Ғайып ымырасы
Әдебиет порталы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Белгілі ақын Өркен Салубайдың аталмыщ жыр жинағына ақынның соңғы жылдары жазылған өлеңдері топтастырылған. Өркен Салубай өзінің жаңаша ойлау жүйесі мен жаңаша бейнелеу тілінің қуатында жыр сүйер оқырманға кеңінен танылған талант. Оның поэзиясы - ықылымның шексіз күйін астар ете отырып, адам жанының терең құпияларына үңіледі. Мифтік астар мен шын өмір арасындағы тартыс пен қайшылық Өркен Салубай жырларына өзгеше өрнек
Өркен Салубай
(Жыр жинағы)
АМАЛНАМАДАН
Табиғат ана бесігімді көкжиектің қызылымен бояп,
Қорып жүреді жер бетіндегі ібіліс, шайтаннан,
Оларды үркіту үшін де аспаннан нұрлы жай тамған.
Сол күнәсіз сәби кезімнің іңгәсі,
От, су, ағаш, ауа, топырақтың мұңдасы.
Мейірімді табиғат анам,
Ит жейдемді мөп-мөлдір жаңбыр суымен жуып,
Береді сосын белімді кемпірқосақпен буып.
Малта тастармен ойнап отырам өзен көрпем де,
Еңбектеп жүрем аң менен құсты ертем де.
Бесік жырын айтады жасыл ормандар сыңсып,
Қарайды маған бүкіл жаратылыс әлемі жүздерін жылтып.
Қыс, жаз, күз, көктем төрт маусымымды киіп,
Сүйеніп тұрдым мен жерден асқар тауларға биік.
Сол таулар тұсауымды кеседі самал желмен есілген,
Табан ізімді ешкім өшіре алмас туған жер бетінен.
Табиғат анам бесігімді теңіз толқынмен тербеткен,
Сол сәби мен едім күн мен айды еміп ержеткен.
Екі көзімдегі нұрмен аспанға жағамын шырақ,
Құрлық жасаймын сосын табанымдағы тозаңды құрап.
Бес саусағымның басын қосқан бір шөкім топырақ,
Жатады алақанымның болжам сызықтарында шашырап.
Бір жасырын күнәмді көріп адам ниетімдегі,
Маңдайыма менің тағдырымның сұп-суық тиетін қолы.
Шайырлар ұсынған құм шөлмектегі шарапқа тойып,
Кешірмемді жазамын енді жазмышымның көз жасына ойып.
Қызмет етседе аспан періштелері ән-күй сап тағы,
Күніме қайта алмаспын күнәдан пәк әлмисақтағы.
Уақыттан жасырып өткізген пәнилік ғұмырын,
Топырақ ұрлаған, ажалдан бұрын дүниеге келген ұрымын.
Басталғанда менің айғай ішіндегі тыныштық сапарым,
Бір уыс құмға айналып қоштасар шығыстың шаһары.
Қос алақаным менің ең жұқа тұсы еді тәнімнің,
Дүние жиып жұқарған түсінер оның халін кім.
КИЕЛІ ЖАҢҒЫРЫҚ
Мен рухымның азаттығын іздеймін мына ғасырдан,
Із-түссіз жоғалған ескі құрлықтағы,
Ол дағы өткен уақыттың ұрлықтары.
Тіліме байланған шешілмес бір үрейлі жұмбақ,
Қалғамын адасып ұйысқан дыбыстарымды тыңдап.
Сосын көнерген жаңғырықтармен ғана тілдесіп,
Отырам жалғыз ежелгі тас қуыстарында мұң кешіп.
Сындырып тастау үшін тән шөлмегімді,
Білмеймін өмірде тағы қанша өлгенімді.
Ала алмай қалған несібесінің бір ұрттамын да,
Мүсіркеп қараймын оның мүлтіксіз сынықтарына.
Кім оны құрайды, сол сынықтарды қайтадан тізіп,
Қара жердің бетіне топырақтың реңін сызып.
Сұлулықты бүркемелейді,
Тәнімнен ұшқан ұсақ тозаңдар гүлдерге қонып,
Қалады ертең оларда солып.
Қалсада тағы нәпсімнің көлеңкесінде қурап,
Кеткен ол кеше жастық көктемімді ұрлап.
Сол гүлдер менің тырнағым көбесіндегі топыраққа өнген,
Оның сұлу көркі еді құмарлық нәпсімді жеңген.
Ей, менің азаттығым,
Еске алам мен сені бүгін үн-түнсіз іштен,
Ескі құрлықта қалғансың меңімнің ғана көлеңкесі түскен.
Бәрі де ұмытылар айтылмай қалған сөзімінің жаңғырығы,
Аяқталмас азапқа тасталған тән күбірі.
НӘРЕСТЕ ЖЫРЫ
Мен дүниеге келмей тұрғанда,
Кеңістігім еді анамның құрсағы,
Әкемнің сипаған алақанының жүзіме түскен нұр табы.
Оның алақаны күн іспетті еді сол кеңістігімді айналған,
Ғажайып жылылығын өткізген маған маңдайдан.
Сездім мен оның тамырындағы қанның ағысын,
Естілді сосын өз бойымдағы таныс үн.
Ауа мен нұрдың көлеңкесінде,
Топырақтың иісін иіскедім ес кірді маған,
Алдымда тұрды жұмбақ дүниеге айналған шексіз бір ғалам.
Естідім сосын тылсым табиғаттың дұға, тілегін,
Мен оны анамның құрсағында жатқанда ұғатын едім.
Киелі құстар қауырсындарын бояп жасады аспан ырымын,
Тыңдадым тағы шайтан мен періштелердің күбірін.
Нажағайдың жарығынан жасалған лездік күндізім,
Көрсетті маған түнекте жатқан дүниенің мұң жүзін.
Жүрдім мен содан сол түнектерді деміммен қуып,
Жүрдім мен содан сол түнектерді жасыммен жуып.
Жарықты күттім туған топырағыма шұғыласын шашқан,
Халімді менің ырыздық шашқан ұғынатын аспан.
Айықтыру үшін ішімде жатқан осы құсамды,
Көзімнің жасы бақсының қызыл тілімен тұтанды.
Қасіретімді үн-түнсіз жанған жас білді,
Жүрегімдегі жарақатым да асқынды.
ЫҚЫЛЫМ ЕРТЕГІСІ
Кеңістігіме таласқан жаңбыр тамшылары,
Сіңіп жоғалды иесіз топыраққа тиіп,
Ол да болжамсыз пішінге айналар тәнімдей ұйып.
Жыртылған өрмекші торының дірілінен,
Естілді ескі бір сарын,
Есіме салды пәнидегі өткен шағымның бәрін.
Оятады мені тас балбалдар есінеп ықылым заманнан,
Іздеп жүрмін енді жат ми ішіндегі түсімді қамалған.
Бұлдыр елес пен қызылды-жасылды дүниеге қызығып,
Тастағы тарихымды ұмыттым, домбырамның қос ішегі үзіліп.
Алақаныма менің анамның әжім сызықтары шашырап,
Өткізген күнәларымды жасырад(ы).
Ауаға қамалған демімді кеңістік бетіне сызып,
Өтемін сосын уақыт шеңберлерін бұзып.
Ормандарда дар жасаймын тағы жабайы жіппен,
Сосын табиғатқа да қылмыс жасаттым анайылықпен.
Уайымсыз уақыттың айғайына ілесіп,
Мына ғасырдан келеді ылғи құлақсыз құл өсіп.
Бақсы жарғанаттар күндіз ұшады өңімді жорып,
Оларда үрейленді қараңғылықтың жанарында жатқан өлімді көріп.
Жаңғырықтар шулайды ұлы даладан алған рухымды мұқатып,
Отырам сосын шалқұйрығымның жалғыз тал қылын тұтатып.
АМАЛНАМАДАН
Көлеңкемнің салмағындай дүние,
Сыйлады маған гүл тозаңындай күнә,
Әжіміме айналды тас бетіндегі қына.
Ол табиғат жазасы еді жүрегімді тілген бүршігі,
Және мимырт уақыттың қырсығы.
Емеспе бұл аспаннан түскен мұғжиза мұңым,
Жоғалтқанда жүрегім ізгі имандығын.
Көрдім мен тағы сайқал сұлулықтың құрапилығын,
Жанарына жалғандықтың жиятын нұрын.
Мен оның жұпар иісінен оямын табыт,
Монтаны жүзінен дүниеге тұрған бояуы тамып.
Тұратын мынау мұңлы жанарларынан қырсығы кілкіп,
Уанар енді қорланған табиғат кірпігін сілкіп.
Мен дүниеге келгенде,
Бесігім табаны еді күн менен айдың сүрлеуі,
Сәбилік санамда ғарыштық сезімдерім бүрледі.
Туған топырағымды ойлатты жөргегімдегі иіс нышандары,
Сол иіс көшпенділер аспанының нұрдемі.
Бір сиқырлы күшпен басылды,
Табаным мен алақанымдағы тән пернелері.
Күлкім мен көз жасым айналар,
Болмысымның жүзінен аққан қан терге енді.
Көз алдымдағы қараңғы түнекті көлегейлейді,
Болымсыз жарығымен алдап шам перделері.
О, менің иманым һәм рухым киесі,
Тәубе қылайын енді, қарайған жүрегіме нұр сеп мен өлсем,
Көзімнің жасын жылы топырағымен сүртеді кең өлкем.
Тәнім мен жанымның арасында байыз табады,
Уақыттың тәлкегіне ұшыраған үркек көлеңкем.
Қасыретіме айналды мен сенген риясыз іңірлер,
Адамзат азғындалды деп,
Кеудемде жатқан тірі ұятым күбірлер.
УАҚЫТ РЕЦЕБІ
Күн мен түннің арасындағы асыранды сызықтар,
Мына дүниенің екі беткейлігін қызықтар.
Жарық пен түнектің өліарасындағы мәңгілік қырқыс,
Жартас, аспан, санамның арасындағы жаңғырық, нұр, түс...
Уақыттың маған жазған рецебінен,
Қасірет пен қуаныш көрдім шыр еткен күннен.
Тілейді кімнен санамда ескірген жетім ой бейбіт,
Шығыс пен батыстың аралығы да екі беткейлік.
Адамзаттың күрсініснен топырақ тозды, құрлықтар өңіп,
Жүрегіме тығылды суық ниеттерден мұздықтар тоңып.
Демімнен менің толқындар жыртылды, жемірілді теңіз,
Пәнидің жолдарында шашылып қалды табанымдағы көп із.
Уақытқа еріп өзін өзгертуден жалықты мезгілдер,
Оранды ақжалға өз көбіктерін табыт қып теңіздер.
Ең соңғы жылуын шашты иманды көкжиек,
Менің соңғы күрсінстеріме де иланды өзге үйек.
Табиғат жылады, панасыз пәнидің төгілді мұң жасы,
Естілді ана құрсағының ішіндегі сәбидің іңгәсі.
Көлеңкелер билеп, көзімде менің тербелгенде бейуақ,
Отырар сол сәби уақыт сызған шеңберлермен ойнап.
АДАСУ АҢЫЗЫ
Тәнімнен адастым,
Топырақтан көтерілді нұрлар оятқан болымсыз тозаң,
Бұл менің пәниде болған өлімсіз қазам.
Ауаны баяу түртіп ағаштар жапырақ жайды,
Оларда бір аңыз айтты жоғалған топырақ жайлы.
Ай тартылысынан толқындар шулап, дүниені шуылға толтырды,
Алдымда жалғыз жалғыздыққа апаратын жол тұрды.
Іздейді мені тас қуысындағы тәнсіз адамдар,
Құтқармас оларды жүрегімдегі әлсіз амалдар.
Айғайлауды үйренді оларда маған ессіз еліктеп,
Кеткенмін мен де сол жаңғырықтарға шексіз сеніп бек.
Суық жанарлар ішінде көлеңкемнен тұрамын сыз өтіп,
Пәруаналар жүреді жалған өмірімнің шырағын күзетіп.
Бетімді сыйпадым саусақтарымның арасынан ажарым ағып,
Иманды әжімдерім тозған топырағыма тамады ұрланып.
Матады кімдер тас арқандармен сақтардың жұртын,
Сәбидейіңгәлайді тастанды рухым.
Өңімнен оятты бір күмән түсімнен бұрын кеп,
«Аяным аңызға айналды» дедім өзіме ішімнен күбірлеп.
Сол аянымды сарынға жұтылып, міңгірге сіңген,
Ғасырлар бойы шығара алмай жүрдім есімнен.
Көзімнен менің ұшсада жарғанат ғұмыр бейуақтар үркіп,
Жатады үміттерімді мезгілдің реңіндегі ойлы оттар жылытып.
Жүремін сосын пәруаналардай оттарға қарманып,
Жазықсыз тағдырым жатады үрейлі қызыл бояуға арбалып.
ТҮЙСІКТЕР ТОТЕМІ
Тыныштықта ұрланды уақыт,
Сағат шеңберлері ішіндегі шашылды цифрлар.
Көзімді көлегейлейді,
Мезгіл қалдықтарынан ұшқан қисапсыз қиқымдар.
Жым-жылас тіршіліктің жанарына үрей ұялап,
Жасаған оған да болмыс санасындағы бір ой қиянат.
Менен де бүгін иесіз қалып қаңғырған текті рух,
Жасымды тұрмын көшпенділер аспаннан жауған жаңбырға кептіріп.
Босаттым сосын алақаным сызықтарына байланған шексіздік
арқауын,
Ғасырдың күрсінісінен білінді тексіздік шаршауы.
Бостандық бердім деміммен үрлеп кеңістіктегі қылмысты тозаңға,
Ақиқаттан айтылмай қалған бар еді білем сөз онда.
Сол тозаң менің тарихым бетіне тамған кеңістік нүктесі,
Тылсым табиғаттың киесімен көрсеткен маған Нұх сесі.
Ол дағы бір қасіретті құрлығым еді аспанға асылған нұр жіппен,
Мәңгілік параллель жатқан табанымдағы құрлықпен.
Айтады дәтін кімдерге барып сол қаңғыбас құрлығым,
Менің де аяқсыз аяқталған мандымас тірлігім.
Шаршаған ол да жан айғай дауыстар ішінде сенделіп,
Шаршатқан мені де адамзат ниетіндегі пенделік.
Қарайды маған мезгіл түсіндегі реңдерөңіп,
Пәруана құшағындағы гүлдер де түнерген тоңып.
Айналған олар ана құрсағындағыдай көркем бір пішінге,
Сарқылған бүгіндерін де, жұтылған ғұмырлар ертеңнің ішінде.
Жоғалды бәрі ғасырлар мимыртындағы нышанға сіңіп,
Мен, сен, ол үшеуміздің арамызда түс, арман, күдік...
Өрмекшілер жатады көзімнен аққан тор құрып жасыма,
«Сорыма бола қонғам мен сор құдық басына»
Деміме жылынған тыныштықтарды ой күнәсі үркітіп,
Өліара дүниесінің ішінде жүрем,
Тотемге айналған түйсіктерімді пір тұтып.
СОЗЫНДЫ ӨҢ СОЗЫНДЫСЫ
Тас бетінде бүріседі сіңбеген дымқылдар,
Менің жүзім бозарды суық тамшының ішінде,
Өзгерген бейнем ай бетіндегі дақтардай пішінге.
Мезгілдер өшікті қайғысыз қағаз гүлдерге сембеген,
Кім оның иісімен жалғандықтың жүрегін емдеген.
Панасын тозаңнан іздейді сол жалғандықтан үріккен нұрларым,
Менің де жүрегім уақыт бостығында іріккен ырғағын.
Ағаш-ананың құрсағындағы жыл шеңберлері,
Сақинаңның өзегінде қылмысымды кім тергер енді.
Санамның ішінде сақталған шексіз толқуларымдағы оң, теріс,
Ол баяғы өңім мен түсімнен тыс,
Түйсіктерімнің арасындағы төңкеріс.
Қашанғы мимырт мұңаюлармен қасырет қалтарысындағы құлазу
заңы,
Осылай ғана қазіргі біздегі ызаның хәлі.
Үрейленген адамдар жалаңаштанып анасының құрсағына тығылды,
Жүрегін олардың пәниде ашылмай кеткен көздердің сұғы ілді.
Құлазып жатқан ғасырдың ішінде қоңыр иісімнен таниды уақыт,
Аламын сонда мен Құрманғазының күйімен пәниді уатып.
Иманды көкжиек һәм құбыла сыртындағы құбылам,
Ұшып барғанда саған жалғыз тал сәулеге құбылам.
Жетелейді мені жеті түрлі реңдегі жарықтың ымырасы,
Һәм әжемнің айналған ұршығындағы ғарыштың сұлбасы.
Ертеңгі болмыс ішінде жоғалтқанда өзімді-өзім,
Қайтымды уақыт бостығында қалды,
Қоңыр иісім мен созынды өңім.
ҚҰЛАЗУ
Көне бір сурет ішіндегі мәңгілік мезгілден,
Жаурап тоңғанымды сездім мен.
Құлазып қарайды маған өзімнің сұп-суық ежелгі өңім,
Бірақ оның да соғып тұрған сеземін жүрегін.
Жап-жас күйімде шаң басқан айнаның ішінде қартайдым,
Ескірген мезгілдерге сіңді басымда жүрген бар қайғым.
Ғасырлар еңбектеп өткенде уақыттың жасудай көзінен,
Мен де аруаққа айналып тәнімнен безінем.
Ып-ыстық алақанымда тұрғанда тәнімнен қалған қиқым жүрегім,
Сол бір мезгілге жұтылған иіс, үн, реңім.
Уақыт шеңберлеріндегі параллель айналған сағат тілінен,
Оңған өткен шақтарымды көрдім ағаттығыммен.
Жанды мен жансыздың арасында,
Бір ғұмыр аяқталды телміріске толы,
Алдымда жатты жалғыздық сапарының ерлігі үстем жолы.
Бір тамшы салқын көз жасым ескі суреттің ішіне тамды,
Өзгеріп кетті дүние реңсіз бейуақтарға мәңгі.
ӨЛІАРАДАҒЫ ӨҢ МЕН ТҮС
Көнерген қағаз бетіне сілкіген қаламым сиясындай,
Аспан және құстар тізбегі,
Оларда менің дімкас жүрегімдегі ықтарды іздеді.
Құлазытты мені құлаған жапырақтың күздегі сырабы,
Қиялмай оларды топырақ бетіндегі іздерім жылады.
Арбалған жолдар сансыз қара сызықтарға айналды,
Көкжиекке телмірдім, қос қарашығым лайланды.
Сол қара сызықтар шетінен бір сәуле қылтиды,
Ол менің алақаныма тамды, оған да сосын тіл тиді.
Өмір, өмір, өмір де деп басталды бір ертек,
Мұратына жетпеген тазшаның жанарын тұрды мұң өртеп.
Адамдар жүрді жер бетінде тәңірше ойланып,
Шайтанның өзі сыбырлап тұрды періштеге айналып.
Көзімді көлегейлеген қара қарғалар – іңір қырындысы,
Құрыды менен монтаны сәуегейліктің де ырым мысы.
Өлшеусіз ағаттығым мен күнәм сағаттың тіліндей сілтенген,
Һәм қара тауымдай қасыретімді бұлт емген.
Ой күнәсынан шулы дүниенің тыныштығы бұзылды,
Майысқан сол бір сәуледен көлеңкелерім сызылды.
Құбыла топырағының ішіндегі бір дәнек іңгәлап бүр жарды,
Толқытты сосын жап-жасыл иіс теңіз бен құмдарды.
Алақанымдағы болжам сызықтарының сілтемелері,
«Сен өмірде болған емессің» дейді, кім сенер енді?!
Топырағымның өзі танымай тұрды түрімді менің сол көнпіс,
Күнә мен сауапқа айналды,
Бақи мен пәнидің өліарасындағы өң мен түс...
ТАС БОЯУ
Мен ит жейдемді боядым қынаның нілімен,
Тау мен табиғатқа шағындым тұманның мұңымен.
Дүниеге келгенде мынау, ұшқан құстың көлеңкесінен тоңдым,
Жылытты менің жүрегімді жетімсіреген сол мұң.
Бір тамшы көз жасым домбырамның ішегіне тамды,
Шертілді бір күй көкірегімдегі жоғалған мәңгі.
Сол домбырам аққуға айналды, ол менің пәнилік мұғжизам,
Домбыра, дала, көкірегімдегі күй, құз, жан...
Топырақ бетіне шашылған уық нұрларым,
Қасиетіңмен сенің жүрегіңдегі қараңғылықты жуып тұрғанмын.
Қай жерге батты төбемде тұрған кіші күн-шаңырағым,
Арылтшы менен тексіз адасудың ұшығын пәруарым.
Әжемнің өреге жайған құртындай бөлінген құрлық,
Ішіңде сенің құсалық жатыр өлімнен жым-жырт.
Жүрмін мен қазір ескі ғасырдағы өз тағдырыммен ойнап,
Ішкен асымды ақыл тісіммен ғана шайнап.
Ой күнәсындағы қылмысымды ойлап түскенде менің үнжырғам,
Үнсіздікке айналды тағдыр, ақын, махаббат арасындағы мұң, жыр,
ләм...
Мың жылдық міңгірім қалды қас қағым уақыт үніне ілініп,
Шексіз бір құлазу басталды өзіме адамзат екенім білініп.
ТАС ОШАҚ
Салқын бір топырақ ішінде бүр жарды жас ермен,
Мен оның киелі иісінен ояндым сәбилік әсермен.
Қынаның нілмен боялған, әжемнің иісінен тігілген ит жейдем,
Тегімнің мөрі тәнімде жатыр бабамның көзіндей титтей мең.
Әлемдік тартылыс күші аша алмас сәбилік шеңгелім,
Ол дағы мынау қас-қағым сәттік пәнидің ермегі.
Төбемдегі орайым шеңбері кіші ғаламымның құс жолы,
Тосады онда өңімнен де ұзақ түс мені.
Бүгін мен ертең, болмыс пен жазмыш, өзгерді менің иіс, айным,
Алдымда жатқан түзу жолдарым иілді, көкжиегімде қисайды.
Мен осынау ғасырға келгенде тегімді білсем де сойым анық,
Жалаңаш дүниені түсіне алмадым архимедше жалаңаш ойланып.
Бір уыс туған топырағым иен алақанымда тозды,
Қараңғы түнектің қусында көлеңкелерім дүниеден озды.
Сол топырағымның бетіне суретімді сыздым,
Тірілді тағы бір «Мен»,
Сосын өзіммен қоштастым шашымның ағы кірген.
Аттанам ертең суық аспанымның маңдайынан сүйіп,
Туған топырағымды анамының көз жасымен жуылған шытына түйіп.
Ескі құрлықтағы оңған өңімді мезгілдер кезек тойлады,
Ғұмырымда менің бос уақытымның ойнағы.
Тозаңға сіңген тарихым, болмыстың өзінен бұрылған қисын,
Қоңыр далада тас балбалдарға сіңген,
Қаңғырған үнім мен шұбырған иісім.
Қарашығымдай шашырады туған жерімнің тас ошақ-түймесі,
Көшкен жұртында қарайды,
Құрлық пен құрлықты жамаған әжемнің инесі.
Осылай басталған Ертөстігі жоқ ғасырдың ертегі,
Шалқұйрықтың шабысын жоқтап аһ ұрдың жер тегі.
Жолдармен жолдардың арасы тағдырым жайлы болғанша ойланып,
Шегемін сапар тәнім мен жаным тозаң мен нұрға айналып.
БАҒЗЫНАМА
(Есен Иманбайға)
Әлқисса, құс тұяғындағы имектен,
Бағзы даламнан аңқыған қан жұққан ауалар сүйді еппен.
Бейкүнә ұжданым сауабы, тектілік алдында ажал да шіміріккен,
Кіндігіме айналды үрпілер ішінде адасқан бір нүктем.
О, менің бауырым,
Кеудеңнен аспанға кетті ұшып құс мүсін домыбраң,
Адамзат, аспан һәм кеңістік арасы, өң, нұр, ән...
Тағылымыңа айналып таңсық түс тотемдер,
Жаныңды сенің де көкбөрі көзіндегі тағылық от емдер.
Мен мынау ғасырдан өткенде наркескен нағызым,
Басыңнан айналып ұшады байғызға айналған бағзы үн.
«Тарының қауызы» сыздайды, он сегізмың ғаламды сыйғызған,
Таңбалы тастардан тамады тәңірлік мұғжизам.
Табиғат ажарын тілгілеп сынған шық,
Бір-бірін арбайды тірлігім тілінде түн, жан, сұқ...
Мезгілге ой соқты көлеңкем өліара өтінде дағдарып,
Аяғым шаңынан адасып күн мен ай батады әрі барып.
Самсыған салмақсыз саналар,
Тәңірсіз тән болмысына тағзым қып,
Бейбастақ ғасырда басталды бір ұлы азғындық.
Дарвинды еске алып шулайды, оянған маймылдар іргеден,
Қарғайды мың кие, көріне айналып кір көбем.
Топырағын жоқтайды құрлықтар, теңіздер іздейді тұз иісін,
Адасқан толқындар қып-қызыл көкжиегімді мұжисың.
Аналар жатыры айналған мүсінге,
Сәбилер жымиып қарайды у толған құмыра ішінде.
Қағайлар ауызына сорғалап жып-жылы сүттіген,
Өгейлер қойынында мұң шылқып маңдайы жіпсіген
Адамның көзінен есілген ала бір арқаннан дар жасап,
Тас керең тағдырым сумақы сұқтармен арбасад(ы).
Әз анам сыйпаған маңдайымда оянған сәулелер табы бар,
Үнсіздікке кетті ұйып, мендегі үш ғайып «жан, үн, ар...»
Бақилық болжамым, ықылым ырымдарымды ойлап күрсіндім,
Ішімде адамзат емеспін, сыртым кім?!
ЖАН ТОҚЫРАУЫ
Қараңғы түнімді көкжиектегі таң ірді,
Үн-түнсіз еске алдым, үн-түнсіз жатқан тәңірді.
Әлди мен көрістің арасында жұмбаққа айналды ес мүсіндерім,
Ескі құрлықта аяғым ізінен көрінді бет пішіндерім.
Құс ұясындағы сілекейленген жылқының қылы,
Ғарыштан шашыраған сәуленің қылпының нілі.
Жеткенде маған жалғыз тал жарыққа жасырынған желқабыз жеті
рең,
О, жер ана, жетім адамзатқа шексіз махаббатыңмен мекірен.
Пәруарым маған аян еткенде дүниенің жалған бес күнін,
Әлмисақтан да ары, уақыттан да есікімін.
Сөнгенде мынау ғаламның қызыл тіліндегі әлеңдік, киелі от,
Күн мен ай батады ағаш-анамыздың бір бұтағында үйелеп.
Жылаған сәбидің алақан жылуынан қара жер жылынды,
Табиғат таң қалды, тылсым тынштықтарда тіліне ым ілді.
Сол киелі жылудан босағанда сәл әлемдік тартылыс,
Пәниде қалдық мен, сен, ол.....тән, өңдік артық үш.
Жөргегім жұпары жұққан, ықылым ішінде ілбиді иісім,
Бәдіздер бетінде ұйиды мың жылғы сиқым.
Иіскегенімде кші бесігім–сәбилер шаһарындағы үкі иісін,
Мимырт дүние миымның қыртысында мәңгірген мифімді мытисың.
Ежелгі топырағымда ұйықтаймын түсімнен шымқай өң іздеп,
Бабам айтатын тағылым осы «дүние ісі қоңыз» деп.
Сол мимырттар ішінде білсе де өзін тозбасын уақыт,
Тұрады адамзаттың қара жер арқасына көз жасы батып.
ПӘНИ КЕЙІСІ
Мен ғасырдың түсіне кірдім, ол шошып оянды,
Алты құрлықтағы бір уыс топырақ көз жасымен боянды.
Өткен шағымнан естідім сауапсыз уақыттарымының өксігін,
Табиғат, адам, тәубе арасында қалды кек, сұқ, үн...
Аққан жұлдыздың жолағын басыма қадап қартайдым,
Мен дағы бір адамзатпын тұтқыны болған тәркі ойдың.
Ағаш-анамыз жатты жүзімдегі әжімдерімді жасырып,
Обал топырағыма қараймын ысырап өміріммен аһ ұрып.
Әлемдік тартылыс күшін ашты тиым салынған жеміс,
Мен, сен, ол үшеуіміз болдық пәниде қалған кем үш.
Қара қарғалар ұшты көк аспанымды қиқымдап,
Шақырды мені бейіштен күнәһарлықтың иісі ымдап.
Жаңғырық ішінде жүремін жар басында тұр жарты лашығым,
Таупиық бер тәңірім, тәкаппар жан дертім, тәркі нәсілім.
Түс жори алмайды қырық уәзірім, кепиет бағзым,
Кімдерге айтамын, жеті ауыз жетім сөз, екі үйек аңызын.
Сәби құйрығындағы аспаннан жұққан тек мөрі,
Ұрғашылар үрейінен туған монтанылықтан кетті еріп.
Ойнайды сол сәби көз сүйегіме топырақ толтырып,
Мүсіркеп тұрар кім мені, мүрдемнің өзін өлтіріп.
Құбыла нұрына боялып тұрады тамшысыз теңізде тербелген бесік,
Қолымды жаям, алақан сызықтарымының түйіншегін шешіп.
Тамған көз жасым қоңыр жүзімді ұятымменен тұр кетіп,
Қайыршы ыдысындағы көбейді тағы бір кетік.
Оңаза ындын опасыз дүниенің уысында қалған ой, нәпсім,
Болжайды менің өткен шағымды боқшылық дүние, қой...бақсым...
Қызыл қаныма қанаты күйген көбелек дар ағашында дамылдап,
Аяп тұрады жүрексіз жасаған пәнилік адамдардың тәнін нақ.
Осылай тарқайды қорланған табиғат құсасы,
Тозады бір күн адамзат қолымен жабылған анайылық лыпасы.
ӘЛМИСАҚ ӨЛЕҢІ
Мен ақының едім, миығында періште күліп, ашуы ажал болжаған,
Дұға қылғанда күн мен ай жарығында оң ғалам.
Жаһанға мені жамыратқанда жер бетіндегі жеті ұйық,
Күн күркірінен тірілгем нажағайлардан от иіп.
«Жабайы заманда» қараңғы жартастардың жаңғырықтарын
жамылып,
Үнсіз қалғанмын адамзат кейпімде уақытқа таңылып.
Жанарыма тығылды жалынышқа кіріптар жаһанның жарығы,
Ажалды сескентті Қорқыттың қобызы мен Асанның зар үні.
Қараңғы түнек боп әлемді жапқанда ындынсыз көлеңкем,
Жұмақтан маған ұшып жеткенсің киелі өлең сен.
Көл бетіндегі шертиген шеңберлерден жарты айда ұялған,
Мен жағадағы ақын едім қартайған қиялдан.
Алақан сызығымды жалғап бидай дәніндегі бір тал әжімге,
Табиғат үйреткен такаппарлығымды ұмыттым мұрса, әл, лажым не?!
Жаңғырықтарым соңымнан келеді өз сөзімді қуалап,
Бақсы жарғанаттар ұшады бағзы үнімді дуалап.
Түскенде алғаш кіршіксіз топыраққа жуас іздерім,
Аңқау көлеңкем ғана қалды күнәсіз менің.
Әлмисақтан көрінді тәніме жасырынған топырақ реңі,
Ауырды оған ақынның ғана босырақ жүрегі.
ТАБИҒАТ СӘБИІ
Туған жер тасын бауырына басқан құстарым,
Еркіндік шайқаған,
Кім оған сұқ қадар көзінде разылық тайсаған.
Ой күнәсі алдында әлжуаз хәлдемін,
Мазақтап кетеді табиғат тілінде әлде кім.
Қасымда түн көбелектері тым жомарт,
Бір сәби жылайды қойынымда, өзімнен мүлде қарт.
Көкірегімнен жоғалған жүрегім,
Кім оны іздейді кеудемді сипалап,
Крест жолдарда монтаны гүлдердің иісі ағад(ы).
Келгенде жанымнан жарығын жасырып ымырт, түн,
Өзімді «өзімнің » ішінен тірілттім.
Таңы жоқ шығыстар, сұп-суық маңдайыңа нұр ілсем,
Қасиетті жерімде ежелгі қалпыңмен тіріл сен.
Сайқалдық сайтаны азғырған, жан-жағым сандырақ,
Тастанды топырақтан тірілер кім тағы тән құрап.
Кетеді білдірмей келгенін, ажал да жылбысқа,
Мен ешкім сұраққа тартпайды мың жылдық қылмысқа.
Уақыттың ізіндегі тозаңнан салынған моладан,
Өз тәнін іздеп жүр адасқан көп адам.
Иманды әжімдерім менің алақаныма тартқанда тамырын,
Естідім түсімде ғарыштан құлаған Алланың әмірін.
Құбыладан келді ұшып киелі дұғаға айналған нұр-аян,
Табиғат сәбиі, ей, ақын, көз ілме, тұр, оян.
Ішімді өртеді ықылым заманнан жалғасқан ым, ырым,
Мен мынау пәниде емеспін, бақида тірімін.
КӨСЕ ҚҰРЛЫҚ КҮБІРІ
Ойыншығы үшін жараған сәбиге қуыршақ,
Ойыншық боп жٷрмін мен де пәниге бір сәт.
Молаларға толады аппақ айдың сәулесі ліпілдеп,
Киелі жылуын шашады ғарыштан жеткен үкі үнді от.
Түсімде көрдім «қауызға» сыйған жер мен аспанды,
Қос алақанымда кілкіген өңдерім қалды тастанды.
Табиғат ана, мен де бір жетім адамзатпын әлжуаз,
Құс ақын болдым мезгіл бұтағына қонған қалғуы аз.
Шымқай бір шимайға толған бұл менің қағаз дәуірім,
Жазымыштың ауызындағы соңғы сөз «ажал»... ауыр үн.
Төрімде отыр есігімде ес білген құлым,
Телмеңдеп өткен қайран, тексізге күнім.
«Ұстарасыз ауызыма түсті» қылмысты мұртым, күнәлі сақалым,
Көсе құрлыққа шүлдірлеп айтқан ұнады мақамым.
Ғасырдың қабағынан көрдім қайырымдылық һәм қатаңдық,
Ақыры аңызға айналам, асығым шігесін апан қып.
Қой жылы құмалақсыз қалдырдым бақадай шулаған бақсымды,
Көп еркелеттім көбіктей жұқа көйлегін киген нәпсімді.
Кім тағы мынау тастанды топырақтан тән түзген,
Шұбырып келеді дүниеден өзіме ұқсайтын сансыз «мен».
«Нәпсімнің» өзі емеспе еді қойнымдағы ұяң үрпегім,
Өңімде «оян» деп қасымда жатқан өзімді-өзім түртемін.
Ыстық өлеңге өртенген құстың қауырсын күйесі,
Мен едім оның әлмисақтан бергі иесі.
Сол киелі қауырсынның пәниге жұққан дақтарын,
Дүниеге келгенде мынау солақай уысымда сақтадым.
Аппақ қағазға айналды алақаныма себілген уақыт ұнтағы,
Һәм ықыласты іңгәлауым еді ай бедері мен күн табы.
Сөйледім сосын табиғатқа да сәби тіліммен былдырлап,
Төгілді жерге жасыл ормандардан нілді ырғақ.
Анамның әлдиімен тербелген бесігімнің кім ұрлар ырғағын,
Сәби иісіме айналды жаурап адасқан мыңғырған нұрларым.
Көлеңкемді жоқтай алмаған іңірлерімді сөндіріп,
Солақай дүниеден келгенмін бұрышсыз дүниеге өң кіріп,
Мен дағы мынау аяқталмай қалған ақырғы аңызбын,
Өмірден бұрын келдім де, өлімнен бұрын жан үздім.
Адамзат қайда, аяғымның астындағы адасты құрлығым,
Өңімде айыпталды түсімде істеген ұрлығым.
Кеттім мен сосын өзімнің де адамзат екенімді ұмытып,
Қызыл тілімді қызыл шоқпенен суытып.
Қызғанышпен жамап қызыл тікен жыртқан гүл иісін,
Көп қызықтадым көктемі жоқ көбелектердің жымиысын.
Ақ кірді шашыма пәниде қалды үш маусым,
Қаршадай ғана қиялым менің дұғаға балаған құс дауысын.
Келемін міне, елдімен де емес елсізбен,
Мен меңіреу мезгілден меселдем қайтқан «менсіз» мен.
БАРСАКЕЛМЕС
Уақыттан ажыраған жалғыз тал тозаңнан қашалған мүсінім,
Мен дағы өзімнің мүрдемнің баһилық көретін түсімін.
Көнерген сағаттың тым зілдей тілдері сықырлап,
Жатады өңімнің өзінде әлде кім болжанбас түс ұрлап.
Күнәлі ай бетін мүсіркеп текті сүт,
Жердегі іздерім құстарға айналып кетті ұшып.
Мен едім періште пейілмен сүйіскен перімен,
Киелі үнімен қолыма қондырған қобызым ырғағы емірен.
Табиғат білдірген тағылық кейпінде тәкаппар емеурін,
Әлқисса, мен қайта туылдым мұныма сенер кім?!
Мың рет өлгенмін өмірге бір рет кеп,
Сұп-суық алақанымда тоңады жүрегім дірдектеп.
Ал, оны көзімнің ішіндегі үрейім жылытады,
Шулайды жердегі жүрексіз «бір жанның» мың тәні.
Қайтадан туғанмын бірақ бұл өмірге келмегем,
Он сегізмың ғаламда адамзаттан тыс ешкім жоқ сенбеген.
Пәнилік мендегі қас-қағым сәттерге мәңгілік арбалдым,
Баянсыз дүниенің байыбына барған кім?!
Сапарға шыққанмын барса бір келмейтін жолменен,
Бұл мендегі түс өмір ішіндегі өңдегі «өң».
ҰМЫТЫЛМАС МАҚАМ
Жалаңаш суда лыпасыз айдың сағымы,
Ескі бір елесесіркеп тұрды ол қылмыңдап,
Ойнайды сәулелер көбіктерінде, жасырып тылсым мың жұмбақ.
Мен келдім жағаға ғасырлық қасыретімді сүйретіп,
Арбайды ессіз тереңдер тағдырсыз толқындарын билетіп.
Жолдарымды от түсті жапырақтар өртеген,
Меңімді мекендеп кеткен мезгілдер айтқан ертегі ем.
Өшкен балауыз шамға көбелек қонды, дүние өзгерді көктемге,
Арбалдым оған, ешқандай маусым жоқ менде.
Оның қанатының суылы үзген өрмекші торын жамылып,
Жаураған жүрегімді жылыттым, тапқандай болды тәнім ық.
Алақан сызығым қураған ағаштың сұлбасы, ұясын салды құстарым,
Өң тіпті мен де болғанда емес, өмірдің өзі түс сарын.
Сол құстарымның дауысы ұмытылмас мақам, бұл ырғақ,
Сәби кезімнің іңгәсі еді, тауысады тағы кім ұрлап?!
ӘЛМИСАҚ АДАМЫ
Сағаттың тілдері түрткілеп, оятты ежелгі үңгірден,
Періштеге айналып болғанша, мен қайта адам боп үлгергем.
Ескі бір құрлықта шашылған, үйемін иесіз ізімді,
Топыраққа қайтадан қарап ем, көрдім тек сәбилік жүзімді.
Ал тәнім сұп-суық сол қалпы, көлеңкем қалған сәл салқындап,
Уақыт белдеулерінде шашылған, түсімді жинадым там-тұмдап.
Жылындым алақанымды жамылып, ізімді ыдыс қып су іштім,
Әжімдер торлады жүзімді, әлде мен ағашпен туыспын.
Өрмекші тор құрған аспаннан, естілді киелі ежелгі үн,
Күнәсіз туылып мен кеше, ал бүгін ажалсыз неге өлдім.
Балшықтан жасалған пендемін, періште қанаты кептірген,
Табиғат қалғиды қалжырап, дүниеде жалғыз-ақ, тек, тірі мен.
Шығысқа сапарлап жол шектім, батысқа таядым,
Ежелгі ойларын мүк басқан, ғайыптан жеткен бір аянмын.
Алғашқы һәм соңғы адамзатпын, өңінен түсі ұзын,
Алақан сызығымнан көремін, жыпырлап мөрленген құс ізін.
Тамыры – бақида, бұтағы – пәниде, ана – ағаш,
Адамзат екенімді түйсінгем, қалғанда лыпасыз жалаңаш.
Сол кезде аспаннан құлады, зілдей бір қауырсын,
Сол кезде топырақтан көктеді, жалғыз түп самырсын.
КҮНӘ ҺӘМ КӨЗСҮЙЕК
Саусақтың ұшымен шоқынған шекелердің шұңқыры тереңдеп,
Күбірлі дұғалармен аласталған кепиет атқан керең тек.
Адамзат күнәсі жеңілдейтін бір мезет бар дейді пәниде,
Құлшылық қылған пенделер айналып кететін сәбиге.
Менің де күнәм бұл күнә, топырақтан ауыр, тозаңнан жеңіл,
Аққан жұлдыздар құлап қараңғы түндей қажалған меңім.
Пәниде айтқан ғайбатымның жаңғырығынан тау жылжып,
Жұмақтан қуылдым, тәніміз тәркі, жан мүлгіп.
Ай тұтылғанда түс көрдім, өлекселі өңдерім өңмеңдеп,
Оңаза ындын, олқая тірлік өң меңдеп.
Аспанның мынау ақырғы үні, «аяным-аңыз, тәңірім-ертек»
Өткен шағымды болжаймын енді жауырын өртеп.
Теңіз боп тебіреніп едім, тамшы жас шықты көзімнен,
Түс көріп жатып қоштастым, өңімде жолыққан өзіммен.
Он сегізмың ғалам сыйған тарыны «қарғалар» шоқып тоздырған,
Сары даламдағы атамның аяңын жарық жылдамдығынан оздырғам.
Алты үркерлі, жеті қарақшылы қойшының қосын тонадым,
Күнәмнан жерде көлеңкем ауырлады, кеше гөр мені о, раббым.
Уақыттан да ескі тыныштықтарымды жаңғырықтарым тұмшалап,
Көз сүйегіме құйылып жатыр уысымдағы құмсағат.
ТҮЙТКІЛ
ЖетІ қарақшы жарығында, бойға сіңіп жеті реңім.
Жусан жұпарлы жұмақ ішінде, ермен иісі мекіренді.
Көкжиекті шолпылдатып, шопан ойнап жылы көңде,
Іңірге кеп бас сүйедім, бұл ғаламның мұңы менде.
Балам түрткен жұлдыздарда, қозғалады дір-дір етіп,
Тау ішінен тіл қатады, сәби бұлақ былдыр етіп.
Мазар ауған құбылаға, көкжиекті тұрса тілеп,
Сөзге құлақ түрмей кетті, құмырысқалар мұрсасы жоқ.
Жүз ғаламға жұмбақ айттым, тас үңгірде ой шулайды.
Күнді жайып, айды баққан, кім ойлайды қойшым жайлы.
Қи иісінен қисса тыңдап, өлең қылған от күбірін,
Өзі жазып берген түнге, қасқыр айтқан тоқты жырын.
Құрығында үркер ауып, нені ойлады ол құс жолында.
Шолпан туды ат жалынан, таңның өзі қысқа мұнда.
Жеті қарақшы жарығында, бойға сіңіп жеті реңім.
Жусан жұпарлы жұмақ ішінде, ермен иісі мекіренді.
РУХ СҮРГІНІ
Өлілерді үкім етіп өлімге,
Тірілерді тірілте алмай келеміз.
Аққан жұлдыздың әлсіз жарығында бұл дүниеге үңілдім,
Кіндік қаныма дұғасын оқыды, топырақ бетіндегі сұлу мұң.
Бейкүнә уақыттар ішінде, теңізде маған тебіренбейді,
Бейкүнә жарықтарда адамзаттан мынау жерігем дейді.
Өңім мен түсімнің арасындағы үнсіздік,
Мен саған ғана телмірем,
Болашақтағы өткен шақтарымды сәби иісіме сендірем.
Уақыт та қайталаудан жалықты, мезгілдер қасіреті де баянсыз,
Он сегіз мың ғаламда адамзат ғана қалды аянсыз.
Ажалды өмірге сендіре алмаймыз біз мәңгі,
Суық топырақта тәніміздегі салқын реңнен қызғанды.
Бейіштің лебіне ілескен бақидың құстары жылады,
Кеңістіксіз өртенген қауырсын жаралы жүрегіме құлады.
Ескі құрлықтағы жаураған аңызым, үрейленген оттарға жылынды,
Босағасыз есігімнің аржағындағы иесіз дүние екені білінді.
Жарығы болжанған нажағайларда алақан сызығыма айналған,
Қаңғырған қаңбақ рухым, ғасырлық сүргінге айдалған.
АМАЛНАМАДАН
Тастанды ауа, тастанды аспан, тастанды топырақ.
Ежелгі тау қуыстарында жабайы жаңғырықтар лықсыған,
Күбірлеп тұрады, ғарышпен кіндіктес ішкі мән.
Алақан сызығым түскен топыраққада бал аштым,
Бесігімнің тегін іздедім әжімді тамырларынан ағаштың.
Домбырамның тоғыз пернесінде тоғыз ғаламшарым қалғыды,
Ескы молаларда шулайды, тірліктен жалыққан уақыттар қалдығы.
Аяни болмыс, о, аққан жұлдыздар, тәңірінің жазуы,
Сені де солғын көрсетер күнәлі пенделердің азуы.
Алты үркерімнің жарығы алты құрлығымды жылытады,
Жер бетін шиырға толтырған рухсыз адамзаттың кіл тәні.
Жеті қарақшымның жарығы жеті материгімді қымтады,
Маңдайым аспанға тиіп, табаным астындағы топырақты ұмытамын
Түнекті сейілтем дейді, жаһанға жиналған жарқырауық қоңыздар,
Сұп-суық түнектер түбіндегі жүзімді шарпыды көне ызғар.
Аққан түймештің астында қалды қоп-қоңыр тарихым,
Жүрегімді менің де қыналы тастардың киесі қаритын.
Үш қараңғылықтың ішінде, тәңірдің құдіретімен жаралдым,
Шарана, жатыр, құрсақ,
Жан, ар, мұң...
Адамзаттың тұңғыш ұяты оянған жерде туғанмын,
Жүзімді ай сағымы суарған суға жуғанмын.
Мен дүниеге келмей тұрғанда батысым түсімде, шығысым өңімде
еді,
Әлмисақ пен қиямет күні де бір-бірінен бөлінбеп еді.
ТЕК ТЕРГЕУІ
Жалаңаш адамдар топырлап, жалаңаш оттарға үймелейді,
Жалаңаш ай көкжиектің бір түймесін түймелейді.
Жалаңаш сулардың бетінде жалаңаш сәулелер ойнақтайды,
Ғарыштың терең түкпіріне сәбилік санадағы ой батпайды.
Зілдей бір самалдар жапырақтарды жаншып өтеді,
Құмырысқаларда баһадүрлер топырағын мансұқ етеді.
Нажағайдың жарығында адамдар тек өз мүрделерін таниды,
Ескермейді мынау бес күндік жалған пенделік пәниді.
Тік тұрған мүрделер жер өсінің тартылыс күшінен жығылады,
Жаңғырық біткен үрейленіп жартастар қуысына тығылады.
Құстардың көз жасын ішіп ержеткен ақындар еркін ойлы,
Әлмисақтағы құрлықтан бір уыс топырақ іздеп тентірейді.
Жалаңаш теңіздер үнінен жалаңаш жағалар жауыр боп,
Ескірген іздеріме айтады, көбіктер аспаннан ауыр деп.
Жалаңаш гүлдердің қып-қызыл ернін жалаңаш ауалар қажаған,
Жалаңаш көбіктер жамырап, жалаңаш демімді қамаған.
Қызыл дүниенің қылығынан момын қоянның да көздері қызарды,
Құбыладағы күннің мимырт аяңынан көлеңкелерім ұзарды.
Тозаңдар топырлаған әуеде ең ессіз саналар қалқиды,
Цифрсыз шеңберлер ішінде сағаттың тілдері балқиды.
Сол сағаттар үніне арбалып жүрегім қайтадан қағады,
Әлжуаз өзендер тағдырлы алақанымның сызықтарынан ағады.
Біз аянсыз құрлықта жүргенде ес ең кір еді,
Пенделердің көз жасынан жауған нөсер де есеңгіреді.
Қас-қағым қараңғылықтар ішінде қаңғырдым, қаңғырығым түтеді,
Алжыған уақыттар адамзаттың тегіне қайтқан күнін күтеді.
Жаңғалақ жазмыштарымда жан дүнием жатады мың кірлеп.
Шақырады сосын қоп-қоңыр оттар міңгірлеп,
Киелі топырақтарым сүртеді, аспанға аққан оттардың көз жасын
Жоғалтқан «өзімді» ықылым заманнан жоқтаймын өз басым.
ТАҒДЫР ӘПСАНАЛАРЫ
Кеңістіктегі қиялға шыланған құс қауырсындары,
Сендерді ойлап тумай кеткен ақынның ауырсын жаны.
Ол менің өңсіз болмыстарымның нәзік образдары,
Шексіздіктер ішінде, қып-қысқа ғұмырым созылар мәңгі.
Аспанның түпсіз шыңырауында суыған құс көлеңкелері,
Сендерді жылту үшін де ықылым замандарда түс көрем тегі.
Бір шөкім бұлтпен күнәмді жауып, аспанның қалар төсі ашық,
Ертең мен оған жауап беремін еркіндігімді босатып.
Нажағайлар таңырқап өткенде сол аспанымнан қас-қағым,
Бір уыс топырақ ұялып қызарды, келместің сапарын бастадым.
Маңдайымнан өбеді дұғалар, жанарларыма нұр сүңгіп,
Тәңірсіз топырақтан тағы айғайлап оянады бір сұмдық.
Кеңістігім тұр құстардың тамған көз жасына сүйеніп,
Құлаған қауырсындай құлазып жатамын көкірегіме бір күй еніп.
Табиғат тіксініп қарайды адамзаттың иісінен сескеніп,
Бесігінен түскен сәби ем, бес күнгі жалғанға бес сеніп.
Бір жетімнің көз жасы тамса, бүкіл теңіздер шулайды,
Оның дауысын қасіретке батып періштелер тыңдайды.
Тәңір туралы тұңғыш ойланған «адамзат» мен едім,
Үстінде тұрып Нұқ пайғамбар жасаған кеменің.
Сол бір уыс топырақ үшін жерге тигенде саусақтарым созылып,
Оянамын қайта, Қорқыттың ең соңғы ұйқысына көз іліп.
АМАЛНАМАДАН
Әлемнің тұңғыш қараңғылығына тығылып отыр ем,
Мінәжат етейін деп ұйысқан саусақтарымды жазып,
Күңгірт тағдырыма айналып кетті, қас-қағым мәңгіліктерім нәзік.
Өлген ақындардың қауырсын қаламынан құстар жамырап тірілді,
Қамаудағы сәулелердің жұқа пернесі аңырап жырылды.
Сол кезде жаңа оянған топыраққа алақанымды жамау ғып,
Қос жанарымды әлмисақ құрлығына жақтым алау ғып.
Мен ұялшақ болдым, жасыл ормандар қаулап өсті,
Болмыстарыма құйылып жатты, уақыттарда саулап ескі.
Мен ұялшақ болдым, ақжал толқындар шапшуырлады,
Бәдіздер бетіндегі бояулар тамды, барсакелмесімді бақсы ырымдады.
Сол топырақта адамзаттың тұңғыш ұяты оянды,
Тегіміз үнсіздік еді, тағдырымыз тыныштыққа боянды.
Құмырысқаның жіптей аяғының нүктедей ызбынын,
Оянған ұятымен, обал-сауаптың тірі сызығы етіп сызды кім?!
Ып-ыстық бір тамшы қанға жылыну үшін сыйынар ғаламда,
Ағаш тамырлары уыстаған топырақ бұйырар маған да.
Мен өмірге келгенде жазымыштанда жылдам, болмыстан да
бұрынмын,
Тотемім тәңірлік, қасиетті үш қараңғылықта тірілдім.
ЕРТІС ЕҢІРЕМЕСІ
Қоп-қоңыр, ішімдегі отты бөрінің көзімен тамыздым,
Ертісім, сен ықылым ертегісі едің, мен ескірген аңызбын.
Үш тас, бір от қара өлеңім еді,байырғы үн,
Иншалла, рухымды оятып, есімді ескіліктермен қаримын.
Бабамының бас сүйегінен тұр, жаһанның нұры сығалап,
Ұларлы өлкеде, сары дала қасиетіне етемін мәңгі мінәжат.
Менің жұлдызды аспаным, әжемнің тонарлы наны еді,
Аспани әпсанам, ол сәбилік шағымның ғарыштық мәні еді.
Менің құйрықты жұлдызым, жіпті инесі еді анамның,
Сарпалдаң болып сан ғасыр, сұлбасын іздедім санамының.
Шыбындай жаным ширығып, ши түбіндей үрпидім,
Ақиқат алдында, қоңыр домбыра тартқан сұр күймін.
Қоңыр тірлігімнің қып-қызыл ындыны едіреңдейді,
Ой күнәсі алдында жанымның бояуы тебіренбейді.
Саусақтарымды санап тауыса алмай, жазымышымнан жаңылдым,
Қарғаның қарқылына қарық боп, аққудың терісін жамылдым.
Күн мен айды қорамсағыма қондырып, садағым доғасында
батырдым,
Сағымдар жорытпас сары дала, топырағыңды аңсап жатырмын.
Еһ, менің арқарларым, тұяғы жұлдыз, мүйізі ай, көзі күн,
Ажалдан қашып, жерұйық іздеген Қорқыт пен Асанның өзімін.
Еһ, бейіштің құстары, қауырсындарыңды күрке ғып,
Қаншама күнәмізді сауапсыз уақыттармен бүркедік.
Еһ, Ертісім, күмбірлі толқын бауырында күн батқан,
Мен аңызданмын, сен ықылым ертегісі жұмбақтан.
ТҮЙІТКІЛ
Қаңбақтар домалап барады, заманның миындай құп-құрғақ,
Қаңғырған көбелек қонбайды, құйтымдай құс тұрмақ.
Жоғалар із-түссіз, қап-қара құмдағы тұл сарын,
Тәштекте бағамын, тағдырсыз табиғат ұрпағын.
Ей, менің қаңғыбас қаңбағым,
Мен де бір адамзат, өзіңдей сорлы һәм сергелдең,
Әлде сен алжыған уақыттар, ойланып ойнайтын шеңберме ең?!
Киелі бәдіздер жылайды, бәрі де қасиетін жойған дүр,
Мәңгірген адамдар көрінде, ақсүйек ойынын ойнап жүр.
АМАЛНАМАДАН
Мен әлмисаққа ұйыдым, ежелгі топырағымда қанша уақыт,
Қарашығым ішінен мөп-мөлдір ғаламшар тамшылатып.
Бассүйегімнің ішінен жарып шыққанда бір түп жусаным,
Бәдіздер күбірлейді, Алтайдың даласында үркіп мың сағым.
Өрмекшілер торын жаяды, бетонды бұрыштарымды доғалап,
Киіз үйімді еске алдым, бұрышсыз дүниелерім еді ғаламат.
Бұл өлкеде жебелі қорамсақ-құйрықты жұлдызын асынып,
Баһадүрлер аруағын шақырған, найзағайларға қасынып.
Қызылды-жасылды асықтарыма кемпір қосақтарымды шөктіргем,
Қызылды-жасылды дүниенің ішінде шашылып қалған көп мүрдем.
«Баяғы жартас бір жартас» мейіріміңді төгіп мекірен таулар,
Адамзат пен табиғат махаббатынан ес, рең қаулар.
«Күн түбіне жортқан ұл едім» аспаннан бұрын жер беті күркіреп,
Бағзының оғландарындай жанары жалын, кірпігі от.
Ізімнен көктейді, ықылым ымырасына көндірген іңгәлі қынам,
Менің де тамырым аспанған жайылған, жұмбаққа айналып құмдағы
дұғам.
Тәңірлік түйсігімді оятқан, тағылар жортқан түз далам,
Құс жолының құсалы ақыны едім, балбалдарыңның құпиясына
мызғаған.
ТОПАН СУ
Тырнағым көбесіне жасырынған құрлық,
Сағанда керек шығар топан су қаптағанда бір Нұх.
Теріп жүрім жерден табаныма батқан ұрғашылар үрпісін,
Болса екен бұл менің өңімде көрген бір түсім.
Еһ, Хауа ата, Хауа ана, күнәдан бұрын жаралған адамзат,
Бұйырған сендерге жаратқан тарбынан таза жұмақ.
Қаңғырған пенделерді көрдім, дүниеге қарап көз сүйегі үңірейген,
Тәнімді тастап қашамын, рухым шошынып мың үрейден.
Жан дүнием о дүниедегідей тазарып, тәндерім қаңғылестеген,
Жұмбақ бір күй ішінде жасаймын, адамзат мәңгі кешпеген.
Сосын уақыт шүңеттерінде ықылым болмыстарым құлазып,
Бара жатамын күңгірт балқыған кеңістік ішінде тірі азып.
Қайырымысыз қауымдар еліндегі қайыршы ыдысының кетігінде ай
түнеп,
Құмырадағы шайқалған суды көріп, ежелгі тәубемізге қайтып ек.
Бесігімді аластап жатады, анамның алпыс екі тамыры иіп,
Саусақтарымды түйіншектеймін, алақаныма шөкімдей
топырағымды түйіп.
Ал, маған да жол баста, аңызға айналған бөрілік тегім,
Жазымыштарым да өткен шақтарымнан тұрады көрініп менің.
От бетіндегі түн көбелегі сызған шеңберлерімді шеңбектеп,
Әлқисса, сәби кезіме қайтамын сосын,
Қара жер бетіне қайтадан еңбектеп.
ЫНТЫҚ ӨМІР
Түссіз уақыттар мөлдір кеңсітіктермен аққанда,
Құс ұясындағы қауырсын қаламым оянбай әлі жатқанда.
басталған өлең...
Тау ішіндегі жаңғырыққа сіңген бөрінің ырылын,
Ықылымға табынған ырымдай, сүйкеп өтеді бір ұғым.
Үзілген құс қауырсынынан шытынаған кеңістік,
Менің қып-қызыл қаныма боялады ең ыстық.
Сол құс қауырсыны көлегейлегенде көзімді,
Тыншытықтың арғы бетінен көрдім, айғайлап тұрған өзімді.
О, хұсни сәулелер, қараңғы жанарымды үңгіген,
Мен де амалсыз аққуға айналған адамзаттың мұңлығы ем.
Қарғаның қарқылына қанатын малған періштелерім дерт еміп,
Жатады сосын қаңғырған қара бояуларға өртеніп.
Адасқан құстарыма алақанымнан жасап зеңгір көк,
Ажалдың өзіне тұрамын сүретін өмір бергім кеп.
Аққу үнді аңыздарым мен ермен иісті ертегілерім,
Тәнімнің өңінен байқаңдар сендер, жер-тегім менің.
Қаз дауысты қара өлеңдерім қасиетімен қаңқылдап,
Мендегі үш ғайыпқа айналған...жан, тіл, бақ.
Есту үшін сәби кезімнің жалғыз-ақ рет іңгәсін,
Жетпейді менің де өмірсіз жасаған мың жасым.
Барамын сосын уақыт езгісінен жауыр боп,
Бақсының тілмен тамызған жүрегімдегі ауырды от.
Бұйығы ғарыштан жылқы жалындай қара сәулелер ербеңдеп,
Маңдайым мен табаныма жақындай түседі жер мен көк.
Адамзат санасынан көктеген ой күнәсінан тоңармын.
Аспаннан тамған құс көз жасының көлеңкесіне орандым.
ТОЛҒАЙ, ТОЛҒАЙ ТАҒДЫРЫМ
Айхай, арман...
Уысымда жапырақ үйірі өліп,
Көкірегімде күмбірлі күй іреліп.
Бұтағында ағаштың құс бүрлеген,
Таң тамшылап таусылды түскі іргеден.
Үркек самал аумақты сәл, сәл ырғап,
Ақ жусанын аңқытар арқа, қыр жақ.
Такаппарлау табиғат, түн тымырсық,
Бүрген байыз таппайды бұлт ыңырсып.
Ай сәулесі апыр-ай, мүйізгектеп,
Мен өзімді таппаймын жиі іздеп кеп.
Қос қанатын жаяды құс ырымдап,
Өңімді де тауысқан түсім ұрлап.
Жалбыз жұпар аңқытып бүріменен,
Қиялымды құдірет, нұр іреген.
Баспалайды соңымнан бір ой жайлап,
Қорқынышты қара жол, үрейлі аймақ.
Ізетімді пір тұтып изен изек,
Айхай, жалған дүние!
Күйзеліп, еһ...
Жанарымды гүлдердің мөлтілі арбап,
Толғай, толғай тағдырым, толқып ары жақ.
Балбал тастан саулаған аңыз, ертек,
Жүрегімді бояйды бәдіз өртеп.
Айхай, жалған!..
АМАЛНАМАДАН
Көне бесіктің басында оянған ескі ілім,
Мен сәбидің іңгәсін, ананың әлдиін естідім.
О, Хауа ата, Хауа ана, сен жаратылғансың, мен туғанмын,
Сеніжұмақтан, мені жер бетінен қуған кім?!
Ұят пен опаның қасиетінен дарыған кезде үкі ырым,
Естілді анамның құрсағындағы алғашқы тыпырым.
Топырақпен жамап тәнімнің тесілген реңін,
Уақыттан жасырынып әлмисақ түкпірінде тұр едім.
Шексіз қиял сызығына қойылды елестік нүктем,
Сосын жалғыз нүктеге сіңіп жоғалды кеңістік біткен.
Қисық бұтақтар нажағайдың көлеңкесіне айналғанда,
Болмсымды түпсіз аспанның нілмен боядым,
Мен ықылым заманнан бері түсімнің өңінде ғана ояумын.
Дүниеге келгенде мынау жарық жылдамдығындай жыбырлап,
Шайтан мен періштелерім тұрды екі иығымда сыбырлап.
Жарықтан қашады адамдар өз көлеңкелерін өлтіріп,
Сосын мүрделерін алақанына жерлейді, уысына топырақ толтырып.
Сол кезде маған тәңіри болмысқа шексіз жақындап,
Үнсіздікке айнал деді меңіреу жатқан тас ымдап.
ӨЗГЕ ӨҢ МЕҢДЕМЕСІ
Анамның шытына түйілген таза құрлығым,
Мен де өз аңызымды топыраққа жазамын бір күн.
Уақыт үнсіз, сағаттар ғана шулайды,
Тамшылап таусылған теңіздер менің де көз жасымды ұрлайды.
Бидай дәніндегі бір тал сызыққа жазған өлеңім,
Мен де аққан жұлдыздай иесіз аспанда сөнемін.
Аққан жұлдыздың жолағына жазылған өлеңім,
Мен де бір тал бидай дәніндей қара жерге енемін.
Крест көшелерге бейуаз іздерімді шегелеп,
Сабылысқан тәркі тәндерім тірлік кешуде «керемет»
Шытынаған айнаның ішінде өңдерім шыпырлап,
Ұйқыдағы адамдардың есінен жүремін ылғи түс ұрлап.
Сосын адам терісімен қапталған жұлдарда мәңгіріп,
Жалғыздықтан да жалғыз, өзімнің ішімде жүремін қаңғырып.
Әжемнің тасбиығында айналған пендесіз ғаламшар,
Бір шуақ мені шөлдетіп тұрады жан аңсар.
Күнәлар шұбырады міңгірге шөккен ындынсыз іргеде,
Тәнсіз адамдар таласып жатады мүлтіксіз жатқан мүрдеге.
Жалаңаш сұлулық гүл иісінің ойнағында қылымсып,
Жалғыз кеседе мөлтілдеп тұрады түн, у, сұқ.
Өзге бір өңге қайтамда, өзімді іздеп өзімнен.
Әлмисағыма оралам сосын, өмірге келмей сезінген.
БІР УЫС ТОПЫРАҚ
Менің тәнімнен де ауыр бір уыс топырақ,
Қара жердің кеудесіне батқан.
Түнімде түс көрем ылғи меңімнің ішінде жатқан.
Тұншығамын тағы теңізден терең бір тамшы жасыма,
Сосын толқындар шулайды, ай түнеп менің басыма.
Бұл топырақ жыбырлаған құмырысқаның да бауырын жылытқан,
Бұл топырақ бөрі жүрегімді де ұлытқан.
Көбелектің қанатын парақтап, оқығанымда табиғат тәпсірін,
Айтады маған әпсәналарын, аңыздан тірілген пәк пірім.
Ол мен үшін Тәңірдің қайда екенін де білетін адам,
Шексіз кеңістігімді жалғыз тал үкі қауырсынына ілетін адам.
Сол бір уыс топырақ көз сүйегіме де толмаған,
Сол бір уыс топырақ құмсағатта да болмаған.
Сол бір уыс топырақ Ескендірдің бос алақанына да құйылмай,
Сол бір уыс топырақ жер қабылдамаған Перғауынға да бұйырмай.
Жүрегім болымсыз ғана соққанда, кеудеме аспан жақындап,
Мына дүние оянады қайта, есінде жалғыз ақын қап.
ТӘН ТЕРГЕУ
Ей, құсалы қауырсындарым менің көктен құлаған,
Көзге түртсе көрінбес ауаның да белін сықырлатқан,
Мен де бір адамзатпын өңін жоғалтып, түс ұрлатқан.
Сәби құйрығындағы аспанғада аңырдым,
Ол да бір мұғжизасы шығар Тәңірдің.
Бір дүние, екі шексіздіктің ішінде сенделіп,
Біз неге жоғалтқан есімізді іздеп келмедік.
Бірақ өлу тынышталу емес.......
Еңбектеп жүрген сәбиге жерден аспан жақын,
Ғаламшарға айналып кетеді ылғи көзден аққан жасым.
Пенделер білмейді жер бетінде салақтап тұрғанын,
Кім үшін сол бір жемісті жаннаттан ұрладым.
Есіңе ал адамзат, болашақтағы өткен шағыңды,
Менің де жерде жоғалтқаным көктен табылды.
Ей адамзат, сескенген топырақтан тән жүрген қуратып,
Саған ешқашан жауап қатпайды мәңгірген уақыт.
Ғайыптан бір тыныштық туғанда жан уайым боп,
Тәндеріңді шығасыңдар бәрің танымаймын деп.
МӘҢГІРУ
Балауыз шамның жалғыз тал білте жібімен,
Қараңғы түннің жарасын тігіп,
Жатамын сосын қап-қара бояудың ішінде қарашықтай бұғып.
Ол бәйтеректің басындағы жалғыз тал от жапырақ,
Өзінің діңінен кейін үзілетін.
Арбап тұратын қисапсыз көкжиектің де қызыл отын.
Бейуаз жарық, тыныштықтан да тыныштық іздейтін,
Ентелеген үнсіздік, үмітін мәңгі соққан жүрегімнен үзбейтін.
Осы балауыз шамға нажағайды тамыр етіп бергім келеді,
Осы жалғыз тал жарықтың өткен шағына ергім келеді.
Ұлы бір құлазу басталды тағы...
Доғалы тілім менің кемпірқосақ сөздерге толып,
Сәби рухым жаурады, сұқ тамырлы көздерден тоңып.
Мен киіз үйімді айналып ержеткем, ғарышта солай еді.
Ал, мен шеңбердің тілін меңгергем,
Кім маған түсімнің ішінде қас-қағым өң берген.
О, өз тәніне жасырынып қалған адамдар,
Уақыт бізді тастанды еткен, жоқ енді ештеме алаңдар.
Көзімді жұмсамда қараңғылықты көріп қоямын,
Ұйықтамасамда түсімді жорып қоямын.
Тағы да көрінді жалғыз тал балауыз шамның от жапырағы,
Тағы да елестеді иесіз адамзаттың бос топырағы.
Мәңгіру...
АМАЛНАМАДАН
Ықылым ымырасына олқая нәпсімді сендірдім,
Аңыздан бұрын ескіріп қалам мен бір күн.
Көкжиектен көріп тамшылап тұрған от қанын,
Дүниенің жаратылмаған сәттерін жоқтадым.
Ғайыптағы қара нұрлардан тамып кеткен меңдерім,
Өзіңнен іздеймін жанымның жылдық шеңберін.
Әлемдік ерінудей ақынның жүрегі тым маңғаз,
Өлім де оны өзінен тағы қызғанды аз.
Қара тастардың жүрегін іздеген ей, қүнә,
Мен де өзіңдей әлмисақ адамымын бейкүнә.
Бұл дүние – абақтысы еді Мағжанның,
Мен де тәнімнің ішінде ескіріп тағы қалғамын.
Жүрегімнің соғысына таласты мимырт үн,
Аңсаймын енді Тәттімбетімнің күй-жұртын.
Ертөстіктің темір таяғынан қалған тебенмен,
Жоғалған құрлықта топырақ іздедім көбемнен.
Ертөстіктің темір етігінен қалған теңгемен,
Тәндерімді сатып алуға келген ем.
Пәни де мені қарсы алған мүлде жоқ тіптен,
Тәндерім онда келер деп мені көп күткен.
О, мынау шекісіздікке ұмтылған кіші ғаламым,
Мен де ішімде жатқан біреудің түсі ғанамын.
САНАЛЫҚ ҚАУЫШУ
Қарғалар шоқып тескен денемнің ары жағынан,
Өз топырағына көмілген қара жер көрінді,
Өңім де бәлкім көрген түсім де жорылды.
Бір мүмкінсіз ақиқат оятып жіберді,
Ғайыпқа деген мекіренген сәбилік санамды,
Өйткені мен тумай жатып-ақ танығам анамды.
Сосын теңізден терең көз жасымды да кептіргем,
Маңдайымды табаным ізіне жиналған судағы ай сағымына өптіргем.
Бізге жатырқап қалған дүниенің пернесін тырмалап,
Өзімнен аумайтын біреу ішінде оның тұр қарап.
Көрмегем дәл мұндай тосырқап айнаның алдында тұрғанда,
Әлде ол рухым ба екен, тәнімнен бұрын ұрланған?!
Айтамын сосын өзіме, «ол мүлде өзің емес» деп,
Саусағыма қараймын тағы түрменің қабырғасы елестеп.
Оның дауысы маған ауасыз бостықпен жетіп тұр,
Айтқаны тек – анамның ауызындағы бесік жыр.
БАҚИЛЫҚ БОЯУ
Аппақ жарықтың ішндегі жеті түрлі сәуленің,
Топыраққа жасырған жұмбағын іздеумен әуремін.
Әлемнің адасқақ нұрлары жанарыма сіңді,
Бір ырғақ мені меңдетті күйден де мұңлы.
Сәулелер қарашығымды түн екен деп қалған,
Аққан жұлдыздан адасып қалдым, ілесем деп жалған...
О, бояулар әлемі, тамып тұратын бақидың көзінен,
Мен өзімнің ескірген сурет екенімді сезінем.
Қалғамын осылай пәнидің кеңістік парағында,
Тасталдым сосын уақыт дейтін бар ағынға.
Есіме алдым меңіреу тастарға қашалған бәдіздерімді,
Іздедім тағы ежелгі заманда қалған әр іздерімді.
Һәм табиғат ананың перзенті-Тәңірлі көкбөрі тәрізді өңімді.
Менің де бір бояуым бар, ешкім ажырата алмайтын түсін,
Және бір түссіз әлемге бояған ішін.
Жер ана алақанымен көтеріп алған сәбидің,
Бақилық бояуын жұмақтық иісінен танимын.
Сол бояу тағы дауысқа айналады іңгәлап,
Періштелер оны орап қояды қанаттарымен мың қабат.
ҒАЙЫП ЫМЫРАСЫ 2
Кемпірқосақтарым зерлі жеті түрлі реңнің жымдасы,
Бояуда жатыр мендегі дүниенің мұң басы.
Аспанға түскен көлеңкемнен іңірде өлеусірейтін,
Ежелгі құрлықта ескірген топырақтай көнерсін кейпім.
Сол бояу тағы жан дүниеме тамып тұр еді өзімнің,
Өңімді тәрік етіп көріпкеліне айналды көкірек көзімнің.
Қарашығыма тығылады қараңғылықтан қорыққан түн,
Жұлдызға қарап бал ашып, өмірін өліміне жорытқан кім?!
Өзінің аяқ ізіне құлап өлген мұндарлар,
Сенің санадағы сарпалдаң сапарыңды кім жалғар?!
Көзімнің жасын сәбидің іңгәсінада кептірдім.
Ықыласы шығар ол – киелі жарқырайтын көк нұрдың.
Табиғат маған кімсің дейді, анамның есімі есіме түсті,
Сосын мекіренген нұрлар нәресте иісімді құшты.
Алған кезде мынау жүрегімнің бөтен ырғағын жан сынға,
Күнәсіз сәбигеде еркелегім келеді адамзат қалпымда.
Тамшыларынан өзімді көріп ғайыптан жауған аянды жаңбырдың,
Баянсыз бес күнде бейкүнә болмысыммен баянды мәңгірдім.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру