TELEGEI

Home

Янина

Бауыржан Момышұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Янина

Янина. Бауыржан Момышұлы

әңгіме НЕКЕ — тең праволы еркек пен әйелдің ерікті одағы. Махаббат — ол некелесудің негізгі шыңы. Осылай ма? Жоқ, әлде басқаша ма, білмеймін. Жыныстық қатынастың бақытын іздеу — табиғи талаптан туындаған бақытты неке құру. Материалдық негіз жанұя құрудың басты факторы болып табылады. Алайда материалдық негізге құрылған некенің ғұмыры қысқа, әрі соңы жиі қайғылы жағдайға әкеледі. Өзіне өмірлік серік іздеген кезде махаббатты жүректің түбіне жатқызып, материалдық пайда басым болып шыға келеді де, есеппен үйлену, пайда жағын іздестіру басталады. Бұл бассыздықты көбісі «өтпелі кезең» деп, біраз жүре тұрсын, өз серігін тапқан соң қояды, — дейді кейбіреулер. Бұл жастарды надандыққа, өнегесіздікке, бұзақылыққа тәрбиелеу болып табылады.

Жас кезімізде біздің басымыздан нелер өтпеді?

Сібірде әскери борышымды атқарып жүргенімде, көзінің жасын көл қылып бір әйел баласын әскерге шақырмауымды өтінді. Себебін былай түсіндірді. Ол келесі жылы институтқа емтихан тапсырмақшы және сүйген қызы бар көрінеді. Осы жылы үйленбекші.

— Сіздің балаңыз әскерге барғысы келмейді ме, әлде сіз өзіңіз сұранып тұрсыз ба?

— Сүйген қызы егер сен әскерге кететін болсаң, мен сені күтпеймін депті.

— Ал, оған сіздің ұлыңыз не деп жауап беріпті?

— Ол мені сізге жіберді.

— Мен әскери адаммын, әрбір сылтауды айтып әскерге барғысы келмейтіндерді жек көремін. Әскерде жүрген жігіттерін күткісі келмейтін қыздарды одан әрмен жек көремін.

— О, не дегеніңіз? — деп шошып кетті әйел.

— Сабыр етіңіз! Мен военкомға сіздің балаңызды биыл шақырмау туралы бұйрық беремін.

Осы кездесуден кейін 10 айдан соң, біреулерден ерке-тотай, әрі мансапқұмар қыздың бухгалтердің жанұясын менсінбей, ақшасы көп 40 жастағы өлкелік партия қызметкеріне 2-ші әйелі болып күйеуге шығып кеткенін естідім. Бірақ та оның жақсы әйел болатынына күмәнім бар. Осы жылдың қаңтар айында Москвада, кешкі аста дәрігер әйелдермен отырдым. 2 бокал шарап ішкеннен кейін, олар менің бар екенімді ұмытып, әйел тазалығы туралы әңгіме бастады. Қыз арын қалай сақтау керек деп дауласа бастағанда, 17 жасар Ленинградтык қыз (үй иесінің сіңлісі) былай деді:

— Сіздердің айтып отырғандарыңыз қазіргі заманда модадан қалған, ол жайында...

— Светлана, ас үйге бар, — деді ашулы әпкесі.

Жағдайды бір қалыпқа келтіру үшін біраз қазақтың қызықты әңгімелерін айтып бердім. *** Майданда Я.Ш. деген түр - сипатымен, әрі ақыл-айласымен сүйкімді бір хирург әйел болды. Мені көрген кезде ол өзге қыздар секілді қуанатын. Ол менің майдандағы сопылығымды құрметтейтін. Менімен сөйлескенде өзін еркін, ашық ұстайтын. Жазған әңгіме, өлеңдерімді қызығып оқитын. Бірде мен ауырып медсанбатқа түскенімде, Яна өте жиі келіп, қызықты әңгімелер айтып, орманнан жинап алған жеміс-жидектерін әкеліп беріп тұрды. Ол мені ауру ағасын күткен қарындастай қамқорлыққа алды. Менің естуімше, Янинаны Панфилов дивизиясынан басқа бөлімге ауыстырған. Соғыс аяқталды. Менің штабым 70 шақырымдық Каунастың қасындағы Мариямполе қаласында орналасқан еді. Күздің күні мені Ригадағы әскери Майдандық Кеңеске шақырды. Қайтып келе жатып, әдемі, бала көңілді, әрі ақылды Яна есіме түсті. Оны қатты көргім келді. Шоссенің бір бұрышында «Тельзить 150 км» деген тақтайша тұр еді, мен жүргізушіге солға бұрыл дедім. Жүргізушім маған таңырқай қарап: — Бізге тіке жүру керек емес пе? — деді.

— Солға! — дедім өз бұйрығымды қайталап.

Өз жолымыздан бұрылдық. Жүргізушім де, адъютантым да, мен де үнсізбіз. Күзгі Литва табиғаты қандай әсем, бірақ мен оған көңіл аудармадым. Мотор ызыңы мен дөңгелек тақылынан менің есіме Янина түсті. Бірде медсанбат командирі майор Варвара Ивановна Великанованың блиндажында кешкі шайды ішіп отырғанда, Янина өзінің көңілін тапқысы келген еркектердің қалай меселін қайтарғаны туралы айта отырып, олардың қылықтарын келемеждеп, келеке түрінде өте дәл жеткізіп берді. Менің танысым 45 жастағы генерал онымен танысу жолын іздеп, жақындасуды ойлап ауырып қалады. Жағымпаз, әрі жеңгетай начсандив терапевті емес, хирург Янинаны шақырады. Генерал төсекте аһілеп - уһілеп жатыр. Яна-терапевт ауруды өте тиянақты түрде тексереді. Тамақ, ауыз, өкпені тыңдаған кездерін айтып жатқанда, Варвара Ивановна ішек-сілесі қата күлді. Медициналық терминдерді түсінбесем де, Янинаның дене қимылына қарап, біраз нәрсені ұққандай болдым. Менің түсінігімше, бұл оқиға былай болған. «Ауру» дәрігерді алдамақ болған, ал білімді, әрі ақылды терапевт өз рөлін жақсы ойнап шығады. Генералға сізде «ангина», «атросклероз», «гастрит», «холицистит» және «бронхыңызға қатты суық тиген» т.б. деп жазуын аяқтап, Яна орнынан тұрады да, сізге тез арада емханаға жату керек дейді.

— О не дегеніңіз, жолдас капитан, бөлімшеде шиеленіскен жағдай..

— Мен сізге дәрігер ретінде айтып тұрмын!

— Сіздің өзіңіз емдесеңіз қалай болады?

— Мені операциядан кейінгі аурулар күтіп отыр. Госпитальға жатыңыз, жолдас генерал, — дейді де блиндаждан шығып кетеді.

— Генерал қандай? — деп сұраған начсандивке ол:

— Бүгін болмаса, ертең өледі, — дейді.

— Не?

— Мен терапевт емеспін, хирургпін. Екінші рет мұндай ауруларға шақырушы болмаңыз. Сіз жеңгетай емес, дәрігерсіз, — дейді. Сонан соң медсанбатқа қалай жеткендігі туралы айтты.

— Бұл туралы ешкімге айтушы болма, — дедім мен.

Жолымыздан бұрылып, оған қарай келе жаттым. Есіме Янинаның бір мойындауы түсті. Мен одан: — Дмитриймен дос екенің шындық па? — деп сұрадым.

— Ха! Ха! Ха! Сізге де жеткен бе?

— Маған бүкіл дивизияны шарлап біткен соң жетеді.

— Ха! Ха! Ха! Сізге менің Бауыржанның көңілдесі екенім туралы өсек жеткен жоқ па?

— Жоқ.

— Бұл онда дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома болғандықтан, сізден жасырған ғой. Ха! Ха! Ха! Не істесем екен? Сіз не, мені Дмитрийден қызғанып тұрсыз ба?

— Қызғаныш — қарсыласыңның басымдығын мойындау.

— Қалай, қалай?

Мен қайталадым және қостым.

— Ол — менің окоптық досым, жауынгерлік жолдасым, маған өте қымбат адам. Иә, Дмитрийден де осыны естіп едім. Сонымен сіздер бір - бірлеріңізге қарсыластыққа жарамайсыздар.

— Иә, жарамаймыз.

— Ол да осылай деген.

Ары қарай ол майор Сорокиннің көңілін тапқысы келгендігін, біз туралы екеуі де үйленген, екі-екіден балалары бар, ал ол болса бойдақ деген әңгімелер айтқанын баяндады.

— Несі бар, меніңше, жақсы, сүйкімді, ақылды, батыл жігіт.

— Дұрыс, мұның бәрі шындық. Бірақ онымен әңгімелесу қызық емес сияқты. Ол бізде 10 күн жатты. Екеуіміздің көзқарасымыз әртүрлі ме, түсінісе алмадық па, білмеймін, әйтеуір бірдеме етіп түсіндірдім - ау деймін майорға.

— Қандай адамға бұйырар екенсің? — дедім тісімді шықырлатып.

— Ашуланбаңыз, полковник. Бұл сізге де, маған да зиян.

— «Еще принадлежат к причинам болезней и пристрас-тия души наши: поныне довольно известно, что за вред нечаянное испуганье, гнев, печаль, боязнь и любовь нашему телу нанести могут». Бұны кім айтқан, табыңызшы, — деді күлімсіреп Яна.

«О, діндарлар, жаман сөз, артық ас пен судан сақтаныңыздар!» — бұны кім айтты?

— Ломоносов.

— Жоқ, Магомет.

Екеуіміз де күлдік.
Жолдан бұрылып оған бара жаттым.

Бірде жесір қалған қамқор Янинаға Москвадағы үш бөлмелі үйінің иесі болуын, өзінің оған ғашық екендігін, аспандағы айды әперетіндігін айтып хат жазады. Янина оған мен сіздің қызыңызбын, өзіңізге басқа бір адам тауып алыңыз дейді.

Бірде оның маған айтқан мына бір сөзі есіме түсті.

Егер де мен дәрігер болмай, соғысқа келмегенде, күйеуге шығып, сүйікті жарымның жанында бала туып, жанұямның қасында отырар едім.

— Бәрібір де сен өз тағдырыңнан қашып құтыла алмайсың ғой, — дедім мен.

— Солай болар, — деді көңілсіз күліп.

Оның сұр көздері жылулық пен соңына дейін айтылмаған мұңды шашып тұратын. Оның сырт бейнесі өзіне магнитше тартатын. Менің есіме Дмитрий түсті. Ол минаға жарылған болатын. Досы инженер - архитектор Латиф Князь Кавказский Норыманбеков снаряд жарықшақтарынан Дмитрийдің қолында қаза табады. Дмитрий Князьдің миын бір шөкімдеп, аққан қанынан жиіркенбей жинайды. Еңіреп жылап жүріп, Князьдің басын көтереді. Князьдің тіріліп келуін тілейді. Осы кезде Янина жүгіріп келіп, алғашқы көмек береді. Өзі ол кезде хирург болғандықтан, Дмитрийдің аяғын кесуге келісім бермей, Янина оның аяғы үшін күреседі. Дмитрийдің адъютантын маған жібереді. Мен Қорғаныс Министрлігінің медицина басқармасына телефон соқтым. Дмитрийді Москва госпиталіне алып кетті. Янина да қасында болды. Арада біраз уақыт өтті, мен оны кездестірдім, бірақ та танымай қалдым. Ол өте арықтап кетіпті. Дмитрийдің аяғынан басқа ештемені ойламайды. Ол маған алғыс айтты, мен болсам қызғана қарадым. Ол менің көзқарасымды байқап қалды.

— Біз екеуіміз де Дмитрийді сүйеді екенбіз ғой!

— Иә, Янина, менің көзімді дұрыс оқыдың.

— Сіз оны ағасындай жақсы көресіз.

— Ал, мен, мен әйелмін.. — деп айқайлап жіберді.

— Сен Хауасың, әйел емессің. Сен әскери адамсың. Жан аузыңды! Мен саған бұйырамын.

— Құп болады, жолдас гвардия полковнигі!

Кейін естуімше, оны өз еркімен майдан даласын тастап кеткені үшін қатты жазалапты. Дмитриймен еріп жүремін деп, барлық әскери атағынан, наградаларынан айрылып, дос қыздарына күлкі болып, «Джульетта» деген келемеж атқа ие болыпты. Жетекші хирургтығынан төмендетіліп, жай дәрігер қызметін беріпті. Өзі үйренген жақын туыстай болған батальонынан қуылып, әр батальонды қаңғырып, санитар дәрігер дәрежесінде жүр екен. Міне, осылайша тамаша хирургтің намысы тапталып, қорланып, терең психологиялық зақым алады. Мен Янинаға келе жатырмын. Мені қорқыныш пенен алаңдаушылық меңдеп алды. Мен оны көруге құштарланып келемін, алайда көргім де келмейді. Алакөбеде Тильзиттің шетіне келдік. Янина тұратын үйді тез тауып алдық. Аулада Янина үш офицердің қоршауында көңілді әңгіме айтып тұр екен. Офицерлер мені көріп, қолдарын шекесіне апарды. Янина теріс қарап тұрған еді, бері бұрылды. Қуанып, әрі абыржып қалды. Барлығымен амандасып болғаннан соң, Янинаның басынан сипадым.

— Жолдас полковник, күтпеген едім, қайдан келесіз?

— Саған келдім.

— Өте қуаныштымын, жолдас полковник. Менің бөлмем жиналмаған еді, рұқсат болса, жылдам жинастырып шығайын.

— Бара ғой.

— Жолдас полковник, сіз мені танымадыңыз ба? — деді капитан. Әрине, таныдым. Сіздің атыңыз, әкеңіздің аты, жасаған қателіктеріңіз де есімде.

— Жолдас полковник, — деп ұяла, әрі жалына күмілжіді капитан. Екі майор да күліп жіберді.

— Ол менің полкымда әскери қызмет атқарған.

— Мен сіздің тірілердің қатарында жүргеніңізге өте қуаныштымын, — дедім.

— Мен де сіздің деніңіздің саулығына қуанып тұрмын.

Бұдан ары қарай залалсыз әңгімелер айтылды. Мен бір әңгіме айтып тұрдым, бірақ ойым басқа жақта болатын. 1942 жыл. Біздің полкке бойшаң, атлетті дене құрылысты, көк көзді, сопақ бетті, қызғылт томпақ ерінді, артиллерия аға лейтенанты келді. Оның үстіндегі киімдері ескілеу (көнетоз) еді. Өзін жоғары ұстап, әдепсіздік танытпай таныстырды.

— Аға лейтенант Брелаукс сіздің қарамағыңызға келіп тұр.

— Латышсың ба, әлде литвалықсың ба?

— Біздің фамилиямыз прибалтикалықтардікіндей, бірақ таза орыспыз.

Әңгімелесіп болғаннан соң, оны батарея командирі етіп тағайындадым. Жұмысқа жаман емес. Үш ай өтті. Маған оның қисынсыз жерде рота командирімен төбелескендігі туралы хабар келді. Екеуінің кінәсі бірдей еді. Мен оларды шақырып алдым, екеуі де сұп-сұр болып тұрды. — Екі адам бір-бірімен төбелессе, екеуі деп оңбаған! — деп айқай салдым комиссардың көзінше. — Екеуің де бір қызмет істейсіңдер, бірге соғысып жүрсіңдер, сендердің мағынасыз ұрыстарың үшін бөле алмаймын. Менен шыққаннан кейін бір -біріңнен кешірім сұрайсыңдар! — деп бұйрық бердім.

Олар кеткеннен кейін комиссар еркін демалып, күліп жіберді.

— Фу! Мен оларды қызметтен босатып немесе шенін төмендететін шығар деп ойлап едім.

Біздің полкта Анна деген төртбақ тәпелтек, дөңгелек қара жүзді, қалың қара шашты санитарка болатын. Бір күні Анна мен Брелаукс келіп тұр. Екеуі бір-бірінің қолын ұстап, тіп-тік тұрып қалды да, маған бір парақ қағаз ұсынды. Бұл рапорт болатын. Олар менің полк командирі ретінде екеуінің үйленуіне рұқсат беруімді сұрап, полкке олардың заңды некеге тұратындығы жөнінде бұйрық шығаруымды сұраныпты. Қағазды оқып біткеннен соң, көзімді жоғары көтеріп оларға қарадым. Екеуі құдды шіркеудің ішінде некелерін қидыратын жас жұбайлар секілді қатар тұр екен. Аннаның пилоткасы ұзын бойлы, денелі Брелаукстың шынтағынан сәл - сәл ғана келіп тұр.

— Сонымен үйленеміз деңдер.

— Иә, солай жолдас командир — деді екеуі бірге.

— Ал попты қайдан табамыз?

— Поп ол не үшін?

— АХАЖ-дың меңгерушісін қайдан аламыз?

— Олардың керегі не, сіздің бұйрығыңыз болса болды емес пе?

— Менің бұйрығым... Неке кию мен бұзақылыққа жезөкшелікке рұқсат беруге кім маған уәкілдік беріпті? Отырыңдар, мен сендермен дұрыстап сөйлесемін. Олар отырды.

— Анна, сен соғысқа күйеуге шығуға келдің бе, әлде соғысуға ма? Жауап бер!

— Әрине, соғысуға.

— Өз еркіңмен бе?

— Иә, өз еркіммен.

— Онда өз орныңа бар да, бұрынғыша соғысқа қатыс. Тұр! Марш өз орныңа. Брелаукстың төсегін ұмыт. Анна шығып кеткен соң, үстелді жұдырықпен бір ұрдым.

— Ал енді сен жауап бер.

— Жалғыздық, жолдас командир.

— Жалғыздық дейсің бе?

— Дәл солай.

— Ал махаббат ше?

— Мен оны сүйемін, жолдас капитан.

— Алдайсың. Сен өзіңнің әдемі дене бітіміңмен, көркіңмен қыздың басын қатырып жүрсің. Біраз думандап, сайран салып, бір-екі аптадан соң оны тастап кетесің.

— Жоқ.

— Бір айдан соң.

— Жоқ.

— Өзіңнің арам пиғылыңды мойындауға жігерің жетпейді. Сен ақымақ қана емес, жексұрынсың да.

— Тіл тигізбеуіңізді сұранамын.

— Сен өз-өзіңді қорлап жүрсің. Бар, ертең осы уақытта келесің.

Медсанротаның командирі жүгіріп келді.

— Жолдас командир, Анна жылап жатыр, атылып өлемін дейді.

— Пистолеті бар ма?

— Жоқ. Біз оны тартып алдық.

— Бекер.

— Неге?

— Дәрігер, ешқашан өзін-өзі өлімге қиған адам өз шешімін біреулермен ақылдаспайды. Пистолетті қайтып беріңіздер де, алғы шепке жіберіңіздер.

— Ертеңіне Брелаукс келіп, рапортын қайтарып беруімді сұрады. Мен онымен әскери сопылық жайлы әңгімелестім. Ол өзінің арам пиғылы мен қателігін мойындап, басқа полкке жіберуімді сұранды. Мен штаб бастығын шақырып алып, оған былай жаз дедім: «Аға лейтенант Брелауксты сіздің қарамағыңызға қолайсыз жағдайға ұшырап, менің полкымда қалуына болмайтыны үшін командировкаға жіберемін».

Офицерлерге мағынасы жоқ әңгіме айтып тұрып, осылайша Брелаукстың біздің полктағы қызметін есіме түсірдім.

Янина келді де, жүріңіз деген белгі берді.

— Сіздерді өзіммен бірге шақырмаймын, Янинамен жеке әңгімелесуіміз керек, — дедім де, офицерлермен қоштасып, Янинаның соңынан ердім.

Шағындау бөлме жаудан қолға түскен мүлікпен жабдықталған. Еденге түкті кілем төселінген, ортада дөңгелек үстел, диван, кресло, вен орындықтары, айна, үлкен сағат, алтындатқан рамада табиғатты бейнелейтін картина, екі адамдық төсек, кішкене сервантта сервиздер мен статуәткалар. Мен креслоға отырдым да, темекі шектім. Янина маған күлсалғышты берді де, менің аяғымның жанына еденге отырды. Менің сұраулы көзқарасыма ол еркелей жауап берді.

— Медсанбатта тапшанда отырып, сізді жеміс-жидекпен тамақтандырғаным есіме түсіп кетті.

— Екі сағат бұрын мен де соны есіме түсіріп, саған бұрылдым.

— Шын ба?

— Шын.

Ары қарай фронттағы достар мен жолдастарымыз жайлы сұрасып, қысқаша бұрынғы өткен күндерді еске алдық. Яна арықтап кетіпті. Көзінде терең мұң, жағы солып, мұрны сүйірленіп, иегі үшкірленіп кетіпті.

— Сіз мен туралы не ойлайсыз?

— Мен сен туралы дауыстап ойлаймын....

Яна менің тіземді құшақтады да, жаймен ғана былай деді:

— Сізге бар сырымды ақтаруыма болады ма?

— Жоқ, керек емес, Яна... Одан да әміршіңді шақыр. Яна орнынан атып тұрып, терезеге барып, — Коля, сені полковник шақырады, — деп айқайлады.

— Жолдас полковник, сіздің бұйрығыңыз бойынша капитан Брелаукс келіп тұр, — деді ол.

— Міне, сенің бар сырың осы, — дедім күліп Янинаға. Ол ұялып, басын жерге түсірді.

— Ал ішетін бірдемелерің бар ма?

— Ондай ештеме болмай тұр.

— Онда менің адъютантыма бар да айт, мұнда кішкене қобдишаны әкелсін, Ригадан екі бөтелке коньяк әкеле жатырмын (Дивизиядағы жолдастарыма сыйға тартсам ба деп едім).

— Керек емес, — деді Янина.

— Бар!

— Құп болады! — Брелаукс жылдам бұрылды.

— Ана екі майорды да ертіп кел, жүргізушіме кешкі ас ұйымдастыр, — дедім мен артынан.

Үстел бетіне ақ дастархан төселді:

— Егер Николай әскерден босанса, мамандығы жоқ. Ал, әскерде қалатын болса, тағы да қаңғырыс. Мен болсам, ары қарай білімімді жетілдіруім керек. Соғыс маған үлкен тәжірибе болды, — деді Янина.

— Ал, ол қалай ойлайды?

— Ол болса: «сен өз жұмысыңды тастай алмайсың, ал менің мамандығым жоқ», — дейді.

— Біздің елде мамандық деген күрделі нәрсе емес. Үш ай оқы да, жүргізушінің, трактористің, каменщиктің, комбайнердің немесе үш-төрт жыл сырттай оқы да инженердің дипломын ал.

— Міне, бұл тамаша идея! — деді Янина қуанып. — Мен оған сіздің осы сөзіңізді айтамын.

— Мен сіздерді ұлы жеңіспен құттықтаймын, — деп бастадым өз сөзімді. — Осы жеңіс күніне аман-сау жеткенімізге біз өте бақыттымыз. Соғыстың аяқталғанына үш ай болмай жатып, кейбіреулер бастықтарының рұқсатынсыз үйленіп жатыр. Жарайды, осылай шешкен екенсіздер, семьяларыңыз берік болып, жастық жалындарыңыз лапылдап жанып, махаббаттарыңыз мәңгілік болсын. Бақытты болыңыздар!

Қорытынды сөзді кексе майор айтты. Алдымен мені мақтап алды да, былай деді:

— Біздің маңдайымызға өте қиын кезеңде өмір сүру жазылған екен. Соғыс кезінде адамдар бірін-бірі жақсы тани алады. Бір ұрыстың өзі сенің қандай адам екеніңді көрсетеді. Соғыс көптеген адамдарды бір-бірінен ажыратса, кейбіреуін мәңгілікке қосып жатыр. Сендердің сезімдерің темірдей қатты болсын. Аңғал, жылдам жалындап өшетін махаббат өмір өткелдерінен өте алмай, жарым жолда қалып жатады. Ал сендер болсаңдар, жанұя атты кішкентай мемлекеттің желкенін дауылдарда да, ашық күндерде де құлатпай тік ұстайсыңдар деген сенімдемін. Ыдыс-аяғы сылдырламайтын жанұя жоқ, әрбір үйдің өзінің ішкі түсініспеушіліктері болады. Сендер барлық қиындықтарды жеңе алады деп ойлаймын.

Брелаукс түнгі бірде мені машинамның алдына дейін шығарып салып тұрып:

— Өткенім үшін де, бүгінгім үшін де сізге үлкен рақмет, — деді.

*** Шығыс Пруссияның бетондалған тас жолымен келе жатырмыз. Ешкім бізден озып, ешкім бізге қарсы кездеспеді. Жол шетінде жарықтан көздері шағылысып, қайда қашарын білмей аңтарылып тұрып қалған қояндардың көздерін байқап отырмын.

— Жарықты сөндір, — деп бұйырдым жүргізушіме.

Айнала жым-жырт. Қою қараңғылық орнады. Қараңғылықтың тұңғиығына еніп бара жатқандаймыз. Жүргізуші де, адъютантым да, мен де үндемей отырмыз. Қою қараңғылыққа сіңіп барып, тежегішті басып, тоқтай қалдық. Қарсы алдымызда қирап қалған көпір. Картаға қарап қайда келгенімізді болжап, біліп алдық. Артымызда бір шақырымдай жерде жол торабы бар. Бұл жолды айналып өткеннен соң он бес шақырымнан кейін кең тас жолға шығасың. Тура жолдың ортасында үлкен елді мекен. Кейін қарай қайттық. Қаланың көлеңкесі қарауытып көрінеді. Тым-тырыс, өлі қала. Адамның өмір сүріп жатқанын білдіретін ешқандай да белгі жоқ. Күндіз де, түнде де көшелермен өтіп бара жатып қираған қалаларды көріп, қай үйге қандай бомба тасталғанын ой елегінен өткізіп, қандай жағдайға ұшырағанын пайымдайтынмын. Ал, бұл қала қиратылмаған, бұл қаланы адамдары тастап кеткен. Қала көшелері, үйлер, тротуарлар — бәрі шыршаға жылжымалы шамдармен безендірілгендей бір керемет күйге бөленген. Жаман, әрі қорқынышты болды.

— Өшір, — дедім мен жүргізушіме.

Қалада, адъютант та, жүргізуші де, мен де үнсізбіз. Мотордың мұңды үні мен дөңгелектердің дыбысынан басқа ешқандай дыбыс естілмейді. Ну орманға келіп тірелетін үлкен жолға шықтық. Ұшы-қиыры жоқ үлкен құз жартасты аңғармен келе жатқандай болдық. Ол кездері Литваның ормандарында қарақшылар топтары көп еді, сондықтан жарықты өшіріп жүрдік. Адъютант автоматын ұстап, күтпеген жағдайға дайын отырды.

— Тоқта! — деп арт жақтан біреу айқай салды. Жүргізуші жылдамдықты қосты. Жанымыздан оқ зу етіп өте шықты. Мен артыма қарадым. Адъютантым қарсы оқ атуға дайындалып жатыр екен. Мен:

— Тоқтат! — дедім.

Қараңғылық патшалығы. Айнала жым-жырт. Өлі қала, қиратылған көпір, орманның кескіні теңіз түбіндегі маржандардай көрініп, су асты патшалығында келе жатқандай әсерде болдық.

Таңды орманның қарама-қарсы шетінде қарсы алдық.

— Ал, енді темекі шегуге болады, — дедім мен. Біз темекі шектік.

*** Машиналардың дабылынан оянып кеттім. Үлкен жол үстін ірі қара мал, асыл тұқымды сиырлар басып алыпты. Сиырлар өте жақын сығылысып келе жатты. Орнымнан тұрып алдыға қарасам, сиырлар колоннасы жүз бес - жүз он километрге созылып барады екен. Жол ауыр жүкті көтере алмай тұрған түйедей майысып жатыр. Сиырлар машиналардың қайта-қайта дабыл бергенін елер емес, жолды бергілері жоқ. Жүргізуші қатты ашуланып, дабылын қайта-қайта басты. Сиырлар болса, жаймен ғана жүретін тасбақалардай маң-маң басып кетіп бара жатты. Ақырын ағатын өзеннің үстімен жүзіп келе жатқан ағаш бөренелерін көз алдыңа әкелгендей әсерде болдым. Сиырлар аяқтарын әзер басып, аянышты мөңіреп келеді. Қарындары қабырғаларына қабысып, бөкселері ішке кіріп, бірнеше күн аш келе жатқандықтарын білдірді. Үйірдің ортасында қамшы үйіріп жүрген бірнеше аттылар бар. Қалың үйірден жол көрінбегендіктен, амалсыз тоқтауға мәжбүр болдық. Карта бойынша он-жиырма километрде айналып өтетін жол жоқ екенін, айналаның бәрі құрғатылған каналдар екенін білдік. Қалың отардың ортасынан бір атты шығып, бізге көңіл бөлместен қалып қалған сиырларды ортаға қарай қуып әкеле бастады.

— Әй, бері қарай кел! — деп айқайладым мен.

Салт атты бұрылып та қарамастан, қалып қалған бірен-саран сиырларды қазақша әке-шешесінен кезек-кезек қайырып жатты.

— Әй, қазақ, бері келгін, — дедім мен.

Салт атты өз құлағына өзі сенбей, атының басын бұрып тоқтай қалды. Мен қайтадан өз сөзімді қайталадым. Салт атты атының басын бұрып, әріптесіне қарай шаба жөнелді. Атын тоқтатып, оған біз жақты көрсетіп бірдемелерді айта бастады. Бір минуттай ақылдасып алды да, бізге қарай шапты. Атта отырысына қарап екінші салт аттының қазақ екенін білдім. Алға қарай еңкіштей отырып, атының жонына қамшыны салып кеп қалды. Ауыздықты өзіне жақын ұстап, аттың жалына жабысып алды. Он қадамдай жерге келді де, түсіп сәлем берді. Мен өзімді деп таныстырып едім:

— Опырмау, Қазақстанда генерал бар екен ғой, — деді қысық көз, үйрек мұрынды, жұқа ерінді, сирек мұртты қазақ.

Ал, екіншісі ұзын бойлы, үлкен көзді, тік мұрынды, қалың ерінді сержант екен. Сержант мына сиырлардың соғыста түскен олжа, оларды Кенигсбергтан Каунасқа дейін айдап барулары керек екенін айтты. Ол жақта сиырларды жүк вагондарына салады деді. Сержант сиырлардың тұяқтарының айырылғанын, олардың әзер жүріп келе жатқандықтарын, сиыр айдаушылардың тамақтары мен темекілерінің біткенін айтып наразылық білдірді.

Мен адъютантыма айтып, оларға бір қорап беломор - канал бергіздірдім.

— Менің штабыма дейін екі жүз километр. Ал, Каунасқа дейін екі жүз жетпіс километр. Сендер мына түрлеріңмен сиырларды белгіленген жерге жеткізе алмайсыңдар.

— Не істейміз, шығысқа қарай кетіп барамыз.

— Сендер сиырларды тас жолға емес, жолдың жиегіне қарай айдаңдар. Сиырлар шөп жеп, жайылып барады.

— Біздің сиырлар сияқты жайыла алмайды екен.

— Бұлар — мал қорада ұсталған сиырлар. Оларды қорада ұстап, жем-шөпті беріп баққан, — деді адъютантым.

— Соншама малды қорлағандары несі, — деді солдат.

— Менің байқауымша, олар алдыңғы аяқтарын кең ашып, шөптің жоғары жағын ғана жейді, — деді сержант.

— Жолдастарды сыйлап жіберетін чемоданымызда не бар екен? — дедім мен адъютантыма.

Ол біраз үндемей тұрды да, біраздан соң жауап берді.

— Бірдеме бар ғой деймін.

— Онда әкел бері қарай.

Адъютант чемоданды ашқан кезде мен аң-таң болдым. Онда бір бөтелке коньяк, екі банка шпрот, кірпіштей нан бар еді. Янина қулығын асырыпты. Коньяктің біреуін ашып графинге құйып, үстінен спирт араластырып, тола бір графин коньякті үстелге алып келген екен. Біз әңгіменің қызығына кіріп кетіп, оны байқамаппыз да. Бұндай ойда жоқ нәрсені тек Янинадан күтуге болады, — дедім мен разы, әрі ренішті көңілмен. Ол қолымен мені чемоданның жанынан итеріп, «ештеме деме» дегендей қолын ерніне апарды.

— Ә, екеуің қылмысты бірге істеген екенсіңдер ғой?

— Өз еркіммен емес, полковник жолдас.

— Жарайды, артқы орындыққа жасаңдар, ертеңгі асымызды ішейік.

— Сендерге бұйырған тамақ бар көрінеді. Аттарыңды айқастырып машинаның қасына келіңдер, — дедім жігіттерге.

Машинаның қасына келсем, Семен (жүргізуші) менің кавказша қара кебенегімді астына төсеніп, етпетінен жерде ұйықтап жатыр екен. Біз оны оятпадық. Дастархан жасап жатқан капитан Ложкин Семенға қарап:

— Соловьи, соловьи, не тревожьте солдат, Пусть солдаты немного поспят, — деп әндетіп айтты.

— Иә, Семенушка біраз демалсын, — деп мен күлдім де, — Оған дәмнен қалдыруды ұмытпаңдар, — дедім.

Ложкин жартылап үш рюмкаға құйды.

— Төртіншіге неге құймайсыз?

— Шалығып келе жатқанда ұйықтап қалам ба деп қауіптенемін, жолдас полковник.

— Ал, жігіттер, денсаулықтарың үшін, — деп соғыстырып іштім.

Олар да қағып салды. Тамаққа қолын соза беріп бет - аyзын тыржыйтып:

— Уһ! Тіптен кеңірдегім мен ішек - қарнымды өртеп барады ғой, — деді солдат. Күлістік.

Олар қомағайланып, бірақ өздерінің аш екендіктерін көрсеткісі келмей тамақты жей бастады. Менің белгім бойынша Ложкин екінші консервіні ашты да, коньятан құйып қойды. Солдат:

— Өте исі қоңырсыған ащы екен, басыма шауып барады, — деді де коньякты ішпей қойды.

— Сиырларды қанша адам айдап бара жатырсыңдар?

— Он екі.

— Қазан-ошақтарың бар ма?

— Қайдан болсын. Котелоктар ғана.

— Араларыңда офицер бар ма?

— Бар, бірақ та ол лейтенант фаэтонға мініп, алға кетіп қалды.

— Онда сендер мына ірі қараларыңды жолдан шығарыңдар. Жол жағасының бәрі шабылмаған шөп. Соны талғажау етіп жылжи берсін. Тасырқаған жануарлардың тұяқтарына жер жұмсақ. Мына жолмен олардың бәрібір қадымдары ұзармайды.

— Ойбай-ау, әлгі лейтенант неге тез айдамайсыңдар деп қуырып - пісіріп, бәріміздің сары суымызды сыртымызға шығарады, — деді солдат.

— Жолда жолықса, лейтенантпен өзім сөйлесемін. Ол жігіт «Қой бақпаған қуып жүріп өлтірер» дегеннің бірі болар.

— Иә, сүйтіңіз.

— Штабқа жете салысымен, сендерге бір походная кухня жібергізем, керек заттарды мына капитанға айтыңдар, жазып алсын.

— Әрине, алдымен нан.

— Етші? — деп солдат сержанттың сөзін бөлді.

— Мына қалың қараның ішінен союға жарайтын бір тайынша табылар, — дегенімде, лейтенант:

— Егер де бір сиыр жоғалатын болса, сотталасыңдар деген, — деп солдат сөзді бөлді.

— Иә, оныкі де дұрыс болар. Бұл — үкіметтің сендерге тапсырған аманаты. Аманатты сақтау керек.

— Онда неге сойып жеңдер деп отырсыз?

— Ашықпаңдар дегенім ғой.

— Ойбай-ау, бір тайыншаға бола елге қайтар алдында түрмеге түспекпіз бе?

— Мына құрғырыңа жаңағы екінші рюмканы бекер іштірген екенбіз ғой, — дедім сержантқа.

— Иә, ішсе, өзінің кекіреңдеп кететін әдеті бар.

— Жүдә! Менің көргенім аз ба, мені жамандай бересіз. Онсыз да тіптен еңсем төмен түсіп, салым суға кеткендей болып жүрмін... — деп солдат жыламсырады.

— «Жүдә», «тіптен», «салы суға» дегеніне қарағанда, бұл оңтүстіктің қазағы болып шықты ғой деп ойландым да:

— Әй! Сенімен тұз - дәмдес боламын деп пәлеге қалдым ғой. Тыныш отыр!

— Құп! Бірақ та ...

— Жап дегенде, жап аузыңды! — деп солдатқа зекірдім.

Сержант керектерін айтып отыр, Ложкин жазып отыр.
Алға қарасам, қарақұрым сиыр тобы бізден бір километрдей ұзаған екен.

— Сиырлар да серкенің соңынан ерген қойлардай. Барлықтарың мына қарақұрымның алдына шығып тосқаулап, топтың басын қақ жарып жолдан айыра бұрыңдар. Соңынан киліксеңдер, оған сиырлар көне қоймас. Сиырларда айуандық сезім ғой, — деп жолды босатуға бір сағат уақыт бердім де, дастарханға қарап:

— Жаманнан жарты аяқ ас қалады болмасын, мынаның қалғанын құйғын, капитан! — дедім Ложкинге. Ложкин екі рюмкаға толтыра құйды. Мен өз рюмкамдағының жартысын үшінші бөліп құйып солдатқа:

— Боқты жесең, тойғанша же деген. Мынаны да алып қойғын, азаматым, — деп ұсындым.

— Құрғырдың өзі көз алдыңда тұрған соң кісіні тарта береді екен, — деп солдат қағып салды.

Аттарына бара жатқанда қызу солдат:

— Жасым қырыққа жеткенде сиыр бақтым,

Бұл дағы бір саласы келген бақтың,
Қан кешіп белуардан қан майданда,
Қырық жыл қырғын соғыста аман қаппын, —

деп әндетіп, сәл тәлтіректеп бара жатқанда сержант оның бүйірінен түртіп қалды. Қарсы алдымыздан пар ат жеккен үлкен солқылдақ фаэтон екпіндете ұшып келеді. Жақындағанда мен қолымды көтеріп, тоқтау белгісін білдірдім. Фаэтон қарқынын баса алмастан бізден өтіп барып тоқтады. Ложкин машинеден секіріп түсіп барып, қыйқалаң басқан лейтенантты ертіп келді. Ол тілі күрмеліп рапорт беріп, өзін лейтенант Вялкин деп таныстырды. Лейтенанттың беті күп болып іскен, көзі қып-қызыл, ерні көкпеңбек, үстіндегі киімінің барлығы мыж-тыж еді... Қыз бенен делбешіні шақыр! — дедім Ложкинге. Ол оларды ертіп келді. Еңгезердей дәу мұртты өзін қатардағы жауынгер Сыпченкомын деп таныстырды.

— Ал, сен кім боласың?

— Ол осы жердегі анау көрініп тұрған деревняның адамы. Орысша бір ауыз сөз білмейді, — деп ыржалаңдай ол үшін делбеші жауап берді.

— Кімнің қатыны?

— Кім біледі, жолдас полковник? — деп делбеші аңқаулана өтірік күліп, лейтенантты көрсетіп көзін қысты.

— Бүгін қайда түнедіңіз, лейтенант?

— Деревняда.

— Мынаның үйінде ме?

— Иә, жолдас полковник.

— Шнапсты өлгенше ішіп, түні бойы оны жақсы көрдің ғой?

Лейтенант үндемеді. Ақсары шашы жатық таралған әдеміше келген әйел үлкен сұр көздерін адырайта делбешінің қасында қорқыныштан діріл қағып тұр.

— Шпрехин зи дойч? — немісше білесіз бе? — деп сұрадым одан. Ол көзін жыпылықтатып, басын изеді.

— Ложкин, бізден қорықпасын деп айтыңыз оған дедім. Біз оған ешқандай жамандық жасамаймыз.

Ложкин менің сөзімді оған аударып берді. Ол жылап тұрып, асып-сасып өзі жайлы айта бастады. Шешесі, кішкене сіңлісі үшеуі тұратынын, кедей де, бай да емес екендіктерін, кеше кешкісін лейтенанттың үйіне келгенін, құрметті қонағындай күткендігін, түнде оның өзін зорлағанын, шнапс үшін үлкен сиыр беремін деп уәде бергенін, олар оны шнапспен, тамақпен, тұздалған қиярмен сыйлағанын, енді сол сиырды алуға келе жатқанын шапшаң айтып шықты.

— Ол өтірік айтады, жолдас полковник, — деді лейтенант.

— Өз кінәңізді мойындауға ерік-жігеріңіз жетпей тұр ма?

— Мен кінәлі емеспін, жолдас полковник.

— Өз командаңызды тастап, ірі қара малдарды тастап, фаэтонға отырып алып, хуторлар мен деревняларды аралап арақ ішіп, ойыңызға келгенді істеп, трипер мен сифилис жұқтыруға құмарланып жүргеніңіз күнә емес пе? Жексұрын!

Әйел бірдемелерді айтып жылап тұр. Ложкин оның сөзін аударды: Шешеме не деп айтамын, сиыр қайда десе, не деймін. Шнапсты тегін бергені ме сонда.

— Сізде ақша бар ма, лейтенант?

— Бар.

— Қанша?

— Мың бес жүз ғой деймін.

— Оған бес жүз сом беріңіз.

Лейтенант аспа сөмкесінен бес жүз сомды санап алды да, әйелдің күртешесінің қалтасына салды.

— Оған айтыңыз, бұл кешегі ас-суыңыздың ақысы, ал махаббат түні жақсы көру өз еркіңмен болған деп дедім. Зорлады деп өтірік айтып тұр. Сиыр көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбес еді деген сөз бар. Қазір енді үйіне кетсін.

Әйел кеткеннен кейін, Ложкин менің бұйрығым бойынша лейтенанттың қару-жарағын алып қойды. Лейтенанттың, қарсыласқанына мен былай деп жауап бердім:

— Құдайға мың да бір шүкіршілік деңіз, менің сізді атып тастамағаныма. Сіз қамауға алындыңыз. Делбешіге өз командасына барып қосылуды бұйырдым. Лейтенанттың орнына басқа офицерді жіберетінімді де айта бар дедім.

Мариямполедегі біздің дивизияның штабына келгеннен кейін Ложкин лейтенант Сыпченконы дивизияның прокурорына алып барды. Менің тылдағы орынбасарым Кузнецов Федор Степанович ширақ, әрі адал аға лейтенант Селихов бастаған алты адамды бір жүк машинасына керек-жарақтарын әзірлеп салып, сиыр айдаушыларға аттандырып салды. Барлық істелген іс-шаралар соғыс тылының бастығына баяндалды. Ол менің бастауымды дұрыс деп тауып, шешімімді бекітті. Ұзақ сапардан кейін есімді жиған соң, кешкі асқа өз достарым Шляпин Геннадий Федорович пен Великанова Варвара Ивановнаны шақырдым. Шляпиннің ұқыпты кесілген шоқша сақалы бар еді. Оған дивизиядағылар «жирен сақал», ал Варвара Ивановнаға санитарлық минимумды әрқашан да сақтауды талап еткені үшін «қатал дәрігер» деген лақап ат берген. Әңгімелесіп отырып жолда көргендерім туралы әңгімеледім. Олар үлкен ықыласпен тыңдап, сұрақтар қойып отырды. Янина туралы айта бастағаннан - ақ, Варвара Ивановна бозарып шыдамсыздана темекісін шеге бастады. Әңгімемді аяқтап болған соң, бір рюмка арақты ішіп алып, қолдары дірілдеп, абыржи бастады.

— Мен Янина туралы көрген, естігендерімді сізге айтуға міндеттімін, себебі ол — біздің ортақ досымыз, әрі сіздің оқушыңыз.

— Айтқаныңыз өте дұрыс болды. Оның соғыстан кейінгі жоспарлары мүлдем басқа еді... Жарайды, ол туралы сосын айтамын. Қобалжып, абыржыған қалпы келесі бөлмеге барып пианинода Бетховен сонатасын ойнай бастады. Шляпин мен дивизияда болмаған кездегі оқыс оқиғалар туралы айта бастады.

Бұрыштан атқан оқтан екі солдат өліп, төртеуі жарақат алыпты. Аиспуттан Каунасқа келе жатқанда оның машинасын автоматпен атқылапты. Пренеде екі офицер метил спиртімен уланса, бесеуі триперді, үшеуі сифилисті жұқтырыпты.

— Иә, сіздің баяндамаңыз құлаққа жағымсыз екен, — деп қайғыра күрсіндім де, Шляпинмен стақанымды соғыстырып, бір рюмка арақты ішіп салдым. Ал Варвара Ивановна әлі пианинода ойнап жатты.

Түнде өте нашар ұйықтадым. Шатасқан түстер көрдім. Көшеде ұрыс жүріп жатыр, маңдаймен жер тірей құлаған солдаттың танауынан қан құйылып ағып жатты... Варвара Ивановна шашы қобырап, санитарлық дорбасымен өртеніп жатқан үйден жүгіріп шықты. Шляпин сұр атпен шоқырақтап шауып, өзіміздікілерді де, өзгелерді де атып келеді. Янина шаршап-шалдыға Брелаукстың жансыз денесін сүйреп келеді. Удай мас капитан Ложкин тұрпайы боянған жартылай жалаңаш әйелді төсекке сүйреп жатыр. Аспанда найзағай ойнап, күн батарда шөп жалындап жана бастады. Мариямполе монастырының бастығы апостолдардың жалауын қолына ұстап, негізгі көшенің ортасында монахтар алдында өлі денелерден аттап келе жатты. Мен оны атып едім, өлген солдаттардың үстіне тас болып құлады. Монахтар мен ту жоқ болып кетті. Оянып кеттім. Денем сыздап, біреу ұрғандай болып ауырады. Ертеңгі асқа штаб бастығы полковник Калугин мен политбөлімнің бастығы полковник Коньяковты шақырдым. Олармен әңгімелесіп, ертеңгі шайды ішіп біткен соң, оқыс оқиғалардың бәрін тиянақты тексеріп, шешімдерін айтуын бұйырдым.

Варвара Ивановнаны шақырып алып:

— Сіз Янинаны өзіңіздің туған сіңлі жақсы көргеніңізді білемін. Оның тағдыры сізді алаңдатпай қоймайды. Соғыс жағдайындағы операция мен хирургтардың қиын жұмысы сіздерді өте қатты жақындастырды. Сондықтан да сіздің оның өз жоспарынан ауытқуына қатты қапаланғаныңыз түсінікті. Менің машинамды алыңыз да, екі-үш күнге барып, өз көзіңізбен көріп қайтыңыз, — дедім.

Үшінші күні Варвара Ивановна қайтып келді. Кешкі ас үстінде мен оған монастырь бастығымен кездескенімді және басқа да жаңалықтарды айттым.

— Сіз осы әңгімелеріңізді бекер айтып отырған жоқсыз ғой, Янина туралы нені айтып, нені айтпау керек екенін ойлансын деп маған мүмкіншілік беріп отырсыз - ау деймін, — деп күлді. — Неге оның әңгімесін тыңдамадыңыз?

— Менің оған қонаққа келуім күтпеген және кенеттен болған келіс еді. Бөлмесіне кіргеннен бұл қыздың бөлмесі емес екенін түсіндім де, күйеуге қалай шыққандығы жайлы сұрамадым.

Янина жаңа бөлімшеге келген соң бір майорды кездестіріп, әдемілігіне қызығып тұрмысқа шығады. Ал, майор болса, қыз құмар, есерсоқ екен. Бір айдың ішінде оны күңіне айналдырып алады. «Янина, жылдам аяқ киімімді тазала», «планшеткамды әкел», «лейтенант Н - ді шақыр», «суға барып кел», «аяғымды жу», т.б. бұйрықтар беруден бір шаршамайды. Көпшілік жиналған жерде Янинаға көңіл бөлмек тұрмақ, боғауыз сөздер айтып қорлайды. Ол оның соңынан көңілсіз, қорланып жүре береді. Ал, ол болса, көлденең кездескен қыздардың бәрімен ойнап-күліп, ойына келгенін жасайды. Шыдамның да шегі бар демекші, Янина одан кетіп тынады. Басқа полкке ауысқысы келсе де, басшылар рұқсат етпейді. Ал майор болса, оққағарын оған күнде жіберіп, түнде кел деп мазасын алады.

— Әлсіз, тәжірибесіз жас әйелге не істеу керек?

— Комдивке айту керек еді, ол оны басқа бөлімге ауыстырар еді.

— Ол комдивке барыпты. Генерал болса: «Қызым, мен сендерді қосқан жоқпын, ажырата да алмаймын», — депті. Күйеуінен қатты көңілі қалған, ар-намысы тапталған жалғыз басты, қам көңілді жас әйелді осылайша өмір Брелаукстің құшағына итереді. Оған кімге де болса күйеуге шығу керек болады. Өз бақытын, сүйген адамын дұрыс таңдамай, алдамшы сезімге берілген Янина осылайша тығырықтан шығудың жолы бірінші кездескен адамға күйеуге шығу деп шешеді. Өмірде бұдан да сорақы жағдайлар кездесіп жатады емес пе? Мені қуантатыны — Брелаукс оны өте қатты сүйеді. Әйел бақыты үшін бұл — өте маңызды фактор. Ол — өте әдемі, әрі ақылды жігіт. Жақында дүниеге жас нәресте келеді. Олар бақытты өмір сүріп кетеді, — деп аяқтады Варвара Ивановна әңгімесін. Ары қарай Варвара Ивановна жалпы әңгімеге көшті. Міне, қараңызшы. Соғыс көп жанұяларды бұзды, миллиондаған жүректерді жаралады. Миллиондаған жесірлер, миллиондаған жігіттерін жоғалтқан қыздар осы тығырықтан шығу жолын іздейді. Олар бірінші кездескен жігіттерге тұрмысқа шығады, ал, кейбіреулері жеңіл жүріске түседі. Еркектер өздерінің аздығын пайдаланады. Соғыс адамгершілік негіздерінің тас-талқанын шығарды. Адамдар тазалық, адалдық, адамгершілік туралы айтады, ал, бірақ өздері белдеріне дейін батпақта отыр. Көбісі махаббатты өткінші құштарлықпен шатастырады. Соғысқа дейін есеппен, бір көрген танысына тұрмысқа шығу немесе үйлену, әдепсіздік таныту деген сияқты қылықтар бірен - сараң еді. Ал, енді ақша мен шен, адамның азғындауы мен намыс, арын сатуына, таза да тұнық сезімді лайлап, адамгершілік пен өмірге деген махаббаттың быт-шытын шығарып, жарымжан, мүгедек етіп отыр. Соғысқа дейін қыз бен жігіт бір-бірімен ұзақ уақыт таныс болып, сезімдерін тексеріп, ғашық болып, онсыз тұра алмаймын деген уақытта тұрмыс құратын. Ал, қазір болса асығыс танысып, үйленіп жатқандары. Соғысқа дейін өзінен 10-15 жас үлкен адамға күйеуге шығу деген мүлдем болмаған, оғаш қылық деп саналған. Болған күннің өзінде есеппен үйленгендер деп саналған. Бірге қартаюдың өзгеше бір әсемдігі бар. Біртіндеп өшетін құмарлық пен достық сезімінің нығаюы, бір-біріне әбден беріліп, үйренісуі, әкелік, аналық парызды атқару, жарға деген жанашырлық сезім. Қазіргі кезде болса еркегі елуде болса, әйелі жиырма бесте, қырық бесте болса, жиырмада. Кіші қатын, кісі қатын. Керісінше, ақшалы әйелдер өздеріне жас жігіттерді күйеу етіп алады. Қыздың арын сақтауы — оның болашақта жақсы жанұя құратынының кепілі. Соғысқа дейін де моральдық жағынан азғындаған, мінездері үйлеспей ажырасқан жанұялар болды, бірақ... олар аз болатын. Әркім — өз бақытының иесі. Қозғалғанда сылдырламайтын аяқ-табақ болмайды. Өмір жолы қиындық пен кездейсоқтықтардан тұрады. Тек аңқау адам ғана некеден тек қуаныш пен ләззат алуды ойлайды. Міне, осылар өмір өткелдерінің сынынан өте алмайды. Адамдардың барлығы бірдей махаббаттың құдіретін өз бастарынан өткермейді. Көбісі ақша, шен, арзан ләззат құшағында жүреді. Бұның бәрі — уақытша, алдамшы нәрселер. Біраз уақыт өткен соң ішің пысып, жиіркеніш сезімі пайда болады. Нағыз адам барлық жақсылық, әдемілік атаулыны жақсы көреді. Адамға сәулесін шашқан күн, батып бара жатқан ай, жымыңдаған жұлдыздар, шуылдаған қамыс, үнсіз мүлгіп тұрған орман, жаңбыр, қар, ұйтқымалы жел, кең дала, сылдырап аққан бұлақ, буырқанған қол, әнші құстар, кітап, музыка, театр, кино, алыс қалалар, елдер, бүкіл әлем керек. Барлық мақсат, арман күрес арқылы келеді. Махаббат, материалдық жағдай, бірдей көзқарас, сенім, адалдық, достық, өмірге тура қараушылық — бәрі бір-бірін түсінушілік, өзара қатынас, бірінің кемшілігін бірі толтыру арқылы табысқа жетеді. Жанұяның беріктігі — моральдық деңгей мен өнегелі жетілу, адал махаббат, парыз, жауапкершілік бәрі қосылып келіп, отбасындағы қарама-қайшылықтарды жеңуге көмектеседі. Махаббат күші мен махаббат беріктігі адамдардың ішкі жан дүниесінің қарқыны мен моральдық және эстетикалық жетілуіне байланысты. Өмірлік жар таңдау өте қиын. Бет әлпетін көреміз, ал жүрегін ұғына алмаймыз. Жар таңдауда ішкі себептер ақырында қиратып жібереді немесе бірдеме жасап шығарады. Өмірде бірдеме жасап шығару бәрі жақсылық болатынына сендіреді. Адамға керекті нәрселерді жинайды, оянады, күресе жүріп оқиды, шынығады, ес кіреді, жарық сәуле шашады. Ешкім бұзық болып тумайды. Ешкім мейірбан болып тумайды. Өмір, жағдай, орта бірінен соң бірі адамды тұңғиыққа батырады немесе аспанға көтереді.

— Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?

— Жігіт кезінде бәрі жақсы, жаман күйеу қайдан шығады? — деп Варвара Ивановнаның сөзін бөлдім. Ол күліп жіберді.

— «Мен барлығын ұмытқым келеді» деді Янина қоштасарда, — деп Варвара Ивановна қайғыра күрсінді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙