TELEGEI

Home

Қажымұқан

Қалмақан Әбдіқадыров

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қажымұқан

Повесть о жизненном пути прославленного казахского борца, чемпиона мира по классической борьбе Кажимукана Мунайтпасова. Книга рассказывает о его трудном и увлекательном пути от бедности до мировой арены, огромной физической силе и человеческих качествах. Произведение о легендарной фигуре казахско...

Қалмақан ӘБДІҚАДЫРОВ
 

Қазақша электронды кітаптар сайты: www.epub.kz

Бұл - берген уәдем еді

Бір мың тоғыз жүз қырық бірінші жылдың көктемі, Алатаудың айдын-шуақты баурайына көктем әкелген жұпар иісі сезілді. Ауа райының мерзімді уақтысына қарай қары еріп, жаңбыры жауды. Шалғыны өсіп, бау-бақшасы дер кезінде көгерді. Үй алдындағы үш түп емен мен екі түп сирень тауыстың қанатындай көрікті жапырақтарын жайды, гүл бүршіктерін шығара бастағанда апрельдің орта кезі болып та қалып еді. Менің қыс ортасында мертіккен аяғымның сырқаты созыла түсті, ұзап жүре алмай, үйден сирек шығатынмын.

– Ойпырмай, келіп қалды, – деді үй алдындағы арық суына ыдыстарын тазартып отырған әйел, сасқалақ-

таңқырап үйге кірді де. Қолына ұстаған ыдыстарының суын тамшылата, артына қарап, – Қажымұқан келді, – деді, ұмытқан есімі енді есіне түскендей. Мен орнымнан козғалғанша:

– Қалмақанның үйі осы ма? – деген қомақты үн үй алдындағы басқыштан естілді. Мен де ауыз үйге шығып үлгеріп, жиде ағашының бұтақты бүгілінен істеген тоқпақтай жуан қолдың саусақтарын ұстап тұр едім. Иә, көрмеген кісі де оны бейнесінен тани беретін Қажекең екен.

Алматы қаласы, Карл Маркс көшесі, 97-үйде 23 күн жатты. Бұл үйдің алдындағы сексен жыл жасаған емен ағаштың саясында қазақтың ардақты кісілерінің бірсыпырасы отырып, түнеп, түстенетін еді.

Баласы Қошқарбайдын Шашубаймын,
Болсам да малға кедей, сөзге баймын.
Көп алсам кемімейтін кенім халық,
Байларға малды екен деп бас ұрмаймын, –

дейтін кәдімгі Шашубайдың өзі болды.

Ерназар1 күнде менен бата аласың.
Бәлеге неге барып шаталасың.
Балалар, ынтымақпен істемесең,
Түбінде жаман колхоз атанасың, –

деп колхозшыға үгітін айтқан, өзі туралы:

Ақ басты Алатаудың Жамбылы мен,
Өлеңнің ұлы сүре даңғылы мен,
Алдымда Бұқарбай мен Сүйінбайлар,
Солардан тәлім алған қалдығы мен, –

дейтін Жамбыл.

Ақынның ардагер сыпайысы Нүрпейіс, салған жерден шаба жөнелетін әйгілі саңлақ ақын Иса, гармонға қосқан даусы көрші үйлердің қабырғасын дірілдеткен Нартай, кербез ақын Кенен, тілге бай Қуат, Саяділ, Жетісудың өрен жыршысы Үмбетәлі, Оңтүстіктің Орынбайы, Әлібегі, партизан ақын Омар отырған жер еді. Қазақтың алып даласына білім шырағын жағушы жыл құстарының бірі, Ыбрай Алтынсариннің егіп шығарған алғашқы гүлдерінің бірі, жазушы Спандияр Көбеев те осы ағаштың түбінде дем алған-ды. Сол жігіт жасты емен ағаштың түбіне кезекті ғасырлардың бір-туар адамдарының бірі Қажымұқан палуан да келіп еді. Соншалық даңқты кісілердің аяғы басылып, саясында отыру үлесіне тиген сол емен ағаштар мен сирендер нендей бақытты еді десеңші!

– Жамбылдың өлеңін жазып алуға жәрдемдестің, Қалмақан, Нартайды екі жыл бойы іздеп, Мырза шөл, Нұр Атаны қоймай, Қоқан, Ферғананы кезіп, көрін-геннен хабар айта жүріп Алматыға алдырып атағын шығаруға себепші болдың, Қалмақан. Балқаштың түк-пірінде жатқан Шашубайды самолетпен алып келдің, Қалмақан. Кәні, мен туралы не істедің? Жалшыдан шығып, жер жүзінде палуандықпен атын жайған қазақта менен басқа кімің бар еді! Сәбит бар, Ѕабит бар, ақын Иса бар, сен бар, басқаң бар – мен туралы жазған кітаптарың қайда?!

Ертең Сәбитке барамын. Ол мені Орынборда тұрған кезімнен біледі. Ол мені жазбай, Нұрмағамбетті жазды. Ол қасиетті ағаны жазғаны жақсы, бірақ мені қоса жазбағаны үшін желке етін бір сығып қоймасам, есіне түсетін емеспін, – деп, күліп қойды.

– Болады, Қажеке. Сіздің кітабыңыз да туады. Сәбит жазады, Ѕабит жазады... Келешек ұрпақтардан әдебиеттің ғажайып шамшырақтары шығады, олардың қаламы сізге үйірілмей кетпейді. Кәне, шай ішейік.

* * * Қажекең өмір арнасын ағытып, айта берді. Ол алғашында, бейне бір тұтасқан бұлтты нажағай жарып, төге салған нөсер сияқты еді. Тыңдадым да отырдым, қағазыма түгін де түрте алмадым. Сатырлатып құя салған нөсердің баданадай тамшыларының жайлысы тиіп, жанымды рахаттандырып, жайсызы шашырап көзімді жұмдырып, басымды ауыртқандай болды. Нөсер! Нөсер арты жерді көгертеді. Сөзінің корытындысы жайнаған гүлді алдына жайған сияқты еді. Өмір-

дің бір саласында жасаған еңбегіне қатты қызықтым.

– Ара барлық гүлді аралайды, бал шығаратын басын ғана сорады, – деп керегін тізе бердім. Күдікті жерін сұрай бердім. Бірақ түгел еншіме тимеген 23 күнде теңізден тамшы ғана алып қалдым.

– Жаз, осыны!

– Жазайын, аға.

– Мені әсірелеймін деп әуреленбе, тек тәңірімнің берген бейнесін ғана жаз.

– Құп болады.

Қар күреген бала

Ақпан-қаңтардың сақылдаған сары аязы. Қыламықтап қырау ұшқындап, барлық заттың сыртына мұздан сауыт кигізіп тұрды. Қызылжар қаласының орталық бір көшесіндегі қорада, үлкен сарайдың темір қақпасы кең ашылып, ішінен «њауппалаған» дауыс естіліп жатты. Бұл саудагер Иван Ногичтің қоймасы еді. Күзде сойылған малдың еті мен майы енді ішкі Ресейге жөнелтіліп, оны таситын 60 пар ат шана жұмсайтын кіреші бай Орлий Масликов кіресін алып еді. Отыз пұт май құйып қатырған кеспекті он адам жабылып орнынан қозғалта алмай жатты. Сарай ішіндегі дауыс солардың үні. Қораны басқан қарды күреуге жалдаған он алтыдағы жас бала сарайға қайта-қайта қарай берді.

– Ей, сенің әкеңнің аты кім? – деді бүрме қара тонды қойманың басқарушысы.

– Оны қайтесің?

– Сұраймын.

– Құда түсейін деп пе едің?.. Айтатыныңды айта бер, – деді кішкене қара көзін жымита қараған бала.

– Сен онда неге қарайсың. Қарыңды күре де, тиісті тиын-тебеніңді алып, құры. Бөгде нәрсеге бұрылып қараудың саған қанша керегі бар? Соншалық сарайдың есігіне қарай бересің...

– Сен балдырламай, маған сонда не істеп жатқаныңды түсіндірші.

– Тау көтеріп жатыр.

– Сонда, сарайға кірген тау көтерілмей жатыр ма? Шуылдап басымды ауыртты. Өздері адам ба, шөпті – «сырғауыл көтеріп келдік» деген бақсының жыны ма?!

– О-хо-хо. Мынаның сөзі отыз пұттан гөрі ауыр жатыр екен. Жібер сарайға, көтерілмей жатқанның не екенін көрсін, – деді тұлыпты көмілтіп киіп, қақпа ау-зында тұрған саудагер.

– Ей, бар енді. Әне, мырза көріп тұр.

– Көрсе немене... – деп қар күреген бала есік алдында тұрғандарды қаңбақтай қақтырып, сеңдей соқтырып, қаға-маға сарайға кіріп келді. Басқаны бүрлік-тірген аяз, оған шыбынсыз жаз сияқты. Үстінде мақталы жыртық шапан, биялайын беліне қыстырып, бас киімін қолына ұстап, қимылдап жүрген кісілерге аңы-рая қарады. Тұрған орнынан жарты кездей ғана жерге әрең жылжыған кеспектің қасына жақындап, иығымен қағып, астындағы қалың тақтайды сықыр еткізді.

– Көтерілмейтін тауларың осы ма?

– Саған жеп-жеңіл көрініп тұр ма?

– Әй, тәйірі-ай... Соны да сөз деп айтып тұрсыңдар-ау. Тау дегенге таңырқансам, бұл шелектей-ақ ыдыс қой. Он кісі жабылып, қаланы «њаппалап» бастарыңа көтеріп жүргендерің осы ма? Өздерің шетке ысырылып, тиейтін шанаңды есік алдына әкеле беріңдер. Әй, әдемі тұлыптылар, қалбалақтап жүріп, бір жерлеріңді қақтырып аларсыңдар, кейін қаш!

– Мынаның сөзі қандай дөрекі! Қожайындарға қалай түйеден түскендей сөйлейді, – десті мұртына мұз қатқан жұмысшылар.

– Оны қоя тұр. Алдымен ауылдың алаңғасарының күшін көрейік! – деді іргеге қарай ысырылған екі мырза.

Бала еңкейе беріп, кеспекті иығымен нығырақ тіреп қағып жіберді. Астына салған ломдар мен қада ағаштар шатыр-күтір етіп, біріне-бірі қағысып, бастары шошаңдасты да, отыз пұт тоң май құйған кеспек екі-үш қаққанда желге ұшқан ебелектей домаланып сарайдың есігіне барып та қалды. Шой табан екі завод атын жеккен жүк шанаға қалай барып түсіп қалғанын тұрғандардың көзі шалмай да қалды.

– Ей, мынауың не істеп жіберді?

– Не істегенін көрмей тұрмысың! Оның орнынан қозғай алмаған кеспекті шанаға апарып салып қойды.

– Айтайын дегенім ол емес-ау, қожайын, тегі осы кәдімгі адам ба?..

– Енді кім?

– Бір жақтан келген дию ма, пері ме, бірдеңе шығар өзі.

– Не де болса, оның көтере алмағанды бір өзі көтере салды, жарайды. Міне, саған елу тиын, – деді май салған кеспектің қожасы.

– Жиырма тиынды мен берейін, – деді Масликов кең барқыт шалбарының қалтасына баржиған семіз қолын сұғып жатып.

– Майлы бай, қанша қорбаңдасаң да, қолыңа бір сомдық сары шұнақ ілінбеді-ау, – деді екі бай бірін-бірі әзілмен қағысып.

– Сен енді байыдың. Қар күрегеніңе тиын алма, – деді, қораны күретіп жатқан қамбашы.

– Былшылдамай, уәделескен он бес тиынды әкел. Мен бай кісі емес, ол маған тамақ болады. Жетпіс тиынды ауылдағы тарығып отырған әжеме жіберем, – деді жалпақ қайың күрекпен шөмелеп қарды биік қорадан асыра атып жатқан, беті бұрқыраған термен буланған бала.

– Орлий, сен маған мырзасынған былшылыңды айтпай, мына қазақты қолыңа түсіріп ал. Кірекешіңе мұндай адам керек қой. Ол реті келгенде жиырма кісінің жұмысын істейді. Жотасына қарашы, буыны қатпаған бала, шойыннан құйған алыптардың ескерткіші сияқты...

– Өзім де соны ойлап, жиырма тиын сыйлап тұр-мын. Бірақ ол жиырма кісінің тамағын да ішеді ғой. Өзің айтқандай буыны қатпаған бала, созыла беретін резеңке қанар сияқты болады.

– Немене, саған үсіген картоп пен Есілдің сасыған шабағы жетпей ме? Бере бер астырып...

– Я, оның да есебін табармын. Қысы-жазы құмырс-қадай шұбыртып, жүргізіп отырған кіреге мұндай күш керек. Әсіресе ұзақ сапарға таптырмайды.

Бала қарын күреп болып, тиынын алған соң, Масликов қойын дәптерін алып, балаға жымия қарап, әңгі-меге кірісті.

– Бала, сен қайдан келдің, ә?.. Мен білем, сен Қы-зылжардікі емес. Қай болыс, қай ауылдікі?

– Ақмола облысы, Сарытерек болысы, Құрама ауылынан.

– Әкеңнің аты кім?

– Мұңайтпас Ернақов.

– Өз атың кім?

– Мұқан. Оны қайтесің?

– Сенімен тамыр болғым келіп тұр.

– Тамыр болып ат мінгізесің бе?

– Жарайды, мінгізейін. Сен маған жігіт боласың, дұрыс па?

– Болайын, айына не бересің?

– Мен саған бәрін берем. Тамақ менен болады. Сенің киімің жоқ, киім берем, сондай айлық берем, – айың бір сом сексен тиын.

– Ей, тамыр, оның аз ғой. Рас, мен жұмыс іздеп келдім. Әжем, әке-шешем бар, кедей кісіміз. Ең болмаса менің тапқаным солардың қант, шай, нанына жететін болсын, аздап қосыңқыра.

– Менен басқа кісі саған сексен тиыннан артық бермейді. Мен сені аяп үлкен жігіттерге беретін айлық беріп тұрмын. Оның үстіне мына алпамсадай денеңе, оны киіммен жабдықтауға, ішетін тамағыңа екі-үш жігітке беретін қаржым артық шығатынын білесің бе!

Бала ойланып тұрып-тұрып, келісімін берді.

Келешектегі әлемдік палуан Қажымұқан Масли-ковқа осылай келіп жалшылыққа тұрды.

* * * Мұқан Масликовтың үйіне келген күні, жалпы кіреші жалшылар жататын жатақханаға орналасты. Сабан төселіп, пеш қойған сарайдың бір бұрышы тиді. Сонда түнеп шықты. Ертеңіне қожасы Мұқанды өз үйінің ауыз бөлмесіне шақырып, отыз пұт кеспекті доп қылып домалатқан дәуді өзінің қатын-балаларына, қонақтарына көрсетіп, оның көп жігітінің бірі болғанын айтты. Күшті баланы айнала қарасып, бойын аршындап, салмағын өлшеп, Масликовтың кереметтей етіп айтқанына сенбеді.

– Бұл қалай отыз пұт көтереді? Бойы жарым кез1 , салмағы 200 қадақ2 , Рас, мойны, қол-аяғы жуандау. Бірақ отыз пұт жүкті көтеруі мүмкін емес, – деп есеп-шісі өзінің өгіз өлшейтін есебін айтты. Өз сөзін қостамағанына Масликов та ренжіп:

– Жарайды, ендеше Мұңайтпасовтың кереметін кейін көрерсіңдер, – деді.

– Ал бала, қалай ұйықтадың? Жатақхана жылы ма екен? Жігіттердің арасы көңілді болар? Олар домбыра тартады, өлең айтады, карта ойнайды. Шынында да біздің үйден сендердің жатақханаларың қызық...

Қажымұқан бір түрлі көңілсіздік кейпін көрсетіп:

– Қожайын, мей оншалығын білмеймін, түнімен ұйықтағаным жоқ.

– Неге? Ішінде ұрыс, жанжал көп пе екен? Жанжалдасса төртеу-бесеуі жиылып отыз пұт болмайды, лақтырмайсың ба шетінен...

– Жоқ, айта көрмеңіз... әжем ұрысқан, жаман болады, деген. Менің төбелес, жанжалға жаным қас.

– Енді неге ұйықтай алмадың?

– Ұйықтай алмағаным, төсеген сабаннын арасында тышқан бар екен. Олардың шиқылдаған даусын естісем, зәрем кетеді.

Масликовтың үй іші, өзі қосылып қарқылдап, көз-дерінен жас аққанша күлді. Оның қорқатыны жататын жердегі тышқан екенін енді ұққан қожайын ойлана қарап, сөздің соңында күлген жоқ.

– Міне, отыз пұт көтерген палуан... Тышқаннан басқа тағы неден қорқасың?

– Онан басқа ешнәрседен қорықпаймын.

– Қасқырдан ше?

– Ой, тәйірі, қасқыр, аю, қабан дегендер – ит емес пе, иттен кісі қорқа ма? Тек мына, адам жататын жерде тышқанның шиқылдағаны жаман... Мұқанды ас үйінің ауыз бөлмесіне жататын етті де, өзіне екі ат, бір шана беріп, шөп, отын әкеліп тұру жұмысын тапсырды.

Жаяу сүйреген шана

Сағаттың тіліндей айналған күн өте берді. Мұқанның қарағайды қамыстай қаусатып, қолымен тартып құлатқаны, талай ауыр жүкті жалғыз тиегені аңыз болып айтылып жүрді. Челябинск, Қазан, Уфа, Самарға бірнеше рет барып та қайтты. Бойы өсіп, буыны қатая түсіп, он сегіздегі жігіт болды. Қыс ортасы ауып, февральдың ішінде, үсті-үстіне төпеп қар жауып, Қызылжар айрықша суытты. Масликовтың үйіне отын да, шөп те шақ келмеді. Ауыр жұмыс қайда болса Мұқанды сонда жұмсау әдетке айналды. Айдың аяғына таман ішкі Ресейге кеткен көліктер келіп, қаладан жиырма шақырым жердегі шөпке, Мұ-қанның қасына төрт шана қосып, бес көлік жіберді. Масликовтың үй үшіне Мұқанның ауыр мінез, тіл алғыш, тәртіптілігі қатты ұнаған еді. Ол қандай жұмыс тапсырылса да орындап келуіне әбден сенді. Сондықтан:

– Митька, (оны Масликовтың үй іші Мұқан деуді қиын көріп «Митька» деп атап кетті) мүмкіндігің бол-ғанша шөпті тез жеткізуге тырыс. Басқаларға қарамай, шөбіңді алдымен тиеп ал да, келе бер. Жолдан келген аттар тілін тістеп аш тұр, – деді қожасы.

– Жарайды, – деді тіл алғыш Мұқан.

Түн ортасы ауа жүріп кеткен шөпшілер қар басқан соқпақпен жүру ауыр болып аттарын болдыртып, әрең деп түсте шөпке кетті. Мұқан жақсы деген екі атты таңдап жексе де, ауыр жол аттарын болдыртып тастады. Аяз сорып, әлсіреп келген жігіттер төбе болып қар басқан шөпті көріп үрейлері ұшты. Оның қарын аршу үшін бір күн айналу керек сияқты. Жолдастары қарды қай жағынан аршып, шөпті қалай тиеу керегін кеңесіп, әр түрлі тәсілдерін айтып, көп тұруға айналды.

– Сүлдеміз сүйретіліп шөбіне әзер жетіп едік, енді мұны аршып алу азабы шөппен бірге сүйегімізді шанаға салар, – деді тоңып, жақ жүні үрпиген біреуі.

– Масликовтың бір сом сексен тиыны сол сүйегің үшін берілгенін шөптің басына келгенде білдің бе?.. – деді, шақ денелі сары жігіт.

– Мұның өзін мына бір жерден ашу оңай болар: үйінді қардың ойпаттау жері екен. Шөптің түбіне шейін, шана сыйғандай етіп, қарын алсақ, төбесін басқан қарды кейін көрерміз, – деп, тағы біреуі үйілген шөпті айнала басып, төбе болып кеткен қарды төбесіне шығып көріп жүрді.

Оған дәті шыдамаған Мұқан боран үріп, шөптің шеті көрініп тұрған бір бұрышына келді де жігінің арасына бастырықты ырғап-ырғап сүңгітіп жіберіп, иығы-мен көтеріп тастады. Шөп-шөбімен үйілген қар жел аударған түндіктей төңкеріліп түсті.

– Ой, мынау не істеді өзі... – десті, қалай ашып алудың амалын таппай, есі шығып тұрған жолдастары. Оған Мұқан жауап қайырмады. Бастырықты тағы бір сұғып екінші көтеріп тастағанда, үйілген шөптің жартысы ашылып қалды. Бір айыр шөпті аттарының алдына апарып салды да, шанасын доғарып сүйреткен бойы жақындатып әкеп шөпті тией берді.

– Ей, сен не істеп жатырсың? Көмбе қарда атты қалай жекпексің, батып кетеді ғой, – десті жолдастары.

– Менің оны өлшеп, ой тауысуға уақытым жоқ. Қожайын айтты бітті, менің шөпті тез жеткізуім керек. Осыдан басқа маған түктің керегі жоқ.

– Мына күртік қар атты көтере алмайды деп тұрмыз ғой.

– Атты көтермесе мені көтереді. Менің атқа шейін сүйреп баруға мұршам келеді ғой деп тұрмын.

– Соны қойшы, нан жеп, әл жинайық та, сонан кейін қалай тиеп алуды ойласармыз, әйтеуір, бала төбесін ашып, азапты жеңілдетті ғой, – десті, суынған бойларын жылытқалы, беттерін уқалап, қолын қолына соғып, жүгіріп жүрген жігіттер.

Жолдастары нандарын жеп болғанша, Мұқан шөпті таудай ғып тиеп болып, бастырығын тартып, жетегінен ұстап, ит шанадай сүйретіп, аттарының қастарына апарып қойды да, ол да нанын жеді.

Мұқан атын жегіп, жеті-сегіз шақырымдай шыққанда, қарсы алдынан боран соға бастады. Үйе тиелген шөпке қарсы соққан қарлы жел шөп арасын көтеріп, өңменінен итергендей тіреп, аттың аяғын қия басқызбады. Аттардың жүргенінен тұрғаны көбейді. Күн батып, дүлей қараңғы түн басталды. Мұқан шананы сүйрелеп, атқа көмектесті. Айыр шаншып артынан да итеріп көрді. Шекеден аққан тері өңіріне тамып, түйір-түйір мұз болып қатып жатты. Қалаға жеті шақырым қал-ғанда бір ат аяғын басуға мұршасы келмей, төрт аяқтап тұрып алды. Ыза кернеген шөпші, айырын шананың артына көмейлете шаншып қойды да, үрінді қарға көміліп тұрған шананы итеріп кеп жібергенде, жүре алмай тұрған ортаға жеккен ат, жетек сынып бүктелген бойынша шананың астына шалқасынан түсті. Жанына жеккен ат қайрылып сыртқа шығып кетті. Мұқан шананы кейін итеріп, астындағы атты босатқанша ол өліп кеткен еді. Шөпші біраз демін алып отырды да, өлген аттың қолдауынан божыны екі қабаттап өткізіп алып кеудесін көтеріп, шөптің бастырығынан байлады да, басы көтеріліп салбырап тұрған бөксесін иығына салып тұрып, шананың үстіне лақтырып жіберді. Өзі бел көтергіш қайысты шанаға байлап, қалған атқа пар болып шөпті сүйреп, қаланың шетіне шейін алып келді. Қалаға кірген соң, ол ат та аяғын басудан қалды. Оны шананың артына байлай салып, өзі жүкті сүйрей берді. Ел тұрып, қорасының айналасын күрей бастағанда, адам сүйреткен дәу шана шөп, бір атты үстіне салып, бір атты артына байлап, Масликовтың қорасына кірді. Бұл алып күштің кім екенін білу үшін, Масликовтың қорасына келгенше топ-тобымен қала адамы шананың артынан ерген еді. Төбедей болып шөп үйілген шана қораға атсыз кіргенде, Масликовтың үй іші, жалшы жігіттері үрейлене далаға шығысты.

– Ойбай, ат қайда?.. Иттің баласы, – деп жан даусы шықты байдың.

– Жоқ деген атың шананың үстінде, бар атың шөп-тің артында байлаулы, қожайын, далада қалған ешнәрсең жоқ, – деді бала. Қожайын өлген атты көріп:

– Шақырыңдар городовойды мына шошқаға акт жасасын, – деді.

Екі городовой келіп:

– Сүйрет шананы, шөп, атымен. Полицмейстерге алып барамыз, – деді.

Үсті-басы термен буланып, аппақ қырау басқан Мұқан үстіндегі өлген атымен шананы сүйретіп полиц-мейстердің қорасына кетті.

Көптің көмегі

Мұқан полицмейстердің кеңсесіне қарай шананы сүйрей жөнелгенде, оның соңынан қаланың үлкен-кішілі жүздеген адамы шұбап бірге кетті. Городовойлар оларды серпілту үшін қанша түсін суытса да, жұрт оны елемеді. Балалар күртік қарды қайыстай тіліп келе жатқан шананың артынан итерісіп, Мұқанның ауыр жүгін жеңілдете түсті. Қораға жақындаған соң, городовойлар шананың жанындағыларды қуып, енді бірі кеңседегі бастығына кірді. Бастық маңызданып есік алдына шыққанша, шана сүйреген Мұқан полицмейстердің қорасының қасына тақалып қалды. Үйе тиелген шөптен сүйреген адам көрінбейді. Боран үрлеп, ақ қарды тықпалап тастаған шөптің үстінде аяғы серейіп ат жатыр. Шананың айналасында ор қояндай ойнақ салып балалар жүгіріп жүр. Қолдарына шелегін, күрегін ұстаған әйел, еркектер шананы сүйреткенді көріп қалуға ұмтылып, аяқтарын жүгіре басып, мойындарын созады. Бастық көше тол-ған кісілерді көріп шошып кетіп:

– Бұл не үшін қаптап жүрген адамдар? – деп, жанында тұрған городовойға қарады.

– Ұлы мәртебелі мырза, өзіңіз білмейтін не бар... Еріккен ел жаяу шана сүйреткенді қызық көріп жинал-ғаны ғой.

– Неге қумайсыңдар бұларды?

– Қууын қудық, мырза. Бірақ қусақ қораларға кі-реді де қасына кісілерді қосып алып, қайта жүгіріп шығады.

– Қуыңдар. Қазір тарасын. Шананы сүйреткен қазақ та қызық бұлар үшін. Тарт. Шананы қораға кіргіз, – деп, бастық кеңсеге кірді. Мұқан шанасын сүйретіп полицмейстердің қорасына кіріп кетті.

Қораның есігі жабылған сон, городовой жиналған адамдарға:

– Жауырындарыңды мына дойыр тілсін демесеңдер, тараңдар, – деп қолындағы қамшысын көпке көрсетті.

– Оныңды бізге неге көрсетесің? – деді біреу.

– Неге кетпейсіңдер? – деп, городовой мұртын тікірейтті.

– Қызық көреміз.

– Қандай қызық?

– Біздің Петроград, Москвадағыдай театр, клубымыз, циркіміз жоқ... Жаяу шана сүйреткенді көрсек те қызық. Көшеге жиналған елге сендердің бастықтарыңның өкпесі қысылып тұр ма? – деді бір тігінші.

– Ей, мұртыңды сыламай, жаңағы шана сүйреткенді бері шығаршы, көптің дүбірі өкпелеріңді қысса, өзіміз үйімізге алып кетейік. Мұртыңды несіне тікірейтесің. Оныңды күнде көріп жүрміз ғой, – деді базардың орнын сыпыратын қарауылшы, городовойға жақындай түсіп.

– Енді тараңдар. Ол бұл қорадан шықпайды.

– Неге?

– Ни ішлеп?

– За что? – деген дауыстар жамырай шықты.

– Ол қазынаға пайдасы тиіп тұрған. Масликовтың атын өлтіріп, шанасын сындырып отыр.

– Е, Масликовтың байи түсейін деп, дамыл тап-қызбай айдатып титығына жегкізген аттары жылда қы-рылып жатады ғой. Өлген аттарын малшыларына төлет-кізеді. Оларды ұрып, ұрсып жәбірлейді. Боранға ұшып өліп, жарымжан болған жалшысы аз ба? Сендер соны қораларыңа неге қамамайсыңдар. Кеше шөкпе кеткен бес көліктен шөпті жаяу сүйретіп біреуі ғана келді қалаға. Төртеуін қар басып, далада қалды. Аты түгіл, адамы да қырылып қалған шығар. Городовойлар, оны неге іздемейсіңдер? – деп, біреу дүрсе қоя берді.

– Кетпеңдер, босаған соң дәуді алып барып, тамашасын береміз... Отыз пұттық кеспекті қақпақыл ғып ойнатады, – дейді. Үйдей қарағайды аяғымен теуіп сындырады, – дейді.. Сонысын көреміз, – деп даурықты біреулер.

– Бастық қайда? Бай, ат қырылатын болды, шөпті қайтарсын деп жатыр, – деп екі ат жетелеп Масликовтың бір жігіті келді.

Тарамай тұрған көпке қабағын шытып бастық тағы шықты.

– Азаматтар, түсіну керек қой. Сіздерге тарқа деген тәртіп берілді. Неге тыңдамайсыздар? Көңіл қалдыратын қылық осындайдан шығады енді!

– Полицмейстер мырза, көңіл қалдыратындай көп-шілік не істеп тұр. Өз аяғымызбен қар басып тұрмыз. Оның салмағы кімге түскендей...

– Бұларға ұқтырудың өзі бір жұмыс, – деп суыққа шыдамаған бастық даурығып әлденеме айтып, ішке кіре бергенде Масликовтың қамбашысы келіп:

– Тақсыр, шөпті шанасымен қайтарсын деп бай ат жіберіп еді, соған рұқсат етсеңіз...

Көпшілікке құрсанған ашудың шарпуы оған да тиді.

– Мен тергеп, тексеріп, акт жасамай ешнәрсені қорадан шығармаймын.

– Тақсыр-ау, аттар аштан өлуге айналды...

– Масликовтың өзі өлсе де, айтқаным айтқан. Атымды өлтірді, тексер деген өзі. Тергеймін енді, ат өлген жерге барып көрем, – деп бастық ашумен есікті тарс жауып, ішке кіріп кетті.

Балалар полицмейстердің қорасының жан-жағынан асылып қарап:

– Әне, шанасы қораның дәл ортасында тұр. Өзі қардың үстінде жалаңбас отыр... Әне, тұрды... Кеңсеге кіріп барады, – десіп шулады.

Городовойдың біреуі елді тарата алмаған соң солардың «дәу» туралы әңгімесіне өзі де араласты. Өзгелердін өлшеусіз мақтауына бұл есепті дәлелімен араласты.

– Бұл шынында дәу... мына шөп кемінде қырық пұт. Арасына кірген қары бес пұттан қалай кем болар екен... Ал анау ат он бес пұт қайтсе де болады. Сонда 60 пұт жүкті жеті шақырым жерге жаяу сүйрегені ғой. Тегі жай бала емес, – деді.

Бастық кеңсесіне кіріп, ат өлтірушіден жауап алды.

– Сенің Масликовқа жұмыс істегеніңе қанша болды?

– Үш жыл.

– Жасың нешеде?

– Оны білмеймін, әйтеуір, жылым түйе...

– Түйе деген немене?

– Түйе – түйе. Малдың ең үлкені.

– Оның жаспен қандай байланысы бар?..

– Қазақта сондай жас болады. Сиыр, қой, жылқы – бәрі бар.

Ешнәрсеге түсінбеген полицмейстер:

– Далада тұрғандардың ішінде қазақ бар ма екен, шақырыңдаршы бермен, – деп есік алдында тұрған городовойға бұйырды. Ол таяқты ақсақалды ертіп кірді. Полицмейстер қартқа қарап:

– Мынау «жылым түйе» дейді. Осының жасы сонда нешеде болады? – деді. Қарт жалшы балаға қарап:

– Түйе жылға ілінбеген. Жылың тышқан шығар? – деді.

– Айта көрмеңіз, ақсақал. Тышқаны құрсын. Әжем «жылың мақұлықтың ең үлкені» деген. Түйеден үлкен мақұлық бола ма, соны айта салып едім.

– Ендеше, жылың ұлу екен. Ұлу деген – балық. Балықтан үлкен мақлұқ болмайды, – деді шал есептеп: – Мұның жасы он сегізде.

– Жарайды, бара бер, – деді бастық.

– Ал жұмыс істегеніне үш жыл болыпты. Масликовтың содан бері неше атын өлтірдің?

– Осы шөптің үстінде жатқан ат. Мен еш уақытта ат өлтіргім келмейді.

– Енді қалай өлді?

– Масликов шөпті көп тие деді. Көп шөпті тарта алмай ат тұрып қалды. Мен шананы итеріп жібердім. Шананың астына түсіп, өліп қалды.

– Қалай астына ат түседі?

– Атыңды ана шананың алдына қой, мен шананы итеріп, қалай түскенін көрсетейін.

– Ә... њә. Сен менің атымды өлтіргің келген екен, ә? Мен саған көрсетемін атты.

– Есіктен сөйлей, тұлыпқа оранып кеңсеге Масликов кірді.

– Аттарымның ішіндегі асыл тұқымды ең жақсы атым еді. Россиядан әкеліп, Шарафитдин мырза сатып еді. Биыл жасы он алтыда болатын. Баланстағы құны бір жүз сексен сом екен. Жалшылықпен өтеуге бұл иттің өмірі жетпейді Қалай болатынын енді өзім де түсінбей отырмын, – деді.

Байдың бетіне тесіле бір қарап, тергеуші ат өлті-рушіге:

– Көрдің бе, байлар атының жасына шейін біледі, ә сен өз жасыңды білмейсің. Қай жасыңда қандай жұмыс істегеніңді біреу сұраса қалай айтасың?..

– Оны білем ғой. Әне бір жылы өрісте өлген өгізді үйге көтеріп әкелдім. Сонан бір жыл кейін құдыққа түскен Құтпанның түйесін шығарып бердім. Биыл байдың шөбін өлген атын үстіне салып сүйреп үйіне, онан осы кеңсеге әкелдім. Бұған жас санаудың не керегі бар?

– Қой, ол былшылыңды. Полицмейстер, мұнан атты өндіріп бересің, – дейді бай.

– Жалақысынан ұста.

– Айлығы бір сом сексен тиын, оған мұның өмірі жете ме? Мен пәлен жыл бойына күтіп отырамын ба? Оған шейін бұл шайтан барлық атымды қырып бітіреді ғой. Үйінде малы болса, әкеліп беретін болсын.

– Үйіңде мал бар ма?

– Малым көп...

– Кепілге алатын адамың бар ма?

– Кепілдің керегі жоқ. Өзім өтірік айтпаймын.

– Далаға шығып, мына тұрған кісілердің ішінен тауып беретінің бар ма? Кепілсіз болмайды.

– Даладағының бәрі кепіл болады.

– Қалай бәрі, танымайтын кісілер саған қалай кепіл болмақ? – деп сұраушы танданды.

– Далаға шығарып көрейік. Даладағы қазақтың біреуі танитын шығар.

– Мұны тануын таниды. Маған ат төлейтін адам керек қой.

Бәрін табамын. Тек далаға шығайықшы, – деді Мұқан. Шана сүйреген бала далаға, шығуы-ақ мұң екен, күтіп тұрған ел неше түрлі тілде айқай салысты:

– Актысын жазып бітті ме? Бері кел, ортамызға. Көрейікші өзіңді, – десіп қолынан ұстаған бойымен көпшілік ортасына алып кетті. Кеңседен алып шыққандардың әкімгершілігі мен байлығы аяққа басылып, елең қылған жан болмады.

– Ей-ей.. кепіл керек оған, Масликовтын атын төлеу керек, – деді полицмейстер.

– Ненің кепілі?! – деп күжілдесті, даурыққан көп-шілік.

– Бері, бері. Мына ықтасынға алып келіңдер. Тер қатып, ауырып қалар өзі, – десіп айналасын қоршалай көшенің арғы бетіне шығып кетті. Полицмейстердің айқайы, городовойдың ьсқырығы шырылдап, азан-қазаны шықты.

– Уә, сендерге не болды? Мұнша дегбірлеріңнен неге айрыласыңдар? – деп, ұзын мұртты біреу артына одырая қарады.

– Қайда апарасыңдар қылмыстыны?

– Қайдағы қылмыс? Ұрлық қылып па бұл?

– Ат өлтірген, соны төлейді.

– Ай, Масликов, сенде ар бар ма? Осы бала шанадағы шөпті жаяу сүйретіп келмесе қорадағы барлық атың қырылады. Сенің орныңда мен болсам, осыған жүз сом берер едім, – деді жуан жұдырығын түйе сөйлеген мал союшы Петька.

– Шуылдамаңдар, атты төлейді, – деді полицмейстер, – оған шейін ат өлтірушіге кепіл керек!

– Оған кепілдің керегі не... Күнімен соған бола баланы ұстап отырсың, әлгіде айтсаңыз еді. Тарыдан – тау, тамшыдан – теңіз тұрғызған көп емес пе бұл, – деді біреу.

– Аты қанша тұрады екен?

– Бір жүз сексен сом...

– Шығарыңдар бір сомнан. Аты түгіл, Масликовтың әкесінің құнына жеткендей ақша жиналсын!

Жүздеген қол қойын-қонышына сұғынып, мә, мә десті.
Бір уыс ақша Масликовқа ұсыныла берді.

– Осындай мейірімдерің болмаса, ел деп кім айтар еді.. – деді бір қарт. Ақшаны қолына ұстаған біреу Масликовтың қолына санап беріп, аттың төленгеніне тілхат алды.

– Ой, тоқтаңдар, құны төленді, өлген атты ала ке-тейік, болмаса Масликов консерв заводына сол аттың етін тағы сатады. Онан да, өзіміз терісін алып, етін итке берейік...

Қалған ақшаны қолына ұстап шөпші бала көше тол-ған көпшіліктің ортасында кете барды.

Халықтың ескертулері

Көшенің жалаң аяғы деп аталатын қаланың алуан түрлі кәсіп иелері бастарын қосқанда көңіл көтере-тіндей ермексіз де емес еді. Орталарында жас палуан Мұқан, әңгімешіл қарты да, би билеп, сырнай тартушысы да, алуан кейіпке түсіп күлдірушісі де, домбыра тартып, ән салатын ақыны да бар еді. Сапарбайдың екі бөлмелі үйі алуан түрлі кәсіп иелеріне толды. Қарт кісілердің көпшілігі мұндай бас құраған жерде әңгімесін өздерін жинаған себепке бейімдеп айтатын ежелгі әдетімен, естіген, есте қалғандарын, көр-гендерін палуандарға байланыстырып айтты. Оны кейбіреуі тігісін жатқызып, өңдей айтып берсе, біреу-лері терең судан басын шалып орған қамыстай, шашыратып, әлдекімнен есіткен бірдеңесін кебірден илеген балшықтай, берекесін қашырып айтты.

– Ұмытпасам, осы отырған Құлекең де болды-ау деймін, баяғы бір Сарытораңғыл деген жерде, тарақтының асы деген, ас болды-ау.

– Айғақтамай-ақ айта берсеңші, орашолақ неме... Барымтаның дауында отырған жоқсың ғой. Менің тарақтының асына барғаным, рас, бірақ Сарытораңғыл емес, Сарытерек деген жерде болған. Әңгімені божыратпай, жинақтап айт, – деді Құлымбет қарт тыңдаушыларды бір күлдіріп.

– Бәрібір емес пе, Тораңғылы не. Терегі не, сондағы әне бір дәуді айтайын деймін-ау... Сендерге өтірік, маған шын, құдай салмасын, басы мен мойны Анд-рейдің тап асыл тұқымды бұқасыныкіндей екен. Ортаға келіп отыра қалғанда, ішегін тартып, таңырқамаған кісі қалмады. Беліне екі кісінің құшағы жетер емес. Білегіне алақұрт моншақтап өткізіп, жіп байлап, оған баланың жұдырығындай қоңырау тағып қойыпты. Төбедей болып шөкелей отырып, есіней түсіп, қолын уқалағанда, қоңырау шылдыр-шылдыр етеді. Ойпырм-ай емшегі тап Құрымбайдың шайлап қалған бәйбішесінің емше-гіндей... Көзі...

– Ей, көр-жерін былжырақтата бермей, жыққанын айтсайшы!

– Е, сонысын айт, дене деген әркімде де бола береді ғой.

– Жыққанын көргенім жоқ. «Сен шық, сен шық» деп жатқанда әкем маған «атқа бар»... деп қуды да жіберді, тегі оны ешкім жықпау керек.

– Айтып болғаның осы ма?

– Иә, тегі үкенін айтамын-ау, сол палуанның...

– Жықты ма енді?

– Оны білмеймін.

– Құлеке, соны былжырақтатпай, өзіңіз айтыңызшы, кімді айтып отыр осы?

– Мұның айтып отырғаны Сарытеректегі тарақты Өтемістің асы. Онда бұл он үш, он төрттегі бала болатын. Сонда сонан қара таудың теріскейінен қожа палуан деген келген. Оны: «жауырыны жерге тимеген, жанды көзіне ілмеген палуан» деп, дәріптеп, алғашқыда ешкім бата алмай, жұрттың бөгелгені рас. Бірақ инеге шаншар еті жоқ, ап-арық біреу көз ілестірмей жығып кеткен.

– Мынаның айтқан суреті қайда қалды?

– Ей, сурет деген суға түссе еріп кететін қағаз емес пе. Осының былдырақтап айтқанының бәрі рас: есінеп, көзін ашып-жұмып, әлдене арқасын құрыстырғандай қолын уқалап, денесі мұздаған аттай сілкініп отырды.

Бай-балпандар бәйгемен әуреленіп кетіп, сырлық, қырлық болып бөлініп, палуанға түскен екі топтың қырлығын Үдербай ақсақал басқарды. Сырлық жағын Жызақ-Созақтан келген Мәукен деген біреу басқарды. Қожа палуанның әлпетінен шошынып, палуандар бөгелгенде, Үдекеңді ашу кернеп кетіп, ұзын қасы көзін жапты да, кеудесіне түскен сақалы селеудей шайқалып, күжілдеген мығым үнімен:

– Ұл тудым деп шешелерің бөкпен жеген біреуің бармысың? – деп иегін артына қарай бір көтерді.

Топтың сыртын ала тұрған Қазылхан атты біреу, қалың топты қайыстай тіліп, алға шықты да:

– Бар, Үдеке! Нағыз ұлдың өзі болмаса, ұлшығы бар, Үдеке... – деп атынан түсе берді. Ол киімін шешіп те әуреленбеді, түйе жүн шекпенінің оң жеңін шешіп, қыл шылбырды алып беліне байлай, бос жеңін соған қыстыра салды. Қожа палуанның сәулетіне қайран қалған жұрт оны күреске түседі деп те ойламады. Беліне баланың құшағы жеткендей жіңішке, жауырыны кергіш қойғандай жалпақ, жаратқан арғымақтай қатып қалған жас жігіт екен.

Ол отырған алып дененің алдына барғанда:

– Мына біреуді қандай сор қысып келді? – десіп жұрт гу ете қалды. Жігіт оны елең қылған жоқ. Дәу ауыр жүкпен әзер тұрған түйедей орнынан тұрды да, артына қарай қолын жайды. Оның қасына ертіп жүрген сәлдесі шаңырақтай, семіз қожасы бар екен. Сол ат үстінде тұрып:

– Бабаң Әлі-Шыри-хұда жар болсын, – деп бата берді. Әлгі шыққан белгісіз палуан оған қараған да жоқ, бата да сұраған жоқ.

Қожа баламен ойнаған кісідей, белін ұстамай, жауырынынан бүргелі қолын арбаңдата бергенде, жігіт бөріге түскен бүркіттей, күдері белбеуге қолы сарт ете түсіп, жел құлатқан дөңбектей жерге гүрс еткізді. Ауыр дене мәңгірген басын жерден көтере алмай жатқанда, жігіт жеңін киіп, атына мінді де, бәйге күткен топқа қарай жортып жүре берді...

– Япырмай, атын білмедіңіз бе, Құлеке? – десіп, тыңдаушылар ынтыға түсті.

– Ондай кісі білінбей тұра ма, түбі түрікпеннен келіп қазақка сіңген Мұғалбек деген біреу болып шықты.

– Аңғырт қожаны әдіспен жығып кетті ме екен?.. – деді біреу.

– Күшсіз әдіс не бітіреді. Онда күш те, жылдамдық та бар. «Қапы кетті, қайта күрестіреміз» деп Сырлық тобы шу көтергенде, палуан:

– Қапылық жоқ. Артық күшпен арсыз палуан қайта күреседі. Мен енді күресті қойдым, – депті.

– Мұғалбектің қайтып күрескенін көрген, есітке-ніңіз жоқ па? Ол әлі бар да болар.

– Бар. Мен қатарлы жасы бар. Алтайдың төрт дуан бас қосқан тойында бас палуанды жыққан біреуді жықты да, қайтып күреспей қойды. Өзі мақтануды сүй-мейтін, салмақты кісі. «Палуан» деп сөз қатқанға:

– Менің атым ол емес, өз атымды айта беріңдер, – дейді. Екі баласы екі үй болып, Есілдің бас жағын мекендеп жүр.

– Біздің Мұқан да сондай жауырыны жерге тимеген палуан болып шықса, абыройына ортақ болып, үйде отырып біз де мақтанамыз, – деп Сапарбай қарт балаға қарады.

– Ерекше біткен күш – өрт сияқты. Ол орынды тұтанса тасты балқытып, темірге айналдырады. Орынсыз тұтанса елді өртейді. Денеге біткен қуатты игеру үшін – ақыл керек... – деді Құлекең.

* * * Қаңтар-ақпанның сықырлаған аязды күндері Айсарыны кеудіретіп тастады. Адамның кәрілікке мойығысы келмейтін ежелгі әдетімен: «Осы бір желі құрғыр жауырынымнан бүркіттей бүрді де қозғалтпай қойды. Оның үстіне шаншуы келіп, бүйірімнен тікендей қадалды да қалды... Жердің шоң қайысын тілгілеп, үй істеді дегенді кім көрген! Осы бір тірілей кірген моладай, жер үй деген бәле шықты да, еңсені көтертпей, түнерген қардың бұлтындай басады да тұрады. Меш дей ме, пеш дей ме... Жуа қазған баладай, жалтыраған аузына үңілтті де қойды. Ойқой, жабуы бүтін болса, киіз үйге не жет-сін... Іргесін қармен көміп, талай зымыстан қысты өткізіп едік. Шаншу, жел деген бәле болып көрген бе онда. «Өскен ағаштай, заманның бұл да бір шығарған жаңа тікені-дағы», – деп күрсінеді.

Онысын есіткен жастар күледі:

– Әже-ау, кесек пешті жер үйдің ішінде екі мезгіл от жақпаса тоңып жатамыз, шатынаған аязда киіз үйде қалай жатады, жас бала қырылып қалмай ма?..

– Қырылмай-ақ, сендерді өрбіткен бабаларың сол үйдің ішінде туып-өскен. Үй ықтап үйренген жетім танадай далаға шықпай, қосаяқ тышқандай інге үйреніп алған немесіңдер де! Болмаса, ақсүйек қылған жұт Қоянды да сол үйде-ақ қарсы алғанбыз...

Сондай суық түннің бірінде, кешкі асқа тәбеті болмағал Айсары киімін шешпей, отырған жеріне қисайып, көз іліндіріп алды да, жаңа жатқан келінін тұрғызып, шырақ жаққан-ды.

– Мұңайтпас, ұйықтап қалдың ба?

– Немене, апа?

– Е... жылы үй, жылы төсек, жат балам, жат. Сол бір жетім баланың халін біліп кел дегенім қашан. Өз шешесі тірі болса ол осы үйден кетер ме еді. Жас кезінде торғайдай паналаған бұтасы мен болып едім. Кем-кетігіне соның шешесін тығын еткен қу құдай, жетімекті жеті қарынды етіп, жеті кісінің асын ішпесе бүйірі шықпайтын етті. Жетім қозымды жетелеп аттатқандай, ертіп жүріп асыраған – мен, еңсеме сүйеу белім бүгіліп, басатын аяқтың табаны сөгілген соң қаңғырып кетіп еді. Күзде барып, жинап-тергенін әкеліп, қылғып алдың да, сондай жан бар еді, деп есіңе де алмайсың. Есіңе түсір-гендей дыбыс шығаратын перне үзілген, есіңе қайдан түссін ол?

– Апажан-ау, не болды? – деп, Мұңайтпас төсегінен тұрып, тонын жамылып, анасының алдына келіп отырды.

– Не болсын, жетімім тарығып жүр. Бір жеті болды, түсімнен шықпайды. Тоғайдың топты көкжал қасқыры қамап жүр. Сьрғауылды сындырып алып, айғай салған үнімен ояндым. Қияндағы қиын жұмысына соны жұмсайды деп едің, тоғайдың топты қасқыры соны жеп-ақ қойған шығар...

– Апажан, тәңірдің таңы атса, жаяу кетсем де барып келейін. Өзің тымауратып жүріп, қинала бермеші, шешініп төсегіңе жатшы.

– Қасқыр жеп қойса бардың не, бармадың не. Сол жетімнің хабарын есітпей, мен төсекке жатпаймын! – деп, Айсары шарта жүгініп, жасаураған көзін жұмып алды. Жер төңкеріліп жатса да бөгде сөз аузынан шықпайтын ананың бетіне қадалып, Мұнайтпас та отыра берді. Көзін жұмған ана, Мұқанның туып-өскен күн-дерін суырған жіптей ой жасуынан өткізді.

* * * Қазақтың ежелгі әдетімен Лук пен Ернақтың көп жылғы достығын есте қалдыру үшін қартайып келгенде, сүйек жаңғырту жолымен құдалық болды. Баласы ер жете бергенде Ернақ өлді. Кеудіреп қалған Лук батыр Айсарыға көңіл айта отырып:

– Ернақ пен екеуміз, ханның қанды жорығынан қайтып келе жатып, жүйесіз істеген желікке пұшайман болып, қайтып хан тағына жуымасқа серт еткен едік. Үлкен көлдің жиегінде біріне-бірі жабыса шыққан зәулім ағаштың түбінде, жалаңаш төсімізді басып тұрып: «Осы жабыса біткен қос ағаштай, құшақтасқан достығымызды қара жер айырсын», – деп едік, сол сертімізге қаяу түсірмей жеттік. Міне, қара жер айырып отыр. Қос таспадан өрген арқамшыдай1 достықтың бірі үзіліп, бірі қалды. Балалардың арасында бізде болған көңілдей жылу бола ма, жоқ па, оны өрбіген өмір өзі шеше жатар. Менің де алатын дәмім санаулы. Айсары, сенің де күздің өсері тоқтаған шөбіндей сарғыш тартқан мезгілің келіп қалып еді. Саған көмекші керек. Қазақтың қызын атасаң иегін қораға қарай көтеретін әдеті. Мал бар болғыр екі үйде де құмнан қазған құдықтың шалшығындай жартымсыз. Досым үшін істеген ақырғы дәрменім болсын, үлкен балам Қалидың қызын, бірер жасы жетпесе де көмекшіңе берейін. Қазақтың «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» дегені бар. Қолдағы бармен той-томалағын істеп ауылдың батасын алып, келер айдың басында сені қолқанатты еткім кеп отыр, – деді.

– Мейіріміңе құлдық. Бұтақтарыңа өмір, бақыт, өзіңе абырой, иман берсін. Айтуға тілім жетпей жүрген тілегім еді, – деп, Айсары көзіндегі іркілген жасты кимешегінің шалғайымен сүртті. Сөйтіп Лук батырдың немересі Кәбира Мұңайтпаспен қосылды.

– Жас Кәбираның қайраттылығы ауылға аңыз болды. Отынды тоғайдан басқа әйелдер арқалап әкелсе, ол құлап қалған қу ағашты бұтарламай түгелдей иығына салып көтеріп әкелді. Бір әкелгені айлық отын болғандай ағашты көріп: «Бұл Кәбира аман болса, үйіне тоғайды жерімен көтеріп әкеледі», – десіп, ауыл кісілері күлісті. Бала айғайласа да құлағын тосып, сөз терме әдеті жоқ Кәбира, мақтаса тасып, жаман айтса жасымады. Ер мінезді келіншек ауыл-үйдің шамасы келмей жатқан ісіне қайырымды болды. Көтере алмай жатқан қабы, сындыра алмай жатқан ағашы, тарта алмай жатқан диірмені болса күлімсірей келіп, тіл қатпай қолына ала салатын еді. Осындай мейірімділігі үшін оған алғыс айтпайтын ауылдасы жоқ болатын.

Үйірсек Айсары Кәбира келгеннен өзіне ермек бол-ғандай бір бөбек болуын аңсады. Ауыл адамдары да Кәбираға айтқан алғысын: «Ұл тап, үбірлі-шүбірлі бол», – деуші еді. Көңіліндегі тілегін айтқан кісілерге: «Ылайым айтқандарың келсін» деп, Айсары да қол жаюмен болды. Бірақ Айсары қанша асықса да жаратылыс асықпады. Кәбираның салтаңдығы үш-төрт жылға созылды. Жылдан жылға кәрілік жеңіп бара жатқая қарт ананың уњлеуі көбейе берді. Бесінші жылға аяқ басып, «сараң тәңірім, тандырымды шын кептіргелі жүр-місің,...» – деген сөзді көбірек айтып жүргенде, Кәбира екіқабат болды да, мезгілді күнін өткізіп барып егіз ұл тапты.

– Асаным мен Үсенім, бере салған қос қозым! – деп Айсары қуанды. Сөйтіп, қуаныш қойнын екі жақты бірдей ашты.

Жас ұрпағын иіскеп, жасаурай бастаған қарт анаға қайғының көшпелі қара бұлты көлеңкесін түсіре қалды. Дәрігерлік ғылымның дариясы бөгеулі жатқан елге қорасан кеселінің індеті келіп қаптады. Оның алдымен ұратын жапырағы жас сәбилер болды, екіні толтырып, үшке аяқ басқан Асан мен Үсенді жұлды да кетті. Қайратты ана жұлыны үзілген аруанадай шөкті де қалды. Ол келелі кеңесін айтып, кісімен сөйлесуді де қойып, сал ауруға айналды. «Бір гүлің солса, екінші гүлің бүртік жарды» деп, жедел көтерген Кәбира да болмады. Тағы екі жыл өтті. Айсарының бурыл тартқан шашы түгелдей ағарып, емендей ілікпейтін денесі әбден еңкіш тартайын деді. Қос немересі қойнынан шыққанына үш жыл толып, жаздың шуағы жер бетіне жайыла бастағанда, шөгіп қалған ананы бір ғажайып күш килігіп, орнынан кө-терді. Жердің түгі түгел жер бетіне шыққанда, үй тірші-лігімен Мұңайтпас пен Кәбира ертелеп кетіп қалған еді. Кәбира сауын сиырдың бұзауын жайғастырып, отынын ала келетін әдетімен үйге келгенде, тек дәретін алып, намазын оқығанда болмаса төсегінен козғалмайтын ана үйде жоқ болып шықты. Көшпелі елдің әдетіне иін тіресіп үй қонып көрген бе, оқшаулау отырған қасындағы үйлерден сұрастырып, ешкімнің көзіне түспегенін білді. Жарлы ауылдың белдеуде тұрған аттары да жоқ еді. Жаяулап ауыл айналасын жабыла іздесе де, кешке шейін Айсары ананы таба алмады. Шаңдатып жатқан жолы жоқ, көгал басқан даладан із де шықпады. Анықтағандары жеңіл киімін киіп ендей істеген бес кездік тік белбеуін буынып кетіпті. Ертеңіне екі-үш адам атқа мініп, Есіл жағасындағы ауылдардан, жоғарылы-төмен-ді, «сонда соғар» деген жерді түгел ақтарып шықты. Бәрінде де болмады. Сасқан ауыл: «суға түсіп кетпесін» деген болжалымен өзен бойын төмен жағалады. Сөйтіп, үлкен абыржуда жатқанда, төрт күннен кейін, бір буда шөптің ақ тамырын қолтығына қысып Айсары да келді. Оның Есілдің аржағында күншілік жердегі «Дәрілі қобы» деген шоқылардан келе жатқанын көрші ауылдың малшысы көріп, атымен ауылға әкеліп салды. Қарт ана өзі әбден шаршаса да, жолы болып қайтқан кісідей, көңілді сияқты. Келген күні бұрынғы тұйық мінезімен отырып демалды да, келер күні жадырай сөйлеп, Мұңайтпасқа:

– Балам, қыстан күйлі шыққан боз тоқтыңды әкеліп сой, – деді. Орынсыз айтпайтын, айтқанынан қайтпайтын ананың сөзін баласы тіл қатпай орындады. Оның жарты етін астырып, ауылдың қарт кісілерін шақырды. Оның тіл қатқанын аңсап жүрген ауыл кісілері, көңіл-дене келіп, қайда кетіп қалғанын сұрасты.

– Кәбирам келіп, жалқы Мұңайтпасым жұп болып қуанып едім. Асан, Үсенім туып, қос қозымды құшақтап. Қап тауының шоқысына шыққандай сүйінген едім. Егіз қозымнан айрылған соң Қаратаудың қатпар тасындай қайғы басып еді мені. Жатқанымда жарқ ете қалған сәулеге кездесем бе деп едім, оның жолы да ұзап кетіп барады. Құр қайғы, құрғақ тілек дегеніміз жет-кізбейтін болған соң, сәуленің жолын іздедім. Біздің ертегінің данасы, тұңғиық теңіздің түбінен асыл тас тергендей жұмбақ сырдың шешуін айтып, ақ кітабын аударып, жапырақты дәрі етіп жазылмас кеселдің емін тапқан әкім Лұқпандай емшіміз бар ма? Мына бір екі иығын жұлып жеп, аузы көпіріп, көзін алақтатқан бақсы-балгер, демші-құшынаш дегендердің өкпемен сабағанынан басқа емі жоқ. Менің Кәбирам еркек мінездес, ыстық, суықта жастық жалыны лапылдап жүріп, бойын суық алып қалды. Соны емдеу үшін әкем айта беретін жерден тамыр дәрі қазып алып келдім. Бүгін баталарыңызды алып, ертеңнен бастап соны емдегелі отырмын.

– Уа, ақылды ана, тілегіңе жет! – десіп үйдегілер гу ете түсті. Әкелген шөп тамырын тазалап, сүтке қайнатып, он бес күн ішкізді. Кәбира жаз ортасы ауа екікабат болды. Бұл қуаныш Айсарыны түгелдей айықтырып жіберді.

Айсары бармағын басып, өткен айларды санап, қалжасына соятын малын, белбайлар бөкпеніне жармасын дайындады. Мөлшерлі тоғыз ай, тоғыз күн өтті. Кәбираның құрсағы шеңберлей түскенін көріп, ауыл адамдары: «тағы егіз болар» десетін еді. Ондай сөзді құлағы шалған Айсары «тіпә» деп қоятын. Санаулы күн өтсе де бала туа қоймады. Сүйініш күткен қарт ананың қуанышына уайым араласа бастады. Егіз баласы ішінде жүргенде бөрене иықтап келетін қайратты Кәбира, аяғы ауырлап, үйден ұзап шыға алмайтын болды. Енді жыл көтере ме дегенде Кәбираға ауыр толғақ келді де безектетті. Екі күн, екі түн бақанға асылып тұрды. Жаны қысылып, сасқан қарт ана боз қасқа айтқызып, мал шалды. Ақырында арыстай ұл туды. Бала жалқы болса да, тұңғыш тапқан егізінен әрі салмақты, әрі үлкен еді. Мөлшерден артық толғақ Кәбираны талдырып тастады. Аянбай қолданған анайы шаралар екі күн өмірін сақтап, ақыры уыз сүтін ұлына сорғызып отырып, жан тәсілім еткен болатын. Өліп жазылған құшақтан немересін алған қарт анаға қараған Кәбираның жанары бейнебір жүрегінде басқан таңба сияқты еді. Ұйқысыз өткізген түн сол көріністерді түгел иіріп әкеліп, ми қапшығына тығып еді. Бір қолтығына қайғы, бір қолтығына қуаныш құ-шақтап туған баланың атын мығым, мықты болсын деген тілекпен Мұқан қойды. Денелі баланың асырауы да қартайған Айсарыға оңай соқпады. Үш адамға бөлінетін жалғыз сиырдың сүті сәбиді жарыта алмады. Бес-алты ай өткен соң бір сиырдың сүтін түгел берсе де бала тоймады. Егін екпейтін үйдің сүтке қосып беретін дәні де болмады. Дағдарған Айсары Мүңайтпасты өзінің төркініне жіберіп, бір сауын сиыр сұратып алды. Сөйтіп жүріп, немересін аяқтандырып, ауыл қыдырып, ірімшік, құрт сұрап асыраған еді. Осындай мейірбанды анасының қадірін немересі білмей қалған жоқ. «Менің өмірімді жазғанда анам Айсарыны қалдырма. Менің өрбіген өмірімді, тасыған қайратымды берген сол анам. Мен оның Кавказдың алып тауындай, биік күннің шуағындай жылы, мейірбандық еңбегінің тозаңын да өтегенім жоқ. Мені білген кісі – менен бұрын соны білсін. Онан басқа кісі мені асырап, кемеліме келтіре алмас еді», – дейтін марқұм. Әкесі Қызылжарға келгенде, Мұқанның босанғанына айдан асып қалды. Кезекпен конаққа шақырып жүріп: баланың бетіне қан жүгіріп, бірі көйлек, бірі шапан тіктіріп кигізіп, киімін де бүтіндеді. Бұрын келгенде айлап алған тиын-тебенін алып қайтатын Мұңайтпас бұл жолы ондай талғаудан үмітін үзіп келіп еді, – онысы бекер болды. Петька өлген аттың терісін далаға тастамай, сыпырып алып, ишіге беріп, былғары етіп шығарды да, жиырма бес сом ақшаны Мұқан үйіне барған күні қалтасына салып:

– Сен бұл ақшадан үйіңе аздап қарас та, қалғанын қалтаңа сақта. Күн жылыған соң сені үйрететін бір жерге жіберуге кеңесіп жүрміз. Біздің фабриканың меха-нигі Василийдің туысы Оренбург циркінің палуаны екен. Сол май айында осында келем депті, соған ертіп жібереміз. Бала, бойыңа біткен бұл күшті арба-шанаға әуре етіп қайтесің, алдыңда үміт сәулесі бар бір жерге апарып жұмса. Көпшіліктің сенен күткен үмітін сонда ғана ақтайсың, – деді.

Үндемей отырып сөзін тыңдаған Мұқанға Петька айтқан «сәуле» көзіне айқын көрініп, қол бұлғап шақырғандай болды. Бірақ оған апаратын жолдың қайда жатқаны белгісіз. Мұңайтпас қалаға жақын елге келіп қонғанда Мұ-қан туралы уайымы еріген мұздай тарап кетті. Қонған үйіндегі сөзуар қарт, келе жатқан жұмысының бағдарын сұрап, жөн-жоспарын біліп алып:

– Е, Ернақ батырдың Мұңайтпасы болсаң түсінікті. Әкең Ернақты да, шешең Айсарыны да білем. Анаңның әкесі Лук палуанмен бір кезде құда-жекжаттығымыз да болған екен. Қатынасымыз сиресе де, сырттан сұрап, жағдайларыңа қанықпын. Немересі туралы қайғырған қартты қуантып, алғысын алғандай жағдай келіп-ақ тұр екен, амал қанша, ара қонып баратын жерге жеткізетін көлік те, бойда баяғыдай қуат та жоқ. Қартайғанда қарға адым жер мұң болды деген уақыт... Ол баланың хабарын біз есіткелі айдан асып кетті. Уайымдап келсең, қуан. Шүйіншім үшін Айсарыға сәлемімді жеткіз. Ол менен бірер жасы кіші, замандас едік. Бағаналы Ердәулет десең өзі біледі, – деп Мұқанның жайын анықтап айтты. Мұңайтпас қарттың үйінен қуанышпен аттанды.

* * * Баланың мінезі ауыл адамдарына бүр түрлі қызық көрінетін еді, өзге баладай айғайлап жүгіруді ол біл-мейді, ауыр жүк арқалағандай жайлап жүріп, балалар жиналған жерге баратын. Өзге бала асық ойнаса, ол сиыр, жылқының топайын жинап, өз алдына ойнай береді, жанындағы балалардың ешнәрсесіне тимейді. Өзіне соқтыққанды аямайды да. Кейбір балалардың әке-шешесі келіп Мұқанды қорқытайын десе, балпаңдап қаша да алмайды. Оның жүгірдім дегеніне аяғы ұзындар аяңдап жүріп-ақ жетіп алады. Біреудің жекіп айтқан сөзіне оның қайтаратын жауабы жоқ, бетінен қорыққан белгі де білінбей, қысық көзінің қиығымен қарайды да тұрады. Оны кейбіреулер ұрады да, бірақ бала болып жылауды білмейді. Ол адамдар, ауылдың анасындай болған Айсарыдан кешірім сұрап:

– Мұқаның біздің Сарманды сабап тастапты. Мен қорықсын деп құйрығына бірер тартып жіберіп едім, оған ренжіген жоқсыз ба? – десе:

– Бірер шапалақты маған шақса, оның атын Мұқан қояр ма едім. Ондайды ол айтпайды, – дейді Айсары.

Сөйтіп Мұқан біреуді ұрғанын да, біреудің өзін ұрғанын да кісіге айтпайтын болды.

Қалақ ағашқа жазып берген жеті әріпті қолына ұстатып сақалды молда:

– Ағузы, – десе, қайталап айтқан Мұқан: – ақ өгіз, – дейді,

– ња, батшағар, тілің тура айтуға бір келмей-ақ қойды. Енді бісмылда де! – десе: – Пісті мұнда, – дейді. Сонымен бір жыл оқып «А» деген әріптің түсін танымай-ақ қойды. Молданы әбден ашу кернеп, Мұқанды етпетінен жатқызып қойып, көк шыбықпен көк ала торғайдай етіп сабап-сабап қоя берді. Ол әкесіне келіп оны да айтпады. Жарасы жазылғанша мектепке бармай жүреді де, бір күні ертемен келіп, оқитын үйге кірмей есік алдына тұра қалады. Балалар түгел үйге кіріп олардың соңынан шапанын желбегей киген молда кіре бергенде қолындағы жуан таяқпен желкеден періп жіберіп Мұқан молданы етпетінен түсіреді. Мұқанның молдадан алған білімінің бас-аяғы осы болып, «ағузы» «бісмылдаға» қош айтады.

Молданың таяққа жығылғанын естігендер:

– Өзіңе де сол керек! Балалардың айтуына қарағанда, молданың ұрған таяғын бала түгіл өгіз көтеретін емес. Арқасынан қан жосып аққанда Мұқан мыңқ деп дыбыс шығармапты. Оны шешесіне де айтпапты. Есі түгел кіріп болмаған баланы сонша жәбірлемесе қай-теді. Бала біткеннің молданың шыбығы тілмеген жон терісі жоқ, – деседі.

Соққы көрген Молда Айсарыға келіп:

– Бәйбіше, мына балаң менен бір жыл оқып, әліп-биімді ұқпаса да, мені ұрып жығуды үйренген екен. Қапыда ұрып, бір жұма сірестіріп салды. Бас көтеруге бүгін ғана жарап, өзіңе айтқалы келіп отырмын. Баладан таяқ жедім деп басқа кісіге айту да қиын екен... Бұған мұндай қылықты үйретіп жүрген кім? – деді, ыңқылдай отырып.

Кемпір бармағын бір жалап, «тіп» деп тілін жалақ еткізіп, иіріп отырған жібінің түйіршігін жазды да – «уњ» деп далада ойнап жүрген Мұқанға қарады.

– Шырағым молда, қай балам ұрды деп шағып отырсың? Мұңайтпасымның ондай мінезі жоқ еді. Ол өмір бойы – бір кісінің бетіне «сен» деп қараған жан емес еді ғой... Мұқаным болса ақыл тоқтатпаған жас емес пе?..

– Мұңайтпас ұрса оның жөні басқа болар еді ғой, мені соққыға жыққан ана оқуын ұқпай жүрген жас немерең Мұқаның... Молдаға баласын берген кісі: «Еті сіздікі, сүйегі біздікі» деп береді. «Аюға намаз үйреткен таяқ», деген ғой бұрынғылар. Мен ұрсам сабағын ұқсын деп ұрып едім, соны кек көріп сойылға жығып кетті.

Кемпір бажырайған көзін молдаға қадап біраз отырды да, орнынан бір қозғалып:

– Онда өзіңде де бар екен! Мен баламды бергенде «еті сенікі» деп айтқаным жоқ. Етін ит талағандай етіп оқыған сабақтың керегі қанша! Ол жанына батпаса ешкімге тимейді. Оны маған несін айтып отырсың?..

– «Баланы бастан» деген, ұрып қоймайсыз ба?..

– Оны ұруға менің шамам келе ме? Әне анау жайылып жүрген өгіз. Тайынша деген аты болмаса құнан өгіздей сүйекті емес те. Соны мініп ойнап жүреді де ол шаршап жатып қалса, лақтай көтеріп иығына салып, үйге алып келеді. Өгіз көтеріп ойнайтын бала менің ұрғанымды елең қыла ма... Шырағым молда, ит пен баланың қылығын сөз қылмас болар. Мектепке апарып, міндетімнен құтылдым. Өзіңнен оқып төбелесуді үйренді. Өзіңнен оқып молда боп шыққан ешкімді көргеніміз де жоқ. Оқымаса қайтейін... Жылап-еңіреп жүріп, сұрап алғандай болған немерем еді. Анасының уыз сүтіне ерні тимей қалған жетімегім. – Кемпірдің ерні кемсең қағып, даусы дірілдеп: – Ондай балаға қол тигізуге обал болады. Жетімге тиген жеті дозақтың отына күйеді. Өзің молда басыңмен оны неге ұрдың? – деп молдаға үкідей қызарған көзін бажырайта қарап, далаға шығып кетті. Молда үн қатпай отырған жерінде қатып қалды. Баланың бірбеткей тік мінезі қайтып молданы маңына жолатпай, Мұқан оқи алмай қалды.

Өзі қатарлы балалар молдаға кеткен соң, ұсақ балалармен ойнай алмай, Мұқан мал баққан естияр балалармен далаға кететін болды. Малшы балаларға үйір болуы оның еңбекке қатынасуына себепші болды да, он екі жасынан жалшылықпен табыс табатын кәсіпке айналып кетті. Мұқан жазда шанышқақтап шапқылап кететін сиырды жек көріп, момақан жай жүретін қозыны бағуды ұнатты. Қозысын сиыршыларға жапсарлата жайып, Есілдің құзар жарларының көлеңкесінде отырып, түскі ыстықта дем алатын еді. Ол он үштен он төрт-ке шыққанда, ауыл адамын таң қалдырып, күштілігін көрсетті. Ауылдың бойдақ малын бағатын жиырмаға келіп қалған жігіт еді, Мұқан жасынан соған серіктескен, момақан болатын Шілденің ыстығында жар астына көлеңкелеген өгізшелер мүйіздесіп ойнап жүріп, сүзіс-кен бойы жар басына шығып кетті. Жасы кіші Мұқан балпаң басып, қайырып келем дегенше, бірін-бірі жерге құлатып жіберді. Биіктен тақиядай ұшқан құнан өгіз мойын омыртқасы үзіліп, өлді де қалды. Естияр бала өгізшені бауыздап, бес-алты шақырым ауылға барып хабарлағанша малынан айрылып қалатын түрі бар. Мұқан қозы мен сиырды қосып бағып тұра алмайды, шанышқақтап қашқан сиырға қуып жету оған қиын. Өлген өгізшені далаға тастап кетсе ит-құс жеп қояды. Ауылдағы үлкен кісілердің ұрсып, ұруынан қорыққан бала-жігіт торығып жылап жіберді.

– Сен неге жылайсың? – деді, сабырлы мінезді Мұқан.

– Көрмейсің бе, бұл жайрағырдың өліп қалғанын?.. Ауылға барып хабарлағанша екі түлік малды қосып сен баға алмайсың. Өзіңді хабар айтуға жіберсем балпаңдап кешке шейін жүріп аласың, сен барып келгенше мұнысы сасып кетеді. Ең болмаса ет қолына тимеген соң иесі маған төлеттіреді. Ол үшін тағы бір жыл біреудің малын бағуым керек. Кісі есігінде көзі ашылған кедейге сор мінгеседі деген осы. Жыламай қай-тейін...

– Сен жылама, менің қозымды қосып айдап, ауылға жеткіз. Мен өгізшені көтеріп, иесіне апарып берейін.

– Қалай көтересің?

– Ол біздің талпақ қоңырдан ауыр емес, мен оны бұдан да кішкене күнімде көтердім. Бұл саған қиын көрінгенмен маған қиын емес, былай мойныма салам да кете берем, – деп, өліп жатқан өгізді көтеріп мойнына салып жардың басына шығарды. – Қозымды сиырыңа қосып айдап келе бер, мынаны апарып тастап алдыңнан шығамын, – деп, адымдай басып кете берді. Он төрт жасар баланың өгіз арқалап келгені, ауыл адамдарын сондайлық таңырқатты. Баланың күшіне сүйсінген мал иесі өлген малдың етін жұртқа таратып жіберді. Оның полицмейстерге «өгіз көтерген жылы» дегені сол еді. Сөйтіп жасынан бала палуан атанды.

Қабанкөлдегі күрес

Қазан қаласының үлкен мерекесі Сабан той жыл сайын Қабан көлде өтетін. Бұл мерекеге Қазан төңіре-гіндегі селолар, ауылдар, Самар, Екатерина, Уфа, Залатавис қалаларынан да кісілер келіп, жәрмеңкеге айналатын еді. Алыпсатарлар, ас пісіретіндер, ағаш шауып, аяқ-табақ сататындар, дұғалық жазатын молдалар, бақсы-балгерлер, дүкен ашатын купецтер, жауырыны жерге тимеген палуандар, бәйге құмар атпаздар, ең ақыры адам алдайтын көз байлаушыларға дейін аяқ жетер жердегілері жиналатын. Жылдағы әдетімен солар түгел жиналды. Сонда сатылатын малдың бір түрі болып Омбыдан айдаған саудагер Пресняковтың мыңдаған қойы да келді.

Омбыдан кәсіп іздеп келген бір топ адам, қолдан келетін жұмыс қарап, әр жерге орналасқанда, екі кісі біріңғай кетті. Оның бірі абсиған зор денелі, ұйыса шыққан сақалы самайымен тұтасып, ширатылған жирен мұрты дөдегеге жапсырған оюдай, бетіне жабысып, қошқар тұм-сықтанып тұр. Темір жолдың май басқан шытырмақ тараулары мұнартып жатты. Жұмыс іздеген әлгі екеу әр конторға барып, десятник, старшиналарды жағалап келе жатып, шеткі тығырықта тұрған елу-алпыс қызыл вагон тізбегін көрді. Ашық дала жағында қора-қора қой. Арбалап шөп әкеліп, бұрқыратып түсіріп жатыр. Бір вагонның жанында жатқан темір жиекті тақтайдың шотояғын вагонның жиек теміріне іле алмай, бір топ адамдар көтере беріп, түсіріп алып, қол-аяқтары жараланып, әбігер-леніп жатыр. Бұйра бөрікті қожайын темір таяғын шошаңдатып, жұмысшыларды балағаттап, жер-жебіріне жетуде.

– Мына жатқан қойлар бес сағаттың ішінде вагонға тиеліп болуы керек, екі сағаттан бері бір вагонның көпір тақтайын қоя алмайсыңдар. Адам емес – көлеңкесіңдер! Фуйт, – деп жан-жағына түкірігін шашады.

– Әй, жұмысшылар, ана тақтайды көтерісіп жібе-ріңдер!

– Не деп жатырсың қожайын? Біз саған әзірге жалданғанымыз жоқ! Ақша туатын малды ақша беріп қана вагонға отырғызыңыз. Болмаса мынау адамдарың жер қайысқан қойыңды күзге шейін бір тиеп болар – дейді жұмысшылардың ішіндегі сақалдысы.

Бір жағы шала ілініп тұрған ауыр тақтай, екінші жағын қозғай бергенде, жерге гүрс ете қалды. Қимылы ұшқалақтау біреу «ойбай, өлдім!» деп безек қақты. Тақтайдың екпіні етпетінен түсіріп, екі аяғын тізесіне шейін басып қалыпты. Жұрт лом қайдаласып, топырлап жүргенде, жас жұмысшы бір қолымен тақтайды көтеріп, бір қолымен безілдеп жатқанды суырып алды да:

– Мен тұтасымен темір екен десем, ағаш екен ғой құрығыр. Әттеген-ай... оннан артық адам тақтайдың бір жағын көтере алмайды, ә?.. Павел аға, аржағын сүйеп жіберші, осынысын қойып берейін...

– Таста әрі! Ақша бермесе қолыңды әуре қып керегі қанша? Тастай алмай жүрген жаның бар ма!.. Анау май қарын өзі қойып алсын!

Жолдасының қатыгездігін ұнатпаған бала-жігіт тіл қатпастан тақтайдың вагон жақ шетін көтеріп, астына кірді де, жауырынымен лықсытып, жарты кездей тақтайды вагонның ішіне кіргізіп жіберді.

– Әй, ендігісін өздерің жөндеп алыңдар! Жүр кеттік! – деді жолдасына.

Бетін келген жағына қарай бұра берген екеуіне:

– Сен тоқташы, сөйлесейік, – деді шылымын үсті-үстіне бұрқыратып тұрған қожайын. – Сендер мына қой түгел тиеліп болғанша вагонға тақтай қойып берген-дерің үшін не сұрайсыңдар?

– Қойып беруі бір сом, түсіріп беруі бір сом, вагон сайын екі сом ақша бер. Байлардың: «Артынан бір-ақ беремініне» сенбеймін, әр он вагон тиелгенде жиырма сом ақшаны қолыма саласың!

– О-х-о! Сен бабаңнан қалған кедейлікке бір күнде қош айтайын деген екенсің! Балтай-шалтайды қойып, вагон басы елу тиыннан ақша ал. Оны да сен үшін емес, мына бір қазақтын алып баласы үшін берем...

– Ол елу тиыныңды жексенбі күні бай боп еткен бабаларыңның моласына апарып арақ іш! Боржойлар қандай мейірімді.. Орыстан артып барып қазақты да жарылқағысы келеді! Жүр кеттік...

Бұлар екеуі әй дейтін жерге барғанда артынан кісі жіберіп, вагон басы бір сомнан келісіп қой тиесті. Сөйтіп, осы қой тиеген вагонмен Қазан қаласының маңына Мұқан да келді. Үш сағат ішінде тапқан отыз сом ақшаны екеуі бөліп алып, Павел Омбыда қалып қойды.

* * * Қазан қаласына жақындап барып, кішкене станция-дан түскен қойлар Қабанкөліне таянып барып, орманның алаңына қос тігіп, жетіге жақын аялдап қалды. Мұқан түсетін жерге жеткенше екі вагондағы қойға күтуші болып күн тәулігіне бір сомнан жалданып еді, мерзімді жерге жетіп түскен соң босап, қос бағушы болып қалды. Қазанның қонақ үйінің бірінде жатқан кожайынға жолыққалы кеткен шаруа бөлімін басқарушы екі күн-нен кейін келіп, түнгі күзетке кісілерін қойып, таулы жердің түнгі салқыны бой тоңазытқан соң, маздата от жағылды. Аспалы қазан, дәу шәйнек мосыға асылып, отты айнала отырған кісілер әңгімеге кірісті.

– Немене, осы жерден үй салғыларың келген бе? Мұншалық жуан қарағайды қалай жеткіздіңдер бұл жерге? – деді басқарушы.

– Миша барда ағаш жеткізу қиын ба, қураған ағаштарды тамырымен, жерімен қопарып, жұлып әкеле берді. Мен қой демегенде, бұл жердің қу ағашын осы араға түгел үйіп алатын түрі бар еді.

– Әй, мұнша ағашты үйіп, Қазаннан там салып алғалы жүрсің бе? Мұнда тегін жатқан ағаш жоқ, бұл күнде қоянның құлағындай да жер бос қалмаған! Бә-рінің қожасы бар. Егер орманшы көрсе айып салып, қалтаңдағы барыңды қағып алар.

– Ондайын бай төлемей ме?

– Бай қайдан төлесін; шығыны көбейіп кетті, – деп қойдың жайылымына билет алатын ақша берген жоқ. Сен жойқын күшіңді бойыңа сиғыза алмай, Қазанның ағашымен ойнап жүрсің.

– Осыны бай Орынборға жеткізіп салам деген уәдесін орындар ма екен?

– Мәссаған... бөгде шығынға бай жуи ма? Көбіңнің вагон есігін ашуға құдіреттерің жоқ. Келгенше ауыр жұмыстың бәрін осы атқарды. Қой вагоннан түскеннен бастап, мұның күндік ақысына ақша төлеме деді. Онан бері бес күн өтті. Мұның еңбегін жеген кісі оңа ма. Жолдағысына қосымша, үш күнге ақша төлеуге әзер көндірдім.

– Сен Орынборға апаруды айтасың, қожайын қонақ үйде жатқан татар саудагеріне мақтап, жол шығынын алып, мұны сатып жібергісі бар. Бірақ Қазан саудагері Пресняковқа құйрығын оңай ұстататын емес.

– Сенің малайың Хазрет Ѕали болса көрейік. Егер айтқаның рас болса, онымен де пайда табатын іс бар. Қабанкөл мейрамында ақша тігіп күресетін күрес болады. Егер кішкенелерін жықсы, үлкен ұтысы бар Добрый-Рабый Гафритке саламыз. Оны жықса ресторанда екі-үш күн отыратын ақша алуға болады, – деді.

– Е... мен олардың «Гафрит» деп отырғаның білемін бір кезде көргем, – деді арбакеш қарт қисайып жатқан басын жерден көтеріп алып. – Ол Еділ бойы мен Сібір елі түгел білетін аңшы – Добрый-Рабый. Мен ұмытпасам, оның жасы осы күнде алпыстан асып кетті. Жасынан байларға жалданып. солардың аңын аулаған кісі. Оның аулайтын аңы – адамды екінің бірінде апатқа ұшырататын: аю, жолбарыс, онан қалса қодас сиыр болыпты. Өмірінде мылтық ұстаған жан емес, оның ұстауын да білмейді екен. Солай бола тұрып, сан жыртқыш аңның терісін сыпырған палуанның денесіне бір жырт-қыш дақ салмапты.

– Ой, қой әрі... Мылтықты кісінің өзін жарып тастайтын аңдар, оған сиқырмен ұстата ма! Ондай сиқыршыны бұл заманда көрген кісі жоқ.

– Тоқта, сен. Күшті кісіге күмән келтірме. Мына баланың иығына салып әкелген астыңдағы қарағайды біз төрт кісі әзер көтереміз. Ол мұнан күшті. Онда балтадан басқа құрал болмапты. Аюды ол таспен, ағашпен соғып ала берген. Мен оның қодас сиырды қалай ұстағанын айтайын.

Сен қодас сиыр дегенге – әукесін қасыса бауырын керіп, сүтін беретін сауын сиыр деме. Олар күштілік жағынан пілден бір де кем емес. Әсіресе күші кеудесінде болады. Оның басындағы мүйізінің үшкірлігі Иван Грозныйдың баласын өлтірген асасынан да өткір. Оларға жақындаудың ең қауіпті уақыты бұзаулаған кезінде болады. Еріккен байлардың істемегені қалған ба... Лондондағы бір бай арнаулы кемемен адам жіберіп, Ресейдің бір князына хат жазыпты: – «Құрметті досым, сіздің отандарыңызды құдай тағала жаратылыс қазнасының әр түрінен кенде қылған жері бар ма? Асыл тас, алтын күмістен мен де кенде емеспін. Қатынымның әкесі аң асырауға құмар адам еді. Ресейдің қодас сиырының бір бұзауын асырасам деп арман етеді де отырады. Сол үшін арнаулы кеме жібердім. Ұлы дәрежелі марқабатыңыздан осы мұқтажым орындалады деп сенем, – депті. Батыстың тауығы шақырса басын сәждеге қоятын князь Сібір, Оралдағы достарына телеграмма, хат жазып әбігерленіпті. Қодас сиырдың қай жерде барын, қай мезгілде бұзаулайтынын сұрап, оны тауып ұстайтын кісі іздепті. Сондағы тапқан осы Добрый-Рабый болыпты. Ол сол кезде отызға жаңа жеткен жігіт екен. Князьдің айтқанын орындап, күрделі сыйлықтан үміт еткен Оралдың ба, Омбының ба бір саудагері, жар құлағы жастыққа тимей, айға-қырға шауып жүріп, Добрый Рабыйды тауып алып, оны екі айға жалдапты.

– Ә, өзі де ақшаны өкіртіп-ақ алған шығар?..

– Өзің де бір аузыңа келгеніңді оттай беретін неме екенсің, саудагер есептемей ақша бергенін көргенің бар ма? Қайратына ғана сенген ондай аңғал адам алдауға баладан да оңай көнгіш болады ғой. Онан да: «Жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүретін» сенімен мен қумыз. Алды-артын ойлап, егжей-тегжейін тексеріп жатқан ол жоқ, – «Сенен басқа кісінің қолынан келмейді. Патшаның сүбелі тұқымының біреуінің бұйрығы еді, сен білмейтін жан бар ма, арыстанның азуын қолыңмен суырған батырым, маған қодастың бір бұзауын ұстап берсін», – деп сәлем айтты деген саудагердің түлкі жалпаңын естіген ол:

– Жарайды, – депті, «не бересің» деп сұрамаған да көрінеді.

Март, апрельдің ішінде саудагер палуанды ертіп, сататын затын ала-мала Алтай тауларына барады. Ондағы аңшылармен сөйлескенде:

– Қодастың бұзаулайтын мезгілі болды. Жанынан безген біреу болмаса, жабайысының бұзауын аламын деп әуре болмай-ақ қой. Тіпті қолға үйреткендерінің өзі, жайылып тауға кеткенде болмаса, бұзауының маңына жан жуытпайды. Оның бұзауын жабық қораға еш уақытта қоймайды, ашық албарда тұрады. Егер жуан бөренеден салынған сарайдың ішінен бұзауының «мө» деген үнін естісе, олар мүйізімен тау да болса төңкеріп тастайды. Ал жабайысына жақындауды, топты мерген болып мылтығымыз қолымызда жүргенде де ойлап көрген емеспіз, – деді.

– Сендер бұл қорқыныштарыңды менің дәуіме айт-пай-ақ қойыңдар. Ол сотасымен жолбарысты қоянның көжегіндей соққан палуан, жабайы қодастың бұзауын іздетіп жатқан Романовтардың тұқымының бірі, ол бұйрықты орындамай болмайды, тек бұзаулап жатқан жерін сілтесеңдер болғаны, – деді саудагер.

Добрый-Рабыйды көріп, алтайдың аңшылары таң қалысты: «Бұл бөлекше жаратылған тұлға екен, жолбарыс, аюлардың адуыны күшті жауы болса болар. Бірақ қодастың күдіреттілігін бұл көрмеген кісі. Сондықтан мұны ертіп барып, мылтықсыз қалай айқасқанын көрейік. Мылтығымызды «егіз оқпен» оқтап (кең ұңғылы мылтыққа салатын үлкен оқ) арашашы болуға әзір тұрайық, – десіпті, бір топ аңшылар. Палуан бұзаулап жатқан қодасқа жақындап келіп, ашасына қодастың кеудесі сиятындай жуан ағашты кеседі де, иықтап таудың шатқалында бұзаулап, табынынан бөлініп қалған қодасқа келеді. Қарлы тауларда өсіп-өнген жалбыр жүнді жануарлар, соншалық ауыр денесімен, қия тастарда ор текедей ойнайды. Ес білгелі орман, таудың күшті аңдарымен алысып үйренген алып қодаспен айқасқанда аңғырттық істемейді, жеңетін әдісін ойлайды. Ол шатқалдың қиясымен келіп көзіне түскенде, бұзауын айнала оттап жүрген жануар, оқтай атылып бұған тап береді. Түйдектелген қара бұлттай, шудалы кеуде бас салғанда, шыңның тастай қатты аша шынары кеудесіне кептеліп тұра қалды. Алдыңғы аяғы жерден кісі бойы көтерілген құдіретті қодас, жер тіре-гінен айрылып, дәрменсізденген соң, жуан мүйізге іліккен күшті қол, құзға қарай серпіп тастағанда, жартастан домалап ала жөнеліпті. Ауыр дене тиіп, көшкен тас, қопарылған ағаштар шыңның ішін гүрілдетіп жібергенде:

– Япырау, мынау тауды көшіріп жіберді ме! – десіпті мергендер. Сөйтіп, тәлтіректеп, аяғын жаңа басып, құлағы қалқиып тұрған жабайы қодастың бұзауын арқалап қайтыпты.

– Саудагерін қойшы, осындай күш иесіне князь не берді екен?

– Князь ожар мінезді палуанды он жылға итжеккенге айдатыпты.

– Сұмдық-ау, онысы қалай?

– Онысын айтайын, ол азаптың ыңғайы былай ке-ліпті... Үлкен олжаның түйіні болған бұзау қолға түскен соң, саудагер темір жол бойындағы қалаға келіп, Петроградта жабайы бұзауға ынтызар болып отырғандарға телеграмманы жаудырады. Оған бабасы Роман тіріліп келіп, тағына қайта отырғандай қуанған князь Лондондағы досына хабарлап, саудагерге – бұзауды арнаулы вагонмен Архангельскіге жеткізуге, оны ұстаушыны ала келуге, күтімі, жол шығынына мың сом ақша жіберіпті.

– Саудагер оның, құдай біледі, жүз сомын да шығармай алып барған шығар-ау, ә...

– Оны өзіміздің қожайыннан сұрарсың, мен қызығын айтайын. Архангельскіге барғанда, князь үй ішімен ағылшындық кемеге мініп, портта күтіп жатыр екен. Бұзауды ұстаушыға құшақтатып қойып суретке түсір-мек болады, оны түсіруші кеменің капитаны екен. Капитанның киім ұсқыны жат екенін көріп:

– Бұл қандай елдің адамы? – деп сұрапты палуан.

– Е, мұжығым, сен ұстаған бұзау сэр Холместің сарайында тұрады. Сенің атың соның күнделік дәптеріне жазылатын болды, – деп мақтандырмақ болады князь. – Сонда бұл бұзауым Ресейден кете ме?

– Лондонға барады, сол үшін ұстатып отырмын мұны!..

– Ресейдің жабайы қодасының бұзауын жатқа беру үшін ұстағаным жоқ. Жат жерге кететін болса онда мұның көз жасына қалады екем. Анасының сүйегі Алтайда қалып еді, енді мұның сүйегі Ақ теңізде қалсын! – деп, көлкіген теңізге бұзауды лақтырып жіберіпті.

Он жыл жер аударылғаны сол қылығының сыйлығы. Сонан қайтып келе жатқанда, біздің селоға соғып, он шақты күн жібермей қонақ еткенбіз. Оған да он жылдан аса уақыт өтті. Оның мекені Қазан қаласына жақын дейтін. Базарларда жүріп, күшін көрсетіп, көйлек-көншегін табатын болды деген. Біздің баланы саудагерлердің күрестіргелі ойлағаны сол, – жауырыны жерге тимеген – Добрый-Рабый. Егер Қабанкөл жәрмеңкесіне келетін болса, мен оны көрмей кетпей-мін. Ол болса балам, байлардың қызығы үшін белдесіп қалып жүрме.

– Сіздің сөзіңізден кейін ол кісіні менің көргім келіп кетті.

– Көрсең болды, еріккен байлар саған күрес деп айтады.

– Күрес десе «қорқам» деп айта алмаймын ғой, – деді бала. Ертеңіне ерте тұрып, Мұқан Қабанкөлге кетіп қалды.

* * * Көпшіліктің мерекесін қошеметтегендей жаз жадырап, дене балқығандай күн де тамылжыған ыстық болды. Ауылдан келген екі татар алып тұлғалы, жұпыны киінген кісінің жанынан өтті де, сөйлеп келе жатқан сөздерінің желісін өзгертті:

– Міне, мұнысы да келіп үлгерген, енді мұнымен – белдескен кісі қалай етіп жығар екен?

– Денесін көрдін, бе, Еділдің емені сияқты... Бірақ көпшілік емес пе, белдесетін біреу шығып та қалар.

– Мұнымен күрескеннен не шығады, кім де болса топырақ иіскегелі белін ұстар. Жылдағыдай байлар крес тағатындар мен тәсбиқ тартатындарды екіге бөліп, елді егестіріп қойып ақша жинайды. Кім жықса да ақша байлардың сыбағасы, егес көптікі. Әрине, жығатын осы...

– Ей, мұсылмандар, давай ақшаларыңды әкел! – Біздің мұжық жықты, – дейді соғылған дуанбасы. Хазірет береді, поп алады, олжа қалталарына бөлініп түседі шайтандардың...

– Ә... аңыз болған – Добрый-Рабый осы ма еді? Туған екен өзі де.

– Настоящий өзі.

– Е, солай деңіз. Сабан тойға келушілер оның атын да ұмытпайтын болды ғой. Оның қолы тиген кім де болса жығылатын жерінің жұмсақ болуын тілейтін шығар... Өткен жылы болған Сабан тойда ортаға шығып отырды, отырды да, күресетін адам шықпаған соң дуанбасы:

– Әкел ақшаны, – деді. Жүз сомды сәлделі хазірет ұсына берді, ол алды да кетті. Бұл пақырдың өзіне бес-ақ сом ұстатты. Қалғаны дуанбасылардың қалтасына түсті... бұл дүниенің екі аяқты қулары – төрт аяқты жыртқыштар қорқатын алыптың күшімен тапқанын да қолына түгел бермеуге айналған.

– Ендеше, биыл да солай болады, ағайын, шығатын жарлы палуанның тері. Тапқаны – ит-құстың жемі деген осы!

– Әне, күресетін жеріне барды. Жүр енді, барып қызығын көреміз.

– Әй, менің барғым да келмейді. Бұл дәумен кім күресе қойсын, текке тұрып уақыт өтеді ғой.

– Кел енді, күшін базарға салған кісінің неше теңге алғанын көрейік. Ол да қызық емес пе? Бұл ғарыптың Сабан тойға әкелген байлығы да, сататын малы да, ашатын дүкені де осы қара күші ғана. Енді сол күшін жалдағандағы табысын да көрейік.

Екеуі жедел жүріп, палуандар күресетін жерге келді. Қаланың балпаң басқан байлары, кең қарынды купецтері, сары ала шенді әкімдері, солардың қуыршақтай құбылып, үсті-басы жібекке бөленген қыз, келін-шектері шатырын жайып, олар да келіпті. Орталарына шаңырақ артқан түйедей боп цилиндр киген поптар шалмаларын қазандай ғып ораған хазіреттерді алып, орыс-мұсылман болып екіге бөлініп тұрды. Солардан оқшаулау жерде барлық жастардың арасында Добрый-Рабый тұр. Ол үстіндегі көне костюмін шешіп, ішкі алабажақ майка, трусиімен иықты да күресетін тақырға барып отырды.

Қаланың екіге бөлінген халқы палуанға қарай жақындап:

– Күрес басталды! – деген дауыстары Қабанкөлінің ормандарын жанғыртып жатты. Жаяу-жалпылар сауда-саттығын уақытша жинастырып жүгірісті. Ауыр дүниелі магазиндердің сатушылары ғана қалды. Ал кішкене дүкеншілер, қайырма тақтайларын түсіріп, есігін құлыптай жүгірісті.

Бұл жиналыста көпшілік, қаланың екі дай болып бөлінген тобын елең де қылған жоқ, оларды тұтасынан бірақ орап кимелеген бойы қысты да, екі жарылып тұрған топтың жапсарын біріктіріп жіберді. Олар полицейлердің айқайын да тыңдамады, тек ортада отырған Добрый-Рабыйды көруге ұмтылды.

– Байғұс, бай болсаң, бұлай жүрер ме едің. Осы күшіңді жұмсайтын орын болмағаннан келесің ғой деген дауыстар әр жерден шығып, біреу матасын, біреу әшмүшке шайын, біреу бір қадақ қантын, біреу теңгесін апарып алдына тастай бастады.

Көпшіліктің палуанға істеп жатқан жәрдемін көпсінді ме, болмаса намыс қылды ма, терге малшынып тұрғандарды итермелей дуанбасының тілмашы алаңға шықты да:

– Азаматтар, кейін шегініңдер. Дуанбасы: «Бұлай ету жарамайды», – деп жатыр. Палуанды күрестіруіміз керек. Жыққанына беретін сыйлықтарын мырзалар сонда берсін.

– Городовойлар, тезірек тәртіпке шақырыңдар мына көпті! – деп айқайлайды әкім.

– Мырзалар, жұрттан жиналған ақшаның көбіне өздері сыра ішіп, қайратын жұмсаған палуанға азын береді. Біз, күшімен көңіліміз көтерген палуанымыздың өз қолына беріп жатырмыз. Қане, мырзалардың палуаны бар ма? Шығарсын біздің алыпқа!

– Ох!.. Бұлар жаңа үнін шығармаса жарылып кетеді! Палуан да бұлардікі болып қалыпты бүгін...

– Е, енді қалай... «Ер өзі үшін туады, ел үшін өледі», мырзаларда ақшадан басқа не бар... Палуан да, жүйрік те, ақын да, ғалым да, шешен де, шебер де халықтікі – біздікі. Біз халықпыз. Енді күресетін майбөкселерің болса алып кел, – деді біреу...

– Тап солай, дұрыс айтады, Добрый-Рабый өзі сияқты жұпынымен жылда күреседі. Енді байлармен күресіп көрсін.

Көптің ондай әзіліне мырзалар жауап қайтармады. Әлдекімдердің атын атап, күресуге шақырды.

– Олар осы тақырда жылда жығылып жүргендер. Май жеген байлардан шақыр, – деді шабаталылар.

Көп уақыт өтсе де, күреске шыққан ешкім болмады. Крестілер жағынан сары ала шенді дуанбасының жәрдемшісі шығып:

– Хазірет әпендім, күреске шығатын мыұсылманыңыз болмаса, бәйгені беріңіз, – деді.

Аласа бойлы, әріп теруші Сымғат тұрғандардың алдына шығып:

– Помещик әпендім, мырза! Біздіңше, кәпір, мұ-сылманға бөлгеннен гөрі байлар, пақырларға бөлін-геніміз қолайлы сияқты. Сондықтан болар: халық күре-сетін кісіні байлар тобынан сұрап тұр. Бұлар үшін кәпір, мұсылман бәрібір сияқты. Бұл жер хазіреттер айта беретін ол дүниенің бейіш-дозағына бөліп жатқан «Ѕарасат майданы» емес. Сондықтан дінге бөлудің де керегі жоқ. Халыққа керегі күш иесін көру. Бүгін құдайдың қарғысы тиген пақыр мен аямай жарылқаған байдың күресін көргіміз келеді. Оларға дегенде жақсылығын аямаған құдай қара күшті де солардың кеудесіне құйған шығар... Солай ма Добрый?..

– Давай, – деді палуан орнынан тұрып.

– Тіпті дұрыс. Май жеген байлармен тұздаған қиярға қосып қара нан жеген кедейдің күресін көреміз, – десіп халық шуылдады. Тәртіпке шақырған полицейскийлер ілгері ығысқан елді кейін шегіндірді. Ешкім күреске шықпады. Хазірет пен поп біріне-бірі жақындап тігілген бәйгені алысуға қам істеді. Сымғат дуанбасының жәрдемшісіне:

– Мырза, күресетін байлардан табылмаса, халықтан табылар. Сіздер бәйгеге тігілген ақшаны алуға асық-паңдар. Міне, біз іздейміз, – деді.

– Сымғат абзи, 25 тиындық ромның қызуы көпке бармайды. Міне, қазір-ақ құлағыңнан қызарып шығып кетті. Уақытты босқа өткізіп не керек.

Сымғат әлденелер айтқысы келіп әлгінің бетіне қа-дала қарады да, айтпады. Көпке қарап:

– Ағайындар, біздікі бәйге алу үшін емес, тамаша көріп көңіл көтеру үшін. Добрый-Рабыйдан күрес үйренем деген талапкер бар ма? Жығамын деме, күрес үйренем деп-ақ түс.

Палуан Сабан тойға келетін елдің күреске түскенін түгел жығып болған еді. «Мен бар» деп ешкім шыға қоймай, әр жерде дәмелі кісілердің бетіне қарасты. Олар бураның санындай бұлшық еті білеуленіп тұрған алып-қа бір қарап, назарларын жерге аударды.

– Еділ бойы мұны қалай жалқы туды. Кәне, бар ма серік болам деген? – деп Сымғаттың даусы булыға шық-ты. Қас қаққандай уақытқа тына қалған көптің ішінен біреу кимелей алға шығып:

– Еділ тумаса, Есіл туған. Міне, мен бармын, – деп ескі түйе жүн шекпен, басына сырмалы шыт тақия, саптама етік киген қара жігіт алаңға шыға келді. Оның киімді тұлғасы Добрый-Рабыйдай болмаса да соған жете қаба бар екен. Жиын бейтаныс жат кісіге таңырқаса қарасты Шабынған арыстандай жай басып, қыса қараған көзіне палуан да қарады. Мұрты жаңа тап беріп келе жатқан жас жігіт, ешбір қобалжусыз палуанға қарай еркін келе жатты.

Кім екені белгісіз, жат киімді адамға жиын таңырқай қарасты. Дыбыс басылып, азғана тыныштық орнады. Жігіттің алдына Сымғат шығып, қарт палуанға екі басып жететін жерде тоқтатты.

– Неге келесің туғаным?

– Күресем.

– Ә... Солай ма. Сабыр ет. Қайдан келдің, қай ұлтсың?

– Ақмола, Есіл бойынан келдім, қазақпын.

– Өзің әлі баласың ғой, неше жастасың?

– Он тоғызға шықтым. Баламын деп жассынбаймын.

– Нешедемін дейді? – деген дауыстар айнала тұрған адамның бірнешеуінің аузынан шықты.

– Жасы он тоғызда ғана, – деп Сымғат орысша, татарша айтып айқайлады.

– Е... Әлі бала. Оны анау дөймен күрестіруге тіпті обал енді.. – деген баяу дауыстар естілді.

– Жарайсың, азамат екенсің. Еділ бойын түгел адақтап жыққан алыпты жықпасаң, үйрену үшін күресерсің. Сені жассынғанда күресетін үлкеніміз қайсы... Жығылсаң да бәйге береміз.

– Сымғат, жығылғанға бәйге төлейтін қанша ақшаң бар? – деді дуанбасының тілмашы.

– Жыққан кісіге беретін мырзалардың қанша ақшасы бар? – Хазіретте жүз, попта жүз, – екі жүз сом...

– Ал осы бала жығылса да үш жүз сом ақша берем.

– Ондай ақша сенің әкеңе де бітіп көрген жоқ еді. Қайдан ғана аласың?

– Солай десең, жыққанына мыңды берем.

– Сөзді көбейтіп, калтаңнан шығарып үш жүз сом ғана көрсетші, өзің.

– Міне, саған ақша. Неше мың сом... – Сымғат көпке қарай қолын сермеді, – әрқайсысы жиырма тиыннан бергенде, әлденеше мың сары қағаз болады. Мырзаларыңнын екі жүз сомына өздерің арақ іш. Ибрай, Хути, Сергей, Якуб, Файзулла, Михаил ал, ақша жинаңдар. Міне, менен бес сом. Малай палуан мен қарт палуанды күрестіріп, қызығын көреміз. Халықтың сыйының қанша болатынын мырзалар көрсін.

– Аға мен жығылу үшін күреске түспеймін. Белін бір ұстаған соң, сақалын сыйлап та жығылмаймын. Жықпасам арам сыйды алмаймын да, – деді жас палуан.

Сымғат баланың бетіне қиқая тұрып тағы бір қарады да, күліп тұрып оның сөзін қарт палуанға түсіндірді.

– Жарайды. Жарайды мұндай жүрегі бар баламен күрескеніме мен де арланбаймын. Айтқаны палуанның сөзі, – «күш атасын танымайды» деген.

Ілгері ентелеген көпшілікті кейін шегіндіріп, тәр-тіпшілер көбейді. Алаң кеңіп, адам көбейе түсті. Поп пен хазірет бәйгені бөліп алуды тоқтатып, күресетін кісінің кім екенін біліп алуға кірісті.

– Хазірет әпендім, енді қалай болады? Бөлініп тұрамыз ба, бірге тұра береміз бе?

– Енді қалай... Господин поп. Рас, мұсылман мен христиан күрескен соң, әлбетте, бөлініп тұру керек.

– Күресетін жас кім, қай ұлт екен?

– Қазақ.

– Хазірет әпендім, есіңде бар ма. Бір кезде екеуміз Россияның халықтарының қайсысының қандай дінде екенін сөз қылдық. Сонда сіз – «қазақ халқының жүзден бірі ғана намаз оқиды. Оның өзін де кітапқа сәйкес дұрыс оқымай, «ақ қойдың келдесі, қара қойдың кел-десі» – деп бұзып оқиды. Сондықтан оларды мұсылман деп айтса да болады, айтпаса да болады, – деп қазақ пен татардың айтысынан бір ауыз өлең айтқансыз; маған түсінікті болу үшін тәржімалап та беріп едіңіз.. Ол:

Қазақта көп болады батыр деген,
Батырлар бермегенді тартып жеген.
Көшпелі ел, салып қойған мешіті жоқ,
Қазақты бір тауаятта кәпір деген, –

деп едіңіз. Мұндай діні белгісіз адам үшін несіне бөлі-неміз. Рас, кәпір екен – ол да орыс.

– Болмаса, өзінен сұрап анықтайық, – деді хазірет.

– Ибадулла, біліп қайт!

Мүпті келіп:

– Малай, жазарға керек... Сен қайсы дінде?

– Мен ондайыңды білмеймін, қазақпын.

– Хазірет әпендім, білми, – деп қайтып келді.

– Әлбетте оқымаған кісі білмейді. Юрий господин, ол енді қазақ болғаш њар хәлде мұсылман, – деді хазірет.

– Кім болса да күресе берсін, – деді поп.

– Фамилияңды айт, дуанбасы жазып қой деп жатыр, – деп жәрдемші келді.

– Мұқан.

– Бұл әкеңнің аты ма, өз атың ба?

– Әкем Мұңайтпас, оны қайтесің, күресетін өзім, өзімді жазсаң болды.

– Кәне, әзірлен, малай. Енді күресесің.

– Мен әзір тұрғалы қашан.

– Киіміңді шешпейсің бе?

– Мен киімімді шешіп су кешем бе? Осылай-ақ күресе берем.

– Оның болмайды. Мына палуанша шешініп күрес. Міне, сен кисін деп палуанға лайық майка, шолақ дамбал да алдырдым, – деп Сымғат дүкенші бала алып келген, қағазға ораулы киімді ұсына берді.

– Жарайды, қолына ұстап тұр, палуанға арналған киім болса, – палуан болғанда киермін. Әзір күресе тұрайын, – деп бурадай шабынып тұрған Добрый-Рабыйға келіп ұстаса кетті.

– Әне, қарт үшін бір секундтық іс. Алады да, соғады, – десті біреулер.

– Илањи, құдайым, сақла шул малайны, – деді бір татар кемпір.

– Әне, ілік сілкуінен қалды, фәхир, – деді біреуі.

– Малайның белбеуі үзілді, – деді балалар.

– Құшақтады белін. Енді көтереді, – деді біреу.

– Үзген темірдей қолын босатты, – деді біреу.

– Қарт қисайды, жата, жата да ата... – деді біреу.

Қарт палуанның бір әдісі осы жата қалып атып жіберетін. Оны кейбіреулер «жығылды» деп босаңсып қалатын. Ондай әдісті бұрын балалардан көрген Мұқан қисая бергенде белінен қапсыра құшақтап, бөксесін тізесімен қағып жіберді.

– Әне, қарт дөңбекше көтеріліп, малайдың иығында кетті, деп айнала тұрғандар шу ете қалды. Құшақтаған қолы жазылып қарт бір-екі ұмсынса да, қолы бала палуанның беліне оралмады.

– Ұр, қарбызша жерге, – деді бір шал.

Палуан көтерген күйі төрт-бес адым басты да Добрый-Рабыйды үйіріп барып тікесінен жерге қоя салды.

– Бала жыға алмады, – деді дуанбасы,

– Жыға, алмаса жығады. Қайта күрестіреміз, – деді мүпті.

– Мен жығылдым, – деді қарт. – Мен күшіммен босанғаным жоқ, бала босатты. Өзімнен күші басым бір жас шыққаны үшін мен бақыттымын. Жаурыным өмірі жерге тимеген еді, – сол жерге тимеген күйі қартайдым. Енді мен күресті қойдым, дей келіп:

– Россияның құрметті әлеуметі! Мені жоқшылық көгендеп, палуандық ғылымын оқытпады. Мүмкін, мен Еділ бойын ғана емес, дүние жүзінің палуанын жығар едім. Енді мына жас күшті тәрбиелеп, әлемдік атақка ие етуге көмектеріңді сұраймын, – деді қарт палуан көпшілікке айнала қарап.

Файзулла мен Сергей халықтан жиналған бір қалта күміс пен бір орамал толған қағаз ақшаны Сымғаттың қолына берді. Көпшіліктен оқшау шығып, су жиегіндегі құлаған ағаштың үстіне қатар отырған қос палуанның қасына қолына елден жиналған ақшасын ұстап Сымғат келді. Оның артынан ере келе жатқан дүрмектің арасынан оза ұмтылып, бір кемпір:

– Сымғат, кемпірлер жинаған сыйлықты да ал, ақ-шасы аз болса да, сақина жүзіктері көп. Бәрі таза күміс. Бет орамал, білезіктері де бар. Біздің сыйлығымызды да палуанға бер. Үлкен палуанның кемпірі, қызы бар шығар. Баланың шешесі, жеңгелері бар шығар, – деп түйіншегін Сымғаттың қолына ұстатты.

– Мына менің де сыйлығымды қалдырма. Қыс бойы Қабанкөлдегі қоймасын күзеткенім үшін бай сыйлаған бешпент еді. Бер палуанның біріне. Рақатына кисін, – деп қарт татар қара сәтен камзолын ұсынды.

Барқыт тақия, үш-төрт аршын жыртынды мата, шеті бедерлі шыт орамал, толып жатқан ұсақ-түйек заттарды құшақтап шекесінен тері тамшылаған біреу әкеліп екі палуанның ортасына алып ұрды.

– Міне, саған, Сымғат, халық сыйы. Қайсысына берсең де ықтияр өзіңде. Тағысын тағы әкеледі. Көп-шілік палуандарды орай жиналғанда, мырзалар жұртта қалған сынық қададай шошайысып, бес-алты ғана адам қалды да арбаларын шақырып, әлдеқайда тараса бастады. Көптің қызығын көргісі келген жастарына көңілсіз көздерімен қисая қарасты да, атшыларына «айда» деп иек қақты.

Палуандардың алдын айналдыра қоршаған көптің арасынан мойнына кішкене күй шанағын ілген, жұпыны киінген, екі баласын қасына ерткен қарт алаңға шықты. Шалдың мойнындағы күй шанағы балаларды қызықтырғандай бір түрлі еді, көріп жүрген ән-күй құралының біріне де ұқсамайды, не төрт бұрышты емес, не үш бұрышты емес. Әлдеқандай жұқа тақтайдай иіп, көнмен қаптап, бетіне неше алуан сым шектен желі тартқан. Жиек-жиегінен бұрайтын құлағы бар. Оны қалай бұрап, қалай күйге келтіретіні өзінен басқа кісіге түсініксіз болатын. Бірақ шалдың тарамыстанған кәрі қолы тигенде сол ебедейсіз жабайы құрал қуаныш, қайғының алуан түрлі үн ырғағына келе беретін. Қарт ортаға келіп, күй сандығын қолына алды да, бұрын құлақ естіп жаттықпаған жаңа күйін тарта берді. Соның алғашқы үні – күрілдеген күннің, шатырлаған нажағайдың үні сияқтанып келіп, ортасы уілдеген желдің тулаған толқынның жақпар тастарға соққан шуылындай жойқын дыбысқа айналды.

– Бұл тартып отырған қандай күй? – деді біреу.

– Күш күйі.

– Жыры қайда?

– Онысы да бар.

Екі баланың жіңішке әдемі даусы күй құралына қосарланып тайдай ілесе жөнелді:

Толғанса күштер,
Туласа күштер.
Тулайды теңіз тасынып.
Толқыннан шыңдар,

Шыңғырып тулар
Тулады кеме асылып.
Долданып дауыл,
Шыңдары ауыр,

Қолтықтап ұшар биікке,
Құлайды жарлар,
Жылайды сұмдар,
Тарылып демі жиекте.

Күштердің күші
Істердің ісі,
Адамнан асқан іс, кәне?!
Құрғатқан көлді,

Жайнатқан шөлді,
Өмірдің адам ұстазы.
Еңбекшіл ерлер,
Төгілген терлер,

Өзгертер әлем өңірін.
Адамдық күштер,
Ғажайып істер
Орнатпақ бақыт өмірін.

Шақырайғаң күнге қарап, екі көзін тарс жұмып, музыканың үніне балқыған қарт аңыратып тарта берді. Ол екі баланың қосылып тұрған сарынынан шығып, әлдеқандай сақылдаған күлкі, шартылдап соғылған шапалақ сияқты бір үнге басып, тарамыстанған саусақтары күй құралының бетіне тартылған көп шектердің әр саласына бір жүгіріп, қиялы әлемнің аңғарына қарай самғай ұшқан қырандай шарықтады. Сырнайшы шалды жамбастай отырысқан бірнеше қарттар терең ойға түсіп, кең дүниенің ұзақ кенерелеріне қарасып, сақалдарын сипап, «ой-қой» десіп, әлдеқандай булыққан аңсауларын сыртқа шығарғандай болды. Ағаш үстінде көзін айырмай қадала қарап отырған жас палуан жақындап келіп, жанқалтасынан елу тиындық күміс ақшаны күйші қарттың алдына тастай салды.

– Күйіңіз жақсы екен... бақытты болыңыз, – деді Добрый-Рабый, орнынан тұрмай-ақ, жанындағы тоз-

ған қамзолының қалтасын кеулеп, бір сомдық сөлкебайды лақтырып жіберді де:

– Асыл қазына, – күтілмеген жердің ішінде, кенеуі кеткен елдің ішінде жатыр. Тарта түс, қартым! – деді.

Ағашқа сүйеніп, шеткерірек тұрған қызметкерлер киетін киімді біреу, жақындай түсіп:

– Қарт, айбаттап тұрып милләт күйін тартып жібер, – деп жиырма тиын күмісін екі баланың ортасына қарай лақтырып жіберді. Оны балалар шалдың алдына тастаймыз деп, тартып отырған күй құралының шанағына түсіріп алды да, күй сарынын бұзып жіберді. Қарт жұмған көзін еріксіз ашып, жақындаған қызметшіге бажырая бір қарап;

«Миллат дейлар миллат дейлар,
Миллат үшін біт дейлар,
Миллат күйі – бірлер үшін,
Көп туғанға жетмилар», –

деп, бір ауыз өлең айтып, күй сандығын жанына қоя салды.

Қолындағы ақшаларын палуандарға беруге асығып тұрған Сымғат тең бөлді де, қатар қонған бүркіттей, ағаш үстінде отырған екеуінің алдына қойды.

– Туғандарым, бұл көптің сыйы. Міне, бес жүз сексен екі сом, жетпіс тиын ақша. Екеуіңе тең бөлінді.

Қарт палуан еңгезердей болып ұшып тұрды да:

– Әлеумет, құрметтеріңізге құлдық. Бұл ақша мына жас палуанды оқыту қаржысына жұмсалсын. Мен осындай қаржының табылмағанынан қартайғанша мүгедек болып, бойыма біткен өрен қайратымды шарықтата алмай ел ішінде қалдым. Керексіз уақытта табылған кеннің керегі қанша? Бұл дүние осыған берілсін, – деп қалтаны қасындағы Мұқанға қарай ұсынды.

– Мен күшті молдадан алғаным жоқ. Құлағымды жұлып, жанымды таспадай тілген соң, көрмегенім молда болсын деп кетіп қалғам. Нағашы атам мен өзімнің бабам оқымай-ақ – Лук, Ернақ палуан атаныпты. Маған ақша төлеп оқудың керегі жоқ. Онда барған соң тағы біреуі дүрелеп жүрер. Онан да жасың болса келіп қалған, бала-шағаң бар сен ал, – деп өз үлесін де қосып Добрый-Рабыйдың алдына барып екі қолын бірдей қысты Мұқан.

– Сен алып оқуға кетсең еді, – деп қарт, Мұқанға қарады жасаураған көзімен.

– Жоқ-жо-жок, сен ал, – деп бала палуан дізесін бүгіп, қолын қысып тұрып алды.

Батрак – Акмолинский

Қазан қаласында біраз тұрған соң, Мұқанның Омбыдан шыққан талабы өзгерді. Оған кездейсоқ, тап бол-ған мына жағдай себеп болды. Сабан тойы тарауға жақындағанда, үлкен қаланың бірінен көшпелі цирк Қазанға келді. Оның күлдіргіш, даршыларынан басқа сегіз палуаны бар еді. Алғашқы ашылған күндерінде өзінің қатарлары Файзолла, Сымғаттармен Мұқан да келіп көрді. Тізген нарлардай жалаңаш дәулерді көріп, аузынан суы ағып екі жағына екі жұдырғын нықырта тіреп, көзі сығырайды да қалды.

– Малай, не істеп отырсың? Еңсеңді түсіріп, қор-қып отырғаннан саумысың?.. – деді, жақында отырған жолдасының бірі. Мұқан оның сөзін елең қылмай бейнебір қалғып отырған жандай, үндемеді.

– Неге үндемейсің? – деп бүйіріне түртті, сөйлеген жолдасы. Ол жайлап басын көтеріп, жолдасына қарады да:

– Бұлар кімдер өзі? – деді, орталық алаңды айналып, бойларына қарай сапқа тұрған палуандарға иегін көтеріп.

– Бұлардың кім екенін қазір көресің.

Цирк ежелгі дәстүрімен ұсақ ойыннан бастап, дене шынықтырудың алуан түрін, ат ойынын, күлдіргіштерін көрсетті. Мұқан оның бәріне де қызықпады.

– Әлгі дәулері қайда кетті? Күресін қашан бастайды, ащы ішектей созып, ішімді пыстырды ғой, – деп жанындағыға қарады.

– Малай, асықпа, енді болады. Көріп отырғаныңның бәрі қызық емес пе?

– Несі қызық?.. Біздің ауылдың балалары ойнайтын алтыбақан, аткеншек, сырықаяқ деген ойындары ғой манадан бері көрсеткендері.

– Аттар ше?

– Сол да ойын ба, тәйірі... Ауылда көкпар шауып, талайлардың аяқ-қолы сынып жатады. Әжем: «Атқа мінсең жай жүр жығылып жазым боласың» – деген. Ат-ты арбаға жегіп жүрмесе, секектеп мінгенді жек көрем.

Үзілістен кейін орталық алаңды сыпырып үлкен кілем жайылды да, жеті-сегіз адам көтеріп, арбаның бел теміріне кигізген дөңгелегі сияқты бір затты алаңға әзер жеткізді.

– Малай, міне, енді палуандар шығады. Осы сегіз адам көтере алмаған шойынды қазір бір адам-ақ көте-еді. Күштің қайда жатқанын көресің... – деп, қолын уқалап қойды қасындағы біреу.

– Көтерсе несі бар... Бұл сегіз адам: «Сексені жиналып циркке шығатын батырлар» ғой. Күресін көрсетсе екен, – деп жағын таянып, көз алмай қарап отыр Мұқан.

Темірді көтерген палуанды көруге ынтығып отыр-ғанда, ботинкасының тұмсығы жарты көз, басына сәукеле киген, қолына жуан қурайдан таяқ ұстаған біреу шығып, жан-жаққа қарап басын қылмың-қылмың ет-кізді.

– Мұнысы несі? Темір көтеретін палуан осы ма?.. Мұқанның сөзін естіп қалғандай-ақ.

Ол «мен» дегендей, мойнын созыңқырап, басын шұлғып қойды.

– Қой, бұл сыпырғыш та көтере алмайтын сорлы ғой! – деді Мұқан.

Күлдіргіш жуан таяғын ала, Мұқанға қарай ұмтылды. Орнынан атып тұрған Мұқанды жолдастары ұстай алды. Ол таяғын білемдеп, төніп келді де, аузын қисаң-кисаң еткізіп, үндемей, көзін бадырайтты. Жұрт қыран топан күлкіге батты да қалды.

– Бұл не? Мені ұрмақшы ма?

– Құдай сақтады... ұрмады. Ұрғанда сені сілейтіп салар еді, малай...

– Қой, ол ұрып кімді қиратады. Құлағынан ұстап, лақтырып жібермеймін бе!

– Оны лақтыра алмайсың. Осындағы сегіз палуанның әкесі осы, сенбесең ана темірді қалай көтергенін қара, – деді күлкіге батқан жолдасы.

Ол қурай таяғын Мұқанға қарай бір-екі білемдеп, лақтырып тастады да, темірге үңіліп, айналдыра бір қарады. Білік теміріне қолын созып-созып, басын шайқады. Бас киімін шешіп, тағы қолын созды. Үһілеп, маңдайын орамалымен сүртіп, сыртқы киімін тастады. Аяғымен дөңгелекті теуіп қалды да өзі шалқасынан құлады. Жұрт тағы күлкіге батты.

Мұқанның күліп отырғандарға ызасы келді.

– Сендер осының несіне күліп отырсыңдар? Мұның күресі қайда? Мына жүргені біздің ауылдағы «айқұлақ, нан-кемпір» деген ойын. Оны балалар ойнайды. Мен цирк дегенді – палуан етіп шығаратын, үйрететін мектеп десем, бала-шағаның ойыны екен. Орынборға барсам да көретінім осы ма?

– Әрине, цирк болған соң осы.

– Ендеше, мен бармаймын.

* * * Мұқан ынтыққан күрес те басталды. Ол күрес күн сайын ойынның кейінгі жағында болып жүрді. Французша күрестер мәнін түсінбеген Мұқанға қызық көрінбеді. Әлі жеткені алып ұра салатын жедел қимылы жоқ сияқты. Күреске шыққандар сом білектерімен бірін-бірі соғып өтеді. Бірін-бірі арқаға салып ұрса да, «жауырыны түгел жерге тимеді» – деп, қайта алысады. Бір жұп палуан күрестерін бірнеше күнге созып, бірін-бірі әзер жығып, не жығыса алмай кетіп жүрді. Жұрт көбінесе қызық көретін ұсақ-түйек ойындарды Мұқанның көргісі жоқ. Күзге қарай спорт оқуына орналастырмақ болып жүрген баспахана жұмысшылары Мұқанның цирк өнерімен таныса бергенін тәуір көріп күнде ойынға әкеле берді. Өзінің ақылшы ағасындай болған Сымғат-қа бала палуан күреске түскісі келетінін айтса да, ол мақұл көрмеді.

– Сен әлі асықпа. Бұл күрестің әдісін біліп алмай күресуге болмайды. Бұл бейтаныс палуандардың ішінде сенің жанашырың жоқ. Сен жықсаң да олар өздерінің атағы үшін «жығылған жоқ» деп дауласады. Саған алдымен ұстаз керек, ол ұстаз болатын адам бұл жерде жоқ, оған сені алып барамыз. Әзірше күреске көзіңді үйрете бер, күрес ешқайда қашпайды, – деді.

Жұмысшылардың жатақханасының бір кішкене бөлмесінде жатқан Мұқан көпке дейін ұйқысы келмей, Сымғаттың «ұстаз керек» деген сөзі әкесінің бала ке-зінде айтқан бір сөзін ойына түсірді. Ол: «Қарағым, өзің аман-есен өскен соң, жауырыны жерге тимеген Ержан палуанға апарып, батасын алып, ұстаздық кеңесін әперем» деуші еді. «Сол батаны, сол ұстаздық кеңесті мен түнеугі қарт палуан Добрый-Рабыйдан неге алып қалмадым екен?» деп өкініш етті. Алуан түрлі оймен шатасып ұйықтаған оның түсіне әжесі кірді. Есіл өзені тасып, оның жиегін алуан түрлі зәулім жеміс ағаштары көмкеріп кетіпті. Бұтақтарын майыстыра салған мәуелерден шірне тамшылайды... Елдегі өзі білетін адамдардың бәрі мәз-мәйрам болып, сол бақтардың арасында ұлы-жиын тойда жүр екен. Өзі көрген Қызылжар, Омбы, Қазан қаласының адамдары да сол жиынға қаптай келіпті... Сапар байдың үйінде әңгіме еткен палуандар, циркте көрген палуандар бір алаңда тізерлесіп отыр. Басында қарағайдай мүйізі бар дәу, ортаға шығып күресетін кісі сұрайды. Оған ешкім шықпайды. Сонда: «Ендеше, бас палуанның бәйгесін алдыма әкеп байлаңдар! Мен күреспей алам...» деп гүріл-дейді, мүйізді дәу. «Қой, ол болмайды... жалпақ елден күресетін кісі шықпаушы ма еді, шығады, сабыр ет...» дейді ала атқа мінген ақсақалды қарт. Сол кезде: – Әже мен күресейін, – деді Мұқан.

– «Сен Қабанкөлге барғанда белдескен ұлы палуан сені өкіл балам деп еді ғой. Енді сол атаңның рұқсатынсыз, ешкіммен күреспе! Сен албырттығыңды қой, сол атаңнан үйрен!» – деп, қатты айқайлап жіберді әжесі...

Сол айқай өзін ұйқыдан да оятып жіберді. Көзін ашып тұра келсе, күн шығып, жұмысшылар жұмысына кетіп жатыр екен. Көңілі бір түрлі жадырай қалыпты. Ойланып отырды-отырды да, «Адамның өңінде ойланғаны түсінде бір түрлі болып көрінеді екен ғой», – деді.

* * * Күреске ынтыққан Мұқан Добрый-Рабыйдың селосына іздеп барып, қартпен сәлемдесті. Оның қызы мен баласы алыстан өз туғандары келгендей қуанысты. Қартқа жақындап отырған Мұқан қалаға цирк келгенін, оның палуандарын, солармен күрескісі келетінін айтты. Оның көбісіне қарт түсінбей басын изей отырып тыңдады, анық түсінгені оқуға баланың баратыны анық болып, Дядя Иванға ұзақ отырып хат жазғызып берді. Мұқан осы кағазға менің күреске түсуіме ризалығын да жазды деп ұғынып, өте қуанышпен ертеңіне түнде-летіп Қазанға қайта келіп баспаханадағы өзі жататын бөлмеге қонып шықты. Ертемен жанындағы жолдастары жиналып:

– Малай, сен қайда кеттің? Сені қашып кетті деген лақап тарап, біздің қашпады дегенімізге мырзалар сенбей жатыр.

– Кім оны шығарып жүрген?

– Сен кеткен күні Камал байдың күймесі сені екі рет іздеп келді. Байлар өзара кеңесіп, көптеген бәйге тігіп сені цирктің палуандарымен күрестірмек болса керек. Сенің қайда кеткенің белгісіз болған соң, қашып кетті деп өсек таратқан солар көрінеді.

– Сымғат ағай қайда?

– Ол байдың жіберген кісілеріне: «Біз оны оқытпай ешкіммен күрестірмейміз. Байлар бәйгеге деген ақшасын картаға салып ойнай тұрсын әзірге», – деді. Өзі кешеден бері Қазан қаласының түкпір-түкпірін қоймай сені іздеп жүрген болар, екі күннен бері жоқ.

Сымғат кешке шейін келмеді. Цирктің басталатын мезгілінде өзімен үйірсектеніп жүрген төрт-бес жігі-тімен Мұқан келді. Бұл күндерде цирктің табысы үшін ермек күрестен жұрт мезі болып, келуді сиреткен еді. Бүгін орынның көбі бос, тақырға шыққан тарыдай, шашыранды сирек адамдар әр жерге келіп отырыпты. Сұйылған көрушілерді қайта жинауға цирк басқарушылары да бір жаңалық табуды көздеген кез еді. Ойынның көбін теріс қарап өткізген Мұқан, палуандар ортаға шығып, байырғы ермек алыстарын бастады. Бұған іші пысып, зығырданы қайнап отырған Мұқан «Сым-ғатпен ақылдаспай күреспесін» дегенін ұмытты да, орнынан атып тұрып, ойын басқарушының қасына барды. Ойын басқарушы Сафронов анда-санда көзі шалып жүрген алып тұлға қасына барған соң, бас-аяғына көз жүгіртті де, күрестің бір кезегі аяқталғанша оны алдыңғы орындықтың біріне отырғызып қойды.

– Кәне, не айтпақшысың? – деді, жиырма минут алысып жығыса алмай алқынған екі палуанын демалуға отырғызған басқарушы мұның қасына келіп.

– Мына палуандармен маған күресуге бола ма?

– Оһо... Бізбен күресетін мықты келіп қапты! – деп, ентігін әлі баспаған екі палуан елең етіп орындарынан тұрып, бастықпен сөйлесіп отырған Мұқанның қасына келді.

«Сендер даурықпа» дегендей, бастық қолын палуандарға қарай сілтеп қойды да, күрескісі келген жігіттің жайын сұрай берді.

– Жасың қаншада?

Мұқан түйткілденіп, күрмеліп тұрды да:

– Отызға жақындап қалсам керек... – деді. Онысы шын жасын айтса күреске қатыстырмай тастай ма деген қауіп еді.

– Қой, сен жиырмаға жетсең де жарар еді, – деді басқарушы, бет-бейнесінен балалықтың ізі әлі кетпеген Мұқанға тесіле қарап.

– Ол менімен жасты, он тоғызда, – деді Мұқанға еріп келген бала.

– Я, мен алжаспасам керек. Сен жасыңды неге жасырасың?

– Мен жасырғам жоқ. Жасты үлкейтіп айтқан жақсы дейтін әжем. Жасым жиырмадан асып кетті, анау әшейін айтып отыр, күрестірсең болғаны.

– Сонымен ежікелесіп тұрудың қанша керегі бар! Күрескісі келсе бері жібер, қазір-ақ күлге аунатқан күшіктей етіп жіберейін, – деді палуанның бірі күле сөйлеп.

– Сен лепірме! Күлге кімнің аунағанын кейін көреміз, – деп бастық палуанға қабағын түйе бір қарап, – сен қазандықпысың? – деді Мұқанға.

– Жоқ Ақмоладан келдім.

– Қырғыз?

– Иә.

– Ендеше, білдім. Орныңа барып отыр. Ойын біткен соң сөйлесейік.

* * * Келесі күнгі цирктің жарнамасы керемет қызық болып шықты. Сапта тұрған сегіз палуанның карсысында жұпыны киімді бір бала тұр. Басында жиекті ши қалпақ, белінде жуан арқаннан белбеуі бар – «Көшпелі цирктің сегіз палуанымен қазақша белдесіп күресетін жас палуан – Батрак-Акмолинский» деп жазылған. Бұл хабар цирктің қайта қағылған дабылындай болды. Тозаң басып бос тұрған орындықтар халыққа толды. Типографияда басылып, бір данасы ілулі тұрған жарнаманы көріп Сымғат қатты ренжіді. Оған Добрый-Рабый: «Сіздерден менің тілегім: баланы өз орталарыңнан шығарма. Егер байлардың қолына түссе, бұған қабаған итім деп қарайды. Олар бірімен бірі бақталас, сауда үшін де, жер үшін де, жүйрік ат, жақсы шана үшін де, әшекейлі үй, думанды бал үшін де қырқыспай жүрмейді. Бұл олардың қолына түссе есуастандырып мас болғанша ішкізіп, бақастасқандарын ұрғызып, өшін алады. Жазатайым бір оқыс жаманшылық болғанда бұған жәрдемдесетін кісі табылмайды. Бұл менің бір кезде басымнан өткізген жағдайым. Цирк Қазанда болмай тұрмайды. Оның күресіне, оқуынан өтпей бұл қызығушы болмасын. Өйткені – жас, күші болғанымен ойы толған жоқ. Албырт күш әр уақытта апатқа киліктіреді. Цирк айналасына топтанған кісілер: өз күшіне се-ніп, өзімдей біреуден жығылмаймын деп, күресті кәсіп еткендер. Олар сол кәсіпті үйірлесіп, біріне-бірі ұстаз болып, бірін-бірі сүйеп өсіргендер. Сондықтан бірін-бірі әр уақытта да сүйейді. Олардың біреуін жығу – сол топты өзіне қас қылып алу болады. Бұл жағдайды да мен басымнан өткіздім. Кейінгі кезде олар тілек етсе де мен бармайтын болдым. Бала алдымен үйретуші тауып, үйрене жүріп жаны ашитын дос таппай күресудің керегі жоқ. Петроградта дядя Иван деген палуандардың ұстазы болып отырған кісі бар. Соған осы баланы жеткіземін десеңдер, бір үйдің жанындай бірлігі бар жұмысшылар, сіздердің қолдарыңыздан келеді. Ол мені талай рет шақырып, талай мейірімді хаттар жазған кісі еді. Сол кісі баурынан балапан ғып өргізуге аңсаған адамның бірі осы бала» – деген. Туғандары тұратын ауылға барып, кеш қайтқан Сымғат, асыға жүгіріп циркке келді. Цирк лық толған адам. Орынсыз жүздеген адамға билет сатылып, кісінің көптігінен цирктің ішіне бас сұғуға болмайды. Қолына жарнаманың бірін шиыршықтап ұстай, цирктің өз адамдары кіретін жағына келді. Олардың арасынан, әлдеқалай бір таныс адам тауып, Батрақ палуанның ағасы болып цирктің ішіне кірді. Алдыңғы ложаларға қатын-баласымен келіп орналасқан Қазанның байлары мен саудагерлері бар еді, солардың даурыққан үлкен шуының үстінен келіп шықты. Палуандар өздері кіретін есіктің алдында, күрес алаңына қарай бірін-бірі нықтай, мойындарын созып қарап тұр. Ысқырық үсті-үстіне шалынып, орындарынан тұ-рып кеткен жұртты тыныштандыра алмай, ойын басқарушы жүр. Цирктің қатарындағы палуанның бірі Семен әлдекімді балағаттап, беліне байлаған қайысты шешіп, лақтырып жіберді. Алаңды айнала қоршаған керте-кертенің ішінде, үстіне цирктің жұмысшылары киетін кенеп шапан киіп, беліне мақтадан ескен жуан арқаннан белбеу байлаған Мұқан отыр. Ертерек алаңға жеткісі келген Сымғатты, есік алдына тұрып алған палуандар, төбесінен күркетауықтай одырая қарап, бадырайған саусақтарымен кеудесіне қағып жібермей қойды. Цирк ішіндегі көп шу басылған кезде, алдыңғы ложаның бірінде отырған Камал бай шалқая қарап:

– Сафронов әпендім, сіз бұл Батрак палуанмен жасасқан шартты көрсетіңіз, – деді.

– Қандай шарт, мырза?

– Күреске түскен батрақ, цирктің ақылы қызмет-шісі болмаған соң, төлейтін еңбек ақысы көрсетілген шарты болуы керек.

– Өйтетін біз тілек етіп шақырғанымыз жоқ, өзі келіп күреске түсемін деп ұсыныс жасады. Біз тек қызық үшін, сол тілегін қабыл еттік. Өзімізше ойлағанымыз: ол палуандармен түгел күреспекші. Жықса оған 25 сом, жығыса алмай, мерзімді уақытын өткізсе 10 сом, жығылса ештеңе берілмейді. Ұтыс төлеуі (25 сом, 10 сом) – ойын түгел аяқталған соң төленеді.

– Оњо... Ойыңыз ұзақтап орала алмаған екен! Ол біздің кісілер асыраған қозы. Сен циркіңе кіргізіп сор-ғың келіпті. Мен сандығы толған кассаңа салатын құлып та табамын! Міне, көрушінің бірі мен. Егер малай күреспесе, циркіңнің шаң басқан ложасына он сом төлеп отырмаған болар едім. Солай ма, туғандар? – деп айнала қарады. «Солай, солай... әдейі сол үшін ғана келдік!.» деген дауыстар гу ете қалды.

– Әне, басқарушы әпендім! Олай болса, біздің Батрак жыққаны үшін жүз сом алуға тиіс, қазір маған беріп қой сол жүз сомды!

– Әзіліңді кейін айтарсың мырза. Бұл тері жинаған қоймаңыз емес, цирк.

Камал байдың бетіне ашу қаны үйіріліп, орнынан атып тұрды. Палуандардың нық басқан зілдей аяқтары қозғала бастағанда, Сымғат керегеден кірген мысықтай сүңги атып, алаңға шықты. Келе Мұқанды қолынан ұстап, басқарушының қасына келді де, гүрілдеген көпшілікке қарай алақанын жайып:

– Сабыр! – деп қысқа ғана үн қатты.

Цирктің алдыңғы қатарларында аздап толастау болса да, шеткі жақтағы бірінің иығынан бірі қараған жастар шуылын қоймады:

– Енді екінші палуан шықсын!

– Батрак-Акмолинскийдің бүгінгі күресі бітті осымен, енді басқа палуандар күреседі.

Сымғаттың араласқанына жиіркенгендей Камал бай теріс қарай өзінің ложасына отырып еді, Сымғат басқарушыға келіп:

– Сафронов мырза, сіздің циркіңіз көпшілік үшін, біздер үшін көңіл көтеретін орнымыз екеніне дау жоқ. Кейде сіздерді көруді аңсап әлеумет атынан шақыртып та отырмыз, сіздер келіп те тұрасыздар, оларыңызға рақмет! Бірақ естияр біреумен сөйлесіп алмай, баланы күреске қатынастырғаныңыз жарамаған іс. Сіз оны салдарлы палуан сияқты көпшілікке жариялап та қойыпсыз. Міне, жарнамаңыз, – деп қолына шиыршықтап ұстаған қағазды жазып жіберді.

– Енді не айтпақсыз? – деп басқарушы ыңғайсызданғандай болды.

– Сіз мына көпшілікке хабарлаңыз, бұл бала енді күреспейді. Мұның күресіне әкесі рұқсат етпейді, – деңіз.

– Мұның әкесі қайда?

– Әкесі көп. Аулында да бар, осында да бар, Словоянка селосында үлкен әкесі бар, бір әкесі мен, Камал бай орнынан қарғып тұрды.

– Міне, «Есекті міне білмеген отынан қалдырады» деген осы! Басың дүние есебіне жетпеген соң, жіберген күймеге бұл баланы салып жіберуің керек еді. Істете білген кісіге мұның әр күні сендей қорғасын ұясын шұқылағандардың жүзінің тапқанын табады. Ей... кепкен бас! Не істерін де білмейді... Әкесімін... Акмоладағы қой баққан бір қазақ қатыны, Қазандағы қарын теруші татар үшін бала тапқан енді!..

– Господин Камал, сіздің тіліңіз кәдімгі адам тілі, сіздің қаттап буған терілеріңіздің арасынан шығып тұрған тиынның құйрығы емес бұл бала! Сіз мінуін білетін есек үйіңізде көп болуы мүмкін, біздің баспаханада есек жоқ. Әрбір екі аяғымен жер басқан адамға, адамдық мейірімі бар кісі әке болуға хақысы бар деп ойлаймын. Ну, сіз міне білген есектерден емес. Қалай да бұл малай сізге есек бола алмайды! – деп, Мұқанды ертіп, Сымғат цирктің жұмыс бөлмесіне кіріп кетті.

– Мұқан, бұл қай балалығың? Ешкімге ақылдаспай өз бетіңмен келіп, күреске түсе кеткенің неғылғаның? Өзің әке деп санаған Добрый-Рабый мұныңды естісе қатты ренжиді. Ол тапсырып кеткен маған өкпелейді.

– Сымғат ағай, ол саған өкпелемейді. Мен алдыңғы күні оған барып, күреске түсетінімді айтып, рұқсатын алып келдім.

– Е, сені жоғалтып, Қазанның көшесін ақтарып жүргенде сонда кеткен екенсің, ғой. Рұқсатты қалай сұрадың?

– Өзімнің білетін тіліммен, орысша айттым. Мен орыстың «борьба» дегенін ұмытып қалып «поступок, күрес» дедім. Ол «күреске түссең, жақсы», – деп қуанып кетті. Рұқсатты сөзбен емес тіпті қағазға жазып берді.

– Қағаз кәне?

– Үйде.

– Алайда қартты қатырған екенсің, малай. Ол оқуға түседі деп қуанған. Сен «Қарағымның әкесі оқымай да хан болған» дегеннің көбін келтіріп күреске түсе бермексің...

Мұқанның Қазанға қалай келгенін, Добрый-Рабыймен қалай танысқанын, қарт палуанның бала туралы айтқанын толық түсінген цирк бастығы ойланып қалды. Оның жазып берген қағазын оқып көзінен жас аққанша күлісіп, келісімге келді. Ойынның аяғында көпшілікке «Батрак-Акмолин-скийдің күресі туралы ертеңгі жаңа жарнамада хабарланады» деді. Келесі күні цирк басшылары Сымғатпен кеңесе келіп: көпшіліктің назарын аударып, келушілерді ерекше көбейтіп отырған күресті қалайда дамытудың жолын іздеді. Халыққа өтірікші болмау жағын ойлап, ақылдасу үшін ертеңіне қарт палуанға күйме жіберіп шақыртып алды. Хабарландыруға: «Қазандағы көшпелі цирк мұндағы жұмысын аяқтар алдында өзінің көрушілеріне заманымыздың жас палуандарының атасы – Добрый-Рабыйды көрсетуді жөн деп тапты. Оның рұқсатынан кейін, сіздерге уәде еткен Батрак-Акмолинский қазақша бес палуанмен, французша екі палуанмен күреседі. Соның дайындығы үшін циркте Акмолинскийге екі күн француз күрестерінің әдісі үйреті-леді», – деп жазды. Бұл хабар қала халқын цирк кассасына еріксіз дүмете түсті. Цирк басшылары көпшілікке берген уәдесін орындады. Жойқын күшті жас баланы көрген цирк басқарушысы өз тарапынан Дядя Иванға хат та жазды.

Ұлы Петрдің қаласында

Тұманды аязда боз қырау басқан есікті татарша орама жағасы бар, мақталы ұзын шапан киген екеу келіп қоңырау тетігін басып тұрды.

– Сізге кім керек еді? – деді іштегі жіңішке әйел даусы.

– Дядя Иван Лебедев мырзаға кіретін едік, – деді сыртта тұрғандар.

– Сабыр етіңіз, рұқсатын алайын, – деп тағы бір есікті шырылдатып, әйелдің, әрі кеткен дыбысы естілді.

Әлден уақытта есік ашылып:

– Кіріңіздер, – дегендей басын изеді орта жастағы әйел.

Екі кісі әйелге еріп, қабырғасына айнала сурет салған кең бөлмеде жеке отырған кісіге келді. Қыстыгүні жалаңаш денесіне жадағай ала шапан киген кісі келген екеуді орнынан тұрып есік алдынан қарсы алды. Оның ұсқыны да, мінезі де, сөйлеген сөзі де келушілерге бұрын кездескен адамдарынан әлдеқайда өзгеше көрін-ді. Ол тіл қатпастан бұлардың қолдарын сыға ұстап, ақпен тыстаған креслоларға отырғызды да:

– Қайдан келдіңіздер? – деді жуан саусақты қолымен қарнын қапсыра құшақтап тұрып.

Қазан қаласынан келіп едік, мырза, – деп жауап қайтарды асығыс сөйлейтін аласа бойлы қара кісі.

– Сауда қылып жүрмісіңдер? – деді, басын кекшите.

– Жоқ, мырза, біз ол кәсіптің адамы емеспіз.

– Енді неге келдіңдер?

– Сіздің оқуыңызға бала әкелдім.

– Охо... Қазандағылар мұндай оқуға кісі жіберуді қашаннан бері ойланып жүр? Қандай сүйкімді сөз естіп отырмын, – деп ол орнынан тұрып, отырған екі қонағының алдына қарай жайлап басты.

– Қазандағылардың ойлайтын ойы көп екенін өмір-дің өзі көрсетіп келеді. Біздің Петр қаласынан оқитынымыз көп. Мейріміңізден үлес алсақ әзірге бірін әкеліп отырмыз.

– Мені тағы қуантқаныңды қарашы... Татар ма, ұлты кім?

– Мейірімді Петр қаласы, осындай сұрауды бермесе екен деп құдайдан күнде тілейміз. Дядя Иван әфән-дім. Бұл кім де болса, сіздің мектептің заказымен туған адам. Еділдегі Добрый-Рабый деген қарт палуанды білесіз бе? Бұл соның жіберген кісісі.

– Ә... оны неге білмеймін. Иван Васильевичті айтасыз ба? Мен оны білем. Неше рет хат жазып келтіре алмаған кісім ғой Ол нағып мұнда кісі жіберетін болды... Бұл орыс па?

– Бұл орыс та емес, татар да емес – қазақ.

– А, солай болса, Добрыймен қандай байланысы бар мұның?

– Қандай байланысы барын сізге жазған хатында айтқан болар. Алдымен сіз мынаны оқыңыз, – деп аласа бойлы татар қойнынан сия қарындашпен ірі жәндік-тің сүйегіндей ірі әріппен сойдита жазған хатты қолына берді.

«Ұлы дәрежелі, Дядя Иван Лебедев мырза, қанша хат арқылы шақырғаныңызда бара алмағаным үшін кешірім сұраймын. Сіз шын жүрегіңізбен хат жазған едіңіз. Бара алмадым. Себебі – бұл күнде қаржысыз адам – қанаты жоқ құс сияқты емес пе? Ол қайда бармақ... Екі қанаты жоқ түгіл бір қанатына оқ тиген құс та жорғалап мекенінен шыға алмайды. Мен де, сондай-ақ, туып өскен Еділ бойының тоғайынан шыға алмай қалдым. Болмаса бәріңіздің өрбіген бесігіңіздей, Москва мен ұлы Петрдың қаласын бір көріп қайтудың өзі әр адамның арманы емес пе! Сондықтан менің міндетімді орындайтын бір баланы көп жылдан бері арман етуші едім. Сіз маған жазған бір хатыңызда «балаңды жібер» деген екенсіз. Я, мен баласыз емеспін. Тәңірдің берген екі қыз бір ұлы бар еді. Бірақ әкеге тартып ұл, шешеге тартып қыз туа бере ме? Ұлым етікші, қыздарым егінші болып кетті. Бір қап картопты күшеніп көтеретін баламды сізге несіне жіберейін. Ол менен туғанымен етікшінің баласы болды. Сондықтан өзім сияқты, жолымды ұстайтын бір бала тауып алу арман болып еді. Ол тілеуімді тәңір берді, – мына бір қазақтың баласын жіберіп отырмын. Мүмкін қадарынша, тілегімді қабыл етіп мектебіңізге алуыңызды сұраймын. Я, құрметті Дядя Иван, замана адамды да ала-құлаға бөліп, сиырдың бүйрегіндей бөлшектеп, «ұлтың кім?» дейтін әдет шығарды. Осының қанша пайдасы барына көп халық түсінбейді. Мен де түсінбеймін. Мүмкін сіз – көзіңіз ашық адам болғандықтан түсінетін шығарсыз. Сондықтан бұл кім? Орыс пен қазақтың қандай байланысы бар? – дерсіз: меніңше, ақыл мен күштің атасы жоқ. Екеуі де елдің сыбағасы. Баланың күші менен гөрі басым жатыр. Мұндай жасымда менің күшім бұл мөлшерде болған жоқ еді. Көп жылдар бойы ауыр жүк көтерумен, талай күштімін деген кісімен, азулы аңдармен күресе келе, кейде жығылып, кейде жығып жүріп Добрый-Рабый қосымша атым шығып еді. Менің белім-ді ұстаған оның жап-жас қолы, отыз төрт жыл ұстас-қан қолдың бәрінен де салмақты тиді. Сондықтан мен адам баласына «атаң кім?» – демейтін ұлы Россияның алып туған күші деп түсіндім. Сондықтан қорытылмаған құрышты сіздің мектепке жіберіп отырмын. Әлбетте, қартайғанда сіздің алдыңызға барған осы тілегім орындалар деген үмітім күшті», – деп жазыпты, Мұқанның алғашқы күреске алған «батасы» да осы хатта. Қарт палуанның хатын креслода шалқая отырып оқыған кісі жалпақ қағазды бетіне ұстап, біраз ойланып отырды да, орнынан балаша секіріп тұрды. Есікке таяу креслода отырған Мұқанға келіп, шабынған арыс-тандай шап беріп ауыр денесінің салмағын сала екі иығынан басты. Оның не ойлағанына түсінбей кәперсіз отырған жігіт, «мұнысы несі?» дегендей орнынан атып тұрды. Ауыр креслоның арқалығы Дядя Иванның қарнымен Мұқанның жауырынының арасына қыстырылып, арқалаған шөптей қопаң ете қалды да темірдей білегінің тегеурінін сала қайта отырғызбақ болған кісі екпінінен иығынан асып алдына түсті. Екі пұттық емен креслоның салмағы мен тоғыз пұттық Дядя Иванның дүмпуі үйдің еденін бір солқ еткізді. Иығын нығырақ қозғаған Мұқан асылған кісі аунап-ақ кеткен шығар деп еді, ол жүктен секірген мысықтай адым жер алдына барып дік ете қалды.

– Ей, мұнша тулағаның не? Өзің үркек екенсің ғой...

– Е, өзіңіздікі не?.. Жай отырған кісінің иығына мысықша секіріп...

– Мектепке түсетін кісіден емтихан алу керек.

– Ол не дегенің, емтиханың не?

– Күшіңді байқау...

– Күш байқаған кісі тышқан аулаған мысықтай, үндемей келіп бас сала ма екен? Беліңе қайыс байла да алдыма кел. Күшті сонан соң байқайсың.

– Оның болбыратып, қазақша араласырып, жуан дауыспен айтқан сөздерін қазандық татар жайлап түсіндірді. Дядя Иван балаша сақылдап күліп, өзінің қызмет столына отырып трубкасын толтыра салып темекісін тартты.

– Мұның мектепке төлейтін ақшасын кім береді?

– Қанша төлеу керек еді, мырза?

– Жылына бір жүз елу сом.

– Мұның өзінен басқа, креслоға қосып сізді көтерген күшінен басқа ешнәрсесі жоқ. Келу қаражатын, біразға жететін тамағына деген ақшаны Қазандағы Каримов мырзаның типографиясының жұмысшылары жинап беріп еді. Мектепке де деп аздап ақша берген. Бірақ өзіңіз көріп отырсыз, бұған мендей сегіз кісінің тамағы керек. Оның жүз елу сомын сізге берсе, өзі аш қалады. Сондықтан бұған төлеу пұлын арзандатсаңыз қайтеді?

Дядя Иван аузындағы трубкасын жұлып алып, жерге бір түкіріп жіберіп, татарға майлы көзін қыса қарады.

– Сен Қазанның базарынан шабата саудалап отырсың ба? Бұл мектепке қазына көк тиын бермейді. Осыған қызмет істейтін ондаған адамға мен топырақ берем бе?.. Бір жылдық ақшасын төлеуге тиісті, онсыз болмайды...

– Жарайды, мырза жарайды. Ертең ақшасын алып келейін.

– Ақшасы болса, өзің келмесең де болады. Мұны мен мектепке алам. Мұның бір аты – Батрак-Акмолинский...

* * * Сымғат Мұқанды жатқан үйіне апарып, ұзақ сөй-лесті. Жатқан үйі Яушев деген байдың Петроградтан алатын ұсақ-түйек заттарын дайындап отыратын бір саудагердің үйі еді. Қазандағы дүкеншісінің хатын ала келіп, сонда тоқтап қалды. «Егер көбірек жататын болсақ, бір орын тауып алармыз», – деп еді. Енді Сымғат бөгелмей қайтатын болған соң, Мұқанға біраз кеңесін айтты:

– Малай, мүмкіншілігің болса, сол мектептің жатақханасына орналас. Саған әр уақытта орыстармен бірге болғаның жақсы. Олардың көбі қулық, арамдық дегенді білмейді, ол бір жағы, ал екінші жағынан олардың жақсы әдетін үйрену өте керек. Жатақханада жату аз ғана қаржының үнемді болуына да жақсы. Қандай білім алсаң да орыс тілінде аласың, ол тілді солармен бірге жатсаң, тез үйренесің. Орыстың тілі арқылы тіпті шетелдің кісілерімен сөйлесесің. Осы мектепті аман-есен бітірсең, осы күшің бойыңда тұрса сен жер жүзін аралауың анық. Жер жүзіндегі елдердің палуанымен кездесуің де мүмкін. Сонда олармен орыс тілінде сөйлесетін боласың. Зинњар бұл үйде көп жатушы болма!

– Е, мұсылманның үйі қайта тәуір болмай ма? Мына бір кемпір: «Мұсылман екен, айбат малай екен, шәп малай екен», – деп іші-бауырыма кіріп тұрады. Осында жата берсем не болады?

– Сен, малай, мұсылман, кәпір дегенге зинњар құлақ салушы болма, Мұсылмандықты таратып отырған өзің Қазанда көрген хазірет. Оған мешіт соғып берген байлар. Айтқан сөзі, оқыған дұғасы сол байлардың малын көбейту жайында. Ал мына кемпірдің «мұсылманы» да ақша. Сені оқығалы келді деген соң «ақшасы көп қазақтың байларының баласы екен» деп отыр ғой ол мыстан. Ақшаң таусылса сені мұсылман демейді. Ертеңнен бастап бұл үйге келуші болма. Мұның бір жаман жері, мен кеткен соң, қолыңдағы ақшаны – «қысылып қалдым», деп қажетке алады да бір ай өткен соң пәтер пұлың, тамағың, деп өзіңді үйінен қуып жібереді. Сен бұл кемпірдің аузы күбірлеп не айтатынына түсінесің бе?

– Е, алла-алла демей ме?

– Еш уақытта алла демейді. Алпыс тиын, алты сом, алпыс тиын, алты сом дейді. Мен Қазанның татарымын ғой. Мен бұлардың тілін жақсы білемін.

– Ой, тоба-ай, ә... Мен асты... асты... дегенді алдалап отыр екен десем, алпыс тиын дейді екен-ау. Мен ондайды Қазанда да есіттім. Олар осындай алпыс тиын деп айтушы ма еді?..

– Әрине, бәріне хазірет үйреткен. Бұлардың алда дегені – ақша дегені. Астапыралла дегені – алты сом алпыс тиын дегені. Алла әкбар дегені – ала бер дегені. Зинњар жуушы болма деп қағазға орап, ішкі бешпентіне тігіп алған ақшаны Мұқанға санап береді. Ол бес жүз жиырма бес сом ақша еді. Соны беріп отырып:

– Малай, бұл жер сенің қазағыңның даласы емес. Тойғанша жей беретін қойдың еті де аз. «Тартып ішсең тай қалады. Қойып ішсең қой қалады, қоймай ішсең не қалады?» деген. Тартып ішіп, тарықпайтыныңды ойла. Мен келер жылы тағы бір келіп, қаржы әкеп беремін, – деді Сымғат.

Ертеңіне Дядя Иванның мектебіне шейін шығарып салып, Сымғат Қазанға қайтып кетті.

* * * Мұқан Дядя Иванның конторына кіріп, жүз елу сом ақшаны төлеген соң, мектеп басқарушы оны ертіп, үлкен бір үйге кіргізді. Үйдің ішіндегі ертегіде Қап тау-ының диюлары сияқты толып жатқан жалаңаш дәулер, неше алуан кереметті істеп жатыр екен. Мұқан аузын ашып, сілейіп тұрды да қалды. Дядя Иван да жақындап барып тоқтады. Үй зәулім биік, екі жүз өгізге қора болғандай кең сарай екен. Мұқан айнала бір қарап алды. Онда ағаштан істеп былғарымен қаптаған ат та тұр. Салбыраған жуан арқан да тұр. Аспанға асып қойған үлкен-үлкен темір шығыршықтар да тұр. Екі пұттық балға тұр. Асылып секіретін шарбақ темір де тұр. Қатарлап тізген тастай тақтай үстіне қойған кірдің тастары да тұр. Сүймен болғандай жұмыр темірлер, ұзын-ұзын рельстер жатыр. Таудай опырып-опырып алған сандықтай кесек тастар жатыр. Жуан-жуан жұмыр темірге кигізген шойын дөнгелектер жатыр. Орталықта үлкен кілем жаюлы. Сегіз қанат үйді үстіне тіккендей дөңгелек қалың тақтай тұр... Екі жалаңаш дәу кілемнің үстінде қаратерге малынысып, аюдай арпалысып жатыр. Бірін-бірі алып ұрады да, арыстандай бас салады. Жатқан дәу аунап түсіп, атып тұрып, басқан дәуді жуан білекпен жауырынынан сылқ еткізіп беріп жібергенде, ыңқ етіп етпетінен түсіп жатыр. Бір бүйірдегі үлкен есік ашылып, ұзын рельске жиырма адамды мінгізіп арқалаған біреу кіріп келіп, үйдің ішін бір айналып, адамдарды түсіріп, рельсті жапсарға апарып атып жіберді. Жалаңаш дәулердің бәрі де сол дәуге қарап баржиған алақандарын томп-томп соқты.

Аузына ысқырық тістеген біреу барып оның қолын ұстады.

– Жарайсың, Дубный, – деп Дядя Иван да қасына барды. Ол үндемей басын изеп, шетке шықты да, он сегіз пұттық ауыр рельспен 20 адам басып қызартқан жауырынын ақ сүлгімен ысып-ысып жіберді. Алысып жатқан екі дәуі жеңісе алмай айрылып, олар да дядя Иванның қасына барды. Нендей ауырды арқалағанын кім білсін, соның ішінде жүрген кісінің терлемегені жоқ, бәрі де суға малшынған қайыстай балбырасып тұр. Жапсарда ілулі тұрған ақ орамалдарын алып, терлерін сүртіп, үш аяқты емен отырғыштарға аюдай күжірейісіп, айнала отырды. Директордың жәрдемшісі ысқырық тістеп жүрген кісі еді. Дядя Иванның қасына келіп сол күні өткізілетін программасын баяндады. Оның сөзін тыңдап болып:

– Мен сіздерге жаңа серік қосқалы келдім, соны көрсетейін. Мұңайтпасов азамат, бері кел! – деді.

Көргендерін көңіліне орналастыра алмай, бәрін де түсінде көрген елестей көріп бұл үйдің ішін айнала қарап тұрған Мұқан оның даусын естімеді, жуан тас бағанаға сүйене қарап, сонау бір шеттегі, үстін жонған сандықтай төрт тас тиеп, жететін қайыспен қосып байлап, қаңтарып қойған арбаға қайран қалып тұра берді.

Дядя Иван алдында тұрған бір палуанға:

– Барып алып кел. Ол мүмкін сендерден шошынып та тұрған шығар, – деді. Жіберген кісісі барып күле сөйлеп:

– Аманбысың, азамат. Сені мырза шақырып жатыр, – деп, сығымдай ұстау әдетке айналған күшті қолымен оң білегінен қыса ұстады. Арбадан әлі көзін айырмаған жігіт қысқан қолды сілкіп жіберді. Тепкішек таста тұрған палуан үй еденіне доптай ұшып, дік түсті.

Кешегі өзіне істегенін айтып, күшінің көптігін мақтап, әңгіме қылып тұрған директор:

Әне, Коляны қағып жіберді, – деді.

– Онысы қалай? Өзі тентек пе екен?

– Жоқ. Бейнесі ондайға сәйкес емес. Ол кең даланың асау жігіті. Өзі әлі бала, он тоғызға биыл шықты. Денесі бұрын қатты ұстауды көрмегендіктен тосырқағандық. Өзі Еділдегі Силовян Иван Васильевичпен кү-ресіп көзге түсіпті.

–Оны жығып па? – десіп тұрғандар таңырқай сұ-рады.

– Әңгіме оның жығылу, жығуында емес, меніңше оны жығатын ешкім жоқ. Бірақ көп палуандарды көре жүріп, бірін менің мектебіме ұсынбайтын қарт палуанның ықыласы осы балаға түсуінде. Оның маған жазған хаты көп ойға қалдырды. Оны кейін өздеріңе оқырмын. Күшінің жойқындығы туралы Киевтен барған цирктің меңгерушісі таңдана жазыпты.

– Оны өзінен сұрау керек екен?

– Оншалық әңгімелесуге әзір тілі жетпейді. Біраз тіл үйренген соң сұрай жатармыз. Әзірше бірінші ережесі бойынша сынақтан өткізейік, – деді директор.

Барған палуан қасына қайта жақындамай, қолымен нұсқап, дядя Иванды көрсетіп, ертіп келді. Отырған палуандар орындарынан тұрып, амандасты. Тек Дубный орнынан тұрмай, Мұқанның қолын қыса ұстап, қасындағы орындықты тартып отырғызды. Оның қысқаны қатаңдау болса да сілкіп жібермей, қол күшін сезбеген кісідей жанына отырды. Отырғандар өзара сөйлесіп, жеңіл сынақты қазір-ақ бастамақ болды. Тақтай үстінде бес пұттық тастан он қадақтық тасқа шейін қатар тұрған тастарды көрсетіп:

– Осы тастардың қайсысын екі қолыңа екеуін ұстап көтере аласың? – деді директордың жәрдемшісі.

– Мен мұның бәрін де көтере алам.

– Сен «бәрін көтеремді» қой. Оқушы алдымен он қадақтық екі тасты көтеріп үйренеді. Жарты пұттық екі тасты шынашағымен көтеріп, екі пұттық екі тасты екі қолымен көтеретін болып мектеп бітірген палуандар жаман палуан болып табылмайды. Ал сен бар да, қадақты місе тұтпасаң, жарты пұттық екі тасты көтер.

Мұқан тас тұрған тақтайдың жанына барып жағалай қарады. Бәрінің де көлемі үлкен емес сияқты. Осының екеуін көтеруді оқу деп отырған палуандарды «шамалы адамдар» екен ғой деп ойлады. Сығырайған қысық көзін бір пұттық тастан жоғары қарай салды да, парлап қойған тастарды ұстап-ұстап көрді. Алғашқы екі пары әшейін-ақ зат сияқты көрінді. Үш пұттық екі тасты «әзірге осы жарар» дегендей тақтайдан жеп-жеңіл жұлып алып, екі жағына шелек ұстаған кісіше тұрғандардың алдына келді.

– Көтергенің осы ма?

– Енді қалай?

– Жоқ, бұлай көтеруге болмайды. Дубный, сен көтеріп көрсет мынаған!

Ол тұрып тақтайға барды да, екі пұттық тасты екі қолына ұстап, білегін бүгіп жіберіп лып еткізіп оң қолымен көтерді. Екі тас екі қолына сырға сияқты ілініп, үш басты кісідей болды да қалды. Сол бойымен тұрған адамдарды айналып шықты да, жерге тастай берді.

– Міне, осылай көтереді, – деді жәрдемші.

– Е, ондай кішкене тасты көтермейтін несі бар, – деп Мұқан екі пұттық тасты ұстай салып, бірін қолын бүктей тік жоғары көтерді де, екіншісін көтере алмай білегіне соғып алды.

– Таста, келмей жатып, қирап құрисың, – деді Дядя Иван. Ызаланған Мұқанның қара тері бұрқ ете қалып: «мұны мен қалай көтере алмадым?» деп қайғырды.

– Бұзауынан көтеріп үйренген жай кісі, палуан көтере алмайтын атан өгізді көтереді. Ауырды көтеру үшін оның әдісін үйрену керек. Екі пұттық тасты Дубныйдай көтеру үшін бұл мектепте екі жыл оқу керек. Әдіссіз көп күш – каналсыз далаға аққан қардың суы сияқты. Не шөгеріп үйретілмеген түйе сияқты, ондай түйелер не жүкті қиратады, не өзін қиратады. – деді мектеп басқарушы.

– Дубныйдың серігі келді. Бұл да мектепке келгенде осындай асау еді. Үйрене келіп палуан болды. Екі жыл үйренсе бұл па осындай болады, – деді жәрдемші.

Оның сөзіне шала түсініп тұрған Мұқан:

– Мен екі тасты көтеру үшін екі жыл жүрмеймін. Ертең тап осылай көтеріп берсем бола ма?.. – деп, алдында тұрған, төрт пұттық екі тасты сиырдың топайындай жұлып алып тақтайға қарата атып жіберді.

– Мынау бір пері ғой, өзі.. Тастың тұтқасын сындырасың. Орнына жайлап қою керек, – деп күзетші шал баж ете қалды.

Иә, Мұқан Дядя Иван мектебіне осылай түсті. Бұл мектептің мақсаты орыс палуандарына французша күрестің әдісін үйрету болды.

* * * Тұманды ауа сиреп, ашық күннің сәулесі жер бетіне тегіс түйір жердің буы бұрқырап, тамылжып, көктем де жетті. Қыстай қысылып спорт сарайының ішіне симаған Мұқан алаңға шығып, біраз сабағын сонда өткі-зетін болды. «Келіншектің бетін кім ашса сол ыстық» дегендей, Петербургтен алғаш алдына барған Дядя Иван өз ағасындай ыстық көрінді. Ол мектепке келген сайын өзінің туысы келгендей болып қалушы еді. Бірақ кейінгі кезде ол сирек келетін болды. Палуандар тас көтеру, темір бұрау, күрестің неше алуан түрі кеудеге қойып тас сындыру, рельске мінгізіп кісі көтеру, тісімен тістеп арба тарту, шалқасынан жатып үстінен ат арба жүргізу сияқтыларды үйренді. Осының бәрі қара күштің өктемдігімен орындалып жатты. Бірақ шамалы күшті палуандар Мұқан істей алмайтын біраз өнер көрсетеді. Олардың қолында үнемі кітап болды. Кей уақытта кітапқа қарап тұрып жаңа бір ойын шығарды. Жаюлы тұрған кітабына қанша қараса да Мұқан түгіне түсіне алмады. Соған ызаланып оқығысы келіп, орысша әліп-пені сатып алып, өзімен бірге жататын Семен деген палуанға:

– Досым, осыны маған үйретші! – деді. Ол қуанып қарсы алды. Түннің көп уақытын өткізіп, бес әріп үйретті. Бірақ Мұқан «А» деген әріптен басқасын түнде үйренсе де, күндіз ұмытып қалып, біріне-бірін шатастырып, дыбыстың түсін миына бір үйлестіре алмай-ақ қойды. Семен «үйретпей қойман», деп-ақ соңына түсті. Мұқаннан сұрағанда, «а» деп аузын бір ашады да, қалғандарын үйреніп жүрген күресінің бе, ойын құралдарының ба атын айтып шатастырды.

Ақырында:

– Семен, сен мені әурелемеші. Маған мынауың жүз пұт тас арқаланғаннан ауыр, тағы да кітаптың ішінде тышқанның суреті бар екен. Тегі мен бұл кітапты оқып молда болмай-ақ қояйын, – деп кітапты Семенның төсегіне қарай лактырып жіберді. Өзі төсегіне жатып алып, өкінішті ойларға кетті. – «Жасымда неге оқымадым. Әкем құлақтан тартатын молдаға неге берді екен? Осындай мектепті қазақтар неге ашпайды екен? Адам баласы болған соң бір тілде неге сөйлемейді екен? Жасымнан орыстармен бірге өссем тілді жақсы білер едім-ау... Неғып біздің ауыл осы қаланың қасында болмады екен... Оқуды өзге үйренгенде, мен неге үйренбедім...» Ой елесін қуа-қуа талып, әзер ұйқтады.

Ертемен тұрғанда бір түрлі көңілсіз тұрды. Ойына әлдеқайдағы Сарытеректің даласы, әкесі, өзін бауырына басқан әжесі түсіп, ауылын аңсады. Бүгінгі өтетін сабақтар оның сүймейтін сабағы еді, – ағаштан қарғу, темірге асылу, жіп сатыға өрмелеу – физкультура сабақтары болатын. Соның бірсыпырасын ойнап үйлестіре алмай, қаратер болып отырғанда, көптен көрмеген Дядя Иван келді. Оның Дядя Иванды көріп жылағысы келіп кетті. Сәлемін беріп, қолын ұстап тұрып:

– Аға, мені осы бәледен құтқаршы, – деді.

– Неден? – деп Дядя Иван оның жәбірленіп тұрған бетіне қарады.

– Мен күресіңнің бәрін үйренейін, кімді жық десең соны жығып берейін. Рельсіңді иейін, шыбық темірді бұрап берейін. Елу пұт жүкті арбаңды тісіммен тартайын. Сегіз пұт кесек тасыңды кеудемде сындырайын, ал осы бір баланың ойыны мені жүдетті, бала сияқты ағаш аттан секіртіп, әткеншек, дардың арқанындай шығыршықты салбыраған бәледен мені құтқаршы. Мен соны оқымай-ақ қояйыншы, – деді жыламсырап. Дядя Иван ежелеп сұрап, түсінді де, қарқылдап кеп күлді.

– Мұның саған қанша қиындығы болды?

– Өзі бір жатқан ұсақ-түйек екен... Талай рет қолымды ауыртып, аяғымды сындырып ала жаздадым.

Дядя Иван оның бетіне тесіле қарап тұрып:

– Жарайды, бұларды істемей-ақ қой. Бірақ сағаты біткенше істегендерді қарап тұр, – деді.

* * * Хат танымайтын Мұқанға палуандық өнердің ең ауырларын үйренуге тура келді. Ең жеңіл дегені – лом темірді мойнымен иіп, үш пұттық екі тасты екі қолымен жоғары көтеру еді. Ауырлары: он екі пұттық рельске жиырма бес адам мінгізіп иығымен көтеру, кеудесіне қойып төрт пұттық тасты балғамен ұрып уату, екі ат жеккен арбаның, қайыс божысын білегіне іліп тоқтату, кеудесіне тақтай қойып, пар ат жеккен жүкті арбаны үстінен жүргізу. Елу пұт жүгі бар арбаны тісімен тарту, оған қосымша французша күрестің алуан әдісін үйрену болды. Оның бәрін кішкене бөлшектен үйреніп, екі жыл ішінде шегіне жеткізу керек еді. Оған Мұқанның шыдамы жетпеді. Бойына біткен алып күшке жүктеп, уақытпен санаспады. Күні-түні үйренетін залдан шықпай, қара терге малынып, ауырды көтеріп үйрене берді. Қол-аяғын жаралап, жосадай қанға батқан күндері көп болды. Бар ынтасын салып, үйреніп жатқан оқушының оқыс істеріне мектеп басқарушысы де кешірім берді. Албырт мінездері Дядя Иванға бір түрлі ұнады. Тілеген уақытында нұсқау беріп күрес өнерін үйретуді жетекші палуандарға тапсырды.

– Мына қара дәу бәлені қайтем? Мектеп залына тыныштық болмайтын болды... Ішіне кіреді де, жинаулы темірді, тастарды көтереді, лақтырады. Өз-өзінен жұлынады да жатады. Жинаған орнына біреуін де қоймайды. Мезгілсіз аттарды қорадан алып шығып әуре-лейді. Мен ол шашып кеткен ауыр бәлелерді қалай орнына қоймақпын? Уа, мырзам, тегі бір құдайдың бәле-сіне қалдым. Сарайдағы рельсті сұрап еді, мен – рельс қойған бөлменің кілтін жоқ, дедім.

– Қайда деді ол.

– Жоғалып қалды, – дедім мен.

– Неге жоғалтасың? – деп шабынған бурадай үстіме кеп төнді. Тарпа бас салып езіп тастай ма екен деп үрейім ұшты. Бетіме сығырая қарап тұрды да, тәңір жарылқап тимеді. Жынданып барып, құлыпты жұлып тастады. Ішінен рельсті алып шығып, гир тастарын байлап көтеріп, маған:

– Үстіне мін! – деп ақырды. Мен қорықканымнан міндім. Залдың ішінде олай-бұлай жүріп, мені түсірді де, құдай жарылқап, қайтадан орнына апарып қойды. Онымен қоймады, шалқасынан жатып, екі пұттық бір тасты кеудесіне қойып маған:

– Ұр балғамен! – деді. Мен бір пұттық балғаны қалай көтерем, қашқаннан қашып сізге келіп отырмын. Бұл мейрам күнін білмейтін, демалысты білмейтін, не деген қарғыс атқан?.. Тілегім болсын сізден. Мені осы жұмыстан босатыңыз. Мына монғолың мені бір күні өлтіреді, – деп жылады. Оған Дядя Иван ішек шілесі қатып күлді. Күліп болып:

– Қазір қайда өзі? – деді.

– Соның ішінде. Жинап қойған тас, темірді шашып, жынның ойнағын салып жатыр.

Дядя Иван күзетшіні ертіп, мектеп залына келгенде терге малшынған Мұқан заттарды орнына жинап, терін шүберекпен сүртіп тұр екен. Ерінбей еңбек істеп, өз өнерін үйреніп жатқан оқушыға Дядя Иван сөз айтпады. Тек:

– Мұңайтпасов, мұның қалай, мейрамда неге демалмайсың? – деді. Мұқан жалт қарап, сәлемін беріп:

– Ағын су көлге құймай дамылдай ма, мырзам. Мен сіздің мектепті бітірмей мейрамды қайтем. Жылда жүз елу сом төлейтін менің ақшам қайда? Екі жыл деп жүрем бе сол, Дубный биыл бітірем дейді, мен сонан қалмай үйреніп шығам, – деді ентіге отырып, шаршаған кейіп-пен.

Дядя Иван оның тершіген қоңыр жүзіне аса бір мейіріммен тесіле қарады. Дубный Мұқанмен жасы қатар, кемеге жүк тиеуші болып жүрген жерінен, айрықша күштілігі көзге түсіп, шақыртып алынған жігіт еді. Ол тұрмысы да мінезі де өзі сияқты Мұқанға достық көмегін аяусыз көрсетті. Бұрын цирктерде біраз болып, тәжрибе алған Дубный, кесеқ күшті құрбысын өзіне серік етіп шығаруға ынтықты. Үйреніп жүрген өнерінің негізгі мақсатын сауатты, ақыл иесі Дубный даладан барған Мұқанға түсіндіре берді. Келешекте Россия мемлекеттік күш тұлғасына өкіл болуға ешкімнің шегі жоқ Дубныйдың Мұқанға айрықша мейірімі түскеніне басқа палуандар таң қалатын.

– Сен қазір Россияның дара туған палуанысың. Осы қазаққа қаншама уақытыңды бөліп әуреленесің. Сонда ол сендей палуан болып шыға ма? – десіп сұрайтын жұрт.

Оған Дубныйдый түсі суи қалып:

– Маған дара туған күштісің деп көп кісі айтады. Ол дұрыс емес Менің жаратылысым сүймейтін осындай дөрекі мақтаулар. Меніңше: даралық әсіресе саналы адамға жараспайды. Мүмкін, санасыз жаратылыстардан – тау шоқысы, жеке шыққан дене теңдесі жоқ, ертегідегі алаңғасар-алып сияқты дәулерге жарасатын да шығар. Ал ғалым, ақын, батыр, палуан сияқты адамдардың даралығы жараспайды, Олар халық алдында қызмет істеушілер.

– Егер таудың шыңы сияқты дара жаратылған болса, оның жанына жан жуымай нендей сыры, қасиеті барын адам ұқпаса, даралық қасиетін кім мадақтап, көпке кім жеткізбек? Тегі, қасиетті зат, әсіресе адамдағы қасиет дара болмай жұп болғаны, жұп қана емес – көп болғанын тілер едім. Адам адамнан үйренеді. Мен осы теңдес күш кездескелі үйретіп те, үйреніп те жатырмын. Бұл күштің сағымы менің талай саңылау қалған жерімді бітеді, Менің күшім оның да илеуін жеткізген болар. Бұл дара болмағанның пайдасы. Оның күші шегіне жете ашылған жоқ, өз күшіме теңесіп, күрес әдісін түгел үйренген соң, мен онымен күрес-пеймін, – деді.

Мұқан мектеп өмірінің алғашқы күндерінде Дубныйдың әріден ойлаған достық сырына түсіне алмай жүрді. «Ешкімнен жығылмаймын» деп сенген күші Дубныйдан кем жатқанына ызаланды. Дубныйды алып ұрып жерге түсірсе, ол сынаптай бұлт етіп астынан шығып кетеді де, өзін бүктеп бас салады. Еркіне жібермей аунатып, жауырынын жерге тигізеді.

– Бұл дұрыс жыққан жоқ, – деп дауласып та көрді. Көріп тұрғандар:

– Дұрыс жықты, сен бұл күрестің әдісін әлі біл-мейсің – деді. Ызаға булыққан Мұқан. Мектепті тастап та кеткісі келді. Онысы да үйлеспей, «қашып кетті» деп айтады деген оймен басылды. Арманы Дубныйды бір жығу болып, күн-түні күрестің әдісін ойлайтын болды: «Қалған өмірімді осы мектепте өткізсем де, осыны жықпай қоймаймын», деген қорытынды жасады. Соңғы кезде Мұқанның балғын денесі болаттай шыңдалып, күш күннен-күнге толыса түсіп еді. Дубныйдан жығылуы да қиындап бара жатты. Ең кейінгі бір күресі сағаттан астам созылып жығыса алмай айрылысып кетті.

– Бұл мені жығады. Білмей жүрген бір әдісі бар еді, оны үйренді. Енді Иван біреу емес – екеу. Бұл жаратылыста жеке болмасын деп, мен үшін арнап жаратқан серігім, – деді Дубный.

– Онда мұның аты «Черный Иван» болсын. Біз мұнан былай солай атайық, – десті серіктері. Арманына жақындағанын сезіп, Мұқан біраз сергігендей болды. Ұлы Россияның қазақ палуаны мектепке түскеніне бес ай толып, алтыншы айға аяқ басты.

* * * Тәжірибе жұмысына дайындалуға мектеп дирекциясы бұйрық берді. Палуандар әр қалаға бөлініп, тізім жасалды. Алтыншы айдың аяғына таман мектеп сарайына көп адам жиналды. Бұрын келмейтін сағаттарының бауы салбыраған жуан қарындар, шағаладай ақ киген шенді кісілер келді. Дядя Иван ойынды өзі басқарып, оңаша бөлмеде палуандарды сапқа тұрғызып, бірінші орынға Дубныйды қойды да, екінші етіп Мұқанды тұрғызды. Күрестің жиырма төрт палуаны алпамсадай тізіліп спорт залына кірді. Мұқан мектепке түскенде жайылымдағы жылқыдай денесінің олпы-солпысы көп еді. Оқудағы алты ай жаратқан аттан сұлулап, сымға тарт-қан күмістей түзеп жіберді. Іші тартылып, арыстандай кең кеудесі керіліп, мойны жуандап, жауырыны қақпақтай, көзге түсіп, білектің бұлшық еттері теңіз бетінің бұйрат толқынындай білемделіп тұратын болды. Кең ышқырлы қара трусидің қырын көмкере байлаған жалпақ қара жібек белбеу әбден жарасып кетті.

Палуандарды келген кісілердің алдынан қатар қойып:

– Ұлы дәрежелі мырзалар, ханымдар! Ұлы Россияның қара күштерінің алып бейнесі, біздің мектептің оқушылары алпамсадай жиырма төрт жас палуанымыз спорт залынан тәжірибе жұмысына шыққалы отыр. Бірінші Дубный, – деді Дядя Иван. Қолдар шарт-шұрт соғылды. Палуан бір қадам ілгері шығып басын иді.

– Екінші – Мұңайтпасов Мұқан. Мұны біздің оқушы палуандар Черный Иван деп атайды. Дене мөлшері, күш мөлшері тең болғандықтан жарасымды қойылған есім деп, таласпадық.

Қолдар соғыла бастап еді, сағатының бауы салбыраған жуан қарынды біреудің:

– Фамилиясы қалай? – деген даусымен соғылған қол бөлініп кетті.

– Мұңайтпасов, – деп Дядя Иван қайталады.

– Қай ұлт? – деді сөйлеген кісі зілдене.

– Қазақ.

– Қайдан келіп калған?.. Кім жіберген?..

– Самара палуаны Иван Васильевичтің жіберген кісісі.

– Оның екінші орында тұруы қалай?

– Күш орны солай, мырза.

– Ғажап екен, – деді даусын бәсеңдете түсіп. Келген кісілер еркек, әйел болып өздері әлденелер айтып сөйлесіп кетті. Мұқан қозғалмай орнында тұра берді.

– Ортаға шықсын, – деген дауыс көбейді. Ортада тұрған Дядя Иван қолымен нұсқап Мұқанды шақырды. Кеудесін кере, кердеңдей басып, палуан ортаға шықты. Әлі толып жетпеген жас жігіттің денесі көпші-лікке ұнады. Қол соғу ұзаққа созылып бір жас қыз қолындағы гүлін Мұқанға әкеліп берді. Мұқан гүлді Дядя Иванға ұстатты да, өзі орнына барып тұрды.

Палуандарды түгел таныстырып болған соң ойындарын бастады, бұл жолы Мұқанның үлесіне тигені – рельсті ию мен, жиырма бес адам мінген арбаны, жиырма бес метр жерге тісімен тартып апару өнерін көрсету еді. Ол ойдағыдай орындалды. Алтын сағаттың бауын салбыратқан манағы жуан қарын – бес қаладағы цирктің қожасы еді. Ол ойынды көріп болып, Мұқанды алдына шақырып, жиырма бес сом сый берді де:

– Мұнан былай көпшілікте айтатын атың Черный Иван болсын, – деді.

Сондықтан Қажымұқан менің атым,
Көрмедім маған деген елдің жатын.
Оқыған ұлы Петр қаласынан
Палуандық әлі есімде, алған атым.

Сол күресте үш палуанды жығып, Дубныймен жығыса алмай айрылды. Палуандарды тәжірибе жұмысын өткізетін Одесса қаласындағы мектепке аттандырды. Мұндағы сынақ қорытындысында Дубныйдан Мұқан үнемі жығылғанын қойып, теңелгенін көрсетті.

* * * Мың тоғыз жүз қырық бірінші жылы үлкен емен ағаштың саясында, өзінің өткізген өмірін ертектей етіп айта отырып, Дубный досын еске түсірген палуан:

– «Ол менің бауырым еді. Екеуміз көп жыл бірге жүріп, көп елді бірге араладық. Жан қиысқан жолдас болдық. Мені палуандыққа шынықтырған ұстазым сол еді. Қайран досты Парижға барған сапардан кейін көре алмадым», – деп даусы қалтырап шығып еді.

– Ол не дегеніңіз, Қажеке? Ол кісі әлі тірі ғой, барып көруіңізге болады, – дедім.

– Ол қазір қайда екен? – деп қуанып кетті.

– Украинада болуы керек. Сұрастырсақ табуға болады ғой.

– Ойқай, сондай досты енді бір көріп, қолын ұстап екі ауыз сөзін естіген қандай тамаша болар еді. Тұлғасы адам баласының сұлуы еді. Ондай күшті адам туа береді дейсің бе. Осы заманның Рүстем-Дастаны сол еді ғой...

Россияның әр қаласынан келген қырық палуан ай жарым жатып күресті. Солардың алды: Дубный, екін-шісі Мұқан болып аяқталды. Сондағы іріктелген төрт палуанның бірі болып Мұқан Петроградқа қайтып келді, Петроградқа жиналған қырық палуанның отыз тоғызын жығып, бірімен жығыса алмай кеткен Дубный бас бәйге мен үлкен күміс медаль, Мұқан отыз сегізін жығып, екеуімен жығыса алмай екінші бәйге мен кіші күміс медаль тағып қайтты. Дядя Иван палуандарының табыспен қайтқан ал-ғашқы адымына той жасады. Он бес күн дем алғызып, «Отанға ұят келтірмейді» деп төрт палуанды тәжірбие жұмысына Гамбургтегі мектепке жіберді.

– Онда барған соң, өнерлерін көріп үйрене беріңдер. Күрестірген кезде сақа палуандарын жықпай, қайтып сендермен күреспейтіндей етіп сығып тастай беріңдер. Ал мектепте оқып жүрген оқушылары мен шетелден келіп жүрген мықтысынғандарын сау жібермей, доптай ұшыра беріңдер. Бұл күндегі немістерді билеп отырған серкесымақтары теріс тәрбиеленген бала мінезді келеді, аз ғана табысы болса конфет ұстаған сәбидей тасынып, қайтып қолынан шықпайтындай өңештері жыртылғанша айқайлайды, Аз да болса жеңіліс көрсе өзінен қуат кеткендей қынжылып азапқа түседі. Палуандарын жығып, жәбірлемей-ақ, өнерін үйреніп қайта берсеңдер де болады. Өздеріңе өздерің өте сақ болыңдар, – деді Дядя Иван.

– Оқушыларының жығылғанына жәбірленбей ме?

– Өзімшілдігі күшті ел ғой. Тіпті шетелдіктерді кісі деп санамайды олар. Атақтылары сау болса кішілерін өлтірсе де елең қылмайды.

– Сонда немістің үлкенін жығуға болмай ма? – деді Мұқан.

– Өздері Россияның палуандарын жығып қайтамыз деп келеді әлі. Күшті сонда көрсетерсіңдер. Сен, рельс иіп, жетпіс пұттық тасты тісіңмен тартатыныңды көр-сетпей-ақ қой. Өздерінің ең күштісінің көтергеніндей-ақ ауырлықты көтер.

– Ал бәріңе айтатыным, бейбастақтық біздің елдің салты емес. Россияның байырғы әдетін, салқын қанды сабырлығын ұстай біліңдер. Қызба мақтаншылық әр уақытта ұятқа шақыртушы болады. Естеріңнен осыны шығармаңдар... – деді тәрбиеші.

* * * Гамбургте үш ай болып, Россия палуандары Петроградқа қайтарда циркте немістердің атақты палуандарының өнер көрсететін үлкен ойыны болды. Олардың программасында күрес жоқ, тек күштерін көр-сететін: аюмен күресу, өгізбен сүзісу, атты қолына іліп екі жаққа тарту, сом темірді мойнына салып иіп тастау сияқты еді.

– Фон-Кениг, екі қолына екі аттың тізгінін іліп, оларды екі жаққа айдағанында орнынан қозғалтпай тас-тайды, қазір сол ойынын көрсетеді, – дегенде немістер:

– Хаил! – деп шу ете қалды.

Үсті-басын қайыспен шандып тастаған екі атты әкеліп, екі адам ұстап тұра қалды. Еңгезердей неміс сыбанған күйі келіп, аттардың құйрығына тақап, шығыршық өткізген жалпақ қайысқа екі білегін іліп, артқы аяқтарына аяғын тақай талтая тұрды. Қоңырау шылдырлап, қамшы шарт ете қалды. Екі ат та екі жак-қа сүйрей тартты. Фон-Кенигтің қапсыра ілінген қолы екі аттан, қимылдауға мұршасын келтірмеді. Көрушілер шуылдап қолдарын соққанда циркті жаңғырықтырып жіберді. «Мынаны көрдің бе?» – дегендей әдемі костюм киіп көзін жымита қарап отырған орысты, аузына жуан трубка тістеген ұзын бойлы неміс бүйірден түртіп қалды. Ол түрткен қолды шап беріп ұстай алды да, қышқаштай қысып жіберіп, мойнын бұрып бетіне қарады. Немістің аузындағы трубкасы жерге түсіп, іші ауырған кісідей бет-аузы тыржиып, орнынан ұшып түрегелді. Орыс оның қолын аздап босатып:

– Бүйіріме неге түртесің? – деді орнынан қозғалмай.

– Ананы қара дегенім ғой... – деді неміс міңгірлеп.

– Онда не бар?

– Орыстарда осындай күшті палуан бар ма?

– Бізде ме... асау арыстанның аузын айырып, жабайы пілдің құйрығынан ұстап тоқтатындар толып жатыр. Түйені қолтықтап, өгізді өңгеретіндер бар. Аттың қозғалатын аяғын тіреп тұрып, басын тұқыртып қайыспен тартып қозғалтпаған күштілік пе екен!..

– Ал сеніңше қалай?

– Құйрығынан ұстап тоқтату керек. Екеуінің тілін әзер аударып жеткізіп отырған біреу, құйрығын деген орыс сөзін түсіндіре алмай, әбден дал болды. Мұқан түсіндіру үшін немістің шалбарының артын бұрап көрсеткелі қолын сала бергенде, ол қарғып түсіп, қасында отырған әйелдің аяғын басып кетті. Әйел елді даурықтырып, шу көтерді. Төтенше полицей келіп дауды сұрастырды. Түсіне келе атты құйрығынан ұстап тоқтату керек деген оған да таң көрініп, цирктің басқарушысын шақырды. Оған да таң көрініп:

– Ондай адам қайда? – деді.

– Россияда.

– Кім деген адам?

– Ондай толып жатыр.

– Сен тоқтата аласың ба?

– Мен де тоқтатам.

– Екі атты ма, бір атты ма?

– Екі атты тоқтатам.

– Ал ортаға шық.

Мұқан сөзге келмей-ақ костюмін шешіп ортаға шықты. Қораға кеткен аттарды қайта алып келді. Отырған көрермендер өзара сөйлесіп таңырқасуда.

– Ал құйрығынан ұстап тоқтата қой.

– Қайыстарын алып тастаңдар.

– Тұра берсін.

– Жоқ тұрмасын. Сендер шығыршығынан ұстадың деп мойындамайсыңдар. Аттың басын да адамға ұстатпай, бос қоя беріңдер!

– Рушланд қолыңды жұлып әкетеді...

– Онда жұмысың болмасын. Бірақ аттың құйрығы жұлынып, бір жері майып болса менен құнын дауламайтын боласың. Сондықтан қолыңнан тілхат бер.

– Қолың жұлынып кетсе біз де жауапты емеспіз.

– Әбден болады.

Цирктің басқарушысы қойын дәптерінің екі тарақ қағазына екі тілхат жазып, бірін Мұқанның қолына ұстатып, екіншісіне қол қойдырып өзі алды. Оған шейін даурығып отырған жұрт бірінен-бірі сұрап, егестің не туралы болып жатқанын, орыстың оқушы палуанының қойған шартына қайран қалысты. Үстіндегі қайыстары ағытылып, айқасып тұрған екі атың құйрығын білегіне орап тұра қалды. Қоңырау сылдырағанда шыбыртқы шарт ете қалды. Еркін тұрған аттар жұла жөнелгенде еңкейе беріп тартып қалды. Екі аттың басы да секең ете түскенде әйелдер: – «Рушланд капут» десіп көздерін жұмды. Шолақ құйрықты білегіне орай екі құйымшақты түптете ұстаған қол сілкіп жібергенде, шоңқайған төбеттей аттардың бөксесі түйісе шоқиып отырып қалды.

– Міне, атты осылай тоқтату керек. Бұл ат қана. Пілді құйрығынан ұстап бүк түсіретін орыстар Россияда толып жатыр, – деді ұстаған жерінің қылшығы қолына жабысып шыққан Мұқан шоңқиған аттарды орнынан тұрғызып жатып. Ойламаған күшті көзімен көрген немістер орындарынан ұшып-ұшып тұрып, сілейіп қатты да қалды.

– Мынаны мойнына салып ие де аласың ба? – деді бір неміс, отырған орнына кетіп бара жатқан орысқа, екі кезден кесілген сом темірді көрсетіп.

– Бұл баланың ойыншығы. Мен ол үшін мойнымды кірлетпеймін, – деп бірін қолына ұстады да, шыбықтай иіп, доғалатып тастай салды.

– Оның не! Тиісті ойынға дайындалған темірді неге бүлдірдің? – деді цирк басқарушысы қынжыла кеп сөйлеп.

– Мынауың, иіп көр деді ғой?

– Оны қолымен имейді, – мойнына салып иеді, – деп бастық өз желкесін қолымен көрсетті. Мұқан темірлер тұрған тақтайдың қасына барып бірін қолына ұстады да:

– Бұл баланың ойыншығы. Бұл үшін күш жұмсаудың керегі жоқ, – деді Мұқан бір жуан темірді көрсетіп. – Біздің палуандар мойнына мынадай құрыштарыңды галстук қылып орайды – деп бірін мойнына салып, екі бұрап галстук қылып орап тастады. Таңданған цирк басқарушысы басын шайқап, отырған көпшілікке қарап, әлденені айтып, Мұқанды қолынан ұстап тұрып, айнала отырған елге көрсетті. Ойын тарқап, келесі күні палуандар Россияға қайтты. Бірақ не болса соны дәріп-теп жазатын неміс газеттері бұл туралы ешнәрсе жазбады. Жазбаса да көздерімен көрген көпшілік ертегідей аңыз етіп айтып, елге тарата берді.

– Орыстың күштілігі бізден артық. Біздін палуандарымыз күштен де әдісті көп қолданады деген біреу-лерді полицейлер саяси айыпкер есебінде қамап тастады, – десті жұрт.

Петербургке қайтып келген соң мектеп кеңесінің мәжілісі болып, мектеп бітірген палуандарды өнердін әр түріне қарай бөлді. Шетелдің циркіне жіберуге төрт кісінің атын атады. Атақты Дубный, Сібірдің Димитрий Мартыновы, Сахалиннің Иван-Қорені, ең кішісі Мұқан еді. Сөз алған Петербург циркінің қожасы:

– Осыған Россияның іші де жарайды ғой, соны шетке шығарып қайтеміз, – деді.

Кеңеске араласып отырған Дубный:

– Егер Мұқан шықпаса, шетелге мен де бармаймын. Оның шықпайтын себебін түсіндіріңіздер! – деді.

– Шетке шыққан Россияның әрбір азаматы, Отанның арын көздің қарашығындай сақтауы керек. Ең арысы жатпен күрескен жеті жасар баламыз болса да жеңіп шығуы керек. Сондықтан шетке шығаратын палуан сенімді болуы өте қажет. Ұлы орыс халқының намысына кір келтірмейтін шексіз берілген саналы адам болуы керек. Оның күші көп болса да, сауаты жоқ. Сауатсыз күшті адам, қауын беріп үйреткен піл сияқты. Ондайларды қауын, қарбыз беріп, әркім ертіп әкетуі мүм-кін, шынын айтқанда ол орыс емес. Оның діні – мұсылман. Мұсылмандар тез азғыш келеді. Сендерді Европаның біраз мемлекетін аралатып алған соң, Париж, Стамбул, Индия, Кабулға шығарамыз. Сонда әлдекімнің алдауына ілініп, абырой алатын жерде жығылып жүрсе, не «мен мұсылман едім» десе қайтесің? – деп Дубныйға қарады.

Бастықтың сөзін зығырданы қайнай отырып тыңдаған Дубный орнынан атып тұрып:

– Бұл ондай адам емес. Сенің мұсылман, кәпірің мен ұлтқа бөлінуде жұмысы жоқ. Ол қазірде орыс тілін үйренді. Пікірін толық түсіндіре алатын болды. Біз Германияға барғанда оның ұлтын сұрағандарға:

– Қазақ, – десек, ол:

– Мен Россияға барған соң қазақ болам, әзірге ұлтым да, атым да орыс. Әжем: – «Ер ұлт үшін тумайды, жұрт үшін туады», «Үйде ауылдың намысын, түзде елдің намысын ойла», – дейтін. Патшалығымыз орыс елі болған соң, немістердің мені де орыс дегені дұрыс. Мен оларға орыстың күшін көрсетем, – дейтін. Оның айтатын мынадай ертегісі бар: – «Баласымен екеуі ала өгізбен ағаш таситын бір отыншы бар еді. Ала өгізі екі өгіздің жүгін бір өзі тартатын күшті болды. Баласы ала өгіздің тартқан ағашына таң қалып: – «Әке, осы құдайды күшті дейді жұрт, сол құдайдың күші біздің ала өгіздің күшінен қалай?» депті. Оған әкесі ренжіп: – «Әлде адал құдай, әлде арам құдай, көрмеген құдайды ала өгізге теңемеші», – депті. Біздің қазақ құдайды көзімен көрмесе сенбейді, – дейді. Осындай адамды мұсылман деп шектенуге бола ма? Біз, кейбір сатылып жығылатын палуандар туралы әңгіме қылғанымызда: – «Ол арын асқа сатқан айуан-дағы. Ондайды адам деп бола ма? Бір адамға күшін сатқан кісі бір күн күн көреді. Көп үшін қызмет еткен кісі өмірі аш, жалаңаш бола ма?.. Елдің намысын қорғап ел үшін адал еңбек істесең, олар ас та, ат та, киім де, ақша да болады. Мен Қызылжардағы адамдарды өлгенімше ұмытпаймын. Олар мені көріп қуанып, көзінен жасы аққан Еділдегі Добрый-Рабыйды, Қазан қаласындағы ішер асын бөліп беріп, мені оқуға жіберген жұмысшыларды, туған ағамдай мейрімді болған ақылшым болған Дядя Иванды өмі-рімде ұмытпаймын. Олар маған халық, үшін күшіңді жұмсап, абыройын сақта деген болатын. Мен сатылып жығылғанша өлгенімді артық көремін», – дейді. Осындай адамға шүбәлануға бола ма? Ол сондайлық намыс-қор. «Бір кісіден бір кісі жығылған өлім емес пе. Алғаш-қы күрес үйрене алмай жүргенде сенен әрдайым жығылып жүрдім. Соны намыс қылып өлгім де келді. Кейде ашуым келіп, сені паршалап тастағым да келуші еді. Бірақ ойлана келсем, менің жығылғаным сенің достығыңнан қымбат емес, тек үйренуім керек екен, үйрендім. Енді Россия палуандарын жығам деп келгендердің әкесін танытам. Кердеңдеген мақтаншақ, шетелдің тәкаппар палуандары қолыма бір тиетін болса, бүйірін төсекке тигізбейтіндей етіп сыйлаймын», – дейді. Осындай адамды ұлты орыс емес деуге бола ма? Бұл Отанға ұят келтірмейді. Егер ол бармайтын болса, мені тізімнен шығарып тастаңдар, мен де шетелге бармаймын. Палуан болмасам – жұмысшы болып та күн көруге болады, – деді, қатты ренжіген кейіппен өрен палуан Дубный.

Цирктің қожасы Жаровтан басқасының Мұқанға келтіретін шегі жоқ еді, Дубный жақтаған соң, бастық та үндемей қалды. Мектептің ұсынысы бекіді.

Қажымұқанмын қазақта күшім асқан,
Палуандықтан айтайын біраз дастан.
«Орыс палуан» атанып он екі жыл,
Жиырма төрт патшалықтың жерін басқам.

Парижде

Эстония, Латвия, Австро-Венгрия, Польша, Швейцарияны аралап, талай күресті көрген Мұқан әбден шынығып жауырыны жерге тимеген атақты палуан болды. Талай палуанның атағын естіп, кездесуге құмарт-қан болса, талай палуандарымен күресіп те, кездесіп те жүрді. Туған даласын сағынған жігіт:

«Болып өстім несібем менің түзден,
Кім бар екен елінен күдер үзген.
Есіме туған елім түскен уақта.
Жас домалап түседі екі көзден», –

деп өлең айтатын болды. Денесі толысып, жасы отыздан асты. «Енді елге қайтпаса болмас», – деп жүргенде Дубный Ригадан бір топ палуандарымен келді. Оны көргенде туысқанын көргендей қуанатын Мұқанның әдеті еді, екеуі сайрандап, әңгімелерін соқтырды.

– Мұқан, енді ұзамай Парижге жүреміз. Онда жер жүзінің атақты палуаны түгел қатысатын болыпты. Біз күресіп көрмеген Францияның – Паушины, Италияның – Струменті, Австралияның – Роз-Бакиі, Германияның – Фон-Кенигі, Ганс-Каваны, Англияның – Лон-Пулы, Түріктің – Қара Мұстафасы, Қажығалиі, Индияның – Прохфы, Японияның Сар-Кеккиі1 – келмекші екен. Солармен күресіп, дүние жүзілік палуандар алдында күшіміздің мөлшерін көреміз, – деді. Кездесе алмай жүрген палуандарының атын естіп, Мұқан қатты қуанды. Сағынған елді де ұмытып жүретін күнді асыға күтті.

Ертеден кешке дейін аңсаған, күні-түні ойлаған зат түске де кірмей қоймайды ғой. Күреске ынтыққан Мұқанның түсіне кіретін де сол күрес. Тіпті адамнан бөлек біреулермен жұлқысып, аю-арыстандармен алысып жүргені түн бойы. Кейде айқайлап, төсегінен ұшып тұратын да әдеттері болды. Ояна келсе, ешнәрсе жоқ, жанындағы жолдастары:

– Саған не болды? – деседі.

– Түс көрдім.

– Не түс?

Қара аюмен алысып, бас терісін сыпырып тастадым.

– Онда, ертең шошқаның етін жейсің, жата ғой, – деп күлісетін.

– Жоқ әлгі Парижға қашан жүреміз осы?

– Франция өкіметі ағылшынның палуандарына рұқсат бермей кешіктіріп жатқан көрінеді.

– Онда, ағылшындардан қорыққаны ма? Француздар қорықса, біз-ақ күресеміз ғой.

– Олар палуанынан қорықпайды, досым, жансызынан қорқады. Ағылшындар бір жаққа қайыршы жіберсе де, қасына шпионын қосып жіберетін әдеті бар ғой, сонысынан қорыққан болар.

– Сонда шпион палуанмын деп келе ме?

– Палуанмын деп те келеді. Палуандарды басқарушымыз деп те келеді. Тіпті сол палуандарының біріне қызметші болып та жүре береді.

– Сен барған соң шпионды сезсең маған айтып қой. Мен бір ыңғайын тауып еліне сүйегін қайтаратындай қылайын, қайтып палуан арасында жансыз жүрмейтін болсын.

Орыс палуандарына күмәндануы болмаса да, ағылшын, түріктермен келісіп алғаннан соң барып бұларға да рұқсат етілді. Дубный, Мұқан, Мартынов, Иван-Корень төртеуі дүние жүзілік күреске түспек болып ал-ғашқы рет Парижге жүріпа кетті. Туған елден келген палуандарды тосып алған Россия елшілігінің кісілері, қонақтарды алдын ала лайықтаған орындарына орналастырып, тиісті құрметін істеп, демалғызды. Басқа елдің палуандарын өз өкілдіктері дәріптеп, суретке басып, бойының ұзындығын, жауырынының кеңдігін көрсетіп, салмағын айтып жарнамалар таратып үлгерген еді. Сол кездеп Франциядағы Россия өкілдігінің мәдени байланысын басқарып отырған Степан Николаевич Отан намысын барлық өмірден жоғары ұстайтын кісі еді. Екі сөзінің бірінде: «Россияның таласқан иті де жеңіп шыққанын тәуір көрем», – дейтін. Сонымен қатар мәдениетті, ұқыпты адам еді. Россия палуандары қатынасатын жарыс хабарын ал-ғаннан жар құлағы жастыққа тимей, шетелден келген палуандарды қалай да бір сылтаумен барып көріп, киген киімдерін, күтімін бақылап, суретін басқан жарнамаларын алдырып отырды. Палуандар келетін күні, олардың жататын жатақханасына жарнамаларды жағалай жапсырып тастар еді. Палуандардың көзі еріксіз соларға түсті. Олардың ішінде аса әшекейленіп істел-гендері немістікі болатын. Онда үлкен етіп, екі басты самұрықтың суретін салып, екі жақтауын емен ағаштың жапырағымен көмкеріп, үш палуанның суретін бірге салыпты. Ортадағы суретті өте үлкен етіп көрсетіп, астына – Анс, – бойы төрт кез, иығы бір жарым, салмағы – он бір пұт, – деп жазыпты. Екі жағындағысының бірін Фон-Кениг деген де, екіншісін – Ганс Каван деп жазыпты. Бұл үшеуінің ортасына жер шарының суретін салып, бейне бір футбол ойнап жатқан тәрізді етіп келтіріпті.

– Иә, біраз салмағы бар екен, – деді Иван Корень баяулау дауыспен.

– Ол не? – деді, чемоданынан бір затын қарап әуреленіп жатқан Мұқан.

– Мына бір немістің палуанын айтамын.

– Неше пұт екен?

– Он бір пұт.

– Он сегіз пұт темір иығында шелек көтеретін иін ағаш болып жүр емес пе. Оның он бір пұтына соншалық неге таңырқанасың?

– Темір, темір де, бұл әрекет жасайтын адам емес пе?

– Адам болғанда, он бір пұт түгелімен күштің салмағы емес қой, оның ішінде кебісі де, ішкен асы да бар ғой. Қобырап тұрған денесі шындап сығылса қу сүйегі қалмай ма? – деп, барбиған бармағымен чемоданын жапты Мұқан.

– Сенің де күшіңді көрерміз, Черный, – деп күлді Иван.

– Көрініп келетін түйедей үлкенді көтеріп соғуға жақсы. Жердің жарығынан шығатын тышқандай палуанның кішкенесі жаман. Мен үлкенге таңырқамаймын да, одан қорықпаймын да.

– Е, айтпақшы сені тышқаннан қорқады дегені рас па? Әне, төсегіңнің астында тышқан жүр...

– Ей, айтпа, ондай жаман сөзді... – деп елең еткен Мұқан еңкейіп, темір төсектің астына бір қарап қойып, – мен онан қорықпаймын. Құрғырдың шиқылдағынынан қорқам. Тегі, соның дыбысын есіткім келмейді, – деп тұрды да қабырғадағы суреттерді қарады. Олардың арасындағы биік жарнамаға көзін сығырайта қарап, «Мынау бастарына қызыл сәукеле киген орақ мұрындар кім? Көйлектері қалай ұзын. Қай елдікі, жазуын оқып жіберші, Иван», – деп Кореньге қарай бұрылды.

– Олар сенің туысқандарын, мұсылмандар.

– Қайдағы пұсырман! Мұндай ұзын көйлек, басына сәукеле киген пұсырман бола ма?

– Болады. Бұларды түріктер деп атайды.

– Е, мұның Қажығалиі қайсы екен?

– Ортада тұрғаны. Мына екі жағындағысы Қара Мұстафа, Мырза Ахмет деген палуандары. Астындағы арабша жазуын Оқымайсың ба?

– Мына толып жатқан шимайдың қайсысы арабшаң? – деді бір жазуды сұқ қолымен нұсқап.

– Арабша жазу сол.

– Ей, арабша дегенің құмға басқан құмырсқаның ізіндей қиқы-жиқы бірдеме екен ғой. Мұнымен түріктің палуанының кім екенін айыруды маған құдай бұйыртпады. Бұйыртпаса бұйыртпасын, шиырмен басымды қатырмай-ақ, өздері келіп қолыма тиер.

– Мүмкін, оны сен көрмессің. Сенімен күреспес те.

– Қалай көрмеймін. Олар күреспесе Парижге шош-қа тағалағалы келе ме?

– Олардың пайдалы жерінде діншілдігі күшті. Егер сен, өктем шыға бастасаң, олар «мұсылманбыз» деп күреспей қояды.

– Бел ұстасқан күш әкесін танымайды дейді, әжем. Әкесін танымайтын күрес, пұсырманды (бұл Мұқанның өз тілі) не қылсын. Мен жығылып құдайдан иман сұрамаймын, – деді қабағын түйіп.

* * * Палуандар моншаға түсіп, киімін ауыстырған соң олардың тұлғаларымен танысуға Степан Николаевич келді. Ол өз елінен келген азаматтарды сағынған бауырмалдықпен қарсы алды. Ел тұрмысын, өз бастарының хал-жайларын, жолай көрген қиыншылықтарын сұрады. Әңгімелесе отырып:

– Мына күресетін палуандарыңның аты-жөні, тұл-ғасымен таныстыңдар ма? – деп жарнамаларға қарай мойын бұрды.

– Я, көріп жатырмыз.

– Түрін көріп, толқыған жүрек жоқ па?

– Сурет көріп шошитын кісінің күресте несі бар... Біздің Миша (Мұқанды жолдастары солай атайтын) «Олардың салмағының жартысы картоп пен су, онысын сығып таста, сүйегі жеңіл болады» дейді. Сескенген кісі соны айта ма, мырза?

– Ол қайсысы? – деп қатар отырған палуандардың бетіне қарады.

– Мынау, – деп Дубный қасында отырған Мұқанға бетін бұрды. Степан Ниқолаевич мейірімді шыраймен қадала қарады.

Бұл қай ұлттан?

– Киргиз.

– Біз «Киргиз» деп Орал өзенімен Қытайға жеткенше ен даланы алып жатқан елді айтамыз. Оның өзі ұлтқа көңіл бөлмегендіктен айтылған сөз. Болмаса, онда қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек деген ұлттар бар. Осылардың қайсысынан?

– Қазақ.

– Қай жердегі?

– Есіл бойындағы Сарытерек болысынан.

– Енді түсінікті. Нағыз қазақтың өзі екенсің. Ол орта жүздің жері ғой. Мен бір кезде Ақмола облысында, Торғайда болғаным бар. Қазақ шыншыл, ақпейіл, меймандос ел. Ешкімнен Жасқанбай жаңаны жақтағыш ел. Оның Шоқан, Ыбрай сияқты орыс ғылымын сүйген кісілері болған. Білдім енді.

Мұқанға жақындап, мектептен үйреніп шыққан өнерлерін сұрай бастады. Ол әңгімесінің аяғында күле сөйлеп:

– Мына палуандардай жарнама жасап, суреттеріңді көрсетіп, мақтанамыз ба? – деді. Үндемей қалған палуандарды бір шолып, Дубный:

– Соның керегі қанша? Біз суретімізді көрсетіп мақтанбай-ақ құдіретімізді көрсетсек болмай ма? «Өзін өзі мақтаған өлімнің аз-ақ алдында» деп, мақтаншылық еліміздің салты емес.

– Ал басқаларың не айтасың? Сен айтшы, қазақ, Мұқан Мұңайтпасов.

– Дубный дұрыс айтады. Жарнама жазып, көрсеткен аюды алып ұрып, жыға берсем, жарнаманы көрген елдің өзі жазбай ма?

– Мен де соны ойлап едім. Түстеріңді көрсетпей-ақ, күштеріңді көрсете бер. Бірақ көп ұлтта Россияны бір костюмге тықпай, кавказ, украин, сибирьліктер ұлттық киімдеріңмен көрініңдер. Тек намыстарың бір болса болады, – деді Степан. Сөйтіп, әр ұлттың сырт киімін дайындатты. Мұқанға қазақтың түйе жүн шекпені табылмады, сондықтан, басына ақ түбіт қалпақ, үстіне Бұхардың жібек шапанын кигізді. Дүние жүзінің палуаны жиналған Париждың циркіне Мұқан ала шапанмен кірді.

* * * Халықаралық палуандардың күресін басқаратын аралас комиссия, алғашқы екі жетіні сол палуандардың қара күшін көрсетіп көпшілікке таныстыруды ұйғарды. Капитализмнің тұңғиығына бойлай кіріп паңдан-ған Европа мемлекеттерінің дипломаттары феодализм-нің жетегінде жүрген Россияға ұсақ-түйек мін тағып, күлгісі келетін еді. Палуандардың жарнамасын жапсырып, суретін көрсете алмай отырғанын «бишаралық» деп түсінді олар. Келгендердің қонақ үйі болып отырған мемлекет – Франция болса, ол алдыңғы көрініске Россияны ұсынды. Россия жағынан комиссияның мүшесі болып кірген Степан Николаевич бұл ұсынысты ашықтан ашық қабылдамады.

– Біз қоғам құрылысы мен мәдениетіміз жағынан Европаның біраз елінен кейде қалғанымыз рас. Палуандарының бейнесін көрсету үшін кешегі ілінген жарнамалар Берлин, Лондон, Стамбул сияқты қалалардан басылып келген. Біз ондай жарнама әкелген жоқпыз. Оның үстіне – Англия, Германия сияқты дүниеге бел-гілі елдерді аралаған атақты палуанымыз жоқ. Темір қанат бүркіттің балапанындай жаңа ғана түлеген жас палуандарымыз көпшіліктің алдына кейінірек шықса да болады. Олар дүние жүзілік күресте сыпыра жығып, жүлде алғалы келген жоқ, өскен елдердің өнерінен үлгі алғалы келіп отыр. Россия палуандары ең артынан көрінсе де болады, оған ренжімейміз, – деді. Мақтаншақ дипломаттар кеуделерін керіп, бір-бір жөткірісіп, шірене түсті де, бұл тілекке қарсы болмады. «Орыс дегендер тек соғыстағы өлермендіктері болмаса, біз сияқты мәдени-техникалық күштерді қайдан білсін», – десті іштерінен. Бірақ бұл ойлары көпке бармай, күрес басталғанша, өзара шектенгендей көріністер байқалды.

* * * Күрес басталды. Палуандар Париж халқына кеше алуан күштің кереметін көрсетті. Аузын арандай ашып, ырылдаған арыстанды аяғынан ұстап лақтырып жібергендері болды. Кей бір үйдей үлкен өгізбен сүзісіп, еріксізден ұлыған иттей шоңқайтып отырғызып кетті. Екі пұттық гирдің тасынан бесеуін болат шынжыр-ға қосақтап алып жеңіл шардай төбесінде ойнатқан пал-уандарды көргенде көрушілердің есі шығып кеткендей шулады. Білектей темірді мойнымен, сом темірді тісімен майыстырғандарға жиналған халықтар қол соғып құрмет көрсетісті. Екі білегіне екі аттың қайысын іліп алып қозғалтпай тұрған палуанды да көрді жұрт. Созған қолының алақанына тақтай қойып, төрт адам мінгізіп цирктің шеңберін айналғандар болды. Төбесінен тұрып, аяғының үстіне тақтай қойып, алты адам ойнатқандарды көрді жұртшылық. Екі пұттық тасты кеудесіне қойып, жарты пұттық шойын балғамен ұрып сындыртты бір палуан. Үндістан палуаны өз мырзасын үй ішімен, жайылған дастарқан, құюлы шарабымен дөңгелек тақтайға отыр-ғызып төбесімен көтеріп келді көпшіліктің алдына. Африка палуаны отыз пұттық пілді иығына тұрғыз-ған бойы көпшіліктің алдынан өтті. Тағы толып жат-қан күш өнерін көрсетушілерді Париж халқы қошеметтеп қарсы алды. Ойын мерзімі аяқталып, жұрт тарқарда:

– Ертең Россия палуандарының өнерін көресіздер, – деп хабарлады цирк басқарушысы. Цирктің бірінші күні өте көңілді өтті. Соғылған қол Париждің қаласын жаңғықтырды. Өнерін көрсеткен күш иелерін әркім әр түрлі етіп аңызға айналдырып бара жатты.

Келесі күні цирк маңынан жан жүріп болар емес. Мерзімді сағаты жеткенде қоңырау да безілдеп қоя берді. Алуан түрлі халық иін тіресіп ішке кіріп жатыр. Жұрт орындарына отырғаннан кейін цирк ашылғанда орталық шеңбердін алаңында басқа палуандардың дайындатып қоятын ойын құралдары көрінбеді. Алаңның қақ жартысын басып дөңгелек, қалың тақтай жатыр. Осыдан басқа көз тартар ешбір зат жоқ еді. «Е, бұлар өнерлерін жүгіріп, секіріп көрсетеді екен ғой... онысы күнде көретін ойындарымыздың бірі шығар», – деп ойлады отырғандар. Россияның палуандарын күтіп отырғандардың арасына әр түрлі өсектер де лезде тарап жатты. «Орыстар бала-шаға жіберіп, суретін көрсете алмай отырмыз», дегенді есіткендердің жігері құм болғандай, үміті кесілгендей болды. Оқуды жаңадан бітірген палуандар дегенді естігенде, әйтеуір: «кішкене бейнелі біреулер шығады екен», – деп күтті. Сабыры сарқылған жұрт қолды соққан үстіне соқты. Әдет бойынша палуандар ортаға шығып, басқарушы олардың атын айтқанда көрермендер бастарын изеп сүйіспеншіліктерін білдірер болар еді, бұларда ол жоқ. Самсап келіп тұрған палуандар жоқ. Алаң әлі бос тұр. Әлден уақытта ойынды басқаратын француз шықты.

– Орыс палуандарының күш көрсететін ойыны бас-талды, тыныштық, сақтауларыңызды сұраймын, – деді. Елеңдеген ел, цирктің қосалқы есігіне қарасты. Он сегіз пұттық рельске цирктің жиырма бес қызметшісін мінгізіп, денесінің бұлшық еттері білеуленіп біреу шықты. Жайлап келіп басқан аяғынан ешқандай ауырлықтың әсері білінбейді, бейнебір мереке маршына еріп келе жатқан әскердің адымы сияқтанады. Жан-жағына паңдана қараған ол ортаға келіп тұрған кезде:

– Шығыс Европаның үздік атағын алған орыс пал-уаны Дубный осы, – дегенде алдыңғы қатарда отыр-ғандардың үрейі ұшып кеткендей болды. Ал қалың көпшіліктің дүбірі циркті жарып жібергендей.

Палуан алаңды бір айналып ортаға тұрды да, отырған елден тағы бірнеше кісі шақырып, рельстің екі басын бастырды. Қырық кісінің салмағымен иілген рельс-тің екі басы жерге тиді. Сонша салмаққа бүгілмеген алып тұлға темірден құйған мүсіндей болып көрінді. Оның артынан сегіз пұттықтан екі сандық тасты қолтықтап, екі пұттық шойын балғаны тісімен тістеп келген палуанды:

– Дмитрий Мартынов, – деп таныстырды көпші-лікке. Сәлден кейін бес пұттық екі гирдің тасын екі шынашағына іліп, резинка доптай ойнаған күйі келіп кірген палуанды:

– Бұл – сахалиндік Иван-Корень, – деді цирк басқарушысы. Соңғы екі палуан осындай ауыр заттарды көтере келіп көпшілікке күштерін көрсетіп өткеннен кейін, басында айыр қалпағы бар, үстіне ала жібек шапан киіп, жалпылдақ жүнді үлкен айыр өркеш атанға мінген біреу шықты. Бұл көрініс Европа еліне Шың-ғыс хан тіріліп қайта келгендей болды. Балалар шуылдап, үлкендердің соққан қолдары оның аты-жөнін айтуға да мұрша бермеді. Отырғандар орындарынан тұрып, бірінің иығына бірі асылып, таңырқай қарап, көпшіліктің дүбірінен цирктің іші дауыл соққандай болды. Бірақ онымен палуанның жұмысы болмады. Түйеден түсе қалып, оның алдыңғы екі аяғын балтырымен қағып жіберіп:

– Шөк, – деді. Иығынан қапсыра ұстап, тұқырта басқан құдіретті қол атанды «мыңқ» дегізіп, шегеріп тастады. Жүндес сирақтарының бүктесініне қайысты іліп жіберіп, баурына салған мықты қайыстан ұстап түйені өз иығына қағып салды да, көтерген бойымен цирктен қайта шығып кетті. Көзін қадап, анталап тұрған жұрт қалай көтеріп әкеткенін де білмей қалды. Палуанды қайта шақырған көпшіліктің үні цирктің ішін жаң-ғыртып жіберді.

– Қайда әлгі алып шақыршы өзін, анықтап көрейік! – деген дауыстарға:

– Сабыр етіңіздер, келеді қазір, – деп булықты бас-қарушы. Қайта көруге асығып, есікке қарай үңілген ел палуанның ақ қалпағы көріне бергенде-ақ қолдарын соғып цирктің ішін барабанның шанағындай гүрсіл-детті.

Ағаштың үгіндісін төсеген орталық алаңға әкеліп салған тақтайды сүйемдей жерге батыра, арбаны тісімен тартқан алып ортаға келіп тұра қалды. Арбаға жабыл-ған ақ жабудың төрт жағына бірдей етіп төрт тілде қарамен жазған жазу бар. – «Арбаның салмағы жетпіс бес пұт», деген жазу айқын көрініп тұр.

– Шығыс Европаның үздік атағын алған Россия палуаны Мұқан Мұңайтпасов... – деді басқарушы.

– Бұл орыс емес, – маңғұл ғой өзі... – деген дауыстар тұс-тұстан шықты.

– Я, не мангул – рус, из қазахской степи, – деді қоңыр дауысты палуан. Музыка жайлап алуан түрлі үнмен ойнай бастады да, үн ырғағымен орыс палуандары өнерлерін көрсете берді.

* * *
Қаласын кездім талай дүниенің,
Таныттым мені туған қазақ елін.
Үстімнен жүкті автобус жүрген уақта,

Сонда да қайыспаған қайран белім... –
дейтін Қажекең.

Сом темірді мойнына бұрап, галстук ету Мұқанның жеңіл өнерінің бірі еді. Оны жұрт көрді. Кенет музыка долдана тартылды. Жатқан сандық тасты төрт кісі әзер көтеріп келіп, Мұқанның қап төселген кеудесіне қонды.

– Кәне, кім ұрып сындыра алады осы тасты? – деген көпшілікке сұрау қойылды.

– Мен ұрамын, – деп келген біраз адамдар екі пұт балғаның сабын ұстап, басын көтере алмай тастай берді. Көзі жымиып, екі алақанымен тастың екі шетін ептеп көтеріп палуан жатыр. Жалаңаш кеудесіне қойылған сегіз пұт тасты ұрып сындыру да көп адамға оңай тимейтіндей еді.

– Мен көрейін, – деп үнділік Риға-Рибер деген пал-уан балғаның сабын ұстады. Тасты бір ұрғанда сындыру шарт еді. Кәрі бүркіттей тұмсығы оралған алып балғаны құлашын кере көтерді. Ол сонау түксіз арыстанның кеудесіндей көрініп жатқан денеге гүрс ете қалмақшы. Нажағайы жарылмай түйілген бұлттай булығып, музыка үнін өшіре қалды. Мыңдаған көздер көтерілген балғаға қадалды. Қауіпті көрініске көз тоқтата алмай, бетін қолымен баса қалған сан адам болды. Тынған музыка жарылған бомбадай шаңқ етті. Шойын балға тиген тастан бір құшақ ұшқын жарқ етті. Екі бөлінген қара тасты алақанымен атып жіберіп палуан орнынан ұшып тұрды.

– «Дегенмен мәдениетсіздеу ойын екен...» – деді немістің бас палуаны тыжырына қарап.

– Россияның есейген палуанын іздеп, мыналарды олқысынып отырған біздің палуандар енді не дер екен? Осындай күші бар жас палуандарын әлде болса да жығамыз деген үмітте ме екен? – десті шетелдің дипломаттары өзара күңкілдесіп.

– Ертең күрес басталады, қапы қалмаңыздар, – деді цирк басқарушы, тарағалы орындарынан тұрған көп-шілікке. Париждегі халықтың сол күнгі әңгімесі тек орыс палуандарының теңдесі жоқ күштері болды.

* * * Цирктің билеті мөлшерсіз қымбаттады. Жұмысшының жеті күн істеп тапқан ақшасы циркке бір кіруге зорға жететін болды. Оның үстіне ертемен барып билетті саудагерлер жинап алып, кешке екі бағасына сататын. Сондықтан жұмысшылар тек түйе көтеріп, рельс иген орыс палуандары күресетін күнді ғана аңдыды, циркке кезекпен кіріп, көргендерін біріне бірі айтып беріп тұрды. Күресетін қырық төрт палуанның екеуі орыстар көтерген рельсті көтереміз деп мертігіп, қатардан шығып қалды. Қалған қырық екі палуанның күресі бас-талғанда, алғашқы он күнінде орыстың не жығып, не жығылмайтын екі палуаны үздіксіз қатынасып отырды. Олар Дубный мен Мұқан еді. Бұл екеуіне дәрігерлер рұқсат етпегендіктен тек күрескендерді көріп отыратын болды. Үндістанның палуанын араб палуаны, арабты түрік палуаны, италиянды ағылшын палуаны, ағылшынды неміс палуаны, немісті француз палуаны, француз палуанын түрік жығып, күші басымдардың шоқтығы көрініп-ақ қалды. Қолданатын әдістерінің де беті ашылды. Орыстың екі палуанының күреске қатынасуын сұраған жұрттың тілегі көбейді. Кейін іркілген палуандар күреске қатыспайтын болды.

– Палуан өнерін үйрену үшін Россиядан шығып, шетелден ұстаз іздемеймін, туған елімдегі тәрбиешілер маған жетеді, – деген Дубныйдың сөзі өте орынды айтылған сөз еді. Әлемдік чемпион атағын жеті рет алған Иван Дубный өз Отаны туралы қателеспеді, Дядя Иванның мектебі орыс палуандарын заманаға сай етіп тәр-биеледі. Күрестің сыпайы түрі – французша күреске мүлтіксіз жетілдіргені сонша, «ұстаздан шәкірт озды», дегенді Парижде көзге жарқын көрсете білді.

Мұнда «дес бергенде, сәті түсе қалған», кездейсоқ ешнәрсе жоқ еді. Қол жеткен табыс – өктем күш, жете үйретілген шеберлікке байланысты болды. Іріктелген палуандар екі топқа бөлінді. Оның бірін-шісі – салмағы бес пұт, он үш қадаққа шейін тартатындар олар жеңіл күресте, Париждың чемпион атағын алмақшылар. Екінші топ – салмағына сай, ауыр күреске қатынасушылар. Олардың үздік шыққаны әлемдік чемпион атағын алады. Орыстың екі палуаны сол екінші топқа қосылды. «Николаны жыға қоятын жан әлі туа қоймаған шы-ғар» десті, отырған жұрттар алыптың аты аталғанда. Цирктің төбесі төңкеріліп түскендей болып қол соғылды, сол алыптың тұлғасы орталықтан көрінгенде. Бірақ күрес ойлаған жерден шықпады. Арыстанша арсылдай ұмтылған Николаның мойны Дубныйдын құрыш қолына ілікті де, иығынан асыра атып жіберді. Оның ауыр денесі құлаған жартастай кілем үстіне сарт ете түсті. Палуандардың күресіне қадала қарап отырған жұрт Николаның қалай жығылғанын сезбей де қалды. Құлаған Николаның басынан аттап бара жатқан Дубныйды көргендер қолдарын шапалақтап сүйіспеншіліктерін білдіріп жатты.

– Ертең жауырының жерге тиетін күн екеніне сене бер, – деді, жарты сағат шабуыл жасап, алуан әдісінің бірін іске асыра алмаған ызалы палуан – Рауль, айрылысып бара жатып.

– Алжасып айтпасаң болғаны! – деді оның барлық әдісін көңіліне түйген Дубный қолын көтеріп. Ертеңіне күрес алаңына Рауль әндетіп келді. Ол өзін асқақ ұстап, жан-жағына тәкаппарлана қарауда.

– Мен мұның осы үнін танауынан шығарам, – деді Дубный жанындағы серігіне күле қарап.

Қоңырау қағылды, палуандар алаңға шықты.

Білеуленген бұлшық етті құрыш қолдар бір-біріне созыла бергенде, Дубный тәкаппарсынған палуанды арыстандай бас салды. Бұл кездесуде өзінің жеңісінен басқаны ойламаған Рауль, қайратын қайырып, денесін қусырып бара жатқан күшті көктен түскен құрсау шығар деп ұғынды. Суық ұрған шөптей сом денесі босап, қол-аяғының дәрмені кетіп, сығымдалған мақтадай жыйырылып, Дубныйдың қолтығына кірді де, кілем ортасына жамбастай сұлады. Еркін күшті айрықша шеберлікпен жұм-саған орыстың жас палуанына Париж халқы әрі сүйінді, әрі таң қалды. Бірақ жерде жатқан екі палуан тез айрылыса қоймады. Жамбастата басқан орыс палуаны бір қолын қолтық астына сүңгітіп жіберіп, бір қолымен мойнын орай сығып, тырп еткізбей жата берді. Оның жауырынын жерге тигізу үшін де асықпады. Қараушылар үшін сондай бір мәнерлі сыпайы шабуыл болды. Бірақ Раульдің тынысы минут сайын тарыла берді. Кеудесін қышқаштай қысып жатқан Дубный ойнап жатқан баладай сыбырлай сөйлеп:

– Бұл ыстық құшағым сенің тәкаппарлығың үшін, сені такаппар етіп тәрбиелеген Париж үшін! – деді.

Қырық екі минут өткенде Рауль қырылдай үн шығарып:

– Мынау мені босатсын, төтенше айтайын дегенім бар, – деп сұрады төрешіден.

– Жо.. қ... ол болмайды! Бұл қашып кетудің айласы, – деді Дубный. Ол зарланып қоймаған соң төреші босаттырды. Есеңгіреп қалған Рауль төрешінің столына сүйене тұрып, күресті енді созудың керегі жоғын айтты да, көпшіліктің арасына кіріп кетті. Оны пірім деп санайтын офицерлер қызынып: «Мың франк бере-міз, қайта түс күреске» – деп шулады. Бірақ Рауль басын шайқап, күрес алаңына жуымады. Ондағы қулығы «жауырыным жерге тимей кеттім» деу еді. Оған Дубный көнбеді:

– Біз орыс жұрты майданнан қашқанды жеңілді деп есептейміз, Рауль жығылды, оған мойындауы керек, – деді. Оның өзін қостаған үндер циркті жаңғыртып жіберді. Басқарып жүрген төреші көптің ұйғарғанын орындады.

– Ертеңгі күрес – Мұқан мен Қажығалидан басталады, – деп жариялады цирк басқарушысы. Ел ертеңгі билетті цирктен сол түні сатып алысып тарқады. Сын-ға түсетін Мұқанға Дубныйдың Николаны жыққаны елестеді де тұрды.

* * * Париждың орталық бағын сайрандап қайтатын палуандардың күндегі әдеті болатын. Мұқан ала шапан, ақ қалпағын киген күйі күміс шақшасын қолына ұстап, бақ ішінде келе жатты. Күнде бірге жүретін Дубный Россия өкілдігіне кетіп, бүгін жалғыз еді. Хауызды қалың ағаштың жанына бара бергенде күтпеген жерден көлденеңдеп шашақты қызыл тақия киген екі түрік шыға келді де:

– Туған, сәлем! – десіп, қолдарын қусыра аман-дасты. Әлденелерді ойлап жай басып келе жатқан Мұқан лажсыз бөгеліңкіреп:

– Сәлем, сәлем! – деп бетіне қарады. Біреуі өзімен кеше күресіп жығылған Қара Мұстафа екен де, екіншісі сұлу киінген түріктің біреуі екен. Шыққан жағына қарай қолдарын ұсынып:

– Мархаба, мархаба! – десті. Ағаш арасындары саяжайдан дабырлап сөйлеген бір топ түріктердің үні шықкан жақты көрсетіп. Екі түрік екі жағынан қолтықтап, солардың алдына алып келді. Ол жерде жеті-сегіз түрік бас құрап, ортасында басына ақ жібек кішкене сәлде орап, жыға шанышқан бегі де бар екен. Кальянға темекіні үйе салып, кеңірдек резинкамен кезек тартып бұрқыратып отыр. Бегінен басқасы орындарынан тұ-рып, «мархаба» айтысып амандасты. Өзара араб тілімен сөйлесіп, қарқылдасып күлісіп алды. Олардың не айтып, не қойғанына Мұқан түсінген жоқ. Дене бітіміне, алып тұлғасына бегі сұқтана қарады. Ол кезде Мұқанның құлақ, мұрны аман, семіріп денесі бұзылмаған сұлу кезі болатын. Иіні тақтадай жалпақ, кеудесі кебежедей керіліп шығыңқы, жуандамаған мойнынан басы үлкен көрініп, тік қарағаны бейнебір арыстан сияқты еді. Мұны көрген бегі, айнала қарап:

– Гох говел егит ња... – деді жанындағыларға. Түрік тілі бұған түсінікті болар деп ойлаған бірі:

– Сен мұсылман, қардаш, Түркистан дұр, – деді Мұқанның жауырынын сипай тұрып. Оның не айтқанына толық түсінбеген Мұқан ойланып тұрып, тұрып:

– Я не понял, – деді орысша. Түріктер тағы араб, түрік тілін араластырып өзара біраз қаудырласып алды. Ойланып қалған бек орысша сөйледі:

– Сен түрік нәсілді, мұсылмансың ғой? – деді.

– Иә, пұсырманмын.

– Сендердің әкімдерің орыс емес пе?

– Я, әкіміміз орыс, болысымыз қазақ.

– Сендерде мешіт, медресе болмайды емес пе?

– Біздің қазаққа олардың керегі де жоқ. Көшпелі ел болған соң, қайтсін, түйеге артып алып жүре ала ма?

– Сауда, саудагерлерің де жоқ. Сендерде тұрғылықты базар да болмайды ғой?

– Ой, саудагерлер деген судың балығы емес пе... Ел бар жерде олар бар. Бірақ қазақтың жек көретіні сауда. Сауда деген алдау, өтірік айту емес пе? Біздің ел ондайды сүймейді.

– Сен орысты жақсы көресің бе, мұсылманды жақсы көресің бе?

– Мен кісіні алдап өтірік айтпайтынды жақсы көремін.

– Ендеше, өтірік айтпайтын мұсылман ғой?

– Әй, қайдам... Әжем айтушы еді: «Біздің елде пайғамбардың әулеті қожа болыпты. Елдің малы көп ұрланып, табылмай кете береді екен. Бір қазақ қожаның түнде қайырған тасбесін тыңдаса:

Айналайын тасбым сенен,
Күмән етпес ешкім менен.
Менің нәпсім болды бәле,
Жетіде жеймін бір тана.

Иллалањи иллалла, – депті. Сондай пұсырмандар толып жатыр. Оны өтірік айтпайды дегенге кім нанады... Қой мен кетейін, – деп Мұқан отырған орнынан тұрды.

– Сен кішкене сабыр ет, туғаным. Қайда бармақшы едің?

– Кешке күресім бар. Мына сусын сататын жерден бес-алты шөлмек сыра ішем де қайтам.

– Ол осында да бар. Кәне, туғанмен танысқанымыз үшін тањли шараптан құйып жіберіңдер, – деп бек кісілеріне қарады. «Мұқан арақ, сыра, шарапты – тұқыл шарап дейтін, сол түріктердің «тањли шарап» деген сөзін қызық көріп айтып кеттім дер болар еді.

Хауыздың салқын суына салып қойған үлкен күміс көзені алып келіп, күміс кеселерге толтыра-толтыра қызыл шарапты құйды. Түріктермен соғыстырып екі рет тартып жібергенде Мұқанның шекесінен тер бұрқ ете қалды. Басындағы ақ қалпақты жұлып алып, бетін желпіп-желпіп жіберді. Құлшынып жұтқан палуанға әрқайсысы үш-төрт кесені кезектеп артық ішкізіп жіберді. Қызып алған Мұқан өлең айта бастады.

– Сұрасаң Мұқан палуан менің атым,

Орта жүз, ұзын қыпшақ арғы затым.
Арғы атам Қара қыпшақ Қобыланды,
Қолдайды күрескенде жұрағатын.

– Қандай керемет әдемі өлең, – десіп, түріктер гуілдесе бастады.

– Туысқандарым, сендер үшін ішейін, – деп тағы екі кесе тартты. «Көзі «жымиып, қолын керіп, білегінің бұлшық еті ойнап, ала шапанның жеңін бүлкілдете бастады.

– Кардашым, қалай,.. туысқандарыңның ортасында отырғанын, есіңде сақтала ма?

– Еш уақытта ұмытпаймын.

– Бүгін кіммен күресетініңді білесің бе?

– Маған бәрібір. Созылатын қолы, ұстайтын белі болса болды. Кім де болса күресе берем.

– Сен олай деме, исламды есіңе ұста. Бүгін күре-сетін кісің мынау, – деп бек өз жанында отырған қысық теке, орақ мұрынды, денесі Мұқаннан бір жарым еседей үлкенірек Қажығалиді көрсетті.

– Бұл кәпір мемлекеттерінің отыз сегіз палуанын жығып отыр. Ендігі қалған екі палуан орыстікі. Оның бірі сен. Сен Қажығалиды жықсаң жињан палуаны атағын кәпірлер алғалы отыр. Егер сен жығылсаң мұсылманның ақ туы жоғары көтеріліп, жињан палуаны атағын ислам алып, хазіреті-Ѕалидің аруағы риза болмақ.

– Е, мұның мәні бұ жағында екен ғой! – деді, шараптың уыты көзін қызарта бастаған Мұқан.

– Аһа. Енді түсінді. Күресте дін үшін жығылу былай тұрсын, әрбір мұсылман шәһит болып жан беруі керек.

– Дұрыс, енді не істе дейсің?

– Бүгін Қажығалидан жығылып, абыройды мұсылманға алып бер. Ол үшін сыйыңды Стамбулға барған соң айрықша аласың. Мен айтайын, Халифа өз қолымен саған береді.

– Анауыңда қалған бар ма? Тағы бір құйын жіберші, – деп шарап құйып отырған түрікке иек қақты. Күміс кесені шеңберлете көзедегі шарапты сарқа құйып, әкеліп берді. Төмен қарап ойланып отырып, шарапты сіміріп жіберді де:

– Жарайды, абыройды пұсырманға алып берем, – деді.

– Алланың рахматы жаусын, – деді бектің беті гүл жайнап. Мұқан қалпағын кимей мыжғылап ұстап, отырғандарға қош айтпай жүре берді.

– Неге қош айтпайсың? – деді Мырза Ахмет палуан күліп.

– Кешке циркте кездесіміз ғой, оған шейін қандай қош айту керек? – деді де Мұқан балпаң басып жататын жеріне кете берді.

– Мұнысы жығылатын болды. Енді орысты қайтсең де жығуың керек, – деп бек Қажығалиға қарап қарқылдап күлді.

– Мұсылман деген сөзді түзу айтпайтын адамды мұсылман деп сеніп болмайды. Бес кісінің ішетін шарабын бір өзі ішті де кетті, сол буынына түсіп бірдеңе болмаса, «жығылам» дегеніне мен иланбаймын, – деді ауыр күрсініп түріктің палуаны.

– Аңғалдау адам ғой, мұсылмандығын тағы бір есіне түсіріп «бысмылда» айтып ұстас. Жығылып қалуы мүмкін. Не де болса кешке көрдік!..

– Араб, Парсы, Мысыр, Үндістанның, Ұлы Британия, Германияның палуанын жыққан түрік палуаны Қажығали – орыс палуаны Мұқан Мұңайтпасовпен француз техникасымен күреседі. Бұларға берілетін мерзім жиырма минут, – деп жариялады басқарушы. Цирктің ішінде аяқ басып тұрарлық ашық жер қалмай лық толған халық қолды жаңғырта соқты. Жаңғырыққан дауыстың арасында француз тілімен:

– Екеуі де мұсылман палуаны... – деген бір түріктің көмескі даусы шықты. Бірақ оны елеген адам болмады. Алаңға кердеңдей басын кіші-гірім төбедей болып келіп тұрған түрік палуанына қарсы, ала шапанды шешіп атып жіберіп, түгі жоқ арыстан бейнелі қара жігіт алдына келіп тұра қалды. Адуын палуан өзінен кішкене тұлғаға қызыққандай, пілдің балтырындай жуан білекпен желкеге періп жіберді. Бұрын қандай палуан болса да, опырылған шынардай етпетінен бір түсетін еді. Бұл жолы олай болмады. Мұқанға да жеңіл тимеді, ол еңкей-іңкіреп барып бойын жазып алды. Алғашқы күшімен басып тастамағанына ыза кернеген түрік тап бергенде, ысқырық шырылдап, басқарушы жолын бөгеді. Француз күресінде алғашқы қол тиген соң жерге жыға алмаса кезегі өткен болып есептелетін еді, Мұқанның көзінен ашу оты ойнап шыға келді. Бұл сияқты аяусыз қимылдаған ауыр қолдың арқасына тигені осы болды. Тынық теңіздің бетіндей қимылсыз көзін қадаған адамдар: «Мына орыстың палуаны жығылып қала жаздады», – деп отырғандай сезілді. Парижге келген күннің ерте-ңінде, Степан Николаевич:

– «Отанның абыройы – Россияның барлық азаматының ортақ абыройы. Сол Россияның таласқан иті болса да жеңіп шыққанын тәуір көреміз», – деп еді. Сол Степан цирктің бір қуысында Мұқанның тілеуін тілеп отырғаны көз алдына келді. Әжесі Айсары: «Аты шығатын адам – алдымен өз басының намысын қорғайды. Өз басының намысын қорғай алатын кісі – ауылдың абыройын сақтай алады», – дейтін. Мұқанның жығылғанын әжесі естісе не болмақ. Ақ самайлы, ауыр денелі кемпір Степанмен бірге циркте отырған сияқтанып кетті оған. Адуын күшті Мұқанды ашулы ыза кернеп, тісін бурадай қаршылдатты. Ортада тұрған күрес басқарушыны иығымен қаға ұмтылып шап берді. Ол мойнына жабысқан қолдын аспаннан түскен жайдың оғы екенін, не электрдін тогі екенін сезбеді, тау құласа тапжылмайтын денесі, қаңбақтай дөңгеленіп қайда кеткенін сезбей қалды. Иегін иығына қыса арқалай келіп, еңкейе беріп, басынан асыра атып жіберді де, арлан қасқырды алған бүркіттей бас салды. Оның ауыр денесі жақ ағашындай иіліп, жауының астына түсті де, жауырынын көтеретін аяғы бүгуге келмей қалды. Жерге тиген жауырынды еқкейіп көрген басқарушы ысқырығын алды да, сағатына қарады:

– Төрт минут ішінде түрік палуаны Қажығалиды, Россия палуаны Мұқан Мұңайтпасов жықты, – деді.

– Көпейұғлы, мұсылманшылық арың, антың қайда? – деді қос қолын тіреуіштеп, орнынан әзер тұрып жатқан Қажығали.

– Жығылып алған мұсылман атақтан, жығып ал-ған палуан атағым жақсы, – деді, ашуы әлі тарқамаған Мұқан, қабағын түйген бойымен.

– «Менде жығылайын деген ой өмірімде болып көрген емес. Болмайды да. Бақ ішіндегі түріктердің тобынан ажырап, жатақханаға келгенше алуан түрлі ойға түстім: жасы менен екі мүшелге жуық, үлкен палуанның өз күшіне сенбей, маған жалынышты раймен, жанындағыларға жайын айтқызып отырғанын аяғым да келді. Өзінің дәрменсіздігін ашық айтпай, «түрік, туыс, пұсырман, ислам» деп түсініксіз бірдемелер айтқанына қатты ызам да келді. Әйтеуір, жатақханама жеткенде: «Соны бүгін жықпай жіберсем қайтеді?» деген ой да елес бергендей еді. Оның алғашқы қимылы мені мейірімді ойдан жұрдай етті. Дядя Иван – бірден олай қимылдау өлтіріп жібергісі келгендердің әдісі дейтін. Ендеше, онда пұсырмандық та, туыстық та жоқ жаулық қана бар. Оның жығылған жерінен тұра алмай жатып «көпейұғылы» деген сөзіне көп жылдан кейін түсіндім. Онысы «иттін баласы» деген сөзі екен. Есіткен сағатта түсінсем, цирктен тірі шығармайтын едім», – дейтін Қажекең.

* * * Ертеңінде күрес – Поддубный1 мен Қажығалидың күресі еді, қарқыны қайтып, аруағы қожыраған палуан он төрт минут алысып барып жығылды. Поддубный қырық, палуанды жығып, қырқа озып алға шықты. Оның дүние жүзінің палуаны атағын алуына – өзінің досы, баулып өсірген шәкірті Мұқанды жығу ғана қалды.

– Мұқан Германияның Ансымен әлдеқашан күресуге тиіс еді. Ол Поддубныйдан жығылған соң көңіл-хошы болмай күнде «ауыратын» болды. Бұрын селеңдеп ретсіз жерден-ақ көріне беретін палуан енді циркке де сирек келетін болды. Келсе елеусіз жерде отыратын еді. Бірақ үш күн бұрын атақ-даңқын жазып, әр көшеден суретін көрген палуанның ақырғы күрестен тайқуына көпшілік көнбеді. Күнде сұрап шуылдап амалсыз күрестірді. Күнбе-күн өрістеп өскен күшке, күзгі судан құлдырап қайтқан күш төтеп бере алмай Мұқаннан да жығылды.

Үздік шыққан екі палуанды ортаға комиссия пред-седателі – француз:

– Дүние жүзілік күрестің бірінші, екінші орны да орыс палуанынікі. Ол екеуі – осы алдарыңда тұрғандар. Берілетін белгі мынау, – деп бірі үлкен, бірі кіші екі алтын медальді алақанына салып көрсетті. – Бұл сый қалай алса да осылардікі. Комиссияға қатынасқан он үш мемлекеттің өкілі қаяусыз бақылап отырды. Қойыл-ған шарт мүлтіксіз адал орындалды. Айла амалсыз, алдау-арбаусыз үздік күш жығып отыр, – деді. Соғылған қолдар кең циркті керней жөнелді.

Екі баланың төбелескенін көрсе кешке шейін жолынан қалып қарайтын әдет ағылшын билеуші топтарының ежелден ата салтына айналған емес пе. Солардың өкілдеріне екі орыстың күрескені бір түрлі қызық сияқты көрінді. Егер қара түсті адамды ақ түсті біреу жеңіп кетсе, «ол ақ нәсілдің айырықша біткен қасиеті»... Ақ түстіні қара түсті жеңсе – аюдың, адамды жеңгеніндей уақиға деп түсінетін адамдар енді мына екеуінің тай-таласын көргісі келіп ынтықты.

– Дүние жүзілік күрестің жүлдесін кімнің жығып алғанын көзімізбен көреміз. Енді өздері күрессін, – деді белгілі дипломаттар.

– Үй ішіне тиген үлесті бөліп беремін деу шетел кісілеріне өрескелдік емес пе, мырзалар!.. – деді Степан Николаевич.

– Шығыстық адамды біз Россияның үй-іші деп еш уақытта есептемейміз. Бұл біздің шайнап, ақжем қыл-ған саясатымыз, – деді біреу.

– Әрине, дүниені бөлегін саясат болмаса, адамның адамнан бөлінгісі келе ме?.. Күресеміз десе өздері білсін. Бірінші мен екінші орын Россиянікі екені актымен белгілейді, – деді Степан. Екі палуанның жекпе-жек күресуін қадала сұрап қол соққан үркердей ғана азғана топ болатын. Палуандардың үздік шыққан жеңі-сін құттықтап көпшіліктер қолдарын біркелкі соғып ұзақ уақыт тұрып алды.

– Ағаның жолына әдепсіз кісі ғана таласады. Бірін-ші орын мына кісінікі, – деп сирағынан қыса ұстап, тіп-тік көтеріп иығына тұрғызды да, Поддубныйды кенеттен есікке алып кетті Мұқан. Париждан әрбір мемле-кеттің бас палуанын жыққанда ғана алатын сегіз медальға қосып, кіші алтын медальді тағып қайтты.

Оның әлемдік палуан атағымен, үлкен алтын медаль алуы осыдан сегіз жыл кейін Швейцарияда болды.

* * * Палуандар Петербургте келген соң олардың Париждағы көрсеткен күштері, үздік шыққан өнерлері жалпақ елге аңыз болып отырады. Сауданың жарнамасы болып отырған кейбір газеттер елеусіз жерге палуандардың суреттерін амалсыздан басып, бір-екі қатар сөз де жазған болды. Париждағы өкілдіктің сипаттамалары сыртқы істер министрлігіне келіп, кейбір жеке кісілердің ұсынысы бойыншы дүние жүзілік чемпион атағын алғандарға және қатынасушылардың бәріне медаль берілді. Поддубный мен Мұқанға патшаның басын салған үлкен медаль тағылды, «Мұңайтпастың баласы ақ патшаның палуаны болып, соның өз үйінде тұрады екен», деген қазақ даласына лақап та тарады.

– Ой, тоба-ай, онда шоқынып кеткені ғой, бақырдың... – десіп, кемпірлер аузын сылп еткізсе, шалдар бастарын шайқап, таңдайларын қақты.

– «Көргендердің айтуына карағанда шоқынбаған сияқты, басына шатырдай ақ қалпақ, үстіне Бұхардың ала жібек шапанын кигізіп қойыпты дейді. Жұма күн-дері көшеге шығып жүретін көрінеді», – деп, кейбір қыдырма шалдар өз алдына көкіді. «Жалғыз көзді жынмен күресіп жығыпты. Өгіз мүйізді дәумен күресіп жығыпты», – десіп қазақ даласы мөлшерсіз даурықты. «Қызыл сақал Хазрет-Мәдінің өзі – Мұқан дегенді айтыпты кейбірі. Шамасы, қиямет қайым жақындап, ұзамай жер бетіне тажал шығатын болса керек», – деп көп ел өзінше үрейленетін болды. Бұларды құлағы шалған қазақ қалайда Мұқанды бір көруге ынтықты. Бірақ елді қанша сағынып аңсаса да, қайтуға уақыт таппай, күреске құмартып алған палуан шет мемлекетті кезіп, күрес қызығына түсіп кетті. Россия атына ұят келтірмейтін, ар-намысын ақшаға сатпайтын палуаны бар орыс халқы күрес болады деген қалаға, даңқты палуандарын шақырған қай ел болса да іркілмей жібере берді. Мұқанның кейінгі қалалары Лондон, Айқара, Ирак, Иран, Үнді, Қытай болып үш жыл бойы өмірі жол жүрумен өтті. Қазақтардың ауылда айтқан аңызындай ол патшаның үйінде тұрмады. Тіпті патшаны көрген де емес, көрмегеніне өкініш те етпеді.

Оның жатса-тұрса аңсайтыны, көруге ынтығатыны, көзінен таса болмайтын қасиетті елесі – Қызылжардағы полицмейстрдін қорасының алды болатын. Жасы өсіп есейген сайын, өмір қызығын көрудегі өресі ұзайған сайын өзі барған түрлі елдерде талай уақиғаға кездесті. Кенеуі кеткен кейбір елдерде жалпақ дүниеден саясы түсетін жапырақ таппай, нақақ өліп, қарызы үшін құл болып сатылып жатқан талайды көрді. Солардан туған ой толқыны, өзінің еліндегі мейірімділік пен бауырмалдықты еріксіз көзіне елестететін болды. Атқа берген төлем, Сапарбайдың үйіндегі кеш, Қабанкөліндегі жиын, таза жанды Добрый-Рабый, таза ниетті дядя Иван, Дубныйдың тұлғалары, Париждағы мейрімді Степандар көшпелі бұлттай тізбектеліп көз алдынан өтіп жатты. «Мейірімді, қойны кең өз елім, өресі биік Россиям», – деп, талай күрсінген күндері болды.

Алыпсоқ шидем-күпінский

Сыраны қана ішіп, қатты ұйықтаған Мұқан кенет оянып; кереуетінің үстінде жағын Жұдырығымен сүйеп, біраз отырды. Тізілген керуеннің түйесіндей өткен өмірі көңіліне елес беріп, көз алдынан өтіп жатты. Ауыл мен балалық өмірдің қызықтары елестеді. Есіл бойының жазық даласы, бұйраттанған қырат, сайлары кейде кеңіс, кейде жіңішкеріп, шашыранды ауылдар жағасын жайлаған өзен алабы көгөрай шалғынға малынып тұр-ғандай. Шамасы келгендер жайлауға көшіп, көліксіздері қыстау айналасына киіз үйлерін тігіп, бірер сауынның ағын талшық етіп отырғандай. Жасынан балпаң басып, жедел жүре алмайтын Мұқанын ертіп, әжесі көрші ауылдың біріне келе жатқандай. Артына айқастырып ұстаған қолы сымбатты тұлғасына мән бергендей. Әжесі не істесе соған еліктеген Мұқан қолын артына ұстап, жан-жағына қараумен болып, кейіндеп қала беретін еді. Әжесі кейде көгалға отырып тосып, кейде бұтаның басын ұстап, сүйене тұрып, артына қарайтын да:

– Жайбасарым-ау, жүрсейші, құлыным! Күн ысымай үйге жетелік те... Серігім менің. Қартайғанда ерме-гім болсын деп берген, жетім қозым менің... – дейтін еді. Олақ баланың қардан епетейсіз етіп соға салған аяз атасы сияқты, болбыраған Мұқан аяғын сүйрете басып, үндемей жақындай беретін. Әжесі біраз жерге арқалап апарып, «уњ» деп отыра кететін де:

– Енді өзің жүрші, қарашығым. Міне, үйге де жетіп қалдық. Қарның да ашқан шығар, мына құртты аузыңа сала жүр, – деп, қамзолының қалтасынан бір құрт алып; қолына ұстатар еді. Осы көрініс есіне түскенде, Мұқан сол құрттың суын сорғандай жұтына бір тамсанды да, орнынан атып тұрып, жан-жағына қарады. Ол үлкен қаланың бірінің жатақханасында! – Есілді іздеп еді, Есіл де, әжесі де болмай шықты. Құрт берген Айсарының мейірімді үні құлағында тұрғандай болды. Еркелегенде әжесінің алдына отыра кететін әдетімен кереуетіне отыра кеткен еді. Қарсы алдындағы айнаға көзі түскенде бұйраланып өсіп қалған сақалын көрді.

– Қой, енді болмады, кеттім. Есілдің суынан бір шелек су ішпей мейірімім қанбас! – деді де, сақалын алып, цирк бастығына барып, ұзақ мерзімге рұқсат алды. Сөйтіп, Мұқан еліне қайтты.

Күзде келген Мұқан қар жауғанша қайта алмады. Боқыраудың жәрмеңкесінен қайтқан қалашылар дуан-ға көшпелі цирк келгенін, бір топ палуанның күресіп жатқанын, ішінде алып денелі екі-үш кісі барын таңыр-қай айтты.

– Цирк кісілері Нұрмағанбет палуанды күреске шақырып, ауылына хабар жіберген екен, ол Алатаудағы нағашысына кетіп қалыпты. – Олар Балуан Шолақты көруге ынтық болған екен, оның болмағанына қатты қынжылысты.

– Е, ақ патшаның палуаны Мұқанды неге шақырмайды. Белдерін бүктеп, қамшы етіп жіберсін, – деді, ауылдың жүген, құйысқан өретін мұртты ұстасы.

– Ой, тәйір-ай, бұлары Мұқанның ұстауына кел-мейтін ұсақ-түйектер шығар.

– Қайдағы ұсақ! Ішінде Мұқандай бір жарым келетін біреуі бар деп отыр ғой. Сонша бойды циркке суға бойлатқалы алып келді дейсің бе? Оның да өзінің сенген бірдеңесі бар біреу шығар.

– Мұны айтпаңдар. Бұл олармен күресуге қорқады, – деді жасынан қылжақтап бірге ескен құрдасы, – Мұқан ақ патшасыз жерде күреспейді. Мүйізді дәулермен күрескенде патша қасында тұрып: «Жығылсаң, айт-қанымды істемесең, басыңды кесем!» деп қорқытып жыққан көрінеді ғой.

– Әй, былшылдай бермесейші, құлағыңды жұлып қолыңа ұстатайын ба!?

– Әне, маған ғана шамасы келеді оның. Өзіне қалтамдағы тышқанымды қоя берейін бе... Нанбасаң өзің қолыңды сұғып қарашы, міне, шиқылдап тұр, – деп қалтасын Мұқанға қарай жақындатты.

– Сондай сөзіңді айтпашы, неге керек тышқанды айтып.

– Ендеше, дуанға ертіп жүр. Ана дәулерді жығып ақша алып бер маған, болмаса, бүгін қырманға барып бір дорба тышқан әкеліп сен жататын жерге қоя берем. Сөйтіп, сені еріксіз дуанға алып барам. Дуандағы палуанмен күрескің келмесе, шиқылдаған тышқанның ортасында жат.

– Қой деймін енді. Тышқаның құрысын!

– Қоймаймын, әй қатын, менің ат дорбамды алып берші. Қазір қырманға барып тышқан алып келейін, мен мұны ауылда босқа жүргізбеймін. Сондықтан барып күрессін. Маған қант-шайға ақша керек. Ана палуандарды жығып, ақша алып берсін. Оны істемесе баратын үйіңнің бәріне тышқанды қаптатып, жіберемін.

– Сен өйтіп мазалай берсең, құрдас Петроградқа кетіп қалмай ма?

– Е, мен оған бара алмай ма екем. Петроградтың сарайына бір қап тышқан апарып өргізіп жіберемін.

Отырған адамдар біраз күліп, құрбылардың әзілін сүйсіне тыңдасты. Кейбір қарт кісілер:

– Қарағым Мұқан, айтты-айтпады, осы ауылдан өрбіген баламыз болсаң да, алып күшіңді ел аузынан естіп қуанамыз. Белдескен палуандарды қалай жығатыныңды әлі көргеніміз жоқ. Сен дуандағы палуан-

дарға барып, бізге қалай жығатыныңды бір көрсетсей-ші. Дуанға баруға бәріміздің уақытымыз болмаса да, біразымыз барамыз. Көзімізбен көрген соң, жаңа күрестің сипатын айта жүрерміз. Ондай тамаша біздің қолымызға түсе бере ме? Қарын қолтықтап қыс та келіп қалды. Осындай маусымда уақыт таппасақ, ақпан-қаңтарға таялған соң, боранмен жұлқысып қалғанымыз ғой, – десті.

– Менің куәліктерімді көрген соң бұлар күреспей қояды ғой.

– Тіпті қағазыңды көрсетпе, Мұқан Мүңайтпасов деп айтпайық, жай ел кісісі болып барып-ақ күрес.

– Онда француз күресін қайдан үйрендің дейді ғой.

– Осы бізге қазақша-ақ күресіп жығып берші. Соныңды көрсек те болады.

– Солай етуге болады. Маған саптама етік, шидем күпі тауып беріңдер. Өз киімімді көрген соң-ақ олар шектеле береді. Керектің бәрі табылып, көршілес ауылдың он шақты кісілері Мұқанды алып, дуанға жүріп кетті.

* * * Өнерін қыстай көрсетуге келген цирк ойындарын сөз бұйдаға салып жүргізіп жатты. Елдің өте-мөте ынтығатын қызығы – күресі. Келген қарқында біраз қызығып көріскен ел, дүмеп келетін көпшілік сиреп, цирктің табысы да сұйылып тұр еді. Циркке «қазақша күрес көрсетсеңдер екен» деген тілек үсті-үстіне түсіп жатты. Іздеген Балуан Шолақ таптырмай, қазақша күреске мықтылау біреуді табу олардың да арманы болып жүр еді, ол тілегі де орындалды. Көліктерін таныс үйлеріне байлай салып, кештетіп келген кісілер, шыбыртқы, қамшыларын белдеріне қыстырған күйі циркке келіп, арзан билетпен ішке кірісті.

– Күпілі, дәу қара палуан дейді. Ол цирктегі дәулермен күресетін ойы бар екен. Бүгін шамасы келетінін байқап, сөйлесетін көрінеді. Жүріңдер, біз де сөйлес-кенін көрейік, – десіп біраз қалалық қазақтар да жөңкіліп келді.

Кейбіреулер:

– Бұған ауылдың палуаны тіркеле ме, француз кү-ресінің оқуын оқыған Мұқан сияқты дәулер болмаса.

– Ол неге келмейді екен?

– Ақ патша жібермейді дейді ғой. Болмаса осыдан бес-алты жыл бұрын кездескен татарға: «Елді сағындым, қайтам» деген екен, келді деген хабары естілмейді ғой. Ол келсе де бұлармен күреспейтін шығар.

– Әу, сіз бұларды қомсынасыз ба, әне бір Батум-скийдің бейнесі алаңғасар Алыбыңнан кем емес қой.

– Әй, тәйірі, сол неменің қардан қоқырайған денесі болмаса, боркемік, босбуын неме шығар деймін. Өйт-кені арбаңдап, қимылында икем жоқ.

Осындай қосалқы сөзбен уақыт өткізіп, цирктің алғашқы бөлімдерін көрді. Енді палуандар көрініске шығып күресетін бір палуанның атын атады.

– Бізге қазақша күресіп неге қызық көрсетпей-сіздер. Өздеріңе ақша керек болса, қазақша күресіңдер. Қатын-бала, шал-кемпір түгел келіп, мына аңырап тұр-ған циркті лық толтырар едік. Сендерге ақша да қап-қап болып түсер еді.

– Ол тілектеріңді орындауға Нұрмағанбет табылмай жатыр, ақсақал.

– Е, ол болмаса, елдің іші егіз емес пе? Нұрмағанбет жалғыз емес, Иманжүсіп бар, Мұратбек бар. Қартайыңқыраса да Ержан палуан бар. Мұқанды Петроградқа алдырып, ақ патша жібермей жатыр. Солардың басы қосылса өзіміз осындай бір цирк соғар едік, шіркін!

– «Е, ол мынау...» – дей берген құрдасының жанында отырған Мұқан, қалың киімінің сыртынан санын қысып жіберіп, өзіне қаратты.

– Үндеме! Сенің сан етіңді жұлып алып, шалбарыңның жыртындысына орап, қолыңа ұстатам, – деді Мұқан.

– Цирктің қожайыны, тамыр, бізбен сөйлесші. Біз-дің саған айтайық дегеніміз бар. Мына бір орынға отырып, тізеңді бүк, – деді, Мұқанның нағашысы Қали қарт.

«Бұл не айтады екен?» деп таңырқап келіп, отыр деген жеріне отырды бастық.

– Тамыр, сен мына күпілі қазақты қара. Ол менің балам. Ауылда мал баққаннан басқаны көрмеген. Күші жоқ емес. Егер беретінің болса келісіп, уәдеңді берсең, бұл сенің барлық палуаныңмен қазақша күреседі. Ал жығылса, көк тиын сұрамаймыз, керек десең астыма мініп келген түйемді беріп кетем.

Цирк бастығы жуан мойнын бұрып, қарттың мүйіз шақшасын нұсқай көрсеткен қазаққа қарап, бет-әлпетін бір шолып өтті. Кең күпінің өңірін ашып тастап кеуде-сін кере, шалқайыңқырап отырған Мұқанға көпті көріп, көп кісінің бейнесінен мінезін сезгендей болатын цирк бастығы ойлана қарап, бір сыр ұққандай болды. Бастан-аяқ киген киімінен ауыл адамының қоңыр күйлі бейнесін көрді. Қырынып жүріп, жаңадан қойған бұйраланған сақал, мұрты бір шек келтірді. Оған қосымша, бұдан басқа ауылдан келгендер: цирк бастығын «төре» деп, оның киген киіміне, тіпті сол цирк үйінің құрылысына сұқтана қараса, мұнда ондай таңырқану жоқ. Бір түрлі салқынқанды лық, тәкаппарлық сезілгендей. Бұл сырды тез ашам ба деген үмітпен:

– Сен орысша сөйлейсің бе? – деді бастық.

– Не дейді, мынау? Сен ұғасың ба? – деп қасындағы құрдасына қарады Мұқан аңырғандай болып.

– Мен қайдан білейін, өзің білмесең, – деп бетіне қарап жымиды ол. Мұқан басқарушыға қарап, басын ақырын шайқады.

– Ол білмейді, білмейді, – десті, жамырай сөйлеп қасында отырғандар.

Басқарушы күмәнді пішінмен, жымия күліп, алақанын жанды. Келушіні көбейткендей бір жаңалыққа мұқтаж болып отырған ол қазақша күресем деушімен келісті. Қазақ күресінің дұрыс орындалғанына билік айтатын комиссия құрылуы қажет екенін айтты. Ал беретін еңбек ақыға келгенде цирк бастығы күтпеген ұсыныс жасады. Ол:

– Қазақша күреспен әр палуанды жыға қалған күнде бес сомнан ақша берейін, жығыса алмай кетсең үш сом берем. Ал жығылсаң, мына әкең айтқан, ештеңе дәметпе, – деді. Оған тілмаш арқылы сөйлесіп отырған ауыл палуаны көнбеді.

– Сенің он екі палуаның бар екен, онымен түгел күресем. Жықсам әрқайсына 25 сомнан ақша төле. Тағы да мына бүгінгі күресің сияқты, күніне біреумен күресіп уақыт созу болмасын, бір күнде-ақ күресіп, аяқтап кетем.

– Ол болмайды, – деп цирк бастығы шошып кетті. – Біздің цирктің күндік табысының өзі 25 сомнан артпайды. Оны саған беріп, топты жан аш отыра алмаймыз. Бірінші группадағы төрт палуанымыз ғана айына 25 сом алады. Ауылдан келген азамат, ақша табу оңай деп ойлама! – деді цирк басқарушысы күле сөйлеп.

– Мен алпыс сом үшін бұл сарайыңда он екі күн жүрмеймін. Онан да он екі қойымды аман қыстан шығарсам, 60 сомдық қозы туып береді. Палуандарыңның ұсқынын көрдім, күрестірмесеңіз ертең қайтам.

Ауылдан келген палуан күрескелі сөйлесе бастаған соң көпшілік тарамай, орындарында отырысып қалған еді. Күресетін кісілерін көруге асыққан палуандар, цирк ойыншылары айнала анталасты. Оның алдымен күресіп көрмей, адымын сөз етіп отырғанына, палуандар тәлкек ете бастап:

– Бұл бізді көрген соң, күреспей қалуды ойлап отыр. Шамасы, бұрын қазақша күресті де көрмеген біреу сияқты. Белгілі палуан болса қазақтар таныр еді ғой, мұны ешкім білмейді, – десіп, өзара әңгіме етісті. Мұқан олар-ға көз қиығын ызалана бір тастап қойды да:

«Білдірермін, сендерге!» деп түйді ішінен.

Оның қазақша сөзін цирк бастығына әзер түсіндіріп отырған тілмаш та палуандардың әлгі айтқан сөзін аңғарып отыр еді. Мұқанның күңкілдеп қайтарған жауабын естігенде, ол шектеніп:

– Біздің палуан жігіттің орыс тіліне түсінетіндей түрі бар ма деймін. Мыналарға «білдірермін» деп қалды ғой деп, ауыл кісілерінің бетіне қарады. Оған Мұқанның нағашысы:

– Қой, қарағым, жай айта салған сөзі болар, орыс тілін білсе озі сойлеспей ме, – деді қымтағандай болып.

– Әй, қайдам... – деп тілмаш оған иланбайтын пішінін көрсетті. Мұқан іштей палуандарды ұсақсынып, «Көптің алдында бұларды сойған лақтай көтеріп ұрып, беделін түсіру обал ғой» деп отыр. Сондықтан алым келісімін сылтауратып, күреспей кеткісі келіп еді. Олардың «қорқып отыр» дегеніне намыстанып, «бұларды бір емес екіден жығып, масқаралайын» деп бекінді де, келісімге келді.

– Әй, сенің күндік табысың 25 сом болса, мен күрескенім үшін түк те сұрамаймын. Тіпті жүз сом тапсаң да ақша бер демейін. Мына жұрт мен күресем дегенге келіп отыр. Егер де мен шындап күресетін болсам, халықтың бұдан да көп келетініне сенемін. Маған күн сайын түскен ақшаның жүз сомнан артығының жартысын ғана беріңдер. Ал оған қиянат жасап, ұрлық істеме. Кассаны тексеретін комиссия құрылсын. Ал мен осы он екі палуаныңыздың бірінен жығылсам тиын алмаймын. Егер екеуінен жығылсам мініп келген сегіз ат, төрт түйеміз бар, соларды түгел беріп кетем! – деді Мұқан.

– Ойпыр-ай, мына жайбасар, ауылға мені жаяу қайтаратын болды-ау, – деді құрдасы.

– Үндеме, түйеңе ақша артып қайтасың аман болса.

«Жығылсам, мініп келген көлігіміз түгел сендердікі болады» дегеніне шала түсінген кіші палуанның бірі орнынан секіріп түсіп, «біреуі менікі» деп, қолына түкіріп қойды. Оларша бұл айтылып отырғанның бәрі боза үстіндегі бос сөз сияқты сезілді. Циркке келуші-лерден жүз сомнан артық ақша түспейді деп ойлады. Ауыл палуанының айтуы бойынша шарт жазылды. Кассаны тексеретін, күнделікті табысын айтып отыруды тілмаш жігіт өз міндетіне алды. Ол үшін цирк бастығы ертең бұйрық бермекші болды. Цирк басқарушысының уақытты созыңқыраймын дегеніне де таласпады Мұқан.

– Е, қызық енді болды. Ертең қазақша күресті көреміз. Нұрмағанбет болғанда жығатынына сөз жоқ еді, мұны кім білсін, әлі жас. Шолақтай тіс қаққан емес екен. Өзінің аты кім деді?

– Жайбасар деп отыр ғой қасында отырған жігіт.

– Ол құрдасы ма, әзіл айтар әзілкеш біреу ғой деймін. Әлгі шартта кім деп жазды екен. Сейітмұрат, сен алдыңғы жағында отырдың ғой, атын айтқанын естідің бе?

– Меніңше, онда жазғаны да өзінің аты емес. Оның атын айтқаны өте қызық болды. Ол алдымен менімен күресетін палуандарыңның атын жаз деді. Цирк басқарушы: Петро-Сибирский, Михаил-Шатинский, Замук-Батумский, Иван-Оралский деп тізді де;

– Ал өз атыңды айт! – дегенде, ол тілмашқа қарап:

– Бұлардың бәрі «ский» екен, мені де – Алыпсоқ Шидем-Күпінский деп жазсын, – деді. Шартқа солай деп жаза салды. Цирк адамдарына келушілер көбейсе болды. Бұл қазақ бізді жығады деп жүрген олар жоқ.

– Шіркін-ай, осындай уақытты Мұқан келер ме еді. Сыртынан атағын құшақтатқанша, бір келіп, жүзін көрсетсе қайтеді...

* * * Ертеңіне цирктің жарнама тақтайының бетін түгел алған жаңа сурет жапсырылды. Онда цирктің он екі палуаны бейнеленіп, олардың қарсы алдында, түлкі тымақтың сол жак құлағын ішіне қарай, жымырып киген, саптама етік, шидем күпілі қазақтың суретін салған. Ол беліне жуан арқан байлап, білегін сыбанып, «кел бермен!» дегендей жұлқынып тұр. «Бұл – ауыл палуаны – Алыпсоқ Шидем-Күпінский» деп жазылыпты. Ертең қазақ күресі болады екен деген хабар бүтін қалаға, ауылға түн ішінде-ақ, тарап болып еді. Цирктің барлық орынға деген билеттері түске жетпей таусылды. Билеттің құнын сұрау деген жоғалды, бес тиындық билеттер екі есе артығына сатылып жатты. Түс қайта дуандағы белгілі мырзалардан: «Бізге орын қалдыр» деген хаттар басшының столын басып кетті. Мөлшерлі орындарынан екі есе артық билет сатып қойған цирк қосалқы орындықтар жинап әбігерленді. Кешке ойын басталғанда, кең цирктің ішінде аяқ басып тұрарлық жер қалдырмай қаптаған көпшілік, жеңіл өтетін программадағы ойындарды көрмей:

– Палуандар шықсын! Бізге ауылдан келген Алыпсоқты көрсет! – десіп шуласты. Оны көретін сағат та жетті.

Цирктің күндізгі болған өндірістік кеңесінде:

– Бізге құдай көктен сұрағанымызды жерден беріп отыр. Мен цирк басқара жүріп, мұндай көрушінің көбейгенін көрген емеспін. Егер күнде осындай адам келетін болса мұны қыстай ұстар едім. Не пайда, жығу, жығылуға ынтыққан ел асығады. Ал алғашқы жетіні қалай да созуға тырысайық. Қазақ күресінде шалып жығу деген болады, оны істемеуге келісті. Орыстың жата қалып ататыны болмауын да тіледі. Тек күштерің басым болды екен деп, ұстасқан жерден алып ұрмай, уақыттың созылуын, ертеңге қалдыруды ойлаңдар. Өңештеріңді жібітетін цирктің түсімі көбейсе, өз бақыттарың үшін екенін өздерің білесің. Меніңше, ол ауылдан келмей, қала ішінің адамы болса, осы қазақты спорт мектебінен шыққан кісі дер едім. Орыс тілін білмейді екен деп, ұят сөздерді де айтпаңдар, орыс тілін түсіне ме деп қалдым. Өйткені орыстардың өзі түсіне бер-мейтін цирктік жаңа сөздерді тілмаш қазақша айта алмай отырғанда ол «түсіндім» деп қолын сілтеп отырды. Нағыз аңғырт біреу болмас ол. Олай болса, байқау керек. Бұл жай қазақ болмай, баяғы Поддубныйға серік болған Черный Иван болып жүрмесін. Оны осы қырдың даласынан келген деп естуші ем. Оған кезіксең сақалдарыңды сипай бер.

– Черный Иван... – десіп, бәрі де таңырқасты. – Қой, ол шетелге кеткен топта болатын. Мен Москвадан шыққан бір газеттен жаздың аяқ кезінде оқыдым. Ол қазақ болмауы керек.

– Оны мен де танимын, – деді Дмитрий Томский.

– Мен де жақсы танимын, – деді Черный Замук-Батумский.

– Айтпақшы, Замук, сен Иванмен күрестім дейтін едің, сол Қара Иван емес пе өзі? Ол сары Иваннан қалай?

– Ол қара, сары Иван дегендердің түсі болмаса, күші бір шайтанның баласындай, – деп жаратпаған пішінмен міңгірледі. Өйтетіні бұл Мұқаннан екі рет жығылған палуан болатын.

– Дмитрий, сен қайдан көріп жүрсің оны? Күрес-тің бе?

– Күрескенім жоқ. Біз мектеп бітіріп, тәжірибе жұмысына шыққанда олар Харьковте күресіп жатыр екен. Бізді солардың сынағынан өткізгенде, менің жетекшім Черный Иван болған. Қайда, ол тұлғасына адам таң қалатын палуан... Мынауың оның тырнағына да тұрмайды.

– Қой енді, ол болмаса болмай-ақ қойсын. Менің тануымша бұл қазақты сендер лақтырып тастай салатын сыраның шөлмегі емес, байқаңдар, – деді.

– Қара Иван болып сорлап қалмасақ болды. Неше күнге созып жықсақ та ерік бізде ғой, – деген палуандардың үміті бір түрлі күдіктілеу болып қалды.

Цирк алдымен үшінші топтың екі палуанын дайындады. «Бәйгеге тігілген бір ат менікі» деп қолына түкірген шағын денелі Митя-Амурский шықты. Мұқан отырған жерінде сыртқы киімін тастап, үйден әзірлеп келген жалаңаш етке киген шолақ шекпеннің белін қыл шылбырмен байлап, саптама етігін тастап, мәсімен ортаға келді. Әдеттенген аяқты қанша жай адамдарша басамын десе де мектепте үйренген қалпына кетті. Көпші-ліктің қол шапалақтау, айқай-қиқайымен цирк адамдары аңғармай қалды. Ол кішкене стол қойып орындықтарға отырған комиссияға қайырылмай, палуанға барды.

– Мынаның аяғы бала кезінен ширап, жылдам басатын болыпты. Тегі, жығатын шығар, құлшынып кетті, – деді құрдасы.

Күресетін кісісіне жақындағанда, қолын соза керіп кеудесін көтере, бой құрысын жазғандай болды. Тон сыртынан киетін шекпеннің кең жеңін, ойнап тұрған бұлшық ет қыртыстандырып жіберді.

– Әне, бұлшық еті темірді жарғандай, бұл қайдағы ауылдан келген адам болсын! – деді, цирк палуанының жанында тұрған басқарушы. Күресетін уақыт 40 минут, орыңдайтыны қазақ күресі екені жарияланды.

– Әй, тілмаш, мынаған мен қазақ күресінің тәртібін айтам, әбден түсіндірген көрсеткенді бұзса маған өкпелемесін. Палуан, әлі, асықпа! Қолыңды ербеңдетіп қайтесің, ұстай алсаң менің белім еркін тиеді қолына. Өзің қолыңды маған бер, – деп, екі білегін сыға ұстап, өзінің белбеуін екі бүйірінен сығымдата оған ұстатты. Сөйтіп оның белбеуінен өзі ұстап, бүйірін қусыра өзіне қарай бір тартты да, қайта кейін итеріп қойып:

– Мынауың бос. Міне, менікіндей етіп, беліңді қатты бу. Ұстасқанда белбеуің бос болса, беліңді қиып кетеді. Нанды содан тауып жеп жүрген саған ол бел ертең де керек. Түсіндің бе? Жақсылап түсіндір, тілмаш. Өзің божыратып сөйлейсің, орысша аз білесің бе, әлде менің айтқаныма түсінбейсің бе? – деп, тілмашты да кекеп қойды.

Ондаған жыл күрессіз өткен күнін шықпаған күндей көретін Мұқан, екі-үш ай ауылда болып, зерігіп қал-ғандықтан циркке келіп шешінгенде, суына қайта түскен балықтай жадырап кетті. Қарсы палуанына қазақ күресін баяғы өзін үйреткен Дядя Иван, Поддубныйша үйретеді. Бірақ Мұқанның қолы тиген сайын денесін темір тістеуікпен тістеткендей, жанын жеп, жығу үмітін түгелден үзіп те болды. Ойына Черный Иван деген сөз еріксіз түсе берді. Қазақ күресін үйретемін деп ілгері тартып, шетін-діріп, білегін қысып, бүйірін сығып жатқаңда қарсылық көрсетудің орнына, сілейіп қалған Митяны көріп:

– Жайың қалай? – деп басқарушы иегін қақты.

– Ештеме емес, бірақ...

– Бірағың не?

– Бұрын күреспеген соң...

– Мынау үйретіп жатыр ғой. Арбасын өзі соғып мінетін ұстаға кездессең керек!..

Оның сөзімен Мұқанның ісі болмай:

– Әй, бір аяғыңды алға бас, былай! – деп балтырын бүре өзіне қарай күйрете тартып қойды да, тілмашқа: – бұған айт, орысша күрес араластырам деп жерге аунамасын. Онда мұрнын бұзып алады! – деп кейін шегі-ніңкіреп барып, палуанға қарады.

– Тезірек ұстас, тойға ертіп келген балаңдай баптап кеттің ғой, – деген біреудің асыққан даусы шықты. Оған қобалжыған Мұқан болмады. Шолақ шекпенінің жеңін сыбанып тұрып:

– Әй, тәйірі, несіне асығасыңдар, ұстасатын кісіні ұстап көріп жатырмын. Бұл да қыздардың шиден істеген қуыршағы емес сияқты. Не боларын кім білсін...

Өзінің үйреткеніндей ұстасып, әдіс алысқандай біраз жүрді. Митяның кеудесін көтеріп, денесін өзіне қарай тартқысы келген қимылдарына, бүйірін сыға нығарлап, аяғын қимылдатқызбай тастады. Жығыс уақы-тының 25 минуты өткенде Митяның бүкіл денесін тер басып, жүрек ауруы ұстағандай ентігіп жүр еді. Көпші-ліктің шыдамы кетіп:

– Шырағым Алыпсоқ, бұл қай ермегің? Болдырсайшы, – десті.

– Әй, ағалар-ай, болдыра алмай жүрмін ғой, – деді ұстаса жүріп.

– Болмай жүрген түгі жоқ, өзің ойынға айналдырып жүрсің.

– Ағайын-ай, қинадыңдар-ау, сиыныңдаршы ару-аққа...

«Қап» деп, еңкейген еңсесін жоғары көтергенде, Митя айырдағы шөптей дәл төбесіне келді. Атып жібе-реді деген басқарушы ысқырығын шырылдата қасына келіп қалды. Жөпелдемеде Мұқанның бір қолы белбеуден босап кетіп, Митя жерге тік тұра қалды.

– Мынауың өлтіретін болды, бүйткен күресі құрысын, – деді әлсірей бастаған Митя, Мұқанның ұстап тұрған бір қолын босатуды сұрап.

– Әй, тілмаш, мынау не деп тұр өзі? Мен жығыспай босатпаймын.

– Мен мұндай күреспен қайта күресуші болмаспын, – деді Митя. Оны комиссия қабыл етіп, бірінші пар жұмысын бітірді. Екінші палуанды үш минут ішінде жықты да, Мұқан киімін киіп, цирктен кетіп қалды.

Ертеңіне цирктің басқарушысы Мұқанды кеңсесіне шақырып алып, өтінішті ұсыныс жасады:

– Алыпсоқ Шидем-Күпінский азамат, сен кімсің? Шыныңды айт. Сен орыс тілін де білесің, тілмашсыз өзің сөйле. Бізді енді алдама, – деді.

– Әй, мынауың не деп отыр, түсіндірші? – деп тілмашты іздеді. Ол жоқ еді. Мұқанды сынамақ болып, тілмашты жорта қасындағы бөлмеге отырғызып қойған екен, амалы жоқ, алып келді. Сөз қайтадан қазақшаланды.

– Жо-жоқ, бұйырмасын, түсінсем неге сөйлемейін. Атым да сол, өзім де осы отырғаным. Әкемді көріп отырсыңдар ғой, анау, күнде келіп жүрген қара шал. (Онысы нағашысы Қали болатын.)

Цирк басқарушысы күдігінің түйінін шеше алмады. Ол екінші тілегін айтты: – Біз келісім қағазын қайта жасайық, көктемге шейін бізде қалатын бол. Басқарушы – мен отыз бес сом айлық алам, саған елу сомнан берейін. Кассаға түскен жүз сомнан артығының тең жартысын алам дегеніңді қой.

– Қой, айта көрме, уәде – уәде, «құдайдың атымен» екі сөйлемеймін. Ақ кағазға бармағымды бір басқан соң, айтқанымда тұрам. Ақша түспесе түктің керегі жоқ. Палуаныңның екеуі жығылды ғой, енді қалғандарының бірінен жығылсам көлігімді берем де кетем. Бүгін нешеуімен күрестіресің, оны өзің біл. Бүгін жығып шықсам, ертең ақша бер. Қалада ішетін ас, көлік шөбі сатулы екенін білесің, теңге керек болып жатыр. Не де болса бір күнде болсын деп едім, оған өзің болмай, созып отырсың. Тағы да жоқты сылтау етіп, күнде күрестің жобасын қысқартып жүрме. Біз, қазақ, мал баққан ел екенін өзің білетін шығарсың, ауылда малымыз бар, таситын шөбіміз бар. Алда разы болсын, бізді бөгеме, – деп шартты қайта жасау туралы сөзді орындамай қойды.

Амал жоқ, көшірмесі қолына берілген қағаз күшінде қала берді де, күрес жүре берді. Бір жеті уақыт өтіп, он екі палуан қазақ күрестен түгел жығылып болды. Мұқанға келіскен жарнадан 350 сом ақша түсті. Сатылған билетті санап, кассаны тексерейік деп, Мұқан айтпады, бергенін алды. Шапан-шақпұт дегендей, көруші көпшіліктен сый да түсіп жатты. Қазақша күрес бітіп, цирктің тасыған сүттей табысы суалатын болды. Цирктің бастығы беделді бір қазақтың үйіне қой сойып, Мұқанды серіктерімен қонаққа шақырды. Әлгі үй цирктің өз ақшасын өзінен аямай риза боларлықтай сый істеді. Дастарқан үстінде цирктің басшысы мен палуандары түгел болды. Ас әзірлегенше, шай үстінде циркшілер мынадай өтініш етті:

– Апылсоқ мырза, атың бұл емес, өзің айтпаған соң амал қанша, солай атай береміз де. Кеше бір үйде қонақта болып, сен туралы әңгіме болғанда, сол үйдің баласы: «Ол жасырынып жүрген Мұқан Мұңайтпасов» деп еді, әкесі: «Сен қайдан білесің оны? Ол елге келген жоқ!» деп жекіп тастады. Содан кейін сенің кім екеніңді білмей дал болдық. Шамасы, біз білмейтін қазақтың белгілі адамы көп сияқты. Ел болған соң солай болады да. Енді тілегіміз мынау: шаруаң жағынан асығыс болсаң, мына қартты ауылға қайтара тұрып, өзің біраз күнге тағы қалуыңды сұраймыз.

Мына палуандарды сен қазақ күресімен ұстасуға келтірмей-ақ жығып шықтың. Бұлар да тек жерге шаныша салған құрай емес еді, жүзді жығып жүлде алғандар болатын. Біз де циркке сай тасындай саралап алған адамдармыз. Бұлардың көңілінен де тарамайтын арман қалып отыр. «Күштілігіңде шек жоқ. Бірақ біз әдісіне жетілмеген қазақ күресімен күрестік. Бізбен тек французша күрессе екен, жығылсақ та армансыз қалар едік» деп тілек етеді. Мына әкеңнің алдында осыны айтып, сенен тілек еткелі, дидарласып отырмыз. Осыған не айтасың? – деді.

Мұқан ойланып, серіктеріне қарады. Олар жымиысып қойды да:

– Өзің білесің. Жауап бер, – десті.

– Мен французша күресті білмеймін ғой.

– Білетініңе біздің шегіміз болмай отыр. Тіпті білмеген күнде, білмейтін күреспен біз де күресіп жығылдық, азар болса, сен де солай боларсың.

– Мен қандай күрес болса да жығылғым келмейді. Жарайды, ойласып, ертең циркке келіп өзім айтайын, – деді. Ас пісіп, адамдар ас ішуге бөлінгенде, Мұқанды палуандар өз бөлмелеріне алып кетті.

Шараптың алуан түрін алдырған екен, ас алды бір-бір рюмка ақтан көтермекші болды. Мұқан:

– Мұндайды ішіп корген емеспін, маған қымыз керек, – деді.

Бірақ ол мұндайда табылмады.

– Енді мына шөлмектерді өзім қарап, бұйырған бірін ішейін. Сендер маған тәттісін айтыңдар, – деп бес жұлдызды коньякті қолына ұстады. – Осының шөлмегі әдемі екен, сірә тәтті болар, – деді.

– Дәл таптың, оның ішіндегі қант қосқан су, – деп тілмаш қулана күлді. Цирк бастығы рюмка ұсынып еді, Мұқан сорпа кесе алдырып, – мен қымыз ішіп үйренген адаммын, толтырып бір-ақ құй, тәтті деп отыр ғой мынау, – деді. 60 градустық шарапты сіміріп жіберіп, басынан тастамай отырған түлкі тымағын жұлып алды да:

– Бала, алдаған екенсің, мұның ішіне қант қосылмапты, – деп үлкендеу шанышқыны алып, кесек етті көмейлете ұрып жіберді.

– Осындай да ауыл адамы бола ма екен? – деп, бас-қарушы күліп жіберді. Бірақ Мұқан шарап ішуді қайталамады.

* * * Цирктің жарнамасы жаңарып, Алыпсоқ Шидем-Күпінскийдің француз күресіне түсетіні жарияланды. Мұны естіп, дүмеген жұрт дүмей түсті. Цирктің билеті тағы да жетпей қалды. Күреске жаны құмар қазақтар ауыл-ауылдан ағылып келіп жатты. Цирктің тәртібі бойынша, арасына күн салып, Мұқан бір палуанмен күре-сетін болды. Алдымен Митя килікті.

– Әй, тамыр, мен саған қазақша күресті үйретіп едім ғой, сен французша күресті үйрет. Белбеусіз сені қалай ұстап жығам? Судан шыққан балық сияқты жылмаңдап тұрсың?..

Митя не дерін білмей, сасқанынан күліп жіберді.

– Сен білмесең де, сені жығам деген ой менде жоқ... Оған дәмеленіп те тұрғам жоқ.

– Бол, бол, баста! Қалай өзі, маған не істейсің?

Ол келіп жауырынынан қағып жіберіп еді, Мұқан етпетінен жата қалды.

– Мынау, бір ұрып құлатқаны ма? Тегі, күші көп болса да, әдісін білмеген соң қиын екен ғой, – деп шуласты жұрт.

Митя аздап дәмеленіп қалғандай, «әдісін білмеген-нен болар» деп, оның кеудесіне еңсесін арта жатып, қолтығына қолын сұға, шалқалатпақ болды. Бірақ ол үміті ақталмады, бейне бір жерге шегелеп тастағандай қозғалар емес. Қабырғасына алған қолын қайырып үстіне шығармақ болып әуреленді, онысы қабырғасына байлап қойғандай бүлк етер емес. Етпеттей жатыр Мұқан. Арқасында бала ойнатқандай, жауырынын созып, әбден діңкелетті. Жиырма минут уақыты таянып та қалды. Ол үстіне труси кимей, кең балақ жарғақ шалбар тауып киген еді, Митяның аққан тері оны былбыратын жі-берді. Уақыт екі минут қалғанда екі қолын қолтығынан бірдей сұғып, бұлшық етін уыстап алған Митяның оң қолын сығымдай ұстап, ұшып тұрды да, еңкейе беріп, иығынан асыра шалқасынан салды. Ол тізе бүгуге шамасы келмей, тандырдың нанындай жабысты.

– Классикалық жығыс! – деді төреші.

– Өзі үйреткен әдіспен жықтым, мұндай күресті кім көрген, – деді Мұқан.

Ауыл палуанының шеберлігі күннен-күнге жетіле берді.

– Мыналардың әдісін әбден біліп алды, – деп күңкілдесті көрушілер. Сегіз палуан жығылып, Черный Замук алаңға шыққанда, Мұқан қыңырлау тұрып, көз қиығын салды да:

– Мұнымен ең соңынан күресем, – деді. Оның денесі Мұқаннан бір жарым есеге жақын ірі еді.

Көрушілер:

– Осыдан қауіптенеді білем, – деді. Оны елең қылған Мұқан болмай, басқаларымен күресе берді.

Он бір палуан он бір түрлі әдіспен келсе де жығылып, төрелік айтушылардың біріне наразылық білдіргені болмады. Қала бастықтарының үлкен-кішісі, атақты байлар, саудагерлер, әкімдер болып түгел күрес қызығына қарасты. Мұншалық күш, мұншалық шеберлік ауылға қалай сыйып жатқанын, оны осы уақытқа шейін көздеріне түсіре алмағанына өкіністі. Мұның кім екенін білу үшін Сарытерек болысына тексеру хат та жазды. «Құрметті ұлық, ол болыстың адамы. Мал баққан Қали дегеннің баласы. Оның жиені Мұқан Мүңайтпасов деген Петроградта күресіп жатыр. Баяғыда бабалары батыр болған адам көрінеді» деп жауап та келді. Содан кейін Черный Иван деп күдіктенгендері шешілмей қалды. Дуанға келгеніне айға жуық уақыт өтіп, ең ақырғы Черный Замукпен күресетін кеш келді. Адамның дүмеуі күннен-күнге тасқындай берді. Біреуден біреу сатып алып, бір билет бес сомға шейін барды. Айрықша атағы бар дәудің біреуі өткен күресте өте тез жығылды. Елді таңырқатқан жағдай, палуандардың кішілері күрес мерзіміне жеткенше, кейде асқанынша тіресуші еді. Үлкендеріне кезек келген сайын жығыс жылдамдай берді. Ірі палуанның бірі үш жарым минутта-ақ жығылды. Бүгін Мұқан көпке шейін циркке келмеді. Көру-шілер: «Сол шынымен осыдан қауіптенеді, келмей, қашып қалмағай еді» десіп отырғанда, Мұқан да келді.

– Палуан, бүгін кешігіп келдің, күнде ерте келетін едің, – десіп, таяу отырғандар жайын сұрады.

– Өзім тымауратып, басым ауырған соң, бүгін келмей-ақ қояйын деп едім, мына қара дәуден қорықты деп айта ма деп, ұялғанымнан келдім, – дей салды.

– Әнеугүні қазақша күрескенде осыны тез-ақ жықтың. Соны қазақ күресінің әдісін білмегендіктен жығылды деушілер болды. Ал, сен мынау күрестің әдісін білмей де жығып жатырсың. Бізше әдістің тетігі күш сияқты. Осы дәу қараның күші өзіңнен қалай, көп пе?

– Ойбой, мұның теңдесі жоқ палуан ғой. Әнеугүні аруақтар жар болып жығып едім. Бүгін қайдам... – деп, Мұқан қорыққан кейіп көрсетті

– Аллажар болсын, шырағым! Сескенбе, күшің басым екенін осы цирктің өз адамдары айтып, ауыздарының суы құрып жүр. Құдай біледі, жығасың, – десіп, қарттар сүйеу бергендей сөздерін айтысты.

Мұқан Черный Замукке жылдам басып барды да, өкшесін жерге тіреп жіберіп, мойнынан шап беріп құшақтап алды. Биік дене иіліп, бастары түйісті де, қолдары екі басты қосуға салған құрсаудай айқасты да қалды. Екеуі өгізше тіресіп бірнеше секунд тұрды да, Мұқан желке етін қыртыстандырып жіберіп, Замуктің айқастыра ұстаған қолын серіппеше жазып жіберді. Еңкейе беріп, басын төмен қарай сырғыта, жазылмаған күшті қолды нығырақ сілкіп жіберді. Нардай үлкен дене кілем үстіне етпеттен сұлады. Оны жайғасып жатуға уақыт тапқызбай кеудесімен иығын жаныштай басып, аударған қаптай төңкеріп тастады да, кеудесін кеудесімен басып жата қалды. Ысқырық шырылдап, жығудың әділ екенін, жығушының ерекше күшті екенін хабарлады.

– Сен түсіңде менің ағам Ванядан екі жығылып, масқаңды алдырып едің. Мұнда келіп менен жығылғанын ұят емес пе, – деді, жығыс кешірімін сұрап, қол алысып тұрғанда, орысша болбырата сөйлеп. Черный Замук еңкейе қарап;

– О, Ваня... бауырым, сені көрген бақытты күнім осы екен ғой, – деп қанатын жая, құшағына алды.

* * * 1948 жылы, август айының аяқ шенінде, Темірлан селосына қарайтын Ленин атындағы колхозда отырған Мінәйім жеңгейдің үйіне есекке мінген бір колхозшы келіп:

– Мінәйім, Қажекеңнің қабірінің басына барып, шай қайнатып ішіп, қабіріне гүл қойып жүрген орыстың кім екенін білдіңдер ме? – деді.

Үйдегілер таң қалысып, жақындағы зиратқа қарай тұра жүгірісті. Келсе, қартаңдау келген, алып денелі орыс, арқасында арқалап жүрген жүгі бар. Сұраса келгенде осы қабірді әдейі іздеп келгенін айтты. Есбол, Айдарxандар үйіне ертіп келіп, асын беріп, Қажекеңнің досына сый-құрмет көрсетті. Ол Ақмоладағы белгісіз болып күрескен он екі палуанның бірі екен. Қартайып, пенсияға шығыпты. Оңтүстік Қазақстан облысындағы мектеп-тердегі спортшыларға нұсқау береді екен.

Жиб-жица күресі

Дүние аралаған палуанның ұзын сапары Харбин қаласына барып, бір тұйықталды. Онда Қытай, Жапония, Корея, Монғолия палуандары келген. Сар-Кек-Ки (Қажымұқан солай атайды), Жапонның Париждегі дүниежүзілік күреске қатысқан палуаны. Ол французша күреспен Қажымұқаннан екі минутта жығылып шықты. Күйгелек, ызақор, кек сақтағыш мінезі бар, көп сөз, күлкіні жек көретін палуан екен. Жапонның Микадосы1 қайығын жүргізбеген желді «Орыс, Қытай жақтан соққан жел» деп, елін өшіктіретін жапон ғой. Сар-Кек-Ки сол торбиемен жүрегін еріксіз қатырған. Қытай, Корейдің көп палуанынан басым болып, он екі палуанды жығып, мақтанышпен қайтамын деп тұрғанда, өзін бұрамға келтірмеген қара орыс келіп қалды. Күресті қайталап, уақытты созбас үшін Сар-Кек-Киді кім жықса да соның жықкан палуандарын түгел жыққан болып есептелсін деген, күрес комиссиясының ұйғарындысы болды.

– Күрес французша болады, – деді комиссия.

– Мен Жапон күресі «Жиб-жицамен» күресем, – деді Сар-Кек-Ки. Бұл күресте ешбір ереже жоқ, палуандар кез келген жерінен ұстап, шамасы келсе жұлып тастай беру болатын.

– Иван-Корень, сен жапондарға жақынсың ғой, мынаның айтып тұрған күресін білетін шығарсың, сен күрес, – деді жат күрестің жайын білмеген Қажымұ-қан.

– Айта көрме, таласқан иттей жараланып кім жатсын, мен күреспеймін, – деді сахалиндік Иван.

– Мен «Жиб-жицадан» басқа күреспен күрес-пеймін. Орыс палуандары күреспесе, бәйгені шаппай алам, жеңіс менікі, – деп Сар-Кек-Ки қасарып отырып алды. Қыңырайын жерге қарап отырған түріне үңіліп біраз тұрды да, аузына алақан толтыра салған насыбайын жерге қатаңырақ түкіріп:

– Жаз мені, иттің күресі болса да күрестім, – деді Қажымұқан.

Өлгені үшін ешкім жауапты еместігіне екеуі де тілхатқа қол қойды. Цирк көрушілерден екі кісі шақырып, актыға қол қойғызды да, екеуіне де ақ майка, труси кигізіп, есік пен төрдей жерден қоя беріп, қоңырауды шылдыр еткізді цирк басқарушы. Жапонның тарамыстанған темірдей қатты қолы Қажымұқанға шып ете қалып, орғып бір өтті. Жылдамдығына көз ілеспей Қажымұқанның басына қолы тағы бір тиіп, цирктің екінші жағына қарай секірді. Қажымұқанның басы-көзін қан басып, жосадай боп сорғалап жүре берді. Көрушілердің арасында отырған орыс палуандары орындарынан ұшып-ұшып тұрып, ойнақтап жүрген жапонға тұра ұмтылысты.

– Шық бері. Өлдің ғой байғұс! – деген ащы дауыс цирк ішін жаңғыртып жіберді. Тәртіпшінің үсті-үстіне шырылдап ысқырғаны Сар-Кек-Киге тап берген орыс палуандарының жолын бөгеді.

– Қайда барасыңдар?

– Қарғыс атқан ит, адамымызды өлтіресің бе?

– Күрестің ережесі сол! Шамасы келсе, ол да соның істегенін істесін. Тәртіпті бұзбай, орындарыңа барып отырыңдар! – деп басқарушы зілдене сөйлеп, түсін суытты. Шабынған арыстандай үш палуан білек түріп сыбанған күйінде тұрып қалды да:

– Иттің қолын енді денеге тигізбе! – деді ашулы үнмен.

Жапон үшінші рет зуылдап келіп, қанға боялған Қажымұқанға қайта қолын сала бергенде, әдісті алып тұрған Қажымұқан екі қолын шап беріп, артына қарай қайырды да, тіземенен бір қағып, дөңбектей жерге былш еткізді. Бұлқынған күйі етпетінен салып қойып, оң тізесімен иығынан басып, сол аяғымен желкесін тіреп тұрып, сол қолы Сар-Кек-Кидің үстіңгі ерні мен мұрнын қоса қабат кейін сыдырып барады... Цирк басқарушының сылдыраған қоңырауы естілді. Бұл сияқты жабайылық салтын талай көрген цирк басқарушысы да бұған өрескел деп қарамады. Қажымұ-қан бір ай емделіп жазылды. Бірақ оның Дядя Иван мектебінен қалыптасып, шыныққан сұлу денесінің сиқына біраз ажарсыздық енді. Көктем мезгілі тағы бір айналып түскен кез еді. Қажымұқан ауруxанадан шығып, өзінің достарына қосылды. Бұлардың жатқан жері Харбин циркінің қорасының ішіндегі ойыншылар тұратын жатақхананың бір бөлмесі еді. Қора ішіндегі үюлі жатқан жуан ағаштардың үстіне киім, жамылғыштарын жайып, тамылжыған шуақта, құзар таудың бүркітіндей, орыстың төрт палуаны отырды. Бұлардың жасы үлкен ағасы да, өздеріне тән жұмысына басқарушы да Иван Корень болатын, цирктің жарнама қағазының қалыңдау біреуін жайып, шұжығын, балығын, дәу қалаш нанын, дорбаларындағы шөлмектерін сырлаған темір сапты аяқтарын әкеліп:

– Тойға келіңдер, туысқандар! Дуня, Якуб қартты шақыр.

– Дәулер-ау, бұларың немене?

– Той. Мына, Черный Иванды көптен күтіп жатыр едік, енді елге қайтар алдында жол ашарымыз.

– Бұл палуанның аты Қажымұқан емес пе?

– Бұрын біз Черный Иван дейтін едік, сіз айтып тұрған атты Стамбулдан тауып алды, басына түскен жара осының қырсығы.

Енді бұрынғыша атаймыз. Құтты атыңның қайта қойылғаны үшін. Ал саптыаяғыңды көтеріп жібер. Палуандардың бұл тобының күрес өткізген қаласының бірі Стамбул еді. Соған қатынасқан Мұқанға түріктер қатты қызығып, достасқан тобынан айыруға алуан түрлі айла істеп көріпті. Қонақ үй бағының ішінде ағатын арықтан, күндегі әдеті бойынша жуынып, судың бетіне қадала қарап отырған Мұқанның үстіне әлдеқайдан су шашылып кетті. Басын көтеріп алдына қараса, судың арғы бетінде бастарында жалтыраған тақиясы бар, ауыздарын ақ жібекпен орап алған екі қыз отыр-ғанын көрді.

– Сәлем! – деп қылмаңдайды қыздар, беттеріне қараған жігітке.

– Сәлемет болыңдар, сұлулар! Суды неге шашасыңдар?

– Неге қарамайсың?

– Сендерден сұлу суға қарап тұрмын.

– Су бізден сұлу ма?

– Сұлу. Судың ағысы сендердің жүрістеріңдей қисық емес

– Біздің жүрісіміз қисық па екен?

– Қисық болмаса, менің үстіме қайдан келе қойдыңдар? Екі қыз сықылықтап күліп, ораған жібектерін жазып жіберді. Еліктей жұмырланған сұлу мойындарындағы моншақтар суға шағылысып, үлбіреген тамағы, маржандай ақ тістері, гүлдей қызарған еріндері айқын көрініп, Мұқанды еліктіргендей болды.

– Торғынмен оралған тамақтарың әдемі екен, ондай сүйкімді тамақтан сүюге де болады...

– Біз саған сүйгізіп, тамағымызды арамдамаймыз.

– Менің аузым арам ба?

– Арам. Сені кәпір болған түрік дейді, рас па?

– Ол өтірік. Мен кәпір емес, мұсылманмын. Түрік емес, қазақпын. Сендерге мені «кәпір» деп кім айтты?

– Білетін кісілер айтты. Біз сені осы бақтың ішінен күнде көреміз. Қызығамыз. Білетін кісілерден сұрасақ солай дейді.

– Сендер қайда тұрасыңдар?

– Алдыңдағы ашық тұрған терезені көресің бе?

– Иә.

– Сол үйде тұрамыз. Үйге жүріп, қонақ бол.

– Мен үйлеріңе бармаймын.

– Неге?

– Мен Стамбулға қонаққа келгенім жоқ, күрескелі келдім. Күрес біткен соң қайтамын.

– Қайда?

– Ресейге.

– Ресейде кәпірлер тұрады, бізде қал.

– Сендер білмей айтасыңдар. Ресейде кәпір жоқ, орыстар бар. Олар жақсы адамдар. Сендер мені кәпір деген адамдарды осы араға ертіп келіңдерші.

– Оны қайтесің?

– Мына суға тұмсығын батырам! Қайтып ондай сөзді айтпайтын болады.

Сол екі қыз, соңынан бірнеше рет кездескеңде қалаған қызыңызды ал да, түрікке қал дейтін болды.

– Менің қымбаттым – қыз емес, туған елімнің топырағы, – деді Мұқан.

Мұқан бір күні Стамбулдың үлкен мешітін көргелі барғанда түріктің ишаны басына шашақты қызыл тақия кигізіп:

– Бұл барлық мұсылмандардың мешіттерінің анасы. Бұған кірген кісі «қажы» болады. Енді сен Қажы-мұқан болдың, – деп басына шашақты қызыл тақия кигізіп, тақиялы суретін газетке басып шығарды. Содан қасындағы жолдастары күлкі етіп, Қажымұқан атап кетті. Оған шейін Мұқанның өзінің де, әкесінін де аты аталмай, басқа жанама атпен аталып жүріпті. Өзімен көп жыл жолдас болған Кореньнің айтқан әңгімесі де сол.

– Енді Жапонияға барамыз ба?

– Жоқ, –деді Қажымұқан, сарқа ішкен саптыаяғын төңкеріп тастап. – Мен Дубныймен Лондонға баратын едім. Мені одан айырған кемемен жүре алмайтыным. Мінсем жүрегім лоблиды. Жапонмен аралықта үлкен теңіз бар екен. Олардың маған ұсынатын басын Харбинде мұжыдым, енді бармаймын. Елді сағындым. Енді елге қайтайық. Жер жүзінің біраз жерін араладық. Туған топырағымыздан, Россиядан әсем елді еш жерде көргенім жоқ.

– Дұрыс айтасың, бауырым. Жердің көріктісі, елдің мейірімдісі өз Отанымызда. Солармен бірге жасап, өмір өткізгеннің арманы жоқ. Орынбор қаласы циркті шақырып, қағаз келіп жатыр, соған барайық, – деді Корень.

– Тойларың тойға ұласып, сапарларың қайырлы болсын! – деді Якуб палуандардың әзіл араласқан қызық әңгімелеріне мейірі қанғандай.

Жайылған жер дүниеге менің ісім,
Адамды таңдандырған қара күшім.
Ойлаған өлтірмек боп Сар-Кек-Кидің,
Сыпырғам түлкідей қып бас терісін.

Мырза

Мың тоғыз жүз төртінші жылдың қысы, империа-листік қанды соғыстың бейнесіндей қыс та қақаған қатты болды. Екі күннің бірі бұрқыраған боран, жаяу борасын, ызғырық жел, шытынаған аяз еді. Ақырған ақпанның бас кезінде үйілген қарды екі атпен сүргілетіп тартып жатқан қораға, үстіне қайырма жағалы қасқыр ішік киген, басында қазандай қара қалпағы бар, қолына кісі сыйғандай үлкен сандықты бау тағып ұстаған біреу кірді.

– Әй, гражданин, Құттыбай мырзаның қорасы осы ма? – деді, қара терге батып, шөмеленген қарды сүргі-мен кең қорадан шығарып бара жатқан жалшыға.

Құттыбай Қызылжардың белгілі саудагері еді. Бұл қораның жартысы Европа үлгісімен салынған салтанатты үй болса, бір жағы үйілген шөп, шанаға жегетін түйе, сойылатын өгіз, жеңіл шанаға жегілетін ат, сатылатын қойлармен былығып жатыр. Түнімен көмген суырынды қарды тазарту, шашылған шөп-шаламды жинау ондаған жалшыға үзілмейтін бейнет болатын. Қажыған жалшы қара қалпақтыға аңырая қарады да, үндемей өтіп кетті? Оның қайтып келуін күтіп, жолаушы қораның алдында тұрып қалды. Кейінгі сүргіші барғанда, алдыңғы сүргіші үйілген қарға омбылап батып кеткен атын шығара алмай жатты. Екеулеп тартып, қара терге батқан үстіне бата түсті. Қора алдында жалшыны күтіп тұрған; қалпақты тыпыршып мазасы кетті. Сандығын қораның аузына қойды да:

– Ей, сендер не ғып ырсылдап жатырсыңдар? – деді жалшыларға жақындап келіп.

– Мырза, көрмей тұрсыз ба?

– Көргенде бас-аяғын кессе бір қазан ет, арық тулақты сүйреп тастай алмай жатқандарың ұят емес пе?

– Әрине, мырзаларға солай көрінеді ғой. Сіздер етті ғана білесіздер. Аттың салмағын көтерген кісі ғана біледі!

– Бұлардың сөзін қайтесің, сен барып күректі әкел, қарды қазып алайық, – деді екінші жалшы, қасқыр ішікті, қара қалпақтыға ашулы көзінің қиығымен қарап. Бір жалшы жабысқан қарын қағынып, қораға қарай қарға батпаған атты бұрды.

– Әй, тоқта! Сүргіңді ағытып, тақтаңды қардың үстіне көлденең сал. Күрекке әуре болып қайтесің, – деді бейтаныс кісі.

– Неге, мырза?

– Әй, қайтесің, мырза-сырзаны. Мен атыңды шығарып берсем болғаны емес пе?! Қарға аяғым батпайтындай етіп тақтайыңды тасташы. Неге екенін саған көрсетейін.

Қарға аты батқан жалшы, ожырая, көз астымен қарап:

– Әлпеті аю сияқты, не қылған неме, қайдан келіп тұр осында? – деп күңгірлеп қойды. Аты батпағаны, не кетерін, не тақтай берерін білмей қалды.

– Ей, ағыт деймін, тақтайды!

– Қатып қалған қайыс шешіле қоя ма, мырза, барып күрек алып келем..

– Ой, тәйірі... күрек, күрек.. Былай әкелмейсің бе? – деп сүргі тақтайды бір қолымен ұстап қарға батқан атқа қарай сілкіп жіберді. Бала сүйреген ит шанадай сырғып, төрт тағандаған сүргі тақтай басын ұстап тұрған адамымен қоса үйінді қарды түрілте, жиектей келіп шоңқиды. Батқан атқа жақындатып, көлденең тастады да, аттың жалқұйрығынан ұстап, «њап!» деп бір жұлғанда, қарға қарны кептеліп тұрған атты қазықтай суырып алып, қардың етегіне домалатып жіберді. Шығамын деп шапшып булығып қалған ат, тұяғы қатты жерге тиген соң тұрып сілкінді де, жақындағы атқа қарап оқыранды. Екі жалшы түс көрген кісідей біріне-бірі қарап, үнсіз таңырқап, белгісіз кісінің бетіне қарады. Аттарының делбесін ұстап жатып:

– Мырза, сандығыңыз далада қалды ма?

– Иә.

– Біреу іліп кетіп жүрмесе игі еді. Бұл көшенің бейсауат қалған сандығын қымқырып кететін балалары аз емес...

– Іліп кететін балалар сен екеуіңдей болса, қанша жерге апарар дейсің. Оның ішінде кіші-гірім аттай салмақ бар.

Жалшылар аттарын желдіре айдап, қораға кірді де:

– Жігіттер, сұмдық... Не тажал, не мәді, әйтеуір, екеуінің біреуі. Солардан басқаға бейнесі ұқсамайтын біреу келді, – деп, қораның ішіндегі қар күреп, қырбық сыпырып жүрген жігіттерге үрейлене сөйледі:

– О, немене?

– Несін сұрайсың... Дәу!

– Не деп шатасып тұрсыңдар! Көздеріңе бірдеңе елестеген бе? Осы заманда дәу болушы ма еді?

– Әне, әне! Кірді қораға.

Қора ішіндегі жалшы жігіттер таңырқай қарасты. Өзгеден айрықша үлкен болмаса да, қалың түкті, қас-қыр ішік киген дене таңырқай қарағандарға алып сияқты көрінді.

– Япыр-ай, мынауың жай емес екен! Қолындағы сандығының өзі бір шананың жүгі ғой. Қалай өзі, тіл қата ма, сөйлестіңдер ме? Кім екен?

– Сөйлестік.

– Тілі қандай, кәдімгі адамша сөйлей ме?

– Орыс тілін араластырып қазақша сөйледі.

– Ендеше, татар екен ғой.., – Білмедік, кім екенін түсіне де көз тоқтатып қарай алғанымыз жоқ. Шұнақ ешкідей құлағы бүріскен, ерні жырым-жырым біреу. Киіміне қарап мырза деп едік, көтеріп жүрген сандығына қарап, кім екенін де түсінбей қалдық...

– Ал дәу екенін қайдан біле қалдыңдар?

– Ойбай-ау, мынау ат қарға батып қалмады ма... Арқасы әрең көрініп тұрған атты, жаңқадай, саусағының ұшымен іліп, қатты жерге лақтырып жіберді.

– Атты лақтырып жіберді дейді?!

– Атың түгіл, түйеңді түйме ғұрлы көретін түрі жоқ! Біз оны не тажал, не мәді деп жай айтып тұр дейсіңдер ме?..

– Ал сөйлессеңдер не айтты?

– Құнарлы ештеңе айтқан жоқ. Маңқалау ма, қалай?.. Ыңыранған арыстандай үні бір түрлі шығады. Тек мынау, әрі шығып бара жатқанда: «Құттыбай мырзаның қорасы осы ма?» деді. Мен бетіне де анық, назар салмай, асығып кетіп қалдым. Аттың-қарға батқанын көріп, өзі барды да, менің сүргімді аяғының астына салып, атты шығарып берді.

– Е, іштен келген, (Россиядан) мырзаның достарының бірі-дағы...

– Жоқ, мырза болса, ат түгіл адам өліп жатса да мойын бұрар ма? Мынадай дәу сандықты қолына ұстап жүрген қай мырзаны көрдің?

– Рас-ау, өзі... Мырза болса, қарға батпақ түгіл, қанға батып жатса да аттап кете бермей ме? Бұл жай адамның біреуі шығар.

– Онда кім болды екен? Мырзаның үйіне барып кіріп те кетті. Жай-жапсарын да сұрай алмай қалдық-ау.

* * * Құттыбай мырзаның ауыз үйінде аңшы иті арс етіп, үні бір шықты да «њай» деген қомақты үнінен сескеніп, есігі ашық тұрған ас үйге сүңгіп кетті. Бұрын бүйтпейтін иттің қыңсылынан ас пісіруші әйел шошып қалды. Әлі ұйқыда жатқан мырзаның үй іші қонақтарына ас дайындап, қолына май ұстаған күйі ауыз үйге шықты.

– Бәйбіше, Құттыбай мырза үйде ме? – дейді гүріл-деген бір үн.

Миықтата жиекті қара қалпақ киген бас, ақ қырау басқан ішіктің жағасынан қисая қарағанда, ас пісіруші әйелге бейне бір аю сөйлеп тұрғандай көрініп кетті. Ішегін үзілте бір тартып, мырза жатқан бөлмеге қарай жүгірді. Есікті әдеттегідей қағып кіруге де мұршасы келмей, бірден ашып:

– Мырза! – деді ащы дауыспен, оянғанына көп уақыт болса да, тұруға еріншек тартып жатқан Құттыбайға.

– Немене? – деп, ол да үрейленген әйелге қарады.

– Келді.

– Кім?

– Қара қалпақ қасқыр... бір...

– Не деп шатып тұрсың?! – деп, мырза басын көтер-ді. Әйел қайтарып сөз айтпай, сырғып, мырзаның есігі-нен шығып бәйбішенің бөлмесіне кіріп кетті. Мырза:

– Не дейді бұл малғұн. Қалпағы не, қасқыры не мұның?.. – деп асығып шалбарын киіп жатты. Даладан қар күреуге көмектесіп жатқан байдың күтушісі «дәуді» көруге асыға үйге келіп еді. Ауыз үйде тұрған қонақты киім шешетін бөлмеге алып кіріп:

– Киіміңізді шешіңіз, мырза, мен қожайынға хабарлайын, – деп шығып кетті.

Қонақ сырт киімін шешіп, шегеге іле бергенде:

– Сен неме, қайда жүресің өзің? Үйге біреу кіріп кетті деп үрейлендірді ғой, әлгі күң, – деп жекіген байдың зілді үні шықты.

– Мен қар күреп жатыр едім, мырза. Сізді сұрап, қара қалпақты, қасқыр ішікті бір мырза келді. Сол кісіні айтқан шығар.

– Е, қасқыр ішікті дейді?.. Қайдан келіпті?

– Оншалығын білмедім, мырза, әйтеуір, киім киісі іштен келетін қонақтар сияқты.

– Ендеше, онан несіне шошынып жүр? Үйге кір-гіздің бе, жүгі бар ма екен?

Басқа жүгін қайдам, қолында әйдік сандығы бар. Шешінетін үйге кіргізейін деп едім, орнынан қозғай алмадым. Өзі көтеріп жүргеніне қарағанда, ақша болуы керек.

– Бәрекелде, сөз осылай болсын-дағы! Әлгі біреу үрейлендіріп, асығып киімімді кие алмап едім. Киініп, беті-қолымды жуғанша іштен келгендер кіретін қонақ үйге кіргізе бер, – деп мырза бөлмесіне қайта кіріп кетті.

* * * Құттыбай мырза таза жуынып, европаша киініп, қонақ үйге кіргенде қонақты көріп, селтиіп есік алдында тұрып қалды. Оның ойланып келген тәтті қиялына қонақтың бейнесі үйлеспей қалды. Оның ойынша ақшамен келіп, мыңдап мал алып қайтатын шөп тыққан қанардай қарны илікпейтін біреу болар. Ақ жағасы жар-қырап, алтын сағатының шынжыр бауы омырауында айқыш-ұйқыш салбырап тұратын көпестің бірі ғой деп келгені, өмірінде көрмеген бейнедегі біреу болып шықты. Саудагерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, жай адамға тағы үйлеспейтін, мұғалім, инженердей де емес, шүғадан шалбар, бешпенті бар. Қозғалса жел соққан ағаштың жапырағындай омырауындағы орден-медальдары сыңғырлап тұрған бір нәрсе. Мұндай көп наградты Құттыбай табақтас болған губернаторынан да көр-меп еді. Әскери адамға ұйғарайын десе, онын да еш-қандай белгісі жоқ. Дал болған мырза аңырайып тұрып-тұрып:

– Ассалаумағалайкум! – деді.

– Саумысың, Құттыбай мырза? Бұрын көрмеген соң танымай тұрған да боларсың, қолыңды алып сәлем-десіп тұрған Россияның дүниежүзілік палуаны Қажымұкан Мұңайтпасов.

Әлденеше жыл – атағы жер жарып бүтін ел болып көруге ынтыққан палуанның енді өз үйіне келгеніне бір жағынан сүйінді де, екінші жағынан пайдасы тиетін сау-дагер болмағанына іштей күйінді де. Ренжіген райын ішіне тартып, сездірмеске тырысты Құттыбай. Қалай да көп жатқызбай құтылу керектігін ойлады табанда. «Тайдың еті таңдайында қалатын бұл алып, мені не үшін іздеп келді екен?..». Құттыбайдың есіне қыстың бас кезінде үйіне келіп қонған Ұлытау болысы мен Сарытерек болысының жолаушы қарттарының әңгімесі түсті. Олар дастарқан үстінде әзіл-сықағын, өсек-аяңды араластыра отырып:

– Шырағым, болыс, патшаның бұйрығы деп алым-салықты көп жинап жібердіңдер. Патшамыз мұнша ақша мен қойды қайтеді екен? – дейді, Сарытеректің ақсақалы, елдің күйзеле бастағанын аңғарта сөйлеп. Болыс іркілмей жауап берді:

– Ақсақал, патшаға қанша қой, қанша ақша болса да көптік қылмайды. Петрборда Қажымұқан деген қазақтың бір палуаны бар көрінеді. Соның бір өзіне күніне бес қой әзер ас болатын көрінеді. Оған не шақ келсін! Соған беріп жатса керек.

– Астапыралла!.. Есітпеген елде көп деген осы-ау... Сонда жылына 1 800 қой жеген болды ма?

– Екі мыңға жуық қой ғой!

– Әй, қарағым, қайдан білейін!.. Петрборда палуанның бары рас та шығар. Бір ауылнайдың малын бір палуанға сойып беріп, патша ағзам көже қатықсыз отырмаған шығар. Ол түгіл, Қасқырбай бидің өзі елден алып, елуден астам қой сойды. Елдің еркесі палуан, батыр жесе, ғалым, ақындар жесе далаға кетпес еді. Қайдам, қарағым... – дейді ақсақал күмәнді күлкімен.

Қажымұқанға Құттыбай тай қазанын толтыра ет асқызды. Онда қазы да, карта да, жая да, құйрық та, сүбе де бар еді. Ел кісілерін қондыратын үйіне дастарқан жайғызып, қайың астауды қайыстыра толтырып екі жігітке көтергізіп әкеп тартқызды. Қаладан келген пал-уанды көруге ынтыққан мырзамен көңілдес екі-үш қарт та бірге болды. Байдың жақын адамдарының бала-шағалары да аз жиналмады.

– Палуан, көп жыл Россияда жүрсеңіз де, ел кәдесін ұмытпаған шығарсыз. Бас бермеді демессіз, мырзаның азынаулақ төл малы елде болады. Базардан алайын дегеніне, аяз сорған малдың еті не болады деп, мен алдырмадым. Соғымның мезгілі ғой, бұйырғаны алдыңыз-ға келді, алыңыз, – деді сыйлы қарттың бірі.

– Мырза, жиырма төрт жыл шетте жүріп, арақ-шарапқа аузы тиіп үйренбеді деймісіз? Палуанға беретінің болса бізден именбей бере бер, ас алдында жұтып отырсын, – деді қарттың тағы бірі.

Мырза «әкелші» дегендей қонақ күтушінің біріне иек қақты. Қажымұқан дастарқанға отырған кісілерге айнала бір қарап алды да:

– Мырза, мен жиырма төрт жыл шетте жүріп, тұңғыш рет сенің үйіңе кіріп отырмын. Бұл – екі мүшел бір азаматтың кемеліне келген жасы. Күз өтіп қыс түс-кендей, қыс өтіп көк шыққандай, біраз кісі дүниеден өтіп, түтінін баласы түтетіп отыр. Соның бірі өзіңсің. Сәкеңнің қайтыс болғанын осыдан жеті жыл бұрын естіп едім. Арағыңды қоя тұрып, марқұмның аруағына біреуі құран оқып жіберсін, оның көптігі болмас.

– Шырағым-ай, бұл қайдан ойыңа түсе қалды?.. Бүгін күннің өзі жұма еді, аталы сөз болды ғой өзі, – десіп қарттар орындарынан бір қозғалып алды.

Құттыбайдың қарт анасы самай шаштарын жиыстырып, бір тізелей келіп отырды да: – Келін шырағым, астың бетіне дастарқан жаба тұр, – деді.

– Молда, құран оқып жібер, – деп Құттыбай сыпайы киінген Жантайға қарап еді, ол шөкелеп отыра қалды да «ағузыны» соза жөнелді. Құран аяқталып бет сипасқан соң:

– Мырза, тағы бір тілегім бар, ойымды да ас бетінен дастарқан ашылмай тұрғанда айтайын, мен жейін десем, тайың мен қойыңның етін қосып ассаң да жұмырыма жұғын болмайды. Жемейін десем, жай кісінің ішетін асы маған қанағат. Осы Қызылжардың ауласының қарын бір кезде мен де күреп едім. Енді мына қораңды күреп қарын аршыған жігіттерің мені «мырза» десіп танымай жүр. Басымнан өткен өмір ғой. Ол байғұстар мырзасының үстіне басып кіруге именеді. Қайдан білсін, қасқыр ішік, түбіт қалпақ киген соң, мырзаның бірі деп ойлайды. Құттыбай тұрғанда құдайдың есепсіз беретін мырзалығы бар ма?

– Рас айтасың, палуан, құдайдың бергені де, шырағым... Шүкір, шүкір... – деді Жантай сақалын сипап, мырзаға көзінің астымен қарап қойып.

– Иә, құдай берген мырза, құлашыңды кең жаз! Сол мені мырза деп жүрген жігіттеріңді осында түгел шақыр. Сәкеңе құран оқып жейтін асты, солар менімен бірге отырып жесін, қасқыр ішіктің Қажымұқан екенін, шын мырзаның Құттыбай екенін білсін. Мені келіп көруге де, еркін сөйлесуге де бата алмай жүр ғой, ол байғұстар.

– Палуан, олар астан кенде емес. Біз солардан артылғанын жеп отырмыз. Ертең олардың жатақханасына барып, өз алдына әңгімелесерміз. Әлгі, патшаның сарайында болғаныңды айтшы... Аяусыз-ақ алтынмен аптап, күміспен күптеген шығар, ә... Уа, шіркін... патша ағзамның сарайынан не алды дейсің... Оның сарайының қақпасын көрудің өзі қандай мәртебе десеңші! – деп, бет-әлпетінен әлдеқандай арманның желі ескендей, Құттыбай астаудағы асты палуанға қарай ұсына берді.

Қажымұқан құйған шойындай орнынан қозғалмаған күйі, «сабыр ет» дегендей болып қолын созды да, мырзаға көзін сығырайта қарап:

– Өй, Құттыбай, осыдан жиырма алты жыл бұрын сенің көршің Масликовтың шөбін әкелем деп, ақ боранда аты өліп, маған жаяу шана сүйреттіріп, атты төлетем деп мені полицмейстерге алып баратынында сен айдарың алынбаған жас бала едің. Көпшілік аттың құнын төлегелі ақша жинап жатқанда Хұсайын қарт төренің қасында тұрған әкеңе: «Уа, шырағым Сәкенжан, мына бір балаға Көкшетаудың шыңындай сор бергендей, күшті де қоса берген екен. Сонысына сүйсінген көпшілік аттан келген ауыртпалықты көтеріп әкетуге қам жасап жатыр. Төлебай Жомарт жалғыз атын аяғын ит қапқан дуанға бергендіктен аты шыққан екен. Саған жеке төлеп жібер демейік, көпшіліктен қалмаңыз» дегені есіңде ме?

– Иә, ол есімде.

– Сонда Сәкең марқұм қалтасынан бірдеңені алып, саған жылу жинаушыға апарып бер деп еді, есіңде болса сол қанша ақша еді?

– Онысын ұмытып қалыппын, – деп Құттыбай күмілжіді.

– Онда Құтташ жас еді ғой. Бір жігіттің өмірі өткендей уақыт өткен екен, ұсақ-түйек мырзаның есінде тұра ма?.. – деп Құттыбайға таяу отырған шал, селбіреген сұйық сақалын саусағына қыстыра сипай көзін жұмды.

– Мырза, ұмытқан екенсің, есіңе түсірейін: қолыңа ұстап, Хұсайын қартқа бергенің он бес тиын болатын. Сонда ол бетіңе қарап тұрып: «Балам, жинаушы Жағыпар да бес сом беріп еді, мырзалығың осы болса, әкеңе апарып бере ғой, шылым алып шексін. Онсыз да бір аттың құнына осы жұрттың жиғаны жетер!» деп бетін сенен бұрып алған болатын. Мен мұнда қонатын үй таппай келгенім жоқ. Масликовтың дауынан айырып ал-ған жұрттың көбі тірі. Онда үлкен кісінің қолы қысып тұрған сені аяп та едім. Енді еркі өзіне тигенде бір көрейін деп келіп отырмын.

– Иә, Сәкең марқұмның жоқ жерде тарыла қалатын мінезі болатын. Кейде көлдей шалқып, Омбы, Орынбордан келген біреулерге ақшаны аямай құшақтатып-ақ жібере салатын. Болмаса, сол атты түгел төлеу-ге де құдіреті келер еді ғой, – деп, ет турап отырған жұпыны киімді қарт, майлы жаяның бір жапырақ, етін аузына тастап жіберді. Аузындағыны тамсана жұтып жіберді де: – Шырағым Қажымұқан, Құтташтың қолы ашық, құдай беретінін тоқтатпасын, талай кісінің мұқтажына жарап жатыр, – деп мырзаға көз қиығын бір тастап қойды.

– Менің айтайын дегенім ол емес, мырзадан дүние сұрағалы отырғаным жоқ. Осы есіктің алдын сықырлата басып, қырау басқан терезеден сығалап жүрген адамдар көп. Шамасы, жалшы жігіттер болар, Мен кеткенде Масликовте жалшы болып жүретін Сергей мен Сейілбектің осы қорадан төбесін көрдім. Бәрі де мені көргісі келетін шығар. Оларды аяздаған сиырдай сықырлатып қоймай, үйге кіргіздіріңіз. Осы тамақ бәрі-мізге де жетеді, тіршіліктің арқасында дидарласайық. Патшаның, оның уәзірлерінің үйінде көрген тамашамды мен айтып берейін, олар құлақтарымен естісін.

– Ол кім өзі, есік алдында жүрген? – деп мырза есік жактағыларға қарады.

– Кім дерің бар ма, «патшаның палуанын көреміз» деп, өзіміздің жігіттер топ-тобымен қайта-қайта келді. Қараңғы қоралардан сан адам келіп, есік-терезеден сығалаумен жүр. Есікті іліп, алдына кісі қойып отырмыз. Болмаса үйге еріксіз лап бергелі тұр.

– Мырза, кіргіз соларды. Солардың топырлауынан именіп, далаға шыға алмай отырмын.

– Үйге дүметпей-ақ, ертең ортасына бармайсыз ба?

– Мен үйіңе қыстағалы келгенім жоқ, ертең кетем. Қазір кіргіз. Болмаса асыңды да жемеймін.

– Иә, бәріміз де дидарын көргелі отырмыз. Бұл үйден талай татып жүрген дәміміз ғой... Палуанның тілегі орындалсын. Шақырыңыз, мырза, – десіп отырғандар Құттыбайға үңіле қарасты.

– Япыр-ай, енді, аяқтары лас, үйдің ішін былғайды-ау...

– Былғанса тазартатын өздері ғой. Кірсін.

Жігіттер шақырылды. Алдымен Сергей мен Сейіл-бек кіріп, Қажымұқанмен құшақтасып көрісті. Басқа жігіттер сәлем беріп, есік жақта іргелей отырысты.

– Ал енді, арағыңды құй, мырза. Сия сауыттай шыныңды шұқшитпай, шай кесеге құй. Сейілбек пен Сергейден бастап, жігіттердің бәріне құй.

– Өзіңе деп алынған бір ширек арақ еді, бәріне жетпейді ғой, палуан? Дүкен жабылып қалды.

– Құттыбай жетпесе, Қажымұқан жетеді, құя бер, мырза. Толтыра құй, бір сімірер болсын.

– Бір кездегі жалшы Қажымұқан, Петр патшаның қаласына барып, тәлім-тәрбие алып, бүкіл әлемді аралап, ұлы Россияның қазақ палуаны атандым. Жиырма екі жыл шетелде жүріп, топырағын тұмар етіп тағайын деген туған жеріме бүгін келіп отырмын. Туған елдің жемісінен істелген шарапты есікте жүріп бас қоскан ескі достарым Сергей, Сейілбек ағайлар, сендер үшін ішейік. Ал мырзаға, келіндерге патшаның арағын берейін, – деп чемоданын ашып, Орынбордан толтырып алған шарабының бес шөлмегін алып, алтын жазулы шыныларды Құттыбайдың алдына қойды да, ал жұттық, – деп сіміріп жіберді. «Патшаның» шарабынан бір-бір жұтқан үй іші де бір түрлі көңілденіп кетті.

– Міне, патшаның кәмпитін балаларыңа беріңдер, – деп алуан түсті қағазға ораған кәмпитті шашып жі-берді. Отырғандар алдына түскенін таласа бөлісіп алып жатты.

Ет желініп, тепшіп шекеден тер шыққан соң, Қажымұқан біраз жосылтып әңгімесін айта келіп:

«Жиырма төрт патшаны араладым,
Палуанды неше таудай жараладым.
Жүрегімді жылытқан қызуы мол,
Туған жердей ыстықты таба алмадым»,

– деп өлеңдетіп те жіберді.

– Патшаның алтын сарайында сайрандап жүріп те елді сағындың ба? – деді мырза.

– Әй... алтын деген тас емес пе? Адамнан, ата-ана, туған елден қымбат не болмақ?

Жиналған кісілер палуанға әбден риза болып, кө-ңілді тарқасты. Жататын бөлмесіне шығып бара жат-қан мырзаға:

– Мырза, әкемнің өлгенін естіп, асығыс келе жатыр едім, ауылға күймеңмен жеткіздіртіп салуға кеңші-лік ет, – деді.

– Жарайды, палуан. Жатып тынық. Ертең тілегің орындалады.

Балуан Шолақпен кездесу

Үш атты көсем жеккен күймелі шана, қалың қарды қайыстай тіліп, Ақмолаға қарай келе жатты. Түтеген боран бөгеп, жолдағы бекетте екі күн түнеп қалып еді. Айналадағы елден бекетке келген бірлі-жарымды кісі-лер арқылы – «Патшаның тау көтеретін палуаны келе жатыр екен» деген лақап ауылдан ауылға лезде тарады да кетті. Әйелдер есіткен хабар – жылдам тарайтын әдеті емес пе. Бұл хабарды құлағы шалған адам үйінде отыра алмады.

– Шешей-ау, есіттің бе?

– Нені, шырағым?

– Бекетте дәу жатыр, – дейді ғой!...

– Шұнак-ай, тағы не дейді... Дәуі несі, ойбай! Дәу пері. Қап тауында жүреді демей ме? Әй, Қыздаркүл, бері кел, мына сұмдықты естіші! Иә, келін, оны кім айтты?

– Менің өзім де шала естіп қалдым. Елгезер қайнаға Софы атама айтып тұр екен. Текебайдың Темірбегі ыққан жылқысын іздеп жүріп, бекетке соғыпты дейді... Барса бекетті аумағымен қар көміп тастаған екен дейді... «Япырай, бұлар тұншығып қалған шығар» деп тұрғанда, үйіріп соғып, үйіліп қалған төбе қар, қарс-қарс айрылып, қазанның қақпағындай төңкеріліп түсіпті. Сөйтсе, соның астында патшаның дәуі жатыр екен. Сол Алатаудай үйілген қарды алақанымен ысыра салыпты дейді...

Міне, осы сөз ауыздан-ауызға көшіп, алуан құбылып, Есіл, Нұраның өресін әп-сәтте аралай шықты. Ал шанада: үстінде мауыты костюмі бар, үй ішінде киетін киіз кебісті аяғының басына іліп, қасқыр ішігін жамылып, шарапты сіміре ұрттай түсіп, біреу келе жатыр.

– Күн де батуға таянды. Бекетке жақындадық па?

– Күн ұясына қона барамыз, таянып қалдық, – Қызы бар дейсің бе?

– Қыз болғанда несін айтасың... Көктемнің гүлі, жұмақтың нұры.

– Түпкі атты тың сақтап, көсемдегі екі атты сыға айда. Жарық барда жететін болайық.

Тізбектеліп ұшқан үйректей, күйме сүйреткен көсем аттар, қары ойылып, қайырулы тұрған қақпадан сып етіп бекеттің қорасына кіріп келді. Бурыл тартқан Рысбек бекетші, кешкі шөпті салып, мал қорасының есігін жана ғана жауып болып еді. Көптен көрмеген күймелі қонақты қошеметтей қарсы алды. Атшының сәлеміне жауабын шала беріп, күйменің тұткасына жабысты. Ашып жібергенде мырзаны көрді. Қара көлеңке тарт-қан күйменін ішінде үсті қоңыраудай сылдырап, біреу түскелі жатыр. Бекетші оның ішінде бір кісі ме, үш кісі ме, айыра да алмады. Қасқыр ішіктің жағасын көзі шалысымен-ақ:

– Қадиша қарағым, бері кел! Қонақты үйге кіргіз, тоңып қалған шығар, – деп күймеден басы шықкан кісіні қолтығынан сүйей берді.

– Рақмет, кейін тұра беріңіз, аяғыңызды басып кетіп жүрмейін. Мына иығымдағы ішікті алыңызшы, түсіп кимесем есікке сыятын емеспін.

«Е, бұл май бөксе мырзаның біреуі екен ғой» деп ойлады бекетші. Ұзын жолдың өресінде өмірі өтіп, жолаушының байсымағына жалпақтап, жоқ-жұқа қонса, шалқақтап үйренген Рысбек, қасқыр ішіктің жағасы қолына тигенде епелектей түсті.

– Қарағым Қадиша, мырзаның ішігін қарға тигізбей ұстай тұр, мен өзіне көмектесейін...

– Қызға бұл ішікті ұстай тұру оңайға соқпас, өзің алып, үйге апара бер. Қарындасым, маған жақында, үйге ала кіретін затты берейін.

– Мақұл, мақұл, қарағым, мырзаның бергенін байқап ұста, бүлініп қалып жүрмесін, – деп ішікті көтеріп, бекетші үйге қарай жөней берді.

Үйге кіре, әйеліне сыбырлай сөйлеп;

– Қатын, көп жылдан бері жол өресінен көрмеген біреу күймемен келіп түсіп жатыр. Сылдыраған бірде-ңелер құлақты жаңғыртады, Тегі, ақша салған сандығы ма екен, қалай... Мына ішігін үйге апарып, таза көрпеңді төсе. Қадишаға үйге кіргізетін бірдеңелер беріп жатыр еді, мен соған барайын...

– Мына киіміне қарағанда, қаланың купеці сияқты ғой, өзі қазақ па екен?

– Қараңғыда қайдан білейін, гүрілдеген үні қазақ-қа ұқсайды араластыра орысша да сөйлейді. Үйге келген соң көреміз тағы... – деп, үй қожасы асығып далаға шықты.

– Мә, қарындасым, сындырып алма, – деп, үлкен орамалға түйген бір затты ұсына берді. Күйменің қақпағының қалтарысында тұрған қыз құшақтай ұстады.

– Айналайын, маған бер де, өзің ағаңды ертіп үйге кіргіз, суық тиіп қалар, – деп бекетші қауқалақтады. Көк мауыты костюмінің омырауы жарқ-жұрқ еткен, қара қалпақты мырза үйге кірді. Ауыз үйде еріне сыбырлаған әйел:

– Байғұс-ау, саудыратып көтеріп келе жатқаның не бәле?..

– Арақ-шарабы шығар.

– Өздері неше кісі екен?

– Атшысынан басқа адамы көрінбейді.

– Бетім-ай, осынша бәлені бір өзі іше ме?!.

– Ішкені жақсы, қатын. Арақ ішті жылыта берсе, мырзалардың қатты қолын жібіте береді. Мен аттарын жайғастырайын. Сен қазанға не салатыныңды сұра. Қазы, жая, үйіткен семіз қойдың еті барын айт. Неше қадақ ас жер екен.

Сықырлаған аяз, көсем жегілген аттардың тізбек-телген қайысы тастай болып қатып қалыпты. Қолы мұздаған атты әлі ағыта алмай жатыр еді, бекетші келіп көмектесті. Атты қораға байласа жүріп:

– Жігітім, бұл келе жатқан қай мырза?

– Оны өзінен сұра. Мен оншалығын біле қоймаймын, – деді, қараңғы қорада ағашты сипалап, атты қаңтара байлап жатқан атшы, аяз сорып, икемге келмей тұрған аузынан сөзі божырай шығып.

– Күйме өзінікі ме, жалдап алған ба?

– Өзінікі де емес, жалдап та алған жоқ... Мына қақпаны тағы біреу қағып тұр. Барсаңызшы, – деп атшы бекетшіні түртті. Ол бекітулі қақпаның алдына барып:

– Бұл кім? – деді.

– Күймелі кісі келді ме? – деді он үш-он төрттегі баланың жіңішке даусы.

– Келді, оны қайтесің? Өзің кімнің баласысың? – деді бекетші, қораның қақпасын ашпай.

– Ендеше болды, – деді де, бала атын тасырлата шаба жөнелді, – Бұл қандай неме, қайдан келді өзі, күймешіні неге сұрап жүр екен? – деді бекетші ат жайғастырып жүрген кезде әйел.

– Қадиша, қонақтарға самауыр қой, – деп қызын далаға шығарып, өзі мырзаның кескініне көз қиығын бір жүгіртіп өтті. Алуан түрлі кісіні көрген бекетші әйел, тап осы ұсқынды адамды өмірінде де көрген жоқ еді. Бет-әлпеті, отырысы не байға, не әкімдерге, не саудагерге ұқсамайды. Кімге жорырын білмей дал болды.

– Мырза, біз жолаушы күткен адам болған соң, қазанымызды қонақтың бұйыруына қарай асатын едік. Ас ішетін боларсыз? – деді.

– Ас ішкенде қандай, жеңгей... Қандай асыңыздың барын қайдан білейін?

– Сүре шыққан жылқының қазысы бар, жая бар, жал бар, семіз үйткен қойдың еті бар.

– Он қадақ қазы, он қадақ жал-жая, он қадак қой етін салыңыз. Әзірге мынаны ала тұрыңыз, – деп, он сомдық қызыл ала қағазды әйелге ұстата берді, Мұндай есепсіз берген ақшаны ұстай алмай, әйел бөгеліңкіреп қалды.

– Ала бер, жеңгей, тағысын-тағы береміз. Суық сорып, қарын ашыңқырап қалды. Асыңды жеделдет.

Әйел есік алдына келген күйеуіне сыбырлап:

– Мына мырзаң, үйдегі етті түгел ас деп отыр. Тіпті, аттың құны, он сом ақысын беріп те қойды.

– Неше қадақ ет ас деді.

– Отыз қадақ. Жарты пұт қазы, жая, он қадақ қой еті. Мұншалық асты қайтпекші екен, қазанға сыймайды-ау енді...

– Әй, жолға алып кететін шығар, өзінен сұрап, жол-ға алатын болса, бөлек асып бер.

– Өзің сұрай ғой енді.

– Бар, бар. Етті әкеле бер. Атшысына көрсетіп тарт та, шараға сала берші. Мен отырған соң сұрайын.

Он сомдықтың қалтаға түскеніне көңілденген Рысбек үйге күлімсірей кірді.

– Мырза, «Жүздің жүзін танығанша, бірдің атын біл» деген ғой, жоқ сұрағанды айып етпессіз... Қай жақсы деп білейік? Сүйегіңіз кім болады? Сапарыңыз қайдан? Айта отырыңыз, – деді, алдына тізерлене отырып бекетші.

– Сүйегім – жанбілмес руы, белгісіз байдың баласымын. Бір мың сегіз жүз тоқсан екі қой айдай барып (бұл сол Қажымұқанның Россияға барған жылы), Россияға сатып қайттым. Енді елге қайтқан бетім еді.

– Япыр-ай, кісінің есітпегені көп болады екен-ау, жанбілмес қай елге жатады? Арғын ба, қыпшақ, па?

– Отағасы, соны өзім де біліңкіремеймін.

– Дұрыс, дұрыс, ия, айтпақшы, асты көп сал деген екенсіз, жолға алатыныңызды бөлек ассын ба?

– Әй, тәйір-ай, жолда кісі тамақ, іше ме, тұтас асып әкелсін-дағы.

Үй ішіндегі жан үшеу-ақ еді. Көп жылдан бері жолаушы күтіп, өмірі өткен үй іші: түсіп кеткен кісінің мейірімді болып, ат аунаған жерде түк қалғандай, есептен тысқары, баласының қолына бір нәрсе ұстатып кеткенін тәуір көретін. Бала дегенде жалғыз Қадиша, жасырақ кезінде оған бес-он тиын, бірер конфет берсе де жарасып, қонған қонақтар балаларды әлінше құр тастамайтын. Енді бойжетіп қалды. Болымсыз сыйды беруге ұялып, есейген балаға лайық сый табылмай, не қимай, бекет пұлын, ас-судың ақысын төлеп кете бере-тін болған. Ол түнеп өтетіндердің ішінде ел байы, мырзалар да, атқа мінген, сөзге араласқан да, жай шаруа да, саудагер, төрелер де болды. Бірақ мінезі мен жаратылысы өзгеше мынадай мырзаны көрген жоқ еді. Буын бұрқыратып, Қадиша самаурын кіргізісімен, жастыққа шынтақтап қисайып жатқан қонақ басын көтерді де:

– Қарындас, ана орамалдағыны алып, маған бер, Петербордың асынан ауыз тигізейін.

Дастарқанын жайып, шыны аяғын әзірлеген қыз, түюлі тұрған орамалды мырзаға алып берді. Алдымен бес шөлмек арақты қаз-қатар қойды да, қос уыс кон-фетті шаша тастады. «Гүнжињан» сабыны мен бір құты иіссуды қыздың қолына ұстатты да:

– Базарлығым, шырағым. Тағы бір жолым түскенде тай да міндірермін...

– Уа, мырза, қойыңыз, ауылға апара жатқан сәлем-сауқатыңызды жолшыбай үлестірсеңіз несі қалады? – деп қауқылдады қыздың әке-шешесі.

– Уақасы жоқ, отағасы. Жетімсіз дүниені кісі арбаға артып жүре ме, бұл күйменің ішіндегілер ғана. Петербордан қырық лау мүлік жолда келеді.

«Шіркін-ай, қандай заттар екен?..» деп ойлады бекетші. Бір шөлмек коньякты шаймен қосып ішкен мырза, атшыға бір стақан ақ құйып беріп, сол үйдегі бар жастықты үйгізді де, қасқыр ішігін аяқ жағына жамылып, ас піскенше қисайды.

– Қатын-ай, асыңды жайлап қайната бер. Мырза аздап демалсын, – деді Рысбек.

* * * Қажымұқанның жастығын биік қойып, басын жоғары көтеріп ұйықтайтын әдеті еді. Көзі тез ілініп, тез оянатын. Албырттанып ештеңені аңғармайтындай болып отырып, не ұйықтаған болып жатып, айтылған әңгі-мені түгел есітетін. Бірақ «Пәленше соны айтты» деп тіс жармайтын. Біреудің сыртынан сөз айтуға қаны қас адам еді. Ас пісіп, түсіріп жатқанда, бір күшті қол қақпаны соғып-соғып жіберді. Оның дүмпуі ағаш үйдің іргесін солқылдатқандай болды.

– Ойпыр-ай, мұнысы кім еді, тағы? – деп алғашқы кесек етті тегенеге сала берген әйел, аяқ ұстап отырған ерінің бетіне қарады.

– Дәу де болса, палуан шығар осы... Алдыңғы күні аулына келді деп еді. Мен шығайын, – деп шараны жерге қойып, Рысбек тұра жөнелді. Қақпаға жете бере:

– Бұл кім? – деп дыбыс шығарды, тонын иығына жамылған бекетші.

– Қақпаңды аш, Нұрмағанбет!

– Ой, айналайын-ау, аңсаған кезде дидарыңды бір көрсеткелі құдай айдап келді-ау сізді... – деп есікті тез ашып, атының шылауына орала түсті.

– Атты ықтасынға байла. Жедел жүріп терлеңкіреп қалды.

– Палуан, ат жайын өзім білем. Тоңазымай үйге кіре беріңіз. – Төр алдында, үстіне іркіп жапқан жүндес ішікпен төбедей болып жатқан мырзаға тұр дей алмай, соған таяу төрт қабаттап көрпе төседі. Палуан сырт киімін шешіп отырды да, үй ішіне түгел амандасты.

– Палуан-ай, сізді көрмегелі де көп болды-ау... Ауылға келгеніңді естіп едік. Барып сәлемдесуге ақпанның қары үстемелеп, мойын бұрғызбай жатыр... – деп Рысбек есіктен кіре сөйледі. Оған жауап қайтармай, қамшысын бүктей нұсқап:

– Есік алдындағы үйілген көңдей күмпиіп жатқан мынауың кім өзі? – деп, жатқан мырзаға көз қиығын салды палуан.

– Ол бір Сарытерек жақтағы мырза көрінеді. Петерборға барып, қой сатып қайтқан ба, қалай... Күймемен қайтқан екен, жол қағып шаршап қалған көрінеді. Күн батқан соң келіп еді, демалып жатыр.

– Кім екен?

– Білмедім, палуан, елдес деді ме, жанбілмес деді ме, бір рудың атын айтып еді, есіме түсіре алмадым... – деп сыбырлай сөйледі.

Балуан Шолақ көтеріңкі дауыспен:

– Онда, үйілген көң екені анық болды ғой, жатсын. Мырза ыңыранып барып басын көтерді де, палуанға көз қиығын салып, үндемеді.

– Мырза, қайдан келесің?

– Петербордан.

– Иә, ол жақтағы ел аман ба?

– Аман.

– Патшаның палуаны – Қажымұқан деген біреуі бар деп еді, оны көрдің бе?

– Жоқ.

– Сандалып талай жерге барсаң да, ауылда мен көрген Қажымұқанды көре алмаған екенсің.

– Сіз оны қалай көрдіңіз?

– Көргенде әкесін таныттым, қар баскан бір бекетте отыр екен. «Мен патшаның палуанымын» деп былшылдады. Отырған жерінде бүріп ұстадым да, жан-жағыма алма-кезек қарап алып, атып ұрып, далаға лақтырып жібердім.

– Өтірік айтасың, оны көргенің жоқ. Қажымұқанды атып жіберу үшін, алдымен менімен бел ұстасып көру керек!

– Е, ондай да өнерің бар ма?

– Бар.

– Ендеше, орныңнан тұра ғой!

Мырза бешпетіне таққан медальдары сылдырап ұшып тұрды. Нұрмағанбет те тұрып, Қажымұқанды бауырына құшақтай басып:

– Атағың шығып, елдің абыройы болған батырым, сағынып жүргенде сені де көрдім ғой!.. Әкел бетіңді...

Қазақтың екі палуаны бекетшінің үйінде осылай кездесті.

Құдалық

Нұрмағанбеттің жасы Қажымұқаннан мүшелге жақын үлкен еді. Сондықтан: «Бауырым, сағынып жүргенде сені де көрдім ғой» дегенде, ағалық ерекше бір мейірімі қайнаған құрыштай денесін балқытқандай болып, құшағын жазбай біраз тұрды. Әлде, жеке басындағы бір торығудан ба, болмаса ел көкейін сыздатқан көп арманының толғағы ма, көзінен ызаның уындай жас мөлтілдеді.

– Күпті болған көңілімнің лебі шыққандай болды...

– Жеңеше, мына бір менің астыма томпайтып салған төсегіңді жазып, қайта салыңыз, құрметті Нұрекем жайғасып отырсын, – деді «мырза», Нұрмағанбетпен екеуі отырып жатып.

Үй ішінің адамдары мүлде түсініксіз жағдайда қалды. Анаған түрегел дегенде паңданған мырзаның талайының шекесін ісірген Шолақ, тағы бір сойқанды бастады ма деп еді, бірақ өздерінің мырза деп отырған адамы патшаның палуаны туралы бірдеме айтып, күрес-келі түрегелгенде, мырзаны құшақтамақ түгіл, сәлем бермейтін палуан оны «бауырым» дегенде, одан сайын қайран қалды.

– Қарағым Қадиша, ағаңның астындағы көрпені кең отыратын етіп жазып сал, – деді де, – мұнымыз кім еді, шыныңды айтшы, шырағым, – деп атшыға сыбырлады. Ол:

– Сабыр етіңіз, қазір білесіз, – деп күңк етті де қойды.

– Мырзаның кім екенін енді білдің бе, Рысбек? – деп жайғасып отырған Нұрмағанбет бекетшіге қарады.

– Қайдам, қарағым, тоғыз жолдың торабында қы-рық жыл отырып, мұндай жұмбақ кездесуді көргенім жоқ еді. Түбі қайырлы болсын.

– Түбі қайырлы болады, Бибігүл. Бұл қайырсыз болса, мырзаға деп асқан асың мені мен «Ақ патшаның асырап жатқан алыбы» боп, елге аңыз болған Қажымұқанға бұйырар ма еді. Мұның тек қонақасы емес, тойлардың жол ашары. Бұл менің аңсап күткен бауырым – Қажымұқан.

– Қарағым-ау, тағы не дейді?.. – деп, қолындағы ет түсіріп жатқан кепкірін керсенге қоя салып, әйел мойнын қисайта қарады, ақ көңіл каупалақтаған Рысбек орнынан тұрып барды да, Қажымұқанды құшақтай кетті. Палуан, ақын, батыр жігіттің мақтанын ел дәріп-тегенде, ойында алуан түрлі өмір кестесі тоқылатын қыздың да беті құбылып кеткендей болды.

– Қарағым-ай, палуанның бас қосқан жерде әңгі-месі сен болатын едің, сені де көрген күніміз болды ғой. Бай менен балпақ хан, төре, сұлтанның аты дуан айналасынан асқан жоқ еді, сенің қара күшіңнің атағы орыс, қазаққа бірден тарады, жер жарды, шырағым. Аты шыққан аталы кісілердің кейбіреуі Петерборға барып, патшаның сенатының үйін көрген екен, деп аңыз ететін еді. Сен соның дәл өз үйінде тұрыпсың. Өткен түні ғана қонып аттанған жолаушылар түні бойы әңгімесі ақ патшаның палуаны болып, «Құттыбай да тегін таз емес қой, соның үйіне түсіп, патшаның арақ-шарабын теңіздей төгіп, кәмпит-шоколадын маялап үйіп тастапты» деп отыр еді. Мына Нұрмағанбет құдай айдап біздің үйге келмесе, сенің кім екеніңді білмей «мырза» деумен қалғандай екенбіз ғой... Ой, қарағым-ай, Алатаудай атағыңды несіне жасырып едің?

– Рысбек, мені құдай кездейсоқ айдап келген жоқ. Мұның осылай атын жасырып жүріп келе жатқанын қаладан шыққан күнінен бері естіп отырдым. Ауылдың тұсындағы екі бекетке бірдей кісі жіберіп, осында бүгін келетінін білдім. Кешке таман қораларыңның қақпасынан сұрап кеткен баланы мен жібергем.

– Япырай-а... Жолдың үстінде отырып біз білме-генді, ауылда отырып, палуанның білгенін қарашы.

– Мұны сендер қайдан білесіңдер, шешіліп жөн-жосығын айтпаса, жүзін танитын біреу болмаса. Есі кірген баладай еңкейген қарттарға шейін даусымнан танитын ел ортасында жүрген мен бе бұл!., Апандағы бөрінің бөлтірігіндей, патшаның сарайында жүргелі қашан...

– Патшаның сарайына тығылғаным жоқ, аға!

– Енді не қылып жүрсің?.. Сырты бүтін, іші бұрқыраған түтін болып жүрген кісі аз ба? Соның бірі – мен, атыңды естіп, аңсап отырған елге, қашқын адамдай өзіңді жасырып, «мырза» дегізіп Құттыбайдың қауа-шақтай күймесіне тығылып жүргенше, маған хабарласаң еді! Сені ат көтере алмаса түйе көтереді. Кілем жауып, ақ атанға мінгізіп, ауыл аралатып әкелмес пе едім. Иттің ұлы итақайға, малы бар ақымақтардың бәріне айтыла беретін «мырза» деген, жер жүзінің палуанын жыққан Қажымұқанмын дегеннен қымбат деп ойладың ба? Өзіңді... отырған жерде, жапоннан қалған құлағыңның шеміршегін жұлып тастайын ба?.. – деп, әзілге араласқан бір ыза Нұрмағанбеттің бойын кернеп шыққандай болды.

– Сөйтіп, сені ақ патшаның сарайында тұрады дегені бекер ме?

– Аға, патша палуанды қайтсін?..

– Жер жүзінің жартысын билеп отырған патшаны қорғау үшін күшті кісілер керек емес пе?

– Е... оны қорғау үшін алты атарлы бір маскүнем жетеді. Білімі мол, ақылды кісіден арақ қайнататын заводы бар, ақшалы бай артық көрінеді.

– Онысы қалай? Ханда қырық кісінің ақылы болады дейтін еді. Мұнысы жарымес кісінің жұмысы ғой. Құралды қуатты кісіге ұстатпаса, қуыршақтай кім қорқады!

– Қорқады, аға, патшалық – ертегінің сиқырлы жүзігі сияқты. Мен оқыған мектептің бастығы әрі пал-уан, әрі ақылды, білімді кісі еді. Мектепті бақылап жүретін, сүйегі кепкен бір полицейдең, қатты қорқатын. Оның мас болмай жүретін күні жоқ. Егескенде соның сандырағы жөн болып шыға береді. Әкім сонікі болған соң амалы қайсы, соның сандырағын саңырау кісідей, үндемей тыңдай беретін.

– Мектептеріңнің бастығы қандай елден екен?

– Халық сүйіп, атын Дядя Иван деп атаған орыс еді.

– Е, ондай немені патшаға айтпай ма?

– Патшаның өзі сондай болса, тағы кімге айтсын...

– Бауырым, біздің мұнымыз ақ патшаға жетпей жатыр, ауызба-ауыз айтсақ жарылқанар едік деп жүргеніміз – тарыққан тауықтың түсіне тары кірді деген гәп екен ғой. Онда, сені жарылқап жүргендер Дядя Ивандар екен. Ендеше, қайтып кетемін дегенді қойып, елде бол. Қайда барсаң да сүйенішің халық болса, Иван да, Ибатулла да осы арадан табылады. Үйренгеніңді балаларға үйрет. Осы дала талай Қажымұқан, Нұрма-ғанбетті асырайды. Өзің үйлендің бе?

– Оған қолым да тиген жоқ аға.

– Қасқыр ішік киіп, сандық көтергенше, алтын шашты ақ періштенің біреуін қолтығыңа қыса келсең еді.

– Ой, мырза аға-ай, оны қайтуші еді? Қайным алам десе қай қазақ қызын бермейді, елден кеп үйленейін деген-дағы, – деді бекетшінің әйелі.

– Оның несі бар, Бибігүл, Жагордың қызы Мариям Дударға қосылып, бүкіл қазақтың әніне айналып отыр. Қайным деп қабырғаң қайысса, Қадишаны бер. Мұның енді қаңғырмайтын қазығын өз аулымыздан қағайық, – деді палуан, Қажымұқаннан көз қиығын айырмай отырған қызға қарап.

– Қатын-ай, бір ыстық тұздық әкелші, ас суып та барады, – деді, етті турап болған Рысбек, қолының сор-ғалаған майын сүртіп жатып. Қыз төмен қарап, тұқшия берді. Тері тепшіген әйелдің беті құбыла түсіп:

– Қыздың билігі менде емес, палуан аға, ауыл ағасы өзің мен әкесінде емес пе?..

Палуан күлімдей Рысбекке қарап:

– Рысбек, Бибігүлдің сөзін есіттің бе? Менде болса, сөз кейінге сақтайтын сүрім емес, ойымдағыны айтып та қойдым. Асыңа қолымды сұқпай тұрып ойыңды айт, менің ісімде несие жоғын өзің білесің, – деп даусын қатаңдатты.

– Қайдан білейін, қарағым... Құдайдың бір жазғаны тұрған-дағы, кезеңі келгенде бір ауыз сөзің ел тоқтамына түйін болған өзің барсың. Аты шыққан жігіт аулына енді келе жатыр екен. Шын айтып отырсаң, жата-жастана көреміз-дағы.

– Менің игілікті іске әзіл араластырмайтынымды өзің білесің, шыным, Рысеке. Қадишаның ағасы деп билікті маған берсеңдер, осы асты мен құдалықтың дәмі деп татамын. Құда түсуге інімді ертіп келген боламын. Атқосшым мынау отырған Құттыбайдың жігіті болады. Китің мына мырзаның қасқыр ішігі. Мінтіңе ертең үйге бар да, боз жорғаны мін де қайт. Қырық жетіңді елден жинап берем, менің қазынам ел екенін де өзің білесің!

– Міне, палуан ағасының жұмысы – көз ашып-жұмғанша. Құдасы да өзі, ағасы да өзі. Тамыр тартқан, сөз салған талай мырзаны айтқанымызда қабағы қардың бұлтындай ызғарланатын еді, көңілді райын сақтаған кісісі бар екен. Астындағы жалғыз боз жорғасын да інісінің мінтіне мінгізетін болды. Айтпақшы, мінтін біз алып та қойдық, ағасы... – деп Бибігүл жайраңдай сөйледі.

– Е, мұның жетектеп жүрген жылқысы бар ма екен? Қалай алдың, найманның қу қызы?..

– Айтсам тағы ашуланасың ба, қайдам... Қонақ келген соң, бекетшінің кәдесін айтып, асты қалай асатынымызды сұрап едік. «Мырзамын» деп келген қайным, он сом ақшасын ұстатты да, осыны ал да, бар етіңді ас, – деді.

– Сен алдың ба?

– Алдым. Алмай қайдан білейін, тұла бойын шенмен көмкерген күймелі кісі «мырзамын» деп тұрған соң. Енді не дерімді білмей өзім ұялып та отырмын, – деп Бибігүл күлді.

– О, қонған қонақтың айыл, жүгенін ұрлайтын найманның қызы-ай, аттың пұлын алып едім десейші!

– Иә. Мырза-аға. Аты-жөнін айтпай, «мырзамын» деген өзі айыпты-дағы. Мырзаларды аяма деп, өзің айтатынсың.

– Оның дұрыс. Құда түсіп отырған мен болған соң, алдымен мінт мінетін жол менікі, ақшаны мұнда алып кел!

– Ақша десе тышқан көрген мысықтай бас салатын ағаң маған ұстата ма, мана алып қойған. Құда болсаң жолыңды атқаратын ағаң ғой, қазықтың дауын қырық жылға созатын шұбыртпалылар, өздерің тәжіке-лесе бер, Найман бұл даудан құтылды, мырза-аға.

– Рысеке-ай, қолың өзім сияқты жылдам-ау... Мына найманның қызының құтылып кеткенін қарашы. Мей-лі, алымның басын өзу қолыңа ұстапсың, есебін артынан істей жатармыз, – деп күлді палуан.

– Бауырым Қажымұқан, асты алайық. Қу тірші-ліктің қамы қайда отырғызбайды. Бұл отырғаным, өзімнің аталас туысымның бірі, әр жанның үлес несібе-сін тәңірім дүниені жаратпай тұрып, дәптерге жазып қойған дейді. Ойлана берсең тәңірдің өзі, кіріс-шығыс дәптері бар – саудагер сияқтанады. Сол үлесін бөлгенде біздің атамызға: мал бағу, жол күзетуді жазып, Құт-тыбай, Иттібайларға мал, ақша жинауды жазған сияқты. Мен сол үлеске көнбей, солардан біраз тартып жеп көрдім. «Мен саған жемесін деп жаздым!» деген тәңірі болған жоқ, ақша мен малдың әкімдері біраз мазалады. Ойлансам оным да өмірдің өресі емес екен. Өрескел істі балаларға өнеге етпейік деп, бәрін де қойып, балалар оқитын бір селоға жақындап, бір ұл, бір қызымды сонда оқытып жатырмын. Рысбек туысым осы бекетке Бибігүлді алған жылы келіп еді, шамасы, отыз жылға жақындап қалған болар, солай ма?

– Иә, жиырма сегіз жыл болды. Тұңғышымыз тірі болғанда, ендігі немере сүйетін мезгіл болды. Қайтейін, сегіз құрсақтан қолға ұстап қалған жалғыз Қадиша ғой, – деп Бибігүл көз жасын іркіп алды.

– Е, жеңешем, қалғанының қайырын сұра. Сөйтіп, бұл үйдің аз ғана қой, ешкісі біздің ауылда. Қолға түспейтін құрметтіміз, саған бір малдың басын көрсетуге Рысекең тарылмас та еді, біздің ауыл он шақырымдай жерде.

Әкеңнің өткен жылы өлгенін де естігем. «Атаң өлсе қойылар, атан өлсе сойылар, күнде мұндай қансонар қайдан табылар?!» деп, сенің жолың бүйтіп түсе бермес. Аңсап жүріп жолықтым. Енді он-он бес күн құшақтап жатып мауқымды баспай, төрт ауыл шұбыртпалы-тоқтауылды түгел аралатпай сені жібереді екен деме! Мұның қара сандығын шоланыңа сал да, аузын құлыпта. Сөйт те Құттыбайдың күймесіне мініп, ертең Қадишаны алып, біздің ауылға жүр, Бибігүл, Рысекең үш-төрт күн бекетін өзі күзете тұрар. Ақ патшаның палуанын Нұрмағанбеттің үйінен көретін болсын. Көз қарсылығын көзімен, сөз қарсылығын сөзімен қағып тастап, ертеңіне косем жеккен күймемен өз аулына алып кетті палуан. Нұрмағанбет бекеттен шыққанда, боз жорғасын Қадишаға мінгізіп, өзі Қажымұқанмен күймеге мініп еді, біраз жүрген соң, күймені тоқтатып:

– Қадиша, тоңып қалдың, түс те күймеге мініп, патшаның палуанының ішігіне оранып отыр. Өзі төрт кісіге жететін мол көрінеді. Мен ұзаңқырай жүріп, қонақтың жайын қамдастырайын, – деп Нұрмағанбет күймеден түсе қалды.

– Қайтесің, атпен-ақ жүре берсін де, ағасы, жас бала ұялады ғой, – деп Бибігүл қарсы болса да, Нұрмағанбет бетін аяз сорып, алмадай балбырап тұрған қызды ат үстінен баудай қағып алып:

– Әй, Қажымұқан, болбырамай ішігіңнің шалғайын бері қарай жаз! «Ұялады!» Қарындас менікі болады, жігіттің ішігін жамыла отыруға өзі ұялады! – деп, күймеге Қадишаны сүңгітіп жіберді.

– Айналайын-ай, ағаңның тоңды дегені рас екен ғой, келші, жаным, мына ортамызға, – деп Бибігүл ысырыла берді. Қажымұқан ішіктің мол шалғайын бүркіттің қанатындай жазып, жас қыздың балбыраған денесін балапандай бауырына қыса отырды. Қыз алғаш жатыр-қағандай қимылсыз отырса да, шайқалған күйменің ырғағы темірдей қатқан палуанның денесіне еріксіз жақындатты. Кейде киімнің сыртынан қымтаған сияқты бір леп білінгендей болды, ондайда барбиған жуан қол ішік сыртынан қысыңқырап қойып отырды. Сөйте-сөйте жатырқау мүлде тарап кетті.

– Атшы бала, менің ізіммен күймені жайлап айдап келе бер. Ауыл арасының тар жолының соқпағына жығып алып жүрме! – деп Нұрмағанбет аулына тартып кетті. Нұрмағанбет бай ауылдың тебініне жігіттерін жіберіп, қысырақтың тайын алдырды. Оған қоса екі қой сойғызды. Екі бөлмелі шым үйінің барлық жүгін шошалаға шығартып, кең үйге кілем, сырмақ төседі. Жақын жердегі ауылдың қыз-келіншегін түгел жинатып, үйді-үйге бөліп кіргізіп қойды да, алдымен өз үйі тол-ған үлкендерге:

– Өздерің көптен даңқын естіп, палуандығын аңыз қылып айтатын патша сарайындағы «Мәді» деп жүрген Қажымұқан палуандарың бүгін орталарында отыр. Мұ-ның жер жүзіндегі тау көтерген жалғыз көзді, піл көтерген мүйізді палуанды жығуға күші жетсе де, осындай жолы түсіп келгенде, атағын мақтан етіп, аңсап отыр-ған елді аралай жүру ойына келмепті. Құттыбайдың күймесіне мініп, «мырза» болып келе жатыр екен, Рыс-бектің бекетінен ұстап, өзін жыққан кісі сыпыратын пердесін қолын ұстап отырып, Қадишаға алғыздым. Сөйтіп, өзін еріксіз ауылға әкелдім. Үлкендер, біріңе бала, біріңе іні болар, мына бауырларыңмен танысыңдар!

– Көп жаса, айналайын... Өркенің өссін! Мұның ерен күші: тарыққанда тамақ, шөлдегенде сусын болмаса да, қазақ деген ел есімін жер жүзіне жайған мақтанымыз, ұлтымыздың үлесі. Бәрекелді. Енді аңсаған, ынтыққан мауқымызды басқанша жіберме.

– Осыны қазық қағып байлағым келіп отыр.

– Мұның шешесі Кәбира марқұм қарағайды шыбықша сындырып, жұлып алушы еді. Бұған қандай қазық шыдамақ!

– Тырп ете алмайтын қазық табам.

– Ондай амалын тапсаң көмектесейік. Тілегіміз сол ғой.

– Көмектессеңдер, Рысбектің қызына құда түсем, тырп етпейтін қазық сол болады.

– Қарағым Нұрмағанбет, өрелі ойыңның орынды ұстаған ұштығы екен. Айтқанымыз айтқан, көмегімізді аямалық, – десіп үлкендер түгел мақұлдады.

– Қызымыз ауылдікі, ұлымыз еліміздікі болса, қиынға соғатын түгі жок! Ал тойымыз басталсын...

Қарттар баталарын беріп тараған соң, үй толған жастар жиналып сауыққой арқаның қызойнағы басталды. Домбыра, сырнай безілдеп, бойды балқыта әсем әндер бебеу қақты. Ішінара Қажымұқанның жойқын күш өнері көрсетіле отырды. Кеудесінде кесек тас шыныдай сынып, сом темір шыбықтай бұралып жатты. Нұрмағанбет үйіне бір қондырып, Құттыбайдың атшысын күймесімен қайтарып жіберді. Қажымұқанды көрші ауылдарға апарғанда нар жеккен шанамен жүргізді. Атақты палуанға оның өзі бір түрлі жарасымды да болды. Қайда барса да ойын-сауықтың ұйтқысы болған Нұрмағанбет, ауылының қыз-бозбаласын Қажымұқанның қасынан тастамады, солармен бірге Қадиша да қыдырды.

– Қыз-ау, құсбауың құтты болсын! Палуан ағаңның арқасында, атағын аңыз қылатын ақ патшаның палуанына атасыпсың ғой, – деген жеңгелерінің сөзі, алғаш жат көрінсе де, көп айта бергендіктен құлағы да үйреніп қалды. Кейбір жеңіл мінезді жеңгейлер, ұялшақ қызды байқаусызда Қажымұқанның алдына еріксіз сүйреп әкелетінді шығарды. Нұрмағанбеттің аулында болған көңілді түннің бірінде, басты жеңгелер бас қосып, «қолұстатарын» да алды.

Аулына баруға асыққан палуанды, аға палуан еркіне жібермей он күндей ұстады. Келе жатқан Қажымұқанның хабарын естіп, алдынан көлік алып шыққан сарыт-ерекшілерді ішіне ала отырып, Рысбекті алдырды да, семіз қойын сойып, құдалық тойын жасады. Туар айдың ортасы кезінде, өз үйінде той жасап, Қажымұқанға Қадишаны қоспақка сөз байлады. Бұл игілікті істе бөгде ой болған жоқ. Ойынсауықпен ұзак түнді аударған қыз-бозбалалар тарқап жатқанда, Қадиша мен Қажымұқан Нұрмағанбеттің үйінде оңаша қалды. Жаны жарқын, көңілі таза Қажымұқан қыздың жіңішке саусағын барбиған жуан қолымен қыса ұстап, жымиған көзімен тесіле қарады да:

– Қалған өмірімізді бірлесіп өткізейік... Жүзіңді көрген сағаттан бергі еріксіз бөгелген көңілім шешіл-сінші. Жан сезімім саған, цирктің төбесіне шиелеп байлаған арқандай маталды. Күннен-күнге ыстық көрініп барасың өзің. Тіпті, тастап кетуге де қимаймын.

– Сізге кет деп отырған кісі жоқ қой?..

– Келем сәулем, кешікпей келем, Қадишам... – деп түрілген жуан ерін қыздың алмадай бетіне таман жақындай берді.

* * * Қажымұқан аулына қарай жүргенде, өмірі күрестен басқаға бөлінбейтін ойынан тағы бір тармақ шыққандай болды. Жар үстінде сахара теңізінің айдынында тұрған жалғыз нүктедей болып көрінетін, айнала кішкене қорғаны бар, қорғанды жанамалата салған ат тұратын, сауын сиырына арнап салған бастырмасы бар бекетшінің үйінде екі көзі. Үй ішінде өзімізге таныс үш жан тұрады. Сарытерекке қарай жүргенде, қанаты ашық шананың артына қарай отырған палуан, көпке шейін көзін сол үйге қадаумен болды. Нұрмағанбеттің үйінде болған он күннен аса уақыттың кейбір үзінділері ойынан елестей өтіп, қасындағы кісілердің сөздеріне құлақ та салмады. Бекетшінің үйі әбден көзден таса болғанда, қар басқан жазық даладан алты-жеті шақырым жер ұзап кеткен еді. Қасында отырған екеуі: өзімен бірге туып, бірге өскен құрдастары болатын. Көп жыл көрмеген досының келген хабарын естіген соң, екі қонып баратын жердегі ауылға көлік алып алдынан шыға келген еді. Қазақ елінің кәде жолын жақсы білетін Нұрмағанбет, өзіне өле-өлгенше досым деп санаған Қажымұ-қанның аулынан келген адамдарды айрықша құрмет-тегенді. Олар аттанарда палуан:

– Менің көптен күткен, көруге аңсаған адамым келіп, ойлағанымнан артық мерекеге бөленген уақытыма тап келдіңдер. Ағасы өзі сыйлап үйретпеген інісіне сыйламадың деп өкпелемес болар.

– Уа, шырақтарым, адамгершілік – байлықтың құлы емес, байлық – адамгершіліктің құлы. Солай болса, еріксіз Құлды иесі сыйға береді, сатады да. Байлық қолымда болса, адамнан аяйын деген ниет, есім кіргелі бойымда болып көрген жоқ. Сонымен кенде болдым деп өкінбеймін. Бірақ керегінде сол құрығыр қолға түспей қалады...

– Қажымұқанды алып ауылдарыңа жүргелі отырсыңдар. Зер қадірін зергер біледі деп, мұның бойында елге керек нендей қасиет жатқанын мен білемін. Бірақ менің білген сол қасиетім көпшілікке түгел түсінікті болатын күні ілгері сияқты. «Ұлың өссе ұлы жақсымен ауылдас бол. Қызың оссе қызы жақсымен ауылдас бол» деген бабаларымыз ойланбай айтпаған сияқты. Ұрпақтардың келешек өмірін ойлағанда, орыс халқының өнер-біліміне үңілудің керегін өмір өзі айтып отыр. Орыстың тәрбиесі – қар күреген Қажымұқанды көруге ынтықтыратын атаққа ие болды. Енді мұны елге тұрақтату үшін, өз ауылдарыңның үлкен аға, кіші інісіне кеңеспей-ақ, ағалық міндетімді атқарғаным бола ма деп, аталас туысымның жалғыз қызын бергелі ниет қылдым. Ойымды ауылдың үлкен-кішісі қостап отыр. Бір ойым: ел жайлауға шыққан соң, Есіл, Нұраның бойына түгел сауын айтып, жәрдемге шақыру. Арқаның атақты то-йына айналдырсам ба деп едім. Оған мына бір соғыс деген бәле басталып, елдің ауыртпалығын күннен-күнге үдетіп барады. Ел аман болса тағы бір игілікті күннің кезеңі келер. Әкесінің орынына барған соң кешікпей қайтып оралатын болыңдар.

Біздің бір туысымыз, қазақтың әдетінде «жиендік» деген бір тіленшілігі бар ғой, сол әдетпен, қартайған нағашысына келіп, үш-төрт күн қонып, жүрерінде үмітті жағдайын айтыпты. Қарт ыңырана отырып тыңдап, жинала бастаған жиеніне:

– Шырағым, жиенім, бәріне де түсініп отырмын. Бүгін-ертең аттанғалы отырған маған, кетіп қалмай кездесіп қалғаның жақсы болды, Сенен аяйын деген еш нәрсем жоқ. Бұл үйде: астыма мінген бір ат, жаз саумалын ішкен бір құлынды бие бар, міне, аламын десең ал... Бір-екі сиыр, бес-он тұяқ бар, мұны да аламын десең ал... Ал енді мына сандықтай, шешеңе көйлек болғандай, бес аршын сиса тұр, соны қоржыныңа сал!.. – деген екен. Сондай-ақ, бұрын есік көрмеген жігіттер едіңдер. Қолымда еш нәрсе жоқ. Екеуің екі шапан киіп кет деп, үстеріне шапан жапты. Осындай шексіз жомарттық Қажымұқанды көп ойлантты. Нұрмағанбеттің кесек тұлғасымен қатар, бекетшінің үйінде қалған талдырмаш денелі, қара торы қыздың бейнесі тағы да көз алдына елестеді. Жас қыз, он екіде бір гүлі ашылмаған қыз, жарытып сөз де айтқан жоқ. Жаңа домбырадай үні ашылмаған жанды тиісті жеріне пернесін жылжытып, ішегін ысып, құлағын бұрап, сөйлете білетін қасиет Қажымұқанның өзінде де болмады. Жеңгелер ұршықтай үйіріп, қолына ұстатқанда, жүзі гүл-гүл жайнай құбылып, құрық түскен асаудай жұлқына түсіп, ұятты күлкісі араласа, қолтығына кірген қызға айтатын еш нәрсе таба алмай:

– Әй, қатындар, болады енді! Ұялтпасаңдаршы... – деді палуан күйеу.

– Ойбай, сұмдық-ай! Жарылқаптың шадыр бурасындай дүңкиген мынау күйеуіміздің сөзі қалай? Қа-тындары несі... Жеңгелер демейсің бе, ең болмаса! Әлгі патшасының алтын сарайындағы ши саусақтарға айт-қан сөзің бе, бұл?.. Қойқап дәуіндей серейген мынау бізге күйеу болып жарытпас, қызды құшақтаған түрін қара... Қолтығына қысқан келісаптай, болбыратып тұр. Қолыңды былай беліңе тамандау икемдесейші, сорлы... қолың күйіп қалатын шоқ деймісің мұны, – деп Қажымұқанның жуан білегінің астыңғы жағын шымшып қойып, сыпылдаған келіншек қыз беліне орап та берді.

– Нұрила, сапылдай бермесейші. Тіліңнің жүйрігін-ай. Білеміз ғой. Сенің ауылда өскен сұрбойдағың ба? Орыстың арасында өскен ол, құшақтауыңды қайдан білсін. Ұялтпа...

– Немене? Орыс қыз құшуды білмейді деймісің. Қыздарының беліне кенедей жабысқанда, белдерін үзіп жібергендей болып-ақ жүреді ғой. Олар ойнап-күлуді білмесе, өзің емес пе жайлауға келген Сергейдің баласы қатар жатып, қол салды деп жүрген?

– Құдай ұрсын сені! Қайдағыны ұмытпайды екен-сің... – Осындай күлкілі әзілі жарасқан келіншектер Қажымұқанның көңілінде енді елестеп, кетерде қызға бір ауыз сөз айтпағанына өкінді. Қалайда, тез қайтып, Қадишаны қайта бір көруге ынтықты.

Сол ойлардың жүректегі толқыны орнынан қозғап, қол орамалын алғалы ішкі қалтасына қолын салғанда, қолына бір нәрсе іліне кетті: онысы ілетін қызыл жіппен кестелеген жұқа орамал екен. Ол орамалды Қадишаның қолында көріп еді. Мұның қалтасына қайдан түсіп қалғанын да білмеді. Ілулі тұрған бешпентіне байқамай салып қойып, мен алып кеткен екен, деп ойлады. Бұрын бірге жүрген жолдастары арасында бірінің-бірі биттей дүниесі болса да өзіне беріп әдеттенген Қажы-мұқанға, қыздың орамалын алып кету үлкен ұят сияқты көрінді.

– Әй, тоқта! Көлігіңді кейін бұр, – деді орнынан көтеріле түсіп.

– Жайбасар-ау, неге? – десті, Нұрмағанбеттің адам-гершілігін айтып тауыса алмай келе жатқан екі құрдасы. Қажымұқанның бала кезінде денесі ауыр болғандықтан, бірдеңесін алып қашқан балаларға жете алмай қалатын. Сондықтан оны балалар «Жайбасар» деп атаған екен.

– Қадишаның қол орамалы менің қалтамда кетіпті. Соны өзіне апарып бермесек, ұят болар.

– Ойдейт деген екенсің! Енді көш жерде қалған бекетке қайтып бармақпысың?..

– Сөйтпегенде ше...

– Алаңғасар-ау, оны қыз әдейі салып жіберген ғой. Қыздың жігітіне «белгі» дегені болады. Атан өгіздей болғанша соны білмейсің бе? Өзіңнің орамалың бар ма еді?

– Бар.

– Қарашы қалтаңды.

Қажымұқан қалтасын ақтарып, өз орамалын таппады.

– Өз орамалым жоқ екен, – деді бесікке таққан қоңыраудай наградтарын сылдыратып, қалтасын ақтар-ған Қажымұқан.

– Енді болды, қыз алып қалған.

– Қой, ондайды істемейді Қадиша. Алса өзімнен сұрап алмай ма?

– Маубас-ау, сенің бір жапырақ шүберегіңді сұрап қайтсін, өзің біліп белгі бермеген соң, өзі-ақ ала салған.

– Мына өзінің орамалын менің қалтама кім салған?

– Оны салған да сол қыз. «Орамалымды көзімдей көріп ұстап жүр. Ақмешіт, Перовский, Орынбор, Троицк деп, қаңғырып кетпей, тез қайтып кел, қызық ертерек болсын» дегені.

– Қой, құрттай қыз соны білуші ме еді?

– Ім... соны құрттай қыз деп отырғаның – түк білмейді екенсің.

– Әй, сөздерің бір түрлі екен өзі... – деп, Қажымұқан көпке шейін үндемеді. Шөпті астына мамықтай етіп, мол қылып салған жайдақ шана Сарытерекке қарай тарта берді.

* * * Сағынған палуанын көрген ауыл Нұрмағанбеттің үлгісімен екі жетіні үздіксіз ойын-сауықпен өткізді. Әкесіне ас сияқты құдайы беруге дайындық жасап, оны өткізгенше тағы бір он бес күн өтті. Ағайын, жегжатты аралаумен жүргенде ай өтіп, күн жылынып, қардың шекесі жіпси бастады. Әншінің үніндей күннен-күнге бойына тереңдей берген Қадишаны ойлау, кейбір түндерді көз іліндірмей өткізетін әдетке айналып болды. Ауыл үлкендерінің «қарағым-шырағым» деген мейірім жөргегіне бөленіп, ойына келгенін өзі істей беретін еркінен айрылды. Алыс, жақын ауылға барғысы келмесе де, олар еріксіз апарады. Өз кәсібінен бас-қаға ұялшақ Қажымұқан «Қадишаны сағындым» деп ешкімге айта алмады. Ауыл үлкендері бастары түгел құралған бір отырысында Нұрмағанбеттің кісілігін әңгіме етіп Рысбектің қызын бермек болғанын айтып, мақұлдасқан.

– Ер ерлігін істеген екен, оған біз де елдік істейік. Бірақ ол күнін жеделдетіп айтқан екен, игіліктің ерте-кеші жоқ, біз оған асықпайық, «асыққан шайтанның ісі» деген. Ояқ-бұяғымызды есептегенде, қырық-елу үйден құрама бармыз. Барымыз ірі, жоғымыз ұсақтап мал жинап, Нұрмағанбетті, Рысбек пен аулының ірі бас-тыларын шақырайық. Ал Мұқанның аздап ақшасы бар көрінеді. Әкесіне түгел жаратқысы келіп еді, оған біз ризалық бермей сақтатқыздық. Қар кетпей қалаға кісі жіберіп, қызға киім дайындайық.

Елдің еркесі болған сері палуан, жапсарлас отыр-ған ағайын болса да аулымызға келген жок еді, ұялмай мінгізетін ат қамдасын. Ол үшін қарақалпақ, түрікпен-мен байланысы бар Қарғалы, Қайдауылдағы Өрқара, Нұрғалиға пысық жігіттің бірін жіберіп, сүйегі жөндем бір атын сұратайық. Қыпшақтығы ұстаса тегін берер, онысын ұмытса, сатып берсін. Қарттар асықпай осы дайындығын істей берді. Қар ерігенше ойлағандарының көпшілігі орындалды. Қала жолындағы бекетшінің қызын Сарытеректегілердің көбісі көрген еді, ауылдағы сүйегі сондай бір қызға пішіп, киімін де дайындады. Қар кетіп, арқаның көдесі көгере бастады. Ауыл үлкендерінің Нұрмағанбетті шақыруға мөлшерлеген мезгіл де таянып қалған еді. Қасына он шақты жігіт ертіп, ауыл аралаған Қажымұқан Рысбектің бекетіне тұстас бір ауылға барды.

– Жігіттер, енді бекетке соқпай кетуге болмайды!

– Болсын, палуан, бузауыңның даусы құлағыңа шалынатын жерге келгенімізді білеміз, – деді әзілкеш құрбысы.

Бұлар барған аулынан қайтатын күні, күн оте нұрланып кетті. Сіркіреп өткен түнгі жауыннан кейін жер саздығы ширап, булығып жатқан көк дүркірей көте-рілді. Қар суынан кейінгі кейде. Қырау, кейде салқын шық түсірген түн салқыны тарап, қыраттардың күнгей бетіндегі көк жауын шайған шәйідей құлпыра қалды. Бекетті беттеп келе жатқан салт аттылар әлем ауасын бұрқыратып, жұпар иісіне бөлеген көк, жаңа көрініске көңілдері тасқындап, қосылып ән салып, көтеріңкі әңгімелер айтып, құрметті қошеметтеп ортасына алып жүрген палуанның аңсап келе жатқан Қадишасына байланысты әзілдер айтты. Оған тойтара жауап беретін тілі жоқ Мұқан:

– Әй, сендер қу жақтана бермей, Қадишаны қосып өлең айтыңдар. Әттең Нұрмағанбеттей өлең айтып, ән шығаратын болсам, өзімнен басқа көтере алмайтындай кітап жазар едім.

– Өзіңнен басқа көтере алмағанда, ауырлығы түйедей кітап болады. Оған не жазар едің?

– Табылады: қасын, көзін, шашын, басын, құмырсқаның беліндей белін, айдай жарқыраған бетін, сары майдай сүйкімді мінезін, баладай сөзін, өзімнің елжі-реген жүрегімді, түсіме кіргенін айта берер едім. Тұз-дәміміз бұйырып қосылатын болсақ, Омбы, Орынбор сияқты циркі бар қаланың біріне барып, Россия палуандарының әйелдеріндей, ложаға отырғызып қойып, өзім күресіп жататын болам.

– Ой, ендеше, Нұрмағанбет саған Қадишаны бер-мейді. Ол сен енді елден ұзап кетпейтін болсаң, өнерін жастарға үйретсін деп бергелі отыр. Сен ала салып Орынбор, Петрборыңа кететін болсаң, біз бүгін барып Нұрмағанбетке айтамыз.

– Сендер ойласаңдаршы, мен сендердей мал баға алмасам, соқа айдап, шөп шаба алмасам, тамағымды қалай табам? Мен ақшасыз күн көре алмаймын. Сауда істеп ақша табу қолымнан тағы келмейді. Циркі бар қалаға бармай қалай тұра алам...

– Нұрмағанбет өмір бойы ел ішінде күн көріп келді ғой, сондай сен де күн көресің... Келгеніне үш ай болды, сонан бері ел сенен асын да, атын да аяп жатқан жоқ. Өстіп күн көре бересің.

– Мұндай өмір Нұрмағанбетті қатты өкіндіріп отыр. Бұл шашыраған ел қала болып, қалаларында цирк, театр орнағанша мен ел ішінде жүре алам ба... Оны кейін ойласамыз, қосылып өлең айтып жіберіңдер.

Ұшады көк ала үйрек көлден салмай,
Қолымда көк қаршыға, белде далбай.
Дарияға ағып жатқан ұрдым құлаш,
Қадиша, сен дегенде шыдай алмай.

Ақ бетің айдан аппақ сәулеленген,
Көп адам көремін деп әуреленген.
Қасынан шыға алмайды Қажымұқан,
Кісідей мата көрген саудагерден.

Бір ағашта қос өрік,
Бозбалаға қыз серік.
Аулың алыс кеткенде,
Жүремін қалай күн көріп! –

деген қайырмасында Қажымұқан да қосылып отырды.

– Бұл өлеңдер ұнай ма, Ләйлі іздеген Мәжнүн?

– Нұрмағанбеттің Ѕалияға айтқан өлеңіндей болса... Гуілдеген топ жігіттер бекетті беттеп, солай келе жатты.

– Апа, бері келші, бойым ауыр тартып отыр...

Ерте тұрып сиырын сауған Бибігүл шелегін қоя салып, жастығын басына көтеріп отырған Қадишаның қасына келді. Беті балбырап, қабағы аздап кірбің тартып отыр екен.

– Жаным, немене, тымауратып қалған шығарсың кеше кешке далада желең жүріп қалып едің, – деді, маңдайын жұмсақ алақанымен басып, көзінс үңіле караған шешесі.

– Көкем қайда? – деді, кезерген ернін жымқыра, көзі сүзіліп.

– Далада, малын өріске шығарып жүр, қарағым...

– Су бар ма?

– Шай қазір қайнайды, айналайын.

– Жата тұрайын, апа, жұмысыңа бара ғой, – деп жастығын жерге қойып қисайды.

Бұл Қажымұқандар келе жатқан күннен бір күн бұрын болған хал еді. Рысбек малын өріске шығарып, үйіне келгенде, Бибігүл шайын әзірлеп, сүтін, қаймағын дастарқанға қойып, Қадишаның қасына барып, басын сипап:

– Қарашығым, тұрып беті-қолынды жу, бірер кесе шай үртташы, – деп отыр еді.

– Уа, құлыным, көктемнің тамылжыған күні даланы құндыздай құлпыртып келеді. Жан-жануардың масайрайтын мезгілі де тірі жанға келіп жетті. Адамның бойының ел-селін шығарып, аяқ басуға еріншек тартқызып барады. Қадишажан, бүгін көп ұйықтадың ғой, айналайын... Сарытеректегі қыпшақтардың да келеміз деген күні таянып қалды. Бүгін түстен кейін жылдағы орнына киіз үйді тіге салмасақ болмас. Тұр, айналайын, – деп шолақ тонын шешіп, перзентінің жанына Рысбек те келді.

– Ей, сен неге ренжіп отырсың, түсің қашып? – деп Бибігүлдің бетіне қарады.

– Қаденнің мазасы болмай оянды, сырқаттанып қала ма, қайдан білейін?..

– Қой әрі, қайдағыны айтпай! Көктемнің күні ғой, бойды ауыр тартқыза беретін.

– Ылайым сол болсын... Қайдан білейін, бір топ бұтамнан қалған жалғыз тал шыбығым...

– Қой деймін, қайдағыны шығармай... Қане, маңдайыңнан иіскеп жіберейін, – деп басын ұстай берген әкесі де қолын тигізе беріп, шошып кетті, денесі шоққа қақтаған темірдей, жанып тұр екен. – Алла, жақсылығыңа бастай гөр! Денесі ыстық екен ғой...

– Әкесі, бірер кесе шай ішіп, атына мін де, алдымен жолай аңшы мырзаның үйіне соғып, айта кет, үйінде болса мұнда келсін, палуанның үйіне барып кел, сол үйде сана, сынап сияқты дәрілер бола беретін еді. Тәуіп қайнаға үйінде болса ала кел, тамырын ұстасын. Уа, жаратқан, жалғызыма жар бола гөр!..

Рысбек жүгенін алып, атын әкеліп, Нұрмағанбеттің үйіне кетті. Жеті баласын жер қойнына берген Бибігүл далаға шығып, еңіреп қоя берді.

– О, қураған өмір! Біз дегенде жабуын жалмаған жұтаған түйедей болып, осынша неге сұмпайыландың екен!.. Құба дала құла дүздегі жалғыз моладай, жол үстіндегі бекетті неге ғана күзеттірдің? Шашыраған тарыдай босып жүрген бір ел... Қысылған кезде жәрдемге шақыратын, қозы көш жерсіз, жан таппайсың мұнан! Үріккен аңдай, бірінен-бірі қашқан бұл елдің, керегінде емшісін, қысылғанда демші жанын тапшы, қане! Баламның бәрі дер кезінде емші табылмағаннан өлді. Күйіп-жанып жатқан құлыныма енді не ем істедім, ойбай?

Далбасалаған ана аяқ қабынан тостағанын ала салып, суға батырып жіберіп, «дәу» деп ауырып отырған қыздың үстіне бүрікті де, «ұшық-ұшық» деп аяғын далаға төңкеріп тастады. Суық судан денесі түршіккен Қадиша көрпесін жамылып жата қалды.

– Құлыным-ай, терлер ме екенсің, әкеңнің тонын жабайыншы! – деп күйген денені тұмшалай түсті. Кесел ауырлай берді.

– Апа, үстіме жапқан тонды алшы, өкпем қысылып кетті, – деді, ерні үйіткен құйқадай қарая бастаған Қадиша.

– Қарағым, тер қысып жатқан шығар, шыдашы кішкене...

Әперген суды аузына апарды да, бір жұтып қайта берді Қадиша.

– Далаға шықшы, апа, көрінер ме екен?..

– Қарашығым, кім?

– Әлгі... – деп аяғын айта алмай ентігіп, бетін іргеге қарай бұрды.

Далада аттың дүбірі шықты. Бибігүл шыққанда күн түске жақындап, көктемнің ащы шуағы басталған еді. Келген аңшы қайнысы екен. Ол атын байлап:

– Жеңеше, Қадиша сырқаттанып қалды дей ме?

– Қайдам, қарағым, солай болды... – деп баяу үнін шығарды да, жүгіре басып үйіне кірді.

– Қарашығым, келді.

– Апа, кім? – деп Қадиша елеңдегендей басын аздап көтерді.

– Аңшы ағаң, айналайын.

– Ей... – тыжырына көзін кірбитіп, тонды қолымен ысырып тастап, су сұрады. Тағы бір жұтып, кесені жанына қойды.

– Қалқам, тәуірмісің? – деген аңшының сөзіне жауап бермей, сүзіле бетіне қарап үндемеді.

Түс ауа Қадишаның денесі тұтанған от-жалынға айналғандай, лапылдай бастады. Суды минут сайын сұрады, Үлкен ауылға кеткен Рысбек тәуіпті таппай, селодағы балаларына кеткен Нұрмағанбеттің артынан кісі жіберіп, өзі бір уыс сана жапырағын алып қайтып келді. Ол келгенде Қадиша сандырақтай бастап еді.

– Апа, келді ме?

– Келдім, құлыным. Сана алып келдім. Құдай сәтін салса ішесің, – деп қызының маңдайын сипады Рысбек.

Қадиша басын көтеріп, үйде отырған кісілерге айнала қарап, қайта жатты. Кеш түсе үлкен ауылдан әйел, қыз, келіншек болып түйе, атқа мінген он шақты адамдар келді. Түнімен кірпік қақпаған Қадишаны кезектесіп күзетіп шықты. Басында қаққан қазықтай қалшиып отырған шешесіне, қайта-қайта «келді ме?» дей берді. Келген кісілерді біртіндеп шешесі айта берді. «Олардың маған керегі жоқ» дегендей, үн қатпай, бетін аударып жата берді.

– Апа, кішкене сандықтағыны әперші! – деді бір кезде. Шешесі кішкене сандығын ашып, алдына тосты да:

– Қарғашым, өзің қарашы, мұндағы керегің не?.. Қадиша басымды сүйеші дегендей иегін көтерді. Әкесі басын сүйей берді. Ол көзін сүзе сандыққа үңілді де, шеті көрінген бір орамалды нұсқады. Ол Қажымұқанның үлкен бет орамалы еді. Шешесі көзінің жасы сор-ғалай түсіп, орамалды суырып алды.

– Басымды... таң... шы... – деді де:

– Апа, таң атты ма? – деді тағы да.

Қадишаның аузына суды мақтамен тамызып отырған ұлы сәскеде, жақын жердегі бір ауылға қонып шыққан Қажымұқандар сау етіп, бекетке келіп түсе қалды. Жігіттердің көңілді жағдайдағы көтеріңкі дауыстарын, қабақтары жабыңқы, үйден көңілсіз шыққан адамдар басып тастады. Нұрмағанбеттің әйелі үрпиіп қалған Қажымұқанды үндемей қолынан ұстап, үйге кіргізіп алып кетті. Қадишаның басында көздерінен сорасы ағып отырған кемпір-шалдың қасына әкеліп:

– Еркем, Қажымұқан келді!... – деді көмескі үнмен.

– Келді... – деп науқас, оты сөніп бара жатқан мөлдір көзін ашып алды. Басын көтергісі келгендей иегін әнтек қимылдатты.

– Палуан, сен жақындаңқырап қолынан тартшы, – деді жеңгесі. Ол қолынан ұстағанда, көзін тағы бір ашып: «Қош!..» дегендей ерні қыбыр етті де, мәңгілік көзін жұмды.

Үйдің іші күңіреніп сала бергенде, Қадишаның қолын әлі ұстап тұрған Қажымұқанды кейін шегеріп, қыздың кеудесіне үңіле қараған оташы жігіт:

– Ой, әттеген-ай, күйдіргі шыққан екен ғой! Біліні-сімен емдегенде жазып алуға болар еді, – деп өкінді.

Қажымұқанның кішкене жұмық көзінен, шықтың суындай түйір-түйір тамшы сорғалап, далаға шықты да:

– Шынымен кеткенің бе, жер періштесі? – деді.

Қадиша қаза болды он жетіде,
Қараса жан тойғысыз келбетіне.
Жеті жатып айтқан серт, алысқан қол
Арман боп, шықпай кетті жер бетіне.

Үйлену

Ауылдың үлкендері ел аралап жүрген Қажымұқан-ға жігіт жіберіп, Нұрмағанбет, Рысбекті шақыра келуді тапсырған. Құда шақырудың сыйын алып, олжамен қайтамын деп қуанып келген жігіт, бұл ауылдардың өлең, жыр, ойын-сауығының орнына – күңіреніп жылап, құран оқып отырған үстінен шықты. Қасиетті деген жарықтық құранның тойлы қуанышқа түкке керегі болмай, өлім-жітім қайғыда күңірене шығатын сол бір мұңды мақамы тым күңіреніп естіледі. Қара таудай қайғы қабағынан сезілмейтін Қажымұқанда да ауыр тұнжырау бар еді. Бұрын сирек сөйленетін сөз мүлде сарқылып, үн қатпайтын болып қалыпты. Оның шетке шыққан кезеңін аңдып бірдеңе айтайын деген ауылдан келген жігітке көз тоқтатып қарамай қойды. Олік үстінде үндері қырланып шығатын молдалар, тамағын кеней түсіп «ясин», «лятл-гурсісін» самбырлатып созып оқып, Қадишаны жерлеген адамдар кетпен, күрегін, бақан, сырықтай істеген табыт ағаштарын түйеге артып, бекетке қарай тартты. Бұл жағдай тек қана сый аламын деген шақырушы жігіттің үмітін емес, сонымен қатар осыны алсам, жолдасым жаман болды демеспін деген Қажымұқанның, атағы елге тараған палуан Қажымұқанды Балуан Шолақ қолынан үйлендірді деген абыройға ие болсам деген Нұрмағанбеттің, сегіз баламның сарқындысы Қадишамды ел атын білетін теңіне қосатын болдық, ендігі ұрпағымызды құдай осылардың етегінен өрбітсін деген Рысбек, Бибігүлдің, елдің гүлі, сайраған бұлбұлы, кедей де болса кем жоқ жігіт Нұрмағанбетпен құда боламыз деп қуанған құрамалардың да үмітін үзді. Бекетке жетіп, үйіне кірген Рысбек есінен танып, біраз талықсып жатты да, тұра салып, тонын қолтығына қысып алып:

– Бибігүл, үйіңе қара!.. Мен Қадишаның үйіне барып келейін. Басының суы кеппеген болар, мал күту, жан күтуді біле ме?.. Үйінде бірер күн жатып, көмек-тесейін! – деп тұра жөнелді.

Қабақтары түсіп, әр жерде тұнжырасып отырған адамдар қаңғалақтап, ұшып бара жатқан шалды ұстап әкеліп, бетіне су бүркіп, қайта жатқызды. Осындай ауыр халдің үстінен шыққан құда шақырушы да жерге қарап қалды. Қажымұқанның қасында жүрген жігіттердің бірсыпырасы ауылдарына қайтып кетті.

Бекетте сүйекшілерге бір-екі малды сойып беріп, Рысбек есін жиған соң:

– Той өткізем деген жерде топырағы үйілген мола көрдім, домбыра, сырнайға қосылған ән есітем деген жерімнен ұлыған қасқырдай сарнаған молдалардың аят оқыған үнін есіттім, бұл заманның құдайы менің қай дегеніме жеткізген!

– Бибігүл жеңешем, мына ағам, бұрын да қураған бұтадай кеуік еді, енді сендерде бой бекітетін не хал қалды?.. Дегенмен амалың қайсы!? Сал бойыңды бекіт, өлгеннің артынан өліп жатқан ешкімді көргенім жоқ. Мен мына Қажымұқанды ертіп ауылға барайын, үш-төрт күн жатып, бой көтеріп аулына қайтар, – деп, Нұрмағанбет атына мінді.

– Аға, мен енді ауылға бармаймын, – деді Нұрма-ғанбеттің үйіне екі күн қонған Қажымұқан. – Сіз, мені Қызылжарға жеткізіп салыңыз, Россияға қайта барам. Мені ауылда тұрсын десе, Қадиша өлмес еді...

– Ей, тентегім-ау, не деп отырсың? Қадиша өлгенде, қалған өмірдің бәрін құшақтап кетті деймісің? Мұнын бәрі уақытша. Жаңбыр тынып, бұлт ашылады, жайқалып көк шығады! Сен ол томырықтығыңды қой. Мен сені ешқайда жібермеймін.

– Жібер, аға, енді менің ойым ит жеген терідей пәрше-пәрше. Ауылға қайтып баратын да еш нәрсе жоқ. Әкеме ас бердім. Ауылдың үлкендері, осы сылтаудың үстінде сізді шақырып, дидар көрісеміз деген қуанышты еді. Шақыруға келген адамы, Қадишаны көміп жатқан молаға кездесіп, сізге айта алмай қайтып кетті.

– Олардың жазған хатын оқыдым ғой мен. Бірақ жылау-сықтаудың үстінде еш нәрсе айта алмадым. Қыздың ашылмай кеткен сыры үшін, өмір бойы қобыз тартып өткен Жанат сияқты болма, тағы бір-екі күн боп, мен сені көңіл көтеретін бір жерге апарайын.

– Аға, сол Жанаттың әңгімесін айтшы.

– Мен оны айтайын, сен Россияға кетем деп асықпа.

Нұрмағанбет әңгімесін айтты.

– Менің әкем бала кезінде қасына естияр бір кісі алып, үйсіндегі нағашысына кетіп бара жатып, Бал-қаштың жиегіндегі бір үйге қоныпты. Әкем кіріп барса, үй кәдімгі қазақтың киіз үйі, сол үйді бейнелеп айт-қан сөздері әлі есімде, оны былай сипаттайтын.

Ол үйдің адам паналап отыратын да тамтығы жоқ екен. Бір кезде қалың басылған киізден істелген туырлық, үзігі тозған соң жамай-жамай көн, тері тозған шапанның шалғай өңірі, тіпті бас киімнің де кейбір тамтықтары жабысып, не екені белгісіз бір затқа айналған, Ал киіз үйдің сүйегі дейтін: кереге, уық, босаға, маңдайша, табалдырық, шаңырақ, күлдіреуіштер тозығы жетіп, әлденеше жерінен құрсау, байлаулар түсіп, жерге тиетін жерлері шіріп, мүжіле-мүжіле, төмен шөгіп бала бойындай бірдеңе қалыпты. Киіз есіктің орнына әлдеқандай арықтап өлген жануардың терісі жабысыпты. Үй айналасында мал, ит, мысық сияқты асыранды хайуанаттың еш белгісі жоқ, аласа таусымақтардың жарында отырған жалғыз үй – жапырайған күрке екен. Жолаушылар барғанда үйде екі жан болыпты: ине-ліктей қатып, терісі сүйегіне жабысқан жас әйел, аяғы мүжіліп, жақтауы жерге шөккен ағаш төсектің үстінде, қоқыс көрпе сырмақтың арасында бір қарт отырыпты. Оның бейнесін айтып жеткізетін әкем тіл таппай, сол үйдің бейнесі қандай болса, қарттың бейнесі де сондай дейтін. Соншалық тозығы жеткен үй, өзінің бір кездерде сән-салтанаттың, ауыр дәулеттің ордасы болғанына айғақшы белгілері де болыпты. Теректен бе, үйеңкіден бе, сайланып жонылған кереге, уық, о баста он екі қанат үйдің сүйегі көрінеді, тозып сынықтары кесіле келе енді қалғаны төрт қанаттың жұқанасы екен. Кереге, уықтың жұмыры көк нілмен боялып, қалағы сүйектеліп, күміс-пен шегеленген. Сүйекке ойып өрнек салыныпты. Төсек ағаштың жақтауы бұрама күміспен көмкерілген. Олар майысқан, сынып түскен жерінің үңірейіп орны қал-ған, қаққан шегенің басында, қиған сүйектің арасында жылтыраған күмістің қабыршақтары көрінеді. Тозған кілем, шірінді сырмақтардың шоқпытын төсеніп, қарт төсек ағашта отыр. Алыстан келе жатқан жолаушылар үйге сәлем берісіп кірсе де оған жауап қатқан жан болмайды. Менің әкемнің таңыркап қарағаны шалдың бас жағында тұрған уыз жидеден шапқан кішкене қобыз, төсектің тұсында қос жұдырықтай киізге тіккен екі түйін, кір басқан жібек жіппен қосақталып, кереге басында ілулі тұрыпты. Үй сиқын аңғарған жолаушылар кеткісі келсе де, жақын жерде ел болмағандықтан, күркені паналап, қонбақ болады. Қоржын, қос-қолаңын түсіріп, көлік-терін отқа қояды. Ешкім сұрамаса да әкемнің қасындағы үлкен кісі анда-санда дыбысын шығарып, көзін жапқан, қасын қимылдатып отырған қартқа жай-жапсарын айта береді. Қарт сөз қосып, үн қатпапты. Күн бата дорбаға салған екі балығы бар, отыздан аса бастаған жігіт келеді. Ол қан-сөлі кепкен жүдеу екен. Үйіне қонған жолаушыларға таңырқай көз қиы-ғын салып, күңгірт үнмен сәлемдесіпті.

– Шырағым, арқадан Алатаудағы жегжатқа кетіп бара жатқан жолаушы едік. Көлік тынықтырғалы, осында қара тартып қонып қалдық. Қарт шаршап қалған ба, жауапқа жарымай отырмыз. Қай жақсы боласыңдар? – дейді жолаушылардың ішіндегі естияр кісі.

– Тобықты... – деп күңк етеді жігіт.

– Онда түбіміз арғын, туысымыз екенсіңдер ғой. Елден аулақ жекеленіп кеткендерің қалай?

– Е... – деп күрсінді де, жігіт төрде отырған қартқа қарап, үндемеді. Әйел дорбадағы балықты далаға алып шығып, тазалап асып жатады. Менің әкем де жанған отқа шәугімін қойып, шай қайнатады. Үйдегі естияр жолаушы қарт пен жігітті қанша қаужаса да бұл үйдің жағдайына қана алмай, шайларын ішіп, далаға тоқымдарын төсеп, ерлерін жастана жатып қалады. Үй іші де балықтарын жеп, үнсіз ұйқыға кетеді.

Таң сібірлеп атып келе жатқан кезде ұйқысы сергек естияр кісі менің әкемді жұлқып оятып жібереді. Үйден қобыздың даусы аңырап шығып жатыр екен. Әкем өзі өлгенше аузының суы құрып: «Ондай мұңлы күйді ешбір күй құралынан естіп көргенім жоқ» дейтін еді. ... Көк орай шалғынға көміле жатқан екі жолаушы бастарын көтеріп, құлақтарын түре тындап қалысыпты. Қобыз алғашында «Ањ» дегендей ащы үнін бір шығарып, жиырылып қалған жылан жайлап созыла бастағандай үн өресін жая береді. Ол бейне бір айдын көлдің кең алқабында еркін ойнаған құстардың шиқылы, баяу ескен самал, бұйратталған ұсақ толқындардың шылпылындай жай дыбыс созылып, тыңдаған құлаққа жайлы, көңілді саз туғызады. Жайқалған гүлдей, сайраған бұлбұлдай, кісінеген құлын, маңыраған қозы, шапқылап ойнаған баланың қиқуы сияқты үндер кейде елестеп, кейде бойыңды ауыр жүк басқандай мелшитіп, кейде еріксіз езу тартқызып көңілден қуаныш сезімін туғызғандай болса, кенет шарт етіп жарылып, жай тасы түскендей тыңдаушыны селк еткізеді. Бұл кезде күй құралының үніне құмар әкем шал-ғынды бауырлай жылжып келіп, салқамы шыққан төсек ағаштың үстінде малдасын құрып, екі көзін шарт жұ-мып, кішкене қобыздың қос қылының үстіне ор текедей ойнап отырған тарамыстанған қарт қолынан көз айырмай, күйреген керегелі күркенің іргесінен қарап жатыр едім дейді. Қобыздың үні кенет бұзылғанда, ол шошығандай селк етіп, көзін бір ашады да, есін қайта жиғандай қобызын қайта бір шолып, көзін жұмып алады. Қобыз үні бейне бір жортқан аттың аяқ дыбысына түсіп, созыла беріпті. Бір кезде үрген ит, ыңыранған әлдеқандай үн елестеп, күңгірт қуаныш, әлдекімнің наразылығы байқалып, байлаулы ат босанғандай, құбылып ұйтқыған үн бір еркіндікке шығып, самғаған қырандай қалықтап біраз отырады да, барынша үнін жіңішкертіп, алуан түрлі құбылтып, айрықша көркем бейнені елестете отырып, бастағы «ањты!» қайталап, құйған нөсердей, уілдеген желдей, ботасы өлген нардай боздап, иесіз қалған иттей ұлып, алуан түрлі құбылып, үн қайғы мұхитына малыныпты да кетіпті. Бебеу қаққан қыл сыңсып жылағанда, әкем де, тоқым төсегінен тұрмай отырған жолдасы да езіліп, көз жастары тамшылап жүре береді. Қайнары кепкен бұлақтай қарттың көзінен жас шықпай, қобыздың үніне қосылып, өксіген, еңкілдеген үн шығып, қобызды сол жағына, саздығын оң жағына қолын кере тастап, кереге тұсындағы түйінді кеудесіне баса тұқшиыпты да, үнсіз отырып қалыпты. Жанат сол кісінің аты екен. Оны жанға жауап қаттырмай тілін байлап, адамшылық өмірден шығарып, жапанда жалғыз үй қалдырған, шешілмей кеткен сұлу қыздың сыры болыпты. Сұлу суға түсіп жатқанда жылан шағып өлтіріпті. Жанат қыздың шашы мен жыланның басын алып, бауырына басқан екі түйінге екеуін тігіп қойған екен дейді. Онда жасы он сегізде екен. Қыз Жайық бойынан келіпті. Оның тұтас әңгімесін сенің тойың болған күні айтам.

– Ағажан, айтсайшы...

* * * Қажымұқан Нұрмағанбетпен қыдырып жүргенде, ауыл болып тағы бір ұйғарынды көтерді. Қадишаның киімін бойына өлшеген қыз, Қажымұқандардың қыз алысатын руы еді, қарттар күңкілдесе келіп, сол қызды қоса салмақ болды. Соншалық, жүрегін елжіреткен Қадишаның бес күндік қызғалдақтай болып сола қа-ғаны Қажымұқанның арманын тереңдете берді. Сырын ішіне жиып, сыртынан еш нәрсе аңғартпайтын мінезді жан, енді бұл тақырыпқа көпке шейін бой ұрмасқа бекіді. Өзін қосып өлең айтатып Балуан Шолақтың әдетіне еліктеген ол, шіңкілдетіп домбыра шертіп, жоғарыда ән бастауда келтірілген өлеңдерді Нұрмағанбеттен үйреніп, ол тұрған жерге өзін қосып айтатын болды. Қадиша өлген соң бірінші бөлімнің аяғындағы: «Қадиша қаза болды он жетіден»... көп айтатын болды. Ауыл адамдары ұйғарған қызды сүймеді. «Көкелер, қоя тұрыңдар» деп қыдырып біраз жүріп, Қызылжарға бара жатқан біреудің арбасына мініп кетіп қалғанын, үлкендер көптен кейін есітті. Ол сол кеткеннен Варшавадан бір-ақ шықты. Жаздың тамылжыған көк майсасы. Висла өзенінің жағасында, шыңға қонған бүркіттей, труси, майкасымен үш-төрт палуан өзен жағасында отырды.

– О, Қызыл нықап (маска), сенің қабағың неге ашылмайды? Сен бұрын бұлай емес едің, еліңе барам деп қайғы арқалап қайтқаның қалай?

– Қой әрі... Менің ешқандай қайғым жоқ.

– Ваня, сен баламен ойнап жүргенің жоқ, ең аз қыдырғаны Европаның өңірін екі айналып шыққан, Россияның қу мүйіз палуандарымен сөйлесіп отырсың. Сенде үлкен қайғыға батқандық бар. Болмаса бұрынғы ой-санаңнан өзгеріп кеткендік бар.

– Неге?

– Неге дейсің бе? Оны мен айтайын... Бұрын ішіңді ақтарып сыр жасырмайтын едің, енді бір ауыз сөз айт-қың келмейді. Бұрын белгілі палуандар қинап келген жас палуандарды да аяп, біраз күн өткенше жықпай мақтандыратын еді, сен қолыңа тигеннің бәрін шыр-қыратып, пердесін сыпырып алып жатырсың. Күрес басталғалы он-он бес күн болды, жинаған маскаң бір дорба болды. Мұныңа қарағанда, сені жынданды ма деп те ойлап жүргендер бар. Сенде мықты кіжіну бар. Біреу есінен қалғысыз етіп, жерге аунатып жіберді ме екен деуге, шығыс Россияда сені жығатын ешкім жоқ. Шыныңды айтшы, сенде нендей сыр бар?

– Менде қайғы бар екені рас, сұлу қызды сүйдім, ол қосылмай тұрып өліп кетті де, мен қалып қойдым, – деп басынан өткен барлық жағдайды шешіле айтты.

– Міне, енді реті келді. Сен сүйген қыз үшін жынданған шығыстың шыдамсызысың. Онда сені емдейміз.

– Ауруым жоқ менің.

– Сенің ауруың әйел. Оны біз табамыз. Осында палуан бір қыз бар. Біз бас құраған күресті ұйымдастырып отырған соның ағасы. Қыз күнде күресімізді көріп отырады дейді, бірақ қандай қыз екенін ешқайсымыз білмейміз. Осында жиналған палуанды түгел жыққанымызбен қыз күреседі. Жығылса тиеді де, өмір бойы соның күтушісі болады, жықса барлық палуандық белгісін сыпырып алып, чемоданын жаяу арқалатып жүреді.

– Мен оның чемоданын арқалай алмаймын.

– Жығылсаң амалың қайсы, серт солай болған соң, арқалайсың!

– Жығылмаймын!

– Қалай жығылмайсың? Поддубныйдан күшті-місің?

– Күштімін деп мақтана алмаймын.

– Ендеше, былтыр келіп, қорыққанынан күресе алмай кетіпті.

– Қой, өтірік ол. Поддубный тажалдан да қорықпайды!

– Қорықпайды!.. Қыз қолын соза бергенде жалт беріп қашқан екен, қолына қамзолының шалғайы түсіп, жұлып алыпты да, үйіне апарып іліп қойыпты. Осы күреске шақырса да келмей отыр ол.

– Қой, қой! Бәрі өтірік. Польшада палуан қыз деп ілгеріректе естіп едім, оны венгрдің жас палуаны жығып алып кетті деген.

– Ендеше, есіткен қызың осы. Оны ешкім жыға алмайды. Қолыңа тигенді алып ұра бермей, күшіңді соған сақта!

– Ой, тәйірі, оған қандай күш керек? Қыз деген қатын емес пе? «Қатынның күштісі қазан қайнатады» дейді қазақ. Күресетіні шын болса, минутке жеткізбей жығам да, бәйгеме өз құйындай ақша төле деймін!

– Ақша бермейді, өзі тиеді.

– Алмаймын деймін.

– Оның болмайды, егер алмасаң, жығылған болып есептелесің.

– Күреспеймін ендеше...

– Онда да жығылғанға есептелесің. Оған көнбесең күрескен палуанның ешқайсысын жықпай, жығыла бер, сонда сенімен қыз ақша берсең де күреспейді.

– Бір бәле ғой өзі! Қайдан шыққан неме екен соншама?

– Осында жиырмадан аса ірі палуан, отыздан аса жас палуан бар. Соның бірінен жығылып, не жығыса алмай кетсе, қыз оны үздік палуан деп есептемей, күреспей қояды. Үздік палуанды табамын деп ағасы Варшавада жылда палуан жинай беретіні сол екен. Сен жық та ал, осы әурешіліктен құтылайық.

– Сендер әзілдеріңді қойыңдар, мен қыздан қор-қып, ешкімнен жығыла да алмаймын. Қыздың чемоданын арқалап та жүре алмаймын. Дүниеден қатынсыз кетсем де, ол қорлықка көне алмаспын!

Бұл әзіл сияқты сөз болса да, негізінде сыр бар еді, ол ұзамай ашылды. Цирктің арқан, шығыршықтарында тұрып ойнайтын белгілі артисінің бойжеткен қарындасы болады, ол палуандар түрлі жақтан жинала бастағанда – түгел жыққан мықтысына тиіп алам деген сөзі болыпты. Соны есіткен жастар, жауырыны жерге тимегені киетін масканы бәрі киіп, «Ақ қынап», «Көк қынап»... Варшаваны басып кетеді. Оның үстіне, қолы ұстаса желімдей жабысып жықпай жібермейтін Ваня келіп, маскалар жапырақтай жалпылдап сыпырыла береді. «Енді қыз маңғұлдікі болсын!» деп күдер үзгендердің көбісі маскаларын дорбаларына тығып, жұмбақ аттарын дұрысына көшіре қояды. Мұның сырын білетін тіс қаққандары «байқап жық» десіп, тосындары алып қараның шеңгеліне мыжғыланып жатады. Көптің бірі болып күнде келген қыз Қажымұқан алтын, күміс толып жатқан медалін мойнына алқа қылып тағып, бұлшық етте-рін ойнатып, күрес алаңына шыққанда, көзі инедей қадалып, жүгіріп келген кісідей жай тұрып ентігеді. Көзі жасаурайды, қайта-қайта қолын уқалай береді. Кездейсоқ қабаттаса қалып, қабақ сездіргісі келіп, жүретін жолында кездескенде көзін ойнақтата қалатын Қажымұқан ба, кішкене көзін қиықтай бір қарап, иық қағысып қалған қызға: «вейноуат» деп өте шығады. Сорлы қыз жаныққан үстіне жаныға түседі. Үйіне барысымен айна алдында тұрып алып, опа-далабын, иісмайын жаға түсіп, ұзын жирен шашын алуан түрлі етіп өре береді, сипай береді. Бірақ оның бәрі ішкі ынтығына ем болмай, атлас картаны ала салып, алдына жая бастайды. Бобидің королі бірде оңға, бірде солға шығып, бір тартқанда кез түсіп, бірде лағып далаға кетеді. Ернін тістеп ренжиді, кейде қуанады. Безеніп тұрған тілі жоқ «маңғұлға» ынтыққан сорлы, кейбір күндері ауырып та қалады, шыдамы кеткен байғұс, маңдайын жібек орамалмен байлап, циркке тағы келеді. Ақырысында Қа-жымұқанмен бірге жататын біреулерді тауып, тілдес-тіретін жәрдем сұрайды. Қадишаның қайғысы бойынан арылмаған палуанға:

– Сенің қыздармен әңгімелеспейтінің қалай? – деп қақтықты ол.

– Я, совсем не хашу... – дейді де, сыпырған маскаларын санай береді. Қыздың өтініші бойынша палуаннан сыр тарту үшін манағы су жағасында отырғандағы әңгімесінде де ашық жауап айтқыза алмады. Ай жарым өтіп, күрес аяқталар кезде, «Палуан қызды көрсету үшін» Қажымұқанды жүзбелі ресторанға алып барады. Онда үйленудің сәті төменгі жағдайда түсті.

Ресторан мен бес шақырым жерді жайлап айналып келгенше тұқыл шарапты сықап ішкен палуандар Висла жағасындағы бақтың ішін аралап, гүжілдесе сөйлесіп келе жатты. Су жиегіне тақай істеген отырғыштарда, кемедей шыққан палуандарды күткендей үш қыз отыр екен, қолында ақ гүлден түйген букеті бар сүлу қыз бұларды он адымдай жерге тоқтатып, гүлін көтеріп тұрып:

– Палуан мырзалар, біздің досымыз Поля, ханша-палуан, осы гүл шоғын үздік күші бар палуанға тапсыруды бұйырды. Үздік күш менде! – деп өзіңе сенген-дерің үш адым алға шығып қолымнан гүлді ал! – деді.

Палуандар алға шыға алмай, біріне-бірі қарап, бөгеліп қалды. Сол күні ғана жұрт көзіне түскен Варшаваның екі жас палуанының бірі қолына қызыл гүл букетін ұстап:

– Ешкімнің жүрегі батпаса, мен оны алуға жараймын! – деп аттай бергенде Қажымұқан жауырынынан бүре ұстап шелектей көтеріп, кейін тастады да:

– Бикеш, ол бұйрық берген ханшаңыздың өзі қайда?

– Сарайында. Немене гүлді алғың келіп тұр ма? Се-нің жұрттан үздік болатындай еш нәрсең жоқ қой деймін... Үздікпін деп алуға жарасаң үш адым алға шық!

Қажымұқан алға шықты. Қыз гүл шоғын ұсынып тұрып, күлімсіреген пішінмен:

– Осының үздік палуан екені рас па? – деп басқа палуандарға қарады.

– Иә, – деді сақа палуанның бірі.

– Гүл алғаның үшін белгі боларлықтай бір затыңды бер бізге, Поля ханша барғанда өзіңізге қайтарып береді.

Қажымұқан үлкен күміс сағатын қалтасынан алып ұсынды.

– Оның керегі жоқ, орамалыңды берсең де болады, – деді қыз. Қағазға орап орамалын берді. Қыз қолына ұстап тұрып:

– Ертең сағат бесте пәлен адреске келуіңізді сұраймын, – деді де, палуан тобына басын иіп, әдеппен жүріп кетті.

Ертеңіне Кореньмен екеуі айтқан адреске барса сарай емес, Варшавадағы жұпыны үйдің бірі екен. Ауладағы әдемі бақтың ішіне стол, отырғыштар қойып, ас әзірлепті. Өздеріне таныс цирктің артисі қарсы алып, құрметпен орындыққа отырғызды. Үйде отырған үш-төрт кісі шығып, қонақтармен амандасты. Кешегі гүл берген қыз елулерге келген шешесін колтықтап, үйден шықты. Отырған адамдар орындарынан тұрып, анаға құрмет көрсетті.

– Қазақ өлкесінің палуаны қайсың едің? Қажымұқан орнынан тұрып, қолын кеудесіне басып, басын иді.

«Менің жаныма отыр» дегендей жанындағы орындықта нұсқады. Кісілер орындарына отырып, астың бетіне жабылған ақ жібек дастарқан ашылған соң, үй иесі артист:

– Достар, барлық халықка ортақ: «Тауға тау қосылмайды, адамға адам қосылады» деген мақал бар. Сол қосылмай тұрмайтын адамның сүйіспеншілік махаббатына шек қоюға болмайды. Палуан Мұңайтпасов, оның досы Корень палуан, сіздер осында келуге себепті болып отырған сондай жағдай. Өзім жеке адамның игілікті ісім деп түсінген жұмысына, еркіне бөгеу болмауды дұрыс деп түсінем. Ондайға араласатын ұлттың әдет-ғұрпы, діні сияқты тәртібін жақтағым келмейді. Менің сүйікті қарындасым Поля, Ваня Мұңайтпасовқа ғашық болды, қыздың мұндай сырын ашық айту – Европа елдерінде ешбір ерсілігі жоқ, қайта өзіне тән ерікті түсінгендік болып есептеледі. Кеше ақ гүл шоғын беріп, орамалын алып келіп, анасының рұқсатын алып отыр. Анамыздың алдында осыны анықтап, игі тілегімізді айт-қымыз келеді... Берілген белгі ишаратын қабыл етуле-рің рас па?

– Маған палуан қыздың гүлі деп берді.

– Палуан қыз – қолымен гүл берген Поля. Күре-сетін қыз тек ертегілерде айтылады.

– Ендеше, гүлін алғаным, рас.

Сонан бір ай өткеннен кейін поляк қызы Поляға үйленіп, күзге қарай неміс армиясының қысымы Варшаваның бейбітшілігін бұзып, Қажымұқан Поляның атын Патима қойып, Омбыға келді. Ондағы цирктің аттарын офицерлер мініп, майданға кеткен соң, Шардақтағы қазақтар Қажымұқанды көшіріп алып, үй салып, мал құрастырып беріп, Патимадан Қайролла, Абдолла деген екі ұл туды. Бірақ бұлар Патима жеңгей арман еткендей – жауырыны жерге тимейтін палуан емес, жай баланың бірі болып өсіп, екеуі де заң қызметкері болып кетті.

Арбакеш

Он сегізінші жылдың қақаған қысы. Түтеген ақ бораны соғып тұр. Ел адамының бәрі: «Соққан күніне жетіп толастайды» деген болжалына бой бермей кетті, сейсенбі күні тұрып еді, сейсенбіден сейсенбі – сегіз, сәрсенбі – тоғыз, бейсенбі – он, бүгін жұма – он бір күн, ақ көбігін ақтарып, құтырған бурадай әлі жұлынып тұр. Бар өмірін Омбы қаласында арбакештікпен өткізген Миша өзінің көптен жолдасы болған күрең атының ұсқынына қарап тұрып, өте мүсіркеп кетті. Аяғаны сонша – көзінен жасы еріксіз шықты. Төбесінде ойнап тұратын құлағы салаңдап төмен түсіп кекіл, жалының ұйпалағы шығып, қос көзінің алдына шоқпақтай болып ірің қатыпты. Мишаның аяқ дыбысы шыққаннан оқыранатын жануар, енді иесіне өкпелегендей, алдына салған шөбінің жартысын жеуге мұршасы келмей, бүк түсіп жатыр. Миша ежелгі әдетімен:

– Серігім, жануарым... – десе де ат еміренбей иесі жанына келгенде иегін жерге төсей жатқан тұмсығынан ентіге шыққан демі қарды бұрқыратып жіберді.

– О, жануар! Обалың ақтарға болсын. Жер жұтсын бұл шайтандарды! Саған деп жиған шөбімді де аттарына алып, құртып қойғаны мынау... Жем болса да жоқ. Өзіңді лауына алып, өлімші етіп әкеліп берді. Енді саған не берем, жануарым?.. Қой енді, сені бүйтіп қор етіп өлтіргенше, еркін шөбі бар, ауылда тұратын достың біріне берейін...

Сөйтіп налып жүрген кезінде, ауылдан жұмыс іздеп келген Қажымұқан кездесе кетті. Жай-жапсарын сұрай келіп:

– Досым, сен жүк тиеуші болып та күн көре алатының сөзсіз. Бірақ менің бір тілегімді қабыл ет. Адамның күштісі сен болсаң, аттың күштісі менің күреңім еді. Мына Қолчак қоқырсығын тасып, соны құртатын болды. Сен соны арбасымен ауылыңа алып кет. Бір жеті тойдырып алсаң, аздап кіре тартып тұруыңа жарайды. Сенің қолыңда тұрса, Колчактың қамшысы селтеңдеген полицейлері де қоқаңдап қасына келе алмас еді. Оның үстіне, ауылың сені құрметтейді ғой, лауға сенің атыңды әурелемейді.

– Ол рас.

– Ендеше, арбасына жегіп берейін, алып кет. Көп жыл қанатым болған жануардың налығанын көрмейін. Тамағы күйлі болса, арбамен қырық пұт, шанамен сексен пұтты жүк демейді.

Бұл күздігүні болған жағдай еді. Сөйтіп, Мишаның сүйікті жирені Қажымұқанның қолына барып, городовойлардың күнде әурелеуінен құтылды. Күнінің көбі түтеген боран болған қыста Шардақ айналасында күйлі көлік палуандікі еді. Әр кезде қолына ұстап жүретін жуан сырғауылға саптап алған айыр, күрегін көрген лау алушылар Қажымұқанның маңына жуымады. Түрінен сескеніп, сырттайтын полицейлерге: «Мынаның күйлі көлігін неге алмайсыңдар?» деген байларға: «Сендер өз көліктеріңді аяп сандала бересіңдер! Ол қырық жеті награда алған Николайдың палуаны. Оны біз құрметтеуге міндеттіміз!» – деп соқтым. Миша берген күрең атқа жем іздеп, қырман көтеріп жатқан біреуге бара қалғанда, сол қырманның басына сабын, шай, бірдеңелерін апарып, бидайға айырбастап жүрген Борсықбай кездесе кетті.

– Палуан, халің қалай?

– Шүкір... Қамыстай қалың елмен бірге өмір өтіп жатыр.

– Дұрыс, дұрыс. Бәрекелді, арбаң мен атың да өзіңе сай екен. Немене, мұнда алашағың бар ма еді?

– Қандай алашақ? Менің ондай сатып жүрген сабыным жоқ. Мына ұшықтарынан қиса, атыма жем ала-йын деп келіп едім.

– Е, оның дұрыс қой... Қырман деген кен емес пе, диқандар бірер қап ұшықтарын сенен аямас. Егіншілер, тәңір берген нәрсеге тарылмай, палуанның қабын толтырып жіберіңдер.

– Борсеке, ол біздің жұмысымыз ғой, өзің мына қара майдан істеген, балшық сияқты сабыныңды, зәрдей қымбаттатпай, төмендетіңізші... Қадаққа толмайтын кесегіне бір пұт бидай сұрайсың. Оныңызды қалай алып, кір жуамыз?..

– Мейілдерің ғой, алмағандарыңа мен қайғырмаймын. Сабыным батпақ болсын, балшық болсын, арбамның үстінде тұр. Сендердің бидайларың – қырманда. «Балшық» дейсіңдер-ау, шырақтарым, – деп кеңкілде-ген мысқыл күлкімен кеңсірігін кернеп, танауын желпілдетіп күлген болып, – заманының неге айналып тұрғанын сезбеген кісіге не айтарсың! Осы балшықтың өзі сонау жер түбіндегі Үркіттен әкелініп отыр. Жи-дектің жапырағын қуырып, шай деп ішіп отырғаны бұлардың есінде жоқ! Белі бүктелген шешелері қыстау айналасын тіміскілеп, ит мүжіген сүйек жинап, сабын қайнатпақ болады. Бұлар сол азаптан құтылуға, аз да болса көмек еткісі келген кісілерге айтып отырғаны мынау. Қоян терісіне – қызыл шүберек жапсырған бөрік киген большевиктер келген соң, первай сорт сіңір сабынмен жуатын боларсыңдар!..

– Борсық-ау, солар келе жатыр дегені рас па?

– Кім біледі, палуан. Іштегі бай біткеннің бәрін қамап, завод-фабрикалардың күл-талқанын шығарып, жердің бетін үйтілген тулақтай қылып жатқан солар дейді ғой. Оралдан өтіп, Селебеге (Челябинск) келіп-ақ қалған екен, ақтар әскерін алдына төгіп жіберіп, бір бөгесе керек...

– Борсықбай, сенің сөзің шемішкенің басындай күн қуалап айнала ма! Әнеугүні: «Дүниенің бар керегі большевиктер алған жерден шығып жатыр, фабрик, завод солардың қолында, істей білетін шеберлер де солар. Ақтар қолдарына оқ-дәрісіз көсеу ұстап қалып отыр» – деп соғып жүр едің. Енді жұртты большевиктерге айдап салдың ба? Жарайды, оның бізге керегі шамалы. Ашмушке шайың мен екі бөлек сабыныңды мына қапта тұрған бидайға бересің бе? – деп еңгезердей біреу қолын шошайтып, қап түбіндегі бір пұттай бидайды көрсетті. Борсықбай майы қыртыстанған көзін қапқа бір салып:

– Қой, сендермен келісе алатын түрім жоқ екен... Аз ғана алғандарыңды Колчактың солдаты сыпырып алған күні сөйлесермін! Кетейін, – деп арбасына мініп, қырманнан шыға беріп еді:

– Тоқта! – деді оған, шай, сабынға зәру ел...

* * * Боран үдеп, қала мен ауылдың қатынасы үзілген соң, қалада ұнның пұты Колчак ақшасымен мың сом, Керенскийдің ақшасымен сегіз жүз сом, Николай ақшасына бес жүз сом болып тұр дегенде Борсықбайдың ұйқысы келмеді. Саудамен түсірген екі жүз пұт бидайы бар еді. Оны Колчактың астық жннаушыларынан жасырып, жер-жерге жытырып көмген болатын. Оны бұрынғыдай шанаға тиеп, апарып сата беретін жағдай жоқ, ұрланып қалаға жеткізудің өзі бір қиямет. Жолда бір таба нан үшін де кісі өлтіретін шықты деген қауесет жиі тарады. Борсықбай сататын бидай, көлік-сайманы сай тұрса да, қалаға барудан қорықты. «Қалада бір қап бидайға шаналы атын, бір пұт ұнға ине-жіптен жаңа шыққан құндыз ішік беріп жатыр» дегенде мүлде жынданып кете жаздады. Оның үстіне өзінің аталасы болып есептелінетін айналасындағы он шақты үй әбден жүдеп:

– Сен бізден алуға келгенде «ағайын» бола қаласың да, қарасуға келгенде сыртыңды бересін! Көмбеңді ашып, шіріп жатқан бидайыңды бізге қарызға бер. Мына шулап отырған баланы ая. Тірі болсақ өтерміз, – деп бірінен соң бірі келді. Олар тағы да бірде:

– Сен Совет өкіметінің ұзамай осында келетінін біліп қой! Олар саған астық сатқызбайды. Большевиктер – халықтың қамын ғана ойлайтындар екенін естіп отырмыз. Ол келсе сенен сұрамайды, көмбеңді ашады да, аш отырғандарға үлестіріп береді! – деп қабақтарын түкситетінді шығарды.

Борсықбай оларға сырттай қабаған төбеттей күжіл-десе де, іштей сенім жүйкесі босап, қорқатын болды. Қалайда, осындай қымбаттап тұрған кезде бидайдың біразын сатып алғысы келді. Оны қалаға жеткізу қиын, өз жақындарына сенбеді. Дағдарыс ширығын шешу үшін тапқан амалы Қажымұқан болды. Ол кісі мүлкіне қиянат етпейді. Оны құралды топ болмаса, екі-үш адам жолда тонап та ала алмайды. Қажымұқан ерте тұрып, түнде басып қалған үрінді қардан қорасын аршып, үйіне жаңа кіргенде, үсті-басын қалың қырау басып, қасқыр ішікке оранып, Борсықбай келді.

– Палуан, мал-басың аман ба?

– Шүкір. Түтеген боранда ерте жүре қалғаның қалай? Үй ішің аман ба?

– Құдайға шүкір... Боран деп бүрлігіп жата берген-нің өзі жаман екен. Анау айтқандай жұлып кететін еш нәрсе жоқ, жүруге болады. Бір қысылтаяң шаруа саған күнімді түсіріп, келіп отырмын. Өзіңнің ерлік көмегің тимесе, өте қиынға айналып кетті...

– Не боп қалды? Сауда досым...

– Құдай кәпірге мұсылманның күнін түсірмесін! Палуан, өкіметтің промторг деген мекемесіне бидай жинап беруге біраз затын алып едім. Күзде қырман басында жолыққанда соны жинап жүрген болатынмын. Ол бар болғыры жиналды да, жылымықта жеткізілмей, боранға ұшырады. Енді соны екі күн ішінде жеткізіп бермесе өзімді қамап, мал-мүлкімді қазынаға салам депті. Оның үстіне, жолай тартып алатын бірдеңелер шығып, жай кісі жүре алмайды дейді. Соның жүз пұт бидайын жеткізіп беруге жәрдемдес деп өтінішпен келіп отырмын, – деді саудасын айтса көне қоймайтынын білетін Борсықбай.

Қайғы бұлтын бет-әлпетіне қалың жауып алған кейпіне қарап, палуан ойланып қалды.

– Көліктерің сай тұр ма?

– Көлік, шүкір, бар ғой... Бірақ соның кілтипені бар, Қажымұқан. Оларға басты сылтауым: «Көлік табылмай жатыр» деп едім. Сондықтан өз атыңмен жет-кізіп берсең тәуір болар еді. Ол үшін тиісті ақысын төлейін.

– Онда ыңғайы келіңкіремейді. Бұл қолыма аманат деп қойған біреудің малы еді. Суре түспеген соқпақта өліп қалуы мүмкін, жем-шөпке де онша кенеліп тұрған жоқ. Көлік тапсаң, жеткізіп берейін.

Борсықбай түске шейін қояр да қоймай, Қажымұқанның атымен бір лау астықты қалаға апаруға көндірді. Өзі шай, жер майы, сабын сияқты үй керегіне де зәру еді. Кіре ақысына бір қап бидай, астықты жапқан шөпті алмақ болып, сондықтан жүкті аямай салып, елу пұт бидай тиеді. Борсықбай салт атпен жанына еріп отырып түтеген боранда қалаға жетті. Қалада байдың атына аздап шөп тастап, өзі жарты қап бидай алып, Мишаның үйіне келді.

Келсе, Мишаның үй іші қасіретте екен.

Ат-арбасын Қажымұқанға берген соң Леспромхоз-ға жұмысқа кірген Миша, декабрь ішінде болған жұмысшылардың көтерілісіне қатынасқаны үшін ұсталып кетіпті. Ең үлкені он үш жастағы төрт баланың ортасында қалған әйелі бір кеңсенің үй тазалаушысы болып, балаларының күнделік қорегін тауып тұрған екен, екі өкпесіне бірдей суық тиіп, бас көтере алмай қалғанына бес күн болыпты. Ішетін ас, жағатын отыны жоқ, шуылдап жылап отырған балалардың үстіне кіріп барды. Үй тіршілігінің ісіне икемі жоқ адам, оларға жәр-дем көрсетудің есебін таппады. Атын доғарып, қораға байлады да, темір жолға жақындау шетте, қисайып тұрған бір бағананы кезі шалып еді, соған барып, жұлып алып, иыққа салып алып келіп, күйретіп отын қылды. Құдықтан су әкеп, құмыраларын толтырды. Екі пешке бірдей жағылған от қабырғасына қарыс болып тұрған қырауларды ерітіп, үйді тұманданған бу басты. Үлкен пештің қуысына барып бұйығып жатқан балалар бастарын көтерді. Қажымұқанның жолға алған наны, бір кесек еті әлдеқашан тас болып қатып қалған. Оны енді қыза бастаған пештің ернеуіне қойып, жібітіп балалар-ға азық етті. Әкелген жарты қап бидайын да қол диір-менге тарта бастады. Үздіксіз арбакештік кәсіп осы күндерден басталды. Мишаның көршілері сол маңдағы үйлерге – ат-арбалы дәудің келіп жатқанын, отын-сусыз отырған аурулы үйге істеген қайырымын, мұзды қарда қатып тұрған сынық бағананы тоңымен қопарып жұлып алғанын ертегідей етіп, маңайларындағыларға таратып жатты. Қоңсы отырған үлкен саудагерлердің үйі қала айналасындағы орманнан сатып алған отынын әкеле алмай, тонаушылардан қорқып отыр еді, алып арбакештің хабарын естіп, сөйлесуге келді.

– Қанша отының бар? – деп сұрады ділгерлігін айт-қан байға.

– Он текше метр. Текшесі бұзылған соң түгел тасып алмаса, ұрлап алып кетеді. Қасына өзімнен бір көлік қосам, қорама әкеліп үйіп беруіңе қанша сұрайсың?

– Сұрағанымды бересің бе?

– Сөйлесіп көреміз. Жұмыс таба алмай жүрген адам көп, сенің көлігің болған соң айтылып отырған жағ-дай ғой.

– Сол көп адамды неге жалдамадың?

– Бәрі де тоғайға баруға қорқады. Болмаса мен ақша аямас едім.

– Отыныңды әкеп берсем маған да ақша бергің келе ме?

– Әрине.

– Мен ақшаға отын тасымаймын.

– Неге?

– Ақшаның мөрін танымаймын, жүзден артық сан білмеймін. Ауылдан келген адам екенімді көріп отырсың. Тонаушының ортасында тұрған бәлеңе басқа кісі баруға қорқатын болса, менің жаным екеу емес... Мынау ауырып жатқан әйел, аш-жалаңаш төрт баласы... осыларды аяп ауылыма қайта алмай қалдым. Өз үйімде де екі бала, бір қатын менің қолыма қарап отыр. Тонаушысы бар тоғайда отыныңды әкелу үшін менің құнымды төлейсің! Саудагер кеңкілдеп көзінің суы аққанша күлді.

– Неге күлесің? Мен өліп қалсам екі үйдегі алты бала, екі қатын аштан өлетінін көріп отырсың ғой.

– Сен өз балаларыңды айта берсейші, бұл үйдегі-лерді қайтесің?

– Неге?

– Бұлар менің туысым – орыстың балалары ғой.

– Олай болса бұларға неге жәрдемдеспейсің?

– Сексен миллион орыс бар, оның қай кедейінің баласын асырарсың?

– Сен сексен миллионды асырама, бір үйдің баласына тарыққанда жәрдем ет. Менің ақшам да жоқ, малым да жоқ. Достық – орыс, қазаққа бөлінбейді. Жәр-дем ету – менің адамшылық міндетім.

– Дұрыс, оныңа енді айтатыным жоқ. Енді сұрайтыныңды айт. Әзіліңді қойып не алатыныңды сұра.

– Құнымды бер деп айттым ғой саған.

– Қанша тұрасың? – деп тағы күлді бай.

– Қанша тұрғанда онша қымбат емеспін. Бір қап ұн бер, төрт тақта шай бер. Отының біткенше атыма жем, шөп, өзіме тамақ бер. Ең артынан бір шана отынды осы үйге түсіріп берем, оған таршылық етпейсің.

Бай шошып кетіп:

– Сен жұмыс істейтін адам емес екенсің! – деп үйіне кетіп қалды.

Бірақ ертеңіне қайта келіп, сұрағанының біразын беріп, отынын тасытты. Қажымұқан осындай кәсіппен екі айдай қалада болды. Бидайын мүлікке айырбастаған Борсықбай шаш етектен пайданың астында қалып, қалған бидайын тағы жеткізіп беруге палуанға жалына бастады. Өзі де үйіне керек-жарағын апарып тастағалы жүрген Қажымұқан кіре ақысына балаларына киім-кешек алып, алты қап бидайын әкеп берді. Қар ери бастағанда Борсықбай екі көлікті өзі қосып, сатылатын бидайды түгел артқан жолы, елу қап бидайды тонаушылар жолда тартып алды. Бұл жолы астық тартқандардың ішінде үлкен баласы мен Борсықбай өзі де бар еді, он шақты адам тұрпатынан қорқатын палуан, қолында кішкене темір айыры бар шалдан қорқып, бетін қарға басып тырп ете алмай калды.

* * * Жанға көрсетпей тыққан ұраларын ашып, түнде қаптаған бидайларды тиеп, ауылдан алты шақырым жердегі қалың шырпыға кіре бергенде, таң саз беріп келе жатыр еді. Мол қып тиеген шөптің арасына он қап бидай салып, күрең атын алдына салған Қажымұқан, жуан шыбыртқысын жанына қойып, қалғи түсіп келе жатты.

– Палуан, айдаңқырап отыр, осы бір шырпыдан тез өтіп кетелік, – деді әлденеден сезіктенген Борсықбай ортадағы шанада отырып.

– Мен барда не қорқатының бар, Борсықбай, шырпыда не бар дейсің, тәйірі...

– Сонда да болсаң, баяу кеттің, айдай түс, палуан.

Ол «шүу» деп делбесін қаға бергенде, «мә...» деген ешкінің даусы шыққандай болды. Селк етіп шошып кеткен палуан жол жиегіне қарай бергенде, бұта арасынан созылған айырдың сабы шошайып шананың үстіне келіп қалды. Айырдың ашасы сайын сығыстыра түйреген тышқандар, құйрықтары салбырап, Қажымұқанның тұмсығына таянып келіп қалды. «Ок!» деген жуан үні бір шықты да, жол жиегіндегі омбы қарға етпеттеп түсіп құлай кетті.

– Қажымұқан! Шыбыртқыңды сілтей гөр?... – деген Борсықбайдың қарлыққан даусы бір шығып, ырсылдап, пысылдап барып, бұтаның арасына жоқ болды. Палуан әнтек басын көтере бергенде, тышқан тізілген айыр әлі алдында «у» деп, аударылып, төңке-ріліп тұр екен. Тұлыбын басына орай түсіп, етпеттеп жата қалды. Қайтып қарауға шамасы келмей, таң әбден атқанда басын бір-ақ көтерді. Бір жерде бебеу қағып Борсықбай, бір жерде баласы жатыр екен. Қайыс белбеумен байланған матауларын шешіп босатып алды.

– Ой, сорым бар басым-ай, өздері айыр, балтадан басқа құралы жоқ бес-ақ адам екен, шыбыртқыңды қалай көтере алмай қалдың?

– Ой, жалған-ай, қолыммен де қарға тұншықтырар едім ғой, бір айыр тышқан басымда ойнап тұрғанда, не істеуге шамам келсін! Менің сілемді сол құртты ғой...

– Сорлы-ау, өлген тышқаннан да кісі қорқа ма?..

– Қорықпай қайтесің, құлағы калқайған бәледен... Үшеуі қарға малтығып үйлеріне жетті. Борсықбай мен баласын байлаған тонаушылар езіп тастаған екен, үйіне келе төсек тартып жатып қалысты. Тоналған лауларды іздетіп қуған кісі де болмады. Қажымұқан үйіне келіп:

– Патима, күрең атты Борсықбайдың бидайы жетелеп кетті. Үйге қашан келер екен жануар... – деп мырс-мырс күлді. Оның қандай күлкі екеніне Патима түсінбей қайран қалды.

* * * Осының алдында алты қап бидайын қалаға апарған жолы, Борсықбайдың ашыққан көп туысының бірі, палуанның шанасына мініп, қалаға бірге барды. Жоқшылық жүдеткен жігіт:

– Палуан аға, бұл күн көрісіміз немене болып бара жатқанын байқайсыз ба? Бұл ақтар деген аштық, жалаңаштық, жұмыссыздықтың көзі болды. Барымызды сыпырып алып, өңкей ұры-қарының өресін өрбітті. Ақырғы сөлімізді байлар мен саудагерге сорғызды. Кәсіпорындарын құйын соққандай құртып бітті. Он екі мүшеміз аман отырып, еңбек таппай ашығу деген не сұмдық! Адамшылық мейір дегеннің жұрнағы қалмай бара жатыр. Бір атадан өрбіген жиырма шақты түтін едік, еңбегімізді сүліктей сорып байыған Борсықбай, біз жүдеген сайын қанауын қалыңдатып барады. Балалар ашыға бастағанына үш айдан асып барады. Ақ сақалынан жасын сорғалатып, әкем әлденеше рет барса да бір пұт астық қарасуды білмеді. «Өлгендеріңе мен жауапты емеспін» дейді. Бұл астықты қалаға ұрлап сатып, алтын, күміс, асыл бұйымды үйіне кірелеп жинап жатыр. «Уа, ағайыным, сендер тұрғанда кімді жалдамақпын. Өздерің істеп, керегіңді жеңдер!» деп жұмысын істетіп еді, енді өліп бара жатқанда аузымызға су тамызбайды. «Жоқтан» басқа айтары жоқ. Біз енді қаңғыруға қалдық. Бір пұт астық табыла ма деп қалаға кетіп барам.

– Адамгершілігі жоқтан тартып алып неге жемей-сіңдер?

– Оны ойлағанымызға да көп болды. Бірақ қайда жымқырғанын білмейміз. Осындай қалаға апаруды біздің бірімізге беретін болса, әлдеқашаң бөліп алған болар едік. Кісінің шамасы келмейтін сізге тасытып жүргенін көрмейсіз бе? Өзін сатып та бітіруге айналды білем.

– Ала алсаңдар, он шақты үйіңді жазға шығаратын бидай бар сияқты.

– Ендігі қалғанын сіз апармасаңыз, өздерінен тартып-ақ алар едік.

– Мен болмасам, өздері де апармай, тыққан жерінде шірітеді. Қайда тыққанын білсем айтар едім, білмеймін. Бірер жігітімен өздері қаптап, шанаға тиеп болған соң үстіне бір-ақ мінем. Енді қалғанын қар кетпей қалаға жеткізетін түрі бар. Мені бар екен деп қорықпай-ақ қойыңдар, менің тышқаннан қорқам дегеніме сенбейтін адам жоқ. Өлген тышқанды істікке шаншып көрсетсеңдер, мен өрт шығып жатса да тырп етпеймін.

– Палуан аға, онсыз да күн көрер едік қой. Халықтағы барды Колчак жинап алды. Аяқ жететін жерде ендігі бар астық осы қоңыздың көмбесінде.

– Ендеше, алып қалыңдар.

Мүмкін, шырпы, ортасынан тосқандар солар шығар. Ертесіне таңертең палуанның күрең аты шанасын сүйретіп ауыл ортасында жүгенін көріп біреу жетектеп әкеліп берді. Бидайдың қайда қалғанын ешкім білмейді.

– Мұның бидайын қайда апарды екен? – дегендерге:

– Оны күрең аттан сұрамасаңдар, мен қайдан бі-лейін? – деді палуан.

Палуан арбакештік кәсібін Совет өкіметі түгел орнағанша істеді. Түрмеде бір жыл отырып, қызылдар босатқан Миша, армияға көмектесіп, Азамат соғысы аяқталған кезде келді. Соған шейін тапқанын екі үйдің баласына тең бөліп беріп отырды.

– Палуан, арбакеш, жүк тиеуші болып ендігі істеуің жараспас. Күшің бойыңда, Семейде цирк ұйымдасып жатыр, соған бар, – деді қалалық советтің председателі.

Оңтүстікке сапар

Күтімсіз кілемдей ажарсыз өңін кір, қоқыс қаптаған кәрі дүниені, Совет өкіметі өмір көктемінің көгалына сілкіп-сілкіп жіберді. Шаң-тозаңнан арылған дүние күннен-күнге құлпыра берді. Қайнар көзін шылау басқан өмір аршылып, арнасы таси бастады. Халықтың ішінде қайнаған тапқырлық, жігер-күш, іскерлік тасыған өмірдің керегіне кірпіш болып қалана берді. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келген нан қайғысы жо-йылып, сән-салтанаттың, білім мәдениеттің қазаны қайнай бастады. Қақпасына қабаған ит байлап, жан есігінен қарамаған қаңқайған сарайларға, мойнына қызыл орамал байлаған, тоты құстың балапанындай, жас жеткін-шектер болып, мектеп-интернаттар ашылды, сауық-сайран толқыны үдей берді. Осындай қуанышты күннің бірінде Патима жеңгей ауырды. Циркте күресіп жат-қан Қажымұқанды телеграмма беріп шақыртып алып:

– О, өмір шыңына еркін ұшқан бүркітім, қызығына тоймайтын күндеріңді бөлгеніме өкпелеме, жаным сүйіп қосылған жарым едің, бірге өткен өміріме өкіні-шім болмады. Енді тағдырдың өлшеген мөлшері сар-қылып, қош айтысар сағаты келген сияқты. Екеуміздің отасқан өміріміздің ескерткіші, мына екі баланы тапсырғалы шақырдым. Осыларға білім алғызып, өз қатарына қос. Өміріңнің онан басқа құбылысына менің қатынасым енді болмайды. Жањанда жаным сүйген досым, сол достасқан жүрегім молама бірге көмілмек. Қалған өмірің бақытты болсын. Қош, сүйген жар!

Осыны есіткен палуанның шойындай қатқан денесі сығыла түсіп, отқа қақтаған темірден шыққан ылғалдай, көзінен жас тамшылады, жарының маңдайын жалпақ алақанымен сипап отырып, аузы күбірлеп, бір нәрсе айтты. Онысына түсінген ешкім жоқ. Қалайда, бір жүз отыз килограмм тартатын ауыр денесіне тағы сондай салмақ келіп қосылғандай болды.

Патима – варшавалық, поляк қызы,
Қосылдым тағдыр жазып дәмі-тұзы.
Қош айттым жылап тұрып қабіріне,
Көгімнің сөнгендей боп бір жұлдызы.

Советтің құдіретті ақшасы шығып, үш сомы – қой, жиырма сомы – жылқы болып қалған кез еді. Патиманың кәдесін түгелдеп, байырғы қазақ әдетімен жерледі. Үш-төрт ай балаларының қасында болып, оқуға орналастырды да, Шардақтағы ағайындарға тапсырып, Ташкентке билет алды.

* * * Цирк өнерінін кейбір үзінділері өзбек халқының салтына атам заманында сіңіскен. Күлдіргіш, мейрампаздық дегендер циркке тән ойындар. Оның көпшілігі тұрақты үйде емес, далада ойналатын көшпелі түрде, Совет өкіметі орнасымен Ташкентте цирк ұйымдастырылды. «Ат ойын» аталатын бұл мәдениет ошағы алғашында ұсақ-түйектен құрастырылса да, жиырма төртін-ші жылдарда Европа, Азияның белгілі палуандары бас қосып, салдарлы ойындар өткізе бастады. Сауыққой өзбек халқы бұларды қуанышпен қарсы алды. Елдің «бел күресімен» марғұландық Озар палуан қатынасты. Күндердің бір күнінде белгісіз біреу келіп килікті. Цирктің алғашында перде киіп шығып, бірер күннен кейін беті ашылып қалатын палуандары сиреп жығылып бітіп, «Қара маска», «Қызыл маска», «Көк маска» деген үш палуаны қалды. Палуандардың ішінде ерекше көзге түсетін «Қара маска», «Черный Замук» болатын. Оның жаратылыс бейнесі де ғажап кісі еді. Алдымен көзге ерекше көріне-тіні – бойы, өзге палуандардан жарты кездей артық, тайқы маңдайы, қоңқайған мұрны перде ішінде шодырайып көрінетін. Қарнының өсіп кеткенінен бе, әлде жаратылысы солай ма, жауырыны қушықтау сияқты еді. Бойына қарай сапта болғанында үнемі алда жүрді. Цирк алаңын айналып шыққанда, ұзын сирағы көл шетінде жүрген көкқұтандай сидаңдап қызық көрінетін көпке шейін:

– Мұны жығатын кісі бола қоймас, қылағай нардай, мына тұлғаны аунатып тастау деген кімнің қолынан келсін! Алдына қоятынының өзі де сонан шығар, – десіп жүрді көпшілік. Маскалы ұсақ денелі палуандардың маскасын шырқыратып сыпырған да сол болды. Солай бола тұра аңғырттығы аяқ алып жүргісіз болатын. Шақ денелі палуандарды ұстай бергенде, екі аяғының арасынан өтіп кетіп, оның мойнын сырттан орап қысып алатын. Кейде сол палуан қысқан бойы төсенішке жетелеп әкеліп дөңбектей гүрс еткізгенде сұлап-ақ қалатын еді, бірақ жауырыны жерге тимейтін. Кейбір палуандар, дәу қолынан ұстап тұрғанда, қарнына теуіп жіберіп, босап кететін. Соларға балпылдап бірдеңелер айтып жүргенін, жұрт қыран-топан күлкіге батып, қызық болатын.

Әсіресе кемпір-шалдар, «Черный Замуктың» жығылмауын тілейді. Өйткені шайханада кездескен біреуге ол: «Мен мұсылманмын, Африкадан келген араб едім» депті. Оны түрік тілінде, түсінікті қылып айтыпты. Сондықтан оны біреу иықтап бара жатқанда:

– Иә, хазірет шер бабам, жар бола гөр! – деп, бірлі-жарым қарттар үн шығарып қалады. Төреші: «Жауырыны түгел тиген жоқ» дегенде: «әп, бәрекелде, солай болу керек» десіп қуанатын. Сол дәуге «шер баба» жәрдем етпеген күн де тақалды. Үстінде барқытпен әдіптеген үлкен түйе жүн шекпені, шыт көйлегінің жағасы алқы-талқысы шыққан, басына қоқанның қара ала тақиясын киген, қолында кішкене чемодан бар біреу, палуандардың күресі басталарда кіріп келді. Оның бойы «Черный Замуктан» аздап аласа болса да, мойны, дене төртпақтығы онан басым еді. Ол цирктің адамдарына орысша бір-екі ауыз сөз қатты. Бірі жүгіріп директорға кетті.

– Сізді кабинетке шақырып жатыр, – деді директорға барған кісі.

– Бұл да палуан болу керек, түрі соған ұқсайды, – деді аңырайысып қалған көптің бірі.

– Түріне қарағанда маңғұл сияқты ма, қалай...

– Ња... Совет өкіметі қонақ үйінің есігін, жүдә кәтта ашып қойды, әр түрлі халық күн сайын келеді, бабаларымыздың балалары көрмеген адамдарды көріп жатырмыз... Мұны көрсеткеніне де шүкір! Мұның топысы (тақия) өзбек сияқты, шекпені қазақ сияқты... Тілі орысша сөйлеп қалды, кім екенін құдай біледі де...

– Директорды сұрап келді, кембағалдардың қабағын жамыла бастаған байлардың бірі болса да ғажап емес. Олар мұндай жерден де тиын шығатын тесік табады...

Палуандар күндегі әдетімен күресін аяқтады. Көп-шіліктің алдына директор өзі келіп, жаңа хабарын жариялады:

– Құрметті цирк көрушілер, өздеріңіз күнде көріп жүрген Ташкенттің мемлекеттік циркі көз алдарыңызда күн санап өсіп келеді. Тіпті кейінгі екі айдың ішінде қаншама жаңа адам қосылғанын көрдіңіздер. Бүгін біздің жұмысымызға көрік беретін, спорт қоғамының көптен күткен, іздеп жүрген мейманы келіп отыр. Онымен қуана көрісіп, көп отырып сөйлестік. Біз – цирк коллективі, өзіміздің есептегі кісі ретінде, қатынастыруға тартсақ та, ол халық өкілі ретінде, сырттан қатынасқысы келді. Біз, амалсыз, онысына да көндік. Ол өздеріңіз көріп жүрген барлық күрес түрлерімен күресіп, күш өнерінің барлық түрін көрсетеді.

– Астапыралла!.. Барлық күш өнерін көрсетеді дейді... Бұлардың сиқыр сияқты ғажайып өнерлерін халық арасында жүріп қалай үйренген болды екен?..

– Сөзді бөлмеңіз, мен айтып болайын. Халық өкілі болып қатынайтын палуан, осындағы елуден асатын палуанның бәрімен күреспей, еленіп, екшелгендерімен күреседі.

– Болмаса, тамашаның үлкенін көреміз екен... «Еленіп, екшелген» болса, майда-шүйделері екен дә...

– Ой, лақылдама! Өзің осы уаққа шейін диқандардың қырманын да көрмепсің. Еленіп, өкшелсе – түбіне құмы, бетіне – шөбі шығып, дәні қалады! Әне, бұл палуан солармен күреседі.

– Директор жолдас, ол «Қара маскалы», «Черный Замукпен» күресе ме, бізге соны айтшы?

– Онымен бүгін-ақ күрескісі келіп еді, біз рұқсат етпедік.

– Неге?

– Алыстан келген кісі, поезда сегіз күн жүрген, демалсын, моншаға түссін дедік.

– Болмаса, жаңа ғана алдыңыздан өтіп, директорға кеткен кісі екен. Сегіз күн поезда жүрсе, қайдан келген болды екен? Өте ұзақ жер.

– Енді атын айтып қой, директор око!..

– Оның атын ең соңғы палуанды жыққан соң өзі айтады. Ал жықпаса айтпаған күйі кете береді. Күрес қатынасында оның аты «Дала бүркіті». Маскасыз, әр кезде ашық қатынасады.

– Атын айтпаған палуанды көруге ынтыққан көңіл-мен көпшілік тарады.

Ертеңіне цирк көрушілер дүмей бастады. Кезек күрестің бір-екі жұбы өткен соң:

– Ендігі күрес, Орта Азия халықтарының палуаны: «Дала бүркіті» мен «Көк маска», Лев!.. Күрес француз үлгісімен... Уақыт жиырма минут... – деп бөліп-бөліп айтты. «Көк маска» – шақ денелі палуан, жеңіл басып, ортаға шықты. Цирк көрушілердің арасынан біреу тұрды да, сыртқы киімін сыпырып тастады. Ондай адамның өз арасында отырғанын ешкім байқаған да жоқ еді. Ол кешегі көрінісінен мүлде өзгеріп кетіпті. Басына өткен кеште киіп келген көнетоз қоқан тақиясы, үстіне киіп отырғаны жалпақ-жалпақ қызыл, сары жолағы бар бұқаралық ала шапан екен, шабу-қолтығы мол, әдіптеп, өңір жағасына өрме ала жібектен көмкерме салыпты, қусырып байлайтын, шашақты ұзын бауы бар. Ол үстіндегі шапанын шешкенде жылтыр қара матадан істелген тұтас майка, трусиі, балтырына жабыстыра киген жұқа мәсісі, жуан білегіне кептей киген жұқа биалайы болды. Кеше ұйыса шыққан сақал-мұрты бар еді, оны шашымен қоса қырғызып тастапты.

Оның жай отырғанда су қуйғап местей болбыраған денесі, саздаған қобыздың қылындай ширап, жалпақ төбесі тұжырған ағаштай дөңгеленіп, салбыраған бұғағын басқан мойны басымен тұтасып кеткендей, кеуде-сінен бөксесі қысыңқы келіп, бейне бір екі аяғымен тік тұрған арыстан сияқты еді. Аяғын мереке маршындағы әскерше басып, «Көк масканың» жанына барып қададай тіп-тік тұра қалды.

– Әке, қарап жібер! Енді «Дала бүркіті» осы кісі болды ма?

– Қой, оны сахарадан келген жай адам сияқты айтып еді, бұл өмір бойы осы цирк ғылымымен сүйек қатырған біреу сияқты. Көрмейсің бе, әне, өгіз көтерген Озар палуанды... Ол француз күресін білмеген соң, бұлармен күреспей қойды. Мұның түріне қарағанда тажалдың күресі болса да тоймаймын деп тұр!

– Болмаса, цирк адамдарды көп келсін деп, өзде-рінің бір палуанын осылай еткен... Бұл мейрампаздардан қулық артыла ма?

– Қой, біз бұларды екі айдан бері көріп келеміз. Сонан бері күштілерден төрт палуан қосылды, оның бәрі күрес басталарда алдымыздан өтті. Өзінің кескініне қарашы, ернінде кезет бар, түйенің құлағындай құлағы шұнтиған палуан көрген емеспіз... Мейлі, кім десе де тұлғасы алып екен, күнде үп-үлкен көрінетін «Көк маска» нарға қосақтаған ботадай болып қалды.

Цирк көрушілер осындай сөзбен отырғанда:

– Сөзді қой, екеуі қол алысып жатыр, бұрын бірін-бірі көрмеген, – деді біреу. Онысы цирктің дәстүрі бо-йынша бұрын күреспеген палуандардың сәлем және ризалық ишараты еді.

«Көк маска» аздап бойын еңкіштеп, шынтағын бүктеп, қолын алдына икемдеді, «Дала бүркіті» тең бас-қан аяғының бірін әнтек ілгері жылжытып, қолын бүйіріне таяды да тұрды. Бірнеше секунд өткен соң оң қолын созып, «Көк масканың» білегін қағып жіберді. Олардың сабыр минуттері бір-біріне кезек беру болатын. Үлкен палуанның «Көк масканың» қолын қағуы – «қимылда, кезек сенікі» дегені еді. Маскалы палуан бойын жазыңқырап жіберіп, бір аяғының ұшын көте-ріңкіреп барып, мойнына кенедей жабысты. Саусақтарын ілмектеп алып, ауыр денені еңкейте келіп, иықтан асыра атып ұрмақ болды. Мойнын қапсыра ұстаған күшті қол, оны талай істеген. Бірақ ысылған, әдісті палуан, қолын орынды іліктірсе де, сәті түспей қалды. Жауырынына жабысқан төс, желденген ұрттай томпа-йып итеріп жібергенде, қолы жазылып, өзі ат қаққан жаяудай ұшып кетті. Ызаланған «Көк маска» қайта ұмтылып, иегіне басын тірей, бір қолтығынан алып, бұрай шалқалатпақ болды, бұл да болмады, қолтықтаған қол желкесінен сығып, шөккен түйедей бүк түсірді. Бірақ «Дала бүркіті» еңкейіп, қол жұмсамады. Белгілі уақыттан сегіз минут өткенде:

– Міне, өз адамдары дедім ғой, осынша жойқын күшімен оны жыққысы жоқ! Көрерсің, Бүркітті Лев жеп қояды... Не жығылады, болмаса жыға алмай тарайды, – деп лепірді ызаланған біреу.

Палуан жуан мойнын бұра, сөйлеушіге бір қарап қойды.

– Өзі біздің тілімізге түсінсе керек, ашулы көзімен қарайды. Ашулансаң соның маскасын сыпыр! Соның дидарын екі айдан-бері көре алмай ішіміз пысты...

Аз ғана тыныстап, қайта алысқан палуандар, аяқ, қолдары кейде бүгіліп кейде жазылып, таласқан бурадай қағысты. Қолтыққа ілінген мойындар шегедей бұралып, бірде оңай, бірде әзер дегенде босап жатты. «Көк маска» көз ілікпеген бір кимылында «Дала бүркітінің» қолтығына баулаған қамыстай ілікті, оның тепкіленген аяғы, тырбаңдаған қолынан ешқандай жәрдем болмай, қысылған күйінде келіп, кілем ортасына шалқасынан түсті. Төреші үңіле қарап, ысқырып қалды да:

– Он төрт минут, қырық секундте «Көк масканы» «Дала бүркіті» жықты. Жығуы әділ, ешбір қағида бұзылмай, еркін күшпен жықты!

«Көк маска» орнынан тұрып, көпшілікке басын иді де, маскасын өзі сыпырып, жыққан палуанның қолын ұстап тұрып, тапсырды. Үлкен палуан масканы алды да қолын сүйді.

– Маскасы ашылған, сегіз жыл «Лева» деген құпия атпен келген – Якуб Жапаридзе, ашып маскасын ал-ған Қ.М. «Дала бүркіті!»

– Ей, ортақ, «Қ.М.» кім екенін айтып жібер, көп жасағыр...

* * * Цирк ойыны күннен-күнге қыза түсті. «Дала бүркі-тімен» күресетін жиырма үш палуанның он тоғызы жығылып, төртеуі қалды. Маскалыдан байырғы дәу «Қара құлып» қалды.

– Ленин бабамыз бүкіл әлемнің құпиясын ашқанда, бір ғана осы кісі жүзін перделеп жүр. Бүркіт әкә, осы кісінің дидарын бір көрсет, береке тапқыр, – десіп айқайлайды көруші жастар.

– Жүгермектер, неге асығасыңдар? Мұсылман би-шара, жығылмасын!

– Бетін көреміз, ата. Әйелдер тастап жатқан паранжаны ол бетінен тастамайды. Бүркіт әкәм ашып берсін...

Ташкенттің күні ыси бастады. Әсем бақ ішіндегі сырахананың отырғышы босамайды. Столының үстін сыраға толтырып алған төрт дәудің орнын күтіп екі жігіт келе қалды.

– Әй, көп сөз неге керек? Мен ғой сенің осы «Қара маскаңды» Одессада сыпырғаныма жиырма бес жыл өтті. Қайта киіп жүргеніңде, Бакуда бір жалаңаштадым. Орынборда бір ашып бердім. Ақмоласын айтпай-ақ қояйын. Ұялмай келіп тағы кигенің қалай? Болмаса, сенің маскаңды өзің беруге қарап тұрмаймын, өзім сыпырып алам да, жұртқа тарихыңды айқайлап тұрып айтам. Әсіресе, өзің арменсің, «мұсылманмын, арабпын» деп жүргенінді айтам-ау...

– Қой-әй!.. Құлағын жапон жеген шұнақ! Жынданба. Сен томырықтанып жүріп, цирктің қызығын кетіріп аласың. Мені жықпа. Жақында Қызылордаға барамыз. Сондағы күрестің аяғында жыққан боларсың...

– Қой... «Өзбек өз ағам» дейді, біздің қазақтар. Осы туысқаныма бетіңді ашып көрсетпей, қалай Қызылордаға алып барам. Қой...

– Ойбай, «Дала бүркіті» осы екен ғой...

– Қазақ екен ғой.

– Солай екен, мұның атын білу керек екен.

– Палуан түгел жығылған соң, атын айтам деп еді ғой.

– Ол қашан жығылып болады? Көрмейсің бе, әне, дәудін «жықпа» деп отырғанын. Сыраның да ақшасын сол төлеп отырған сияқты. Өстіп сыраны беріп жығылмай кетеді де, атын айтпайды.

– Болмаса Аxунбабаевқа барып айтамыз. Ол шақырып алады да сый-сыяпатын істеп, суретін газетке бастырады. Мұның аты да, заты да мәлім болады да қалады. Онан кейін өзін қонақка шақырамыз. Өзіміздің «Палуан атамыз» болады да қалады.

– Бұл – табылған ақыл.

Өзбекстанның сүйікті Юлдаш әкәсы бар өмірін жұмысшы, диқандардың арасыңда өткізген, Ташкент ойпаты, Ферғана аңғары, Самарқанд, Бұхара құмдағы, Хорезм жазығында ол бармаған қала, қыстақ, ол кір-меген театр, клуб, шайхана, жеке диқандардың кішкене күркесі қалған жоқ. Ол әңгімелеспеген қарт, ол еркелетпеген бала қалмады. Ол Орта Азияның сүйікті әкесі болды. Мемлекеттің үлкен күрделі жұмысынан бастап, жеке семьяның мұң-мұқтажына шейін оның алдына ақтарылып отырды. Ол халық сырының үлкен сарайы еді. Соған келіп, цирк көрушілерінің сыры да айтылды.

– Құп болады, ұлдарым. Кешке циркке өзім барам, – деді Ахунбабаев.

* * * Бұл күні цирктің жарнамасында «Дала бүркіті» үлкен дөңгелек тақтайды төсіне қойып, шалқасынан жатыр. Үстіне сығылыса адам мінген бір жарым тонналық машина тақтайдың ортасында тұр. «Тоқсан пұт жүк артқан машина палуанның төсінен өтеді!» деген.

Баланың басып өткеніне безек қағатын адамдар:

– Мүмкін емес! Қандай жаны бар адам төсіне тақтай қойып, машинаның астында жатады?.. Жан-жағына тас па, темір ме, бір бәле қойып, машинаны өткізеді де жібереді. Әне, саған, төсінен өткізді! – десті, суретіне үңілгендер.

– Мейлі, көргенде білерміз...

Цирк ішінде ине шаншырлық ашық жер қалмаған, сығылысқан адам. Ойын алаңын қоршаған тақтайға жағалай қойған столдарда республиканың басшылары, қолына дәптерін ұстаған, фотоаппаратын мойнына асқан тілшілер қаптап жүр. Солардың арасында қоқан тақиясын басына киген, үстіне жазғы жұқа жібек шапан киген Юлдаш Ахунбабаев отыр. Осы көркем өлкенін атасындай болған оның құрметі үшін, соншалық көп адамның бірі дыбыс шығармайды, бәрінің көзі орталық алаңда. Екі қабат қалың тақтайды, сегіз адам әзер көтеріп, алаңның екі қабырғасына сүйеп қойды. Цирктің үлкен есіктері екі жақтан бірдей ашылып, жүк машина көзі жайнап келіп, ішкі есікке тоқтады. Директор қосалқы есіктен ала шапан киген палуанды ертіп шығып, жайыл-ған кілемнің ортасына әкелді. Ол оң қолымен кең кеу-десін басып, көпшілікке айнала қарап басын иіп: «Бұл – менің үлесім» деген ишаратын берді. Өзіне отыздан аса жыл жолдас болған ала шапанның (Парижде кигі-зілген) бауын шешіп, жұмысшының біріне берді де, үнсіз шалқасынан жатып, екі қолын керіп, шынтағын жерге тіреп, алақанын жайды. Жұмысшылар қалың матрасты қабаттап, білегінен біраз биік етіп төсеп салды. Соның үстіне қималы үлкен дөңгелек тақтай қойылды. Айналма алаңға биіктігі білектің бойындай машина өтетін кешір салынды. Машина гүрілдеп келіп, үстіне толы цирк көрушілер мін-генде, мейірімді Юлдаш:

– Жүдә қиын іш екен дә... – деп көзін жанындағы жолдасына аударды. Машина дөңгелек тақтайдың шетін басқанда екінші шеті метрдей көтеріліп, сықырлай бас-тағанда, көп көздер жұмылып, машина екінші есіктен шыққанда барып ашылды. Төсі мен білегі соншалық салмақты үстінен өткізген палуан, қималы тақтайды жарып, астынан шыға келді. Ол көпшілікке басын иіп, тәжім еткен кезде бау-бау гүлдер құшағын толтырды.

Ертеңіне Ахунбабаев палуанды кеңсесіне шақырып алып, бастан-аяқ жаңа киім, ақшалай мол сыйлық беріп тұрып:

– Палуан око, Ташкентті әр уақытта өз мекенім деп санаңыз, жас ұрпақтар сізді мәңгілік «Палуан-бабам» деп санайтын болсын, – деді.

Газеттер: «Қазақ палуаны, әлемдік күрес чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов» деп суретін басты. Жаз ортасында цирктің палуандары Қызылордаға барды.

* * * Екі айға созылған күрес қызығын күннен-күнге үдете берді. Ауылдан қалаға келген адамдар ат, түйесіне бір-екі күндік шөбін арта келіп:

– Осындағы Қажымұқанның күресін көрейік деп, кемпір-шалдарымызды да ала келіп едік. Қалада пәлендей жұмысымыз да жоқ. Қажымұқанды көріп барған кісілер оның дене бітімін, ерен күшін, көрсететін өнерін сөйлегенде елдің жанын ерітіп, ауыз суын тамшылатып болды... Рельс иеді дей ме, үстінен түйе жеккен арба, кісі мінген машина жүргізеді дей ме... Құдайдың берген қуаты-ай, мұндай да адам туады екен ғой!..

– Ол әлгі бір қу суды көбірек ішеді дейді ғой... Сататын үш-төрт бойдақты айдай да келдік. Ыңғайы келсе дәм татқызып кетеміз. Тіпті ретін таппасақ жатқан үйіне апарып берейік. Ауылдың үлкен-кішісі қонаққа алып келіңдер деп қалды. Ені екі жылдық, ұзыны үш жылдық қазақ даласының қай аулына жетеді Қажымұқан!

Ауыл адамдары осылай кеңеседі, Сарқырама арығының жағасына топталып алып. Таудай палуанның талайын жықты. Ендігі қалғаны екі палуан: Ташкентте маскасын сыпырып алған «Черный Замук» Қызылордаға келген соң қауын, жегеннен бе... күшейіп кетіп, маскасын аларда, он минутта жыққан Қажымұқан, жеті сайын бір алысса да шамасы келмей қойды. Кейде мұрны шодырайып Қажымұқанды қапша арқалап алып, тастайтын құдық іздеп жүргендей, цирктің айналасын орала жүгіреді. Қажымұқан кеудесі қысылғандай ыңқылдаса, ақ қалпақ, сусар бөрікті қазақтардың «ой, құдайлап» мазасы кетеді. Кілем үстіне әкеп ұрам дегенде, қолынан бұлт етіп шығып кетіп, дәуді жуан білегімен желкеден сылқ еткізіп беріп жіберіп, тізерлетіп шөктіре қояды.

– Әп, бәрекелді, сөйтші, көп жасағыр, – дейді, жүректері орныққан ауыл адамдары.

Шоңқайып отырған дәуді Қажымұқан олай тартады, бұлай тартады. Иығына мініп біраз отырады. Әзер деп шалқалатып алып арқасын жерге тигізіп, қарнына мініп отырып:

– Әй, жауырыны жерге тиді ме? – деп төрешіден сұрайды. Ол еңкейіп, айнала қарап:

– Сол жақ жауырын жерге тиген жоқ! Уақыт бітті! – дейді де, ысқырығын шырылдатып: – Қырық минут, Қажымұқан мен «Черный Замук» жығыса алмады. Ер-теңгі күресте «Қызыл маска», «Қоян» мен «Қажымұ-қан», – деп аяқтайды.

– Уа, Қажымұқан! Осыны жыққаныңды көреміз деп-ақ көз майымыз таусылды... Бізді әуре қыла бермей, жығатын болсаң жықсаңшы, шырағым, – деп айқайлайды шалдар.

– Қайтейін, ағалар... Ол ағаш болса арқалап барып, Сырдың суына тастар едім, ол да жер жүзін шарлаған палуан көрінеді, – дейді, сорғалаған терін сүлгімен сүртіп отырып.

– Рас, шырағым, рас... Өзін де құдай сомбалдап жарата салған екен... Мынау әлпетімен далада көрінсе, боз қасқасын кім шалмас еді, – десіп, қарттар ожырая «Черный Замукқа» көздерін сүзеді.

Әйтеуір, сөйтіп әуреленіп жүріп оны да жықты. Жыққан сайын, шапан, шекпен дегендер қардай борап, әйелдер шыт-бәтестен көйлек тігіп кигізеді. Қажымұқанның тамшылап тұрған терін ақ орамалдарымен сүртіп, кейбір ырымшыл келіншектер маңдайына байлады.

– Қарағым, өмірлі болар ма екен, палуанның аяғы-ның арасынан өткізіп алайыншы, – десіп, кемпірлер баласын сүйреп жүреді. Палуан да солардың көңілін аулап:

– Көп жаса, балам... Тыпа-тыпа! – деп, қалтасын кеулеп, кәмпит пе, мәмпеси ме, бірдемелер беріп жібе-реді.

«Қызыл маска» жығылмай қойды. Денесі Қажымұқанның жартысындай-ақ кіп-кішкентай. Еті қағаздай аппақ. Маймылдай ойнап, сынаптай домалап тұрған біреу. Қажымұқан қанша қарманса да қолына түспейді. Күшті білегінің еттері білеуленіп, желкесіне сала бергенде, ол талтая басқан жуан балтырдың арасынан жылмаң еткен қояндай зу ете қалып, бетін бұрғанша, артынан секіріп, мойнын қысып алады. – Сонан дорбасы мойнынан түсіп қалған аттай тулайды кеп-кеп, тулайды кеп-кеп... Еңкейіп сіліккенде, аяғын қолтығына қармақтай іліп алады. Бүйі тигендей жұлқынып жүріп, қолын босатып, білегінен ұстап, бауырына баса бергенде, қарнына теуіп жіберіп, босанады да қашады. Кейде соны қуам деп жүріп, өзі сүрініп жығылып та қалады. «Қызыл маска» жұлдыздай ағып келіп, жауырынына жабыса қалады. Жатқан жерінде, қолтығына қолын сұғып жіберіп, зілдей ауыр денені дөңбектей аударып тастайды.

– Ах, қапы кетті-ау, ерім! Жауырыны жер қауып-ақ қалған шығар, – десіп қарттар орындарынан ұшып тұрысады. Бірақ олай болмайды, бураның санындай жуан аяқтар қайың доғадай иіліп, басын жерге қадай тіреп, қарны томпайып, жауырыны жерден жарты кездей көтеріліп кетеді. Мойнын қолымен итеріп, балтырын аяғымен тепкілеп жатқан «Қызыл масканы» екі бүйірінен қысып алып, шаппа тұзақтың шыбығындай ытқып түрегеледі. Шеңгелінде бауша қысылып жүрген «Қоянды» жерге атып ұрады. Ол да, аяқ-басы арқасынан бірігіп, дөңгелек шеңбер болады да қалады. Сол иілген күйінде білегіне іліп алып, кілемнің ортасына алып келгенде, көз ілеспей ытқып кетеді.

Қажымұқан шаршайды, шын шаршайды. Палуан ажырасқан соң аузын қымқыра, мұрнынан шығарған демі гуілдей шығып, теміршінің көрігіндей, танауын желпілдетеді. «Қоян» ойнақтап кетіп бара жатқанда, әлдене есіне түскендей, көзін сығырайтып қарап, күрсі-неді. Мүмкін, елуден асқан жас елеулі ауырлық артып, өзінің сондай жас кезіндегі қылықтары есіне түсер. «Қызыл масканың» ашылмаса да жас екені, айла, әдіс-өнеріне жетілгені істерінен көрінеді. Жығысты көруге ынтыққан, күнде келуден мезі болған көпшілік арық жағасындағы үйеңкі ағаштардың көлеңкесінде Қажымұқанның жықпай жүргенін әр саққа жүгіртіп, қауқылдасып алады.

– Қажымұқанның «Қызыл масканы» жықпай жүр-генінде бір мән бар екен, – дейді олар: – «Қоян» бір қа-ладағы байдың жалғыз баласы көрінеді. Қажымұқан-мен күресіп жатқанын естіп, әкесі хат жазыпты дейді: «Жалғыз еркем еді, жыға көрме. Не тілесең соны бе-рейін», – депті. Шамасы, көп ақша алған сияқты-ау.

– Япыр-ай, ә... Еркін күшін ақша үшін бөгегені ме?.. Біз соның жыққанын қызық көріп күнде барамыз, сонымызды ақшаға сатқаны бола ма... Қой, олай болмас, ол халықтың айрылмас төлі. Өскенбай ертең қонақ етемін деп, бүгін базардан құнан қой алды. Екі шөлмек көк суын бұрын алып қойған екен, заводтан төрт шелек сыра алам дейді. Сонда келгенде айтайық. Соның ақшасына қызығып жүрсе, оныкінен екі есе қылып жинап берейік. Енді әурелемей жық делік. Сол сөз айтылды да.

Қораның ортасында тігілген алты қанат ақ үйдің айналасына су себіліп, іргесін белдеуіне шейін түріп тастаған. Онда ешқандай жасау жоқ, үйде бос жер қалдырмай киіз, кілем, оның үстінен таза көрпе, көрпешелер төсеп, ақ жастықтар көлшіктегі ақ қудай іргеде томпайысып жатыр. Үйдің іші лық толған кісі, төрдің алдында ақ жібек көйлегінің жағасы алқы-салқы болып Қажымұқан отыр. Оң-солында ақсақалдар, оған таяу домбырасын безілдетіп Әлібек жыршы, әр мекемеден шақырылған қызметшілер, тілшілер. Құдық суына салып қойған кеспектен құйып, шәйнекке толтырылған салқын сыра кесе-кеседе көпіршіп тұр. Төрден босағаға шейін жалғастыра жайылған дастарқан ас, жеміске сытылып, төрт жерден табақ үйіле қуырдақ қойылған. Үлкен екі қазанның бірінде палау, бірінде ет асылып, алаудай от жағылып жатыр. Үйіткен бас, тамған май, көңірсіген иіс бүтін орамның, көшеден өткен кісінің танауын атады.

– Ал, палуан, ала отырып әңгімелесейік. Айтпақшы, әлгі бір тентек су бар екен ғой, құдық суына салынып қойып еді... Алып кел, бала.

– Палуанға стаканға құй.

– Мен бір-ақ әуре болайын да, сол құрғырды сорпа кесе болса, соған құй.

Үлкен кесе мөлтілдей толтырылып, ұқыпты қол алдына еппен қойып берді.

– Әрқашан амандықпен жүз көріп тұру үшін! Ал, жұттық.

– Жыршы, бір-екі ауыз толғай отыр.

Ей... Алалай да бұлалай,
Ер атамас сынамай.
Бір туманың нарындай,
Сырда жүзген жайындай.

Әр ананы қуантып,
Туа бермес бұл ағай,
Барлық елде белгілі,
Араб, Иран, Үндіні,

Қысқартып айтсам, жер жүзі,
Қажымұқан – қазақ палуаным
Білмей қалды кім мұны?

– Рақмет, шырағым! Рас, білмейтін жан жоқ. Бірақ осы бір «Қызыл маска» түйемен ойнаған мысықтай мойныңнан түспей қойды... Біз «қашан жығады» деп, соза-соза мойын омыртқамыз мүжіліп болды! Сонысы болмаса кем туды деп айта алмаймыз. Жырыңа қалай айтсаң да сыятын сияқты. Төге бер... Соны қосып айтшы енді, палуанның күш-қытығына тисін, Әлібек:

Қарашадан хан туар,
Таза айырдан нар туар.
Атағы қалып заманда,
Айта жүрер адамға,

Ел ішінен ерекше
Қасиетті жан туар.
Ерекше туған, палуаным,
Күштен де үзік салмағың.

Әлемнің алуан дәулерін
Көтеріп ұрып дөңбектей,
Бұрқыраттың шаңдағын.
«Қоян» десе қояндай

Қол орамал болғандай,
Жабысқан нарға мияудай,
Он сегіз күн ойын боп,
Жармасып жүр, ей, аллай...

Бұлшық етті сом білек
Ермек етсе Қажекең,
Сен қимылда ертерек!
Күлге аунатшы «Қоянды»,

Жиылған көптен бір тілек...

– Палуанға жабыса біткен білек, бөлініп айтқаныңды істей ме? Қажымұқанға қоса айтсайшы. Білек істе-месе, жүрек істер. Тілегімізді осы отырған тұтас тұлғаға айтайық.

Палуан сөйлеген қартқа томсырая бір қарап, дәу кесені екі жағынан ұстап, сіміріп жіберіп, табақ жие-гінде тұрған қасықты қуырдаққа көмейлете көсіп, қалжыңға басады:

– Мен оны жығар едім, ақшасын алып қойдым ғой...

– Шырағым, оны қайтесің?..

Палуан қулықпен одан сайын томсырая түсіп:

– Ақша керек қой. Күніне бір қой, бір шелек тұқыл шарап ішем. Оның үстіне қатын алғалы жүрмін. Сондай жалынғандардың ақшасынан жинамасам, қайдан алам? Әр палуанды жыққаным үшін жүз сом, күш өне-рін көрсеткенім үшін жүз сом береді. Күнде жығып отыратын палуан табыла бере ме? Күнде төсіме тас сыйдырып, машина өткізіп отырсам көк өкпе болып өлем ғой...

– Айналайын-ай, сен дүние үшін қам жемесейші... Күнде жүз сом табылмаса, күнде халық қасыңда емес пе. Ол таусылмайтын тау, сарқылмайтын көл ғой!

– Рақмет, аға! Оныңыз рас. Осы халық күнде қасымда болмаса, мен әлдеқашан өліп қалмас па едім...

– Бәрекелде, халықтың қасиетін түсінбейтін жан көп. Халыққа сүйенгеннің қайғысы болмайды. Сөйтіп, «Қызыл масканы» қашан сыпырасың? Соны айтшы өзің!

– Бүгін...

– Билетке жүгірейік. Бір, екі, үш... Киіз үйде отыз жеті. Там үйдегі кісілерді санап, билетті тұтас кестіріп алам...

– Шырағым, тәуірлеу жерінен болсын, іргеде шуылдаған баланың арасында қалмалық!

– О не дегенің, ақсақал, жүдә, алдыңғы ложалардан аламын.

* * * Күрес уақыты алпыс минут болып, күндегіден өз-герді. Күнде Қажымұқан күресер алдында цирк дирекциясына барып шығатын еді, оны қойды, бұрын өткен ойындарға аздап көз салатын еді, бүгін көзін тарс жұ-мып, қалғып отыр. Цирк кісілері жиналатын жақтан біреу Қажымұқан отырған ложаға жүгіріп келіп, құлағына сыбырлап еді, насыбайын еңкейе түкіріп тастап:

– Не надо! – дей салды. «Қызыл маска» бір түрлі көңілсіз шықты. Қажымұқан отырған жерінде шешініп, күресетін кісісіне өкпелескен баладай бір қырын барды. Төреші күндегі әдетімен:

– Француз күресінің әлемдік палуаны атағын ал-ған Қажымұқан Мұңайтпасов «Қызыл маскамен» ақыр-ғы рет күреседі. Уақыт алпыс минут, – деп бөліп-бөліп айтты да, үскірігін шыр еткізді.

– Уа, тәңірім, жар бола гөр... – деп, кемпір-шалдар тілек тілесті. – Қайдан білейін, әлгі бір бәле суды көп ішіп жіберді ме... өзі қалғып отырды, – деп Өскенбай қауіптенді. «Қызыл маска» күндегісінен гөрі жылдам қимылдады. Үлкен палуан сүрінбеді де, қарнын да теп-кізбеді. Бірақ қолына түсіре алмай, жиырма минут өткізді. Бір уақытта ол тақымынан өтіп артынан келіп мойнына жабысқанда екі білегінен бірдей шап беріп ұстап, қолын қайыра алдына түсіріп алып, қимылдатпай екі минут қолын соза ұстап тұрды. «Қызыл масканың» аппақ денесі піскен нандай қып-қызыл болып, тұрған жерінде ауытқи бастады. Төреші үскірігін мыңқ еткізіп, жақындай берді. Кілем ортасына қисайта салып, кеудесін ауыр денесімен басты. Еңкейе қараған төреші «болды» дегендей, үскірік шалды. Қажымұқан ұстаған қос білегі көпке шейін ақ шүберек орап қой-ғандай болып, қаны жүрмей қалды.

«Қызыл маска» – Қажы Мұрат Дәулеткереев деген қырымдық екен, ол кейінгі кезде өзін «Қажымұқанның баласымын» деп жүрді.

Мінәйім жеңгей

Түн ортасы ауғанда үйіне барған мемлекет қайрат-кері:

– Анасы, бір шәйнек шайың болса кабинетке кір-гізіп бере қал, жүдә шаңқап кеттім, – деді кеңсе киімін шешіп, үй киімін киіп жатып.

– Дадасы, мейманханаға кіріп ауқат қылмайсың ба? Сізді күтіп қанша уақыт отырдық. Он екіде қайтармын деген едіңіз, њазір екі. Әлиям ауқатқа раяңыз жоққа ухшайды...

– Бањардың лалалары ашылған уақтида, бұлбұл ауқатты ұмытар дер еді, мен њәм шул, анасы... њаят бањары – танња ғұмырнің њаммасынан қызық болып кетті.

Њаммаки тылсыми ойлап тұр замри,
Ашарда ел біла мен достықтари (А. Нован).
Жұмбағын жер жүзінің ашқан күнде,
Істемек менің қолым елмен бірге.

«Гәп шұнақа, анасы, дүниенің жабық есігінің бәрі ашылып, њамма халық еңбек еткен уақытта, мен њәм солармен бірге жұмыс істеймін деп хазрети Қызир айтыпты. Сол Қызир – партия ағзалары болса керек. Бірақ демалмасам, ауқат ішерлік халім болмай қалды. Кәтта шайнекпен битте чай келтір...» Бұл – Аxунбабаевтың көп қайталайтын өмірінің бір күні. Шайын іше отырып, стол үстінде жатқан газет, журналдарды да қарап шықты. «Қызыл Өзбекстан» газетінің бетіндегі колхоз өмірін оқып отырып, ойына көптен бармаған Ферғана аңғарының бір түкпірі түсіп кетті, «Ә... ол кемпірдің баласы қайда болды екен?..». Ол үй Юлдаштың баспашылармен күресіп жүрген кезде жатқан жері еді, таудың бір жырасын мекендеген жесір кемпір болатын. Соның Мұталлаб деген сегіз жасар баласы бар еді, ойына түсіп отырған сол бала.

– Мейлі, ертең Ферғанаға барып, сол бишараларды да сұрастырып қояйын. Арбакештік, жұмысшылық... жасымда көрген кедейлік, өмірде жақсылығын көрген өмірім аз емес. Теңіздей көмектеріне бір-бір тамшы жәрдемім жетсе...» деп ойлады.

Ол ертелеп кеңсесіне барып, жолға машина әзір-летті. Бірақ тағы бір жәрдем ету килігіп, түске шейін бөгеді.

– Ранс әкә, сізге кіруге бір кісі сұранып тұр, – деді жәрдемшісі.

– Кіргізе ғой.

Өзі кигізген биқасап шапанын киіп (оның өзі тозыңқырап та қалған еді), басына ақ қалпақ киіп Қажымұқан кіріп келді.

– Ассалаумаликум!

– О... Палуан баба, ар ма! Кәне, қайырлы қадам болсын!

– Юлдасжан, қайырымды өзің ұйымдастырмасаң, қайыр мені іздеп баратын емес!..

– Не болып қалды?

– Қартайдым. Қартайғанда қатын алдым. Сақалым қауқайып, жастармен жұлқыласып жатудан ұялып, күресті тастадым. Менің бағатын малым, оратын егінім сол еді, онан айрылған соң, не болғаны өзіңе мәлім.

– Құп. Аяғы түсінікті болды. Ескі заманның қарттары: «Жас әйел – тозған дененің тыңайтқышы» дейді екен, сіз де сөйтіп жас алдыңыз ба?

– Қыз емес, саудырап қалған кемпір де емес, өзімді өлгенше күтуге жарайтын, отызға келген әйел. Мына сіздерге көрші Шәуілдір ауданында туыстарым бар. Соның бірі өліп, екі жас баламен қалған әйел еді, мұным. «Әрі қашқаным, әрі жарысқаным» деп, әрі қатын алғаным, әрі жетім балаларды асырағаным. Бишара мені де құр қол қоймай, екіқабат. Ұл тапса Айдархан, қыз тапса Дариға қоям. Бұрынғы балаларымды шешесі өлген соң мемлекет асырап еді. Енді кезбе жүрістен құтылдым, өлгенімше өзім асыраймын. Жолдас, Юлдаш бауырым, құдай маған ерекше күш беріп, жарылқаймын деп азапқа салып қойды.

– Е, ол не дегеніңіз?

– Ол ма, оным – қырық кісінің күшін бергенде, қырық кісінің асын ішетін етіп жаратыпты. Несібемді жазғанда, жай кісілердікін жазбай, үнемі ет, қант-шай, кәмпит, тұқыл шарап жазып, оны жетерлік етпепті. Күресті қойған соң, атала қатықсыз көже сияқтылармен былықтырып жіберіпті. Киім-кешек, көрпе-төсекті мүлде ойламапты. Тегі, жаратқан да мендей қартайған ба, қайдан білейін, жарықтықты... Сені мейірімді, өкімет бастығы етті. Тағдырдың ағаттығын жөндеп бер. Өзіңнен шыққан соң Қазақстан өкіметіне де барам. Бір құдайдың ұмыт қалдырған несібемді екі елдің өкіметі түзеуге құдіреттері келер деп ойладым.

Ахунбабаев қарқылдап күлді... Күле отырып, бөлім бастықтарын жинап алды. Палуанның сөзін айтып, оларды да күлдіріп, бес мың сом ақша бөліп, оны заттай беруді тапсырды. Кереует, көрпе, жастық, үй ішінің киім-кешегін түгелдеп, Юлдаштың өз қолынан екі мың сом ақша алып:

– Бұл таусылып қалса, қайтып келейін бе? – деді.

– Күні-түні келсеңіз де бұл есік сіз үшін ашық, палуан баба.

Қажымұқан үлкен тай жүк алып, Ақтөбе колхозына келді. Әйелі ұл туып, атын Айдархан қойды. Ол бала елу бесінші жылы он алтыда. Оны тапқан Мінәйім жеңгей. Баланың тұлғасы біраз әкесіне ұқсап, түрі мен мінезі ұқсаңқырамайды. Мінәйім жеңгей онымен қоймай, біраз жыл кейін, екінші Қажымұқанды туды, оның аты Жанәбіл... Ол елу бесінші жылы жеті жаста болатын.

Отан соғысының бір күні

Айдың аяқталған кезі. Түн тастай қараңғы. Бейбіт-шілік жағдайда, ерте жататын қарттар мен балалардың ұйықтайтын да мезгілі әлдеқашан болған. Бұл түнде сол ерте жататын қарттар мен балалар егіс даласынан енді қайтып келеді. Мұндай түндерде шамдарын маздата жағып, қаймақты сүтпен қою құйып шай іше отырып, ертегі айтатын қарт аналар, қалың төсекті көптен жиыс-тырған болатын. Елең-алаңнан кетіп, қысқа түннің ортасында келетін. Бесті дөненін бөлген жылқыдай, сұйылып қалған үй ішінің жұмыстан қайтқан жандарына ас әзірлесіп отыратын олар. Мезгілінде мамасын ембесе жылайтын балаларға да сабырлылық, пайда болған. Қарт аналардың қасықпен ұрттатқан сүттерін қылқ-қылқ жұтысып, қолына ұстат-қан тоқашын қажап, былдырлап бірдемелер айтып, кейбір кемпірді көшпелі бұлттың арасынан түскен күндей жадыратып, кейбіреуін: – Ой, жасаған-ай... елге түскен ауырлықты қызыл шақа балапандай бұл да біледі! Ағасының үйде жоғын, жеңешесінің жұмыста екенін сезгендей, ың деп жылауды білмейдік – деп, ала бұлттың төкпе нөсеріндей көзін сығып алды. Үй арасында әке-шешесінің бірі арқаламаса, жылап тұрып алатын ерке балалар, енді сол түн күзетке кемпірлердің жүгірткен көмекшісі болып алған.

– Жұматай, Құндыз шешеңнің шелегін сұрап әкеле ғой, су әкеліп алайын.

– Балапан, ит үреді, далаға шығып қарашы, атаң мен жеңешең келе ме... – десе, құлындай құйындатып, шапқылап кетеді.

Шыңдаған темірдей қатып алған еңбек адамдары, селеу сақалды қарты, буыны қатпаған жас баласы, «әйел мен еркек тең бола ма... шаршадық» дейтін әйелдер, үйге келгенде шаршағандық сезім білдіретін «уњ» – деген дыбыс шығаруды ұмытып кеткендей, аяқтарын ширақ басып, үндерін көтеріңкі шығара келеді. Табалдырықтан аттай, айтылатын сөз:

– Асыңды бер. Күртешемді жая сал, терлеп малшынып, денемді мұздатып кетті.

Бұл – Отан соғысы күндерінің үзінділері.

Осындай күннің бірінде бесінші кластың оқушысы Есалы жұмыстан күндегісінен ерте қайтып, сүт қатқан кеспе көжесін дайындап отырған Жаңылға қуана келіп, мойнын құшақтай отырып, бүгін істеген жұмысын айтты:

– Апа, мен бүгін ертеден кешке шейін палуан атамның қасында жұмыс істедім. Ол мені өзі тандап алды. Бригадир атама айыр тауып бере алмаған соң, ол арық жағасындағы қураған талдың, жуандығы менің балтырымдай біреуін жұлып алды да, бұтақтарын балтамен кестіріп, айыр жасады. Оны атамның қасына Тілеу екеуміз көтеріп апардық. Оған басқарма:

– Сіз несіне келдіңіз? – деп еді, ол қырын қарап, жерге бір түкірді де:

– Үйдегі жататын жерімнен су шығып кетті. Енді соғыс біткенше, балалар үйге келгенше мен егіс даласында болам. Онан да маған беретін жұмысыңды айт, – деді.

– Қырманда болыңыз, – деді басқарма.

– Онда не істеймін? Жұмыс жоқ қой?!

– Комбайнға бөлген төрт-бес қарт отыр. Түске шейін бау тасылып, жұмыс болады. Жетпістен асқан сізге түстен кейінгі жұмыс та жетеді.

Атам қабағын түйді де, ағаш айырының үстіне отырған басқарманы айырмен көтеріп тастап:

– Мен саған базарға салған аттай, тісімді қаратып, жасымды санатқызғалы келгенім жоқ! Маған екі пар өгіз арба, қасыма Есалы мен Тілеуді бер, бұлар айырдан қалған бидайды жинап отырсын. Түске шейін қырманды толтырып алсақ, түстен кейін қырманды аудартасың ба, комбайныңды сүйретесің бе, ықтияр өзіңде... – деді де, Тілеу екеумізді ертіп, аңызға қарай жүре берді. Басқарма қайтып үндеген жоқ, бригадирге:

– Мына кісінің арбакештерін бер де, сусынын мол қылып қасына жеткізіп беріп отыр, – деп басқа жұмысына кетіп қалды.

– Апа, деймін... атамның ағаштан сындырып алған айырының тармағы уықтың ұзындығындай! Өзге адамның үш-төртеуі бөлініп көтеретін шөмелесінің екеу-үшеуін түйреп, арбаға бір-ақ салады. Оның орнын тазалауға он бала тырма ұстадық. Арба тиейтін әйелдердің бәрін босатып, ораққа жіберді де, бір бригаданың арбасын өзі тиеді. Күн батқанша қырман тау болып үйілді. Күн бата орылған бидай қалмай, табелші атама отыз еңбек, бізге бес еңбектен жазды...

– Үйіне сенімен бірге келді ме?

– Жоқ, апа, қырмандағы бидайды комбайнға бер-гелі қалып қойды.

– Жарықтық-ай, өзі де шаршаған шығар?..

– Шаршаған жоқ, апа. Қырманға келе жатқанда жолда көпірге дөңгелегі кіріп кеткен арбаны бір қолымен көтеріп шығарып жіберді.

– Неше мес қымыз ішті екен, жарықтық?..

– Менің ішкенімді де ішкен жоқ, апа... Түсте үлкен кесе көже мен бір күлше нан жеді. Қырманға келген соң, бір кесе суық шай ішті.

– Енді қарт адамға, қырмандағылар қайт деп айтпады ма?

– Айтты, апа.

– Нар жолында жүк қалмайды! Мына бидайды шошайтып қойып үйге несіне барам? Аша ағашыммен комбайнның көмейіне тығып жіберейін, – деді.

– Онда, бір күнгі көмегінде керемет күшін көрсе-тейін деген ғой атаң.

– Апа, олай емес. Атам ертең де барады, егіс біт-кенше істеймін деп отыр. Маған:

– Балам, ертең де менімен боласың. Ертең екінші бригадада жұмыс істейміз, – дейді.,.

Сөйтіп, Шіліктің шыжыған ыстық күнінде колхозда он бес күн жұмыс істеп, үш жүзден аса еңбеккүн тауып, колхоз үйіне әкеліп берген екі арба астықты үйіне түсірмей, үй жанындағы жолдың жағасына түсіріп, темір жол станциясына кетіп бара жатқан машинаны тоқтатып, толтыра тіккен жүн қаптарды қарбызша лақтырып салды да:

– Элеватордың бастығына айт: «Гитлер-фашистермен күресіп жатқан балаларыма адал еңбегіммен тап-қан бір күлше нандай сәлемдемем – осы машинаңа сал-ған бидайды тез жеткізсін! Қабының сыртына: «Қарт палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтан» деп жазсын. Талай алып палуанның тәкаппар жаурынына жер иіскет-кен кәрі күш. Отанымыздың қасиетті топырағын жаудың лас аяғынан тазартқанша еңбек майданында істей тұрады...» Қозым, шофер, қанды майдандағы қањарман өрендеріме солай жазыңдар!

Алғашқы еңбегіне деп берген үлесін маңдан қорына жіберіп, палуан колхозға көмегін үдете түсті. Үйілген бау, үлкен шөмелелерді мықшыңдап көтере алмай жат-қан жастардың қасына келіп:

– Балам, былай тұр, – деп, салалы айырмен бір көтеріп тастап, қыртыстанған кең маңдайынан шыққан терді саусағымен сыпырып тұрғанын көріп, аяғандар:

– Денесіне құйылған қорғасындай біткен күшті неге жұмсаса да бәрібір екен ғой. Мен осы кісіні: «Өзінің үйренген күресінен басқа, қара жұмысқа ыңғайсыз шығар» – деуші едім. Мына түрімен қай жұмыс болса да шақ келтіретін емес, – дейді жанында жұмыс істеп жүрген біреу.

– Е, солай екен. Мен бірер күннен кейін бұрлыққан бурадай шөгетін-ақ шығар деп едім, бой беретін емес, қайнатқан құрыштай, шынығып барады, – дейді екінші біреу, ұстаған құралының сабына сүйеніп, ұзағырақтан қарап:

– Тап осындай он адамы болса, он машина, он тракторы болса, өзгені керек қылмай-ақ, бір колхоздың жұмысы өзінен-өзі-ақ жүріп жатар еді, – дейді тағы біреу.

– Атам келіп, ауыр жұмыстан мойнымыз бір босады, көп жасағыр! Істей тұрса жақсы болар еді... Қайдам, темір, тасын арқалап тағы бір күні бір жаққа кетіп қала ма?.. – десіп, әйелдер әңгіме етеді. Ұзамай солардың айтқаны келді. Палуан атасы темір, тасын арбаға артып кетіп қалуға ыңғайы келіп-ақ қалды.

Майданда бір қол, бір аяғын майыстырып алған Жақып ауылға келді де, екі балдақ, бір таяғын саптап, орден, медальға омырауын толтыра салдыратып, палуан атаға сәлем беруге барды.

– Ассалаумалайкум! – деді жауынгер, оң қолындағы таяқты сол қолымен топшысына сүйей, балдақты талтита, бойын төмендетіп, қолын созып.

– Сау бол, шырағым! – деді палуан, ауыр денесі отырған жерінен серіппедей көтеріліп, созған қолын жоғары көтере, балдақ-малдағымен қыса құшақтап, маңдайынан шолп еткізіп сүйіп, төр алдындағы төсекке отырғызды.

– Омырауыңдағы жалтырауықтар жаңқа да болса бірдеңе сындырғандарға берілетінін білем. Маған енді жаудың жеңілгенін айт, – деді, амандықтың көпшілікке ортақ әдетін айтып болған соң.

– Айтайын, ата. Баса білген жау қаша біледі екен, ата, Әрине, олар ысыра салатын ағаш емес, зеңбіректің тұмсығы танауын қажаған соң шегініп барады. Катюша да бетін аз шымшыған жоқ. Автоматты қойшы, жеткен жердегі табан аттың сирағын тілгілейтін шыбырт-қы ғой ол... Көбірек керегі танк пен самолет. Ол екеуі көп болса тазылы бүркіттей, бірі жерден, бірі көктен, қашқан жаудың тақымын кергізіп, сіңірін созғызады-ақ...

– Дұрыс айтасың, балам, қашқан қасқырды қалыңға мойын бұрғызбау үшін бүркіт керек. Соны көбейтуді ел де көп ойлайтын болды. Соның біреуін мен ұшырсам деп ойлап жүрмін.

– Оныңызға тілектеспін, бірақ ауырлау ғой сізге.

– Батырым-ау, қанша ауыр болса да оны мен көтер-меймін, құрыш қанатымен өзі ұшып кетеді... Ақшасы қанша тұрар екен?

– Ауыр деп отырғаным сонысы ғой. Бір самолет жүз мың сомсыз соғыла қоймас.

Палуан сол қолын жоғары жазып жіберіп, көтеріп, тоқпақтай түйілген бұлшық етін жоғарылы-төмен ойнатып, оң қолымен шеңгелдей тұрып:

– Осы бір түйіншектерде жүз мың сом қалай қалмады екен? Әлі салмақты жатыр! Тегі, бір шын тебіренсе – екі жүз мың жатқан сияқты өзінде. Миллиондар жиналатын сарқылмас кен – халыққа барайын.

Сол күннің ертеңінде Есалыны ертіп, үлкен боз атқа арба жегіп, темір, тасын артып, Шәуілдірге қарай бір-ақ тартты.

Қазықұрттың баурайында

Үлкен боз атқа жегілген жеңіл арба Қазықұрт та-уының батыс жақ бөктерімен Шымкент–Ташкент арасындағы тас жолға қарай ойысып келе жатты. Атты айдап келе жатқан он үш-он төрттегі жас бала. Арбаның дәл ортасына малдасын құра отырған алып бейнелі, айбары зор, келбеті кесек жатқан бір адам. Арба жеңіл де болса елу пұт жүкке мыңқ етпейтін мықты еді. Осының үстінде көлемді жүк болмаса да, салмағы жағынан едәуір болатын. Ат айдаушы бала мен ұсақ-түйек темірді есептемегенде, алып бейнелі кісі бір жүз жиырма екі килограмм тартады, қысқалау сабы бар балға он алты килограмм, арбадан тұмсығы шығып келе жатқан рельс екі жүз сексен сегіз килограмм, әрқайсысы он килограмм келетін бір буда шыбық темірлер де бар. Олар да соның үстінде. Шынжырын, тақтайын, тағы-тағыларын қосқанда, үстіндегі екі адамнан басқа, жарты тоннадан асатын салмақ еді. Қос аттың жүгін тартатын боз ат болмаса, жай атқа бұл жүкті сүйреп жүру қиын да еді. Боз аттың бұл жүкті дамылсыз сүйрегеніне ай жарымнан аса уақыт өтті. Шыжыған шілденің аяғын ала Шымкенттен шығып еді де, Шәуілдір, Шаянды, Арыс, Бадамды, Мақтарал, Кировты, Сарыағаш, Келесті, Бостандық, Қаратасты аралап, Қазықұрт колхозына қонып, Шарапханаға ат шалдырып алып, Шымкентке қайта оралайын деген беті осы болатын.

– Жолдың айрылатын жеріне жақындадық, ата. Шарапханаға соғамыз ба? – деді бала.

Үлкен кісі жамбасыңдағы кенеп қаптың бұрышын бармағымен мыжғылап қойып:

– Балам, мына бір шөбі бар төмпешікке бұрылшы! Атты шалдырып, қапшықтағыны санап көрейік. Мөл-шерге келсе, Шымкентке тіке-ақ тартып кетерміз.

Бала айтқан жеріне бұрылып, атын доғарды. Үлкен кісі арбадан қапшықты алды да, брезент шекпенін төмпешіктің үстіне жайды. Қапшықтың аузын шешіп, түбін сілкіп жіберді. Жабағы жүндей түйдектелген қағаз ақша шекпеннің үстіне төбе болып үйілді.

– Әй, балам, мынау ақшаның жүз сомдығын бір бөлек, елу сомдығын бір бөлек, ұсақтарын өз алдына шығара бер. Мен санап буа берейін.

Ақшаның көпшілігі жүз сомдық еді, ұзақ отырып санап, он мың сомнан буа берді. Буманың он бір бөлігін қапқа салғанда бес мың сомдай ұсақ ақша қалды.

– Балам, осыны орамалыңа түйіп, шешеңе апарып бер. Інілеріңнің керегіне жаратсын. Ал, балам, енді сен жазуды жақсы жазасың ба?

– Жазамын, ата.

– Қалам, қағазың бар ма?

– Бар.

– Қағаз, қаламыңды ал да, мен айта берейін, сен жаза бер.

– «Отан қорғау комиссарына! Қазақ халқының жетпіс бес жастағы палуаны: Қажымұқан Мұңайтпас ұлынан туысқандық және жолдастық тілек. Қаныпезер қара ниетті жаудың елімізге тиіп гүлденген еңбе-гіміздің тыныштығын кетіргеніне үш жыл толып, төртінші жылға айналып барады. Қанды майдандағы қањарлы үнді күн сайын есітемін. Қанды не үшін төгетініміз де түсінікті. Қазақ халқының ерікті ел болуына көмектескен орыс халқы өрттің жалынына түсті. Украиналық жан қиысқан досым Поддубныйдың елі де жау тебінінде жатыр. Ұлы елдің жау қолына беретін бөгесіні болмаса, ол өртті біз де әлдеқашан көрген болар едік! Ұл-қызымның үздіксіз еңбегін көріп отырып, мен де жай отыра алмадым. Жетпіс бес жасымда айыр ұстап, шөмеле көтеріп, қырман басқаным олқы көмектей көрінді.

Менде басы артық мал, құнды көлік өмірі болып көрген жоқ. Қандай бағалы қазына болса да бағынатын күш болды. Соның арқасында – «Әлемнің палуаны!» деген ат алдым. Менің сарқылмас қазынам – халық. Суалған көлдің жалтырындай күшімнің сар-қындысын көрсетіп, жүз мың сом ақша жинадым. Самолетпен келген жау самолетпен жойылсын! Қартай-ғанда жалаңаш кеудеме тас сындыртып, иығыммен рельс иіп, тісіммен жүкті арба сүйреп, қыртыстанған шекемнен ащы тер шығарып тапқан қаржыма бір самолет соқтыр. Отан соғысының ер жүрек армиясына мінгізген атым болсын!

Тілегімді қабыл ет! Көп жаса, коммунист партиясы!».
Осы хатты жаздырып, қайталап оқытып, төс қалтасына салды да:

– Балам, атыңды жек. Шымкентке тіке тарт. Бұл ақшаны банкіге өткізейін, – деді.

Қайғысы мен қуанышы

Алматының ат шабатын алаңы көгорай шалғынға мейлінше бөленген кезі еді. Мұнда шалғынды жапыра жағалай тіккен аппақ жұмырткадай киіз үйлер. Есілден, Нұрадан, Тобылдан, Ертістен, Жетісудан, Сырдан, Жа-йықтан, Жемнен, Сарысудан, Талас бойынан келген қазақтар мен Москвадан, Ленинградтан, Фрунзеден, Ташкенттен келген қонақтар араласып, алаң лық толулы. Колхоз, совхоздардан жиналған бәйгенің сәйгүлік-тері құлақ қайшыласып, жер тарпып, кермеде байлаулы тұр. Қала мен атшабардың алты километрлік арасы тізбектеле жүйткіген машиналар будақталған шаңды көкке көтеріп бара жатыр. Алып даланың атақты ғалымы, аты мәлім жазушысы, ел сүйінген еңбек ерлері, алтын жұлдызды батырлары, жан азығы әнші-өлең-шілері осы жиынға түгел келген. Ағаш сайын ілінген радио көмейлері ән-күймен Алатаудың аңғарын жаң-ғыртып тұр. Бұл – Ұлы Отан соғысының өрті сөнер кезінде болып жатқан Абайдың жүз жылдық тойы еді. Осы тойдың ойыны өтіп жатқан алаңның ортасында астына ақ киіз төсеп, күрестің төрешісі Қажымұқан отыр. Жанына топталған жауырындары қақпақтай сом денелі палуандар. Әкесінің алдында әдеп сақтаған баладай, қолдарын уқаласып, үнсіз тұр. Алып кеудесін кере түсіп, палуандарға көзін сығырайта қарап:

– Әй, шеткі тұрған, балам атың кім? – деді.

– Орынбет, Қажеке...

– Орынбет, оң жағыма кел.

– Кеуделі жігітім, сенің атың кім?

– Төлеп, Қажеке...

– Сол жағыма шық.

– Жоталарың шамалас, күштерің де тең болар, жақындаңдар маған. Күрес – төбелес емес! Қабақтарыңды жадыратыңдар. Мә, труси, майка. Өзіміздің үйге барып, киімдеріңді шешіп, осыны киіп, белдеріңді байлап келіңдер.

– Әй, екі бала, анау бүктеулі тұрған үлкен кілемді көтеріп келіп, ортаға жайыңдар.

– Ақсақал-ау, қазақша күрескен соң, көгалға күресе бермей ме?..

– Бұл топыраққа аунасатын топас байдың тойы емес; мәдениеттің атасы – Абайдың тойы! Үлкен кісінің сөзін қайыру ұят болады, барыңдар!

Кілем жайылып, палуандар күрес киімін киіп келіс-ті. Палуандардың атасы орнынан тұрып, екеуінің та-ранған құстай бойларына қарап:

– Сен белбеуіңді босатыңқыра. Күрестеріңде тізе, тобықты қағысу болады да, аяқты шалысу болмайды. Мен көрмеген күрес жоқ. Белді қатты байлау – «ұстаған қол еркін ұстай алмасын» дегендік. Күшті қол ұстаса қабырғаңды бірден сындырады, сондықтан еркін ұстайтын болсын. Міне, енді дұрыс болды.

– Сенікі тым бос. Көтергенде сырылып кетсін, дейсің. Күшті қолдан түсіп кететін сынап емессің! Босат! Ал екеуің қол алысыңдар. Бәрекелді...

– Айдархан, ағаларыңның күресіне қарап тұр, қазақ күрес деген осы.

Мінәйім, Айдарханын ерте келіп, Абай тойында бас бәйгені алып қайтқан палуан, аулына барған соң, мектептің спорт ойынында жеті жасар Айдарханы түйіс ойынында он төрт жасар баланы жеңіп шығып, үлкен той жасады. Сол тойдың артынан, көшпелі бұлттай бір кесек қайғы да тап болды. Құйрық, жалы төгілген, жалпақ торы атқа мінген почтальон палуанның үйіне түсе қалып, сәлемін беріп, тізесін бүкті де, кең дорбасына қол салып жіберіп, сүргіштеген хатты алып берді. Палуан ашқысы келмегендей, қолына біраз ұстай отырып:

– Есбол, ей Есбол, мына хатты оқып жіберші. Минскіден келіпті, кім жазды екен? – деді.

Бала отыра қалып оқи бастады.

– «Құрметті Мұңайтпасов Қажымұқан! Сіздің Отан сүйген таза жүрегіңізді толқынтқандай бір хабар жібе-руге тура келді. Отан үшін күресте мұнан да үлкен қайғыны жасырғанымыз жоқ. Сіздің жетпіске келген алып тұлғаңызды ауырлатқымыз келмесе де, амалсыздан айтамыз.

Сіздің ұлыңыз – Мұңайтпасов Хайболла Қажымұқанович біз тұрған Н. қаласын власовшыл бандиттерден қорғаушылардың бірі еді. Ол Отанына шын берілген адал жүректі азамат еді, қайтпайтын өжет батыр еді. Өз міндетін атқара жүріп, жау тобымен шайқаста, үлкен ерлікпен қаза тапқан көшесінің атын Мұңайтпасов қойдық. Сіздің тәрбиелеп өсірген ұлыңыз – Белорус халқының ортақ ұлы – қайғыңызға ортақтаспыз. Қуанышты күнге жетуіңізге тілектеспіз!

Қызыл Армия бөлімінің штабы...»

Палуан ешбір кимылсыз ұзақ отырды. «Бауырымдаған» біреулерді қолымен түртіп, үн шығартпады. Жанында жатқан үлкен орамалын алып, меруерт тасындай домаланған көз жасын сүртті де: «Өлмейтін бір жан жақ, керегінде өле де білу керек! Орынды өлім өмірдің есігін ашады. Қозым, саған рақмет! Жатқан жерің тор-қа болсын, аяулым...», – деп басын тік көтерді. «Ертеңіне, бұрынғы әдетімен Айдарханын ертіп далаға шығып, жас балаларды жанына шақырып алып, ауыр темір көтертіп, бір-бірімен күрестіріп, спорт өне-рін үйретіп жатты. Сол сағатында Қажекеңе тағы бір қуаныш хабар келіп жетті.

– Палуан ата, сіз соқтырған самолеттің ұшқышы келе жатыр деп, ауданнан көп адам Темір станциясына жиналып жатыр. Солар сізге жіберді мені... – деп бала жігіт қолын қусырып, басын иді.

Палуан станцияға барғанда күткен поездың келуіне әлі он минут уақыт бар еді. Аудан басшылары, әлденеше колхоздан келген колхозшылар, темір жолдың жұмысшылары, мектеп оқушылары өздерінің құрметті палуанын машинадан көтеріп алды да, соның маңайына шоғырланып тұра қалысты. Темір станциясына жүйткіген поезд да келіп жетті. Теңіздей толқыған жұрт та көк вагондарға қарай ойыса берді. Вагонның бірінен қара торы жас жігіт шығып келеді. Оның үстінде ұшқыштар формасы. Жұрттың алдында тұрған палуанның созылған күшті қолы вагонның тепкішегін бастырмай әлгі көрінген ұшқыш жігітті тік көтеріп алды. Көктегі дауылдың бұлтындай ұйтқыған майданда жауға Қап тауындай салмақты көрінген қара сұр жігіт, бұл созылған қолда бесік баласындай болып жеңілейіп кетті.

– О, елімнің айбары, көктің қыраны, ұшқыш ұлым, сені де көрдім мен.

Поездан түскен жауынгер төмендегі тапсырманы оқыды.

– «Лейтенант – Қажытай Шалабаев, елге қайтып Қазақстанға бар. Даланың алып палуаны, құрметті атамыз Қажымұқан Мұңайтпасовқа сәлем бер! Жауыз дүниенің жазалаушысы, езілген елдің қорғаушысы Совет Армиясынан жалынды сәлем жеткіз! Адамшылық өмірді терең түсінген, адал жүректі мыңдаған ұл-қызын өсірген қазақ халқына, Қажымұқан сынды палуанға алғысымызды жеткіз! Ел басына түскен ауыр күнде көмекке берген құрыш қанаты, аспан әлемінің жой-

қын арпалысына он сегіз рет қатынасқанын айт. – Жауыз фашисті жайрат! – деп еді, ол бұйрығы орындалды. Оның адал еңбегінен құралған қаржыға соғылған самолет Аманкелді батырдың атындағы авиация шоғырында аман-есен тұрғанын айт. Халықтың қањарынан туған бұл болат сұңқар, барлық әлемде бейбітшілік орнағанша аслан күзетінде дайын тұрады. Қанаттарына кір жұқпайды. Өзі берген болат сұңқардың күтушісі де, ұшқышы да өзің екенін баянда! Қамқор қартымызға, аяулы атамызға Аманкелді атындағы авиация тобынан жалынды сәлем!»

Ұзақ сапарға

«Ақтөбе» колхозының шығыс-түстік бетін ала дүңкиген үлкен төбе тұр, оны ел: «Бұзық» деп атайды. Ол сол манайдағы Ақ төбе, Қоңыр төбе, Қарауыл төбе, Қызыл төбелердің қоразы сияқты айрықша болып көрінеді. Бұзықтың айналасында көп жерге шейін пілдің қабырғасындай сай-сай болып, жүзім егістігінің орны жатыр. Кәрі құлақ қарттардың аңызына қарағанда бұл аймақты бір кезде «Мейіз қаласы» деп атапты. Колхоз ұйымдасып, Ақ төбе арығы қазылғанда, жер астынан ішіне алты пұт тары сыятын екі көзе шығыпты. Оны жұрт – бір кезде шарап ашытқан әлдекімнің ыдысы болар десіпті. Бірнеше жүз жылдар бұрын бұл ара бау-бақшалы көркем қала болған екен деседі. Сол қаланың шетін ала Бөген өзенінің жиегінен салынған қорған бұзылып, «Бұзық» атаныпты. Соның ұшар басына шығып, әр кез отырып келетін палуан бүгін тағы сол шоқыға шығып отыр. «Ауылға келіп ойыныңызды бір көрсетіңізші. Сіздің дидарыңызды көруге ынтық болатын да күн болар!» деген жерге кейінгі кезде бармады. Айдарханға денең қатаяды деп, тұзды май жегізіп, спорт ойынын үйретіп отыратын еді, онысын да қойды. Осы төбенің басында да көңілсіз отыратын. Немересі – Абдоллаұлы Шабданға:

– Сонау қарауытып көрінген қырқа, бабам Қобыланды айтқан:

Қараспан тауын жайлаған,
Қалың қыпшақ елімде, –

деген жері... мына, «Бұзық» бір кездерде әлденеше қабат тұрғын үй еді, бұл да құлап төбе болды. Бабаң – мен, жер жүзін аралаған қазақтың Қажымұқаны едім, мен құлап төбешік боламын. Сонда бұл жердің тарихын айтатын да кісі табылмас саған. Сондықтан менің айтқандарымды зердеңе тоқып ал! Күндердің күнінде «қайран атам айтып еді» деп жүрерсің. Мен өзімнің адамгершілік міндетімді де, әкелік міндетімді де атқардым. Сен де ер жеткеніңде тек адам ғана болмай, халыққа пайда келтіретін даңқты адам болуды ойлан, шырағым! Жүр, балам, кетейік, – деп үйіне келді. Үш-төрт жастықты үйе жастанып, кеудесін көтеріп жатып ұйықтайтын палуан, күн батып бара жатқанда ұйқысырап:

– Уа, Қадиша, қолыңды берші! Бер қолыңды!.. – деп оянды.

Кешкі малдың жайғастыруында жүрген әйелі оның не деп сөйлегеніне елең еткен жоқ. Ол басын көтерді де, айнала қарап алып:

– Шабдан, боз атты алып кел, арбаға жек, – деді.

Бабасының бұйрығына тіл қайтармайтын немересі жоңышқалыққа тұсап қойған атты алып келіп, арбасына жекті. Күн бата туатын ай арқан бойы көтеріліп те қалған еді. Өзі жолға киетін киімін киіп:

– Мінәйім, уа, Мінәй... Көрпе-төсегіңді арбаға сал, Есбол, Есалы, Айдархан төртеуің арбаға мін...

– Жеті түнде қайда барамыз, палуан?

– Оны неғыласың сұрап? Мен шығатын қақпаға жақындайық. Алдында Қараспанға барамын дегенін естіп жүрген Мінәйім абыржып жүріп, үй ішін арбаға тиеп, балаларын мінгізді.

– Шабдан, сен малдарды айдап Темірланға жеткіз, біз бара берейік, – деді де кетіп қалды. Оның Ақтөбеден көшіп кеткенін көршілерінің көбісі білмей де қалды. Жақын тумасы Мәміш келіп:

– Палуан-ау, түн ішінде мұның не? – дегенде:

– Ұзақ сапардың адамы күн-түн демей, жететін жеріне осылай жылжи береді. Мені іздесеңдер Темір-ландағы Ленин колхозына келіңдер! – деп, «шүу!» деді де, жүріп кетті.

* * * Түнгі салқында ұта жүріп, күн көтеріле Арыс–Түр-кістан каналының тоғаны басталатын жердегі «Күн-төбе» колхозына келді. Ауылдың балалары:

– Палуан атам келді, – десіп қаптай жүгірді.

– Палуан, сапар қайырлы болсын! – десіп, үлкен кісілер де айналасына тола бастады. – Жартылай көшіп, қалай келе жатқаныңыз, бұл?

– Тіпті, түгел келе жатырмын.

Сол ауылда жүрген Арыс ауданының басшы қыз-меткерінің бірі кездесіп, көпшілік қоршалап тұрған палуанға сәлем берді.

– Жақсы кездестің, қарағым. Темірланға барған соң, атымды тынықтырып алып, барамын ғой деп келе жатыр едім. Баруын барам, айтарымды әзір-ақ есіңе салайын. Арқада, Есіл жағасында туып едім, Сырда Арыс жағасында өлем. Жөргекке ораған жер мен кебінге оралған жерімнің арасы алыс болды, өкінбеймін. Қазақ даласының алысы жоқ.

Біздің ауыл Арыста,
Есебі жоқ алыста.
Тұлпар болсаң, Тайбурыл,
Барыңды бүгін қарышта!.. –

деп бабамның қоныс еткен жері... Жұрттың жүрегіндей менде де бір жүрек болды, менікі екеу болмады деп оған да өкінбеймін. Жалпы жүректің жалғыз ғана ойлағаны болды. Ол – халық. Халықтан зәредей көңіліме қаяу түскен уақытым болған жоқ, қандай тілегім болса да халық орындады. Өмірімде елдің дүбірін есітпеген күнімді күн деп санамаған едім. Өлген соң да жүрген аяқтың дүбірі естіліп тұратын даңғыл жолдың жағасында болса екен мекенім деп едім, келешек өмірде ұрпақтарымның құжынап көп жиналатын жері, Арыс–Түркістан каналының сағасына келе жатырмын. Аудан басшылары Ленин атындағы колхоздың орталығынан бау-бақшалы төрт бөлмелі үй салып, ішіне кіргізді де, жазда өзен жағасына тігіп отыратын киіз үй көтеріп берді.

– Ал, ақсақал, үйіңізге кіріңіз. Өмірде керегіңіз орындалды. Жетпіс бес жыл бойы шыныққан денеңіз, ауру-сырқаудан аман келген денсаулығыңыз осы қа-лыпта болса, енді бір он-он бес жылсыз ажалға өзіңіз де мойынсұна қоймассыз, – деді.

Ленин атындағы колхоздың колхозшылары палуанның келуіне ерулігі деп үлкен той жасады. Жаңа қонысы қайырлы болып, қырық сегізінші жылдың ортасында Мінәйім ұл туды. Қарт кенжесіне үлкен той жасады. Түрі – Қажымұқаннан айнымайды, сойып қаптап қойғандай. Бала қырқынан шығып, буыны бекіне бастағанда, қауын пісіп, оңтүстіктің көңілді күндері келді. Жас нәрестенің атын – Жанәбіл қойған.

– Палуан – Айдарханға ұйқастырып Әзімхан қоя-лық та, дегендерге:

– Жоқ! Жанәбіл – Әзірет Әлімен алысқан менің бабаларым қыпшақтар болған. Той төбеде майдандасқан қорғанының орны төбе болып жатыр. Соның атын қоям.

Өзен жағасындағы көгалға тіккен киіз үйде қымыз ішіп болған палуан:

– Айдархан мектебіне кетті ме? – деді.

– Оқу әлі басталған жоқ, мақтаның алғашқы ашыл-ғандарын тереміз деп кетті, оны неге сұрадың?

– Жай, Жанәбілді емізіп болсаң, маған берші.

Баланы қолына ұстап, көзін сығырайта қарап, біраз отырды да, сәбидің төбесін құшырлана иіскеді.

– Менің күшім осында болады, ісім бола ма, жоқ па, онысын өзі біледі... Мә!..

Үйден шығып, арбаға жетті де, қолын божыға қарай соза беріп:

– Ох! – деді. Жанындағы баласы қолтығынан сүйегенше, ауыр дене жерге шөгіп, ұзақ сапарға аттанып та кетті.

1951–1956, Алматы.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙