Мазмұнға өту
Home

Жаңа тұрпат

Дмитрий Писарев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жаңа тұрпат

Дмитрий Писарев — «Жаңа тұрпат». /uploads/f02006c0-1c38-5de0-b1f6-3c260634a4a5/cover.png

(1840-1868), орыс сыншысы, публицист. 1856-1861 жылдары Петербург университетінің тарих-филология факультетінде оқыған. Ол университеттен алып шыққан "скептицизмнің улы дәні" оны дәстүрлі мәдени және эстетикалық құндылықтарға нигилистік көзқарас жолына бастады. Ол өзінің мақалаларында азаматтық бостандықтардан, ғылымның, өнердің және ағартудың қоғамдық-практикалық бағытынан өрбитін әлеуметтік-тарихи және мәдени прогрестің қажеттілігін уағыздады, көркем әдебиет туралы мақалаларында ол көркем бейнелерді нақты өмір ахуалдарында объективті бейнеленген әлеуметтік типтер деп түсіндірді. Жасырын таратуға арналған мақалаларында үкіметті құлатуға, патша мен оның әулетін құртуға шақырғаны үшін Писарев Петропавл қамалында төрт жарым жылдай қамауда отырды. Қысқа ғұмырының соңына қарай оның мақалаларында радикализм сарыны күшейе түсті, эстеттік пен эстетиканың соңына шам алып түсті, "эстетика ақыли тоқыраудың ең бұлжымас элементі және парасат прогресінің хас жауы " деп жазды. 1866 жылдың қарашасында анасының кеңдігінен және Петербургтан шығу құқығынсыз абақтыдан босатылды. 1868 жылы жазда нақсүйері Марко Вовчекпен, оның ұлымен Рига шығанағында шомылуға аттанып, Дубултада суға кетіп өлді.

[...] Жаңа адамдар еңбекті адам өмірінің абсолютті қажетті шарты деп санайды, және еңбекке осынау көзқарас ескі және жаңа адамдардың арасындағы айырмашылықтың ең елеулісі дерлігін құрайды. Тегінде, мұнда тұрған ерекше ештеңе жоқ секілді. Еңбекті кім құрметтемес? Оның маңыздылығы мен қажеттілігін кім қорғамас? Ұлыбританияның жүн қабының үстінде отырған, сол отырысы үшін жыл сайын бірнеше ондаған мың фунт-стерлинг алатын лорд - канцлер! өзінің ол ақшаны еңбегі үшін алатындығына және фабрика жұмыскеріне толық негізбен: My dear, біз екеуміз қоғамның пайдасына еңбек етіп жүрміз, ал еңбек дегенің - қасиетті іс деп айта алатынына кәміл сенеді. Мұны лорд-канцлер де айтады, граф Дерби де айтады, өйткені ол жер рентасын қалтасына жытыру үшін тер төгеді ғой, бірақ олар неғылған жаңа адамдар. Олар болары болып, бояуы сіңген, өте құрметті джентельмендер ғой.

Жаңа адамдар олардың қай қасиетіне де барынша әділ баға береді, бірақ өздері еңбекті лорд-канцлер мен граф Дерби секілді құрметтеуге ешқашан келіспейді; олардың өздері жүн қаптың үстіне немесе пэрлер палатасының барқыт орындығында отырып алып соншалық бітпейтін дау-дамайы, қысқасы - адамдар бірін-бірі ешқандай кезексіз-ақ сыйлай беретін реніштер мен қиналыстардың таусылмас табыны және бұл өмірде бір ғана "иттің боғы дару болса дарияға тышады" деген әсерлі мәтелмен түсіндірілетін нәрсенің бәрі туындайды. (Абайдың "Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын" деген жолдарын еске түсіріңіз - Баспа).

Кедейшіліктен материалдық та, ақыли да, инсанияттық та азап, қандайын қаласаңыз да: бүл арада аштық та, тоңу да, құшағынан құтылғың келетін надандық та, ең былапыт пенделердің де табиғатының төбе шашы тік түратын амалсыз зинақорлық та, маскүнемнің өзі де ұялатын айықпас маскүнемдік те, қылмыскер жасамай тұра алмайтын топ-топ қылмыстар да өрбиді.

Сатының ортасында кедейшіліктің туындылары қол бостықтың туындылары жүздеседі; бұл арада жабайық төмендегіден кем, болбырлық жоғарыдағыдан кем, бірақ күл-қоқыс қай жердегіден де көп; бұл арада қысылып - қымтырылу керек, өйткені өзіңді байшікеш етіп көрсеткің келеді; аспаздан не аула сыпырушыдан бес тиын қағып кетесің, өйткені сайранға шығуың керек; балаларыңды сұп-суық бөлмеде ұстайсың, өйткені қонақ бөлмеге жиһаз алу керек; иістеніп кеткен сиыр етін жейсің, өйткені жібек мантилья тіктіруің керек.

Бүкіл сатыда төменнен жоғарыға дейін еңбекке өшпенділік және жеке мүдделердің мәңгілік антагонизмі үстемдік құрады. Мұндай жағдайда еңбек өнімді аз шығаратынына қайран қалмайсың; жақыныңа жақсылық та тек өсиет кітаптарында ғана кездесетініне де қайран қалмайсың,. Әркім былай немесе былай дерлік ойлайды: егер мен жақынымның тонын жымқырып кетсем, бұл үшін мені мақтамайды, қайта полицияға отырғызып қояды; бірақ мен сол тон жөнінде жала жауып, білдірмей қағып кетсем екі бірдей пайдам бар: біріншіден тон тіккізіп әуре болмаймын, екіншіден, кез-келген адам мені ақылды да инабатты адам деп біледі.

Алайда, мұндай жағдай жұрттың бәріне ұнай бермейді; қолы бос адамдарға: "Сіздердің зерігіп кететіндеріңіз, ештеңе істемейтіндіктеріңізден; ал кедей болғандықтан соры ашылмаған басқа адамдар да бар. Барыңыздар, соларды іздеңіздер, соларға көмектесіңіздер, мұқтажын біліңіздер, сонда сіздер де соншалық зерікпейсіздер, олардың да бұл жалғанда өмір сүруі соншалық қиын болмайды" дейтін жекелеген адамдар да табылады. Мұны жақсы адамдар айтады, бірақ жаңа адамдар оған қанағаттанбайды. "Филантропия, - дейді жаңа адамдар, - абақты және барлық басқа қылмыстық және түзету жаулары секілді тамаша нәрсе. Қазіргі кезде бұлардың екеуінсіз де қиын, бірақ қазіргі заман, барлық өткен замандар секілді, оның өзі ылғи да дүниеге әкеліп отыратын сұмдықтарды ылғи да сылап-сипап, жуып-шаюмен ғана айналысады. Сорақылықтар жасалғаннан кейін әрине, оны жамап - жасқап, жуып шаю да керек, бірақ болашақта сондай сорақылықтарды жасамау жайын ойластырып көру де зиян тигізе қоймас".

Өздігінен алғанда филантропия адамның абыройына дақ және онда тереңде жатқан әділетсіздік бар; ол бір адамды өзінің өмір сүруінде және әл-ауқатында өзі секілді басқа бір адамның мейрімділігіне тәуелді болуға мәжбүр етеді; ол қайыршы мен жанашырды тудырады да, екеуін де бұзады. Ол кедейшілікті де, қол бостықты да жоя алмайды; ол өндіргіш еңбек өнімін соқыр тиынға да көбейте алмайды. Ежелгі Римде тегін нан тарату түрінде, ал оңтүстік Еуропаның ең жаңа католиктік мемлекеттерінде монастырь қақпалары алдында тегін сорпа тарату түрінде осынау сүйкімді филантропия көкейі түзу қара халықтың талайын бұзды. Адамзатты құдай құжырасы емес, шеберхана жаңарта алады, және жаңартуға тиіс. Елсіз аралға орналастырылған дені сау адам өзін-өзі асырай алады; адамның күші, ол басқа адамдармен өнеркәсіптік ассоциация құрғанда, жүздеген, мыңдаған есе артады. Сондықтан, өркениятты қоғамда өмір сүретін адам өзінің еңбегімен күнін көріп, киінуге, өзі де білім алып, балаларын да тәрбиелеуге тиіс. Бүл арада төл еңбек басқа ешқандай ингридиентпен алмастырыла алмайды. Еңбекке өріс жоқ, еңбекке ақы нашар төленеді, еңбек қаналады, сол себептерден дүниеде бар пәленің бәрі туындайды.

Кімде-кім жамандықпен уақыт өткізу үшін емес, оны күндердің күнінде жеңіп шығып, түп-тамырымен жұлып тастау үшін күрескісі келсе, ол: еңбекті жұмыскер үшін қалай өнімді ету керек және осы заманғы еңбектің жағымсыз да ауыр жақтарының бәрін қалай жою керек деген мәселені шешумен айналысуға тиіс. Еңбек байлықтың бірден-бір көзі; еңбекпен келетін байлық кедейшіліктің азаптарына қарсы және қолы бостықтың дерттеріне қарсы бірден-бір ем. Демек, еңбекті дұрыс ұйымдастыру адамзатқа бақыт әкеле алады және әкелуге тиіс. Олай ұйымдастыру мүмкін емес деу, өздерінің ізашарлары мен замандастарының ойына келмегеннің бәрін мүмкін емес дейтін болбыр қарттарға еліктеу болып шығады. Адамдар өз ақымақтығынан жапа шегіп жүргенде, қол қусырып отыра беріп, жер бетіндегінің бәрінің пісіп-жетілмегені туралы аһылап-уһілей беру, сол ақымақтарды табиғат заңдарына айналдыру және еті тірі, адал және зирек ақыл дарыған адамға лайық емес ой марғаулығы мен жасқаншақтығы.

Жоғары материялар туралы жаңа адамдар осылай немесе осылай дерлік ойлайды; осынау ойларға көз жүгіртіп, "көрегеннен" басқа әрбір оқырман оларда сұмдық ештеңе жоқ екенін, қайта орынды нәрсе көп екендігін көреді. Жаңаруды еңбектен іздеу, адамзат игілігінің әліпбиін депутаттар палатасын немесе пэрлер палатасын енгізуден бері салғанда әлдеқайда ұтымды. Ең жақсы палата тек елдің кірістерін сақтай алады, ал жақсы шеберханалар ол кірістерді он есе ұлғайта алады, онан басқа, жұмыскерлердің тәндік, ақыли және инсанияттық күштерін он есе ұлғайтады және, осылайша, жыл өткен сайын байлықтың, білімнің және баршаның дәулетінің көбірек ұлғайтылуын даярлайды. Жаңа адамдар тәп-тәуір ойлайды, бірақ бәрінен жақсысы, олардың уақыты жоғары материя туралы ойланып-толғанумен өтпейді. Бүкіл адамзаттың ортақ мүддесін ұдайы қағыс қалдырмай, бүл екі арада олар оны өздерінің жеке өміріне қолдануда шешіп те қойды. Оларға еңбек ұнайды, олар үшін еңбек өнімді; сүйікті еңбегі болмайтын бірде-бір жаңа адам жоқ және бұл еңбек ойын емес, шынында да бүкіл өмірдің мақсаты мен мағынасы.

Өзінің сүйікті еңбегінсіз жаңа адам жоқ, онсыз еңбек те жоқ. Бұрынғы адамдар өздерінің қоғамдағы жағдайының қамын жеп, ең алдымен қызметте өсіп, дәулет жинауға ұмтылды, соның екеуіне де жетелейтін жол өздерінің жүрегін оңдырмай айнытатын болса да, солай істеді. Жаңа адам үшін ең алдымен қажеті еңбектің өзіне ұнауы және оған шамасының келуі. Сондай еңбекті тапқанша, ол іздей береді; тапты екен - шаруаның біткені; сонда ол соған жан-тәнімен беріледі; нәпсі қуғандай аянбай жұмыс істейді, жасампаздықтың барлық қуанышынан ләззат алады және мына жалғанда жалғыз еместігін сезінеді. Және өзіне сүйікті жұмыс таба алмайтын дені сау адам жоқ. Және жер шарындағы барлық жұмыскерлер өзінің ісін жақсы көретін кезде, баршасы жаңа адамдар болады, сол кезде кедейлер де, бос жүргендер де, филантроптар да болмайды, сол кезде шынында да "көреген оқырмандар" тәлпіш балаларды таң қалдыратын "қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды". - Бұл мүмкін емес - деп ырылдайды көрегендердің бірі. - Әрине, мүмкін емес, бірақ бу машиналары да мүлдем мүмкін емес замандар да болған ғой. Болған нәрсе өтті-кетті, ал болатын нәрсе, бомай қоймайды.

III

Өздері үшін ұтымды, өзгелер үшін пайдалы сүйікті еңбегіне сүйеніп, жаңа адамдар өзінің өмірін олардың жеке мүддесі қоғамның шын мүдделеріне ештеңеде кереғар келмейтіндей етіп құрады. Мұны істеу тіпті де қиын емес. Пайдалы еңбекті сүйдің екен, сол еңбектен көңілді алаңдататын барлық нәрсе жағымсыз кедергі болып көрінеді: сіз өзіңіздің сүйікті пайдалы еңбегіңізге неғұрлым көбірек берілсеңіз, бүл өзіңізге соғұрлым жақсы болады және басқаларға да соғұрлым жақсы болады. Егер сіздің еңбегіңіз сізді қамтамасыз етіп, сізге асқақ ләззат беретін болса, сізге басқа адамдарды үптеудің қажеті жоқ; тікелей де, жанама да, ұрлық-алаяқтық көмегімен де, қылмыс деп танылмаған қанау көмегімен де.

Сіз еңбек етіп жүргенде, сіздің мүддеңіз барлық қалған еңбекші адамдардың мүддесімен үйлеседі; сіздің өзіңіз - жұмыскерсіз, және барлық жұмыскерлер - сіздің табиғи достарыңыз, ал барлық қанаушылар - сіздің табиғи жауларыңыз, өйткені олар сонымен бір мезгілде бүкіл адамзатқа, соның ішінде өздеріне де жау. Егер барлық адамдар еңбек етсе, онда барша бай да бақытты болар еді; бірақ егер барлық адамдар мүлдем жұмыс істемей, тек жақынын қарақтайтын, қанайтын болса, онда қанаушылар бір аптаның ішінде бір-бірін жеп бітірер еді де, адам баласы жер бетінен құрып кетер еді. Сондықтан кім еңбекті жақсы көрсе, сол өзінің пайдасына қарекет жасай отырып, бүкіл адамзат пайдасына қарекет жасайды; кім еңбекті жақсы көрсе, сол өзін саналы түрде жақсы көреді, сол өзін сүю арқылы барлық басқаларды жақсы көрер еді; тек мына жалғанда пайдалы еңбек атаулыға амалсыз немесе қасақана бөгет жасайтын мырзалар болмасын.

Жаңа адамдар еңбек етеді және өз еңбегінің өрісі кең болып, ілгерілей беруін қалайды; өз организмінің аса терең қажеттіліктерін құрайтын осынау тілекте жаңа адамдар жер шарының барлық еңбекші адамдарымен, саналы ма, санадан тыс па, әйтеуір құдайға жалбарына жақынынан тілеу тілеп өзінің еңбек етуіне және еңбек жемісін пайдалануына бөгет жасамауын өтінетін баршамен әмпей. Мүдденің бірдейлігі жанашырлық туғызады, және жаңа адамдар барлық адамдардың барлық шын қажеттіліктеріне жан-тәнімен, саналы түрде жанашыр болады.

Адамның әрбір нәпсісі өзінің қолданылуын шарқ ұрып іздейтін күш; осынау күш қалай қолданылуына байланысты сол нәпсі жақсылық немесе жамандық деп аталады, сөйтіп адамдарға пайдалы не зиянды, кіріс не шығыс береді.

Жақыныңды қанауға жұмсалған күш пен нәпсі қандай да бір инсанияттық сарындармен ауыздықталып отыруға тиіс, әйтпесе олар адамды жамандық жолымен қылмыстық сотқа жетелейді; бірақ өнімді еңбекке бағытталған күш пен нәпсі ешқандай зиянсыз қанша мөлшерге дейін болсын өсіп-өркендей бере алады. Қанаумен күн көретін адамдар шектен тыс эгоизмнен сақтануға тиіс, өйткені, эгоизм оларды адам бейнесі атаулыдан айырып, оларды өркениятты кісі жегіштерге айналдырады, олар кісі жейтін жабайылардан әлдеқай-да жексұрын. Бірақ еңбекпен өмір сүретін және ең адамгершіл де ақкөңіл деген қанауға физиологиялық жиренішті сезінетін адамдар, ешқандай қауіпсіз барынша эгоист бола алады.

Қанаушының эгоизмі барлық басқа адамдардың мүддесіне кереғар; өзін байыту дегеніміз эксплуататор үшін басқадан қарпу деген сөз; эксплуататор өзін бүкіл қалған дүниеге нұқсан келтіре отырып сүюге мәжбүр; сондықтан ол ақ көңіл әрі құдайдан қорқатын адам болса, ол өзін қанағатпен сүюге, өзінің де есесін жібермей, өзгеге де тым салмақ салмай сүюге тырысады, бірақ ондай қанағатшылдықтан айнымау өте қиын, сондықтан да эксплуататор не басқаларды қылғыта бастайтындай эгоизмге тым коп жол береді, не өзі басқаның эгоистік аранының құрбанына айналатындай тым аз жол береді.

Біздің ғажайып планетада үй ішінде де, қоғамда да, халықаралық қатынастарда да жаппай қанау орын алып отырғандықтан, бізде эгоизмге қарсы бақырып-шақыру, жекелеген жексұрындарды эгоистер деп атау, және, керісінше, бар жазығы тек өз орнында отырмаған адамдарды инсанятсыз деп айыптау қабылданған, жаңа адамдар қанау атаулыдан қашық жүреді, ешқандай қорқып-үрікпей, өзіне де, өзгеге де ешқандай зиянын тигізбей эгоизмнің ең терең тұңғиығына бойлай алады және өзінің орнын таба білетіндіктен, өз ісіне беріліп кететіндіктен бойына әділетсіздіктің бірде-бір дағын жұқтырмайды.

Егер ескі тәрбиемен шыныққан адам медициналық практикамен айналысса, оның эгоизмі мынадан көрінеді: ол күні - не көбірек визит жасап, жап-жасыл, көкпеңбек қағаздарды көбірек тапқысы келеді; ол өз пациенттерін қанайды, оларды үстірт тыңдайды, ойына келген рецептті жаза салады, тіпті де сырқат емес науқастарға соғады, және соның бәрін өзінің көкпеңбек және жап-жасыл қағаздарға (ақша - Баспа) үйірсектігінен жасайды. Ондай адам, әрине, кей-кейде өзінің эгоизмін ауыздықтан, оқтын-оқтын өзіне иландырар өсиеттер айтып отыруға тиіс.

Оқиға желісі мен шешім

Жаңа адам медицинамен соған құштарлық әмірімен айналысады; оған әрбір сағат қымбат, өйткені әрбір сағат зерттеп - білуге жұмсалады; ол үшін ақша өзінің өмірін қолдап отыратын құрал ғана, ол құрал сол өмірді еңбекке жұмсау үшін керек. Науқастың төсегінің алдында ол ғылыми мәселені шешуге тиіс ойшыл. Ол пациентті тонап кеткісі емес, оны сауықтырып жібергісі келеді, өйткені сауықтырып жіберу міндетті шешу деген соз; осылайша медиктің мүддесі мен науқастың мүддесі өзара тіл табысып кетеді де, қанау дегеніңіз болмайды; жаңа тәрбие докторы өзінің эгоистік құмарлығына барынша арсыз түрде беріле алады және бұл үшін пациенттер де, олардың туған-туыстары да, барлық отандастарының қоғамдық пікірі де рахмет айтады. Және бұл доктордың өзін-өзі парыз идеясымен қорқытуының керегі жоқ, өйткені ол үшін парыз бен еркін елігу арасында айырмашылық жоқ. Мұның бәрі неліктен? Сүйікті еңбек табылғандықтан, адам өз орнын тапқандықтан. Бүл шарт қажет. Онсыз жалпы адал адам болып қалу өте қиын, бәлкім, тіпті мүмкін емес те болар.

Осылайша біз, жаңа адамдардың өмірінде елігу мен инсанияттық парыз арасында, эгоизм мен адамды сүю арасында кереғарлық жоқ екенін көреміз; бұл өте маңызды ерекшелік; бүл әрбір адамды өзін-өзі сақтауға және өз организмнің физикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға қамқорлық жасауға мәжбүр ететін табиғаттың тікелей мықты еліктіруі жағынан адамды сүйетін және адал кісі болып қала беруіне мүмкіндік беретін қасиет. Олардың адамды сүюінде амалсыз жасандылық жоқ; олардың адалдығында кірпияз ұсақ-түйек жоқ; олардың елігулері бай табиғаттың төл туындылары секілді қарапайым да кінаратсыз, күшті де тамаша; олардың өздері де, осынау жаңа адамдар, аса бай адам табиғатының, өз бойында ғасырлар бойғы азаптан жиылған күл-қоқыстан арылған табиғаттың алғашқы көріністерінің тап өзі.

Егер қоғамдық пікір бұл адамдарды өз тұқымының қарапайым, бірақ адал өкілдері деп танымайтын болса, егер ол олардан ерекше бірдеңені, қорқынышты да құбыжық бірдеңені көрсе, мұныңыз осынау қоғамдық пікір дейтін нәрсе адам бейнесі туралы ұғым атаулыдан айрылған, оның барлық нышандарын ұмытып қалған, олармен ұшыраса қалса бейтаныс бірдеңе ретінде зәре-құты қалмайтын, Джонатан Свифт Гулливердің саяхатында шығу (jahou) деген ныспымен бейнелейтін, ақымақтығы мен ызақорлығы ойлана, сөйлей білетін жылқыларға қарсы қойылатын оғаш екіаяқтыларды нағыз адам деп қабылдайды деген ғана сөз.

Өздері үшін еңбек етіп, сол еңбек процесінен ләззат ала отырып, жаңа адамдар адамзат пайдасына еңбек етеді, өйткені әрбір өнімді еңбек адамдар үшін пайдалы. Әу баста жаңа адамдар пайданы, жақсылықты парықтамай-ақ жасайды, бірақ кейін пайда әкеліп, жақсылық жасау процесінің өзі әкелетін, жасайтын адам мен әкелінетін, жасалынатын адамның арасындағы инсанияттық байланысты бастап береді. Бұл байланыс жаңа тәрбие жұмыскері көбірек пайда әкеліп, көбірек жақсылық жасаған сайын күшейе түседі.

Біз кімге жақсылық жасасақ немесе жасап жүрсек, бізге соны сүю тән деген сөз көне ақиқат, және сол көне ақиқат әрбір қадам сайын қуатталып отырады. Гарибальди Италияны басқа бір итальяндықтан артығырақ сүйеді, және қазір өз өмірін еңбек пен қуғында өткізген, Аспромонт түбінде итальян оғынан жараланған Гарибальди қария осыдан отыз жыл бұрын жас Гарибальди сүйе алғаннан күштірек сүйетін болуы керек; өйткені сол кезде ол оны тек отаным деп сүйетін; енді ол, отанның үстіне, сондағы өзінің барлық ерліктерін, барлық азаптарын, өзінің таза естеліктерінің бүкіл тамаша тізбегін сүйеді. Роберт Оуэн, Чернышевский мырзаның Лопуховы атайтындай, "әулие қария" ғұмыр бойы адамдар үшін еңбек етті, және, әрине, қартайған сайын оның адамдарға махаббаты, жас кезіндегі махаббатынан неғұрлым ауқымдырақ, неғұрлым қызығырақ және бері салғанда саналы кешірімімен әлдеқайда молырақ бола түскені сөзсіз.

Оуэн мен Гарибальди секілді адамдарда қарттық болбырлық деген болмайды; ондай адамдар барлық ғасырлар мен халықтар үшін жаңа адамдар бола береді. Бірақ, біз олардың өмірінен байқайтын құбылыс өз күштерін сүйікті де пайдалы ісіне арнаған барлық қайраткерлердің немесе ойшылдардың ортақ дүниесін құрайды. Осынау қайраткерлер мен ойшылдарда адамға махаббат, олар өз еңбегіне беріліп, оның пайдалылығын санаға сіңіре түскен сайын, ұлғайып, күшейе түседі; олар ылғи да жақсы да таза бола береді; олар болбырланып, арсыздана түсу орнына ұдайы жасара береді; олар өздерінің жанды да парасатты еңбегі барысында ата-анасы жұқтырған, мектеп еселей түскен және қоршаған өмірдің "қара түнегі" ылғи шашырататын балшықты жуып тастайды.

Бұрынғы заман адамдары жас кезінде ғана сұлу және ақыл жағынан зерек болатын; бір он жыл өтіп, осынау бүкіл сұлулық пен зеректік беттің қызылымен бірге келмеске кететін; беймазалық пен ұсақтық, соқыр тиын тұратын есепқорлық пен тауықтың қорқақтығы келетін; бала қораз бордақы қоразға, тамаша студент барып тұрған филистерге, "көреген" оқырманға айналатын. Осының бәрі әбден табиғи нәрсе болатын, өйткені бұрынғы жастар тек албырт қызбалыққа бой алдыратын, тек қызыл тілді безеп, әдемі рахаттанатын; жастықтың ермегі жастықпен бірге кетуге тиіс болатын, өйткені ол ермек қана болатын. Кімде-кім жастық шағында өзін ұлы да тамаша немесе бері салғанда қарапайым, бірақ адал да пайдалы еңбекпен байланыстырмаса, сол өзінің жастық шағын, ол қаншалық көңілді өтсе де, қаншалық жақсы естеліктер қалдырса да, із-түзсіз жоғалтып алдым деп есептей бере алады.

Жастық сезімін өзіңізбен бірге ала кетіңіз, кейін таба алмайсыз, - дейді Гоголь, және ол расын айтады. Оны, егер солардың бәрін түгелімен өз ғұмырыңның соңғы минутына дейін сенің тіршілігіңнің әрбір пернесіне ықпал ететін іске арнамасаң, қалай алып кетпексің. Мұны істей алған әркімге, оның жастық шағы ауыр еңбекте, қымбат та жақын адамдарынан алыста, ләззатсыз, сүйікті ұрғашының ыстық құшағынсыз өтсе де, өкінудің орны жоқ. Қымбат адамдар да, ләззат та, сүйікті ұрғашы да - осының бәрі, дау жоқ, өте жақсы нәрсе, бірақ адам өзіне-өзі дүниедегінің. бәрінен қымбат.

Егер ол еңбек пен жетіспеушілік бағасымен, желге кеткен жастық шақ бағасымен, айрылып қалған махаббатының бағасымен ол өзін өзі терең де саналы түрде құрметтеу құқығын сатып алса, қартаймайтын жастығын, ақылы мен сезімінің зеректігін дүниенің бір қиырына алып кетіп, барлық сындарда сақтап қала алса, ол тым қымбат төлепті деуге болмайды. Ол бүкіл ғұмырын адамша өткізу үшін өмірінің бір бөлшегін берді, ол екі-үш қуаныштан айрылды, бірақ олардың орнына өмірдің көркі және агония сәтінде таяныш болатын ең асқақ ләззатқа ие болды.

Жаңа адамдардың эгоизмі міне осы, және бүл эгоизмде шек жоқ; олар соған шынында да барлығын да құрбан етеді. Олар өзін жан-тәнімен сүйеді, барынша қадірлейді; бірақ олар тіпті өздері жөнінде де соқыр да кешірімшіл бола алмайтындықтан, әрбір аталмыш минутта өзінің махаббаты мен өзінің құрметінен айрылып қалмас үшін олардың жарғақ құлағын жастыққа тигізбеуіне тура келеді. Өзінің махаббатынан, өзінің құрметінен де гөрі олар өзінің талдай, қадағалай білетін менінің өмірдің сыртқы шарттарына ықпал жасап, билеп төстейтін меніне төте де бүкпесіз қатынастарын көбірек бағалайды.

Егер бір мен екінші меннің көзіне қаймықпай қарай алмайтын болса, егер бір мен екінші меннің талап-тілектеріне желеулермен, софизмдермен жауап қатқысы келсе, ал басқа мен бұл сәтте бірінші меннің сөзбұйдасына жүрдім-бардым қарап, соған қанағаттанатын болса, онда осынау масқара былықтан кейін жаңа адамның жанында соншалық түңілу және өзінің қара күйе жағылған тұрпатына соншалық жиіркеніш туындап, ол, тегінде, сырт көзге ән айтқандай болғанымен, осылайша өзін-өзі табалап, ең бір терең иірімге басымен кететін болар.

Жаңа адам өзіне-өзі кешпейтін әрі аяусыз екенін өте жақсы біледі; жаңа адам ешкімнен де өзінен-өзі қорыққандай қорықпайды; ол - құдірет, егер күндердің күнінде сол құдірет өзіне қарсы шықса, оның күні қараң. Егер ол өз бойында ішкі қайшылық тудыратын сұмдық істесе, онда ол, бүл қайшылықтан құтылудың өзін-өзі өлтіруден немесе естен айрылудан басқа даруы болмайтынын біледі. Маған өзін-өзі құрметтеудің осындай қажеттігі және өз сотынан осындай қорқыныш ескі тәрбие адамдарын әртүрлі жаманшылықтардан бөліп тұратын инсанияттық кедергілерден, екі жыныстың да әртүрлі қызтекелері әрі-бері ойнақ сала беретін кедергілерден, сол болмағандықтан жаңа адамдардың қаламы жүгіріп тұрған немесе өсиет айтқыш қызыл тілге ие көреген оқырмандар тарапынан кісі зеріктірер өсиет естуіне тура келетін кедергілерден берігірек көрінеді.

Жаңа адамдар өз тұрпатының бүкіл артықшылықтары үшін сүйікті еңбегінің нәрлі ықпалына қарыздар. Соның арқасында олар түп-түгел эгоистер бола алады; олардың эгоизмі неғұрлым терең боған сайын, олардың адамзатқа махаббаты соғұрлым күштірек бола түседі, жаңа адамдардың бойында олардың жастық шағы мен зеректігі соғұрлым мызғымай, берік тұрады, ақыл мен сезім соғұрлым кеңінен ашыла түседі, олар өзіне өзінің құрметін соғұрлым бағалай түседі, олардың өзіне өзі адалдығы соғұрлым қатаң бола түседі, және осының бәрінің салдарынан олар өздерінің күшін дамытуға және өз бақытының шексіздігіне соғұрлым жақындай түседі.

Жақынын қанау немесе өзгенің еңбегін иеленіп кету есебінен күн көретін адамдар өздерін қоршап тұрған бүкіл дүниемен ұдайы шабуыл соғысында болады. Соғыс үшін қару керек, ал ондай қару ақыли қабілет болып шығады. Эксплуататорлардың ақылы біржола дерлік көршіні алдап соғуға немесе оның айла-шарғысын біліп алуға жұмсалады. Жақыныңды жеңіп шығу немесе оның шебер соққысын тойтарып тастау - өз қаруыңның күшін және оны қолдана білу шеберлігіңді көрсете білу, немесе, кемірек жаугер және неғұрлым жиірек пайдаланылатын тілмен айтсақ, ақылыңның артықтығын және ғаламат өмір тәжірибеңді көрсету деген сөз.

Ақыл күрес үшін жетілдіріліп, шыңдалады, бірақ қару әскери іске қаншалық жақсы бейімделген болса, бейбіт істер үшін ол соншалық жарамсыз екендігі тәжірибеден баршаға белгілі... Өзара қырқыс үшін тәрбиеленген ақыл жөнінде де осыны айтуға болады. Онда бейбітшіл ойдың ойдағыдай өрбуі үшін мүлдем қажетсіз және тіпті әбден зиянды кейбір қасиеттер тым қатты дамиды.

Тайыз көрегендік, ұсақ күмәншілдік, күнделікті өмірдің зерттеуге тіпті де татымайтын ұсақ-түйегіне қадалып қарауға үйірсектік, көк жіппен көктеле салған софизмдермен өзінің де, басқалардың да басын қатыра білу мен соған әуестік - біздің заманның практик адамының ақылын әдетте өзгешелеп тұратын міне осылар. Бұл ақыл сөзсіз шолақ ақылға айналады, өйткені практик адам қақпанды басып кетпес үшін ылғи да аяғының астына үңіледі. Ұсақ сәтсіздіктерден ол өте мұқият сақтанады, және ол шынында да ұсақ сақтығының арқасында солардан жиі-жиі құтылып кете алады, есесіне практик адам оз өмірінің жалпы бағытын қадағалап отырудан мүлдем қағылады; ол аяғының астына қарап мимырт адымдай береді, кенет жан-жағына қарайды да, қайда тұрғанын өзі де білмейді.

Ол оз ақылының таптаурын қасиеттері бойынша фактыларды жинақтап қорытындылауды білмейді; ол жалпы жағдай жөнінде өзіне-өзі есеп беруге және өз қылығына қандай да бір жалпы мағына беруге де қабілетсіз; оқиғалар оны өзімен ілестіріп әкетеді, және оның ең даңғайыр кемеңгерлігі, өзі бәрібір түсінбейтін ағыс барысына қарсы болмау.

Практик адамдар мен эксплуататорлардың осынау тұрпатының ұлы өкілдері деп Меттерних пен Талейранды айтуға болады: осынау мырзаларда табиғи ақыл жоқ еді деп ешкім айта алмайды, бірақ сол ақыл бесіктен басталған ұзақ дағдыландыру арқасында барынша бір жақты пайдалануға, атап айтқанда, қарама-қарсы қосынның софизміне бой бермей, софизммен адамдардың басын қатыруға жетілдіріліп, шыңдалғанын әркім-ақ түсінеді.

Меттерних пен Талейранның елесті құдіреттілігінің бүкіл сыры олардың бейімделгіштігі мен сүреңсіздігінде, олардың өз софизмдеріне толық немкеттілігі мен бір софизмнен оған мүлдем қарама-қарсы басқа софизмге көше салуға әрқашан дайын тұруында. Олар оқиғаларға ешқандай билік жүргізе алған және оларға титімдей де ықпал ете алған жоқ, олар дәл бір жел шақырмай-ақ, жел бағытының өзгергенін көрсетіп тұратын флюгер секілді болатын. Ешқандай дауыл Талейранның жалын жыға алған жоқ, өйткені онда жығатын да ештеңе жоқ еді - онда ешқандай берік мазмұн болмайтын. Егер Меттернихті 1848 жылғы революция талқандаса, оның себебін тек қана қайырымды немістердің алғаусыз аңғалдығына телу керек: олар принциптің жарнамасын принциптің өзі деп қабылдады; жарнама алып тасталғанда "жасасын" деп айғайлады да, әрине, дәнемесіз қалды.

Меттернихтің, Талейранның және басқа, ұсақ және ірі эксплуататорлар атаулының ақылы мейлінше біржақтылығымен ерекшеленеді; ол тек басқа адамдарды шайқаста сұлатуға, яғни оларды алдап-сулауға ғана жарайды. Ондай мырзалар өз ақылының есебін ғана ескеретін кезде, осынау есептер оларды қандай да бір масқара жасауға мәжбүр ететінін күні бұрын айтуға болады, өйткені бұл есептер көрсоқыр, ал тар да соқыр эгоизмнің сіңіретіні әрқашан ең сұмдық әділетсіздіктердің ілігі.

Қазақшалаған Нұрмахан ОРАЗБЕК.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙