Шекер
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Шекер» шығармасы.
Эссе
Сүю - өзгеге тәнің мен жаныңды
құл етіп матап беретін тәтті у,
сүйкімді жауыз
Дулат ИСАБЕКОВ
«Қарғын» романы
САҒЫНЫШ
Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған
Абай
Шекер — жаратылысынан пысық жан — ды: басқан жерінен от шашырап, қатарының гүлі болды. Шынашақтай сәби қара шаңыраққа құт болып келді: көңілдердің қуыс – қуыстары мен қалтарыстарына нұр таратты. Тоқсанның қырынан асып бара жатқан атасы Жұмабек те иіп кетті: Малынан шілдетойға жандық ажыратты. Қатал жүрекке сәуле түскен сәтті Орынай да тиімді пайдаланды.
— Ата, — деп қытымыр қарттың назарын өзіне бұрды. — Осы қызды маған еншілеңізші: бауырыма басып, атын да өзім қояйын. Ертең шашымды қарап, кірімді жусын.
Бір жапырақ сары шал ежірейе көз тікті: тікені сырттап, тынысы кеңіп отырған келін ажарлы екен:ұзын кірпікті қара көз жанып тұр. Қарт жанары тайқып шықты. Кішкене қой көзде ұшқын жылт етті: әрдайым тоқымдап отыратын қасындағы ақсақ кемпірі аузын ашқанша тоқтамды сөзін төгіп салды.
— Е – е, бәрекелде, келін: Алсын, алсын! Еншің болсын: иелен.
— Қарт еміріне түсіп, көңілін жайып тастады. — Бақытымен берсін: өнерлі, өрісті болсын...
Қарт даусы кем–кемнен ашыла түсті: алғаш қалтыраған діріл,шешіле берді. «Жауынмен жер көгереді, батиямен ер көгереді» деген:Шекер көптің ықыласына бөгіп,алақандар аясында өсті; қара шаңыраққа ықылас төгіушілер құлдыраңдап жүрген шынашақтай қызды айналып толғанса, қолына ұстап аймалау салтанатына ие болса, төбелері көкке жетті. Арыстай май желке азаматтар да Шекерді мойнына мінгізіп жүрді: ФЗО-ға алынбайды; бронь алып, қанмайданнан аман қалады, жұмысшылар батальонына бармайды. 40 – шы жылдарда Лабақ стансасының төбесінде шырақ жанды: Әму арқылы өрдегі Шаржаудан, төмендегі Мойнақтан кемелер келеді. Аялдайтыны – Лабақ. Жүктері – қолға түспес тауарлар: астық, киім – кешектер. Нағыз қасқалдақтың қаны: уыс дән – адамның жаны. Бұл жерде фургон арба айдағандардың мұртын балта шаппайды. Тәжібай – арбакештердің бригадирі. Арқа сүйер тауы – Дәу Қабыл. Күйеуі. Аудандық атқаруы комитетінің хаткері: бүкіл тұтқа қолында, көлеңкесіне сәлем беріседі.Дәу Қабыл Орынай мен Тәжібайдың алдында емпеңдеп кетеді, құрша жорғалайды. Тізгіннің ұшы Орынайда: есті бәйбіше ақылдың кені – асады да, сасары да жоқ. Жылы қабақпен жақынды да, жатты да билеп, төстеп, ыңғайына қаратып алған. Шалғайын жамылғандар асып төгілетін. Шекер сол көптің ықыласына бөленіп өсті. Шекер – Зейінді еді... Елеусін құлыптас әріптерін силап, Шекердің бала кезін еске алып еді. Жылжып аққан ыстық жас қомақты мұрнының екі қапталын қуалай ағып төгіле берді. Жүрегін құрсаулап алған шер ащы көз жасына айналып, төгіле берді. Айнала мұнарланып, буға бөкті, көз жасы жуып кеткен көзәйнекті шешті. Жадау жанарларын мұң төгіп тұр. Қолорамал да ызғарланып қалды. Көкірек жара күрсінді де айналасына көз салды: жүдей түссе, өзгелер езіле бермек. Бойын жиып алды. Кесекені әсте айнала бастады: кірпіштерін аялап сипап жүр, оң қабырғада жүрек бейнесі – қол басындай тас бар. Қып – қызыл: нақ Ананың – Шекердің жүрегі, алаулап тұр. Елеусіннің көз шарасынан сырғып түскен мөлдір тамшылар төгіліп - төгіліп кетеді. Шекер тірі кезінде де айналасына нұр төгіп жүретін – ді: күлімдеген отты көзі, мойыл қара шашы, алаулап жанып тұратын нұрлы жүзі сиқырлы алау төгіп тұратын – ды. Міне, сол нұр айналаға және төгіліп тұрғандай. «Атамекеннің қасиетті төбешігінен үлесіңе тиген мәңгілік орынды алдың, Шекерім! – Елеусін ойға берілді. – Неге асықтың?! Бір ауыз да тіл қатпастан өте шықтың. Қас пен қабақтың арасында төгіліп қала бердік. «63 жасым толды», - деп кеше отыр едің. Сол сәттен бері 57 ғана күн өткен. Көптен күткен телефильмнің бір – ақ сериясын көрдің – ау! Жалғасы... әдіре қалды. Қара шаңырақты биік те бөрік ұстауға қыруар тер төккен асыл жүрек бір сәтте – ақ соғысын тоқтатты. Елеусін жоталана жалданып тұрған қызыл топыраққа жасқаншақтана көз салды. Оң қапталында ағаш табыт қырындата сүйелген – тұрпат созылып жатыр. Мүлгіген тыныштық. – Жатқан жерің жайлы болғай өзіңе, имандым. «Көрпең салмақты емес пе, әлде жеңілін ал» деп шыр – пыр болатын едім. Бүгін араға 1249 күн түсіпті, алыстап барасың. Көз алдымда нұрлы бейнең елес – елес қалықтайды». Күз – сағыныштың айы: айнала сап – сары алтын түске малынып алған; әсте есіп тұрған самалда да ызғардың лебі бар. Ұйқы қышып, елегізи берген соң Елеусін жолға шыққан – ды. Қасиетті Бейсенбіде зияратқа шыққандар баршылық: жас та, жасамыс та теңселіп жүр. Елеусін іштегі шерін бір сәт төгіп алған соң өзін сәл жеңіл тартты. Көз алдына сол бақытты күндер елестеді. Рақатты есептеулі күндер екен ғой: сынаптай жылжып өте жықты. Түс көргендей болды: Шекермен 43 жыл 92 күн бірлесе өмір кешіпті. Сыйласықтың сары балы таусылмай – ақ елеусіннің мойнына жалғыздықтың қамыты ілінді. Әлі мұрты кетілмеген қыруар шаруалары кезек күтіп тұрған – ды. Алла керексінді: көзінде күлкі ойнап, жүзінде нұр жайнап асыл Ана өте шықты. Еркелікпен бас сүйеді ме десе, мәңгілікке қоштасқан екен: қос жүрек қатар соғып тұрған – ды – Шекердің жүрегі қызмет мерзімін аяқтады да Елеусіннің жетім жүрегі сәл кідірістей түсті де соғып кетті. Қанша соғарын Алла біледі. Елеусіннің көз алдынан шоғыр – шоғыр болып Аналардың тұлғалар өтіп жатты: Нұрила (Домалақ ана), Қарашаш, Ұлпан... Айдан ана, Шекер. Артындағы ұрпағы ардақтаса ұрпағы қадірлесе Ана тұлғасы мәңгілікке айналады. Құдіретке ие болады. Нұрила да, Ұлпан да жастық жалындарын, жігерлерін, жүректерінің қуатын еліне арнап еді. Шекер де саналы өмірін халқына, ұрпағына арнады. Сағыныштың сары батпағына батқан Елеусін Шекер өткен өмір белестеріне саяхатқа шықты. Иә, Шекер! Кім өзі?!
6 желтоқсан 2007 ж
КІМ ӨЗІ
Надо жить так, чтобы после
смерти не умирать
Мұса Жамил
« Шал – ау! Әй, шал! » Тосыннан есітілген дауыс саңқ ете қалды. Жез қалбырға соғылған емен таяқтың үніндей шың етіп, миға шапты. Елеусін ұшып тұрды. Әдетте сықырлап, сіресіп жүріп кетенше икемге көнбей қоятын аяқтары да нақ осы ретте сыр ашқан жоқ. Дедектеп кетті. Есікке ұшып-ақ жетті: бос. Айналасына алаңдай қарады. Тінте қараса да көзіне тірі жан ілікпеді. Елеусін жасып қалды: мұңайып, мойны салбырап кері бұрылды. «Анық есіттім, - деп ойлады шал.- миға орнап қалған Шекердің даусы. Дәл өзі: 43 жыл 92 күн өмірдің ащы – тұщысын бір иықтан көтеріскен адам. Оның даусын анық ажыратамын ғой. Нақ өзі – ау.» Елеусін жазу үстеліне келді. Қағаздарына тесіле қарап тұрды. Бастап жазылғаны да, әлі қылау түспегені де баршылық. Орындыққа құйрық басты. Қалам ұстап, ақ қағазға шүйіле берді. Елеусін кем-кемнен өткен күндердің елесіне араласа берді... Жоғарыдан келген жеделхат Имаматдиновтың шүй төбесіне тас түскендей болды. Денесі дір етті. Көзәйнегін қолына алды: жақыны да, алысы да бұлдырап кетті. Көзәйнегін қайта киді. Кем-кем алысы жақындап, анықтала түсті. Сіресіп аз отырды. Саусағы тетікке тиді. Хатшы қыз бас сұқты.
—Бибісараны шақыр – шы... - Меңгерушінің даусы баяу шықты. Хатшы дедектей жөнелді.
Қос есіктің арасынан саңлау ашылып, Бибісараның басы көрінді.
— Кел ... отыр. – Имаматдинов иегімен орын нұсқады. Имене келіп, иіле түсіп Бибісара тізе бүкті. Араға үнсіздік араласты. Имаматдинов: «Шараны атқара ала ма?!» деп ойлады. Бибісара «Қай жерден кетті. Не жаздым.» Қалтырай түсіп ойлады. Меңгеруші жұмсақ тұғырда керіле шалқайды. Көзәйнек шынылары жалт-жұлт шағылысты. Жұқа шынының ар жағындағы өткір қарашықтар Бибісараның нұр төгіліп тұрған бетіне қадалды. Келіншек жанарын алып қашты: ұзын кірпіктері иіліп, едендегі кілем өрнегіне тігілді.
— Мәселе мынау. – Меңгеруші әсте үн қатты. Бибісара селк ете қалды. Бастыққа жасқана көз тастады. — Конференция өтіреміз. – Бастық іркілді. Сол аралықта Дүйсен Алдашев те бөлмеге кірді. Ардагер. Осы мекеменің жанды куәсі. Ақылшы. Меңгеруші келгендерге жүгірте көз тастады да сөйлеп кетті. — Нұсқау келді: «Арал тағдыры – ел тағдыры» деген тақырыпта мектептерде оқушылар конференциясы өтеді. – Имаматдинов кідірді. Көзінің қарашығын қасында отырғандарға бірме-бір қадап шықты. Бибісара бұға түсті. Дүйсен маңғаз қалпын өзгертпеді: керсолқы күйде отыра берді. Бастық сөзін жалғады. — Бұл – мемлекеттік шара: қазір жанып тұр. Арал көптің көкейінде: ертеңгі күнін халыққа түсіндіру керек. Соны мектептен
бастап отыр. – Бибісараға шүйіле түсті. — Алдымен орта мектептерден баста: оқушы, мұғалімдер конфернецияға атсалысады. Әдебиетшілер мәселеге түсінсін: Арал – анамыз. Баяндамалар жасап, өлең жатталсын. Ән шырқалсын. Дүйсен қозғалақтады. Сөйлеуге ниет еткені. Имаматдинов қара көзін шалға қадады.
Шал тарамысты қолымен бет-аузын бір сипап өтті де тамағын кенеді.
— Иә, айтыңыз. – Меңгеруші ыңғайланып ықылас аударды.
— Қызым, Бибісара! – Дүйсен сөзін баяу бастап ойын тарқата түсті —Бұл шарадан ешкім шеттей алмас. Абыржыма. Мектеп кітапханашыларын шақыр: көптен қоян құтылмаған. Жол табады. - Дүйсен сәл тыныстап ойын жинақтады. Сөзін жалғастырды. — Алдымен ана Шекер Тәжібаева мен Күләш Мұхтарованы алдыр. Ойласамыз.
Имаматдинов тіл қатпады: басын изеп, құптаған белгі көрсетті. Бибісара жалтақ-жалтақ айналасына көз жүгіртті де сылбыр қимылдап есікке беттеді. Бибісара кітапханашыларын тез жиып алды. Келесі кеңес ұзаққа созылған жоқ: ойын ортаға тастады. Күләш аң-таң болып отыр еді, Шекер іліп кетті.
— Өтіреміз: Арал туралы көп айтылып жатыр. Біз де айтайық. – Шекер қасындағы Күләшті шынтағымен нұқып жіберді. — Сен не, ойланып қалдың. Директорың Нұрқан Ыдырыс әдебиетші ғой. Айт. Ұйымдастырады.
Кұләш Шекерге ойлана қарады: көзі мөлдіреп тұнып тұр. Әншейіндегі жылт жоқ. «Жасқанып отыр-ау, - деп ойлады Шекер. — Жесірдің не күні бар. Сөзі өтпей қалса, жер болады ғой.» Шапшаң тілге келді.
— Өткереміз, - деді Шекер. жұлып түсер кескір әдетіне басып. — Не қиыны бар: Арал – су. Су болмаса, тіршілік жоқ. Осы ойды көпке ұқтыру міндет. Конференцияның айтары – сол. Айтамыз. Оқушы тілімен айтамыз.
Бөлмеде отырғандар серпіліп қалды. Күләштің де бетіне қан жүгірді. Бибісара миық тартты: қара көздерінде қуаныш ұшқыны ойнады.
— Конференцияны алғаш біздің мектепте өткерейік, - деді Шекер.
— Аудан кітапханашылары қатынассын. Көрсін. Соң жалғаса береді...
Шекердің ойы бәріне мақұл түсті: көңілді тарқасты.
Шекер ауданнан оралғанда Елеусін жолына қарап отыр еді: ұшып тұрып қарсы жүрді. Шекердің бетіне жалтақ-жалтақ қарады. Жанжолдасының күлімдеп келе жатқанын көрді де Елеусіннің жүрегі орнына түсті. «Игілік болсын, - деді іштей. — «Базаршы келгенше үйдегілер У ішеді» деген. Оқыс шақырған соң... әлде не деп: айналада тырнақ астынан кір іздеп жүргендер көп.»
Шекер келе хабарын төге салды.
— Шал – ау, аманшылық. Жұмыс бабында шақырыпты. – Шекер қолсөмкесін Елеусінге ұстата салды. Шешіне бастады. Елеусін тақала түсті: мұрнына жағымды әйелінің төл иісі соқты. Жылы ағым тамыр бойлап миға
шапты. Жанұяға жанға жайлы жылылық жайылды. Елеусін Шекерге телміре қарады: түсінімпаз келіншек көп күттірместен – ақ хабарын жайып салды.
— Кітап оқушыларының конференциясын өтіруді тапсырды: «Арал тағдыры – ел тағдыры.» - Қолы желді Шекер дастарқанды да жайнатып жіберді: түскі шай да, ас та көңілді ішіп желінді. Астан соң Шекер өз ойларын ортаға тастады. — Барсам Бибінің жүні жығылып қалыпты: Имаматдинов төстабанға алған-ау, сірә. Аяп кеттім. «Конференцияны мен – ақ өткерейін» дегенімді сезбей де қалыппын.- Шекер Елеусінге қадала қарады. — Қиналмайсың: көмектес. Сеніп отыр: бірдің абыройы – мыңның абыройы. Жаңалық болсын!
Шекердің бастамасы Әліпбайға да оң түсті: беделді кісі, мектеп басшыларының бірі, тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушы конференцияны дайындауға жеңтүре кірісті. Баяндама жоғары сыныптардың озат оқушыларына тапсырылды. Арал туралы өлеңдер жаттауға берілді. Конференцияның бағдарламасы жасалды: ойласылған нақты іс көптің көңілінен шықты. Мектеп директорлары кітапханашыларын ертіп келді. Шекер сол күні бауырсақ пісірді, тандыр жапты. Қара шай көптің көңілінен шықты: Ызмұхширдағы шай құюдың үш шеберінің біреуі Шекер еді. Бапкердің қолымен құйылған сусын жиыннан талықсып шыққан жүйкені жіпсіте бастады. Тілдері ағытыла түсті. Мағтымғұлы жіпсіген маңдайын жұмсақ сүлгімен бір сипап өтті де:
— Су қадірін шөлдеген біледі,-деді. Айналасы құлаққа айналғанын сезді де ойын тарқатты. — Арал – Хорезм топырағының жантостағы: төңірегіне нәр себеді. Балық та, құс та — ас. Тоғайы тұнып тұрған байлық: аңы да, ағашы да күнкөріс тірегі. Кетіктеріңді бітейді: ас та, баспана да болады.
Директор сәл ойға берілді де іркіліс тапты.
— Конференцияда түйінді ой көпке жетті: бала тілімен айтылған өлең де, ән де, баяндама да Аралдың құдіретін көзге елестетті, - деп Әліпбай Мағтымғұлыға қарады. Әлі де жиынның әсерінен арыла алмай отырған директор кірпігін көтерді.
— Әлеке, кемі жоқ. Көпке өрнек болды: дайындықта мін жоқ. Қабырғасурет тартымды шыққан: Арал табиғатты сұлу фотолармен бейнелніпті. Талғам күшті. «Оқырман ойы» қабырға газеті де шығарылып, Аралға сипаттама – мадақтау жасалыпты.
— Бұның бәрі, - деп Әліпбай сөзге кие-жара араласты. — Кітапханашы Шекер бас болып, жастар істеді. Көптен қоян құтылмаған: тек басқару керек.— Ұйымдастырушы көкірек көтере желпініп қойды. Көзі жылт-жылт етіп айналасын тінте қарап өтті. Бибісара да қара көздері жарқ-жұрқ от шаша желпініп қалды.
— Осы сынды жиынды мектептерде жалғастырамыз, – деп Бибісара сөзге араласты. — Бастықтың бір тарпуынан құтқардың, Шекер апа! – Бибісара толқып кетті: жанарына мөлдіреп тұнық моншақтар тізілісе қалды.
— Батыл қимылыңды бұл өмірімде ұмытпаспын: үстімнен тау көшкендей болды. Кітапханашы – кішкентай іскер: үлкен жүректі адамдар. Шекерді көрсем анам көзіме елестейді: бетінен нұры төгіліп, өзіне тартады да тұрады. Неге анам емессің?! – деді Бибісара шын жүректен езіле де елжірей отырып.
Кішкентай бастықтың сөзі көптің ойын дөп басты: бас изесіп, қауқылдасып қалды. Елеусін де ойын жиды: жанарына жиылып қалған көз жасын бір сықты: мөп-мөлдір моншақтар «Әлгі дауыс шын еді құлағыма анық естілген – ді, рухың болды. Кешір, жаным!» Елеусін мұң торлаған бурыл басын бауырына алып, таңдайынан әлі дәмі кетпеген өткен күндерін еске ала берді...
30 мамыр 2005 ж
Қатеп ауылы.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру