліне қарай шығарып салыпты, балаларына батасын беріп қоштасып қалыпты. Сонан соң бірнеше ай жүріп, бір теңізден өтетін жері бар екен, соның қасындағы тоғайға кешкісін келіп қонып, ел жатқан соң түн ортасы болғанда, бидің баласы оянып жан-жағына қарап жатса, қатынының қолында бір нәрсе жарқырап жатыр екен. «Япырау, бұл не нәрсе» деп, қатынының қолынан ағытып алып, шатырының есігінің алдына апарып алақанына салып аударып-аударып қараса, ол гауһар тас екен. Сөйтіп көріп отырғанда бір жапалақ ұшып келіп, алақанынан гауһарды іліп алып, анадай жерге барып қонады. «Ау, шіркін, қайтеді» деп жүгіріп барса ол жапалақ онан әрі барып тағы отырады. Оған тағы жүгіріп барса, ол жапалақ тағы сондай жерге барып қонады. Сөйте-сөйте бір әйдік тоғайға кіреді де, жоқ болады. Енді жігіт қосына қайтайын десе, жол таба алмай адасады. Сөйтіп жүре берсін. Бір кезде шатырда қалған әйелі оянып қараса, қасында байы жоқ екенін көріп далаға шықса, жұмысшылары тым-тырыс ұйықтап жатыр, байы көрінбейді. Және үйге шатырына қайта кіріп қараса, байының киімдері жатыр, өзі жоқ. «Енді қайтем» деп тұрғанда, колына көзі түссе, білегіндегі гауһары да жоқ, сөйтіп ойға қалып отырғанда таң сарғайып ата бастайды. Енді қатын ойлайды «Менің байым жоқ десем бұл жұмысшылар мені әйелсініп тілімді алмай қояр» деп, жалма-жан байының бар киімін киіп, шашын төбесіне түйіп, далаға шығып айналып жүріп, қызметкер жігіттерін оятып, «менің әйелім жоқ, тез тұрып іздеңдер» деп әмір береді.
Қырық кісі қырық жақтан айнала іздеп таба алмайды. Бір жеті іздесе де таба алмай, не қыларын білмей, енді теңізге жақындап, кемемен теңізден өтіп, бидің еліне бармақ болып көшіп келіп, кемеге жүктерін тиетіп теңізден өте береді әйел. Ал бидің баласы құсын да таба алмай, гауһарды да таба алмай сілесі қатып қаңғып келе жатса, сол өзі жүрген тоғайдың ішінде бір бақша еккен шалға кез болып, өзінің мән-жайын айтып, тамақ сұрап ішіп отырады. Сонда шал оған айтады:
– Сен мына жерде кеме тоқтайтын ауыл бар, соған барып сұрастырсаң әйелің мен көшіңді табарсың, – дейді.
Сонда бидің баласы:
– Жоқ, ата, мен гауһарымды таппай әйелімнің дидарын көрмеймін, – депті. Және, ата, маған сіз ұлықсат етсеңіз мен сізге бала болып, жәрдем беріп сізбен бірге тұрсам қайтеді, – депті.
Сонда бақшашы шал:
– Оны, балам, өзің, біл, маған да қора керек, – деп ризалық беріп, сол шалмен бірге бидің баласы тұра береді.
Ол сонымен тұра тұрсын. Енді оның көшті бастап, кетіп бара жатқан әйелінен сөз естелік. Ол баяғы көшкен бетімен кемеге барлық жүк, мал-жанын тиетіп, сол кеменің иесі ханның қаласына келіп түседі. Сол жерде бір жетідей болған соң, оларды сол елдің ханы қонаққа шықырып, қонақ қылады. Сонда қонақта отырып әңгімеден әңгіме шығарып айтып, өзінің әйелін жоғалтқан жайын айтады. Онда хан:
– Олай болса, бұрынғының сөзі бар, «қаз орнына – қарға, қап орнына – дорба» деген, менің жалғыз қызым бар, соны сен алып, маған күйеу бол, – деп жабыса кетіпті.
Онда «бидің баласы» келіні:
– Менің әйеліме берген уәдем бар еді, онан басқа әйел алмаймын деген – деп, ұлықсат алып, өзінің шатырына қайтыпты.
Шатырына келген соң «еруліге қарулы деген» деп, бұл да ханды қонаққа шақырыпты. Хан қонақ болып, енді үйіне қайтар уақытта, «мен саған қызымды берем деген соң берем, соны сен алып, маған бала болсаң», – дейді. Оған ойлануыңа үш күн уақыт берем, үш күннен кейін хабарын бер», – деп хан үйіне қайтып кетіпті.
Сонан соң бидің келіні қалай жасауға білмей, үш күні бітпей ханға хабар береді:
– Мен қызын ала алмаймын, енді қош-сау тұрғын, көшем, – деп кісі жібереді.
Онда хан ашуланып:
– Менің қызымды алмаса, мен оны шауып алып, өзін есігіме құл етем, – деп бас уәзірін жіберіпті. Сонан соң бөтен істейтін айла таба алмай, «жарар, алайын» депті. Сонан кейін хан қуанып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап қызын баяғы бидің келініне «баласына» беріп, отауға салып, күйеуге хан жарып жата береді.
Әйел алған әйел күн батқан соң әйелінің қасына жату орнына, дәрет алып, жайнамаз жайып құбылаға қарап түнімен намаз оқып отыра береді. Сонымен бір жеті өтіп, ханның қызы «бұл қалай, мені менсінбейтін болды» деп, әкесіне хабар беріпті. Бұны естіген соң хан күйеуін шақырып алып:
– Егер менің қызымды қасына жатып әйел қатарына алмасаң, мен сенің басыңды алам, – дейді.
Сонымен үш күн тағы мерзім алып, бидің келіні «баласы» шатырына келіп кешке төсек салған соң өзінің алған әйеліне жалынып, басынан өткен жайын, өзінің әйел екенін, байының бір түнде жоғалып кеткенін, онан кейін мына құлдары әйелсініп билік бермей кететін болған соң өзі байының киімдерін киіп, еркек болып бұл жерге келіп, бұл ханның қол астына келіп, өзі ол ханға күйеу болғанына дейін айтады. «Сен ертең әкеңе хабар бер, бәрі дүзелді, менің қасыма жатты деп. Егерде менің байым табылса, ол менен асқан сұлу, екеумізге де бай бола алады. Ең керегі сен маған сөйтіп жәрдем ет», – деп ханның қызына түнімен жалынып уәдесін алып, біреуі әйел, біреуі бай болып сол ханның қаласында, қол астында тұра береді. Сөйтіп жүргенде хан атасы ауырып қайтыс болып, оның орнына өзі хан болып тұрады. Баяғы өзі көшіп келетін кемелер өзінің қарауына қарап қалады.
Ол солай хан болып, ел билеп тұра тұрсын. Ендігі сөзді бидің жоғалған баласынан есітелік. Ол сол шалға бала болып, бақша салысып бақша қызметінде бірнеше жыл шалмен бірге тұрады. Бір күні бақша піскен кез екен, түнде бақшаны аралап келе жатса, бір асқабақтың үстінде баяғы өзінің қолынан гауһарын алып кеткен құлақты жапалақ отыр және аяғында гауһары тұр. Бала бұны көріп, бір тасты қолына алып жапалақтың арт жағынан жақындап келіп, таспен жатқыза келіп қойып қалыпты. Жапалақ тоңқалаң асып құлап, өліп қалады. Сонан соң бала жүгіріп барып гауһарын алып, сол қуанған күйінде атасына келеді. Шал да қуанып:
– Енді, балам, еліңді ізде, – деп, бір қол сандық жасап, оған қауыншек толтырып, оның, үстіне гауһарын салып, аузына құлып салып, баланы «кемеге мін» деп жөнелтіп жібереді. Бала кемеге барып мінуге ұлықсат алып, қол сандығын кеме ішіне қойып, енді көптен дәмдес болып едім, атамды енді бір барып көріп, қоштасып келейін деп барса, шал өлейін деп жатыр екен, шал қайтыс болған соң, оны тастап кете алмай, оны оқытып, арулап, қабірін қазып, оны қабірге салып, қабірдің бетін жаба бергенде кеме жүретін белгісін беріп, жүріп кетіпті. Бидің баласы сөйтіп кемеден қалып қойып, шалдың орнына, бұрынғы шалдың барындағы кәсібін істеп жүре беріпті. Ал кемешілер иесі жоқ нәрсені ханға тапсыратын әдеттері бойынша, баяғы баланың, қол сандығын әкеліп ханға тапсырып, барлық мән-жайын айтыпты. Сонан кейін хан оны сарайына кіргізіп, сандықты ашып қараса өзінін гауһарын көріп және іші толған қауыншектерді көріп, кеме бастығын шақырып алып, «дереу осы сандықтың иесін тауып әкеліңдер» деп әмір беріпті. Хан әмір еткен соң, бір жеңіл кемеге мініп алып кеме бастығы баяғы бала сандық салған кеме тұратын орынға келіп, баланың кеткен жағына қарай қасына екі-үш жігіт ертіп келсе, бала бақша аралап жүр екен, сәлемдесіп-амандасқаннан кейін, «сен кемеге қол сандығыңды тастап, өзің мінбей қалдың, енді мына біз саған келдік, бізбен жүресің» десе, бала «мен бармаймын» дейді. Сонан кейін баланы байлап алып, кемеге салып ханға әкеліп беріпті, хан баяғы сандықты сарайға кіргізіп, сыртынан құлып салып қойыпты. Кеш болып ел жатқан соң, қолына шам алып, қасына өзінің әйелін ертіп, хан бала жатқан сарайға келіп, балаға қарап:
– Мені танисың ба? – депті.
Онда бала:
– Жоқ, білмеймін, – дейді.
Сонан кейін хан бетіндегі пердесін алып тастап:
– Енді таныдың ба? – дегенде, бала құшақтап алып, өзінің бетіндегі пердесінде алып жібергенде екеуінің бет сәулесі сарайды жарық қылыпты. Сонан соң әйелінің үстіндегі өзінің киімін өзі қайта киіп, әйелімен қайта көрісіп, көрген-білген оқиғаларын айтысып, әйелінің алған әйелін өзі алып, әйелінің орнына хан болып, ертеңіне халқына жар салады:
– Кешегі кеме бастығы тауып әкелген менің жоғалған әйелім екен, еркек киімін киіп, еркек болып жүрген, – деп той жасап, кеме бастығына көп сыйлықтар беріпті. Сонан соң бірнеше жыл сол елде тұрып, соңғы алған әйелі бір ұл туыпты. Сонан кейін өзінің еліне көшіп келіп, баяғы әке-шешесіне қосылып, бай болып, патша мұратына жетіп, бақалшақтары көкке жетіпті.
7. Жақсылыққа жақсылық
Бір жігіт жолаушы жүрмек болып, жалғыз өзі келе жатса, артынан бір жігіт қуып жетеді. Сөйтсе оның да бара жатқан жағы осы екен. Бұл екеуінің артынан тағы бір жігіт қуып жетеді. Сөйтіп, үш жігіт болып келе жатады. Сол екі арада аспаннан бір қара бұлт шығып, қатты жауын болады. Үш жігіт атымызды осы жерге тастап кетейік деп ақыл қосып, өздері бір жартастың астына барып кіреді. Бұлар кең жартастың астына кіріп болған кезде жартас осы үш жігіттің жанына залалсыз қараңғылық түсіріп, басып қалады. Үш жігіт бұдан бұрын бірін-бірі көріп, жолдас болмаған адамдар еді. Құданың құдіретімен кездесіп, жолдас болып, ұзақ жол жүрмей-ақ осындай қараңғылықа түсті.
– Ал, жігіттер, кімнің қандай істеген жақсылығы бар. Қандай адамдарға жаманшылық істедіңіздер, айтыңыздар, – деседі. Соның ішінде бір жігіт тұрып:
– Менің жақсылық дейтін жақсылығым жоқ, жамандық дейтін жамандығым да жоқ – дейді. Менің әкем кедей болған адам екен. Шешем кәрі, елден алыс отырады екен. Әкемнің мал дегенде бес лақ ешкісі бар екен. Әке-шешемнің аузы ораза екен. Менің сол кезде он-он бір жас шамасындағы бала күнім. Бір күні малды айдап, даладан келсем, әке-шешем қатты ұйықтап жатыр екен. Күн кеш батып қалыпты. Ауыз ашатын уақыт та болып қалды. Әке-шешемді оятпай ешкіні өзім сауып, сүтін пісіріп қойдым. Әгер сүтті жерге қойсам сүт суып кетеді, Әгер әке-шешемді оятсам тәтті ұйқысын бұзамын деп, не істерімді білмей тұр едім, сол кезде әке-шешемнің өзі оянып дәретін алып, ауызын ашпақ болды. Шешем қазан-аяқ жақтан қазанды іздеді. Мен шешеме:
– Шеше, сүтті пісіріп дайындап отырып, сіздерді оятуға ұйқыларыңызды қимадым, – дедім. Сонда әке-шешем менің қолымдағы қазанды алып қолыма қараса екі алақаным күйіп қалыпты. Әке-шешем маған қатты ырзы болып:
– Анық атаның белінен, ананың құрсағынан болған баламыз екенсің, қарағым, – деп мәз болысты. Ал осыны өзімде жақсылыққа есептеймін. Осынан бір жақсылық болмаса, басқадан менің күтер жақсылығым жоқ, – дейді. Сонда үш жігітті басып тұрған қара жартас аздап ашылып, жарық түскендей болады. Жігіттер:
– Я, алла, құдай-ай, – деседі.
– Бір кезде халық аш болып, мен сол халыққа нан таратып беріп тұратын саудагер болдым, – деп бастады әңгімесін екінші біреуі. Сол нан алушылардың ішінде бір әйелге көңілім түсті. Ол күнде жас кезім еді. Әйелді өзіме қалай қаратып алам деген оймен ғашықтығымды айтып едім, ол мені өзіне жақындатып жақсы сөзін бермеді. Мен сол әйелге тиесілі нанын бермедім. Арада бір жұма өтті. Ері әйеліне:
– Шырағым, сенің наның қайда, міне бір жұма болды, – дейді.
Сонда әйелі:
– Ей, құдай қосқан сен менің ерім едің. Сенімен қосылғанда менде анадан туған қалпымда, сен де анаңнан тіған қалпыңда қосылып, өмірлік жолдас болып едік. Өміріміз балдай тәтті болсын деп бал жаласып едік. Әгер қай-қайсымыз құдайға берген уағдадан бұзылсақ құдай алдында қара жүзді болайық деспедік пе, – дейді.
– Жоқ, егер өзіміз ғана болсақ ол солай болар еді. Мына үш баланың көз жас обалына қалармыз. Құдай алдында қарыз қылмайын. Сол жігіттің көңілін тауып, балдарыңа нан әкеліп бер, – деп ері ұлықсат етеді.
Әйел келіп, кешегідей емес саудагер жігітке қылмыңдап, көз қарасы дүзеліп, бір жақсылық хабары бар адамдай болғанға саудагер қуанып мына халықты шапшаңдатып, жөнелтіп салады. Әлгі келген әйелді жекелеп алып шығып:
– Ал, не айтасыз, – дейді. Әйел теріс қарап, жігітті көрмегенде лажысыздан болса да:
– Біз сіздік, – дейді. Бұған жігіт қуанып, енді шариғат жағын қарастырып, апарып шариғатқа келмекші болғанда әйел қатты қысылып, терлеп-тепшіп, өңі қашып, бұзылып, солқылдап тұрады. Сонда жігіт лашысын тоқтатып, әйелден сұрайды:
– Шырағым, осыншама неге қатты терліп, қысылдың. Мендей еркек көрмедің бе, болмаса сізге жақпағандай нем бар, – дейді.
Сонда әйел тұрып:
– Мен еріммен қосылғанда құдай деген сөзбен қосылған едім. Қарам жолға жүрмеске амал жоқ, өзім аштан өлсем өлер едім, бірақ, балаларым үшін күйеуімнен ұлықсат алып, сіздің көңіліңізді аулауға келдім, – депті.
– Я, құдай-ай, кеш кеш. Мен жолдан тайып, біреудің алалын арамдамақ болған екенмін, – деп, тәубаға келіп, әлгі әйелді азат еттім. Қалған күндерінің нанын беріп, сол әйелдің ерімен дос болдым. Білмеймін, осымнан бір жақсылық күтепесем, басқа адамға істеген жамандығым да, жақсылығым да жоқ еді, – дейді. Сонда қара жартас қарыс көтеріліп, бір-бірінің өңін көріпті.
Үшінші жігіт:
– Мен патша болдым. Келешекке мұнара боларлықтай іс болсын деп бір үй салдырдым. Қол астымдағы елге хабарлап, таңертең басталып, бір күн ішінде, кешке бітеді деп жария қылдым, – депті. Халық жиналып, ертеңіне сағат алтыда жұмыс басталды. Біреу ағаш кесіп, біреу ағаш тартып, енді біреуі үй салып жатыр. Сол жиналған халықтың ішінде біреу сағат тоғызда келді. Балтасын ағашқа қадап қойып, алдымен тамаққа отырды. Тамаққа тойып алып, темекісін атып барып жұмысқа кірісті. Кешке жұмыс көңілдегідей істеліп бітті. Адам басына жиырма тиыннан ақша ақы төледім. Әлгі соңынан келген адамға он тиын бердім. Ол адам бұған наразы болып, он тиын ақшаны алмады. Жиналған халық тарады. Ол он тиын менің қалтамда кетті. Арада бес жыл уақыт өтті. Егер сол он тиынды құдайы садақаға берсем, не маған, не сол ақшаның иесіне пайда жоқ. Қой, онан да сол он тиынға не келер екен, базарға барайын, он тиынның құны не болар екен деп, ойлап жолға шықтым. Он тиынға бір тауық сатып алып, оны жұмыртқалатып, жұмыртқасын сатып, балапан бастырып жүргенде, келесі жылы он тауық болды. Айналасы осы тауықтан көп ақша, он бес бас сиыр, жүзге тарта тауық болып, екі кісі күтушісімен сол адамның пайдасына өсіріп отырдым. Көп сома ақшасы болды. Бір кезде бағанағы он тиынның иесі, кәріп адам ғой:
– Мен патшаға барып, ұмытпаса сол он тиын ақшамды сұрап алайын, – деп, мені келіп табады.
– Тақсыр, одан бері қаншы жыл болды. Ұмытыпта қалған шығарсыз. Баяғыда үй салғаннан қалған он тиын ақшам бар еді. Ұлықсат болса, берсеңіз, – дейді.
– Егер сол адам сен болсаң, жүр! – деп, үйге ертіп алып келіп, қонақ етіп, бағанағы жалғыз тауықтан өскен көп тауықпен он бес бас сиыр малын, көп жиналған ақшасын он бес жылдан кейін өзіне тапсырдым. Сол кезде он тиын ақшаның иесі кедейдің екі-үш баласы болып, он тиынға зар болып келген екен. Сол адам басында, мені елмен бірдей көрмеді деп ренжісе де артынан мынандай байлық бергенде өте қатты қуанып, риза болып еді. Осынан бір жақсылық болмаса, қайдан білейін. Басқадай істеген қиянатым жоқ еді, – дегенде қара жартас қақ ашылып, бұрыңғы орнына келіпті. Үш жігіт үңгірден шығып, аман-есен атына келсе, аттары өліп қалған екен. Сөйтіп, үш жігіттің істеген жақсылығына жақсылық болып, өздері тірі қалыпты дейді.
8. Минуар мен Бибәтима
Бұрынғы өткен заманда бір патшаның үш ұлы болыпты. Патша үшеуіне: «Күнде көрген түстерінді маған айтып тұрыңдар. Мен сендерге күнде жақсы ойыншық берем жане ойын-сауық, тойға апарып тұрам», – деп тапсырады екен. Соған балалары мәз болып, күнде көрген түсін әкесіне айтып келіп жүрді. Әкесі балаларын қызықтырып, түсін айтқан сайын жақсы-жақсы ойыншықтар беріп жүрді. Сонымен бір күні ең кіші баласы бір жақсы түс көріпті де: «Бұл түсімді өлсем де ешкімге айтпаймын», – деп ойлайды. Бала таңертең әкесіне келді. Келсе, екі үлкен ағасы көрген түсін әкесіне айтып, ойыншықтарын алып жатыр екен. Ал, мына кіші баласы әкесіне айтты:
– Әке, мен бүгін түс көргенім жоқ, – деді. Әкесі зекіп:
– Айт шынынды, сен түс көрдің, – деп баланы ұрып-соғып, зорлай бастады. Бала әкесіне айтты:
– Түс көргенім рас. Бірақ, бұл айтылмайтын түс. Себебі мен өлсем де ешкімге айтпасқа серт еттім, – деп еді, әкесі «мұның сертшілін» деп зорлық қып, үш қайырып сұрады. Және «саған ана екеуінікінен де қызықты, көп ойыншық беремін» деп алдағысы келіп еді, оған бала көнбеді. Аяғы, бала қалай қылса да көнбеген соң, әкесі бір жәшік жасатып, сол жәшікке баласын салып, суға ағызып қоя берді. Бала суға ағып кете барды. Сөйтіп, осы судың аяғында бір шаһардың кедей аушысы бар еді, сол ау салып, балық аулап отыр еді, әлден уақытта ауына бір ауыр нәрсе келіп ілінді. Аушы байғұс қуанып кетті. Әйелі мен баласын шақырып, үшеулеп, әзер деп тартып алса, жәшік екен. Жәшікті ашса, ай мен күндей бір жас бала жатыр екен. Баланы күтіп, есін жиғызып, тамақ беріп, мән-жайды сұрады. Бала бұрынғы болған оқиғаның бәрін жасырмай айтты. «Әкем түсіңді айтпадың деп, суға салып жіберді», – деді.
Аушы айтты:
– Енді түсіңді маған айт, сені өлтірмей судан тірі алып шықтым ғой, – деді. Бала:
– Жоқ, мен өз әкеме де айтпаған түсімді ешкімге айтпаймын. Және ешкімге айтпасқа сертім бар, – деді.
– Сырыңды айтпасаң, сені ұрып өлтіремін, – деп, аушы баланы ұрып-соғып жатыр еді, сол шаһардың патшасы аң аулап келе жатып, бұларды көріп:
– Мына баланы неге ұрасыңдар? – деп сұрады. Аушы:
– Маған сырын айтпады, – деді. Баладан сұрап еді, бала бастан аяқ бәрін айтып берді.
– Сол көрген түсіңді маған айт деп зорлайды. Мен әкеме айтпағанда, бұларға айтам ба? – деді бала. Патша:
– Жарайды, – деп, баланы алып, «мен өзіме қызметші ғып алам» деп, баланы алып кетіп, үйіне келді. Бір күні балаға патша айтты:
– Сені аушылар ұрып өлтіретін еді, мен сені ажалдан айырып алдым ғой. Көрген түсіңді маған айт, – деді. Бала айтты:
– Тақсыр патша, мені зорламаңыз, мен әкеме айтқам жоқ, аушыға да айтқам жоқ, мен серт еткем. Өлтірсеңіз, өлтіріңіз, бұл түсімді сізге де айтпаймын, – деді бала. Сонан кейін патша ойлап-ойлап:
– Жарайды, серт қылсаң айтпай-ақ қой. Бірақ, бала, – деді патша, мен саған мына қызымды беремін. Және өзім тақтан түсіп саған патшалығымды беремін. Сен маған түсіңді айтып, сат, – деді. Бала да ойлап-ойлап: «Менің көрген түсім осы ғой. Маған қызын берсе және патшалығын берсе», – деді де: «Жарайды, сатайын. Халқыңызды жинап, мені патша қойғандығыңызды хабарлаңыз. Сонан кейін түсімді айтып беремін», – деді бала. Сонымен патша келісіп, халқын жинап:
– Мен тағымнан түстім, патшалығымды мына балаға берем. Қызымды және берем, – деп хабарлады. Халқы мақұлдап, патша той жасап:
– Ал, бала, түсіңді айт! – деді. Бала түсін айтты.
– Түсімде мына қолтығыма ай, мына қолтығыма күн кіріп жатыр екен. Екеуін де құшақтап, көзімді ашсам, түсім екен. Сонымен ойладым: «Мен бір мақсатыма жетеді екенмін. Бұл түсімді ешкімге айтпайын», – деп, өзіме-өзім серт еттім. Міне, сол көрген түсім осы еді, сізге саттым, – деді бала. Патша да:
– Жарайды, мен де сертім бойынша сатып алдым, – деді. Сонымен екеуі қол ұстасып, бірі саттым деп, бірі сатып алдым деп, қош айтысып, бала патша болып тұра берді. Патша баланың түсін сатып алып, қаңғып беті ауған жаққа қарай жүре берді. Сол жүргеннен жүріп, бірнеше ай сандалып, арып-ашып келе жатып, түннің ортасы шамасында бір шаһарға келіп кірді. Көшемен жүріп келе жатса, бір үлкен қақпаның сыртында ерттеулі екі арғымақ байлаулы тұр. Атты көріп жақындап келіп еді, қақпаның ар жағынан бір қыз:
– Келдің бе? – деді.
– Келдім, – деді жігіт.
– Келсең, мына атқа мін, – деді қыз.
Екеуі екі атқа мініп, қаладан қырға шығып, жүріп кетті. Екеуінде де үн жоқ. Қыз жігітті байқап келе жатыр. Жігіттің ат үстінде қалай отырып келе жатқанын, пішін тұлғасының жас дене емес орта тартқан кісі екенін сезіп, қыз өзімен-өзі ойланып, ақылдасып отырып: «Жарайды, тәңірдің бұйрығы осылай шығар», – деп келісті.
– Менің көрген түсім бұл емес еді. Жарайды, көрген түсімнің сол сағатына, сол күніне ат байлап, дайындалып отырғанымда сен кез келдің. Не болса да мен сендікпін, басқа бір шаһарға барып тұралық, – деді. Жігіт те қуанып, жарайды деп, жүріп отырып, бір шаһарға келіп, үй алып екеуі бірігіп тұра берді. Бір күні кешке таман патшаның екі уәзірі саяхаттап көшені аралап келе жатып, есігінің алдында жүрген қыз бен жігітті көрді. Екі уәзірдің көзі қызға түсіп, қызығып таң қалып:
– Бұлар қайдан келді? Бұл жердікі емес қой? – деп, екеуі ақылдасып: «Қой, мұны біз патшаға барып айталық», – деді. Сонымен екеуі ертеңіне патшаға келіп:
– Тақсыр патша, кеше көшеде саяхатта жүрін бір сұлу қыз бен жігітті көрдік. Қыз ай мен күндей сұлу екен. Тек сізге ханымдыққа лайық екен. Осы қызды не қылсаңыз да сіз алуыңыз керек, – деді екі уәзір. Патша да сұлу деген соң қызығып:
– Жарайды, ақылын тауып мұны қалай аламыз? – деді. Бір уәзір тұрып айтты:
– Сіз жігітті өмірі тауып келе алмайтын бір нәрсені тауып әкел деп, алысқа жұмсаңыз, – деді. Патша ойланып отырып:
– Бар, жігітті тез шақырын кел, – деп, бір уәзірге бұйрық берді. Уәзір барын жігітке:
– Сізді патша шақырады, – дейді. Жігіт те: «Жарайды», – деп, уәзірге еріп патшаға келді. Қол қусырып сәлем берді. Патша сәлем алып, жігіттің жөнін сұрап болып:
– Саған бұйрық берем. Соны орындап тауып әкелесің. Егер таппасаң басыңды аламын, – деді. Жігіт:
– Қандайлық бұйрық? – деді.
Патша айтты:
– Біздің осы шаһарымызда жарық жоқ. Соған осы шаһарды түнде жарық қып тұратын гауһар тас тауып әкелесің. Егер де тауып әкелмесең, басыңды аламын. Сол үшін неше күн уақыт сұрайсың, соныңды ғана айт, – деді. Жігіт:
– Жарайды, тақсыр! Бүгін рұқсат беріңіз. Үйге барып, ертең келіп, уақытын айтайын, – деді. Патша рұқсат берді. Жігіт үйіне уайымдап қайғырып, уһілеп келді. Әйелі:
– Патша не айтты? – деді. Жігіт айтты;
– Маған қаланы жарық қып тұратын гауһар тас тауып әкел, егер әкелмесең, басыңды аламын дейді, мен оны қайдан табамын, – деп уһіледі. Әйелі айтты:
– Жарайды, саспа. Патшаға барып: «Мен тауып әкелем, маған жиырма күн уақыт бер және мен келгенше үй ішім керек қылатындай бес қой, төрт қап ұн бер деп айт», – деді.
Жігіт қуанып патшаға келіп:
– Тақсыр, маған жиырма күн уақыт беріңіз және үй ішім керек ететін, бес қой, төрт қап ұн беріңіз. Мен тапсырған гауһарыңызды іздеп көрейін, – деді. Патша: «Жарайды», – деп жігіттің айтқанының бәрін беріп жібереді. Жігіт қойды, ұнды алып, үйіне келді.
– Ал патша айтқанымыздың бәрін берді. Енді гауһарды қалай табамыз? – деді әйеліне. Сонымен, әйелі мән-жайды айтып үйіне хат жазды.
– Осыны алып менің шешеме бар, – деп жазған хатты берді. Жігіт хатты алып, қайнына жөнелді. Бірнеше күн жүріп, қайнына келіп, қызының хатын шешесіне берді. Шешесі хатты алып оқыды. Қызының қайда кетіп, қайда қойғанын білмей зарлап, жылап отырған шешесі қатты қуанып, күйеу баласын неше күн қонақ қылып, сұраған төрт гауһар тасты беріп, үйіне қайырады. Сонымен күйеу бала төрт гауһарды алып үйіне келді. Әйеліне көрген-білгенін айтып, алған төрт гауһарды көрсетті. Әйелі:
– Жарайды, ертең патшаға алып барып бер. Бірақ патша саған пәле жабады. Сен гауһарды бергеннен кейін гауһарды патша қарап отырып: «Ә, мен жоғалтқан гауһарымды еш жерден таба алмай қойып едім, сен ұрлаған екенсің ғой, басыңды аламын», – дер. Сонда сен былай де: «Тақсыр, жоғалған гауһарыңыз біреу ме? Екеу ме? Жоқ, төртеу ме еді?», – де. Сонда патша айтады: «Жоқ, біреу», – дейді. «Олай болса, тақсыр, менде әлі үшеуі бар», – деп гауһарларыңды алып көрсет. Сонда патша ұялғанынан, үндемей сені босатады, – деді әйелі.
Сонымен ертесіне жігіт әйелімен қош айтысып, патшаға келіп сәлем берді. Патша сәлемін құптап алып:
– Е, жігітім, уәделескен күн де бітті. Гауһарды әкелдің бе? – деді. Жігіт айтты:
– Тақсыр, сіздің бұйрығыңызды орындамасқа бола ма? Айтқан гауһарыңызды таптым ғой, – деп гауһарды ұсынады. Патша гауһарды қолына алып, әрлі-берлі қарап отырып:
– Е, сен жігіт, нағыз зәлім қудың өзі екенсің, мен сендей зәлімді көрген жоқ едім. Бұл менің жоғалған гауһарым, мұны іздетпеген жерім жоқ, еш жерден таба алмап едім. Гауһарымды, міне, сен зәлім алған екенсің. Қазір сенің басыңды аламын, – деп қылышын жұлып алды. Сонда жігіт:
– Дат, – дейді. Патша:
– Датың болса, айт, – дейді. Жігіт:
– Тақсыр, сіздің жоғалған гауһарыңыз біреу ме, екеу ме? Жоқ, болмаса төртеу ме? – дейді. Сонда патша сасып, нешеу дерін білмей:
– Жоқ, осы біреу, – дейді. Жігіт сонда:
– Тақсыр, ендеше менде тағы үшеуі бар, – деп қалтасынан үш гауһарды алып, патшаға көрсетеді. Патша ұялып қалып:
– Жарайды, саған жай айтып едім, – деп, жігітті үйіне босатып жіберді. Жігіт қуанып үйіне келіп, әйеліне естіп білгендерінің бәрін айтты. Сөйтіп әйелімен ойнап-күліп бірнеше күн жата берді. Бір күні жігіт ерігіп, іші пысып әйеліне айтты:
– Сен ренжімесең, мен бір он шақты күн таулы жерге барып аң аулап келейін, – депті. Әйелі ойланып отырып: «Мұны құр далаға жібергенше, барып қызық көріп, көңіл көтеріп келсін», – деп, өз әкесінің сәндеп салдырған неше түрлі қызықты ойын-сауық құратын бағына жібермек болады.
– Бірақ, – деді күйеуіне әйелі, – мен саған бір серт қоямын. Онда барғанда неше түрлі ойын-сауық, неше түрлі қызығы бар, оның бәріне де рұқсат. Күмістен салынған үлкен ақ үй бар, соның алдында бақ. Бақтың ішінде тарам-тарам жол бар. Күнбатыс жағындағы жолмен жүріп келе жатқаныңда алдыңнан кішкене қара тас кезігеді. Соның жан-жағынан неше түрлі су шаншып жатады, ішкің келсе, соның бәрін іш. Бірақ, сол тастың ар жағында ақ шыныда мөлдір көк су бар, соны ішуші болма. Менін саған қойған сертім де, сұрайтыным да сол, – деді. Сөйтіп, күйеуінен серт алып жібереді.
Жігіт әйеліне сертін беріп, сол бетімен жүріп кетті. Жүріп отырып, әйелі айтқан баққа келеді. Келсе, айтқанындай неше түрлі қызық сонда екен. Жігіт те келіп қызыққа батып, ойын-сауыққа кіріп кетеді. Барлығын он шақты күндей аралайды. Жігіт сонда да қызыққа тоймайды. Бір күні бақты тағы аралап келе жатып әйелінің айтқан тасына кезіге кетеді. Тастың сол жағына шығып қараса, әдемі көк мөлдір су тұр. Әлгіні көріп жігіт қатты құмарланып, ішкісі кеп кетеді. Жігіт ойланады: «Япырмай, әйелім мына судың бәріне рұқсат етті. Ал, мына көк суға қалай рұқсат бермеді? Мұнда қандайлық қасиет бар, болмаса қандайлық қастық бар. Мұны ішуге маған қимаса, төгіп кетейін», – деп, шыныны көтеріп қолына алды да, суды төгуге қимады. «Япырмай, бұл суды ішпеске әйеліме серт бердім. Ішпейін десем мені қызықтырып барасың. Егер сені ішпей кетсем бәрібір өмірі армандаймын», – деп, ойланып тұрып: «Тәуекел, не осы суды ішіп өлейін, әйтпесе басқа түскен бәлені көрейін», – деп, жігіт шыныдағы суды басына көтеріп бір-ақ жұтты. Сол-ақ екен, өз әйелінен де бір сұлу қыз қасына тұра қалып:
– Менің көрген түсім бұлай емес еді. Бірақ, көрген түсімнің сол жылына, сол күніне, сол сағатына сен кез болдың. Мен саған тием. Құдайдың бұйрығы осылай, – деп, қыз жігітке жабыса түседі. Жігіт сасып қалып:
– Мен сені қалай алам, менің әйелім бар ғой, – дейді. Қыз:
– Мен мынадай сыр айтайын, сіз тыңдаңыз, – дейді де, қыз былай дейді: «Мен бір байдың қызы едім. Сенің әйеліңді айтпасаң да білемін, пәлен патшаның жалғыз қызы еді. Оның аты Минуар еді. Менің атым Бибәтима. Екеуміз де сиқырлық оқуын оқып жүріп, жақсы дос болып өстік. Бір күні түнде ол да, мен де ұйықтап жатып, түс көріп, екеуміз де бір жігітке ғашық болып шықтық. Таңертең тұрысымен ол маған көрген түсін айтып еді, менің де көрген түсім сол бір түс. Сонымен екеуміз де бір жігітке ғашық болдық. Бірақ оның түсі сол жігітке менен бұрын қосылатын түс еді. Ал, менің көрген түсім нақ осы бүгін қосылатын түс еді. Сонымен екеуміз де бір жігітке ғашық болып, қашан кездесеміз деп жүрдік. Сөйтсем, досым сол жігітті менен қызғанып, сиқырдың оқуын оқып, мені осы жерге мөлдір су ғып кеткен екен. Енді сіз келдіңіз, Құдайдың осы көрсеткен бұйрығы бойынша, мен сендікпін», – дейді қыз. Жігіт те:
– Бұйрық осылай болса қайтейін, – деп, екеуі бірге жүріп қайтып, бұрынғы әйеліне келеді.
Минуар Бибәтиманы көріп, танып, алдынан қарсы шығып:
– Кінәлі болған екенмін, кешір. Құдай екеумізді бір адамға қосқан екен. Жарайды мен рұқсатымды бердім, – дейді. Жігіт екі сұлуды алып, екеуінің ортасында ойнап-күліп жата берді. Бірнеше ай, бірнеше күн өтті. Бір күні патшаның екі уәзірі әлгі жігіттің есігінің алдынан өтіп бара жатып, екі сұлуды қолтықтап жүрген жігітті көріп, екеуі есінен тана қызығып, ертеңіне патшасына шауып келіп:
– Япырай, тақсыр патша. Анадағы жігіт тағы бір сұлу әйел алыпты. Екі қыздың сәулесі бетіне түсіп, жігіт сұлу болып кетіпті. Біз екі әйелді көріп қызығып, есімізден тандық. Осы екі әйел сізге лайық екен. Жігіттің көзін жоғалтып неғылсаңыз да сіз алыңыз, – деді екі уәзір. Патша мұны естіген соң қуанып кетіп:
– Қазір жігітті шақырып кел, – деп бұйырды. Уәзір де дереу жігітке барып дегбір салып:
– Сені патша шақырып жатыр, тез жүр! – дейді. Жігіт естіген соң патшаға келіп, сәлем берді. Патша сәлемін алып, жігітке:
– Мынадай бір жұмыс тапсырам, соны орындап келесің. Егер де орындап келмесең, басыңды аламын, – деді. Жігіт:
– Тақсыр, қандайлық тапсырма бересіз? – дейді. Патша:
– Менің әке-шешем өлген еді, мен оның жалғыз баласы едім. Менің сол әке-шешем иманды ма, жоқ имансыз ба, соны сен біліп келесің. Егер білмесең басыңды аламын, – деді де жігітке:
– Бірақ неше күн уақыт сұрайсың? – деді. Жігіт сасып:
– Жарайды, үйіме барып неше күн керек әйеліммен ақылдасып келіп айтайын, – дейді. Сонымен жігіттің мойнына су құйылып үйіне келеді. Екі әйелі: «Не болды?» – деп сұрайды. Жігіт:
– Е, не болдысы бар, мен өлетін болдым. Патша өлген әке-шешесін иманды ма, тозақты ма екен, соны біліп кел, егер білмесең басынды аламын деді. Мен өлген кісіні қайдан біле аламын. Біраз күн тірі болудан басқа еш амал жоқ, – дейді жігіт әйелдеріне. Екі әйелі:
– Ендеше, сен патшаға қайта барып, қырық күн уақыт бер, оған дейін әйелдерім ішіп-жейтін қырық қой, қырық қап ұн бер және мен келгенше екі мая шөпті шаптырып, арасын жақын етіп екі жерге үйгізіп, кептіріп қой деп айт», – деді. Жігіт қуанып жүгіре басып, патшаға қайтып келді де:
– Дат, – деді. Патша:
– Датың болса, айт! – дейді Жігіт:
– Тақсыр патша, мен бұйрығыңызды орындаймын, бірақ маған қырық күн уақыт беріңіз және мен келгенше әйелдерім қорек ететіндей қырық қой, қырық қап ұн беріңіз. Онан кейін сол қырық күнге дейін арасын жақын етіп, екі мая шөп шаптырып, кептіріп үйгізіп қойыңыз. Менің сізден сұрайтын тілегім осы, – дейді жігіт. Патша да лепіріп, жігіт өледі деп қуанып, жігіттің айтқанының бәрін орындай берді. Қырық күн уақыт берді. Жігіт ырғап-жырғап қой мен ұнды үйіне алып келеді. Қырық күн уақыты біткенше екі сұлумен ойнап-күліп жата береді. Сонымен қырық күн уақтысы бітті. Жігіт екі әйеліне айтты:
– Ертең патшаға баратын күн. Оған не айтамыз, – дейді. Екі әйелі патшаға былай де дейді:
– Осы қаладағы халқыңызды жинап, үюлі тұрған бір маяны айнала қоршатып отырғызыңыз. Сонан кейін мен келіп, маяның үстіне шығамын. Сонда халқыңыздың көзінше шөпке сіреңке тартып, мені өртеңіз. Мен, мүмкін, қысылған соң, «алыңдар» деп айғайлап, жылармын. Мені сонда да алмаңдар. Сонымен мен шөппен бірге өртеніп кетіп о дүниеге барам. Сіз мен келгенше халқыңызды таратпай осы жерден бағып отырыңыз. Мен осы өртенген маяның күлінің ішінен шығармын деп айт, – дейді екі әйелі. «Сен маяға шығып, шөп жана бастағанда, біз сені ұрлап аламыз. Және күл әбден сөнгенде ешкімге сездірмей сені күлдің астына апарып тығып қоямыз. Сонда сен сол күлден шыға келіп, халыққа көрген-білгеніңді айтасың», – дейді. Жігіт ести сала жүгіріп, патшаға келіп:
– Дат, – дейді. Патша:
– Айт – дейді. Жігіт әйелінің айтқанының бәрін айтып еді, патша дереу әзірлеуге бұйрық беріп, халқының бірін қалдырмай, бір маяның айналасына отырғызып, жігіттің келуін күтті. Ай мен күндей екі әйелдің ортасында буынын баса алмай былқылдап келе жатқан жігітті көріп, патшаның іші күйеді. «Әттең, екі әйелінді бүгін алсам» деп тістеніп қояды. Жігіт келді де маяның үстіне шықты. Халық көріп, қарап тұр. Патша маяға өрт қойғызды. Өрт шыға бастағанда жігіт:
– Мені ал, – деп ойбай салды. Халқы патшаға өтініп:
– Жігітті оттан алайық. Мүмкін, сізге айтатын арызы бар шығар, – дейді. Патша айтты:
– Жоқ, ол өзі айтқан «мені оттан ал деп айқайлап, жыласам да алма» деген, – дейді. Халық патшаға сенді. Сонымен шөп өртеніп кетті. Жігіттің екі әйелі сиқыр оқуын оқып жіберіп күйеуін өздерінің қасына алып алды. Жігіттің өртеніп кеткенін көпшілік өз көздерімен көрді. Өрт басылды. «Жігіт қашан шығады» деп, көпшілік қарап отыр. Күл әбден сөніп болған соң екі әйел тағы да сиқыр оқуын оқып жіберіп, күйеуін күлдің астына тығып қояды. Біраздан соң, үсті-басы, бет-аузы қап-қара болып, жігіт күлдің астынан шыға келеді де, патшаға сәлем беріп, естіп-білгенін заулата бастайды. Халық та жігітті басып кете жаздап, анталап тұр. Жігіт патшаға былай дейді:
– Ой, тақсыр патшам-ай! Біз бұл жерде құр тамақ ішіп, шамамыз келгеніміз нашар адамды бас салып, тонап алып, іздеп патша болып, мал, шаруа жинап бос жүрген екенбіз. Тақсыр, сіздің әке-шешеңіз, шіркін, қандай қызықты, қандай жақсы тұрады, екеуі де иманды екен. Неше түрлі гүл-бақша, алтындатқан ақ күмбез үй, торғын, шағи, жібек. Олар біз құсап мал бақпайды, тамақ жасамайды, тамақ қайдан табылады демейді. Бәрі дайын, өзінен өзі дастарқанға келіп, толып тұрады. Ылғи ойын-сауық, онан басқа ойлары жоқ, тақсыр патша. Сіздің әке-шешеңіз жиырма бестегі қыз бен жігіттей. Осы дүниеден келген мені олар шал дейді. Тек әке-шешеңіздің арманы: «Жалғызымды бір көрсем», – деп, екеуі бірдей жылайды. Егер, сіз онда барсаңыз әке-шешеңіз жібермес еді және өзіңіз де келмес едіңіз. Мұнан не аласыз? Барлық қызық та, хордың қыздары да сонда. Сіздің әке-шешеңіз «қайтпа» деп маған жабысты. Және менің өзімнің де қайтқым келмеді, Бірақ амал жоқ, сіздің бұйрығыңыз үшін келдім, – дейді жігіт. Әке-шешеңіз сәлем айтты: «Балам егер біржолата келмесе де, бір келіп бетінен бір иіскетіп қайтпаса, бізді ойламағаны, айта бар», – деп маған қатты тапсырды, – дейді. Сонымен патша бұған қатты сеніп, халқына айтты:
– Міне, өздерің көрдіндер. Бір мая шөппен өртеніп кеткен жігіт күлдің астынан шықты. Менің әке-шешеме бұның барғаны рас. Бұған көзім жетті. Енді, халқым, маған үш-төрт күн рұқсат беріндер. Мен әке-шешемді бір көріп, мауқын басып сәлем беріп келейін, – дейді. Оған халқы:
– Сіз барған соң жақсы дүниені көріп, бізді ұмытып, келмей қаласыз ғой, – дейді.
Оған патша:
– Мен келем, тек үш күнге рұқсат беріңдер, – деп, еліне уәдесін береді. Бұған халқы да келісті. Үш күнге әке-шешесіне барып келуге рұқсат берді. Сонымен үйіп қойған екінші маяның үстіне патша шығып тұрды. Елі айнала отырып, шөпті өртеп жіберді. Патша өртеніп бара жатқан соң, сасып, ойбайлап, аттанды салды. Елі оттан алайын деп еді, жігіт алғызбады. Сөйтіп, патшаекең өртеніп кете барды. Сонымен халқы күнде «патша қашан келедімен» бірнеше күн, бірнеше ай өткізді. Патша келмеді, «ол енді әке-шешесінің қасында қалды, келмейді» деп, халық патшадан күдер үзіп, басқа патша сайламақ болып жиналып, «о дүниенің қызығына алданбай қайтып келген сабаз» деп, Минуар мен Бибәтима қыздың күйеуін патша қояды.
9. Жаман адамды...
Бұрынғы өткен заманда бір патша болыпты. Патша ерігіп отырып өзінің бас уәзірін шақырып алып:
– Саған бес күн сүрек берем, менің мына сұрағымды тауып кел. Әуелі, адамды жаман туған жақсы ететін кім? Онан соң, адамды жақсы туған жаман ететін кім? осы екі сұрағымды тауып кел, егер таппасаң басыңды аламын, – депті.
Сонымен уәзір үйіне келіп, күнде ойланады, күнде қайғырады. Қалай ойласа да таба алмады. Сүрегіне екі күн қалғанда өте қайғырып, ақыр өлдім деп үйінде ішқайда шықбай төсек тартып жатып алды. Бір күні патшаның Гүлжаһар деген жалғыз қызы бар еді. Бұл Гүлжаһарды бас уәзірде қызым деп асырап күніне барып Гүлжаһардың бетінен бір иіскеп қайтады екен. Бір күні Гүлжаһар ойлайды, бұл менің екінші әкем қайда, күні бір келіп бетімді иіскеп қайтушы еді. Үш төрт күн келмей қалды жоқ болмаса ауырып қалды ма, – деп үйіне іздеп келсе, асырап алған әкесі халі нашар, өлуге таяп төсекте есі шығып жатыр еді. Гүлжаһар әкесінің қасына келіп қалін сұрады. Сонда бас уәзір айтты:
– Әй қарағым, несін айтасың әкең патшамыз маған бес күн сүрек беріп, маған екі сұрақ қойып, тап, таппасаң басыңды аламын дейді. Ол сұрағын мен таба алмадым, бүгін ақырғы күн, ертең патшаның менің басымды алатын күні, – деді бас уәзір Гүлжаһарға.
Сонда Гүлжаһар:
– Әке сізге қандай сұрақ берді, маған айтыңызшы сұрағыңызды, – деді.
Сонда бас уәзір айтты:
– Әй балам-ай, ол қиын сұрақ, табу қиын оны қайтесің, сұрағы жаман туған адамды жақсы ететін кім, жақсы туған адамды жаман ететін кім дейді, – деді. Сонда Гүлжаһар айтты:
– Ой әке-ай, ол оңай, – деді, мен айтайын, бірақ кім айтты десе сіз айтпаңыз, «өзім ойлап таптым де» деді. Егер сізге сенбей шыныңды айт деп өлтіретін болса ғана айтарсыз «өз қызың Гүлжаһар айтты» деп деді. Сонымен өлгелі жатқан бас уәзір қуанғаннан жазылып, төсектен атып тұрып, Гүлжаһарды айтшы деп, құшақтай алды. Сонда Гүлжаһар айтты:
– Жаман туған ерді жақсы ететін әйел, жақсы туған жаман ететін де әйел деңіз, – деді.
Сонымен бас уәзір ертеңінде патшаға келді. Патша бас уәзірге:
– Ал, менің сұрағымды таптың ба, айта баста, – депті.
Бас уәзір айтты:
– Жаман ерді жақсы ететін әйел, жақсы ерді жаман ететін де әйел ғой, – деді. Сонда патша қылышын жұлып алып:
– Айт шапшаң, басыңды алам, неше күндей таба алмай жатып, бүгін тауып келдің, кім саған айтты дереу айт, – деді.
Бас уәзір:
– Тақсыр, іш кімде маған айтқан жоқ, өзім таптым.
Патша дереу бір уәзірін шақырып алып:
– Дереу мынаны апарып дарға асып өлтір, – деді. Патшаның бұйрығын екі қылсын ба, уәзір дереу дедектетіп бас уәзірді дараға ала жөнелді. Сонда бас уәзір патшаға «дат» деді. Патша «айт, датыңды» деді. Сонда бас уәзір айтты: «Мен сіздің сұрағыңызды таба алмай сандалып жатыр едім, өзіңіздің қызыңыз Гүлжаһар келіп, сұрап, соған сіздің сұрағыңызды айтып ем, осы сұрақты Гүлжаһар айтып шешті», – деді уәзір. Сонымен патша ашуланып, дереу қызын шақырып алып, қызынан:
– Сен айттың ба, – деп сұрады патша.
Қызы Гүлжаһар патшаға:
– Я, мен айттым, – деді.
Патша ашуланып, барлық уәзірін жинап алып, бұйырық берді: «Барлығың көше көше жүріп, кім қайыршы, кім түрі жоқ есуас адам болса маған алып кел», – деп уәзірлерін жібереді. Уәзірлер көше көшені кезіп жаман адамды деп іздеп келе жатып бір уәзір таңға жуық қарап отырса көшемен аяғын алып жүре алмай келе жатқан адамды уәзір ұстай алды. Үсті басы жұлма жұлма бет ауызы сатбақ сатбақ бірнеше күн жуылмаған, өзі аш қалі нашарлаған адамды сүйреп патшаға алып келді. Патша көрді де қызы Гүлжаһарға айтты: «Сені осы жаманға қостым, осыны адам қатарына қосқаныңды көрейін», – деп екеуін қол ұстастырып қоя береді. Қызы Гүлжаһар да әкесінен тайынбай «жарайды» деп үйінен түк алмай, жалғыз-ақ үйінде нан илейтін ағаш шелек бар екен, соны шешесінен сұрап алып, онан кейін өзінің неше түрлі бұлдық қиығын жинап жүреді екен соны алып, шелекті әкесі қосқан жарына көтертіп, әке шешесіне қош айтысып Гүлжаһар қыз жүріп кетті. Сонымен бір неше күн жүріп, бір шаһардың шетіне келіп жетті. Келсе шаһардың бергі шетінде ағып жатқан үлкен өзен, өзеннің жағасында үлкен иен тұрған ақ үй, сол үйге келіп, орналасып тұра берді. Жаманын жақсылап шомылдырып, тазалап киіндіріп, шелектің түбін қырып сумен илесе нан болып шығып, отқа бастырып жеті тамақ қылып жүрді. Сөйтіп өзінің түрлі құрақ бұлынан неше түрлі құбылтып, әдиял жасап жаманын базарға бар деп, мынандай ақылын айтады: «Мына әдиялды, – деді, базарға апарып бес матаға сай будан артық бергенге де берме және көп бергенге де берме, төлке бес матаға сатып жақсы-жақсы тамақ сатып алып кел, – деді. Сонымен жаман базарға келіп әдиялды ұстап жүріп, бағасын сұрағандарға бес мата деп жүр еді, бір жігіт келіп әдиялды көріп таңданып тұрып «бағасы әдиялдың қанша» деп сұрап еді, жаман бағасы бес мата деді. Әдиялды көріп тұрған жігіт:
– Бағасы бес мата болса, мен бес жарым мата берем бер деді. Және екіншіде осындай әдиял әкелсең осы бес жарым матадан ала берем және сенімен жолдас боламын, – деп еді жаман:
– Жоқ бермеймін, артық бағаға сатпаймын, кем бағаға да сатпаймын, төлке бағасы бес мата, – деп бермеп еді, базарда жүрген көпшілік «сен жындымысың, базарға сатқалы әкеп бағасынан артық баға бергенге бермеймін дейсің» деп көпшілік зорлық қылғандай әлгі жігітке берді. Жаман әдиялды бес жарым матаға сатып, өзіне киім, тамақ алып үйіне барды. Әйелі Гүлжаһар «өз бағасына саттың ба» деп сұрап еді, «я, өз бағасына саттым» деп жауап берді. Ертеңіне әдиял тігіп жаманды тағы жіберді базарға, «осының ақшасына үлкен сандық сатып ал да, қалғанына көрпе тігетін қиық ал», – деді. Сөйтіп жаман екінші рет базарға келіп, тағы әдиялын ұстап жүреді. Кешегі әдиялын бес жарым матаға алған жігіт келіп, тағы бес жарым мата беріп сатып алды. Ол сатқан ақшаға жаман үлкен бір кісі сиып кететін сандық алып, артығына көрпе жасайтын қиық сатып алып, үйіне келді. Сонымен жаман дәндеп, күнде базарға әдиял әкеліп, сөйлеспей бес жарым мата беретін жігітке әкеп беріп тұратын болды. Екеуі саудалас болып алды. Бұдан бұрын Гүлжаһар бұған тапсырған еді, базардағы адамдар үйіңді сұраса айтушы болма, іш кімді үйге ертіп келме және мені кетерде сандыққа салып кет те, келгеніңде сандықты ашып тұр деп тапсырған еді. Сонымен жаман күнде базарға барып әдиялын саудаласына әкеліп беріп жүрді. Бір күні саудаласы айтты:
– Сенің әдиялыңды ылғи мен артық бағамен аламын, басқа ішкім алмайды. Сен маған үйіңді көрсетіп қой, сенің әдиялың керек болса мен сені қайдан іздеймін және әдиялды күнде базарға тасып не қыласың, мен үйіңді көрген соң өзім барып алып тұрамын, – деді. Оған жаман иланып:
– Жарайды, жүр үйімді көр, – деп, жігітті үйіне ертіп келді де, сен үйде отыра тұр мен су алып келейін, үйден дәм тат, – деп жігітті үйіне отырғызып, суға кетісімен жігіт «мұның әйелі қайда» деп үйдің ішінің бәрін қарап жүріп таба алмай төрде тұрған үлкен сандықты көріп, «әйел осында екен» деп жігіт сандықты арқалап жүрді де кетті. Жаман суын алып үйіне келсе жігітте, сандық та жоқ. Жаман жылап-жылап әйелін іздеп қаңғып кетті. Сол жүргеннен жүре жүре арып-шаршап бір шаһарға келіп, бір кемпірдің үйіне сұрана кіріп, сол үйде пәтер тұрды. Бұдан кемпір сұрады:
– Балам неғып арып шаршап жүрген баласың, – деді. Бала басынан өткен оқиғаның бәрін кемпірге айтты. Содан кейін кемпір айтты:
– Мен білем біздің патшамыз бір қыз әкепті, ол бір ай ұлықсат сұрап бөлек үйде ауырдым деп қаралып отыр. Сенің әйелің сол», – деді.
Жаман кемпірге:
– Мен сіздің еңбегіңізді ақтаймын, мені сол әйелге жолықтыр, – деді.
Кемпір жаманға:
– Ертең базарға барып, ұсақ меліш и бас тарақ сатып алып, көшеде қыдырып жүріп сол патшаның әйелі тұратын көшемен жүріп, кім меліш алады, кім тарақ алады деп айғайлап өт, сонда сенің әйелің биік үйде сені көріп, егер сенде көңілі болса сенің тарағыңды сатып алып бір белгі береді, – деді.
Жаман кемпірдің айтқанын істеп сауда істеген боп өз әйелі тұрған көшемен жүріп, «кім айна, тарақ алады» деп дауыстай жүріп келе жатыр еді, биік үйде тұрған өз әйелі көріп, жаманын танып дереу асбашшы қызын жіберіп «мына түйген орамалды анау сауда істеп жүрген жігітке бер де, бір тарағын алып кел» депті. Асбашшы қыз барып, түйген орамалды жігітке беріп, бір тарағын алып патшаның ханымына әкеп берді. Сонымен жаман үйге келді. Кемпір:
– Е, балам не бітірдің, – деп сұрапты.
Жаман айтты:
– Білмеймін, бір тарақ алып бір қыз мына түйген орамалды берді, бірақ ол өз әйелім емес, – деп түйген орамалды кемпірдің қолына беріпті.
Кемпір орамалды шешіп қараса бір алтын сақина және бір бунақ алтын бар екен. Кемпір айтты жаманға:
– Балам, – деді, мына сақинаны маған бер деген екен, ана алтынға екі арғымақты ер тоқымымен сатып алып, бүрсігүні түнде осы қақпаға ел ұйықтаған кезде келіп, мені күт деген екен, – деп, дереу Жаманды «тез екі арғымақ сатып әкел» деп базарға жібереді. Жаман базарға барып ер тоқымымен барлық алтынды беріп, екі арғымақ сатып әкелді. Кемпір «жарайды, бүгін екі атпен қақпаның алдына барып екі атпен ұйықтамай күтіп отыр» деп жаманды жібереді. Сонымен жаман келіп, қақпаның алдында екі атты ұстап қарап отырып, түн ортасында ұйықтап қалыпты. Түн ортасы болғанда әйелі Гүлжаһар келіп «келдің бе» деп екі-үш рет дыбыстап еді үн жоқ, сонымен Жаманның қойнына қойдың екі шикі асығын салып кетіпті. Бір уақытта жаман шошып атып тұрып қараса, таң атып кетіпті. Жаман сасып атқа міне сала шауып екі атпен үйге келді. Кемпір:
– Е, балам не көрдің, – деді.
Жаман:
– Ойбай апа, қара басып, ұйықтап қалыппын, – деді.
Кемпір:
– Жаман болған екен, егер әйелің келсе, бір белгісі бар шығар, әкелдің бе? – депті.
Жаман:
– Жоқ ондай белгі жоқ, – деп шешініп қараса, қойнынан екі шикі асық түсіпті. Кемпір айтты:
– Я, балам сен әлі шикі екенсің, – деген екен, екі күннен кейін патша мені неке қидырып алады, онан кейін мен саған жоқпын деген екен, сен бүгін не ғылсаңда ұйықтамай отыр, бүгіннен қалсаң саған әйел жоқ, – деп кемпір Жаманды шыңдап жібереді.
Жаман «көрген жерде ауыл бар» деп тағы да қақпаның алдына келіп ұйықтамай, ширақсып Гүлжаһар қашан келеді деп отырып түн ортасы болғанда тағы ұйықтап кетіпті. Түн ортасы болғанда Гүлжаһар тағы келіп «келдің бе» деп екі-үш рет дыбыстап еді, Жаманда үн жоқ, қатты ұйықтап қалыпты. Гүлжаһар қойнына тас салып кетіп қалыпты. Жаман тағы да шошып оянып қараса, таң атыпты. Түрегеліп тағы кемпірге келіпті. Кемпір тағы сұрап еді, Жаман:
– Ой шешей, жаман болды, бүгін де қара басып ұйықтап қалыппын. Қойыныма тас салып кетіпті, – деді.
Кемпір айтты:
– Бүгін ақырғы күн, сенен көңілім қара тастай болып қалды, бүгін келмесең, енді қайтып келме деген екен, бүгін қайтсеңде ұйықтамайтын бол, – деп қатты пысықтап жіберіпті.
Сонымен Жаман көрген қақпасына тығы келіп, тағы сақсынып отырып, түн ортасы болғанда тағы ұйықтап қалыпты. Түн ортасы болған кезде Гүлжаһар келіп «келдің бе» деп дыбыстап тұрған кезде, түнде бір жерден келе жатқан бір жігіт Гүлжаһардың дауысын ести қойып, аттың қасына жүгіріп келіп «я, келдім, келдім» деп еді Гүлжаһар екі дәу қоржынды жігітке алып беріп «сал екі аттың үстіне» депті. Жігіт жалма жан қоржынды екі аттың үсітне салып, ұйықтап жатқан Жаманның қолындағы екі аттың шылбырын кесіп жіберіп, екі атты өзі жетектеп алды. Заполоттың ар жағынан Гүлжаһар жігітке «қолымнан тарт» деп еді, жігіт қолынан тартып алды. Сонымен екеуі екі атқа мініп, қаладан қырға шығып жүріп кетті. Ауылдан былай ұзап шыққанан соң Гүлжаһар Жаманды сөзге таратайын деп қасына қатарласып келіп байқаса, өзінің Жаманы емес, бөтен бір жігіт екенін қыз сезіп, үндемей қалыпты. Жігіт те үндемей келеді. Сөйтіп таң атты, күн шықты. Екеуі бір-бірінің түсін көріп, жігіт қыздың қасына қатарласып келіп, сөз қатысып:
– Сен менің әйелім болдың, енді осы жерде екеуіміз қосылалық, – депті.
Қыз айтты:
– Жарайды, бұйрықтан асып қайда барам, бірақ сен мына суға жуынып, тазаланып, содан соң мына қоржындағы таза киімді ки, мен сендікпін, содан кейін қосылалық, – депті.
Жігіт:
– Жарайды, – деп шешініп, суға түсіп шомылып жатыр еді, Гүлжаһар екі атпен қашты да жөнелді. Жігіт «қап алдадың-ау» деп киініп, соңынан жаяу қуып жөнеле бергенде, жалбаңдап Жаман да келіп жолықты.
Жігіт Жаманға:
– Қайдан келесің, – деп сұрады.
Жаман:
– Әйел жоғалтып, соны іздеп келемін, – деді.
Жігіт те:
– Ой менде әйел жоғалтып жүрмін, енді екеуіміз бірігіп іздейік, – деді. Сонымен бұлар жүре бергенде тағы бір жаяу келіп бұларға қосылды. Екеуі келген жігіттен сұрады, ол да өздері сияқты әйел жоғалтып жүр екен, енді үшеуі жолдас болып, әйелдерін бірге іздеп жөнелді. Гүлжаһар қашып отырып, бір биік ақ күмбезді үйге келді. Келсе өтетін қақпаның жанында әдемі бақша тұр екен, Гүлжаһар бақшаға қызығып кетіп, бір жемісті ала берген кезде, еркекше киініп алған тымағы түсіп кетіпті. Онан кейін Гүлжаһар күзетші шалға:
– Ата, мына тымағымды алып беріңізші, – деді. Шал келіп, қыздың тымағын алып беріп жатып қызды көріп қалып, қызға ғашық болып қалып, қызды босатпай, «мен сені аламын», – деп атының шылбырынан алып жібермей қойды. Қанша жалынғанмен жібермейтінін білгеннен кейін қыз, «мені алатын болсаң, барып моллаңнан ұлықсат сұрап некеңді қиғыз, сонан кейін тиемін», – депті. Шал «жарайды» деп молладан ұлықсат алуға кеткенде, қыз тағы қашып кетіпті. Одан құтылып иен далаға шығып кетіпті. Шал молладан неке қиюға ұлықсат алып, қызды ертіп келейін деп жүгіріп келсе қыз жоқ, қашып кетіпті. Сөйтіп шал қызды іздеуге дайындалып жатқанда, шалға үш жігіт келіп шалдан жөн сұрады. Шал айтты «әйелім қашып кетіп, соны іздеуге шыққалы тұрмын» дейді. Үш жігіт «жарайды, бізді әйел іздеп келеміз, бізге қосылыңыз» депті. Шалды қосып алып бұлар іздей берсін, иен даламен келе жатқан Гүлжаһар қырық қарақшыға кез болып қалады. Қызды ұстап алғын қарақшылардың қырқы да қызға ғашық болып, «мен алам, мен алам», – деп өзара таласа бастапты. Қыз айтты:
– Мен сендердің бәріңе тимеймін, жеке біреуіңе тиемін. Сондықтан мен сендерге бір сөз айтамын, егер ықтияр болсаңдар, – деп еді, қарақшылар «жарайды, ықтиярмыз» деп шулады. Гүлжаһар айтты:
– Мен осылай тұрамын, сендер қырық аттарыңды осы жерге байлап, он шақырым жерге жаяу барып, маған қарай жарысасыңдар. Сонда мен қай озып келгеніңе тиемін, – дейді. Бұған қырқы мақұлдап, аттарын бір біріне байластырып, қырқы жаяу жарысуға кеткенде, Гүлжаһар қырық аттың барлығының артқы аяқтарын балтамен шауып сындырып, қырқынан тағы қашып құтылыпты. Сонымен Гүлжаһар қыз бір шаһарға келіп, кете берген кезде, шаһарда жиналған бір топ кісі бір құсты ұшырып жүр екен. Ұшқан құс Гүлжаһарға қарай ұшып келеді, артынан төрт-бес кісі шауып келеді. Құс ұшып келіп сразы Гүлжаһардың басына қонды. Қуған кісілер де келіп, құсты Гүлжаһаржың басынан алып, Гүлжаһарды жиналып тұрған көп халыққа алып келді. «Құс мына жігіттің басына қонды» деп Гүлжаһар еркекше киінген, ішкім айырмайды. Сонан кейін халық «жарайды, патшамыз өліп қалды, патша сайламасқа бола ма, жұл жігіттің басына бақыт құсы қонса патша болсын» деп халық патша сайлайды. Сонымен Гүлжаһар патша сайланып, халыққа үкім айта бастайды. өзіне арнап көз ұшындағы жерді көріп болжайтын қылып, биік зауалмен үй салдырады. Сонда отырып уәзірлеріне бұйырық берді, көше-көшенің шетіне қарауыл қойдырып, «сырттан қалаға кім келсе маған алып кел» деді. Бұлар қарауылдай берсін, қырық қарақшыға келелік, бұл қырқы айтқан он шақырым жерге барып, барлығы жаяу жарысып, титықтап, дымы құрып келсе қыз жоқ, аттарына мініп қуайын десе барлық аттардың артқы аяғы сынған жүруге жарамайды «қап бізге істеген екен» деп қырқы іздеп келе жатып, төрт жаяуға кез болыпты. Қырқы:
– Ее, қайда бара жатырсыңдар, – деп сұрапты.
Сонда төрт жаяу:
– Біз әйел жоғалтып, іздеп жүрміз, – деген екен, сонда қырық қарақшы «ее, онда бірге іздеп, жодас болайық» деп қырық төрт болып, әйел іздеп жөнеле беріпті. Сөйтіп бұлар Гүлжаһар тұрған қалаға келіп көшеге кіре бергенде күзетші тұрған қарауылдар ұстай алып, патшасына алып келеді. Бұлардан патша біртіндеп жауап алды. Ең алдымен өзін сандығымен алып қашқан патшаны дарға астырып өлтірді. Екінші болып, қырық қарақшыны и өзін түнде атпен алып қашқан жігітке түгел дүре салдырып, енді мұнан былай адамға қиянат жасамасқа арыздарын алып қоя берді. Содан кейін өзін аламын деп қақпадан босатпаған шалға астына ат, үстіне киім кигізіп қайтарды. Өзінің Жаманын таза шомылдырып, киіндіріп, барлық халқына айтып, сол жерде Жаманға некесін қиғызып, өз орнына патша қойып, халқынан ұлықсат сұрап, ырзалығын алып, сөйтіп Жаманын тәрбиелеп өзі ақылшы болып жүре берді. Гүлжаһар күншілік жердегі жанды заттарды көріп, болжап отырады екен. Өзінің салдырған биік үйінде төңірекке көз жіберіп отыр еді, түстік жерде бір кедей нашар шалдың өзі арық тұлпарымен бір бірешке жүкпен батбаққа түсіп кетіп, шыға алмай жатқанын көріп, екі семіз арғымақ беріп, кісі жіберіп айтты «осы екі арғымақты қиянат қылмай, шалға апарып беріп, берсе тұлпарын алып кел» деді. Оның тұлпар екенін Гүлжаһар біліп тұр. Жіберген кісі дереу екі арғымақпен шалдың арбасына жегіп, тез арбаны жұлып алып шалға айтты «мына арық атыңды екі арғымаққа айырбастайсың ба» деп еді, шал қуанып «айырбастаймын, бірақ мені мазақ қылып жүрмесеңдер» депті. Жігіт екі арғымақты беріп, арық атты алып, патшаға алып келді. Сонымен Гүлжаһар тұлпарды бөлек сарайға сақтап, әбден бабына келгенше бір кісіге күттіріп, өзі екі үші күнде бір қарап қойып жүрді. Тұлпар әбден бабына келген соң Гүлжаһар күншілік жерге көз жіберіп, болжап қараса баяғы өзінің әкесі бірнеше кісімен аңға шығып жүргенін көріп, тезірек өзінің жаманын тұлпарға мінгізіп, айтты: «Қазір пәлен жерде менің әкем аң қарап жүр, соған барып жет, сен барған кезде менің әкем барлық жолдасымен бір киікті қуып келе жатады, соны барысымен сен қоса қуып жетіп, құрықтап ұстап алып, әкеме сыйла да, жауап қатпай жүріп кет», – дейді. Сонымен Жаман тұлпарымен соқтырып кетіп, айтқанындай қуып келеді екен, Жаман қуып жетіп, киікті құрықпен ұстап тірідей Гүлжаһардың айтқанын істеп, сыйлауға беріп, ұстауға беріп жүріп кетіпті. Ертеңіне Гүлжаһар тағы айтты «менің әкем сол жерге тағы келді, тұлпарға мініп тез жет. Қазір әкемнің алдынан алтын киік қашады, бірақ олар жете алмайды, сен бар да алдымен киікті алып қуып жет те тағы құрықпен ұстап тірідей сыйла да, жүріп кет» деді. Тағы айтқанындай келсе алтын киікті қуып жете алмай келеді екен, алдымен киікті құрықпен ұстап тағы патшаға сыйлау деп үн қатпай жүріп кетіпті. Сонан кейін патша жолдастарына айтты:
– Япыр-ау, кеше менің тұлпарым жете алмай қойған киікті осы жігіт ұстап сыйлау деп беріп кетті. Бүгін міне алтын киікті сыйлау деп беріп кетті. Бұған қалай дейсіңдер, – деп уәзірлерімен кеңесті. Бұлардың бірі о деді, бірі бұ деді, сөйтіп еш нәрсеге ұйғарып шеше алмады. Сонымен Жаман үйіне келді, Гүлжаһарға айтқаныңды орындадым деп хабарлады. Бұдан кейін Гүлжаһар аңда жүрген әкесіне кісі жіберіп «пәлен жерде аң аулап пәлен шаһардың патшасы жүр. Соны қасындағы нөкерлерімен біздің патшамыз қонаққа шақырады деп ертіп кел», – деп кісі жібереді. Сонымен жіберген кісісі барып, патшаға «сіздерді нөкерлеріңізбен біздің патшамыз бүгін келіп қонақ болсын деп бізді жіберді», – деді.
Бұл патша атказ еткен жоқ, «жарайды қонаққа шақырса барамыз» деп нөкерлерімен жіберген кісісімен бірге жүрді. Бұлардың келе жатқанын біліп Гүлжаһар да алдымен күтіп тұрып қонақтарды түсіріп алып қонақ үйлеріне әкеп күтіп өзінің патша Жаманын әңгімелесіп отыр деп бірге отырғызды. Гүлжаһар өзі қонақ басқарам деп шығып кетіп, әкесін жақсылап күтіп жатыр. Тамағын әбден жөндеп бергеннен соң, екі патшаның қасына әңгімелесуге келіп отырып:
– Я, тақсыр патша, қалай біздің патша жақында сайланған, сіз сияқты ескіден істеген патша емес, патша болуға, сізбен әңгімелесуге жарай ма екен, – деп сұрады Гүлжаһар. Әкесі патша:
– Ой, ханым бәйбіше-ай, ұнады ма дейсіз, бұл жақында патша болса да, келешегі бар, сөзі орнықты патша көрінеді, сіз қалай мені сынап отырсыз ба? Сонда да сіз сияқты жас ханымдарға көз салып жүруге жараймын, – деп күлді.
Сонда Гүлжаһар басындағы пердесін ашып «мені танисың ба» деп әкесінің бетіне қарай үңіліп еді, Гүлжаһардың әкесі патша қызын танып, көзі алайып, есінен танып құлады. Аздан соң патша есін жинап қызын бас салып жылады. Сонда Гүлжаһар айтты:
– Ее әке, жақсыны жаман ететін кім екеніне көзің жетті ме? «Міне осыны адам қыл» деп берген жаманың осы бүгін сізбен бірге тізелесіп тамақ ішіп отырған патшаң сіздің алдыңыздан қашқан екі киікті де ұстап сізге сыйлады, жаманды жақсы ететін әйел екеніне көзің жетті ме, – деді қызы.
Сонда әкесі патша:
– Менен қателік кетті, мен ақылсыз екенмін, – деп қызымен жылап көрісіп, сенің ақылдылығыңды білмедім, – деп сол жерде патшалағын қызының күйеуіне беріп, өзі орнынан түсіп, Жаман Гүлжаһардың арқасында екі шаһарға патша болып билеп тұрыпты.
10. Ханша мен баласы
Бар екен де жоқ екен. Аш екен де тоқ екен. Ілгері заманда бір патша болыпты. Оның он екі жасар баласы мектепте оқып жүріпті. Осылай байып жүргенде, бір күндері болғанда патшаның бір биесі бес-алты күн жоғалып кетіп, оны жылқышы іздеп жүргенде ол бие бір көлдің жағасынан табылыпты. Ол биеге жылқышы жақынырақ барса, қасында бір жылқы тұрған екен, жылқышыны көріп, ол жылқы суға түсіп кетіпті. Жылқышы биесін жылқысына қосып қойып, балаға келіп болған нәрселерді осылай да, осылай деп айтыпты. Осылай болып жүріп, бір жыл болғаннан кейін жаңағы бие туыпты. Бие туған заман бала құлынын үйіне алып келдіріп, өз қолында тәрбиелей бастайды. Бір күні патша аңға шығып, аңнан үш-төрт күн кешігіп калыпты. Патшаның қатынының ашынасы бар екен. Патшаның аңға кетіп қалғанын біліп, патшаның қатынына келеді. Келіп патшаның қатынына айтады:
– Сен патшаны өлтір, сонан кейін мен аламын, – дейді.
Қатын:
– Мен патшаны қалай қылып өлтіремін? – дейді.
Ашынасы айтыпты:
– Әуелі сен балаңды өлтіріп алсаң, кейін патшаны өлтіруің қиын емес, – дейті.
Қатын айтады:
– Баламды қалай қылып өлтіремін?
Ашынасы былай дейді:
– Сен ас қылып, ішіне у салып балаң келгенде берерсің, соны жеп балаң өліп қалады, – дейді. Онан соң патшаны тезірек өлтірерсің, – депті. Ертеңінде баланың анасы баласына ішіне у салып ауқат қылып қояды. Бала молдасынан қайтып келіп, атының алдына кірсе, аты қайғылы болып тұрғанын көреді. Бала:
– Ей, жануар, неге кайғырасың? - дегенде кұдайдың кұдіретімен тіл бітіп, аты да айтады:
– Мен сенің өлуіңе қайғыланып тұрмын, – дейді. Бала: «Қалай?» дегенде, ат айтады:
– Сенің анаң ашынасының сені өлтір деген тілін алып. Сені өлтірмек үшін ауқат қылып қойды. Егер соны жесең, сен өлесің, – дейді. Бала қапа болып үйіне барады. Шешесі баласын көріп, үстіне түсіп:
– Кел, қарағым, сен келгенше саған ауқат қылып қойып едім, жей ғой! – дейді.
Бала шешесінің қолындағы асты ала салып:
– Апа, далаға апарып жеймін», – деп далаға шығып бара жатып қолынан түсіріп жіберіпті де, азар болып, көшеден ауқат жеп, қайтадан молдасына кетеді. Ертеңіне ашынасы келіп «не қылдың» дегенде. қатын баланың азар болып, ауқатын төгіп кеткенін айтады.
Ашынасы былай депті:
– Ендеше, ертең келгенде қаттама қылып бергін, оны төге алмайды, – депті. Баланың шешесі ертеңіне қаттама қылып даярлап қояды. Бала молдасынан қайтып келе жатып атының алдына кірсе, аты тағы басын төмен салып тұр екен. Бала мұны көріп:
– Ей, жануар, неге бүгін тағы қапа болын тұрсың? – дегенде, аты балаға жауап береді:
– Ей, сен білмейсің, шешең саған қаттама қылып қойды. Егер соны жесең өлесің, – дейді.
Бала үйіне келген соң, шешесі:
– Кел, қарағым, саған май салып қаттама қылып қойдым, – деп балаға қаттаманы алып береді. Бала шешесінің қолынан қаттаманы алып, итті шақырып итке тастағанда, итті жеген заман өлтіріпті. Бала тағы шешесімеи араз болып, молдасына кетіп қалды.
Үш күн өткізіп ашынасы келіп «не қылдың» дегенде, тағы баланың істеп кеткен нәрселерін түсіндіріп айтады. Ашынасы мұны естіп айтады:
– Сен әуелі балаңның бағып жүрген атын өлтір. Балаңа ақыл беріп жүрген сол ат, – дейді.
– Қалай қылып өлтіремін, балам өлтіргізбейді, – дегенде оған ашынасы айтады:
– Байың келгенде сен кесел бол. Мен қатын тәуіп болып тұрамын. Сонда патшаға мені айтасың, – депті.
Қатын патшаның аңнан қайтып келеді деген хабарын естіп, сол күні кесел болып қалады. Ойбайлап төрден есікке, есіктен төрге аунайды. Патша аңнан келіп кірсе, қатыны қиналып жатқанын көріп, патша сасып:
– Ойбай, қатын, енді не қыламыз? – дегенде, қатыны айтады:
– Пәлен жерде қатын тәуіп бар, соны алдыр, – дейді. Патша тездеп адам жіберіп, қатынның ашынасын алдырады. Ол қатынын тамырын ұстап көріп:
– Ей, патша, бұл қатынның кеселі жаман, бұдан жазылу қиын, – дейді.
ІІатша:
– Айналайын, қалай қылып болса да осы қатынды жазын бер, – дейді.
Тәуіп:
– Қатының жазылады, егер тұлпардың етін жесе, – депті.
Патша айтады:
– Қайдан табамыз? – деп сұрайды.
Тәуіп:
– Мына бағып жатқан балаңның аты тұлпар, – депті. Патша баласын шақыртыпты. Әкесі шақырған соң бала келе жатып атына келеді. Келсе, аты қабағын жерге салып тұр екен. Бала:
– Ей, жануар, неге қапасың? – десе:
– Ілгері сенің өлуіңе қапа болсам, енді өзімнің өлуіме қапамын, – депті. Енді сен атаңның алдына бар. Атаңның сөзін қайтарма. Мені сояр кезде үш рет шыңғырамын, бірінші –жібімді шешіп далаға шығарған кезде, екінші – жығып аяғымды байлаған кезде, үшінші –соймақ болып пышақ таяп тұрған кезде. Егер сонда жетсең жеттің, жетпесең мен де, сен де өлгенің, – депті. Бала ойланып атасына келеді. Атасы баласына айтады:
– Балам, шешең кесел басып қалыпты. Мына тәуіп тұлпардың еті дәрі дейді. Сенің мына бағып жатқан атың тұлпар дейді. Соны сойып берейік, соны сен қалай көресің? – дейді.
Бала айтады:
– Қандай қылайын, шешемнен артық болыпты дейсіз бе? Сойсаңыз соярсыз, – деп, бала молдасына қайтып кетеді. Патша атты соймақшы болып, атты шешіп алғанда ат шыңғырады. Және алып келіп жыққанда бір шыңғырады. Бала мұны естіп, әдеппен молдасынан сұрап далаға шығады да, қашып береді. Бала келіп жеткенде және шыңғырады. Енді сояйын деп тұрғанда бала жетіп келіп:
- Е, ата, мен осы атты туғаннан бері бағып-бағып бір мінбей кетіп барамын. Мұны мен бір мінбеппін. Бұл да, менде арманда болып қалмайық, – депті. Атасы баласының бұл сөзін қабыл алып, балаға және атқа керекті болған аспаптарын даяр қылып береді. Бала атты мініп бір қорғанды айналдырып шауып келіп айтады:
– Ата, кімге ұқсаймын?
Атасы:
– Атана ұқсайсың, – депті. Және айналып шауып келіп айтады:
– Ата, кімге ұқсаймын?
– Перизатқа ұқсайсың, – деп жауап береді.
Бала:
– Қайыр, қош, көргенше аман-есен болып тұрыңыз! – деп атына қамшы ұрғанда, аты бір айлық жолға әкеліп қояды. Сол жерде бір қойшының киімін жаңа киіміне айырбастап алып, өзінде болған аспап-құрал, киім-кешектерін аттың үстіне таңып, аттың қылынан түтеткіні алады да, атты қоя береді. Өзі қойшының киімін киіп алып, сол жердегі болған қалаға жөнеледі.
Баланы көріп шаһар қақпасының есігіне тұрған қарауылы ұстайды:
– Қайда барасың?
– Білмеймін.
– Қайдан кепесің?
– Білмеймін.
Не айтса да, «білмеймін» деп жауап береді бала. Оны Білмеймін деп атайды. Қарауылшы:
– Ой, тентек екен, мейлі кете берсін, – деп қоя береді. Бала барғаннан барып, патшаның тағының алдына барын отырады. ІІатша көріп:
– Ананы ұстап әкел! – деп бұйрық қылады. Патшаның уәзірлері ұстап әкеледі. ІІатша:
– Қайдан келесің?
– Білмеймін.
– Бұл жерде не ісің бар еді?
– Білмеймін.
Патша: «Бұл ақымақты өлтір», – дегенде, уәзірлері айтады:
– Тақсыр, мұны өлтіріп не қыласыз. Мұны үлкен бауға алып барып қоя берсек, сол жерде жүреді де, – депті.
Патша бұл сөзге «мақұл» депті.
Баланы патшаның бауына алып барып қояды. Қарауылшы ол балаға ауқатын апарып беріп тұратын болды
Бала құдайдан тілеп:
– Ей, құдай, осы орман бүтін бәрі қырқылып, күл болып қалсын. Және дуалдарына шейін құлап жоқ болсын, – деп. Құдайдан тілек тілегенде, ағаштары күл болып, дуалдары жоқ болып кетіпті.
Патшаның қарауылшылары келіп көрсе, бәрі қырқылып, күл болып, дуалдары кұлап жатыр. Қарауылшы «не қылдың» десе, «білмеймін» деп, басқа жауап бермеді. Қарауылшы патшаға хабар жібереді. «Білмеймін» бауларды бір түннің ішінде күл қылып, дуалдарын жығып тастапты», – дейді. Патша адам жіберсе, бәрі құлап қалған. Мұны көріп патша «Білмеймін» бір әжетке жарап қалар» деп, баланы күтіп тұрды.
Бала:
– Құдай, баулары тағы бұрынғыдай болса екен, – деп кұдайдан күні-түні сұрай, бұл жерді бастағысынан да жақсы қылып, баулар, қауындар пісіргізіп қойды. Және «бір хауыз болса екен» деп айтқан заман, бұл да болды.
Білмеймінге ауқат алып келушілер көрсе, жақсы бау болған оны ешкім мақтап болар емес. Мұны көріп патшаға хабар жібереді. Патша келіп көрсе, өте көңілді болған. Патша: «Мұны қандай қылдың, бұл қайдан болды?» деп сұраса: «Білмейін!» – деп жауап береді. Онан кейін баланы патша күтіп тұратын болды. Бір күні сол патшаның үш қызы баудың мақтауын естіп келеді. Сонда бала хауызға түсіп шомылып жатыр еді. Қыздарды көріп хауыздың жағасында тұрғанда, үлкен екі қыз мұны сезбеді. Кішкене қыз көріп, балаға ғашық болып қалды. Бірақ апаларына айтқан жоқ. Онан кейін бұлар үшеуі де патшаға қауын алып барды. Патша үлкенінің қауынын сойып еді, жаман болды. Бұдан кейін және біреуінікін сойып еді, ол да жаманырақ шықты. Ең соңынан кішкене қызының қауынын сойып көріп еді, шырын шықты. ІІатша мұның себебін уәзірлерінен сұрағанда олар айтты:
– Үлкен қызың күйеуге берістен өтіпті, ендігі қызыңыз да өтіп қалыпты. Бірақ кішкене қызыңыз күйеуге тиер уағы жетіпті, – денті.
Патша қыздарын күйеуге бермек болып, елін жинап той қылмақ болыпты. Онан патша қыздарын мұнараның басына шығарып қойып, бір-біреуінің қолына бір алмадан беріп қойыпты. «Кімді қаласаң, соны ұр» – депті. Бүтін патшаға қарасты халықтары мұны естігеннен кейін бәрі жиылып келіп, патшаның қызының алдынан өте береді. Патшаның үлкен екі қызы қалаған жігітін алмамен ұрып, екеуі екі жігітке тиіп кетеді. Патша бұған қайран қалып, халқын қызының алдынап екі-үш рет өткізеді. Қызы ешкімді қаламайды. Патша: «Менің қол астымдағы адамнан ешкім қалды ма екен?» – дегенде уәзірі: «Білмеймін қалды», деп жауап береді. Патша:
– Білмеймінді алып келіңдер, – депті.
Жасауыл тез барып, Білмеймінді алып келеді. Білмеймін патша қызының алдынап өткенде, қыз алмасымен ұрды. Патша бұл қызына қапа болып:
– Алып барып есекханаға кішкене қызым меи күйеуімді апарып қойыңдар, – депті.
Патша бір күні екі күйеуін шақырып алып:
– Мен киік етін жегім келеді маған аң етін әкеліп беріңдер, - депті.
Патшаның екі үлкен күйеуі екі атына мініп, аңға шықпақшы болады. Мұны бала біліп патшаның қызына:
– Тұр, сен атаңа бар, маған да бір ат, мылтық берсін, – депті. Қыз атасына барып: Ата, күйеуіңіз ат, мылтық тауып берсін, аңға шығып келемін, – дейді. ІІатша:
– Ол ақымақ аңға шыққанда не бітіреді дейсің? – дегенде, уәзірлері айтады:
– Ей, патша, оған бір жаман ат, бір жаман мылтық берсеңіз далаға шығып түк те бітірмей қайтып келеді, – дейді. Патша мақұл көріп, жаман ат пен жаман мылтық береді. Бала көшеде жүрген иттердің бес-алтауын жіпке байлап алып, мылтығын желкесіне асып алып, иттерді тақымына басып алып, қыңсылата жөнеледі. Мұны көріп көшедегі балалар оның соңынан еріп, иттерін ұрып, қаладан шығарып тастап келеді. Бір таудың панасына барып жатса, бір киік таудан ойнап келіп баланың алдына келгенде, бала:
– Ішегің шырынға, етің зарарға айналсын, – деп, мылтықпен атқанда, киік сол жерде құлап қалады. Бала киікті алып келе жатса, екі бажасы құрдан-құр келе жатыр екен. Баланы көрін балаға жалынады:
– Бажа, киігіңнен бізге де бермесең. патша алдында шерменде болатын ұқсаймыз, – дейді.
Бала қабыл алып, өзі ішек-шабағын алады да, екеуіне киікті береді. Бұлар қайтып келіп, патшаға әрқайсысы жақсылап ауқат қылады да, әрқайсысы өзі апарып береді. Патша екі үлкен қызымның ауқатын жеп көрсе, тіпті ащы, одан соң жемейді. Кейін кішкене қызы ішек шабақты жуып-тазалап, астауға салып, ауқатып көріп тазалап, даярлап болған соң, ауқаттың арасына тезек көміп қояды. Қыз әкеліп атасының алдына қояды. Атасы ренжіп жемейді. Қызы айтады:
– Енді көңілім үшін лас дәмін татып көрің, – дейді. Патша дәмін татып көрсе, шырын екен. Патша жеген сайын, шырын бола бастайды. Жеп отырғанда ішінен тезек шыға келеді. Патша оны алып тастап жей берді. Енді арада үш-төрт күн өткеннен кейін патша екі күйеуін тағы аңға жібереді. Бала бажасының аңға кеткенін біліп, атына мініп бұл да соңынан шығады да, бірақ бұл тұлпардан алып қалған жалын түтетіп жібергенде, ілгергі тұлпары алдына келеді. Бала құдайдан сұрап: «Ей, құдай, осы жерге бір там салғыз, оның ішінде киік, әртүрлі аңдар ойнап жүрсін», – деп құдайдан тілеген екен. Баланың айтқанындай болып қалыпты. Патшаның екі күйеуі келе жатса, бір қорған көрінеді. Ол екеуі қайран болып, «бұл ілгері өткенде жоқ еді, қайдан келіп қалды» деп ойланып, қорғанның ішіне кіреді. Кірсе, ішінде түрлі аңдар: киік, бұғы, ұлан дегендей бәрі де секіріп, ойнап жүр. Үй алдында бір жақсы ат байланып тұр. Бұлар таң-тамаша қылып тұрғанда ішінен бала шыға келеді. Баладан екеуі:
– Бұл қайдан пайда болды? Біз өткенде жоқ еді? – деп сұрапты. Түрленіп алған бала:
– Қорған қашаннан бері бар! Мен өзім осында күн кешіремін, – дейді. Бұған екеуі айтады:
– Біз екеуміз сеніменен жолдас болайық, осы киігіңнен біреуін бергін. Біз патшаның күйеуі едік. Бізді киік аулауға жіберген еді. Бірақ қолға ештеңе түсіре алмай қайтып келеміз. Киігіңнің пұлын аларсың, – депті. Бала оларға айтады:
– Маған пүл керек емес. Сендерге тегін беремін. Бірақ бір сертім бар, соны істесеңдер, – депті. Олар:
– Қандай серт? – деп сұрағанда бала айтады:
– Екеуіңнің арттарыңа екі таңба басамын, егер соған көнсеңдер киігімді аттарың көтергенше алып кетесіңдер, – дейді. Олар әрі-бері ойланып тұрыпты. Егер киіксіз барайын десе, патшадан ұялады. Амалы жоқ, «айтқаның болсын» дейді. Бала артына таңба басады да, қалағанынша киікті беріп жібереді. Бұлар кете салысымен бала киімін киіп, атына мініп, қатынына барады. Патша баланы көріп қалып адам жібереді. «Біздің кішкене қыздың үйіне бір адам кірді. Қандай адам екен оны біліп кел», – дейді. Ол адам келіп «үйге келген кім» десе, «ешкім келген жоқ, өзімнің байым» – депті қыз.
Ол патшаға қызының «өзімнің байым» дегенін айтып барады. Патша сенбей өзі келеді. Патша келіп:
– Сен кімсің? – дейді. «Мен «Білмеймін», – дейді бала. Одан болған нәрселерді сұрайды. Бала айтады: «Мен патшаның баласы едім. Әкемнің екі құлы қашып кеткен еді. Екеуі де таңбалы еді. Соны таппақшы болып келіп едім», – дейді. Патша бүтін халқын жинап, бәрін қарайды. Ешкімнен табылмайды. Ақыры екі күйеуін қарағанда, екеуінен келіп шығады. Екеуің балаға құл қылып беріп, баланы патша қылып, мұратына да жеткізіпті.
11. Мұңсыз хан
Ерте заманда бір хан халқын түгел жинап: «Мен үш түрлі сұрақ сұраймын, кімде-кім сол сұрағымда тапса, қаласа орнымды беремін, қаласа өзі тойғанынша алтын, гауһарлар беремін. Егерде менің сұрағымды табамын деп таба алмаса, ол анық басын аламын», – дейді. Сонымен халық күнде апыр-топыр, патшаның алдына келмеген адам жоқ, бірақ ханның сұрағын естіген соң, мен табамын деп ешбір жан айта алмай, күнде насай-топыр болыпты. Сонымен бірнеше күндер өтіпті. Бұл кезде сол шәрінің сыртында он үш жасар жалғыз қызы бар, кемпірі өлген өте кедей, қолында түк малы жоқ бір шал тұрады екен.
Бір күні шалдың қызы әкесінен:
– Әке, осы халық неғылып күнде-күнде топ-топ болып жиылып жүр, – деп сұрайды.
Сонда әкесі:
– Балам, ол жиылып жүрген халықтың шаруасымен біздің не жұмысымыз бар. Біздерге білу лайық емес, шаруа жиылып жүрген ел болар, – дейді.
Сонда қызы:
– Әке, біз де адам баласымыз ғой, көпшіліктің не үшін жиылып жүргенін білгеніміздің не зияны бар, – дейді.
Сонда шал:
– Ендеше балам, ол көпшіліктің күн сайын опыр-топыр болып жиылып жүрген себебі ханның үш ауыз сұрағы бар екен, соны тапқан адамға өзі тойғанша алтын, немесе хандығымды беремін депті. Ханның сол сұрауларына жауап бере алмай жүрген ел, – дейді.
Сонда шалдың қызы әкесіне:
– Әке, ондай болса сіз ханға барып, мен сұрағыңызға жауап беремін деп айтыңыз, ханның сұрағын қанша қиын дейсіз, – дейді.
Әкесі:
– Ойбай, қой балам, бүкіл халық таба алмаған сұрақты табамын деп пәлеге қаламыз, – дейді.
Қызы:
– Әке, сіз тәуекел деп қорықпай-ақ ханға барып, сұрағыңызды мен табамын деңіз. Қанша ауыр сұрақ дейсіз, барыңыз, – деп әкесінің мазасын ала берген соң, шал ханға келіп:
– Тақсыр, мен сіздің жұмбағыңызды табайын деп келдім, – дейді.
Сонда хан шалға:
– Шалым, менің сізден сұрайтын жұмбағым мынау, – дейді. Қатты не? Тәтті не? Қымбат не? Міне осы үш түрлі сұрағыма жауап беру үшін үш күн рұқсат беремін, үш күн ішінде осы жұмбағымды тауып берсең, өзің тойғанша алтын беремін. Егерде таба алмасаң, басыңды аламын, – дейді. Шал байқұс бұл сөзді естіген соң, есі шығып, үйіне келіп:
– Ойбай, балам-ай, ханға бар деп болмай, әкеңнен айрылатын болдың, мен енді өлемін, – жыламсырай бастапты.
Қызы:
– Қорықпаңыз әке, ханның айтқан жұмбағын айтсаңызшы, – депті.
Әкесі:
– Әй, балам-ай, оны сұрап қайтесің, бізге енді сұрап алған аурудың емі табылмайды, қой, балам, сұрақ сұрама, – депті.
Қызы:
– Әке, ханның жұмбағын айтыңыз, таба алмайтын несі бар дейсіз, – дей берген соң, шал ханның жұмбағын бір-бірлеп айтып береді.
Сонда қызы:
– Әке-ау, қорқып жүргеніңіз осы ғана ма? Оңай сөз ғой, – дейді.
Әкесі:
– Әй, балам-ай, біз таба алмайтын болған соң, оңайы не керек, – дейді. Қызы ханның айтқан жұмбағының шешуін түгел айтып, түсіндіріп, әкесін алдына жібереді.
Шал ханға келіп:
– Тақсыр, жұмбағыңызға жауап бергелі келдім, – дейді.
Хан күліп:
– Я, байқұс шалым! Қане сөйле, – дегенде, шал:
– Сізің сұрағыңыздағы дүниеде не қатты дегеніңіз жарлылық екен, не тәтті дегеніңіз тату көңіл, махаббаттық, не қымбат дегеніңіз адам баласының уәдесі қымбат дегеніңіз. Қатесі болса, өзіңіз айтыңыз, – дейді.
Сонда хан тұрып:
– Осы жұмбағымды өз ойыңмен тапсаң, менің дегенім деген, тойғаныңша алтын беремін, егерде біреуден естіп айтқан болсаң, басыңды аламын, ол үшін ертең маған жауап бересің, – деп, шалды шығарып салады. Шал байғұс тағы қорқып, үйіне келіп қызына:
– Мен қайтсем де өлетін болдым, жұмбақтарын мен өз ойыммен таппағанымды біліп қойды, маған «осы жұмбақтарды өз ойыңнан тапсаң, тойғаныңша алтын беремін, егерде біреудің айтуы бойынша тапқан болсаң, басыңды аламын», – деді. Енді менің өлмеген нем қалды, – деп кемсеңдей бастағанда қызы күліп:
– Әке, қорықпаңыз, сізге ол туралы келер сөз жоқ, – дейді. Әкесі қорқа-қорқа ертесі ханға келіп:
– Жұмбағыңызды мен өз ойыммен таппағаным рас еді. Сіздің жұмбағыңызды тапқан менің қызым еді, – деп шал ханның алдында мүлгіп тұрыпты. Сонда хан осы жұмбақтарды қызыңның тапқанын рас па деп қайырып сұрайды. Шал жыламсырап:
– Тақсыр, қызымның тапқаны рас еді, – дегенде, хан:
– Ондай болса жарайды, тіпті жақсы, осы жұмбақтарды тапқан болса, сіздің балаңыз өте ақылды бала екен, ханға лайық екен, бұйрық болса, мен сізге күйеу болсам, сіз маған қайын ата болсаңыз қалай болады? Ол туралы сіз балаңызбен ақылдасып, маған бір жауабын берсеңіз қалай болар екен, – деп хан күлімсіреп жауап беріпті.
Шал қуанып, терісіне сыймай кетіп:
– Болады тақсыр, болады, – деп ханның ордасынан шығып, жүгіріп отырып үйіне келіп қызына:
– Балам, іс оңына келді, хан мені өлтірудің орнына мынадай сөздерді айтты, – деп, ханның айтқан сөздерін бастан-аяқ түгел айтып береді. Сонда қызы:
– Әке, ондай болса барып ханға айтыңыз, мен баламмен ақылдастым, балам риза болды, хан менің қалың малыма он үш тұсақ, жиырма ісек, отыз пышақ, қырық қылыш, елу ерттеулі ат, алпыс арқандаулы ат, жетпіс шідерлі ат, сексен қубас берсін, сонан кейін екеуіміздің некемізді бір мұңсыз адам қисын деп айтты деңіз, – дейді.
Шал ертесі ханға келіп қызының айтқан сөздерін түгел айтып береді. Отыз пышақ пен қырық қылышты және елу атқа ертоқым жасатып, олардың барлығы даяр болғанда, енді дүниеде мұңсыз адамды қайдан табамыз, – деп хан ары-бері ойланыпты. Ойластырып қараса, осы ол хан балалы да, байлық, салтанатқа да, қандай мұң болады деп, бірнеше уәзірлерін қасына ертіп, Мұңсыз ханның еліне келіп, ханның сарайында қонақ болып отырып, шаруасын бастан-аяқ түгел сөйлеп беріпті. «Сізде мұң жоқ шығар, біздің некемізді қиып берсеңіз деп келіп едік», – дегенде, мейман қылып отырған Мұңсыз ханы қатты ренжіп, қиналып отырып:
– Ой, сендер ел емес екенсіңдер ғой, бір ханға қарайтын сонша халықтың сол он үш жасар бір қыздың ақылы сияқты бір адам шықпаған соң сендерде елдік барма? Сендердің надандықтарың ақырында менің жасырын сырымды ашатын болды дей келіп, мұңсыз хан:
– Сіз алашақты болып жүрген қыз он үш жаста екен. Ол қыздың сізге берген жауабы мынау: «қалың мал үшін он үш тұсақ бересің» дегені мен он үштемін, адам баласы жиырма жаста ісектей, отыз жасында пышақтай, қырық жасында қылыштай болады. Сіз осының бәрінде де емессіз. Адам бұл жастан өткен соң, ер адам елу жасында ерттеген аттай, алпыс жасында арқандаған аттай болады. Ал енді сіз бұл жаста да емессіз. Ер адам жетпіс жаста шідерлі аттай, сексен жасында қубас сияқты болады. Сіз шідерлі ат пен қубастың ортасында тұрып, он жастағы маған қалай лайықсыз дегені екен. Сонымен қатар некемізді мұңсыз адам қиын дегеніндегінің мәні дүниеде мұңсыз адам бола ма? Мұңсыз деп әдейі іздеп келген менің басымдағы мұңды және сырымды сендердің надандықтарыңнан айтуыма тура келді, – деп келіп, мұңсыз хан өзінің ішкі сырларын сөйлей бастайды.
Мұңсыз хан:
– Менің үлкен әкемнің хандығы өз әкеме қалып, әкем тірі кезінде маған бір ханның қызын әйелдікке алып береді. Амал бар ма, менің әйелге кемшілігім барды, оны әйелім екеуімізден басқа бір адам білмейтін еді. Сонымен көп ұзамай, әкем ауырып, қайтыс боларында халқын жинап алып өзінің тірі кезіндегі мені өз орнына хан сайлап, өзі ақырғы сапарына жол тартып кетті. Сонымен мен әкемнің мұрегері болып, әкемнің орнына хан болып, хандыққа тұрып, басшылық етіп тұра бердім. Әйел жағындағы кемшілігімді әйелім екеуімізден басқа еш адам білмейді. Алла қосқан бұл жасырын сыр маған өмірлік болған соң, әйелімнің өмірін бекер өткізу тура келмеді. Сондықтан әйеліммен ақылдасып, сенен туған бала менікі болсын, мен өзімнің бас уәзірімен рұқсат еттім, бұларды үшеуімізден басқа жан білмесін дедім. Сонымен менің әйелім өзім рұқсат берген бас уәзіріммен осы жүрген балаларымды тапты. Алланың қосқан кемшілігіне пендесінің шарасы жоқ екен. Уәзірімнен туған балаларды бала қылып, бұл сырды үшеуімізден басқа ешкімге білгізбей бір қанша жылдар өмір өткізіп келдік. Шындыққа келгенде әйел де, бала да менікі емес, сонда мені «мұңсыз» деп келіпсіңдер, ал енді осыдан артық мұң, осыдан артық қайғы барма? Сендердің надандықтарыңнан менің өмірім мен бірге кететін ішкі сырымды жарыққа шығаруға тура келді, – деп мұңсыз хан барлық сырын айтар келіп, мен мына әйелімнен туған балаларды өз әкесіне беремін, онымен бірге хандығымы қосып беріп, өзім ендігі қалған өмірімді Мекеге барып, сонда өткіземін. Ал енді сенің еліңе он үш жасар қыз хан болуы керек, ол қыз кімге үйленемін десе өз ықтиярында, – деп Мұңсыз хан үкім шығарыпты.
Ақырында шалдың он жастағы қызы өзі тұрған шәрісіне хан болыпты. Мұңсыз хан әйелін, әйелден туған балаларын бас уәзіріне беріп, өзі Меке Мединеге барып, қалған өмірін сонда өткізіпті.
12. Сапаһи
Бұрынғы заманда бір Сапаһи деген кісі өз заманында теңдесі жоқ өте сұлу бір әйел алыпты. Әйелінің сұлулығы өте артық болыпты. Бір көрген адам екінші көруге құмарланып тұратын, ауызбен айтып жеткізе алмайтын сұлу екен. Ері Сапаһи әйелін өте жақсы көріп, әйелі үйде отырса үйде отырып, тысқа шықса әйелімен бірге тысқа шығып, қашан ұйқыға барғанша әйелінің бетіне қарап отырудан басқа тіршілік етпепті. Сонымен бірнеше жылдар өткізіп, Сапаһи басында жақсы, ауқатты адам болса да, бірнеше жылдар басқа әрекет болмағаны үшін, ақыры кедейлене бастапты. Бара бара тіпті нашарлап кеткен соң, бір күні әйелі отырып ері Сапаһиге:
– Қолдағы мал, ақша таусылды, бізде халық қатарлы істеп жүрген тіршілік жоқ. Енді жанды қалай бағамыз, сен неге тіршілік етпейсің, – депті.
Сонда Сапаһи әйеліне қарап:
– Мен сені үйге қалдырып, қайтып басқа жақта шыдап жүре аламын. Сырқа шығып бір қонып, түнемек тұрсын, бір сағат көрмесем сені көргенше асығып, өліп кете жаздаймын, – депті.
Сонда әйелі:
– Сіз анығында қалай ойлайсыз, ұзаққа жолаушы жүріп кетсем, мені әлде біреулермен ойнап қоя ма деп ойлаймысыз, – деп сұрапты.
Сонда Сапаһи:
– Шынында сені көрмей тұра алмаймын, әрі басқа жаққа кетсем біреулермен ойнап қоя ма деп те ойлаймын, – депті.
Сонда әйелі Сапаһиге:
– Мен сізге бір әңгіме айтайын, әбден тыңдап отырыңыз, – депті. Сондағы әйелінің әңгімесі: «Бұрынғы өткен заманда бір жігіт қыз таңдап, ел аралап жүріп, өзі жақтырып бір сұлу қызды алып, ол әйелін тастамай, қайда жүрсе де ертіп жүретін болыпты. Бір күндері сол жігіт қасына бір қанша құлдарын ертіп, түйесімен керуен болып ұзақ жолға саудаға шығып, сүйікті әйелінде қалдырмай ерте шығыпты. Сауда бір қанша айлар бойы сапар жүріп, еліне келе жатып, бір дарияға келгенінде түйелер дариядан өтпей тұрып алыпты. Сонда суға түйесін түсіре алмай тұрған құлға әлгі саудагер жігіттің әйелі тұрып айғайлып: «Ей жігіт, сенің түйең суға түспейді, сен мына менің астымдағы түйеме мініп баста», – деп астындағы түйесін жігітке берген екен, әйел мінген түйе, судан тоқталмай өте шығып, соның артынан барлық түйелер өтіп кетіпті. Судан өтіп алғаннан кейін ері әйеліне сұрай қойып, «Сен ана құл мінген түйенің судан өтпейтінін, өзің мінген түйенің судан қорықпай өтетінін қайдан білдің», – деп сұрапты. Сонда әйелі: «Ол құл мінген түйенің енесі қорқақ болатын, түйе енесіне тартып қорқақ болады. Ал менің астымдағы түйенің енесі суға қорықпай түсетін жүректі түйе еді. Соның үшін мен мінген түйе енесі сияқты судан өткіш болады, мен екі түйенің де анасының сырын білетін едім», – депті. Сонда ері: «Әрбір жанды зат өзінің туған шешесіне тарта ма», – деп сұрапты. Әйелі айтыпты: «Әрбір жанды заттар өзінің туған анасына тартпай қоймайды», – депті. Сонда ері тұрып, «Ендеше сенің шешең өте зинақор еді, сенде ақыры өз анаңа тартады екенсің, сен ондай істеп менің көңілімді қарайтқанша осы күннен тартып екеуіміз ажырассақ болады», – деп, еліне келісімен әйелін талақ қылып шығарып жіберіпті», – деп Сапаһидің әйелі әңгімесін аяқтатып келіп, осы хикая сияқты менің анам, анамның анасы, тіпті рухымда зинақорлық жоқ, әгерде мен ондай келіспейтін істі істегім келсе, сен мені аңлып тоқтата алмас едің, мен қалай да болса, сізге білдірмей сан адамдарды кіргізіп шығара алар едім деп әйелі осы сөздерді айта келіп, еріне деді: «Сіз көңіліңізге еш қандай қауып келтірмей әрекет етіп, мал табу үшін кете беріңіз, мен өзімнің тазалығым үшін бір белгі берейін. Ол белгі мынау деп бір иісті шөптің гүлін еріне беріп тұрып, осы гүлді сіз құлағыңызға қыстырып алып тастамаңыз, осы гүл қурап сөнсе, менің көңілім бұзылғаны, егерде гүл қурамай, сөнбей осы күйінше тұра берсе, менің көңілімнің бұзылмағаны, менің адал-арамымды осы гүлден ғана білесіз», – деп ерін сендіріпті. Сапаһи әйелінің сөзіне әбден сеніп, әйелімен қоштасып, ұзақ жолға сапарға шығып, он бес күн жүріп, бір шәріге келіп, мен істеуге қандай жұмыс табылар екен деп жүргенде, сол шәрінің патшасының баласына кезігіп қалады.
Патшаның баласы қырық жігіт нөкер алып, әр жігіттерге тиісті ақысын беріп, әрдайым ойын-сауық, тамашамен жүреді екен. Сапаһи кезігіп қалғанда патшаның баласы, маған нөкер болсаңыз тиісті ақыңызды беремін деген соң, Сапаһи қырық жігітке қосылып, ойын-сауықпен жүре беріпті. Сапаһидің бұларға қосылғаны көктем кезі екен, Сапаһи әйелі берген гүлін тастамай күн сайын құлағына қыстырып жүреді екен. Ол гүлі жаңа үзіп алған гүл сияқты түсін өзгертпеген соң, әйеліне сенімді болып, еш нәрсе ойламай, жүре беріпті. Сонымен жүре жүре күз болып, барлық шөптің гүлі түсіп, қысқа айналғанда да Сапаһидің құлағындағы әр күні бір гүл қыстырулы жүретінін көріп, бір күні патшаның баласы: «Сапаһи, сен барлық шөп қуарып кеткенде, қурап сөнбейтін гүлді күн сайын қайдан тауып жүрсің» деп сұрапты. Сонда Сапаһи:
– Мен бұл гүлді күн сайын бір жерден алып жүрген жоқпын, бұл гүлдің жай-мәні мынада, менің әйелім адамзаттың сұлуы, мен әйелімнің бетіне қарап отырып бір қаншы жыл өткіздім. Ақыры кедейленіп, мал табу үшін сапарға шығарымда, әйелім біреумен ойнап қоя ма деп қорыққанымда, әйелім осы гүлді беріп отырып, гүл қураса менің көңілімнің бұзылғаны, қурамаса менің тазалығым деген, міне алты ай болды осы гүл әлі бір қалыпты, менің әйелімнің тазалығын осы гүлден білемін, – депті.
Сонда патшаның баласы Сапаһиді жасытып:
– Әй Сапаһи, сен әйелдің әдіс-амалдарының қандай болатынын әлі білмейді екенсің ғой, сені әйелің келістіріп алдаған, сен соған сеніп жүріпсің ғой, – деп екі қолын санына шапалақтап, қарқылдап күліпті. Сапаһи ойға кетіп, біраз жасып қалыпты. Сондай болса да гүлін тастамай жүре беріпті. Патшаның баласы Сапаһи жоқ жерде барлық жігіттерін жинап алып, Сапаһи осындай дейді, шыныда әйелінің ешкімге көңілі бұзылмай жүргені рас болуы мүмкін. Енді осының гүлін сынау үшін осы жігіттердің ішінде Сапаһидің шәріне барсып, сол әйелдің көңілін бұза алатын азамат барсыңдар ма? Егер өзіне сенімді азамат болса, мың-мыңдаған ділдә, гәуһармен жіберемін депті. Сонда бір Хасен деген жігіт тұрып, «Құдай-ау, еркектің сөзіне көнбейтін әйел болушы ма еді, ол адамына кезікпей жүрген шығар, егер сіз мені жіберсеңіз мен оны, перінің қызы болса да жөнге келтіруге осы жігіттердің алдында уәде беріп, сіздерді сендіре аламын», – депті.
Бұған ханзада қатты қуанып, есепсіз көп бағалы алтын, гәуһар, асыл заттарымен оны Сапаһидің шәрісіне шығарып салып, қайтып келуі үшін мөлшерлі уақыт белгілеп жіберіпті. Қалғандары бұрынғыдай ойын-сауықпен жата беріпті. Хасен бір қанша жол жүріп, Сапаһидің шәрісіне келіп, шәріні байқап жүргенде бір күні ойын-тамаша қылып, отырған бір топ өңкей жас жігіттерге кездесіп қалыпты. Түр сипаты, киім салтанаты патшаның баласынан артық, тамашамен отырған жігіттер Хасенді қошаметпен қарсы алып, арақ-шарапты бірге ішіпті. Бұл қайсы шаһзада екен деп отырып, бір кезде:
–Я шаһзада қайсы патшаның баласы боласыз, қайсы шәріден келесіз, – деп сұрапты. Сонда Хасен атақты патшаның баласымын, осы шәріге келу себебін баяндай бастапты:
– Азаматтар, жігіт жігіттің гүлі деген, менің тілегіме құдай сіздерді кезіктірді. Мен сіздердің шәріңіздегі Сапаһи деген кісінің әйеліне ғашық болып, бірнеше айшылық жолдардан арып-ашығып келіп отырмын. Менде дүние деген жетеді. Азаматтар, мені мұрадыма жеткізсеңдер, сіздерге өмірлік алтын, ділдә берер едім, – депті.
Сонда отырған жігіттер, «Япырмай ханзада, бұл іске біздің шамамыз келе алмайды. Неге десеңіз сіз ғашық болған әйелге осы отырған жігіттердің барлығы ғашық болып, өзімізді әуреге салғанбыз. Ақыры ол әйелді бой сұндыра алмай бәрімізде шаршап отырмыз. Сіз өте алыстан келіпсіз, қымбат заттарыңызда жетерлік екен. Соның үшін сізге бір ақыл көрсетелік. Пәлен жерде бір өте айлалы кемпір бар. Сол кемпірді риза ете алсаңыз, сізді мұрадыңызға жеткізуге шек жоқ», – депті. Сонан кейін Хасен кемпірдің тұрған жерін сұрап алып, ол кемпірді іздеп тауып, көңілдегі мақсатын айтып, кемпірге көп алтын, ділдә беріпті. Кемпір қуанып кетіп:
– Балам, мен ол адамға барып көрейін, ол адам өте қатты деп есіткен едім. Құдай абыйыр берсе, бірдеме болып қалар, – деп кемпір Сапаһидің әйеліне жүріп кетіпті. Кемпір келсе, Сапаһидің әйелі үйінде жалғыз отыр екен. Сонда кемпір амандасып, біраз отырып, адам баласының жастық кезіндегі жүріс-тұрысын айтып, өзінің негізгі ойын сөйлей бастайды. Сонды кемпір отырып:
– Балам, адам баласы дүниеге адам болып туылғанда әр дәуірді өз жолымен өткізгенге жету қайда дейсіз. Алла тағала өз пәндесін жаратқанда жастық дәуірін ләзәтті етіп, жас кезінде ойнап-күлісіп, жастық махаббатын өз жолымен өткізіп, өздеріне сай шаһзадалармен ойнп-күліп, жастық көңілін көтеріп, кәри бастағанда тәуба қылу үшін адамды дүниенің қызығы үшін жаратқан алла тағала. Ал енді балам, сіздің нұр сипатыңызға ғашық болмаған, ол үшін сізбен бір кеш махаббаттасып, бір түнеп шығу үшін басымды қатырмаған адам жоқ. Соның бәрін сізге лайық көрмей, есіткен сөзімді ішіме сақтай беруші едім. Осы жақын күнде бір патшаның шаһзадасы сіздің көркемдік дыбысыңызбен сізге ғашық болып, келген екен. Ол шаһзаданы байқап қарасам, құдайым жаратқан сізге лайық туылған екен. Әкелген алтын мен гәуһарлары сан жеткізсіз, туысы тіпті бөлекше. Ары-бері ойлап қарасам, жастық махаббат жағынан да, сізге лайық көріп, әкелген заттары сіздің өмірлік қажетіңізге жарайтын болғандықтан, сол шаһзаданың бір түн ғана көңілін тапсаңыз қалай болар еді деп, сізбен ақылдасу үшін келіп едім, – депті.
Сонда Сапаһидің әйелі отырып:
– Әй, шеше-ай, мен өмірімде Сапаһиден басқа ер адамға етімді тигізіп көрмеп едім, бірақта сіздің айтқан ақылыңыз да теріс сияқты көрінбейді, соның үшін сонша алыстан көксеп келген шаһзаданың көңілін қарайтпай, бір түн қондырып жіберуді лайық көрдім. Шеше, ал енді сол шаһзадаңыз өзі келіп мені көрсін, мені жақтырса, сіздің айтқаныңыздай болсын, шеше – депті.
Кемпір қуанып:
– Ой балам, жолың болсын, – деп батасын беріп, іші толған қуанышпен жүгіріп отырып, үйіне келіп, «балам, шүйінші-шүйінші» деп шүйінші сұрап алып, барлық болған сөздерді баяндап беріпті. Хасен қуанғаннан терісіне симай, «шеше сізге мыңда-мың рахмет, еңбегіңізді ақтармын. Енді мен әуелі өзіне барып келейін» деп, Сапаһидің үйін сұрап алып, жүгіре басып, Сапаһидің үйіне келіпті. Сапаһидікіне келсе, өзі туып көрмеген бір адам, Сапаһидің әйелін көргенде не дерін біле алмай есі шығып, аң-таң болып тұрып қалыпты. Сонда әйел Хасенге:
– Әлгі менің шешем айтқан ханзада сіз бе едіңіз? – депті.
Хасен:
– Я, соншалық алыс жерден сіздің атағыңызды естіп, сізге ғашық болып келген мен едім, – депті.
Сонда әйел тұрып:
– Мен өзім ес білгелі өз ерімнен басқа бір адамға осы уақытқа дейін көңіл аудармаған едім, сіз соншылқ алыс жерден келген соң сағыңыз сынбасын дедім. Ал енді менің сол сөзім сөз, ендігі ақыл мұндай болсын, мен бұрын мұндай істі істеп көрмегенмін, сізбен менің жастық махаббатымызды, сарайдағы кемпір де сезбей қалуы үшін, сіз қазір кемпірдің үйіне қайта барыңыз да кемпірге былай деңіз, «мен сондай, өте сұлу дегенмен іздеп келіп едім, тіпті өте артықша сұлу да емес екен, ондай адамдар өз шәрімізде де толып жатыр шеше, мен бұл әйелді жақтырмадым, сондықтан еліме қайтуға тура келді», – деп, кемпірдің үйіндегі заттарыңызды алып, мен енді еліме кеттім деп, кеміпрге қош айтып, мұнда қайтып келіңіз. Мұнда келген соң өзіміз білеміз. Кемпір шаһзада жақтырмай кетті деп қалсын депті.
Хасен бұл сөзді есіткенде өте қатты қуанып, жүгіріп отырып кемпірдікіне барып, әйелдің айтқан сөздерін түгелімен кемпірге айтқанда кемпір тамсанып тұрып, «ойпырмай балам-ай, бұл кісіден де өткен сұлу болады екен адам болады екен, өзің біл, балам, өзің біл», – депті. Хасен кемпірдің үйіндегі алтын, діллаларымен қымбатты заттарын алып, тоқталмай жүгіріп отырып, Сапаһидікіне келіпті. Хасен келсе, Сапаһидің әйелі түрліше тамақтарын даярлап, жақсы киімдерін киіп, қонақты күтіп, даяр отырыпты. Хасен келген кезде күн батып, қас қарайыпты. Сонда Сапаһидің әйелі өзінің ас жасайтын әйеліне айтыпты:
– Тамақ ішіп, жатар кезде, сен сыртқы қақпаны қағып қағып жібер де асығып үйге жүгіріп кір де «молда ағаң келіп қалды де» депті. Сонымен тамақты жайлап, пісіріп ішіп, енді жатуға жақын қалыпты. Хасен асығып, жүрегі алып ұшып, қашан жатар екенбіз деп, тамақты да жақсы іше алмай, тезірек жаталық деп қайта қайта айта беріпті. Әйел ыдыс-аяқты жинап, төсекті жайлап салып, енді жатуға таман ыңғайланған кезінде сыртқы қақпа тарс-тарс етіліп қағылыпты. Сол кезде аспазша әйел асып-сасып үйге жүгіріп келіп, ойбай-ай молда ағаңыз келіп қалды дегенде, әйел: «ойбай-ай енді қайттым» депті. Хасен де асып-сасып «мен қайтем» депті. Сонда Сапаһидің әйелі, «ол кісі мұнда жатпас деп сіз әзірше, ол кісі кеткенше тауық қораға кіре тұрыңыз» деп, Хасенді ертіп келіп, тауық қораға кіргізіп, сарт еткізіп сырттан шәугімдей қара құлыпты салыпты да, өзі жайлы төсегінде жата беріпті.
Хасен «мені қашан шығарып алар екен» деп таң атқанша ұйықтамай таң атқызыпты. Таң атып, күн шыққан соң бұлар жәйімен тұрып, жәйімен шайларын ішіп болған соң Сапаһидің әйелі Хасенді қамаған кілетіне келіп, бір тесігінен қарап тұрып: «Әй жігіт, сен қайдан келдің? Маған көрмей-білмей қалай ғашықсың? Кәне жөніңді айтшы», – депті. Сонда Хасен болған ахуалды бастан-аяқ түгел айтыпты. Әйел істің жәйін әбден түсінген соң, «Е жарайсың азаматым, іздегенің осы шығар, осы жатқан орныңда жата бер», – деп, есікті ашпай, күн сайын аштан өлместей тамағымен су беріп тұра беріпті. Сонымен Хасен лажысыз қамауда ұзақ уақыт жатып қалып, Хасенді жіберген патшаның баласы Хасеннің келетін уақыттан әлде қайда асып кеткен соң, бір күні Сапаһиден басқа жігіттерін жинап алып, «Бұл қалай болды, Хасен баяғы кешікті, онымен бірге мына Сапаһидің құлағындағы гүлі де сөнбей қойды, мұны қайтеміз, Сапаһидің әйеліне барып, сол адамды бұза алатын азамат бармысыңдар», – дегенде, Хасеннің інісі Құсайын деген жігіт тұрып, «Шаһзада, ол жерге мені жіберсеңіз мен қанадай да болса ол адамды жөнге келтіріп келемін», – депті. Сонан соң Хасенге берген алтын ділдәларды бұған да беріп, Құсайынды Сапаһидің шәріне сапарға шығарып салыпты. Құсайын сапар жүріп, Сапаһидің шәрісіне келіп, Хасен сияқты ол да алдымен жігіттерге кездесіп, жігіттердің ақылымен кемпірді тауып алып, кемпір бұрыңғысындай Сапаһидің үйіне келіп, Хасен туралы айтқан сөздерін бір-бірлеп айтқан кезде Сапаһидің әйелі: «Шеше-ау, сіз айтқан соң, өткендегі жігітке мақұл деп едім, ол кісі мені менсінбей кеткеніне осы күнге дейін өзімнен өзім ұялып жүрмін. Шеше сіздің сөзіңізді тастамас едім, бұл кісіңіз де тағы да жақтырмай кетеді ғой деп қорқамын», – депті. Сонда кемпір, «Қарағым бұл жолғы шаһзада ана өткендегі жігіт сияқты емес. Бұл шаһзадаға сене беріңіз, қарағым», – депті. Сонда Сапаһидің әйелі: «Әй, мен сенемін, әуелі өзін жіберіңіз, мені көрсін», – депті. Кемпір қуанып, Құсайынға келіп, болған сөздерді түгел ұқтырып, Құсайынды Сапаһидің үйіне жіберіпті. Құсайын Сапаһидің үйіне келген соң, әйел Хасенге айтқан сөздерін түгел айтып, Құсайын да ағасы сияқты барлық заттарын алып, Сапаһидікіне келіп, ақыры ағасына істеген әдістерді бұғанда істеп, ағасының қасына Құсайынды да апарып қамап қойыпты. Сонымен Құсайынның келетін уақыты да асып кетіп, патшаның баласы: «Бұл қалай болды» деп, қайран болып, бір қанша күндер күтіп, ақыры келмеген соң шарасыздан бір күні Сапаһиге:
– Сіз еліңізден шыққалы көп уақыттар болып кетті, сондықтан екеуіміз сіздің еліңізге барып, сіздің үйдің аман-есендігін білсек қайтеді, – депті. Бұл сөзге Сапаһи өте қуанып, шаһзадамен екеуі өз шәрісіне келіпті. Шәріге келгенде Сапаһи шаһзададан бұрын үйіне келіп, әйелімен амандасып, өзінің қожайынының қонаққа келе жатқанын айтыпты. Сапаһидің әйелі үй ішін түзеп, келген қонақты құрметпен қарсы алып, түрлі тамақтар дайындай бастапты. Күн батар мезгіл екен, Сапаһидің әйелі қамаудағы Хасен мен Құсайынға келіп, бүгін біздің үйге бір сый қонақ келіп қалды, сол мейманды тамақ беріп, күтісетін әйел жоқ, сіз екеуіңіз бүгінше әйел киімін киіп, осы мейманды күтісесіңіздер, сіздерді ертең азат етіп, өз шәрлеріңізге қайтарамын депті. Бұл сөзге ағалы-інілі екеуі қуанып кетіп, болады болады деп, әйел киімдерін кие бастапты. Екеуі де әйел киімін киген соң мөлдіреген екі жас әйел бола қалыпты.
Түн болып, үйге шам жағып, шаһзаданы төр алдына отырғызып, қасында Сапаһи бар, бұлар өзара әңгімемен көп отырыпты. Шаһзаданың ойында өзінің екі жігіті бар: «япырым-ай бұлар қайда екен, бұлардың хабарын қайтып білемін», – деп, шаһзаданың көңілі екі жігітінде отырғанда, әйел болған Хасен мен Құсайынның біріне самауыр көтертіп, біріне шәугіммен шылапшын көтертіп, өзі дастархан мен тоқаштарын көтеріп, шаһзада отырған үйге үшеуі де кіріп келіпті. Хасенмен Құсайын төр алдында отырған өздерінің шаһзадаларын көргенде, бұлар есік алдында қалта қарап тұра-тұра қалысыпты. Сонда төр алдында отырған шаһзада өзінің екі жігітінің әйел болып келгенін көріп, орнынан ұшып тұрып, Сапаһидің әйеліне жалбарып:
– Менен қателік өтті, кешіріңіз, – деп аяғына бас ұрып, кешірім сұрап, болған оқиғаны дәл сол сәтте ғана Сапаһиге бірақ айтыпты. Сапаһиден де кешірім сұрап, Хасен мен Құсайындарға да өз киімдерін кигізіп, барлығы бірге отырып, тамақ ішіп, ертесі қайтарында бұрынғы жігіттерімен жіберген қаншалықты қымбат атын ділдәларының үстіне шаһзада осы жолы өзі алып келген қаншалаған алтын ділдә, қымбатты заттарының барлығын Сапаһидікіне беріпті. Өзі Сапаһимен дос болып, екі жігітін алып, еліне қайтып кетті. Ақырында шаһзаданың сан жеткісіз көп зат Сапаһидікінде қалып, сонымен бай болып өмірлері өтіпті.
13. Жеті шаян
Бұрынғы заманда Нұрым деген біреу сауда қылып, саудагерлікпен үлкен ірі байлар қатарына қосылып, қалжың басты адамның бірі болады. Нұрымның Асан, Үсен деген ержеткен екі ер баласы болып, үшінші бала туылғанда, атын Әнуәрбек қояды. Әнуәрбек алты айлық болғанда әкесі өліп, жылға жете бергенде шешесі де қайтыс болып, Әнуәрбек емшектегі күнінде жетім қалыпты. Есепсіз көп мал-мүлік Асан мен Үсеннің еркіне қалып, бұл екеуіде шарап ішіп, құмар ойнап, малды ысырап қылып, шашып-төгіп, бар жоғы екі жылға жақын мерзім ішінде барлық мал-мүліктен бүтіндей айрылып болыпты. Киіп жүрген киімдерінен басқа сататын түк таба алмай бірнеше күндер аш қалып, енді еріксіз малайшылық істейтін болыпты. Лажсыздан малайлық істейтін болғанында өзара екеуі ақылдасып, біздер бұл күнді өз басымызға өздеріміз іздеп таптық, біздер бүкіл елге белгілі Нұрым байдың балалары болып, соншалық мал-мүлікті ысырапшылықпен құртып болып, енді осы ел ішінде малай болып істеп, жан баққаннан гөрі өлгеніміз артық емес пе десіпті. Екеуі сол елдің ішінде жүріп, малай болудан намыстанып, басқа жаққа кетуге айналғанда, үш жасқа толық жетпеген Әнуәрбекті қайтеміз десіпті. Әрі-бері ақылдасып келіп, Әнуәрбекті құдайым ата-анасынан жасқа толмай, қалдырып зарлатқан үстіне ата-ана орнына бағатұғын біздің жәйіміз мынау болды, Әнуәрбек бізбен бірге жүре алмайды, жас баланы арқалап жүріп қалай әрекет етеміз? Біздің алдымызда қандай қиындықтың тұрғанын кім білсін? Қайда барып, қайда тұрарымыз белгісіз, мүмкін өлтіріп алармыз. Жасқа толмай қақсап, зарлап қалған Әнуәрбек еді ғой, қайтелік құдайға тапсырдық, ажалды болса өлер, ажалсыз болса жүрер, неде болса, ел ішінде қала берсін десіп, ұйықтап жатқан баланы екеуі кезек-кезек сүйіп, қатты жылап, туысқандық махаббат іштерін елжіретіп, екі айналып келіп сүйіп, үшінші келулерінде, «Обалың екеуімізде, қош Әнуәрбек», – деп баланы иесіз тамға ораған күйінше тастап, түн ортасы мөлшерінде жүріп кетіпті. Олар сол бетімен кете берсін әңгіме Әнуәрбектен басталады. Екі ағасы түнде оянып қалып, далаға қаңғырып, кетпесін деп сыртқы қақпасының сыртынан тіреп, бекітіп кеткен екен. Бала күн шыққанда оянып, жалаң аяқ, жалаң бас жатқан жерінен түргеліп, қораға жүгіріп шығып, қақпаны ашайын десе, қақпа ашылмай, бала ойбайды салып, ағалап, әрі-бері жүріп, екі көзі бұладай болып ісіп кетіпті. Қақсап, зарлауменен күн түске жақын түс мөлшері болғанда, өздерімен көршілес отырған бір кедей Кембағал кемпір шыр-шыр етіп жылаған жас баланы дауысынан естіп, жетім сорлыға не болды екен деп жүгіріп жетіп, жылай-жылай сілесі қатып, өзі әбден қорыққан бала күнде көріп жүрген кемпірді көргенде, апалап барып, кемпірді бас салыпты. Кемпірдің балаға жаны ашып, көңілі босап, алды да, сорлы балам-ай, ағаларың жұмыс істеуге кеткен екен ғой. Ағаларың кешке қайтып келгенше сорлы баланы үйіме апара тұрайын деп, баланы жетелеп өз үйіне апарып, баланың көз жасын сүртіп, алдандырыпты. Күн батып, ымырт болады. Кемпір баланың ағаларының үйіне қайта-қайта жүгіріп барып, 3-4 рет көріп, ымырт жабылып, түн болғаннан кейін ертең бір-ақ келетін болған ғой деп, ағалап жылай берген баланы жұбатып жатқызып, ертең келер десе, олардан бір жұмаға дейін хабар болмаған соң, ұзаңқырап кеткен екен, көп жүрсе, бір ай жүрер деп кемпір, Әнуәрбекті жылатпай бағып тұра беріпті. Әнуәрбектің ағаларын кемпір күте-күте жыл өтіпті. Бұлардың белгісіз болып кеткеніне жылдан асқан соң, кемпір бұлардың келмесіне көзі жетіп, өз жанымды зорға ғана бағып жүргенде, бұл жетім бейшараны қайтып асыраймын деп, сол жерде бала оқытатын Омар деген молдаға баланы апарыпты.
– Молдеке мына бала кешегі Нұрым байдың баласы еді. Әке-шешеден бір жасында айрылып, зарлап қалған бір сорлы еді. Оның үстіне екі ағасы бұзық болып, барлық мал-мүліктерін құртып болып, ақыры мына баланы тастап, өздері қашып кеткеніне жылдан асып кетті. Мен көршілік ақым үшін бұл сорлыны жылдан аса бағып едім, әл-шамам жоқ, өзім жесір адаммын, бұл баламен бірге жан бағуым жоқтықтың салдарынан өте ауырға соғып, хәлім нашарлағандықтан, осы баланы сізге алып келіп отырмын. Құдай үшін, бұл жетім баланы сіз бағар ма екенсіз деп әкеліп отырмын. Молдеке, жетімді баққанның сауабын өзіңіз білесіз, рақым етіп, бұл баланы бағып, бала қылып алсаңыз, сіздің қолыңыздан алатын адам жоқ, сізге келешекте зиян болмас деп келіп едім, – депті.
Омар молда әрі-бері ойланып қарап, «бұл иесіз балның маған қанша зияны бар, енді 4-5 жылда малай орнында істемей ме. Есі кіргенде біраз оқытып қойсам да болар. Баланың қылығына қарармын» деп ойланып, Әнуәрбекті алып қалмақшы болғанында, Әнуәрбек шырылдап жылап, кемпірден айрылмай жабысып алыпты. Сонда кемпір қоса жылап, алды да:
– Қарағым-ай, шамам жоқ, қайтейін, – деп баламен қосыла жылағанда, Омар молданың әйелі олармен бірге жылап,
– Құдай аямаған сорлы-ай, мен тірі болсам, жалғызым Күләндадан кем қылып бақпаспын, – деп баланың көзінің жасын сүртіп, тәтті беріп, алдап-сулап, алып қалыпты. Бала қанша айналып-үйрілседе бір күн кешке дейін жылап, ақыры бара-бара молданың әйеліне үйір болып, бірде жыласа бір мезгіл Күләндамен ойнап, ақыры біраз күнде кемпірді ұмытып кетіпті. Әнуәрбек молданың үйінде төрт жыл тұрып, сегіз жасқа шыққанда, Омар молда өзінің қызы Күләндамен бірге оқыта бастады. Әнуәрбек сегіз жасқа жеткенде әке-шешесіне қолғанат болып, малға қарау, су әкеліп, от жағып жіберу жұмыстарына жарай бастады. Баланың мінезі мен ұғымдылығы Омар молдаға өте қатты ұнады. Омар молда баланы жеті жыл оқытып, Әнуәрбек он беске шыққан жылы өз білгенін біліп алып, енді бір ойға батып кетіпті:
– Мені бұлар төрт жасымнан бері асырап, ер жеткізіп, өзімді оқытып, адам қатарына қосқан қарыздарымен дәм-тұздарын ақтайтын міндетім бар емес пе? Бұл кісілер кемпір-шалдыққа да айналатын уақыттары жақын қалды ғой», – деген ойға келіпті. Әнуәрбек он беске шыққанда бала сияқты емес, үлкен адам секілді тиянақты, өте сүйкімді, кең ойлы болып өсіпті. Бір күні әкесіне, «маған рұқсат етсеңіз, мен бір әрекет етсем деймін. Қандай әрекет етуім керек, ол жөнінде қандай пікір бересіздер», – депті. Бұған Омар молда риза болып, «балам өзің біл», – депті.
Бұл елдің Мәлік деген патшасы бар екен. Мәлік патша кезінде мықты патшаның бірі болып, ел сұрау жөнінде түрлі дауалы істерді сұрап бітіруге жеті молданы отырғызып, хатшы қазына бөлімдерін құрып, өзі сыртынан қарап, тексеріп отыратын болыпты. Сырттан арыз берушілердің арызын алып, патшаға жеткізіп тұратын бөлімін қақпаның ауыз жағынан орналастырып, ол бөлімдегі қызметші арыз әкелушілердің арыздарын тапсырып алып, патшаға жеткізеді екен. Патша жеті молдаға жіберіп, ол жетеуі тойғандарынша параны алып-алып, көп берген жағының ісін тез бітіріп тұратын болып, халық бұл жетеуінен өте жиіркенсе де лажсыздан олардың бітпеген істеріне қарсы тұра алмапты. Патшаның екінші бір әдеті өзіне қарасты. Елдің сұлу қыздарын еріксіз алып кетсе, үш күн өте сұлу болса, үш ай қылып, қайтадан шығарып жіберіп отырады екен. Бұл жөнінде халық іш құса болып, сыртынан қарғап-сілеп амалсыздан патшаның әміріне көне беріпті. Қандай әрекет істесем екен деп ойға кеткен Әнуәрбек бір күні патшаға келіп, өзінің жағдайын толық айтып, маған лайықты бір қызмет берсеңіз деп арыз беріпті. Патша арызын қарап көріп, «сөзі өтімді көрінеді, арыз алушы бөлімі қызметке алынсын», – деп бұйырыпты. Әнуәрбек арыз алатын бөлімге кіріп, қызмет істей бастағаннан тартып, арыз әкелушілердің арыздарын патшаға жібермей, дауалы істердің екі жағында өз алдына шақырып алып, дауагерді де, жауапкерді де риза қылып, өте әділеттілікпен бітіре беріпті. Сұрақшы жеті молда сияқты пәледен түк алмастан дауалы істерді бітіру әділеттігі ел ішіне таралып, барлық халықтың «Әнуәржан көп жаса», – деген батасына жолыға бастапты. Бірнеше айларға дейін патшаның алдына арыз келмей, сұрақшы жеті молданың алдына дауалы істен біреуі келмей, олар Әнуәрбекке дұшпан бола бастапты. Мәлік патша алдына көп уақыттан бері іс келмеген соң, менің халқым осындай-ақ тынышталып кетті ме деп, бір күні Әнуәрбек отырған бөлімге кірсе, бірнеше арызшыларды көріп, патша:
– Ей, Әнуәрбек арыз етушілер тоқтағанына бірнеше айлар өтіп еді, бүгін арыз берушілер көп қой. Бұл қалай? – деп сұрады.
Сонда Әнуәрбек:
– Тақсыр ел болған соң, халықтың дауалы істері тоқтайын, сіздердің бастарыңызды қатырмай бітіре берейін деп, осы арадан-ақ бітіріп тұр едім, – депті.
Мәлік патша:
– Ондай болса, мыналарды сұрап бітірші, – деп өзі қарап отырыпты.
Әнуәрбек бұрынғы әдетінше екі жағын көзбе-көз отырғызып сұрап, бірнешеуін бітіріп жіберген дауагер де, жауапкер де күлкімен риза болғандарын көріп, Мәлік патша Әнуәрбектің екі жағын бірдей ренжітпей отырып бітіргеніне қайран қалып, Әнуәрбекке рахмет айтып, тақтына келіп отырғаннан кейін Әнуәрбектің қызметін жоғарлатуға бұйрық береді. Әнуәрбек қызметке отырып, елдің дау-шатақ істерін бітіре бастағаннан тартып бір қаншалар Омар молдаға келіп, балаңызға айтып, ісімізді бітіртіп бер деп, Омарға мал дөңгелеп келе бастапты. Омар молда баласының халыққа мұншалық жағымды болғанына, және де малдың қиуасыз жерден үйінде жатқан өзіне төгіліп келе бастағанына сүйсініп, бір күні қатынына айтыпты:
– Қатын байғұс-ау бізге мына Әнуәржанды құдай айдап, оңынан кез келтірген екен. Қазіргі кезде біздің Әнуәрдің абыройы патшадан да артық болды. Бүкіл халық Әнуәрға қарай беріліп кетті. Енді біздер бақытымызға душар болған Әнуәрдан айрылмайық. Жат жұртқа жаралған бала ақырында біреудің адамы болады ғой, Күләнімізді осы балаға қосып, бүтіндей өзіміздікі етіп алайық, – депті.
Сонда қатыны тұрып:
– Ее сен, қызыл шай мен май тоқашқа дәндеген кезде ғана есіңе түсті екен ғой, менің ойланып жүргеніме бес жыл болған, – депті.
Сонда Омар молда қарқ-қарқ күліп:
– Қатын байғұс-ау, менен гөрі сен сезімді екенсің ғой, – деп, әйелінің арқасынан қағып-қағып қойыпты.
Омар молданың Күләнда деген жас қызы Әнуәрбекпен бір жылда туған. Әнуәрбекпен бірге оқып, бірге өскен. Ай десе ай емес, күн десе күн емес, сұлулықта теңдесі жоқ. Адам бір көрсе, екінші және бірнеше көрсем-ау деп аңсатып тұратын өлшеусіз сұлу екен. Күләнда мен Әнуәрбек бірін-бірі өте жаратып, бірін-бірі бір сағат көрмесе аңсап тұрады екен. Бірақ та әке-шешелерінен бата алмай, соларын іштеріне сақтап, амалсыздан жүреді екен. Дүние, малға қарқ бола бастаған Омар молда әйелімен ақылдасып, алған соң тойын кейін жасаймыз деп екеуін оңаша қарсы үйіне шығарып:
– Балам Әнуәржан, сен менің күйеу балам болдың, – деп сырын ашық көрсетіп, сонымен бірнеше күндер өтті. Алдарына елдің дауалы ісі бармай, парадан қағылып, қарындары аша бастаған жеті молда бір күні отырып, өзара кеңесіпті:
– Япырым-ау, осы бір қу баланы құдай қалай кезіктірді, осы неме келгелі алдымызға іс келуден бүтіндей тоқтап, елдің бәрі сол қуға аударылып кеткен жоқ па? Өзін барған сайын патша да өте жақсы көріп барады. Осы немеге ақылды қалай табар екенбіз, – дескенде, араларынан біреуі отырып:
– Оның ақылын мен таптым, – депті.
Басқалары:
– Е кәне, амалын қалай табасың, – десіпті.
Сонда әлгі молда айтыпты:
– Осында бала оқытатын Омар деген молда бар. Сол молданың адам баласы тең келмейтін өте бір сұлу қызы бар. Омар молда сол сұлу қызын осы қуға некелейтін болыпты. Оның сұлулығын патша білген жоқ. Егер патша ол қызды бір көрсе, бұл қудың жаны шырқырап, үміт кетеді оп-оңай дегенде басқалары қуанып кетіп, ойбай-ау, олай болса, оны қарайтын Мәриям деген қатынға айталық. Ол көріп келіп патшаға осы істің оңалғаны десіп, біреуі барып Мәриямға:
– Сіз патшаға лайықты өте сұлу бір қызды көрмей жүр екенсіз. Осында пәлен жерде бала оқытатын Омар деген бір молда бар. Оның теңдесі жоқ бір сұлу қызы бар. Соны алдымен өзіңіз бір көріп алып, патшаға айтсаңыз, сіздің мәртебеңіз көтерілгелі тұр депті. Мәриям мұны естісімен тоқталмастан, Омар молданың үйіне барып қызды көрсе, адамнан туды деуге болмайтын бір сұлуға таңданып, біраз қарап тұрып, асығып қайта жүгіріп, алқынған күйінде Мәлік патшаның алдына кіріп келіпті. Мәлік патша қайтседе бір сұлу тауып келген екен деп қасына отырып:
– Е, асығыс келдіңіз, – депті.
Сонда Мәриям:
– Ойбай тақсыр, ауызбен айтып түр-сипатын толықтыра алмайтын бір қыз таптым, – депті.
Патшада оның сүйсініп:
– Е, ол қыз кімнің қызы, қай жерде, – деп сұрапты.
Мәриям:
– Әлгі бала оқытатын Омар молданың қызы, – депті.
Мәлік патша:
– Ондай болса, ол қызды өзім барып көрейін, – деп, сол сағатында тоқталмай, атқа мініп, дереу Омар молданың үйіне келіп көрсе, күндей балқып отырған бір қыз. Патша Күләнданың нұрына таң қалып, мұндайда адам баласы туылады екен-ау деп, жан-ділімен ғашық болып, қайта айналып, дереу тақтына отырып, Омар молдаға сол сағатында үш кісі жіберіпті. Ол жіберген елшілеріне айтқан сөзі, «Омар молданың қызы маған өмірлік әйел болуға лайықты екен жауабын тез алып келіңдер», – деп бұйырыпты. Жіберген елшілері Омар молданыкіне келсе, Омар үйінде екен. Елшілер келіп амандасып отырып:
– Молдеке, сіздер бір бақытты адам екенсіздер. Балаңыз патшаға лайық туылыпты. Қызыңызды патша өз көзімен көрген екен, қызыңызды өмірлік жолдас етемін, жауабын алып келіңдер деп бізді жіберді. Қане, не дейсіз, – депті.
Сонда Омар молда күлімсіреп ойланған, «Мен патшаға ата болсам, одан артық құдайдан не тілеймін. Дүние деген өз-өзінен төгілмеді ме? Енді сарайды алтыннан салып, бір жас тоқал алса, одан еркек балалар туылмай ма? Патша маған күйеу болған соң, енді маған теңдесетін кім бар? Мұнан артық құдай қайтып оңлайды» деп, сақалын саусағымен тарап-тарап қойып, күле сөйлеп:
– Ойбай-ау, патшаға біздің қыз ұнаған болса, мен патшаның қасындамын ғой, – дегенде әйелі баж етіп түргеліп:
– Ойбай, қызымызды Әнуәрбекке атастырып қойғанбыз, бұл кісі байқамай сөйлеп отыр, – деп, бетін шымшып-шымшып алып, патшаға айтыңыздар үйдегі балаға обал қылмасын, – депті.
Омар молда:
– Ой, боқ жеп келген дәулетті тебемін дегенің қандай ақымақшылығың? Балам үйде болмағанда қайда кетіпті? Оттамай отыр! Мені сен билей алмайсың, – деп қатынын ұрарманға келгенде, елшілер:
– Молдеке, ашуланбаңыз, қатын деген не білуші еді, өз сөзіңіз сөз-ақ қой. Енді біз қайтайық, – десіпті.
Сонда Омар молда, «мені қатын билей алмайды ғой, менің ойым патшамен бір-ақ жерде, ендігісін патшаның өзі білсін. Патшаға менен үш қайтара сәлем деңіздер», – деп, Омар молда қақырынып, күрбиіп елшілерді аттандыруға шығып кетіпті. Елшілер келіп әкесімен сөйлесіп отырғанда, Күләнда есіктің сыртынан тыңдап тұрған екен. Омармен елшілер үйден шығып кетісімен Күләнда шешесіне жылап келіп бас салып:
– Апатай-ай, бұл не деген сұмдық болды. Менің қу әкем біреудің адамын құдайдан қорықпай, қайтып зар қақсатып айырмақшы болды. Бәрібір мен ол жерге барғанымша, маған бір сүйем бұйырсын. Мен Әнуәрдан айрылып, тірі жүре алмаспын, – депті.
Сонда шешесі қызынан да қатты жылап:
– Ой, сорлы балаларым-ай, құдай көздеріңді ашпайын деген екен. Әнуәрді бір жасынан жылатып, зарлатқан жасаған бейшара, көз жасына қарамай-ақ қойған екен. Сен сорлы қызымды өз теңіне қосылды ғой деп қуаныш ішімді кернеп жүргені бекер екен. Сен әзірше сабыр ет! Әнуәр не дейді екен, ақылдасып көр, – депті.
Патшаның елшілері молданыкінен шығысыменен патшаға келіп, Омар молданың жауабын түгел сөйлеп беріпті. Мәлік патша қуанып кетіп, қазынашыға дереу бұйырып, қазынадан ақша алып, базардағы неше түрлі асылдардан жартас алыңдар. Ұсталар Күләндаға лайықты алтын, гауһар тастан алқалар соқсын деп бұйырыпты. Бұл істердің барлығын Жабар деген патшаның хатшысы Әнуәрбекке бастан аяқ ұқтырып, «менің қолымнан келетін шара жоқ, іс жаманға айналды, өзің ойланып көрерсің», – депті. Әнуәрбек бұл сөзді естігенде қаны қашып, өңі бұзылып, жүрегі дүпілдеп, үнсіз біраз отырды. Сенерін, сенбесін білмей кешқұрым үйіне қайтып келсе, Күләнда әке-шешесі отыратын бөлмеде бүктүсіп жатыр екен. Әнуәрбек өздері жататын қарсы бөлмеге кіріп, біраз әрі-бері жүріп жүрді. Әнуәрбек келісімен бір минут өтпей жатпай келетін Күләнда бүктүсіп жатқан күйінше жатып алыпты. Әнуәрбек бұған сенер-сенбесін білмесе де, бұл ахуалды көріп, естіген сөзінің шынға айналғанына көзі жете бастады. Бір кезде енесі келіп, тамақ іш деп шақырған соң, Әнуәрбек ата-енесі отырған бөлмеге кіріп келсе, қабағын түсіріп, Әнуәрбекке шынайы бір қарамаған Күләнда бұрышта бүктелген күйі жата беріпті. Енесі қатты уайымға түсіп кетіпті. Үшеуі үнсіз отырып тамақ ішіп, Әнуәрбектің тамағынан тамшы да өте алмай, өзі жататын бөлмеге барып, қасіретпен қарайып, ұйқы келмей, түнімен сенделіп, әрі-бері жүріп, сонымен таң атқызыпты. Күләнмен ауызша жолығайын десе, Омар молда да ұйықтамай, қызын бағып, таң атқызыпты. Таң атқан соң, Әнуәрбектің көңілінде Күләннан айрылса, тірі жүре алмайтынын айта келіп, Күләнжан өзің не ойлап жатырсың деп хат жазып, қорасында атқа қарайтын он жастағы бір балаға беріп, сол күні өзі күндегідей қызметіне бармай, шет жерде бір танысының үйіне барыпты. Әнуәрбек қызметке келмеген күні жеті молданың біреуі Мәлік патшаға келіп:
– Тақсыр, сіз қауіпті жүрсіз. Қадірлеп, қастерлер жүрген Әнуәрбек сіздің дәм-тұзыңызды татып жүріп, сізге дұшпан болып, сіздің ғашық, адал жарыңызды алып қашып кеткелі жатыр дейді. Өзі менің абыройым, патшадан асып кетті деп өте көлбеңдеп, кеткенін сезбей жүрмісіз, – депті.
Патша елең етіп қарап:
– Е, оған ондай күш қайдан біте қалды? Өзі Жапарменен бір жүреді. Анығын сол білетін шығар деп оны да шақырып келіп, сен мына сөзден не білесің, – деп сұрапты.
Жапар:
– Мен ондай сөзді естімедім. Кеше басым ауырып отыр деп отырған. Жазылса ертең келетін шығар, – депті.
Әнуәрбек шетте бір танысының үйінде күн батқанша жатып, кешкісін Жапардың үйіне келіп:
– Қане достым, біздің жағдайымыз қалай болатын болды, – деп сұрапты. Жапар естіген сөзін түгел айтып келіп:
– Бұл бұзықтар Күләнді қайтседе ажыратып алатынын анықтады. Сендердің қайғы-қасіреттерің менің жаныма да батып барады. Амал не? Қолдан келер түк жоқ, енді өзің ойланып көрерсің, – депті.
Сонда Әнуәрбек қасіретпен қан жұтып тұрып:
– Достым, мен Күләннан тірідей айрылғанымнан гөрі, өліп айрылғаным жақсы. Мен Күләнға жанымды қидым. Қазір Күләннан хабар аламын, мүмкін Күләнда өз жанынан үміт үзгенде шығар. Күләнді осы жерге шығарып алып, бұдан былай жарық көре алмайтын өмірдің боласысын тезірек болдырамыз. Қайтейін достым, жолдастық ақың үшін маған қаншалық жаның ашығанымен лажымыз жоқ. Жолдастық қарызыңызды кешіңіз, – деп екеуі қол ұстасып жылап тұрып, қош айтысып ажырасып кетіпті.
Әнуәрбек ымырт жабыла, Омар молда бала оқытатын мектептің жанына келсе, өзі хат берген он жастағы бала жүгіріп келіп:
– Аға, бүгін мен сізді кешке дейін іздеп таба алмадым, Күлән тәте ағаңды қайдан болса да тауып, мына хатты бер деп еді. Өзі ауырған ба білмеймін, тамақ ішпей кешке дейін жылап жатыр, – деп Күләнда жазған хатты беріпті.
Әнуәрбек, Күләнжан не деді екен деп асып-сасып, хатты ашып, оқып көрсе, сондағы Күләннің жазған хаты:
Айналайын Әнуәр,
Бірге өсіп едім жасымнан
Төл қозыдай тең өстім,
Бір сағат кетпей қасыңнан
Жеттім бе деп мұратқа,
Бақытым қайсы ашылған?
Шыбын жан кетпей кеудемнен,
Тірідей сіздей айрылман.
Ендігі өмір не керек?
Не десең сонда мен тұрам
Мен де қидым жанымды
Әнуәр өзің шыдасаң.
Ес білгелі бірге өсіп
Он беске кәмәл кеп едім
Өз жанымнан тәттірек
Ғашығым, сәулем сен едің.
Зұлымның түстік торына
Келтіріп тұрған кемелін.
Айналайын Әнуәр,
Бір көрініп жол көрсет,
Дегенің болсын- дегенің.
Әнуәрбек Күләннің жазған хатын оқып, өте сүйсініп, қасындағы балаға:
– Інім, сен үйге барып, апамды мен шақырады деп айта ғой, – депті. Бала құлдырықтай жүгіріп отырып, Әнуәрбектің енесіне:
– Апа, сізді балалар оқитын жерде Әнуәр аға шақырып жатыр – дегенде, енесі естісімен жүгіріп Әнуәрға келіп, оны көргенде енесінің көзінен жас төгіле бастап:
– Бақтарың жанбаған сорлы балаларым-ай, ендігі күндерің не болар екен, – деп еңіреп жылап жіберіпті.
Әнуәрбек енесімен қосыла жылап:
– Апатай-ай, Күләнжанның хәлі қалай болып жатыр? Бізге айтар ақылыңыз не? – деп сұрапты.
Сонда енесі тұрып:
– Ой, сорлы балам-ай, Күләннан қандай хәл сұрайсың? Күлән жанынан үмітін үзді. Бар арманы сені тірлігімде бір көрсем болғаны, одан кейін маған ендігі жарық дүниенің керегі жоқ деп қасіретпен қан жұтып жатыр, – депті.
Күләннің зарын естіген Әнуәр іштей елжіреп, шыдап тұра алмай жылап жіберіп, «апатай-ай, бізге айтар ақылыңыз бар ма», – деп қайталап сұрай беріпті.
Енесі тұрып:
– Менде не ес қалды деп тұрсың, сендер қайғы-қасіреттеріңмен енді мені адам болып жүре алады деп тұрмысың? Менің қураған қу маңлайым симаған екеуің, енді өздерің білерсіңдер, – деп енесі жылап жіберіпті.
Әнуәрбек енесіне:
– Апатай-ай, егер өмірім болса, төбеме көтергендей бағармын-ау деуші едім, құдай ол тілегіме жеткізбеді. Біздегі аналық қарызыңызды кешіңіз, енді Күлән екеуіміз тірлікте сізге жоқпыз, дегеніме жете алмай бұл дүниеден өтетін болдым, жаны басқа адамның өліп кетуі де оңай емес, өзіңізді-өзіңіз мықты ұстаңыз, – деп жылап тұрып, апатай, Күләнді шығарып жіберіңіз, Күлән екеуіміз де өмірден үміт үзген адамбыз ғой, әзірше осы арадан бір шығып кетіп, не болса да бірақ көрелік, – депті.
Енесі де еңіреп, жылаумен тұрып:
– Біріңе-біріңді лайықтап қосқан екі қарағым-ай, менде кешпейтін не қарыз бар? Ажалсыз жанға айла бар деуші еді ғой қарақтарым жолдарың болсын. Қашан жаман аттарыңды естігенше үміт дүниесі ғой тілектеріңді тілеп тұрайын, Күлән әзір-ақ келеді. Қош-қош-қош қарағым, – деп үш айтып, өксіп жылап үйіне қарай жүріп кетіпті.
Енесі кеткеннен кейін көп кешікпей-ақ Күләнда жүгіріп жетіп келіп, екеуі жылап тұрып амандасып алып, шеттегі танысының үйіне қарай жүре беріпті. Жолда келе жатып екеуі ақылдасып, сонда Әнуәр айтыпты:
– Біздер бір жаққа ұзап қашқанмен мұнан құтыла алмаймыз. Жанды қинап қашқан ақыры ұсталуымыз анық. Сондықтан осы маңайға екі-үш күн айналып, бітетін өмірді тезірек бітіріп жібергеннен тиістісі жоқ екеуіміз тірідей ажырап кетсек құса менен қатып барып ақырында өлуіміз анық. Өйтіп жанды қинап өлгеннен гөрі неде болса зәлімдердің өздерімен қарсыласып, халық алдында өліп кеткеніміз дұрыс па? – депті.
Сонда Күләнда тұрып:
– Менің ойымда осы еді. Мен махаббатсыз тіршілікпен-ақ өмір кеше тұрайын десем, Алланың жазған өміріне көндім деп, бүгін үйімнен шықпайтын едім. Маған ендігі өмірдің керегі жоқ, қалай десең, мен сол жердемін депті. Бұлар өзара кеңесіп алып, түнделетіп, шеттегі таныс үйіне келіп, сол жерде екі-үш күн болса да өмір сүре тұралық, – деп, сол жерде тоқтап жата беріпті. Әнуәрбек пен Күләнда кеткен түннің ертеңінде, «Әнуәрбек Күләнданы алып қашып кетіпті» деген сөз ел ішіне дүр ете түсіп, Мәлік патша естігенде, қаһар менен терісіне симай жарылып кете жаздап, «қайдан болса да тауып келіңдер», – деп, ел ішіне көптеген адам шығарып, үй-үйге кіріп, астан-кестенін шығарып, тінтіп жүргенде, барлық халық:
– А, құдай, мына бұзықтар табылмай құтылса еді, – деп Әнуәрлардың тілегін тілеп, шуласып кетіпті. Тінтушілер қаншалық іздесе де, таба алмай енді ұзап іздеуге айланған уақытында үш күн өтіп, төртінші күні Әнуәрбек ерте тұрып, Күләндамен қол ұстасып қоштасып тұрып:
– Сүйікті адал жарым Күләнжан, үш күннен бері ел арасын іздеп болып, енді қырға шығып іздейді. Енді біздің дүниеден көретін жарығымыз таусылып, бітетін уақыты болса керек. Мен қазірден бастап сол зәлімдер алдына барып, көңілдегі сезімімді ашық айтып, көпшіліктің алдында өлейін. Сені өздері де тауып алар, әзірше сабыр етіп, осы үйде отыра тұр, – депті.
Сонда Күлән:
– Әнуәржан, сенің бұл не дегенің? Бәрібір сен ол жерге барған соң-ақ ол зәлімнің өлтіруінде шек жоқ. Мен бұл жерде қалып, жеке жерде өлгенімше сенің өліміңді көріп тұрып, сол жерде өлгенім жақсы емес пе? – депті.
Сонда Әнуәрбек:
– Сен сабыр ет! Кім білсін, қалай болады? Менің жақсы-жаман ахуалымды есті, – деп, Күләнданың бірге бармау жағын сұрай берген соң, Күләнда амалсыздан риза болып, сол жерде қалатын болғанда, екеуі қоштасып, жылап тұрып, қоштасқандағы Әнуәрбектің сөзі:
Төрт жасымнан бірге өскен,
Айналайын Күләнжан.
Мінсіз болып туылып,
Сымдай белің бұралған
Бақытымызға кез бопты,
Бұзық бір заман қуарған.
Тұйықсыз торға оралып,
Шыға алмай қалдық Құмардан.
Қылмысты ісім жоқ еді,
Көпке ісім сыналған.
Сен ғашық жетпей мұратқа
Біз құсап кеткен жылап та,
Қош Күләнжан, қош енді
Емеспіз артық солардан.
Күләннің жылағаны:
Айналайын Әнуәр,
Сүйікті, сынды бағланым.
Мен үшін қиып жаныңды,
Бір бағыттан танбадың.
Бірге өлсем деп өзіңмен,
Тіленіп мен де зарладым.
Амалым қанша, қайтейін,
Қызығыңа қанбадым.
Іші-бауырым елжіреп,
Күйсем де от боп жанбадым.
Жеткенде желкем қиылып,
Тістеулі кетті бармағым.
Жазуға амал бізде жоқ,
Зұлымның қанды қармағын.
Қош-қош сәулем қош енді,
Қайырлы болсын барғаның.
Екеуі бірін-бірі қимай көпке дейін айрылыса алмай жылап тұрып, үй иесіне Күләнді тапсырып, қайта-қайта қоштасып, амалсыздан Әнуәр Күләнданы құшақтаған қолын босатып, Мәлік патшаға қарай жүре беріпті. Әнуәрбек сол бетімен тоқталмастан Мәлік патшаның алдына кіріп келгенде, Мәлік патша тұтанып, қап-қара болып:
– Ей, бұзық сенің менің қатынымда нең бар еді, – деп, зіркілдей жөнелгенде, Әнуәрбек бұдан тірі қалмасын білген соң:
– Мен бұзық емес, сен бұзықсың, мына отырған жеті қуменен сегізіңе құдайдың дүзі арам. Күләнда қашан сенің қатының болып еді? Сен бізді жылатсаң, сені құдай жылатсын, – деп қасқарып тұрып алғанында, Мәлік патша қаһарланып, жендеттеріне «мына бұзықтың екі қолын байлап апарып, зынданға салыңдар», – деп ақырыпты.
Жендеттері Әнуәрбектің қолын байлайын деп жетіп келгенінде, Әнуәрбек жендеттерді қойып-қойып жіберіп, «апаратын жерлеріңе өзім-ақ барам, жүріңдер», – деп кетіп бара жатқанда жеті молдаға қарап:
– Жерлерің енді кең, сендердің қандарыңда менің қаным сияқты шашылсын, – деп, жендеттердің алдына түсіп, үйіне өзі келіп, кіріп кетіпті. Жетеуі «бұл бұзықтың өлім алдында тұрып айтқан сөзін қарашы» деп, мұрттарынан күліп қала беріпті. Мәлік патша хатшыларын шақыртып алып:
– Дереу хабарландыру жазып, барлық жерлерге іліңдер! Әнуәрбек бұзық ертең дарға тартылады, – деп бұйрық беріпті. Хатшылар дереу жазып, халық көретін жердің бәрінде бір сағат ішінде Әнуәрбек дарға тартылады деген хабар қаптап кетіпті. Бұл хабар Күләндаға естіліп, ол Әнуәрдің тапсырып кеткен адамынан жасырынып далаға шығып, қолына бір құлаштай жіп алып келіп, Әнуәрбек өлді деген хабардан бұрын өліп алайын деп, жіпті ілмектеп бір ағашқа тастап жіберіп буынып енді жаны шығып бара жатқан кезінде, үй иесі көріп қалып, жіпті кесіп жібергенде Күләнда сылқ етіп құлай кетіпті. Әлгі адам дереу өкпесіне қолын салып жіберсе, болымсыз жыбырлағандай болған соң, Күләннің бетіне су бүркіп, аздан кейін Күлән есін жиып, бас бармағын батыра шайнап алып, су бүркіп отырған адамға қарап:
– Ағатай-ай, маған бекер обал еттіңіз-ау! Сіздің маған жаныңыз ашыса, мен Әнуәрдің өлімінен бұрын өлгенім жақсы еді ғой. Бәрібір мен енді тірі қалатын адам едім ғой, – деп еңіреп жылай беріпті. Күләннің зарына ер-әйел екеуінің іштері елжіреп, екеуі Күләндамен қосыла жылап, Әнуәрдің таныс адамы:
– Қарағым-ай, сабыр етші, – деп, Күләнданы жұбатып, сонан кейін өзі ешқайда бармай және ұйықтамай Күләнданы күзете тұрыпты.
Ендігі әңгімені Асан менен Үсеннен бастайық. Әнуәрбектің жоғалып кеткен екі ағасы намыстанып, өз елінен шығып кеткеннен кейін алыс бір елге келіп, малайлық іспен әлдене бастағанда сол жерде тұрып, сауда қылып, бұрынғы бұзықтарын тастап, әбден байып, қатын алып, балалы болып, әбден өлместей болған кезінде өз еліне көштерінің бетін түзеп, өздері үш жасында тастап кеткен інісін сағынып, Әнуәрбек тірі болса, жылдамырақ көрелік деп, көштеріне қарай Әнуәрбек қамауға алынған күні өз елінің ішіне жетіп келсе, қайсыбірі мал айтып сойып, қайсыбірі жеті нан таратып:
– А, құдай, Әнуәрбекті сақтай көр, – деп, жылап-шулап жүрген елді көреді. Сонымен бірге әр жерде Әнуәрбек ертең дарға тартылады деген хабарландыруды көріп, бұлар:
– Япырым-ау, мына адам көпшілікке осыншалық жағымды, қадірлі адам болғанда, патшаға неғып қылмысты болды екен? Өзінің жайын білейікші, – деп, бір адамды шақырып алып:
– Бұл өлімге бұйрылған кім? Патшаға соншалық қылмысты адамның осынша көпшілік неғып тілеп жүр? Бұл өлімге бұйрылған адамның бұл елге қандай жақсылығы өткен адам, – деп сұрапты.
Сонда әлгі адам тұрып:
– Біздің елде Нұрым деген бір бай бар еді, ол адам әйелімен екеуі бір жылда қайтыс болып, оның ер жеткен екі баласы, бір жастағы Әнуәрбек деген баласы қалған. Ер жеткен екі баласы бұзық болып, бар малды тауысып қашып кетіп, сол жетім қалған Әнуәрбек оқып, ер жетіп, осы елді әбден түзеп еді, патшамыз сол Әнуәрбектің әйелін тартып алып, өзін дарға тартып өлтіретін болып тұр. Мына шулап жүрген халық, сол жас үшін жылап жүр.
Бұл сөзді естіген Асан мен Үсен естерінен танып, көздерінің жасы кетіп, енді қайтеміз деп бірін-бірінен ақыл сұрағанда, Үсен тұрып, «мен қазір Әнуәрдің жатқан жеріне барып, қайтсемде Әнуәрдің бір түн қу бетінен сүйіп, бүгінше Әнуәрмен бір жатып, ертең онымен бірге өлем», – депті.
Сонда Асан тұрып:
– Біздердің бұрынғы ақымақтығымыз жетіп жатыр. Енді біздерге Әнуәрдан айрылып, жасаған өмірдің керегі де жоқ. Біздер бекерден-бекер өлгенше бүгін екеуіміз екі ақ балта тауып алып, ертең дар түбінде Әнуәрді өлтірушілердің бір-екеуін өзіміз өлтіріп, өзіміз Әнуәр өлтірілген жерде бірге өлеміз, – депті. Бұл сөзді Үсен де тура көріп, екеуі екі балта сатып алып, оны ұзынырақ сапбен саптап, өткірлеп қайрап, екеуі де туысы үшін өз жандарын өлімге қиып, даярлық ете беріпті.
Қаһарлы Мәлік патша ызаменен ерте тұрып, «барлығы дар майданы түбіне жиналсын», – деп бұйрық етіпті. Әнуәр үшін шулап, жүректері дүпілдеп, ұйықтаған көпшілік ерте менен топ-топ болып, дарға қарай ағытылып жүре беріпті. Әнуәрбекті қамаудан шығарып, дар майданына қарай айдағанда, екі қолын байлап, жендеттер алды-артынан қамап алып, қолдарына мылтық, қылыш алып айдапты. Дарға қарай ағылып келе жатқан көпшілік байлауменен айдалып келе жатқан Әнуәрді көргенде:
– Қайран Әнуәр, шынымен өлгенің бе? Ақ иіліп сынбайды деген бекер екен ғой, – деп жылаған дауыстар жер жаңғыртса да патша әміріне қарсы тұруға шара жоқ, шулап, жылағаннан басқа шарасыз болып жүре беріпті.
Сонда Әнуәрбек байлауда айдалып келе жатып, халықпен қош айтысып айтқан сөзі:
Білесіздер ел-жұртым,
Бір жастан жетім шерлі едім
Екі ағам тастап кеткенмен,
Туып-өскен жерде едім.
Ата-ана мен туыстың,
Тәрбиесін көрмедім.
Риза бол ел-жұртым,
Қаны бірге өз ұлтым.
Дегендей қылып көбіңе,
Қызмет етіп бермедім.
Тірі болса ағалар,
Бұдан кейін кеп қалар.
Бір арман сол сәлемде,
Тірлікте бірін көрмедім.
Қаны қара зұлымдар,
Ерте айырды елімнен.
Кіндік кесіп, кір жуып,
Туып-өскен жерімнен.
Жемеңдер қанзұт жеті қу,
Қу құлқынға берілген.
Тілектерің қабыл боп,
Ойлаған шықты жеріңнен
Он беске жаңа жеткенде,
Опырдың қулар белімнен.
Ызалы халық анталап,
Тесемен, шотпен балталап
Уақыт кезі келгенде,
Шұқысын көзге көрінген.
Сендерге барып оқ болсын,
Бір тамшы қаным төгілген.
Соры қайнаған енеме,
Көз қырын сал ағайын.
Әнуәр, Күлән деп жүріп,
Ағартып еді самайын.
Кеудемде жаным тұрғанда,
Келген қысым қу жанға.
Көрінсе енем деп едім,
Арыздасып қалайын.
Жоқ сияқты бұл жерде,
Жан-жағыма қараймын.
Сәлем де жұртым сәлем де,
Ғарып болған енеме.
Бағып еді төрт жастан,
Көтергендей төбеге.
Мені есіңе алсаңдар,
Жүріңдер желеп-жебеп.
Кететін болдым,
Күләндаға сәлем де!
Аманда бол ел-жұртым,
Жаны бір көшеде
Әнуәрбектің бұл зарын естігендер, одан әрі шулап, Әнуәрді айдаған жендеттер де майданға жақындап қалыпты. Асан-Үсен Әнуәрбектің екі ағасы екі ақ балтаны қойындарына тығып алып, олар да жендеттердің артында таяу жүріп, еңіреп жылап келе жатыпты. Жендеттер Әнуәрбекті қамалап, майданға айдап келгенде, Мәлік патша мен жеті молда бұрын келіп, майданда тұр екен. Әнуәрбек майданға айдалып жетісімен-ақ Мәлік патша жендеттерге:
– Тартыңдар, – деп ақырғанда, жендеттің бірі Әнуәрдің мойнына арқан ілмектеп, тартып қалғанда, Үсен қарғып келіп, Әнуәрдің мойнына арқан тастағанды қақ басынан ақ балтамен періп кеп жібергенде, жендеттердің енді біреуін Асан періп жіберіпті. Сол кезде Әнуәрбек үшін жылап-шулап тұрған көпшілік ойбай, жабылыңдар жабылыңдар, – деп шу етіп басып келіп, алдымен Мәлік патшаның, содан кейін жеті молданың бастарын қағып-қағып жіберіпті.
14. Ермек
Ертеде бір кемпір болыпты, оның жалғыз баласы болыпты. Баласының аты Ермек екен. Кемпір кедей екен, мал дегенде жалғыз көк сиыры бар екен. Күндерде бір күн Ермек шешесін қалдырып, өзі оқуға кетеді. Айлардан ай, жылдардан жыл өткенде ол бір қалаға келіп жетеді. Сонда жүріп әлдеқалай базарға шыға қалса, бір шал сандық көтеріп жүріп: «Осы сандықты алған да арманда, алмаған да арманда», – депді. Ермек келе салып:
– Бұл сандығыңа не сұрайсың? – депті.
Шал сандығыма мың ділдә сұраймын депді.
– Мә ақшаң! – деп, ақшасын санап беріп, сандықты алып, хат жазып, шешесіне беріп жібереді.
Ермек сонымен оқи берсін, шешесіне келейік.
Кемпір көк сиырдың ертеңгі, кешкі сүтін пісіріп ішіп, күнелтіп, баласын ойлап, анда-санда жылап қояды. Бір күні кемпірдің алдына баласы жіберген сандық келеді. Кемпір қуанып, соны жер үйіне бүкшеңдеп, әрең көтеріп енгізеді. Сандықтың аузы жабулы, кілті жоқ. Кемпір балталап, сандықты бұзады. Аузын ашып қалғанда, «ай десе аузы, күн десе көзі бар», қасы қиылған, аузы оймақтай, ерні жұп-жұқа, беті қандай қып-қызыл, белі құмырсқаның беліндей нәп-нәзік, саусағы тезге салғандай сүп-сүйір, орта бойлы бір қыз шыға келеді. Кемпір сасқанынан шалқасынан түсіп, талып қалып, әлдене уақытта есін жиып алып, сөзге келеді. Қыз кемпірмен сөйлесіп, мән-жайын білісті. Қыз базардан бір бояу алдырып, өзінің суретін салады. Бұл суретті кемпір базарға алып барып, сатып жүреді. Бір күні кемпір бір сурет алып шығып еді, бір жуан адам кемпірдің сұрағанын беріп, сатып алды. Екінші күні кемпір тағы да бір суретті алып, базарға шығып еді, кешегі жуан кісі көшеде аңдып тұрып, сұрағанын беріп, суретті тағы сатып алады. Осының арқасында кемпір байып, бірнеше қатар тас үй салдырып, сән-салтанаты артады. Бір күні кемпір базарға суретті алып шығып еді, баяғы жуан кісі соңынан қалмай еріп жүріп, кемпірдің үйіне келеді. Келіп қызды көріп, талып қалады. Әлдене уақыттан кейін есін жиып, қызбен сөзге келеді, қызға: «Ғашықпын! – деп сөз айтты. Бірақ, қыз мұның сөзін қабыл алмайды. Онымен жуан қоймайды. Бірнеше күн ұдайы келіп, қызға сөз айтып жүреді. Қыз әбден көнбеген соң, жуан кісі Ермекке хат жазып, қызды жамандайды. «Сенің жіберген әйелің өңкей бозбалаларды қондырумен байыды. Үйің күніне қонақсыз болмайды», – дейді. Мұнан соң айлардан ай өткен соң, Ермек үйіне қайтса, жер үстінен орнын сыйпалап, таба алмайды. Қаланың шетінен сұрастырып отырып, төрт қабатты биік тас үйге кіріп келіп о жақ, бұ жағына қараса, шешесі жүр. Жылап көрісіп, амандасып болған соң, екінші бөлмеге кірсе айдай ақ, сұлу бір қыз отыр. Қалтасынан қанжарды суырып алып өкпесінен салып, қызды терезеден лақтырып жібереді. Бұдан бірнеше күн бұрын осы үйдің жанында бір дәрігер келіп жатыр еді. Шыңғырған әйелдің даусын естіп, екі күтуші әйелін біліп келуге жұмсайды. Екі әйел келсе, шала өліп жатқан әйелді көреді. Мұны дәрігерге айтып келеді. Дәрігер екі әйелді қайта жұмсап, өлген әйелді алғызып бақылап еді, әйел өлмеген екен. Әйелге дәрі беріп, ертеңгісін дәрігер үлкен қалаға алып барып, емдеп жазады. Ермектің ашуы басылған соң, шешесі жылап-еңіреп: «Не жазығы бар?» – деп баласынан сұрайды. Ермек шешесіне жуанның жазған хатының мазмұнын түсіндіреді. Шешесі оның өшігіп жазғанын айтады. Мұны естіген соң Ермек қолына темір таяқ алып, аяғына темір етік киіп: «Сол сұлуды не тірі табам, не соның жолында өлем, – деп қаңғырып кетеді. Жылай-жылай кемпір сорлы қалады. Бұл хабарды естіген соң баяғы жуан да: «Сол сұлудың жолында өлем! – деп қаңғырып, о да кетеді. Енді дәрігер мен қызға келейік. Дәрігер емдеп, қызды жазады. Енді ол қызға сөз айтып жүреді. Күндерде бір күні дәрігер:
– Емдеп, өлім алдынан алып қалдым, маған ти, – дейді.
Қыз:
– Жарайды, тиейін, ойын-сауық істе, гармон, биші әкел, той қыл! – дейді.
Дәрігер өлеңші, биші әкелуге кеткенде, қыз амалын тауып, қашып кетеді. Дәрігер өлеңші, биші алып келсе, қыз жоқ. «Сол қызды не табам, не жолында өлем!» – деп, бұл да қуып шығады. Қыз күндерде бір күн, бір топ қойшыларға жетеді. Келісімен екі қойшы төбелесе бастайды. Төбелестің түрі – біреуі:
– Мына қызды мен алам! – дейді.
Екіншісі:
– Жоқ, мен алам! – дейді.
Қыз:
– Мен ерге тисем, екеуіңізге тимеймін, біріңе-ақ тиемін. Сондықтан екеуінің жарысып барып, анау көлден су әкеліңдер, қай бұрын келгеніңе тиемін, – дейді.
– Жарайды, – деп, екі қойшы суға кеткенде, қыз жөніне жүріп кете барады.
Қойшылар келсе, қыз жоқ. Сандарын бір-бір соғып: «Бұл қызды көрген де бір, жолында өлген де бір!» – деп, қойды тастап қуып кетеді. Күндерден күн өткенде, қыз жалғыз қойшыға келеді. Шөлдеп-шаршап, талып келген кісі қойшының қойыртпағын ішіп, есін жинайды. Есін жинаған соң, қойшының бір қойын сатып алып, сойып таз қараның басына бөрік қылып киіп алып, қойшының киімін сатып алып, оны киіп, қайыршы болып, қыз жөніне жүріп кетеді. Қыздың қарасы үзілген кезде, қойшыға ой түседі: «Осы мен жындымын ба? Әлгі оңаша келген сұлуды қоя бергенім не? қой! Қойы да құрысын, бүйтіп көрген тіршілік те құрысын! Әлгі қызды қуып жетіп, тауып алайын!» – деп, қойды тастай беріп, қыздың соңынан қуып береді.
Ол онымен кете берсін. Әңгімені қыздан бастайық.
Қыз қайыр сұрап жүріп, бір үлкен шаһарға келеді. Келсе жиын той.
– Бұл не? – деп шеттен келіп біреуден сұрайды.
– Бұл еліміздің ханы өліп, соның орнына хан сайлауға жиылыс болып жатыр. Ханның дәулет құсы бар, соны ұшырады. Сол кімнің басына қонса, соны хан қылмақ, – дейді.
Көптің бәрі келіп тұрды. Тазша да тұра қалды. Ұшырған дәулет құсы келіп, Тазшаның басына қонады. Ханның дәмелі болып жүрген уәзірлері:
– Мына шіркін алжыған ба? – деп, қайта ұшырады, ол тағы да тазшаның басына қонады. Уәзірлер үшінші рет ұшырады, ол тағы тазшаның басына қонады. «Тазша» болып жүрген қызды амалсыздан әкеліп, хан етіп қойды.
– Мені таңдайсыңдар ма? – дейді.
Әрқайсысы өз кінәларын айтып, қыздың аяғына жығылады. Мәселенің, барлық пәленің жуаннан шыққанын жұрт көреді. Жуанды аттың құйрығына байлап өлтіреді. Дәрігерге қанша алтын мен ат, шапан айып беріп, оны жөніне жібереді. Қойшыларды да түрлі сый-сияпат беріп, елдеріне қайтарады. Қыздың өзі Ермекке тиіп, оны өзі хан қылып, өзі ханым болып, мұраттарына жетіпті. Қыз әуелде бір ханның қызы екен. Сұлу болған соң әркім сөз айтып, алам деуші, қызығушы көбейген екен. Хан қайсысына берерін білмей тұрғанда қызы рұқсат сұрап:
– Мені ешкімге айтпай, сандыққа салып біреуге базарға сатқыз. Көп сұрасын, кім ерлік қылып сатып алса, соған тиейін, – деген екен.
Сол сөзді әкесі қабыл алып, қыздың өміріне жететін алтынмен сандыққа салып, базарға жіберген екен.
15. Бай мен диуана
Баяғыда бір бай мен кедей болыпты. Кедейдің бір баласы бар екен. Ал байдың үш қатыны болса да, баласы жоқ екен. Жарлының үйі үнемі көңілді болады, күндіз-түні ойын, күлкісі үзілмейді... Бір күні бай да, жарлы да намазға барыпты. Бара жатып бай жарлыға: «сендер күнде үй-ішіңмен шулап жатасыңдар, өздерің тамақтарыңды таба алмай жүріп, сендерге ойын-күлкі не керек?» – депті. Сонда жарлы: «Бай, сіз білмеген екенсіз, біздің бір алтын сақамыз бар, соны біресе қатыным иіреді, біресе өзім иіремін, соған күлеміз де жатамыз!» – депті. Сонан бай үйіне келіп, алтыннан сақа соқтырып алып үш қатынымен кезек-кезек сақа иіреді, оған ешкім де күлмейді. Ертеңіне тағы да намазға бара жатып бай: «Ақмақ жарлы, иірген сақаға несін күлесіңдер?» – дейді. Сонда жарлы: «Байеке-ай, сен өзің бай болсаң да, ақылың жоқ-ау, менің айтқаным сақа емес еді, ол әлгі балам еді, сен оған түсінбеген екенсің ғой!» – депті. Сонда бай «уһ!» деп, үйіне келіп жатып қалыпты. Сонан байдың бір күні үйіне диуана келіпті. Әйелдер диуанаға ақша берсе алмайды. «Саған не керек?» десе, «Маған бай керек, бай қайда?» депті ол. Сонан қатындары байды шақырып келіпті. Сонан диуана байға: «Сен жылама, саған бала беремін, бірақ, ортаншы қатыныңның баласын өзіме бересің», – депті. Бай: «Болды, берем» депті. Содан диуана екі үлкен қатынына екі алма беріп: «Осы қатынының баласын өзім аламын» деп кетіп қалыпты. Артынша көп ұзамай байдың қатындары жүкті болып, екеуі де босанады. Қатындар аман-есен босанған соң, диуана келіп ортаншы қатынының баласын көріп, «Жетіге келгенде алып кетемін!» деп, кетіп қалады. Арада жеті жыл өтіпті. Балалары үлкейіпті, әлгі ортаншы қатынының баласы өте жақсы болыпты. Оны әкесі диуанаға беруге көзі қимайды, диуананың келетін уақытында үш баласын да мектепке береді. Ол мектеп балалардың бәрінің басына таз кепеш кигізерді екен. Сонан бір күні баласын алып кету үшін диуана келіпті. Бай диуанаға: «Балаң мектепте оқып жүр, сонан барып өзің танып ал!» – депті. Диуана мектепке барып, балаларың бәріне ақ алма мен қызыл алманы көрсетеді де, қызыл алмаға қызыққан баланы қолынан жетелеп алып кетіпті. Бала жатырқап жылап, диуананың соңынан амалсыз еріп келе жатса, жолда бір қу бас домалап кездесе кетеді де, балаға: «Балам, мына шал сені барғасын үлкен бір дарбазадан кіргізеді. Дарбазаның ішінде үлкен бір үйде үлкен қара қазан қайнап тұр, сен сол қазаннан айналасың. Айналып келе жатқанда шал сені сол қазанға итеріп жіберіп, пісіріп жейді. Егер сен мұнан құтылғың келсе, барғанда қазаннан айналма «айнал!» дегенде «сен өзің айналып көрсет!» де. Ол айнала бергенде сен өзін қазанға итеріп жібер, ол өледі. Шадың қалтасында есіктің кілті бар, оны ал да үйлерді шетінен аша бер. Ол үйлерден адам мен мал шыға береді. Оларды сен босатып жібер. Ең соңында екі үй қалады. Ол екі үйді ашса екеуінде екі ат байлаулы тұрады. Аттардың біреуі ақбоз ат, біреуі көкбозат. Көкбозатқа жолама, ақбозатты «Жануар-ай» деп сауырынан сипап алып шық дейді. Бала қу бастың сөзін тыңдаймын деп, диуанадан қалып қойған екен, артынан жүгіріп келеді. Келсе: «Е, балам, не қып қалып қойдың?» дейді шал. Бала: «Ұйықтап қалған екенмін» дейді. «Е, олай болса жүре ғой» деп, алып келіп баяғы айтқан үлкен дарбазаға кіргізеді. Онан тағы бір үйге кірсе, бір үлкен қара қазан қайнап тұр екен. Диуана: «Балам, мына қазаннан айналшы!» – дейді. Бала: «Жоқ, ата, мен қалай айналатынын білмеймін, өзің айналып көрсет!» – дейді. Диуана: «Ай, бала, несі бар айналмай!» – деп, айнала бергенде, бала қазанның ішіне диуананың өзін итеріп жібереді. Диуана өліп қалады, бала оның қалтасын қарап кілттерді алып, шетінен есікті аша береді, қамақ қойған адамдардың бәрін босатып жібереді. Ең соңғы үйді ашса, екі ат тұр. Бала: «Әй, қу бас-ай, басқа айтқандарың тура келмеді ғой, мынадай көкбоз ат тұрғанда, адам анандай ақбозатты алар ма?» – деп, көкбозаттың қасына бара бергенде, ат баланы бір тебеді. Сол сәтте бала күмп беріп, жеті қабат жердің астына түсіп кетеді. Сонан бала жердің астына түссе, көз ішінде бір жылтыраған тесік көрінеді. Сол тесіктен көрінген сәулеге қарай жүре-жүре бала жердің астында бірнеше жылдарды өткізеді. Басы таз, үсті қотыр болып, әбден азып-тозып жүдейді. Ақырында әлгі тесіктен келіп шығады. Шықса, көп адамдар қолына садақ алып кетіп бара жатыр екен. Бала да шығып жаңағы адамдарға келеді. Олардан: «Сіздер қайда барасыздар?» – дейді. Онда олар: «Біз патшаның тойына барамыз. Патша бір биік теректің басына жамбы тігіп: «Кімде-кім соны атып түсірсе, соған қызымды беремін!» – деп, жар салыпты, соған келеміз», – дейді. Соларға ілесіп бала да тойға барады. Басқа жұрт жиылып, жаңағы теректің басындағы жамбыны кезек-кезек атып жатыр екен. Таз бала да келіп, елдің бір шетінен тамашаға қарап тұрады. Жиылған адамдардың бәрі де жамбыны атып жатыр, бірақ ешқайсысы тигізе алмайды. Ақыры жамбыны атқысы келіп, бала біреудің садағын сұрайды. Сұраса: «Сен байғұс әуіре болып не қыласың, сен түгіл біз де тигізе алмай жатырмыз», – деп, ешкім садағын бермейді. Сонан бала патшаға (қыздың әкесіне) барып: «Мен бір жолаушымын, жамбыны атып мен де көңілімді көтерейін деп едім, ешкім садағын бермеді. Тақсыр, сіз маған біреудің садағын алып беріңізші, мен де атып көрейін!» – деп өтінеді. Патша баланың бас-аяғына қарап: «Осы тигізе алушы ма еді?» – деп іштей ойлайды да, «ал, ата ғой!» деп біреудің садағын алып береді. Бала атып теректің басындағы жамбыны қақ бөліп жерге түсіреді. Анталап тұрған адамдар: «Патшаның күйеу баласы таз диуана болды», – деп, баланы кілемге салып көтеріп ала жөнеледі. «Бұған бермесем, сөзімде тұрмағаным болады, берсем қызым қалай ма, қаламай ма» деп, патшаға уайым кіреді. Ақыры патшаға әрі ойлап, бері ойлап: «Қой, мұны қызыма айтайын, қызым не дер екен?» – деп, қызына болған жайды айттырса, ол: «Мен тиемін, құдайдың маған бұйырғаны сол шығар», – деп, әкесіне жауап береді. Сөйтіп патша таз балаға қызын қосады. Қыз таз күйеуін дұрыстап бағады. Неше түрлі дәрімен емдеп басының тазын жазып, әп-әдемі байбатша қылып шығарады. Сонымен арада бірнеше жылдар өтеді. Бір күні бала түс көреді, түсінде әкесі мен шешесін көреді. Ертеңіне қатынына: «Мен енді еліме кетемін», – дейді. Оған қатыны жауап бере қоймайды. Бала қайта-қайта айтып қоймаған соң, қатыны: «Бар, патшадан рұқсат сұра, егер жіберсе екеуіміз де кетеміз», – дейді. Бала патшадан барып рұқсат сұрайды, патша да бірден жауап бермейді. Бірақ бала рұқсат сұрап қоймаған соң, ақыры жібермекші болып той қылады. Патша қызы мен күйеу баласын отаулап, қырық нарға жүк арттырып, қырық құл жалдап беріп көшіреді. Өзі де бір айшылық жолға шығарысып салады. Бала бірнеше күн жол жүріп, баяғы көк ат теуіп, өзін жердің астына түсіріп жіберген жердің тұсына келеді. Бала қолына қылышын алып келіншегіне: «Сендер жүре тұрыңдар!» – деп, өзі баяғы өзін тепкен атқа келеді. Орнында екі ат әлі тұр екен. Бала қылышпен көкбоз аттың басын кесіп, ақбоз атты «жануар-ай!» деп, сауырынан сипап тысқа алып шығады. Ақбоза атқа мініп, көңілі жайланып көшіне келеді. Басынан өткен барлық оқиғаны қатынына айтады. Енді баяғы әкесінің тамына келсе, бәрі бұзылып жер болып кеткен, маңайында ел жоқ. Бала: «Бұлар бәрі өліп қалған екен ғой. Енді қалаға барып бір қора-жай салып алайын», – деп, көшіп бір қалаға келеді. Қаланың шетіне көшін тастай беріп, көшені аралап келе жатса, бір ағасы байдың отынын шауып жатыр екен, оны көреді. Білдірмей және бір көшені аралап келе жатса, бір жерде онан кіші ағасы бір аспаздың отын жағып жүр екен. Тағы да бір көшені аралап жүрсе, әкесі мен шешесі отын арқалап келе жатыр екен. Бала ешкімге сыр білдірместен көшіне қайтып келіп, қаладан бір қора-жай сатып алып, орнайды. Орныққаннан кейін әке-шешелеріне, ағаларына адам жіберіп алдырады. Барлығын жуындырып, киіндіріп бағады. Бірақ өзінің кім екенін бірден айтпайды. Бір күні шешесі отырып:
– Ойпырмай... менің емшегім иіп бара жатыр, – дейді. Әкесі отырып: «Менің жүрегім дүрсілдеп барады», – дейді.
Сонда бала отырып:
– Е, сіздердің жүректеріңіз дүрсілдеп, емшектеріңіз иісе, оның себебін айтайын. Сіздердің баяғы диуана алып кеткен балаларың мен боламын, жүректеріңіз соны сезген болар, – дейді.
Әке-шешесі сол жерде талып қалады. Біраздан кейін баласы тұрғызып алып көрісіп, амандасып көңілдері жайласады. Бала екі ағасын екі жаққа сауда жасауға жіберіп, әкесі мен шешесін өз қолында балғады. Сөйтіп бала бақытты болып, барша мұратына жетеді.
16. Жұмбақшыл патша қызы мен Қарақұл
Бұрынғы өткен заманда бір үлкен патша болыпты. Оның атын Сұлтаншын дейді екен. Патшаның үлкен уәзірі бар, оның аты Мералі екен. Күндердің бірінде патша аң аулауға шығады. Жүріп келе жатса, патша қыздың шарбағына кез келіпті. Шарбақтан қарап жарсе, қызды көреді. Әйелдікке алуға қызығып, патша қызға елші жібереді. «Маған қыз тисін», – дейді. Оған патша қызы айтады: «Егерде патшаңыз мені өзіне жамағаттыққа аламын десе, менің ол патшадан сарайтын сауалым бар, – дейді. Егерде сауалыма жауап берсе, тиемін, болмаса тимеймін», – депті. Менің сұрайтын сауалым мынау:
– Бір бағланым бар, сол бағланымның майы көп пе, еті көп пе? – деген екен. Сонда патша, қыздан бұл сауалды өзі таба алмайтын болған соң, қызға екінші рет тағы елші жіберіпті.
– Рұқсат қылсын, бұл сауалды табатын адамды іздеп табайын, өзім таба алмадым, – деп жауап береді. Қыз патша патшаның табатын адамды іздеуіне рұқсат етіпті.
Патша рұқсат алған соң, ел-жұртының барлық жақсы адамдарын жинап, қыздың сұрауын айтады: «Бір бағыланым бар, майы көп пе, болмаса еті көп пе», – деп. Жұрттың бар жақсысы бұған жауап бере алмады. Сонда патша жасауылдарына бұйырады. Адамның жаманын, шөптің жаманын, құстың жаманын тауып келіңдер, сонан сұраймын деп, іздетіп жіберіпті. Жасауылдар өздерінің білімінше шөптің жаманы деп, құс қонбас деген шөпті алыпты, құстың жаманы деп байғыз деген құсты алыпты, енді адамның жаманын іздеп жүріп бір ас болып жатқан, көп адамның жиналған жеріне келіпті. Малды көп сойып, қонаққа келген адамдардың бәрі де тойған уақытта, тамақ асқан жер ошақ басында бір Қарақұл жүр екен. Бастан құлақ, сирақтан тұяқ та тимей, жүрген Қарақұлды тауып жасауылдар өздерінің ойынша: «адамның жаманы осы болар деп» ойлап, Қарақұлды патшаға алып келе жатқанда Қарақұл жасауылдардан сұрайды:
– Мені қайда апарасыңдар?» – депті.
Сонда патшаның жасауылдары айтыпты:
– Біздер сені патшаға алып барамыз, бізге патша шөптің жаманы мен құстың жаманын, адамның жаманын алып кел, – деп еді. «Шөптің жаманы құс қонбас, құстың жаманы деп байғызды, адамның жаманы деп сені апарамыз», – депті.
Сонда Қарақұл айтады:
– Шөптің жаманы құс қонбас емес, ебелек деген шөп, себебі ол жанғанда жалыны жоқ, сөнгенде шоғы жоқ. Құстың жаманы байғыз емес, сауысқан. Адамның жаманы мен емес, адам жаманы күшік күйеу. Бірақ бұлардың бірі де патшаның сұрауына жауап бере алмайды, ал мен жауап берер едім, мен бір байдың құлымын, менің бағам мың тіллә. Сол бағамды қожама беріп, сатып алса, менің баруға ықтиярым бар, – депті.
Жасауылдар бұл сөзді патшаға барып айтады. Патша естісімен, жылдам Қарақұлды жалдап алған кісіге бір мың тіллә беріп жіберіп, сатып алып келуге бұйырады. Патшаның әмірін жылдам орнына келтіруге тырысып, Қарақұлдың қожасынан Қарақалды бір мың тілләға сатып алып, Қарақұлды патшаға алып келеді. Келгең соң патша Қарақұлдан сұрайды:
– Бір бағылан қозым бар, еті көп пе, болмаса майы көп пе? – дейді.
Қарақұл патшаға:
– Қыздың барлық сұраған сауалына сол жерде жауап беремін, – депті.
Бұдан соң патша уәзірді алып, Қарақұлды алып, қыз патшаға келеді. Қыз патша, әуелі патшадан сұрайды:
– Бір бағыланым бар, соның еті көп пе, болмаса майы көп пе, – деп.
Патша жауап берген:
– Қозыңыздың еті, – депті.
Бұдан соң патшаны бөтен бөлмеге қойып уәзірден сұраған:
– Бір бағыланым бар, соның еті көп пе, майы көп пе, – депті.
– Еті көп деп жауап берген.
Сонан соң уәзірді де бір бөлмеге қамап қойып, Қарақұлдан сұраған:
– Бір бағлан қозым бар, еті көп пе, майы көп пе?» деп. Сонда Қарақұл айтқан екен «майы көп, – депті. Қыз сұрайды: «майы көп дегеніңнің себебін айт», – дейді. Сонда Қарақұл айтқан: «Семіз бағылан дегеніңіз, тақсыр, сіз өзіңіз, май деп сіздің бұқара халқыңызға қылған адалдығыңыз бен қылған жақсылығыңыз деп ойлаймын, жақсы дағдылы патшаның халқына жақсылығы көп болар деп, өзіңізді бағланға, бұқараға қылған жақсылығыңызды майға ұқсаттым» дейді. Сонда қыз патша бір үйге Қарақұлды кіргізіп, алдына поднос қойып, үстіне бір қарбыз бенен пышақты бірге қояды, Қарақұл қарбызға, пышақты шаншып, үйден шығып кетеді. Далаға шыққан соң патша мен уәзір, Қарақұлдан сұрайды:
– Қыз патшаның сауалына не деп жауап таптың? – деп.
Қарақұл айтады:
– Мен ешнәрсені білмеймін, менен ешнәрсе сұраған жоқ, – депті.
Өзінің тапқанын жасырған соң, патша ашуланып, Қарақұлды дарға асуға әмір қылады. Сонда да Қарақұл патшаға рас сөзін айтпайды. Қарақұлды асу ашін дардың табіне алып келген кезде, Қарақұлдың дарға асылатын хабары қыз патшаға есітілген екен. Қыз патша баяғы қарбыз бен пышақты қолына алып келіп, Қарақұлды асайын деп жатқан дардың табіне пышақпен қарбызды қақ бөліп, үн жоқ, түн жоқ жүре беріпті.
Сонда Қарақұл айтыпты:
– Мені енді патшаға алып бар, мен енді рас сөзімді айтатын уақыт жетті,– депті. Жасауылдар патшаға Қарақұлды алып келген соң, Қарақұл патшаға айтыпты:
– Мен қыз патшаның сауалына былай деп жауап бердім. Бағылан қозы дегеніңіз сіздің өзіңіз, май дегеніңіз бұқара халқыңызға қылған жақсылығыңыз деп, әрине, патшаның бұқара халыққа қылған жақсылығы көп болар деп ойлаймын дедім. Сонан соң қыз патша маған бір бүтін қарбызды әкеліп берді. Оның мәнісі, осы қарбыз жарылмай расыңды айтпа деген сөзі еді. Мен бұған түсініп, пышақты қарбызға шаншып кеттім, өйт-кенім, осы пышақпен бауыздаса да айтпаймын дегенім еді, сондықтан бұл сөзді сіздерге айтпадым. Өлсем де айтпас едім. Қыз патша бүгін қарбызды дардың түбіне әкеліп жармаса. Қыз патшаның сауалын тапқанымньің бір мәнісі тағы мынау, егерде маған жақсылық қылып қарбызды жармаса, мен өлер едім, міне менің ойымша, майы көп деп айтқандығымның дұрыстығы осы, – депті.
Қыз патша сауалына жауап тауып берген Қарақұлға тиіп, барша мұрадына жеткен екен.
17. Білмес
Өткен заманда қазақтың Бетбақ даласында ішетін суы жоқ, жейтін шөбі жоқ далада кемпір-шал бір ұл, бір қызымен өмір сүріпті. Қызының аты – Қадиша, ұлының аты – Жолтабар. Қадиша Жолтабардан жеті жас үлкен болыпты. Жолтабардың жасы жетіге келгенде, Қадиша дүниеден ғайып болыпты. Қайда кеткенін ешкім білмепті. Кемпір-шал әрі іздепті, бері іздепті, зорығыпты, бірақ таба алмапты. Кемпір-шал бас көтерген қызынан айрылып жүдепті, көзден сорасы ағыпты, Жолтабардың қайырын құдайдан сұрап отырыпты. Бір күні көшеді, бір жақынынан түйе сұрап алады, ел қарасына жеткісі келеді. Жолтабарды жүктің үстіне салады, өздері жаяу жүреді. Ерте көшеді, жас баланың ұйқысы келіп, Жолтабар жүктің үстінде ұйықтап қалады. Күн жаңа шығып келеді. Кемпір-шал кедейліктің әңгімесін соғып, қартайғанша құдайдан еш нәрсе сұрап ала алмағанын, қызынан айрылып қалғандарын мұңайысып келеді екен. Шағылдың жайы белгілі, ойлы-қырлы болып келеді. Қабақтары қыртыстанып жарқабақтар тұр, қарындары ашқан, ішерге ас болмауы себепті түйені жүгімен отқа қойып, кемпір-шал желкек теруге кетеді. Сары інген жарқабақтағы май қаңбақты алып жеуге ұмтылғанда, Жолтабар жүктен ығысып түседі. Сары түйенің қалқасында әке-шешесін көрмеген Жолтабар, шырт ұйқыдан оянып, былшықты көзімен беті бұрылған жаққа жылап жүгіре береді. Желкектің соңына түскен кемпір-шал оны сезбейді. Сары інген аяныш көзбен Жолтабардың артынан қарап-қарап қояды, бірақ әке-шешең анда деп айтуға тіл жоқ. Екі көзі мөлдіреп қала береді. Бір нәрседен сезіктенген бала, келген жақ күншығыс болар деп, шығыс жаққа жүгіре береді. Күннің көзі де шатынай шығып еді, бір нәрсенің боларын білген ғой, ызылдап жел де соға бастады. Әуелі жай басталғанмен, баланың бақытсыз кетіп бара жатқанын сезгендей, соған бір арамдық ойлағандай, бұлттарды бірінен соң бірін қуалай, еспе жел есе соқты. Баладан да айрылғанын сезбей қалған кемпір-шал, күннің көтеріліп, біраз уақыт болғанын сезбей қалады.
– Жаяу жүрсек қайтеді, түйенің де белі талған, қарны тойған болар, Жолтабар да оянған болар, мен желкектен бір қап толтырдым, – деді кемпір.
– Е, жарайды, болса болсын, – деді шал.
Сары інгенге келді, сары інген ыңырсып, Жолтабардың кеткен жағына қарап, кемпір-шалға сездірейін деп еді, Жолтабардан айрыламыз деген ойы жоқ кемпір-шал оны елемей:
– Жолтабарды тұрғызшы, жел күшейіп барады-ау, – деді шал. Кемпір Жолтабарды жүктен қарап еді, таба алмады. Өз көзіне өзі нанбай, түйені шөгеріп қарады, бірақ еш нәрсе көрінбеді. Оны шалға айтуға есі кетіп, тілі күрмеліп қалды. Шал да бір заттың болғанын сезіп, екі көзінен сорасы ағып, кемпірге келіп Жолтабардың жоғын сезді. Естерінен айрылған кемпір-шал не істерін білмей, тұнжырасып тіл қатпастан отырып қалды. Бірақ отыра беруден пайда болмайтынын сезгендей, екеуі баланың ізін кесті, сары інген бала жүрген жаққа жүрді. Ықтын жерден ізін тапты, бытқыл жерден де ізін тауып жүріп келеді, бірақ қоқтыдан баланың ізі шағылға шығып, кемпір-шал ізден айрылды, абдырады, састы. Түйені жетелеп қара қоқты жерден із кезуге кетті. Бірнеше күн жүрсе де, Жолтабарды іздеп таба алмай, аштықтан, балаларының қайғы-қасіретінен екі қарт жол жүрістен қаза тапты, сары інген жүгін арқалап жайылып жүрді. Соңынан сары інгенді иесі тауып алған шығар.
Жолтабар сол жүргеннен он күндей жол жүріпті. Бірнеше шағылдан, қоңырдан, былқылдан өтіп қарасын көрген ауылға қонып, құдығын көрген ауылға түстеніп жүре беріпті. Әке-шешеден айрылған бала берсе, біреудің қалғанын, бермесе, суын ішіп жүріп отырып, бір иесіз далада бір үйдің үстінен шықты. Ол үйдің кімнің үйі екенін білмесе де, бір жұтым суын ішу үшін амалсыздан кіреді. Үйде жоғалған апасы Қадиша және күңірең көзді, ұзын тұмсық, қу жақ, екі көзі жапалақтың көзіндей көзі бар кемпір отыр екен. Апасын танып, әке-шешені көптен көре алмай аңсаған бала, не істерін білмей, қуанғанынан сөйлей алмай қалды. Абайсызда кіріп келген балаға кемпір де не дерін білмейді. Апасы Қадиша Жолтабарды танығанымен, жалмауыздың тырнағынан шығып еш нәрсе айта алмайды. Қадишаның екі көзінен сағынған жалғыз бауырын көрген соң, жас сорғалап аға берді. Бір кезде кемпір:
– Шырағым, жоғары шық, енді менің балам боласың. Шөлдеп келсең, мына суды іше ғой, – деп бір аяқ сары қымызды бере қояды. Жолтабар қымызды жұтып жібергенде, маңдайынан тері бұрқ ете түседі. Апасымен танысайын десе де, апасы Қадиша тіл қатпады. Сондықтан бұл апасымен оңаша сөйлесу үшін өз жұмысын айтып, жүрмекші болады.
– Шеше, мен ата-анамнан, туысқан дегенде жалғыз апамнан айрылып, соларды табуға жорыққа шығып жүрген адаммын. Рахмет, сау болыңыз, мен кетемін, – деді Жолтабар.
– Жоқ, шырағым, сен кете алмайсың, мен дүниеде жалмауыз атанған кемпірмін, менен қашсаң да құтыла алмайсың, енді сен менің баламсың, – деді жалмауыз кемпір. Не істерін білмей, кейінгі жағдайын ойлаған Жолтабар апасына сөйлесіп кетуді қажет деп тауып:
– Жарайды, мен сізге бала болдым, байқамай қақпаныңа түскен екенмін, – деді. Біраз күн өтті, апасымен бір де сөйлесе алмады. Бір күні жалмауыз кемпір сыртқа шығып келіп, әлде жалмауыздық істейін деді ме, әйтеуір, бір жаққа жүрмекші болып, Жолтабарға мынаны айтты:
– Балам, мен бір айдан соң келемін. Менің келер қарсыма бір қойдың етін пісіріп қой, сонда менің жақсы ұлым боласың, – деп, киініп шығып кетті.
Жалмауыз кетісімен апасы Қадишамен шешіле әңгімелесіп, қуаныштың шегі болмады. Жолтабар Қадишаның жалмауыз кемпірдің қолына қалай түскенін сұрап түгел білді. Енді қашып кету, не жалмауыз кемпірді өлтіру жағдайын ойлады. Бір кезде апасы:
– Жолтабаржан-ау, ол жалмауыз кемпірдің бір айда келем дегені, кешке келем дегені. Беріп кеткен кілтімен сарайын ашып, ас асалық, егер келгенде ас әзір болмаса, сені жеп қояды, – деді Қадиша. Екеуі біраз кеңесіп асты әзірледі, ата-анадан айрылғанға екі жас оқтын-оқтын жылап та алады. Бір кезде жалмауыз кемпір келіп, асын ішіп, балаға риза болды. Қадишаның оны Жолтабарға айтқанын сезбеді. Екінші күні тағы кетпекші болып:
– Балам, мен енді жеті күнде келем, маған деп бір жылқының етін асып әзірлеп қой, сарайдың кілті мынау, – деп, кілтін беріп үйден шығып кетті,
Үйде апасымен қалған Жолтабар Қадишамен кеңесін, барлық жай-күйін біледі. Сонда апасына:
– Мен осы кемпірді өлтірем, оның зорлығына шыдай алмаймын, алтын сандығындағы тұқымды уатамын, қолыма алмасты ұстап, жанталасып кіргенде, есіктен аңдып тұрып өлтіремін, кескілеп, – деді Жолтабар ашулы дауыспен.
– Жоқ, Жолтабар, жалмауызды өлтіргенмен оның бір ала биесі бар, ол келеді де екеуімізді де өлтіреді, – деді Қадиша.
– Жоқ, апа, онан қорқуға болмайды, оның айласын өзім табамын, – деді Жолтабар.
Жолтабар алтын сандықты бұзып, тұқымды алып уатып, қолына алтын алмасты ұстап, жалмауыз кемпірді күтті, есік алдына қылыштан тұзақ құрды. Тұқымның уатылғанын сезіп, жанды жеріне тигесін ебін тауып жалмауыз кемпір үйіне жүгіріп келіп кіре бергенде, екі көзінен от жарқ ете түсті. Ар жағында не болғанын кемпірдің өзі де білмей қалды. Бұл Жолтабардың алмасы еді. Қанішер жалмауызды ер Жолтабар осылай өлтіреді. Отардағы ала бие бұл оқиғаны сезіп, Жолтабарды жоқ қылмақшы болып жорыққа шықты. Ертемен ата-анасынан айрылғаннан бүгін ғана тыныш ұйықтап ер Жолтабар тұрды. Ертеңгі асын ішіп болғаннан кейін Жолтабардың өмірінен қорыққан Қадиша:
– Енді не істейміз, қазір ала бие келеді, бізді жоқ қылады, тапайды, – деді ол,
– Онан саспалық, қорықпалық, оның айласын өзім табам, – деді Жолтабар. Біраздан кейін Жолтабар мынадай айла тапты, «бие келе ауыз үйге килігер, сол кезде ауыз үйдің үстінде көрінбей жатып оның үстіне мініп алайын, апамның өмірін сақтайын, өзім биенің үстінен түспейін» деп ойлады.
Бір кезде далаға шықса, күнбатыс жақтан қара бұлттай түнеріп, боранды дауылдай шаңдатып келе жатқан ала биенің айбарын сезді. Апасын үйде отырғызып, өзі жаңағы айтылған орынға жата кетті. Бұрқырап, сарқырап, қара бурадай күркілдеп, аузынан ақ көбігі төгіліп ала бие келді. Келді де ауыз үйге килікті. Сол ала биенің үстіне ер Жолтабар ырғып мініп алды. Бие әрі тулады, бері тулады, аунады, басын кері соғып Жолтабарды тістегісі келді, бірақ шоқтықтан Жолтабар айрылмады. Енді беті ауған жаққа шапты, көзі еш нәрсе көрмеді, бірақ Жолтабар жалдан айрылмады, қағылған темірдей қадалып қалды. Бір кезде бие:
– Е, енді мен шаршадым, сен маған енді қожа бол, мен саған бағындым, алмаспен соғып бетімді жараладың. Енді саған істер менің амалым жоқ, – деді Жолтабарға. Екеуі келісімге келіп, ала бие Жолтабардың амалсыздан аты болды.
– Енді маған рұқсат ет, мына менің он бес тал қылымды ал, егер мен керек болсам, осының біреуін отқа салып күйдірсең, мен дереу келемін, – деді ала бие.
Ала бие өз бағытына кетті де, ер Жолтабар өз бағытына кетті. Бірнеше күн жүріп бәйшешек атқан бақшаға келді де, алма ағашының көлеңкесіне жата кетті. Жолтабардың мандайында бір тал алтын шашы бар еді. Бас киімін басына жастанған күйінде шаршап келген Жолтабар қатты ұйқыға кетті, күннің атқанын да, батқанын да білмеді. Қаннен-қаперсіз жата берді. Бұл бақша сол елді билеп отырған ханның бақшасы еді. Оның үш қызы бар. Үлкені – Сара, ортаншысы – Қаным, кішісі – Шара еді. Ішіндегі сұлуы да, көркемі де Шара еді. Мөлдіреген қарақаттай қара көзді, қара касты, ақша бет, бетінен қаны тамған, алма мойын, нәзік белді, жіңішке келген Шара сұлу еді. Осы үшеуі бақшаны аралап жүріп, Шараны үйге жіберіп, ыдыс алдырып, үш қызы әкесіне үш алма беріп жібереді. Әкесі қыздарының ержеткенін біліп, еліне жарлық салып, елдің жігіттерін жинап, қыздарын сүйгеніне бермекші болды. Шара Жолтабардың қасына барып, елеусіз бұл кім деп сезіктенсе де, шашының алтын жалын көріп, Жолтабардың қасында бірталай отырып, «күйеуге тисем, осыған тиемін, бір ерекшелігі бар адам, онысы болмаса да, жарлы да болса менің теңім» деп ойлады да, «әкем жарлық салды ғой, сонда менің іздеп табатын теңім осы» деп ойлады. Екі апасынан соң қайтқан Шара терең ойға кетіп, төмен қарап, үйіне қарай аяндай берді. У-шу болған қала. Біреу келіп, біреу кетіп жатыр. Жібек пен мақпалға оралған ханның үш қызы тұр. Екі төренің баласына ханның қыздары тиді Шара әлі үнсіз тұр. Қайғыға батқан адамдай тұнжырап Шара үйіне қайтты. Жолтабардың келмесіне көзі жеткен Шара бақшаға барып, «не болса да көрермін, сүйген теңім сен» деп Жолтабарға тиеді. Жолтабар жарлы, сөйлемейді, ешбір адамға тіл қатпайды. Шараның Жолтабарға «тілі жоқ» қаңғыған балаға тигені туралы хан хабар алып, өзінен-өзі күйініп, Шараны көрмеймін деп ант етеді. Шара Жолтабардың қасында, бірнеше күн өтті, екеуі үй болды, бірақ Жолтабар ешкімге де тіл қатпады. Шара да жүдейді, ата-анасының түрлі сөзін есітеді. Еншісіне бір бұзаулы сиыр мен бір жыртық-жыртық қараша үй алады. Қалай да тұрмыс етеді. Бір күні хан ауырып еміне құланның өкпе-бауырын іздетеді. Құланның өкпе-бауырын әкелуге екі күйеуі кетеді. Жолтабарды халық «Білмес» деп атады, Білмес; Шараға ханнан ат сұрап әкелуге, өзінің құланның өкпе-бауырын тауып әкелетінін ыммен түсіндірді. Шара ата-анасына барып айтады. Шараға ата-анасы:
– Сол сұмырайдың соны тауып әкелу қолынан келе ме, оның тауып әкелгені ем болмас, – деді.
Шара жылап қоймаған соң, хан бір қотыр тайды береді. Білмес қотыр тайға мінін алып, жүрмеген соң, кері қарап отырып, бөксесіне біз тығып жүргізеді. Төбе астына түсіп, қылды жағып, ала бие келіп, жаңа киімді киіп алып, екінші түрлі кісі болып алып, құлан суға келетін жерге келеді.
Құланды көргенде ала бие:
– Ана су ішіп жатқан құландар. Оны былай ұста: мен қамыстың арасына барып тұрайын, сен менің екі аяғымның арасында тұрып біреуін ат, онда түсіре алмасаң, онда енді ұстай алмайсың, – деді.
Іс осылайша болды, атып түсірді, сойып өкпе-бауырын алып жатқанда, екі күйеу келеді, бірақ Білместі танымайды. Бір кесек етін беруді сұрайды, өйткені олар өкпе-бауырын әкелуді ұмытып кеткен. Білмес былай дейді:
– Сұрасаңдар, әншейін берейін, тек сендердің жауырындарыңа темірден таңба басамын, соған риза болсандар, – дейді.
Бұлар риза болады. Білмес таңбасын басып, құланның санынан екі кесім ет береді. Білмес ала биені қыр астынан қоя беріп, баяғы қотыр тайға мініп келеді. Хан Білместің әкелген өкпе-бауырын баста жемесе де соңынан жеп ауруынан жазылады, бірақ Білместі бұрынғыша кем ұстады. Бір күні бір елде той болып, хан күйеулерімен кетпекші болады. Шара Білмеске қотыр тайды сұрап алып береді. Білмес қотыр таймен қыр астына түсіп, ала биені шақырып алып, жаңа киімдерін киіп, тойға кетеді. Оны ешкім сезбейді. Білмес жолда хандарға жолығып, жолдағы өзектен олар асып жүгіріп шыққанда, Білмес ала биемен алақтатып шығады. Тойда ат шабыс болып, ала бие бірінші бәйгені алады. Хан Білмеске, оның ала биесіне назары түсіп, баласының тойына Білместі шақырады, ханға Білмес бір елдің батыры, мырзасы болып көрінеді. Білмес келуге уәдесін беріп кетеді. Кешке үйіне қотыр таймен келіп, ертең той болады деген күні түнде Шараға саудырап сөйлеп қоя береді. «Білмес» деп ат қойылып, енді ол шын білмес болды деп жүрген Шара Білмес сөйлеп, жай-күйін айтқанда, жүрегі жарылып не істерін білмеді. Сөзінің қорытындысында мынаны айтады:
– Ертең ханның тойы болады, соған сен де бар. Екі апаңнан жоғары отыр. Сонда мен өзім туралы мәселені хан алдында шешемін, – деді.
Той болды. Шара айтқан уәдені орындады. Білмес ала биемен келгенде, хан өзі шығып аттан түсіріп алады. Тойда ел-жұртты сұраса келгенде, өзінің «Білмес» дейтін күйеуі екенін айтады. Хан шалқасынан түсіп: «Олай болса, менің тағымды ал, мен білмедім», – деді. Сонда Жолтабар айтады:
– Жоқ, маған хандық керек емес. Менің тілегім мынау: есіктегі құлдарыңды босат, менің таңба басқан екі кісім бар, соларды маған құл етуге рұқсат бер, – дейді. Ханның екі күйеуінде құлан басында басқан таңба кетпеген екен. Сол екеуін құл етіп, малдарын ел-жұртқа бөліп беріпті, апасын іздеп тауып, мұрат-мақсатына жетті.
18. Мархума
Ерте заманда Араб елінде бір Жүніс деген кісінің Мархума деген өте сұлу әйелі болыпты. Әйелі ері Жүніс сияқты шыншыл, сопы, ғайбәт сөйлемейтін, намаз, оразасын тастамайтын өзінің ұстаған дініне мықты адам болыпты. Ері әйелінің жалған сөйлемейтініне, өз ерінен басқа адамға тура қарамайтынына әбден сенімді екен. Мархуманы бір көрген жігіттер ғашық болып, өзін әуре, сарсаңға салса да, Мархума бірінің бетіне қарап жауап бермеген соқ, ғашық болған жігіттер лажсыздан үмітсіз болып қойған екен. Бір күндерде ері Жүніс кажыға бармақшы болып, жолға ұстайтын ақшаларын дайындап алып, өзінің бір туысқан інісіне:
– Сен мына жеңгеңнің ақылынан шықпа, Мархума өте ақылды адам, қылдай қиянат, жалған сөзді білмейді. Осы жеңгеңнің ақылымен жүрсең мал шаруаларың шашылмайды, барлық істі әуелі аллаға, екінші Мархумаға тапсырдым, мен келгенше аман болыңыздар, – деп, Жүніс елімен қош айтысып, өздерінің мал, басқа шаруаларын Мархумаға тапсырып, қажыға жүріп кетеді.
Ағасы қажы сапарына шығып кеткеннен кейін бірнеше күн өтісімен Жүністің бірге туған інісі жеңгесі Мархумаға ғашық болып, көңілдегі мақсатын айтуға бата алмай екі-үш күн жүріпті. Ақыры шыдай алмай бір күні өзінің ғашықтығын айтып, жеңгесіне жалынып, көптеген сөздерді айтыпты. Сонда Мархума:
– Бұл сөзіңді мен ғана бір жолы естиін, осы сөзің осы арада қалсын, бұл не деген сұмдық, енді мұнан былай аузыңды жауып жүр, бір жолға қаталығыңды мен де кешірейін, – депті.
Қайнысы ғашықтыққа шыдай алмай бір күн өткеннен құшақтап алып:
– Мақсатымды орындап беріңіз, – деп жалына бастағанда Мархума қатты ашуланып:
– Құдайдан қорқпаған қара бет, бұзық, енді мұнан былай менің көзіме көрінбе, жоғал, шық үйден! – деп, үйінен айдап қуып, айдап жіберіпті.
Қайнысы ағасының үйінен қуаланып шығысымен жеңгесіне өшігіп, Мархумаға бір өтірік пәле жабу үшін өзі сияқты Мархумадан үмітсіз болған төрт жігітті тауып, оларды куәға тартып, сол қаланың қазысына келіп, арыз қылып, төмендегі айтыпты.
– Менің жеңгем Мархума, ері қажыға кетісімен бұзықшылыққа қатты айналды. Осы шәрінің барлық бұзықтары менің ағамның үйінде опыр-топыр, бірін шығарып, бірін кіргізіп, халық бетіне қарай алмайтын болған соң, жеңгеме мына қылығыңды қой, мұның ұятты іс деп едім, мен өзімді өзім білем, менде сенің жұмысың болмасын, кет үйімнен деп, мені үйінен ұрып, қуалап шықты. Үйінен күндіз-түні адам кетпейтінін менімен бірге көріп жүргендер мына кісілер, – деп, өзі ілестіріп келген төрт жігіт куәға тартылыпты.
Қазы шариғат үкімі бойынша куәлардан бір-бірлеп сұраған екен, куәлар үйретінді бойынша бәрі де бір түрлі сөзбен:
– Мархуманың үйі бұзықтардың ойнағы болды. Мұныңды қой деген қайнысын үйінен ұрып айдап шыққаны да рас, – деп куәлік өткізіпті.
Жүністің інісі мен куәлардың сөзі бірдей шыққан сон, қазы Мархуманы шәрінің сыртына шығарып кесекпенен атып өлтіру үкімін шығарып, Мархуманы өлтіруге бірнеше жендеттермен бірге өзінің қайнысын қосыпты. Мархуманын қайнысы жендеттерді ертіп алып Мархуманың үйіне келіп, Мархуманы байлап алып шығып, шәрінің сыртына қарай сүйреп ала жөнелгенде, Мархума жылап, қайнысының бетіне түкіріп, «алла сазайыңды берсін, басқа айтарым жоқ», – деп мойнын аққа ұсынып, сүйреліп жүре беріпті. Жендеттер шәрінің сыртына шығарып тас кесекпен атқылап ұра бастаған екен. Мархума жанымды қинамай тездетіп, бірақ өлтірсеңіздерші деп жылап тұрып сұранғанында өлтірушілер әмір осылай деп, тас кесекпен мыжғылап ұрып-ұрып, өлігі осы арада жатып, ит пен құсқа жем болып құрысын деп бір шұқырға тастап кетіпті. Аяусыз, мыжғылап ұрған тас кесектің салдарынан есі ауып, әлсіреп қалған Мархуманың есі кіріп бір кезде болымсыз ыңырсып жата беріпті. Бірсыпыра уақыт өткен кезде түйе мінген бір ағраби жолмен кетіп бара жатса, әлсіз ыңырсыған бір дауысты естіпті. Ағраби дауыстың қайдан шыққанын білмей біраз тұрып, дауыс шыққан жаққа қарай келсе, өне бойы қан болып, бүтін денесінде сау тамтығы жоқ Мархуманы көреді. Ағрабидің өлім алдында жатқан әйелге жаны ашып, түйесін шөгеріп, әлсіз Мархуманы алдына өңгеріп, үйіне алып келеді. Ағраби үйіне әкелген соң денесіндегі қанын, қанмен боялған киімдерін жуып, жараланған денелеріне дәрі жағыптьі. Біраздан соң Мархума есіне келіпті. Мархуманың есі кіргеннен кейін, ағраби Мархумадан не болды деп сұрап, мәселенің анығына жетеді. Ағраби Жүніс қажыны да, Мархуманы да әбден біледі екен. Мархумаға «қарағым ерің қажыдан келгенше біздің үйде тұра бер, ерің келген соң өз қолымнан тапсырып берейін», – депті. Мархуманы дәрілеп, өзі бір үйде тағат-ғибадат қылып жата беріпті. Мархума әбден жазылып, өзінің бұрынғы түр-сипатына келгенде ағрабидің бір құлы Мархумаға ғашық болып, мені өлтір, болмаса мақсатыма жеткіз деп, Мархуманың мазасын кетіре бастапты. Мархума бірнеше күнге дейін мен ондай істі істемеймін, бұл сөзіңді қойыңыз деп айтып көрген екен, ақыры болмаған соң, бір күні құлды қасынан қуалап жіберіп, енді менің жаныма келуші болма деп айдап жіберіпті. Құл Мархуманың болмасына кезі жеткен соң, Мархумаға өшігіп, қожайынның жалғыз еркек баласы бар екен, сол баланы Мархума жатқан үйге алып кіріп, Мархума ұйықтап жатқанда жас баланы бауыздап, баланы бауыздаған пышағын Мархуманың жастығының астына тығып, өлген баланы төсегінің алдына тастап кетіпті. Ағраби ертемен оянса, орнында баласы жоқ. Мархума қасына алып жатқан болар деп Мархуманың белмесіне кірсе, баласының басы кесіліп бас бір бөлек, дене бір бөлек жатыр. Мархуманың киімі де қан-қан. Ұйықтап жатқан Мархуманы оятып мұның қалай дегенде Мархума дірілдеп, есі шығып кетіп, жастықтың астындағы қанға боялған пышақты суырып алған Мархума онан жаман қалтырап, алла қақы, бұл істі мен істемедім, маған дұшпан болып жүрген адамдардан болған іс деп зарлағанда, Ағраби Мархуманың жазықсыз баланы мұндай етіп өлтірмейтінін ақылмен ойлап біліпті. Сонда Ағраби:
– Мархума, сен бұл баланы өлтірген жоқсың, оған мен сенемін, сенің өлтірмегеніңе мен сенгенмен, менің әйелім сенбейді. Ол сізге баланың ашуымен қас қылуы мүмкін. Соның үшін сіз енді басқа бір жаққа кете тұрмасаңыз болмайды. Менің әйелім тұрғанша сіз мына дәрһәмді алыңыз да осы шәріден басқа жерге барып тұрыңыз, – деп, Мархумаға 400 дәрһәм беріп, Мархуманы үйінен шығарып жіберіпті.
Мархума 400 дәрһәмді алып, ол шәріден шығып, бірнеше күн жол жүріп, шәріге келсе, көп адам жиылған жерге кезігіп қалады. Жиналған көпшілік бір жігітті дарға тартқалы жатыр екен. Мархума: «Бұл жігіттің не жазығы бар», – деп сұрапты. Сонда көпшілік: «Бұл жігіттің қылмысы патшаның (400) дәрһәм қарызын төлей алмаған соң, патша дарға тартуға бұйырды, жазығы сол», – депті. Мархума, бұл сорлы үшін патшаны (400) дәрһәмін мен төлесем, бұл бишара өлімнен аман қалама деп сұрапты. Дарға тартқалы тұрған жендеттер, (400) дәрһәм төленсе әрине өлімнен аман қалады дегенде Мархума бұл сорлы үшін қарызын мен төлейін деп, (400) дәрһәмін беріп, жігітті дардан босаттырып, өзі сол бетімен кете беріпті. Дардан босанған жігіт Мархумаға ғашық болып, мен сізге жан-тәніммен ғашық болдым, мені не өлтір, болмаса мақсатымды орындаңыз деп Мархумаға жабысып алыпты. Мархума менің жазығым сені өлімнен айырып алғаным ба, менен әрі жүр десе, жігіт зорлық етбекші болыпты. Мархума жігіттің үстаған қолын жұлып тастап, қаша жөнеліпті. Сонымен Мархума қашып отырады, жігіт жете алмай артынан қуып отырады. Мархума қаша беріп, сол қашқан бетімен бір дарияға келеді. Дарияға келсе, бір қанша сәудегер кемемен дариядан өткелі тұр екен. Мархума олардың үстіне келеді. Артынан қуған жігіт те келіп жетеді. Керуеншілер қараса, өздері өмірінде көрмеген бір сұлуды көреді. Бір жігіт қуып келгесін жігіттен керуеншілер:
– Бұл қалай? – деп сұрайды.
Сонда жігіт:
– Бұл менің сатып алған кәнизегім еді, екеуміз сөзге келісіп ұрсып, сонымен қашып келеді, – депті.
Сонда керуеншілер:
– Ендеше бұл кәнизегіңізді біздерге сатыңыз, – деп, керуен басы көп діллә бермекші болады. Мархума «неде болса мына бұзықтан құтылайын» деп үндемепті. Керуен басы бір қанша діллә беріп Мархуманы сатып алып, кемемен су үстінде келе жатыпты. Керуеншілер бұл кәнизекке берген ділләні мен төлеп, мен алам деп өзді-өзі таласып, ақырында керуен басы ділләні төлеп өзі алып, Мархумаға жан-тәнімен ғашық болып, су үстінде мұрадын хасыл етуге айналғанда Мархума шынын айтып:
– Менің ерім бар, – депті. Мархума жалынса да керуен басы:
– Мен сатып алдым, өзім білем, – деп зорлық қылуға айналыпты.
Мархума:
– Маған біраз уақыт рұқсат беріңіз, мен дәрет алып, намазымды оқып алайын, сонан кейін сіздің ықтиярыңыз болсын, – дегенде керуен басы:
– Ендеше тезірек оқып ал, – деп рұқсат етіпті. Мархума дәретін алып, екі рәкәғат намаз оқып болған соң, алла тағалаға жалынып:
– Ей, алла, мына бұзықтар менің еркіме қоятын болмады, мені алла қияметте қара жүзді кыла көрме, соның үшін бұл зәлімдерден құтылатын бір керемет көрсеткейсің алла, – деп дұға қылыпты. Сол сағатта аспан бұлттанып, күн жауып, қатты дауыл шығып, дарияға қатты толқындар пайда болып, кемелер шетінен суға бата бастап, әркім өз жанымен қайғы болып, біреуді біреу білмей кеткен екен. Мархума мойнын аққа ұсынып, иманын айтып, бір кемеде жалғыз өзі ғана отыра беріпті. Біраздан соң қараса, Мархума отырған кеменін шынжыры үзіліп, басқа кемелерден ажырап бөлек кеткен екен. Байқап караса, басқа кемелер түгелімен суға батып, қаран болып кетіпті. Мархума отырған кеме суға батпай судың ағымына қарай жүре беріп, дауыл тоқтаған кезінде дарияның бір жақ шетіне келіп шығады. Мархума кеме келіп шыққан жерге кемені мықтап байлап, кеменің ішіне қараса, кеменің іші алтын, күміске лық толы екен. Өзінін аман шыққаны үшін құдайға тәубә қылып, құрғаққа шығып қараса, сол дарияның жағасында бір үлкен шәрі көрінеді.
Мархума шәріні көргеннен кейін, өзінің әйел киімін тастап, кемедегі еркек киімін киіп, шәріге келіпті. Байқаса, ол шәрі мұсылман шәрісі екен де патшасы өте әділ екен. Патшасының әділдігін есіткен соң, Мархума патшаға келіп, өзінің, әйел екендігін, ерінің қажыға кетіп өз басынан қандай ауыршылық халдар өткенін түгелімен айтып шыққанда патша жаны ашып, жылап жіберіп:
– Қарағым-ай, өз қолымда тұра түр, ерің қажыдан келген соң, өз қолыммен еріңе тапсырайын, – депті.
Сонда Мархума:
– Тақсыр, ондай болса кемеде дүние жетеді, кемедегі заттардың барлығын қазынаға алып, менің өзіме бір жеке сарай жасатып берсеңіз, мен жеке жатып, тағат-ғибадат қылсам, – депті.
Патша тездетіп Мархумаға дария бойынан келістіріп сарай жасатып, Мархуманы сол сарайға жеке жатқызып, бірнеше күзетшілер қойыпты. Мархума оңаша сарайда жатып, тағат-ғибадат қылып жата беріпті. Мархума тағат-ғибадат қылумен бірге не түрлі ауруларға үшкіріп дем салса, сол ауру Мархуманың бір демінен қалмай жазылатын болыпты. Мархуманың атағы бүтін елге шығып, дария бойындағы әулие әйел деген дақпырт елден-елге таралыпты. Сөйтіп, Мархума дұғакөйлікпен алдына келген ауруларды жазып жата берсін, енді Мархуманың ері Жүніс қажының әңгімесіне келелік. Жүніс бір қанша жол жүріп Меке, Мәдинеге барып, қажылық міндеттерін өтеп, қажы болып, еліне қайтарында да арада бір қанша жол жүріп, өзінің шәрісіне келіп, үйіне келсе, үйінде адам жоқ. Үйі бүзылған, үй шаруа мүліктері де жоқ. Жүніс қажы інісінің үйіне келіп, інісімен көрісіп, амандасып, Мархума қайда, біздің үйге не болған деп сұрағанда інісі:
– Ойбай, аға, сіз кеткен соң Мархума өте қатты бұзылып, осы шәрінің жас жігіттерін үйіне жинап алып, зинақорлыққа айналды. Мархуманың ол ісіне менің намысым келіп, бұл ісіңді қой деп, бірнеше рет ақылымды айтып едім тіпті болмай күннен-күнге насай-топыр арта берді, ақыры Мархуманың бұл қылықтарын қазы естіп осында бірнеше адамдарды шақырып сұрап, Мархуманың қылығын көзімен көрген төрт халыс адам қазының алдында куәлік беріп, ақыры қазының шариғат үкімі бойынша Мархума кесекпен атып өлтірілді. Сүйтіп Мархуманың қылығы туралы менде де елге қарар бет қалмай, мен де үлкен қайғы-уайымда жүрмін, – дейді.
Жүніс қажы болған істі толық түсінген соң:
– Япырмай, шайтан аздырса шара жоқ екен-ау, Мархума ондай етпесе керек еді, бұл қалай? – деп, ішінен көп уайымдап, ақыры бара-бара уайымын қояды.
Бір күндерде інісі бір түрлі жаман аурумен ауырып, бұған ағасы Жүніс құлақ естіген жердегі бақсы-бәлгерді түгел әкеліп емдетсе де бірінен шипа болмайды. Жүніс інісінің ауруынан жаман қорқады. Сол қорқу үстінде, бір күндерде пәлен жерде, дария бойында бір әулие әйел бар екен, ол кісінің дұғасынан қандай ауру болса да қалмайды екен деген ұзын хабарды естіп, Жүніс қажы інісін сол әулиеге алып бармақшы болып, үйінен шығыпты. Қонаға өлгелі жатқан Мархуманы тауып алып, үйіне апарып жазып, ақыры жалғыз баладан айрылған Ағрабидің үйіне келіп қонады. Ағраби қонып отырған қонағының қайда бара жатқанын сұрағанда, Жүніс қажы:
– Осындай дария бойында бір әулие бар екен, ол кісіден ауру қалмайды екен, інімнің ауруына ешбір ем болмағасын сол әулиеге алып бара жатырмын, – дейді.
Сонда Ағраби:
– Япырмай, ондай болса менің бір құлымның үстіне бір түрлі жара шығып, қанша бақсы, бәлгерге қаратса да ем қонбай, дауа болмай қойды, – депті. Жүністің сөзін есіткен соң Ағраби де құлын алып, Жүніспен бірге жүріп кетіпті. Бұлар бір күндерде бір шәріге келіп, бір үйге қонып отырса қонған үйлерінде зарлаған бір ауру жігіт жатыр екен.
Ағраби мен Жүністің бұл қонған үйі Мархума (400) дәрһәм беріп дардан босатып алған жігіттің үйі болып шығады. Әлгі ауырып жатқан адам, өлімнен кұтылған соң Мархумаға ғашық болып, ақыры «Мархуманы керуеншілерге кәнизегім» деп сатып жіберген жігіт екен. Оны Жүніс пен Ағраби білмейді, ауру жігіттің ағасы жолаушылардың дария жағасындағы дұғакөй әулиеге кетіп бара жатқанын есіткесін бұлармен бірге інісін әулиеге алып жүрмекші болыпты. Ертесімен алты адам болып, сапар жүріп, ақыры бір қанша уақыттарда дария бойындағы шәріге келсе, жан-жақтан келген аурулар өте көп екен. Алыстан ауру әкелушілер алдымен елшіге арыз беріп, ауруын пәлен күні қаратуға күн белгілеп алады екен. Сол тәртіп бойынша бұлар да келіп, өздері рұқсатпен емші әулиенің алдына арызға кірсе, бетінде пердесі бар адам. Мархума әрдайым бетіне перде ұстап, жүзін бір адамға көрсетпейді екен, пердемен тұрған Мархуманы ері Жүніс пен Ағраби танымаған мен Мархума ері мен Ағрабиді көргенде жылап жібере жаздап, өзіне-өзі сабыр беріп, бұл кісілердің арызын алып, сіздер ауруларыңызды әзір осы араға алып келіңіздер деп бұйырады. Бұлар тез қарайтын болды деп, қатты қуанып, тездетіп барып, ауруларын алып келсе, Мархуманың өзінің қайнысы, Ағрабидің құлы, өзін керуеншілерге сатқан жігіт болып шығады. Мархума бұларды көргенде құдайға шүкір қылып:
– Сіздердің, ауруларыңызды ертең қараймын, бүгін бара тұрыңыздар, – дейді.
Бұлар ол жерден шығып кеткен соң, Мархума патшаға хабар қылып, ертең патшаның өзі шәрі халқы түгел жиналсын деп хабар беріпті. Патша шәрі халқына хабарландырып, ертемен барлық шәрі халқы Мархуманың ауру қарайтын сарайының алдына жиналыпты. Ауруларын алып Жүніс, Ағраби, Мархуманы сатқан жігіттің ағасы да келеді. Мархума бұларға:
– Ауруларыңызды әкеліңіздер! – деп бұйырыпты. Бұлар ауруларын алып келгесін, Мархума:
– Халық, сіздер тыңлап тұрыңыздар, мына аурулар осы ауруынан жазылсақ десе, өздері не қылмыс істеді, соны өз ауыздарымен айтып өтсін. Бұлар шындығын айтса, мен дұға қыламын, бұлар ауруынан жазылады. Егерде шындығын айтпаса мен дұға қылмаймын, бұлар осы аурудан өледі, – депті. Сонда аурулар қылмыстарын айтайын десе ұяты өлімнен күшті, айтпайын десе жан онан да тәтті болып, ақыры аурулар шынына келіп бірінші сөз Жүністін інісіне беріліпті. Жүністің інісі «жеңгесі Мархумға ғашық болып, ақыры қазыға жалған куәлік беріп, Мархуманы кесекпен атқызып өлтірткенін» айтып шығады. Екінші, Ағрабидің құлына кезек келгенде, құл: «Мархумаға ғашық болып, ақыры қожайынының жас баласын бауыздап өлтіргенін» түгел айтып шығады.
Үшінші кезек Мархуманы сатқан жігітке келеді. Ол да «бір әйелдің қарызды төлеп, өлімнен өзін аман алып қалғандығын айтады. Оған ғашық болып, ақыры сол әйелді керуеншілерге сатып жібергендігіне» шейін түгел баяндап береді. Тұрған халық бұлардың қылығын түсінген соң, бұлардың бетіне түкіріп, осы ауру өздеріңнің жазаларың екен дескенде Мархума бетінің пердесін ашып жіберіп «мені танимысыңдар» депті. Ері Жүніспен құшақтасып амандасқанда, Жүніс бұл менің өңім бе, түсім бе деп қайран қалып, тұрып қалыпты.
Сонда Мархума тұрған халыққа:
– Осы адамдардың бәрінің де зұлымдық істеп жүрген әйелі мына мен едім, алла тағала бәрінен де аман сақтап бұл мәртәбаға жеткізді, мына түрған менің ерім Жүніс, – депті. Тұрған халық қайран қалып, Мархумаға мың сандаған рахмет айтысыпты. Халық өткен іске толық түсінген соң, Мархума тұрып ауруларға:
– Сендердің маған істеген зұлымдықтарыңа қарағанда сендерге обал жоқ еді, енді алла тағала өзі әділетіне келтірген соң, мен де күнәларыңды кештім, өліп кетпеңдер деп, ауруларға дүға қылыпты. Бұлардың ауруы сол сағатында-ақ қайтып, жазыла бастапты. Патша Мархумаға көптеген алтын, діллә мен асыл, бағалы заттардан сыйлық беріпті. Жүніс қажы мен Ағраби және Мархуманы сатқан жігіттің ағасын ауруларымен бірнеше күн қонақ қылып, ақыры еліне шығарып салыпты. Бәрі де шаттықпен өмір өткізіпті.
19. Бала патша Алдияр
Бұрынғы әділетті Мұхтар деген патшаның заманында бір шәрінің жас балалары жиналып ойнайды екен. Көп балалардың ішінде Алдияр деген бала патша болып, енді біреулері уәзір және бірнешеуі патшаның жендеттері, қазы, сұрақшы болып, тас жинап, патшаға сарай жасап, оны Алдияр патшаның шәрісі деп атапты. Балалардың ішінде тәртіпсіз немесе қылмыс істегендерін жауапқа тартып, түрліше жазаларға бұйыратын болыпты. Барлық балалар Алдияр патшаның әмір-пәрменіне риза болып, бас иіп тұрады екен. Сөйтіп балалар күн сайын Алдияр патшаның шәрісі, өздері ойнайтын жеріне жиналып, патшаның тапсырмаларын орындап, кешінде үйлеріне барып қонып, күндізін өздерінің шәрісінде болады екен. Бір күні балалар топырлап, өздерінің шәрісінде жүргенінде сол шәрінің әділ патшасы Мұхтар патша балалардың ойнап жүрген жеріне кезігіп қалып, балалардың ойындарына және олардың патшалық үкім-сұрақтарына таңданып қарап тұрыпты да, бір кезде бір баладан:
– Балам, бұларың қандай ойын, – деп сұрапты.
Сонда патшаның жауап сұраған баласы айтады:
– Мынау біздің Алдияр патшаның шәрісі, ал енді анау тақта отырған біздің патшамыз Алдияр. Біз бәріміз де Алдияр патшаның бұйрығы бойынша істейміз, – депті. Сонда хан бұлардың істеп жүрген істеріне және де салған шәрілеріне ішінен қатты риза болып:
– Патшаларыңа айтыңдар, осы шәрісін маған сатсын, бір ділдә берейін, – депті. Мұхтар патшаның жауабын әлгі бала өзінің патшасына келіп айтса, Алдияр патша:
– Бұл шәрі сатылсын, басқа жерден шәрі жасап аламыз, – деп, бір ділдәні алып, өздерінің қазынасына тапсырып, Мұхтар патшаға:
– Мына шәрі қазірден бастап сіздікі, – депті. Мұхтар патша:
– Бұл шәрі менікі болды, сендер енді басқа жерге орналасыңдар, – деп өз бетімен кетіп қалыпты. Балалар ертесіне ол жерден кетіп, басқа жерге барып, бұрынғысынан да артық етіп сарай салып, ойнап жүре берген.
Мұхтар патша бір түні ұйықтап жатып түс көріп, түсінде гүл иісті бақтар, өніп тұрған бақша өте зинатты алтын, гауһармен безендірілген алтын сарайлар, бейіш, хор қыздарын көріпті. Мұхтар патша сол сарайларды аралап жүргенде, бір ақ шалмалы адам кезігіп, Мұхтар патша бұл өзіңнің бала патша Алдиярдан сатып алған сарайларың, арала депті. Мұхтар патша ояна кетсе, түсі екен. Патша бұл көрген түсіне сүйсініп, кедейлерге садақа беріп және сейілге шығып, әдейі бала патша Алдиярдың шәрі салған жеріне келіпті. Алдияр патшамен сөйлесіпті.
– Мына сарайларыңды сатыңдар, жүз ділдә берейін, – депті де баланың сарайларына жүз ділдә беріп, «енді менікі» деп кетіп қалыпты.
Балалар өз сарайларын жүз ділдәға сатып, енді басқа бір жерге барып, сарай, шәрі салып, сонда орналасып, бұрынғыларындай жүріп-тұрыпты. Мұхтар патша бір түні тағы бір түс көріп, түсінде бұрынғы көрген сарайынан бірнеше есе артық зинатты сарай, бақтарды аралап жүріпті. Баяғы ақ сәлделі адам кезігіп, патша бұл аралап жүргенің Алдияр патшадан екінші рет сатып алған шәрі, сарайларыңызды әбден аралаңыз депті. Мұхтар патша оянған соң, бұл түсіне тағы да қуанып, кембағал мүсәпірлерге садақа беріп, сейілге аңға шығып, қайтарында Алдияр патшаға келіп, бұлардың бұл шәрі сарайларын бір мың ділдә беріп сатып алып, «мына сарай шәрілер тағы да менікі болды» деп кетіп қалыпты. Алдияр патша төртінші жерге көшіп барып, орналасып алыпты. Күндердің күнінде Мұхтар патшаның алдына екі адам дауласып келеді. Сондағы даулары екеуінің жетелеген екі биесі бар, екеуінің арасында құлыны бар. Биенің екеуі де қара түсті екен де, арасындағы бір құлыны ала құлын болып туылыпты. Ол құлын екі биені емеді, екі бие бір құлынға де иеді екен. Дауласып келген екі адамның екеуі де менің биемнен туған, менің құлыным дейді. Патша сұрап қараса, екі биеде өткен туған, биелер туғанда биелерінің туғанын екеуіде көрмеген. Күндізінде екі бие бір құлынды тең емізіп жүргенінде бірақ көріпті. Дау осыдан әділ патша екеуінің қайсысына бұйырып берерін біле алмай, қайран болып отырғанда, бір жас бала отырып:
– Ой, құдай-ай осынша адам осы құлынның қайсы биеден туғанын айырып бере алмай отырғанын қарашы. Егерде біздің Алдияр патша болса, бұл іс бағана-ақ шешіп берер еді, – депті. Сонда патшамен бірге отырған уәзірлер:
– Ой, енеңді... былжыраған бала, елдің басы қатып отырғанда былжырамай отыр әрі, – деп ұрысып тастапты. Бала:
– Ұрыссаңыз ұрыса беріңіз, бірақ та біздің Алдияр патша болса, бұл бүйтіп бөгеліп отырмас еді, – деген сөзін айтыпты. Бұл сөзді естіген Мұхтар патша:
– Ей, бала осы істі сендердің патшаларың шеше ала ма, – деп сұрапты. Сонда бала айтады:
– Тақсыр, біздің Алдияр патшамыз болса, бұл істі бағана-ақ шешіп тастар еді, – депті.
Сонда хан:
– Не деп болмас, – деп бір адам жіберіп, жеті жастағы бала патша Алдиярды шақыртып алып, болған жағдайды түсіндіріп:
– Балам, бұл туралы сен не дер едің, – депті.
Сонда балалар патшасы:
– Бұл іс көп ойланарлық іс емес қой, – депті де, бір шыны су алғызып, құлынды ұстап тұрып, құлағының ұшынан кесіп, шыныдағы суға үш тамшы қанды тамдырып жіберіп, биенің бірінің құлағынан үш тамшы қанды шыныдағы суға тағы да тамызып жіберіп, суға қарап, «мына құлын мына биеден тумаған» депті. Содан кейін тағы да бір шыны су алдырып, құлынның құлағынан үш тамшы қан тамызып, енді ана бір биенің құлағынан үш тамшы қанды шыныға тамызып, шыныдағы суға қарай салысымен-ақ «мына құлынды тапқан осы бие екен», – депті.
Сонда жиналған халық:
– Балам-ау, мұны қайдан ажыраттың деп сұраған екен.
Бала тұрып:
– Өз енесінің қаны су ішінде өзі құлынын қанымен бірге қосылып кетеді, өзі таппаса екеуінің қаны су ішінде қосылмай, екі бөлек жүреді депті. Содан кейін көпшілік болып, екі шыны суға қараса, Алдиярдың айтқанындай болып шығыпты. Құлынды өз иесі алып қайтыпты.
Сонымен енді бір күндерде Мұхтар патшаның алдына екі адам дауласып келеді. Сондағы даулы істері бес жасар атан түйеге екі адам таласып келген екен. Екеуі де өз қолынан боталатқан, менің пәлендей інгенімнен туған, аузын үріп аяғын, сыпырған түйем деп екі адам бір бесті атанды жетелеп келіпті. Мұхтар патша әрі-бері сұрап көрсе, екеуі де өз түйесінен туғаны үшін бірнеше адамдарды куәға тартып, өз сөздерін жөн қылып болмаған соң, патша шариғат айырсын деп қазыға жіберген екен. Қазы әрі-бері сұрап көріп, екі жағында жанға келтірген өз түйемнен туғаны үшін жанымды берем. Екеуі де тоқталмастан жанын беріпті. Бірақ мұны Қазы да ажырата алмай, ақыры патшаның алдына келіпті. Патша даулы түйені қайсысына бұйырып берерін білмей, таң-тамаша болып отырғанда, тағы да бір жас бала тұрып:
– Мұны біздің Алдияр патшамыздан басқа кім ажыратады дейсіздер, – депті. Сонда патша тұрып:
– Балам, сен Алдияр патшаңды шақырып келші, сендердің патшаларыңды да көрелік, – депті. Сонда әлгі жас бала жүгіріп барып, өзінің Алдияр патшасын ертіп келіпті. Алдияр екі жағын сұрап көріп, бұл атанның тапқан енесі бар ма деп сұрағанда, екеуі де «енесі бар-бар» депті. Алдияр «екеуіңіз де енесін алып келіңіздер» деп бұйырыпты. Жиналған ел бұл бала қайтер екен деп қарап отырғанда, екеуі екі інгенді жетелеп келіпті. Алдияр екі түйені арқан бойы жерге ұстатып тұрып, бесті атанды жықтырып, төрт аяғын мықтап байлатып алып, атанның санын қылшылбырмен бұратыпты. Шылбыр атанның санын қиып, атан түйе бақырып, боздап кеп ышқынғанда жерде ұстап тұрған екі түйені қоя беріңдер деп бұйырыпты. Сонда екі түйенің бірі боздап келіп, күндегі дауысымен боздап жатқан атанның үстіне түсе қалыпты. Сонда Алдияр «атан мына түйеден туған» депті. Отырған ел бала патшаның қазылығына қайран қалыпты.
Тағы да бір күндері патшаның алдына 10-11 жастағы екі қара баланы ертіп, бір кісі келіпті. Тақсыр, мына баланың бірі менің өз балам, бірі менікі емес. Бүгін таңертең балам жататын төсекте екі бала жатыр, қарасам, түрлері, киімдері, мінез-құлқы, сөздері, бәрі бірдей. Менің өз балам қайсың десем «екеуі де сіздің балаңыз менмін» дейді. Сонымен, өз баламның қайсысы екенін біле алмай, сіздің алдыңызға келіп тұрмын, – депті. Патша екі баланы жекелеп алып, өткен уақыттағы істерін сұрап көрсе, екеуінің сөзі бір жерден шығыпты. Патша әрі-бері сұрап-сұрап, ешқандай сезік таба алмай, ақыры лажсыз болып, осыған «бала патша Алдияр не дер екен», деп оны шақыртып алып, мән-жайды түсіндіріп беріпті. Алдияр сонда:
– Бұл іс бас қатырарлық іс емес қой, – деп, бір бос бөтелкені алғызыпты да, бөтелкені өзі ұстап тұрып, екі балаға айтыпты:
– Балалар сендердің қайсыларың мына кісіден туған болсаңдар, соның осы мен ұстап тұрған бөтелкеге кіріп кетесіңдер, – депті. Екі қара баланың бірі секіріп келіп, бөтелкенің ішіне кіріп кеткенде, бала патша бөтелкенің аузын бас бармағымен баса қойыпты да, әлгі кісіге:
– Әне, қасыңызда тұрған сіздің балаңыз, мына бөтелкедегі сізді алдап жүрген шайтан, – депті. Сонымен жиналған халық қайран қалыпты. Мұхтар патша халықты жинап алып:
– О, халайық, жеті жасар Алдиярдың ақылы менен әлдеқайда артық екен. Сол үшін бүгіннен бастап бар патшалығымды осы балаға өткіземін. Бұдан былай сіздердің патшаларыңыз мына жеті жастағы Алдияр, – депті. Сонымен Алдияр бала жеті жасында таққа отырыпты.
20. Жас баланың сапары
Әңгіменің басы баяғыда бай бопты дейді. Сол байдың жалғыз баласы болыпты, бір қызы болыпты. Сол бай соншалық бай бола тұрса да шығынсынып бірде-бір қолына жұмысшы ұстамайды. Бар малды сол жалғыз баласы бағады екен. Басқа байдың баласы мінгені жорға, кигені торқа, көргені ойын-сауық серуендеп жүреді екен. Соларды көріп іші күйген бай баласы ашуланып бір күиі өріске бір қойдың аяғын байлап тастап кетіпті. Кешіне қойды айдап келгеннен кейін барлық қойды бай екі бұтының арасынан санап өткізіпті. Содан бір қойы кем болған бай ашуланып, баласын түні бойы ұрыпты. Ертесіне малға барғанда екі қойдың аяғын буып тастап кетіпті. Кешіне бай малын санаса, тағы екі қой жоқ болып шығады. Содан бай ашуланып баласын қуып жіберіпті, Қойдан кұтылған баласы қуана-қуана кете береді. Бала осы бетінде келе жатса, жолда керуендер кездесіп, керуен басшысы баланы «бізге жұмысшы бол», – деп азғырады. Оған бала:
– Ағатайлар, маған жандарың ашыса, жол көрсетіңдер. Мен өзім де құлдықтан қашып келемін, – деді. Сонда керуендер:
– Мына жолмсн жүрсең елді-күнді жерге барасың, – деп оң жолды көрсетеді. Ал мына жолмен жүрсең, елсіз-күнсіз жерге кетесің, – деп ортаңғы жолды көрсетеді. Ал, – дейді керуен, енді мына жолмен жүрсең ит тұмсығы батпайтын қалың орман тоғайға барасың, – деп сол жолды көрсетті.
Міне бала енді қалың ойға түсті, «Елді-күнді жерге барғандағы көргенім құлдық па», – деді. «Ал елсіз-күнсіз жерге барсам кұр босқа өліп қалармын», – деп, қалың орман жағымен жүріп кетеді. Сөйтіп жүре-жүре бұл бала орманға да жетті. Қабырғасы қатпаған жас бала орманды аралап көп уақыт жүрді. Бір күні қалың ағаш ішінде тұрған үлкен сарайды көреді. Аяңдап осы сарайға келсе, бір сарайда арғымақ аттарды көреді, байлаулы тұрған, оны ұстауға алдына барса тістеп, артына барса теуіп маңайына жуытпайды. Екінші бір үйіне кірсе, бір қазан аң еті асулы тұр екен. Төрде семсер ілулі тұр екен және киім-кешек ілулі тұр екен. Міне, бұл бала етке тойды. Сөйтіп отырғанда даладан дүбір дауыс естіледі де бір-біріне: «Кірші үйге, адамзат иісі шығып барады», – дейді. Бала төрдегі семсерді жазып алып бұлар кіретін босағаға тығылып тұра қалды. Сөйтсе бұл келгендер жезтырнақ деген жалмауыз екен. Сөйтіп жезтырнақтың біреуі кіре бергенде оны семсермен бала басын шауып тастайды. Біраз кідірген соң екіншісі кіреді. Бала көп ойланбастан оның да басын алып тастайды. Сөйтіп бір уақытта бір дәу жерді дірілдетіп, «әлгілер өздері жеп қарық болып жатыр-ау, а» деп, аттан түсіп есіктен кіре бергенде бала да түрінен қорқып жүрексініп, семсерді сілтеп қалғанда, семсер тура тимей бір шекесін ғана алып түсіпті. Сөйтіп қайта оралып балаға тап бергенде бала семсермен тағы бір ұрып жығып, шала өлтіріп, бір кілеттің ішінде зындан бар екен, сол зынданға бәрін тастап төбесін жауып тастайды. Сөйтіп, бала жезтырнақтың тұқымын құртып, енді өзі емін-еркін жезтырнақтың киімін киіп, семсерін алып арғымақтардың қасына келсе, еш арғымақ тимейді. Міне, сөйтіп осы жерде бірнеше жылдар аң аулап тұрады. Бұл сарайдың төңірегіне аңның етіп толтырады. Енді баланың өзі жалғыз жүріп жалығады да оған бір ой түседІ. Ол еліне барып қайтпақшы болып бір арғымақты ерттеп, бір қоржынға етті толтырып еліне қарай жүріп кетеді. Сөйтіп бұл бала еліне жақындаған сайын еш адам немесе мал көзіне түспейді. Ол әкесінін жеріне келгенде үйілген ақ сүйектен басқа еш нәрсе көзіне түспейді. Өзінің қыстауына келсе, қыстауын сүйек басып жатыр екен. Еш адам көзге түспепті. Сөйтіп дел-дал болып тұрғанда қасындағы өзеннен бір-екі әйелдің шаңқылдап ұрысқан дауысын естіп сол өзенге қарай арғымағын жетелеп келсе, шөптен жасаған жаман күркенің ішінде шешесі мен қарындасы бір кішкене ішекке таласып отыр екен. Қастарына келгенде шешесі танып баласын құшақтап:
– Құлыным, сен жүрген құт екенсің, сен кеттің, басымыздағы құт кетті. Ашаршылық туды. Малдың бәрін бітірдік. Енді түк таба алмай сасқан соң, ішекке таласып отырмыз, – деді. Сол жерде бала етке тойғызып, арғымаққа мінгізіп орман ішіне алып кетті. Орманда өзі мекендеп жүрген жерге келіп ғұмыр сүріп тұра береді. Күндерде бір күні бала бар сарайдың кілтін беріп:
– Мына сарайдың бәріп ашып көре беріңдер, біраң мына сарайды ашпа, – деп жезтырнақ жатқан сарайды көрсетті. Жарайды, ашпаймыз, – деп, қарындасы мен шешесі қала береді. Баласы аң аулауға кетті. Сөйтіп кемпір қызымен екеуі бар сарайды аралап көреді. Неше түрлі қызықты заттар, алтын, ділдә көп екен. Соның бәрін көріп болған соң бір күндері ерігіп отырып бір-біріне «бұл бізге мына сарайды неге ашпа деп кетті, кел осыны ашып ішінде не бар көрейік» – деп, ақыл қорытып алды да, келіп ашса, сарайдың ішінде зындан бар екен. Сол зынданнан бір ыңырсыған дауыс шығады. Тыңдап тұрса «баласы жоққа бала болам» – деді. Сол арада кемпір:
– Аулақ әрі, өзімнің де балам бар, – деді.
– Ендеше, байы жоққа бай болам, – деді. Сол кезде кемпір арқан тастап жезтырнақты суырып алады, төбесінде жалғыз көзі бар екен. Міне, осыны үлкен кебеже сандық бар екен, соған салып асырады. Жезтырнақ семірді. Кемпір жезтырнақтан екіқабат болып бала көтерді.
Күндердің бір күні кемпір ішін білдірмей жүріп босанатыи күні жақындап қалды. Енді кемпір жезтырнақпен ақылдасты. Жезтырнақ оған мынандай ақыл береді:
– Сен босанғаннан кейін апарып балаңның келетін жолына таста. Ол саған әкеп асыратады, – деді. Сөйтіп бір күндер өткенде кемпір босанып ұл тауыпты. Оны бір нәрсеге орап баланың келетін жолына апарып тастапты. Сөйтіп бала аңнан қайтса, жолда жатқан баланы көреді. Қасына атымен жақындап келіп, «шайтан ба, алдене» деп күдіктеніп келсе, адамзаттың баласы екен. Және өзі еркек бала екен. Сол арада бала ол жатқан кішкене баланы аттан түсіп, көтеріп алдына алып үйіне әкеп, есік алдында тұрып айқайлайды:
– Апа, апа, бері келші. Мен өзіме бір іні тауып әкелдім, – дейді. Сол кезде шешесі:
– Тарт ары, айдаладағы не еткен бала, шайтан шығар әкеп тұрғаның, – депті.
Баласы:
– Жоқ, апатай, адамзаттың баласы, өзіңіз шығыңызшы, көріңізші, – деді. Сол кезде шешесі шығып көріп, түк білмеген кісідей:
– Япырай, шын адамзаттың баласы екен, – деп қолына алып үйге кіріп жуындырып, сол баланы асырай береді. Міне осымен талай жылдар өтті. Жас бала ер жетті. Бұл бала екі-екі жарым жасқа келгенде, жөнді сөйлей алмай жүрген кезінде, ағасы аңға кеткенде жезтырнақ шығады екен. Бір күні соны көріп қалыпты. Ағасы аңнан келген кезде, ағасының алдында отырып:
– Аға, ай-ой, деп төбесін көрсетті. Оны ағасы елеп ескермейді. Ал баланың төбесін көрсету себебі, жезтырнақтың төбесінде жалғыз көзі бар екен, міне, бала «ай» деп төбесін көрсету себебі осы екен. Баланың ол айтып отырғанын залым кемпір бәрін түсініп отырыпты. Міне бұл жолы баласы аңға кеткенде кемпір жезтырнақты шығарып алып, жас бала қасында отырғанда жезтырнаққа:
– Мына балаң бәрін білетін болды. Енді біраз уақытта ана қуға бәрін айтатын түрі бар», – депті. Сол кезде жезтырнақ ол кемпірге ақыл айтыпты:
– Сен, бала аңнан келерде сусын орнына у езіп бер. Содан ол улап өледі. Сонан кейін өзіміз емін-еркін өмір сүреміз, – депті. Міне осы айтқан ақыл кемпірге едәуір жігер береді. Ол баласының келуіне қарсы у езіп дайындап отырады. Ал енді бұл баланың әдеті аңнан келгеннен кейін інісін алдына алып бетінен сүйіп, төсіне шығарып, сонан кейін барып сусын ішеді. Міне сүйтіп күтініп отырған жерге қарсы бала да аңнан келіп жетеді. Атын байлап жайланып, үйге кіріп, шешініп отырып, інісін шақырып алдына алып, бетінен сүйіп төсіне шығарып отырып:
– Апа, сусын берші, – депті. Сол арада шешесі езіп қойған уды әкеп береді. Алдында отырған жас бала быж-быж етіп бірдеңе-бірдеңе дейді. Оның сөзіне түсінбеген ағасы оның не деп отырғанын елемей қолына тиген уды сусын деп ауызға жақындата бергенде алдында отырған інісі у құйған аяқты қағып жіберіп, төгіп тастайды. Сол арада шешесі:
– Ей, антұрған, шөлдеп келген ағаңның сусынын ішкізбей неғып құтырып отырсың? – деп, қалған уды езіп, жуып-шәйіп қайтадан әкеп беріпті. Жас бала мұны да ішкізбепті. Сөйтіп үшке дейін ішкізбей төртінші рет ішкізіпті. Міне, сүйтіп ағасын бір ажалдан алып қалыпты. Сөйтіп аңшы бала ертесіне аңға кетіп, сары уайымға түсіп, ой ойлайды. Өйткені сарай төңірегі толған аң еті азайып қалды. Бір жезтырнақ бір жегенде қырық аңның етін бір-ақ жейді екен. Баланың күні-түні ойлайтыны «жалғыз шешем мен қарындасым мұншалық ет жеуге мүмкін емес, бұл ет қайда кетіп жатыр» деген уайым, оны жүдетіп барады.
Сөйтіп енді үйде қалғандарға келейін. Бала аңға кетті. Шешесі жезтырнақты шығарып алды да:
– Мына бала бәрін білді. Уды ішкізбей қойды. Енді не істейміз, – дейді. Сонда жезтырнақ:
– Ендеше, мен тығылмай-ақ қояйын. Өзім онымен айқасып көрейін, – деп балаиың келуін күтіп отырды. Сөйтін бір уақытта аңшы бала да аңнан келіп жетеді. Байқаусызда дайындалып отырған жауыз бала кірген жерден-ақ айқаса түседі. Сөйтсе де баланың да күші басым екен, еркіне көнбей жүр, аңшы бала жаумеи алыса жүріп шешесіне өтініш айтады:
– Ардақты ана, – деді ол, он ай омыртқаңды үзіп тапқан балаң едім ғой, не көмегің бар көрсететін дегенде, шешесі:
– Бірің өл де, бірің қал, жұмысым аз, – деп жауап беріпті.
Содан бала қарындасына арыз айтады:
– Затың әйел болса да бір анадан туған туыс емес пе едің. Не жәрдемің бар көрсететін? – дегенде, қарындасы:
– Бірің өл де, бірің қал, жұмысым аз, – деп жауап беріпті. Ал ендігі қалған жас інісі шырылдап жылап аяғына оралып жүр. Қолынан келер қайрат жоқ. Ол кезде аңшы ағасы:
– Көкешім, менің қалтамда алтып кездік бар. Соны ал да аяғын ұр, – дейді. Сонда інісі қалтасындағы алтын кездікті алып, жезтырнақтың тірсегін тапса, екі аяғын қиын түсіпті. Міне, осы інісінің арқасында жезтырнақты өлтіріп, шешесі мен қарындасын екі көзін ойып алып орманға тірідей қаңғыртып жіберіп, інісімен екеуі ғұмыр сүріп тұра беріпті. Бірақ та інісінің түбі жезтырнақтың тұқымы екенін сезді. Бірақ сыр бермей інісін асырап жүре береді. Сөйтіп бірнеше жыл өтіпті. Жас інісі де ер жетіп күндердің бір күні ағасы күдіктеніп, ойына қорқыныш кіріп, інісінің күшін сынамақ болады. Сөйтіп бір күндер өткенде ағасы тұрып інісіне:
– Көкешім, айдалада қалың орман арасында екеуміз ғана, әбден ішіміз пысты ғой. Келіп екеуміз атысып ат үстінен тартысып ойнайық, – деді.
Інісі:
– Ұят болады, аға, сізбен алысып ойнағаным, – депті.
Сол кезде ағасы:
– Еш нәрсе етпейді. Ұят болатын бұл арада ешкім жоқ екеуміз-ақ қой. Кел! – деп болмапты. Ағасы болмаған соң інісі өзіне арналған киімді киіп, өзіне арналған арғымақты мініп, ағасымен екеуі тартыса түседі. Міне, сол-ақ екен көпке жібермей-ақ ағасын көтеріп алып өз артына мінгізіп алыпты. Сөйтіп ағасы інісінің күшінің асқанын білді. Міне, осы уақыттан бастап бала да ағасына еріп аң аулай бастады. Әрине, аңнан келген кезде аулаған аңдарды қарасаң бала ағасынан екі есе көп аулап әкелетін болды. Сөйтіп әр уақытта ағасы бұл бала жезтыриақтың тұқымы. Менен мұның күші асып түсті. Бұл мені бір күні бір қатерге ұшыратар. Онан да мен осындайда бұл пәледен құтылайын» деп, қалың ойға түсті. Сөйтіп бір күні інісін шақырын алды да оған былай деді:
– Қарағым, айдалада екеуден-екеу болып босқа өмір өткізгенше мен ел жаққа барайын, сөйтіп саған жеңге тауып келейін, – депті.
– Оның жақсы, аға, жеңге әкелсең жаман болмас. Аға, қарсылығым жоқ, әкеліңіз, – депті інісі. Міне. сөйтіп ағасы дайындалып азық-түлігін алып, атқа мініп інісімен қоштасып жүріп кетті. Ағасы анадай жерге кеткенде інісі айқайлап ағасын шақырады. Міне, сол кезде ағасы өте қатты қорықты «қатерге ұшыратайын деп шақырды-ау» деп, – аяндап қасына келгенде інісі:
– Аға, сен болсаң кетіп барасың, мен болсам қалып барам, ал сен онда барып бір қатерге ұшырасаң мен қайдан білем. Мен мұнда бір қатерге ұшырасам сен қайдан білесің, ол үшін келіңіз, семсер айырбастаймыз. Онда барып сіз бір қатерге ұшырасаңыз менің колымдағы сіздің семсеріңізді тат басады. Сіздің бір қатерге ұшырағаныңызды мен содан білем. Ал мұнда қалып мен бір қатерге ұшырасам сіздің қолыңыздағы менің семсерімді тат басады. Менің бір қатерге ұшырағанымды сіз содан біліңіз, – деп, екеуі семсер айырбастап жүріп кетті. Ал енді бұл екеуі бір-біріне өте ұқсас екен, екеуінің бойы да, киімі де, аты да, сөйлеген сөзі де бірдей екен.
Міне, сонымен ағасы ұзақ сапарда келе жатыр. Арғымағының ізі жер ошақтай болып ойылып қалады екен. Сөйтіп ол келе жатып айдалада бір ақ отауды көреді. «Бұл неткен отау айдалада тұрған» деп, оған бұрылып келіп аттан түсіп, атты белдеуге байлап үйге кірсе, үй ішінде ай мен күндей болып бір қыз отыр екен. Онымеи амандасып, жөн сұрасып болғаннан кейін тамақтанып, сусындап жайланып отырғаннан кейін ол жігітке:
– Ой, сорлы, сен мұнда неге келдің? – десе, жігіт:
– Несі бар, – депті.
Сол кезде қыз:
– Менің ағайым бар, ол келіп қалып сені көрсе, тірі тастамас, – депті.
Жігіт маңғазданған пішінмен:
– Е, не де болса уақытында көрерміз, – деп отыра беріпті. Әрине, бұл екеуі бір-біріне өте ғашық болып қалды. Жігіт әлгідей дегеннен кейін қыз тұрып:
– Ал тәуекел, олай болса менің бауырым келген кезде сен далаға шықпа. Сен үшін өзім шығып жазасын берейін, – депті.
– Жарайды, – деп жігіт жата береді. Әрине, бұлар бауыры келгенше жайласып, сөйлесіп, сөздің түйінін әбден пісіріп алады. Бұрынғыдай емес ғашықтық оты қосылып та қалды, сөйтіп отырғанда үйдің төңірегі сілкінгендей болды.
Жігіт:
– Бұл не? – дегенде, қыз:
– Бұл менің бауырым келе жатыр, – депті. Өйтіп-бүйткенше бауыры да келіп жетті. Үйдің сыртына келіп:
– Мұнда кім бар, шық! – деп айқай салғанда, үйдегі жігіт дауысына шыдай алмай орнынан көтеріліп түсті.
Сол арада қыз өзі шығып:
– Өзіңізге серік бар, – депті.
Сонда бауыры:
– Шын серік болса шықсын, – депті. Жігіт сол кезде жүгіріп шығыпты. Міне осы арада екеуі танысып, құшақтасып амандасып жайбарақат үшеуі тұра береді. Бір күні таңертең ерте тұрса, үйдің ішіндс бір айдың сәулесі түсіп тұр екен, жігіт қызды оятып:
– Мынау айдың сәулесі не? – деп сұраса қыз оған:
– Бұл осы арадан бірсыпыра жерде тұрады. Жалмауыз кемпір бар, оның бір қызы бар, ол екеуміз доспыз. Сондықтан менің сәулем оған, оның сәулесі маған түсіп түрады, – депті. Міне, сонан кейін ол жігіт тұрып атын ерттеп сол жалмауызды іздеп жүріп кетеді. Ол жалмауыздың мекеніне жақындаған кезде жалмауыздың қызы ағаш басында қарауылдап тұрады екен. Келе жатқан кісіні көріп:
– Апа! Апа! – деп айқай сапты.
Сонда кемпір:
– Әй не, неге айқайлайсың? – десе, қыз:
– Қара бөрікті, қара арғымақты бір кісі келеді. Қайтсе де сені өлтіреді. Мені алады, – депті. Сонда кемпір:
– Сандалма, тыныш отыр. Мені жезтырнақгың тұқымы болмаса ешкім ала алмайды, – депті. Сөйтіп арғымақты кісі жетіп келген жерден сиқырмен оқып, қол-аяғын байлап көгенге көгендеп тастапты. Мыңдаған адам жатыр бәрі бір соның қызы үшін. Ал енді бұл осы көгенде жата тұрсын, енді орманда қалған інісіне келейік. Ағасының семсерін інісінің қолында қалған тат басыпты. Міне осы кезден-ақ ағасының бір қатерге ұшырағатнын білді де, інісінің ұйқысы қашып, асы бойына тарамайды. Сөйтіп ол дайындалып ағасын іздеп жолға шықты. Әрине ол іздегенде тура арғымақтың ізіне түсті. Сол арғымақтың ізі алған күйінде алып баяғы ақ отауға әкелді. Ақ отауға жетіп келсе, ай мен күндей сұлу қыз бауырымен екеуі аттан көтеріп үйге кіргізіпті. Әрине, бұл қыз баланың ағасын да өстіп сыйлаушы еді. Енді бұл баланы сол өзім тнген күйеуім деп ойласа керек. Ал бала еш сыр бермей отыра береді. Бірақ бұның ойы «менің ағайымды осылар бір қатерге ұшыратса керек» деп отырады. Сөйтіп отырғанда қыз тұрып:
– Сен бұл жолы неге сонша кешіктің? – депті. Сол кезде сыр бермеген бала:
– Көп жер араладым, – деп жауап берді де, ішінен: «Менің ағайым басқа жаққа барып бір мәлеге ұшыраған екен», – деп ойлады. Сөйтіп кеш болды, төсек салып жатуға келгенде екеуіне бір-ақ төсек салды. Сонда да бала сыр бермей жата берді. Таң ата бала оянса бір айдың сәулесін көреді. Сонда бала тұрып:
– Мына сәуле не? – десе, қыз:
– Әнеугүні айтып едім ғой, – депті. Сонда бала:
– Ой, онда бір ой ойлап отырып түсінбеппін, – депті.
– Ендеше, осы арадан бірсыпыра жерде жалмауыз кемпір бар. Оның жалғыз қызы бар. Ол екеуміз доспыз. Оның сәулесі маған, менің сәулем оған түсіп тұрады, – депті қыз. Сол кезде бала ішінен:
– Иә, менің ағайым сонда болып бір қатерге ұшыраған екен, – деп, атын ерттеп мініп, арғымақтың ізімен тағы жүріп кетеді. Сөйтіп жалмауыздың мекеніне жете бергенде қыз тағы да:
– Апа, апа! – деп айқай салады.
– О не? – депті шешесі. Қызы сонда:
– Қара бөрікті, қара арғымағы бар біреу келеді. Арыны нашар, кайтсе де сені өлтіреді. Мен алады, – депті. Сонда кемпір:
– Сандалма, мені жезтырнақтың тұқымынан басқа адам ала алмайды! – депті. Сөйтіп бала да жетті. Кемпір де сиқырын оқып тұра жүгіреді. Бірақ та сиқыры бұл баланы алмайды. Сөйтіп бала келіп төбе шашынан ұстап алып, ұрып-соғып ағасын таптырып, ол ағасын қалпына түсіртіп, көгенде жатқан елдің бәрін босатып, кемпірді өлтіріп, дүниесі мен қызды алып ағасы екеуі қайтыпты. Міне содан кейін баяғы ақ отауға келеді. Ағасы мен екеуі қатар келіп тұра қалса, баяғы қыз бен ағасы екеуі шығып қайсысын түсіріп аларын білмей аң-таң болып тұрады. Сонан соң екі жігіт күліп өздері түседі. Сөйтіп жайланып отырғаннан кейін баяғы ағалы жігіттің інісі, кішкене шынтақ саусағын шүберекпен түбінен байлап ағасына:
– Аға, мына шынтағымды шауып тасташы, – дейді.
Сонда ағасы:
– Қой әке, жазым болады, – депті.
Сонда інісі:
– Осыны шаппасаң сізге риза емеспін, – дейді. Тіпті болмаған соң ағасы шынтағын шауып тастапты. Сонда інісі:
– Міне, енді мен күнәдан бек болдым, ана кезде мен келіп қонғанда, мені сіз екен деп жеңгем қасына алып еді. Сонда осы шынтағыммен ғана тіреп жатып едім, денем тиген жоқ еді. Міне, кінәлі осы шынтақ еді. Енді күнәдан аулақ болдым, – депті. Сөйтіп жалмауыз кемпірдің қызын өзі алып, ағасы ана қызды алып неше күн ойын, неше күн тойын жасап жақсы өмір сүріп тұра беріпті.
21. Самархан хан
Ерте замандардағы өткен ғасырларда дүниеде өмір сүрген аңшылықпен күн көрген ауқаты жақсы бір кемпір мен шал болыпты. Олардың жасы қырық пен елуден асқан. Қолы қандай жақсы болса да олар ешқандай жас нәресте көрмепті. Күндерде бір күн өткеннен кейін кемпір жүкті болып қыз тауыпты. Арасына бір жыл аралатып тағы жүкті болыпты, бұл жолды еркек бала тапты. Сүйтіп кемпір-шал баласының атын Самарқан қойыпты. Міне, Самарқан осымен өсіп, ержетіп келеді. Әке шешесі оны өте жанындай көреді, ол бала өскен сайын ақылды болады. Неше түрлі өнер шығарады, жасы толғаннан кейін оқуға береді, ол оқуды өте жақсы оқитын болады. Күндерде бір күн өткеннен кейін Самарқанның әкесі аңға кетеді. Ол ұйықтап жатып тәңертең ерте тұрып тамақ жасап жүрген анасын шақырып, «апа мен бір түс көрдім», – деді. Анасы:
– Я, қарағым айтып жібер, мен жорып берейін, – деді. Анасының бетіне тесіле қарап Самарқан жақтырмаған дауыспен:
– Түсімді ендеше саған айтпаймын, – деп тұрып киіне бастайды. Бұрын мұндай сөз баласынан естімеген анасы қатты ашуланды да баласын ұрып тастады. Ата анасынан мұндай соққы тұрмақ қатаң сөз естіп көрмеген Самарқан анасының ұрғанын қатты кек көреді де тамақ ішпестен қағаз қаламын алып үткеліне жөнелді. Дәл осы күні Самарқанның әкесі де аңнан қайтқан екен. Жылап келе жатқан баласы Самарқанға қарсы жолығады, жанындай жақсы көретін әкесі баласының жылағанын көріп жаны шығып кете жаздады, аттан қарғып түсіп құшақтап алады:
– Қарағым кім тиді саған, неге жыладың сен?, – деп сұрады. Сонда баласы өксіп жылап тұрып:
– Мен апама түс көрдім деп едім, я маған айт жориын деді. Мен ендеше айтпаймын деп едім, мені ұрып жіберді, – деді. Баласы сөзін айтып болысымен әкесі жұлып алғандай:
– Я қарағым ендеше маған айтшы, түсіңді мен жорып жіерейін, – деді әкесі. Жақтырмаған көзімен ақырая бетіне қарады да, Самарқан әкесіне:
– Ендеше саған да айтпаймын түсімді, – деді. Әкесі көп ойланбастан-ақ:
– Саған бір әдет бітейін деген екен, жоқ менімен ойнағың келді ме, – деп баласын қамшымен шықпыртып соғып қуып жібереді. Одан жаман жылаған баласы оқу оқитын жеріне жақындап, өксігін тиып оқуына келеді. Сабақта отырғанда көңілсіз отырған Самарқанға қарап басқа балалар да көңілсіз отырады. Сол кезде сабақ беріп отырған Молдасы байқап отырып Самарқанды тұрғызып:
– Сен неге бүгін көңілсіз отырсың, күнде мұндай емес едің, бүгін саған не болды, айтшы шыныңды, – деп Молда жанын қоймаған соң бала баяғы көрген түс туралы бар сырын айтады. Сол кезде Молдасы:
– Ондай болса маған айтшы, мен жориын, – деді. Самарқан адырайып оның да бетіне қарады да:
– Ендеше саған да айтпаймын, – деді.
Сонда молдасы:
– Ә, сен мені мазақтап отыр екенсің ғой, – деп, шығарып алып құйрығынан шыбықпен 25 дүре алып далаға қуып жіберіпті.
Сонымен далаға шығып алып, көше бойлап зар қағып келе жатса алдынан патшаның уәзірі шығады. Ол жылап келе жатқан баланы көріп, ұстап алып:
– Сен неге жылайсың? Кім саған тиген, – деп баладан сұрап еді, бала бар әңгімесін бастан аяқ айтып берді. Сонан кейін уәзір:
– Бір түс үшін сонша қорлық көріпсің, сонша неткен түс соның, мен жорып берейін, – депті уәзір. Сонда уәзірдің бетіне адырая қарап:
– Ендеше саған да айтпаймын түсімді, – деді бала. Уәзір ашуланып баланы ұрып-ұрып апарып зынданға тастап, жауып тастапты. Күндерде бір күн өткенде патшаның жалғыз қызы ойнап жүріп зынданның төбесінде кеседей тесігі бар екен, содан қарап тұрған баланың көзіне көзі түсіп кетеді де жүгіріп келіп қараса, өзі құрбы жас бала екен.
– Сен не істеп жатырсың мұнда? – деді қыз.
– Мені мұнда патшаның уәзірі әкеп жауып қойды, – деді бала. Ал сен кімсің деді бала? Сонда қыз:
– Мен осы патшаның жалғыз қызы едім, – деді. Міне осы күннен бастап екеуі бір-біріне ғашық болады. Ол қыз күнделікті тамақ әкеліп беріп тұрады. Міне сүйтіп бала осы зынданда жеті жыл жатады да, қыз оған күн сайын үш рет келіп тұрады. Ол бала туралы ешкім білмейді, баланы тастаған уәзір ауысып кеткен. Күндерде күн бір күні қыз келмей қалады да ертесіне келеді. Сонда бала қызға:
– Кеше сен неге келмедің? – деп сұрақ қояды. Сонда қыз қатты күрсініп төмен қарап:
– Несін сұрайсың, менің әкемнің басына ауыр жағдай туды, – деді қыз. Бала:
– Е не ауыр апат екен, айтшы маған, – деді. Сонда қыз тұрып:
– Баяғы сені зынданға салған уәзір барып орналасқан патша қабар жіберіпті, және бір таяқ беріп жіберіпті. Таяқтың бас-аяғы бірдей, осы таяқ алғаш ағаш болып шыққанда басы қай жақ, түбі қай жақ, соны тапсын, соны таппаса елін шабам, – деп жатыр деді қыз. Бала сонда:
– Уайымдап жүргенің сол ма, ол таяқты тау басынан домалат. Таудың етек жағына қарап түскен жағын түбі деп беріп жіберсін, – деді бала. Ол ақылды қыз әкесіне айтыпты, әкесі қызы айтқандай етіп таудан домалатып етекке қараған жағын белгілеп беріп жіберіпті. Оны ол патша «дұрыс» деп тауыпты. Содан бір күндер өткенде қыз тағы келмей қалып ертесіне келеді. Самарқан қызға:
– Неге кеше келмедің, – дегенде, қыз:
– Ой несін айтасың, әнеу күнгіден де жаман жағыдай болды, – деді.
– Я, тағы не болып қалды, – деді Самарқан.
– Не болды дейсің, баяғы сол патша екі сарала сиыр беріп жіберіпті. Сол екеуінің де бойы да, түрі де бірдей, соның анасы қайсы, баласы қайсы? Соны тапсын депті патшасы, елін шауып аламын, – деп жатыр деді. Сонда Самарқан мұртынан күлді де:
– Сол ма, ол да оңай іс, – деді. Ол екі сиырды шөлдетіп алсын, сонан кейін суға қарай айдасын. Ең алдымен суға тұмсығын тигізгенін анасы десін, – деді Самарқан.
Оны естіген қыз әкесіне осылай істе деп айтып берді, әкесі қызының айтқанын істеді. Алдымен тұмсығын суға тигізген сиырды анасы деп белгілеп беріпті. Ол патша оны тура тапты деп тауыпты. Бір неше уақыттар өткеннен кейін қыз тағы да келмей қалады, ертесіне тағы келеді. Самарқан:
– Оған кеше неге келмедің? – дегенде.
– Ой не қыласың, басымызға айтылмастай күн туды, – деді қыз.
– Айтыңыз нендей жағыдай, – деді Самарқан. Сол кезде қыз:
– Баяғы патша елімізді шабамыз, – деп жариялапты деді.
– Не үшін шаппақшы екен, – деді бала. Қыз сонда:
– Менің әкемнің бір айғыры кісінесе, ол патшаның жүз биесі құлын тастапты. Міне бар амалы осы, – депті қыз. Самарқан ойланып отырып:
– Бұл жағыдайға мен шықпасам табар айла жоқ, – деді. Көп ойланбай әкесіне келді де аяғына жығылып жылап жатып алды:
– Алдағы өткен ақылды мен тапқан жоқ едім. Бәрін тауып жүрген осында зынданда жатқан бір жігіт тауып еді. Ол енді мына жағыдайға мен шықпасам істер айлам жоқ, – деді дегенде, патша:
– Ол қайдан түскен адам, – деп уәзірлерінен сұраса еш адам білмейді. Сонсоң патша «шығарып әкел» деп бұйрық берді. Самарқанды шығарып алып келді. Аты жөнін сұрап алғаннан кейін:
– Бұл зынданға қашан түстің, – деді.
– Мен түскенге жеті жылдан асты, – деді.
– Ал қалай келіп, қалай түскеніңді кейін білерміз, мындай жағдайға істейтін амалың бар ма? Осыдан құтқарсаң тағыма отырып, қызымды аласың, – деп уәде берді патша.
– Олай болса, – деді Самарқан, маған бір-бір атқа мінгізіп жүз жігіт бер, бір серкеш, бір атан түйе бер, сонымен ол патшаны қаратып әкелем, – деді. Самарқанның айтқанын патша түгел берді, ол патшаға Самарқан аттанып жүріп кетті. Бірнеше уақыттар жүріп патшаның жеріне жетіп, үй тігіп орналасып, қасындағы жүз жігітке бұйрық берді:
– Талдан барып бір-бір солқылдаған шыбық кесіп алып келіңдер, – деді. Жігіттер шыбықты кесіп алып келді.
– Ал енді, – деді Самарқан мына шарге кіріңдер, көздеріңе көрінген итті қырыңдар, басқа адам, малға тимеңдер, – деді. Жігіттер Самарқанның айтқанын істеп шардің итін түгел қыра бастады. Бұл уақиға шәрінің патшасына да жетті. Шәрінің патшасы
– Ішіндегі ақсақалын алып келіңдер, – деп бұйрық беріпті. Уәзірі келіп Самарқанға:
– Іштеріңіздегі ақсақалды біздің патша сұрайды, – десе, Самарқан:
– Ішіміздегі сақалды осы, – деп серкешті өңгертіп жібереді. Манағы уәзір серкешті бақыртып қораға кірсе, патша «бұл не» дегенде, «ішіміздегі ақсақал осы» деді тақсыр. Патша:
– Құрт көзіңді, ішіңдегі үлкенін алып кел, – деді. Уәзір қайта келіп, Самарқанға:
– Ішіңіздегі үлкендеріңізді сұрайды біздің патша, – деді.
– Ішіміздегі үлкен осы, – деп атан түйені беріп жібереді. Уәзір атан түйені бақыртып қораға кіргенде, патша:
– Бұл не? – дейді.
– Ішіміздегі үлкен осы деді тақсыр, – деп жауап береді.
– Құрт ұятсыз көздеріңді, ішіндегі қолбасшысын әкел, – деді патша. Манағы уәзір қайта келіп Самарқанға:
– Іштеріңіздегі қолбасшыларыңызды сұрап жатыр, – деді. Сонда Самарқан:
– Ә, ондай болса қолбасшысы мен, – деп атқа мініп патшаға келеді. Патша келген жерде-ақ оған сәлемдескеннен кейін:
– жүгірмек екенсің», – деді. Самарқан:
– Өзің жүгірмек екенсің, – деп жауап берді.
– Мен неге жүгірмекпін, – деді патша.
Самарқан:
– Ал мен неге жүгірмекпін? – деді.
Патша:
– Сен жүгірмек болмасаң менің шәрімнің иті не істеді саған? – деді патша.
Самарқан сонда:
– Сен жүгірмек болмасаң, сенің шәріңнің иті не істемеді, сендердің бір итіңнің ұлығанына менің патшамның жүз қойы қырылып қалды, – деді.
Сонда патша:
– О ақымақ неме, – деді.
Сонда Самарқан:
– Мен емес, сенсің, – деді.
– Ал айтшы мен неден ақымақ болыппын, – деді.
– Ақымақ болмасаң неше мың шақырмым жердегі сенің патшаңның қойы менің бір итімнің ұлығанына қырыла ма екен? – деді.
Сонда Самарқан:
– Ол сенің ақымақтығың мынау неше мың шақырым жерден менің патшамның бір айғырының кісінегеніне сенің биең не ғып құлын тастап жүр, – деді.
Сол кезде патша:
– Я, қарақ жеңілдім, тоқтат еліңді, – депті. Самарқан әмір беріп жігіттерін сонда тоқтатыпты.
Міне осы уақыттан бастап ол патша тағынан түсіп, тағын Самарқанға беріп, қызын әйелдікке береді. Сөйтіп өзінің патшасы да қызын беріп, тағын қоса береді. Сөйтіп Самарқан екі патшаның басын қосып, өзі патша болып, екі әйелді алып, өзінің ата-анасын, әкпесін тауып алып, ғұмыр сүріп бір неше жылдар тұрады.
22. Мұңлық-Зарлық
Баяғы бір заманда бір Шаншар деген хан болыпты. Қырық әйел алса да не ұлы, не де қызы болмапты. Хан бір күні өзі ойланады: «Жасым болса кәрі қойдың жасындай-ақ қалды, әлі қырық әйел алсам да не ұл, не қыз көрмедім. Енді былай деп елге хабарлайын, кімде кім қызым бір ұл, бір қыз табады деп мойына алып, кепіл болса соған қанша мал, алтын, күміс сұраса тоқтаусыз берем деп хабарлайын», – деді. Сонымен ертеңінде елді түгел жинап алып, айтты. Сонымен кедей, жар басында шөптен жасаған тіккен үйде, өзі жасынан ау салып, балық алып күн көрумен келген екен, өзінің жаңғыз қызы бар екен, сонда Жәудір қарт үйіне келе жатып ойлайды: «әттең дүние-ай осы жасым кәрі болып, күшім кетіп тұрғанда қызым көнсе біраз күн кішкене қызық көріп қалар едім-ау, – деп ойлап келе жатып, қой үйге барайында өтірік ыңқылдап ауырып сандырақтап қызыма айтып көрейін», – деп, үйіне келіп, терін сипап ыңқылдап, сандырақтап әрбір нәрсені өзі айта бастады. Сонда қызы:
– Әй әке-ау, сіздің тегін өтірік айтпауыңыз керек жүгір ханға бар, – деп, қызы екі елі дорба беріп, барып ханға айт «қызым бір ұл, бір қыз табады» деп дорба толғанша алтын күміс бер деп ханнан сұра деді. Әкесі жәудір қарт тұра салып ханның үйіне баруға тұра жүгірді. Келе жатып Жәудір ойлайды: «ой пәлі-ай, менің қызым өзі тиетін байына әлден ақ барып, мына екі-үш ділдә ғана сиятын екі елі дорбаны беруін қарашы», – деп ойлап келеді. Ең болмаса бір қап берсе неғылады, – деп, о қой, не де болсада осыны ақ алайында – деп жүріп ханға келеді.
– Ә Жәудір шал, неге келдің, – деп хан сұрады.
– Мен сізге келдім, менің қызым бір ұл, бір қыз тауып табады, өзім кепіл боламын, – деді.
– Жарайды, не сұрайсың, – деді хан.
– Мына дорбамды толтырып берсең болғаны, – дейді шал.
Хан дорбаны көріп:
– Оу, сенің үйіңде қап жоқ па еді, мынау не болады, – деп хан қарады.
– Ой хан иеміз-ай, осыны толтырып берсең де болады, – деді ханға қарап.
Сонда хан айтты:
– Мына шалдың дорбасына бір екі үш ділдә салып бер, – деді.келіп қазынаның ауызын ашып, бір екі ділдә салып еді, көрінбеді. Күректеп салып еді сол кілеттегі түгелдей кетті. Қазынашы ханға келіп айтты, хан естіп қайран қалды. Сонымен жеті кілетті түгелдей салды, сонда да толмады дорба. Онан соң елді жинап төбел тазға төр ділдә, қырма тазға қырық ділдә, ойма тазға он ділдә, сыйсада бер бес ділдә, сыймаса да бер бес ділдә, – деп елге салық салады. Сонда да толмады, енді не істеу керек деп отырғанда бір мәстек кемпір келді «мен толтырып берсем не бересіз» деді. Өз бойыңмен бірдей дорба алтынды берейін деді. Сонда кемпір барып, тоғыз жолдың торабынан шым-шым топырақты әкеліп дорбаға салып еді, асып төгілді. Елден, таздан алған алтын, күміс бәрін қайырып берді. өзінің қазынасы қайта толды. Сонда дорбада қалған алтын, күміс жеті атан түйеге жүк болды. Сонымен қызын берді. Қызы барсымен-ақ екіқабат болды. Тоғыз ай тоғыз күн дегенде хан:
– Мен баланың дауысын естіген жоқпын ғой, сол үшін мен тауда болайын, сен бас көз болып мұнда қал, – деп бірінші уәзірін тастап кетті.
Әйелі толғатып жатқанда қырық әйел «не істейміз, бұл бір ұл, бір қыз тапса бұдан жақсы болмайды, бізге енді қарамайды» десті. Сонда біреуі:
– Бұған амалды тапса әлгі мәстек кемпір табады, – десті. Олай болса сол кемпірді келтірейік деп кемпірді келтірді.
– Әй ана қырық әйел сізге қырық табақ алтын ділдә берейік, мынаған ақылын тапшы, – деді.
– Жарайды, қырқың қырық табақ алтын ділдә берсең мен ақылын табам, – деді. «Береміз» деп шу ете қалды. Сонан соң кемпір жүгіріп барып жаңа туған иттің бір еркек, бір ұрғашы екі күшігін әкелді де толғатып тұрған әйелге келіп бір дем салып еді, есін танып жығылып қалды. Сонда бір ұл, бір қыз тапты. Оны алып орнына иттің бір еркек, бір ұрғашы күшігін салды да, ұл мен қызды жасырып алып кетіп, суға лақтырайын дегенде балаға тіл бітіп:
– Әй ана, мені осы суға тастамай бақсаң, өскен соң өлгенше сізді күтеміз, – деп жылады. Оған болмай келіп, кемпір суға қарай атты. Сонда періште қағып, жел көтеріп таудың басына шықты. Бір киік жаңа ғана балалапты, соның бауырына салыпты. Соны еміп күн көре берді.
Уәзір енді ханға хат жазды: «Әйеліңіз иттің бір еркек, бір ұрғашы күшігін тапты», – деп, оны Шаншар хан естіп былай деп хат жазды: «Екі күшігі мен қатынды да жеті аралға апар, сонда жатсын», – деді. Сонымен қатынды жеті аралға апарып тастады. Местек қырық әйелден қырық табақ ділдә алды. Сонымен бірнеше күн өтті, қанша жылдар өтті. Бала мен қыз он алты он жеті жасқа жетті. Бала киікті, құланды садақпен қоймайды. Бір күні Шаншар хан биік тауға шығып келе жатса жар тастың түбінде бір бала ұйықтап жатыр екен. Баланы көріп Шаншар хан аттан түсіп, бас салды. Сонда бала атып тұрып ханды анадай жерге лақтырып жіберді. Хан жылап ауылына келді.
– Құдай-ау, баланы тауға да, тасқа да бердің, – деп жылады. Сонда әлгі қырық әйелі мәстек кемпірге хабарлады. Оны естіп мәстек кемпір өзі тауға барды. Өздері тастан жасаған үйде қыз отыр екен. Мұңлық киік аулап кетіпті. Келе жатқан кемпірді көріп қыз есікті ішінен бекітіп қойыпты. Кеміпр келіп, «Зарлық қызым, аш есікті» дейді. Сонда қыз ашбай қойды. Онан кейін кемпір айтыпты:
– Сендерді баққан қожаң мен едім, есік ашбадың. Енді Мұңлық келген соң айт, Күн батыс жақта Күлмес ханның Күлсара атты күлгін қызы бар соны барып алсын деп айт, – деп Мәстек кетті. Ол кеткен соң қараса қыз жақын жерде кемпір жоқ. «О бізді баққан қожа екен ғой», – деп ойлады. Кешке Мұңлық та келді. Айтты:
– Қожа да келіп кетті, Күлмес ханның Күлара атты қызы, құлагер аты деген аты бар, соны барып алсын деді, – депті.
– Ой, ол әлгі бізді суға тастаған мәстек шығар, – деді.
– Жоқ, жоқ ол емес, – деді. Сен соған бар енді, алып кел деді.
Онан соң бір неше жылға жарайтын азық жинап берді де, өзі жол тартты. Арада неше күндей жол жүрді. Бір үлкен биік таудың етегіне жеткен кезде әбден шаршап аяғы ұйылып келіп, бір бастауға кез келіп жата кетті. Сонда жатып ұйықтап кеткен кезде бір түс көрді. Ақ шалмалы қожа келіп айтты: «Келдің балам, мына таудың астында», – деді. Ояна келсе түсі екен. Аяғыда жазылып, өзі де тынығып қалыпты. Тұра салып таудан асып келе жатса алдынан қырық уәзірі мен хан шықты:
– Әй балам, жолың болсын, қайда барасың?, – деді.
Сонда бала айтты:
– Күлмес ханның Күлсара қызын, Құлагер атын алайын деп келемін, – деді. Хан күліп жібереді де жүріп кетеді. Сонда уәзірлері сұрады:
– Тақсыр, сіз өмірі күлген жоқ едіңіз. Мына түгі жоқ тақыр, өзі күйген, өзі жалаң пұт, жалаң аяқ бала аузынан келгенін оттып еді сонша қатты күлгеніңіз не, – деп сұрады. Сонда хан айтты:
– Мен неге күлгенімді ертең түсте айтайын, – деді хан. Сонымен бала жүріп отырып шәәрге кірді, аралап келіп бір дүкенге кірді. Айнаға қарап тұрып неше түрлі киімді киді. «О, бұл маған жарасбайды екен, ана үйге барып сабын мен әбден жуынайын», – деп айнаны да, қанша киімді жіпке буып алып арқалап дүкеннен шыға берді. Дүкенші айғай салып еді, ел жиылды. Дүкенші барып ұстап еді, ол бір ұрып еді өлді де қалды. Кім жақын барса соны бір-бірлеп өлтіре берген соң, ел болып жабылды. Арқалаған киімді жерге қоя салып айқас жасап еді, он-он бес адамнан өлтіріп үйе бастады. Онан соң ел қашып кетіп, өзі ақ қалды. Онан кейін киімін арқалап үйге келді. Суға түсті. Қашқан ел ханға келді.
– Әй тақсыр хан, бір қырғын ажал келді, талай талай адамды қырып төбе төбе қып үйіп үйіп кетті, – деді. Сонда дәл түс кезі еді.
– Әй уәзірлер, ол кешегі бала ғой. Қырқың да барып хан қызын да, атын да береді деп шақырып келіңдер, – депті. «Жарайды» деп қырық уәзір келсе, үйде шомылып жатыр екен дейді.
– Әй жүр, хан шақырып жатыр, қызын да, атын да саған беретін болды, – деді.
Сонда Мұңлық:
– Әй бері келіңіздер, аттан түс, – деді. Келді, аттан түсті. Бәрін де шап етіп ұстай алып, қырқын да жерге үйді дейді. Сонда шулады, жылап «бізді қоя беріңіз» деп жалынды. Сонда бәрінің қолын артына байлап, өздерін жаяу айдап, бір атқа өзі мініп қалған атпен қосып ханның ордасына айдап келді. Хан оны көріп қарсы алды. Бір жақсы үйге кіргізді. Уәзірлерін босатып шақырды:
– Ал, уәзірлер. Кеше осы уақытта маған неге күлесіз деп шу ете қалып едіңдер, кәні қандай екен? Сездіңдер ме, – деп сұрады хан.
Сонда уәзірлері:
– Ой тақсыр, мынау баланың сұрағанын түгелдей беріңіз, – десті. Сонда хан тұрып айтты:
– Бұл бала оңай бала емес, қасиетті бала. Шаншар ханның баласы. Бір мәстек кемпірдің зияны тиіп осындай қалге ұшырағын бала еді. Мен соған күлдім, – деді. Сонымен қызын да, атын да бермек болды. Күн батқан соң жеңгелері қыздың отырған үйіне келсе қыз жоқ, іштаны терезенің көзіне сыпырылып қалыпты. Қыз өзі жоқ. Ханға хабарланды «қыз жоқ» деп. Сөйтсе ол қызға бір дәу ғашық екен. Арасында бір мәстек кемпір жүреді екен. Сол кемпір хабарлап, сол дәу өзі келіп терезеден суырып алып кетіпті, қолын тығып алып. Ол қызды дәудің алғанын білген уәзірлер айтты:
– Ал не істейміз, – деп, ал енді әскерлерді алып барып алып келейік, дегенде уәзірлері шу ете қалды.
– Тақсыр хан, өзі барсын, өзі барсын, – депті. Сонда хан айтыпты:
– Қой күйеуді өлтіріп қойса обал ғой, – деді.
Уәзірлер шу шу етіп:
– Өлсе өлсін, – депті.
– Ал ендеше әкел құлагерді, – деп, ерттеп, шақырап алып жағдайын айтып, бәлен жерде, – деп жаңғыз өзін-ақ жіберді. Сонда уәзірлер де «бір денесінде мың жаны болса да енді өлді деп есептей бер» деп қатты қуанды.
Сонымен жүріп келе жатса алдында үлкен су бар екен, құлагерді қатты қатты орып жіберіп «шу» деген кезде шауып келіп, бір-ақ қарғып түсті. Сонан кейін ары қарай кетіп бара жатса бір төбе аспанға ұшып қайтадан орнына түсіп тұр екен дейді. «О сұмдық-ау, мына жақтың төбесі ұшып көкке қайтып орнына түсіп тұрады екен-ау» деп ойланып келеді. Сонымен әлгі төбеге келсе бір қыз шыға келді. Төбенің астынан келіп амандасты. Сөйтсе әлгі ханның қызы екен дейді.
– Әй қыз-ау, мына аспанға ұшып тұрған төбең не?, – деп сұрады.
– Бұл ұйықтап жатқан дәудің мұрнынан шыққан лебі, сол үшін ұшып қонып тұр, – деді.
– Ә, сен ханның қызы екенсің ғой, – деді. Мына дәулік пісің, мендік пісің шынын айтшы?, – деді. Сонымен үйге түсті, қараса дәу ұйықтап жатыр. Бір ат басындай дәудің шоқпары тұр екен, соны алып жатқан дәуді басқа бір періп қалды. Ол:
– Е, мынау не деген шыбын, – деп маңдайын бір сипап жата берді.
Онан соң далаға шығып құлагерді мініп дәудің аяғынан байлап алып, сүйретіп ала жөнелді. Сүйреп тауға да, тасқа да, шеңгелге де, оташқа да соқты. әрбір жерде еті қалпақтай қалпақтай болып жұлынып қала берді. Құр сүйегі ғана қалды. Сонда дәу:
– Әй, – деп айқай салды, ең болмаса басымды бір көрет, армансыз өлейін, – деді.
– Әй болмас, – деп тоқтап, аяғын шешіп босатыпты. Құр сүйек біраз отырып, тұра келіп алыса кетіпті. Сонда үш күн, үш түн алысты. Баланың қабырғасы қайысып, омыртқасы майысып жығылыр кезі болғанда Құлагер аты келіп дәуді теуіп-теуіп жібереді. Дәудің екі аяғы сынып, қабатынан барып құлады. Сонда келіп дәудің басын кесіп алды да, шауып отырып қызға келді. Қызды артына міңгестіріп ап ауылға қарай соқты. Алдынан жаңағы су кездеседі. Шу деп келіп суға жақындағанда атты орып-орып жібереді. Ат шауып келіп қарғып, ар жағына түсті. Сонда артқы екі аяғын суға тығып алды.
Сонымен үйге келді. Хан аман есен келгенін көріп, қызына қосу үшін отыз күн ойын жасады. Сөйтіп қызын қосып, қаншама мал, құл, күң беріп көшірді. Бір неше жыл, күн көшіп келеді. Сонда келе жатса бір жақсы бастауға кез келді. Жеріне адам баспаған екен. Әлгі жерде сонда қонып жатып ұйықтап кеткенде, түсінде ақ шалмалы қожа келді:
– Әй шырағым, мынау жер, сенің әкең Шаншар ханның қорық жері еді. Сен келіп қонып жатырсың. Ертең әкең көріп ашуланып кісі шаптырады. Сонда келген кісіге айт «Нең бар, кет ары, бұл жер әкем Шаншардың жері» де, – депті.
Сонымен таң атқан соң хан көріп «ана қорық жерге қонып жатқан кім, жылдам барып айдап кел, басын алам» деді ашуланып. Сонда шапқыншы шауып келді:
– Жүр жүр, хан шақырып жатыр, қорық жерге қалай қонып отыр деп, – деді.
Сонда Мұңлық:
– Бұл жер өз жерім, әкем Шаншар ханның жері, кет ары, – деді. Шабарман не айтарын білмей, ізінше қайтып келді. Хан:
– Әй неге ертіп келмедің?, – деп ашуланды.
Сонда:
– Тақсыр хан, ол бала дәл сізден айнымайды екен. Бұл жер өзімнің жерім, Шаншар өз әкем, кет ары деді. Сонан соң келдік, – депті.
– Өзім барайын, – деп қасына қырық уәзірлері мен өзі де келді.
Сол уақытта таудан барып қарындасы Зарлықты әкеп те қойған екен. Ал әкем Шаншар келеді дегенде Зарлық қыз:
– Әке сенікі, шеше менікі. Шешемді әкелмесе алдымен әке керек емес, – деп тығылып қалды. Сөйтіп тұрғанда хан да келіп, әкесінің алдынан шығып қолынан ұстап амандасты. Сонда Шаншар сұрады:
– Әй бала, әкең кім? – деді.
– Әкем сіз Шаншар, – деді.
– Сонда қалай, жасыңнан менің қасымда болмайсың, – деп сұрады.
– Қайдан болам жаныңда, туған күні-ақ жерге тигізбей таскемпір суға атып жіберді. Қайдан жаныңда болам әке-ау, – деді.
Сонда Шаншар хан аттан түсіп, бетінен сүйіп, иіскеп, кел кел қызым деп шақырды. Сонда қызы айтты:
– Алдымен шешем керек, – деді.
Онан соң хан ауылға уәзірлерін шаптырды.
– Қырық қатыннан барып, «Қырық қыпқырақ керек пе, әлде қырық қысырақ керек пе?» деп сұра, – деді. Сонымен шауып келіп қырық қатыннан сұрады:
– Қырық қыпқырақ керек пе, қырық қысырақ керек пе, – деп сұрады.
Олар:
– Қырық қыпқырақ не керек, қырық қысырақ керек, сауып ішеміз, – деді. Сонда қырық қатынды қырық қысырақтың құйрығына байлап өлтірді. Мәстек кемпірді алдырып, мұрнын кесіп құнтыйтты, құлағын кесіп шонтұйтты. Онан соң хан да, Мұңлық-Зарлық та, қырық уәзір де түгелдей жеті аралға кепті. Сонда екі күшігі төбет ит болып, қоян, қырғауыл ұстап әкеп асырайды екен. Әлгі иттер келе жатқан адамдарды сезіп, қуанып сүйінші сұрағандай болып әйелдің жуып қойған орамалын келіп ала қашыпты. Сонда әйел ойлады:
– Ә, бір сұмдық болған екен. Бұл жерде қоян да, қырғауыл да біткен екен, енді түк таппай маған кезек келген екен, – деп ойлап жүгіріп келе жатса, итті қуып алдынан бір топ кісі келді. Ұлы да, қызы да келіп көрісті. Шаншар да келіп көрісті. Сонымен үйіне әкеп отыз күн ойын, қырық күн тойын жасады. Сөйтіп қайтадан алды.
23. Шәкірат пен Шәкір
Бұдан қанша жыл бұрын, қанша ғасыр бұрын болғаны белгісіз, бір халықта ата-тегінен бері ел билеген бір хан болыпты. Оның отыз жыл отасқан бәйбішесі өліп, артында Шәкірат және Шәкір деген екі ұлы қалыпты. Әйелі өлген соң хан ел аралап жүріп, бір байға құда түсіп, қызын алады. Бірақ үйіне келгеннен кейін ол ханды емес, оның үлкен ұлы Шәкіраттың қараңғы үйді жарық қылып жататын сұлулығы болады. Күндерде бір күні хан көрші бір байдың ауылына тойға кеткенде өгей шешесі ретін тауып Шәкіратқа өзінің оған ғашық екенін жеткізіпті. Қуанышты хабар күтіп отырған оған жіберген күтуші әйел баласының өзінің өгей шешесіне ешбір көңіл қоса алмайтынын, оны өз теңім деп те танымайтынын айтты. Бұған ашуланып, кектенген өгей шешесі баласының көзін жоғалтпақ болып бекінеді. Сөйтіп, хан тойдан қайтқанда ханша шашын төгіп, өз бетін өзі тырнап, еңіреп отырады. Мұның себебін сұраған ханға:
– Сенің мына балаң маған ғашық болғансып жүрген көрінеді. Не масқара бұд! Не менің, не де балаңның, анау Шәкіраттың көзін жой! – деп ханша одан бетер бетін жұлады.
Ханшасының сөзіне иланған хан уәзірлерін жіберіп, Шәкіратқа қаңғып кетуге бұйырады. Хан айтса қатал айтқан екен деп жалғыз інісі Шәкірмен қоштасып, бетінің ауған жағына қарай жүре беріпті. Ағасын жалғыз қаңғыртуға шыдай алмаған Шәкір де оның соңынан еріп кетеді. Сөйтіп екеуі бірнеше ай, апталап жол жүріп, арып-ашып шаршайды. Ішерге ас таба алмай далада шөптің сабақтарын жұлып жеп, кездескен көлшіктерден балық аулап күндерін көріп жүреді. Мұндай күтпеген қырсыққа, бақытсыздыққа душар болған балалардың мойындары ырғыйдай, биттері торғайдай, киімдері өрім-өрім болып, азып-тозыпты. Күндерде бір күні олар далада бақташысы жоқ, қаптап жайылып жүрген бір отар қойға кез болады. Бұған әрі қуанған, әрі қарны ашқан Шәкірат бір қойды ұстап алып, сойып жемекші болады. Сонда інісі тұрып:
– Жоқ, біздер бүйтіп ұрлық жасап, байдың жалшысын да азапқа салмайық. Ол да өзіміз сияқты кемтар адам болар. Одан да осы маңда ел бар шығар, су бар шығар. Соны тауып алалық. Мүмкін бір жұмыстың да жөні келіп кетіп, күн көрерміз, – деп ақыл айтыпты.
Осы тоқтамға келген екеуі ілгері қарай жүріп бір төбеден асқанда алдарында айдын көл көрініпті. Олар енді осы көлдің жиегіне келгенде қазулы тұрған тастан: «бұл көлден су ішпеңіздер, ауру табасыздар» деген жазуды оқиды. Мұндай жазу көлдің жиегінде, әр жерде де бар екен. Әбден шөлдеген соң Шәкірат:
– Бұл байдың қарамағындағы не бір ханның жеке меншік жеріндегі көл болған шығар. Ал олар даладағы суын да қара халықтан қызғанастын әдеті ғой, – дейді де, інісінің тоқтатқанына болмай, барып су ішеді. Әбден шөлі қанып алған соң інісінің жанына келіп, үнін шығара алмай, есінен айырылып құлап түседі. Шәкір ағасының есін жнауын күтіп отырып-отырып, күдер үзген соң, өзінің қалай қарай кеткенін көрсетіп бір тасқа хат жазып қалдырады да, өзі жүріп кетеді.
Сол күні талып жатқан Шәкіратты көл маңында қой жазып жүрген сол жердің ханының жалшылары тауып алып, оны өздері асырап алуға тырысады. Бірақ олардың қайсысы асырап алуға келгенде келісе алмай, ханға келіп төре сұрайды. Сонда баланың сұлулығын көрген, баласы жоқ хан жалшыларына:
– Осындай баланы сендердің біреуіңе беріп, жалшы ғып мал соңына салғанымыз келіссіз болар. Мен де бір перзентке зар болып жүрмін ғой, менің үлесіме-ақ тисін, – депті.
Хан сұраған соң баланы ханға қалдырыпты жалшылар. Арада аз жыл өткен соң жасы ұлғайған хан ел жинап, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, Шәкіратты таққа отырғызады. Хан тағын алған Шәкірат енді өзінің хабарсыз кеткен інісін есінен шығарып, өз бақытына риза болып жүре беріпті, сауық-сайранын құра беріпті. Осы кезде әлі қаңғырып жүрген Шәкір далада отырған, қасында ақ сандығы бар бір қызға кез болады. Өзі сияқты сұлу қызға кездескен бала оның да панасыз екенін біліп, оған көңіл қосады. Сөйтіп тапқандарын бөліп жеп, қызды сандыққа салып алып арқалап жүріп:
Ақ сандығым ішінде ештеме жоқ,
Ештеме болмаса да көңіліме тоқ,
– деп өлең айтады. Бірнеше күн өткен соң оның даусын естіген ағасының жалшылары оны ұстап алады да, әйелін тартып алып, өзін азғана азығымен сандыққа салып, ауызын бастырып кетеді. Ал әйелді ханға әкеп береді. Өзіне пар сұлу әйелді көрген хан жалшыларына біраз сыйлық беріп, молда шақырып неке қидыртады. Бірақ ханның байлығына, дәулерімен сәулеріне, сый-құрметіне алданбайды, ойлағаны Шәкір ғана болады. Бар істері оңаша отырып жылау ғана. Мұны сезген Шәкірат әйелін шақырып алып, неге мұңайып жүргенін сұрайды. Бірнеше күнге дейін әйел оған жауап бермейді. Ақырында ол өзін қайдан тауып алғанын, өзінің бұдан бұрын біреудің әйелі екенін, күйеуінің аты Шәкір екеніне дейін айтады. Інісінің атын естіген хан Шәкір туралы, оның белгілері туралы сұрайды. Сонда әйел отырып: «Оң аяғының іші-сыртында тыртығы бар болатын. Бірақ ол тыртық неден болғанын ол айтқан жоқ, мен де сұрағаным жоқ», – дейді. Шәкіраттың есіне екеуі қаңғырып жүргенде інісінің далада құрулы жатқан қақпанға аяғыны түсіріп алғаны түседі. Азғана ойланып отырып:
– Басының сол жақ шекесінде тыртық дағы жоқ па еді, – дейді. Өйткені оның ойына бала күнде ойнап жүріп, інісінің басына бір кесек тас лықтырып жібергенде, содан жара болғаны, оның орны тыртық болып біткені түседі. Әйел қуанғаннан жылап жіберіп:
– Иә, дәл сондай белгісі бар, – дейді.
Енді хан жалшыларын, уәзірлерін жинап алып, әйелді алып келген жалшыға:
– Мына менің уәзірлерімді ертіп, өзіңнің тастап кеткен мына әйелдің күйеуі жатқан жерге апар. Ал сіздер, уәзірлер, сол кісіні маған әкеліңіздер, – деп бұйырады. Олар жалшының бастауымен сандықтың ішінде өлім халінде жатқан Шәкірді алып ханға келеді. Сөйтіп ағасы мен інісі бір-біріне қуана табысады. Ағасы үлкен той жасап, әйелді інісіне қосып, неке қидырады.
Біраз күн сағыныштарын басып алған соң, өзін қаңғыртып жібергенде әділін тексермегенін, өздерінің бейнеттерін айтып кісі жібереді. Әйелінің сайқалдығынан болғанын сонда ғана білген әкесі ол әйелді жалшылардың біріне қосады да, өзі үйімен балаларының хандығына көшіп келеді. Ал Шәкірат пен Шәкір екі хандықты қосып билеп, бай болып, барша мұрадына жетеді. Ол екеуі өле-өлегнше өздерінің басынан кешкендеріне көз жіберіп, жалшылардың, қарамағындағы халқының еңбегінде соның негізінде бағалап отырыпты.
24. Жетім Қаппас
Ерте заманда Абдол деген бір кедей болыпты, кәсібі етікшілік екен. Өзінің жалғыз баласы болыпты Қаппас деген. Сол күнде жеті жаста екен. Әкесі Абдол әйелімен өліпті. Жеті жасар Қапбас жетім қалыпты. Әкеден қалған үйінен айырылып, қайыр сұрап көшеде жалғыз қалыпты. Сүйенер жақын жандар жоқ. Жардың қуысын үй қылып жүреді. Күндердің күнінде Қаппас ойға қалады. Қайыр сұрап жүргенше ұрлық қылып тегін мал табайын, – деді. Бұл да дұрыс болмайды екен, мұнан да байға жалданайын. Жоқ қабырғам қатқан жоқ, бұғанам өскен жоқ. Мұнан да қайыр сұрап тапқанымды жеп, артылғанын молдаға беріп, сабақ оқиын.тапқан табысының ақшадай тапқанын молдаға беріп, сабақ оқыды. Я, күндердің күнінде Қаппас ой ойлайды жалғыз жүргенше өзім сияқты панасыз болса, жинап алып құралып, ел болсақ екен деп көшеге шығады. Көшеде панасыз қайыр сұрап жүрген қырық баланы жинап алып жардың қуысындағы үйіне алып келіп отырып кеңес құрады:
– Ал, балалар, бірігіп ел болалық. Біздің жан ашыр туған туысқанымыз жоқ. Барлығымыз бірігіп қайыр сұралық. Мен қазаншы болайын. Сендер тапқандарыңды бүлдірмей алып келетін болыңдар. Балалар қайыр сұрауға шықты. Тапқанын жемей Қаппастың қолына әкеп беретін болды. Тапқан табыстарын қорытып төртке бөлді. Біріншісін тамаққа, екіншісін киімге, үшіншісін қағаз, қарындашқа, шамға, төртіншісін молданың ақысына бөлді. Күндіз қырық бала қайыр сұрайды, түнде өзі оқып келіп жетім Қаппас қырық баланы оқытады. Күндердің күнінде жар үйінің алдында балалармен кеңес құрып отырғанда жолмен бір есек мінген шал кетіп бара жатады. Жетім Қаппас балаларға бұйырады:
– Анау шалға барыңдар. Қайда барады, қандай жұмысы бар, біліп келіңдер. Келмесе мұнда алып келіңдер, – деді. Үш бала шалға барып, сәлем берді:
– Ата жолың болсын, қайда барасың, қайдан келесіз, қандай жұмысыңыз бар, – деп сұрап еді шал жөнін айтпады. Жөнін айтпаған соң, есегімен шалды жетелеп жар үйдің алдындағы жетім Қаппастың алдына алып келді. Жетім Қаппас:
– Ата жолың болсын, қайда барасың, жөніңді жұмысыңды айт. Айтпасаң жібермейміз. Шал амалсыздан жөнін айтты:
– Айтпайын деп едім болмадың, патшаның уәзірі Қасымға барамын. Мен кемпірмен екеуіміздің баламыз жоқ. Бүгін түнде ұйықтап жатсам түсімде оң иығымда күн тұр, сол иығымда ай тұр, маңылайымда шолпан жұлдызы тұр. Осы түсімді патшаның уәзірі Қасымға жорытқалы барамын. Жетім Қаппас:
– Қасымға бармай-ақ қой, – деді. Осы жерден қайт, мен жорып берейін деді. Күн дегенің өзің, ай дегенің әйелің, шолпан жұлдыз дегенің маңлайыңда жалғыз бала болады. Өзі патша болады екен, – деп жорып берді жетім Қаппас. Шал басқа жолмен қашып патшаның уәзірі Қасымға барады. Көрген түсін айтады. Қасым жетім Қаппастың жорығанындай жориды.
– Ой, – деді шал. Сен, – деді жетім Қаппастан артық емес екенсің. Қасым шалды шақырып алды:
– Сен олай десең, сенің көрген түсіңді жетім Қаппасқа аудардым, – деді. Шал жылап, өкініп үйіне қайтты.
Күндердің күнінде Қасым қайғыланды «жетім Қаппас патша болса, бізге күн болмас, бұғанасы қатпай, бойы өспей тұрғанда өлтіріп тастатайын, – деп Әмір деген патшаның кісі өлтіргіш жендетін шақырып алып:
– Жетім Қаппасты өлтіріп кел. Өлтіріп келсең жалғыз қызым Қанышаны саған беремін, – деп уәде жасады. Әмір кісі өлтіргіш құралын қолына алып жетім Қаппасты іздеді. Шуылдап жар астында жатқан жетім балаларға келіп:
– Жетім Қаппас қайсысың, – деп айғай салды.
– Мен, – деп қырық баланың ортасынан шыға келді.
– Сен болсаң, – деп жотасынан қысып алып, қапқа салып арқалап ала жөнелді. Қалған жетім балалар шуылдап, жылап қала берді. Сонда жетім Қаппас:
– Бытырамай жата беріңдер, қайтып келемін, – деді.
Әмір арқалап патшаның кісі өлтіретін алаңына апарып, қаптан жерге тастап, қылышын қолына алып басын шапқалы Қаппастың қасына барады. Қаппас:
– Әй Әмір, жазықсыз қайыр сұрап күн көріп жүргенмін. Бекер қанымды жүктеме. Мені өлтіргенмен Қасым қызы Қанышаны саған бермейді. Онан да мені өлтірдім деп Қасымға бар, қызы Қанышаны берсе қайтып келіп мені өлтір. Мен қашпаймын, осы жерде отырамын, – деді.
– Мұның да жөн, – деп Әмір Қасымға барып «тақсыр жетім Қаппасты өлтірдім, енді қызыңды қашан бересің» деді.
Сонда Қасым:
– А, зәлім. Қайыр сұрап күн көріп, қаңғып жүрген жетімді өлтіріп, қыз алғысы кеп жүргенін көрдің бе? Өзін ұста мұндай зәлімді дарға тарту керек, – деп ашуланды. Әмір қашып жаңағы Қаппастың қасына барды.
– Сен бала болсаң да ақылды данышпан екенсің. Қасым қыз бермек тұрмақ, өзімді жауапқа тарта жаздады. Енді сені босаттым, – деді.
Сонда жетім Қаппас:
– Сен Әмір екеуіміз дос болалық, маған алтын бер, сенде алтын көп. Кейінде берген алтыныңды үш есе қайтарамын, – деді. Әмір көп алтын берді. Екеуі дос болды. Жетім Қаппас алтынды алған соң қырық баланы қайыршылықтан босатып, жаппай оқуға берді. Бұл жетім Қаппаспен қырық бала оқи берсін, ендігі әңгімені балықшы шалдан басталады.
Осы қаланың қасында үлкен дария бар екен. Сол дарияның жағасында бір балықшы шал мекендепті. Күнде суға ау салып, балық алып ауқат қылып жүреді екен. Бір күні суға ау салса бір алтын балық ілігіпті. Бұл алтын балықты жегенмен ешнәрсе шықпас. Мұнан да патшаға апарып тартайын, – деп балықты патшаға алып барады.
– Тақсыр, мынау алтын балық біз жеуге лайық емес. Сіз жеуге лайық, сондықтан сізге алып келіп тұрмын, – деп шал отырды. Патша балықты алып көріп, қалтасынан екі жүз ділдә алып беріп:
– Мына балықты әйеліме апарып бер, ол қанша алтын берсе алып қайтарсың, – деп балықты үйіне жібереді. Үйіне алып барып балықшы шал патшаның әйелінің алдына қойды. Балықты көріп, алай-бұлай аударып балықты салып қойды да:
– Сен де менің алдыма келеді екенсің-ау, – деп қатты ашуланды. Шал қорқып балықты қолына алып патшаның отырған сарайына қайта барды. Патша, «бұл қалай», – деді? Шал қалбырақтап, сасып зорға айтты:
– Әйелің қатты ашуланып, балықты ұрды, – деп айтты.
Патша таңданып қайран қалып, шалға қалтасынан екі жүз алтын беріп үйіне қайтарды. Патша балықты алдына қойып, неше күн, неше түн ешнәрсе таба алмай қайран қалып патша уәзірлерін шақырды:
– Мынау алтын балықтың мәнісін табыңдар, – деп бас уәзірі Қасымға тапсырды. Қырық күн уақыт бердім, таба алмасаң басыңды аламын, – дейді.
Қасым барлық жұмыстан босанып үйіне барып, жылап жатып алды. Әш мәнісін таба алмай ағайын туғандар, ел жұрты жиналып «тақсыр қандай қайғың бар?», – деп сұрады.
Қасым:
– Патшаның бір алтын балдығы бар, соның мәнісін тап деп қырық күнге сүрег берді. Таппасаң басыңды алам деді. Сол балықтың жағдайын білмедім, сол үшін маған ажал дайындалып тұр, – деп жылады.
Сонда елі жұрты былай деді:
– Бекерге қарап өлуге болмайды. Бақсы-балгерді жина, амалын тапса солар табар, – деді.
Қасым сол қаладағы бақсы-балгерлерді түгел жинады. Балгер бал ашып:
– Тапса, – деді, осы қалада жетім Қаппас деген бала бар, тапса сол табады, – деді. Сонда Қасым:
– Алда қашан жетім Қаппасты өлтіртіп тастағанмын, – деді. Сонда балгер айтты:
– Өлген болса сүйегін тауып алып өртеп күлін тамаққа қосып ішіп, ойланса да табады, – дейді. Енді Қасым ойланды «мен енді жетім Қаппасты өлтірген Әмірді іздеп табайын» деді. Әмірді іздеп тауып алады.
– Әй Әмір, өлтірсең жетім Қаппастың сүйегін тауып бер, өлмесе өзін тауып бер, жалғыз қызым Қанышаны берейін, – дейді. Әмір:
– Жетім Қаппас алда қашан өліп қалған, оның сүйегін қайдан тауып берейін, – деп жүріп кетті. Қасым бұрынғыдан да қатты қайғыға батты. Әмір іздеп жетім Қаппасты табады, барлық болған жағдайды түгел жетім Қаппасқа айтады. Ол «қиын емес, табу оңай, сен Қасымға бар, жетім Қаппасты тірі тауып беремін де, әуелі қызың Қанышаны маған қос де», – дейді.
Әмір қайта Қасымға барып, «мен жетім Қаппасты тірі тауып берейін, қызың Қанышаны маған бүгіннен бастап қос деді.
– Сен жетім Қаппасты қолыма әкеп бергеннен кейін қызымды қосамын, – дейді Қасым. Әмір:
– Өткен уақытта қызыңды беремін деп алдағансың, – деп жүріп кетіпті. Қасымның елі жиналып «бұл дұрыс емес, қызыңды бер, ажалдан құтыл» деді. Қасым Әмірді шақырып алып, амалсыздан қызы Қанышаны Әмірге қосады. Қызын алған соң Әмір жетім Қаппасқа барып, Қасымның қызын алғанын айтты. Ал ендеше, мені Қасымға апарып бер, – деді. Әмір жетім Қаппасты Қасымның үйіне алып келді. Қасым көріп қатты қуанды. Ол мына балықтың мәнісін айт деді. Қаппас:
– Тақсыр, мен өзім қаңғып жүрген жетім баламын. Біраз күн тойынып, дем алайын, – деді. Амалсыздан Қасым ұлықсат етті. Бірнеше күннен кейін қырық күн срогі бітті. «Мен патшаға не деп барам, балықтың мәнісін айт» деді. Қаппас айтты:
– Сен патшаға бар, патша қаһарланып отырады. Таптың ба дейді, сен айт тақсыр-ай қиын болып па, қырқынан шықпаған бала да таппай ма, мені бала дедіңіз бе де. Сонда патша «ой, жасың жетпей жүр екен-аа, тағы қырық күн срок бердім» дер.
– Қасым патшаға барады, жаңағы жетім Қаппастың айтқанын бұлжытпай айтады. Сонда патша «әлі жасың жетпей жүр екен, қырық күн срок бердім» деді. Қасым қуанып үйіне келіп жатады. Күндердің күнінде қырық күн тағы бітеді. Жетім Қаппасқа балам айт деді. Алтын балықтың қандай жағдайы бар. Осы барғанда таппай барсам, ажалымның жеткені деп қайғырып жылай берді. Сонда жетім Қаппас «сен жылама, қайғырма, мені апарып бер» деді. Міні таптым деп, сонда ажалдан құтыласың. Қасым жетім Қаппасты жетелеп, келіп патшаға «міні таптым» деп бере салды. Тапсаң саған лұқсат бердім деді де, Қасым қуанып үйіне қайтты.
Енді сөз патшадан.
– Балам, – деді, мына балықтың мәнісін тап, – деді.
– Йә, тақсыр, – деді. Мен өзім қаңғып жүрген жетім баламын, біраз күн тойынайын ұлықсат бер. Патша амалсыз ұлықсат берді. Күндерде күн өткенде балам дем алдың ғой, мына балықтың жәйін айт деді. Жетім Қаппас сонда балықтың жағдайын айтамын ғой. Бір ауыз әңгіме айтайын ұлықсат етіңіз.
– Өткен заманда бір патша болыпты. Өзі әзілетті, халқы көп, елі бай екен. Сол патшаның екі құсы бар екен. Құстың сарайы патша сарайының қасында екен. Құсы кеуілденіп отырса халқы жақсы тұрмысты болады екен, құсы қайғырып отырса халқы күйзеледі екен. Бір күні патша құсының сарайына келсе, құсы үрпиіп отыр. Патша көріп, қорқып құсына барады:
– Әй құсым, қалай қайғырып отырсыңдар, қандай жағдай бар? Сонда құстар айтады:
– Тақсыр жаманшылық жоқ, халқың да аман, өзің де аман. Біздің қайғырып отырғанымыз Қап тауында дүние жүзінің құстарының үлкен тойы болғалы жатыр екен. Соған бара алмай қаламыз деп қайғырып отырмыз.
Сонда патша:
– Қайғырмаңдар, барып тойлап келіңдер, рұқсат еттім, – деп құстарды босатты. Құстар қуанып Қап тауындағы құстардың тойына ұшып кетті. Құстар тойын тойлап, қайтатын болды. Екі құс ақылдасты:
– Патшаға қандай сарқыт алып барамыз. Алтын, күміс мол өзінде. Бұған мына дән бидайды әйелімен екеуі бөліп жесе жиырма беспен отыз жастағыдай болып жасаңғырайды, өмірі ұзақ болады, – деп патшаға алып келген сізге сарқытымыз осы бір бидай. Бұл бидайдың қасиеті сіз әйеліңізбен екеуіңіз бөліп жесеңіз жасыңыз ұзақ және өздеріңіз жиырма беспен отыз жастағы қалыптырңызға келесіз деді.
Патша қолына алып:
– Өзіміз жегенмен халқымыз қартайып, өліп қалса бізде қанша қасиет болды, – деп, бұл бидайды ектіріп, халқына түгел жететін болғанда бірақ жейін деп бір шал менен кемпірге ектіреді. Сол бидайдан патша алдындағы құтыға бір дән бидайды егіп жата берсін, бір күні патша халқын жинап алып:
– Менім патшалығымды сақтап жүрген және мені қасиетті қылып жүрген құсым, – деді. Мынау қырық уәзірімнен пайда шамалы, – деді, сонда уәзірлер өзара сөйлесті:
– Мынау алжыған қасқыр, халықтың алдында біздің беделімізді төкті-ай. Мынау екі құсты құртпасақ болмас, – деп құтыдағы бидайды у менен былғап салып қойды.
– Йә тақсыр, сіз құсты бізден артық көрдіңіз. Бұл құс сізге қас шығар, әуелі осы бидайды күзетші кемпірге жегізіп көрейік, – депті. Хан «бұ да мақұл екен» деп, патша бидайды күзетші кемпірге жегізді. Кемпір у жаққан бидайды жеген соң өліп қалды. Бұл құс маған қас екен, сендердің айтқаның рас болды, – деп ашуланып екі құсының мойынын жұлып тастады. Енді бидай еккен шал мен кемпірді алып кел, басын шауып тастайын деп бір адамды жіберді, тез алып кел деп. Жаңағы барған адам шал мен кемпірге сендер у бидай егіпсіңдер, дереу патшаға жүріңдер, патша басыңды шапқалы жатыр дейді. Кемпір мен шал патшаға барып қанымызды судай шашқанша у бидай жеп өлелік деп екеуі екі бидай жеп қойды. Өлген жоқ, шал отыз жастағы жігіт, кеміпр де жиырма бестегі қыз болды. Екеуін қуып патшаға алып келді. Патша ашуланып «менің әкел дегенімқызбен жігіт емес, бидай еккен шал мен кемпір, қызбен жігітті неге алып келдің» дейді. Сонда шал мен кемпір айтты:
– Патшаның алдына барып қанымызды судай шашқанша у бидай жеп өлелік деп, екі дән бидайды жеп едік, біз өлгеніміз жоқ, осындай келіп жасаңғырадық, – деді. Патша ашуланып, қайғырып «құсым-құсым», – деп өлген екен тақсыр, алтын балықтың жәйін айтсам өлесің-ау депті жетім Қаппас. Патша:
– Жоқ балам, өлмеймін. Тезірек алтын балықтың жәйін айт, – деді.
– Тақсыр шаршап қалдым, біраз күн дем алайын, – деді. Патша амалсыздан ұлықсат берді. Жетім Қаппас біраз күн дем алып, тағы да:
– Ұлықсат етіңіз тақсыр патшам, өткен замандағы бір патшаның алтын балық сияқты оқиғаға кездесіп, құса болып өлген әңгімесін айтайын.
– Балам, айт, – деді патша.
Өткен заманда бір патша болыпты. Оның қасиетті бір бүркіті болыпты. Патшаның қасында бүркіттің тұғыры болыпты, патшаның қандай зиянды жауы болса да бүркіті қиратып жеңіп келеді екен. Күндердің күнінде патша ерігіп отырып бүркітін қолына қондырып сейілге шығыпты. Бүркіті тілеп ұшып болмаған соң «бар, жануар» деп томағасын сыпырып қоя беріпті. Бүркіті шыр айналып тік аспанға ұшып кетіпті, ол бүркіттің артынын шаба берді. Бір жерге барғанда аты болдырып өліпті, аты өлген соң жаяу жүгіріпті, патша әбден шаршап шөлден өлер қалге жетіпті. Алдында үлкен бәйтерек көрінді. Сол ағаштың түбіне, көлеңкесіне жатады. Ішерге су таба алмай өлер қалге жеткенде ағаштың басына қараса анда-санда су тамып тұр. Мұны көрген патша қолындағы томағасын тосты, томаға толуға жақындағанда ішейін деп ұмтылып отырса аспаннан айналып бүркіті ұшып келді де қолындағы томағадағы суды қанатымен қағып жібереді.
– Әй менің жануарым-ай, менің шөлдеп өлгелі отырғанымды білмедің-ау, – деп құсының жотасынан сипап қойды да, қолындағы томағаны қайта тосты. Тағы да су толып, ішуге жақындады, бүркіт қанатымен тағы да қағып жіберіп төгіп тастады. Патша ашуланып:
– Сен үшін өлу қаліне жетіп отырғанымда суды төгіп тастадың. Сен маған қас екенсің, өлгенімді қатты ұнатады екенсің, – деп бүркіттің мойнын жұлып алып ағаштың басына қараса, құсы үлкен бір айдаһарды өлтіріп келген екен. Сонан аққан суы айдаһардың зәрі екен, оны ішсе патша сол жерде өледі екен, бүркіт ішкізбей қағып отыр екен. Оны білмей патша бүркіттің мойнын жұлып алыпты. Айдаһарды көрген соң «бүркітім-бүркітім» деп патша өлген екен. Тақсыр алтын балықтың жәйін айтсам өлесің-ау деді жетім Қаппас.
– Айт балам тезірек, өлмеймін, – деді патша. Жетім Қаппас:
– Біраз дем алайын, – деді. Патша амалсыз ұлықсат берді, біраз күн жетім Қаппас дем алып болды.
– Тақсыр, алтын балықтың жағдайын қалың ағаштың ішіде, тауға барғанда айтайын. Екі ат дайындап мініп, екеуі тауға қарай жүрді. Жетім Қаппас айтты:
– Мен өмірімде атқа мініп көргенім жоқ, тауға жеткенше жарыссақ қайтеді. Патша «мақұл» деп, екеуі аттың басын қоя берді. Жетім Қаппас озып, патшаны адастырып қалың ағаштың ішімен айналып патшаның сарайына қайтып келді. Қайтып келсе патшаның әйелі бақтың ішіне алтын тақты құрып, екі жағына екі сұлу баланы отырғызып, кезек-кезек бетінен сүйіп отыр екен. Алдында патшаның есікші қара құлы арақ-шарап құйып беріп, қызмет істеп жүр екен. Мұны көріп жетім Қаппас бұрынғы оқып жүрген жерінен алған сурет басатын афораты бар екен, көрінбей жасырынып тұрып әйелі мен алтын тақта отырған баланы бір басып алады, екінші қызмет істеп жүрген қара құлды басып алады да бағанағы патша шыққан тауға қайта барады. Патша баладан адасып қайтады. Артынан жетім Қаппас келіп:
– Тақсыр мені адастырып кеткеніңіздің жәйі қалай, сізді іздеп бұрын атқа мінбеген шаршап өлермен болдым, – деп патшамен бірге сарайына келді. Патша айтты:
– Балықтың жағдайын қашан айтасың, – деп жетім Қаппастан сұрады.
– Бүгін таң атқан соң, алтын балықтың жағдайы түгел шешіледі, сол шешілген соң өлесің-ау тақсыр, – деді жетім Қаппас.
Патша:
– Өлмеймін, – деді. Таң атты.
Бұл:
– Алтын балықтың жағдайын өзіңнің әйелің шешеді, – деді. Әйеліңді алдыр алдыңа, – деді жетім Қаппас. Патша әйелін шақыртып алды, алдына балықты қойды:
– Мына балықтың жағдайын шеш, – деді. Патшаның әйелі:
– Бұл алтын балықтың жағдайын мен білмеймін, – деді.
– Білмесең осы жерде отыр, білесің, көресің, – деді жетім Қаппас. Қолындағы суретті қара құлдың суретін басып тұрып, әйелдің баламен отырған суретін көрсетті «танимысың» деді де, екінші қара құлдың суретін көрсетті. Сонда патшаның әйелі мойыны төмен түсіп, неғыларын білмей қатты сасып, отыра берді. Енді жетім Қаппас суретті патшаға көрсетті. Патша суретті көргенде қаһарына мініп қылышын қолына алып, әйелін өлтіруге ұмтылды. Сонда жетім Қаппас патшаға:
– Тоқта тақсыр, алтын балықтың тағдыры шешілмей жатып, мұның жарамайды. Егер балықтың жайы шешілсе өлесің, – деді жетім Қаппас, шешілмей жатып қолыңа қылыш алғаның сабырсыздық, – деді. Сен шешбесең, мен шешіп берейін. Бұл әйелің Сарықұл деген патшаның қызы еді, қыз күнінде Мәлік деген диюдың патшасының баласы Сағыр деген мына жатқан алтын балық. Осыған қыз күнінде ғашық болып жүргенде Сағыр алмайтын болды. Ал енді мынау әйелің бір сиқыршы кемпірді тауып алып, көп алтын беріп қолына ұстатады. Егерде Сағыр алмаса оны сиқырлап қор қылайын деп ойлап жүрді. Күндердің күнінде Сағыр шеттегі бір патшаның екі баласын ұрлап алып келе жатып сенің әйеліңе кездеседі. Сенің әйелің айтады «Сағыр мені қашан аласың, ғашықтығым саған күннен күнге ауырлап барады» дейді. Сағыр айтты «мен адамзаттың қызына үйленбеймін, мен әйелді дию патшаларының қызыннан аламын» деді. Әйелің «алмасаң, саған сыбаға мынау» деп балық қылып суға тастап жіберді. Содан Сағыр балық болып суда жүрді. Мына екі бала сенің әйеліңнің қасында қалды. Бұл баланы саған көрсетпей, сиқыршы кемпірге оң қолтығының астында сақтап жүр, анда-санда шығарып қасына алып отырып, қайтадан қолтығының астына тығып қояды. Күні бүгінге дейін Сағырдан күдер үзген жоқ, күнде судың басына барып, балық болған Сағырды шақырып алып, «мені қашан аласың, қалпыңа келтіремін» дейді. Оған Сағыр «балық болмақ түгіл ит болсам да алмаймын» дейді. Міне осымен маған нанбасаңыз оң қолтығының астындағы екі бала және Сағырды балық қылып байлаған қара тасты алыңыз, – деді.
Сонда патша әмір етті уәзірі Қасымға:
– Мынау әйелдің қолтығындағы екі бала мен қара тасты ал, – деді. Сонда Қасым әйелдің қолтығынан екі бала мен қара тасты алып, патшаның алдына қойды. Патша көріп қайран қалып жетім Қаппасқа қарады:
– Балам, – деді. Мынау алтын балықты қалпына келтір, – деді. Сонда жетім Қаппас қара тасты үш бөліп аяқтағы суға салды, сонда дию болып алтын балық шаңғытып айқайлап, патшаның отырған сарайы бу болып кетті. Аздан соң бу болған дию адам суретіне келіп отырған патшаға сәлем берді:
– Тақсыр патша, – деді дию. Мені ұлықсат етіп еліме жібер, мені әуре қылып сиқырлап ұстаған мына сенің әйелің, – деді. Мына екі баланы сұлу болған соң алып келе жатқанымда осындай қалге ұшырадым, – деді дию. Сонда патша жетім Қаппасқа қарады. Сонда жетім Қаппас патшаға былай деді:
– Тақсыр, – деді, алтын балықтың дағдыры осындай, аяқтағанша сабырлық жасай тұр. Мынау диюдың еліне азат етіп жіберетін болсаңыз, мынау екі баланы атасымен анасына тапсырып келсін, – деді Қаппас. Сағыр бұған «құлдық-ақ» деді де, екі баланы ата-анасына тапсырып қайтып келді патшаның алдына. Патша ұлықсат етті диюға. Дию рахмет айтып еліне ұшып кетті. Қаппас патшадан:
– Алтын балықтың шешілуіне риза болдыңыз ба? – деп сұрады.
Патша:
– Риза болдым, данышпан екенсің, – деді. Мынау залым әйелді дарға тартыңдар, – деп дарға тартты. Жетім Қаппас патшадан ұлықсат сұрады:
– Мен жасымнан жетім қалған едім. Менің қарауымда қырық жетім бар еді. Менің мұнда келгеніме көп күн болды. Олардың қалі қандай болып тұр және оларды сағындым, – деді жетім Қаппас. Сонда патша:
– Сен жетім болсаң да данышпан екенсің, сен менің орныма патша бол, – деді. Жетім Қаппас:
– Тақсыр, мен патша болуым үшін ақылым жеткен жоқ, сол үшін өзіңіз орныңызда тұра бер.
Патша жетім Қаппасқа ұлықсат бермеді. Патша елін жинап, Қаппастың білгірлігін, данышпандығын халқына айтты. Халқы қайран қалды. Жетім Қаппасты елі патшалыққа сайлады, таққа отырғызды. Жетім Қаппас патша болды. Өзінің қырық досы уәзір болды. Досы Әмірді бір қалаға әкімге қойды, патша той жасады. Өзі Қаппастың әкесі болды. Қаппас патша болып алғаннан кейін жетім, жесірлерге, кедейлерге, халыққа мейірімді, әзілетті боды. Сол жерге мектеп салдырды, жетімдер, кедейдің балаларын оқытты. Міне жетім болып, жардың қуысын үй қылып, қырық панасыз жетімдер жиналып, бірлесіп, ел болып құралып, ақырында мұратына жетті.
25. Көрген түстің орындалуы
Сан ғасыр тарихты шолғалы, ертеерте ертеде, ешкі құйрығы келтеде қуарған шағында, бір бай өмір сүріпті. Бұл бай дүниеге көзі тоймайтын, ешкімге ешнәрсе қимайтын қаштаң адам болыпты. Сондықтан жұрт кессе қаны шықпас, ұрса жаны шықпас, сараңдығынан «қайырымсыз» атапты. Ел қойған есіммен бұдан былай Қаштаңбай атаныпты. Бір күні Қаштаңбай жолға шығуға түйесін қомдап, ассуын молдап болып түйемен жолға шығады. Бірнеше күн жүріп, талай асу, бел жүріп, өзі шаршап, түйесі болдырып, бір көлге тап болады. Сонан түйесін отқа жіберіп, өзі демалып, жуынып, қарны қампиғанша, іші кепкен бақадай болғанша тойып су ішеді. Содан кейін іші ауырып тыншымай жатуға кіріседі, сөйтіп ұйқыға кетеді. Ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде мынаны көреді: Оң жағынан ай туады, сол жағынан күн туады, ортасынан бұлт тұрады, бұлт астынан қақ тұрады. Қақты көргенде іші ауырған Қаштаңбай «қақ» деп шошынды, бақалар «бақ» деп шашырап, орнынан атып тұрады, қорыққан бойы демеуге келмей, қайтадан сылқ құлайды. Сонан қайта есін жиып орнынан тұрып есін жиып, жүруге түйесін қарайды, қараса түйесі жоқ. Көл жағасына көзін салып қараса, түйесі құлап іші кеуіп өліп қалыпты. Барар жер басар тау жоқ, жығылғанға жұдырық деп, өзіне-өзі өкініп қоржынын арқасына асып, қолына қамшысын алып, түйесін қимай артына қарайқарай жаяу жүріп кетеді. Сонан бірнеше белестен құлазыған елестен асып қой баққан бір жас балаға келеді. Бұл жас бала тазша еді. Қараң деген байдың қойын бағып жүрген. Қаштаңбай балаға келіп, жолығып, мынаны айтады: «Жолға шығып жолым болмады, түйем өліп оңым болмады», – дейді. Сонан тазшаға көргенбаққанын айтып, түсін жортпақ болады.
– Әй, тазша, мен бір бүгін ұйықтап жатып түс көрдім, түсімді жорышы, – дейді. Тазша тұрып: «Қандай түс, айт», – дейді. Қаштаңбай сөзін бастайды.
– Үйімнен жолға шықтым. Бірнеше күн жүріп шаршап болдырып бір көлдің басына келіп қондым, қонып ұйқыға кеттім, ұйықтап жатып түс көрдім. Түсім мынау деп, көрген түсін айтады. «Оң жағымнан ай туды, сол жағыман күн туды, ортасынан бұлт тұрады, бұлт астынан қақ тұрады, сөйтіп жатып шулаған бақаның даусынан шошып ояндым» деп, бай сөзін аяқтайды. Тереңнен ойлаған тазша түстің жақсы түс екенін біліп байға айтады:
– Байеке, түсің өте жаман екен, сен маған мына мың қойға сат түсіңді, – дейді. Сөзге келмей бай «мақұл» деп, мың қойға бақташы болып, Тазшаның орнына қалады. Қойды айдап бай өз бетімен кетеді. Түсті алып бала кетеді.
Енді, соңын тыңдаңдар. Қаштаңбайды Қарабайға жалшы етіп Тазша өз мұратына жетеді. Сонымен енді Тазша бірнеше күн жүріп, бір елге келеді, елге келіп, жұрттың кеңес сөздерін естиді. Құлақ салып сұрастырып, осы елдің ханының шығарған жарлығын естеді. Бұл ханның аты Қайраң болады. Қайраң ханның жарлығы мынау еді, «бір күнде елу бас биені сойып, жұртқа таратып кешке дейін үлгерген кісіге, кім де болса қызымды берем» деп, уәде еткен екен. Талай шоралар, палуан, сарбаздар қыз алам деп, қыршынынан қиылып, бастарын алдырыпты. Сонан бері ешкімнің тәуекелі тұрмайды екен. Бұл жарлықты, халық көрген қорлықты естіген Тазша «мен солардан артықпын ба» деп, хан жарлығын орындамақ болады. Сонымен дана Тазша ханға келеді, келіп жүгініп, иіліп сәлем береді. Хан «құп» деп хош алады. Хан балаға «арызыңды айт» дейді. Тазша тұрып «арызым мынау, сіздің жарлығыңызды орындап, қызыңызды қатын етіп алғалы келдім», – дейді. Хан баланы қомсынбай «өте жас екенсің, қыршыныңнан қиыласың», деп миығынан күледі. Тазша ханға табан тіреп тайсалмай жауап береді. «Сарайыңыз адамнан қан сасиды. Мен солардан артықпын ба, өлсем соның бірі болармын», – дейді. Хан «хош» деп, нөкерлеріне елу бас бие алдыртып, Тазшаға союға ұлықсат береді. Тазша іске кіріседі, аспастан-саспастан, жаман жерді баспастан елу бас биені ұлы бесінге дейін дайын қылады. Күн қауысқанша қазанға салып, пісіртіп үлгеріп, ханның қарауындағы тайпа ел халқына асты таратады. Барлық жұрт Тазшаға «не қылған алып» деп қайран қалады. Қайраң хан сасып, етек жеңін басып, жарлық еткен сөзін орындап, күйеуге арнап алта қанат ақ отау тіктіреді. Тазша отауға кірмей сыртында жатады. Жеңгелері қызды қолтықтап ұстап күйеуге отауға әкеліп салады. Сонан қыз жігітті күтеді, бірақ Тазша кірмейді. Дана Тазша қыздың жүрістұрысын білу үшін ұйықтамай аңдып жатады. Сонан түн ортасы ауа бір жігіт келеді. Бұл жігіт атын байлап отауға кіреді. Отауға кіргеннен кейін қызбен амандасып, сөзін бастайды. Бұл жігіт Сарсаңбай деген байдың Күңкіл деген баласы еді. Бұл ертеден Қайраңханның Күнсұлу қызын алмақ болған адамның біреуі еді. Күнсұлуды ұзатпақ болып ақ отауға кіргізгенін естіп, күндіз келуге Тазшадан қорқып, жасырынып түнде келгені екен. Тазша отау сыртында жатып айтқан әңгімелерін құлақ салып тыңдайды. Күнсұлу тұрып Күңкілге былай дейді:
– Сен мені бүгін түнде алып қаш, одан басқа мен саған жоқпын, – дейді. Күңкіл тұрып мынаны айтады:
– Мен сені алып қашам, сен әзір бол, – дейді. – Мен қанатты қара ат, қалжың атпен бірін мініп, бірін жетегіме алып келермін, – деп уәде береді. Сонан Күңкіл жүріп кетеді. Артынан Тазша жаяу қуып Күңкілдің барған жеріне бұ да жетеді. Күңкіл өз жылқысына келіп қанатты қара атпен қалжың торы атты құрық салып ұстап, жүген салып құрықтап, аяғына байлап бір ұйықтап оянып барармын деп, ұйқыға кетеді. Ұйықтаған Күңкілдің үстіне келіп Тазша да жетеді. Жатқан жерде Күңкілдің аяқ-қолын байлап атқа өңгеріп алдына алып, екінші атты жетегіне алып Сарсаңбайдың елі қайдасың деп жүріп кетеді. Бірер мезгіл жүрген соң Сарсаңбайдың үйіне келіп жетеді. Сарсаңбайды шақырып алып байлаулы баласын тапсырады. «Мына балаң менің алған қалыңдығыма қолын салды, сондықтан өлтірмей, өзіңе тірі алып келдім», – деді. Бай разы болып екі атты, ер тұрманымен Күңкілдің сырт киімін, бешпент-шалбарын, бөрік қамшысын Тазшаға сый етіп тартады. Тазша берген сыйды құп алып аумаған манағы жігіт болып қызға келеді. Келсе қыз әзір екен, отауды жығып, отқа өңгеріп, жүріп кетеді. Келе жатып қыз аттан түседі. Сол жерде Тазшаны таниды. Қыз жүріп мынаны айтады: «Құдайымның қосқаны болмаса адамның таңдағаны болмайды екен», – депті. Содан кейін жүріп отырып сәскеде бір көл жағасына келіп түседі. Сонан отауды тігіп, Күнсұлу шай қайнатады. Тазша аттарды суарып тұсауға кетеді. Сонан Күнсұлу шай қайнатып қойып, сыртқа шығып Тазшаны күтеді. Күнсұлудың сұлулығы мынадай болыпты. Өзі күнмен шағылысқан қиғаш қасты, сүмбіл шашты, оймақ ауыз, қысаң бел, көрген адам көзі тоймай өзі келетін болыпты. Сонан көлден аз ғана қашық ел болыпты, осы елдің ханы сыртқа шықса, күнмен шағылысқан сұлу қызды көріп «неткен жан» деп, білмек болып тігілген отау сыртындағы Күнсұлуға келеді. Келіп амандысып жөн сұрайды. «Неткен жансың осындай жерге қоныс еткендей» деп, мұнадарсып аяғандық әдет, әдеп білдіреді. Сонан Күнсұлу тұрып жауап береді: «Әкем мені ұзатты, ана жүрген менің күйеуім болады», – дейді. Хан: «Күйеуің келген соң айт, маған қос бала болсын, сан дәулет, енші, бөлек үй берем», – дейді. Күнсұлу: «Жарайды, айтайын», – деп хош алады. Сонан Тазша келеді, келіп шай ішуге кіріседі. Екеуі шай ішіп отырып Күнсұлу Тазшаға ханның сөзін айтады. Тазша «олай болса баралық, қамқорлығын қаралық» деп, атты алып келіп отауды артып сүйгені Күнсұлумен манағы ханның еліне келеді. Ханның ақ мұнарлы үйін көріп ешқайда бұрылмастан сонда келіп түседі. Хан Тазшаны қарсы алып бөлек үй, дүниемүлік береді. Тазша ханға қол бала болып, Күнсұлумен ойнап жүріп бірнеше күн өткізеді. Ханның бұлай құрметтеуі Тазшадан қызды алудың тәсілі еді. Сонымен хан мынадай ақыл табады. Бір күні өтірік ауырады. Сонан уәзірлерінің бірін жіберіп, Тазшаны шақыртып алып мынаны айтады:
– Сен менің балам болсаң, мені тәуір болсын десең, маған «Барса келмес» деген жер бар, сонан екі қасық бал әкелсең мен ауруымнан айығамын, – дейді. Сонан Тазша Күнсұлуға келіп ақылдасады. Күнсұлу Тазшаны шын сүйгенім деп санап, білгенін аямай мынадай қысқа кеңес береді. «Ол «Барса келмес» деген жер рас бар дейді. Шылан дала құбылада бір құдық бар дейді, онда ешкім бармайды, барса қайтып келе алмайды дейді. Сол құдықтың ішінде орта белінен бал, аузында екі түрлі жібек арқан, бірі – қызыл, екіншісі – көк. Содан ұстап түссең, үзіліп балға батып жоқ боласың дейді. Сен мына шылбыр арқанды ал, беліңе байлап және атыңның мойнына байлап түс, бір қасық бал же, екі қасық балды ал, артық алма, артық жеме», – деп ақылын айтып жолға аттандырады. Тазша бірнеше күн жүріп құлазыған далада тұрған бір құдыққа келеді, келсе Күнсұлудың айтқанының бәрі рас екен. Сонан беліне арқанын байлап, бір жағын, атының мойнына байлап құдыққа түседі, түсіп бір қасық бал жеп, екі қасық бал алып кейін шығады. Сонан Тазша кеткен соң Күнсұлуды хан шақырады. Күнсұлу бармайды. Уәзірлер мынаны айтады:
– Сенің күйеуің «Барса келмеске» кетті, ол енді саған жоқ, бәрібір хан сені алады, – деп кеңес қылады. Күнсұлу «бармаймын» деп, мынаны айтады:
– Тірі кетті күтемін, құдай жолын оңғарса, келеді, – деп бармайды. Сонан екінші уәзір Күнсұлуды шақыруға келсе, Тазша қасында екеуі ойнап-күліп отыр екен, есінен танып ілгері басқан қадамы кейін кетіп, жүгірумен ханға келеді, келіп ентіккен бойымен: «Тақсыр хан», «Барса келмеске» жіберген Тазшамыз келіп қалыпты, Күнсұлудың қасында», – деп сөзін аяқтайды. «Былшылдаған неме», «Барса келмеске» кеткен Тазша келетін бе еді, жоғал көзге көрінбей», – деп хан зекіріп, осыны айтқан уәзірдің басын алады. «Міне, саған Тазша», – деп. Сонан тағы бір уәзірін жібереді. О да көп кешікпей кейін ханға келіп: «Тақсыр хан, рас», – деп жауап беріпті, «болса болсын» деп, өтірік күркілдеп хан Тазшаны күтіп жата берді. Сонан келген болып балды алып өгей әкесінің халін білуге Тазша келеді. Келсе, хан төсекте шалқасынан түсіп, сұлап жатыр екен. «Ә, балам, келдің бе, сені күтекүте жүдеп біттім», – деп хан басын көтеріп, Тазшаның қолын алады. Тазша ештеңе сезбеген болып: «Өте жүдегенсің», – дейді. Сонан балды беріп, бір қырмызы шапан киеді. Тазшаны екінші жолға аттандыру үшін хан сонан тағы амал табады. Тазшаға мынадай жұмыс тапсырады. «Күн батыс жақта қалқан тау деген тау бар, сол таудың етегінде көлшік су бар. Сол суда аждаһа жылан бар. Сол жыланнан өлтіріп бір кесе түкірік әкелсең сонымен сылап мені бақса жазады», – деп хан сөзін аяқтады. Тазша: «Жарайды, барайын», – деп үйден шығып үйіне келеді. Күнсұлу Тазшаның алдынан шығып, қарсы алып, «тағы қандай іс тапсырды» деп сұрапты. Тазша тұрып «қиын іс берді» деп, ханның айтқан тапсырмасын Күнсұлуға түгел айтып берді. Күнсұлу:
– Саспа, сені отқа салғызбаспын, – деп ақылын кеңес етіп айтты. «Мен жас күнімде кім сүйгенім болса, соған қару болсын деп арнап мына алмасты қақтырып алаған едім, ұзындығы алты қарыс. Бұл саған қару болар, жолың алыс», – деп, киімінің арасынан алты қарыс ақ алмасты суырып беріп, осылай етіп, мынаны айтты: «Сен үйден шығасың үш күндік жерден аждаһаның өзіне тартқан лебі дауыл болып бетіңе соғады, одан тайсалма, қаһарланып қарсы жүр. Бір күншілік жерден жұтады, ат-матыңмен аузына кіресің, тауда қара жылан жатқан шығар, бірақ қорықпа, сол жерде кесең өзі түкірікке толады, аждаһаның ішіне атыңмен кіріп бара жатып, қылышыңды оң қолыңа ұстап, құлашыңды кере серме. Сонда жыланды екі жарып өзің бүйіріңнен шығасың. Сосын бір ұртынан бір қыз шығады. Оны тастамай ала кел», – деп Тазшаның ассуын беріп жолға салып, қолын алып, хош айтысып қалады. Тазша батысқа бет алып бірнеше күннен кейін бір керемет дауылға ұшырасады. Күнсұлудың айтқанын есіне алып айбаттанып қарсы шабады. Енді екі күннен соң, еріксіз жетектеп алға сүйрейді, Тазша алмасты оң қолына ұстап сол бетімен құлдырап бір үңгірге кіріп бара жатып ақ алмасын кере сермеп жоқ болды. Сонан біраздан кейін атымен аман жыланның бүйірін жарып жарыққа шығады. Шығып айналаға көзін салса, қасында аймен шағылысқан бір сұлу қызды көреді. Күнсұлудың айтқаны осы ғой деп, қызды қолынан жетектеп түкірік толы кесесін жерден алып атына мініп, қызды алдына мінгестіріп «қайран ел қайдасың» деп, жолсыз даламен келген жағын шамамен жорытып шауып, жөнін тауып еліне бет алды.
Күнсұлуды Тазша жоқта хан тағы шақырып маза бермеді. Күнсұлу:
– Тірі болса Тазша өзі келеді, – деп хан сөзіне көңіл бөлмеді. Сонан күндер өтіп, түндер өтіп дана Тазша салып соғып еліне келеді. Келсе, үйінде Күнсұлу аңсап күтіп отыр екен. Тазшаны құшақтап сүйіп шай қайнатып әкелуге сыртқа шықты. Біраздан кейін шай да әзір болды. Тазшаның Күнсұлуға көңілі толды. Екі сұлу екі жағында, өзі ортасында, шайды бұрқыратып ішіп отырғанда, ханның бір уәзірі кіріп келді. Өзінен-өзі шошынып Тазшаны көргенде көзі қарайып сүрініп құлап кейін шыға жөнелді. Сол бойымен жүгіріп ханға келіп:
– Тақсыр хан, Тазшаға бір сұлуды көпсінсең енді қос сұлу қылып қойыпты, екі сұлу екі жағында, үйіне келіп шай ішіп отыр, – деді. Хан отырып: «мынаның жоғалтыңдар қарасын, жын қаққан көзіне жын Тазша болып көрініп, міне, сандырақтап тұрғанын, кес басын, көрсетпе көзіме», – деп бұйырды.
Сорлы уәзір:
– Ойбай, тақсыр, рас, – деп басын алдырды. Сонан тағы бір уәзірін жіберді, о да осы сөзбен келіп, мойнымен басын қылышқа кескізіп, кеудесі бассыз қалып, өзі дүниеден жоқ болды.
Сонан Тазша ханға келді. Келіп сәлемін алып, саламатын ханның қолына ұстатты. Хан разы болып, айтқанын келтіргені үшін Тазшаға тағы бір қырмызы шапан кигізді. Сонан Тазшаға хан айтты:
– Бұл аурудан айығудан қалдым, енді саған ақтық жұмыс тапсырам, – деп хан сөзін бастады: «Осы арадан он күндік жер, Қособа деген жерде Мардан деген пері бар сол перінің өзінің қойы бар, содан маған бір ақ қой, бір қара қой әкелсең ақ жабаға, қара жабағамен қақтырып, етін асып, садақаға етін жұртқа таратса, менің тәуір болуым мүмкін», – деді. Тазша:
– Айтқаныңды орындайын шамам келсе, – деп сол бойымен үйіне келді.
Үйге келіп Күнсұлуға:
– Хан мынадай ақтық тапсырма берді, соны орындауға ақыл қос, – деді.
Күнсұлу тұрып:
– Қане, айтып көр, қолымнан келсе аянбайын, – деді.
Тазша тұрып:
– Қособа деген жерде Мардан деген пері бар дейді, сол перінің қойынан екі қой: біреуі – ақ, біреуі – қара қой әкелуге қосты, – дейді.
Күнсұлу бұған:
– Менен ақыл сұрама, енді мына соңғы алған тоқалың Айсұлудан сұра, – деп кеңес етті. Сонан Айсұлу сөзін бастады.
– Ол пері менің әкем, оның қазір төрт жарым мың қойы бар, бес мыңға толтырып Мардұқа деген құдайы бар соған тапсырады, көптен жинап толтыра алмай жүр, қолына түссең оңды қылмайды, – деді. – Мен саған бару тәсілі мен қойды алу тәсілін түсіндіремін, тек орында, – деп мынаны тапсырды: «Қособаға жақын қалғанда бір күндік жерден әкемнің құс болып қиқулап, мысық болып мияулап, ит болып үріп, түрлі дауыспен көресің. Ыссы да, түс мезгілде Қособаның жанына қойын иіріп өзі демалуға жатады. Сол уақытта екі қойды бөліп айдап қаш. Егер артыңнан қуса «құдайың Мардұқамын!» деп айқай сал. Егер бұл сөзді ұмытсаң сен бізге жоқсың!» – деп Айсұлу сөзін аяқтады.
Тазша атына мініп хан тапсырмасын орындауға үшінші рет жолға шықты. Күн жүріп, түн жүріп қой баққан Мардан перінің шуын естіді. Жарты күндік жерден бұлдыраған Қособаны көріп көңілі толды. Сонан шаңқай түстің шамасында бір ақ қой, бір қара қой бөліп алып, айдап қашты. Біраздан кейін артынан құс болып қиқулап, мысық болып мияулап, ит болып үріп келе жатқан Мардан періні көріп айқайлайын десе құдайының аты есіне түспей, «Құдайың мына мен» деп айқай салды. Пері сөзіне құлақ аспай тауып қуып жетуге азақ қалғанда, Тазша жаман сасып, қыздың айтқанын әрең есіне алып, «құдайың Мардұқамын» – деп айқай салды. Мардан жын шулапулап, ыңырсып кейін кетті. Періден құтылып Тазша еліне беттеді.
Тазша кеткен соң хан Айсұлу мен Күнсұлуды шақыртты.
– Күйеуіңіз бәрібір енді келмейді, сендерге жоқ, – деп. Тазшаның екі әйелі де хан сөзіне құлақ салмай, бармай, Тазшаны күтіп отыра беріпті. Бірнеше күн жүріп үйіне Тазша келеді. Айсұлу мен Күнсұлу Тазшаны қаусыра құшақтап, мейірлері қанғанша сүйіседі. Айсұлу мен Күнсұлуды ханға шақыруға тағы бір уәзірі Тазшаның үйіне кіріп келеді. Келсе, Тазша екі жары қасында, барымен асыр салып-күліп ойнап отырады. Әкелген қойы шоланда қамаулы бармын дегендей, «маа!» – деп маңырап дауысын шығарады. Сонан уәзір асып-сасып, етегімен жеңін басып, жүрегін қолына аларалмас ұрып ханға келеді.
– Ойбай, тақсыр, қайда жіберсең де еш амал таба алмайсың. Тазша тағы келіп қалыпты. Екі сұлу екі жағында асыр салып ойнап отыр, – деп Тазшаның келгенін баян етті. Хан нанбай өзі ақымақтығына қарамай, уәзірді ақымақ деп, дарға асуға бұйрық береді.
Сонан бұл уәзірді дарға асады, қанын судай шашады. Бұл уәзірден кейін Тазшаны білмекке үш хабаршы барып үшеуі де басын алғызыпты. Сонан Тазша ханның үйіне өзі келіп иіліп сәлем беріп: «жұмысыңызды орындадым, тақсыр хан!» – деп әкелген қойларын баян етті. Хан алты ай кезік болғандай жәдігөйсіп, мүсәпірсіп, «жүдеп біттім деп, тапсырманы орындағаның үшін сыйлығым» деп, бір қырмызы шапан береді. Тазша ханның берген сыйлығын алып үйіне келеді. Үш қайтара берген тапсырмасын бұлжытпай орындап, демін бір алып үйінде жатады. Хан енді өтірік ауруынан тәуір болып тұрады. Сонан Тазшаны шақыртып мұндай бұйрық береді:
– Бір күнде қырық арба қара май, қырық арба көмір қазып шығар, – депті. Тазша ханның берген бұйрығын бір күнде орындап, қырық арба қара май мен қырық арба көмірді қазып шығарып, тау етіп үйіп тастапты. Сонан хан халқын жинап төрт балуан адамымен төрт түйе әкелтіп, мынадай бұйрық береді:
– Тазшаны ұстап әкеліп екі қолын екі түйенің мойнына, екі аяғын екі түйенің мойнына байлап өлтіруге, – деп. Ханның сөзін шабармандары екі етпей орындап, Тазшаны ұстап әкеліп екі қолын екі түйенің мойнына, екі аяғын екі түйенің мойнына байлап төрт жаққа жетектеп қолын қол, бұтын бұт қылып айырып өлтірмек болып ұйғарады. Тазшаны байлап болып төрт түйені төрт жаққа жетектепті. Тазша аспай-саспай күшін жиып шіреніп талпынып тебінгенде, төрт түйе төрт адаммен төрт жаққа қаңбақтай қалбалаң етіп ұшып кетеді. Бар халық таң қалып Тазшаның күшіне сүйсініп, «ұл тусаң осындай ту» деп, шулап қоя беріпті. Хан қандай амал істесе де Тазшадан құтыла алмайтын болды. Сонан Тазшаның қазып шығарған қырық арба қара майын, қырық арба көмірін бұйрық беріп өртетіпті. Тазшаның аяғы мен қолын қосып байлап қаулаған қызыл жалын өрттің ортасына тастапты. Бұл ханның зорлығын көріп тұрған Айсұлу мен Күнсұлу жанын сол Тазша жолында беруге бейім болғандықтан, қанша айтса да сұмдығы асқан пері қызы Айсұлу, күйеуі Тазшаның өрттің екінші жағынан кіріп суырып алып шығыпты. Сонан кейін Тазша ханды ұстап алып шешіндіріп, өзі хан киімін киіп, ханды қызыл өрттің ортасына лақтырып жіберіпті. Сонымен үш күннен соң өрт сөніпті. Ханның уәзірлері «Тазшадан құтылдық, Тазша өлді, енді жесір жас келіншек ханға қалды» деп қуанысып шуласыпты.
Сонан Тазша тұрып барып:
– Қараңдар, адамның қанына тоймаған, жауызды ойлаған, қара ниет ханыңыз өліп пе, әлде Тазша хан орнына хан болып тіріліп келіп пе? – депті.
Тексеріп қараса өлген ханның өзі болып шығыпты.
Сөйтіп біреуге өлім ойлаған жауыз ханның өзі өртеніп сүйегі күл болып көмірмен қара майға араласып аласұрып, дүниеден өтіпті. Дана Тазша ханның ордасын ойран қылып, байлығын әділдікпен тең етіп, сол жоқ, жұқа халқына бөліп беріпті. Тазшаның даналығына сенген жұрты осы елдің басы деп танып, барлық халқы Тазшаның соңынан еріпті. Сөйтіп бірнеше жылдар өтіп Күнсұлу жүкті болып, тоғыз ай тоғыз күн болып ай десе аузы, күн десе көзі сұлу бір ұл тауыпты. Тазша бұл ұлының атын Мұрат қойыпты. Тазша Қаштаң байдан сатып алған түсін өңде шын етіп орындапты. Түс болған уақиға өңде аумай келіпті. Енді түсінің аумай шешілуі: оң жағынан туған ай – Айсұлу атты сүйгені, сол жағынан туған күн – Күнсұлу атта сүйгені, ортасында тұрған бұлт Күнсұлу тапқан Мұрат – ұлы, бұлт астында тұрған қақ Тазша төсіне алып, Мұратты еркелетіп жатқанда дәрет етіп қойыпты. Сол ұлының кіші дәреті Тазшаның кіндігінің шұқырына күн жауғандағы қақтай дөңгеленіп тұрыпты. Көрген түс өңде орындалып осылай шешіліп жорылып болыпты. Көп айтып, аз айтып созғанда Айсұлу оңында, Күнсұлуы солында, Мұрат ұлы қолында, Тазша сөйтіп мұратына жетіпті. Елін билеп, әділдікпен бұл дүниеден өтіпті, ол дүние есігіне өмірлікке кетіпті.
26. Опасыз молда
Бір кедей адамның жалғыз баласы болыпты. Осы сорлы кедей бір күні баласын өйтіп-бүйтіп жүріп бір молдаға оқуға беріпті. Ал молда баланы оқуға алғанда былай депті:
– Балаңды берсең жеті жылға келісіп маған тастайсың, осы жеті жыл ішінде оқытып шығарам, сонан кейін келіп балаңды аласың, – депті. Кедей байқұс қайтсін, келіседі де баласын тастап кетеді.. міне сөйтіп ол бала жеті жыл оқыды. Әке-шешесі әбден сағынды, оқуды бітірмей барып көріп қайтуға ұлықсат етпейді екен. Міне сөйтіп жеті жылда жетті. Кемпір байқұс шалының мазасын алыпты: «бар баланы әкел» дей берді. Сөйтіп шал жалғыз торшолағына мініп, баласы оқып жүрген молданың үйіне жақындаған кезде, бір өзенде балалар суға түсіп, ойнап жүр екен. Шал сол балаларға келсе өзінің баласы да осында екен. Баласы әкесін танып, жүгіріп келіпті. Міне осе жерде баласы мен екеуі танысып, қуанысып қалады. Әкесі әкелген сарқытын баласына және оның жолдастарына беріп, тамақтандырып отырғанда баласы былай депті:
– Әке, сен осыдан молдаға бар. Амандас, ол молда сізді қонақ етеді, содан ертесіне тұрғаннан кейін сізге жүр балаңды тауып ал өзің дейді. Ал тауып балаңды танып алмасаңсаған бала жоқ деп, сізді бір сарайға әкеп, ол сарайдың есігін ашады да бір уыс жем шашады. Сонда біз көгершін болып ұшып шығып, жемді теріп жей бастаймыз. Сол кезде сізге «ал таны балаңды» деп асықтырады. Сонда сіз асықпай оны сөзге жұбата бер «сабыр молдеке, сабыр түбі сары алтын деген» деп алдандыра бер. Сол кезде жем таусылар шағында мен барып басқа көгершіннің ауызындағы жемге таласам. Міне сонда «менің балам мынау» деп ұста. Ал бірақ осыдан молдаға барғанда маған жолықтым, болмаса көрдім деп айтпа. Түк білмеген кісі құсап отыра бер, – деп баласы жөнін айтыпты. Сөйтіп кедей байқұс қорқа қорқа молдаға келіп, амандасып өзінің баласын алуға келгенін айтып, әңгімелесіп отырыпты. Әрине оны молда да жақсы қарсы алып, күтеді. Сонда кедей:
– Менің балам қайда, баламды сағындым, көрейін, – депті. Сонда молда:
– Балаңызды ертең көресіз, асықпа. Жатып демалыңыз, – деп қойыпты. Міне сөйтіп кедей қонақ болып қонады. Ертесіне ерте тұрып молда:
– Ал қонақ, жүр енді балаңды көрсетем. Танысаң сенік, танымасаң менікі бала, – деп кедейді бір сарайға алып келіп, сарайдың есігін ашып, бір уыс жем шашып жіберсе, сарайдан бір топ көгершін шығып жемді жей бастапты. Сонда молда:
– Ал танып ал, балаңды бол, – депті. Сонда кедей:
– Сабыр молдеке, сабыр. Сабыр түбі сары алтын деген. Сабыр түбі сары алтын деген молдеке, – деп тұрғанда жем бітіп бір көгершін бір көгершіннің аузына таласа кетіпті. Сонда кедей:
– Менің балам осы еді, – деп ұстай алыпты. Сол кезде баласы кісі болып, түрегеліпті. Міне енді молда ашуланып:
– Ал енді барыңдар, шамаң жетсе мені сен қой етіп жерсің, әйтпесе бір жерде сені мен қой етіп жермін, – деп баланы босатыпты. Әрине бұл баланың оқуы молданың өз оқуынан асқан екен. Бұл молда сол себепті күдіктеніп, әкесі танымағанда оны алып қалып, көзін құртпақ екен. Сөйтіп, бала әкесі екеуі торшолаққам мінгесіп келе жатып:
– Әке үй ішіңде не бар? Недей мал бар үйде? – депті. Сонда әкесі:
– Не болады, балам. Малдан өзің көрген тор шолақ, одан басқа еш нәрсе жоқ, – депті. Баласы:
– Ал, ондай болса, біз үйге құр бармайық. Мен Қазір әдемі қара жорға арғымақ боламын. Ал сіз маған мін де мына шәріге апарып сат. Бірақ жүгенді берме. Содан қайтып келіп, мені осы арада тос, өзім қайтып келем, – деп бала жерге бір аунап әдемі қара жорға арғымақ болып тұрыпты. Әкесі торшолақты тұсап қойып, қара жорғаға міне салып, шәрінің көшесіне жетіп келсе, бір кісі арғымағыңды сатасың ба депті. Шал:
– Сатам екі жүз ділдә, – депті. Ол кісі үш жүз ділдә беріп, арғымақты алады. Шал арғымақтың басындағы жүгенді сыпырып алды да, қайтып жүре берді. Ол атының қасына келіп, баласын тосып отырды, баласы да кещіккен жоқ, жүгіріп келді де:
– Ал әке, жүр кетейік, – деп торшолаққа мінгесіп жүріп кетті. Сөйтіп тағы бір шәрінің тұсына келгенде баласы:
– Әке, мына шәріге тағы да апарып сат, – деп тағы да қара арғымақ болып шыға келді. Әкесі торшолақты тұсап, қара жорғаға мініп аып, шәріге кетті. Сөйтіп шәріні бойлап «арғымақ сатам» деп хабарлап келе жатқанда бір шал келіп арғымақтың жүгенінен ұстай алды да:
– Арғымағың қанша тұрады, – деді.
– Арғымағым екі жұүз ділдә, – деді. Ол саудаласпай үш жүз ділдә берді де, арғымақты алды. Сол арада арғымақтың иесі жүгенді сыпырып алайын деп еді, арғымақты алып тұрған кісі жүгенге таласып, жұгенді бермей жіберді. Міне сөйтіп шал байқұс жылай-жылай қайтып торшолақтың қасына келіп, баласын бір сөтке тосады. Әрине бала қайтып оралмады. Баласының келмесіне көзі жеткен шал, жылаумен үйіне қайтып жүр берді. Міне енді арғымаққа ие болған шал арғымақтың жүгенін алып, өзінің төсегінің астына тығып сақтайтын болады. Сөйтіп бір күні баласы арғымаққа мініп, көшеге шықса, арғымақ жөнді жүрмейді. Сол кезде арғымақты ұрса, арғымаққа тіл бітіп былай дейді:
– Ей бала, сен мені ұрма. Сен әкеңнің төсегінің астында менің жүгенім бар, соны сен көрсетпей ұрдап әкеп, мені жүгенде. Сонда ғана мен әйбәттәп жүрем, – депті.
Сөйтіп бала арғымақтың бұл сөзіне келіседі де, жүгіріп үйіне келсе, әкесі далаға шығып кеткен екен. Бала төсек астындағы жүгенді ала салып, жүгіріп арғымаққа келіп, арғымақты жүгендеп, жіберіп мініп алып көшені ары бері бойлап жорғалатып, үйіне келіп арғымақтан түсіп, арғымақты байлай бергенде арғымақ қашып жөнеледі. Міне сол арада бала әкесіне келіп айтады. Әкесі жүгіріп келіп, төсек астындағы жүгенді қараса жүген жоқ. Сол арада шал қалдің нашарға айналғанын білді де, арғымақты қуа бастады. Ол арғымаққа жетіп қалғанда, арғымақ қоян болып қашады, сол арада шал тазы ит болып қуады, ал енді жетуге айналған кезде бір аунап түлкі болып қашады, шал бір аунап бүркіт болып қуады. Сөйтіп келе жатқанда алдында бір өзен жағасында бір қыз су алып тұр екен, міне қашқан түлкі қысылғаннан сол қыздың шелегіне келіп сақина болып шолп етіп түсіп кетіпті. Ал бүркіт сол кезде жерге түсіп кісі болып келіп қыздан сақинаны даулайды. Сол кезде қыз тұрып:
– Мен сізден сақина алғаным жоқ. Ал менен сақина алмақ болсаң үйге барайық, менің әкем осы жердің ханы еді сол кісі елін жинасын, міне сол халықтың алдында ал менен алатыныңды, – деп шалды үйіне ертіп алып келеді. Сөйтіп әкесіне:
– Әке еліңді жина, еліңіздің алдында айтайын деген сөзім бар, – деп елін жинатады. Сөйтіп елі жиылған соң ел алдына шығып қыз:
– Халқым тыңлаңдар, мына тұрған адам менен сақина даулап жүр. Оның мәні мынадай. Мен өзеннен су алып тұр едім, бір түлкі келе жатыр екен. Ал ол түлкіні бір бүркіт қуып келе ді екен. Міне соның қызығына қарап тұрғанда жаны қысылған түлкі қашқан бетінде келіп, менің шелегіме сақина болып түсіп кетті. Ал енді бүркіт жерге түсті де кісі болып, маған келіп менен сақина даулап жүр. Ол мына тұрған адам. Ал енді шамасы жетсе сіздерге алдарыңызда алсын, – деп қолындағы сақинаны жерге тастап жіберді. Сол кезде сақина быт-шыт тары болып шашырап кетті. Сол кезде баяғы шал тауық болып тарыны теріп жей бастапты, тарының ақырғы түйірі қалғанда, сол қалған ақырғы түйір тары мысық болып тауықты бас салып мойынын бұрап өлтіріп, кісі болып түрегеліпті. Сөйтіп ол бала осы арада тұрып, өзінің молдадан құтылуына көмектескен қызды алып, бөлек үй болып әке-шешесін тауып алып, осы шәріде молда болып, молдалық дәуірін жүргізіп тұра береді. Сөйтіп күндерде бір күні бұл молдаға бір адам жалғыз қызы бар екен, соны оқуға әкеп өткізіп кетіпті. Бұл қыз бірнеше жыл оқиды, сөйтіп бір күндер өткенде молдаға «асслаумағалайкум» деп сәлем беріп кірсе, оған молда «уағаләикім асслам, байы өлген дүзіқара» деп жауап беретін болыпты. Ол сөзге жылай жылай қайғырған қыз әбден жүдеп болады. Бұл қыз өстіп күнде сәлем берсе, ол молда сол сөзін қайталап отыра береді. Сөйтіп, бір күндер өткенен кейін қыздың әкесі келеді. Қыз жылап әкесіне айтса, әкесі молдаға келіп «Сен менің жалғыз қызыма неге олай деп айттың» дегенде молда:
– Айтқаным рас, өйткені сенің қызың өлген адамға тиіп соынмен ғұмыр сүреді, – депті. Оған қатты ашуланған байқұс шал қызын оқытпай үйіне алып жөнеледі. Сөйтіп үйіне келе жатып, бір өзен бойына ат дамылдатып дем алып отырыпты. Әрине сол кезде бұлардың қарсы алдында төбешікте тұрған бейітті көреді. Сол арада екеуі сол бейітке құран оқып кетуге келіпті. Бейіттің есігі ашық екен, қыз бұрынырақ келіп кірсе керек, есік сарт етіп жабылып қалыпты. Әкесі сырттан қызы ішіненжұлқылап аша алмайды. Сөйтіп еш нәрсе істей алмайтын болғаннан кейін екеуі айқайласып, қоштасып айырылады. Баяғы байқұс шал жылай жылай қызынан айырылып үйіне қайтады.
Зиратта қалған қыз енді еш нәрседен көмек болмағаннан кейін зират ішін аралап танысса, неше түрлі тамақ бар екен және бір бөлмесіне кіріп қараса салулы тұрған төсекті көреді. Ол төсек үстінде бір жас жігіт өліп жатыр екен. Басында жастық, сол жастық астын көтеріп қараса бір қағазды көреді. Ол қағаз жанында бір дұғалық кітапты көреді. Ал жаңағы қағазды былай деп жазылған:
– Осы кітапты оқып, дем салып бітірсе осы адам тірілмек – деп жазылған. Ал енді бұл кітапты оқып шығу үшін қырық күн керек. Әрине бұл қыз қырық күнді қиынсынбай-ақ сол дұғалық кітапты оқып шығып, сол жігітті тірілтуге кірісті. Сөйтіп қыз осы кітапты 39 күн, 39 түн оқығаннан кейін зираттың есігі ашылады. Сол кезде қыз дем алуға таза ауаға далаға шығады. Сол кезде ол қыз келе жатқан бір керуенді көреді. Сол керуенді тосып тұрып керуендер келгеннен соң олардан бір күң сатып алады. Сол күнді сатып алған соң онымен танысып болған соң, өзінің басынан өткен барлық уақиғаны айтып, енді оған былай дейді:
– Міне мен осы кітапты отыз тоғыз сөтке оқыдым. Енді мен шаршап отырмын. Қалған жерін сен оқи отыр. Енді мұның тірілуіне бірақ сөтке қалды, – деп жатып ұйықтайды. Әрине отыз тоғыз күн дем алмай оқыған оған жеңіл тиген жоқ. Ол өте қатты ұйықтап қалды. Ал сатып алған күңі қалған дұғаны оқып бітіргенше оянбайды. Күң дұғаның ақырын оқып болып дем салғанда жігітте орнынан тұрады. Ол күң екеуі танысып, әңгімелесіп болғаннан кейін жігіт «мына жатқан кім» деп сұрағанда, күң оған «менің сатып алған күңім» деп жауап береді. Міне сөйтіп отырғанда қыз ояна келсе күңмен жігіттің құшақтасып отырғанын көріп, үндемей жүре береді. Міне сөйтіп еңбексіз күң ол жігітке әйел болып, ал еңбек еткен қыз күң орнында жүре береді. Сөйтіп бір неше уақыттар өтеді. Жігіт шәріге бернеше рет барып келеді. Қызда еш үн жоқ, жүре береді. Бір күндер өткенде жігіт шәріге жүрмек болады. Сонда ол қызға:
– Сен маған неге тапсырма айтпайсың, не керек саған айт, ала келем, - дейді.
Сонда қыз:
– Маған бір жанды қуыршақ әкел және күлжаһан деген шөп бар соны әкеп бер, одан басқа еш нәрсе керегі жоқ, – депті.
Сөйтіп жігіт шәріге кетеді. Бір шәріге келіп «күлжаһан деген шөп бар ма, жанды қуыршақ бар ма» деп әр кімнен бір сұрайды. Оған елдің бәрі күліп, оны мазақ етіп, сенің айтып жүргенің не, жанды қуыршақ бола ма екен дейді. Сөйтіп ол сол сөзін айтып сандалып жүре береді. Бір уақытта бір адам отырып:
– Әй жігіт, бері келші, – деп шақырып алады. Сенің іздегенің не, – деп сұрайды.
– Менің іздегенім жанды қуыршақ және күлжаһан деген шөп, – депті.
Сонда ол адам:
– Міне саған күлжаһан деген шөп, – деп күлжаһан шөпті береді. Ал, – деді, жанды қуыршақ сенің үйіңде отыр. Оны сен білмей жүрсің. Саған еңбек сіңірген адамды сен күң орнына ұстап жүрсің, міне сол жанды қуыршақ, - деді ол. Ал енді мына шөпті апарып бер де, жанды қуыршағыңды таба ламадым де. Сонан кейін өзің оны аңлып отыр, ол бұл шөпті алады да тезек теріп әкелемін деп, бір жаман қап алып, бір пышақ алып кетеді. Содан ол бір жарға барып осы шөпті отырғызып қойып, осы шөпке бар сырын айтады. Сол кезде шөп бір бозарып, бір қызарып тұрып осы шөптен қан тамады. Сол кезде пышақты алады да, жарық дүниемен қоштасып, өзіне өзі сала берген кезде аңлып тұр да ұстай ал. Міне сонан кейін саған бәр жағдайың түсінікті болады, – деп ол адам бәрін айтып береді.
Сөйтіп ол шөпті алып келіп береді де «енді жанды қуыршағыңды таба алмадым» дейді. Оған ол қыз «жәрәйді, рахмет» деп шөпті алып, бір қапты алып, қапқа пышақ салып жібереді де «мен тезек теріп келейін» деп кетеді. Содан жігіт оны аңлып көрінбей артынан келіп тыңлап отырады. Сол кезде қыз өз басынан кешкен уақиғаның бәрін айтып, зарлап жылап отырғанда гүл бір қызарып, бір бозарып құлпырып тұрып одан қызыл қан тамады. Сол кезде қыз пышақты алып, жарық дүниемен қоштаса бергенде жігіт артынан келіп «жаздым, жаңылдым, қателігімді кеш» деп үйіне алып келіп, бар болған уақиғаны анықтап, ол қызды әйелдікке алып, баяғы күңді қайта күңдікке ұстап екеуі әке-шешелерін тауып алып, сөйтіп жақсы ғұмыр сүріп тұра беріпті.
27. Екі дүниелік әйел
Бұрынғы кезде бір бай болыпты. Оның жалғыз баласы болыпты. Баласына қалың бермепті. Көрші байдың балалары ер жеткен соң:
– Ей, сен жүр, бәленше байдың қызын көндіріп қойдық, – дейді. Бұл «бармаймын» дейді. Жолдастары «бармаймын» деген соң күдер үзеді. Қызтеке, белі жоқ бала деп атайды. Бір күні осы өсекті әке-шешесі естиді. Елде өсекке қосады, дүниеқор бай, жалғыз баласына әйел әпермепті, – дейді. Баласын шақырып алып:
– Өзің сүйіп, таңдап ал, дәулетім жетеді, – дейді. Төрт түлік малдан мал сайлап ал, мал айдап сауда істе, босқа жүрме, төңіректі төрт айналу керек, – дейді. Баласы:
– Жарайды, – дейді. Мал алады, жылпың жігіттерді де қоса алады. Бәрі сапарға шығып, қыз таба алмай қайтып оралады. Күн батысына да барады, ештеңе таба алмайды. Дүниені төрт айналады, сұлу қыз таба алмайды. Әкесі айтады:
– Ей қарағым, неге осылай болды, – дейді.
– Әке мен әйел алмаймын, – дейді. Сонда әкесі:
– Онда еншіңді ал да кет, – дейді. Ол «жарайды» деп, есіктің алдындағы жаңа бұзаулаған сиырды сұрайды. Төрдегі алтын жаннат ішікті бер, – дейді. Қалағандарын алып сапар шегеді. Адам аяғы баспас бір жерге барып тұрақтайды. Бір күндерде ақ шалмалы шал жолаушы келеді. Үш рет келеді. Үшінші ретінде:
– Үлкенге неге кішілік жасамайсың, – дейді.
– Олай болса ақсақал, жол болсын, қайда барасың, – дейді бала. Шал:
– Жекжат аралап жүрмін, – деп сиырдың сүтін ішіп, неге айдалада отырсың, – дейді шал.
Бала айтады:
– Әке-шешем қуып жіберді, – дейді.
– Неге, – деп сұрады шал.
– Әйел алмайсың деп қуды.
– Неге әйел алмайсың?
– Екі дүниелік әйел кездеспеді, бір дүниелік әйел алғым келмейді, – дейді бала.
Шал айтады:
– Онда сенің мәселең ауырлау екен. Екі дүниелік әйел бұл дүниеде үшеу ғана. Оның екеуі туды, біреуі туған жоқ. Оның біреуі кемпір, оны сен алмайсың, бала-шағасы бар. Екіншісі біреуге тигелі жатыр, сүйгені бар, саған тимейді, – дейді. Үшіншісі туған жоқ, оған сен қарай алмассың, дейді қарт.
– Ендеше отыра берем, – дейді бала.
Шал ақылын айтты:
– Күйеуге тигелі жатқан қызға қайыршы болып бар, – дейді. Сен барғанда оңаша отауда қыз-келіншекпен жатқан болар, – дейді. Барғанда сен бауырсақты, берген етін татпай, «енеме бер» деп бере сал, – дейді. Қыз бен жігіт отауда оңаша қалғанда саған «кет» деп айтады, ұрып соғады, сонда да сен кетпе, қыз бен жігіт ұйықтағанда қыздың арт жағынан барып кір, – дейді, қызды құшақта, «мұның қалай» деп қыз айтады, сонда сен «сенің мұның қалай, екі дүниелік ер болмаса, бір дүниелік ерге тимеймін деген сертің қайда, екі дүниелік ерің мен емес пе едім, бір дүниелік ол емес пе еді де, сонда қыз «солай ма еді» дер.
Жігіт жолаушы қарттың айтқанын істейді. Бұрылып келіп қыз жігіттің мойнынан құшақтайды. Жігітте құшақтайды. Екі құшақ жабысып қалады. Ірге жақтағы күйеу оянады. «Мұның қалай», – дейді күйеуі. Ел жиналады. Екеуін ажырата алмайды. Жиылған ел әртүрліге бұйырады. Кейбіреуі жұртқа тастамақ болады. Сөйтіп екеуін жұртқа тастап кетеді. Үш күн өткен соң құшақтары ажыратылып, баяғы сиыр арқандалған жерге келеді. Отыра береді. Бір күндерде керуенші сәудегерлер келеді. Бірі от алуға келеді. Ол керуен басшысына айтты:
– Еркегі онша емес, әйелі сұлу екен, – дейді. Бәрі осы екеуіне келеді. Әйелдің сұлулығына тамсанып, ештеңе демей қайтып кетеді. Ертеңіне әйел күйеуіне айтады:
– Әй, ішікті төрге қыстырып қайтеміз, сен керуеншілермен барып, базарға сатып кел, – дейді. Бала ішікті керуеншілерге еріп сатуға кетеді. Жаяу жүреді. Жолда бір бай мырзасын жолықтырады.
– Ішікті сатасың ба? – дейді ол.
– Сатамын, – дейді жігіт.
– Не сұрайсыз?
– Астыңыздағы атыңды берсең болады. Мырза атын береді.
Керуеншілер:
– Құдай атсын, бәлен шәріге барғанда бұл ішіктің құны үш ат болатын еді, мұның не, – дейді.
– Оның керегі жоқ, – дейді жігіт.
– Әйелің сені бізге аманат етіп еді, бұлдап сата алмағаның не? – дейді керуеншілер.
– Жоқ, әйелім ештеңе демейді, – депті жігіт. Екі жағы бір жатып тұрып ерегеседі. Ары кетіп бара жатса, бір пақыр кез болады.
– Атыңды сатасың ба? – дейді пақыр. Сүйтіп сиырға айырбастайды. Керуеншілер:
– Атың қайда? – деп сұрайды.
– Құдай ұрды, сен әйеліңнен айрылдың, – дейді олар. Бұлар тағы ерегесіп қалады:
– Әйелім ештеңе демейді. Десе барлығы сенікі болсын, – дейді жігіт. Жолда қайыршыны кездестіреді. Сиырды соның тымағына айырбастайды. Тағы ерегес болады. Жолда дауыл болып, тымағын теңіз желі алып кетеді. Керуеншілер базардан қайтып оралады. Сұлу әйелдің күйеуі құралақан қайтады. Әйелі айтады:
– Жігітім, малың базарлы болды ма? – дейді.
Жігіт:
– Болды, – дейді. Не болғанын айтып береді.
Сонда әйелі іренжімепті:
– Ішікті атқа сатқаның дұрыс, ат адамның қанаты. Сиырға айырбастағаның да жөн екен, сүтке сүт қосылады, елге ел қосылады. Тымаққа айырбастағаның, тіпті жақсы болыпты, жігіттің басы түзелмей, ісі түзелмейді деуші еді, басыңды түзегенің орынды екен. Тымағың кеткені басыңа төнген бәленің кеткені екен, енді оңаларсың, – дейді.
Керуеншілер жеңіліпті, артынып, тартынып келе жатқан дүниелерінің барлығын соларға тастапты.
28. Сүлеймен мен диханшы
Баяғыда жер бетіндегі жан-жануар, өсімдік, өзен, тау – барлығы да әлем патшасы тақ Сүлейменге бағынады екен. Сүлейменнің алдына келіп басын имеген бірде-бір жан болмаған. Сол Сүлейменнің уақтысында бір керемет диханшы болған екен. Оның жыл сайынғы еккен егіні соншалық бітік шығып, әлемді қызықтырып, барша жанды еріксіз өзіне тартыпты. Сол диханшының еккен егінін көруге жыл сайын періштелер жиналып тұрады екен. Оңтүстіктен Сүлеймен пайғамбарға келе жатқан құс патшалары жаңағы періштелердің арасынан әрең етіп, жылда жиыннан екі-үш күн кешігіп келеді екен. Бір жылдары бұрыңғыдай он шақты күнге созылған үлкен жиын болыпты. Жиында әр патша өзінің шаруа жайын әңгімелеп беріпті. Сонда құс патшаларының бірі тұрып Сүлеймен пайғамбарға былай деп сұрақ қойыпты:
– Тақсыр, әлемнің патшасы, рұқсат етсеңіз сізден бір сұрақ сұрағалы отырмыз, – депті.
Бұған Сүлеймен пайғамбар:
– Айта ғой, сұңқарым. Сұра сұрағыңды, – депті.
Сонда сұңқар тұрып:
– Тақсыр, осы жолда бір диханшы бар. Оның еккен егінін көруге бұл дүниенің түкпір-түкпірінен келмейтін періштелер жоқ. Жиналған періштенің көптігі соншалық біз тіпті солардың арасынан екі-үш күнде әрең өтіп, жиыннан ылғи кешігіп келеміз. Ал сол диханшы егін еккенде сізді бір рет те болса аузына ала ма екен? Менің білгімнің келгені осы еді, тақсыр, – депті.
– Сұңқарым, бұл сұрағыңның анықтығын біліп, келесі жылғы жиында айтып берейін, – деп, пайғамбар барлық патшаларды таратып жіберіп, өзі диханшыны іздеуге шығады. Былай шыға беріп желге: «Мені сол диханшыға апарып таста», – деп бұйырады. Жел айтқанын екі етпей көзді ашып-жұмғанша пайғамбарды диханшыға алып жетіп келеді.
Диханшы Сүлейменді танып, сәлем береді. Пайғамбар сәлемін алып, өзінің неге келген жайын айтады. Бұған диханшы қуанып, әлі орылып бітпеген егінін көрсетеді.
Сүлеймен пайғамбар диханшының бұл еңбегіне разы болып:
– Сіз өте еңбекшіл, өнерпаз адам екенсіз. Еккен егініңіз де ете бітік шығыпты. Мұны көруге әлемдегі жанды-жансыз мақлұқтың бәрі де жиналады деп есіттім. Менің білгімнің келетіні: сіз диханды алғанда не деп аласыз? – дейді.
– Бисмилда деп себемін. Қара қазан, сары баланың қамы үшін бере көр, табиғат деп, еңбегіммен аламын, – дейді. Диханшы Сүлейменді аузына да алмайды. Бұған ашуланған Сүлеймен бидай, жер, суға келіп:
– Бидай, сен ендігі жылы өнбе, Жер, сен қанша бидай сепсе де өндірме, Ал, су, сен қырық кез төмен түс, – деп, әмір береді.
Диханшы мұны біліп, күш-көлігі мен құрал-саймандарын сайлап, көктемге дейін сайдың тасындай ғып қояды. Күткен көктем де туады. Диханшы жиған-терген бидайын жеті күн бойы судан шығармай бөктіріп қояды. Бір айдаған жерін жеті рет тырмалап, бидайын себеді. Егінді суаратын кез келеді. Суға келсе, су өз деңгейінен қырық кез төмен түсіп кеткен екен. Диханшы жүгіріп үйіне келіп ара мен балтасын алып, қалың ағашты кескілей бастайды. Ақыры ағашты кесіп болып, жаяу арқалап, зорға дегенде құдықтың басына жеткізеді. Сөйтіп шығыр орнатып, оған қырық қауғаны қатарынан салып, айналдыра бастайды. Бұған шыдай алмаған су аспанға шапшып, сол аймаққа тарайды. Суға қанған егін бас жарып, көктей жөнеледі. Мұны есітіп, таң-тамаша қалған періштелер былтырғыдан да көп жиналады. Ал, қүс патшалары бұрынғы әдетінше Сүлеймен патшаға кешігіп келеді. Жиын біткен соң құс патшасының бірі тұрып тағы да:
– Тақсыр, осы біздің былтырғы айтқан диханшымыз сізді аузына ала ма екен өзі. Биылғы еккен егінін көрсеңіз, қайран каласыз. Оған жиналған періштеде де қисап жоқ. Солардың көптігінен әрең өтіп, міне тағы да кешігіп келіп отырмыз, – деп сұрады.
Бұл сөзге іштей ашуланған Сүлеймен желге мініп, қаһарын тігіп, тұқымға келді:
– Сен неге менің айтқан бұйрығымды орындамадың. Мен шықпа дегенім қайда? – деп ақырды.
– Тақсыр, мен орындамайын дедім бе, жеті күн суға салып, тұншықтырып, есімді тандырды, – деді тұқым.
– Ал, сен неге өндіріп шығарасың, – деп Сүлеймен пайғамбар жерге ақырды.
– Тақсыр, менің өндірмесіме қойды ма?! Жеті рет жыртып, жеті рет тырмалап, әбден есімді тандырды. Су ішіп, қәзір ғана есімді жиып тұрмын, – деді жер.
Сол-ақ екен Сүлеймен пайғамбар суға келіп:
– Мен саған жер бетіне шықпай қырық кез төмен түсіп кет дегенім қайда? Бұйрығымды неге орындамайсың? – деп тіксінді.
– Тақсыр, мен сіздің айтқаныңызды орындадым. Қырық кез төмен түсіп те кеттім. Бірақ, оған диханшы қойды ма, еріксіз аспанға шығарды, – деді.
Бұдан ешнәрсе шықпайтынын көріп, Сүлеймен пайғамбар әрі ойланып, бері ойланып:
– Еңбек қылған алсын, – деп, жүріп кетіпті.
29. Қарахан ертегісі
Қарахан деген қадірлі хан болыпты. Қырық уәзірімен бір жерге сейілге шығыпты. Әлгі сейілге шыққанда қырық уәзірдің қасында қырық кісі бар екен. Сейілге шығып жолда келе жатқанда Қараханның қамшысы қолынан түсіп кетеді. Сол арада көп кісі – қырық уәзір, қырық кісі тегісімен атынан түсе қалып ханның қамшысын әпермекші болады. Тигені қамшыны ұстап, тимегені тек ұмтылып, бәрі де ханға құрмет қылады. Сол кезде Қарахан ат үстінде тұрып ойлап: «Япырау, бір қамшы үшін қырық уәзірім мен қырық кісі бірдей түсіп қүрмет істегендей мен сонша қадірлімін бе? Халық жақсы құрметтейді екен ғой», – дейді. «Мен бұған шүкіршілік қылайын, халықтың маған істеген сол құрметіне мен оларға көңіл бөліп, қаріп-қасырларға болысайын, жұрт айта қалғандай бір жомарттық істейін» деген ой көңіліне кірді. Содан хан қырық уәзір, қырық жігітпен күні бойы аңда болып кешке жақын аман-есен үйіне келді, Үйіне келіп, жайласып отырған соң, ханның үйіне үстіне жаман киім киген бір қайыршы адам кіріп келеді. Күндіз аңда жүргенде «зор жомарттық істеймін» деп хан өзіне уәде қылған. Орнынан тұрды да қайыршыға бір үлкен сый тартпақшы болды. Сонда қайыршы айтты:
– Сен маған шын ниетіңменен сый беретін болсаң, менің көңілім не тілесе сен соны бер, – деді. Хан айтты: «Төрт түлігімнен, мүлкімнен не тілесең соны бердім, қалағаныңды ал», – деді. «Жоқ, сенің төрт түлігіңнің маған керегі жоқ. Сен берсең, патшалық орныңды бер. Менің көңілім осыны сүйеді», – деді қайыршы. Хан айтты: «Орнымды да бердім», – деді. Қайыршы айтты: «Берсең түс, орныңа мен отырайын», – деді. Хан мұны да жақсылық көріп орнынан түсті. Бақсы айтты: «Сен мұнда тұрма, төрт түліктен таңдаған атың мен дүние ал да жайыңа бар», – деді. Хан қайыршының айтқанын істеп, жылқыдан таңдап ат алып, керекті бұйым алып, үйінің ішін арбаға мінгізді де шаһардан шығып, екінші бір шаһарға жөнелді. Келе-келе жатып ханның үй іші бір өзен суға кездесті. Өзен су терең екен, түгел өтейін десе, тегісімен суға кетеміз бе деп, жарымдап өтуді ойлады. Ең алдымен екі баласы мен қатынды өткізді. Одан кейін қайыра қалған жүкке жөнелді. Қарахан жүкке қарай өтіп келе жатқанда, қатын, балаларын орнына тастап, жарды жағалап ұзаңқырап кетті. Сол кезде екі қасқыр шауып келіп екі баланы көтеріп алып кетті. Балаларды қасқырдың көтеріп алып бара жатқанын хан да, қатын да көріп тұр. Бірақ олардың бірі ар жақта, жаяу не істесін, өздерін-өздері жұбатты. Содан кейін хан мен қатын өзенді жағалап келіп бір жерге келіп жатты. Сол уақытта олардың үстіне бір топ керуен көшіп келді. Керуен келіп қонған соң олардың ішіндегі кейбіреулері хан мен қатынға келіп жолықты. Ханның қатыны көркем сұлу кісі еді. Керуеннің сал-сері жігіттері оны керуен басы Ханзадаға айтып келді. Олардың айтуы бойынша керуен басы оған ғашық болды. Содан кейін керуен басшысын бір қиял билеп, қатынды көру үшін екі жігітті жұмсады.
«Бізде бір адам сырқат еді, «қырықтың бірі – қыдыр» деген сөз бар еді. Жолаушы әйел соны келіп көріп берсе екен деп айтындар», – деді. Жігіттер ханның арбасына келіп керуен басының сөзін қатынға айтқанда, қатын «бармаймын» деді. Жігіттер өтініп үш рет сұрады. Қатын үшеуінде де «бармаймын» деп жауап қайырды. Қарахан айтты: «Бұлар да жолаушы адам ғой, барып келе ғой», – деді. Қатын керуеннің шатырына келген соң, бағанағы көрмей ғашық болған керуен басы қатынды көріп, оның көркем сұлулығына таң қалады. Қатынды күйеуіне қайтармай бауыр басып, шатырын жиып көше жөнеледі. Хан бұған да ішінен сабырлық қылды. Содан кейін қатынды алып керуен басы жөнеліп, Қарахан өз жайына кетті. Қарахан жүре-жүре тағы бір өзенге кез келді. Бұл су да терең екен. Өтіп келе жатқанда аты суға кетіп, өзі ғана жүзіп шықты. Содан киейін десе киім жоқ, ішейін десе асы жоқ, келе-келе жатып шаршап, бір салындының арасына кіріп жатты. Бұл жерге шаһар таяу екен. Бұл шаһардың ханы өліп иесіз тұр екен. Бұрынғы заманда хан өлгенде дәулет құсын ұшыру елдің салты екен. Бұл шаһардың халқы жиналып дәулет құсын ұшырыпты. Ұшырған дәулет құсы ұшып келіп бағанағы салындыға қонады. Ол жерде Караханнан басқа ешкім жоқ. Осы салындыға келіп қонғанда, артынан үш жігіт құсты алып кетті. Жігіттердің қолындағы құсы талпынып салындыға қарай береді. Құс талпына берген соң, қоя беріп қараса, құс қайтадан барып салындыға қонады. Ол жерде жігіттердің дыбысымен Қарахан оянады. Жігіттер оған таң қалып, құсты алып, Қараханды ертіп топ басына барады. Барған жерде жиналған топ Қараханның жайын, неғып жүрген адам екенін сұрап таныған соң, оны ақ киізге орап хан көтеріп, шаһарға хан сайлайды. Қарахан бұл шаһардың ханы болып тұрды. Дәулет құсы басына қонып, бақтың сарайыңа кірсе де, ойынан қатын мен бала шықпады. Оларды көп ойлады. Ақырында ханым мен баласын іздеуге көп кісі ертіп жолға шықты. Айдан ай, жылдан жыл өтті. Ел-елден сұрап ханым мен балаларды іздеді. Неше заман жол жүріп келе жатқан адам бір елде қайыр сұрап жүрген әйеліне кездесті. Ханым үстінде киім, ішерге ас жоқ, тек елден сұрап күнелтіл жүр екен. Ханын көріп қайтадан жасағандай болды. Екеуі бірін-бірі құшып, мауқын басты. Хан ханымынан балаларынан хабар білер ме деп сұрады. Ханым бұрынғы есіткен бойынша балаларынын қай жерде тұрғанын айтты. Хан мен ханым көп нөкермен балаларын іздеді. Айдан ай өтіп, келе-келе жатып бір өзен бойында қой бағып жүрген қойшыға жолықты. Қойшыдан жөн сұрады. Қойшы бағып жүрген қой қай елдің қойы екенін айтты. Қойшы жай қойшыдай емес, еті тірі болғандықтан оның кім екенін сұрады. Қойшы:
– Мен Қарахан деген кісінің баласымын, – деді. Оны жас күнінде бөрі алып қашқан екен. Бөріден бұл елдің бір байы құтқарып алып, асырап енді қой бақтырып қойыпты. Оның қасында інісі бар екен. Інісі – ол да қозы бағып жүр екен. Балалардың етін бит жеп, аяғын тас қырқып әбден жүдеген екен. Оларды іздеп тауып иіскеп бір жасады. Содан балаларыи жанына ертіп еліне қайтып, бұрынғы хандығына отырып, барша мұрат басына жетті.
30. Хан қызы
Бұрынғы заманда бір хан болыпты. Ханның бір қызы болыпты. Төрт уәзірі болыпты. Хан сейілге шығыпты, қасында бір уәзірі болыпты. Ханның алдынан екі қоңыр қаз ұшып барады екен. Хан уәзіріне айтты: «Осы екі қоңыр қаздың тілін маған айт! Не деп кетіп барады?», – деді. Уәзірі айтты; «Тақсыр, мен білмеймін». Хан айтты: «Айт! Айтпасаң басыңды аламын». Уәзір айтты: «Тақсыр, үш күн мұрсат бер», – деді. Хан: «Жарайды», – деді. Ханның өзі қаздың тілін біледі екен, үндемей үйге келді, атынан түсті, отырды. Уәзірі өз үйіне келді. «А, қатын! Сен маған, мен саған жоқ», – деді. Қатыны айтты: «Неден қорықтың?» – деді. «Хан маған қаздың тілін тауып айт, айта алмасаң басынды аламын», – деді. Үш күн мұрсат сұрадым. Үш күн мұрсат берді. Уәзір таза суға шомылды, ақыретін қойнына салды, күннің батыс жағына кетті. Ханның қызы жүр екен, қырық қыз нөкері бар екен. Кетіп бара жатқан уәзірді ханның қызы көрді. Бір қызға айтты: «Анау кетіп бара жатқан кімнің уәзірі екен, шақыршы», – деді. Қыз жүгіріп кетті. Уәзірге жетті, айтты: «Сені ханның қызы шақырады», – деді. Уәзір ханның қызына келді. Ханның қызы айтты:
– Е, уәзірім, қайда бара жатырсың жаяу? – деді.
– Солай, солай! Кеше ханмен сейілге шықтық, алдыңыздан екі қоңыр қаз ұшты. Хан айтты, «сол ұшып бара жатқан қоңыр қаздың тілін маған айт! Айта алмасаң басынды аламын», – деді. Сонан қорыққан соң үш күн мұрсат сұрадым, мұрсатымды берді. Үш күнде тауып айтсам, басымды алмайды. Сонан қорыққаннан кетіп барамын, қаздың тілін білмеймін. Әкеңіздің қылған жарлығы сол, – деді.
Қыз айтты:
– Е, уәзір, мен саған жақсылық қылар едім, қорыққан соң, әкеме айтасың ғой, – деді.
– Жоқ, ханша, айтпаймын. Өлсем өліп кетермін, жақсылық қылған кісіні неге айтайын?.
– Жарайды, уәзірім, мен сені аядым. Мен айтайын, сен тыңда! Қаздың тілін кім айтты деп сұрар. Сонда мені айтпа, айтсаң менің обалым сенде болар. Онан соң қыз айтты: «Алдыңғы ұшқан еркегі, соңғы ұшқан ұрғашысы екен. Еркегі айтты: «Жылда екеуіміз құстың соңынан ұшушы едік, биыл неге құстың алдында ұшып барамыз?» – деді. Ұрғашысы айтты: «Жылда соңында қалатынымыз сен ақсақ болған соң», – деді. «Мен сені асырадым, күттім, жаман еркекті жақсы ұрғашысы асырайды екен», – деді. Ұқтың ба, уәзірім? – деді қыз.
– Ұқтым! – деді.
– Ертең барып айт. Әкем менің айтқанымды білер, білсе де айтпағайсыз, – деді қыз.
Уәзір қуанды, үйіне келді. Қатыны сұрады:
– А, қарағым, неге қуандың? – деді.
– Е, бір жақсылық бар, енді қорықпаймын, – деп уәзір айтты.
Ертеңіне уәзір ерте тұрып, беті-қолын жуып, ханға келіп:
– Ассалаумағалейкүм, алдияр! – деді. Хан:
– Уағалейкум уәссәләм, уәзірім, – деді.
– Хан, кешегі тауып айт деген сөзіңізді айтқалы келдім, – деді.
– Жарайды, уәзірім, айт! – деді.
– Айтайын, құлағыңызды салып тыңдаңыз. Алдыңғы ұшқан қаз еркек екен, соңғы ұшқан қаз ұрғашысы екен. Еркегі айтты: «Біз жылда құстың соңында қалатын едік, биыл неге құстың алдында кетіп барамыз?». Ұрғашысы айтты: «Жылда біз құстың соңында қалсақ, сенің аяғың ақсақ еді, сондықтан бұрын ұша алмадық, сені мен сақтадым, күттім, сені тастап кетпедім, жаман еркекті жақсы ұрғашы асырайды екен», – деп кетіп барады екен. Осы сөзді айтқан екен, осы тақсыр, білгеніміз дейді уәзір.
– Білдің, уәзірім! Бұл сөзді саған кім үйретті, айт, шыныңды айтпасаң, басыңды аламын, – деді. Уәзір айтты:
– Адам үйреткен жоқ, менің аузыма құдай өзі салды, – деді.
– Өлтіремін, айтпасаң, – деді. Уәзір қорыққан соң:
– Айтайын, – деді. Мұны айтқан қызың, – деді. Хан айтты:
– Өзім де біліп едім, – деп хан елін, жұртын жиды, жоғарғы елін шақырды, жорға бие сойды, той жасады. «Қызымды кімде-кім жаман болса, соған беремін», – деді. «Жаман еркекті қайтып жақсы қылар екен?» – деді. Жаман балаларды жинады. Бір жаманға бермек болды. Басынан қотырдың қаны аққан, мұрнынан боғы аққан, аяғының шуашы бар жаман тазшаға хан қызын берді. Ханның қызы орнынан көшті. Ханның қызы тазшаға қатын болды, өзі шебер екен, бау өріп, үйінің қасынан құдық қазып алды. Құдықтың суы алтын болды. Тазша байы қатынының тілін алды, қатыны күнде бау өріп, киім тігіп апарғызып сатқызады. Байы кешке келіпті, ділдә әкеліпті, өздері бай болыпты. Астары өзі пісіріліп, өзі түсіріледі, дастарқаны өзі жайылады екен. Төрт шамшырағы жағылады екен, сөйтіп жүріпті.
Қатыны ертеңіне тұрып беті-қолын жуьшты, байына айтыпты:
– Сен бүгін шаһарға бар, онда бір адам қаракөк ат сатады, соны сен сатып алып кел! – деп ақ орамалға ділдә түйіп береді. Байы орамалды алып қойнына салып, жаяу кетіпті. Базардың басында жүрсе, бір адам қаракөк ат жетектеп жүр екен. Тазша тұрып айтты:
– Ағеке, атыңды сатамысың? – деді.
– Сатамын, не бересің? – деді.
– Екі ділдә берейін.
– Үш ділдә бер. Орамалыңмен бер, – деді. Тазша берді, қаракөк атты алды қолына. Қаракөк атты жетектеп үйіне келді. Атты байлады, үйіне енді. Қатын сұрады:
– Келдің бе?
– Келдім.
– Атты әкелдің бе?
– Әкелдім.
– Мықтап байладың ба?
– Байладым.
Қатын айтты: «Жат бүгін!». Қатынымен екеуі жатты, ұйықтады, ерте тұрды, беті-қолын жуды, намазын оқыды. «Е, тазшам, қаракөк атты ертте, алдыңғы айылын бос тарт, артқы айылын берік тарт. Бүгін менің әкем бір киікті қуып келе жатады. Киіктің басы алтын, арты күміс. Екі күн, екі түн қуып еді, жете алмады. Сен көк атқа мін, құрықты қарыңа іл. Сен барып жетерсің, құрықпен ұстарсың, бауыздайын деп атыңнан түсе қал. Әкем келер: «Е, жігітім, осы киікті маған бер, дүниеде тілеген тілегіңді берейін», – деп айтар. Сонда сен киікті бер де үйге қайтып кел», – деді. Тазша көк атқа мінді. Құрықты қарына ілді, бір таудың басына шықты, шығып қараса, бір адам бір киікті қуып келе жатыр екен, жете алмай келеді екен. Алдынан тазша шығып киікті қуып жетті. Құрықты мойнына салды, аттан түсе қалды, бауыздайын деп пышағын қынынан суырды. Артынан хан шауып келді:
– Е, жігітім, осы киігіңді маған бер, – деді.
– Бермеймін! – деді.
– Дүниеде тілеген тілегінді берейін.
– Жарайды, ал, – деді.
Хан киікті алып үйіне кетті. Тазша үйіне барған соң, қатыны алдынан шықты.
– Келдің бе, тазшам?
– Келдім.
– Ұстадың ба?
– Ұстадым, ханға бердім.
– Бәрекелді! – деді.
Олар жатты, ұйықтады. Ертеңіне тұрды. Қатыны айтты:
– Е, тазшам, ханнан не тілек сүрайсың?
Тазша айтты:
– Не тілек сұрайын, мал сұраймын, бас сұраймын.
Қатыны айтты:
– Е, тазшам, ақылың жоқ, мал не керек, жан не керек? Мал да бар, жан да бар. Сен хандікіне барсаң: «Не сұрай келдің?» – деп хан айтар. Сонда сен айт: «Әнеукүні берем деген тілегіңізге келдім», – деп, сонда: «Не тілейсің?» – дер. Сен айт: «Өзіңізге қараған жандар үш күн үш түн от жақпасын, бір өзімнен басқа адам шықпасын», – деп. «Жарайды, қатын!» – деді.
Қатын байына құрымнан шапан тікті, құрымнан тымақ тікті, көзіне шиден түйреуіш салды, көзін қызартты. Тазша хандікіне келді. Тазша үйге енді. «Ассалаумағалейкүм, хан!» – деді. Хан алтын тағында отыр екен. Хан шошып төсегінің үстіне барып отырды, тазша ханның тағына отырды.
– Е, жаным, қайда барасың? – деді.
– Алдияр, сізге келдім.
– Не жұмысың бар?
Тазша айтты:
– Жұмысым бар, беремін деген тілегіңізге келдім, – деді.
Патша айтты:
– Берейін, жігітім, не тілейсің? – деді.
– Алдияр, мен не тілейін, маған берсеңіз үш күн, үш түн тірі жан от жақпасын!. Өз үйім от жақсын, берсеңіз осы тілекті тілеймін, – деді.
Патша:
– Жарайды, болсын, бола қалсын, – деді.
Уәзірін қара атқа мінгізді, жұртына хабар берді. «Үш күн, үш түн ішінде от жаққанның басын аламын», – деді. Уәзір кетті, жұртына хабар берді, қайтып үйіне келді. Хан тазшаны үйіне қайтарды. Тазша үйіне келді, қатыны сұрады: «Айттың ба, тазша?» – деді. «Айттым. Үш күн, үш түн тірі жан от жақпайды. Өз үйім үш күн, үш түн от сөндірмейді, – деді. Бақ келді, Ырыс келді, Қыдыр келді, жарыққа жиылды. Ертеңіне жігіт тұрып қараса, төңірегі малға толып қалыпты, өзі бай болыпты. Бай енді маңғаз болды. Қатыны айтты:
– Бүгін көк атқа мін. Сейілге шық, хан жолығар, ол да сейілде жүрер аң аулап. Соған сен бар, мына азықты қанжығаңа байла, түс болғанда ас ішеміз, – деп атыңнан түс, хан да түсер атынан. Ас жейік деп хан сені шақырар. Сен барма, хан асынан берсе, сен жеме, сен берсең асыңнан ол жер, енді бар!» – деді.
Тазша көк атты ерттеді, мінді, сейілге кетті. Алдынан хан жолықты, амандасты-есендесті. Аң аулап жүр екен. Түс болды. Хан аттан түсті.
– Ас жейік, – деді тазша.
– Жарайды, – деп, аттан түсіп хан асын жеді.
Тазшаны шақырды, тазша жақын келмеді, асынан беріп еді, жемеді. Тазша асынан беріп еді, хан жеді.
– Япырмай, тәттісін-ай! – деді. Менің бір қатыным болған, сол осындай пісіруші еді, сонан туған қызым осылай пісіруші еді. Сол қызым кеткен соң, көрген тәтті дәмім осы! – деді. Астарын жесті, аттарына мінді. Тазша айтты:
– Алдияр! Біздікіне қонаққа жүріңіз.
– Жарайды! – деді.
Хан тазшаның үйіне келді. Үйіне келсе, ханның өзінің үйінен артық екен. Хан сенерін де, сенбесін де білмеді.
Қызы айтты:
– Жоғары шығыңыз!. Хан жоғары шықты, отырды. Қыз дастарқанды жайды, алып келіп алдына ас қойды. Хан жеді, айтты:
– Апырымай! Астың тәттісін-ай! Менің кеткен қызым осылай пісіруші еді.
Қыз айтты:
– Қызыңызды кімге беріп едіңіз?
Хан айтты:
– Қызымды бір жаман тазшаға беріп едім.
Қызы айтты:
– Сол қызың мен емес пе, күйеуің мынау емес пе? – деп, өзінің байын көрсетті. Көзіңе қалай көрінеді? – деді.
Әкесі айтты:
– Жақсы көрінеді.
Қыз айтты:
– Жаманды жақсы қылдым, жаман еркекті жақсы қатын асырайды деген осы ма, әкем? Сен мені жаманға беріп едің. Сен басы алтын, бөксесі күміс киікті қудың. Сен ұстай алмадың, менің куйеуім ұстады. Оның сізден артық болғаны емес пе? Үйіңе барды байым, сонда сіз алтын тағыңыздан түрегеліп төсегіңізге барып отырдыңыз. Ол таққа барып отырды. Оның артық болғаны емес пе?
Хан айтты:
– Рас, менің тағымды күйеуім алсын!
Хан құса болып айтты:
– Е, қызым, сен ақылды екенсің, мен ақымақ екенмін, менің еліме кел, менің шаһарымды биле. Хан үйіне келіп өлді. Күйеуі хан болды, қызы ханша болды.
31. Күлше қыз
Ерте уақытта Махмұт деген хан болыпты. Күндердің бір күнінде хан қол астындағы халқына тегіс хабар салыпты. «Үш ауыз сөз сұраймын, соны шешкен адамға ат басындай алтын беремін. Қарт болса, ақылшы қылып өз қасыма аламын. Жас болса, орнымды беріп соңына еремін!», – дейді. Сонымен бар халқы жиналғаннан кейін хан өзінің айтайын деген мақсұтты сұрағын халыққа айтады. Хан: «бірінші – тәттіде не тәтті? Екінші – қаттыда не қаты? Үшінші – ауырда не ауыр?», – дейді. Жиылған көпшілік қанша ойласа да таба алмайды. Сол кезде босағадан бір қыз тұрып сқйлеуге рұқсат алады.
– Жасым онда, атым Күлше, балықшы шалдың қызымын. Бала деп сертіңізден таймасаңыз мен бұл үш сөзіңіздің мәнісін шешіп берейін, – дейді қыз. Хан рұқсат береді, сонда қыз:
– Балдан тәтті – жігіттің адал жары, тастан қатты – жоқтықтың өткен зары. Шын уағдадан ауырды көре алмады, уағдаға байланысты ердің ары, – деп жауап берді. Сонда хан:
Күлше қыз ал алтынды таптың рас,
Сонда да сөз қисынын айтпай болмас.
Арасын ерлі-зайып қайдан білдің?
Көрмеген махаббатты өрімсің жас.
Жоқтықтың жас балаға зары өте ме?
Баладан ауыр уағда дәмете ме?
Неліктен жас жүрекке түскен сана?
Іс екен таңғаларлық ретіне.
Сонда қыз айтады:
– Мен теңіздің жиегіндегі балықшы шалдың жалғыз қызымын. Шалдың менен басқа баласы жоқ. Шалдың күнделік балықтан басқа тапқан малы да жоқ. Мен әкеммен бірге қармақ, ау салып теңіз жағасында балық ұстап күнелтемін. Кешке жатқанда әке-шешем «жаным-күнім, жалғызым» деп ортасына алып жатушы еді. Таңертең ұйқымды ашып тұрғанымда шетте жатам. Сонда ойлаушы едім: «Қандай жақсы болса дағы өзі сүйген жарынан тәтті жақын болмайды екен!» – деп.
– Екінші – тастан жоқшылық қатты дегенім, қайсы күні жалғыз шабақ та ала алмай қайтатын уақыт та болатын. Сол кезде кәрі әкем тең-құрбысы келгенде, дәм тауып бере алмай: «Қайран, жоқшылық!», – деп қайғырып отырғанын көп көрдім. Сонда: «Жоқшылық тастан да қатты-ау!», – деп ойлаушы едім.
Үшінші – уағда ауыр дегенім, осы үш сөзге уағда жеңіл болса ат басындай алтынды неге бердіңіз? Осыдан уағда ауыр деп есептедім, – дейді Күлше қыз. Сонан соң хан қызға:
– Үш күннен қалдырмай әкеңді маған жібер. Уағда жайын білетін боласың ғой, сөзімді аяқсыз қалдырма! – дейді.
Сонан соң қыз ханнан алған ат басындай алтынды үйіне алып келіп, әке-шешесін қуантты. Үш күннен кейін қыз ханға берген уағдасы бойынша әкесін ханға жібереді. Ханға жіберу алдында әкесіне: «Осыдан сіз ханға барыңыз, егер сұрақ болса өзіңіз жауап айтарсыз. Қиын соғатын сұрақ болса, үш күнге рұқсат алып қайтыңыз! – дейді. Шал ханға барғаннан кейін хан шалды ордасына шақырып алып: Кеше қызыңа ат басындай алтын бердім, өзіңе тағы да дүние-мал беремін, жоқшылықпен өмір өткізген адам екенсің, өмірлік байлыққа жеткізем. Бұрын алты қатыным бар еді, осыдан бір перзент көрмедім. Енді кешегі қызыңды тоқалдыққа бер, сөзім осы! – дейді. Сонда шал:
Жас шыбық қу терекке тең бола ма,
Теңізге телмірткенің жөн бола ма?
Жібекпен жөке жолдас болған емес,
Бекерге мен қрсқаным ем бола ма?
– Саған қызымды тоқалдыққа сатып көп алтын мал алғанымнан өзімнің еңбекпен алған күнделікті шабағым артық, – дейді. Хан бұл сөзге қатты ашуланып, шалды дарға асуға жендеттеріне жарлық етеді. Сонда шал сасқалақтап үш күнге ханнан рұқсат сұрауға тілі әзер келеді. Хан айтады:
– Шал, саған үш күнге рұқсат, егер айтқанымды орындамай келсең, осы құрылған дар осылай сен келгенше құрылған қалпында тұрады. Бәрібір дарға асыласың! – дейді. Сонда қыз:
– Бұл үшін сіз жыламаңыз, мың күн өлік болғаннан бір күн тірлік артық. Сіз ханға қайта барыңыз, көп берді деп алтынын алма, менің өзім айтқан қалың малды берсе ризалық етіңіз.
Бірінші, киіктің он құлағын берсін, жиырма тірі түлкі, отыз қасқыр, қырық арыстан, елу ат, алпыс шідер, жетпіс арқан, сексен қаны жоқ кепкен жүрек берсін. Мұңсыз-қайғысыз қарт адамға некемді қисын, осының бәрін орындап берсе, риза болыңыз! – дейді. Бұл сөзге шал аң-таң болып, амалсыздан ханға барады. Шал ханға қыздың айтқан сәлемін айтады. Бұл сөзге хан қуанып шалға көп алтын сый беріп:
– Осы айтқан қалың малын тауып берем, – деп шалды риза қып үйіне қайтарады.
Содан кейін хан уәзірлері мен ақылшы қарияларды шақырып жинап, қыз айтқан аңдарды қалай ұстаудың әдісі жөнінде сұрайды. Сонда қариялардың біреуі тұрып:
– Қасыр, түлкіні ұстау оңай. Ал арыстанды қалай ұстауға болады? – дейді. Көпшілік қайран болып отырады. Сонда екінші бір қарт:
– Осының айтуын білген қыз, ұстауын да біледі. Сондықтан қыздың өзін алғызып сұрау керек, – дейді. Содан кейін хан қызға кісі жіберіп, қызды шақыртып алдырады. Қызды орталарына алдырып хан:
– Саған осы арыстан, қасқыр, аңдардың крегі қанша, оның орнына алтын алсаң болмай ма? Осы аңдарды алдырғанда сенде не мақсат бар? – дейді. Қыз азырақ үндемей отырып:
– Отырған аталар, ағалар! Мен аң сұраған жоқ едім, өзімнің қатарлас құрбыма бару үшін ханнан басыма бостандық сұраған едім:
Он жаста қыз киіктің лағы рас,
Елуде ат болмай ма қамал бұзбас?
Жиырмада әйел түлкі бұлаңдаған,
Алпыста шідерлеулі болмай ма бас?
Осыдан нәпсі қасқыр жалмайтұғын,
Жетпісте арқан атты байлайтұғын.
Қасқырға қайрат қылмас арқандаулы ат,
Жатықпен жерім осы ойлайтұғын.
Қызықта нәпсі арыстан болар толып,
Сексенде жүректегі қаны соғып.
Аржағында тірліктің не сәні бар,
Санда бар, сапада жоқ болмай ма өлік.
– Енді, некемді мұңсыз адамға қидыр дегенім! – жер шарында мұңсыз адам болмайды. Мұңсызды сен таба алмайсың. Соның үшін «некемді саған мен қимаймын!» дегенім еді. Енді хан, ақсақал, қариялар сіздерден менің бас бостандығыма ерік беріп, босатуларыңызды сұрамын. Және осы отырған хан, қариялар өздеріңіздің он жастағы қыздарыңызды бір елудегі шал аламын десе, қандай төрелік берер едіңіздер? Мені де сол өз балаларыңыздай есептеңіздер! – дейді. Сонда қарттардың біреуі отырып: – Хан, сіз сабыр етіңіз! Балам, сен бақытты бол, жолың болсын! – деп, қызға рұқсат береді. Сонда хан дағдарып, ешбір жауап айта алмай отырып қала береді.
32. Өнеге
Бұрынғы заманда бір шәһәр бар екен. Бұл шәһәрдің ханы болыпты. Ол күнде жаман киініп, жабайы кісі болып, шәһәрді, базарды аралап жүреді екен. Күндерде бір күн хан базарды аралап келе жатып, басына бір кесек алтын, аяғына бір кесек алтын қойып жатқан бір адамды көреді. Мұны көріп, хан таң қалып, неше күндей мұны сыртынан бағып жүреді. Бұл адам ерте де, кеш те бір қалыпта басына, аяғына бір-бір кесек алтын қойып жатады. Ақырында, бір күні хан:
– Сен не қылған адамсың? – деп, сұрайды.
Ол адам басын көтеріп:
– Мен ақыл сатушымын, – дейді.
– Олай болса, маған бір ақыл сатшы, – дейді патша.
Онда ол адам:
– Құп болады, бірақ әр ақылымның бағасы мың алтын, – дейді.
Хан санап, мың алтын береді.
– Не істесең де ойлап істе, ойламай қылсаң, қор боласың, – дейді.
Мұнан соң хан ордасына келіп, баяғы сөзді әрбір көзге түсетін жерлерге, орамал-дастарханға дейін жазып қояды. Күндерде бір күн хан шашын алғызатын болып: «Шаштараз алып кел», – деп, бас уәзірге әмір қылады. Уәзір дереу бір шаштаразға барып: «Ертең кел, ханның шашын ал», – деп бұйырады. Ертең ерте шаштараз ханның ордасына келе жатса, алдынан уәзір шығады. Уәзір:
– Ей, шаштараз, ханның шашын қандай ұстарамен алмақшы боласың? – дейді.
Шаштараз:
– Ай, тақсыр, күндегі ұстап жүрген жабайы ұстарамен аламындағы. Жақсы ұстараны мен байғұс қайдан аламын? – дейді.
Сонда уәзір:
– Ей, ақымақ! Ханның шашын жабайы ұстарамен алуға болмайды. Мә, мынау ұстарамен ал, – деп, қалтасынан шығарып, бір алтын сапты ұстара береді.
Шаштараз қуанып, ханның құзырына келіп, шашын жібіте бастайды. Сол уақытта шаштараз: «Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң, қор боларсың!» – деп, әр жерге жазылған сөздерді көреді де, ішінен: «Қой, уәзірдің ұстарасын қояйын, өзімнің үйренген жаман ұстараммен-ақ ханның шашын алайын» – деп, уәзірдің алтын сапты ұстарасын былай қойып, өзінің ағаш сапты ұстарасымен ала бастайды. Мұны көріп, хан ішінен: «Бұл ақымақ алтын сапты ұстарасын менің шашымды алуға аяды ғой! Онымен менен артық кімнің шашын алады. Тоқтай тұр, мен саған көрсетейін!» – деп шашын алғызып болған соң хан:
– Дереу жендетті шақырып келіңдер, мен бұл шаштараздың басын аламын! – деп, кісілеріне әмір қылады.
Шаштараз мұны естіп, не қылмысты болғанын білмей, қайран қалып тұр еді; жендет келген соң, бишара шаштараз ханның аяғына жығылып:
– Ей, тақсыр, менің басымды алсаңыз да ықтияр, бірақ менің кінамды айтып алсаңыз екен! – дейді.
Хан:
– Сен басында менің шашымды алтын сапты ұстарамен алмақшы болып, ақырында, оны менен аяп, ағаш сапты жабайы ұстарамен алып, мені қорладың. Сенің кінаң осы, – дейді.
Сонда шаштараз:
– Жаңа сіздің шашыңызды алуға ордаға келе жатқанымда, алдымнан бас уәзірің шығып: «ханның шашын алуға мына ұстара лайық», – деп, осы алтын сапты ұстараны беріп еді. Мен сіздің шашыңызды жібітіп жатып, әр жерде жазылған «Не істесең де ойлап істе, ойламай істесең, қор боларсың», – деген сөздерді көріп: «Бұл уәзір берген ұстараның қандай да болса, үйренген өзімнің ұстараммен алайын», – деп, ойладым. Шашыңызды ағаш ұстарамен алған себебім осы еді, – дейді.
Сонан соң хан жасауылдарын жіберіп бас уәзірін шақыртып алдырып:
– Мынау ұстараны шаштаразға сен бердің бе? – деп сұрайды.
Уәзір:
– Мен бердім, – дейді.
– Олай болса, бұл ұстарамен уәзірдің шашын ал, – деп, хан шаштаразға бұйырады.
Шаштараз уәзірдің шашын жібітіп, алтын ұстарамен бір сыйпап еді, уәзірдің жаны да шығып кетті. Сөйтсе, бұл уәзір ханға қас екен, соны өлтірмекші болып, ұстарасын зәрге суарған екен. Мұны көріп, хан шаштаразға көп риза болады, көп алтын, күміс сыйлық беріп, үйіне қайтарады. Мұнан соң хан бұрынғыдай жабайы киініп, шәһәрді, базарды аралап жүреді. Күндерде бір күн базарда баяғы ақыл сатушыны тауып, ордасына алып келіп, бас уәзір етеді. Екеуі бек тату болып, күні-түні бірге болып, не істесе де ақылдаспай істемейтін болады. Және хан өзі бір жаққа кетсе, орнында уәзір қалып, ханның үйде бар-жоғы да білінбейді. Күндерде бір күн хан жабайы кимімен базарға келсе, қанша халық бір наубайшының нанын таласып алып жатқанын көреді. Жұрт таласып алып жатқан бұл қандай нан? – деп, хан да азырақ на алып қараса, дәмі дүниеде жоқ тәтті көрінеді. «Бұл нан тәтті екен. Күнде осындай нан алып жесе болады екен», – деген оймен, хан наубайшыға:
– Ай, науайшы, наның артықша дәмді екен! Сен маған үйіңді көрсетіп қойшы, мен сенен күнде нан алып тұрайын, – дейді.
Наубайшы қуанып: «Құп болады!» – деп, ханды үйіне ертіп апарады, үйден үйге, бөлмеден бөлмеге ертіп, аралап келіп, ақырында, ханды жер астындағы бір үлкен үйге алып кіреді. Қараса, ол үйдің ішінде қаншама адам темір көгенде көгенделіп жатыр. Наубайшы бұл ханды да көгендейді. «Сен кімсің?» – деп, сұрайды. Хан «Мен ханмын», – деп, айтпайды. Бұл наубайшы күнде көгендегі адамдардың бірін сойып, майына нан пісіріп, базарға сатады екен. Сөйтіп, хан көгенге түсіп қалып, неше күнге шейін ордасына қайтпайды. Бұған уәзір қайран қалады, бірақ ханның жоғалғанын халыққа жария қылмай, бұрынғыдай хан орнына әмір, жарлық қылып тұра береді. Күндерде бір күн кезек ханға келеді. Наубайшы мұны соймақшы болып, жетектеп алып шығады. Сонда хан:
– Ай, наубайшы! Сен мені сойма, мен саған менің майыма піскен нанды сатып алатын ақшадан артық ақша тауып беремін. Мен неше түрлі қымбат кілем тоқуды білемін, – деді.
Наубайшы:
– Жарайды, – деп ханды бір бөлмеге қамап, дереу базардан барып кілемге керек жабдық әкеліп береді.
Хан күнде бір кілем тоқып шығаратын болады. Бір күні бір қырмызы кілем тоқып наубайшыға:
– Бұл кілемді ханға апарып сатыңыз, бірақ мың алтыннан кемге бермеңіз, – дейді.
Бұл кілемді наубайшы ханға мың алтынға сатады. Ертеңіне тағы бір кілем тоқып шығарады.
– Мұны екі мың алтыннан кем сатпаңыз, – дейді.
Айтқанындай, хан бұл кілемді екі мың алтынға алады.
Үшінші күні хан тағы бір кілем тоқып шығарады, кілемге неше түрлі гүл салып, ортасына: «Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң, жазым боларсың», – деп жазу түсіреді. Бұл кілемді наубайшы тағы ханға алып келеді. Хан – баяғы ақыл сатушы – бұл кілемді көріп, ортасындағы жазуды оқып ішінен: «Ханымыз табылды», – деп ойлайды да, наубайшыға:
– Бұл кілеміңе үш мың алтын берейін және мұнан былай кілем керек болса, сенен басқа кісіден алмаймын. Сен мына менің жасауылдарыма үйіңді көрсет, ақшаңды қайтып келіп аларсың, – деді.
Наубайшы қуанып:
– Құп, тақсыр! – деп, ханның үш жасауылын үйін көрсетуге ертіп кетеді.
Бұл екі арада уәзір әскерін жиып, даяр болып тұрады. Біраздан соң жасауылдар мен наубайшы ақшаны алуға қайтып келеді. Уәзір бұл жасауылдарды ертіп, әскерімен наубайшының үйіне келіп, есіктерін сындырып кірсе, темір көгенде жатқан адамдарды көреді. Уәзір мен хан жыласып көріседі. Сонан соң көгендегі адамдарды босатып, наубайшының мойнына шынжыр тағып, ордаға алып келіп, дарға асып өлтіреді.
33. Балықшы шал
Бұрынғы өткен заманда, теңіздің жағасынба бір кәрі шал өмірінше балық аулап күн көріпті. Ауына күніне үш шабақтан артық түспейтін болыпты. Кей күні о да түспей, аш жататын күндері де болған екен. Шал мен кемпірдің он үш жасар Мергүл деген жалғыз қызы бар екен. Қыз он үшке келгенше көзге де түспепті, құлаққа да ілікпепті.
Сүйтіп жүргенде бір күні елінің ханы:
– Менің халықтан сұрайтын үш сұрауым бар, соны шешкен адамға үлкен сыйлық беремін. Соны шешемін деген талапкер жиналсын! – деп халқына жар шақыртыпты. Халық айтылған күні қалаға жиналыпты.
Сонда хан тұрып:
– Менің сендерге қоятын сұрауларым бар. Ойланып келіп, шешулеріңе он күн ерік беремін. Содан кейін шешемін деген адамдар келсін. Шешкен адамға қазынамның жетіден бірін беремін. Шеше алмаса басын аламын! – депті хан.
Ханның жарлық шақырғанында балықшы шал да болыпты. Сұрауды естіп қайтқан шал үйіне келіп, кемпірі мен қызына есіткендерін айтыпты: – Бұл ханның сұрауын шешкен адам үлкен бақытты болады. Бізге бұл сұрауды шешіп, патшаның қазынасының жеті бөлігінің бірін алу қайда! – деп шал ауыр күрсініпті.
Сонда жалғыз қызы Мергүл:
– Ата ол қандай сұрау? – депті. Шал ханның халыққа қойған: «Осы дүниеде не тәтті, не қатты, не ауыр?» – деген үш сұрауын айтып беріпті.
Сонда Мергүл атасынан:
– Осы сұрауды шешу үшін хан халыққа неше күн ерік берді? – деп сұрапты.
– Хан мұны ойлап шешемін деушілерге он күн ерік берді, – депті шал.
Сонда Мергүл ойланып тұрып:
– Ата, бұл сұрауларды мен шешемін. Соны сіз үйреніп алып, халық алдында ханға айтып беріңіз, хан қазынасының бір бөлігін берсе, ең болмаса бір рет есімізді жинап, әлденейік, – депті.
«Бұл дүниеде не тәтті?» деген сұрауға: «Бұл дүниедегі ең тәтті – арасына арамдық араласпаған, бірін-бірі сүйіп қосылған ерлі-зайыпты адамның махаббаты тәтті» деңіз. «Дүниеде не қатты?» деген сұрауына: «Бұл дүниеде ең қатты нәрсе – жоқтық, себебі өз қолыңда болмаса, кісіден сұрап ала алмайсың, соның үшін жоқтықтан қатты нәрсе жоқ» деңіз. «Дүниеде не ауыр?» деген сұрауға: «Дүниеде жылқы малы ауыр. Себебі ауылдың сыртынан бір топ атты шауып өтсе, оның тұяғы тиген дүбірінен жер дүрсілдеп, үйде отырған адамның құлағына естіледі» – деп жауып беріңіз, – дейді қыз. Бұл сұрауларды шеше алмаған адамды хан дарға асамын деген болса, сұрауды шешемін деген талапкер аз болар. Болмаса ешкім шешемін деп айтпас. Ата, сен мен үйреткен сұраудың шешімін айтарсыз. Сонда сізге хан сенбес те. «Бұл сұрауды шешу сенің қолыңнан келмейді, осыны шешкен адамды айт» деп сізді сабар, бірақ сіз айтушы болмаңыз. Егер айтсаңыз, сендерге мен жоқпын, – дейді. Нағыз өлтіретін болып, дар астына апарып, майныңа арқан салғанша айтпа! Сонда жиналған халық ханға айтар:
– Тақсыр, сұрауды шешкен де өлсе, шешпеген де өлсе, хан әмірі екі болып, ата жолын бұзған болмай ма дер! – депті.
Арада үш күн өткен соң, хан:
– Сұрауды шешемін деген адам болса, шешкенді көремін деушілер болса, қалмай келсін! – деп, қол астына тағы да жар шақырыпты. Сұрауды шешемін деп шеше алмағанды дарға асамын деген соң, халық аз келіпті.
Хан майданға алтын тағын орнатып, өзі үстінде отырып, жендеттерін екі жағына қойып, қырық уәзірін қоршалатып, би-бектерін қасына алып: «Енді сұрауды шешем деушілер рұқсат депті. Сонда шешемін деп келген адамдардың бірі «жан тәтті», енді бірі «бал тәтті», кейбіреуі «ас тәтті», енді біреулері «бас тәтті» деп өзара «күңкілдеп», келістіре алмапты. Сүйтіп ешкім мен шешемін деп шықпапты.
Сонда баяғы балықшы шал Мергүлдің айтуы бойынша:
– Мен шешемін, – депті. Сол уақытта сыртта тұрған халық:
– Бұл жаман шал қалай шешемін? – дейді. Сияғы анау, тізесіне тоны жетпейді. Ішер асы жоқ, мінер аты жоқ, күні-күні аулағаны балық, құдайы қалаған күні ауына үш шабақ түседі, қаламаған күні о да жоқ. Кемпір екеуінің ортасындағы жалғыз қызына тамақ тауып бере алмай, екі күннің бірінде аш жатады. Ханның сұрауын шешемін деп, өзіне күндегі үш шабағын көпсініп, дүние үшін өлейін деп отырған шал ғой, – десіпті.
Ханның тәртібі бойынша шал ортаға шығыпты.
– Бірінші сұрау бойынша: «Тәтті де – ерлі-зайыпты адамдардың адал махаббаты тәтті болады», – депті. Екінші сұрау бойынша: «Қаттыда – жоқтық қатты болады», – депті. Үшінші сұрау бойынша: «Ауырда – жылқы малы ауыр болады», – депті.
Хан балықшы шалдың шешуіне риза болыпты. Бірақ «шал бұны өзі шешіп тұрған жоқ, біреудің үйретуімен шешіп тұр», – деп, шалдың сырт пішін, тұлғасына қанағат етпепті.
– Мұны шешу сенің өз қолыңнан келмейді. Осыны шешкен адамды айт, айтпасаң өлесің, – деп бұйрық береді хан. Шал шынын айтпапты. Оған хан одан әрі ашуланып шалды дарға асуға бұйырыпты.
Шалды дар астына әкелгенде, жиналған халық: – Тақсыр хан, сұрауды шешкен де өлсе, шеше алмаған да өлсе, бұл бұйрықтың әділдігі қайсы жерінде, сондықтан шалды дарға аспаңыз! – депті.
Сонда хан айтыпты:
– Құдайда екілік болмайды, хан әмірінде екілік болмайды. Шал шынын айтпаса, дарға асылады, – депті.
Сонда жиналған халық дар астында тұрған шалға:
– Сорлы-ау, шыныңды айта бер, босқа өлгенше! – депті. Сонда нағыз өлеріне көзі жеткен соң, шал айтыпты: Менің үйімде он үш жасар Мергүл деген жалғыз қызым бар, бұны шешкен сол еді, мен соның үйретуі бойынша айтып едім, – дейді.
Сонда хан балықшы шалдың қызын шақырып алыпты. Хан қыздан: Өзің болсаң он үш жасқа жаңа келіпсің, ерлі-зайыпты адамның арасындағы махаббаттың тәтті екенін, жоқтықтың қатты екенін және жылқының ауыр екенін қайдан білдің? – деп сұрапты.
Сонда қыз айтыпты:
– Мен кемпір-шалдың ортасындағы көзінің ағы мен қарасындай жалғыз перзентімін. Түнде екеуінің ортасында жатам, мен қашан ұйықтап қалғанша кемпір-шалым маған қарап жат деп, екеуі екі жағымнан тартып, маған таласып бір-біріне өкпелесіп қалады. Немесе жетпейтін кемтаршылық дүние ауға шабақ түспей қалса да, екеуі бір-біріне сенің несібең жоқ деп іренжісіп бет көргісіз болып қалады. Сонда мен ойлаймын: Әкем мен шешем енді бірін-бірі қалай көрер екен деп. Түнде ұйықтап қалам. Оянсам баяғы мен үшін талас та жоқ «дүние үшін ұрыс та жоқ, мен бір шетте жалғыз қалып қоямын, кемпір-шалым екеуі бірігіп кетеді. Мен соған қарап, дүниедегі шын қосылған ерлі-зайыпты арасындағы сүйіспеншілік махабатты тәтті деп білемін, – дейді.
– Менің әкем өмірінше балық аулайды. Бірақ біздің несібемізге күніне үш шабақтан артық жазбаған, о да кей күні түспей қалады. Болмай қалған күні ішуге тамақ жоқ, бірімізден біріміз көріп, сол күні аш жатамыз. Алатын жер жоқ, кісіден сұрағанымен бермейді. Міне осыған қарап, дүниеде жоқтықтан қатты нәрсе жоқ деп білемін, – дейді одан кейін.
– Жылқы малы ауыр дейтінім, – ауылдың сыртынан бір топ атты шауып өтсе, аттың дүрсілдеп шапқан жүрісінен біз отырған жаман лашықтың асты солқылдап, денеміз дір-дір етеді, соған қарағанда, мен жылқы малы ауыр деп білемін, – депті қыз ақырында.
Сонда хан қыздың шешуіне, соған берген дәлеліне қатты разы болып, шалды өлімнен құтқарыпты. Кемпір-шалға дүние-мүлік беріп, хан өзінің қызда ойы бар екенін білдіріпті.
Арада бірнеше күн өткесін хан шалды шақыртып алып:
– Қызыңды маған әйелдікке бересің, соның үшін қызыңның қалың малын айт? – дейді.
Сонда шал:
– Онда, маған үш күн мәулет бер, содан кейін жауабын берейін, – депті.
Шал үш күн рұқсат алып үйіне келіп:
– Ой, кемпір, біз екеуіміз ортаға алып, ермек етіп жүрген жалғыз Мергүлжанды хан отыз әйелдің үстіне әйелдікке бересің, соның қалың малын айт! – деп мені шақыртып алды. Мен оған сенсіз жауап бере алмай және алпыстағы шалға Мергүлжанды көзім қимай ханнан үш күн ерік алып саған келдім. Ханнан қалың малды көп сұрасам көп сұрадың деп жазықтаса, аз сұрасам екеуіміздің өл-өлгенше ішіп-жерімізге жетпесе қайтеміз, – депті.
Қайғымен шал басын көтерместен екі күн жылаумен жатқанда кемпірі жатқан шалының қасына келіп, төмендегі өлеңді айтып, бұ да жылапты.
Әй, алла, біз сорлыға мал бермедің,
Болмаса бағып-қағар ұл бермедің,
Жалғыз қыз ортамызда ермек қылған,
Басына салып шырмау әуреледің!
Теңім бе менің патша қыз бергендей
Қысымы етіп жүрген шермендемін,
Сұрауға қалың малын аузы бармай,
Сорлы шал, болып қапа, еңіредің.
Әй, алла, бір пендеңе бақты бердің,
Арылмас өмірінше тақты бердің.
Болса да асау, жылпос көндіреді,
Ісіне не қылса да ерік бердің.
Шал сорлы жылап жатыр үйден шықпай,
Болмайды деп айталмай айтқан сөзін.
Алагөр кешіктірмей біз сорлыны,
Қу құдай, артық болса, берген демің!
Сорлы шал басың көтер жылай бермей,
Сенде жоқ жұбатқандай келіп елің.
Үш-ақ күн берген ерік ханың саған,
Жылаумен өтіп кетті екі күнің.
Шал кемпірінің сөзін естіп, жатқан орнынан басын көтеріп, не де болса бұл пәледен құтылмасақ болмас деп отырғанда, қыз айтады:
– Әке, мен үшін сендер уайым жемеңдер, менің қалың малымды өзім айтамын. Сен ханға бар, ойласатын би-бектерін тегіс жинасын, солардың алдында қызым қалың малымды өзім айтамын деп айтты де, – депті.
Шал ханға келіп, қызының айтқанын айтыпты.
Хан бұл қыз не сұрар екен, көрейін деп ойласатын бектерін, билерін жинап алып, қызды алдырыпты.
Хан айтады:
– Ата тұрғанда ата жолын бұзып, қалың малын өзі айтқан қызды қайдан көрдің? – деп қыздан сұрапты.
Сонда қыз айтыпты:
– Менің әкем сізден қорқып қалыпты. Қалың малды көп сұрасам, хан көпсінер, аз сұрасам, қолымнан жалғыз перзентім кеткен соң, алған қалың малым кемпіріміз бен екеуімізге өлгенше напақа болмас, қалай күн көремін деп, әкем үйге барған соң орнынан тұрмай екі күн жатты. Сонсын әкемнің көңілін тауып, көз жасын тияйын деп әкеме қалың маклымды өзім айтамын, – дедім. Және қалың малды өзім айтсам, түсінгенге өте қымбат болсын, түсінбегенге сөкет болсын, – дедім, тақсыр! – депті қыз.
Сонда хан: – Не де болса, айт өзің! – депті.
– Тақсыр ханымыз, маған рұқсат берсеңіз қалың малым қиын емес. Менің қалың малым үшін он үш жүген, қырық ноқта, алпыс арқан, жетпіс шідер бересіз! – депті. Сол жерге жиналған адамдар, «бұл қыз ақылды емес, барып тұрған жынды екен. Есігінде үрерге иті жоқ, жүгенді, ноқтаны, шідерді не қылады. Қартайған ата-анасына өле-өлгенше жететін алтын сұрамай ма», – десіпті.
Содан кейін басын шайқап, қызды сарайға апарып, қымбатты сый беріп қайтарыпты. Қыз кеткен соң хан өзінің ақылгөй уәзірлерін жинап алып:
– Сендер қыздың сұраған қалың малын түсіндіңдер ме? – деп сұрайды. Бәрі де: «түсінбедік» депті. Сонда хан айтқан екен:
– Қыз дүниядағы ең ақылды адам екен. Ол жанды ауыртпай, менің өзіне өмір серік бола алмайтынымды айтты, – депті. Мал басы етіп он үш жүген бер дегені: Мен он үштемін. Маған он үш жерден жүген салғаныңмен қатын болмаймын деген сөзі еді, – депті. – Қырық ноқта дегені – жігіт қырықта толығып болады дегені. Алпыс арқан бер дегені бұл күнде арқандаулы ат болдың деген сөзі, – депті. – Жетпіс шідер бер дегені – енді он жылда жетпіске шығасың, сонда шідерлеген аттай боласың, деген сөзі еді. Соның үшін мен қыздан жеңіліп, оған айып-анжы, сый беріп жөнелттім. Енді балама әперіп, келін етемін, – деген екен хан.
Мұны есіткен ханның баласы:
– Менің теңім хан болмасада бектің қызы болуы керек. Қайдағы тамағын таппай жүрген балықшының қызын алмаймын, – депті. Хан баласының айтқанын істемей өзінің қазынасының бірін беріп, балықшы шалдың қызын келін етіп түсіреді.
Ханның баласы әкесінен қорыққанынан келіншегіне келіп-кетіп жүреді. Бір күні ол келіншегінің қасына келіп:
– Мен саған үш түрлі шарт қоямын, – дейді. Бірінші шартым – қолымдағы жүзіктен айнымайтын сексен жүзікті жеті жылда соқтырып қоясың, – дейді. Екінші шартым – қолыңа бір боз жорға беремін, мен келгенше сол боз жорғадан айнымайтын жеті боз жорға туғызып бересің, – дейді. Үшінші шартым – осы жеті жылдың ішінде өзімнен айнымайтын бір ұл туып қоясың. Еген осы қойған шарттарымды орындамасаң, маған әйел болмайсың, – деп қасына қырық жігіт алып. Жалпақтау деген таудың күншығыс арқасына жеті жылға аң аулауға жүріп кетеді.
Ханның баласы қарамай кеткен соң, Мергүл қайын атасы ханның алдына барып:
– Ата, балаңыз маған үш түрлі шарт қойды, сол шартты жеті жылда орынап қоясың, орындай алмасаң, меніменен өмір серік бола алмайсың деп кетті, – деп атасына баласының қойған шарттарын бастан-аяқ айтып берді.
Сонда хан келініне:
– Енді сен не істемексің? – деп сұрапты.
Келіні айтыпты:
– Балаңыздың қолындағы жүзікті соққан зергерге үш айдың ішінде сол жүзіктен айнытпай 81 жүзік соқтырып беріңіз. Бұл сырды сіз бен бізден басқа бір адамның аузынан шықса, өзі өлімдар, малы талауға түсетінін зергерге қатты ескертіңіз! – дейді. Екінші, қасыма қырық қыз, қырық отау және үш боз жорға бие беріп, мені Жалпақтаудың арқа шығысына апарып қондырыңыз, содан соңғы міндет өзімде, – депті.
Ханның баласының қолындағы жүзікті соққан зергер өлген екен, сол үшін оған ұсатып жүзікті ешкім соққан емес екен. Соның үшін жүзікті шарттың біріне қойған себебі сол екен. Сол жүзікті соққан зергердің шәкірті үш айдың ішінде сексен бір жүзікті бір-бірінен айырғысыз етіп, соғып беріпті. Содан кейін ханның келіні қасына қырық қызын, қырық отауын алып, Жалпақтаудың арқа шығысына барып қоныпты. Арадан бір жыл өткен соң, ханның баласының қасындағы бір топ жігіттер аң аулап жүріп, қыздардың тіккен қырық ақ отауының үстінен шығыпты. Жігіттер қыздармен сөйлесіп отырып, өздерінің ішкі сырларын айтыпты.
Содан кейін жігіттер:
– Сендер нағып жүрген қыздарсыңдар? – деп сұрапты.
Сонда қыздар:
– Біз де осы таудың арасындағы бір хандықтан боламыз, ішімізде ханымыздың асқан сұлу қызы бар, сол қыз ханымыздың жалғыз перзенті еді, әкесіне айтып үш жылға осы таудың арасын серуендеу үшін тамашаға шықты. Біз сол қыздың қасындағы күтуші қыздарымыз, – депті.
Келген жігіттер қыздарға бір күн қонақ болып, азанда елдеріне, өздерінің жатқан жерленріне қайтыпты. Бірақ ол келгенінде ханның қызын көре алмапты. Жолдастарына келген жігіттер өзара ойласып: «Біз де хан баласымен қырық бір адамбыз, қыздар да хан қызымен қырық бір екен, жеті жылға дейін далада босқа жүре бергенше, осы қыздармен ойнап-күліп, уақыт өткізейік», – деп ойласып, ханның баласына өздерінің көргендерін айтады. Сонда жігіттердің бұл сөзі хан баласына да мақұл көрініпті. Содан кейін ханның баласы қырық жігітімен, хандық салтанатпен қыздардың аулына келіпті. Қыздар келген қонақтарды үлкен құрметпен күтіп алып, сый-сыяпаттар беріп, әр түрлі ойын-тамашалар көрсетіп, келген жігіттердің ақыл-есін алыпты. Ақырында қыздар бір жақ, жігіттер бір жақ болып карта ойнайды. Сол ойында хан баласының қырық жігіті астындағы аттарын, үстіндегі киімдерін картаға ұттырыпты. Сонда ханның баласы қасындағы жігіттеріне:
– Сендер қыздардың ықпалына жығылып, астарыңдағы аттарыңды, үстеріңдегі киімдеріңді ұттырдыңдар! – деп кейіп, нөкер қыздармен және хан қызымен өзі жеке карта ойнайды. Сол ойында хан баласы бірінші жолында қолындағы жүзікті ұттырады. Екіншіде астындағы боз жорға айғырды ұттырады және «бермеймін» деп айта алмайды. Боз жорға атты ұтып алған соң қыз оны өзінің ауылдан алып шыққан үш боз жорға биесіне үйірге қосып жібереді.
Үш айдан соң қыздар ханның баласын қасындағы жігіттерімен қонаққа шақырып отырып айтады:
– Сіздер біздің үстімізге келген қонақ едіңдер, сендердің ат-тондарыңды алып қалғанымыз ұят болар, – деп, жігіттердің ат-тонын өздеріне қайырып беріпті.
Сол жерде хан баласы «хан қызымен» үш ай бойы көңіл қосып жүріпті. Сөйтіп жүргенде «ханның қызы» жүкті болыпты. Туатын баланың ұл екені, қыз екені белгісіз болғандығы үшін «ханның қызы» Жалпақтаудың арқа шығысын бір жыл мекен етіп отырыпты. Уақыты біткен соң ханның баласынан айнымайтын бір ұл бала туыпты. Содан соң Мергүл қыздармен еліне қайтып келіпті. «Хан әулетінің сөзі бір болады дейтін еді. Соның үшін күйеуім жеті жылын бітірмей келмес, не де болса бес жыл күтейін», – деп қыз отыра беріпті. Үш боз жорға биеден туған құлындардың бірінші туғаны бес жасар, соңғы туғандары үш-төрт жасар ат болыпты. Қыздың хан баласынан туған ұлының атын Тауданхан қойпты, ол да беске толыпты. Алтыншы жылы хан баласы өзінің істеген қателігін білер. Хан қызының атағы мен Жалпақтаудың арқа шығысында өзінің алмаймын деген балықшының қызымен карта ойнап, қолындағы алтын жүзікті, астындағы боз жорға атты картаға ұттырып, өзі сол қызбен көңілдес болғаны, жүзікті, айғырды қонақсың деп қыздың қайтып бергені есіне түссе, елге қайтар деп хан баласының қойған шартын өткен күндерді көзалдына елестетіп, хан баласына хат жазыпты:
Сексеннен сексен бірге жетті жүзік,
Жаным-ау, кеткенің бе күдер үзіп.
Атанып ханның қызы жүргенімде,
Келуші-ең сағатына көзің сүзіп.
Қызына хан мен бектің үйленем деп,
Кетіп ең жеті жылға елден безіп.
Үш шартың бізге қойған орындалды,
Көріп кет сенбесеңіз елге келіп.
Арадан бес жыл өтті содан бері,
Еш пайда таба алмайсыз сыртта жүріп.
Жастық шақ шешектеген гүл сияқты,
Соңынан өкінерсің өзің біліп.
Серт еттім шартыңды өзіңізден,
Барыңды қолыңдағы өзің беріп.
Ризамын қайын атама мен өмірлік,
Жеткерген керегімді бөліп беріп.
Қыз осы хатты жазып, ханның баласына бер деп үш жігіт жіберіпті. Ханның баласы хатты оқып көрсе, жазуы таныс. Бала баяғы Жалпақтаудың арқа шығысында қырық отау тіктіріп, қырық қызбен хан қызымын деп салтанат құрып жатқан қыз балықшының қызы деп, кемсініп алмай кеткен өзінің әкесі әперген келіншегі Мергүл екенін сонда біліпті. «Мен ақымақ екенмін, ол қыз әкем айтқандай дүниядағы ең ақылды адам екен. Мен енді жындылықты қойдым», – деп, хан баласы ата-анасынан, өмірлік жұбайынан елге қайтуға рұқсат сұрап, төмендегі сөзді жазыпты.
Баста бақ, астымда тақ аңдамадым,
Ақыл деп ата сөзін тыңдамадым.
Қызы деп балықшының көңілім толмай,
Атамды ұлық біліп сыйламадым.
Мергүл қыз үшінші рет тапты ақыл,
Бұл ақыл табылар деп ойламадым.
Жарлыдан жақсы туар деген нақыл,
Ісінен Мергүл қыздың көріп нандым.
Адасқан ақылынан мен бір балаң,
Шет жүріп ақыл-ойға жарымаған.
Ата-анам, кешірім бер жалғызыңа,
Қамқорш сізден артық таба алмадым.
Алды жөн адасқанның деген осы,
Алты жыл өтті өмір болып жарым.
Қайтуға балаңызға рұқсат бер,
Мергүл қыз бетке баспас, сүйген жарым! –
деп Мергүлдің хатына жауап қайтарыпты. Хан баласының хатын оқып өзінің бас уәзірін жіберіп, баласын алдырыпты. Хан баласы мен балықшы қызы қайта қосылып, барша мұратына жетіпті.
34. Мафрузаның уақиғасы
Ертеде сауық-сайранмен жүретін Мәлік деген патша болыпты. Патшаның Шаһизат деген адамнан асқан керемет сұлу жалғыз қызы болыпты. Қызық ержеткен кезде патша өзім сынап бір өнерлі адамға берсем деп ойлайды екен. сол шаһарда Мафруза деген асқан сұлу, өнерлі қыз патшаны сүйеді екен де, ал Хайдар деген кедей шаруаның Баязит деген жалғыз ұлы Мәлік патшаның қызына ғашық екен. Бір күні Баязит сол қаланың көшелерін аралап, салы суға кетіп, ғашықтық арманмен қатты уайымдап, арып-жүдеп кетіп бара жатса, сәулетті бір үйдің терезесін қағып, біреу шақырады: Біле кетейін деп терезенің тұсына жақындаса, бір тамаша бой жеткен қыз, терезенің қақпағын азырақ ашып жіберіп:
– Немене, байғұс, мендей қыздан шошып тұрсың ба, жасы жастың тілеуі бір деген, сені арманыңа жеткізуге кірісейін, үйге кіре кет! – дейді.
Баязиттің бір арманы Шаһизат еді, не айтар екен деп үйге кірсе:
– Мен Мафруза деген замандасыңмын, сен патшаның Шаһизатына ғашық болып, жылдан артық уайым-қайғы басып, қор болып жүрсің ғой. Мен ондай жайды жақсы білемін, қандай қиының болсын ақылын да, айтасын да табамын, сен қазір үйіңе қайт, Шаһизат саған ынтық болып тұрса да, әкесі Мәлік патшаның рұқсатынсыз саған бара алмайды. Ертең әкеңді патшаға жібер, қорықпай бойын бекітіп барсын, жұмысың не дегенде, ешбір амалым болмағандықтан келіп тұрмын, жалғыз ұлым сіздің балаңызға ғашық болғанына екі жылға таяу уақыт өтті, содан ауруға айналды, енді жалғыз ұлымның өміріне әйтеуір бір өлім ғой деп алдыңызға келдім, тақсыр, – десін. Содан кейін патшаның айтқан жауабын маған айтып кел. Оның да ақылын өзім тауып беремін. Бірақ та мен айтты деп патшаға да, басқа адамға да аузыңнан шығарма деп уәделесіп, қайтарып жібереді.
Баязит енді қуана түсіп, аяғын ширақ басып, үйіне келіп, ертеңінде әкесін Мәлік патшаға жібереді. Әкесі патшаға келіп қыздың үйреткен сөздерін бұлжытпай айтты. Бұл сөзді естіген соң, Мәлік патша екі көзін Хайдарға қадап отырып:
Күндіз келме, кешке кел,
Кешке келме, күндіз кел,
Жаяу келме, атпен кел,
Атпен келсең, екі атпен кел!
Бірінің басы күнбатысқа қарап тұрсын,
Бірінің басы күншығысқа қарап тұрсын!
Саған айтар сөзім сол, енді барып тұр! – деді. Хайдар сорлы патшаның не айтқанын түсінбей, аң-таң болып біраз аңырып тұрып, кейін шегініп шығып кетті. Қатты ренжіп, үйіне келіп, баласы Баязитке айтты:
– Ей, балам, патша бізге қайдан дұрыс жауап берсін, адам ұқпайтын сөз айтып, өзімді мазақтап жіберді. Қайта патшаның басымды алмай, не зынданына салмай жібергеніне шүкір етіп қайттым, – дейді.
– Патша сонда не деп мазақ етті, – деп сұрады баласы. Хайдар патшаның жоғарғы айтқан сөздерін айтып берді.
Баязит сөзді ести сала манағы Мафруза деген қызға келіп баяндады.
Мафруза ойланып:
– Е, Баязит, сен қазір түңілме, патша сендерге бір жұмбақ сөз айтқан екен, соны тауып, айтқандай істесеңдер, қызымды берем деген екен. Ешкімнің бай-кедейі емес, ойға жүйрік, өнерлі адамға беруді мақсат еткен екен. Енді сен қазір тез үйіңе қайт, ертең тағы да әкеңді таң атып келе жатқан мезгілде, буаз биеге мінгізіп патшаның үйіне жібер, қорықпай терезесін қағып былай десін:
– Патша, өз уәдеңіз бойынша, әміріңізді екі етпей айтқан уақытыңызда келіп тұрмын, атым Хайдар! – десін. Патша қалай келдің? – дер. Сонда әкең:
– Түн түріліп бара жатыр, күндіз емес. Таң атып келе жатыр, түн емес. Жаяу келгенім жоқ, екі атпен келдім. Биемнің бас күнбатыс жаққа қарап тұр, ішіндегі құлынның басы күншығысқа қарап тұр, – десін. Сонан кейін патша бір жауабын айтар дейді.
Хайдар қыздың айтқанын істеп патшаға тағы барады, айт дегенін айтты. Сонда патша:
– Қазір қайта бер, ертең бір жауабын айтармын, – деді.
Патша ертеңіне Хайдардан жауап алып тергей бастады:
– Менің алғашқы айтқан сөзімнің мағнасын сендер өз ойларыңмен тапқан жоқсыңдар, кімге ақылдастыңдар! Сол адамды маған айт, айтпасаң қазір басыңды алғызамын! – деп қорқытты. Патшаның кәрінен зәресі ұшып, амалсыздың күнінен, осы шаһарда тұратын Мафруза деген қыз айтып еді. Мені жазалай көрмеңіз деп жалынды Хайдар. Сол сағатта патша Мафруза қызды менің құзырыма тез алып кел деп, орындаушы кісілерін жібереді. Олар барып Мафрузаны алып келіп, Мәлік патшаның құзырына тапсырды. Патша қызды өз алдына тұрғызып қойып:
– Сен менің жарлығымнан тыс іске араласқан екенсің, енді өз басыңа, маған жауап беретін, үш түрлі аманат жүктеледі. Мен бүгіннен бастап, сахара уалаятына саяхат-сейілге шығып, бір жыл мөлшерінде қайтып оралам. Келгенімде осы сарайдан табылатын боласың. Сондықтан оған дейін өз басыңа қоятын шарттарым мынау:
– Мына сарайдың қорасында тұрған қырық қара арғымақ биенің айғырын өзім алып кетем. Мен келгенше сол қырық биеге қырық құлын туғызып құлындатып қоясың. Бәрінің де түсі енесіне, не мендегі атасына тартатын болсын.
Мына тұрған үлкен сандыққа қазір өз көзіңе көрсетіп, мына масаты кілемді салып, аузын жауып, сыртынан сорғыштап бекітіп, мына қолымдағы аты-жөнім жазылған алтын балдағымның мөрін түсіріп таңба соғамын. Мен келгенше сандықты бұзып сындырмай, аузындағы жүзік мөрі басылған тәубені бұзбай ішіндегі кілемді алып, өзің жатқан тұсыңа іліп қойғаныңды келгенде көзім көретін болсын. Мен келгенше, дәл өзіме тартқан бір бала тауып қоясың. Егер осы айтқандар менің айтқанымдай болып орындалмаса, өлдім деп санай бер! – дейді патша.
Сонымен патшаның сөзі тұжырымды болды.
Мафрузаның жалғыз-ақ айтқаны:
– Құрметті билеуші патшамыз! Менің басыма сондайлық қиын жұмыстарды тапсырып отырсың, егер айтқаныңды орындайтын болсам, маған қандай баға беріп, нендей сыйлық жасар едіңіз, – деді.
Мәлік патша аз ойланып тұрып:
– Егер өз айтқанымдай орындасаң, сені осы қаладағы әйел заттарының ең ақылдысы екен деп бағалаймын және менің басыма қояр нендей тілектерің болса да орындаймын, – деді.
Соны айтып патша өзінің нөкерлерімен, кернейлетіп, сырнайлатып саяхат-сейіл сапарына жүріп кетті.
Бұдан соң Мафруза Баязитті шақырып алып.
– Мен сен үшін, саған көмек етем деп ақыры Мәлік патшаның қармағына өзім түсіп қалдым, мені айтпаңдар деп ескертіп едім, аңқау, сорлы әкең, Хайдар айтып қойыпты. Өткен іске енді өкінбейік, бір мәнісі болар. Сен қазір үйіңе барып атыңды мін-дағы, қала маңында жол көп қой, сен патшаның көзіне түспей, қалай бет алып кеткенін байқап қал, одан арғысын мен өзім білермін, – деді қыз.
Баязит атына мініп, алыстан қараларын әбден байқап, патшаның кеткен жолдарын бұлжытпай, жаңылмай, Мафрузаға айтып келді. Сөйтіп, өзі үйіне барып, бұрынғысынан да жаман сары уайымға түсіп, жата берді. Патша кеткеннен жиырма шақты күннен соң, Мафруза қаладан өзіне сенімді нөкер жинап алып, неше түсті киімдер киіп, қырық көкала түсті шатыр алып, қырық арғымақ айдатып, патшаның кеткен жолымен, сейілге шықты. Қаладан шыққан соң өз серіктеріне айтты:
– Егер менсіз жерде біреулер жолығып жөн сұраса, жөндеріңді айтпаңдар, басқа бір алыс жердегі пәлен шаһардағы патшаның жалғыз қызы саяхат, сауыққа шығып бара жатыр деңдер, – деді.
Жердің, жолдың бәрін Мафруза өзі біледі, бір ай шамасында көкорай-шалғын бәйшешек, құстары, аңдары көп бір тамаша жерге келіп, шатырларын тігеді. Патша да осы маңның бір жеріне келген шығар деп, жер жайын білетін адамдардан жасырын бақылау жүргізді. Бақылаушы адамдар іздеп, іздеріне дейін байқап, ақырында пашаның қосы бір жемісті, тоғайлы, таулы жерде, бір өзен бойында тұрғанын біліп келеді. Мафруза оны естіген соң өздерінің түстерін өзгертіп, киініп, беттерін бояп, шаштарын тарап, адам қызыққандай әдеміленіп алады. Жатқан жерлерінен көшіп, ымырт жабылып, көз байлана патша жатқан өзеннің бойына, бір көк майса белеңнің үстіне келіп қонады. Қаз-қатар қырық көк шатырды тігіп тастайды. Өзі жататын шатырын меруерттеп, маржандап, күнге шағылысқандай әдемілеп, ортаға құрып жатып қалады. Өздерімен айдатып келген қырық арғымақ биелерін сол түні елге көрсетпей, түстік жердегі бір оңаша таса жерге қойғызып, сол жерден жайылып, су ішетін етіп бөлек бақтырып қояды. Тәңертең Мәлік патша нөкерлерімен далаға шықса, төрт-бес шақырым жерде тізілген әдемі шатырлар тұр. Патша таңқалады.
– Апыр-ау, мынау шатырлар кеше тіпті күн батарға дейін жоқ еді, мынау бір керемет қой. Не де болса мәнісін біліп кел, – деп екі-үш нөкерін жібереді. Бұлар барып жолығып, көрген-білгендерін патшаға айтып келеді. Пәлен шаһардағы атақты бір патшаның саяхат-сейілге шыққан жалғыз қызы екен. Шіркіннің маңдайынан күн, тамағынан ішкен асы көрінеді, адам талып жығылатандай сұлу екен, – дейді.
Мұны естіген соң Мәлік патша асығып елеңдей бастайды. Қасына бес нөкерін ертіп, қызды бір көруге құмартып алты кісі атқа мінеді. Қырық шатырдың ішінде күнге шағылып алтындай жарқырап тұрған қыздың шатырларына келіп түседі. Рұқсат болса патшаның қызына жолығып, амандасамыз деген соң, алдынан қыз нөкерлері шығып, кісілерді Мафрузаның шатырына кіргізеді. Шолпан жұлдыздай «хан қызының» нөкерлері жиылып, шатырдың іші-тысы әдемілене түседі. Патша мен қыздар сыпайы амандасып, әзілдесіп отырады. Әсіресе, патша көңілденіп, масаттанып Мафрузадан көз алмайды. Қыздар қонақтарға алуан түрлі жемістер мен шай беріп енді түскі тамақ дайындауға шығады. Мәлік патша мен Мафруза шатыраш ойнауға кіріседі. Қыз патшаны ұта бастайды. Ақырында патшаның қара айғырын ұтып алады. Ертеңінде тағы да ойнаймын деп патша нөкерлерімен өзінің шатырына қайтып кетеді. Олар кетісімен қыз қара арғымақ айғырты қырық арғымақ биеге өзінің үйіріне қосып қойғызады. Екінші күн қыз патшаның алтын балдағын ұтып алады. Қызға құмартып отырған патша ұтылғанына рендімейді, қайта қуана түседі. Қайтсем қыз көңіліне жағам деп жетекшіл бозтайлақтай қыздың ыңғайына ере береді.
Кешке таман патша өз қосына қайтарда:
– Ертең нөкеріңізбен біздің қосқа келіп қонақ болып, дәм татыңыздар! – деп, қызды қонаққа шақырады. Қыздар қабыл алады.
Хан қыздарды қарсы алып, құрметпен қостарына кіргізеді. Неше түрлі тағам, жемістермен сыйлап, адам айтқысыз салтанатпен күтті. Тағамнан кейін тағы да мәжіліс болып, бәстесіп шатыраш ойнамақ болды. Патша бұл ойынға не тігеміз дегенде, Мафруза айтты:
– Мен екі рет айттым ғой, ендігіні сіз айтыңыз, – деді.
Өз арманына жете алмай, көзі тұнып отырған патша:
– Маған айт десеңіз екеуміз де өз бастарымызды тігейік, мен ұтсам, сіз менің билігімде болыңыз, сіз ұтсаңыз, мен сіздің билігіңізде болайын, махаббатымыз жарасса, өмірлік жолдас болып кетерміз. Оны ауырлайтын болсаңыз, ешнәрсе аямайтын бұл жалғандық дос болып кетерміз, мұнымыз да ұмытылмайтын өмір болар, – деді. Осыған екеуі келісіп, үшінші рет шатыраш ойнады.
Бұл жолы Мафруза ұтылып қалды. Сол түннен бастап, келісім-уағыдалары бойынша қыз бен патша көңіл қосып, ерлі-зайыпты кісілер сияқты араласып кетті. Бір-біріне кезек барысып, сұрасқандарын алысып, айнымастай сүйісті. Осылайша үш айдай бірге саяхатта болып сайрандап жүріп жатты. Бұл кездерде қырық арғымақ бие айғырдан бөлінді. Сіздің астыңыздағы атыңызды алып, жаяу қалдырып қайтем, – деп қыз қара арғымақ айғырын патшаның өзіне қайтарып берді. Мафрузаның өзі жүкті болып қалды. Бұл уақытқа дейін патша Мафрузаның анық кім екенін білмеді. Әйтеуір бір патшаның саяхатта жүріп кез болған, іздеп табылмайтын абзал қызы деп жүрді. Содан Мафруза үйден шыққалы төрт айға жақындаған кезде, бір күні түнде өз нөкерлеріне патшаға білгізбей елге қайтамыз деп әмір берді. Түстік жерде бағулы жатқан қырық биені сол жерден елге айдатты. Қырық шатырды жығып, бір түнде ұрланып көшіп кетті. Ел ұйқыда жатқанда қалаға келіп Мәлік патшаның сарайына орналасты. Қырық арғымақ биені сарайдағы сол орнына, бұрынғыдай күтімге қойды. Бұл ауқыттарда патша күндегідей орнынан тұрса бұрынғы жерінде қыздар да жоқ, қызық та жоқ, із де жоқ, шатыр да жоқ. Көрген түстей көзден ғайып болды. Патша таң-тамаша қайран болып қала беріпті. Мафруза мекеніне келіп, әбден жайғасқан соң, айы-күні жетіп, қырық арғымақ бие құлындады, құлындарының барлығы да өзінің атасы мен енесіне тартыпды. Өзінің де уақыты толып босанып, ұл туды. Мафруза енді патшаның айтқан үлкен сандығының аузын ашып, ішіндегі кілемді алып, өзінің тұсына құрды. Сандықтың аузын бұрынғыдай сорғыштап, патшадан ұтып алған алтын балдақтың мөрін басып, бұрынғыдай тәуеттеп қойды. Мәлік патша сол бетінде жылдан астам сейілде жүріп, өлінің қаласына қайтып келді. Келіп сарайына кірсе, Мафрузаның жанында өзіне тартқан бір бала ойнап жүр. Патша сүйкімді баланы көргенде мейірі түсіп, баланың бетінен бір сүйіп алады. Өзі көрсетіп кеткен үлкен сандықты көрсе, аузы бұзылмаған, өзінің алтын балдақты мөрін басқан таңбасы тұр. Сандықтың ішіндегі масаты кілем, Мафрузаның тұсында ілулі тұр. Арғымақтары тұратын сарайға кірсе, қырық қара арғымақ бие тегіс құлындапты, құлындары атасы мен енелерінен аумайды. Сонда патша ғажаптанып Мафрузаға қарайды.
– Уағдам бойынша сенің сұраған тілегіңді берейін, шарттарымды қалай орындадың, мәнісін айтшы! – дейді.
Мафруза жымиып күліп:
– Сіз көргеніңізді ұмытып, жолдасыңыздан жеңіліп қалады екенсіз, – деп қалжыңдап болған оқиғаны бастан-аяқ айта бастағанда, Мәлік аяғына дейін айтқызбай Мафрузаны құшақтай алды...
Мафрузаның тілегі бойынша Мәлік патша жалғыз қызы Шаһизатты отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, Баязитке қосты. Сөйтіп Мафруза, Мәлік, Шаһизат пен Баязит өмірлік жолдас болып, арманына жеткен екен, – дейді.
35. Хан мен уәзір
Ертеде бір хан және оның ақылды бір уәзірі болыпты. Хан мен уәзір үнемі ел аралауға шығып тұрады екен. Бір күні уәзірмен ел аралауға шығыпты. Шыққанда, жаман киім киіп: «Елде кім ханды жақсы көреді екен?» – деп, жасырын жүріп, тың тыңдайды. Сол аралаумен жүріп, бір кедейдің үйіне келіп, қонуға рұқсат сұрайды. Ол кедейдің қатыны толғатып жатыр екен. Үй иесі:
– Әйелім босанғалы жатыр, – деп, қондырмайды.
Толғатып жатқан әйел:
– «Қырықтың бірі қыдыр» деген, қондыр, – дейді күйеуіне.
Үй иесі қонақтарды қондыруға рұқсат береді. Сөйтіп, екі қонақ отырады. Әлде не уақытта толғатып тұрған әйел босанып, еркек бала табады. Бала шырылдап жерге түскенде ханның уәзірі мырс етіп күліп жібереді. Бұрын орынсыз күлмейтін, күлгенде бірдеменің мәнін болжап күлетін уәзірінің бұл күлкісі ханға оғаш көрінеді.
Хан:
– Неге күлдің? – деп, сұрайды.
Уәзір:
– Жай күлдім, – дейді.
Хан:
– Жай күлген жоқсың, айт, – деді.
Уәзір:
– Жай күлдім, – деп, болмайды.
Хан сұрап қоймаған соң, уәзір:
– Осы бала сізге күйеу болады, – дейді.
Хан жұлып алғандай:
– Қойшы! Мен осы бір кедейдің баласына қызымды беремін бе? – дейді.
– Ол арасын өзіңіз білесіз, әйтеуір осы бала сізге күйеу болады, – дейді.
Хан:
– Ендеше мұны сатып алып, өлтірейік! – дейді.
Ертең таң атқан соң хан отырып үй иесіне:
– Сен, мына балаңды бізге сат, өзінің үлкендігіндей алтын берейін, – дейді.
Бірақ, үй иесі жұлып алғандай:
– Сатпаймын! – дейді.
Әйелі:
– Қой, өзіңнің үлкендігіндей алтын берсе, сатып-ақ жіберейік. Бұл бала өсіп, бізді асырағанша, талай уақыт бар. Құдай берейін десе, сәтімен тағы берер, – деп, сатқызады.
Хан баланы алады да, бір жәшікке салып, суға ағызып жібереді. Хәшік сумен ағып келіп, бір шалдың диірменінің кіндігіне оралып, диірмен жүрмей қалады. Шал диірменін аралап келіп қараса, бір жәшік ілініп тұр. Жәшікті алып ашып жіберсе, ішінде бір аппақ, сазандай ұл бала жатыр. Диірменші шалдың сегіз ұлы бар еді. Сегізі де жас еді. Шал судан алған баланы кемпіріне алып келіп:
– Мына баланы өлтірейік! Бала өзімізде жетеді ғой! – дейді. Кемпір:
– Қой, өлтірмейік! – дейді.
Шал:
– Мұны қалай асыраймыз. Өзіңнің сегіз балаңды асырасаң да жетер, – дейді.
Кемпір:
– Құдайдың өзі асырайды. Көзін қиып қалай өлтіресің? Балалармен бірге жүрсін. Сенің ырысыңды ішіп бара ма? – деп көнбейді.
Шал да бұл сөзден аса алмай:
– Мейлі, жүрсе жүрсін, – дейді.
Сонымен, шал асырап, бала жүре береді. Енді олардың балалары тоғыз болды. Оның ішіндегі ең кішісі тауып алған бала, қалғандары онан үлкенірек, бәрі де үйелмелі-сүйелмелі, үйректің балапанындай жарасып тұратын болды. Күндерде бір күн хан бас уәзірін ертіп, ел аралауға шығады. Елді аралап жүріп, шалдың есігінің алдынан өте бергенде, уәзір тағы да мырс етіп, күліп жібереді.
Хан:
– Неге күлдің? – деп сұрайды.
Ойнап жүрген балалардың ініндегі әне бір кішкентай сізге күйеу болады, – дейді.
Хан жұлып алғандай:
– Қойшы! Ханға күйеу болуға кедейдің баласын жазып қойып па? – дейді.
– Көрерсіз! – дейді уәзір.
– Олай болса өлтіру керек, – дейді хан.
Оны қалай өлтіру керек? Хан мен уәзір амалсыз шалдың үйіне бұрылып келіп:
– Анау кішкентай бала сенікі ме? – дейді.
– Менікі, тауып алған балам, қалғаны өзімнің балам! – дейді шал.
– Ана тауып алған кішкентай балаңды сатшы, өзінің үлкендігіндей алтын берейін, – дейді хан.
Шал қуанып кетіп, баланың үлкендігіндей алтын алып, оны ханға беріп қоя береді. Хан баланы әкеліп: «Осыны өлтір!» – деп бір уәзіріне береді. Уәзір баланы жазықсыз өлтіруге қимайды да асырай береді. Осымен жүргенде бала өсіп қалады. Хан келіп қараса, бала өлмепті:
– Мұны неге өлтірмедің? – деді хан.
– Тіпті өлтіруге қиятын бала емес. Өзі ақылды, өзі әдемі, еш кінасы жоқ. Қалай етіп өлтіруді білмедім, – дейді.
Сол уақытта ханның еліне жау тиеді. Хан әскерін жинап, соғысқа кетерде еліндегі бас уәзірлеріне хат жазып: «Мына баланы барысымен өлтірсін!», – деп үкім етіп, хатты баланың өзінен беріп жібереді де, өздері соғысқа кетіп қалады. Бала хатта не барын білмейді. Оған: «Хатты тез алып бар!» – деген. «Осы хат бойынша онан бізге әскер жібереді. Ертең ертеден қалма», – деген. Бала хатты алып, жүгіріп келе жатып, әбден шаршайды, содан ханның үйіне жетпей шаһарға жақындағанда ханның бау-бақшасының ішіне келіп ұйықтап қалады. Ханның қызы бақшаны аралап жүрсе, ұйықтап жатқан бір сұлу баланы көреді. Қыз оған ғашық болады. Жанындағы нөкерлеріне:
– Сендер жүре беріңдер, мен мына баланың кім екенін білейін, – дейді.
Баланы оятып, құшақтап, сүйіп, баланың қолына қараса, хат бар екен, оны ашып, оқып жіберсе: «Мына баланы мен барғанша өлтір!» – деп жазған. Қыз хатты алып, жыртып тастап, оның орнына: «Мен барғанша мына балаға қызымды некелеп қой» – деп, жазады да кетіп қалады. Бала оянып тұра келсе, ханның бар деген уақыт өтіп кетіпті, бала сасып: «Хан ұрсар ма екен?» – деп, уәзірге жүгіріп барып, хатты береді. Ханның жарлығы екі бола ма? Қазір ат шаптырып, той істеп, ханның қызын балаға некелейді. Бала ханның қызын алып, жата береді. Хан жауды жеңе алмай, төрт-бес жыл соғыста болады. Бұл уақытта ханның қызы екі балалы болып қалады. Ханның қызы бұл айланы өзі ғана біледі. Бір күні: «Хан соғыстан қайтып келе жатыр», – деген хабар естіледі. Ханның қызы күйеуіне:
– Сен мына екі баланың бірін жетектеп, екіншісін көтеріп, ханның алдынан шық. Әкемнің мінезі жаман еді. Ашуын қалдырса, мүмкін, сонда қалдырар, – дейді.
Екі жиенін алдынан шығарып, жігіт ханға сәлем беріп еді, ханның ішіне мұз құйылды, суық қана амандасты да қойды. Бірақ, ренжігенін білдірмейді. «Жарайды», – деп, хан үйіне келді. «Мына ханның қызын қаңғырған кедейдің баласы алыпты», – деген ат ханның сүйегіне таңба болатын болды. Әркімнің күңкілі күшейді: «Ханға бір ханның баласы табылмады ма? Осы қаңғырған баланың несіне қызықты?» – деген сөздер желдей есті. Әркімнің өсегіне қалмау үшін хан нан пісіретін жерге уәзірінен қағаз беріп: «Ертемен келген адамды кім де болса, ең ақыр аяғы, мен болсам да отқа жағып жіберіңдер!» – дейді. Уәзір ханның сөзін бұлжытпастан жеткізеді. Хан күйеу баласын тәңертең нан пісіретін жерге баруға қосады. Тәңертең пәлен сағатта барсын дегенмен бала үйден шығып келе жатса, бір жерде сырнай-кернейлер жартып жатыр екен, ол сол үнді тыңдап кідіріп қалды. Баланы жағып жібер деген уақыт та болды. «Баланың жанып жатқанын көзіммен көрейінші!» – деп, хан келді. Нан пісіретін жігіттер нанды ала салып, сөзге келтірген жоқ, кешегі ханның уәзірінің тапсыруы бойынша, көтеріп алды да, пешке тығып жіберді. Бұл жана берсін. Әлде не уақытта: «уақытым болып қалды-ау!» – деп, асығып бала келді. Барса, наншылар: «Біз бұл адамды ханның кешегі тапсыруымен бағана өртеп жібергенбіз», – дейді. Бала қағазын береді де, қайтып келеді. Сол күні ұзамай-ақ ханды жоқтайды. «Хан қайда?» – дегенде, ханның өртеніп кеткендігі айқындалады. Енді жаңадан хан сайлау керек болады. Халықтың барлығы шақырылып: «Ханға кімді ұсынамыз?» – деген сөз көтеріледі. Сонда ханның бас уәзірі, сыншы уәзір, ханның күйеуінің басынан өткізген түрлі-түрлі қиыншылықтарын айта келіп, хандыққа сол ханның күйеуін ұсынады. Бұрын хан жоқта ханның орнына хан болып жүрген бас уәзір, хандыққа таласпай-ақ, өзі ұсынып тұрған соң, қалған уәзірдің көмейіне құм құйылады да, жас бала хан болады. Сөйтіп, мұратына жетеді.
36. Ақылды әйел
Бұрынғы өткен заманда Қожанай деген бай болыпты. Оның жалғыз ұлы бар екен, өзі қалжақбас, мылжың екен. Бай осы баласы туғанда бір молданы әкеліп атын қойдырыпты. Молдасы құрғыр жақсырақ ат таппаған ба, яки бай орамалды жақсы бермесіне көзі жеткен бе, әйтеуір баланың атын Тесікбай дей салыпты. Тесікбай ержетіпті, өсіпті, айтқанды ұқпайтын ақпа құлақ болыпты. Ел аузына қақпақ қойған бар ма: «Балысының басы тесік болғандықтан, миы да ағып түсіп қалған-ау» дейтін болыпты. Қожанай мұны естіп намыстанады, осының басын түзейтін ақылды келін іздеп табуды ойлайды. Осымен күндерден күн өте береді. Тесікбай хандардың, байлардың, мырзалардың арасында сауық құрып жүреді. Бір отырған сауықта Бекеханның баласы Тесікбайды балағаттайды. Әкең Қожанайдың аты әлемге жайылды. Байлығы жұрттан асты, сөйте тұра сені үйлендірген жоқ. Өзің де езсің, сұлу таңдап сүюді білмейсің, – деп азғырды. Бұған ызаланған Тесікбай күнде әкесінің мазасын кетіре беріпті, кетіре беріпті. Сондағы атары бір сөз-ау: «сұлу қатын алып бер» дейді екен. Қожанай ханның да, молданың да қызын көреді. Баласына бас-көз болар ақылды қызды таба алмайды. Енді өз елінен табылмаған соң, Темірхан ханның елінде жақсы қыз көп шығады дегенді есітіп, солай қарай аттанады. Атағы жұрттан асқан бай келді дегенді есітіп, Темірхан Қожанайды үйіне шақырады, қызын да көрсетеді. Ал, сөйтіп, басы ханның қызы болып, бұл елден де ақылды қызды көре алмайды, кері жүріп еліне қайтады. Неше күн жол жүріп, үлкен өзеннің бойына келеді. Күн кеш болады, байға қонарға орын табылмайды. Өңкей ғана қара лашықты балықшыдан басқа онда кім болсын. Байдың өз дүниесі өзіне жетеді ғой, неше нарға жүк артып келе жатқанда, далаға болса да, түнеуге ұйғарады. Жігіттеріне жайлы орынға жүкті түсір дегенше, екі жолдың айырығында бір он төрт жасар қыз кез келе кетеді. Қожанай бай қызға «кімнің баласысың?» – дейді.
Қамысты жарып қала еткен,
Балықты жарып бал еткен,
Табылғанын нар еткен,
Осында талай жан өткен.
Төсеніп құрақ зар еткен,
Кеңімей дүние тар еткен,
Панасы қамыс әкем бар,
Мен осындай ер жеткем, – дейді қыз тайынбастан. Қожанай ойланыпты да, қыздың өзін балықшының баласы екенін түсіндіргеніне сүйініпті.
– Балам үйіңе баста, қамыс күркеңнен дәм таталық, – депті бай.
Қыз тағы да іркілмей:
– Қоныңыз, ата, – дейді де үйіне ертіп барады. Расында қамыстан қалаған үйі бар, құрақтан тоқыған көрпесі бар шал әкесі күркеде отыр екен. Бай амандық айтысып, сәлемдеседі де, қыздың әрекетіне қарап отырады. Жүгіріп еңбек еткен жас қыз бір табақтағы шортанның сорпасын келтіріп:
– Мынау, ата, шортан, сорпасын ұрттауға өзім де қорқам, – дейді. Екінші табақты көрсетіп: Мынау, ата сазан, осы үшін әбден кетті мазам. Мынау, ата, бекіре, жайын балық, жей беріңіз кекіре, – дейді.
Қожанай қызда зеректік барын байқап, баласына айттыруға құдалық сөйлесіпті. Балықшы шал тез көніпті. Бай малды айдап беріпті де, қызды Тесікбайға алып беріпті. Ел: «Малын көзіне сүрткен Қожанай қу кедей балықшының қызын баласына әперді» дейді. Қожекең, амал не, балам тең болмады-ау деп, арман етеді екен. Тесікбай болса, балықшының қызы Сақыпжамалға «күркеден шыққан кедей қызы» дей беріпті. Сақыпжамал да есесін жібермепті. «Қамыс тесігінің саңлауы бар, сенің басыңның саңлауы» доқ деп, әзілдейді екен. Не керек, осымен күндер өтіп жүре береді. Қыз қылығынан ғой, Сақыпжамал атасына жаға беріпті. Қожынай сырт хандардың еліне көп барып, саяхат ететін, мал айырбастайтын, сонымен байлығын жұрттан асырған бай екен. Сол әдеті бойынша бай сыртқа шыға беріпті. Бар қазынасын келініне сеніп, тапсыратын болыпты. Бай бір рет Пак патшасының еліне барып, онан сансыз алтын, күміс, асыл тастар, асыл бұйымдар алып еліне қайтпты. Ұлы керуенімен келе жатса, ортадағы үлкен тауда қашаннан бекініп жататын қырық қарақшы бар екен, байдың керуені осыған келіп кездесіпті. Қарақшылар барлық асыл мүлікті талап алады. Аты шыққан Қожанайды таниды, мұны тірі жіберсек, бізді қоймай табады, онан да өлтірелік деп кеңеседі. Оны Қожанай да біледі. Қарақшының бастығын шақырып алады.
– Қарақтарым, сендер осы тауда мал іздеп жүрсіңдер ғой. Менің малым жетеді. Бәрін алыңдар, мені жіберіңдер! – дейді. Оған тонаушылар көнбейді.
– Ендеше мұның үстіне үйімде екі алтын терегім бар, бірін алыңдар. Мына малдарымның бағасынан он есе артық келеді. Бір қамбада толған алтыным бар, оның жартысын алыңдар да, мені жіберіңдер! – дейді.
Қарақшылар оны алудың жолын сұрайды. Мен хат жазып, мөр басып берем, кісі жіберіңдер, балам береді, – дейді. Қарақшы ойланыпты да, «Жаз хатыңды, көрейік», – депті. Қожанай баласына мынадай хат жазыпты:
– Балам Тесікбай! Мен Пак патшасына есік алдындағы екі алтын ретектің бірін тартуға тарттым. Сол үшін бірін қалдырып, бірін бер. Мұнда қырық нарға артатын асыл бұйым барды, ала кету үшін қамбадағы алтынның жартысын бер. Алтын ақ бас, бура бас нарларға тартылсын – барған адам өзімнің мал басыларым. Жұмысы тез бітсін, Әкең Қожанай, – деп мөрін басады.
Қарақшы оқып көрді де: «Осыны әкеліп алып, онан кейін байдың жазасын беремін», – дейді де, мықты екі қарақшысын хатпен жібереді. Айтуы бойынша екі қарақшысы Тесікбайға хатты әкеліп тапсырады. Ол хатты оқи сала дүңк етіп:
– Қайдағы алтын терек, алтыны несі, тіпті бізде ақ бас бура бар ма, алжыпты әкем! – деп, сөйлей бастайды. Бұл дүңкілді үйде отырған Сақыпжамал естиді де, жүгіре шығып:
– Немесе, атамнан хат бар ма? – дейді.
– Бар, міне, алжыпты атаң! – дейді баласы. Сақып хатты оқып, мазмұнын түсінеді де:
– Өзі жинаған дүниесін өзінен аяймыз ба, береміз, бәрі де бар, қонақтар үйге кіріңдер! – дейді. Сөйтіп екі қарақшыны ішкі үйге ендіріп, есікті сыртынан мықтап бекітеді. Тесікбайды хатпен ханға жібереді. Хан хатты оқып, түк те түсінбейді. Сақыпжамалды шақыртады. Сақыптан хан хаттың мазмұнын сұрайды.
Сонда Сақып хатты мынадай деп шешкен екен:
– Атам хатты перделеп жазған, есік алдындағы екі алтын терек дегені – Тесікбай мен мені айтқаны. Қазір жау қолында қиналудамын, жаным кейігенде сендердің біріңді беруге дейін даярмын дегені. Екеуінің бірін қалдырып, бірін бер деуі – екі қарақшы кетті, бірін қалдырып, бірін бастатып келіп, құтқарыңдар дегені. Қырық нарға артатын асыл бұйым бар дегені – қарақшының саны қырық дегені. Алтын ақ бас бура басты нарларға артылсын дегені – хатымды сендер шеше алмасаңдар, ханға апар, ол шешеді, әскерін тез жібереді дегені ғой. Ханда қырық кісінің ақылы бар деуші еді, тақсыр бір әйелдің ақылына жетпейсіз бе, – деп сөккен екен. Хан ашуланып сол сағатында әскерлерін жіберіпті. Әскерлері Қожанайды босатып, қарақшыларды ұстап әкеліпті. Осылай жүргенде Қожанай бай өледі. Әкесінің орнына Тесікбай сырт хандықтарының еліне шыға бастайды.
Тесікбайды әкесімен бірге жүретін қазына бастықтарына, мал бастықтарына қосып жіберіп отырады Сақып. Бір рет Тесікбай мармордан қаласын салдырған, гауһардан қақпасын орнатқан, қанатты ат мінген, қарымды қару асқан Оймауыт ханның еліне барып, мал айырбастайды. Өз елінен бірге шыққан ханның, уәзірлердің, байлардың мырзалары да бар екен. Арасында күнде сауық ойын менен тамаша. Байлыққа мас болған мырзалар жүйріктерін, тұлпарларын жарыстырады, бәйгі тігеді. Бір күні сорына ма, бағына ма кім білсін, Тесікбай мен Бүркіт мырзаның ат жарыстыруға бәстескені барша жұртқа тарайды. Екеуі екі жүйрігін алысқа айдайды. Бүркіттің жүйрігі алдымен келеді. Тесікбайдың уәдесі бойынша қолындағы бар мүлкін Бүркітбай ұтып алады. Онымен де тынбайды, Тесікбай атымның бабы келмеді деген соң, бәске аттары мен әйелдерін де тігіп, екі жүйрікті қайта жарыстырады. Соры қайнап, Тесікбай Керқұланы да, Сақыпжамалды да Бүркітке ұттырып жібереді. Сөйтіп, басқа мырзалар қайтқанда Тесікбай қайта алмай Оймауыт елінде қалады. Мастанған Бүркіт сонда тұра-тұрады. Тесікбайдың қазына бастықтары еліне келсе де, Сақыпқа көріне алмай жүреді. Кешіккен соң бір сұмдық болғанын іші сезген Сақып сәл түсін өзгертіп, қаланы аралап жүріп, өзінің қазына басшысына кезіге кетеді. Бөгде әйел болып, Тесікбайды сұрайды. Жасырын сыр әшкере болады, масқарасы шыққан ерін естіп біледі. Ерінің ездігіне ашынған Сақып жанына баяғы мал басшысын ертіп алып, асығыс ерін іздеп, жолға шығады. Күн жүреді, түн жүреді, апта жүріп, ай жүреді. Оймауыттың еліне барады. Қаланың бір шетінен орын алады. Ерекше жасанады да, Бүркіт мырзаның жайын іздеп табады. Соған жақын жерден бір үйді ұстауға бекиді де, қайта келіп, мың сандыққа тас толтырады, мың сандыққа жүн толтырады, сандықты бекітіп сырлатады. Барлығын нарға артып, сөйлескен үйге түседі. Бұ да бір сылқым мырза, Бүркітпен жақындаса түседі. Ері байғұс Тесікбайды іздеп келсе, ошақта от жағушы болып отыр екен. Қожайынға пұл беріп, оны сатып алады. Үйіне әкеліп, от жағушы етіп қояды. Күндердің күнінде Бүркіт мырзаны Сақып қонаққа шақырады. Бұған дейін мың сандық гауһар, алтыны бар, мың сандық асыл жібек малы бар бай атанған Сақыпқа жақындай алмай жүрген Бүркіт шақырғанда-ақ жетіп келіпті. Сақып мырзаға ас пен шарапты аямай беріпті. Мырза әбден қылжақтапты. Осы кезде қызша жасанып Сақыпжамал үйге кіріпті. «Мен Жеңісханның қызы едім, сендей жігітті іздеп таппай жүргенде, сырға көріп шүкір еттім» депті. Бүркіт онан әрі мастаныпты. Қонақ үйге шешін де жат деп бұйырыпты. Бұрыннан дайындап қойған Қожанайдың малға басатын таңбасын шешініп жатқан Бүркіттің санына әкеліп басыпты. Қызған темірге шыдасын ба, мырза жалаңаш қашып құтылыпты. Осымен ай өтеді, апта өтеді, Бүркітті бағады да жүреді. Мырзаның жарасы жазылды дегенде, Оймауыт ханына Сақып жігіт болып, жасанып келіп арызданады.
– Әкем Қожанай әлемге аты шыққан бай еді. Оның малын қарақшылар ала беруші еді. Ол кісі өлді. Осында ағам Тесікбай келген, оны жоғалтыпты да, бар мүлкін Бүркіт деген қарақшы талап алыпты. Малымды танып ұстап, алдыңызға келдім, – дейді. Бүркіт:
– Ұтып алғанмын, – дейді, сөйтіп екі жақ хан алдында айтысады. Сонда Сақып:
– Мұның ұры екенінің белгісі денесінде бар, көріңіз! – деп өтінеді. Санын ашып жіберсе, Қожанайдың айдай таңбасы шыға келеді.
– Міне, әкемнің малын көп ұрлаған, сан рет қолға түскен. Сонда екінші ұрлама деп, әкем таңбасын басып еді. Қараңыз, әкем өлген соң ағайымды да тонап, малын алған! – дейді.
Хан Бүркітті зынданға салады да, мал-мүлкін екі есе етіп Сақыпқа қайтарады. Іс біткен соң Сақыпжамал еліне қайтуға дайындалады да, патшаға кіріп, Бұркітті сұрайды.
– Ол қарақшы да болса, біздің ханның адамы ғой, беріңіз, сонда барып жазасын тартсын! – дейді. Оймауыт хан мұны мақұл көріп, Бүркітті береді. Сақып оны байлатады да, бір түйеге артады. Түйенің басын Тесікбайға жетелетіп қояды. Алыс жүрді, көп жүрді, қанша да болса, оң жүрді. Бір кезде Бүркіт ұтса, енді Бүркіт байлауда, Тесікбай оны жетелеп келеді.
Еліне жақын келгенде, Сақыпжамал әйелше киініп, Тесікбайды қасына шақырады. Тесікбай әйелінің бетіне бажырайып қарапты да қалыпты. Өз көзіне өзі сенбей тұрып-тұрып, еңіреп жылап қоя беріпті. Соңынан Бүркітті шақырады. Өзінің кім екенін сонда танытады.
– Е, мырза, сен Тесікбайды қалай алдадың, енді кімге алдандың, көр?! – дейпті. Сонда Бүркітбай мырза:
– Өмірі малайың болайын, енді масқара қыла көрме, – деп жалынып жылапты. Сол жерде Сақып оны азат етіпті. Тесікбайға бұдан кейін ақыл кіріп, басы бүтін бас бола бастапты.
37. Әділ патша
Ерте кезде бір сал жігіт сапарға шығып келе жатып бір үлкен қалаға тап болыпты. Ол қаланың дәл ортасында үлкен бәйтерек көреді. Бәйтеректің бүрі аспанға атылып шығып, қайта жерге құлаған екен дейді. Осы бәйтеректің бүрі жерді мүлдем жарық қып тұрады екен. Егер кімде кім бұның бүрінен «ұстаймын» деп таяп барса, қолы маңдайынан аспай қалады екен. Әлгі жігіт бәйтеректі анадай жерден көріп, таяп кеп, бүрін аламын дегенде қолы маңдайынан озбай қалыпты. Міне, осы кезде сол елдің патшасы жиналыс істеп, елді жинап құлақтандырады.
– Осы бәйтеректің бүрі неге жарқыратып жарық шашады? Бүрін алам деп кісі барғанда қолы неге маңдайынан озбай қалады? Себебі не? – деп халқынан сұрапты. Жиылған елдің ішінен бірде бір адам сауалына жауап қайтара алмаса керек.
– Егер таппасаңдар, бәріңді де қырып жойып, тұрған орындарыңды қанға бояймын, – деп зікір салса керек.
Халқы:
– Ойбай, тақсыр, бізге бір айдың рұқсатын беріңіз. Егер таппасақ, бәрімізді өлтіруге ризамыз? – деп жалынып сұрапты-мыс.
Халқы күнбатыс, күншығысқа тарап кетіпті. Бұл елдің халқы бүйтіп үйде қозғалмай отырып өлгенше адасып өлейік деп жан-жаққа тарап кетеді. Осы кезде әлгі жігіт Ертіс дариясына таман өрлеген кісілермен ілесіп кетеді. Ол жігіттің ойы «осы Ертіс дариясының басын көрсем» деп ойлайды. Осылайша кетіп бара жатқанда бір адам құдықтан қауғамен су тартып, мал суарып, ыдысқа құйып жатады. Сонда ол көрінген кісінің шелегіне су құяды да, өз шелегіне әлі құймапты. Өз шелегі сол қалыппен бос қала береді. Онан әрмен өрлеп келе жатса, таудың бөктерінде біреу отын алып жатыр екен дейді. Ол отынын көтерейін дегенде көтеріп тұра алмапты. Көтере алмаған соң отын үстіне қайта отын салады. Және көтере алмапты. Оның үстіне қайта салады, тағы көтере алмапты. Тіпті болмаған соң көп қып салып ап, енді көтергенде көтеріп кетіпті. Жолаушы жігіт бұған таңырқап, тағы өрлеп жүріп отырса, бір адам егін орып жатыр екен. Ол егін орса, пысқан пыспағанына қарамастан орып, суға тастап жатыр. Не бөлек жинамайды. Онан әрмен өрлеп келе жатып, белі бүкір, көзі қызыл шал кез болып, ол кісіге сәлем береді. Одан жаңағы жолда көрген білгенін әңгімелеп, себебін сұраса:
– Оны мен білмеймін. Оны менің бір ағайым біледі. Осы жолмен өрлеп жүре берсең кез боласың. Менің жасым жас, жүз елуде ғанамын. Мен білмеймін, – деп жауап беріпті. Тағы бір белді асып келе жатса, жаңағы шал өңдес, одан гөрі жасырақ әлгінің інісі ме дегендей бір шал кез болады. Ол шалдан жаңағы жолдан көрген білгенін сұрап еді:
– Менің жасым жасырақ. Жасым жүз сексенде ғана. Ілгері жүрсең, менің ағайым кез болар. Сол кісіден сұрасаң со біледі. Сонан сұра депті. Ілгері жүріп келе жатып, тағы бір белді асқанда, одан гөрі жас, сақал мұрты қап-қара шал кез бола кетіпті.
Онымен амандасып, көрген білгенін айтып, кейін қалған екі шалдың мәнісін қоса сұрайды. Сол кезде әлгі шал бәйтеректен бастап, себебін айта бастапты.
– Күндердің бір күнінде, заманның бір заманында, сол жерде бір патша тұрып еді. Соның тұсында, бір адам бір адамға жерін сатты. Алған жерден ол адам алтын тапты. Алтын тапқан адам жер сатқан кісіге алтынын алып барыпты.
– Мен мына алтыныңды алмаймын, өзің ал, – дейді тапқан кісі.
– Мен жерімді бірден саған сатқам, енді одан шыққан алтынды мен алмаймын, – дейді.
– Мен алсам жеріңді сатып алдым, алтыныңды алғаным жоқ, – деп қызарақтаса керек. Ақыры екеуі келіспей, елінің патшасына барып жүгініседі.
Патша:
– Сенің ұлың бар ма?
– Бар.
– Сенің қызың бар ма?
– Бар.
Осы кезде патша:
– Сен қызыңды мына жер сатқан кісіге бер. Құдай дескен құда болыңдар да, осы алтынды сол екі ұрпақтың игілігіне жұмсаңдар! – деп шешеді. Бұған бұл екеуі қарсы болмай, құйрық-бауыр асасқан, құдай дескен құда болып, әлгі алтынды солардың той-томалағына жұмсапты. Бұған қайран қалған жұрты әділ патшаға батасын береді. Патша күндердің күнінде қайтыс болған соң, ел-жұрты жылап-сықтап қойыпты. Оның басына шаншыған ағашы үлкен бәйтерек болып өсіп, халқының игілігіне бөленгендіктен, бәйтеректің бүрі жарқырап сәуле шашатын болыпты.
Әлгі жолда кезіккен адамның өз шелегіне су құймай, елдің шелегіне су құйып жатқаны – өзінің жан сақтауын ойламай елдің қамын жеген Едіге болды. Отын көтере алмай, көп қып қосып-қосып ап көтергені, қарағым, әр нәрсені әуелі бастан дейді. Қылмыс, ұрдықты көп істеп, әдет еткенге дәніккен сайын жеңіл болар, ол адамға тау ақырында тастай ғана сезілер.
Егін орған көрдіңіз жолда дейді,
Жан алушы сұрасаң сонда дейді.
Таңдамай жас-кәріні алып жатқан,
Көр болар алып суға салып жатқан.
Адамдар ақылменен ойлаңдаршы,
Ешкім бар ма өлімнен қашып қалып жатқан?
Әуелі жолыққаның менің ең кіші інім еді. Алғаны нашар адам болғандықтан дүние мүлкін жия алмай қалған қарақасқа кедей. Күйгелек адам болғандықтан сақал-мұрты, шашымен ерте ағарды.
Екінші інім жасы бар жүзде сексен,
Айтайын хикаясын бастан кешкен.
Жұбайы жаман болды ол інімнің,
Ақылы аздау болды көкейтескен.
Сондықтан сақал мұртын ақ шалған-ды,
Тек малмен қара басқа бақ қонған-ды.
Жұбайым өзімменен бірдей болып,
Кәртеймей бір өзіме көп таңданды!
Сол бәйтерек өсіп шыққан кезде мен жиырма жаста едім. Менің мал- басым, ақыл-құтым жұбайыммен сай болды да сақал-мұртымды ақ шалмады. Қазір екі жүз елудемін деп ол қария барлық жұмбақты шешіпті. «Қариялардың іші алтын сандық» деген сөз осыдан қалса керек.
38. Әділшілік һәм гүл ағашы
Бір қалада ерлі-қатынды екі адам болыпты. Бір баласы бар екен. Мейлінше кедей болып ешбір жұмыс қылуға малдары жоқ екен. Бірақ егін салатын азырақ жерлері бар екен. Оны да өздерінің орнына бір кедей көршілеріне сатады екен. Сол көрші екі өгіз амалдап тауып алып, сол жерге егін сала бастапты. Бір уақытта жердегі соқаменен жыртып жүріп жердің астынан соқасы тиіп сылдыраған құмыраның сыбдыры естіледі. Жерді қазып құмыраны тауып қараса, толған алтын екен. Сонда кедей алтынның біріне тиместен көміп қойып, жердің иесіне барып хабар беріпті.
– Сенің жеріңнен алтын салған құмыра таптым, жүріп соны жылдамырақ ал, – дейді. Сонда жердің иесі айтыпты:
– Жер бұ күнде маған тиісті емес, мен саған сатқан едім пайдалануға, сол себепті алтын да саған тиесілі, – деп. Көпке шейін екі кедей ерегісіпті. «Сен ал, сен ал», – деп. Ақырында төбелесіп бірін-бірі жаралы қылып, хандарына барып арыз қылыпты.
Хан арыздарын тыңдап, екеуінің адалдығына таң қалып сұрапты: «Балаларың бар ма, қанша?» – деп. Жерді пайдаланып жүрген кісінің бір қызы бар, бұрынғы иесінің бір үғылы бар екен. Сонда ханның қылған билігі екеуінің балаларын неке қылып қосып, табылған алтынды жастарға бер деп үкім қылыпты. Сонда екеуі де билікке разы болыпты. Жастарға әйбат үй салып, той қылып барша маңайындағы қалаларды шақырыпты. Екі жас мейлінше бақытты болып аталары да заруат көрмепті. Неше заман өткен соң баяғы алтын табылған жерге гүл ағашы қсіп, гүлдегенде алтын шығаратын болды дейді. Бір күні патша аңға шығып, көп жүріп баяғы алтын жерге кез болып, гүл ағашын көріп жылдам келіп гүлінен жұлып алайын дегенде, ағаш көкке көтеріліп кетіпті. Патша көп қайран болып тұрыпты. Сонан соң кейін қайтып барып қараса, ағаш орнына барып қалыпты. Патша қайтадан жақын келіп айналып қарап, тағы да ұстауға ұмтылған екен, тағы көтеріліп кетіпті. Патша үш мәртебе жаһат қылып болмаған соң үйіне бос қайтыпты. Патша сарайына келе сала нөкерлерін, молдадарын жиып көргенін баян қылып айтып, «бұл не нәрсе» деп сұрапты. Ешқайсысы тауып жауап бере алмапты. Сонда патша үйін, халқын, жұртын тастап, сол көрген нәрсесін білуге ғаһид қылып, жолаушы болып жөнеліпті. Өз шаһарына жақын бір қалада кемпір көріпті. Сол кемпірден біледі ғой деп өз жұмысын сұраған екен. Кемпір бір шаһарда бір қарт бүкір шал біледі деп көздеп жіберіпті. Патша айтқан шаһарға келіп көп іздеп, ақырында айтқан ақ шашты бүкір шалды тауыпты.
Сол шал патшаның жұмысын тыңдап болып, айтыпты:
– Сенің іздеп жүрген жұмысыңды білетін кісі мен емеспін, ол менің ортаншы ағам, жақын пәлен шаһарда тұрады, – депті. Сонда патша қарттан қағаз алып, айтқан бағанағы шалдың ағасын тауып алыпты. Сол қарт жасы үлкен болса да бағанағы інісінен жасырақ, тың екен дейді. Шашының ағы да аз дейді. Сонда патша таң қалыпты. «Бұл жас кісі ғой, баяғы кемпір «қарт» деп айтып еді, бағанағы қарт өтірік алдап жіберген екен ғой», – деп ойлайды. Ақыры жұмысын айтыпты. Шал естіп болып басын шайқап айтыпты:
– Менің халім келмейді һәм сенің іздеп жүрген шалың мен емеспін. Мен ортаншы інісімін. Енді бәрімізден үлкен ағамыз тағы бар. Сол бұ сөзіңді біледі, – депті. Өзі бір шаһарда теңізге жақын тұрады, – депті. Сонда патша бұ шалдан тағы қағаз алып, тұңғыш қартты іздеп жөнеліпті. Патша іздеп айтқан шаһарына келіп, тұңғыш қартты тауып алыпты.
Сол тұңғыш қарт деп іздеп келген кісісін патша көрген жерде тіпті қайран қалыпты. Қарт деп айтатын емес дейді, жап-жас, беті уылжып тұрған, шашы қап-қара дейді. Патша жұмысын айта бастапты:
– Мен сені іздеп келдім. Сен айта ғой, – деп. Қырға гүл ағашы қайдан келді, алтын сабақтарыменен? Мен жақындап барсам гүлдерінен жұлып алайын деп, көкке көтеріліп кетеді, кетсем қайта орнына барады, – дейді. Тағы да бір сенен таң қалып сұрайтыным, не себептен осындай жассың? Ортаншы інің жасы кіші болса да шашының ағы бар. Кенже інің мүлдем қарт шал. Шашы аппақ, сендердің әкелерің бе деп ойлайтын? – депті.
Сонда шал патшаға бәрін айтып беруге уағда қылып, әуелі отырып тамақ ішейік деп отырғызыпты. Тамақ жеп болған соң шалдың қатыны бір қарбыз алып келіпті. Шал ол қарбызды қайтарып, «өзге қарбыз әкел» депті. Қатыны ерінің бұйрығымен барса да, бастапқы қарбызын қайта әкеліпті. Себебі, өзге қарбыз жоқ, бар болғаны біреу-ақ екен. Снда шал қатынын он екі қайтара жұмсапты, «өзге қарбыз келтір» деп. Ақырында сол қарбызын жеп, патшаға айтты дейді:
– Көрдіңіз бе, патшам, бізде бар болғаны жалғыз қарбыз бер еді. Осыны өзім біле тұра қатынымды неше мәрте жұмсадым, «қарбыз келтір» деп және қатыным екіқабат. Сонда да қатыным қарбыз аламын деп он екі рет барып, он екі келді. Сонда да маған ашуланып ләм деген жоқ. Менің қатыным ақылды, жуас, сол себептен мен інілерімнен тың, жаспын, жасым көп болса да, кенже інімнің қатыны мейлінше долы, сол себептен ерін қартайтты. Ортаншы інімнің қатыны онша долы да емес, онша жақсы да емес өзіне, сол себептен ері көп қартая қойған жоқ.
Енді өз жұмысың турасында айтатыным мынау: «Гүл ағашы шыққан жерді бір кедей адам өзге бір кедейге сатқан һәм сатып алған кедей жер жыртып жүріп бір құмыра алтын тауып алған. Сонда екі кедей ұрсысып ханның ақылыменен балаларын қосып жақындасыпты. Сол гүл ағашы екі кедейдің адалдығына шыққан бір бақыт, өз иесінен басқа ешкімге бұйрығы жоқ. Сол үшін гүлді аспанның жібергені, «шалдар жақсы тұрсын» деп. Бөтен кісі бұл гүлден ала алмайды. Оның аспанға көтерілетіні аламын деген сол адамға білдірген белгісі», – депті.
39. Жарты ғұмыр байлықта, жарты ғұмыр пақырлықта
Бір кедей шаруа келе жатса алдынан ақ боз атқа мінген ақ шапанды, ақ сақалды, ұзын бойлы, батыр қабақты бір адам кез бола кетіп, аман сәлемге қарамастан ұзын ақ таяғын нұқи көтеріп:
– Ей, сорлы! Сенің жарты өмірің байлықта, жарты өмірің пақырлықта. Кәне, қайсысын алдымен аласың? – депті.
Ол жігіт «Мен үй ішіммен ақылдасып кеп айтайын» дейді.
Қатынына келіп:
– Ой, қатын, біздің ғұмырымыздың жартысы байлықта, жартысы пақырлықта екен. Алдымен қайсысын алайық? – дейді.
– Алдымен байлықты алайық.
– Ой, қатын, жас уақытымызда байлықты алып ап, қаусағанда пақырлықты алсақ не боламыз?
– Жоқ, біз алдымен байлықты алуымыз керек, – деп қатыны болмаса керек. Ақыры байлықты алдымен алды. Бай боп кетті. Қой көп бітті. Мың қой бітіп, мыңғырылып қорада жатты.
Көп үй көрші қонды.
– Мыналарға сауын берейік – дейді байы.
– Жоқ. Сауын бермейік. Оның орнына енші берейік, – дейді қатыны. Отыра мыңғырыла біткен қойдан он үйге жүз-жүзден ұстап бөліп береді.
– Мынаны қайткендерің? – дейді көршілері.
– Бұны бір-ақ жолата сіздерге бергеніміз – дейді.
Біздің жарты ғұмырымыз байлықта, жарты ғұмырымыз пақырлықта. Басымызға күн туған уақытта көмектесіңдер, – дейді. Сонан қалған жүз қойды он-оннан қосып беріп бақтырады. Олар уақытында қырқып, сауып беріп тұрды. Осылайша жақсы өмір сүре береді. Осылайша жүргенде он-оннан қосқан қойдан жас ортасына келе бере айырылып қалады. Бастарына қайта пақырлық орнаған кезде жаңағы жүз-жүзден қой берген көршілері жүз-жүзден қайтарып қой береді. Міне, осылайша қайтадан өмірі байлықпен өте бастайды. «Қатыныңның ақылымен бай бол, бай болсаң – жомарт бол» деген сөз осыдан қалса керек.
40. Білгір мен хан
Бұрынғыда бір бай болыпты. Төрт түлігі сай болыпты. Өзі ақылды дүниедегі білгір болыпты. Бірақ мұның жалғыз баласы болыпты. Күндердің күндерінде бай баласын шақырып алып, бар ақылын үйретіпті. Ақылында «балам біріншіден қатыныңа сырыңды айтпа! Екінші ақымақпен дос болма! Үшінші жаңа байығаннан қарыз алма!», – деген екен. Баласы әкесінің бұл айтқан сөздеріне мақұл деп көнген. Бірақ неге айтқанын білмей, талайға дейін түсіне алмай жүріпті. Ойлай-ойлай ойының түбіне жете алмапты. Бір күндері болғанда әкесінің айтқандарының барлығын қолымен істеп көзімен көрмекші болмақ болып, бір байдан қасақана қарыз алады. Бір ақымақпен дос болады. Сөйтіп үйіне келіп, бір қойды бауыздап өлтіріп, қолын қандап, үйінің артынан жер қазып көме салып қатынына келіп:
– Қатын! Қатын! Ешкімге айтпа. Мына менің қолымдағы қанды көрдің бе? Бір кісі өлтіріп едім, соның қаны дейді. Қатыны:
– Ой, тәңір-ай! Кімге айтайын, ешкімге айтбаймын, – дейді.
Соныменен біраз күндер өтеді. Бір күні түнде қатынын сабапты. Қатыны, азанымен тұра салып ханға барып арыз береді. «Байым анада бір кісінің қанын ішіп» еді, енді мені де сөйтбекші болды ма, түнімен сабап шықты, – дейді. Хан естісімен ақ бір жендетін жіберіп жауапқа шақыртады. Жендет барып байдың баласын айдап келе жатқанда куәлікке досымды ерте жүрейін деп досына келсе, «Қолым тимей жатыр еді», – деп бармайды. Қоштасып бұдан өте бергенде, баяғы қарыздары ұшырасады. Олай-бұлай деуіне қоймайды. Жабысып жағадан алады. Қалмайды. Жанын тықсырып бара жатқан соң бұрынғы ақшасын жанынан суырып бере салады. Бұдан да өтіп ханға келеді. Хан:
– Не үшін қанышерлік қыласың? Қатының анада бір адам өлтіріп еді, енді мені өлтірмекші деп арыз беріп отыр рас па, – дейді?
Бала:
– Жоқ тақсыр өйткен емеспін, – деп шынын бастан-аяқ айтып береді. Хан сенбестен адам жіберіп көрсеттіріп, ақыры шынына жетіп сенеді. Бірақ хан мұның әкесінің ақылдылылығынан қорқып, бағыма кертартпа бола ма дегендей мақсатпен құрттырмақшы болады. Бір терең зындан қаздырып, соған әкесі мен баласын салып көмдіріп тастатады. Екі, үш жыл өтеді. Оған шейін дихандар да қарап жатпастан егін егіп, оғып-бұғып зынданның үстіп таптауға да жақындапты.
Бір күні ханның тамағына шөп кетіп, ауырады. Дүниеде бақсы-бәлігер, тәуіптің ешқайсысын қоймай қаратса да жазыла алмайды. Бір күні бұрынғы білгір байдың қадірін білетін бір адам ханға келіп:
– Ол жақсы адам еді сіздің ауыруыңызды қалайда болса жазар еді. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ», – дегендей сіз оның қадірін білмедіңіз, жазасын тартқаныңыз осы, – дейді.
Хан жұртын жиып:
– Ол адам шын білгір болса, әлі күнге дейін өлген жоқ деп, білінбей қалған зынданның маңайынан үңгірлеп қаздырып жатқанда бір сүйек шығыпты. Бұл қайсысы екенін ажырата алмастан, одан ары қазыңқырағанда ақылдының өзін тауып алады. Баяғыда көмілерінде өзіменен бірге бір дорба тоқаш ала көмілген екен. Баласына да берместен күніне бір тоқаш жеп күнелтіп тірі екен. Бірақ қансыз, сөлсіз өлудің аз-ақ алдында екен.
Жұрттар:
– Ханымыз ауырып жатыр еді. Сені жазады дегенмен саған жіберіп еді. Біздер алып кеткелі келдік орыныңнан тұрып жүр, – дейді.
Білгір:
– Жоқ, бармаймын хан мені бір өлтіріп, енді өзіне керек болғанда ғана шақырды ма? Бар айтыңдар, – дейді.
Жұрттар ханға барып келмейтінін білдіргенде, хан:
– Егер мені жазса, күллі бақ дәулетімнің бәрін берем деп жатыр деңдер, – дейді.
Жұрттар білгірге қайта барып ханның сөзін айтыпты. Білгір:
– Олай болса қырық қыз әкеліңдер, бір саты тауып, соған зынданның аузына жеткенше қыздарды жағалата қойыңдар, – деген екен, айтқанының бәрін істеді. Сатыдан жоғары өрлеп келе жатып, жолдағы жағалай тұрған қырық қыздың бетінен шопылдатып, қырық сүйіп үстіге шығады. Сөлденіп қызыл кіріп қалады, әбден айығып ханға келсе, тамағынан шөп қадалып, азаптанып өлудің аз-ақ алдында жатқанын көреді.
– Сен жазыла алмайсың, бірақ менің бір шартым бар, соны орындасаң жазылуың мүмкін, – дейді. Халқы да, ханы да:
– Егер жазатын болсаң орындармыз, – дегенде
– Ендеше, ханның жалғыз баласы бар екен. Соны әкеліңдер. Алдына бауыздаймын, содан жазылар, – депті. Хан мұнысына «Балам өлгеннен өзім өлгенің артық» деп көнбепті. Жұрттар:
– Жоқ, сенің өлгеніңнен балаңның өлгені артық. Жас балаң өсіп бізді билегенше біздің тұқымымыз құриды, – деген соң лажысыз баласын бауыздауға қияды.
Баланы алып келіп, алдына қол-аяғын буып бауыздамақшы болып тұрып:
– Қой, көзіне көрсете бауыздамайық, ханымыз талып кетер. Онан да алдынан ши тартып ханның көзінше баланы шиге кіргізіп, басқа бір қойды аяғын буып әкеліп, қорыс еткізіп шалып жібереді.
Хан жалғыз баламнан айырылдым-ау дегендей қылып: о...о...о...п! деп ішінен қайғылы-шерлі леппен күрсінгенде тамағына қадалып тұрған шөп сызылып сыртқа шығады. Сол жерде ханның өзі де, баласы да аман қалады. Мынаның қылығына хан разы болып, бақ, дәулетінің барлығын білгірге береді. Сөйтіп ол мақсат, мұратына жетеді.
41. Үш жетім зерек бала
Ертеде, ерте заманда, ешкі құйрығы келте заманда бір патша бар екен. Оның жалғыз ұлы болыпты. Ол ұлы ажалы жетіп ауырып өліпті. Жалғыз ұлының күйігінен патша далаға шықпай жатып алыпты. Бұл патшаға бірнеше патша көңіл сұрай барыпты. Сонда да тұрмапты. Патша басқармаған соң елі күйзеліпті. Осы елде жан ашыр адамы жоқ, әке-шеше, аға-іні дегендей туған туысы жоқ үш жетімек бар екен. Бұлар үшеуі ақылдасып «біз патшаның көңілін сұрасақ қайтеді» деген оймен патшаға бармақшы болады. Бұлар халықтарына «біз барып көңіл сұрасақ қайтеді» деп ақылдасады. Халықтары: «Сен үшеуің түгіл сендерден де зорлар барып көңіл айтқан сонда да тұрмаған патша, сендерге тұра ма?» – депті. Әрине ол уақта жетім-жесірді көшеде көшке елемейтін уақ қой. Осы күні бұл үшеуі жылап-жылап ауылына қайтады. Тағы бір күні үшеуі ақылдасып, алған бетімен патшаның ордасына бармақшы болып, үйінен шығып, сол бетімен ордаға келеді. Барайын десе алдындағы қарауыл рұқсат етпейді. Осы жерде бұлар тұра береді. Ол қарауылдары барып, патшаға хабар етеді. Бала деген соң, патша: «қандай жұмысы бар екен әкел» дейді. Сонымен үшеуі барып отырады. Онан соң патша: «Қош, жұмыстарың не, айт, – дейді. Үшеуінің ішінде біреуі тұрып айтады:
– Ия, таласымыз бар. «Қандай талас, айт қәне?» – дейді патша. Бала біреуін қолымен көрсетіп: «Мынау бір жерге алтын қойып кетіпті. Оны мынау қойған жерден алып кетіпті. Осы алтын қойған баланікі ме, жоқ болмаса, қойған жерден алған баланікі ме, міне, осы таласымыз», – дейді. Патша: «Әрине, қойған баланікі», – дейді. Бала тұрып:
– Сонда алтын қойғандікі болады ма?
– Ия.
– Не үшін тұрмай жатырсыз төсектен, жаратылса жаратылды, бала болды сізге, өлді – қайта барды ол, бала болды қайыр қара жерге. Не үшін қана болып төсектен тұрмай жатысыз? – деп көңіл айтыпты бұл үшеуі. Онан соң патша орнынан тұрып есін жинап, қайтадан халқын жинап алыпты дейді. Патша уәзірлерін шақырып, бұларды уәзірлердің қатарынан босатып, бұлардың орнына үш жетім баланы ақылды, білгір, зеректігі үшін уәзірлік қатарына енгізіпті. Ал енді бұлар уәзір болып тұра тұрсын. Бұрынғы ескі уәзірлеріне келейік.
Бұлар үш жетімнің уәзір болғанын көре алмай елге үгіт таратып, осы жердегі там тасты уатуға, елді бүлдіруге кірісіп, қаланың көп жайларын бұздырып осындай әрекет жасап жүрген кезде патша бір күні жорыққа бұрынғы, соңғы уәзірлерімен шықпақшы болды. Сөйтіп жорыққа шығып келе жатса бір қайырылыс жерде екі байғыз атты құсқа көзі түседі. Қараса біреуі ойда, екіншісі қырда отырған екен. Үш жетім бұрын айтады екен «біз құстың да тілін білеміз» деп. Оны ана уәзірлер біледі екен. Бұлар айтыпты, патшаға: «Осы сіздің жаңадан сайлап алған үш уәзір балаңыз айтатын еді, біз құстың да тілін білеміз деп, егер де білетін болса анау отырған байғыздың біреуі ойда, екіншісі қырда нағып отыр екен осыны сұраңызшы», – депті. Байғызбен тілдесіп, біліп келу үшін біреуін жібереді. Ол атынан түсіп, атының ерін қайтадан мықтап тартып алып, қайта атына мініп артынан қуып жетеді. Аналар сұрайды: «Не үшін біреуі ойда, екіншісі қырда отыр екен?» – дейді. Бала сонда:
– Ойда отырғанның жалғыз ұлы бар екен, қырда отырғанның қызы бар екен, екеуі қалың мал сөйлесіп отыр екен. Қызы барға ұлы бар айтады екен «менің балама қызыңды бер» дейді екен. Ол «қанша мал бересің» депті. Ұлы бар: «Отыз алтын берем», – депті. Қызы бар айтыпты: «Онда саған қызымды бермеймін, себебі отыз алтын өзімде бар, одан да көбірек бер, – деп, бітісе алмай отыр екен», – деп бала осымен сөзін тамамдапты.
Сонда патша тұрып: «Ә, менің адамдарым бұзылған екен ғой», – деп ойға кетіпті. Сөйтіп серуендеп болып кешкі уақытта жай-жайына тарасыпты. Кешке таман патша жаман киім киініп алып, қаласын аралап көруге шығып, қаласын қараса, қаласының тең жарымы бұзылуға тақалып қалған екен, оны көріп қайтады. Ертеңіне «қош енді, балалар, ел бүлініп, қала бұзылыпты, бар жайларыңды табыңдар» деп, үш жетімді уәзірліктен босатып қоя беріпті. Балалар сөйтіп бас қамымен жүре тұрсын. Енді қалаға келейік. Бұрынғы уәзірдерді қайта сайлап алыпты да, патша селк етпей шалқасынан жатып уәзірлеріне аты-жөні жоқ «әкел!» депті. «Егер үш күнге шейін әкелмесеңдер, бастарыңды кесем», – депті. Сонымен бұлар не әкел дегенін білмей, ақылдасып, «осы ана үш жетім балалар зерек еді, соны іздейік» депті. Сонымен бұл үшеуін екі күн өтіп, үшінші күні іздеп тауып алады. Келе бұлар балаларға сәлем береді. Ол үшеуі де сәлемін қабылдады да: «Қош, жол болсын, қайда барасыздар?» – деп сұрау сұрады. Бұлар жауап берді. «Біз сіздерді іздеп жүрміз. Себебі біз өлетін болдық, патша бізге уақыт берді. Ол мынадай, шалқасынан селк етпей, аты-жөні жоқ «әкел!» дейді, не әкел дегенін білмей келеміз, сонымен бізге үш күн уақыт берді. Ол бүгін бітетін күні», – деді. «Дұрыс, онда қала бұзылған, соны жөндеу үшін ұста әкел дегені ғой!». Онда сол күні, сол уақытта артына кейін қарай қайтып, бірнеше ұста апарады. Сонда патша: «Е, қош, үш күннен бері ұста таба алмадыңдар ма? Неғып кешіктіңдер, айт шындарыңды!» – депті.
Сонда аналар тұрып:
– Не әкел дегеніңізді білмей әлгі үш баладан сұрап білдік, – депті. «Ә, ырзасыңдар ма, зеректігіне?» – депті патша.
– Ырзамыз, сол үшеуін қойыңыз, – депті. «Иә, болмаса ертіп әкел», – деп алдырып, қайта уәзір сайлайды. Енді аз күннен соң елінде наразылық туып, «біз жетім уәзір сайламаймыз» деген соң, елі бұзылып кететін болған соң, қайтадан үшеуін босатып қоя береді. Сонымен бұл үшеуі басар тауы жоқ, барар жері жоқ қаңғырып басқа патшаның қол астына кетеді. Үшеуінің ендігі кәсібі патшаның қазынасынан алтын алып ауқат етпекші болды. бұлардың үйі молланың тесігі болды. Түнде патшаның қазынасындағы алтынды үшеуі үш дорбалап тасып көрге әкеліп жинай беретін болды.
Азанда патша қазынасын қараса, алтынның азайғанын көреді. Ертеңіне уәзірлері мен қарауылдарын қояды. Сонда да сол күні үшеуі ешкімге білдірместен тағы алтын ұрлап көрге әкелді. Ертеңіне патша қараса, тағы азайып қалған. Патша қапаланып өзі қарауыл болып тұрады, «көрейікші қандай неме ол» деп қарқындап, сол күні өзі қарауыл болады. Сонда да патшаға білдірмей әлгі үшеуі тағы да қазынадан алтынды ұрлап алады. Азанда қазынаны қараса, тағы жоқ біраз алтын, қапаланып патша сол күні кешке жансыз болып, жаман киімді киіп алып кешке түнімен жүреді, сөйтіп жүрсе, бір жерде бір үшеу бір нәрсе арқалаған, ырс-ырс етеді. Дереу патша артынан ере береді. Балалар жаңағы адамнан: «Қайда барасыз?» – деп сұрайды. Ол адам өздерінен «Сіздер қайда барасыздар?» – дейді. Бұл үшеуі «нан талап» дейді. Әлгі адам да «мен де нан талаппын, қарағым» дейді. Әңгімелесіп көрге қарай келе жатса, бір жерде ит үріпті қоймастан, сонан соң жаңағы үшеуінің біреуі тұрып: «Ә, сіз патша ма едіңіз, ана ит маған іштеріңде патша кетіп бара жатыр деп үріп тұр ғой», – депті. Сонда ол: «Жоқ, шырағым, менен патшалық не алсын, бірақ кішкене күнімде өздерімізше ойнап жүргенімізде балалар мені патша етіп ойнаушы еді», – деп жалтартыпты. Олар осы айтқанға шыннан сеніпті. Үшеуі әлгі адаммен төртеу болып көрден соққан үйіне келеді. Өздерінше жай әңгімелесіп әлгі адам әңгімемен бұлардың әдіс-айласын білу үшін әр түрлі сөзге сала отырып, үшеуіне айтыпты:
– Ұрлық ету үшін қандай айла-амалдарың бар? – депті. Үш баланың біреуі: «Менің амалым патшаның қазынасынан алтын ұрлағанымды ешкімге білдірмеймін де, сездірмеймін де, міне, менің айла әдісім», – депті. Екіншісі: «Менің амалым үрген иттің тілін білем!» – депті. Үшінші біреуі: «Мен бір көрген адамымды айнытпай күндіз тауып аламын, маған бәрібір жеті қараңғыда көрсем де, күндіз көрсем де танимын», – депті.
Бұл үшеуі сөзін бітіріп болған соң: «Иә, сіздің қандай айла-амалыңыз бар?» – депті. Бұл адам айтыпты: «Ажалға кетіп бара жатқан адамды ажалдан құтқарамын», – деген екен. Енді бұлар сөзін тауысып төртеуі ұйқыға кетеді. Сол уақытта ана үшеуін ұйықтата салып патша қайтадан бұрынғы киімін киініп болып, дереу тез қарауылдарына барып: «Дәл көрде үш бала бар, соны барып үшеуін бірдей дарға тартып, алтынды қазынаға сал!» – депті. Дереу қарауылдар келсе, үш бала ұйықтап жатыр, қасында алтын. Алтынды алып сол түнде қазынаға салады да, азанға шейін қарауыл тұрады. Азанда үшеуі тұрса, алтын да, жанындағы адам да жоқ. Дереу үшеуі жан-жағына алақтап, сасқалақтап далаға шығайын десе, ана қарауыл әскерлер үшеуін ұстап алып, аяқ-қолын байлап дарға аспақ үшін даршыға береді. Даршы үшеуінің мойнына жіп байлап аспақшы болып жатады. Осы уақта патша бір биік жерден жаңағы үшеуін көрмекші болып тұр еді, себебі қандай әдістер жасар екен деп ойлап еді. Сол уақытта адам танығыш бала дереу даршыдан ұлықсат сұрап мойнын босаттырады да, әлгі патшаға бала тұрып:
– Е, адам, түндегі адам сен емес пе едің, өлімге, ажалға кетіп бара жатқан адамды өлімнен, ажалдан құтқарам дегенің қайда, құтқар, міне, өлімге кетіп бара жатырмыз, – деді. Сонда патша даршыға босаттырып, құтқарып жебірепті. Сөйтіп, өзіне әлгі үшеуін уәзір қылып алыпты.
42. Ат бағушы құл
Бұрынғы заманда бір әмірлі ханның үш тұлпар аттары болып, ол тұлпар аттарын өзінің бір өте сенімді құлына ғана бақтырады екен. Хан сейілге шығарында, ханның мінемін деген тұлпарын атбағушы құлы ерттеп әкеп беріп, кешке құл тапсырып алып тұрады екен. Хан әлгі сенімді құлына өтірік айтпайды деп өте қатты сенеді екен. Бір күндерде, ханның ордасында барлық уәзірлерімен өзара кеңесіп отырғанда хан отырып, менің тұлпарларым бағушы құлым өмірінде өтірік айтпайды, мұндай өтірік айтпайтын адам болады екен депті. Сонда қасында отырған бас уәзірі: Тақсырау өтірік айтуға тура келгенде өтірік айтпайтын адам баласы бола ма екен? Ол құлыңызыдың өтірік айтуына тура келетін істер кезікпей жүр ғой депті. Сонда хан, ол құлым өліп кетуіне хайыр өтірік айтпайды. Ол жөнде мен қатты сенемін депті. Сонда уәзір тұрып:
– Тақсыр, сол құлыңызға өтірік айтқызсам қайтесіз, – депті. Сонда хан тұрып, «егерде сен сол құлыма өтірік айтқызсаң мен орнымнан түсіп хандығымды саған беремін, егер өтірік айтқыза алмасаң басыңда аламын», – депті.
Бұл сөзге уәзірде келісіп, құлыңызға үштөрт күн ішінде өтірік айтқызамын деп, уәзір ордадан шығып үйіне келіпті. Уәзірдің ай десе ай емес, күн десе күн емес, өте сұлу үш қызы бар екен. Уәзңр үйіне келген соң қыздарын шақырып алып, «балаларым, мен ханман осындай уәде тоқтам жасап келдім, ханның ана үш тұлпарын бағатын құлына бір ауыз өтірік айтқыза алсақ, құдай жарылқап мен хан болдым, ал енді өтірік айтқыза алмасақ үш балам әкеңнен үміт қылмаңдар, мен өлген кісі», – депті. Сонда қыздары отырып, ойбай іс қиынға айналыпты ғой, енді ол құлға қалай өтірік айтқызу керек депті. Сонда уәзір тұрып, «балаларым сендер әкеміз өлімнен аман болып, мұрадына жетсін десеңдер, оның оңай», – депті. Сонда қыздары, ойбай, ол құл бізбен байланысты өтірік айтатын болса, ол үшін көрсеткен ақылыңызға біздер даярмыз ғой депті. Сонда уәзір тұрып:
– Балаларым ол жөндегі ақылым, бүгіннен бастап ол құлдың ат бағып тұрған жеріне үшеуің үш түн қонақ болыңдар. Сендер әрқайсың ол құлмен бір кеш бірге жатып, бұйымтай сұрағанда, бағып тұлпарының бірінің басын сұрап, үшеуің үш түнеп, сол үш тұлпардың басын кестіріп әкелсеңдер, ол құлда өтірік айтпайтын шара қалмайды, – депті. Бұл сөзге қыздары «мақұл» деп бірінші күні үлкен қызы түрліше асыл киімдерді киіп, хош иісті майларды жағынып, бейне бір перінің қызы сияқтанып, атбағушы құлдың жататын үйіне келеді. Айдай болып сұлу қыз қасына жетіп келгенде құл недерін білме алмай, «ханшайым жолыңыз болсын», – депті.
Сонда уәзірдің қызы әкесінің үйретуі бойынша «мен бас уәзірдің қызы едім. Өзіміз теңдес уәзір, бек ханзадалардың балалары жастық махаббатпен ойнапкүлелік деседағы, солардың өмір махаббәтінан сіздің күніңізді артық көріп, сізге көптен бері жанділіммен ғашық болғанымнан, сіздің қасыңызға бір түнеп шықсам деп, әдейі іздеп келіп едім. Егер рұқсат болса», – депті. Сонда құл қанышаға, «ойбаяу сіздің мұндай ойыңызға мен даярмын», – деп, ол түнді екеуі тамашамен өткізіп, қыз тәңертең үйіне қайтпақшы болғанында, құл тұрып «я ханышам көңілге алған бүйімтайыңыз бар ма?», – депті. Сонда уәзірдің қызы менің сұрағанымды беретін болсаңыз бүйімтайым бар депті. Сонда құл тұрып «көңіліңізде не болсада орындаймын демедім бе, не сұрағыңыз болсада айтыңыз», – депті. Сонда уәзірдің қызы: «тілегім тұлпардың бірінің басы еді» дегенде, құл сөзге келместен, бір тұлпарды алып ұрып, басын кесіп, бере салыпты. Уәзірдің қызы басын алып үйіне барыпты. Ханның қызы кеткеннен кейін құл бұрынғы әдетінше ханға барып, тақсыр тұлпарлар аман деп аттардың амадық хабарын бере алмай ол күні қалған екі атын бағып, жата беріпті. Екінші күні кешінде уәзірдің екінші қызы ханның құлына қонаққа келіп, әкесінің үйретуі бойынша алдыңғы тәтесі сияқты түрліше киімдерін киіп келіп, перінің қызындай болып келіп, қонақ болып түнімен бірге жатып, ертеңінде қайтарда екі тұлпардың бірінің басын кестіріп алып, әкесіне келіп баяндап беріпті. Үшінші күні кешінде уәзірідің кіші қызы алдыңғы тәтелері сияқты ат бағушы құлға келіп, қонақ болып, түнімен бірге жатып, ертеңінде қалған үшінші тұлпардың басын кестіріп алып кетіпті. Атбағушы құл үш күнге дейін ханға бара алмай төртінші күні ханға барып, аттардың амандық хабарын бермекші болыпты. Ханға не айтарын біле алмай, басындағы бөркін төр алдына қойып, бөркін хан қылып қойып, өзі бұрынғы әдетінше есіктен кіріп келіпті.
– Е, үш күннен бері қайдасың, тұлпарлар аман ба?
– Е, тақсыр, тұлпарлар түгел аман, сабындап жуылды, – деп тұрып, басын шайқап, «жоқ мұным болмайды екен» деп, сыртқа шығып кетіпті. Екі рет қайтып оралғанда бөрік:
– Е, үш күннен бері неғып келмедің, тұлпарлар аман ба? – дейді. Сонда құл:
– Е, тақсыр, тұлпарлар дақ бұрынғыдай емес, үш күннен бері жемшөп жемей қатты ауырып тұр дейді де, жоқ деп, басын шайқап, бұл да болмады, – деп тағыда далаға шығып кетеді. Осылайша әлденеше қайталап және кіріп келіп, хан болып:
– Е, сен үш күннен бері неғып келмедің? Тұлпарлар аман ба? – дейді. Мұнан кейін өзі бала болып:
– Е, тақсыр тұлпар көңілдегідей аман емес. Себебі, тұлпардың үшеуіде ауырып, біреуі бүгін өліп кетті деп тұрып, басын шайқапшайқап, жоқжоқ, бұл да болмады, болмады, – деп және далаға шығып кетіп, төртінші рет қайтып келіп тұрып, хан болып:
– Е, сен үш күннен бері неғып келмедің? Тұлпарлар аман ба? – дейді. Кейін өзі болып:
– Е, тақсыр тұлпарлар аман емес. Өзі хан болып:
– Е, не болды, тұлпарлар ауырып қалды ма? Не болды депті?
Сонда атбағушы құл:
– Тақсыр аттар ауырған жоқ, бірақта, үшеуіде тірі емес, үшеуіде өліп қалды. Хан болып:
– Ой мынау не сандырақтап тұр, ауырмаған аттар өлуші ме еді, ой, не дейсің? – дейді. Өзі болып:
– Тақсыр, қайран тұлпарлардың үшеуіде ауырмайақ өліп кеткені рас – депті. Өзі хан болып:
– Ауырмай қалай өлді, сен мас болып тұрмысың? – дейді. Өзі болып:
– Тақсыр, хан кессеңіз міні басым, сіздің уәзіріңіздің үлкен қызы маған қонаққа келіп, ол маған ғашық екен, менімен бір түн бірге жатты. Ертесіне қыз үйіне қайтар кезінде мен қыздан небүйімтайың бар деп сұрағанымда, маған мына бағып тұрған тұлпарыңның басы қажет деп сұрады, сонда сонда мен сөзге де келмей тұлпардың бірінің басын кестім де қызға беріп жібердім. Сонан екінші күні кеште сіздің уәзіріңіздің екінші қызы келіп, менімен тағыда бір түн бірге жатып, ол қызда қайтарында бір тұлпардың басы қажетт еді деп сұраған соң, оғанда бір тұлпардың басын кесіп бердім. Сонан өткен түні уәзіріңіздің үшінші қызы келіп, ол қызда бір түн менімен бірге жатып, ертесін енді қалған бір тұлпардың басын сұраған соң, қалған бір тұлпардың басын оғанда кесіп беріп жібердім, – деп, бөркін алып, басына киіп, бұрынғы әдетінше өзінің хан ордасына барып, ханның уәзір бектерімен кеңесетін үйіне кіріп келгенінде ханның бас уәзірі ішінде, өзге уәзірлері және бар, қанша адамдарымен хан ордасында отыр екен.
Сонда хан атбағушы құлына:
– Е, сен үш күннен бері қайдасың, тұлпарлар аман ба? – депті. Сонда атбағушы құл:
– Тақсыр, тұлпарлар аман емес, қайран тұлпарлар аман болмай қалды ғой – депті. Хан ашуланып:
– Е, не болып қалды? – дейді. Құл:
– Тақсыр, хан сіз кесу үшін басымды даярлап келдім. Ол тұлпарларың аман болмаған себебі мұнандай еді депті:
– Осыдан үш күн бұрын, кешінде сіздің бас уәзіріңіздің үлкен қызы маған келіп, қонақ болып, екеуміз бір түн бірге жатып, қайтарында не бүйімтайың бар? – деп сұрадым. Менің бүйімтайым өзіңнің бағып жүрген тұлпарларыңның басы деген соң, мен бір тұлпардың басын кесіп беріп жібердім. Сонымен ертеңгісі кешінде уәзіріңіздің екінші қызы келіп, қонақ болып, менімен бір түн бірге жатып, ол қызда қайтарында, менің қажетім тұлпардың бірінің басы еді деген соң, оған тағы бір тұлпардың басын кесіп беріп жібердім. Сонан кейін түні кешкісін уәзіріңіздің үшінші қызы келіп, қонақ болып, менімен бір түн бірге жатып, бағана қайтар кезінде ол да бір тұлпардың басын сұраған соң қалған тұлпардың басын кесіп беріп жібердім. Басымды үш тұлпардың басы үшін алдыңызға әкеліп тұрмын, – депті.
Сонда ханмен бәс қылған бас уәзір қалтырап, дірілдей бастапты. Хан үш тұлпарының бірдей өліп кеткеніне ренжіп, отырған көпшілікке уәзірімен болған бәстерін баяндап беріпті. Сонан кейін жендеттерін шақырып, бас уәзірдің басын алғызып тастап, оның орнына атбағушы құлды бас уәзір етіп сайлапты. Ат бағушы құл өтірік айтпағандықтан ақыры мұрадына жетіп, уәзір болып өмір өткізіпті.
43. Жомарт
Баяғы өткен заманда, халық ханнан зар илеген заманда өте әділ, өзі бай бір хан жасапты. Ол халқын халық оны сүйіпті. Ханның қырық уәзірі, оның ішінде өте бай, долы, шаш ал десе, бас алатын Қасым және Манап деген екі атақты уәзірі болыпты. Хан өте ақылды адам екен. Ол ханның тұсында өте тыныштық болып, халқы жақсы тұрмыта тұрыпты. Бір күндері хан екі уәзірін шақырып алып: «Я, құрметті уәзірлерім, мен сен екеуіңізді басқа уәзірлерге қарағанда өте жақсы, ақылды, ойшыл деп санаймын. Осыған байланысты сендерге бір сұрақ берейін. Оған қалай қарайсыңдар», – дейді.
– Айтыңыз, айтыңыз, құрметті тақсыр, – деп, екі уәзір басын төмен иіп тәжім етті.
– Айтайын құрметті уәзірлерім. Сендер өте бай, бақытты және жомарт адамсыңдар. Бірақ, сіздер сол жомарттық неден болады деп ойлайсыңдар? Ниеттен бе, әлде байлықтан ба?
– Бұл қандай сұрақ қояр екен? Бір қиын сұрақ болмаса нетті. Мүмкін бізді бір қиын сапарға баруымызды сұрар ма екен? – деп, үрейде отырған уәзірлер бұл сұрақты естіп, «е, оңай сұрақ екен ғой» деп ойлап көңілденіп қувнып қалды.
«Дүниенің бәрі байлықтан» деп ойлайтын олар, енді өз байлықтарын мадақтағандай:
– Әрине, тақсыр, жомарттық байлықтан туады, – деді жамыраса, егер байлық, болмаса, ниеттен не шықпақ. Ниетте тұрған түкте жоқ. Жомарт байлықтан, – дейді.
– Жоқ, уәзірлерім, сендер дұрыс жауап бермедіңдер. Жомарт – байлықтан емес, ниеттен туады. Егер ниетің болмаса, қанша бай болсаң да жомарт емес сараң боласың, – деді хан күле.
– Жоқ, тақсыр, сіз қате айтасыз. Жомарт байлықтан. Егер қолыңда түгің жоқ болса, қанша ниетің болғанмен қалай жомарт болмақсыз. Неғұрлым бай болсаңыз соғұрлым жомарт боласыз. Ендеше жомарт болу байлықтан.
– Жоқ, уәзірлерім, таласпаңдар жомарт ниеттен.
– Жоқ, тақсыр, жомарт байлықтан.
Сүйтіп хан мен уәзірлерінің арасында келіспеушілік туып, хан уәзірлеріне, уәзірлер ханға көнбеді. Хан біраз ойланып отырғаннан кейін уәзірлеріне:
– Шырақтарым, егер сендер олай десеңдер жеті күн той жасап, елге шүлен таратыңдар. Кемпір болсын шал болсын, қайыршы болсын елдің сұрағанын беріңдер. Егер сендердің тойларың мен шүлендерің жақсы өтсе, онда жомарт – байлықтан деп патшалығымның жартысын берем. Егер осы айтқанымды орындай алмасаңдар онда жомарт – ниеттен деп есептеймін.
– Құп болады тақсыр – деп, екі уәзір басын иіп шығып кетеді.
ІІ
Тойға деген дайындық бітіп, керемет дегендей Қасым мен Манаптың жеті күндік тойы басталды да кетті. Жеті күн қызық думан той болып, елдер көшекөшеге лық толды. Уәзір тойы басталды дегенге жас демей, кәрі демей халықтар жержерден, түкпіртүкпірден жиналды. Уәзірлер хан айтқандай елдерге шүлен таратады. Тойдың алты күні өтіп жетінші күні дегенде хан үйінде отырғысы келмей, қызметшісіне көк ешек қайыршының киімін алғызды да, дыюананың киімін киіп, көк ешекке мініп, басына аққудың терісін жамылып, (ол уақытта дыюаналардың белгісі басына аққудың терісін жамылады екен), қызметшісіне ешкімге айтпауға бұйырып бірнеше алтын ақша берді де, жолға шығып жүріп кетті. Көк ешек мінген басына аққудың терісін жамылған диуана бірінші уәзір Қасымның есігінің алдына келіп:
– Ақ, мың ділдәдан кем берсең алмаймынақ, – деп айғай салды.
Мұны естіген қыметшісі бұл сөзді Қасымға жеткізді. Қасым: «Әй, бұл үйде кісі сыймай отырғанын өзің көріп тұрсың кісісі аз ғой анау Манаптыкіне барсын». Қызметші үйден жүгіріп шығып: «Әй, дыюана мұнда кісі көп анау Манаптыкіне бар. Білдің бе? Онда кісі аз», – деді.
– Ең болмаса нан ауыз тигізсін, – деп, айтты де шырағым. Қызметші бұл сөзді де Қасымға жеткізді. «Ой, сол диуаналарақ нан тілейді де жүреді екен. Ана нанның қалдығын апарып бер», – деп, Қасым дастархан үстінде жатқан нанның күйіктерін көрсетті. Қызметші нан күйіктерін жинап әкеп, диуанаға берді. Диуана оны таза бір шүберекке орады да дорбасына салып жүріп кетті. Диуана екінші уәзір Манаптыкіне келді де:
– Ақ, мың ділдәдан кем берсең алмаймынақ, – деп айғай салды. Мұны естіген Манап өзі шығып: «Қария мұнда кісі сыймай отыр, бос қой анау Қасымдыкіне барсаңызшы», – деді.
– Қарағамай, нанда болса ауыз тигізсеңші.
Манап қайтіп үйге кірді де қызметшісінен бір үзім нан беріп жіберді. Диуана оны ақ орамалға түйіп, дорбасына салып алып жүріп кетті. Оның қайда барғанын кім білсін, сол кеткеннен басқа бір жаққа кете барды. Ертеңіне уәзірлердің жеті күндік тойы бітіп «Уһ» – деп, бір демалысты да, енді ханды жеңген шығармыз жарты хандық біздікі болатын болды ғой деп екеуі ханға келді. Келсе хан баяғы қалпында, баяғы түрінде отыр екен. Ханға бас иіп, екеуіде «алдярлап» сәлем берді. Хан уәзірлерінің сәлемін алып: «Я, уәзірлерім тойларың қалай өтті», – деді күлімдеп.
– Я, тақсыр, жеті күндей той жасап, елге шүлен тараттық. Өте жақсы өтті, енді сіздің жарты хандығыңыз біздікі болмақ.
– Жарайды болсын, бірақ, сендер жомарт неден деп таптыңдар.
– Әрине, тақсыр «жомарт» байлықтан болды ғой енді.
– Жарайды болсын. Енді сендерге тапсыратын бір жұмысым бар. Ол мынау: «Менің бүгін түнде жақсы дөнен қойларым жоғалды. Сол қойларымды бүгін тауып әкеліңдер және ұрлаған кісіне де ұрмай соқпай, тиместен алып келіңдер. Егер оны алып келсеңдер хандығымды түгел беремін», – деп, қойларының түртүстерінің бәрін айтып берді.
– Құп, тақсыр, – деп, хандығымды түгел беремін дегенді естіген уәзірлері атқа мініп, көшені аралап, шаба жөнелді. Қасым мен Манап қойларды еш жерден таппай, әбден шаршап, енді базарға баралық одан таппасақ, қайталық, ертең іздерміз деп базарға келді. Базарға келсе топ саудашының ңшңнде бір жас бала жеті қойдың терісімен етік сатып тұр екен. Уәзірлер терілерін анықтап қарап тура ханның айтқанындай жеті қойдың терісі екенін таныды да «Ә, ұры бала сен бе едің» деп бас салып сабай бастады.
– Ағатайларай мен ұры емеспін, бұл өз қойым, өз еңбегім жіберіңіздер шынымды айтамын, – деп бала зарлап босанғысы келгендей бұлқынады.
– Өмір үніңді, иттің баласы. Хан қойларын ұрлауыңмен қоймай, оны сойып жіберіп сатып тұрғанын. Тағы өзі «мен емес жібер» дейді ғой. Міне саған жіберген, – деп, Қасым баланы тартыптартып жіберді. «Ағатайларай, мен ұры емеспін» – деп безектейді жас бала. Үйіріле соғылған қайы қамшы тызтыз етіп, баланың етін пышақпен кескендей қылды. Бірақ, зарлаған балаға жан ашыр уәзірлер ме «міне саған ұры емес, міне саған ұры емес», – деп ұруды үдеткенүстіне үдетеді.
Уәзірлер жеті теріні және баланы алып ханға келді.
– Алып келдік тақсыр. Қойыңызды ұрлаған бір жетім бала екен. Есік алдында тұр, – деді жарыса сөйлеген уәзірлер.
– Әкеліңдер, баланы бері, – деді хан екі уәзіріне. Екі уәзір далаға жүгіре шығып баланың екі қолынан сүреймүйрей, терімерісімен ханға алып кірді. «Тақсыр, қойларыңыз мынау ма?» – деп екеуі жеті теріні бірінен соң бірі көтерді. «Дәл өзі» – деді хан шіреніп.
– Ол емес тақсыр, бұл менің өз еңбегім, – деп бала зарлап жылап қоя берді. Хан баланың бетіндегі қамшының ізінен түскен таңбадан тамшылаған қанды көріп сұрланып кетті.
– Иә, уәзірлерім. Айтқанымды орындап сабамайақ алып келіпсіңдер, – деді хан мысқылдап. Қане, баланың арқасын көрсетіңдерші маған. Қасым барып баланы теріс айналдырды да, жейдесін көтеріп баланың арқасын көрсетті.
Хан баланың арқасының білеубілеу болып ісіп кеткенін көріп күрсінді де, баланы алдына шақырып алып:
– Қарағым мына қойларды қайдан алдың, – деді.
Бала ханның қарағым дегеніне іші жылып кетіп, жылағанын қоя салды да:
– Тақсыр, бұл менің табан ақы, маңдай теріммен тапқан малым. Мен ұры емеспін тақсыр, – деп, әңгімесін бастады.
ІІІ
– Құрметті тақсыр, менің әкем жас кезімде қайтыс болды да содан ес білгенге дейін шешем асырап келді. Мен ес білгеннен кейін шешемнен де әл кетіп ауырғыш болып алды. Ақыры жоқшылықтың зардабынан Кенбай деген байға жеті жасымнан бастап қой бағатын жалшы болып орналастым. Жаста болса ерінбей қарамағымдағы қойларымды өте жақсы күтіп, баптап өсірдім. Қыстан да малдарым күйлі, жардай семіз болып шықты. Содан Кенбай байдың қадірлі жалшысының бірі мен болдым. Малдарды өлтірместен өте жақсы өсіргеніме ол маған жылына бір қойдан ақымды төлеп тұрды. Кенбай байдың қолында алты жыл жұмыс істеп, ақыма алты қой алдым. Ақырғы жетінші жылдың аяғында мен басқа жаққа жұмысқа тұрмақшы болып ол кісіден сұрандым. Ол кісі әреңәрең қимастан мені босатып ақырғы жылыңның еңбегі деп бір қой, оған қоса «жеті жылда бірде бір қойымды өлтірмей аман, күйлі ғып өсіргенің үшін сыйлығыңа алты қой бердім» – деп, жеті қой берді де маңдайымнан сүйіп аттандырды. Сүйтіп жеті қойды айдадымда үйге әкеп қораға кіргізіп қойдым. Сол күні кеште есік алдында отын жарып тұр едім астына көк ешек басына аққу терісін жамылған диуана келіп:
– Қонақпын қарағым, – деді.
– Қонақ болсаңыз қоныңыз, үй міне қария деп үйді көрсеттім. Мен ес білгелі келген бірінші қонақ еді. Сондықтан мен оған дыюана болсада қатты қуандым. Бұрын «біздікіне өмірі қонақ келмедіау», – деп режуші едім. Енді қонақ келгеніне әкем қайта келгендей қуандым. Диуананы үйге кіргізіп, астына жалғыз көрпемді салдым. Қонақ аты, жөнімді, не жұмыс істейтінімді және тұрмысқа байланысты сұрақтар берді. Мен жауап беріп, өз атыжөнін сұрауға ұялып далаға шығып кеттім. Жеті қойдың бірін әкеп шешем екеуміз сойып, басын үйтіп қазанға салғалы жатқанымда әлгі диуана:
– Ол не қарағым, – деді. Мен:
– Қария сізге сойған қойымыз еді. Соның басын асқалы қазанға салып жатырмын, – дедім.
– Жоқ, қарағым мен ет те жемеймін, бас та мұжымаймын, сорпа да ішпеймін, тек күніне он төрт бүйрек жейтін адаммын. Ол сыйыңа рахмет қарағым, – деді.
– Мұнысы қалай болды екен ә, күніне он төрт бүйрек жесе онда мұның диуана емес, бай болғаны ғой. Әлде осы – қызыр болмаса кетті, – деп іштей таңдандымда шешеме барып қонақтың сөзін айттым. Шешем өте жомарт кісі еді.
– Қарағым он төрт бүйрек дәл болғандай жеті қойың бар. Соны соя ғой азар болса ертең терісі мен етін сатып жеті қойдың орнын толтырып алармыз, – деді.
– Жарайды апа, олай болса, менде сіз осыны айтса екен деп тұр едім, – деп, он төрт бүйрекке жеті қойды дәл дегендей тапқаныма өте қуандым да, қойларды шетінен әкеп соя бердім. Шешем қойлардың етін жөндестіре берді де мен он төрт бүйректі алып, тазалап жуып қазанға салғалы жатыр едім, әлгі диуана қонағым тағыда:
– Ол не қарағым қазанға салғалы жатқаның, – деді.
– Ата сізге пісіргелі жатқан он төрт бүйрек қой дедім.
– Жоқ, қарағым Қасен өзіме бер бүйректеріңді, мен біреудің пісіргенін жемеймін өзім орманға барып, кішкентай шөңкеме пісіріп жеймін.
Қонағымның айтқан тілегін орындап он төрт бүйректі орамалына орап, түйіп дорбасына салып бердім. Түнімен ол кісі бізбен бірге болды. Шешем екеуміз ет асып жедік. Қонағымыз айтқанындайақ асымыздан ауыз тиген жоқ. Ақыры ұйықтайтұғын мезгіл жетті. Қонағымызға бар көрпемізді төсеп, өзіміз бар киімдерімізді жамылып жата кеттік. Ертеңіне ерте тұрып қарасақ қонағымыз жоқ, таң сәріден тұрып кетіп қалыпты. Шешем екеуміз аңтаң болдықта қалдық. Енді мен бүгін сол жеті терімен еттерді сатқалы тұр едім екі уәзіріңіз келіп «сен ұрысың» деп базардың ортасында өлердей ғып сабап сізге алып келді. Енді не істемекпін, үкім сіз не айтсаңыз болғаны да тақсыр. Бірақ, мен бұл қойлар табан ақы маңдай терімнің еңбегі деп айта аламын, – деп бітірді бала сөзді.
– Үй, мына тазша не дейді сен ұрысың білдің бе? Сен ханды ұрладың, – деп, зекіп айғай салды Манап. Хан Манапты тоқтатып:
– Мына бала былай айтып тұр. Бірақ, мына жеті терілер менің жеті қойымның терісі. Сендер қалай қарайсыңдар бұған, – деп, хан екі уәзіріне қарады.
– Я, сіздікі тақсыр, мына тазша ұры, – десті екеуі.
– Дұрыс солай болсын. Енді сендер бұған қандай жаза қолданғанды дұрыс көресіңдер?
– Мен айтайын тақсыр, – деп Қасым басын төмен ие тәжім етіп түргелді. Бұл ұры тазшаны хан мүліктерін ұрлағандықтан ат құйрығына байлап таутасқа соғып өлтіру керек.
– Жоқ, ол онша қызық емес, одан да жарым беліне дейін жерге көмдіріп, басы мен кеудесін балаларға ұрғызып өлтірсек сол қызық болар еді, – деді Манап.
– Екеуіңніңде жазаларың өте қызық және өте дұрыс екен. Ол үшін сендер мынау айтқан Кенбай байды тауып алып келіңдерші анығын білейік.
– Құп болады тақсыр.
ІV
Ханның екі жағында екі уәзірі. Оң жағында Қасым да, сол жағында Манап. Хан алдында тұрған Кенбай Қасеннің түріне тесілетесіле қарап кейігендей аяушылық кейіп білдірді.
– Неге алдырдыңыз тақсыр, не жазығым бар еді? – деді Кенбай. Баланың түріне қарап менде жазықты екенмін ойлады ол.
– Ешқандай да жазығың жоқ, бірақ, сен ана жеті теріні танисың ба? – деп, хан бұрышта жатқан терілерге қолын созды. Кенбай терілерді аударыстырып көріп:
– Танимын тақсыр, – деді.
– Танысаң кімнің қойының терілері?
– Ол мен мына балаға әнеу күндері жеті жылда аянбай еңбек еткені үшін сыйлыққа берген алты қой мен бір қойдың терілері тақсыр.
– Шын айтқын, өз қойың ба?
– Өз қойым тақсыр, өтірік айтсам ант атсын.
– Өте дұрыс, – деді де хан бір дорба алып, оның ішінен түюлі үш ақ орамал алды да үстел үстіне шешіп қойды. Сарай іші жымжырт. Тыныштықты тек Қасен ғана бұзды.
– Мынау менің он төрт бүйрегім ғой, ой аллай, – деп, айғайлап жібергенін өзі де сезбей қалды.
Үстел үстіндегі бірінші орамалда нандардың күйігі, екінші орамалда бір тілім нан, үшінші орамалда қызыл алтынша жарқырап, алтыннан жасалған торғайлардай болып, он төрт бүйрек жатты. Екі уәзір өздерінің нандарын танып, екі беттеріне от басылғандай қызара күйіп, ұялғаннан төмен қарап кіріп кетерге жер таппады.
– Көрдіңдер ме? – деді хан уәзірлеріне қарққарқ күліп, сен екеуің менің хандығымды түгел алатын болдыңдар ғой.
– Я, уәзірлерім – деді хан, мен сендерге бұйрық бергеннен кейін жетінші күні диуана қалпына түстім де астыма ақ ешек мініп, басыма аққудың терісін жамылып, сендердікіне барып мың ділдәдан сұрадым, бірақ, сендер мың ділда емес мына жақсы нандарыңызды бердіңіздер. Содан шығып отырып мына Қасен баланыкіне бардым. Рас ол мен едім. Қасен мені өте жақсы сыйлады. Мен одан он төрт бүйрек сұрағаным, далаға шыққанда қорада тұрған жеті қойды көріп «ниеті болса берер» деп он төрт бүйрек сұрағанымда рас. Қасен ешбір ренжіместен жеті қойын бірдей сойып он төрт бүйрегін алып берді. Сонда қондымда білдірместен таң сәріден тұрып кетіп қалып, сарайыма кеп, хан қалпыма түстім де тағыма кеп отыра бердім. Қасен мен шешесінің сөзінде естіген едім де, базардан табылар деп сендерді жұмсаған едім. Иә, табылады да. Мен сендерге ұрмайсоқпай алып келіңдер десем сендер өлімші ғып әкелгесіңдер. Ол ұры емес жомартым...м...м уәзірлерім сүйтіп жомарттық байлықтан емес, ниеттен болғаны ғой ә!
– Жоқ, тақсыр біз сіз екеніңізді білмеген едік.
– Доғар сөзді, сендер менің хандығымды емес, жомарттықтарыңды сыйлаңдар. Хан екі уәзірді тырдай жалаңаш қып шешіндерді де, «өзіңді қалай ұрса мына екеуін солай ұр», деп Қасенге алтындаған қызыл сапты қамшы берді. Қасен бір жағынан қуанғандықтан, бір жағынан ашуланғандықтан қамшымен екеуін әбден әлі бітіп шаршағанша сабады. Уәзірлердің бұрын дақ түспеген ақ денесі білеубілеу боп ісіп адам көргісіз болды.
– Ал, уәзірлерім, менің хандығымды ол дүниеге барғанда аларсыңдар. Балаға кескен жазаларың өздеріңе кесілсін, – деп хан орда кісілерін шақыртты да: «Қасымда ат құйрығына таңып таутасқа соғып өлтіріңдер. Өздерінің тілеген жазасы осы», – деп, бұйрық берді...
V
Хан екі уәзірді өлтірткелі жатыр екен деген хабар бүкіл шаһарға тарап, ертеңіне жаза кесілетін алаң халыққа лық толды. Бір уәзір ханның жарлығын халыққа айқайлап оқып берді.
– Ой, дұрыс істелген өте дұрыс істелген.
– Жойылсын жауыз уәзірлер.
– Ризамыз.
– Тез жазалаңдар қызығын көрейік деген дауыстар алаңның әр жерінен жаңғырыға шығып жатты. Алаңда үлкен тыныштық, тек бірнеше жендеттер келіп Қасымды үлкен қара аттың құрығына жалғастырып байлады да, атқа бір жендет мініп алып Қасымды сүреймүйрей тауға қарай шаба жөнелді. Енді жендеттер Манапты барып жұлмалай бастады. Жендеттер оны дайын тұрған шұңқырға әкеп белуарынан көме бастады. Көміп те бітті. Бір шеттен өңшең бір келкі ақ жидедамбал киген балалар жүгіре шығып үйілген тастың жанына тұратұра қалысты.
– Алыңдар қолдарыңа тасты, – деп әмір етті жарлық оқыған уәзір. Балалар жерден тас алды.
– Ал ұрыңдар.
Жанжақтан ұшқан тастар тарыстұрыс етіп Манапқа соғылып жатыр. Манапта айқайлауға шама жоқ. Ыңырсыйды. Бір уақыттарда үйілген тастар Манапты да көрсетпей кетті. Хан айтқандай Қасым мен Манап ол дүниенің хандығына кетті де, үлкен той болып, жомарттығының арқасында шешесі екеуі жетпеген дәулетке жетті. Ақыры қартайып, өлімі жетіп ханда өлді. Қасен өмірде болмаған той жасатып хан орнына хан болып, елдеріне әділ қарайтын жер үстіндегі әділ ханның бірі болыпты.
44. Қаракөз сұлу
Бір хан болыпты, ханның бір уәзірі болды, мына үйде айтқан сөзді ана үйде отырып біледі екен. ханның бір баласы болды. Баласы келіп суға шомылса, бір кемемен қырық қыз кетіп барады екен. бір қыз ішінде түрегелді. Сол қызға әлгі бала ғашық болды. Бала қызды: «Кімсің?» – деп шақырды. Қыздың қолында бір алтын тарақ бар екен, бала сұраса, бұл қыз алтын тарақпен шашын тарады, онан соң шашын сипады. Бала тағы атын сұраса, қыз көзін сипады. Бала қыздың кім екенін білмей үйге қайтты. Келді де уәзірге айтты: «Мен сондай бір қыз көрдім, соны алсам дүниеде армансыз болар едім. Мен бұ қыздан сұрадым: «Қай елдің қызы болдың?», – деп, сонда қыз басын сипады, тағы атын сұрағанымда көзін сипады». Уәзір айтты: «Ол қыз Қаракөз сұлу екен. басын сипаса жоғары шаһардың қызы екен». Бала айтты: «Мен оны қайтсеи аламын?», – деді. Уәзір айтты: «Сен ауру болып жат, әкең келсе қай жерің ауыратынын айтпа, шешең келсе де солай ет». Бала үйіне қайтты ауру болып, жатып алды, әкесі келсе де, шешесі келсе де қай жерінің ауыратынын айтпады. Хан уәзірін шақыртты: «Бала неге жатады, ойында не бар?», – деп сұрады. Уәзір айтты: «Балаң бір қызды көріпті, сол қызды мен алсам армансыз болар едім», – дейді. Хан айтты: «Оны қайтсе алады?». Уәзір айттты: «Алпыс қыз бер, алпыс жігіт бер, алпыс нарға жүк артып бер, оныменен мені де жібер!» – деді. Хан: «Сені бермеймін, – деді, балам барсын!». Баласын жөнелтпекші болды. Бала айтты: «Жоқ, әке, алпыс қыз, алпыс жігіт, алпыс нарды ал, жалғыз уәзіріңді бер, уәзіріңді берсең барамын, бермесең бармаймын». Әкесі айтты: «Бармасаң да уәзірімді бермеймін». Жігіт жатып қалды, бірнеше күннен соң әкесі уәзірін берді. Алпыс жігітімен, қызымен хан қалды. Жалғыз уәзірді алып, жігіт кетті. Барып-барып ханның баласы Қаракөз сұлудың шаһарына жетті. Бір қараша үйге келді. Бір кемпір шықты сол үйден. Кемпірге бір ділдә беріп, тамақ сатып алуға жіберді. Кемпір барып тамақ алып келді. Уәзір кемпірге айтты: «Қаракөз сұлуға барамысың?». Кемпір: «Барамын», – деді. «Бір сөз айтамысың?». «Жоқ, – деді, айтпаймын, айтсам басымды алады». «Бір ділдә берейін саған». Кемпір: «Не деп айтайын?» деді. Уәзір: «Біздікінде бір саудашы жатыр, бүгін саудасын қылып ертең қайтады деп айтшы. Сонан соң қыздың не дегенін маған айта кел», – деді. Кемпір қызға барды, барып күтіп тұрды, тамағын берді ішуге. Кемпір есікке барып тұрды: «Біздікінде бір саудашы жатыр, бүгін саудасын қып ертең қайтады», – деді. Қыз қасындағы көп қыздарға: «Енекемді ұста, аяғын жерге тигізбе, қанын жерге тамызба!» – деді. Кемпір оны естіп қаша жөнелді. Уәзір «Не депті?», – деді. Кемпір айтты: «Енекемді ұста, аяғын жерге тигізбе, қанын жерге тамызба деп айтты», – деді. Уәзір: «Жарайды», – деді. Сонан соң ханның баласы Қаракөз сұлудікіне барды, есігіне отырды, отырып-отырып ұйықтап қалды. Қыз келді, бүл жігітті көріп, ғашық жайын біледі екен, жігіттің қолына бір асық салды. Таң атқан соң бала шошып оянды, қайтып жүгіріп келді. Уәзір айтты: «Қыз келді ме қасыңа?». Бала айтты: «Жоқ, келген жоқ». Уәзір айтты: «Өтірік айтпа, келген шығар, шешінші!». Бала шешінсе асық қойнынан түсті. Уәзір: «Бұ не? – деді, ұйықтаған шығарсың». Тағы кемпірге айтты уәзір: «Екі ділдә берейін, айтқан сөзімді айтамысың қызға?». Кемпір: «Айтсам, айтайын», – деді. Уәзір айтты: «Біздікінде бір саудашы жатыр, бүгін сауда қып, ертең қайтады деп айтқайсың». Кемпір барды, барды дағы уәзірдің сөзін айтты. Қыз тағы да қыздарға: «Енекемді ұста, аяғын жерге тигізбе, қанын жерге тамызба», – деді. Кемпір тағы қашты, үйге келіп уәзірге қыздың сөзін айтты. Уәзір айтты: «Бәрекелді тәуір болған». Кеш болғанда ханның баласы қызға тағы келді. Отырарда қыз келді, бала қызды ұстап алып бір жерге апарды. Онда қыз баламен бір төсекте жатып ойнады. Зындан күзеткен екі солдат келді. Қызды баламен ұстап алып, апарып зынданға тастады». Хан құс салуға кеткен екен, содат патшаны іздеп барды. «Е, ханым, қызыңыз бір жігітпен ойнас қылған, біз екеуін зынданға тастадық», – деді. Хан айтты: «Тоқтаңыз, оны мен қайтсем де көрем кім екенін». Солдат зынданға қайтты. Қыз айтты солдатқа: «Құлағымдағы сырғамды берейін: «Өгіз иесі, өгізің шарбаққа түсіп қалды», – деп айтып, осы жерді айналып келе ғой. Солдат «Жарайды», – деп кетті. Уәзірдің үйінің тұсына келіп: «Өгіз иесі, өгізің шарбаққа түсіп, шарбақ иесі өлтіремін деп жатыр», – деді. Уәзір бұл сөзін білді. Бір ділдә алды, қолына тағы бір қап алды, барзардан нан сатып алды. Сосын зынданға келді. Солдат айтты: «Бұл нанды сатамысың?». «Сатамын», – деді. Сатып алды солдат нанды бір жарым ділдәға. Солдат айтты: «Қал мында, мен нанымды үйге алып барайын, қапты қайта әкелемін». Уәзір: «Жарайды», – деп, қалды. Солдат кеткеннен соң, уәзір қызға жігіттің киімін кигізді, ханның ұлына қыздың киімін кигізді. Қызға айтты: «Солдаттың бетіне қарамай, қапты алып, жүре бер», – деді. Солдат келді, қызға қабын берді, қыз үйге жүре берді. Хан үйіне келгенде: «Солдат тұтқын қызымды алып келсін», – деді. Солдат уәзір мен ханның ұлын алып келді. Ханның ашуы келді. «Ол қызым емес, деді – қызым ойнас қылды дейтұғын сен бе?», – деп, солдаттың басын шаптырды. Уәзір айтты: «Тақсыр хан! Елімді жау шауып еді. Жаңғыз қарындасым бар еді, оны күйеуге беріп едім. Күйеуім жаудың қолына түсті, қарындасыммен қашып келіп сіздің қызыңыздың үйіне кірдік. Ана солдат біз екеумізді ұстап зынданға салды. Менің мінім сол еді». Хан айтты: «Енді бұл қарындасыңды қызымның үйіне апар. Қаракөз сұлудың қасында бірге тұрсын!». Жігіт қыз болып Қаракөз сұлумен бірге тұрды. Қаракөз сұлудың бір күйеуі бар екен, ол бұл шаһарға келді, далаға шатыр тікті. Ертең қыздар күйеуге ас апармақ болды. Қаракөз сұлу қыз болған жігітке айтты: «Сен күйеуіме барып айт: «Беті жақсы болса суменен жусын, беті жаман болса қымызбенен жусын». Қыз болған бала келді күйеуге, сәлем берді. «Е, жігіт, – деді, бетің жақсы болса сумен жуарсың, бетің жаман болса қымызбен жуарсың. Қаракөз сұлудың айтқаны сол болды». Күйеу айтты: «Жарайды, қыздың айтқанын екі қылмаймыз». Екеуі суға барды, күйеу суға бетін жуайын десе, қыз болған жігіт оны суға итеріп жіберді. Ол күйеуі өлген соң қыздың үйіне қайтты. Уәзір атын ерттеп, әзірленіп қыздың үйіне келді. Анда қыз болып тұрған жігітке ханның жақсы киімін кигізіпті. Атқа мінгізіп ханға алып барды көрсетуге. Уәзір жігітпен ханға кірді, сәлем берді. Уәзір айтты: «Е, ханым, бұл жігіт күйеуіміз екен, жау қолынан қашқан. Рұқсат болса сіздің қыздың үйінде тұрған қарындасымды қайтарыңыз!». Хан айтты: «Жарайды». Қызды әкелуге кісі жіберді. Жіберген кісі қайтып келді: «Бұл қыз анда жоқ екен, күйеуге ас алып барған екен, сол барғаннан қайтпаған». Хан айтты: «Солай болса күйеуден барып қызды алып келіңіз!». Жіберген кісі тағы қайтып келді. «Күйеу де жоқ, барған қыз да жоқ, құр тігулі шатыр тұр», – деді. Хан айтты: «Апырмай, мұнымыз ұят екен, күйеуіміз бұл қызды алып қашқан болар». Уәзір айтты: «Енді неғылдық?». Хан айтты: «Қаракөз сұлуды мына жігітке берейік», – деді. Отыз күн ойын қылды, қырық күн тойын қылды, алпыс нарға жүк артты, үйіне жөнелтті. Бір талай күн өтті арасында, үйіне жетті. Әкесі, шешесі өлгеннен соң әкесінің орнына, тағына мінді. Халқына, жұртына бас болды.
45. Үш ауыз сөз
Ертеде бір байдың жалғыз баласы жылқы бағып жүрсе, бір адам келіп:
– Балам! Бір айғыр үйірлі жылқы берсең, мен саған үш ауыз насихат сөз үйретейін, – депті.
Бала тұрып:
– Құп! Берейін, үйретіңіз, – дейді.
Әлгі кісі:
– Балам! Суын ішкен құдыққа түкірме, ертеңгі асты тастама, оң қолың ұрыс бастаса, сол қолың арашашы болсын, – дейді.
Бала бір үйір жылқы береді. Әлгі адам жылқыны айдап өз жөніне кетеді. Кешке бала үйіне келеді. Әкесі:
– Мал аман ба? – дейді.
Баласы:
– Мен үш ауыз насихат үйреніп, бір айғыр үйір жылқы бердім, басқа мал аман, – дейді.
Әкесі ашуланып, баласын қуып жібереді. Әкесінен түңілген бала бірнеше күндер далада қаңғырып жүріп, бір қалаға келеді. Қаланы аралап жүріп, ханның ордасына кездеседі. Ханның нөкерлері мұның жат жерден келген, бөтен адам екенін сезеді де жөн сұрайды:
– Не ғып жүрген адамсың? Жұмыс істеймісің? – дейді.
– Денім сау, неге жұмыс істемейін. Жұмыс табылса істейін, – деп жауап береді.
Нөкерлер ханға келіп:
– Бір жолаушы жас бала жігіт, өзі ақылды, есті көрінеді, қызметші болғысы келеді, – дейді.
Хан шақыртып көрсе, бойы сымбатты, түрі әдемі, бала жігіт екен. Хан мақұл көреді де:
– Сен менің есігімнің алдында күзетші болып жүр, – дейді. Бала есік күзетшісі болады. Бұл екі ортада ханның әйелі бұған ғашық болады.
– Мен сендік болайын, ойнап-күліп жүрелік, – деп ертеңді-кеш айналдыра береді.
Бала ханның әйелінің сөзіне азады да, көңілі ауады, бірақ көңілі ауса да: «Әкем мені неге айдап жіберді. Бір айғыр үйірлі жылқыны неге бердім? Шал: «Суын ішкен құдыққа түкірме деген еді ғой», – деп, оның үйреткен сөзін есіне түсіреді. Ханның әйеліне көнбейді. Баланың болмайтынын біліп, ханның әйелі күдер үзіп:
– Мына, жаңа жүрген жаман, шірік, мені қойныңа ал, деп қоймайды, – деп, ханға шағыстырады.
Хан ертең оны өлтірмекші болып, көміршілеріне:
– Ертең ертемен кім бұрын келсе, соны отқа салыңдар, – деп, бұйрық береді.
Сонда хан балаға:
– Ертең барып көміршілерден бір қап көмір алып кел, – деп бұйырады.
Бала ерте тұрып көміршілерге жүгіріп бара жатса, бір кемпір алдынан шығып:
– Ей, балам, дәм татып кет! – дейді.
– Жұмысым асығыс, ханның жұмысы еді, – деп бала, кете бергенде:
– Балам-ау, уақыт әлі ерте ғой! – дейді кемпір.
Сонда баланың есіне жылқы алған қарттың насихаты түсе кетеді де, кемпірдің үйіне дәм татқалы кіреді. Сол екі арада ханның әйелі баланы бір көріп қалғысы келіп соңынан жүгіреді. Ханның әмірін орындауға әзірленіп тұрған көміршілер жүгіріп келген әйелді ұстай алып, жанып тұрған отқа тастап жібереді. Кемпірдің үйінде тамаққа алданып қалған бала көміршілерден бір қап көмірді ала сала, жүгіріп үйіне қайтып келеді. Хан оның тірі қайтып келгенін көріп, таңданады. Қараса, хан ордасынан әйелі жоқ. Әркімнен сұрайды, ешкім білмейді. «Бала не ғып аман келді» деп, көміршілерден хан сұратады. Көміршілер:
– Ханның өз жарлығымен ханымды отқа тастадық, – дейді.
– Мен баланы отқа салуға бұйырып едім ғой! Бала, сен жәдігөймісің, – деп, хан балаға қаһарланады. Сонда бала:
– Тақсыр! Менің бір қасық қанымды қисаң сөздің расын айтайын, – дейді.
Хан рұхсат етеді. Бала:
– Тақсыр! Мен бір байдың баласы едім. Жаңада үйленіп едім. Далада жылқы бағып жүргенімде, бір адам келіп: «Бала, бір айғыр үйір жылқы берсең, үш ауыз насихат сөз үйретемін», – деді. «Мақұл, бір айғыр үйірлі жылқы берейін үйрет», – дедім. Сонда әлгі адам: «Балам, суын ішкен құдыққа түкірме, ертеңгі асты тастама, оң қолың ұрыс бастаса, сол қолың арашашы болсын», – деп еді. Мен соны үйреніп, кешке үйге келген соң, осы сөздің бәрін әкеме айтып едім, ол кісі мені ұрып-соғып үйден қуып жіберді. Сонан тентіреп, сіздің алдыңызға келдім. Ханым мені ертеңді-кеш: «Менімен ойнап-күл», – деп, тынышымды алды. Ойнап-күлейін десем, бір айғыр үйірлі жылқы беріп үйренген насихатым есіме түсті де, сіздің құдығыңызға түкіргім келмеді. Сіз көміршілерге баруға бұйырған соң, қапты алып, кетіп бара жатқанда, бір кемпір: «Даяр тұрған дәм бар, татып кет», – деген соң: «Ертеңгі дәмді тастама», – деген насихат есіме келіп, кемпірдің үйіне бара қалдым. Сонан шығып, көмірді алып қайттым. Менің ханымнан хабарым жоқ. Тақсыр! Сөзімнің болғаны сол, – дейді.
Хан мұның адалдығына көзі жетіп:
– Бәрекелді, анаңа рақмет! Сенің күнәң жоқ екен. Ханым өз жазасын өзі тауыпты, – дейді де, көп дүниелер беріп, ат мінгізіп, баланы еліне қайтарып жібереді.
Бала жүріп келе жатып: «Мен кеткелі бір талай жыл болды. Менің үйдегі әйелім не күйде екен?», – деп ойлайды. Түнде ақырын үйіне келсе, әйелі бір жігітпен құшақтасып жатыр екен. Жанынан қылышын оң қолымен суырып алып, шабайын дегенде, баяғы насихат сөз есіне түсіп, сол қолымен оң қолын ұстап, не істерін білмей, тұрған кезде әйелі оянады. Қорқып тұра келсе, өзінің байы екенін таныйды. Бала ашуланып әйеліне:
– Сенің бұл не қылғаның? Мен далада тентіреп жүрсем, сен жігітпенен құшақтасып жатырсың. Асықпа, жазаңды беремін! – дейді.
– Сіздің мұныңыз қате, құлағыңызды салыңыз, мен саған айтайын. Мен сіз кеткенде өзіңізге мәлім, жүкті емес пе едім? Кеткеніңізге неше жыл болды. Есептеп қараңызшы? Бұл өзіңіздің балаңыз ғой! – деді әйел.
Әйелінің қойнындағы өз баласы екенін сонда біліп, жігіт онымен құшақтасып көріп, әйелінен кешірім сұрап, татуласады, сөйтіп, адалдықпен мұратына жетіпті.
46. Алпысқа келгеннен ақыл сұра
Бұрынғы өткен заманда бір хан өзінің қол астындағы халқына жар салады. Бүкіл халық жыйналған соң, хан:
– Кімде-кімнің әкесінің жасы алпыстан асқан болса, ол шалды далаға алып барып тастау керек. Жасы алпыстан асқан шалдың не керегі бар. Оның қолынан іс келмейді. Үйде жатып, тапқан-таянғандарыңды ішіп-жегеннен басқа оның бітірер ісі жоқ. Солай болған соң шалдарды құртыңдар! Ал, мұны қабыл алмағандардың басын аламын! – дейді.
Хан жарлығы екі бола ма? Жаңағы сөзді естіген халық: «Шал әкемізді аман алып қаламыз деп жүргенімізде, өзіміздің басымыз алынып қалар, ханның дегені-ақ болсын», – дейді. Ханның үкімі жүзеге асырылып, көп замандар бойы жұртқа міндетті заң болады. Жасы алпысқа келгенше шалдар өз ажалынан өлсе, өледі, өлмесе, елсіз жерге апарып тасталып, амалсыз өледі. Бірқатары шалдарды таудың жағасындағы дарияға тастап өлтіретін болған. Бір баланың әкесінің жасы алпыстан асқан екен. Әкесін үйге сақтап, елге көрсетіп қоюға болмайды. Жасы болса келді. Өлетін де түрі жоқ, шал әлі шыйрақ. Сондықтан бала әкесін арқалап, таудан асып, терең дарияның жағасына тоқтайды; әкесін бір тастың үстіне отырғызып, өзі отырып, дем алады. Әкесі оған күледі, ал баласы қайран қалады. «Шалды өлтіруге алып келемін, бұл неге жетісіп күледі?» деп ойлайды да, бала әкесінен сұрайды:
– Әке! Мен сізді өлтіруге алып келемін, сіз не үшін күлесіз? – дейді.
Сонда шал байғұс:
– Атаңа не қылсаң алдыңа сол келер, – деген мақал бар ғой балам. Мен де осыдан отыз жыл бұрын әкемді өлтіруге алып келе жатып, осы тасқа отырғызып едім. Әкем өмірді қимай жылап, «ең болмаса бір жыл жасырып сақта» деп маған жалынып еді, «маған өмір керек, сен үшін өлерім жоқ» деп жылаған көз жасына қарамай дарияға лақтырып жіберіп едім. Енді міне сол хал өз басыма келіп, өзімнің қылған ісім өз алдыма келгеніне күлемін, жалынып жылағаннан не пайда? – дейді.
Сонда бала: «Менің басыма да келді ғой» деп ойлайды да, әкесін өлтірмей қайта алып қайтып, сандыққа салып, адамға көрсетпей жүреді. Күндерде бір күн хан алыс жолға әскер жүргізбекші болып, бүкіл елге жар салып, жігіт жинайды. Бұл жорыққа баяғы жасырынып жатқан шалдың да баласы бармақшы болады. Бұл хабар жұртқа тегіс жайылған соң, шалға баласы:
– Пәлен жаққа хан әскер жүргізбекші, мен баратын болдым, – дейді. Шал:
– Балам, ол жол – жаман жол, суы жоқ шөл! Мені де бірге алып жүр, – дейді.
Бала әкесін сандыққа салып, өгізге теңдеп алып, көп әскермен бірге жол жүреді. Әскер жүре-жүре елсіз далаға, сусыз шөлге шығып кетеді. Әскерлер су таба алмай, шөлдеп қырылатын болады. Хан: «су тапқан адамға көптеген мың ділда алтын беремін», – деп жар салады. Бірақ ешбір адам таппайды.
Сонда шал:
– Балам, не ғып кідіріп қалдыңдар? – дейді. Бала:
– Хан су тапқан адамға сұраған нәрсесін беремін, – деп жар салып жатыр, – дейді. Шал сонда баласына:
– Өгізді босатсаң, су табылады. Суы бар жерді ол иіскелеп сүзеді, сол жерді қазса су шығады, – дейді.
Бала әкесінің айтуынша өгізді босатып жібереді, өгіз мөңіреп барып, бір жерді сүзе құлайды, дереу әлгі жерді қазса су шыға келеді. Өлер халге келген әскерлердің бәрі су табылған соң, су ішіп, шөлдері қанып, бұл жерден аман-есен жүріп кетеді. Баланың бұл ісіне хан қайран болады: «Бұл қалайша ойлап тапты екен?», – деп ойлайды да жүреді. Арада неше күндер жол жүріп, ханның әскері бір үлкен теңізге келеді. Теңізге келіп көз салса, теңіздің түбінде екі гауһар тас жарқырап жатыр екен. Хан мұны көріп, тағы да жар салады:
– Осы екеуін маған алып берген адамды өзіме уәзір қылып аламын, және сұраған нәрсесін беремін! – дейді.
Бұған қызығып, талай сушы адамдар суға сүңгіп, сан адамдар суға кетеді. Бірақ, гауһарды ешкім тауып ала алмайды.
Сандықта жатқан шал баласынан:
– Неге тоқтап қалдыңдар? – деп сұрайды. Баласы:
– Үлкен теңізге келдік, түбінде екі гауһар жанып тұр, соны әперген адамды хан өзіне уәзір қып, сұраған нәрсесін беретін болды. Оны еш адам таба алмай жатыр, – дейді. Шал:
– Балам! Ол гауһар судың түбінде емес, теңіздің жағасында болуы мүмкін. Айналаңа қарашы, құстың ұясы бар ма екен? – дейді.
Баласы қарайды. Қараса, теңіздің жағасынан бір бәйтерек шығып тұр, басында құс ұя салған екен, мұны көріп бала әкесіне:
– Бар екен, – дейді. Шал:
– Гауһар суда емес, сол құстың ұясында екен, суға сол ұядан сәулесі түсіп тұр екен, ол гауһар бұл жерде болмайды, оны құс ұясына алып келеді. Есіңде болсын, бұл жолы хан «басыңды алам» деп қысым көрсетіп шыныңды айтқызады. Күнәмді кешір деген уәдесін алып шыныңды айтарсың, – дейді.
Бала ханға келіп:
– Гауһарды мен табамын, – дейді. Хан:
– Тапсаң, сұрағаныңды беремін, әрі уәзірім боласың, – дейді.
Бала жаңағы ұядан гауһарды алып береді. Хан бұған:
– Сен мұны қалайша ойлап таптың. Өз ақылың емес қой, шыныңды айт! – дейді.
Бала көп қысым көріп, дарға тартылар мезгілде шынын айтады. Хан шалды сандықтан шығарып, баласын уәзір етеді де, елге келген соң: «шалдар өлтірілсін деген бұрынғы заң жоғалсын, кәріні сақтау керек», – деп қайтадан елге жарлық таратыпты.
«Алпысқа келгеннен ақыл сұра!» деген мәтел осыдан қалған екен.
47. Уәзір мен шал
Сейпін деген хан болыпты. Ханның Мүбәрак дейтін уәзірі болыпты. Ханның уәзірі ханға айтыпты:
– Ханда 40 кісінің ақылы бар дейді, егерде сізде 40 кісінің ақылы бола тұрып, дау болса, жанжал болса бізге неге жолдайсыз, өз бетіңізбен неге бітіріп жібермейсіз? Бізбен неге ақылдасасыз? – депті. Сонда хан айтыпты:
– Ханда 40 кісінің ақылы бар екендігі рас. Бірақ бір жерде Самыр деген шал бар, сол шалда 40 ханның ақылы бар. Сол шалды мұнда қонаққа шақырып кел, – депті хан уәзірге. Мүбәрак Самар шалды қонаққа шақырып әкеліпті. Хан шалдың тамағын беріп сыйлап отырады. Уәзір отырып: «Бұл жаман шалдың қандай қасиеті бар, мынау жеті руды билеген хан, анау шал – кедей», – деп ішінен ойлап отырыпты. Хан шалға айтады: «Мен сізге тәңертең бір құс жіберемін, сол құсымның екі жақ қанатын жұлып тазалап жібергейсіз», – депті. Уәзір не деген сөз екендігіне түсінбей қалыпты. Шал ханға айтыпты: «Хан, мен беске бірді қосып алтау қылып тәңертеңнен кешке алтын соққанда отыз екіге жеткізе алмай жүрмін-ау!» – депті. Үш күннен соң хан уәзіріне: «Шалға қонаққа барып кел», – депті. Уәзір келсе жаман үйі бар, үсті-басы күйе-күйе шал барын береді, кеңесіп отырады. Самар шалға уәзір айтады: «Сізге менің бір сұрауым бар», – дейді. Шал «сұраңыз», – дейді. Сонда уәзірдің сұрағы: «Кеше сізге хан «тәңертең бір құс жіберем, сол құсымның екі жақ қанатын жұлып тазалап жібер», – деген сөзіне түсінбей қалдым». Шалдың сөзі: «балам, мен кедей адаммын ғой, сонымен күн көріп отырған, бір қалта алтын берсең, шешіп беремін ғой!», – депті шал. Уәзір бір қалта алтын беріпті. Уәзір «Тағы бір сұрауым бар» депті. Шал «сұра, балам» депті. «Сіз кеше беске бірді қосып алтау қылып тәңертеңнен кешке шейін алтын соққанда отыз екіге жеткізе алмай жүрмін-ау» деген сөзіңізге түсінбей қалдым-ау, – депті. Шал: «Балам, мен кедей адаммын ғой, сонымен күн көріп отырған, бір қалта алтын берсең, шешіп беремін ғой!», – депті. Тағы беріпті бір қалта алтын. Сонда 40 ханның ақылы бар деген шалдың шешкені: «Балам, осы қолым нешеу?» депті. Бесеу ғой! Соған бір балғаны қосшы, нешеу болады?»
– Алты болады.
– Ендеше тәңертеңнен кешке шейін жұмыс істегенде тапқан-таянғаным ішіп-жеуіме жетпейді деген сөзім еді. Ал ханның «Тәңертең бір құс жіберемін, сол құсымның екі жақ қанатын жұлып тазалап жібер» дегені ол мынау: – құс сен, екі қалтаңды тазалап сыпырдым ба? Енді жүре бер, – депті шал ханның уәзіріне. Сонда барып уәзір шалда 40 ханның ақылы бар екендігіне ден қойған екен.
48. Білгір адам
Ертеде бір ақылды адам болыпты. Күндердің күнінде баласын шақырып алып, бір ақылын үйретіпті. Ақылында:
– Балам! Біріншіден – қатыныңа сырыңды айтпа, екінші – ақымақпен дос болма. Үшінші – жаңа байығаннан қарыздар болма! – депті.
Баласы әкесінің бұл айтқан сөздерін мақұлдап, көнген. Бірақ, неге айтқанын білмей, талайға дейін түсіне алмай жүріпті. Ойлай-ойлай, ойының түбіне жете алмапты. Бір күндері болғанда, әкесінің айтқандарының бәрін қолмен істеп, көзімен көрмекші болып, бір байдан қасақана қарыз алады. Бір ақымақпен дос болады. Сөйтіп, үйіне келіп бір қойды бауыздап өлтіріп, қолын қандап, үйінің артынан жер қазып көме салып, қатынына келіп:
– Қатын, мынау менің қолымдағы қанды көрдің бе? Мен бір кісі өлтіріп едім, сен ешкімге айта көрме, – дейді.
Қатыны: «Ой тәңір-ай, кімге айтайын, ешкімге айтпаймын», – дейді. Сонымен біраз күн өтеді. Бір күні түнде қатынымен ұрсысып қалады. Қатыны, азанмен тұра салып, ханға барып арыз береді. «Байым анада бір кісінің қанын ішіп еді, енді мені де сүйтпекші болды. Мені түнімен сабап шықты», – дейді. Хан естісімен-ақ жендетін жіберіп, жігітті шақыртады, жендет байдың баласын айдап келе жатқанда, куәлікке досымды ерте жүрейін деп досына келсе, «қолым тимей жатыр» деп бармайды. Қоштасып бұдан өте бергенде, баяғы қарыздары ұшырасады. Олай-бұлай деуіне қоймайды. Ақшасын сұрайды. Жабысып жағадан алады да қалмайды. Жанын тықсырып бара жатқан соң, бұрынғы ақшасын жанынан суырып бере салады. Бұдан өтіп ханға келеді. Хан: «Не үшін қанішерлік қыласың? Қатының анада бір адам өлтіріп еді, енді мені өлтірмекші болды деп арыз беріп отыр, рас па?» дейді. Бала: «Жоқ, тақсыр, олай еткен емеспін...» – деп шынын бастан-аяқ айтып береді. Хан сенбестен адам жіберіп тексертіп, істің анығына жетіп, сенеді. Бірақ хан, мұның әкесінің ақылдылығынан қорқып бағыма бөгет бола ма дегендей мақсатпенен баланың көзін жоймақшы болады. Бір терең зындан қаздырып, соған әкесі мен баласын салып көмдіріп тастатады. Екі-үш жыл өтеді. Оған шейін дихандарда қарап жатпастан егінін егіп, оғып-бұғып зындандарының үстін таптауға жақындатады. Бір күні ханның тамағына шөп кетіп ауырады. Дүниеде бақсы-бәлгер, тәуіптердің ешқайсысын қоймай қаратса да жазылмайды. Бір күні бұрынғы білгір адамның қадірін білетін бір адам ханға келіп: «Ол жақсы адам еді, сіздің ауруыңызды қалай да болса жазатын еді, алтынның қолда барда қадірі жоқ дегендей, сіз оның қадірін білмедіңіз, жазасын тартқаныңыз осы», – дейді. Хан жұртын жиып: «Ол адам шын білгір болса, әлі күнге шейін өлген жоқ» деп, білінбей қалған зынданның маңдайынан үңгірлеп қаздырып жатқанда бір сүйек шығады. Бұл қайсысынікі екенін ажырата алмастан, одан да ары қаздырғанда, ақылдының өзін тауып алады. Баяғыда көмерлерінде өзімен бірге бір дорба тоқаш көмілген екен. білгір содан күніне жеп күн елтіп, тірі жатыр екен. Бірақ қансыз, сөлсіз, өлудің аз алдында екен. Жұрт: «Ханымыз ауырып жатыр еді, сені жазады деген соң, соған жіберіп еді. Біз алып кеткелі келдік, соған жүр» дейді. Білгір: «Жоқ, бармаймын, хан мені бір өлтіріп, енді өзіне керек болғанда ғана шақырды ма! Бар айтыңдар», – дейді. Жұрт, ханға қайта барып, келмейтінін білдіргенде: «Ендеше, егер мені жазса, күллі бақ-дәулетімнің бәрін берем деп жатыр деңдер», – дейді. Жұрт білгірге қайта барып, ханның сөзін айтыпты. Білгір: «Олай болса қырық қыз әкеліңдер, бір саты тауып, соған зынданның аузына жеткенше қыздарды жағалата қойыңдар», – деген. Айтқанының бәрін істеді. Сатыдан жоғары өрлеп келе жатып жолдағы жағалай тұрған қырық қыздың бетінен шопылдатып қырық сүйіп, үстіге шығады. Беті сөлденіп, қызыл кіріп қалады. Әбден айығып, ханға келсе, тамағына шөп қадалып, азаптанып өлудің аз-ақ алдында жатқанын көреді. «Сен жазыла алмайсың. Бірақ, менің бір шартым бар, соны орындасаң ғана жазылуың мүмкін», – дейді. Сонда халқы да, хан да: «Егер, жазатын болсаң орындармыз» дейді. «Ендеше ханның жалғыз баласы бар екен, соны әкеліңдер. Алдыңа бауыздаймын, содан жазылар», – дейді білгір. Хан мұнысына: «Балам өлгеннен өзім өлгенім артық» деп көнбейді. Сонда қарт: «Жоқ, сенің өлгеніңнен балаңнің өлгені артық, жас балаң өсіп бізді билегенше, біздің тұқымымық құриды» деген соң, «ылажысыз» баласын бауыздауға қияды. Баланы алып келіп, алдына аяғын буып бауыздамақшы болып тұрып: «Қой, көзіне көрсете бауыздамайық, ханымыз талып қалар», – дейді де алдына ши тартып, ханның көзінше баланы шиге кіргізіп, басқа бір қойды аяғын буып әкеліп, «Қор еткізіп шалып жібереді. Хан жалғыз баламнан айрылдым-ау дегендей қылып «аһ... уһ!» деп күрсінгенде тамағында қадалып көлденең тұрған шөп сызылып көлбеп түсе қалады, һәм ханның өзі де, баласы да аман қалады.
49. Сыбызғының сыры
Ерте заманда Асан деген баланың жеті жасында әкесі өліп, жетім қалады. Өздері өте кедей екен. Ішерге асы, киерге киімдері болмаған соң Асанның шешесі Жаңыл баласын жетелеп жүріп, ел қыдырып күнелтетін болыпты. Күндерде бір күн Жаңыл апа Асанды жетелеп Таһир ханның сарайына келіп, жәрдем сұрап, мұңын айтыпты. Хан жаны ашып, жәрдем берудің орнына Жаңылға қарап былай депті:
– Менің аңға қосатын тазы иттеріме күтуші бол. Иттермен бірге жат, тамағың да солармен бірге болады. Балаң ақсақ-тоқсақ қойларды бақсын. Ерте тұрып, кеш жатасыңдар, тамақты аз ішіп, жұмысты көп істейтін боласыңдар. Қысқасы өзің – күң, балаң – құл болады. Ойымдағыдай жақсы істемесеңдер бастарың алынады, – депті.
Жанашыр жақыны, жалтарар өріс жоқ Жаңыл мен Асан сол күннен бастап ханның кіріптар күңі мен құлы болады. Иттермен бірге жатып, бірге тамақтанады. Айдан ай, жылдан жыл өтті. Ауыр еңбек, итқорлық тұрмыс Жаңылды да, Асанды да әбден жүдетті. Панасыз екі сорлы егіле шыдап, шыдай берді. Аңшы иттердің үстін жуып, жүндерін тарап, тамақтарын беріп жатқызған соң, итқораның есігін ішінен бекітіп алады да, сорлы ана Асанын бауырына қысып жатып, түні бойы зарлайды. Қайғы-қасіреттің зары өткен шерлі ана мұңын айтып күңіренеді:
Ит өмірде итшімін.
Итпен бірге үйшігім.
Иттің де бар иесі,
Иттен де жаман біздің күн.
Кедейліктен жаман жоқ.
Кентай ғұрлым бағам жоқ,
Басар тау, барар панам жоқ,
Бізді ескерер адам жоқ,
Егілсін зарлап мұңды күй,
Одан басқа шарам жоқ...
Он жасар Асан анасының зарлы жырын, арманды мұңын ықылас қоя тыңдап, ынтыға жаттап алады. Ұзақ күн қой соңында жүріп, ыңырсып айтып, күңіреніп толғайды екен. Асан ана мұңын жырлай жүріп, жаралы жүректің нәзік қылын шертеді. Мелшиген сар даланың сағым көтерген бұлдыр мұнары мен қараңғылық түнегі басқан қалың елдің ой-арманына мұңлы үнін қосады екен. Сөйтіп жүріп Асан он бір жасқа жеткенде асқан ақын-жыршы, шебер сыбызғышы болыпты. Әуелде оның домбырасы да, сыбызғысы да болмапты. Бір күні қой жайып жүріп, қалың шөптің арасында өсіп тұрған іші қуыс қурайға көзі түсті. Қурай сыртының қызыл күрең түсі мен оның бунақталған буындары Асанға ұнап кетіпті. Қурайды кесіп алып, ішін тазартып үңгілейді де орта шенінен төрт-бес жерден ойып, тесік шығарып кептіріпті. Тарта-тарта келе әлгі қурайдан сырлы сазды сыбызғы шығыпты. Өнерінің іске асып арманы орындалғанына шексіз қуанған Асан жаңа сыбызғыны тарта бастағанда-ақ, оның аузына «Арман» деген күй сарыны түсе кетеді. Арман күйі Жаңыл апаның:
Ит өмірде итшімін.
Итпен бірге үйшігім.
Иттің де бар иесі,
Иттен де жаман біздің күн,
– деген мұңлы қоңыр зармен басталады да:
Ит өмірден құтылып.
Жарылқайтын күн туып.
Жақсылық көрер ел бар ма,
Бәйшешегі құлпырып,
– деген үнді саз қалықтай самғап шарықтай жөнеледі. Күй сарыны кейде күмілжи күбірлеп барып шына түсіп, аспанға өрлегендей, кейде зулап қияға ұшқан қырандай шығандайды да, қайта төмен сорғалап, түйіле түскендей. Мұңлы жырдың арман сазы, алдағы мұрат, тамылжыған тәтті үн, асқақ әуенге қосыла келіп Асанды сергіте желпіп жетелегендей, шыңырау түбінен шыңға қарай, қараңғы тұманнан күн шуақты жарық нұрға қарай алып бара жатқан сияқты. Сарайы ашылып, тынысы кеңіп, көз жанары жайнайды оның.
Міне, Асанның тап алдында ақ бауыр киіктің ала таңдақ екі лағы «Арман» күйінің әуеніне билеп жүр. Олар би қызығына еліге елтіп, өздерінің адамнан безер аң екенін де ұмытып кеткен. Сыбызғы сазы сызыла шыққан сайын лақтар Асанға жақындай түседі. Сөйте, сөйте енесі мен екі лақ Асанды орталарына алып, айнала шапқылап, асыр салып ойнақтай, билеп жүретін болды. Өз өнері өмір қасіретін серпілте сейілткендей болған Асан егіз екі лақты өзінің бірге туған бауырындай, екеуінің енесін өз анасы Жаңылдай жақын сезініп, жақсы көретін еді. Асанға көңіл көтерер ермек те көңіл күйін, арман-шерін бөлісер дос та табылды. Күнде ақсақ-тоқсақтарын ілбітіп айдап келеді де, ақ бастаудың жағасына жусатып қойып, Асан Сандықтастың басына шығып, сыбызғысын тартады екен. Бізге лағын емізе шұбатып ақ бауыр киік те келіп, Асанның күйін тыңдап, билейді екен. Күндерде бір күн, Асан сыбызғы тартып, киіктер би билеп, ешбір қапа, қайғысы жоқтай, мәз-мәйрам болып отыр еді, кенеттен «тарс» еткен мылтық дауысы бар тыныштықты бұзды да жіберді. Мылтық дауысымен көк жалын, ашты түтіннің астында қалған Асан не болып қалғанын біраз ес жиған соң ғана білді. Аузынан шыққан оқтың жалыны әлі арылып болмаған жезді ауыз шитісін оң қолымен көтере ұстаған Таһир ханның жалғыз баласы келе Асанды қамшының астына алды.
– Анау асыранды киіктеріңді маған ұстап бер. Әйтпесе өлтіремін, қазір!
– Мырза-ау, мен сияқты өз тамағын әрең асырап жүрген жалаңаш кедей киік асырай ма? Сіз ұстай алмаған киікті мен қайтып ұстармын, – деді де, Асан хан баласының тепкісіне жонын бере домаланып жата берді. Асанды өзі шаршағанша ұрып, тепкіледі де хан баласы арғымағына мініп әкесіне келіп айтты.
– Итшінің баласының биші киігі бар екен, соны ұстап бер.
«Аузы қисық болса да хан баласы сөйлеген заман» де халық айтқандай, хан баласының айтқанын орындапты. Жаңыл мен Асанды шақыртып алыпты да:
– Биші киікті ертең осы уақытқа дейін менің алдыма әкеліп бересіңдер, сен қатынды ішіңді жарғызып итке салғызам, сен балаға көзіңе қорғасын ерітіп құйғызамын. Жарлық бір. Орындаңдар! – депті.
Амалы құрыған аналы-балалы екі сорлы күн жылап, түн жылап, ақыры ақ бауыр киіктің бір лағын сұрап алуға сөз байлапты. Өзі үшін емес, анасының азапты ажалын аяған Асан ертеңіне Ақбастаудың басына келіп дос киіктерін шақырды. Көкірегі шерлі қойшының сыбызғыдан шыққан мұңы күндегіден зарлы да қайғылы шықты. Билеп жүрген киіктер қайтар кезінде бір лағын қалдырып, өзгесі Асанмен қош айтысқандай ишарат білдірді де кетіп қалды. Қалған лақты Асан ханға әкеліп берді де, аз күнге болса да анасы мен екеуі өлім азабынан аман қалды.
– Таһир ханның алдында адам түгіл аң да қызмет істегендігін жұрт білсін, тарт сыбызғыңды! – деп бұйырды хан сыбызғышысына. Хан алдында құрдай жорғалап, бөденедей қорғалап, жағымпаздықтың жәдігөйлігіне әбден төселіп алған сарай сыбызғышысы бар өнерін аямастан-ақ ойнап көрді. Бірақ киіктің лағы мелшиіп тұрып алды. Бұған әбден ашуланып, ыза кернеген хан сарай сыбызғышысының басын шауып алды да екінші біреуін алдырып ойнатты. Лақ тағы билемеді. Хан бұл сыбызғышыны да өлтіріпті. Үшінші сыбызғышыға кезек жеткенде:
– Тақсыр, дәт! – деді сыбызғышы.
– Дәтің болса айт! – деді хан.
– Алдияр ханым, барлық керемет осы лақты билеткен қойшының сыбызғысында. Ол сыбызғының сыры бар. Сол сыйқырлы сыбызғыны алдырып берсеңіз, мен лақты билетер едім. – депті сыбызғышы. Хан жендетіне сыбызғыны алып келуге жарлық етіпті. Жендет қой бағып жүрген Асанды басқа бір салды да, сыбызғысын алып келді.
Сыбызғышы олай тартты, бұлай тартты лақты билете алмады. Ақырында хан оның да басын алды. Сол кезде 250 жасаған бір сыбызғышы қария бар еді. Хан жазықсыз елді зар жылатып, көзіне көрінген сыбызғышының басын алып жатыр дегенді естіп, сол қария ханға келіпті де:
– Тақсыр хан, бұл лақ ханның жарлығына да, сыбызғышының сыйқырына да билемейді. Кәп сыбызғының сыйқырлығында емес, сырында. Ел мұңын шағып, жүрек қылын шерткен шындығында. Сыбызғының сазды сыры қойшы баланың нәзік саусақ, шебер қолына тигенде ғана ашылады, сырымен бірге жыры да төгіледі сонда қойшының. Елді бекер қырмаңыз, сыбызғышы қойшының өзін алдырып ойнатсаңыз лақ та билейді, сіз бен біз де сазды әуен, көңіл күйіне кенеліп, жадыраймыз депті. Қария сөзіне еріксіз тоқтаған хан Асанды алдырып ойнатқан екен, лақ бұрынғысынан да тамаша билепті. Асанның өнеріне риза болған хан:
– Мен кәр етсем құртамын, рақым етсем жарылқаймын. Не тілегің бар, сұра! – депті.
– Менің бар тілегім анам мен екеуімізге бостандық беріңіз, киіктің лағын өз тауына жіберіңіз, – депті Асан. Хан айтқан сөзінен қайта алмай Асанның тілегін орындапты.
Сол күннен бастап, Жаңыл мен Асан ақбауыр киіктің екі лағымен бірге елден елге, таудан тауға барып жүріп «Арман» күйін әлемге жайыпты.
50. Жалайырхан мен Сағат
Бұрынғы заманда бір ханның перзенті болмай жүргенде, әйелі жүкті болыпты. Ол босануға таяған уақытта хан уәзірлерімен аңға шығып кетіпті. Әйелі ұл туса, сұйінші сұрай келген адамның басынан төмен алтын құятын болып, уәде қылады. Бір күні ханның әйелі толғатыпты. Онымен бірге, үйіндегі малшының әйелі де, толғатыпты. Екеуі де ұл табады. Бір жеті өткеннен кейін ханның баласын өз бесігіне, малшының баласын өз бесігіне салады. Ханның баласының аты Жалайырхан, малшының баласының аты Сағат болады. Жалайырхан да, Сағат та жетіге толады. Екеуін де мектепке береді. Жалайырханнан кейін Сағатты да хан жақсы көреді. Хан бір күн хиялсырап отырады да, екеуін де шақырып алады. Екеуінің де бетінен сүйіп, екеуін де жақсы атқа мінгізіп, қаншама нөкер ертіп, аң аулауға шығады. Әр күн осылай етіп, хан сонымен қызықтап жүреді. «Біздің балаларымыз тұрғанда, малшының баласымен шығарғаны несі?» – дегенді айтып, уәзірлер күндеп, күңкіл қылады. Хан уәзірлерге күлкі болмайын деп, Сағатты қалдырады да, Жалайырханды уәзірлердің баласымен аңға шығаратын болады. Күндерде бір күн Жалайырхан уәзірлермен аңға шығып жүргенде, қолындағы құсы қашып кетіп, дарияның ар жағына өтеді. Бұл да өтпекші болып, суды жағалап әбігерленіп жүргенде, дарияның ортасымен салға мініп кетіп бара жатқан бір сұлу қызды көреді. Қыздың сұлулығына қайран қалып: «Не болса да, сөйлесіп қалайын!» – деп, суға түседі де, алдына бара алмай: «Перізатсыз ба? Қайда боласыз? Қайда барасыз? Іздесем, қайдан табармын?» – деп дауыстап сұрайды. Сонда қыз дауыстамай, мынадай ишарат білдіреді. Әуелі аузын ұстап қолын арқасына сілтейді, маңдайынан бір басып, қолын артына сілтейді, шәшінің бір өрімін алдына, бір өрімін артына қайырып, бір қолын басынан аса көтереді де жүре береді. Ханзада мұнан еш нәрсе де аңғара алған жоқ. Өңінде көрсе де, түсінде көргендей, бұған қиын болады. Сөйтіп, күн-түн соны ойлаумен ханзаданы қайғы-қасірет басады. Қыздың ишаратының шешуін таба алмай, үлкен ауру болады: ешкіммен сөйлеспейді: ешкімге бір ауыз жауап та бермейді. Бақтырмаған тәуіп те қалған жоқ, ешкім ауруын біле алмайды. Бір күні хан баласын ойлап, қиялданып отырғанда, үйіне Сағат келіп кіреді. Хан о бетінен бір, бұ бетінен бір сүйіп: «Құрдасың осындай болды. Сен барып, амалын таппасаң, бізден дәрмен кетті», – дейді. Сағат ханзаданың үйіне келіп, екеуі оңаша отырып сөйлеседі. Өзінің бала жастан бірге өскен серігі келгеннен кейін ханзада да бастан-аяқ көрген оқиғаларын айта бастайды. Сағат құрбылық ретінде біраз өкпесін айтқаннан кейін былай дейді:
– Дауыстамай жүре бергеніңде, өзің де сөйлеседі екенсің. Ол дауыстауға ұялып, ишарат еткені, ол да өзіңдей асыл зат екен. Аузын ұстап қолын арқасына сілтегені: «Судың аржағындағы өзіңдей ханның қызымын», – дегені. Арқасын басып, қолын алдына сілтегені: «күйеуім ұрып-ұрып, отырғызып қояды», – дегені. Маңдайынан басқаны: «Судың төменгі жағындағы бір ханның келінімін, маңдайыма жазғаны сол болды», – дегені. Шашының бір өрімін артына, бір өрімін алдына қайырып, қолын басынан асыра жоғары көтергені: «Ерім алдымда болса, сен артымда: ерім артымда болса, сен алдымда, – достықта осындай болайық және мені іздесең, үйімнің алдында биік шұбар ағаш бар, осыдан табармын», – деп қолын көтерген екен, – дейді. Енді мұны табу оңай, атаңнан тозбас тон, азбас ат, қоржындап алтын алу керек, – дейді Сағат.
Ханзаданың Сағатпен сөйлесіп отырғанын естігеннен кейін жұрт барып, ханнан сүйінші сұрайды. Хан қуанып, той қылады. Ханзада енді жазылады. Хан ханзаданың айтқанын қылып, Сағат екеуін жабдықтап жөнелтеді. Екеуі баяғы сұлуды іздеп келе жатады. Айдан ай, жылдан жыл өткенде, дарияның жағасымен жүріп отырып, бір шаһарға келеді. Қаланы аралап жүріп, біреулерден сұрайды.
– Бұл ханның келіні бар ма? Қызы бар ма? Болса, қай ханның қызы? – дейді.
Бір адам жауап береді:
– Ханзадамыздың қалыңдығы судың жоғарғы жағындағы ханның қызы еді, қазір бұл ханның келіні болып отыр, – дейді.
Сағаттың үйіндегі шешуі тура келеді. Онан соң екеуі іздеп отырып, ханның келінінің бау-бағын сұрап табады. Баудың ішін аралап жүрсе, бір кемпір гүл теріп жүр екен. Бұлар соған жолығады. Кемпір бұларға:
– Ханның келінінің бауында не қылып жүрген адамсыңдар? Кетіңдер! – деп ұрсады.
Бұлар кемпірге бір уыс алтын беріп, жүгіріп-жүгіріп гүлін теріседі. Қолына алтын тигеннен кейін кемпір қуанады да, үндемейді. Терген гүлдерін екеуі кемпірге беріп тұрып:
– Мұны кім теріп берді? – десе, өзіңіз көрген деп, айтыңыз, – дейді.
Гүлді алып, алтынды алып, кемпір қуанып кете береді. Келген соң хан келіні:
– Мұны не қылып тез тердің? Әлде біреу теріп берді ме? – деп, сұрайды.
Кемпір:
– Өзің көрген теріп берді, – дейді.
Ханның келіні ашуланып:
– Өзім көрген кім екен? Сен бұзыққа жориын деп жүр екенсің! – деп, кемпірді ұрып-ұрып отырғызып қояды.
Ертеңіне келіншек кемпірді гүл теріп келуге тағы жібереді. Кемпір келсе, баяғы екеуі тағы жүр. Кемпір ашуланып:
– Кетіңдер! Сендерге бола келіннен таяқ жедім, – дейді.
Бұл жолы кемпірге екі уыс алтын беріп:
– Ашуланбаңыз, – деп, тағы гүлдерін теріп береді де, сұраса, кешегі айтқаныңды айт, – дейді.
Кемпір тағы айтып келеді, хан келіні тағы сұрайды, кемпір кешегі айтқанын тағы айтады. Келіншек кемпірді ұрып-ұрып, тағы отырғызып қояды. Ертеңіне кемпірді тағы гүл теріп келуге жібереді. Келсе, баяғы екеуі әлі жүр. Кемпір ашуланып:
– Күнде-күнде бауда не қылып жүрген адамсыңдар? Кетіңдер! Сендерге бола таяқ жеп, бейнет шегетін шамам жоқ. Бір күні өліп қалармын! – дейді.
Бұл екеуі қоржыннан үш уыс алтын алып беріп:
– Ашуланбаңыз, шеше! – деп, гүлін теріп береді де, сұрай қалса, бұрынғы жауабыңызды айтыңыз, – деп, кемпірді жөніне жібереді.
Кемпір келеді. Келіншек тағы сұрайды, кемпір қорқа-қорқа, дірілдеп, баяғы сөзді қайта айтады. Бірақ бұл жолы келіншек ұрмайды, кемпірді жетектеп, оңаша бір үйге алып кіреді. «Енді өлдім-ау», – деп, ойлайды кемпір. Келіншек кемпірді тұрғызып, әлгі үйдің ішінен бір қапқа көмір салдырып алады да есік алдындағы шұңқырға апарып тастатады. Сонда басқа еш нәрсе айтпай, ертеңіне кемпірді гүл теріп келуге тағы жібереді. Кемпір келсе, баудың ішінде баяғы екеуі тағы жүреді. Кемпір бұрынғыдай емес, мәз-мейрам. Ұрысқан жоқ.
– Я, балалар, амансыңдар ма? – деп, сұрайды. Сағат:
– Бүгін келін ұрмады ма? – дейді. Кемпір:
– Ұрған жоқ. Қолымнан тартып, оңаша үйге кіргізді. Мен өлтіреді ғой деп отыр едім, өлтірмеді, бір қапқа көмір салдырды да, есік көзіндегі шұңқырға әкеп тастатты. Сонан басқа ешнәрсе де айтқан жоқ, – дейді.
Жалайырханға сонда Сағат тұрып:
– Есік алдындағы шұбар ағаш кесіліп, отқа жағылып кеткен екен. Көмір салғаны соны айтқаны. «Шұбар ағаштың орны үлкен шұңқыр», – дегені. Кемпір әкеп тастағаны саған, «Бүгін сол шұңқырға келіп жат, өзім барып жолығамын», – дегені. Енді сен кешке бар да, сол шұңқырға түсіп жат, өзі келіп жолығар, – дейді.
Жалайырхан келіп шұңқырға түсіп жатыр, келіншек әлі жоқ. Сөйтіп жатып, ұйықтап қалады. Бір уақытта ханның келіні келеді. Келсе, жігіт үйықтап қалған; ұйқысын бұзып оятпай, қалтасына екі асық салып кетеді. Жалайырхан сол ұйықтағаннан ертең тұрады. Қараса, таң атып қалыпты. Жүгіріп Сағаттың жанына келеді. Сағат:
– Жолықтың ба? – деп сұрайды. Жалайырхан:
– Жолықпадым, – дейді.
Сағат Жалайырханның қалтасын қарап, манағы келіншек салып кеткен екі асықты алады.
– Сен шықпады дейсің! Мынау не? – деп Жалайырханға ұрсады.
Ол күні күн батып, түн болады.
– Бүгін тағы ұйықатап қалып жүрме! – деп, Сағат Жалайырханды тағы жібереді. – Егер бұл жолы ұйықтап қалсаң, менен жақсылық көрмейсің! – дейді.
Жалайырхан шұңқырға түсіп жатады, екі көзі ханның үйі жақта болады. Жуық арада келіншек тағы шыға қоймайды. Ханзада қарап жатып, тағы ұйықтап қалыпты. Келіншек оның ұйқысын бұзып оятпай, қалтасына екі жаңғақ салып кетеді. Таң ата Жалайырхан да оянып, Сағаттың жанына келеді.
– Жолықтың ба? – деп сұрайды Сағат.
– Бүгін ұйықтамастан қарап отырдым, бірақ шықпады, – дейді.
– Япыр-ай, қалай шықпады екен! – деп, Сағат Жалайырханның қалтасына қолын салып қараса, екі жаңғақ алады. Келіпті ғой, белгісі мынау! – деп, екі жаңғақты көрсетеді. Сені «Ойын баласы екен», – деп, кешеден бері қалтаңа асық, жаңғақ салып, күлкі қылып жүр, – деген сөзді айтып, Сағат Жалайырханды сөгеді.
Ол күн тұрып, түн болған соң Сағат Жалайырханды тағы жібереді. Бірақ, бұл жолы ханзаданың табанын тіліп, тұз сеуіп жібереді. Жалайырханда ұйқы жоқ, жанымен қайғы, тұз ашытып, безілдетіп отыр. Бұл уақытта келіншек келеді. Жалайырханмен көрісіп, амандасады. Бір-бірімен танысып, анау-мынау естен шығып, ойнап отырған жерлерінде ханның күзетшісі көріп қалып, екеуін ұстап байлап алады. Сол уақытта ханның келіні Жалайырханға:
– «Сағат, Сағат, атың арпаға түсті! Бүгін алмасаң, ертеңге қалса, екі құлағы шұнақ!» – деп, үш рет дауыста, – дейді.
Жалайырхан әлгі сөзді айтып дауыстайды. Сағат мұны естіп Жалайырхан қолға түскенін біледі. Түн ішінде базарға барып, бір әйел шапаны мен бір пәренжі сатып алады. Онан кейін бір наншыға барып, бір жүз нан сатып алады. Оларды біреуге арқалатып, өзі шапан бүркеніп, пәренжені бетіне жауып, зынданға қарап жүре береді. Жалайырхан мен келіншек зынданда. Сағат зынданның қарауылшысына жолығады.
– Не қылы жүрсің? – дейді қарауылшы.
– Түнеукүні бір қатты ауырғанымда, зындандағы пәнделерге жүз нан құдайы айтып едім, сол нанымды әкелемін. Өзім әйел адам. Күндіз бере алмаймын, түнде нандарымды зынданға түсіп, қолымнан беріп шықсам екен, – деп қарауылшыдан өтінеді.
Қарауылшы:
– Қолыңыздан беріп шыға қойыңыз, – деп, арқан байлап зынданға салады.
Зынданның түбінде жатқан Жалайырхан мен келіншекті көріп, қуанысады. Сағат пәренжіні келіншекке беріп, оны шығарып жібереді де, өзі зынданда қалады. Ертеңіне ханның күзетшілері ханға:
– Келініңізді біреумен жатқан жерінде ұстап алып, зынданға салып қойдық, – деп хабар етеді.
Хан дереу келініне жібереді. Келіні үйінде іс істеп отыр екен. Күзетшілер барып, зынданға салғандарды алып келеді. Келсе келіні емес, бөтен бір екі кісі. Хан бұл екеуін қоя тұрып, мына күзетшілерді дарға асуға бұйрық қылады. Күзетшілер:
– Хан тақсыр! Тұтқынымыз анық келініңіз еді. Бізді нақақтан өлтірейін деп тұрсыз. Армансыз болайық тым болмаса, халықты жинаңыз да, бір үлкен қазанға быламық қайнатыңыз, ол быламықтың ішіне алтын салыңыз, келініңіз ақ болса, сол алтынды қайнап тұрған быламық ішінен қолын тығып алып шықсын. Егер қолы күймесе ақ болғаны. Егер күйсе қара болғаны дейді.
Хан бұларын мақұл көріп, айтқандарын қабыл алып, ертеңіне халықты жинайды. Орталарында қазан қайнап, ішіне алтын салынады. Ханның келіні быламыққа қолын тығып, алтынды алайын деп келе жатқанда Сағат пен Жалайырхан екеуі қайыр сұраған кісі болып, мүсәпірсініп келеді. Жалайырхан ханның келінінің қолынан ұстап тұрып ханға айтады:
– Тақсыр, бұл ұят емес пе? Бүкіл жұрт алдында келініңізді масқара қылғаныңыз не?
Сонда келін тұрып:
– Ей, халық, мен осы ханның баласына тигелі қолымды ұстаған жігіт осы, мұнан басқа ешкім де ұстаған жоқ, – деп барып, алтынды алып шығады. Келіншектің қолы күйген жоқ. «Ажалымызға қарсы басқа біреу ханның келіні болып көрінген екен!» – деп, күзетшілер өлімге мойындарын сұнып тұра береді.
Күндердің бір күнінде хан жорыққа аттанбақ болып: «Тайға мінген де, танаға мінген де қалмай, жиылсын!» деп, жұртқа жар салады. Жұрт жиылғаннан кейін, хан бір қолға баласын басшы қылып жөнелтті де, өзі кейін шықпақ болады. Хан шығайын деп тұрғанда, Сағат келеді де:
– Тақсыр! Өзім сізбен жорыққа шықпақшы болып тұрмын. Бір қарындасым бар еді. Өзім келгенше, сол қарындасым сіздікінде тұрса қайтеді? – дейді.
Хан қабыл етеді. Сағат Жалайырханды қызша киіндіріп, ханның үйіне жібереді. Жалайырхан қыз болады. Сағат Жалайырханды ханның келінінің қасына қояды да, өзі жорыққа кетеді.
Хан жорықтан қайтып, шәһәріне келе жатқанда, Сағат: «Бұл менің досым – Жалайырхан мен өз келінін аямай, зынданға салып та өлтірмекші болған еді ғой, «Еруліге-қарулы» деген,» – деп ойлады да, ебін тауып, ханның баласын өлтіреді. Жалайырхан да қыз киімін тастап, баяғы жігіт қалпына түседі. Бір күні Сағат келіп, ханға арыз қылады:
– Тақсыр, түнеукүні үйіңізге қойып кеткен қарындасымды шығарып берсеңіз екен! Күйеуі келіп, ұзатайын деп тұрмын, – дейді.
Хан кісі жіберсе, қарындасы жоқ болып шығады. Сонда Сағат келіп, бер-бердің астына алып, әбден қысады. Хан: «Енді қайтеміз?» – деп баласына кісі жібереді. Ол келмеген боп шығады. Сонда Сағат:
– Менің қарындасымды сіздің балаңыз алып кеткен! – дейді.
Хан сасады. Сағат мазасын ала бергеннен кейін, хан: «Мынаның қарындасын балам шын алып кеткен ғой», – деп ойлап:
– Сабыр етіңіз. Күйеуіңе сол мырзаның әйелін алып берсем, разысың ба? – дейді. Сағат:
– Әйел деп жүмесе? – дейді.
Сонда тұрып:
– Олай болса, айыбына өзіңе өзімнің қызымды берейін, – дейді.
Сағат бұған көнеді. Өзі ханның қызын алып, Жалайырханға келінін қосып, қанша сән-салтанатпен еліне келеді. Отыз күн ойын, қырық күн той қылып, олар мұратына жетеді.
51. Ұры мен Ғаяр
Бұрынғы уақытта Мұхтарима деген қатынның екі байы болған екен. Біреуі ұры, біреуі ғаяр. Екеуіне де бір жылы тиіп, біріне тигенін біріне білдірмейді. Сонымен бірнеше жыл өтеді. Бір жылы ұрылар мен алдамшылар ұсталсын деген патшадан қатал жарлық шығып, шаһарда жасауылдар қаптап кетеді. Бір күні ұры сасып үйіне келіп: «Ойбай, қатын, патшадан қатаң жарлық шықты. Мына жарлықтың дүбірі басылғанша мен сахараға шығып бой тасалап тұрмасам болмас. Жолға азық дайындап бер!», – дейді. Қатыны үйінде бір қойдың құйрығы бар екен, қақ жарып жарымын, бір таба нан бар екен, ортасынан бөліп жарымын береді. Жол азығын алып ұры қаладан шығып, өзеннің бойымен жарды жағалап қаша жөнеледі. Ұры кетісімен ғаяр келіп: «Ойбай, қатын! Патша ұры мен ғаяр ұсталсын!», – деп, жарлық шығарды. Жасауылдар ұры мен алдамшыны ұстап жатыр. Бұл сөздің ізі басылғанша, сыртқа жасырына тұрмасам болмас. Маған үйде азық болса бере гөр, тез жөнелейін», – дейді. Қатын: «Үйдегі бар азық осы», – деп, ұрыдан қалған жарты құйрық пен жарты нанды алып береді. Бұ да үйдің жанындағы өзенді бойлап, жарды жағалай бағанағы ұрының ізімен қашады. Алдыңғы ұры шаһардан ұзап шығып бір жерге келіп демін алып отырғанда, артынан уәделесіп қойғандай ғаяр келеді. Екеуі сол жерде отырып танысып біліседі. Қаладан қашып шыққан біреуі ұры, біреуі алдамшы екендерін айтып сырласады. «Кемеге мінгеннің жаны бір» еді ғой, екеуден екеу отырып, бөлек-бөлек ішіп-жемей жол азығымызды қосып бөліп жейік деседі. Сөйтіп ұры ғаярға: «Сенде қандай азық бар?» деп еді, ғаяр «Менде қойдың қарты құйрығы мен жарты күлше наным бар», – дейді. Ұры отырып: «Япыр-ау, өлшеп алып шықтық па, менде де жарты құйрық, жарты нан бар», деді. Сөйтіп екеуі азықтарын салыстырып көріп еді, құйрыққа құйрық, нанға нан дәл келе кетті. Сонда ұры ортырып:
– Менің қатынымның тамаққа алып қалған құйрығы мен жарты нанын алып кеткенсің бе? – деді.
– Жоқ, жаным, өзім сасқалақтап қашып келе жатып, сенің үйіңде менің нем бар, өз үйімнен алып шықтым, – деді ғаяр.
– Олай болса, сенің үйің қай жерде, қай көшеде еді?
– Менің үйім, пәлен көшеде, пәлен жерде! Қатынымның аты Мұхтарима.
– Ойбай-ау, ол менің қатыным ғой! – дейді ұры.
– Олай болса сен оны алғаныңа қанша уақыт болды?
– Он жыл болды.
– Менің алғаныма да он жыл болды.
– Қой, енді екеуіміз бүйтіп далада жүре алмаспыз, не болса да үйге қайталық. Бұл қатын айласын асырып, екеуімізді бірдей алдап жүрген болса, онысын көрейік. Болмаса біріміз өтірікші болып шығайық! – десіп, ел жатқан соң екеуі аяңдап үйіне келіп есік қағады. Қатын түрегеліп есік ашып, ұрыны көрген соң:
– Байғұс-ау, шаһар тиыштанды ма, қалай тез қайтып келіп қалдың? – дейді.
– Шаһардың не болғанын қой, үйге шам жақ? – дейді ұры. Әйел шам жағып жіберсе, ұрының қасында ғаяр тұр, екеуі бірге келіпті. Ұры отырып:
– Ал қатын, сөйле, өзің де біліп отырған шығарсың. Мынау кім, танисың ба? – дейді. Сонда қатын:
– Танимын, бұл менің байым! – дейді.
– Бұл қалай байың болады, бұған қашан тидің?
– Өзіңе тиген жылы тиіп едім, сонан бері біріңді біріңе қоспай келіп едім...
– Ал қатын, бірімізді біріміз біле бермей жүрген екенбіз, кеш білдік. Енді бірігіп бір қатынға тіркесіп отыра алмаспыз, өзің кімдіксің, соныңды айт! Қатын отырып:
– Енді қайсысыңның өнерің артық болса, соныңа тиемін, – дейді. Сонымен отырып таң атып қалады.
– Ал олай болса менің ұрлығым түнде болады ғой, саған күн мен түннің бәрі бір. Күндіз сен өнеріңді көрсет, мен артынан баспалап отырайын! – дейді ұры алдамшыға.
– Жарайды, – деп аяр көшеге шығып келе жатса, бір бұрышта бір бай біреуден ақша алып күмәжнегіне салып алып жатыр екен. Ғаяр жанына келіп тұра қалды. Тұра қалды да бір жиырма тиын күмісті байқатпай байдың күмәжнегіне салып жіберді. Бай ақшасын санап алып, күмәжнегінің аузын жауып қалтасына сала бергенде, ғаяр барып байдың қолынан көрдіңдер ме, жұртым-ау? – деп айқай салады. Сол арада айқаймен ел жиналып екеуін жасауылға, жасауыл қазыға алып барады. Қазы ақшаны қолына алып, байдан: – Мынау ақша сенікі ме? – деп еді, бай «менікі» деді.
– Сенікі болса мұның ішінде қанша ақшаң бар? – деді.
– Пәлен теңгем бар, – деді. Ғаярдан сұрап еді, ол:
– Пәлен теңге, пәлен тиын, – деді. Қазы ақшаны санап жіберсе, ғаярдың айтқаны рас болып, байдың айтқаны өтірікке шықты. Қазы ақшаны ғаярға беріп қояберді. Ғаяр ақшаны алып ұры мен екеуі үйге келеді.
– Менің осыдан артық өнерім жоқ, талтүсте біреудің ақшасын тартып алдым, енді бұдан артын не қыл дейсің? – дейді алдамшы.
– Жарайды, сенікі де өнер-ақ екен. Мен не де болса түнде көрсетермін, – деді ұры. Түн болған соң ғаярды қасына ертіп ұры көшеге шықты. Басқа жерге бұрылмастан патшаның сарайына келді. Келсе ел әлі жатқан жоқ екен, ел жатсын деп, заборға келіп отырды. Аз отырды да «аш отырмайық, сендер от жаға беріңдер» деп, ұры шығып кетті де, патшаның тауық қорасынан бір тауықты алып келді. Жүнін жұлып отқа қақтады. Ғаяр отырып: «Жаным-ау, бұл не тамақ болады, біреу біліп қойса қайтеміз?» – деді. Сонда ұры:
– Бұл тамақ болмайды, бір белгі болады, – дейді. Ел жатқан соң ұры патшаның сарайына келіп енсе, ас үйде аспазшы күң ұйықтап жатыр екен, ұры жанында жатқан күңнің көйлек, жаулығын киіп алып, ғаярды ертіп, патшаның тап өзі жатқан үйіне келіп кірді. Кірсе, патша төрде төсекте жатыр, бір бала патшаның аяғын сипап отыр. Баланың аузында сағыз, екі көзі жұмулы. Патшаның да көзі ұйқыда, көңлі ояу, анда-санда «балам әңгіме айт!» дейді. Бала аузына келгенін әңгіме етеді. Патша «е» деп қояды. Патшаның екі жағындағы екі бұрышта екі пұт ат басындай алтын тұр екен. Ғаярды солай қойып, ұры үйге екі рет еніп, екеуін де алып шығады. Ғаяр тұрып: «Кел жаным, сен дәнемені сезер емессің, жарлық шашып іздеп жатқан ғаяр мен екеуіміз, басқаның малы жетпейтіндей, дәл патшаның өз үйіне келіп істеп тұрғанымыз мынау! Мақсұтың қатын болатын болса, қатынды сен-ақ ал, тек тек тезірек кетейік! – дейді қорқып. «Тұра тұр, кетерміз» деп алдаусыратып тұрып, ұры ғаярды екі қолын аратына байлап тастайды.
– Япыр-ау, мен не қылдым, қатын құрысын, саған ал деген жоқ па едім. Енді өзімді өлтірейін дегенің бе? – дейді ғаяр.
– Жоқ, менің ойым сені өлтіру емес, сен менің қылған ісіме шыдамайсың, кетіп қала ма деп байлап тұрмын, сені тастап мен ешқайда кетпеймін, – деп, екі қолын есікті қайырып тұтқаға байлап қойды. Өзі ептеп үйге кіріп, көзі ұйқыда қатып-қалжырап, ауық-ауық аузын ашып есінеп отырған баланың аузына бір тал қылдың ұшын сала қойып еді, бала қылды сағызға қоса шайнай берді. Ұры қылды тартып алып еді, сағызы аузынан түсіп кетті. Ермек қылып шайнаңдап отырған бала аузынан сағызы түсіп кеткен соң, ұйықтап кетті. Ұры баланы кейін жатқызып, баланың бөркін басына киіп патшаның аяғын сипап отыра қалды. Тағы да бұрынғы әдетінше патша бір оянған кезде «балам, әңгіме айт!» деп қойды. Сол уақытта ұры отырып:
– Тақсыр, сіздің ұйқыңыз ашылып кете ме деп үндемей отырмын, көзіңіз ұйқыда болса да, көңіліңізбен тыңдасаңыз, мен бір әңгіме айтар едім, – деді.
Патша: «Жарайды, балам, тыңдайын айт!» – деді. Ұры ертеде болған жұмыс еді деп, ғаяр мен екеуін бір әйелдің қалай алғанын бастан-аяқ ертегі ғып айтып береді. Патшаның сарайынан тауық ұрлап, оны «бір белгі болсын» деп кеткеніне дейін айтып отырғанда, ғаяр шыдай алмай, қолын шешіп босанып кеткісі келіп қозғалып қояды. Ғаярмен бірге есік те қозғалады, есік қозғалса ұры, «батыр тоқта, хан тыңда» деп қояды. «Балам, батыр тоқта, хан тыңда» дегенің не? – дейді хан. Онда ұры: «Тақсыр, осы ертегінің аялғысы еді» дейді. Сонымен сөзін аяқтап болғаннан кейін: «Тақсыр, айтылған сөз рас болғанда, қатынды қайсысы алуға тиіс?» дейді ұры. Патша жатып: «Балам, ұрының осындай қылғаны рас әңгіме болса, ол ұры алғысы келсе, ғаяр түгіл патшаның да қатынын алып қояды ғой!» – дейді. Сонымен патша сөзін аяқтап болып қор ете түскен кезде, баланың басын патшаның аяғына сүйей тастап, ұры орнынан тұрып кетеді. Аяғын ептеп басып алдамшыға келіп: «Батыр, қатын кімдікі болды?» – дейді. Ғаяр: «қатының құрысын, өзімді босатсаң болады!», – дейді. Қайтарда ғаярды шешіп алып, алтынды көтеріп ұры үйіне келеді. Келген соң, ғаяр қош айтысып өз бетімен кетеді, ұры үйде жатып қалады. Ертең оянып патша орнынан тұрса, алтын жоқ, біреу емес екеуі де жоқ. Үй ішінен сұраса, адам білмейді. Сол жерде түндегі сөз есіне түсіп баладан: «Сен маған түнде ертегі айттың ба?», – деп сұрайды. «Жоқ, тақсыр, мен тегі ертегі білмеймін», – дейді бала. Күңді шақырып: «Сенің көйлек, жаулығың қайда болды?», – деп сұрайды. Ол: «Өзімнің тастаған жерімнен алып шығып, біреу ауызға тастап кетіпті», – дейді. Дарбазаның бұрышына барып келіңдерші, не болар екен? – десе, бір қалтарыс бұрышта жұлып тастаған бір тауықтың жүні мен оны пісіріп жеген оттың күлі табылыпты. Түндегі ертегі қылып айтқан осы ұрының жұмысы екенін патша сонда бір-ақ біледі. Енді патша: «Түнде өзіме төре айтқызып, алтынымды алып кеткен ұры қорықпай өз алдыма келіп істегенін мойнына алса, бас уәзір қыламын», – деп шаһарға жар салады. Оны естіген соң, ат басындай алтынды құшақтап ұры алдына келіп: «Алдияр тақсыр, сол ертегі айтқан да, мына алтынды алған да мен едім», – дейді. Патша күнәсін кешіп, ұрыны өзіне бас уәзір қып алған екен дейді.
52. Көпес қызы мен молда
Бұрынғы заманда бір хан болыпты. Ол заманда хан серіктерімен жүреді екен. Хан серіктерімен бір үлкен тауға келіпті. Оның баурында бір үлкен өзен бар екен. Хан өзенді жағалап сейіл құрыпты. «Бұлған сен бас бол!» деп біреуді хан қойыпты. Ол өңірде бір үлкен көпес бай бар екен. Көпестің бір қатыны, жалғыз қызы бар екен. Қызы оқымыстын, дүниенің тілін біледі екен. «Мен өлгенде, қатыныма зорлық қылмасын!» – деп, көпес ханмен тамыр болыпты. Сол шағында бай дүниеден көшіпті. Ол елде бір үлкен молда бар екен. Бір күндерде қыз терезесінен тысқа қарап отырса, молда терезе алдынан өтіп барады екен. «Біздің әкемізге бата қылып тамақ ішсін!», – деп молданы қыз үйге шақырыпты. «Жарайды, бір қырық кісіге жеткендей тамақ жасап қойсын!», – дейді молда. Түнде молда қыздың үйіне келіп тамақ ішеді. Тамақ ішіп болғанда молда иек қаққанда, серігі далаға шығып кетеді.
Ертеңгісін қыз ханға бырып:
– Түнде бізді жау шауып кетті, – депті қыз.
– Ол жауды сіз таныдыңыз ба? – депті хан.
– Жауды таныдым, мені шапқан жау анау! – депті қыз, ханның қасында отырған молданы көрсетіп.
– Өтірік айтасың, бұл кісі ешкімге тимейді. Мына қыздың орнын опат қылып, көзін жоғалтыңдар! – төлеңгіттеріне хан. Сонда бір төлеңгіті тұрып:
– Ей, тақсыр, қыздың әкесі бір күндерде сіздің жақсы досыңыз еді, өлтірмеңіз, қызды шаһардан қуып жіберіңіз! – дейді. Хан мұны дұрыс көріп қаладан айдап жібереді.
Қыз анасымен беті ауған жаққа қаңғырып кете барады. Күндер, айлар, жылдар өтеді. Күндерде бір күнгі жол жүріп келе жатып, бір су жағасындағы биік бәйтеректің түбіне келіп, қыз шешесімен саялайды. Теректің басында бір топ торғай отыр екен. Шешесі мен қызы екеуі жылап жатса, торғайдың біреуі: «Бұлар неге жылап жатыр?» – дейді.
– Хан бұлардың мал-мүлкін шауып алып қойды! – дейді екінші торғай.
– Енді бұл байқұстар қайтып адам болады?
– Бұлардың жатқан жерінде жеті патшаның малы бар.
– Ол жеті патшаның малын қайтып алады?
– Шешесі шаһарға барып, бір сүймен, бір күрек сұрап алып келіп, бұл жерді қазса, кісі бойы барғанда астынан асыл тас шығады. Сол тасты сүйменмен ұрып сындырса, жеті патшаның малын көмген қойманың аузы ашылар еді. Онда неше түрлі киім, сауыт-сайман, арба бар. Оған базардан барып ат сатып алып, арбаға жегіп, қайтадан ханға барып «қонақпыз!» десе, хан «қон!» дер еді. «Біз бұл жерге үй саламыз!» десе, хан «сал!» дер еді. Онан соң бұлар өзінің бұрынғы орнына үй салып алар еді, – дейді торғай. Торғайдың айтқандарын қыз естіп жатады.
Қыз түрегеліп естігенін шешесіне айтады. «Базарға барып сүймен, күрек сатып әкел!» – дейді. Шешесі базарға барып сүймен, күрек сатып әкеледі. Күрекпен қыз теректің түбін қазады. Кісі бойы жер қазған соң, астынан асыл тас шығады. Асыл тасты сүйменмен ұрып сындырса, тастың астынан жеті патшаның қазынасы шығады. Шешесі базарға қайтадан барып ат сатып әкеледі. Атқа арбасын жегіп, еркекше киініп қыз ханға келеді. Ханға келіп: «Қонақпыз!» – дейді. «Қонақ босаң кімсің?» – дейді хан. «Мен бір шаһарда тұратын ханның баласы едім!» – дейді қыз.
– Қонақ болсаң, қон! – дейді хан.
– Біз мұнда тұрып сауда қыламыз, үй тұрғызамыз! – дейді қыз.
– Жә, тұрғызыңыз! – дейді хан.
– Үй тұрғызсақ, осы жерде тұрғызамыз! – дейді қыз.
– Бұл жерде тұрғызбаңдар, өйткені бұл жердің иесі өтірік айтып, жазаға ұшыраған, бұл жер құтсыз мекен! – дейді хан.
– Құтсыз болса да сіз ықтияр болсаңыз осы жерге саламыз! – дейді қыз.
– Салсаң, сал! – дейді хан.
Қыз үй салып, саудасын істеп жатады. Үйінің есігін теректің түбінен шығарып, терезеден қарап отырса, баяғы молда кетіп бара жатыр екен. Қыз молданы «Бізге қонақ болыңыз!» – деп тағы да шақырады. Молда: «Барайық, кешке алпыс кісіге жеткендей тамақ даярлап қойыңыз!» – дейді. Қыз серіктеріне:
– Мен барабан соққанда, қырық есікті бекітіп тастаңдар! – деп тапсырады. Кешке алпыс кісімен молда келеді, келеді де тамақ ішеді. Тамақ ішіп болған соң, молда серігіне «жау уақыты!» дейді, серігі шығып кетеді.
Сонда қыз барабан соғады, серіктері тез есікті бекітеді. Тәңертең қыз жүгіріп ханға келеді.
– Бұл кім? – дейді хан.
– Бұл кешегі шаһардан қуып жіберілген қыз, – дейді уәзір. Ханның жақсы уәзірі бар екен.
– Өтірігі қуып жіберілген қыз бұл жерден не алады? – дейді хан.
– Ей, тақсыр! Мұны түнде тағы да жау шауыпты, – дейді уәзір.
– Шапқан кім екен? – дейді хан.
– Мұны тағы баяғы молда шауыпты, – дейді уәзір.
– Молда ұсталды ма? – дейді хан.
– Иә, ұсталды, – дейді қыз.
Молданы ханға алып келеді.
– Жә, молда! Сен мұны неге шаптың? – дейді хан.
Қарабет молда жауап айта алмай төмен қарайды. Сол жерде өлім жазасы беріліп, молда өлтіріледі. Молданың жүз кісі серігі бар еді. Олардың да күніге біреуі өлтіріледі. Ең соңында қалған серігі: «Молданың тыққан қазынасы бар, мен соны айтып берейін, мені өлтірмеңіз!» – деп жалынады.
– Жә, сені өлтірмейік, бұл молда қайдан келді? – дейді хан.
– Жеті қаланы қырып келді, – дейді молданың серігі.
– Ол жеті қаланың қазынасы қайда? – дейді хан.
– Оның бәрі мұнда көмулі, – дейді серігі.
Сөйтіп, жігіт арамза молданың далаға тыққан қоймасын ханға тауып беріп, өзі ханға сенімді уәзір болады.
53. Данышпан қыз
Өткен заманда бір хан болады, ханның он жеті әйелі болады. Жасы сексенге келгенде әйелдеріне көңілі толмай тағы бір ақылды әйел алуды арман қылады. Хан осы мақсатпен елге жар салады. Онда: «Мен бір жұмбақ айтамын, сол жұмбағымды кім шешсе мол қазына, бір көз алтын беремін, тек дүниеге қызығып таба алмағанды дарға асамын!» – дейді. Жұмбағы: «Бірінші, дүниеде ең ауыр не? Екінші, дүниеде ең тәтті не? Дүниеде ең қатты не?» – дейді. Бәгесі – бір көз алтынды тапқан адам алмақ, таппаған адам асылмақ. Хан алтынды жар жағына үйдіріп қойған, үш күнде бір рет теріс шешкен бес-алты адам дарға асылып тұратын болған. Кемпірі өлген, он бес жасар қызы бар бір шал күнде әлгі жиынға барып, үйіне келеді де «уһілей» береді. Қызы: «Әке, неге уһілейсіз?» – деп сұраса, айтпайды. «Осы жұмбақты табатын құдай маған ақыл бермеді деп күйінесің, әке, оның шешуін мен білемін, бірақ айтсам, онда менен айрыласың ғой!» – дейді де, қызы ақыры әкесіне жұмбақтың шешуін үйретеді. «Жұмбақтың шешуін ертең дар басына алып барған соң айтарсыз!» – дейді. Шалды патша мінберге шығарады. Шал: «бірінші – дүниеде ерлі-зайыпты адамның бір-біріне қақы ауыр дейді; екінші – ерлі-зайыпты адамдарың арасындағы махаббат тәтті; үшінші – осы жағдайды сыртқа шығармай сақтайтын жүрек қатты» – дейді. Патша: «Таптың, қазына сенікі, бірақ саған кім үйретті, соны айт!» – дейді. Шал: «Өзім білдім», – дейді. Патша: «Сен, өзің білген болсаң, үш күннен бері айтар едің, үйреткен адамды айтпасаң, жазаң!» – деп, дарға аспақшы болады. Шал өлімнен қорқып: «Үйде он бес жасар қызым бар еді, сол шешті» – деп айтып қояды. Қызды алдырып: «Сен бұл шешуді қайдан білдің?» – деп сұрағанда, қыз: «Мен өз әке-шешемнен үйрендім» – дейді. Себебі екеуінің менен басқа жақсы көрері жоқ болатын, түнде жатқанда екеуі мені орталарына алып жатып: «бермен қарап жат» десіп маған таласып жататын да, ертең тұрсам мені төсектің шетіне шығарып тастап, екеуі бірігіп жататын. Бұған қарағанда екеуінің менен де артық көретіні махаббат екенін сонан білдім. Араларындағы мұндай махаббат – нәпсілерін сыртқа шығармай сақтайтын әрине жүрек болмақ» депті қыз. Патша шалға мол қазына арттырып жібереді де, артынша шалдың он бес жасар қызын айттыруға жаушы ғып уәзірлерін жібереді. Шал қатты қиналып жылайды. Қызы: «жылама, әке, жауабын өзім берем» дейді. Оңаша отырып қыз патшаға хат жазып, «өз қолына тапсыр» деп жаушыларға береді. Қыздың хаттағы сөздері: «Сіз дүниені билеген патшасыз. Қалың-кадесіз бір жетім қызды алуыңыз өзіңізге де және бізге де зор сынықтық, сондықтан менің тоғыз түрлі қалың малым бар, соны беріп алыңыз. Бірінші – он бес ұрғашы бағлан қозы; екінші – жиырма бес көк жал қасқыр; үшінші – отыз арыстан; төртінші – қырық қабылан; бесінші – елу түлкі; алтыншы – алпыс шідер; жетінші – жетпіс қан-сөлі кепкен жүрек; сегізінші – сексен қап қу сүйек; тоғызыншы – сексен жасқа келіп қайыр тіленіп жүрген бір шал мен кемпір беріңіз. Шалды өзіңдей киіндіріп, кемпірді қанымдай қып киіндіріп беріңіз. Осы айтқандарды беріп болған соң, дүниеде бір мұңы жоқ адамды тауып, некемді сол адамға қидырып алыңыз!» – депті. Патша қаншама әуіре болып айтылғандарды түгел тауып алады, бірақ неке қиятын армансыз адамды өз қарауынан таба алмайды. Ақыры алыстағы бір уалаяттағы Мұңсызхан деген бір ханды іздеп барады. Барса Мұңсызхан шарбағынан кіргізбейді. Зорға кіріп сөлесіп, жұмысын айтса, Мұңсызхан патшаға «Менің атым Мұңсызхан болғанымен, дүниеден менен мұңы ауыр адам жоқ, онан да бұрын ол он бес жасар қыз сізге тимейтін болыпты, сіз бекерге әуіре болып жүрсіз ғой. Ол мен ұрғашы бағлан қозыдаймын, көкжал қасқырдай жиырма бестегі жігітке тиемін; ол болмағандағы отыздағы арыстандай жігітке тиемін; о да болмағанда қырықтағы қабландай біреу алады; о да болмаса елу жастағы түлкідей біреу табылар!» – депті ғой; ал ар жағында сізге сын беріпті: «Алпыс жаста шідерлендің, жетпіс жасыңда жүрегіңде қан-сөл қалған жоқ, сексенге келдің, жерде жатқан қу сүйекпен теңсің. Киіндіріп берген шал мен кемпір жақсы киіндірген соң өзіңдей болады, сіздің солардан артық ештеңеңіз жоқ. Үшінші, бұл дүниеге мұңсыз адам келмекші емес және осы жүрген адамдарда менен мұңы ауыр адам жоқ, бірақ ол мұңымды сізге айтуға болмайды, егер айтсам сізді үйімнен шығарып жіберуге де болмайды, өлтіріп шарбағымның ішіне көмуге тура келеді», – деді Мұңсызхан. Патша ханға: «Сол мұңыңды бастан-аяқ айтып басымды шап та, менің қораңның ішіне жерле!» – деп өтініш қылады. Патша басын асынып тұрады, хан қылышын көтеріп тұрып мұңын бастан-аяқ айтып болып, патшаның ерлік-мәрттігіне риза болып басын шаппайды: «Мәрт екенсің, басыңды шаппаймын, сырымды шашпассыз, кете беріңіз!» – дейді.
54. Тұрсынханның үш ұлы
Баяғы заманда Тұрсынхан деген кісінің үш баласы бар екен. Үшеуі де өнерпаз, шешендігімен «Тұрсынханның үш шешені» атаныпты. Тұрсынханның есігінің алдында екпе бәйтерегі бар екен. Сол бәйтеректің әшән ойып, ат басындай алтын тығып қояды. Оны өзінен басқа ешкім білмейді. Тұрсынхан өлер алдында балаларын шақырып алып:
– Балаларым, енді мен өлемін, сендерге айтатыным, есік алдындағы бәйтерекке ат басындай алтын тықтым. Сол алтынды қашан қолдарыңнан мал кеткенде, әбден ішерге тамақ, киерге киім, мінерге ат таба алмағандарыңда, бір қолдарың екеу болып көрінгенде алып, күндеріңді көріңдер! – деп, жүз бір жасында қайтыс болыпты.
Үш баласы бәйтеректегі алтынды күнде қарап, бағып жүреді. Бір күні бәйтеректі келіп қараса, алтын жоқ. Біреу ұрлап кетіпті. Үшеуі кім алғанын білмейді. Әрі ойлап, бері ойлап, еліндегі ханға жүгініске барады үшеуі. Ол хан сондай тапқыр, ақылды екен. Егер өзі білмесе, жұрттан асқан сұлу қызы сөз тауып, талай адамдарды даудан құтқарып отырады екен. Ағайынды жігіттер ханға барып отырады. Сол уақытта үлкені екі інісіне сыбырлап:
– Бұл хан осы жердің бұрынғы ханын өлтіріп, орнына өзі хан болған екен. Жеті атасынан хан емес екен, – дейді.
– Апыр-ай, оны қайдан білдің? – дейді інісі.
– Білдім, жаңа біз сәлем бергенде, басын төмен салып, төмен қарап тұрып алды, атақты хан болса, жоғары қарап алар еді. Онысы өзіне жаман көрінеді. Сондықтан сәлемді төмен қарап алды, – дейді.
Хан үшеуіне ас келтіреді. Оны жеп болған соң, біраз отырып ағасы былай дейді:
– Осы ханның бізге берген палауында бір иіс бар, сірә, өлген адамның топырағына еккен зат па, жоқ болмаса, өлген адамның еті ме? – дейді.
Тағы кіші інісі былай дейді:
– Ханның бізге берген еті иттің еті екен, бағана ет жегенде, иттің иісі шығып тұрды, – дейді.
Бұл үшеуінің сөзін ханның құлы естіді де:
– Ойбай, қонақтарың осындай сөздер айтып отыр, – деп, ханға айтады. Хан ол сөздерді ести сала шешесін, күріш егушіні, қойшыны – үшеуін шақырады. Шешесіне былай дейді:
– Мыналар жеті атасынан хан емес дейді, сол рас па? – деп шешесінен сұрады. Шешесі ойланып отырып:
– Ол рас еді. Сенің әкең Ораз деген кісі еді. Ол жақсы, батыр адам еді. Бір жылдары осы елдің ханына өштесіп жүреді де көп жолаушы бара жатқанында жолда өлтіріп, орнына өзі хан болып, артынан оның орнына сен болғансың, – дейді.
Күріш егуші былай дейді:
– Ол күрішті анау тұрған көп бейітті айландыра жыртып едік, моладағы адам сүйегінің шашылып жатқандары бар еді. Олардың айтқаны болса болар, – дейді. Сонда қойшы былай дейді:
– Ана жылдар қойлар арамза қоздап, енесі сүт бермеді, қозы өлетін болды, сонда қозыны итке емізіп едік, – дейді. Сол жерде хан не айтарын білмей сасып, қызына барады. Барысымен болған уақиғалардың бәрін айтады.
– Әке, саспа, ол адамдарды маған жібер! – дейді қызы. Содан кейін үшеуін хан қызының сарайына алып барады. Қыз қонақтарды күтіп болған соң:
– Әңгіме айтыңыздар! – дейді.
– Сіз айтыңыз! – дейді үшеуі. – Мен айтсам айтайын, – деп қыз әңгімеге кіріседі.
– Баяғыда бір хан қызы бар еді, өзі асқан данышпан адам еді. Оны бір күні бір байдың баласы алады. Әлгі қыз бір күні сейілге шығады, қасында нөкерлері бар. Сейілде жүріп, бір жерлерде жеміс егісіне келеді. Танысып, ағаш аралап жүріп, қыз таңдаған жемісін алғызып жеп жүреді. Бір жерге келіп, қыз жемісшіге:
– Ана бір жемісіңізді беріңіз? – дейді.
– Менің сұрағанымды берсең, әперейін, – дейді жемісші.
– Жарайды, айт сұрағаныңды! – дейді қыз.
– Әкең сені бір байдың ұлына берген еді, сол енді келеді, ол кететін күннен бір күн бұрын маған келіп жолығып кетсең болады, – дейді жемісші.
– Жарайды, – деп, қыз жемісті алып кетеді.
Сол күні кешке жақын күйеу қалыңдық ойнауға келеді. Жеңгелері қызды күйеуге апарады. Қыз күйеуінің жанына барып отыра беріп:
– Ойбай! – деп, жамбасын бір салады. Оған күйеу:
– Оның қалай, неменеге өкіндің, жамбасыңды соққаның не? – деп сұрайды. Қыз:
– Бір жерге бір адам пәлен күні кел! – деп еді, мен соған бара алмай ұмытып кетіппін, сол жаңа есіме түсіп отырғаны, сізден рұхсат болса, барамын да келемін, – депті қыз.
– Е, ондай болса, «уағында опа» деген боларсың, барып кел! – деп, күйеу қалыңдығын жіберген екен. Қыз кетіп бара жатқанда, жолда үш ұры ұстап алады. Қыз барлық сырын айтқан соң, ұрылар да еш нәрсесіне тимей қызды қоя береді. Қыз сол бетімен жемісшіге барады. Жемісші келгеніне разы блып:
– Жарайды, рахмет сізге, еш қиянат қылмаймын. Үйіңізге барыңыз. Сізді кел деген себебім күйеуіңізді сынайын деп едім, – деп, қызды қоя береді.
Міне, әңгіме айт десеңіздер, осылардың қайсысы жомарт, табыңыздар, – дейді қыз. Үшеуі ойланысып отырады да үлкені:
– Бұның күйеуі жомарт. Өзі қалыңдығына кеп отырып, менің біреуде жұмысым бар еді дегеніне жіберіп отырған күйеуінен жомарт ешкім жоқ, – дейді.
Ортаншысы айтады:
– Жоқ, олай емес, жеміс егуші жомарт. Оның жемісі өзінің алдындағы малы, қыздың әпер дегенін әперіп, өзі «кел» дейді. Барған соң ешбір қастық істемей, қайта жіберген жеміс егуші жомарт, – дейді.
Ең кішісі айтады:
– Олай емес, ұрылар жомарт. Олар ұрлықпен күн көріп жүріп, қыз жалынды деп, қоя беріп жүрген ұрылар жомарт, – дейді.
Сонда қыз орнынан тұрып келіп, ең кішісінің білегінен ұстап:
– Ұры ұрының сөзін қуаттайды, алтынды ұрлаған сен екенсің, тап! – депті. Кішісі алтынды алғанын мойнына алып, қыз алтынды тапқызып, үшеуіне бірдей қақ бөліп берген екен, – дейді.
55. Данышпан Кәрім
Күн шығыс жақта бір патшаның ордасында Кәрім атты данышпан адам бар екен. Патша мұны жақсы көріп, ықыласпен әңгімелесіп, мәжіліс құрады екен. Бір күні патша мұнан: Жер үстінде шеккен өмірді және дүниені немен теңестіруге болады? – деп, сұрау қойыпты. Бұл сұрауға данышпан жауап бере алмапты. Әуелі бір күнге, кейін екі күнге, онан кейін бір жұмаға мұрсат тілепті. Ең ақырында:
– Тақсыр, патшам, сенің сұрауыңды шешуге болмайды. Мұны табуға менің ақылм жетпейді. Данышпан адамдардан сұрауға маған мұрсат бер? – депті. Патша мұрсат етіпті. Содан кейін патшаның сұрағына жауап тауып келуге Кәрім жол жүріп кетіпті.
Әуелі бұл бір бай шаһарға келеді. Бұл шаһарда кәміл ақылды бір адам бар екен. Ол адамның мейлінше үлкен кең сарай үйі бар екен. Патшамен әлгі адам жақын дос екен. Мұның өзі патшаның салтанатындай салтанат құрушы еді. Өмірінде дүниенің қызығын көрген адам еді. Кәрім бұған келіп сұрауын айтты. Ол былайша деп жауап берді.
– Дүние дастарханы жаюлы, тамағы даяр, кім келсе де жеп-ішіп, тамаша қылып отырып кететін бір үлкен кең сарай үйге ұқсайды. Қонақтардың басында жұлдыздар жарқырап толықсып тұрса, құстардың сайраған үнін естіп, қошуақ болса, гүлдердің жақсы иісін иіскеп отырса, алдындағы дастарханның үстінде есепсіз алтын табақпен тамақтары даяр болып тұрса, маңайындағының бәрі адамның көңілін шат қылса, қонақтары бірімен бірі қуанысып, әңгімелесіп, күлісіп, таласып келгенде – бұларға орын табыла берсе, жақындары өзара мейірімді болса, міне жарық дүние мен өмір деп, осыны айтады, – дейді. Соңынан: «Менің бұл жауабыма разымысың? – дейді. Кәрім бұл кәміл адамның айтқан сөздеріне үндеместен разы болмай, қоштасып, онан арман жүріп кетті. Жолда келе жатып, қалың ойға шомған Кәрім ішінен. «біздің баршамыз бірдей ішіп-жеп, тамаша қыла бермейміз, ашыққан, жалғыздық көрген, жылаған адамдар аз емес», – депті. Кәрімге жақын жерде, орманның ішінде тақуа еткен бір сопы адам тұрады деп айтыпты. Тақуа сопы үңгірде тұрып, тастың үстінде ұйықтап, тамағына шөптердің тамырын жеп, сусынына су ішіп, күні-түні намаз оқиды екен.
Кәрім көп ұзамай сопыға барады. Келген жайын айтады. Сопы бұған:
– Тыңдаңыз! – деді. Бір күні бір жолаушы адам түйе жетектеп келе жатыпты. Бір мезгілде бура өз-өзінен тайраңдап ақ көбігін шашып, гүрілдеп шабына бастайды. Жолаушы қорқып қашып келе жатқанда, жолдан сусыз бір шыңырау құдықты көреді, қараса қап-қараңғы құдықтың түбінен қарақат ағаштардың бұтақтары шығып тұр екен. Қарақат ағашы құлап қалған ескі құдықтың бетіне таралып өскен екен. Бурадан қорыққанынан жолаушы секіріп құдыққа түсіп, қарақат ағашының майысқан жас бұтақтарынан ұстап, қараңғы құдықтың ішіне асылып тұра қалыпты. Шыңырау құдықтың түбіне қараса, аузын арандай ашып, бір айдаһар иіріліп жұтайын деп, ыңғайланып жатыр екен. Ол аң-таң болып, жіңішке бұтақтан ұстап алып, екі ажалдың ортасында тұрыпты. Тағы да құдықтың ішіндегі қарақат ағашының түбін қазып, топырақтарын аршып, тамырларын жалаңаштап, қырқып жатқан бірі ақ, бірі қара екі тышқанды көреді.
Жігіт құдықта асылып тұрып, құтылудан күдер үзіп тұрғанда, жанында жақын тұрған қарақаттың топ-толық піскен жемісін көреді. Бұл жемісті алып жеуге ынтық болып тұрғанда, төбесінде күркілдеп тұрған бура да, құдықтың түбіндегі айдаһар да, өзіне қастық қылып жатқан екі тышқан да есінен шығып, ұмытып кетіпті. Шабынған бураны, уытты айдаһарды, ағаштың тамырын қырқып, жерді қазып жатқан тышқанды қалдырып, ешнәрседен каперсіз жей бастапты. Сопы Кәрімге осы мысалды айтып:
– Дала мен шыңырау құдық – жарық дүние, – дейді. Даламен жүрген жол – біздің өткен өміріміз. Жолаушының артынан қуған бура – жанымыздың дұшпаны, адамда болатын қылмыстар – соның қорқынышы. Құдық – адамның қапысы, ішіндегі айдаһар – ажал, енді тышқандар не деп білесің? – дейді.
– Бұлар – күн мен түн болады, дем алмастан кезекпен кезек бейнет қылып жатқаны – күн мен түндегі өтетін өмір. Ақ тышқан – күн, қара тышқан – түн. Бұл өмірдің сені ажал менен дүние арасында бірдей қылып ұстап тұрмайды. Жеміс – нәпсі, жанның тиыштығы, көңілдің қуанышы. Сен жеміс көріп, нәпсіге еріп, өзгеден қорықпайсың, мәселен жоғарыда тұрған бурадан, ажал аузын арандай ашқан айдаһардан қорықпадың. Міне дүние, өмір, ажал деп осыны айтады. Енді менің айтқан әңгімеме разысың ба? – депті тақуа.
Кәрім сопыға үндеместен разы болмай, қоштасып тағы да одан арман жүріп кетеді. Ол өзіне-өзі күбірлеп: «Уә, әулие сопым, сенің айтқаның адамның зейіні жетпейтін ғажайып, сен де менің сауалымды шеше алмадың. Біздің әміріміз түпсіз далаға бастап барған даладай сонша қайғылы емес және бір сәтте өтіп кететін қызық, алдағыш тамашаға бола, адамдар өзін қамсыз қалдырмайды, сақтану деген адамда бар», – депті. Мұнан соң Кәрім көзіне көрінген жаққа қарай жүре беріпті. Келе жатып, үстінде жалба-жұлба киімі бар бір мүсәпір жолаушы адамға жолығыпты. Бұл адам жалаң аяқ, мойнында қоржыны, қоржынында наны, жемісі тағы неше түрлі өзге нәрселері бар екен. Ол өзі ақылды, көзі өткір, өңіне қарағанда, ақ көңіл адамға ұқсас көрінді. Кәрім ойланып тұрып: «Нем кетеді, бұған да сауалымды баян қылайын, кім біледі, бұл байғұс, менің жұмысымды табар», – дейді. Мұнан соң Кәрім «жер үстіндегі шеккен өмірді, дүниені, не нәрсемен теңестіруге болады?», – деп, қайыршыдан жауап сұрады. Қайыршы:
– Оны баяндау үшін менің бір ертегім бар еді, енді тыңдаңыз, мен соны айтайын. Егерде сен ойыншы, домбырашы адамды көрсең маған жібер, қапа болған менің балам да ойнап көңілін көтерсін, – дейді.
Бұған соқыр айтыпты:
– Мен мұнда ондай ойыншы адамды көрген едім, оған мен өзімнің аяғы жоқ баламды жіберейін, ол қазір тауып келер, – депті.
Аяғы жоқ бала жүгіріп отырып ойыншы адамды тауып келеді. Ол ойыншының сөйтсе қолы жоқ екен, сонда да тоқтамастан өзінің шегі жоқ домбырасымен айта қалғандай соншалық жақсы ойнапты. Оның тартқанына қапа болып жатқан бала шек-сілесі қатқанша күліпті. Оны соқыр көріп, қолын шапалақтап, мылқау тұрып сөйлеп, ойыншыны мақтай бастапты. Аяғы жоқ билей бастапты, мұның секіріп билегенін көріп, халық жиналыпты. Халықтың ортасынан бір ақымақ жүгіріп шыға келіп, ойыншыға, билеушіге өзгелер де:
– Бәрекелді, жарайды, рахмет! – депті.
Бұлардың жанынан бір данышпан ақырын өтіп бара жатып, не болғанын көріп, өзіне өзі сыбырлап айтыпты:
– Міне дүние мен өмірдің түбі де осы сияқты ақылсыздық, – депті. Жолаушы менің бұл ертегіме разысыз ба? – дейді.
Кәрім қайыршыға үндеместен разы болмай, амандасып тағы да мұнан арман жүріп кетіпті. Мұнан соң өзі айтты: «Сенің айтқаның ойлап шығарғанға ұқсайды, сонда да менің айтқан сауалымды шеше алмадың», – депті.
– Егерде, біз өмірімізде бекершілікті, ақымақшылықты, өтірікті қанша көрсек те, өміріміздің ішінде тиянағы күшті ақиқатты да көп көреміз. Өмірдің түбі ақиқат, растықта, қызық көруде, – дейді.
Кәрім осылай деп ойлап, елге қайтып барып, патшаның сауалына еш жауап ала алмадым деп айтпақшы болады. Жолда келе жатып, өзіне өзі жалбарынып: «Әй, жасаған, білмегенді білсем, зейінім ашылса, өмірімде көрмегенімді көрсем» деген ойға түседі. Содан патшаның алдына келіп: «Жолда не көргенімдің баршасын баян қылайын, мархабат қылып тыңда» дейді.
– Менің бұл қиын жолға барғаным саған мәлім еді, мен сенің әміріңмен кеткен едім. О, патшам, сенің көлеңкеңде маған басшы да, тамақ та табылды, ешбір қорқыныш та көргенім жоқ. Жолда бара жатып жақсыны да, жаманды да көрдім. Оларды бұл арада айтып не қылайын. О, патшам, мұның баршасын сіздің қылған есепсіз жақсылығыңызбен теңдестіргенде ешнәрсе емес. Менің көңілім, талабым, саған қызмет қылып бағайын деген едім. Ынта салып, адамдардың арасындағы ақиқаттықты біліп келіп, саған жауап берейін деген едім. Енді патшам, әділетіңмен өзің кес, сенің шарапат еткеніңе мен тұрамын.
Патша бір сөз айтпастан мейірімі түсіп, Кәрімге ұсынып қолын берді. Кәрім жолда көргендерін баршасын баяндап болып:
– Біздің өміріміз – іс қылып, тіршіліктің дегенін орындап, жол шегіп жүргенге ұқсас, – депті.
Патша бұған:
– Сен менің шын достым екенсің, сен маған мұнан былай да ақылшы бол! – депті.
56. Шахман мен Сұлтанхан
Өткен заманда Ыбырайым деген бір пайғамбардың тісі ауырыпты. Пайғамбар түні бойы тісінің ауруына шыдамай түрегеп жүріп, әйеліне:
– Менің тісім қатты ауырды, сен бір әңгіме айтшы, тісімнің ауырғаны бөлінер ме екен, – депті.
Әйелі:
– Менің әңгімем сіздің ауруыңызды бөлуге әсер беріп, қандай қызықты болар дейсің, одан да осында көп жасаған қарт Сұлтанхан деген кісі бар, сол кісіні шақырып берейін. Сізге әңгіме айтып берсін, – депті де, Сұлтанханды шақырыпты. Сұлтанхан келген соң Ыбырайым:
– Бір әңгіме айтшы, менің тісімнің ауырғаны бөлінер ме екен, – дейді.
– Тақсыр, есіткенімді айтайын ба, жоқ көргенімді айтайын ба? – дейді Сұлтанхан.
– Естігеннің бірі рас болса, бірі қосымша бекер болады, одан да көзбен көргенді айт! – дейді Ыбырайым.
– Жарайды, көргенімді айтайын, – дейді, сонда Сұлтанхан:
– Менің жасым қазір де жүз жиырма беске келді, о кезде отыздың ішіндегі кезім, өзім көргенмін, аң аулап, аң атамын, күндерде бір күн әйелім құланның етіне жерік болып, құланның еті керек болды. Атымды ерттеп міндім де, құлан іздеп жүріп кеттім. Мен араламаған шың, құз қалмады. Не қиын тау-тастарды кездім. Жүре-жүре елсіз далаға кездестім. Маңайға көз жіберіп қарап тұрсам, айдалада, көз ұшында бір ақ нәрсе көрінеді. Келсем тамашалап салған бір күмбез тұр, маңында ешбір қыбырлаған жан, не малдың ізі жоқ. Келдім де «елсіз далада бұл не қылған жалғыз тұрған күмбез, бұл кімнің мекені» деп ойладым. Бір кісіге алғызбаспын-ақ деп жүрген кезім. Атымды байлап тастап, үйге кіріп келсем ешбір жан жоқ, жалғыз төсекағаш тұр, үлкен тай қазанда ет асулы. Қисыны кісі бар сықылды. Келдім де иесі болса келер деген оймен жантайып, төрге барып жата кеттім. Бір мезгілде бір аттың дүбірі естілді, біреу келе жатыр екен деп ойладым. Айтып ауыз жиғанша есіктен еңгезердей ақсақ жігіт кіріп келді де, бір аяғы іште, бір аяғы сыртта тұрып: «Кім бұл үйдегі?», – деп ақырды. Басымды көтеріп алып, байқасам, егер жағаласатын болсам шама келетін түрі жоқ. Сасқанымнан «мен» дедім. «Менің кім?» деді. «Мен – Сұлтанханмын» дегенімде, үйге кіріп, төсегіне отырып, маған қазандағы етті түсіріп әкел деді. Одан басқа сөз жоқ, орнымнан тұрдым. Үлкен бір тайдың еті сиярлық ағаш астау тұр екен, етті соған толтырып, зорға көтеріп әкеліп алдына қойдым. Бар айтқаны: «кел, отыр, же». Ол да етті турап жеп отыр, мен де турап жеп отырмын. Бір мезгілде езу тартып күлгендей болды. Үрейім ұшып, зәрем кетіп отырған басым, күлгеніне бойым үйреніп, көңілім орнына түскендей болды.
– Тақсыр, жылағанды сұрама, күлгенді сұра деге еді, неге күлдіңіз? – дедім.
– Ажалың жоқ екен, атыңның атыма ұйқастығының арқасында ғана аман қалдың.
– Атыңыз кім еді?
– Атым Шамхан.
Қайтып басқа сөз сұрауға дәрмен жоқ. Бір жерін басып, ашуландырып аламын ба деп, тамақты жеп болған соң, кетуге ыңғайландым.
– Не ғып жүрген адамсың? – деді.
– Бір құлан іздеп жүрген адам едім, әйелім құланның етіне жерік болып...
– Ендеге кішкене тоқтай тұр, мен ұстап әкеп берейін, – деп Шамхан атына мінді де кетіп қалды. Көп кешіккен жоқ, бір топ құланның қысырағын (үйірін) айдап келді де, маған бір қысырдың тайын ұстап берді. Асау құлан тартынып жетекке жүрмеген соң, ноқтасынан ұстап, ат үстінен тақымына салып, бір қатар жерге шейін шығарып салды да, өзіме беріп, «қош» деді де қайтып кетті.
Былай шығып ойға түстім. «Бұл не қылған елсіз даланы жалғыз мекен қылып жатқан адам? Атым Шамхан деді. Одан басқа ешбір жөн-жосығын білгенім жоқ. Тіпті үйге барғанда қатыныма айтсам, ол не қылған елсіз даланы мекен етіп жатқан адам екен десе не бетімді айтамын? Қой, одан да мен қайта бұрылып жайын білейін, ең қиын қылғанда басымды алар. Сөзден жеңілгенім қиын болар» деген оймен қайта бұрылып, бірқатар жерге ұзап кеткен адамның артынан айқай салып едім, тоқтап, маған бұрылып келді.
– Тақсыр, Шамхан, сіздің атыңыздан басқа жөніңізді білмедім, «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деген еді, рұхсат болса сіздің жөніңізді білгім келеді.
– Дұрыс, олай болса, мына құланды қоя бер де үйге жүр. Мен сізге барлық жай-күйімді айтайын, – дейді Шамхан. Құланды қоя беріп, еріп үйіне келдім. Бір құланның семіз тайын әкелді, екеулеп сойдық, етін асып қойып әңгімеге кірістік.
– Мен осы елдегі бір байдың баласы едім, жалғыз шешем ғана бар. Осы елдің ханының қызы Айсұлу деген маған ғашық, мен оған ғашықпын. Менің өз бойыма дарынды азырақ батырлығым да бар. Ол Айсұлуға ғашық қалмақ ханның баласы Жорас деген бар. Біздің ханның қызын келіп сұраса, хан: «Мен заты басқа қалмаққа қыз бермеймін», – дейді. Оған ашуланған қалмақ төбеге әскер ойнатып «қызыңды тартып аламын» деген. Хан қорыққанынан қалмаққа берейін десе қызы көнбейді, маған берейін десе, әкесі қалмақтан қорқады. Сонымен хан маған кісі салыпты: «Мені қалмақтан құтқарып, Айсұлуды өзі алсын», – депті. Сонымен шешемді мал-мүлкімен елге тастап, қалың қалмақтың жолын тосып жатқан жайым осы. Қалмақтың келер мезгілі өткен жазғытұрым еді, онда келмеді, ендігі келмегі осы күз. Бір келсе осы күзде келмек, үш жыл күтпек, ханға берген уәдем бар. Үш жылда қалмақ келіп, менімен соғыс салмақ. Қызды жеңгеніміз алмақпыз, – деді Шамхан. Сол арада екеуіміз өмірлік дос болдық. Мен келесі күзге келіп, хабарын бермек болып уағдаластым. Ертеңінде және бір құланның тайын әкеп берді. «Қош» айтысып еліме қайтып кеттім.
Тірі кісінің жұмысы біте ме, әр нәрсеге айналып, Шамханның күз келерсің дегенін ұмытып кетіппін. Келер жаздың ортасында есіме түспесі барма! Күз тақалып қалған еді. «Енді Шамханға не бетімді айтамын! Қой, айтысқан сөз, алысқан қол бар еді ғой, неде болса болған шығар, бір хабарын біліп қайтайын» деген оймен атыма мініп алып жүріп кеттім. Арамыз бірнеше күншілік жер еді. Белгілі, манағы күмбезге келдім. Келсем баяғы қалпы, Шамхан үйде жоқ, келер деп күтіп жаттым. Бір мезгілде Шамхан да келді. Амандасқан соң қалмақтың әлі күнге келмегенін айтты. «Енді бір келсе осы күз келе ме деп тұрмын, ақыры уәдесі осы күз», – деді Шамхан. Сонымен бір айдай сонда жаттым. Тауға шығып мен қарауылдаймын, түнде Шамханның өзі қарауылға шығады. Қоңыр күз. Бір күні түс мезгілінде қарауылда тұрсам, күн шығыс жақтан қалмақтың қалың қолы келе жатыр екен. Келдім де, Шамханға хабар бердім. Қару-жарағын асынып, Шамхан алдынан қарсы шықпақ болды. Мен де қамданып едім. «Сен барма, егер өлсек, біреуіміз өлейік. Болмаса мен өзім де қалмаққа алғызбаспын», – деп, досым болмады. Амалым барма, тастап кеткен соң үйде қалдым. Қалмақтың алдынан астына өзіне сенімді қояндай ақ боз аты бар Шамхан, атына мінді де жүріп кетті. Ол күні келмеді. Күн кеш болды. Ерте тұрып қарауылға шығып қарасам, кешегі қалмақтың көп қолы көрінбейді, ханның шәрі жағына қарап тұрсам, бір жалғыз атты көрінеді. Кім екен деп алдынан қарсы жүрдім. Байқасам мінгені Шамханның аты сияқты, бірақ үстіндегі кісісі оған ұқсамайды. Шамхан өлген екен, не қолға түскен екен деп шошыдым. Жақындап келе жатқан адамға:
– Шамханның атын мініп жүрген сен кімсің? – дегенімде,
– Ой, Шамханымды білетін сен кім едің? – деп әлгі жылап қоя берді. Сөйтсем ол Айсұлу қыз екен.
Бүгін таң ата қалмақтың ханы: «Шамханды өлтірдік, сенгенің Шамхан еді. Енді қызыңды берсең де бересің, бермесең де бересің!», – деп қысым салып жатыр. Егер мені алатын болса, менің бір тілегім бар: «Маған Шамханның атын берсін. Мен барып, соғысып Шамханды өлтірген жерін көзіммен көрейін де, қайтып келіп тиейін», – деген екен. Айсұлудың ондағы ойы егер Шамхан анық өлген болса, көзіммен көрейін де басымды қалмақтан алып қашып қаңғырып өлейін деген мақсат екен. Қалмақтар: «Жалғыз әйел қайда барады дейсің?» – деп, атты беріп қоя берген екен. Екеуіміз «Шамхан тегінде өлген ғой, болмаса олардың қолына оның аты қалайша түседі. Жүр, соғыс салған жерін көрейік!» – дестік. Қалмақтар Шамханның алдынан ор қазып, соғысыпты. Түнде көп әскер қырылып қашыпты. Қашқан қалмақтарды қуып келе жатып, әлгі ордың тұсына келгенде Шамханның астындағы аты қарғып олардың ар жағына түсіпті де, өзі байқаусызда орға түсіп қалған екен. Иесі орға түсіп ойнақшып шыққан атты қалмақтар ұстап алып ханға белгі ғып апарған екен. Шамхан қалмаққа жеңгізбесе керек еді, қапылыста орға түсіп қалды ма деген оймен, қыз ерінің артына ұзын жібек арқан бөктере шыққан екен. Біз орды көрген соң, Шамханның атын атап, ордың екі жағына шығып алып айғай салдық. Бір мезгілде бір дыбыс естілгендей болды. Ор сондайлық терең қазылмаған екен. Тірілігін біліп қуанып, тұсына келіп арқан тастадық, бірақ екеуіміз тартып ала алмадық. «Атымның құйрығына байла!» – деген дауыс естілді. Арқанды атының құйрығына байладық та атты жетелеп, Шамханды аман-есен ордан алып шықтық. Қуанышымыз қойнымызға сыймады. Шамхан өз атына мінді, Айсұлу менің алдыма мінді. Үшеуіміз Шамханның мекеніне келе жатсақ, Шамханның қорасының шарбағында екі қара көк ат байлаулы тұр. Шамхан маған аттың біреуін шешіп алып кел деп еді, барсам темір шынжырмен кілттеп байлап қойған екен, шынжырдан босатып ала алмадым. «Ай жан емессің-ау!» деп, Шамхан барды да, шынжырды бір тартып үзіп аттың бірін алып келіп, қызды мінгізе бергенде, артымызда тасада қалмақтың қолы аңдып тұр екен, бізге тұра ат қойып қалды. Бет-бетімізбен араласып кеттік, бір-біріміздің қайда екенімізді білмейміз. Бет келгенді қылышпен шауып, басымды қорғап жүрмін. Күні-түнімен асығыстықтан ата қалмақтың қырылғаны қырылды, тірісі қашты, бір мезгілде есімді жисам, өлген қалмақ төбе болған, әр жеріме жара түскен, қалжыраңқырап қалыппын. Судың жағасына келіп, беті-қолымның қандарын жуып, жараларымды байлап тұрсам, Айсұлу келе жатыр. Келе: «Шамхынды көрдің бе?» – дейді.
– Жоқ.
– Ай, сол Шамхан өлді-ау деймін, өйткені түнде көзіме қан толып, біреу қарсы келгенде, иығын ала шаптым, жығылмады. Одан мойын тұстан қылышпен ұрғанымда, әзер дегенде атынан құлап еді, өңге бет келгендер бір ұрғанымнан жығылып еді. Ай сол Шамхан болмаса игі еді, – деп, жылап қоя берді. Екеуіміз өліктердің арасын қарап жүрсек, Шамхан өліп жатыр, айтқанындай иығынан бір шапқан, мойнынан бір шапқан екен. Сол арада қыз: «Мұнан қалып мен не боламын?» – деп, қанжармен өзін-өзі өлтірмек болып еді, қолын босатпадым. «Ақымақ болма, қарсылық қылма ажалға! Енді жаның ашыса, Шамханды күмбезге апарып таза арулап, жерлейік!» – деген соң қыз иланып, екеуіміз көтеріп әкеліп төсегіне жатқыздық. Қыз: «Енді маған біраз рұқсат бер, тірісінде қосыла алмадым, біраз жанына жатып мауқымды басайын!» – деді. Мен: «Дұрыс!» – деп рұқсат бердім. Қыз барды да, жылап Шамханды құшақтап жатты. Сол уақытта мен намаз оқиын деп тысқа шығып, қайтып келсем, өзін-өзі бауыздап қыз да өліп қалыпты. Амалым бар ма, жылап-жылап адам кірместей етіп күмбезді бекітіп, еліме қайттым.
– Қайран екі ғашықтың тірі уақытында қосыла алмағаны, қыздың сондайлық батырлығы күні бүгінге дейін есімнен кетпейді! – деді Сұлтанхан.
Сонда, Ыбырайым:
– Білесіз бе, бұған қанша жыл болды? – деді.
– Мөлшері сексен жыл шамасындай болу керек, – деді Сұлтанхан.
Қанша адамдармен, Сұлтанханды басшы ғып, Ыбырайым Шамхан мен Айсұлу қойылған күмбезді іздеді. Жер өсіп кеткен, мөлшерлеп келіп бір дөңді қазса, күмбездің төбесі екен. Айнала қазып күмбездің есігін тауып алып, ішіне енсе, екеуі бүгін өлген өліктей сар тап болып жатыр екен. Сол жерде екеуі тіріліпті. Сұлтанхан Шамханға:
– Мен сені әдейі іздеп келдім. Сұлтанхан досыңмын! – дейді.
– Жоқ сен кәрісің, ол мендей жас болатын, – деп, Шамхан танымайды.
Неше жыл жатқандарын білмейді, өздері бейне бір түн ұйықтап тұрған адамдардай, сол жас қалпында тіріліп, өмірді қайта бастапты дейді.
57. Момынбай мен жеті қарақшы
Ертеде өз еңбегімен дәулет құрған Момынбай деген кісі болған екен. Бұл Момынбай асқан жуас, өтірік сөйлемейтін, қарып-қасер, жетім-жесірге рақымды, жақсы адам екен. Сол елде сонымен қатар дүниені құрытқан, қрлық-қарлық, залымдықпен аты шығып, жеті қарақшы атанған бір жеті қу болған екен. Күндерде бір күн бұл қарақшылар өзді-өзі сөйлеседі: «Момынбай өз малын баққаннан басқа ешбір кәсіп қылмайды, сонда да оның дәулеті күннен күнге арта береді. Біз қанша азаптанып, тырыссақ та дәулетіміз еш арытпайды. Қой, не қылсақ та амалдап, осы Момынбайды құртып, дәулетін олжа қылайық», – деседі. Осылай уәде байласып, артында, жөні келсе, алдап, жөні келмесе ұрлап, екі-үш жылдың ішінде-ақ қарақшылар Момынбайдың азды-көпті дәулетін құртып, жоқ қылады. Момынбай дәулеттен айрылып, кедей болған соң, оның бұрынғы дос-жоралары, ағайындары, бірге отырған көршілері мұны тастап, көшіп кетеді. Сөйтіп, Момынбай дәулетінен айрылып, ағайын, туған, дос-жарандарынан айрылып, қара лашық үй тігіп, жалғыз үй қалады. Лашықтың іші толған жас бала, кемпірі болса ауру, төрт түлік малдан қалған жалғыз-ақ көк есек. Күндерде бір күн Момынбай көк есегіне мініп, жеті қарақшылардың аулына қарай жүреді. Ауылға жақындап келгенде, қалтасындағы үш-төрт күм күміс теңгесін есегінің құйрығына қыстырады. Сонан соң ауылдың желкесінде, төбенің басында тамаша қылып отырған қарақшыларға келіп амандасады.
– Момынбай, мал басың аман ба? Жол болсын! Қай жаққа барасың? – дейді қарақшылар.
– Шүкір, басым аман! «Малың аман ба?» деп несін сұрайсыңдар? Малдың бәрін өздерің жиып алдыңдар ғой! Міне, менің енді бала-шағама қорек қылатын да түк ауқатым болмаған соң, ел аралап, іс табылса еңбек етуге келе жатырмын, – дейді де қош айтысып, Момынбай жөніне жүре береді.
Былай шыға бере, қарақшыларға байқатпай, қолындағы бізбен есегін сауырға шаншып қалады. Біз жанына батқан соң, есек құйрығын көтеріп қалғанда, баяғы күміс теңгелердің біреуі түсіп қалады, тағы бір теңге түседі. Сөйтіп; есектің құйрығындағы кіміс теңгенің бәрі де жерге түсіп қалады. Момынбай байқамаған болып, артына қарамастан жүре береді. Қарақшылар есектен күміс теңге түскенін көріп, таң қалысып тұрады. «Бұл не ғажап іс, мұның мәнісін білу керек» деп, ертеңіне бәрі аттанып, Момынбайдың үйіне келеді.
– Момынбай кеше сен бізбен қош айтысып кете бергенде, есегіңнен күміс теңгелер құйылып қалды. Мұның мәнісі қалай? Жасырмай, расын айтшы, – дейді.
– Баяғы малымнан қалғаны – жалғыз осы көк есек. Осының арқасында үй ішім аш, жалаңаш болмай отыр. Бұл есектің қасиеті сол – сұлы жеген күні күміс теңге түседі, арпа жеген ділда түседі, – дейді. Қарақшылар мұны естіп, таң қалысып, шетке шығып, кеңеседі: «Бұның сол жалғыз есегін ұрлап алғанымыз енді мақұл болмас, қанша болса да ақша беріп, бұл есекті сатып алайық. Берген ақшамызды тез-ақ өндіріп аламыз ғой!» – дейді.
– Момеке, бұл есегіңізді бізге сат! – дейді.
Момынбай:
– Бала-шағам ауқат қылып тұрған жалғыз есегімді сатпаймын! – десе де, қоймай, көп ділда беріп, есекті алып, қарақшылар аулына қайтады.
Ертеңіне есекті арпаға әбден тойғызып: «Мұның өнерін көрейік» – деп, қарақшылар бәрі жиналып есекті жығады, төрт аяғын қатты қылып байлайды. Есектен түскен алтын шашылмасын деп бір екеуі қап тосып тұрады. Қалғандары қолдарына бір-бір ағаш тоқпақ алып, есектің ішін тоқпақтай бастайды. Арпаға тойып алған есек тоқпақтан өліп кетеді де, олар үйіне қайтады. Момынбайдың алдағанын біліп, кек алу үшін, ертеңіне қарақшылар Момынбайдың үйіне қарай жүреді. Момынбай бұлардың келе жатқанын көреді, есек сатып, алған көп ділданың қалғанын қойдың ішегіне толтырады да кемпірдің мойнына байлайды. Қарақшылар үйге кіре бергенде, сен есіктің бір жағына шыға қаш, мен қолыма пышақ алып, балағаттап, сені қуайын. Сен қашып барып, жығылған бол, мен сені пышақпен бауыздаған болармын. Мойныңдағы ішектен қан ағар. Сен қорылдап өлген бол да қал! Біраздан соң мен қара сыбызғымды тартып, сені жұлмалап: «Не қылып жатырсың? Тұр!» – деп басыңа тебемін. Сен: «Ой, қатты ұйықтап қалыппын ғой!» – деп ұшып тұра кел дейді. Ол екі арада қарақшылар келіп, аттарын байлап, үйге кіре бергенде, кемпір есіктің екінші жағынан шығып қашады. Момынбай ашуланған болып, кемпірдің артынан қуа шығады. Кемпір қашып барып, жығылады. Момынбай артынан жетіп барып, қолындағы пышағымен жығылып жатқан кемпірді бауыздап жібереді, кемпірдің тамағынан қан ағып, қорылдап, өліп қалады. Қарақшылар мұны көріп, Момынбаймен сөйлесуге бата алмай, отырады. Біраздан соң Момынбай ашуы тарқағандай болып, керегенің басында тұрған қара сыбызғыны алып, тартып-тартып, өліп жатқан кемпірді:
– Не қылып жатырсың? Тұр! – деп, басына тебеді.
Кемпір тіріліп:
– Ой, қатты ұйықтап кеткен екенмін ғой! – деп, ұшып тұра келеді.
Қарақшылар мұны көріп, таң қалысып:
– Момынбай, бұл не ғажап іс? – деп, сұрайды.
– Мұнда ғажап іс жоқ. Бәрі мынау қара сыбызғының қасиеті. Әртүрлі күйді ойнап-ойнап, өлген кісінің басына тепсең, ұшып тұра келеді.
Қарақшылар бұған таң қалысып:
– Момеке, осы сыбызғыңызды сатшы! – деп, жабысады.
– Ата-бабамнан мирас болып қалған жалғыз сыбызғыны да маған көпсіндіңдер ме? Сыбызғымды сатпаймын, – дейді Момынбай.
Қарақшылар жабысып, қоймай, ақырында, көп ділда беріп, сыбызғыны сатып алып, ауылына қайтады. Үйлеріне келсе, бәрінің де әйелдері ауыл қыдырып кеткен екен. Бұлар әйелдеріне қатты ашуланып, барған жерлерінде тауып алып, бәрі де әйелдерін бауыздап тастайды. «Соңынан сыбызғы тартып, тірілтіп аламыз ғой!» – деп, ойлайды. Біраздан соң біреуі сыбызғыны тартып-тартып келіп, әйелін басқа тебеді, ол тұрмайды. Екіншісі келіп, әйелін басқа тебеді, тұрмайды. Үшіншісі келіп тебеді, о да тұрмайды. Сөйтіп, жетеуі де әйелін өлтіріп алады. Момынбайдың тағы алдағанына көздері жетіп, қарақшылар ыза болып, Момынбайды тірі қоймауға бел байдайды.
Бұл екі арада Момынбай кемпіріне:
– Жеті қарақшыға мен де қолымнан келгенімді қылдым. Енды олар маған мейлінше өшікті, өш алмай, қоймас. Мен азық-түлігімді, төсек-орнымды алып, анау үлкен жолдың үстіндегі қара молаға барып жатайын. Кеш сайын үйге келіп жүремін. Егер қарақшылар мені сұрап келсе, сен жылаған болып, «үш-төрт күн болды, қаза жетіп, дүниеден қайтыс болды. Моласы анау тұрған дегейсің», – деп, кемпірге үйретіп, Момынай азық-түлігін, төсек орнын алып, баяғы жол үстіндегі қара моланың ішіне кіріп жатады.
Мұнан соң бірнеше күн өткеннен кейін, қарақшылар Момынбайдың үйіне келсе, қара киіп, шашын жайып, бетін жыртып, дауыс қылып жылап отырған кемпірді көреді.
– Ей бәйбіше, не болды? – деп, сұрайды.
– Тәңірі әуелі жарлы қылды, еңбек етіп мал жинады, онан санасыз малды, санаусыз қазынамды алды, ақырында қойнымдағы байымды алды! Үш-төрт күн болды, қаза жетіп, шалым дүниеден қайтты. Молдасы анау, үлкен жолдың үстіндегі қар мола, – дейді.
Мұны естіп, қарақшылар: «Қап, тірісінде өшімізді алмай қалдық-ақ!» – десіп, көп өкініп, ауылдарына қайтысады. Бір күні жеті қарақшы бір керуенді талап, көп алтын, күміс олжа қылып, үйлеріне қайтып келе жатып, нақ Момынбайдың моласына кіріп олжамызды бөліп алсақ қайтеді?» – дейді. Қасындағылары мұны мақұл көріп, бәрі де аттарынан түсіп, қап-қап алтын, күмісті алып, молаға кірсе, Момынбай төсекте жатыр екен. Бас жағында бір саба қымыз, табақ-табақ піскен ет тұр. Мұны көріп, қарақшылар: «Апыр-ай, мынау Момынбай, иманды болып, жұмаққа кірген екен! Қашашы, көрінен шығып, тірі кісідей жатқанын. Ет, қымыз дегенің мынау», – деп, ойлайды. Таң қалысып тұрып, ақырында, отырып олжаларын бөліседі. Алтын-күмісті жетіге бөліп үйіп қойып: «Мына бөлімді мен аламын» – деп біреуі айты: «Жоқ, мұны мен аламын!» – деп, екіншісі таласып, жақ-жақ болып жатқанда Момынбай:
– Еш қайсысың да алмайсың, мұның бәрі де менікі! – деп, орнынан ұшып тұра келеді.
Мұны көріп, қарақшылардың есі шығып, моладан жүгіре-жүгіре шығып, аттарына мініп алып, алды-артына қарамастан ауылдарына қашады. Бұлар кеткен соң, Момынбай алтын-күмісті жинап алып, үйіне апарып береді. Қарақшылар ауылына келіп, естерін жиып алған соң:
– Бұл Момынбай тірісінде бізге қанша қорлықты көрсетіп еді, енді өлгенде де тек жатпай, қанша олжамызды алып қалды. Мұнан қайтсек өшімізді аламыз? – деп, кеңеседі.
Сонда біреуі тұрып:
– Ең болмаса моласының басына дәретке отырайық! – дейді. Бәрі де мұны мақұл көріп, аттарына мініп, Момынбайдың моласына қарай жүреді. Момынбай бұлардың не оймен келе жатқанын сезіп, моланың ішіне от жағып, бір істік темірді қыздырады да, қарақшының біреуі моланың басына шығып төбесіндегі тесікке таяп: «Мә бәлем, саған!», – деп, құйрығын түріп, отыра бергенде, Момынбай қызарған істік темірді басып алады. Қарақшы зәресі кетіп, артын қолымен басып моладан тұра қашады. Бірақ, ол қасындағыларына құйрығына таңба басылғанын сездірмейді. Екінші қарақшы келіп, отыра бергенде, Момынбай оның да құйрығына істік темірді басып алады. Сөйтіп, өш алуға келген жеті қарақшы құйрықтарына таңба басқызып, ауылдарына қайтады.
Қарақшылар кеткен соң Момынбай нәрселерін жинап алып, үйіне келіп, баяғыдай шаруасын шаруалап тұра береді. «Момынбай өліп тіріліпті», – деген хабар тез-ақ елге жайылып, ақырында, ханның құлағына тиіпті. Хан мұны естіп қайаран қалып, Момынбайды шақыртып алады.
– Ай, Момынбай, сені өлді деп естіп едім! Сен қалайша тірілдің? – дейді.
– Тақсыр! Менің өлгенім рас еді, артымда жесір қатын, жетім балаларым, қанша малым, қазынам, жеті құлым қалып еді; сол құлдарым жетімдердің сөзін тыңдамай, зорлық-зомбылық көрсетіп, малдарын бөліп алып, қашып кетіпті. Жетімдер мұндай қорлық көріп жылаған соң, жасағанның сол жетімдерге рахымы түсіп, мен тірілдім, – дейді.
Хан мұны естіген соң таң қалып, құлдардың қылған ісіне қатты ашуланып:
– Момынбайым, сенің ол құлдарың осы күні қайда екенін білесің бе? – дейді.
– Білемін, тақсыр! – деп, баяғы жеті қарақшыны көрсетеді. Хан жасауыл жіберіп, жеті қарақшыны алғызып:
– Сендер жетімдерге неге зорлық қылдыңдар? – деп, қаһарлана бастайды.
– Тақсыр! Біз ешкімге зорлық қылғанымыз жоқ және ешқашан құл болған емеспіз, – деп, қарақшылар безектейді.
– Тақсыр! Мен жаңылсам, жаңылған шығармын. Менің құлдарымның таңбасы бар еді. Егер де бұларда таңба жоқ болса, бұлар менің құлым болмағаны, – дейді Момынбай.
– Сенің құлдарыңның таңбасы қай жерінде еді? – дейді хан.
– Менің құлдарымның істік темірмен салған құйрықтарында таңбасы бар, – дейді Момынбай.
Хан дереу қарақшыларды шешіндіріп қараса, Момынбайдың айтқаны рас екен. Сонан соң хан жеті қарақшыны мал-жанымен Момынбайға бұйырып беріпті. Сөйтіп, Момынбай дұшпандарын жеңіп, мақсатына жетіпті.
58. Әуеде қаз қаңқ етті
Бұрынғы өткен заманда Қаһар деген бір хан өзінің бас уәзірімен бірге келе жатқанда төбелерінен бір қаз «қаңқ, қаңқ» деп ұшып кетіпті. Мұны естіген хан жанындағы келе жатқан уәзіріне:
– Мына қаз «не деп» келеді? Осыны тап, таппасаң – басыңды аламын! – дейді.
Уәзірі қайдан тапсын. «Обай, тақсыр, маған үш айдың уақытын беріңіз. Егер таппасам, басымды алуға қарсы болмаймын» деп жалынған соң, Қаһархан үш айдың ұлықсатын береді. Уәзірі ары ойлап, бері ойлап, еш нәрсе таба алмай, басы айналып сандалған соң, болған оқиғаны қызына айтады.
– Қарғам өзің білмесең, ана ханның қызы екеуің доссың ғой. Сол білуі мүмкін. Не дегенін шештіріп, әкеп бер, – деп қызын жұмсайды.
Қыз ханның қызына барып сұрағанда:
– Иә, сол қаз «қаңқ, қаңқ» деп ұшып кеткенде, мен сарайдың алдында отыр едім. Әрине, енді айтпасқа болмас. Сенің әкеңді өлтірткенде мен марқадам таппаспын. Ол:
«Ерді ер қылатын да қатын, ерді жер қылатын да қатын» деп еді, – дейді.
Қызынан бұл жауапты естіген уәзір ханға келіп:
– «Ерді ер қылатын да қатын, ерді жер қылатын да қатын» депті – дегенде хан ашуланып, бұны саған кім айтты? Соны айтпасаң – басың енді алынады! – дегенде сасқалақтаған уәзір:
– Сіздің өз қызыңыз айтып еді – дейді.
Хан шабармандарын шақырып алып: «Осы елден болсын, басқа елден болсын, «дүниеде жазылмас» деген бір жынды жігітті тауып әкел», – деп бұйрық береді. Шабармандары ай іздеп, жыл іздеп жүріп, ел жоқ жұртта күл жеп отырған бір жынды жігітті алып келеді. Хан қызын шақырып ап: «Ерді ер қылатын да қатын, ерді жер қылатын да қатын» депсің ғой, ал мына күлжегіш жындыны сен ер қып ал! – деп жындымен қосып, иен далаға жалғыз қызын апарып тастайды.
Хан осылай тұра тұрсын. Біз қызбен жындының әңгімесіне көшейік. Қыз жігітті ертіп алып елсіз бір үлкен тауға барып, жеміс теріп жеп, жүре береді. Өстіп жүріп бір үңгірге келсе, үңгірдің аржағы үлкен көл екен де, үңгірдің аузы бір кісі әрең өткендей тар екен. Жігітті соған енгізіп, жеміс теріп беріп, апарып әр түрлі шөптермен емдеп жүріп, бір күні үңгірдің ар жағындағы көл жағасына барып отырса, көлдің ішінде, шетінде, ала бір нәрсе жарқырап жатады. Суға түсіп алып шықса, асыл тас екен. Бұл көлде не бар екенін білген қыз күн сайынғы жаққан оттың күлін көлдің шетіне әкеп төге береді. Көл ішінде өмір сүретін балықтар түн болғанда көл жағасына шығу үшін, оның түбіндегі асыл тастарды тістеп шығып, соның жарығымен көлдің шетіне кеп жатады екен. Ол балықтар тасты көлдің шетіндегі күл үстіне қойғанда, әлгі гауһар тастар күлге шөгіп кетеді. Міне, осы күлге шөккен асыл тас, гауһарды келіншек (қыз) үнемі жиып ала береді. Сөйтіп, бұлар асыл тас қазынаға әбден байып алады. Жігіт те ауруынан жазыла бастайды. Қыз жігітті сол тауға жақын базарға жұмсап, сауда істете бастайды. Сөйтіп жүргенде бір күні қыз:
– Дүниедегі ең жаман сыйқы қашқан бір ат сатып әкел! – деп жұмсайды.
Жігіт іздеп жүрсе, арқа басы алты жерден тесіліп, жара болып, құймышағы шыққан бір арық атты көзі шалады. Иесіне келіп жабысып, «жүз ділдә алтын берейін, осы атыңды бер», – дейді. Иесі жігіттің бұл сөзіне не нанарын, не нанбасын білмей, ақыры беріп қоя береді. Атты көргеннен кейін қыз:
– Ей, жануар-ай, боғыңды жерден көріп таң қалып едім. Бағың жанбай жүрген жануар екенсің ғой – деп қуана қарсы алады. Бұлар қаланың ішіне түсіп, гауһар тастарын алтынға айырбастап, үлкен-үлкен дүкендер аштырып, күн өткен сайын, байи бастайды. Өз әкесінің шаһарының күн шығыс жағына апарып, алтын сарай салдырта бастайды. Әкесі бұған таң қалып «Бұл неткен бай адам» деп жүре береді. Сол кезде әкесінің шаһарын айнала наурыз күні бір алтын басты киік қашады екен. Қашқанда көзге тек сағымша көрініп қана өтсе керек. Қыздың әкесі халқына жария шашады.
– Кімде-кім осы алтын басты киікті ұстап берсе, соны орныма хан сайлап, тағымды беремін, – дейді. Бұны естіген қыз күйеуіне:
– Жә, тұлпарыңды жарат, арқа басы әбден жазылып бітті. Наурыз күні осы шаһарды айналып, алтын басты киік қашады дейді, соны қуасың. Қуғанда алғашқы бір жұмада осы қаланың халқы бәрі қуады. Ол кезде сен де шаба бер. Атың бауырын жазып әбден қызсын. Сосын, бір жұма өткеннен кейін атыңды өз еркімен қоя бер. Бұл атың зау түрде қуып жетеді. Киікті іліп алған соң ханның ордасының алдына қарай атыңның басын бұр. Мен жеті қабат жібек арқан құрып даяр тұрам. Осы жеті қабат арқанның алтауы үзіліп, жетіншісіне атың тоқтайтын болады, – деп кеңес береді.
Наурыз күні хан айтқандай алтын басты киік қашады. Оны жаңағы қыздың айтуы бойынша оның күйеуі ұстап әкеп, ханға береді. Айтқанындай жеті қабат жібек арқанның алтауы үзіліп, жетіншісіне тоқтайды. Хан, қайран қап, айтқанынан қайтпай тағын береді. Таққа отырмас бұрын жігіт ханды жаңадан салынып біткен алтын сарайына шақырып қонақ етеді.
Қонақасы үстінде хан.
– Ойпырмай, менің қызым тоқтының сүтінен істелген малтадан тамақ істеп беруші еді. Мына тағамдарыңды жегенде, есіме қызым түсті-ау! Қайран Торғайым-ай! Қорғаным-ай! – деп еңіреп, жылап жіберіпті.
Қыз үйінде жүргенде осылайша тамақ істеп береді екен. Соны әкем «ұмытты ма, жоқ па?» дегенін сынағысы келсе керек. Сол кезде қызы:
– Сол Торғайың менмін әке! – деп мойнына асыла кетіпті. Хан қызын көріп, мауқын басып, күйеу баласын да құшақтап, бауырына басып:
– Мен қосып жіберетін жындыны мынандай адам етіпсің. Мені жеңдің, жеңгенде бір емес, екі жеңдің. Ал тағымды бердім, мына екеудеріңе, – депті. Жігіттің жайын сұраса, ол тегінде бір елдің ханының баласы екен. Он екі жасында әкесін дұшпандары шауып, ақ ордасын өртеп, асыл қазынасын күл қылып кеткен екен. Соған күйінген бала дүниесінің күлін жеп, құтырып кеткені сол екен. Сөйтіп қыз бен жігіт хан тағына отырып, мұратына жетіпті.
59. Есер мен есті
Бұрынғы уақытта бір хан болған, оның бір ақылды уәзірі болған. Ханның да және уәзірдің де бір күнде әйелі жүкті болып, бір күнде босаныпты. Хан мен уәзір баласы дүниеге келген соң, дос болу үшін: «Емшектес, қарындас болсын!» – деген оймен, ханның баласын уәзірдің әйеліне еміздіріп, уәзірдің баласын ханның әйеліне еміздіріпті. Ханның баласы өскеннен кейін, анасы дүниеден өтіпті, хан екінші әйел алыпты. Ол екінші әйелі ханды қарт көріп, көңілі толықпай, ханның үлкен әйелінен қалаған балаға ғашық болып жүреді екен. Алайда өзінің ғашықтығын білдіруге ылажын таба алмайды, бір күні ханның баласы мен уәзірдің баласы екеуі саржа атып ойнап жүргенде, хан баласының атқан оғы ханның екінші әйелінің отыратын ордасының ішіне барып түсіпті. Шаһзада уәзірдің баласына:
– Барып түскен оғымды алып келіп белріңіз, – дейді.
Уәзірді баласы алып келіп беруді лайық көрмей:
– Оғыңды өзің барып алып кел, мен бармаймын. Бұл күнде сен де бірдей, мен де бірдей. Хан болып, таққа мінсең, сонда ғана жұмсағаныңа барамын, ол уақытта жазалауға да, өлтіруге де ықтиярың бар, – дейді.
Уәзірдің баласының сөзінен, бармайтынын біліп, ханзада оғына өзі барыпты. Барса, екінші анасы баласының оғын қолына ұстап отыр екен. Бұл барған соң, баланың қолынан ұстап алып:
– Атаң, хан қарт, мен жаспын, мен атаңа лайық емеспін, саған лайықпын. Сенің қасіретіңнен ішер астан, ұйқы-күлкіден қалып барамын. Сол сырымды қайтып айтамын деп ретін таба алмай жүр едім, енді мені өзің ал. Мен атаңды ылаждап өлтіремін, орнына өзің хан боласың! – деп, көп аптығып, жалынса да, ханзада оған көнбейді.
Бұлқынып ханымның қолынан шығып кетеді. Ханым ханзаданың көнбейтіндігін біледі де: «Ендеше мұны ханға шағып, өлтірейін!» – деп, өз қолымен өзін мұрнына ұрып, қызылала қан қылады, сосын ойбайлап, хан тақта отырғанда, үстіне кіріп барып:
– Арам балаң: «Әкемді өлтіріп, сені өзім аламын!» – деп, оңаша отырған жерімде келіп, мені әуіре қылды, мен көнбедім. Айтқан ақылымды тыңдамай, мені зорламақ болды, мен болмадым. Сонан соң ол мені ұрып-соғып, мұрнымды қанатып, қашып кетті, – дейді.
Хан бұған қатты ашуланып, баласын дарға асуға бұйырады.
Жендеттер баланы іздеп таба алмай, қайтып келеді. Ханзада уәзірдің баласымен уәзірдің үйіне тығылып қалып еді. Бір уақытта уәзір ойланды: «Бұл әйелдің қулығы болмасын? Ханзаданы іздеп тауып, ақиқатын білейін» – деп, үйіне келсе, үйінде өзінің баласымен бірге отырған ханзаданы көреді. Олардан істің жайын сұрап еді, бұл іс әйелдің қулығынан болғанын түсінеді. Бұл күнде, хан ашу үстінде отырғанда айтып, сендіре алмаспыз. Не де болса, өлмей қалудың қамын қылыңдар, – деп, ханзаданың қасына уәзір өз баласын қосып, екеуін екі атқа мінгізіп, қолдарына бір-бір қаршыға береді. Оған қоса екі қоржын алтын-күміс беріп, екеуін жасырын шығарады да, уәзір былай дейді: «Ханның ашуы қырық күнде қайтады» деген. Тірі болсаңдар осы қырық күн өткеннен кейін хабар аларсыңдар, – деп, қоштасып қала береді. Екі бала ұзақ жол жүрді, олар бет алған жағына жүріп бара жатып, ішерге су жоқ, шөлдейді, әсіресе ханның баласы қатты қалжырайды. Сусыздықтан жүдеген соң, уәзірдің баласы бір таудың кенересіне екі қаршыға құсты қондырып, өзі су іздеп кетеді. Ханның баласы әлгі таудың етегінде жатса, таудың басынан бір тамшы тамып тұрғанын көреді де қоржыннан алтын кесені алып, тамшының астына қояды. Кесе суға толған соң ішуге ыңғайлана бергенде, қаршыға құстың біреуі келіп, аяғымен қағып суды төгіп жібереді. Ханзада сонда:
– Суды менен неге қызғандың? – деп, құсты қамшымен бір салып өлтіреді.
Кесені тамшының астына тағы қойып, толтырып алып, ішейін деп жатқанда, екінші қаршыға кесені тағы теуіп жіберіп, суын төгіп тастайды. Ханзада мұны да ұрып өлтіреді. Кесені тамшының астына қойып, толған соң, енді ішейін деп қолына алып жатқанда уәзірдің баласы ханзадаға:
– Кесеңдегі суды ішпе, мен таза су алып келдім, – дейді.
Ол уәзірдің баласының сөзін естіп, кеседен қолын тартып алады. Уәзірдің баласы ханзадаға алып келген суынан беріп, ханның баласын суға қандырып алып қайтты:
– Осы таудың басында айдаһар өлген екен, сол айдаһар шіріпті. Бұл соның су болып тамып тұрған заһары еді. Қаршығалар аса жақсылық қылыпты. Егер ішсеңіз, өлер едіңіз. Енді жүрелік. Мен бір дария көріп келдім, соның жан-жағында ел бар шығар, малдардың ізі көрінеді, – дейді.
Ол жерден екеуі аттанып кетіп, дарияның жағасына барып, аттан түсіп сусындап, тамақтанып отырған уақытта, жез қайыққа мінген бір топ қыз судың ортасымен сырнайлатып өте береді. Тамам қыздың ортасында, қапастағы тотыдай, бір қыз бұларды көріп, бір алтын кесені алады да ішін суға толтырып, алтын кесенің екі шетіне екі шыбық шаншады. Онан кейін қойнынан алтын тарағын алады да шашын үш рет тарап, өтіп жүре береді. Бұл уақиғаны ханзада мен уәзірдің баласы көріп қала берді. Қыздар кеткеннен соң уәзірдің баласы ханзададан:
– Бұл қыздар кім, не білдің? – дейді.
– Қолына кесе алып, оған су толтырып, екі шыбық шаншып, тарақпен шашын үш мәрте тарап, бір іске мысал қылып кетті. Мен құр ғана көргенім болмаса, не іс екенін түсінбедім, – дейді ханзада.
Уәзірдің баласы:
– Мен білдім және түсіндім. Бұл ханның қызы. Қасындағылары қызметшілері. Хан қызы сіздің ханзада екеніңізді біліп, таныды және көңіл берді. Кесеге су толтырып алғаны: хан қызының хауызы бар екен. Кесенің екі жағына екі шыбық шаншығаны: ол хауыздың екі жағында ағашы бар екен. Тарақпен шашын үш тарағаны: үш күнге шейін сізді сол хауыздың жағасынан күтетін болып, ишарат қылып кеткені. Сол жаққа қарай жүрелік, барып, бұйырса, ханның қызын сізге алып беремін, – деп, аттанып жүріп кетеді.
Ұзамай-ақ шаһараға келеді. Шаһардың ішін аралап келіп, бір кемпірің үйіне түседі. Кемпірге бұлар бала болмақшы болып, кемпірден:
– Шеше, хан қызының хауызы қай жерде? – дейді.
Сонда кемпір:
– Балаларым, хан қызының хауызы анау тұрған екі көк ағаштың аралығында, әр жеті сайын қырық қызымен сейілге шығып, екі теректің аралығында арқан байлап, әткеншек теуіп, ойнап қайтады, – дейді.
Күн кеш болған соң, уәзірдің баласы ханзаданы хан қызының хауызының басына апарып, төсек салып беріп:
– Ұйықтамаңыз! Бүгін түн осында сол қыз келеді, – деп тастап, өзі баяғы өздері келіп түскен кемпірдің үйіне қайтып келеді.
Ханның баласы көптен шаршап жүрген еді. Қалай уәзірдің баласы кетті, солай ұйықтап қалыпты. Хан қызы түн ортасы болмай-ақ хауызының жанындағы ханзадаға келеді. Ханның баласы ұйықтап жатыр. Қыз оның бас жағында біраз отырады. Ханзада ұйқысынан оянатын емес. Әрі-бері отырып, ханзаданы оятуға өзіне лайық көрмей, оның қойнына бір алманы тығып, қыз үйіне қайтып кетті. Таң атқан соң ханзада ұйқыдан оянып қараса, қыз жоқ. Ханзаданың қайғы тартып отырғанның үстіне уәзірдің баласы келеді. Ханзада уәзірдің баласына өкпелеп:
– Досым, менен кемпірдің үйін қызғанып «ханның қызы келеді» деп, алдап-алдап далаға жатқызғаның не? Кәне ханның қызы? Достың арасына жалғыз өтірік сөз кіруге жарай ма? – деп көп сөз айтады.
Сонда жолдасы:
– Ханның қызы өтірік айтпаса керек, сіз ұйқыда жатқанда келіп кеткен шығар, – дейді.
Сонан соң ханзада алманы көріп, қыздың келіп кеткенін біледі. Тағы сол түні хауыздың бойына төсек салып, ханзаданы жатқызады да уәзір баласы кемпірдің үйіне қайтады. Ханзада бұрынғы қалпынша ұйықтап қалады, қыз тағы келеді де ханзаданың қойнына алма салып кетеді. Таң атқан соң уәзірдің баласы келеді. Ханзада және оған суық назармен қарайды. Уәзірдің баласы не болғанын біліп, тағы ханзаданың белбеуін шештірсе, тағы да бір алма түседі. Үшінші күн кеш болған соң және төсек салып, уәзірдің баласы ханзадаға:
– Енді бүгін тағы ұйықтап қалма! Бүгін ақырғы күні, бүгіннен соң қайтып келмейді. Сондықтан сіз тағы ұйықтап қаларсыз, ұйқының лажын қылайдың, – деп, ханның баласының шынашақ саусағының басын өткір пышақпен шертіп қояды.
Ханзада ұйықтамақ түгіл, басымен қайғы болады.
Уәзірдің баласы тағы да:
– Бүгін ұйықтай алмайсыз. Ханның қызы келіп, бұрынғыша аяқ жағыңа шығып отырып және қойныңа алма салып, қашар, сол кезде етегінен ұстап алып айт: «Біздің елден шығып, көптен арып-ашып жүргенімізді анық біліп, бір алма қорек беріп кеткеніңізге алла разы болсын!» де, хан баласы ғой, өзі біліп ишарат берсін деп, «Етегіңізден ұстап жібермеске лайық емес қой, деп жұр едім. Қайтейін. Бүгінгі ақырғы күн болған соң, етегіңізден ұстап тартқанға айыпқа бұйырмаңыз» деңіз. Сонда хан қызының өзі-ақ күліп, қасыңызға тұрақтар, – деп, уәзір баласы қайтып кетеді.
Ханның баласы ұйықтай алмай отырғанда, қыздың келе жатқанын біліп, өтірік ұйықтап жатса, хан қызы келіп отырып, қайтар кезінде, қыздың етегінен ұстап, уәзірдің баласының айтқан сөзін қызға айтып еді, қыз назбенен күліп, ханның баласының қойнына алма тыққанына ханша ұялып, кешірім сұрап өтінді. Ханзада мен ханшаның әзілі келісіп, таң мезгілі болғанда ханзадалар ұйықтап қалыпты. Ертеңіне ханның ақтаяқтары бұлардың үстінен шығып, ұстап алып қыз бен жігітті ханға мәлім қылыпты. Хан ашуланып:
– Түсте жұрт жиналғаннан кейін дарға тартыңдар! – деп, жендеттеріне бұйрық қылып, қаматып қояды.
Уәзірдің баласы көрмекке келсе, ханзада жоқ. Жан-жағына қарап, аттардың ізін көреді де «бұларды біреу ұстап алып кеткен болар» деген ойға келеді. Сонсоң уәзір баласы шаһарға кіреді, шаһардың ішін түгел біліп қойған екен, бәрі де: «Хан қызы мен бір жігіт хауыз бойында жатқанын тауып алып, ақтаяқтар ханға айдап келіпті. Хан оларды қаматыпты» деген сөзді айтады. Бұлардың түсте дарға тартылатынын біліп, уәзірдің баласы сол қаладан әйелдің киімін және жалған шаш сатып алып, оны басына жапсырып, әйел киімін киіп алып, он төрт жасар қыз болып, ұйқышыларды қамаған үйге келіп көрсе, сол үйдің есігінде бірнеше ақтаяқтар күзетте тұр екен. Байқайды, жіберетұғын түрі жоқ. Уәзірдің баласы ақтаяқтарға арыз қылады:
– Ханның қызында аманатқа қойған алтын жүзігім бар еді; бүгін есіттім, ол дарға асылады деп. Қиямет қарызы болып кетпесін, ішке кіріп алтын жүзігімді алып шығайын, маған рұқсат етіңіз! – деп, ақтаяқтарға алтын беріп, рұқсат алады.
Ішке ханзадалардың үстіне кіреді. Ол кірді де ханның қызына:
– Отырма, тұр! Бүркеніңіз де сол қолыңызды жалаңаштап алып, жүзіңізді ақтаяқтарға көрсетіп жүре беріңіз. Ақтаяқтар: «аманатыңызды алдың ба?» десе, «алдым» деңіз. Олар қолыңызды көріп, сенер. Үйіңізге барып, рахаттанып жата беріңіз, – деп, хан қызын далаға шығарып жібереді.
Уәзірдің баласы хан қызының киіп келген киімін ханның баласына кигізіп еді, ол ханның қызынан айырғысыз қыз болды. Сол уақытта нөкерлер келіп, ханзадаларды ханның бұйрығы бойынша дарға тартпақ болып, ішке кіріп еді, уәзірдің баласы:
– Біздердің ханға айтатын арызымыз бар, біздерді ханға апарыңдар, – дейді.
Уәзірлер ханға барып:
– Қызыңыз бен жігіттің айтатын арызы бар, – деп мәлім қылады.
Хан бұларды қасына шақырып алып:
– Арыздарыңды айтыңдар, – дейді.
Уәзірдің баласы:
– Мен пәлен ханның баласы едім. Бір күні түнде елімізге жау тиіп, қырғын қылды. Біздер қашып шықтық. Мына қыз менің бірге туған қарындасым. «Түнде қорқамын» деген соң, қойныма алып жатамын. Сіздің шаһарыңызға паналауға келіп, жатып едік. Сіздің ақтаяқтарыңыз келіп, ықтиярымызға қоймай, мұнда айдап келді. Арызымыз осы, – деген соң хан қасындағы қарындасына назар салып қараса, өзінің қызы секілді емес.
Дереу өз қызына біреуді жіберіп, артынан хан өзі барса қызы алтын тақтың үстінде ұйықтап жатыр. Сол уақытта хан ашуланып, өзінің баяғы қыз бен жігітті ұстап әкелген ақтаяқтарын: «Халыққа қызымды масқара қылдыңдар!» – деп, дарға тарттырып жібереді. Хан уәзірдің баласын өзіне қызметке алып, «қарындасың менің қызымның қасында тұрсын» деп, қызының қасына жібереді. Уәзірдің баласының аз күнде ханға қызметі жағып, оны өзіне уәзір қылып қояды. Ханның мұнан артық көретін адамы болмайды. Бір күні уәзірдің баласы астыртын кісі жіберіп, ханның қызының қасындағы қарындасын шақырып алып:
– Ертең хан екеуіміз аңға шығамыз. Пәлен жерге еркек киімін даярлап қояйын, атты мініп, киімді киіп, пәлен жерден тосып тұрып, менің үстімнен ханға арыз қылып: «Мұнда ақым бар, ақымды алмай жібермеймін» де. Сонда хан: «Ақыңды айтып ала бер, мен берейін» дер. Сонда да сен ықтияр берме. Мұнан соң хан: «Мұның қарындасын ал» дер. Сонда да ықтияр берме. «Және үстіне қызымды берейін» дер. Тек сонда ғана ерік бересің, – дейді.
Таң атқан соң уәзірдің баласы мен хан аңға шығып бара жатқанда, ханзада уәзірдің баласының айтқан жерінде тосып тұрады да, оның үстінен ханға арыз қылады. Уәзірдің баласының үйреткен сөздерінің бәрін де айтады. Сонда хан:
– Ақыңды менен ал, мен берейін, – дейді.
Оған ханзада болмайды.
– Мұның қарындасын ал, – дейді хан.
Ханзада оны да қабыл алмайды. Онан соң хан:
– Менің қызымды ал, берейін, – дейді.
Ханзада қабыл алады. Хан аңнан қайтып келіп, қырық күн той қылады. Той өткен соң хан күйеу жігітті – ханзаданы шақырып алып, уәзірдің баласына айтыпты:
– Алып келіп, қарындасыңды бұл жігітке некеле, онан кейін мен қызымды некелеп қосамын, – деді.
Уәзірдің баласы ханға:
– Тақсыр! Әуелі сіз қызыңызды қосыңыз, ол бәйбіше болсын, мен қарындасымды соңынан қосайын, – тоқал болсын, – дейді.
«Бәйбіше сіздің қызыңызға лайық», – деген сөзді хан мақұл көріп, әуелі хан қызын некелеп, ханзадаға қосты. Онан соң хан уәзір баласына:
– Енді сен қарындасыңды некелеп қос, – дейді.
– Арызым бар, – дейді.
Хан:
– Арызыңды айт, – дейді.
Сонда уәзір:
– Бір қасық қанымды кешсеңіз, айтамын! – дейді.
Хан мақұл көреді. Сонда уәзірдің баласы бастан аяқ болған уақиғаның бәрін ханға айтып өтеді. Хан мұның орындаған істерін және ақылдылығын естіп, разы болып, уәзірдің баласына көп дүние беріп, қызын көп дүниелермен ханзаданың еліне ұзатыпты. Барса, ханзаданың әкесі әйелінің қулығынан көп қайғырып: «А... балам!» – деп, отыр екен. Баласы барған соң хан қатты қуанып, өзінің әйелін дарға тарттырып, той жасап, тамаша қылыпты. Уәзірдің баласының ақылдылығы көп жұртқа тарапты.
60. Қарт пен тапқыр жігіт
Бір қарт адам болыпты, өзі ғалым болыпты. Бір күні шаһарға барып, үйіне қайтып келе жатса оны бір жас жігіт қуып жетеді. Ол келе жатып жөн сұрады да, бара жолы бір болғаннан кейін:
– Ата, жолды қысқартайық, – дейді. Қарт:
– Жол қалай қысқарады? – дейді. Жігіт:
– Жолдың қысқаруы оңай, екеуміз бірімізді біріміз арқаласақ болғаны, – дейді.
Шал ішінен:
– Япыр-ай, мынау бір кесапатты адам болмаса игі еді? Сөзінің түрі жаман екен. Ат-матыммен мені бұл қалай арқалайды? Мен мұны қалай арқалаймын? – деп, ойдап жауап қайтармай, бетіне ажырайып қарап қояды.
Мұнан кейін жігіт те үндемей келе жатады да, орылмаған бірақ пісіп тұрған бір тамаша егінді көріп:
– Ата, мына егін сіздің елдікі ме? – дейді. Қарт:
– Иә, біздің елдікі, – дейді. Жігіт:
– Иесін білесіз бе? – дейді. Қарт:
– Білемін, – дейді.
– Олай болғанда, бұл өзі желініп қойған егін бе, жоқ, желінбеген егін бе? – дейді.
Қарт тағы да бетіне ажырайып қарап қояды да: – «Япырым-ай, мынаның бір сөзінен бір сөзі сорақы болды-ау! Орылмай тұрған егінді көре тұра, бұл қалай айтқаны?» – деп, ойлайды. Онан өтіп, жолшыбай бір елге кездеседі. Бұл елдің адамдары бір өлген кісіні көтеріп, қабірге қойғалы апара жатыр екен. Жітіт:
– Ата, мына кісіні білесіз бе? – деп, сұрайды. Қарт:
– Білемін, – дейді. Жітіт:
– Бұл өзі мүлдем өлген кісі ме? Жоқ, өлмеген кісі ме? – деп, сұрайды.
Қарт шыдай алмай:
– Өлмесе жерлеуге апармайды ғой! – деп жігіттің бетін қайырып тастайды. Жігіт үндемейді.
Көтеріп әкеле жатқан өліктің қабірі жолда екен. Бұлар қабіршілерге келеді де, солармен бірге өлікті қойысады. Былай шыққаннан кейін:
– Ата, әлгі кісі өлмеген екен, – дейді.
«Я, құдай, мынаның кесапатынан құтқара көр. Көрге көміп тастаған адам өлмей ме екен? Бұл не деген ахмақ!» – дйді қарт ішінен. Күн кеш болды, екеуі қарттың үйіне келеді. Қарт оны ұнатпаса да, күні бойы жолдас болып, бірге келген соң, қондырмасқа болмайды. Қонағын үйіне кіргізеді де, бойжеткен жалғыз қызы бар екен, соны оңаша шақырып алып:
– Шаршадым, менімен бірге бір жігіт үйге келді, мейман ет! Бірақ сүйкімсіз мінезі бар? Сөзінде кесапаты зор адам, – дейді.
Қыз тамақ әкеліп беріп, қонақпен сөйлесіп, көрсе, сөзі мағыналы, кескіні де ажарлы екен. Қыз: «Япырм-ау, әкемнің айтқаны осы кісі ме, басқа жігіт пе?» – деген оймен әкесіне келеді де:
– Әке, сізбен еріп келген жолдасыңыз екі кісі ме, әлде бір кісі ме? – дейді. Әкесі:
– Жалғыз кісі, – дейді.
– Үйде отырған қонақ сол ма? – деп, сұрайды қыз. Әкесі:
– Я, сол, – дейді. Қыз:
– «Сөзінде кесапаты зор», – деген адамыңыз осы болса, мұнан қандай кесапат көрдіңіз? – дейді. Қарт:
– Ойбай, шырағым, оның күн бойы сөйлеген сөзінде кесапатсыз бір сөзі жоқ. Әуелі оның сөзі сол болды: «Жол қысқартайық», – деді. Мен: «Жол қалай қысқарады?» – деп едім. Ол: «Бірімізді – біріміз кезек арқалап отырайық», – деді. Мен оған «Ол мені, мен оны қалай арқаламақшымыз», – дедім. Мұнысы былай тұрсын. Онан өтіп пісіп тұрған егінге кез келіп едік: «Ата, мына егін желініп қойған ба, желінбеген бе?» – деп сұрады. «Орылмай тұрған егінді кім жеп қояды?» – дедім мен. Бұл мұнымен тұрсын. Бір кісі өліп, оны табытқа салып қойғалы апара жатыр екен, соны көре сала: «Ата, мына адам шын өлген бе, өтірік өлген бе?» дейді. Онан шығып келе жатыр едік: «Ата жаңағы адам өлмеген екен» деді. Міне, мен оның осындай төрт кесепатты сөзін естідім, – дейді.
Сонда қыз тұрып:
– Әке, бұл сөздер кесепатты сөздер емес, зор мағыналы сөздер. Сіз оның айтқан сөздеріне түсінбеген екенсіз. Оның бірінші: «Кезек арқаласып отыралық» – дегені: «Кезекпе-кезек әңгіме айтып отырайық, жол қысқарғандай болып, тез жетіп аламыз», – дегені. Екінші: «Мына егін желінген бе, желінбеген бе?» – дегені: «Байдікі ме, кедейдікі ме?» – дегені екен. Байдікі болса, өз көлігімен, кісі жалдап жыртып, өз тұқымын себеді, өнімін ертең өзі алады, ал бұл желінбеген болып саналады. Кедейдікі болса, ол сорлы тұқымды несиеге салып алады, жерді көлік жалдап жыртады да, түскен өнімі борыштан аспайды. Сондықтан ол шикідей жеп қойғанмен бір есеп болады. Үшінші: «Ана өлікті өтірік өлген бе? Шын өлген бе?» – деп, сұрағаны: «Баласы бар ма?» – дегені екен. Ол өлген адамды қабірге салғанда, оның балалары қабірдің басында, барлығы бүлініп, жылап тұрған шығар, оны: «Өлмеген адам екен», – дегені сол болу керек. Артында қалған баласы бар адамның аты жойылмайды, сондықтан: «Ол өлмейді», – деген сөзі екен. Сіз ол арасының жұмбағын шеше алмаған екенсіз, – деген соң, қарт өзінің қате ойлағанын сезеді де, жігіттің қолын алып:
– Мен сенің айтқан сөздеріңе түсіне алмай, ішімнен соған қатты ренжіп едім. Олай емес, сен ақылды жігіт екенсің. Мына қызыммен екеуіңнің ақылың тең, екеуің бірге өмір сүріңдер, – деп, қызын соған беріпті.
61. Жағыпар қу
Жағыпар Жәзира деген патшаның уәзірі екен. Жағыпарда бір ұл, патшада бір ұл болыпты. Күндердің бір күні Жағыпар:
– Біз осы ұлдарымызды біреу алып қашып кететіндей үйге келе тығып қоямыз. Бұлар өз жора жолдастарымен бірігіп, аң аулап саятқа шықсын – дейді екен патшасына.
Бірақ бұған патшасы қарсы болмайды.
Жағыпардың ұлы мен ханның ұлы Әлімжан екеуі өз нөкерлерімен сейілге шығып, іздеп жүргенде алдарынан бір киік қашады. Киікті Әлімжан бір аяғынан атып жаралы кетеді. Әлімжан жолдастарымен бірге киікті қуып, бір үлкен қора шыңға әкеп қамайды да:
– Егер осы киік кімнің басынан ыршыса, мен соның басын аламын – дейді.
Киік ханның ұлы Әлімжанның басынан ыршып кетеді. Әлімжан сол киікті қуып келе жатып, бір үлкен дарияның жағасына келгенде, адасып қалып, аттан түсіп дем алып отырғанда, алтын қайыққа мінген екі әдемі сұлу қыз дарияның бойымен Әлімжанның қасына кеп тоқтайды. Қыздар жөн сұрап, кімнің кім болатынын біліп алады. Әлімжан бұлардан жөн сұрағанда:
– Әкем аты мынау (көзін ымдап көрсетеді), елім мынау деп (қабағын ымдап көрсетеді де) ғайып боп кетеді. Бұл екі қыздың сұлулығына ғашық болған Әлімжан аһ ұрып, сұлық жерге қарап, отырып қалады. Өстіп өң түсі қашып, жерге қарап отырғанда Жағыпардың ұлы елдің ең алдымен келеді. Неге бүйтіп отырғанын сұрағанымен Әлімжан айтпайды. Үйіне келгеннен кейін Әлімжан күн өткен сайын жүдеп, аппақ қудай боп нашарлай бастайды. Хан ұлын бақсы-бәлгер, емші-домшыларға көрсеткенімен ешкім бұның ауруын таба алмай әуре сарсаңға түсе бастайды. Әлімжан әбден төсек тартып жатып қалады. Әлімжанның неге ауырғанын Жағыпар әскере ойлылығымен болжап, ол ұлын шақырып «Сендер әнекүні сейіл құрып саятқа шыққанда не көрдіңдер, соны айт», – деп сұрайды. Көрген білгенін ұлы әкесіне айтып береді. Сол кезде Жағыпар:
– Жә, сен кәзір өңі-түсіңді қашырып ханзаданың ордасына бар. «Әкем мені өлтіретін болды. Әнекүні саятқа шыққанда не көрдіңдер соны айт. Әйтпесе басыңды аламын!» – деп зікір салып жатыр. Егер сен мені «Жаныңдай жақсы көретін жан досым десең, бізден бөлінгеннен кейін не көрдің, соны айтып бер? – деп жалынған соң Әлімжан ханзада көрген білгенін түгелімен айтып, осыдан болып өзінің ауру болғанын баян етеді. Жағыпардың ұлы мұны әкесіне айтады. Жағыпар ханға кеп, бір алтын қайық істетіп, алтын, күміс, гауһар, ділдәға толтыртып ап аттанады.
– «Әкем аты мынау» деп көзін көрсеткені – Қаракөз Қамза деген пәленпай жерде бір хан бар – сол. «Елім мынау» деп қабағын көрсетуі – сол елдің орталық шаһарының орналасқан жері қабақтың үсті еді. Ол қыз соны айтып тұр, балам. Біз ай жүріп жетеміз, – деп Әлімжанға жұмбақты шешіп түсіндіреді. Сөйтіп бұл екеуі Қаракөз Қамзаның орталық шаһарына келсе, Қамза халқын жинап ап, орынына қызды отырғызу үшін үлкен құрылтай ашып жатыр екен. Қызбен әкесі екеуі де үлкен мінбеде тұрғанын Жағыпар бірден көреді. Қыз да бұл екеуін көріп, іштей біліп тұрады. Жағыпар мен Әлімжан сол шаһарда тұратын бір жесір кемпірдің қонақ үйіне орналасып, «Біз ай болса ай, жыл болса жыл жатамыз» деп алтын гауһардан беріп қойған болатын-ды.
Ымырт жабылып, ел орынға отыра бере, Жағыпар Әлімжанға айтады:
– Сен бағанағы даладағы мінбенің түбіне барып, тосып отыр. Сол араға қыз заң келеді. Ол бағана бізді көрді. Әдбен біліп отыр. Сен тегінде ұйықтап қалушы болма – деп қоя береді.
Ханзада Әлімжан мінбенің түбіне кеп, тосып отырып, ұйықтап кетеді. Таңертең бір-ақ оянады. Жағыпарға:
– Қыз келмей қойды – дейді.
– Әй, білмеймін, қыз келуге тиісті адам еді. Кәне, сен сол жақ қалтаңды көрсетші – деп сол жақ қалтасына қол сұққанда қолына күміс жүзік орала кетеді.
– Пай-пай! Менің алтын басымды күміс құрлы көрмедің ғой – депті ғой, міне, саған. Сен ұйықтап қалыпсың. Жә, бүгін ұйықтаушы болма, – дейді. Ол күні тағы ұйықтап қап, әлгі қыз келмей қойды деп келеді. Оң жақ қалтасын ақтарса, қола жүзік шығады.
– Пай, әттеген-ай Күмістей басымды қоладай көрмегеніңе рахмет – деп ренжіп кетіпті ғой деп санын бір-ақ ұрады. Жағыпар ары ойланып, бері ойланып отырып.
– Жә, бүгін ең ақырғы түнде бүгін ұйықтасаң, саған өмірде ол қыз жоқ. Мен сенің жағаңа қырық ине шаншып жіберейін, мұны алып тастаушы болма, – деп қырық ине шаншып жібереді. Ол күні қалғып бара жатса, ине кіріп ұйықтатпай отырғанда қыз бір уақытта әрең келеді.
– Ее, бүгін отыр екенсің ғой. Егер бүгін ұйықтасаң, мен саған жоқ, сен маған жоқ едің. Ал, біз осыдан былай мұнда жолықпаймыз. Менің әкемнің мәушарбағы бар, сен соған барып орналас, сол жерден әңгімелесіп тұратын болайық, – дейді. Осылайша бұлар мәушарбақтан кездесіп отырған күні Қаракөз Қамзаның Даниял дейтін молдасы бар екен. Ол жұлдызнама ашып отырып:
– Ойбу, тақсыр-ай – деп санын бір-ақ соғады.
– Не болды сізге айтыңыз? – дейді Қаракөз Қамза.
– Жоқ, айтуға аузым бармай отыр – деп айтпайды.
– Не мен өлетін шығармын, жасырмаңыз айтыңыз, айтпасаңыз басыңызды аламын!, – деп қорқытады. Амалсыз жан керек Даниял:
– Сіздің қызыңыз мәушарбақта бір жігітпен құшақтасып қашқалы отыр – дейді. Хан дереу торғын әскерді жинап Мәушарбақты қоршатқызып: – Ертең түске дейін бірде-бір адамды сыртқа шығарушы болмаңдар, – деп жарлық етеді.
Дәл сол кезде қыз бен жігіт әңгімелесіп отырғанда, қыз кенет атып тұрады да:
– Әлімжан біз құрыдық! Бүгін жексенбі күні әкемнің жанындағы молдасы кітап ашушы еді. Біз соның көзіне іліктік, – деп жігітті терезеден қаратса, ханның торғын әскері мәушарбақты қоршап алған екен.
– Бізді құртады, сенің жан досың Жағыпар құтқарар. Ол ерекше білімді және айлакер адам құсап көрініп еді, – дейді де жігіттің киімін өзі киіп, жұдырықтай гауһарды ала шығып, қоршап тұрған әскерлердің біріне барып:
– Айналайын, мына гауһарды саған бергенім. Бұл сенің өміріңе азық болады. Осыны ал да, қаланың солтүстік шығысындағы үлкен қызыл есікке барып: «Шеше, шеше» – деп айғай сал да, «Еккен егініңе шегіртке түсіп кетіпті, тез келмесең отап тауысатын болды» деп айғай сал да, қайтып кеп, орныңа тұр қал – деп жұмсап жібереді.
Жігіт шапқан бойымен жаңағы айтқан қақпасына барып:
– Шеше, шеше! Еккен егініңе шегіртке түсіп кетіпті. Тез келмесең, отап тауысатын болды – дейді де қайта шапқылап, бұрынғы орнына кеп тұра қалады.
Намаз оқып жатқан Жағыпар жайнамазын жия салып, далаға атып шығып:
– Ойбай, әлгі не деп кетті? – деп сұрайды да, кемпірдің киім-кешегін киіп, шылауышын тартып, қолына жаман қисық таяқты ұстап, бір қолына ағаш шелекке сүт құйып алып, ақсақтай басып, мәушарбаққа келеді. Ішке кірейін десе, жаңағы әскерлер енгізбей зар қақсатады.
– Айналайындар-ай. Сендердің де мен сияқты жаман шешелерің бар шығар. Сол шешелеріңе осындай күн туып, оған ешбір адам жақсылық істемей қойса, не деп ойлар едіңдер. Мынаның ішінде бір жалғыз ұлым бар еді. Соған мына сүтті бере сап, тез шыға қояйыншы – деп жалынған соң әскерлер кіргізіп жібереді.
Ішке кірген соң өз киімін қызға кигізіп, қыздың киімін жігітке кигізіп, жігіттің киімін өзі киіп, қызды қайтадан әлгі кемпір болдырып, шығарып жібереді. Ертеңінде түс әлетінде хан айтқан сөзі бойынша екі әскерін ертіп мәушарбаққа кіріп келсе, бір қыз, бір еркек адам отырады. Бұны көрген хан қатты таң қалады да:
– Сіздер неғып отырған адамсыңдар? – деп сұрайды.
Жағыпар ұшып тұрып сәлемдесіп:
– О, тақсыр, біз ел аралап жүрген жолаушылардың біріміз – деп жауап береді де қайтадан орнына барып кітабын ашып отыра береді.
– Сіз кітап ашасыз ба? – деп сұрайды хан.
– Иә, аздап ашатыным бар еді – деп кеңташ отырады.
– Егер ондай біліміңіз бар болса, кәне, айта қойыңызшы. Маған жуық арада болатын жақсылық не, жамандық не? Жағыпар кітабын ашып, аз ойланып отырып, қабағы қатпарлана өңі құп қу болып:
– Е, тақсыр, мен бұны сізге айтпаймын – деп үһілеп үнсіз отырады.
– Жоқ, сіз айтасыз, егер айтпасаңыз басыңыз алынады.
– Жә, олай десеңіз. Сіздің бір молдаңыз бар екен. Сол сіздің қызыңызға көңілі бұрылып, алу үшін сөз айтыпты. Бірақ қызыңыз оған көнбеген соң, өзіңізді салып, өлтіртуді ойлайды екен, – дегенде хан жанындағы екі әскерге дереу бұйрық беріп:
– Бардағы Даниял молданың басын алып кел. Менің алдыма тірідей келтіруші болма! – дейді.
Екі әскері барып Даниялдың басын алып келеді. Өстіп Жағыпар қу ең қауіпті деген кісісін құртады. Хан Жағыпарға жалынып, жармасып, өзіне қызметшіге алады. Жағыпардың қызымен ханның қызы бірге ойнап, бірге тұрып, күндер жылжып өтіп жатады. Сол уақытта басқа елден жолдастары келіп Қаракөз Қамзаға Мекке жолына қажыға баруға шақырап келеді. Хан өзі бармай, «осыдан бұрынғы екі рет барғанымда жетіп жатыр, менің мына молдам барсын», – деп Жағыпарды жібермекші болады.
Жағыпар:
– Жоқ, мен бармаймын, өлер шағыңыз болды, өзіңіз барыңыз, бұл – бір. Екінші, мен кеткен соң мына қызым мені ойлап сағынады. Әлде біреу-міреу ұрдап кетуі де ықтимал, – деп қарысып жатып алады. Хан қояр да қоймастан жүріп Жағыпарды көндіріп, Жағыпардың қызын өз қызымен бірге бір үйге жатқызып қырық қыз нөкерлеріне қосып беріп, оның сыртынан әскермен күзеттіруге уағдаласады. Өстіп жанындағы Әлімжанды Қаракөз Қамзаның қызымен қосып тастап, өзі қажы жолына аттанады. Екі күншілік жол жүрген соң жолдан басқа бір адамға алтын күміс беріп, өз орнына салып қоя береді де, «Жұма сайын жолда не болды? Қайтып кетіп барасыңдар? Осыны хабарлап, хат жазып тұрыңдар. Дәл осы арада келер кезіңде өзім тосып аламын», – деп аттандырып қоя беріп, өзі қайта айланып, Қаракөз Қамзаның шаһарындағы бұрынғы қоңыр есікке келеді. Жұма сайын өз орнына кеткен кісіден хат кеп тұрады. Ол хатқа қарап отырып, өз атынан ханға хат жазып, шабарман арқылы ханға жүргізіп тұрады. Осы кезде қандай қулық істеп қызды алып кеткелі жүргені туралы үлкен кітап жазып, күн сайын белгілеуді қозғалта бастайды.
Айлар жылжып өтіп жатады. Бір күні жігітпен қызға кісі салып, хат жазады. «Мен келуге екі жұма қалды дегенде түн ішінде ханның қызы – Гүлзагүл, сен жалаңаш ойбайлап, әкеңнің жатқан үйіне бар. Егер не болды десе, «әлгі молданың қызын жаңа бір жалаңаш кісі кеп алып қашып кетті. Мен әрең құтылып шықтым» – деп бар. Дәл сол кезде Әлімжан қашып шығып, кемпірдің үйіне келсін де жігіт қалпына түссін» – деп жазады. Келуге екі жұма қалды дегенде, Жағыпардың айтқаны бойынша істейді. Хан сасқалақтап, ары іздеп, бері іздеп, таба алмаған соң, дымы құрып қояды.
– Апыр-ай, бұл Жағыпардан қатты ұят болатын болды, енді не деп айтамыз? Қызың өліп қалды дейік – деп хан өзінің уәзірлерімен келіседі. Қажы жолына кеткен кісіні Жағыпар алдыңғы аттандырған жерінен тосып алып, қажы киімін өзі киіп келе жатқан кезде хан уәзірлерімен бір күншілік жерден Жағыпарды тосып алып, хош келдің айтысып жік жапар бола бастайды. Жағыпар ең әуелі ел аманшылығымен қоса «Қызым қайда, аман ба? Неге келмеді?» – деп сұрайды. Қысылған хан:
– Қызың ордада. Шаршай ма деп тастап кеттік, – деп жауап береді. Қалаға таяй бергенде хан:
– Жағыпар, достым. Көңіліңді берік ұста. Өшпес өмір, тозбас темір болмайды ғой. Адам мың жасайтын қарға емес, дейтұрғанмен амал жоқ, қызың дүние салды, – деп естіртеді. Жағыпар шашын жұлып жылап еңірейді. Ордаға кірген соң жуынып шайынып алып асқа отырған кезде ханға тіке қарап отырып сұрайды:
– Тақсыр, сіз нағыз шыныңызды айтып отырсыз ба? Егер өлген болса амал жоқ. Ал кісі ұрлап кетсе, біреуге аттандырып жіберсеңіз, мен қайдан да болса тауып алам. Шыныңызды айтыңыз, өтірік айтып отырсаңыз қазір кітап ашып табамын ғой – дейді.
Хан сасқалақтап:
– Ойбай, тақсыр, кешір? Қызыңды біреу ұрлап кетті – деп болған уақиғаны айтады. Сонда Жағыпар:
– Онда кем жоқ. Мен қайдан да болса, табамын. Дәл, осылай бағана шындығын айту керек еді ғой, – деп қояды. Қажы жолынан келген Жағыпарға есен келгендігі үшін хан той істемекші болады. Жағыпар:
– Мен бір жұмадай демалайын, оған дейін той дайындығын істей беріңіздер – деп бір жұманың ұрықсатымен үйіне кетеді.
Сол кезде қыз бен жігітті уағдаластырып отырып, ертең той деген күні таңертең ханның дәрет алатын үйінің маңдайшасына кітапты іліп қояды да, қыз бен жігітті ертіп, еліне тайып тұрады. Хан таңертең дәрет бөлмесіне келсе, маңдайшаның үстінде ілулі кітапты көреді. Алып оқыса, Жәзира деген патшаның баласын ертіп кеп, өз қызын алып кеткені туралы және ол үшін не істегені туралы оқып шығып: Ойпырмай, Жағыпардың қулығының асқаны-ай! Даниялдың молдалығының асқаны-ай, – деп артын таққа тоқпақтап жылапты.
62. Ғылманның өнері
Бұрынғы өткен заманда Бағдат шаһарында Ғылман деген бір ақылды адам болған екен. Бағдатта оның әртүрлі дәрігерлік өнерімен атағы шығады. Мұны естіген Бағдат патшасы Ғылманды өзіне шақырып алдырыпты. Патша күн сайын онымен бірге кеңесіп отырады екен. Ғылманның өнерлеріне таң қалып жүреді екен. Бір күні патша үлкен уәзірін шақырып алып:
– Бұл ғылман өте ақылды және өнері де көп адам екен. Осын уәзір етсек қайтеді? – дейді.
Уәзір патшадан бұл сөзді естіген соң: «Ғылман уәзір болса, бізді орнымыздан түсірер» деген ойға келеді де:
– Ей, патшам! Бұл Ғылманнан мен қорқамын, өйткені басқа адамдар істей алмаған нәрселерді бұл істей алады. Сондықтан бір күні сізді де, бізді де өлтіріп, өзі патша болып алар деп қорқамын, – дейді.
Патша кенет ойға қалады да, қапа болып:
– Мұндай ақылды адам патшаларғы қиян болады екен ғой! Енді бұл Ғылман турасында не қыламыз, тез көзін жойып өлтіреміз бе? – дейді.
Уәзір қуанып:
– Ей, патшам! Әуелі одан үш түрлі ғылым сұрап алып, сол ғылымды біліп алайық, сонан соң өлтіреміз, – дейді.
– Олай болса, Ғылман турасында не қылсаң да өзің біл де, істей бер, сеннің қолыңа бердім, – дейді патшан.
Сол күннен бастап, Ғылманды патшаның алдына келгізбейтін болады. Ғылман уәзірден:
– Патша неге мені кіргізбейтін болды? – деп сұрағанда, уәзір оған:
– Патшаның уақыты болмай жүр, – дейді.
Ғылман ақылға салып, ойлайды да патшаның жаратпағандығын біледі.
Уәзір:
– Ей, Ғылман! Патшамыздың сізден сұрайтын бір сауалдары бар, сол сауалдарға жауап беріңіз, – дейді.
– Мен әрқашан да қызметтеріңізге даярмын, – деп, жауап береді Ғылман.
Уәзір:
– Бірінші сауалы: қол астындағы дұшпанды ұстауға, өлтіруге, қандай ғылымды оқу керек. Екінші сауалы: патша қол астындағы халқын қайтсе байыта алады. Осы екі түрлі істің ғылымын бізге жазып беріңіз, – дейді.
Ғылман:
– Мұндай ғылымдарды жазып беруге екі жыл уақыт беріңіздер, – дейді.
– Екі жыл тұрсын, екі ай бермейміз, екі жұмада жазып бітіресіз, – дейді уәзір.
Ғылман екі жұмадан кейін өзін өлтіретінін біледі де:
– Мені бұл істер туралы бар ақылымды сарып қылып, неше жыл жазған кітабым бар, енді мен соны бір жұма қарап, қатесін түзетіп берейін, – дейді.
Уәзір қуанып шығып кетіпті. Бір жұмадан соң, Ғылман уәзірге келіп:
– Кітапты түзетіп болдым, бірақ патшаға өзім тапсырсам екен, – дейді.
Уәзір Ғылманды патшаның алдына алып барған соң. Ғылман кітапты патшаға береді.
Патша уәзірге:
– Ғылманы сыйлаңыз, қазір бір кесе шарап құйып беріңіз! – дейді.
Уәзір у салынған шараптан бір кесе құйып береді. Ғылман шарапта у бар екенін сезеді де, уәзір мен ханға сездірмей, қалтасынан бір кішкене түйіршек тұз секілді нәрсені кесеге салып жіберіп, біраздан кейін шарапты ішіп салады; біраздан соң ол у ішкен адам секілденіп, қиналып тұрады да, кесенің түбіне ұйыған уға саусағын малып уәзірге:
– Ай, уәзір, шырағым! Кітапты бердім, көп пайдалы кітап, әсіресе сендерге керегі мына беттері, не істейтінін мынау арада жаздым, – деп, саусағындағы уды кітаптың беттеріне жағып жібереді де, патшадан рұқсат соұрап, шығып кетеді. Уәзір мен патша Ғылман шыққан соң кітапты алып, жазуды қараса: «Кімде-кім осы кітаптың қағазын он ретке дейін жаласа, ол кісінің қуаты тіпті кемімейді», – депті. Патша мен уәзір бұған қуанып, кітаптың жазуындағы айтқан бетке шейін қағазды жалайды, сөйтіп өз уын өздері ішіп, өледі.
Сол кітапта: «Паташ қол астындағы халық тыныш болсын десе, әркімді ақкөңіл, әдепті қылып ұйретсін!», «Патша қол астындағы халық бай болсындесе, әркімді еңбекке тәрбиелейтін болсын», «Патша қол астындағы зұлымдықты тиямын десе, әуелі өзі зұлымдықтан тиылсын!», – деген екен.
63. Шал мен келін
Баяғыда Қайыр деген шал болыпты. Шалдың Самет деген баласы болыпты. Шалдың кәсібі: базарға тоғыз серкені айдап барады екен, не сатпайды, не соймайды, тоғыз серкенің бұлына тоғыз нар түйенің жүгін әкеледі екен. Бір күні шал баласына айтады:
– Балам, мен қартайдым, төрімнен көрім жақын. Сондықтан осы тоғыз серкені базарға айдап бар, не сатпа да, не сойма да, бірақ осы тоғыз серкенің бұлына тоғыз нар түйенің жүгін әкел, – депті. Баласы тоғыз серкені базарға айдап келіп сатайын десе әкесі «сатпа» деген; сояйын десе «сойма» деген сөзі бар. Жайдан жай біреу бұл береме. Мына көшеге, ана көшеге ерсілі-қарсылы айдап жүре беріпті. Көшеден Сақыпжамал деген бір қыз кездесіп:
– Сен неғылған нашар адамсың, сенің әкең осы тоғыз серкені түбітін заводына апарып, түбітін тарап сатып, тоғыз серкенің бұлына тоғыз нар түйенің жүгін алып қайтатын» депті. Самет Сақыпжамал қыздың айтқанын істеп тоғыз серкені түбіт заводына апарып, түбітін тарап сатып, тоғыз нар түйенің жүгін алып қайтыпты. Әкесі баласының алдынан шығып:
– Балам, осы ақылды өз бетіңмен істедің бе? Болмаса біреу айтты ма? – деп сұрап қысқанда, «бір қыз айтып еді» депті баласы. Шал сол қызды қырық жетіні матап беріп, жаман баласына әйелдікке айттырып, алып беріпті. Бір күні Қайыр шал:
– Балам, мен болсам қартайдым, төрімнен көрім жуық. Мына керуендерге ілесіп екі түйемен осы сапарға барып кел, – депті.
Жаңа түскен келін:
– Ата, көп жүріп түйенің тұяғы түсетін жер екен, осы жолға өзіңіз бару жөн екен, – депті.
– Балам, олай болса өзім-ақ барайын, – деп шал азық-түлігін алып керуеншілермен жол жүріп кете барыпты. Жолшыбай шалдың түйелері ақсап, жолдастарынан кейін қалып қырық ұры кездесіп тонап, өлтірмекші болғанда шал былай дейді:
– Балалар, сендерге мал керек пе, болмаса менің бір қасық қаным керек пе?
Ұрылар:
– Мал керек, – депті. Бір-екі жігіт: «малыңды ата», – депті.
Сонда шалдың айтқан малы:
– Алпыс қарабас атан, алпас сарбас атаным бар, соны берсін, оң жақ босағада қара қайрағым бар, жаныса жанысын – соны берсін. Бірі кілтті, бірі кілітсіз сандығым бар, соның кіліттісін берсін. Есіктің алдында екі бәйтерек бар, біреуін кесіп, біреуін тұжырып берсін! – депті шал ұрыларға. Осыны келін мен балама айт, – депті.
Екі жігіт келе жатып:
– Біз баласы мен келініне не дейміз? Біз әкеңді тонап, малға келдік десек, онда бізді жібермей қояды. Сондықтан, бір дәлел айту керек, – дейді.
Сонда біреуі:
– Мен дәлел таптым, сенің Кенжекей деген сұлу қарындасыңды саған тоқалдыққа әкең айттырып, соған малға келдік, – дейік. «Қандай мал?» – десе әкесінің малын айтайын депті. Екі ұры келе жатып шалдың баласына жолығыпты. Жылқы бағып жүр екен. Амандасып тұрғаннан соң ұрылар: «Кім баласысың?» – деп сұрапты. Бала «Қайыр деген шалдың баласымын» депті. Ұрылар: «Күйеу екенсің ғой!» – дейді. «Күйеуі не?» – дейді бала. Ұрының біреуі: «Сенің әкең мына жігіттің Кенжекей деген сұлу қарындасын саған тоқалдыққа айттырып, соған құда түсе малға келдік. Мына жігіт сенің туған қайнағаң болады», – депті. Бала екі ұрыны алып келіп келіншегіне:
– Қатын, кілемді төсе, көрпе сал, құймақты құй, – дейді. Әйелі Саметті далаға шақырады, шықса екі ұры тұр екен. Сақыпжамал:
– Мына келіп тұрған кісің кім? – деп сұрайды.
– Бұл кісілер менің қайнағаларым, мына жігіттің Кенжекей деген сұлу қарындасын әкем маған тоқалдыққа айттырып, соған құда тұсе және малға келіпті, – дейді. Сонда келін: «Қандай мал екен атамның бергені?» – деп сұрапты. Сонда бала алпыс қарабас, алпыс сарбас атаным бар, соны берсін, – депті. Бізде алпыс сарбас, алпыс қарабас атан қашан бар еді? Бір кілітті сандық. Бірі кілітсіз сандық бар, соның кіліттісін берсін, – депті. Бізде ондай сандық қашан бар еді? Оң жақ босағада қара қайрағым бар, жаныса-жанысын соны берсін, – депті. Ондай мал қашан бар еді? Есіктің алдында екі бәйтерек бар, бірін кесіп, бірін тұжырып берсін, – депті. Кәнекей екі бәйтерек бар ма? – депті. Әкемнің осы айтқан малының біреуі де жоқ қой, – депті. Келін баланы далаға шақырып «үш жылғы ту биені сой да, ел-жұртыңды жинай ғой» депті. Бала үш жылғы ту биені сояды. Ел-жұртын жинайды, етті жейді. Қымызды ішеді, екі жігіт «мал әкетемін» деп отыра береді. Келін бір құдасына:
– Менің мына ақсақалдарға айтатын бір-екі ауыз сөзім бар, соған ұлықсат па екен, сұра! – депті. Ақсақалдар ұлықсат депті. Сонда келіннің айтқаны мынау: «Менің атамның айтқаны мынау, атам екі ай жол жүріп, атамды көп ұрылар тонаған екен, азық-түлігін алып, өзін өлтіретін болған соң ұрыларға айтқан малы: алпыс қарабас атаным бар, соны берсін дегені – алпыс ақсақал, алпыс жігіт келсін дегені. Екінші – бірі кілітті сандық бар, бірі кілітсіз сандық бар, соның кіліттісін берсін дегені – мені келсін дегені. Үшінші – оң жақ босағада қара қайрағым бар, соны берсін дегені – Жапсар балам бар, сол балам келсін дегені. Төртінші – есіктің алдында екі бәйтерек бар, бірін кесіп, бірін тұжырып берсін дегені – осы отырған екі ұрының бірін өлтіріп, бірін маған бастап алып келсін дегені, – депті данышпан келін. Сол жерде жігіттер екі ұрының біреуін өлтіріп, алпыс шал, алпыс бозбала, келіні, Жапсар баласы барып, данышпан әкесін ұрылардан аман-сау алып қайтыпты. Данышпан шалды данышпан келін ажалдан құтқарыпты.
64. Кедей қызы мен хан баласы
Бұрынғы заманда бір хан халқын жинап, жарлық шашады:
– Менің жасым болса ұлғайды, төрімнен көрім жуық, менің орныма хан сайлап алыңдар, – дейді.
– Тақсыр, хан өлсе, ханның баласы хан болады, баласыз емессіз ғой, балаңыз хан болады, – дейді.
– Ал, ендеше балам бүгіннен бастап хан болады, соған бағынасыңдар, – дейді хан. Баланың әке-шешесі өліп, арулап қояды. Хан бірнеше жыл хан болып тұрған соң халқына айтады:
– Ер жеттім, енді үйленгім келеді, – дейді.
Ел:
– Тақсыр, үйленіңіз, – дейді.
– Ендеше, қол астымдағы қыздарды тегіс жинаңдар, – дейді хан. Халық тарап, қыздарын жақсы киіндіріп алдына алып келеді. Хан мұнараның басына шығып, жиылған қыздарға айқайлайды:
– Мен сендердің бәріңді алмаймын, біреуіңді ғана аламын, не жұрттан асқан сұлуыңды аламын, – дейді. Ол үшін айтатын үш ауыз жұмбағым бар, соны шешкеніңді аламын. Бірінші – күннің батысы мен шығысының арасы қанша жер, соны табыңдар; екінші – жер мен көктің арасы қанша жер, соны табыңдар; үшінші – өтірік пен шынның арасы қанша, соны табыңдар, – дейді. Ол үшін бес тәулік мерзім береді. Сонымен қыздар бет-бетімен кетіп тарайды. Үлкен-кіші бұл жұмбақты шеше алмайды. Күндерде бір күн қыз қой бағып жүрген шалға кездеседі. Мерзім бітеді. Қойшы бір байдың малайы екен. Шал қоңыр тоны өмірінде үстінен түспеген, қоңыр өгізден басқаға мінбеген қойшы екен. Қыз мән-жайды шалға айтады. Шал айтады:
– Білмедім, шырағым. Менің он үш жаста үйде қызым бар еді, білсе сол біледі, – дейді. Қыз үйін сұрайды.
– Анау төбенің астында бір ауыл отыр, соның шетінде бір жерін алтын шапқан, бір жерін күміс шапқан үй бар, сол біздікі, – дейді. Қыз іздеп ауыл шетіндегі бір кедей үйіне кез болады. Ішінен «осы шығар» деп ойлайды. Жас қыз кесте тігіп отыр екен. Шаруа жайын соған түсіндіреді. Қойшының қызы айтпайды. Қыз айтпаған соң ханға келеді. Бірақ, қойшы қызы киініп, артынан қалмай бірге жүреді. Келсе, хан қырық уәзірімен дайындалып, мұнарасының басына шығып тұр екен. Баяғы қыздардың бәрі жиналады. Жаңағы қойшының жас қызы солардың шетіне келіп отырады. Хан айқайлап:
– Менің жұмбағымды таптыңдар ма? – дейді. Жиналған қыздардың бірде-бірінде үн болмайды. Хан тағынан түсіп, жеке-жеке шұқып, сұрай бастайды. Бәрі де: «жоқ, жоқ», – дейді. Ең соңында әлгі қойшының жас қызынан сұрайды. Ол:
– Нені? – деп сасып қалады. Қыз бұрын келмегендігін айтады. Жұмбақты хан қызға қайтадан айтып береді. Қыз ханның бірінші жұмбағына:
– Күннің батуы мен шығуының арасы бір-ақ күншілік жер. Ертеңгісін шығады, сол күні батады, – дейді. Екінші жұмбағын айтқанда:
– Тақсыр, жер мен көктің арасы екі кірпігіңнің арасындай-ақ, – дейді. Себебі: төмен қарасам жер көрінеді, жоғары қарасам аспан көрінеді. Солай емес пе? – дейді қыз. Үшінші жұмбағына:
– Тақсыр, өтірік пен шынның арасы бес елі, себебі, құлақ есітеді, оның естігені өтірік. Көз көреді, оның көргені шын, екеуінің арасы бес-ақ елі, – дейді.
Хан жиылған қыздарды таратып, уәзірін шақырып:
– Мына қойшының жас қызын күт. Он бес күннен кейін үйленемін, – дейді. Осы мерзімнен кейін неке тойын қылып, екеуі қосылады. Хан:
– Менен басқаға сыр айтпа, егер осы айтқанымды істемесең қанша ұл, қызың болса да тастаймын, – дейді. Екеуінің қаншама ұлы, қызы болады.
Хан бір күні үйінде жатып ерігеді. «Хан еріксе, халық ойыншық болады» – деген ғой. Хан қырық уәзірін шақырып алып:
– Ей, сендердің қызықтарыңды мен де бір көрейін, сендер менің қызығымды көрдіңдер ғой! – дейді. Қырық уәзір:
– Е, тақсыр, көріңіз, – дейді. Оларға хан бір жұмбақ айтады, бір ай мерзім береді. Шешпесеңдер бастарыңды аламын, – дейді.
Хан:
– Өтірік пен шынның арасы неде, соны табыңдар? – дейді. Уәзірлердің ешқайсысы таба алмайды. Мерзімі бітіп, уәзірлер қайта жиналады. Бас уәзір сұрамаған жан болмаған соң ханымнан барып сұрайды. Жұмбағын айтса, ханым білетін болып шағыды. Бірақ, ол ханмен болған сертін айтады. Бас уәзір шығып бара жатып:
– Қырық уәзірдің қаны сенің мойныңда, – дейді. Ханым ойланып, қайта шақырып алады. «Қой, қырық уәзірдің қанын мойныма жүктегенше, айтайын, азар болса хан мені талақ етіп тастар» деп, оған шешуін айтады:
– Өтірік пен шынның арасы қызыл тілде. Неге десең, даудан да, жаудан да айыратын тіл, өтірік пен шынды да айтатын тіл, осылай деп ханға айтарсың, – дейді ханым. Бас уәзір ханның айтқан жұмбағының шешуін табады. Бірақ, «мұның шешімін кім тапты» деп сұрағанда, бас уәзір:
– Сенің әйелің айтты, – дейді. Хан әйелін шақырып сұрайды. Әйелі айтқандығын мойындайды. Хан әйелін тастамақ болады. Сонда әйелі: «Қолымнан соңғы рет бір дәм татыңыз» деп ханға тамақ береді. Мұндай тәтті, әрі дәмді тамақты хан өмірі ішпеген екен. Мас болып әйеліне:
– Айтқаным айтқан, тастадым, талақ, – дейді.
– Тоқта, ұлым бар, қызым бар, тілегім бар, – дейді әйелі.
Хан:
– Бәрін де ал, тек астымдағы тағымды, үстімдегі үйімді қалдырсаң болады, – деп ұйықтап кетеді. Әйел қырық уәзірді шақырып алып:
– Үйін, қора жайын, тағынан басқасын түгелімен өзге жаққа көшіріңдер, – дейді. Төрт күнде осының бәрі орындалады. Бесінші күні ұйықтап жатқан ханды да көшіріп, апарып тастайды. Хан оянып әйеліне:
– Талақсың дегенім есіңде ме? – дейді. Әйел:
– Қалағаныңды ал дегенің есіңде ме, халықты алдым, қазынаңды алдым, өзіңді алдым, қораң мен тағыңда қалдырдым, – дейді. Хан қараса бәрі рас. Қайтадан той жасап, хан әйеліне екінші рет қосылған екен...
65. Ақылды етікші
Бұрынғы өткен заманда бір патша болған екен. Оның әрбір тәртібін халқы еш тоқтаусыз уақытымен орындап тұрады екен. Бір күні бұл патша: «Менің әрқашан халық пайдасына еткен әмірім орнына нақпа-нақ келіп тұрады және халқым да мені жақсы көреді. Сондықтан да мен олардың пайдасын ойлаймын. Енді мен осы халқыма зиянды бір әмір таратайын. Халқым тыңдап, орнына келтірер ме екен? Жоқ, келтірмес пе екен?» – деп ойлап, уәзірлеріне:
– Халыққа тегіс хабарландырыңдар. Ешкім басына пайда қылмасын! – деп, әмір қылады.
– Бұдан соң уәзірлер бұл әмірді халыққа естіртіп болып, патшаға:
– Халқыңыз әміріңізді нақпа-нақ айтқаныңыздай орнына келтіретін болды, – дейді.
– Патша уәзірлеріне еш жауап айтпайды. Түн болған соң үстіне бөтен, ескі киім киіп, әмірінің қалай орындалғанын көру үшін көшеде жүрсе, шеттегі бір үйіде шам жанып тұр екен. Патша қайыр сұраған кісі болып, шам жанып тұрған үйге келсе, үйдің ішінде бір етікші етік тігіп отыр екен. Етікші қайыршыны көріп тұра келіп, бір кішкене нан береді. Сонда қайыршы:
– Сен патшаның әмірін тұтпаған не қылған адамсың? «Ешкім басына пайда қылмасын және шам да жақпасын дегені қайда?» – дейді.
Сонда етікші:
– Сенің онда не жұмысың бар? Сондай әмір қылып отырған патша да ақмақ, себебі, мен жарлы адаммын, күнде төрт теңге пайда қыламын да, төрт теңге зиян қыламын. Міне, мен сонымен күн көріп отырмын. Патша ақылды болса, осыны білер еді, – дейді.
Патша бұған жауап қайтармастан үйіне келеді де, ақылды төрт уәзірін шақырып алып:
– Сіздерді басқалардан ақылы көп деп, өзіме уәзір қылып едім. Енді мен сіздерден сұрайтын сауалым бар: күніне төрт сом пайда да, төрт сом зиян да қыламын. Сол пайдам мен зияным не? Үш күн ішінде соны табыңдар. Таба алмасаңдар, бастарыңызды аламын! Өздерің таппасаңдар да табатын кісі тапсаңдар, жазадан құтыласыңдар! – депті.
Уәзірлер үш күннің ішінде өздері де және табатын кісі де таба алмаған соң, енді патшаға көрінбей, қашпақшы болып жүргенде, баяғы етікші уәзірлерге келіп:
– Мен патшаның сұраған сауалын тапсам, сіздер маған не берер едіңіздер? – дейді.
Уәзірлер төрт мың ділдә бермекші болады. Етікші уәзірлерден төрт мың ділдәні санап алып, олармен патшаға барады да:
– Тақсыр, мен етік тігіп, әр күні төрт сом пайда қылам, төрт сом зиян да қылам. Ол былай: бір сомды қарызға беремін, бір сомды ескі қарызыма берем, бір сомды құдыққа тастаймын, бір сомды әйелім мен екеуімізге жұмсаймыз, – депті.
Сонда патша:
– Әйелің мен екеуіңе жұмсалған ақшаға бәріміз де түсінеміз, қалған үш сомның жұмсалған орнын анықтап түсіндір, – депті.
Бұл сөзге етікші былай жауап қайтарыпты.
– «Бір сомды қарызға беремін», – дегенім: қартайғанда өзімді асырар, – деп балама беремін. «Бір сомды ескі қарызыма беремін», – дегенім: өзімді жасымда асыраған кәрі әкем мен шешеме беремін. «Енді бір сомды құдыққа тастаймын», – дегенім: күйеуіне тұрмай қайтып келіп отырған қызым бар, соған беремін дегенім, – депті.
Сонда патша: «Бұл етікші ақылды адам екен», – деп, өзіне уәзәр қылған екен.
66. Өнердің күші
Бұрынғы өткен заманда Хасен деген патшаның жалғыз ұлы болыпты. Баласы Ыдырыс ел аралап жүріп, Сәтбай деген бір диханшының сұлу қызына ғашық болған екен. Қыздың аты Дүрия екен. Бір күні Ыдырыс қыздың әкесіне сөз салып, кісі жіберіпті.
Сәтбай:
– Қызым барса да, бармаса да өзі біледі депті, Сонан сон Ыдырыс Сәтбай қарттың үйіне өзі келіп, Дүрия қызға өзінің ойын айтыпты. Сонда Дүрия:
– Сен болсаң патшаның ұлысың, мен болсам диханшының қызымын, оны ойладың ба? – депті.
– Неге ойланбайын, Дүрия, ойландым, он ойланып, жүз толғанып келіп отырмын алдыңа, – дейді Ыдырыс.
Дүрия ойланып:
– Қандай өнерің бар еді? – деп сұрайды.
– Ешқандай өнерім жоқ,– дейді Ыдырыс.
– Өнерсізге үміт арту қиын, үмітіңді үз де, жолыңды тап, жігітім! Сонда Ыдырыс тұрып:
– Дүрияжан, неге олай дейсің, мен жақында патша боламын ғой, патша болған адамға өнердің қанша керегі бар.
– Жоқ, жігітім, олай деме, бүгін патшасың, ертең кім боларыңа көзің жете ме? Өнерсіздің өкініші көп, өнерлі өрмелеп өрге шығады, өнерсіздік ойға опық, бойға қорлық емес пе?
Қыз сөзіне намыстанған Ыдырыс патша сарайына келіп, әкесіне болған жайды айтады. Хасен патша қол астындағы барлық шеберлерді шақыртып алып:
– Осы балама бір өнер үйретіп бергендеріңе қанша уақыт керек? – деп сұрапты. Өнершілердің әрқайсысы әр түрлі жауап беріпті. Біреулері бір жыл қерек, енді біреулері алты ай керек, үш ай керек деп шуласып тұрғанда, басына жүннен қалпақ киген Тоқтыбай деген бір өнерші шал:
– Балаға он бес күнде өнер үйретіп шығаруға болады, – дейді. Патша баласын Тоқтыбайға тапсырады. Он бес күн ішінде Ыдырыс Тоқтыбайдан қалпақ басуды үйреніп шығады. Хасен патша баласына:
– Қасыңа бірнеше кісі ертіп, Сәтбай қарттың үйіне барып, құда түсіп, қызға өнеріңді көрсетіп қайт, көңіл қош болсын, – дейді. Ыдырыс диханшы Сәтбай қартқа барып, келісіп, қызы Дүрияны алып, үлкен той жасайды. Дүрия сұлу да, зейнді де еді. Патшаның үйіне келін болып түскен соң, ЬІдырысқа Дүрия:
– Енді өнеріңді көрсет? – дейді. Ыдырыс сайман-әбзелдерін тауып алып, жүннен бір жақсы қалпақ басып, Дүрияға әкеп көрсетеді.
– Мұның да жақсы өнер екен, енді осыған екеуіміз ешкім білмейтін қосымша бір өнер табайық. Сонда Ыдырыс:
– Ол не өнер? – деп сұрайды.
– Қалпақты басқанда жиегіне басқа жүннен әріпке ұқсас өрнектер шегеміз, бір әріп бір сөздің балауы болсын, оны екеумізден басқа ешбір жан білмейтін болсын, сақтықта қорлық жоқ деген, түбі бұл бізге керек оқу, – дейді Дүрия. Сөйтіп олар екеуіне ортақ өнер тапты.
Үш ай ауырғаннан кейін, Хасен патша дание салды. Ыдырыс әкесінің орнына таққа отырды. Ата-енесін бала-шағасымен қасына көшіріп алды. Ол халыққа тыныш, жағымды патша болыпты. Күндерде бір күн халықтың хал-жағдайын білмек болып, патша үстіне жаман киім киіп, ел аралапты. Бір қаланы аралап келе жатса, түтін шыққан шеткі үйден бір коңырсы иіс мұрнына келе беріпті. Тәуір тамақ пісіріп жатса керек, неде болса кірейін деп, сол үйге қарай бұрылған екен. Үйге кіріп келсе, белдемше киінген төрт адам отыр. Ыдырыс сәлем бергеннен кейін төртеуі бір-біріне қарады да оның көзіне қырын тұған бір адамды зынданға салып, сыртынан тарс бекітіпті. Байқаса, адамды сойып, етінен түрлі тамақ жасап, базарға сатады екен. Жаңағы төртеуі қайта келіп, өзара сөйлеседі де зынданға қарай Ыдырысты сүйрей ала жөнеледі. Зынданға кірсе өзіне басқа екі адам отыр екен, оларда зәре жоқ.
– Бұл не пәле? – деп сұрап еді Ыдырыс отырған адамның бірі жылайды, бір күледі. Бұларға таң қалған Ыдырыс:
– Мені бүгін түнде соймақшы еді, ажал сағатым тақаған сайын жүрек дір-дір етеді, соған қорыққанымнан жылаймын, – депті.
Күлген адам айтады:
– Менің аз болса да күндік өмірім бар, соған қуанғанымнан күлемін. Бізден гөрі семіздеу екенсің, мүмкін бізді тағы бір күн қоя тұрып, сені сояр, – дейді.
Мұны естіген Ыдырыста зәре-құт қалмайды. Үрейленгеннен Ыдырыс бұл пәледен қалай құтылудың амалын таба алмай көп ойланып, дал болады. Сол мезетте оның ойына Дүриянң үйреткен өнері түседі. Сөйтіп тұрғанда, төрт аспазшы келіп, Ыдырысты зынданнан шығарып алып:
– Сені бүгін соямыз, – дейді.
Жүрегі ұшып дірілдеген Ыдырыс:
– Сендер мені соймаңдар, мен сендерге көп пайда келтіремін.
– Неге пайда келтіресің, айт!
– Менің айтқанымды істеп, керекті әбзелдерімді кешіктірмей тауып берсеңдер, сонан соң менің шебер қолымнан өрнектеліп шегілген әдемі бөрікті патшаның әйеліне ұсынасыңдар, ол сөзге келмей екі мың діллә береді. Аспазшылар Ыдырыстың айтқанын қылып, жүн мен Әбзелдерін түгел тауып, әкеп береді. Үш-төрт күн өткеннен кейін бөрік те дайын болады. Бөріктің жиегіне Ыдырыс Дүрия үйреткен әріптерден өрнек салған еді. Қалыпқа басқан әдемі бөрікті қуана-қуана алған екі аспазшы атқа мініп, патшаның сарайына барады. Сарайға аттарын байлап, уәзірлерден рұқсат алып, патшаның әйеліне бөрікті ұсынады. Дүрия бөрікті қолына алып, айналдыра қарап, өрнектелген әріптерін ішінен оқып шықты да:
– Бұл бөріктің бағасына не сұрайсыңдар? – дейді.
– Екі мың діллә, – дейді аспазшының біреуі.
– Жарайды, мен діллә алып келгенше кідіре тұрыңыздар, – дейді де Дүрия далаға шығып:
– 40 нөкер қару-жарағымен дайын тұрсын! – деп жарлық етеді уәзірлеріне. Дүрия екі мың ділләні алып, үйге кіріп, екі адамның қолына береді. Олар ділләні алып, үйге кіріп екі адамның қолына береді. Олар ділләні алып, бек қуанып, аттарына мініп, нөкерлерімен кеткен екі адамның соңынан қарасын үзбей жүріп отырады. Екі адам қораға келіп кірісімен, нөкерлер қораны айнала қоршап алады. Дүрия бірнеше адамдарымен ішке кіріп:
– Бұл үйде тірі жан болса, түгел шықсын! – деп айғай салады. Ішіндегілердң бәрі де тысқа шығады. Қора маңына жиналған қала адамдары тамашалап қарап тұрады. Аспазшының екеуі сол арада өзіне-өзі пышақ салып өледі. Қалған екеуін нөкерлер тірідей қолға түсіреді. Ыдырыс шықпаған соң, Дүрия зынданның кілтін тауып алып, бір-екі нөкерін ертіп, зынданда Ыдырысты аман-есен шығарып алады. Есін жиған Ыдырыс патша Дүрияні көріп қуанып, аяғына бас иеді. Сонда Дүрия күліп, Ыдырысқа:
– Өнердің күші деген міне осы, бұл өнерді үйренбесең, осы үйде өлімге тап болатын едің, – дейді.
Үйдің ішін түгел аралап, тінтіп шыққан нөкерлер сойылған адамдардың киімдері мен аспазшылардың тыққан ақшаларын тауып алды. Жиналған жұрттың тілегі бойынша Ыдырыс патша тірі қалған екі аспазшыны көп алдында дарға асқызып өлтіреді. Табылған нәрселерді жұртқа үлестіріп, Ыдырыс патша, Дүрия нөкерлерімен аман-есен үйіне қайтқан екен.
67. Күлшаһар
Ерте заманда Кішмүр шаһарында бір падиша болған. Аты белгісіз падиша халқына әділ, ғаріп-мүсәпірлерге көп қарасатын болған. Бірақ падиша өзі баласыз болған. Патша өзінің сарайында бірнеше уәзірлерімен мәжіліс құрып отырғанда борышы басынан асқан, сол борыштан қысылып жанталасқан, әр түрлі кемшіліктің бәрі де өз басында, үсті-басы алба-жұлба жыртық бір қайыршы кіріп келді. Қайыршының жұмысы падишадан жәрдемге пұл сұрамақ.
Патша отыр еді мәжіліс құрып,
Үстіне сол мүсәпір келді кіріп.
«Құдайдың кемшілігі бәрі менде» деп,
Патшаға сөз сөйледі жылап тұрып.
«Уағалайкум ассалам, тақсыр ханым,
Жоқтықтан шығар болды ғаріп жаным,
Жүз ділдә қысып жүрген борышым бар,
Сол еді сізге келген менің халім».
Патша жүз ділдәні суырып берді,
Мүсәпір қолын жайып қарап тұрды.
«Дүниеде сізде қажет бар ма екен» деп,
Патшадан ол мүсәпір жауап сұрды.
Патша айтты:
Бітті ме, ай, бейшара, кеулің сенің,
Қажетім дүниеде бардүр менің.
Айтуға көп ішінде қамығамын,
Бір перзент дүниеде менің мұңым.
Қайыршы айтты:
Құдай – ай, көзім жасын көргіл деді,
Бір перзент патшаға бергіл деді.
Ағынан ырза болып, бата беріп,
Мүсәпір үйден шығып ғайып болды.
Мұнан кейін көп ұзамай-ақ мүсәпірдің дұғасы қабыл болып, патшаның әйелі бала көтерді. Кәміл тоғыз ай он күнін бітіріп, патшаның әйелі босанды. Туған баласы қыз болды. Патша отыз күн ойын, қырық күн тойын жасады, үлкен қуанышқа бөленді. Енді ол қыздың атын қою керек болды.
Падиша жұртын жиып қылды тойды,
Бұрынғы қапалықтың бәрін жойды.
Жинап ап еліндегі ғұламасын,
Ол қыздың Күлшаһар деп атын қойды.
Мұнан кейін патша қызын дәрежелеп баға берді, баланың балалықтағы нендей керегінің бәрін де даяр етті. Күлшаһар өте жақсы, өте сұлу болып өсіп келе жатты. Қыздың сұлулығы сондай адамның айтып аузы жетпестей, сол заманда ол қыздан сұлулық өтпеген. Күлшаһардың сұлулығы дүниенің төрт бұрышына жайылды. Ер жетті, он алты – он жеті жасқа келді. Он төрт жасына дейін Күлшаһарды мектепке оқуға берді. Бұл солай жата тұрсын. Енді Бағдат шәріндегі Шаһиншаһ патшаның, Шаһзада деген жалғыз баласы болған. Бұл баланың дәрежесі және өзінің жақсылығы, сұлулығына өз шәрінде ешкім тең болмаған. Шаһзада ер жетті. Жігіт болды. Жігітшілік ойлап, өз қатарындағы қыздарға көзін салды. Бірақ қыздың бәрі де Шаһзадаға ұнамады. Бір күндері Кішмүрдегі Күлшаһардың дыбысы құлағына тиді. Айтушылардың айтуы бойынша қыздың сұлулығына Шаһзада асық болды. Енді сол қызға барып, дидарын бір көрмей тынышталмайтын болды. Өзі патшаның баласы, пұрсаты мол. Бірнеше басшы, бірнеше қосшы алып және қырық түйеге алтын, күміс тағы басқа асыл заттар артып, бір керуен болып Кішмүрге сапар шекті. Көп күндер жол жүрді. Жолда еш жерде тоқтамай Кішмүрге келді. Қаланың бір шетінен пәтер алып, көпес, бай сәудегер болып жата береді. Шаһзаданың ендігі жұмысы араға кісі салып, қызға қайткенде жолығу болды. Бірақ есебі табылмады. Сөйтіп жүргенде сол жердегі бір мәстен кемпірге жолықты. Ол кемпірден қыздың жайын сұрады. Және «шеше, мені сол қызға жолықтыр», – деді. Ол кемпір екеуін келістірмек болды. Енді кемпір қызға барып, Шаһзаданың жайын баяндайды. Кемпірдің сөзі:
Шаһарда жалғыз біткен шынар деймін,
Көңілің оған тисең тынар деймін.
Сіздердей талай қызды ұнатпаған,
Өзіңдей бекзадаға құмар деймін.
Мұнан да басқа кемпір әңгімемен де мақтап көп сипаттайды. Кемпірдің сөзін қыз да мақұл көрді. Кемпір қайтып Шаһзадаға келіп, қыздың мақұл көргенін айтты. Мұнымен қатар «жақын арада осы шаһарда үлкен бір той болады. Сол тойда жолықтырамын, онан бергі жерде болмайды», – деді кемпір. Аз ғана күннен кейін той болды. Тойға халық көп жиылды. Тойға Күлшаһар да келді, қасындағы қырық қыз нөкеріменен, бірақ сый қонақ бөтен бөлмеде болып, қызды көре алмады, көруге жөні болмады. Той тарағасын Шаһзада кемпірге жолығып, қыз жөнінде сөйлесті. Кемпір айтты:
– Бұл тойда реті келмеді. Енді жолығу қиын, пұрсатың келсе, өзің бір басқа үй салдырып, үйдің ішіне өзің отыратын кішкене тесігі бар бөлме салсаң, тесіктен қызды көресін. Сонан кейін үлкен той жасап тойға халықтың бәрін де шақыр, қызды да шақыр, бір көрсең сонда көресің, – деді.
Мұнан кейін Шаһзада алтын, күмістен бірнеше шебер жинап үй салдырды. Бірақ қашан көргенше өзі де асықтықтан өте жүдеді. Үйді ойдағыдай салып болып, той жасап, Шаһзада халықты шақырды. Тойға қыз да келді. Бірақ онда да үй ішінде көруге болмады. Шаһзада кемпірге жолықты. Кемпір той тарағасын үйдің сыртындағы тасада жолықтыратын болды. Адамның бәрі де тарады. Әлгі тасада қыз келіп, Шаһзадаға жолықты. Шаһзада күлімсіреп қызға бір ауыз сөз сөйледі. Сонда қыз айтты:
– Сен өзің қалайсың? Ақымақтарша күліп сөйлейді екенсің, – деді. Мұнан соң Шаһзадаға енді сөйлеуге уақыт болмады. Себебі, «ақымақ» деген сөз оған өте ауыр тиді. Соның үшін енді сөзге келмеді. Екеуі екі жаққа айрылып жүре берді. Мұнан кейін Шаһзада «менің бір қызға ұнамағаным-ай», – деп, екінші, жағынан асық болып ауыра бастады. Енді бұл шаһарда тұруға болмады. Барлық жолдасымен мүлкінің бәрін түйеге артып, Бағдатқа өз еліне көшіп кетті. Бірақ асықтықтан ауырып, көп ұзамай-ақ еліне барғасын Шаһзада өлді. Әкесі Шаһиншаһ патша жалғыз баласының басына сол өлген сағатында алтыннан күмбездеген там салдырды. Өлікті құрметтеп, қырқы біткенше басына шырақшы отырғызды.
Ендігі әңгіме Кішмүрден. Күлшаһар үш күннен кейін түс көрді. Түсінде Бағдатқа барыпты. Онда бетіне перде жамылып, өліп жатқан Шаһзаданың бетін ашып жолығыпты. Сонда Шаһзада былай деген:
– Әй, ақымақ, бұл жерлерге неге келдің,
Сен менің ақымақтығымды қайдан білдің?
Не іздеп бұл араға келіп жүрсің,
Алып кет садағасын тамам елдің.
Әй, ақымақ, саған түссін менің дертім,
Көресің қай сиқыңмен елдің бетін.
Барғанда ақиретке сөйлесермін,
Осындай күйге салды асық отың.
Ояна келсе, түсі екен. Күлшаһар ойлады «қой, менікі ұят болған екен, не болғанмен сол сияқты адамға бармай жөні келмес», – деді де, азық-түлік алып, ер киімін киініп, шашын желкесіне түйіп, бір жақсы атқа мінді де, бір түнде адамға айтпай жүріп кетті. Әкесі пәлен күн сұрау салып іздеп таба алмады. Күлшаһар сол жүрумен бірнеше күн жүріп, кешке жақын бір жардың қасында атынан түсіп тамағын ішіп отырғанда, бір бөлек адам келіп, «ұрысың», – деп, ұрып-соғып ұстап апарып, далада дарға асады да, ат-тонын олжа қылады. Бірақ оның әйел екенін білмейді. Сонан қыз дарда кешке дейін тұрады. Өлер болды, жылады, күн бата дар түбіне қой жатқызуға бір қойшы таз қой жайып келді. Қыз тазға жалынды. Жағдайын айтты. Тазша аяп, қызды дардан босатты. Қойшы ертең менен көреді деп, қойды басқа жаққа айдап жатқызды. Сонан кейін қыз қойшымен қоштасып жүріп кетті. Бірнеше күн жаяу жүріп, бір жерге келді. Кешке таяу бір топ адамға жолықты, ішінде ханның уәзірі бар екен. Бұлар келіп қызды тексере бастады. Бұл «жолаушымын», – деді. Анау адамдар сол күні мал ұрлатып, соны іздеп жүр екен. «Сен ұрысың», – деп, ханның уәзірі қызды апарып лабақтыға салды. Бірақ ұрының әйел екенін ешкім білмеді. Лабақтыға бірнеше күн жатты. Бір күні уәзірдің қатыны «ұры деп жүрген жігіт қандай екен, көрейінші», – деп, уәзір жоқта лабақтының есігін ашып, ұрыны көрді. Көрсе, келбеті жаннан асқан бір сұлу жігіт. Қатын көрді де, ұрыға асық болды. Мұнан соңғы күндерде де күніне үш рет келіп жақсы тамақ беріп тұратын болды. Мұнымен қатар ұрыға өзінің ұнатқан ниетімен жақындасқысы келіп, кеуіл айтты. Ұры қатынға:
– Кідіре тұр, тұла-бойым жара, сауалыңқырайын, – деді.
Бір күні уәзір кешкісін үйіне келсе, қатын жоқ, қарап таба алмайды. Лабақтыны ашып қараса, қатын ұрымен бірге отыр. «Бұл ұрымен ойнас екен», – деген кеулімен, қатынның басын қылышпен шауып тастады. Ұрыға шабайын деп ұмтылғанда, қыз емшегін шығарды. Сонда уәзір шаппады. Ұры айтты:
– Мен қыз едім ғой. Сен қатынды бекер өлтірдің, – деді.
Уәзір айтты:
– Мен білгенім жоқ. Сені жігіт шығар дедім. Олай болса, мен сені әйелімнің орнына аламын, – деді.
Қыз:
– Мақұл, – деді. Бірақ маған кемді күн рұқсат бер, мен жарақатымнан жазылайын, – деді.
Лабақтыдан шығып, уәзірдің тамағын істеп беріп, уәде бойынша жақындаспай жүрді. Бір күні уәзір шаршап келіп, түнде қатты ұйықтады. Қыз тұрды да уәзірдің өз қылышымен басын бір-ақ шапты. Уәзір өлді, жұмыс бітті.
Уәзірдің қылышпенен кесті басын,
Аһ ұрып, қайғыменен төкті жасын.
Астына бір жүйрік ат мініп алды,
Салды да алтын, күміс гәуһар тасын.
Ғаріп қыз түн ішінде жүріп кетті,
Уәзірге қатыны мен ажал жетті.
Сол күні түніменен тынбай жүріп,
Бағдатқа таң атқасын келіп жетті.
Шаһардың бер жағында бір қойшыға жолығып, қойшыдан елдің амандығын және жөн сұрады. Қойшы айтты:
– Патшаның жалғыз баласы Шаһзада Күшмүрге қыз іздеп барып, ауырып келді де өлді. Өлгенге он бес күндей болды. Басқалар аман. Анау жарқырап тұрған Шаһзаданың тамы, – деді.
Қыз:
– Келген еңбегім қайтпады және арманда болдым-ай, – деген жабығыңқы кеуілмен шәрге жүре берді. Қыз ойланып «әуелі барып құран оқып, асығымның бетін ашып көрейін», – деген кеуілмен молаға келіп, аттан түсіп, құран оқып басындағы адамнан ішінен кіруге лұқсат алды. Тамның ішіне кіріп, қабірдің бетін ашып:
– Шаһзада, мен келдім, – дегенде, жігіт басын көтеріп алып «уһ», – дегенде, аузынан қызыл жалын лап-лап шықты. Анық өлмеген, ғашықтықпен талып жатқан екен. Күлшаһар Шаһзаданы арқалап бір үйге алып баруға ойлайды. Сонда Күлшаһар былай деген:
Кішмүрден ауру болып елге қайттың,
Он бес күн ғашықтықтан өліп жаттың.
Құдайға мың шүкірлік, әлхамдулла,
Қайғының мен де бір ай дәмін таттым.
Тағы да басқа көп толғаулар айтады. Мұнан кейін бір үйге арқалап барды. Шаһзада сауалды, екеуінің де тілегі орындалды. Біреу барып патшадан «балаң тірілді», – деп, сүйінші сұрады. Патша оған нанбады. Және біреу барып сұрады, оған да нанбады.
– Баланың ғашығы келіп ол сосын тірілді, ғашықтықпен өлген екен, – деді.
– Құдайда екілік жоқ, бір өлгенсін тірілмейді. Бекер айтпаңдар, – деп, патша нанбады. Баласы мен келінін үйіне апарып, патшаның көзіне көрсеткенде патша көзімен көріп нанды. Мұнан кейін патша ат шаптырып халқына жар салып отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, үлкен мереке істеді. Өлген баласы тірілгеніне Құдайға шүкірлік қылып, патша ойлады «маған осы қызық та болар», – деп, халық алдында баласына тағын берді.
Шаһзада патша тағына мінді. Халқына өте жағымды болды. Күлшаһар екі-үш бала туды. Басынан бір буын жақсы заман өткізді. Мұнан кейін Күлшаһар айтты:
– Мен елден кеткелі бірнеше жылдар өтті. Менің қайда кеткенімді бір адам білмейді. Ата-анам тірі ме, әлде өлі ме бұ да маған белгісіз. Өзім де ата-анамды сағындым. Менен басқа баласы да жоқ еді. Енді өлі болса дұға істеп, тірі болса барып қуантайық, – деді.
Пәуескі күйме жегіп, балаларымен Шаһзада екеуі Кішмүрге жүрді. Кідірмей бірнеше күн жүріп Кішмүрге барды. Барса, Күлшаһардың ата-анасы тірі екен. Баяғы орынша патша болып тұр екен. Бірақ өте қартайған екен. Жоғалып кеткен қызы тірі табылғанға патша жүрегі жарылғандай қуанып, үлкен той жасап, сол тойда патша:
– Өзім үлкейдім, жасым жетті, жоғалып кеткен жалғыз балам табылды. Енді маған мұнан артық дәуір болмас. Тағымды халық алдында балама беремін, – деп, патша тағын Шаһзадаға берді.
Сөйтіп, Шаһзада екі жұртқа патша болып мұратына жетті.
68. Бақтыбай би
Ертеде өз еңбегімен күн кешірген бір кедей шал болыпты. Шал өмірінде бір шыр еткен көрмепті. Бар тілегі бір бала екен. Шалдың кәсібі отыншылық екен. Отын алғалы сайға кетіп бара жатса, жолдың шетіндегі бір түп шидің түбінде ораулы жатқан бір затты көріпті. Алып қараса, жаңа туылған нәресте бала екен. Шал қолына алысымен бала шырылдап жылай бастапты. «Құдайдың бергені» деп, шалдың қуанғаны соншалық, отынын алмастан баланы қойнына салып алып үйіне қайтыпты. Өмірі бала көрмеген шалдың кемпірі де жүрегі жарыла қуаныпты. Үйіне келген соң маңайдағы көршілерін шақырып той жасапты. Шал баласының бақытты болуын тілеп, оның атын «Бақтыбай» деп қойыпты. Күн өтіпті, ай өтіпті, жылдар өтіпті. Бақтыбай есейе бастапты, әкесі Бақтыбайды оқуға беріпті. Бала өте зерек, алғыр болыпты. Өзі тұстас балалардан ақылы анағұрлым артық болыпты. Басқа балалар бір-бірімен төбелесіп шатақ шығарса, Бақтыбай үнемі оларға арашашы болып, ақылын айтып жүретін болыпты. Сондықтан балалар оны өздеріне «би» сайлап алыпты. Бақтыбай «би» болған күнінен бастап балалар арасындағы ұрыс-жанжал түгепті. Балалар араларында болған әр қандай істі бітіруге Бақтыбайдың алдына жүгініске келетін болыпты. Өз елінің биінің жалғыз ұлы бар екен, ол келіншегін төркіндетіп келе жатса, бұларға жолдан бір сайтан келіп қосылып алыпты. Әлден уақытта келіншек байқап қараса, күйеуі екеу болып қалыпты. Бір-бірінен титтей де айырмасы жоқ. Келіншек кайсысы өзінің күйеуі екенін айыра алмапты. Сол жағындағысын «өз күйеуім» дейін десе, оң жағындағысы да өз күйеуі сияқты. Оң жағындағысын «өз күйеуім» дейін десе, сол жағындағысы да өз күйеуі сияқты. Сөйтіп, келіншек қайсысын «өз күйеуім» дерін біле алмай, екі жағына жалтақ-жалтақ қараумен жүре беріпті. Ал өңі-түсі айырғысыз би ұлы мен сайтан жол-жөнекей келіншекке таласып керісумен болыпты. Екеуі де «келіншек менікі» деп, өзіне қарай бейімдеп, келіншектің атының шаужайына жармасыпты. Сөйтіп, би ұлы мен сайтан келіншекке таласып әбден төбелесіпті. Бидің ұлы өзінің сүйген әйелінен айрылмауға мықты кірісіпті. Сайтан да оңай көрінбепті. Осылайша дау-таласпен сол үшеуі бидің үйіне барыпты. Бидің баласы аттан түсе салысымен жүгірген күйі әкесіне барып:
– Әке, қайын жұртыма барып қайттым, бірақ жолда мына бір адам бізге жабысып алып, әйелімді «менікі» деп, таласып болмайды. Өзің айырмасаң менде шама қалмады, − депті.
Бұның артынан іле-шала баяғы сайтан келіп:
– Әке, қайын жұртыма барып қайттым. Бірақ мына біреу неме менің әйеліме жабысып таласып болмай жүр, бұны өзің айырып бермесең, менде айырарлық шама қалмады, − депті.
Сонда келіншек:
– Ата, мен де айыра алмадым, қайсысы сіздің балаңыз екенін. Бұл екеуі жолда осында жеткенше дауласып-төбелесіп келді, − депті.
Би қанша бағдарлап қараса да, қайсысы өзінің, жалғыз ұлы екенін айыра алмапты. Бидің әйелі де қайсысы омырау сүтін берген өз баласы екенін білмепті. Сөйтіп, әке-шешесі баласының әрқандай белгілерін қарастырса да ұқсас болыпты. Ешқандай нәтиже шығара алмапты. Бұлар ақылы таусылып амал таппаған соң, ақырында көрші елдегі бір білгішке барып сынатпақ болып, өзі, әйелі, баласы, келіні және сайтан болып бесеуі білгішке қарай аттаныпты. Бидің ұлы мен сайтан тыныш жүрмей жол-жөнекей керілдесіп отырыпты. Бұлар ұзақ жол жүріпті. Бір ауылдан өте бергенде үлкен орманды сайда ойнап жүрген бір топ балаға кезігіпті. Жолаушылардың дауласып бара жатқанына таңырқаған балалар жиналып бұларды тоқтатып алыпты.
– Сіздер неге дауласып келесіздер, егер сіздер шеше алмаған іс болса, біз сұрап бітіріп қояйық, − депті балалар.
Даулылар «бұлардың қолынан не келеді», – деп, менсінбей жүріп кетіпті. Сонда балалар тағы да:
– Біздің ақылды да әділ биіміз бар, бітпеген қандай жұмыс, дау болса да оның билік айтуға ақылы жетеді, − депті.
– Басқаның қолынан келмеген жұмысты бұлар қайдан бітірсін, − деп тағы да кекетіп, сайды өрлей жүріп кетіпті бұлар.
– Біздің сондайлық ақылды да әділ биімізді неге көзге ілмейді. Бұларға көресісін көрсетейік, − деп барлық бала жабыла сайдың тасымен атқылап, әлгі бесеуін жүргізбей қойыпты. Жүруге жол таппай бөгелген би бастаған бес жолаушы лажсыздан балалардың биінің алдына барып жүгініпті. Балаларға болған оқиғаны баяндап беріпті.
– Ей, екі жігіт, екеуің қазір жалаңаштанып шешініңдер, шешініп болған соң анау төбеден бері қарай жарысасыңдар, озып кеткенің мына құмыраның ішіне кіресің де, артта қалғаныңды өлтіремін. Келіншек озып келгендікі болмақ, − депті Бақтыбай.
Бақтыбай балаларға бұйрық ретінде:
– Сендер сөреден көмбеге дейін екі жаққа қаз қатар тізіліп тұрыңдар, артта қалғанды ұстап алыңдар», − депті. Бұл билікті естігенде, би де, бәйбіше де, келіншек те зәре-құты қалмай шошыпты. «Арты не болар екен», – деп күтіпті. Сонымен жарыс басталыпты. Бір кезде екі жігіттің біреуі озып келіпті де, Бақтыбай әзірлеп қойған құмыраның ішіне еніп кетіпті. Бақтыбай жалма-жан құмыраның аузын тығындап алыпты. Ал артта қалған жігітті өлтірмеуге балаларға бұйрық беріпті. Бұны естіген балалар:
– Бақтыбай би, сен бүгінге дейін екі ұшты билік айтпаған едің, мынауың қалай, мұны әлгінде өлтір демеп пе едің, енді өлтірмендер деуіңнің мәнісін айтшы, − деп, жан-жақтан сұрақ қоя бастапты. Сонда Бақтыбай би асықпастан тұрып былай ден жауап қайырыпты.
– Мына құмыраға кірген адам емес, сайтан. Ал мына артта қалған жігіт нағыз адамзат, әйелдің жұбайы осы. Мен бұл екеуінің қайсысы адамзат, қайсысы сайтан екенін айыру үшін осы амалды қолдандым. Шындығында мына құмыраның ішіне адамзат симайды, − депті. Бұған балалар әбден риза болыпты. Құмыраны балалардың алдында үлкен от жағып өртеп тастапты. Сөйтіп, әлгі жігітті сайтанның пәлесінен осылайша құтқарып, келіншегін қосып қойыпты. Бұны көрген би қуанышы қойнына симапты. Бақтыбайға көп алғыс айтып, елін шақырып той жасапты.
Қашан да елді ақылды адам сұрауы керек. Бүгіннен бастап осы елдің биі Бақтыбай, − деп өз аузынан жариялапты.
69. Ақылды қыз бен тапқыр жігіт
Бір атақты бай қайтыс болып артында аса көрікті, ақылды жалғыз қызы мен мыңғырған малы қалады. Қыздың сұлулығы мен бай жасауына қызыққан небір бай-манап пен би, болыстар өзара таласып, қыз аулына құдалыққа келіп, апталап, айлап жатып алады. Иттей ырылдасқан қызыл көз пәлелерден мезі болып құтылғысы келғен қыз еліне қадірлі бар қазылар мен ақсақалдарды жинап ақылдасады да, былай деп жар салады:
– Сендер көпсіңдер, мен жалғызбын. Мен екі жүмбақ айтамын. Сол жұмбақтың шешуін тапқан жігіт маған да, анау өріс толы малға да ие болады. Менің ордама тек жұмбақты шешемін дегендер ғана кіреді. Жұмбақты шеше алмағандар киімін шешіп, үстіне бал жағып, тауықтың жүніне аунайды. Сол бетімен атын осында тастап, еліне жаяу қайтады.
Сөйтіп кеудесін қағып, күпсінген атқамінерлердің тапқырлығы безбенге түседі. «Данышпан ойдың ордасы – мен» деп ордаға кіріп, жұмбақты шеше алмаған көп мырзалар әлгіндей масқара халде жаяу қайтады. Мұны көріп тауы шағылған өзге жүрт тарай бастайды. Әлі де қыздан дәмесі бар шағын топ қана қалады. Олар да ордаға кіруге бата алмайды. Желінбей ет, ішілмей қымыз қалады. Сөйтіп отырғанда ақ боз ат мінген жүпыны киімді бейтаныс жігіт келеді.
– Уа, халайық кедей-кепшіктің жүзі жадырап, бай-мырзалардың қабағы қатып қапаланғанын көргенім осы. Не болып жатыр бұл ауылда? – деп сұрайды. Ел мән-жайды түсіндіреді.
– Пәлі, – дейді бейтаныс жігіт, қыз жұмбағын шеше алмасам жігіт болып жер басып жүрдім не, жүрмедім не, тәуекел – кіремін.
– Ессіз болмасаң еліңді тап. Сен түгіл ел билеген болыс-билер де қыз жұмбағын шеше алмай тауықтың жүнінен тон киіп, масқараға ұшыраған, – дейді есік алдында тұрған көп мырзаның бірі. Жігіт олардың айтқанын тыңдамай ордаға кіріп барып, төрде отырған қазылардың алдына қамшысын көлденең тастайды.
– Құрбымның барлық шартын естіп келдім. Жалғыз атты кедей едім. Осы жолы мыңғырған мал айдап, айдай сұлу құшып, мерейім тасып елге қайтармын. Айтсын жүмбағын!
Қыз тәкаппар жігітке былай деп жүмбақ айтады:
– Ертеде екі батыр жігіт аңылымен ел аузына іліккен бір кедейдің қызына бір мезгілде құда түсе келеді. Қызды қайсысына берерін білмей ауыл ақсақалдары қатты сасады. Біріне берсе екіншісі ерегісіп, екі ел арасында дау-жанжал туады. Ақыры қыздың өзі ақыл табады.
Қыз екі жігітке:
– Екеуің де екі елдің бетке ұстар азаматысыңдар, біріңнен-біріңді кем көрмеймін, бірің боз ат, бірің торы ат мініп келген екенсіңдер, қайсың болсаң да бақтарыңнан көр. Сонау көрінген қарауыл төбеге барыңдар да осы жерге дейін жарысыңдар. Осы жарыста кімнің аты қалып келсе, мен соның етегінен ұстаймын, – дейді, Екі жігіт қыздың қулығын қарауыл төбеге барғанда бір-ақ біледі. «Ал жібердік, ал кеттік», – дескенмен екеуі де тұрған орыңдарынан қозғалмайды. Қыз уәдесі бойынша кімнің аты қалып келсе, соның етегінен ұстамақ. Екеуінің де қалып барғысы келеді. Бұлар: «Ал кеттік, ал кеттікпен» әбден шаршап:
– Қой, қыз бізді мазақ еткен екен, аяңдап барып айыбымызды тартайық, – деп тұрғанда қасына желмая мінген бір қарт кісі келеді. Жөн сұрасып, мән-жайға қаныққан қарт екеуіне бір ақыл айтады. Жігіттер қарттың айтқан ақылын орындап, ауылға қарай жарыса жөнеледі. Бірінен-бірі озуға тырысады.
Дана қарт қыздан дәмелі екі жігіттің бірінен-бірі озуға жан салып, жарыса жөнелетіндей қандай ақыл айтты екен. Осыны таба ғой, жақсы жігіт.
– Ойлануға бие сауым уақыт, – дейді қазылардың бірі.
Жігіт аз-кем ойланып отырады да, былай деп жауап береді.
– Екеуі де ақымақ екен. Дана қарт оларға аттарыңды ауыстырып мін деп ақыл айтты. Қыз басында қайсысыңның атың қалып келсе, соған тиемін деді ғой. Ендеше қайсысы болса да бақталасының астындағы өз атын қалдыру үшін ананың атын оздыруға күш салатыны белгілі.
– Дұрыс, дәл таптың! – дейді қазылар.
Жігіттің шапшаңдығы мен тапқырлығына сәл таңданған қыз екінші жұмбағын айтады:
– Ертеде бір өлкені жайлаған қырық байдың ғажайып сұлу қырық қызы болыпты. Олардың әрқайсысы іштей: «Мен бәрінен де сұлумын, ақылдымын, аруға тән нәзіктік менің ғана бойымнан табылады», – деп ойлайды екен. Біріне біреу құда түскелі жатыр дегенді естісе, қалғандары бір түнде барып, күйеу жігітті өлтіріп кетеді екен. Күндердің күнінде сол қырық қыз өзара келісіп, «Барса келмес» деген аралға барып, құлан аулап, көңіл көтермекші болады. Олар «Аралға келген мейлі жас, мейлі кәрі болсын еркек кіндік өлтіріледі», – деп жариялайды. Қанша уақыт өткенін кім білсін, бір күні бір балықшы жігіт қайығымен дауылдан ығып, аралдың жағалауына шығып қалады. Бақытсыз бейбақты аң аулап жүрген қыздар ұстап алады.
– Өлер алдындағы соңғы тілегіңді айт!? – дейді қыздар. Қазір біреуіміздің қылышымызбен басың алынады.
Сонда жігіт соңғы жалғыз тілегін айтқан екен. Қанішер қырық қыздың біреуі де оған қару көтермей босатып қоя беріпті. «Аралға келсе өз әкемізді де өлтіреміз», – деп серттескен қыздарға тоқтау салған кандай тілек екен? Жауабын тап та маған және мына мал-мүлікке иелік ете бер. Таппасаң бал салған күбі босағада тұр, тауықтың жүні тулақта ораулы. Бірінші жұмбақты шешкенің есепке алынбайды.
– Ойлануға бие сауым уақыт, – дейді қазылардың бірі.
Жігіт аз-кем ойланып отырады да, былай деп жауап береді.
– Ақыл ажалды да жеңеді, ақылды жігіт қылышын жалаңдатқан қырық қызға: «Менің басымды осы тұрған қырңыңның ішіндегі ең ажарсызбын, ең ақылсыз сорлымын, күнәға батқан көргенсізбін дегенің кес», – дейді. Әрине, бұдан кейін іштей бақталасып, бірін-бірі атарға оғы болмай жүрген қыздардың ешқайсысының да алға шыға қоймағаны белгілі.
– Дұрыс, дәл таптың, – деседі қазылар. Ақылды қыз тапқыр жігіттің алдына келіп, басын иіп, тәжім етіпті.
70. Аңызға айналған Атымтай
Ертеде кедей-кепшікке, жетім-жесірге барынша көмек көрсетуімен, қайырымдылығымен аты шыққан Атымтай деген адам болған екен. Әйтеуір тұрмыстан қағажу көріп киер киімге, ішер асқа жарымай келген жарлы-жақыбайлардан барын аямай риза етіп жіберетін көрінеді. Сол себепті Атымтай жомарт атанып, ел арасына атағы кең тарапты. Туған ағасы бір күні шешесіне келіп:
– Атымтайдың жомарт деген атағы елге әйгілі болды. Мен де жомартпын, менің атым неге шықпайды? – деген екен.
Сонда анасы:
– Атымтай туа жомарт болды, – депті. Қос емшегімнің бірін басқа балаға емізбесем, ол ембей жылайтын. Сондықтан қос анарымның бірін бөтен балаға ұсынуға мәжбүр болатынмын. Ал сен болсаң, бір емшегімді сорып жатқанда, екіншісін тас қып қолыңмен ұстап жататынсың. Сен қалай жомарт боласың? – деп бетіне тіктеп қараған екен.
Сол заманда тағы бір жомарт патша болған екен. Атымтайдың даңқының ел арасына тарағанына қызғаныштан оның іші күйеді. «Қалай бұл менен асып кетеді? Егер оның көзі жойылса, менің атым шықпағанда кімдікі шығады», – деген ой жанын жегідей жейді. Ақыры Атымтайды құртудың жолын іздестіріп, сол елдегі баукеспе ұры-қанішер біреуді шақырып алып, жомартты өлтіру үшін тапсырма береді.
– Пәлен деген қалаға жақын ауылда, – дейді патша. Атымтай жомарт деген адам бар. Соны өлтіріп, тапсырманы орындағандығыңның дәлелі ретінде басын кесіп маған әкелесің. Тіршілікте қалағаныңның бәрі орындалады. Алтын, күмісті керегіңше аласың!
Әлгі қанішер ханмен уағдаласып, аттанып кетеді. Бірнеше күн жол жүріп, шаршап-шалдығып іздеген аулының шетіне кештете ілігеді. Отын шауып әкеле жатқан адамға жолығып, сәлемдескен соң:
– Күн болса кешкіріп қалды, – дейді ол. Мен болсам алыстан келе жатқан жолаушы едім, бұл ауылда баратын танысым да жоқ.
– Олай болса, біздің үйге жүр, асықпай жатып әбден тынығып, дем ал, – деп жаңағы отын әкеле жатқан адам үйіне ертіп келіпті.
Қонағы өте риза болып үш күндей тынығып, жақсы дем алады. Отынын базарға сатып келген үй иесіне таңданып: «Бұл не деген ғажап адам, – деп ойлайды. Тұрмысы жақсы, байлығы жетеді, сүйте тұрып, әуреленіп отын шауып, оны базарға сатып, несіне бейнеттенеді екен?
Бірде қонағы сөздің реті келгенде:
– Байқаймын, тіршілігіңіз жаман емес сияқты. Барлығы да жеткілікті, таршылық көретін жеріңіз жоқ. Несіне отын шауып, сатып бейнеттенесіз. Жатпайсыз ба дем алып? – деп үй иесіне қарапты.
– Еңбекпен тауып ішкен асқа не жетсін, – депті үй иесі қонағының сұрағына жауап беріп. Отын дайындап, оны сатып адал еңбек, маңдай термен табылған қаржымен күнелтемін. Ал үйдегі жинағаи қазына-мүлік, шаруашылығымды жетім-жесір, кем-кетік, шаршап-шалдыққан адамдар мұқтажын өтеуге, келімді-кетімді қонақтарымды риза етіп атқаруға жұмсаймын. Егер қалағаның болса айт, қолыңнан қақпаймын, саған да берем!
Үй иесінің сый-құрметіне риза болған қонағы «шаруамды бұл кісіден жасырмайын» деп ойлайды.
– Рақмет сізге, – депті ол. Еш нәрсе де алмаймын. Келген шаруам пәленше деген патшамыз: «Осы маңда Атымтай жомарт деген бар, соны өлтіріп, басын кесіп алсаң керегіңше қазынадан алтын, күміс аласың», – деген еді. Сол жомартты тауып маған көрсетсеңіз болғаны, патшаның берген сыйының жартысын сізге берем.
– Маған еш нәрсенің керегі жоқ, оны тауып беру оңай, – деген жауапты естігенде қанішер әкесі базардан келгендей қуанып, екі езуі екі құлағына жетіпті.
– Бәрібір, табысымның жартысы сіздікі, – деп дегбірі қалмапты.
Енді Атымтайды іздеп жолға шығуға асықтырып, орнынан тұрған кезде, үй иесі сабырмен:
– Сенің іздеп келген Атымтай жомартың менмін. Құлдығыңа әзірмін, патшаңды риза ет те, сыйлығыңды ал, – деп қонағына басын тосады. Сасып қалған қонағы шошынып:
– Қойыңыз, бұл неткеніңіз... Япырмай, қандай мәрт адам едіңіз... Айып менде, – деп кешірім сұрап, еліне қайтып кетеді. Оралысымен патша алдына келіп болған жайды бастан-аяқ баяндайды. Сонда жомарт патша отырып:
– Бұл не деген ғажап жан! Адам мал мен мүлікке, дүниеге жомарт болушы еді. Атымтай өз жанына да жомарт, сірә, мұнымен таласуға болмас, – депті.
71. Басқа пәле тілден
Ертеде бір данышпан өмір сүріп, оның үш ұлы, бір қызы болыпты. Қызы да, ұлдары да ақылды болып, ер жетіпті. Айдан ай, жылдан жыл өтеді. Әкесі әбден қартаяды. Күндердің бір күнінде шал ұйықтай алмай дөңбекши береді. Мұны сезген кемпірі мен қызы:
– Сізге не болды, бір жеріңіз ауырып жүр ме, жоқ әлде алыс жүрген балаларыңызды сағынып жүрсіз бе? – дейді.
– Иә, сағындым. Оның үстіне бір арманым ішімде кетіп барады.
Сонда қызы әкесінің алдына келіп:
– Арманыңызды айтыңыз, мүмкін көмегіміз тиіп қалар, – дейді.
Шал айтады:
– Ешқандай құпия жоқ. Менің үш ұлымның үшеуі де ақылды. Сонда да біреуінің ақылы артығырақ болуға тиісті. Соны білу менің арманым.
Қызы сәл ойланып:
– Ой, ата, осыған да қиналасыз ба? Қыдырып барып балаларыңызды сынап келіңіз, – деп, қыз бен кемпір жол қамына кіріседі. Азығын, сусынын дайындап, атын ерттеп беріп жолға салып жібереді. Аз жүрді ме, көп жүрді ме, кім білсін. Бір күні үлкен ұлына жетеді. Баласы зор қүрметпен қарсы алып, қолынан келгенінше сыйлайды. Екі-үш күн жатып мауқын басып, төртінші күні қайтпақшы болады. Баласы тағы да қой алдырып сойғызады. Тамақ піседі, етін қазаннан түсіріп қойып, нанын салып жатқанда, шал баласына қарап:
– Қарағым, ана етіңнің жақсы жерінен бір кесіп берші, – дейді. ¥лы жақсы жері дәуде болса санның еті шығар деп, сан етінен кесіп береді. Шал аздап ауыз тиіп, қойып қояды.
– Балам, енді жаман жерінен бір кесіп берші, – дейді. «Еттің де жаман жері бола ма?» – деп ұлы сәл ойланып тұрып, жаман жері дегені тіс өтпейтін сіңір шығар деп сіңірден кесіп береді. Сіңірді алып, аздап ауыз тиеді. Артынша тамақ та келеді. Тамағын жеп, сыйына риза болып, ел-жұртпен, баласымен қоштасып қайтады.
Данышпан жүріп отырып, екінші ұлына келеді. Екінші ұлы да зор құрметпен қарсы алып сыйлайды. Әкесі қайтар күні бірінші ұлына қойған сауалын қояды. Екінші ұлы да бірінші ұлының істегенін қайталайды. Екінші ұлына да риза болып, қайтады. Ол енді үшінші ұлына келеді. Үшінші ұлы да зор құрметпен қарсы алып, сыйлайды. Қайтар күні екі ұлына қойған сауалын кіші ұлына да қояды. Сонда кіші ұлы «мұнда бір сыр бар шығар», – деп ойлайды. Сосын бастың тілінен кесіп береді.
– Балам, енді жаман жерінен бір кесіп берші? – дейді. Баласы тағы да тілден кесіп береді. Сонда әкесі тұрып:
– Балам, мұның қалай, жақсы жерінен кесіп бер десем тілінен кесіп бердің, жаман жерінен десем тағы да тілінен бердің, – дейді.
Сонда баласы:
– Ой, ата-ай, сіздің сынап отырғаныңызды біліп тұрмын. Жақсы да, жаман да, ұрыс та, керіс те, өсек те, бәрі де осы тілден шығады. Екі елі ауызға төрт елі қақпақ дегендей, әр адам өз тіліне сақ болса, еш уақытта ұрыс-керіс болмас еді. Басқа пәле тілден, – деген екен. Қарт үшінші ұлының ақылдылығына өте риза болып қайтады.
ҒЫЛЫМИ ҚОСЫМШАЛАР
ТОМҒА ЕНГЕН МӘТІНДЕРГЕ ҒЫЛЫМИ ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР
Қазақ ертегісінің мотивтері мен сюжеттік типологиясы
Түсінікте ертегінің осы жинақтағы реттік нөмері, ертегінің аты, түпнұсқаның сақталған орны, мәтінді кім, қашан, қайдан жазып алғандығы, сонымен бірге жариялануы туралы, ертегінің халықаралық Аарне-Томпсон каталогі жүйесіндегі сюжеттік типі жайында мәлімет берілген. Егер ертек АТ жүйесінде кездесетін әлденеше сюжеттер контаминациясынан құралатын болса, онда олардың құрамалығына мән берілген, мысалы, АТ 1 + АТ 248 дегендей (+) белгісі арқылы осы жайт көрсетілген. Ал (=) белгісімен өзара ұқсас типтер теңдестірілген, 0 (нөл) арқылы халықаралық каталогта сюжет жоқ екендігі белгіленген. Әлбетте, қазақ ертегісі халықаралық көрсеткіште тіркелген сюжеттік типтермен толық парапар үйлесе қоймайды, өйткені бұл каталог Еуропа халықтарының ертегісі негізінде жасалғаны белгілі. Сол себептен де қазақ ертегілерінің семантикалық ядросы анықталып, оған үндес параллельдер халықаралық каталогтан іздестірілді. Шығыс славян халықтарының ертегісіне арналған СУС көрсеткіші де қажетке сай қолданылып отырды. Егер қазақ ертегісінің сюжеті кей жағдайда АТ жүйесіндегі әлдеқандай сарынға сырттай ұқсас, ал мағынасы алшақ, кейбір бөлігі ғана үндес болса шартты түрде «салыстырыңыз» деп ескертілген, немесе көрсеткіштегі нөмір (АТ) жақша ішінде берілген. Салыстырылып отырған ертегі сюжеттерінің туысқан түркі халықтары мен әлемнің басқадай елдеріндегі варианттары мен параллельдері мүмкіндігінше көрсетілді.
1. Аяз би
Ел ауызында өте кең таралған ертегі. А. Диваев жинаған нұсқасы ОҒК қолжазба қорында 36-бумада сақтаулы. Томға ҚЕ І-томынан алынды. Жариялануы: ДУГ, (1897, № 46), Н.Н. Крафт «Из кирг. старины» (Оренбург, 1900), Саркин «Турк. газета» (1903, № 9), А.Диваев «Этнографические обозрения по Сырдаринской области» (1904), «Тургайская газета» (1908, № 32), 1928 жылы жеке кітап болып басылып шықты және В.Важдеевтың аударуымен «Ант. каз. литературы» - «Песни степей» жинағында басылды. ҚЕ, І, 402-423.
АА, 921 (ақылды жауаптар) + АА, 851 (шешілмеген жұмбақтар).
2. Атымтай жомарт
Жинаққа ОҒК ҚҚ, 28-бумадан алынды. Халық ауызында ертеден айтылып келе жатқан ертегі. Бұрын Н.Н. Крафт «Из кирг. старины» (Оренбург, 1900); «Хороший человек», «Тург. Ведомости» (1898, № 14), «Тург. газета» (1908, № 33) да басылып жарық көрген. 1939 жылы академик Ә.Марғұлан жазып тапсырған нұсқасы да бар.
3. Төрт дәруіш
Шығыста кең таралған сюжеттердің бірі. Бұл сюжетті Шәді Жиһангерұлы поэма етіп жазып, Ташкент қаласында (Назым Чаһар дәруіш» деген атпен бастырғын. Ертегінің қара сөзбен жазылған варианты ОҒК ҚҚ, 47-бумада сақтаулы. Айтушысы – Ысқақ Сәлменұлы, жинаушысы – Б. Шалабаев.
Томға Е, ІІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІ, 52-86; АС, 154-178; Е, ІІІ, 51-79.
4. Қыпша
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 114-бумада сақтаулы. Жинаушысы –Мұсабаев Дәуітбай, айтушысы – Телеукеұлы. А. 1955 ж.. Алғаш рет түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Бұрын жарияланбаған.
Ертегінің келесі бір бір нұсқалы ҚХЕ кітабында (1 – 17б) жарияланған.
Дәулет құсын, яғни бақыт құсын ұшырып, ол болашақ патшаны таңдап басына қонады деген сарын басқа ертектерде де бар. Құс жоғарғы әлемнің өкілі болғандықтан оны тәңірінің елшісі ретінде санап табыну – ежелгі дүниетанымның көрінісі. Мысалы, Тэмүжинді хандыққа көтергенде оның қасына келіп бір ғажайып құс «Шыңғыс, Шыңғыс» деп сайраған, содан ханның аты Шыңғыс болған деген аңыз «Лу.Алтын топшыда» жазылған. Бұдан хан тәңірінің жердегі елшісі, оған аспанның құсы хабар жеткізіп тұрады деген түсініктің бағзыда болғандығын аңғаруға болады. Сондықтан да хандар мен ақсүйектер тәжіне құстың қауырсынын, немесе қарқара (үкі ) тағатын болған. Міне, осы себептерге байланысты кейінгі дәуірде ертектерде бақыт құсы, немесе дәулет құсы болашақ патшаны таңдап, оның басына қонатындығы туралы сарын кең өріс алған.
5. Қарға Шаһизат
Ертегінің түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 22-бумада сақтаулы. Жинаушысы – С. Құрманұлы. Томға Е, ІІІ-томынан алынды. Түпнұсқа бойынша дайындап, Е ІІІ томымен текстологиялық жұмыстар жүргіздік. Нәтижесінде кейбір жекелеген сөздер болмаса, негізінен түпнұсқаның өзгеріске ұшырамағандығы анықталды.
Жариялануы: Е. ІІІ, 128-133.
6. Шын сүйіскендер
Шығыста кең таралған сюжеттердің бірі. Ертегінің түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ 606-бумасында сақтаулы. Айтушысы – О. Елебаев, жинаушысы – Б. Адамбаев. Ертегі 50, 60-жылдарда жазылып алынғандықтан айтышы мәтінге «минут», «орындық», «шкаф» сияқты сөздерді енгізген. Айтушының стилі сақталды. Түпнұсқа бойынша дайындап, соңғы Е ІІІ томымен текстологиялық жұмыстар жүргіздік. Нәтижесінде кейбір жекелеген сөздер болмаса, негізінен түпнұсқаның өзгеріске ұшырамағандығы анықталды.
Жариялануы: Е, ІІІ, 105-113.
7. Жақсылыққа жақсылық
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 116-бумасы, 1-дәптерде сақтаулы. Айтушысы – Боранбай Ғаббасов, жинаушы – Б. Уахатов. Алғаш рет түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Бұрын жарияланбаған.
8. Минуар мен Бибәтима
Түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ, 116-бумада сақтаулы, жинаған – Ш.Хаймолдин.
Жариялануы: ҚЕ, ІІ, 27-37; Е, ІІ, 81-89.
АТ 725 (Айтылмаған түс)+АТ 465(Сұлу әйел)+АТ 531. ЕВ, 86 ІҮ.
Нұсқасы: қазақта осы жинақтағы №50 «Алтын ат» ертегісі; түрікменде (ПС, №19); татарда ТХИ, ІІ, №42; Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды. Cоңғы ҚЕ, ІІ, Е ІІ томдарымен текстологиялық жұмыстар жүргіздік. Нәтижесінде кейбір жекелеген сөздер болмаса, негізінен түпнұсқаның өзгеріске ұшырамағандығы анықталды.
9. Жаман адамды...
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 116-бумада сақтаулы. Жинаушы – Шамшия Хаймолдин. Алғаш рет түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Бұрын жарияланбаған.
10. Ханша мен баласы
Ертегінің түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 54-бумада сақтаулы. Жинаушысы – М. Ахметов. Томға Е, ІІІ-томынан алынды.
Жариялануы: Е, ІІІ, 133-139.
АА, 532 (Білмес)
11. Мұңсыз хан
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 114-бумада сақтаулы. Жинағаушы – Дәуітбай Мұсабаев. Алғаш рет түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Бұрын жарияланбаған.
12. Сапаһи
Ертегінің түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ 114-бумада сақтаулы. Жинаушысы –Мұсабаев Дәуітбай. Томға түпнұсқадан беріліп отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 234-243.
АА, 882 *В (адал әйел)
Бұл ертегі Тотынамадағы төртінші түн «Жауынгер һәм оның сұлу әйелі, яки әйелінің еріне өлмейтін гүл бергені, әмір баласының қараулығы жайындағы» әңгімеде кездеседі (Қоңыратбаев, 30-37).
13. Жеті шаян
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 114-бумада сақтаулы. Айтушы – Нүсіп Мұстапаұлы, жинаушы – Дәуітбай Мұсабеков. Ертегі томға түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 204-219.
14. Ермек
Бұл ертегі бұрын В.М.Сидельниковтың жинағында жарық көрген. Осы вариант ӘӨИ-ның қолжазба қорында 450-бумада сақтаулы. Томға ҚЕ, І-томынан алынып отыр.
Жариялануы ҚЕ, І, 297-302.
15. Бай мен диуана
Ертегінің түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ, 42-бумада сақтаулы. Жинаушысы –Нұғыман Әминов, 1957 жылы тапсырған. Томға ҚЕ, ІІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 299-303.
16. Жұмбақшыл патша қызы мен Қарақұл
Бұл ертегіні алғаш рет жинап, бастырған Ә.Диваев. Этнографические материалы 1904, в. XІ, «Тург. газета», 1904, № 8, «Тарту», 1924. Жинаққа ҚЕ жинағынан алынды.
Жариялануы: ҚЕ, ІІ, 341-344
17. Білмес
Варианттары көп, халық арасына кең таралған ертегі. Түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 166-бумада сақтаулы. Жинаушысы Ж. Қайрушев. Томға Е ІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: Е, ІІ. 102-107.
18. Мархума
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 114-бумада сақтаулы. 1937 жыды Т.Көкеженұлының айтуынан естіп, жазып тапсырған – Дәуітбай Мұсабеков. Ертегі томға түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 122-130.
19. Бала патша Алдияр
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 114-бумада сақтаулы. Айтушы – Өзбек Аймұханұлы, жинаушы – Дәуітбай Мұсабеков. Алғаш рет түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Бұрын жарияланбаған.
20. Жас баланың сапары
Қолжазба нұсқасы ӘӨИ ҚҚ, 125-бума 1-дәптерде сақтаулы. Жинаушысы – Ә. Нұртазин. Томға қолжазба бойынша дайындалды.
Жариялануы: Е, ІІІ, 199-206.
21. Самархан хан
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 123-бума, 4-дәптерде сақтаулы. Жазып алған – Ә. Нұртазин. Томға түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІ, 251-257.
АА, 725 (Айтылмаған түс)
22. Мұңлық-Зарлық
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 117-бума, 1-дәптерде сақтаулы. Жинағаушысы – Дулатбай Төлебаев. Алғаш рет түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Бұрын жарияланбаған.
Ертегінің мазмұны «Мұңлық, Зарлық» жырымен үндес. Жалпы ағалы-қарындас туралы мотив түркі халықтарымен бірге моңғол халықтарында, әсіресе фольклорында архаикалық матиархалды элементтер көптеп сақталған. Мысалға буряттардағы «Аламжи-Мерген» соның бір дәлелі. Мұндай мысалдарды хакас, алтай, тува, шор халықтарының фольклорында да кездестіруге болады (Мелетинский, 1963, 311-312 ) Сонымен бірге ертегіде АА, 707 көрсеткішінде көрсетілгендей «ғажайып балалар» атты сюжет көрініс береді. Яғни, хан ғажайып бала табатын қызға үйленеді. Ол күйеуі жоқта босанады. Оның күндестері мыстан кемпірдің көмегімен балаларды иттің күшігімен ауыстырып қояды. Ашуланған хан әйелін екі баласымен қуып жіберуге бұйырық береді. Ақырында бәрі анықталып, қаскүнемдер жазасын тартады (Каскабасов, 1972, 31-53 )
23. Шәкірат пен Шәкір
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 125-бума, 6-дәптерде сақтаулы. Жинаған Сүгірбетов Қожахмет. Алғаш рет түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Бұрын жарияланбаған.
Ертегіге әлем халықтары фольклорында кездесетін «Мың бір түн» ертегілердегі «жазықсыз қуғынға ұшыраған жандар» сюжеті негіз болған. Балаға көңілі ауып, одан терім жауап алған өгей шешенің қастандағын баяндайтын бұл сюжет болашақ қаһарманның үйден кетуіне себеп болады. Соынмен қатар кіші бала мотиві де бұл ертегіде көрініс табады.
24. Жетім Қаппас
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 125-бума, 7-дәптерде сақтаулы. Жинаған – Сүгірбетов Қожахмет. Алғаш рет түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Бұрын жарияланбаған.
АА, *671 І (ғажайып бала) + АТ, *449 А (патша иті)
Бұл ертегідегі патшаның тоты құспен ақылдасып отыру сюжеті Тотынамадағы 1-түн «Маймұн мен Хұжасте, яки саудагердің тоты құсы мен әйелі жөніндегі» әңгімеде бар. Балықтың күлу сюжеті Тотынамадағы 25-түн «Қамажай, оған өлген балықтың күлгені, ақылды жетім бала, сөйлеген қу бас жайындағы» әңгімеде кездеседі.
25. Көрген түстің орындалуы
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ 123-бума 2-дәптерде сақтаулы. Жинаушысы – І.Шұғаев. Томға қолжазба бойынша дайындалды.
Жариялануы: Е, ІІІ, 206-214.
26. Опасыз молда
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 125-бума, 1-дәптерде сақтаулы. Жинағаушы – Ә. Нұртазин. Алғаш рет түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Бұрын жарияланбаған.
АА, 325 (тылсым білім); Афанасьев, 325
27. Екі дүниелік әйел
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 124-бума, 1-дәптерде сақтаулы. Айтушы – С. Берікболаев, жинаушы – Т. Сыдықов. Томға түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 235-238.
28. Сүлеймен мен диханшы
Ертегінің қолжазба нұсқасы ӘӨИ ҚҚ 123-бумада 1-дәптерде сақтаулы. Айтушысы – С. Жұманов, жинаушысы – Е. Сәлімбеков. Томға қолжазбадан дайындалды.
Жариялануы: ҚЕ, ІІ, 248-250; Е, ІІІ, 178-180.
29. Қарахан ертегісі
Ертегінің түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 28-бумада сақтаулы. 1939 жылы Ә.Марғұлан жазып тапсырған. Томға ҚЕ, ІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІ, 292-295.
30. Хан қызы
Алғаш рет 1870 жылы В.В.Радлов жинағында жарияланған («Образцы народной литературы тюркских племен живущих в Южной Сибир и Дзунгарской степи». Собран В.В. Радловым, Часть ІІІ, киргизские наречие. Санкт-Питербург. 1870, №3.)
Жариялануы: Е, ІІ, 130-134; ЕлҚ, 144-148.
Нұсқасы: Жақсы әйел жаман еркекті түзейді // ҚЕ,ІІІ, 261-264.
АТ 900 (Намысқой қалыңдық)
31. Күлше қыз
Ертегінің түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ, 42-бумада сақтаулы. Жинаушысы – Нұғыман Әминов, 1957 жылы тапсырған. Томға ҚЕ, ІІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 285-288.
32. Өнеге
Ең алғаш ДУГ-нің 1894 жылғы № 23 санында қазақша, орысша басылып шыққан. Кейіннен А.Диваевтің «Этнографические материалы Сырдаринской области», 1903 жыл, № 1 санында, Н.Н.Пантусовтың «Образцы народной литераутыр», 1909 жыл, ХХV томдарында жарық көрген. ОҒК-ның қолжазбалар қорына Ә.Марғұлан жазып тапсырған варианты ҚЕ, І-томында жарық көрді (254-258 б.). Томға ҚЕ, І-томынна алынып отыр.
33. Балықшы шал
Бұл ертегі қарақалпақ қазақтарының арасында кең тарлаған ертегі. Қарақалпақ АССР-і, Тахта-көпір ауданындағы қазақ тілі мұғалімі Байжанов Тұрмахан Жанұзақ Нұрқожаев қарттан жазып алған. Ертегі түпнұсқасы ӘӨИ, ҚҚ, 53-бумада сақтаулы. Томға ҚЕ, ІІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 37-46.
34. Мафрузаның уақиғасы
Ертегінің түпнұсқасын ӘӨИ ҚҚ, 53-бумада сақтаулы. Ертегіні халық ақыны Иса Байназарұлы 1962 жылы тапсырған. И.Байназарұлы бұл ертегіні Қарқаралы еліндегі белгілі Мауқай ақыннан естіген. Томға ҚЕ, ІІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 54-60.
35. Хан мен уәзір
Ең алғаш А.Диваевтің «Этнографические материалы Сырдаринской области», 1904 жыл, № 1 санында жарияланған. Осы жинақтағы варианты ӘӨИ, ҚҚ-ның 51-бумасында сақтаулы. Кейіннен ҚЕ, І-томында жарық көрді (271-276 б.). Томға ҚЕ, І-томынан алынып отыр.
36. Ақылды әйел
Бұл ертегінің түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ, 53-бумада сатаулы. 1961 жылы Ы.Әлімжанов тапсырған. Ертегінің бұрынғы аты «Қожанай». Томға ҚЕ, ІІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 191-196.
37. Әділ патша
Бұл ертегі академик С.А.Қасқабасовтың жеке архивінен алынып тұңғыш рет жарияланып отыр. Ертегіні жинаушы филология ғылымдарының докторы Қ.Сартқожаұлы. Түпнұсқасы оқушының торкөзді көк дәптеріне жазылған, сыртына «Мәлік Ғабдуллин, Жәкен Маметов ағайларға. Баян-Өлгий қазақтарының ауыз ертегілері. Ел аузынан жинап, құрастырған студент Қаржаубай Сартқожаұлы» деп жазылған. Екі дәптерде барлығы 12 мәтін бар. Ертегіні Қ.Сартқожаұлы шамамен 1970-1971 жылдары жазып алған. Жинаушы І дәптерде мәтін туралы «Ертегі Бай-Өлгий аймағының Бұлғын өлкесінің халқы 60 жастағы кәрия Кәкейұлы Мұзбайдан жазылып алынды» деген мәлімет береді.
Нұсқасы: «Жаңа Мизандаран» ертегісі
38. Әділшілік һәм гүл ағашы
Томға Ү.Субханбердина тарапынан дайындалып, жарық көрген Е 3-томынан алынды.
Жариялануы: ДУГ, 1891, №3; Е, ІІІ, 294-296 .
39. Жарты ғұмыр байлықта, жарты ғұмыр пақырлықта
Бұл ертегі академик С.А.Қасқабасовтың жеке архивінен алынып тұңғыш рет жарияланып отыр. Ертекті жинаушы филология ғылымдарының докторы Қ.Сартқожаұлы. Түпнұсқасы оқушының торкөзді көк дәптеріне жазылған, сыртына «Мәлік Ғабдуллин, Жәкен Маметов ағайларға. Баян-Өлгий қазақтарының ауыз ертегілері. Ел аузынан жинап, құрастырған студент Қаржаубай Сартқожаұлы» деп жазылған. Екі дәптерде барлығы 12 мәтін бар. Ертегіні Қ.Сартқожаұлы шамамен 1970-1971 жылдары жазып алған. Жинаушы І дәптерде мәтін туралы «ертегі Бай-Өлгий аймағының Бұлғын өлкесінің халқы 60 жастағы кәрия Кәкейұлы Мұзбайдан жазылып алынды» деген мәлімет береді.
40. Білгір мен хан
Ертегінің қолжазбасы ӨҒК ҚҚ, 45-бумасында сақтаулы. Жинаушы – Б. Көпбергенұлы. Алғаш рет түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Бұрын жарияланбаған.
41. Үш жетім зерек бала
Ертегінің қолжазбасы ОҒК ҚҚ, 91-бумада сақталған. Жинаушысы Б. Бәйменов. Томға Е ІІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: Е 3-том (259-262 б.).
42. Ат бағушы құл
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 114-бумада сақтаулы. Төлеш Жанешовтың айтуынан жазып алған Дәуітбай Мұсабеков. Томға түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІ, 244-248.
43. Жомарт
Ертегінің қолжазбасы ӘӨИ ҚҚ, 123-бума, 1-дәптерде сақтаулы. Жинаушы – Е. Сәлімбаев. Алғаш рет түпнұсқа бойынша дайындалып отыр.
Бұрын жарияланбаған.
44. Қаракөз сұлу
Томға «Ел қазынасы – ескі сөз» атты В.В. Радлов жинаған қазақ фольклорының үлгілері жинағынан алынды. Жариялануы: Алғаш рет 1870 ж. В.В. Радловтың «Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южной Сибирии и Дзюнгарской степи» (часть ІІІ, СПб., № 3) деген кітабында басылып шықты; ЕлҚ, 79-82.
45. Үш ауыз сөз
Халық арасына көп тараған ертегілердің бірі. Бұрын мынандай жинақтарда басылып шыққан: А.Диваевтің «Этнографические материалы Сырдаринской области», 1894 жыл, № 4 санында; Г.Н.Потанин «Казахо-киргизские и алтайские предания» вып. ІІ-ІІІ, «Живая старина», 1916 жыл. Кейіннен ҚЕ, І-томында Ә.Диваевтің қолжазбасындағы варианты жарық көрді (240-243 б.).
Томға осы жинақтан алынып отыр.
46. Алпысқа келгеннен ақыл сұра
Ертегінің түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ, 60-бумада сақтаулы. Ертегі халық арасында кеңінен танымал. Ертегі сюжеттері басқа халықтарда да кездеседі. Томға ҚЕ, І-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, І.
47. Уәзір мен шал
Халық арасында кең таралған ертегілердің бірі. ӘӨИ ҚҚ, 2-бумада сақтаулы. Жинаушысы – Н.Бегалиев. Томға ҚЕ, ІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІ 271-272.
48. Білгір адам
Ертегінің түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 28-бумада сақтаулы. Томға ҚЕ, ІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы ҚЕ, ІІ, 289-291.
49. Сыбызғының сыры
Бұл ертегіні ел ауызынан жинап тапсырған Садық Қасимжанов. Томға ҚЕ, ІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІ, 379-383.
50. Жалайырхан мен Сағат
Ертегі бұрын Ә.Диваевтің «Тарту» жинағында жарық көрген. Кейіннен ҚЕ, І-томында қайта жарияланған Томға осы ҚЕ, І-томынан алынып отыр. Жариялануы: ҚЕ, І, 262-270.
51. Ұры мен ғаяр
Бұл ертегінің түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 22-бумада сатаулы. Томға ҚЕ, ІІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 280-284.
52. Көпес қызы мен молда
Ертегінің Н.Ф. Катанов жинаған материалдар алынған. Көшірмесі ӘӨИ ҚҚ, 39-бумада сақтаулы. 1954 жылы түскен. Томға ҚЕ, ІІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 244-246.
53. Данышпан қыз
Ертегінің түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ, 39-бумада сақтаулы. Жинаушысы –Абдрахман Мырзалиев, 1959 жылы тапсырған. Томға ҚЕ, ІІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 251-253.
54. Тұрсынханның үш ұлы
Ертегі түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 217-бума, (28-д) сақтаулы. 1946 жылы халық ақыны Рахмет Мырзақаев тапсырған. Томға ҚЕ, ІІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 258-260.
55. Данышпан Кәрім
Ертегі түпнұсқасының көшірмесі ОҒК ҚҚ, 28 көшірмеде сақтаулы. 1939 жылы академик Ә.Марғұлан тапсырған. Томға ҚЕ, ІІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 254-257.
56. Шахман мен Сұлтанхан
Ертегінің түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ, 2-бумада сақтаулы. Томға ҚЕ, ІІІ-томынан алынып отыр.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 266-271.
57. Момынбай мен жеті қарақшы
Аталмыш ертегіні алғаш рет жинап бастырып шығарған Н.Н.Пантусов болатын («Образцы народной литераутыр», 1909 жыл, ХХV том). Кейіннен Ә.Марғұланның жазып тапсырған варианты (ОҒК ҚҚ, 250-бумада сақтаулы) ҚЕ, І-томында жарияланды (290-296). Томға ҚЕ, І-томынан алынып отыр.
58. Әуеде қаз қаңқ етті
Бұл ертегіні академик С.А.Қасқабасовтың жеке архивінен алынып тұңғыш рет жарияланып отыр. Ертегіні жинаушы филол.ғ.д. Қ.Сартқожаұлы. Түпнұсқасы оқушының торкөзді көк дәптеріне жазылған, сыртына «Мәлік Ғабдуллин, Жәкен Маметов ағайларға. Баян-Өлгий қазақтарының ауыз ертегілері. Ел аузынан жинап, құрастырған студент Қаржаубай Сартқожаұлы» деп жазылған. Екі дәптерде барлығы 12 мәтін бар. Ертегіні Қ.Сартқожаұлы шамамен 1970-1971 жылдары жазып алған. Жинаушы І дәптерде мәтін туралы «Бұл бес ертек Бұлғын өлкесінің 61 жастағы қариясы Омарқажы Жаманбалаұлынан жазылып алынды» деген мәлімет береді. Бұл ертегінің бір варианты Радлов та бар. 1870 жылы В.В.Радлов жинағында жарияланған («Образцы народной литературы тюркских племен живущих в Южной Сибир и Дзунгарской степи». Собран В.В. Радловым, Часть ІІІ, киргизские наречие. Санкт-Питербург. 1870, )
59. Есер мен есті
Ертегі бұрын Ә.Диваевтің «Тарту» жинағында жарық көрген. Кейіннен осы варианты ҚЕ, І-томында қайта жарияланған (277-286 б.).
Томға осы ҚЕ, І-томынан алынып отыр.
60. Қарт пен тапқыр жігіт
Бұл ертегі де халық арасында кеңінен таралған ертегі. Алғаш жинап, жариялаған Ә.Диваев («Труды общества изучения Киргизского края», вып. І, .). Кейіннен белгілі ертекші М.Ахметов тапсырған варианты (ОҒК ҚҚ, 9-бумада сақтаулы) ҚЕ, І-томында жарық көрді (250-253 б.).
Томға ҚЕ, І-томынан алынып отыр.
61. Жағыпар қу
Бұл ертегі академик С.А.Қасқабасовтың жеке архивінен алынып тұңғыш рет жарияланып отыр. Ертегіні жинаушы филология ғылымдарының докторы Қ.Сартқожаұлы. Түпнұсқасы оқушының торкөзді көк дәптеріне жазылған, сыртына «Мәлік Ғабдуллин, Жәкен Маметов ағайларға. Баян-Өлгий қазақтарының ауыз ертегілері. Ел аузынан жинап, құрастырған студент Қаржаубай Сартқожаұлы» деп жазылған. Екі дәптерде барлығы 12 мәтін бар. Ертегіні Қ.Сартқожаұлы шамамен 1970-1971 жылдары жазып алған. Жинаушы І дәптерде мәтін туралы «Бұл бес ертек Бұлғын өлкесінің 61 жастағы қариясы Омарқажы Жаманбалаұлынан жазылып алынды» деген мәлімет береді.
62. Ғылманның өнері
Ертегінің түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ 84-бумада сақтаулы. Алғаш ҚЕ І-томында жарық көрген (287-289 б.). Томға осы жинақтан алынып отыр. Түпнұсқа бойынша дайындап, соңғы Е, І томымен текстологиялық жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде кейбір жекелеген сөздер болмаса, негізінен түпнұсқаның өзгеріске ұшырамағандығы анықталды.
63. Шал мен келін
Алғаш ҚЕ, ІІ-томында (268-270 б.) жарияланған.
Томға ҚЕ, ІІ-томынан алынды.
64. Кедей қызы мен хан баласы
Бұл ертегі ӘӨИ ҚҚ, 2-бумадан алынып отыр. Тапсырушы – С.Берікболаев.
Жариялануы: ҚЕ, ІІ, 264-267.
Томға осы жинақтан алынып отыр. Түпнұсқа бойынша дайындап, соңғы Е, ІІ томымен текстологиялық жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде кейбір жекелеген сөздер болмаса, негізінен түпнұсқаның өзгеріске ұшырамағандығы анықталды.
65. Ақылды етікші
Бұл ертегі ӘӨИ ҚҚ, 172-бумада сақталған. Ә.Диваев қолжазбасынан алынды Бұрын ҚЕ І-томында жарық көрген (259-261 б.). Түпнұсқа бойынша дайындап, соңғы Е, І томымен текстологиялық жұмыстар жүргіздік. Нәтижесінде кейбір жекелеген сөздер болмаса, негізінен түпнұсқаның өзгеріске ұшырамағандығы анықталды.
66. Өнердің күші
Алғаш ҚЕ, ІІ (353-357-б.) томында жарияланған. Томға осы жинақтан алынып отыр.
67. Күлшаһар
Түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 116-бумада сақтаулы, жинаушысы – Ә.Дабылов.
Жариялануы: Е, ІІІ, 230-235.
Көрсеткіште байқалмайды.
Мәтін түпнұсқа бойынша дайындап, соңғы Е ІІІ томымен текстологиялық жұмыстар жүргіздік. Нәтижесінде кейбір жекелеген сөз – сөйлемдер болмаса, негізінен түпнұсқаның өзгеріске ұшырамағандығы анықталды.
68. Бақтыбай би
Алғаш рет ҚХЕ жинағында жарияланған (180-184-б.).
Жариялануы: ҚХЕ, 1980, 180-184; Е, ІІ, 180-183.
Салыстыруыңызға болады: АТ 926 (Сүлеймен төрелігі)
Түрік халықтарындағы нұсқасы белгісіз.
Ертек ҚХЕ мәтіні бойынша дайындалды, салыстыру жүргізгенде ешқандай өзгеріске ұшырамағаны белгілі болды. Ертегі кейіпкері Бақтыбай фольклорда тұрақты кездесетін кейіпкерді дәріптеу, мадақтау дағдысы бойынша «Бала би» бейнесінде қауымға танылады. Жалпы, билердің қаршадай кезінен бастап дана би бейнесінде суреттелуі халық шығармашылығына тән. Мәселен, Едіге де бала кезінде Тоқтамыстың көзіне «Бала би» тұлғасында танылады, ол балаға таласқан екі әйелге төрелік етеді, алайда бұл сарынның төркіні «Інжілден» екені анықталған (ҚӘТ, 422-б.). Осы сюжеттік тип көрсеткіште тіркелген: АТ 926. Ал ертегідегі бала би Бақтыбай бір әйелге таласқан жігіт пен сайтанға әділ төрелік етеді. Әлбетте, жас баланың төрелік айтып үлкендерді таңдандыруы – қазақта «Мұстақым», «Киелі бас сүйек», «Адрышь» секілді ертектерде де кездесетін қалыпты жайт (Қазақ әдебиетінің тарихы. Фольклорлық кезең. Т.І. Алматы, 2008. 422-б.).
69. Ақылды қыз бен тапқыр жігіт
Бұл ертегі «Ел ауызынан» атты жинақта жарияланған (А., 1989. 281-284 б.). Құрастырушылары: Б.Адамбаев, Т.Жарқымбекова.
Томға осы жинақтан алынып отыр.
70. Аңызға айналған Атымтай
Бұл ертегі «Ел ауызынан» атты жинақта жарияланған (А., 1989. 286-288 б.). Құрастырушылары: Б.Адамбаев, Т.ЖАрқымбекова.
Томға осы жинақтан алынып отыр.
71. Басқа пәле тілден
Бұл ертегі «Ел ауызынан» атты жинақта жарияланған (А., 1989. 303-308 б.). Құрастырушылары: Б.Адамбаев, Т.ЖАрқымбекова.
Томға осы жинақтан алынып отыр.
СӨЗДІК
Абыйыр /а/ – абырой
Албар – қора
Атказ /о/ – отказ
Әдиял /о/ – одеяло
Бақыл – қоштасу
Батзорный труба /о/ – подзорный труба
Бөшке /о/ күб
Гармон /о/ – музыкалық аспап
Ғадет /а/ – әдет
Дәрхәм /а/ – ақшаның бір түрі
Жалмауыз /миф/ – ертекте кездесетін тылсым кейіпкер
Жар /д/ – үйдің қабырғасы
Жұлым үй /к/ – уық ағашқа киіз жауып, уақытша тігілген қос
Забор /о/ – қорған, дауал
Зәмог / о / – қорған
Кебін – 1) – өлген адамды орайтын ақ мата 2) Мойыны, маңдайы тегіс жабық болатын бәйге атының жабуы, кежім
Кем жоқ /м/ – гэмгүй , яғни моңғолша кемі жоқ, оқасы жоқ
Кеңташ – кең, жаймашуақ деген мағына беретін моңғолиядағы қазақтардың жергілікті сөзі
Кеуіл айту – көңіл айту
Күнімізден /к/ – соңынан еру
Қаст /а/ – ниет, пейіл
Қопын /д/ – жер кепе, тас үйшік
Лабақты / д/ – абақты
Майып /к/ – мүгедек болу
Мармор – мәрмәр
Маушарбақ – қонақ үй
Мәулет /а/ – уақыт, мүмкіндік
Минөт /о/ – минут
Мүдет /а/ – мүмкіндік, уақыт
Науғысы /п/ – тұрғындары
Нәмә харамдар /а/ – түрлі арамдар
Нихақ /а/ – неке
Поднос /о/ – астауша
Ришатка /о/ – темір тор, қоршау
Сақина – бас ауыруы
Санаттары /к/ – патшаның нөкерлері, көмекшілері
Сауалды /д/ – сауықты
Сәбет /о/ – совет, кеңес
Сүрег /о/ – срок, уақыт
Там /д/ – қабырға
Торғын әскер – көне түрікте «тұрғақ әскер», моңғолда «торғын шерін» түрінде кездесетін сөз
Өлке /о/ – только
Ұра /д/ – үдере көшу
Харап болды /к/ – жойылды, құрыды
Хауыз /а/ – жан-жағы, түбі шегеленген су сақтайтын қойма, бассейн
Хұрсан – шат көңілді, шадыман
Шаһар, кейде шаар, шәр, шәрі /а/ – қала
Шкаф /о/ – шкаф
Шіркег /м/ – моңғолша ширхэг, бір тал, дана деген сөз
Үббе – су астында өмір сүретін мифтік кейіпкер
ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ
Ақбастау – Ертегіде кездесетін мекен
Бағдат – Кейбір жорамалдарға қарағанда ежелгі парсы тілінің «бага» Құдай, «дад» берген, ( «Құдай сыйы») сөзінен шыққан. 1921 жылдан бері Ирактың астанасы болған қала.
Гауһаршашба – Ертегіде кездесетін белгісіз шаһар.
Гүлстан – Ертегіде кездесетін қала, Иранның провинциясы.
Ертіс – Қазақстанның шығысындағы ірі өзен
Жазира – Ертегіде кездесетін белгісіз шаһар.
Жалпақтау – Ертегіде кездесетін мекен.
Жауһарнегін – Ертегіде кездесетін белгісіз шаһар.
Иранбақ – Шаддат патша салдырған дейтін жер бетіндегі ұжымақ тәрізді қала. Әдетте оны бейуаз, пәк жандар көре алады деген түсінік бар.
Кішмүр – Үндістандағы белгілі қала.
Қазантолмас – Ертегіде кездесетін жер аты.
Қап тауы – Кавказ тауы. Мифтік түсінікте Қап тауында перілер мен жындар өмір сүред-міс.
Құм тау – Ертегіде кездесетін белгісіз тау.
Қызыл тау – Ертегіде кездесетін белгісіз тау.
Қылымда – Ертегіде кездесетін белгісіз шаһар.
Қырым – Қырым түбегі.
Мекке – Сауд Арабиясындағы қасиетті қала.
Мертік – Ертегіде кездесетін белгісіз шаһар.
Мерін – Ертегіде кездесетін белгісіз шаһар.
Мизандаран – Ертегіде кездесетін шаһар, Иранның провинциясы.
Мысыр – Египет Араб республикасының аты.
Онзилла – Ертегіде кездесетін белгісіз шаһар.
Оймауыт – Ертегіде кездесетін белгісіз шаһар.
От тауы – Ертегіде кездесетін белгісіз тау аты
Ром – Италияның астанасы Рим қаласы.
Ұрмая – Ертегіде кездесетін белгісіз шаһар.
Шөлқұдық – Ертегіде кездесетін мекен.
ТОМҒА ЕНГЕН ЕРТЕГІЛЕРДІ АЙТУШЫЛАР, ЖИНАУШЫЛАР ҺӘМ ТАПСЫРУШЫЛАР ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТТЕР
Адамбаев Б. – әдебиеттанушы, жазушы. Ұзақ жылдар Қазақ ССР Ғылым академиясы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарған, филология ғылымдарының кандидаты. Зерттеу нысаны қазақтың шешендік өнеріне, қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерге қатысты болғандықтан, осы салаларда ірі-ірі зерттеу еңбектерін жазды. Орта Азия мен Қазақстанның көптеген жерлерін аралап, ауыз әдебиеті үлгілерінің жиналуына, қолжазба қорларының қалыптасуына белсене араласты.
Ахметов М. – Өзбек республикасының, Ташкент облысының жоғарғы Шыршық ауылында туған. Басқа мәлімет жоқ.
Әминов Нұғман – бұрынғы Павлодар облысы, Каганович ауданында туып-өскен. «Жетім Мәриям» дастанын 1956 жылы М.Ақылбековтан жазып алып, қорға тапсырған. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы.
Диваев Әбубәкір Ахметжанұлы (1855-1932) – Орынбор қаласында туған, сонда Неплюев кадет корпусын бітіргенде (1876 ж.) шығыс тілдерінің маманы деген атақ алып, Түркістан генерал-губернаторының қарамағында тілмаш болып қызмет еткен.
Ташкент Түркістан АКСР-нің астанасы болған кезде Орта Азия мемлекеттік университетінде, Түркістан шығыс институтында профессор, Ташкент өлкелік мұрағатының этнографиялық-археологиялық бөлімін басқарған. Ташкентте Халел Досмұхамедұлы қазақ-қырғыз білім комиссиясын басқарған кезде Ә.Диваев жинаған фольклорлық шығармаларды жүйелеп, жарыққа шығаруда көп еңбек сіңірген.
Крафт Н.Н. (1859-1914) – патшалық Ресейдің мемлекет және қоғам қайраткері, шығыстанушы, қазақ азаматтық және құқық тарихын зерттеуші, жазушы. Айдаудағы бұрынғы поляк дворяны отбасында туған. Буряттар арасында тәрбиеленгендіктен, олардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін, әсіресе бурят тілін жақсы біліп өскен. Археологиялық институттың екі жылдық курсын бітірген. «Тургайская газета» мерзімдік басылымының редакторы қызметінде қазақ халқының тарихы мен этнографиясына, құқық тарихына қатысты материалдар жариялады.
Марғұлан Әлкей Хақанұлы (1904-1985) – ғалым, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, әдебиеттанушы.
1921-1925 жылдар Семей педтехникумында оқи жүріп, “Таң” журналы мен “Қазақ тілі” газетінің редакцияларында қызмет еткен. 1925-1929 жылдары Ленинградтағы (Санкт-Петербургтағы) Шығыстану институтының түркітану және тарих-филология факультеттерінде қатар оқыған. 1928 ж. қазақ халқына қатысты әдеби мұрағаттық деректер жинаған. 1939-1941 ж. КСРО ҒА Қазақ бөлімшесі тарих институтының аға ғылыми қызметкері, 1940-1941 ж. “Мәшһүр Жүсіп мұрасындағы түркі эпосы”, “Әлішер Науаи және қазақ мәдениеті”, “Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы” , “Жамбыл Жабаев”, т.б. еңбектері жарық көрді. 1941 ж. КСРО ҒА Қазақ бөлімшесінің тарих бөлімін басқарды. Осы қызметте жүріп, “Хандар жарлығының тарихи маңызы” деген тақырыпта кандидаттық (1943ж.), “Қазақ халқының эпикалық жыр-дастандары” тақырыбында докторлық диссертация (1945ж. ) қорғады. “Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерінің шеберлері” (1959 ж.), “Шоқан және Манас” (1971ж.), т.б. ғылыми маңызды еңбектер жазған.
Пантусов Н.Н. (1849-1909) көрнекті этнограф, фольклорист, Орта Азия мен Қазақстанның ескі археологиясын, мәдениеті мен әдебиетін зерттеуші ғалым. Әсіресе, Ұлы жүз қазақтарының арасында көп жүріп, зерттеулеріне материалдар жинаған. Н.Пантусовтың Древности Средней Азии (1902) атты көрнекті монографиялық еңбегінде Памятник Қозы Көрпеш-Баян сұлу деген мақаласы бар. Образцы киргизской литературы деген атпен бірнеше жинақ шығарған. Онда қазақ, ұйғыр ауыз әдебиеті, олардың әдет-ғұрпы туралы көптеген материалдар қамтылған.
Потанин Г.Н. (1835-1920) – Орта Азияның табиғатын, этнографиясын зерттеген саяхатшы, географ, энтограф, фольклоршы. 1852 жылы Омбыдағы кадет корпусын бітірген 1853 – 58ж. Семей мен Омбыда әскери қызметте болды. 1859-62 ж. Петербург университетінің табиғаттану бөлімінде оқыды. 1861 ж. студенттік толқуларға қатысқаны үшін Сібірге жер аударылды. 1863-64 ж. Орыс география қоғамының астроном К.Струвенің басқаруындағы экспедициясына қатысып, Зайсан көлі мен Тарбағатай тауын зерттеді. Зайыбы А.Потанинамен бірге Орта Азия мен Сібірдің түркі-моңғол, тұңғыс-маньчжур т.б. көптеген халықтарының фольклоры, этнографиясы туралы құнды материялдар жинап, табиғатына, органикалық дүниесіне берген кең көлемді ғылыми сипаттамасы “Орта ғасырлық Еуропа эпосындағы шығыс сарындары” (1899) атты еңбегінде көрініс тапты. Ш.Уәлихановтың Сырымбеттегі ауылына барып қайтқан сапарында “Қазақтың соңғы ханзадасының үйінде” (1896) деген мақаласын жазды. Қазақ фольклоры үлгілерін, жалпы түркі тілдес халықтардың ауыз әдебиетін жинап, “Қазқтардың және алтайлықтардың аңыздары, аңыз әңгімелері және ертегілері” (1916) атты еңбегін жазды. Географиялық озық еңбектері үшін Потанинді Орыс география қоғамы 1886 ж. Үлкен Константинов медалімен марапаттады. Потанин есімімен Наньшань тауындағы жота, Моңғол Алтайындағы мұздық аталған.
Радлов Василий Васильевич (Фридрих Вильгелм) (1837- 1918) – орыс шығыстанушы, түркітанушы, этнограф. Петербург ҒА-ның академигі (1884). 1858 ж. Берлин университетін бітірген. Азия (1885 -1890), антропология және этнография (1894-1903) мұрағаттарының директоры, Орта және Шығыс Азияны зерттеу жөніндегі орыс комитетін құрушылардың бірі және оның төрағасы (1903-1918).
Берлин, Галл қалаларында оқып жүрген кезінен бастап шығыс тілдерімен шұғылданды. 1858 ж. мамырдың 20-сы күні Петербургке келді, орыс тілін үйренді. В.Радловтың ғылыми өмірі Алтай (1859-1871), Қазан (1871-1884), Сібір (1884-1818) кезеңі болып, үшке бөлінеді. Алтай кезеңінде бірнеше дүркін қазақ жеріне келіп, оның шығыс өңірінен бастап, Сырдарияға дейін аралаған. Он томдық “Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в южной Сибири и Джунгарской степи” жинағының үшінші томы қазақ фольклорына арналған.
Сыдықов Тұрлыбек – әдебиет зерттеушісі. 1925 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданында туған. Біраз жыл бойы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер ретінде қазақ эпостарын зерттеумен айналысты. Филология ғылымдарының кандидаты. 1972 жылы “Қазақ халқының батырлық жырлары” атты ғылыми еңбегі үшін Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған.
Уахатов Бекмұрат (1932-1984) – әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы 1957-1958 ж. “Қазақ әдебиеті” газетінде тілші, 1958-1984 ж. ҚазССР ҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, қолжазба және текстология бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. Ғылыми еңбектері қазақ фольклорының өзекті мәселеріне арналған.
ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР
ӘӨИ – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
ОҒК – Орталық Ғылыми кітапхана
ҚҚ – қолжазба қоры
Ш – шифр
дәп – дәптер
/а/ – араб
/о/ – орыс
/п/ – парсы
/к/ – көне сөз
/к.т/ – көне түркі
/м/ – моңғол
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
(Түсініктерде қолданылған қысқартулар)
1. АА - Андреев Н.А. – Указатель сказочных сюжетов по системе Аарне. Л., 1929.
2. Азибаева – Азибаева Б. Казахские народные романические дастаны. – Алматы: Ғылым, 1990.
3. АС – Алтын сақа
4. АТ – The Types of the Folktale. A Classіfіcatіon and Bіblіography Anttі Aarne's Verzeіchnіs der Marchentypen (FF Communіcatіons № 3). Translated and Enlarged by S. Thompson. Helsіnkі, 1961 (FFC № 184).
5. Афанасьев – Народные русские сказки А.Н.Афанасьева. В трех томах. М.,
6. 1957.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру