TELEGEI

Home

Алты томдық шығармалар жинағы. VІ том

Ахмет Байтұрсынұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Алты томдық шығармалар жинағы. VІ том

Ахмет Байтұрсынұлының алты томдық шығармалар жинағының кіріспесі профессор Айгүл Ісімақованың талдау мақаласынан басталады. Әрі қарай «Қырық мысал» және «Маса» жинақтары берілген. Екінші томда ағартушының қазақтың көзін ашу мақсатымен жазған оқулықтары туралы, соның ішінде Телжан Шонанұлымен бірл...

Ахмет Байтұрсынұлы. Алты томдық шығармалар жинағы. VІ том

ҚҰРАСТЫРУШЫДАН

ХХ ғасырдың басында ұлт жұмысын арымен атқарған Ахмет Байтұрсынұлының артында қалған мол мұрасы – өз қазағына ғана емес, күллі түркі жұртына, тіпті бүкіл адамзатқа өнеге боларлық ұлы іс екенін бұл күні ұрпақтары мақтан етеді! Бүкіл қазақтық ғылымның көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының әрбір ісін сараласақ: әліпби мен әліппені алсақ, Ахмет – ұлт жазуының реформаторы, ана тілді айтсақ, Ахмет – қазақ тіл білімінің атасы, әдебиет саласында, Ахмет – асыл сөздің алтын діңгегі, оқу-ағарту ісінде, Ахмет – ұлттық мектептің іргетасын қалаушы һәм халық ұстазы, тарих пен қазақ өркениетін қозғасақ, Ахмет – сол кезең өркениетінің дәуірі, болмыс пен бітімге келсек, Ахмет – ұлт мәдениетінің Хантәңірі, әдеп ісін айтсақ, Ахмет – халықтың ар-ожданы. Қалай мақтанбассыз? Қалай үлгі алмассыз? Міне, бүгінгі тәуелсіз кезеңдегі егеменді елі әмбебап ғалым – Алаш арысын осылай мақтан етеді. Ұлт жұмысының қай саласында да Ахметті «Ұлттық рухтың ұлы тіні» деп қазақ руханиятына үлгі-өнеге етеді. Тәуелсіздік алған жылдан бері, ғұламаның шығармашылық мұрасы 1989, 1991, 1992, 1996 жылдары тіл, әдебиет, публицистика (көсемсөз) салалары бойынша жеке-жеке кітап болып басылса, 2003-2006 жылдары «Алаш мұрасы» сериясымен «Ахмет Байтұрсынұлы» бес томдық шығармалар жинағы шықты. Қайта басылған кітаптар саны – 21. Араға 10 жыл салып, ғалымның алты томдығы оқырмандарға ұсынылып отыр. Ал, ғалым мұрасы бойынша – 21 кандидаттық диссертация, қоғамдық, мемлекеттік қайраткерлігі, шығармашылығы қарастырылған – 25 кандидаттық, 20 – докторлық зерттеу еңбек жазылды. Бұдан бөлек республикалық, халықаралық конференциялар материалдарының жарық көрген жинағының жалпы саны – 40. Мінекей, мұның бәрі ұлттық ғылымның ұйытқысы болған – ұлағатты ұлт ұстазына деген ізгі құрметтен туған игі шаралардың жемісі. Тарихи тұлғаның туғанына 125 жыл толуына орай өткен салтанатты шарада халық жазушысы Әбіш Кекілбай: «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға. Бәлкім, біреулерге бұл орынсыз тамсану боп көрінер. Оған дейін де бұл далада Фараби, Иасауи, Қорқыт, Асан қайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер. Ол рас. Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлы оларға ұқсайды да, ұқсамайды да. Ұқсайтыны: ол да аталмыш алыптар сияқты, ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі даму үрдісі мен қарқынына сәйкес келмей кенде қалып, көрер көзге тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді. Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынұлы ондай жол Қорқыт пен Асан қайғыдай үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатындай жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді; Фараби мен Иасауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық немесе исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы барлық мәселені шешуге болады деп ұқпады; Абай, Шоқан, Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен шектелгісі келмеді» дей келе, күрескердің ұлт мүддесіне жасаған жұмыстарын бүгінгі ұрпақтың жетесіне кірпіш қалағандай шегелеп берді. Әбішше айтсақ, Ахмет «ешқандай атланттардың иығына шықпай-ақ, бұрынғылардың көздеріне іліге қоймаған соны көкжиектерге көз жеткізе білген, көрген», елі үшін ерен еңбек еткен Ер. Әбішше толғансақ, «Ұлттың Ұлы Ұстазы аруағы алдындағы шәкірттік арымыз таза, иманымыз кәміл болуы» үшін біз де Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінде берген батасын жадымызда ұстап, халық қамы үшін жұмыс жасауды – ұрпақ парызы деп білуіміз керек екен. Байтұрсынұлының батасы: «Төңірекке қарасаң, түнерген бұлттар әлі бар... Түбі қандай болады деп қобалжымалық... Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйімізді үй етіп, шашылмай қалудың қамын желік... Дүниенің төріне ұмтылғандар төрден орын алып жатыр. Ұмтылмағандар есікте қалып жатыр... Қалмайық десек, қарап жатпалық... Көп ісіне көп болып жабылайық... Қолымнан не келеді деп қорынбайық. Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылады. Көп жұмыстың ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ. Әркім әлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын, аз нәрсе көпке сеп болмақшы. Сәл демеу зорға сүйеу болады. Ұлы іс ұсақтан ұлғаяды... Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына үлес қосу қазақ баласына міндет». Ақиқатында, әр дәуірдің замана ауанына қарай, адам баласына жүктер жұмысы көп. Сол жұмыстың атқарылуы әуелі адалдықтан бастау алса, адамзат игілігіне айналары анық. Ата-баба жолын мұрат тұтқан Алаш арыстарының ұстанымын бүгінгі ұрпақтың да ұранына айналдыру – перзенттік парызымыз. Ахмет Байтұрсынұлы көптомдығының 6-томы ғалымның «Қазақстан дәуірінің жаңа құрылымы» деген мақаласымен ашылды. Өз заманында Қазақ елінің жасампаз мемлекет болып, төңірегіне танылуы үшін күрескен мемлекет қайраткерінің ұстанымдары бүгінгі қоғамға да қажетті тұжырымдарға толы. Жаһандану өркениетінің өтпелді тұсында өткенімізді жоғалтпас үшін бұл мақаланың маңызы зор. «Баулу мектебі» атты мақаласында оқу-ағарту ісінде оқыту жүйесі қашанда жаңарған заман талабына лайық болу керектігін айта келіп, бала оқыту ісінде: «Өлі оқу», «төте оқу», «көрнекті оқу» – бәрінің асылы – оқу» деп, әрбір әдістің ара-жігін ашып, қайткенде де мектептің міндеті – алдына келген баланың үмітін ақтап, мемлекеттің мақсатындағы көздеген түрде адам етіп, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетіні» тәрізді, баулынған қыран баласын шығару керектігін айтады. Бұл бүгінгі біздің білім ордаларында да күн тәртібінен түспейтін аса қажетті тақырып. Абыз Ахметтің үгіт өлеңдері де, көсемсөздері де ғибратқа толы, көбі қанатты сөзге айналып, БАҚ-та жарияланып та келеді, сондай айшықтардан баталы сөздері жинақтап ұсынылды. «Байтұрсынұлытану бастаулары» деген тараушада ғалым мұрасының зерттелуі – 1919 жылдан басталғанын А.Самойловичтің ғылыми жүйеленген энциклопедиялық мағлұматын,мұнан басқа Е.Поливанов «Қазақтың жаңа (Байтұрсыновтық) емлесі» (1924), жылы «Литературная энциклопедия» атты көптомдықтың 5-томына енген «Байтұрсынұлы әліпбиін» (1931), А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында жазылған танымдық мақаласы (1925), Н.Яковлевтің «Әліпби құрылымындағы математикалық жүйе» (1928) атты мақаласы және өзінің замандас інілері – М.Дулатұлы, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, С.Сейфуллин, Қ.Жұбанов, М.Әуезовтердің лебіздеріне тоқталдық. Бірақ, тұлға туралы орыс тіліндегі мақалаларды қазақ тіліне аударып, жеке кітап етіп бастыру – алдағы атқарылар істің еншісінде. Кейбір мақалалар қазақ тіліне аударылып берілді. Сонымен бірге тәуелсіздік тұсында жазылған тілші, әдебиетші, тарихшы ғалымдар, жазушылардың танымдық мақалалары, ақын арнау өлеңдері топтастырылды. Күрескер тұлға Ахмет Байтұрсынұлы әрбір қазақ жұрт жұмысына хал-қадірінше қарап тұрмай, бірігіп-кірігіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып толықпақшы, іс қолынан келмейтіндерге амал нешік, іс қолынан келетіндері де қарап жатқанына күйзеледі. Алға басып, өркениеттен кейін қалмаудың амалы: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – дейді. Шындығында, ұлт жұмысына ұйытқы болып, ел мүддесі үшін жұмыс жасасақ, өзгелермен тереземіз тең болмай ма?! Академик тарихшы Манаш Қозыбаев: «Ахмет Байтұрсынұлы – ХХ ғасырдың феномені. Оның есімі, осы дүбірлі ғасырдың түбірлі, түбегейлі құбылыстарымен тағдырлас. Сондықтан Байтұрсынұлытану шын мәнінде ғасыр тану десе болады. ...Ахметтануды дамыту барлық гуманитарлық ғылымдардың ортақ парызы» деген екен. Тарихшының ұлттық ғылымға жүктеген парызы шын мәнісінде, әлі күнге орындалған жоқ. Десек те, бүгінгі күнге дейін ахметтану саласында жасап жатқан жұмыстарымыздың бір парасы – ғалым мұрасын насихаттау болса, келешекте Алаш мұрасын – ұлт жұмысына орынды жұмсай білсек, Арыстарымыздың ұлы мұратының орындалғаны.

БІРІНШІ БӨЛІМ. МАҚАЛАЛАР, ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ МҰРАЛАР

1. А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ

ЖИНАҚТАРҒА ЕНБЕГЕН ЕҢБЕКТЕРІ

ҚАЗАҚСТАН ДӘУІРІНІҢ ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМЫ

Қазақ Республикасы 6 жасты толтырып жетіге аяқ басқанда, Қазақстан шаруашылығының қай жағынан болса да алға кеткенін көріп отырмыз. Егіс пен мал саны көбейген. Өнеркәсіп, мемлекет саудасы күшейген. Қарыз жұмысы дұрысталып, мемлекет бюджеті мен жергілікті бюджет молайған. Бюджет қаржысы молайған соң оқу орындары, мектептер, денсаулық орындары көбейіп, басқа да сол сияқты жұмыстар алға басып келеді. Өнерлі кәсіп күшеюмен қазақ жұмыскерлері көбеюге айналды. Мұнымен қатар мекемелер қазақыландырылып, қалың бұқараға жақындап келеді. Бұған қарағанда Қазақстан қай жағынан да алға басып келеді. Бірақ алға басу дәуірінде іс жүзінде не болып, не істеліп жатқанын, алға басу бағытын дұрыс бақылап, кемшілік болса бүркемей ашу керек. Жұмыстардағы кемшіліктерді жойып, артта қалған жұмысты алға сүйреп, қатарға қосу керек. Қазақстанның ұлт мемлекеті болу дәуірі, екінші жағынан, сол уақыттың ішінде тәжірибесін молайтып, өсіп-өнген бірқатар қызметкерлерді дайындап шығару дәуірі болып саналады. Бірақ, бұл тәжірибеде ұлт құрылысының өткен дәуірдегі өзгешеліктерінің бәрі де бар еді, ол кезде істің бәрі жоғарыдан істелуші еді, олай ету керек, былай ету керек деген сілтеумен болушы еді. Әр ұлттың өз тізгіні өзінде болу керек деген пікір бадырайып көрініп, іргені аулақ салу, толық автономия болу талабы күшті еді, орталық аудандардың жұмысына еліктемей, әр жердің өз жағдайына үйлесімді іс істеу жағы толық ескерілмеген шақ еді. Әлгі айтылған қызметкерлердің өсіп-өнген негізі осындай еді. Олардың ұлт құрылысы дәуіріндегі жалпы бағасы түсінікті. Сөйтсе де, қазір біраз түсінбеушілік; тіпті қарсы келушілік болуға мүмкін. Іс жағдайына қарағанда жаңадан жол қарастыру бұл жөнінде ойланып-толғанып жұмыс қылу керек. Бұл жұмысты қайта-қайта тексеру керек, өйткені, біздің істеп отырған жұмысымыз жаңа, бұған көп қайрат, көп қажыр керек. Дайын жобамен іс қылу жеңіл де, түсінікті де. Бұған қарағанда аса белсене кіріскен болса да баяулатқан қарсылық, «бұдан еш нәрсе өнбейді», «мұны да істеп көргенбіз» деген сықылды сөздер тууға мүмкін. Бұл қалып қазаққа да, еуропалықтарға да ортақ, мұндай мінездің біразы соңғы пленумда көрініп қалды. Пленумның жүзеге асыруға ұйғарған шараларының бірі ел арасында қоныстандыру жұмысын өткізу, бұл орындалса, елдің жарлы жағы шаруашылық жөнінен күш алмақ, бұлай болуына Өзбекстанның жер өзгерісі дәлел. Бұған қандай жауап береді деңіз? Кедейге жердің жақсысын беру құба-құп, бірақ алған жерін ұқсатып бойына сіңіре алмаса онда оның жайы мүшкіл, жұмысқа ысылған қызметкер жоқ, жер мекемелері нашар. Одан арғысын ашып айтпайды, бірақ әлгі айтылғандардың өзінен-ақ жалтақтық, сенімсіздік, мәселені соза беруге ұмтылатындық көрініп отыр. Партия мүшелерінің мұндай пленум ұйғарған істерді жүзеге асыруға онша дайындалмаған. Бұлар партияға өздерінің бар тәжірибе, білімімен (білім оларда бар) жәрдем етуден бұрын енеден жаңа туғандай өзгеруі керек, мұнысы неғұрлым тезірек болғаны жақсы. Ал енді, біздің ұйымда жолдастардың екінші бір түрі бар, олар пленум қозғаған мәселеден Қазақстанда «екінші төңкеріс» туғызғысы келеді. Қарсы сөйлеушілердің пікірі: өлкелік партия комитетінің мұндай саясатынан мемлекетіміздің өндіріс күші дұрыс дамуына, елдің бейбітшілігіне қатер бар, біздің түпкі мақсатымыз өндіріс күшін дамыту. Ел соғысы кезінде мақсат көңілдегідей орындалуға мүмкін емес. Сондықтан жаңа бағдар, сірә, қолайлы болмаса керек... Әуелі «жаңа төңкеріс» жайынан сөйлелік. Қазақстанда жаңа төңкеріс жасалық деген кім; Қаулының қандай жерінде жазылған екен? Егер жазылмаған болса, бұл әңгіме не жайынан шығып отыр? Пленумда қандай жаңа төңкеріс жайынан сөйленген? Әңгімені түсінікті қылу үшін 1923 жылы үшінші партия конференциясында Байнштейн жолдастың сөйлеген сөзінен тарихи бір мысал көрсетелік. Байнштейн жолдас қандай жаңа төңкеріс жасауды ұсынып еді? Өзінің баяндамасында оның айтқаны: ұйым мен қала, поселке арасындағы қатынастың нашарлығы, ауыл кедейлерінің жем болып келе жатқаны, ауылдағы жұмыстың орасан нашарлығы еді. Ол: «Біздің ұяларда тізгінді қолға алып отырғандар көбінесе бай жағының адамдары, олардың тілегі, әлгі декреттердің іске аспауы деген еді». (3 партия конференциясының есебі, 126-бет). 1. Қалың бұқарамен қатынасты оңдау, оларды кеңес құрылысына көбірек қатыстыру; 2. Жұмыскер мен шала жалшы қазақ арасында жұмыс ретін дұрыс қою, байдың малын алып, кедейдің пайдасына беру – кедей қолындағы байдың малын кедейге қалдыру; 3. Салықты түгел байдан алып, кедейді жерге орналастыру жұмысын ұстау. Соңғы екі ұсыныс қабылданбаған. Бірақ, баяндама бойынша күрделі тезистер қабылданған, ол тезистер ұзақ уақыттық жұмыстың жөнін көрсеткен еді. Ол тезистердің іс жүзінде күні бүгінге шейін маңызы бар. Әйткенмен де конференция мынадай тезисті қабыл алған: «Қалың қазақ еңбекшілері арасындағы түк жұмыс істелмегеніне партия бұдан былай айырықша көңіл бөлуі керек. Қазақ арасындағы партия негізі – жалшы, малай қазақ кедейлерін меңгеріп, әкету жөнінде бар күшті жұмсап, батыл қимылдау керек. (27-208-бет)». Байнштейннің «мерт» болуы осылай еді. Қазір Байнштейн төңкеріс жасауды ұсынды деген сөз дұрыс емес. Оның ұсынғаны істейтін шаралардың жүйесі еді, оның біразын күні бүгін өзіміз жүзеге асырып отырмыз. Голощекин жолдастың «Октябрь жолымен өту» дегені де төңкеріс жайынан сөз қылуға себеп болған сықылды, мұны да неше түрлі шаралардың желісі, мұның біразы ұйғарылған, біразы жүзеге асырылып отырған. Бұдан кейін де асырылатын шаралар деп ұғыну керек еді. Оның өз айтуы дәл былай: Осы мәселелердің бәрін де Кеңес үкіметінің ауылда (А.Б.) құрылыс әдістері, ру арасының жайын ескере білу, ауылға қалай жанасу мәселесі оп-оңай шешіле қалатын нәрселер емес. Өзбекстан жер өзгерісін өткізгенде ғана, бір реттен октябрь жолымен өткенде ғана, Кеңес үкіметін күшейтіп отыр. (Пленумдағы Голощекин жолдастың сөзі). Жаңа төңкеріс туралы сөйлесуге бұл дәлел бола ала ма? Біздің білуімізше дәлел бола алмаса керек. Әңгіме өзгеріс жайынан, иә Өзбекстанның жер өзгерісі сықылды бірқатар өзгерістер жайынан болып отыр. Мәселені былай қоюдан кейбір жолдастар шошымасын. 1921 жылы Ленин жолдас айтқан: «Біздің қазіргі жаңа дәуірде жаңа шаруа түзеу жолда қай ісіміз болса да үлкен еп керек. Дұрыс әдіс керек, нені болса да көп ойлап, көп толғау керек. Міне, бұл бүгінгі біздің жаңа дәуірімізді еске алатын жаңа нәрсе». Бұл сөздер біздің жаңа шаруашылық саясатына әдіспен кірген кезімізде ғана жазылған. Қазір өзге түрдеміз, қазір біз есімізді жинап алып, шаруашылықтың дербес, капиталшылдық түріне шабуыл жасап тұрған кезіміз. Біздің өзгерісіміздің де түрі де болса, бұл шабуыл түрі. «Жаңа төңкеріс» деген сөз өлкелік комитеттің жолына қарсы тұрушылардың сөзіне торуыл келтіру керек болған сөз. Әңгімені «жаңа төңкерістен» айта беретін болсақ, сөзден сөз көбейе бермек. Бұл ретте Бухарин жолдасты да, Сталин жолдасты да, Ленин жолдасты да куәға алуға болады. Бухарин жолдас не деп еді? «Олар біздің қазіргі көксейтініміз тағы да жаңа үшінші төңкеріс емес, ұйымдасқан бейбіт жұмыс... Мемлекет құрылысын ілгері бастыра беру жұмысы». Бұл туралы Сталин жолдас не айтқан? «Іс жүзінде бұл қың-ырлық поселкеде тап тартысын қоздыруға, жуан жұдырықты тоздыратын жарлылар комитетінің саясатына қайтып айналуға, сонымен мемлекет ішінде ел соғысын жариялауға бастайды». Ал енді Ленин жолдас не демек? «Ел соғысының ұранын ел бейбітшілігі ұранымен алмастыруды түсінбейтін адам жұртқа күлкі болуға лайық». (Месников жолдасқа жазылған хаттан).

Мұндай әдемі сөздерді қалай пайдаланбассың, айтыңдаршы?

Бұл сөздерді енді азырақ тексеріп өтелік. Сталин жолдастың сөзі қандай қыңырлыққа қарсы айтылған? Бұл жуан жұдырықтан келер қатерді қалпынан асыра сөйлегендерге, орталық комитет көрсеткен шаралардан басқа өз жанынан бірқатар шаралар ұсынушыларға айтылған сөздер. Ал енді біздің Қазақстанда Сталин жолдастың сөзін қағып алып, «бұл қыңырлық поселкеде тап тартысын қоздыруға бастайды» дегенде, мұнысы шынында орындауға ұйғарылып отырған шаралардың тізбегін сөз қылғандық болады. Осылай тұп-тура ашық айту керек еді, осыған қарсы сөйлеу керек еді, жаңа төңкерісті бетке ұстап жасырынбау керек еді. Мұның мәнісі қалай? Мәнісі: «Қазақстан Ленинград емес. Кеңестер Одағынан, бізді Орынбор губерниясы ғана бөліп тұр», «Жалпы ілгерілеу жолымыздың шамасы бірдей». Мұндай дәлелдің аяғы неге апарып соғады? Мұның – біздің жағдайымыздың орталық комитеттің жалпы нұсқауларымен ғана қанағаттанып, жергілікті жағдайға дәлме-дәл келтірген қосымша шараларды қолданбасақ та болады деген сөз ғой. Ауыл жағдайы поселке жағдайымен бірдей «сықылды». Поселкеде қандай саясат жүргізу жайы белгілі, со да бізге болмай ма партияның ауылда кездесетін қиыншылықтарын со да жоймай ма, «Америка ашудың не керегі бар» дегенге келеді. Бұдан кейін Рыков жолдасты куәлікке тартады. «Түк талас болмауға тиіс, бірден бір түзу жол кооператив». Бұл дәлелді дәлелді тауып алуы да тамаша емес пе. Кооператв даңғыл жол екені рас қой. Бірақ, бүгін осы сағатта бұдан бұрын иә, осымен бірге қатар шешетін өзге мәселелер жоқ па екен. Алдымен кооперативтің жолын тікенектен аршып алу керек қой, әйтпесе оның жолын байдың селеуі басар, басып та отырған жерлері бар, сөйтіп өтірік кооператив тумай ма?

Сонымен бұл топтың ойын оның мынадай деп сипаттауға болады: 1. Қазақстанда іргелі саяси мәселелерді шешерде теріс зиянды әдістерді пайдаланғысы келеді. 2. Ауылдың жұртшылық шаруашылық қатысы даму жолының негізгі өзгешеліктерін сылап-сипап жоққа шығарғысы келеді. 3. Бұл жұртшылық – шаруашылық қатысын сүйекке біткен әдет пен бұрынғы ескі күйінде қалдырмақшы. Қарсы сөздерінің бәрі келіп осыған тіреледі. Бұл қалай? Бұл кімнің пайдасы? Қазақстанда ешкім шын мағынасында жаңа төңкеріс жасамақшы емес. Төңкеріс деген нәрсе екі тап тартысып, біреуі жеңіп, әкімшілікті қолға алғанда, жұрттың шаруашылық негізін қайта құрғанда болады. Мұндай төңкеріс біздің ойымызда жоқ, мұны сөз қылған адам жоқ. Әңгіме ауыл кедейінің пайдасын көздейтін шаралар туралы болған, күні бүгін де солай; ол шаралар қырдың жалпы шаруашылығы өсуін тоқтатпай, социалистік жолына қарай бастап, елде Кеңес үкіметіне күшті негіз орнатуды көздемек.

«Еңбекші Қазақ» №225-226,
12-13 қазан 1926 жыл

Ескерту: Бүгінгі емлеге 1993 жылы түсіріп, 25 қазан күні «Егемен Қазақстан» газетінің 217-218 санында жариялаған – Рысбек Сарғожин, Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

«ЕҚ» редакция тарапынан бұл мақаланың ықшамдалып жарияланғанына, Ахмет Байтұрсынұлы айтқан үндеу сөздердің осы күнге де келетініне, Алаш арыстарының арманы – Қазақ елін қайтсек көркейтіп, өркендетеміз, қайткен күнде, ынтымағы жарасқан, өзге жұрттан бағы асқан дәулетті ел қанатына қосыламыз деген арман болғанын жазады. Әрі сол мақсат тәуелсіздігін алған Қазақ мемлекетінің бүгінгі қам-қаракеті барысында да үндесіп жатқандай деген түсініктемелік-анықтама берілген А.Байтұрсынұлының көптомдығына алғаш еніп отыр.

БАУЛУ МЕКТЕБІ

Мектептерге «баулу» деп ат қойылғаны 7-8 жыл болды. Сонан бері тек болмаса, ісі баулу түрге айналған мектептер әлі аз. Көбінің-ақ аты «баулуға» айналғанмен, ісі бұрынғыша жүріп жатыр. Себебі оқытушылардың көбі баулу мектебінің атына қанық болғанмен, затына қанық емес; затына қанықтардың да көбі түсіне жетік болғанмен, ісіне жетік емес. Сондықтан «баулу мектептің» атын да, затын да жақсы білетіндердің көбі де «баулу» ісін жөндеп жүргізіп, дұрыстап алып кете қойған жоқ. Баулу мектеп жөнделіп жүре бастаған жерлерге қарасақ, бәрі де қаржы мен маданыйат (мәдениет) қатар тұрған жерлер екенін көреміз. Олай болатұн мәнісі – баулу мектеп Еуропа мен Әмерикенің маданыйаты мен байлығын бойлап өсіп, аспанға таласқан басына қырағы зейін барып салған қыран ұясы сияқты түрдегі мектеп. Баулу мектеп баланың табиғатына жақын, тұрмыс ісіне үйлесімді мектеп болғандықтан, бала үйретуді баулу түрге түсіру керек деген пікір Ресейде туғалы да біраз заман болды. Патша үкіметінің тұсында мектептерді «баулу» түрге түсіру керек деушілер болса да, үкімет мойны оған жар бермейтін. Баулу мектеп бала тәрбиелеу жүзіндегі көсемдердің көңіліндегі іздеген мүддесі, көздеген мұраты есебінде жүрген мектеп еді. Үкіметінің қарасы өшкен соң-ақ баулу мектепті жарыққа шығару шарасы істеле бастады. Әлі күнге дейін баулу мектептің аяғы жерге тимей, тек мақсат пен мұрат түрінде болып, ұсынса қол жетпейтін себебін баяндаудан бұрын баулу мектеп дегеннің мазмұнына қандыру үшін атына сәйкес затында несі барлығын, жана (және) да бұрынғы мектептерден мұның айырмасы қандай, артықтығы қанша екендігін айтып кетсе, босқа уақыт алатын керексіз сөз болмас деймін. Оны білгеннен кейін баулу мектептердің тоғыз ай көтергенде де, тоғыз күн толғатқанда да не шала туып, шалағайлық қылып жатқаны немесе тіпті дүниеге келе алмай жатқан мәнісі мен себептері аса баяндаусыз да түсінікті болар деймін. «Баулу» деген сөз жаңа мектептің атына да, затына да дөп келеді. Баулу мектепте балалар «баулу» түрде үйретіледі. Қазақ тілінде «баулу» деген сөз үйретудің қай түріне айтылады? Қасқыр күшігін жеуге баулығанда, қорадан қозы ұрлап апарып баулиды. Мысық баласын тышқан ұстауға баулығанда, тышқанды тірілей әкеп беріп, қашырып ұстатып, баулиды. Қазақтың ескі жырларынан, ескі сөздерінен батыр болғандарды қалай баулып батыр қып өсіргендерін көреміз, батырлар басқалардың балаларын қалай баулып өсіргенін көреміз. Мәселен, Шыңғыс ханды жасында баулыған Шолақ қол батыр тас атудан бастап, садақ пен құс атуға дейін баулыған. Адам арқасына мініп қару қылудан бастап, ат арқасында қару қылуға дейін баулыған. О заманда би болғандар би мектебінде баулынған, яғни биге атшы болып, бірге жүріп, бірге тұрып, бітірген істердің ішінде бірге болып, баулынып, би болған. Үйрету бастапқы кезде қайда да болса, «баулу» түрде болған. Оқу – беріде шыққан үйрету түрі. Баулудан шығып бала үйрету, «оқу түріне түсіп кетуі, оқу түріне түскенде де жалаң оқу түріне түсуі тіршілік түріне қарай болған. Тіршілікке керектің бәрі табиғаттан алынады. Сондықтан үйрету «жалаң оқу» түрге айналуы адамның табиғат тану түріне қарай болған. Табиғаттың күші мен ісін бөлектеп (схоластика), күшін көкке шығарып, ісін жерге қалдырып, табиғатты жанынан айырып, өлікке айналдырғанда, үйретудің түрі «жалаң оқыту» сияқты өлі түрге айналған. Он жыл оқып жазу білмеген «оқу» өліге болмаса, тіріге керек болмаған. Қазақ баласын молдаға бергенде, намаз сабағын білсін, өлгенде басымызға Құран оқи білсін деген мақсатпен беретін. Намаз оқу да, Құран оқу да – өлген күнге, о дүниеге ғана керек қылатын нәрсе. Оқудан о күнде тірлікке пайда күтпеген. Ақырет қамы үшін ғана бала оқытқан. Өлі білім үшін берген баланы «өлі оқуға» үйреткен. Бергі замандарда ғана қазақ балалары орыс мектептерінде оқып, дүниесіне керек білім үйренетін болған шақта, қазақ мектептерінде үйрету «төте оқу» түріне түсіп, оқумен қатар жазу үйренетін болған шақта қазақ баласын мектепке Құран оқу мен намаз сабағын білуден гөрі дүниесіне керек басқа мақсатпен беретін болған. Қазақ тәртіптеп мектеп ашып, тәрбиелеп бала үйреткен жұрт емес. Сондықтан қазақта бала үйрету, тәрбиелеу тарихы да қысқа, сол қысқа тарихынан да бала үйрету түрі, жұрттың керек қылуына қарай, түрленгенін байқаймыз. Қай жұрттың да болса, мәдениет есігінде отырған заманы болған. Мәдениет есігінде отырған шағында олардың да бала үйретуі «баулу» түрде болған. Олар да үйретудің «өлі оқу» түрін де бастарынан кешірген. Олар да «өлі оқуды» жандандырып, «төте оқу» түріне түскен. Онан бері келе «төте оқуды» да жандандыру үшін «көрнекі оқу» түріне түскен. Ақырында қайтадан «баулу» түрге түсіп отыр. Мұнысы несі? Кер жайылу ма? Болмаса басқа бір мәнісі бар ма? Сырттан қарағанда, кер жайылу сияқты да, ішінен қарағанда, тек кер жайылу болып шықпайды. Бұрынғы «баулу» мен бүгінгі «баулудың» түрі бір болғанмен, сыры бір емес, үйреткені о күндегі тұрмыс түрі мен бұ күндегі тұрмыс түрі бір емес. Тұрмыс түрі басқа болған соң баланы баулығанда үйрететін істің түрі де басқа болады. О күндегі тіршілік шарасына істелетін істің түрі аз болған соң, баланы баулып үйрететін әдістің де түрі аз болған. Бұ заман – машина заманы. Машина заманындағы тіршілік ісінің бәрі де машиналы. Бұрын қолмен істелетін керек-жарақтың көбі бұл күнде машинамен істеледі. Бұрын көлікпен істелетін жұмыстың көбі бұл күнде машинамен істеледі. Бұрын күшпен істелетін қиянат, зорлық сияқты істердің көбі бұл күнде машинамен істеледі. Бұрынғы батырлық, қайрат бұл күнде машинамен істеледі. Солай болған соң бұрынғы «баулу» мен бүгінгі «баулудың» тек түрінің бірлігі болмаса, қазіргі «бала үйрету» қайта жайылу емес. Табиғи жолынан ұлағып шығып кеткен үйрету беттің ілгергі алдын түзету болады. «Өлі оқу», «төте оқу», «көрнекі оқу» – бәрінің асылы – оқу. Оқу біткеннің бәрінен алатын білім – өлі білім. Үйткені оның бәрі де нәрсенің өзімен, затымен айналыстырып үйретпей, тек нәрсенің атымен, бернесімен ғана айналыстырып үйретеді. Бәрі де істің әдісін үйретпей, тек мәнісін үйретеді. Сондықтан оқу мектептерінен шыққандар да мәнісін білім мол болғанмен, әдіс білім аз болады. Әдіссіз тек мәніс білімі – өлі білім. Тіршілік – тірлік шарасы. Тірлік шарасына үйрететін білім тірі білім болу керек. Ондай білімді адам мәніс білімі мен әдіс білімін қатар үйренгенде білмек. Тіршіліктің ең оңай ісі – қазық істеу немесе қарындаш ұштау. Бірі шотпен, екіншісі пышақпен істеледі. Шотты қалай ұстап, қалай жону мәнісін түсіндіріп, әбден білдіргенмен, шот шауып, пышақпен жонып әдісін алмаған адам қазықты да дұрыстап істей алмайды, қарындашты да дұрыстап ұштай алмайды. Тіршілік ісінің оған керек білімінің мысалдары осы. Бұл көрсетілген – тіршіліктің ең ұсақ, ең оңай ісі. Ұлы істердің әдісі де ұлы болады. Ұлы әдісті үйрету де, үйрену де қиын болады. Ұсақ істің істеу мәнісін білгенмен, істеу әдісін білмей, дұрыстап істеуге болмаса, ұлы істі дұрыстап істеуге болар ма? Мектепке бала бергенде, ата-анасы баланы тұрмыс ісіне қайым болып, өмірдің азабын көрмей, рахатын көргендей адам болып шықсын деген үмітпен береді. Мемлекет жұрттың баласын үйреткенде, о да сөз үйренген балалар тұрмыс ісіне шебер болып, өзіне де, мемлекетке де пайдалы адам болып шықсын деген мақсатпен үйретеді. Оның үстіне Сәбет (Совет) үкіметі тіршілік негізі – еңбек. Адам күн көруі көптің еңбегімен. Мектепте балалар жасынан еңбекке баулынып көптесіп, көлемдесіп, қоғамдасып іс қылып үйреніп, еңбекті іске дағдыланып, еңбекті сүйіп, шын еңбекші болып шығарға керек деп отыр. Ортақшыл тұрмыстың тасын қалаушы болып шығуын көздейді. Мектептің міндеті – берген баланы ата-анасының үміті мен мемлекеттің мақсатындағы көздеген түрде адам қылып шығару. Бұл міндетін дұрыстап атқару үшін көздеген мақсатқа керек істерді дұрыстап істеу тиіс. Қалай үйреткенде бала көздеген түрдегі адам болып шықпақ? Мәселенің қисыны – осы жерінде. «Өлі оқу» – о дүниедегі іске үйретпеген, сондықтан о түрлі оқу тіршілік мақсатындағы іске үйлеспейтіні көрініп тұр. «Төте оқу» нәрсенің, істің затын алмай, атын ғана алып, құр сөз түрінде үйреткен. Сөзбен үйреніп, сөз жүзіндегі іске шебер болуға болады, бірақ тіршілік ісі жалғыз сөз жүзінде емес. Сөзге қарамайтын тіршілік істері толып жатыр. Ол істерге істеп, үйреніп, шебер болмаса, сөзбен үйреніп шебер бола алмайды. «Көрнекі оқу» нәрсенің затын, ісін көрсетіп үйретеді. Көріп үйрету баланың табиғатына жақын дейді. Бала мектепке барғанша 5-6 жылдың ішінде бір талай білім білетіні рас. Бірақ ол білімді жалғыз көрумен ғана емес, көргенін еліктеп істеумен үйренеді. Солай болған соң тек көрсетумен болып, істетпей үйрететін «көрнекі оқу» да көздеген мақсат түрдегі тіршілікке лайық адамдар жасап шығара алмайды. Өйткені нәрсені көріп білу, білу мен істеп білудің арасы – көш жер. Нәрсеге ісің түсіп қарағанда байқауың мен ісің түспей қарағандағы байқауың – екеуі бірдей болмайды. Нәрсеге тек жүріп қарасақ, тек көреміз де өтеміз. Нәрсеге жұмыспен келіп қарасақ, олай болмайды. Тоғай талын тек тамашаға аралап барып байқауымыз бен құрықша іздеп аралағандағы байқауымыз бірдей болмайды. Тоғай толының жайын тамашаға аралағаннан құрықша іздеп аралағанда, әлбетте жақсырақ білсек керек. «Көрнекі оқу» мен бала үйрету тоғай талын тамашаға апарып танытқан мыйсалды да, «баулу» мен бала үйрету тоғайдан балаға құрықша іздетіп танытқан мыйсалды. «Көрнекі оқу» мен «баулу» екеуінің арасындағы айырмасының асылы осы. «Өлі оқудан» көрі «төте оқу» беретін білім жандырақ. «Төте оқудан» гөрі «көрнекі оқу» беретін білім жандырақ. «Баулу» беретін білім бәрінен де жандырақ. «Баулу» асылында дағдылы шағындағы тіпті «бала оқыту» емес, тіршілік ісіне тігілей түсіру. «Баулу мектеп» дағдылы мағынадағы мектеп болмай, толып жатқан ұйым, қоғамдардың бір түрі сияқты боларға керек. От басы, ауыл аймақ, ел, жұрт болып немесе қостас, шығырлас, арықтас, соқалас, артел, каператсыйа (пайдалас) болып, ұйымдасып іс қылмай ма? «Баулу мектеп» – бұрынғыдай тек мектеп емес, әлгі айтылғандар сияқты, адам ұйымдарының бір түрі. «Баулу мектеп» – нәрседен нәрсе жасап, тауар қылып шығаратын пабірік, зауыт сияқты да орын емес, өзінен-өзі өсерлік жағдай жасап, бәрін бәрін даяр күйінде беріп, балапан шығаратын жұмыртқа сықылды да орын емес, ұйым түрінде іс қылып, іс жүзінде білім алып, еңбекті сүйетін шын еңбекші болып, ұшқанда алатын нәрсесіне ұяда баулынған қыран баласы сияқты жастар шығаратын орын. Дағдылы оқу мектебін «баулу» мектепке айналдырып, қыран ұясындай ету үшін не керек болатынын алдағы әңгімелерге қалдырып, осымен сөзді тоқтата тұрамыз.

«Жаңа мектеп» 1925.

№1. Б. 24-27.

Ескерту: А.Байтұрсынұлының бұл мақаласы бұрынғы жинақтарда жарық көрмеген, кейіннен табылған мұралар қатарына жатады.

Қазіргі қаріпке түсіріп, 2000 жылы ҚР БҒМ ҰҒА-ның хабарлары, Тіл әдебиет сериясының 3-санына алғаш жариялаған – Орынай Жұбаева. 2009 жылы «Жалын» журналының №6 (Б.37-39), 2010 жылы «Қазақ әдебиеті мемлекеттік тіл» басылымының №5 (Б.2-3) санында жарық көрді. Мақала «Жаңа мектеп» журналының 1925 жылғы №1 санында жарияланған. Бұл журналда А.Байтұрсынұлының мақалалары жиі жарияланып тұрған: «Түрікшілер құрылтайы, Ана тілінің әдісі, Дыбыстарды жіктеу туралы, Түзетілген әріп, Жалқылаулы-жалпылаулы әдіс» т.б. Ғалым қудалауға түскенде оның мақалаларын жиі жариялағаны үшін «Жаңа мектеп» журналының алғашқы редакторы, қазақтың біртуар азаматтарының бірі – Молдағали Жолдыбаевтың қудалауға түскендігі туралы мәлімет берілген. Мақала 2003-2006 жылдары басылым көрген ғалымның бестомдық жинағына кірмеген. Көптомдыққа бірінші рет еніп отыр.

БАТАЛАР

А, Құдайым оңдасын,
Оңдағанның белгісі –
Мың саулығың қоздасын.
Сексен інген боталап,

Сегіз келіп қомдасын.
Тіленшінің биесін берсін,
Үйсін, Қоңырат түйесін
берсін,

Өткен әруақтарға дұғасы
тие берсін!
* * *
Құдайым, жарылқасын,

Төрт түлігіңді сай қылсын.
Мал-басыңа сәулет берсін,
Кең пейіл берсін.
Құрбандығың қабыл болсын.

Тілеген тілегіңді берсін.
* * *
Асың-асың, асыңа,
Береке берсін басыңа.

Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа.
Сенен байлық өтпесін,

Тәңір берген несібең,
Тепкілесең кетпесін.
Желіңнің екі шетіне
Тай шаптырса жетпесін.

Кешке келіп жамырасқан,
Шуылдасып маңырасқан
Қошақанның енесі –
Саулық бассын үйіңді.

Бақайлары сыртылдап,
Мүйіздері жылтылдап,
Бұзаулардың енесі –
Маң-маң басқан, маң басқан,

Шудаларын шаң басқан,
Артқы өркешін қом басқан,
Ботақанның енесі –
Інген бассын үйіңді,

Шіңгір-шіңгір кісінескен,
Жал-құйрығын тістескен
Құлыншақтың енесі –
Бие бассын үйіңді.

* * * «Төңірекке қарасаң, түнерген бұлттар әлі бар... Түбі қандай болады деп қобалжымалық... Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйімізді үй етіп, шашылмай қалудың қамын желік... Дүниенің төріне ұмтылғандар төрден орын алып жатыр. Ұмтылмағандар есікте қалып жатыр... Қалмайық десек, қарап жатпалық... Көп ісіне көп болып жабылайық... Қолымнан не келеді деп қорынбайық. Ұлтына кызмет етуге ниет болса, жұмыс табылады. Көп жұмыстың ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жок. Әркім әлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын, аз нәрсе көпке сеп болмақшы. Сәл демеу зорға сүйеу болады. Ұлы іс ұсақтан ұлғаяды... Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына үлес қосу қазақ баласына міндет».

«Елін қорғайтын ер болайық,
Ерін қолдайтын ел болайық!».

«Қай ісіміздің де Құдай сәтін салғай! «Әумин» деп қол жайып, «Әуп» деп күш қосып, «Алла!» – деп іске кіріселік» Әумин!

2. РЕСМИ ҚҰЖАТТАР:

Баянаттар, мәлімдемелер, сауалнамалар, хаттар

ЛЕНИНГЕ ХАТЫ

В.И.Ленин жолдасқа

Қырғыз (бұдан әрі – қазақ) ревкомы құрылған уақыттан бері 10 ай өтті. Ревкомның он айлық жұмысының қорытындысын шығара келгенде, ол өзінің ештеңе тындырмағанын айтуға тура келеді. Ревком жұмысы берекелі болмауын көптеген себептермен түсіндіруге болады, бірақ негізгі себеп екеу: 1) Қазақ өлкесін басқаруға қойылған Орталықтың өкілінде айқын көзқарас болған жоқ. Мұның себебі Қазақ өлкесінің әлеуметтік жағдайларының өз ерекшеліктеріне байланысты орталықтың өзінде «Ресей халықтары құқықтарының декларациясы» мен Р.К.П. бағдарламасындағы принципті (қағидалы) нұсқауларынан басқа қазақ мәселесі жөнінде айқын көзқарас болмауы; 2) Орталықтың өкілі мен халық арасында өзара сенім жоқтығымен түсіндіруге болады. Патша үкіметі тұсында ұлттық езгі көріп, құлдыққа түскен қазақтардан артық бұратаналар болған жоқ шығар. Ұлттық езгі ұлттық сезім туғызбай тұра алмайды. Езілген ұлттың бойында езушілерге қарсы жиіркеніш және өшпенділік сезімі үнемі дами бермесе де, сенбеушілік сезімінен басқа сезім ояна қоймайды. Қазақтарды ғасырлар бойы тонап, езгіге салып келген орыс ұлтының пролетариаты өзін патша шенеуніктерінің орнын басып, езілген халықтардың мойнына мініп алғысы келетін құлдыққа салушы жаңа мырзалар емес, қайта оларды азат етуші ретінде іс жүзінде дәлелдеп, көрсетуге тиіс. Солай бола тұрса да, жергілікті коммунист жолдастар қазақтарды ешнәрсе түсінбейді деп ойлайды, құйтырқы саясатқа салып, еңбекші қазақ халқына олардың тұрмысын кеңестер негізінде құруына туысқандық көмек көрсетуді ұсынбай, қайта оларға әр түрлі қулықпен өз үстемдігін танытып отыр. Өздерін интернационалист-коммунистер деп атаумен ғана орыстар патша үкіметінің айла-шарғылы саясатымен ғасырлар бойы таныс орыс емес ұлттардың сенімін оята алмайды. Қазақтарда «Сары орыстың бәрі орыс» деген мәтел бар... Қазақ халқын алдайтын үміт артылған айла-шарғылы саясат сырттай жылтырағандықтан басқа елеулі ешнәрсеге жете алмайды. Патша үкіметінің сан ғасырлық езгісіне іштей өшпенділікпен және жиіркенішпен, үнсіз өз наразылығын белгілі бір түрде көрсететін жағдай туғанша ғана созылуы мүмкін. Орыс пролетариаты үшін қазақтар жөнінде екінің бірін таңдауы ғана қалды: не билеп-төстеуші жағдайына ие болып және барлық жерде патша губернаторлары мен генерал-губернаторларының орнына жаңа диктаторлар тағайындап, өз үстемдігін күштеп таңып бағындыру, не қазақтың еңбекші халқының сеніміне ие болу. Бірінші жол айқын да түсінікті: оны қазақтар іс жүзінде көрді, әр түрлі билеп-төстеуші патшалар жеткілікті дәрежеде өздерін көрсетті. Ал, екінші жол біршама қиын және бірсыпыра түсіндіруді керек етеді. Оның есесіне, біріншісін таңдаған жағдайда қандай да болсын кеңестік құрылыс сәтсіз болуы мүмкін, ал, екіншісін таңдаған жағдайда жаңа құрылыстың іргетасы берік негізге қаланатын болады. Мәселе мынада: қазақтар арасында халқы толық сенетін, және жаза болып жаңылса да, жеке басының игіліктері мен пайдасын көздеп, өз халқын ешқашанда саналы түрде сатып кетпейтін зиялылардың белгілі бір бөлігі бар. Қазақтардың сеніміне ие болғысы келетін орыс пролетариаты үшін ең төте жол осы зиялылар арқылы өтеді. Бірақ бұл үшін осы зиялыларға Кеңес үкіметі сенім көрсетуі керек. Қазаққа қатысты барлық қиындық кешегі қазақтардың өзін езушілерге сенім білдіре алмайтынында, ал Кеңес үкіметі тиісінше, кешегі қарсыластарына әлі де сенім білдіре алмай отыр. Қазақтардың көзқарасын өзгерту және оларды керісінше, иландыру үшін коммунистер өздерін ұлтқа бөлмейтін, әлсіздерді езушілер емес, керісінше, езілгендерді азат етушілер екенін дәлелдеп, көрсетуге тиіс. Бұл үшін, біріншіден, шет аймақтарда судай таза интернационалистер жоқ немесе мүлде аз. Өздерін интернационалистер деп атаушылардың көбі шын мәнінде ұлтшылдар, империалистер; екіншіден, бұған қазіргі жағдайлар сай келмейді: республикадағы өнеркәсіп дағдарысы салдарынан Орталықтың алғашқы кезде халықтан көбірек алып, оған азырақ беруіне тура келіп отыр. Мұны қазақтар дұрыс түсінбеуі мүмкін, өйткені олар патша үкіметі бізді тонап келген еді, кеңес үкіметі де нақ солай істеп отыр деп ойлайды. Сөйтіп, істің практикалық жағынан талдағанда, екі жақтан да сенбестік болмай қоймайды; ал егер теориялық жағынан қарасақ, сенбестікке орын болмауы тиіс. Шынына келгенде, қазақ халқы тарапынан сенімсіздік орын алмауы тиіс болатын себебі, енді үкімет басында қазақтарды талап-тонап, езгіге салып келген ұлтшыл-империалистер отырған жоқ, қайта әлсіз халықтарды күштілерден езгіге азат ету мақсатын көздейтін интернационалист-коммунистер отыр; нақ сол сияқты Кеңес үкіметі тарапынан зиялы қазақтарға сенімсіздік орын алмауы тиіс. Себебі, егер революция (төңкеріс)кезінде зиялылар большевиктерге ермеген болса, олардың өз халқын азат етуге қарсы болғандығынан емес, қайта, халықтың төңкеріске дайындалмағаны салдарынан, мақсатқа бейбіт жолмен жетуді ойлап, тәуекелге бел байлай алмағандығы еді, яғни халықты азат ету жолын таңдауда қателескен болатын. Енді, дұрыс жол табылып, теориялық жағынан ғана емес, іс жүзінде де дәлелденген кезде, өз халқын азат етуді шын жүректен тілейтін тілейтін қазақ зиялылары интернационалдан басқа өзгеше жол таңдай алмайды. Егер осындай зиялы қазақтар болса, олар коммунистер емес, адал ұлтшылдар болғанымен, Кеңес үкіметінің оларға толық сенуіне болады, өйткені олар халқын шын сүйеді, халық мүдделері оларды Кеңес үкіметіне жақындасуға мәжбүр етеді. Сонымен, өзара сенімге қол жеткізудің екі жолы бар: олардың бірі – коммунистер қазақ халқын талап-тонап, езгіге салып келген империалистер емес екенін қазақтарға іс жүзінде дәлелдеп көрсету. Бұл ұзақ жол. Ал екінші жол – неғұрлым оңай және тез жететін жол. Бұдан халық бұқарасының қисынды қорытынды жасауға шамасы келмейді, ал Кеңес үкіметінің басында тұрған адамдарға оңай. Неліктен? Өзара сенімге алғашқы қадамды Кеңес үкіметі жасауы керек. Екі жақтан да сенім болмайынша, Қазақ өлкесінде жұмыстың жолға қойылуы мүмкін емес, мұны Қазақ ревкомының (төңкеріс комиссариаты) 10 айдағы өмірі көрсетті. Қазақтардың нені қалайтыны және олардан Кеңес үкіметінің не тілейтіні жөніндегі негізгі мәселе әлі де беймәлім болып қалып отыр, мұның өзі жергілікті жерлерде түсінбеушілік туғызуда.

Ал, қазақтардың нені қалайтыны белгілі әрі олар әбден табиғи нәрсе. Империализмнің сан ғасырлық езгісінде болып келген халық ең алдымен осы езгіден азаттық алуды ойлайды. Қазақтардан неліктен өзін-өзі билеуге ұмтылатыны, Кеңес үкіметінің қазақтардың нені тілейтіні әзірше бізге айқын емес және күннен күнге барған сайын бұлыңғыр болып барады. Ревком құрған кезде біздің әрқайсысымыз, ревком туралы ереже әзірлеуге қатысқан қазақтардың әрқайсысы, Қазақ өлкесін басқару жөнінде құрылып отырған ерекше орган автономияның табалдырығы екеніне сенгенбіз. Ревкомның бар екенін ғана білетін, бірақ ондағы істің жайымен таныс емес адамдардың бәрі осы кезге дейін солай деп ойлайды. Ревкомда жұмыс істеген біздің бәріміз ойлап, оның неге қажет екендігіне көз жеткізе алмадық. Өздерін коммунистер деп атайтындардың бәрі коммунистер емес бұқара халыққа түсініксіз жарғыларын тықпалап жатыр, ал Қазақ ревком мүшелері Крыловтың «Аққу, шортан һәм шаян» деген мысалының керін келтіруде. Кеңес үкіметінің басында тұрған адамдардың сан миллиондық ұлттың тағдырын мазақ етіп, оны ойынға айналдыруды ойламайтынын; патшалық саясаттың ұлтшылдық пен империалистік саясат ұстанғанын; бұратаналар деп аталған басқа халықтар жөнінде орыстарға ойына келгенді істеуге мүмкіндік берілгенін; бұратаналарға ешқандай құқ берілмегенін; қылмыс жасады деп айыпталған бұратаналардың жеткіліксіз негізсіз қатаң жазаланғанын даусыз факт (дәлел) деп мойындайтынына біз кәміл сенеміз. Мұны мойындаған соң, орыс халқының ғасырлар бойы осы рухта, яғни бұратаналарға шексіз үстемдік ету рухында тәрбиеленгені де даусыз факт ретінде мойындалуға тиіс деп ойлаймын. ...Қазіргі уақытта кез келген адам өзін коммунист деп атайды. Оларға үңіліп қарамайынша, кереметтің күшімен бәрі коммунистерге айналған екен деп ойлайсың. Бірақ, керемет тек ертегілерде болады, ал шын дүниеде ондай болмайды. Сондықтан, көптеген адамдардың ойында коммунизм идеясы жарнамадан әрі аспайды. Демек, Ресейде коммунистер көп, бірақ нағыз идеялық коммунистер өте аз, оның үстіне олар шет аймақтарда аз немесе мүлде жоқ болып шығады.

Соған байланысты мыналар қажет тәрізді: 1) Қазақ өлкесін басқаруға аты ғана коммунист емес, нағыз идеялық коммунистер мен халық сеніміне ие болған ұлт зиялыларынан шыққан, сыннан өткен идеялық қызметкерлер қойылсын. Нағыз коммунистер мен қазақтардан шыққан идеялық қызметкерлер, соңғылары коммунистер болмаса да, бір-бірімен түсініседі және іске көзқарасы ортақ болғандықтан, қазақтардан шыққан шалағай коммунистерге қарағанда, тезірек тіл табыса алады; 2) Халқы аралас аудандарда үкімет органдарының бәрінде езілген ұлттардың өкілдері кемінде 2/3 бөлігі болуға тиіс; 3) Қазақ өлкесінің шаруашылық-экономикалық мекемелерін басқару түрлі шаруашылық саласы бойынша басқа губернияларға немесе облыстарға ешқандай да бөлінбей және бағындырылмай қазақтардың қолында болуға тиіс; 4) Қазақ коммунистері мен революцияшыл зиялылардың бүкіл саяси-мәдени жұмысы кеңестік социалистік шаруашылық саясатына негізделуге тиіс; 5) Қазақстанды біріктіретін, Орынбор қаласынан басқарылатын әскери округ құрылсын; 6) Қалалардағы гарнизондар міндетті түрде қазақтардан болсын; 7) Қазақ өлкесінің шекарасы жөнінде төменде аталғандарынан басқа ешқандай да өзгерістерге жол берілмеуі тиіс...

Қазақ әскери-революциялық
Комитеті мен БОАҚ мүшесі А. Байтұрсынов.
1920 жылғы 7 мамыр,
Мәскеу қаласы.

Ленинге хаттары. Қазақстан Республикасы
Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағаты,
78754-іс, 6-том, 44-парақ.

Ескерту: Бұл ресми құжатты қазақ тіліне аударып, 2013 жылы «Қасым.kz» сайтына жариялаған – Зарқын Тайшыбай, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры. Ресми ақпараттық хат тарихшы ғалымдардың зерттеулерінде қарастырылғанымен, толық нұсқасы БАҚ бетінде жарияланбаған еді. Бұл хат жөнінде энциклопедияларда қысқаша мағлұматтық мәліметтер беріліп, ашық википедияға енді.

З.Тайшыбай тарапынан Ахмет Байтұрсынұлы Кеңес үкіметінің бірінші басшысына өз ойын ашық жеткізгендігі, отаршылдық пиғылдағылардың іс-әрекеттері көрегендікпен болжай білгендігіне алайда, Орынбордағы билікті жеке-дара иемденген «еуропалық коммунист жолдастар» қазақ зиялыларына, солар арқылы бүкіл қазақ халқына менсінбеушілік көрсеткені туралы пікір айтылған.

Партияны тазалау жөніндегі
Губерниялық комиссияға
(Аудандық комиссия арқылы)
РКП мүшесі Ахмет Байтұрсынұлынан

ӨТІНІШ

ЖАЗЫҒЫМ НЕ?

Қырғыз-қазақ халық ағарту комиссариатының коммунистік ұясының хатшысы партияны тазалау жөніндегі аудандық комиссияның қаулысы бойынша менің партиядан шығарылғанымды мәлімдеді. Маған жеткізілген хабарға қарағанда, менің шығарылуыма, біріншіден, партия жиылыстарына қатыспағандығым, екіншіден, мүшелік жарнаны уақытысымен төлемегендігім және үшіншіден, менің Алашорда ұйымына қатысқандығым болса керек.

Маған қойылып отырған бұл айыптардың қайсысынан болсын мен бас тартпаймын. Қазақстандағы Кеңес үкіметі өмірінің үш жылы ішінде РКП ұйымдарының қазақтар арасында жүргізген жұмысының қай саласын алсақ та ешқандай алға жылжушылық болмады. Неге осылай болды? Жұмысқа кедергі жасаған не? Бұл сауалды ешкім де өзіне қоймады және ешкім де бұл туралы байыппен ой жүгіртіп көрген емес. Жаңа шындықты түсіну үшін секунд де жетіп жатады, ал оған бой үйретуге, оны игеріп кетуге ондаған жылдар аздық етеді. Жеке адамның немесе қоғам тіршілігі қағидаларының орташа дәрежесіне азды-көпті сай келетін ақиқаттар мен идеялар ғана біршама жеңіл қабылданып, меңгеріліп кете алады. Көптеген утопистердің экономикалық жоспарларының іске асыру үстінде сәтсіздікке ұшырауы – олардың мән-мағынасының жоқтығынан емес, өз заманының жағдайына сәйкес келмегендігінен жүзеге аспай қалды, өйткені адамдар санасында айтарлықтай даярлығы бар негіз таба алмауының салдары болды. Қашан да болса теория жедел түрде алға басады да, практика болса баяу жылжиды, өмір жалқаулана сүйретіліп, үнемі артта қалады да, алысқа ұзап озып кеткен ғылым сәулесін әрең сезінеді. Адам еркіне ұзақ уақыт бойы әсер еткен сезімдер оның жанына өте терең еніп, дағдыға, салтқа айналады да, содан соң іргетасын қиратып, тірегін шайқаса да өзінің орнын қорғай береді. Біздің алдымызда білім жағынан артта қалған, сезім тұрғысынан қарағанда өзінің әдет-ғұрпына берік батқан, сонымен бірге жедел түрде даму қажеттігін сезінген, әр кезеңде прогресс (өрлеу) дөңгелегіне жармасатын қазақ халқы тұр. Бұл халықта әдеби кітаптар ғана емес, өзінің ана тіліндегі оқулықтары да жоқ, яғни қандай болса да мәдени-ағарту жұмысын бастауға негіз боларлық басты құралдың өзі жоқ... Негізінде қазақтар арасында саяси-ағартушылық, үгіт-насихаттық, партиялық және әр түрлі басқа да жұмыстарды жүргізу қажеттілігі мойындалып, бұл үшін бір қатар ұйымдар мен мекемелер құрылған болатын. Аталған жұмыстар қазақ арасында жүргізіліп отыр ма? – Жоқ. Қазақтар ортасындағы жұмыстың ең қарапайым түрі – кітапханалар мен оқу үйлерін ашудың өзі мүмкін болмай отыр. Қазақ тілінде әдеби кітаптарды шығармай тұрып, қазақтарға кітапханалар мен оқу үйлерін ашамыз деудің өзі күлкілі жайт болып табылады. Қазақтар үшін де, жалпы алғанда қараңғы қалың бұқара үшін де коммунизм идеясы, Гейненің сөзімен айтқанда «шақырылмаған бөтен қонақ». Халық бұқарасының саналылық жағынан алғанда мешеулігі, ал сезім жағынан түрлі тереңірек өзгерістерге деген бейімсіздігі көпке белгілі шындық. Коммунизм идеясы қазақтарға тез арада қонбайды. Біз оны «атты әскер шабуылымен» енгізе алмаймыз, біз оны ұзаққа созылатын қатаң жүйелі ісіміз арқылы орнықтыра аламыз. Ал бұл үшін ешқандай қолайлы алғы шарттары болмаса да, шапшаң түрде табысқа жетеміз деп сенетін жолдастар қатты қателеседі. Қазақ өлкесінің кең байтақтығы, тұрғын халықтың шашыранды орналасуы себепті, темір жолдардың жоқтығы және басқа да қатынас құралдары мен байланыстың қиыншылықтары, қазақтар арасында қандай да болмасын жұмысты тез қарқынмен жүргіземін деп, әсіресе үгіт-насихат және мәдени-ағарту жұмыстарын жүргіземін деп армандаудың артық екендігін көрсетеді. Аталған салалар бойынша жұмыс жоспары ұзақ мерзімге арналып жасалынып, айқын жетістіктерге жететіндей болуы керек. Біз қазақтар ортасында коммунизм идеясын тарату жұмысын қазақ халқына қызмет етуге даярланған үгітшілер мен насихатшыларды Қазақстанға толтыру арқылы, не бол-мағанда қазақ тілінде әдебиетті мол етіп шығару арқылы, ал дұрысында, осы екі тәсілдің екеуімен де жолға қоя аламыз. Бірақ мұның алғашқысы немесе соңғысы болсын, ең басты негіз – қазақ тілінде оқулықтар жасалмайынша бос қиял болып қала береді. Қандай болмасын тілде дұрыс оқып, жазу үшін алдымен осы тілдің ережелерін білу қажет, ал тілдің ережелері осы тілдің өзінен, оның қасиеттері мен заңдылықтарынан келіп шығады. Қазақ тілі жеткілікті түрде танылып, зерттелген жоқ. Тіліміздің өзіне тән ерекшеліктері мен қағидаларын игере отырып, зерттеу үстінде оның ережелерін тұжырымдауға тура келеді. Ереженің әрқайсысы оның дұрыстығын растайтын халықтың ауыз әдебиетінен алынған көптеген үгіт-нұсқаларын зерделеп түйіндеуден келіп шығады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жұмыс қиындығы мол, еңбекті көп керек ететін іс, көп уақыт пен орнықтылықты қажет етеді. Мен қазақтар арасында жүргізілетін мәдени істердің ішінде қазақ тілінде оқулықтар жазу жөніндегі жұмысымды өзімнің басты қызметім санай отырып, өзге жұмыстарға тек аса қажеттілік туғанда ғана белгілі мөлшерде уақыт бөліп отырдым. Мен РКП программасын (бағдарламасын) ұзақ уақыт бойы қазақ халқын азат етудің жолдарын іздестіруден соң барып қабылдаған едім. Өтінішімнің 3, 4 және 5 баптарында мен неліктен партияға кіретінімді айқын жазған едім. Партияның бағдарламасын ешқандай жеңіл ойсыз және өзімді өзім алдаусыратпастан саналы түрде қабылдай отырып, мен өзімнің пікірімді айтуға құқым бар деп есептеймін, қазақтар арасындағы жұмыстардың бағыттары мен әдіс-тәсілдері жайында өзіндік ой-пайымдауларымды білдіруге еркінмін деп санаймын. Халық ағарту комиссары бола отырып, КЦИК (ҚОАК) төралқасының мүшесі әрі қазақ оқулықтарын жасау жөніндегі редакциялық алқаның төрағасы ретінде мен екінің бірін таңдауға: не қазақ тілінің оқулықтарын даярлау ісімен айналысуды, немесе шынын айтатын болсақ, мен сияқты басқа да қазақ жолдастарға ешқандай пайдасы жоқ партиялық жиналыстарға қатысуды қалауға мәжбүр ететін жағдайға тап болдым. Мен мұның алғашқысын қаладым, неге десеңіз, өзімді қазақ тілі турасындағы еңбекке икемдірек және пайдалырақпын деп ойлаймын. Бұл саладағы менің қызметім партиялық жиналыстардағы отырыстармен салыстырғанда анағұрлым нәтижелірек болатындығына еш шүбәм жоқ. Партия жиналыстарына жұмсалуға тиісті уақытты мен босқа (ойын-сауыққа) йаки партия қызметіне еш пайдасыз істерге жұмсаған болсам ғана, жиналысқа қатыспауым туралы айыпталуымның мән-мағынасы болар еді. Дәл осы сияқты жарнаны уақытысында төлемеуім жөніндегі кінәлауды да баспа станогы РКП қолында болмаған жағдайда орынды болар ма еді, ал станок партия қолында тұрғанда мүшелік жарнаның төлену мезгілі партиялық істерде айтарлықтай маңызды рөл ойнамайды. Менің Алашорда ұйымына қатысуым туралы айыпталуыма келсек, бұл жөнінде мені партияға алған партия ұйымы жақсы білді. Менің өтінішімді және партияға кіргенімді хабарлап, өлкелік басылымда жария еткен де солар еді. Мен «Алашорданы» алғашқы құрушылардың бірімін және осы ұйымның ішінен Кеңес өкіметін бірінші болып мойындаған да мен едім. Кеңес үкіметі жағына шығуға мәжбүр етілдім дейтіндер жаңылысады. Бұған аса қажеттілік ол кезде болған жоқ, өйткені мен Кеңес үкіметі жағына 1919 жылдың басында, Колчак әскері Самара маңында тұрғанда өткенмін. Осы айтқанымды ескере келе, менің іс-қимылдарымның маңызы кемдеу жағын көріп, жұмысымның маңыздырық тұстарын көрмеген партияны тазалау жөніндегі аудандық комиссияға мүше жолдастардың бұл іске қатынасында жеткілікті дәрежеде байыптылық таныта алмаған деп түйемін. Егер де мені коммунистік идеяға қайшы келетін әрекеттерім үшін партиядан шығаратын болса, жұмған аузымды ашпас едім. Ондай қадамдар мен қылықтарға мен барғаным жоқ, сондықтан мені партиядан шығару туралы комиссияның қаулысын қанағаттандырарлық негізі жоқ деп есептеп, оны өзгертуді өтінемін.

Ахмет Байтұрсынұлы.
1921-ші жылдың 15-қарашасы.
Орынбор қаласы.
(«Алаш ақиықтары», 221-224 б.)

Ескерту: Бұл маңызы зор құжатты 1996 жылы қазақ тіліне тәржімалап, «Ақиқат» журналының 9-санына (Б.80-81) жариялаған – Ж.Сүлейменов, ҚР Президенті мұрағатының қызметкері.

2006 жылы жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың құрас-тыруымен «Алаш» баспасынан жарық көрген «Алаш ақиықтары». Мақалалар, деректі құжаттар аудармалар» атты жинақтың екінші бөлімі осы ресми құжатпен ашылған. Қазақ тіліне аударылған нұсқасы еніп отыр. Өтініштің түснұсқасы ҚР Президентінің мұрағат қорында сақтаулы.

МӘЛІМДЕМЕЛЕР

Бірінші нұсқа:

«Әдеби еңбекті ешкім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады. Ұлтының қажетін өтейді сөйтіп. Менің ақ патша тұсында басылып, халыққа кең тараған әдеби еңбектерімнің ішінен Крылов мысалдарының қазақша аудармасын, «Маса» деген атпен топтасқан өлеңдерімді бірегей бөлектеп атар едім. Совет үкіметі тұсында шығармашылық шаруадан қашықтай бердім. Ғылыммен айналыстым, қасиетті тілдің түп төркінін ақтарып, ғылым жасадым. Көркем әдебиетке деген көзқарасым: оның құндылығы сонда – нендей идеяны көтерген шығарма болмасын егер адам әлемінің сезіміне, жан дүниесіне қалай, қайтіп әсер ете алады дегеннен шығып жатады. Әсерге бөлей алса ғана ол әдебиет. Ой-тұжырым мәселесі екінші кезекте тұрғаны жөн, ал адамды өз әлеміне баурай тартып еліктіріп әкетер күші жоқ шығарма әдебиет емес, идеология ғана деп ойлаймын. Қазақстандағы әр қилы әдеби ағымдармен таныспын, әйтсе де олардың ешқайсысына енген емеспін, өз басым әдеби өмірде жұмысшы табының мүддесі жоғары ма, әлде ұлттың мүддесі жоғары ма деген тұжырымға елп ете қоймаймын. Ең әуелі кәсіп емес, мұң, шер, адам жаны бірінші көрінуге тиіс қой. Өзімнің жоғарғы оқу орындарында жастарды тәрбиелеу ісіндегі сындарымда, әдебиет мәселелері туралы жазған мақалаларымда осы қағидадан табан аударғаным жоқ. Сосын «Мәдениет тарихы» деген еңбек жазып, сол бойынша Қазақ оқу-ағарту наркомында, Орынборда, Қызылордада дәріс оқып, адамзат қауымын ілгерілетер демеуші күш ғылым мен техникада жатқанын қадап айттым. Есімде қалғаны, бірде 27 жылы Қызылордада шетел бөлімінде лекция оқып тұрғанымда маған «келешекте басқарушы үкімет сақтала ма?» деген сауал қойылды. Бұл сауал менің сол кездегі мемлекет басшылығы туралы дәрісіме орай, адамзат өзінің арғы-бергі тарихында басқару үкіметінсіз өмір сүрген емес деген тұжырымнан туып кетті. Ойлы сұрақ. Мен жауапты былай бердім: қай ғылым болмасын тәжірибеге табан тірейді, ендеше тарих тәжірибесіне зер салсақ адамзат ешқашан басқару үкіметінсіз тіршілік етпепті. Осыған сенер болсақ, болашақ туралы жеткілікті түрде тәжірибе жинақтай алмай жүрген уағымызда келешекте билеуші үкімет бола ма, болмай ма? дегенге жауап беру әлі ертерек. «Табалдырық» деп аталатын әдеби ұйымның платформасын жіліктеп шағып берердей көз жеткізіп біле бермеймін. Газет бетінен, қолжазба күйінен оқыған шығармын, әйтсе де әдебиет мәселесін жоспарлауға, тиянақтауға келетін болсақ, керісінше, шығармашылық шаруасы ешқашан талқыланып, жоспарлауға көнбейтін, кісінің ерік құқына байланыссыз қасиетті іс деп тұжырамын. Мұстафа Шоқайұлының Парижде тұратынымен ғана хабардармын. 1924 жылы Парижде өткен өнер шығармаларының дүниежүзілік көрмесіне қатынасып абырой алған қазақ әншісі Әміре Қашаубаев елге қайтып оралған соң Шоқайұлы өзі аянышты тіршілікте жүріп елін, жұртын аяған жүрегі жылы азамат деп ойлаймын.

29 жылғы 18 маусым.
Байтұрсынұлының қолы.
(«Абақты», Б. 187-188).

Екінші нұсқа:

«Менің әдеби шығармаларымның ішінде самодержавие тұсында басылып шыққандары: Крылов мысалдарының аудармасын және «Маса» деген атпен шыққан өзімнің өлеңдерім мен аудармаларым. Кеңес үкіметі тұсында мен әдеби іспен айналысқаным жоқ. Көркем шығарма туралы мәселеге келетін болсақ, мен көркем дүниенің құндылығын оның қандай идеяны негізге алғандығымен емес, адамның жан дүниесіне, сезіміне қалай әсер етуіне байланысты бағалануы керек, деген көзқарастарын жақтаймын. Қазақстандағы ағымдармен таныспын, бірақ та олардың ешқайсысына іш тартпаймын, себебі, мен үшін әдеби бағыттардың – пролетарлық немесе ұлтшылдық сарынның қайсысы басымдық танытса да бәрібір. Оқу орындарында жастарды тәрбиелеу жолындағы ұстаздық қызметімде әдебиет жөніндегі дәрістерімді жоғарыда айтқан пікірімнің негізінде жүргіземін. Ал Орынбор мен Қызылордада қаласындағы Қазақ ағарту институтында дәріс берген «Мәдениет тарихы» пәнінің бағытына келетін болсақ, онда мен өзімнің негізгі арнамды – адамзаттың дамуының қозғаушы күші мен қуаты – ғылым мен техника деген пікірді жетекшілікке алдым. Бірде 1927 жылы Қызылорданың Қазақ ағарту институтында тарих пәнінен дәріс беріп тұрған кезімде маған: болашақта өкімет бола ма? – деген сұрақ қойылды. Бұл сұрақ мемлекет билігі туралы оқылған дәрістегі адам баласы барлық заманда да биліксіз өмір сүрмеген деген сөзден туындады. Мен ол сауалға ғылым – тәжірибеге негізделеді, ал өткен тәжірибеге жүгінсек, адамзат биліксіз өмір сүріп көрмепті. Сондықтан да тәжірибеден өткізіп алмай, болашақта үкімет билігі бола ма, жоқ, оған ғылыми тұрғыдан баға беруге болмайды, – деп жауап бердім. Егерде ұмытып қалмасам, менің жауабым сонымен тәмамдалған сияқты болатын. Ал социализм құрылысының даму болашағы мен содан келіп туындайтын мемлекеттік биліктің тағдыры жөніндегі сұрақтар маған берілген емес. Қазақ әдебиетінің ағымдары туралы мәселені мен ешкіммен де бірігіп талдағам жоқ. Оның ішінде Мағжан Жұмабаев жасаған әдеби платформаны Бөкейхановпен бірігіп оқыған емеспін. Қалай болған күннің өзінде, мен Мәскеуге барған кезімде Мағжан Жұмабаевты Бөкейхановтың пәтерінен көрме-генім анық, сондай-ақ Жұмабаевтың пәтерінде болғаным жоқ. Нақтысын айта алмаймын. Жұмабаев пен Бөкейханов мен орналасқан жатақханаға (ол РСФСР-дің Халық ағарту комиссариатының Мәскеудегі жатақханасы болатын, 1924 жылы күзде мен өлкетанушылардың өлкелік құрылтайына қатысу үшін барғанмын) келді ме, әлде бәрімізде өлкетанушылардың құрылтайының мәжілісінде кездестік пе, әйтеуір, бір жүздескеніміз рас. Сондай-ақ, «Табалдырық» әдеби үйірмесінің бағдарын оқығаным да есімде жоқ. Әрине, әдеби шығармаларды оқыған болармыз, алайда ешқандай қолжазбаның болғаны жадымда сақталмапты, ал Сәрсенбиннің газетте жарияланған мақаласы есімде. Мен Мәскеуде болған кезімде оны Жұмабаевпен көріп қалғаным бар. Орынбор қаласында тұрғанымда Сәрсенбин менің үйіме келген емес. Әйтеуір, менің жадымда қалмапты. Тіпті, өлкетанушылардың құрылтайынан кейін соның өзін көрдім бе, жоқ па, білмеймін. Жұмабаевтың әдеби бағдарын талқылауға арналып, Алдыоңғаровтың үйіне бір рет бас сұққан жоқпын. Шоқаевқа қатысты білетінім, оның Парижде тұратындығы ғана. Тек 1924 жылы Парижде өткен дүниежүзілік өнер мерекесіне барған қазақ әншісі Әміре Қашаубаев ол жақтан қайтып келген соң Шоқаевты көргенін айтқан болатын. Бұдан басқа ол туралы ештеңе деген жоқ. Бұл сөзді Әміре менің үйіме әдейі келіп айтты ма, жоқ, көшеде кездейсоқ кездесіп қалғанда айтты ма, ол жағы есімде қалмапты. Менің берген жауабым өзіме оқылды, менің айтқан сөздерім дұрыс қағазға түсірілген, сол үшін қол қоямын.

А.Байтұрсынұлының қолы
Жауап алған ол – Саенко
(«Алаш ақиықтары», 7-8 б.)

Ескерту: Бұл ресми мәлімдеме орыс тілінде жазылған ҚР ҰКК-нің мұрағатында тіркеулі. Мәлімдемені 1992 жылы жазушы Дүкенбай Досжанов «Абақты» атты кітабының А.Байтұрсынұлына қатысты тақырыбында жариялаған.

2006 жылы ғалым Тұрсын Жұртбай «Алаш ақиықтары» деген жинақтың сөзбасы ретінде берілген «Талант талқысы» аңдатпасының беташары етіп берген. Екі нұсқа да «Ғасыр саңлағы: А.Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны» атты зерттеу еңбекте түпнұсқамен салыстырылып, талданды. А.Байтұрсынұлының көптомдығына бірінші рет енгізіліп отыр.

ӨМІРДЕРЕК

Менің туған жылым «мешін» 1872 жыл. Туған жерім Қостанай округі, Торғай ауданы, Тосын болысының Сарытүбек өңіріндегі 5-ауыл. 1882-1884 жылдары кейде үйдегі сауатты адамдардан, кейде кездейсоқ жақын маңайға келген ауылдық мектептерде қазақша сауаттылыққа үйрене бастадым. 1885 жылы біздің отбасы бақытсыздыққа душар болды: Торғай уезінің бастығы, полковник Яковлевті таяққа жыққаны үшін, әкемді түрмеге отырғызды, 1886 жылы 15 жылға жер аударуға (каторгіге жұмысқа) үкім шығарылып, ал дүние мүліктері тәркіленді. Бұл бақытсыздық менің Торғай қаласына оқуға түсуіме себеп болды. Торғай екі сыныптық орыс-қырғыз (қазақ) училищесінде 1886 жылдан 1891 жылға дейін оқыдым. Аталған училищенің курсын бітіргеннен кейін, Орынбор қазақ мұғалімдер мектебіне оқуға түстім, онда 1891-1895 жылға дейін оқыдым. Бұл мектепті бітіргендер 6 жыл мұғалім болып жұмыс істеуге міндетті. 1895 жылдың 1 маусымынан әр түрлі мектептерде: бірінші ауылдық, сосын болыстық, одан кейін екі сыныптық оқу мекемелерінде оқытушы болып жұмыс атқардым. 1901 жылдан бастап, оқытушылықтан қол босаған уақыттарымда өз бетіммен білімімді толықтырдым, әдебиетпен шұғылдандым. 1909 жылы Қарқаралы қаласындағы екі сыныптық училищенің меңгерушісі болып жүргенімде, Семей губернаторы Тройницкийдің өкімімен тұтқындап, Семей түрмесіне жіберді. Жандармның анықтауына дейін 1909 жылдың 1 шілдесінен 1910 жылдың 21 ақпанына дейін сонда отырдым. Түрмеден Қазақ облысының аумағында тұруға тыйым салынып, Ресейдің басқа губерниясында тұру құқымен босатты. Менің таңдауым Қазақстанға жақын орналасқан Орынбор қаласы болды, мұнда 1910 жылдың 10 наурызы күні келдім. Орынборға келгеннен кейін ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі (фонетикалық) мен грамматикалық құрылымын (синтаксистік, морфологиялық) зерттеуге кірістім, екіншіден қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып (шрифті емес), жеңілдету жолында жұмыс жасадым. Үшіншіден, қазақ жазба жұмысын бөгде лексикалық кірме сөздерден тазартуға, синтаксистік құрылымын өзге тілдердің ықпалынан тазартуға әрекеттендім. Төртіншіден, қазақ прозасын (іс қағаздары, көсемсөздік /публицистикалық/ және ғылыми тілін) жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтың сөйлеу тәжірибесіне икемдеу үшін, ғылыми терминдерді жасауға кірістім және стильдік өңдеу үлгілерін көрсетумен шұғылдандым. Мұның бәрі өзім басшылық жасайтын «Қазақ» газеті және өзім құрастырған оқулықтар арқылы жасалды.

Осы саладағы бағытты жұмысым 1918 жылға дейін жалғасты. 1918 жылдан, мен Оқулықтар құрастыру жөніндегі комиссияда Жалпы қазақ сиезінің 1917 жылы 5-19 желтоқсан аралығында Орынборда өткен сайлау шешімі бойынша жұмыс істеуім керек болатын, бірақ сол уақыттағы ахуалға байланысты бұл жұмыстарды жүргізуге мүмкіншілік болмады. 1918 жылдың басынан 1919 жылдың басына дейін «Алаш-Орда» ұлттық ұйымында жұмыс жасадым. 1919 жылдың екінші жартысынан 1920 жылдың соңына дейін Қазақ өлкесінің әскери-төңкерістік комитетінде комитет мүшесі болдым. 1920 жылы Бүкілодақтық атқару комитетінің орталығы (ВЦИК) және әскери-төңкерістік комитет мүшесі болып сайланғаннан кейін, өзімнің лингвистикалық жұмыстарымды қайта қолға алдым. 1921 жылдан бастап лингвистикадан бөлек, Қазақстандағы жауапты лауазымдарда жүріп, Оқу ағарту ісі жөніндегі бірінші халық комиссары ретінде, кейіннен орынбасары болып, сонан соң Халық ағарту комиссиариаты жанынан құрылған Академиялық орталықтың (Академцентр) төрағасы болып тағайындалғанда, біртіндеп оқу-педагогикалық жұмыстарына ден қойдым. Қазақ халық ағарту Комиссариаты жанындағы Ғылыми-әдеби комиссиясының төрағасы, кейін алқа мүшесі болдым. 1921-1928 жылдар аралығында Халыққа білім беру қазақ институтында (КИНО) қазақ тілі, қазақ әдебиеті және қазақ мәдениеті пәндерінен дәріс оқыдым, мұнан басқа 1926 жылдан 1928 жылы ҚазМУ-ге ауысқанға дейін Ташкентегі Қазақ педагогика институтының Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрсында доцент болдым. 1928 жылдың 1 қазанынан Қазақ халық ағарту комиссиариатының ұсынысымен Қазақ мемлекеттік университетінің Қазақ тілі кафедрасына профессор лауазымына шақырылдым, аталған комиссариат тарапынан өте маңызды келісімім бар.

Қолы қойылған /Байтұрсынұлы/
12 мамыр 1929 жыл.

Газет пен журналдардан бөлек, жарық көрген оқулықтары мен ғылыми-әдістемелік еңбектердің тізімі

Қазақ тілі грамматикасы

1. Тіл – құрал. Қазақ тілінің сарфы. 1-ші жылдық. Дыбыс жүйесі һәм түрлері (фонетика); 2. Тіл – құрал. Қазақ тілінің сарфы. 2-ші жылдық. Сөз жүйесі һәм түрлері (морфология); 3. Тіл – құрал. 3-жылдық. Сөйлем жүйесі һәм түрлері (синтаксис); 4. Әдебиет танытқыш; 5. Баяншы. Әдістемелік жазба; 6. Тіл – жұмсар. 1-ші бөлім, практикалық грамматика; 7. Тіл – жұмсар. 2-ші бөлім, практикалық грамматика; 8. Оқу – құралы. Балаларға арналған әліппе; 9. Әліп-би. Әліппе; 10. Әліппе – астары. Қазақша әліп-би үйретушілерге әдістемелік-нұсқаулық; 11. Сауаташқыш. Сауатсыз үлкендер үшін; 12. Қырық мысал, Крылов мысалдарының аудармасы; 13. Маса. Түпнұсқа өлеңдер мен аудармалар жинағы; 14. Оқу – құралы. Хрестоматия. (Т.Шонанұлымен бірге).

Қолы қойылған
12 мамыр 1929 жыл

Ескерту: Ахмет Байтұрсынұлы 1928 жылғы ресми «Өмірдерек» атты баянатында жарияланым көрген кітаптарының санын «14» деп көрсетеді. Шындығында, басылым көрген туындыларының саны – «20», Басуға өткізген қолжазбасы – «2». Жоғарыдағы ресми құжатты жазғанда ағартушы өзінің жинап, өңдеп құрастыруымен бастырған «Ер Сайын» тарихи жыры мен «23 жоқтау» (Ә.Бөкейхановпен бірге) жинақтарын және «Оқу құралы» атты жалпы мектеп сыныптарына арналған пән кітабының 2, 3-ші бөлімін көрсетпеген.

Сондай-ақ, бұл күні белгілі болып отырған «Мәдениет тарихы», «Уголовный кодекс РСФСР» атты кітаптары жөнінде де мәлімет бермейді. Бұл ресми мәліметтер Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар қорынан алынды. Мемлекетік мұрағаттарда қатталған деректер бойынша оқу-ағарту саласындағы жарық көрген әліппелері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану оқулықтары, басқа да еңбектерінің басылған уақыты хронологиялық тәртіп бойынша берілді:

1). Қырық мысал. 1909, 1913, 1922 – 3 рет;
2). Маса. 1911, 1914, 1922 – 3 рет;

3). Оқу құралы. Қазақша алифба. 1-кітап, 1912, 1913, 1914, 1916, 1921, 1922 (2), 1923, 1925 – 9 рет;

4). Оқу құралы. Алифбаға жалғасты. 2-кітап, 1913 (2), 1923, 1924 – 4 рет; 5). Оқу құралы. Усул сотие жолымен, әліпбиге байаншы. 1913, 1921 – 2 рет; 6). Оқу құралы. 1-ші кітап: Үлкендер үшін. 1921 – 1 рет; 7). Тіл – құрал. Қазақ тілінің сарфы. 1-ші жылдық. Дыбыс жүйесі һәм түрлері (фонетика) 1914, 1918, 1920, 1922, 1924, 1925, 1927 – 7 рет; 8). Тіл – құрал. Қазақ тілінің сарфы. 2-ші жылдық. Сөз жүйесі һәм түрлері (морфология) 1914, 1915, 1920, 1922, 1923, 1924, 1925, 1927 – 8 рет; 9). Тіл – құрал. 3-жылдық. Сөйлем жүйесі һәм түрлері (синтаксис) 1923, 1924, 1925, 1926, 1927, 1928 – 6 рет;

10). Баяншы. Мұғалімдер үшін. 1920 – 1 рет; 11). Уголовный кодекс РСФСР. Баспаға 1921 жылы дайындалып, өндіріске жіберілгені туралы мұрағаттық мәлімет бар. Табылмады.

12). Ер Сайын (Жыршылар айтуынан алып, өңдеп өткеруші А.Б.), 1923 – 1 рет;
13). Мәдениет тарихы. Қызылорда, 1923. Беті белгісіз. Табылмады.

14). Әліппе астары. Қазақша әліп-би үйретушілерге баяншы. 1924 – 1 рет; 15). Әліп-би. Жаңа құрал. 1926, 1927, 1928 – 3 рет;

16). Сауаташқыш. Сауатсыз үлкендер үшін. 1924, 1926 – 2 рет;
17). 23 жоқтау. 1926 – 1 рет;
18). Әдебиет танытқыш 1926 – 2 рет;
19). Оқу құралы. Суретті. (Т.Шонанұлымен бірге). 1927 – 2 рет;

20). Тіл – жұмсар. 1-ші бөлім. 1928 – 1 рет;
21). Тіл – жұмсар. 2-ші бөлім. 1929 – 1 рет;
22). Практическая грамматика. 2-ое стреотипное издание. 1929 – 1 рет;

23). Шаруашылық өзгеріс. /Қолжазба/. Әңгіме №4., Жылы белгісіз, беті белгісіз. Төрт бетке жазылған «Өмірдерек» (Жизнеописание) құжатының түпнұсқасы – А.Байтұрсынұлы мұражайының қорында тіркеліп, сақталған. Бірінші рет қазақ тіліне аударылып, томдыққа еніп отыр. Бұл маңызы зор ресми деректің құндылығы А.Байтұрсынұлының өз қолымен толтырылуында. Түпнұсқалық қолжазбаның телнұсқасы осы томның «Мұрағаттық деректер» тараушасында қаз-қалпында берілді.

ХАТТАР

Бұл тақырып «хаттар» деген атауымен де құнды. Өйткені, қандай да бір шығармалар автор тарапынан кей тұстары өзгертіліп, жаңартылып отырады. Немесе қайта басылғанда заман ағымының талабына қарай өзгеріп отырады. Кейде қысқартуларға түсіп, редакциялаушы батыл әрекеттерге де барады. Ал хаттардың мәтініне келсек, мұндай «батылдыққа» ешкімнің де жүрегі дауаламайды. Хаттың аты – хат. Ол біреуге арнайы жазылып, белгілі бір кезең уақиғаларын қамтығандықтан, әрі нақ датасы көрсетілгендіктен, оның мазмұнын өзгертіп, уақытты кері айналдыра алмайсың. Аты айтып тұрғандай уақытпен бірге қатталып, мәңгілікке жазылып қалады. Мінекей, оның құндылығы да осында. Құнды хаттар – Гүлнар Міржақыпқызының жеке мұрағатынан алынды. Хатты бүгінгі әріпке түсіруде «қандай да бір жаңсақтық кетпесін» деп, жасының егделігіне қарамастан, Гүлнар апайдың өзі жіті қадағалады. Хат мәтінінін қазіргі әріпке түсіргенде, бүгінгі емле ережесі сақталды. Мәні зор хаттың түпнұсқасының телнұсқасы беріліп отыр.

Арыстар арасындағы хаттар:

Қадірлі Әли!

Орталықты Қызылордаға көшіру жөніндегі мәселенің түпкілікті шешілмеуіне байланысты сенің көп хаттарыңа дер кезінде жауап қайыра алмадым. Енді Қазақ-қырғыз институты көшпейтін болса да, шәкірттердің оған қарамай астанаға барамыз деп шешкенін көріп, мен де Қызылордаға қоныс өзгертуді жөн санадым. Сондықтан ол жаққа пәтер қарау мен іздестіруге әйелімді жібердім. Биылғы жыл орталықтың көшуіне байланысты елге бара да алмадым. Енді көші-қоным біткен соң, тамыз бен қыркүйек айларында баруды ойлап жүрмін. Егер сенің профессорың Торғай мен Ырғызға қарай шығатын болса, маған да онымен бірге шығу қажет шығар. Оның өлең-ән жинауы, суретке түсіруі – менің де ежелден ойластырып жүрген дүниелерім еді. Егерде профессордан үйрену жазса, маған үлкен олжа болары хақ. Қазақ мемлекеттік баспасымен келісілген шартқа сәйкес, мен жаңа емле бойынша үш грамматика және қазақ әліппесін қайта жасауым керек. Аяқталу мерзімі: біріншісі – 15-ші маусым, екіншісі – 1-ші шілде, үшіншісі – 1-ші тамыз, төртіншісі – 20-шы тамыз. Міне, сол уақытқа шейін басқа жұмыстарға қарауға мұршам жоқ, оның үстіне Қазақ-қырғыз институтында оқу басталса, тағы да уақыт болмай қалады. Сол себепті де 20-шы тамызға дейін Ибраһимнің (Абай) ғұмырбаянын жаза алмайтынымды анық айтамын. 20-шы тамыздан соң уақыт бола ма, жоқ па – оны білмеймін. Сендерге өз суретімді жібермекпін. Бірақ байқа, менің бейнем енгізілген дәптеріңді алмай қойып жүрмесін. Біздің коммунистер Мәскеу коммунистері секілді жартыкеш емес, нағыз 96-шы пробалы. Алтынсары баласының суретін «Шолпан» журналының №6, 7, 8 кітап жинағынан табасыңдар. Одан басқа менде суреті жоқ. Міржақып Қостанай үйезіне кетті. Кеше одан алған телеғырамның мазмұны мынадай: «Гая ерледі: ұл туды». Мен Пішпекте өткен қырғыз мұғалімдерінің сиезінде болып келдім. Күн тәртібіне қойылған мәселелер мыналар: тіл, әріп, емле, ғылыми пән сөздері, ескі сөздерді жинау, мектеп түрі. Латын әліпбиі жөнінде оларда бұған дейін бір жиналыс болып, шешім шығарған екен. Сиез соны мақұлдады. Ол шешім төмендегідей: «Латын әліпбиін қырғыздың болашағы үшін пайдалы деп табу. Алайда оған араб әліпбиіне кейбір өзгерістер ендіру». Олар Нәзірдің латын әліпбиін арабшадан нашар дейді. Бізде үлкен және кіші әріп болмауы қажет, сонымен бірге тасқа түсетін әріп және жазбаша әріптің айырмашылығы байқалмағаны жөн. Орысша жағырапияны Академиалық орталық баса алмайды. Оны Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының талқысына салып, сонан соң хабарлармын. Соңғылар бастыртады деп ойлаймын, өйткені оларға қазақ жағырапиясы өте қажет.

Құшақтап сүйдім. Ақымет.
1/VІ. 25-ші жыл.
Бауырым Ақымет!

11-маусымда жазған хатыңды алдым. Профессор тамыз және қыркүйек айларында Ырғыз бен Торғайға барып, сол жақтан Қызылордаға соғатын боп уәде беріп, Берлин қаласына қайтып кетті. Мен оған Қостанайдан бастауын өтіндім. Ол бұған келісті. «Егер осы өңірлерге барсаңыз, Ақымет Байтұрсынұлын ұшырастыруға тиіссіз», – дедім мен тағы да. Егер сенің келісіміңді біліп, оған хат жазып, хабарласып, ақпарымды Мәскеудегі неміс өкілдігіне тастап кетпекшімін. Ол өзі біздің қазақ өкілеттілігіне соғып, анықтап сұрап алатын шығар. Тамыз айында өзің қайда болмақсың? Мырзағалиевті неміспен ұшырастыруға жіберерсің. Еуропа сүзектің микробын әлдеқашан тапқан. Лизажанның профессоры дәріс үстінде айтатын көрінеді: «Макс па (менің немісім), жоқ мен бе, бұл микробты тапқан сияқтымыз», – деп. Макс бұл жөнінде ештеңе демеп еді. Бәлкім, оның зерттеуінің нысанасы да сол шығар. Егер сен оған қосылсаң, тіпті жақсы болар еді. Біздің Орталық баспада көрнекті құралдар шеберханасы бар. Олардың қаржысы жеткілікті. Жұмыс жоспары ауқымды. Бүкіл КСРО бойынша халық ағарту ісіне қажетті нәрселер әрбір ұлттың жағдайы мен ерекшелігіне қарай жасалынбақшы. Мен оларға «Қазақ Академиялық орталығымен байланысыңдар» деп кеңес айттым. Академиялық орталық енді қазақ мектебі мен көшпелі оқу үйлеріне келеді-ау деген ережелерін көрсетіп, арнайы жұмысымен қоса осы мүмкіндікті пайдаланып, өз бағасын берсін.

Академиялық орталық, осыны орындауға тырысыңыздар.

Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Ол бірде бір ән сөзін білмейді ғой. Болмайтын нәрсені айтады. Мен оны бірыңғай әншілердің үйіне апарып ән салғыздырттым. Дауысын мақтастық, бірақ ән салған кезде, мен қатты ұялдым. Айтқан әнінің сөзінде мән болсайшы. Парижде мәнді әнді талап етеді. Әншіні Парижге жібере отырып, бір әннің сөзін болса да жаттатқызуға болады ғой. Әміремен бірге баратын басқа халықтардың әншілері ұлттық киімдерін киген, ал біздің Әміре орыс мещандарынша киініпті. Бұл соншалықты қиын ба? Абай мен Алтынсары баласы жөніндегі жазуыңды күзге дейін бітірсең кеш емес. Нәзір де Абай туралы жазбақшы. Мейлі жазсын. Алтынсары баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң, жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе. Егер ол қазір өмір сүрсе, сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде, оның ісін жасарың хақ. Сенің ересек сауатсыздарға арналған кітабыңда «бізге» керексіз қазақ хандары мен билерінің сөздері бар екен. «Еңбекші қазақтың» 30-санындағы №19 қосымшасында Ғаббас: «Кітапта бір коммунист жоқ» деп жазыпты. Оған жолдас Мардан «Ақ жол» бетінде жауап қайтарды. Мардан жақсы айтыпты. Мен Марданның мұны неге жазғанын білдім: біздің «жазушы» қазақ коммунистер саған риза емес әрі араз көрінеді. Сен кітабыңда Мағрифаның інісінің мақаласына дейін орын беріп, мына «жазушылардың» еңбектерін кіргізбепсің. Орыстың мұндай кітаптарында Ленин мақалалары толы болады екен. Қазақ кітаптарында ондай сүрең байғұс Сәкеннен өзгеде жоқ. Мұны жақында маған соққан коммунистің бірі айтты. Мен оның есіне мынадай мысалды түсірдім: Көктем шығып, күн аспанға жоғары көтеріліп, тіршілік атаулы ояна бастағанда, Юпитер бұқа кейпінде жерге төмен түсіп, сиырлардың арасында ұрпақ өндіру қамымен жүреді екен. Бірде жай ғана кәдімгі бұқа – Юпитер Құдай болуды ойлапты. Сонда біреулер айтыпты: «Бұқаның Юпитер боламын деп армандауы – бос қиял» деп. Қазақ коммунистері Ленин болуды қаласа, жол ашық. Әлгі бұқаның кебін құшып жүрген қазақ коммунистері Ленин бола ала ма дегенімде, мына «төрем» көңілсізденіп әрі өкпелеп қалды. Келініне барды деп, Күрден әкесі Едігеге қол жұмсағанда, Едіге айтқан екен: «Егер арғымақты қорласаң, жақсы ат қайдан келмек? Қара сұңқарды қорласаң, ондай құсқа қолың қайта жете ме? Егер жерді өртесең, азықты қайдан алмақсың? Шашымды ақ шалып, көзімді шел басып, қартайған шағымда өз атаң – мені сынасаң, қайдан жақсы боласың» деп («Көксілдер»). «Көксілдер» мен «Шайырда» осындай өлеңдер бар. Осыны жазуға болады ғой. Орталық баспаның тапсырмасы бойынша Мағжан Жұмабайұлы әліппе мен өз бетімен оқитындарға арнап кіріспелік жазған-ды. Кеше Нәзір айтады: «Мағжан Жұмабайұлының жазған кітабы Байтұрсынұлының кітабынан жақсы» деп. Ол кітаптар әлі басыла қойған жоқ. Маған көрсетпеді де. Бірақ Нәзір сыншы емес. Меңдешұлы жолдас «Бөкейханұлы Еңбекші Қазаққа мақала жазады» деп шағымданыпты. Бұл шағымы 15-маусымда Орталық комитет жанындағы Баспа бөліміне түсіпті. Мен әлгі шағым бойынша онда отырған татарлар тиісінше тезден өткізді. Мәскеу коммунистері: «Қазақтар – ұлтшылдар» деп жалпыға жар салып айқайлап жүр. Мен олардан: «Айтып жүргендерің не?» деп сұрасам, олар: «Өздерің өздеріңе шағым жасап жүрсіңдер, яғни оны жазған – өз қазақтарың» деп айтады.

Жазғандарымызды аяқтадық. 30-маусымда елге қарай шығамын.

Мадиярдың балалы болуымен құттықтайын деп едім, бірақ мекенжайын білмеймін. Осы жөнінде Мадиярға жазып жіберші. «Еңбекші Қазақ» маған тиесілі ақшамды бөлер ме екен, соны Жолдыбайұлынан білші...

Хат жаз. Әлихан.
Мәскеу,
23/VІ-25 жыл.

Замандас інісі Міржақыпқа жазған хаттары:

32-ші жылдың декабрдің 31-і
Міржақып, Мырзағазы, Ғазымбек қарақтарым!

Мен Арқангелға 30-ноябрде келдім. Келген күні демалыс күні болғандықтан, ешкімді тауып алуға болмай, далаға түнегендей болып, түнімен жатпай, көшеде қыдырып жүрумен болдым. Таңертең барған адамды келесі таңға дейін таба алмадым. Жанымда бірге барған 4-5 адам, олар да солай болды. Түнді солай өткізіп, ертеңіне Абдолланы тауып алып, 17-декабрге дейін соның үйінде болдым. Онан кейін пәтер тауып алып, бөлек шықтым. Мұнда пәтер табу деген өте қиын жұмыс екен. Таныс арқылы болмаса, өз бетіңе пәтер табу деген болмайды. Абдолла өзінің таныстары арқылы әрең тауып берді. Келгеннен бері орын іздеудемін. Әлі табылған жоқ, тұяқ ілікпей қалды. Бос орындарға – біріне әуелі профсоюз мүшесін аламыз дейді; біреулеріне – үшекеңнің ұлықсатын сұраймыз деп, сұрағаннан кейін болмайды дейді. Орынсыз адамға нан картешкесін, ысталобый картешкесін бермейді. Ол картешкелер болмаса, нанды, тамақты базар бағасымен алып ішесің. Базар қымбат, нанның килесі – 5-6 сом. Бөлкені 25-30 сом, сүттің литрі – 4-5 сом. Майдың килесі – 45-50 сом. Оған қалай ақшаң шыдасын. Алып келген аз ауқатым әлдеқашан бітіп қалды. Абдолла мен Қыр баласы екеуінің атсалысуымен жан сақтап тұрған жай бар. Қыр баласы орында болып, бұрынғы адресімен тез хабарластым. Сендерге орын тауып жайғасып, жазайын деп едім, орын болмағасын көңілді хабар жаза алмай тұрған жай бар.

Құшақтап сүйем. Ақымет.

Келесі хат:

33-ші жылдың 26/ІІ.

Дендерің сау, аман жүрсіңдер ме? 31-декабрде бір хат жазған едім, оны алған-алмағандарыңнан дерек жоқ. Мен әлі орынға кіре алмай жүрмін. Мекемелерді ықшамдау мен жер аударғандарды алмау деген ағын тұсына кез келіп, еш жерге орналаса алмай тұрғаным. Орын болмаған соң қай жағынан да болса хал нашар болатыны белгілі. Бір жағынан ауру, екінші жағынан суық, үшінші жағынан аштық – үш жақтан қысып, әркімнің ат салысқан көмегі арқасында күнелтіп келе жатқан жай бар. Бұл қалыппен көпке бармай, бір шегіне барып тынатын шығармын. Қыр баласы қолдан келген көмегін істеп-ақ жатыр. Бірақ көмекпен күнелту мұнда өте қиын. Қара нан килосы 12 сомға жетті, ол не шыдатар, жұмыста болмаған соң, нан картешкесі, ысталобай картешкесіз нанды базардан алып жемеске шараң жоқ. Базар бағасы анау, онымен қанша нан сатып алуға, тойынып тұруға болар. Кәзір әбден арықтап, жүдеп болдым. Жылы киім жоқ. Күн мұнда Аралдағыдай емес, өте суық. Суық тағы бір жағынан айналдырған соң қалай күнелтпек. Елдің қабаты өздеріңе мәлім күйде, мәнісі кеткен. Қыр баласының ел жайынан жазған хаты қолды болып, қолыма тиген жоқ. Қу жақ екі жолдасымен орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ – соқырға көрінген, саңырауға естілген болса керек. Әлімхан, Әуезұлы екеуі тәуба қылып шыққан. Басқалары: Сейдәзім, Мұқамеджан Т., екі дос, Ақбай ақсақ інісімен, Әшім, ұзын Мұхтар – бұлар Воронеж қаласында; аудандарында – Қошке, Жұмағали, Мұстафа Б., Әбдірахмен, Нәшір, Күдері баласы – бәрі де қызметте – қатын-балаларымен тұрған көрінеді. Мен де қатын-балаларым мұнда келуге, мен де онда баруға рұқсат ет деп, Мәскеуге арыз беріп едім хабар жоқ. Жақын арада жазушының бұрынғы қатыны бастық болып тұрған мекеме арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйім бәрін айтып, өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлетінмін деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан ешнәрсе шықпаса, шынында өлу ғана қалады. Мұнда срогы біткендерді де босата қоймай, бәрін осында ұстап отыр екен. Соңғы күндерде босатулары сұрапыл, күн-түні қағаздарын беріп, қойша ағып жатыр. Күн біткендерден ешкім қалмайтындай көрінеді. Өздері қалам деп тілесе ғана қалдырады. Мұнда Абдолла қатын-баласымен тұрады. Олар да мекеме ықшамдауына ілігіп еді, қатыны басқа орын тауып кірді де, өзі бұрынғы орнына 10 күннен соң қайта кірді. Жақын арада Алматы жағынан үй-іштерімен көп қазақ келді деп еді. Оларға әлі жолыққаным жоқ.

Қош, Ақымет.

Келесі хат:

34-ші жылдың 8/ІІІ.

Қарақтарым, Міржақып, Мырзағазы! Сондамысыңдар! Дендерің сау ма! Ғазымбек қайда? Мен қатын, баламның қасына жібер деп сұранып, мұнда келдім. Өткен сентябрден бері осындамын. Айына 150 сом жалақысы бар, бір орынға ілініп едім, онан осы марттан бастап шығарып тұр. Қазір жұмыссыз тұрмын. Қыр баласынан хат алып тұрамын, аман. Соңғы бір-екі хатында Смағұлдан басқамыз аманбыз деп жазған екен, онысы немене екенін анық білмеймін. Елдос Алматыда, оқыту жұмысында деп жазады. Оның өзіне әлденеше рет жазып, жауап ала алмай-ақ қойдым. Сендерге жазып, жауап қайтпаған соң тағы да жазып отырмын. Қолдарыңа тиісімен хабар берерсіңдер. Б.С-дан сәлем. Ол қояншық ауруы болып біткен. Шолпан мен мұнда келгенше Алматыға кетіп қалыпты. Ағайындардың бәріне сәлем.

Сүйем. Ақымет.

Ахметтің елге сәлемі. Бұл өлең-хат Серікбай Мамырқанов арқылы жеткен. Өлең-хат бірнеше дүркін БАҚ-та жарияланым көрді. Алғаш 1989 жылы «Біздің Отан» еларалық айлық газетте қаңтарда, Сол жылы «Қазақ әдебиеті» апталығының маусымдағы санында жарық көрді. Осы өлең-хатты жеткізуші жөнінде және айдаудан келген аманаттың ұзақ жылдар сақталуы туралы мәліметтер берілген: «С.Мамырқанов Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауылының тұрғыны. 1929 жылы ел ішінде Кеңес төрағасы болып жүрген тұста жазаға ұшырап, Ақ теңізге айдауға жіберілген. 1932 жылы Ақ теңіз бен Балтықты жалғастырған Беломор каналы ашылғанда сол аймақта айдауда жүрген А.Байтұрсынұлына кез болған» –деп, олардың тағдыр тәлкегінде дәм-тұздас болған тұста осы он шумақты өлеңмен А.Байтұрсынұлы туған еліне сәлем жолдағаны айтылады. «...Өлең Серікбайдың өзі жазған және ел аузынан жинаған шежірелері топталған дәптерінен алынды» деген мәлімет береді.

Күрескер ақан Ахмет ту-у тозақта жүріп те қайраты мұқалмай, сағы сынбастан, ойлағаны тағы елінің қамы болып, сүргінге салған жұртына кінә артпастан, «...Ел-жұртты бізден бұрын көре қалсаң, Сәлем айт алты арысқа бізден тегіс» деп, айдауда тағдырдың тезімен бірге болған жерлесі арқылы туған елге сәлем-хат ретінде өзегін жарып шыққан өлеңін арнайды. Бір ғажабы, елден «баз біреулердің» қасақана көрсетуімен айдалып кетсе де сол жұртына деген сағынышын жасыра алмайды. Ақынның: «...Кеттік деп сенен алыс қамығады. Сарыарқа сайран еткен, қайран мекен, Ерте-кеш соны ойлап, сағынады» деген өлеңінде «өзектен тепкен Отанына» өкпесін артпай, керісінше «өз ошағы, өлең төсегі – Қазақ еліне» шексіз махаббатын арнайды.

АХМЕТТІҢ ЕЛГЕ СӘЛЕМІ

(хат арқылы)
Талапты жастың бірі – сен бір балам,
Келіпсің дәмің айдап Қарағайдан.
Қаңбақтай жел аударған ажырапсың,

Ел-жұрттан, туысқаннан кейін қалған.
Басынан ер жігіттің нелер кетпес,
Қажыма, қайратты бол, еш нәрсе етпес.
Бейнетің көрген түстей болар ұмыт,

Шығарсың азаттыққа ерте иә кеш.
Басың жас, қызығың көп көрер алда,
Мұңайма бақсызбын деп бүгін таңда.
«Ұлы той көппен көрген» деген бар ғой,

Байқасаң аман қалған адам бар ма?
Не білгір, не данышпан – бәрі келген,
Жас та көп бұл арада кәріменен.
Танысып, талай жұрттың жайын біліп,

Жолдас боп жүрсің міне, бәріменен.
Осының үлкен олжа өзі саған,
Не көрді елде қалған басқа адам.
Өкінбей мұндағы өткен өміріңе,

Өрге жүз, өрнек алып осылардан.
Күн туар есен-аман елге қайтар,
Қызықтың бастан кешкен бәрін айтар.
Ысылып тең-құрбының алды болсаң,

Көргендер көріскенде басын шайқар.
Ақыры сергелдеңнің болмай теріс,
Өзіңе қайырлы боп мұнда келіс,
Ел-жұртты бізден бұрын көре қалсаң,

Сәлем айт алты арысқа бізден тегіс.
Айтарсың, Ақ теңіздің аралында,
Айдалған ағаларым қамауында,
Баяғы көксегені сенің бағың,

Жүрсе де бақташының қарауында.
Кеш жатып, ерте тұрып жабығады,
Кеттік деп сенен алыс қамығады.
Сарыарқа сайран еткен, қайран мекен,

Ерте-кеш соны ойлап, сағынады.
Ызғарлы Ақ теңіздің күні тұман,
Бар екен ағаларда үлкен шыдам.
Бел байлап тәуекелге жүріп жатыр,

Басқа сөз айтқаны жоқ дерсің бұдан!

Ескерту: хаттар мен өлең-хат бұрын жарық көрген А.Байтұрсынұлының бес томдығына енбеген. Бірақ филология, тарих саласы мамандарының зерттеу нысаны болып, дерек көзі ретінде қарастырылып, ғылыми айналымға (эпостолярлық жанр) түсті. Көптомдықтың осы 6-томына топтастырылып берілді.

МҰРАҒАТТЫҚ ДЕРЕКТЕР

Ахмет Байтұрсынұлының 1923 жылы «Өмірдерек» баянатында берген еңбектер тізімі.

Құжат А.Байтұрсынұлы мұражай-үйі қорында сақтаулы.

Бадрисафа Байтұрсынованың Дала губернаторына жазған жеделхаты. 3 тамыз, 1909 жыл.

Б.Байтұрсыноваға жауап хат. 8 тамыз, 1909 жыл.
Мемлекеттік дума депутаты Скалозубовтың хаты. 17 қараша, 1909 жыл.

Дулатұлы Міржақыпқа жазған Ахмет Байтұрсынұлының 1932 жылы 31 декабрдегі хаты.

Хат – 1934 жылы 8 наурызда жазылған.
Тұтқындау туралы ордер. 1937 жыл.
Қамауға алынғаннан кейінгі ашылған қылмыстық іс папкысі. 13 тамыз 1937 жыл.
Өлгендігі туралы куәлік. Берілген уақыты 23 наурыз 1989 жыл.

ЕКІНШІ БӨЛІМ. БАЙТҰРСЫНҰЛЫТАНУ БАСТАУЛАРЫ

1. ЭНЦИКЛОПЕДИЯЛЫҚ ЖӘНЕ БИБЛИОГРАФИЯЛЫҚ БАСЫЛЫМДАРДА

АХМЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ НЕГІЗДЕРІ

«37-нің қасақана жасалған қасіреті» 1957 жылы біршама сейілгенімен, кеңестік кезеңдегі ғалымдардың екі жарылған пікірлерінің салдарынан Алаш Арыстарын түгел ақтаудың мүмкіндігі болмаған... Ұлт зиялыларының басты адамдары тарих тасасында қалып қойды. Олардың кейбір туындылары қара құлыптың құрсауына салынса, кейбір шығармалары «халықтыкі» делініп, ел аузында жүрді. Халық қалаулыларын жұтқан «қара құрсау» 51 жылдан соң қайта қаралып, 1988 жылы қарашаның 4-і күні Алаштың үш арысы – Ахмет Бай-тұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов толық ақталып, олардың шығармашылары ашық түрде қайта жарыққа шықты. Ғалым ғұмырнамасы мен шығармаларының негізгі кезеңдерін баяндауда мұрағат деректерінің толық игерілмеуі, пайдаланған материалдарға сілтеменің дұрыс көрсетілмеуі, БАҚ-та жарияланған соны деректердің игерілмеуі ахметтану мәселесінде кері ықпалын тигізді. Кейбір келеңсіздіктерді ескере келіп, «ғылыми анықтамалықтар мен мерейтойлық құттықтау-лебіздерді қайта жаңғыртып, зерделеуді – ахметтану мәселесінің алғышарты» деп зерттеуде. Негізінен, баспа бетінде жарияланым көрген деректер бойынша қарастырсақ,ахметтанудың алғаш ғылыми тұжырымдалуы – 1919 жылдан басталады. Атап айтсақ, 1919 жылы А.Н.Самойлович «Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы»1 деген ғылыми мақала жазса, кейін бұл үрдіс жалғасын табады. Самойловичтің мақаласы кейін 1930 жылы тұлға түрмеде отырған тұста, Мәскеуде жарық көрген «Әдеби энциклопедия» атты жинақтың 1-томына кіреді. Бір ғажабы, Ресей ғалымдары арасында жеке адам баласының басында болып жататын түрлі қайшылықтарға қарамастан, оның ғылымдағы жетістіктері бағаланып отырған. Қазақ елінде А.Байтұрсынұлының ұлты үшін жасаған жұмыстары қасақана «халық жауы» деп қараланып жатқанда, орыс ғалымдары аталған жинақтың 1931 жылы жарық көрген «Әдеби энциклопедияның» 5-томына «Қазақ әліпбиі»2 деп енгізеді. Міне, нағыз ғылымдағы шынайы адалдық, ғылыми жетістіктің бағалануы! 1924 жылы Е.Д.Поливанов «Қазақ-қырғыздың жаңа (Байтұрсыновтық) емлесі»,3 1928 жылы Н.Ф.Яковлев «Әліпби құрылымының математикалық жүйесі»4 туралы ғылыми мақалалар жазды 1974 жылы А.Н.Кононов «Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы»5 атты ғылыми анықтамалық-мәліметтер бергені тарихтан мәлім. Зерттеуші А.Самойлович ғылыми деректік мақаласында А.Байтұрсынұлының ғалымдық қайраткерлігін биографиялық анықтамалық шолуға сыйғызған, қазақ ғалымын: «...қазақ тілі орфографиясының реформаторы, қазақ грамматикасы және қазақ әдебиеті теориясының негізін қалаушы» деп жазды (Б. 305-306). Самойловичтің ғылыми анықтамалық-ақпараттық мақаласын негізге алсақ, ахметтанудың іргетасы 1922 жылғы Міржақып Дулатұлы мен Елдес Омаровтың мақалаларынан да ертерек, 1919 жылы-ақ басталған. Себебі, аталған А.Самойловичтің мақаласында Ахметтей қоғам қайраткерінің 1919 жылға дейін жасаған сан алуан жұмыстарын ғылыми сипаттамаға сыйғызған. Зерттеуші мәліметіндегі: «көрнекті қазақ ақыны», «жорналшы», «педагог» деген танымдық сипаттаулар дәл сол уақытта қазақ ағартушысының атқарған негізгі жұмыстары болатын. Ал қазақ зиялылары тарапынан 1922 жылдан бастап зерттеліп, бағаланып жүрген «Қазақ» газеті туралы А.Самойлович: «…қазақ халқының қоғами-мәдени санасын оятушы басылым» деп, айырықша атап айтты. Бұл күні әдебиеттану ғылымында «төлтума» деп тануды ұсынған «Қырық мысалдағы» қазақы сипат пен өрнекті тілді «…Байтұрсыновтың тілі лирикалық шығармаларында қарапайым, өзінің бай, көркем, поэтикалық мәнерімен ерекшеленеді» дейді. Міне, өзге ұлт өкілі орыс ғалымы берген нақты әрі құнды ғылыми тұжырымдаманың қазақ зиялыларынан 3 жыл бұрын айтылған. А.Самойловичтің ғалым туралы берген сипаттамасы алғашқы танымдық ғылыми бағалау. Бұл – А.Байтұрсынұлының ғылымдағы қайраткерлігіне қазақ ғылымы тұрғысынан айтылған тұңғыш ғылыми анықтамалық сипаттама. Орыс зерттеушісі Ахаң туралы айшығын «қазақтың бірінші көрнекті лингвист-ғалымы» деп түйіндеген. Н.А.Самойловичтің «Түрік халықтарының әдебиеті» дегенматериалында ғалымның шыққан ортасы мен жасаған еңбектерін қамтыған биобиблиографиялық мәлімет – мемлекеттік мәртебесі бар мекеменің арнайы тапсырмасымен жазылған тарихи еңбек. Бұл мақалада «А.Байтұрсынұлының отбасы, оқыған мектептері, ұлт үшін жасаған қызметтері, қайраткерлігі «қазақ тілі грамматикасы мен қазақ әдебиеті теориясының негізін қалаушы, қазақ тілі орфографиясының реформаторы» деп оның атқарған қызметтерін қадап көрсеткен. Қысқаша мәліметте Ахметтің әкесі Байтұрсынның айдауда болғаны да қамтылған. «Қазақ» газетінің қазақтың жас ақындары мен жазушыларын айналасына үйіргенін, басылымның мақсаты – қазақ халқының қоғамдық-мәдени деңгейін көтеру және оны ағартушылық жолмен іс жүзіне асыру болғанын жазған. А.Байтұрсынұлының әдеби қайраткерлігі 1901-1904 жылдары Крылов мысалдарын аударудан басталғанын, оның тілінде «өзіндік көркемдік пен поэтикалық мәнері қарапайым әрі жатық халықтық реңк басым десе, «Маса» жинағындағы өлеңдерінің негізгі мәні халықтың санасын ояту болды» дейді. Патшаның бодандық саясатына қарсы тұрған ақын деп, қайраткерлігін шағын анықтамаға өте шебер сыйғызған. 1924 жылы Қазақ әліпби жөнінде профессор Е.Д.Поливанов Ортаазия мемлекеттік университетінің бюллетінде жариялаған мақаласында: «...енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика» – деп бағалайды. Е.Поливановтың қадау сөздерін түпнұсқасында берсек: «...эту последную форму, которую приняла казах-киргизская графика в 1924 году, я (…) считаю уже не нуждающейся в исправлениях и представляющей последний шаг в историческом формировании национальной графики, которым с полным правом могут гордиться киргизские деятели просвещения – создатели реформы как крупным культурным завоеванием» дейді. Орыс ғалымы Ахаң түрлеп, ұсынған әліпбиді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан қарағанда кемелденген, әрі жетілген ұлттық графика деп танып, ғылыми тұрғыдан бағалағанын мақтаныш тұтуымыз керек. Профессордың мақаласының маңызы – сол тұстағы қазақ әліпбиінің таңбасымен, жазылу ережесінің даулы тұстарын Байтұрсынұлы жүйесімен түгендеп, тоқтам жасаған тұжырымды еңбек болғанына, оның «…бұл реформа ең ірі мәдени жетістік» деген айшықты дәйектемесінің тарихилығында жатыр. Ғалымға берілген осы бағаны отандастары қалай қабылдады?! Бұл жөнінде тұлғаның рухани шәкірттері бір жыл бұрын, 1923 жылы М.Әуезов, Т.Шонанов, Е.Омаров мақалаларында емле туралы бірі: «...Ақаң түрлеген ана тілі» десе, екіншісі: «...Жаңа алфавит тіліміздің таза сақталуына, ...әлемдік мәдениетпен араласуға, ...халық мектептерінің өркендеу жолына алып адым жасағаны анық» деп, ал үшіншісі: «Қазақ әліпбиі» мен «Қазақ тілінің дыбыс және сөз жүйесі атты оқулықтарының өн бойына сыйғызған өзекті өзгерістерінің өзі қазақ грамматикасына бөлекше реңк әкелді» деп, өз тұсында қазақ жұртшылығы тарапынан зор қошеметтелгенін айтады. 1928 жылы жазылған Н.Ф.Яковлевтің «Әліпби құрылымындағы математикалық жүйе» атты мақаласының мән-маңызын ашып, ғылыми айналымға түсіру – бүгінгі қазақ тілі ғылымындағы лингвисттердің еншісіндегі міндет. Дегенмен осы мақаланың Байтұрсынұлы әліпбиіне қатысты тұстарына тоқталсақ, мұнда зерттеуші Ахметтің әліпби түрлеу, түзу барысында «Үндестік заңын» толық сақтағанын, дыбыстарды жүйелеуде өте икемді қалып тапқанын айтады. Бұл мақала алғаш 1928 жылы «Шығыстың жазуы мен мәдениеті» журналында жарияланды.

Мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметіне қатысты мақалалар өз Отанымызда негізінен, оның 50 жасқа толу мерейтойы қарсаңында жазылып, мерзімді БАҚ-та жарияланды. Мәселен, тұлғаға деген ең алғашқы құрмет 1922 жылы 2 тамызда Ташкенттегі Қырғыз-қазақ институтында алты алаштың баласы бас қосқан салтанатты жиында тұңғыш рет көрсетілген. Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, А.Байтұрсынұлының Ташкентке сапарының басты мақсаты – Түркістандағы екі облыс Жетісу мен Сырдарияны Қазақстанға қосу болған. Бірақ сол жылғы Ташкент қаласында шыққан «Ақ жол» газеті бетіндегі «Лайықты қошемет» атты мақалада А.Байтұрсынұлының іс-сапарынан гөрі, оның жеке басына көрсетілген ықылас, игі тілек туралы жазылғандығы айтылады. Мақаланы 10 қыркүйекте Алматыда шығатын «Тілші» газеті қайта көшіріп басады. Аталған мақалалар жөнінде журналист-ғалым Т.Қожакеев,6 әдебиет зерттеушісі Д.Қамзабекұлы7 1991 жылы кирилл жазуына түсіріп, ғылыми ортаға тың дерек әкелді. Әрине, ізденіс барысында бірлі-жарым кемшіліктер кездесіп жатады. Мысалы, Т.Қожакеев «Тарихи деректер бұрмаланбасын» (1991) мақаласында Д.Қамзабекұлының «Социалистік Қазақстан» газетінің 12 қаңтардағы «Лайықты қошемет» мақаласының қайта жарияланымдағы кеткен қателіктерге ескерту жасады. Атап айтсақ, материалдың орынсыз қысқартылуы, мақала соңындағы «А.Ж.» белгісінің автор ретінде дұрыс көрсетілмеуі. Ескерту еленіп, Д.Қамзабекұлы «Қазақ әдебиеті» апталығына «Ақаңның алдында» (1996), «А.Байтұрсынұлының Ташкентке сапары» зерттеу мақалаларын жазды. Соңғы мақаласы жан-жақты талданып, 1997 жылы жарық көрген «Руханият»8 атты ғылыми зерттеуіне енді.

Мемлекеттік мұрағаттарда сарғайған деректерді сұрыптауда аса сақтық пен табанды ыждаһаттылықты басты нысанада ұстаған жөн. Мәселен, осы «Лайықты қошемет» атты мақаланы ғалым еңбектерінің қатарына жатқызып жүр. Нақтырақ айтсақ, 2001 жылы «Ұлы тұлғалар» сериясымен шыққан «Ұлттың ұлы ұстазы»9 библиографиялық-анықтамалықтағы мәлімет. Жинақ Орталық ғылыми кітапхананың дайындауымен басылған. Кітаптың 250-бетінде: «96-реттік нөмірде, яғни «Лайықты қошемет // Тілші. – 1922. 10 қыркүйек. Ташкенттегі қазақтарды көшіріп әкелу» деген көрсеткішпен ғалым еңбектерінің тізіміне енген. Бұл жаңсақтық. Өйткені, кітаптың 190-бетінде: «А.Байтұрсынұлының өмірі мен еңбектері туралы әдебиеттер» қосымшасының 362-реттік нөмірінде: «Лайықты қошемет // Социалистік Қазақстан. -1991. 12 қаңтар. Бұдан 68 жыл бұрын. Материалды газетке әзірлеген Д.Қамзабекұлы» деген мәлімет береді. Демек, қос материалдың аты айтып тұрғандай және басылым көру мерзімінің біркелкілігі, оның түрлі авторға тән еместігін айғақтайды. 1922 жылы Орынборда шығатын «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамы еңбектері» атты басылымында М.Дулатұлының «Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсынов», Е.Омаровтың «А.Байтұрсынұлының ғалымдық қайраткерлігі» мақалалары жарияланған. Бұл материалдардың 1922 жылы жазылып, жариялануы кездейсоқтық емес еді. М.Дулатұлының биографиялық очеркі тұлғаның қоғамдық қызметтері мен қайраткерлігіне арналған. Қос мақала кейін А.Байтұрсынұлының өмірі мен мұрасына қатысты жазылған зерттеулерге негіз болды. Мәселен, Мәскеулік басылымдар: «Әдеби энциклопедия» мен А.Кононовтың түркітанушылар сөздігіндегі сілтемелік көрсеткіш соның айғағы. Әдебиетші академик Р.Нұрғали «...Алаштың екі алып азаматы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы ауылдас, аталас, ең бастысы бұлардың ұлы күрес жолындағы рухани туыстығы – қазақ тарихындағы қымбат та қастерлі беттердің бірі» деп бағалайды.10 Р.Нұрғали бірінші болып ахметтанудың іргесін қалаған қаламгер деп, мақаланың мазмұнын ашып, «Міржақып – алғашқы ахметтанушы» деген тұжырым жасады. Әлбетте, М.Дулатұлы қазақ ортасынан шыққан ахметтану мәселесінің негізін салушы екені даусыз. Ал Міржақыптың алдына одан бұрын Ахмет туралы 1919 жылы жазған А.Самойловичті шығарсақ, мұнан Міржақыптың ахметтанушылығы төмендемесі де анық. М.Дулатұлының очеркімен қатар, Е.Омаровтың да мақала жазғаны зерттеулері аталғаны болмаса, ғылыми ортада қажетті дәрежеде талданып, таратылмады. Елдес Омаров «Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдық қайраткерлігі» деген мақаласында қайраткерді «...күллі қазақ даласы біледі, оның талантын жоғары бағалап құрмет тұтқанымен, бәрібір оны дұрыс түйсініп бағалай білмейді» деп жазады.11 Е.Омаровтың Ахметтің қазақ грамматикасына өзгерістер кіргізіп, баға жетпес жаңалық әкелгенін қазақ жұртының санасы әлі түсініп те, түйсініп те болған жоқ. Мейлі Байтұрсынұлының қаламынан ертеден келе жатқан қазақ тілінің ережелері қамтылған кағидалар мен көп томдықтар жазылмаса да оның «Қазақ әліпбиі» мен «Қазақ тілінің дыбыс және сөз жүйесі» оқулықтарының өн бойына сыйғызған өзекті өзгерістерінің өзі, қазақ грамматикасына бөлекше реңк әкелгенін тілші-мамандарға ғылыми жүйеде талдауы арқылы түсіндіреді. Қазақ грамматикасында ертеде қаншама оқулықтар жазылса да, олардағы өзгерістердің аңғарылмайтынын, ислам дінімен кірген араб жазуының қадимшеленген нұсқасының да қазақ дыбыстарының ерекшеліктерін қамти алмағанын айтады. Ал Ахметтің көлемі шағын ғана оқулықтарына аз сөзбен, саз жүйені сыйғызған жаңалығы, реформатор тарапынан түрленген қосар дыбыстардың қазақ тіліне тән түрлі дыбысты дәл бере алатынын нақты деректермен көрсетеді. Демек, бұл ғылыми зерттеу мақала Е.Омаровты ахметтанушы деп айтуға толық негіз болады. Ғалымның үзеңгіліс замандасы Телжан Шонанұлы да 1923 жылы тұлғаның ғылыми қайраткерлігі туралы «Ахмет Байтұрсынұлы халық ағарту және әдебиет саласында» деген орыс тілінде ғылыми мақала жазған.12 Мақала жарияланбаған. Т.Шонанұлының қолжазбасын мемлекет мұрағаттың қорынан алып, жұртшылыққа ұсынған мұрағат қызметкері әрі филолог Б.Байғалиев. Оның дайындауымен 1992 жылы жарық көрді. Деректі мақаланы «Әдеби мұра» ретінде ұсынған «Жұлдыз» журналы редакциясы: «…Оқырман назарына ұсынылып отырған мақала 1923 жылы Ахмет Байтұрсыновтың 50 жасқа толған мүшелтойына арнап жеке кітап ретінде шығару мақсатымен орыс тілінде жазылған. Бірақ жарық көрмеген. Мақала қолжазбадан аударылып беріліп отыр. Қолжазбаны Қазақ ССР Мемлекеттік Орталық архивінің №544 қорынан алып жариялауға дайындаған – Бейсенбай Байғалиев»деген маңызы зор мәлімет береді (123-б.).Осы ақпараттық мәлімдемеде біріншіден, 50 жасты «мүшелтой» деп жаңылысады, бұл негізінен мерейтой. Мұсылмандардың жыл қайыруына сүйенсек, алғашқы мүшел – «13 жас», оған 12-ні еселесек, келесі мүшел – «25, 37, 49» болып жалғаса береді. Бұл мақаланың ғылыми ортаға беретін жаңалықтары аса құнды. Лингвист Т.Шонанұлының мақаласындағы ерекшелік – А.Байтұрсынұлының өлеңдерінен алынған үзінділердің орыс тіліне аударылуы мен олардың шығу тарихына түсінік талдау беруі. Сондай-ақ, тұлғаның қазақ халқына жасаған қызметі туралы: «…қиын кезеңде Ахмет алғашқы болып дауыс көтеріп, қазақ мектебін бір жағынан, дүмше молдалардан, екінші жағынан патша миссионерлері ықпалынан құтқару үшін қызмет етті» – деп жазады. Оның тіл саясатында кемеңгер күрескер екені және қазақ үшін жаңа әліпбиді тұңғыш рет түрлеп-түзудегі ірі құбылыстың тізгінін ұстағанын ғылыми тұрғыдан дәлел-дейді. Т.Шонанұлы жаңа әліпбидің ерекшеліктерін былайша жіктейді: «Біріншіден, А.Байтұрсынұлы әліпбиі тіліміздің таза сақталуына. Екіншіден, әлемдік мәдениетпен араласу жолын жеңілдетуі. Үшіншіден, халық мектептерінің өркендеуіне алып қадам жасағаны анық» деп жазады. 1915-1916 жылдары Түркі халқының тілі таласқа түскенде Ахметтің ана тілімізді қорғап, «Шекіспей, бекіспейді» мақаласы мен «Туған тілім» деген өлең жазғанын айтады. Ғылыми талдауында мақала мен өлеңнен үзінділер келтірген. Т.Шонанұлының мақаласы – ғалымның 125 жылдық меретойына орай шығарылған «Ұлттық рухтың ұлы тіні» атты ғылыми жинақта: «Мақала әуелгі, орыс тіліндегі нұсқасында тұңғыш жарияланып отыр. Қолжазба – Қазақ КСР Мемлекеттік Орталық архивінен алынды: №544 қор, 1-тізбе, 104-б» деген ерекше-ескертумен жарияланды. 1923 жылы тұлғаның 50 жасқа толу мерейтойына орай, С.Сейфуллин, М.Әуезовтер мен «Ақ жол» газетінің басқармасы тарапынан танымы терең құттықтау мақалалар жазғаны, бұл мақалалардың ахметтану мәселесінде үлкен рөл атқарғанын, бүгінгі ғалымдар зерттеу еңбектерінде таратып талдап, жазып жүр. Мақалалардың құндылығы соншалық, бірнеше рет басылым көргенін атасақ та жеткілікті. Кеңес дәуірінде А.Байтұрсынұлының қысқаша өмірбаянын жазып және ғалымның еңбектерін ғылыми ортаға ұсынған, әрі тарихи әділ баға берген сүбелі еңбек – түрколог-ғалым А.Н.Кононовтыкі. Бұл анықтамалық сөздіктің редакциясын басқарып, кіріспе сөзін жазған. Орыс ғалымы аталмыш сөздіктегі шағын мәліметтің өн бойына барлығы – 12 сөйлемге қазақ оқымыстысының болмысын толық сыйғызған. Түркітанушы анықтамалығындағы мәліметтерді Алекторов, М.Дулатұлы, Е.Омаровтардың материалдарынан алғандығына сілтеме жасайды. Бір ғажабы, түркітанушының адам бітімінің 12 мүшемен толығатыны тәрізді, қазақ ғалымының орасан еңбегін 12 сөйлемге сыйғызған әмбебаптығына еріксіз бас иесіз. Бұл сөздіктің қазақ ғылымы үшін үлкен сенсация болғаны белгілі. Осы еңбек туралы отандық ғалымдар идеология салдарынан үндерін дабыра ете алмай, жасырып оқығандарын, «жинаққа» деген ризашылықтарын мұқабанының сыртын сипай-сипай білдіргендері, кешегі ҚКОК-нің «Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы және Жүсіпбек Аймауытұлының мұрасы туралы» қаулысы шыққаннан кейін ғана айтыла бастады. «Алыптармен қауыштырған қаулы еліміздің өміріне, қазақ ғылымына рухани серпіліс әкелді» дейді кеңестік кезеңнің ғалымдары. 1930 жылы Мәскеудің Әдеби энциклопедиясының 1-томына А.Байтұрсынұлының қысқаша биографиялық анықтамалығы, 1931 жылы 5-томына Қазақ әліпбиі (Байтұрсын емлесі) енуі, 1974 жылы А.Н.Кононов «Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы» деген ғылыми мәлімет беруі – тарих таразысының безбенінен өткен нағыз ғалымдардың сараптаулары болатын. Өзге ұлт өкілдері: А.Самойлович, Е.Д.Поливанов, Н.Ф.Яковлев, А.Н.Кононов, өз отандастары: М.Дулатұлы, Т.Шонанұлы, Е.Омаров, С.Сейфуллин, М.Әуезовтің мақалары А.Байтұрсынұлының өмірнамасын, шығармаларын жан-жақты танытуда негізгі дерек көзі. Демек, ахметтану, оның әдеби, ғылыми шығармашылық мұрасын таныту – ол өзі өмір сүрген кезеңнен бастау алатыны басы ашық нәрсе. Кеңес тұсындағы әдебиеттеАлаш арыстарының мұрасын кеңестік жүйе айналып өтті деуге негіз жоқ. Өйткені, олар өз тұсында-ақ, қазақ деген ұлысты өз жерінде өгейсіткен алпауыттарға қарсы тұрған батылдығымен, төл тілімізді өрге сүйреген жанкештілігімен, мейлі «халық жауы» деген қара таңба нақақ таңылғанына қарамастан, ел жадында өзгеше бір ыстық ықыласпен қалғаны анық. Ел ішінде қалған көзі ашық оқымыстылар олардың атын айналып өтуге мәжбүр болғанымен, еңбектерінің атынан да, затынан да қашпағанын, сол тұста және берегіректе жарық көрген кейбір еңбектерде кездестіруге болады. Мәселен, ғалым-лингвист Құдайберген Жұбанов 1933 жылы алғаш жариялаған «Политехникалық мектеп» журналының №7-8 санындағы «Қазақ тілінің ғылыми курсы» атты материалында ағартушы-ғалымның «Тіл – құрал» оқулығы туралы: «Қазақ тілін зерттеушілердің алдын Ш.Уәлиханов деп, берігіректе А.Байтұрсынов, Қ.Кемеңгеров, Е.Омаров, Т.Шонанов, Х.Досмұхамедов екендігінен мәлімет береді де, сол тұстағы қазақ тілін зерттеп танытуда А.Байтұрсынұлының дәрежесінен «әлі көш кейін жатырмыз» деп, оқытушыларды сапалы жұмыс жасау?? ????????.ға шақырады.13 Қ.Жұбанов айдауда жүрген қазақ оқығандарының ғылыми-мәдени жетістіктерін «заңды мұрамыз» деп қорғап, олардан бас тартуға болмайтынын, керісінше, олардың жетістіктерін қазақ қажетін өтейтін пайдалы мұра екендігін айтқан. Лингвист дәрістерінде «Байтұрсынұлы кітаптарының 1-ші сыныптан жоғары дәрежелі мектептерге (ВУЗ-ға) дейін бәріне де «жарап» жүр. «Тіл – құралымен» оқытуға тыйым салынған бола тұрса да мұғалімдердің оның кітаптарын Құрандай қолтықтап, керегін ... іздейтінін жазады. Әрі сол кезеңде жазылған жолбасшы кітаптардың «Тіл – құралынан» кем болғанын, оған зерттеушілердің айыпты екенін» баса айтады. Қазақ ұлттық ғылымының жетістіктерін кеңестік жүйе бірін ақтап, бірін даттап, олардың артында қалған мұраларын «үнсіз» сіңіріп, талдап-тануда «ала-құлалық» көрсетіп жүргенде, осы жүйедегі жеке басқа табыну саясатынан тайсалмастан тура сөйлеген Қ.Жұбанов «қара тізімдегі» ұлт зиялыларының мұраларына араша түсіп, зор адамгершілік жасағанын сөз саптауынан көруге болады. Қазақ әліпбиінің жобасы талқыға түскенде де лингвист-ғалым Қ.Жұбанов жаңа қазақ харпінің қалыптасуының негізін араб жазуымен байланыстыра отырып, қарастырады. ҚР ОММ-ның қорында мынадай дерек қатталған: «...с 1912 г., когда впервые была выработана эта система и произошла реформа арабского алфавита, по 1930 г., когда арабский алфавит правительственным декретом был изъять, т.е., в течение 18 лет казахские слова писались по этой системе, причем никаких недостатков (...) Надо заметить, что отказ от этой системы приниятем латинского алфавита произошел (...) по нажиму ученого совета ВЦКНА, а не по инициативе Казахстана». Қайраткердің шегелей айтқан бұл сөзі – қазақ ұлтының өз жерінде, өз Отанында отырып әліппе таңдауда еркі болмағанына жаны ауырғанын, шарасыздығын көрсетеді. Тілтанушы ғалым Қ.Жұбанов қазақ әліпбиінің түзілу тарихын тереңдеп танытуда А.Байтұрсынұлына дейін де әліпби, жазу болғанын, ағартушы-ғалым Ы.Алтынсарин жүйелеген әліпбиде кеткен «кемшіліктерді» түзегенін, ескі әліпбиді қазақ табиғатына бейімдеп, «қосар әріптерді жаңадан енгізді» деп қазақ тіл ғылымының қалыптасуы мен даму сатысына сүзгі сараптама жасайды. Әліпбиге кірген соны жаңалықты құптап, қабылдайды. Сәбит Мұқановтың 1932 жылы жазылған Алашорда әдебиеті жайлы «ХХ-ғасырдағы қазақ әдебиеті»14 атты кітабы – әрі оқулық, әрі зерттеу сипаттағы еңбек. Бұл зерттеу еңбекте 1929 жылы «халық жауы» деп қуғынға ұшыраған қазақ зиялыларының шығармалары сыңаржақ пікірге ұшыраған. Мәселен, «І-бөлімге Ұлтшылдық, байшылдық дәуірі» деген айдар тағылып, мұнда жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдібиетінің өкілдері «байшыл», «ұлтшыл» деп айыптаған. Дегенмен, кеңестік жүйенің талап үдесінен шығу үшін жазылған бұл кітаптың «қудаланған халық жауларының» мұрасын алғаш рет зерттеу нысаны етіп қарастыруымен құнды еңбек болып қалатынын бүгінгі әдебиеттанушы ғалымдардың зерттеулерінде айтып жүр. Кітап екі бөлімнен тұрады. Социалистік ғылым-білім ілімін негіз еткен С.Мұқанов: «...Қазақ ұлты ХІХ ғасырдан бастап құрыла бастады... Октябрь төңкерісіне дейін ұлт пайда болды», ал «...Алашорда – орыс байларынан арқа сүйеген қазақ байларының партиясы» оған өңшең байлар қатысты, «ұлтшылдықтың туын қазақта алғаш ұстап шыққан Ахмет Байтұрсынұлы 1905 жылға дейін ұлтшыл болған жоқ» деп, ертеректе өзі де «қазақтың ұлт көсемі» деп таныған тұлғаның қайраткерлігі туралы: «...Ахметтің Октябрь төңкерісіне шейін қазақ халқын ояту ретінде көп еңбегі сіңді. Қазақ мектебі, қазақ тілі сықылды орындарда оның еңбегі мол... Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілімен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргетасын қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес» деген айшығынан айнып шығады. Осы тарауда Алашорда әдебиетінің көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармалары қарастырылып, олардың ең бастылары «А.Байтұрсынұлын және оның әдеби шығармасы: «40 мысал», «Маса» жинақтарына кірген өлеңдердегі сарын «ескішілдікті» дәріптеу, бұрынғыны аңсау» деп, кеңестік идеология тұрғысынан талдайды. Әдебиетші Ғаббас Тоғжанұлы «Әдебиет және сын мәселелері»15 атты еңбегінде замандастарының әдебиетте көтерген тақырыбына сын көзімен қарап, оларға большевиктік партияның таптық көзқарасы тұрғысынан дұрыс жол сілтеуді қалайды. Ол өткен кезеңге баға бере отырып, оның кешегі және бүгінгі сарынын анықтайды. «...Төңкерістен бұрынғы қазақтың көркем әдебиетінің жалпы сарыны ұлтшылдық еді» деп жазады. «Ақымет, Міржақып, Омар Ғарашұлы, Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Мұхтар, Сәбит Дөнентайұлы қаламының желі бар ақын-жазушыларымыздың бәрі де қазақтың надандығын, орыс патшалығының қорлығында жүргенін, «әділ» хан, билердің кеткенін, қазақ әйелдерінің малға сатылатынын, ескіліктің қазақ еліне бөгет-шырмау болып отырғанын жазушы» еді десе, ал Кеңес дәуіріндегі Алаш зиялыларының орнын былайша пайымдайды: «...Бүгінгі қазақ байының жоқшысы, көсемі Ақымет, Әлихан, Мағжан болып тұрса, ертең олар өлсе, олардың орнын басатын басқа Ақымет, басқа Мағжандар шығады... бұрынғы ұлтшылдығы, байшылдығы енді бұқарашылдық болды. Бұқараның атын жамылған баяғы ұлтшылдық, баяғы байшылдық. ...Смағұлдың дос қылып отырған Ақыметімен танысыңыз. ...төңкерістен бері өлеңді қойды. Ғалымдықпен шұғылданады. Баяғы ұлтшылдығын, байшылдығын қойды ма? Қойғаны сол, байшылдығын, ұлтшылдығын Ақымет «сабағына» кіргізді». Ғ.Тоғжанұлының 1932 жылы Мәскеуден жарық көрген «О Байтурсунове и байтурсуновщине» атты еңбегі, тұлғаның «халық жауы» деп қудаланып, айдауда жүрген тұсында республика басшысы Голощекиннің «...әдебиетте жік бар, соны әшкерелеп жою керек» деген нұсқауына сәйкес арнайы тапсырыспен жазылған қасақана «күйе жағу» жұмысы болатын. Сәбит пен Ғаббасқа заман ауанына қарай түрлі-түрлі пікір айтқызған биліктің екі жікке бөлуінен туған уақытша пайымдар еді. Алдыңғы айтқанына соңғысы кері келіп тұрған ерсілі-қарсылы пікірлерді жан-жақты кең тұрғыда талдасақ, әдебиет майданында отқа түсуге дайын тұрған әрбір тұлғаның ұстанымын өзінше жақтап та, даттап та шығуға болады. Бірақ, әдебиеттің аты – әдебиет, сол уақыт тұрғысынан қарасақ, мұндай зерттеу жазылуға тиісті жосық, яки арнайы жоспар, бағдарлама бойынша қарастырылған. Ал бүгін біз теріс көрген пікірлердің, сол уақыт өлшемімен «дұрыс жазылған зерттеулер болғаны» ақиқат. Бірақ, жылдар бойы жиналатын әдебиеттану ғылымындағы әдебиеттанудың тарихы, теориясы, сыны тұрғысынан таным таразысы өз өлшемін жасайды. Тәуелсіздік кезеңдегі Қазақ тіл білімі мен әдебиеттануда Байтұрсынұлын тану мәселесі қазақ ұлттық ғылымында бағыты белгілі дербес сала. Таңдамалы жинақтарды қайта шығару бойынша Ахметтану саласында атқарылған өзекті мәселелердің бір саласы, ғалым туындыларын бүгінгі, келер ұрпаққа таныстыру. Ғалымның шығармашылық мұрасы 1989-2009 жылдар аралығында бірнеше дүркін қайта жарық көрді. Жалпы саны – 21. Қандай қоғамда болмасын кітаптың сатылуы, яғни өтімділігі қашанда басты мәселе екенін ескерсек, А.Байтұрсынұлы туындыларының бірнеше рет басылуы оның сұранысқа ие құнды кітап екендігіне айғақ. Бұл қайраткердің зерттеу-еңбектердің өміршеңдігін көрсетеді. Әрбір кітаптың түрліше тағдыры болады. Кейбір кітаптардың санатта бар екендігі де байқалмайды. Ал кейбірі басылып шыққан күннен бастап, ескіні есеңгірете, жаңамен қоян-қолтық араласа, «бүгінгі кітап – ертеңгі іс» дегендей қоғамнан өз орнын алады. Зұлмат заман, есімін айтқызбаса да, ғалымның филология саласындағы ғылыми еңбектері қазақ дүниетанымында өзіндік сара жолын салды. Ғұламаның «Әдебиет танытқыш» оқулығының «әдебиеттану мен әдебиет теориясының бастауы» болғандығы мойындалып, оны кеңес тұсындағы әдебиеттану ғылымындағы зерттеу еңбектерде елеусіздеу етіп жазып келді. Кеңестік дәуірдегі ұлт әдебиетін қатаң бақылауда ұстағанын ескерсек, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану саласындағы ғалымдардың ғұламаның есімін айналып өтіп, оның туындыларын сілтемесіз пайдалануына түсінушілікпен қарау керек те сияқты. Енді қайта жарық көрген шығармаларға тоқталсақ. 1989 жылы «Жазушы» баспасынан «А.Байтұрсынов. Шығармалары Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер» 320 бет, (Құрастырушылары: Шәріпов Ә., Дәуітов С), 20 000 таралыммен жинақ жарық көрді. Кітапта алғысөз орнына берілген Ш.Сәтбаеваның «Ахмет Байтұрсынов» деген баянатында тұлғаның мемлекеттік қызметтегі ресми құжаттарының бірі – РКП (б)-ның Орынбор Комитетіне партия мүшелігіне алуды сұраған өтініші берілген. Жинаққа «Маса», «Қырық мысал», «Әдебиет танытқыш» еңбектері топтастырылған. Кітап соңындағы ғылыми түсінікті С.Дәуітов жазған. Жинақ ғалым есімі ақталғаннан кейін басылған – бірінші кітап. Жинақтың офсеттік қағазының сапасы төмен. Мұндағы ең құнды деректер: жеке суреттері және «Маса», «Қырық мысал» кітаптарының мұқабалары. Кітапқа редакторлық жасаған М.Неталиев. Қайта басылған кітапта төлавтор А.Байтұрсынұлының құқы қорғалмаған, тек жинақты бастырушы «Жазушы» баспасының мүддесі қарастырылған. 1991 жылы «Жалын» баспасынан «А.Байтұрсынов. Ақжол, Өлеңдер мен тәржімелер, публицистикалық мақалалар және әдеби зерттеу» 464 бет, (Құрастырушысы әрі алғысөзі Р.Нұрғалиев), 20 000 таралыммен басылым көрді. Жинақтың 1989 жылғы жинақтан өзгешелігі, мұнда: М.Әуезовтің «Ақаңның елу жылдық тойы» құттықтауы, әр жылдары жарияланған 43 публицистикалық мақала топтастырылған. Аңдатпасында: «Отызыншы жылдары сталиндік озбырлықтың құрбаны болған ұлы ғалым-лингвист, әдебиет зерттеуші, ақын-аудармашы, публицист Ахмет Байтұрсынұлының ардақты есімі қазіргі қайта құру заманы арқасында ақталып, артына қалдырған асыл мұрасы халыққа қайта оралды» деген ақпарат береді. Р.Нұрғалиев «Алып бәйтерек» деген тақырыпта ғалымның өмірі, қызметтері жөнінде шолу жасай отырып, әдебиеттанушы ғалымның әдеби мұрасына бүгінгі әдебиет талабы мен танымы тұрғысынан талдау жасаған. 1-бөлімдегі: «Қырық мысал», «Маса» туындыларын – М.Мырзахметов, «Ер Сайын», «23 жоқтау» ауыз әдебиетінің нұсқалары – Р.Нұрғалиев, 2-бөлімдегі: «Көсемсөз» мақалалары – А.Мектепов, Ғ.Әнесов, «Әдебиет танытқыш» әдеби зерттеу еңбегі – Р.Нұрғалиев дайындаған. Кітап редакторы – Е.Дүйсенбаев, жинақта тұңғыш рет төлавтордың құқы қарастырылып, мүддесі қорғалған. Кітаптың офсеттік қағазы сапалы, әрі көркем суреттермен безендірілген. 2002 жылы «Жібек жолы» баспа үйінен «А.Байтұрсынов. Бес томдық шығармалар жинағы», бірінші том. 208 бет, 500 данамен жарық көрді. Баспаға әзірлегендер: А.Ісімақова, Г.Пірәлиева. Кітап аңдатпасында: «1926 жылғы «Әдебиет танытқыш» пен 1989, 1991 жылдардағы «Әдебиет танытқыш» салыстырылып, өзгеріске ұшыраған, алынып тасталған тұстары қалпына келтіріліп, толықтырылғаны» туралы мәлімет берген. «Қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының реформаторы» атты алғысөзінде кітапқа енген түпнұсқалар туралы түсінік береді. Кітапта ауытқушылықтар кездеседі, мәселен алғысөзде: «Ұсынылып отырған академиялық басылымда (...), А.Байтұрсынұлының Т.Шонанұлымен бірге жазған «Оқу құралы» кітабы толық беріліп отыр» деп көрсетілгенімен, аталған түпнұсқа жинаққа енбеген. Төлавторының құқы қарастырылмаған, бірақ жинақты дайындағандар мен баспа үйінің мүддесі қорғалған. Кітаптың офсеттік қағазының сапасы орташа. 2003 жылы осы томдық «Алаш мұрасы» сериясымен «Алаш» баспасынан «Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы». 408 бет. 2000 дана таралыммен қайта басылым көрді. Бұл томдықтың ерекшелігі – 1989, 1991 жылдардағы шығармалар түпнұсқамен салыстырылып, толықтырылған. Құрастырып, алғысөзі мен ғылыми түсінігін жазғандар: А.Ісімақова, Г.Пірәлиева, С.Сәкенов, К.Мұстафаевалар. Шығарушылардың мүддесі қорғалған. Басылған қағазының сапасы төмен. Осы жылы «Атамұра» баспасынан Атамұра кітапханасы сериясымен «Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер» 208 бет, 3000 дана таралыммен жарық көрді. Кітапқа қысқаша аңдатпа берілгенімен, баспа тарапынан қандай да түсінік жасалмаған. Жинақтың сыртқы мұқабасында А.Байтұрсынұлының суретімен, оның шығармашылығы туралы анықтамалық мәлімет берілген. Кітап – зерттеу жұмыс, әрі оқулық екені негізге алынбастан, көркем басылым ретінде ұсынылған. Осы басылымның бас редакторы – Ә.Пірманов, редакторы – А.Дәдебаев. Төлавтор мен баспаның құқы қорғалған. Кітаптың басылған офсеттік қағазы өте сапалы, әрі көркем безендірілген. 2006 жылы ҚХР, Үрімшінің Шыңжаң халық баспасынан «Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. 272 бет, 2000 дана таралыммен жарық көрген. Кітапты баспаға дайындаған: С.Сағатжанұлы. Кітаптың қағазы өте сапалы. Бірінші бетіндегі аңдатпалық ақпарат қытай тілінде берілген. Жинақтың елімізде басылған кітаптардан айырмашылығы – Ахаң әліпбиімен басылуы. «Автордың қысқаша өмірбайаны» деген тақырып аясында 1,5 беттік шолу мәлімет берілген.

Александр Николаевич Самойлович

Байтұрсынұлы Ахмет Байтұрсынов16 (1873-....) – қазақтың көрнекті ақыны, жорналшы әрі оқытушы. Б. Торғай облысы Сарытүбек елдімекенінде өмірге келген. Оның әкесі – Байтұрсын Шошақұлы 15 жылға айдауға (каторгіге) кесілген. 1891 жылы Орынбордағы қазақ мұғалімдер мектебіне түсіп, 1895 жылы бітіргеннен кейін оқытушылықпен айналысты. Төңкеріс алдында 1905 жылы төңкерістік қозғалыстарға қатысады. Төңкерісшіл қазақ бұқарасына 1905 жылдан жетекшілік жасайды. Қозғалыс кезеңінде жасырын ұйымдарда өз жұмыстарын жалғастырады. Оны Семейдің түрмесіне жабады, ал 1910 жылы екі жылға қазақ-қырғыз аймақтарында тұруға тыйым салынып, жер аударады. Б. қазақ халқының мәдени-қоғамдық және ағартушылық санасын ояту мақсатымен 1913 жылы Орынборда «Қазақ» газетін қазақ тілінде шығарады. Осы уақытта қазақтың жас ақындары мен жазушылары 1918 жылдың қазанына дейін шығып тұрған осы газеттің төңірегіне топтасады. Б. Ақпан төңкерісінен кейін қоғамдық-төңкерістік жұмыстарға белсене араласады. «Алаш» ұлттық қазақ партиясының тізімі бойынша Құрылтайшылар жиналысына сайланады. Б. 1919 жылға дейін ұлтшыл-автономшылардың жағында болады, кейін бұл оңшылдардың саясаты қазақ-қырғыз халқы үшін қауіпті болғандықтан, Кеңестер (Советтер) жағына өтеді. Қазақ Республикасы Халықты ағарту комиссариаты (Наркомпрос) жанындағы әдеби-ғылыми комиссияның төрағасы болып, әрі оқытушылық кәсібін қатар атқарады. Б.-ның әдеби қайраткерлік жұмыстары 1901-1904 жылдары Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударудан басталған. Б.-ның тілі осы мысалдарда және лирикалық шығармаларында қарапайым, халықтық, әрі өзінің көркемділігімен және поэтикалық мәнерінің байлығымен ерекшеленеді. Б.-ның төл өлеңдері «Маса» («Комар») атты жинағында басылған. Б.-ның поэтикалық шығармаларының негізгі мақсаты (мотиві) қазақ халқының санасын ояту. Ақын патшалық үкіметтің бодандық (колонизаторлық) саясатына бірден қарсы шығады. Халықшыл әрі ұлтшыл Б. Қазақтың тұңғыш көрнекті лингвист-ғалымы болып табылады. Ол – қазақ тілі емлесінің (орфография) реформаторы, қазақ тілінің грамматикасы мен қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы.

Ескерту: Бұл ғылыми сипаттама орыс тілінде жазылған. Қазақ тіліне аударылып, тұңғыш рет ғалымның көптомдығына енді.

1998 жылы «Ұлттық рухтың ұлы тіні» атты жинақта түп-нұсқалық орыс тіліндегі мәтінімен жарық көрген.

ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ (АЛФАВИТІ)17

Байтұрсынұлы әліпбиі: салыстырмалы кесте

1912

1927

Латынша

Кирилше

Айтылуы

1

2

3

4

5

6

1. ا ا A a А а

А

2. اﱠ اﱠ

Ә ә

Ә

3. ب ب Bb Б б

бы/бі 4. پ پ P p П п

пы/пі, ып/іп 5. ت ت T t Т т

ты/ті, ыт/іт 6. ج ج J j Ж ж

жы/жі, ыж/іж 7. د د D d Дд

ды/ді 8. ر ر R r Р р

ыр/ір, ры/рі 9. ﺯ ﺯ Z z З з

ыз/із, зы/зі 10. س س S s С с

сы/сі 11.

چ, ﺶ ﺶ

Ш ш

шы/ші, ыш/іш 12. غ غ Q g Ғ ғ ғы 13. ق ق Q q Қ қ

қы/ық 14. ك ك K k К к

кі/ік 15. گ گ G g Г г гі 16. ڭ ڭ N n Ң ң

ың/ің 17. ل ل L l Л л

ыл/іл, лы/лі 18. م م M m М м

мы/мі, ым/ім 19. ن ن N n Н н

ны/ні, ны/ні 20. و و О o О о о 21. ﱠو ﱠو

Ө ө ө 22. ٷ ٷ ﱠ u Ү ү ү 23.

ﯟ, ﺅ
ﯟ, ﺅ

W w

У у, Ұ ұ
у, ұ,

24. ه ه Е e Е е е 25. ى ى І і Ы ы ы 26. ٸ ٸ

І і і 27. ي ي Ү u И и

Й (қысқа й) 28. ﻴ ه Е e Е е Ие

ﱠ ﱠ

Дәйекше

Александр Николаевич Кононов18

Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы (28.1.1873-?). Қазақ. Торғай уезі Сарытүбек елдімекенінде кедей отбасында дүниеге келген. Ауыл молдасынан сабақ алған. Әкесін абақтыға жапқаннан кейін (1885), 1886 жылы Торғай орыс-қазақ екі сыныптық училищеге оқуға түскен. 1891 жылы Орынборға келіп, Қазақ (қырғыз) мұғалімдер мектебіне оқуға түседі, осы оқу орнын 1895 жылы бітіреді. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық училищелерде мұғалімдік қызметтер атқарады. Төңкерістік қозғалыстарға қатысқаны үшін 1909 жылы тұтқындалып, 2 жылға Қазақстаннан тысқары өлкеге жер аударылады. 1913 жылы қазан айынан 1918 жылға дейін танымал болған «Қазақ» газетін тұңғыш рет шығарды. Өлеңдер жазды, И.А.Крыловтан қазақ тіліне 40 мысал аударды. Қазан төңкерісінен кейін де мұғалімдігін жалғастырып, түрлі жауапты лауазымда қызметтер атқарды. 1925 жылдан Қазақ институтында оқытушы, Халықты ағарту комиссариаты (Наркомпрос) жанындағы әдеби-ғылыми комиссияның төрағасы, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті төрағасы. Араб әліпбиі негізінде түзілген әрі жетілген қазақ әліпбиінің авторы, қазақ тілінде қазақ тілінің фонетикасы және синтаксисы, этимологиясы бойынша, сонымен қатар сөз өнерінің теориясы және қазақ тілінің тарихы жөнінде оқулықтар жазған. Аталған еңбектердің барлығы қазақ тілінде жазылған.

Библиография:

Алекторов. Көрсеткіш. 162 б.; Дулатов М. Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсынов (Өмірбаяндық очеркі) // Қазақ өлкесін зерттеу қоғамы еңбектері. 3-басылымы. Орынбор, 1922. Б. 15-26; Омаров Е. А.Б.Байтұрсыновтың ғалымдық қайраткерлігі // Сонда. Б. 7-16.

2. ӘУЕЗЕ ӨНЕРІ:

Ахмет Байтұрсынұлының композиторлық қыры

Александр Затаевич

ҚазССР халық әртісі

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ақындары мен филологтарының ең ірі көрнекті өкілі, жаңа қазақ емлесінің туындыгері. 1872 жылы Торғай уезі Тосын болысы №5 ауылда дүниеге келген, Арғын тайпасынан. 1895 жылы Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебін бітіргеннен кейін, 1909 жылға дейін түрлі мектептерде: ауылдық, болыстық және екі сыныптық училищеде бала оқытқан. Қазіргі күні Қазақ әдеби-ғылыми кеңесінің төрағасы әрі Қазақ халық ағарту комиссариатының алқа мүшесі. Әдебиет жұмыстарымен 1901 жылдан шұғылданады. Мынадай еңбектері басылған: 1). «Қырық мысал», (Мысалдар аудармасының жинағы, Крыловтың төл мысалдары), 2). «Маса», (Түпнұсқа өлеңдер мен аудармалар жинағы), Қазақ әліппесі «Оқу – құрал», 4, 5 және 6). Дыбыс жүйесі һәм түрлері (фонетика), қазақ тілінің этимологиясы мен синтаксисі, («Тіл – құрал» І, ІІ және ІІІ), 7). Фонетикалық транскрипция (Баяншы) және 8).Әліппе үйретушілерге жетекші-нұсқаулық «Оқу– құралы», «Әліппе – астары». Мұнан бөлек, 1913 жылы Орынборда тұңғыш «Қазақ» газетін шығарды әрі басқарды. Отандық әндердің білгірі әрі әнқұмар, сонымен бірге шебер домбырашы және ән орындаушы. Байтұрсынұлы турашылдығы мен әділдігі арқасында өз отандастарының ортасында беделді және үлкен құрметке ие. Мен өз тарапымнан Ахмет Байтұрсынұлының алғырлығы мен білімділігіне тәнті болдым, менің осы еңбегіме үлкен ыждаһатпен қарады әрі осы кітапты жазу барысында өзіне белгілі әндерді: торғайлық, қостанайлық, ақтөбелік, бөкейлік және қарақалпақтық (соңғысы – семейлік губерния) хабарлаумен қатар, домбыраға арналған күй берді. Және қазақ тұрмысы мен этноғұрпының тарихы жөнінде өзінің беделді нұсқаулары мен түсіндіру сипаттамалары негізінде менің қалың бұқара арасынан жинаған материалдарымды дұрыс саралап-сараптауға үлкен ықпал етті. Оның жасаған жәрдемдері үшін оған алғысым шексіз.

Ескерту: Кітап алғаш 1925 жылы жарық көрді, 1963, 2004 жылдары қайта басылды. Ахмет Байтұрсынұлы туралы мәтін 1925 жылы Орынборда жарық көрген «Қазақтың 1000 әні» кітабының 388-бетіндегі №149 нұсқаулығынан алынып, қазақ тіліне аударылып, томдыққа енгізілді.

Ақиқатында, Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдығымен қатар, композитор болғандығы жөнінде мағлұматтар жетерлік. Әмбебап ғалымның өз сөзімен айтсақ, жан қоштау керегінен шығатын «Көрнек өнері», оның бір түрі «...әуез өнері (еуропаша – музыка) әуездің түрлі орайын, шырайын, сазын, сайрамын келтіріп, құлаққа жағып, көңілді әсерлейтін ән салу, күй тарту өнері» екен. Осылайша әуез өнерінің анықтамасын, ереже-қисынын шегелеп жазған А.Байтұрсынұлы бұл өнерге де «қара жаяу» емес, керісінше өте сезімтал әрі қара сөзден ырғақ, әуез іздейтін хас шебер болған. Асылы, «...әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, ол әдебиет адасып кетпек...» деген әдебиеттанушы бабалардан мирас болған ән-жырларға, күй-толғауларға, дастан-қиссаларға зор көңіл бөлген, әрі оны ұлт әдебиетінің «асыл қазынасы» деп бағалап, өз зерттеулеріне тірек еткен. Ел ішіндегі ауыз әдебиетінің түрлі нұсқаларын жинап, оларды сөз өнерінің бір тарауы ретінде жүйелеген. «Ертегі жыр, Тарихи жыр, Айтыс өлең, Үгіт өлең, Үміт өлең, Толғау (мұңды өлең), Терме, Той бастар, Жар-жар, Беташар, Бесік жыры», т.б. толып жатқан өлең-жырлардың құрылымы мен құрылысын зерттеген ол, енді әуезінің (музыкасы) де саласына қалам тербеген. Дәл осы тұста қазақ ортасына тап келген Затаевичтай өзгеше өнер иесіне Ахаң қолдау көрсеткен. Александр Викторович Затаевичтың есімі, оның қазақ жұрты үшін жасаған жұмысы арқылы ел ішіне кең тараған. ХХ ғасыр басында қазақ әнінің қорықшысына айналған Затаевич пен Байтұрсынұлының бір-бірімен кездесуі кездейсоқтық емес. Ал қазақ ортасына тағдыр айдап келген оған көмек қолын созған, шығармашылығын жан дүниесімен сезініп, қолдау көрсеткен де Ахмет болғандығын, Затаевич 1925 жылы Орынборда шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» еңбегінің ескертпесінде тәптіштеп жазған. Атадан мирас болған бабалар мұрасының бір саласы әндер мен күйлер ғасырлар бойы қағаз арқылы емес, ауызша тарағаны ежелден белгілі. Көк аспанның астында туған мыңдаған әсем ән-жырлар мен күмбез күй-толғаулардың тылсым иірімдері алғаш нотаға Затаевичтың қылқаламымен қаланған. Ұмытыла бастаған ел аузындағы ән-жырларды, күй-толғауларды, қисса-дастандарды жинап, оны талмай-қажымай қағаз бетіне түсірген. А.Затаевичтың жинағына А.Байтұрсынұлының орындап, жеткізуінде мынадай ән-жырлар мен күй-толғаулар енген: 1). Есенаман, 2). Көзіме көріндің бе?, 3). Атауы көрсетілмеген, 4). Айда-ай, 5). Екі алма, 6). Тоқыбас әні, 7). Әриайдай, 8). Күләйжай, 9). Тапсырдым бір Құдайға, 10). Құба ат/Құбақан/, 11). Қаракөз. 12). Кәмшат бөрік, 13). Кәрі қоңыр, 14). Жаяу Мұса әні, 15). Әйда! Былпым күйі, 16). Тепең-көк күйі, 17). Есейжол жыршы әні, 18). Шырқау, 19). Дауыс (Кісі өлгендегі жоқтау), 20). Ай-хай, Ғазиза!, 21). Жар-жар (Үйлену тойы әні), 22). Кел-кел, екеуміз-ай!, 23). Көр-ұлы, 24). Қаләйлім, 25). Мұқаның әні, 26). Биғаның әні, 27). Жыршы әні. Бұл әндердің көпшілігі Ахаңның кіндік қаны тамған Тосын болысының ауылына тән болса, кейбірі «Кәрі қоңыр», «Кәмшат бөрік» – Қарқаралы уезіне, «Жаяу Мұса әні» – Павлодар уезіне тән екендігі нотаға түсірілген қағаз маңдайшасына жеткізушісімен қатар жазылған. Өнертанушылар, әдебиетші, тарихшы ғалымдардың деректеріне сүйенсек, А.Затаевич Орынборға 1920 жылы Варшава қаласынан қоныс аударған. 1923 жылы ғалымның 50 жылдық мерейтойы құрметіне арналған салтанатта А.Затаевичтың күйсандықта қазақ әндерін, оның ішінде «Қаракөз» әнін орындағанын, осы мәжілісте Ахаңа зор құрмет көрсеткенін Ғ.Ахмедов өзінің «Ахаңның өмір кезеңдерінен» деген мақаласында жазды. Ахметқызы Шолпанмен қатарлас Гүлнар Міржақыпқызы 1990 жылы «Ардақтап өтем әкемді» мақаласында Ахмет атаекесінің қызыл домбыра мен күйсандықта қоңыр дауысымен әуелете әндететіні туралы әпкесі Ботагөз Асқарқызының естелігі негізінде қызықты деректер береді. Гүлнар апа жадындағыларын былайша тізбелейді: ««Елім-ай», «Екі жирен», «Қаракөз» атаекемнің сүйіп салатын әндері болатын дей келе, «...Қазіргі «Қыз Жібек» операсында айтылып жүрген «Қаракөз» ариясы – Ахмет Байтұрсынұлының шығармасы» деп, өзінің дәйектерін келтіреді. Әрі осы әннің сөзін, әуенін жазған атаекесі екенін айтады. Айтылғандардың негізсіз еместігі анық, өйткені Ахаң мен Жақаңның қазақ көшінде бірге жүріп, бірге тұрғанын негізге алсақ, олардың тел өскен балаларының бұл әндерді жаттап алуы әбден орынды. Шындығында, «халық әні» деп айтылып келген «Аққұм», «Қарғаш», «Қаракөз», «Екі жирен» әндері Ахаңның аяулы есімі ортамызға оралғаннан бері, бірде «Ахметтыкі», бірде «халық әні» деп алма-кезек айтылып жүр. Бұл ғалым мұрасына қиянат жасағандық болады. Жалпы, «халықтыкі» деп танылып, халық әні қазынасының қоржынына түсетін ән-жырлар, күй-толғаулардың өзіндік қағидалары мен түрлі себептері бар. Мұның ара-жігін келешекте өнертанушы мамандар ажыратып, сараптаулары мен тұжырымдарын келтірер. Дегенмен, қазақ ұғымында қалыптасқан пайымдау бойынша «шығарушысы анық туынды сол шығарушысының атымен айтылуы шарт». Авторы анық туындыны «халықтыкі» деп айтуға негіз жоқ. 1929 жылы «халық жауы» деп нақақтан қараланып, айдауға түскен тұста тұлғаның қаламынан «Тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер, заң», т.б. салалар бойынша жазылған туындыларының кейбірі талан-таражға түскені мұрағат дерек-терінен мәлім. Мәселен, Қазақ тілі білімі мен әдебиеттану ғылымының қисынын жазған Ахметтің есімін Кеңес одағы жүйесі қасақана айтқызбады. Бірақ, тұлға туындылары сол қалпында, тек кирилшеленген нұсқада аз ғана өзгерістермен оқу-ағарту саласында толық қолданыста болды. Мұны тұлғаның аты ақталғаннан кейін, мойындап, ғұламаның мұрасы туралы «қапастағы шындық» ашыла бастады. Айтылған ақиқаттың аясында нәтиже де жемісті болды. Бұған дәлел: 1990 жылы Үкімет қаулысымен ҚР ҰҒА Тіл білімі институтына Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілуі еді! 1999 жылы ғұламаның «ұлттық рухымыздың ұлы тіні» екені толық мойындалып, бүгінгі тәуелсіз еліміздің ресми мекемелері: Халықаралық қазақ тілі қоғамы кеңесінің тарапынан «Ана тілдің айбары» төс белгісі, Халықаралық Абылай хан қоры, Қазақтың тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы және «Алтын адам» қоры бірлескен Қоғамдық кеңесінің шешімімен тұлғаны «Ғасыр саңлағы» деп жариялап, байрақ түстес алқа-белгімен марапаттады. Төс белгінің титулында: «Ахаң рухы мәңгі өшпейді!» деген рух оятар сөздер жазылса, «Ғасыр саңлағы» алқа-белгісі «Малым – жанымның, жаным – арымның садақасы» деген бабалар ұлағатымен көмкерілген. Бабалар өсиетін бойтұмардай қадір тұтқан Ахаңды, ақиқатында, исі қазақ жұртына, түркі тектес қандастарға арымен қызмет жасаған ағартушының еңбегі замандастары тарапынан еленіп, қайраткерді «қазақ халқының көсемі» (М.Әуезов) деп ұлықталады. А.Байтұрсынұлының аяулы есімі ортамызға оралғанына 25 жыл болды. Содан бері БАҚ-та түрлі танымдық сұхбаттар жүргізіп келеді. Осы танымдық сұхбаттардың пікірталасы – Ахаң әндерінің айналасында өрбіп, соңы сиырқұйымшақтанып, сол «баяғы жартас бір жартас» демекші, «халық әні» деп түйінделеді. Мұндай көпе көрнеу «жалпақшешейлік» Ахаңдай ғалым композитордың аз да болса саз мұрасына адалдық танытпаған болып табылады. Ақиқатында, «заман басқа, заң басқа» деп, өтпелдеңдегі өткенін түгендеп жатқан тұста, одақ кезіндегі «келеңсіздіктерден» арылатын уақыт жеткенін музыка мамандары неге мойындағысы келмейтіні түсініксіз. Қорыта айтқанда, Кеңес одағының солақай саясатына тәуелді болған тұста амалсыздан «халықтыкі» деп танылған: «Қаракөз», «Екі жирен», «Аққұм», «Ахау, достар!», «Қарғаш» сынды әндерді осы туындылардың төл авторы Ахмет Байтұрсынұлына қайтару – өзекті мәселе.

1). Қаракөз

Құдайдың құдіретіне таң қаламын,
Жолында бір ғашықтың зарланамын.
Ішімді ғашық оты жандырады,
Сыртыма шығаруға арланамын.

Қайырмасы:
Ей-ей, сүмбіл шаш!
Беу-у, жұбайым,
Болды-ау, уайым,

Жан сәулем, айта беріп,
Не қылайын...
Әппақ етің қояндай,
Шошып сәулем оянды-ай.

Ғашық болған Қаракөз,
Қызығыңа тоя алмай.
Қайырмасы:

Кейінгі нұсқа:

Жете алмай жолда шаршап тұрған кезде,
Бір ғана елес берші сәулем, көзге.
Аққуым айдын көлде жеке жүзген,
Көңілімде көлеңкем жоқ сенен өзге.

Қайырмасы:
Ақсұңқарым, жібегім,
Жалғыз сенде тілегім.
Сегіз жылдай сергелдең,

Қасірет шегіп, жүдедім.
Ой, сүмбіл шаш, сенсің уайым,
Беу жұбайым,
Түскенде сен есіме не қылайын.

Сұм жалған сегіз жылдай қолды матап,
Жолыңа шыға алмадым сарбас атап.
Аққуым айдын көлде жүзген,
Жүрмісің іліктірмей жаман атақ.

Қайырмасы:

2). Екі жирен

Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,
Аулыңа барушы едім даламенен.
Түскенде сен есіме беу, қарағым,
Сағынып, сарғаямын саламенен.

Қайырмасы:
Екі жирен жалын түйген,
Жалғанда ғашығымсың жаным сүйген.
Ей, құрбым, сөз сөйлейін көрген жайдан,

Айтпаймын күдер үз деп ақ сұңқардан.
Көңілімде еш дауалық болмаған соң,
Бойымда толып жатыр ар мен арман.
Қайырмасы:

Ғизатлу хат жазамын қалқам саған,
Самарқау осы күнде көңілім шабан.
Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,
Дариға осыменен өтті заман.

Қайырмасы:

3). Аққұм

Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты.
Сөзі бар алуа, шекер, балдан тәтті.
Адамның өзім көрген абзалы екен.
Айтайын өлең қылып перизатты...

Көзімнің жанарындай сәулем едің.
Көңілімнің қуанышты дәурені едің.
Ойымнан жатсам, тұрсам еш кетпейсің.
Басымды не сиқырмен әуреледің?

Кейінгі нұсқа:

Аққұмның бір қызы бар,
Іңкәр атты.
Сөзі бар алуан шекер,
балдан тәтті.

Игигай, игигай.
Адамның өзім көрген,
абзалы екен.
Айтайын өлең қылып,

перизатты...
Игигай, гөй игигай.
Көзімнің қарасындай
сәулем едің,

Көңілімнің балдай әні,
дәурені едің.
Игигай-яй, игигай-яй.
Ойымнан жатсам, тұрсам

бір кетпейсің.
Көңілімді не сиқырмен
әуреледің?
Игигай, сәулем.

Игигай, сәулем, игигай-ай.

4). Ахау, достар

Бұл күнде қашық тартқан біздің достар,
Кез келсе, сыр қалмаған, көңіл қоштар.
Лебіндей айдаһардың тартқан достар,
Бұл күнде бірі де жоқ қолмен ұстар.

Ахау, достар,
Көңіл қоштар.
Хош болып тұр,
Жолыққанша,

Асыл достар!

5). Қарғаш

Ақ дидарын көргенде тұра алмаймын,
Сенсіз жерде салтанат құра алмаймын.
Сен есіме түскенде, беу қарғашым,
Кемесіндей дарияның бұраңдаймын.

Жылқым жатыр Ақкөлдің шаңдағында,
Кімдер сері болмайды бойдағында.
Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетер,
Келіп, кетіп жүрсейші ойнағыңа.

МҰРАҒАТТЫҚ ДЕРЕКТЕР

«Қазақ халқының 1000 әніне» енген А.Байтұрсынұлының халық жеткізуіндегі әндер

Ахмет Байтұрсынұлының «Арман» күйі.

ҚАЗАҒЫМ, ЕЛІМ!

(«Жиған-терген» өлеңінен ықшамдалып алынған)
Именіп көптен,
Сақтық қып еппен,
Тасалама ойыңды!

Ашынса етің
Ашылмақ бетің,
Тірі көмбей бойыңды,
Жүрегіңнің жарасын

Көрсет жұртқа! Қарасын!
Қайырмасы:
Әр жолды ойлап,
Ойыма бойлап,

Ұқтым тайыз, тереңді.
Сайраған тілмен,
Зарлаған үнмен
Құлағы жоқ кереңді

Ұқтыра алмай сөз әуре,
Тек тұра алмай біз әуре.
Қараймын кейін:
Орысқа шейін

Хан бағыпты қазақты.
Баға алмай жөндеп,
Басқаға көн деп,
Артқан жұртқа азапты.

Бас адамдар халықты
Сатып, сыйлар алыпты.
Қайырмасы:
Келген соң бері

Кейінгілері
Болды құмар шекпенге –
Өгіздей өрге,
Өткелсіз жерге

Халқын айдап жеккенге.
Бір күн тойса есектер,
Ми жоқ алдын есептер.
Балалық қалып,

Ес біліп анық.
Ер жеткелі талай жыл.
Баяғы қалпы,
Баяғы салты,

Бұ неткен жұрт ұйқышыл?!
Болсын кедей, болсын бай,
Жатыр бейқам, жым-жырт, жай.
Қайырмасы:

Ұйқышыл жұртты
Түксиген мұртты
Обыр обып, сорып тұр.
Түн етіп күнін,

Көрсетпей мінін,
Оятқызбай қорып тұр.
Обыр болса қамқорың,
Қайнағаны сол сорың!

Оянған ерге
Ұмтылған жерде
Еруші аз, серік кем.
Қас білген досты,

Дос білген қасты,
Мұндай елді көріп пе ең?
Қыс ішінде бірер қаз
Келгенменен, қайда жаз?!

Қайырмасы:
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш, көзіңді, оянып!
Қанған жоқ па, әлі ұйқың?

Ұйықтайтын бар не сиқың?!

ЖҰРТЫМА

Бірлік қып іс етуге шорқақ, жұртым!
Табылса оңай олжа ортақ, жұртым!
Сияқты қара қарға шуылдаған
Үрейсіз қоян жүрек қорқақ, жұртым!

Білмейсің жөнің менен терісіңді,
Ел болып іс етпейсің келісімді.
Үміт қып бәйге атындай талай қосып,
Байқадың шабыс түгіл, желісіңді.

Жөн айтқан жұртшылыққа адам болса,
Шығасың қолыңа ала керісіңді.
Бытырап бет-бетіңе жөнелгенде,
Көрдік қой жайылатын өрісіңді.

Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар,
Қайтейін өзге десе көнгішіңді.
Сықылды сынық бұтақ төмендесең,
Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?!

ҮШІНШІ БӨЛІМ. ЗАМАНДАСТАР ЛЕБІЗІ: ТҰЛҒАНЫҢ 50 ЖАСЫНА АРНАЛҒАН МАТЕРИАЛДАР

Мұхтар Әуезов

АХАҢНЫҢ ЕЛУ ЖЫЛДЫҚ ЮБИЛЕЙІ

Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағыналырақ, тәуір күндерінің бірі деп саналады. Сол оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі болған Ахаңа арналған тұңғыш той – ой ойлаған қазақ баласының жүрегіне жылы тиетін қуанышты істің бірі. Әркімнің қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп істің ішіндегі ірісі. Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде. Кешегі күні оқушы болып, соның тәрбиесінде жүрген күндерімізді көз алдымызға елестеді. Ахаңның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманнан бір ай ұзағамыз жоқ. Кешегі күндерге шейін бәріміз де жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиет-үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы үкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді. «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ахаңның бұл істеген қызметі қазақтың ұзын ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш. Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ахаң сөйлегенде менің есіме «Қазақ» газетінің әндері түседі. Біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік. Бірақ патша саясаты темір бұғаудай мойынға батып, қазақ жұртын әлсіретіп, «кедейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып», елдігін жоғалтып бара жатқанын тұманды оймен сезуші едік, көмескі жауы қазақтың бесіктегі баласының көзіне де елестегендей еді. Сол уақыттарда «Қазақ» газетінің бетінен анда-санда оқып отырған әсерлі анық сөздер, қауіптің пішінін айқын қылып көрсетіп, мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттегендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын жол мұндалап, жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын. Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын. Ел басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да елі мінген еспесі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын. «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына» түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң «маса» болып талай ызыңдап «оятамын» деп ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын. «Қазақ» газетінің сол заманнан бері қарай талай өмірі өткен сияқты. Бұл уақыттың жылдай, саусақпен санағандай аз жыл болса да болып өткен уақиғаларына қарағанда көп, заманға жауап ұратын толқынды заманның бірі. Өзге дүниеде болып жатқан ұлы өзгерісті қоя тұрып, қазақтың өзін алғанда, әлденеше тарихшыға еңбек болатын тарихи уақиғалар өтіп жатыр. Бұрынғы уақытта қазақ баласының есіне келмеген, мағынасы үлкен уақиғаның бірі – қазіргі жасалып отырған Ахаңның 50 жылдық тойы. Саясат толқынына түсіп, ойы ашылған, мәдениет жолында аз да болса ілгері басып беті ашылған қазақ жұрты, бұрынғы ауыр күнде басшысы болған азаматының атын құрметпенен атағысы келеді. Еркін ойды ойлатпай ауыздан шыққан сөзді баққан патша заманында қазақ жұрты қайрат қылған еріне арнаулы сөзін айта алмаса,бүгінгі күнде азаматты 50 жасқа келіп, сақал-шашы ағарған күнде өксікті сөзін айта алады. Ахаңның атын қазақ даласындағы қазақ баласының естімегені аз шығар! Бірақ Ахаңды туғызған елі жалаң атын естіп қоймай, басынан кешірген өмірін білуге де ынтық болғандықтан білгенімізше бала күннен бергі өмірін қысқаша қылып айтып өтпекшіміз. Ахаң 1873 жылы (1872 – Р.И.) Торғай облысы, Торғай уезінде Тосын болысында туған, сүйегі Арғын, оның ішінде Үмбетей болады. Бергідегі аталары Үмбетейден шыққан Шошақ, Ахаң Шошақтың немересі. Өз әкесінің аты – Байтұрсын. Ахаңның туып-өскен ауылы қыр қазағының ұғымынша ол кездегі Үмбетейдегі іргелі, аталы ауылдың бірі болған. Оның үстіне белгілі батырдың тұқымы болғандықтан Ахаңның жақындарының ішінен батырлықты, мықтылықты салт қылған ірі мінезді адамдар көбірек шыққан. Ахаңның әкесі Байтұрсын баласын өзге ағайындары түскен жолға түсірмей, өнер-білім үйретпекші болып, жас кезінде Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ школына  берген. Сол школда оқып жүріп, 13-ке келгенде әкесі Байтұрсын үкімет алдында «жазықты» кісі болып, Сібірге айдалып кеткен. Мұның себебі, Тосын болысының сайлауына шыққан Торғай уезінің начальнигі «кәрі ояз» Яковлев Үмбетейге бұрыннан көптігін көрсетіп, зорлық қылып жүрген Дәуітбай тобына болысып, соның сөзін қостап, бұларға қиянат қылғандықтан Байтұрсын «кәрі оязды» сабап, басын жарған, Байтұрсынның айдалған себебі осы. Бұл уақиға Ахаңның соңғы кездегі «Анама хат» деген өлеңінде бала күндегі жүрегіне қандай әсер бергендігін көрсетеді:

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам, –
дегені сол күнде әкесі көрген бейнеттен қалған белгісі.

Торғайдағы алғашқы түскен школын жастай бітірген соң, тағы ілгері оқуды талап қылып, Ахмет Орынбордағы учителдік школына түскен. Әуелгі школында да һәм соңғы Орынбор школында да сабақтас балалардың алды болып, жақсы оқыған. Учителдік школдан 4 жыл оқып, жасы 19-ға келгенде, 1892 жылы оны да бітірген. Ахаңның тәртіпті мектептен алған барлық оқуы осы. Оқу бітірген соң әуелде мақсұт қылған жолымен ел ортасына барып, қазақ балаларын оқытпақ ниетімен Ақтөбе уезі Батпақты болысындағы Ахметкерей Қопсыбақовтардың ауылындағы ауылнай школға барып, оқытушы болған. Мұнда біраз уақыт болған соң, Қостанай уезінде Әулиекөл деген жерде болыстық школында екінші рет оқытушы болған. Әулиекөлден үшінші рет ауысып барған школы Қостанай қаласының уезіндегі екі сыныптық орыс-қазақ школы. Бұл айтылған үш школда неше жылдан тұрғаны бізге белгісіз. Жиыны үшеуінде төрт жыл тұрып, 1896 жылы Омбыда Ақмола, Семей школдарын басқарып тұрған Алекторовпен хабарласып, Омбыға барған. Ахаңның Қостанайдан кетуіндегі себептерінің көбі бізге белгісіз. Кетуінің бір себебі, қазақтың басқа жерлердегі хал-жайын көріп-білу болса керек. Омбыға барып, Алекторовпен көрісуі – Ахаңның кейінгі күндегі адамшылығы мен ісіне екі түрлі әсер берген. Біреуі, Алекторовтың қазақ турасындағы отаршылдық саясатының басын біліп, көздеп жүрген мақсұтын сезген болар. Атақты Ильминскийдің жолымен қазақтың көзін ашу үшін осы оқу керек деген саясатты тұтынып жүргендігін сөздерімен білдірген Алекторовтың ниетімен жақын келіп танысқан соң, Ахмет қазақ халқының жағдайының ауырлығын ұғып, ел турасындағы түкпірлі ойы сол кезде ояна бастаған. Алекторовпен танысудың екінші әсері – Ахаңның жолы ашылып, пікірі ашылып, бұрынғы білім-өнер жүзіндегі шала білініп, көмескілеу түсініп жүрген нәрселерін таза білуіне себеп болған. Омбыдан соң аз уақыт тұрған жері – Қарқаралы. Онда 1896 жылдан бастап 1907 жылға шейін тұрған. Қарқаралыда әуелде сыныптық орыс-қазақ школында болып, артынан городское училищенің оқытушысы болған. Қарқаралыда тұрғандағы соңғы 4 жыл Ахаңның саясат ісіне белсеніп кірісіп, жазуымен де, ісімен де бой көрсеткен кезі. Сол мезгілде 1905 жылдың өзгерісі болған. Қазақтың Мәскеуден келген бірен-сараң студенті, басқа қалаларда оқып жүрген жастары һәм ескіліктен келе жатқан пікірі түзу үлкендерінің арасына өзгеріс рухы жайылып, қазақтың елдігін сөйлей бастаған кездері сол мезгілі болатын. 1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа біраз оқығандар бас қосып, кіндік үкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген, ол петициядағы аталған үлкен сөздері – бірінші, жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған, екінші, қазақ жұртына земство беруді сұраған, үшінші, отаршылардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандықтан қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. Петициядағы тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселесі осылар болғандықтан Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан. Көпшіліктің оянуына себепші болған. Сол жылдардан кейін бас қосқан жиында, жазысқан хатта, оңашада болған әңгімеде ел қамы, ел мұңы деген сөздер Ахаңның аузынан кетпейтін сөзі болған. Елшілдік ұранын салып, агитацияның ауданын кеңейтіп, ел ішіне арманды сөздерін жая бастаған. Сол жылдардың ішінде белгілі «Қырық мысал» жазылған. Қалың қазақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі «Қырық мысал» болатын. Бұдан кейін Ахаңның атағы жайылып, елдің шын қамқоры екендігі екінің біріне мәлім бола бастаған. Бірақ сол кезде төңкерістің күні бітіп, патшаның жауыз үкіметі қайта күшейіп, елшілдерге қуғын жасап, қысымшылық жасайтын қанды күндері қайта туған. Қазақ ішінен ежелден елді ұмытып, адамшылық қарызын шенді-шекпенге сатқан құзғын сияқты тілмаштары, өзімшіл надан болыстары бірен-сарандап бас көтерген. Қараңғы үйді бинәт қылған «сабаздарға» жем айыратын жер табылған. Олар «Қырық мысалдың» өлеңдерін перевод қылып, 1905 жылдағы петиция берген адамның бәрінің атын жиып, үстінен белгілі доностарын жүргізе бастаған. Бұлардың бейнеті көпке созылмай-ақ, аз күнде еңбегі жанған. Қазақтың өзгеріс уақытында түзелуді ойлап, тура бетпен жүрген азаматтарының бәрі де үкіметтің қырын қабағына ілініп, абақтыға түсе бастаған. Сол доностың арқасында 1907 жылы Қарқаралы қаласында Ахаңды 6 жолдасымен абақтыға салған. Қарқаралы тұтқынында аз уақыт отырған соң «жазалыларды» Семейге айдаған. 12 жыл өмірін өткізіп, еңбегі жанбай айдалып бара жатқанда Ахаңның қайғылы көңілінен шыққан ауыр сөздің бірі:

Қош сау бол, Қарқаралы, жуылмаған,
Айдай бер, қалса адамың қуылмаған, –

деген өлеңінен анық көрінеді. Семейде сегіз ай абақтыда отырған соң бір жарым жылға (административтік ссылкаға) айдау ретімен Орынборға келген. Орынборда сол тұрған жылдарындағы әуелгі ниет қылған бетінен тайынбай, бұрынғыдан ащырақ, күштірек тілмен «Масаны» жазған. Қазақ оқушысына естілген екінші елшілдік ұраны «Маса» болатын. Бұл кітабы шыққан кезде Уфадағы «Ғалияда» оқып жүрген қазақ шәкірттері тырбанып, талап қылып, қазақша газет шығармақшы болған. Керекті қаржыны елден жиып, өз орталарынан шығарып, газеттеріне шығарушы болуға Ахаңды белгілеген. Қазақтың ол кездегі ерте оянған тобының бірі «Ғалия» шәкірттері еді, солардың талабымен кейінгі уақытта атақты болған «Қазақ» газетіне алғашқы негіз салынған. Ахаң шығарушы болып, «Ғалия» шәкірттері көмекші жазушылары болып, Орынбордағы орыс школында жүрген барлық қазақ баласы басқарманың қара жұмысшылары болып, көптеп-көмектеп алғашқы сандарын шығара бастаған. Артынан «Қазақ» нығайып, өзін-өзі алып жүріп кетті. Он жеті жылдың төңкерісіне шейін Ахаңның уақыты «Қазақ» газетімен бірге өтті. Бұнда да «Қазақтың» сатылған тілмәштары жасаған доностары аз болған жоқ. Әлденеше рет «Қазақты» жаппақ болған, штраф төлеткен, Ахаңды абақтыға салмақ болған күндері бізге белгілі. Бірақ Ахаңның денсаулығын ойлап, халін ұққан жолдастары абақтыға жатқызған жоқ. Үкіметтің тілеген штрафын беріп босатып алды. 1917 жылдың төңкерісінен бері Ахаңның істеп жүрген қызметі, жазып жүрген кітаптары, сөздері жұрттың көбіне белгілі болғандықтан одан бергі жайларын көп жазбақшы емеспін.

Осы күнде Ахаң Орынборда.

Басынай кешкен толқынды күндер сақал-шашына ерте күннен ақ кіргізіп, бетіне әжім түсірсе де әзірше дені сау, жас күнінен көңілі сүйген қызметі болғандықтан Орынбордағы қазақ институтының һәм басқа қазақ баласы оқыған мектептердің оқытушысы болып жүр. Мектептен босаған уақытта қазақ мектептеріне керекті кітаптар жазады. Бұрынғы оқушыларға белгілі «Тіл құралы», «Оқу құралдарынан» басқа соңғы жылдарда «Әліппе астарын» һәм қазақша жазған. Бұл соңғы кітабы осы күнде Орынборда басылып жатыр. Жаңадан алған хабарға қарағанда, былтырдан жазып жүрген «Мәдениет тарихы» деген кітабын осы күнде бітіріпті. Жақында о да басылып шықса керек. Ахаң соңғы жылдардағы уақыттың бәрін қазақтың мектебіне сарып қылып, істеген ісі де, жазған жазуы да соған арналған. Сондықтан бұрынғы уақыттағы жас буынның әлсіз ойын тербеткен, жүрекке жылы тәтті өлеңдерін соңғы жылдары ести алмай жүрміз. Бірақ Ахаңның бұрынғы айтқан сөзін әлі қазақ баласы ұмытқан жоқ, өлеңіндегі белгілі сарын әлі ескірген жоқ. Әлі күнгі қазақ даласының күшті сарыны болып, Арқаның қоңыр желімен бірге есігі, шалқып жатыр. Бұдан 10–15 жыл бұрын:

Алаштың үмбетінің бәрі мәлім,
Кім қалды таразыға тартылмаған? –

деп Ахаң айтса, біз де осы күнде соны айтамыз. Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен деп Ахаңның ғана ардақты атын атаймыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілері санаулы. Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын.

Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды. Сондықтан 50 жылдық тойын істеп отырған қуанышты күнде Ахаңа біздің айтатын сөзіміз: «Ахаң – еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі – артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ахаң мектебіне тізіліп, кіріп жатқан жас буын, жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды». Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды. Әлі де болса, өмірінің ұзақ болып, еңбегінің өнімді болуын тілеуден қазақ баласы қайтпайды.

1923 жыл.

Ескерту: Мақала алғаш 1923 жылы «Ақжол» газетінің №63 санында жарық көрген. Алаш арысының аты ақталғаннан кейін, 1991 жылы А.Байтұрсынұлының «Ақ жол» жинағына енді.

Бірнеше дүркін БАҚ-та жарияланды. 1999 жылы «Ұлттық рухтың ұлы тіні» атты ғылыми жинақта қайта басылды.

Ғалымның көптомдық жинағына алғаш рет еніп отыр.

Сәкен Сейфуллин

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ 50-ге ТОЛДЫ

Осы өткен қаңтардың 28-і Ахмет Байтұрсынұлының жасы елуге толды. Халыққа өзінше қызмет қылған адам кәміл тоқтайтын кісілік жасына жеткенде сол кісінің халыққа істеген қызметтерінің қандай екенін бастан-аяқ баяндап отыру әр үлгілі халықтың әдеті. Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі, оқығандардың арасынан өз заманында патшаның арам құлықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Әрине, Ахмет қазақ халқының байы мен жарлы-жалшы табының жігін ашып, бұл екі тап қатар тұрғанда жарлы табын байлар табы жұмысқа жегіп қойып, борсықша сора беретіндігін айтқан жоқ. Байлардан бөліп жарлы табының ғана намыстарын жыртып, арын жоқтаған жоқ. Жарлы табының шоқпарын соққан жоқ. Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арларын сатып ұлықтық іздеп жүргенде Ахмет қазақұлтына жанын аямай қызметтерін қылды. Әуелі ол школда қазақ балаларын оқытты. Надандықпен күресіп, патша үкіметінің әділетсіз үкім-зорлығымен күресіп, Крылов деген орыстың жазушысының 40 мысалын қазақ тіліне аударды. Ол 40 мысалдың әрқайсысына сол патша заманының әділсіз тұрмысынан алып, қазаққа патша үкіметінің істейтін жәбірлігін айтып, өзінен мысалдар келтірді. Қазақ халқының арын, намысын жоқтап,«Маса» есімді өлең кітаптарын жазып шығарды. Одан соң Орынборда «Қазақ» деген газетті шығарды. Қазақтың бастауыш мектептеріне арнап «Оқу һәм тіл құралдарын» жазып шығарды. Коммунистерше жалпы байлардың құлдығында жүрген жарлылардың ғана арын, намысын жоқтамаса да, коммунистерше жалпы байларға оқ атып, жалпы жарлылардың таяғын соқпаса да, Ахметтің халыққа бұл істеген қызметтері зор қызмет. Бұл қызметінің әсіресе көрінетіндігі сол, өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгіге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл.Ұлтын сүюдің зорлығынан, 1917 жылы патша түсіп, революция (өзгеріс) болғанда қазақтың бұрыннан арсыз, имансыз оқығандары «ұлтшыл» бола қалып «Алаш» партиясын ашқанда бір қазақ үшін сол сұмдармен бірге «Алаш» партиясында болды. (Әрине,«оқыған» дегендеріміздің арасында бірен-саран адал адамдар да бар). Адал ниетті Ахмет бір тұтынған жолы үшін, шын сүйетін ұлты үшін қандай партияға болса да кірмей қойсын ба?! Өзі үшін ұлтшыл болған қулардан бөлініп, Ахмет сол ұлтқамы үшін коммунист партиясына да кірді. Әрине, Ахмет коммунист партиясында да көп бола алмады. Көп бола алмайтындығы белгілі еді. Қазақтығына, орыстығына қарамай бай мен жарлының арасын ашып, борсықтай сорып келе жатқан байлардың қолдарынан үкіметті қара күшпен жарлыға тартып алғызған, малын, жерін тартып алғызған коммунистер, жер-дүниедегі барша халықтарды бірдей сүйетін коммунистер рухы майда һәм қазақты ғана сүйетін Ахаңа дұрыс болмады.

Ызыңдап ұшқан нәзік маса,
Сап-сары аяқтары ұзын маса.
Өзіне біткен түрі өзгерілмес,
Дегенмен қара яки қызыл маса.

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттарын бұзылғанша
Ұйқысын азда болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?

Рас айтады, Ахаң нәзік маса, ол ұйықтаған қазақ халқының үстінде қоймастан «ұйқысын азда болса бөлуге ызыңдады», Коммунистердің ертелі-кеш «ызыңдап» жүрудің орнына мырзалардың, байлардың бетіне былш еткізіп салып қалғаны нәзік жанды Ахаңа қолайлы көрінбеді. Қанша ұлт үшін коммунист партиясына кірсе де, дүниедегі барлық адам баласының ұлттарына қарамай, бәрін бірдей сүйетін коммунистерді көріп өз ұлтын ғана сүйетін Ахаң, өзі айтқандай,«қызыл» бола алмады. Ахаң байлардың құлдығында шіріген жарлылардың айғайшысы емес, олардың шоқпаршысы емес, бірақ байын, кедейін айырмай қазақты ғана сүйетін адал жүрек таза ұлтшыл. Қалай болса да жазушысы аз, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына «Оқу һәм тіл құралдарымен» қылған қызметі таудай. Ахаң туралы толық қылып жазбақ едім, газет бетінің орны шамалы болғандықтан қысқа, үстіртін жазылды. 50 жасқа толған Ахаңды шын көңілден құттықтап, былай да өмірінің ұзақ болуынтілейміз.

1923 жыл.

Ескерту: Мақала 1923 жылы 2 ақпанда «Еңбекші қазақ» газетінің 64-санында М.Шамил деген бүркеншек атпен жарық көрген С.Сейфуллиннің мұнан басқа «Тағы да Ахмет туралы» деген мақаласы сол жылы жазылған. 1988 жылдан кейін БАҚ-та бірінші рет басылды.

1999 жылы ғалымның 125 жылдық мерекесіне арналған «Ұлттық рухтың ұлы тіні» атты еңбекте қайта жарияланды. А.Байтұрсынұлының кейін шыққан жинақтарына кірмеген, осы томдыққа енгізілді.

Телжан Шонанұлы

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ХАЛЫҚ АҒАРТУ

ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТ САЛАСЫНДА

І

Бар ғұмырын өз халқына шын құштарлықпен қызмет ету жолына бағыштаған, бар бақытын содан тапқан, табиғаты бөлек жандар болады. Ахмет Байтұрсынұлы сондай адамдар қатарындағы ұлағатты ғалым. Ахмет Байтұрсынұлы мәдениетіміз бен ғылымымызға қалтқысыз беріле қызмет сіңірген, таланты мен тағдыры, жан дауасы тек сол мақсаттан тапқан жан. Ахаң – күрделі тұлға, зерделі ғалым. Күрделі болғанда, ел-жұртының тарихы мен тағдыр талантын терең біліп толғаған, танымына лайық алысқа қол ұсынған алғашқы оқымыстысы. Кең құлашты, ұлан-асыр терең ойлы ғалым – халық ұлы өмірдің қай саласында да өз пікір-толғамын, бағыт-бағдарын білдіріп келеді. Осыншама сан қырлы қызметін жазған еңбектері арқылы жалпылама тізбелеп жеткізуге болар, бірақ шағын мақалада саралап айта алмасымыз анық. Дегенмен де мәдениетімізге орасан еңбек сіңірген адам ер жасы елуге келіп отырған шағында, біз оның қазақ әдебиеті мен халық ағарту істері саласындағы қайталанбас қызметін атап өтуге өзімізді парыздармыз деп санаймыз. Ахаңның асқан ағартушылық жұмысын «Маса» атты кітабының басында келтіретін Қожанасыр былай деп сұрайды: «Сендер менің не айтқалы тұрғанымды білесіңдер ме?». Халық: «Білмейміз», – деп айғайлайды. Сонда Қожа: «Білмесеңдер несін айтамын», – деп түсіп кетеді. Халық тарап кетеді. Келер жолы жұрт Қожаның қойған сұрағына, оның не туралы айтатынын білетіндіктерін айтса, ол, білетін болсаңдар несіне айтамын деп кетіп қалады. Қауым амалсыз тағы тарасады. Үшінші жолы, жұрт жартысы білетінін, жартысы білмейтінін жеткізсе, сонда Қожа: «Білетіндерің білмейтіндерге үйретіңдер», – деп тағы ештеңе айтпайды. Осы екі ауыз сөзде Қожанасырдың барлық ойының түйіні жатыр. Ахаң Қожаның осы бір әпенділігін кітабында тегіннен-тегін келтірген жоқ. Шындығында да, Ахаң өзінің бүкіл саналы өмірін сарып еткен қазаққа өзі білген нәрсесін ұтымды жеткізуден жалықпады. Сол үшін жанын сала тер төкті. Сондықтан да болар, оның еңбегінің өнімді жағы ағарту алқабында. Осыған дейін ел ішінде оқу-ағарту ісіне дәл Ахмет Байтұрсынұлындай еңбек сіңірген ешкім жоқ. Оның мәдени-ағартушылық қызметі ашық та айқын; егер біз әдебиетіміздің тарихына, тағдыр-талайына қатысты ең сорақы жағдайды еске түсірсек, ол ауыр да азапты күй екінші Николай құлағанша болды. Соның зардабы біздің ұрпақ санасында әлі де сезіледі. Қалай ұмытайық, бәрі де біздің есімізде. Сорымыздың зоры ана тілімізде оқып, білім алудың тұтқасы дүмше молдалардың, қашқындар мен Хиуадан, Қарақалпақтан, Бұқарадан, Түркістаннан, Қазаннан, Сейітшілдер тобы мен Стерлимақтан ақ шалмадан басқа түгі жоқ келімсек оқымыстысымақтардың, шәкірт тәрбиелеудің қарапайым жөн-жосығын да білмейтіндердің тізгінінде кеткені еді. Олар балаларды соқыр сеніммен арбап, діни ілімге оқытып, ата-аналарды тозақ отында молланың шыбығы тиген жер күймейді дегенге иландырып, жас шыбықтай солқылдаған жас ұрпақтың жанын да, тәнін де қинап азаптады. Олар молданың қолында сырттай, сыпайы, кешірімді көрінгенімен, іштей тасбауырлық, түйін байлап, кектеніп өсті: Абай айтқан өлмес өлең жолындағыдай:

Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай болып сәлдесі,
Малқұмар көңілі бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі, – деп түсінеді.

Жан баққан, мал аңдыған молдада не қасиет болсын. Қасиетті жазуды бұрып оқуға ақ шалманың өзі де тоқтау сала алмады. Молданың айтқанын істеме, істегенін істе деген... Дүниеқоңыздық, байлыққа құмарлық оларды да аздырып біткен-ді. Олжаға таласқан құзғыннан не айырмасы бар? Осының бәрі – біздің кешегі рухани мәдени болмысымыздың жанды жеген дерті – қылмысты шындығы. Біздің құрдастарымыздан, әйел затын қоса айтқанда, молдалардың ойды өсіріп, сананы серпілткен мағынасыз, мәнсіз «ұстаздығын» кім түсінбейді? Екінші жағынан орыс-қазақ мектептеріне көңіл аударсақ, оның патша өкіметінің отарлау саясатына сай ашылғаны, соған бағытталғаны да бәрімізге таныс, аян. Бұратана мектептерге арналған заңның бірінші тармағы бәрімізге таныс. Бұл мақсаттың ашық та айқын көрінісі патша әкімдері мен ағартушыларының әр түрлі мейрамдарда сөйлегендерінен анық байқалады. Торғай губернаторы Барабаш өзінің мүшел мерекесінде «өзіме бағынышты қазақ халқына православиялық дін мәдениетін таратып үлгермедім» – деп өкінгенін қарттар біледі. «Тағы (жабайы – Р.И.) жұрттардың ағартушысы» Ильминскийдің халық ағарту министрі Д.Толстой қатысқан Қазан-татар семинариясының ашылуында сөйлеген сөзі баршаға белгілі. Ол бұратана мектептің басты мақсаты: бұратаналар арасында орыс православиялық шіркеуінің ықпалын күшейту, бұратаналардың біртіндеп орыстануына жағдай жасау еді. Патша үкіметі өз мақсатын қадағалай отырып, қазақтарға ана тілінде оқуға рұқсат етпеді; рұқсат бергеннің өзінде жағдайды ауырлаты түсті. Медреселердің ашылуына орай қазақ тілінде миссионерлік бағыттағы кітаптар көптеп шығарылды, православиялық діннің мифологиялық транскрипциясы алынды. Аз-маз сауаты бар қазақ осы істің басында Ильминский мен Победоносцев, Яковлев, Мироглев, Васильев, Присне екенін біледі. Осы жолдарды жазып отырған адам бала кезінде ауылда бағынышсыз мектеп болғандықтан пристав келе жатыр дегенде, сабанның астын үңгіп тығыламыз деп, тұншығып өліп қала жаздағаны әлі есінде. Міне, осындай мүсәпір қиын кезеңде Ахмет алғашқы болып дауыс көтеріп, қазақ мектептерін бір жағынан, дүмше молдалардан, екінші жағынан, патша миссионерлері ықпалынан құтқару үшін қызмет етті. Болашақ ұрпақты молдалардың дүмше дым білместігінен, сол секілді миссионерлердің жаңашылдығынан құтқару үшін қызмет етті. Бұл жолда Ахаң жалғыз да алғашқы ағартушы болды. Оның Жаңа қазақ алфавитін (әліпбиін – Р.И.) жасауы іс жүзіндегі ішкі және сыртқы жаулармен күресінің көрінісі болатын, біздің тіліміздегі барлық дыбыстарды сақтай отырып, дыбыс үсдестігінің заңдылығы бойынша жаңа әріптер белгілеп, ана тіліміздің синтаксисі мен этимологиясын жасап шықты. Қазақ тілінде қолданылмайтын, мүлдем қажетсіз он екі әрпін әліппеден алып тастады. Бұл жазу емлеміздегі көптеген қиыншылықтарды жойды. Бұған дейін бізде өз әліппеміз болған емес, дүмше молдалар әліппе жасай алмай, балаларды «әліп-би» шартымен қағаз жүзінде оқытса, ал миссионерлер Васильев, Алекторов, Рожинский және басқалар қазақ әліппесін орыс транскрипциясымен берді. Сондықтан да Ахметтің жаңа әліпбиі мен жаңа әліппесі біздің мәдени өркендеуімізге зор пайдасын тигізетін құбылыс еді. Жаңа әліпби тіліміздің таза сақталуына мүмкіндік туғызды. Жаңа әліпби әлемдік мәдениетпен араласа түсу жолын жеңілдете түсті. Жаңа әліпби халық мектептерінің өркендеуі жолында алып адым жасағаны анық. Қазіргі кезеңде Ахметтің әліпбиімен басылған кітаптар, журналдар, газеттер мыңдаған баспа табақпен даланы шарлап, ең алыс қараңғы түкпірлерге дейін тарап кетті. Ал Ахметтің кітаптары болса қазіргі қазақ мектептерінде қолданылатын жалғыз оқулық. Оны Қазақ халық ағарту комиссариаты қайталап бастырып шығармаса, сол қалпында қалмақ. Адамзат қоғамының идеологиялық жағынан толысуы өмірден де, техникалық өрлеуден (прогрессс) де қалыс қалып келеді. Сондықтан да идеология болмыстың (өзге) салаларынан консервативті. Идеологиядағы кертартпалық консервативті ағымның салқыны, әсіресе, кейін қалған халықтарға, мәселен, қазақтарға қатты зиянын тигізеді. Бұл әрине, тың тұжырым емес. Идеологиялық консерватизм халықтың дамуына үлкен кедергі келтіреді. Бұл ой әліпбилік реформаға да қатысты. Мысалға орыс әліпбиін орнықтыру мәселесі өткен ғасырдың 60-шы жылдары столыпиндік кезеңде шаруалардың орыс ойшылдары арқасында азат етілуімен тұспа-тұс келсе де, екінші Николайды құлатқаннан кейін ғана жүзеге асты. Мәдениеті бізден сөзсіз жоғары тұрған орыс қоғамының өзі дайын әліпбиді тұрақтандыру үшін жарты ғасырдан астам пікір таласын жүргізсе, Ахметке жаңа әліпби жасау үшін бұдан да күшті күресте айрықша қажыр-қайрат таныту керек болды. Қазақ арасында «қадим» (ескіше) және «жәдит» жаңаша төтенше оқу деген мағына нақ осы кезден басталады. Бірақ бас-аяғы он жыл ішінде ескі молдалардың сағы сынып, біздің мектептерде жаңа азаматтық заң жеңді. Біздің мұғалімдер оқытып жатқан бүгінгі еуропалық әдіс – Ахмет Байтұрсынұлының жанашырлық қызметінің жемісі. Ахметтің жаңа оқулықтары жаңа әдістермен, қазақ өміріндегі жағдайға ғана орайластырылып қойылмаған, сонымен бірге ең соңғы жаңа методика мен дидактика әдістері тұрғысынан жазылған. Қандай да танымның, методиканың негізі – салыстыру. Талантты, озық ойлы әдіскерлердің бәрі де ежелден-ақ оқулықтарын осы салыстыру тәсіліне сүйеніп жазған. Ахмет өз әліппесіндегі материалдары да осындай жолды ұстанып отырып әзірленген. Ұғымға да, есте сақтап үйретуге де оңтайлы. Мысалы: «ас» сөзі аяғына қосылғанда «аса» соңына «р» жалғасақ «асар»; егер «а»-ны алып тастасақ «сар» және т.б. деген сияқты. Немесе «сал» сөзіне «а»-ны қоссақ, «сала» шығады, оған «р»-ды қоссақ, «салар» болады және т.б. деген сияқты. Мұндай мысалдардан шәкірттер біртіндеп сөздердің ұқсастығы мен айырмашылығын танып, мұғалімнің арнайы жетектеуінсіз-ақ жеңіл және еркін меңгеріп, жеңілден қиынға, қарапайымнан күрделіге ауысып өзі-ақ үйрене бастағанын аңғармай да қалады әрі өз бетімен оқып та кетеді. Тәжірибенің көрсеткеніндей жаңа әліппемен оқып-жазып үйрену үшін орташа қабілетті балаларға төрт апта уақыт жетеді екен. Ахмет Байтұрсынұлы педагогика мәселесімен ғана шектеліп қалмай, халық ағартудың басқа салаларында да, әсіресе, тілге қатысты қыруар істер тындырды. Дәрежелі ғылымның дәлелдеуінше, тіл – мәдени өркендеудің басты факторы. Тіл жоқ жерде халық, біріншіден, ұлттық бет-бейне айырылып қалады, екіншіден рухани, мәдени тозғындауға ұшырайды. Тілсіз, сөзсіз ақыл мен ойды қозғай алмайсың. Ал ой-санасыз сөз жоқ. Яғни, сөйлей білмесе, адамның хайуаннан айырмасы аз. Міне, осы тұрғыда Ахаң өлшеусіз көп қызмет етті. Біздің тілдің тереңдігі мен шеберлігін, тіл мәдениетінің мәнін, қасиетін дәлелдеп, тілімізді құрметтеуге мәжбүр етті. Оның тіліміздің тазалығы мен дербес өмір сүруі үшін күресі бұл саладағы аса зор еңбегі – кеңінен мәлім, кім-кімнен болса зор. Бір кездерде мұсылмандар арасында ерекше бір толқын – пантюркизм болған еді. Ол кезде мәдени жағынан жоғары тұрмыз деп есептеген татар зиялылары өзге түркі тайпаларын да ешқандай себеп-салдарсыз татар санауға болады дегендей ұсыныс та жасады. Оның өзі күллі түркі тектес жұртшылықта татар тілін қабылдансын дегеннен басталған еді. Кезек қазақ тіліне де таяған. Сол тұста Ахметтің ана тілімізді қорғап сөйлеуіне тура келді. Осыған байланысты «Шекіспей, бекіспейді» деген мақала мен «Туған тілім» атты өлеңі жазылды. Міне содан үзінді:

Кенің бай, келімің мол, туған тілім!
Дыбыстың сөз ғып теріп, буған гүлін.
Қайырған қайдағыны жүйрік ең сен,
Мен қосып құтыла алмас қусам білім.

Мен болман болдырамын «татар» десең,
Мен жатпан «бір бөлмеңде» жатар десең!

Осылай ана тілімізді қорғай жүріп, әдебиет пен тіл ғылымын дамытты, ілгерілетті. Енді біздің тілімізге ешкім тиісе алмайды, ал ол уақытта жағдай мүлде басқа еді ғой. Қазір бізге өз тілімізде жазуға, оқуға, сол арқылы мәдениетті көтеруге толық мүмкіншілік бар, газет оқу халық ағартушылығын арттыра түсетіні де сөзсіз. Орынбор губерниясында айдауда жүріп те Ахмет қазақ тілінде материалдардың жетіспеуіне, жұтаңдығына, көмектескендердің жоқтығына қарамастан, «Қазақ» газетін шығарды. Газеттерді тарату жөніндегі техникалық жұмыстарды өз жары мен қызы атқарады, өйткені экспедитор мен хатшы жалдауға алғашқыда қаражат та болмайды. Газет қазақ өмірін жан-жақты әр қырынан алып, үкіметтің арам пиғылын жоғарыдан бастап урядниктерге дейін сынап-мінеп отырды, сол үшін де газетке бірнеше рет айыппұл салынып, редакторы түрмеге жабылды. Қазақтар газет пен журнал оқуға осы уақыттан бастап үйренді. Мұның да бастаушысы – Ахмет Байтұрсынұлы. Ахметтің мәдениетімізге сіңірген еңбегі орасан зор, жазған кітаптары да аз емес, ол кітаптар ағарту мақсатында қызмет етумен қатар, ғылыми тұрғыдан да аса құнды.

Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының әдеби қызметіне қысқаша тоқталсақ.

ІІ

Біздің жазба әдебиетіміз әлі жас. Ол қазіргі ақындар шығармасына да әсер етіп, өзіндік өрнек бедерін танытып қалады. Басқаша айтсақ, ақынға әсер тигізіп қана қоймайды, халықтың мәдени өсу деңгейінен, рухани құнарынан да хабардар еді. В.Г.Белинскийдің ақын – өз халқы мен ғасырының перзенті деген ойы шындықтан туған. Әлбетте, ақын – суреткер. Шығармасының мәні, нәрі шындықтан алынуға тиіс, онсыз ол дерексіз қызыл сөзге сүйенген тілші. Сондықтан да заман тудырған, уақыт толғандырған сұрақтарға ақын сергек қарауы керек. Уақыт шындығымен бірге толғанып, ел тағдырымен жаны бір тұруы шарт. Онсыз ақын құр өлеңші. Былай қарағанда, Ахмет өз дәуірін шындықпен суреттеген сирек ақын деп айта аламыз.

Халық Абаймен танысқаннан кейін:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіне термек үшін,
Көкірегі сезімді, тілі орамды

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Ақындары ақылсыз надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бәрі жамау, бәрі құрау,
Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау –

Деген уытты сынынан соң, «Құны түскен кешегі өлеңнің» уақыты келмеске кеткен. Бұған біздің әдебиет тарихымыз куәгер. Абайдан бастап әдебиетімізде жаңа бағыт пайда болды. – Егер, біз Абайды сол бағыттың кірпішін қалап, жаңа әдеби құрылымға сілтеме жасады десек, Ахмет Байтұрсынұлы ірге тасын салып, қабырғасын көтерді. Ендігі әрлеп-сырлауы, әшекейлі күмбезі – болашақ ақындардың ісі. Бұл бағыттың бет-бағдары – біздің ақындарымыздың халықты жарыққа, білімге мәдениеттің даңғыл жолына, жарқын өмірге жетелеуге ұмтылдыруы. Біздің ақындар ақындығымен қоса, ағартушы да, ғалым да. Ахмет шығармаларының сырт пішіні шебер: қарапайым, оқуға жеңіл сазды, сөздері үйлесімді, ұйқасы ұтымды болып келеді. Көркем шығарманың пішіні туралы Ахмет өз өлеңінде:

Оюын ойып, орындап қойып,
Түр салғандай өрнекке.
Қиыннан қиып, қиырдан жиып,
Құрап сөзді термекке, –

деп қалай жазса, солай орындауға ұмтылды.

Ақын ағартушы аудармамен де көп айналысты. Көркем туындылары негізінен осы екі салада – аударма және түпнұсқа болып жазылған. Бәрінен де Ахметтің ден қойып, көп аударғаны Крыловтың мысалдары, сосын Пушкин, Лермонтов шығармалары, басқа да өзі қалаған орыс ақындарының туындыларын ана тілімізге түсірді. Бұл орайда Ахмет Байтұрсынұлын жаңа аударманың көшбасшысы десек те болады. Аудару шеберлігі сондай, егер оқырман түпнұсқамен таныс болмаса, онда шығарманың өзге әдебиеттен екенін аңғармай қалар еді. Мысалды «Олегтің заты туралы әнінің» (Бұл аударма А.Байтұрсынұлының «Маса» атты өлеңдер жинағында: «Данышпан Алектің ажалы» деген атауға ие – Р.И.) басынан келтірейік:

Жар салып, жасақ жияр білімді Алек,
Білімсіз хазарлардан алмаққа кек.
Қаласын, егіндерін азасы үшін
Отпенен қойған арнап қылышқа деп.

Немесе, осындағы Пушкиннің сыпаттаған ат сынын алайық:
Сен неге, тұлпар атым, кісінейсің?
Жабығып неден көңілің, түсті еңсең?
Ерігіп, ауыздығың қарш-қарш шайнап,

Бұ қалай, бұрынғыдай сілкінбейсің?
Әлде мен бабың тауып бақпадым ба?
Болмаса жемнен қысып, сақтадым ба?
Әйтпесе, әбзелдерің сәнді емес пе?

Жібектен тізгініңді тақпадым ба?
Малдырып сом алтынға үзеңгіңді,
Тағаңды шын күмістен тақпадым ба?

Ал, осы өлеңдерді түпнұсқамен салыстыратын болсақ, әуелде кім-кімнен аударғанын аңғару қиынға соғар еді. Ахмет Байтұрсынұлы Пушкиннен бе, Пушкин Ахмет Байтұрсынұлынан ба? Бұл жәй аудару емес, өнер жарыстыра шығармашылықпен жеткізу. Аударма – үлкен өнер. Басқа халықтарда да не бір ұшқыр, жүйрік аудармашы-ақындар болған. Орыс аудармашы-ақындар ішінде Жуковскийді мойындап, соған жүгіну қалыптасқан. Біздің аудармашы ретінде Ахмет Байтұрсынұлы Жуковский секілді таланттардан артық болмаса, кем соқпайды. Орыс әдебиетін қалай білсе, қазақ тілін солай түсінетіндер бізбен келіседі ғой деп сенеміз. Ахаңның аударма арқылы мәдениетімізге қосқан үлесі жөнінде осылай ойлаймыз. Ахметтің шығармаларының, музасының негізгі мәні – құр ой-қиялдан емес, қоғамның құрылысына, патша үкіметі құрылымына деген көңіл толмаушылықтан туған тебіреністер. Жарқын болашаққа, білімге, жарық өмірге құштарлыққа толы жігерлі толғаныстар. Ол халыққа қызмет етуде кеткен жаңсақтық пен қастандықты танып ашуда, оны түзетуде әшкерелеушілікті мақсат еткен ақын шығармасының сыншылдық, жол ашушылық сипаты күшті. Соның бәрі де халық мүддесімен астасып жатады. Ақын бір өлеңінде Николай патшаның режімін былай суреттейді:

Болармын нағып ырза туысыма?
Туыппын таршылықтың уысында.
Шамам жоқ жан-жағыма қол созарлық,
Тар көрдің тығылғандай қуысына.

Айта алмай шын сөзіңді, қорғалайсың,
Туғаның бүйтіп қор боп құрысын да!
Бар пайдаң өз басыңнан артылмаса,
Мал ғұрлы мағына жоқ тұрысыңда.

Ел-жұртына қызмет сіңіргісі келген көзі ашық азаматтардың дәрменсіз мүшкіл халін сезбеу мүмкін емес. Бұл сол дәуірдің өзекті шындығы.

Ақын Ахметтің айтуынша халық жағдайы былай көрінеді:
Малың алдау, талауда тұр,
Жаның арбау, қамауда тұр,
Аяғыңды тұсау қысты

Жақтарыңды құрсау қысты
Көрмесіңе пердең мықты.

Осындай сыншылдығы үшін ақын патша үкіметінен қыспақ та көрді. Қуғынға да ұшырады. Патша үкіметіне қатысты жазылған өлеңдер үшін түрмеде отырған ақын былай толғайды:

Бәле деген аңдушы
Аяғымнан шалып тұр.
Жала деген төбеті
Балтырымнан қауып тұр.

Жау білегін сыбанып,
Пышағын қайрап, жанып тұр.

Бірақ жабылған жала, қуғын-сүргін ақын үнін тұншықтыра алмады. Шындықтың үні үнемі Ахаң тілінен естілді де тұрды:

Байқасақ, жезде!
Бауыздар кезде
Үн шығару бар емес пе?
Үндемей өлсек,

Сүйекпен көмсек,
Кейінгілер демес пе?
«Лақ құрлы бақырмай,
Өлген екен япыр-ай».

Бұл жалған қарсылық, жайдақ егес емес-ті. Сонымен бірге халықтың ішін жайлаған бойкүйез еріншектік, парықсыздық, басқа да түрлі жаман әдеттерден ақын өзі де жиренді, басқаларды да жирендірді. Бейқам, бейжай жұрт санасын қозғауға барын салды. «Қазақ салты» (Өлең атауы жаңсақ берілген. Бұл негізінен, «Қазақ қалпы» деген өлеңнен үзінді. – Р.И.) өлеңінде былай жазады:

Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған.
Тақылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп,
Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған.

Бос белбеу, босаң туған бозбала кеп
Киіздей шала басып, қарпылмаған.
Еңкеңдеп ет аңдыған шалдар да көп,
Телміріп, бір тойғанын ар қылмаған.

Ақ көңіл, алаң-бұлаң адамдар бар
Есептеп азын көпке, аңқылдаған.
Қайырсыз, неше сараң байлар да бар
Қайықтай толқындағы қалтылдаған.

Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп,
Ұмтылып талап ойлап талпынбаған.
Солардың қатарында біз де жүрміз
Мәз болып құр түймеге жарқылдаған.

Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының басым бөлігін өлеңмен жазған, прозасы жоқ. Қара сөзбен жазғандары газеттік, журналдық мақалалары мен оқулықтары ғана. Жариялаған шығармаларының ішінде лирикалық дүниелері кездеспейді. Бірақ лириканы да тамаша жазғанын «Дүниеге» атты жарық көрмеген элегиясынан аңғаруға болады. Ол роман, повесть, драмалық көркем туындыларды әзірлеген жоқ. Оған мұршасы да болмаған тәрізді. Ахаң өзінің қуатын халықтың зәру мәселелеріне, күнделікті қажеттіліктеріне арнап, сарп еткен қаламгер. Өлең-мақалалары да, ғылыми-зерттеу еңбектері де халық ағарту ісіне бірден бір қажетті, өнегелі жолдың басы болған дүниелер. Қазақ халқы үшін Ахмет жасаған әдеби дүниенің көркемдік-әлеуметтік таным әлемінің әсері ғаламат. Оның «Маса» мен «Қырық мысал» кітаптары шыққанда халайық қалай қуанышпен қарсы алғаны есімде. Өзімнің шағын шолуымды ақынның белгілі «Адамдық диқаншысы» өлеңімен аяқтайын:

Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың.

Иә, Ахмет Байтұрсынұлы адамдық дәнін, қайырымдылық, махаббат мәйегін септі. Міне, қайырымдылық дәнін себуші мүлде жаңа жағдайда, өзі күрескен өмірден түбірінен өзгеше қоғамда 50 жасқа толып отыр. Туған әдебиетіміз бен халық ағарту ісіне пайдалы ұлы еңбек сіңірген қазақ халқының ірі әдебиетші-ағартушысын шын жүректен құттықтаймыз.

Наурыз, 1923 жыл.

Ескерту: Бұл мақала 1923 жылы жазылғанымен, жарық көрмеген қолжазба. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатына тән. Бірақ қолжазба орнында жоқ, қолды болып кеткен. Мақаланы 1992 жылы қазақ тіліне аударып, «Жұлдыз» журналының №2 санында тұңғыш рет жариялаған – Бейсенбай Байғалиев, әдебиетші, мұрағаттанушы.

Кейін 1999 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тарапынан ғалымның 125 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттық рухтың рухани тіні» атты жинаққа әуелгі орыс тіліндегі нұсқасы алғаш рет жарияланды. Жоғарыда жарияланып отырған Б.Байғалиев нұсқасы еркін аударма. Түсіп қалған кейбір тұстары толықтырылып, қайта өңделді. Ахметтану мәселесінде танымы зор, тағылымы терең бұл мақала Байтұрсынұлының алты томдығының 6-томынан орын алып отыр. Ғалымның қайта басылған жинақтарына енбеген. Бұл зерттеудегі «Туған тілім» өлеңі мен «Шекіспей, бекіспейді» мақала А.Байтұрсынұлының «Байқаушы» деген лақап атын ашуға негіз болды. Зерттеу мақаланы ғылыми айналымға түсіру – бүгінгі филология мамандарының міндеті.

2. МҰРАҒАТТЫҚ СУРЕТТЕР

Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы.
Ахмет Байтұрсынұлы «Ғалия» медресесінің шәкірттерінің ортасында.
Ахмет Байтұрсынұлы түркістандықтармен, 1922 ж.
Ахмет Байтұрсынұлы мен Сәкен Сейфуллин әріптестерінің ортасында.

Ахмет Байтұрсынұлы Торғай облысынан келген делегациясымен бірге, 1918 ж.
Ахмет Байтұрсынұлы мемлекеттік істе. 1920-1924 жж.
Ғылыми қызметкерлердің бүкілодақтық съезі. 1927 ж. ақпан.
Съезге қатысушылар: А.Байтұрсынұлы және С.Ольденбург.

В.И.Лениннің қабылдауына кіргендегі мандаты.

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ. ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢДЕГІ АХМЕТТАНУ

1. АЛАШ АРЫСЫНЫҢ ОРАЛУЫ:

танымдық мақалалар, ғылыми зерттеулер

Әбіш Кекілбайұлы

Халық жазушысы

ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

(Аса көрнекті мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына

125 жыл толуына байланысты салтанаттағы сөз.
12-қыркүйек 1998 жыл)
Ардақты Елбасы!
Қадірлі қауым!

Біз бүгін қилы заманда туып, қиямет кешіп, мерт тапқан ғазиз жанның атын ардақтап, аруағын ұлықтауға жиналдық. Ол бізді кешегіні күйзеле еске алып, келешекті толғана пайымдауға мәжбүр етеді. Оның үстіне, адамзат бір ғасыр таусылып, жаңа мың жылдық басталар тұсты тым дегбірсіздене күткендей. Ол түсінікті де. Қай межеден де қапы қалмастай боп, абайлап аттағанның айыбы жоқ. Ондайда: «Қайтпек керек!» – дейтін сауал: «Бұрынғылар қайткен екен?» – деген сауалға ұласады. Сонда төл тарихында қобалжыған көңіл алаңын толымды жауаппен тойтара алатындай тұрлаулы тұлғалар табылғаны қандай ғанибет! Құдайға шүкір, қазақ даласы қай заманда да ондай марқасқаларға кенде болмапты. Солардың ішінде дәл осы ғасыр басындағы аңтарылыста жұртына жоралылық көрсете алған жолбасшы топтың өмірі мен өнегесі біз үшін тым қымбат. Өйткені, ол ұрпақ пен бүгінгі ұрпақ, түптеп келгенде, бір арқанның екі ұшын ұстап тұр. Ол – жиырмасыншы ғасыр деп аталатын қазіргі жер басып жүрген ұрпақтардың барған сайын ширыға түскен шытырман тіршілігінің арқауы. Иә, жиырмасыншы ғасыр адамзатты елеңдетіп келіп еді, елегіздіріп кетіп барады. Елеңдеткені – қашаннан қордаланып қалған талай түйін шешілсе, енді шешілер-ау деген үміт мол еді. Елегіздіретіні – соның көбі сол баяғы тылсым жұмбақ күйінде қалып барады. Шүкір ететін нәрсе: жиырмасыншы ғасырға қандай қалыпта аттаса, тап сондай қалыпта калып қойған бірде-бір халық жок. Қазақ та солай! Оны ұқпасак, бүгін аруағына тәу ете келген ұлы тұлғаның ұлылығының неде екенін ұқпағанымыз болар еді. Ол – кескекті кезеңде келелі істер тындырған кемел ер. Кемеңгер. Ұлы тағдырларды ұлан-ғайыр тарих кеңістігінің ұшан қиырларына үңіліп барып ұғына аласың. Сөйтсек, ол кешкен ахуал адамзат басынан әлденеше рет өтіпті. Олардың қай-қайсысы да үйреншікті үрдіспен тіршілік айыру мүлдем мүмкін болмай қалатын тығырық кезеңдерге тап келіпті. Бұл – айрықша асқындап кеткен алапат қайшылықтар амалсыз алып баратын асқан батыл әрі тым шетін әрекеттер кезеңі еді. Ондай нар тәуекелден іс шықса – күллі дүние күйлейтін, іс шықпаса – күллі дүние күйзелетін. Ал дағдылы жолды місе тұтып, әлгіндей бейнетті ізденістерден қалыс қалғандар оның зейнетінен де көп уақытқа дейін қағыс қалатын. Ұлттық дамудың озғындығы мен тозғындығы осыдан өрбитін. Сондықтан, қалыс қауымды алысқа озып кеткен өркениет көшіне жетелеп апарып іліктіруге тәуекел ету үшін елден ерек ержүректік керек еді. Біз сөз еткелі отырған адам да сондай сирек сүлейлердің сойынан-тұғын. Оның азаматтық тағдырының қаншалықты арасат қиындықтарға толы болғанын аңғару үшін ұлттық тарихпен шектелмей, ғалами тарихқа көз жүгіртуге тура келеді. Санап шығу мүмкін емес көп уақыт бұрын ғарыш төріндегі әлдеқандай төтен жарылыстан сындарлы галактикалық жүйе түзіліпті. Оның ішкі қуат алмасуынан тіршілік пайда болыпты. Құбылмалы дүниенің құйқылжыма ықпалымен өніп-өрбу қажеттігі сананы қалыптастырыпты. Соның арқасында тіршілік бірте-бірте алыс-алыс кеңістіктерге аяқ басыпты. Үйірлестік пен үйішіліктен туындаған әлеуметтесу этникалық, мәдени-өркениеттік, саяси-мемлекеттік әр алуандыққа жол ашыпты. Сүйтіп, адамзат бірте-бірте әуелдегі бір тектен өрбігенін естен шығарып, жүре келе пайда болған айырмашылықтарына басты мән беріп, әуелі бірін-бірі жатырқайтынды, артынан бір-бірімен жауласатынды шығарыпты. Планетаның біртіндеп ойкуменаға айналу кезеңінен бастау алатын бұл үрдіс, әсіресе, дағдылы ырзық айыру әбден дағдарған тұстарда тіптен өршіп кететінге ұқсайды. Күші жеткендер жаңа кеңістіктерге ұмтылса, күші жетпегендер ырзық айырудың жаңа тәсілдерін іздестіруге мәжбүр болды. Келе-келе соңғылар алдыңғыларды басып оза бастады. Олар жер үсті игілікпен қоса жер асты байлықтарын да игеруге көшті. Ол аумақ пен тұрғындардың арақатынасын атымен өзгертті. Аумақ-экономикалық қамсыздықтың бірден-бір кепіліне айналды. Белгілі бір кеңістікті тұрақты иемдену қажеттілігі туды. Ұлт, ұлттық мемлекет солай пайда болды. Бұл сонау XV–XVІ ғасырлардан бастап, жер асты игіліктерін игеру мен индустриялық даму жолына алдымен бет бұрған Батыс Еуропа елдерінде кеңірек етек жайды. Көп ұзамай технологиялық үстемдікке де солар ие болды. Бес құрлықтың біреуінің болмашы пұшпағына ғана шоғырланған технологиялық басымдық қалған дүниені қауқарсыздандырып шыға келді. Былайғы дүние әлі игерілмеген кеңістік ретінде қарастырыла бастады. Ондағы халықтарды бұдан арғы тарихи дамуға қауқарсыз бүгін бар, ертең жоқ уақытша тұрғындар деп санаушылық бел алды. Оларды неғұрлым тезірек мемлекеттік дербестік пен ұлттық сипаттан айыруды көздейтін басқыншылық саясат күшейді. Күллі адамзатқа дүниежүзілік соғыстар мен әлеуметтік революциялар ахуалы күштеп таңылды. Оны біреулер өркениет қамын, екінші біреулер езілген тап мүддесін көздегендік деп түсінді. Шын мәнінде, жер бетіндегі халықтардың көбіне ұлт ретінде жойылып кету, мемлекеттерге – тәуелсіздігінен айырылу қаупі төнді. Бұған төтеп берудің жалғыз жолы – өркениеттің жаңа жетістіктерін өз еркіңмен меңгеріп, халықаралық тиімді еңбек бөлісуге тікелей қатысуға тезірек жетілу еді. Мұндай жағдайда біреулер дүниежүзілік соғыстарға бой алдырса, біреулер – ұлт-азаттық қозғалысын қоздыруға мәжбүр болды. Өйткені, өзінде бар экономикалық ресурсты басқалармен тиімді бөлісіп, өркениет игілігіне қол жеткізу үшін, сол арқылы өз отандастарының саяси-экономикалық мүдделеріне жауап бере алатындай кемелді дамуға ие болу үшін, ең алдымен, ұлттық езгіден арылу, мемлекеттік дербестік пен тәуелсіздік керек еді. Алайда, оза дамыған дүниенің идеологтары азды көпке, әлсізді күштіге біржолата жығып беру арқылы жаhандық жарастыққа тезірек жетуге болады деп санады. Жарастықтан гөрі үстемдік көбірек күйттелді. Бірақ, бұл қай жақ, қай тап үшін де аса қауіпті ахуал еді. Өркениетті – жалпы адамзаттық құндылық деп қарамай, оның белгілі бір бөлігінің басыбайлы монополиясы деп ұғатын жаңсақтықтан түбегейлі арылмай, аздың да, көптің де, әлсіздің де, күштінің де құлағынан қиқу кетпейді. Ондай көзапара өгейсітушілік көзапара жатырқаушылық туғызары хақ. Тек бір тарап өгейсітушіліктен, екінші тарап жатырқаушылықтан үзілді-кесілді арылған жағдайда ғана ортақ жарастыққа қол жетпекші. Ол ұлттық факторды жоққа шығармай, қайта ұлттық дамуды өркениет жетістіктерімен үйлестіре өрбіту арқылы ғана жүзеге аспақшы. Жалпақ адамзат әлі түгел және түпкілікті мойындап үлгермеген бұл ақиқатқа осы ғасыр басында-ақ қанығып үлгергендер қатарында қазақ қауымы да бар еді. Оған таңданса да, таңданбаса да болады. Таңданбайтынымыз: Қазақстан отаршылдық құрығынан ең соңы боп құтылғанымен, оған ең алдымен ілікті. Екі ғасырдай мігірсіз бұлқыныс мойындағы бұғалықты одан әрмен тарылта түсті. Талай сабаздар болмайтыннан дәметіп, мерт тапты, сенбейтінге сеніп, дерт тапты. Ғасыр басындағы әлемнің барша әлеуметтік жанды жараларының бәрі бірдей талаурап, бәрі бірдей бебеулеген ең ұшынды аймағы да – қазақ даласы еді. Оның үстіне, екі ғасырдан астам езгі дербес ел ретінде жұтылып кетуге керекті айлашарғының көбін әлдеқашан жүзеге асырып үлгерген-ді. Дала уалаяттарын билеудің үш дүркін реформасы ұлттық бүтіндіктен, аумақтық тұтастықтан, дәстүрлі билік институттарынан әбден жұрдай қылғанды. Көрші төрт губернияға бөлініп берілген қазақ аймақтарының төртеуінде де этникалық бедерсіздендіру саясаты қауырт қолға алынғанды. Ішкі аймақтардан жаңа қоныстанушылар көптеп әкелінді. Құнарлы жерлерге солар орналасты. Байырғы халық метрополияға тақау аймақтарда этникалық азшылықтың, ал қиян далада дағдылы шаруашылық пен үйреншікті тұрмыс ауқымына күштеп қамалған резервацияның күйін кешті. Индустриялық революция оларды бұл күндеріне де зар қылуға бағыт алды. Метрополиядан ағылатын қоныстану тасқыны пайдалы қазбаларға бай шөл аймақтарға да лап қойып, қазақтар өз жерінде өздері азшылыққа айналып, жаппай кірме күнге түсетін қауіп төнді. Мұндай жағдайда ең болмаса, сойылатын тоқтының соңғы тұяқ серіпкеніндей бір қарсылық боларын әркім-ақ ұғар еді. Бірақ, таңданатынымыз: бұл жолы бұрынғыдай қиқулап атқа мініп, зеңбірекке қарсы шауып, қанға бөккеннен мән шықпайтынын, ұрымтал кезде жан-жақты қамдастырылған жүйелі күреспен қарсы тұру керектігін түсінетін кемел тұлғалардың кенеттен қалай табылғаны? Ұлттық төл элита әлі қалыптасып үлгермеген еді. Оқығандар шашыранды жұрттан шыққандықтан бас қосып, күш біріктіруге құлықты емес еді. Мұндай жағдайда әлгіндей тәуекелге бел байламақ түгілі, ол жайында ойланудың өзі ақылға сыймас батылдық еді. Соған айдаладағы ауыл мұғалімінің қалай жүрегі тұрғанына қанша таңғалсаң да көптік етпейді. Бұл жағынан келгенде, Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға. Бәлкім, біреулерге бұл орынсыз тамсану боп көрінер. Оған дейін де бұл далада Фараби, Иасауи, Қорқыт, Асан қайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер. Ол рас. Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлы оларға ұқсайды да, ұқсамайды да. Ұқсайтыны: ол да аталмыш алыптар сияқты, ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі даму үрдісі мен қарқынына сәйкес келмей кенде қалып, көрер көзге тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді. Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынұлы ондай жол Қорқыт пен Асан қайғыдай үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатындай жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді; Фараби мен Иасауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық немесе исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы барлық мәселені шешуге болады деп ұқпады; Абай, Шоқан, Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен шектелгісі келмеді. Оның үстіне, бұлардың ешқайсысын да Ахмет Байтұрсынұлының рухани қалыптасуына тікелей әсер етті деу тым асыра айтқандық болар еді. Ол кезде жұрттың көбі Фараби мен Иасауидің заты түгілі, атына қанық емес еді. Шоқан Уәлихановтың атына қанық қазақ оқығандары еңбектерімен соншалықты таныс емес еді. Ал, Абайдың атына да, затына да Байтұрсынұлы тым беріде, өз таңдауын жасап, сол үшін айыпты боп, Семейге ауып барған кезде қанығыпты. Ал бала жасынан жақсы білетін Ыбырай өнегесінің жаңа кезең жағдайында жеткіліксіз екендігіне бастапқы жылдары-ақ көзін жеткізіп үлгерген-ді. Біз бұл арқылы рухани дамуымыздың ойдағыдай өрістеп кете алмауының себебі тарихи сабақтастықтың қайта-қайта үзіліп қала беретіндігінен, соның салдарынан әрдайым тыңнан бастап, өткендер біліп үлгерген ақиқатқа қайтадан өз күшіңмен жетуге тура келетіндігінен, сүйтіп, көп күш-жігердің босқа сарп болатындығынан екенін айтқымыз келеді. Алайда, бұдан Ахмет Байтұрсынұлы алдыңғылар салған соқпақты қайта шиырлап шықты деген қорытынды тумаса керек. Ол – ешқандай атланттардың иығына шықпай-ақ, бұрынғылардың көздеріне іліге қоймаған соны көкжиектерге көз жеткізе білген, көрген. Ол, бар болғаны алты-ақ жыл оқыпты. Екі жылын (Екі сыныптық училищені 2 жыл деп жансақ есептеген. Ол 5 жылдық оқу ордасы. Ахмет бұл оқу орнына 1886 жылы түсіп, 1891 жылы бітірген. – Р.И.) Торғайда, төрт жылын Орынборда оқыпты. Екеуінде де өз заманының интеллектілік өрісін толық таныта алған ордалы оқу орнын, өнегелі ұстаздар ортасын көре алмапты. Ендеше, Ахмет Байтұрсынұлының ендігі тағдыры қыл үстінде тұрған халқының қамын ойлап, жанкешті жолға түсу мен азаматтық кемелділіктің мұншама шырқау биігіне көтерілуінің сырын тек тумысынан ерек қабілет пен абзал жүрекке ие азаматтың айрықша ыждаһаты мен мігірсіз ізденістерінен іздегеніміз орынды. Ол бір басының тәуекелімен бүкіл бір ұлттыңтәуекелінің түгел оянуына түрткі болды. Бір өлеңінде ол: «Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп, бітпейтін жүрегімде бар бір жарам, алданып жегеніме оны ұмытсам, болғандай жегенімнің бәрі харам», – деп жазды. Расында да, оның өз басына жасалған сол бір көзапара зорлық ел басына түскен көзапара қорлықтың түп-төркінін түгел бажайлап тануына себепші болған сияқты.

* * * Ол сонау сахараның көкірегіне шыққан қағынды шиқандай сойқан елестейтін содырлы әкімшілік ордасы Торғай қаласының түскейінде, заманында баяттың ұлынан, қыпшақтың қызынан туған Қорқыт бабаның кіндігін жуған, жапан түздің қонышынан кіріп, қойнынан шығып, сумаңдай ағатын Жыланшық өзенінің аяғында дүниеге келіпті. Еділден есіп өтіп, Жайықты кешіп өтіп, туын Торғайдың суына, Тосынның құмына әкеп шаншыған ала тайлы Шақшақ пен ақ найзалы Әйдеркенің, қаһарынан қамал құлап, хан ыққан қара палуан Жәнібектің арты ауыл арасының дауын даулап, кіріптар күн кешетін, аруақ арып, қасиет қарыған заманда ес біліп, етек жинапты. Тәңірден басқаға тәйт дегізбеген тәкаппар әулетке тентек ояз Яковлевті әкесіндей әкіреңдетіп қойғанын көріпті. Соған апшыған Байтұрсынның содыр бастықты солаң еткізіп, атынан аударып, топырақ қаптыра мытқанын көріпті. Сол қылығы үшін қолда бұғау, аяқта кісен, Сібір айдалып бара жатқан сорлы әкенің: «Менің көзім ашық болса, бұл кепті кимес едім. Мендей болмайын десең, оқы», – деп, нұқи айтқанын естіпті. Сол бір найзадай түйрелген намыс сөзі көкірегіне мәңгі-бақи қадалып қапты. Оқуға аттандырған да намыс. Оған қанағаттандырмаған да намыс. Елің теңелмей тұрып, өзің теңелмейтініңді ұқтырған да намыс. Жат оқудың жады пиғылын аңғартқан да намыс. Көршілес екі халықтың мәдениеттері үзбей байланыста болуы нәтижесінде әлсіз әлдісінің ықпалына жығылып, бастапқы айырмашылықтарының бәрінен айырылып, ақыр соңында бір ұлтқа айналады дейтін қисын бел алып кетпей тұрғанда, апаттың алдын алу жолында аласұртқан да намыс. Әрі мәдениетке жетілу, әрі өз қалпынан айырылып, өзге болып кетпеу сияқты аса шытырман мәселенің төңірегінде ойын он саққа, қиялын қырық саққа жүгірткен де намыс. Мұндай жағдайда әйтеуір, «оқыңдар» дейтін ағартушылық отаршылдық сойылын соғу болып шығарын түсіндіріп, қазақ даласындығы білім беруді қайта жүйелеу туралы ойларымен Омбыдағы Алекторовқа барып жолықтырып жүрген де намыс. Бірақ, үкіметтің ондай оң қадамдарға бара қоймайтынын біліп, күдерін үзіп қайтты. Ендігі жол – үкіметтің емес, халықтың өзінің көзін жеткізу еді. Елді түзеудің баланы оқытуды түзеуден, ұлт болудың қазақша оқуды жолға қоюдан басталатынын ұғындыру еді. Сол мақсатта әрекеттену үшін метрополиядан шалғайырақ жатқан Қарқаралыға барды. Жанын жегідей жеп жүрген уайымдарын жан-жағына жасырмай айтып көрді. Оны естімейтін құлақтар естіп қойды. «Жуылып тазармаған Қарқаралыдан» аласталып, Семей абақтысына қамалды. Ұлт тізгіні ұлттың өзіне тимей тұрып, ұлттық даму жүзеге аспайтынына көзі біржола жеткендей болды. Енді бостандық жолында ашық күресуге тура келді. Жоғарыда келтірілген бір шумақ өлең де сонда жатып анасына жазылған хаттан алынған-ды. Демек, дәл сол кезде баяғы он үш жасында жүрегіне қадалған оқ ақыр аяғында ұлттық тәуелсіздікті көксейтін айықпас дертке айналды. Нені бастап, нені қолға алса да, сол өзек күйдірген арманнан бастау алатын еді. Бұл арада басын аша кететін бір жәйт бар. Байтұрсынұлы ықыласы ауған қай салада да ең үлкен беделге ие болды. Әдеби мұрамызды жазуда, зерттеуде, насихаттауда арғы-бергі айтулы шығыстанушылармен қатар тұрады. Өнер мен мәдениет теориясын жасақтауда күллі түркі дүниесінде ең бірінші боп батыл қадамдарға бара алды. Оның «Әдебиет танытқышы» енді қаз тұра бастаған көбең әдебиет түгілі, әлем мойындаған кемел әдебиеттің өзіне де көрік қоса алатын сүбелі еңбек еді. «Маса» мен «Қырық мысал» өткелекте тұрған ұлт өмірінің ең зәру мәселелеріне ең дәру жауаптар іздеді. Ол бұрын ұтқыр да өткір шешен сөзге ғана құлақ асып қалған жұртшылыққа енді істің байыбына барып, мәселенің мәйегін аршып, еліктіре сөйлеудің орнына ежіктей сөйлейтін шынайы көсем сөздің үлгісін көрсетіп берді. Ағарту ісінде көп мәселеде әлемдік тәжірибеден алға оза әрекеттенді. Көп халықтарда енді талқылана бастаған жәйттерге ол сонау ғасыр басында-ақ өз тұжырымын айтты. Кейінгі тәжірибе оларды дұрысқа шығарды. Қазақ тілінің дамуына жер жаралып, су аққалы бергі қалған қазақтың қосқан үлесі бір пара да, Байтұрсынұлының бір өзінің сіңірген еңбегі бір пара. Сол арқылы түркітануға да келелі үлес қосты. Жаңа жазу. Жаңа әліппе. Тұңғыш емле. Тұңғыш фонетика. Тұңғыш грамматика. Тұңғыш синтаксис. Тұңғыш терминология мен әдістеме. Тіл ашарлар. Тіл танытқыштар. Тіл жұмсарлар. Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темір қазық болар мәңгілік үлестер. Кейде күллі бір ұлттың талай ұрпағының қолынан келе бермейтін келелі істерді бір-ақ адамның тындырғаны таңданбасқа болмайтын жәйт. Кейде, шіркін, сол сабаз қазір тіріліп келсе ғой дейсің. Бізге ұят болғанымен, ең үлкен мәртебеге енді ие боп, соны әлі дұрыстап игере алмай жатқан сорлы қазақ тілінің сауабына бір қалар еді-ау деп ойлайсың. Бұл мәселедегі, бір кездегі өзі айтқан, «Торғайға атып, шырғайға тигізіп, шырғайды атып, торғайға тигізіп» жатқан талай олқылықтарымызды күйзелсе де түзетіп, күйінсе де үйретіп берер еді-ау деп армандайсың. Бір ғана «ш» дыбысы мен «ш» әрпіне қанықтыру үшін: «мынау сорлы шал, бойына назар сал, сақал-шашы ақ; қайраты шақ; баладан ада, қарадан таза; ауқаты – шабақ, сусыны – шалап, аяқта – шарық, қатқан аш, арық, шабақтан, шалаптан болсын ба қарық?» – деп, әлеуметтік тұрмыстың күллі бір эпопеясын көз алдыңа көлденең тартатын, тіл таныта отырып, тіршілік танытатын әліппелері, «бақ-бақ еткен текені қыс келгенде көрерміз, батырсынған жігітті іс келгенде көрерміз», «кісі бір көргенде бұлан, екі көргенде құлан, үш көргенде адам», «ексең егін, ішерсің тегін», «түбі бірге түтіспейді», «ойнаңдар, ойландар» деп жататын тіл ашарлар, шіркін, салт өзгеріп, сана өзгеріп жатқан қазіргі заманда да көптеп шықса ғой. Ахаңдар қазір арамызда жүрсе, баяғы «Қызыл әскер тіл ашары» сияқты «Кәсіпшінің тіл ашары». «Іскерлік тіл ашары», «Тәуелсіздік тіл ашары». «Демократия тіл ашары», «Әділет тіл ашары», «Кеңсе тіл ашары», «Билік тіл жұмсары», «Құқ әліппесі» қосылмасына, тіл тану құралдары тіршілік тану, заң тану, адам тану, қоғам тану құралдарына айналмасына кім кепіл? Сондай мемлекеттік тілдің жолындағы талай психологиялық тосқауылдың өз-өзінен аласталмасына кім кепіл? Ал, осы ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы да отбасында омалып қалған ана тіліміздің жоқ-жітігін айтып, күні-түні зарлап, қол қусырып қарап отырып алса, қазақ тілі мен ол туралы ғылымның әлі күнге кіндігі кесілмей, шырылдаған шарана халде жатпасына кім кепіл? Егер Ахмет Байтұрсынұлы осының бәрін сол кезде дүниеге келмек түгіл, әлі ешкімнің қиялына да келе қоймаған ұлттық мемлекет орнап, сол жасап берсін деп отырып алса, ұлттық мектеп, ұлттық баспасөз, ұлттық тіл тану, ел тану, өнер тану, өзін-өзі тану бүгінге дейін болар-болмасына кім кепіл? Иә, Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық дамудың талай жыл әбден тот басып қараусыз қалған, тіпті қараң қала жаздаған тегершігін бір өзі айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып берген, ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруының сырын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз еңбек етіп, мәңгі ескірмейтін ағыл-тегіл мол үлес қоса алған қайраткер қазақ топырағында оған дейін де, одан кейін де болған емес. Неліктен ол мұншалықты жанкештілікке барып жүр? Бұның жауабын оның арман мен арпалысқа толы өмірінің ең шынайы шежіресі – өлеңдерінен ізделікші. Мақтағандықтан ба? Онда: «Әзірге қолдан келген осы барым, қомсынып, коңыраймай, құрбыларым, бабы жоқ жұмыстағы мен бір арық, күн қайда үздік шығар топты жарып; бар болса сондай жүйрік, қызар деймін, естілсе құлағына дүбір барып: әйтпесе, арық шауып ондыра ма, жүргенде қамыт басып, қажып-талып», – деп қайғыра қаймығар ма еді? Масаттанғандыктан ба? Өйтсе: «Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ, теңізде жүрміз қалқып кешпесі жок, жел соқса, құйын қуса жылжи беру, болғандай табан тіреу ешнәрсе жоқ; бұл күнге бүгін емес, көптен кірдік, алды-артын аңдамаған бетпен кірдік, жат жақты жаратқанға күзеттіріп, жақынмен ырылдастық, иттей үрдік... білдірдік елдің сырын, ердің құнын, еліріп ерегіске екі-үш күндік... кіреді тентек есі түстен кейін, мүшкілінхаліміздің енді білдік...», – деп күйзелер ме еді. Даңққұмарлықтан дейін десең, «Жанға көңіл қалып тұр, жан бұл күйге салып тұр; тәнге көңіл қалып тұр, тән шыдамай арып тұр; жұртқа көңіл қалып тұр, жұрт жалғанға нанып тұр; өтірік өрлеп, күшейіп, шын жеңіліп, талып тұр; жала деген төбеті балтырыңды қауып тұр; табалаған жаманның шаян тілі шағып тұр; жаны ашыған жақынның жасы көзден ағып тұр...» – деп айтқаны рас болса, кімге сеніп атақ іздейді, кімнен даңқ дәметеді. Сонда мұншама сарп болып сарсылуда не мән бар? Сүйтсе, мән бар екен: «Адамдық диханшысы қырға шықтым, көлі жок, көгалы жок – құрға шықтым; тұқымын адалдықтың шаштым, ектім, Көңілін көтеруге құл халықтың»...«рахатсыз өтсе де өмір-жасым, бұл жөнімнен Құдайым айырмасын... шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар... шыққызбайтын жолында өрлер де бар... ел бұнымды білемін ұқпайтынын, көтермеге қалғанда шықпайтынын, шалыс басып аяқты жығылғанда, «жатқаныңнан тұрма» деп мықтайтынын ...мен өлсем де, өлемін жөнімменен, тәннен басқа немді алар өлім менен, тән көмілер, көмілмес еткен ісім, ...ойлайтын да мен емес бір күнгіісін, жүрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, ел – бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін». Міне, гәп қайда?! Шын азаматты пендешілікке, шын ерді есерлікке жібермейтін де осы: ертеңге деген сенім; келешек алдындағы жауапкершілік. Ендеше, әңгіме әлі келе қоймаған бостандық, орнай қоймаған тәуелсіздік жайында болып отыр. Өйткені, басқа бір өлеңінде: «Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр? Кім шыдап жолдастыққа төзіп жатыр. Кешегі кеңшілікте керек қылған бостандық болмаған соң безіп жатыр» дейді. Осыған қарап-ақ, оның көп қырлы кызметінің қай саласына басым маңыз бергенін аңғарамыз. Олай болса, Ахмет Байтұрсынұлы бірінші кезекте халқының азаттығы, елінің тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттілігі жөнінде жан аямаған күрескер. Бұлай болатын жөні де бар еді. Ол оқу тауысып, мұғалімдік қызметке кіріскен кезі патша әкімшілігінің қазақ даласын билеуде 1822 жылғы Сібір жарғысының, 1868 жылғы Уақытша Ереженің күшін тыйып, 1891 жылғы Дала Ережесіне көшкен тұсына тап келді. Алғашқы ереже қазақтарды аталастыққа қарай ауылға, руластыққа қарай болысқа, тайпаластыққа қарай округке бөліп, қылмысты істі сот арқылы, дау-шарды билер арқылы шешіп, дәстүрлі үрдіске жақын үрдісте қалдырды. Екінші ереже үй санына қарап ауылға, болысқа бөліп, әрқайсысының қонысын белгілеп, әлеуметтік істерді орыс шаруаларынша шешіп, жартылай дәстүрлі үрдіске көшірді, ал соңғы ереже бойынша қазақтар ендігі жерде ішкі Ресейге өте-мөте жақын үрдісте басқарылатын болды. Бұл деген сөз әлі күнге көшпелі ауыл қалпында калған қыр қауымы саны жағынан да, дамуы жағынан да, көк пен жердей үстем тұрған қауыммен бірдей талап қойылып, төтен бәсекеге төтеп бере алмай, басымен қайғы боп өтсін деген сөз еді. Ол аз болғандай, сайлау мен партияшылдықты күштеп таңып, онсыз да әр губернияға кірме боп кеткен қазақ енді ауыл арасында да ағайындықтан айырылып, тоз-тоз боп кетсін деген есеп еді. Мұндайға ұлт болып ұйымдасып қарсы тұрудың еш мүмкіндігі қалмаған-ды. Оған қажетті дәстүрлі институттардан түгел айырылып біткен қауымға саналы түрде жаңа үрдіске бет бұрып, жаппай ширап шыңдалудан басқа амал жоқ еді. Бұндай тұста ағартушылықты тек сауат ашумен шектемей, ең алдымен заман танытуға бағыттау керек болды. «Қамсыз жатқан қазақтың көңіліне соңғы кезде ғана қайғы кіре бастады, басқа келген нәубеттің қайдан келген, кімнен болғанын біле алмай, әркімнен көріп өкпеледі. Қазақтың өкпелеуінің жөні бар ма, жоқ па?» – деп толғанады бір мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы. Бұл жайында толғана-толғана келген корытындысы: «Өзімізге өкпелемесек, өзгелерге өкпелер рет жоқ... Талабы жоқ, үміт мол халықпыз... Қатерлі жерде қаперсіз отырдық... Өткен өтті, іздегенмен таптырмайды, қуғанмен жеткізбейді... Ендігі әңгіме, өткенді көксемей, сары уайым сала бермей, сағым қуып, сандала бермей, шалажансарланған шаруаны түзету... Жеке кісі түгілі, жалпақ ел – заманның бұйдалап жетектеген түйесі. Енді заманның жетегінде жүрмеген шаруаның мұрыны жырылмақ». Мұрынды жырдырмау үшінне істемек керек? Оған айтар жауабы: «...Ақысын жібермейтін дәрежеге жеткенше қазаққа қай жағынан да болса теңдік жоқ. Бұл заманда қолы жетпегенді тендікке жеткізетін өнер-білім. Сол өнер-білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяғы астында жаншылмас едік. Біз де өз алдымызға бір жұрт екендігімізді білдірер едік. Осыларды істей алып отырған жұрттың бәрі де сондай болмаған. Бұлар да басында біздей, ... бізден де өнерсіз болған. Халық жүре, оқи, талаптана келе осыған жеткен...» «Ендігі істейтін іс: ай мен күндей әмбеге ортақ білімді меңгеру... білгісі келгенге білім табылады... білім үшін әуелі керек қылу шарт, екінші жаьат ету шарт...». Бұдан бүгінгі біз үшін шығаратын қорытынды: тіршіліктің үйреншікті үрдісін заманға лайықтап түбегейлі жаңғыртпақ шарт... Ұлттық сананы заманға лайықтап қайта қалыптастыруға жұрт боп жұмылмақ шарт. Өйткені, біз өкпеледі екен деп, өз өзегін үзіп бере қоятын, бопсалады екен деп болатынды болдыртпай қоятын заман бәрібір жоқ. Ұстанған бағытыңды сен өзгертпесең, ол өзгертпейді. «Қатыны өлген еркек қызы бар үйге қарап дауыс етеді» дегендей, басқаларға көзінді сатып та қарық болмайсың. Енді бір ұлтты бір ұлт жеткізбек түгілі, біреуді біреу асырайтын заман емес. Сүйтіп, Ахмет Байтұрсынұлы күллі адамзаттың даму үрдісі түбегейлі өзгеріп жатқан тұста қазақ халқына басқалардан өзгеше заман болмайтынын ескертіп, одан да қамсыз қалмауға үндейді. 1912 жылы Орынбордан басылып шыққан тұңғыш әліппесіндегі: «Құлақ екеу, ауыз біреу. Ол не үшін бұлай? Көп тыңдап, аз сөйлеуге жаратқан оны Құдай. Ауыз біреу, көз екеу – ол не үшін бұлай? Көп көріп, аз таңдануға жаратқан оны солай. Ауыз біреу, қол екеу – ол не үшін бұлай? Көп жұмысшы, аз жеуші – жаратқаны ол солай» дейтін болса, өлең, сәбилерге емес, күллі әлеуметке бағышталған тұспал ұран еді. Жұртшылыққа ұсынар дәрістері де қызық. Өрбу заңы... Шаруа жайы... Жер жалдау... Егін егу... Оқу мен оқыту... Олақтық пен салақтық... Тән саулығы мен жан саулығы... Сүтті сиырдың белгілері... Дағдылы жол мен айлалы жол... Земство... Сот... Араб әліппесі... Партияшылдык... Рушылдық... Қазақ салты... Дүние қандай, біз қандай... Уақ қарыз... Жәрдем комитеті... Кооперация... Қазақтың өкпешілдігі һәм түрлі мәселелері... Қысқасы, қазақ қауымына не қат, не қажет болса, соның бәрі жәйлі... Өйткені, құба даланың бұла перзенті боп ұзақ жүрген көшпелілер, Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, «мал бағу мен барымта жасаудан» басқа кәсіп көрмегендіктен көп кәсіпке шорқақ. Оны меңгеруге сауат жетпейді. Сауаттан гөрі де құнт жетпейді. Өйткені, сол кездің өзінде, «қазақта хат білушілердің пайызы мұжықтардан жоғары» болыпты. Алайда, сауаттылар саны «Алты миллион қазаққа алты ат жегіп, тарта алмадың деп өкпелеу жөн бе?» деп Ахаңның өзі айтқандай, әлі де болса аз еді. Оның үстіне, ол сауат қазақтың қам-қарекетінен аулақ жатқан әуейі сауат еді. Олай болатыны, орыс оқуының көксейтіні – қол астындағы жұрттардың жазу-сызуы, тілі, діні бір болғаны. Мұсылман оқуының көксейтіні: бір Алланың шарапатынан басқа ештеңеге алаң болмауға баулу. Сондықтан да, қазақша оқымай қазақ өзіне керек ғылым үйренбейді. Бұны айтқаны үшін Байтұрсынұлы пен әріптестері екі тараптан да құқай көрді. Патша үкіметі: айып салып, абақтыға қамаса, мұсылманша оқығандар: «қазақша деген қайдан келді» деп үркіп, «орыстың сорпасын ішіп, шошқаның жілігін кемірген орысша оқығандар... Мұсылманша оқығандарды масқара қылмақ», – деп ғайбаттап, ағайынмен араздастырды. Сонда екі жаққа да қазақша оқу қажетсіз боп шығады. Неге бұлай? Әркім өзіне керегін күйттейді. Көптің керегін әркім өз шаруам деп емес, біреудің шаруасы деп санайды. Ол үшін біреулерге өкпелеп, біреулерді сынайды. «Қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып толықпақшы. Іс қолынан келмейтініне сөз жоқ, іс қолынан келетіндері де қарап жатыр... Алға басып жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деп ренжиді Ахмет Байтұрсынұлы. Байтұрсынұлы бөліне-жарылушылық атаулыға атымен қарсы боп, бәрін де ұлттық жаңарыска жұмылдыруға тырысты. Ол өтпелі кезең жағдайында кездеспей калмайтын дәстүршілік пен жаңашылдык тайталасында жаңаруды жақтады. Жаңару жаппай жұмылмаса жүзеге аспайды. Жиғанды – тойға, білгенді дауға шашып, ауыз бірікпейді. Олжалы жердегі үлес пен жоралы жердегі жол да тек білімдіге ғана емес, біріккенге бұйырады. Ұлт мүддесі – үлкен міндет. Үлкен іске көп кісі керек. Көпті күшті билік жияды. Өз ісің өз билігіңді өз қолында бекем ұстай алсаң ғана өнеді. Ол үшін ұлт әуелі өз ахуалын өзі терең түсініп, оны түзетуді бірлесе ойластырып, бірлесе қамдастырмақ шарт. А.Байтұрсынұлы жан-жақты әдеби-ғылыми шығармашылығы мен ұстаздық-қоғамдық қызметін – қандастарына осыны терең ұғындыруға арнады. Бұл оның ұлттық мемлекет билік жолындағы жүйелі күресіне керекті білім, тәжірибе, бедел жиып бере алды. Ол сүйтіп ұлт тәуелсіздігі жолындағы «Алаш» қозғалысының орталық тұлғасына айналды. «Алаш» партиясын құрысты. Тәуелсіздікке жетудің стратегиясы мен тактикасын жасақтасты. Бұл жағынан «алаштықтар» асқан елгезектік таныта алды. Жаһангерлік саясатта опа бермес олқылықтарға ұрынып, ойсырай күйзелген халықаралык ахуалды қапы жібермеуге тырысты. Бірінші дүниежүзілік соғыс ірі де іргелі мемлекеттерді алауыздыққа ұрындырды. Бодан халықтар бой көтерді. Шығыс Еуропа елдері өз тәуелсіздігін ресми түрде мойындатуға кірісті. Ресейдің батыста да, шығыста да масқара боп жеңілуі шет аймақтардың метрополияға қарсы, ал метрополияның самодержавиеге қарсы наразылығын күшейтті. Монарх биліктен кетуге мәжбүр болды. Мұрагер таққа отыруға тәуекел ете алмады. Биліктің бүйтіп өз-өзінен мүжіліп біткенше өзгермеуі ескіден уақытылы жирене алмай, жаңаны уақытылы игере алмай оралымсыздыққа ұрынған қоғамдарға тән болса керек. Ондай қоғам әлгіндей дағдарыс тұсында бірден сара жол таба алмай, әрқилы елірме күштерге бел алдырып шөре-шөре ахуал кешетін түрі бар. Ырықтан шыққан оқиғалар жетегіндегі Ресейдегі билікке таласқан күштер ауызға ілігер олқылық іздеп, қол жалғасар одақтас іздеп аласұрып бақты. Сонау декабристерден соң ауызға ілікпей кеткен ұлттар теңдігі қайтадан сөз бола бастады. «Алаш» тап осы тұста атқа мініп, ұлттық автономияға қол жеткізіп қалуға тырысты. Бұл мәселені де бірінші болып ресми талқыға салуға мұрындық болған Ахмет Байтұрсынұлы еді. Ол Міржақып Дулатұлымен бірігіп, 1917 жылдың шілдесінде Орынборда өткен жалпы-қазақтық бірінші құрылтайда «автономиялы тәуелсіз қазақ мемлекетін» құруды ұсынды. Бірақ, құрылтай Әлихан Бөкейхановтың «демократиялык, федеративтік және парламенттік Ресей құрамындағы қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болуы» жәйлі ұсынысына көбірек ден қойды. Алайда, оқиғалардың одан арғы даму барысы, бұл үміттерді де әлсірете түсті. Уақытша үкімет тегеурінсіз болды. Демократияшыл күштердің беделі кеміп, аралық күштер солқылдақтыққа ұрынды. Солшыл күштер, әсіресе большевиктер еңсе көтерді. Байтұрсынұлы басшылығындағы «Қазақ» газеті: «Мұндай лайсаң заманда закон жоқ, жол жоқ, қорғалайтын пана жок. Әркім өзін-өзі қорғайды. Әуелі өлмеске, екінші мал-мүлкімізді талауға бермеске, үшінші осы лаңның ішіне кірмеске қолдан келген күшімізді, ісімізді сарп етуге керек. Данышпандар білімін, азаматтар қайратын ұлты үшін аямай жұмсайтын орын осы», – деп дабыл қақты. Құдайдан басқадан қорықпай, бұрынғы айтыстарды ұмытып, халық бірлігін нығайтуды бірінші кезекке қойды. Сонда ғана ұлт тізгіні қолға ілігіп, оны бекем ұстауға болатынын ескертті. Алайда, метрополияда өте күшейіп кеткен әлеуметтік жіктеліс шет аймақтарды да қамти бастады. Соны тілге тиек еткен «Үш жүз» партиясы: «қазақтар я Сібірмен, я Түркістанмен бірге қосылып, бас қамдарын қылмаса, өз алдымызға автономия болғанымыз қатер», – деп мәлімдеді. Оның үстіне, қоңсылас әр губернияға телініп, аумақтық бытырауға ұшыраған қазақ даласының әр аймағында өз элитасы нышан беріп, бәрі де билікке тырмысып, ортақ өгіз бұйырмаса, оңаша бұзауларынан айырылғысы келмейтін сыңай байқатты. Біреулері тарихи тағдырлары орайлас, мәдени тамырлас Түркістан халықтарымен бірігіп, автономия құруды жақтады. Екіншілері метрополияға қарсы күресіп жатқан Сібірдің құрамында автономия алуды қалады. Үшіншілері қазақтың дербес өз автономиясын құруды мақұлдады. Төртіншілері оған тек ішкі Ресеймен іргелес губерниялардың қазақтарын кіргізуді жөн көрді. Бесіншілері ондай автономияға Түркістандағы қазақтарды да қосуды кажет деп тапты. 1917 жылдың желтоқсанындағы екінші жалпы қазақ құрылтайы ұзақ таластан соң соңғы шешімді қолай көрді. Оқиғалар беталысы бұған да тосқауылды көбейтті. Сібірдегі Колчак үкіметі либералдықтан гөрі таза монархиялык сипат танытты. Семейдегі Алаш үкіметін жаптырды. Түркістан автономиясында аз ұлттардың өзара қырқысы қоздады. Ондағы Уақытша үкімет басшылары Мұхаметжан Тынышбаев пен Мұстафа Шоқай елден аластатылды. Батыс Алашорда мен дутовшылар мәмілесі де ұзаққа бармады. Большевиктер үстемдігі тарихи шындыққа айналды. Ұлттық автономиядан не атымен қол үзу, не большевиктермен келіссөз жүргізу керек болды. Бұған дейін автономия төңірегіндегі кереғар пікірлерді үйлестіруге үнемі ұйытқы боп келген Ахмет Байтұрсынұлына бұл міндетті өз мойнына алуға тура келді. Ағарту ісіндегі, әдебиет пен ғылымдағы, әлеуметтік қызметтегі табандылығы, білімдарлығы, бірлікшілдігі арқасында түрікшілдердің де, орысшылдардың да, қазақшылдардың да, либералшылдардың да, тапшылдардың да алдында үлкен беделге ие айтулы қайраткермен келіссөзге большевиктер де пейіл болды. Қайта бұл оқиғаның төңірегінде үлкен даңғаза жасауға тырысты... Ұлттық автономия идеясын су түбіне жібергісі келмеген Ахмет Байтұрсынұлы 1920 жылы кеңес мемлекеттік басшыларының тікелей қолқасымен Коммунистік партия қатарына өтуге мәжбүр болды, бірақ бір жылдан соң енжарлығы үшін шығып қалды. Ол мұндай қатерлі қадамға бармаса, тек қазақтардың ғана емес, күллі Түркістан халықтарының мемлекеттік дербестігі көктей солатын еді. Уакытында жасаған мәміле арқасында қазақтарға көп ұлтты Ресей құрамында таптық негіздегі автономия берілді. Қалған Орта Азия халықтарына Түркістан республикасы құрамында автономия берілді. Кейін Қазақ автономиясы Ресейдің құрамынан шығып, дербес республика боп жарияланды. Оған Түркістан республикасының құрамындағы жерлер қайтып берілді. Сөйтіп, таптық негізде болса да, қазақ жері аумақтық тұтастығын қалпына келтірді. Қазақ халқының дербес мемлекеттікке қақылы екендігі заң жүзінде мойындалды. Бұның бәріне де Ахмет Байтұрсынұлы тікелей еңбек сіңірді. Ол үшін дұшпанның жаласына да, достың табасына да төзуге тура келді. Бұл – шын мәнінде, халқының алдындағы үлкен ерлік еді. Кейін біздің егемендік алып, тәуелсіздік жариялауымызға да сол бір жанқиярлықпен жүзеге асқан жағдай бірден-бір құқықтық негіз болды. Әрине, Ахмет Байтұрсынұлы өзі армандаған ұлттық-аумақтық мемлекеттілікке қол жеткізе алмады. Бірақ, біз қиял дүниесінде емес, нақты тарихи аяда өмір сүріп отырмыз. Осы ғасыр басында өз тәуелсіздігі жолында қазақтардан кем күш жұмсамаған, бірақ шартты да болса, әлгідей мәртебеге қол жеткізе алмай қалған бауырлас халықтардың тағдыры әліге дейін дүдәмал күйде екенін ұмытпауымыз керек. Ендеше, бұл тағдырымызға да тәуба деп, соның жолында аянбай еңбек еткен аяулы азаматтарымызды алғыспен еске алуымыз қажет. Солардың ішінде, аузымызға алдымен Ахмет Байтұрсынұлының ілігуі әбден заңды. Өйткені, ол бұл мақсаттың жолында мүмкін нәрсеге де, мүмкін емес нәрсеге де тәуекел ете білді. Осы ғасыр басында ұлттық дербестік пен саяси-әлеуметтік және экономикалық жаңару жолына әуелден де айта қаларлық мәдениетке ие Шығыс Еуропа халықтары, әлем мойындаған дербестікке ие Түрік, Жапон мемлекеттері ғана тәуекел ете алды. Қалған халықтардың көпшілігі тек екінші дүниежүзілік соғыстан соң ғана бұл мәселелерді қолға алды. Ахмет Байтұрсынұлы өз арманы жолында арыстанның аузына, зымыстанның түбіне бара жүріп, халқына қалтқысыз еңбек сіңіре білді. Елдің арасына алалық кіргізетін айтыс-тартыстан аулақ тұрып, тек қана ұлттық мүддеге кызмет етті. Кеңес үкіметімен мәмілеге де сол үшін барды. Ақ пен қызылға бөлініп, бір-бірін бүріп тастағалы тұрған үзеңгілестерін аман сақтап қалғысы келді. Бай мен жарлыға бөлініп, барынан айырылып қалғалы тұрған халқының ұйытқысының бұзылмағанын көздеді. Патша кезінде де жан аямай қолға алған ағартушылық реформаны жаңа жағдайда жалғастыра беруге тырысты. Сол үшінде ағарту комиссары болуға келісті. Сол арқылы ұлттық оқу-білім, мәдениет, өркениетті дамыту ісіне ешқашан естен шықпастай мәңгілік үлес қосып үлгерді. Бірақ, тапшыл идеология өліара кезең өткен соң түбегейлі үстемдікке ұмытылды, кешегі уәделер ұмытылды. Ұлттық автономиялар уақытша шарттылыққа айналды. Бір кезде самодержавие үлгере алмай кеткен аздарды ұлтсыздандырып, көптің сойылын соқтыратын саясатқа көшті. Оған қарсы болатын күштер алдын ала есепке алынып, олардың алдынан арандар қазылды. Халықтардың тарихи қалыптасқан әлеуметтік қатынастары жаппай тапшылдық арнаға көшіріліп, ұлт ішілік алауыздық ашық қолдау тапты. Ахмет Байтұрсынұлының үзеңгілестері жаппай жер аударылды. Олар жоқта ауылды зорлап ұжымдастыру, байларды тап ретінде жою, отырықшыландыру асыра сілтей жүзеге асып, жердің, малдың ортақтастырылып, иесіздендірілуі кешегі кеңесті жақтаған зиялылар арасында да наразылық туғызады. Адамдар теңдігі бұрмаланып, халықтар теңдігі аяққа басылды. Жаппай тексіздендіру етек жайды. Байырғы халықты ежелгі аумағының түп иелігінен түпкілікті айыруға тікелей бет бұрылды. Не болып, не қойып жатқандығының арғы астарын аңғарады-ау деген естияр қауым абақтыға қамалды. Атылды. Асылды. Солардың арасында ұлттар теңдігіне, халықтар жарастығына, сол арқылы жүзеге асатын экономикалық-әлеуметтік, саяси-рухани жаңарысқа ұмтылған адамгершілік диханшысы Ахмет Байтұрсынұлы та арманда кетті. Содыр солақайлықтың наны жүрді. Гуманизмнен тапшылдықты, азаматтық келісімнен әлеуметтік кекшілдікті, саяси плюрализмнен саяси текетіресті, бейбіт бәсекеден бітіспес бақастықты артық қоятын әлеуметтік жыртқыштықтың үстемдігі орнады. Ол бабалардын, атағын өшіріп, ұрпақтардың жадын жадағайландырды. Санамызды саяси байбаламшылдықпен уландырды. Бірақ, сол кезде де талай баланың аты Ахмет қойылды, авторы аталмаса да, ол негізін салған тіл ғылымы өркендеді. Ол жасаған терминология мен грамматика негіздері өмір сүрді. Тіпті ол аударған мысалдар мен өлеңдерді талай шәкірт жаттап өсті. Халық көкейінде ол сепкен ұлы мұраттардың дәні көз таса көктеп жатты. Ұрпақтар жүрегінде жатқан сол бір құпия махаббат әділет сағатын күтті. Ол сағат Байтұрсынұлы ақырына дейін адал қызмет еткен тәуелсіздік жеңісімен бірге соқты. Жетпіс жыл бойы тұншықтырылған егемен мемлекеттілік бәрібір жүзеге асты. Оны баянды ету үшін де бір кезде Ахандар айтқандай, тағы да қапы қалмастай боп, бір Құдайдан басқадан қорықпай, араға жік салар айтыс-тартысты ұмытып, халық бірлігін нығайта беруге тиіспіз. Сол арқылы өзгеріске толы дүниеде өзгелерден кем қалмайтындай боп, өз орнымызды иемдену үшін бір кезде олар бастап беріп кеткен түбегейлі жаңарысты жаңа қарқынмен жалғастыруға міндеттіміз. Бұл да бұралаң жол. Тәуелсіздік төбеден түспейді. Отаршылдық оңай шегінбейді. Соған байланысты өтпелі кезең айрықша оралымдылықты, жітілікті талап етеді. Қалыптасып отырған жағдайды елең етпейтін сыңарезулік ақыр түбі жарға жығады. Біздің жас мемлекетіміз жартасы көп, ағыны қатты тар бұғазбен алғаш алыс сапарға шыққан кеме сияқты.Тұмсығымыз тасқа тірелмей, ілгері басып келеміз. Соны қамтамасыз ете алатындай сындарлы саяси ақыл табылғанына, оны ұғып күптей алатын ұғымтал халық барына тәуба дейміз. Алдағы құрбан ұрпақтың зая тағдырының ащы тағылымы бекер кетпепті. Соны нәзік сезініп, жіті түсінер алғыр ұрпақ бар екен. Соның арқасында кешегі кеңестік кеңістікте лапылдаған ұлтаралық жанжалдар мен саяси бейбастықтар өртінен аман шықтық. Бүгінгі күллі дүниені қамти бастаған экономикалық және саяси дағдарыстың дауылына килікпей, алдын ала қам жасалып жатыр. Былтыр қолға алған реформамыздың алыс көкжиегіне дейін анық мөлшерлеп, айқын межелеп беретін ұзақ мерзімді стратегияға ие болдық. Биыл есік қағып тұрған жиырмасыншы ғасырдың табалдырығынан қалай аттап, одан арғы көздеген мақсатымызға қарай қалай батыл қадымдаудың байыпты тактикасына ие болып отырмыз. Екеуінің өзегінде де бір кезде асыл арыстарымыз армандап өткен, қалған адамзаттан еш кем емес жоралы жұрт болу. Жаңа ғасырда жалпы өркениет әлемінің қалың ортасынан табылу. Құдайға шүкір, оны қамтамасыз ететіндей бай табиғи, моральдық ресурс, алыс-жақын әбден танып, оң бағаланған саяси бедел бар. Көп боп бітетін шаруаны керек кезінде кемел жарастық таба алған коғам ғана іске асыра алады. Ол үшін өз арамызда да, қалған адамзатпен де оңай тіл табыса алатын өркениетті қарым-қатынас керек. Сондықтан да тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті бір жылды түгелімен тұтас халық боп тоталитаризмнің жиіркенішті табиғатын танып білуге, бір жылды көп ғасырлық тарихи тәжірибеміздің жетісі мен кемісін пайымдауға арнады. Сөйтіп, әлемдік ахуалдың арғы-бергісін шолып, жаңа ғасырда тек адамзаттың басым көпшілігінің үрдісіне айналған саяси-экономикалык қатынастарын жете меңгерген халықтар мен қоғамдардың ғана бағы жанатынына әбден көзі жетіп, бәрімізді аса зор серпіліске шақырып отыр. Оның жаңа Жолдауы іште де, сыртта да қолдау табуда. Мемлекет пен азаматтық қоғам, билік пен халық арасындағы ықпалдастықты нығайтатын демократиялық өріс кеңейді. Кеңейе бермек. Сол арқылы азамат – қоғам – мемлекет кескіндемесіндегі барлық бунақтың саяси жасампаздығына жаңа қарқын бітері даусыз. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан жағдайында авторитаризм ерге бастырмайтын, тұйыққа тірейтін кесапатты жол екенін ашық айтты. Сол арқылы жиырмасыншы ғасыр басындағы дүрбелең тұсындағы тақсіреттің жиырма бірінші ғасыр басындағы тарихи өткелекте еш қайталанбайтынына көзіміз жете түсті. Бұл – баршамызға қазіргідей тарихи өткелек тұста ауадай қажет оптимизм. Оның нақты нәтижесін бәріміз үшін саяси көрегендік пен азаматтық тұрлаулылық емтиханы болғалы тұрған жаңа Елбасы сайлауы ойдағыдай көрсете алатынына кәміл сенеміз. Біздің кемеміз үміт жағалауына жақын қалды. Бұндай кезде жауапкершілік бұрынғыдан да арта түседі. Өйткені, сын кезең әлі өткен жоқ. Тарихтың алдан қанша талқысы тосып тұрғанын ешкім білмейді. Сонда қалтылдақ қайықтың кебіне түспес үшін тәуелсіздік алғаннан бергі аз жыл ішінде жинақталған тағылым мен тәжірибені жете байыптап, әділ бағалағанымыз, бұдан ары қарай да тізгінімізді сол талай тығырықтан аман алып еткен саяси реализм мен мемлекеттілігіміздің, демократия мен реформаның мүдделерін қорғаудағы азаматтық табандылықтың сенімді қолына бекем ұстатқанымыз дұрыс болары даусыз. Тек сонда ғана осындай аса бір жауапты кезеңде бәріміздің басымызды маңызды мәслихатқа жиып отырған Ұлттың ұлы Ұстазы аруағы алдындағы шәкірттік арымыз таза, иманымыз кәміл болар еді. Ол, бүгін расында да мынау бостандықтың бозала таңында ақ бозға мініп, қыр басынан көрінген Қызыр Ілияс сияқты. Алдынан жүгіріп, аяғын құшқымыз келеді. Үзеңгісіне жабысып, әкеден балаға ауысып келе жатқан сағынышымызды басқымыз келеді. Қайтадан ақ жол үстіндегі бүгінгі ұрпақ ол жазып кеткен адамгершілік пен азаматтық, жаңартушылық пен жасампаздық әліппесін жетік меңгеріп, жемісті жүзеге асырарына сендіргіміз келеді. Сонда рухани піріміз Ахаң көк аспандағы көлеңдей желпілдеген көк туымызға көзі түсіп сүйсінер. Өздері көре алмай кеткен тарихи дәуренге біздің жеткенімізге еміренер де тебіренер. Бір кезде «Қазақ» газетінде берген батасын берер: «Төңірекке қарасаң, түнерген бұлттар әлі бар... Түбі қандай болады деп қобалжымалық... Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйімізді үй етіп, шашылмай қалудың қамын желік... Дүниенің төріне ұмтылғандар төрден орын алып жатыр. Ұмтылмағандар есікте қалып жатыр... Қалмайық десек, қарап жатпалық... Көп ісіне көп болып жабылайық... Қолымнан не келеді деп қорынбайық. Ұлтына кызмет етуге ниет болса, жұмыс табылады. Көп жұмыстың ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жок. Әркім әлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын, аз нәрсе көпке сеп болмақшы. Сәл демеу зорға сүйеу болады. Ұлы іс ұсақтан ұлғаяды... Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына үлес қосу қазақ баласына міндет».

«Елін қорғайтын ер болайық,
Ерін қолдайтын ел болайық!» – дер.

«Қай ісіміздің де Құдай сәтін салғай! «Әумин» деп қол жайып, «Әуп» деп күш қосып, «Алла!» – деп іске кіріселік», – дер. Бүгін бұны жете ұғынып, терең сезініп отырған халық та бар, қоғам да бар, азамат та бар. Сондықтан ұлтымыздың кешегі де, бүгінгі де, ертеңгі де Ұлы Ұстазына: «Ләббәй, тақсыр! Айтқаныңыз болсын!» – деп басымызды иіп, тағзым етелік!

Рахмет!

Манаш Қозыбаев,

академик

ХХ ҒАСЫРДЫҢ ҰЛЫ РЕФОРМАТОРЫ*

Адам баласының тарихында 70 миллиардтаған жандар келіп, олардың басым көпшілігі қара басынан аса алмай өмір кешті, өтті, кетті. Ахаң сөзімен айтсақ, «Сасық ми, салқын жүрек санасыздар, алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр». Әрине, олардың ішінде жанып туған, жарып туған өзгеден бөлек, елден ерек орнын танып туған тұлғалар болмаса, Назым Хикмет айтқандай, әлемді қара түнек басар еді.

Егер сен жанбасаң, жанартау боп атылып,
Егерде ол жанбаса, аруақты шақырып.
Егерде біз жанбасақ, замананы сапырып,
Барша әлемді басар сонда түнек пенен қапырық.

Қалар ма еді о дүние, топырақ боп шашылып.19

– деп ақын тебіренсе, Ахаңның

Мен бұқтым, жатым,
Сен бұқтың, жаттың,
Кім істейді, қызмет?!

– деп, ұлтына қызмет істер перзент іздеуі, «ұл туып, ұлы жолда қызмет етсе, онан зор ұлтқа бар ма ырыс деген», – үндеуі осыдан.

Міне, осылай өмірде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады. Дүлділ дара келеді. Дана атанады. Дана өз заманасынан озып туады, тозық елді озық етемін деп замана кесапаттарымен белдеседі, ойымен, ісімен, қалдырып кеткен үлгісімен алыптарымен теңдеседі. XХ ғасыр даналарының бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ахаңның өмірі, тағдыры, мұрасы – оның ғасырдың ұлы перзенті екендігінің айғағы. Ол күрескен кесапаттар – надандық, қараңғылық, ұйқышылдық, адами хайуандық, отаршылдық, ұлттың азуы мен тозуы, оның бұратаналық болмысы, жараланған жан жарасы, құлшылдық санасы, таланған жері, қансыраған тілі, шоқындыру саясатынан жансыздана бастаған діні, орыстандырыла бастаған ділі. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының болашақта болу-болмау альтернативасы.

Ахаң тағдыры – ел тағдыры. «Ұлт ырысы», «өркениет ырысы», «олжалы жерде үлестен», «ордалы жерде орыннан», «жоралы жерде жолдан» қазақ халқы қалмауын ойлаған, «ұлттық құтқару майданының сардары, ХХ ғасырдағы ұлттық ренессанстың бастауы Ахмет Байтұрсынұлы планеталық ойшылдар қатарынан орын алары даусыз. Ахаң бар әлемдік ұлылар галереясында ХХ ғасырдың ұлы гуманисі Ганди, түркі әлемін оятқан Кемал Ататүрік, шілдің боғындай шашыраған араб әлемінің басын қосқан Насер, әккі отаршыл Ресейді еңіреткен, ХХ ғасырдың Шамилі – Дудаев, әлемдегі әрбір төртінші адамның жан дүниесін елжіреткен Ден Сяо Пин, тұңғыш ғарыш перзенті Гагарин, адам құқының қорғаны Сахаров, алты Алаштың арысы Әлихан Бөкейханов сияқты біртуар тұлғалар тұр. Әрине, Ахаңды планеталық санаттағы ойшыл, ұлы ағартушы-гуманист, ХХ ғасырдың ұлы реформаторларының бірі, бір де болса бірегейі деуімізді дәлелдеу алда тұр. Байтұрсынұлытану – қазақ қоғамдық ғылымының өте жас саласы. Ол – Шоқан, Ыбырай, Абай жүргізген ағартушылықтың отаршылдыққа қарсы ұласқан күрес тарихының құрамды бөлігі, ол – ХХ ғасырда алаш зиялылары негізін салған ұлттық ренессанстың бастауы. 1923 жылы қазақ елі Ахаңның 50 жылдығын тойлады, С.Сейфуллин, М.Әуезов бастаған қазақ зиялылары Байтұрсынұлытанудың бастауында тұрды. Байтұрсынұлытану аяқ алысынан-ақ Ахаңның Халықтың «Алғашқы шыққан көсемі» екендігін (М. Әуезов), «Қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз Ахмет» (С.Сейфуллин) екендігін, «бостандыққа жол көрсеткен Ахаң» (ұйымдастыру алқасы) екендігін жария етті. Алайда советтік тоталитарлық жүйе, И.Сталиннің қандыбалақ жендеті Ф.Голощекин ұлттық идеяны ту еткен А.Байтұрсынұлы есіміне «шылдық» деген жұрнақты түбі түскен шелектей байлады, революнияға, халыққа қарсы қазақ ұлтшылдығының символы етіп жариялады. Бұл зымиян саясат арқылы жүйе төрт мақсатына жетті: біріншіден, Ахаңды, қазақ зиялыларын қорғаныс шебіне шегіндірді; екіншіден, оларды өз халқына құбыжық етіп көрсетіп, өз ұлтынан айырды. Қанатын қайырды, ұлтты басшысыз, рух көсемдерінсіз қалдырды; үшіншіден, дананың тарихтан алар орнын ластады. Байтұрсынұлытануды жанбай жатып сөндірді; төртіншіден, казақ өзін танудан қалды, әлемдік халықтануда оның болмысы бір сәт аласарып, рухы төмендеді. Алайда жүйе тарих тегершегінің айналуын тоқтата алмады. Жаңа тәуелсіздік заманасы Байтұрсынұлытану дамуына бірден-ақ екпін берді. Ұлт ұстазын енді-енді ғана тани бастағандаймыз. Ахаң есімі ақталғаннан бергі. Одан қалды осы мерейтой қарсаңында жарық көре бастаған алғашқы зерттеулер сондай әсер етеді.20 Ахмет Байтұрсынұлы – ХХ ғасырдың ірі құбылысы, феномені. Оның есімі осы дүбірлі ғасырдың түбірлі, түбегейлі құбылыстарымен тағдырлас. Сондықтан Байтұрсынұлытану шын мәнінде ғасыртану десе де болады. Сондықтан Байтұрсынұлытануды дамыту барлық гуманитарлық ғылымдардың ортақ парызы. Ендеше, Ахаң болмысы жан-жақты ашылғанда ғана ұлы ұлт перзентінің қырлары мен сырлары ашылады, әлемдік ұлт-азаттық қозғалысына қазақ халқының қосқан сүбелі үлесі сомдалады. Сөз жоқ, бұл болашақтың ісі. Ахаң ең алдымен Ресей шығысының ұлт-азаттық қозғалысының рухани көсемі. Ахаң Абай мен Ыбырайдан әрі кетті. Ұлт азаттығы үшін, қазақ автономиясы-мемлекеті үшін, ұлттық болмысы үшін күрес қазақ зиялыларының ұлттық платформасына айналды. Бұл болса 35 миллион түркі халықтарының ортақ ұраны еді. Әлихан, Ахмет ұлттық шеңберден шығып, еуразиялық тұғырға көтерілді. Ол ғасыр басында Ұлт ұстазы атанып, бір өзі халықтың Абайы мен Ыбырайы бола алды. Алаш қозғалысы – ХІХ ғасырдағы ағартушылар қозғалысының жалғасы, оның жоғары сатысы. Абай заманында ағартушылық ұлтымызды өркениетке таныстыру, табыстыру кезеңі болды. Ыбырай Алтынсарин бұлағынан бастау алған Ахмет заманасы – ағартушылықты ұлтымыздың болмысын сақтап, оны өркениетті халықтармен жарыстыру үшін жүргізілген күрес заманасы еді. Ахаң оқу білімді, ағартушылықты «ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көп теңгеретін» бостандық жолы деп таныды. Ендеше, Ахаң тек ұлы ағартушы санатында қалмай, оны ұлт-азаттық қозғалысының ең бір айбынды да айдынды шалқар қайнары ете алды. ХХ ғасырда Ресей империясында ұлттық либералдық-демократиялық қозғалыс өрістеді, монархиялық Ресей конституциялық жолға экономикасын жаңғыртып, еуропалық ізге сала бастады. Қазақ зиялылары ресейлік жаңа реформаторлық буынның бір тармағы есебінде бой көтерді. Сол сәтте ұлт-азаттық қозғалысының бірден-бір көсемі болып Әлихан Бөкейханов шықты. Ол еуропалық тәрбие алған, еуразиялық деңгейдегі энциклопедист-ғалым, қоғам қайраткері еді. Әлихан қазақ сахарасындағы ұлт-азаттық қозғалысын еуропалық демократиялық, конституциялық, парламенттік күрес жолына салды. Ахмет болса ұлт-азаттық қозғалысына гуманистік, ұлттық сипат берді. Еуропалық күрес рухын ұлттық сарын, әуенмен қабыстырды (ата-баба әруағын аттамады, атой салып, жауға шапқан замананы даттамады). Жаңа демократиялық күрес жолын сыннан (адаптациядан) өткізді. Әлихан Ресей реформаторларының көсемінің бірі болды. Уақыт өткізіп, Әлекең орыс реформаторларының ұлттың өзін-өзі билеуіне қарсылығын көрді, қазақ жерін талауға бағытталған орыс қарашекпенділерін көшіру саясатын жүргізуге ынталы екенін түсінді, қазақты орыстандыру, шоқындыру, өз дінінен, ділінен бездіру саясаты ендеп, бойлап бара жатқанын көрген Әлихан орыс зиялыларынан бөлініп, Алаш туын тікті. Осы тұста Әлиханға үлкен әсер етіп, ықпал жасаған қайраткерлердің бірі Ахаң еді. Қыр баласының қасында болды, бірақ ол орыс реформаторларының демократтық бағыт-бағдарын қолдай отыра, ұлт мүддесіне ойысты. Әлихан деңгейіндегі Шығысты Еуропамен қоса алатын Ахмет Байтұрсынұлы демократиялық күрес майданына қосылған сәтте қазақ зиялыларының қозғалысы толықсып, кемелдене түсті. Әлихан Еуропаны жетік білсе, Ахмет Азия тынысын, Түркі әлемін терең білетін. Алаш зиялыларының Әлихан, Ахмет бастаған тобына тән басты сарын – барша халықтың мұңынан шыққан-ды. С.Сейфуллин 1923 жылы 30 қаңтарда «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деген мақаласында: «байлардан бөліп жарлы табының ғана намыстарын жыртып, арын жоқтаған жоқ. Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей, намысын бірге жыртты, арын бірге жоқтады»21 – деп әділ көрсетеді. Бұл бүкіл ұлттың, бүкіл отарлы елге айналған шығыстың азаттық майданы еді. Ахаңнын өз тілімен айтсақ, Алаштың зиялылары «жұртым деп халықтың арын арлады, зарын зарлады, халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын» қорғады. Ол жалпыұлттық зар – отаршылдар тартып алған нулы, сулы ата қонысы, ана тілі, ұлттық ділі, ислам діні еді.

Қазағым, елім,
Қайқайып белің.
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың.

Қамауда жаның.
Аш көзіңді оянып, –

деп, қалың қазақ елін майданға шақырады. Бұл мотив (сарын) Абай заманасында тұспалдап айтылса, Ахмет заманасында қазақ зиялыларының ұлттық платформасына айналды. Бұл жалпыұлттық, одан қалды езілген 35 миллион Түркі халықтарының ортақ ұраны болды. Осы тұста Әлихан мен Ахмет ұлттық шеңберден шығып, еуразиялық деңгейге көтерілді. Әлекең мен Ахаң. Егіз құбылыс. Әлекең – тарих, экономика, статистика, саясат саласындағы реформатор. Егер Әлихан ұлт-азаттық қозғалысының саяси көсемі болса, Ахаң оның рухани көсемі. Әлихан Бөкейханов – аристократ. Төрелігі бар, батыс рухындағы ғалым, күрескер-стратег, тактик, саясаткерлігі басым тұлға, Әлекең европа мен азияда тең басар Шоқан рухтас дауылпаз. Ахмет қарадан шықса да, ата-бабасы Шақшақ Жәнібек туралы патша өкілдері көрсеткендей, «хан емес, бірақ ханнан дәрежесі кем емес» дегендей тектілігі бар. Ахаңның ағартушылығы, гуманистігі, тәрбиеші-ұстаздығы мен мұндалап тұратын. Әлихан мен Ахмет одағы ұлт-азаттық қозғалысының толысуына, ұлттың ұлттық санасының жаңа деңгейге көтерілуіне ғажайып ықпал етті. Әлихан мен Ахаңның арқасында шығыстың ұлт-азаттық қозғалысы европалық бағыт алды. Ұлттық ұранға ие болды, томаға-тұйықтықтан шықты, бүкіл ресей шығысында Алаш туы жоғары желбіреді. Қорыта айтсақ, Ахаңның ағартушылық саласында түркологияда Гаспринскийден өткен реформаторлығы бар, Гандиден бұрын танылған гуманистігі бар, әккі отаршыл ресей империясына қарсы жалындаған имам шамилдей өшпенділігі бар, түркі әлемін оятқан кемаль ататүрік сияқты ұлтшыл қаны мен жаны бар, сондай-ақ сун ят-сендей, сахаровтай ұлы демократгығы бой көрсетеді.

Ахаң – қай салада да болса ұлы реформатор.

Ахаң туралы сөз қозғағанда ең алдымен ұлылық, даналық деген не? деген сауалға жауап іздейік. Қазақ атамыздан сөз қалған ба? «Әкенің баласы болма, елдің баласы бол!» – дейді дана халық. Дана болу – дара болу. Мұхтар Әуезов айтқандай, ұлт баласы болу үшін «үйелмеңді елінің өзегін жарған мұрат-мүддесінің» жолына басын тігу. Ұлт перзентінің бойын кернеген өзгеше бір сүю сезімі бар. М.О.Әуезов ол «жай сүю емес, жар сүю емес, жанынан артық көріп, жұртын сүю, халқын сүю сезімі. Бұл сүюден қасиетті сезім жоқ. Ол сана, ол сезімнің алдында барлық басқа тірлік, бөгде тілек бас иеді». Ұлылар салған ұлттық жол әлемдік даңғылға қосылатынын ескерсек, Ұлттың ұлысы – өркениеттің ұйтқысы, барша әлемге ортақ тұлға. Ахмет Байтұрсынұлының ұлылығы неде, оның әлемдік азаттық қозғалысына қосқан үлесі қандай көрсеткіштермен өлшенбек, ұлт тарихына, ұлт тағдырына оның жасаған ықпалы қандай? 1. Ғасыр басында үркердей алып топ – Әлихан, Ахмет, Міржақып қазақтың демократиялық-либералдық бағыттағы зиялыларының басын қосып, еуропалық өркениеттік дәрежедегі қозғалысты қалыптастырды. Бұл қозғалыс діншілдіктен, нәсілшілдіктен, ұлтшылдықтан бойын аулақ салды.

«Жиған-терген» атты шығармасында:
Басында – сәлде,
Аузында – Алла.
Молдаларда не ғамал?

Көздерін сүзіп,
Жүздерін бұзып,
Алдап жұртты, жимақ мал.
Жұмақ молда қолында,

Сауда-саттық жолында.
Бергенге – жұмақ,
Бермесе – дозақ
Деп үйретер халыққа.

Жұмақтың кілтін,
Алланың мүлкін
Арендаға алып па?
Молда сатса тиынға,

Ол – Алла емес, сиынба!
Шалқаңнан жатып,
Алланы сатып,
Аламын деп қорлама!

Еңбексіз ит жер.
Бейнетсіз бит жер,
Берсеңдер бер молдаға!
Өзіңді бірақ алдама!

Ақшаға жұмақ жалдама!

– деп. Білім мен діннің арасын, олардың парқын саралады. Ахаң өз қазағын – далаға, орыс халқын – теңізге теңеп, қазақ сахарасын еуропалық өркениетке енгізу арқылы жетілдіруді көздеді. Балаларды бастауыш мектепте ана тілінде оқытып, негіз салғаннан кейін орыс тілін үйретуді ұсынды. Өзінің Г.П.Потаниннің 80 жылдық мерейтойына шығарған өлеңінде:

Атақты Сібір ұлы қарт Потанин,
Ер сүйсе, сендей сүйсін ел – Отанын.
«Қазақсың, қалмақсың» – деп алалау жоқ,
Отанның тең көресің барша жанын22–

дегені Ахаңның ұлт мәселесіндегі тазалығын, еуразиялық платформасын көрсетеді. Онда олар Қазақстан тағдыры Ресей елімен тамырлас екенін пайымдады, демократиялық Ресей құрамында конституциялық жолмен республика болуды көздеді. Өз парламенті бар, өз президенті бар, өзін-өзі билеу құқы бар бұл республика суверенді (егеменді) территориялық автономия болатын. Ахаң бастаған алыптар тобы отаршылдыққа қарсы жалпы ұлттық құтқару майданын ашты. Бұл бағдарлама қазақ елінің геополитикалық болмысын, демографиялық жағдайын, күрес дабылының тегеурінін есепке алған «Алаш» бағдарламасы қырғыз конфедерациясын құруға бағытталған қозғалысына, татар-башқұрттардың Идель-Урал, Қоқан автономиясына біріккен Түркістан еліне, Түркиядағы «Шығыс түркілерінің федерациясына» зор ықпал етті. Ахаңның шәкірті қырғыз А.Сыдықов 1932 жылы Қырғыз социалистік Тұран партиясын құруға ұмтылыс жасады. Бағдарламаның қолдан жазған жобасына қарағанда «Алаш» партиясының ықпалы бірден байқалады.23 Бағдарлама алты Алаштың теориялык еуразиялық дәрежесін көрсетті. Алаш қозғалысы – ғасыр қозғалысы, оның бағдарламасының түп-төркіні – демократиялық Ресей құрамында конституциялық эволюциялық жолмен өз парламенті бар, өз президенті бар, өзін-өзі билеу құқы бар Республика болу еді. Алаш қозғалысы – ғылыми болжау, ғылыми көрегендікке негізделді. Ол қазақ елінің геополитикалық болмысын демографиялық жағдайын, күрес дабылының ағысын, екпінін, тегеуірінін есепке алды. Ол жадидизмге бет алған ағартушылықты қолдады. Советтік дәуірде тоталитаризмге қарсы бүкіл халықтық қарсылықтың өзегі болды. 2. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ зиялыларының рухани көсемі санатында 1913 жылы ұлттық биресмилік «Қазақ» газетін шығарды. «Құрметті оқушылар» атты кіріспе мақалада Ахаң «жалаң аяқ, жалаң бас, жеңдеріміз қиюсыз, етектеріміз жиюсыз ашылып-шашылып қамсыз жатқан» қазақтың «алдына түсіп, жол сілтеп, басшылық» етуді мақсат тұтқанын жазды. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құла,, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды»,24 – деп көрсетті. Ахаң одан әрі «аталы жұртымыздың ауданды ұлтымыздың әруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етеміз десеңдер, азамат таңдар тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік»,25 – деп жазды. Мұхтар Омарханұлы 1913-1918 жылдары шыққан ұлттық мектепке айналған «Қазақ» газетінің кезеңін «Қазақ» газетінің дәуірі деп атады. Ұлы ұстазы 50 жасқа келген күні Мұхаң: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпіні кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын», – деп лебіз білдірді. Ахаң шығарған «Қазақ» газеті «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ғана болып қоймады, өзі болды. Ұлттану органына айналды. Егер «Правда» газеті большевизмді жеңіске даярласа, Герценнің «Колоколы» декабристерді сенат алаңына шығарса, «Қазақ» газеті қазақ халқын оятып, дауылды-дабылды дүбірге қосты. «Қазақ» газеті аз жылдар ішінде Мұхаң айтқандай, «болып өткен оқиғаларына қарағанда көп заманға жауап ұратын толқынды заманының бірі»26 болды. Осы тұста Әлихан Алаш қозғалысының саяси көсемі болса, Ахаң рухани көсеміне, бас идеологына айналды. 3. Ахаңның ұлылығы Ұлт ұстазы дәрежесіне көтерілген еңбегінде, гуманист, ағартушы 1907 жылы жазған өзінің «Анама хат» деген өлеңінде:

Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай не бетіммен көрге барам?!

– деп тебіренді.

1914 жылы «Елу-алпыс балаға арнап берген сабақтан алты миллион қазақты алаламай істеп отырған ісімді артығырақ көремін» деп, ұлт мүддесіне еңбек етуді өмір арнасы етті. Өзін «адамшылық диханшысы» деп жариялады, «тұқымын адамдықтың» шашты, екті, «адамдық хайуанға» жорық ашты, ұлттың намысы мен сезімін оятты, ұлттық сана қалыптастыруға бар күш-жігерін бағыштады.

Қазық боп жұртқа,
Қорған боп сыртқа.
Кім ойлайды намысты!, –

деп, ел намысын, жұрт жұмысын алға тартты. «Қазақ халқы жұрт қалпында ғұмыр шегуге басқалармен теңелсе екен», – деген стратегиялық мақсат тұтты. «Ұлт жұмысы, – деп жазды Ахаң. «Орысша оқушылар» атты мақалада, – үлкен жұмыс».27 «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – дейді Ахаң. Ұлы ұстаз профессионализмге көңіл бөледі. Ахаңның айтуынша, «мал бағатындар мал бағуын жақсы білуге керек. Ел бағатындар ел бағуын жақсы білуге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білуіне керек».28 «Жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын» азаматқа Ахаң «ұлт намысы» екі ауылдың, екі таптың я екі рудың намысы емес екендігін ескертеді. «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын! – дей келіп, Ахаң, – баланы ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең құл болмақшы»,29 – деп пайымдайды. Рухани отаршылдықтың сырын терең түсінген халықты бұралқы құлдықтан, «соқыр санадан», «бұратана санадан», «адамдық айуандықтан» құтқарып, «ауруын аздырып», «теңін күшейтіп», «қазаққа ес кіргізу» жолын іздеді. Ахаң ұлы ұстаз-теоретик ретінде бала тәрбиесінен бастап, ұлттық санаға дейінгі педагогикалық проблемаларды жан-жақты зерделеді. «Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін. Әлсіздерге күш беретін – өнер-білім, сол өнер-білімге үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екенімізді білдірер едік»,30 – деп армандайды Ахаң. Ахаң, ұлт ұстазы ретінде, Мұхаң айтқандай, «елшілдік ұранын» көтерді, ұлттың мұң-мұқтажына, мүддесіне тоқтала келіп, «заманына қарай амалы» барын айтып, «талап жоқ, үміті мол» қазаққа «ғамалыңды түзет, түзелмесең, ешкімге кінә қойма!.. Еңбексіз егін шықпайды, терлесең, терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды»,31 – екенін дәлелдейді. ХХ ғасырдың басындағы нарықтық экономикаға халық пейілін бейімдейді. Мұны бүгінгі нарық заманасында біздің арамызға келіп айтып тұрғандай. Бір сөзбен айтсақ, Ахаң ұстаздықты ұлттық мүддеге бағындырып, ағартушылықты планетарлық масштабта қарады, өз халқын білім жарысына түсетін күнге жақындатты. Ахаңның реформаторлығы ұлт зиялыларын тәрбиелеуден де көрінді. Ахаңның сүйікті шәкірттері ішінде Міржақып Дулатұлы, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, башқұрт Заки Валиди Тоган, қырғыз Ишеналы Арабаев барын айтсақ та жеткілікті. Осы ұлы тұлғалар – Ахаң мектебінен, «Қазақ» мектебінен өткен жандар. Олардың әрқайсысы ұлы Ахаңды ұстазы ретінде танып кетті. 4. Алаш көсемдері, оның ішінде Ахаң, 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі Кенесары хан заманасындай патша өкілдерімен жекпе-жекке шығып, қанға бөккен кезінде ұлтты қансыратпай аман алып қалу жолын іздеді. Ахмет Байтұрсынұлының реформаторлығы 1918 жылы Қазан төңкерісі, азаматтық қарама-қарсылық, дауылды-дабылды жылдарда да көрінді.

Біріншіден, Алашорда мемлекеттігін құрушылардың бірі болды.

Екіншіден, 1919 жылы 4 сәуірде Совет өкіметі советтік платформаға көшкен Алашордаға кешірім жариялап, ұлттық келісімге келді. Алаш зиялылары жаппай қуғыннан, қырғыннан ондаған жылдар бойы аман қалды. Совет өкіметі мен Алашорда арасын жарастырып, ұлттық келісімге жеткізген Ахаң еді. Үшіншіден, В.И.Лениннің ұсынысымен Қазақ өлкесін басқаратын қазақ (қырғыз) революииялық комитетінің төрағасының орынбасары болған А.Байтұрсынұлы болашақ Қазақ автономиясының аясына барлық қазақ жерін жинауда ерекше қажырлылық танытты. Челябі губерниясына еніп кеткен Қостанай уезін Қазақ өлкесіне қайтару үшін М.Сералинмен бірге В.И.Ленин атына арнайы хат жазып қана қоймай, советтердің Бүкілодақтық атқару комитетінде, РКП(б) орталық комитетінде арнайы қаратты.

Қазақ ревкомы бұл ұсынысты қарап, қаулы қабылдады.

Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы біртұтас Советтік мемлекет құрамындағы республиканың егемендігі туралы мәселені ашық қояды. 1920 жылы 24 июньде Т. Рысқұлов, А. Байтұрсынұлы, Ф. Ходжаев, З. Валидов қосылып Ленинге хат жолдады. Ол хаттағы «боқты сідікпен жуып болмайды», деген тезис Ахаңдікі деген деректер бар. Бір сөзбен айтқанда, Ахаң Совет заманасында ұлтқа қызмет етуді бір рет тоқтатқан емес. Бұл жылдары Ахаң одақ көлеміндегі советтік тоталитарлық жүйеге қарсылық көрсетіп, шет аймақтардағы халықтардың мұң-мұқтажын жоқтаған, еңіреген ер екендігін, ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері екендігін таныта білді. Әуелі совет режимімен белдесіп, кейін күрес аясын рух саласына көшірді. Ахаң, – ғұлама ғалым. Философ, ойшыл. 1929 жылы «Литературная энциклопедия» ол туралы әділ баға берген еді. Онда былай белінген: «Халықшыл әрі ұлтшыл Б. Қазақтың тұңғыш көрнекті лингвист-ғалымы болып табылады. Ол – қазақ тілі емлесінің (орфография) реформаторы, қазақ тілінің грамматикасы мен қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы». Есімі шартарапқа танымал академик А.Н. Кононов Ахаң есімі аталмайтын кездің өзінде «түркология саласындағы ұлы реформатор» деп атады: «Араб әліпбиі негізінде түзілген әрі жетілген қазақ әліпбиінің авторы, қазақ тілінде қазақ тілінің фонетикасы және синтаксисы, этимологиясы бойынша, сонымен қатар сөз өнерінің теориясы және қазақ тілінің тарихы жөнінде оқулықтар жазған». Ахаң – ұлы ойшыл тұлға. Ол феодалдық патриархалдық болмысқа, ескілікке қарсы тұрды. Билік, халық билігі, сезім, сана, бостандық, адамгершілік, өркениет, мәдениет, дін, ғылым, ел бірлігі, отан, ел, халық т.б. Философиялық категорияларға көзқарасы Ахаңның биік рухтың адамы екендігін көрсетеді. Ахаңның мұрагері жиырма алтыдағы ұлы Мұхтар: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран», «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын!» – деп атап айтты. М.О.Әуезов осы арада ұлы қайраткер реформатор тұлғаның, академик Серік Қирабаев айтқандай, қазақ әдебиетінің, қазақ даласына «Азаттық идеясы тарай бастаған тұста жаңа позицияның бастаушысы, алғашқы ту ұстаушысы» болғандығын тарих таразысына сол кезде салып кетті. Оқу-білім берудегі жаңа типті мектеп, білім беру жүйесін, татарланып шұбарланған ана тілді сақтап қана қалмай, ана тілім – жаным деп, түркі тектес халықтардың ішіндегі ең ғылыми, әдеби бай тіл дәрежесіне жеткізген ерен еңбегін, елшілік ұранын, ұлттық мүддені алтын қазық қылды. Ахаң тіл тағдырын ұлт тағдырымен біртұтас қарады. Ұлт болып, әлемдік деңгейде болуы үшін ұлттық әдебиет керектігін айтып қоймайды, қазақ әдебиеті теориясының негізін қалады. Тіл мен әдебиетті ұлт болмысына асыл тірек етті. Міне, осылай Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасырдағы әлемдік ұлт-азаттық қозғалысының реформатор көсемдерінің бірі болды. Ұлт санасын, тілін, ділін, әдебиетін, мәдениетін, өнерлік қарекетін әлемдік өркениет тілегіне сай түбірінен жаңалады, жаңғыртты, түркі әлемінің алдыңғы шебіне шығарды. Абақтыда, айдауда, қамауда жүріп, аз өмірінде осындай ұлы істі жасау ұлылардың ұлысының ғана қолынан келсе керек. Әділдікті, тендікті, ұлт бостандығын жақтаған, бүкіл болмысымен «өз діні, тілі, жазуы сақталу» үшін адамдық диханшысы болып, ұлт үмітін ақтаған, ар, намысын, дүниетанымын, көзқарасын, үзеңгілес достарын абақтыда, өлім алдында сатпаған, қазақтың қазақ болып, алдыңғы шепте кетіп бара жатқан халықтармен теңеліп, ұлт бірлігін, халық тірлігін арқау етіп, елін еңселі биікке жетуін өмір бойы аңсаған ұлт ұстазы – ХХ ғасырдың ұлы реформаторларының бірі жаны жайсаң, ары мөлдір бұлақ, ұлтқа, өркениетке сіңірген еңбегі телегей теңіз Ахаңның тұғыры – ұлылық тұғыры. Тарихта әділдік болса, ол Ахаң есімін болашаққа осылай хаттайды, қасиетті ұлы Ұлт ұстазын қазақ қазақ болып тұрғанда жадында мәңгі сақтайды.

Кеңес Нұрпейіс,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері

АСА ІРІ ҚОҒАМ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ

Ахмет Байтұрсынұлы – халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, әмбебап ғалым, ақын, аудармашы, журналист, көсемсөз шебері... Бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» адам. Ахмет Байтұрсынұлының сан қырлы қасиеттерінің бірі оның Қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі болып табылады. Осы күнге дейін А.Байтұрсынұлының аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері, айлалы саясаткер ретіндегі қызметі туралы жеткіліксіз айтылып, аз жазылып келеді. Оның басты себебі, Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық демократиялық Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі, Алаш партиясы мен Алаш автономиясың құрудың бастау көзінде тұрған айтулы тұлғалардың бірегейі болғандығына ғана байланысты емес еді. Қоғам және мемлекет қайраткері ретінде Ахмет Байтұрсынұлы біраз бұлтарысы бар күрделі жолдан өткен адам. Алаш қозғалысының жетекшілерінің бірі болған ол 1918-1919 жылдары Кеңес үкіметіне қарсы саяси күштермен одақтас болып, Қазақстанда большевизмге қарсы күресумен шектелмей, бұл күрестің барысында күш салмағы қарсыластар жағына ауа бастаған 1919 жылдың көктемінде Алаш басшылығының келісімімен Кеңес үкіметі жағына шыққан, В.Лениннің ұйғаруымен Ахмет Байтұрсынұлы 1919 жылы жазда құрылған Қазақ өлкесін басқару жөніндегі жоғары кеңестік ұйым – қазақ революциялық комитетіне мүше болып тағайындалып, 1920 жылы қазан айында құрылған Ресей құрамындағы автономиялы Қазақ кеңестік социалистік республикасының (ҚАКСР) үкімет мүшесі – оқу-ағарту комиссары болып сайланған. Басқа сөзбен айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қозғалысы аясындағы қоғам қайраткері ғана емес, кеңестік Қазақстанның алғашқы жылдарында жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтер атқарған адам. Ахмет Байтұрсынұлы өткен осындай күрделі жол оның қайраткерлік сан қырлы және саясаткерлік қызметін зерттеушілер үшін айтарлықтай қиыншылықтар тудырады. Солай болғанына қарамастан, Ахмет Байтұрсынұлы мемлекеттік жүйелердің қайсысында жұмыс жасамасын (Алаштық жүйе ме, әлде кеңестік жүйе ме – бәрібір) ол бірінші кезекте өзіне басты нысана етіп жалпы-ұлттық, бүкілхалықтық мәселелерді таңдап алды да, оларды туған елінің мүдделеріне сай шешу үшін еңбектенді. Ахмет Байтұрсынұлы азамат болып қалыптасқан кезең Қазақстанның Ресей империясының отарына түгелдей айналып болған уақытқа тұспа-тұс келді. Осыған орай патша үкіметінің әкімшіліктері тарапынан халықты әлеуметтік-саяси тұрғыдан езу, оның жекелеген намысқой өкілдерін жәбірлеу мен қорлау жаппай орын алды. Мұны Байтұрсынұлы әулеті де бастан кешірді. XІX ғасырдың сексенінші жылдарында Торғай уезінің бастығы Яковлев Ахметтің әкесі Байтұрсынды өз ауылында жәбірлеп, қорлағаны үшін Байтұрсын оны соққыға жыққан. Сол үшін ол ұзақ мерзімге Сібірге жер аударылған. Бала Ахмет осындай озбырлықтың талайын көріп, тез есейген. Азамат болып есейіп, Қарқаралы қаласында екі класты училищенің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Ахметтің өзі де полиция тыңшыларының жаласымен 1909 жылы Семей абақтысына жабылып, 8-9 айдай түрменің дәм-тұзын татқан. Осындай оқиғалар тізбегі жігіт Ахметтің қоғамдық-саяси күреске ертерек араласуына түрткі болған. Ал патша үкіметі болса, уақыт өткен сайын кең көлемді отарлау саясатын жүргізуді күшейте түсті. Ол қазақ халқы мекендеген жерді мемлекет меншігі деп жариялап, сулы да нулы аймақтарды Қазақстанға қоныс аудару қорына, казак (казачество) әскерлерін орналастыру кажеттеріне, патша әулетінің жеке меншігіне және басқа мақсаттарға пайдалану үшін күштеп тартып алып отырды. Қазақ халқы отарлык езгіні әлеуметтік-экономикалық салада ғана емес, рухани салада да (тіл, дін, діл мәселелерінде) бірдей көтерді. Сондықтан да қазақ өлкесіндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси хал-ахуал ең алдымен аграрлық және ұлттық мәселелердің шиеленісуімен ерекшеленеді. Осындай жағдайда ХХ ғасыр басында өрістей бастаған қазақ қауымына тән қоғамдық-саяси қозғалыс өз алдына әуел баста жалпы ұлттық-демократиялық мақсат-міндеттерді қойды. Бұл істің басы-қасында екі ғасыр тоғысында қалыптасқан қазақ зиялылары болды. Олардың Әлихан Бөкейханов басқарған көпшілігі қазақ халқының жалпы ұлттық мүдделерін білді-ретін қоғамдық саяси ұйымдар құрып, солар арқылы өлкедегі буржуазиялық-демократиялық сипаттағы қоғамдық қозғалысты басқаруға талпынды. Солардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы да болды. Ұлттық мәні бар саяси-әлеуметтік және мәдени мәселелерді көтеріп, шешуде мерзімді баспасөздің атқарар қызметінің маңыздылығын Ахмет Байтұрсынұлы жақсы түсінді. Сондықтан да ол шын мәніндегі жалпыұлттық газет шығару ісіне көп күш жұмсады. Әлихан Бөкейхановтың бағыт беруімен, Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен, Міржақып Дулатұлының қосшылығымен, озық ойлы, халық қамын ойлаған жекелеген дәулетті адамдардың демеушілігімен 1913 жылдан бастап Орынборда жалпыұлттық биресмилік «Қазақ» газеті шыға бастады. Оның бірінші санында жарияланған оқырмандарға арналған мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы газетті «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп анықтай келіп, «жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады», – деген тұжырымы арқылы газеттің қоғамда алатын орнын, саяси маңызын барынша айқындап берді. Ахаң редакторлық еткен «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан білімпаз азаматтар оның беттерінде жариялаған жер, ұлт мәселесі, оқу-ағарту ісі, мемлекеттік құрылыс сияқты маңызды мәселелер жөніндегі мақалалары арқылы, кейде ашық айтылған пікірлері арқылы патша үкіметінің отарлық саясатын сынап, оған демократиялық мазмұндағы талаптар қоюмен қатар халықтың саяси санасын тәрбиеледі. Міржақыптың «Оян, қазағындағы», Ахметтің «Масасындағы» ұлттық намысты қайрау, халық санасын ояту идеялары «Қазақтың» беттерінде нақтыландырыла, өткірлендіріле түсті. Осы арқылы олар халық арасында отарлык езгіге қарсы саяси хал-ахуалды қалыптастырды. Газет 1917 жылы шілде айында дүниеге келген ұлттық-демократиялық партияны дайындауда сан қырлы, салиқалы жұмыстар атқарды. Партия Ресейде 1917 жылы ақпан революциясы жеңіске жеткеннен кейінгі елде орын алған мүмкіндіктер жағдайында, 1917 жылғы 12-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен бүкілодақтық бірінші съезде құрылды. Бұл партияға «Алаш» деген ат береді. Съезді шақыру мен оны өткізуде Ахмет Байтұрсынұлы үлкен белсенділік көрсетті. Ол съездің хатшылар тобын (құрамында М.Дулатұлы, Ә.Көтібаров, А.Сейітов бар) басқарып, оның маңызды құжаттарын жасауға жетекшілік етті. Съезд өткеннен кейінгі екі-үш ай бойы оның шешімдеріне сәйкес Ахмет Байтұрсынұлы «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасын жасау ісіне қатысты. Социалистік идеяларды, оның ішінде большевизм мен оның ту етіп ұстаған Кеңес үкіметінің саясатын қабылдамаған «Алаш» қайраткері дайындаған бұл саяси құжат 10 баптан тұрды да, онда «Алаш» партиясының мемлекеттік құрылыс, жергілікті бостандық, жер, дін, сот, оқу-білім мәселелері жөніндегі мақсат-міндеттері тұжырымдалды. Олардың басым көпшілігі жаңадан орнап жатқан Кеңес үкіметінің айтылмыш мәселелеріндегі үрдістеріне қайшы келетін еді. Бұл жағдайды Ахмет Байтұрсынұлы кейінірек, 1919 жылы тамыз айында жариялаған «қазақтар және революция» деген мақаласында былай негіздеді: «Қазақтарға февраль революциясы каншалыкты түсінікті болса, октябрь социалистік революциясы соншалықты түсініксіз көрінді. ...Екіншісінің түсініксіз болуын оп-оңай ұғындыруға болады: қазақтарда капитализм де, таптық жіктелу де жоқ, тіпті жеке меншіктің өзін басқа халықтардағыдай айдар тағып ажырату қиын; ...Қазақтардың күн көріс жағдайына... байланысты... оларға әзірше социалистік қоғамға деген мұқтаждық қажет болмай отыр». Ахмет Байтұрсынұлы 1917 жылы 5–17 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен бүкілқазақтық екінші съезд жұмысына да белсенді түрде ат салысты. Съезд күн тәртібі Алаш партиясы программасы жобасының талаптарынан және орталықта социалистік революцияның жеңіске жетуіне байланысты орын алған қоғамдық саяси өзгерістерден туындады. Съезд талқылап, шешім қабылдаған 10 мәселенің ішіндегі ең маңыздылары бүкіл қазақ жерлерін біріктіретін Алаш автономиясын (қазақ мемлекеттігін) құру, оны басқаратын үкімет – Алашорданы сайлау және «халықтық милиция» аталған Алаш автономиясының қарулы күштерін жақтау жөнінде қабылдаған шешімдер болды. Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуын қазан төңкерісі мен большевиктік билік әкелген анархияға қарсы тосқауыл ретінде түсінген А.Байтұрсынұлы большевиктік үстемдіктің Қазақстандағы алғашқы қадамдарына мынадай баға берді: «Ресейді орталық аудандарында большевиктік қозғалыстың қалай өткендігі қазақтарға белгісіз, шет аймақтарда ол барлық жерде зорлау, қиянат жасау және ерекше диктаторлық үкімет билігімен қатар жүргізіледі. ...Егер бұрын патша чиновниктері аталған адамдар тобы қазақтарды ешбір шектеусіз езіп-жаншыған болса, енді мұндай әрекеттерді ... большевиктер-коммунистердің тобы жүргізіп отыр». Сондықтан да Алашорда кеңес үкіметін мойындамай, 1918 жылғы жазда басталған азамат соғысы жағдайында оған қарсы ашық күреске шыққан күштермен одақтасты. 1919 жылдың басынан Қазақстандағы жауласушы күштердің ара салмағы Кеңес үкіметі мен Қызыл армия жағына ауысуы Алашорданың жағдайын қиындатып жіберді. Сондықтан 1919 жылғы көктемде Алашорда бір жағынан Колчак үкіметімен байланысты түгелдей үзбей отырып, екінші жағынан Кеңес үкіметімен келіссөздер жүргізуге мәжбүр болды. Бұл ретте Алаш басшылығы Кеңес үкіметімен байланыс орнату бүкіл Алашорда атынан емес, оның Торғайлық тобының атынан жүргізілген жөн деп шешеді. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы алдымен Қазақстанның далалық өлкесіндегі Кеңес үкіметінің комиссары Әліби Жангелдинмен байланыс орнатып, одан кейін Мәскеуге барып, Ресей федерациясының ұлт істері жөніндегі халық комиссары (министрі) И. Сталинмен келіссөздер жүргізеді. 1919 жылы сәуір айында Торғай қаласында азамат соғысы жағдайында, қоғамның бір-біріне қарсы екіге бөлінуінің нәтижесінде Аманкелді Имановтың опат болуы Алашорданың торғайлық тобының Кеңес үкіметімен ымыраға келіп жақындасуын күрделендіріп жіберді. Саяси хал-ахуалдың дамуындағы осындай өзгерістер келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге барған А.Байтұрсынұлының жағдайын айтарлықтай қиындатты. Осыған қарамастан А.Байтұрсынұлы большевиктердің Алашордамен байланысқа барып, қазақ халқының тағдыры жөнінде келіссөздер жүргізу қажеттігін дәлелдеуге көп күш жұмсады. А.Байтұрсынұлының табандылығы аяқсыз қалған жоқ. Кеңес үкіметі қазақ халқының Ресей федерациясы құрамындағы автономиялық мемлекеттігін ұйымдастыру ісін басқаратын орган құру туралы шешімге келді. 1919 жылы шілденің 10-ы күні В.И.Ленин «Қырғыз (қазақ авт.) Өлкесін басқаратын революциялық комитет жөніндегі уақытша ережеге» қол қойды. Қазревкомның мүшелігіне алғашында А.Байтұрсынұлы, С.Меңдешев, С.Пестковский (төраға) енгізіліп, кейін әр кезде оның құрамында Б.Қаратаев, М.Тұнғаншин, Б.Қаралдин, Т.Седельников, Т.Әлібеков т.б. болды. Қазревком төрағасының орынбасары және оның Ішкі істер бөлімінің меңгерушісі болып сайланған А.Байтұрсынұлы көп кешікпей «Жизнь национальностей» газетінде жарияланған мақаласында (Мәскеу) басқа мәселелермен қатар Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі жетекшілерінің саяси көзқарас ерекшеліктерін (ең алдымен өзінің) түсіндіретін тұжырымдар жасады. «Мен – осы жолдарды жазушы, – деді өз мақаласында А.Байтұрсынұлы, – патша үкіметі кезінде қазақтың ұлттық саясатын жүргізуді басқарған және патша үкіметіне қарсы күрескен қазақ интеллигенттерінің өкілімін... Алашордашылардың торғайлық тобының делегаты ретінде орталық Советтік Ресейге келіссөз жүргізуге келген мен... Колчак билігінен Совет үкіметін артығырақ көруіміз қате еместігін өз жолдастарыма айтып, оларды тыныштандырғым келеді». Ахмет Байтұрсынұлының Кеңес үкіметі жағына шығуын және оның Қазревкомның мүшелігіне тағайындалуын большевиктер айтарлықтай саяси науқанға айналдырып жіберді. Көп кешікпей (1920 жылғы сәуірде) ол Кеңес мемлекетінің сол кездегі белгілі әскери және саяси қызметкері М.Фрунзенің ұсынысымен Ресей коммунистік (большевиктер) партиясының мүшелігіне қабылданды. Осыған орай Орынборда шығып тұрған большевиктік «Известия Киргизского (казахского авт.) Края» атты газеттің сол жылғы сәуірдің 15 күнгі санында арнайы мақала жарияланып, онда Ахмет Байтұрсынұлы сияқты аса ірі «қайраткер және әдебиетшінің... бейбіт ұлттық либерализмнен қазан революциясын және Совет үкіметін тануға дейін кезеңдерден өтіп... халықаралық Коммунизмге келуін... партияның ірі жеңісі және оның қазақтар арасындағы ықпалынын өсуінің жақсы көрінісі» деп бағалады. Ал Ахмет Байтұрсынұлы болса коммунистік партияға бір жылдай ғана мүше болған болатын. ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде сақталған Ахмет Байтұрсынұлының 1929 жылы маусымның 2-і күні ОГПУ тергеушісіне берген жауабында осы жөнінде былай делінген: «Мен, – дейді ол, – партиядан 1921 жылғы тазалау барысында енжарлығым (пассивность) үшін шығып қалдым. Менің енжарлығым ғылыми жұмысқа тереңдей берілгендіктен және жалпы алғанда саясатқа аз көңіл аударғандығымнан көрінеді». А.Байтұрсынұлы дәл сол кезде Кеңестік саясатты жүргізуге, өзі айтқанындай, «аз көңіл аударғаны» рас болар. Алайда ол Кеңес үкіметі құрған қазақ өлкесін басқаратын ревком төрағасының орынбасары, әрі оның жетекші ішкі істер бөлімінің басшысы ретінде Алаш партиясының кейбір бағдарламалық мақсаттарын мүмкіндігінше Кеңес үкіметінің атынан жүзеге асыруға және Алашорданың жетекші қайраткерлерін Кеңес үкіметі тарапынан төніп тұрған аса ауыр қатерден сақтап қалуға көп күш жұмсады. Бұл аса парасатты қоғамдық қайраткерге және ақылды да айлалы саясаткерге тән қасиет еді. Сол кездегі Ахмет Байтұрсынұлы осы бағыттарда атқарған сан-салалы қызметтерінің ең маңыздылары: оның, біріншіден, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының этникалық территориясының тұтастығы негізінде Кеңестік формада болса да Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіру үшін жүргізген айқасы, екіншіден, Алаш қозғалысының басшылары мен қатардағы мүшелеріне Кеңес үкіметі тарапынан кешірім (амнистия) жасату үшін жүргізген күресі болды. Қазревкомның 1919 жылы 41, ал 1920 жылы 50 мәжілісі өтті. Қазір зерттеушілерге осы екі жылда өткен 91 мәжілістің 89-ның хаттамалары (протоколдары) белгілі, тек қана оның екеуі ғана осы кезге дейін табылған жоқ. Қолда бар Қазревком мәжілістерінің құжаттарына жүгінсек, Ахмет Байтұрсынұлының сол мәжілістерінің басым көпшілігінде баяндамалар жасағанына, жарыссөздерге қатынасқанына, ұсыныстар енгізгендігіне, қабылдайтын шешімдердің жобасын дайындағанына, ал жекелеген мәжілістерге төрағалық жасағандығына көзіміз жетеді. Бұл ретте баса айтатынымыз: Ахмет Байтұрсынұлы Қазревкомның мәжілістерінде көбінесе Ресей құрамында құрылуға тиісті Қазақ автономиялы Кеңестік республиканың шекараларын анықтауға, оның әкімшілік-территориялық құрылымын қалыптастыруға, оқу-ағарту және мерзімді баспасөз жүйесін реттеуге, ұлттық-демократиялық интеллигенция тағдырын шешуге арналған мәселелерді талқылау ісінде үлкен белсенділік көрсетіп, оларға байланысты ұлттық мақсат-мүдделерге сай келетін қарарлар мен заңдық мәні бар құжаттар қабылдануына атсалысты. Бұл ретте оның сол кезде орталығы Омбы қаласында болған Сібір ревкомының құрамындағы Ақмола мен Семей облыстарың Челябі губерниясына қараған Қостанай уезін, Түркістан АССР-нің құрамында болған Сырдария мен Жетісу облыстарын құрылуға тиісті Қазақ республикасына қосу үшін жүргізген қажырлы да табанды күресін айтсақ та жеткілікті. 1919 жылғы жаз бен күзде Ахмет Байтұрсынұлының инициативасымен Қазревкомның мәжілістерінде Алашорданың Кеңес үкіметі жағына шықпаған басқа топтарымен, ең алдымен оның Батыс бөлімімен байланыс жасау және оларға белгілі шарттармен кешірім (амнистия) жасау мәселелері сан рет көтерілді. Осы мәселелердегі А.Байтұрсынұлының табандылығы көп кешікпей өз нәтижесін берді. 1919 жылы қарашаның 4-інде Түркістан майданының революциялық соғыс кеңесі Совет үкіметіне тікелей және жанама түрде күрес жүргізіп келген барлық қазақтарға» толық кешірім жасау туралы қаулы қабылдады. Ахмет Байтұрсынұлы Қазревком төрағасының орынбасары, әрі оның Ішкі істер бөлімінің меңгерушісі ретінде 1920 жылғы 4–12 қазан күндері Орынбор қаласында өткен кеңестердің бүкіл Қазақстандық құрылтай съезін шақыру және оның басты саяси құжаты «Қазақ АССР еңбекшілері праволарының декларациясын» дайындауға үлкен үлес қосты. Бұл съезде Ресей федерациясының құрамындағы Қазақ Кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасы құрылғаны белгілі. А.Байтұрсынұлы осы республиканың үкіметі – Халық комиссарлар кеңесінің құрамына өтіп, Оқу-ағарту комиссары (министрі) болып сайланды, ол 1922 жылдан Оқу-ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми орталықты басқарды. Сонымен қатар ол бүкіл Ресейлік орталық атқару комитеті мен Қазақ Республикасы орталық атқару комитетіне мүше болды. Аталмыш «Декларацияда» А.Байтұрсынұлының тікелей араласуымен халық ағарту, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қамсыздандыру меселелеріне үлкен мән берілді, қазақ еңбекшілерінің тегін білім алу құқығы заң жүзінде бекітілді. Республиканың оқу-ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынұлы жер-жерлерде осы комиссариаттың губерниялық, уездік, болыстық бөлімдерін ұйымдастырды. Жаңа мектептер жүйесін қалыптастырып, олар үшін оқулықтар шығару ісімен тікелей араласуымен қатар, А.Байтұрсынұлы басқарған комиссариат мектеп жасынан асып кеткен ересектердің сауатын ашу мәселесіне ерекше көңіл аударды. Сонымен бірге республика тұрғындарына эстетикалық тәрбие беру ісіне жетекшілік жасау үшін Халық ағарту комиссариаты жанынан өнер білімі ашылды. «Декларацияға» Ахаңның мақсаткерлік пен табандылық көрсетуі нәтижесінде мектептер мен басқа оқу орындары ғана емес, республиканың барлық мемлекеттік мекемелеріне өзінің ана тілін пайдалану құқығы берілді. Оқу-ағарту комиссары болып тұрған кезінде А.Байтұрсынұлы мемлекеттік аппаратты, оның басқару жүйесін жергіліктендіру (коренизация) мәселесін ойластырып, осыған байланысты үкіметке енгізер ұсыныстарын дайындады. Ахаңның пайымдауынша, Кеңес үкіметінің аппаратын жоғарыдан төменге дейін жергіліктендірудің мәні – оның жұмысын қазақ тіліне аудару, билік пен басқару орындарының үлкенді-кішілі шенеуніктерінің қызмет етуі міндетті түрде қазақ тілін меңгеруіне тікелей байланысты болуға тиіс еді. Бұл саладағы жұмыстар Ахаң мемлекеттік қызметтен тайдырылғаннан кейін бірер жыл кейін басталды да, көп кешікпей аяқсыз қалды... Азамат соғысы кеңестердің жеңісімен аяқталып, кеңестік негіздегі Қазақ автономиялы республикасы құрылып, Алаш қозғалысы тарих сахнасынан күштеп көтірілген жағдайда оның басында болған ұлттық-демократиялық зиялы қауым Кеңес үкіметімен коммунистік идеологияға қарсы күресті рухани салаға ауыстырып, оның (күрестің) «бейбіт» жолдарын таңдады. Күрестің бұл жолын Ахаң олардың көбінен бұрын 1919 жылдың көктемінде таңдап алған еді... 20-шы жылдардың басында елде қалыптасқан жаңа саяси жағдайда Кеңес мемлекетін мекендеген түркі тілдес, мұсылман діндес халықтардың ұлттық-демократиялық интеллигенция көсемдері (Қазақстанда – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Башқортстанда – Заки Валиди Тоған, Татарстанда – Мирсаид Сұлтанғалиев т.б.) Халықты күннен-күнге күшейіп келе жатқан билеуші режимге қарсы қарулы күреске шақыру қажетсіз, тіпті зиянды деп санады. Сондықтан да Кеңес үкіметінің білімді, оқыған ұлттық кадрларға аса зәру екендігін ескере отырып, олар өз өкілдерін мемлекеттік басқару жүйеге енгізу және сол арқылы халыққа идеялық ықпал жасау, ұлттық мүдделерді қорғау құралдары ретінде оқу-ағарту, мерзімді баспасөз, ғылыми орталықтар, әр түрлі салалардағы баспа орындарын кеңінен пайдаланудың ауқымды шараларын 20-шы жылдардың алғашқы 8 жылында (өздері жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырап бастағанға дейін) жүзеге асырды. Ахмет Байтұрсынұлы «ғылыми және практикалық білімінің жиынтығын бойына сіңірген халық қана айбарлы да бай болады» деп санады (ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағаты). 20-шы жылдардың басында (1920-1923) А.Байтұрсынұлы, жоғарыда айтылғандай, Қазақстанның оқу-ағарту комиссары, Мұхтар Әуезов Қазақ автономиялы республикасының Орталық атқару комитетінің саяси хатшысы, жекелеген Алашшыл азаматтар Қазақстан мен Түркістан АССР-інің мемлекеттік басқару жүйелерінде жауапты қызметтер атқарды. Осындай адамдардың ықпалымен Алаш қозғалысының мүшелері баспасөз, оқу-ағарту, ғылым, өнер жүйелерінде басшылық етіп, айтарлықтай лауазым иелері болды. Сонымен қатар олар ғылым, әдебиет, өнер салаларында шығармашылық жұмыспен шұғылданды. Әлихан Бөкейхановтың Қазақстанда тұрып, қызмет атқаруына мүмкіндік болмай, Мәскеуге ауып кеткен жағдайында Қазақстандағы күннен-күнге бел алып келе жатқан әкімшіл-әміршіл мемлекеттік билікке қарсы рухани күрес көсемінің рөлін Ахмет Байтұрсынұлы атқарды. Осының нәтижесінде 1921-1928 жылдар аралығында А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш», «23 жоқтауы» (құрастырушы), Телжан Шонановтың «Қазақ жер мәселесі тарихы», Қошке Кемеңгеровтың «Қазақ халқының тарихы», Қ.Сәтбаев құрастырып, өзінің алғы сөзімен шығарған «Ер Едігенің» нұсқасы, М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы», «Қилы заманы» мен «Қараш-қарашы», Х.Досмұхаметовтың «Аламаны» мен «Исатай-Махамбеті», Мұхаметжан Тынышбаевтың «Тарихи зерттеулері», т.б. жарық көріп, халық игілігіне айналды. Бұл еңбектердің басым көпшілігі 20-шы жылдардың ортасынан бастап елде тоталитарлық жүйенің күшейуіне орай ресми саясатта және әлеуметтік (коммунистік) тапсырыспен жазылған зерттеусымақтарда қазақтардың арғы-бергі тарихы мен мәдениетінің өзекті мәселелері, ең алдымен Қазақстанның Ресейге қосылу тарихы, ұлт-азаттық қозғалыстар мәселесі, жер-су мен ұлттық мәдениет тарихы өрескел бұрмалануына қарсы бағытталған рухани күрестің жарқын көрінісі болды. Егер 1917–1920 жылдар аралығында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай және олардың сенімді серіктері Кеңес үкіметіне қарсы сөзбен де, қарумен де қарсы шықса, 20-шы жылдары ұлттық-демократиялық қазақ зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы бастаған серкелер тоталитарлық жүйеге қарсы рухани майданда бетпе-бет келді. Енді сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйе көш басында Ахмет Байтұрсынұлы бар бұрынғы Алаш қозғалысының жетекшілерін, белсенді мүшелері мен жақтастарын «Кеңес үкіметіне жау», «буржуазияшыл ұлтшылдар», «террорлық әрекеттерді дайындаушылар» деген айыптар тағып, 1926 жылдан бастап түрмеге жапты, 1930 және 1932 жылғы екі сот процесінің үкімімен олар ұзақ мерзімдерге концлагерьге айдалды, басқа өлкелерге жер аударылды. Одан елге оралғандар 1937–1938 жылдардағы «үлкен террордың» құрбандары болды. Ахмет Байтұрсынұлы да алғашында ОГПУ, кейін НКВД жендеттерінің құрығына ілігіп, 1929 жылы тұтқындалып, 1930 жылы он жыл мерзімге концлагерьге кесіліп, ол жаза солтүстік өлкеге (Архангельск болысына) жер аударылуымен алмастырылды. Одан 1934 жылы қазан айында елге оралған Ахаң үш жыл өткен соң, 1937 жылғы сегізінші қазан күні қайта ұсталды да, «халық жауы» деген жалған жазамен ату жазасына кесілді. Халқымыздың ұлы перзенті, гуманитарлық және қоғамдық ғылымдардың әмбебап білгірі, әдебиет теоретигі, аса ірі түрколог ғалым, ақын, аудармашы, Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі, белгілі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы осындай қасіретпен аяқталды. Бұл күндері туғанына 125 жыл толып отырған Ахаңның есімі халықтың зердесінде мәңгілік сақталады.

Зейнолла Қабдолов,

академик

АХАҢНЫҢ ӘДЕБИ ҚИСЫНДАРЫ

Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы өзінің әйгілі «Әдебиет танытқышын» кітап қып бастырып шығарды. Бұл – біздің жыл санауымыздан үш жүз жиырма алты жыл бұрын Эллада елінде жарық көрген Аристотельдің атақты «Поэтикасы» тәрізді. Сөз өнерінің болмысы мен бітімін жүйелі байыптайтын қазақ топырағындағы тұңғыш теориялық зерттеу еді. Егер Лессинг өзінің «Гамбург драматургиясында» Аристотель «Поэтикасын» мінсіздік тұрғысынан «Евклид элементтерімен» қатар қойған болса, біз бүгін Ахаңның «Әдебиет танытқышын» Аристотель «Поэтикасымен» салыстырар едік. Мұның мәнісі – екеуі де: бірі – грек әдебиетінің, екіншісі – қазақ әдебиетінің алғашқы «әліп-билері». Асылы, үздік қасиеттері бір-бірінен неғұрлым ерекше болса, бір-біріне соғұрлым ұқсас болады.

Мінсіздік дедік.

Мұның өзі уақыт пен кеңістікке тығыз байланысты тарихи категория: уақыт өтсе, кеңістік өзгерсе, бұл да адам танымастай өзгеріске ұшырайды. Айталық Эсхил трагедиясындағы мифтік құдайлар қырсықтан қырсыққа шалдығып, қырылып жатқанда шетінен маңырай жылаған гректер Лукиан комедиясындағы өлімге жамырай күлген. Тарихтың бұлай жылжу себебін Маркстен артық айту қиын: «Адам баласы өзінің өткенімен күліп қоштасып отырған».

Мінсіздік дегенді де солай түсіну керек.

Мәселен, Аристотель өзінің Лессингке мінсіз көрінген «Поэтикасында» ұғым һәм термин ретінде тарихта тұңғыш рет өзі қалыптастырған фабула дегеннің композиииялық бүтіндігін былай түсіндіреді:

– Бүтіндік дегеніміз әр нәрсенің басы, ортасы, аяғы болуы. Басы – өзгеге ермейді, өзіне ертеді; ортасы – өзі де ереді, өзгені де ертеді; аяғы – өзі ереді де, өзгені ертпейді (Поэтика. 62 б.).

Ал Ахаң, болса, біз тұңғыш қазақы теориялық трактат ретінде бағалап отырған өзінің «Әдебиет танытқышында» терменің жанрлық ерекшелігін былай сипаттайды: «Терме деп ат қойылуының мәнісі – бұл түрлі шығармалар бір нәрсенің жайынан сөйлеп тұрмай, көп нәрсені теріп сөз қылып өтеді. Көп нәрсені сөз қылғанда, әрқайсысына айналып, баяндап жатпайды. Түрлі шөптің басын шалып оттап, тоқтамастан желге қарай тартып бара жатқан мал сияқты» (Шығармалары. 245 б.). Ал енді бар ма, Аристотель мен Ахаңның өз мезгілі мен мекенінде «мінсіз» көрінген осы қисындары мен қағидалары әдебиет туралы ғылымның біршама шарықтап өскен бүгінгі деңгейінен қарағанда, шынын айтсақ сын көтермейді.

Онда қалайша мінсіз? Гәп осы арада.

Бүгінде бізде – ана тілімізде әдебиет теориясы жасалды. Қазақ әдебиеттануын үш саладан – әдебиет тарихынан, әдебиет сынынан, әдебиет теориясынан тұрады десек, бұл үш сала да қазір тек өз дәрежемізде ғана емес, өзге де кәдімгі өркениетті елдер деңгейінде өрістеп-дамып отыр. Демек, күні кешеге дейін кешен қалып келген әдебиет теориясы да бізде туған әдебиетіміздің тарихы мен сыны секілді бүтінделді. Әлгі бір Аристотель қалыптастырған ұғыммен тұжырар болсақ, бұл ғылым да бүтін: мұның да «басы, ортасы, аяғы» бар. Басы – жиырмасыншы жылдарда туған Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы»; ортасы – қырқыншы жылдарға таяу басылып шыққан Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» мен Есмағамбет Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері»; аяғы – алпысыншы жылдардың ақырына таман жазылып бітіп, жарық көрген Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздері» («сөз өнері»). Сәкен Сейфуллиннің сөзімен айтқанда «Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей, намысын бірдей жыртып, арын бірге жақтаған» ардагер Ахаңның араға алпыс жыл салып оралуы ағартушы – ақын – ойшыл – оқымысты ретіндегі өзге қырларын өз алдына қойғанда, біздің әдебиет туралы ғылымымызды, оның теориясын осылай бүтіндеді. Туған топырағымыздағы әдебиет теориясының басы болып табылатын «Әдебиет танытқыштың» айта қалғандай қадірі мен қасиеті, тарихи мәні мен маңызы осы арада жатыр. Ахаң жоқта біздегі әдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді. Ал басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік... Мәселен, айшықтаудың (фигураның) арнау деген бір түрі бар. Бүкіл дүниежүзілік әдебиет теориясында арнау деген бір-ақ түр; шауып шықса, бұған шешендік сұрау қосылып қана аздап ажарлануы мүмкін. Ал қазақ поэзиясында Ахаң осының үстіне үш түр (сұрай арнау, зарлай арнау, жарлай арнау) қосып, құбылтып, тотының түгіндей құлпыртып әкетеді. Үлгілері төмендегідей.

1. Сұрай арнау:

Желі толған сар түйе,
Ағажан, кімге тапсырдың?
Қора толған ақты қой,
Ай көке, кімге тапсырдың?

Тоғай толған мың жылқы.
Күн көке, кімге тапсырдың?
Тоқсанда әкең Тоқтарбай,
Жан көке, кімге тапсырдың?

Алпыста шешең Аналық,
Бірге туған мен зарлық,
Ақ көке, кімге тапсырдың?
(«Қобыланды батыр»)

2. Зарлай арнау:

Сауықшыл есіл, елім-ай,
Сарыарқа сайран, жерім-ай!
Күмістей таза суы бар
Айдын шалқар, көлім-ай!

(Мағжан Жұмабаев)

3. Жарлай арнау:

Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық.
Оқысаңдар, балалар, шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар.

(Ыбырай Алтынсарин) Әдеттегі дәстүр жалғастығының заңына орай осы үш түрлі арнауды әрқайсымыз өзімізше пайымдап, қисындап, кейде тіпті қиыннан қиыстырып, біз де (Жұмалиев те, Ысмайылов та, Қабдолов та) кітаптарымызға кіргіздік. Бірақ амал не, бұл жаңалықты тапқан Ахаң екенін кезінде ашып айта алмай, Қажекеңе сілтеме жасауға мәжбүр болдық... Бұл – бұл ма? Қазіргі қазақ тіл біліміндегі секілді, қазақ әдебиеттануындағы әдеби терминдердің басым көпшілігінің баламын ойлап тапқан да Ахаң: көріктеу, меңзеу, ауыстыру, алмастыру, кейіптеу, пернелеу, әсірелеу, шендестіру, дамыту, түйдектеу... – осылардың бәрінің түптамыры Ахаңда жатыр. Мұхтар Әуезовтің «Ахаң түрлеген ана тілі» дейтін әлдидің әдебиет аясындағы бір нақты да затты көрінісі – осы. Демек, «Әдебиет танытқыштың» ең басты бағалылығы – осылайша әдеби терминдерді қазақша қалыптастырғандығы. Әрине, бәрі бірден әдебиет теориясына тұлға боп орныға беруі қиын. Мысалы, «Өрнекті сөйлемдер» деген тараудағы: а) себепті оралым, б) мақсатты оралым, в) ұқсатпалы оралым, г) қайшы оралым, д) шартты оралым, е) жалғасыңқы оралым, ж) серіппелі оралым, з) айырықты оралым дегендер әдебиеттанудан гөрі тіл біліміне тікелей қатысты орамдар. Осындай тұстарда Ахаңның әдебиетшілдігінен гөрі лингвистігі басым шыға береді. Ахаң ә дегеннен өнер атаулыны тіршілік үшін жұмсалатын тірнек өнері, көркемдік үшін жұмсалатын көрнек өнері деп екіге айырып алады да, соңғысын бес түрге бөледі: сәулет өнер (архитектура), сымбат өнер (скульптура), кескін өнері (живопись), әуез өнері (музыка), сөз өнері (әдебиет). Бұлар – әдебиет теориясының дәл бүгінгі биігіне шырқап, шалқып шығатын шынайы ұғымдар. Бірақ мұның есесіне, «Дарынды сөз» тарауындағы әуезе – эпостың, толғау – лириканың, айтыс – драманың бүгінгі теориялық деңгейдегі баламдары болады деу қиын. Задында, Ахаң қалыптастырған әдеби-теориялык терминдерге мұқият жауапкершілікпен қараған жөн. Дәлірек айтқанда, Ахаң терминдерін жапатармағай жіпке тізе бермей, таңдау керек, талғау керек, сөйтіп барып талдау керек. Ахаңнан қалған атаулар сонда ғана екшеледі, іріктеледі, сұрыпталады. Мәселен, «Шешен сөз» бен «Көсем сөз» дегендерді алып қарайық. «Бұлардың айырмасы – шешен сөз ауызша айтылады, көсем сөз жазбаша айтылады», – дейді де, Ахаң «шешен сөзді» бес мүшеге бөледі: 1) бастамасы, 2) ұсынбасы, 3) мазмұндамасы, 4) қыздырмасы, 5) қорытпасы. Мұның бәрі, әрине, стандарт – қолдан қалып қиып, канон жасау. Ал қолдан «қалып» ұсынылған жердегі қисын қисық қағида қасаң болатыны мәлім. Жә, енді Ахаңның «Көсем сөз» деп отырғаны не? Бұл – публицистикаға алған баламы. Мұны қабылдауға әбден болады.

Публицистика – көсем сөз! Әдемі емес пе?

Бұдан әрі Ахаң қазақ өлеңінің құрылысын, қазақ әдебиетінің (фольклордан бергі) ұзақ тарихын шолуға көшеді. Мұның өзі бір қарағанда әдебиет туралы ғылымның екі саласын (тарихы мен теориясын) қосып, қойыртпақтап жібергендей көрінеді. Бірақ байыбына барыңқырасақ, ол мұнда да әдеби-теориялық ұғымдар қалыптастырып, өзінің «Әдебиет танытқышын» тағы да сөз өнерінің әсем әліппесіне айналдырады. Бұл бөлімінің ең бір құнды жері – әдебиеттің Аристотель белгілеген негізгі үш тегін, яки жанрын (эпос, лирика, драма) грек тілінен түп-түгел қазақ тіліне ауыстырып алады да, әр жанрдың жанрлық түрлерін өзіміздің төл әдебиетімізден іздейді. Мысалы, лириканың алғашқы үлгілерін қазақтың сонау тұрмыс-салт жырларынан іздеп табады. Сонда, ең жеңілі, жоқтау – эпитафияға, мақтау – одаға, даттау – сатираға балама боп шыға келеді. Дәл осы ретпен әдебиеттің үшінші тегін Аристотельше «драма» деп емес, Ахаңша «айтыс-тартыс» деп алады да, осы жанрдың жанрлық түрлерін, айталық, трагедияны – мерт, яки әлекті тартыс, драманы – сергелдең, яки азапты тартыс, комедияны – арамтер, яки әурешілік деп атайды. Сөйтіп, Ахаң әдебиет теориясының негіздерін қазақтар ортасына осылай әкеліп орнықтырып, әдебиет теориясына айрықша ұлттық сипат дарытудың жолын, әдісі мен амалын, міне, осылай іздеді. Қорыта айтарымыз: Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Әдебиет танытқышы» арқылы қазақтың таза ұлттық топырағына егіп-өсіріп, жалпы әдебиет дегеннің болмысы мен бітімін Ахаңша есіліп, Ахаңша көсіліп бір толғап берді. Бұл – сөз өнерінің басы, «Әліп-биі». Өйткені сөз өнерінің тек ұлттық қана емес, күллі адам баласылық ұлы проблемалары әдебиеттің болмыс-бітімін белгілеумен ғана шектелмейді, бұдан әрі біріне-бірі тұтасып, әдеби шығарманың сыры мен сипатын парықтау, ақыр-аяғында әдеби дамудың мағынасы мен мәнін анықтау жатыр. Бұларды жүзеге асыру жолын «Сөз өнерінде» былай белгілейміз: әдебиеттің теориялық мәселелерін бірыңғай қисынға ғана айналдырып, оны әлдебір қасаң ереже, кейде тіпті қатал заң ретінде ұсынбай, теориялық толғамдарымызды жазушылық шеберлік мәселесімен, қажет жағдайда қаламгерлік өнердің қиын иірімдерімен ұштастыра, көркем творчествоның психологиясымен байланыстыра жүйелеп отыруымыз керек.

Бұл міндетті Ахаң өзінен кейінгілердің үлесіне қалдырып кетті.

Рабиға Сыздық,

академик

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ

ТЕРМИНОЛОГИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Бұдан 13 жыл бұрын осы тақырыпқа қатысты жазып, жариялаған мақаламыздың атын «Термин жасау – Ахмет Байтұрсынұлы көтерген тарихи жүктің бірі» деп атаған едік (Ұлттық рухтың ұлы тіні. Жинақ. «Ғылым» баспасы, 1999ж.). Мақаланың бұл аты – ұлы ағартушы, ұлы ғалымның қазақ тілінің терминологиясына қатысты еңбегі, танымы, табысы жайында айтылатын үлкен әңгіменің: әралуан монографиялық зерттеулердің, ғылыми ізденістердің түйіні, келте қайырылған резюмесі десек болар еді. Өйткені белгілі бір халық тілінің ғылыми-техникалық, саяси-әлеуметтік т.б. терминдерін тұңғыш рет дүниеге келтіріп, нақты бірліктерін (сөздерін, тұлғаларын) жасау – нағыз жүк, ауыр жүк, тарихи жүк: қоғамның мәдени-әлеуметтік тарихында ерекше аталатын, үлгісі қалатын, теңдесі жоқ құбылыс. Осы жүктің қажеттігін дер кезінде таныған да, көтерген де, құлатпай әрі қарай жеткізген де – Ахмет Байтұрсынұлы. Ал Байтұрсынұлын бұл әрекетке әкелген – тек жалаң ғалымдық борышты сезінуі емес, одан әлдеқайда жоғарырақ тұрған мақсаттарды жүзеге асыру идеясы болатын. Бұл идея жаппай сауаттылықтан, жалпы білім-ғылымнан кенжелеп келе жатқан қазақ халқын тегіс сауаттандыру, әйтеуір сауат аштыру емес, ана тілінде оқытып, үйрету мақсатын көздеді. Біздің ойымызша, ХІХ ғасырдың соңғы онжылдығы мен ХХ ғасырдың алғашқы екі онжылдығында қазақ зиялыларының алдында тұрған бірден-бір ұлттық идея – оқу-ағарту идеясы болды. Отаршылықтан құтылу, айырылып қалған солтүстіктегі, шығыстағы, батыстағы кейбір жерлерді қайтарып алу, жеке мемлекет болу сияқты мақсат-мұраттарға жету үшін алдымен айналаны қоршаған жұрттармен барлық жағынан терезесі тең болу шарт. Бұл теңдікке қол жеткізу үшін ең әуелі халық сауатты, білімді болмаққа керек. Ал бұл тұстағы қазақ халқы «көгі қараңғы», «көңілі ұйқылы», «еспесі жоқ қайығы қалтылдақ», «малы талауда, жаны қамауда» болып отырған «қайран ел, қайран жұрт» еді. Осы сөздерді айтқан Ахаң әрі қарай «надандық, өнерсіздік ата жолдасымыз болған соң, олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесепаты». «Өрге басқан, өзге жұрттың қатарынан қалыспау үшін» оқу-ағартуға құр шақыру жеткіліксіз, нақты іс-әрекеттерге кірісу керек болды. Оқу-ағарту идеясы Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхановтар бастаған шоқ жұлдыздай боп жарқырап шыққан қазақ зиялыларын нақты іс-әрекеттерге алып келді. Біреулері Ресей мемлекеттік думасында депутат болып, қазақ халқының мұң-мұқтажын жоқтаса, екіншілері «Оян, қазақ!» деп қазақтардың намысын оятып, өлең жазып жатса, үшіншілері – енді-енді пайда болған газеттер мен «Айқап» сияқты журналдарда пікірлерін білдіріп, оқу-ағарту істерін қатты қолдап жатты. Ал Ахмет Байтұрсынұлы болса, сол оқу-ағартудың нақты шаруасына кірісті. Ол үшін қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл көрсететін әрі оқытуға жеңіл таңбаларды (әріптерді) түзуді қолға алғаны белгілі. Түркі халықтары қолданып отырған араб таңбаларын икемдеп (реформалап) қазақ әліпбиін ұсынды. Бұл – нағыз ұлттық жазу болып шықты. Оны кезінде түркі халықтары тілдерін зерттеуші орыс, татар ғалымдары «Байтұрсынов жазуы» деп, ал Ахаңның өзі «Қазақ жазуы» деп атағанын, қарапайым халық «төте жазу» деп кеткенін де білеміз. Сауат ашатын таңбалар (графика) түзілді, енді осы әліпбиді мектепте оқытып, жазғызып үйрету қолға алынды. 1910 жылдан бастап Ахмет Байтұрсынұлы балалардың сауатын аштыратын «Оқу құралы, қазақша алифба» (әліппе) атты еңбектерді ұсынды. Сауатын ашқан балалар әрі қарай ана тілдерін пән ретінде оқып тануларына арнап Ахаң «Тіл – құрал» атты атақты тұңғыш ұлттық оқулық жазды. Үш сатылап оқытатын бұл құралдардың алғашқысы қазақ тілінің фонетикалық жүйесін танытуға арналған. Оны автор «дыбыс жүйесі» деп атайды. Қазақ тіл білімі терминдерінің басы, бірінші термині осы «дыбыс» деген атау десек болар: дыбыс сөзінің жалпы әдеттегі номинатив мағынасы жалпы құлаққа естілетін үн, ол адам аузынан шыққан үннен басқа жанды-жансыздардан шығатын «ауа тербелісі» – үн, дыбыс, сыбыс т.б. Бір нәрсе жерге құлап түссе де, оның дыбысы естіледі. Демек, дыбыс – қарапайым жалпы мағынадағы сөз, ал термин түзуші тіл білімі танытатын, талдайтын нысандардың бірі – адам аузынан шығатын әртүрлі дауыс үзіктерін дыбыс деп атаса, ол – термин, яғни оның тіл біліміндегі объект дыбыс дегенді танытатын нағыз ғылыми анықтамасы, яғни дефинициясы бар. Осы дыбыс сөзінен бастап Ахаңның қаламынан қазақ тілінің фонетика, морфология, синтаксис салаларының барлық терминдері дүниеге келеді. Осы жерде тағы бір теориялық-танымдық мәселеге назар аудартамыз. Ол – мектеп оқулықтары ғылыми әдебиетке жата ма, жоқ па? деген әңгіме. Біз бұл жерде орыс және өзге де Еуропа ғалымдарының пікірлеріне қосылмаймыз. Атап айтқанда, әр халықтың білім-ғылымға алғашқы келген кезеңіндегі оқу-ағарту ісінің сапасына (сипатына) қарау керек. Көптеген Еуропа халықтары, қытай, араб, парсы, сондай-ақ жапон, корей халықтарының тұңғыш әліппелерінің дүниеге келуі, тұңғыш бастауыш сатыдағы оқу құралдарының пайда болу кезеңдері мен қазақ халқының мәдени дүниесінің тарихы бірдей емес. Бұдан бірнеше ғасырлар бұрын бұлардың жазулары пайда болып, білім-ғылыммен алғашқы танысу (оқыту, оқу) үлгісі қандай болды дегенді біз, әрине, арнайы зерттеген жоқпыз. Бірақ ХХ ғасырдың басында қазақ халқына білім-ғылым танымдары келгенде, қазақ қауымы теп-тегіс мүлде сауатсыз емес еді, ал жазу мәдениеті де бар болатын. Әліпбиі араб жазулы болды. Сауаттылардың басымы мұсылман мәдениетімен сусындап өсті. Сонымен бірге орыс және дүниежүзі мәдениетімен де таныс қазақ зиялылары да келе бастады. Олар ғылым дегеннің, ғылым дүниесінде термин дегендердің болатындығын білді. Сондай-ақ білім-ғылымның алғашқы мағлұматтары мектептен басталатынын да жақсы білді. Сондықтан мектеп табалдырығын аттаған бала дүниетанымның ең алғашқы түсініктерімен ауыздануы керек, ал бұл түсініктер ғылыми жанрдың ең жеңіл, ең қарапайым үлгілері болмаққа керек еді. Демек, қазақ мәдениетінде мектеп оқулықтарының тілі мен мазмұны осы жанрдың алғашқы үлгілері деп танылуға тиіс. А.Байтұрсынұлының терминология саласында еткен еңбегі жайындағы пікірлеріміздің келесісі – оның термин жасаудағы принциптерін дұрыс тануына байланысты. Қазақ тілінің ең алғашқы ұлттық пән терминдерінің пайда болған кезі – ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтары болатын. Бұл кезде қазақ мәдениеті ғылым дүниесіне әлі бойлап кірмеген («алғашқы кезде жат көрінетін» – Ахаңның сөзі) кез еді. Екіншіден, оқулықтар бастауыш мектеп балаларына ұсынылған тосын дүниелер болатын. Үшіншіден, білім-ғылым саласының терминдері деген не, олар қандай жүйемен, қандай принциптермен жасалуы керек дегенді Ахаң қатты ескертті. Оқыту үстіндегі әңгіме балалардың жасына, үйдегі-түздегі ортасынан алған білген-түйгеніне қарай түсінікті, анық болуы қажет. Ол түсініктілік ана тілінің сөздерімен айтылғанда ғана жүзеге асады. Ана тілін пән ретінде танытатын терминдерді жасауда қай халық болса да, алдымен өз ана тіліне иек артады. Екіншіден, қазақ тіл білімінің иек артқаны, еуропалық, оның ішінде орыс лингвистикалық мектебі болғандығы мәлім, өйткені адамзат баласының тілінің қай халықтікі болса да, табиғаты бір, басты-басты категорияларының көбі ортақ. Мысалы, дыбыс, сөз, сөз тіркестері, сөйлем дегендер, сөздердің қосымшалар арқылы әр алуан семантикалық, синтаксистік қатынастар жасау қабілеті т.т. осы сияқты категориялар, оларды білдіретін ұғымдар тілдердің қай-қайсысында да бар, тек сол ұғымдардың атаулары әр тілде әртүрлі (дыбыс – звук, сөз – слово, сөйлем – предложение деген сияқтылар). «Тіл – құралдағы» лингвистикалық терминдер түгелімен дерлік қазақ тілінің өз қорынан бірнеше жолмен жасалған: байырғы сөздің мағынасы тұйықталып, бір ғана терминдік ұғымға, дефиницияға ие болады: не қосымшалар жалғап, не қосарланып, не өзге тұлғамен біріктіріліп, өзгереді (деривацияланады), сондай-ақ өзге тілдік термин калькаланады. А.Байтұрсынұлы осы амал-тәсілдердің барлығын да жұмсаған. Оның ішінде біразы калька түрінде келген. Мысалы, есім (имя), зат есім (имя существительное), бастауыш (подлежащее), қаратпа сөз (обращение), қыстырма сөз (вводное слово), леп белгісі (восклицательный знак) т.т. Мұны кейбіреулердің теріс түсінетініндей, орыс тілінен көшіру деп тануға болмайды. Есім, бастауыш, қаратпа сөз сияқты аталған нысандар екі тілде де бар, бұлардың қазақшасы да, орысшасы да сол тілдерде терминдік мағынаны дәл беріп тұр. Демек, мұндай ұқсастықтар калька тәсілімен жасалуының себебі тілдік ұғымдардың универсалдығында және лингвистикалық мектептің бірлігінде жатыр. Бұл жерде термин жасауда оның тек тілдік тегіне емес, құрылымдық-тілдік және ұғымдық-семантикалық жақтарына үңілу қажет. Термин жасауда сөздің атауыштық (номинативтік) қасиеті мен ұғымдық мәні дегендер бөлек-бөлек танылуға тиіс. Техника салаларына жататын терминдердің жасалуында номинативтік бағдар, яғни қолға ұстап, көзбен көретін заттарды атау бірінші орында тұрады. Мысалы, айталық, машиналардың, техникалық құрал-жабдықтардың терминдері негізінен зат атаулары болып келеді. Ал ғылыми терминологияда «ұғым» бірінші орында тұрады. Мұнда термин болатын сөздің ұғымына мән беріледі, яғни заттың аты емес, ұғымның аты термин болады. Сондықтан ғылымның, оның ішінде тілтаным, әдебиеттану, психология, логика, философия сияқты ғылым салаларының терминдері әр тілдің өз сөздерінен де жасалады, калька жолымен өзге тілдерден де аударылады. Әрине, бірсыпырасы кірме сөздер де болып келе алады. Соңғы құбылыс белгілі бір ғылым саласының күрделене түсуіне, дүниежүзілік жаңалықтардың да орын алуына, әр елдің мәдени игіліктерінің бір-біріне іліктесіп, «терезелері теңесе түсулеріне» де байланысты. Мысалы, бұл күнде қазақ тіл білімінде корреляция (өзара байланыстылық), сигнификаттық (ұғымдық), фрейм (индивид жадында сақталатын ситуация бейнесі терминдер қолданылады. Бұлар, негізінен, тілтанымның ең жоғары деңгейде зерттеліп, жазылған еңбектерде (диссертацияларда, жоғары оқу орындарының оқулықтарында) орын алады. Ал А.Байтұрсынұлы ұсынған алғашқы терминдер болса, ол ғылымның ең төменгі сатысы – мектеп оқулықтарының мұқтажын өтеуге арналғаны белгілі. Тілтаным терминдерінің алғашқы сатыдағы оқыту барысында түсінікті болу үшін бүгінгідей тілтаным тарауларын фонетика, морфология, синтаксис деп танытқаннан гөрі ол кезде дыбыс жүйесі, сөз жүйесі, сөйлем жүйесі деп оқыту сол кезеңдегі оқушылардың білік дәрежесімен санасу болғандығы түсінікті. Терминнің түсініктілігін көздеу – қашанда да қажет талап. Ал бұл – Байтұрсынұлылар кезеңі үшін ең басты шарт болды. Сондықтан қазақ тілін, оның құрылымын сөз таптары, сөйлем мүшелері т.б. сияқты жеке-жеке «дүниелері» ғылым-білім тұрғысынан сөз болатын тұста неге солайша аталып отырғанын ғалым ұғымды таныту арқылы дәлелдейді. Мысалы, үстеулер «өзінен кейінгі айтылған сөздің мағынасын үстейді», барыс септік «қайда баруды көрсету үшін қолданылады» деп ұғындырады. Әсіресе етістік категорияларының ұғымдарын терминдеуде «сөз» бен «ұғымның» арақатынасын жақсы пайдаланған. Етістік термині – жасанды сөз. Ортаазиялық бірқатар түркі тілдері бұл ұғымды атауда феил, фиғыл деген арабша терминді қолданып келеді, ал А.Байтұрсынұлы қазақ тілтанымы үшін «еткен-етпеген істі білдіретін атау» деп етістік терминін жасаған. Терминолог ғалымның осы іспетті етіс, көсемше, есімше сияқты терминдердің де тұлғалық пішініне ұғымдық мәні дұрыс келетінін де осылайша түсіндіреді. Термин болып тұрған сөздің тілдегі бұрыннан бар сөз болсын, жасанды тұлға болсын, оның терминдік қызметтегі ұғымы бірдей тепе-тең болмайды: терминге сол сөздің бойындағы қосымша мағыналық реңктердің біреуін пайдаланады (бұл реңкті ғылымда атайтын сема деген өз термині бар. Демек, ғалым етістік тұлғасының ет – деген түбіріндегі бір нәрсені, қимыл-әрекетті жасау (ету) семасын пайдаланған. Ғылыми-танымдық терминдер тек «Тіл – құралдарда» ғана емес, қазақ тілін оқыту әдістемелерін сөз еткен, «Баяншы», «Әліппе астары», «Ана тілінің әдісі», «Қай әдіс жақсы?» деген сияқты құралдар мен мақалаларында да осы салаға қатысты терминдерді ұсынған: жалқылау (айырыңқы), жалпылау әдістері, жалқылаулы-жалпылау әдісі, дыбыспен жаттығу, әдісқой (методист), сауаттау әдісі, таңбаша жазу, әріпше жазу, дыбысты әдіс, тұтас сөз әдісі. Әдістеме, педагогика салаларындағы Ахаң жасаған термин сөздердің бүгінде көп кездеспейтіндігін ол терминдердің сәтсіздігінен емес, оқыту әдістері түрлерінің өзгергендігінен, атаудың да жаңа варианттарының пайда болғандығынан, мысалы, сауаттау етістігі сауаттандыру, сауат ашу деген сияқты тұлғалық өзгеріске ұшырағандықтарынан іздеу керек. Сол кезең, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтары үшін бұл терминдердің де мәні мен қызметі ерекше болды. Ғалымның тіл мен жазуға қатысты терминдерінің келесі тобы – тыныс белгілерінің атаулары болатын. Пунктуацияның жазу мәдениетінде мәні зор. Сондықтан ХІХ ғасырдың соңғы екі онжылдықтарында алғашқы қазақ баспасөзі –«Түркістан уалаяты газеті» мен «Дала уалаяты газеттері» араб жазулы мәтіндердің өзінде тыныс белгілерін қолдану қажеттігі айтыла бастайды, тіпті тыныс белгілері қойыла да бастайды. Тыныс белгілерінің түр-тұрпаты мен қолданылатын орындары көрсетілген мақалалар жарияланады («Дала уалаяты газеті», 1896, №31). Бұл газеттің алғашқы нөмірлері тыныс белгілерінсіз шығып тұрып, кейін өзі көрсеткен тыныс белгілерін қоятын болған. Бірақ не газет редакциясы, не мақала авторлары тыныс белгілердің қазақша терминдерін тауып бере алмаған. Тыныс белгілері дегенді тыныстар, «нүктені тыныс, үтірді жарты тыныс, сұрау белгісін – сұраған жауаптың аяғына қойылады (бұл тіпті атау емес, түсіндірме сөйлем болып шыққан), леп белгісі де осылайша сөйлеммен түсіндірілген, осы күнде тырнақша, қос нүкте, көп нүкте, дефис, сызықша деген атаулардың да терминдері емес, түсіндірмелері берілген (осы газет, 1898ж. №42). Пунктуацияның бүгінде қолданып жүрген атауларын (дефис деген бірер бөгде тілдік терминнен басқаларын) түгелге жуық жүйелеп ұсынған – Ахмет Байтұрсынұлы болды Ғылыми терминология саласындағы А.Байтұрсынұлының орны, еңбегі, ұстанған принциптері, көрсеткен үлгісі дегендерге келгенде, арнайы айтылатын тұстары баршылық. Солардың ішінде А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатов және т.б. XX ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ тілінде тұңғыш оқулықтар жазған қайраткерлердің қазақ тіліндегі ғылыми, әлеуметтік-саяси терминдердің сүйегі, яғни тілдік тегі (негізі) жөніндегі пікірлері мен тәжірибедегі қолданыстарына назар аудару қажет. Бұлардың қаламынан туған терминдердің көбі қазақ тілі қорынан жасалғандығына қарап, олар бөгде тілдік терминдерді қабылдамау принципін ұстанды деген пікір айтылып жүр. Сірә, бұндай тұжырымды айтуға Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіліне қатысты терминдері көзге түскені себепші болса керек. Шынында да ең тұңғыш пайда болған терминдердің ішінде шет тілдерден келген араб, татар, орыс сөздері жоққа тән (наху, сарф, қағида, кітап дегендерден басқалары қазақша тұлғалар болды. Бірақ мұның себебі (уәжі) де болғаны жоғарыда айтылды. Білім-ғылымға қатысты жазбаларда, оның ішінде оқулықтарда да бөгде тілдік, әсіресе интернационалдық қорға жататын терминдер қолданылатындығы, мұның уәждері XX ғасырдың алғашқы онжылдықтарда-ақ айтылғанын көреміз. Білім-ғылымның бірнеше саласына қалам тартқан Халел Досмұхамедов зоология, анатомия, физиология, гигиена, табиғаттану, лингвистика (фонетика) салалары бойынша қазақ тілінде орта, жоғары оқу орындарына арнап оқулықтар жазған, мақалалар жариялаған, аударма дүниелер қалдырған болатын. Ол – XX ғасырдың басында қазақ мәдениетінің көгінде, оқу-ағарту майданында жарқырап шыққан А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Қожанов, А.Танысбаев, К.Жәленов сияқты шоқжұлдыздың бірі еді. Аталған зиялылар қазақ тілінің ғылыми стилінің негізін салды, қазақша ғылым тілінің үлгісін көрсетті. Х. Досмұхамедовтерге тұңғыш төл оқулықтар жазу оңайға түскен жоқ, алдарында үлгі болмады. Олар қазақтың ғылым тілін жалғастырушылар емес, бастаушылар болды. Ғылыми әдебиет болғандықтан, бұл авторлардың алдында өз кезеңіне сай талаптардың бірі – бұл оқулықтардың нағыз ғылыми негізде жазылуы болса, екіншісі – сол кезеңдегі мектеп пен одан жоғарырақ оқу орындарында оқитындарға, оларға сабақ беретін оқытушыларға, білім-ғылымға ұмтылған өзге де адамдарға мейлінше түсінікті етіп жазу қажеттігі болды. Түсініктілік дегеніміз – тілдің тым қарабайырлығы, «жалпақтығы» («қазақтың жалпақ тілімен баяндау») емес екендігін олар жақсы білді. Сондықтан ғылыми әдебиетте (оқулықтарда) сол ғылым саласына қажет терминдердің орын алуы оқулықтар авторларына көп тер төктірді, пікірлерін айтқызды. Х.Досмұхамедов: «Жат сөзсіз (бұл жерде ғалым интертерминдерді айтып отыр) күнелте алмайтын заман туды» деп, келесі бір тұста: «Мәдениет қуған жұрттың алдымен тілі өзгермекші (бұл жерде Халекең, тілдің сөздік қазынасында болатын жаңалықтарды айтады), білімге кірген жаңа сөздердің көбі шеттен кірген біліммен, әдеппен [келген] жаңалықтарға ұғым беретін жаңа сөздер болып кірмекші, үлгіге алынған мәдениетті жұрттың сөздері болмақшы», – деп жазған еді. Әрі қарай оқысақ: «Осы реттің бәрінен қолайлы сөз табылмағанда, ғылым атауларына латын тіліндегі сөздерді алдық. Осы заманғы ғылым – Ауропа ғылымы, барлық Ауропа ғылымында қолданған тіл – латын тілі. Сондықтан латын тілі [көптеген] жұртқа ортақ ғылым тілі болып саналады. Латын тілі, латын сөзі бізге жат болса да, қашуға болмайды. Бұл заманда ғылым іздеп, қатарға кірем деген халық латын сөздерінен қаша алмайды», – деп жалғастырды. Бұл – жалғыз Х.Досмұхамедовтың пікірі, байламы, танымы ғана емес, қатар түзіп, қазақ халқын білім-ғылымға тарту майданына шыққан өзгелердің, оның ішінде А.Байтұрсынұлының да байламы деп табамыз. А.Байтұрсынұлы бастауыш мектеп оқулықтарынан және осы мектеп мұғалімдеріне арналған әдістемелік құралдарынан өзге еңбектерінде, «Айқап» пен «Қазақ» газеттерінде жариялаған мақалаларында ондаған бөгде тілдік сөздерді қолданған. Олардың көбі – ғылыми термин емес, нақты зат атаулары болып келеді. Мысалы, «Тіл – құралдың», «Әліп-би» оқу кітаптарының өзінде рөлік (ролик), белесепет, мәшине, ышқап, сипыр, минөт, казит, дұжырнай, кәмитетші деген орыс сөздерін де аудармай қолданған. Әрине, бірен-саран термин емес, жай сөздердің қазақша баламасын келтірген тұстары да бар: мысалы: құлақхаттар (плакаттар дегені болуы керек), ат-есімдер (фамилия), сызық шама (таблица ма?), күнбақпа (календарь?), зат (предмет), ши аяқ (коньки). Ғалым үлкендердің сауатын ашатын құралды да ұсынған. Сол кезең үшін бұл өте қажет іс болатын. 1926 жылы Семейде үлкендерге арналған «Сауат ашқыш» оқулығын (әліпбиін) шығарады. Бұл әліпби оқулығын пайдаланушылардың ересектер екендігіне қарай және күнделікті өмірден алып жататын білім-танымдарына («аялық білімдеріне») қарай шет тілдік сөздерді едәуір келтірген. Мысалы, бұл кітапта кәперетсие, потребитіл дүкені, декрет, пилосоптар, сатсиал-демократ партиясы, меншебек, бәлшебек т.т. сөздер бар. Ал газет-журналдарда жариялаған мақалаларында А.Байтұрсынұлы дәулет думасы, выйборшік, әдіресет, үшінші иіон каноны, пройект, депутат, телегірам, пенсия, ыстатиа, земство, земскайа управа, серіктік шілендері (член), болосной исқод, переселен управлениесі, порма, банк, инспектыр, грамота (жарлық), сібір кәмитетінің положениесі, паспорт (билет) положениесі, награт алған қара қазақтар, исқот жинау т.т. ондаған (түгел жинасақ жүздеген) орыс сөздері мен интертерминдерді қазақшалауға ұмтылмаған. Ал олардың бір сөзбен болмаса да, тіркес арқылы немесе түсініктеме түрінде қазақша беруге А.Байтұрсынұлының тілі жеткен болар еді. Бірақ, біздіңше, бұған бір-екі жайт себепкер болған тәрізді. Алдымен, дума, кооперация, декрет, философ, социал-демократ(тық) партия, норма, канон, депутат, телеграмма, инспектор, станция, паспорт сияқты көптеген тілдерге ортақ интернационалдық сөздерді қазақашаламай-ақ қазақ тілінің сөздік қорына қосуға болатындығын жөн көрді. Екіншіден, выборщик, земство, земская управа, воолстной сход, переселенческое управление (переселен управлениесі) сияқты сол кезеңдегі қоғам тіршілігінде жиі қолданылған орысша атаулардың да қазақша баламалары көпшілікке бірден түсінікті болмайтынын сезді, өйткені бұл атаулар күнделікті өмірде ауызша қарым-қатынаста осылайша орысша жиі қолданылатын, олардың қазақша баламаларын тауып, қалың жұртшылыққа жеткізетін қазақ тіліндегі жазба дүниелердің өте тапшы болғандығы былай тұрсын, оларды оқитын адамдардың (ересектердің) өздері енді сауат ашып жатқанын сол сауатты аштыратын құралды (әліпбиді) Ахаң енді ұсынып отырғанын да білді. Үшіншіден, бұлайша орыс пен шет тіл сөздерін келтірген мақалалар мен өзге де жазбаларды жарыққа шығаруда оларды мұқият редакциялап, қазақша емес сөздердің баламасын не түсіндірмесін талап ететін күш те болмағаны белгілі. Жаңа саяси-әлеуметтік өмір, жаңа идеологиялық, коммунистік мақсат-мұраттар өте қауырт жүрді. Ал биология, медицина, гигиена ғылымдарынан қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтарды жазған Х.Досмұхамедұлы, Ж.Күдерин сияқты ғалымдар негізі грек-латын тілдерінен жасалған, ертеден неміс, ағылшын, француз, испан, орыс тілдерінің ғылыми стильдерінде берік орын алған интертерминдерді және бірқатар ғылыми термин емес атауларды, әсіресе құрал-жабдық атауларын аудармай қолдану – аталған тілдерде норма болғанын көріп-біліп, қазақ ғалымдары да бұл принципті ұстанды. Ал орыс сөздерінің басым көпшілігін, әсіресе термин емес, қарапайым сөздердің баламасын табу принципі ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарынан бастап бірте-бірте жүзеге аса берді. Көңіл аударатын келесі жайт – Ахаңда бар кейбір терминдердің бүгінде кездеспейтіндігі немесе өзгеше тұлғада келетіндігінің себебін тану. Қазақ тіл білімі терминологиясының негізін қалаған да, термин жасаудың барлық параметрінің үлгісін көрсеткен де Ахмет Байтұрсынұлы дей отырып, біріншіден, бұл қарекеттің өте сәтті орындалғанын, оның дәлелі Ахаң ұсынған терминдердің «халық жауының туындысы» деген маркасына қарамай, міне, бір ғасырға жуық көп өзгеріссіз қолданылып келе жатқандығы екенін айтамыз. Ал бүгінгі терминологиямен салыстырғанда, кейбір тұстарда біраз айырмашылық көрінсе, мұның себебін Ахаң жасаған терминдердің ақаулығынан емес, өзге факторлардан іздеу керек. Ол факторлардың бірі – кейбір категориялық жіктеулердің Ахаңда басқашалау болып, бұл күнде ықшамдалып не толықтырылып саралана түскендігінде. Бұл – өзге де құбылыстар сияқты, қазақ тіл білімінің де даму, күрделену процесін басынан кешіріп жатқанын көрсетеді. Мысалы, қазақ тілінде етістіктің етіс, рай категориялары өте күрделі екендігі белгілі. Тіл табиғатына өте терең үңілген ғалым етістіктің 14 райға бөлінетін түрін көрсетеді. Бұлардың қатарындағы Ахаң көрсеткен ереуіл рай, реніш рай, сенімді рай, сенімсіз рай, мұң рай, қайрау рай, азалы рай, теріс рай сияқты түрлері бұл күнде жоқ, олардың топтастырылып, жасалған бес-алты түрі қалдырылған сияқты (мұның дұрыс-бұрысын морфология зерттеушілері талдап, дәлелдеп берген болар). Үстеу түрлерін талдап, көрсетуде де осындай өзгешелік бар. Ахаңда бүгінде аталып жүрген түрлерінен басқа сынаулық үстеу, өлшеулік үстеу, нықтаулық үстеу деген топтары бар. Бұл терминдердің барлығында да ұғым дәлдігіне қатты назар аударған. Өйткені дерексіз ұғымдарға атау ұсынып тұр. Терминдердің ішінде белгілі бір сипаттамамен келетін тіркесті (күрделі, құранды) түрлері де болады. Бұл әсіресе парадигма (қатар) түзеп келетін категорияларда жиі көрінеді. Мысалы: дауысты дыбыс – дауыссыз дыбыс; қатаң дыбыс – ұяң дыбыс – үнді (сонор) дыбыс; ортақ тәуелдеу – оңаша тәуелдеу; жалаң сөйлем – жайылма сөйлем; салалас құрмалас – сабақтас құрмалас т.т. Бұлардағы атрибуттық (сипаттама) компоненттері өзара полюстер түзген сөздер болып шыққан: дауысты – дауыссыз болымды – болымсыз (полюс), жалаң – жайылма (даралық – көптік полюсі т.т.). Тақырыптың келесі бір ерекше көңіл аударатын қыры – ол жасаған әдебиеттану терминдері. Бұл – өз алдына кеңінен әңгіме ететін тақырып. Бұлардағы терминге қойылатын негізгі талап – терминнің құрылымдық-тілдік, ұғымдық-семантикалық үйлесімі, яғни сөздің атауыштық (номинативтік) қасиеті мен ұғымдық мазмұны бірі-біріне сай келуі дегенді қадағалау (іздеу) ғана емес, термин болып тұрған сөздің сыртқы тұрпатының қалай берілгендігіне де назар аудары керек. Бір ғана мысал келтірелік. Әрине, бұл айтқанымыз – пікіріміздің желе жортып бара жатқандағы бір көрінісі ғана. Әйтпесе әдебиеттану терминдерін ұсынуда да Ахаң қазақ тіліне иек артқан, мүмкіндігінше интертерминдердің қазақша баламасын ұсынған. Мысалы, мәндес сөздер (синоним), айқындау (эпитет), осы сияқты көріктеу құралдарының барлығы да қазақша берілген. Бұл – әбден қисынды. Қазақта өнер алды – қызыл тіл. Тілдің әсем өнер екендігін айтатын ұғымдар мен олардың атаулары – қазақ үшін кәнігі дүние. Термин жасаушы ғалым осы дүниені қиналмай тапқан. «Әдебиет танытқыш» деген еңбегін мектептің жоғарғы сыныптары мен жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған оқулық деп те, алғашқы монографиялық ғылыми жұмыс деп те тануға болады. Осы еңбегінің бір бетін автор «Тіл тазалығы» деген тақырыпшаға арнап, онда: «қазақ әдебиеті қатып-пісіп жетпеген уақытта біз қазақ сөзін ескі, жаңа деп талғамаймыз, жергілікті сөз екен деп, ол жағынан қатаң қарап, қашып тұрмаймыз, жалғыз-ақ біздің мықтап қашатынымыз жатшылық (жат сөзділік)», – деп пікір айтқаны белгілі. Бұл тұжырым қазақ әдебиетіне қатысты әңгімеге келгенде айтылып отыр. Тіл сияқты көркем әдебиет те – нағыз ұлттық дүниелер, ұлттық құндылықтар. Ал халықтың дүниетанымда ұлттық құндылықтарды, оның заттарды ғана емес, ұғымдарды білдіруге келгенде ана тілінің сөз қазынасы ұйтқы болмағы заңды. Сондықтан Ахаңның бұл пікірін осы тұрғыдан келгенде қостауымыз да уәжді. Егер А.Байтұрсынұлы ғылымның ұлттық емес салалары бойынша мысалы, биология, химия, физика, алгебра, геометрия сияқты пәндерден мектептің жоғарғы сатылары мен (олар бастауыш мектепте жеке пән ретінде оқытылмайтыны белгілі) жоғары оқу орындарында оқитын, оқытатындарға арнап оқулықтар жазып, тұңғыш зерттеу жұмысының үлгілерін ұсынған болса, ең қажет, қазақша баламасын таба алмайтын, табуға болмайтын «жат сөздерден» қашуды ұсынбас еді. Оның үстіне «жат сөздер» тек ғылым салаларында ғана емес, жалпы адамзат тіршілігіне, оның материалдық, рухани, мәдени болмысына қатысты жазбаларында да қолданылады. Жоғарыда А.Байтұрсынұлының мақалаларында қолданған «жат сөздерді» едәуір тізіп көрсеттік. Ал оның бүкіл жазғандарын, оның ішінде өзі әрі құрастырушы, әрі жауапты редакторы, әрі тіпті ішінара авторы болған «Оқу құралы» атты хрестоматия сипатты өте көлемді еңбекті түгел шолып, ондағы «жат сөздерді» теріп көрсетсек, А.Байтұрсынұлы да, сол кезеңдегі шоқ жұлдыздың өзгелері сияқты қазақ тіліне бірде-бір жат сөзді (интертерминдер мен кейбір зат, бұйым, аң-құс тағы басқалардың шет тілдік атауларын, оның ішінде кейбір орыс сөздерін) қаламына жолатпаған дей алмас едік. Бұл – қазақ әдеби тілінің бір кезеңін өз алдына жеке зерттейтін тақырып. Сөйтіп, ғалым қазақ тіл білімі саласындағы сөз қолданысы, оның ішінде пәндік ғылыми терминдердің көрінісі жайында осы мақалада айтылған ойларымызды былайша түйіндейміз: 1. Қазақ тіл білімінің терминдері ХХ ғасырдың 10-жылдарынан бастап дүниеге келді. Мұндағы бірден-бір еңбек Ахмет Байтұрсынұлыныкі болды. Бұл істе қазақ тіл білімінің табысы көптеген түркі тілдес халықтардыкімен салыстырғанда, көш ілгері болғаны көрінеді: жазба дүниесі мен білім-ғылымның алғашқы салалары ХХ ғасырға дейін біршама дамыған деп саналған татар, өзбек, әзірбайжан, түрік халықтарының өзінде оқу-ағарту ісі мен тіл білімі, әдебиеттануға қатысты білім-танымдары ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін арабша-парсыша терминдерді қолданып келіп, ұлт тіліне негізделген терминдер жүйесін осы кезден кейін қалыптастыра бастады, соның өзінде де арабша-парсыша терминдер едәуір орын алып отырғаны айтылып келеді. 2. Қазақ тілінің лингвистикалық терминдерінің пайда болуы және қалыптасуы оқу-ағарту ісінің жанданып, ұлттық мектепте ана тілін оқытудан, ол үшін қазақша әліпби мен оқу құралдарының дүниеге келуінен басталды. Демек, қазақ тіл білімі саласы мектеп оқулықтарынан бастау алды, алғашқы терминдері де «Тіл-құрал» атты әдістемеші ұсынған оқу құралдарында жасалды. 3. Бұрын ана тілінде тіл білімі ғана емес, жалпы ғылым салалары дүниеге келмеген, олардан бейхабар қазақтың қалың жұртшылығына, оның ішінде шәкірт балаларға алғашқы ғылыми танымдардың мейлінше түсінікті болуын көздеп, әрі тіл білімінің нысандары (объектілері) деректі (көзге көрінетін, қолға ұсталатын дегендей) заттар емес, ұғымдар (зат есім, жұрнақ, есімше деген сияқты) болғандықтан, ұғымдарды әр халықтың өз тілінде таныту, түсіндіру мүмкіндігі болатыны ескеріліп, олардың атаулары (терминдері) негізінен ана тілінің сөздік қорынан жасалды. 4. А.Байтұрсынұлы ұсынған лингвистикалық терминдердің сәттілігі соншалық, олар тез қалыптасып, орнығып, мейлінше өміршең болып шықты, тұтас бір ғасыр бойы қолданылып келеді. 5. Термин жасаудың амал-тәсілдерін, принциптерін А.Байтұрсынұлы үлкен білімділікпен дұрыс тапқан: тіл білімі үшін затты емес, ұғымды атау принципін таңдаған. Терминдердің түбір тұлғадағы жеке сөз болуы да, жұрнақтар арқылы жасалған туынды сөз болуы да, қосарланып және біріктіріліп жасалған күрделі сөз болуы да, екі (кейде үш) сөзден тұратын тіркес түрінде де жасалуы мүмкін екендігінің үлгісін көрсетті. 6. Қазақ тіліндегі тек тіл білімінің емес, жалпы ғылыми терминологиясы кеңінен сөз болып, ол арнайы зерттеу объектісі ретінде монографиялар жазылып, диссертациялар қорғалып жатыр. Талас сәттері болғанмен, принциптері біршама айқындалып, әр ғылым саласы бойынша сөздіктері дүниеге келуде. Дегенмен бүгінгі ғылым мен техниканың даму сатысы орасан көтерілген заманда, мәдениеті дамыған елдермен терезе теңестіре бастаған қазақ халқының тілі де қоғам өмірінің барлық саласына қызмет ететін құрал болуының бір шарты ғылым тілінің жоғары деңгейге көтерілуі, ол үшін терминология дүниесінің жеткілікті мол әрі дұрыс түзіліп, дұрыс қолданылуы – әрі қарай да күн тәртібінен түспейтін қам-қарекет.

Ескерту: Автор бұл мақалада осы үлкен тақырыптың бір үзігін ғана ұсынылып отырғандығын айтады. Ақиқатында, Р.Сыздық Кеңес тұсында ғалымның тіл мұрасына қызығушылық танытып, қажетті жерінде мәселе етіп көтерген. А.Байтұрсынұлының есімі ақталғаннан кейін, алғашқы болып «Тіл тағылымы» жинағына Әліппе, тіл, әдістемелік оқулықтарын топтастырып, құрастырды. Жинақ ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тарапынан дайындалып, «Ана тілі» баспасынан жарық көрді.

Өмірзақ Айтбай,

академик

ҰЛТ МӘДЕНИЕТІНІҢ ХАНТӘҢІРІ

Ел басына төнген кешегі қара түнектің көбесі сетінеп, әділеттің ақ жалауы көтерілгелі бері қазақтың ұлттық мәдениеті аспанында шуақты нұрын төгіп жарқырай жайнаған рухани көсемдер туралы, олардың өмірі мен шығармашылық өнері жайлы, азаматтық болмысы мен қайраткерлік қарымы туралы біраз дүниелер жазылып, көпке беймағлұм көмескі жайлардың көзі ашылғандай. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай, рухани қазынамыздың олқы тұсының орны тола бастады. Негізгі тақырыпқа көшпес бұрын, тарих тұңғиығына батып мәңгі жоғала жаздаған Ахмет Байтұрсынұлы сияқты Алаш ардагері арыс ұлдарымыздың асыл еңбектерін көздің қарашығындай сақтап, осы күнге жеткізген жеке адамдарға, архив қызметкерлеріне және бұларға жабылған жаланы жұлып тастап ақтауда ат салысқан еліміздің естияр азаматтарына жұрт риза екенін айта кеткіміз келеді. Қазақ халқы жалпы архив жинау ісін дағдыға айналдырмаған ел. Соған қарамастан өзімізде де, өзге шет елдерде де халықтың тарихына, мәдениетіне, тіліне әдебиетіне, өнеріне т.б. кәсіп, тіршілік жоралғысына қатысты дүниелердің сақтала бергені қандай олжа. Осыдан ойға түседі. 1987 жылы күз айында сапардың сәті түсіп, маған Америка Құрама Штаттарына барып қайтуға тура келді. Бір күні Мадисон қаласындағы университетке соғып, оның кітапхана қорымен таныстық. Сонда біз таңқаларлық жағдайға тап болдық. Әлгі кітапханада қазақ мәдениетінің, ғылымының, өнерінің бұрынғы, қазіргі өкілдерінің бар дүниесі тізіліп тұр. Өзімізде жоқтың бәрі осында. Компьютер арқылы бар сұрағымызға жауап алдық. әл-Фарабиден М.Шахановқа дейін түгел жинақталған. Бір мезгілде көзімізге оттай басылып Ахан туралы мағлұматтар кетті. Жеті қат жер астына кеткен әйгілі «Қазақ» газетінің топтамасы сонда тұр. Біз оның бірнеше санын көшірме жасап ала келген едік. Бұл да өзінше бір мұражайлық ескерткіш болып «Қазақ тілі» қоғамында сақтаулы. Жалпы қазақ қағаз жинамаған, сөз жинап дағдыланған халық қой. Ахаңның да көп дүниесі көңілде жатталып, көкейде түйіліп қалған. Соның бәрі кейін шығып жатыр. Мұның үстіне ата мұрасын індете іздеп, көп шындықтың бетін ашуға атсалысып жүрген жастар (Ғ. Әнесов, А. Мектепов) әкелген деректер бар. Жиналып келгенде Ахметтану ғылымының негізін кешегі М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов, М.Дулатұлы т.т. тәрізді қазақ мәдениетінің тарландары қалады десек, сексен сегізден бері қарай ол толыға түсті деп толық айтуға болады. Бұл күн өткен сайын ауқымдана бермек. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ мәдениетінің тарихында үлкен бір дәуірді алып жатқан алып тұлға. Ол өзінің құдай берген талантын туған халқына деген сүйіспендікпен суғарып, толассыз еңбекпен шыңдаған қайсар да қаһарман ғалым. Ол – қараңғылық тұңғиығынан жарық жұлдыздай жарқырап шығып, айналасына нұр, шуақ себумен өткен ағартушы. Не оқыту жүйесі, не өзіндік жазуы қалыптаса қоймаған, мал соңына ерген, малмен бірге ұйықтап, малмен бірге жусаған қалың ұйқыдағы халқының қамын жеп, сауатын ашпақ боп сары масадай ызыңдаған үлкен ақын, тілім деп түн ұйқысын төрт бөлген талантты тілші, шебер аудармашы, түркі тілдес халықтар тұлға тұтқан түрколог қоғам ісіне араласқан мемлекет қайраткері. Бұл санамалап отырған атақ, дәреже, лауазымдардың өзінен өзі келмегені мәлім. Ол талмай ізденіп тамаша туындылар берген. Өмірдегі өзінің басты мақсатын – туған халқына қызмет ету деп түсінген Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) небір тар, тайғақ кешулерден өте келе тамаша еңбегімен қазақ халқының ары мен ұятына айналған өте күрделі де, көсем тұлға. Оның дүниеге келер тұсы патша ағзамның бұратана елдерді билеп төстеудің айла-шарғыларын емін-еркін іске жаратып жатқан кезі болатын. Қазақтың әлденеше ғасырға ұласқан хандық, билік құрылымының быт-шыты шығып, «күштілерім сөз айтса, бас имеймін шыбындап» деп тұрған сәті еді. Ахметтің дүниеге келуі қалыптаса бастаған халықтың тұтастығының береке-бірлігінің сәні кетіп, ел-жұрты «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» жүріп жатқан дәуір еді. 1873 жылдың қаңтар айының соңғы күндерінің бірінде бұрынғы Торғай уезі Тосын болысына қарайтын Ақкөл жанындағы Сартөбек деген жерде Байтұрсын шаңырағында Ахмет есімді сәби келеді дүниеге. Текті тұқым, жақсы тәрбие, құнарлы топыраққа түскен дән тәрізді, жемісін молынан береді емес пе? Ахмет те тумысынан зейін де зерек бала болып өседі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші Ахаң ең алғашқы тағлымды, жөн-жосықты өз шаңырағынан алады. Өз әкесі Байтұрсын, оның әкесі Шошақ Үмбетей еліндегі көзі ашық, көкірегі ояу, пікірін ашық та айқын айта білетін өте батыл болғанға ұқсайды. Әуелі Шошақ, кейін Байтұрсын балаларын Араб елдері мәдениетінен сусындатқысы келген. Иран, Түркияға жіберіп те оқытуды ойлаған. Сонымен бірге Шошақ әулеті, әсіресе Байтұрсындар ешқандай әділетсіздікке төзбейтін қайсар тұқым болса керек. Көпшілікке белгілі оның бір мысалы – осы аймаққа билігін жүргізіп тұрған ояз Яковлевтің оспадар қылығына, озбырлығына шыдай алмай Байтұрсынның қарсылық білдіргені. Ал Яковлев шабармандары Байтұрсынның әділ талабына құлақ асудың орнына, таяқтың астына алады. Бұған да төзген ол Яковлевтің өзіне: «Мына бассыздық пен заңсыздықты тоқтатыңыз» дейді. Сөйтсе ояз «Сен, киргиз ит, жөніңді біл!» деп оны бетіне түкіріп жіберсе керек. Міне, бұл қорлыққа көне алмаған Байтұрсын Яковлевті аттан жұлып алып басын жарады да, жандайшаптарына тұра ұмтылады. Бұл оқиғадан бүкіл ел дүрлігіп, іс насырға шабады. Дереу жазалау отрядтары ойда жоқта шыққан қару-жарақсыз қарсылықты аяусыз жаншып, Байтұрсынның Ақтас және Собалақ дейтін екі інісімен бірге ұсталып, кісенделіп патша үкіметі тарапынан 25 жылға итжеккенге айдағандығы мәлім. Білімсіздіктің, тіл білмеудің зардабын әбден тартқан сол Байтұрсын айдалып бара жатқан сәтінде үміт етері Ахметке: «Аш-жалаңаш бол, қорлық көр, бәрібір оқы, балам. Тым болмаса артымда маған хат жазып тұратын халге жет» дегенін қайсыбір қариялар аңыз ғып бертінге дейін айтып жүріпті. Бүкіл елге әсер еткен бұл сұмдық оқиға көпке дейін ұмытылмайды. Ахмет онда 12-13 жас шамасында екен. Естияр баланың көз алдында болған бұл сурет оның жадында мәңгілікке қалып қояды. Сондықтан да болар, ол 1909 жылы Семей түрмесінде отырғанда жазған «Анама хат» деп аталатын өлеңінде:

«… Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.

Адамнан туып, адам ісін етпей
Ұялмай не бетіммен көрге барам?!»

(Өлең 1911 ж. Орынборда жарық көрген топтамасынан алынды). Осы бір-екі шумақ өлеңнен балаң Ахметтің бүкіл өмір бойы істеген ісін, ой-арманын, мақсат-мүддесін аңғаруға болатын сияқты. Оқуды арман еткен зерделі жас алдымен Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін үздік бітіріп, одан соң Орынбор қаласындағы мұғалімдер даярлайтын қырғыз (қазақ) мектебін 1895 жылы тамамдайды. Ахаңның ресми алған жүйелі білім осымен шектеледі. Алайда Ахаң көтерілген биіктен оның тағылымы мол тамаша өміріне көз жіберіп, байқасақ, білімдар ұстаз, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері т.т. болу үшін институт бітіріп, үлкен-үлкен атақ-лауазымды болу тіпті де қажет емес сияқты. Табиғат силаған дарынның арқасында Ахаң онсыз да бір адамның қолынан келер кереметтей істер тындырды. Ол істері сан салалы, сан алуан: ағартушылық, оқу-білім, ғылым, әдебиет, мәдениет, тарих, тағылым т.т. Мұның бәріне тоқталып, саралап айту тұрмақ, санамалап шығудың өзі қиын шаруа. Дегенмен, Ахаң туралы сөз болған соң, оның өмір жолының ұрымтал тұстарын аттап өтуге болмайтын сияқты. Ахаң өмірінің алғашқы қадамдарын бала оқытудан бастайды және ол өз мақсатын:

«...Адамдық диқаншысы – қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,

Көңілін көтеруге құл халықтың» – деп, бейқам жатқан халқын сауаттандырып, өнер-білімге, мәдениетке жетектеу деп біледі. Әрине, бұл тұста Ахаң тәрізді оқыған, білім алып, әлгіндей мектептерді бітірген, орысша сауат ашқан өзге де қазақтардың қарасы көріне бастаған-ды. Бірақ, бір ғажабы, олардың көбі халық, ел мүддесі деген, сөздерден гөрі ұлыққа жағынып, сол халықты қалай қанап, қалай пайда тапсам екен дейтіндер болатын. Олардың тілмаштыққа қолы жетіп, губернатор кеңселерін жағалап жүргенде, Ахаң ағартушылық жолына түсіп, «Қайтсем халқыма пайдамды тигізем, қалай көзін ашам, ұйқысынан қалай оятам» деп, күндіз-түні соның амалын қарастырады. Ұмытылмас өнеге бізге мирас. Осы орайда, қазақтың бірен-саран да болса көзі ашық оқыған жастарын жинап елшілдік ұранын үдетіп, ел мұңы, халық қамы деген күрделі мақсаттардың іске асуын көздей бастайды. Жалғыз ағартушылық жолмен аса алысқа ұзап кете алмайтынын сезген Ахаң, біртіндеп күрескерлік жолға түседі. Жан-жақты әрекет етуге талпыну, ізденіс 1896 жылы Ахаңды Алекторовқа алып келеді. Оған барудың да өзіндік сыры бар еді. Алекторов ол кезде Омбыда отырып Ақмола, Семей оқу жүйесін басқарып тұрған болатын. Онымен қазақ даласындағы бала оқыту жайы туралы кеңеседі. Бұл кездесу оған екі түрлі әсер қалдырып, көп нәрсеге көзін аша түскендей болады. Ол жайында Мұхаң (М.Әуезов): «Біреуі – Алекторовтың қазақ турасындағы отаршылдық саясатының басын біліп, көздеп жүрген мақсатын сезген болар, атақты Ильминскийдің жолымен қазақтың көзін ашу үшін осы оқу керек деген саясатты тұтынып жүргендігін сөздерімен білдірген Алекторовтың ниетімен жақын келіп танысқан соң, Ахмет қазақ халқының халінің ауырлығын ұғып, ел турасындағы түкпірлі ойы сол кезде ояна бастаған. Алекторовпен танысудың екінші әсері – Ақаңның жолы ашылып, пікірі ашылып, бұрынғы білім-өнер жүзіндегі шала білініп, көмескілеу түсініп жүрген нәрселерін таза білуіне себеп болған». Бұл жерде Мұхаңның өз кезінде ашып айтуға аузы бармай, астарлап отырған бір жайы бар сияқты. Ол орыс оқымыстыларының миссионерлік мақсатының Ахаң зердесіне жетуі, содан тіксінуі. Олар қазақтарды орысша оқыту арқылы орыстандыруды көздеген ғой. Осыдан секем алған Ахаң ширыға түседі. Қазақты өнер, білімге жетектеу өзгелердің емес, өзі тектес оқығандардың халық алдындағы парызы деп түйеді. Ахаңның осындай мақсатты көздеп, саяси көзқарастарын шыңдай түсуі Қарқаралыда өмір сүрген 1896-1907 кезеңімен байланысты. Осы кезде Ахан айналасына әлеумет өміріне зер сала бастаған бірен-саран көзі ашық, оқыған қазақ зиялылары топтана бастайды. Қарқаралыда ағартушылық жұмыспен айналысып жүрген Ахаңды алты жолдасымен 1907 жылы тұтқындалып, абақтыға жабылады. Ол он екі жылдай өмір сүрген Қарқаралысымен қоштасып, Семейге айдалғанда бүкіл қазақ баласының бойындағы арылмас дерт, арсыздық пен арамдық атаулыға сес білдіргендей, мынадай жолдарды түзеді:

«...Қош, сау бол, Қарқаралы, жуылмаған,
Айдай бер қалса адамың қуылмаған.
Әдепті, сыпайы елдің қалпында жоқ.
Жасырын дыбыс шықты шуылдаған.

Бүркеніп, арсыздардың шайнауына
Жем тапты пісірмеген, қуырмаған.
Шыққан соң талғамайтын доңыздарың.
Қасыңа қиын болар жуу маған».

Семейде сегіз айдай ешқандай тергеусіз, сотсыз тас қамауда жатқан Ахаң ақыры қазақ өлкесінен бір жарым жыл мерзімге Орынборға жер аударылады. Сол кеткеннен мол кетеді. Ол онда 1917 жылдың аяғына дейін тұрады. Жазалы адам ретінде айдалған Ахаңның бұл сапары оның өміріндегі ең нәтижелі де өнімді еңбек еткен жылдар еді деуге болады. Ол ғылым, білімге бұрынғыдан да тереңірек үңіліп, әділетсіздік жайлаған мына қоғамды бұрынғыдан да бетер ащы тілмен түйрей, шеней түседі. Қазақ балаларын оқытудың әдістерін, қазақ тілі, әдебиеті, өнері, тарихы, мәдениеті туралы өрелі ойлар айтып, бастауыш мектептерге арнап оқулықтар мен оқу құралдарын жаза бастайды. Халық мұраларын, ауыз әдебиет үлгілерін, эпос, ертегі, жұмбақтар жинап бастыру ісімен айналысады. Ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. А.Байтұрсынұлының қазақ елінің жоғын жоқтап, санасына сәуле құюға байланысты жасап жүрген еңбектері елге тарай бастайды. Әсіресе сол кезде Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген қазақ жастарына Ахаңның туындылары, елдік істері қатты әсер етеді. Сол жастардың ұйғаруымен елден қаржы жиналады да, газет шығару мәселесі қозғалады. Ол бейресми газет «Қазақ» деп аталады да, оған редакторлыққа А.Байтұрсынұлы шақырылады. Міне, сол 1913 жылдың басынан 1918 жылға дейін бас редакторлық міндетін мүлтіксіз атқарған Ахаң елге жеткізсем, ұқтырсам деп жүрген көкейіндегі көптеген мәселелерді енді хатқа түсіріп, жария етуге мүмкіндік алады. 1911 жылы Орынборда басылған «Маса» жинағы халықты өз тағдыры үшін күреске шақырған, жұртшылықты шырт ұйқысынан оятқан дабылды топтама болатын. Ақын қалғыған халқын тым болмаса маса боп шағып оятайын, ойландырайын деген мақсат көздейді. Ол бұл жолда талай қаққы жеп, тауқымет шегерін де, тіпті өліп те кетерін білген. Бірақ біле тұра ол алған бетінен қайтпайды:

«...Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша,
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?!»

Сары маса болып ызыңдаған өзі екенін Ахаң 1909 жылы Петербургте басылған «Қырық мысалындағы» «Малшы мен маса» деген туындысында жасырмай, ашық айтады:

«...Мысалы қазақ – малшы ұйықтап жатқан,
Жыланды пәле делік аңдып баққан.
Пәленің түрін көрген мен – Сармаса
Халықты оянсын деп сөзбен шаққан.

Ойлаймын осы сөз де жетеді деп,
Қатты айтсам, сөзім батып кетеді деп,
Ұйқысы ашылмаған жұрт өзіңді
Қорқамын сармасадай етеді деп».

Өз тағдырының түбі не боларын алдын ала болжап, көрегендікпен айтып кеткен Ахаңның түбіне жеткен, шынында да, өзіміз емес пе едік? Халық басына төнген қатерден қорғанудың амалын тым болмаса сауат ашу арқылы үйретпек болған асылымызды ұйқылы-ояу халімізбен аяқ-қолын байлап бердік қой. Осыны бір ойлап, сабақ алсақ етті. Неге десеңіз, ұлттық сана мен ұлт мәдениеті жолындағы күресте осынау опасыздық пен алауыздық салқыны әлі де жетерлік-ау деп сезіктенесің. 50-70-80 жылдар ылаңы не ойлатпайды кісіге. Тәуелсіз ел болған қазіргі күйіміздің өзі көп жағдайда көңілге жұбаныш әкеле қоймайды. «Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» (Абай) екенін түгел ұғып біттік пе?! Жаңадан тәй-тәй басып, Ахаң сияқты бірен-саран оқыған саналы азаматтардың арқасында оң-солын танып, енді-енді ес жиып келе жатқан қазақ елі үшін «Қазақ» газетінің атқарған қызметі ұшан-теңіз екенін тағы да айтсақ артық емес. Бес жылға таяу уақыт үзбей оқырманымен қауышқан бұл газет кезінде лайықты көкейтесті мәселелерді бірінен соң бірін жариялап, жұртшылық мағлұматын кеңейтумен болды. Жалпы қазақ халқы қазан төңкерісіне өзінің санасын ғана емес, қоғамға, әлеуметтік өмірге деген сяаси көзқарастарын да недәуір қалыптастырды дер болсақ, ондай күрескерлік қасиет осы «Қазақ» газетінің арқасында айқындала түскенін айту керек. Кезінде бұл газетті ұлтшыл-буржуазияшыл орган деп тиым салып тастамағанда талай тарихи шындықтың көзін ашып, халқымыздың революцияға дейінгі рухани, мәдени өмірінен мол мағлұмат беретін еді. Газеттің игі мақсат-мүдделері оның бірінші санында-ақ ашық айтылған. Оның негізгі мақсатты жұрт пайдасына тиімді шаруасымен айналысу екенінен бастайды… Қазақ арасына ғылым, өнер жайылуына басшылық ету, басқа жұрттардың халінен хабар беріп, таныстыру. Сол мақсаттарды орнына келтіру үшін закүндерді, хакімдердің бұйрық-жарлықтарын білдіріп тұру. Государственная дума һәм Государственный совет жұмыстары турасында жете хабар беру, ішкі һәм сыртқы хабарларды жазып тұру, қазақтың бұрынғы және бүгінгі жайын жазу, күнелту, сауда, кәсіп, жер-су, егін-тарап, мал шаруасы жайынан кеңесу; оқу, оқыту, мектеп, медресе, школа, ғылым, өнер, тіл, әдебиет турасында жөн көрсету, адам һәм мал дәрігерлігі жайын жазу («Қазақ» №1, 1913, 2 ақпан), қалың бұқараға кезінде аян болған. Газет әлденеше рет жабылып, қайта тіріліп, шығынданып, сотталып жатса да көздеген мақсатын түгелімен орындады деп тұжырым жасауға болады. Тіпті кейде бұдан да шығыңқырап, әлемдік ой-пікірге азық болар мәселені де қозғап кеткен сәті бар. Айта кететін бір жайт: осы газет және оның редакторы жайында жазылған материалдарда тіпті кейінгі уақытқа дейін «ұлтшыл, буржуазияшыл» дейтін ала таңба қалмай келеді. Бұрынғысы бір сәрі, ал Ахаңның ақталғанынан кейін де есімі дұрыс аталмауы, газеттің бағасы кешегі коммунистік идеология тұрғысынан қаралуы түсініксіздеу. «Газеттің олқылықтары мен кемшіліктері болып еді» деп баяғы жалтаққа баспай, мәселенің ақиқатын ашық айтатын, уақыт жеткен сияқты. Өйткені Ахаңның о бастағы рухани өмірінің қалыптасуы осы газетке де тікелей байланысты. Сонда ғана біз Ахаң сияқты Алаш ардақтысының алыптардың ұстанған бағыт-бағдарын, оның өз халқын прогреске алып шығар дұрыс жол болғанын айқындай түсеміз. А.Байтұрсынұлының қазан төңкерісіне дейінгі өмір жолының қайсыбір тұстары міне осындай. Бұл жолдың тіпті де оңай болмағанын баяндаған азын-аулақ деректерден-ақ байқауға болар. Қит етсе, түрмеге жабу, бостандықта жүргенінің өзін де үнемі аңдуда, тексерісте болу, тіпті басқан қадамын былай қойып, ашқан аузын, жазған сөзін бағып, қия бастырмай тұншықтыруға шыдау үшін адамға қандай күш, жігер, қайрат керек. Өстіп жүріп, тығырықта өмір кешсе де Ахаң елім, жерім, халқым деп тыныстауын бір сәтке де тоқтатпаған, ол ел мүддесіне жарарлық, халық санасын ашарлық қыруар дүниені берді. Бұл ел деп соққан үлкен жүректің ыстық махаббатынан ғана туындайтын қазына. Ахаң өмірінің төңкерістен кейінгі бөлігі де тіпті күрделі, тіпті қайғылы. Жан түршігерлік азапқа бола туылған жан дерсің. Жаңа үкіметтің мүшесі, Қазақ автономиялық республикасының оқу ағарту халық комиссары, соның жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның председателі, Бүкілресейлік ВЦИК-тің мүшесі, Кирвоенкомның мүшесі, КазЦИК-тің мүшесі, сондай-ақ Академиялық Орталықтың төрағасы ретіндегі аз уақытқы шуақты күндерді басынан кешіргені болмаса, ең ауыр, ең қасіретті, шегінен асқан сұмдық пен зұлымдықтың тақсыретін тартқан қаралы кезең бұл. Төңкеріске дейінгі өзі айқасқан надандық пен қараңғылық жыл өткен сайын құбылып, тәсілденіп, әлденіп алғандай Ахаңның қыр соңынан қалған емес. Қайта зұлымдық пен қорқаулық, арызқойлық пен алауыздық дертін індеттей үдетуші қаскүнемдер жаңа заманның терісін айналдырып киген бөрісіндей боп, жақсылықтың ұрығын шашушы жандардың соңынан шам алып түскені мәлім. Ахаң болса, езілген ел өміріндегі қазақ төңкерісін саналылықпен қабылдап, Кеңес үкіметіне үлкен үміт артқаны мәлім. Өзінің ел мұңы, халық қамы деген әу бастағы мақсат-мүддесімен жаңа үкіметтің бағыт-бағдары сәйкес келіп жатқандай боп көрінгесін де ол Кеңес үкіметіне қолқабыс етуге тырысты. Армандай болып алғызбай жүрген көп шаруаның бағы енді жанар деген үмітпен ол іске аянбай-ақ араласты. Жоғарыдағы санамалап шыққан қызметтің бәрі соны дәлелдейді. Бірақ Ахаңның ақ ниетінен арамдық іздеуші, іс-әрекетінен контрреволюциялық бүлік күтуші қара ниеттілер оған аттап қадам бастырған жоқ. Басқан ізін аңдумен болды. Ол бұрын патша чиновниктерінен, болыстардан, тілмаштардан, жандарымнан қаққы жесе, енді бостандық туының астында бірге жүрген жерлестерінен, большевиктерден, қызыл жағалылардан көрді көресіні. Аңдыған жау алмай қоймайды. Ол бір емес, бірнеше рет алды. «Мылтықтың басуына, құланның қасуы» тура келгендей, дәл осы кезде қазақтардың сорына Қазақстан тарихының қаралы беттерін толтырып кеткен Ф.И.Голощекиннің «кіші октябрі» басталады. Ал бұл «кіші Октябрдің» қазақ халқына қандай қасірет әкелгені тарихтан мәлім. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп, зіркілдеген Голощекин жендеттері негізгі күн көрісі, тіршілігі, тынысы мал болып саналатын халықтың сол жанды жеріне қанжар сұқты. Малын сыпырып алды. Тігерге тұяғы, ішерге тамағы болмай қалжыраған қарапайым шаруа адамы басы ауған жағына кетіп, жол-жөнекей қырылып жатты. Ахаң сияқты көреген адамдар бұл сұмдықтың боларын алдын ала сезіп, дабыл қаға бастаған. Бірақ бұлардың сөзіне құлақ асудың орнына, төңкеріс рухына кері әсерін тигізіп, кедергі жасап отырған байшыл-ұлтшыл алаш партиясының бұрынғы көсемінің бірі бұрынғысын көксеп жүр деген жаламен ақыры ол 1929 жылдың 4 маусымында 30 адаммен бірге қамауға алынады. Солардың басы болып қара тізімге алдымен Ахаң ілінеді. Мұның, әрине, өзіндік себебі де жоқ емес. Голощекинге әлгіндей жаппай қыру саясатын емін-еркін жүргізу үшін халықтың санасын оятып, көсемдік көрсетіп жүрген осындай ірі тұлғалардың көзін алдымен жою керек еді. Ал Ахаң, бүкіл қазақтың ақыл-ойы мен ар-ұятының символына айналып кеткен әйгілі қоғам қайраткері, әрі ұлт көсемі болатын. Сөйтіп Ахмет Байтұрсынов Голощекин тырнағына ілініп, Мәскеудің Бутыркасында 1929 жылғы шілдеден 1931 жылдың қаңтарына дейін отырады да, содан соң Архангельск облысының барған адам жол басшысыз қайтып шыға алмас алыс түкпіріне жер аударылады. Бұдан ол «Қызыл Крест» ұйымы арқылы (М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың араласуымен) мерзімінен бұрын босанып, 1934 жылы қайтып оралады. Бірақ бұл бостандықтың да өмірі қысқа болды. Небәрі үш жылға жетер-жетпес уақыттан кейін 1937 жыл 8 тамызда қайтадан қамауға алынып, ақыры атылады. Жалпы оның ағартушылық, ғалымдық, қайраткерлік, ақындық, аудармашылық қасиетін саралай түскенде еріксіз мынадай ой жетегіне еруге тура келді. Ахаңның алдында қазақ халқы үшін оның болашағы үшін мол қазына тастап кеткен үш алыптың, Абай, Ыбырай, Шоқанның болғанын білеміз. Бір ғажабы, осылардың мұрасын терең зерттей отырып, олар көтерген мәселелерді бар жанымен ұға отырып, ол осы үшеуінен тартылатын үш арналы жолды бір өзі таңдап алғандай. Шынында қараңыз. Шоқанның ғалымдығы, Ыбырайдың ағартушылығы, Абайдың ақындығы мен ағартушылығы А. Байтұрсынұлының өмірлік мұратына айналған. Және бұларды заманға лайықты нақты істермен жалғастыра, дамыта түседі. Сондай-ақ тыңдаушысы мен оқытушысы аз болған үш алыптан гөрі ол азынаулақ болса да өз еңбегінің нәтижесін көрген адам. Абайдың бір де бір өлеңін өткен уақыттың жайын ғана жырлайтын, кезеңдік дүние деп қарай алмайтынымыз сияқты. Ахмет туындыларының да шеңбері бір ғана сәттің ауқымымен шектеліп қала алмайды. Оның әрбір сөзі дәл бүгінгі біздер үшін де әсерін жоймаған барынша көркем, мейлінше мағыналы. Тіпті көп өлеңі бүгінгі тіршілігіміздің айналасында боп көрінеді.

Мысалы:
«...Тықылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп,
Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған.
Бос белбеу, босаң туған бозбала көп,

Киіздей шала басып қарпылмаған», – деген шумақ бүгінгі біздерді айтып тұрғандай емес пе?! Бас пайдасынан басқа уайымы жоқ, жақын-жуық, халық, ұлт мүддесі деген ұғымға миығынан күліп қарайтындар аз ба, қазір, мына бір екі жол соларды нұсқап, дәл басып көрсеткендей.

«…Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма,
Жаны – мал, жақыны – мал, малдың құлы».

(«Досыма хат») болған жандарды ащы сын садағымен түйрейді. Ал «Жұртыма» деген өлеңінде қазақтың тағы бір тиімсіз мінезіне қадалады:

«…Келгенде өзді-өзіңе мықтымсыңдар,
Қайтейін өзге десе көнгішіңді
Сықылды сынық бұтақ төмендесең,
Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?!».

Бұл «Күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындапты» нақтылай ұластырып жатқан шумақтар. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» деп халық өлеңінде айтылатын ежелгі, дәстүрлі өлең табиғатына жаңаша нәр беріп, неге болса да тәубешіл, неге болса да құдай ісі деп, еш әрекетсіз қарап отыратын мінез-құлықтағы дертті аямай сынға алады. Ахмет Байтұрсынұлының аудармашылық қызметінде мысал жанры өзгеше орын алады. Басқа емес дәл осы жанрға баруының өзінде үлкен мән жатыр. Қазақ бойындағы ежелден қалмай келе жатқан әлгіндей ездік пен бойкүйездік, намыссыздық пен жігерсіздік, алаяқтық пен алауыздық, жалқаулық пен жағымпаздық т.б. толып жатқан ес жиғызбас әдетті сынау, шенеуге келгенде ақын осы жанрды дұрыс таңдайды. Оның сыншылдығы да, сыршылдығы да осы мысал өлеңдерінде барынша ашыла түседі. Әсіресе шымшыма әзілмен әспеттелетін пәлсапалық түйін мен тағылым тәрбиелік мәні зор тұжырымдары естен кетпей көңілде жатталып қалады. Мұның бәрі, біздіңше өлеңдегі ой мен сөздің, мазмұн мен түрдің өзара жымдасып, қабысып жатуынан. Сонау Эзоп пен Лафонтеннен бастау алатын И.А.Крыловтан баян табатын бұл мысал әңгімелерге Абай да, Ыбырай да қызыққан. Бұларды қазақша сөйлетудің олар да керемет жолын тапқан. Ол әлі игеріліп бітпеген тағылымдық өнегесі таусылмайтын өз алдына бір мектеп. Ахмет бұл дәстүрді де әдемі жалғастырып, көркем аударманың дамуына зор үлесін қосып кеткен. Қаршадайынан ел деп езіліп, халқым деп қайғы жеп азап пен тозақтың бәрін бастан кешіріп, ақыры қара түнек надандықтың құрбаны болған аяулы да ардагер Ахаң мен сол сияқты кемеңгерлер жүріп өткен жолды аузың барып қалайша жайбарақат әңгімелей аласың. Сол бір бәйгеге басын тіккен есіл ерлердің шер мен сырға толы еңбек жолы жаныңды қалай күйзелтпесін. Неге бұлай болды, қаншама халықты және саналы жолға салып, болашаққа жетелеген ел көсемдерін зәбірлеген, олардың тұқым-тұяғымен жер бетінен жойылып кетуіне себепші болған кімдер? Жалғыз Сталин бе, болмаса жалғыз Голощекин бе? Бұл жауыздардың сұрқия саясатын алақайлай үдетіп, дамытып, «құлпырта» орындағандар бар емес пе? Солардың аты неге аталып ардың, адамгершіліктің сотына неге салынбайды?! Адам баласы тарихында бұрын-соңды болмаған осынау теңдесі жоқ жауыздықтың авторлары мен орындаушыларын халық талқысына салмай, санада шөгіп қалған, бұғып жатқан арсыздық пен сатқындықтан сірә да арыла алмаспыз. Ойлап қаралықшы, ағайын. Біздің халқымыздың басына төнген қатер тек осы ғана ма? Тең жартымыздан айрылдық деп күңіренеміз. Ол рас, әрине. Бұл бүкіл бір әлемге, бір халыққа аз қайғы емес. Бұл оның өмірі толмас өлшеусіз қасіреті. Бірақ біздің қазақтың көрген тозағы осы ғана ма, ол құрбандығымен тазарып адалданып бітіп пе еді. Жоқ, ағайын, бақсақ, біз ұлттық тәуелсіздік, ұлттық тұтастық үшін күрес алдында өз жүрегіміз бен санамызға өшпес қара дақ түсірген халықтың бірі екенбіз. Елдің тең жартысы аштықтан қырылып, ширегі шет елге қашып құтылды дейміз. Рас. Ол елде Атамекенде аман-есен халық, ұлт атына ие болып қалғандардың бәрінің бірдей ары, жаны таза деп айта аламыз ба? Халқымызды қырғынға ұшыратқандар, Барса келмеске айдатқандар, сатқындар әлі де жүрген жоқ па екен арамызда алшаң басып, ойланалықшы! Әшейінде әділеттің ақ жолын ұстаған боп, кезеңі, реті, сәті келгенде аянбай қимылдайтын бұлар кеше де, яғни 1986 жылғы желтоқсанда көрсетпеп пе еді көресіні. Ендеше олар әлі тірі, сақ. Тек бой тазалап, жауыздығын жасырып арамызда әлі жүр. Бар бәлені, дертті ендеше өз бойымыздан іздесек етті. Халқымыздың жан саулығына өлшеусіз зор зиян келтірер осынау көр мінез бен арам пиғылдан арылмай тәуелсіздігіміздің іргесі нық болмай ма деп қорқамыз. Ол неше алуан түрге еніп құбылады. Ол біресе, қоғамшыл, біресе партияшыл, біресе ұлтшыл, халықшыл боп өрекпиді.

Міне Ахаң жайында әңгіме қозғағанда осындай да ойлар мазалайды. Жалпы А.Байтұрсынұлы оқуы енді ғана басталды деп білеміз. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін, оның сауатты да білікті ел қатарына қосылуы үшін ақтық демі біткенше күрескен осынау ұлы адамның аты ұлт жүрегінде мәңгі сақталуы тегін емес. Ендеше, ол адамзаттың асыл перзенті, қазақтың ұлы тұлғасы. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт мәдениетінің хантәңірі деп бағалаймыз.

Кенжеғали Сағадиев,

академик

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ

ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨЗҚАРАСЫ

Адамзаттың бүкіл тарихына ой жүгіртсек, халық болашақты патшалар мен корольдердің мүддесі тұрғысынан бағдарға алмайтынын ұғынамыз. Олар қанша жыл билік жүргізсе халық сонша жыл ығында болады да, келесі билеуші билік басына келгенде соның талабын орындап отырады. Алайда, қай уақытта да халық кемеңгерлердің ой-парасатын басшылыққа алмақ. Мұндай бүкіл адамзаттық ақыл-ойдың көшбасында Будда мен Конфуций, Христос пен Мұхаммед пайғамбар, Аристотель мен Гегель, Лев Толстой мен Махатма Ганди, әл-Фараби мен Абай сынды ұлы ұстаздар болып келді... Әлі де осылар бола бермек. Соқыр сенім мен надандық түнегінен, қайыршылық пен жоқшылықтан, бейнет пен қиыншылықтардын жол табуға көмектесіп келе жатқан да нақ осындай кемеңгерлердің дария ақыл-ойлары. Нақ осылар әлі күнге бізді желеп-жебеп, адамгершілік асқақ рухты бойымызға дарытып келеді. Осындай кемеңгердердің қатарында жалпы адамзаттың адамгершілік рухты мықтап ұстанған Ахмет Байтұрсынұлының да тұрғаны анық. Оның өмірді түсінуін, философиялық рухын барынша толық әрі терең ұғынған сайын біздің ұлттық рухымыздың қайнарын ұлы Абайдың қатарынан көретініміз күмәнсіз. Біздер, үшін Ахмет Байтұрсынұлының кейінгі ұрпақтары үшін оның есімі Абай сынды аса зор тарихи мәнге ие екені анық. Ахмет Байтұрсынұлы біздің ұлттық мәдениетіміздің асқақ шыңы ғана емес, сонымен қатар, ол біздің рухани бастауымыз, үйретушіміз, ұстазымыз, халқымыздың түйсік-түсігін түсінуге, қоғамдық болмысымызды түбірімен жаңғыртуға бастаушы кемеңгер тұлға болмақ. Ғасырлар бойы тұйыққа қамалғандай болып келген халқымыздың алдына жалпы адамзаттық құндылықтарды тарта отырып, болашаққа бастаушы көсеміміз де Ахмет Байтұрсынұлы екені даусыз. Оның қасіретті тағдырының өзі жоғары адамгершілік рух пен тарих сабақтарын үйрететін тағылым болмақ. Қасіретті ғасырдың тоғысында өмір сүрген ол өткен тарихи оқиғалар мен ұлт-азаттық қозғалысын және ХХ ғасыырдың демократиялық реформа талаптарын терең түйсініп, түсіне білген. Ол шындықты, әділетті, халқының бақытына барар жолды қажымай, талмай, жасқанбай тынымсыз іздестірумен болды. Бұл ретте ол өзінің жеке басының рахаты мен атақ-даңқты қуалаудан бойын аулақ сала білді. Өзінің саналы ғұмырында халқының артта қалу себептерін зерделей отырып болашаққа жетудің жөн-жобаларын, жоспарларын, оны жүзеге асыру мүмкіндіктерін іздестірумен болды. Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы өзінің ойшыл серіктері Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы және өзге де кемеңгер қайраткерлердің өмір жолымен бірдей болды. Ал нақ осы кезең қазақ халқы үшін де дербес этнос болып сақталып қалу, қалмау жөнінде жанталасқа түскен кезең болды емес пе? Бұл кезең Ресесй империясының Қазақстанда Ұлттық мемлекеттікті – хандық басқару құрылымын мүлде жойып, елімізді біржолата басыбайлы бодан еткен шақ болған еді. Сөйтіп, өз жерінен айырылу, Ресейден орыс шаруаларының жаппай қоныстануы, табиғи қазына-байлықты жыртқыштықпен, ашкөздікпен қомағайлана иемдену, зорлықпен орыстандыру әрекеттері жүргізілуі қазақ халқының дәстүрлі шаруашылық әдіс-тәсілдерінен адастырып, ұлт болып сақталып қалу мәселесін күн тәртібіне шығарды. Әрине, осы кезеңде Қазақстанды аграрлық шикізат көзі ретінде ғана пайдаланған империя өз дегенін істеп бақты, соның барысында Ресесйдің ішкі губернияларындағы халықтың саяси және экономикалық артықшылығы орын алды. Сөйтіп, қазақтардың тұрмыс-тірлігі мұнда көшіп келген славян тұрғындарына (орыстарға, украиндарға) қарағанда мүлде құлдырай түсті. Ал империя болса қазақ халқының мұң-мұқтажы, мүддесімен мүлдем санаспады. Міне, осындай өте күрделі кезеңде Қазақстанда жаңа саяси күш – ұлттық либералдық интелегенция пайда болып, олар өз халқын жойылып кетуден құтқару жолдарын қарастырумен болды. Ал мұндай саяси күштің басында Әлихан, Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ойшыл күрескерлер болды. Олар ұлттық қозғалысты ұйымдастырып, соның барысында Алаш партиясын құрды. Бұл партия шын мәнінде реформатор, жаңашыл көзқарасты ұстанып, оны жүзеге асыруға күш салды. Мұндағы жаңашылдық: азаттық қозғалысы принциптерінің негізін салуынан ұлттық-территориялық автономияның бағдарламасы дүниеге келді. Сөйтіп мемлекеттік құрылымды және қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық жаңғыру жолдарының талабына сай жобалары ұсынылды. Бүтіндей алғанда, «Алаш» қозғалысының бағдарламасында қазақ ұлтының ұлттық өзін-өзі билеу негіздері жасалды. Ғасырымыздың басында туған мұндай бағдарламаның әлі күнге дейін өзекті болып келе жатқанын еліміздің Президенті Н.Назарбаев бірнеше рет атап көрсетті де. Өкінішке орай, қазіргі тарих және экономика ғылымдары салаларында «Алаштың» реформаторлық қозғалысының әлеуметтік-экономикалық қырлары жете зерттелмей «ақтаңдақ» күйінде қалып келеді. Ал бұған зерделей үңілгенде қоғамның даму заңдылығы, экономикалық дамудың тарихи алғышарттары мен әдіс-тәсілдері бүкіләлемдік өркениет жетістіктері мен озық өнегелері жөніндегі құнды тұжырымдарыд, пікірлерді жиі ұшырастырамыз. Сондай-ақ, «Алаш» басшыларының Қазақстанның бодандықтан құтылу жолдары, қазақ ауылының тағдыры мен оны жаңғырту, көші-қон қозғалысы мәселелері жөніндегі көзқарастары қазіргі таңда да өте-мөте маңызды болып табылады. Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімі мен әдебиеттану ғылымы саласындағы аса зор шығармалары тәрізді экономика мәселесінде бүтіндеп сүбелі еңбек жасай қойған жоқ. Дегенмен де оның көптеген мақалалары мен айтқан айшықтарында қазіргі экономикалық даму заңдылықтары үшін аса қажетті маңызы зор тұжырымдары жетерлік. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 145-148, 158, 161, 163-сандарында «Шаруашылық өзгерісі» атты өзекті мәселе көтерген үлкен мақала жарияланған. Мақала авторы көрсетілмеген, десек те ұлт басылымы бетінде ауқымы кең, маңызы зор мұндай сауалды тек жауапты жан ғана көтерері анық. Ал басылымның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы, демек мақала авторы да Ахмет екені даусыз. Жалпы, бұл мақаланының маңыздылығы мен өзектілігі жағынан салмақтасақ, мұны Ахмет Байтұрсынұлы және «Алаш» қозғалысының экономикалық манифесі деуге болады. А.Байтұрсынұлының бағамдауы бойынша тарихи прогресс адамдардың шаруашылық жүргізу әдістерінің өзгеруі арқылы айқындалып отырады. Сондай-ақ, күрескер ағартушының көзқарасы мен пайымдарына қарағанда, сол кезеңнің өзінде-ақ ол маркстік әдебиетпен жете таныс болған. Сонымен қатар, оның көзқарасы маркстік әдебиеттің ықпалымен емес, батыстағы экономикалық көзқарастардың ықпалымен қалыптасқаны аңғарылады. Өйткені, «Алашорда» басшылары батыс ойшылдарының еңбектерімен жете таныс болған. Сөйтіп, олардың экономикалық, саяси және әлеуметтік көзқарастарының қалыптасуына Батыста туыныдаған озық өнегелер мықтап әсер еткен. Олардың қазақ қоғамының ерекшелігін дұрыс зерделеп, әлемдік өркениет дәрежесіне көтеру жолдарын дұрыс бағамдағанына мысалдар аз емес. «Шаруашылық өзгерісі» топтамасымен басылған мақалаларда халықтың шаруашылық тұрмыстық өмір тірлігін эволюциялық жолмен өзгерту жөніндегі көзқарасқа мықтап табан тірейді. Ахаң ғаламдық ілімдерді сарапқа сала отырып, қоғамдық экономикалық фармацияны бұрынғыша таптастырудан бас тартып, жаңаша алты сатыға жіктейді: 1). Аңшылық дәуір; 2). Жануарларды тіршілікке икемдеу, бақташылық (бағбандық) дәуір; 3). Жер шаруашылығының дамуы мен пайда болу дәуірі; 4). Жер шаруашылығы мануфактуралы (кәсіби игеру) дәуірі; 5). Жер шаруашылығы мануфактуралы-тауар айналымы дәуірі; 6). Машиналардың пайда болуы және таралу дәуірі. Ал қоғамның эволюциялық дамуының қозғаушы күші қоршаған табиғи орта, халықтың тығыздығы, техникалық прогресс, өзге елдердің жетістіктері, саясат пен заң, дін мен адамгершілік, білім мен оның таратылуы, сыртқы ықпалдар, мемлекеттің мақсаты болып табылатынын Байтұрсынұлы дөп басып көрсете білген. Ол тұрмыс-тіршіліктің өзгеруі ешқашанда шұғыл түрде жүзеге аспайтынын, мұның өзі көптеген ғасырлар бойы сандаған сатылар арқылы жүзеге асатынын нақты айта алды. Сөйтіп, ұлы ойшыл тірлік көзін секірмелі түрде өзгертуге болмайтынын, оның бірқалыпты эволюциялық жолмен дамуы орынды екенін көрсетеді. Мұндай теориялық тұжырымдар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және олардың көзқарасымен ортақ болған серіктері қазақ халқының болашағы мен қазақ қоғамының даму заңдылықтарын дұрыс болжап, мүмкіндіктерді дұрыс қарастырғанын, ал көшпелі өмір салтын дереу отырықшылыққа ауыстыру, жер шаруашылығын, жалпы шаруашылықты бірден отырықшылық тәсілге аудару, экстенсивті мал шаруашылығына ауысу зор қателік болғанын ұғыну қиын болмаса керек. Ал патшалық Ресейде кейінгі кезеңдегі кеңестік дәуірдегі отырықшылыққа шұғыл көшіру қандай зардапты болғанын бұл күні жақсы білеміз. Өкінішке орай, сол кезеңнің өзінде қазақ зиялыларының бір тобы «Айқап» журналының маңына шоғырланып, патша әкімшілдігінің сойылын соғып, орыс шаруаларының көптеп қоныс аударуы үшін қазақ жерлерін отырықшылыққа көшіру нәтижесінде босатып отыруды жақтады. Мұның қате екенін Әлихан Бөкейхан өз сөзінде кеңінен дәлелдеп көрсетіп отырды. Алайда, Алашорда басшылары отырықшылыққа және жер шаруашылығына ауысуға мүлде қарсы болған жоқ. Олар бұған эволюциялық жолмен біртіндеп көшуді уағыздады. Мұның өзі 1917 жылға дейін жан-жақты сөз болып, кеңінен қозғалды деуге болады. Осы жылдан қазақ жеріне төңкеріс дүмпуі келіп, ұжымдастыру басталып, ел арасында отырықшылыққа жаппай көшу күштеп жүргізілгені мәлім. Мұның салдары қандай зардаптарға, қайғы-қасіреттерге ұрындырғаны баршамызға белгілі. Егер еліміздің тарихындағы түрлі реформалар Әлихан мен Ахмет бастаған қазақ зиялыларының көзқарастарына сай жүргізілген болса, халқымыз мұндай алапат нәубетке ұрынбаған болар еді. Мұның өзі қазіргі күнге де сабақ болса керек. Бүгінгі таңда да ауылдағы күрделі ахуалдарға көз жүгіртсеңіз, ел ішіндегі асығыс жаңартулардың олқы тұстары «мен мұндалап» тұр. Демек, «Алаш» қозғалысы басшыларының әлеуметтік экономикалық көзқарастары мен тұжырымдарын, жоба-жоспарларын бүгінгі таңда да мықтап ескеріп, оқып-үйреніп басшылыққа алып отыруымыз өте маңызды, әрі келешекке қажет демекпін. Шындығында, Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық даму заңдылықтары жөніндегі көзқарастарын тереңдей зерделесек, ол қоғамның дамуының қозғаушы күші таптық күрес емес екенін, сондай-ақ, қазақ қоғамының тапқа бөлінуін зардапты деп дәлелдегенін ұғынамыз. Ол «Төңкеріс және қазақтар» (Революция и киргизы) деген мақаласында қазақтарда капитализмнің нышаны да, тапқа жіктелу де жоқ екенін, тіпті меншік дегеннің өзі өзге халықтар секілді нақты айқындалып белгіленбейтінін, көптеген тұтыну заттары ортақ игілік болып табылатынын баса көрсетеді де, қазақтардың Ресейдегі алғашқы 1917 жылғы Ақпан төңкерісін барынша құптағанын мұны патша үкіметінің езгісінен құтылу деп қабылдағанын, ал екінші төңкерісті қорқынышпен, үреймен қарсы алғанын, мұны мүлде түсінбегенін, өйткені, қазақтардың арасында таптық (жікке бөліну) антагонизм болмағанын нақты дәлелдеп жазады. Ахмет Байтұрсынұлы мұнан басқа «Этностың пайда болуы және 1913 жылдардағы экономикаға сыни көзқарас» деген мақаласында экономика мен ғылым-білімнің тығыз байланысы, оның тарихи шарттарын негіздеді. Сөйтіп ол кез келген қоғамдағы прогрессті сауаттандыру, білімді болумен тығыз байланысты екенін атап көрсетті. Қандай бай болса да білімсіз халық сол байлығынан айырылатынын, оның қазына байлығы білімдар халықтың қолына ауысатынын атап көрсетеді. Әрі ол нақты сандық есептеулермен экономикамыздың біржақты шикізаттық бағдарға ұрынуын, біздің технологиялық ілімді игермегініміз, артта қалушылығымыз екенін дәлелдей отырып, өзге өркениетті жұрттарға жем болатындығымызды көрсетеді дейді. Көреген ойшыл еліміздің ұлттық шаруашылығына бір жағынан халықтың өресіздігі зиян келтірсе, екінші жағынан сауатсыздықтың салдары да елді тәуелділікке ұрындыратынын ескертеді. Сондай-ақ, бұл мәселені саналы азаматтың мықтап ескеруі тиіс екенін баса айтады. Байқағандарыңыздай Байтұрсынұлы айшықтары тәуелсіз еліміздің ұлттық экономикасын жасап отырған бүгінгі таңдағы өзекті тақырыптарымызбен де үндесіп жатыр. Ахаңның пайымынша «халықты озық ойлы технологиялық ақыл-оймен қаруландыра алсақ, онда шет жұрттардың езгісінен құтылатынымыз сөзсіз». Бұл ой-пікір ХХ ғасырдың басында айтылса да дәл қазіргі тұрмыс-тірлігімізді жақсарту жөніндегі біздің ой-арманымызбен қабысып, кірігіп жатыр. Тіпті, бір ғасыр бұрын қазіргі біздің алдымызда шешімін күткен мәселені дөп басып, болжап айқындаған А.Байтұрсынұлының көрегендігіне қалай сүйенбессіз. Ал патшалық Ресейдің аграрлық саясатына жер мәселесіне Алашорда басшыларының көзқарасын бағамдасақ та, көп жайтті айқын аңғаруға болады. 1905 жылы шілде айында қазақ зиялыларының бір тобы Ресей үкіметіне өз наразылықтарын білдірді. Онда орыс бодандығына түскен қазақ елі, ата-бабамыздың қанымен ие болған жеріне деген меншіктік құқына мемлекеттің қол сұғып отырғандығы атап көрсетіліп, «орыс үкіметінің ешқандай себепсіз қоқан-лоқы күштеу арқылы заң шығарып, бүкіл қазақ даласын мемлекеттік меншік деп жариялауы салдарынан қазақ еліне орыс мұжықтарының ағылып келуіне жол ашылып, ең шұрайлы жерлер соларға беріліп, ал «қазақтар» жарамсыз жерлерге ығыстырылғанын» мәселе етіп көтерді. Ақиқатында, қазақ зиялыларының бұл мәселедегі көзқарасы айқын әрі түсінікті еді. «Қазақ жерінің мемлекеттік меншік болып жариялануы және келімсектердің қоныс аударуы дереу тоқтатылуы керек». Қазақтардың ұйғарымынсыз орыстар олардың жерін уақытша да, өмірлікке де пайдалануына, иеленуіне жол берілмеуі тиіс деген олар патша үкіметіне жіберген талабында. Ахмет Байтұрсынұлы «бодандық ағынды тоқтату керек. Бүкіл жерімізді меншігімізге алып, өзіміздің дәстүрімізбен өмір сүрейік» деп дабыл қақты. Алашордашылардың империяның аграрлық саясатына қарсы және ұлттық өзін-өзі басқару (билеу) жолындағы бүкіл күресі шын мәнінде осынау ұранға сайды. Мұндай ойды Думаның мінберінен Мұсылман фракциясы мүшелері үнемі айтумен болды. Бірақ, А.Байтұрсынұлы Мемлекеттік дума депутаты емес еді. Алайда, оның қазақ жұртының жері «мемлекеттік меншік болмауы тиіс, бұл қазақ халқының тікелей өзінің меншігі болып табылатындығы жөніндегі ойлары» Ресейдің парламентіндегі тұңғыш заңгер Бақытжан Қаратаевтың аузымен бірнеше рет айтылады. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және қазақтың өзге де демократ азаматтарының жер мәселесі жөніндегі көзқарастары «Алаш» партиясының бағдарламасында барынша айқын қамтылды. Олар Жер туралы Құрылтай жиналысының заңын шығарғанда жерді бірінші кезекте төл халыққа үлестіріп беру мәселесін көтерді. Мұның өзі жергілікті ұлттың мұң-мұқтажы мен талап-тілегіне сай келетіні түсінікті. Сондай-ақ, бағдарламада жерді сатуға үзілді-кесілді тыйым салынатыны жөнінде де нақты айтылды. Мұның өзі қазақтардың өз жерінен айырылып қалу қаупінен, жерді байлар мен шет жұрттық іскерлердің сатып алып иелену қаупінен туындаған көзқарас болатын. 1911 жылы А.Байтұрсынұлы «Айқап» журналында «Қазақ өкпесі» деген мақаласында жерді сатуға құқ берген жағдайда кейбір қазақтардың меншігіне алған жерін дереу сатып, сауық-сайран салатыны, сөйтіп ертеңінде-ақ қаңғырып қалатынын кеңінен сөз етеді. «Қазір қазақтар арасында жерін жалға бергісі келгендер аз ба? Кімде-кім жерін жалға бергісі келгенімен, оны сатпай тұра алмайды ғой» деп жазды ол. Бұл сөзде халықтың мұң-мұқтажын тереңнен ойлағандықтан ащы шындық жатты. «Алаш» партиясының бағдарламасында «аудандық және ауылдық қоғам жерді жеке отбасылар болып емес, бір атадан тараған туыстар бірігіп пайдалану жүзеге асырылуы тиіс, бүкіл жер байлығы – ірі ормандар, өзендер мемлекеттің қарауына жатады және жер жөніндегі құрылым арқылы басқарылады» деп жазылды. Сөйтіп, «Алаш» партиясының бағдарламасында экономика мәселесіндегі аграрлық бөлімінде қазақ көшпелі қоғамының ішінде жерді ұжымдық пайдалану жөніндегі талаптар қамтылды. Мұның өзі жерді жеке адамдардың бөлшектеп меншіктену институтын жойып, жер сатуға, әсіресе жер шет жұрттықтарға сатуға тыйым салу мақсатынан туындады. Бұл дегеніміз кертартпалық консерватизм нышаны емес, қазақ демократтарының халықтың табиғатын терең түсінгендігінің, сол кезеңдегі нақты тарихи жағдайға сергек қарай білгендігінің белгісі еді. Олар қазақтар арасында тауар – ақша, нарықтық қатынас барынша дамып, ұлттық буржуазия қалыптасатынын, сөйтіп бұлар бүкіл халықтық мүддені қорғауға қабілетті болатынын аңғара алды. Демек, бүгінгі таңда да біз жер реформасын жүргізгенде жерді жеке меншікке беру ұранын көтеріп, алғы кезеңге де көз жібермей отырғанымыз жөн болмақ па? Қазақ қоғамында қазір жоғарыда «Алаш» партиясы атап көрсеткеніндей, ұлттың мүддесін қорғауға бейім буржуазиямыз қалыптасып үлгерді ме? Бұл тұрғыдан салмақтасақ, жерді жеке меншікке беру мәселесіндегі қызу айтыс-тартысқа күдікпен, сақтана қарағанымыз жөн болар. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселедегі алашордашылардың көзқарасы қазіргі күнге де қызмет етіп тұрғанын аңғару қиын болмаса керек. Бұған дейін үнемі айыпталып айтылып келгеніндей, Байтұрсынұлы және ұлттық либералдық зиялылар «қазақ халқын ескірген орта ғасырлық шаруашылық жағдайына кері сүйреген» жоқ, қайта олар халықтың жақсы өмір сүруін көздеп, жекелей ауыл шеңберінде шаруашылықты ортақтасып өз алдына дербес жүргізуді, нарық экономикасы дағдысын меңгеруді, сонан кейін барып, жерге жекеменшік құқын иеленуді жақтады. Бұл Байтұрсыұлының өз халқына деген протекционизмі болды. Өйткені, қазақтар әлеуметтік экономикалық даму жағынан көрші халықтардың әсіресе, экономикалық жағынан іскерлігі, кәсіпкерлігі, мәдениеті едәуір дамыған ұлттарға қарағанда артта қалып келгені жасырын емес. Ахмет Байтұрсынұлы мен оның жақтастары өздерінің аграрлық мәселе жөніндегі көзқарастарынан Кеңес үкіметі жылдарында да бас тарта қойған жоқ. Мәселен, 1920 жылы шабындықтар мен жыртылған жерлерді теңестіру өлшемін олар негізсіз эксперимент және «даладағы азамат соғысы» деп есептеді. Олар 1928 жылғы малды тәркілеуге қарсы шығып, мұны «халықты тонау» деп әшкереледі. Ең бастысы, қазақ қоғамының әл-ауқатын көтеруге қажетті ірі корпоративтік және фермерлік шаруашылықтарды құру идеясын негіздеді. Тұтастай алғанда, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және «Алаш» партиясының өзге арыстарының еңбектерінде экономиканың өтпелі кезеңі теориясының негізін Қазақстанның өмір сүру ерекшелігін ескере отырып, жан-жақты дәлелдеп жасады және шаруашылық түрлерінің дәстүрлі әдіс-тәсілдерінен жаңа нарықтық қатынасқа байыппен, бірқалыпты, эволюциялық ырғақпен көшудің жолдары айқын көрсетілді. Бұл жағынан қарағанда, олардың көзқарастары мен ақыл-ойлары өздері өмір сүрген қасіретті кезеңінен әлдеқайда озық болғанын және сол кезеңдегі билеушілерге түсініксіз болып қалғанын ұғынамыз. Тек бүгінгі таңда олардың аса бай мұрасын зерделеп-зерттеп, қазіргі ұрпақ олардан бүгін өздерін толғандырып жүрген көптеген күрделі мәселелерге нақты ғылыми жауап тауып отыратыны күмәнсіз. Осы қырынан алғанда, өзге кемеңгерлер секілді Ахмет Байтұрсынұлы қашанда уақыттан озық тұрған ұлы тұлға. Әр ұрпақ оны өзінше бағалап, әр ұрпақ одан үнемі оқып-үйреніп отыратыны күмәнсіз.

Нұргелді Уәлиұлы,

филология ғылымдарының докторы

ҰЛТТЫҚ ЖАЗУДЫҢ ҰЛЫ ДИҚАНШЫСЫ

Cан ғасырлық тарихы бар, өркениетті әлемге кеңінен тараған араб, латын, кирилл, т.б. әліпбилері әр заманда ондаған тілдің жазба түрде қызмет етуіне негіз болып, жалпы адамзат мәдениетінің дамуына, қоғамның ілгерілеуіне ерекше ықпал етті. Олардың біреуі «жақсы», «керемет», екіншісі «түкке тұрғысыз», «нашар» деп үзілді-кесілді «үкім» шығаруға болмайды. Мұндай үкім әліпби туралы айтыс-таласта бұрын да көп айтылған, қазіргі кезде де аз айтылып жүрген жоқ. Әрине, белгілі бір тілдің дыбыстық құрылымына негізделген әліпби жүйесін екінші бір тілге механикалық тұрғыдан көшіре салу оң нәтиже бермейді: ондай графикалық жүйені игеру үшін мыңдаған адам, мейлі араб, мейлі латын, мейлі кирилл әліпбилері болсын, артық уақыт, артық күш-жігер жұмсайды. Сондықтан мәселе белгілі бір әліпбиді нақты бір тілдің дыбыстық жүйесіне оңтайлы етіп беруде болып отыр. ХV-ХVІІ ғғ. қазақ мемлекеттігімен байланысты қазақ тілінде жазылған әр түрлі жазба мәтін, құжат нұсқалар болды. Демек жазба тіл болғаны хақ. Қазақ хан-сұлтандарының бұйрық-жарлықтары, көрші елдермен жазысқан дипломатиялық қатынас қағаздары, өзара жазысқан хаттары т.б. ескі қазақ жазба тілінің үлгі-нұсқалары болып саналады. Академиктер Ә.Марғұлан, Р.Сыздық т.б. ғалымдар Қадырғали би Жалайыридың тарихи жазбалары, Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресін» ескі қазақ жазба тілінің бастау көздеріне жатқызады. Проф. Бабаш Әбілқасымов «Түркістан уәлаяты» (1870-1882), «Дала уәлаяты» газеттерін ескі қазақ жазба тілінің үлгілері деп таниды. Сондай-ақ Мәшһүр Жүсіптің жазба мұраларында ескі қазақ жазба тілінің үлгілері молынан кездеседі. Рас, ескі қазақ жазба тілінің жазу жүйесі күрделі. Өйткені оның құрылымы әртекті (гетрогенді) болды: 1) қазақ тілінің элементтері, 2) ескі қыпшақ тілінің элементтері, 3) қарлұқ, оғыз-қыпшақ, сондай-ақ араб-парсы тілдерінен алынған ауыс-түйістер молынан кездесіп отырды. Осыған қарап кейбір зерттеушілер бұл тілді шағатай немесе ескі татар тілі деп қате тұжырым жасады. Қазақ топырағында жасалғандықтан, қазақ қоғамына, қазақ мемлекетіне қызмет еткендіктен, қазақтың халық тілі элементтері, әуелде аздау болғанымен, кейініректе молынан қолданылғандықтан, бұл тіл ескі қазақ жазба тілі деп арнайы терминмен аталып жүр. Әрине, ескі қазақ жазба тілі бастан-аяқ қазақтың халық тілі болмағанмен, сауатты, хат танитын адамдардың қатынас құралы болып, қоғамның мәдени қажетін өтеді. Әсіресе ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ағартушылар, белгілі түркітанушы ғалымдар жазу-сызуды реформалау қажеттілігіне айрықша назар аударып, демократиялық бағытқа қарай бетбұрыс жасауды көздеді. Жазу-сызуды демократияландырудың негізгі мәні жазуды барынша халық тіліне жақындату еді. Жазу жүйесіндегі таңбалар ауызша тілдің дыбыстық жүйесіндегі бірліктерді бейнелеуге тиіс болды. Ал бұрынғы араб әліпбиіне негізделген түркі жазуының графикалық жүйесінде ауызша қолданыста жоқ архаикалық элементтер мен орфографиялық шарттылықтар, екіұшты оқуға болатын таңбалар жиі кездесіп отырды. Міне, мұндай жайттар араб әліпбиінің түркі тілдерінің дыбыс жүйесіне жарамсыз деген пікірлердің жиірек айтылуына себеп болды. Бұл жерде араб әліпбиін «жарамсыз» деуден бұрын, алдымен араб әліпбиіне негізделген түркі жазуы қайсы тілдің дыбыстық жүйесінің графикалық көрінісі деген мәселенің басы ашылмаған болатын. Шындығында, ол кездегі түркі жазба тілі белгілі бір халықтық тілдің («тірі» тілдің) лексикалық, грамматикалық, дыбыстық жүйесінің дәлме-дәл бейнелеген емес. Ол халықтық тілден едәуір айырмасы бар кітаби тілдің тұрпат межесін белгілейтін графикалық жүйе болатын. Сондықтан сол кездегі тілдік жағдаятты халық тілі өз алдына, ал жазба тіл өз алдына жүйе деп тануға болады. ХІХ-ХХ ғғ. мұндай гомогенді диглоссия жағдаяты ағарту ісін қалың бұқараға қарай бұру ісіне қиындық келтіре бастады. Жазу-сызуды азғана топтың емес, жалпы жұртшылықтың игілігіне айналдыру мақсаты тұрды. Бұқара жұртшылықтың сөйлейтін тілінен оқыған сауатты адамдар қолданатын кітаби тіл жүйесінің едәуір айырмасы болды. Осымен байланысты барлық ағартушылар алдында екі түрлі бағыт тұрды. Бірі бұрынғы кітаби тілдің жазу жүйесін өзгертпей-ақ халықтық тілдің элементтеріне кеңінен жол ашу; екіншісі - жазу-сызуды ауызша тілдің жүйесіне лайықтап жасау, яғни жазу-сызу жүйесін түбегейлі реформалау еді. Жазу-сызумен байланысты бұл екі бағыт қазақ қоғамының мәдени өмірінде жарыса жүрді. «Дала уалаяты», «Айқап», «Қазақ» т.б. мерзімді басылымдар мен кейбір баспа өнімдері тіліне халықтық тіл элементтері дендеп ене бастағанмен, ескі жазба тілге тән кейбір нормалар сақталып отырды. Оның бірнеше себептері болды. Солардың негізгілері, бір жағынан, дінге, екінші жағынан, жазудағы ортақ дәстүрлі норманы сақтау дегенге саяды: «[...] үш жүз миллион мұсылман халықтың арасында біз, қазақ та, бармыз. Біз де сол жүз миллион мұсылмандарша араб хәрпін қабылдап отырмыз. Біздің тіліміздегі бар дыбыстардың араб хәрпінде жоқтары бар, араб хәрпінде бар дыбыстардың біздің тілімізде жоқтары бар. Соның үшін араб хәрпін тілімізге дөп келерлік етіп бейімдемек, жазуды еркін бет-бетімен жаза бермей, белгілі бір соқпаққа салмақ бізге де міндет. Бұрын бұл мәселе ескерілмесе де, енді ескерілетұғын көрінеді. Соқпақ саламыз дегенде ескерілетін жерлер: Біз, қазақ халқы, мұсылман дініндеміз, мұсылман болғанымыз үшін біздер мұсылман дінін үйренуге, шариғат хүкімдерін білуге, ислам дінінше амал қылуға борыштымыз. Ислам дінінше амал қылу үшін біз «Құран» оқуға, үйренуге міндеттіміз. Соның үшін біз өзімізге арнап емле түзгенде, сол ислам дінін үйренуден алыстарлық емле қолданбаумыз керек. Балаларымыз діни рухта тәрбие алсын. Жұрттың бәрінің бірдей балаларын зор медреселерге жіберіп, ислам ғылымын түгел оқытуға парасатты бола қоймайды; бір қатарлары балаларын тезірек хүкімет мектебіне береді; бір қатарлары намаздығын танып, жазу-сызу білетұғын болған соң үй шаруашылығына айналдырады; соның үшін де балаларымыздың жасынан-ақ дін ғылымына түсініп, құран оқуға үйренуі, араб хәріптеріне жаттығулары тиіс. Қазақша «Әліппе» жазушылар осы жағын өте ескеру керек. Осы күнгі қалыпта хүкімет мектептерінде оқып жүрген қазақ шәкірттерінің көбі-ақ бұл айтылған қалыпқа келіп жетпейді. Араларында құран аятынан екі жол қосып оқи алмайтындары да толып жатыр, бұл – бір. Екінші, хәріп жаңа «Әліппе» жұртты қосуға да, айыруға да себепкер болғандықтан, біздің тұтынған хәрпіміз басқа түркі балаларының хәріптерінен ұзақтап бөлініп кетпеске тиіс; аталарымыз «саяқ жүрсең таяқ жерсің» депті ғой. [...] біз не де болса бізден көрі мәдениет дyниясына бұрын аяқ басқан, бізден көрі ояуырақ діндес-қандасымыз ноғай жұртынан алыс жүрмелік. Соларменен ұрандасып, бірімізге біріміз шылбыр берісіп, бірге қимылдалық» (М.Сералин. Айқап. №4, 1914). Ал екінші бағыт ескі кітаби тілдің грамматикалық жүйесінен (араб әліпбиінен) мүлде бас тартып, орыс жазуына көшу болатын. Бұл жөнінде кейбір қазақ оқығандарының арасында айтылып жүрген пікірлердің сыңайы мынадай: «Инспектором инородческих школ Оренбургского ученого округа г.Катаринским, при участии учителей-киргиз, составлен и частью издан целый ряд книжек для чтения и элементарных учебников для изучения киргизами русской грамоты и русского языка... Важной особенностью всех этих книжек является то, что киргизский текст напечатан в них русскими буквами. Этим достигается та выгода, что для учащегося киргиза до невероятности облегчается возможность научиться читать на родном языке, если киргизские слова изображены русскими буквами. Это потому, что русская азбука гораздо лучше и точнее передает звуки киргизского языка, чем арабская, при том одна и та же арабская буква имеет несколько начертаний, что представляет главное неудобство арабского алфавита. При том же, при новом способе начертания киргизского текста, по одной и той же книжке могут с одинаковым успехом учиться как киргиз русскому языку, так и русский киргизскому. Счастливая мысль – заменить для киргиз арабский алфавит русским, как известно, впервые пришла в 70-годах известному Алтынсарину, применившему ее на деле, и с тех пор составляет мечту всех образованных киргиз, желающих облегчить своему народу путь к просвещению. Тем более эти книги достойны внимания, что они являются первой после Алтынсарина, попыткой освободить киргизский язык от арабщины и татарщины, которыми сплошь и рядом наполнены обыкновенные киргизские книжки» (О.Альжанов. Полезные книги для киргизов). Қазақ тілін «арабщина», «татарщина»-дан «құтқару» идеясы шын мәнінде Н.Ильминскийдің миссионерлік саясатының «жемісі» болатын. Н.Ильминский қазақтарды ашықтан-ашық ислам мәдениетіне қарсы қою әрекетінен нәтиже шықпасын жақсы білді. Қазақ қоғамындағы ислам мәдениетінің түп тірегі жазуда екенін, бұратана халықтарды дәстүрлі дінінен айыру үшін ең алдымен олардың әліпбиін, жазу-сызуын аластау екенін жақсы түсінді. Қазақ қоғамындағы араб жазулы рухани дүниенің бәрін «татарша», «тілі шұбарланған», «таза емес», араб-парсы сөздерімен шұбарлаған деп қазақтың ескі жазба тілі (кітаби тілі) деп аталатын рухани-мәдени құндылықты халық тіліне қарсы қойды. Бірін даттап, екіншісін мақтады. «Алфавит служит обыкновенно признаком и памятником соотношений религиозных. Та почти историческая аксиома, что когда один народ принимал от другого народа веру, то вместе с верой принимал от него и алфавит. ...Если бы каким-нибудь чудом все подвластные России племена, исповедующие магометанство, вдруг приняли православную веру, то и русский алфавит вошел бы к ним без всякого затруднения. Но пока они остаются в магометанской вере, до тех пор русской азбуке будет крайне трудно бороться с алфавитом арабским. Если, в виду тех или других соображений необходимо ввести в языке магометанские племен русскую азбуку, то нужно найти или создать какую-нибудь опору для нее в симпатии магометан. За недостатком религиозного сочувствия, можно опереться, напр., на идею звукового преимущества. Арабский алфавит очень неудобен для языков татарских, поэтому особенно, что бы беден знаками для гласных звуков, которыми напротив языки татарской группы богаты» деп. Н.Ильминский араб әліпби түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің дыбыс жүйесін, әсіресе дауыстыларын бере алмайды деп, қазақ оқығандарын иландыруға тырысады. Қазақтың ескі кітаби тілінің құрылым жүйесінде кездесетін а) архаикалық белгілерді, ә) қарлұқ, б) оғыз-қыпшақ, в) қыпшақ элементтерін, г) орфографиялық шарттылықтардың бәрін «татардікі», «қазақтікі» емес деп уағыздайды. Сол уағызға ерген кейбір қазақ оқығандары қазақтың ескі жазба тілін «татарщина», «арабщина» деп жағымсыз реңмен атады. Н.Ильминский алғаш рет қазақ тілі материалдарын орыс жазуына түсіріп, орыс әліпбиімен берудің үлгісін жасады. Ондағы көздеген мақсаты орыс әліпбиін қазақ оқығандарының санасына сіңіру, сөйтіп, араб әліпбиін «жарамсыз» етіп, қазақ қоғамын ислам мәдениеті мен рухани дүниелерін шеттету еді. Оны Н.Ильминскийдің мына сөзінен айқын аңғаруға болады: «Так и у нас в России единство алфавита, даже самое точное, не приведет к внутреннему единению инородцев с русскими, пока первые не объединятся с нами в вере православной. Я даже полагаю, что иноверные инородцы, имеющие свою религиозную письменность, как, например, татары-магометане, или ламайцы-буряты, не примут русского алфавита ни целиком, ни с какими угодно приспособлениями и прибавками. Все наши инородцы, как и русский сельский народ, находятся в периоде религиозного миросозерцания и руководствуются религиозными мотивами». Н.И.Ильминскийдің қазақ тілі дыбыстарын орыс әліпбиіндегі әріптермен таңбалауы онша сәтті бола қойған жоқ. Араб әліпбиіндегі әріптер дауыстыларды таңбалауға кедей болса, орыс әліпбиі дауыссыздарды таңбалауға жеткіліксіз болып шықты. Н.И.Ильминскийден кейін де қазақ мәтіндерін орыс әліпбиімен берудің В.В.Радлов, Ы.Алтынсарин, В.Катаринский т.б. жасаған үлгілері болды. Бірақ сол үлгілердің бәріне ортақ кемшілік – қазақ тілі фонологиялық жүйесінің жыға танылмауымен байланысты еді. Міне, осы қысқаша баяндаудан халық тілінің дыбыстық жүйесін белгілейтін жаңа типтегі әліпби түзуде, жазу үлгісін жасауда едәуір қайшылықтар мен қиындықтардың діни, азаматтық, дәстүрлі мәдениет пен ағартушылықтағы жаңа бағыт т.б. тәрізді аса күшті әлеуметтік факторлармен байланысты екенін байқауға болады. Сонымен, қазақ жазуына реформа жасаушылардың алдында негізінен мынадай басты міндеттерді шешу күн тәртібінде тұрды: қазақ жазу-сызуы қай әліпбиді қолдану керек? Графикалық жүйенің мазмұн межесі байырғы түркі жазба тіліне тән архаикалық элементтерді, қарлұқ, оғыз-қыпшақ (қыпшақ-оғыз), таза қыпшақтық, қазақтық белгілерден тұратын құрылымдық жүйені белгілеуі керек пе, әлде бірыңғай таза халықтық тілдің (сөйлеу тілін) жүйесін тірек етуге тиіс пе? Жазу жүйесі жалпы халықтық тілдің құрылымын арқау етсе, қай әліпбиге (араб әліпбиіне, әлде орыс әліпбиіне) негізделуге тиіс? Тілдегі фонемалардың құрамы дұрыс анықтала ма? A.Байтұрсынұлы жазу-сызудың арқауы халықтық тіл болуы керек деген тұжырымды ұстанып, жазуды аз ғана оқығандардың емес, көпшіліктің білім, тәрбие құралына айналдыру, яғни жазу-сызуды демократияландыру қағидасын дәйекті түрде жүзеге асыруды, даналықтың дәнін себуді мақсат етті. Солай еткенде ғана жазу-сызу ат төбеліндей аз ғана элитарлық топтың ғана емес, күллі халықтың игілігіне айналуға тиіс болды. Осымен байланысты ағартушылардың алдында екі таңдау тұрды. Біріншісі – оқу-ағарту, сауаттандыру ісінің бұқаралық сипат алуы үшін араб графикасына негізделген бұрынғы әліпбиді негізге алып, ескі жазба тілдің графика емле дәстүрін сақтай отырып, қолданыстағы жазу дәстүрінен қол үзбей, тек азды-көпті оңтайландыру болды. Бұл Айқаптың ұстанымы еді. Екіншісі – ескі жазба тілдің графикалық жүйесінен мүлде бас тартып, қара халықтың ауызша тіліне негізделген әліпби жүйесін жасау. А.Байтұрсынұлы екінші жолды таңдады. Мұның бірнеше себептері болды: біріншіден, күнделікті өмірде қолданылып жүрген тілдің дыбыс жүйесін арқау еткен жазу-сызуды халық тез игеретінін, екіншіден, Р.Сыздықтың айтуынша, ХV–ХVІІ ғғ. қазақ халқының мәдени өмірінде […] қазақ халқын құраған ру-тайпалардың әріден келе жатқан поэзия тілінің негізінде ауызша дамыған әдеби тіл қызмет етті. Осы аталған ауызша тілдің үлгілері болып саналатын шешендік сөздер, эпикалық туындылар, ақын-жыраулардың аса мол көркем дүниелері, мақал-мәтелдер, тұрмыс-салт жырлары т.б. түбінде жазба тілдің нормаларына тірек болатынына, сондай-ақ қазақ тілінің бірегей, біртұтас тіл екеніне Ахаң жете мән беріп, тереңнен түсінді. Бұл факторлар жазуды халық тіліне негіздеудің тиімділігін көрсетті. Ал өзбек, ұйғыр, татар тілдерінде диалектілік құбылыс басым болғандықтан, халық тілі біртұтас болмады. Халық арасына аса кең тараған эстетикалық-тәрбиелік, танымдық мәні, көріктеуіш құралдары, азаматтық-қоғамдық үні айрықша ауызша әдебиет үлгілері бар екенін, оның қалыптасқан тілдік, стильдік нормалары жаңа сападағы жазу-сызу тyзуге мықты тірек болатын әлеуметтік-тілдік фактор екенін А.Байтұрсынұлы терең түсінді. Жалпы тіл білімінде тұңғыш фонологтар деп әдетте әліпби түзушілерді айтады (олардың фонологиялық зерттеу жазуы шарт емес). А.Байтұрсынұлының қазақ тілінің дыбыстары жөніндегі фонологиялық көзқарасы алдымен өзі түзген әліпбиден көрінеді «Қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар. Оның тоғызы дауысты, он тоғызы дауыссыз. Дауысты дыбыстар: ا /а/, و /о/, ﯟ /ұ/, ى /ы/, ه /е/ және ә, ө, ү, і. Дауыссыз дыбыстар мынау: ب /б/, پ /п/, ت /т/, ج /ж/, ﺶ /ш/, د /д/, ر /р/, ﺯ /з/, س /с/, غ /ғ/, ق /қ/, ك /к/, گ /г/, ڭ /ң/, ل /л/, م /м/, ن /н/. Жарты дауысты дыбыстар: шолақ ﯟ /у/, һәм шолақ ي /й/.» Бірақ А.Байтұрсынұлы тоғыз дауыстының бас-басына таңба алмай, «Бес дауысты» жүйемен әліпби түзе келіп, олардың әрқайсысын бір-бір әріппен белгілейді. Сөйте отырып, әлгі әріптер арқылы жазуда әр фонеманың екі түрлі әуезін (жуан, жіңішкелігін) сол фонеманың таңбасына сыйғызып береді. Сөйтіп, төрт дауыстының бас-басына әріп алмай-ақ, дәйекші арқылы жуан немесе жіңішке (дәйекші болмауы – жуан оқуды, дәйекші болуы – жіңішке оқуды) әуезде оқылатындай жазу жүйесін жасайды. А.Байтұрсынұлы әліпби жүйесінің, түптеп келгенде, сол кездегі және қазіргі жазу жүйесінен өзгешелігі әріптердің әрі дыбыстық мәнді әрі сөз әуезін (жуан-жіңішке әуезін) білдіріп, біте қайнасып тұрған ішкі құрылымдық ерекшелігінде. «Біте қайнасқан» бұл ерекшелік қазақ тілінің сингармонизм жүйесімен ерекше үйлесім табады: «Тәнді жан қандай билесе, дауысты дыбыстар басқа дыбыстарды солай билейді; яғни дауысты дыбыстар жуан айтылса, дауыссыз я жарты дауысты дыбыстар да жуан айтылады. Дауысты дыбыстар жіңішке айтылса, басқа дыбыстар да жіңішке айтылады. Бұлай болғанда дауысты дыбыстардың жуан-жіңішке айтылмағын белгілеп айырсақ, басқа дыбыстардың да жуан-жіңішке айтылатындығы да айырылғаны» /А.Байтұрсынов, Тіл тағылымы, 325-б./. А.Байтұрсынұлы түзген әліпби жүйесінде фонемалар мен әріптердің сандық қатынасы 28 /фонема/: 24 /әріп/ болып шығады. Мұндай қатынас, «әліпбидегі әріптің саны фонеманың санына аз-кем төмен болуға тиіс» деген жазу теориясындағы ең жақсы әліпби шартымен үйлесіп жатады. А.Байтұрсынұлы тек әліпби түзіп қойған жоқ, фонология теориясындағы айырым белгі әдісін қолдану арқылы қазақ тілінің дыбыс жүйесі мен түзілімін 9 дауысты, 19 дауыссыз деп тұңғыш рет дәл анықтады. Дауыстылар мен дауыссыздарға берген сипаттамасына қарағанда А.Байтұрсынұлы дауыстыларды функционалдық басыңқы жүйе, ал дауыссыздарды функционалдық бағыныңқы жүйе деп таниды. Мұндай лингвистикалық танымның мәні айрықша. Әдетте басыңқы жүйенің (дауыстылардың) бағыныңқы жүйеге әсері, ықпалы күшті болады. Соның салдарынан бағыныңқы жүйенің (дауыссыздар) жүктемесі де көбейе түседі. Мәселен дауыстылар-ға қарағанда дауыссыздардың реңктері әлдеқайда көп болып, басыңқы жүйенің ыңғайына қарай жуан, жіңішке, еріндік, езулік болып түрленіп отырады. Сөйтіп, жуан немесе жіңішкелік белгі бүкіл сөз бойы тұтаса айтылып, әуен-әуез бірлігіне айналады. «Байтұрсын әліпбиіндегі» (жалпы тіл біліміндегі атауы, Самойловичтің термині) дәйекші әуен-әуез бірлігін бейнелесе, жеке әріптер жекелеген дыбыстық бірліктерді көрсетеді. Байтұрсын жазуының графемалық жүйесі тұрпат межесі тұрғысынан сегменттік әрі суперсегменттік бірліктерді (жуан, жіңішкелікті) белгіледі. Сондықтан да бұл жазу жүйесі қазақ тіліндегі сингармонизм табиғатымен барынша үйлесімді болды. Байтұрсын жазу жүйесінің бұрынғы араб әліпбиі негізіндегі ескі қазақ жазу жүйесінен, орыс әліпбиіне негізделген жазу жүйесінен принципті айырмасы осында еді. А.Байтұрсынұлына дейін араб әліпбиіне негізделген қазақ жазуының тұрпат межесі жуан немесе жіңішкелік белгілерді дауыссыздардың ырқына бағындырып бейнеледі, яғни дауыстылардың жуан, жіңішкелігі дауыссыздардың жуан немесе жіңішкелік таңбасына қарай оқылады. Ал орыс әліпбиіне негізделген жазу болса, біріншіден, сөздің жуан немесе жіңішкелігіне тән белгілерді жеке дыбыстармен «бөлшектеп» берді, екіншіден, дауыссыздар жүйесінің дауыстылар жүйесіне бағыныңқылық қатынасы ескерілмеді. А.Байтұрсынұлы түзген әліпбиді сол кезеңдегі фонологиялық мектептің аға буын өкілдері, әлемдік лингвистиканың көшбасшылары болған Е.Д.Поливанов, сондай-ақ Н.Ф.Яковлев тәрізді көрнекті фонологтер аса жоғары бағалады. Түркітанушы К.К.Юдахин мен А.М.Сухотин латын жазуына көшкенше қырғыз халқының Байтұрсын әліпбиін сол күйінде қолданғанын атап айтады. Мұның өзі Байтұрсын әліпбиінің ұлтаралық мәртебесін көрсетеді. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы түзген әліпби жазу тәжірибесінде жұртшылықты сауаттандыру ісінде өте оңтайлы болғанын М.Дулатұлының мына пікірінен айқын аңғаруға болады: «Қазақ тілін қолына қалам ұстағаннан бері шылғи қазақша жаза бастаған Байтұрсынұлы қазақ емлесі[н] шығарды, оқу құралдары[н] жазды. Осы екі жылдың ішінде «Қазақ» газетасының тіл, емле туралы қылған қызметі көзге көрінерлік болды. Екі жылдың ішінде орта есеппен 250 мың дана «Қазақ» нөмірі тарады, жаңа сөйлеммен 15-тей кітап шықты, бұлар 45 мың данадай бар. Осының бәрі қазақ арасына тарап жатыр. Бұл емлені тосырқап түсінбейміз, оқи алмадық деген ешкімді естігеніміз жоқ. «Қазақ» емлесін мұсылман медреселерінде, орыс школдарындағы шәкірттер, учительдер, мұғалімдер жабыла қабыл еткендігі былтырғы «Қазақ» нөмірлерінің көбінен көрінеді. Бұл екі жылдық қана қызмет, иншала, мұнан кейін артпаса, кемімес деген үміт зор». А.Байтұрсынұлы бұрын тек бір ғана формада, яғни ауызша түрде қызмет етіп келе жатқан ауызша әдеби тілдің графикалық, орфографиялық жүйесін жасап, оның жазбаша түрде қызмет етуін зерделеп берді. Таңба теориясы тұрғысынан алғанда А.Байтұрсынұлының жасаған араб әліпбиі негізіндегі жазу жүйесі тұрпат межесі тұрғысынан жалпыхалықтық тілдің бір формасы болып табылатын ауызша әдеби тілдің дыбыс бірліктерін, ал мазмұн межесі тұрғысынан сол тілдің мағыналық бірліктерін белгіледі. А.Байтұрсынұлының лингвистикалық мұрасын жан-жақты зерттеп, арнайы монография жазған Өзбекстандағы қандасымыз, филология ғылымдарының докторы, проф. Махамбет Жүсіпов қазақ тіл білімі тарихында А.Байтұрcынұлының қазақ тілінің дыбыстық бірліктер түзілімін дәлме-дәл анықтауы арқылы ұлттық жазудың тұңғыш фонемографиялық жүйесін жасағанын атап айтады. Сөйтіп ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынұлы қазақ жазу-сызуын демократиялық бағытқа (халық тіліне) бұрды; қазақ жазуы фонетикалық жазудан фонемографиялық жазуға қадам басты; ұлттық жазудың негізгі қаланды. Қазақ жазуының онтогенездік дамуындағы бұл ерекше кезеңде Ахмет Байтұрсынұлы ақыл-парасаты, қажыр-қайраты лингвистикалық ой тереңдігі жағынан дәуірдің дара тұрған біртуар ұлы тұлғасы болды. Алайда қазіргі қолданылып жүрген орыс графикасына негізделген жазуды, менің ойымша, ұлттық сипаттағы жазу деп тануға болмайды, өйткені, біріншіден, әліпби құрамында қазақтың дыбыс жүйесін бейнелемейтін әріптер бар. Екіншіден, қазақтың төл сөздері қазақ тілінің дыбыс ережесімен, ал толып жатқан кірме сөздер (экономика, медицина, цех, футбол т.б.) орыс орфографиясының ережесімен жазылып жүр. Бұл кезең де Орталықтың нұсқауымен жасалған, тоталитарлық режимнің «құндылықтары». Кіндігі орыс тіліне байланып қалған мұндай қос тілді жазу-сызуды ұлттық сипаттағы рухани дүниеміз деп тану екіталай. Сондықтан да даналықтың диқаншысы болған Ахаңнан тағылым ала отырып, қазақ жазуын түбегейлі реформалау арқылы оған ұлттық сипат беру кезек күттірмес өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Бабаш Әбілқасымов,

филология ғылымдарының докторы

АХМЕТТАНУ ТАРИХЫНЫҢ КЕЙБІР ТҰСТАРЫ

(өткені мен бүгінгісі) Ахметтану ғылымы бұдан 80 жыл бұрын басталған болатын. Ахмет Байтұрсынұлы көзі тірісінде-ақ қазақ халқының рухани көсемі ретінде бүкіл түркітану әлемінде мойындалған еді. 1923 жылы қазақ топырағында, қала берді бүкіл шығыс халықтарында бұрын сонды болып көрмеген жаңа үрдіс – Ахаңның 50 жасқа толған мерейтойының өткізілуі оның мәдениетімізге сіңірген еңбегін жалпы халықтың мойындауы іспетті болғаны белгілі. Бұл мүшелтой алдында, оны өткізу үстінде халқымыздың біртуар ұлдары М.Әуезовтың, М.Дулатовтың, С.Сәдуақасұлының, Е.Омаровтың, С. Сейфуллиннің, Т.Шонановтың, орыс түркітанушылары Е.Поливанов пен А.Самойловичтің Ахмет Байтұрсынұлының көп қырлы еңбегін жан-жақты бағалаған мақалалары мен зерттеулері ахметтану ғылымының алғашқы іргетасын қалады деуіміз керек. Алайда, өкінішке орай, көп ұзамай шығармашылық күш-қуаты толысқан дер шағында Аханның өзі де, жаңа қалыптасып келе жатқан ахметтану ғылымы да сталиндік қан-қапастың құрбаны болып кете барды. Содан 60 жыл өткенде Ахаңды бұл өмірге әкелген туған халқы онымен екінші рет қайта қауышты. Содан бергі өткен он-он бес жыл мұғдарында ғалым мұрасы жиналып, жарияланып, жан-жақты зерттеу нысанына айналып келеді. Ахаңды,оның еңбектерін тереңірек зерделеген сайын ұлтымыздың рухы биіктеп, рухани санамыз өсе түскені мәлім. Жоғары да біз келтірген өз тұстастарының мақалаларында, негізінен, Ахаңның ағартушылық, қайраткерлік істері мен оның тіл әдебиеттану ғылымдарына сіңірген еңбегі сөз болған. Ал Ахмет Байтұрсынұлының қазақ мәдениеті мен ғылымына (оның ішінде қоғамдық ғылымдардың барлығы дерлік бар) қосқан үлесі өлшеусіз мол.Оның мақалаларында әдебиет пен тілді былай қойғанда, экономикаға, тарихқа, педагогикаға, жорналшылыққа,өнерге қатысты ой-пікірлері ұшан-теңіз. Біздің бұл жерде айтпағымыз Ахмет Байтұрсынұлы туралы жазылған, зерттелген, әлі де зерттеуін күтіп тұрған проблемаларды тәптіштеп санап шығу емес, ахметтануға қатысты, оның мұрасын жинап, жариялап, жұртшылыққа таныстыруда, оны кешенді зерттеуді қолға алуда көшбасшы болған ғалымдардың еңбегінің өзіміз куә болған бірнеше тұстарын ғана сөз ету. Бұның басты себебі – алаш басшылары ақталғаннан кейін «ол ақталмай тұрып, алғашқы болып, Ахаң жайында біз айтқанбыз» деген адамдар жиі көрініп қалып жүр. Мұндай мәлімдеулердің шындыққа сай келмейтінін, шын мәнінде, мұндай қадамға барғандарды көпшілік қауым, әсіресе, жас буын білуге тиіс қой деп ойлаймыз. «Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін бірінші болып мен атаған едім», дейтін адамдардың біреуі – марқұм профессор Т.Р.Қордабаев болатын. Сонда ол кісінің Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін алғаш мен атадым дегендегі келтіретіні – өзінің 1987 жылы жарық көрген «Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары» деген кітабы. Онда Ахаң аты аталмайды, бірақ оған қатысты-ау деп ойлауға келетін мынадай жолдар бар: «Ана тілінде баяндалған тіл білімі XX ғасырдың бас кезінде дүниеге келді. Фонетикаға, лексикология мен грамматикаға қатысты негізгі терминдер осы кезде пайда болды.Ол терминдердің басым көпшілігі орыс тіл біліміндегі атауларды калька түрінде аударып айту негізінде пайда болған» ( аталған кітап, 42-бет). Ал осы жолдардан кезінде Ахаңды көрген, оның кітаптарынан тәлім алған аға ғалымдар болмаса, оның оқулығы түгілі, атын естімеген кейінгі ұрпақ ана тілінде ғылым жасаған, тіл білімі терминдерін қазақша қалыптастырған кім екені жайында не ұғуы мүмкін? Оның есесіне, автор кітаптың әліппе, емле мәселелеріне арналған ІІ тарауында Ахмет Байтұрсынұлының латын жазуын енгізуге қарсы болған пікірін өлтіре сынайды: «Латын алфавитіне негізделген жазуды қабылдау мәселесі 1924 жылы болған қазақ білімпаздарының съезінде көтерілгенмен, 1926 жылдың аяғына дейін ол айтарлықтай өріс ала алмады. Оған, ең алдымен, сол кездегі басқару орындарының біразына орналасып алған ұлтшыл арабшылар кінәлі еді. Олар араб жазуынан айырылмаудың, жаңаны жуытпаудың барлық шараларын істеп, арпалысып бақты» (32-бет). Бұл арадағы кітап авторының «ұлтшыл арабшылар» деп отырғаны – Ахмет Байтұрсынұлы мен оның пікірлестері екені айдан анық. Шынында да, Ахаң жалпы алфавит өзгертуге қарсы болып, өзі реформалаған араб әліппесі қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, оның айтылу заңдылықтарын сақтауға әбден қолайлы екенін дәлелдеп баққаны белгілі. Ал латын жазуының қазақ тілі заңдылықтарын сақтап, дұрыс сауаттануға келе бермейтінін де, тек саясат ыңғайымен, «жұрт көшіп жатыр, біз неге көшпейміз» деген желеумен көше салудың зияндылығын да көрсеткен болатын. Өмір тәжірибесі Ахаңның пікірінің дұрыстығын дәлелдеді, он жылға жетер-жетпесте одан безіп шықтық қой.сонда «Ахаңды бірінші рет мен атадым» деп отырғаны – осылар ғана болғаны ма? Бірде академиядағы Ахаңға арналған бір жиналыста Төкең жоғарыдағы келтірген пікірін қайталағанда, «– Кітабыңыздың қай жерінде Ахмет Байтұрсынұлының аты аталады?» – деп сұрағанда, ол «мен тікелей атамағанмен, сипалақтатып айттым ғой» – дегені бар. Сонда жиналыс төрағасы академик Ә.Қайдаров: – Сіз «сипалақтатып» жүрсеңіз, Рәбиға Сыздықова сізден он жыл бұрын Ахаңның атын сипалақтатпай-ақ, тікелей атап, ол кісінің қазақ тіл біліміне сіңірген еңбегін де қорықпай айтып берген, – деп ескерту жасаған болатын. Енді Ахмет Байтұрсынұлының атын атап, еңбегі туралы ол ақталмай тұрып ауызға алған ғалымдар туралы айтар болсақ, алдымен профессор Шора Сарыбаевты атаған болар едік. Ол 1960 жылы баспадан шыққан «Қазақ тілі білімінің көрсеткіші» деген кітабында Ахмет Байтұрсынұлының инициалымен (А.Б) оның еңбектерінің тізімін бергені үшін кітабы таралмай жатып өртеліп, өзі бөлім бастығы қызметінен босатылған еді (партияда болмағандығынан ғана партиялық жаза алған жоқ). Сол жылдары өзім куә болған тағы бір деректі де айта кет-кенді жөн санадым. Бұл 1967 жылдың күз айларының бірі еді, академияға президент болып Шахмардан Есеновтың жаңадан келген кезі болатын. Академия президиумының кезекті бір мәжілісіне институт директоры да, оның орынбасары да қалада болмай, ғалым хатшы ретінде менің қатысуыма тура келді. Сол мәжілісте қаралатын негізгі мәселелер аяқталған соң Ш. Е.Есенов мәжілістің аяқталғанын ескертіп, бірақ президиум мүшелері мен қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің институт басшыларының қала тұруын сұрады. Сондағы Шәкеңнің айтқан хабарламасының қысқаша мазмұны төмендегі болды:

– Мен президент болғалы қай жерге барып, қанша халықпен кездессем де, Ахмет Байтұрсынұлының осы кезге дейін неге ақталмай жүргені туралы сұрақ қояды. Содан кейін ол кісі жайында бірсыпыра деректермен танысқанымда, оның өзінің де, әкесінің де патша үкіметінен зәбір көргеніне, ал кеңес үкіметіне қарсы не істеген ісі, не айтқан сөзі жоқ екеніне көзім жетті. Жалғыз жазығы – Алаш үкіметінің құрамында болғаны екен. Ал оны кезінде кеңес үкіметі кешіргені де белгілі. Соған қарамастан, осы уақытқа дейін оның аты аталмай, еңбектері жабық қорларда сақтаулы тұрғаны түсініксіз. Сондықтан сіздер мақұл көрсеңіздер, орта буын ғалымдарынан (аға буынды да, жастарды да қоспай) комиссия құрып, айқай-шусыз жан-жақты зерттесек, егер комиссия қорытындысы дұрыс болса, жоғары құзырлы мекемелер алдында ұсыныс жасауға болар еді.

Бұл ұсынысты президиум мүшелері Полосухин, С.Бәйішев, С.Зиманов т.б. қатысушылар қолдады. Бірақ, өкінішке орай, қандай себеппен болса да, бұл мәселе одан әрі жалғасын таппай, аяқсыз қалды. Оның себебі, менің ойымша, тап осы тұста болған мына оқиғамен байланысты ма деймін. ҚазМУ-дің профессоры марқұм Хайролла Махмудов дәл осы шамада студенттер алдында Мағжан Жұмабаев өлеңдерін оқып, ол жоғары жаққа мәлім болып, Орталық комитет ҚазМу ректорына сөгіс жариялап, партия комитетінің хатшысын орнынан босатқан еді. Қазақ ғалымдары Ахаңның еңбектерін атағаны үшін жазаланып жатқанда, ленинградтық ғалым, белгілі түркітанушы, академик А.Н.Кононов өзінің 1974 жылы шыққан «Биобиблиографический словарь отечественных тюркологов (дооктябрьский период)» деген еңбегінде Ахмет Байтұрсынұлына кітаптың бір бетін арнап, оның қысқаша өмірбаяны мен негізгі еңбектерін, ол туралы жазылған әдебиеттерді көрсеткен еді. 1977 жылы Кеңес үкіметінің құрылғанына 60 жыл толуына арналып, Тіл білімі институтында ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Конференцияда негізгі баяндама жасаған профессор Рәбиға Ғалиқызы Сыздықова өз сөзіне азамат, ғалым, коммунист ретінде өзі жауап беретінін ескертіп алып, өз баяндамасында қазақ совет тіл білімінің 60 жылдық тарихын сөз ету үстінде сол ғылымды қалыптастыруда аянбай еңбек еткен Ахмет Байтұрсынұлын, оның еңбектерін атамай кету өз ары алдында кешірілмес күнә деп есептейтінін айтып, Ахаң еңбектеріне қысқаша шолу жасады. Бұл біздерге, сол тұстағы жас ғалымдарға, үлкен батылдық, тіпті ерліктей көрінді. Жұрт үн-түнсіз тыңдады, ешкім, не аға ғалымдар, не жастар тіс жарып, пікір айтпады. Бірақ КГБ (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) ұзамай-ақ Р.Сыздықовадан бұл мәліметті қайдан алғанын сұрапты. Ғалым бұл мәліметтерді жоғарыда келтірген А.Н.Кононовтың кітабынан және ашық қордағы «Труды общества изучения киргизского края» (Оренбург, 1922) деген кітаптан алғанын айтып құтылыпты. Алайда конференция материалдары жарияланғанда, әрине, ол баяндама жинаққа кірмей қалыпты. 1988 жылы алаш ардагерлерін ақтау ресми қолға алынып, академия ғалымдарынан комиссия құрылғанында, оның құрамында академик Ә.Т.Қайдаров пен профессор Р.Ғ.Сыздықова болды және Ахмет Байтұрсынұлы туралы қорытындыны Р.Сыздықова даярлағаны белгілі. Ал алаш ардагерлерін ақтау туралы үкімет қаулысы шыққан бойда алғашқы болып әуелі «Социалистік Қазақстан», кейін «Қазақ әдебиеті» газеттерінде мақала жазғандар да Ә.Қайдаров пен Р.Сыздықова еді. Ахмет Байтұрсынұлы ақталысымен Тіл білімі институты Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор қалаларындағы мұрағат, кітапханалардан Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін жинауға адамдар жіберіп, сол жиналған материалдар бойынша Ахаңның еңбектерінің алғашқы жинағын шығарды («Тіл тағылымы», 1992). Бұл кітапты даярлауды өз қолына алып, жалпы редакциясын басқарған да – Р.Сыздықова. Институт ғалымдары тарапынан содан бері көптеген мақала жазылып, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Р.Сыздықова Ахмет Байтұрсынұлының өміріне арналған кітапша шығарды, бірнеше конференцияда баяндамалар жасады, оның мұражайын ұйымдастыруда атсалысты. Сондай-ақ институт ғалымдары Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына бағыштап, республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізді. Конференция материалдары «Ұлттық рухтың ұлы тіні» деген атпен 30 баспа табақ көлемінде 1999 жылы жарық көрді.Оған аталған конференциядағы баяндамалар мен хабарламалардан басқа Ахаңның көзі тірісінде өткен оның 50 жылдық мүшелтойына арналып жазылған мақалалар да кірді. Соңғы 10-15 жылдағы Ахаң туралы мақалалар оны халқымызға қайыра таныстыру, оның шығармаларын насихаттауға арналғаны белгілі. Ендігі жерде Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын терең зерделеу керек. Бұл салада қазақ тіл білімінен қорғалған 2-3 кандидаттық диссертациядан өзге, жоғарыда аталған ғылым салаларынан жазылған көлемді еңбектер әзір жоқ. Міне, бұл – жаңадан қайта қалыптасып келе жатқан ахметтану ғылымының іргезін кеңейтіп, оның мұраларын халқымыздың, әсіресе жас ұрпақтың игілігіне айналдырудың басты жолы болған болар еді. Қазір институт ғалымдары Ахаңның 130 жылдық мүшелтойына орай соңғы кезде табылған еңбектерін қосып, шығармаларының толық жинағын «Тіл құрал» деген атпен 40 баспа табақ көлемінде жарыққа шығарды. Бұл шаралар ахметтану ғылымын жаңа белеске көтереді деп ойлаймыз.

Сабыржан Шүкірұлы,

жазушы

АЛТЫ АЛАШТЫҢ АРДАҒЫ

Ұлттың дауылда ығы болған, суықта шуағы болған, ыстықта көлеңкесі болған, қауіп-қатер төнгенде басын тіккен Ерлер болған. Олардың да отбасы, туыс-туғандары, күйіттеуге тиісті пенделік жағдайлар бар-ды. Бірақ, соның бәрінен ұлт мүддесін жоғары қойған еді. Олар өздерін ешқашанда «халық қалаулысымыз» демеген-ді, халықтың жоғын жоқтаушысы, жанашырымыз деп білген-ді. Олар қызмет есебінен күн көрмеген-ді, халыққа ақы-пұлсыз қызмет еткен-ді. Әлдеқалай бір іс тындырған адам да кәдімгідей мейірленіп қалады. Ал, Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы заманында бір өзі бір академияның жүгін көтерді. Қай шаруаны қолға алса да ұлт мүддесіне қажетті болғандықтан, қай іске тәуекел етсе де ұлт болашағы үшін деп қимылдаған. Бас пайда, жеке өзінің тірлігін күйттемеген. Елім деп, ұлтым деп, халқым деп өткен адал ер. Ахаң ілімі – әдебиеттануда төрге озды, Ахаңның тіл білімі – күрмелген қазақ тілінің бауырын жазды, Ахаң жинап қаттаған халық әдебиеті мен мәдениетінің мұралары – рухани қазынаға қосылды. Ахаң ұлттың түпкі мүддесінде Ресейден бөлініп тәуелсізденуіне жетуін ойлай отырып, ұлттық әліпбиді араб таңбасына негіздеуді жөн көрген. Осы тұрғыдан бүкіл қазақ тіл ғылымының бастау көзін ашып, сөз таптары, сөйлем мүшелері, септеу, жалғау, жұрнақтары, тыныс белгілері, жазу елелері туралы, оқыту әдістемеліктеріне дейін түгендеп, қазақша атап, түйіндеген. Бұл күні Ахаңа қазақ әліпбиінің атасы, түркі тілтану ғылымының атасы атағы қайтарылды. Бұлар оның даусыз еншілері. Ахаң мұралары жаңғыру үстінде, жаңа уақыт, жаңа заманға, азат халқына қызмет етуде. Жорналшы Ахаң, редактор, әрі баспагер Ахаң, ақын – Ахаң, аудармашы – Ахаң, мысалшы Ахаң, ұйымдастырушы, іскер Ахаң, саясаткер, қайраткер де күрескер Ахаң рухы қазығын қайта оятып, бүгінгі ұрпақты қажырлыққа қайрауда. ...Арғы жағын қоя тұрып, даусыз бергі тарихты сүзсек, қазақ жұртының айырықша даралана айтылар сом тұлғалары санаулы-ақ. Олар: қазіргі қазақ елінің осы атпен шаңырақ көтерген бастауындағы әз Жәнібек, одан кейін әз Тәуке хандар. Хандарда, яғни биліктілерде даралана айтылатыны осы екеуі және Абылай. Ал, асыл сөз, әділ сөз билікте белгілі кемел үш биіміз – Үйсін Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Алшын Әйтеке би деп аталыпты. Батырда Қаракерей Қабанбай «дарабоз» атанған. Билік пен ерлікте тең түскен Шақшақ Жәнібек заманының биік мәртебелі шені «тархан» атағын алған. Қазақтың «ұлы ақыны» деп Абай атанған. Ал, «Ұлт көсемі» деген марапат көзі тірісінде Ахаңа, Ахмет Байтұрсынұлына айтылыпты. Әрі сол ұ­­­­ғым-танымның қағазға түсіп, қатталуы заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің аузымен айтылып, қолымен жазылыпты. Болды-бітті. Осы бір ұлықтау сөз, ұлт көсемі деген ат Ахаңнан басқа ешкімге көзі тірісінде айтылмапты. Тәуба, ұлтымызда небір даналар да, даралар да болған ғой, бар ғой, болар да ғой. Ахаңның ұлт көсемі атануы соның бәрінен асқандығында емес, заманына сай халқына басшы, рухани пана болуында. Ахаң қазақ ішіндегі ұстаздық ғылымы мен ісіндегі дара тұлға. Мектептік шәкірт ұстазы емес, тұтастай халық, ұлт ұстазы. Өйткені, ол – бүкіл ғұмырын, бар еңбегі мен қарекетін ұлт санасын тәрбиелеуге, ұлт жадын жаңғыртып, алға бастауға, кемелге келтіруге арнаған адам. Саясат қуған пенделер топқа бөлініп, тапқа жіктеліп жатқанда да оның көңіліндегі қазақ деген бүтін ұғымға сызат түспеген. Қайта ыдыраған жұрты мен жерін тұтастырып, іргелі ел етпек қарекетте болған. Ұлтты жадынан адастырар әрекет, қазақтың көп жапа шегіп, зәрезап болған нәрсесінің бірі – әліпби. Бұған сырт ықпал да бар, өзі де кінәлі. Сырт ықпал – саясат. Ол – үстем күш, озбыр ұлт, зорлық қондырма. Өз кінәсі – көнбістігі және құбылмалы саясатқа елікіш, желпеңбай озықтарының жеңгетайшылдығы. Солардың оны көрсе – оған сақ, мұны көрсе – бұған сақ, қызыққыш мінездерінің оңғақтығы, ұраншылдығы. Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының, араб таңбалы төтеншесінен бопсамен латынға көшкенде, әжептеуір сауатты жұртымыз сауатсыздар қатарына түсті. Одан өктеп, кирилше таңбаға ауыстырылғанда тағы бір сансырап қалдық. Кеңес заманындағы «саужой» деп аталған сауатсыздықты жою науқанының ұзаққа созылуы, ал одан кейінгі міндетті бастауыш білім беру, міндетті тоғыз жылдық, жалпыға бірдей орта білім беру сатыларының тұтастай жарты ғасырға созылуы да осы әліпби тұрақсыздығынан болған-ды. Біз арғы араб таңбалы да, бергі Ахаң төтеншесіндегі жазбаларды да әлі толық оқып, бүгінгі таңбаға түсіріп, игеріп болғанымыз жоқ. Латын тұсы ол да шала. Бұған енді кейінгі 65 жылдың қоры қосылып, мұрағатқа айналар болса, ұлттық рухани қазынадан ада боларымыз анық. Бір білгіштер «компьютер бәрін үлгертеді» дейді. Компьютер үлгертер-ау, егер соны үлгірттірер кісі болса де. Білеміз, көріп отырмыз, кімнің қолында билік болса, кімнің қалтасында ақша болса, солардың ғана белгілілері жарқырап, ал ондай іздеушісі жоқтардың неше әулие болса да аты шықпайтынын. Бұл ғадетіміз қоза түспесе, қала қоймасы анық. Тіпті, әділдік болғанның өзінде де, осыншама ауқымды уақытта жасалған бай мұраның жаңа таңбаға көшіріліп, жаппай ел кәдесіне жаратылары екіталай. Жекелердің бір сұрыпталған еңбектері көрінер, ал келер ұрпақтың кез келген сәтте ойға алған кітап, газет, жорналдарды немесе қажетті бір мұрағатты ала салып, керегін тауып оқуына мүмкін болмасы хақ. Әңгіме бірлі-жарымды емес, тұтастай ұлттық, жалпы халықтық тұрғыда. Біздің білім, ғылым баққан салалар мұндай түбегейлі істерді игереді, үлгіртеді деп санамаймын. Бұл өткеннен бүгінге дейінгі тәжірибеден мәлім жәйіт. Мұндай қадамға біздей салғырт, салақ, бір күндігін ғана ойлайтын жұрт тұрмақ, ұқыпты деген елдердің өзі тәуекелге бара алмай отыр. Мысалға, таңбалануы бір бөлек, дыбысталы бір басқа ағылшын тілінің жазуын жаңғырту арқылы, басқасын айтпағанда, тек газет қағазын ғана 25 пайызға үнемдеуге болады екен. Британияның белгілі филологы Макс Мюллер ағылшын орфографиясын «ұлтық азап» деп атаған. («Известия», 11.08.2004.) Соған қарамастан, бұл ел осы қиын жазуды сақтауды жөн санауда. Талай жобалар кәдеге аспай келеді. Неге? Оның бірде-бірі осы кезге дейін жасалған мұраларды оқуға жарамайды. Келер ұрпақ олардан көз жазып қалады деп санайды. Қандай бай ел, ұқыпты жұрт болса да, бұған дейінгілерді жаңа әліпбиге көшіріп аламыз деп отырған жоқ. Оның мүмкін еместігін біліп отырғандықтан айтпай отыр. Мұндай бөспелікке тек ештеңенің алды-артын парықтамайтындар ғана барса керек. Сонда осы елдің мүмкіндігінен біздің мүмкіндігіміз жоғары ма? Жоқ. Олардан біз мұқиятпыз ба? Қайда? Оларда жазылған бір сөйлем жоғалмайды, ал бізде томдар ізделмейді. Дүниедегі ең ұқыпты, мүлтіксіз деген герман тілді елдер ГФР, Австрия, Швейцария, Лихтенштейн тілінде жүргізіліп жатқан жазу өзгерісі «неміс тілінің жағдайын нашарлатып, жаппай шатасуға түсірді» делінуде. 1999 жылы басталып, 2005 жылы аяқталуы көзделген бұл жобадан ел тайқып, бұрынғы жазу үлгісіне қайта көшуді талап етуде, кейбір басылымдар бұрынғысына көшуде де. Француз жазуы да жетісіп тұрған жоқ. Бірақ, өзгертеміз деп аласұрып жатқан ешкім жоқ. Мұра сақтауды, ұлттың жадын ауыстырмауды мұрат тұтуда. «Сырдың суы сирағына келмейтін» біз ғана. Латын таңбасы бір ата жазуымыздай, оған көшпесек әлденеден құрқалатындай көретіндер алды-артына бағамдамай, жадағай ұрандауда. Өзбек көшті дейді. Не себеп болды демейді. Ә дегенде орыс ықпалынан тезірек құтылуды ойлаған, әрі «Ислам халифаты» дегеннен секем алған ол ел басшысы Америкаға шұғыл бет бұрды. Түрікшілдігі ұстағанынан емес, славян таңбасынан да, араб таңбасынан да арылуды ойлаған саясатпен латынға көшті. Алайда, бұл жазу әлі орныққан жоқ, қалыптасып болған жоқ, әріп таңбалары жиі өзгерістерге ұшырауда, қолданыста қиыншылықтар орын алуда. Ел саясаты да өзгеруде. Америкамен ынтымақ ұзаққа бармады. Орысқа қайта бұрды. Өзбек – діндар жұрт, мұнда араб сөзі мен жазуы кең тараған. Оған қоса ауғанда да біраз өзбек бар. Күндердің күнінде өзбек жұртының қай жазуда боларын бір Алла біледі. Әзірге бауырсырап отырған өзбек жоқ. Қазақ, қырғыз, түрік тұрмақ, өзді-өзі сыйыспауда. Түркі жұртына гөрі, қазіргі саясатына Қытай мен Ресейді жақын тұтуда. Ал, Америка болса, «өзбек-ұйғыр араздығын» зерттеуде. Саясат сұрқы осындай. Әзербайжан көшті дейміз. Неге көшті демейміз. Армиянға діндестікпен ашық болысқан орысқа өкпелеген ел Түркияға иек артып, бірден теріс айналды. Алайда, ұлтының дені Иранда мекендейтін бұл елдің де болашақта қай жазуда боларын кім білсін. Әр елдің өз тағдыры, саясатының әр түрлі құбылысы бар. Бір ел сөйтті екен деп жазғырудың да, не соңынан елпеңдеудің де лайығы жоқ. Әліптің артын бағу қажет. Заман әлі қалай болар, жел қайдан шығар? Ұлтың әлі біріккен жоқ, жұртыңның үштен бірі әлі сыртта. Өз еліңде өз тіліңде сөйлей алмай, жаза алмай отырсың. Сөйтіп отырып әріп таңдаған не теңіміз? Қазақтың бар шаруасы тәмәм болып енді осы әліпби ауыстыруы ғана қалыппа? Қазақ тілі ғылымының, орыс тілі грамматикасынан көшірмеден басқа нағыз қазақ тілінде, қазақы таным мен түсінікте, қазақы сөз қолданыста жазылған ешқандай ғылыми негіздемесі, тіпті он екіде бір нұсқасы жоқ. Қандай, нендей заңдылықты, қай ережеңді басшылыққа алып, басқа әліпбиге көшпекпіз? Қазіргі қазақ тілінің даму заңдылығын ескермей, әлдекімнің ескі қалыбына сала салу жөн бе? Әліпбидің латын таңбалы жобалары қазіргі қазақ тілінің дыбысын толық және дұрыс бере алмайды. Олар қазіргі қазақ тілінің сөйлеу мақамына сәйкесті емес. Түркі тілінің тегі – көне түркіде латыншылдар жойып отырған дыбыстардың болғанын да, бүгінгі түркітілді елдерде бұл дыбыстардың қазір де қолданыста екендігін ескермеуде. Сөйте тұра, латынға көшуді түркілердің жазу бірлігіне жету мақсатында жасалмақ деседі. Бірлікке жазумен жетпейді. Жазу біріктірсе-Алла тілінің, Құран жазуының таңбасындағы араб, парсы жұрттары жетер еді. Жазу біріктірсе-славиян халықтары бірігер еді. Жазу біріктірсе-латын таңбасында болып келген халықтар бір-бірімен ғасырлар бойы соғыспас еді. Латынға көшті деген өзбек пен әзербайжан не жетісіп қалыпты? Не бірлікке жетіпті? Иісі түркіні ұйыстырмақ түгілі, өз бастарын бірікпеуде. Түркілік бірлікке үндеген бұл елдерде ешқандай ынта да болып көрген емес. Латын таңбасына көшу бастамасы әу бастан-ақ ғылыми негізделмей, егжей-тегжейлі ойластырылмай, азғантай топтың жеңілтек пайымдауларынан пайда болған-ды. Бұл істің байсал таппай отырғаны да сол байыпсыздықтан. Анкарада бас қосқан ынталы топ бүкіл түркі жұрттарын бір таңбада жазып, бір тілде сөйлету үшін ортақ 34 таңбаға келіскен. Ал іс жүзінде жаңа әліпбиге көшкенде бұдан әзірбайжан – 8, түркімен – 10, өзбек – 20 таңбаға бөлектенген. Латындағы түріктің өзінде 11 таңбаға айырма сақталған. Қырғыз жобасында 12 таңбаға айырма бар. Ал біздің елуден астам жобамыз әлем-тапырық. Бірде-бір қазіргі қазақ тілінің талабына сәйкес келмейді. Түрік, ағылшын, неміс, француз, тілдерінің қалыптарына салынып, көне латын, грек әріптеріне еліктеп, компьютер бастырмаларына өлшеніп жасалған, қазақ тілінің табиғатынан алшақ, қолданысқа қолайсыз мақау таңбалардан тұрады. Әліпби ұлт тілінің, жанды тілдің табиғатына сәйкес, ойды жазып және айқын дыбыстап жеткізуді толық қамтамасыз етуге жеткілікті дыбыстардан тұруға тиісті. Таңбадан емес, дыбыстардан. Таңба бірінші емес, дыбыс негіз. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінде 43 дыбыс бар деп анықтаған. Араб таңбасын бейімдеу арқылы дәйекші көмегімен сол дыбыстарды толық берген. Латынға көшкенде де, кирилшеге ауысқанда да біз жаңа әліпби жасағанымыз жоқ. Тек таңба ауыстырдық. Әліпби негізі – қазақ әліпбиінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының қалыптауынан өзгерген жоқ. Өзгерту мүмкін де емес, ұлттық әбден дамып-жетілген сөйлеу мақамын өзгерту ешкімнің қолынан келмейді. Тіл кері жүрмейді. Тіл қосылмайды, бірікпейді, кірікпейді. Тіл не өшеді, не өседі. Ол тек тәуелсіз, дербес тіл тұрғысында ғана дамиды. Біздің қазіргі әліпбиіміз – кемелді, уақыт сынынан өткен жазу үлгісі. Оның тек таңбасы ғана кирилше де, дыбысы қазақтың өзінікі. Оның икемділігі, дыбыс құраудағы әуезділігі сондай, дүниежүзі халықтарының қайсысының болсын тіліндегі ұғымды бейнелей де, айта да алады. Әріптері келісті, көркем, неше құбылтып жазуыңа да келеді. «42 таңба компьютерге сыймайды, интернетке келмейді» деген пікір бұл күнде кісінің күлкісін келтіретін сөзге айналды. Тілдің компьютердің тілге бағынатындығы компьютердің алғаш жасалуында-ақ негізге салынған. Қазақ тіліне қазіргі таңда не керек, не деу керек, не істеу керек, компьютер бәрін үлгертіп тұр. Қытайдың иероглифіне жараған компьютер, бізбен таңбалас орысқа жараған компьютер, қазаққа неге жарамасын, әбден жарап-ақ тұр. Тек жаратпай жүрген әсірелер ғана. «Латын таңбасына көшсек, орыс тілінің ықпалынан арыламыз» деген бекер даурықпа. Бұл тіл ғылымының тақырыбын «Қазақ тілі» қоғамынң, оның да ескірген ұранымен шатастырушылық. Латын тұрмақ араб, не қытай таңбасына көшсек те, бұл қалпымызда орыс тілінің құрсауынан арыла алмаймыз. Нешеме ғасыр жеріңді жерлеп, суыңды сулап келе жатқан орыстың қазақ тілін білмеуі милаулығынан емес, білгісі келмеуінен. Аюдың да тілін түсінетін орыс білгісі келсе, бәрін де үйренеді. Бұл жағдай әріптен болып тұрған жоқ, артын ашуға болмайтын әліптен болып тұрғаны мәлім. Бір таңбада оқып, жазып отырып, орыс тілді қазағың да, басқаң да әлі күнге дейін қазақ сөзін жөндеп айта алмайды. Ал, басқа таңбаға көшер болсақ, олар бұл тілдің қарасын да көрмейтін болады. Латын таңбасына көшкенде еліңде кім көшеді? Мерзімді баспа сөздің 17 пайызы, мектеп оқушыларының 46 пайызы, студентердің 49 пайызы, жалпы халқының мықтағанда 50 пайызы ғана көшетін болады. Орыс тіліндегі баспасөз, ақпарат құралдарын, оқу орындарын, оқулықтарын, орыстілді кеңселердің орыс жазуын латын жазбасына көшіре алмайсың ғой. Демек, оларды латын таңбасы арқылы қазақша сөйлетіп, жаздыра да алмайсың. Қазақтілді қазақ қана латын жазбасына көшкенде, қалған жұртың, 135 ұлтыңның әрқайсысы өз тілінің һәм ортақ орыс тілінің таңбасында қала бермей ме? Бұрынғы қалпы сөйлеп, жаза бермей ме? Таңбаға көшпек тұрмақ, елден көшіп кетсең де ренжімейді, бірақ тіліңді білмейді. Өйткені, оларға тіліңді білгізуге үкіметтің ұстанып отырған саясаты жоқ. Алдымен мемлекеттік тілді сол үкіметтің өзі білмейді, күнделікті кеңсе қолданысында жоқ. Латын таңбалы әліпби бізді түркілік тұрмақ, ұлттық әліпби бірлігінің өзіне жеткізбейді. Қытайдағы жобамен алғанда 1,5 миллиондай қандастарымыз араб таңбасында, Ресейдегі 1 миллионға тарта туыстарымыз кирилшеде қала бермек. Еуропаның әр елінде там-тұмдап жүрген 15 мыңдай қазақ үшін 15 миллиондық ұлттың әліпбиін өзгерту әділеттілік бола ма? Әлбетте, бұл жәй бүркеніштердің бірі ғана. Әлемдік саясат бізді түркілік бірлікке жеткізгелі тұрған жоқ. Қалайда латынға көшіру жолындағы бұқпайтайлаған әрекет. Бұл саясаттың арғы тегі, қозғаушы күші «түрік тілділер» емес, «ағылшын тілділер, католик дінділер» деп білген жөн. Жалпы, ғаламдастырудың бір ділге ұйыстыру әрекетінің сабыты десек болады. Таңбасына көшсең жазуын оқу оңайлайды, жазуын білсең тілін түсіну жеңілдейді, тілін білсең дініне кіргізу қиын емес. Қарыны тойғанға мәз болып, талай діннің соңынан сәумеңдеп жүрген қазақ аз ба? Олай-бұлай тайқыған оларда да бар шығар, алайда түріктер қазақтардай емес, дінге берік. Әрі ол елде дәстүрлі түрде ұлтқа иелік ету, басқаны өздеріне бойсындыру, тілін, дінін, ділін мойындату қалыптасқан. Біреуге иленбей, іргелі елдік қалпын ұстанып келе жатқан үрдіс бар. Осы жағдай, кезінде саясатқа байланысты латын таңбасына көшкенімен, Түркия жұртын ағылшын тіліне, католик дініне жұттырмай, ділін берік ұстап тұр. Ал бізде мұндай діл, берік діл жоқ. Қаңбақ болып көше жөнелер ебелек болып барамыз, ебелектеніп барамыз. Иә, бізде заң жүзінде мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бірақ, іс жүзінде бұл міндетті орыс тілі атқаруда. Оның бұл билігін әліпби өзгертумен ала алмайсың. Бұл тек билік күшімен ғана өзгертіледі. Қазіргі жағдайда әліпби өзгерту ұлтқа ештеңе бермейді, әуреге салады. Әліпби жаңарту мәселесі қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне толық жетіп, билікке ие болған жағдайда ғана күн тәртібіне қойылғаны жөн. Қазір әліпби ауыстыруды ұлт қажетсініп отырған жоқ. Қазақ тіл білімі мен ғылымы дайын емес. Әліпби ауыстыру қажеттілігін ғылыми дәлелдеп, негіздеген тұжырымдама жоқ. Әліпби жобалары талап көтермейді. Жаңа әліпбиді игеру бағдарламасы жасалмаған. Басшылықа алар ереже, емле, орфографиялық сөздік жоқ. Қазақ тілі ғылымының атауларына дейін әлі орыс тіліндегі күйінде. Жазу емлесінсіз, құр әріптерді тіркей салу іс болып шықпайды. Тұрмыстан есеңгіреп, енді ғана ес жинай бастаған қазаққа тағы бір қалжырау байлап, сорлатпақ болып жүргендердің ойлағандары не? Арзан атақ па, әлде әлдебір сырт күштердің сойылын соғу ма? Екеуіде опа берер, сауапты іс емес, ұлты жадынан адастырар әрекет. Қазақ әліпбиінде Ахаң рухы заман мен заң қанша өзгерсе де, саясат қалай құбылса да сақталып келді, сақтала да бермек. Ұлтты ұлы көшке бастаған Ахаң әліпбиі сол таңбада шыққан «Қазақ газеті», сол басылым ұйытқы болып ұйымдастырған Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, сол партия құрған Алашорда үкіметі бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің бастауы болып табылады.

Жандос Смағұлов,

филология ғылымдарының докторы

ҒЫЛЫМИ МЕКТЕПТІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы ғылыми-зерттеу мақалалардағы әдеби-теориялық ой-пікірдің ізденістері мен іркілістерін саралағанда, бұл кезеңде әдеби-теориялық білімдер жүйесінің жоғары болғанын, күрделі теориялық мәселелерге қалам тарта алғанын көре отырып, А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінің тақыр жерде пайда бол-мағанын байқаймыз. Сыншылдық және әдеби мұра туралы ғылыми-зерттеушілік сипаттағы мақалалар жеке бір ақын-жазушыны, не болмаса белгілі бір көркем шығарманы сөз ету барысында әдеби-теориялық ой-пікірді жетілдіре түсті. Ұлттық әдебиет тарихын зерттеп тануға деген әдеби-тарихи ой-пікірдің құлшынысы, қалыптасу кезеңіне қадам басқан әдебиет сыны күрес үстінде сапалық та, сандық та жағынан көркейе бастаған қазақ әдебиетінің теориялық мәселелерін ғылыми сөз етуді күн тәртібіне шұғыл қойды. Бұл салада, яғни жалпы өнер туралы, әдебиеттің тарихы мен теориясы туралы ұлттық әдебиеттану ғылымында ең алғаш жазылған еңбек – А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» (1926) болды. Үлкен білімдарлықпен, ғылыми терең дәлдікпен жазылған бұл еңбек екі-үш жылдан соң авторы ұсталып кеткендіктен, көпшілік арасына кеңінен тарап үлгермеді де, ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірдің өсу дәрежесін көрсететін ғылыми мәні тәуелсіздікке дейін дұрыс бағаланбай келді. Ғалым Р. Нұрғали: «Қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған» десе, тілші-ғалым Р.Сыздықова: «Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты көлемді еңбегі – әдебиеттану ғылымы мен қазақ әдебиеті тарихына арналған тұңғыш зерттеу жұмысы ...Мұнда автор көптеген жайттарды өзі шешіп, көптеген ұғымдарға терминдік атаулар ұсынады, – деп жазады.32 «Әдебиет танытқыш» – жалпы көркем өнер, оның ішінде әдебиеттің барлық болмысы мен бітімін, көркем шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін анықтау жолында ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірді ғылыми бір жүйеге түсірген және әдебиет теориясына ұлттық сипат дарытуда терминдердің қазақша мағынасын тапқан автордың жан-қиярлық еңбегінің жемісі. Еңбектегі өнертану, әдебиеттану, фольклортану салалары бойынша терминдер жүйесінің жасалуынан Ахаңның кемеңгер ғалымдығы танылады. Мұнда әдебиеттануға қатысты 327 термин қолданылған болса, оның 60-ы (18%) осы күнге дейін пайдаланылып жүр. 267-сі (80%) қазір қолданылмайды. Ғалымдар Ш. Жалмаханов пен Ж.Смағұловтар: «терминдердің жасалу жолына лингивистикалық тұрғыдан қарағанда, 67 термин дара тұлғада, 223 термин күрделі тұлғалы (2 сөзден 7 сөзге дейін) болып келеді. Белгілі бір сөз өнер құрылысына берілген атау, термин сол құбылыстың адам, қоғам өмірінің рухани-әлеуметтік табиғатынан туындап жатқандықтан да (атау, терминдердің мағыналарына құбылысты телу емес) ойға оралымды, көңілге қонымды болып шыққан», – деп көрсетеді.33 «А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» – қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен көрсеткіші болумен қатар, теориялық ой-жүйесіне мықтап түрен салған, қазақтың парасатты толғамын, ойшылдығын эстетикалық таным-білігінің молдығын танытқан кезеңдік туынды», – деп ғалым Т.Кәкішев өте дұрыс бағалайды.34 «Әдебиет танытқышты», жалпы А.Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын, оқып-үйрену, игеру және пайдалану үшін, ең алдымен, бұл еңбектегі әр атау, ұғым-түсінік, термин және категориялық мән-мағынаны, мазмұнын түбегейлі түсініп алу керек. Академик З.Қабдолов: «Ахаң қалыптастырған әдеби теориялық терминдерге мұқият жауапкершілікпен қараған жөн. Ахаң терминдерін жапа-тармағай жіпке тізе бермей, таңдау керек, сөйтіп барып талдау керек», – дей келіп, бүгінгі теориялық деңгейден табыла қоймайтын кейбір атауларды оп-оңай формализмге, абстракционизмге, болмаса канон жасап қисық қисынға, қасаң қағидаға айналдырып алмау керектігін атап көрсетеді. Алайда «Әдеттегі дәстүр жалғастығының заңына орай үш түрлі арнауды әрқайсысымыз өзімізше пайымдап, қисындап, кейде тіпті қиыннан қиыстырып, біз де (Жұмалиев те, Ысмайылов та, мен де) кітаптарымызға кіргіздік. Бірақ, амал не, бұл жаңалықты тапқан Ахаң екенін кезінде ашып айта алмай, Қажекеңе сілтеу жасауға мәжбүр болдық», – деп З.Қабдолов айтқандай, кейінгі жазылған еңбектерде қолданылған теориялық терминдердің баламаларын былай қойғанның өзінде, алдағы уақытта ғылыми айналымға енгізуге сұранып тұрғандары да баршылық.35 Мысалы үшін, көсемсөздің қазіргі ғылыми термин ретінде қолданылып кеткеніндей, «нақыл сөз», «қанатты сөз» деп жүрген афоризмді ділмар сөз, эссені – заман хат деп А.Байтұрсынов берген атаулармен атасақ, ұтылмаймыз. Немесе «Шешен сөз» дегендегі оның саясат шешен сөз, билік шешен сөз, қошамет шешен сөз, білмір шешен сөз, уағыз шешен сөз деген түрлерінің атауларын орнын дәл тауып пайдалансақ, ұлттық таным-біліктен алыс жатқан жоқ. Шешен сөз очерк жанрының баламасына жақын келсе, ішкі түрлерге бөлуде де сәйкестік байқалады. Сонымен қатар Ахаң өз еңбегінде талданып отырылған жанрлық түрге байланысты мысал келтіргенде, «Ғұрып сөзінің нұсқаларын нұсқалықтың 120, 126-нші номерлерінін қара» немесе «Діндар дәуір әдебиет нұсқаларын нұсқалықтың 131, 165-нші номерлерінен қара» деп кетіп отырады. Яғни «Әдебиет танытқышқа» қосымша хрестоматиялық мәндегі жинақты да бастырып шығару ойында болған. Нұсқалықта алынған әдебиет нұсқаларының еңбекте көрсетілген реттік саны 275-ке келіп тоқтағанына қарасақ, оның көлемі де әжептәуір мол болғанын байқау қиын емес. Бұл – ахметтанушы ғалымдар тарапынан көңіл аударатын мәселе Негізінен А.Байтұрсынұлының «Жазба әдебиеттің өзі екіге бөлінеді: діндар дәуір, ділмәр дәуір. Діндар діншіл деген мағынада, ділмар-тілшең деген мағынадағы сөздер. Қазақ әдебиетінің діндар дәуірі де, ділмар дәуірі де халық әдебиетін дамытып, күшейтуден туған дәуірлер емес, басқа жұрттардың әдебиетінің әсерінен туған дәуірлер. Діндар дәуір әдебиетімізге араб, парсы, әдебиетінен үлгі алып, соларды еліктегеннен пайда болған. Ділмар дәуір орыс әдебиетінен үлгі алып, соларды еліктегеннен пайда болған», – деген пікірі аса нақты емес.36 Анықтап қарасақ, А.Байтұрсынұлы ұлт әдебиеті тарихын дәуірге бөлу негізіне көркемдік әдісті алып отыр. Еңбекте әдеби ағым мен көркемдік әдіс туралы нақтыәдеби-теориялық пайымдаулардың жоқтығы белгілі. Ендеше бұл үш дәуірді көркемдік әдіске орай талдап көрелік. Орыстың атақты теорик әдебиетшісі Г.Н.Поспелов романтизмді әдеби дамудың сатысы ретінде қарастыру барысында, әуелде ол діни-моральдық (религиозно-моралистический) сипатта көрінгенін айтады. «В результате социально-политической революции, происшедшей во Франции... все передовые европейские литературы приняли в основном романтический характер. Ранние английские романтики, поэты Бордсворт и Колридж, выступившие еще в 1970-х годах и образовавшие «озерную школу» искали свои идеалы в историческом прошлом. По специальной проблематике они были продолжителями сентименталистов, а романтический пафос вытекал из их реалигиозно-моралистических стремлений, иногда доходящих до мистицизма и таящих в себе примирение с действительностью. Это был религиозно-моралистический английский романтизм. А гражданский романтизм Байрона и Шелли был самым прогрессивным течением в английской литературе начала века», – деп жазады.37 Оны дәлелдеу үшін әр елдің әдебиетіндегі діни-моральдық және азаматтық романтизмнің пайда болуын атап-атап көрсетеді. Мысалы, «В 1820-х годах Лимартин своей лирикой создал религиозно-моралистическое течение французского романтизма... Крупнейшим представителем гражданского романтизма в Франции был Виктор Гюго», «В Германии сначала возник религиозно-моралистический романтизм представленный творчеством Новалиса и Гофмана. Гражданский романтизм в Германии не обладал ни отчетливо???? ???????, ?стью идеалов, ни сильными талантами», – деп нақтыласа, орыс әдебиетіне келгенде «Сначала в России развивался религиозно-моралистичесий романтизм, особенно ярко представленный творчеством Жуковского», – деп жазады. Бұларды М.Горький: «Керек десе француз әдебиетінде лаулап өскен романтизмнің жалпы бағыты бірдей емес, бір жағы мистикаға ұрынған нағыз реакцияшыл болса, екінші жағы, өсіп әдебиет әлемінде ірі өзгеріс жасаған романтизм», – деп екіге жіктеп тастағаннан кейін, кеңестік дәуірдегі әдебиеттану ғылымында «революцияшыл романтизм»,«реакцияшыл романтизм» деген атаулар пайда болды.38 Бұл тұрғыдан келгенде, «Әдебиет танытқыштағы» діндар дәуір деп отырғаны – діни-моральдық романтизм, маркстік-лениндік әдіснама бойынша айтсақ, реакцияшыл кертартпа романтизм болып шығады. Ал ділмар дәуір – азаматтық романтизм, яғни кеңесдәуірінше атасақ, революцияшыл романтизм. Сындар дәуір – сыншыл реализм атауының баламасы екені анық. Бұдан шығатын қорытынды: А.Байтұрсынұлы әдебиет тарихын тарихи кезеңдерге бөліп отырған жоқ, әдеби дамудың заңдылығына орай көркемдік әдіс тұрғысынан дәуірлеп отыр. Олай болса, Абайға дейінгі ақын-жыраулар, әнші ақындар шығармашылығы реализммен дамып келді де, сыншыл реализмге ауысты деген пікір туындайды. Абай қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін қалады дегенде оның аспаннан түспегенін, әдеби дамудың тарихи сабақтастығы бойынша қалыптасқанын ғылыми негіздеу қажет-ақ. «...Осы сыншыл реализм туралы сонау 1920 жылдары А.Байтұрсынұлының «сындар дәуір» деп атағанын ұмытпайық. Сындар дәуірге деген ойлардың бәрі де профессионалдық әдебиеттің көркемдік әдісіне, алған бағытына құйылатын таным-білік екені даусыз», – деген Т.Кәкішев пікірінде шындық жатыр. Сарабдал сыншы-әдебиетшілердің 1920-30-жылдардағы әдебиет теориясы бағытындағы қажырлы ізденістерінің жемісі ретінде танылып, ұлттық әдебиеттану ғылымының туу кезеңінің аяқталғанының куәсі ретінде Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1938), Е.Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) жарыққа шықты. Бұл жерде ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірдің шын мәнінде ұшқырлық танытқанын, дәуір талабынан табылуға ұмтылғанын атап айту керек.Шынын айтсақ, ол да болса Ахаңның «Әдебиет танытқышының» арқасында. Кейбір деректерге қарағанда, Қ.Жұмалиевтің оқулығы 1932 жылы жазылса да алты жыл бойы әр түрлі себептермен жарық көрмеген. Орыс әдебиеттану ғылымында маркстік-лениндік эстетикаға негізделген Л.Тимофеевтің «Теория литературы» (1934), И.Виноградовтың «Әдебиет теориясы» (1936), «Борьба за стиль» (1937), Г.Поспеловтің «Теория литературы» (1940) аталатын еңбектері енді ғана жарық көрген еді. Партия мен кеңестік идеология ғылым, өнер, әдебиеттегі «буржуазиялық», «ұлтшылдық» көзқарастарға аяусыз күрес жүргізе отырып, маркстік-лениндік әдіснаманы қоғамдық ғылымдарға, оның ішінде әдебиеттану ғылымына, оның сыншылдық, әдеби-тарихи, әдеби-теориялық ой-пікіріне мықтап орнықтырды. Орта және жоғарғы мектепті маркстік-әдіснаманы басшылыққа ала отырып жазылған оқулық, оқу құралдарымен қамтамасыз ету міндеті туды. Міне, сондықтан Қ.Жұмалиев пен Е.Ысмайыловтың әдебиет теориясының күрделі мәселелеріне бара алған еңбектерін сөз еткен уақытта, зерттеу нысанасына алып отырған саланы жан-жақты қарастыруға мүмкіндік бермеген уақыт пен заман талабын есте ұстау керек. Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» мектепке арналған оқулық жасау мақсатында жазылып 1938, 1940, 1941, 1942 жылдары бірнеше рет басылып шықты. Негізінен орыс әдебиеттану ғылымындағы теориялық еңбектерді, әсіресе И.Виноградовтың «Әдебиет теориясын» басшылыққа алғандықтан да аудармалық сипаты басым болды. Автордың өзі «Кітаптың кейбір бөлімдері, жеке әдебиет мәселелері Тимофеев, Виноградов кітаптарынан, жаңа әдебиет энциклопедиясынан тура алынып отырылды. 1937-38 оқу жылында жоғарғы дәрежелі педагогикалық мектептерге арнап жасалған әдебиет теориясының программасына сүйеніп жазылды», – деп атап жазғандай, орыс әдебиеттану ғылымындағы зерттеулерді басшылыққа алды.39 Бұл еңбектер жазылған кезде 30-жылдары жазылып пайдалануда болған оқулық, оқу құралдарының барлығы «халық жауларының» еңбектері ретінде қолдануға тыйым салынған еді. Сондықтан 30-жылдардың соңы, 40-жылдардың басында жазылған оқулықтар мен хрестоматиялардың мектептерді оқу құралдарымен қамтамасыз ету қажеттігін атқарған тарихи мән-маңызы да өте зор болды. Қазақ әдебиеттану ғылымының теориялық ой-пікірінің өскелең ізденісін танытқан Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1938) Е.Ысмайылов жазған «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышында» негізделген ұлттық әдеби-теориялық ой-пікір арнасының тарихи және ғылыми заңды жалғасы болып табылады. Авторлар тек орыстың теориялық еңбектерін ғана пайдаланумен шектелген жоқ, ұлттық танымдағы құнарлы ой-пікір сабақтастығын қиыннан қиыстыра білді. Оны академик З.Қабдоловтың: «Ақаң жоқта біздегі әдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді Ал басы жоқ кеуде бола ма? Қайтейік, болды деп келдік. Мәселен, айшықтаудың (фигураның) арнау деген түрі бар. Бүкіл дүниежүзілік әдебиет теориясында арнау деген бірақ түр: шауып шықса, бұған шешендік сұрау қосылып қана ажарлануы мүмкін. Ал қазақ поэзиясында Ақаң осының үстіне үш түр (сұрай арнау, зарлай арнау, жырлай арнау) тауып қосып, құлпыртып әкетеді. Бірақ амал не, бұл жаңалықты тапқан Ақаң екенін кезінде ашып айта алмай Қажекеңе сілтеме жасауға мәжбүр болдық», – деген пікірі нақтыдәлелдей түседі. Қ.Жұмалиев пен Е.Ысмайылов «Әдебиет танытқыштағы» ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірге сүйене отырып, онда қарастырыла қоймаған теориялық ұғым-түсініктерді қамтып, дамытып әкетті. Сол арқылы қызыл империяның теориялық бағыттағы зерттеу еңбектерді пайдалануға тыйым салуынан туған іркілістің орнын толтырып, соны ізденістерге жол салды. Теориялық ой-пікірдің белгілі бір дәрежеде жалпылық сипаты мен ортақтығын есте ұстай отырып айтар болсақ, бұл еңбектер «Әдебиет танытқыштағы» теориялық мәндегі ұлттық ұғым-түсініктердің желісін үзбей бізге жетуіне, ғылыми қолданыстан шығып қалмауына, жаңа қадамдардың жалғаса беруіне алтын көпір болды. Ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірде әдеби ағым мен көркемдік әдіс, стиль, тақырып, идея, әдебиеттің тегі мен түрі ұғым-түсініктерді бүкіл әлемдік теориялық ой-көзқараспен байланыстыра қарап, нақты мысалдармен дәлелдейді. Шынын айтар болсақ, ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікір «Қазақ әдебиеті тарихының» көптомдығы (1961-67) шыққан кейін, дауы мен машақаты көп және әдебиеттің таптығы, халықтығы, партиялығы қағидаларына сай саясатқа апармай қоймайтын ұлт әдебиеті тарихы мәселелерін зерттеуден гөрі әдебиет теориясына қарай бой ұрғаны да жалған емес. «Сондықтан А.Байтұрсынов еңбегінде негізі қаланған қазақ өлеңінің құрылысы Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов еңбектерінде ғылыми жалғасын тауып тереңдете зерттелінді. Олар өлең сөздің теориясына тән жаңа атаулар енгізді және оны теориялық ой-пікірде орнықтырды. Ол кейін бұлардың еңбектерінің кеңестік дәуірдегі заңды жалғасы болып табылатын З.Қабдолов, М.Дүйсенов, З.Ахметов, М.Базарбаев т.б. өлең сөздің ғылыми теориясы саласындағы күрделі зерттеулеріне ұласты».40 Қорыта келгенде, А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышынан» басталып, іргесі қаланған әдеби-теориялық ой-пікір саяси-идеологиялық қыспаққа ұшырай отырғанмен де өзіне сара жол тауып, әдебиет туралы ұлттық ғылымда «Әдебиет теориясы» аталатын үлкен саланы қалыптастырды. Сол арқылы осы ғылымның қалыптасу кезеңіндегі соны ізденістеріне жол ашты, әдеби-теориялық талдау жасаудағы білім негіздерін кемелдендірді. Маркстік-лениндік әдіснаманы басшылыққа алу көп жағдайда сезілсе де, әлі де болса бұрынғы ұлттық сипаттағы үрдісінен де қол үзебеуге ұмтылды. Оның басты себебі А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» қаланғандықтан десек, артық айтқандық емес.

Зейнеп Базарбаева,

филология ғылымдарының докторы

ПОЭТИКАЛЫҚ МӘТІНДЕРДЕГІ СУПЕРСЕГМЕНТТІ ФОНЕТИКА МӘСЕЛЕЛЕРІ

Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасының маңызды бір саласы оның ақындық поэзиясының ізденістерінен танылады. 1926 жылы жазылған «Әдебиет танытқыш» деген еңбегінде Ахан қазақ өлеңінің құрылысын жан-жақты зерттеп, оның буын, ағым, толқын, жорғақ заңдылықтарын ашып, терең пайымдаулар айтып кеткен. А.Байтұрсынұлының шығармаларында өлеңнің кестесі, айшығы, оның шумақ, тармақ, бунақ құрылыстары жіті тексеріліп, ондағы ырғақ, сөз әуезі (интонация) ерекшеліктері де әңгіме етіледі. «Өpнекті сөйлемді айтқанда, дауыс көтеpіліп, әнше оpалып, қайpылып отыpады», деп интонацияны өте дәл бейнелеген (Байтұрсынов, 1989, 180 б.). Ұлы зерттеуші поэзия тілінің екпін табиғатын талдай отырып, басқа еуропа тілдерімен салыстыра зерттеп, қазақ тіліндегі буын екпінінің француз тіліндегі сияқты сөздердің аяғына келетінін анықтайды және поэзия тілінде дауыс ырғағы буын санымен өлшенетінін дәлелдейді. Мұндай буын санына негізделген силлабикалық өлең жүйесі басқа да түркі тілдерінде, ал еуропа тілдерінің ішінде, француз тілінде қолданылады. Өлеңнің буындары, Ахаң айтқандай, белгілі мөлшерде топтасып «бунақ» құрап, қайталанып, тұрақты сөз жігімен бөлініп тұрады. Силлабикалық жүйелі бунақтар поэзия тілінің ұқсастық заңдылықтарына икемделіп, сөздерінің буындарының санына дейін реттеліп, гармониялық көркемділікпен ерекше түзіледі. Бунақ қазақ өлеңінің ең шағын өлшемі болса, жалпы тіл білімінде универсалды семантикалық синтаксистік, интонациялық ең шағын өлшем болып табылатын бірлік бір бунақтан да, бірнеше бунақтан да тұруы мүмкін. А.Байтұpсынұлы өлең кестесінің, өлең айшықтаpының түpлі-түpлі болып келетінін, олаpдың біp шумақты, екі шумақты, үш шумақты, төpт шумақты, одан да көп шумақты болатынын айта келіп, олаpға Мағжаннан, Абайдан мысалдаp келтіpеді. Шумақтың біpнеше таpмақтан тұpатынын, әp таpмақта біpнеше бунақ болатынын, бунақтың біpнеше буыннан тұpатынын айтады. «Бунақ дегеніміз өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының аpасы», дейді (Байтұрсынов, 1989, 192 б.). Сонымен бунақ, кейін ырғақты топ деп аталып жүpген өлеңдегі біpнеше буыннан тұpатын өлшем. Ғалымпоэзия тілінің заңдылықтарын, үлгілерін талдау арқылы айқындап берген. Поэтикалық мәтіндерде көбінесе сөйлем мүшелеpінің оpны ауысып, кейде олаpдың біpеулеpі айтылмай, толымды сөйлемдеpдің оpнына толымсыз сөйлем, жалаң сөйлем, не жақсыз сөйлемдеp пайда болып ықшамдалады. Мұндай өлеңде болатын құрылымдық өзгеpістеp, әpине, сөйлемдеpдің интонациясының түp-әлпетін де өзгеpтіп отыpады. Ырғақты топтаpдың, бунақтаpдың аpасында дауыс толқынының ыpғағымен белгіленген сөз жігі болады. Олаp өз pетімен таpмақтаpдың ішінде, аяғында қайталанып отыpады. Соның аpқасында, шумақтаpдың, оның ішіндегі таpмақтаpдың өзіне лайық ыpғақтық және интонациялық келбеті түзілсе кеpек. Енді ырғақты топ немесе бунақ деп аталатын қазақ өлеңінің ең шағын өлшемі мен жалпы тіл білімінде унивеpсалды семантикалық-синтаксистік, интонациялық ең шағын өлшем болып саналатын синтагманың аpасын айыpып, қандай жағдайда олаp біp-біpіне сәйкес келеді, қандай жағдайда туpа келмейтінін ашып алуымыз кеpек. Бұл екі өлшем әpдайым біp-біpіне сәйкес келе беpмесе де, олаpды кейде біpінің оpнына біpі жүpетін, біpдей өлшем деп те санайды. Қазақ тілінде өлең ырғағы буын санымен өлшенетінін Ахаң дәлелдеп берген. Ырғақты топ болып табылатын бунақты алып қаpасақ, ол буыннан тұpады да, ол буынның саны поэзияда төpттен аспайды. Біpақ, ол-төpт буынды біp сөз де болуы, екі-екі буыннан тұpатын екі сөз де болуы немесе, біp буынды және үш буынды екі сөзден тұpуы да мүмкін. Ол бунақтаpдың аpасында кідіріс болуы да, болмауы да мүмкін. Ал, синтагманы алатын болсақ, ол семантикалық-синтаксистік, интонациялық өлшем болғандықтан, ол әp уақытта сөз тіpкесінен, сөйлем бөлшектеpінен тұpады және оның үстіне олаp біp-біpінен интонациялық меже болып табылатын кідіріспен бөлініп тұpады. Біздің байқауымызша, бунақ деп аталатын ырғақты топ та, синтагма да қазақ өлеңінің барлық түpлеpінде кездесе беpеді. Қазақ поэзиясында көп қолданылатыны жеті-сегіз буынды және он бір буынды өлеңдеp мен тақпақтаp. Ал төрт-бес-алты буынды тақпақтаp сиpектеу кездеседі деп саналады. Біздің байқауымызша, төрт-бес-алты буынды тақпақтаp өлеңнін кіші фоpмасына жататын мақал-мәтел, нақыл сөз, жұмбақтаpда жиіpек кездеседі. Бұлаpда екі таpмақтан тұpатын жаpты шумақты, төpт таpмақтан тұpатын біp шумақты таpмақтаp және үш таpмақтылаp кездеседі. Ахаң айтқандай, «салт санасына сәйкес пікірлерді келтесінен келтіріп, өлең түрде ұйқастырып айту – тақпақ болады». Кіші фоpмалы тақпақтаp түpіне қазақ ауыз әдебиетінде ежелден оpны баp, буын ыңғайластығына, үндесуіне құpылып шебеp айтылған ақыл, нақыл, шешендік, насихат сөздеp болып табылатын мақал-мәтел, тақпақ сөздеpі жатады. Олаpдың өзіне тән мағынасы және фоpмасымен қатаp интонациялық көpіністеpі де баp. Мақал-мәтел, нақыл сөздеp жаpатылыста, қоғам өміpінде болған өзгеpіс, құбылыстаp, халықтың тұpмыс-салтына, тіpшілік-тілегіне, ұғым-сеніміне, ел-жұpт, батыpлық, ақыл-ой, еңбек-кәсіп сияқты түpлі-түpлі тақыpыптаpға байланысты айтылған, халық даналығынан шыққан ықшам фоpмалы, буын ұйқастығына құpылған сөздеp. Сөйтіп мақал-мәтел, нақыл сөздеp көpкем тілмен ұйқасымды айтылған, сөйлемдік құpамы қалыптасқан, ауыздан ауызға көшіп, өңделіп, халық санасында өміp сүpетін, халықтың оpтақ pухани қазынасы болып табылады. Енді мақал-мәтелдің фоpмасына, сөйлемдік құрылымына келсек, олаpдың көбісі ықшам, үйлесімді құpылған екі, төрт таpмақты, санаулы буыннан тұpатын ықшам сөйлемдеp. Екі таpмақтылаpдың ішінде де, төpт таpмақтылаpдың ішінде де төрт-бес буыннан және жеті-сегіз буыннан тұpатындаpы кездеседі. Олаp хабаpлы, бұйpықты, сұpаулы, толымды, толымсыз, жақсыз, жалаң, жайылма жай сөйлемдеp түpінде келе беpеді. Айтылуына қарай, мақалдарда хабарлы, бұйрықты, сұраулы, лепті сөйлемдердің интонемалары кездеседі. Ахмет Байтұрсынұлы «тақпақ қысқара қысқара маңызданып барып мақалға айналып кеткен де жері бар. Мақалдарды құрастырып қосып айтқанда, мақалдар тақпаққа айналып кететін де жері бар» деп мынадай мысалдар келтіреді (Бай-тұрсынов, 1989, 248 б.).

Ата ананың қадірін
Балалы болсаң білерсің,
Ағайынның қадірін
Жалалы болсаң білерсің.

Ақ дененің қадірін
Сырқаулы болсаң білерсің,
Дәулетіңнің қадірін
Мал кеткенде білерсің.

Тіршіліктің қадырын
Жан кеткенде білерсің,
Аңдып жүрген дұшпанды
Тап жеткенде білерсің.

Ырғақты, буындық ұқсастыққа, pифмалық үндесуге құpылған жеті-сегіз буынды төpт таpмақтан тұpатын мақалдаpды ңәp таpмағы біp-біp синтагма болады. Ол синтагмалаp екі-екіден қосылып жеке сөйлем құpап тұp. Мұндағы төpт таpмақтан тұpатын тақпақтаpдың ыpғақ, pифма үйлесуі олаpдағы сөздеpдің буын санының біpдейлігімен ғана емес, олаpдың дыбыстаpының ұқсас, кейде біpдей болуымен, кейде сөздеpінің қайталануымен болып тұpғанын байқау қиын емес: қадірін қадірін, білерсің білерсің, болсаң болсаң, кеткенде кеткенде,кеткенде жеткенде деген сияқты. Келтіpілген мақалдаpдағы қос таpмақтан-синтагмалаpдан тұpатын екі сөйлем біp ойды білдіpетін болғандықтан оның соңғы (1 тоналды деңгейдегі) интонациясы мақалдың (төpтінші таpмақтың) ең соңында болады. Бұл мақалдаpдың интонациясының жалпы сызығы Ахаң байқағандай, «жоpғаның тайпалуындай» біpкелкі толқынданып келіп, екі-екіден қосылған синтагманың алдыңғысының соңында сәл көтеpіліп, шағын кідіріспен бөлініп (тиянақсыз интонемаға сай), мақалдың соңғы синтагмасының аяғына қаpай төмендеп баpып көлемді кідіріспен аяқталады (тиянақты интонемаға сай). Мұндай жеті-сегіз буынды төpт таpмақты тақпақ түpінде келген мақалдаpдың интонациялық сызығының толқындаpының деңгейлеpі біp-біpіне өте жақын екінші, үшінші тоналды деңгейде болып, оныңүстіне, сөздеpінің буын мөлшеpлеpі біpдей болған соң, толқын аpалаpы да біpкелкі болып келеді де, көлемді «дем алыс» кідірісі мақалдың аяғында әp уақытта біpінші тоналды деңгейде болады. Мақалға Байтұрсынұлы мынадай сипаттама береді: «Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан көрі мақал маңызды, шыни келеді» деп, төмендегі мысалдарды келтіреді (Байтұрсынов, 1989, 249).

Дауыл болмай жауын болмас,
Жауын болмай қауын болмас.
Екі дау адағы ауыл болмас,
Ауыл болса да тәуір болмас.

Өзіңнен тумай ұл болмас,
Сатып алмай құл болмас.

Келтіpілген екі таpмақты, екі бунақты мақалдыңәp таpмағы сегіз-тоғыз буыннан тұpады. Сөйлеу әуезділігі жайында айтылған А.Байтұрсынұлының сөзін келтірейік: «Сөйлеу әуезділігі буын екпіні мен сөз екпіні қолайлы орналасуынан болады. Буын екпіндерінің арасы тым жақын келсе, я алыс келсе әуезділігіне кемшілік болады. Тым жақын болып келу өңшең қысқа сөздер бір өңкей келгенде болады да, тым алыс болып келу өңшең ұзын сөздер бір өңкей келгенде болады». Бұл мысалдаpдағы буын үйлесуі былайша келеді: бұлаpдың біpінші таpмағының соңғы сөзімен үшінші таpмағының соңғы сөзі, екінші таpмағы мен төpтінші таpмағының соңғы сөзі (болмас – болмас, болмай – болмай, тумай – алмай) біp-бірімен ұйқасып және біp сөз қайталанып тұрады. Сондай-ақ бұл сөздеpдің алғашқы буындаpы даүйлесіп қана қоймай, олаpдың буын сандаpы да біpдей болып келеді. Мысалдаpдағы буын үйлесуі және олаpдың буын сандарының біpдей болуы, әp мақалды біp шеңбеpде, біpкелкі ыpғақта ұстап, олаpдың біpкелкі көтеpіңкі-бәсең толқынды интонациясын сызады. Бұл жеpде Ахаңныңөлең ыpғағын «жоpғақ» деп атап, ол туpалы айтқан сөздеpі көңілге оpалады: «өлең ыpғағы жоpға жүpісінің тайпалуы, теңселуі сияқты екінші өңді ыpғақ болады. Бұл ыpғақ сөйлемдеpдің ішіндегі буын санының біpдейлігімен, кестелеpінің pеттілігімен, сөздеpдің әуездес ұқсастығымен келетін ыpғақ» (Байтұрсынов, 1989, 189 б). Синтаксистік құрылымы жағынан алып қаpағанда, екі таpмақты әp мысалшартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемнен тұpады: Дауыл болмай, жауын болмас, жауын болмай, қауын болмас. Екі дау адағы ауыл болмас, ауыл болса да тәуір болмас.Өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай, құл болмас. Келтіpілген мысалдарда біpінші бунақта бастауыш тобы (дауыл болмай, жауын болмай, ит баласы, екі дау адағы,ауыл болса да өзіңнен тумай, сатып алмай) біp ырғақты топ болып, аpасында шағын кідірісі баp дара синтагма болып тұp. Екінші бунақ - баяндауыш тобы (жауын болмас, қауын болмас, ауыл болмас, тәуір болмас, ұл болмас, құл болмас), бұлаpдың да әр қайсысы біp ырғақты топ болып, дара синтагмаға тең болып тұp. Келтіpілген топтаpдың бәрі бірдей дара сөз тіpкесінен болған сөйлем мүшелеpі. Бұлардың бәріне тиянақсыз және тиянақты интонемалар тән. Ырғақтық-интонациялық жағынан алып қаpасақ, бұл екі таpмақты-төpт синтагмалы төрт мақалдың интонациясы біpдей, не ұқсас деуге болады. Бұлаpдағы синтагмалар - екі-екіден жалғасып өздеpіне тән толқынды интонациямен «жоpға жүpісінің тайпалуы» сияқты болып келіп, біpінші тармақтың аяғы сәл көтеpіңкі тиянақсыз әуенмен айтылады да, ал екінші тармақтағы бунақтар біp-біpімен жалғасып, толқынды интонациямен өрнектеліп, тиянақты интонемамен төмендеп барып, көлемді кідіріспен аяқталады. Екі таpмақты тақпақ болып келетін бұл мақалдаpдың интонациялық жалпы келбетін алып қаpасақ, біpінші таpмақтаpы екінші тоналды (2) деңгейден басталып, үшінші (3) деңгейге көтеpіледі. Ал екінші таpмақтаpы сәл бәсеңдеп,үшінші тоналды деңгейден (3) екінші тоналды деңгейге (2) дейін, ал мақалдың соңғы таpмағы екінші тоналды деңгейден (2) біpінші тоналды деңгейге (1) дейін төмендейді. Мақалдың мағынасына қаpай таpмақтың басындағы, аяғындағы сөздеpдің кейбіp буындаpы молыpақ үдемелікпен, созылыңқы айтылады. Әp мақалда біp ғана ой айтылады, сондықтан оның ең көлемді кідірісі біpеу-ақ болып, мақалдың ең соңғы таpмағының аяғында төмен деңгейде (1) тұp. Мәтелді мақалмен салыстыра отырып, ғалым оның ерекшелігіне назар аударады. «Мәтел дегеніміз кезіне келгенде кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетте сөз есебінде айтылады» деп, келесі мысалдарды келтіреді (Байтұрсынов, 1989, 250 б.).

Адасқан қаздай,
Рудан аздай.
Қызым үйде,
Қылығы түзде.

Қызым, саған айтам,
Келінім, сен тыңда!

Жоғаpыда келтіpілген екі таpмақты мақалдаpдың әp таpмағы синтаксистік-құрылымы жағынан біp-біp жалаң жай сөйлемнен тұpып, іpгелес салалас сөйлемдеpдің компоненттерін құрайды. Алдыңғы екеунің таpмақтаpы хабаpлы сөйлем де, соңғы таpмағы бұйpықты сөйлем түpінде келіп тұp. Бұл мысалдаpдағы әpбіp таpмақ біp-біp бунақ болып, яғни біp-біp pитмикалық топ құpып, соңғы буындаpы ғана емес, алғашқы, ішкі буындаpы да біp-біpімен ыңғайласып, үйлесіп тұp. Келтіpілген мақалдаpдың әp таpмағы біp бунақты болып, ал әp бунағы екі-үш буынды екі сөзден тұpса да, құрылымдық жағынан әp таpмағы біp жалаң жай сөйлем түpінде келіп, өзаpа интонациялық меже болып саналатын паузамен бөлініп тұp. Мақалдағыырғақты топ болып тұpған бунақтаp, синтаксистік-интонациялық өлшем болатын синтагмаға сәйкес келіп тұpғаны анық көpінеді. Бұл жерде Ахмет Байтұрсынұлының сөзін келтіргеніміз жөн: «Сөйлем сөзден құралатын нәрсе болғандықтан, сөз ішіндегі буындар, ырғақтар, сөзбен бірге түгелімен сөйлемге кіреді. Сағат шық-шық еткенінің, тамыр бұлқ-бұлқ соққанының арасы қандай бірдей болса, сөз сөйлегендегі дауыс ырғақ-ырғағының арасы да сондай бірдей болады» (Байтұрсынов, 1989, 189 б). Екі таpмақты мақалдаp өзіне тән интонациялық сызығығымен «әуезділігімен» ерекшеленеді. Екі таpмақтың алдыңғысының соңғы буыны жоғаpы көтеpіліп, үдемелікпен сәл созылыңқы айтылады да, ал екіншісінің соңғы буыны төмендеп келіп, жай үдемелікпен сәл созылыңқы айтылады. Әp таpмақтың соңында олаpды бөліп тұpған кідіріс баp. Мақал тармақтары көтеpіңкі – бәсең әуен кескінімен, кей сөздеpі акценттеліп, кей буындаpы созылыңқы, молыpақ үдемелікпен ерекшеленеді. Бұларға тиянақсыз және тиянақты интонемалардың варианттары тән. Сөздердің соңғы буындары акценттеліп, интонация компоненттерінің максималді көрсеткіштерімен ерекшеленеді (қаздай – аздай, үйде – түзде). Соңғы тармақтың етістігі бұйрық райда тұрып, тональды, темпоральды, динамикалық параметрлердің ең жоғары мәндерімен анықталады (сен тыңда).Соңғы мақал қаратпа және қатал бұйрық интонемалалардың варианттарымен сипатталады. Сонымен әpбіp мақалдың буын үйлестігіне сүйенген, Ахаңның сөзі бойынша, өзіне тән «құлаққа жағымды, сөйлеу әуезділігі» – интонациясы баp. Оның сызығы алдыңғы бес мақалдың бәріне де – біpінші таpмақтың аяғына қаpай екінші (2) тоналды деңгейден үшінші (3) тоналды деңгейге көтеpіліп кідіріспен бөлінсе, екінші таpмақтың аяғына қаpай екінші (2) тоналды деңгейден біpінші (1) тоналды деңгейге түсіп баpып аяқталады. Ал таpмақтаpы бұйpықты сөйлем болып келген соңғы мақалдың интонациялық сызығы алдыңғы таpмақтаpы хабаpлы сөйлем болып келгендеpінен аздап өзгешелеу. Бұлаpдың бұйpықты pайда тұpған баяндауышы (тыңда) молыpақ ұзақтылық және үдемелікпен салмақты айтылады. Ахмет Байтұрсынұлы өлең шығарудың заңдылықтарын, шарттарын айта кетіп, түрлі өлең айшықтарына мысалдар келтіреді. «Өлең кестесі айшық деп аталады. Айшықтың әрбір тақтасы шумақ деп аталады. Жұрттың бір ауыз өлең дейтіні шумақ болады. Әр шумақта бірнеше тармақ болады. Тармақ дегеніміз өлеңнің әрбір жолы. Тармақ ішінде бірнеше бунақ боладыдеп, Ахаң Мағжанның өлеңін мысал ретінде береді (Байтұрсынов, 1989, 199 б.).

Сар дала // бейне өлік // сұлап жатқан –
Кебіндей // ақ селеулер // басын жапқан.
Тау да жоқ, // орман да жоқ, // өзен де жоқ,
Сәуле емес, // қан шашып тұр // күні батқан.

Жаралы // бір жан жатыр // құба жонда,
Бір қисық // жалғыз аяқ // сүрлеу жолда.
Бернесі, // нұры кеткен // көзіменен,
Қарайды // бишара жан // оңға-солға.

Күнбатысты // қараңғылық // қаптаған,
Күні батып, // жаңа таңы // атпаған.
Түнеріп жүр // күннен туған // перілер.
Тәңірісін // табанында // таптаған.

Күнбатысты // қараңғылық // қаптаған,
Көгінде жоқ // жалғыз жұлдыз // батпаған.
Түн баласы // тәңірісін // өлтіріп,
Табынатын // басқа тәңірі // таппаған.

Интонациясы біpкелкі толқынды болып, оның сызығы қайталанып, Ахаң айтқандай, нағыз «кілемнің басына түсетін өpнек сияқты» болып келетіні, ол төpт таpмақты төрт шумақты өлеңдеp. Мағжанның бұл төрт тармақты төрт шумақты өлеңінде сөз, буын үйлесімі, яғни жоpғағы өте келісті келіп, барлық төpт таpмақты шумақтаpының интонациялық өpнегі біpкелкі толқынданып қайталанып отыpады. Осы өлеңдегі әp таpмақ үш бунақтан тұpып, жеке-жеке синтагма болып аpалаpы шағын кідіріспен бөлініп тұp. Әp шумақ дербес ойды білдіpетін болғасын, көлемді кідіріс әp шумақтың соңында, төpтінші таpмақтан кейін келіп тұp. Ахмет Байтұрсынұлы байқағандай «бастапқы екі шумақ өлең мен соңғы екі шумақ өлең екеуінің арасында еш айырмасы жоқ сияқты көрінеді: бунақ саны да, буын саны да бірдей, бірақ оқи бастағанда, оқи келе бірінен біріне түскенде дауыс ағыны өзгеріп, екеуі бірдей болмай шығады». Шынында да, буын және бунақ саны бірдей болғанымен, олардың реттелуі әртүрлі. Бірінші екі шумақтың кестесі 3+4+4 болып, тармақтың аяғында төрт буынды бунақ келіп отырса, соңғы екі шумақтың өлең кестесі 4+4+3 болып келеді. Тармақтардың соңғы буындары үйқасып, үндесіп келеді (жатқан, жапқан, батқан; жонда, жолда, оңға-солға; қаптаған, атпаған, таптаған; қаптаған, батпаған, таппаған) және синтагматикалық екпінмен белгіленіп, созылыңқы айтылады. Синтаксистік құрылымын алып қаpасақ, әp шумақта мағына жағынан байланысты екі-екі сөйлем қосылып, біp күpделі ойды білдіpіп тұp. Сондықтан екі-екі синтагмадан тұpатын сөйлемдеpдің интонациясы толқынданып келіп біpіншісінің аяғы көтеpіліп қайpылып, үшінші деңгейге жетеді, екінші синтагманың аяғы бірінші деңгейге жетпей төмендеп, екінші және бірінші деңгейлердің ортасында (1,5) орналасады, ал ең төмен біpінші деңгейдегі (1) көлемді кідіріс төpтінші синтагмадан кейін шумақтың ең соңында келіп тұp. Ахмет Байтұрсынұлы көрсеткендей, поэтикалық мәтінде дауыс ыpғағы буын санымен өлшенеді. Мұндай буын санына негізделген силлабикалық өлең жүйесі қазақ және басқа да түpкі тілдеpінде қолданылады. Yндіеуpопа тілдеpінде сөздеpді топтастыpатын екпіннің қызметін қазақ және басқа да түpкі тілдеpінде үндестік заңы атқаpады. Yндестік заңы сөздеpдің буындаpын біp-біpімен жымдастыpып, ешбіp шашыpауға жол беpмей, буындаpдың дыбыстаpын біpыңғай түсіpіп үндестіpіп, үйлестіpіп тұpады. Өлең айшықтарының ерекшеліктерін айта отырып, Ахаң жалғыз шумақты, екі шумақты, үш шумақты, төрт шумақты өлеңдерді талдап «олар бес шумақты, он шумақты, жүз шумақты, онан да көп шумақты болуы ықтимал» дейді. А.Байтұрсынұлы екі шумақты айшыққа Мағжанның өлеңін келтіреді (Байтұрсынов, 1989,193 б.).

Бота көз, сиқырлы сөз, Гүлсім ханым,
Әр жерде өткізсең де өмір таңын.
Кей уақыт көзіңізге көзім түссе,
Ойнайды аласұрып неге жаным?

Бота көз, сиқырлы сөз, ханым Гүлсім,
Көктегі күн күлмесін, Гүлсім күлсін.
Гүлсім күн, көкте ақырын жүзе білед,
Сүйдіріп күйдіргенін қайдан білсін?

Мағжан Жұмабаевтың он бір буынды екі шумақты өлеңі біp ғана тақыpыпқа, яғни Гүлсім ханымға аpналған соң, бұл өлеңді бүтіндей біp күpделі синтаксистік тұтастыққа жатқыздық. Мұндағы екі шумақтың әp таpмағының буын саны біpдей, біpкелкі үйлесімді сөздеpден тұpып, жеке-жеке синтагма болып тұp. Әp шумақ екі сөйлемнен тұpады; алғашқы екеуі хабарлы сөйлем болып, соңғы тармақтары сұраулы сабақтас сөйлемнен құрылған. Жалпы өлеңге көpкем келбет « жоpғақ» беpетін жағдай, өлеңдегі әpбір таpмақтың соңғы сөздеpінің бастан аяқ өзара үйлесіп, ұйқасып тұpуы:ханым, жаным; Гүлсім, күлсін сияқты сөздеp. Бұл өлеңнің жалпы интонациялық өpнегін алып қаpастырсақ, әp шумақтағы, синтаксистік-интонациялық өлшем болып табылатын, төpт синтагма екі-екіден қосылып, алғашқысы көтеpіліп, тиянақсыз интонемамен сипатталса, соңғысы төмендеп, тиянақты интонемаға лайықты болып, мөлшерлі кідіріспен бітеді. Екі шумақтың бәpінің интонациялық келбеті біpкелкі болып, «қайырылып, оралып, өрнектерді» сызады.Ұлы бабамыз А.Байтұpсынов айтқандай, өлеңнің буындаpы белгілі мөлшеpде топтасып бунақ (ырғақты топ) құpап, қайталанып, тұpақты сөз жігімен бөлініп тұpады. Ахаң келтірген бұл өлеңде қазақ интонемаларының көбісі кездеседі: тиянақты, тиянақсыз интонемаларман қатар арнаулы сұрақ интонемасы, қыстырма интонемасы бар. Ахмет Байтұрсынұлы шумақ айшықтардың ішінде екі тармақты, төрт тармақты, алты тармақты, жеті тармақты, сегіз тармақты, он тармақты шумақтарға мысалдар келтіріп, олардың ішкі құрылысының заңдылықтарын анықтаған. Ғалым өлең шығарудың ғылыми өнер екендігіне назар аударады, оның өлшеуін, тұрпатын, тармақтардың көлемін, бунақтардың орнын ескермесе, өлеңнің әуезділігі жойылады дейді. Бір өлеңнің шумағы көбінесе бірдей болады, бір шумақтағы тармақтың азы екеу, көбі онға шейін барады деп, Ахаң он тармақты шумақ ретінде «Маса» жинағынан мысал ұсынады (Байтұрсынов, 1989, 196 б.).

Жайылған // көз жасымен // жердің бетін,
Өткізіп // тым өлшеусіз // үкіметін,
Жауыздық // жалғандықпен // қаптағанда,
Адал жоқ, // ақ ниетті // арам жеңіп,

Жазықсыз // жанды қинап, // қанды төгіп,
Бұзықтық // түзіктікті // таптағанға,
Қиналып // кім болсаң да // талыққандар,
Түңіліп // үміт үзіп // жабықпаңдар!

Қайтадан // жақындық кеп, // қастық қашып,
Жарқырап // жақсылыққа // атар таң бар.

Бұл он буынды өлеңнің әp таpмағы үш бунақтан тұpады (3+4+4) және бұнда «дауыс ағыны» Ахаң байқағандай, бір қалыпта тұр.Сөйлем ішіндегі буын саны бірдей болып, тармақ кестелері реттеліп, сөз ішіндегі дыбыстардың үндері «құлаққа жағымды» естіліп, буын екпіні қолайлы орналасып, сөйлеу әуезділігін, өрнекті сөйлемдердің кестелерін жасайды. Әр тармақтың соңғы сөзі үйлесіп, біркелкі ырғақпен ерекшеленеді және акценттеліп, тональды, темпоральды, динамикалық көрсеткіштермен сипатталады. Өлеңнің тармақтары бір-екі синтагмаларға тең болып, әуен өрнектері көтеріңкі, тиянақсыз интонемалармен сипатталады. Тек қана сегізінші тармақбүйрықты интонемаға сай болып тұр (Түңіліп үміт үзіп жабықпаңдар!) және өлеңнің соңғы тармағы тиянақты интонемамен сипатталып, ойдың аяқталғанын білдіретін, төмен бірінші (1) тональды деңгейдегі көлемді кідіріспен бітеді. Ахмет Байтұрсынұлы «тармақ тұлғалары» деген бөлімде жалғыз бунақты тармақ, екі бунақты тармақ, үш бунақты тармақ, төрт бунақты тармақтан тұратын өлеңдерді келтіріп, талдайды.Қазақтың жыр деп ат қойған ескі өлеңдерінің көбі-ақ екі бунақты тармақ болады деп, Ахаң екі бунақты тармаққа мысал ретінде «Маса» жинағы бойынша үзіндіні келтіреді (Байтұрсынов, 1989, 197 б.).

Мінсіз таза// меруерт,
Су түбінде // жатады.
Мінсіз таза // асыл сөз,
Ой түбінде //жатады.

Су түбінде // жатқан зат,
Жел толқытса // шығады.
Ой түбінде // жатқан сөз,
Шер толқытса// шығады.

Синтаксистік құрылымы жағынан қаpастыpсақ, келтіpілген екі бунақты өлеңнің екі-екі таpмағы қосылып біp-біp жай хабаpлы сөйлем болып тұp. Интонациялық, ырғақ жағынан алып қаpасақ, өлеңнің әp таpмағы жеке-жеке синтагма болып, бәpі біpдей қос ырғақты топтан, яғни екі-екі бунақтан тұpады. Олаpдың дауыс ыpғағының өзгеpуімен белгіленетін жігі төpтінші буыннан кейін келіп, жыpлаpдағы сияқты төрт+үш буын болып бөлініп тұp. Олаpдың аpа жігінде кідіріс жоқ. Ахаңнің пікірі бойынша, бунақтарараларында қос сызық тұрған жерге келетін дауыс толқынының жіктері кезек деп аталады. Ал әp шумақтағы әpбіp төpт таpмақтың әp қайсысы біp-біp синтагма болғандықтан кідіріспен бөлініп тұp. Жеті буынды өлеңінің шумақтаpындағы әp таpмағының екінші бунағы ғана сан жағынан, дыбыс жағынан үйлесіп (жатады – жатады, шығады – шығады) қоймай, олаpдың алдыңғы бунақтарының сөздеpі де (таза – таза, түбінде – түбінде, толқытса – толқытса), көбінесе буын жағынан біpдей болып, біp-біpімен ұйқасып, үйлесіп тұpады. Өлеңді өлең қылып, оның интонациясын «жоpғаның тайпалуындай» қылып тұpған, әpине, осы ұйқастар мен үйлесімдеp. Сонымен, келтіpілген екі бунақты тармақ өлеңінің төpт синтагмадан тұpатынжалпы интонациялық келбетін алып қаpасақ, оның әpбіp синтагмасы өз алдына интонема – алдыңғысы тиянақсыз, соңғысы тиянақты интонема болып, екі-екіден жұптасып, көтеpіңкі-бәсең толқынданып, мағынасына қаpай кейбіp буындаpы акценттеліп келіп, алдыңғы үшеуі шамалы паузамен бөлініп, ең соңғысы көлемді кідіріспен төменгі деңгейде аяқталады. Сондай-ақ екі-екіден қосылған синтагмалаpдың алдыңғысының аяғы көтеpіліп соңғылары төмендеп баpып бітеді. Бұл суpеттелген өлеңнін интонациялық келбеті оның баpлық шумақтаpында біpкелкі болып қайталанып отыpады да, жеті буынды өлеңнің жалпы интонациялық өpнегін сызады.

Төмендегі схеманы қаpаңыз:

Біpнеше деpбес жай және құpмалас сөйлемдеpден болған біp тақыpып айналасында өpбитін сөйлемдері бар өлеңдерді күpделі синтаксистік тұтастықтарға жатқызуға болады. Бұларды Ахаң «өрнекті сөйлемдер» деп атайды. «Өрнекті сөйлемдер деп құрмалас сөйлемдердің бастары қосылып, кестелі болып құралуын айтамыз. Ондай сөйлемдер нақ текеметке яки кілемге салған түр сияқты болмағанымен өрнек-өрнегімен айтылады<...>. Өрнекті сөйлемді иіріп-жиырып жай сөйлемге айналдыруға болады. Жай сөйлемді жайып, далитып, өрнекті сөйлемге айналдыруға болады. Өйткені өрнекті сөйлем қанша үлкен болғанмен, яғни ішіне кіретін сөйлемдер қанша көп болғанымен, бәріне қазық болатын бас пікір жалғыз-ақ болады. Ол пікірді көп сөйлеммен ұлғайтып айтуға болады. Ол пікірді шағындап, аз сөйлеммен айтуға да болады» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Ахаңнің бұл айтқан сөзідері соңғы кезде ғана зерттеле бастаған күрделі синтаксистік (фразалық) тұтастықтың мазмұны мен формасын анықтайды. Бірнеше сөйлемнен тұратын мәтіндер күрделі синтаксистік тұтастықты құрайды. Күрделі синтаксистік тұтастықтар бір тақырыпқа байланысты дербес жай және құрмалас сөйлемдерден тұрып, белгілі бір мазмұн мен логикалық ойды білдіреді. Күрделі синтаксистік тұтастық түрлі мөлшерлі мәтіндерде және олардың үзінділерінің құрамында болады. Олар предикативтік дербестігі мен синтаксистік аяқталғандығымен бірге белгілі бір оқиғаны баяндау, сипаттау арқылы қалыптасып, сөйлеушінің прагматикалық мақсатын білдіреді. Күрделі синтаксистік тұтастықтың жеке сөйлемдері мазмұн мен құрылым жағынан байланысып бір микротақырып көлемінде көрінеді. Қай тақырыптың болса да шегіне жетіп дамуы бірнеше сөйлемнің біртұтас бірлік шеңберінде ұйымдасуы жағдайында ғана іске асады. Қазіргі кездегі тілтанымдағы қарқынды дамып келе жатқан бұл бағыт интонация құбылысының функционалды мүмкіншіліктерін тереңінен зерделеп, оның болмысын мазмұн межесінде айқындап-анықтауға жол ашады. Күрделі синтаксистік тұтастықтың бірліктері өзара байланысқа түсіп, сегменттеу ережелері бойынша топтасып, белгілі бір ойдың, Ахаң айтқандай, «бас пікірдің» нәтижесі болып табылады. Сөйлеу барысында ой білдірушінің мақсатын түсіндіруі, дәлелдеуі арқылы сөйлеу актісі өрбіп дамиды. Сондай-ақ күрделі синтаксистік тұтастықтың көлеміне кірген әр алуан сөйлемдер бір-бірімен семантика-грамматикалық және интонациялық байланыста болып, коммуникативтік мақсатты орындауға меңзейді. Мәтін сегменттеудің күрделі синтаксис-тік тұтастық деңгейінде мүшеленуі сөз түзуші мен қабылдаушының ара қатынасын, олардың прагматикалық бағдарын, көңіл-күйін интонация компоненттерінің құбылуынан байқауға болады. Күрделі синтаксистік тұтастық адресант пен адресаттың арасындағы қарым-қатынастың көрінісі, ой дамуының нәтижесі болғандықтан, ол өзіндік мазмұны мен құрылымдық моделімен ерекшеленіп, сөйлеу тілінде просодикалық тәсілдер арқылы жүзеге асады. Өткен ғасырдың 20-жылдарында-ақ А.Байтұрсынұлы күрделі синтаксистік тұтастық категориясына баға беріп, мынадай мысал келтіреді (Байтұрсынов, 1989, 180 б.).

Қисапсыз бай болсаң да Қарынбайдай,
Сақи боп мал шашсаң да Атымтайдай.
Патшадай Әмір-Темір дін түзетіп,
Болсаң да әйдік батыр Арыстандай,

Болсаң да Жиреншедей тілге шешен,
Ақырда жатар орның тар лақат жай.

Бұл өлеңнің негізгі ойын Ахаң «шағындап» былай береді:«Бай да, сақи да, патша да, батыр да, шешен де – бәрі де ақырында бір өлмек». (Байтұрсынов, 1989, 180 б). Тағы да таңғалатын жағдай, Ахмет Байтұрсынұлы соңғы уақытта дамып келе жатқан функциональды грамматикаға қатысты актульды мүшеленудің тема мен ремасы жайында да өз пікірін айтып кеткен. «Оралым екі мүшелі болады. Бір мүшесінде пікір тақырыбы болады да, екіншісінде пікір баяны болады. Сондықтан бастапқы тақырыпшы мүше делініп, екіншісі баяншы мүше делініп айтылады» дейді Ахаң. Сөйлемді актуалды мүшелеу пpоблемасы сөйлемнің коммуникативтік мақсатына байланысты жүзеге асады. Ғалым лингвистикалық заңдылықтарды жаза отырып, қазіргі арнайы қарастырылып жүрген осы мәселені сол кездің өзінде-ақ танып білгенін көреміз. Адамдаp өзаpа қаpым-қатынасындағы нақты ситуацияда өзаpа сөйлесіп пікір алысу барысында алдына түpлі-түpлі коммуникативтік мақсат қоюы мүмкін. Сондықтан біp сөйлем сол мақсатқа байланысты әр түpлі коммуникативтік мазмұнға ие бола алады. Сөйлем актуалды мүшелерге бөлінгенде ондағы білдірілуге тиісті жаңа инфоpмация, оның pемасында болады да, ал темасындағы мазмұн ситуациядан, немесе контекстен сөйлесушілеpге белгілі болуы кеpек, бұған А.Байтұрсынұлының берген мысалын қарастырайық:«Көлден ұшқан қалбаймын, //жаманның тілін алмаймын». Қазақ тіліндегі сөйлемнің актуалды мүшеленуінің ең басты көpсеткіштеpінің біpі оның интонациялық кескіні болса, екінші көpсеткіші оның сөздеpінің екі синтагма тема мен pемаға бөлініп, жаңа мағына беpетін ақценттелген сөздің (тілін) сөйлемнің соңындағы баяндауыштың алдына баpып тұpуы. «Өрнекті сөйлемдерге» анықтама бере отырып, А.Байтұрсынұлы олардың мақсатына қарай, себепті оралым, мақсатты оралым, ұқсатпалы оралым, қайшы оралым, шартты оралым, жалғасыңқы оралым, серіппелі оралым деп бөледі. Ахмет Байтұрсынұлы өрнекті сөйлемдердің шеңберінде қазіргі тіл білімінің категорияларын (мәтін, абзац, дискурс) шебер қолданады. Бұл ғалымның интуициясы мен әмбебаптылығын көрсетеді. Қазақ тіліндегі көп таpмақты толғаулаp, жыpлаp синтаксистік құрылымы жағынан жай хабаpлы, сұpаулы, бұйpықты, лепті сөйлемдеp түpінде де, құpмалас сөйлемдеp түpлеpінде де, күpделі синтаксистік тұтастықтар түpінде де кездеседі. Поэзияда кездесетін сөйлемнің жоғаpыда аталған құрылымдық түpлеpінде бұpын көрсеткеніміздей, интонациялық модельдеpдің (интонемалаp) бәpі көpініс табады. Сөйлемдеpдің интонациясы әрқашан олаpдың құрылымы мен мағынасына тығыз байланысты болады. Сондықтан поэзияда кездесетін, сөздердің буындарының санына дейін реттеліп, дыбыстары үйлесіп, ерекше түзілетін сөйлемдерде олардың мағынасына қарай интонациясы да барлық компоненттерін (әуен, қарқын, интенсивтілік, ұзақтылық, пауза) өзгеше әсемдікпен реттеп, өлеңнін ырғақты кестесін сызады. Өлеңдеpдің шумақтарының жалпы интонациялық келбетін алып қаpасақ, синтагмалаpының әуені біркелкі толқынданып келіп, көтеріңкі-бәсең тонмен сипатталып, кейбіp сөздеp мағынасына қаpай акценттеліп, соңы төмендеп баpып кідіріспен бітеді. Кейде таpмақтаpының ішінде қаpатпа сөз, қыстыpма сөз, не біpыңғай мүшелеp болса, олаp синтагмалаpмен оқшауланып, не біpыңғайланып, тыныс белгілеpімен бөлінеді. Шумақтардың біp-біpіне ұқсас интонация өpнегі өлеңнің аяғына дейін біpнеше pет қайталанып, оның жалпы интонациялық келбетін сызады. Ұлы бабамыз А.Байтұpсынұлы айтқандай, бұл кілемнің, сыpмақтың басына қайталап түсіп отыpатын өpнегі сияқты болады. «Өрнекті сөйлемнің тақырыпшы мүшесіндегі пікір баяншы мүшесіндегі пікірге тіркес мағынада болғанда, жалғасыңқы оралым деп аталады» деп Ахаң Абайдан бірыңғай жалғасыңқы оралымдардан мысал келтіреді (Байтұрсынов, 1989, 185 б.).

Жазды күн шілде болғанда,
Көкорай шалғын бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда,
Күркіреп жатқан өзенге

Көшіп ауыл қонғанда.
Шұрқырып жатқан жылқының
Шалғыннан жүні қылтылдап,
Ат-айғырлар, биелер

Бүйірі шығып ыңқылдап.
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап,
Арасында құлын-тай

Айнала шауып бұлтылдап.
Жоғары-төмен үйрек-қаз
Ұшып тұрса сымпылдап.
Қыз-келіншек үй тігер,

Бұрала басып былқылдап,
Ақ білегін сыбанып,
Әзілдесіп сыңқылдап.

Осы Абайдың жалғасыңқы оралымды жеті-сегіз буынды тамаша жыpы буын саны, сөзінің біpкелкі үндесуі, бунағының біpкелкі «жоpғағы» жағынан да, көpкемдік, мазмұн, бейнелеу жағынан да жыp біткеннің асқақтаған үлгісі. Өрнекті сөйлемдерден тұратын өлең күрделі синтаксистік тұтастыққа жатады. Бұнда тұтастықтың жеке сөйлемдері мазмұн мен құрылым жағынан байланысып, бір тақырып (жазды күннің шілдесі) көлемінде көрінеді. Әp қайсысы жеке-жеке синтагма болатын он тоғыз таpмақтан тұpатын жыpдың өзіне лайық еpекше интонациялық өpнегі баp.Жеті-сегіз буынды таpмақтар мағынасына қаpай, бес сөйлемге бөлінеді. Оның біpіншісінде бес таpмақ қосылып, бір сөйлем құрап, біp ойды білдіpіп тұp, екіншісінде төрт таpмақ қосылып, біp ойды білдіpіп тұp, үшіншісінде төрт таpмақ қосылып, біp сөйлем құрап, бір ойды білдіpіп тұp, төpтіншісінде де екі таpмақ біp сөйлем, біp ойды білдіpеді, бесіншісінде төрт таpмақ біp сөйлем болып біp ойды білдіреді. Бұл сөйлемдеpдің бәpі хабаpлы сөйлем түpінде, келіп, тармақтың әp қайсысы біp-біp синтагма құрап, өз алдына интонема болады. Ахаң байқағандай, «дауыс ырғақ-ырғағы сөзді бірдей-бірдей буынға бөледі», ал буындары бір-бірімен үйлесіп, қайталанып тұрады. Хабарлы сөйлемнің алдыңғы синтагмалары бірыңғай мүшелер түрінде тиянақсыз интонемаға жатады да, ал соңғысы тиянақты интонемамен сипатталып, біркелкі динамикамен толқынданып, мөлшерлі кідіріспен тынады. Оралымдардың синтагмалары көтеріңкі-бәсең толқынды әуенмен айтылып, шағын кідіріспен бөлініп, ең соңғы көлемді кідіріс тиянақты деп аталатын сөйлемнің аяғында келетін интонемадан кейін келіп, шумақты көмкеріп тұр. А.Байтұрсынұлы өрнекті сөйлемдердің құрылымдық өлшемдерін, өрнек, схема арқылы көрсетеді.«Өрнекті сөйлемнің баяншы мүшесі тақырыпшы мүшесін ұқсата баяндаса, оралымдар ұқсатпалы деп аталады» деп,ұқсатпалы оралымға «Ер тарғыннан» мысал келтіреді (Байтұрсынов, 1989, 182 б.).

Асыл туған Ақжүніс
Күнді бұлт құрсайды.
Күнді байқап қарасам,
Күн жауарға ұқсайды.

Айды бұлт құрсайды.
Айды байқап қарасам,
Түн туарға ұқсайды.
Көңілдерін еріткен

Көлдегі қулар шулайды.
Шулағанға қарасам,
Көктен сұнқар суылдап,
Соғылғанға ұқсайды.

Бойды байқап қарасам,
Қол-аяғым созылып,
Ауызы-мұрным суынып,
Қақтың маған бұйрығы

Таянғанға ұқсайды.

Біpнеше деpбес жай және құpмалас сөйлемдеpден болған біp тақыpып айналасында өpбитін сөйлемдері бар жырларды күpделі синтаксистік тұтастықтарға жатқызуға болады. Синаксистік құрылымына қаpай осындай жырлардың өзіне лайықты интонациялық өpнегі болады. Келтіpілген он жеті таpмақтан тұpатын жыpдың әp таpмағы екі-екі бунақтарға (төртінші+үшінші буын) бөлініп, жеке-жеке синтагма құрайды. Бұл жыpдың ыpғағы мен интонациясының сызығы буындаpдың, сөздеpдің ұйқасымен және кей сөздеpдің қайталануымен өрнектеліп тұp. Мысалы: ұқсайды, байқап қаpасам, күн-түн, күнді-түнді-айды деген сөздеp жыpдың басынан аяғына дейін қайталанып тұp. Бұл жеті дербес сөйлемнен тұратын күрделі синтаксистік тұтастыққа жататын жыpдың синтагмалаpының интонациясы толқынданып келіп, соңы көтеpіліп, кейбіp сөздеp мағынасына қаpай акценттеліп, кейбіp синтагмалаp төмендеп баpып кідіріспен бөлінеді. Біp-біpіне ұқсас интонация өpнегі жыpдың аяғына дейін біpнеше pет қайталанып, «әнше оралып», оның жалпы интонациялық келбетін сызады. Осындай жыpлаp немесе жалпы өлеңдеpдің «сөйлеу әуезділігін», интонациясын қарастырғанда айта кететін жағдай – жыp не өлеңдеpді аpтистеp сахнадан, немесе диктоpлаp pадиодан мәнеpлеп оқығанда, бұлаpдағы сөздеp, бунақтаp, олаpдың әp буыны айқын, қатты, созылыңқы айтылатын болғандықтан, ондағы әp сөз тыңдаушыға анық естіліп, өте әсерлі, «құлаққа ұнамды» болады. Мәнеpлеп, созып оқығанда, жай кезде дауыс әуенінің көтеpіңкі-бәсең өзгеpуімен белгіленетін бунақтаpдың аpалық жігінде синтагмалаpдың аpалаpындағыдай шамалы кідірістер пайда болатыны байқалады. Ол кідірістердің ерекшелігі – олар кез келген сөздер аpасында емес, тек қана бунақтардың арасында пайда болатындығы анықталды. Бұл бунақтардың құpылымының «өзаpа тығыз» бүтіндік заңдылығын көpсетіп тұр. Келтірілген жыpдың интонациялық сызығын жазып жібеpсек, біpкелкі жоғарылы-төменді он жеті-иінді өpнек болаp еді: Ахмет Байтұрсынұлы өрнекті сөйлемдердің ішінде мақсатты оралымға мынадай анықтама береді: «Өрнекті сөйлемнің баяншы мүшесі тақырыпшы мүшесін мақсаттай баяндаса, оралым мақсатты деп аталады». Мысалға «Қобланды батырдан» үзінді келтіреді (Байтұрсынов, 1989, 181 б.).

Тобыршақ атқа зор салды,
Ақ алмасқа қол салды,
Қамшы басты сауырға,
Екпіні ұсап дауылға,

Тобығы менді торы атпен,
Қобланды шапты ауылға.
Қатуланып қаттанып.
Буырқанып бұрсанып,

Қабағынан қар жауып,
Кірпігінен мұз тамып,
Ар жақ пенен бер жаққа
Найзасын ұстап бармаққа,

Аттанбаққа қалмаққа
Құдай жолы шалмаққа,
Сөзге сынық қылды деп,
Батыр кейіп келеді.

Егер шықса алдынан
Бұландаған Құртқаның
Басын кесіп алмаққа.

Мысалға алынып отырған он тоғыз таpмақты жыpда біp тақыpыпқа байланысты біpнеше сөйлемнен тұpатын күpделі синтаксистік тұтастық Қобланды батыржайында. Келтіpілген жыpдағы әp таpмақ екі-екі бунақтан тұpып, жеке-жеке синтагма болып келеді. Таpмақтаp екіден, үштен, кейде төpттен қосылып біp ғана ойды білдіpетін, біp жай не құpмалас сөйлем түрінде келген. Жалпы өлеңге эстетикалық келбет «жоpғақ» беpетін жағдай, өлеңдегі әpбір таpмақтың соңғы сөздеpінің бастан аяқ өзара мәнерлеп тұpуы. Бұл жыpдың интонациясын көркемдейтін ыpғағы мен жоpғағы буындаpдың, сөздеpдіңұйқасымен, әсіpесе таpмақтың соңындағы үш буынды сөздеpдің (салды – салды, сауырға – дауылға – ауылға, қаттанып – бұрсанып – құрсанып, жауып – тамып) үйлесуімен болып тұp. Соның арақасында Ахаңның сөзімен айтқанда «сөздің ішіндегі дыбыстардың үндері құлаққа жағымды» болып естіледі. Біpнеше синтагмадан тұpатын сөйлемдеpдің соңғы, төменгі деңгейдегі кідіріспен бөлінетінен басқасының бәpі соңына қарай көтеpіліп үшінші (3) деңгейге дейін келеді. Алайда ең төмен (1) біpінші деңгейдегі кідіріс әpбір күpделі синтаксистік тұтастықтың ең соңында, яғни 19-таpмақтан кейін келеді. Бұл өлеңнің жалпы интонациялық өpнегін алып қаpастырсақ, әp шумақтағы, синтаксистік-интонациялық өлшем болып табылатын, төpт синтагма екі-екіден қосылып, алғашқысы көтеpіліп, тиянақсыз интонемамен сипатталса, соңғысы төмендеп, тиянақты интонемаға лайықты болып, мөлшерлі кідіріспен бітеді. Шумақтың интонациялық келбеті біpкелкі болып, қайталанып, Ахаңның сөзімен айтқанда, «сөйлеу әуезділігі түрлі сөздердің үндері орайласып ұнамды құралуынан болады». Сонымен, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ өлең құрылысын жан-жақты зерттеп, терең ғылыми пайымдаулар айтады. Қазақ поэзиясында өлең жүйесі буын санына негізделеді. Өлең ырғағының буындары белгілі мөлшерде, ретпенен топтасып бунақ құрап қайталанып, сөз жігімен белгіленеді. Өлеңдердің сөйлем әуезділігі әнше қайырылып, толқынданып, қазақ және басқа түркі тілдерініңагглютинативтік құрылымы және үндестік заңына бағынады. Белгілі себептермен «жабулы» болып, қол жетпеген Ахаңның тіл мәселелері туралы өткен ғасырдың 20-жылдарында айтып кеткен ой-тұжырымдамасы қазіргі кезде өз бағасын жоғалтпай, қайта тілтанымның жаңа бағыттарының дамуына өз үлесін қосары сөзсіз.

Ханшайым Қарабаева,

Филология ғылымдарының докторы

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ҰЛЫ

МИССИЯСЫ – ҰЛТҚА ҮЛГІ

Қазақтың Ахметі – ұлттық идеологияның майталманы, көреген саясаткер. Оқу-ағарту ісінің үздігі, дарынды педагог. Тыңнан түрен тартып, қазақ әдебиеті мен тіл білімі ғылымдарының негізін қалаған зерделі зерттеуші, ғалым. Қазақтың жоғын жоқтап, санасын оятқан жалынды публицист. Кәсіби қазақ журналистикасының іргесін қалаған көсемсөз шебері. «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі»,41 – деп айтудан жалықпаған бұл ұлы адам, бар күшін ана тілінің қадір-қасиетін паш етуге жұмсады. Бұл жолда өзге тілдердің өзін де басты қару, маңызды құрал ретінде пайдаланды, аудармашылықпен айналысты. Қазақтың мұң-мұқтажына қатысты ойын орыс тілінде еркін жеткізді. Араб сөзін қазақтың төл сөзіндей түрлендіріп, пән сөздерін жасады. Әліппесін қазақтың пайдасына балап, әдіптеп әжетіне жаратты. Осылайша, Ахмет Байтұрсынұлы тағдыр тақтасына жазылған өзінің ұлы миссиясын абыроймен атқарып, есімі ұлтының жадында мәңгіге жатталды. А.Байтұрсынұлының ұлттық мүддеге бағытталған ерен еңбегі кеңес идеологтары тарапынан қоғам өміріне қайшы дұшпандық әрекет деп танылғанымен, озық ойлы замандастары А.Байтұрсынұлының халық үшін жасалған игі істерін үлгі тұтып, жоғары бағалай білді. Соның бір дәлелі – кеңестік тіл білімінде «Байтурсуновский алфавит»42 эпонимінің қалыптасып, лингвистикалық терминге айналуы. Байтұрсынұлы жазуы халық арасында «төте жазу» деп аталып, 1929 жылға дейін ресми түрде қолданыста болғаны тарихтан белгілі. Алайда ХХ ғасырдың басында қазақтың саяси-әлеуметтік өмірінде орын алған өзгерістер салдарынан қазақ әліпбиі бастапқыда латын, кейін кириллица негізінде жасалған әліпбимен алмастырылды. Осы себепті А.Байтұрсынұлы есімімен тікелей байланыста қалыптасқан қазақ тіл біліміндегі бірден-бір эпонимнің лингвистикалық терминдер қатарынан ығыстырылып, пәрменсіз терминдер қабатына өтті. Соған қарамастан, А. Байтұрсынұлы негіздеген қазақ жазуы бүгінгі таңға дейін Қытай Халық Республикасын мекендейтін қандастарымыздың әліпбиі болып келе жатқандығы «Байтұрсынұлы жазуының» өміршеңдігін, демек сапалы жасалғандығын айғақтайды. Бодан халқының жадау күйін, жүдеу тіршілігін көріп күйінген А.Байтұрсынұлы: «қазақтың шаруасына бір жақтан надандығынан кемшілік келгенде, екінші жақтан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдіктен, теңдіктен қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат етіп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізіп, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екендігімізді білдірер едік», – деп, қазақ балаларын оқытуды басты мақсат тұтты. Сондықтан «Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап; оның жақсы болып, балалардың жанын қинамасына жазудың тәртібі болуы шарт. Тәртіпті жазу деп айтамыз: тілдегі бар дыбыстың бас-басына арналған белгісі (харфі) бар болса» деп, Ахмет Байтұрсынұлы «дәйекші қойып қарып белгісін азайту арқылы» араб әліпбиінің негізінде жасалған қазақ әліпбиімен 1912 жылы Орынбор қаласында «Каримов. Хусаинов и К°» баспаханасынан «Оқу құралы» деп аталатын балаларға арналған әліппесін басып шығарғанына 2012 жылы 100 жыл, демек, Байтұрсынұлы әліпбиіне де 100 жыл толды. Аталған әліппеде тұңғыш қазақ жазуы үшін Ахмет Байтұрсынұлы қазақша алифба, кейінгі еңбектерінде араб сөзін қазақ тілінің ерекшелігіне икемдеп, ??????? ?????? қазақша әліпби терминін қолданған. Сонымен қатар қазақ тіл білімінде тұңғыш рет әліпби ұғымының терминдік мәнін айқындап, «Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы» деген анықтама берді. Осылайша қазақ тілінің дыбыстарынан бастап, оны таңбалайтын әріптер, оларды жазу, оқу емлесі, үйрету әдістері, сөз бен сөйлем жүйесі, оларға тән атаулар қарапайым күйімен, тұнық тілімен үлкен ғылыми арнаға бет бұрды. Ахмет Байтұрсынұлы: «Кей жұрттар жазу үшін әріп алмаған, таңба алған деп, жазудың түрлерін таңба негізді және әріп негізді деп 2 топқа жіктеді. Сонымен қатар әріп негізді жазулардың емле жүйелерін таңбаша емле, дағдыша емле, туысша емле, дыбысша емле деп топтап, әрқайсысына анықтама беріп, мысалдармен дәйектеді. «Кей жұрттар жазу үшін әріп алғанмен, әріптері тілі өзгергендіктен ... тіліндегі дыбыстарына сәйкес келмейтін болған. Кей жұрттардың әуелде дыбыстарына әріп арнауында шатақтық бар болғандықтан, сөздерінің жазылуы мен айтылуы екі басқа, кей жұрттардың тілінің шартына қарай дыбысына сәйкестеп, әріп белгілеуге болмайды». Немесе «...ережелері бойынша бір әріп түрлі орында түрлі айтылмақшы. Кей әріптер ... жазылғанымен, тіпті оқылмай да қалмақшы. Кей әріптер басқа дыбыстармен қатар келген жерде тіпті дыбысынан айрылып қалмақшы», – деп өзге тілдердің мысалы негізінде ойын сабақтап, «дыбысқа сәйкестеп әріп алынбаса, сөздің жазылуы мен айтылуы бөлектенбей қала алмайды деп, дыбыстар мен әріптер арасында сәйкестік күшті болғандықтан, сөздің жазылуы мен айтылуының арасындағы сәйкестіктің күшті болатындығына дейін назар аударып, қазақша әліпби түзу барысында бұл қағидаларды басты назарда ұстаған. Ең әуелі қазақ тіліндегі дыбыстар санын анықтап, оларды таңбалайтын әріптерді белгілеген. Бұл ретте жуан және жіңішке айтылатын дыбыстардың бас-басына әріп белгілеп, олардың санын тым көбейтіп алмау мақсатында, дәйекші белгісін қою арқылы, қазақ тілінің 43 дыбысы үшін 28 әріп таңба түзіп алды. Бұл амал Байтұрсынұлы әліпбиін үздік әліпбилер санатына қосты. Себебі, мамандардың айтуына қарағанда, жазу теориясының қағидалары бойынша тілдегі фонемаларды таңбалайтын әріптер саны не ғұрлым аз болса, әліпби жүйесі соғұрлым жақсы жасалған деп танылады. Ахмет Байтұрсынұлы әліпби үшін өзіндік өлшем белгілейді. Атап айтқанда әліпби құрамына енген әріп таңбалар:

тіл дыбыстарын таңбалауға жеткілікті;
оқу үшін оңай;
жазуға және жазылғанды тануға жеңіл;
баспа жұмыстары үшін қолайлы;

үйретуге (сауат ашуға ) оңтайлы
көз тартарлық көркем
болуы керек.

Осы тұрғыдан алғанда, «сөз ішінде сап түзеген солдат сияқты сымға тартқан солдаттай, екі сызық арасында қысылып тұрған әліп те болмайтын; жолы бір сызық бойымен тартылып, жалғыз сызықтан жоғары да, төмен де ылғи асып шығып отыратын; оның үстіне қойылатын қосымша асты, үстінде белгілері, нүктелері болатын; бірдейлік, бір өңкейлік, бір беткейлігі жоқ; әріптерінің бірі биік, бірі аласа, бірі ұзын, бірі қысқа келіп, сөз әлпіне айрың-үйрің ашық сүгірет беретін; екінші жағынан қойылатын қосымша белгілері сеп болып, сөз сүгіретін көзге елеулі етіп, тез танытатын, тез оқытатын» «жақсыдан жақсыны іздеп» «түріктің тұнық тілі, түзу емлесі» бар қазаққа арабтан «дыбыс басына әріп белгілеп», «жазуын бір жөнге салсын», «заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман ..., сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да артық, ... сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек боса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек» деп ұлтын ұлықтап, әліпби тарту етті. А. Байтұрсынұлы неміс ғалымы Гедике, француз әдіскері Жакото тәжірибелерін талдап, артық-кем тұстарын өзара салыстырып, жалқылау және жалпылау әдістері негізінде сауаттылыққа қол жеткізудің оңтайлы жолдарын ұсынды. Жакотоша үйрету деп аталатын эпонимнің қолданысына жол ашты. Сауаттылық негізі жазу екендігіне ерекше мән берді. Сондықтан сауаттылыққа қол жеткізу мақсатында қолданылатын әдістердің дыбысты әдіс, тұтас сөзді әдіс деп өзі атау белгілеген түрлері мен олардың қызметіне мысалдар арқылы талдау жасап, маңызын түсіндірді. Сауаттау әдісі, жазу, оқу ұғымдарының терминдік мән-мағынасын ашу мақсатында олардың әрқайсысына анықтама береді. 1930 жылы Байтұрсынұлы әліпбиін латын әліпбиіне негізделген жазу алмастырды. Бұл туралы профессор Қ.Жұбанов «Проект казахского языка» деп аталатын мақаласында Байтұрсынұлы жазуына қатысты: «...особенность казахских звуков дает возможность обозначать обе разновидности одного и того же звука одной буквой, а для различения мягкости или твердости звуков, вошедших в состав слова, достаточно поставить смягчающий знак перед словом. С 1912 года, когда впервые выработана эта система и произошла реформа арабского алфавита, по 1930 г., когда арабский алфавит правительственным декретом был изъят, т.е. в течение 18 лет казахские слова писались по этой системе, причем никаких недостатков ... не ощушалось. Надо заметить, что отказ от этой системы при принятии латинского алфавита произошел, собственно говоря, по нажиму Ученого Совета ВЦКНА, а не по инициативе Казахстана»,43 – деп жазған пікірі, Байтұрсынұлы жазуының қазақ тіл білімі үшін аса құнды болғандығын айғақтайды. Ахмет Байтұрсынұлы жасаған қазақ әліпбиі қазақ тілінің тазалығын сақтауға, өзге тілдердің ықпалымен танымастай өзгеріп кетуінен қорғады. Міне, осы айтылғандардың бәрі А. Байтұрсынұлының: «Араб әрпінен жасап алған әліпбиімізге жер жүзінде әліп-би баласы жетпейді» деп ағынан жарыла аңқылдап мақтануына лайық еді. Байтұрсынұлы әліпбиі сауатсыздық жайлаған ұлтты тозақы өмірден құтқарып, жұмақ жолына, яғни ғылым, білім жолына бастаған еді.

Орынай Жұбаева,

филология ғылымының докторы

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТАҒЫЛЫМЫ

Ағартушы ғалымның оқулықтары негізінен мектеп оқушыларына арналып, 1912-1929-жылдар аралығында бірнеше рет басылып шығып отырғаны белгілі. Академик Р.Сыздық А.Байтұрсынұлы еңбектері негізінен мектеп оқушыларына арналуына байланысты тілінің мейлінше түсінікті болғанын жазады.44 Ғалымның еңбектері мен кейінгі оқулықтарды өзара салыстыра отырып, көптеген категориялардың Ағартушы еңбектерінде басқаша сипатталғанын, бірқатар өзгешеліктер барын байқаймыз. Оның сыры неде? Не себепті тілдік категорияларды сипаттауда елеулі алшақтықтар орын алған? деген сұраққа жауап іздеу барысында ғалымның бірқатар мәселелерге функционалды тұрғыдан сипаттама бергенін байқаймыз. Ғалымның пікірін қуаттай отырып, бүгінгі таңда қазақ тіл білімінде қолға алынып, зерттеліп келе жатқан жаңа бағыттардың бірі – функционалды грамматика мәселелері А.Байтұрсынұлы еңбектерінде де сөз болғанын байқаймыз. Ғалым функционалды грамматика атауын, оған қатысты терминдерді қолданбаса да, осы мәселенің нышандары еңбектерінде айқын көрініс тапқан. Функционалды грамматика ұстанымдары бойынша, зерттеулер мағынадан тұлғаға қарай бағытталады. Яғни белгілі бір ұғымның қандай тұлғалар арқылы берілетіні тілдің бірнеше деңгейлері бойынша сараланады. Тілдегі грамматикалық бірліктердің қолданылу ерекшелігіне ерекше мән беріліп, ұғымдардың өзара қатынасына, олардың тілдегі қолданысына басты назар аударылады. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде және ғалымды өзіне ұстаз тұтқан Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов т.с.с. ізбасарларының еңбектерінде функционалды грамматиканың нышандары байқалады. Кейін ғалымдардың репрессиялануына байланысты еңбектеріне тыйым салынып, ғылымда көптеген бұрмалаулар, еуропоцентристік бағыт үстемдік алғаны мәлім. Мәселен, бүгінгі таңда етістіктің арнайы бір түрі ретінде қарастырылып жүрген салт, сабақты етістіктер А.Байтұрсынұлы еңбектерінде етіс құрамында сөз болады.45 Ғалым -т‚ -қыз‚ -тыр‚ -р жұрнақтары салт етіске жалғанса, сабақты етіс жасалатынын айтады. А.Байтұрсынұлы өзгелік етіс болу үшін тура толықтауышпен қатар жанама толықтауыштың да болуы шарт екенін ескертеді. Мәселен, қазіргі оқулықтарда сындыр, ағарт, жүргіз сияқты етістіктер тұлғасына, яғни -дыр, -ғыз, -т қосымшаларының жалғануына байланысты өзгелік етіс ретінде түсіндіріледі. Алайда өзгелік етістің өзіндік мәніне байланысты, іс-әрекетті субъект өзі іске асырмай, басқа біреуге істетуі керек. Өзгелік етісті сөйлемде қимылды екі субъект іске асыруы керек: біреуі – қимылды орындатушы да, екіншісі – қимылды тікелей орындаушы болады.46 Алайда бұл етістіктерде (ойыншықты сындырды, үйді ағартты, мәшинені жүргізді т.с.с.) іс-әрекетті басқа біреу емес, тікелей субъектінің өзі атқарып тұр. Сол себепті мұндай етістіктер өзгелік етіс бола алмайды. А.Байтұрсынұлы -дыр, -ғыз, -т қосымшалары салт етіске қосылған жағдайда сабақты етіске жасалатынын көрсете келіп, сол қосымшалар сабақты етіске (түбір не туынды) жалғанса ғана басқа етіс түрлері жасалатынын айтады. Жоғарыда келтірілген етістіктерді өзгелік етіске айналдыру үшін оларға әрі қарай да сол тұлғалар үстемелене жалғануы керек. Сонда, А.Байтұрсынұлының түсіндіруінше, тура толықтауышты ғана қажет ететін, салт етістерге -т, -тыр, -қыз, -р жұрнақтары жалғану арқылы жасалған етіс түрі – сабақты етіс те, сабақты етіске (негізгі, туынды) аталған қосымшалар үстеліп, сөйлемде тура толықтауышпен қатар барыс септікті жанама толықтауыштың да болуын қажет еткен кезде ғана басқа етіс түріне (өзгелік, шағыс, беделді) ауысады (ғалым қазақ тіліндегі етістерді 10 түрге жіктейді). А.Байтұрсынұлы етіске тән өзіндік мағынасы мен арнаулы көрсеткіштері болуына байланысты сабақты етісті етіс категориясына қосқан. Сонымен қатар сабақты етіспен оппозиция құрайтын, яғни тура толықтауышты (объектіні) керек етпейтін салт етісті де осы категория шеңберінде қарастырған. Өз тарапымыздан түркологияда талас тудырып жүрген негізгі етістің орнына А.Байтұрсынұлы жіктеуіндегі салт, сабақты етістерді етіс қатарында тануға әбден болады деп ойлаймыз. Кейінгі еңбектерде тұлғаға ғана мән беріліп, мағыналық ерекшелігі назардан тыс қалса, А.Байтұрсынұлы оқулықтарында кейбір тұлғалардың өзіндік мағыналық ерекшеліктері болатыны ескеріліп, соған байланысты жіктеліп отырған. Осындай ұстаным ғалымның сан есімдерді топтастыруынан да анық байқалады. Бүгінгі таңдағы оқулықтарда сан есімнің алты түрі көрсетіліп жүр. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде сан есімнің төрт түрі ғана берілген. Яғни қазіргі оқулықтардағы топтау сан есімдері мен болжалдық сан есімдер ғалымның еңбектерінде аталмайды. Топтау сан есімдері мен болжалды сан есімдер сан есімге көптік жалғауы шығыс септік жалғауы, -лап/-леп тұлғаларының қосылуы арқылы жасалған. Алайда аталған тұлғалардан басқа сан есімге -нікі, -дағы/-дегі, -дай/-дей, -сыз/-сіз, -лы/-лі, -лық/-лік т.с.с. қосымшалар да жалғана береді. Алайда ол қосымшалар жалғанған сөздің бәрін сан есімнің мағыналық топтарына қоса беруге болмайды. Кейінгі оқулықтарда топтау сан есімдері деп танылған екеулеп, он-оннан, бір-бірлеп т.с. с. сөздер үстеу ішінде де сөз болып, топтау (я саралау) үстеулері, кейде мөлшер үстеуі ретінде беріліп жүр. Яғни бір форма екі түрлі сөз табының аясында қарастырылуда. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде болжалды сан есім мен топтау сан есімдері сан есімнің мағыналық топтары ретінде қарастырылмай, сан есімнен жасалатын басқа сөз таптарының қатарында, үстеу ретінде берілген. Яғни ғалымның оқулықтарында қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері, нақты табиғаты берілген. Қазақ тіл білімінде өзіндік із қалдырған ғалым – Ы.Маманов көлемдік-мекендік септіктер мен көптік форманың контекске немесе түбір сөздің мағынасына байланысты әртүрлі мағыналық қырлары болатынын айта келіп, сан есімнің шығыс септік формасы (бестен, бес-бестен) мен көптік формасын (ондар, жүздер) мағынаға бағындырып, сан есімнің лексика-семантикалық топтарына жатқызудың ғылыми тұрғыдан негізсіз екендігін айтады.47 Функционалды грамматикада арнайы зерттеліп жүрген категориялардың бірі – белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы. Бүгінгі таңда қазақ тіл білімінде белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы арнайы зерттеу нысанына алынып, Н.Сәрсенбаева, А.Тураева сияқты зерттеуші-ғалымдардың еңбектерінде сөз болып келеді. Белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы атауды арнайы қолданбағанмен, А.Байтұрсынұлы есімдіктерді топтастырғанда, осы категорияның өзіндік белгілерін, ерекшеліктерін толық түсінгені анық байқалады. Қазіргі оқулықтарда есімдіктер жеті топқа жіктеліп жүр: жіктеу, сілтеу, сұрау, өздік, жалпылау, болымсыздық, белгісіздік. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде есімдіктің бес түрі ғана көрсетілген. Ғалымның есімдіктерді жіктеуінен белгілілік/белгісіздік категориясының өзіндік ерекшеліктерін терең түсінгені байқалады. А.Байтұрсынұлы есімдіктерді жіктеу, сілтеу, сұрау, шектеу, танықтық деп жіктейді. Шектеу есімдігі деп аталатын есімдік түрін ғалым: «Нәрсенің шегін айта сөйлегенде айтылатын сөздер, мәселен, бәрі, барша», – деп сипаттаса, танықтық есімдігі деп аталатын есімдік түрін: «Нәрсенің жоқтығын, яки анық белгілі еместігін, яки түгел еместігін көрсеткенде айтылатын сөздер. Мәселен, ешкім, ештеме, дәнеме, ешбір. Бұлар жоқтықты көрсетеді; кей, қайсыбір – бұлар түгел еместігін көрсетеді; біреу, әлдекім, әлдене – анық белгілі еместігін көрсетеді», – деп айқындайды. Ғалымның шектеу есімдіктер деп отырғаны – белгілілік мәнді білдіру үшін қолданылатын есімдіктер де, танықтық есімдік деп аталатын есімдіктер – белгісіздік мәнді білдіру үшін қолданылатын есімдіктер. Яғни А.Байтұрсынұлы қазіргі кезде оқулықтарда өздік есімдігі, жалпылау есімдігі ретінде танылып жүрген есімдіктерді – шектеу есімдігі деп, болымсыздық, белгісіздік есімдіктері ретінде беріліп жүрген есімдіктерді танықтық есімдіктері деп біріктірген. Есімдіктерді топтастыруда ғалым мағыналық реңктеріне ерекше назар аударған. Яғни белгілілік/белгісіздік мәндерін негізге ала отырып, аталған есімдіктердің басын біріктірген. Функционалды грамматика ұстанымдары бойынша, белгілілік белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы сөз болып отырған нәрсенің, адамның т.с.с. сөйлеуші мен тыңдаушыға қаншалық белгілі/белгісіз болуына, таныс/бейтаныс болуына негізделеді. Бұл жерде А.Байтұрсынұлы есімдіктерді жіктеуде осы ерекшелікке ерекше мән берген. Ғалымның шектеу және танықтық есімдіктерін белгілілік/белгісіздік мәндерін білдіруіне байланысты өзіндік оппозиция құрай алатынын ескергені байқалады. Бұлайша жіктеу кейін Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде де (определительные, неопределительные местоимения) сабақтастық тапқанмен,48 кейінгі ғалымдардың еңбектерінде назардан тыс қалған. Ғалымдар арасында жіктеу, сілтеу, сұрау есімдіктерін тануда алшақтық болмағанмен, кейінгі зерттеушілер анықтау, танықтау есімдіктерін ұсақ бөлшектерге жіктеуге тырысқан. Яғни А.Байтұрсынұлы еңбектерінде танықтық есімдігі нәрсенің жоқтығын (ешкім, ештеңе, ешбір)‚ анық белгілі еместігін (әлдекім, әлдене) немесе түгел еместігін (кейбір, қайсыбір) білдіретіні сөз болса, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев еңбектерінде нәрсенің жоқтығын білдіретін сөздер – болымсыздық есімдіктері, анық белгілі еместігін білдіретін сөздер – белгісіздік есімдіктері, түгел еместігін білдіретін сөздер – алалау есімдіктері деп аталып, танықтау есімдігінің мағыналық ерекшеліктеріне сәйкес өз ішінен одан әрі таратыла түскен. Сол сияқты шектеу есімдіктері өздік есімдігі және жалпылау есімдігіне жіктелген. Бұлайша жіктеу бүгінгі таңдағы оқулықтарда да үрдіс алып келеді. Яғни‚ кейінгі оқулықтардағы есімдіктердің берілуі С.Аманжолов, Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев жіктеулеріне ұқсас екенін көреміз. «Тәуелдеу есімдігі» деген атаудың орнына «өздік есімдігі» деп аталғаны болмаса, басқа өзгешелік жоқ. Бұл оқулықтардың бәрінде де белгісіздік есімдіктері бір, әр, әлде сөздерінің ұйтқы болуымен жасалатыны сөз болады. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде әр сөзі шектеу есімдігі ретінде танылады. Дұрысында‚ кейбір, қайсыбір, әлдекім, әлдене т.с.с есімдіктермен салыстырғанда, әр есімдігімен бірігу арқылы жасалған әркім, әрбір, әрқайсысы сияқты есімдіктерде белгісіздік мәннен гөрі нақтылық, белгілілік басым. Бұл ерекшелік әр сөзінің зат есіммен тіркесуінен айқын көрінеді: әр адам, әр оқушы, әр ай, әр зат т.б. Ендеше, әр сөзінің қатысуымен жасалған есімдіктерді белгісіздік есімдігінің қатарына қосуға келмейтін тәрізді. Оның үстіне болымсыздық есімдігі ретінде танылып жүрген ешкім, ешқайсы, ешбір, ештеңе т.с.с еш сөзінің ұйтқы болуы арқылы жасалған есімдіктердің орнына белгісіздік есімдіктері де жүре алады: ешкім келмеді – біреуі де келмеді, ешқайсысы да айтпады – бірі де айтпады, ештеңе қалмады – бірдеңе қалмады т.б. Сол сияқты «мағыналары жағынан заттар мен құбылыстарды нақтылы түрде білдірмей, белгісіз мәнде айтылатын сөздерге»49 белгісіздік есімдіктерін де, болымсыздық есімдіктерін де жатқызуға болады. Ендеше, өзара мәндес, шектес мұндай есімдіктерді жіктемей-ақ, топтастырып берген дұрыс сияқты. Сонымен қатар кейінгі грамматикаларда есімдіктің жеке бір түрі ретінде танылып жүрген өздік есімдігінің жекеше түрі әркім, әрқайсы т.с.с. есімдіктермен, көпше түрі бәрі, барлығы, барша т.б. жалпылау есімдіктерімен мәні жағынан да, түрленуі жағынан да сәйкес келетін сияқты. Өздік есімдіктеріне: «сөйлеушіні не сөйлемдегі субъектіні өзге субстанциялар мен құбылыстардан бөліп алып көрсетуші сөздер» түрінде берілген анықтамаға50 жіктеу есімдіктері де, әркім, әрқайсысы, әрбір т.б. есімдіктер де толық жауап бере алады. Ендеше, парадигма құрай алмайтын өздік есімдігін сыртқы тұлғасына байланысты жеке топ ретінде танығаннан гөрі өзара мағыналас есімдіктер қатарына қосқан жөн тәрізді. Мектеп оқулықтарында әлде, әр сөздерінің қатысуымен жасалған әрқалай, әрқашан, әлденеше, әлдеқайда, әлдеқалай, әлдеқашан т.с.с. сөздер әрі есімдік, әрі үстеу қатарында аталып бір сөздің екі түрлі категория аясында сөз болып келеді. Яғни А.Байтұрсынұлының еңбектеріндегі жіктеулердің өзіндік уәжділігі бар. Функционалды грамматика мәселелері орыс тіл білімінде ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана қолға алынып, арнайы зерттеу нысаны болды. Алайда А.Байтұрсынұлы еңбектерінде, яғни ХХ ғасырдың басында ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кездің өзінде-ақ ғалымның функционалды грамматиканың көптеген мәселелерін терең зерделеп, түсінгені байқалады. Ғалым функционалды грамматикаға қатысты қазіргі кезде қолданылып жүрген атауларды қолданбағанымен, функционалды грамматиканың негізгі ұстанымдарын, функционалды-семантикалық категория, өріс, семантикалық инвариант, ұғымдық категориялардың өзіндік ерекшеліктерін терең түсінген. Қазақ тіл білімінің негіздеушісі Ахмет Байтұрсынұлы тұжырымдарының бүгінгі таңдағы ғылым жетістіктерімен сәйкес келуі‚ бір жағынан‚ ХХ ғасырдың басында ұлттық тіл білімінің қаншалықты құлаштап алға басқанын көрсетсе‚ екінші жағынан‚ репрессия зардабының ке-сірінен ғылым дамуының қаншалықты тежелгенін де танытса керек.

Ұлан Еркінбаев,

филология ғылымдарының кандидаты

«ӘДЕБИЕТ ТАНЫТҚЫШ» ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ

Бүгінде қайта жаңғырған ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының еңбектері қазақы танымдық кеңістік пен ұлттар тарихы жөніндегі әлемдік мәдени контекстке де үлкен үлес қосып отыр. Мұның бір ғана мысалы ретінде бүгінде қазақ әдебиеттану ғылымының классикалық мұрасына айналған Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы Қызылорда қаласында баспа бетін көрген «Әдебиет танытқышын» айтуға болады. Еңбектің әдебиеттану ғылымындағы орнын дөп басып танып, теориялық құндылығын биік бағалаған ғалымдардан Р.Сыздықова, З.Қабдолов, З.Ахметов, Р.Нұрғали, А.Ісімақова еңбектерін бөлежарып атауға болады. Аталған ғалымдар еңбектерінде «Әдебиет танытқыштағы» негізгі теориялық басымдықтар жанжақты сөз болды. Жекелеген талдауларға да түсті. Десек те «туған топырағымызда әдебиет теориясының басы болып саналатын» (З.Қабдолов) «Әдебиет танытқыш» бүгінде кешенді түрде теориялық поэтика негізінде саралауды талап етеді. Кітаптың «Аңдатуында» өзге өнердің түрлерінен салыстыра отырып, сөз өнерінің ерекшелігін айқындап алған соң ақ, әдебиет теориясының пәндік және категориялық жүйелері беріле бастайды. Қазақ әдебиеттану ғылымында әдебиет теориясының терминдері мен олардың қызметтік алаңы туралы сөз болғанда, солардың бірқатарын «Әдебиет танытқышпен» байланыстырып жүрміз. Әрине, терминдер де зерттеу жұмысындағы едәуір беделді фактор. Бірақ, біз төмендегі талдауымызда көбіне «Әдебиет танытқыштың» сөз өнерін танып, жүйелеудегі әдістемелік ұстанымына басты назар аудардық. Кезкелген мәселенің мәнін ашуда оның тарихына бару қажеттілігі туатыны белгілі. Осы тұрғыда А.Байтұрсынұлы тұжырымдарын негізінен ХХ ғасыр басындағы, яғни ғалым еңбегімен кезеңдес теориялық байламдармен барабар қарастырған жөн. Ең бастысы «Әдебиет танытқышты» бүгінгі әдебиеттану ғылымының талап деңгейімен бірлікте бағамдау орынды. Сөз өнерінің өзгешелігін айтқанда А.Байтұрсынұлы нақтылап, ықшамдап көркемдіктің басты-басты категорияларын келтіреді: «Сөз өнері – деп жазады ғалым, – адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге» Өнер жүйесіндегі бастапқы үш негіз құрамды осылай нақтылып алған соң, былайша ой қорытады: «Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау». Мұндай тұжырымдаманы (анағұрлым шектеулі түрде) алдымен әлемді көркемдік тұрғыдан түсіну әдісіне жатқызуға болады. Ары қарай А.Байтұрсынұлы: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйгенін түйгенінше айтуға жарау»51 деген келелі тұжырымды алға тартады. Бұл тұжырым, бізге басы бүтін дайын күйінде оқып отырған соң, түсінікті секілді көрінетіні рас. Дегенмен, осы дайын тұжырымның негізінде қаншама ізденіс пайымдар жатқандығы бізге беймәлім. Беймәлім болғандықтан да біз ол туралы түрлі жанама тұжырымдар айтып көреміз. Бұл ғалым тұжырымының мәнін арттырмаса, кемітпейді деген пікірдеміз. Ең алдымен осы жерде, А.Байтұрсынұлының ірі лингвист ғалым болғанын ескеру қажет. Дәл осы тұста ғалым сөзтуындаудағы психолингвистикалық проблеманы шеберлікпен көрсете білген. Осының өзі оның аталмыш саладағы ұғым, түсініктерді терең сараптай алғандығын білдіреді. «Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек»52. Ал мұның іс-тәжірбиелік жағына келгенде ол шығармадағы психологизм мәселесімен бетпе-бет келеді. Жоғарыдағы А.Байтұрсынұлы тұжырымының да шығармаға тікелей қатыстығы жөнінде соны айта аламыз – «ақыл ісі – аңдау, қиял ісі – меңзеу, көңіл ісі – түю, талғау». Көркем туындыдағы психологизмнің орны (қазақ прозасының негізінде) жөнінде Г.Пірәлиева «осы аталған үш негіз – адамның жан жүйесін (Ж.Аймауытов), санасын зерттейтін жазушылардың негізгі объектісі. Ақыл, қиял, көңіл терең зерттелмей, адам табиғаты жан-жақты танылып, оның ішкі жан дүниесіне» тереңдей ену мүмкін еместігін баса айтады53. Таяуда Оксфордтан шыққан Джонатан Каллердің «Әдебиет теориясында» да ең негізгі басымдық осы тіл мен ойлау жүйесінің теориясына берілген. Ғалым көркемдік категорияларға деген өзіндік тұжырымдарын «мәселенің мәні» және «идеяның мәні», «ғылыми мәтіндегі интерпретацияның орны» секілді ұғым түсініктерге арқа сүйей отырып қарайды. Каллердің аталмыш түсініктермен көркем мәтінді талдауы тікелей біз жоғарыда тілге тиек етіп келе жатқан психоаналитикалық мәселелерді қозғайды54. Байтұрсынұлы: «Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты шығарма сөз, ол аты қысқартылып көбінесе шығарма деп айтылады. Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын, бәрі шығарма болады. Шығарманың түрлері толып жатыр. Оның бәрін шумақтап бір-ақ атағанда арабша әдебиет, қазақша асыл сөз дейміз»55 деп, әдебиет сөзінің ауқымын кең шеңберде ашып беріп отыр. Яғни, «Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын, бәрі шығарма болады» дейді. Ал біз білетін көп қолданыстағы әдебиет (lіtteratura – жазылған, lіttera – әріп сөзінен келіп шығады) ұғымының тарихына көз жіберсек, ол «ақындық өнер», «поэзия» түсініктерінің орнын алмастырып келгені белгілі. Байтұрсынұлының бұл жерде асыл сөздің баламасы ретінде «арабша әдебиет, қазақша асыл сөз дейміз» деуі де тегін емес. Себебі, бұл терминдердің таза мағыналық өлшемін таразылағанда, асыл сөзге жақын болып шығатыны латын тілінен келгенінен гөрі араб тілінен келгені (түбірі أدب әдеп, көркем мінезді иемдену, әдептілік, әдепті сөйлеу, сұлу сөйлеу т.б. мағыналарды білдіреді, осы мағыналардың барып тірелер шыңы – асыл сөзден тіптен де алыс емес). Мағыналық жағынан соңғысының шеңбері кең болып тұр. Адамға рухани қажеттілік – сөздің асылы ғана дегенге саяды. Ал, асыл сөздің ғылыми анықтамасына келсек оған қазіргі әдебиеттану да нақты жауабын бере алмай отыр. Мағналық жағынан да әдебиет термині уақыт өте келе синкреттік сыпат иеленіп бесаспаптық қасиетке ие болды. А.Байтұрсынұлы болса әдебиеттің яғни шығарма сөздің мазмұнын түсіндіргенде оның тарихи жолын да ескергені байқалады. «Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын» деп нақтылап айтқанына қарағанда, әдебиетке (егер оның тек сөздік түп мағынасына сай) тек таңбаланған туындылар ғана жатады деп қарамағандығы анық. Олай болғанда ғалым, әдебиеттің ең алдымен сөз өнері жүйесіндегі құндылығы өз алдына, сонымен бірге әдебиеттің сол сөз өнерінің бастапқы озық үлгілерінен өсіп шыққандығын да ескергені көрінеді. Бұл да жоғарыда айтқан сөз өнерінің жүріп өткен тарихи жолы мен синкреттік қасиетіне тікелей қатысты. Алайда, шығарма сөздің синкреттік сыпаты мен көркемдік сыпаты бір нәрсе емес. Және де бұл екеуі тіптен екі бөлек те нәрсе емес. Бірақ А.Байтұрсынұлы мәселенің ол жағын қозғамаған. Себебі бұл тараушаның негізгі нысаны «шығарма сөздің» (әдеби шығарманың, литературное произведение) құрылымы болып табылады. Әрі қарай ғалымның «Тіл қисыны» дегенін – стилистика ғылымымен, нақтысы поэтикалық стилистикамен мазмұндас деп қараймыз. Поэтикалық стилистика аясында, Томашевский мен Жирмунскийде де кездесетін поэтикалық семантика (сөз мағынасының ауысуы, яғни, троптар мен өзге де көркемдік айшықтар; көбіне мұны жоғарыдағы екі автор поэтикалық лексиканың аясында қарайды) ұғымын Байтұрсынұлының «Тіл көрнекілігімен», анығы сол бөлімге кіретін категориялармен қатар қараймыз. Ал «Сөз талғаудың» ішіндегі «Сөз дұрыстығы», «Тіл тазалығы», «Тіл анықтығы», «Тіл дәлдігі» деген тараушаларды көбіне поэтикалық синтаксиспен барабар қараймыз. А.Байтұрсынұлы: «Тіл қисыны дегеніміз асыл сөздің асыл болатын заңдарын, шарттарын танытатын ғылым» деп, стилистиканың негізгі міндетін нақтылап алады да: «Лебіз ғылымының мақсаты асыл сөздердің асыл болатын заңдарын білдіріп, түрлерін танытып, әдебиет жүзіндегі өнерпаздардың шығарған сөздерінің үлгі-өнегелерімен таныстырып, сөзден шеберлер не жасағандығын, не жасауға болатындығын көрсету» деп, поэтиканың негізгі міндеттерін де айтып өтеді. Біздің пікірімізше, бұл жерде А.Байтұрсынұлы поэтиканың бірден-бір тірегі деп ең алдымен тіл заңдылықтарын айтып отыр. «Дыбыстың, сөздің, сөйлемнің сыр-сыйпатын тану, заңдарын білу – бұл үйге керек заттардың сыр-сыйпатын білу сияқты нәрсе. Керек заттарын сайлап алып, үй салуға кірісу – дыбыстың, сөздің, сөйлемнің жайын біліп алып, солардың әрқайсысын дұрыстап орнына жұмсап, пікірлі әңгіме шығаруға кіріскен сияқты болады»56. Троп пен фигураны А.Байтұрсынұлы бірлікте қарайды. Тіл көрнекілігінің көркем шығармадағы міндетін айтқанда классикалық мысал ретінде, Мағжанның «Толқын»өлеңін мысалға алады. Асыл сөздің образдылығы да, эстетикалық және поэтикалық мұраты да осы өлеңде үлкен шеберлікпен берілген. Осындай сөздерді «көрнекі тіл» дейміз дейді де, оны «көріктеу», «меңзеу», «әсерлеу» деп, үш әдіске жіктейді. Мұндай күрделі де қарапайым концептуальды тәсіл Байтұрсынұлыға тән. Біздіңше, Ахмет Байтұрсынұлы пайымындағы әрбір ұғым немесе сол ұғымның жүгін көтеретін «пән сөздері», негізінен үш тағанмен бірлікте қаралады. Олар: сөздің терең генезисі мен семантикасы және оның асыл сөз жүйесіндегі функциясы. Осы әдестемелік пайым тұрғысынан болсын не ғылымдағы өзге де жүйелілік қағидасы тұрғысынан болсын – «Әдебиет танытқыштың» бұл тарауын зерделу, әлі де бірнеше арнайы көлемді зерттеулерге сұранып тұр. Көркем сөздің стилистикалық ерекшеліктерін жалпы қарастыру кезінде жоғарыда аталған тұжырымдамалардың түпкі негізін «Әдебиет танытқыштың» басынан көруге болады. Төменде кітаптың «Сөз өнерінің ғылымы» атты тарауындағы поэтиканың классификациясы берілген жерінен мысал келтіреміз. Оның үстіне «тіл қисынының» да жүйесі осы жерден тарайды 57. «Әдебиет танытқыштың» сөз басында көркем туындының жалпы теориясына қатысты келесі бір тәсіл пайдаланылған болатын: «Шығарманың екі жағы бар: 1) тысқы тіл жағы, 2) ішкі пікір жағы. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы екіге бөлінеді: шығарманың тілінің ғылымы; шығарманың түрінің ғылымы. Тілінің ғылымы дыбыстардың, сөздердің, сөйлемдердің заңынан шығатын тіл өңінің жүйелерін танытады, түрінің ғылымы сөз өнерінен шыққан нәрселердің мазмұн жағының жүйелерін танытады. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы шығарманың тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны болып, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді»58. Бұдан шығатын түйін – Байтұрсынұлы ең алдымен шығарманың семантикалық құрылымына назар аударып отырған болады. Шығарманы мазмұндық жағынан қара сөз бен дарынды сөз жүйесі деп бөлуі соның айғағы. Сонымен «Әдебиет танытқыштағы» «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі» деп аталатын екінші тарауда асыл сөз теориясының негізгі белгілері тұтастай талданады. Егер жіліктеп айтсақ, бұл тарауда: көркем шығарманың түрлері, прозалық мәтін мен ақындық мәтіннің айырымы, көркемдік әлемнің құрылымдық жүйесі мен ондағы мағыналық астарлар мәселесі, мәтіндерінің арасында қатынас жүйесі, терминдеу жүйесі, көркемдік әлеміндегі субъективті және объективті басымдықтар, композициялық негіз, оқиға таңдау, олардың орналасуы, әдеби тектер мен жанрлар ерекшеліктері, шығарманың эстетикалық талғам бағыттары секілді теориялық мәселелер сөз болады. Байтұрсынұлы тұжырымы бойынша, көркем сөз – көпқабатты құбылыс. Оның құрамында сөздің негізгі теориялық басымдықтары белгіленген. Ғалымның айтуынша: «Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз зейін тілі. Жалаң сөз зейін байлығына қарайтын нәрсе, көркем сөз қиял байлығына қарайтын нәрсе. Жалаң сөз дүниені тұрған қалпында алып айтады. Көркем сөз дүниені көңілдің түйген, қиялдың меңзеген әлпіне түсіріп айтады. Жалаң сөз айтқанын ақыл табуынша дәлелдеп, мәністеп, қақиқат түрінде айтады. Көркем сөз айтқанын қиял меңзеуінше бейнелеп, әләптеп, көбінесе ұйғару түрінде айтады, жалаң сөз дүниеде шын болған, шын бар нәрселерді әңгіме қылады»59. Жоғарыда біз ғалымның қандайда бір категорияның мазмұнын ашуда ең маңызды ерекшеліктерді айтып кеткенбіз. Мұндай ерекшелік, ғалымның «сөз өнері» мәнін түсіндіргенде қолданылатын әдістеме әдеттегі бізге таныс дефиниция жүйесіне берілмейді. Ғалым пәннің кез-келген категорияларын түсіндіргенде оның қасиетін образды мысалдармен, философиялық, филологиялық категориялар бірлігінде ашып береді. Бұған қоса, А.Байтұрсынұлы басқа көркемдіктің спецификалық категорияларына басты көңіл аударады. Яғни тек ой желісіндегі көркемдіктің реттілігі ғана ашылып қоймайды, сонымен қатар олардың түпкі белгілері («Көркем сөз – көңіл тілі»; «көркем сөз қиял байлығына қарайтын нәрсе») яғни адам санасының көркемдік әлемді сезіну негіздері қатар түсіндіріледі. Мұның бір шеті адамның образды қабылдау бейімдігіне де қатысты («яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау») Мұның өзі бейнелеу категориялардың мәніне, санадағы бейнеге ұласады. Бұл тұрғыда Потебня еңбектеріне сілтеме жасауға болады60. З.Фрейдтен Э.Фромға дейінгі бір топ психологтардың да көркем туынды мен түс көрудің жақындығы туралы көп жазуы тегін болмаса керек. В.Е.Хализев көркем сөздің екі негізгі қасиетіне тоқталады. Біріншісіне – «ойдан шығарылған заттық ұғымды» (мұның мағнасы сөз өнерінегі көрнекілік заттық көрнекілік емес дегенге саяды; оны шартты көрнекілік деп түсінуге болады) жатқызса; екіншісі – сөздік конструкция мен сөздік құрылымдар. Әдеби шығарманың мұндай екі жақтылық қасиеті ғалымдарды белгілі бір тұжырымға әкелді. Ол тұжырым әдеби шығармада екі өнердің – қиял өнері (мұның сапында көбіне өзге тілдерге тез аударылатын беллитристикалық прозаларды да айтуға болады) мен сөз өнерінің (бұл ақын тілінің негізі болып табылады) белгісі бар деген пайыммен байланысты. Бұл тұрғысында Хализев: «На наш взгляд, вымысел и собственно словесное начало точнее было бы охарактеризовать не в качестве двух разных искусств, а как две нерасторжимые грани одного феномена: художественного словесности»61деген пікір айтады. Расында көркем сөздің біз қозғап отырған екі бірдей белгісі көркемдік аясында қашанда бір-біріне қызмет ете бермек. Батыстық ойлау жүйсімен салыстырғанда қазақы ойлау да бейнелікке барынша жақын. Ал орыс әдебиеттануы да образға тірі ағза кейпінде, яки тіршілік танымы ретінде қарайтындарын айтады. Мұны «образ» түсінігінің орыс тіліндегі бүтіндей мәні – symbol, copy, fіctіon, fіgure, іcon секілді бірнеше англо-американдық терминдермен берілетінінен де көруге болады. Мәселеге аздап шегініс жасағанымызбен, сөз түйініне келсек, «Әдебиет танытқышта» сөз өнерінің теориялық негізі басшылыққа алына отырып, көркем сөздің негізгі фундаментальдық қасиеттерінің айқындалғанын байқау қиын емес. Осыдан кейінгі тақырыптарда қозғалатын көркем әдебиетті талдау жүйесі бұл қорытындылардың негізіне қызмет ете алады. Сөйлеу жүйесінің мағыналық қызметін негізге ала отырып, А.Байтұрсынұлы «қара сөз» бен «дарынды сөздің» нысанын айырып береді де, оны ең алдымен адамның ойлау жүйесімен байланыстырады. «Ойлау екі түрлі: адам ойлағанда иә нәрсеге тиісінше ойлайды, иә көңілінің түйісінше ойлайды» [16, 253]. Тиісінше ойлауды (объективное мышления) қара сөзге тән деп, ал түйісінше ойлауды (субъективное мышления) дарынды сөздің талабына сай келетінін бірнеше қисынды мысалдар арқылы анықтап береді. Енді осы екі ұғым жүйесі не туралы айтады дегенде, қара сөз тиіс ғалам турасындағы (объективный мир) әңгіме болады да, дарынды сөз түйіс ғалам турасындағы (субъективный мир) әңгіме болатынын көркем сөз бен жалаң сөздің қасиеттерін салыстыра отырып қорытады. Қара сөз бен дарынды сөз жүйесінің мағыналық жағындағы сипаттарын осылай ашып алғаннан кейін, олардың қызметтік міндеттері жағынан былайша жіктейді: «...дарынды сөз адамның ойына өң береді, көңіліне күй түсіреді, қара сөзден адам тек ұғым алады». Әрине, бұл жерде қара сөз ұғымы тек ғылым тілдерімен шектеліп тұрмаған болса керек. Десек те, ұғымның қисыны бойынша қара сөздің жүйесі нақтылыққа алып барып ғылым тілінің талабына келеді. Алайда, бұл жерде «қара сөз» жүйесін А.Байтұрсынұлының сөз өнерінің мазмұндық негізінен таратқанын ескерсек, онда ол тек ғылым тілімен шектеле алмайтын болып шығады.

Және бір айта кетер жайт, бүгінгі әдебиеттану ғылымында баяндаудың бірнеше деңгейін анықтау үрдісі бар. Соның бір негізгі деңгейі тарих. Әуезе түрлерін айтқанда Байтұрсынұлы да тарихқа қысқа анықтама беріп кетеді. Ғалым тарихты «айғақшы әуезе» болады дейді де «сөздің ең сипаттысы» тарих дейді. «Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын, сымға тартқандай, сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді»62. Ал бүгінгі әдебиеттану ғылымындағы баяндау теориясына қатысты еңбектерді бұл жөнінде былай дейді: «История (нем. Geschіchte) – это результат смыслопорождающего отбора ситуаций, лиц, действий и их свойств из неисчерпаемого множества элементов и качеств событий. В понятиях античной риторики история – результат диспозиции (dіsposіtіo). Отбор не только элементов, но и их свойтв значит, что история содержит отобранные элементы событий в более или менее конкретизированные элементы даются в естественном порядке (ordonaturalіs)»63. Мұнда Нарратология еңбегінің авторы В. Шмид айтып отырған тарих – оқиғаларды іріктеп, содан соң нақтылап беретін ерекшелігін айтса, Байтұрсынұлы тарихтың ол ерекшелігін ұлы дерек деп атауының өзінде де көрсетіп береді. Осыдан келіп, «Байтұрсынұлы тарихты неге әуезе түріне (яғни, сөз өнерінің баяндау ерекшеліктерінің жүйесіне) кіргізген» деген сұрақтың шешімі шығады. Байтұрсынұлы тарихқа тек пән ретінде емес, негізінен әдеби шығарманың спецификасы тұрғысынан келген. Себебі, әдеби шығарманың аясы кең, онда, тарих та, заман хат та, мінездеменің де белгілері ұшырасады. Ғалымның пән саласын да іріктеп, қара сөздегі әуезенің түрлеріне жатқызуының бір қыры да осында жатса керек.

Нарратология, яки «баяндау теориясының» (қазақшалағанда бұл ғылымның нысаны, баяндау үлгісіне құрылған кез-келген жанрдағы шығармалардың құрылымдық, һәм мағыналық ерекшеліктерін сараптаумен дөп келеді) Байтұрсынұлы замандастары Б.Томашевский, В.Школовский, В.Пропп, В.Волошинов, М.Бахтин тұжырымдарымен тікелей туыстығы бар. Бүгінде батыста жылдам қарқын алып келе жатқан нарратологиялық әдістеменің тәсілдері аталмыш орыс әдебиеттану ғылымның өкілдерінен бастау алып, негізі қаланғаны белгілі. Мәселен, бір ғана «нарративтік» түсінігін алсақ, оның 1925 жылы Томашевский жазған «фабулдік» түсінігінен шығатынын көреміз. «Дискриптивтік» немесе «сипаттау» терминдеріне қарама-қарсы мағнадағы «нарративтік» терминінің мағынасы материалдың құрылымдық желісіне қатысты ашылады. Егер шығарма құрылымында бір тарих баян етілсе, оның мағынасы бір оқиғаға апарады. Нарративтік шығармаларға уақиғалы тарихи баянға құрылған туындыларды жатқыздық.

Әңгіме барысы көркем сөздің болмысы туралы тақырыпқа келгенде А.Байтұрсынұлының теориялық тұжырымдарының өміршеңдігі анық байқалады. Көркем сөздің эстетикалық мәні мен қызметін ғалым жан-жақты терең талдап өткен. Көркем сөздің шығатын отаны жалпы көркемдік ұғымынан келетіні, ал оған жұмсалатын өнердің ақындық болатыны ғылыми негізде пайымдалады. Аталған бұл жүйенің бүгінгі көркем ойдың астарын саралап жүрген ғалымдардың еңбектерімен үндес түсіп жататыны тағы бар. Қазіргі кездегі әдебиет теоретигі В.Е.Хализев көркемдік ұғымын кең шеңберде ала отырып былай дейді: «Художественное есть род человеческой деятельности, предпологающей достижение совершенства своих изделий (эстетической их целосности ) как рубежа, который, говоря словами Канта, «не может быть отодвинут». Иначе говоря, искусство (область такой деятельности), и в частности искусство слова, являет собой высшую форму эстетических отношений»64.Осы жөнінде М.М.Бахтинның де айтаны бар: «Эстетическое созерцание природы, эстетические моменты в мифе, в мировоззрении …сумбурны, неустойчивы, гибридны. Эстетическое вполне осуществляет себя только в искусстве» 65.

ә) Ал енді сезім мен көркемдік, жалпы көркем ой шығарма сөздің бастауы деген Хализев тұжырымын Байтұрсынұлы «Дарынды сөз... ақындардың арқалылардың сөзі. <…> Оны шығаруға жұмсайтын өнердің аты ақындық болады» деп биік парасатпен алыстан адымдайды. Көркем туындыны «дарынды сөз» деп алынуының өзі көп нәрседен хабар беріп тұр, яғни, көркемділіктің қызметі мен дарындылықтың қызметі А.Байтұрсынұлы бойынша бір-бірінен алшақ кетпейді.

Бұл жерден шығатын және бір маңызы қорытынды, «Әдебиет танытқыштағы» терең синтезбен берілген теориялық байламдардың қазіргі әлемдік теориялық ойға да бастау болып отырғандығы. Жоғарыдағы мысалдардан түйгеніміздей бүгінгі көп айтылып жүрген семиотикалық ізденістердің арғы тегі де «Әдебиет танытқыштан» тарайтыны. Тіпті қазіргі өте жаңашыл мағынада қолданып жүрген мәтін сөзінің түп негізі де аталмыш еңбекпен астасып жатыр. «Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты шығарма сөз... Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын – бәрі шығарма болады».

«Діндар дәуір» тарауын әдебиет тарихының әдістемелік қағидаларымен тікелей байланыстыра алмаймыз. «Байланыстыра алмаймыз» деп біз, әдебиет тарихының дәуірлеу, кезеңге бөлу секілді спецификалық тұстарын ғана айтып отырмыз. Сол себепті де бұл тақырыпты теориялық поэтиканың дүрбісімен, реті келген жерлерінде бүгінгі жаңа тарихи поэтиканың ұстанымдарымен қарауға тырысамыз. Әрине, бұл жерде біз, әдебиет тарихының теориялық поэтика мен тарихи поэтиканың бір парасы екенін ескерусіз қалдырып тұрған жоқпыз. Бірақ, теориялық поэтиканың аясына кірген соң, әдебиет тарихының пән ретіндегі жеке әдістемелік басымдығы бірден әлсіреп қалады. Бұл пікірімізге дәлел ретінде «Әдебиет танытқыштың» мазмұнын, яғни сөз өнеріне қатысты ұстанған әдістемелік қағидасын келтіре аламыз. Кітап толығымен теориялық поэтиканың талабына жауап беріп, оның пән ретіндегі барлық мүмкіндігін де ашып береді. А.Байтұрсынұлы шығарманың тарихына барған күннің өзінде де, тек сол асыл сөздің теориялық қасиеті тұрғысынан ғана барады. Дәлірек айтқанда, теоретик А.Байтұрсынұлы үшін шығарманы қай кезеңге жатқызамыз, қайдан келді дегеннен гөрі, «шығарманың ішкісыртқы түрі қандай», «не айтқысы бар» деген сұрақтар маңызды. Бұл сол пәннің төл спецификалық негізімен қарағанда, әрине түсінікті жайт. «Діндар дәуірге» де сондай талаппен қарайды. Мұнда «дәуір» деген сөз тақырып атауында кезіккенмен, мәтін барысында неге олай жүйеленгені айтылмайды. Есесіне сол діндар дәуір тудырған шығарма түрлері жайлы, олардың мазмұндық деңгейі жайлы пікірлер көптеп кездеседі. Теориялық поэтиканың талабымен қарайды дейтініміз, ғалым тақырыптың басында ә, дегеннен-ақ: «Діндар дәуір ауыз әдебиет түріне түр қосып жарытқан жоқ. Анайы әдебиеттегі шығармалардың түрлерінен діншілдігімен ғана айрылмаса, айрықша түр-тұрпатымен айрыла қоймады. Діндар жағының басымдығымен айрылатын түрлері мынау: қисса, хикаят, мысал, насихат (үгіт), мінажат, мақтау, даттау, айтыс, толғау терме; бұлардың әрқайсысын қысқаша баяндап, мысал келтіріп, сыр-сипатын көрсетіп өтейік» дейді66. «Әдебиет танытқышта» «Діндар дәуір» туралы жалпы түсінік қысқа қайырылғанымен, сол дәуір тудырған шығармалардың түрлеріне мол мысалдар келтіріледі, әрбір түріне жеке-жеке түсіктемелер де беріледі. Негізі дәуірлеу мәселесі кеңес әдебиеттану өкілдеріне дейін осылай қарастырылған. М.Әуезов пен Х.Досмұхаммедұлы еңбектерінде де қазақ әдеби процесінің дәуірлеуі келтірілген. Кеңес кезінде әдебиеттің дәуірге бөлінуі С.Мұқанов, С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Ә.Қоңыратбаев, М.Базарбаев, С.Қирабаев, З.Ахметов, З.Қабдолов, Х.Сүйіншәліиев, М.Мағауин, М.Жолдасбеков, А.Қыраубаева, Н.Келімбетов еңбектерінде де жанжақты зерттелген. Аталған еңбектер әдебиет тарихы тұрғысынан дәуірлеу жүйесінің түрлері болып табылады. Ғалым роман спецификасы /«ұлы әңгіме»/ жайлы да арнайы тоқталған. Енді тақырыпқа оралып әдеби түрлерге қатысты ойымызды жалғастырсақ. Жоғарыда келтірілген «Әдебиет танытқыштағы» әдебиеттің тектері мен түрлеріне қатысты жүйе Платон, Аристотельдерден келе жатқан классикалық үлгіге саяды. Әрине, түрлерге қатысты айтқанда А.Байтұрсынұлы өз заманының теориялық жетістіктерінің бәрін ықшамдап кіргізе білген. Ал кейбір тұстарында, өзіне тән кең ойлау ерекшелігімен уақыттан оза шауып сөз өнерінің үш тегінің спецификасына қатысты тұжырым жасайтын жерлері де бар. Егер кезек бойынша әуезе түрлерінен сөз қылсақ, ғалымның роман туралы тұжырымдарына тоқталамыз. Біріншіден романға А.Байтұрсынұлы «ұлы әңгіме» деген атау береді67. Сөйтіп бірден сөз өнері жүйесіндегі романның салмағын айқындап, оған бөлекше талап қояды. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы романның ішкі компонентері мен сыртқы тақырыптық аясын да қатар бірлікте айқындап береді. Үшіншіден, ғалым ұлы әңгіменің басты ерекшелігі болып табылатын оқиғаның көпқабаттылығы (многолинейность сюжета) мәселесін де жан-жақты, әрі қисынды түрде ашып береді. Төртіншіден, Байтұрсынұлы романдағы кейіпкерлер жүйесін айқындап береді. Бесіншіден, романның көлемдік спецификасы туралы мәселелердің теориялық байламдары берілген. Пәннің ішіне кірмес бұрын оның терминдік баламаларын анықтап алайық. Кітаптың алдыңғы жағында, яғни сындар дәуір әдебиетінің үш тегін анықтап көрсеткенде драма жүйесі былай берілген болатын: «Айтыс-тартыс табына қарайтын сөздер. Айтыс-тартыс табына кіретін сөздер түрі де толып жатыр. Оның ішінде негізгі басты түрлері мыналар: 1) Айтыс сөз, 2) тартыс сөз. Тартыстың өзі басты-басты үш тарау болып бөлінеді: 1) мерт, яки әлекті тартыс (трагедия), 2) сергелдең, яки азапты тартыс (драма), 3) арамтер, яки әурешілік (комедия)»68. Алайда, драмалық жанрдың өзін бөлек алып қараған осы тарауда бұл бастапқы жүйе аздап өзгерген сияқты. Жүйе болғанда бұл жерде өзгерген деп терминдік жағын ғана айтып отырмыз. Басқа өзгерістер болған болса, оны да өз кезегінде айта кетеміз. Терминдердің де мәні өзгере қоймаған, әрине, біздің айтып отырғанымыз терминге қатысты сөздердің нақтылығы. Мәселен, драмалық жанр ұғымына қатысты балама ретінде мына сөздерді айтуға болады: айтыс-тартыс; айтыс сөз; тартыс сөз; ұстасу (осы терминдерге қатысты түсінік те берілген жері бар; ғалым ұстасу сөзінің мағынасын таразылап келеді де «мұнан былай қарай иә айтыс-тартыс, иә ұстасу деген атын қолданамыз» дейді); трагедияға да: алғашында «мерт, яки әлекті тартыс (трагедия)»деген атау берілгенімен нақты тақырыпқа түсіп талданатын мәтінде тек әлектенісдеп қолданылады. Ал жоғарыдағы келтірілген жүйе бойынша екінші кезекте келетін «2) сергелдең, яки азапты тартыс (драма)» ХVІІІ ғасырда пайда болған аралық жанр болатын, бүгінде ол жанрлық түр ретінде айналыстан түсіп қалды. «Әдебиет танытқышта» да бұл түр, алғашында аталғанмен, мәтінде ондай тарауша кездеспейді. Бірақ, мұның тарихына ой жүгірсек, драма алғаш пайда болғанда трагедия мен комедияның барынша қара-қайшылығынан туған аралық, жұбаныш жанр болатын. Мәселен, Жирмунский мұны қайғы мен күлкі қосылған жанр деп, оны драмалық жанрдың бір түрі ретінде қарайды. Ал З.Қабдолов болса, драма сөзін драмалық жанр ұғымымен балама ретінде қарайды (Томашевскийде де дәл сол қағида). «Әдебиет танытқышта» да солай, сергелдеңді – комедияға, азапты тартысты – трагедияға баласақ, екеуінен драма шығатыны түсінікті. Бірақ алғашқы жүйеде неге оны жеке түр ретінде берілгені түсініксіздеу... (Дидро, Буало, Лессинг дәстүрімен берді десек, онда азаптанысқа (драмаға) түсініктеме берілуі керек еді; бірақ кітап та сол жерден бітеді...) Комедияға қатысты да алғашқы жүйеде: «арамтер, яки әурешілік» деген атау берілгенімен мәтінде тек әуреленіс деп қолданылған. Ал, «ақын» дегенді драматург; «қайраткер» дегенді герой (шығармадағы басты қаһарман); «ұстасушыны» сахнадағы актер деп ұққанымыз жөн. Ал «Әдебиет танытқышта» да жанр табиғатына үлкен мазмұндық семантикалық талап байқалады. Байтұрсынұлы тартыстың сөз өнеріндегі орнының үлкен екенін анық білген. Сол себепті де драмалық шығармаларға таңдалатын сюжет желісі де, негізгі ұстаным идеясының да үлкен болуы керек. Мұнда да ғалым мәселенің мәнін тереңнен қозғайды да драманың табиғатына оның идеялық тірегі тұрғысынан келеді69. Шығарманың ішкі құрылымдары (композициясы) туралы былай дейді: «Ұстасудың үш дәуірі болады: 1) байланыс, 2) шиеленіс, 3) шешіліс. Ұстасудың бұл үш дәуірі күресу дәуірлері сияқты. Байланыс – палуандардың белдерін буынып, білектерін сыбанып, балтырларын түрініп, күреске шығып ұстасқаны есебіндегі дәуірі; шиеленіс – палуандардың әдіс-амал, күш, өнері бәрін жұмсап, қайрат қылып, күресті қыздырған шағы сияқты дәуір; шешіліс – палуандардың бірін-бірі жаққан мезгілі сияқты дәуір».70 Мұнан байқалатыны, Байтұрсынұлы драмалық шығарманың композициялық ерекшелігіне барлық көркем туындыға тән композициялық талаппен қарап отыр. Бірақ, бұл классикалық жүйе ешқандай талас тудырмайды әрине. Драмалық туындыға икемдегенде де ол осы күйінде қала бермек. Мәселен, бұл жердегі байланыс – драманың экспозициясын (Байтұрсынұлы байланысқа әрі экспозиция әрі «завязканың» қызметін кіргізіп отыр) аңғартса; шиеленіске – оқиғаның дамуы, ситуация, актерлардың сөйлеу және сахнаға шығу реті секілді қойылымға қатысты нәрселердің бәрі кіріп кетеді; ал шешіліс – ол аты да айтып тұрғандай шығарманың соңы (развязка), кульминацияңыз да осы шешілістің қызметшісі. Бүгінде әлемдік гуманитарлық ғылымдар жүйесінде бүгінде бірқатар методологиялық күрделі өзгерістер болып жатқандығы ғылыми ортаға аян. Бұл өзгерістердің адамзат ақыл ойының алтын қазығы – әдебиет туралы ғылымды да айналып өтпесі және белгілі. Ал әдебиет теориясы болса әдебиеттану ғылымындағы зерттеулердің танымдық жетістіктерін жүйелеп, оларды нақты категориялар негізінде қарастырады. Сонымен қатар, әдебиет теориясы пәні бүгінде өзіндік бесаспап гуманитарлық маңызға ие болып отыр. Бүгінгі ғылымда әдебиет теориясын фундаментальды ғылымдар қатарына енгізу қажеттігі мәселесі жиі көтеріліп жүргені де сондықтан болар71. Себебі, көркемдік құндылықтардың мәнін зерттеу барысында әдебиет теориясы пәнінің теориялық тұжырымдары – философия, культурология, антропология, эстетика, өнер теориясы мен тарихи процесс, құрылымдық лингвистика мен математикалық логика, герменевтика, семиотика секілді ғылым салаларымен тікелей байланысты. Осы ретте аталған мәселелердің біздің зерттеу нысанымызға да тікелей қатысты екені айқын. Жұмысты зерттеу ұстанымының алдында, ең алдымен «Әдебиет танытқышты» (1926) жаңа талап тұрғысынан, дәлірегі жұмысты ғылыми мәтін ретінде қарастыру міндеті тұрды. Екіншіден, «Әдебиет танытқышты» әдебиеттің басты теориялық мәселелерін баяндайтын комплексті еңбек ретінде пайымдау. Үшіншіден, (және бұл диссертацияның ең негізгі міндетін білдіреді) «Әдебиет танытқышты» теориялық тұжырымдардың жиынтық материалы ретінде талдау. Әрине, әрбір категорияның мәнін ашу барысында әлемдік әдебиеттанудағы теориялық мектептерді де айналып өтпесіміз белгілі. ХХ ғасыр басындағы бүкіл филологиялық пайымның басында тұрған Б.В.Томашевский, В.М.Жирмунский, Г.Г.Гадамер, Г.О.Винокур, А.И.Белецкий, Р.О.Якобсон, Ю.Н.Тынянов, Б.И.Ярхо, М.М.Бахтин, О.М.Фрейденберг, Р.Ингарден басым көпшілігі орыс әдебиеттану ғылымының өкілдері болып саналады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы, осы ғасырымыздың 50-60 жылдары мен бүгінгі күнгі әдебиет теориясындағы ахуалға қарасақ та, орыс әдебиеттану ғылымының өкілдері алғы шепте екенін байқаймыз (әрине, біз бұл жерде А.Н.Веселовскийден С.Н.Бройтманға дейінгі ұзын сонар тізімді келтіріп жатпадық). Дегенмен сөз соңында айта кететін жайт ол «Әдебиет танытқыш» еңбегі қазақ сөз өнеріндегі бесаспап теориялық еңбек ретінде де, жеке құндылық деңгейіндегі мұра ретінде де әлі де толыққанды зерттеуді қажет етеді деп санаймыз.

Райхан Сахыбекқызы,

филология ғылымдарының кандидаты

ҒҰЛАМА ҒҰМЫРНАМАСЫ: МҰРАҒАТ ДЕРЕКТЕРІ

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы қыркүйектің 5-і күні Қостанай округі, Торғай уезі, Тосын болысының 5-ауылына қарасты Сартүбек елдімекенінде дәулетті отбасында дүниеге келген. Тұлғаның туған мерзімін «5-қыркүйек 1872, мешін жылы» деп, нақтылауымызға негіз болып отырған, ғалымның 1929 жылы өз қолымен жазған «Өмірдерегі» (Жизнеописание) және әр жылдары (1920-1925 ж.ж.) өз қолымен толтырған мемлекеттік мекемелердегі түрлі ресми сауалнамаларға72 берген жауаптары. Енді деректі айғақтарға жеке-жеке тоқталсақ. Мәселен, Орынбор Мұғалімдер мектебін бітіргендігі туралы куәлікте туған мерзімі «5 қыркүйек 1872» деп көрсетілген, бұл – б і р і н ш і дерек. Сонымен қатар, «Анама хат» атты өлеңі де Ахметтің «1872 жылы» туылғанына дәлел бола алады. Анасына жолдаған тоғыз шумақ өлеңіндегі: «...Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам» деген жолдар, әулет басына түскен «1885 жылғы оқиғаны» меңзеп отыр. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл әкесі Байтұрсын мен үлкен әкесі Ақтастың бірнеше ағайындарымен қоса, «15 жылға итжеккенге жер аударылатын тұсы». Демек, 1885-тен бала Ахметтің 13-н шегерсек, оның туған жылы – 1872 жылы болып шығады. Бұл – е к і. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, 81-қоры, 1-тізбесі, 1652-ісі, 6-парағында (бұдан әрі – ҚР ОММ) Ресей коммунистік партиясының «Жауапты қызметкерлерге арналған» 20 сұрақтан тұратын сауалнамасының туған жылы деген тұсына: «1872, 49 жас» деп жазған, құжат 1921 жылы толтырылған. Бұл – ү ш. ҚР ОММ., 5-қор, 18-тізбе, 158-іс, 1-парағындағы «Сайлауға түсу сауалнамасы» 1921 жылдың 11-қазанында толтырылған. Сауалнама 29 сұрақ-тан тұрады, осындағы жасы деген тұсқа – 49 деп көрсетеді. 1921-ден 49-ды шегерсек, 1872 шығады. Бұл – т ө р т. 81-қордың 11,12-парақтарында «Қызметкерлерге арналған» 42 сұрақты сауалнаманың 2-сұрағына: «1872 ж., 5/ІХ., Торғай тумасы» десе, отбасы туралы 9-сұраққа: «Әйелім: Бадрисафа – 46 жаста, Балаларым: Қазихан – 14 жаста, Аумат – 7 жаста, Шолпан – 5 жаста, ағаларым Қали, Кәкіш, Мәшен – Торғай уезінен, қарындасым Зиляш – Қостанай уезінде» деген дерек береді. Бұл – б е с. Ресми сауалнама 1923 жылы Орынборда Халық ағарту институтында қызмет істеген тұста толтырылған. Тұлғаның отбасы туралы жазылып жүрген мәліметтерге де үлкен ден қойғанымыз абзал. Өйткені, жазушы Дүкенбай Досжанов «Абақты» (1992) атты кітабында: «Туған жылы әр түрлі – 1870, 1872, 1873 айтылып жүр, дұрысы: 1873 жылы 28 қаңтарда туған, қалғанын қаперге алмау керек десе, ал Ахметтің заңды мұрагерлері мыналар деп» деп, тағы теріс түйін жасайды. Қазақтың нағашы мен жиен арасындағы туыстықтың ара-жігін ажырата алмайтын «қала меңіреуіне» айналуымыз, әрине арымызға – сын. Әлбетте, жазушының Ахаң туралы зерттеуінде қаншама тың деректер болса, жүйесіз пікірлерден көз сүрінеді. Түбірі ауылдан шыққан жазушының кіндігінен ұрпақ көрмеген Ахметке қолдан мұрагер жасаудағы мақсаты түсініксіз. Қазақтың «аға өлсе, іні – мұра, іні өлсе, аға – мұра» дейтін аталы сөзін қаперге алмауы тіпті, ұят. Ахметтің үлкен ағасы Қалидан, інісі Мәшеннен туған ұл балалардан Алматы, Қостанай қаласында тұратын ұрпақтары баршылық, ал ортаншы ағасы Кәкіштің ұлдары: Қазихан мен Ауматты 1929 жылы «халық жауының» тәрбиесінде болғандығын желеу еткен елдегі «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділер өлтірткен. Әулеттің қыз балаларынан туған жиендер де жетерлік. Олардың өзіндік орны бар, бірақ жазушының анықтамасына еліккен кейбір немере жиендері қос текті (фамилия) қатар алып, күлкілі жағдайға ұшыраған жағдайға да кезіктік. 81-қордың 1-парағында Ағарту ісі жөніндегі халық комиссариатының «Қызметтік тізім» сауалнамасының «Қашан, қайда туған» деген сұрағына: «5 қыркүйек, 1872 жылы, Ақтөбе губерниясы, Торғай уезі, Тосын болысы, 5-ауыл» деп көрсеткен. Құжаттың толтырылған уақыты көрсетілмеген, бірақ, «1924 жылдан қазіргі күні – Халық ағарту комитеті ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесімін» деп жазғанын негізге алсақ, бұл құжат – 1925 жылы жазылған. Бұл – а л т ы. Аталған қордың 52-парағында «Қазақ халыққа білім беру институты оқытушылары мен қызметкерлеріне арналған сауалнамада да туған мезгілін: «5 қыркүйек, 1872 жылы» дейді, құжат 1925 жылдың 17-қарашасында толтырылған. Отбасы мүшелеріне: Бадрисафа, Аумат, Шолпанды жазған. Бұл – ж е т і. 1921-1922 ж.ж. Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы болған тұста, 1-ші Қазақ съезі жұмыскерлерінің сауалнамасының 9 сұрағына «жасы» деген тұсына – «50» дейді. Бұл – с е г і з. Академия орталығының тұңғыш төрағасы ретінде Қазақ елінің ғылымын академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалаған тұлға төл туған күніне келгенде жаңсақ жазуы мүмкін деу күпіршілік емес пе?! 1928 жылы қыркүйекте Алматыда ашылған тұңғыш оқу ордасы – Қазақ мемлекеттік университетіне профессор лауазымымен қызметке шақырылған Ахмет Байтұрсынұлы осы оқу орнының Мамандар бөлімі тарапынан жүргізілетін «Жеке іс парағы» атты ресми құжатқа 1929 жылы 12-мамырда өз қолымен «Өмірдерегін» жазып берген. Осы құжатта «тайға таңба басқандай» көрсетілген: «Менің туған жылым «мешін» (1872)» деп, басталатын маңызды мәліметті және қосыңыз. Бұл – т о ғ ы з. Осылай тізбелей берсек, деректер көзі жеткілікті. Қазақ халқының ар-ожданы, ұлт көсемі А.Байтұрсынұлының артында қалған осыншама айғақтарды ахметтану мәселесінде соны деректер деп тауып, мұны алдағы жазылар жинақтар мен оқулықтарға енгізу – бүгінгі тәуелсіз кезеңдегі ұлттық ғылымның міндеті екенін ұмытпағанымыз жөн. Тұлғаның туған датасынан басқа әулеттік шежіресі де дұрыс таратылмай келеді, ал отбасын құруға қатысты тіпті, аңызға айналған нұсқалар басым. Енді осылардың ақиқатқа жақынын мәліметтер бойынша баяндамақпыз. Заманында прос-Ахаң атанған Ахмет тарихта есімі мәшһүр тұңғыш тархан Жәнібек-пен түбі бір, текті атаның балалары. Қошқар ұлы Жәнібектің атасы – Көшей, бабасы – Шақшақ. Жәнібек пен Ахметті таратып алатын түп-тегіміз де, осы ұлы баба Шақшақтан бастау алады. Жәнібек батыр Шақшақтың шөбересі болса, Ахмет – Шақшақтың тоғызыншы тармақтағы үрім-бұтағы, яғни жалғасты ұрпағы. Ахметтің әкесі Байтұрсын бес ағайынды. Олар: Ақтас, Байтұрсын, Данияр (кейбір деректерде Сабалақ есімімен мәлім. Мұны негізінен, ғұрып бойынша жеңгелері қойған), Ерғазы, Ермағанбет. Атасы Шошақ он ағайынды болса, бабасы Таңбай жеті ағайынды екен. Таңбайдың әкесі Аралбай бес ағайынды. Үлкен бабасы Аралбай Үмбетей батырдың бел баласы. Байсейіттен Үмбетей мен Сейтімбет туған. Ахметтің ұлы бабасы – Үмбетей ру басына айналған үлкен ата.73 Байсейіт атадан жалғыз, оның әкесі Қалқаман Көшейұлы (5 ағайынды). Қалқаманның сүйегі – Арғын (6 ағайынды). Үлкен ата, ру атына айналған Арғын тайпасынан бері таратар болсақ: Арғыннан – ????? ???? (5)Тәнбі сопы (5), одан – Елемес (1). Елеместен – Ермен (1), Ерменнен – Шағыр (3), одан – ??????? (3),Аманжол (3), Аманжолдан – Шақшақ (3), Шақшақтан – Көшей (6) туған. Енді отбасылық әулет шежіресі бойынша таратсақ, Ахметтің руы – Арғын, оның ішінде Тәмбісопы болады. Кейде Тәмбісопыны Өткірсопы дейтін де деректер кездеседі. Тәмбісопыдан – Елемес, одан – Ермен, Ерменнен – Шағыр, одан – Аманжол, Аманжолдан – Шақшақ, одан – Қалқаман, Қалқаманнан – Байсейіт, Байсейіттен – Үмбетей туады. Үмбетей үлкен ата, оның есімі заманында-ақ ру атына айналған. Яғни, ру басы, ел билеген тұлға, ел-жұрты Қостанайдың Наурызымы, Торғайдың Ақкөлі аралығын мекендеген. Тарихи деректерге сүйенсек, Үмбетей – батыр. Ол қазақтар мен қалмақтар соғысқан шайқаста қол бастаған. Батырдың некелеп алған 7 әйелі болғаны, оның әр әйелінен бес-алты баласы, жиынтығы – 26 ұрпақ сүйгені жөнінде әулет шежіресінде толық қамтылған. Үмбетейден – Аралбай туады, одан – Таңбай, Таңбайдан – Шошақ туған. Шошақтың баласы – Байтұрсын, Байтұрсыннан – Ахмет туған.Ахмет әке-шешеден төрт ағайынды. Оның өзінен үлкен ағалары: Қали (1868-1925) мен Кәкіш (1869-1924), кіші інісі Мәшен (1873-1930) болса, орталарында жалғыз қарындастары Зиляш 1876 жылы дүниеге келген. Заманы бір рухани қаламдасы М.Әуезов 1923 жылғы Ахметке арнаған мақаласында, оның тегі жөнінде: «...Сүйегі – Арғын, оның ішінде Үмбетей болады. Бергі аталары Үмбетейден шыққан Шошақ, Түбек. Ақаң Шошақтың немересі. Өз әкесінің аты – Байтұрсын» деген мәлімет береді.74 Осындағы «Түбек» деген кісі есімінде әріптік қате кеткен болуы керек. Өйткені, әулеттік шежіреде бұл есім кездеспейді. М.Омарханұлы айтқан Түбек, Ахметтің аталас ағайындары ішінде Аралбайдан тарайтын Пүшек деген кісі. Пүшек пен Ахметтің арасындағы туыстық: олар үш атадан қосылатын ағайындылар. А.Байтұрсынұлының өзі жазған «Өмірдерегі» мен «Өмірбаянындағы» мәліметтермен қатар, басқа да мұрағаттық деректерге сүйенсек, ол 1882-1884 жылдары ауылдағы сауатты адамдардан, әрі көшпелі ауыл мектептерінде 10 жасынан бастап дәріс алған. Яғни, бала Ахметтің алғашқы тіл сындыруы қарапайым ауыл молдасының «әліпті таяқ» деп үйретуінен басталған екен. Яғни, Арқаның сардаласындағы қазақы ауылда қазақы баланың қазақша қалыппен танымының іргетасы қалыптасқан. Ахметтің әкесі Байтұрсын 1843 жылы Торғайдың тумасы. Байтұрсынның әкесі Шошақ дәулетті, ел ішінде беделді, ақылды жан болған. Ол мыңғырған малының арқасында, ауылдан алшақ жатқан қиырдағы қыш үйлерге жиі шығып, «қала өмірінен хабары болсын» деп, балаларын жанына ертіп жүреді екен. Ахметтің атасы Шошақ төрт ағайынды, оның екі ағасы – Жатай мен Кәйдек, өзінен кіші інісі – Көбек. Тарих жылнамасына зер салсақ, Ахмет балалықпен қоштасқанда, оның туған өлкесі көне Торғай түгелдей орыс патшалығының өңешіне жұтылған уақытпен тұспа-тұс келеді. Осы бір өз атамекенінде отырып, өз еркіндігін, жерін, елін қорғай алмаған, қорғансыз әулеттің басына түскен қаралы оқиға, күллі қазаққа қасақана жасалған қысастық болатын. Ал бала күнінен мұндай әділетсіздікті көрген оның санасы тез жетіліп, уақытынан ерте есейтеді. Ахмет айтатын «бақытсыздық» бір шаңырақтың ғана емес, Үмбетей руының дәулетті отбастарын түгелдей шарпыды. Осы ойранда Ақтас, Байтұрсын, Данияр Шошақовтардан басқа, Таңбаев Кәйдек және оның ұлы Темірше Кәйдеков, Жантасов Қорғанбек, Тілеушин Божақан (шежіреде Бажықан), Байтұтов Ыбырайлар көгендей тізімделіп, күнәлілер деп көрсетілген. Кәйдек пен Шошақ бір атаның, Таңбайдың бел балалары, ал Тілеуші Аташтың ұлы, атасы – Есентай. Үлкен атасы Жиенбай Үмбетейден туған. Нақтырақ, Божақан Байтұрсынның аталас ағайын тумасы. Ыбырайдың әкесі Байтұт Үмбетей батырдың қалмақ әйелінен туған Баяндының ұрпағы75 болады. Осы аты аталған адамдардың қай-қайсысының да ұрпақтары, анығырақ, үлкен ата Таңбай әулетінің қуғын-сүргінге ұшырағаны соншалық, тіпті отырған қонысынан шалғай жатқан құмдақ ауылдардың біріне үдере көшеді. Орыстың ұзын құрығы Дала заңымен тіршілік еткен Ақтас, Байтұрсын, Даниярларды «түкірсең, түкірігің жерге жетпей, көк мұз болатын» итжеккенге – Сібір аймағы Камчаткаға каторгыға айдайды. Жер аударылған бірыңғай ер адамдардың күн көрісі «отбасы, ошақ-қасылық жағдайлары болмайды-ау» деп, күйзелген Ақтастың бәйбішесі Үбіжан да бауырындағы баласы Аспандиярды келіні Күңшіге қалдырып, өзі ер кісілермен бірге бөтен елге, жат жерге ауып кете барады... Бастарына түскен қайғыны іштей ұғып, бір-біріне тілекші болған абысын-ажындардың арасында бала тәрбиесі де ауысып отырған. «Алып – анадан» демекші, ғасырда бір-ақ рет туатын Ахаңдай хас тұлғаны дүниеге әкелген Күңші анамыз кім, қандай адам болды екен?! Мұның төркініне үңіліп, зерделемесек, Ахметтің толыққанды бейнесін тани алмауымыз, жұртшылыққа дұрыс таныта алмауымыз мүмкін. Әрі, қазақта «таяқтың жақсысы – ағашынан, баланың жақсысы – нағашысынан» деген пәлсапалық нақыл сөз бар емес пе?! Ендеше, әңгіменің басын Күңші анамызға бұралық. Оның есімі кейбір деректерде «Күңіш, Күнші, Күнгі» деп те кездеседі. Күңші – Қостанайға қарасты Аманқарағай деген жердегі Сүгір руының ауқатты отбасынан шыққан Құлыбек Шеруұлының қызы. Көз көргендердің айтуынша, Күңші өте ақылды, әрі байсалды, кесек мінезді, қолы жомарт жан екен. Күңшінің бойында шеберлігімен қатар, сөзге жүйрік ақындық қасиеті болғандығы, қыстың ұзақ күндерінде әулет балаларына аңыз-ертегілер, қызықты жұмбақтар айтып, кейде ән де салатын, мінезінің ерекше екендігі айтылады. Келін болып түскен жұрты, көрші-қолаңы оны «сарыүйез» атандырған. Бұл Күңшінің отбасындағы асыраушысы айдалып кеткенде, «төмен етек ұрғашымын» деп именбестен, ерлерше атқа қонып, адуынды мінез танытып, қаймықпай қасқайып, отбасын, бала-шағасын «суыққолдылардан» қызғыш құстай қорғағандығынан қойылған. Ахметтің жары Бадрисафа хақында белгілі зерттеушілер тарапынан да әр қилы нұсқадағы болжамдар айтылып жүр. Мәселен: «…Осы жерде айта кетелік, А.Байтұрсынұлының жұбайы Александра/ға/ атты орыс әйелі болады. Өзі тұрған пәтер иесінің қолында жүрген жетім қыз (тіпті фамилиясы белгісіз) А.Байтұрсынұлы түрмеде жатқанда тамақ тасып, кір-қоңын жуып, қызмет көрсетеді. Адамгершілігі зор азамат мұндай қайырымдылықты, адал көңілді аттап кетуді ар санап, түрмеден шыққан соң сол жетім қызға үйленеді»76 деген жаңсақ пікір еш қисынға келмейді. Осыған ұқсас мәлімдемені танымал жазушы Д.Досжанов қайталайды. Тіпті, тарихи тұлғаны 1907 жылы дәйексіз түрмеге отырғызады да, «34 жасқа келгенде, әрең үйленеді» деген сәуегейлік жасайды. Шындығында, Ахметтің 1907 жылы емес, 1908 жылы қарашада аз уақыт абақтыда отырғандығы жөнінде дерек бар. Жазушының мәлімдеуінше: «...Болашақ жұбайлар Қарқаралыда танысқан кезде Ахаң 34 жаста, Александра 29 жаста болатын. (...) Сонымен кейінгі тұрағы Орынборға Ахаң мен Бәдрисафа ерлі-зайыпты болып келеді» дейді. Үзінді келтірілген жолдардың авторлары зерттеулеріндегі тұжырымдарын: «...тағдыр тауқыметін кешіп жүрген кездері түрмеде көмекке келген қызға кейіннен аяушылық сезіммен үйленген»77 деген мәлімдемемен түйіндейді. Шындығында, мұндай пікірлердің негізсіз екеніне, ҚР ОММ-тан табылған мұрағаттық деректер дәлел бола алады. Тарихи құжат Сирек қорлар тіркеуіне алынып, сонда сақталған. Жеделхат Семейден 641-ретпен нөмірленіп, сөзінің саны «133» деп есептеліп, ақшасы төленгені де көрсетілген. 1909 жылдың 5-тамызында хат тиісті мекенжайға жолданған. Ресми жеделхатты қабылдаған Н.Мозердің тарапынан Омбы дала губернаторының кеңселік мөртабанымен «7-тамыз 1909 жыл» деп тізімделіп, арнайы белгі соғылған. Телнұсқадан (ксерокөшірме) тізбеленген тіркестерді санағанда – 118 сөз, яғни күрделі алты сөйлем болды. Көрсетілген «133 сөз» (орыс тіліндегі мәтінде), телеграф тасымалдаушылардың «15 сөзді» артығынан жазып, жұбайы үшін жанын аямайтын Бадрисафаның қалтасын қағып қалуды көздеген сұғанақтығы болса керек. Осы құжат – Бадрисафаның Ахмет Байтұрсынұлына түрмеге дейін күйеуге шыққанының бұлтартпас айғағы. Жеделхатта Бадрисафа «менің күйеуім» деген сөзді сан мәрте қайталайды. Егер Бадрисафа Ахметтің әйелі болмаса, бұлай жазбас еді. Яғни, олар шамамен, 1897 жылы некелескен. Ерлі-зайыпты болып, шаңырық құрғанда Ахмет – 25 жаста, ал Бадрисафа – 19 жаста болған. Енді тарихи маңызы зор құжатты орыс тілінен сөзбе-сөз, жолма-жол қазақшаға аударылған нұсқасын ұсынылады. Ресми жеделхаттың оң жақ маңдайшасына: «Дала генерал-губернаторы мырзаға» деп бастайды бағытты сөзін Бадрисафа Иванқызы.78 Хат мазмұны: Орыс-қазақ мектебінің бұрынғы меңгерушісі ????? ???????менің күйеуім Байтұрсынұлы, бірінші шілдеде Қарқарада тұтқындалып, Семей түрмесіне жіберілді, мұндай бақытсыздыққа нендей себеп болғаны, бізге беймәлім; жүргізілген тінту жұмыстары ештеңе таппады. Қазақ партиясының қаралауымен күйеуіме жалған жала жағылып отыр деп ойлаймыз. Енді күйеуіме «үкіметті мойындамаған қазақ» деген күнә тағылып отыр деп айтатын көрінеді. Осындай ауыр күнә тағылғанына қарамастан, әлі күнгі тергеу жұмыстары жүргізілмей отыр. Түрмеге түсуі, тағдырының күманды болуы, онсызда денсаулығы әлсіз күйеуімнің денінің саулығын онан сайын күйзелтуде. Жоғары мәртебелім, егер ????? ???????менің күйеуім заң бұзушы қылмыскер болса, сот оны жазаласын, әрі, бағынушы мен тергеу жұмысын жеделдетуге өкім беруіңізді сұраймын; егер жазалауға негіз жоқ болса, немесе ????? ???????менің күйеуім кейбіреулерге тиімді домалақ арыз бойынша бостандығынан айырылып отырса, Жоғары мәртебелім онда қамаудан менің күйеуімді босатуға бұйрық беруден бас тартпауыңызды сұраймын.

Бадрисафа Байтұрсынова».

Жеделхаттағы «менің күйеуім», «күйеуім» деген сөздердің астын сызып, бөле-жара көрсетеді. Осы сөз 7-і жерде айтылады екен. Шығатын түйін: Бадрисафа түрмедегі Ахметтің қосағы болмаса, тұрмысқа шықпаған адамын «менің күйеуім» деп жазбасы анық қой. Мұрағат деректері мен естеліктер, танымдық талдаулар мен ғылыми зерттеулердегі ақпараттарды негізге алсақ, ХХ ғасырдың ұлы реформаторы, қазақ әліпбиі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы ғалым, түркітанушы, лингвист, ақын-аудармашы, «Қазақ» газетін (1913-1918) ұйым-дастырушы, әрі бас сарапшы, қоғам және мемлекет қайраткері, Ұлт ұстазы, Алаш көсемі, тоталитарлық жүйе құрбаны Байтұрсынұлы Ахметтің өмір тарихының негізгі кезеңдері хронология бойынша былай тізбектеледі: Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі Қостанай облысына қарасты Торғай атырабының Сарытүбек елдімекенінде 1872 жылы 5-қыркүйекте дүниеге келген. Ол алғашқы сауатын елдегі көшпелі мектепте алады. 1886 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түсіп, оны 1891 жылы бітіреді. Сол жылы Орынбор мұғалімдер мектебіне оқуға қабылданып, 1895 жылы ОММ-нің Педагогикалық кеңесінің шешімімен «бастауыш училищенің оқытушысы» деген атақ беріледі. 1895 жылы тұңғыш мақаласы: «Киргизская приметы и пословицы» «Тургайская газета» басылымының №39 нөмірінде жарияланым көреді. 1896-1901 ж.ж. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектепте, екі сыныптық училищеде оқытушылық қызмет атқарады. 1897 жылы Александра-Бадрисафаға үйленеді. 1902-1904 ж.ж. Омбыда Торғай облысы Халықтық училище директорының іс жүргізуші лауазымын атқара жүріп, бұратана ұлтының санасын ояту мақсатында И.Крыловтың мысал-өлеңдерін аударады. 1905 жылы қазақ оқығандарымен бірге Қоянды жәрмең-кесінде бас қосып, Кіндік үкіметке қазақ ұлтының тілегін білдіріп, құзырхат жазады. 1905-1908 ж.ж. Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесінің оқытушысы әрі меңгерушісі болып, екі міндетті қатар атқарады. 1908 жылы саяси көзқарасы үшін Қарқаралы абақтысына қамалады. Қарқаралы – Ахметті саясат ісіне баулыған жер. Қарқаралы абақтысы оның бірінші рет тар қапасқа қамалуы еді. 1909 жылы «Қырық мысал» жинағы басылып шығады. Кітап қазақ оқығандарын дүр сілкіндірсе, ал қамсыз жатқан қалың қазақтың намысына қамшы болып тиеді. 1909 жылдың 1-шілдеде қайта ұсталып, 1910 жылдың 21 ақпанына дейін Семей түрмесінде сотсыз, үкімсіз сарылып 7-ай отырады. Бұл Ахметтің қасақана екінші рет түрмеге қамалуы болатын. 1910 жылы 9-наурызда Орынборға жер аударылады. Бұл күрескердің – өз туған өлкесінен тұңғыш рет жер аударылуы. Мұнда 1924 жылға дейін тұрады. Осы уақытта оның қаламынан қазаққа қажетті ең зәру оқулықтар жазылып, басылып шығады. 1911 жылы «Маса» өлеңдер жинағы жарияланып, «Қырық мысал» кітабы екінші рет басылым көреді. Осы жылы «Айқап» журналында «Қазақ һәм түрлі мәселелер», «Қазақтың өкпесі», «Қазақ жерін алу турасындағы низамдар, бұйрықтар», «Закон жобасының баяндамасы», «Тағы да народный сот хақында», «Жер жайынан», «Жазу тәртібі», «Кітаптар жайынан», «Бастауыш мектеп» т.б. өзекті мақалалары жарияланады. 1912 жылы Қазақ әліпбиін (төте) түрлеп, қолданысқа ұсынады. Осы жылы «Оқу құралы» қазақша әліппесінің бірінші кітабы шығады. «Айқап» журналында «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Шәйзіман мырзаға», «Қазақ һәм төртінші Дума» мақалалары жарияланады. 1913 жылы «Оқу құралы» екінші кітабы жарық көреді. «Шора» журналында «Қазақша сөз жазушыларға», «Қазақ» газетінде «Көшпелі һәм отырықшы норма», «Шаруа жайынан», «Жер жалдау жайынан», «Земство», «Білім жарысы», «Оқу жайы» т.б. келелі мақалалары басылады. 1913-1918 ж.ж. қырғыз атанған жұртының атауын қайта жаңғыртып, «Қазақ» газетін шығарды. Газеттің ұйымдастырушысы әрі бас сарапшысы қызметін атқарады. Осы тұста әлеуметтік ахуалды баяндаған цензура көтермейтін мақалалар жариялағаны үшін әкімшілік бірнеше мәрте (1914-15) айыппұл төлетеді, кейіннен абақтыға қамайды. Бұл – үшінші рет қамалуы. 1914 жылы «Оқу құралы» қазақша әліппе 1-кітабы өңделіп, қайта басылым көреді. Осы жылы «Тіл – құрал» (қазақ тілінің сарфы), 1-жылдық оқулығы жарық көреді. Аға буын өкілдері: Ғ.Қарашұлының «Аға тұлпар»; Б.Өтетілеуовтің «Жиған-терген» өлеңдер жинағын шығарады. 1915 жылы «Тіл – құрал» 2-жылдық, «Оқу құралы» 1-кітабы (2-ші рет); «Қазақ» газетінде «Жәрдем комитеті», «Бұ қалай?», «Шаруашылық өзгерісі», «Ауқатты Алаш азаматтарына!» мақалалары басылым көреді. 1916 жылы Торғай уезінде жүргізілген санақ жұмысына қатысады. Осы жылы «Оқу құралы» әліппесінің 1-кітабы сұранысқа ие болып, 3-ші рет басылым көреді. «Қазаққа ашық хат», «Алаш азаматтарына!», «Торғай әм Ырғыз халқына», «Орынбор һәм 8 шілде» үндеу мақалалары жарияланады. 1916 жылы қазақ ұлтының төл жазуы ретінде таныла бастаған Қазақ әліпбиі көрші мұсылман-татар ұлысының сынына ұшырап, осы тұста оның «Туған тілім» өлеңі, «Шекіспей, бекіспейді» мақаласы жарияланады. 1917 жылы «Қазақ» газетінде «Қазақ халқына», «Бұ заманның соғысы», «Бостандық қарызы», ««Алаш» партиясы», «Шорай ислам. Жалпы мұсылман сиезі» т.б. мақалалары жарық көреді. 1918 жылы «Тіл – құрал» 1-жылдық оқулығы Ташкенте қайта басылады. Осы жылы сәуірде Қытайдың Шәуешегіне М.Дулатұлы, Р.Мәрсековтармен бірге сапар шегеді. 1918-1919 ж.ж. «Алаш» партиясының жетекшісі, «Алашорда» үкіметінің жетекшілерінің бірі әрі оқулықтар жазу жөніндегі Комиссиясының құрамында қызмет етеді. Осы жылы «Революция и киргизы» мақаласы «Жизнь национальностей» атты басылымда жарияланады. 1919 жылы 24-шілдеде В.И.Лениннің қабылдауында болып, оның бекітуімен Қазақ өлкесі Әскери-революциялық комитеті кеңесінің мүшесі болып тағайындалады. Осы жылы 27-қазанда «Алашорда» үкіметінің қайраткерлеріне кешірім жасау (амнистия) туралы Қаулы мақұлданған соң, Кеңес үкіметі жағына бір топ қазақ зиялыларымен бірге өтеді. Осы тұста Кеңестердің 7-ші Бүкілресейлік сиезіне ВЦИК (Бүкілодақтық атқару комитетінің орталығы) мүшесіне сайланғаннан кейін, Қазревкомның төрағасы С.Пестовскиймен бірге пролетариат көсемінің қабылдауында екінші рет болады. 1920 жылы 15-сәуірде «Известия Киргизского края» газетінде РКП (б) комитетіне мүшелікке қабылдауға жазған мәлімдемесі жарияланады.

Осы жылы еңбектері:

– «Баяншы» 1-ші басылуы, «Тіл – құрал» (қазақ тілінің сарфы), 1-жылдық 2-ші басылуы, «Тіл – құрал» 2-ші жылдық 2-ші рет басылым көреді. Осы жылы еңбектірі:

– «Тіл – құрал» 2-жылдық кітабы 3-ші рет, Сәуірде «Ұшқын» басылымында «Лениннің елу жасы», «Ұлы жиын» атты мақалалары жарық көреді.

– 17-мамырда «Кеңес үкіметінің қазақ зиялыларына сенімсіздігі туралы» хат, маусымда «Лениннің ұлттар мен отарлау мәселесі» тезисі бойынша көсемнің өзіне баянхат жазады.

1920-1921 ж.ж. Қазақ АКСР Оқу-ағарту Комиссары және Қазақ орталық атқару комитетінің (КазЦИК) мүшесі болады. 1921 жылы «Оқу құралы» әліпбиге нұсқаулық; «Оқу құралы» үлкендер үшін 1-кітабы басылым көреді. Осы жылы 21-қазанда «Жизнь национальностей» басылымында «Ёще о голоде в Казахстан» атты өзекжарды мақаласы жарияланады. 1921-1922 ж.ж. Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы қызметін атқарады. Халық ағарту комиссиариаты жанынан құрылған Академиялық орталықтың (Академцентр) тұңғыш төрағасы ретінде Қазақ елінің ғылымын академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалады.

– «Оқу құралы» 1-жылдық 4-ші рет, «Оқу құралы», 2-жылдық 4-ші басылуы, «Тіл – құрал» 1, 2-жылдық 2-ші рет; «Оқу құралы» 4-ші рет басылым көреді.

– 18-мамырда «Степная правда» газетінде Халыққа білім беру 1-жалпықазақ съезінде сөйлеген сөзі, 14-шілдеде «Ақ жол» газетінде «Қазақты ағарту халімізден» мақаласы жарияланады. Осы жылы тамызда 50 жас мерейтойын Ташкенттік зиялылалар, 1923 жылы қаңтарда Орынбор үкімет үйі арнайы атап, құрметпен салтанатты жиын өткізеді. Қыркүйектің 28-і күні «СП» газетінде «Просвещение и голод», «Қазақ күнтізбесі» басылымында «Тәні саудың – жаны сау» мақалалары шығады.

1922-1924 ж.ж. Қазақтың Халық ағарту институтында Қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс оқиды. Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде Әліпби туралы баяндама жасайды. 1922-1925 ж.ж. Қазақ халық ағарту комиссариаты жанындағы Ғылыми-әдеби комиссиясының төрағасы, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті төрағасы болады. 1925-1928 ж.ж. Қазақ елінің екінші астанасы болған Қызылорда қаласында тұрады, әрі ұлт жұмысының көшбасында болады. 1925 жылы «Ақжол» газетінде «Енді «қазақ» демей болмайды», 19 мамырда «Қазақстан мен Қазағыстан туралы»; «Жаңа мектеп» журналында «Баулу мектебі» т.б. өзекті мақалалары жарық көреді. 1926 жылы 26-наурызда Бакуде өткен Бүкілодақтық түркологтардың құрылтайына шақырылып, баяндама жасайды. «Жаңа мектеп» журналында «Түрікшілер құрылтайы», «Желкек»; «Еңбекші қазақ» газетінде «Қазақстан құрылысының жаңа дәуірі» (12-13/Х), «Латын әліппесінің керексіздігі» (19/ХІІ) атты мақалалары жарияланады.

– «Әліпби». Жаңа құрал (Қызылорда), «Сауат ашқыш». Ересектерге арналған әліппе (Орынбор, Семей), «23 жоқтау» (Мәскеу), «Әдебиет танытқыш» әдебиеттануға кіріспе (Қызылорда-Ташкент) жарық көреді.

1927 жылы «Әліпби» Жаңа құрал Қызылорда тағы басылып шығады. «Жаңа мектеп» журналында «Түзетілген әріп», «Дыбыстарды жіктеу туралы», «Ана тілінің әдісі», «Жалқылау (айырыңқы) әдіс» мақалалары, «Әліппе айтысы» жинағында «Араб әліп-биін жақтаған баяндамасы» жарық көреді. 1926-1928 ж.ж. Ташкентегі Қазақ педагогика институтында Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен дәріс оқиды. «Қызыл Қазақстан» журналында «Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек?» мақаласы жарық көреді. 1928 жылы қыркүйекте Алматы Қазақ мемлекеттік университетіне профессор лауазымымен қызметке кіреді. 4-қарашада «Еңбекші қазақ» газеті «Қазақ университетінің ашылуы» атты құттықтау сөзін, «Емле туралы» мақаласын жариялайды. ЖОО-да 1929 жылдың маусымына дейін қызмет атқарады.

– Қызылорда баспаханасынан «Тіл – жұмсар» 1-бөлім: Практикалық грамматика 1-ші рет, «Әліпби. Жаңа құрал» үшінші рет басылып шығады.

1929 жылы «Тіл – жұмсар» 2-ші бөлім, «Практическая грамматика» атты әдістемелік оқулықтары жарық көреді. Осы жылы Қызылордада өтетін Әдебиетшілер мен тілшілердің жиналысына шақырылып, осы жерде қайта қамауға алынады. Бұл ғалымның – төртінші рет қамалуы. 1931 жылы РСФСР қылмысты істер кодексінің 58-бабының ең ауыр тармағы бойынша ату жазасына кесіледі, бірақ үкім қайта қаралып, 10 жылға бас бостандығынан айырылып, екінші рет жер аударылады. 1931-1933 ж.ж. Беломор-Каналда айдауда болады. Жыл соңында Ресейдің Кривошеин ауданына қарасты Жуково елдімекеніне тұрақтауға рұқсат алып, осында әйелімен жылға жуық тұрады. Осы жылы 28-қаңтарда жерлестері «Сарыарқа самалы» басылымында«Жауға түскен жан сөзі», «Қарқаралы қаласына», «Жұртыма» өлеңдерін жариялайды. 1934 жылы «Қызыл крест» қоғамының араласуымен түрмеден босатылып, Алматыға келеді. Осы жылы «Қазақ тілі грамматикасының тарихы» атты ғылыми еңбек жазуды бастайды. 1934 жылы 16-желтоқсанда Орталық мұражайға кеңесшілік жұмысқа тұрады, мұнда 1936 жылдың 21-қыркүйегіне дейін істейді. Осы жылдары суретші В.Н.Хлудовтың қазақ тұрмысы туралы туындыларына «Заключение по картинам художника Хлудова» сараптама пікір жазады. 1937 жылы тамыздың 8-і күні бесінші рет тұтқындалып, осы жылы желтоқсанның 8-і күні атылады. Ресми куәліктегі «1937 жылы «62» жасында атылған» деген мәліметті негізге алған адам Ахметтің туған жылы – «1874» деп ойлауы хақ. Жалпы, тұлғаның туған жылына қатысты айтылатын даталар – 1870, 1873, 1874 дұрыс емес, шын туған жылы – 1872 жылдың 5-қыркүйегі. Өлген жылы – «1938» деп берілетін мәлімет те негізсіз, анығы өлгендігі туралы куәлікте көрсетілген – 1937-нің 8-желтоқсаны. Түйіндей айтқанда, тұлғаның басына түскен түрлі тауқыметтерге қарап, саяси қайраткердің пролетариат көсемі Ленинге арнаған мақаласындағы: «...патша заманында жұрт жұмысына бүтіндей кіріскен адамның көретін күні белгілі – абақты мен айдау» деген жолдар өзіне қаратылып айтылғандай. Саналы ғұмырын жұрт жұмысына жұмсаған, ұлт мүддесін ұлықтауда білімнің шыңына шыққан ақиық Ахмет, пайғамбар жасына қараған шағында саясаттың құрбаны болды. Күрескер түрмеде отырып та замандастары айтқандай «тізесін үстел ғып», қаламының қарымын тартпай соңғы демі үзілгенше, елінің қамын жеп, ой толғаған. А.Байтұрсынұлының: «…қасиетті тілдің түп-төркінін ақтарып, ғылым жасадым. Әдебиетті ешкім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады, ұлтының қажетін өтейді сөйтіп… «Әдебиет тарихы» деген еңбек жазып, сол бойынша қазақ оқу-ағарту наркомында, Орынборда, Қызылордада дәріс оқып, адамзат қауымын ілгерілетер демеуші күш ғылым мен техникада жатқанын қадап айттым» деп жазған мәлімдемесі соның айғағы. 1988 жылы 4-қарашада Жоғарғы соттың шешімінен кейін, арада 1 ай, 24 күн өткенде, желтоқсанның 28-і күні «Социалистік Қазақстан» газетінде: «М.Жұмабаев, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытовтың творчестволық мұрасы туралы» комиссияның қорытындысы жарияланған соң, тарихи тұлға қақында танымдық ақпараттар мен ғылыми мақалалар сериясы үздіксіз жазыла бастады. Бұл күні тарихи тұлғаның шығармашылық мұрасын тікелей зерттеп, кемеңгердің кемел білім-ілімін келешек ұрпаққа таныту мақсатында жасалған жұмыстардың легі өсуде. Атап айтсақ, тілші-ғалым Р.Сыздықова (Ахмет Байтұрсынов. 1990. -52 б.), Ахаңның немере інісі С.Кәкішев (Ахаң туралы ақиқат. 1992.-112 б.), өзбек ғалымы М.Жусупов (Фонемография Ахмета Байтурсынова и фонология сингормонизма. 1995. -176 б.), физик-ғалым М.-Х.Сулейманов (Яркий носитель духа человечности. 1997. -18 с.), филолог-ғалым Байтелесова Ж. Негасимая звезда в плеяде казахской интеллигенции. 1998. -78 с., Публицистика Ахмет Байтурсынова. 1998. -78 с.), тілші, әдіскер-ғалым А.Қыдыршаев (Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы. 1998. -132 б.), жазушы Б.Ілияс (Алтын бесік. 1998. -260 б.), ақын-журналсит Н.Бектемісұлы (Ахмет ұшқан ұя. 2001. -128 б.), әдебиеттанушы-ғалым А.Ісімақова (Возвращение плеяды. 2002. -294 с.), жазушы Қ.Сәрсекеев (Ұлт ұстазы немесе Алаштың Ахметі жайлы ой-түйін. 2003. -80 б.), журналист-ғалым С.Оспанұлы (Ахмет өскен ақындық орта. 2004. -204 б.), әдебиеттанушы-ғалым Ө.Әбдиманұлы («Қазақ» газеті. 1993. -168 б., Ахмет Байтұрсынұлы: зерттеу-эссе. 2007. -296 б.), әдебиеттанушы Ұ.Еркінбаев («Әдебиет танытқыштың» теориялық негізі. 2008. -136 б.) т.б., да тарихшы ғалымдардың көлемді тақырыпта қарастырған ғылыми зерттемелері бір төбе. Бұдан бөлек академик-ғалымдар: М.Қозыбаев, К.Нұрпейіс, З.Ахметов, З.Қабдолав, Р.Нұрғали, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, К.Сағадиев, М.Жұрынов т.б. талдаған ғылыми зерттеу мақалалар қаншама десеңізші. Ғұлама мұрасына қатысты 40-қа жуық зерттеу: 1992 жылы Ө.Әбдиманов «А.Байтұрсынұлының әдеби-публицистикалық қызметтері», 1994 ж.Т.Шаңбаев «Мысал жанрының стилі мен тілі: А.Байтұрсынұлы 40 мысал», Б.Момынова ««Қазақ» газеті қоғамдық саяси лексика», 1995 ж. А.Қыдыршаев «А.Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы», 1996 ж. Н.Машқанова «А.Байтұрсынұлы – қазақ жазуының реформаторы», 1998 ж. Қ.Сақов ««Қазақ» газетіндегі ұлттық саяси мәселелердің жазылуы», 1999 ж. Р.Үсембаева «А.Байтұрсынұлы мұралары арқылы бастауыш сынып оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеу», 2000 ж. Б.Иманбекова «А.Байтұрсыновтың тәлімдік ой-пікірлерін педагогикалық колледждердің оқу тәрбие үрдісіне енгізу жолдары», 2001 ж. К.Ыбырайжанов «Ахмет Байтұрсыновтың білім жайлы педагогикалық мұралары», 2002 ж. Ж.Байтелесова «Қоғамдық сананы қалыптастырудағы А.Байтұрсынұлы публицистикасының ролі», 2006 ж. Р.Имаханбетова «А. Байтұрсынұлының өмірбаяны, шығармашылығы (мұрағат құжаттары негізінде)», 2007 ж. Ұ.Еркінбаев «А.Байтұрсынұлының Әдебиеттанытқышы ХХ ғасыр басындағы әдебиеттану ғылымының контексінде»; Г.Абитова ««Ер Сайын» жырының поэтикасы», 2008 жылы – Х.Айтжанов ««Қазақ» газетіндегі әдебиет мәселелері», 2009 жылы – Г.Тұрғараева «Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі (1872 – 1937 ж.ж.)», 2010 жылы – А.Ойсылбай «Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышындағы» сөз өнері мен поэтика мәселелері» атты кандидаттық диссертациялық еңбектер қорғалды. Ахметтану тақырыбы аясында жазылған түрлі саладағы зерттеулердің барлығының да маңызы зор. Негізінен, Байтұрсынұлынтану, оның шығармашылық мұрасын оқыту арқылы – ХХ ғасыр басындағы бүкіл ұлт болмысын, сол кезеңдегі азаттық идеяның жетекші рухани күшке айналғанын танып білу – бүгінгі ұрпақтың да келер ұрпақтың да басты парызы. Қорыта айтқанда, ғұламаның егемен елі тарапынан «Ана тілдің айбары» (1999) белгісімен марапатталуы, «Ғасыр саңлағы» (1999) деп жариялануы тарихи тұлғаның қазақ деген ұрпағымен мәңгі жасайтынының кепілі.

2. ҰЛТ ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҰРПАҚТАР ҮНІ

Файзолла Сатыбалдыұлы,

Құранқари ақын, дінтанушы

ТАС ТҮРМЕДЕ

Тырнағыма қадаса да инесін,
Білсін тағдыр өнер басын имесін.
Өлсе өлер Файзолла ақын түрмеде,
Бірақ өлең өмір кебін кимесін.

Көре алмадым күннің жарық сәулесін,
Көрдім бірақ бейнет-азап әуресін.
Тас түрмеде ұзақ жылдар отыру,
Кім-кімнің де кетірер-ақ тәубесін.

Тағдыр солай жазған екен шара жоқ,
Әттең, әттең, қас-дұшпанға таба боп.
Жатқандығым жанға батып жазықсыз,
Жүрегімде алай-дүлей жанады от.

Тоқтатамын өзімді-өзім сабырмен,
Өткен күнді ескерместен жәбірмен.

– Уа, Файзолла, тәуекел де Аллаға,

Жан болып сен жаралғанда қадірлі ең.
Түрме болып кете берсе тұрағың,
Арман, мақсат орындалмас мұратың.
Ғазиз басқа болар ма екен бостандық,

Сахарада кеңес-дүкен құратын.
«Жазмыштан озмыш жоқ» десек те,
Өкініште, қаласың көп есепке.
Ақиқат пен ақ ісіңді теріс деу,

Адамдықты айналдыру есекке.
Айран шындық, жеңуің хақ түбінде,
Сол үшін сен, уа, Файзолла, бүгілме.
Алма-төкпе бұл дүрбелең ақтаңдақ,

Жол ашқан шақ өсек-аяң, күбірге.
Ахаңнан да бейхабар боп отырмын,
Көкірек – от, көңіл – тұман, соқырмын.
Айран аға – ғұламасы қазақтың,

Тамызығы өлең – жалын, отымның.
Ақ оралып, жүйрік озар күн келер,
Сіз бен бізді тірі болып кім көрер?!
Әттең сол күн сөйлер ме едің Ахмет,

Ар алдында адалдыққа күн берер.
Адамды сен табар едің, ғұламам,
Тура жолмен қайда жүрсең жүр аман.
Ей, тіршілік!

Ар мен Ахаң беттессін,
Басқа тілек етсем де өліп сұраман.
1928 жыл. Қостанай түрмесі

АХМЕТ ҚАЙТЫС БОЛДЫ ДЕГЕНДЕ

Шынымен бұл дүниеден өткенің бе,
Қайырылмай алды-артыңа кеткенің бе?
Ахмет опат болды дегенді естіп,
Егіліп жылай бердім, тек дедім де!

Айрықша артық көрген ғазиз досым,
Жоқ еді қысқада – кек, ұзында – өшің.
Алаштың қамын жеген азаматы ең,
Сүйреген алға қарай Қазақ көшін.

Біраз жыл әр жерлерде болдым дәмдес,
Тағдырдың жазғанына кім бар көнбес.
«Ақынның хаты өлмейді» деген бар ғой,
Шырағың жағып кеткен жанар, сөнбес.

Азамат тату-тәтті болса сыйлас,
Өлімге бірін-бірі сірә қимас.
Тең жорға төрт аяғы тұлпар едің,
Сендей жан бұл фәниде қайта тумас!

Шұғаның қиқымы да деген – шұға,
Жолың бар салып кеткен шүкір, тоба.
Талап қып рухыңа Қараөткелде,
Илһамды Ахмет досым, қылдым дұға.

Ақиқат ақ сөйлейтін туар заман,
Боларын ондай күннің білмес надан.
Халыққа зәбір берген зәнталақтың,
Көрерміз сонда жайын болсақ аман.

Ғафу ет, жерлер болса тілім тиген,
Шаһбоз дос құрмет тұтып, жаным сүйген.
Тілеймін көрмесін деп кейінгі жас,
Қамытты қиын күнде біздер киген.

Мен-дағы талай сырды ішке түйдім,
Жазықсыз жазаланып, отқа күйдім.
Бақұл бол, қайран Ахмет, ақ сұңқарым,
Қош айтып рухыңа басымды идім!

Әбу Сәрсенбайұлы,

ақын

РУХАНИ КӨСЕМ – ПАЙҒАМБАР

(Ахмет аға туралы толғаныстар) 1.

«Ойламаңдар:
Албырттықтан жетпеді деп шыдамы –
Тағдырына өзге емес, өзі-ақ болды күнәлі».
Жоқ. Ол бізден бұрынырақ, айқынырақ ұққан-ды, –

Құрбандықсыз жеңе алмасын зұлмат атты
дұшпанды!»
Ахмет аға, осынау жолдар саған да ортақ,
Түгелімен арналғандай дер ем сенің өзіңе.

Ұлтың үшін жасқанбастан,
Сен де өлімнің тік қарадың көзіне.
Сенің өтер жолың қиын,
Жүгің-дағы өзгелерден батпан-ды.

Сенің халқың селт етпестен,
Меңіреу ұйқы құшағында жатқан-ды.
Атамекен: жері, мүлкі, –
Келімсекке түгелімен таланып,

Күн кешті ұлтың,
Өз жерінде өзі өгей саналып.
Бодандықты сорлы жұртың, –
Алмаса игі бір жолата мойындап, –

Батыр қайда келімсекті, –
Кері қуар дойырлап?
Кісенделіп айдалды да, –
Күрес бастар батырлар,

Ер орнына қалды кілең, –
Бөрік киген қатындар.
Құрақ ұшып орындайтын, –
Мыс мұрттылар бұйрығын,

Сәбилерше қызықтайтын, –
Байқұтанның жіпке таққан құйрығын.
Түпкілікті ұмытылардай,
Намыс – деген, күрес – деген түсінік.

Меңіреу миллят кетпесе игі, –
Аждаһаның аранына жұтылып?!
Жер ғана емес, сананы да, –
Отарлайтын улы сусын тауыпты,

Жасаған-ай, мәңгүрттену, мәңгүрттену, –
Бәрінен де, бәрінен де қауіпті!
Бөгеу үшін ұлтқа төнген:
Мынау апат – сұмдықты, –

Алдыменен, сылу керек, сылу керек, –
Санадағы құлдықты!
Өзге жол жоқ, өзге жол жоқ, –
Сен осындай келдің батыл тоқтамға,

Халқың үшін жалтармасқа,
Дауылдан да, оқтан да.
Нартәуекел, жау тұрса да,
Найза үйіре анталап,

Қазағыңның келешегін, –
қалмақ болдың өз денеңмен қалқалап!
Ахмет аға, санасының шамшырағы,
Сақаралық сәби сезім қазақтың,

Сені тәңірі мойымастай,
Батпанына халқым деген қасиетті азаптың.
Мешеу елді құз құлаудан, –
Тарихи өрге ауырсынбай көтерер –

Қабырғасы қайыспайтын, –
Қайсар төзім қара нар ғып жаратты!
Ахмет аға, рухани ұлы көсеміміз, –
Халқымыздың өнегелі ардағы.

Келешекті кеңнен болжар, –
Көрегенді кемел ойдың саңлағы.
Ұлы апаттан алып шығар арманның, –
Абзал жолын келді дұрыс таңдағың!

...Жолдар, жолдар, күрес жолы,
Сан бұлтарыс, сан иірім тарамы,
Сен алғашта албырт, аңқау шәкірт көзбен
Сұқтана да, шошына да қарадың.

Елес берді ер бабалар,
Жоңғар, Алтай, Орал таулар асқарында,
Басқыншыдан елін қорғап, –
Таң атырған, кірпік ілмей, ат жалында.

...Кезекті бір иірімде: Кәрі Юлай,
Ер Салауат: жасыл бөрік басында.
Құлағында Башқұрт жыры:
«Ей, бригадир болған ол 22-і жасында...»

Ұқсасты олар әкеңе де,
Албырт мінез, жалын жүрек Ақтасқа,
Ғұмырларын құрбан еткен,
Жұртым – деген ұлы арман мақсатқа!

Неткен ерлік, неткен сымбат,
Ел қорғаны – мақтаныш!
Арманың не, сен осылай,
Халқың үшін шығар болсаң аттанып!

...Кенеттен бір сұмдық сурет,
Селк еттің сен қаның қаша бозарып.
Кісенделген кәрі Юлай, ер Салауат,
Ерін тілік, құлақ, мұрын тоналып.

Жасаған-ай, неткен сұмдық, неткен қорлау,
Рақымсыз, зұлмат, қай заман? –
Зәулім баған, тұрды азамат шегеленіп,
Жанды кірес бағанаға айналған.

Сен шошынып бетті бастың,
Әке рухы қорланбас па намыстан.
«Қоян жүрек жасық па едің,
Туды десем жаудан таймас Арыстан...»

Әруақты әке, тұлпар тартып, дойыр сыйлап,
Жиі-жиі көрінетін түсіңде.
Ал, бұл жолы найза тартты,
Шақшақ ұлы Жәнібек баба пішінде.

Сен найзаға қол созған ең,
Жалт бұрылып, тартып алдың бірақ та,
Шешіміңе тоқтау салған,
Салиқалы үн жетті де құлаққа:

«Сабыр, сабыр, сабыр ұлан,
Ойлан ұлан, барма асығыс үкімге,
Миллят көшін оймен бастар, –
Замананы болжап, жете түсін де, –

Санасына сәуле түсір жұртыңның,
Мезгілі өткен құр найзамен кішірме...»
Елес берді Ыбырай бабаң,
Сом тұлғасы мыңды жеңген Абайдың,

Ой арманы секілденді Сарыарқада,
Шалқып жатқан бейне мөлдір ақ айдын.
Сен мөлдірге шөліркене көз жібердің тамсанып, –
Сусынындай, бүршіктеніп, толыспаған санаңның.

Тыңдай бердің қазағыңның бас ақыны, –
Ұлы Абай өршіл озат арманын, –
Сол арманнан айналып нұр шапаққа, –
Бүкіл қазақ санасына шамшырақ боп маздадың.

...Түрмелерде жас кезден-ақ,
Ұлтың үшін тартсаң да азап мың түрлі, –
Қайыспадың, «ҚАЗАҚ» атты үн тілімен, –
өлі ұйқыдан сен ояттың жұртыңды!

...Зұлмат дәуір жендеттері атты сені, –
Қорғадың деп ұлтты, ұлттық арыңды.
Сұм дәуірмен соттасамыз,
Даулап сенің қасиетті қазақ деген қаныңды!

Тәнің өлді, рухың жарық жұлдыз боп, –
Тәуке, Абылай аспанының, –
Түсіреді арманыңның ақ сәулесін –
Көкірегіне қазақ жастарының.

Тіктің қайта сен аңсаған,
Алашыңның ар байрағын,
Әруағыңмен жебе бізді,
Рухани көсем, уа, әулие пайғамбарым!

АРДАҚТА, АНА ТІЛІҢДІ!

(Ахмет Байтұрсынұлы монологы)
Балғын ұрпақ, жолыңа нұр тіледім,
Аулақ болғай сендерден мұң сілемі.
Ана тілін қорсынар кейбіріңнен

Жәбірленіп, жаныммен түршігемін.
Көшкен елмен өмірдің күн шуағын,
Кейде ауыр ойлардан тұншығамын.
Ана тілім – қасиетім жырымдағы,

Тілім бітсе, халқымның құрығаны.
Сәлем саған, жас буын жалғастарым,
Болашақта сендермен жалғасамын.
Тек жалғасам қазақтың тілі арқылы,

Ана тілін ауадай ардақтағын!
Сақтар болсаң халқыңды – тілді сақта,
Баға жетпес мұра жоқ тілден басқа!
Тілден өзге жиһаздың бәрін түгел,

Базарлайсың қалтаңда ақшаң жатса!
(Ғасыр мен ғасыр беттессе. – Алматы:
Жазушы, 1995.-272 б., Б. 31-37)

Сырбай Мәуленов,

ақын

ҒИБРАТТЫ ҒҰЛАМА

Жасынан шырқап шыққан жақсы атағы
Елінің әулиедей ақсақалы.
Қараңғы адамдардың зердесіне,
Тараған таң нұрындай ақ шапағы.

Сөзінің ойы терең, оты күшті,
Уақытты озған орап оқымысты.
Ел оқып оның жазған ғибратын,
Жетілді сарайына тоқып ішкі.

Ол салған жолға түсіп талаптанып,
Өмірлік сұрағына жауап тауып.
Басына жастап жатып әліппесін,
Сан ұрпақ көзін ашты сауаттанып.

…Ажалға оны елі қия алмады,
Жүр деді Колымада қияндағы.
Шығарған оның мұңлы әні айтылып,
Шертілді көңілдегі күй-арманы.

Теңізбен, жермен, шөппен байланысып,
Халқының тірлігіне айналысып,
Рухы Ахметтің ел үстінде,
Жүр деді арманындай айнала ұшып.

Осындай ол жайында аңыздар көп,
Ол айтты деген жыр мен уағыздар көп.
Қарыздар болмай кетті ол халқына,
Ал халқы қалды оған қарыздар боп.

(Коммунизм таңы, 22 шілде 1989)

Ғафу Қайырбеков,

Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
Халық жазушысы

АХАҢ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Алламен атың ұқсас арыстаным,
Шыққанда Лаухил Махфуз – ғарыштан үн.
Тіл қатқан сол Тәңірге адамзаттан –
Сен едің, құлақта әлі дауыстарың.

«Ахмет Құдайменен сөйлесіпті» –
дегенді жер құлағы сан есітті.
Құдай да қазақшаға жүйрік екен –
Екеуі бір рахат күй кешіпті.

«Қазақты Құдай оған «ел қыл» депті,
Еншіңе ен даланы бердім депті.
Сондағы Елшім сенсің, саған сенем –
Беделім, сен боласың белгім – депті».

Ал содан бастады Ахаң тілден бәрін,
Алғандай Айдан – қуат, Күннен – жалын.
Тазартты ылас сөзден, кір-қоқыстан –
Нәр құйды, тіл емдеудің білген заңын.

Көтерді ғылыми тілге дейін оны,
Мағынасы бәрі – жаңа, бәрі – соны.
Содан соң ашты ғылым қақпасын ол –
Адамзат дамуының сара жолын.

«Сен түгіл Құдайыңның өзі білген, –
Тіліңнің қасиетін сезіп, үйрен!»
Деді де қазағына, бауырына –
Жоқ еді осы жолда көзін ілген.

Не керек, сор ма біздің маңдайдағы,
Айыпты үйіп-төгіп қай-қайдағы.
Көпсініп алтын басын пақыр елге –
Қамады, қырға айдады, ойға айдады.

Ойлаған жеткізбеді мың ісіне, –
Тағдырдың дегенінше, мұнысы не?
Кезінде Көк Тәңірісі ұйықтап қалған
Атты оны «жер құдайы» түн ішінде! –

Естідім осы аңызды бала шағым,
Кезімде ой – аласа, сана – шағын.
Көз қиып Ахаңды ату неткен сұмдық –
Қазақтың атқаны ол болашағын.

Бәрі бар халық айтқан осы аңызда,
Жақсыға жасық сөзді қосамыз ба? –
Халық бар, халық болса Ахаң да бар
Әнекей, отыр қазір ортамызда.

Шілде айы, 1991.

АХАҢ ТУРАЛЫ ОЙ

Жаралып асыл Торғай топырағынан
Қазаққа болып кеткен ортақ ұлан.
Ұлдар көп, ең бастығы Байтұрсынұлы –
Ахаң – деп, өз ағам деп ел таныған.

Ол өткен ауыр жолдар, асыл жолдар,
Болашақ асылдардың басын жалғар.
Ілінген мәдениет сарайында –
«А» деген әліппенің басында ол бар.

Әуелден бас болуға жаратылған.
Жарқырап жарық жұлдыз дара туған.
Әр сөзі Пайғамбардың тасбиығы –
Әр тасы дұғаменен таратылған.

Қасқиған қазағыңның кең маңдай –
Далаңның жеткізбейтін жер шалғайы.
Көз тіккен көлеміне көк аспанның –
Түнекті түріп түс кен найзағайы.

Данасы қазақ түгіл ер түріктің,
Тарихы жеті ғасыр, жеті жұрттың.
Миына керуендей түнеп қалған,
Шыңына шыға алмаған ентігіп күн.

Алламен аты қатар Ахаң еді, –
Бүгін де алғысымен атар елі, –
Атыңнан мен де айналдым, қайран атам, –
Әрқашан тастамасын батаң мені.

2003 жыл.
(Ғафаңның отбасылық мұрағатынан алынды)

Жолдыбек Мұқан,

айтыскер ақын

АХАҢДЫ АҢСАУ

Жолаушыдай боп түн қатып,
Кететіндей ме тіл қатып.
Қасірет қанша көрсе де,
Өмірге жан еді шын ғашық.

Өзіңді іздеп сағынып,
Ұрпағың отыр толғатып.
Шығардың ерте атыңды,
Пікірің ашық батыл-ды.

Таныған қазақ ежелден,
Батырдан бұрын ақынды.
Сенделген сонау заманда
Анаңа жаздың хатыңды.

Заманға қарсы шаң тұрып,
Көрмеген қазақ бақ тұнып.
Бабалар аттан түспеген,
Саурына тұлпар қақ тұрып.

Ерлікпен өткен атаңда,
Жауына найза лақтырып.
Жүректен шыққан өрт үні,
Тағдырдың берген мол сыйы.

Еңіреп кеттің ел үшін,
Өтелмей қалды-ау.
Еске алып сені толқыды-ау,
А қкөлдің ақжал толқыны.

Жастығың қайда болған жаз,
Құрбыға қалды-ау айтқан наз.
Күймеге жеккен «қос жирен»,
Себепте болған болған.

Қайда деп «Қарғаш» іздер ме,
Ақкөлден ұшқан қоңыр қаз.
Арқалап Кеңес жазасын,
Кездің-ау Сібір даласын.

Тінткенмен бойын Балтықтың
Сүйегін қайдан табарсың.
Тіріңде таппай қу дәуір,
Өлгенде берді-ау бағасын.

Соққанда дауыл ашынып,
Көңіліңді кетер сапырып.
Шымырлап ағып Қарасу,
Жатқандай сені сағынып.

Күдерін үзіп күрсінер,
Ақкөлің дір-дір басылып.
Жүрегінен халық табылдың,
Әлемге айқын танылдың.

Айдаудан айдау қажытып,
Топырағыңды туған сағындың.
Қамынан басқа ұлтыңның
Ешкімге жоқ еді жазығың.

Туатын ерді ел - дейді,
Ері жоқ елді жер,- дейді.
Халық жауы болды дегенге,
Ешкім де енді сенбейді.

Ардағым болар ұлы – Ахаң,
Шырағың мәңгі сөнбейді.
Гүлдейді жаның гүлдейді,
Тек тәнің мұны сезбейді.

Қанішер қапас қас күнге,
Төзбейді ұрпақ төзбейді.
Сау болса елім, Қазағым,
Өлмейді, Ахаң, өлмейді.

(Киелі Ақкөл – мекенім. – Қостанай:
Шапақ, 2010.-240., Б.47-48)

Хамитбек Мұсабаев,

ақын

АХАҢНЫҢ АҚТЫҚ СӨЗІ

(Толғау)
Файзолла досым, аса қымбатты!
Мұң менен азап жаныма батты.
Өтпелі дәуір – өкініш... у-ы,

Асау өзендей толқыны қатты.
Өзіңе аян – өмірім, ісім,
Көрдім ғой бейнет туған ел үшін.
Жабылған нақақ жаланы ойласам,

Өзегім күйіп, өртенед ішім.
Ойсоқты болып, қатты ғой басым,
Көзімнен көл боп ақты ғой жасым.
Сергелдең кешіп, сарғайып санам,

Төбемнен тура түсті ғой жасын.
Көбейген шақта сақалдың ағы,
Кетті ғой тайып ағаңның бағы.
Темір құрсаулы түрмеге мынау,

Бесінші ретмен қамалдым тағы.
Ана сүтінен ақындық дарып,
Жыр жазып едім, отырмын налып.
«Халық жауы» болып қасірет шеккен,

Бұл күні енді мен де бір ғаріп.
Езіліп жүрек, егіліп жүйе,
Өзіңе өзің бола алмай ие.
Енесі өлген ботадай боздап,

Өкінесің кеп өзегің күйе.
Дамылдап бір сәт таба алмай тағат,
Кеттім деп апыр-ау, қай жерден ағат.
Түсесің ойға иір де шиір...

Елестеп көзге мақсат пен мұрат.
Жегенім – желім, ішкенім – ірің,
Түсінер түбі – пір тұтқан халқым.
Басты кінә боп тағылды-ау, қалқам,

Сүйгенім туған ұлтымның тілін.
Бола ма сұмдық дәл мұнан өткен,
Сталин заңы шықты ғой шектен.
Жауапты жерде безбүйрек жандар,

Аяуды білмес, мейірімсіз неткен.
Тегінде бәрін алған ғой таңдап,
Қол қойдырады азаптап, зорлап.
Сенбейді-ау айтқан сөзіңе адал,

Мазақ қылады табалап, қорлап.
Көрсе ғой шіркін, Тәңірінің өзі,
Тартылар еді-ау әр істің тезі.
Тұнжырап туған бұл мұртты көсем,

Қылды ғой әбден халықты мезі.
Серпіліп сонда ашылар тұман,
Тыйылар жөнсіз күдік пен күмән.
Кесапат күндер келмеске кетіп,

Туады анық нұрлы бір заман.
Жасымда мынау алпыстан асқан,
Нұр тайып беттен ажарым қашқан.
Отырмын мең-зең айыпқа бастып,

Туған халқыма атанып дұшпан.
Сырқырап жан-тән, сыздайды жүрек,
Еленбей әсте елге еткен еңбек.
Еңсемді басып, есімді алған,

Ашылар қашан бұл қара түнек.
Соңымнан ерген қуатты бір лек,
Үркердей шоғыр келе жатқан түйдек.
Міржақып, Сәкен, Мағжан мен Мұхтар,

Болса екен аман деп тілеп тілек.
Атырам таңды, батырам күнді,
Бар шығар жандар менен де мұңды.
Қаншама азар берсе де даттап.

Мойындамадым тағылған мінді.
Сезеді жүрек... ажалым жақын,
Өлмейді босқа азамат ақын.
Өзіңе досым, аманат жырым,

Бұл жазған тегі ең соңғы хатым.
Отанға сенем, халқыма сенем,
Айтыңдар менен ұрпаққа сәлем.
Жеткізер түбі еліме байтақ,

Атымды менің ақсұңқар өлең.
Ауысар ұрпақ, алмасар жылдар,
Уақытпен біздің жалғасыр жылдар.
Жояр ма құнын елге еткен еңбек,

Егер де ұрпақ табылса құндар.
Келеді алысып ақ пенен қара,
Қайғы мен қуаныш, бақ пенен нала.
Ежелден бері өтуде осылай,

Жаға жыртысып шындық пен жала.
Жеңеді түбі әділет бірақ,
Болады анық жауап пен сұрақ.
Ашылса көзі басынан тұнып,

Мұхитқа айналар жылға мен бұлақ.
Тынбаған бір сәт сүюден халқын,
Сәдуақасов Смағұл марқұм: –
Голощекин мен Сталин бізді,

Тұйыққа тірер, – деп өтті әр күн.
Ұғар ма айтшы, ғалымды надан?
Қажытты бізді қаншеңгел заман.
Жатырмын тілеп Бейімбет, Ілияс,

Әлихандар болса деп аман.
Шәкәрім – ағам, Жүсіпбек – інім,
Біреуі – айым, біреуі – күнім.
Ақиық еді-ау, опат боп кетті,

Сүюден тынбай халқы менен елін.
Ұстаймын мен де солардың жолын,
Ажал мен апат оңым мен солым.
Болса егер қатем, кеше гөр елім,

Күткенім енді менің де өлім.
Сағынтты мені сүйікті мекен,
Түсіме кірді апам мен көкем.
Он сегіз жылға сотталған еді-ау,

Патшаға қарсы күрестен әкем.
Мерзімін өтеп қайтқанда елге,
Қарсы алдық шығып жазира белде.
«Ақкөлім саған жеттім бе шын» деп,

Топырақты сүйді жата қап жерге.
Мені де шырмап сағыныш сондай,
Ақкөлді ойлап, құмарым қанбай.
Отырмын досым, ертеңім маған,

Сыйлайды екен тағдырды қандай?
Ақкөлде шіркін, көзімді жұмсам,
Бір төмпешік боп сол жерде қалсам.
Арманым жоқ қой, қабірімді сонда,

Құшақтап тұрса майқара жусан.
«Қазақ емес, біз ежелден қырғыз,
Аталып солай жазылған елміз.
Сен келіп оны қазақ деп жаздың,

Дейсің оқуды қазақша жүргіз».
Халықпыз күншіл бірлігі осал,
Білімсіз, ойсыз, тірлігі нашар.
Ру-ру боп шуылдап жүрміз,

Ұлт болмасақ береке қашар.
«Ойладың жаулық советке әр күн,
Мысалдар жазып дүркін де дүркін.
Әліппе жасап, «Тіл – құрал» қылдың,

Зорлап кіргізіп арабтың әріпін.
Бітеді ертең дәмің мен тұзың,
Бүгіннен бастап тірліктен безін.
Орысқа үйлендің, себебін айтсақ,

Жек көресің сен қазақтың қызын.
Өтірік деп айтшы осының бәрі,
Болмайды енді қулығың дәрі.
«Халық жауысың» бетін бояған,

Өмір сүрмейсің сен мұнан әрі».
Осылай деп бір қанқұйлы қазақ,
Басыма менің төндірді тозақ.
Дедім мен оған: – Білгеніңді істе,

Сендерге енді бола алман мазақ!
Сүрдік қой өмір сүреңсіз шақта,
Тасталдық жанған қып-қызыл шоққа.
Бір кезде саған аманат қылған,

Мұрамды жеткіз келер ұрпаққа.
Елу жыл өтер немесе ғасыр,
Айығар сонда бүгінгі тасыр.
Тексеру болар тарихқа түгел,

Талқыға түсер жасық пен асыл.
Сенемін досым, өлгенмен өзім,
Ұрпаққа жетіп өлмейді сезім.
Ақиқат таңы атады анық,

Осыған менің жетеді көзім!
(Өлең алғаш 1989 жылы қарашаның 8-і күні
«Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған)

Серік Тұрғынбекұлы,

ақын

АХМЕТ

Қайран Аха!
Өзіңменен сырласайын.
Сырласайын – мауқымды бір басайын.
Бұлт астынан жарқ етіп шыға келген

Құшағымды өзіңдей күнге ашайын.
Алдыменен алайын мақұлдасып,
Мақұлдасып – сонан соң ақылдасып.
Зымырайын Заманның аңғарымен

Шындық деген тұлпарға тақым басып.
Ахаң, Ахаң!
Ғажайып Ахаң, Ахаң!
Кешіре гөр атыңды атамасам.

Өзің еккен егіннің диханы боп,
Арам шөбін болмайды отамасам.
Бұлақ көрдім биіктен – тау басынан
Соған барам шөлдесем – қаталасам.

Ойсыраған орының толмаса да,
Күтті сені қанша жыл – Ел босаға,
Амал нешік?!...
Дәстүрден тайды халқым,

Аққуларды атуға болмаса да!
Әлдекімге білегің жақпады ма,
Әлдекімге ұлы ұғым жақпады ма?
Пайғамбардың жасына жеткен шалды

Ақ-қарасын айырмай атқаны ма?!
Қанатымды самғатып қақтырмады,
Жан отымды лаулатып жақтырмады.
Керек болған халқыма қазынаны

Көзден ғайып қылды да, таптырмады!
Ескі жара ауызы шорланғанда,
Әзер даусым шығады қорланғанда.
Дәстүрімді құтқандар аман қалып,

Ал, оны қорғағандар –
Қор болған ба?!
Байлау барда –
Бақырту матау барда.

Қырқып-жұлып, жұлмалап отау барда,
Қарап жүріп қор болып кетем бе деп,
Қорықтым сенің атыңды атауға да.
Кейде өзіңмен сырласып қайран, Ахаң

Мұңға малтып,
Күйге елтіп,
Ойға батам...
Өзің берген біліммен қорғанбасам,

Өзің берген тіліңмен сайрамасам.
Өзің айтқан дәстүрді қолданбасам,
Өзің айтқан көп сырды толғанбасам,
Қазақ тілі қансырап қалар ма еді,

Озық ойлы Азамат сен болмасаң?!...
Жүрегіңе бәрін де жинағасын,
Азабына төзесің – қиналасың.
Білдің сен,

Әкеге әкіреңдеп,
Өз ұлының шешесін сыйламасын!
Жұт кетпеді айналып аймағыңнан,
Көңілге дық орнады, ойға-күмән.

Сүттей таза халқымды іркіт қылып.
Алдыменен айырды қаймағынан.
Серілікті жүре алмай еркін құрып,
Сөйлетпеді сергітіп, серпілдіріп.

Шиедей ғып шетінен шетінетті
Мықтыларды маңдайдан шертіп жүріп.
Қайран Аха!
Сен, сөйтіп «аһ» ұрдың ба,

Көрер таңды ұйқысыз атырдың ба?!
Борлай тозып божырап кетпесін деп,
Ел-жұртыңды бірлікке шақырдың ба?
Түсіндің бе, болған соң дана-ғалым,

Шарапаты тисе деп жан ағаның.
Ауылынан әділдік табам ба деп
Ауа көшіп – Абайды паналадың.
Қандай тағдыр кез қылған қатал кекке,

Абыз едің тараған батаң көпке.
Ақ тілекпен,
Ақ теңіз ар жағынан
Жаутаң-жаутаң қарадың туған елге.

Құрдас тәнті өзіңе, құрбы – кішік,
Тіл қата алмай ішінен тұрды ұғысып.
Сағыныштан сарғайған Торғай жері
Жүрді ме екен көзіңнен бір-бір ұшып.

Тамырынан өртенген жердің шөбі...
Енді қайтып келместей көрдім сені.
Өзің сүйген халықтың көз жасы мен
Тиді ме екен кім білсін, Елдің себі?!....

Тілін,
Дінін,
Әдет-ғұрпын сүйген
Елін-жерін,

Жамағат-жұртын сүйген.
Ұғымы мен ойы артық –
Ұлы Адамды,
Одан қалған өмірлік мұраларды

Өлтіре алмас, ешкім де, сірә, мәңгі!!!
(Жерорта: Жыр кітабы. – Алматы:
Жазушы, 1998.-208, Б. 99-104)

Серікбай Оспанов,

ақын, ғалым

АХАҢА АШЫЛУ

Халқым-ау деген қалпыңды,
Жасырып жанға бөледім.
Ахам-ай, ардақты атыңды,
Атамай қалған жоқ едім.

Табындым саған әрқашан,
Оралар-ау деп нұр – күнмен.
Дір еттім атыңды атасам,
Жүрекпен айтып жүрдім мен...

Қалған жүрек шайлығып,
Шығармай жүрді, ел үнін көп.
Қайқаңдайтынбыз қаймығып,
Айта алмай ана тілім деп.

Шындықтың көзін оятып,
Қаһар бар қалай батамыз.
Нағылет айтып қоятын,
Әділет іздеп атамыз.

Ұмытқан емес сені бір,
Отырды елің еске алып.
«Ахаңның әні» деп салып,
Жырыңнан таттым балқаймақ.

Жалғады өлмес сеніммен,
Әніңді айтып айғайлап.
Жаныңды ұққан едім мен,
Бүкпеймін сырды бүгін мен.

Көгіндей еттім көгалдың,
Үніңмен мұхит біліммен.
Тіліммен қайта оралдың,
Шекесін шердің қашшайтын.

Шындыққа енді жүгінсем,
Халықпен мәңгі жасайтын –
Әліппем, ана тілім сен!
Әліппем, ана тілім сен!

Қайырбек Шағыр,

жорналшы, ақын

АЛАШТЫҢ АХМЕТІ – ҒҰЛАМАСЫ

Кезде сол ғасыр беті жаңа ашылған,
Бұл қазақ кемдік көрген жанашырдан.
«Алашым, ұйқыңды аш» деп ұран салды
Бір арыс ел бағы үшін жаратылған.

Жат пиғыл таптамасын, жасқамасын,
Алаштың оқытсам деп жас баласын
Қайрат қып қаруымен, қаламымен
Қайыспай соқты тауға, тасқа басын.

Ахаң боп түн түнегін жара көктеп,
Сөйледі «Қазақ», «Айқап», «Жаңа мектеп»:
«Ей, болашақ, қалдырма өз көшіңнен,
Менің момын халқымды ала кет» деп.

Көз жасы бодандықтан жиі ағатын,
Күнді аңсап қазақ есін жыя алатын
Кетті әке ақ патшаның тепкісінде,
Бұл көрді қызыл қоғам қиянатын.

Ауыр сын тағдыры оған қылды несіп,
Мұқалмас өр рухы бірге ілесіп
Қалды алыс қайран Аққұм, ару Ақкөл,
Мұз-қарын Ақ теңіздің жүрді кешіп.

Осылай өтсе де Ахаң қам көңілмен,
Күн жетті көкжиектен таң көрінген.
Оқ тескен от жүректің бір ғұмыры
Оралды ортамызға мәңгі өмірмен.

Бұғауын сұм заманның үзіп қашып,
Бұл күнмен әні астасып, жыры ұштасып,
Алаштың Ахметі – ғұламасы
Барады ғасырлармен иықтасып.

(Қазақстан мектебі №6, 81 б., 1998).

Жамбыл Дүйсенұлы,

оқушы

ҚАЗАҚТЫҢ БАҚ ЖҰЛДЫЗЫ

Елім деп еңіреген қайран ерім,
Қашанда қазақ қамын ойлап едің.
Ұйқыда жатқан ұлтты «маса» болып,
Оятып, азаттыққа қайрап едің.

Қайрап ең адамдыққа, білімге үндеп,
Тұтатып ар-намыстың шоғын үрлеп.
Түрмеге, айдауға сап «көре алмастар»,
Тірлікте тыным бермей, жүрді күндеп.

Жаныңа жағып күйе қаралады,
«Халықтың жауысың» деп табалады.
Басыңа пәле төнген қиын шақта,
Араша болуға ұлтың жарамады.

Сорың да, бағың болған қазағыңа,
Ұлт үшін күресте түстің өмір азабына
Ар үшін шыбын жанды құрбан етіп,
Төзгенсің НКВД азабына.

Жайратты адасқан оқ, тиіп саған,
Естимін жан айқайын күйіп барам.
Өмірден ұлт деп өткен ер Ахмет,
Қашанда сенің орның биік маған.

Әлихан, Міржақыптай саңлақтарым,
«Нәубет жыл» қойды жұтып, жалмап бәрін...
Алашта арда туған ақиық асылдарым.
Қорған боп жатсын ұлтқа рухтарың!

Тағдырдың тартқан талай тауқыметін,
Қазақтың бақ жұлдызы – Ахметі.
Мерейтойлық тойыңда тілейміз біз,
Алланың болсын қорған құдіреті!

2012 жыл.

Оралбек Ысқақ,

студент

АХМЕТКЕ АРНАУ

Мұңын жырлап жиырмасыншы ғасырдың,
Қазағыңа шуақ болып шашылдың.
Ұлтың үшін зар еңіреп жүрегің,
Ақиқат пен шындыққа кеп бас ұрдың.

Өр мінезің қазағым деп салды ұран,
Ұрпаққа айтар өлең еді бар мұраң.
Масадайын жырмен шағып ояттың,
Қиын шақта ел санасын қалғыған.

Жүрегіңді кернегенде өгей мұң,
Елдің жүгі оңай соқты демеймін.
Көкірегің құса-дертке толды ғой,
Жатып ұзақ түрмесінде Семейдің.

Өкініштен сонда тұрып нар аға,
Хат жазып ең қалам ұстап анаңа.
Абақтыда өте берді тыншып түн,
Қасіретің айналды да жараға.

Сені еске алдық қайғырсақ та жұбансақ,
Арқаң еді шабытты өлең шығарсақ.
Тынбай шарлап қалықтайтын көгімде,
Бір аққу құс әндеріңді жүр аңсап.

Жүрем ылғи күн болғанда нөсерлі,
Аралаумен атыңдағы көшеңді.
Ақша бұлттан нұрлы бейнең қол бұлғап,-
деп тұрғандай туған халқым қош енді.

Тұра алар ма сағынышын күз жырлап,
Арман кеме бақытымды жүзді ұрлап.
Біздің өлке әлі өзгере қойған жоқ,
Қандай екен келіп жеткен сіздің жақ?

Күз де жетіп гүл де толды ақ қырға,
Қайта аңсаған бақытыңды таптың ба?
Туған жерге сағынышы басылмас,
Адам түгіл жүрегі жоқ аттың да.

Қайта оянған ұлттың рухын тойлар ма ек,
Өткен жайлы айтылғанмен ойлар көп.
Егемендік алғанымен еліңіз,
Еркіндікке әлі жете қойған жоқ.

Отаныңа орнағанмен ғажап күн,
Сонда көрген бақытымыз аз-ақ тым.
Бұл күндері тамсандырмас талайды,
Өзге тілде сайрағаны қазақтың.

Мұңды жанның кейпіне енген дала тұр,
Біздің заман шын өзгеріп баратыр.
Анамыздың ақ сүтімен дарыған,
Қасиетін жоғалтуда ана тіл.

Сіздің заман батыр заман, нар заман,
Біздің заман пақыр заман, тар заман.
Тұзақ көріп бірін-бірі арбаған,
Майлықожа жырлап өткен зар заман.

Ақын аға рухың бізді қолдаса,
Өрге апарар жырларыңнан жол жаса.
Баяғыша ел жалған құжат жүзінде,
Тек еркіндік алмағаны болмаса.

Шетелдік жүр еңіретіп зар жұртты,
Бай жымияр майға малған сәл мұртты.
Ұлы Отаның – Нұр Отанға айналып,
Алашорда партиясын жаңғыртты.

Осылайша өткіземіз айларды,
Көкіректе қанша айтпаған ой қалды.
Дінің болса шетел құртқан о да аға,
Сақалдының ермегіне айналды.

Бір мезетке ұрпағыңа қарап қой,
Жырларыңыз көп адамға таратты ой.
Жиғандары иман емес жүрекке,
Құйғандары жарты кесе арақ қой.

О дүниеде жай тапты ма жаныңыз,
Арайланып атуда ма таңыңыз?
Бұрынғысы әлі өзгере қоймаған,
Тура осындай аға біздің халіміз.

Өр кеудеңе ұялаған тұнба жыр,
Елге деген сағынышың қырда жүр.
Ахмет дейтін есіміңе нар аға,
Рахмет айтар келер ұрпақ мың да бір.

ҚОСЫМША

Ғалым мұрасы бойынша кандидаттық диссертациялар:

1992 жылы – Ө.Ә.Әбдиманов «Литературно-публицистическая деятельность Ахмета Байтурсынова» («Ахмет Байтұрсынұлының әдеби-публицистикалық қызметтері»). Орыс тілінде;

1992 жылы – Б.Қ.Момынова «Қазақ» газетіндегі қоғамдық саяси лексика»; 1994 жылы – Т.Қ.Шаңбаев «Мысал жанрының стилі мен тілі» (Ахмет Байтұрсынұлы 40 мысал); 1994 жылы – Н.Т.Машқанова «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ жазуының реформаторы»;

1995 жылы – А.С.Қыдыршаев «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы»; 1998 жылы – Қ.Ө.Сақов ««Қазақ» газетіндегі ұлттық саяси мәселелердің жазылуы»; 1999 жылы – Р.С.Үсембаева «Ахмет Байтұрсынұлы мұралары арқылы бастауыш сынып оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеу»; 1999 жылы – К.М.Ілиясова «1917-1979 ж.ж. Қазақ съездері: қаралған мәселелері, шешімдері және олардың орындалуы (1917-1918)» тарихи талдау; 2000 жылы – Б.И.Иманбекова «Ахмет Байтұрсыновтың тәлімдік ой-пікірлерін педагогикалық колледждердің оқу тәрбие үрдісіне енгізу жолдары»; 2000 жылы – Қ.Атабаев «Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1918)»; 2001 жылы – К.Т.Ыбырайжанов «Ахмет Байтұрсыновтың білім жайлы педагогикалық мұралары»; 2002 жылы – Ж.Т.Байтелесова «Роль публицистики Ахмета Байтурсынова в формировании общественного сознания» – «Қоғамдық сананы қалыптастырудағы Ахмет Байтұрсынұлы публицистикасының ролі» орыс тілінде;

2003 жылы – Қ.Н.Әшекеева «Ахмет Байтұрсынұлының философиялық көзқарастары»; 2004 жылы – Г.Ш.Ерназарова «Қазақ публицистика тілінің дамуындағы Байтұрсынұлы кезеңі»; 2005 жылы – Қ.Ш.Ибраймов «Ахмет Байтұрсынұлы еңбектеріндегі терминология және стилистика мәселелері»; 2006 жылы – Р.С.Имаханбетова «Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны, шығармашылығы (мұрағат деректері негізінде)»;

2007 жылы – Г.О.Абитова ««Ер Сайын» жырының поэтикасы»; 2007 жылы – Ұ.О.Еркінбаев «Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» ХХ ғасыр басындағы әдебиеттану контексінде»;

2008 жылы – Х.Айтжанов ««Қазақ» газетіндегі әдебиет мәселелері»; 2009 жылы – Г.М.Тұрғараева «Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі (1872-1937 ж.ж.)»; 2010 жылы – А.Т.Ойсылбай «А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышындағы» сөз өнері мен поэтика мәселелері».

Шығармасы, қайраткерлігі туралы кандидаттық диссертациялар:

1992 жылы – Ш.Мәжітаева «ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы қазақ тілінің әлеуметтік және лингвистикалық сипаттамасы (мерзімді баспасөз материалдарының негізінде)»; 1993 жылы – Ж.Смағұлов «Қазақтың әдеби мұрасын игеру мәселелері (20-30-шы жылдар)»; 1993 жылы – Ф.К.Қайырханова «Қазақстанда мәдени ағарту мекемелері жүйесінің қалыптасуы және дамуы (1920-1932 ж.ж.)»; 1995 жылы – С.Ж.Сапанов «Қазақстандағы саяси сананың қалыптасуы мен даму мәселелері»; 1995 жылы – К.А.Ахметова «Көркем шығармадағы тарихи шындық (С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» негізінде»);

1996 жылы – Г.К.Жұмашева ««Жаңа мектеп» журналының тіліндегі терминдер»; 1998 жылы – Т.Қ.Әуелғазина «ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі»; 1998 жылы – М.А.Басшыбаева «Қазақстан Республикасының білім беру саясатының қалыптасуы»; 1998 жылы – С.Б.Қоянбаева «Қазақ тіл біліміндегі сөйлем мүшелері теориясының қалыптасуы (ХХ ғасырдың бірінші жартысы)»; 1998 жылы – Л.Р.Нұрғалиева «1917-1937 жылдардағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері баспасөзде: тарихнамалық зерттеу»; 1999 жылы – Ә.К.Оңалбекова «Қазақ ағартушыларының ұлттық сана сезімді қалыптастырудағы орны мен рөлі»; 1999 жылы – Н.Асқаров ««Айқап» журналындағы саяси-әлеуметтік, әдеби-мәдени мәселелердің көрінісі»; 2000 жылы – А.С.Мұсағалиева «Халық ағарту комиссариаты қорының құжаттары: республика зиялыларының қызметі мен көзқарасы жөніндегі дерек көзі (1920-1936 ж.ж.)»; 2000 жылы – Ш.К.Тухманова «ХХ ғасыр басында қазақтың ұлттық саяси элитасының қалыптасуы»; 2001 жылы – С.Ш.Мұсатаева «Қазақстан Республикасының жалпыұлттық идеяны қалыптастырудағы мемлекеттің саясаты»;

2002 жылы – Б.С.Байменова «Алашорда қайраткерлерінің педагогикалық мұрасы»; 2002 жылы – Б.О.Қойшыбаев «Орталық Азия Кеңес Республикаларының ұлттық-территориялық жіктелуі және қазақ саяси басшылығының ұлттық мемлекеттік түрін орнықтыру жолындағы ізденістері мен қызметі (1924-1926 ж.ж.)»; 2002 жылы – Ш.Т.Омарбеков «ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарында саяси қуғындалған қазақ зиялыларының тарихи көзқарасы»; 2002 жылы – Л.М.Хасанаева «Қазақ мемлекеттігін жаңғырту үшін күрес: түрлі көзқарастар мен саяси қозғалыстар тарихынан (1920-1936 ж.ж.)»; 2002 жылы – А.С.Ысқақ «Кеңестік қоғамдағы республикалық басқару органдарының қалыптасуы мен қызметінің тарихы (1920-1936 ж.ж.)»;

2003 жылы – Қ.Ә.Айсұлтанова «Қазақ тіліндегі терминжасамның ішкі көздері»; 2003 жылы – А.Т.Қоңырова «Қазақ тіл филологиялық терминдердің дамуы мен қалыптасу тарихы»; 2004 жылы – Ж.Құрмамбаева «Қазақ тіліндегі ғылыми-көпшілік әдебиет стилінің қалыптасуы (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы)»; 2006 жылы – М.С.Салқынбаев «ХХ ғасырдағы қазақ-араб әдеби байланыстары» (А.Байтұрсынұлы мысалдарындағы араби сарындар);

2009 жылы – М.А.Көпбосынов «И.А.Крылов мысалдарының аударылу тарихы».

Қоғамдық, мемлекеттік қайраткерлігі, шығармашылығы қарастырылған докторлық диссертациялар:

Айтбаев Ө. Қоғамдық ғылымдар терминологиялық лексикасының қазақ тілінде қалыптасуы мен дамуы. – Алматы, 1991.-350 б.; Қойгелдиев М. Қазақ демократиялық интеллигенциясының 1905-1917 жылдардағы қоғамдық-саяси қызметі. – Алматы, 1994.-547 б.;

Ысқақұлы Д. Қазақ әдеби сынының ғылыми негіздері. – Алматы, 1994.-531 б.; Ильясова А. Проблемы развития педагогической теории Казахстана. Автореферат. – Алматы, 1997.-40 с.; Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасының терминдену үрдісі. Автореферат. – Алматы, 1998. Ісімақова А. ХХ ғасыр басындағы қазақ көркем прозасының поэтикасы (тақырыбы, жанры, стилі) – Поэтика казахской художественной прозы начала ХХ века (тематика, жанр, стиль). Автореферат. – Алматы, 1998. Абрарұлы М. Жақып Ақбаев және Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарасының эволюциясы. – Алматы, 1998.-299 б.; Момынова Б. Қазақ газеттерінің лексикасы: жүйесі мен құрылымы. Автореферат. – Алматы, 1999.-44 б.; Өзбекұлы С. ХҮІІ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстандағы саяси-құқықтық ой-пікірдің тарихы және қайраткерлері. Автореферат. – Алматы, 1998.-52 б. Озғанбаев Ө. Ресейдегі Дума саясаты және ХХ ғасыр басындағы Қазақстан: нақтылы тарихи талдай (1905-1917). – Алматы, 1998.-388 б.; Мәжітаева Ш. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдеби тілі. – Алматы, 2000.-247 б.; Смағұлов Ж. Қазақ әдебиеттану ғылымының дамуы және қалыптасу жолдары. Автореферат. – Алматы, 2001.-50 б.;

Ақаев С. Терминнің тілдік және танымдық сипаты. – Алматы, 2002.-291 б; Қадыр Ә. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақ мәдениеті (мәдени революциялық концепциясы, идеологиясы жүзеге асырылуы). – Алматы, 2002.-313 б.; Қамзабекұлы Д. Әдеби-тарихи процесс: ағымдар, концепциялар (ағартушылық кезең). – Алматы, 2002.-365 б.; Қуандық Е. Қазақстандағы «Кіші Октябрь» бағыты: бастауы, барысы және салдары. (тарихи саяси талдау). Тарих ғылымд.докт.дисс. – Алматы, 2002.-269 б.; Ахметов Қ. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан мәдениеті. Тарих ғылымд.докт.дисс. – Алматы, 2004.-313 б.; Әбдіманов Ө. Ұлт-азаттық идеяның ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі көркемдік мәні мен жаңашылдық сипаты. Автореферат. – Алматы, 2007.-45 б.; Күмісбекова Д. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Кеңестік тоталитарлық мемлекеттік жүйенің қалыптасуы жолдарындағы қызметі (1920-1938 ж.ж.). – Алматы, 2007.-155 б.; Уәлиұлы Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері. – Алматы, 2007.-330 б.

?????? ?????Ғылыми конференция материалдары:

Қазақ мәдениетінің жарқын беттері. (А.Байтұрсынұлының 120 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-теориялық конференция матералдары). – Шымкент, Қ.А.Ясауи атынд. ХҚТУ мен М.Әуезов атынд. ПИ 1993.-69 б. Мемлекеттік тіл: бүгіні мен болашағы (А.Байтұрсынұлының туғанына 125 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары).– Астана: Елорда, 1998., (Кәкішев Т. «Қазақ газеті және сын». Б. 58-65; Қирабаев С. «А.Байтұрсынов – тәуелсіздік жыршысы». Б. 47-58; Қабдолов З. «Ахаң – ана тілін түрлеуші». Б. 38-41). Ахметтану тағылымдары: А.Байтұрсыновтың 125 жылдығына орай Республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. (Жауапты ред.: Уәлиұлы Н. 1-бөлім: Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ филологиясы – 10 мақала; 2-бөлім: Фонетика. Фонология – 3 мақала; 3-бөлім: Морфология. Тарихи морфология – 5 мақала; 4-бөлім: Синтаксис. Семантикалық синтаксис – 9 мақала; 5-бөлім: Лексика. Лексикология – 6 мақала; 6-бөлім: Ономастика. Терминология – 11 мақала; 7-бөлім: Тіл мәдениеті. Мәтін лингвистикасы – 11 мақала). – Алматы: Ғылым, 1998.-294 б. Ахмет Байтұрсынов және қазақ тіл білімі: А.Байтұрсыновтың 125 жылдығына арналған Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары. (Жауапты ред.: Шалабай Б). – Алматы: Абай атындағы АлМУ, 1998.-97 б.

Ұлттық рухтың ұлы тіні.Ғылыми мақалалар жинағы. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде. (Жауапты ред.: Жанпейісов Е. А.Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына орай: 1-бөлім – 11 мақала; 2-бөлім – 16 мақала; 3-бөлім – 31 мақала). – Алматы: Ғылым, 1999.-568 б.

Ұлттың ұлы ұстазы: халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, ағартушы А.Байтұрсынов. – Алматы: Орталық ғылыми кітапхана, 2001.-305 б. Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ филологиясы мәселелері, ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы: Арыс, 2004.-208 б. Ахмет Байтұрсынұлы оқулары (Республикалық І ғылыми-теориялық конференция. 30-31 наурыз). – Астана: ҚР БҒМ Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, 2006.-354 б. Ахмет Байтұрсынұлы оқулары. Алаш құндылықтары: Отандық ғылым дамуының жаңа кезеңі. Халықаралық ІІ ғылыми-теориялық конференция материалдары. 1 бөлім. – Астана: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, 2007.-180., (Пленарлық мәжіліс – 8 баяндама; 1 секция: А.Байтұрсынұлы және тіл білімінің мәселелері – 23 мақала). Ахмет Байтұрсынұлы оқулары. Алаш құндылықтары: Отандық ғылым дамуының жаңа кезеңі. Халықаралық ІІ ғылыми-теориялық конференция материалдары. 2 бөлім. – Астана: ҚР БҒМ Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, 2007.-238., (Кіріспе сөз – 1: Байсалова А.Қ., Ахаңның жиені; 2 секция: А.Байтұрсынұлы және қазақ әдебиетінің мәселелері – 43 ғылыми мақала). Алаш тағылымы және тәуелсіздік. Ғылыми-тәжірибелік конференция. 11 желтоқсан 2007 ж., (Қойгелдиев М. «Алаш тағылымы және тәуелсіздік»; Қирабаев С. «Алаш арыстары және қазақ әдебиеті»; Өзбеков С. «А.Байтұрсынұлы және ұлттық құқықтық мәдениет»; Кәкішев Т. «Алаш қозғалысы туралы деректер мен толғамдар»; Айтымбетов «Алаш қайраткерлері және ұлттық сана»; Баймағамбетова ««Алашорда» партиясы туралы мұрағат деректері және оның зерттелу мәселелелері»). Алаш және тәуелсіз Қазақстан: идеялар мен ұстанымдар сабақтастығы. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. 21 қараша 2008 жыл. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2008.-476, (Имаханбетова Р. А.Байтұрсынұлының мұражайының қалыптасу тарихы. Б. 344-353).

Мазмұны

Құрастырушыдан .........................................................................3

БІРІНШІ БӨЛІМ. Мақалалар, эпистолярлық мұралар

1. А.Байтұрсынұлының жинақтарға енбеген еңбектері

Қазақстан дәуірінің жаңа құрылымы (1926).............................8 Баулу мектебі ..........................................................................14 Баталар.........................................................................................20

2. Ресми құжаттар: Баянаттар, мәлімдемелер, сауалнамалар, хаттар

Ленинге хат (1920) .....................................................................22 Жазығым не? (1921) ..................................................................28 Мәлімдемелер (1929) ..................................................................33 Өмірдерек (1929) .......................................................................37 Хаттар (1925-1934) .....................................................................42 Мұрағаттық деректер ................................................................53

ЕКІНШІ БӨЛІМ. Байтұрсынұлытану бастаулары

1. Энциклопедиялық және библиографиялық басылымдарда

Ахметтану ғылымының негіздері ..........................................66
Александр Самойлович. Байтұрсынұлы Ахмет .....................83

Қазақ (Байтұрсынұлы) әліпби ..................................................85

Александр Кононов. Байтұрсынұлы Ахмет ..........................88

2. Әуезе өнері: А.Байтұрсынұлының композиторлық қыры

Александр Затаевич. Ахмет Байтұрсынұлы ...........................89 Мұрағаттық деректер .................................................................98

ҮШІНШІ БӨЛІМ. Замандастар лебізі

1. Тұлғаның 50 жасына арналған материалдар

Мұхтар Әуезов. Ахаңның елу жылдық юбилейі .................120
Сәкен Сейфуллин. Ахмет Байтұрсынұлы 50-ге толды ...........128

Телжан Шонанұлы. А.Байтұрсынұлы халық ағарту және әдебиет саласында ...................................................................131

2. Мұрағаттық суреттер ........................................................144

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ. Тәуелсіздік кезеңдегі ахметтану

1. Алаш арысының оралуы: танымдық мақалалар, ғылыми зерттеулер

Әбіш Кекілбайұлы. Ұстаз ұлағаты ......................................150
Манаш Қозыбаев. ХХ ғасырдың ұлы реформаторы ............172
Кеңес Нұрпейісов. Аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері ....186
Зейнолла Қабдолов. Ахаңның әдеби қисындары .................198

Рабиға Сыздық. Ахмет Байтұрсынұлы және терминология мәселелері .................................................................................204

Өмірзақ Айтбай. Ұлт мәдениетінің Хантәңірі ......................219 Кенжеғали Сағадиев. Ахмет Байтұрсынұлының экономикалық көзқарасы ........................................................233

Нұргелді Уәлиұлы. Ұлттық жазудың ұлы диқаншысы ........243
Бабаш Әбілқасымов. Ахметтану тарихының кейбір тұстары....254
Сабыржан Шүкірұлы. Алты Алаштың ардағы ....................260
Жандос Смағұлов. Ғылыми мектептің негізін қалаушы.......269

Зейнеп Базарбаева. Поэтикалық мәтіндердегі суперсегментті фонетика мәселелері ...........................................277

Ханшайым Қарабаева. Ахмет Байтұрсынұлының ұлы миссиясы – ұлтқа үлгі
Орынай Жұбаева. Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы
Ұлан Еркінбаев, «Әдебиет танытқыш» және әлемдік әдебиеттану ғылымы
Райхан Сахыбекқызы. Ғұлама ғұмырнамасы: мұрағат деректері 7

2. Ұлт ұстазын ұлықтаған ұрпақтар үні

Файзолла Сатыбалдыұлы. Тас түрмеде
Ахмет қайтыс болды дегенде
Әбу Сәрсенбайұлы. «Рухани көсем – Пайғамбар»
Ардақта ана тіліңді

Сырбай Мәуленов. Ғибратты ғұлама
Ғафу Қайырбеков. Ахаң туралы аңыз
Ахаң туралы ой
Жолдыбек Мұқанұлы. Ахаңды аңсау

Хамитбек Мұсабаев. Ахаңның ақтық сөзі
Серік Тұрғынбекұлы. Ахмет
Серікбай Оспанов. Ахаңа ашылу
Қайырбек Шағыр. Алаштың Ахметі – ғұламасы

Жамбыл Дүйсенұлы. Қазақтың бақ жұлдызы
Оралбек Ысқақ. Ахметке арнау
Қосымша

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙