Тарихты ұғыну
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Арнольд Джозеф Тойнби — «Тарихты ұғыну». /uploads/f00e5cf6-0bee-5c39-8e5b-b099ab8bb07b/cover.png
/uploads/f00e5cf6-0bee-5c39-8e5b-b099ab8bb07b/cover.png
(1889-1975) - британдық тарихшы, оның "Тарихты ұғыну" (1934-1961 ж.ж.) атты он томдық көлемді еңбегі, өркенияттың шарықтап дамуын және құлдырауын терең талдайтындықтан, "қазіргі заманғы ғылымның ұлы жетістіктерінің бірі" ретінде танылған. Тойнби - Лондонда дүниеге келіп, Оксфордтағы Уинчестер, Валлиоль колледждерінде білім алды. 1925-1955 ж.ж. ол Корольдік Халықаралық істер институтының директоры және Лондон университетінде халықаралық тарихты зерттеуші профессор болып қызмет атқарды.
"Тарихты ұғынуда" талдап әзірленген теория - өркениятта біртұтас бүтін ретінде жүгіну секілді. Тойнби есімін, Азия ойшылдары көбірек құрметтейтіндей, оның "дәйекті мемлекет ", "халықаралық пролетариат" сияқты терминдерін басқа авторлар да қолданады.
ӘМБЕБАП МЕМЛЕКЕТТЕР
Төртінші бөлім
Мақсат па, құрал ма?
Осынау кітаптың түпқазығы тарихи зерттеу өрістерін зерттеу болды,ол өрістердің Кеңістік пен Уақыттың шеңберінде түсініле алатын қасиеті бар секілді. Эмпиристік талдау жолымен біз өзіміз өркенияттар деп атаған дербес бірліктерді анықтай алдық. Содан кейін біз Адамзаттың көз жетерлік және құжатталған тарихының материалдарына сүйене отырып, ұқсастыра алған жиырма бір өркенияттың шығу тегін, өркендеуін, діңкелеуі мен ыдырауын салыстыра зерттеуге кірістік.
Мойындау керек біз оқтын - оқтын белгілі бір қиындықтарға тап болып отырдық, ал мұның өзі біз таңдап алған кілт біздің интеллектуалдық ізденістеріміздің жолындағы барлық есіктерді аша алмайды екен деген ойға жетелейді.
Әу бастан-ақ қоғамдардың әрқилы өкілдерін ұқсастыра отырып, біз кейбір өркенияттар бір немесе басқа түрге жатқызуға мүмкіндік беретін әдеттегі байланыстардан неғұрлым берік дәнекерлермен өзара байланысты қоғамды да екенін байқадық. Біз бұл туыстықты бала мен әке арасындағы қатынас ретінде анықтадық та, біршама талдау жасап, қоғам өзінің ыдырау процесінде өз денесінен басым азшылық, ішкі және сыртқы пролетариат сияқты әлеуметтік өнімдерді бөліп шығаратынын аңғардық. Басым азшылық кей-кейде әмбебап мемлекеттің құрылысшыларын жігерлендіретін философия бере алатыны, ал ішкі пролетариат әлемдік шіркеуге айналуға тырысатын асқақ дінді туындататыны, сыртқы пролетариат өзінің артында варварлық әскери отрядтардың трагеедиясынан тоқылған қаһармандық ғасырларын қалдыратыны анықталды.
Әмбебап мемлекеттер, әлемдік шіркеулер және қаһармандық ғасырлары, осылайша, осы заманда ғана емес, адамдар тарихының әртүрлі кезеңдерінде де ұшырасып отырады. Олар өркенияттарға бір немесе басқа өркениятты бір немесе басқа түрге жатқызуға мүмкіндік беретін қатынастардан неғұрлым тығыз және неғұрлым индивидуалдық қатынастар таңады. Осыдан келіп мынадай сұрақ туады: мұндай жағдайда осынау тарихи феномендерді жай ғана бір өркенияттың ірім - шіруінің жанама өнімдері ретінде зерттеу бұл орайда өркенияттың өзі - арнайы негіздеуді талап етпейтін тарихи зерттеудің бірден-бір мақсаты деп топшылау орынды ма? Енді, біз әмбебап мемлекеттер, шіркеулер мен қаһармандық ғасырлары бірден-бір ғана өркенияттың дамуының тарихи кезеңнің ішінде түсініле алмайтынын аңғарған кезімізде, оларды төл сипаттамаларымыздың ортақ маңызы бар немесе бері салғанда жеткілікті деп ойлап, солармен шектеп зерттемеуге тиіспіз.
Сонымен, біз қандай да бір алдын ала ескертулерсіз әмбебап мемлекеттердің мақсаттарын талдап, бұл орайда әмбебап мемлекеттің мақсаты өзі үшін қойылған мақсат па немесе бұл басқалармен жарыста жеңіске жетудің құралы ма деген бірінші сұрақты қоямыз.
Мәселеге бұған дейін өзіміз қарастырған әмбебап мемлекеттердің кейбір қырларын еске түсіру арқылы келген бәріне абзал. Біріншіден, әмбебап мемлекет өркенияттың тұралауына дейін емес, содан кейін пайда болады. Бұл қоғамның жайма шуақ жазы емес, оның қатын шуақ жазы - күздің жайсаң лебі мен қыстың қызылшұнақ аязы алдындағы жылымықтың соңғы лебі. Екіншіден, әмбебап мемлекет - басым азшылықтардың, яғни, бір кезде қарымды жасампаздық қуаты болып, бірақ кейін оны жоғалтып алған әлеуметтік топтардың жемісі.
Бұдан басқа, әмбебап мемлекеттердің тағы бір керемет белгісі бар - олар ыдырау ырғағында жандану сәтіне дөп келеді. Нақ осы белгі ұрпақтардың - әмбебап мемлекеттің ойдағыдай орнауының куәлерінің қиялын оятып, ризашылығын тудырады.
Мұның бәрі әмбебап мемлекеттің бір қарағанда екіұшты болып көрінетін ортақ картинасын жасайды. Әмбебап мемлекеттер - әлеуметтік ыдыраудың нышаны; алайда бұл бір мезгілде, оны бақылауға алу, құрдымға кетуіне жол бермеу әрекеті.
Бір кезде пайда болып, өз тіршілігі үшін күресетін әмбебап мемлекеттердің табандылығы, мәреге жеткен тұста ерекше әсер етеді. Әмбебап мемлекеттердің сан алуан ақтық сәттерін талдауды мынадай схемаға саюға болады:
Әмбебап мемлекеттің орнатылуы алдында бөтен қоғамның басып кіруі орын алады; мұндай жағдайда ыдырау үстіндегі қоғамның әлеуметтік денесінде туындаған және ғайып болудан бұрын әмбебап мемлекет фазасы арқылы өтуге итермелейтін серпін жат жерлік агрессорды жойып, оның институттары мен мекемелерін пайдалану үшін жеткілікті болады.
Жергілікті әмбебап мемлекет оны тудырған серпіннің күші аяқталмай жатып бөгде өркенияттың басып кіруімен төңкеріп тасталады. Ыдырау үстіндегі басып алынған мемлекеттің әлеуметтік денесіндегі серпін әмбебап мемлекет фазасын аяқтау үшін жеткілікті күшті болып шығады. Кей - кейде тіпті агрессорды тоқтатып, қиратылған өз институттарының орнына соның институттарын пайдаланудың сәті түседі, мұның өзі басып алынған қоғамның басқыншыны қуып шығару үшін және төл әмбебап мемлекетінің билігін орнату үшін бойындағы күшті сезінгенге дейін әлі де бірнеше ғасырға өз тірлігін ұзартуға мүмкіндік береді. Анд және вавилон қоғамдарының тағдыры осыған ұқсас болды. Анд қоғамы батыс қоғамының испандық өкілдерінің институттарын, ал вавилон қоғамы - сириялық қоғамның ахеменидтік өкілдерінің және эллиндік қоғамның селевкидтік өкілдерінің институттарын пайдаланды. Сириялық және индтік қоғамдар өз тіршілігінің мерзімін өздерінің алғашқы әмбебап мемлекеттерін қайта қалпына келтіру арқылы ұзартты.
Жандану кезеңі аяқталғандықтан жергілікті әмбебап мемлекет сәтсіздікке ұшырайды. Кей-кейде берекесі қашқан жергілікті әмбебап мемлекетті қалпына келтіру үшін серпін әжептәуір күшті болады. Мысалы, эллин, қытай және шумер мемлекеттері мұны төл күшімен, ал Ресейдегі православиелік-христиандық мемлекет - бөтен өркеният элементтерін зорлықпен енгізу арқылы істей алды.
Ақыр соңында, тарих әмбебап мемлекеттің ғұмыры аяқталуға жақындап, патшалықтар арасындағы өліара туғанда өлген әмбебап мемлекетті қайта жандандыру үшін ішкі серпін әлі біршама күшті болатын жағдайларды да біледі. Бұл арада "о дүниеге аттанар алдында" ойдағыдай секіріс жасаған ежелгі египет өркенияты мысал бола алады.
Шынында да, бұл дүниеден кетудің табиғи мерзімі жеткеннен кейін де әмбебап мемлекеттің өз тіршілігін жалғастыруының ерекше мүмкіндігі болады.
Әмбебап мемлекеттердің талқаны әрқилы таусылуы олардың өз институттарының ғұмырын сақтап қалуға барынша тырысатынын айғақтайды. Әмбебап мемлекет тіршіліктің түпкі мақсаты өзі сияқты етіп көрсеткісі келетін анық тенденцияны байқатады, ал шын мәнінде ол әлеуметтік ыдырау процесіндегі фаза ғана болып табылады.
ӘМБЕБАП МЕМЛЕКЕТТЕР МАҚСАТ РЕТІНДЕ
АЖАЛСЫЗДЫҚ САҒЫМЫ
Парадоксты жаңсақтық. Алдыңғы тарауда көргеніміздей, әмбебап мемлекеттердің талқаны таусылуы бұл мекемелердің өмір сүруге құштарлығы адам айтқысыз екендігін айғақтайды және де егер біз оларға сырт бақылаушы көзімен емес, іштей, олардың өз азаматтарының көзімен қарайтын болсақ, онда азаматтардың өздері қалыптасқан әлемдік тәртіптің мәңгілік болғанын шын ниетімен қалайтынын көрер едік (бұл қалау басқыншылар құрған әмбебап мемлекеттердің өзгеше жергілікті империя құрушылар орнатқан әмбебап мемлекеттердің азаматтарына тән). Мұның үстіне, олар мемлекет институттарының ажалсыздығына кепілдік берілгеніне сенеді. Бұл сенімнің әбестігін ахуалды сырттан бағалайтын бақылаушының әмбебап мемлекеттің жан тәсілім жағдайында тұрғанын анық көре алатыны бадырайта түседі. Ал бақылау объектісін Уақыт пен Кеңістік арқылы қашық тұрған адамға бөтен әмбебап мемлекет әрқашан дөрекі де сағым секілді боп көрінеді. Бірақ неліктен екенін кім білсін, әрқашан былай болып шығады: әмбебап мемлекеттің тұрғындарының өздері өз елін құладұз шөл даладағы үңгір ретінде емес, міндетті түрде аңсар жер ретінде, тарихи прогрестің мақсаты ретінде қабылдайды!
Бұл жаңсақтықтың ғажаптығы соншалық, өзінің барлық парадокстығына қарамастан, оның шын мәнінде бар екендігіне айғақ орасан көп болмаса, оған күмәндану мүмкін болар еді, және де өте кәп адамдар осынау оғаш елестің құрбанына айналады.
Рим империясының және Араб халифатының салдарлары. Бұрынғы эллиндік қоғамның әмбебап мемлекеті болып табылатын Рим империясының тарихында біз Империя мен Қаланың ажалсыздығына жалпыға ортақ сенімді ұдайы кездестіріп отырамыз.
Мәселен, біздің дәуіріміздің 14 жылындағы Августың өлімі мен 138 жылғы Пийдің таққа отыруының арасында өткен жүз жылдан артық уақыт ішінде Рим мен Рим империясының мәңгілігі туралы ұғымды екі император ерекше әлпештеп, санаға сіңірумен болды да, олардың дарынсыздығы мемлекеттің түбіне жетіп тынды. Нерон империяның мәңгілігін айғақтауға тиіс болған ойындар енгізді.
Север мен оның түнеріңкі ізбасарларының заманында императорлардың ресми мәлімделетін мәңгілігі (осынау заманда, империяның құлдырау заманында тақ иесін Мәңгілік Мәртебелі деп атау біртіндеп енді) мен олардың шын жағдайының тұрақсыздығы арасындағы кереғарлық сананы жаншып жібереді. "Мәңгілік" сөзі тек латынша ғана емес, және де Римнің дәл құлауының алдында, грек тілінде де қанатты сөзге айналғаны одан да оғаш (мысалы, Римнің орнына ақындар "мәңгілік қала" тіркесін қолданды). Тіпті Аларих Римді басып алып, талапай жасағаннан кейін де бұл қаланың мәңгілігі туралы сөздер естіліп қалатын.
Бәлкім, ең оғаш айғақ - әулие Иеронимнің сол кездегі шалғай Иерусалимде жүріп Римнің құлағаны туралы хабарды естігенде есінен танғаны жөніндегі сөздері болар. Шіркеу Жасағанның мейіріміне үміт артатындықтан, оны жер бетіндегі істер қызықтырмауы тиіс, оның үстіне ол бұл істермен өзінің ешқандай үмітін байланыстыра алмайды. Солай бола тұрса да, хабардың Иеронимді есінен тандырғаны соншалық, oл біраз уақыт діни уағызбен айналысудан қалды. Иеронимнің сөздері Римге тамсануға, оның тағдырына қатысты ащы өкінішке және бұл қалаға деген шынайы махаббатқа толы. Шамасы, мұның бәрі нақты Иероним мен болашақ христиан әулиесінің арасында инсанияттық шыңырау жатқаны туралы қарапайым ақиқатты бейнелейтін болар.
Рим ммпериясының халқы 410 жылы бастан өткерген дүрбелеңді бір дәрежеде 1258 жылы Араб халифатын моңғолдар жаулап алғандағы халифат тұрғындарының есеңгіреуімен салыстыруға болады. Рим әлемі Палестинадан Галлияға дейін, араб әлемі - Ферғанадан Андалузияға дейін түршігіп кетті.
Аталмыш жағдайдағы психологиялық стресс римдік жағдайдан анағұрлым әсерлі болды, өйткені Аббасидтердің халифатына шешуші соққы берілген кезеңде оның егемендігі үш я төрт ғасыр бойы баянсыз болып тұрған-ды.
Аббасидтер өздерінің ұлан-ғайыр жерлерінің көбінде нақты үстемдіктен гөрі номиналды ғана үстемдік жүргізді. Алайда осы жылдарда халифат халқы орын алған тәртіптің ажалсыздығына сенімін тек нығайтумен болды. Ең таңданарлығы әмбебап мемлекеттің санаға терең әсер ететіндігі соншалықты тіпті ішкі де, сыртқы да пролетариат өкілдерінің арасында халифатты қиратқанда олар ең жоғары дәрежелі күнәһарлық қарекет жасайды деген пікір қалыптасты.
Құлатылған биліктің ізбасарлары осынау кең таралған және ғасырлар қойнауына кететін елестің күші туралы ойлай бастайды, өйткені олардың қолдарында бүкіл сау қалған мұра шоғырланады. Бұл мұраны игеру әрекеті әдетте варвардың келмеске кеткен әмбебап мемлекет билеушісінің мәртебесін мақтанышпен өзіне иеленуге ұмтылысынан көрініс береді.
Мәнжүр, Осман және Моғол империяларының салдарлары. Әмбебап мемлекеттердің мәңгілігіне деген сенім, олардың мұра бөліп берушілер статусын ұстап тұру қабілетіне сүйенетін сенім оған қандай да бір нақты негіз қалмағаннан кейін де (кейде тіпті олар нақты өмір сүруін тоқтатқаннан кейін де) сақтала беретінін толып жатқан тарихи мысалдар арқылы көрсетуге болады.
Мәселен, қиыршығыстық әмбебап мемлекеттің мәнжүр тармағының үкіметі дүние жүзінің барлық бөліктеріндегі Аспан асты империясы дипломатиялық қатынас орнатқан егемендер өздерінің дәрежелерін өзі сияқты Пекинде алды деп кәміл сенген.
Осман империясының құлдырау кезеңінде, 1768-1774 ж.ж. орыс - түрік соғысының сұмдық жеңіліспен аяқталуының және II Махмуд сұлтанның қаза болуының арасындағы тайғанақ уақытта, тарих сахнасында бірқатар атаққұмар әскербасылар пайда болды; олар ізбасар мемлекеттер билеушілерінің дәрежелерін иемденуге дайын еді, бірақ тек өз мүдделерін ғана көздесе де, падишахтың атынан қарекет етті.
Тіпті өзін екі құрлық пен екі теңіздің әміршісі деп есептеуге жақын тұрған империя "ауру адамға" айналғанда да стереотип өзгерген жоқ. Дунай княздіктерінің моделіне сәйкес ізбасар мемлекеттер падишахқа бағынды.
Осман және Мәнжүр империяларының, құлдырауға қарамастан, заңдылықтың көзі мен тірегі болып есептелу құқығына монополиясын сақтаудағы табысы Моғол империясының дипломатиялық - психологиялық tour de force сияқты соншалықты тамаша болмады; тимуридтердің моғолдық әулеті державалардың көлеңкесінде қала тұрып, өз рөлін сақтауды жалғастырды, ал Осман және Мәнжүр империяларының билеушілерінен Ұлы Моғолдардың соңғысының айырмашылығы - солар сияқты қайғылы мәреге дейін өмір сүрген жоқ.
Бұл тіркестің авторы, шамасы, орыс патшасы I Николай болу керек, ол оны бірінші рет 1844 ж. лорд Абердинмен әңгімелескенде қолданып, 1853ж. Қырым соғысының қарсаңында қайталаған еді.
Падишах парсы сөзі, "өз қол астындағылардың иығында тұрған шах", яғни шахтардың шахы, немесе "патшалардың патшасы" дегенді білдіреді.
Өлген әмбебап мемлекеттердің нышандары. Әмбебап мемлекеттердің мәңгілігіне деген сенімнің орнықтылығының бұдан да гөрі мықты айғағы - олардың елестерін ұрпақтардың эвокациялайтын парадоксты тәжірибесі. Аббасидтердің Бағдат халифаты Каирде қайта тірілді, Рим империясының рухы екі бәсекелес державаға - Батыстағы Қасиетті Рим империясына және православие христиандығының Шығыс Рим империясына тән болды; Цзинь және Хань әулеттерінің империясы Қытайдағы қиыршығыстық қоғамның Сун және Тан империялары түрінде қайта дүниеге келді. Әлі және тірі өркенияттар өзара әке мен баланың туыстығы сияқты байланысатындықтан, әмбебап мемлекеттердің осы сияқты елестері Уақыт ішіндегі өркенияттар арасында болатын тарихи түйісудің нақты жемісі болып табылады.
Аталмыш феноменнің айтылған төрт өкілі эвокуация уақыты бойынша да, тұтастай алғанда өзінің тарихи тағдыры бойынша да бір-бірінен өзгеше. Мысалы, қиыршығыстық империялар мен Қасиетті Рим империясы өздері рухын жүзеге асыруға тиіс болатын әмбебап мемлекеттің шын мәнінде талқандалғанынан төрт жүз жылдан астам уақыт өткен соң эвокуацияланды. Шығыс Рим империясында Исавриялық Певтің тырысуының арқасында бір жарым ғасырлық интербол болды, ал Аббасидтердің халифаты Бағдаттағы халифат құлағаннан кейін үш жарым жылдан аздау уақытта Каирде қайта тірілді.
Халифат елесінің Каир мен Стамбұлда көрініс беруі.
Мамлүктер Каирдегі аббасидтік қашқынға тез жан бітірді, өйткені Айюбидтердің мұрасын басып алғаннан кейін және оны құлдарға бөліп беруге байланысты проблемаға тап болғаннан кейін олар өздерінің замандастары - Делидегі "құл патшалары" сияқты заңдастыру ресімімен айналысуға мәжбүр болды. Мәмлүк сұлтандары мен олардың бодандары, шамасы, халифаларға қуыршақтар сияқты ашық жек көрушілікпен қараған. Алайда арақашықтық соңғыларға біршама кеудесін көтере ұстауға мүмкіндік берді. Үндістандағы мұсылман билеушілері өздеріне дейінгілердің Бағдаттағы соңғы аббасид халифасын пайдаланғаны сияқты Каирдың аббисидтік халифаларын пайдаланды.
Баязидтың ізбасары I Сәлім заңдастыру мұқтаждығын сезінген жоқ және соңғы мәмлүк сұлтаны Тұман-бейдің дәрежесіне ие болуға ұмтылмады. Жас ирандық мұсылман әлемінің шынайы билеушілерінің жаңа ұрпағы Шыңғысханмен қандас туыстықты бәрінен де жоғары қойды, әрі нелер қиын - қыстаудан алып шығатын тек өзінің күш-қуаты деп есептеді. Мұндай революциялық жағдайда Каирдағы аббасид халифалардың көлеңкесін сақтап, олардың беделіне жүгіну кешегі варварлардың ғасырлардан келе жатқан дәстүрлерді игеру әрекеті ғана емес, экуменистік билік іздестіруі де болып табылатын. Мұндай стильді I Баязид қабылдап та қойған еді.
Осындай жағдайда халифаттың тарихы соңғы Каир халифасының дүниеден озуымен бірге, яғни, 1543 жылы, аяқталуы тиісті. Бірақ бұлай болмай шықты. Османдықтар халифат туралы көп уақыт есіне алмаса да, өздерінің құлдырау кезеңінде оны қайта есіне алды.
1774 ж. орыстармен жасалған Кічік-Қайнарджа бейбіт келісімі жаңа кезеңге жол ашты. Ал 1876 ж. II Абдул-Хамиттің (1876-1909) билігі орнасымен Осман халифаты халықаралық қатынастардың елеулі факторына айналды. Бұл өзгеріс үш процестің салдары болып табылады: біріншіден, бұрынғы осман провинцияларының, оның ішінде мұсылман халқы барларының да, батыс үкіметтері билігінің қол астына ұдайы көшіп отыруы; екіншіден, Осман империясының өзін қоспағанда, бүкіл егемен, тәуелсіз сунниттік державалардың біртіндеп жойылуы; үшіншіден, ислам қоғамында біртіндеп бірліктің жаңа сезімінің қалыптасуы, ал бұл өз кезегінде алғашқы екі процеске табиғи және қашып құтылмайтын реакция болып еді. Нәтижесінде халифатқа қызығушылық пайда болды, ал шын мәнінде бұл институт баяғыда тарих еншісіне көшкен дүние болатын және оның атынан басқасының бәрі ескірген еді.
Осынау процестерді түсінбеу жеткілікті дайындығы жоқ батыстық бақылаушылардың халифат тарихын да, теориясын да теріс тәпсірлеуінен басталады, олар өздері түсінуге шамасы жетпейтін ислам институты мен олар үшін әбден түсінікті батыс институты арасында жалған ұқсастық табатын. Халифатты папалықпен теңестіре отырып, олар оны батыстық ұғымдағы діни мекеме ретінде қарастырды (бұл исламдық ой - жүйеге мүлде жат абстракция). Мұның үстіне, олар сұлтан-халифаның қосарланған мәртебесі осман падишахының бойында "діни" және "уақыттық" билікті біріктіреді, демек, билікті екі кісіге бөліп беруге болады деп ойлады. Бұл қателік Батыста (егер халықаралық қатынастарға онша ықпалы болмаған кейбір ғалымдарды есептемегенде ) және тіпті классикалық ислам білімін емес, қазіргі заманғы батыстық білім алған мұсылмандардың арасында да кеңінен қанат жайды. Мұны Абдул-Хамит батыс үкіметімен, батыс билігінің қол астындағы мұсылман халықтарымен, тіпті өз қарамағындағы мұсылмандармен қатынастарды реттеген кезде саналы да шебер пайдаланды.
1774 жылдан 1913 жылға дейін қол қойылған бейбіт келісімдердің кем дегенде үшеуінде осман билеушілері сұлтан падишах деп атала бастаған сұлтандық аумақтарда оның халифаты діни мекеме деп қате түсінуін халифалық билігін қорғау үшін пайдалана білді. Кейін анық болғанындай, христиандap жағы өз қателіктерін түсініп, тиісті келісімдердің.
күшін жоюды талап ете бастады (біреуін қол қойылғаннан кейін жеті жылдан соң, екіншісін - он бір жылдан соң).
Солай бола тұра, халифат жоғарыдағыдай жаңартылып, «діни» мекемеге айналдырылса да, XVII ғасырдан бастап аумақтарға саяси бақылаудан сөзсіз айрылып, оларды батыс христиандыққа бере бастады. Жаугершілік пиғылдағы батыс елдері Осман империясының саяси әлсіздігін түсінді, алайда ислам күшінің алдында біршама бас ию сақталып қалды. Ол-ол ма, Осман империясының жалпы әлсіздігіне қарамастан, халифат православиелік-христиандық мемлекеттердің билігінде қалған бұрынғы осман провинцияларындағы мұсылман диаспораларынағана моральдық стимул беріп қойған жоқ; оның ықпалы одан да алыс аудандарда, түрік сұлтанына немесе басқа да бір халифаға ешқашан бағынбаған аумақтарда да байқалып отырды.
Б Абдул-Хамит сұлтан енгізген жаңалықтардың психология салдарларының құнды болғаны және осман сыртқы саясатында елеулі рөл атқарғандығы соншалықты, Хамиттің жеке билеушілік режиміне қарсы либералды оппозиция болып табылған "жаңа османдардың" өзі осман халифатын жоюдың емес, одан арғы саяси айла-шарғылар үшін оны сақтаудың жолдарын іздеді. 1876 жылғы осман конституциясында жоғары үкімет билігі қолындағы адам "халифа" деп, сондай-ақ "сұлтан" немесе "падишах" деп аталды. Халифат 1877 жылы Абдул-Хамит тұсында мемлекетке берілген соққыны бастан өткерді.
Халифат тіпті сұлтандықтың жойылуын да бастан кешіп, 1922 жылғы 1 қарашада Анкарадағы Ұлы ұлттық жиылыста дауыс беру арқылы Түркиядағы егемен өкіметке қол жеткізуге тырысты. Бұл ассамблея қабылдаған заң актысында халифаттың орталығы Осман сарайында орналасқан және Ұлы түрік ұлттық ассамблеясына сайлау құқығын халиф белгілейді делінген.
Ғази Мұстафа Кемаль Ататүріктің ізбасарлары саяси беделдің тарихи һәм заңгерлік эмблемалары болған дәстүрлі атақтардың арасында айырмашылық жүргізуге тырысқанда, байқамай өздерінің ата-бабалары 1774 жылы орыстардың алдында мұқият ойнап шыққан әзілді қайталады. Жағдай халифат мекемесінің табиғатын, жиылыстың сырттай бір қарағанда залалсыз боп көрінетін сипатына қарамастан, бұрыс түсіндіруге байланысты қайталанды. 1922 жылғы 1 қарашадағы заңнан кейін Түркияны республика етіп және республика президентін мемлекет басшысы етіп жариялаған.
1923 жылғы 29 қазандағы заң шыққанда, жаңа саяси ахуал мен Түркиядағы күштердің орналасуының халифаттың шариғатқа сәйкес айрықша құзыреттерімен сыйыспайтын болғандығы соншалықты, мұның өзі режимнің тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін еді. Жағдай тіпті үнді мұсылмандарын да қатты алаңдатты. Бұның бәрі 1924 жылғы 3 наурызда түрік Ұлы ұлттық жиылысының шешімімен халифатты жоюдың және император отбасын Түркиядан аластаудың алғышарты болды. Бұл туралы хабар жеті ғасыр бойы тек шынайы болмыстан бас тарту арқылы ғана қолдау тауып тұрған аңғалдықпен халифатты құрмет тұтатын Делиге жеткенде, Қызыл Жарты ай қоғамы мүшелерінің есеңгіреуін Вифлеемдегі әулие Иеронимнің құжырасындағы Римнің құлағаны туралы христиан ғалымының хабар алған сәттегі трагедиялық көрініспен салыстыруға болар еді.
Осы тарау жазылып жатқан кезде халифат, шынында да, жойылуға жақын қалғандай еді. Алайда халифат сияқты өміршең мекемені өлім жазасына кесу жөніндегі үкімге қол қою, бұған дейінгі тарихты ескере келгенде, мүлде жөн болмайтындықтан, бұл болжам іске асқанның өзінде де, маңыздысы халифаттың ақырында тозып бітуінде емес, оның екі жүз жылдай уақытта егемендікке ие болуы. Және де оның әлуетінің зорлығы соншалықты, ол тек ғасырларды ғана артқа тастаған жоқ, екі рет құрдымнан қайта тірілді.
Қасиетті Рим империясы. Каир мен Стамбұлда эвокацияланған халифат өмірі бұралаңының Батыста Қасиетті Рим империясы түрінде қайта шала тірілген Рим империясы өмірінің салдарларымен ұқсастығы бар. БІ Лев папа мен Ұлы Карл 800 жылы Рождествода құрдымнан қайта тірілткілері келген Рим державасы бұдан кейін Батыста төрт жүз жылдан артық өмір сүрді. Иығына аса ауыр римдік мантияны жамылған Австразиялық держава бар-жоғы 127 жыл ғана тиімді болды (ең ықыласты деген есептің өзінде).
Қасиетті Рим империясы бойына тек австразиялық арманды ғана сіңірген жоқ ол бұдан кейін, Ұлы Карлдың өлген сәтінен бастап әбден берекесі кеткен жағдайда, тағы да мың жыл жасады. Сөйтіп, Рим империясы Батыстың тарихына 395 жылы I Феодосийдің өлімінен 1806 жылға дейін тұрған көлеңке түсірді. Бір жарым мыңжылдық Адамзаттың, Жердің және Жұлдыздардың ғұмырымен салыстырғанда уақыт шкаласында, әрине, өте қысқа мерзім. Алайда осы мерзім бүкіл адамзат өркенияттарының алты мың жылдық шкаласындағы ең ұзақ-көне египет тарихына тең деуге болады.
Аббасидтер халифаты сияқты Қасиетті Рим империясы тіпті өзінің сөнер шағында да біршама тартымдылығы мен мәнін сақтады.
1806 жылы Қасиетті Рим империясы өзін-өзі жойғаннан кейін бір жарым ғасыр өткен 1952 жылы Ватиканның егемен билеушісіне "Қасиетті Рим империясының графы" деген мәртебе берілді де, бұл оған папалық пен империяның арасындағы кескілескен және ғасырлық күрестен кейін қолында қалған соңғы бір тұтам жерге толық иелік берілгендігін қуаттағандай болды.
"Елестер елесінің" османдар мен моғолдарға баруы.
Қасиетті Рим империясына тиімді басқарудың қысқалығы үшін, ал Каир халифатына -мұндайдың мүлде болмағандығы үшін берілген баға олардың бұлыңғыр финалдарының таңғаларлық ұзақтығы болса, православиелік христиандық Шығыс Рим империясы және Қиыр Шығыстағы Сун мен Тан империялары өздерінің толыққанды һәм ұзақ ғұмырларының құнын тез әрі ауыртпалықты жан тапсырумен өтеді. Құлаудың өте шапшаң және біржолата болғандығы соншалықты, тозған өркенияттар өздерінің дербес әмбебап мемлекеттерін құруға дәрменсіз болып шықты, сондықтан православиелік христиандар империялық билікті османдардың, ал қытайлықтар - моңғолдардың қолынан алды.
Жаулап алушылар өздері бағындырған қоғамдарды абыройдан айырылған билеуші азшылықтың көмегіне сүйенбей - ақ өз үлгілеріне сәйкес қайта құрды. Моңғолдар Қытайдағы билігін өз иеліктерінің батыс шетіндегі мұсылмандардың, сондай-ақ арасында ең танымал Марко Поло болған батыс христиандарының көмегімен орнықтырды. Османдар православиелік балалармен бірге әу баста платондық білім жүйесінің көмегімен "натурасыздандырған" батыс христиандық опасыздарды тартты. Осынау екі әмбебап мемлекеттің үкіметтерінде жойылған қансорғыш мемлекеттердің бірқатар институциялық қалдықтары бар екендігінің, сондай-ақ басым азшылықтың өздерінің жойылған орындарын қайтарып алуға ұмтылысының маңызы зор. Қытайда бұл - моңғол және мәнжүр әскербасыларына қытай әкімшілігінің құпияларын айтып отыратын мандариндер, ал Османдық Портада - бұл дипломатия саласында жұмыс істеуге рұқсат берілген, османдық басқарудың ажырамас бөлігі болған фанариоттар. Ескі үлгідегі рәсімдер мен әдет-ғүрыптар түріндегі институциялық жұрнақтар сақталғанымен, османдарда Шығыс Рим империясының мұрасы "Қайсар-и-Рум", ал Сун және Тан империяларының мұрасы -моңғолдық "Аспан Ұлы" болғанын байқау қиын емес.
Осы заманғы гректердің "ұлы идеясы". Жеңімпаз османдарға бұйырған мұра жеңілген гректерге маза бермей қойды. 1071 жылы Шығыс Рим империясына 977-1019 ж.ж. ұлы византия-болғар соғысындағы өзін-өзі мерт ететін саясаттың салдарынан аяусыз соққы тисе де және император Алексей Комнин (1081-1118) енгізген жандану уақытша ғана демалыс әкелсе де, византиялық саяси вирус грек халқының өмірінде, оның сезімдері мен көңіл күйінде із қалдырды. 1204 жылы батыстың әскери арандатушылары Төртінші крест жорығын желеу етіп Константинопольді талан-таражға салғанда, олар Константинопольдік құлаған император тағының жаулап алынған халықтың арасындағы беделінің жоғары екендігіне көздері жеткеннен кейін сол таққа өздерінің адамын -"латындық императорды" отырғызу туралы шешімге келді; ондағысы - қаланың өзінің және императорлық мәртебенің сиқырлы күші көнбістікке үйренген бодандарға тиісті ықпал етеді деп үміттенді.
Бірақ осы сияқты елігу Солтүстік-Батыс Анатолиядағы Никеядағы грек ізбасар мемлекетіне де күшті ықпал етті. Ол әуелі басқыншыларға ойдағыдай тойтарыс берді, ал содан кейін Дарданелге бекініп, Балкан түбегіндегі бұрынғы империялық аумақтардың біртіндеп басын қосып, османдардың алдын орап кетті. Никеяның шебер билеушілері Константинопольдегі билікті басып алу және онда империялық стиль мен мәртебе тағайындау идеясынан арыла алмады. 1261 жылы Михаил Палеолог ең жақсы анатолиялық жерлерден айрылу құнымен аз ғана уақытқа сол амбицияларды қанағаттандыра алды, бірақ мемлекет нақ сол жерлерден күш алып отыратын. Бұл айрылу орасан зор империяны әлсіздікке кесті. Алайда тіпті Рим империясының осынау солғын көлеңкесінің екі жүз жылдық жанталасы гректердің күні санаулы мемлекетке тамсана беруіне ем бола алмады. Жылдан жылға, ғасырдан ғасырға, осы уақытқа дейін баянсыз арман еліктіріп келеді. Бұл жарты мыңдай жыл бойы созылуда (1453- 1923). Константинополь гректері осман басқаруы тұсында да бір ғажайып күш, мүмкін Құдайдың араласуы, Шығыс Рим империясын қайта дүниеге келтіреді деп үміттенуін қоймады. Бұл күтудің күштілігі мен жансебілдігі соншалықты, оны грек ауыз әдебиетінен қазір де байқауға болады.
Мәселен, халық әндерінің бірінде былай делінеді: түріктер Қаланы қоршап жатқанда монах табаға жеті балық қуырып жатыпты-мыс. Ол балықтарды бір жағынан қуырып болады да, екінші жағына аудара бастайды, сол кезде біреу келіп Қаланы түріктердің басып алғанын жеткізеді. "Түріктер ешқашан Қалаға ене алмайды, - деп саңқ етеді монах. - Мен мұныңа қуырылған балықтардың қайта тірілгенін көрсем ғана сенемін". Монах сөзін аяқтап үлгермей-ақ балықтар табадан шоршып түсіп, жылғаға қойып кетеді. Олар күні бүгінге дейін сонда жүзіп жүреді-міс, оларды жартылай қуырылған, бірақ әлі тірі күйінде табуға болады екен. Қаланы азат ететін сәт туғанша солай болмақ. Сол кезде басқа монах келіп, балықтарды қуырып болады дейді.
Бұл ертегінің түріктік нұсқасы бойынша әуелде жеті балық болса, қазір бесеуі ғана қалыпты.
Созыла берген сәтсіздіктерге қарамастан, "ұлы идея" халықтың санасынан оның бүкіл тарихы бойында өшкен емес. Анатолия мен Шығыс Фракиядағы 1280000 адамы бар грек диаспорасын жойып жіберу қиял-елестің бәрін сейілтіп жіберуге тиіс болатын. Алайда олай болмай шықты, ал мұның өзі гректердің ақыл-ойына ықпал еткен елестің қуатын көрсетеді. 1919-1922 ж.ж. грек - түрік соғысы сегіз жылдық грек - түрік одағымен аяқталды, бірақ бұл көзге ұрып тұрған парадокстың өз түсінігі бар. Атмосфераның ескі дұшпандыққа мелдектеуі ескі елестің қайта жарқ етуімен аяқталды.
Мәскеу - Үшінші Рим. "Гректердің ұлы идеясы" драмалық әрі таңғаларлық тарихи факт болып табылса, орыс топырағына себілген осындай дән маңызды тарихи өнім берді, ол өнім бүгінде де - XX ғ. ортасында да - бәлкім, әлі толық көлемінде көріне қойған жоқ болар.
Өмірге қайта келген Рим империясының мөлдір көлеңкесі - эллиндік әмбебап мемлекет елесінің елесі - ақырында түріктердің 1453 жылы Константинопольді жаулап алуының нәтижесінде жойылса, осы тұста православиенің бүйірлік орыс бұтағы өз әмбебап мемлекетін құру үшін бар күшін салып жатты. Орыс әмбебап мемлекетінің орнатылуы Мәскеудің Ұлы князі III Иван (1462-1505) 1471-1479 жылдар арасында Мәскеу княздігіне Новгород республикасын қосқан кезеңге тұспа-тұс келеді.
Православиенің негізгі өрісіндегі және оның бүйірлік орыс бұтағындағы оқиғалардың тез алмасуы Константинопольдің құлауы мен Мәскеудің салтанат құруы арасындағы драмалық кереғарлық орыстардың санасына терең әсер етті. Осы заманғы зерттеуші Н. Зернов былай деп жазады: "Ұлттың кеңеюі, империяның өсуі - халықтың өзіне ерекше міндет жүктелгені және ол осы міндетті орындауға тиіс екендігі туралы ішкі сенімінің әдеттегі сыртқы белгісі. Кішкентай Мәскеу княздігінің дүние жүзіндегі ең үлкен мемлекетке айналуы оның халқын ол шығыс христиандығын құтқару үшін жаралған деген ойға амалсыз алып келді". III Иванға дейінгі басқа да православиелік князьдардың Шығыс Рим империясының айрықша атақтарына қол жеткізуге жандарын салғанын атап өту керек. Олар Константинополь жаққа талай рет ашқарақ көзбен қараған болатын, бірақ олардың шыдамсыз да батыл әрекеттері ұдайы сәтсіздікке ұшырап отырды.
Мәскеуліктердің біршама артықшылық алуы тарихи қалыптасқан жағдай. 1472 жылы Ұлы князь III Иван Константинопольдың соңғы императоры Константиннің жиені Софья Палеологқа үйленіп, гербті - шығыс римдік қос басты самұрықты қабылдап алды. 1480 жылы ол татар ханының билігін құлатып, біріктірілген орыс жерлерін жеке билей бастады. Оның ізбасары Қаһарлы IV Иван (1533-1584) 1547 жылы таққа отырып, бірінші орыс патшасы болды. 1551 жылы орыс православие шіркеуінің Соборы православиенің орыс нұсқасының басқаларға қарағанда артықшылыққа ие екендігін ресми бекітті. Федор (1584-1589) патша басқарған кезде Мәскеу митрополиті 1589 жылы Бүкіл Русьтің Патриархы мәртебесін алды. Осылайша дәйекті саяси акциялардың легі орыстарға оларға дейінгі болгарлар мен сербтерде болғаннан анағұрлым оңтайлы жағдай қамтамасыз етті. Орыстар тірі мәртебе иелеріне зорлық-зомбылық көрсетушілер емес еді, олар бірден-бір мұрагерлер болып қалды. Сөйтіп, оларда етектен тартатын ішкі күнәһарлық сезімі болмады. Гректер өздерінің православиелігіне опасыздық жасады және сол үшін Құдайдың қаһарына ұшырады деген сенім латынға қарсы көңіл-күй өте күшті болған алыстағы орыс шіркеуіне күшті әсер етті. Орыстарға, егер гректер православиені алмастырады деп есептелген Флоренция униясы үшін Құдайдың жазасын алса, олардың өздері шіркеуге берілгендігі үшін саяси тәуелсіздік алған сияқты көрінді. Орыс халқы православие дінінің соңғы тірегі болып шықты. Сөйтіп, ол Рим империясының құқықтары мен міндеттерінің мұрагері болды.
Орыстардың Ресейдің пешенесіне ерекше тағдыр жазылған дегенге сенімін библиялық және патриоттық беделдер нығайта түсті. Даниил кітабының сарыны - дәйекті төрт әмбебап мемлекет (Даниил 2, 27-49; 7, 1-28; 9, 24-27).
Орыстардың өз әмбебап мемлекетінің мәңгілігіне сенімін дәлелдеу үшін Шығыс Рим империясының беделін пайдалануы - ең алдымен саяси мақсаттарда - Үшінші Римді Бірінші Рим мен Екінші Римнің бастарына келген тағдырдан аман алып қалу үшін көп күш салуды қажет етті. Ең алдымен XIV ғ. Польша мен Литваның билігінде қалған православиелік-христиандық орыс жерлерін батыстың саяси және діни ықпалынан азат ету міндеті тұрды. Үшінші Римнің саяси миссиясы ешқашан да Екінші Римді құтқаруға немесе реформалауға тірелген емес, оны алмастыруға саятын, ал христиан шіркеуінің міндеті Көне өсиет шіркеуін алмастыру еді. "Мәскеу - Үшінші Рим" идеясының салдары -орыстардың Ресейге православиенің соңғы тірегі, қорғаны болуды жазған деген өз тағдырын түйсінудегі нық сенімі болды.
Мәскеу патриархы Никонның ғұрыптық практиканы өзгертуіне байланысты орыс шіркеуінде басталған бөлінудің нәтижесінде төрт грек патриархы, олар осман әлеміне жатса да, біршама уақыт бойы орыс шіркеуінің беделіне үкім шығаратын билерге айналды. 1666-1667 ж.ж. Мәскеу Соборына Антиохия және Александрия патриархтары қатысты. Никон реформаларының қарсыластары шіркеуден аласталды. Мұның үстіне орыстарға 1551 ж. Собор шығарған мәскеулік православие басқа барлық православие шіркеулерінен жоғары тұрады деген талаптан бас тартуға күштеп қол қойдырылды. Никонды дәрежесінен айырып, оның өзі атағынан айрылды.
Келесі ұрпақтың өмірінде Ұлы Петр өзінің қуатты кемеңгерлігін пайдаланып, Московияны түбегейлі өзгертті; сөйтіп оны өзінің айрықша миссиясына сенетін орыстың православиелік-христиандық әмбебап мемлекетінен серпінді жергілікті мемлекетке, еуропалық жүйенің құрамдас элементіне айналдырды. Петр астананы православиелік Мәскеуден Ресейдің батысындағы теңіз форпостында салынған және өзінің атымен аталған жаңа қалаға көшірді. Жаңа астана мәдени тұрғыдан да, жалпы табиғи бітімі тұрғысынан да жаңа жерде бой көтерді. Батыстанып келе жатқан Ресей ескі православиелік дәстүрлердің ешқандай да ізі қалмаған батыс тұрпатты үкімет қалыптастырды. Петр шіркеуге де батыстық бағыт беруге тырысты; ол негізгі лауазымды орындарды орыстың православиелік иерархиясына берді, ал олар бұрын дәстүрлі түрде ұлы росстарға, 1667 ж. Польша - Литвадан азат етілген сол жағалаулық Украинадан шыққан дін қызметшілеріне арналған болушы еді. Римдік католик дінінің ықпалында тұрған кезде украиндық православие діндарлары, олардың романдандыруға көзқарасының қандай екендігіне қарамастан, рим теологиясын оқуға тиісті болды да, осының нәтижесінде кейбір жағдайда батыстық көзқарасқа бағытталған еді. Ең ақырында жиырма жыл бойы патриарх тағы бос тұрғаннан кейін 1721 жылы I Петр патриархатты жойып, оның орнына Қасиетті Синодты құрды.
Соққылар легі тас-талқан ететіндей болды, алайда "Мәскеу - Үшінші Рим" ұғымында бар мұрат өмірдің дәстүрлі діни көрінісінен кетпеді және біртіндеп батыстанған әлемнің идеологиялық терминдерінде өзіне жаңа көрініс тапты. Шіркеуден аластатылған Никонның қарсыластары Петр режимінің кезінде де ескі ғұрыптағы шіркеуді сақтай білді, ал батыс романтизмі заманында Ресейдің айрықша тағдырына және оның әлемдік миссиясына деген орыс сенімі славянофилдік қозғалыста көрініс берді.
Ұлы Константин де Рим империясының астанасын Римнен Константинопольге көшіргенде осындай ойды басшылыққа алған еді. Ол Рим империясының саяси орталығы әуел бастан христиандық болуы, Тибр жағасындағы сенат цитаделінде өмірге жанын сала жармасқан ежелгі пұтқа табынушылықтан азат етілуі керек деп есептеді. Константин мен I Петрдің астананы ауыстыру үшін, әрине, басқа да саяси және стратегиялық себептері болды.
Жапониядағы император сарайы беделінің жұмбағы.
Цинь және Хань империялары беделінің ықпалы қаншалықты ұзақ болатындығының ұқсас куәсін Жапониядағы император сарайының тарихынан табуға болады.
Бұрынырақ біз бұл мәселеге тоқталғамыз. Бұл арада біз үш ғасырдай ғана уақыт өз билігінің тиімділігін көрсеткен император сарайы неліктен тағы да мың жыл биліктің, сый - сияпаттың, мәртебелер мен заңдылықтың пошымдық көзі ретінде өмір сүргенін түсіндіріп көрейік. Империялық үкімет елге нақты бақылау жүргізуден қалған X ғасырдан бастап Жапонияның барлық іс жүзіндегі билеушілері императордың атынан басқару қажеттігін сезінді. Қазіргі кезде де елде императордың атынан қарекет ету қажет деп санайтын аса пәрменді үкімет бар.
Жапон императоры сарайының осынау әдеттен тыс өміршеңдігін жапондықтардың өздері император отбасы Күн құдайы Аматэрасудан басталады деген ресми сенімге жатқызады. Бұл аңыз, әрине, жапон тарихының әу басынан келе жатыр, алайда оны саяси мақсаттарда пайдалану, шамасы, 1868 жылы Токугава әулетінің билігін құлатқаннан кейін басталса керек, сол кезде елдің жаңа қожайындары империя идеясына жаңа леп беру үшін императордың атымен алдау - арбауға барған еді. Император Хирохито 1946 жылдың қарсаңында өзінің құдай емес, адам екендігін мәлімдегенде, бұл жапон халқын тіпті де шаттандырмағандығын айту керек. Дегенмен, император сарайының соншалықты берік әрі бедел! жоғары болуының негізгі себебін, бәлкім, 645 жылы сол кездегі қытайлық императорлық модельді қабылдап алғанынан іздеу керек шығар. Қытай үлгісіндегі бюрократиялық жүйе, мүмкін, өте мұқият және нәзік етіп жасалған және сол кездегі жапон қоғамының дөрекі жағдайлары үшін тым шым - шытырық болып шыққан шығар. Оның экзотикалық және консервативтік сипаты оны практикалық саясат саласында тез ұмытуға апарып соққанымен, сол қырларының өзі оған жапон қоғамының қалқаны болуға көмектесті, өйткені 645 жылы жапон императорлық жүйесі билеуші Тан әулетінің моделі бойынша құрылса, Тан империясы өз кезегінде көне қытай қоғамының бұрынғы әмбебап мемлекеті болған Хань империясынан бастау алатын. Сөйтіп, XX ғасырдағы жапон императоры сарайы б.д.д. II ғ. өмір сүрген Хань Любанның өсиет етіп кеткен саяси капиталын пайдалануда.
Иллюзияның қайнар көзі. Біз әмбебап мемлекеттердің мәңгілігіне деген сенімнің, ешқандай негіз жоқ сияқты болса да ғасырлар мен мыңжылдықтардан асып жататын сенімнің факт болып табылатынын көрсететін жеткілікті мысалдарды қарастырдық. Бір қарағанда соншама оғаш секілді көрінетін осынау феноменнің себептері қандай?
Айқын себептердің бірі - әмбебап мемлекеттердің негізін қалаушылардың және олардың ізбасарларының жеке бастарының сүйкімділігі. Және де, әдетте, бұл әсерлер келесі ұрпақтарға мықтап зорайтылып беріліп, аңызға айналып кетеді. Мұның айқын мысалы қызметін Александриялық Филонның император Август қалдырған әсер туралы жақсы белгілі айғағы атқара алады. Өзі еврей, александриялық және философ Филонды эллиндік әмбебап мемлекеттің негізін қалаушы римдікке бүйрегі ерекше бұрды деуге бола қоймас. Кейінірек императорға тіпті болашақты айтып бере алатын көріпкелдік те телінді, ал бұл қасиет, әбден - ақ қисынды түрде құдайдың сыйы деп жарияланды.
Әмбебап мемлекеттің мәңгілігіне сенімнің орнықтылығының ендігі бір себебі - мекеменің өзінің әсерлі ғаламаттығы. Бұл ғаламаттық аласапыран заманнан бастау алады және ыдырауға бет алған қоғамның жандануын бейнелейді, сондықтан да ол адамдардың жүрегін баурап алады.
Үшінші себеп - әмбебап мемлекеттің тоталитарлық, бәрін қамтитын сипаты. Саяси тұрғыдан келгенде әмбебап мемлекет - әлеуметтік ыдырау процесінің психологиялық жемісі болып табылатын бірлік сезімінің ең жоғары көрінісі. Бірлік пен баршаға ортақтық - барлық әмбебап мемлекеттердің сипатты белгісі.
ӘМБЕБАП МЕМЛЕКЕТТЕР ҚҰРАЛ РЕТІНДЕ
ЭВТАНАСИЯ ҚҰНЫ
Бұл Жалғанда мәңгілікті қорғауға тырысу әрекеті бос әурешілік, өйткені Табиғатқа қарсы келуге болмайды.
Тифонның тағдыры "кімде-кім өзінің жанын сақтағысы келсе, ол одан айырылатынын" дәлелдейді; бірақ "өзінің жанын Мен үшін қиған адам оны сақтайды" (Лука 9, 24; Матф. 16,25, и 10,39) деген байлам да нақ сондай ақиқат па? Ертеректегі нұсқасында пәрменділік альтруистік актыға тікелей тәуелді екені неғұрлым анық айтылған: "Кімде-кім Мен және Інжіл үшін жанын қиса, ол оны сақтайды" (Марк 8, 35). Бұл тұрғыдан келгенде ажалсыздыққа құр дәмеден бас тартып, эвтанасияға үміт артатын әмбебап мемлекет сол арқылы Феникстен де асып түсуге тырысады. Ол тек жан пида етіп қана қоймай, өзінен тыс тұрған бірдеңе үшін жан пида етуге тиіс. Мұндай ерікті альтруизм - кез-келген әмбебап мемлекеттің және кез - келген мекеменің өміріндегі кулак естімеген дүние, өйткені олардың басты және жалпыға ортақ дерті - өз-өзінің мақсатына айналу. Тифон үкімінің құрбаны болып, осынау бақытты сәтсіздіктің арқасында кейін Феникстің мейіріміне ұшыраған әмбебап мемлекеттерді тарих біледі. Феникстің марапаты - күл болып кетіп, қайта тірілу. Мысалы, батыс және православиелік христиандық өркенияттар Рим империясының; иран және араб өркенияттары - Аббасидтер халифатының; эллин және сирия өркенияттары - Кносстың; вавилон және хетт (сондай-ақ, мүмкін, инд) өркенияттары - "төрт тарап империясының"; индуистік өркениет - Гупттар империясының күлінен қайта өніп шықты. Әу баста бар-жоғы әлеуметтік ыдыраудың тек жанама нәтижесі сияқты болып табылатын мекеменің жасампаздық рөл атқаруға қабілетті ғана болып қоймай, ол сол үшін жаратылғаны күмәнді болып көрінеді.
Әмбебап мемлекеттердің тағдыры шынында да парадоксты. Бұл жаратындылар - іри бастаған қоғамдардағы үстем азшылықтардың еңбегінің соңғы жемістері, ал осынау үстем азшылықтар өзін-өзі терістеу идеясынан тым қашық, сол өзін-өзі терістеу солардың еңбегінің жеміс беруінің бірден - бір және міндетті шарты болып табылатыны айдан анық. Кез-келген билеуші азшылықтың саналы мақсаты өзі етене дәнекерлермен байланысқан қоғамдағы өз рөлін әрқашан сақтауға саяды. Әмбебап мемлекет өзін-өзі қорғау құралы болып табылады. Алайда, бұл ниет ешқашан орындалмайды. Әмбебап мемлекет, оның өмірі қаншалықты ұзақ болса да, қоғамның ғайып болуы алдындағы оның соңғы фазасы болып табылады, ал ажалсыздық сағымы әмбебап мемлекетті қандай да болсын адамзат тіршілігінің мақсаты деп қате қабылдаудың салдарынан пайда болады. Егер үстем азшылыққа өзін-өзі терістеу арқылы жасампаздық актысына қатысудың, жаңа мүмкіндігіне ие болудың сәті түссе де, ол бұған әрқашан өзіне-өзі кереғар жетеді. Әмбебап мемлекеттің жасаушылары мен қожайындарының қайткенде де орнын бермеуге жанталасқан ниетінің бері салғанда бір лайықты түсінігі бар. Олардың жасампаздық жетістіктері қандай төмен деңгейде тұрмасын, бұл бәрібір өз заманының ең жоғары деңгейі. Жергілікті мемлекеттер қанды судай ағызып, бірін-бірі жалмап жатқан кезде, қатігездік пен төзбеушілік қоғамдық ізгілікке айналған кезде, соғыстарды тоқтату үшін және қантөгісті кооперациямен алмастыру үшін әмбебап мемлекеттер пайда болады. Және егер әмбебап мемлекеттер мәңгілік өзіндік мақсат емес, ең бақытты үлесі - басқалардың пайдасына жасалатын эвтанасия болатын жай ғана қас қағымдық туынды болса, бұл адамзат иелерінің иерархиясында мемлекет едәуір төмен орында тұрғанын көздейді.
Егер әмбебап мемлекет тұтас бір қызметтердің иерархиясы ретінде жұмыс істесе, онда осынау қызметтердің жұмысын қамтамасыз ететін мансап иелері кімдер? Олар әртүрлі қайнар көздерден, және де өлетін қоғамның ішкі немесе сыртқы пролетариатының қатарларынан ғана емес, бөтен өркеният өкілдерінен де шақырылады. Мұның үстіне, ішкі пролетариат қызметтерінде әмбебап мемлекет ұдайы ең жоғарғы дінмен - ішкі пролетариаттың туындысымен жанасып отырады.
Әмбебап мемлекеттердің кондуктивтілігі. Егер күндердің күнінде әмбебап мемлекеттің аясында жасампаздықтың ұшқыны жарқ етсе, онда оның тұрақты жалынға айналуға барлық мүмкіншілігі бар, ал бұл бұлғақ заманда еш мүмкін емес нәрсе. Әмбебап мемлекеттің орнатылуы өркенияттың титықтаудан ыдырауға дейінгі өміріне тән Құлдырау және Жандану шеңберлерінің дәйектілігіндегі жанданудың екінші тактысының басы. және де екінші жандану әдетте ең күштісі. Алайда бұл қызмет, өзінің құндылығына қарамастан, теріс сипатты. Әмбебап мемлекет жағдайында пайда болатын қоғамдық ахуалдың қай қыры жаңа жасампаздықтың пайда болуына септеседі? Бәлкім, бұған құрылысқа тартылу арқылы өзінен-өзі жеңіліс табатын архаизм тенденциясы біршама дәрежеде қолайлы болар.
Әмбебап мемлекет әу бастан құрылысқа тартылады, өйткені сол арқылы ол өзін-өзі сақтауды қамтамасыз етеді. Бірақ жасампаздыққа серпін негізгі түрткі болғанымен, ол бұл жағдайда да басым бола алмайды. Әмбебап мемлекеттің орнатылуы бауырластар қырғынын тоқтатып, бейбітшілік әкеледі. Алайда әмбебап мемлекет орнатылғаннан кейін қол жеткенді нығайту шараларын қолдану қажет. Рас, әмбебап мемлекеттің таң шапағында оның қауіпсіздігі көпшілік жағдайда қамтамасыз етілген болады. Дегенмен, ортағасырлық муниципиялық космостың нашар дамыған әмбебап мемлекет болып табылатын Неполеонның империясы өзі орнына келген мемлекеттердің ізін жою үшін көп күш салды. Инктердің андтық әмбебап мемлекетінің жасаушылары мен қожайындары жаулап алынған халықтардың мекемелерін қиратпай, қайта жаңғыртып, жүйеледі, ал империялық Рим үкіметі барлық жеке ассоциациялардан арылғысы келді және тіпті достар қоғамы мен жерлеу клубы сияқты қоғамдарға күдікпен қарады. Алайда әмбебап мемлекеттердің өзінің тұтастығына алаңдаушылығының соншалық шетін көріністері тым сирек, және бұл әмбебап мемлекеттердің саясатында өзін-өзі сақтау сарыны негізгі сарын еместігіне мегзейді.
Қарекетке итермелейтін басқа бір сарын, өзін-өзі сақтаумен салыстырғанда жеткілікті қуатты көрінетін сарын - әмбебап мемлекетті емес, оның аясына біріктірілген қоғамды консервациялау қажеттілігі. Басқаша айтқанда, әмбебап мемлекет бұлғақ заманның бауырластар қантөгісі кезеңін бастан өткергеннен кейін аман қалған нәрсенің бәрін сақтаудың қамын жейді. Өсу кезеңінен мұраға қалған мекемелердің көпшілігі не толық қиратылған не бұлғақ заманның сұмдық әлеуметтік тәжірибесінің салдарынан бүлдірілген. Қоғамның аман қалған элементтерін әмбебап мемлекеттің жүйесіне енгізудің өзі не ғайып болғанды қалпына келтіруге, не қалғанды қираудан сақтауға көмектесе алмайды. Ұдайы кеңейе беретін әлеуметтік вакуумның нақты қаупі әмбебап мемлекеттің үкіметін бастапқы ниеттеріне кереғар қимылдауға мәжбүр етеді. Күзету мекемелерін конструкциялау -әмбебап мемлекеттің іргелі міндеті, өйткені бұл - қоғамның өзін консервациялаудың бірден-бір құралы.
Б.д.д. 31 ж. Акциялар түбегіндегі шайқастан кейінгі Рим империясының әкімшілік тарихындағы кезең мұның классикалық айғағы бола алады. Римнің империялық басқаруының басты әдісі тікелей емес басқару принципі болды. Эллиндік әмбебап мемлекетті Римнің негізін қалаушылар эллиндік мәдениет әлі саясатпен ұшыраса қоймаған аудандардағы автономды облыстар белдеуі бар өздерін - өзі басқаратын қала -мемлекеттер ассоциациясы ретінде түсінетін. Рим әкімшілігінің күш-жігері негізінен өзін-өзі басқаратын жергілікті органдарды үйлестіруге саятын; империялық үкімет жергілікті.
үкіметтердің бір-бірімен жанжалдаспауын қадағалауға тиіс - тін, мұның үстіне ол оларды сыртқы варварлардың шабуылынан қорғады. Азын-аулақ гарнизондық әскерлерді ғана пайдаланатын Рим үкіметінің қызметі осымен шектелетін. Бұл саясаттың негізі ешқашан әдейі өзгертілген емес, алайда көбіне мәжбүрліктен және біртіндеп енгізілген, бірақ салдарлары ұзаққа созылған жаңалықтардың нәтижесінде әкімшілік құрылымы біртіндеп өзгеріске ұшырады.
Марк Аврелий басқаруының аяқталар тұсында бағынышты князсымақтардың соңғы иеліктері провинцияларға айналдырылды. Мұның үстіне бұл провинциялардың өздері тікелей әкімшілік жүргізу объектілеріне айналып, бұрынғы өзін - өзі басқаратын қала-мемлекеттер статусынан айрылды. Алайда орталықтандыру процестері империяның барлық жауапкершілікті өз мойнына алуға ұмтылысымен тікелей байланысты болған жоқ; бұл негізінен жергілікті басқару органдарының біртіндеп азғындауы себебінен орын алды, мұның өзі орталық үкіметті басқару процесіне араласуға мәжбүр етті. Август заманында Ұлы Ирод сияқты жергілікті патшаларадың аппараты әрі аяусыз, әрі пәрменді болды. Жергілікті үкіметтер ішкі міндеттері де, пираттардан қорғану міндеттерім де ойдағыдай шешіп отырды. Қала-мемлекеттер, олардың саяси статусы қандай болса да, қорғану және жергілікті өзін - өзі басқару беделін сақтап отыру үшін өз бойынан ішкі күштерді де, жеткілікті материалдық ресурстарды да таба білді. Бұдан кейінгі екі ғасыр ішінде адам ресурстары біртіндеп азая берді, мұның өзі мынаған алып келді: империялық үкімет жергілікті билеп-төстеушілерді өзінің уәлилерімен алмастыруға мәжбүр болды, олар сайланбайтын, оларды орталық билік тағайындайтын және олар провинциялардың губернаторлары арқылы императордың алдында есеп беріп отыруға тиіс болды.
Өз тарихының ақырына қарай Рим империясының әкімшілігі иерархиялық тұрғыдан ұйымдастырылған бюрократиялық аппарат болды, ал жергілікті магистраттар мен қалалық кеңестер дер кезінде салық жинауды қамтамасыз ететін құралдарға айналды.
Айта кету керек, бұл өзгерістерді орталық билік жергілікті биліктен артық ынтамен енгізбейтін, ал олар ол өзгерістерді амалсыз қабылдайтын. Бұлардың екеуі де олардың ырқынан әлдеқайда қуатты күштің құрбаны еді. Қажеттікке бағына отырып, әмбебап мемлекеттің үкіметі іс жүзінде өзінің әу бастағы мақсаттарына жете алмайды. Ол еш ынтасыз құратын жаңа мекемелердің болжана алмайтын зардаптары болады. Мұндай құрылыстың салдарлары әрқашан революциялық сипатқа ие болады. Алдыңғы зерттеуімізде біз іріп - шіру дәуіріне сезінудің екі түрі: барлығының араласып кетуі мен бірлік сезімі тән екендігін көрсеттік; субъективтік тұрғыдан келгенде осынау екі психологиялық тенденция бір - біріне кереғар болғанымен, объективтік тұрғыдан олар ұқсас нәтижеге алып келеді. Империя құрылысшылары ниеттерінің консерватизміне қарамастан, олардың өзгеше қыры - қабылдампаздық. Нақ осы кем бағаланатын белгі бұлғақ заманының кескілескен шайқасында олардың жеңіске жету себептерінің бірі екен. Бұл белгі дәуірдің үстем самалына айналады.
Бір әмбебебап мемлекеттерді шетелдік жаулап алушылар құрса, басқа біреулері өздерінің ішінде белгілі бір сан алуандық - тіпті бір әлеуметтік дүниенің шекаралық тұрғындары мен ішкі аудандарының тұрғындары арасында елеусіз жіктелу болған қоғамдардың жемісі ретінде дүниеге келеді. Әмбебап мемлекеттердің құрылымында ерекшеліктен гөрі ереже іспеттес мәдени айырмашылықтардың болуы кез-келген әмбебап мемлекеттің етене белгісі - әлеуметтік кондуктивтілік деңгейін көтереді.
Мәселен, вавилондық әмбебап мемлекет болып табылады жаңа вавилондық империяда оның мәдени тазалығы жойылды, сол арқылы вавилон өркениятының өзінің сөзсіз күйрейтіні даярланды. Навуходоносор патшалығының әуелі Дхеменидтердің варварлы сириялық империясына, содан кейін Селевкидтердің эллиндік империясына қосып алыну шамасына қарай вавилон мәдениетінің өзгешелік белгілері барған сайын солғындай берді.
Осынау мысал әмбебап мемлекеттің мәдени композициясына сан алуандылықтың жоғары дәрежесі тән екендігін, ал әмбебап мемлекеттің кондуктивтілігінің салдарларының бірі -бұлғақ заманда басталған мәдени араластық процесінің зорлық-зомбылығы мен дөрекілігі кем жолмен іске асатын жалғасы болып табылатынын көрсетеді. Қатыгез заманның босқындары, аласталғандары, кірмелері, құлдары және басқа құрбандары әмбебап мемлекеттің неғұрлым адамгершіл режимінде саудагерлермен, кәсіби әскерилермен, мүсәпір философтармен, миссионерлермен, яғни, әдетте, зорлық жасауға бармай-ақ мәдениетті тарататындардың бәрімен алмастырылады.
Бейбітшілік психологиясы. Әмбебап мемлекетті оның негізін қалаушылар орнатады және оны бодандар бұлғақ заманнан бірден-бір ем ретінде қабылдайды. Бұл мекеменің қу бастағы міндеті - баршаға бірдей келісім орнатып, содан соң оны сақтап отыру. Титықтау сырқатына ұшыраған қоғамда бөлінудің қос сипаты болады. Көлбеу бөліну - бәсекелес таптардың арасында, тік бөліну - соғысушы мемлекеттер арасында болады. Әмбебап мемлекет осы процесті тоқтату үшін керек. Империя құрылысшыларының тікелей қасқақ мақсаты - өзара қырып-жою барысында аман қалған бірден-бір державаның негізінде әмбебап мемлекет құру. Алайда зорлық - зомбылыққа қарсылық - әлеуметтік өмірдің тек белгілі бір бөлігін қамтып қана салтанат құра алмайтын ақыл-ой ахуалы және тәртіп тұрпаты. Едәуір дәрежеде бұл сезім бүкіл қоғамдық қатынастардың өзегі болуы тиіс. Сондықтан себепті басым азшылық іске асыруға тырысатын келісім принципі басым азшылық пен ішкі де, сыртқы да пролетариат арасындағы қатынастарға ғана емес, кез келген басқа өркеният өкілдерімен қатынастарға да таралуы тиіс. Соншалық кең тұрғыдағы мінсіз де тұрақты бейбітшілік мүмкін болмаған күнде де, уақытша бейбітшілік әбден мүмкін.
Әмбебап мемлекеттің психологиялық ауанын айқындайтын баршаға ортақ келісім оның азаматтарына бірдей пайда келтірмейді. Ол басым азшылыққа күшін қалпына келтіруге біршама мүмкіндік берген күнде де, пролетариаттың күшін айтарлықтай ұлғайтатын болады. Келісім өздігінен әлі артықшылық емес. "Сынған қоға тұтанған зығыр талшығын сындыра да, өшіре де алмайды" (Матф. 12, 20). Ұстамдылықтың практикалық салдары материалдың қасиетіне байланысты. Басым азшылықты тастап шыққан өмір тек кикілжіңнен босану арқылы ғана қайтарыла алмайды, алайда жаңа ахуал пролетариат үшін өте жайлы, бұл ахауал оны қаруландырып, күшейте түседі. Демек, әмбебап мемлекет аясында пролетариат өседі, ал басым азшылық өз позицияларынан айрылады. "Ол өсуі тиіс, ал менің кішіреюім керек" (Иоанн 3, 30). Мұның үстіне, әмбебап мемлекеттердің негізін қалаушылар халықты бауырластарды қыратын соғыстан құтқару мақсатында қоғамдық өмірге енгізген төзімділік ішкі пролетариата әмбебап шіркеу құрудың ерекше мүмкіндігін береді. Әмбебап мемлекет азаматтарының империялық биліктің әскери кәсіпке монополиясынан шығатын жаугерлік рухының семуі сыртқы пролетариатқа немесе көрші өркениятқа шабуыл жасап, аумақтың бір бөлігін оның ішкі пролетариатымен бірге басып алуына ерекше мүмкіндік береді; ішкі пролетариат әмбебап мемлекеттің алаңсыздық ауаны жағдайында саяси керенауға айналып, мұның орнын діни белсенділік арқылы өтейді.
Әмбебап мемлекеттің жайлы әлеуметтік және психологиялық ауанында дүниеге келген асқақ діндердің апологеттері жекелеген жағдайда осынау игіліктің қайдан келетінін түсінетін, бірақ олар мұның бастапқы себебі - өздері соның атымен адамдарды өз дініне кіргізетін Құдайдың мейірімділігі деп ойлайтын. Исайя, Ездра және Несмия кітаптары авторларының пікірі бойынша, ахеменид империясы иудаизмді тарату үшін таңдалып алынған құрал болатын; сол секілді Рим империясы да христиандықты таратудың аспабы ретінде қарастырылды.
Әмбебап мемлекет әлемі өсіріп шығарған ең жоғары діннің өкіметтің өзіне әбден төзімді қатынасына қарама-қарсы жағдайлар да болған, ондай кезде табиғи прогресті ресми ұйымдастырылған қуғындау үзіп тастап отырған.
Әмбебап мемлекеттің орнатылуын қамтамасыз еткен басым азшылықтың өткінші даңқынан өзгеше асқақ дінді жасаушы ретінде ішкі пролетариатқа жаңа рухани жетістіктердің қожайын болып есептелу абыройы тиесілі. Алайда, әдеттегідей, жемісті басқалар жинайды. Және де бұл оқиғалардың даму қисынына әбден сәйкес келеді. Әмбебап мемлекеттің зорлықпен орнатылған бейбітшілігі ішкі пролетариатқа өзінің рухани ерлігін жасауға мүмкіндік береді. Қандай да бір шамада бұл пролетариаттың саяси билікке жанасу мүмкіндігінен айырылуынан, сондай-ақ қару асынып жүру қажеттігінен босатылғанынан да туындайды. Тіпті соңғы рет жұлқынып, бауырластар қырғынын тоқтатқан империяны құрушылар да түптің-түбінде өздерінің ата-бабаларын бұлғақ заманда жеңістен жеңіске жетелеп отырған ішкі әлуетін жоғалтады. Әрқашан ар-намыстың ісі және кеудемсоқтық төркіні болған әскери қызмет қажетсіз һәм ауыртпалығы зор міндетке айналады. Басым азшылық әскери қызметке сыртқы пролетариаттың өкілдерін тарта бастайды. Ақыр соңында оқиғалар былай өрбиді: әмбебап мемлекеттен ең үлкен пайданы ішкі пролетариат табады, сыртқы пролетариаттың табыстары алдамшы болады ал бөтен өркеният өкілдерінің ықтимал табыстарының ғұмыры ұзаққа бармайды.
ПРОВИНЦИЯЛАР
Империялық өкіметтер қарекеттерінің сарындары.
Әмбебап мемлекеттердің құрылысшылары өз иеліктерінің аумақтарында гарнизондар орналастырып, отарлар ашады. Провинцияларға екі айқын қызмет жүктеледі, олар әмбебап мемлекеттің өзін күзету және сол әмбебап мемлекеттің өзі саяси қаңқа болып табылатын қоғамды күзету.
Империялық провиицияның ықтимал балама міндеттерін Рим империясы тарихының мысалымен жақсы көрсетуге болады.
Мысалы, Африкадағы, Македониядағы және Вифиниядағы римдік провинциялар өзінің пайда болуы үшін, рим мемлекетінің тел бақуаттылығы жөніндегі қамқорлығына қарыздар. Римдіктер ол жерлерде өз әкімшілігін тіпті де жаңа бодандарының игілігі үшін орнатқан жоқ, қайта Римнің бітіспес жаулары Карфагеннің, Македонияның және Каппадокиядағы Понттың - жаңадан бағындырылған үш бәсекелесінің көтерілістеріне жол бермеу үшін істеді. Рим империясы өзінің қас дұшпандары саяси картаның бетінен жойылып кеткенше өзін қауіпсізбін деп сезіне алмайтын еді. Екінші жағынан, римдіктер Египетке тәуелді Пергамда, содан соң Киренаики мен Кипрде тікелей әкімшілік енгізу жөнінде шақыру алғанда, олардың рим қазынасын толықтыру және салық жинаушылар мен саудагерлердің кірістерін ұлғайту пиғылын басшылыққа алғанына дау жоқ. Және бұл сарындар, сөз жоқ, шешуші болғанымен, іс жүзінде олар сол жерлерде қоғамдық қызмет ұйымдастырды, ол қызмет жергілікті билеп-төстеушілерге масыл болды, бірақ олар одан өз бетімен құтыла алмайтын еді.
Римнің өзінің тікелей саяси мүддесінен неғұрлым кең себеп Киликияда бастапқы шегінде Оңтүстік - Шығыс Анатолия таулықтары тұратын аумақты қамтыған римдік провинция құрудан анық көрінеді. Римдіктерге Атталидтердің мирасы тиген кезде, олар қай жағынан алғанда да тиімсіз осынау жерлерді өзінің Азиядағы жаңа провинциясының шекарасына қасақана қоспағанды. Сол арқылы римдік Азияның оңтүстік-шығыс шекарасы мен Селевкидтер иелігінің солтүстік-батыс шекарасы арасындағы ешкімге тиесілі емес жерде пираттық үшін қолайлы жағдай жасалды. Теңіз қарақшылары бүкіл Жерорта теңізін тез игерді. Рим халқының толып жатқан делегацияларының Публий Сервилийге, Марк Антонийге және Помпейге теңіз қарақшыларын жою жөніндегі өтініші Рим үкіметінің шынында да пәрменді шаралар қолдануына алып келді, ал мұның өзі осы аудандар үшін жауапкершілікті өз мойнына алғанмен пара-пар еді. Осындай сарын Римді теңіз қарақшылары үшін табиғи пана болған Киликия мен Критте тәртіп орнатуға жігерлендірді. Мәселен, Августың санасында жалпы алғанда эллин әлемінің бақуаты Рим мемлекетінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігімен тығыз байланыстырылды. Осылайша, әмбебап мемлекет провинцияларының басты міндеттері - империялық билікті сақтау және жергілікті мемлекеттердің күйреуі немесе құлауы арқылы іріп-шіру үстіндегі қоғамның әлеуметтік ұйытқысында пайда болатын саяси вакуумды толтыру еді. Бұл міндеттердің маңыздылығы әмбебап мемлекет құрудың әртүрлі кезеңінде әрқилы.
Әмбебап мемлекеттің негізін қалаушылардың қорғаныс шаралары ретінде тікелей әкімшілік әдістерін әзірлеп, енгізудегі қулашы, дау жоқ, жойылған жергілікті мемлекеттер тұрғындарының өздерінің бұрынғы қожайындарына қаншалықты берілгендігіне байланысты. Ал мұның өзі өз кезегінде әмбебап мемлекет өз аясына енгізген қоғамның тарихына және оны жаулап алу қарқынына байланысты. Өз билігін шешуші бір-ақ соққымен орнатуға қол жеткізген империя құрушыларға сол билікті ұстап тұру мүмкіндігі билікке ұзақ күрестің нәтижесінде келгендерге қарағанда анағұрлым аз.
Провинциялардың қаржылық қызметтері. Әрқилы әмбебап мемлекеттердің провинциялық жүйесіне сыдырта қараудың өзі провинциялардың үш негізгі - қаржылық, заңдық және әскери - қызметтерінің басын ашады. Қызметтің бұл қырларының маңыздылығы бірдей емес және тарихи ерекшеліктерге, саясаттағы өзгерістерге және басқа да факторларға сәйкес құбылып тұрады. Осылай, мысалы, көп нәрсе халықтардың темпераменті мен дәстүрлеріне байланысты. Аталған қырлардың кейбіреуі мүлде көрініс бермейтін жағдайлар да белгілі.
Қызметтің ең елеулі және ешқашан жойылып кетпейтін қыры қаржылық қызмет болып табылады. Тіпті римдік және сасанидтік аумақтарды басып алған қарапайым араб-мұсылман жаулаушылары, өздерінің тағылығына қарамастан, көптеген ұрпақтардың практикасымен құрылған қаржылық әкімшілік машинаны лайықты бағалай білді. Арабтар рим - парсы шекарасының екі жағында да әкімшілік басқару жүйесін сол күйінде қалдырды.
Алайда әмбебап мемлекет провинцияларды өзінің қаржылық мақсаттарында әрқашан шебер пайдаланғанына қарамастан, провинциялық әкімшілік пен орталық үкіметтің өзара қатынастары әрдайым бір үлгі бойынша құрыла берген жоқ. Мәселен, мысалға, Араб халифатында немесе Ахеменидтер империясында қаржылық тұрғыдан келгенде әрбір провинция дербес бірлік болды. Провинциялық үкімет тек бүкіл жылдық кірісті қадағалап, жинап қана отырған жоқ, ол сондай-ақ орталық үкіметтің барлық салық құжаттарын жүргізіп әрі сақтап отырды. Және де империя қазынасына түсетін салықтар анық белгіленген еді. Екінші жағынан, Рим империясы қызметінің қаржылық жағы қатаң орталықтандырылған болатын. Империялық үкімет кірістер деңгейін тікелей қадағалап, салық жинап отырды.
Провинциялардың заңгерлік қызметтері. Провинциялық билеп-төстеушілердің заңгерлік қызметі де қатаң айқындалған және бірыңғай болмайтын. Мысалы, Ахеменид империясында ерекше қазылар болатын, олар ең жоғары шонжарлар қатарынан алынып, тікелей тақсырға бағынатын. Тақсыр қазылардың парақорлығын біле қалған жағдайда, оларға тікелей өзі қаһарын төгіп, аяусыз сазайын тартқызатын. Рим империясында жергілікті билеп - төстеушілердің заңгерлік дербестігі азаматтардың тікелей цезарьға шағымдану құқығымен шектелетін. Бір қызығы, осындай жүйе бас қазының лауазымын преторийлар гвардиясының басшылығымен біріктіруге мүмкіндік берді. Кейін император көмекшілерінің бүкіл институты жойылғанда, бұл сот та жойылды. Империя төрт префектураға бөлініп, олардың әрқайсының басында түпкілікті шешім қабылдау құқығы бар префект тұрды.
Провинциялардың әскери қызметтері. Провинциялық билеушілердің әскери қызметі заңгерлік және қаржылық қызметтен де ересен болатын.
Ахеменид империясында тұрақты әскердің саны жай халықпен салыстырғанда тым аз болатын. Армия дегеніңіз император оққағарларының елеусіз отряды, сондай-ақ басты жолдардың бойындағы маңызды жерлердің гарнизондарында орналастырылған корпус болатын. Осман империясында, керісінше, орталық үкіметтің тамаша тәртіп орныққан, ұтқыр да жақсы шыныққан сенімді кәсіби армиясы болды.
Алайда Осман империясы да соғыс бола қалған жағдайда провинциялық күштерге біршама иек артуға тиіс еді. Орталық үкімет командирлер тағайындау құқығын өзінде сақтап, атты әскерді бақылауында қалдыруға тырысқанымен, соғыс кезінде жергілікті әскери құрылымдарға провинциялық билеуші тікелей қолбасшылық жасайтын және толық билік жүргізетін.
Принципат заманындағы Рим империясында императорлық преторийлар гвардиясынан және cogortes urbana ("метрополия батальондары") деп аталатыннан басқа кәсіби әскердің барлық бөлімшелеріне провинциялық губернаторлар басшылық жасады. Августың заңдары әскерді орталықсыздандыруды көздеген жоқ. Август тұрақты әскері бар провинциялардың билігін өз қолында мұқият ұстады. Бұл провинциялардың бүкіл губернаторларын император тағайындады және әскери мәселелер бойынша олар тек соған бағынды. Осы заң бойынша барлық империя әскері, ол қай жерде орналаспасын, императордың жеке бақылауында қалып отырды.
Диоклетиан (284-305) Рим империясын қайта ұйымдастыруды қолға алған сәтте бұған дейінгі екі ұрпақтың сұмдық тәжірибесі азаматтық провинциялық үкімет пен жергілікті әскери басшылықты, тіпті жергілікті әскербасылар заңды түрде жоғарғы командованиеге бағынса да, қосудың қауіптілігін дәлелдеп берді. Диоклетиан заманында Август жүйесінің мәнін құрайтын әскери және азаматтық провинциялар арасындағы айырмашылықты сақтау іс жүзінде мүмкін емес еді, өйткені бұл кезеңде империяның шекаралық қорғанысы бұзылған - тын. Егер жаңа соғыс ахуалында империяны қорғау мүмкін болса, онда мұны тек империяның кез-келген бөлігінде әрекет етуге қабілетті ұтқыр күштер ғана істей алатын. Бұл пайымдаулар Диоклетианды және оның ізбасарларын іс-қимылдардың бастапқы жоспарын түбегейлі өзгертуге мәжбүр етті. Олар ең жоғары әскер басшыларының санын мейлінше қысқартып, олардың әрқайсысына қамқорлыққа алуға ұлан-ғайыр аумақты тапсырды. Алайда олардың құзыреті тек әскери істер мен мәселелер аясында ғана шектеулі еді. Таза бейбіт мәселелерді шешу үшін азаматтық әкімшілік құрылды. Биліктің мұндай бөлінуі батыста б.д. V ғ. Дейін, шығыста және орталықта - VII ғ. дейін сақталып келді.
ACTAHAЛAP
Астаналар көші-қонын реттейтін заңдар. Әмбебап мемлекеттердің орталық үкіметтеріне уақыт өте келе өздері тұратын орынды өзгертудің белгілі бір тенденциясы тән. Бұл әмбебап мемлекеттердің негізін қалаушылардың сарындары мен ниеттері қандай болмасын, олардың еңбектерінің шынайы мақсаты патшалық та, билік пен даңқ та емес, бодандарының әл-ауқаты екендігін білдіретін ең айқын көрсеткіштердің бірі.
Империяның негізін қалаушылар әдетте өздері үшін барынша оңтайлы аумақты жайластырудан бастайды. Астана не бәсекелестерді жеңу арқылы жергілікті мемлекеттен әмбебап мемлекетке айналған өз отанында, не жаулап алушыларға ең ыңғайлы болып көрінген жуырда бағындырылған аумақтың шетіндегі бір жерде орын тебеді. Алайда уақыт өте келе империялық әкімшіліктің тәжірибесі немесе оқиғалар ықпалы империяның негізін қалаушыларға, я болмаса олардың империяны жаулап алғаннан кейін оны қайта құратын ізбасарларына, қалыптасқан жағдайда империяның астанасын бұрынғыдан да ыңғайлы жерге көшіруіне түрткі болады. Осынау жаңа экумендік дүниетаным, әлбетте, жаңа жағдайларға бейімделген жаңа шешімдер легін дүниеге келтіреді. Егер бірінші пайымдау ыңғайлылық ұғымына негізделсе, астананы жаңа орынға көшіру әдетте коммуникациялардың ең тиімді нұсқаларын таңдауға байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде империяның орталығы оңтайлылау деп саналады. Екінші жағынан, егер күн талабы варварлардан немесе шетелдік агрессорлардан қорғану болса, онда астана империяның қысым айрықша сезілетін шекарасына қарай жылжытылады.
Жатжұрттықтар немесе варварлар негізін қалаған әмбебап мемлекеттерде империя астанасы империяның шет жағында орналасады. Уақыт өте келе ол орталыққа қарай жылжытылады. Ал империяны құрушылар шекаралық облыстардың тұрғындары болғанда, кей-кейде осыған ұқсас тенденция байқалады, бірақ мұндай жағдайда кейде астана өзінің алғашқы орнына қайтып келетіндей қарсы қозғалыс болады. Император -маркграф өзінің туған ұясымен байланысын үзбестен варварлардан қорғануға мәжбүр болуы мүмкін. Егер оған, өзінің барлық жаңа бодандарының ресурстарын жұмылдыра отырып, варварларды тойтарудың сәті түссе, оның астанасы империя иеліктерінің кеңеюінің арқасында амалсыз империя аумағының терең түкпірінде қалады. Метрополия тұрғындары негізін қалаған империяларда астана әдетте орталықта болып шығады, өйткені бұл әкімшілік қызмет үшін қолайлы. Дегенмен ол кейін шекараға қарай, сырттан болатын аса күшті қысымның бағытына қарай орын ауыстыруы мүмкін. Әмбебап мемлекеттер үкіметінің резиденцияларын өзгерту саяси географияның кейбір "заңдарына" бағынатыны айдан анық. Алайда практикада бұл "заңдар" күрделі тарихи-саяси ахуалдарға бағына отырып, әртүрлі әрекет етеді, ал ол ахуалдардың әрқайсысын дербес және тәуелсіз фактор ретінде қарастыру қажет.
Империя негізін шетелдік қалаушылардың астаналарының көші-қоны. Испан конкистадорлары анд әлемінің әмбебап мемлекетін бағындырып, Америкада өздерінің әмбебап мемлекетін құрды. Анд әлемінде олар астананы теңізге таяу жерде, Лимада орнатты. Орталық Америкада, керісінше, олар тіпті өз иеліктерін теңіз порты Веракрустан басқаруға тырысқан да жоқ, өз үкіметін бірден Теночтитланда - тарих сахнасында күтпеген жерден испандықтар пайда болған сәтте өздерінің орталық америкалық әмбебап мемлекетін құрып жатқан ацтектердің таудағы астанасында - орналастырды.
Испандықтар бір қарағанда ұқсас сияқты екі жағдайда әртүрлі жолдарды неліктен таңдады? Бәлкім, Мексика қыраты олар туып-өскен Кастилиямен ұқсас болғандықтан тартқан шығар? Бірақ егер бұл шешуші пиғыл деп есептесек, онда көкжиекте теңіздің арғы жағынан жеткен басқыншылар пайда болған тұста инк мемлекетінің астанасы болып тұрған таулы Кускодан гөрі жазықтағы Лиманы испандықтар неліктен жөн көрді? Осынау көзге ұрып тұрған сәйкессіздікті Веракрус пен Лима қалаларының тарихи рөлін салыстыра отырып түсіндіруге болады. Мексика қыратына шығанақ жағынан жайғасатын ойпаттар Мексика өркениятының өмірінде сол тұста айтарлықтай рөл ойнамайтын. Керісінше, Анд үстіртіне Тынық мұхит жағынан жалғасатын ойпаттар анд өркениятының бесігі болатын және инктердің анд әмбебап мемлекетіне осынау аумақтарды қосып алуының нәтижесінде өзінің экономикалық және мәдени маңызын жоғалтпаған еді. Осылайша, испандықтар астана үшін теңіз порты Лиманы таңдағанда анд әлемінің мәдени орталығына жақындаған еді.
Тағы бір тарихи мысалға жүгінейік. Османдықтар империя құруды православиелік-христиандық әлемнің шығыс шекараларының арғы жағындағы базадан бастап еді. Османдық иеліктер кеңейген сайын олардың үкіметінің резиденциясы да орнын ауыстырып отырды. Алғашында олар Анатолия үстіртінің солтүстік-батыс өлкесіндегі "ескі қаладан" Мәрмәр теңізінің жағасындағы жазықта орналасқан "жаңа қалаға" қарай жылжыды. 1326 жылы олар Брусуға келді. 1366 жылы Дарданелді көктей өтіп Балкан түбегіне табан тіреді. Ол кезде XI ғ. аяғындағы түрік-салжұқтардың Анатолияның ішкі өңірлеріне жылжуының салдарынан православиелік-христиан әлемінің өзегі де орнын ауыстырған болатын. Балқан түбегіндегі осман астанасы үшін бірінші орын болып Адрианополь таңдап алынды. Бірақ бұл да тек аралық пункт қана болды. Православиелік-христиандық әлемнің негізгі бөлігінің осман билігінің қол астында саяси бірігуін аяқтаған осман сұлтаны Жаулаушы Мехмет (1451- 1481) түрік астанасын Константинопольге көшірген мемлекет қайраткері болды. Осман империясы құлап, ал Мехмет иеліктерінің анатолиялық қалдықтары 1923 жылғы 20-қазан- да Түрік Республикасына айналғаннан кейін де, 1924 жылғы 20-сәуірден түрік мемлекеті үкіметінің ресми тұрақты орны болып Анкара қаласы есептелгенімен де, Константинополь өзінің статусын жоғалтқан жоқ.
Империя негізін варварлық қалаушылардың астаналарының көші-қоны. Империяның негізін қалаушылар не варварлар, не шекаралық аумақтардың тұрғындары болатын бірқатар жағдайларды қарастырайық.
Геродот өзінің еңбегін аяқтай келе мынаны айтады: Ұлы Кир парсы халқының дүниенің қожасы деп саналуына үзілді - кесілді қарсы болған, бұл үшін оған өзінің таулы отанын тастап кету қажет болар еді. Парсы үкіметінің саясаты парсыларға осы жолға түсуге кедергі болуға бағатталған - бағытталмағанына қарамастан, II Кирдің Ахеменидтер әулетін орнатуына дейінгі жүз жылдан астам уақытта Ахеменидтер өз астанасын туған таулы ұясынан оларға бағынған бірінші жазықтық өлкеге ауыстырғаны тарихи шындық.
Эламның астанасы Суз ақыры Ахеменидтердің қолына түскеннен кейін 1453 жылы Осман империясының астанасын Адрианопольден Константинопольге көшіру сияқты Ахеменидтер империясының орталығын ауыстыру қажеттілікке айналып, мұны б.д.д. 521 жылы Дарий I қолға алды. Бұрынғы таулық астаналарға қарағанда Суздың географиялық жағдайы стратегиялық тұрғыдан өте-мөте қолайлы еді. Оның үстіне, бұл аудан сол кездегі негізгі астықты аймақ, сондай - ақ қолөнер өндірісінің орталығы болатын; алайда Суздың төңірегінде әскери күшті толықтырып отыратын сенімді көздердің болуы, империяны тұтас басқару тұрғысынан келгендегі ыңғайсыздықтарға қарамастан, таңдау жасауға басты себеп еді.
Дарий империясын қайта құрғанда Сузға ұлы солтүстік - шығыс жолын да, ұлы солтүстік-батыс жолын да жүргізу мүмкін болмай шықты, алайда ахеменидтік басқарудың бұл табысы tour de force болып қала берді. Ұлан-ғайыр империяның астанасы ретіндегі Суздың ыңғайсыздығын Ахеменидтер сарайының өздері таңдап алған астанада жыл бойы тұра алмауы дәлелдейді. Ол бір жылдың ішінде үш рет резиденциядан резиденцияға көшіп отыруға мәжбүр болды. Императордың барлығы үш резиденциясы бар-тын.
Бұл жердегі маңызды дүние - сарайдың бір жерден екінші жерге ауысып отыруы парсылардың ұлттық орталығын жойған жоқ. Таққа отырарда ахеменид императорлары Парсаға көңілі бұратын әрі императорлар сонда жерленетін.
Метрополиялар астаналарының көші-қоны. Егер жат - жұрттықтар да, варварлар да, шекаралық тайпалар да емес, метрополиялардың билігімен құрылған әмбебап мемлекеттерді шолып өтсек, онда біз әу баста орталықта негізі қаланған астананың біртіндеп шетке қарай жылжу тенденциясын байқаймыз.
Рулық иеліктері Магадха мемлекетінде болған әулеттер құрып, кейін қайта жандандырылған инд әмбебап мемлекеті бұл тенденцияның классикалық мысалы болып табылады. Маурьилар мен Гупталар өз астанасын әу баста Магадханың жергілікті астанасы болған Паталипутрада (кейін Патна) сақтады. Гангтың Джамнамен және басқа екі саласымен қосылатын жерінде ыңғайлы орналасқан Паталипутра бүкіл Ганг бассейнінің табиғи әкімшілік орталығына айналды. Алайда, бұл жердің айқын артықшылықтарына, оның үстіне, дәстүрмен һәм беделмен аяланғанына қарамастан, үкіметтің резиденциясы сайып келгенде солтүстік-батысқа, сырттан елеулі қысым көрген шекараларға қарай орын ауыстырды.
Маурьилердің әлсіреген империясының ойрандалған аумақтарын б.д.д. III ғ. грек-бактриялық Деметрий I патша басып алғанда, ол астананы Маурьилер империясының бұрынғы астанасын Бактриядағы Деметрийдің бұрынғы астанасымен байланыстыратын стратегиялық маңызды жолдың бойындағы жаңа жерге көшірді. Деметрийдің жаңа астанасы Маурьнлер империясы құрылғанға дейін жергілікті мемлекеттің астанасы болған қазіргі Равалпинди қаласына жақын жерде болды. Бұл мемлекет магистральдың ең қиын тұсына Үндістан жақтан келетін жолды бақылауда ұстады. Бұл жерде саяхатшы Инд өзені, Хайбер шатқалы және Гиндукуштың басты жотасы сияқты қиын кедергілерден өтуге тиіс болатын.
Ганг пен Джамна бассейндерінен Оке пен Яксарт бассейндеріне дейінгі жерлерді біріктіріп, "Гиндукушты жойғысы" келген астана үшін бұл табиғи көршілік еді. Географиялық қоршауға қарсы тұрған грек қолбасшысы Деметрийдің табыстары, оның бүкіл өжеттігіне қарамастан, қас қағым сәттік баянсыз болып шықты. Грек-бактрия мемлекеті Маурьилер империясын жеңіп үлгермей жатып, оның өзі көшпенділердің басып кіруінің нәтижесінде басталған бауырластар қырғынына тап болды. Алайда, екі жүз жылдан артық уақыт ішіндегі шым-шытырық өзгерістерден кейін грек императоры Деметрийдің өткінші табысын б.д. I ғасырында кушан империясының негізін қалаған I Кадфиз қайталаған кезде, Үндістанның солтүстік-батысын Орталық Азиямен байланыстыратын осынау қайта құрылған саяси түзілімнің астанасы бастапқыда Деметрий таңдап алған жерден алыс болмай шықты. Кушан патшалығының астанасы Пешаварда, Инд және Хайбер шатқалының арасындағы ұлы солтүстік - батыс жолының бойында болып шықты.
Маурьилер империясын Гупттар қайта қалпына келтіргеннен кейін, тарих қайталанды. Өздерінен бұрынғылар сияқты Гупттар да инд әлемін Паталипутрадан басқарды, бірақ өз кезегінде Гупттар империясы да кеңейе бастағанда инд әмбебап мемлекеті императорларының соңғысы өз резиденциясын Паталипутрадан Джамнаның бастау алар тұсындағы, қазіргі Дели орналасқан жерден жоғарылау жағалауға ауыстырды.
Пайда кімдікі? Әмбебап мемлекеттер астаналарының тарихын қысқаша баяндап болып, астаналардың негізін қалап, орындарын ауыстырғанда, " пайда кімдікі?" деген сұраққа жауап беруге тырысып көрейік. Адамзат тарихының әртүрлі замандарында астаналар түрлі мақсаттарға - зорлық-зомбылық мақсаттарына да, бейбіт - мақсаттарға да қызмет етті. Марварлар олардың ту-талақайын шығарып, талап алу үшін аш қасқырша бас салып отырды. Жаулаушылар, жат жұрттық мәдениет иелері, оларды бүкіл империяны бағындыру үшін басып алып отырды. Ыдырап бара жатқан империялардың жаңғыртушылары төл билігінің беделін көтеру үшін ежелгі қалалардың баяғы беделін көтеруге тырысты. Жаумаушылар зорлықпен енгізетін немесе жергілікті билік басындағылар ерікті түрде өздері кіргізетін жат мәдениеттер астаналарды өз ықпалын таратуға қажет аралық станциялар ретінде пайдаланды. Жоғары діндер оларды өздерінің батыл миссионерлік істері үшін толығымен ыңғайлы деп тапты.
Әмбебап мемлекеттің астанасы рухани тұқым себу үшін құнарлы топырақ береді, өйткені экумендік қызмет атқаратын қала үлкен әлемнің кішірейтілген көшірмесі болып табылады. Оның тар махаллалары барлық ұлттар мен таптарды, барлық тілдер мен олардың өзгешеліктерін, түрлі - түрлі діни көзқарастардың мұрагерлерін сыйдырады, ал қақпалары үлкен әлемнің алыс шартараптарына бастайтын жақтарға ашық болды. Ондағы миссионерді ығы-жығы құжыралардың тұрғындары да, император сарайының мүшелері де ести алады. Ал егер оған өз рухының арқасында императордың жүрегіне жол табудың сәті түссе, ол империялық биліктің қуатты әкімшілік машинасының шіркеудің игілігіне жұмыс істей бастағанын көруге үміттене алады.
Империялардың астаналары сондай-ақ шетел мәдениетін беру пункттері де болып табылады. Мұндай рөлді Габсбургтердің Дунайлық монархиясында Вена, петрлік Ресейде Санкт - Петербург, Селевкидтер империясында бронттағы Антиохия мен Тигрдегі Селевкия, Британ империясында Калькутта, испандық Жаңа Испания вице-корольдігінде Мехико және испандық Перу вице-корольдігінде Лима ойнады.
Бұл қалалардың көпшілігінде жатжұрттық мәдениеттің "радиация көзі" жаңа топыраққа салынған жаңа тұғыр болды. Мәселен, Ұлы Петр батыс мәдениетін Ресейге жылжытудың ең пәрменді әдісі жаңа астана салу екендігін түсінді. Сол себепті де ол ескі мәдениеттің қорғаны болып қала берген Мәскеуден астана ретінде бас тартты.
Мәдениеттің таралу процесіндегі алмасу пункттері ретінде астаналарды пайдаланудағы жетістіктер осынау факторды империяның негізін қалаушы жатжұрттықтар пайдаланатын астананың тағы бір ықтимал қызметі деп атауға мүмкіндік береді. Мысалы, Селевкидтер эллинизмді тек бір орталық арқылы ғана таратқан жоқ. Селевкидтердің даңқы тек бронт пен Тигр жағаларында ғана емес, ұлан-ғайыр иеліктердің Эвлеядағы Селевкиядан Ликадағы Лаодикеяға дейінгі басқа да жерлерінде дүниеге келді. Олар барлық жерлерде өздерінің жомарт қолымен грек қалалары - мемлекеттерінің жұлдызды тозаңын шашты, ал ол қала-мемлекеттер түзген алқа жер бетінен Селевкидтер әулеті жойылғаннан кейін де ғасырлар бойы Оңтүстік - Батыс Азияны әшекейлеп тұрды.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру