Бір тал үкі
Ғалым Жайлыбай
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ресей Жазушылар ұйымының Сергей Есенин атындағы алтын медалінің иегері Ғалым Жайлыбайдың «Бір тал үкі» деп аталатын бұл жинағына қаламгердің соңғы жылдары жазған өлең, поэмаларымен қоса таңдаулы туындылары енгізілген. Қашанда өлеңді өмір суреттерімен, ашық бояумен елестететін қаламгер жаңашылдығы оның тілінде, бейнелік сипатынд
«Сарыарқа» кітапханасы
Ғалым Жайлыбай
Бір тал үкі
Ғалым Жайлыбай
Бір тал үкі
Өлеңдер мен поэмалар
FOLІANT – баспасы
Астана – 2014 жыл
Қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ресей Жазушылар ұйымының Сергей Есенин атындағы алтын медалінің иегері Ғалым Жайлыбайдың «Бір тал үкі» деп аталатын бұл жинағына қаламгердің соңғы жылдары жазған өлең, поэмаларымен қоса таңдаулы туындылары енгізілген. Қашанда өлеңді өмір суреттерімен, ашық бояумен елестететін қаламгер жаңашылдығы оның тілінде, бейнелік сипатында. Көркемдік көрігінен шыққандай төрт бөлімнен тұратын осы жинақ көпшілік көңілінен шығар деп сенеміз.
Бүгінгі ӨЛЕҢ
Заман өзгерді. Заманға лайық, соның ой-пікірінен, көзқарасынан тұратын жаңа сөз іздеу қажеттігі күн тәртібінде тұр. Бұрынғы ақындық жаңаруға тиісті. Әр жерде «неге жаңа сөз жоқ, бәрі де ескіше айтылып жатыр» деген дауыстар да шығып қалады. Өмір бар жерде, поэзия болатынын ескерсек, поэзияның өлмейтініне, жаңа заманға қызмет істейтініне сенесің. Мәселе сол, жаңа үнге құлақ тосып, оның жаңалығын түсіне білуде. Байқап қарасақ, қазіргі өлеңде елдік, Отан, патриотизм деген ұран сөздер аз кездеседі. Оның есесіне ақындар күнде көріп көзіміз үйренген қарапайым шындықты бейнелеп, содан сурет салып, сол арқылы өмір сырын терең танырлық оймен көмкеруді әдетке айналдыра бастағандай. Осы суреттер арқылы ол айғайламай-ақ өзінің Отаншылдығын, елін, жерін сүйетін ұлы жүрегін ашып көрсете алады. Ең бастысы – қазіргі қазақ қоғамында ұлттық рухтың, намыстың оянуы, біздің қазақтығымыз, ұлттық тарихымыздың барлығы деректі шындыққа сүйеніп айтыла бастады. Бір кезде ұранды өлеңге, айғайға үйреніп қалған көзге бұл жаңалық бірден шалынары даусыз. Ғалым Жайлыбайдың «Тобылғыжарған» кітабын оқу үстінде мен де осыған анық көз жеткізгендеймін. Ғалым шығармалары қазіргі оқырман ықыласына бөленген кітаптардың қатарынан орын алды. Ол туралы Фариза Оңғарсынова, Темірхан Медетбек, Аманкелді Кеңшілік, Қуанышбай Құрманғали тәрізді белгілі әдебиетшілер пікірі жарық көрді. Бәрі де Ғалымның ақындық жолы сәтті басталғанын айтып, қуанды. Әсіресе, «Тобылғыжарған» атты (2011) соңғы кітабы жұрт назарына ерекше ілікті. Ақынның бүгінгі қазақ даласының проблемаларын қозғай отырып, дала табиғаты мен ел-жұрт тіршілігіндегі өзгерісті қадамдарды, соған қоса өзгеріп жатқан адам психологиясын кеңінен толғауы бәрімізді де қуантады. Ең алдымен байқалатыны – ақынның заман сырын, өзгерістің беталысын өткір сезінетіні. Ақындық талантты жетілдіруде қоғам сабағы мен тәрбиесінің үлкен орны бар екендігі Ғалымның осы жолдағы ізденістерінен танылады. В.Белинскийдің А.С.Пушкин туралы мақалаларында «Ақынның тағдырын тек талант қана шешеді деп ойлау – үлкен қателік. Әрине, адамды ақын ететін, алдымен, талант екені рас, бірақ оған қосымша мінез, білім және ұстанған бағытың болуы керек. Соңғылары ол өмір сүрген қоғамға тәуелді. Шындықты ақындықпен бейнелеу табиғи талантқа аздық етеді, ол үшін ақынның өзінің ақындық шындығы болуы керек» деген сөзі бар. Бұл – ұлы сыншының «ақын өз заманының перзенті» деген пікірімен үндеседі. Сонымен бірге заман өзгерісі ақын талантын ұштай түсетінін, бұрынғы көзқарас пен ойды жаңарта
нақтылайтынын атап айтады. Пушкиннің талантын ашқан 1812 жылғы Ұлы Отан соғысы болғандығын, дәл осы соғыс қана орыс қоғамында ұлттық намыс пен бұрын қалғып-мүлгіп келген рухани күшті оятқанын тілге тиек етеді. Пушкин осы заманның рухын түсінді, соны жырлап өсті дейді. Қазақ қоғамындағы ұлттық рух пен намыстың оянуы біздің тәуелсіздігімізбен байланысты екені енді анық мойындала бастады. Қазақ екенімізді, ұлттық тарихы бар, рухы берік халық болғанымызды бұрын аракідік айтып қалғанымызбен, ондай пікір біз өмір сүрген заманның рухына сай емес еді, сондықтан ондай сөз көп елене бермеді, кейде тіпті сынға ұшырап жатты. Ал, бүгінгі қазақ өлеңі түгелдей ұлттық идеямен рухтана бастады десек, артық айтқандық емес. Ғалым өлеңдерінің лирикалық қаһарманы – дала перзенті, тайға мініп жылқы баққан малшының баласы. Оның жастығы көшпелі ауылда, далада, мал ішінде өткен. Мал болғанда – жылқы. Жылқы бағу ол кезде кез келген малшының еншісіне бұйырмаған. Атқа міну, ат үстінде еңбек ету жаяу немесе өгіз мінген малшыға қарағанда, құрметті жұмыс саналған. «Ат үстінде ұмыттым кедейлікті, Ат үстінде өлсем мен шатпын дедім» деп Жұбан ақын айтқандай, атты қазақ қиялға, романтикалық көңіл күйге бір табан жақын болған. Ғалым қаһарманы да «тай мініп, жеткізбейтін сағымды қуып» ғұмыр кешеді, қолына тобылғы сапты қамшы ұстап «түн түндігін қамшысымен тілгілеп» өседі, «жылқы мінезді жылқышының баласы тұнықтың тұнығын іздейді», «зулаған күннің белестері оның ойын ұштайды». Осы бір бейнелі танымдар «байтал-бұлттың құлын-қыр төсін еміп», «Бесіктен белі шықпай бәйге көрген, Жыр жазбауға қақы жоқ сол баланың» деген тармақтардың жалғасы. Бұлар – өлең негізіне ақынның өмірбаяндық деректерді пайдаланғанының куәсі. Ол елінен, ата кәсібінен еш уақыт қол үзбегенін, сол даланың перзенті боп қалғанын басқа өлеңдерінде де анық байқатады. Ақпанның ақ боранында («аш бөрілердей ақ боран ұлып жатқанда») қарына құрық іліп, ел аралайды, «Әппақ әлемде емделіп» («тап болсам, шіркін қазыналарға») қайтам деп барып, басқаша көріністерге тап болады. Ол «Қасқыр ішікті, түлкі тымақты» қарттардың сиреп қалғанын көреді. «Түнде айға қарап ұзақ ұлыған көкбөрілердің бөлтіріктерінен» тағдыр мойынға ілген ауыртпашылықты таниды. «Қара шанақтың зарын құстырып, өз қобызын өзі тыңдайды».
Жолға шығайын,
Қарасын бәрі,
Көгереміз бе көнені күз деп?
Ақ түнектердің арасындағы
Адасып қалған
өлеңімді іздеп.
Қоғам, уақыт сыры мен қызметі жайлы ойлы, кейде сыншылдық көзбен қарап қалам тербегенде Ғалымның оған қатты кінә артпай, ашық айыптамай, тіпті кейде оның қайшылықты көріністеріне ызаланып кектенбей жазатынына таң қаласың. Бірақ ол енжар емес. Кітаптан іздемей, өмірдің өзінен алған деректі шындықтың өзін ақын өлең жолдарына түсіру арқылы оқырманына ой салуы оған жұрт назарын аударуды көздейді. Бұл – өлеңді саясаттандырмаудың жолы. Қызылағаштағы су тасқыны, Жаңарқа, Қарқаралы жеріне протон құлап, табиғаттың улануы, дағдарыс, т.б. тақырыптарды жырлауда да ол осы принципіне берік. Мұндай өлеңдер идеясы ақынның көңіл күйіне әсер етері даусыз. Сондықтан ол аруақты күштерді «тірілтеді», солардың үніне өз үнін қосады. Қызылағаштағы апатты Ілияс ақын жырлаған Молықбай шал қобызының үнімен естіртеді, Ілиястың ағынды Ақсуында құстай ұшып Құлагер-жыр құлайды, қайғыға Жетісудың жеті өзені жылап үн қосады. Өлең түйінін ақын Молықбаймен тілдесумен аяқтайды. Ақынмын, елімнен жоқ қиыр күнім, Молықбай, сен де менің күйімді ұғын. Қара шал немересін таяғымен Іздеп жүр арасынан үйіндінің.
Қазақ жеріне ғылыми-техникалық прогресс әкелуге, космосты игеруге қызмет етеді деген протон құлап, кең даланы уға толтырса, соның кесірінен енесі өліп жетім қалған құлын мен «өзіне өзі қол жұмсап күйеуі өлген» әйел де жесір қалса, өзен-сулардан даланың аңқұстары ауса, малшылар сойған етін өткізе алмай, күнкөрісі ауырласа, соны көрген ақын ел-жұртының көңіл күйіне ортақтасса, оның несі айып? Осының бәрін ақын баяндау жолымен емес, бейнелі көркем суретке айналдырып, санаңа әсер етеді. Жетім құлын мен жесір әйелдің көз жасы ақындық паралелль арқылы ортақ суреттен танылады. «Жетім құлын қаңғитын әр аулада, жесір әйел жылайды түніменен», «Жесір әйел сипаса маңдайынан, жетім құлын көзінен жас ағады» деген өлең тармақтары бұған дәлел. Бұл екеуінің қайғысын түсінбей, «Құлыныңды қаңғыртпай қамасаңшы» деп жетімдерді кінәлауға дайын тұратын қазақтың кінәмшіл мінезін де ақын іле кетеді. Гептилді залалсыз деп шешім шығарған өкімет өкілдері өлеңде суреттелген оқиғаларды бекітіп тұр. Мұның бәрі ел басына түскен жоқшылық пен жетімсіздікті ұлғайтып, ұлт қайғысын көбейткенін түсінесің. Іштей қиналғанмен, ақын мінезі сабырлы, өлеңін жұпыны ғана, тілекпен аяқтайды. Қайтейін, асығыс бәрі Жөн еді қашық ұшқаны. Ресейдің құламаса екен
Зымыран тасығыштары.
Арқам-ай,
арқаға батты,
Ауыл тұр шайқала...
жүдеп.
Құрдасым тартады арақты
– Уды у қайтарады, – деп.
Бір қайғыға екінші қайғы қосылып қалыңдап жатқанының суреті. Т.Медетбектің Ғалым жырларын көкіректе қордаланып қалған шер мен шеменді қопарып тастайтын адуын күшке емес, сол шер мен шеменді сипалап отырып сылып алатын сиқырлы күшке ие шертпе күйге теңеуінің сыры да осында болар. Ақын мұнымен шектеліп қалмайды, кейде қайғыны ауырлататын суреттерге де барып, сұмдықтың бет-пердесін жұла сөйлейді. «Сұр қаланың сұрқай өңі қажытты, сұры қандай сұрапыл», «торыққан да, тозған бәрі, тоналған, тас көшеде тас адамдар қаптаған», «Қараулықтың қарау оғы қарауылдан тосқан заман», «Ақ сәулесі түнге алмасқан, Аққарасы күнде алмасқан» дегенде де ақынның ой-танымы мен сезіміне жат дүниелер тізбеленіп кетеді. Қазақ жеріне соңғы жылдары көбірек келген осы тәрізді экологиялық апаттар, бүгінгі даланың жүдеп-жадап кеткені – Ғалымның көп өлеңдерінде көрінетін шындық. Әсем дүние бұзылды. «Ақ бұлттарға қанатын малып алып әлемді жарқырата ұшқан әппақ құстар, көздері жарқыраған бұлақтар, аптығып арқыраған өзендер бүгін жоқ. Су тартылып немесе мұнай басып аққулар кетті. Мұны ақын «өзегімнен өрт шықты мен түскелі, соры қалың соқпақтың сорабына» деген жолдармен білдіреді. Күзеудегі қараша үй қалтырап тұр. Жер-көкті қоңыр күй кернеді. «Қаздардың қанатындағы» жаз өтті. Осы бір өмір сәтін ақын:
Жанымның отын жандырдың Жолаққа орап ымыртты ақ. Шық шайған шашын шалғынның Балқаймақ күнді түн ұрттап, – деп суреттейді. Әр сәттің өз заңдылығы бар. Ымыртты ақ жолаққа ораған, балқаймақ күнді түн ұрлаған қай жақсылықтың белгісі дерсіз. Ақын жанының отын үрлейтіндер – осы көріністер. Ғалымның «Алғадағы аққулар» өлеңі – қазақтың өзен-көлдерін мекендеген текті құстың кейінгі тағдырына арналған жоқтау. Ол:
Асылдарым бар еді,
Жасылдарым бар еді,
Жарық күнде жыртылдың
Аққу құсы Ары еді
Аққу текті жұртымның.
Талып таңғы тасқында,
Шырқыраған шырайлым.
Қалдығының астында
Қалғаның ба мұнайдың?
Құдыреті-ай Құдайдың.
Аққулар-ай
Ардам-ай!
Шер күйім боп шертілген.
Жалғаны көп жалған-ай,
Өлмесімді өлтірген.
Өлеңнің стилі, жоқтаулық үлгісі мазмұнына жарасып тұр. Оның «Аққуы жоқ көл деген, Ақыны жоқ елмен тең» деген соңғы түйіні – ел тіршілігінен орын алған үлкен апатқа айып артудың белгісі. Өмір сәні – Аққу, сол өмірдің жыршысы – Ақын, бірінсіз бірінің күні жоқ, бұлардан айрылу – бүкіл халыққа қайғы. Осыны түсіну керек-ақ! Табиғаттың өзгеруін Ғалым қоғам дамуының үрдісімен түсіндіреді. «Таңғы нұрдың сәулесі шайқалып», «көшкен елдің көнерген жұртындай елегізген», «қаңғып ұшқан қаңбақтай бағдары жоқ керуенге» ілескен, «жетегі сынып, арбасы ұшқан», «маңайы қарғақұзғын, тойған құмайға» толы дағдарыс жыры біздің көз алдымызға басқаша сурет әкеледі. «Күндер қашып барады, күндер қашып, қысырақтың күздегі үйіріндей», «Күресінде күлге аунап жатыр, әне, қараша үйге құт болған қара саба» – деп түйеді ол өлеңінің соңын. Көктемнің («Осы көктем») жарқын суреттерінің өзі өткен-кеткенді есіңе түсіреді. Ақын «Жылғаларда жылап ағып бара жатқан» жылдарын сағынады.
Фәни-көктем жылғаға жылжығалы,
Түн жылады,
жанарым тұнжырады.
Сұрғылт әні тірліктің сарнағанда,
Шыңғыртады уақыттың қыл бұрауы.
Өткен өмірді ойға алғанда, ақын өткінші дүниенің сырларын шолады. Елге барып, ескі қорымның ұлғайып жатқанын, аға ұрпақ («Әкем көшкен, артынан ағам көшкен», «Көз алдымда көлбеген көштің легі», «Үркердей боп қалыпты үлкендерім, Ескі қорым үлкейіп көз алдымда») көшкеніне алаңдайды.
«Ескі жұрт» – кейінгі ұрпаққа ел, жер туралы ұлағат сөз. Ол сол жұртта өсіп өнген ұрпақ, іске асқан үлкен армандарды еске алады. «Ескі жұртты ескі үйдің орны деме, махаббат пен бірліктің бесігі де» дейді ақын. Өткен күннің айналды бәрі аңызға, Туған ауыл, ескі жұрт санамызда. Айдын көлін аңсаған Аққулардай Келіп кетіп жатамыз Анамызға.
Сырды ұғыңдар мендегі
мұңды ұғыңдар.
Бірлігім бар болғанда,
тірлігім бар.
Ескі жұртқа жайылған тамырым бар,
Туған жерге байланған кіндігім бар.
Өткенді еске алғанда, ақынның «Сынық арба» өлеңін аттап өту қиын. Бұл – өткен заманның, кеше ақынның өзінің балалығы қалған өмірдің суреті, бейнесі. Соны еске түсіріп, Ғалым «Шалғайдағы шалғымен шалғын орған» қара шалға, олардың төзімді мінез-құлқына сүйінішін білдіреді. «Желді күні жар басына үй тігіп», «тіршіліктің арнасында толқынмен араласып» өскен әкелердің ақ таңмен сынық арбаны атқа жегіп шығатыны, соларды жұмыс басына таситын сынық арбаның «майланбаған, шиқылдақ дөңгелегінен тіршіліктің «әні» естіліп тұратыны, «сынық арба қасындағы сынық көңілді» сынық айдың жүзіндегі сызбен салыстыру сияқты» детальдар мен бейнелі тіркестер өлеңнің көркемдік, суреткерлік бағасын көтеріп тұр. «Шаңырақтың көтереді уығы», «Қап арқалап бара жатыр қыз бала», «Бәрі ағады», «Ей, енесі өлген құлын күн», «Ай көрдім» сияқты өлеңдерде де қазақ басына түскен заман ауыртпашылығының суреттері мол. Ол қазағымен тікелей сөзге келіп, «Күреңітті күздің қара суығы, халің қалай, әй қазақ!» деп сұрайды. Оған айтылар жауап жоқ. Сондықтан ақын өзі үн қосады. «Базар барып бақ сынайтын күн бе еді, Басыңдағы мына күн?» «Қара базар қарайтады көңілді, Ақ ішіп жүр, қарағым!» дейді. Шарасыздықтан туған ақыл. Қап арқалап бара жатқан қыз баланың бейнесі – тұтас бір қайыршылықтың суреті.
Көшесі бұл қайыршының,
мастың да,
Нөпір адам...
ұқсайды екен тасқынға.
Қайысады, майысады нәзіктік
Ала тайдай ала қаптың астында.
Көңілдерге көктем сыйлар күй керек,
Кімге айтарсың
көріктіге тиме деп.
Көк базарға бара жатыр көркем қыз
Көне күрте,
ескі етігін сүйрелеп.
Қалтырап гүл...
Қалады ма қырмызы,
Жарқырап бір жанады ма жұлдызы?
Қап арқалап бара жатыр көшеде
Арыс туар Алашымның бір қызы.
Осының бар кінәсін ақын заманға арта сөйлейді. Өзгерген заманның қаһармандары да бөлек. Олар ірі іске жегілмей, «түлкі заманға тазы болуға» тырысады.
Қатыны ортекедей ойқастаған,
Ақыны орамсыздау ой бастаған.
Заман-ай, әңгүдік таз той бастаған,
Заман-ай, қотыр серкеш қой бастаған.
Ақын заманын «Жыртқыш жылдар» деп атайды. Қоғам бура сипатты, шайнап тастайды. Озбырлығында шек жоқ. «Киік-күндер» көкжалдан қашып күн көруде. Аққу – жырды жасқанбай тісіне басатын да осы жыртқыштар. «Жыр саулайтын жүректен қан саулаған, Жастық жылап барады жан сауғадан».
Ұлтым қайғы кешкенде,
жұртым қайғы,
Сары уайым сағаты сыртылдайды.
Ақындары алақан жайған елдің
Қатындары қол бастар ұл тумайды.
Өмір суреттерін бұлтартпайтын шындыққа негіздегенмен, ақынның
жалпы заман, қоғам жайлы ойларында алдан күтер үміт мол.
Самсаған жұлдыз көрдім Сүмбіледе,
Ай көрдім, аман көрдім толған Айды,
Бошалап кеткен Бозкөлдің бозінгендері
Боталап қайтса болғаны туған ауылға, – дейді ол.
Өмір сүйгіш ақынның түпкі идеясы берік. Ол тәуелсіздікке иек артады. Шалшық судың бетіндей шашыраған ақын сөзінің тұғырына тұрақтайтынына сенеді.
Біз дегендер...
Темірдей төзімі тым,
Өз арманын аялап,
өз үмітін.
«Түгел сөздің түбі бір» дегенменен,
Сөзі бүтін халықтың – өзі бүтін».
Рухтың оралуын Ғалым «Оралу» өлеңінде әдемі аша білген. Бұл – кеше сергелдеңге түскен тағдырлардың жаңарып қайта оралуы туралы жыр. Оны жазуға себеп болған – Көкшеде Құлагер атқа ескерткіш орнату оқиғасы. «Құлагер құла түзде құйындаса», Ақан Айнакөлдің аққуларына қосылып ән салады. Сол қайғылы далада ақын Құлагермен тілдесіп:
Жүйрікке серік болса,
қыран, құмай,
Алдынан ор кезікпес Жыландыдай.
Тұғырға өзіңменен бірге қонған
Рухым аласармас бұдан былай.
Өткеннің өзегінде дауылы қалып,
Қосылдың аламанға сауығып анық.
Көкшеден көкжиекке көсілші енді
Қазақтың қайран жерін бауырыңа алып, – деп жырлайды.
«Бір түп емен» өлеңінде Ғалым бұтақтары майысқанмен, қайыспай, қайсарлық танытқан еменді елдіктің берік іргесіне балайды. Ол ғасыр жүгін көтеріп, өр тұлғасымен көтеріп тұрғандай елестейді. Ғалымның «Тобылғыжарған», «Даланың өзендері», «Күзеудегі қараша үй», «Сүмбіледегі сурет», «Ләйла қыз», «Көзімнің тұңғиығында», «Құмдағы сексеуілдер», «Бұлақ басындағы бұлдырық», «Қара нөсер қараша», «Жыр жауған жылы күндерім», т.б. өлеңдері қазіргі әдемі лириканың үлгілері саналуға лайық. Бұларда сурет те, ой да, сезім де жарқын. Көктемде тобылғының жарылуы, жарқырап қарсы алатын өзендер мен аққуы көшкен көлдер, қоңыр қаздар әніне елтіген қыр, күзеудегі қараша үйдің қарашадағы суреті, елі сиреген ескі кең жайлау, тай мінген бала – бәрі де бізге жасымыздан таныс ауыл тіршілігінің көріністері. Ақын бүгінгі даланың осы келбетін заман өзгерістерімен көмкере, біздің қалыптасқан ұғымымызды бұза-жара өзінше жинақтап бейнелейді. Оның танымы да, соған лайықты теңеулері де, қолданған
метафоралары да жаңа. Оның сезім күйі сол ортаның өзгерістерінен туады. Көктемгі тобылғының жарылуы өмірдің жалғасуын елестетеді. Ол ақынға жақсы көңілкүй сыйлайды. Тобылғыға ысталған сабадағы қымыз, жолаушы қолындағы тобылғы сапты қамшы тобылғы түсті өмірдің ағымындай көрінеді. Бір қарасаң, осының бәрі өткен өмір сияқты. Бүгін тобылғы іздеп, оның жарылуын құмартып көретін кім бар? Тобылғыжарған бүршік жармаса, «тобылғы сынды ақын» да торыға ма, қалай? Түңілсең де, тірілсең де, уақыттың ұлы көшінің бет алысы солай! Сүмбіле жұлдыз жанғанда туған Сүмбіле қыздың бейнесі, соған тамсанып ай дірілдеп, көңілі толқыған ақынның күбірлеуі, ай мен жұлдызды, сүмбіле қыз суретін қоса жұтып қойған қара жер обырлығы, Сүмбіле қыз суретінің ертегі боп қалғаны әдемі, жарқын суреттерді елестетсе, Ләйлә қыздың бейнесін ашу үшін екі өмір мен екі ақынды еске алып, тұтасқан бір арман, бірге үміт күткен күндерге жүгінеді. Оның: Көзімнің тұңғиығында, Көңілімнің бір қиырында; Арымның асыл көлінде, Жанымның жасыл белінде – Сен жүрсің...
Өлеңнің назирасындай, Жаңаарқа жазирасындай. Тағдырдың арман шыңындай, Шалғынның тамған шығындай – Мөлдірсің... – деген жолдары сүйіктісіне арналған көңіл күйінің жарқын көріністерін құрайды. Бұл өлеңдерде өмірдің қымбат сырлары, өткіншілік сипаты, табиғат пен адам, оның көңіл-күйі, ақын мен ақындық сезімнің түйісуі, т.б. мәселелер сөз болады. Бәрі де ақындық ойдан туып, сезіммен астасып өріледі. Ақынның жырмен туысқан күндері қандай еді. Оқып көрейікші: Жыр жауған жылы күндерім, Нұр жауған ғұмырымда едің. Тұлпардың тұғырында едің, Бұлақтың тұнығында едің.
...Көз ашып көргенім еді,
Өлеңнің өрнегіндегі,
Есілдің толқынындағы,
Көкшенің көлдеріндегі.
Сыр айтпай сырғалым қалды,
Мұнартты...
мұң қалыңдады:
Қаратау қатпарындағы,
Алатау шыңдарындағы...
Алғашқы шумақтар жыр биігі мен тұнығын, өрнек пен толқында туған шағын елестетсе, соңғы шумақ сырғалымы сыр айтпай кеткендегі қайғының қалыңдығын бейнелейді. Тапқыр, бейнелі суретке тұнып тұр. Сөз өнері – Ғалымның ақындық рухы. Ол сол рухтың биіктігі үшін күреседі. Қиындыққа да, зорлыққа да оңайшылықпен берілмейді. Өйткені оның негізінде халықтың ерлік салты бар. Ақын арманы арнасын толтырып, жартастың толқындарын сүйеді. Ақ қарда туып, аппақ әлемге жаны бөленген. Ақын боп аққудың қанатына өлең жазып, ешкімнің тұлпарына мінгеспей еркін өскен. «Сәуле ойнатып сұлудың сырғасына, күнім шықты өрмелеп қыр басына», Еңіске басын идіріп, өзін кеңістіктен іздеген тұлға! Ғалым ұлы ұстаздарын еске алғанда да оларды жалаң мадақтамайды. Соларды түсініп, жаңа сөз айтуға тырысады. Абай мен Махамбет, Әсет пен Иманжүсіп, Мағжан мен Сәкен – бәрі де ол үшін қадырмен, тарих сабағын сыйлаушы, әр заманның таңдаулылары. Оларды еске алудың кейінгі ұрпақ үшін қажет ұлағатын, ұлттық рухты ұлықтаудағы маңызын жырлайды. Рухтардың ақындармен бірге көмілмейтінін еске салады. «Қызыл іңір, Қызылжар», «Есіл ағады», «Кер бетегелер», «Назымхат» өлеңдері – таза табиғаттың көркіне сүйсінген, одан өмірдің әсемдігі мен терең тамырын таныған адамның ой-сезімі. Ақын табиғатпен сырласады, шоқ қайыңдарға: «Ақ дүниеден адалдық іздегенде, Ақ қайыңдар, сендерге кеп тұрайын», – дейді. «Есіл» – әнге айналып кеткен өлең. Ол Мағжан жырлаған шолпының сыңғырын еске түсіретін, сырбаз Есілдің сұлулығына, еркелігіне еліте жазылған. Кербетегені еске алғанда, ақын бойын осындай сезім билейді. Кеше бұл өсімдіктен Нарманбет жерінен айрылған елдің бейнесін таныған еді. Ғалымның кербетегесі осыны ойға түсіреді. Ақын құстармен сырласады, биікке самғаған құстармен араны «Қанатсыз болып туып, аспанға қарап жүргендердің» арманымен жалғайды. Жалпы адамдық ой, идея шексіз ізденістің жемісі. Ақындардың жақсы-жаманы, ұлысы мен кішісі – бәрі де осы ой мен оның көркем бейне тауып жарыққа шығуынан танылады. Ақын қаншалықты талантты болса, оның туындылары соншалықты биік сапада жасалады. Әр туындыда ой мен сурет жатады. Сондықтан ақындық идеяны Белинский «пафос», «құштарлық» деп атаған. Ақындық рухтың күштілігі автордың бойындағы биік қасиет. Ол талантпен, заман сабағымен, біліммен толысады. Осыны түсіну арқылы біз ақын
құпиясына кіреміз, оның жазғандарын жанымызбен қабылдап, табиғатын тануға бір табан жақындаймыз. Ғалым ақын бойында осындай ұлы ақындарда болатын қасиет бар. Әр өлеңінен оның өз суреті көрінеді. Өмірдің көшірмесі емес, өз бейнесі. Ұлттық сипат, ой барлық ақынға тән. Бірақ Ғалым оны да өзінше түсінеді, әркімнің ойындағысын тауып, бойындағы сипатын түсініп, жалпыға ортақ етіп айта біледі. Оның өлеңдерінде заман сыры, адамның көңіл күйі, үміті, ойы, сезімі, мұңы мен шері – бәрі тұтас табылатыны осыдан. Ақын не айтса да егіліп, беріле жырлайды, ойларындағы лирико-философиялық сарын өлең боп төгіледі. Қазақтың елдігін, тұтас табиғатын қастерлейді, жоғын іздейді, өкінеді, мұңаяды. Ақынның – Шыңғыс, Баян, Ұлытау, Түркмен, Париж сапарларында жазылған өлеңдерін де жол әсерінен туған деп бір жақты түсінбеу керек. Онда көргені тізбеленбейді, ақындық ой мен сезімге бөленеді. Баянтауда Жасыбайдың көліндей мөлдір өлең қалдырса, Ұлытаудан «ұлтым» деп шыққан күн көреді, түркмен мен қазақ туыстығын, құмда өскен сексеуілдің бар мінезін осы екі халықтан танитынын тілге тиек етеді. Ақынның Ақселеу мен Серікке (Ақсұңқарұлы), Жүрсін (Ерман) мен Талаптанға (Ахметжан), тағы басқа жеке адамдарға арналған өлеңдерінде де жалпылық емес, солардың бейнесін ашар нақтылық басым. Ғалымның ақындық өнердегі жаңашылдығы тілінде, оның бейнелік сипатында, суреткерлігінде. Қазақтың қара өлеңінің дәстүрін бұзу кімкімге болса да оңайға түспеген. Кезінде Маяковскийге еліктеген Сәкен, Сәбиттер де қара өлең үлгісін, ондағы ұйқас, буын, ырғақты сақтай отырып, жаңартуға тырысқан. Қазір де ақындар негізінен сол үлгіні сақтап, ой ырғағы мен екпіннің күшімен тармақ санын кейде азайтып, кейде көбейтіп, ІІ буынды тармақтарды қысқарта пайдалануға барып жүреді. Бұдан қара өлеңнің негізі бұзылмайды, әр ақын оны өзінше жетілдіруге, өңдеуге құқылы. Ғалым да солай. Онда бір кезде Қасым қолданған, бір ұйқаспен жалғасқан шумақ, бес тармақты өлең жиі бой көрсетеді, ақын ойының мазмұнына сәйкес түр жаңалықтары да байқалады. Ойшылдық пен сыршылдық, шындыққа тік қарап, көңіліндегіні жалтармай айта білу, соған лайық жаңа бейнелі сөз табу, ондағы кейде нәзік, кейде сазды, кейде тіпті көңілдің өрлігі ашық бояулы ақын жырларын өзгеше танытады. Ғалым өлеңдері – бүгінгі қазақ лирикасының жаңа беттері. Бізге керек өлең осы – бүгінгі өлең.
Академик
Серік ҚИРАБАЕВ.
Ақбота бұлттың бауыры...
* * *
Қаз мойынды ер салып,
Күлігіме күміс жүген таққаным.
Берен күнге бер, шабыт –
Ақын туған ақпаным!
Үзеңгіде үзілмейтін сапарым,
Таралғысы қайыстан.
Түсінемін түнек күннің батырын
Түннің аты – Айстан.
Арғымаққа алтын таға кигіздім,
Көкалалы көп жылқының ішінен.
Жарық күнге жал-құйрығын түйгіздім
Түн дегенің тылсым әлем, түсінем...
Жануардың жарқ-жұрқ етіп жанары,
Ана белден мына белге әрі асып.
Ауыздығын қарш-қарш шайнап барады
Ақ дүниемен таласып.
Жанымыздың жазиралы тұрағы,
Тіршіліктің түні тылсым,
таңы бақ.
Мәңгіліктің әнін айтып тұрады
Көк жүзінде жұлдыз біткен жамырап.
Жылдар жатыр,
Айлар жатыр тоналып,
Ақ сәулелер қарықтырып көзімді.
Ақпан айы,
ақ түтекке оранып –
Ақ әлемнен іздеп келдім өзімді.
Бір тал Үкі
Басында Қамажайдың бір тал үкі...
Халық әнінен.
Гүл жайнап әнге басса гүл-гүл өрен,
Кешеден қалып кеткен бұл бір өлең.
Басында сол қалқаның бір тал үкі
Үп етіп жел сыйпаса үлбіреген.
Шемені байланғандай шерге бейне,
Бұл қазақ сезімсізді пенде дей ме?
«Басында Қамажайдың бір тал үкі»
Көкеме қосыламын мен де кейде.
Аумасын бір күнінен бір күн мейлі,
Ән салса қайран көкем іркілмейді.
«Басында Қамажайдың бір тал үкі»
Үрия үміті боп үлпілдейді.
Белдерден ән ұшырған бетегелі,
Бал еді сол бір күндер
шекер еді.
Басқанда «Қамажайға» ара-тұра –
Көкем де көріктей боп кетер еді.
Елігі ен даланың дүздерде өрген,
Жүгірген Сіздер салған іздерменен.
Ойлаушы ем,
– бір тал үкі қандай үкі –
– Қамажай кім болды екен біз көрмеген?
Маңайын шомылдырған нұрлы арайға,
Көкемдей көрік кеуде мырза қайда?
Бөркіне бойжеткеннің Үкі қадап –
Үмітін үкілеген үр жаңа Айда.
Жіберер жанымызды мұңға малып,
Ән еді,
Әуені де бір қаралық.
Көкемсіз көктем келді талай-талай
Үкідей үркіп қашқан жылдар ағып.
Адамның уысында тұрмайды Арман,
Әуелеп өткен солай жырдай жалған.
«Басында Қамажайдың бір тал Үкі»...
Аман-сау алып қайтқан сұм майданнан.
Шырқаса тербелгендей шынар бағы,
Аққудың сұңқылдайды сыңарлары.
Қарғам-ай,
бір тал үкі...
Жарықтықтың –
Жарыққа жағып кеткен шырағданы.
Не деген жақұт жыл ең,
лағыл күн ең,
Базары балалықтың бағым білем.
Ақ көкем,
Қамажай қыз,
Бір тал үкі...
Ар жағы сағыныш пен сағым кілең...
...«Басында Қамажайдың бір тал үкі»
Ай нұрына шомылған ақ шағала
Қанаттылар қанатын қақса дара,
Байтағыңнан басқасын бақ санама!
Ақдариға Арқаның алқабында –
Ай нұрына шомылған ақ шағала.
Көшім келіп көрікті зер қалаға,
Есіл болып есілдім ен далада.
Астананың әз жұртын айналайын –
Ақ тілегі Алаштың сенде ғана!
Сұрағаным қабыл боп көктен,
Жерден,
Көгердім де көрістім көктемдермен.
Көк туымды көгіме тік көтерді
Ғасырлардың қойнынан жеткен керуен.
Сарыарқаның сырнайлы сыр даласы,
Аққу текті Алаштың жүр баласы.
Қараөткелге қараорман ел қондырған –
Ай қаласы – Астана,
Күн қаласы.
Жусанының жұпарын жастана жүр,
Жібектей қыз,
ақ жейде ақсамал ұл!
Шырайымның шырағы осы шаһар –
Арманыма ар болған Астана бұл.
Арай төгіп тұрғанда төбеде Күн,
Желмаяны жер осы шөгеретін.
Көктемдерге көшімді түзегенде
Керуенбасы секілді кереметім.
Гүлзарының аялап бір көшетін,
Гүл кешетін қала бұл
нұр кешетін.
Сен алыпсың аспанға иық тіреп –
Баласымен қазақтың бірге өсетін.
Сарыарқаның сағымы,
Самалдары,
Жарасады жаным-ай,
Саған бәрі...
Ай Астана – Алаштың ақ арманы
Жарығымсың, сен менің жанардағы!
Таң толғауы
Ботадай дәурен...
Базарлым,
Бозбеткейлерден сөз алдың.
Бозаңнан ұшқан бозторғай
Бозала таңда бозардың.
Боқыраудың күні жеткенде,
Бастан бір дәурен өткенде,
Бозарып тұрып көз алдым
Дүниә, сенен озармын.
Арман да,
Арман,
Арманда,
Армандай күндер алдар ма?
Қызарып атқан күндерге
Ағарып атқан таңдарға —
Ақсарбас айтпас жан бар ма?
Жалғанның жалғандығы да
Жалғанбай кетсек жалғанға.
Көкейде көктем гүлдер ме,
Ақ самал сүйіп даланы.
Тірліктей таңғы бақтағы.
Ағыны қатты күндерде —
Жұлдыз боп ағып барады
Алаштың арғымақтары.
Бошалап кеткен бозінген,
Ботасын ертіп Бозкөлден —
Боздамай қайтып барады.
Борша да борша сезіммен
Боздақ күндерді көз көрген,
Қозғамай қайтіп барады?..
Шерменде болған шер едің,
Тірліктің тірі дерегін
Озған күн айтып барады,
Тозған Ай айтып барады...
Фәни мен бақи арасы
Көгерген көк пе,
Көңіл ме?
Ошақтың отын жағайын,
Көзімнің ақ пен қарасы,
Толғауы тоқсан өмірге —
Бір толғау қостым, ағайын!
Жетім құлын
Айдарынан жел еспей кекілдінің,
Еңку шалды еңіске
екінді күн.
«Протонның» уынан енесі өлген –
Көлеңкеде жылайды жетім құлын.
Тамылжыса таң нұры
Кие көрген;
Бір-біріңе қос мұңлық,
Сүйенер ме ең?
Жетім құлын иесі –
жесір әйел –
Өз-өзіне қол жұмсап күйеуі өлген.
Үміт жібі үзілсе – үгілер ең,
Ғұмырыңның батпандай жүгіменен.
Жетім құлын қаңғиды әр аулада
Жесір әйел жылайды түніменен.
Жалғыз жіпке байлаған – Тағдыр ұлы;
Зымыранның зымыстан жаңғырығы.
Жетім құлын жетіліп кетер болса
Сойып алмақ соғымға арғы жылы.
Замананың соққалы жегі желі,
Босағаның бос қалған желілері.
Серілері ауылдың не біледі?
Осы сұрақ жанымды кеміреді...
Сағыныштың сазындай – саған далам,
Хабар жетіп жатады әр арнадан.
Көлеңкеде көз жасын көлдетіп тұр –
Жетім құлын кекілі таралмаған.
Шаңырақ бұл –
Індетке ірге түрген,
Үзілердей жетеді күнге түннен.
– Құлыныңды қаңғытпай,
қамасаңшы...
Кінә іздейді ағайын кіл жетімнен.
Аман шығу ақ таңға –
бас амалы,
Оғы тиген тағдырдың тасадағы.
...Жесір әйел сыйпаса маңдайынан
Жетім құлын көзінен жас ағады.
Беу, қос мұңлық,
Жолында сортаң із көп,
Қай қиырға тұрады тартамыз деп.
Кезек-кезек көз жасын сығады да –
Тірлігіне кетеді талқан іздеп.
Қайран ауыл!
Құшағын жайған Ана,
Алладан нұр күтеді айдалада.
Жетім құлын жетіліп –
Тарлан ашып
Арғымаққа білмеймін, айнала ма?
...Еңку шалса еңіске
Екінді күн,
Шемен күйін шертеді шетін мұңым.
Күн-керуен соңында
Соры қайнаған –
Жесір әйел,
Жегі жел,
Жетім құлын.
Үрімжі. Желтоқсанның 16-шы жұлдызы
Өбектеген өлеңді өмірім деп,
Толқығаны сол кеште көңілім көп.
Үркердей боп отырмыз бір топ қазақ
Үрімжіде үміттің шоғын үрлеп.
Сағынышын санаға жамыратқан,
Талқы таудың талықсып таңы да атқан.
Даму Долда «Ағажай Алтайға» сап
Ағайынның арманын аңыратқан.
Ән көгіне шыққандай
жыр көгіне,
Ұқсағасын жанамыз білтеліге.
Қыз жігіті ханзудың үнсіз қалды
Топ қазақтан үркердей үркеді ме?
Аққуының ар сүйген ақ қанатын,
Қара өлеңді аялап
қап-қара түн...
Жырдан шырақ ортада шалқытады –
Алмагүл мен Жеңісхан,
Мақпал ақын.
Біздер үшін бұл өмір күнде қонақ,
Өміріңді кетейін жырмен орап.
Даму басса «Алтайдай жер қайдаға»
Көзімізден қос тамшы тұр домалап.
«Бергі жағы Ертістің
арғы жағы,
Жағасында жайқалған жапырағы...»
Қайың сауған,
ел ауған шақтан бері
Қара жолда қайран жұрт қапылады.
Мұнар таудан асқанның мұңы қалың,
Көңіліңді көктем боп жылытамын.
Үрімжіде үкілеп үнімізді
Үзілдіріп отырмыз үміт әнін.
Ертең ерте аттанам
елге есебі,
Сел көшеді жанымнан
жел де еседі.
Даму інім!
ағаңды сағынарсың –
Сағынамын бауырым, мен де сені.
Көшпей қалған күзеуден күзгі белде,
Үзілмеген үміттер үздігер ме?
...Он алтысы тап бүгін желтоқсанның
Тәуелсіздік күні еді біздің елде.
Бір-ақ өлең...
Аласа да емеспін,
биік емен,
Көңілімнің сырластым күйіменен.
Белден асып барады бебеу қағып
Көз ұшында жүгірген киік-өлең.
Киік-өлең қағынан безінгесін,
Бебеу қағып,
бел асып,
безілдесін.
Ел көшкен соң елсізде елеңдеген –
Елік – жырдың, дүние, көзіндесің.
Жамылыпты жалған-ай, Көктөбе гүл,
Көктем туа кетеді көктеп өңір.
Қараңғы мен жарықтың арасында –
Зу-зу еткен бұл өзі неткен өмір?...
Ілияс-жыр киесі – Құлагер ең,
Мұқаңдардың мұңына мұрагер ем.
...Ақ құсымды қондырар айдыныма
Сан сауалдың жауабы – бір-ақ өлең...
*****
Арай кешіп жеткенде арманды аңсап
Үмітімнің үзігі жалғанған шақ...
Бүртігіне талдардың тамшы ілінді
Кірпігіңнен үзіліп маржан – моншақ.
Сағыныштан санамда сағым ойнап,
Бауырлардың келгенде
бағын ойлап.
Қайралайын намыс боп
шарығыңа –
айналайын, аяулы ауыл-аймақ.
Маржан – моншақ ілінсе кірпігіңе,
Көшірейін, қарағым,
жыр тіліне.
Қыстап қалған Арқада ақбөкендей –
Ұқсап қалған бір күнім бір күніме.
Алдымызда алыстар барда айшылық,
Шығандасам деп едім шалғай шығып...
Маржан ілген қарындас кірпігіне
Екеумізді тоңдырған қандай суық?..
Шомылдырып арайға айналаны,
Кірпігіңе маржандар байланады.
Бұлбұл құстың талықсып сайрағаны
Мақпал түннің көгінде Ай маңады.-
Бұлбұл қайда,
Ай қайда,
Маржан қайда,
Ей, апатай, сен жеген қалжаң қайда?
Шыр айналар дүние өтерінде-
Солай-солай бәрі де арзандай ма?
Беу,қалқатай, батар күн бағыңды
ашсын,
Сағынарсың ағаңды
сағынбассың...
Маржан-моншақ жанымда мұң
сапырды
Кірпігіне ілінген қарындастың.
Ұйқым қашты қайтейін түніменен,
Сен болмасаң бәрінен түңілер ем...
Кірпігіне ілгені сол қалқаның-
Тек ақындар оқитын бір ұлы өлең..
* * *
Қандай қиын туғанға болып ақын,
Сор ұратын кездер бар
торығатын.
Бетпақ жонға жоқ іздеп шыққанымда
Жол үстінде жолаушы жолығатын.
...Өмір кейде көкайыл долы қатын.
Түнгі аспанның көзіне жарасып Ай,
Ойға батып отырам тап осылай.
Ғашық есін алады қызыл-жасыл
Бәсіресін сайлаған нағашыдай.
Қала тыныш,
қараша,
дала тыныш.
Өлең болды өмірде бағатын іс.
Ақын деген білгенім әлімсақтан
Бақ пен сордан сомдалған жаратылыс.
Тіршілікпен келе алмай жарасымға
Қайқаң жолда қайырлап қаласың ба?
Біздің ғұмыр барады жағаласып
Жарық күн мен ғаріп түн арасында.
Құлдыраңда, құлыным!
кеудесі құт,
ақтарылам алдыңда кең көсіліп.
өмірімнің өрнегін өзек етіп
Өлең оқып берейін өрге шығып.
Шуағы мол күннің де
арайы мұң,
Талайымда толқын боп талай ұғым.
Жақын қонып қалыппын жалқындарға
Ақын болып туғаным бар айыбым.
Қайырласын ендеше қалай ұлың...
Әппақ нұрға шомылып бар айнала,
Көзімді ашып көргенім Арай,
Дала.
Өлеңім де,
Өмірім өзімдікі
Ақтарылмай кетейін қалай ғана.
Бақыт тербеп жанымды,
бақ аймала!
Сағым белде салғанда сайранды бір,
Байрағыңда байтақ ел,
байланды жыр.
Өзегімді өртедің
өмір — өлең
Айдай сұлу қалпыңмен Айман-ғұмыр —
Айман-ғұмыр,
жапырақ жайған ғұмыр...
* * *
Анашымның ар емізген арманы ем,
Таңғы шықтан тамшы болып тамған ем.
Жаздым білем,
жарқ-жұрқ еткен тірлікте –
Аққу құстың қанатына арда өлең...
Мен өзіңді жылжыған жыл,
Көшкен күн!
Бес күн сәуле көру үшін кешкенмін.
Серуені селт еткізбей тұр енді
Керуені кердең қаққан кештердің.
Тарайтындай шанағымнан мұң ғана,
Қарайтындай сұрқай далам ұрлана.
Жорамалы жол үстінен жоғалмай
Көкалалы жылқы айдаған бұл бала.
Өмір,
Сенің көздеріңнен нұр көргем,
Нұр көргем де
Жолға шығып үлгергем.
жусанының жұпарына жуынып
бауы да жоқ,
тауы да жоқ бір белден.
Қобыз шалып...
Күңіренсе күй үні,
түседі екен көңіліңнің иіні.
...Түн баласы түске кірді кісінеп
иесі жоқ,
Қара айғырдың үйірі.
Қараөткел жаққа қарадым...
(Элегия)
Сарыбелдердің сауыры,
аңқытып иісін саумалдың.
Ақбота бұлттың бауыры
Жалт ете қалып жауған күн.
Қасыңа барып түнер ем,
Кекілін сылап құланың.
...Жазылмай қалған бір өлең-
Шырқалмай қалған бір әнім.
Аңқылдап тұрар бәріңе,
Арқаның арда даласы.
Ақша бұлттардан әріде
ақ сағымдардың арасы.
Арыма сіңген арай бар,
Бақ мекен,
Саған байландық.
Қамығып барсам қарайлар
Қараөткелдегі қайран жұрт.
Қараөткел деген - қара өлең,
Есіл мен Нұра қос өзен.
Ертең-ақ көшіп барар ем –
Көгерер болса көсегем.
Жайдақ қыр
бүгін жайнап тұр,
Жадырап жетер жаз әлі.
Қараөткел!
Сенде қайнап тұр-
Қазақтың қара қазаны.
Нұраның нұрлы жанары,
Солай да солай,
қарағым...
Есілдің ескен самалы
Қалқаның айтшы,
хабарын.
...Қарашық тала қарадым,
Қараөткел жаққа, қарғам-ай.
Солай да солай қарағым-
Арман-ай шіркін,
арман-ай...
Қос қараған
Елге барам,
Ермінез досқа барам,
Қасиетті, киелі қосқа барам.
Қозыкөштен жолымды тосқан анам,
Қою түннің қойнына кіргенде әлем
Қоңыр қырды қоритын қос қараған.
Мұнар күнге мұң шақса мұңлық өңір,
Қос қараған қоритын қырды қоңыр.
Өткен күннің өзегін тілгіле,
НҰР!
Бір күн өмір баяны басымызда,
Тұнығына тұманың тұнды көңіл.
Жарықтарға жасымнан жаным алаң,
Талмаусырап тал түсте сары далам.
Сарғаяды,
Сағымнан сабыр алам,
...Айлы түнгі жұлдыздың сәулесіне,
Армандарым қозыдай жамыраған.
Есіл мекен,
Ескі көз,
есімдегі,
Белден асқан бейбақша бесіндегі.
Келмей кетсем кешігіп,
кешір мені;
«Қарағандай қарағым, қараңдамай,
Тартпаймысың көңіліңнің көшін бері».
Сыр тартады сырбазым,
Сырласынан,
Сол бір сырды тыңдауға жылда
асығам.
Сұры қашып сұп-суық сұлбасынан.
Қарсы алады,
Талықсып таң самалы,
Қос қараған қараңдап қыр басынан.
Көсілгенмен көнермей көңіл-құмай,
Топырағымда торықтым тобылғыдай.
Көсегемді көгертер көгілдір Ай,
Елге қарай қойғанмен елеңдетіп
Өлеңдетіп қоймайды өмір былай,
Қосқа барам,
Қос қараған...
* * *
Көңілдің нұры көктемгі
күзге сіңгелі,
Салбурын туа салт атпен із кесілмеді.
Самалын жұтып қайтам ба
Сағымын қуып –
Жанарым Жаңаарқадан іздесін нені...
– Қайным-ау – десе қайқаң төс кәрі жеңешем,
Құйқылжып салған құстардың әніне ілесем.
Махаббат дейтін маусымды кешкенмін мұнда
Кешіп келемін,
Бұйырса әлі де кешем...
Мәңгілік атты мәні ұлы тұраққа сіңіп,
Қарттар кеткелі...
Көңілім жылап, басылып...
Мұң кешіп жатыр ертеңге елеңдеп жұртым
Құм көшіп жатыр желкемде қыратқа асылып.
Аспан мен жері астасса
Тұтасып арбай,
Бұлттары қандай бұ жақтың
Бұтасы қандай.
Құлдыраң қақса құлыны құлан иекте –
Құба жондармен жосылып құт асығардай.
Күзде оралыппын мен саған
көктемде кеткем,
Көсегімізді көгертіп көк белде көктем.
Сіздің де бастан қайран жұрт,
сан тарих көшті
Біздің де бастан бір дәурен өткен де кеткен...
Жалғасып жатса не шара,
Ота далама,
Орыстың зымыранынан опа бола ма?
– Өзіме де обал жоқ – деймін
айырбас еткен
Сапырулы сары қымызы «Кока – Колаға».
Жаным-ай,
әзір жаным да жайланды дейін.
– Бастайтын – дейтін батырдай майданды кейін.
– Алматы жақта не іздеп жүрсің?–дейді ағам
Не іздеп жүрмін шынында?...
қайдан білейін...
Сары қыз, сарша тамыз, сары орамал...
Иығынан күн аймалап кәрі құздың,
Тамызда тамылжыды әні күздің.
Соңынан сағым қуды
Сағынышым
Сарытауға сапар шеккен сары қыздың.
Туғалы талайына тағдыры ерген,
Ұл едім,
Жоқты көрген
барды көрген.
Сарытауға оқу іздеп сары қыз кетті
Мен қалғам Сарыарқада сал күреңмен.
Бір үміт өзегімді тепкілейді,
Көңілім көктем туса көк тірейді.
Сары қыз Сарытау жақтан оралмады
Біреулер: – оқу өтіп кетті, – дейді
Жаныңа медет сұра – жасытпа! – деп,
Сарғаю сағыныштан ғашыққа әдет.
Сағымға сарнап тұрып сыр ашқанмын:
«Сарытау Сарыарқадан қашық па?» – деп.
Жылдар да желге ілесіп желіп кеткен,
Әппақ қар жауған талай,
еріп кеткен.
Сарғайды жан қалтамда сары орамал
Сары қыз сонау жылы беріп кеткен.
Ақынның сол ма деп ем қонар бағы,
Кім білсін ол алдады,
Жол алдады.
Мен жүрмін салкүреңді сары желдіріп
Сары қыз Сарытау жақтан оралмады.
Сырыңды кім бар жатқан күнде ескеріп,
Жанымды жырға орадым
Гүлдесте ғып.
Сарытау Сарыарқаның арасында
Өткеннен өшпей қалған бұл да естелік.
Жаныма жарық сеуіп самалалар,
Аялап айдынымды ән оралар.
Мені де сары түске іңкәр етті
Сары қыз,
Сарша тамыз
Сары орамал.
...Тербе күй,
қалықта жыр,
аңсат аңыз!
аңсамай өзімізді шаршатамыз.
жаныма жарықтарын жағып кетті
Сары қыз,
сары орамал,
Сарша тамыз...
Шағылдың шалғайында шағын ауыл...
Қабағын дүниенің тұрған бағып,
Көп болды, қараша ауыл,
бір бармадық,
Көлбеңдеп көз алдымда жылдар да ағып.
Жаутаңкөз жазылмаған жырлар қалып
Ту тігіп туған мекен, бір бармадық.
Бір қонып кетсе-дей ме
қосыма кеп,
Жолымды бала досым тосып әлек.
Шағылдар қол бұлғайды – шошыма –, деп
Елсізде ескі бейіт есінейді;
– Тірлігің ақын балам, осы ма? – деп.
Жастықтың жыры қалған,
Сыры қалған,
Тұмаңда тұнып еді тұнық арман,
Жанымды табылар ма ұғынар жан.
Бұйратта бұйығады біздің ауыл
Есігін үй секілді іліп алған.
Ел бізді қалдырмайтын қуаныштан,
– Аман-сау шықса жарар мына қыстан
Тілеуін тілеп жүрміз тым алыстан.
Құс жастық,
құрақ көрпе төрге жайып
Қайда екен сол келіншек құрақ ұшқан?
Ойласам,
жүрегімнен жыр атқылап,
Жанымда мөлдірейді бір ақ бұлақ,
Көмбеге жетер кезде пырақ құлап.
Көгі де көңілімнің көмескілеу –
Баяғы сол көрпедей құрақ-құрақ.
...Келемін, хабар айтпа!
алдан бөтен,
Келмеген кезім болса арманда өтем.
Жолымды ұрпақтарым жалғар ма екен?
Шағыл құм шалғайында шағын ауыл –
Мәңгілік сағынышым қалған мекен.
Абаймен сырласу
Найзағай — тағдыр шатырламашы,
Дегберін алып пенденің.
Аға сұлтанның ақын баласы
Сөзімді тыңда, сен менің!
Өрлік өремді өлшетер едім,
Хандар да шықты қарадан.
Кісілігімді көрсетер едім
Бөжейдің асы тараған.
Шыңғыстың тауы шырайлы мекен,
Ұлылық қонған сол маңға.
Жидебай-жайлау жылайды ма екен;
«Жаздыкүн, шілде болғанда».
Қалың елдің де,
ну орманның да,
Қуарған кезін көз көрді.
Семсерін сертке суарғанның да
Сезімі сәтте өзгерді.
Мыңменен жалғыз алысқан Абай,
Шыңғыстан шыңға беттедің.
Артылып туған данышпан Абай
Тектіден туған текті едің.
Алмайды жырдың жүлдесін ақын,
Сүлдесі солғын ғасырда.
Бел-белестерге бірге шығатын
Ерболдай дос жоқ қасымда.
Шырылдап тұрған шырқар да құсым,
Тамылжығанда таң әні.
Оразбайлықтың жыртар намысын
Сәмен сұмдардың заманы.
Қасқая күлді қасқа маңдайлым,
Кедейлік кешкен күйіме.
Ту бие сойып ас бере алмаймын
Біржан сал түссе үйіме.
Ортаға салам олжамның бәрін,
көшімді бұрмай шалғайға.
...Толған ай сынды Тоғжанның әнін
Әйгерім — ару жалғай ма?!
Жайдақтықтармен жауласып әмән,
Ұшырған көкке жыр құсын.
Құнанбайлықты дауда сынаған —
Қайран да Ұлы Шыңғысым!
Жыртыстай бүгін жыртылғандар бар,
Майсаңды орар шалғымен.
Ұлы болуға ұмтылғандар бар
Ұл болып алмай алдымен.
Алаштың асқан тәңірі Абай,
Көреміз біз де жолда азап.
Жаратқан хақтың әмірі қалай —
Сен көрген қазақ — сол қазақ!..
Ұлытауымның дара шыңында,
Ұлтыма біткен бар әлем.
Қараша айының қарашығында
«Қарғам – айлаған» қара өлең.
Сарыарқа жақта сағым биледі,
Желпініп кейде жел ессе.
Жанымның жалқы жалын күйлері
Дүбірің сенің емес пе?
Арғымағым-ай!
ар қанаттым-ай,
аламан көрген ақ таңда.
Жарығы жанда жатталатындай
Баяны мәңгі бақ бар ма?
Тізгінін тарттым қаракерімнің,
Бір күнім аумай бір күннен.
«Қарғам – айлаған» қара өлеңімнің –
Кекілін сылап тұрмын мен...
Байғазы – жыр...
Серік Сәпиев Олимпиада чемпионы
атанғанда
Мәпелер кезі туды құсты ұяның,
Сүйінші!
Самға арманым,
Ұш, қиялым!
Сүйінші!
Ұлытау мен Өр Алтайым,
Алатау,
Қаратау мен Үш қияным...
Бауырым!
Байтағына байрақ ерім,
Додада намысыңды қайрап едің.
– Серігім – Сертім – деді қараорманың –
Сенімін саған байлап қайран елің...
Аһ ұрсаң аламанда алаң,
қайғың,
Жанымның жапырағын саған жайдым.
Рухын сен арқалап шықтың інім –
Махамбет,
Райымбек,
Қабанбайдың...
Жасынсың,
Жарқылыңды жасырмаған,
Дүние дүбіріңнен тасырлаған.
Алты алтын...
Жөні бөлек Жетінші алтын –
Жетінші құрылықтайын ашылмаған.
Ұлықтау ұлы арманды ұлтыма әдет,
Жанымда мөлдіреді жыр тұма кеп.
Төле би,
Әйтеке би бата берді –
Қаз дауыс Қазыбектің жұртына кеп.
Бұтағы бәйтеректей Нар ағаштың,
Нарлармен намыс болып жағаластың.
Лондонда,
Олимптің аспанына –
Арманын алып ұштың бар Алаштың.
Тұрғанда бағың шауып,
күнің күліп,
– Батырым – дейді қазақ сырыңды ұғып.
Тік ұста, айналайын,
туыңды нық –
Жұртыңды жұдырығыңдай жұмылдырып.
Сен барсың,
Қайда дода,
Қайда дүбір,
Қазаққа сыйла шаттық,
Сайла ғұмыр!
Сүйініп сүйіншілеп жатқан елге –
Әзірше осы болсын байғазы – жыр!..
Бұландының бұлттары
...Жан-жақтан ертелі-кеш
бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын
Сәкен
Тамылжып тұрған таңда атқан,
Жұртыңды көрдім, Бұланды.
Жамырап жеткен жан-жақтан
Бұлтыңды көрдім, Бұланды!
Арқада сонау ақ таңда,
Алдымнан өрді көп елік.
Көкшеге бара жатқанда
Көктем боп шықтың көгеріп.
Үміттің оты жана ма,
Кермарал қырдың көзінде.
Сағыныш түнеп санама
Сарғайып жүрген кезімде.
Басыма қонған бақ, шабыт,
Баяны мәңгі құтым ба ең?
Аспанның асты ақша бұлт
Ақ түбіт сынды түтілген.
Айымды жылдар ұрттады,
Тағасы күннің кетілді.
Бұланды жақтың бұлттары
Бұлқынып тұрған секілді.
Уақыттың жағып шырағын,
Серілер өткен кешегі.
бұлаң да бұлаң
бұла күн –
Бұлтыңмен бірге көшеді.
Көктемнің көріп көк түсін,
Бастап та кеттім бір әнді.
Көңілден ұшқан көп құсым
Көгіңде қалсын, Бұланды!
Көктебеден барады көшіп көктем...
Қанатынан нұр саулап төккен өлең,
Көктем көшіп барады
Көктөбеден.
Талайында тағдырдың жазуы бар
Ағайынға не айтам өкпелеген.
Көңіліңнің қадап ап төсіне гүл,
Көктем көшкен кезеңді көшіре біл!
Қайран ақпан қайырылмай кетті білем
Сайдан аққан жылғадай осы ма өмір?..
Тамып түскен шығынан таңға жасы,
Сол бір көштің мен бәлки арналасы.
Жар жағасы...
жастығым арман қуған –
Ардан туған Алаштың бар баласы.
Тұмаларым тұнғанда тұнжыр көктен,
Көктөбеде көгеріп гүлгүлді өбкем.
Шырақ болып жанатын
жүрегімде –
Бұлақ болып бұлқынған бұл бір көктем.
...Өткен жылдың білмедім сұрқы қандай,
Қадыр көкем...
соңынан жыр Тұманбай.
Өрен бе еді,
өртенген өлең бе еді –
Біз де ілесер сапар ғой бір күні Алла-ай...
Жалқын сәуле ашпаса бір күні есік,
Мұнар таулар тербейді мұңлы бесік.
Аққу –қаздың қанаты сусылдаса
Өтіп кетер өмір ғой бірге ілесіп.
Бақытыңнан бауырым,
кешікпеп пе ең,
Қайығыңды қай тексіз тесіп кеткен?..
Ескегіңді ағалар есіп кеткен.
Өмір деген біз шырқап өткен өлең –
Көктөбеден барады көшіп көктем...
Күйші Айгүл Үлкенбаева
Бозаңнан ұшып кеткен бозбала күн,
Толқынды тобығынан қозғап ағын.
Елсізде енесінен айрылып қап
Ботаның естіп пе едің боздағанын?
Жаныма жабырқаған дарымай жыр,
Айдында жалғыз жүзіп жарық Ай жүр.
Абылдың күйі болып ағылайын –
Пернемді бір бассаңшы, жаным Айгүл!
Егіліп жан-жүрек пен жүйке бірден,
Сергідім жалыққанда күйкі өмірден.
Егіз ішек құдыретің «Нар идірген»
Айналдым саусағыңнан күй төгілген.
Елсізде еңіресе, Елім-ай жыр,
Қозғаған шеменімді шерім ай бұл!
Ағылған халық көрдім ақтабанда –
Жаныңнан жарық көрдім, сенің Айгүл!
Көп арман көкірегімде бүр жарады,
Сыңғырлап сұлулардың сырғалары.
Серуен кешіп қайтар ем серілерше
Керуен көшіп барады...
қырдан әрі.
Қазанғаптың,
Түркештің,
Дайрабайдың,
Арманы боп қалайша сайрамаймын.
Сағағынан саз үзсе сал домбыра –
Аққуы ұшып, қаз қонған қайран айдын.
Сен күй тартсаң тамылжыр таңға асығам,
Дина апамның көз жазбай жалғасынан.
Егілдір де төгілдір,
Айгүл шырақ –
Ақ Жайықты асырып арнасынан...
Бастағы балғын шақтың баяны ұшып,
Барады күндер зулап,
Ай ауысып.
Сайыңнан сайран таппай
саяқ кеткем
Қайыңнан қайран таппай
сая құшып...
Күрсінтіп,
Күреңітіп күз көшеді,
Көңілім көшкен күзден із кеседі.
Елсізде еңіс қуып
ескен желдей
Елуге еру қондық біз де есебі.
Көргенім белес пе еді,
елес пе еді,
Жанымда жанған сол от неге өшпеді?..
Менсіз де өлең – дүние –
деп ойладым
Елсізде еңіс қуып жел ескелі.
Уақыт!
Сенің құштық саяңда арай.
Керуен көшін түзеді аялдамай.
аялдамай...
бағытын баяндамай –
Түнгі аспанда барады аяңдап Ай...
Алаштың арда туған бір баласы...
Ағатай,
Айналайын жан ағам-ай,
Ізіңнен басып өткен тамады арай.
Сүйетін адамзатты алаламай,
Жаныңыз жарық еді самаладай.
Аға едің жыры ғажап,
нұры ғажап,
Құбылып кетті-ау бүгін құбыла жақ.
Алаштың Ардан туған бір баласы,
Ұлт үшін Ұлытаудай Ұлы қазақ.
Кеткенде қырдан асып құландай күн,
Ішімде шулап қалды ұлар-қайғым.
Жалғасы қазыналы Қаныш аға -
Жан досы тұма бұлақ Тұманбайдың.
Тағдырдың кезіксе де сұрапылы,
Әуелден ұл боп тудың мұраты ұлы.
...Қазақтың сендей болсын бір баласы
Қазақтың сендей болсын бір ақыны.
Көргенмін нұр құшқанын,
жыр қысқанын,
Қасында қаршадайдан бірге ұшқаным...
.....Ағаның Айнакөлдей айдынында
Менің де жүзген талай жыр құстарым.
Тағдырың жазбаса да кіл несібе,
Ілестің жыл көшіне,
Күн көшіне.
Кәкімбек Салықов боп қазақ шыққан-
Мәскеуде,
Кремльдің мінбесіне.
Күмбір күй,
Әуезді әуен,
Отты өлеңі,
Жыл сайын көгеретін көктем еді!..
.... Аялы Қызылжардың ақ қайыңы,
Саялы Көкшетаудың көк терегі.
Жаз қалды жарық күннің жамалында,
Саз қалды Сарыарқаның Самалында.
Сен қалдың аққу құстың әуенінде,
Жалт еткен Жезкиіктің жанарында...
Ән саулап,
Жыр төгілген таңдайынан,
Өмірден барады өтіп қандай ұлан?!
... Көрсеңдер Жезқазғанның «Жезкиігін»-
Өтінем, сыйпандаршы маңдайынан!..
Қош бол, аға!
Бөрі сырғақ
Ақырды ақпан тағы,
бөрі сырғақ,
Өлеңім, өзегімнің өрісін тап!
Ақ таңда ақбоз мініп арқырасам –
Бөрі сырғақ әуені тегіс ырғақ.
Ердім де елесіне осы ақпанның,
Арғымақ ойларыммен қосақталдым.
Ақ боран демін ішке тартқанында
Ақ әлем, сені көріп босап қалдым.
Керуен түзегенде күнге көшін,
өлкемнің өле сүйгем қыр, белесін.
Өмірі өлеңімнің өртке оранып
Көңілі көкөрімнің кірлемесін.
Ұққаным әр кеуде де – бір қараша,
Бақ түнеп баршасына нұр қараса...
Ақ боран тозаңымды қағар ма екен
Ақпанда бөрі сырғақ сырғанаса.
Сарғайған сарыбелдің сағымында,
Көзімнің қарасы мен ағы мұнда.
Боз жусан,
боз бетеге,
боз көденің –
боздаған үнім қалған тамырында.
Жүдеу күн...
ақ дүниенің тақта арайы,
Біреудің осында жүр бақ талайы.
Демі де тегіс ырғақ –
бөрі сырғақ
Азаннан аңырап тұр ақпан айы...
Аспантау аққулары...
Көктемнің көз жасындай іркілмеген,
Кеудемде лықсып жатты бір түрлі өлең.
Аспантау аспанынан аққу көрдім
Мамығы ақша бұлттай үлпілдеген.
Көгерсе көк теңіздей көгілдір маң,
Көгеріп қайтар бәлки, көңіл қырдан.
Аспантау асқарынан арай көрдім
Арыңды айдынына шомылдырған.
Ақ шуақ апай төсін аймалапты,
Күнін де сағым сүйіп сайға батты.
Аспантау алқабынан ару көрдім
Аршын төс,
алма мойын,
ай қабақты.
Ашылған ай нұрымен ерте гүлі,
Өлке бұл!
өренінің өр көңілі.
Тәңірі жарылқағыр Тәңіртаудың
Есейген етегінде ерке елігі.
Ақынмын арнасының ағысы өлең,
Туғалы сезімі шер, жаны-шемен.
Арман-ай,
Аққу көрдім аспаныңнан –
Аққудай ару көрдім тағы сенен.
Аймалап Аспантаудың Ай таңдары,
Құстардың әні болдың қайтардағы.
– Мен сені сүйем,-дер-ем
ондай сөзді
Тілі бар пенделердің айтар бәрі.
Ту тіккен тұғырлы елің тұнған ырыс,
Шайқап іш шәрбатыңды,
мұңданып іш!
Аспантау!
Аққуым мен аруыма
Ғашық боп жүр дегейсің бір дәруіш.
...Тәжінен Тәңіртауды танып анық,
Жұлдыздай көк төсінде жамырадық.
Аққудың қауырсынын қалам еттім
Жанымның жарығына малып алып.
Бесқарағай басынан...
Бесқарағай басынан бесін ауған,
Сені көріп сол кеште есім ауған.
Тағдырыңның дариға-ай, иесі – жалған,
Елес болып қалады есіл арман.
...Бесқарағай басынан бесін ауған.
Жаным, мейлі, жалғанды жалған десін,
Ақ дүниенің аялап арман кешін.
Еркелетіп Ертістің толқындарын –
Бесқарағай басынан ауған бесін.
Ай ауысқан қалқам-ай,
Күн алмасқан,
Мұңайтады жаныңды мұнарлы аспан.
Бұла дүзде бұлдырап бұлан қашқан
Сен де мені қалдың-ау, ұға алмастан...
Бесқарағай!
Көктеген көп өлеңім,
Көнеремін сені ойлап
Көгеремін,
– Сормойылды көлінің соры қалың
Батып кетсек қайтеміз – деген едің.
Толған-Ай қыз!
толқындай толып аққан,
атсын саған арайын төгіп ақ таң.
– Сормойылды көліне неге әкелдің
Әлімсақтан ақын ем соры-батпан.
Ақын едім сор емес бақ іздеген ,
Жағып кеттім жаныңа жаны ізгі өлең.
Жүріп өткен бабалар...
бар ізбенен –
Сәуір келем мен саған
тамыз келем.
Бесқарағай, беу шіркін,
Бесқарағай!
бес-ақ күндік жалғанда кешкем арай.
Ертісіңнің толқынын торықтырмай –
Толып ақсақ қайтеді кешке қарай.
Бесқарағай,..
Жеделхат
Бірге аса алмай қалып кеткен қырлардан,
Айналайын үркек үміт, мұңлы арман!
Жүрегіме жеделхаттар кеп жатты
Мың тоғыз жүз жетпісінші жылдардан.
Жылжып жатқан күндерім мен айларым,
Бақытымның тік көтерген байрағын.
Бал жалаушы ек бала құрбым
екеуміз –
қара түннің қалқып ішіп қаймағын.
Қайран өлең,
уыз болып ұйығыр,
тағдырымның тарту еткен сыйы бұл.
Қой күзетіп жатқан кезде достары
Ой күзетіп отыратын бұйығы ұл.
Дала,
дала!
әулетімнің нұр, бағы,
бала ақынның сонда туған жырлары.
Түндігінен ай қалықтап жүзетін
Малшы үйіне қонып па едің, қырдағы?..
Бұл тірліктің соқпақтары қиралааң,
Сүрлеуінен шығып қалар сыймаған...
Ай толғанда толғатқан да анашым
ақ дүниеге ақын ұлды сыйлаған.
Жусанды қыр,
өшпейді әлі санадан...
топ тобылғы,
қараңдаған қараған
Бұрымыңның бұла өрімі
бұлдырап –
Құлынымның кекілін жел тараған.
Толқынбысың,
торықтырар тормысың,
соқпақпысың,
сүрлеумісің,
Жолмысың?..
тұла бойы ендіктер мен кеңдіктер
Сол даланың көшірейін болмысын.
Қайран уақыт,
көнбейді ыңғайға,
тұлпар күндер бір орында тұрмайды, ә!
Жүрегіме жеделхатын жолдаған
мың тоғыз жүз жетпісінші жыл қайда?..
...Шүкір – айтпай тұра алмайсын мұндай да.
Айнам-ай...
(Элегия)
Айнам-ай,
Айнакөлде айнам қалды,
Онсыз да кешіп жүр ем қайраңдарды.
Тағдырдың қырқып түсер әдеті бар
Жапырағын жаңа ғана жайғандарды.
Айнам-ай,
Айнакөлде арман қалды,
Сенімім үмітіме алданған-ды.
Тағдырдың заңдылығы қандай қиын
Үзетін жаңа ғана жалғанғанды.
Айнам-ай,
Айнакөлде бағым қалды,
Көлбеңдеп көз ұшында сағым қалды.
Бұл тірлік қызық екен,
айналайын
Сарғайтып қоятұғын сағынғанды...
Айнам-ай,
Айнакөлде айым қалды,
Жапырағы жанымыздың
жайылған-ды.
Басында Бурабайдың бура бұлты
Көгеріп Көкшетауда қайың қалды...
Балапан құс
(Александр Пушкиннен)
Тылсымдардың тұна қалған серті ме,
Өзектіге өлең болған өмір бұл:
Балапан құс,
Жіберейін еркіңе
Көктемдердің көгі көркем,
Көгілдір.
Құштар көңіл көрмегесін қысылып,
Дүниенің дүрмектерін сүйесің.
Биігіне жіберейін ұшырып
Титтей ғана тіршіліктің иесін!
Жүрегімнің аз емес-ті сезгені
Үнің сенің қасіретті аулаған.
Еске түсті мұңлы арудың көздері,
Дала мен түн ай астында аунаған.
Ән сал жаным, ән сал менің көріктім,
Сені көріп ұмытпасты ұмыттым.
Еске салдың,
егілдірдің,
еліттің
Сенің үнің — тұнығындай тұнықтың.
Мен бар жерде әуелетпе сұрарым,
Әдемі қыз, грузиннің мұңлы әнін:
Жаңғырады әуеніңнен шырағым
Жағалаулар...
алыс қалған жылдарым.
Тобылғыжарған
Көктем дегенің – көгілдір арман,
Көгертер кез бұл көңілді қалған.
Сәуірдің айы сәуле шашарда –
Тобылғыжарған, тобылғыжарған...
Қыратқа барсам жолыма жақын,
Бұлаққа барсам толып ағатын.
Тобылғыжарған бүршік жармаса
Тобылғы сынды торығады ақын.
Ұқтырған ерте туар айларым,
Алағайларын,
бұлағайларын,
Жанымда желген желдірмелерім –
Мамырда өрген Құралайларым.
Өтпелі дей ме өмірді жалған,
Көктем көгертер көңілді қалған.
Толғатқан жанның толайым күні –
Тобылғыжарған, тобылғыжарған.
Түңілесің де,
тірілесің де...
Уақыттың Қарғам, ұлы көшінде.
Тобылғыға ыстап, сабаңды пісіп
Шаралап қымыз сіміресің бе?!..
Бағыма – үміт,
Сорыма – күдік,
Қасиеттеріммен жолыға жүріп.
Тобылғы сапты қамшымды ұстап
Тоқпақтай жалды торыға мініп.
Аттансам деп ем...
тым алыстарға,
жолығар жаным жұбаныштарға.
тобылғы түсті толқындарыммен –
қосылып кетіп бұла ағыстарға.
Биіктеп ұшса көңіл мұнардан,
Өлең етермін Өмірді қалған.
Толайымыңды толқыным сүйсін –
Тобылғыжарған,
тобылғыжарған...
Даланың өзендері
Даланың өзендері
Ұмытылмас кезең бе еді?
— Жаныңды сезем, — деді.
Жарқырап шықты алдымнан
Даланың өзендері.
Аспанда бұлт түйілген,
Бетпақтай безергелі.
Жанына жұртты үйірген
Даланың өзендері...
Қамықсам ел біледі,
Жабықсам сөз емдеді.
Маржандай мөлдіреді
Даланың өзендері.
Тірлік бұл — арты қайғы,
Ерніңнің кезергені...
Айнадай жарқырайды
Даланың өзендері.
Жанымда жаңбыр басым,
Керімсал кезеңдегі.
Аман бол,
тағдырласым —
Даланың өзендері.
Менің әппақ құстарым ...
Ақ зер әлем,
ақ дүние –
жаныма құт,
Көз алдымнан барады жарық ағып.
Менің әппақ құстарым қалықтайды
Ақ бұлттарға қанатын малып алып ...
Бұлақ көрдім,
көздері жарқыраған,
Өзен көрдім ...
аптығып,
арқыраған.
Сабағында гүлдерім ашылғанда –
Жанарымда жарқ етті жарты ғалам.
Жолым жалқын сәуленің жолағы ма,
Ойнап, күлсем ...
өкпем жоқ оралыма.
Өзегімнен өрт шықты,
мен түскелі –
Соры қалың соқпақтың сорабына.
Бетегелі бекзат күн,
белдерде өткен,
өткенімді өлеңмен өрген көктем.
Күзге дейін арайға
шомылармыз –
Бізге дейін талайлар келген, кеткен ...
... Аламанда – аһ – ұрсаң –
анық қайғы,
Ол күйіңді күйлілер тағы ұқпайды.
... Ақ бұлттарға қанатын малып алып
Менің әппақ құстарым қалықтайды.
Күзеудегі қараша үй
Күндердің жалын күзер ме,
Ұстара – уақыт жалтырап.
Қараша үй қонды күзеуге
Қараша күні қалтырап.
Торықса жусан,
тобылғы,
Қараша келіп тоңған күз.
– Өтпелі – дейді,
өмірді
Күзеуге қонған сол жалғыз.
Қоңыр күй кернеп жер-көкті,
күмбірін дала тыңдады.
Қайран жаз – қош – деп
ол кетті
Қаздардың қанатындағы.
Жанымның отын жандырдың,
Жолаққа орап ымыртты ақ.
Шық шайған шашын шалғынның
Балқаймақ күнді түн ұрттап.
Күтеді күзеу қысты алдан,
Жүректің жүдеу күркесі.
Ғұмыр дегенің қысқарған –
Балауыз шамның білтесі.
Шаңырақты ұстар құдырет,
Қараша үйдің уығы.
Сен соны түсін,
бір рет –
күзеудің қара суығы.
Өкпесі өкпек,
кереге –
Желбауы желмен қаңғыдың.
Қаңтар кеп шешіп бере ме
Қараша үйдің тағдырын.
Мәңгілік әнін салғыздың,
Тұнжырап түнде тұлдыр Ай,
Күзеуге қонған жалғыздың
Жары да болған бір Құдай...
Осы көктем ...
Қыз – көктем,
гүлгүл көктем,
көктем, көктем,
Көңілдің көкжиегін көкке өрлеткен.
Көңілдің көкжиегі көкке өрлесе –
Есіңе түседі екен өткен, кеткен.
Бояуы бұл көктемнің
тым көмескі,
қанша рет ізімізге гүлдер өсті.
көшіне керуеннің ілескенде
Есіңе түседі екен күндер ескі.
Дүние жарығының үр күндері,
Бұл көктем,
керуен – керуен жырдың легі.
қызарып батқан күнге қолын бұлғап
Қыратта қыдырады қыр гүлдері.
Үр көктем,
үрия дәурен,
үміттерім,
қосылып қобыз шалды-ау күдікке мұң ...
Жайқалып жасыл дүние жайнағанда
Шайқалып кетпесе екен тұнық көлім.
Төбемнен бұла бұлттар көшіп өткен,
Күндердің көкжиектен көші жеткен.
Барымның бағымысың –
Сағынышым –
Жанымның жарығысың, осы көктем! ...
Елегізу. Дағдарыс жыры
Құмшекердей еріген таңдайдағы,
Аштықтағы құйқаның –
балдай дәмі.
Таңғы нұрдың сәулесі шайқалғаны –
тағдырымның жазуы маңдайдағы.
Ұлтым емес
тұр бүгін құлқын бай боп,
Құлқын бай боп
содан соң ұртың май боп.
Елегізіп елсізде елеңдедім –
Көшкен елдің көнерген жұртындай боп.
Емендердей еңселі ел тұрғанда,
Жібек шашақ тағар ем
ер-тұрманға.
Бағдары жоқ керуен батпақ кешер
Қаңғып ұшқан қаңбақтай жел тұрғанда.
Жүрек,
жүйке жалықты жан бағыстан,
Жетек сынып асуда
арбам ұшқан.
... Көкке қарап қол жайып күбірледім:
– Көке, қашан,
шығамыз дағдарыстан?
Жауап іздеп сұраққа ойландым-ай,
Қарға, құзғын маңайым...
тойған құмай.
Аламанда арындар шақ туғанда
Дағдарысты уәйім ғып қойған құдай.
Тереңіне тартатын иірімдей,
Бетпақ жонның жалт еткен киігіндей.
Күндер қашып барады
Күндер қашып –
Қысырақтың күздегі үйіріндей.
Көрпе төсеп көнелеу алашаға,
Өлеңімді тыңдайды бала-шаға.
Күресінде күлге аунап жатыр, әне –
Қараша үйге құт болған қара саба...
Көш қозғалды жолымен бұрынғының,
Таңға елші боп кеткелі мұңым,
жырым...
Мұқым төзім таусылып бітпей тұрып
Бүтін сөзін айтпай ма бүгінгі күн.
Жылжыған жыл соңынан күндер ерді,
Кім көнерді дариға-ай,
Кім көгерді...
Жырынды кез жыртығын жамап-жасқап
Бүгінгі сөз шықпай ма мінбеге енді.
Ер көгермес ертеңге қадам баспай,
Баян тапса бастағы бақ алмаспай.
Бүгінгі сөз заманның заңғарынан
Жарқ-жұрқ етіп тұрмай ма ақ алмастай.
Саған ғана жанып ем кездігімді,
Саған ғана төгіп ем көз нұрымды.
Шалшық судың бетіндей шашырамай –
Тұғырыңа тұрақта, Сөз бүгінгі!
Біз дегендер...
темірдей төзімі тым,
Өз арманын аялап
Өз үмітін...
«Түгел сөздің – түбі бір» дегенменен
Сөзі бүтін халықтың өзі бүтін.
Оралу
Сәдібек Түгелге
Қырандай сорғаласа жырым көктен,
Бүршігін бүр жарғызды бүгін көктем.
Тұлпарын тұғырына қондырады
Қараөткел сүйіншілеп Сырымбеттен.
Пырағым төске салған өрден бері
Арқаның аламанды көрген белі...
Құлагер құла дүзде құйындады
Сейіліп сері Ақанның Сергелдеңі.
Көкшеге бұрдым бүгін өлең көшін,
Зерені Зерендінің тереңдесін.
Ән салып Айнакөлдің аққулары
Есілдің ескен желі елеңдесін.
Құлагер!
Ақан болып төгілер ем,
Өткеннен бізге жеткен небір өлең...
Жырасы Жыландының жылағанда
Етегі Ерейменнің еңіреген.
Ел мынау
От пен желдің өтіндегі,
Басылды Қусақ көлдің көпіргені.
Қу басын Құласының қайыңға іліп
Ақанның құлағымда өкіргені.
Ақынның Алты Алашқа жайған бағын,
Рухы намысына қайралғаным!
Баспа-бас қызға бермес қызығы еді
Құлагер – құнанында бәйге алғаным.
Айтады сан аңызды сағымдай бел,
Құланы құла дүздің арындай көр!
Басында Қызқашқанның қызық қалмай
Асын да Сағынайдың сағынбайды ел.
Артпайық түнге күдік,
таңға секем,
Дүлдүлмен дүбір тілер жалғаса өтем...
Тұлпарын енді қазақ тұншықтырып
Серісін сергелдеңге салмаса екен.
Жүйріктің сыбағасын мол жасалған,
Қызғанып торығады торға салған.
Жүгірсе желден озған,
пырағым-ай
Атығай-Қарауылға олжа салған.
Тұйықтан шыға алмаса тұйғыны аман,
Қиянат қинағаны – қилы заман.
Өмірі тоғыз шалық
дертке ұрынып
көңілі қобыз шалып...
күй жылаған.
Жүйріктің білем жанын жабы ұқпасын,
Тұлпардан тұлдыр шығар торыққасын.
Балтасы Батыраштың басқа ұрмасын
Жартасы Жыландының жолықпасын.
... Құлагер енген күні нұр шырайға,
Көзіңнен бір тамшы жас ыршымай ма?
«қақпан бел,
қалбағайлы
үңгір сағақ»
күңіренген Күреңбайдай сыншы қайда?!
Жүйрікке серік болса
қыран,
құмай,
алдынан ор кезікпес Жыландыдай.
Тұғырға өзіңменен бірге қонған
РУХ-ым аласармас бұдан былай...
Өткеннің өзегінде дауылы қалып,
Қосылдың аламанға сауығып анық.
Көкшеден көкжиекке көсілші енді
Қазақтың қайран жерін бауырыңа алып...
Зарласаң зар илетер заман ақыр,
Сайраны Сарыбелдің санада тұр...
Қастерлі қасқа жолдың киесі боп – .
Құлагер құстай ұшып бара жатыр.
Жүрегімде жаһанның
мұң-наласы,
Шырақ — жырдың осы ма шын бағасы?..
Бір сөз айтып кетсем деп кейінгіге
Кірпік ілмей жүремін түн баласы.
Түн баласы жатамын кірпік ілмей,
Іші арпалыс ақынның
сырты күндей.
Әппақ жанын кірлетіп алмаңдаршы
Ақпандағы ақ қайың бүршігіндей.
Ақпандағы ақ қайың — дара қайың,
Әппақ нұрға шомылған баладайын.
Аламанға қосқаным — Ардакүрең
Қала көрме, көз жазып
ал, ағайын!
27.11.2007ж.
«Жеңіске» барып қайтқанда...
Белгісі жоқ картада,
Глобуста,
Біздің ауыл Арқада
Тым алыста.
Қасіретіне жетеміз көңіл айтып
Тілек айтып келеміз қуанышқа.
Осы өңірде көгеріп,
Көктеп едім,
Көктерегім — басында Көктөбенің.
«Ауыл жылы» соқпаған сол ауылдың
Түзу ұшса түтіні деп келемін.
Күзетеді күзеуді күзгі қыстақ,
Ұрпақ мынау біз жүрген ізді құшпақ.
...Қадырбектей бір ағам мешіт салып
Өмірғали жиенім тізгін ұстап.
Осы айтатын «Жеңістің»
Бар хабары,
Бар хабарын жеткізер шартарабы.
— «Түгіскеннің түгі май» деп сөйлейтін
Арымасын ағайын Арқадағы.
Осы ауылдың бар ма екен ақсақалы,
Осы ауылда бар ма екен жас баталы?
Ақсақалы жоқ ауыл — арсыз ауыл
Ақсақалсыз ауылдың басқа халі...
Біреуі айтты теңгесін «ұтып алған»,
Досым жетті азырақ жұтып алған.
...Қарағайдай қасқайған қайран шалдар
Қасиеті мен осы елдің құты болған.
Абыздарсыз Алаштың бағы да ұшқан,
Ауыл барсам сарғаям сағыныштан.
Басылады көңілім алып ұшқан,
Әкем жатқан мүлгиді Қабірстан...
Барың болса тап мендей жыр етер кім?
Шабыт құсын басыңа түнетермін.
Келген сайын той жасап қарсы алатын
Нұры шалқып жатыр ма
Нұрекеңнің?!*
Шумағымның берілсе шуағы ұлға,
Кездесуге келемін
Қуануға.
Ардакүрең ақынмын Алашыма —
Жайлыбайдың Ғалымы...
Бұл ауылға...
— Болу керек бауырым, көңілді әр үй,
Тірілгендей күй кештір, со Нұрғали.
Дегім келген: «қасқадан төбел туар»
Қарағанды кетіпсің, Өмірғали.
Нұр саулатсын көгіңнен хақ-тағалам,
Жүйрігімді елге кеп баптап алам.
Ауыл — менің барым да,
Базарым да
Ауыл менің — аяулы аппақ анам...
-------------- * Нұрғали Кенжетаев — Жаңарқадағы менің туған ауылым «Жеңісті» ұзақ жыл басқарған Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер. Сол ұжымды қазір марқұм Нұрекеңнің ұлы Өмірғали басқарады.
* * *
Көңілімнің қаз ұшты түстігінен,
Күй күмбірін естідім құс тілінен.
Қанатына сол қаздың жарық байлап
Жұлдыздар да төменге түсті білем
Тұтанғанда өзектің өртінен жыр,
Сезімдердің қос ішегін шертіп ем бір.
Сағынышты сарғайтты сағымға орап
Қоңыр қаздың әніне елтіген қыр.
Тазартқанда жүректі тамшы-жалған,
Арналарын арымның аршып алғам.
Абаттанып жанымның жазирасы
Қанат қағып ұшатын қаршыға-арман.
Ей, жүрегім жиілеу сызданасың,
Мұң кешемін
Айдыным мұздағасын.
қанаттының бәрін де сүйдім
сосын...
сол ауылдың нәзіктеу қыз баласын.
Шашыраған шалғынға күлкі есімде,
Белден асып қайтуға үркесің бе?
Бір құмары қалған-ды бала ақынның
Жылқылары жусаған қыр төсінде.
Байтағыма байланған бақ-талабым,
Қаршығамның қанатын қаққан ағын.
Бір шоқ гүлін ұсынып жүрегімнің
Үркек қыздың үмітін ақтамадым.
Жетегінде ілесіп жегі күннің,
Айналайын айнам-ай,
нені білдің?...
Өзектегі өлеңі өмірімнің –
Түстігінен қаз ұшты көңілімнің...
Шарасына шық тұнған бұла белдің,
Төскейіне төгілтіп шуақ өрдім.
Нұрға ғашық жанымды жетегіне ап
Қырдан асып жүгірген Құлагер – күн.
Құлагер – күн барады
асып белден,
Аққу ұшты арманға асық көлден.
Мен ақынмын,
әуелден ақ дүниеге –
Жанындағы Жайығы тасып келген.
Өмірімнің өлеңде –
жарық таңы,
Күбірлеп ем ішімнен...
жан ұқпады.
Маңып жүзген көктегі
бесін ауа –
Қайда ұшты екен бұлттардың мамықтары?!
Ғұмыр жайлы бастап ем...
бір өлеңді,
Көзімдегі көктемді жүрек өрді...
Қайың біткен қайтадан дүр сілкініп
Қарағайлар қасқайып түрегелді.
Ордам тозып кеткелі,
Жұртым азып,
Жарық күннің сәулесі –
бір күн азық.
...Белі кеткен қара нар жүк көтермей
Елі көшкен кең жайлау тұр құлазып.
Өң мен түс
Ауыл кірді,
тағы да ауыл түсіме,
Асыл түс бұл
Ауыл кірсе асылы.
Құдіреттің құдіретті күші ме
Биыл көктем Сарысу қайта тасыды.
Қиып өтіп бара жатты жол үстін,
Бір топ киік,
Жәудіреген көздері.
Ғажап сурет баяғыдай...
Орыстың —
«Протоны» құламаған кездегі.
Дүниәнің осы ауылда кіндігі,
Ақсақалдар алқа-қотан нұрлана;
Ақбоз үйдің түрілгенде түндігі
Қара саба пісіп жатты бір бала.
Тұлпарымның алыныпты тұсауы,
Кісінейді...
тұрқы бөлек мүсін бе?..
Менің құсым қанат қағып ұшады
Сенің әппақ құстарыңның ішінде.
Арғымағы арымаған бұл елді,
Өле сүйдім,
көктем болып көгердім.
Ерттеп жаттым күдері жол күреңді
Өң бе,
түс пе,
айтшы жаным, не көрдім?..
Жылқышының баласы...
Байтал – бұлттың құлын-қыр төсін еміп,
Керуеннің Арқаға көші келіп.
Пұшпағында Бетбақтың біздің ауыл,
Жататаұғын кез еді өсіп-өніп.
Қай жыл еді,
есте жоқ қай күн еді,
Жұлдыз жанып аспаннан Ай күледі.
Түн түндігін тілгілеп қамшысымен
Жылқышының баласы тай мінеді.
Сол ауылдың жаны жаз.
Күлкісі күн,
Қайтар кезі жақындап жыл құсының.
Айкүреңі атағын әйгілеген –
тай мінеді баласы жылқышының.
Көз алдымда көлбесе жусанды қыр,
Буырқанып көңілім,
бусанды іңір.
Жылқышының баласы тай мінгенде
Жеткізбейтін сағымдай қусаң ғұмыр.
Жастығымның жазира жайлауы құт,
Айдан асып асқақтап
айман-үміт.
топқа түсіп кеткенмін тоғызымда
тобылғы сап қамшы ұстап тайға мініп.
Ерте келген көктемнің елесі боп,
Зулайды күн ойы мен белесі көп.
Асау тайдың жалында...
тізгін қағып –
Көз алдымда көлбейді көне сурет.
Байтағымның бақыты толғағаным,
Қыран болып көгіңнен
Сорғаладым.
Белі шықпай бесіктен бәйге көрген –
Жыр жазбауға хақы жоқ сол баланың.
Жаздар қалды соңымда
Күздер қалды,
Тай тұяғы жаншыған іздер қалды.
Жылқышының баласы –
Жылқы мінез –
тұнықтың да тұнығын іздер мәңгі...
* * *
Жалынан сылап,
баптаған күлік,
Қарына іліп ақтабан құрық.
Ақпанның күні азынағанда,
аш бөрілердей ақ боран да ұлып.
Тап болсам шіркін
қазыналарға,
Әппақ әлемде емделіп алып,
Ақпанның айы азынағанда
Қайтсам ба деп ем елге бір барып.
Қарайламайды артқа бұл жалған,
Үркерлерім де үркітіп ақты.
Қатары сиреп қарттарым қалған –
Қасқыр ішікті,
түлкі тұмақты.
Тағдырдың торкөз
тұзағы құрған –
тынатын шығар өлтіріп тегі.
Түнде Айға қарап ұзақ ұлыған
Көк бөрілердің бөлтіріктері.
Шыққанда шырқар
әнім қыстығып,
Көре алмай қалдым көзім тұнғанын.
Қара шанақтың зарын құстырып
Өз қобызымды
өзім тыңдадым.
Жолға шығайын,
қарасын бәрі,
Көгереміз бе көнені күз деп?...
Ақ түтектердің арасындағы –
адасып қалған
өлеңімді іздеп...
Қызылағаш, Қызылағаш...
Жанымның жазығында ат ойнады,
Арымның ақ бұлағы атойлады.
Түнімен қара шанақ күңірентті —
«Қобызшы Молықбай шал Матайдағы»
Шайылса шаңырағы шыңғырады ел,
Қайғыдан шашын жұлып тұр құба бел...
Ағынды Ілиястың Ақсуында —
Құлады құстай ұшқан Жыр-Құлагер.
Қыспақтан шығар деп ек...
Наурызда аймақ,
Құтының қазанында ақ уыз қайнап.
Көктемге көш түзеген керуен еді
Қабанбай,
Райымбек,
Наурызбайлап...
Айқайға сүрең қосып шу боратқан,
Топан да тосқауылсыз...
тулап аққан.
Тажалы табиғаттың тура келсе
ажалы адамзаттың
судан,
оттан...
Дүние, бес күн сәуле
фәниде өткен,
Тауқымет тармақтарын тағы үйреткен...
«Қобызшы Молықбай шал Матайдағы»
Қиямет күйін шалып зар илеткен.
Жан алаң,
көңіл де алаң,
халық та алаң,
Қызғыш құс Ақсу бойлап қалықтаған.
Белеңі бебеу қаққан тіршіліктің
Бөгені бөгесін боп жарытпаған.
Ел едік жаңа жайған керегесін,
Қирайды қыр асқанда неге көшім?
Арман-ай,
арман-айлар азаймайды –
Хал қалай, қарындас жұрт, демегесін...
Болсыншы, айналайын, жұмақ алдың,
Алладан тағы медет сұрап алдым.
Самалы Сарыарқаның сарнағанда –
Жетісу жеті өзені жылаған күн.
Ақынмын,
Елімнен жоқ қиыр күнім,
Молықбай, сен де менің күйімді ұғын!
Қара шал немересін таяғымен
Іздеп жүр арасынан үйіндінің.
Кеудем тұр бірде ашылып,
бір басылып,
Қайғының қара суы құмға сіңіп...
Жете ме жаратқанның құлағына
Кете ме көгімдегі күн де ашылып?...
Жүйкем де жүдеу бүгін
жауыр жаным,
Қайғыдан қара бұлттай ауырладым.
Қара орман қазақ елі
қабірге емес –
Жерлейді жүрегіне бауырларын.
Ескі қорым
Елден хабар көп болды естімедім,
Елең-алаң көңілім...
кешкіремін.
Қобыз шалып жатыр ма қоңыр
қырда
Ескі қыстау қасында ескі қорым.
Ақ дүниеге ұмтылдым төзім қашып,
Қызыл-жасыл әлемге кезімде асық.
Қобыз шалған қыраттың етегінде
Ескі қорым...
көргенім көзімді ашып.
Сан сапарлар жайлы сан толғадым да,
тіршіліктің бұралаң жолдарында.
Ұлы сарын көңілде қобыз тартып
Көшіп жатыр сол ауыл сол қорымға.
Аялаған ақ мекен ұлы арманды,
Саған келсем көз алдым мұнарланды.
Ескі қорым – ескі әні
Дүниенің
жалғандығын қайталап тұрар мәңгі.
Жусанға өскен қарамай
Самалға ескен,
Сені ойласам әйтеуір алаң кешкем.
Ескі қорым...
ескі жұрт желкесінде
әкем көшкен,
артынан ағам көшкен.
көз алдымда көлбеген көштің легі,
өмір ме осы,
білмеймін,
кештім нені?..
Қоңыр қырдың төсінде қобыз шалған
Ескі қорым көргенім ес білгелі.
Қатарымның атынан сөз алдым да,
Бәйге көрдім...
өзің айт,
оза алдым ба?
Үркердей боп қалыпты үлкендерім
Ескі қорым үлкейіп көз алдымда.
Тіршіліктің айта алсам дұрыс әнін,
Қанаттылар тобымен бір ұшамын.
Қоңыр қырды тербеген ұлы Сарын –
Сенімен де бір күні ұғысамын...
Ескі қорым...
Сүмбіледегі сурет
Сүмбіле жұлдыз жанғанда,
Сезімнің ашып бір бетін.
Жаныма орап салғанда
Сүмбідей қыздың суретін.
Бүрлеген жырдың емені,
Көңілде қайғы да бар-тын.
Сүмбідей сүмбіледегі –
айдынға ай құлаған түн.
Ғұмырдың күйін толғап ем,
Айдында ай да дірілдеп,
Солқылдап тұрдым сонда мен,
Жұлдыз біткенге күбірлеп.
Азаймай мұңым, қайғым да,
Арнаммен сарқырадым ба?
Ай болып жүзіп айдында
Жұлдыз боп жарқырадым ба?...
Күңгірттеу шығып күз әні,
Жолдар да кетті бұрылмай.
Ұзарды жылдар
ұзады –
құлдыраңдаған құлындай.
Жаныма серік жарық Ай,
Жалғыз түп жалқы жусан-тын.
Түсінесің бе, жаным-ай
Сүмбіле туса-су салқын.
...Сырларды бүктің ішіңе,
Беткейдің белі,
белеңі.
Ене ме, сенің түсіңе –
Ақынның арда өлеңі.
Бүрлеген жырдың емені,
аздаған қайғы да бар-тын.
Сүліктей сүмбіледегі
Айдынға ай құлаған түн.
Қайтейін...
Ғұмыр сүрдім бе,
Ез үшін бұл жер-тойған жер.
Айымен қосып бұл күнде
Айдынды жұтып қойған жер.
... Күн өтті сосын
Жыл да өтті,
Домбырам не күй шертеді?!
Сүмбіледегі суретті –
Сендерге айтсам – ертегі.
Қарашада ...
Көңілімнің тілейді хошы нені,
Керуендей күндердің көші есімде.
Арман болған Алматы осы ма еді
Көліктері кептелген көшесінде.
Аламанның алдында таң асқалы,
Көңілімде көгерген үміт-көктем.
Әппақ дүние ішінде адасқалы
Сағынышым сағымға сіңіп кеткен.
Күндерімнің көзінен көрем арай,
Тағдыр нені маңдайға бұйыртады.
«Қарашада өмір тұр...» – деген Абай
Қарашада қар жауды биыл тағы ...
27. ХІІ. 2008
Сынық арба
Сынық арба,
Білмедім мұңы бар ма,
сыры бар ма,
жаутаңкөз жыры бар ма?...
Дойыр қамшы секілді добал күнді –
сәулем кем боп тұрғаны ұғынарға.
сынық арба ...
Көне күнде қалғандай көмескі үміт,
Дүниенің кеткелі бәрі ескіріп.
Майланбаған шиқылдақ
дөңгелектен –
тіршіліктің тұратын әні естіліп.
Сынық арба!
Көненің көзі ме едің,
Сені көрсем өткенмен кезігемін.
Шалғайдағы
шалғымен шалғын орған –
Қайран қара шалдардың төзімі едің ...
Сағынышын сарнатқан сарыбелдей,
Жырың өлмей келеді,
Әнің өлмей...
Шоқ қалғанда жылтырап әр ошақтан –
Бала шақтан сақталған жәдігердей.
Желді күні үй тігіп
Жар басына,
толқын іздеп тірліктің арнасына.
Қайран біздің әкелер
ақ таңменен –
атын жегіп шығатын арбасына.
Сынық арба,
қу ағаш,
қандай Заман,
Баян таппай күн кетті барды ойлаған.
Жарлыға да таяныш
сен болғанда
Арлы бала мен едім арба айдаған.
Сынық арба!
сен бе едің бір ардағым,
түлкі – заман алдымнан бұлаңдадың.
Өткенімнің көзіне құм шашатын
Өркениет,
өзіңді ұға алмадым.
Тыныпты өңір ...
шайқалды тұнық көңіл,
Үкі тағам үзілер үмітке кіл.
Сынық айдың жүзінен сыз көреді –
Сынық арба қасында
Сынық көңіл ...
Лэйла қыз
Ақын деген – кейде бала,
Кейде абыз,
ғұмыры да кейде ертегі,
кейде аңыз.
Башқұрттардың аңыратқан арманын –
Ақеділдің жағасында Лэйла қыз.
Жанарыңда бір қуаныш,
бір қайғың,
Көңіліңнің көк толқынын тыңдаймын.
Шанағынан күй ұшырып қобыздың –
Сағағынан әуен үздің қурайдың.
Сен ән салдың...
Сосын мен де шырқадым,
Тіршіліктің бірге көріп бір таңын.
Ақеділдің толқындары толғатып
Жарықтары жарқырады Уфаның.
Төбемізден қалқып өтті құстай күн,
Құстай күнмен бірге неге ұшпаймын?
Мен жырларын жатқа оқыдым Мағжанның –
Сен өлеңін өбектедің Мұстайдың.
Лэйла сұлу,
Сендей қызды сүйген кім,
Шалқыдым да шабытты бір күйге ендім.
Армандарын арғымақтай
аңсаттың –
Сайфи Құдаш,
Мәжит Ғафурилердің.
Атар таңнан Алашыма бақ сұрап,
Ақеділде арман қалды –
ақ шырақ.
– Башқұрт болған қандай бақыт –
дедің сен,
– Қазақ болу, әрине, одан жақсырақ.
Екеумізге елеңдеді елік – қыр,
Елік қырдың мөлдір шығы еріп тұр.
Түбіміз бір,
Күбіміз бір жұрт едік –
– Жұбымыз бір болса – дегім келіп тұр...
* * *
Көзімнің тұңғиығында,
көңілімнің бір қиырында.
Арымның асыл көлінде
Жанымның жасыл белінде –
Сен жүрсің...
Өлеңнің нәзирасындай,
Жаңаарқа жазирасындай.
Тағдырдың арман шыңындай
Шалғынның тамған шығындай –
Мөлдірсің!...
Бегімайдың әні
... Оң қолыңда көгершін,
Сол қолыңда көгершін.
Қазақ бәйке, асықпа
Өлеңіңмен өберсің ...
Бегімайдың әнінен
Жұмабай Шаштайұлына
Туғанда оң жағымнан көңіл Айым,
Сейілді жанды жеген жегі – уайым.
Үзілтті,
Үздіктірді қырғыз қызы:
Дүние-ай, арманым көп не қылайын.
Білмедім
жырладың ба,
толғадың ба,
Батырдың қос ағаңды сорға,
мұңға.
Бішкектің мамырдағы мамық түні:
«Көгершін оң қолымда,
сол қолымда...»
Үркітер жан емес – ек құсты көлден,
ақынмын әппақ-әппақ түсті көрген.
Бегім-ай,
бекзат ару ән салады
Бұрымын бес күн тарап, үш күн өрген.
Тірлікте қызыл-жасыл жолағы көп,
Бішкектің бір шалқыдық қонағы боп,
Жұмағам ұжымақта отырғандай
– Көгершін қай қолыма қонады – деп.
Жыр етіп айтатындай кейін ұл-қыз,
Қырғыздың көрдік ғажап пейілін біз.
Көңілдің көгершінін көкке ұшырып
сызылтты Бегімай – қыз,
Мейрім қыз.
Бегім-ай!
шырқа әніңді,
айт өлеңді,
тайпалтып тау асайын айтөбелді.
Аққуын айдынымның аспандаттың
Дариға-ай, арманым көп қайтем енді...
Баянтаудан қайтқанда
Баянтауда қалғаны ...
Сол бір өлең,
Жасыбайдың көзіндей мөлдіреген.
Бетегесі береке белді көрем,
Елді көрем,
Көгілдір көлді көрем
Баянтауда Баяндай сол бір өлең ...
Бұл өлкенің ежелден құт әні бар,
Жанғың келсе
Бар-дағы тұтанып ал ...
Ұтылғаны ...
әлі де ұтары бар
Мәшһүрі бар,
Олжасы,
Бұхары бар,
Сүйіндіктің сүйкімді бұтағы бар,
Жадыратар жаныңды жұпары бар.
Тірлігімнің ұжмағы – Баян бағы,
Желмая жыр тұсыңда аялдады,
Жапырағымды жайқалтам ...
жаям-дағы,
Орындалсын адамның қай арманы
Сайран күндер – сағыныш
Саяңдағы.
Бағытыма Баянның бақтары алаң,
Жолаушыдай жолым бар,
Жоқ қараған.
Уақыт бізді құлындай ноқталаған,
Тұсыңа кеп толқимын,
Тоқтап ағам ...
Торығады,
Тосады топ қараған.
Жарқыраса жұлдыз жыр,
Сырғалы өлең,
Баурайыңа Баянтау,
жылда келем.
Тұмасында тұнады тұнған әлем.
Түсіме де енеді
толқын болып –
Баянаула,
Жұлдыз жыр, сырғалы өлең...
* * *
Жырлы көктем жеттің бе,
нұрлы көктем,
Орамалың желбіреп гүл жібектен.
Жылап ағып барады жылғаларда
Менің қайран жылдарым,
жылжып өткен.
Ауылда өскен бала едім,
тай үйреткен,
құлынында тұлпарды тани кеткен.
біздің ғұмыр тұрмайды
ғанибеттен –
Жылжып кетті жылғаға фәни-көктем.
Фәни-көктем жылғаға жылжығалы,
Түн жылады...
жанарым тұнжырады.
Сұрғылт әні тірліктің
сарнағанда –
шыңғыртады уақыттың қыл бұрауы.
Тағдыры да тайқылау талайлардан,
Сұлу көрсе сұқтанып қарай қалған.
Періште мен адамның арасында –
Ақын да бір айнам-ай, арайлы арман ...
Түнегі көп дүние-ай,
Самалаң аз,
Көктем келді,
келеді далама жаз.
Сағым ұшып барады көз ұшында –
Сағынышын сарнатқан, сары ала қаз!...
Нұрлан Мәукенұлымен Шыңғыстауға сапар
Өрге қарай домалап тасымыз да,
Бақыт құсы қонғандай басымызға.
Шыңғыстауға Нұрлан дос,
сапар шектік
Кеңесбаев Талғат бар қасымызда.
Аспандағы ақша бұлт түйдектеліп,
айдындардан қаз ұшты,
үйрек қонып.
Күн мен айға төккен ек сәулемізді
Жидебайға жетпеп ек жидек теріп.
Алағай ма бұл өмір,
бұлағай ма,
Зауза ма әлде есте жоқ
құралай ма?..
Бір арнаға қосылдық жиылып кеп
Сыйынып кеп тұрған соң ұлы Абайға.
Қара өлеңге қанатын қаққан ұлан,
Байтағының бақ іздер бақтарынан.
Сынық шанақ қобызды күңіренттік
Қарт Шыңғыстың қастерлі
қатпарынан.
Бұлбұл кеуде бұла едік,
тоты қанат,
Көздің жасын бұладық отыра ғап.
Зерендегі тереңді тулатқанбыз
Зиратынан Зеренің топырақ ап.
Басына бақ бұйырғыр,
қырына гүл,
Ұлы мекен,
бізді де ұғына біл!
Өтті ғайып дүние өң мен түстей
Кеп тұрайық деп едік жылына бір.
Асар кезде көрікті көшің қырдан,
Торықтырған тоғайды...
тосын құрбан.
Айналайын бауырым, досым
Нұрлан
Сенің қазаң мені де шошындырған.
Қимаса да бұл тағдыр Төрін мейлі,
Қырқатыны несі екен өрімдейді.
Шыңғыстауға содан соң барғаным
жоқ Кеңесбаев Талғат та көрінбейді.
Ашпайды енді бұл өмір өткенге
есік,
Көктөбеде жүруші ек көктем кешіп.
Бізден гөрі сен бәлки бақыттысың –
Ұлы Абайдың аулына кеткен көшіп.
Ұлытауға бардың ба?...
Жүрсін Ерманға
Ұлытауға бардың ба, Жүрсін ақын,
Биігіміз еді ғой бір шығатын.
Тұма таппай кезінде тұншығатын
Ұлытаудан ұлтым деп күн шығатын
Ауылыңа бардың ба, Жүрсін ақын.
Маң далаға маңғанда үйіріміз,
Қатар жортқан Бетбақтың киігіміз.
Жиынымыз тарқамай тұрған шақта –
Бір шығатын Ұлытау, биігіміз.
Бісмілләсі сөзіңнің Ұлытау,
Қасым,
Шыңырауда емес қашанда
шырқаудасың.
Ұлытаудың жоғалған ұлар құсы
Будақ-будақ басынан бұлт ауғасын.
Жүрегіңнен көшкенде өлең көші,
Сендей болар білгенім ел еркесі.
Қыс ішінде туылған Құлжанбайда
Құс ішінде ұлардың көлеңкесі.
Ақын едік тербеткен ақпан әні,
Өлең бізді білгенім баққа орады.
Ұлытаудың ұлыған аш бөрісі
Ұлытаудың ұлыған ақ бораны...
Жаздар қалып артыңда,
Күздер қалып,
Бұл ғұмырда сен жүрген іздер қанық.
Алпысқа да алшаңдап бұрын жеттің
Елсізінде елудің біздер қалып.
Жылағанда жаныңда жыр ұлары,
Көз алдымда көк аспан құбылады.
Сіздің ауыл іргесі
біздің ауыл
Оқ боп жауған орыстың зымыраны.
Нар бағасын білетін
ар бағасын,
Тағдырласым сен менің
арналасым.
...Ұлар құсқа не дейміз көрмегесін
Ұлытауға не дейміз, бармағасын.
Өмір жарыс біреуге
Өлең – дүбір,
Тасыр тағдыр тыңдай ма
Керең ғұмыр.
Сарыарқаның сағымын сағынғанда
Көріп жүрсем жарайды төбеңді бір.
Жүрсін ақын,
Жүрсін дос,
Жүрсін аға,
Жақын туған жаныма жырсың аға.
Тағдырыңнан күткелі бір сыбаға
Тереңіңде тұмалар тұншыға ма?
...Ұлар құсты көрдің бе, Жүрсін ақын
Ұлытауға бардың ба Жүрсін аға!
Сүмбіле – өлең
Безбен – уақыт!
алдыңда жүгінер ем,
тәтті-тәтті түс көрдім түніменен:
құлдыраңдап жүгірді қырдан асып
қылшылбырын сүйреткен құлын-өлең.
Күмбіріне кететін сыйып әркім,
Көңілімнің көнелеу күйі бар-тын.
Ескі тамыз естелік айтып жатты
Сүмбіледе сүттей боп ұйыған түн.
Құба белде құм кешкен құрбылар-ай,
Бес күн сәуле дегенің –
бір күн Арай.
Жұлдыздардың жұмбағын шеше алмайды
Айдынында аспанның сырғыған Ай.
Мезі еткенде мезгілің ырың-жырың,
Не айтпақпын сендерге күнім,
гүлім?...
...Дүниені тербетіп отырайын
Бүтін сөзін түгендеп бүгінгінің.
Көлге кетіп қалып ем ...
Беу, Талаптан!
Қайран дос,
Қайран бауыр,
Сырғып кетті сенен де айман-дәуір.
Өміріңнің елесі жанарымда —
Көңілімнің кемесі қайраңда жүр...
Беу, Талаптан, қайран дос,
Қайран бауыр.
Беу, Талаптан!
Алтайдың арлы ұлысың,
Жаратқанның қашанда жарлығы шын.
Аялайтын жыршы едің таңды құсың.
Біздің жетім толқынның
Тарғыл түсті —
Тарбағатай секілді тағдырысың...
Тұнық көлім кеткендей ылайланып,
Сен шықпайсың алдымнан шырайланып,
Құс қанаты қайрылса
Құлайды анық...
Қабіріңнің басында қара бұлттар —
Қара шәлі жамылып жүр айналып...
Беу, Талаптан,
Артыңда іздер қанша?..
Күреңіңді баптар ең күз болғанша.
Сені ойлаған қу жүрек сыздар қанша?!
Нұрлан, Қайрат достармен құшақтасып —
Бірге жүре тұрарсың біз барғанша.
Қара орманың соңыңда —
Жұртың қалды,
Бұл жалғанда жамар кім жыртылғанды?
Есігіңде ілулі құлпың қалды.
Жазушылар Одағы аталатын —
Қасиетті ордада рухың қалды.
...Өсер деген көңілім,
өшіп қайттың,
Қара суын қайғының кешіп қайттың.
(Дұшпан түгіл бұл хабар дос ұқпайтын...)
...Көлге кетіп қалып ем
Сол көліңе
Көлдей болған көз жасым қосып қайттым.
Беу, Талаптан!
Түрікменнің төрінде
Сапар сазы
академик Анағұрбан Әшіровке
Көңілдегі түндігі ашық, түрікмен,
Өмірдегі мұңлы ғашық, түрікмен.
Дутар сазы жырға ұласып жарқырар
Айдың нұры күнге ұласып, түрікмен.
Иманы – нұр,
Сабыры ұлы,
Салты ұлы,
Жанарында найзағайдың жарқылы.
Шырағданын жағып қойған секілді –
Оғыз ханның орда тіккен алты ұлы
Зеренінде буырқанып,
бұрқанып,
Тереңінде рух әні шырқалып.
Нұқ пайғамбар заманынан бастау ап –
Күн нұрынан жаратылған бұл халық.
Ақша маңдай Ар өсірген, түрікмен,
Ақ самалдай жаны есілген, түрікмен.
Сахараның түйелерін шұбыртып
Құм ішіне бақ өсірген, түрікмен.
Ұлы еліңе сенім көктен...
түрікмен,
Кілеміне зерін төккен, түрікмен.
тілегіме тілек қосып аялап
Жүрегіме орын тепкен, түрікмен.
Оғыз өзен көз салғанға көк кемер,
Көк толқыны көкірегіме от берер.
Ағойлыдай аңқылдаған ақынның
Көсегесін көгертетін көктем ел.
Өлеңіме өмір берген, түрікмен,
Өреніне көңіл бөлген, түрікмен.
Оғызнама
Рухнама боп жаңғырып
Төрін бермес төрін берген, түрікмен.
Ашғабатта...
Ашғабатта,
Жүргеніңді сездірмей басқа жақта,
Қарайтұғын жұрт көрдім қас-қабаққа.
Сөз алатын...
Аламанда кезім бұл оза алатын,
– Өлең-деді өлеңің,
Гөзәл ақын.
Қала қандай,
Жігіттері қатепті қара нардай,
Үмітті елі жолыңа қарағандай...
Бір түйіліп...
Айбынымен Ай астын шырқ үйіріп,
Ат жалында Оғыз хан рухы биік.
Жарқылына,
Баққа қорған елінің салты мына,
Атқа қонған Оғыздың алты ұлы да.
Таң қалса мың...
Гөроғылы аңсаған арман – сағым,
Қобызынан Қорқыттың қалған сарын...
Ашғабатта, –
Тұлпар сыйлар ел барда хас талапқа,
Барғың келмей қалады басқа баққа,
Ашғабатта...
Көне үргеніш
Қалқып ұшса төбеңнен құс,
Дүние – жалған,
Өлең – кеніш,
Оғыздарға орман болған
Көнеүргеніш, Көнеүргеніш.
Ақ найзаның ұшындағы,
Оғыз түрік мұсылманы...
Көнеүргеніш – көне тарих
Ил – Арслан тұсындағы
Қаңтар ма екен,
ақпан ба екен,
Баста тұрар бақ бар ма екен?..
Солтаншасы,
Текештері –
РУХ отын жаққан мекен.
Қорқыт – ата күйі өлмедің,
Маңдайыңнан сүйер ме едім.
Көнеүргеніш – көне күннен –
Қалып кеткен кием менің.
Айым туды бүгін аға,
Маңдай тіреп құбылаға.
Зияратым қабыл болар –
Нежмеддин Құбыраға.
Көкжиекте сағым ескен,
Аққуларға әні ілескен.
Көнеүргеніш – шамдай шаһар
Ғасырлардан жанып, өшкен.
Сапар басы –
көңілдегі іс,
Өркеніне өмірге өріс.
Оғыланың орман болғыр –
Көнеүргеніш,
Көнеүргеніш...
Бұлбұл
Түрікменнің ұлы ақыны Нұрмұхамед Әндіәліптің 350 жылдық
тойында оқылған өлең
Жазираңда жалғандықтар үріккен,
Нәзираңда көз жасым бар іріккен...
Әндіәліптің қазақшасы – бұлбұл құс
Бұтағыңа қонақтайын, түрікпен!
Оғыз – қыпшақ заманында,
ілкіден...
Шығысымда шырай төккен бір күн ең...
Армысыңдар ай сынығы секілді
Бармысыңдар түбіміз бір түрікмен!
Ләйлі – Мәжнүн,..
Жанарында еріп нұр...
Өлкеңізде ашқан кезде өрік гүл,
Мақтымқұлы мұңын ішкен кеселеп
Ұлы Абайдың ұрпақтары келіп тұр!
Текежәуміт демесеңдер айыбы,
Арғымақтың бос болмайды айылы.
Саған келдік Нұрмұхамед Әндіәліп
Махаббаттың,
Шапағаттың шайыры!
Бұлбұлдары бақта сайрар жыр едің,
Жырдың балын тата алмасам
жүдедім...
Зылихаға ынтық болған Жүсіптей
Ата қазақ ұсынады жүрегін.
Ғұмырыңды Ай ғып кетсем деп келдім,
Құлыныңды Тай ғып кетсем деп келдім.
Көңіліңді жай ғып кетсем деп келдім.
Махабаттың жыры туған өлкеден –
Ләйліні іздеп ләйліп кетсем деп келдім.
Қызыл-жасыл дүниеге таңданып,
Керуеніңе керуеніміз жалғанып.
Махаббаттың мәңгілігі шын болса
Сен де мәңгі, Нұрмұхамед Әндіәліп
Гүлрайхан
Ташауызда талшыбықтай Гүлрайхан,
Жан сырымды Сізге айтпаған,
кімге айтам?..
Тереңінде тербететін текті қыз,
Жанарыма жарық сыйлап кеттіңіз.
Ізгіліктің ізіндейсің Гүл-Райхан,
Үзілесің...
Үзілмейсің, Гүлрайхан.
Сені көрген бағым ерен, Гүлрайхан,
Ташауызға тағы келем, Гүлрайхан!
Көңілі әппақ,
дидары әппақ,
тісі әппақ,
Түркіменнің болашағын құшақтап...
Талшыбықтай ырғаласың, Гүлрайхан,
Бағы ашылғыр бір баласың, Гүлрайхан!
Көйлегіңді кестелеген қай шебер,
Қабақ шытсаң жұлдыз ағып,
Ай сөнер...
Ақ жүзіңнен арай көрдім, Гүлрайхан,
Топ ішінен қалай көрдім, Гүлрайхан?..
Уылжыдың,
Үлбіредің, Гүлрайхан,
Жетер енді
Бүлдіремін... Гүлрайхан!
Сені көрген бағым ерен, Гүлрайхан,
Ташауызға тағы келем, Гүлрайхан!...
Құмдағы сексеуілдер
Тамбай кетсе жаңбыр жасы,
Құла дүзде мұң кешкен.
Түрікменнің тағдырласы –
Сексеуілдер құмда өскен.
Қаталайды…
білдірмейді,
Кепсе дағы ындыны,
Шөл ішінде нұр гүлдейді
Гүл шықпайды сұмдығы.
Тіршіліктің ауырына,
Қосады құм дауылын.
Бетбақ шөлдің бауырына
Жабыстырып бауырын.
Сексеуілдер
өсіп, өніп,
арайлап таң атады.
Ғасырлардың көші келіп
Көзайым боп жатады.
… Жылқышының ұлы едім мен,
Шөлде қалған жалын жас.
Жанымменен,
жүрегіммен
Сексеуілмен тамырлас.
Әулиелі дара ағаш па,
Қалып кеткен бұрыннан.
Қасиетті қара қоста
Отына сан жылынғам.
Сіреседі жалғыз өзі,
алдырмайды азапқа.
Сексеуілдің бар мінезі –
Түрікмен мен қазақта.
Ұқпас ұқпас күйін мейлі,
Тағдырдың мәрт сынағы.
Сексеуілдер иілмейді
Сексеуіл шарт сынады…
Мақтымқұлы мақамы
…Дос келетін болса достың қасына,
Тебіренеді топырағы тасы да.
Жұрт жиналса бір дастархан басына
Бағы жанып, тасар нұры
түрікменнің.
Мақтымқұлы
… Өмірімді өрнектедім өлеңмен,
Үр көңілім Үргеніштей көнерген.
Аққу – қаздар қалқып ұшты төбемнен
Бағы жанып, тасар нұры түрікменнің.
Көкке қарап ұлығанда көкбөрі,
Көлді айналар көңілінің кептері.
Копетағтың тауларындай текті елі
Бағы жанып, тасар нұры түрікменнің.
Жырлап берсе Түрікменнің кілемі,
Мәңгіліктің мәуелейді гүл өңі.
Дүниәнің қызыл-жасыл реңі –
Бағы жанып, тасар нұры түрікменнің.
Аламаннан ақалтеке тосатын,
Дүбір шықса дүлдүл сайлап қосатын.
Оздыратын өз атынан дос атын
Бағы жанып, тасар нұры түрікменнің…
Түрікменбашы әуежайы.
Қоштасу жыры
Желмаядай желетін желге қарай,
Алып лайнер әкетер елге қарай.
Жолдарымнан жарық боп жалқын шашар
Орманынан оғыздың ерген арай.
Шабыт құсы қонғандай сірә, маған,
– Қош бол – айтып кете алман бұл арадан.
– Оразгүл, – деп ой кешті Жанар інім
Күбірледі – Гүлшат, – деп Жұман ағам.
Ақ сайранын сайлаған Ата күндер,
Алтын қанат нұрыңның шапағын бер!..
Тәтті – тәтті түс көрдім түрікменде –
Мақтымқұлы ақынның мақамын бер!
Анық елсің арманы Ай таңбадай,
Көңілімнің құстарын қайтармағай!
Бес мың жылдық тарихын түрікменнің
Бес – он күнде айғақтап айтам қалай?..
Тірлігіне туыстың ғажап қалып,
Елге қайтып барамыз қазақтанып.
Күздің жарық кездерін кие тұтқан –
Біздің халық сезгенім аз-ақ халық.
Көкөрімнің көңілі гүл кілем расы,
Сұлуының көзінде іркіген жасы.
Ошақтың үш бұтындай үш бауырын
Әуежайдан самғатты Түрікменбашы...
АНАДОЛЫ анасындай түріктің...
Біздің бастан өткен тағдыр не түрлі,
Үзілерде жібін жалғап үміттің.
Атажұртын сағынатын ceкілді
Анадолы анасындай түріктің.
Тереңдегі тамырыңның біpі едім.
Баянды күн басымдағы бақ деңіз.
Түріктердің тербетеді тілегін —
Қара теңіз,
Мәрмәр теңіз,
Ақ теңіз.
Шынарыңның шың басында шырқауы,
Жолдарымыз бастағанда жоғары.
Көкжал мінез көк түріктің ұрпағы —
Түбі бірлер түбінде бір болады.
Беу, Түркі елі,
Арайлы алтын күнім ең,
Ертегім де
Ертеңім де — Елдігім,
...Көкбөрінің талып жеткен үнінен —
Рухымды іздеп келдім мен бүгін.
Ыстамбұлдың шаһары
Ай, Ыстамбұл,
Ыстамбұл,
Аумай қалған құстан бір.
Көк түріктің бесігі —
Көк аспаннан құшқан нұр.
Шемен болған шерім бар,
Түркі тектес елім бар.
Теңізіңде терең бар —
Тереңіңде тегім бар.
Атады екен күліп күн,
Тірлігінен сыр ұқтым.
Жаяды ыстық құшағын
Тумасына түріктің.
Ел осында аталы,
Жұрт осында баталы.
Шырағындай жанымның
Ыстамбұлдың шаһары.
Айып сұлтан мешіті
Мұсылманға айтайын деп бір тілек
Ыстамбұлда жыр оқыдым күркіреп...
Жәркен.
Алақанда ай сәулесі дірілдеп,
Көкірегімде күннің нұры күлімдеп.
Күркіреп жыр оқымадым мен аға
Мінәжат ғып дұға оқыдым күбірлеп.
Ыстамбұлдың орын тепкен төрінен,
Мұсылманның баласының сенімі ең.
Айыптама, Айып Сұлтан мешіті —
Айыбымнан айыққалы келіп ем.
Құдыретіңе бас игізді пайымым,
Болса болар ақындықтан...
айыбым.
Тау толқынды мұхитына мезгілдің —
Тәуекелдің салған ұлмын қайығын.
Мұсылманның баласына нұр тілеп,
Санадағы шаң-тозаңды сілкілеп.
Мешіт деген мейірімхана секілді;
Аққу — сезім тербеткенде ниетіңді —
Жаныңнан бір жылы жауын сіркіреп...
Шаждаласпен кету қиын қиысып,
Жолдарымыз қалар талай түйісіп.
Айналайын, Айып Сұлтан мешіті,
Төбеңдегі ай көкте Күнмен сүйісіп,
Сен аман тұр, біз келейік жиі ұшып...
Шайырлар ақшамында оқылған өлең
Сапанша. 2001 жыл. Маусым
Ондық шамдай білтелі,
Шалқып жатқан нұр тегі,
Жұлдыздардың Үркері
Қасиетті түркі елі,
Айға қарап ұлыған
Көкбөрінің жұрты еді.
Шалдыққанда тірегім,
Сандықтағы сыр едің...
Бірге соғар жүрегім,
Деген ұлдың бірі едім.
Көкбөрінің жұртына
Ай сәулесін тіледім,
Күннің нұрын тіледім...
Бауыр елім,
Бақ елім,
Әйбат екен әлемің.
Дәйегім де
дәлелім,
Жырыма орап әкелдім,
Анадолы еліне —
Атажұрттың сәлемін.
Сезген кезде сыз демін,
Сезген кезде күз демін.
Көрсеткенде түздерім
Көкбөрінің іздерін,
Үмітімді үзбедім,
Тамырынан түркінің
Тағдырымды іздедім.
Аулақ болса мұң-қайғы,
Уақыт тілі тынбайды
Әлем бізді тыңдайды,
Ғасыр бізді шыңдайды.
Діні мықты еменнің —
Бұтақтары сынбайды,
Бұтақтары сынбайды...
Қасиетті күннің қақпасы
Жаңа жыл — жаңа таңдарым,
Сары үрпек балапандарым,
Тас жарар таудай талабым,
Көш бастар нар — атандарым.
Аңсадық ғасыр — ананың
Аялы алақандарын.
Жаңа жыл — жаңа күндерім,
Жайқалған лала гүлдерім.
Қырлардан көрер қырмызым
Жанарым, жамалым дедім.
Жарқырап жанар жұлдызым —
Тағдырым, таланым менің!
Жаңа жыл — жаңа айларым,
Желбіреп тұрған байрағым.
Шолпысы сыңғыр қағатын
Шолпаным менен Айманым.
Жүректен мың жырланатын —
Алашқа жетер айбарым.
Жаңа жыл — жарқын ақ арман,
Сәуле боп ұшқан санамнан.
Қасиетті күннің қақпасы
ашылса екен тағы алдан.
Ортайып қалған отбасы,
Құтылса екен амалдан.
Жаңа жыл жаңа бақ шығар,
Бақ іздеп жүр ғой жақсылар.
Ботаңа берген батаңыз,
Бабам-ай, дәйім ақ шығар.
Алшыдан түсіп сақамыз
Алшаңдап жүрер шақ шығар...
Днепр дәптерінен
Украина!
Айналайын ардақ ел,
Көңілімде көктем болып қалған ел.
Днепрдің толқынында тербетіп
Ақындарын алақанға салған ел.
Ей, замана!
Адамзатқа бер тыным,
Бауырым бүтін,
Сөгілмесін қолтығым.
Тарас елі Тарас үшін сүйгенде
Ұлы өзеннің толқынындай толқыдым.
Украина!
Қайғы-мұңды кешкен ел,
Орманындай қаулап сосын өскен ел.
...Жұртқа тастап көрген емес «тамырын» —
Қыр қазағы оңды-солды көшкен ел.
Аққу — арман арда халқым арлы, асқақ,
Ей, бауырым, сен де мендей жолдас тап.
...Тарас болсаң дәм-тұзымды ұсынам
Қайғы кешсең Қайсенов боп қол бастап.
Тарас десе,
Көк пен жердің арасы
Тағзым етер байтақ қазақ даласы.
...Украина Тарасымен бақытты
Ұрпағымен бақытты екен Тарасы!
Канев. Тарас тауы
...Жатайын биік қорғанда,
Кеудемді кернеп жалыным.
Жатайын тыңдар құдіретті
Днепрдің сарынын.
Т.Шевченко
Ұрпақ білер сырың қымбат,
Мақсатың да мұратың.
Ұлы өзеннің жырын тыңдап
Ұйықтап жатыр Ұлы ақын.
Тәні ақынның өрде тегі,
сыңғырлатып шолпыны.
Жанын мәңгі тербетеді
Днепрдің толқыны.
Тау өзіне жарасады, ә
Ғажабындай ғажаптың.
Көтер басты, Тарас аға,
Келді ақыны қазақтың.
Ұлылық боп ұзатылғай,
Қоштасарда күрең күн.
Мәңгіліктің құжатындай
Ары болдың бір елдің.
Ешкімнің хақ таласпауы,
дарасына Даңқыңның.
Қасиеті Тарас тауы
Қасиетті халқыңның.
Арзан ойды аластауда,
Айбарлым да Асқарлым.
Канев қала.
Тарас тауда —
Жидебайды еске алдым...
Абайымның арналасы,
Тағдыры айтып кесімін.
Маңғыстаудың маң даласы
Мамық болған бесігің.
Ұрпақ білер сырың қымбат,
Мақсатың да мұратың.
Ұлы өзеннің жырын тыңдап
Ұйықтап жатыр ұлы ақын.
Құдіретіңнен қорқып тұрмын,
Кеудемдегі отты үрлеп.
Тарас тауда толқып тұрмын
Шыңғыстауға жеткім кеп...
Мариана
(Экспромт. Мамыр, 1997 жыл)
Днепрдей дарияда,
Жар саламын жарияға.
Толқындарда тербелейік;
Мариана, Мариана.
Ақ айдында, ақ ұяда,
Басымызға бақ ұяла!
Қасыңызда қазақ ақын —
Мариана, Мариана.
Шалқығанда шайыр аға,
Қосар әнді арияңа.
Қоса ағарды көңіліміз
Мариана, Мариана.
Дертім қалың,
Мамыр — ана,
Толқындарың сағына ма?
Сол түнгі әнің жүрегімде
Мариана...
Мариана...
Құсқанаты
Дүр дүние әр пендеге нақ сонар,
Тауы — мұнар,
Аспаны — бұлт,
Бағы — ырыс.
Құсқанаты — Ар боп жауған ақша қар
Көктемдердің көзіндегі сағыныш...
Біздің сапар Сарыбелден басталған,
Мен де өлемін
Армандарым өлген күн.
Күздің түні алқаракөк аспаннан
Құсжолының ақ жолағын көргенмін.
Талайыма тылсымдарды кез қылдың,
Ылди көрдім,
Жазық көрдім,
Өр көрдім.
Ақ боранды ақпанында мезгілдің
Ақ дүниеге Ақын болып келгенмін.
Ойларымның орда бұзар берені,
Тіршіліктің тоқсан тарам толғағы.
...Көктемдерім көктеп қоя береді
Құсқанаты жауып өтсе болғаны.
Биылғы көктем
Биылғы көктем,
Биылғы көктем,
Алланың нұры құйылды көктен.
Құйылды көктен,
бұйырды көптен —
Биылғы көктем, биылғы көктем...
Ақтұма кездің арман бұлағы,
Көктегі көк бұлт таңнан жылады.
Жап-жасыл екен жалған жұмағы,
Ақ жаңбыр әні,
Ақ жаңбыр әні...
Тамшыдай таза таңның жамалы,
Жан-жанарымда ақ нұр жанады.
Тасып ем...
тастай тағдыр қарады —
Жаңбырлар әні, жаңбырлар әні...
Көктің көз жасы —
Ғасыр кермегі,
Аққулар ұшты асыл көлдегі.
Арай аймалап тасымды өрдегі —
Жасыл жанғалы жасыл белдегі...
Алланың нұры көктен құйылды,
Төңірек тыңдап төккен күйімді.
Көктен құйылды,
Көптен бұйырды,
Көктем биылғы,
Көктем биылғы...
2002 жыл
Қарасазда қара өлең...
Текті туған салмайды
Текке түрен,
Көктеместі ей, өлең,
Көктетіп ең.
Аспандағы ай маңып айдалаға
Үркіп қашты жұлдыздар бет бетімен.
Тілек айтып жырымен таңға түні,
Алақанда аялап Алматыны.
Тағдыр болып,
Ақ нөсер жаңбыр болып
Өткен дейді алаштың арлы ақыны.
Кеңге жайып қанатын,
Құлашын да,
Көк жүзінде жүзіпті расында.
Қарға тамыр қазағым ұлым депті
Серік болған қыранды Лашынға.
Патша болса көңілің
Тақ дайын ба?
Мұзбалағын Музаның баптайын ба?!
Аққуларды ұйықтатып дариға жыр,
Армандарын айтыпты ақ қайыңға.
Тарпаң мінез танытқыш тағдыры да,
Жалқын жарық сыйлапты таң нұрына.
Қарасаздың қараорман жұртыменен
Шалкөденің шашырап шалғынына...
Жанарынан жарықтың тұма көрем,
Тұнығына тұманың тұнады әлем.
Мұқағали дегенің мұқалмайтын
Төрт аяғын тең басқан пырақ-өлең.
Ей, құдырет!
Назымды ұдайы ұққыр,
Ақынына Алашын лайық қыл.
Мұқашының мұңдылау әуеніндей
Қарасазда қара өлең мұңайып тұр...
Сары ала қаз, сары күз...
Қаздар қайтып барады,
Күз далада,
Көңілімді қариды ызғар, аға.
Өткел берер өткен күн өкінішке —
Көктем келер ұқсайтын қыз балаға.
Сұрғылт аспан сұрланып сыздана ма?..
Қаздар қайтып барады
қаздар қайтып,
Сағыныштан сарғайған саздарды айтып.
Көшке жетім ілесіп не табамын —
Өшкен отым білмедім маздар қайтіп?
Қаздар қайтып барады
Қаздар қайтып...
Арай тілеп адамға
далаға жаз,
Ақ қанатын қағады сары ала қаз.
Ақ боранмен ақ таңның самалы араз.
Мамырлап бір қонарсың мамырыма —
Кездескенше күн жақсы, сары ала қаз!
Іздегенде мен сені
Лағыл айым,
Керуенімен күндердің ағылайын,
Жабырқайды жалаңаш кәрі қайың.
Сары майдай ерітті сағынышты —
Сары ала қаз,
Сары күз,
Сары уайым...
Бақытыңның пернесін шертем деп ем...
(Азамат пен Анардың тойында)
Тілек арнап тамылжыр таңға керім,
Той жасады сендерге арнап елім.
Менің асыл әкемнің үміті едің
Менің әппақ анамның арманы едің.
Өмір болып, өлең боп өркендеген,
Бақытыңның пернесін шертем деп ем.
Біздің үйдің шаңырағын жыр тербеген —
Біздің әулет бесігін Ар тербеген.
Ұлым емес Азамат, досымдайың,
Қосыласың кей кейде қосылмайсың.
Менің жиырма жасымның жапырағы –
Бауырымсың, бағымсың осындайсың.
Өздеріңде өткенім жалын-жасым,
Тасмаңдайы тағдырдың тарылмасын.
Айналайын Анаржан әппак гүлім —
Келін емес, қызымдай қарындасым.
Сапарларың сарғайтпай сыйласын көп,
Өмірлерің ән-ғұмыр, күй — ғасыр боп.
Кәке — Ләззат сіздерді кұда демей
Құдай қосқан танимын қыймасым деп.
Айналайын арда жұрт, халқым асыл.
Жыр арнадым шабытым шалқығасын.
Киелі елдің ниеті екеуіңнің —
Жолдарыңда жұлдыз боп жарқырасын!
20.11.2004 жыл
Шатылған кезде шудадай шырғалаңға мол,
Жүректі жаншыр жылдардың
ауыр сындары.
Алқаракөкті аңсаған жырға қалам бол
Қаңқылдап қайтқан қаздардың
қауырсындары.
«Көгілдір әлем көлбеген көз алдым кілең»,
Көнерсе өлең,
Кезі бұл өзгерер ердің.
Бозкөлге барып бозбелде бозардым білем
Бозторғай ұшпай басынан бозкөделердің.
Сауырға қамшы салдырмас сынағы келсе,
Күдері жалды жылқының, қазанаты бар.
Әулеттен әруақ қашарын шырағы сөнсе
Ер жігіттің де ішінде азаматы ұғар.
— Тағдырым ғажап,— демеймін жыр-ғұмыр берген,
Қасқайып шыққан шынар бар басында шыңның.
Тербеліп тұрып табыстым мұңды күндермен
Тарпаң мінезін көрдім де тасыр ғасырдың.
Емен де жарқын таңдарға еркелеп пе едім,
Көліне қаракөзімнің тұна ма үміт?!
Epeyіл атқа ер салып ертелетпедім
Күлдір де күлдір кісінеген құлаға мініп...
«Оралыңның барында ойна да күл»
Ойнар едім...
Тартпай тұр тойға көңіл.
Саңырауға сұңғылға — сырымды ашып
Ырылдасып...
Келемін мойнақ — өмір.
Жауар жауһар жеріме бүгін жаусын,
Уақыт!
Сенің уыңа ұрынбау — сын.
Есалаң боп қалсамшы естігенше
Шырқыраған шындықтың кұлын даусын.
Жан-жағымнан қаумалап қасқыр ұлып,
Жаман түстен
Жүр көзге жас тығылып.
Арманымның ақбозы аратұяқ
Талабымның тағасы тасқа ұрылып.
Сәресінде санаға құт еңді бір,
Атар таңнан ақ шуақ
Күтем ғұмыр!
Баршаңызға қызғалдақ ұсынбақ ем —
Уысымда о, ...тоба
Тікенді гүл!
Өлмеймін деп өксіген ғазал мынау,
Ая, мені алғы күн, ажарлым-ау.
Мынау кердең уақытқа көшірме етіп
Енді ұйқассыз өлеңдер жазармын-ау.
Жүректен шерлі сөз толғай,
Тірліктің болдық қонағы.
Бозкөлден ұшқан бозторғай
Боз белге қашан қонады?..
Бетеге басын жайлаушы ем,
Бақ-құс боп ата-мекенге.
Бозала таңда сайраушы ем,
Бозарған күйі кетем бе?..
Көктемі туса, көңілден,
Мөлдіреп шықтай жыр тамар.
киюы қашқан өмірден
Шайыр боп опа кім табар?..
Арғымақ таңдап кермеден,
Алшаңдап жүрсем бақ, сәнім.
...Алыстай көрме, сен, менен
Арманым болған ақ сағым.
Сәуірдің сұлусарысы туды,
Айым да туды оңынан,
Тас тұяқтардың дыбысы сынды —
Дүрмекті таңға жолығам.
Тұңғиықтарда мұңым бар еді,
Сырым бар еді.
Ашпаған.
Қандырдың қанша шырынға мені
Татуға енді жасқанам.
Шайырым сері
Сейіс көңілмен,
Сезім сұңқарын баптасын.
Бауырым бұрсын пейіш төрінен
Бақыт бұлаққа ат басын...
Дүбірге мынау дүрбімен емес,
Жанармен қара,
Жарай ма?
Келер күндерден бір күрең елес —
Күдікпен бізге қарай ма?
Жалғыз қайыңды жай ұрған күні,
Кеудемді менің тескен оқ.
Тұңғиығымның шайылған мұңы
Тірлікте қалған дос керек.
Зеңгірді тіліп қыран ұшқанда,
Тербеген еді тосын ән.
Қол жайып тілеп қуаныш таңға
Нұр ағыстарға қосылам.
Сан армандарым сайға құлаған,
Гүл шыбық көктер —
Жыршы үміт.
Ащы мен тұщы майданы болған,
Ғажапсың ғазал тіршілік...
1990 жыл
Ашылу
Тау қопармадым,
Жар құлатпадым..
Аялай білдім Ардың ақ таңын,
Тірліктің тербеп мәңгі бақтарын,
Қап-қара түнді қайыстай тілген —
ақ армандарым,
Арғымақтарым.
Қырлардан тауып саяны жаным,
Жасыл желегін жаяды бағым.
Өрттей боп өшкен өңінен көрдім —
Батар күннің де баяны барын.
Көмбемді күнде аршыр Өлеңсің,
Қайыстай түннен қамшы да өрерсің.
Мөлдіреп тұрған жанымның жасын —
Тастарға тамған тамшы ма дерсің?..
Түрен түсірсең
Түзде көрейін,
Мәуелеп тұнсаң Күзде көрейін,
Жоғымды өлсем іздеп өлейін.
Есіл де есіл —
Есіл күн өткен
Сізге де дейін,
Бізге де дейін...
Жерұйық іздеу
Алматы жақта арманның бесігі қалып,
Астана,
саған жетерміз кешігіп анық.
...Арқаның әппақ самалы аймалап алдан
Есілдің ерке толқыны есіліп ағып.
Мекен-ай, шіркін, Ғазиздер ән еткен сайран,
Көңілімді баса көрмеші, әрі өткен Айдан.
Қасқа жолменен қасқайып көшімді бұрсам
Қара өлеңді өткізер Қараөткел қайран...
Жоталы жонға жеткізер жолбарыс ұлды
Қара Орманымның Сарыарқа қорғаны сынды.
Тасыңа тамған тамшыдай тазарып келдім —
Тобылғы түсті ту етіп толғанысымды.
Асан іздеген жерұйық іргеде ме екен?
Қазақтың қыран даласы-ай,
кімге де мекен.
...Тұсауың сенің кесілді ару Астана
Тұсауым менің шешілер күн келе ме екен?!
Дауыл да көрдім ордамның түндігін үзбек,
Ауыр да көрдім толған мұң...
Сұмдығы тізбек.
...Есілге келдім ес жиып, етек жапқалы,
Нұраға келдім ертеңге нұрлы күн іздеп.
Маусымы келсе көкейде мақсат көктеген,
Махамбет қайда?
Беретін бастап текті өлең.
...Қатынын тастап кетсе де патшалар біздің,
Ақынын жұртқа тірідей тастап кетпеген.
Элегия
Қызғалдақ қаулап төсінде қырдың,
Атымның басын Есілге бұрдым.
Есіліп ағып Есілдей көңіл
Есімде бұл күн,
Есімде құрбым.
Ерте көктемде ерте көктеген,
Көңілдің сазын шертем ептеген.
Есіл күндерде есем кетсе де,
Есіл өзенге еркелеп келем...
Ей, тірлік,
сенің көшең көктеді,
Құйды да жауын нөсерлеп тегі.
Есілдің қызы елеске айналды
Есіл күндерде есем кеткелі.
Көктете алмай көңіл еменін,
Толқындай толқып тебіренемін.
Көгіне күнін шығарар әлі —
менің өмірім,
менің өлеңім...
Лаулаған оттың өшірме бірін,
жана алмай қалсақ
кешірме күнім.
Есілден ескен ерке самалдай
Есіл де менің есіл көңілім...
Отарбадай солқылдатқан шекені,
Өтер бәрі...
көрген түстей өтеді.
Өмір деген — жарқ еткен де жалт еткен
Жел көтерген жезөкшенің етегі.
Үмітіме үкі тақтым...
арбалдым,
Жалғандығын сезіп қойып жалғанның.
Адастырған ақ сәулесі арманның —
Қара түннің қойынында қалған мұң.
Үндемедім...
үндемеуге тоқталдым,
Күн дегенің керуен бе деп қалдым.
Фәни дүние бақилықтың алдында
Бой жаздырар серуен бе деп қалдым.
Құлады емен...
көктеп шықты бір шыбық,
Бір шыбыққа қарамадық қырсығып.
Сазы мұңға байланады көңілдің
Қазығында айналады тіршілік...
* * *
Баянауыл басынан бұлт кетпес...
Халық әнінен
Ақша бұлттар,
ақиқат сырың маған,
Ақ шабытқа арқау деп ырымдағам.
«Баянауыл басында балалы құр»
Балапанын қорғаштап шырылдаған.
Мұңдамаған мұңымды мылқау-ғалам,
Атажұрттан кезде де жұрт аумаған.
Баянды елдің басынан бақ ұшқалы
Баянауыл басынан бұлт аумаған.
Баянтау деп басталса бұл күн әнім,
Базардағы бөздей боп жыртыламын.
Жанарында жас болған жыр-тұманың
Атамекен аспаны-ай,
бұлты қалың.
Сайғақтарға болмай тұр сая дәуір,
Заман мынау,
Әйелдей аяғы ауыр.
Сырт теппеген ботасын бозінгендей
Бұлт кетпеген басынан Баянауыл...
Мұңын күнге шағады ел,
Мұңын айға,
Жаратқанның жүрегі жылымай ма?
Аспанынан алаштың нұр сауласа
Баянтаудың бұлттары ыдырай ма?!
Қара күзде қараша үй тігілген,
Жалыққандай күйдемін күйкі күннен.
Баянсыздау тағдырым тұғыр таппай
Баянауыл басына бұлт үйірген...
Тандыры кепкен түздердің тазалап тәнін,
Қасат қарларды қақ жарған қазанаттарым,
Алашқа арқа болғандай азаматтарым
Түсіме еніп жүрсіңдер!
Мазалап бәрің...
Жаныңды жаным қандай мұң жаншиды кілең,
Жаншыған мұңнан мен білер аршиды бір ем.
Шерлі шанақтан аққулап күйлер ұшпаса
Киелі қара қобыз да қаңсиды білем.
Айқайға сүрең қоспай ұл айта ала ма екен,
Айтатын сөзін аманда төбеде Күнім.
Уығы мығым шаңырақ шайқала ма екен
Керіліп тұрса керім көз кергелерім.
Барар жер біреу,
мінсең де бөлек күймеге,
Теңіз тірліктің түсінсең сұрапыл әні.
Өзегің талып әй, бала,
өрекпи берме
Оқтаулы мылтық түбінде бір атылады...
Тағдырымның шешілмей жұмбақтары,
Жанарыма жаным-ай, мұң қаптады.
Сәкен туған өлкеден келіп едім
Ақбоз аттың дүбірін тыңдатқалы.
Жырдың елі аманда,
Күйдің елі,
Құлын-өлең енесін идіреді.
Өткелдерім өртеніп жатқан кезде
Көктемдерім бетімнен сүйді мені.
Заманға өкпе артпадым
дәуірге мін,
Сырқатымның таппады бауыр да емін.
Күнес күліп жанымда
нұр естіріп
Ілестіріп әкеткен сәуірлерім.
— Ақын, — деген сосын ел ортаға алып,
Сол мақтаудан әйтеуір,
Қорқам анық.
Орда бұза алдым ба,
алмадым ба
Отызым да барады орталанып.
Мұң сыйласа тағдырым
мұңданайын,
Жаттанды жол болмайды жырда дайын.
...Сәкен туған ауылдың баласы едім
Ақбоз аттың дүбірін тыңда, ағайын!
Жүректегі Жерұйық
Бағыналы орда, басты орда,
Байсал орда қонған жұрт.
Бұқар
Қобыздың сарынында есіл «Ерден»,
Ерденді туған халық өсіп-өнген.
Тарихтың тарғыл түсті
Керуенімен —
Бұл маңға бабалардың көші келген.
Тұмасы тұңғиықтың тұнар ма екен,
Жапанда жалғыз өскен
шынар ма екен?
Жезқазған — жез даланың жезкиігі,
Ұлытау — ұлар ұшқан ұлар мекен.
Жезқазған — жанымдағы
мөлдір өлең,
Кеңгірдей кербез, керім көлді көрем.
Жағасын ен жайлаған елді көрем —
Бақыты байрағында желбіреген.
Аялы Ұлытаудай Ана туған,
Сарыбел сауырында дара тұлғаң.
Жезқазған — қара орманның
Қанышының —
Арналы арманынан жаратылған.
Тарихтың түре келген толған
бұлтын,
Байтаққа байлам айтар
Қорған бұл күн!
Жезқазған — жез сапырып,
Мыс толқытқан —
Басты орда, байсал орда
қонған жұртым...
Арнасы әлдилеген сыр аңғарын,
Жезкентке желмаядай жыр
арнадым.
Бата алып басты Ордадан
самғайды екен
Қанаты көкті тілген қырандарым.
Ғасырдың нұр сыйласа Нұр өткелі,
Жаныңа жетем жаннан гүл еккелі.
Сарғайтқан сарыбелі сағынышты —
Жезқазған!
Жерұйығым жүректегі...
Өмір мені аялап,
өлең мені,
Көңілімнің қозысын көгендеді.
Өрге шығып қарасам өткеніме
төрге шығып барады төмендегі.
Жастығымның жағасы жар болатын...
тамылжыды тағдырым таңға жақын.
Арықтығын білдірмес арлан шығар
Ардың көшкен жұртында қалған Ақын...
Сырласым жоқ айтатын сырымды иіп,
— Тұлғасың, — деп тартпады тұғыр биік.
Жанарында жалт етіп
Жалқын ойнап —
Қырдан асып барады ғұмыр — киік.
Ізгі нұрдан із кесіп,
Іздеген ем,
Күреңітіп,
күбірлеп,
күзге келем.
Қазбауыр бұлт секілді
Қазағымның —
Тағдырына таразы біздегі өлең...
Жерортада желіксем,
Сен күлесің,
Жегі — уақыт алдында жеңдіресің.
Талайымда талапай болды күндер
Ағайынға айтайын, енді несін...
ГИЙОМ АПОЛЛИНЕРДЕН
АУДАРМАЛАР
Күн сұлуы
Ашыламын алдыңда, — тірі адаммын,
өмірің мен өлімің сынаған мың.
Махаббаттан,
азаптан,
қуаныштан —
алынбаған азын біл, сыбағамның,
мұң мұнартып басынан мұнарамның,
шыбық емес қолыма
шырақ алдым.
Аз кезбедім әлемді...
сынақ алдың,
тіршіліктің тілін де сұрап алдым.
Дүниені кезіппін,
қаңғырыппын,
Майданында майыспай мәңгіліктің.
Жаудың бұздым сарбаз боп тас қамалын,
Жат қолына досымды тастамадым.
Әнді күттім,
арайлы таңды күттім,
артын күттім армандай жарлы үміттің.
Тағдыр жазбай талайға жібек күнін,
Мұң шаққанмен алдыңда жүдеп бүгін.
Түргенімді түсініп түнекті мың,
арасынан іздерсің жүректінің —
Құлып бола алмадым құтырғанға,
Біздің ғұмыр толып тұр шытырманға.
Дос емеспіз сізге енді
дұшпан да емес,
қасыңдамыз жаныңды құшқанда елес.
Тылсымдардың тылсымын зерделеген,
алға асыққан уақытты кері қарай
қайтара алар құдірет — мендегі өлең!
Татитұғын тағдыры ардақтарға,
Шапағат бер, саптағы солдаттарға!
Кезіміз жоқ ұрлаған несібеңді,
Күнәміз бен кінәні кешір, енді...
Көктем кетті жастықпен
қайран көктем,
қайран көктем қайтейін,
сайранда өткен,
жақсылығын жаз мынау,
тел емізген,
алаулайды күн-сұлу төбемізден.
Табылсаң да сен енді қасымыздан,
Арай саулап тұрса да шашыңыздан,
Маған деген жүрегің
Мұз құрсанып,
Қалсын мейлі
Оянбас біздің шабыт,
Роза гүл боп тербей бер, құт-ұямды,
Сен бәрібір таппайсың құпиямды.
Сен күл, енді...
Жарасар мазақтасаң,
Мазақтасаң жанымды
азаптасаң.
Кетем, айнам, алдыңда ашыла алмай,
ашыла алмай,
барымды жасыра алмай...
аяңдар, мені!
Анни
Техаста,
сол жағалаудың бойында,
Гальвестонға барар жолдың түбінде.
гүл көмкерген сол бір аула ойымда
гүлге оранған сол бір вилла бүгінде,
сыр ашады іңірде.
Сол маңайға мен де талай бұрылғам,
гүлдеріммен тербелетін айнала.
Бір жас сұлу бақ ішінде қыдырған
Қарайтұғын жай ғана.
Оған қарап көңіл талай бұзылды,
ауласының ашпаса да ілгегін.
Киімімнің қос түймесі үзілді
Неге екенін...
Білмедім.
* * *
Көне альбом бұл,
парақталған,
қызды сүйгем жасымнан.
Бокал толы шараптардан
жұпар иісі шашылған.
Ескі әуенді естігенде,
Қайырмасы ғажайып.
Мен де бір күн ескірем бе
Ғажайыптар азайып.
Ескі достың
бәріменен,
Кездесуге асықтым,
Ұшқан құстың әніменен —
Күзгі орманға,
ғашықпын.
Бақ ораған мына жерді,
Біз де өмірдің қонағы.
Махаббатпен бұл әлемді
Жылытуға болады!
Өмір, өлім...
Таң мен тунек, еһ, шіркін!
Мирабо көпірі
Мирабоның көпірінің астымен
Сена баяу ағады,
Бірге ағады махаббатым жаралы,
Мұңның бұлты айықты,
Қуанышым көлге салды қайықты.
Түн келеді, иен ғалам,
Күн кетеді, мен қалам.
Көпір астын саялап,
Алақаныңды аялап.
Біз тұрамыз
Бұл өзеннің мәңгі-бақи тылсымы,
толқынына қарап
көздің қарашығы ыршыды.
Түн келеді, иен ғалам,
Күн кетеді, мен қалам.
Жылжып апта, айың, күнің...
Құрып кетіп барады.
Махаббатым соларменен қаңғырып...
Тек Мирабо көпірінің астында,
Ағынды өзен мәңгілік.
Түн келеді, иен ғалам,
Күн кетеді, мен қалам.
Мирабоның көпірінің астында
Сена көзден ғайып боп,
Махаббатым бірге кетті толқынмен,
Қарсы тұрмас менің жаным тасқынға,
Ақында да айып көп
Мұң сапырған сол түннен.
Қара түннің ұрлап іштім тұнығын,
Бір күн өтті, жалғасады ғұмырым.
Мирабомен бір болатын жанымыз,
Толқындары толқыған
Талай-талай тербететін ол мені.
Сағынышым — сары күз,
өкініштің орнын қалай толтырам
Елес ғана емдеді...
Қара түннің ұрлап іштім тұнығын,
Бір күн өтті, жалғасады ғұмырым.
Ақ махаббат тырнап кетті жараны,
өткен өтті десек те.
өзегіне өрт түскендер жүр азып
өзендер мен жылдар бірге ағады,
өміріңді — шешуі жоқ есеп де,
Үмітіңді үрле, тағы, құлазып.
Қара түннің ұрлап іштім тұнығын,
Бір күн өтті, жалғасады гұмырым.
Күн өткен соң апта да әппақ көбіктей,
Ериді де кетеді.
Ақ махаббат ақ самал боп ескенде
Қайран ғұмыр еліктей,
Мирабоның көпірінің астымен
Сена болып көз алдыңнан өтеді —
Бастан дәурен көшкенде.
Қара түннің ұрлап іштім тұнығын,
Бір күн өтті, жалғасады ғұмырым.
* * *
Жиі есіме түсесің,
Бекзада болмысыңмен, күн сүйген
дидарыңмен
Шаңырағым босаған
Шұғыланың шуағы құлағалы теңізге,
Сені де қинадым мен
Толқын боп қоса ағам;
Мені ізде!
Тұңғиықтан қайық көрсең,
Сүйеді деп айтарсың.
Бұлттарды аспан шайып берсе
Байқарсың.
Көбік шашса жағалауда долы
толқын сәтте бір
долы толқын болғанымен —
долы толқын ақкөңіл.
өзімін де сен оған да мендік таза
алмаздың,
Жағажайда мың құмқайрақ,
Жарқырайды күнде ойнап,
Сен қайтесің, мұңды ойлап.
Мың құмқайрақ арасында өзіммін де,
бір қайрақ.
Сен оған айт, дүниедегі асыл
тастың әрінен
өзім сұлу бәрінен,
Сүйеді де жанымен.
Почтальонды көрген кезде сырыңды аш,
Түсінбесе ол да саған бұрылмас
хат-хабарды күтеді де,
бір тынбай,
дерексіз күн — көшкен елдің жұртындай,
Сымсыз телеграфтан
сөз тарауға асыққаны секілді,
сезімдерім асығады өзіңе,
болмысыңа,
бітіміңе,
көзіңе
дүниенің ең соңғы ғашықтары секілді.
Жаралы адам жолығар,
Жүрегімді сен менің жараладың...
Сол ұғар.
Серттей сергек сезімдерім,
Көзіңде едім, өзіңде едім
Сезімдерім,
Соры бар...
Жаздың жылы бір кешінде,
Жүрген сол сәт күнде есімде.
Көлеңкелер көлбең қақты
Көлдің көлбеу іргесінде.
Көлде аққулар жүзген еді,
Жаз өтеді,
Күз келеді.
өлді бір күн
Көлеңкенің —
Кім болды екен іздегені...
Рейн түні
Бокалымда толған шарап
алау болып дірілдеп...
Қас-қағымда талмаусырап
балықшы айтқан нұр әуен.
Қыздар жайлы ән;
түніменен жағалауда күбірлеп,
Жасыл шашын кептіреді —
тылсым тұнған бір әлем.
Айналайын, айналыңдар бірге
салар сазыма,
Балықшының шырқағанын
естімесін құлағым.
Көзім жеткен жер бетінде
періштелер азына,
Қолыңды бер, бұрымыңды...
Салалайын, шырағым.
О, Рейн, массың қандай, о,
Рейн, Рейн –
Алтын түннің айналары секілді;
Жаңғырықтың жайдақ әні секілді.
О, Рейн,
бастарымыз айналғанға күлейін.
Жарылысынан сол күлкінің
бокалым да күл болды...
Бұйра толқын қойынында аунап түн,
Жағалауды өбектейді, өбеді.
Не айтады өткенінен ардақтым
дүниәнің дүр, дүрбелең дерегі.
Жұпар шашқан кезінде мен гүл көрдім,
Хош иісі алып кеткен алапты.
Тасасында қалады ол бір белдің
Көлбең қағып көрінбейді қанатты.
Төгілер сәт уақыттың бұрымы,
Гүлдерімен,
Арбауымен,
Арымен.
Розаны өпкен бұрқақтардың тұнығы
Әуен қосар тіршіліктің әнімен.
Василек
Жиырма жасар бозбала, Балдәуренің жайлы әңгіме қозғама, Құбыжық боп көрінеді ол саған, Кеудесіне сұмдық толған сонша адам. Сен ажалдың көзін көрдің жүз қанша, өмір өмір болмайды екен сызданса Ей, бозбала, байқарсың, Тағдырыңды кейінгіге айтарсың.
Жиырма жасар бозбала,
Жадыңа қан себіліпті, күлме сен.
Жаныңа қан егіліпті, күлме сен,
Мәйіттерден өмір ұрлап қалмасаң
Қуаныштың бағасын да білмес ең,
Саған қарап мұң кешем.
Кешкі сағат 17-ден ауыпты,
Менен кем деп
ойламассың өткендер.
өткен-кеткен...
көгермеген көктемдер,
Ажал жетсе өлім болмас қауіпті,
Нәр аялап сендік нәзік сананы,
Есте қалмас күндер баяу ағады.
Параллельдер
Қару үні түн баласын,
Шаужайға алып шалғайдан,
жүрек сыздап
мұңданасың
жаңғырықты жалғайды ән.
Күзетшілер ысқырады,
тұтқынды айдап тұраққа.
аспан асты ышқынады
мақта тығам құлаққа.
Франция кешіндегі,
гүлге оранған жастығы
Естелігім есімде еді
Шешем бастан каскыны.
Еркелесең,
сен еркеле,
ақ жауынды аспаным.
Жағалауда,
көлеңкеде
толқындайды шаштарың.
Жаз өтеді,
Күз келеді,
сабағынан дән үзіп.
Ей, жас ару,
Ізде мені
Көздің жасын ағызып.
Махаббат та,
Жаратылған,
азаптармен арайдан,
сенің, қалқам,
дара тұлғаң
Жанға жарық талайдан.
Естелігім гүл секілді,
Қара шашты Мадлена!
Шығысымда нұр секілді,
Сыр секілді,
Жыр секілді,
өзің қандай Мадлена,
көзің қандай Мадлена,
Мадлена, Мадлена!
Сыған қызы
Сыған қызы, болашақты болжадың
тіршіліктің түйінімен түнегін.
Тарамыстай тарам-тарам жол барын
Әр үміттің алдымызда жүрерін.
Ақ махаббат аюдан да ауыр мұң,
Буындары ырғалмайтын ырғаққа.
Көгілдір құс, мен өзіңмен бауырмын
Қанатсыздар қалбаңдайды бұл жақта.
Маңдайыңа жазылғаны болады,
Үміттің де үзіледі дерегі.
Алақанға аппақ нұрлар қонады
Сыған қыздың жорамалы келеді.
Бәрін білді: аяғын да, басын да,
Бас айналар бал түндердің тылсымын.
Сыған қызбен сыр айтыстық расында
Аялады арман күндер гүл-шырын.
Ақ махаббат аюдайын ауырлап,
Ырғалғаны батырады сан ойға.
Көгілдір құс ұшады жер бауырлап
Қанатынан қан сауласа оңай ма?
Ертелі-кеш елегзітер елесі,
Жолдың шаңы,
Махаббат пен арманың.
Сыған қызы кезіккенде келесі
Ғұмырыңның айтып берер қалғанын.
Алтын түс
Терезенің әйнегінен өмірің,
Күн сәулесін тұр құйып.
Тәтті ұйқыда,
сәл дірілдеп ерінің
түс көресің тұңғиық.
Қандай ыстық, жарқын түс
Ойларға орап ояуды
Сенің түсің — алтын түс,
Сенің түсің аяулы.
Мен де көрем түсімде,
Қол ұстасып өзіңмен.
Махаббаттың аралының ішінде
Нұр ішемін көзіңнен.
Күн,
Түн ғажап болмаса егер мұздар ма ем,
Уақыттың таба да алмай бір емін,
Мысық ұстап
Қолаң шашты қыздармен
Алма теріп жүремін.
Діріл қаққан ерініңмен,
деміңнен,
бөлмеге нұр құйылады ақ таңда.
Көмейінен ғажап әуен төгілген
әнші құстар — бақтарда.
Солай,
солай қарағым,
адамдардың әппақ таңға
ісі үлгі,
бұзбау үшін мен де жөнеп барамын
сенің алтын түсіңді.
Парижге сапар
Құдайым менің!
Сәттілік қандай:
өлексе өлкеден кетем мен.
Парижге барам,
Ғажайып Париж,
Іздеңдер мені шет елден.
Парижге барам,
Ғажайып Париж
Арлы Амур құрған негізін.
Көңілде ән-күй,
Парижде, бәлки,
Елесін көрген егізім...
Парижге барам.
Ай сынығы
Ай сынығы
Қара шашын жайғанда қара түндер,
Қиялыма құстардың қанатын бер!
Ақ таңдардың койнына мұңды ұзатқам,
Түнгі аспанның көгінен Жұлдыз аққан.
Аққан Жұлдыз,
Арналы арман арда,
Сағыныштың самалы сарнағанда —
Ендіктер мен бойлықтар бәрі көрген,
Біз сыйынар жүректе тәңір өлген.
Шемен күйін шертеді шерлі кісі.
Елеусіздеу елестей ендігісі...
Көгершіндей көктемде дүркіреген,
Сенімдердің сертісің, шіркін Өлең.
Араласса жанымның мұңға жасы,
Түнектерді түремін түн баласы.
Қызықтарым қыр асса, Қайғым — жетім,
Аймалайды Аймандар Айдың бетін.
Қара түсті ақ түске көшіргелі,
Тіршіліктің тартады көші ілгері.
Жұлдыз санап жататын түңіліктен,
Балалықтың бал шырын күні біткен.
Елес ғана қоршаса есіл ерді,
Ерке кезді жыр етем несіне енді.
Қанатын бер,
Құстардың бұл ақынға,
Шабыт барда кезіксін сұрапылға.
Қара жердің бетінде қосым қалып,
Ақ өліммен өлейін сосын барып.
Жыр толқытқан көңілім назды айтады,
Қарашада қаңқылдап қаз қайтады.
Қара түннің қайыстай қайшылығы —
Айдын көлдің бетінде Ай сынығы...
Сарыарқа. «Протон» құлаған жыл
Еспейді самал таңменен,
Шалдыққан шартарабымда.
...Жазира Жаңаарқамменен
Қара орман Қарқаралымда.
Мұң емес, —
Мұқалмас қайғы,
Ғасырдың қауіпті өткелі.
Жусаны жұпар шашпайды,
Ақбөкен ауып кеткелі.
Келгендей Арқаға құрдым,
Тажалға лағнет мейлі —
Жаңаарқа,
Қарқаралының
Базарда малы да өтпейді.
Кигенде алаңсыз кепті,
Қартым-ай,
ретің сынар:
«Гептильді залалсыз депті,
Өкімет білетін шығар...
Қайтейін, асығыс бәрі,
Жөн еді қашық ұшқаны.
Ресейдің құламаса екен
Зымыран тасығыштары».
Арқам-ай,
арқаға батты,
Ауыл тұр шайқала...
жүдеп.
Құрдасым тартады арақты:
— Уды у қайтарады, — деп...
Қытайдан келген киіз үй
— Жаратқан алла-ау, қытайы несі?
Киіз үй кепті Қытайдан.
— Үлкендеу ел ғой ұпай, үлесі...
Санамда менің жұт,
ойран.
Сауал тастайды кенеттен көкем:
Жанымды жегі кемірген.
— Туырлықтары кенептен екен —
керегелері темірден...
— Заманның бұл бір сұмдығы ма екен,
Көзіміз талай көрген ғой...
— Шаңырағының түндігі бөтен
Кіндігі бөтен елден ғой.
Киізсіз киіз үй көріп тұрмыз,
Уақыттың өкпек
суығы.
Көршіден өнер үйреніп тұрмыз
Желбауы басқа...
Уығы.
Көңілім кейде өсіп
толатын,
Даланы кезсем,
Жаны әсем.
Жайлауы тозса көшіп қонатын —
Жылқылы ауылдың баласы ем.
Киіз бен ағаш сүйегі, дені,
Сөзіме кім бар таласар?..
Киіз үй — біздің киеміз еді
Қазаққа ғана жарасар.
Жүрегімдегі жосиды ма елік,
Жалт ете қалып жанары.
Қытайдан келген осы үйді көріп
Көңілім босап барады.
Бұлақ басындағы бұлдырық
Бұлаққа бардым,
Бұлдырық көрдім.
Бұла даланың төсінде.
Сорғалап қонған нұрлы үміттердің,
Еркем-айлары есімде.
Сырласарым да,
Сыйласарым да,
Өзекті өпкен өлеңдей,
Бұйығып жүргем бұйыра шағылда
Бұлдырық құсша еленбей.
Тұмадай сонда тұнамыз деп ем,
Жылы ағыс қосып жылғаға.
Бұлдырсыз шөлден бұлақ іздеген,
Бұлдырық құс пен бұл бала.
Бастаудан сонда ұрттамай кеттім,
Көрсетіп құсқа ірілік.
Булығып ұшқан бұлттары-ай көктің,
Буынсыз жерге ұрынып.
Қанаты бардың жүрегін ашқан,
Тұма бұлақтар,
Тұнып ақ!
Бұлаң етеді бұл өмір бастан,
Бұлдырық құстай зымырап.
Жыр ма екен жылап жырақта қалған,
Көңілдің көктем күйі ме?
Бұлдырық көрген,
Бұлаққа барған,
Бұлдыр да бұлдыр дүние...
Түс
Ай астынан Ай көрдім,
Күн астынан Күн көрдім.
Қараөзекке қайғы өрдім,
Шың басынан шың көрдім.
Құс дейтұғын құс емес,
Түс дейтұғын түс емес.
Сырты да елес,
Іші елес...
Көктем емес, қыс емес.
Өлеңімнің өрнегі-ай,
Өмірімді өргенмін.
Ай астынан көрген Ай,
Күн астынан көрген Күн...
Аммандағы Адайлар
Салық Қазаққа.
Тағдырымның бар шығар бір білгені,
Жиі есіме түседі бұл күндері.
Жылап аққан жылғадай жырдың легі,
Аммандағы Адайлар,
Үрдіндегі.
Тірлігінің мән іздеп астарынан,
Тербейтіндей тереңін басқа бір ән.
Ей, қағынан безінген қасқа құлан,
Аптап іштік Амманның аспанынан.
Ата жұртта аңсары,
алаңдары,
Арман айтты аңырап маған бәрі...
Қос үй қазақ қос тіккен Аммандағы,
Қос қарашық секілді жанардағы.
Тамылжытып таңдарын тамыз майда,
Ақтарылған ақ түндер аңыздай ма.
Көздің жасын көлдетіп ағызбай ма?
Ойыл қайда,
Жем қайда,
Сағыз қайда?..
Сенде де ерік жоқ бауыр,
Менде де ерік,
Теңдеспеспін теңіңді теңге беріп.
Күндерімнің көшіне келгем еріп
Дөңгелек жер бетімен дөңгеленіп...
Үмітіңді үйірсе талай құйын,
Қазақ болып туғанға қалай қиын.
Шуаққа үйің шомылып, арайға — үйің,
Айдын кешіп, айға ұштық
үнтаспадан
Айгүл шерткен аялап «Адай» күйін.
...Елге қайтам,
Ел-Анам, кием-Дала,
Иордания!
қиян шет, иен дала,
Жар болады Жаратқан Иең ғана.
Алты қазақ Амманда жылап қалды,
— Хабар алып тұршы, — деп, жиен бала.
Тағдырымның бар шығар шын білгені,
Жырақтарда жылытты жырдың лебі.
Аммандағы Адайлар,
Үріндегі,
Жиі есіме түседі бұл күндері,
Іздеп келсе тойлар ем, шіркін мені!..
Алыстан тапқан ардағым едің,
Арлы әнім едің,
Арналым.
Сыбызғы болып сарнадың, елім,
Қобыз да болып зарладың.
Қайтарам қалай қалқып азабын,
Халіңді сұрар халқым аз.
Амманда қалған алты қазағым,
Әуелеп ұшқан алты қаз...
ІІІ
Үрледім тұнық көліңді,
Білмедің...
бәлки білдіңдер,
үркітпес үміттеріңді,
Үрдінде көрген үр күндер.
Күймемді сонда күйреткен,
Жаратқан саған,
жарты наз.
Үрдінде жүзген үйрек пен,
Әуелеп ұшқан алты қаз.
Торығып,
толқып,
тоңар ма?..
Сағымнан жүрмін саз илеп.
Сағыз бен Жемге қонар ма,
Үрдіннен ұшқан қаз-үйрек?!.
Жаңғырық
...Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым
Одан да шықты жаңғырық...
Абай
Дауысым шықты жаңғырып,
Жан-жағым толған жаңғырық.
Сізден соң өмір-өлеңге
Біз қайдан келдік қаңғырып.
Адасқан күшік секілді,
Ойларым жұртта қалды ұлып.
Тұлпар тұяғы кетілді
Алашқа тілеп Арлылық.
Ей, Шыңғыстаудың баласы,
Запыран құстым
зар қылып,
Қазақтың қайран даласы —
Жаңғырықтардан мәңгіріп,
Есімнен кетті тандырып...
Беу, елімнің ерен Абайы,
Теңіздей терең Абайы,
Ататын таңның арайы
Шұғылаға тұнған маңайы.
Санама мені пендеге,
Өзіңді көрем түсімде.
Жартасқа бардың сен неге
Жаңғырық есту үшін бе?..
Қара көңілдің жарығы ең,
Халқымды бастар мәңгілік.
Абай! — деп айқай салып ем,
— Абайла! — деді жаңғырық.
Аймалап өстік Күн, Айды,
Көкейде көктеп көп өлең.
Жаңғырық шықса жылайды —
Абыралы, Мыржық, Дегелең...
Жаңғырық естіп құрсақтан,
Ұрпақ боп тудық күнәлі.
Абайдың өзі мұң шаққан —
Меңіреу жартас тұр әлі.
Жаңғырды бүгін тау іші,
Жанымда менің жанды үміт.
РУХ-ымның өлмес дауысы —
Шыңғыстан шыққан жаңғырық...
Астанада, Ақпанда...
Астана жұртын айналған...
Махамбет.
Ақын жоқ Қараөткелде менен асқан.
Ғазиз.
Белім шықпай жатқанда бесікте мен,
Керуен соққан кездерден көшіпті өлең.
Астанада,
Ақпанда,
Ақ боранда
Әппақ-әппақ түстерді кешіп келем.
Ақпан әні,
Астана,
көшең де кең,
Ақ бораны — әппақ нұр десем бе екен?
Ел қондырған Есілдің жағасына
Есіл де есіл,
есіл жұрт есен бе екен?
Барысқа да ұмтылар бақанды алып,
Қазақ деген — нар халық,
атан халық.
Ұтылмаса жарады,
жұтылмаса —
жалмауыздың аузында жаһанданып.
Тиер жерге мың тиіп мына маңдай,
Сыңар арман сыңсиды сыналанбай.
Құйқылжытқым келіп тұр қыстың әнін,
Құстың әнін жырлаған Тұмағамдай.
Үмітіңнің үрлетіп үр шырайын,
Нұр сұрайын саған кеп,
жыршы қайың.
Айтулы ағам Айтұлы секілденіп
Бәйтеректің басына бір шығайын.
Айдындардай жағада кеме қашқан,
Ортаймайын...
Көлімде көне-дастан.
Қара өлеңнің қазанын қайнатайын,
«Қараөткелде ақын жоқ менен асқан».
Қара өлеңнің қазаны қайнағасын,
Астананың әз жұртын айналасың.
Ақпан киіп кірер ем
Ақордаға,
Онда мені күтеді, қай нағашым!..
Есіл жұртта тосайын арысымды,
Есілге әкеп қосайын ағысымды.
Ақ дүниеге сыйлайды —
ақын бақыт,
Жақындатып кетейін алысыңды.
Қосын қонғым келеді...
қосұдай жыр,
Тоңған шығар жолымды тосып АЙ-НҰР.
Астанада,
Ақпанда,
Ақ боранда,
Өлеңдетіп қояйын осылай бір...
Баянаула.
Түнгі тілек
Жасыбайда,
Көлдің беті жайнаған жасыл айна.
Жұпар шаштым жұптасып
жұлдыздармен,
Ғазал оқып ғаламат ғашық Айға.
Саған келем сарғайсам саялауға,
Саялауға,
Арымды аялауға,
Баяны жоқ тірліктен баян тауып, —
– Кел — дейді, Баянаула.
Баяным-ай!
Қос бүйірін көгіңде таянып Ай,
Бұлт көше ме басыңнан баяғыдай...
Бұлт кетпесе басыңнан баяғыдай,
Бізді де ая, Құдай!..
Қара нөсер. Қараша
Тегене-көктің тесілді түбі,
Қап-қара нөсер құйылды.
Есілдің сонда есілді күні
Қараша айында биылғы.
Көңілім көкпен жарасасың ба,
Тағдырым едің,
Таң,
Арай...
Қарайлайтындай қарашасына
Қарашадағы қарағай.
Жүректі түртіп оятты-ау мұңым,
Жабыға қалған жайым бар.
Сан ағаштардан саяқтау бүгін
Жалаңаштанған қайыңдар.
Керім кезімнен келемін қайтып,
Күзеуге көшкен жұрт едік.
Өліара шақтың өлеңін айтып,
Қап-қара нөсер тұр төгіп.
Төбеңнен нұр боп төгілген үнім, Ей, Арғымақ ердің баласы. Өмір де бүгін, Көңіл де бүгін Қыс пенен күздің арасы...
Жыр жауған жылы күндерім —
Нұр жауған ғұмырымда едің...
Тұлпардың тұғырында едің
Бұлақтың тұнығында едің...
Жастығым — жасыл бақ,
Арман,
Жылдарда,
Ғасырда қалған.
Жаңаарқа Жазирасында
Баянның басында қалған.
Көз ашып көргенім еді,
Өлеңнің өрнегіндегі;
Есілдің толқынындағы
Көкшенің көлдеріндегі.
Сыр айтпай сырғалым қалды,
Мұнартты...
мұң қалыңдады;
Қаратау қатпарындағы
Алатау шыңдарындағы.
...Ойымды демесең бөтен,
Өзіңмен кеңесем,
Көкем,
Елсізде елеңдеп тұрамын
Мен сізге не десем екен?!..
Жабырқаулы жаным неден жазықты,
Өрекпіме,
өңмендеме,
тұра тұр.
Сұр қаланың сұрқай өңі қажытты
сұры қандай сұрапыл.
Жусан исі,
бұлбұл даусы жоғалған,
шұбырынды болмаса да
ақтабан.
торыққан да,
тозған бәрі,
тоналған
тас көшеде тас адамдар қаптаған.
Мұнар тауы мұң қосады мұңыма,
Қайран өлең!
Сен екеуміз шаршадық.
...Радио да тиіп бітті жыныма
«Алматының алмасы» деп ән салып.
Қызыл-жасыл босқа арбаған,
Дос дейтұғын дос қалмаған.
Қараулықтың қарау оғы
Қарауылдан тосқан заман.
Егілдірді ет-жүректі,
Кеудемізбен көк тіретті.
Күндер легі көшкен бұлттай
Басымыздан өтті, кетті.
Ақ сәулесі түнге алмасқан,
Ақ-қарасы күнде арбасқан.
Сағындырып,
Сабылдырып
Өтті, кетті жылдар бастан.
Көңіліңді көкке өрлеткен,
Өміріңді көктем деп пе ең?
Не тындырдың?..
бекіндірдің —
өкіндірдің өткен-кеткен...
Қарашамен қоштасу
Қап-қара түнек
Қара тұманды,
Қап-қара түндер ішкенде.
Қоңыр қаздардың қанатындағы
Қараша сырғып түскенде.
Әжімін көрдім нұр сіңген құздың,
Гүлдердің солған сабағы.
Күні таусылып күрсінген күздің,
Қабарып кеткен қабағы.
Мезі бір әнді мезгілдің легі,
Таласа айтып барады.
Селсоқтау көңіл сездірдің нені
Қараша қайтып барады.
Қайтып барады қараша бүгін,
Қараша қайтар
Қар түсер.
Жалғыз қалғанда жарасар мұңым
Жанымды жеген жалқы шер.
Күрсінген күзбен достасқам,
Шыным,
Сайларға қашты сая түн.
Қарашасымен қоштасқан жырын
Бізден соң жазар қай ақын?
Көңілім қашан табады тыным,
Мұз-қармен келер ызғарды ұқ!
Қараша қайтып барады
бүгін —
қара орман жұртта
біз қалдық...
Елес
...Ақ шаңдағын даланың бұрқыратқан,
Талдыеспеде Ғалымжан жылқы баққан.
Бала күнгі өлеңнен
Бетбақдала белі еді,
Көкалалы табынды
Тебінге айдап салғанда.
Өткен күннің өлеңі,
Тербетеді жанымды
Арна керіп арманға.
Бетегелі беткей-жыр,
Арда күрең аңсарым —
Тұма көрсең қанып іш!
Көңілімнен кетпей жүр
Сары далада сары сағым –
Сары белде — сағыныш!
Бал түнімнің бөлшегі,
Балаусамды баққа мал!
Шалғын шырай шақтағы ән.
Арман дүние өлшемі,
Ақ қардағы ақ сонар
Ақпандағы ақ боран.
Ақ өлеңдей азырақ,
Ұйқасы жоқ көлгір түн.
Өзің еді көргенім.
Ақ түтекте азынап,
Көкалалы көп жылқым
Көз алдымнан көлбедің.
Қасиетті қара қос,
Айдалада айман ән.
Саған жетсек ырым-құт.
Есіңде ме,
Бала дос,
Сексеуілдің жайнаған —
Шоғын үрлеп жылындық.
Дүбір тілдер дүлдүлге,
Әппақ әлем бұл өзі
Күнге бұрар бетіңді.
Бір білерім бұл күнде,
Бетбақ жонның мінезі —
Бетбақ әйел секілді.
Жиі көрем түсімде,
Өң мен түстей өтті күн,
Өмірді өпті өлеңім.
Қара қостың ішінде,
Сексеуілдей тектінің —
Сөнбей қалған шоғы едім...
Базарыңа бардым,
қайттым
күңірентіп тау ішін.
Тарғыл түсті тағдырды айттым
тарғылданып дауысым.
Дүние — жарық,
келдім — кеттім,
Өмір деген өлең бе?
Жұлдыздары теңбіл көктің
Жымыңдады төбемде.
Керуеніңе мен ілескем,
Ұшқан құстан ән тыңдап.
Көктемдердің желі көшкен
Ақ самалдай аңқылдап.
Бауым қалды,
бақшам қалды,
Кім бар оған қараған.
артымызда ақ шаң қалды
Алдымызда — Аламан.
Есіңді жый!
Жырларыңды жаз, Ғалым!
Қаңқылдатып қарашаның
қаздарын.
Шабытыңнан шалғындағы
шық еріп,
Қара бауыр бұлттар көшсін үдеріп.
Ұлар ұшар Ұлытаудың биігі,
Сахараның жолды кессін киігі.
Түсінесің...
Естілгенде күй үні
Кісінесін қысарақтың үйірі.
Жыр-Тәңірдің қорғасын ой ауыры,
Ұлпа күннің еріп кетсін сауығы.
Шырқарымның шыңға асылып
шырайы,
Тұлпарымның көбіктенсін сауыры.
Арналарын ақ толқындар кергенде
Жыр іздеген шаттықтан да,
Шерден де.
Күн астының Күнікейін іздеген,
Ақын деген ел боламыз біз деген.
Иір біткен бұтағындай еменнің,
Бал мен уын ұсынғанда келер күн.
Жырларымның жанарынан
жас тамып,
Қара жерде қара мамық жастанып.
Мен жатқанда...
Мұнар көктен мұң іштім,
Қызыл арай құшағына ап
қыр үстін.
Көрімдігін берер сәуле көгілдір,
Өзегіме өрт боп түскен өмір бұл
Қарашығымдағы қара өлең...
Қаратаудың басынан көш құлады,
Тағдыр-қамшы арқамнан осқылады.
Көрігімді қай ұста қыздырады
Көңілімді қай үміт хош қылады?..
Қаратаудың басынан көш құлады.
Қаратаудың басынан көш көрінді,
Қап-қара түн жаулайды кешкі өңірді.
Желкенімнің желкесін жел қиғанда
толқын-тірлік сындырған ескегімді.
Қаратаудың басынан көш көрінді.
Қара нардың айналды ыңыршығы,
Бұл астынан бедеу күн қылымсыды.
Бүркіт болып кеткен соң қара қарға
Іркіт болды әжемнің ірімшігі.
Қу тірліктің бітпесе қырсық әні,
Қара жолда төзім де тұншығады.
Қасқа тана тұлыпқа мөңіресе —
Қара қаншық қайтадан қыңсылады.
Айыра алсақ алыстан ақ-қараны,
Басымызға бармақтай бақ қонады.
Ерден қалса сұлудан сайқал шығып
Белден қалса бесті айғыр ат болады.
Көш келеді...
бетке алып құбыланы,
Аққу — армандарымды кім ұғады.
Баптағанда қыран құс қызылды ілсе
Ақтабанда азған ел шұбырады.
Көгершіні көңілдің дүрлігеді,
Жылатады бұл өмір,
күлдіреді.
Қаратаудың басынан көрінген көш
Қайда барып тоқтарын кім біледі?..
Алғадағы аққулар...
Ақтөбенің Алға ауданында
мұнай қалдығы төгілген көлде
аққулар қырылып қалды...
Теледидар хабарынан.
Жосықсызға жолығып,
Айдындарым аймандай.
Толқындары торығып
Қара шашын жайғандай.
Тәтті ұйқымды...
Өлеңді
Тоғыз бөліп түнімен.
Ей, жүрегім,
Сен енді —
Қобыз болып күңірен!
...Асылдарым бар еді,
Жасылдарым бар еді,
Жарық күнде жыртылдың.
Аққу құсым Ары еді —
Аққу текті жұртымның.
Талып таңғы тасқында,
Шырқыраған шырайлым.
Қалдығының астында
Қалғаның ба, мұнайдың?
Құдіреті-ай, құдайдың...
Аққулар-ай,
Ардам-ай,
Шер күйім боп шертілген.
Жалғаны көп
Жалған-ай
Өлмесімді өлтірген.
Өксісе өлең өлкесі,
Жыршылары жылай ма?
Айдын-көлдің еркесі
Тұншығады мұнайға.
Запыран құсып
Қақтым зар,
Алжастым да адастым.
Алғадағы аққулар —
Арман әні Алаштың.
Қайда қанат қақтыңдар,
Мұнар күннің мұңды әні.
Алғадағы аққулар —
Арсыздықтың құрбаны.
Қайығымды тербеген,
Бозда, толқын,
Сен де ертең.
Аққуы жоқ көл деген
Ақыны жоқ елмен тең...
04.05.2004 жыл
Боз белге бардым,
бусандым,
булығып бойда бар мұңым.
Жалғыз түп
Жалқы жусанның —
Тамырына түнеп тағдырым.
Көктемің қырда көктей ме,
Қараған тектес қарағым?!
Боз көде боздар беткейде —
Бетеге басқан балағын.
Мұнартса мұздай мұң кілең,
Бәсеңсір бәсте сүлдері.
Сәулеге сонда...
Сүңгіп ем —
Сәуірдің сәскесіндегі.
Толған да толқы,
Тасып ап —
Құпия құстың тіліндей.
Шаттығың кетер шашырап —
Адыраспанның гүліндей...
Жалғанда жалғыз келемін,
Жанымда жарық жалқындар.
Су емес ақын дегенің —
Сүмбіле туса салқындар...
Қос қараған
Елге барам,
Ермінез досқа барам,
Қасиетті, киелі қосқа барам.
Қозыкөштен жолымды тосқан анам,
Қою түннің қойнына кіргенде әлем
Қоңыр қырды қоритын қос қараған.
Мұнар күнге мұң шақса мұңлық өңір,
Қос қараған қоритын қырды қоңыр.
Өткен күннің өзегін тілгіле,
НҰР!
Бір күн өмір баяны басымызда,
Тұнығына тұманың тұнды көңіл.
Жарықтарға жасымнан жаным алаң,
Талмаусырап тал түсте сары далам.
Сарғаяды,
Сағымнан сабыр алам,
...Айлы түнгі жұлдыздың сәулесіне,
Армандарым қозыдай жамыраған.
Есіл мекен,
Ескі көз,
есімдегі,
Белден асқан бейбақша бесіндегі.
Келмей кетсем кешігіп,
кешір мені;
«Қарағандай қарағым, қараңдамай,
Тартпаймысың көңіліңнің көшін бері».
Сыр тартады сырбазым,
Сырласынан,
Сол бір сырды тыңдауға жылда
асығам.
Сұры қашып сұп-суық сұлбасынан.
Қарсы алады,
Талықсып таң самалы,
Қос қараған қараңдап қыр басынан.
Көсілгенмен көнермей көңіл-құмай,
Топырағымда торықтым тобылғыдай.
Көсегемді көгертер көгілдір Ай,
Елге қарай қойғанмен елеңдетіп
Өлеңдетіп қоймайды өмір былай,
Қосқа барам,
Қос қараған...
Сіздей асыл табылмас...
Аяулы анам Ақторсыққа
Анам келді ауылдан...
Асыл анам,
Аспаған да таспаған
Тасымаған.
Ғашық адам ол өзі ақ дүниеге —
Ақ сүт беріп біздерді асыраған.
Анам келді ауылдан...
Қайран анам,
Шолпан анам ол менің
Айман анам,
Жайған адам жүрегін жарық күнге
Ай нұры боп ұл-қызын аймалаған.
Жылу жетті жаныма жеміс егер,
Өлеңі өмір өренмін
өрісі өнер.
Анам келді ауылдан,
Алатауым,
Қуанышын ақынның бөлісе гөр!
Анам келді ауылдан арна кеуде,
Тамылжып кеп табыстым таңғы әуенге.
Көгал қуып келмегем Көктөбеге
Алматыға келмегем алма жеуге.
Шаңыраққа шырай боп,
Ісіме құт.
Көңілінің көгілдір құсына еріп,
Анам келді ауылдан бір көруге
Жиі-жиі жүрген соң түсіне еніп.
Анам келді ауылдан,
Нұр аймала:
«пана болсын жарығым, құдай ғана».
Мамырың боп күтеді
Тамырың боп —
Азамат пен Саламат,
Гүл — Айдана.
...Алатауға Арқадан Ана келді,
Бір тойлайын жиып ап тамам елді.
Мендей ақын табылар іздегенге
Сіздей асыл табылмас маған енді...
Жұпарынан жаралған жалбыздардың,
Көңілімде сызы бар таңғы ызғардың.
Әулекі әнді айтсаңшы,
салғызған кім?
Санадағы сауалдан сан мұздармын,
...Адамы көп көшеде жалғыз қалдым.
Кеше көргем...
Ол енді түсім еді,
Көп түс көрсем көз алдым ісінеді.
Бұл ақынның сезеді
іші нені?..
Тірлігімді түн ғана түсінеді-
Қызық екен бұл жердің кісілері.
Кетсем бе екен аттанып ала таңда,
Теңдеп артып жүгімді нар атанға.
Қартау ма,
көргенім қара тал ма?
Қара жолдың үстінде қара таңба,
Не жазды екен тағдырым алақанға.
Ақ самалға түрілген іргелері,
Ақбоз үйде арманым гүлдеп еді.
Түсіндіріп отырмын
кімге,
нені?..
Аман ердің шығады бір дерегі.
...Бұл бала да түнеріп үндемеді.
Үндемесе қайтейін
үндемесін,
Тілдемесін түн қатқан жыр кемесін,
Ей, көзайым күндерім,
бір келесің
Үлгермейсің сен бәлки
үлгересің...
Бет үзген кезінде Күнге көшім.
Сан мұңайған,
Сәт сайын сан күйінген,
Жария еттім бір сырды жан күйімнен,
Иілместі икемдеп тағдыр иген.
Тіршілікті тербетіп әлдиіммен –
РУХ-ыма бас сүйеп қалғиын мен...
Сексеуіл
Тамшы су тілеп ырымға
Ақ жаңбырларға алаңдар.
Бетпақтың бетбақ құмында
Сексеуіл өскен алаң бар.
Тағдырдың талма толғағын
Көтергендерді күндеме!
Шегір құмдардың шерлі әнін
Шертеді шебер шілдеде.
Сексеуіл мұңды пішінде
Көктен нұр тілеп көңілі.
Қаңсыған құмның ішінде
Кезеріп кеткен өмірі.
Алақан жаю аспанға
Қасірет...
Қайтіп жан шыдар.
Мерейің тасып мастанба
Ілінген бұлтқа, тамшылар!
Көрдім де сұрын
мұңдандым,
Сексеуіл соры — бес елі.
Жолдарын көшкін құмдардың
Қайыспай түзде кеседі.
Тектілік тегі, мұқалса,
Құм боран әнін салады.
Сексеуіл біткен тұтанса
Шоқтары жайнап жанады.
Жаным-ай,
жасып жанарым,
Құм кешіп кейде жүдедім.
...Сексеуіл өскен даланың
Ақ жауын күткен ұлы едім...
Түнгі ауылда...
Мұнар көктің мұңайтты
Мұңды ызғары,
Бір жылады жүрегім,
Бір мұздады.
Түнгі аспанның не дейді
жұлдыздары,
Үркерге еріп бара ма үр қыздары?..
Сырғып түскен жанардан
сыр едім мен,
Түнек түннің түндігін түре кірген.
Сүйем бәрін жаныммен,
Жүрегіммен
Өлең еміп кеткелі бұл өңірден.
Сол өлкеден кеткелі еміп өлең,
Ай жүзінен, Айнашым,
Сені көрем.
Сені көрсем тербелем,
Тебіренем,
Қар, мұздарым босайды ерімеген.
Түнгі аспанмен бар білем
байланысым,
Көңілімнің қозғады қайдағысын.
Жайлы ағысым,
Не деген жайдарысың,
Арасында арудың Айманысың.
Ай-жұлдызды аялап тұрғанымда,
Көздерімде, қарағым,
Мұң қалың ба?
Өтеді өмір уақыттың шырмауында,
Осылай бір жыр жаздым түнгі
ауылда.
Алматы
Жазылмаған жыр ма екен,
Шертілмеген сыр ма екен?
Көктөбенің етегі —
Көктем көшкен бір мекен.
Алмасы да азайып,
Арнасы да азайып
Қайран шаһар ғажайып,
Сәл мұңайып тұр ма екен?
Шабыт болып шарықтап,
Бақты құшқан — Алматы.
Жеті өзеннен қалықтап
Аққу ұшқан — Алматы.
Желтоқсанның жанылған
Қайрағындай — Алматы.
Азаттықтың сағынған —
Байрағындай Алматы.
Арайларың өпкенде,
Көгеретін көктембіз.
Көктөбедей көк белге
Өлең іздеп жеткенбіз
Өмір іздеп жеткенбіз.
Сайрағасын ұмтылдым
Таңда құсым — Алматы.
Қазақ деген жұртымның
Арманысың Алматы.
Тұндыратын тұмамды,
Тұнығымсың — Алматы.
Мұнар, мұнар мұнарлы
Ғұмырымсың — Алматы
Ақын болып фәниге,
Кірдік кеше — Алматы.
Өлең атты сәбиге
Кіндік шеше — Алматы.
Шайтанкөлге барғанда
Мағауия Сембайға
Сүрлеу соқпақ бастады қайқаң
белге,
Қайқаң белге бір шықпай
қайтам ба елге?
Шақырайтып шілденің шіліңгірін —
Бір топ ақын келеміз Шайтанкөлге.
Бір топ ақын келеміз оттай жанып,
Бір топ ақын келеміз шоққа
айналып.
Ақсұңқардың Серігі алдымызда
Қарайлайды артына тоқтай қалып.
Бір топ ақын...
Бәріміз ауылда өскен,
Дауыл кескен кіндігін,
Жауын кешкен.
Ұлар тілін ұғатын Ұлықбек бар —
Заңғар-заңғар Зайсанның
тауында өскен.
Бір биікке бізді арман жетектеді,
Төте жолға берерміз төтеп тегі.
— Сәт! — дейтіндей, іздесең
Дара қайнар —
Қарағайлар, қайыңдар етектегі.
Жанардағы жақұт жыр,
Лағыл аймақ,
Ұрпағының жүретін бағын ойлап,
Жанартауын жаныңның
жарқыратар
Сарыарқаның сайынан сағым ойнап.
Ақ самалдай аңқылдап еседі үміт,
Өңірінен өмір ап өседі жұрт.
«Қарқаралы басында жалғыз арша»
Одан әрі...
Көгінде көшеді бұлт.
Топ ақынбыз...
Іздеген нұрды көктен,
Үмітінің үкісін үлбіреткен,
Сағынтайдың Серігі жыр оқиды
Жасылдары жасындай дір-дір еткен.
Аһ, Шайтанкөл!
Жаралған тұнығы ардан,
Сырың арман талайға,
Жырың арман.
Көл біткеннің барлығы жер үстінде,
Шың басына сен ғана шығып алған.
Сел боп аққан серт пе едік,
Сезім бе едік,
Сайларыңнан сайғақтай безінбедік.
Топ ақын тұр жартаста
Топ арқардай,
Айнасынан айдынның өзін көріп.
Қарқаралы!
Біздерге жарасар ән,
Бұл соқпақпен жүрмейді аласа адам.
Шайтанға да шер айтар
шайырларды
Аспан көлге апардың, Мағаш ағам.
Қарқаралы!
Жүдегенде саған кеп жүгінді ұлың,
Бүтін сөзін айтармыз бүгінгінің.
Шайтанкөлді шайырлар шайқап
қайттық
Шақырайтып шілденің шіліңгірін...
Екінді ауып барады
Екінді ауып барады,
Кіші бесін,
Кіші бесін жігіттің ісіне сын.
Менің жазған мұңдылау жырларымды
Бір түсінсең сен ғана түсінесің.
Екінді ауып барады қырға қарай,
Тұңғиықтың тұмасы тұнған арай.
Уақыт шіркін осылай өтеді екен,
Дүниенің көзіне бір қарамай.
Сынап-ғасыр бетінде сырғанап Ай...
Тағдыр тарғыл үнімді жеңді естімей,
Екіндіде ескен жел енді ескідей.
Керім кездің кезікті кереметі
Кермедегі керілген кер бестідей.
Төсіңе өрлеп,
Төбеңе төтелегем,
Мен жетпеген жерлерге жетеді өлең.
Екінді мен бесіннің арасында
Күндерімді күндерім жетелеген.
Кермиықтың кезгелі кең бұрышын,
Шертпе күйге шер айтты шерлі құсым.
Екінді ауып барады,
Екінді ауып
Ерттеулі аттай елес де ендігісін,
Керуен соққан соқпақтың сен бірісің...
Екінді ауып барады,
Кешті көрдім,
Көшті көрдім ізінен ескілердің.
Ескірермін содан соң
Естілермін,
Бес-ақ күндік жалғанға бес түнермін,
Ескінді ауған елсізде көшті көрдім.
Екінді ауып барады...
Қараша ауыл...
Сәйгүлікке сән болған
Дала,
Сәуір,
Жүрегіңнің жазылмас жарасы ауыр.
Шұғылаға арайлы шуақ сұрап —
Құбылаға қарайды қараша ауыл.
Айдындағы Ар тілеп шағалаға,
Сағынышын сарнатқан самалаға.
Қазақ деген қазбауыр бұлт секілді
Қарақазан,
Қараорман
Қара бала...
Тірліктегі сол өлке тірі қайғым,
Шытынайды шырайсыз шыныдай мұң.
Қан базардан қамығып қайтып келем —
Сәулесіндей дірілдеп сынық Айдың...
Кер күндерде кермектей дәуір лебі,
Ауыр ма еді
Білмедім жауыр ма еді?
Балдай бақыт өлеңнің өзегінде
Сәуле ойнатып...
Сәскеге сәуірдегі...
Сыры дара
Жүректі жыры дара,
Шомылдырып алсам ба шұғылаға?
Жарасы ауыр жанымды жабықтырып
Қараша ауыл қарайды құбылаға...
Сапардың түсті орайы,
Мөлдіре
Дала қайнары,
Орыстың орман, тоғайы
Ақ қайың, қарағайлары.
Өрнегін өріп өлеңнің,
Дүбірді кештім дүрмекпен.
Көгілдір құстай көгердім
Көгілдір әлем,
Гүл — көктем.
Үмітім үндей үздіккен,
Айыңдай екен деп қалдым.
Көгілдір көзді қыз біткен
Қайыңдай екен деп қалдым.
Жасылдарыңды жан құшып,
Сарғайды санам күзіңдей.
Жапырақтағы таңғы шық
— үзілем — дейді,
үзілмей...
Қайраңда қайрылдым мың,
Керім бір кезім,
келгенім.
Қарағай, қайыңдарыңның
Желегін желмен тербедім.
Көңілдің ашып түндігін,
Толғандым,
толдым,
толыстым.
Ормандай ойға сүңгідім
Орманын кезіп орыстың.
Жаныңды жан қала ма жан ұққанша,
Зарымды жырға айтайын зарыққанша.
Көктемді Көкше қырда билетейін
Қонғаның өлең шіркін анық болса.
Арманның арғымағын төске өрлеткен,
Өлеңім өзектегі өшкенді өпкен.
Көгертіп кетті ме екен көңіліңді
Көкшеден көкжиекке көшкен көктем.
Көңілім көктем туса көк тірепті,
Оранған ормандарым отты лепті.
Бұлдаумен жүрген кезде бұлалықты
Бір дәурен басымыздан өтті-кетті.
Бір дәурен өтті-кетті мына бастан,
Сыр ашып,
Сырнай тартып...
сынамастан...
Жырыма жыр қосады жылымық күн
Мұңыма мұң қосады мұнар аспан.
Көңілдің көктем туса сенде алаңы,
Сенделдім
Сергелдең ғып ен даланы.
Көгіңнен көктем есіп көгердің бе
Керілген Көкше қырдың кермаралы.
Бір әнді Біржанша айтып дүркіреген,
Бұланды бұлтыменен бір түнегем.
Көктемді Көкше қырда көгертейін
Қонғаның анық болса, шіркін өлең...
Тұнық көлдің тұмасы боп тұнатын,
Үміттердің үкісіндей мұратын.
Үлбіретіп,
Үздіктіріп,
Үзілтіп
Сол өлкеден жолға шыққан бір ақын.
Жүрегінде бар әлемнің ауыры,
Жыр елінде...
Қара өлеңнің дауылы.
Сол ақынды сағынбайды Сарыарқа
Сол ақынды іздемейді ауылы.
Ұлытаудан ырым етіп арша алған,
— Ақынмын — деп Алашына жар салған.
...Тұмағаңдар тұмасынан жұтқызып
Сырағаңдар сырын айтып қарсы алған.
Аламанда...
алағай да бұлағай,
Ұрындырды салқынына құралай.
Ет жүрегін жүдетіп-ақ жүр оның
Сарыарқасы бір дерегін сұрамай.
Көктем сайын көңілімен көнерген,
Қайран ақын қайнар іздеп Өлеңнен.
Алатауда Алласына сыйынып
Қаратауда қара нарын шөгерген.
Суыртпақтап сыр айтайын досыма,
Жерортада жеткен жерім осы ма?
Сарыбелдің сағымына оранып
Сағыныш боп сарнап жетсем...
шошыма!
Көлеңкеңді көрсетпей көгінен Күн
Төскейіңнің төсінен Өмір емдім.
Тұғырлы өлең тұма боп тұсында тұр
Ғұмыр деген ғажайып керуеннің.
Өрекпімей өр көңіл,
тұра тұрғын!
Қауырсыннан қаламы бір ақынмын.
Тағдыр біздің талқандай ұнтақталды
Азуында тіршілік — сұрапылдың.
Бұрылыста
бұрқасын бұрқағалы,
Жанарымнан жас болып жыр тамады.
Аман ердің шығады бір хабары
Қырық асқан,
қыр асқан қырқадағы...
Құлазиды құла дүз,
Құба белең,
Сынаққа алды,
Сындырды,
сынады әлем.
...Менің сүрген ғұмырым бір-ақ ғұмыр
Менің жазған өлеңім бір-ақ өлең...
Жаны асыл мұрам,
дара шұғылам,
Арымның арын аршыдым.
Қара өлеңімнің қарашығынан
Ыршып бір кеткен тамшымын.
Баурайды, белді
Баурағанда әнім,
Сырнайға саз боп үйлестім.
Жыр жазбай кетсем —
Жаураған жаным —
Жұлдызсыз түндей күй кештім.
Ақша қардайсың,
Ақша маңдайсың,
Сағынышымды айттым сағымға.
Жүгіріп өткен ақ самалдайсың
Сәуірдің сәруар шағында.
Сарғайып санам сені іздеуші еді,
Сарылуға да жан шыдар.
Өмір мен Өлең...
Егіз деуші еді —
Сол сөздің жаны бар шығар...
Сары белден сағым болып ұшты арман,
Сәлем айттым қанат қаққан құстардан.
Ай, жылдарым,
Айдындарым ортайып
Күндер легі солай-солай қысқарған.
Айнамкөздің айдай болған ажары,
Жабырқаған жанның дертін жазады.
Қысқарады,
Құстар әні секілді —
Дүбірі көп дүниенің базары.
Толған айдай тостағанда толып мұң,
Тарғыл түсті тағдырыма жолықтым.
Үмітімнің үрлей алмай үкісін —
Толқып жатқан толқын көріп торықтым.
Жандым,
Сөндім,
Жанды малып жалқынға,
Сағынышым сарнап қалды салқында,
Сыңар арман сыбызғы боп сыңсиды
Керзаманның керуенінің артында...
Толқиды Тобыл
Торғынын тосып Тобылым,
Толқыны толқып аққанда.
Тобылғы түсті торы күн
Толықсып барып батқанда.
Торықтым...
Сосын төгілдім,
Тосын бір күйін тосты ағын.
Толғанып аққан Тобылдың,
Толқынын сүйді тоспа құм...
Өрекпіп тұрды өр көңіл,
Жырлауға тиді жол маған,
Сырлы өзен едің,
Сен де бір
Сырағам талай толғаған.
Мың күліп Тобыл,
Мың жылап,
Мұңлы бір әнге салады.
Тұнығым болып тұнжырап,
Ғұмырым болып ағады.
Баса алмай жүрген солқылын,
Өзегім...
Өзен-өмірім.
Тобылдарымның толқынын
Толқытып қойған торы күн...
Кеппесе бақыт кенезең,
Айнамкөз күнде ақмаңдай
Толағай сырды сол өзен —
Толғатып...
толқып жатқандай...
Көз алдымда көктем боп тұңған елес,
Назға мені бөлеңдер,
сазға мені —
Ақ қағазға жазғаным жыр ғана емес
Жаратқанның маңдайға жазғаны еді.
Арманымды әппақ нұр тербеткенде,
Көкорайда көгеріп
Көктеп едім.
Көктем болып көштім де
сол көктемеде —
Етегінен енші алдым Көктөбенің.
Әппақ нұрға кеткелі мен ілесіп,
Сұлуларды сүйгелі өліп-өшіп.
Күндерімнің тұнады көзінде шық,
Өзегінен өлеңнің өмір есіп...
Көктөбеде көрдім сан көктемдерді,
Жырлар іліп жұлдызға
Сырғалы үміт.
Әппақ нұрға оранып жеткендерді —
Ақындар деп айтады мұндағы жұрт.
Бұл сапарға шыққанда басқаша едім,
Асылымды арзанға алмастырып.
Келеді енді...
Тағдырым тас көшенің —
Тағыларын балаққа жармастырып.
Өлеңімді өбекте!
Өткел беріп,
Өмірімнің өзегін өпкен арай.
Көктөбенің басынан көктем болып
Көшіп кетіп қалғанша көкке қарай...
«Арыс жағасын» тыңдасам...
Өмір өзеннің арнасыменен,
Ағысқа қарсы жүзген ем.
Арыс ағаның жалғасы мен ем —
Арыстың қызын іздеген.
Арыс дегенің ақ теңіз болар,
толқынның әнін...
тосқанбыз.
Айна қыз,
Сіздің әпкеңіз болар —
Шәмші ағам әнге қосқан қыз.
Біздегі сезім тербеткен көкті,
Ақ махаббатпен алғашқы.
Ұзатылған қыздай сол көктем кетті —
Сәуірге зауза жалғасты.
Сертіне берік сері едім мен де,
Ауылы шалғай,
Жері алыс.
Өзгеден қалқам өлеңім кем бе
Толқымай жатыр неге Арыс?..
Шерлінің бәрі шерменде ме екен,
Өкпесін айтар өткенге.
Гүлдері неге тербелмеді екен —
Аңқылдап ақын жеткенде?..
Айырма, тағдыр,
Бағынан гүлді,
Ай, жұлдыздармен сырласам.
Алыста қалған сағынам күнді —
«Арыс жағасын» тыңдасам.
Сәуірдің тағы ерітті лебі,
Сәуірде туған Ар едік.
Сіздің ауылда өрік гүлдеді —
Біздің ауылда қар еріп...
Ерейменді көргенде
Бүркіт ұстап басыңа шығар ма едім,
Көзіме бір көрінші, Ерейментау!
Иманжүсіп.
Жазып кетем тасыңа,
Өмірімнің өлшемін.
Бір шығаршы басыңа
Ерейментау!
Еңселім...
Сарыбелдің сырындай,
Көк жүзінен құйған нұр.
Иманжүсіп жырындай
Иманыңа иландыр!
Дүлдүл өлген жер осы,
Сағынайдың асында.
Есіл күннің елесі —
Ерейментау басында.
Көш келеді ақтабан,
Көкейдегі мақам-мұң.
Құлагерді жоқтаған —
Зарындай боп Ақанның.
Әні ұласқан сәніне,
Арқа елінің алқасы.
...Лыпып-ақ тұр әлі де
Батыраштың балтасы.
Мұңын ұғар ақынның,
Аққу қашқан көлдері.
Еріп бара жатырмын —
Ерейменді көргелі.
Биігіңе құмар ем,
Есіл де есіл,
Елес күн.
Бүркіт ұстап шығар ем —
Иманжүсіп емеспін.
Өмір солай өтеді,
Көңіл нені сезеді?
...Ерейменнің етегі
Өлеңтінің өзені.
Сенің көзің тұңғиық,
Тылсым әрі,
Тылсымында талайлар тұншығады.
Айдындағы аққудың бір сыңары
Шырайыңнан шалқиды жыр шырағы,
Сенің көзің тұңғиық, тылсым әрі...
Сезімдердің лауласа оты арада,
Ертем сені жонға да,
Жотаға да,
Ертегідей ертеңге ертем сені,
Боталаған көздері бота бала.
Сені көрсем толқиды тереңде ағын,
Керім күннің кездіріп кемел бағын.
Көрмей қалып...
Өзімді көп алдадым
Көздеріңде керемет өлең барын.
Біздің баста ботасы,
Құралай шақ,
Сол күндерді өтерміз ұдайы аңсап.
Барып қайтып жүрейін,
Барып қайтып
Базарымның барында бұлағай сап.
Өлең жазып кетейін таңға тұма,
Дақ түсірме қарағым,
Арлы атыңа.
Жаным қалып барады
Жаным қалып —
Тәнім кетіп барады Алматыға...
Күршімнің қызы
Алматы кеші, маусымның басы,
Медеудің маңы
Тау-шыңның қасы.
Азаннан бері аңырай құйған
Жылауық бұлттың таусылды жасы.
Жанымды тербеп жігіттік әні
Тереңдеріме үміт тұнады.
Күміс күн соңғы сәулесін шашып
Ылдиға қарай ымырт құлады.
Жол тосқан сол кеш
Ырымды делік,
Тәтті бір сәттің сырын білелік.
Ақ көйлек киген ақмаңдай ару
қол шатырыма тығылды келіп.
Жастықтың бұл кеш жырлы мекені,
Масаты кілем — қырдың етегі.
Ақ тәнін бүгін ақ жауын жуған
Каракөз қалқа дір-дір етеді.
Тартқанын қайдам қайда көңілдің,
Жұмбақ та жұмақ жайға көмілдім.
Бұйрығы бұл қыз маңдайға жазған —
Сыйлығы жұлдыз айман — өмірдің.
Бойына гүлдің нұр сіңген екен.
Жүрегім жырла!
Дүрсілде бекем.
Жөн сұрап едім... Шығыс шынары
Әлия есімі — Күршімнен екен.
Қабақта қос ай қағыса калған
Асып-тасқандай ағыс арнадан.
Ақ көйлегіңнен айналдым қалқа
Әппақ тәніңе жабыса қалған.
Шайқалмай жүрген тұнығың бардай,
Нұр үнің қаңдай, қылығың балдай.
Бұраң беліңе созыла жылжып
Өрілген өрім бұрымың қандай.
Анарың алма, гүл ерін...
Түстей...
Сезім шарабын жүр едім ішпей.
Шелектеп кұйған мынау нөсердің
Толастамауын тіледім іштей.
Бастап тұр сезім кұмай-күнәға,
Жылайды қайың
Сынайды дала.
Жыр отын жағып жылытып алам,
Шығыстан келген шырайлы бала.
Мәуелі кештің әні бақ шығар,
Ұғады бізді жаны жақсылар.
Аспанның асты тұрағым еді
Қолшатыр — бұл да шаңырақ шығар.
Айдыннан сол ма көшкенің күз кеп,
Аққу ең, жеткен дос көңіл іздеп.
Қараңғы түнде ғайып боп кеттің
Көлігің келіп...
— Хош болыңыз!— деп.
Жол тосқан бірге серігім менің,
Елестей ерке елігім дедім.
Әлия қыздай жалт бересің бе
Сағыныш болып сері күндерім.
...Жүрекке бүгін ән ұялай ма,
Сырымды жырым жариялай ма?
Ақ жауын жауған Алматы түні
Күршімнің қызы Әлия қайда?!
...Бассам ба екен... «Жариям-айға».
Қазанғаптың күйі «Жұртта қалған»
Ей, еңсесі биік ақ Орда,
Еңсесі биік ақ Орда —
Байтағымның байрағы,
Намысымның қайрағы —
Бетегелі белдерім.
Оралының барында
Орда бойы ор болмай.
Қара ниет залымға —
Қарындасым қор болмай.
Қалың елге жау шаппай,
Қабырғамды қаусатпай —
Дүрия дәурен көргенім.
Орда бойын оқ жылан,
Орағытқан күн туды.
Орда болып топ жылан
Сор ағытқан күн туды.
Ордам, Ордам,
ақ Ордам,
Запыран құсып, зар кешті.
Қарақұрым қара орман —
Қарақұмда қар кешті.
...Қайық-қайғы тербедім.
Қарақұрым қара орман,
Халық пірім қаралы.
Жасы саулап жанардан —
Арып бүгін барады.
Белес, белес белімнен,
Асып көшіп барады.
Кіндік кескен жерімнен
Жасып көшіп барады
...Еңкіш тартып ерлерім.
Жазирамнан жаз көшті,
Ботадайдан боздап ел.
Толарсақтан саз кешті
Тоз-тоз болып тозған ел.
Қара үзбеді қазанат,
Түнек торлап аспанды.
Атан жілік азамат —
Темір қазық жастанды.
...Сертін бұзды сенгенім.
Қараша үйдің киесі,
Қарашада тоңғандай.
Қара қазан иесі
Қара күйе...
Сормаңдай.
Домбырамның тиегі,
пернесінде —
түйсігім.
«Жұртта қалған» күйі еді —
Жұртта қалған күйшінің.
...Шертіп өткен шерлерін.
Назымхат
Құстар,
Сендер қияға самғайсыңдар ғой,
Ұшасыңдар ғой жыраққа.
Аспан мен жерді жалғайсыңдар ғой,
Жетесіңдер ғой мұратқа.
Иландырмайды Ар атын Иман,
Ел деген елдің шетінде.
Қанаттылардың қанатын қиған,
Жер деген желдің өтінде.
Дуылдап айтар думанның әні,
Түрмейді түннің түндігін.
Қанатсыз болып туғанның бәрі,
Аспанға қарап жүр бүгін,
...сендер самғайсыңдар ғой, құстар!
Шөлейттеу жердің шөбі едім,
Шөліркеп әлі келемін,
Ақ жаңбыр мінез өлеңім,
кезертпей еріндерімді
құйып бір өтсе деп едім.
Сүмбіле соңы — сары тамыз
Сары тамыз, тілден бал тамыз.
Сарғайған шығар алқаңыз,
сарғайтып мені сәуірде
Сағым боп кеткен қалқа қыз.
Ботадай жырым боздап жүр,
Боталы зарын қозғап жүр.
Мазала мені, Мағжан-жыр,
айнамкөз армандарымдай
Арқаға жауған ақ жаңбыр...
Сүмбіле соңы —
түнгі ызғар.
Айқабақ барда — кім мұздар.
Сарғая көрме, гүл — қыздар.
Алқара көкті қақ тіліп —
Із тастап ақты жұлдыздар...
Гүлмира
Көктем көздің жасындай боп
сырғи ма?
Сырғи-сырғи бет түзедік ылдиға.
Сарыбелден сағым ұшып жатқанда
Жаныма ерген жаным едің, Гүлмира.
Күндей күлген көгімдегі, Гүлмира,
Ұсынды екен өмір нені, Гүлмира.
Он бесінде толған айдай толысқан
Отыз үш жыл көрінбеді Гүлмира.
Жақұттайсың,
Лағылдайсың, Гүлмира,
Түнгі ұйқымды тағы ұрлайсың Гүлмира.
Сағынасың...
Сағынбайсың, Гүлмира.
Жаңаарқаның жазығынан жоғалған —
Ақбөкеннің лағындайсың, Гүлмира.
Ісім өнбей,
Ішім өлген Гүлмира,
Түсінбесті түсінер ме ең, Гүлмира.
Дертің меңдеп...
Ішіп өлгем, Гүлмира
Отыз үш жыр арнасам да ұмтылмай
Отыз үш жыл түсіме енген, Гүлмира.
Көктем көздің жасындай боп сырғи ма,
Сырғи-сырғи бет түзедік ылдиға,
Өткен өтті...
Құрысын бәрі, Гүлмира,
Есіңе алып жүресің бе әлі, Гүлмира,
Ай алқалы, күн сырғалы Гүлмира.
Кер бетегелер
Беткейді бастап өрге төбелер,
Тереңдерімді тербете берер.
Көтеріп басын көрісті күнмен —
Кер бетегелер,
Кер бетегелер.
Тұрғандай Тұран ән құшып тағы,
Есімнен бұл сәт мәңгі шықпады.
Бетегелердің бетін жуады —
Тамыз айының таңғы шықтары.
Бауырын сүйсе белде самалы,
Бетеге басын төрге салады.
Беткейден орын берген тағдыры
Жусанның иісін бермесе-дағы.
Беткейім,
Белім,
Төбеде Күн, Ай,
Кетейін бәрін өлең етіп-ай.
Керім кездермен келісе қалған —
Кер бетегем-ай,
Кереметім-ай.
Көрсетіп көгім төтен өнерді,
Өткінші жауын өте де берді...
Аласа деуге ауыз бармайды —
Беткейге біткен бетегелерді.
Ескі жұрт
Ұлым Саламатқа
Өзегімді өткен күн өртеді де,
Естелігім айналды ертегіге.
Туған үйдің жұртына келгенімде
Сағынышым шерлі әуен шертеді ме?..
Малы қайтар кешкілік өрістегі,
Базарлы еді балалық...
келісті еді.
Мен туған үй, дариға-ай,
«Жеңістегі» —
Арап қырдың етегі еңісте еді.
Өлең көріп өмірдің өркешінен,
Ескі жұртта еркіндеу ерке өсіп ем.
Әруақтардың мекені — қалың қорым
Үйіміздің қарайтын желкесінен.
Ән тербейтін әуені ағысқа ұнап,
Баласы да ол күннің намыстырақ...
Сарысудың өзені өмірлі еді —
Сарысудың жағасы қамыс, құрақ.
Шын болатын бәрі де
Жалған емес,
Көз алдыма келеді алуан елес.
...Бекболат дос ол кезде бастық емес —
Халиолла Әбенов палуан емес.
Тимеген кез тағдырдың ақ таяғы,
Тұлпар күннің тербеткен бапты аяңы.
...Қыдырбай да қыран боп самғамаған —
Молда бола қоймаған Мәктай әлі.
Орман ойға оралған отты өлеңі,
Бір әулеттің біз деген көк терегі.
Әкем салған төрт бөлме кішкене үйде —
Үлкен-үлкен армандар көктеп еді.
Әкең, балам, осы жер —
ержеткен жер,
Сезімінің селдірін селдеткен жер.
Ақ батасын атаның қабыл етіп —
Ақ тілеуін анамның тербеткен жер.
Сүрлеуімді осы жер — жол қылған жер,
Самал болып аймалар тоңдырған жел.
Ұландарын ұядан ұшырып сап —
Қырандарын қияға қондырған жер.
Күнге қарап ашылған есігі де,
Құтқана еді сай әке есіміне.
Ескі жұртты ескі үйдің орны деме —
Махаббат пен бірліктің бесігі де.
Ағайыны,
туысы,
дос өрісі,
Қуанышы,
Қызығы — осы ел іші.
Жатыр әкем бауырында Арап қырдың —
Туған жердің төскейі — төсеніші...
Тағдыр деген осы екен, осы жалған,
Қандай сыйын ұсынар тосып алдан.
Мен де сендей сонау жыл...
Шаңырағымыз —
«Қазынаның үйіне» көшіп алған.
Өткен күннің айналды бәрі аңызға,
Туған ауыл,
Ескі жұрт...
санамызда.
Айдын көлін аңсаған Аққулардай —
Келіп-кетіп жатамыз Анамызға!
...Сырды ұғыңдар мендегі
мұңды ұғыңдар,
Бірлігім бар болғанда
тірлігім бар.
...Ескі жұртқа жайылған тамырым бар —
Туған жерге байланған кіндігім бар.
Қараөткелдің бауырында қалың шұбар,
Көкмойынға үкілеп тақтым тұмар...
Иманжүсіп
Қараөткелдің бауырында қалың шұбар,
Басымдағы бұл-дағы бағым шығар,
Сағың сынар сәтке де
жаның шыдар.
Жалған — дүние жалт еткен сағым шығар,
«Қараөткелдің бауырында қалың шұбар».
Толғауымен тірліктің тоналды ай, жыл,
Бота болып боздады Боралдай — жыр,
Аққу-қазым айдынға оралмай жүр;
«...Талай қатын қазақта ұл туғанмен —
Бәрібір Иманжүсіп бола алмай жүр».
Жауын барын сезгесін,
дауыл барын,
Алашым деп аян ғой ауырғаным...
Сарыбелдің сарғайтпай сауырларын.
Бауыры бүтін елміз деп басын қосты —
Қараөткелдің бауырында...
бауырларым.
Шырайына нұр ойнап шығады күн,
Шұрайлысы-ай, сол маңның шұбарының,
Тұнығында тұнады тұма жырым.
Қарашаңырақ,
Қараөткел,
Қара қазан —
Қазақ үшін болғалы бір-ақ ұғым.
Өткен күннен айтады өлең дерек,
Өлең барда ойламан өлем бе деп.
Иман аға,
біз қашан төмендеп ек?
Көкмойынға үкілі көз сап тұрмын —
Мойнындағы тұмарын көрем бе деп...
Қызыл іңір. Қызылжар
Қызылжарда қызарды қызыл іңір,
көңілімнің ерітті мұзын іңір.
Әппақ-әппақ арманның аралында —
Ақдариға күндердің қызығы жүр.
Қызылжарда қызарды қызыл іңір...
Төбемізге төнгенде төстегі бұлт,
Көңілімде көгерді өшкен үміт.
Қызылымен есімде
Қызыуымен —
Қызылжарда ақ қайың кешкен ымырт.
Сапарларға сәт туса дайындалар,
күнім қалар көгімде
айым қалар.
Жастығымдай жап-жасыл желегімен
Әппақ-әппақ армандай қайыңды арал.
Қайғыны естен шығарып
уайымды естен,
Шал ақынның ауылы шайыр дескен.
Қызыл,
жасыл,
ақ түсті арман арал
Қызыл іңір,
Қызылжар.
Қайың кешкем.
Шоқ-шоқ қайың,
шоқ қайың,
топты қайың,
ақ самалын өлеңнің соқтырайын.
Ақ дүниеден адалдық іздегенде
Ақ қайыңдар,
сендерге кеп тұрайын.
Қызылжарда қызарды қызыл іңір,
Көңілімнің ерітті мұзын іңір.
Әппақ-әппақ арманның аралында —
Ақдариға күндердің қызығы жүр,
Қызылжарда қызарды қызыл іңір...
Есіл ағады
Есіл ағады,
Есіл ағады,
Ақбұйра толқын жарды ұрып.
Есіл аққанда есіп ағады,
Жағада жартас жаңғырып.
Сырбазым сыңғыр,
Сыңғыр етеді,
Сұлулар таққан сырғадай.
Түрілген сонау түннің етегі —
Ұйқымды қайтсін ұрламай.
Есіл ағады,
Есіл ағады,
Мағжанның жүйрік жырындай.
Мені де бір қыз есіне алады
тарқатып өрген бұрымдай.
Есіл адағы,
Көсіле ағады,
Есіле ағады ерке өзен.
Көңілге мәңгі көшіп алады,
Аққудай арлы сол кезең.
Арнаңды көріп толтырған нұрдай,
Жаныңа келіп көсілдім.
Есілдің ерке толқындарындай
Ағып барады есіл күн…
Естінің толқын есіне алады,
Аймалап Ай, Күн жарық — құт.
Есіл ағады,
Есіл ағады,
Есіл ағады жарықтық…
Сеземін нұр-шырай барын,
Бағыма балаған ғұмыр!
Тыпыршып тыншымай жаным
Аңсайды аламан-дүбір.
Өмірден сый күттім керім,
Жаһанның мұрагеріндей.
Жүйткиді жүйрік күндерім —
Ақанның Құлагеріндей.
Жігерін жанымайды ерім,
Көрерін көргеннен бері.
Тұлпарды танымайды Елім —
Толыбай өлгеннен бері...
Қайтейін...
ұзарды күнім,
Өкпемді өмір қысады.
Ұяттан қызарды бүгін —
Қамшымның тобылғы сабы.
Жөн еді...
сезбесем мүлде,
Естімей даладан дүбір.
Өзіңмен кездесем күнде —
Бағыма балаған ғұмыр!
Жасыбай көлі
Жасыл айдын,
жасымнан ғашық айдын,
Мөлдірейді жанары Жасыбайдың.
Жетегіне жылдарды ілестіріп
Өтеді де кетеді осылай күн.
Күй шалғанда көңілді әрі-сәрі,
Көз алдыңнан көлбеңдеп бәрі ұшады.
Баянауыл баурайын базар етіп
Тамылжиды тамыздың таныс әні.
Мұң қалады төсінде қыр алаптың,
Жылғалары жанымның
Жылап ақтың.
Жасыбайдың жағасы жасыл құрақ
Қимай-қимай көшеді мүбәрак күн.
Соңы тұйық соқпақтың
басы қайда?
Бастап мені әкелер Жасыбайға.
Өмірімнің өрнегі өлең еді —
Көңілімнің көлдері тасымай ма?!.
Баянаның басында бала қыран,
Бақ саулайтын секілді балағынан.
Жасыл айдын
Жасымнан ғашық айдын —
Жасыбайдың жас көрдім жанарынан.
Ұмытқалы не заман сайранды ұлың,
Сая іздеген сайғақпын сайдан бүгін.
Жалаң аяқ жүгіріп жағалаумен —
Қайраңдайды қайраңда қайран күнім.
Көлдерімнің көңілін кім аулайды,
тырналардың тізбегі тыраулайды.
...Жасыбайдың жанарын жәудіретіп
Баянауыл басынан күн аунайды.
Қара ағашты жел шайқады кешкілік,
Жапырақтың жалқы жырын естідік.
Қиынын-ай,
құйын қиған тағдырдың
Күн барады кешкіріп,
Біз барамыз ескіріп,
Қара ағашты жел шайқады кешкілік.
Өліарада өкпе артпассың Заманға,
Бауырың бүтін,
басың досым, аман ба?
Ғапыл дүние маған да сын
Саған да,
Үміттерің үсік шалып үзілсе —
Жапырақтай жанышталар табанда.
Өліарада жаңбыр мен қар аралас,
ей, тірлігім!
Жалғыз сәтке қабақ аш!
Тәнін немен жасырады жалаңаш?..
Қоңыр күйді қобыз болып қозғайды —
Жел шайқаған қара ағаш.
...Өліарада жаңбыр мен қар аралас.
Ей, енесі өлген құлын күн,
Құлыны өлген байтал күн.
Балауыз шамдай ғұмырдың
Сәулесі болып шайқалдым.
Біріне түспей көп іздің,
Қабағын бақтым тағдырдың.
Дауыл тұрғанда теңіздің —
Толқыны болып жарды ұрдым.
Басына қонған бұтаның,
Сен менің әппақ құсым ба ең?..
Жусанның жұтып жұпарын —
Даламның әнін түсінген.
Өмірім
өрім,
өткелім,
Көз жауын алған сырға күн.
Күздерді қуған көктемім —
Жырларым менің —
Жылдарым...
Тұңғиық тұнып тұсымда
Шер буып шыққан шері едім.
Зулайды көздің ұшында
Сұрмерген тартқан жебе күн...
Қоңыр
Қоңыр күз,
Қоңыр жыр ма едің,
Қоңыр күй тербеп кешімді.
Қоңыраулы керуен күндерім
Қоңырқай тірлік кешірді.
Қозыкөш жерден көрінген,
Қоңыр қаздардың тізбегін.
Қоғасы біткен көлімнен
Қобыздай сарнап іздедім.
Қоңырым озып пырақтан,
Қом сулы қоныс гүлдеген.
Қоңыр жел есіп қыраттан
Қоламталарымды үрлеген.
Қоңырқай тартты өлең де,
Қонатын басқа бақ қайда?
Қоңыр қозылар көгенде —
Қотарып ішер ақ қайда?..
Бір өлеңім бар еді,
Бір өлеңім болғанда —
Аққу текті Ар еді
Заманының зары еді
Ғаламының әні еді,
Бір өлеңім бар еді,
Бір өлеңім бар еді.
Бір өлеңім тірі еді,
Ғашық болып дүниеге —
Дүрсілдеген жүрегі.
Шуақ шашқан күн еді,
Төскейде өскен гүл еді,
Үздіккен бір үн еді
Бір өлеңім тірі еді.
Бір өлеңім...
бір өлең,
Жапырақ жайса жыр емен,
Жайнап өмір сүрер ем.
Тілегім ең тілеген,
Әулием ең түнеген.
Сен де мені білер ең
бір өлеңім...
Бір өлең...
Қарашада қалмайды гүл ағашта,
Мына дәурен тұрмайды мына баста.
Шыр айналып шылбыры
шыдам бітіп —
Жер тарпыды тағы да құла қасқа.
Алтын кіpпік арай күн,
арманым ең,
Тағдырым бар табысар таңдарымен.
Жауыздықпен шабысты жан-жүрегім —
Ауыздықпен алысты ардакүрең.
Тұлпарларым,
дүлдүлім,
арғымағым!
Мәңгі бағым...
таңдарды таңға ұрамын.
Шалдығамын көмбеден көре алмасам —
Зар қыламын айта алмай Ардың әнін.
Мұңайтады мына күн мұңлығыңды,
Жын-жыбырға түргізіп түндігімді.
«Елім-айды» ертемен eңіpeтіп —
Сүргендеймін бұрын да бұл ғұмырды.
Безеріп бел,
Өкcіп қыр,
Жылады ауыл,
жаратқанның ести ме құлағы ауыр.
Желбауымды желкелеп желпілдеткен —
Басқа дауыл білepім мына дауыл.
Арманым-ай!
Алды-арты айран асыр,
жырларымды жолыңда пайдаға асыр.
Асылыма араша түсе алмаған —
Жайма базар секілді жайма ғасыр...
Қап арқалап бара жатыр қыз бала
Бақ тілегін сарқып алған,
тойын да,
Ақ білегін артып алған мойынға.
Қап арқалап бара жатыр бала қыз
Алматының «Арбатының» бойында.
Kөшecі бұл қайыршының,
мастың да,
Нөпір адам...
Ұқсайды екен тасқынға.
Қайысады, майысады — нәзіктік
Ала тайдай ала қаптың астында.
Көңілдерге көктем сыйлар күй керек,
Кімге айтарсың:
— көpіктігe тиме — деп,
...Көк базарға бара жатыр көркем қыз
Көне күрте,
ecкі eтігін сүйрелеп.
Қалтырап гүл...
Қалады ма қырмызы,
Жарқырап біp жанады ма жұлдызы.
Қап арқалап бара жатыр көшеде
Арыс туар алашымның біp қызы.
Ажары да ашық екен ақ таңдай,
Базарына жетсе деймін қақталмай.
Аузын буған қытай қаптың ішінде
Тағдырының бар салмағы жатқандай.
Мұқым қайғы,
Таяз бақыт.
Күз.
Қала.
Сықырлайды аяз-уақыт сыздана.
Жын-ғасырдың жүгін жеңілдетем деп,
Қап арқалап бара жатыр қыз бала.
Соңғы өлең
...В этой жизни умирать не ново,
Но и жить, конечно, не новей.
С.Есенин
Ей, Есенин,
Бала кезден дос едің,
Шайыры едік шарап ішкен көшенің.
Тіршіліктің шығара алмай eceбін,
Басың қатты,
Басым қатты неше күн
Қайран, Сергей Есенин...
Қыстай екен,
Құстай екен сонғы өлең,
Көк аспанның көpкі болып көлбеген.
Көкпар-жырда көк атты жүр көлденең.
...Ceні сырлас көpіп едік,
Сонғы өлең!
Қадір түні қaбіpіңді тербеген.
Тағатыңнан айырғанда
Сағатың.
Әйнегіңді әйбәт тамшы қағатын,
Соңғы өлеңді сыбырлады қара түн...
Мына жалған орманы емес орыстың —
Рязаннан жолға шыққан бала ақын.
Маңайында мезет сайын мың дүбір,
Мың дүбірден мұң ішеді мұңлық ұл,
Көздеріңді көктем көміп...
Тұнды гүл.
Соңғы өлең боп басталады біp өміp
Соңғы өлең боп үзілeді біp ғұмыр.
Ей, соңғы өлең!
Тамырларда тулашы,
Сен де, мен де сол ауылдың тумасы.
Шағаласы шабытымның, шулашы!
...Өміp өміp өлең бола алмайды
Өлең деген өміp екен турасы...
...Ей, соңғы Өлең!..
Ақпанда. Ақөлеңде. Ақ айдында
Ілия Жақановқа
Айнала шомылғандай арай нұрға,
Ақпанда,
Ақөлеңде,
Ақ айдында.
Тербеліп,
Teбіpeніп талай мұңға —
Ағатай, келіп қалдық қалай мұнда?!.
Беу, шіркін!
Айдын қандай,
Ақпан қандай?
Ақөлең ақ ниетін ақтарғандай.
Ағатай, біздің сапар ақ болғандай —
Басына Балқаш көлдің бақ қонғандай.
Ақөлең — балықшы ауыл алыстағы,
Сенімен келіп едік табысқалы,
Жігіттің ақ айдында Арыстаны,
Әуенді түсінтін ағыстағы —
Ағатай, жатыр білем ән ұшқалы...
Басына Балқаш көлдің бақ қонақтар,
Ақ айдын,
Ақөлеңде,
Ақпан,
Ақ қар.
Ақ әлем, ақынында ақ қанат бар,
Ағатай, қалсын біздер жаққан оттар,
Ақ айдын,
Ақ өлеңде Ақпан...
Ақ қар.
Ақ дүние, сені аңсаған асыл жыр ек,
Көзайым күнді іздеген жасыл жібек.
Ағатай, қалмайықшы,
Жасып,
Жүдеп...
Тағдырдың уын ішкен,
Тасын күреп,
Ақөлең, біздің жүрек - ғашық жүрек.
Ақпанда алыс қырдан тапқан өлен,
Қанатын ақ айдында қаққан өлең.
Арманды арна болса ақтарар ем.
Жарық күн,
Жалғыз өлең жаттаған ем;
Ақөлең...
Айналайын, әппақ әлем...
Сағыныштың сарғайса да сағымы ақ
Арман сүйген арлы кез де, жарлы кез.
Кірпігімді күн нұрына малып ап
Көкжиекке қарай-қарай талды көз.
Үздіккенде үзіп алсаң үміт тұл,
Сынап-күнді уысымда сырғыттым.
Қарашығы қара өлеңге тұнып тұр
Мұнар күннен
мұң сапырған мұңылықтың.
Көңілдерге көмескілеу күй енді,
Мұнар күннен
мұң сауғанда мың жүдеп.
Қарағайлар қара ағашқа сүйенді
Тамырларын торғыл шуақ тілгілеп.
Көкжиекке көктемдерім көшетін,
Кер күндердің керуеніне серікпін.
Арай іздеп айдындарды кешетін
Ақ дүниеге ақын болып келіппін.
Толқынымды толқытқан да,
Тойлатқан,
Қайран күндер қайта оралмас қас-қағым.
Жасындарын жан-жүректің ойнатқан
Басымдағы бас қамынан басқа мұң...
Қобыз кеудемнің сынық шанағы,
Боздайды бүгін ұрып сананы.
Tөзімгe бойым мойынұсынып
Сезімге ойым құрық салады.
Қашып шабытым шатынап қалдым,
Сыбдырын ecтіп ақымақ талдың.
Зәремді алды
Жаңбырды жоқтап
Жылаған даусы жапырақтардың.
Көңілден кейде нұр қылаулады,
Уақыттың түспей қылбұраулары.
Қоңыр кештерде қозғайды мені
Қоңыр қаздардың мұңдылау әні.
Біздің де бастан оза ма жалған,
Тиянақ таппай тоза ма арман?
Бозала таңда боз жусан көрдім
Боз қырау шалып бозара қалған...
Еру қонды елуің...
Әбубәкір Қайранға
Әбіштай,
Әбубәкір,
досым Қайран,
Елуге еру қонып қосын жайған.
Жырды нұр санайтұғын жан кұрдасым
Бұл ғұмыр тұрады екен осындайдан.
Барында базарының бақ сынатқан,
Кеудесі толқын-толқын Ақсу аққан.
Тағдыры тарғыл түсті Тарбағатай
Ақын боп жолға шыққан Ақсуаттан.
Елуің еске салды қайдағыны,
Қайран дос,
Әбубәкір Қайранұлы.
Алысқан ауыздықпен арғымағым
Арыстан алам деген айдағыны.
Бұл елу еру қонар тұғырың ба?
Еріп бара жатқандай ғұмырың да
Қасқыр жайлы жыр жаздың итшілемей,
Аспан жаққа бір қарап ұлыдың да.
Бақ түнеткен бастағы байлық осы,
Қасымызға тікпесін қайғы қосын,
Енді елу жыл іздесең таба алмайтын
Жайлыбайдың Ғалымы жайлы досың.
Толқынымды толқытты қайдағы ағыс,
Алашыңды аялап,
Аймалап ұш.
Еңку шалып елуге келген ерім
Қайран кұрдас,
Қайран дос,
Қайран Әбіш...
Бабайқорғанның баласы
Қасымхан Бегмановқа
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қасым
Өтірік емес
расым,
Сенбейсің бәлки
сенесің.
Үстіңде қара плащың
Ақсаңдай басып келесің.
Ауылдан кеттің адасып,
Өткенің өкпек...
қарашы.
Қарашығында — Қарашық
Бабайқорғанның баласы.
— Жыр жазып едім-төгіліп,
Қайда деп менің сыбағам.
Есінен танып егіліп
Еңіреп кейде жылаған.
Ей, Қасымхан дос, құрдасым,
Шерменде жанды шер меңдер.
Жыласын ақын,
жырласын
Көз жасын сүрте көрмеңдер!
Сорғалап қонған әндейін,
Сабаңа түсіп ақырын.
Іздейсің мені...
сәл кейін
Қайранның Әбубәкірін.
Алдаған емес арманың,
Телмірме түнде шыраққа.
Сен Қасым бола алмадың
Қасымхан болдың бірақ та.
Көңілден күмбір күй төгіп,
ағызба, көздің жасын бос.
Ит жылы туған ит едік
Қайтейін сені, Қасым дос!
Қазақы өлең
Өмір,
Сенің арнаңа түcіп ақтым,
Толқын-толқын күндерді ұшыраттым.
Бізің бастан біp дәурен жалт береді
Үйіріндей үpіккeн қысырақтың.
Жарық таңның жалқыны
Жалғасқаным,
Ардың әні шырқаған алғашқы әнім.
Мұнар-мұнар мұнартқан біp керуен
Мендегі мұң бауырым,
Сәл басқа мұң.
Жыр қақтадым жанымның жалынына,
Ырғақтарым шабыттың шарығына.
Кайралды да...
Қосылып күңіренді
Шалдар шалған қобыздың сарынына.
Дүр дүние,
дүрмек пе,
дүрбелең бе?
Белгі болып қалармыз біp белеңде.
Осы өленді жазбай-ақ қояр едім
Жалғандығын жалғанның білмегенде...
Жаныма жақын жандайсың жаным,
Қандай шыдамың,
Ардай сыңарым.
Тағдырдың уын татып көрмеген
Балдай шырағым.
Күн болып шыққан күнім дейін бе,
Қырқада өскен гүлім дейін бе?..
Өткінші күннің өкпек желінен —
Түңілмейін де.
Ай болып туған айымдаймысың,
Ай аймалаған кайыңдаймысың?..
Сүйіп қалғанмын,
Жиып та алғанмын —
Ғапыл ғаламның уайым-қайғысын.
Сыңардың сырын сырлас ұқпады,
Мұнарамызды мұң басып қалды.
Тоспайды көңіл шырынын ғана
Қоспайды өмір шын ғашықтарды.
Баянсыз күннен бақыт көрмеген,
Дүлдүлің өтер уақыт кермеден.
Ардай сыңарым,
Балдай шырағым —
Тағдырдың уын татып көрмеген...
Бәpі ағады,
Керуен күн ағады,
Қалың тұман жасырып мұнараны.
Тұңғиықтан Зәмзәм боп тұнады ел!,
Тасқайнардың мөлдіреп тұмалары.
Бұл фәнидің бітпейді сұраулары,
Қарт таулардың басынан күн аунады.
Мұңға малған күздегі көңілімді
Тырналардың тізбeгі тыраулады.
Керзаманның желі де қатты еседі,
Басымыздан баянсыз бақ көшеді.
Бақ көшеді,
барыңды ап көшеді
Арман болып арудың ақ төсегі.
Бас қатады,
Өзіңді өзің білмей,
Сор айдаса солады сезім гүлдей.
Жазалайды талайлар жаныңды жеп
Мазалайды сан ойлар көз ілдірмей...
...Cepік болса сенімің иманыңа,
Жаратқанның жарығын қиғаны да.
Ақ — қараның арасы ашыларда —
Біp қарармын дүние, дидарыңа...
Шаңырақты көтереді уығы,
Түндігінен қарамаса қайғы азап.
Kүpeңітті күздің қара суығы
Халың қалай,
Әй, қазақ?..
Жұлдыздар да жымыңдамай түндегі,
Қара аспанның мұң шалады мұнарын.
Базар барып бақ сынайтын күн бе еді
Басыңдағы мына күн...
Сарыдаланың сағымына сыр ашып,
Соқпағыңның шықты білeм сартабы.
Жазық жондар бұйра құмға ұласып
Бұйығады боз беткейдің барқаны.
Өзек талса,
өксіткенің өміріңді,
Тас көшеде тәрік болып талабың.
Қара базар қарайтады көңіліңді
Ақ ішіп жүр, қарағым...
Жалғыз тамшы
Төбел арай төбеге төркіндейді,
Таң тонасын тамыздың
Көркін мейлі.
Жапыраққа ілінген жалғыз тамшы
Жанардағы жастай боп мөлтілдейді.
Күрсінгенде күмілжіп күз реңі,
Сүреңсіздеу сүмбіле сүзіледі.
Жапыраққа ілінген жалғыз тамшы —
Демі бітсе үн-түнсіз үзіледі.
Тұнық сырдың тұңғиық тұмасындай,
Өміріңнің өрнектер жыры осындай.
Жапыраққа ілінген жалғыз тамшы.
Түнгі нөпір нөсердің мұрасындай.
Жасын кешкен жанымның жарқылы —
Жыр,
Алды уайым тірліктің,
Арты дүбір.
Жапыраққа ілінген жалғыз тамшы
Маңдайыма жазылған жалқы ғұмыр...
Сайрар кезде сайрасын тоты бақта,
Торықтырма,
Тонама,
Тоқыратпа!
Жалғыз тамшы ілінген жапыраққа
Үзіледі...
Сіңеді топыраққа...
Арайларын Арымның аршыды нұр,
Сал,
Сал дәурен,
Сал дәурен,
Салшы дүбір!
Жалқы жыры жалғанның жанымдағы
Жапыраққа ілінген тамшы-ғұмыр!..
Кербестінің кекілі
Беу, кербесті еді көргенім,
Ерен де өрен біp жүйрік.
Өлкемнің өpін,
Белдерін —
Ылди ғып шапқан қылқұйрық.
Күдері жалы төгілген,
Орлардан орғып қарғыған.
Бәйгеге түссе көрінген —
Аламандардың алдынан.
Жараса бүгін бауырынан,
Бақ шабар,
Кейде бап шабар.
Kүміс тер саулап сауырынан
Кекілін тарап ақ самал.
Кербестідейін көңілдер,
Болады кейде құсалы.
Шаң-тозаңдарын жел үрлер
Кекілінде ме нысаны?..
...Егіліп құмдай...
Жыладым,
Тас болып қайта бекідім.
Ақан cepі боп сыладым
Кербесті жырдың, кекілін.
Біp түп емен
Бұтақтары майысқан біp түп емен,
Ceні көрсем безеді күлкі менен.
Мұңайтасың,
Сыбырлап сыр айтасың:
«тағдырымның жағасын жыртып өлем»
Қайыспайтын қайсарлық - біp түп емен.
Біp түп емен!
Сен осы білесің бе?
Қырқасында қыраттың гүл өсуде.
Қатарларың көп еді бой түзеген
Сонау жылы айналды күресінге,
Ажалдары — адамның үлесінде.
Жасыл қырдың тұрағың жартасында,
Басындырдың тағдырдың балтасын да.
Біp түп емен,
Шөңге боп қадалып тұр
Арқа-жарқа таулардың арқасында
Tіpлігіңнeн кейде осы қорқасың ба?
Біp түп емен, түсіңе мұң кіpe ме,
Жылата ма немесе
Kүлдіpe ме?
Наурызда сары уыз жапырағың
Тірлікпенен қауышып дүрліге ме?!
Сарғайыпсың жетпей-ақ cүмбілеге...
Бұтақтарың бүтіндей майысады,
Жанарыңның жаз туса жай ұшады.
Алмағайып бұл тірлік алмакезек
Өмір — өлім бойында сайысады.
Ceні көрсем қабырғам қайысады.
Ей,адамдар!
Тағыны таласаң да,
Тектіліктің тәніне жара салма.
Біp түп емен!
Мен сені күтімі жоқ —
Жетім қалған ұқсаттым қара шалға,
Мәуелім-ай, алдымда аласарма!
Біp түп емен!
Көрдің бе ашылды күн,
Жапырағың жаяды жасыл гүлін.
Өр тұлғаңмен көтеріп тұрғандайсың —
Сайқал өміp сыйлаған ғасыр жүгін,
Талақ етіп тағдырдың тасырлығын.
...Түсіме ендің сен тағы
біp түп емен.
Жаным жасып қалғандай нұр тілеген.
Жастығымнан басымды жұлып алдым —
Жамау болмай жүрекке — жыртық өлең!
Бір түп емен...
Жесір желдер желігіп желген кеште,
Ойға сезім айналды жөн бермеске.
Он бесінде толған Ай толықсыған
Сен де он бесте,
Құралай,
Мен де он бесте.
Көмкерілген көктемім нұр арайға,
Көк көйлегін көңілдің мұң орай ма?
Жаңаарқаның жазира жазығында
Кұралайлар өретін құралайда.
Кездесіп ек...
Шын ұқсап шырақтыға,
Жылжып аққан жылдарың жылатты ма?
Мына жалған тұңғиық теңіз болса —
Тұна қалған екеуміз бір-ақтұма.
...Ақ сәулені жан-жаққа қуып кетіп,
Шаңырақты түзедік,
Уық бекіп.
Мұңды реңін қалыпты,
Сезімдерің
Сүмбіленің суыңдай суып кетіп.
Көз алдымнан көктемде кешкен ағын,
Он бесімде лаулаған
Өшпе, жалын!
Елік күннің естісем ескен әнін
Еске аламын мен сені,
Кеш қарағым...
Астана мынау шамдары жасыл-қызылды,
Тербетіп тұрған таңдары ғасырды, бізді.
Жинауға жүрміз алаштың алауыз ұлы
Шашылып кеткен сынығын асылдың ізгі.
Ұйқы ашылғалы не заман,
Жұрт ашынғалы,
Жұрт ашынғалы, көгімнен бұлт ашылмады,
Тап бастыра ма, жоқ, әлде,
Қақбас қыла ма —
Астаң да кестең Уакыттың бұрқасындары.
Өзегімдегі өртімді өміpім жүндеп,
Өксітсе қалай айтамын,
өр ұлыңмын деп.
Арқаға жауған ақ қардай аяулы-ақ еді
Қалмаса деймін қайраңда көңілім кірлеп.
Тұрамыз біздер Алматы сауық қалада,
Сауық қалада әзірге қауіп бар ма, аға...
...Нашақор Коля түнімен ойранды салып
Маша апай бізді жасырды тауық қораға.
Сағымы сәнді сары бел -өскен тұғырым,
Қимай да қимай қол бұлғап көшкен-тін Ұлың.
Сонарға сайлап жүр едім,
Сұркөжек болмай —
Көкбөрі болса жарады қос бөлтіргім.
Көктөбе жақтың баурайы көкорай белең,
Көкорай белең қырқадан көп арай көрем.
Көктерек күнге қол созар көктемі туса
Өкпелеп жүрме біздерге, өлең-ау, өлең...
Көшемін ертең...
Көшемін ертең,
Босатам Коляның үйін,
Бұл көшу маған, әрине, болады қиын.
«Турчатникте» тұрақтап үйренген едім
Тоңады миым...
Санамда соғады құйын.
Алматы келдім, ағамен ақылдаспадым,
Ақылдасқаным өлеңмен бақұлдасқаным.
«Татаркадағы» татар шал
«тамырым» еді
Көшірісуге келіңдер, ақын достарым!
Көгімнен түнде жұлдыздар шалқалап ағып,
Жауады жерге...
Қайтейін қалқаға налып.
Алматыңыздан қарсы алған адам көрмедім
Арқадан келген ақынды арқаға қағып.
- Бұл өнер өpгe шығарар төзе білгенді,
От жақ,— деп жырдан,
Қасымдар кезегін берді.
Құлындарымның тағдырын талапай еткен
Қу сөзден қуырдақ қуырмай беземін енді...
Аңқасы кепсе арманның
Сыр бар-ay мұнда,
Білерім бүгін ілікті жыр қарауылға.
Бошалап кеткен Бозкөлдің бозінгендері
Боталап қайтса болғаны туған ауылға.
Көгімнен түнде жұлдыздар жанып ағады,
Жанған жұлдыздың ақ таңға табы қалады.
...Арқадан келген акынның арқасы қозса
Аспанғa көшіп, ақ сарай салып алады.
Ай көрдім,
Аман көрдім бұл айды да,
Қарғамай қасқаны да, құдайды да.
Күндерің ұқсамаса шырайлыға
Тұндырған тұма суы лайлы ма?!
Қатыны ортекедей ойқастаған,
Ақыны орамсыздау ой бастаған.
Заман-ай, әнгүдік таз той бастаған,
Заман-ай, қотыр серкеш қой бастаған.
Сарқырап бұрқамайды құздан ағын,
Жарқырап шырқамайды қыздар әнін.
Құзырға иілмейді қалталылар
Қызылға шүйілмейді мұзбалағым.
Кез келді қоңсы қонар,
Келші, арманым,
Жүрегім жылағалы —
Дел-сал жаным.
Сарғайып сары белден таң атқанда
Сары желісті құлаға ер салмадым.
Қасірет — косылғаны сорға қайғы,
Қазанат шідерімен жорғалайды.
...Самсаған жұлдыз көрдім сүмбіледе
Ай көрдім, Аман көрдім толған Айды...
Киік — күндер көкжалдан қашқан саяқ,
Тастарды аяп тұрмын мен
Аспаңды аяп.
Менің жыртқыш жылдарым азуына
Аққу — жырды басады жасқанбай-ақ.
Жыр саулайтын жүректен
Қан саулаған.
Жастық жылап барады жан сауғадан.
Бау-шалмадан ақ орда ада болып
Таусар болды төзімін аусар балаң.
Қыз бен гүлді жыр етіп арайлана,
Талай шайыр өткен жол,
Талай дана.
Сұламадан сау жеткен өлеңімді
Бура - қоғам шайнайды қалай ғана.
Ұлтым кайғы кешкенде
Жұртым қайғы,
Сарыуайым сағаты сыртылдайды.
Ақындары алақан жайған елдің
Қатындары қол бастар ұл тумайды.
Өмір кештім,
Мен де бір өмір кештім,
Көрпесіндей сусыған көңілдестің...
Көздерінен күндердің шуақ еріп
Көкорайлы көктемді қуады елік...
Арлы армандар арнаға толтырғаным
Жартастарды сүйеді толқындарым,
Ақ қар еді туғанда...
Ақпан еді,
Әппақ әлем бөледі баққа мені.
Ақындардың ат қосып санатына,
Аққулардың жыр жаздым қанатына.
Тынышымды алған тылсымдар тілдескенім
Тұлпарына ешкімнің мінгеспедім.
Көңілімнің көмбесін жиі ақтарып,
Сазға біткен сары ағаш сияқтанып —
Солқылдадым,
Несіне жасырамын?
Сонан кейін сізге аян тасығаным...
Өлең болып өріліп өскен өңір,
Көлбең-көлбең етеді кешкен өмір.
Сәуле ойнатып сұлудың сырғасына —
Күнім шықты өрмелеп қыр басына.
Төңірекке төбел нұр төккен арай,
Көкжиегім кеңіді көкке қарай.
Басын иіп тұрған соң еңіс біткен,
Мен өзімді іздедім кеңістіктен.
Он бесінде туған ай толысарын,
Жол біткеннің бір жерде тоғысарын
Ұғып бүгін
«ай-хой» деп дауыстадым,
Қарғам, сенің қай кітап тауысқаның?
Өмір кештім,
мен де бір өмір кештім...
Ақ сиса
Поэмалар және толғаулар
Ақ сиса
(поэма)
Бисмилла рахмани рахим,
ал бастадым,
Жанымның жарқыратып алдыаспанын.
Бар еді, бауырым-ай,
алда асқарым,
Жалы еді арғымақтың жармасқаным.
тамыздың тамылжытып таңғы аспанын,
өрейін өршіл өлең,
Ар дастанын
Арналы өзен еді жалғасқаным,
Бисмилла рахмани рахим,
ал бастадым.
Жүйіткісін жүйрік жырым Құлагердей,
Көнерген көңілім бар құба белдей.
Кешеден бүгінгіге жеткен өлең
Қаз мойын қасиетті құрама ердей.
Шабыттың шалқып жанар шырағы өлмей,
Білгенге біздің ғұмыр бір әлемдей.
Несіне жыр қыласың деп ойлама
тұншыққан тұрғыласым тұма көрмей.
Сызылтып сыр айтайын мұрагердей,
Сөзімнің арасынан сына бермей.
Құла дүз құзғын қонар құзға айналса
Құлагер қайтеді енді құлап өлмей.
Ақынды аяла аспан,
аяла күн,
төр етіп төскейіңді саяладым.
Көлінде Жасыбайдың сайран салып
Ақбеттен асқақтаттым Баян әнін.
Жасыл бел,
жасыл әлем,
сая бағым,
айдында аққуымды аяладың.
Жыр етіп алдыңа әкеп жая аламын,
Қазақтың қай алқабын,
қай алабын.
Баянсыз баяны бар бақи күннің
Баянды ғұмыры бар Баянаның.
Баянтау!
Баурайың ән,
бағың дастан,
көркіңді жыр етеміз жаңылмастан.
көздері көлдерінің жәудіресе
айнымай қалады екен қарындастан.
көлдері аумай тұрса қарындастан,
Баянды бар ма әлемде сағынбас жан.
Асық боп өтері анық Ақбеттауға
ғашық боп осы өлкенің маңын басқан.
Күні алау көңіліңнің шаңын басқан,
Түні анау
бақыт тербеп,
бағыңды ашқан.
Айынан аспандағы арай саулап
Сайынан Сарыарқаның сағым қашқан.
Сәлдесін түн көтерсе,
сәл ойланып,
таңдары атады екен арайланып.
төсіне Ақбеттаудың тұмар қадап
көшіне бабалардың қарайладық.
тағдыры талайсыз да,
талайлы анық,
Күндердің керуенімен талай налып.
өткен көп,
өмір сеуіп өркеніне —
Біздің де көшімізге қарайла, жұрт!
Жасыбай!
Жағаңа кеп аялдадық,
тағдырдың тамырында қан айналып.
…„Баянаула басынан бұлт кетпеген“
Баянаула басына бақ айналып.
* * *
Баянаула басында бал қарағай,
Үмітімнің үзігі жалғана ма-ай?
Қайғы-мұңға салды да қайығымды
айдынында тербеді арман-арай.
Қызығы жоқ қысының қар борамай,
Ала қашар Алқоңыр
алға қарай.
абыржыған көңілге көктем сеуіп
тамылжыған тамызы таңға қарай.
Баянаула басында құр балалы,
Балапанын қорғаштап мұңданады.
Тұғырыңның құт көшер маңайынан
ғұмырыңның бітпесе шырғалаңы.
сұрғылт тірлік телісе мұң наланы,
таусылған жұрт қайтеді
күнде амалы,
„Баянаула басында балалы құр“
Баурайында тал қайың ырғалады.
Ойға батқан сыр тарттым орманынан, Әулиетас, Найзатас, қорғанынан: топ терегі толғанып томсырайып тобылғысы бастады толғанып ән. Ізін кессем бабамның өр, бағылан, соқпақтары салады жолға бұлаң. „Баянаула басында балалы құр“ қызғыш құстан аумайды көл қорыған.
Тар жол,
тайғақ кешулі қиындықтың,
Бәрін жеңдің,
Жазмыштың сыйын күттің.
Тұлпарыңнан тұсамыс алынбаса
Ұрпағыңнан мызғымас ұйым күттің.
Тұрмағасын басыңда
дүйім құт күн,
күдері жал күндердің
күйін күттің.
тоғайтады көңіліңді
тоқсан толғау —
соны айтады баласы Сүйіндіктің.
„Өтеді екен дүние қас-қағымда,
ойнап-күлген жарасар жас шағыңда“…
Аяны бар Мәшһүрдің түсіне енген
Баяны бар таңбалы тастарында.
Қырандары шың-құздың бастарында,
Бұқар баба жырының астарында.
Сұлтанмахмұт,
Жүсіпбек,
Олжас болып —
Асуынан Ақбеттің аспадың ба?
Жиендері бұл елдің жұлдыз Шоқан,
Қаныш,
Әлкей,
Шәкені асқарында.
Баянаула басынан бұлт сейілсе
Жұлдыздары самсайды аспанында.
Дала расы жаралған
ақық,
Ардан,
Баламасы Баянның
Ақын,
Арман.
Өріміне өлеңнің өкінбейін —
Қапияда мергендей қапы қалған.
Тірлігіңнің аты өмір,
Заты жалған,
Керуен соққан күндердің
Хаты қалған.
„Ақ сиса“ ақын Мұса өткен
Ақбеттауда —
„Мұстапасы Шорманның атын алған“.
ІІІ
…Ай өтті Жаяу Мұса тас түрмеде,
Таланып қандалаға,
аш бүргеге.
— Оязға арыз айдап несі бар-ей
Шығарған өз үкімін, қашқын неме!
Тар қапас,
Темір тордан терезесі,
„Пендеге пенде болған“
деген осы.
Есіңнен тандырардай
ер егесі
Ережесіз ғұмырдың ережесі.
...Сонымен тас түрмеде Жаяу Мұса,
Көңілі көп тобырға қаяу Мұса.
«Көлденең көк атты» деп ойламаңдар
сезімі сергек,
жаны ояу Мұса.
Өрт болып өзегінде лаулап арман,
Тағдыр бұл;
тасқа барған,
тауға барған.
Ғұмыры қосылмайтын соқпақтары
Шорманның ұрпағымен дауға қалған.
Осында ұры-қары,
қашқын көші,
Тобылдың тор терезе,
тас түрмесі.
тамсанар талантыңа орын емес
қан сорар қандаласы,
аш бүргесі.
Көктеген көктем сайын көп өлеңнен,
Бүр жарып кетсең сен де көгерер ме ең?
— Ақынды абақтыға айдатқан кім
Түрмеге Жаяу Мұса неге келген?
Сайраған бұлбұлы еді жыршы бақтың,
Көңілдің көк толқыны тыншып ақтың.
Байжанның баласының өлеңінен
Жауабын бірге іздейік бұл сұрақтың;
«...Сәлем айт,
көп Қаржастың баласына,
Қалдым мен Мұстапаның жаласына.
Әкеңді өлтірген кім мен білмеймін
Сонда да құнын менен аласың ба?
...Тобылға он екі жыл мен айдалдым,
Артымда елім, жұртым бәрің қалдың.
Адамға еш жазығым жоқ болса да
Нақақтан жазаландым,
көп сандалдым»
Зауалды басқа берме,
құдай тағы,
Шырайын шындығыңның жыр айтады,
Жыр айтса жанымызды мұңайтады,
— Елім — деп еңіреген елік көңілі
Өлеңді Жаяу айтпай кім айтады?..
Көкке ұшқан көңілінің қазы міне,
Алаштың баласының азығы де.
Құса күн қаяу қонған қабағына
Мұсаның Жаяу болған жазығы не?
Тазалап зарлы жүрек,
Мұң көңілді,
Ақбеттің ар жағынан күн көрінді.
Баянтау!
Барыңды жай алдымызға
Жасыбай,
Жасырмай айт білгеніңді.
Өткеннің түгендейік қай наласын,
Жұртым-ай,
Бір шеңберді айналасың.
Азапқа азаматты байлағасын
Ақынды абақтыға айдағасын.
Еместі елі бөтен,
Жері бөтен.
Жезқанат жез маралдай желіп өтем.
Мұсаға Жаяу атын қосып беріп
«Жаяудың шаңы шықпас»
деді ме екен?!.
Зулашы!
Керуен-күн тоқтамашы,
Ақынның әлімсақтан жоқ бағасы.
Шорманы орманына қорған болған
Қаржастың қаршығадай көп баласы.
Көңілде қайырлаған қайран күйсің,
Қайрылсам қайырмаңа пайдам тисін!
Екі бас бір қазанға сыймағандай
Бір елге екі Мұса қайдан сыйсын!
Келе алмай кей жақсымен келісімге,
Келтелеу ой болған соң
Кегі ішінде,
Әке — Шорман,
ағасы — Мұса мырза
Бір тентек жүрген шығар ел ішінде.
Қорлыққа көнбес еді,
Күші аса емес,
Жаяудың көрген күні
қысас,
егес.
Сол маңның содыр мінез
Сойылшысы —
Шорманның Мұстапасы,
Мұсасы емес.
Жаяудың көрген күні
түрме,
дырау,
арты қайыр боларын білмедің-ау.
Ақ самал аңқылдайды ақын мінез
Ел мынау,
Сөгілмеген ірге мынау.
Алдыңда сенің жарық күнің көрер,
Құлаққа құбыладан үнің келер.
Тас шайнап тарланбозым
түрмеде отыр
Түндігі көңілінің түрілген ер.
Өлең боп өріс тауып өмірі алдан,
Көгерткен көңілінің көгін арман.
Ары боп Ақбеттаудың ақын өткен
Аттыдан жаяу жүріп кегін алған.
Санаңды сарғайтатын
сан алаңы,
Шабытпен шалқарларым шағалалы.
бұл дүниә әлімсақтан қазақ үшін
Атты менен Жаяудың аламаны.
Жаяу толқын,
Жаяу күн,
Жаяу арна,
Жапырағымды жайқалтып жаям алда.
Дара туған алыптан айналайын
Жаратылған жарықтан, Баянаула!
...Баян Баян болғалы,
Көкалалы көп үйрек
Көліне кеп қонғалы.
Сан жыршылар жырлады
Сан ақындар толғады.
Торсық шеке ұландай
Толып туған толғағы.
Шың басында қырандай
Айналаны шолғаны.
Биікке алып шығардай
Соқпағы мен жолдары.
Құла дүзде құландай
Құйындатса — сол бағы.
Қасиетіңді ұға алмай
Сорламасақ болғаны.
Ұлтымызға ұрандай
Ұлы дала қорғаны-
Сен аман тұр, Баянтау!
Жапан дала,
құла дүз,
тұна қалған жыр-аңыз.
Бұл өлкенің өткенін
Мына бізден сұраңыз.
Баян,
Баян,
Баяным,
Сарыбелде саялым,
Атырабыңды аялап
Жапырағымды жаямын.
«Елім-айлап» ел көрдім,
сергелдең боп
сенделдім,
...Ай артынан ерген Ай
Күн артынан ерген Күн.
Баянауыл — ән басы,
Қазақ үшін қашаннан.
Тағдырымның таңбасы
тастарыңда қашалған.
Сен аман тұр, Баянтау!
Биікте көк тәңірі,
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуінің арасында адам баласы жаралған...
«Күлтегін» ескерткішіндегі жазу
Сау тұрғанда қара жер,
Көгім,
Күнім,
Өріп берем өлеңмен өмір гүлін...
Баян жайлы аңыз көп осы өңірде
Баян еткім келіп тұр соның бірін.
Арай сүйіп аймақты
Ар тұнғандай,
Шұғылаға шуағы шарпылғандай.
Адам Ата — Хауа Ана кезікпей-ақ
Қасиетті қара жер бар тұрғандай.
Өткені өлең Баянның,
сыры — ертегі,
Онсыз қазақ қалайша күнелтеді.
Адамзат аз,
Құрлығы саз заманда —
Екі қауым ел жайлап бұл өлкені.
Жаз кеп қалып соңынан
Күз кеп қалып,
— сен — деп қалып бір-бірін
— сіз — деп қалып.
Екі қауым ел жайлап бұл өлкені
Ғұмырының баянын іздепті анық.
Тірлік шіркін көкпар ма,
аламан ба?
Адам кейде ұқсайды жаралы аңға.
Шұрайлы да шырайлы жерді көріп
Екі қауым басыпты:
— Мен аламға.
Таласыпты көркіне таңдай қағып,
Таңдай қағу аяғы
дауға айналып.
Алақандай атырап дауға айналса;
Егіз жатқан екі жұрт жауға айналып.
...Қасиетіне бас иген қатынасқан,
Бөлекшелеу жаралған заты бастан.
Осы өлкеде көріктің көрігіндей
Әппақ Ана болыпты ақылы асқан.
Ақиқатын айтайын сөз бергенде ел,
Таразылап өздерің
безбендеңдер!
Әппақ нұрдан жаралған Ақ Ананы
— Бай АНА — деп атапты көз көргендер.
Аян болып бұл талас аумағына,
Батырына сұрапты сауғаны да,
Игі-жақсы жиылып Бай Анадан
Кесім сұрай келіпті дауға мына.
Бізге жеткен осылай толғақ аңыз,
Санамызда сарғайтпай толғанамыз.
Ақ самалға сүйгізіп ақ жаулығын
Арналы сөз бастапты сонда Анамыз:
— Ай, ағайын, абайла!
Мәмілеге дау көнбесе
айналады дамайға.
Бірлігіңе ендеше
Бітім керек қалайда.
Палуандарың белдессін,
Жамбы ату да — қиын сын.
Ел сонымен елдессін
Жер жеңгенге бұйырсын!»
Айтып өмір өлеңін,
Жұрт тарапты мамырлап.
Ақ Ананың дегенін
Ақ батадай қабылдап.
Байламды ойдың байыбы нұр естіріп,
Көңіліне көгершін ілестіріп.
Екі қауым жүйрігін жарыстырып
Екі қауым палуанын күрестіріп.
Жазирасы жаһанның жалғап қызық,
Кеш батқызып,
Содан соң таңды атқызып.
— Жеңгендерің жерге ие боласың — деп
Мергендерін сынапты жамбы атқызып.
Ай сығалап Алаштың түндігінен,
Екі қауым байланған кіндігімен.
Күн артынан керуен күн жылжысын
Асып кете алмапты бір-бірінен.
Тірелген соң тұйыққа тұйғын ері,
Бірін-бірі ала алмай шүйлігеді.
Шетен даудың шетіне шығар емес
Жақсылары екі елдің ,
игілері.
Қайырламай тірліктің кемесінде,
Қарсы жүзіп толқынға келесің бе?
Шешімімен,
Кесектеу кесімімен
Қалды мәңгі сол аңыз ел есінде.
— Ертеңі бар елміз ғой,
өсер егіз,
Толып тұрған жазуға пешенеміз.
— БАЙ-Ананың ауылы болсын мәңгі
Көгермейді дауменен көсегеміз.
Кең өлкенің ырысы жатар асып,
Емес бізге дау-дамай Ата кәсіп.
— Бай-Анаға баянды болсын — айтты
Батар кеште екі жақ баталасып.
...Төбел күнде төсінен күй ұққасын,
Бабаларым бауырыңда ұйықтасын!
Бай-Ананың Баянды ұрпақтары
Баянтауға өтеді иіп басын.
Іздегенде мұхиттан мұрамызды,
Құба жонды қиялап,
Құла дүзді,
Баянаула,
БАЙ-АНА,
Баянауыл
Тарқатайын осылай бір аңызды.
...Басыңнан өтті білем тасыр заман,
Көгінен қара нөсер басылмаған.
«Ақ сиса» — ән биігі қазақтағы
Зұлмат пен зорлығыңа бас ұрмаған.
Баянтау — жер асылы,
Жыр тәңірі,
Шындыққа шырай беріп шырқар ұлы.
«Ақ сиса» —толқын-толқын керуеннің
Басынан көкке ұмтылған сұңқар үні.
Жалғассам жалғаныңа жалған дер ме,
«Ақ сиса» — аққу әуен арман көлде.
«Ақ сиса» — жаяулықтың жармасқаны
Аттының шаужайына жан дәрменде.
Жаралған бір білерім
дала нұрдан,
самалы айналады саналы ұлдан.
«Ақ сиса» — ақ дүниеге іңкәр болып
Өнердің өр толқыны жағаны ұрған.
Самсаған сарыбелдің санатында,
«Ақ сиса» — ән ішінде дара тұлға.
«Ақ сиса» — қарашада қайтқан қаздың
Арман боп сусылдаған қанатында.
Аттылар қай кезде де асқан заман,
Жаяудың жанарынан жас парлаған.
«Ақ сиса» — Байжанұлы бабамыздың
Рухы Ақбеттаудай аспандаған:
«... Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса,
Жарасар камзол сұлу белін қиса.
Шорманның Мұстапасы атымды алып
Атандым сол себептен Жаяу Мұса.
Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса
Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса
Жиылып орыс, қазақ қашқын дейді
Көрермін ақыр бір күн күнім туса.
Жаныма батқандықтан ашынамын,
Мен неге жаяумын деп басыламын?!
Малым жоқ Шорман айдап алатұғын
Қорлығын Мұстапаның паш қыламын...»
Жаяудың көрген күні құса, нала,
Қанатсыз биікке құс ұша алам ма?
«Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса»
Соны ерте сезініпсің,
Мұса баба.
Қасиет табылады қай арнадан,
айдынға қайық салса аяулы арман.
Шорманның Мұстапасы атын алса
Мұсадай «Ақ сиса» — ақын жаяу қалған.
Ай нұрын аялаған асыл күйдің
Рухынан от оранып,
Жасын кидім.
Аттыны ат үстінен домалатқан
«Ақ сиса» аруағыңа басымды идім.
1840 жылдардың екінші жартысынан бастап Баянаула түгелдей Орыс казачествосының запас жеріне айналды. Қыс қыстау, жаз жайлауы тарылған Шорман тұқымының Айдаболдың Малқозысымен, Жаяу Мұса елімен егесінің басталған кезі осы тұс.
Өткеннің өксігінен жаным жүдер,
Өлеңім, өзекті өрте,
бағымды бер!
Сен неге жар салмайсың, Жасыбай көл,
Сен неге толқымайсың Сабынды көл?!
«Ақ сиса» — арман дүние,
жыр аңыз де,
шындықтың шырайына шырақ ізде!
Бабалар өшкен, өлген,
Өскен-өнген —
Талатын құс қанаты құла дүзде.
Бұл өлке ақынынан жыр күткендей,
Көңілдің көп құстары дүрліккендей.
...Шорманның қыс қыстауы — «Қызыл ағаш»
Ішіне мәңгілікке сыр бүккендей.
Жүгінген құдыретке құран ұстап,
Бабалар тастап кеткен мұраны ұқсақ...
Қызарып батқан күнді «Қызыл ағаш»
Тұр әлі қимастықпен шығарып сап.
Ақынның айналғандай мұңдасына,
Қыраны ұя салған шың басына.
Сен әлі мөлдірейсің, Шорман бұлақ —
Сыр айтып ақ қайнардың тұнбасына.
...Тарихтың аршылатын көмбесінде,
Тұлпардың тұғырында,
кермесінде.
Ел ауған, қайың сауған сонау жылдар —
Күй тұнған домбыраның пернесінде.
Сонау жыл — жарық күннің жамалында,
Көк аспан,
Қара жердің жанарында.
тоғыз түн толғатсаң да таусылмайтын
қобыздың қасиетті шанағында.
Жарық күн жандарына жара салған,
Кезің жоқ мәрт бабам-ай,
Аласарған.
Қалың қол ат ойнатып қазак келіп —
Баянның баурайына қала салған.
Сайлап ап бес қаруын,
Жарақталған,
Қалың қол ауылды алған,
алапты алған.
Атойлап ат ойнатқан атаманға —
тосылып қыр қазағы қарап қалған.
Уақыт жемтік болса
Заман — қарға,
Бағдар жоқ оң мен солды бағамдарға.
Қаржастың қалың елі,
бағым еді —
Жайлауы тарылған соң амал бар ма?
«Арқада бір құтым бар Мұса,
Шорман,
Ежелден келе жатқан ескі қырдан».
Сал Біржан әнге қосып әуелетсе,
Кең алқап керілетін кешкі нұрдан.
Айнымай ай санаған ықыластан,
Күні жоқ ағайынмен шытынасқан.
Арқаның Мұса, Шорман құты болса —
Қалайша қас-қағымда құты қашқан?
Көңілің көп құстарын көлбеткенде,
Қалады мейірімге шөлдеп пенде.
...Баянға орыс-қазак жиылып кеп —
Қала сап, қада қақты сол көктемде.
Ай, Баянымды алғаны, Сая күнді алғаны. Саялымды алғаны — Аяғымды шалғаны.
Баянтауды алғаны,
Жасыбайды алғаны.
Жасыбайды алғанда
Басыбайлы алғаны.
Кім сұрайды сауғаны,
Қалың мұңың — шер ме еді?..
Ақбеттаудың таулары —
Сабындының көлдері...
Қыран көрдім ұшырып,
Құзға барып құлады.
«Қызыл ағаш» қысылып —
«Шорман бұлақ» жылады.
VІ Аздың да ісі бітер ме, Көптің де ісі жетер ме, Көп ішінде бір жалғыз Сөйлеп те сөзі өтер ме?..
Бұқар жырау
Қанатсыз құс биікке ұша ма екен,
Аяғын кім жүйріктің тұсады екен.
Айдап алар малы жоқ өрісінде,
Көп ішінде бір жалғыз...
Мұса ма екен?...
Өткеніңді тастамай күресінге,
Күй күмбірлет!
Күндердің күнесінде.
Бай-Ананың кезінен Баянтауда —
Бақыт құсы ұшып жүр, білесің бе?
Бұлағай күн бұзса да көңіл хошын,
Өрге тіккен өрені өмір қосын.
Мұса, Шорман өрісі тарылғаны —
Өрт шалғаны дариға-ай,
ел іргесін.
Кер күндер-ай, керілген кермедейсің,
Тереңімді тербетіп,
тербегейсің.
Сен не дейсің,
Ақбеттің асулары —
Ащысудың өзені,
Сен не дейсің?!.
Түгел сөзің түбі бір...
түс,
аңыз ба,
Қанат байлап білмеймін,
ұшамыз ба?
— Ақкелінге қалашық тұрғызам — деп
Жоғарыға хат жазған Мұса мырза.
Мына хаттың мәнісін жұрт аңдады ,
Көңілінің жер тарпып тұлпарлары.
Атамекен — Ақкелін,
Ақшоқысы —
Айдаболдың Малқозы бір тармағы.
Алағайың туса да
бұлағайың,
мынау мекен атадан мұрадайын.
Ақшоқыда ашынды бір қауым ел —
— Қалай ғана басынды, бұл ағайын?..
Ұшып жүрген басының бағы айнала,
Айдаболға Ақкелін — арай дала.
Арқадағы асылдың сынығы еді
Мұса, Шорман басынды, қалай ғана?
Елге егесті туғызған
жанға дауыл,
Бұл сынақтың білгенім салмағы ауыр.
Жараса ма қайтадан ағайынмен
Қарашада күзеуде қалған ауыл?..
Қапаланса қалың ел —
қарындасың,
шыдам қалай шытынап
жарылмасын.
— Қайда болдың — дейтін де сауал туар —
Айдаболдың айдыны тарылғасын.
Айдау жолға шиқылдақ арба шықты,
Ай, заман-ай,
Жауыр тай жорға шықты.
— Мен де үй салам ол жерге Мұса салса
Мұстапасы Шорманның ол да шықты.
Есеңгіреп ел іші...
қалды бәрі,
жапандағы жартастар жаңғырады.
— Айдаболдың айбалта ұстайтұғын
Айналайын ағайын, бар ма ұланы?!
Сынаққа алар тұл тағдыр талай ұлды,
Аямай төк!
Ақбеттау арайыңды.
Орыс-казак олжаға батты білем
Қырқыстырып қырдағы ағайынды.
Солдан соқса сол дауыл — сор айнала,
Өкпек желі өткеннің...
солай, бала.
Олжабайдай батырдың ұрпақтары —
Олжа бола қоймайды оңай ғана.
Мұң шақпайсың сен неге, мұнар далам,
Шыңдарыңда шалқиды шырағдан-ән.
... «Ақ сисалап» араңнан ақын өтті
Ұлтарақтай жері үшін ұрандаған.
Ақбеттаудай,
Жасыбай,
Баянындай,
Қайдан тапсын тірлікте сая мұндай.
«Ақ сисалап»,
арындап,
аршындады
Жаяу Мұса жарқылдап жай оғындай.
Үмітінен үзбеді бар күдерін,
«Ақ сисада» ашығы әңгіменің.
Ән шалқытып Алаштың аспанында —
Жаяу жүріп аттыдан алды кегін.
Не қалады шайқалса тұнығыңнан,
Ақшоқының апшысы қуырылған.
Кіндік кескен жер үшін
Сонда ақынның
Қынаптағы қылышы суырылған.
Кесір күндер кеткен жоқ кекке айналып,
Өшкен ғайып дүние-ай,
өткен ғайып.
Сәлем айтып Қаржастың баласына —
Тобыл жаққа сол ақын кетті айдалып.
Қасиетім қалың ел — тұтас орман,
Өткеніңді өрт шалған
Құса,
Сордан.
Сен аман бол,
«Ақ сиса» — Жаяу ақын —
Арқадағы бір құтым Мұса, Шорман.
Ақбеттаудан абайсыз нар құлады,
Жартас біткен соны айтып жаңғырады.
«Кімдер жаяу қалмайды зорлық қылса»...
Жаяу Мұса
«Ақ сиса» — Ардың әні...
* * *
Тоқсан төртте жасым бар
Енді жүрек басылар.
Мені жүргелі жатырмын,
Қоштасайық халқым-ай!
Еңбегім сіңген Ақшоқым,
Содан орын қазыңдар...
Жаяу Мұса
Алас,
алас,
алас күн!
Гәкку саздар — толы әні.
Айдынына Алаштың —
Аққу-қаздар қонады.
Талапайға түстің бе,
Талайыңнан қаштың ба?..
Қара жердің үстінде
Көк аспанның астында.
Шырағыңа білтемін,
Шақпақ жақсаң лаулаған.
Қазақ деген жұрт едім
Аққу-қаздан аумаған.
Тағдырыңа алаң кім,
Туған жердің тұнығы.
Жаяу Мұса бабамның
Тоқсан төрт жыл ғұмыры.
Көктем көктеп...
күз келген,
Баянаның таулары.
Ақшоқының біз көрген
Алақандай аумағы.
Қазақ үшін білгенім,
Баянаула — бақ отау.
Ашық болсын күндерің,
Қаратау мен Алатау.
Тарқамайтын тойым ең,
Ұлы дала қорғаны.
Үш Қиянның бойы мен
Қызылжардың орманы.
Өзегіндей өмірдің,
Өлеңімді өргенмін.
Киесі бар жерімнің —
Иесі бар...
Сол — менмін!
Шайқалмаған ырысы,
Сөнбейтұғын жақса оты.
Бұл қазақтың дұрысы —
Әр шоқысы — Ақшоқы.
Желпілдемей түндігі,
Тірлік кешкен жасымай.
Бұл қазақтың шындығы
Әр өзені — Жасыбай.
Жаудың шықса жат үні,
Қорғап ата мұраны.
Жаяу-жалпы ақыны
Алдыаспан боп шығады.
Тұнық көлдей тұнамын,
Жерұйығым...
талас көп.
Күнге қарап тұрамын:
— Алас,
— Алас
— Алас! — деп.
Жаза алмаймын жарқын жыр,
Тамылжымай таң нұры.
«Ақ сиса» боп қалқып жүр
Бар қазақтың тағдыры...
Соңғы сөз
немесе
Жаяу Мұса ауылы
Баянауыл бауыры,
Ақбеттаудың етегі.
Жаяу Мұса ауылы,
Тектілердің мекені.
Қапияда қапылдым,
Сырын тыңдап сол маңның.
Атын алған ақынның,
Мұстапасы-ай, Шорманның.
Көкірегі жыр-көрік,
Кұшақ жайған бауыр көп.
Жаяу Мұса жыр болып,
Жаяу Мұса ауыл боп.
«Ақ сиса» ақын,
арың ба,
айтты бізге сол әнің.
Жаяу Мұса барында
Мұстапалар боларын.
Сансыраған санам мұң,
Саңырау боп сорлайды.
Бұқары жоқ заманның
Абылайы болмайды.
Өтер,
өтпес бекер күн,
Жапырағымды жаям да.
Мен келермін,
кетермін —
Баян іздеп Баянға.
Көкірегі күй далам,
Айналайын, Ар мекен!
Ақындарын қинаған
Қазақтай жұрт бар ма екен?!
Тартып туғам тегіме,
Оман жұрттан ой аулап.
Жаяу Мұса еліне,
Келем талай жаяулап...
Сал-серіге ылайық,
Сарыарқаның сауыры.
Қалды артымда мұңайып
Жаяу Мұса ауылы...
ҚАРА ОРАМАЛ
Поэма-реквием
Жамандық жасасаң да,
жақсылық жасасаң да жауапсыз қалмайды.
Ахмет Игүнеки.
Шындыққа жеткен адамға емес,
оны іздеп жүрген адамға сеніңдер.
Андре Жид.
...ГУЛАГ құрылымындағы ең үлкен сала – Қарағанды еңбекпен түзеу
лагерьлері (Қарлаг) 1931 жылы 19 желтоқсанда ОГПУ – ҚазИТЛАГ-қа
қараған «Гигант» совхозының негізінде құрылды. Орталығы Қарағанды
обылысының Долинка селосында орналасты...
«1939 жылы НКВД-ның 42 лагерінің ішінде Қарлаг тұтқындардың
саны жағынан КСРО-да тоғызыншы орын алған.»
( Дерек көздерінен )
...КСРО НКВД лагерьлерінің Бас басқармасына қарасты қапастар
мен түрмелерде жалпы саны 4 миллионға жуық сотталғандар отырса,
олардың 1 – 1,5 миллионнан астамы Қарлагтан өткен. Жалпы, ГУЛАГ-
тың құрамында 61лагерь болса, Қарлаг соның ең ірілерінің бірі.
(Д.Шаймұханов, С.Шаймұханова. «Қарлаг». 19- бет)
Қарағанды лагері
Дүр сілкінтер дүниенің дүрмегі ауыр,
Күнде дабыр бұл тірлік
күнде дауыл.
Алаш жұрты
азаптың аралы ма –
Қарағанды лагері
Бұл не лагерь?..
Сарыарқаның қойнауы мәңгі жасыл,
деп ойлама ерке қыз,
қаңғыбас ұл!
Сен де міндің келместің кемесіне –
Қанды қасап жасаған, қанды ғасыр!
Ғалам да алаң өткенге
санам да алаң,
Көңіл айтсын адамзат
саған, далам!
Қарағанды лагері
қара түнек –
Қарағанның түбінде қараңдаған.
Қалмаса да зұлымдық мәңгі жасап,
Қиямет – қайым көргенім
қанды қасап.
Жиырмасыншы ғасыр сол
алшаң басқан –
ГУЛАГ архипелагын алдына сап.
Қарағанды,
Қазақтың қара нары,
Самал әні сарнайды
саған әлі.
Жұмыр жерде жұдырығын ішке түйіп -
Сталиннің өріп жүр балалары.
Арғымағым,
арда едім,
арыдым де.
Қадірлімнің таба алмай қабірін де.
Сталиннің вагоны музейде тұр –
Қаңқасынан қан саулап әлі күнге.
Ұрпақ мынау өткеннен не біледі,
Сүйегімді сол сауал кеміреді.
Қарағанды лагері –
қаралы өлең
Есіл,
Нұра егізім егіледі.
Зар айтады,
қан құсып көкірегі,
Жетім желге қосылып жетігені.
«Жалаңашкөл»
«Алжир» боп
шашын жайып –
«Степлагы» Кеңгірде өкіреді.
Басы бардың бақ тұрмас бар баяны,
Арулардың арман боп ардай әні.
Көктіңкөлі қос қолын көкке жайса,
Сарысудың өзені сарғаяды.
Ірің толған ібіліс іреңінде,
Будақ-будақ бұлт көшкен бұл өңірде.
Қарағанды лагері –
қара таңба
Жиырмасыншы ғасырдың жүрегінде.
Кешіріңдер,
Жан аға,
ақ аналар,
Сағаналар сөйлесін
бағаналар.
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы
Қарағанды лагері – қара орамал.
Сарыбелдің сарнаған самалынан,
«Ерім-айлап» көшірді дала бір ән.
Қан сорғалап тұратын балағынан,
Сонау күннің түнерген қабағынан,
Қаралы жұрт –
қара орман,
қаралы маң.
Жалқын іздеп жарықтың жамалынан,
Қара қобыз зар құсса сағағынан,
Тасы тисе тағдырдың тасадағы
Жас ағады жылдардың жанарынан.
Сол жылды айтсам тартады сол қабағым,
Зорланамын
батқандай сорға қалың.
Оты бардың оқимын ойлы хатын
Тотылардың естимін тордағы әнін.
Топан кірді түсіме...
толған ағын –
долы өзеннің осынша долданарын...
Қаратаудың басынан шыққан көштің
арбасының көргенмін доңғалағын,
тағдыр деген қайтейін, сол қарағым...
Ей, ескен жел,
қайғымды еселеме!
Ескертпедің ес болса кеше неге?..
Көгеретін кезікпей көсегеңе –
ақ тілекті жолыма төсе, деме!
Ерте өле ме бұл пенде,
кеш өле ме,
Бодан күнен қалғаны бос өнеге –
Тағдыр жазса көнесің пешенеңе...
Беу, Сарыарқа!
салқар көш сабыр еді,
сағыныштан жаралған сағым елі.
Асу-асу бел еді,
шағыл еді,
арғымағы
арманның ақ үлегі.
Әппақ құсым қанатын қағып еді,
«...Абылай аспас Арқаның сары белі»
Бастап кетті, білдің бе, тағы нені?..
Барқыт белден асырып таңдарды алға,
Сарқыт берген сай едің сардарларға.
Жұмыр жерсің сен де енді қан жалаған –
Ғұмыр берсін дейін бе қалғандарға...
Мынау заман қай заман –
қай қай заман –
Үзік-үзік үмітің жалғанғанда.
...Жайық үшін жаулассаң жазығың не –
Еділ үшін егессең арман бар ма?
Қасырет кешті адамзат,
мұң қаптады,
көздің жасын көп күндер құрғатпады.
Бұлдыр-бұлдыр дүние көз ұшында
Құйрығындай түлкінің бұлғақтады.
Жұмыр басты пендені жұтып жатты
Шындық өлген кезеңнің шым-батпағы.
...Қарағанды лагері –
«Қарлаг» емес –
Қара ниет қоғамның ЗҰЛМАТЛАГЫ.
Қатарына жатқызса жазалының,
Кімге керек адалдық,
тазалығың...
Зар илетіп заманы
қан жұтқызды –
Орыс,
неміс,
жебірей,
қазақ ұлын...
Шалқар әні – шарығы ажалының,
Тарқағаны осы ма базарының.
Қиямет-қайым туғанда
пенде біткен –
бірге айтады екен ғой АЗА жырын...
Жылымық жыл көтерген жыр байрағы,
Зымыран күн төбеңнен зулайды әрі,
Құлағы жоқ құбыжық
қоғам сынды –
тұрағы жоқ бағың да тұрмайды әні...
Жусан, көде,
ырғалған ырғайлары,
Ішке түйген талайды сыр қайнары.
«Қарабаста» қара ағаш қобыз шалса,
сыбызғы боп сарнайды қурайлары...
«Қарлаг» қақпасы
Қарабаста...
талай тұтқын асылған дар ағашқа,
талай тұтқын таласқан шамалы асқа,
талай жендет қан ішкен қара қасқа,
Қарабаста...
Ал, сен бала, білмесең жағаласпа!
Айналғанмен кең орын,
кен орынға,
Жер орында тұрса да
ел орында.
Қолтаңбасы сол кездің вокзалында –
керзі етіктің ізі бар перонында.
Ғасыр дағы...
«Қарабастың» қабағы ашылмады,
түске кіріп сан ұлттың асылдары.
Қоңыртөбе*
қоңыр бір күйге түссе,
Шерубай-Нұра* шер шертер қасыңдағы.
Арқа жақта...
Шалғынына аунай бер шалқалап та!..
Жапа шеккен жазықсыз сол миллион –
«Қарабастан» тараған шартарапқа.
Қарабаста...
тұтқын да жоқ,
жендет жоқ,
дар ағаш та.
Қарғыс айтар Қарабас
қараңғы ойға –
Адамзатқа мың алғыс,
Нар Алашқа!
...Жол түскенде келіп тұр Қарабасқа...
Ахметжан Сармантайұлының
«58-статья» күйі
...Зар, зар заман, зар заман,
Зарлап өткен тар заман.
Буыршынды тайдырған
Жағалауда жар жаман.
Өсек өрті қаулаған,
Дабыралы дау жаман.
Жауын жаман жаумаған –
Жау жоқ жерде жау жаман.
___________________________________________________________ __* Қоңыртөбе – «Қарлаг» орталығы саналатын «Долинка» поселкесінің бұрынғы атауы.
* Шерубай-Нұра – өзен аты
«...Қыс артынан жаз келер,
Құс алдында қаз келер».
Домбырамды қолға алсам,
сағынышты саз келер.
Ерттеп міндік кер күнді,
шыбын жанға шер тұнды.
Домбырамды қолға алсам,
шемен болып шертілді.
Бақ қонбаса қасыңа,
Ей, көңілім,
жасыма!
Айыр тілді жыланның –
Ақ құяйын басына.
Асқаны жоқ,
тасқаны,
дүрбелеңде жас-кәрі.
Қала ма екен бәрінің
Бір белеңде бастары.
Сөзінің жоқ киесі,
Елінің жоқ иесі.
«58» атанған –
«Статья» күйі осы...
Қызжылаған
Ізетпенен жасамай ізгі қадам,
қарындасын қорлайды құзғын,
арам.
«Жалаңашкөл» жағасы – «Алжир» лагерь –
Қазақша аты ол жердің – Қызжылаған.
Енді кімге кезігер долы дауыл,
қаралы күн қаққанда қоңырауын.
«Жалаңашкөл» жанында қыз жылаған –
орап алып сүт аққан омырауын.
Ғазауатқа кезігіп ғасыл қайық,
қырдан асып кеткелі ғасыр ғайып.
Аза бойды қаза ғып Ана біткен –
Аңырайды «Алжирде» шашын жайып.
Адамзаттың аймаңдай ары осында,
Рахиль Плисецкая...*
нанасың ба?!
Бейімбеттің қой бақса Күлжамалы –
Рысқұлов Тұрардың жары осында.
Айдыны жоқ аққудай расында,
Жазбай жатып үзілген жыр осында.
Сұлулық пен нәзіктік атаулының
Тілім-тілім еріні...
жүр осында.
Шығасыға басшылық иесінен,
айырылмайын сөзімнің жүйесінен.
Адамзаттың аққуы аналар ғой –
қорықпайтын қай қоғам киесінен?
Мұндай зұлмат кім көрген жеңіл ойлы,
Бастап кешіп келсек те не дүлейді.
Қазақшасы бұл жердің – Қызжылаған,
қыз жыласа...
дүние еңірейді.
Арын төксе анаңның
құзғын,
арам,
жүргеніміз не керек біздің аман.
Көз жасына ескерткіш – «Жалаңашкөл» –
қазақшасы «Алжирдің» - Қызжылаған.
Қызжылаған...
___________________________________________________________
* Рахиль Плисецкая – совет актрисасы, КСРО Халық артисі, әйгілі
балет бишісі Майя Плисецкаяның анасы.
Ирина Борхманның «Үзілген сапар» картинасы
...Жел жұлды шашын шалғынның,
Тіршілік біткен жалаңаш.
Тезіне түскен тағдырдың
Жапанға біткен дара ағаш.
Өмірді сүйген ұлы өнер,
алысқа жеткен атағы.
түсіне енсе
түнерер –
Штарнберг шаһары...
Күндердің кез боп кермегі,
Үзілген үміт
тоңады.
...Гуілдеп соққан желдері
Уілдеп соққан бораны.
Ақ түтек кешті,
адасты,
Қаламы қоса қартайып...
Жапырақсыз ағаш жар асты
жападан-жалғыз қалқайып.
Қапаспен қалай арбасып,
Жарығын көрмек жалғанның.
...Қара жолды да қар басып –
Қарасу қатып қалған күн.
Суретші әйел сүргінде,
Талантын қоса соттатқан.
Күндердің түсі күлгін бе –
«Просторныйда»* от жаққан...
Лайық еді құрметке,
Күндері күмән,
күдікте.
...«Үзілген сапар» сурет пе –
Үзілген әлде үміт пе?..
*«Просторный» - ҚарЛаг нүктесі
«Мамочкино моласы»
Бұл молада «Қарлаг» тұтқындары –әйелдер мен балалардың
мүрделері жерленген. Зират Қарағанды облысы, Абай ауданы, Жартас
кентінің аумағында.
«Қарлагта» ересектермен бірге «халық жауларының» балалары да
мерзімдерін өтеді.
Жаңа туған балаларды аналарынаран тартып алып, Балалар
комбинаттарына тапсырады. Оның да вахтасы, қақпасы бар. Барактары
және тікенек сымдары кәдімгі зонадан еш айырмашылығы жоқ.
«Қарлагта» осындай жеті мекеме болған.
Мұрағат деректері бойынша, мұндай үйлерде балалар өлімі өте
жоғары еді. Мәселен, 1941–1944 жылдары 924 бала, ал 1950–1952
жылдары 1130
сәби опат болған...
...Кімге ол күннің обалы?
Балалығын ұрлады,
қызықтарын тонады.
Ессіз ғасыр адамзаттың алдында –
жауап берген жоқ әлі.
Көкті кезіп кеткен кезде жыр құсым,
мен олардың танып алғам түр-түсін.
«Мамочкино моласынан» естимін –
Сақ-сақ еткен сәбилердің күлкісін.
Аңызақта арай тілеп күнсіген,
көктемдегі көк шыбықтың бүршігі ең.
«Мамочкино моласына» жеткенде
Сақ-сақ еткен сол күлкіден түршігем.
Сол маңайдан естимін де тосын ән,
тосын әнге қосыла алмай тосылам.
«Мамочкино моласының»
қасында
сақ-сақ еткен сол дыбыстан шошынам.
Тайғақ кешіп,
тағдыр біткен тайғасын,
аяр қоғам асырады айласын.
...Бірігуге ұран салған сол күнде –
Барлық елдің пролетары, қайдасың?..
Дыбыстарын жұртқа естіртпей былайғы,
Қарғамай-ақ қоғамды да,
Құдайды.
Жартастағы «Мамочкино моласы» –
Сақ-сақ етіп күледі де
жылайды...
Қол бұлғаңдар!
Сол сапарға ермеймін,
Саны келіп,
саны кеткен мендейдің.
Сай-сүйегім сырқырайды жоласам –
Енді қайтіп бұл маңайға келмеймін...
...Жартастағы «Мамочкино» моласы.
Гармоншы. 1973 жыл.
Көздерінің шарасының,
қайғы тұнған түбінде.
Қарағанды қаласының –
қарақаттай түнінде.
Термелетіп,
мақамдамай,
аңыратты арманын.
Гармонь созған татар малай –
Бірге естиік қалғанын:
«...аппақ түтек айналамда,
қайда жетем қонаға.
«Майқұдықта» май боранда –
майшам жақсам бола ма?
Жырламас ем
оянбасам –
Аналарды қадірле!
Жарты Ай қадап қоям қашан –
«Жартастағы»* қабірге?»
Өтіп жатыр қарап бәрі,
Мұңлы әуен бұл...
ұнай ма?
Балалық шақ барактағы –
Еске түсіп жылай ма?
Өмірі өтер сұраулы ғып –
ағынан көп қарасы.
Тұтқын емес
мынау жігіт –
Сол «Қарлагтың» баласы.
Неткен қатал өмір еді, Өтіп жатқан жосылып. Татар малай егіледі... гармонына қосылып. ___________________________________________________________ __ *«Жартас» – лагпункт нүктелерінің бірі.
Тас пен ас
...Бірде қыстың таңында біз Жалаңашкөлден қамыс будаларын арқалап келе жаттық. Жолда жұтаң киінген жергілікті адамдар кезікті. Қастарында балалары бар. Үлкендер бізді көрген соң сәбилерге қарап бірдеңе айтқаны мұң екен, балалар бізге қарай тас лақтыра бастады. Айдауылдар «Сендерді Мәскеуде ғана емес, адамзат баласы жек көретінің байқадыңдар ма?» деп қарқылдап кеп күлсін. Тұтқын әйелдер «бұлардың балаларға берген тәрбиесі осы ма?» деп налыды. Мен әлгі тастардың біріне сүрініп құлап, дәл алдымда жатқан тастан сүт пен ірімшіктің исін сезгендей болдым. Шетінен тістеп көрсем дәмі тіл үйіреді екен. Сөйтіп, тастарды теріп алып баракқа алып келдім. Барактағы қазақ әйелдері оның тас емес, кептірілген құрт екенін түсіндірді. Алжир тұтқыны Гертуда Платайстың естелігінен.
...Ең қымбат тас осы шығар әлемде,
Ең асыл ас осы шығар әлемде.
Гертуданың жазып кеткен жолдарын
Өнеге ғып айту керек бар елге.
Басын исін төске басып қолдарын –
ҚАЗАҚСТАН деген жұрттан сәлем де!
Жұлдыздардың ішіндегі Үркері,
Мына дала
тектілердің жұрты еді.
Сұламадан алып қалған сұлатпай
Аналарым қолдан сыққан құрт еді.
Мейірімге мөлдіреген бұлақтай
Гертуда қыз көздің жасын іркеді...
Атар таңнан әппақ тілек тілеген,
Байтақ еді басына бақ түнеген.
Сонау жылы Жалаңашкөл маңында,
Сағым қашқан
Сарыарқаның таңында:
Құрт жайында жазылыпты бір өлең –
Ұлт жайында жазылыпты ҰЛЫ өлең!
Өміріңнің нұрға толса арнасы,
Тіршіліктің тоқтамайды арбасы.
Бұрқап тұрған дала жайлы айтады,
Құрт лақтырған бала жайлы айтады –
Адамзаттың
арманының жалғасы –
Германдағы Гертуданың қандасы!..
Беу, боз дала!
Боталап бір боздасын,
боздасын да өткенімнен қозғасын!
Бозқасқа айтсын,
боз биесін байласын,
Аяр келіп іздемесін пайдасын.
Оғыланым оман жұрттан озғасын –
сықпа құртта сығып алған көз жасым...
Қасиетін қара тасқа қашатқан,
Тас атпаған кім - кімге де
ас атқан.
Мейіріміне мейірленер шөлдеген –
Барактағы баланда* емес ол деген
Адамзатқа көңілінің жоқ аласы –
Құрт лақтырған қайран қазақ баласы.
Уа, «Қарлаг» кешкен тұтқындардың ұрпағы!
Сақтап жүрген қазақтың бар құрты әлі...
«Жалаңашкөл» маңында,
Сол «Алжирдің» жанында –
құрт лақтыртқан Анасына қазақтың,
құрт лақтырған Баласына қазақтың –
АЛТЫН КЕШЕН салып қойсақ қайтеді?
Жарасар ед, әй, тегі...
...Ең қымбат тас сол болады әлемде,
ең асыл ас сол болады әлемде.
Гертуданың жазып кеткен хаттарын
Өнеге етіп айту керек бар елге.
Жайқалсыншы,
барлығыңның бақтарың –
ҚАЗАҚСТАН деген жұрттан сәлем де!
*Баланда – тұтқындарға берілетін быламық
«Қарлагтың» қара кітабы
Көңілдің ұшты кептері,
түндерді талай ұзаттым.
Сарғайып кеткен беттері –
Мұрағаттағы құжаттың.
Тұтылғанын күн қойды анық,
дүние талай құбылып...
«Ақойға»* жетем ойланып –
«Бұрмаға»* барам бұрылып.
Араға түсті сан жылдар,
Мұң болған мұқым қадамы.
Талапай болған тағдырлар –
Колыма,
Бутыркадағы...
Күйіндің,
күйдің,
күйредің,
қызығыңды кім тонаған?..
Түңіліп барып
түйгенім –
Зұлматтың соңы – Зобалаң.
Тағдырларыңды танығам,
Күндердің сен де
көшіне ер –
«Батықта»* қалған бағылан –
Есілде қалған есіл ер!
Толқындай толқып
туласам,
айтайын бір ой төтеден ;
...Елу сегізде тумасам
«58»-бен кетер ем.
Ақтаңдақ көрген асылы,
Еменнің біз бір бұтағы.
Қазақтың қара ғасыры –
«Қарлагтың» қара кітабы.
*«Ақой, Бұрма, Батық» - ҚарЛаг нүктелері
Қоңыртөбе...
«Қарлаг» тұтқындарының арасында
ғалымдар, ойшылдармен қоса
1000-нан аса әртіс, 360 пианист, 100-ге тарта суретші болған...
...Сұп-сұр дала,
сұп-суық,
сұрқай дала,
Жаумай өтіп барады бұлт айнала.
Қоңыртөбе,
қоңыр жон,
қоңыр қырда,
қоңыр-қоңыр керуен өмір мұнда...
Көшті көріп көңілді қозғады ағын,
Бозінгені боздады боздаланың...
Жапа шексең жазықсыз жаза қиын,
Қайғы торлап қаралы қазақ үйін.
... 360 пианист тіріліп кеп –
тартып жатты қосылып Аза күйін...
Оқпанынан ол күндер оқ боратқан,
Жылап аққан
жылғасы тоқтап аққан.
...Адам етін тұздаған бөшкелердің –
Қаңқаларын осы ауыл отқа жаққан.
Тірі бәрі!
бұл маңда кісі өлмеген,
Деп жырлайды көнілдің құсы өрлеген.
Заманақыр басына зауал туды –
Адамзаттың РУХ-ын кісендеген.
Шырағданның шалқыса білтелері,
Аспанынан ақшарбы бұлт өреді.
... Жиі-жиі мың әртіс басын қосып –
Азан- қазан етеді бұл төбені.
Тасмаңдайлы тағдырдың талайлары,
Қалған мұнда...
арманның арайлы әні.
Қоңыртөбе жарықтық жарық күнге –
Адамзаттың көзімен қарайды әлі...
Үш қағыс
Жалаңашкөл*,
Бидайық*,
Дәрияда*,
Ұшқан құсым!
айналып,
кел ұяңа!
Жиырмасыншы ғасыр да қырдан асқан –
Сталин жоқ...
Ежов та,
Берия да.
Жем шашайын,
кел құсым,
балапанға,
Аялайын бәріңді алақанда.
Жиырмасыншы ғасырдың жүрегінде –
Қарағанды лагері – қара таңба.
Адамзаттың арда емген асылдары,
арығаны,
атылып,
асылғаны...
Қарағанды лагері – қара орамал
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы...
*«Жалаңашкөл, Бидайық, Дәрия,» - ҚарЛаг нүктелері
Жалғыз қарағай
(поэма)
Әсет ақынның ұрпағы
Бақытбек
Сыздықов
бауырыма
...Халық қатты қайғырып,
жаназасына қалың ел түгел
қатынасады да «Көкқамырдың»,
«Жалғыз қарағай» аталатын
жеріне жерлейді.
Сәбит Мұқанов
«Алыптың адымдары»
1959ж.
Алмасты мүсәтір деп татып алдым.
Дерт шалды,өне бойды жатып алдым.
Құдайдан тура келсе арманым не
Ажалды ақша беріп сатып алдым.
Өлімді ойламаған сорлы басым
Дүрмекке елтіп жүріп қапы қалдым.
Әсеттің «Ақырғы сөзінен»
Әсет елі. Қызыларай.
Ән салса ағындаған,
арындаған,
Бұлбұлдай даусы көкте дамылдаған.
Толған Ай толықсытып топқа салып
Жорғадай майда қоңыр мамырлаған.
Майыспай дара көрген айбынды ер кім,
Қайыстай қара өлеңмен қайғыңды өрдім.
Көмейден меруерт, маржан сауылдатқан;
Еркесі есен ба екен, айдын көлдің?!
Арысқа Ана болған ақтығы айғақ,
Басыңа кетсем деп ем бақты байлап.
Баптамай қырандарын ұшырмайды
Ақтоғай – ақын туар аққу аймақ.
Керілсе керімсалы қызығар Ай,
Ерімес көңілімнің мұзы қалай.
Қызуың Арқада бір басылмайды
Қызығың тарқамайды, Қызыларай!
Бұл өлең – түсінгенге арман өлең,
Бойынан інжу – маржан тамған өлең.
Мөлдіреп Қаршығалы өзенінде –
Ақсораң биігінде қалған өлең.
Сау болсам,
Саулығымды сарқа алар кім?
Әнсіз күн – әдемі той тарқаған күн.
Арының арнасында арындатар:
Нар Найман,
Үкілі Үйсін,
Алқалы Арғын.
Қарамай қара жолда шақырымға,
Келгенмін шабытымды шақыруға.
Қазақтың маңдайына біткен ақын
У ішіп өледі екен ақырында.
Жүре ме басымызға байланбай мұң,
Бұл да бір қара шашын жайған қайғым.
Аспанның аясында ән шалқытқан
Әйгілі Әсеті еді Найманбайдың.
Гүлдері қайта өнгенде өрімдеген,
өнердің көкжиектен көгін көрем.
Бағында Мәңгіліктің мәуелейді
Ғұмырлы ән,
Әсем әуен,
Өмірлі өлең...
...Менен сорлы ақында өтті ме екен
Бір сөзі баспа орнына берілмеген?!
Әсет
Ескегін бұл тағдырдың кім еспеді,
Іленің толқынына ілескелі.
Жанының жарығы боп жыр өшпеді
Күндер-ай,
Текестегі,
Күнестегі.
Арындап әнге басқан дара тұлға,
Санаулы саңлағымның санатында.
...Жаз қалды Жайыртаудың етегінде
Саз қалды аққу құстың қанатында.
Көңілдің көктей тұнған сан арманы,
Жас болып мөлдірейді жанардағы.
Шер-арман шетін ойды тербегендей
Ел ауған,
қайың сауған замандағы.
Бұл өнер өреліге Айман-алаң,
Үніңе үздіккенбіз айдаладан.
Үңіліп «Көктұманың» тұмасына
Бақтыдан бақ іздеген қайран ағам.
Бұл өнер кей сырыңды білгізбеген,
өмірде жұп іздейді жұлдызды өрен.
Қараөткел,
Қарқаралы,
Қояндыда –
Айтысқан Ырысжандай дүр қызбенен.
Жастықта жалын атсаң жарасар ең,
Ай өзен дос болмайды аласамен.
...Маң мінез Мақаншыда мақам созып –
Таңсықты тамсандырған тамаша өлең.
Көк дауыл көл бетіне салады ирек,
Зарыңды запыран етер заман илеп.
...Әніңді желеп, жебеп жүрген шығар
Киесі Кемпірбайдың «Көк ала үйрек».
Тағдырдың тура келіп шын қыспағы,
Жаныңа жабырқаған мұң қыстады.
– Абайдың алдын көрген арайлы ұл – деп –
Ағайын аялайды Шыңғыстағы.
Әніңнен көшті көрем,
кешті көрем,
Бес күндік қу жалғанға бес түнеген.
Өр Алтай – Ұлытаудың арасында
Тұнып тұр тұнық әуен естімеген.
Сол әннен ерді көрем,
елді көрем,
Толқыны Тоқырауынның мөлдіреген.
Сарыарқа,
Тарбағатай,
Іле,
Балқаш –
Рухын оятады сол бір өлең:
«Арғынмын, атым – Әсет арындаған,
Арындап ән сала ма дарымаған.
Аспанның аясында ән шалқытқан
Бұлбұлмын, даусы көкте дамылдаған»
Сол ақын арындаса арындасын,
Күн кешу арындамай дарынға сын.
Сарғайып салкүреңге мен де міндім
Сағымын сарыбелдің сағынғасын,
Бұлбұлдың даусы көкте дамылдасын,
Бұл өзі сондай өмір, қарындасым...
Соңғы жыр,
ақырғы әуен,
ең соңғы өлең,
Өлеңнің өлеріне ел сенбеген.
Бес елі соры қалың күнді қимай
Кешегі Кемпірбай да кемсеңдеген.
Ақ өлең,
ақыреттей
ақырғы өлең.
Өлмеуін шын өлеңнің мақұл көрем.
Туысып тұрлауы жоқ тағдырымен –
У ішіп өледі ме ақын деген.
Ық іздеп ықылымның ығына ерген,
Түндігің түрілмесе түңілер ме ең.
өрелі өнер тумай талай шайыр
өлеңі өзінен де бұрын өлген.
Бұл дүние сынаптай ма,
сынадай ма,
Жанарын жалт еткізген құралай ма?
...Білерім соңғы сөзін айта алмаған
Бұхар да,
Махамбет те,
Ұлы Абай да.
Ішіне қалың Қызай төрлегені,
Әнімен төске шауып өрлегені.
Ағылтып,
арындатып,
ағындатып
Әсеттің сондағы айтқан соңғы өлеңі:
... «Алашқа атым шыққан Әсет ақын,
Өлеңім – жан жолдасым маған жақын.
Аңырған аспан-көкке асқақ үнім
Саған да уақыт жетті қарлығатын
Бозбала, осы әнімді үйренерсің,
Ырғаққа келтіре алмай күйзелерсің.
Асау ән жетегіңе жүрмеген соң
Біріңнен бірің көріп сүйрелерсің»...
Тұрағы мәңгіліктің мекенінде,
Асау ән кімнің жүрсін жетегінде.
Ақынның ақтық жыры –
аманаты
Әсеттің айтқаны осы өтерінде...
«...Әсет өлер алдында Бітімші мен Тәтежанға:
«Үш арманым бар, – дейді: Бірінші – артымда
екі жетім балам қалды; қызымды ұзатып,
ұлымды бастап – баулып ел қатарына
қоса алмадым; екінші – өлеңдерімді
баспа орнына бере алмадым;
үшінші – сүйегім туып өскен жерімде қалмады»...
Балтабай Адамбаев
«Әсет ақын» мақаласынан
1968ж.
Мақпалы,
Үлкен Ардақ,
Кіші Ардағы,
тұрлаусыз тұл тағдырға тұсалғаны.
...Өзімен мәңгілікке ала кеткен –
Ақынның ақыреттік үш арманы.
Қанатын қыран құстың қақтырғасын,
Білесің баста мәңгі бақ тұрмасын.
...Құлжадан қайта оралар сапарында –
Бұрғаны Сайрам,көлге аттың басын.
Шын ақын кезікпейді қай дауылға,
Тағдырдың не құдырет байлауында.
Ғапари қажы досы күткен оны
атақты Ұланұра жайлауында.
Ел кезсең азаяды құса күнің,
Думанға ду қосылса ұшатыным...
– Дауысым қарлығыңқы...
болмай отыр –
таусылып қалып еді мүсәтірім...
– Деді Әсет көрініп тұр
күйінгені,
Баспайды мүсәтірсіз күйі ілгері...
– Сөз бе екен,
оны дереу жеткізеді
Бақалшы Маса молда үйіндегі.
Айтасың қандай қарғыс жасағанға,
Арамза тас атады тасадан да.
– Сұраса Әсет ақын табамыз да...
Ызыңдап,
ызылдады
Маса молда.
Тұлданса тұл тағдырдың тұлдыр іші,
Пісілмей қалды солай жыр күбісі.
...Зорлықпен Жәмішті алған Маса молда
Қызыл ит қызғаныштың бұл бір ісі.
Арнасын аялаған ағысты өлең,
Әсет – ән бал шағына бақ үстеген.
Ақынды адамзаттан артық көрген
Қызы еді Күзембайдың Жәміш деген.
Тірліктің сан толқынын кешіп келіп,
Молдаға зормен келген,
есік көріп.
Ақында ақысы бар Маса сонда
Алмасқа мүсәтірді қосып беріп.
...Иә, солай,
аңғал ақын қапы қалған.
Алтайдың асқарында аты қалған.
«Құдайдан тура келсе арманы не
Ажалды бес теңгеге сатып алған».
Жалғыз қарағай
...Ассалаумағалейкум, Жалғыз ағаш,
Сып-сидам болып қапсың жап-жалаңаш
Басыңда бақ-дәулетің тұрған кезде
Саяңа келуші еді, тамам Алаш.
Әсет.
Ұраны – Қаракесек,
қарашордан,
Бұл күнде Қарашордың баласы орман.
Әсеттің әндеріндей арындаған
Кезі жоқ ұрпағының аласарған.
Жапырағы қолын созып шыңға қарай,
Сауады саумал самал нұрдан арай.
Жапанға сән береді жалғыз ағаш
Мақамға ән береді бұл қарағай.
Ақиқат айта алмасаң,
жалған жаман,
Ілеспей керуенге қалған жаман.
Алағай – бұлағайда ақын өтті –
Қарағай басын шортан шалған заман.
Жапанда жалғыз ағаш жырдың елі,
Қалайша кірпігіңді ілдіреді?!
Басына барша қазақ бір жиылса
Орман боп кетер ме еді, кім біледі?...
– Әсет, – деп әнге салса шартарабы,
Айым да аспандағы шалқалады.
Жапанда жалғыз өскен қарағайдың
Тамыры тереңдерге тартады әлі.
Біз осы ұлы ма едік,
Ірі ме едік,
Жанымның кетсем деп ем жырын өріп.
Жапанда жалғыз өскен қарағайдың
Байқасам діңгегінің діңі берік.
Астында оба тастың жоқтар әнім,
Ойымды ойхой-дәурен,
ноқталадым.
Жапанда жалғыз өскен сол қарағай –
Қазақпен тағдырлас па деп қаламын.
Болыңдар, айналайын, бәрің аман,
Самғасын сарыбелден саңылақ –ән.
Әсеттің әуенінен қанат байлап –
Ақшамы Ақтоғайдың жамыраған;
«...Әсеттей сал, ән салсаң аңыратып,
Орман тоғай өзенді жамыратып!
Еркем, сені сағындым!
Арқыратып, ағызып ән нөсерін
Толқынымен жүректі жадыратып.
Сағынбасқа не шара?»
...Маңайы толған әуен,
толған арай,
тұрмайды ол жол үстінде жол қарамай.
Әсеттің әні болып,
жаны болып –
Күтеді бар қазақты сол қарағай.
Ақынның ары болған асыл әні,
Жапырағы сол ағаштың жасыл әлі.
Іленің толқынына күнде ілесіп
Бір толқын Балқаш көлге асығады...
Киікқашқан
(поэма)
...Көздері мөлдіреген ақ бөкенді
Адамның баласынан кем көрмедім
Сәкен.
Сары дала,
Сағым дала жерім өскен,
Ұлым деп шығармассың мені де естен.
Ақбөкен сахараның ботакөзі —
Жолымды әрі кескен,
Бері кескен.
Жондары,
Тақиядай төбелері,
Жусаны,
Көкпегі мен көделері.
Жанының жарқылы мен жарығындай —
Бетпақта байғұс бөкен көп өреді.
Арайды қимай батқан іңірлерім,
Көргенмін...
Көз алдымда бүгін менің.
Сап-сары сахараның теңізінде —
Қып-қызыл толқындардың жүгіргенін.
Лағы өрген құралайдың
Лағыл өрген,
Сәуірді сәтті күннің сәні көргем.
Сарғайып атқан күн де қызығатын —
Толқындар толқығанда сарыбелден.
Сол толқын сахараның сәні ме еді,
Арай да арай таңның Ары ма еді?
Толқындар толқып қашқан сағым еді
Қазақтың сағым қуған қалың елі —
Арқаның Абылай аспас сары белі
Бауырым, басымдағы бағым еді.
Сары бел,
Айналайын сағымды бел,
Жанарың жаутаңдаса жаным жүдер.
Кеудеме намыс отын жағып жібер —
Жүдесем жігерімді жанып жібер.
Сарыбел, айналайын сағымды бел.
Болады бауыр бүтін
Бас аманда,
— Жақсылық бер! — дейміз де жасағанға.
Қызыл толқын ұқсайды сағымдарға —
Сағым — уақыт ұқсайды қашағанға...
Қашаған күн, көзімнен тасаланба!
Беткейден талып жеткен
Солқыл
Сарын,
Сауыры сарыбелдің
Толқын,
Сағым.
Солқыл-сарын солығын баса алмайды —
Өзегін өр өлкенің толтырса мұң.
Көзіне көзсіздердің күйік пе едің...
Арымның аруанасын иіткенім.
Қайда екен,
Білесің бе, сүйікті Елім...
Сап-сары сахараның теңізінде —
Қып-қызыл толқын болған киіктерім.
Айрылған аққуынан,
Қазынан да,
Қайран ел,
Қасиет бар қазынаңда.
Жанының желек жайған жазы барда —
Мені де жатқызарсың назы барға,
Талатпай сумаң қаққан тазыларға...
Сарыдала, жазық па екен,
Жайлау ма екен...
Көздері көкірегімнің байлаулы екен.
Ай аман аспанымда
Қас-қағымда
Арқаның ақбөкені қайда ауды екен...
Сал самал беттен сүйіп майда лебі:
— Сайымның сая іздеген сайғақ еді,
Аң-құстың арасында айманы еді
Өлкеңіз өзегінен қайғы өреді —
Ақыным, ақбөкендер қайда — деді...
Қараған,
Селеу,
Мия шағылдағы,
Сұраудан киіктеді жаңылмады.
Даланың дараланбай дабылды әні,
Құдайым бір қызықты тағы ұрлады —
Сарғайып сағыныштан сағымдары...
Жанымнан жылап аққан жырды жалғап,
Жүгірді жетім сағым мың бұраңдап.
Еһ, шіркін, Өмір деген...
Жел үрлеген —
Дөңгелеп өте шықты жынды қаңбақ.
Төсінен ұшқан бір кез қыран самғай,
Құла дүз, қайтсін енді
Сұрау салмай.
Боз дала бота болып боздағасын —
Бозторғай бүріседі бір ән салмай.
Көгенкөз тіршіліктің
Көрде есебі,
Бетбақтың бетбақ жонын шөл деседі,
Селтиген сексеуілдер серісініп —
Кесірлі кесірткелер жол кеседі.
Бейопа бұл дүние,
Биікте аспан,
Сыйсыздар сыймай өтер сый ұқпастан,
Тірексіз тірлік осы тиіп қашқан.
Бейітіне бабалардың бәйіт оқып
Заманның зарын айттым Киікқашқан.
Кезігер дауыл да алдан
Құйын да алдан,
Мәңгілік бесік болар бұйырған маң,
Орғырмыз ортекедей биік жардан.
Тағдырдың тасадағы тасы тисе —
Бізден де қашады әлі киік-жалған.
Түн түнек,
Жалқын жарық аймаласқан,
Күн шықса көкжиектен Ай да адасқан,
— Адамға табын, Жер — деп
Айлам асқан.
Қалқаның бақ мекені бар тұрғанда —
Арқаның ақ бөкені қайда қашқан...
Ана — Жер!
Ардағым ең ең сенімді,
Ез етті есіл уақыт еңселіңді.
Шеріңді Ел ұқпай ма,
Жел ұқпай ма —
Емізген елік қайда емшегіңді...
Кеше гөр,
Ақ таңдарым,
Күрең кешім,
Гүліңді солып қалған нұр емдесін.
Баланың жанарынан қан тамады
Ананың анарынан у емгесін.
Мұхитқа салған кезде ой кемесін
Ана — Жер,
Оятады кейде елесің.
Самалы Сарыарқаның сарнап маған —
— Киіктер қайда кетті — дей бересің...
* * *
...Ашпаған еш пендеге бір сыр еді,
Сол сырды сарыдаланың білсін елі,
Ойласам жаным жиі түршігеді.
Киіктер адамдарша жылайды да —
Киіктер адамдарша күрсінеді.
Көңілім көктем көрсе гүл өреді,
Сөзіме Ай ереді,
Күн ереді,
Ақбөкен адамдарша түнереді.
Киіктің көзіндегі жұмбақ жазу —
Бақ пен сор,
Ақ-қараның Ұлы өлеңі...
* * *
Күдер үзген көшінен,
Көңіл жасып қаралы.
Туған жердің төсінен
Өмір қашып барады.
Жазираны жанарым,
Биікке асып қарады.
Жаутаң көзі даланың
Киік қашып барады.
Асу-асу белдермен,
Әрі қашып барады.
Асылдардың мен көрген
Бәрі қашып барады.
Көз ұшында көлбеңдеп,
Сағым қашып барады.
Баян таппай ербеңдеп
Бағым қашып барады.
Жал-құйрығы түйілген,
Құлын қашып барады.
Көңілдегі күйім мен;
Жырым қашып барады.
Зарыма елді ұйыттым,
Жолдан асып...
Жаралы;
Құралайы киіктің
Ол да қашып барады.
* * *
Киікқашқан,
бұл-дағы бір мұң дастан,
Жосықсыздар жаулап алған жол үстін.
Зымырандар ұшып жатыр тынбастан
Зымыраны құлап жатыр орыстың.
Қан түкіріп,
У жұтпаған күнім кем,
Жер-Ананың еріндері кезеріп.
Бәрін көрген...
Бәрінен де түңілген —
Бетбақ дала үндемейді безеріп.
Алтын асық,
атан жілік арысым.
Құлақкесті құлға айналып барады.
тіршіліктің татыра алмай тарысын
туған дала тұлға айналып барады.
Ертеңімді
Есіркей гөр, Елші — күн.
Көңілімді көлегейлеп қауіп тұр.
«Протоны» құлап жатыр көршінің —
Гептилдері тажал болып жауып тұр.
Құла дүзде құлазыған далам-ай,
Торығады тор көзденген кереге.
Зығырданым қайнағанға қарамай
Зымыранын зымырата бере ме?
Тұнығыма дей алмадым:
— Лайланба,
Заманның бұл зауал толған сұрағы.
...Қарқаралы қара шашын жайғанда
Жаңаарқада жылқы біткен жылады.
Күле алмадық...
Күнге қарап күрсіндік,
Күйік басқам...
тұлпарларым, тұлдырсың.
Жаңғырады жадымдағы бір сұмдық:
Киікқашқан,
зар ма,
күй ме кім білсін?..
Бетбақдала. Күн идіру
Бала кетті бетіменен,
Еңірейді жетім өлең.
Құм көшеді бұл өлкеде
Сексеуілі сетінеген.
Көңілімде мұң көшеді,
Тиер жырдың кімге себі?!.
Үрей,
Үміт...
Үндеседі,
Күн көшеді, жын көшеді,
Құм көшеді,
Құм көшеді.
Құм көшеді,
Азап қандай.
Сағым ауды саз ақтармай.
Сексеуілсіз қайран дала —
Ақсақалсыз қазақтардай.
Арпалысып арман,
Қайғы,
Жалғанар жіп жалғанбайды.
Жалғанбайды,
Жанды арбайды
Кесірткесі кербезденіп,
Қаңбақтары қалбаңдайды.
Құм көшінде,
Құм көшінде,
Құмай-тірлік кім кешуде?
Тілсіздерді тілдесуге —
Шақырмақ ем;
Құм жылады
Ібілісі іргесінде.
Жанымда жүр жаралы ұғым,
Кебін киген қаралының,
Балқашының,
Аралының,
Сексеуілі сирегесін —
Басынады даланы құм.
Күн туып тұр
Күн идірмек,
Құрыса дала құриды Тек,
Іркіттерім іриді көк.
Айдалада аш бөрілер
Ұлиды кеп,
Ұлиды кеп...
Керуенімнің көші мүлде,
Көрінбейді,
Кешігуде.
Елегізіп есіл үнге,
Безек қаққан бір күй шалдым
Бетбақдала бесінінде...
Маңып,
лағып
көші кеткен,
Киікқашқан — заман ақыр,
Дала жатыр,
Есі кеткен
Шалажансар бала жатыр.
Ен даланың еркесімен,
Ақын қалай сырласады.
Киік қашса өлкесінен
Айдынынан су қашады.
Жерге жасын төгеді аспан,
Гептил басқан,
Уран басқан.
Киік қашқан,
неге қашқан:
Судан қашқан, Удан қашқан.
Ай, заман-ай,
Құлады ма,
Алты Алаштың ақтаңгері.
Сыбырлайды құлағыма
Жеті атамның жатқан жері.
Атажұрттың аспаны Елес, Шытырманға шыдап көрді. Киікқашқан — дастан емес: Киікқашқан — сұрақ белгі. ???
Қара айғыр
(баллада)
Тереңімнен тебіреніп сыр тәyіp,
Боран жырдың бұрқауын-ай,
Бұрқауын!
...Арқа-жарқа зауза жетсе Арқаға,
Жаз жайлауға шығатұғын жылқы ауыл.
Татулықтың қаймағына ел ұйып,
Тұман — мұңнан қалушы еді сейіліп.
Шара толы шипа қымыз пейілі,
Жайлау деген, жайлау деген — жерұйық.
Көкейімде жатталған сол шақтар ән,
Жоғалуы мүмкін емес боп тәмам,
Асауларды тізгіндеген жылқышы
Талай-талай арғымақты баптаған.
Кісілік пе көз жібермеу кешеге,
Өткені жоқ өрімталдар өсе ме?!
Жаз жайлауда жылқышылар ауылы —
Алты қанат, ақ боз үйлі көшеде.
Көңілде күй,
Жүректе әуен,
Жыр алап,
Жылқы ауылда жадыра жаз,
Бұла бақ.
Алтын нұрын себездеген ару күн
Киіз үйдің түңілігінен сығалап.
Саумал ауа,
Салқын сулы кеңістік,
Ой-хой, шіркін, біз қонатын өpіc құт!
Кезім мeнің көкірегі көктеме
Сезімдерім ең аяулы,
Ең ыстық.
...Тұлпарларды таңдап мінер кермеден,
Жүгені де,
Қамшысы да өрмеден.
Әр дыбыстан дүбір іздеп тұратын
Жылқышының баласымын мен деген.
Сары алтындай сағыныштан сыр тұнар,
Сыр тұнар да,
Жүрекжарды жыр туар.
Бәйге десе,
Барын салар ортаға
Қазекемнің біp ғажайып ғұрпы бар.
Тас тұяқтар дүбірлетер алапты,
Жақсы хабар жалпақ елге тарапты.
...Бетпақ жонда бәйге болар алдында
Жылқышылар жүйріктерін жаратты.
Тұлпар болсаң озып келу нар мұрат,
Сейістер жүр жастық көрмей жар құлақ.
Той төбенің арқанына тізілді
Ақалтеке,
Қазанат пен арғымақ.
Жетті солай көптің күткен ай-күні,
Сан жүлдені алып жүрген әйгілі.
Тықыршиды тұяғымен жер тарпып
Жылқы ауылдын сүлік қара айғыры.
Кеуде біткен өрекпіді,
Алқынды,
Ұқтым сонда тойға тоймас халқымды.
...Атшабардан хабар келіп,
Атбегі
Шабандозды таба алмай қап шарқ ұрды.
Томсырайды,
Берілді де күдікке ел,
Қара айғырдың жүлдесінен үміткер.
Бала сынды жүгірісті жан-жаққа
Жолбарыстай-жолбарыстай жігіттер.
Биліктің ап әкем сонда тізгінін,
Еңсе басқан тыныштықты бұзды біp:
— Ер емес пе,
Жер көтерер жығылса,
Қара айғырға мінсін,— деді, — біздің ұл!
Сенім артты әкем, елім шын маған,
Мен тегінде тұлпар көрсем нұрланам.
«Жаман ұлы» қосыларда бәйгеге —
Қуаныштан көзін cүpтіп тұрды анам.
Айтып жатыр ақсақалдар ақылын:
— Атың қызба, байқа, қарғам!
— Ақырын!..
— Ал, айда, шүу!..
Дүлдүлдердің дүбірі
Қарақшыға отыз алты шақырым.
Шақырымдар — тақтай жолдың бойы емес,
Шақырымдар — төрт айналым бойы егес.
Тақымымды мықтап қысып отырмын
Көз алдымда көлбең кағып көп елес.
Топтан озсам келетіндей дүйім бақ,
Бой үйренді,
Көкейімде — күй, ырғақ.
Ауыздығын қарш-қарш шайнап қара айғыр
Қарыштайды кең далада құйындап.
Өкпем қысты,
Мен өзімі қайрадым,
Тік көтеріп намысымның байрағын.
Көзін cүpтіп,
Қамшы салдым жүйрікке
Алғаш рет
Ең ақырғы айналым.
Денем дел-сал,
Сықырлайды сүйегім,
Өне бойым от боп жанып-күйемін.
Үшінші боп,
Сызығынан мәренің
Оқтай зулап өте шықты киелім.
...Бітті бәйге,
Жүлде болды жария,
Қуанышы жұрттың шалқар дария.
Жанкүйер жұрт сонда мені ортаға ап,
Ақ батасын берді ардақты қария.
Мен де отырмын қалған жандай арманда,
Қайран көңіл үшіншіңе толған ба!
Атбегі де деп қояды:
— Eh, шіркін,
Тағы да біp бес шақырым болғанда!
Біp қария:
— Сап, сап, көңіл, сап!— деді,—
— Ат пен бала еңбегі де ақ,— деді,
— Үшіншіге ілікпесе қайтер ең?..
— Қамшысымен жер шұқыды атбегі.
— Салған шығар,— деді әкешім,— орайын,
Шешесінің көңілі де толайым.
Жаман ұлдын тоқым қағар тойына
Шақырамын біздің үйге, ағайын!..
...Ораламын кейде осылай өткенге,
Асық атып,
Су жалдаған көктемге.
Шала сезім шірендіріп шау тартып,
Бала кезін ұмытып жүр көп пенде.
Өмір - жарыс!
Сынаққа сап не түрлі,
Қара сирақ қатайды да,
Бекінді.
...Бәйге десе тақымымды қысамын
Қара айғырмен зулаған күн секілді.
Қамшысы да,
Жүгені де өрмеден,
Тұлпарларды таңдап мінер кермеден,
Әр дыбыстан дүбір іздеп тұратын
Жылқышының баласымын мен деген.
Кейде ашылып,
Кейде бұлттай түнердім,
Неге мені қиялшыл ғып жібердің?..
Ер-тұрманды сайлап жүрмін,
Туар деп
Қара өлеңнің қара айғырын мінер күн...
1984 жыл.
Біpгeбайдың Қызылы
Этнографиялық толғау
Бозкөлдің бетегелі белі қандай,
Етегін ен жайлаған елі қандай.
Сарнаған сардаланың сарынымен
Қобыз боп күңіренген шepі бардай.
Ботасын Бозкөл бүгін түстер ме екен,
Бабалар балдай суын ішкен мекен.
Боз жусан,
Бозқараған,
Бозкөделі —
Алланың рахман нұры түскен мекен.
Лағындай құралайдың жосып өрген,
Бабалар осы белден
Өcіп-өнген.
Ен жазық етене боп есіл елмен —
Күндердің керуенімен көші келген.
Жыр болып құйылардай сөзге өрнегі,
Ғасырлар сан тарихты безбендеді,
Жеткізген асыл аңыз көз көргені.
Алашқа атын жайған сәйгүліктер —
Бабамның бақ іздеген Бозкөлдегі.
Арқаға арай сыйлап ақ таң енер,
Бауырын бақыт құшып
Баққа бөлер.
Жаратып тұрқы бөлек тұлпарларды
Біздің ел — аламанға баптаған ел.
Көкке өрлеп көңілінің қазы кеткен,
Тамылжып тағдырының тамызы өткен.
Қызылы Біргебайдың қызырындай
Ауылда ақсақалдар аңыз еткен.
Замана аққан судай тасып өткен,
Жыл өткен,
Ғасырдан соң ғасыр өткен.
Соқпақты,
Соқтықпалы тайғақтарда —
Батыр мен бағыланның басы кеткен.
...Бұл жалған біpey кеткен,
біpey келіп,
Жұт жеткен жазық жонға жүдеу көpік.
Ақ боран аш бөрідей ұлығанда
Көк мұзы сары аяздан білеуленіп.
Толғасам төкпе күйдей төкпелетем,
Заман-ай,
Қайран заман өткен екен,
Өміpің ескен желдей өтпелі екен;
Жігіттер үйірімен жылқыны айдап,
Түстікке бағыт алып кеткен екен.
Тағдырдың талшық етіп тұтам әнін,
Құт жайлап Оңтүстіктің құт алабын.
Жылқысы біздің елдің көкалалы —
Қырқасын қыстап қайтқан Бұқараның.
Уақыттың кейде естілер ызғар әні,
Ызғардан қабақтарға күз қонады.
Бозкөлге бесқонақтың бecіні аумай
Жеткенмен...
Жылқысы кем жүз қаралы.
Көрмеген дабыра мен
Дауға асығып,
Бұл елдің иманы адал
Тәубесі нық.
Құны жоқ атасының барымтаға
Ұрласа ұрлаған да...
Жау басынып.
Сәуірде сары белде сағым ойнап,
Жатқанда...
Ұрпағының бағын ойлап.
Бәйтелі батыр бабам жасақ ертіп
Ақ таңда атқа қонған «а, құдайлап»...
Аңызды ұрпақтарың жастан білер,
Құпияңды қуған білep,
Қашқан білep.
Арқаның ақ самалы дерек айтар —
Қара жер...
Ақша бұлтты аспан білер.
Сөзімді саптап айтсам тыңда тағы,
Аңыздың астарында шын жатады.
Қарына құрық ілген қайран ерлер
Қайыспай ер үстінде түн қатады.
Ол күндер ақ мұнардай алыстағы,
Ұрпақтың жөн болады танысқаны.
Ерлердің жанарында жарқылдайды;
Егеулі найза болған намыстары.
Артта қап жолдың талай шақырымы,
Алашта заты да іpі
Аты да іpі.
Ілікті Бұқараның байтағына —
Бәйтелі Сарыарқаның батыр ұлы.
Сейіліп көкейлерін іpкігeн мұң,
Жеткендей жоғын тауып біp күлер күн.
Түстіктің қойнауында жылқы жатыр
Иecі Теке руы Түркіменнің.
Күн мынау көкжиектен өрген арай,
Байтағы Бұқараның шөл даладай.
Кұлады екіндінің әлетінде
Көп жылқы көкалалы көлге қарай.
Жануар кең жазықта құлпырады.
Жапанның жанарына нұр тұнады.
Арабы,
Текежаумыт,
Ақалтеке,
Мәстегі...
Алуан-алуан жылқылары.
Сыйлады сол аңыздан дала дастан.
Орамды ойларымды ала қашқан.
Жоқтары осында екен жігіттердің
Қылаңы баранына араласқан.
Біp белең
Ұласқанда біp белеңге,
Ел үшін ер кіpeді дүрбелеңге.
Батырдың жылқы ішінен көзі түсті
Тұрқы ерек eкі байтал,
Біp дөненге.
Жануар дара туған
Дара мүсін,
Жасақтың кім түсінсін жан ағысын?
Мәрт бабам үш жылқыға белгі салып
Keтіпті найзасының қадап ұшын.
Бұл да біp арман дүние үмітті ерге,
Tік қарап түpік керме
Tүpікпенге.
Бәйтелі жария етті өз байламын
Алпауыт,
Сай тасындай жігіттерге:
— Cepтім сол,
Дау тумасын ел ішіндe,
Aғайын,
Келейік біp келісімге.
Қос байтал біp дөненді қиярсыңдар
Үйірлі жылқым қалсын өрісіңде.
Сұңғылам су жорғадай нық басады,
Нық басса...
Дұшпаннан да кұт қашады.
Жігіттер малтаны езбей
Жөнге көшіп
Байламын Бәйтелінің құптасады.
Бағзыдан сыр көнерді,
Жыр көнерді,
Керуен көшіменен біp көгерді.
Бәйтелі жасағымен алып қайтқан
Түстіктен қос байтал мен біp дөненді.
Epімнің басым шыққан cecі мүлде,
Өзі айтып шешімін де
Кесімін де.
Қызылы Біргебайдың сол тұқымнан
Аңыз боп жеткен екен осы күнге...
Беу, шапқан біp кезде құйғыды,
Бозкөлдің жарау тұйғыны.
Жүгірсе желден озатын
Жылқының өрен жүйрігі.
Құдайым сәтін кұптаса,
Аузымен құс тістеген.
«Жалғыз қазық жықпаса
Жылқы озбайтын құспенен».
Тұла бойы намыстан,
Ауыздықпен алысқан.
«Бәйге бермес ұдайы,
Ұлытаудың құбайы,
Қашағанның құдайы,
Қаратаудың, құмайы,
Қыпшақтың Ақ бақайы,
Қырғыздың Көктопайы,
Ақшатаудың Аласы,
Көкшетаудың құласы...»
Қaйсыбірін айтайын,
Бәpімeн де жарысқан,
Бабамның бақ қызыры
Біргебайдың Қызылы!
Беу, ылдиға мойнын созады,
Тұяқтан ұшқан тозаңы.
Аламанда әруақ шақырсаң
Жүйріктен жүйрік озады.
Бір елдің Ар мен намысы,
Алашқа жеткен дабысы,
Teгі де бөлек
Шабысы
Біргебайдың қызылы —
Ақтобық,
Теңбіл,
Шалқасқа,
Нарбасы...
Тағы-тағысы.
Қайсы да біpін айтайын;
Үш жүздің ас пен тойында,
Қазақтын қыр мен ойында,
Қарқаралы, Ұлытау,
Алатау мен Қаратау,
Ақ Жайық, Сырдың бойында, Қиялай шапқан қиянның Өр, Жазық, Беткей, Белеңін, Бабамның даңқын асырған, Аңыз боп жеткен ғасырдан, Жылқыда жүйрік сен едің — Ақында жүйрік мен едім; Біргебайдың Қызылы!
* * *
Туған жердің кұшағы өрт,
От алабы,
Беткейлері,
Белдері,
Жоталары.
Біргебайдың Қызылы сөз болғанда
Арқаланар Бозкөлдің Тоқалары.
Көздерінде көктемнің таңы жүзіп,
Көңілінің кемесі әpі жүзіп.
Әруақтанып қалады
Арайланып
Жүйрік десе жадырап қаны қызып.
Шалқарының шалқыса шырағы ізгі,
Құпиясына сендіріп құла дүзді
Қызыл айғыр Бозкөлдің айдынынан
шыққан...
деп те бастайды біp аңызды.
Бауырлар-ай,
Тылсымнан сырды үңгіген,
Кеші айтады ол жайлы қырдың күрең.
...Біргебайдың Қызылы
ақиқаты —
Шашасына шаң жұқпас дүлдүл кілең.
Таудай болса талабың баққа бөлер,
Бабам шамын бұл өнер
Жаққан өнер.
...Жыр бейгеге мені де қосты бүгін
Біргебайдың Қызылын баптаған ел.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру