TELEGEI

Home

Гүл

Қалмаханбет Мұқаметқали

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Гүл

Жинақтың аты да қарапайым - «Гүл». «Гүл» гүл сыйлады көңілге. Кітап төрт бөлімнен тұрады: «Мұң», «Сыр», «Жыр», «Нұр». Өлеңдер жинағының аты да, тараулары да ойнақы.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

«ГҮЛ» ТУРАЛЫ АЙТУҒА БОЛАДЫ...

Сөз өнері жайлы, «ардың ісі - әдебиет» туралы әңгіме болғанда, әркім өз дүниетанымы мен ақыл-өресінің жеткен жеріне шейін сөз қозғайтыны рас. Әркімдікі өзінше дұрыс та. Өзінің 15 жылдық сыншылдық қызметінде 850 туындыға рецензия жазып үлгерген В.Белинский айтпақшы, «поэзияны біреу – от десе, біреу – су дейді».

Тіл өнерін дертке балап, «басынан сөз асырмаған» елдің бүгінгі ұрпағының әдебиетке деген ынта-ықыласы мен талғам-түсінігі де өзгергендей. Ұлт бар жерде әдебиеттің жарығы да өшпейтінін қаперде ұстасақ, бүгінгі қазақ әдебиеті туралы айтылып қалатын бір ауық қисынсыз пікірлерге келісу қиын болар еді. Шындығында, қазақ әдебиетінің жаназасын шығаруға асықпаған жөн. Батыр тілден шыққан нысанасыз пікірлер айтыла берер, бірақ әдеби үдерісті ешкім тоқтата алмайтыны бесенеден белгілі. Ол пойызды тоқтату емес қой. Күн сәулесін етегімен тосқысы келген адамның іс-әрекеті қандай берекетсіз һәм өнімсіз еді десеңізші! Біз де нақты диагноз қоюға талаптанбаймыз, тек байқағанымыз бен оқығанымызды бөліссек деген ойдан туындаған қадамға бардық.

Қазақ сөз өнерінің болашағы зор. Сеніміміз кәміл. Егемендікпен бірге еркіндік сарыны шықты сөз алаңына. Оны сол кезеңдегі толқынның шығармашылығынан анық көреміз. Ағалар ізін жалғаған кейінгі буынның өлеңдерінде асқақ рухтың бұлқынысын байқаймыз еріксіз. Сананы тұрмыс билеген өткелек кезеңде сөз өнерінің ауылына отау тігіп, қару-қаламына адал болғандардың еңбегі ерлікке папа-пар, асылы. Оқырман ойын қозғап, санасын сәулелендіру, әсемдік шәрбатымен сусындату –хас шебердің ісі. Сөз шеберінің. Жаңа жинақтар шыққан сайын әдебиеттің болашағына деген сеніміміз беки түседі. Қолымызға тағы да бірнеше өлең жинағы түсті. Шолып шықтық. Өзінің қолтаңбасымен, жазу машығымен танылып қалған кейінгі буынның ішінде Қаламаханбет Мұхаметқалидың өлеңдерін оқып қаламыз. Онша елеп-ескермей жүргеніміз рас. Қолдағы бірнеше жинақтың бірі сол ақындікі екен. Оқыдық. Ой салды. Жинақтың аты да қарапайым – «Гүл». «Гүл» гүл сыйлады көңілге. Кітап төрт бөлімнен тұрады: «Мұң», «Сыр», «Жыр», «Нұр». Өлеңдер жинағының аты да, тараулары да ойнақы. Бір-біріне, Ғабеңше айтсақ, «жарығын шашып тұр».

Алғашқы тарауда ақынның «махаббатқа бас имеу арқылы мәңгілікті мойындатсам деген» ұмтылысы көрініс табады. Сәттік қана сырласқанда мұң мен мұң, Сүйіп және сағынып та үлгердім. Сезімталға түрме сынды тірлікте, Сенсіз қалай өмір сүріп жүргенмін, - деп келетін жолдар аллитерациялық дыбыс қайталаулары мен елең еткізеді. Сыртқы түрі мен ішкі мазмұн бірлігінен шыққан көркемдік кестесі тоқылады көңілге.

Жалпы,
Қалмаханбет – мұңшыл ақын. Оның өлеңдерін оқығанда, «өлең деген
жайшылықта емес, қайшылықта туатынын» еске аламыз. Өйткені, ақын
жүрегінде бір зіл бар.

Түкпірін үңгіп кеудемнің, Тербейді мүлгіп шер мен мұң. Жаныма жастай жабысқан, Жарамды немен емдермін?-дейді өзі де ақжарқын кейіппен. Оның дауасын қасиетті сөз өнерінен, поэзиядан тапқандай болады. Алайда, «жаралы жүрегіне» ем-дом жасаймын деп, поэзияның азапты, ауыр жолына түскенін ұмытып кеткендей. Мұң-шерін қара өлеңге шағып, ішкі жан дүниесіндегі арпалысты ақ қағазға сөзбен кестелеп жазады ақын. Тағы бірде «Мен де еркіммен мүше болдым ежелгі, «Мұң» аталған фәнидегі қоғамға», - деп ашық айтады. Жалпы, Қалмаханбет Мұхаметқалиді осы халге түсірген бірнеше себептер болса, соның бір ұшы нәзік жанды аруларға барып тіреледі. Оны бізге жайып салған да – «өсекші өлеңі» (Абай). «Ақындар мен арулар» деп аталатын өлеңі еріксіз назар аударды. Үзінді келтірейік: Өмір-жұлдыз таңда сөнер, Өтті қанша арманда ер. Абай ғашық болмаса егер, Айтар ма еді Тоғжанды ел?! Жорта қылған айласы ма, Жыр жаздырып қайғылы.

Жұматайдың Ләйләсі да, Жұртқа болды әйгілі. Ақындарды таниық та, Ардың туын көтерген. Қандай қызды тарихта, Қалдырады екем МЕН?! Әдемі айтылған. Жымдасқан тіркестер сол қалпында санаға құйыла салады. Осы жерде ақынның биік мақсаты да қылаң береді. Жалпы, «Мұң» аталатын бірінші тарауда ащы зардан нәр алған өлеңдер топтастырылыпты. Бәрін қосқанда ақын жүрегінде сақталған қайғы-мұңның ізін көз алдыңа әкеледі. Оқушыны да ойға батырып, ақынға тілеулес етеді. Қалмаханбетті мұңға батырған – сезім сергелдеңі. Қалекеңнің көптеген өлеңдерінің жүгін осы махаббат тақырыбы көтеріп тұр. Лирикалық өлеңдер топтамасының негізінде лирикалық қаһарманның бейнесі сомдалып шығады. Сіз де еріксіз ренжіп, еріксіз қуанасыз. Пессимизмге салынған кезде, қаламының дөңгелегі жылдамырақ жүйткитін ақынның өлеңдері осыны аңғартты. «Ой түбінде жатқан таза мінсіз асыл сөзді» Қалмаханбеттің «шері толқытып шығарыпты»(Асан Қайғы). Оқиық тағы да: Өшпестей етіп көңілге тастап несіне із, Өкпеге қидық өмірді қайтіп осы біз? Ақ жауын жуған айғызда-айғыз әйнегін, Екеуміз енді екі үйдің терезесіміз! Өлең соңында «Қол созым жерден тілектес болып жүрейін, Сен жаққан оттан сызылып шыққан түтінге!» - дейді. Қыз «жанарындағы жалынға арбалып қалған» Қалмаханбет ақынның өзегін өкініш өртемейді. Тілектес, ниеттес көңілмен жыр жолдағаны қуантады. «Өмірі өлеңсіз өтпейтін» ақын жиақтың «Сыр» деген таруында өзінің шын сырын ашуға талпынған. Қап аузын буған секілді тілім қысқа жіп, Жыр қылып айтар сырымның бәрі ішімде, - деген жолдар ешкімді де бейжай қалдырмақ емес. Ұтымды теңеу. Бүгінгі демократия жалаулатқан «сөз

бостандығы» дәуірінде де ақын тіліне ерік бермес бөгесін бар. Әлі ақынның берері көп деген сөз. Тек «қап аузы» ашылсын деңіз. Енді «Күзгі элегияда»: Жоғалтқан шұғыласын қасаң ғалам, Жасаған сыйың, тегі, осы-ау маған. Қабағын көтермеген мынау аспан, Жанарым шығар менің жасаураған, - деп ақтарылады ақын. Өлеңнің формасынан кілтипан таппайсыз. Осы шумақтың, осы сөздердің арасында батпандай мағына-мазмұн да жасырынып жатыр, шынында. «Аягөз» өлеңінде ақынның «бағзылық батырдың булшық етіндей, буылтық-буылтық бұйра белге» деген, туған жерге деген ыстық ықыласы мен сырлы сағынышы әдемі әдіптеліпті. Ел мен жерді сүюдің үлгісі осындай болсын. Задында, ақындар ақын туралы өлең жазуға ұста. Ақын жайлы айтылар «қызықты аңыз» да көп өмірде. Бізді «Ақын» өлеңі өзіне тарты. Тұнып тұрған сыр мен ой үндестігі. Тағы да үзінді оқиық: Мүмкін ол шаттықтан мұншама, Мұң көрер бір, екі... Жүрегі қан жылап тұрса да, Жымиып күледі. Пейілі болса да тән тіпті патшаға, Пендеге бар ма амал?.. Сүйгені сыртынан сатса да, Сезімге мәңгі адал! Басқасын айтпағанда, осы екі шумақта ақын жанының «портреті» жасалғандай. Әрине, ақынның болмыс-бітімін сөзбен сомдап жеткізу қиын. Әйтсе де, жоғарыдағы өлеңді соған деген талпыныс пен ұмтылыстың үлгісі деп қабылдадық. Біздіңше, Қалмаханбет Мұхаметқали көлемділеу өлеңдер жазуға ұста. «Жыр» деп аталатын тарауын парақтағанымызда осыны ұқтық. «Қарауыл. Қабір басындағы өлең», «Тоғжанның екі сәті» (бірінші, екінші жырлар), «Құлын – дүние», «Наурыз» сынды өлеңдерін мысалға келтіруге болады. Әсіресе, «Тоғжанның екі сәті» атты өлеңі ерекше стильмен жазылған. Ақынның қалам қарымы осы өлеңдерден шын көрінсе керек.

Тоғжанның тілімен айтылған сөздер оқырман жүрегіне жол тауып жатады. Лирикалық толғанысын оқи отырып, оқырманның көз алдына шын Тоғжанның елес-бейнесі келе қалады да, онымен риясыз тілдеседі. Мұңын түсініп, сырын бөліседі. Бірге оқиық: Көз қарықтырар Көзқарасында жатқандай жанып от күшті, Жүрекке ұшып шоқ түсті. Орынды жерде ойланып барып тіл қатып, Оятып кетті шемен боп қатқан дертті ішкі, - деген жолдардан «торғайдай тоңған жүрегінің дүрсілін тыңдаған» Абай ғашығының, сұлу Тоғжанның мұңын ұғамыз. «Мәңгүрт» деген өлеңінде қазақ тілін қорсынудың бүгінгі «классикалық көрінісі» әшкереленеді. Үлкен ағаларымыздың мінбер мен ошақ басында екі түрлі мінез танытатынын өлең-сотқа айтып шағымданыпты. Шағымы шынайы. Тілдің зарын толғаған тұлғалардың көзқаман ұрпағының алдындағы әрекетінен жиренеді екенсің. Шындықтың шетін шығарса, Қалмаханбет ақынның қоғамдық-әлеуметтік мәселеге өзінше үн қоссам деген ынта-пейілінің дұрыстығы деп білген жөн. Алайда, ақында азаматтық-саяси лирика басым емес, қоғам жарасын ашып айтатын өлеңдері жоқтың қасы. Ол сезімге құштар, ойға жақын. Кітапты тәмамдадық. Негізі, оқығаныңа өкінетін де, қуанатын да кітаптар болады емес пе?! Біздің жүрек қуаныштың дүрсілін соқты. Өйткені, үмітпен ашылған кітап пайдамен жабылды. Пайдасы сол – санаң сәулеленіп, жаның жадырайды. «Өлең деген – ой мен сезімнің ар жағы» (Қадыр Мырза Әли). Қадырдан артық айта алмаймыз. Қалмаханбет Мұқаметқалидың «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегінен» атылып шыққан өлеңдері өзінің өмірбаяны дейміз. Өмірін өлеңмен өріп келе жатқан ақынның тағдыры қызық. Қызық болса да, қиын. Өйткені, сөз өнерінің ауыр жүгі мен мол жауапкершілігі, елі мен жерінің арман аңсары мен мұң қайғысы ақын жүрегіне артылған. Дегенмен, ақын өлеңдерін кемшіліксіз дей алмаймыз. Көсемсөзші ретінде танылып қалған Қалекең әлі асқақ ақын ретінде танылған жоқ. Әлі де ізденісті қажет ететін өлеңдері көп. Талабы мен талантын қайрау керек секілді. Өлең түрінде кемшін кеткен тұстары баршылық. Әрине, форма қуу мақсат емес. Шығармашылығында еліктеушіліктің белгісі білініп тұр. Қайткенмен, Қалмаханбетте «іліп алар» өлең көп. Жұмекенше айтсақ,

«көлеңкесі биік болса, ол да өзінің еңсесі». «Бармағын тістеп, өз қолын өзі кесе алмай келе жатқан» ақынның «Гүл» жинағын оқығандағы әсеріміз – осы. «Гүлдің» тараулары: МҰҢ, СЫР, ЖЫР, НҰР. Мұң-шерін ақтарған ақын, артынан сырын жайып салады. Сырын жырымен жеткізсе, ол нұр боп көңіліңізге құйылады. Сөз өнерінің сиқыры жаныңызды баурап алады да, рақат сезімге бөлейді. Асылы, поэзия осындай болса керек.

Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
кіші ғылыми қызметкері.

БІР КӨКТЕМ

Оралмадың көктем боп,
Отпантаудан бері өтіп.
Өмір еркелеткен жоқ,
Өкпем де жоқ және түк!

Қайтып келіп шалғайдан,
Құстар әнін шырқап жүр.
Сипамады маңдайдан,
Сонша сенген бір Тағдыр!

Бозқараған гүлдеді,
Бұтағына нұр іліп.
Миығынан күлмеді,
Мен аңсаған бір Үміт!

Тұмалардан су ақты,
Тарам-тарам бұралған.
Жүрегімді жылатты,
Жақсы көрген бір Арман!

Айдынына қаз қонды,
Ақжем болып тірсегі.
Адасуға аз қалды,
Айнымаған бір Сенім!

Емеурін не, белгі не,
Емес пе еді шын сөзің?
Суынды ма, сөнді ме,
Сендегі от бір Сезім?..

Білмедің-ау, білмедің,
Бір Өзіңді жыр қылып...
Жолға қарап жүргенін,
Жаны таза бір Жігіт!

...Өмір еркелеткен жок,
Өкпелеуім керек пе ед?...
Оралмадың көктем боп,
Опасыз ең, о, неткен!!!

АЙНҰР

Мен сені көрмегем, Сен мені -
Мүлде!
Бұл - бәлкім Періште пәрмені...
Білмен?

Көлемсіз қимастық, құштарлық -
Көзде!
Соншалық Сағыныш сыймас-ты,
Сөзге...

Жетелеп жеткені ізгі Іздің -
Жүрек!
Кешіккен, кезіккен Біз... біз бір,
Кім ек???

Қорлығың, Үкімін, Мазағың,
Қай бұл?
Ақынның ғазалы... Ажалы???
...Айнұр!!!

АЛҒАШҚЫ ЖЫР

Мендік сәби сезімді,
Алдың баурап алыстан.
Хатқа жазған сөзімді,
Айта алмадым ауызша.

Басқалардың алдында,
Батыл едік біз анық.
Айыпты боп қалдым ба,
Түрім кетті қызарып.

Маздап жанып кеудемде от,
Алып-ұшты жүрегім.
Хордың қызын көргем жоқ,
Арудың сен бірі едің.

Бері назар салғаның,
Бақытты етті бір демде.
Аңсап күткен арманым,

Тап қасымда жүрген бе?..

Кетпеген балаң сенім,
Кездерде кезігіппіз.
Болмысың болар сенің,
Байлаған мені жіпсіз.

Қайтқанда көңіл жасып,
Қателік болса – өзімнен.
Мен саған едім ғашық,
Есейдім сол сезіммен.

Жолдармен өте нұрлы,
Жалғаннан келем өтіп.
Сенің бар екеніңді
Жаныма медеу етіп.

Сан үміт үздім дағы,
Өзіңнен алыс жүрдім.
Сүйкімді қыздың бәрін,
Сенімен салыстырдым...

Шалық па, шапағат па,
Жүрекке кінә, кәні?
Алғашқы махаббатқа,
Алаңдап тұрам әлі.

Аман бол, амалым не,
Айтпас ем төте бұлай.
...Сапардың бәрі өмірде,
Соңына жетеді ғой.

*** Қыздар соны қылады екен әлі аңыз, Қайдан саған ғашық болдым қара қыз... Бір көргеннен жақсы көріп қалғандай, Жалғыз сөзден суып кетті арамыз.

Ендігі сөз...
Жақсы көргем... жек көрем,
Жүрек жылап, жандүнием етті елең.
Саған деген сағыныш пен қимастық,

Қуатты екен өшігу мен өкпеден!

Бірақ...
Бүршік жарғанымен сембей гүл,
Қызыл арай шаты ымыртта сөнбей күн.
Сүйемін деп сендірмеймін ешкімді,

Сүйем деген сөзге және сенбеймін...

Махабаттың ақ байрағын оң ұстап,
Шейіт кеткен сияқтанам соғыста...
Мені қойшы, сен өкініп жүрмегей,
Тағдырымыз тағы біздің тоғысса...

СЕЗІНУ

Кеудемде өшпес із қалса,
Қалауы сол ғой жанымның.
Кездеспей жүрдік біз қанша,
Мен сонша сені сағындым.

Қосылып салған бір әннің,
Қып-қысқа қайырмасындай.
Көруге сондай құмармын,
Бір күнім – бүкіл ғасырдай.

Ойландым, сосын өкіндім,
Айта алмай бәлкім, өтермін.
Мойындап енді отырмын,
Мен сені сүйген екенмін!

*** Бәрін көріп, бәрін біліп жүрдім мен, Балапандай бауырыма бассамшы. Көкіректі күйдірерін кім білген Көздеріңнен тамып түскен қос тамшы?!

Жүрегімде саған орын жоқ, міне,
Жасырамын оны қайтіп, ой, тәубе-ай!
Жан тілеуің жасқа айналып кетті ме,
Жәудіреген жанарларың айта алмай?!

Сезіміңді қылығыңмен таныттың,
Сол үшін де қиналумен өтерсің.
Жан сырыңды жаңа ұқтым ғой, жаңа ұқтым,

Жан-тәніңмен жақсы көрген екенсің.

Мені саған қоспағанмен жол бөтен,
Махаббатты мойындапты арманым.
Сезінуден асқан бақыт бар ма екен,
Сырттай ғана құлай сүйген жан барын?!!

Ғибадаттың мен емес ем өлшемі,
Ғибратты тірлігіңе қам жаса.
Жоғалттым деп өкінбеймін мен сені,
Жалғыздықтан қорқатыным болмаса!

*** ...сенсіз шын жалған екен, бұл жалған! Мұқағали. Кеткенде сонда алыстап сен қасымнан, Көздегі қос тамшыны мен жасырғам. Сенделіп жүріп келем жынды адамдай, Секілді құс жолының сәулесі ұрған.

Мәңгілік кімге берген сый белгілеп,
Мұң шақтым махаббатқа күймен жүдеп.
Қапыда соқпай тоқтап қалған сынды,
Қалтқысыз сені ғана сүйген жүрек.

Жанарға жарық нұрға толы тұнық,
Жас келсе тіріледі, өліп үміт.
Ғайып боп кеткім келді көз жетпеске,
Ғарыштың толқынына тоғытылып.

Бұйырмас бұл жалғанда жерге, адамға,
Бар дейді бақ пен жұмақ ол ғаламда.
...Қайтер ем көрмей, білмей кетсем сені,
Қас - қағым күндеріме тәуба, тәуба!

*** Мен және Сен... Біз! Жоғалдық, Көңілге сыймай, көлемге. Жаратқандықтан адал ғып, Ар мен Өлеңге?!.

Бар болсын бүйткен антыңа,
Беріктік, болды осы айып...
Келісесің бе, кел...

Күнә...
Күнә жасайық!

Күрсінген, күлген күйіңді,
Кім ұғар екен, ізделік.
Мұң...
Айып көрген Сүюді,

Біз бе едік?!.

СЕРЕНАДА

Сәттік қана сырласқанда мұң мен мұң,
Сүйіп және сағынып та үлгердім.
Сезімталға түрме сынды тірлікте,
Сенсіз қалай өмір сүріп жүргенмін.

Ешкім жақсы көрмеді шын демесең,
Ерке едім, ессіз тағы емес ем...
Енді екеуміз болайық деп бақытты,
Елден ерек елжіредің неге сен?

Нәркес көзден көрдім нәзік нұр гүлін,
Нәрестедей қылықтым сол, құлдығым!
Неге маған дәлелдеуге тырыстың,
Нағыз ғашықтықтың болатындығын?!

Ми мен жүрек тапқанынша қорегін,
Мазамды алып болған жоқ па Көр, Өлім...
Махаббатқа басымды имеу арқылы,
Мәңгілікті мойындатсам деп едім...

Ертеңгіге апара ма алдыңғы із,
Енді емеспіз жалқы жігіт, жалғыз қыз...
Ертегіге ұқсас ғұмыр кешкен жан,
Ел ішінде екеу болса, ол – Бізбіз!

Нарқын өмір арттырғанмен он есе,
Намыссызға берген емес ел есе...
Нартәуекел, кел ішейік қосылып,
Неке суын... бір жұтым у немесе!

*** Мөп-мөлдір көздің жасындай кермек дәмді, ащы,

Мазамды алған махаббат шығар алғашқы.
Жылатып алып жұбата алмай жүрсем де,
Жүрекпен жалғыз жүз қызды көрдім мен жақсы.

Қайран сол қыздар алтыннан артық бағалы,
Қайда жүр екен жәудіреп бота жанары.
Жаңғыртып бәрін еске алмас едім, қайтейін,
Жылдармен бірге жастығым өтіп барады.

Ерте ме, кеш пе бір үкім болар кесімді,
Елесті қуып енді-енді жидым есімді.
Өмірдің заңы осылай қатал болғасын,
Өзімнен өзім ала алмай жүрмін өшімді...

*** Балалық біздің қалқам, өтті бастан, Қалдырып көңілдерде отты дастан. Өзгердік: сен бойжеттің, мен ержеттім, Қалпында тұр баяғы ақ сұр аспан.

Кездерім тым аяулы, әйбат, керім,
Жанымнан өте шықты жайнап менің.
Арманның ақ жолына аттанарда,
Мен сенен айырылам деп ойлап па едім.

Жетпей жүр түсінігім түкке менің,
Тұрса да келмей бәрін тіпті елегім.
Сыйладың тағдырыңды басқа адамға,
Мен сенен соны ғана күтпеп едім.

Сазынан жаңылды да айтар әнің,
Сен менің толқуымды байқамадың.
Адалдық болар бәлкім тұсау салған,
Ақ уыз бақытыңды шайқамадым.

Жүргенмен өзің болып еске аларым,
Мен енді саған ескі дос қанамын.
Тек, тағы саған арнап жырлар жазып,
Жаныңды мұңға орасам кеш, қарағым...

Тұрды мені түнектің өзі құптап,
Тұншығады тылсымға езіліп бақ.
Көк көбелек көңілден ұшып кетті,

Көзіміз бен көзіміз кезігіп қап.

Қарсы дәрмен қыла алмай күш-ағымға,
Тұсалуда, төзімдер тұсалуда.
Бара жаттық батып бір тұңғиыққа,
Өзің – менің, мен – түннің құшағында.

Күнәм болса алдыңда кеш, ақ таңым,
Ерте жұлсам ақ гүлдің шашақтарын...
Бірақ, ерте болғанмен бұл ғұмырда,
Бақыт деген екен ғой осы-ақ, жаным.

Осы-ақ жаным, екен ғой бақыт деген,
Ай нұрына шағылып ақық денең...
Күллі азаптың құны үшін құрбан етіп,
Ләззаттың шырынын татып көрем.

Егіз жүрек елтіп ед, балқыды дем,
Сол құдірет сүюдің салты, білем.
Саған қымбат махаббат сертімнен,
Маған тәтті махаббат бал түнімен...

Есерлікті кешер ме, ерке Құдай,
Елеусіздеу қарайды өртеніп Ай.
Қайта айналып келер ме қайран күнім,
Әттең, әттең ғұмырдың келтелігі-ай?!

СЕН және ГҮЛ

Мен не деймін, не дейді ел,
Махаббат пен арманға?..
Сені іздеп ем Семейден,
Таптым Талдықорғанда.

Кездестік пе кездейсоқ,
Тоғыстырған тағдыр ма?
Көңілімде өзге ой жоқ,
Көлгірсу де жоқ жырда.

Жанарыңа бұққан мұң,
Жансырыңнан кетті озып.
Тасты жарып шыққан гүл,
Тәріздісің нәп-нәзік.

Сезім де жоқ бөтендей,
Сөніп жанған ізінше.
Күлге айналады екен ғой,
Гүл бір күні үзілсе...

АҚЫНДАР мен АРУЛАР

Ару қыздар жайындағы,
Аңыздар көп әлі де.
Шығыстың шын шайырлары,
Шаһар қиған меңіне.

Өмір-жұлдыз таңда сөнер,
Өтті қанша арманда ер...
Абай ғашық болмаса егер,
Айтар ма еді Тоғжанды ел?!

Жорта қылған айласы ма,
Жыр жаздырып қайғылы.
Жұматайдың Ләйләсі да,
Жұртқа болды әйгілі.

Келтіргесін етіп Құдай,
Кейіпкері өлеңнің.
Мысалы үшін, бақытты ғой,
Мәдинасы Әбеннің!

Тауысқам жоқ бәрін әлі,
Тағы және тағылар...
Біреуінің соры қалың,
Біреуінің бағы бар.

Ақындарды таниық та,
Ардың туын көтерген.
Қандай қызды тарихта,
Қалдырады екем МЕН?!

*** Көктемнің соңы жазға ұласқанда, Қарлығаш ұшып келгенде. Төңірек толып сазды дастанға, Қонғанда аққу көлдерге.

Сүйкімді жапырақ сүзіліп талдарға,
Сұлулық сырын ашқанда.
Жылауық жылғалар үзіліп қалғанда,
Толғанда сәуле бастауға.

Құралай өсіп марқайып қалғанда,
Жер төсін жаңбыр тескенде.
Мендік сағыныш сарғайып болғанда,
Үміт шырағы өшкенде –

СЕН келесің!

ЖАЙЫҚ ҚЫЗЫ

Қимас күн. Қас-қағым сәт. Нені ұққанбыз?..
Қайран жан қапа болды-ау қалып жалғыз.
Жайымды жеткізейін жыр ғып жазып,
Жайықтың жағасында жолыққан қыз.

Жайықтың жағасында. Жағада жай...
Жаныма тарап жатыр сонан арай.
Толықсып тап алдымнан шыға қалдың,
Толқынға төсін тосқан шағаладай.

Шынардай шың басында сағым кешкен,
Шырайлым, шығарма осы шағыңды естен.
Жұттым мен жұпарыңды жақын барып,
Жусанды жапырғандай жолымда өскен.

Аңқаңды кептіретін иіс... Менше,
Адамдар ұғар еді-ау сүйіп көрсе.
Жалғаннан өтіп кетіп жүреміз бе,
Жолымыз тағы біздің түйіскенше?!

Қайтеміз?.. Қас-қағым сәт. Сол ма бәрі –
Қимас жан қапа болып қалма-дағы...
...Жанымды мұңға бөлеп жүрсің енді,
Жайықтың жағасында қалған ару!

*** Өшпестей етіп көңілге тастап несіне із, Өкпеге қидық өмірді қайтіп осы біз?

Ақ жауын жуған айғызда-айғыз әйнегін,
Екеуміз енді екі үйдің терезесіміз!

Бір-бірін іштей сағынып, сүйіп жүрмесе,
Шаттықтың күйін шертетін еді кім кеше...
Болғанмен ортақ Жер, Аспан, Ауа, Су, Жарық,
Біздерді мәңгі жатады бөліп бір көше.

Күндерден өткен болмайды үміт күтуге,
Жаралы, жарты жүрегінді емдеп бүтінде!
Қол созым жерден тілектес болып жүрейін,
Сен жаққан оттан сызылып шыққан түтінге!!!

*** Басталған қызық күндердің, Бітірін бұлай білген бе ем? Көңілден сызып та үлгердім, Кетейін көне сүрлеумен.

Аймалап сүйіп, құшпаған,
Аяулы жан ба ең тағдырлас?
Ешқашан қиылыспаған,
Табаны сынды жолдың қос...

Иілмей өту тән саған,
Сынудан мен де қорқып ем...
Жағаға жетуді аңсаған,
Теңізде туған толқын ең.

Шырағым өшіп, жанулы,
Шыдай түс, сынба, иілме...
Тек бек менің бесік-жанымды,
Тербей бер тұнық күйіңде!

*** Жанымды жаралар нәзігім, Еңсеңді түсіргенің. Сүйіп ем... солма әлде жазығым, Мен сені түсінбедім?!

Қарап ең жанарың мөлдіреп,
Тербедің үміт көлін.
« - Кездесіп тұрмыз біз соңғы рет,
Сен мені ұмыт...»,- дедің.

Бақ па едің басқаға бұйырған,
Қапыда айырылған.
Кеттің-ау мүсіндей құйылған,
Артыңа қайырылмай.

Кеудемді құрсады шер қамап,
Көзімді... жуып қайғы.
Сонда да, сонда да, сондада,
Өзіңді ұмытпаймын!

*** Жас жүрегіңді әуреге салып сені мен, Жабығып жүрген кезімде қайдан көріп ем? Жанарыңдағы жалынға қалдым арбалып, Жаным-ау, әлде перште ме едің,пері ме ең?

Өріктей піскен өңің де сондай сүйкімді-ақ,
Өртедің мені күлкімді ұрлап, ұйқымды ап.
Өзіңнен өзге көрмей жүр көзім ешкімді,
Өне-бойымды тастадың ба екен сиқырлап.

Еріксіз баурап алған көркем көркіңді,
Еске алып жүрмін өткізген сайын әр күнді.
Еркелікпенен емдеуге келген шығарсың.
Елеске ауған есерлеу Есіл-Дертімді.

Арманым бар ма тарқатып ұшын түйіннің,
Ақ шамы болып жағылсын жарық үйімнің.
Ақ көңілің мен пәк сезіміңнен айналдым,
Аяулым менің, махаббатыңа сүйіндім!

*** Шашқан кезде көзің нұр, Өзек жара күрсінгем: Сен-Періште, Мен-Адам. Кеңістікті кезіп жүр. Салмағы жоқ құр сүлдем, Жүрек - ояу, Жан - аман.

Шексіздікпен бөлінген,
Қарауытып көрінген,
Күн - көмескі, Түн – айқын.
Түкті түсінбедім Мен,

Құтқарып ап Өлімнен –
Өмірімді сұрайсың.

*** Тіліме байланғандай бір іштегі ой, Тілегін айта алмай тұр күміс көмей. Жасаурап қос жанарың қарай қалдың, Қашаннан қыздың жолы жіңішке ғой.

Сүйсініп сымбатыңа дана, көркем,
Сырымды айтқым келді саған, еркем.
Ардағы күллі жұрттың болған ару,
Жан – жары бір жігіттің болар ертең.

Тұңғиық көздеріңе үңілсе Адам,
Табардай Дүниенің түбін содан.
Қалқам – ай, қалай қорған болар екем,
Артқанда тағдыр бірде жүгін саған.

Кездерің елес беріп кейде сонау,
Көңілге мұң салады, ойға жамау.
Қазіргі гүл келбетің күндер өте,
Әжімді бір әжеге айналады-ау...

Табылмай қайран әннің кейін бәсі,
Кетер ме қайталанбай қайырмасы?
Құдай-ау, осы екен ғой, осы екен ғой,
Пенденің Періштеден айырмасы...

*** Қуанышыммен, қайғыммен, Асқақ едім ғой, айбынды ем. Махаббат деген сиқырдың, Дауасын таппай қойдым мен.

Түкпірін үңгіп кеудемнің,
Тербейді мүлгіп шер мен мұң.
Жаныма жастай жабысқан,
Жарамды немен емдермін?

Үмітсіз кейде сондай бір,
У ішкен бейне жандаймын.
Кішкентай ғана күнәсіз,
Жүректі қалай алдаймын?!

Алғаусыз сәби кезімнен,
Дәрменсіз пәни сезіммен.

Қылаусыз қардай ардағым,
Қоштасам қалай өзіңмен?!

*** Асқақтық күттім өзіңнен неге, Биіктіктердің өлшемі. Сұлулығыңды сезінгеннен деСүйкімді дедім мен сені.

Мейірім күттім өзіңнен неге,
Асыл ананың бөлшегі.
Өзіңді ойлап көз ілгеннен де -
Түсімде көрдім мен сені...

НАЗ

Сол еді көзімді ашып көргенім де,
Сырымды айтам енді өңге кімге?
Көн болып қатқан шерді жібітпесең,
Көктем-ай, келме мүлде!

Қадалып жүрегіме қалған оқтай,
Қалғыған көкіректе әнді оятпай...
Жанымды жуа алмасаң айғыз-айғыз,
Жаңбыр-ау, жаумай-ақ қой!

Көз іші – қимастықтың тұнған жасы,
Көзұшы... бірде алдамшы, бірде арбаушы!
Қоздатып құмарлықты қурар болсаң,
Қызғалдақ, бүр жармашы!

...Сезімді сең қылатын жігіттегі,
Сүйкімді, сүйікті еді, қылықты еді!
...Қайрылып келмейтінің рас болса,
Қалқажан, ұмыт мені!

Түпсізге сонау жетеді екем, әй, қашан,
Таудағы жолдың тірелер жері – терең құз.
Өзімше кейде отырып алып ойласам,
Өмірім менің өтпейді екен ӨЛЕҢСІЗ !

Басталған жырым кезімде бала кекілді,
Күндердің күні топ жарып сөзсіз шығады.
Өйткені, өлең жарнамасыз-ақ өтімді,
Өткірлеу болса халықтың көз бен құлағы.

Беймаза жанның кім тартып алсын бақытын,
Ескірген шағы ғарыштан түскен елестің,
Өтінем, дұрыс түсінсең екен, уақытым,
Өзіме риза, өзгеге өкпелі емеспін.

Қап ауызын буған секілді тілім қысқа жіп,
Жыр қылып айтар сырымның бәрі ішімде.
Ат ерттеп беріп, қауырсын қалам ұстатып,
Аузыма Абай түкіріп кеткен... түсімде!!!

САҒЫНУ

Тартқанда көңіл-күй бірде бәсең,
Торығу оты санада маздар.
Қанатын керіп қимылмен әсем,
Қонатын көлге сарыала қаздар.

Сұқ көзден тәнін айнала қорып,
Сұлудай суда тұншыға күлген.
Айдынның төсін аймалап еміп,
Айтатын бір ән сыңсыған үнмен.

Тыңдаушы еді кешкі үнді анық,
Таулар да, қыр да, дала да, тоғай...
Жақыннан даусын естігім келіп,
Жүгіріп жеткем жағаға талай.

Күдікшіл байғұс не пайымдасын,
Кілт үзіп әнін, қате түсініп.
Қайталап салмай да қайырмасын,
Қаңқ етіп қаздар кететін ұшып.

Батырып жүрген тылсымға мені,
Бір арман әнге қаталап туған.
Сол үнде нәзік бір сыр бар еді,
Сезімтал, мұңлы махаббат тұнған.

Өзекті өртеп алау бір түрлі,
Өксікке кеудем толатын болды.
Сағынып жүрмін сонау бір күнгі,
Сарыала қаздар салатын әнді.

Оралар ма екен, қайдам, кім білген,
Ол күннің кетті көнеріп өңі.
Әлі күн мені ойлантып жүрген,
Ән бе... әлде басқа не болып еді?!

*** Келеді көктем, келеді көктем, Кетеді мына қар жылап. Жамылып алып желегін бөктер, Жүгірер ойнап бал бұлақ.

Гүлдейді өрік тұңғыш бағында,
Гүл-өмір сонда кешем мен.
Қауышып елмен жыл құстары да,
Жарысар белмен көсем жел.

Көктем келеді, көктем келеді,
Қабағына күн наз ілсе.
Қиялым алдап кеткен жоқ еді,
Көретінім қыс әзірше...

ӨЛЕҢ

Бір құдірет қонған ба маған аздап,
Бұл өлеңді бастадым бала кезде-ақ?
Жалған сөзін айтумен әлі келем,
Жанған кезім шамалы және маздап.

Жанбаса да жұлдызым күресте онша,
Жалықпадым жырлаудан түн асқанша.
Жүрмін түбі жақсылық болады деп,
Жаратқаны Құдайдың рас болса!

Буып-түйіп белімді сонша бекем,
Болдым-толдым дегенім жаңсақ екен.
Алданады екен ғой арманға адам,
Ақтық демі біткенше аңсап өтер.

Мазасыздық ұялап Жан-Арыма.
Мезгілсіздеу қол жайып Жоғарыға,
Кілең шерлі, сорлылау сөз айтқызып,
Өлең, сенің қалдым ба обалыңа???

ПЕССИМИЗМ

Тойып ішіп у татыған көжемді,
Тағдырыма тіпті демей: «Обал-ды,ә...»
Мен де еркіммен мүше болдым ежелгі,
«Мұң» аталған фәнидегі қоғамға.

Ол қоғамның беретіні адамға аз,
Опасыздау, шаттығы да өтпелі.
Жарна төлеп қойып едім, соған мәз,
Жылап жазған жырым әсер етпеді.

Қайғысызға қуаныш не, құса не,
Құлдың үнін естуші еді кім ұғып?
Ой-мүддесі ортақ болған кісі, әне,
Оп-оңай-ақ кетті теріс бұрылып.

Ақыл көзін кестелеп ем қызығып,
Арақ құйды ел еркеліктің құны үшін.
Анам жылап, ағайыным кіжініп,

- Ақындығың, -деді, – бүйткен құрысын!

Жаратқанға... иланам ғой, иланам,
Жұма сайын өлең шалдым құрбанға.
Соңғы ақшамды сыра ішуге қимаған,
Садақаға сұрап алды бір молда...

Ар-намысты жем ғып қарға, құзғынға,
Айтуға мен әзір едім: «Жалғыз Сіз...»
Бір көргеннен құлай сүйген қыздың да,
Болып шықты ділі түкке алғысыз.

Тағдыр жайлы болғандықтан талғамды ең,
Түбі осы сөз басыла ма газетке?..
Өкінішпен, Махаббатпен, Арманмен,
Өлең үшін өмір сүру қажет пе?!

ЕСІК ТУРАЛЫ ЭЛЕГИЯ

Ақымақтың кесірі,
Арқанның ұшын бос түйдім.
Есіңде бар ма есігі,
Екеуміз өскен ескі үйдің.

Кеудеңе толса күй ізгі ең,
Көзіңнің жасын сүртпе әлі...
Құрт жеген құрым киізбен,
Қаптаулы тұғын сырт жағы.

Қалдырып көлде қайық із,
Қарсы бетке озып шықты о да.
Жетпейтін еді бойымыз,
Жоғарыдағы тұтқаға.

Жүрекке ине сұққандай,
Жыладық кейде қуансақ.
Топсасы тозғандықтан ғой,
Тұратын ылғи бір ән сап.

Сыңситын күндіз-түнде де,
Сол мұңның осы жалғасы.
Бірақ, ол есіктің неге,
Болмады құлыпсалмасы?..

Еһ, секілді енді жас дәурен,
Есіктің көне көк түсі,
Жел ғана жұлқып ашқанмен,
Жапты оны қатты көп кісі.

Өткіздім күндер тасада,
Өзгерді сенің бет-өңің.
Бәрібір біздің босаға,
Білмеді кілттің не екенін!

Күршекті мен де ілмедім,
Күттің сен жоқты қайдағы, әй...
Басымнан шықпай жүр менің,
Басынып кірген бейбақ ой!

*** Оралмас сол бір әлем әудемдегі, ( Жүргені жетпей сенің әурең бе еді?)

Бұл күнде жылымайтын болып алды,
Жүрегім жылы сөзге кеудемдегі.

Жастықтың өшпегенмен оты көзде,
Татиды тіршіліктің татымы өзге.
Дәл мендей дегбірсіздеу емес шығар,
Қан ішіп, кісі өлтірген қатыгез де.

Қызығын қу тірліктің көріп болған,
Қызыл гүл секілдімін семіп, солған.
Тырысам орындауға жұрт әмірін.
Қояр деп сырымды ұғып қорыққаннан.

Бәрін айтсам заманым сенбес мүлде,
Бақыт емес фәниден, сор кештім бе?
Қаным қанша қарайып қарағандай,
Жаным сонша ашымас енді ешкімге.

Қысастығын ғұмырдың көзі көрген,
Күрсінеді бір ақын сөзі мерген.
Арманы мен ойлары тірі қалып,
Қиын екен адамның сезімі өлген...

АРМАН

Келеді, білем басқа күн,
Кетемін ұзақ жол жүріп.
Кездерім мынау қас-қағым,
Сөздерім қалсын мәңгілік.

Тәңірмен үнсіз тілдестім,
Ғарыш па, әлде ғайып па?
Бұйығып қана күн кештім,
Бұйырмассыңдар айыпқа!

Келді де тұрды тек жырмен,
Жыртығын жердің бекіткім.
...Ал, өмір сүрген жоқпын мен,
Армандап қана өтіппін...

АРБАСУ

Екі дүние арбасса,
Тіл тұтығып қалады.
Жағама аспан жармасса,
Жер етектен алады.

Сыр алдырмай келгенім –
Неткен жаным сірі еді.
Жер кіндігі мен бе едім,
Көк аспанның тіреуі?..

Көз аштырмас көп үміт,
Көп күдіктен жақ ашпан.
Кетердей жер бөлініп,
Құлайтындай көк аспан...

ТАЙ БӘЙГЕ

Басталмақ тай бәйгесі,
Ентелеп қалдық қауым.
Жағалай айғайласып,
Тіледік шалдықпауын.

Қара үзіп тайлар кетті,
Көлденең қыратты асып.
Бір сезім жайлар көпті,
Ойдан ой жырақ қашып...

Соңына шаң қалдырып,
Келеді тайлар қайтып.
Бәрін де арман қылып,
Қалмады ойлардан түк.

Шабандоз жасқа тілер,
Жеңісті таласа жұрт.
Мына бір қасқа күрең,
Келеді дара шауып.

Соңында аймандай көк,
Көсіліп құйғытты енді.
Тұлпарға айналғай деп,
Тұрдым мен жүйріктерді.

БАҚ ТУРАЛЫ БІР ӨЛЕҢ

Бір адамды басқа адам,
Білмейді ғой, білмейді.
Маған ылғи дос-жаран,
Бағың жанбай жүр дейді.

Содан іздеп кетемін,
(Мұңлы кісі күлмейді!).
Бірақ, бақтың не екенін,
Ешкім түсіндірмейді.

Ұқпайтындай мен мұны –
Қанат жоқ қой ұшарға.
Адамдарды белгілі,
Келтіреді мысалға.

Санап саусақ бүгуде,
Санатта бар адамбыз.
Күндердің бір күнінде,
Мен де атақты болам-мыс.

Бәрімізді сол елес,
Жұбатады көп күткен.
Тек, БАҚ деген шам емес,
Тұтататын оттықпен!

КҮЗГІ ЭЛЕГИЯ

Сарғайып жапырақтар, солды гүлдер,
Ес жиып, етек жабар келді күндер.
Қонбайды балапандар көл жағалап,
Ойнайды ала таңнан енді кімдер?

Қалғандай мына жылдан ең ақырғы ай,
Қағады құстар көкте қанатын жай.
Мөп-мөлдір таңғы шықтың тамшылары,
Өткен бір шақты есіме салатындай.

Жоғалтқан шұғыласын қасаң ғалам,
Жасаған сыйың, тегі, осы-ау маған.
Қабағын көтермеген мынау аспан,

Жанарым шығар менің жасаураған.

Үзеді топ-топ тырна тізбелерін,
Тағы да таппағандай іздегенін.
Қайтемін, қырда жалғыз қалып тұрып,
Әйтеуір үмітіңді үзбе дедім...

Сарғайды жапырақтар. Солды гүл де,
Барады қалмай өткен белгі күнде.
Ойымды қайтсем екен оты қашқан,,
Жайымды айтсам екен енді кімге?!

ІШКІ МОНОЛОГ – 1

Тағдыр кешсем табанымнан тесіліп,
Ол мұңымды ұғар ма екен осы жұрт.
Бағытымнан жиі-жиі жаңылып,
Бақытымнан қалам ылғи кешігіп.

Қиялшылдың жаратқасын бірі ғып,
Сөнген оттың сәулесіне жылынып,
Жеткізбейтін бір арманның соңынан,
Қуаладым өкпем өшіп жүгіріп.

Жоғарыдан көзін қысып күлегеш,
Жүрегімді жетелейді бір елес.
Уағыздап жүрмін нені осы мен,
Уақытта тілдің құны түк емес.

Таланттыға болған емес тар мекен,
Бірақ менде бір түсінік бар бөтен.
Қағаз былғап менің жазған өлеңім,
Қай пенденің санасына барды екен...

Егер де ел жырға сенсе, тілге ерсе,
Өзгеретін сияқты ылғи бір нәрсе...
Жалғасар ма менің осы миссиям,
Қара жердің қойынына кіргенше...

ІШКІ МОНОЛОГ – 2

Мазалайды миыңды мұңлы ой неге,
Оқылмайды жазғаның жырдай көне.
Келе-келе түсініп қалғандаймын,
Мәре болмайды екен ғой шын бәйгеде!

Шығарғанмен атыңды ән-күй елге,
Көтермейді көңілді сәл сүйемге.
Жылап қайтсаң жарыстан жеңіліп қап,
Жаны ашитын жоқ саған жанкүйер де.

Мойындатпас өлімнен былайғыға,
Мына жұртқа бәрі бір – мұңай, жыла.
Егер жерде жұпыны ғұмыр кешсе,
Кетер еді ұмытып Құдайды да!

Жұрт жағасы жыртылған талас күнде,
Жағаластың не оған, жарастың не.
Етіп барлық думанды тәркі-талақ,
Кетіп қалғың келеді монастрьге.

Болғасын ба қол, басы жұмыр пенде,
Болмайды екен өмірден түңілмеуге.
Қатты кімді қираттың қайран ақын,
Тәттілігін тіліңнің шыбын жеуде!

ОРАЛУ

Қартайған дала төрінде жатқан көсіле,
Қарайды төніп құбыла жақтан қалаға Ай.
Түнгі оттар бейне тентектеу ұлдың төсіне,
Тіл-көзден қорғап жүрсін деп таққан танадай.

Көңілден өшіп кешегі күнгі көп сызат,
Келеді қалғып жаңғырық пенен мәңгілік.
Пойыздың құлақ тұндырған дауысы кетті ұзап,
Перронға мені және бір қызды қалдырып.

Тоңазып денем, көтерген болам жағамды,
Толқыса сезім, жүрегім соғар дүрсілдеп.
Армандас болған ардақты жандар сона-а-а-ауғы,

Алдымнан шыға келердей «Қайдан жүрсің?..» деп.

Оларға, сосын тағдырға өкпем жоқ титтей,
Оятсам ба екен сәлден соң болып нұр таңғы.
Түбінде туған үйшігін табар текті иттей,
Телміріп тұрмын терезелерге қымтаулы.

Саф алтын сынды мен сақтап жүрген бір белгі ед,
Сарыарқадағы сағыныштың сол үлгісі.
...Аяулы мұңмен оралған ұлды білген жоқ,
Аякөз түні, аядай қала... бір кісі!

ҚОСАҒАШҚА ХАТ

Тағы да терең күрсіндім,
Туған жер түсіп есіме.
Топырағыңды бір шым-шым,
Тұмар ғып таққам төсіме.

Кішкентай ғана сол ауыл,
Көзге алыс, жақын көңілге.
Келешекті іздеп жаңа бір,
Көтердім ерте мен ірге.

Аңқаулау басым аңдамай,
Аттадым ба әлде киеңнен...
Айналып соқпас жол қалай,
Алысқа тартты үй, елден?

Білмеппін сонда мен мына,
Бақытты екен ғой, аңғарсам.
Бір қора қойдың орнына,
Бес ешкі бағып қалған шал!

Қазіргі айтар ән бөтен,
Қайғырар сәтім де осы-ау көп.
Қанша там босап қалды екен,
Қалаға көшіп неше әулет?

Қабырғам сынып,қайысып,
Қайран ел қатты сағындым.
Қоп-қою сүтпен шай ішіп,
Қазысын керткен соғымның.

Ежелден солай емес пе ең,
Ертеңнің болған жыр бөлек.
Еденде ойнап мен өскен,
Еңбектеп жүр ме бір бөбек?

Көрсем деп басқа ғаламды,
Кетіп ем осы несіне?
Кешігіп жүрген балаңды,
Кешіре көргін, кешіре...

АЯКӨЗ

Бағзылық батырдың бұлшық етіндей,
Буылтық-буылтық бұйра бел.
Буырқанып алып... күрсінетіндей,
Бауырым, тыңда, мұнда кел!

Жолдармен мынау қанша мұң кешіп,
Жарлы да жүрген, жалғыз да!
Жондармен құба сары сағым көшіп,
Жеткізбей қойған андыздап.

Сергектік шығар, сезім ерте есін,
Сылаңдап жиған өлке бұл.
Сағынып күту Қозы көрпешін –
Сұлу Баянның дерті еді.

Самал жел тұрса тобылғы тербеп,
Сасыр сыңсиды сайқалсып...
Алыстап кетсең жолыңды көлбеп,
Алаңдайтындай Ай,Таңсық!

Қодардың мұнда соры қайнапты,
Қолаңшаш үшін сол нағыз.
...Жүр, кезіп кетейік алып аймақты,
Жауыр болғанша Жорғамыз!

Батысты бетке ап тартып кетсем бе,
Біздің үй, ауыл сонда еді...
Қулықтар құлынын ертіп тепсеңнен,
Құлайтын бойлап кермені.

Сәби ек онда, балаң ғой жүрек,
Сенгіш ек, аңқау ұл-қыз көп.
Аякөз жаққа алаңдайтын ек,
Арайлап шыққан күнді іздеп!

...Шұбартау – шағын мүйістей тұғын,
Шарт буған шалдай белдігін.
Тарбағатаймен түйіспейтінін,
Түсінген шығар ендігі!

Бағзылық батырдың бұлшық етіндей,
Буылтық-буылтық бұйра бел.
Буырқанып алып...күрсінетіндей,
Бауырым, тыңда, мұнда кел!

...Аяулы қала, алып аймаққа,
Анадай болған... айнам-ау!
Желбіреп толса төрің байраққа,
Жалауың болып байланам.

Ертеңің жайлы ең ізгі ойлардан,
Елге де қонсын бақ бекем.
Аяулы ару – аңызға айналған,
Аңызға айналған – ақ мекен,

Аякөз!!!

ТҮНГІ ТҮС

Ертістің арғы жағы ескі Семей,
Менің бұл жырымды оқып, естісе ғой...
Қуанып, әлде налып айтар ма еді,
«Е, бәсе, ақымаққа кеш түседі ой...»

Жататын көне көпір құшып арай,
Өтуші ем еш қатерге ұшырамай.
Мен кеше тәтті ұйқыдан тұрдым атып,
«...Кетіпті ескерткіштен түсіп Абай?!

Қай ісін көрмеді екен дұрыс, құп деп,
Қара шал қазаққа жат қылықты істеп.
Тұғырдан қарғып түсіп кетіп қапты,
Жүр екен іздеп жалғыз Тыныштықбек!..»

Түнгі түс тыным бермей тегі, жанға,
Түбі бір шығарады-ау мені жолға.
...Жақсыға жори ма деп айтып едім,
«Садақа, садақа бер!» деді молда.

ТАЛДЫҚОРҒАН

Ойлыжандардың қызығы кеудеу жалғанда,
Ақындар өкпе артқан ба тегі, арманға...
Арқада туып, арда емген ұл ем алаңсыз,
Тағдырым мені тап қылдыТалдықорғанға.

Аякөз, Семей бір қоныс еді құтты ол да,
Қазаққа жердің жаттығы жоқ қой ұққанға.
Жерұйық емес,дәм айдап жүрген шығармын,
Асанқайғыдан көп кейін туғандықтан да!

Белгісі қалған күндердің нұрлы кешегі ең,
Бұл қала жайлы жазармын әлі неше өлең.
...Абайдың жырын күбірлеп айтып келемін,
Ләйләсін іздеп Жұматай өткен көшемен!

СЫБАҒА

«Отанымды сүйемін жылап тұрып...»
Мұқағали.
Бабам жазып қалдырған тасқа атауын,
Бір ғана елім, жерім бар.

Басқа Отаным...
Болмағаны үшін де бақыттымын,
Боздағаны... болмашы жас ботаның!

Сөйлейтінім сөзі емес бір атаның,
Сүйемін сол Отанды, ұнатамын.
Шырылдаймын шымшығы, торғайы боп,
Шықанынша кеудемнен қуат, әлім.

Жақсы көрем мен оны кереметтей,
Және ешбір қарымта керек етпей...
Отанымнан іздеймін жанға жылу,
Отты айналып өлетін көбелектей.

Омырауымды тумаған ғазал жаншып,
Отырамын болғанша базар мансұқ.
Отанымның майлансын қанжығасы,
Ошағымда қалса да қазан қаңсып...

Ақтық демім үзілмей,
(Аз сүю де...)
Алданбаған адал ем бөз киімге...
Жалған!

Жаздым бір өлең сыбағама,
Жалға алған орыстың жазғы үйінде?!.

АСАН ҚАЙҒЫНЫҢ ӨЛЕҢІ

Жеткізген жер түбіне ел ояуда,
Желмаям, желе жортып, сал аяңға.
Бақ қонып, Қыдыр түнеп аттанатын,
Бетке алып барар мекен –Баянаула.

Ат ерін алмайтын жер Арқадағы,
Ай сүзіп, Күн тоғытқан көл табаны.
Тамырын қарағайдың құз басынан,
Тартатын топырақтың торқа нәрі.

Бұйра бел, бүйрек төбе, ұзын адыр,
Бозала таңнан түскен қызыға нұр.
Бұйдасыз байлап алар бір көргенді,
Баянтау, бауырыңда тұзың ауыр.

Қақ тұнса су исінен жер көгерер,
Қиқулап қаз, үйрегің ерте келер.
Ымыртта қона барған еру болып,
Ырысқа тұна қалған ел кенелер.

Жұпарын жұтып күннің бірер бесін,
Жолаушы әрең жияр жүрерде есін.
...Бабалар кеткен жақты бетке алып ек,
Баянтау, бізді тұзың жібермесін...

БІР БАЛА ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Білмейтін бәрін ел әлі,
Баянауылдың етегі.
Бетке алып тауды барады,
Бір бала торсық шекелі.

Ұлағат шығар жайы мол,
Ұғатын сырын кейіннен.
Қадамын басқан сайын ол,
Қарайды жерге мейірмен.

Арманшыл өңі, көзі нұр,
Арда емген ұл ма аймаңдай?
Қатпар тастарды кезіп жүр,
Қазына тығып қойғандай.

Білмейтін еді ел оны,
Баянаулада – нулы жаз.
Ауылға қайтып келеді,
Арқалап қаппен түрлі тас.

Бір ғажап әлем әр дана,
Болмысы бөлек дара тым.
...Қаршадай ғана сол бала,
Қаныш Сәтбаев болатын!

АЛМАТЫ. ЕКІ ӨЛЕҢ

1.Этюд

Алатауды басты да қалың мұнар,
Алматыға қар жауды, кәдімгі қар.
Ақ жұлдыздар асығып қонып жатыр,
Ал асфальттің жайы жоқ оныңды ұғар.

Жоғарыдан желбіреп кие-мамық,
Жол үстіне құлайды сүйе барып...
Аусыл болған сиырдай ыңыранды,
Автобустар адамды тиеп алып.

Тәжірибе жасаушы көкте Құдай,

Тас бетіне шелектеп төккен лай...
Қолшатырсыз қыз тосты алақанын:
«Қарды сондай сағынып кеткенім –ай!..»

Қап-қара аспан, ақшыл бұлт, қалың мұнар,
Қар жауып тұр қалада, кәдімгі қар!
Шаттық шығар, қыз жаққа қарай бердім:
«Шын сағынсаң шалшыққа қолыңды мал!..»

2.Абстракция

Қалмасын деп құнысып биік арман,
Қанша әлі ақын тартады күйік алдан.
...Алматының алқымы айғыз-айғыз,
Алатаудың бауыры ұйыған қан!

Ұйыған қан. Ұйлыққан тірі адамдар,
Ұры-қары, ұлықтар, пірәдарлар...
Бақи жолын бетке алған барлығының,
Бәсіресіне бұйырған бір-ақ ор бар!

Бірақ оны білмеген болып бәрі,
Бақытына семіріп, арықтады.
...Автотұрақ астынан ән айтады,
Аруақтар айғайлап табыттағы.

Балдақтаулы бейқуат бүркіт текті,
Балақбауын бір сезім бұлқып, тепті.
...Пердесінен ақ үйдің күлкі естілген,
Періштелер үңіліп... үркіп кетті!

Аласарып ақыры асыл арман,
Айту үшін айтысты осы болған:
Алатаудың бауыры – алып қабір,
Алматыда ақынның басы қалған!

МЕН

Ара-жігін елестің,
Айыра біл, қарағым.
МЕН – Махамбет емеспін,
Қалмаханбет қанамын.

Тілімменен қылдым зар,
Түр-өңім де келемеж.
Мінезімде бір мін бар,
Махамбетке тән емес.

Болмысым жоқ шын ірі,
Беретіндей елге айбын.
Ханды шаппақ түгілі,
Хәлін сұрай алмаймын.

Ұраным да келте тым,
Ұсақ есеп-қисап, әй...
Еркектер көп ертетін –
Емес бірі Исатай!

Аңыз ғана көне, ескі,
Анықтап ал, қарағым.
МЕН – Махамбет емеспін,
Қалмаханбет қанамын.

Көңілді демдеп ең,
Күдеріңді күліп үз.
Болса ұқсастық – ол деген,
Біздің жалғыздығымыз!

МӘҢГҮРТ

Пәлсапашылдау, қыңыр келеді,
Пәтерде тұрған ақындар...
Қожайын шалға жыным келеді,
Қалжыңдасуға хақым ... бар!

Маңғаздау ашып газет беттерін,
Маған сыр айтты бүгін бір.
Басқарған жан ғой қазақ мектебін,
Біздің қалада қырық жыл.

Болмайды маған тым қателесуге,
Бас изеп қойып, жүгіндім.
«...Мына сен жазған тіл мәселесінде,
Мен біраз еңбек сіңірдім.

Жүргені дұрыс адамдар біліп,
Жөн екен қалған ғұмырда із.
«Қазақ тілі» атты қоғамдар құрып,
Қорғадық ана тілін біз...»

Тұрғанмен сөзі көңіліме ұнап,
(Төлетпей қоймас аз ақша).
Баласы менен келіні бір-ақ,
Білмейді оның қазақша.

Болғанмен дайын төбелесуге,
Бітірмей қайттым үйге түк.
Ал, әлгі шал немересіне,
Ағылшынша отыр үйретіп...

ҚАРАУЫЛ.

ҚАБІР БАСЫНДАҒЫ ӨЛЕҢ

«...Өлеңі бар өнерлі інім, сізге,
Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге...»

АБАЙ.

Алһамдуллаһ!!!
Алғаусыз сырын айтуға келді жас мұнар,
Буырқанған толқын
Жағаға жетіп жығылса ғана бастығар.

Кемеңгер сынап
Көрмеген балғын жырым һәм нәзік мұңыменен,
Алдыңа бүгін
Бас ұрсам мені кең қолтығыңның астына ал!

Мен талай түндер
Рухқа сиынып күбірлеп жатып көз ілгем,
Сол сәтте Жырда
Жанымды ұйытар шуақтың барын сезінгем.

Түйсінгем сонда
Мендік бақыттың осыдан бастау аларын,
Байқағам және

Қайғының мендік қалыптасқанын Өзіңнен!

Басқалар мені
Бала дер, мүмкін тырнақшаға алып «дана» дер,
Санаға пана
Болмаған жүрекке мен қайтып, қалай табам ем?

Қас-қағым ғұмырда
Қасыңнан сенің табылсам ба деп жыр жаздым,
Жазғырма мені
Хабарымды айтып күңіреніп берсе қара жер.

Ал, тыңда мені
Сырымды айтам жамылып жырдың желегін,
Менің мекенім –
Бояуы өзгерген баяғы дала, сол өңір.

Алмасып жатқан
Күн менен түндей болмысым екі бөлініп,
Қаққа жарылған
Өзімді-өзім жеңе алмай әлі келемін.

Сезімімменен
Сенімім алдап, шаршаған сәтте өлгім кеп,
Думанды, тылсым
Дүниеден түгел түңіліп тіпті болдым көп.

Және де жүрмін
Өзім жасаған өмірбаянымды өзгертіп,
Сонан соң барып
Басынан бастап ғаламда мынау бармын деп!

Мен келе жатырмын...
Бармағым тістеп, өз қолымды өзім кесе алмай,
Мұңлы ғұмырға
Уақыт пен Адам осынша неге өш, Алла-ай?!

Алдымнан арман
Алауын жақса жетуге соған асықтым,
Жан-баба, саған
Бұйырған бақыт мені сол жерден тосардай.

Тебіреніп тұрып,
(Табиғатына тартқаным болар бесіктің!)
Іздесем шаттық
Алдымнан ылғи ашыла берді есік-Мұң.

Өзімнен-өзім
Жерініп қанша жанталасқанмен жалғанда,
Жанымды ұғар

Өзімнен артық жолдастың жоғын кеш ұқтым.

...Сен – Дара едің,
Мен үшін емес, ел үшін болған бөлек ең,
Даралар жайлы
Даналық айтар данышпан кісі мен емен.

Дегенмен мені
Жолдармен даңғыл жеткізетіндей мұратқа,
Жаңа заманның
Жыршысы әлі жазбаған жауһар көне өлең!

Сол жолдан тайсам,
Мендік мұратты сендік ғұмырдың киесі ұрсын,
Айныса серттен,
Ақынның – тілі, батырдың – ділі кесілсін!

Мен де бір өртпін,
Тұтауы келмей тұншыққан желдің өтінде,
Лау ете қалса,
Қашан да жалынға күл болмай барып өшу– сын.

Аруақты баба!
Армансыз сырын айтсам деп еді жас мұнар,
Жас мұнар бәлкім, аққулар айтқан аспани әнге мас шығар,
Бәрібір... ешкім

Сынап көрмеген жырыммен немесе мұңыммен,
Алдыңа келіп бас идім,
Мені Сен қанатыңның астына ал!!!

ТОҒЖАННЫҢ ЕКІ СӘТІ

Бірінші жыр
...Тоқжан әкесінің соншалықты тыңдағанын енді байқады.
Ол Абайға таңдана қарап, бірталайға дейін көз алмады...

М. Әуезов. «Абай жолы».
Мен әлі жас ем!
Атансамдағы ақмаңдайлы ару айқабақ,
Армандай жанмен жолығам деп пе ем ойда жоқ

күтпеген жерде...
Көз алдыңдағы тұлғаға,
Мүмкін бе өту жалынсыз ғана жәй қарап?..

Көз қарықтырар

Көзқарасында жатқандай жанып от күшті,
Жүрекке ұшып шоқ түсті.
Орынды жерде ойланып барып тіл қатып,
Оятып кетті шемен боп қатқан дертті ішкі.

Лүпілдеп кеудем,
Дүниені тәрк қып, сыншыл көздерге пәс қарап,
Тәңірден талай тілеуші едім басқа бақ.
Көңіл көлінде алапат толқын туғызды,

Апақ-сапақта ауылға келген жас қонақ.

Көкөрім жастың
Алдында алғаш мойындағандай қарттығын,
Көңілі жұмбақ көкемде бүгін жоқ тыным.
Үлкен үйдегі құйылған шайдың түсіндей,

Күндегісінен нұрланып барып батты күн.

Батты күн, сосын...
Шынға айналғандай менің құпия шаттығым,
Шымылдық ішін сырлы әуен кернеп кетті мың...
Торғайдай тоңған жүректің тыңдап дүрсілін,

Тамсана бердім татқандай дәмін тәттінің.

Ай нұрын төкті,
Көз ілмей жаттым түннен бір бақыт тосып көп,
Таңертең жеңгем әзілмен өтті шашып шоқ:
«Құнанбай мырзасын күбірлеп айттың түсіңде,

Қыз-ау, сен осы қалған жоқсың ба ғашық боп?..»

Екінші жыр

...Әйел көңілі Абайдың бұл шатасуын өзімен байланыста екенін
аңғарады... азапқа оны қия алмай елжіреп кетеді...

М. Әуезов. «Абай жолы».
Жанып-ысып сол түні,
Жаманатты сезгендей жүрегім бір,
Жылағам жоқ, құсадан шын егілдім.

Тоңған халін көрем деп ойлап па едім,
Тағдыр тарту етпеген тілегімнің?!

Кездесуді осылай,
Қалап па едім?
Құдай-ау, күтіп пе едім,

Үмітімді бір сәуле тұтып керім...
Жатыр менің алдымда жан-арманым,
Жиі соғып жүрегі, жұтып демін.

Қайғы болып қадалды-ау,
Жар желегін жамылған қалпым оған,
Қайда қалдың күндерім антыңа адал?
Қайран менің қорғансыз махаббатым,

Қара суық өтінде қалтырған.

Арманың ем аяулы,
Енді отырмын өзгенің отын жағып,
Сенделттің-ау сезімді соқыр, ғаріп!
Маған енді жазбапты жүрегіңнің

Жыр-дүрсілін тыңдауға жақын барып.

Кінәлама қалқаңды,
Қарлығаштай қалайын ұяға адал,
Қайттім енді, қымбаттын қия ма адам...
Жадыңа тұт жарқылын жанарымның,

Саған деген сағыныш ұялаған.

Жыладым да, жұбандым,
Өзімді-өзім алдадым жас баладай,
Тілегімді тек жерге тастамағай:
Мен – Тоқ Жан боп қалайын,

Сен – АБАЙ бол,
Кінәлама, кеш мені, қош бол, Абай!

ҚҰЛЫН-ДҮНИЕ

Шақтарда шаң көтерген күзгі дауыл,
Шаттанып табысушы ек ізгі бауыр.
Аузымен құс тістеген жүйрік жайын,
Айтатын аңыз қылып біздің ауыл.

Ылдиға қонған жұртта жадағай там,
Ырымға таппайтынбыз қарағай, тал...
Бір жылы Баршатаста өткен тойда,
Бәйгеден озып келді ала байтал.

Болғанмен сыймайтындай ақылға осы,
Бәйгені байтал алды заты ұрғашы.

Дәмесі дүйім елдің далада қап,
Дәл осы болды сөздің ақыр, басы.

Топты адам той соңында таласы көп,
Тарқады Тәңір берген дәм осы деп...
Бәйгеге бұл байталды баптап қосқан,
Бөдес шалдың болатын баласы жоқ.

Сезімі болса дағы жолда жарым,
Сырт көзге ол емес-ті сорлы адамың...
Алда әлі ат жарыс бар – ала байтал,
Арманы болып алды әр баланың.

Арқадан жаз кешкенде кие кебін,
Арудың жел көтерді жиі етегін...
Айналды ала байтал әфсанаға,
Айбары ұмыттырып бие екенін.

Болғанша орақ салып ел егінге,
Байталдың даңқы жүрді тек ерінде.
...Құнанында ол сегіз олжа салып,
Құлындады қар кете дөненінде.

Бақ қашқанын бәйгеден білді ме аңдап,
Басын шайқап Бөдес шал жүрді барлап.
Қырым етсіз қу мүсін аяңдады,
Қырға қарай құлыны құлдыраңдап.

Көгілжім нұр кезгенде «Көксаланы»,
Күн аңқиды жусаны, шөп – шаламы.
... «Шоқандықтар» шақыру жіберіпті,
«Шақантайдың асында ат шабады!..»

Құптағанмен қылықты ақыл арғы,
Құмарлықтың кеудеде оты бар-ды.
«Бүгін бәйге болады...» деген күні,
Басын бүркеп Бөдес шал жатып алды.

Тамағында бір өксік еріп мұңлы,
Тостағаны кермекке толып тұрды...
Ақсақалы кемсеңдей берген кезде,
Алабайтал аулаға желіп кірді.

Көз шарасы мөлдіреп діріл енген.
Кісінеді... кісіше күңіренген.

Қарады да қарияның көзіне тік,
Қаралы кейіпке енді құлыны өлген...

Шыңдалғанмен шыдамы көріп көпті,
Шүйкедей шал шошынып шөгіп кетті.
...Қулық бие құлынын шайнап тастап,
Қыр астына қурайға көміп кепті...

Р.S.

Құлын – дүние...

КВАЗИМОДАДАН КЕШІРІМ СҰРАУ

Имансыздау, болсам әрі кеңкелес,
Иландыра алмас еді ертегі еш.
...Күнің сенің құрысын деп күңкілдеп,
Күлуші едім жия алмастан мен тегі ес.

Кешір енді, Квазимодо шырақшы,
Күнәсізге мекен емес Күн асты...
Сенсең, менің шәйға еріткен шекерім,
Сенің ішкен шарабыңнан тым ащы.

Баяғыдай Сенім, Сауап, Обал һәм,
Болғанымен бізде қазір қоғам – нән...
Саған рахат, сыған қызын сүйсең де,
Сүйреп ешкім шығармайды Собордан!

Болсақ-тағы саған сырттай дос кісі,
Біз пақырға түспес сенің әсте ісің.
...Пірәдардан дәме етпейсің сыйақы,
Пәтерақы сұрамайды ол – бастысы!

Солай... Бірақ қалың нөпір қала іші,
Сені сорлы көретіні тағы шын.
Құлағына қайдан жетсін Құдайдың,
Қолдан соққан қоңыраудың дауысы?!

Жерінгенде жерүстілік пәледен,
Жиі-жиі жолға шыққың келе ме?
...Елден қашқан екеу енсе есіктен,
Екен деп біл Эсмеральда және... Мен!

...Кешір бізді, Квазимодо!!!

ҚИСЫҚ ҚАБЫРҒА

Осында бір шындық барын ел ұқты,
Онда Әлем қазіргіден көрікті.
Ең алғашқы Есікті ашып еңбектеп,
Еркек Жарық Дүниеге еніпті!

Ұғынса да түсінбепті ел түкті,
Ұзын-сонар өсек емес ол тіпті.
Жалаң аяқ Жұмақ кезіп сол еркек,
Жалғыздықтың тауқыметін тартыпты.

Мойындату мүмкін емес бұл елді,
Маза бермей тозаң шашқан гүл өңді.
Аңсады еркек ғажап бағын тірліктің,
Азап халін бөлісетін Біреуді.

Еркек солай жалғыздығын ұғыпты,
Енді содан ұтылды, кім ұтты?!
Жүндес қолын жайып Құбыла жаққа,
Жаратқанға жылап жалбарыныпты.

Түсінді ме қасіретін жер-көктің,
Түйіні де осы болмақ ертектің.
Құдай қолдан жаратыпты Әйелді,
Қабырғасын сөгіп алып Еркектің...

НАУРЫЗ

Көк жүзінен құйылып күн шуағы,
Көктеменің төгілді тылсым әні.
Бөркін шешкен бейнетқор шаруадай,
Беткейінен таулардың бу шығады.

Ерке бұлақ оянып құлап аққан,
Ертең бұлбұл салады мына бақта ән.
Жердің бетін соңғы рет жаспен жуып,
Жылғалармен барады жылап ақ қар.

Өр мінезін көрсетіп тегі, сондай,
Өрік гүлдеп келеді өңі солмай.
Қатулықпен татулық мерекесін,
Қыс барады көктеммен бөлісе алмай.

Сарғалдақтың кекілін жел тарайтын,
Сұлулықты айтсайшы ел қалайтын...
Табыстырар тірлікті сыңарымен,
Табиғаттың тойы ғой тарқамайтын.

Жыл жаңарып жатқандай, ғасыр түлеп,
Жер көйлегін киеді жасыл жібек.
...Көптен күткен қызығын қарсы алып тұр,
Көркемдік пен көктемге ғашық жүрек.

Мәңгілікке бастайтын әнін іздеп,
Мезгіл өтіп барады жолы – тізбек.
Дабылынан көктемнің Нұр оянып,
Дүр сілкінтті Дүниені Наурыз кеп!

*** Сағынып жүрмін сол аңыз кезді, Есейдім, онда он жетідемін. Бал тілді балғын, балауыз сөзді, Баланы қимай ержетіп едім...

Сыйлаған сонда дала гүлдерін,
Есімде... қыздың есімі қалған.
Пах!!!
Қайран менің дара күндерім,

Балалығымның бесігі болған.

Тау менен ойдың бал бұлағынан,
Жұпарын күннің сіңірді кеудем.
Қара бала едім, арғымақ-ұлан,
Аға болып бүгін біреуге...

Өмірдің жолыбасталарда ұлы,
Адамды арман алдаған жоқ-ты.
Қайтейін... қош бол, қош балалығым,
Ұмытпағайсың Қалмаханбетті!!!

ӘКЕ

Жыр арнасам жеке,
Сағынғаным сені.
Әке, әке, әке,
Естимісің мені?!

Дәргейінде Көктің,
Емес оқ пен оттан.
Дүниеден өттің –
Ерте түстің аттан.

Жүректерді уақыт,
Жұбатқанын білсең...
Сол еді ғой бақыт,
Ортамызда жүрсең.

Жүрсең есен-аман,
Жүдер ме еді жаным?
Жоқтау айтып Анам,
Жалғастырды әнін.

Анам – бізге, ал – біз,
Оған бердік кеңес.
Ерден қалу жалғыз,
Әйелге оңай емес!

Қалғуға жоқ қақым,
Қарауға да төмен.
Сенің жаққан отың,
Сөнбесін деп келем.

Жәннатта баққа жолық,
Жолықпасқа не еттің?..
Қарапайым болып,
Келдің. Көрдің. Кеттің!

Құрғап көздің жасы,
Кейде өксимін іштен.
Осы екен ғой, осы,
Өмір заңы үстем!!!

БАУЫРЖАННЫҢ РУХЫНА

Келді ме керемет сый әкеп бергің,
Келместен кемеліңе ат ерттедің.
Қалдырып он сегізді өкініште,
Қарызын кете бардың өтеп ненің?

Жүйрігін баптағанмен өмір неше,
Жіберіп алады ылғи өлімге есе.
Дей ме екен жердің үсті тарылады,
Дүние О мен Бұ-ға бөлінбесе.

Сағат, Күн, Ай, Жыл, Ғасыр, Дәуір, Жалған,
Санап тұр сәттеріңді сенің қалған...
Бір мүшем бөлек жүрген сияқты осы,
Бөлініп қалған жоқ па бауыр жаннан?

Көнсем де болғанына дәм-тұзың кем,
Көрсең ғой көздерімді көл түзілген...
Сүйегі сары өріктің секілдім-ай,
Сәуірде гүлдеп, сосын ерте үзілген!

КҮМӘН

Ертелі-кеш жалбарындым,
Ести ме деп даусымды.
Тұман басты жан-жағымды,
Төзімім де таусылды.

Ділі – жарты, тілі – бүтін,
Дос-дүшпаным жүр кейіп.
Үзілердей Ұлы үмітім,
Үрей кетті үлкейіп.

Жерде – аспанда, үйде – көкте,
Жұбатады мені кім?
Шыныменен күйремек пе,
Шыны сынды сенімім?!

Жетелейді әр елеске,
Жауабы жоқ сұрауым.
Бір-ақ тамшы қан емес пе ем,
Бүйтіп неге сынадың?!

Өзімді-өзім тани алмай,
Өткіздім бір кезеңді.
Бітпей қойған сериалдай,
Былық шалған кез елді.

Ортаны іздеп шабыт шулы,
Опа таппай сенделем.
Түсінігім – табыт сынды,
Таланттарды жерлеген.

Тірлігімде сарыуайым көп,
Тәңірім-ау, әмірлі...
Келем бұзып алмайын деп,
Кеудемдегі қабірді.

Жүрегімде сезім өлді,
Жылап, жылап зорыға.
Тағдыр... оның өзі де енді,
Таяп қалды соңына!

...Астафиралла!!!

МӘДІ

Жер бетіндегі жолдың соңында,
Жолыққаныңша Ажалмен.
Жан хауызынан мөлдір сағымға,
Жуынып шыққан таза, арлы ең!

Жалғанның заңын тәрк етпеуге,
ЖаҺанның жоғын жоқтаумен.
Жарлығын Хақтың алып кеткенде,
Жалаңаш қана пәк, зарлы ең!

...Жер бетіндегі жолдың соңында,
Жолыға алмадың... ғазал кем.
Араның ауып қан-жын соруға,
Ауыз жаластың тажалмен...

Асып түскесін сайтаннан ісің,
Ақырғы сөзің нүктелі.

Көктің қарызын қайтармақ үшін,
Келе жатырмын, күт мені!

Енді басталмақ болмаған ұлы іс,
Есігін қымта Есіңнің.
Жаңарғанынша Жан, Жаратылыс,
Жойылып бітуге кесілдің...

...Адам-зат!!!

ҚҰБЫЛА. ҚЫДЫР ҮНІ

Барлаушыдай күзеткен ғұмыр шебін,
Бір міндетті атқарып жүруші едім.
Біліп қалып ісімнің бекерлігін,
Барлығынан бас тарттым бүгін соның.

Жұлдыздың да көзінен көрініп мұң,
Жадыраудың орнына торығыппын.
Мен қызғыштай қорыған Мейірімнің
Мына әлемге керегі жоғын ұқтым.

Ұққанымды қайтейін, бұл ұғымым,
Ұжданымнан шығарды сығып ірің.
Құмыраға тосып ем құлағымды,
Құбыладан естідім Қыдыр үнін.

Қалған кезде адыра былайғы өлең,
Құдіретін көрсетті Құдай деген...
Алаңдаулы көңілім аспан жаққа,
Адамдарды құшақтап жылай берем...

КӘЛИМА

Барарымды білмей қалай Өзіңе,
Баттым қанша күнәға.
Мазар сынды шалынбай ма көзіңе,
Менің мұңым – мұнара!

Жығыла алмай жанарыма жас алам,
Жүрегімнің ығына.

Тәріздімін тәтті судан босаған,
Төңкерілген құмыра.

Шорт кесілген үніне елтіп «Құранның»,
Шайтан-үміт ақырғы.
Зираттарға зиярат қып жұбандым,
Зікір етіп атыңды.

Құлақ ассаң енді айтатын күбірге,
Қол қусырдым иманға.
Кәлима тілім келді-ау түбінде:

- Лә илләһа илла Алла!

- Лә илләһа илла Алла!

АҚЫН

Білмейсің сен мүлде ол туралы,
Білуге талпынба...
Безбенге түссе де қу жаны,
Безбеген антынан!

Мүмкін ол шаттықтан мұншама,
Мұң көрер бір, екі...
Жүрегі қан жылап тұрса да,
Жымиып күледі!

Пейілі болсада тән тіпті патшаға,
Пендеге бар ма амал?..
Сүйгені сыртынан сатса да,
Сезімге мәңгі адал!

Ол жайлы білерің аз емес, бірақ та,
Ойыңнан шығарма сен мүлде:

- Ақынды жылатпа!

- Ақынды өлтірме!

ДИАЛОГ

- Көңіл пердесін аштым ба түріп, Көкжиек көрінді нұрлы?.. - Көгілдір аспанның астында тұрып, Көтердім көгілдір Туды!

- Кезген бір тылсым Даланы мәңгі, Кие боп кеудеме енді ме? - Көгілдір Туға оранып алды, Күн күліп сәулеленді де!

- Керуен жолдан мың адасыпты, Көнерген жылдар аңсар боп... - Көзұшындағы Қыран да асықты, Көгілдір Туға қонсам деп!

- Көңіл пердесін аштым ба түріп, Көкжиек көрінді нұрлы?.. - Көгілдір аспанның астында тұрып, Көтердім көгілдір Туды!

(Көркем бір бейне кетер деп үнсіз, Көкіректе әуен үздікті...) - Көгілдір Туды көтерген... кімсіз? - ... ТӘУЕЛСІЗДІКПІН!!!

МАУСЫМ ТҮНІ

Жалған – өмір, мұң – мәңгі,
Жалығу да, торығу да аз-мұз бар...
Жүрек көзі суланды,
Жапырақты тоңдырғанда жазғы ызғар!

Мың шиырлап миымды,
Мазалайды екі сезім: ізгі, әккі...
Маусым түні биылғы...
Маусым түні маздатпады , мұздатты.

Қысастық па бұл ісі,
Қайраты әлде қайтты ма екен бұрынғы?
Қарағаштар бүрісіп,
Қараңғылық құшағына тығылды.

Шаша алмадым шуақ қып,
Шымқай қара жаз түніне сырымды.
Шегірткелер... жұбатты,
Шілде де әлі келеді деп шіліңгір!

Жалған - өмір, мұң – мәңгі,
Жалығу да, торығу да аз-мұз бар...
Жүрек көзі суланды,
Жапырақты тоңдырғанда жазғы ызғар!

Мәнсізденіп ермегі,
Масаң көңіл жиып алды демде есін.
Мейірім мен мендегі,
Махаббатты суындыра көрмеші...

Маусым түні!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙