Өлеңдер мен толғаулар
Бақтыбай Жолбарысұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Суырып салма ақындардың ішінде қарапайым, әрі тапқыр әзілімен ерекшеленетін ақын – Бақтыбай Жолбарысұлы. Шығармалары өткір тілімен, шыншылдығымен ерекшеленеді. Тағы бір ерекшелігі – өлең жолдарында басы артық сөз, ойдан аулақ.
ОЙПЫРМАЙ, БҰЛ НЕМЕНЕ, БҰЛ НЕ ҚАУІП?
Ойпырмай, бұл немене, бұл не қауіп,
Іздеп тұр бұл көңілім ойын-сауық.
Басыма бір оқиға пайда болды,
Қорғалап жатып едім жаңбыр жауып.
Ақ ешкі, қара ешкі, ешкі, ешкі
Ойыным қалып барад ерте - кешкі.
Паналап сол бір жерге жатпас едім
Барады жаңбыр өтіп киім ескі.
Мына ешкі қарала ма, сарала ма,
Дүниеде мұндай ешкі жарала ма?
Кім білсін, осы жолы құдай білер,
Бақтыбай үйіне аман бара ала ма?
Мүйізі шұбар ешкі жапырық па,
Мен жаттым қуыс жерде қапырықта.
Апырмау менің есім тура емес пе,
Келем бе жөнсіз сөзді сапырып та.
Құлағы көк ешкінің салпаңдаған,
Жете алмай жетім лак қалтаңдаған.
Кенеттен өз басыма қауіп туып,
Болдым ғой мен бір пенде жалтаңдаған.
Алдымда жағал ешкі тоқал ма екен,
Мына ешкі одан гөрі осал ма екен?
Алдымда қараңдаған қойшы ма әлде,
Ол мені көрсе егер тосар ма екен?
Сұр жағал бара жатқан серке ме екен,
Серке болса ешкіге ерке ме екен?
Аман болып аз ғана кой жинасам,
Қойды артынан шұбатса ерте ме екен?
Бара жатқан бөрте ешкі теке ме екен,
Бақтыбай үйіне аман жетер ме екен?
Киім-кешек алуға бірін сатсам,
Алып барып базарға өте ме екен?
Тұяғы ешкілердің маймаңдаған
Шөп жұлқып жол шетінен шайнаңдаған.
Кедей-кепшік жан бағып жүріп едік,
Бере гөр жаратқаным жәрдем маған.
Аяңдап, аяқ женіл, аттай желдім.
Келе сап үлкендерге сәлем бердім.
Аяғы не боларын құдай білед,
Осымен аман-есен үйге келдім.
Сөйлесем бет ашылар көңіл кілті
Бар жоғы білінбеді үйдің мүлкі.
Үй ішіне көршілер айтып жатты,
Ақын болар балаңыз көтеріңкі.
ЕШКІНІҢ ҰЗЫН САНЫ ОТЫЗ СЕГІЗ
Ешкінің ұзын саны отыз сегіз,
Жиырма екісі жалқы екен, тоғызы егіз.
Екі теке арықтап зорға еріп жүр,
Күйегі жоқ төрт серке - бәрі семіз.
Бірталайы ешкінің шұнақ екен,
Көбі сүтті, саусаңыз бұлақ екен.
Кебенектен ірі ешкі қырылып қап,
Көпшілігі шыбыш пен лақ екен.
Тоқалдары ішінде некен-саяқ,
Ешкінің көбі жалпақ құлақ екен.
Бірталайы ешкінің сары ешкі екен,
Бірталайы ақ ешкі, қара ешкі екен.
Жетеуінде шөп жерге тіс қалмаған,
Аңламастың тұсынан бар ешкі екен.
Шұбар ешкі, көк ешкі, қара ала ешкі,
Қара қасқа, cap қасқа, сары ала ешкі.
Ешкілерді май қыпсыз, Аю - Ата,
Кебенектен қырылып қалады ешкі.
Ешкіңізді нанбасаң бағыңызшы,
Тасқа шығып, мазаңды алады ешкі.
Тік мүйіз, тарбақ мүйіз, жапырақ мүйіз,
Баспайсыз жүндерінен қырқып киіз.
Кешке дейін секіріп тас пен жарда,
Баққан жанға бір мезгіл бермес күйіз.
Жауын болса, бақырып ыққа қашар,
Сырын алдым, жауынға, қысқа нашар.
Болады екен сайтандар жамырауық,
Лақтар да секіріп шөпті шашар.
Лақ сойсаң, барынша бақырады,
Ауыл-үйді келгін деп шақырады,
Анадағы серкешті сойғаныңда,
Дауысынан бар денем қалтырады.
Тік мүйізді сұр жағал серке ме екен,
Әнебіреу серкешін бөрте ме екен?
Қаражал серкешің көсем бастар
Бар ешкіні соңынан ертеді екен.
ТОҒАННЫҢ ҚАЗЫЛУЫНА
Айтқан екен Иван кеп
Диқан жайын бұларға.
Өңкей елдің кедейі,
Егін салдық Шұбарға.
Ақылдастық қыс бойы,
Жаз тіршілік қыларға.
Қызыл қарын жас бала,
Тарысыз, нансыз шыдар ма?
Бидай менен тарыдан
Септік талай мөлдекті.
Мөлдек сеппей қайтеміз,
Кедейшілік дендетті.
Суармақ боп егінді
Қаздық ұзын тоғанды.
Оңай болмай жаз бойы,
Бар кедейді терлетті.
Тоған қазып шаршасам,
Орнымнан зорға тұрамын.
Отырғанда демалып,
Өлеңмен сауық құрамын.
Үш жігіт зорға бұзады,
Қарасарттың "құлағын".
Құдайы қылдық тоғанға,
Кемербайдың лағын.
Тоған бітті, тоғанның
Сайлалық деп мұрабын,
Қарасартты сайладық,
Қарсылық көпке қылмағын.
Суға салдық жабылып,
Жораны бұзсын нағылып.
Ауылға қайттық кешкісін,
Малшытып киім, тымағын.
СӘЛЕМ АЛ, ТӘНЕКЕНІҢ ЕСІМБЕГІ
Сәлем ал, Тәнекенің Есімбегі,
Жоңғардың шоқысындай төсіндегі.
Жоғалған ат ізімен келіп қалдым,
Өлеңмен арыз айтып көсілгелі.
Үйсін менен найманға белгілі ғой,
Алдында сан түйіннің шешілгені.
Өзіндей әділ қазы жүрген елде
Қалайша бейбастардың есіргені?
"Алдырған албырт" деген мақал бар ғой,
Сөзімде қата болса кешір мені.
Жоғалған аттың бірі жирен еді,
Қасында жамбас болған кирең еді.
Қотыр боп, алақ - жолақ жүні түсіп,
Тулақтан тірі кебін киген еді.
Тайында ұмасынан қасқыр тістеп,
Кейінде терісірек сиген еді.
Санына тарақ таңба басылғанда,
Анық-ақ бадырайып күйген еді.
Жоғалған тағы бірі күрең еді,
Жануар бүлкіл қағып жүрер еді.
Топ жарған Наурызбайдың "Сұр көжегі"
Секілді бұ да топқа кірер еді.
Қызығып жүрісі мен шабысына,
Би, болыс майын сұрап мінер еді.
Жазым боп шалыс басып келіп қапты,
Таптыртып, жетектетіп жібер енді.
Пернелеп несін басты ауыртайын,
Есекем өзі-ақ жөнді білер енді.
Шіркіндер келген шығар алмағайып,
Еліне келіпті деп алман айып.
Қақ жарған қара қылды әділ болсаң,
Кетермін таңғажайып, елге жайып.
ЕКІ ЖЫЛҚЫ АЛДЫРДЫҚ
Екі жылқы алдырдық,
Өтенайдың шиінен.
Бірі - баран, бірі - боз,
Көріп, біліп айтқаның,
Осы тұрған топтан өз.
Көріп тұрып айтпасаң,
Қырғи қуған шілдей тоз!
АССАЛАУМАҒАЛАЙКҮМ, ТӨЛЕК БАЙЫМ!
Ассалаумағалейкүм, Төлек байым,
Мойны озған сиыршыдан бөлек байым.
Көктемде жабағысын сататұғын,
Сарт, ноғай, саудагерге керек байым.
Өзге елден еліңіздің кедейі көп,
Бересіз қай кездерде көмек байым?
Мына аттың майын мініп, мына қойды
Беретін күнің бар ма же деп, байым?
Өзге елдің байларымен салыстырсам,
Мақтанам оларға мен не деп, байым?
Базарың мына тұрған Талдықорған,
Апарып беріп жүрсің малды қолдан.
Береке, қайырымыңыз кеміді ғой,
Кедейдің еліндегі арлы болған.
Көктемде жұртқа тастап кете алмайсыз.
Туыстан қашасыз ба жарлы болған?
Жылына зекетіңді бөліп бергін,
Ислам шариғатына заңды болған.
Сіз менен аясаң да аттың майын,
Мен сізден аямаспын жақтың майын.
Қыстағы сұр, жаздағы бағлан қозы,
Сыбағам, ішкен қымыз, жеген майым.
Бай бар ма сиыршыда сізден өтер,
Басқа елдің не қылайын Қарынбайын?!
БАЛАСЫ ЖӨҢКЕБАЙДЫҢ АМАН БОЛЫС
Жас болыс, болыс, болыс, бала болыс,
Болып тұр ұлығымыз қазақ орыс.
Жас та болсаң, басқарып ел құрадың,
Шырағым, бола білгің дана болыс.
Баласы Жөңкебайдың Аман болыс,
Шаңғарақ арасы сай саған қоныс.
Әруағы Есекемнің сенде дейді,
Тыманшы десе-дағы маған болыс.
Лайық Амандікі емес пе деп,
Айтыпты күшіктегі Адам болыс.
Жалайыр Дүнгенеге топ құрғанда,
Сыртыңнан әңгіме ғып тәмам болыс.
Өз елін жаудан бетер тоздырады,
Орнына ел жинаудың жаман болыс.
Мәнсабы кетпейтіндей көрінеді,
Сайланған ел жемекке арам болыс.
Атадан шын туған ұл елін қорғар,
Ел үшін басын берер адал болыс.
ҚОНЫСБАЙҒА ТІК ТАРТТЫМ
Үйрек едім көлдегі,
Ауылға бардым өрдегі.
Балаларым ашығып,
Бір бау тары сұрап келгелі.
Қонысбайға тік тарттым,
Мырзалығын көргелі.
Осы-ақ еді жалғыз-ақ,
Тарысы піскен елдегі.
Тұрғызғандай әкесін,
Майдаладым көрдегі.
Бес-алты бау сұрап ем,
Мән-жайын айтып бермеді.
Қатыны тұрып бер деді,
Қысылды қатты терледі.
Терлесе де тырысып,
Қарынбай құсап бермеді.
Өңін көрсең шошыр ең,
Дәл бір осы жердегі.
Беретін бе еді қайтер ед,
Піспепті жөнді шөлдегі.
Жеті күнде орамын,
Нанбасаң өзің көр деді.
Тары сұрап мазамды,
Кетірді мынау ел деді.
Ұзын бөрік кигізіп,
Аямаушы ем мен деді.
Келіп қапсың Бақтыбай,
Сөзіме менің сен деді.
Бес-алты күн өткен соң,
Берейін үш бау кел деді.
БІР ЛАҒЫМ БАР ЕДІ ТЕКЕСЫМАҚ
Бір лағым бар еді текесымақ,
Өліп қалып кеп тұрмын теке сұрап.
Екі айтқызбай Малайжан берсе дедім
Болмаса да аласым, өтесім-ақ.
Ақын сөзге ағынан жарылады,
Байға кедей жоқтықтан табынады.
Малдың жанын Малайжан білесің ғой,
Бір топ ешкім текесіз қаңырады.
Ләйқұл мақпуз ғаламның жазуымен,
Қатындардай байы өлген аңырады.
Теке болып жарытар көрінбейді,
Сұр ешкімнің кенже еді ақ лағы.
Ауылыңызда текенің барын біліп,
Бәрі шулап осылай маңырады.
Барғын деді маңырап Малайыңа,
Қаңғырам ба теке іздеп жалайырға.
Ешкілерді некелеп куәйттәйін,
Көшіп келе қалыпсың маңайыма.
Бес текенің біреуін бермесеңіз,
Теке қайдан оларға табылады.
Әкелері өлгенді білді білем,
Лақтар да шуласып жамырады.
Қорықпаңыз үш ауыз өлеңінде,
Бір бұйымтай бар ма деп тағы дағы.
Кешке дейін қақсатпай текеңді бер,
Ақыныңның ауырар жағы дағы.
ҚҰРДАСЫМ СЫДЫҚ ТӨРЕГЕ
Шыбынды деген жер екен,
Мұнда да талай ел екен.
Қазақ па десек бұл үйді,
Сарқұлақ сарт төре екен.
Қайнатқан қызыл шайы жоқ,
Не құрты, не майы жоқ,
Қонақтың барған жайы жоқ,
Төренің үйі көр екен.
Қатындар деді қалған жоқ,
Сиырлы үйде айран жоқ,
Үйдің іші шөл екен.
Бұл төренің үйінде
Екі қатыны бар екен.
Күндестікпен, ұрыспен,
Құрыған екен берекең.
Көзімізше егесті,
Емес мұным келекем.
Бірі - албасты қатынның,
Біреуі екен пері анық.
Қатын ғып жүрген бұларды,
Анық төре ер екен.
Біреу десек Қарынбай,
Екеу болып шықты ғой,
Жер жұтпай-ақ біреуі,
Шыбындыда жүр екен.
Түкіретін бетіне,
Қарынбай үйде жоқ екен.
ЖАМАН АУЫЗ АНДАСБАЙ!
Сен - көкқұтан, мен - тұйғын,
Жаман ауыз Андасбай!
Әрі жүрші қасымнан,
Жарбаң қағып, жармаспай.
Бір жылы туған немесің,
Жабысқақ жылбыс кенесің.
Былғап туған жылымды,
Сасық ауыз, албасты-ай.
Құрдаспын десе Бақаңмен,
Сөз құйыны қаһармен,
Құдай білер еш адам,
Андасбайға нанбастай.
Бүйте берсең бір кезде,
Айтарлықтай бір өзге,
Бір керемет көрерсің,
Есіңнен, сірә, қалмастай.
Болса да бойым кішкене,
Жатыр ғой қайнап күш дене.
Бақтыбайға соқтықпа,
Кесіп түсер алмастай.
Құдашаның жанына,
Жатуыңды қайтейін,
Қонышынан басқан етіктей,
Қисайып барып жамбастай.
ТҰРЫСБЕК, ЕШКІӨЛМЕСТІҢ ЖЫРАСЫ КӨП
Тұрысбек, Ешкіөлместің жырасы көп,
Сөзімнің өтіріктен расы көп,
Албасты алпамсадай бас салдың ғой,
Өгіз қара күшіме шыдашы деп.
Түлен түртіп сұрадың қылмысыңды,
Бір ауыз өлеңменен сынашы деп.
Сенің таза денеңді көтерер ем,
Аузыңның елді жеген күнәсі көп.
Мүңкір-Нәңкүр басыңа әлек салар,
Толып жатыр бұл иттің күнәсі деп.
Арашаға мен барып түсе алмаспын,
Тұрысбекті ит әуре қылмашы деп.
Бақтыбайдан күнәңді өлеңменен
Сайтан саған айтып па еді сұрашы деп?
ҮЙГЕ ТҰРМАС МЕҢЛІБАЙ
Үйге тұрмас Меңлібай,
Қаңғырып қайдан келдің-ай?
Түс көрдің бе құмайдай,
Түтінді қайдан көрдің-ай?
Берекесін қашырдың,
Ұсқының құрғыр, елдің-ай.
Бір түйір намаз білмейсің,
Сайтан сені жеңді ма-ай?
Жылымды туған былғапсың,
Қорлығыңнан өлдім-ай.
Бақтыбайды бағасын,
Қу тіліңмен шағасың,
Сыйламаған ақымақ,
Жолы үлкен өз атасын.
Қымызына байлардың,
Жалбаң-жұлбаң шабасың.
Білмесең де азанды,
Құлағыңды қағасың.
Алқам, салқам, талқан деп,
Намаздың алдың мазасын.
Шыдамайсың ойынға,
Бажылдап зар-зар қатасың.
Сайтан келіп қамасын,
Бақаңменен құрдас боп,
Білмей жүрген шамасын.
ҚАСҚЫР ҰСТАР МЫНАУЫҢ СЫРТТАН ЕКЕН
Күшігіңнің аты Мойнақ деді,
Атын дұрыс қоймапсың ойлап деді.
Жіп тағып мойнына сүйреп жүрсің,
Өлтіресің мұныңды ойнап деді.
Қасқыр ұстар мынауың сырттан екен,
Алдап алып ауылға зытқан екен.
Жай бір иттің орнына тазы алған соң,
Жаулыбайды Момынбай ұтқан екен.
Ит баласын Мойнақ деп атай салар,
Мұның аты мен білсем Құттан екен.
АЗЫРАҚ ӘЗІЛ БОЛДЫ-АУ КӨҢІЛ АШАР
Қалай келер мынаған шыдап деймін,
Жүрген шығар қасқырлар жылап деймін.
Қолқа қылып, Ойшеке, сұрадыңыз
Төбетіңді берейін сынап деймін.
Өзің сынды төбетің батыр екен,
Бере қоймас қораңнан лақ деймін.
Төбетімді өзіме теңеді деп,
Сіз мені айыптама бірақ деймін.
Ит адамның қорғаушы досы болар,
Кетті маған төбетің ұнап деймін.
Мұныңның аты шытар Бөрібасар,
Кезіксе бөрі баспай нені басар?
Төбетің барлық иттің сырттаны екен,
Он қасқыр кезіксе де өңі қашар.
Шынжырынан мынауың босап кетсе,
Түрі бар қонақ демей мені басар.
Итпен мені сынамай, атпен сына,
Азырақ әзіл болды-ау көңіл ашар.
ДӘМ АЙДАП КЕЗ КЕЛІППІН СІЗДІҢ ЖАҚҚА
Үйдемісің, байеке,
Шығып кетші, қонақпын.
Алыс жерден келіп ем,
Белі талды шолақтың.
Дәм бұйыртса бүгінше,
Сіздің үйде болмақпын.
Дәм айдап кез келіппін сіздің жаққа,
Сыйынып сөз сөйлейін жалғыз хаққа.
Жасыңнан мейман күткен жан екенсің,
Патшадай бір мініпсің алтын таққа.
Байеке, қайда отырар келген кісің,
Үйіме жан келмесін дегенбісің?
Іркілдеп қарның жуан өскен екен,
Байеке, жүктімісің, шеменбісің?
Өгіздей топан жеген ыңқылдайсың,
Дәл бүгін бір қап талқан жегенбісің?
Аман ба шаруа, мекен, малдарыңыз,
Секілді мейман күткен аңғарыңыз.
Дәл өзің туған жылы киіп пе едің,
Бұтыңда құтты болсын шалбарыңыз.
Шөп-шалам толып тұрған сүтің құрсын,
Кім бізге жеті түнде бітім қылсын.
Қырқыңнан шыққан кезде киіп пе едің,
Тізеңе тағып қойған "үкің" құрсын.
Ет аспай, асып бердің тары ботқа,
Ет берсең, тартпас еді ешкім сотқа.
Шөлдетіп тары ботқаң бара жатыр,
Қисайтпай шәугіміңді қойсайшы отқа.
Салғаның астымдағы ала тулақ,
Май түгіл су көрмепті жаздай қурап.
Сиыр мініп жасымнан үйренгем жоқ,
Тірілсе, мөңкір ме екен қарғып, тулап.
Байеке, бұл харамың қайдан біткен,
Жасыңнан бай екенсің шайтан түрткен.
Шолтаңдар шапан жеңі шынтағымда,
Ешкінің құйрығына өлшеп тіккен.
КЕТЕЙІН БІР ОЛЖАМДЫ СІЗГЕ БАЙЛАП
Қария, бай сиырын шықтың айдап,
Апарып апай төске салдың жайлап.
Жасың болса ұлғайып қалған екен,
Асау өгіз мініпсің сорың қайнап.
Қария биені ал да, батаңды бер,
Кетейін бір олжамды сізге байлап!
ТАЛАЙ-ТАЛАЙ КӨРДІК ҚОЙ
Талай-талай көрдік қой,
Талай елдің қыздарын.
Талайынан жылынып,
Талайынан мұздадым.
Некелі жолдас болды да,
Бұрынғыдай қызбадым.
Серттен қайтқан жігітше,
Сертімді мен де бұзбадым.
Көрсе қызар сайтан бар,
Көңіл ашар сайқалдар.
Алды-артыңды байқаңдар,
Сендерге-ақ бердік қыз жағын.
ҚИСЫҚ АҒАШ ЖАТПАУШЫ ЕД ТЕЗ ҚАСЫНДА
Болған соң келін кербез, кемпір саяқ,
Құдайдың қойғаны ғой аямай-ақ.
Балаң арам боп туса, амалың не,
Тере бер тезегіңді жыламай-ақ.
Тезек теріп, боздап жүр мына пақыр,
Болғаны ма, Жәлменде, заман ақыр.
Қисық ағаш жатпаушы ед тез қасында,
Мынау қисық қисайып неге жатыр?
ЕЙ, ҚАРЕКЕ, БОЛЫСЫМ!
Ей, Қареке болысым,
Туысым бір қонысым.
Теңдігімді алып бер,
Түсіп тұр саған зор ісім.
Әділетпен шешпесең,
Халықтың бір сорысың.
Түйінін дәлдей шешсеңіз.
Ақиқаттың жолысың.
Тыңдамасаң сөзімді,
Алып берер орысым.
Саған айтып кетуге
Келіп едім сол үшін.
Осындайда бермесең,
Бересің қашан қол ұшын?
АСЫП ТУДЫҢ ТАЛАЙДАН
Асып тудың талайдан,
Жалайырда Жәлменде.
Озып жүрсің маңайдан,
Жанменен де, малмен де.
Жолдас болдың, болыс, би,
Бекпенен де, ханмен де.
Істес болдың жасыңнан,
Жоқпенен де, бармен де.
Ояз болып, би болып,
Топты жардың сәнмен де.
Серкедей елді бастадың,
Тар босаға, тар жерде.
Нашарға тиген қайырың,
Көріп жүрміз әр жерде.
Үміт етер нашар көп,
Жәлменде би бар жерде.
Әділ болсаң еліңе,
Қайғыланып қам жеме.
Жылағанды жұбатқың,
Тіліңменен бал бер де.
Нашарға тисін көмегің
Халқыңа жылау, зар берме.
Ел басқарсын, туған ұл
Әділ болып жарлы елге.
Құттықтадым ұлыңды,
Өлеңмен де, әнмен де!
БИЛЕРГЕ
О, Жәлменде, Қожбанбет!
Естімеген елде көп.
Ебін тапқан епшілдер,
Биге де шығар екі жеп.
Көргендерің көп дейтін,
Айтыңдар енді ақ сөйлеп,
Не деген сұмдық мына кеп?
Бес қаруын асынып,
Төреге Тезек бас ұрып.
Тал түсте тартып әкетті,
Дәнекердей жеңгемді,
Жеті жендет басынып.
Қараң қалды, әнеки,
Асулы қазан, жағулы от,
Жиған жүгі шашылып.
Мұның бәрін сендерге,
Айтады Бақаң ашынып!
Ел сиынған екі би,
Тоқтат мына кеселді.
Телі тентек жүрмек пе,
Басып, жаншып осы елді?
Жан қысылған шақтарда,
Шарапатын көрмесек,
Не ғыламыз шешенді,
Ділмарсыған көсемді?
Аталы сөз аузымда:
"Мың асқанға бір тосқан",
"Ақтаған тары таусылар",
Ашындырса ол елді,
Ақиған көзі алайып,
Жұмылар да ашылар.
Қаһарға мінсе қалың ел,
Әуселесі басылар.
Күндердің күні болғанда,
Ойрандалып ордасы,
От, ошағы шашылар!
УӘЙІС ЕДІ КӨКТЕМІ
Тасқа қына біткені,
Қорек алып өскені.
Жерден кісі кеткені,
Түтінінің өшкені.
Ағайын тату болмаса,
Берекенің кеткені.
Астық бітік шықпаса,
Тұқымның зая кеткені.
Жылуы кетсе киімнен,
Тозығының жеткені.
Жақсы ырымға жатпайды,
Өз атыңның тепкені.
Асыраған ит қапса,
Әбүйірің кеткені.
Жаман болса алғаның,
Өміріңнің өткені.
Су азайса өзеннен,
Көбейе берер өткелі.
Арамға жуық болсаңыз,
Жүрерсің елден шеткері.
Берекесіз ауылдың,
Көбірек келер бектері.
Татымы жоқ ас ішсең,
Ауырудың жеткені.
Табансызға тап болсаң,
Боларсың күнде өкпелі.
Еккенің ерте сарғайса,
Судан құрып кепкені.
Көрінгенге сенгіштік,
Ажалға басты тіккені.
Қонатұғын жер жоқта,
Қиналып өмір шеккені.
Аса биік таулардың,
Сулы келер бөктері.
Өресі төмен адамның,
Қиын соғар өктемі.
Есепсіз біткен мүліктің,
Ерте келер күткені.
Қайығаны інгеннің,
Бураның дұрыс шөккені.
Сырқаттың сыртқа шыққаны,
Қызарып дене бөрткені.
Ұрғашының бақыты,
Соңынан бөбек ерткені.
Қылығың жақса маңайға,
Сұлудың сені өпкені.
Жарасады әйелге,
Көздің жасын төккені.
Үш арысқа ырзамын,
Қасиетті тектері.
Ұрпақтары тең түскен,
Дуалы сыр шерткені.
Бүгінгі заман жұмбақ қой,
Аумалы және төкпелі.
Алаштың қысы мен болсам,
Уәйіс еді көктемі.
УӘЙІС
Жан баласын күндемес,
Періште ол үндемес.
Жақсы жағын асыралы,
Көтеріп күнде бір белес.
ӘУЕСПІЗ УӘЙІСТІҢ ӘН-КҮЙІНЕ
Әуеспіз Уәйістің ән-күйіне,
Тараттық тарақтыға көп сүйіне.
Келер деп күтіп сені жатыр едім,
Мүддаға кінә қойма бұл күйіме.
Біздің жай көріп тұрсың шөлменен тең,
Сарқылған суы ортайып көлменен тең.
Есің барда елің тап, шырақтарым,
Жортқанға жол табылар дүние кең.
САЛАМЫН ӘН САЛ ДЕСЕҢ БҮЛКІЛДЕТІП
Саламын ән сал десең, бүлкілдетіп,
Өлеңге өзім түгіл жұртым жетік.
Арғынның созып салған әні құрсын,
Кісідей биыл келген былтыр кетіп.
МЕН БОЛДЫМ СӨЙЛЕР СӨЗГЕ ШАПҚАН ЖОРҒА
Мен болдым сөйлер сөзге шапқан жорға,
Дәулет жоқ сөзден өзге біздің қолда.
Ақынды кей кездерде жасытады.
Бірі деп қайыршының қожа, молда.
Жүрсем де ортасында төре, бидің,
Көз жұмып қарағам жоқ он, мен солға,
Жарлының жоғын жоқтап, сөзін сөйлеп,
Түсем деп ойлағам жоқ темір торға.
МЕН БЕ ЕДІМ ҮП-ӘУЛИЕ ЖЕК КӨРГЕНІҢ?
Мен бе едім Үп-әулие жек көргенің,
Бөркім бе басымдағы көп көргенің?
Құдайдай қуат берген екі қолым,
Кәнеки, тап бергенде, ап бергенің?!
ТАРЛАННЫҢ ТАЛАЙЫМЕН ЖАРЫСТЫМ ДА
Тарланның талайымен жарыстым да,
Мықтының не бірімен шалыстым да.
Дес бермей ел намысын есте ұстап,
Байшыкеш Бәйімбетпен қағыстым да.
Түзелген ел іргесін көрсем-ау деп,
Не сөзге болыс, бимен барыстым да.
Дариғай, мен аңсаған күнге жетсе,
Арманы болмас деймін,
Алты алаш, исі қазақ - арыстың да!
ЖАМАН ӘЙЕЛ ТУРАЛЫ
Ер жігіт Дарабоздай қатын алса,
Не керек қатын деген атын алса.
Жігіттің маңдайының соры дағы,
Ол байғұс мандытпаса, отын алса.
Тұзды қанша саларын біле алмастан,
Тамағы таңдайына татымаса.
Сары майын көгертіп, етін ит жеп,
Құрттатса, сүзбе жиып қатық алса.
Ері мейман шақырып отырғанда,
Баласын ұрып-соғып шатынаса.
Мұның не деп күйеуі кінәласа,
Долданып, ашуланып жатып алса.
Мұндай әйел алғаннан ер жігітке
Жүрдек есек жақсы ғой сатып алса.
Жумастан ыдыстарын жия салса,
Жинамай төсек орнын үйе салса.
Көйлегі мен дамбалы жырым-жырым,
Ерініп жамамастан түйе салса.
Айында бір рет те кірін жумай,
Киімді парықтамай кие салса.
Алды-артына қарамай үй айнала,
Жалп етіп отыра қап сие салса.
Меншіктеп оны әйелім демей-ақ қой,
Жаратқан жақсы емес пе иесі алса.
НҮСІПБЕК ТУҒАНДА
Бұдан бұрын "Жөйттен",
Туған еді Байқұлақ.
Ақын болып арындап
Құлашты кең жайдым-ақ.
Өліп қалып Байқұлақ,
Көзді жаспен шайдым-ақ.
Кедей ғыпты құдайым,
Жарата салмай бай ғып-ақ.
Аттың орнын тай басып,
Бір ұл туса Мәйкеден
Осы күнгі арманым,
Көкіректегі қайтым-ақ.
Орындалды арманым,
Түгенделді мал-жаным.
Біліп едім Мәйкештің,
Жүкті болып қалтаның.
Пенденікі асылық,
Дегені болар Алланың
Баласына қойыпты,
Жақып атын Жүсіп деп.
Қожадан шыққан ақын ед,
Шайхысламұлы Жүсіпбек,
Ат қояр күні қожаның
Аты есіме түсіп көп.
Балама мен де ат қойдым.
Болсын деп аты Жүсіпбек
Не болар екен кейінде
Мәйкештен туған Нүсіпбек?!
МӘЙКЕ ТУРАЛЫ
Әр іске Мәйке батыл ғой,
Атағы мұның жатыр ғой.
Ғалименен алысқан,
Жәнәбілдей батыр ғой.
Торғайдан бұлбұл тумаған,
Есектен дүлдүл тумаған.
Бақтыбаймен айтысқан
Мәйке сұлу ақын ғой.
Алып туар енеден,
Ат туады биеден,
Сұрағаның дұрыс қой,
Сынағаның мақұл ғой,
Сіз деген сөзден, Меңдібай,
Сен деген сөзім жақын ғой.
Ежелден сенің ақынға,
Құрдастығың батыл ғой.
НЕ АЙТАСЫЗ, ЕСЕКЕ?
Ассалаумалейкум, Есімбек,
Не айтасыз, Есеке?
Шақырыпсыз келсін деп.
Шақырған әлде боларсыз,
Қазы-қарта жесін деп.
Келгеннен алдың тыншымды,
Жоғары шық, шешін деп.
Үлкен ем сізден бір-ақ жас,
Тұрсың ба құрдас болсын деп.
Белгілі құрдас бес жас деп,
Ел айтар құрдас десін деп.
Құрдас болсам болайын,
Тұрғам жоқ қой жасым кеп.
Өлең-жырға мақтанып,
Мен емеспін есірмек.
Құрдас түгіл басқаға,
Өлең-жырым шешілмек.
Арқасында қызыл тіл,
Нәсіпті жүрмін теріп-жеп.
Әзіл айтам аз ғана,
Бибісалма жұбайың,
Артық сөз болса кешірмек.
СЕНІМ ЖОҚ БҰЛ ЗАМАННЫҢ АДАМЫНА
Мырзада Қабан өткен - Қабылиса,
Атақты ақын болған санақтағы.
Белгілі андастағы Қарынбай би,
Аузына жалайырды қаратқаны.
Күшіктен шыққан екен Жолбарыс би,
Танбаған айтқан сөзден шәрәттағы.
Өтіпті Дарабоздай бәйбіше де
Айырған талай жанды азаптағы.
Қазіргі ел жақсысы парақор боп,
Халқына аузын ашып жалақтады.
Сенім жоқ бұл заманның адамына,
Лайықтап адам туар заманына.
Қолдан келсе ниеті бірін-бірі,
Басып-жаншу талқандап табанына.
АРҚАЛАП ДОМБЫРАМДЫ САҒЫМ ҚУДЫМ
Туыппын өзім туған Текеліде,
Ежелгі ата-бабам мекенінде.
Асырау қатын-бала қамыменен,
Кетіппін көрінгеннің жетегінде.
Домбырамды арқалап жан қалталап,
Осылай дүниеден өтемін бе?
Жасымды үлкен ғой деп бескеш қылман,
Ешкі мен сақалы бар текенің де.
Алдымда алпыс - жетпіс үлкен бел тұр,
Сексенге сонау тұрған жетемін бе?
Жазу-сызу дегеннен хабарым жоқ,
Өлеңді көрге сүйреп кетемін бе?
Бір сөзім кітап болып шықпаған соң,
Арманды сөзіме арқау етемін де.
Армансыз пенде болмас деген рас,
Мен дағы сол арманменен өтемін де.
Кейбіреу жаттап алған айтып жүрер,
Бақтыбай айтыпты деп өтерінде.
Өткен ғой Сүйекең мен Қабекең де,
Оларға қарасам мен жабы екем де.
Алды-артымды тексеріп енді білдім,
Өзімде түзелмес мін бар екен де.
Арқалап домбырамды сағым қуған,
Желқобыз желге мінген жан екем де.
Сәлем бере сан бардым жылу сұрап,
Ел басшысы Төрекең мен Қарекеңе.
Алды-артымды ойламай зымыраппын,
Тамақ тауып беруге жанекеңе.
Байлардың ыңғайына қарай шауып,
Жалпақ қағып ақшекең мен малекеңе.
Қазанға жететұғын қолымда жоқ,
Кедейлік әрнәрсеге зар екен де.
Жаздырып өлеңімді бір жібер деп,
Аман мен тапсырармын Қарекеңе.
KІM ҚАЛАР?
Жасымда жетім болып безіп кеттім,
Қаңғырып айдаланы кезіп кеттім.
Түсімде Қабекеңнен өлең алып,
Қызырға бай қылатын кезікпеппін.
Ауызданбай үш күндей жатып алып,
Анамның құрсағынан безіп кеппін.
Болса да бойым қысқа, денем мықыр,
Жалғанның қиынына төзіп кеппін.
Халыққа алдаушының бірі болмай,
Өлеңнің мәт тәштитін ежіктеппін.
Кісі өлсе дауыс жазып, мақтап, жаттап,
Жалғанның құрт-малтасын езіп кеппін.
Дейді екен ұсталардан дат қалады,
Дейді екен жазып кеткен хат қалады.
Дейді екен өлгеннен соң қабірінде,
Саудырап сүйегің мен жақ қалады.
Дейді екен мирас болып ұлың қалар,
Дейді екен бұйырмаған пұлың қалар.
Адамға ажал тағдыр жақын келсе,
Қызықты қызықдүние қырын қалар.
Бауырың дос-жараның, туғандарың,
Ұл-қызың, аға-жеңгең, інің қалар.
Ақынмын, ел ақтаған бақсы емеспін,
Адасып айдалада жыным қалар.
Хат білмеген ақынның арманы да,
Сөзімді жаза алмаған мұңым қалар.
Мен онша байлар құсап қиналмаспын,
Малым жоқ, жасау, жамбым кімім қалар?
Басыма белгі тұрса болады да,
Демеймін көк шатырлы үйім қалар.
Қиыны жататұғын тар лақатта,
Сайраған құмар бұлбұл тілім қалар.
ДОС-ЖАРДЫҢ БАТА, ДҰҒАСЫ
Ағуз-зи-биллә сөздің анасы,
Бісміллә сөздің сарасы,
Осылай деп айтады,
Құранның отыз парасы.
Қымбатын мұның қарашы,
Жақсы менен жаманның,
Жер менен көктей арасы.
Әйелдің күні немене,
Бетінде болса қарасы.
Қабыл өткен әуелі,
Адамның үлкен баласы.
Бірге туған егізін
Аламын деген таласы.
Ағайын араз болады,
Азғырса шайтан ханнасы.
Береке тұрар бірлікте
Ауыздың жаман аласы.
Ауылда болса бір жақсы,
Жүрмейді жаттың жал асы.
Адуан ердің баласы,
Жетпеген кімге құлашы?
Бес атата келеді
Үзілмей ата мұрасы.
Жалайыр асқан Ақылбай,
Мырзадан Ноян құдасы.
Өлікке сауап болады,
Дос-жардың бата, дұғасы.
Інісі Бижан бел құдаң,
Адамның халал жуасы.
Сәмбеттің ұлы Беделбай,
Жоталы еді қайының.
Баладан, байдан айырылып,
Жалғыз отыр үйінде
Сорлы болған зайыбың.
Жыламай адам тұра ма,
Ah дүние пенделік,
Расулымыз өткен соң,
Біздер қайтіп көнбелік.
Көнбес көпір болады,
Дүниеге сенбелік.
Парасат майдан болғанда,
Тас таразы құрады.
Жақсы-жаман, бай-жарлы,
Азды көпке теңгеріп.
Жарамайды тірлікте,
Пақырды байдан кем көріп.
Асыраған бір Алла
Баршасына жем беріп.
Жесірдің күні немене,
Өтеді күн сенделіп.
Байлы қатын жүреді,
Қайғым жоқ деп белденіп.
Қайтып адам боламыз,
Біз бишара жөнделіп.
Біссіміллә сөздің басына,
Ағайын келді қасыма.
Бір күнгідей болмаған,
Дүние деген осы ма?
Көңілден қайғы босатсам,
Келе ме көздің жасына.
Жыламай қайтіп шыдайын,
Кешегі өткен Асылға.
Асылым түсті қолымнан,
Қанатым сынды оңынан.
Құдай қосқан жайсаңым,
Адастырды жолымнан.
ЕКЕУ ЕДІ ҚАЙЫНЫҢ
Екеу еді қайының,
Ерасыл атаң тірі еді.
Шуақбай атаң о да өтті,
Көкайыл ердің бірі еді.
Жау келгенде қаймықпай,
Қарсы алдында тұр еді.
Орақтыға сыйынып,
Дос бермей жауға жүр еді.
Асып туған ардагер,
Елінің тіккен туы еді.
Сүлеймен патша о да өтті,
...Төрт түлікке малынып,
Дәулетке қанша тойса да,
Өлмейді адам жарылып,
Аспанға ұшты атпенен,
Бір бала үшін зарығып,
Құдай бермей бір бала,
Өтті өмірі тарығып.
Бір құдай ердің панасы-ай,
Жақсы аттан жығылса,
Жаманның қанар табасы-ай!
Жақсы менен жаманның
Жер мен көктей арасы-ай!
Береке тұрар бірлікте,
Ауыздың жаман аласы-ай!
Елдің бәрін жек көрер,
Жаман болса санасы-ай.
Өмірәлі құдамыз,
Мәулімбайдың баласы-ай.
Бірге жүріп, бірге өскен,
Жақын еді арасы-ай.
Күшіктен шыққан Мәулімбай,
Өлеңге дарын данасы-ай.
Ысқақтан біз де айырылдық,
Бітпейді іштің жарасы-ай.
Дүниенің білдім жалғанын,
Таусылмас ойда арманың.
Көтермеске ылаж жоқ,
Алланың өзі салғанын!
АТАМЫЗ - АДАМ ПАЙҒАМБАР
Атамыз Адам пайғамбар,
Топырақтан жаралған.
Дін, мұсылман, халайық,
Сол ғазизден таралған.
Ұрлық пенен қарлықтан,
Өтірік, ғайбат, зорлықтан,
Бойыңды тартып, тек жүрсең,
Көрмессің деген залалды.
Белгісі деген пейіштің,
Жазғы соққан самалды,
Тәрігі деген тамұғы,
Қысы суық амалды.
Ауыл малы бұралқы,
Ақылы жоқ жаманға.
Атасын алдар баласы,
Жақсылықтан наным жоқ,
Жаманшылық асқан заманда.
Мақажандай ұл тумас,
Қайны болмас Қабан да.
Балам бар деп мас болма,
Өзінде болса аяңда.
Болмағанның бәрі сол,
Ерлі-зайып аранда,
Малынан зекет бермеген.
Аузына құдай кірмеген.
Алақандай Ай мен Күн,
Ғаламның орта жарығы,
Қыбылаға бас қоймақ.
Мұсылманның тарығы,
Ораза, намаз қаза қылмасаң,
Көңілінде құдай барлығы,
Жаяулық пен жалғыздық,
Жалғанда жаман тарлығы.
Түшіркеген ұйқы жоқ,
Қайғының асқан зарлығы.
Қолыңнан құсыңды қашырсаң,
Қайтып қонбас қолыңа.
Ісің түссе жаманға,
Жағаңнан алар сорыңа.
Құдіреттің жарлығы-ай.
Биттей нәрсе қалсашы,
Бұрынғы жаннан ырымға,
Пәреқорлар қызығар,
Бестиындық пұлыңа.
Нар түйенің жақсысы,
Бауыры сүтті маясы,
Тайып кетсе аяғың,
Дұшпанның қанар табасы.
Алла-ағұлам осылай шығар расы,
Сен демек қиын емес пе,
Бұрынғы туған үлкенге,
Ақылыңды берсең азбайсың,
Епті туған елінде.
Мал дүниенің жарығы,
Жаратып шырай көргенің,
Қызықпағын бес күнге.
Жорға мініп теңселіп,
Торқа киіп белсеніп,
Дүниенің солай алдауы.
АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ, БОЛЫС-БИІМ!
(толғау)
Ассалаумағалейкум, болыс - биім,
Бұл жерде барлығыңыз бопсыз жиын.
Дәм татып, кеңес құрып отырсыздар,
Көрдіңдер Жәкең берген құрмет сыйын.
Бұл кім деп мен келгенде күңкіл еттің,
Сыйыспай сығыстырып Жәкең үйін.
Болдыңдар бұрын адам көрмегендей.
Көріп пең адам көріп мұнан бұрын.
Отырсыздар бұл жерде болып думан
Мен емес мұндай жерде тілді буған.
Кетейін өз жөнімді түсіндіріп,
Сіздердің туысыңмын бірге туған.
Сиыршы, Бәйшегір мен Арықтыным
Балғалы, Қайшылы мен жарықтығым.
Ағайынды адамбыз, бес атамыз,
Қабылиса, Ескелді менің пірім.
Сиыршының шын аты - Байыгөбен,
Солардан өсіп-өнген мен бір өрен.
Төменгі Қамаудағы туыстарға,
Бақтыбай ақын едім іздеп келген.
Байызақ Мәмбет еді Абақтағы Ескелді,
Балпық еді Тарақтағы Бар еді
Жақсымбетте Асан-Сиық.
Осылар кембағалды жылатпады.
Асанда Қаблиса деген өтті,
Жемітті өл-өлгенше ұнатпады.
Ескелді, Балпық, Сыйық, Қаблиса
Жарлыны жарға итеріп құлатпады.
Андаста аты шыққан Қарынбай би,
Бәлені маңайына жолатпады.
Солардай әзілетті болмадыңдар,
Адамың қол астында жырақтады.
Аға сұлтан, болыс - би атқа мінер,
Бұлар тұрса халыққа таң атпады.
Осылардан құтылар күн бар ма деп,
Жарлы, жалшы жалақтап, алақтады.
Қайтеді сөзін тыңдар адам бар ма,
Ләжі жоқ сендерді де сан ақтады.
Елді жеп еңіреткен үстем таптың,
Алдына тартылса екен табақтары.
Кәнеки, елді жеген жалмауыздар,
Қанға тойған қасқырдай жалақтады.
Жылаған күні туып халықтардың,
Ашылып басындағы тұмандары,
Қай уақытта көтерілер қабақтары?!
Бақтыбай Жәлмендіге қарап, жырын одан әрі жалғастырады.
Естуім бар, көргем жоқ Қамау жайын,
Мылтықтың сүмбесіндей Жамаубайың.
Екпе терек секілді би Жәлменде,
Қодастың бұқасындай Балтабайың.
Адамға жетім-жесір қарасаңыз,
Айтуға бұл өлеңді шаршамаймын.
Нашарды одан әрі кемітсеңдер,
Сіздерге өлең айтпай шалқалаймын.
Осында отырсыздар болыс пен би,
Құрметтеп үй иесі етеді сый.
Кәнеки, әзілетпен жүргендерің,
Қарап тұр өздеріңе бірқатар үй.
Ел билеп өмір сүрем дегендерің,
Жылатып нашарларды жегенді тый!
Бақтыбай енді бір сәт Айтқұл мен Тоқай деген адамдарға қарайды. Онан соң одан әрмен төгілдіре жөнеледі.
Арықтыным қарап тұр,
Айткүл мен Тоқайға.
Зарқом нашар келгенде,
Көмек бермей қақайма.
Ел биледім аз күн деп,
Қуаныш қып қоқайма.
Халықпенен адамсың,
Жалғыз жүріп шошайма.
Жалғыз адам жол таппас,
Жемқор көпке жасай ма?
Елді жедің, еңіреттің,
Алудан қолың босай ма?
Аздап жеуді көбейтіп,
Ақшаны артып жөнелтіп,
Аумағымен қопарма.
Балтабай мен Жамаубай,
Жайладыңдар Қамауды-ай.
Көкті тіреп тұрсыңдар,
Сендерден өтер санаулы-ай.
Шариғат жолын қусаң да,
Қоймадыңдар қанауды-ай.
Ылғи жақсы отырсың,
Жақсылайын жамандай.
Жарлы байғұс зар айтса,
Естімейсің сараңдай.
Жетім-жесір зар болды,
Алдарыңа бара алмай.
Кемшілік мұңын айтуға,
Аузыңнан сөз ала алмай.
Кедейді көрсең түршіктің,
Жемейтұғын арамдай.
Осы жүрген жақсылар,
Тура жүрсең қайтеді,
Табанға тікен қадамай.
Бай мен болыс бір жақсын,
Қалады кедей саналмай.
Бір күні жарлы теңелер,
Тұрамын деп тұрмысың,
Өңкей жақсы табандай.
Жарлы адамды көресің,
Шағатұғын шаяндай.
Жарлы-жаршы ел үшін,
Сөйлейін енді аянбай.
Шығар күн бізде бар ма екен,
Торыңа сенін қамалмай.
Осы беттен қайтпасаң,
Жарлы жаққа тартпасаң,
Тартарсың бір күн жазаңды-ай!
Жырдың осы тұсына келгенде Балтабай деген би:
– Ей, байғұс бала, бірдеме өнеме деп келіп тұрып, жақсылаудың орнына жамандап барасың ғой, - дейді. Бақтыбай оған тосылмайды.
Әлеке мен Амандап,
Ат мінемін шабандап.
Турасын айтып отырмын,
Не ғылайын жамандап.
Бір күні таяр бастан бақ,
Тұрмассыңдар табандап.
Жамандық келмес бір күнде,
Асықпай жетер аяңдап.
Асылғаныңды білмессің,
Екі аяғың салаңдап.
Күніміз туса жоқ болдың,
Көрінбессің қараңдап.
Өзіңе-өзің ор қазып,
Жығыларсың арандап.
Сол шұқырдан шыға алмай
Қысыларсың алаңдап.
Сорасы ағар көзіңнің,
Бетіңді жуып тарамдап.
Ең болмаса алмадың,
Терлеп-тепшіп адалдап.
Ақырында көрерсің,
Жылатып нашарды алғаның,
Өкпеден оқ болып қадалмақ.
Бақтыбай бір жөткерініп қойып өзімен бірге барған Қарекеге қарап, тағы да жосылта жөнелді.
Қадірлі Жалайырға Қарекесің,
Бұлармен тең болуға бар екенсің.
Бұлардан сөзің де артық, өзің де артық,
Қашырмай отырсыз ғой берекесін...
Сонда Қареке қонақтап келгенін ишаралап:
– Әй, Бақтыбай Жақсымбеттегі Малтабар қарияның:
"Орынсыз сөз, порымсыз сөз,
Әнерсіз сөз, мәнерсіз сөз.
Сабыр еткін, Бақтыбай,
Әр нәрсенің уақыты бар.
Тасыған нәрсе төгілер,
Ескі нәрсе сөгілер" –
деп айтқаны бар емес пе?
"Қопандаймын шаппаймын,
Қомданғанмен ұшпаймын." –
дегені және бар, - деп ескертіп қояды. Сонда Бәйшегірдің Арықтыным билері:
– Бақтыбай жақсылауыңа да рахмет, жамандауыңа да рахмет. Жақсылауың көңілімізді ашты. Жамандауың бізге ой салды, елдің әруағын көтеріп, аман-сау жүре бер, айналайын, - деп жақсы сый атайды. Онан соң:
– Енді осынау жалпақ Жалайырдың ерлерімен шарапатты адамдарын аздап болса да жырлап бер, - деп қалқа тастайды.
Бақтыбай шырқай жөнеледі.
Сиыршы емес шын аты,
Сиыршының Байгөбен.
Бес баласы болыпты,
Байгөбен келген бәйгеден.
Жақсымбет пен Сырымбет,
Тоқымбет пен Жолымбет,
Ең кенжесі Шәлімбет,
Бес бет болып сай келген.
Әлде қалай олжа алса,
Бәрінен жолы үлкен деп,
Жақсымбетке ал деген.
Асан-Сыйык атамыз,
Кеткен екен ғайып боп.
Көп сөйледім халайық,
Кетпесін сөзім айып боп.
Қаракерей елінде,
Датдыл өзен белінде,
Қонып кеткен шайық боп.
Бұл атама сыйынған,
Тілек тілеп қиылған,
Далада қалмас ғарып боп.
Жақсымбеттен шығыпты
Құлқақ мерген тағы да.
Мәтішұлы Төлепті
Бәрі қатар замандас,
Балғалыда Бөлек-ті.
Жақсымбеттің бір табы Кәумен,
Топай ішінен, Малтабар,
Құлжан батыр бар.
Айтайын тағы керек пе?
Малтабардың баласы
Жасөспірім Есімбек,
Оқымай хат таныған,
Зейінді адам зеректі.
Өзі батыр, зор дене
Көтере алмас үлек те.
Әзілетті Ескелді,
Жетім-жесірді ескерді.
Әділдігі атамның
Барлығынан ерекше.
Ақын атам Қаблиса,
Өлең-жырға маманды.
Бір шумақ жырға сыйғызған,
Он сегіз мың ғаламды.
Алты мыңы адамзат,
Алты мыңы перизат,
Алты мыңы нәбәдат,
Он сегіз мың болған-ды.
Атама ақын сөз таппай,
Талай адам қамалды.
Талай сайыс топтарда,
Өлеңі болған самалды.
Мұндай жүйрік жоқ қой деп,
Теңдесі жоққа саналды.
Әрі әулие, әрі ақын,
Көріпкел деп тән алды.
Не дауа бар ажалға,
Ажарға ажал қарай ма,
Алды сондай адамды.
Ескелді атам есімін,
Білмейтін де шамалы.
Аш болмасын елім деп,
Қаздырған бар каналы.
Шымыр деген тоғанды,
Ескелді атам қаздырған,
Соған тиген табаны.
Сары Үйсін Сары биден де,
Асып түскен амалы.
Атамнан бұрын шығып ед,
Қазыбек би, Әйтеке,
Әлібек ұлы Төле де,
Болған елге өнеге.Ақылымен қалмақты,
Жиып алған төбеге.
Төле бидің ақылы,
Енді бізге келе ме?
Қалмақты алдап ақылмен,
Дақ салмаған денеге.
Қашырып елден қалмақты,
Өзіне салып салмақты,
Жолатпаған сөреге.
Мың жеті жүз жиырма үш
Сол кездерде жыл еді.
Қатын-бала шуласып,
Төле өмірін тіледі.
Төленің айтқан сөзіне,
Қалмақтар қашып жөнеді.
Әнет баба сол жылы
Төбеде қалған Ер еді.
Ақылы артық Төле би,
Тілегін Алла береді.
Ескелді атам еді ғой,
Төле бидің жиені.
Бәтесін беріп тірлікте,
Би атамды сүйеді.
Би атам десе Төленің,
Жұмсарып кеткен сүйегі.
Би атамның бетіне
Талай тиген иегі.
Би атам бала кезінде
Төле би де тірі еді.
Қашан Төле өткенше,
Атамның болды тірегі.
Ұлы жүзде - Төле би,
Орта жүзде - Қазыбек,
Кіші жүзде - Әйтеке,
Халқына болған бұлар сый еді.
Қырғыздың Көкен биіне,
Бұл екеуін қарғыстап,
Хайуанат боп жүреді.
Ескелді, Балпық, Жолбарыс
Сыйық атам, Дарабоз,
Қасқарауда Өтеген,
Тигізген бұлар қолғабыс.
Домалақ енем шын аты,
Айтылады Жезбике.
Райымбек тағы да,
Басына бақ қонған іс.
Қаракерей Қабанбай,
Шапырашты Наурызбай,
Қалмақты қуған бұл жерден.
Мұның бәрі болған іс.
Төле бидің ақылы,
Үш жүздің барша батыры,
Қалмақтың басын жойған іс.
Ақылы ғой Төленің,
Білгенді айтып беремін.
Ақыл-айла болмаса,
Болмас еді оңған іс.
Артық туған Абылай
Өлтірген Қалмақ ханын-ай.
Қалден ханы өлген соң,
Ат қойған қалмақ жабыл-ай.
Абылайлап ат қойып,
Қалмақтың ішкен қанын-ай.
Қасқайып қарап тұрыпты,
Келіндер деп тағыда-ай.
Уәли Шора құсбегі
Қырғыздың шыққан табынан,
Ұлы жүзден зат-тегі.
Бұған мәлім құстардың,
Ұшып қайда түспегі.
Жерге түссем құс айтқан,
Уәли Шора алады.
Аспанда жүрсем ләж не,
Қанатым тағы талады.
Аспандап ұшып күшті еді,
Құдіреттің күші ғой,
Құстарға қайла істеді.
Қайда қонар, қайта ұшып,
Құстың ойын болжаған,
Уәли Шора құсбегі.
Кім қалады мәңгілік,
Оларды да ажал тістеді.
Ел біледі біраз күн,
Сиыршының Аманы,
Шертіп өтті дүниені.
Солай шығар заманы.
Істеп жүрген би болыс,
Жақсысы бар жаманы,
Өтті сөйтіп дүниеден,
Ажалға бар ма амалы?
Кіші жүздің табынан
Тіленшіұлы Жоламан,
Сарғалдақ пен Қоғыл би,
Сәбден де Жайнақ батырым.
Батасы жел болмаған.
Қасабай мен Солтанай,
Руы мырза-майасар,
Жау бар ма бұған жолаған?
Малтабар, Құлжан ол да өткен,
Жауды аямай тонаған.
Нелер батыр және өткен,
Қалмақты ұстап қамаған.
Сырымбет атам баласы
Өтенайда Сауранбай
Құлбең еді әкесі.
Ақмешітке орнаған
Есқожаұлы Төребай,
Жағалбайлы табынан,
Өлімге өзін зорлаған.
Күшіктен шыққан Мәулімбай,
Саяқбайдың баласы.
Өлеңді қардай бораған.
Қыдыралы ақын талапты,
Бұл да Мырза табынан.
Өлең-жырды торлаған.
Ақын атам Қабылиса
Өлең-жырға келгенде,
Асып кеткен арнадан.
Сиыршының бір табы
Сүгір атам тұқымы,
Жантасұлы Орынбай,
Болтай молда тағы да,
Орынбайұлы Ілебай,
Тәубекұлы Сағатбек,
Бұларға аруақ орнаған.
Бұтыбай батыр Ұлы жүз
Ысты деген табынан.
Кәкімбекұлы Сұраншы,
Шапырашты жағынан,
Жауды көрсе тұрмаған.
Қилыбайұлы Қожбанбет,
Суанның табы Ақшадан.
Тезек деген төренің,
Құлағын оймен бұраған.
Балталыда Шеруке,
Жалайырда шыққан қырғыздан,
Қобызын қосып бәйгеге,
Бірінші болып жол алған.
Әбдіұлы Бекбосын,
Баймұхамбетұлы Мақаш та,
Бәйшегірдің мықтысы.
Ақын менен Бобаған,
Бабайұлы Қошақан,
Саматұлы Қарталы,
Жалайырда - балғалы,
Елдің басын құраған.
Андастан шыққан Ботбайды,
Халқы айтып жоқтайды.
Шарапатты кісі екен,
Еш адам сөзін жықпайды.
Өнері асқан ұста екен,
Отты қолмен ұстайды.
Ел аузына ілінген,
Ботбай барда темір бар,
Еркеман барда көмір бар,
Ел болған соң шығады,
Нелер жетім жемір бар.
Ботбай айтқан соларға,
Таза жүрсең өмір бар.
Арамның адымы ұзамас,
Бір бұлғанса шыға алмас,
Асқынғанға аран бар.
Мырза елінің бір табы
Есенқабыл, Есенбай.
Бейсенбінің баласы
Жас батыр боп келеді,
Аппақтағы Бопауым.
Талапты боп келеді,
Мұны да жырға қосайын.
Жүйрік аттай ойқастап,
Бәйгенің алдын тосайын.
Көп сөйлеттің көпшілік,
Сіздерден қашан босайын?
Айта берсем тағы көп,
Естуге құлақ тоя ма?
Айтарсыз тағы-тағы деп,
Жақсымбеттің ішінде
Сәбденұлы Қареке.
Қареке атқа мінген соң
Еліне келді береке.
Жақсымбетке ұйтқы боп
Болмады елге келеке.
Ұлы жүз тұрмақ үш жүз де
Қареке сөзін тыңдады.
Өзі молда, шешен жа
Ақылмен елін жинады.
Әзілетті ақпейіл
Қарекені халық сыйлады.
Бірауыз сөзге беделді
Береке елге орнады.
Жетім-жесір, міскіннің,
Тілегін бермей қоймады.
Білімді ғалым молла алып,
Баласын елдің жинады.
Хат танытып оларға,
Сауатсыз оны қылмады.
Сөйткен бала адам боп,
Ұстағаны қалам боп,
Білімді болды ойдағы.
Жас та болса Қареке,
Елге болды қадірлі.
Сөзі елге ұнаған,
Және болды сабырлы.
Басшы болды халыққа,
Істемеді забырды.
Ақыл айтып тоқтатты,
Мінезі жаман адырды.
Елі тұрмақ Кәкеңді,
Басқа жұрт та таныды.
Жетімге жесір қарасып,
Тани білді тәңірді.
Жолаушы жүріп келгенше,
Шыдамай халқын сағынды.
Қадірлі болса халқына,
Адал болса салтына,
Сағынбай халқы неғылды.
Осы айтылған Қареке,
Менен өзі көп кіші.
Бала да болса қадірлі,
Құрметтейді ел іші.
Қарекемен жолдас боп,
Балқашқа келдік көп кісі.
Қареке десе Қареке,
Жанып тұрған өрт кісі.
Адамды ажал қоя ма,
Құтылуға бола ма?
Еркіне қойсаң пенденің,
Дүниеден келмес өткісі.
Жоғарыда айтылған
Мәтішұлы Төлепті,
Олардың жөні бөлек-ті.
Халқы үшін жаралған,
Айырымы ерекше.
Артынан ерген ел-жұрты,
Кәдімгі жетім көдекші.
Ақыл айтқан бәріне,
Ескелді атам бөлекше.
Қаблиса, Балпық би,
Халқына болған үлкен сый.
Ескелді, Балпық, Қарымбай,
Ортада Алтын Терекші.
Осы айтылған аталар,
Сырдарияның бойынан,
Қазалының ойынан,
Халқын қоймай жинаған.
Қараталдың бойына,
Текелінің ойына,
Қоныстанып тойлаған.
Ескелді атам бас болып,
Қалмасын деп аш болып,
Ол жағын да ойлаған.
Қаратал, Көксу арасын,
Ұлы жүздің баласын,
Жау қолына қоймаған.
Балпық атам, Қарымбай,
Ақылы асқан дарындай.
Қабылиса атамыз,
Еліне орын сайлаған.
Мыңбұлақ, Қойтас жотасын,
Иіскеп шөптің опасын,
Тайраңдап жайлау жайлаған.
Ұлы жүз болып бірігіп,
Ашылмай жігі кірігіп,
Абақ, Тарақ бір туған,
Жақсылық жаққа ұмтылған.
Ниеті жарық айнадай,
Атамыз Балпық, Ескелді,
Үш жүздің ұлын ескерді.
Бәрін бірдей тең ұстап,
Тастамаған жан адам.
Осылай халқым расы,
Бұрынғылардың мұрасы.
Өтірік деп осыны,
Айта алады қай надан?
Барлығы емес кей жерде би мен болыс,
Нашардың қабағына қарады ма?
Тұсында әрбір ханның бір сұрқылтай,
Жүреді ыңғайланып заманына.
Басына бір адамның бақ берерде,
Қарамас жақсы менен жаманына.
Болып өт боларында деген сөз бар,
Жақсылар нашарды еске санады ма?
Сөз білер, ойшыл нашар шыға қалса,
Би-болыс жеткізді ме талабына?
Өсірмек тұрмақ оны өшірді ғой,
Жақсылар тартты емес пе тамағына.
Біз көрмесек ұрпақтар көре жатар,
Нашардың да бір күні таңы атар,
Алатаудың бір шығар алабына.
Сөзінің соңын Бақаң жанына ерген құрдасы Меңлібайға қарап аяқтапты.
Қос атамның тұқымы,
Бекежанұлы Меңлібай.
Бір жылғы туған төл еді,
Демеңіздер бұл кім-ай.
Рұқсатсыз одан сөйледім,
Осы үйге келдім де-ай.
Сөйлесін деп Бақаңа,
Рұқсатын берді ме-ай.
Осындай өлең айтқанда,
Отырам ба сөз қылмай.
Осымен өлең тоқтасын,
Ұрсатын шығар Меңлібай,
Осымен халқым болдым-ай!
МАЛ ТАПСАҚ, ЖІП ТАППАДЫҚ ЖЕТЕЛЕРГЕ
Береміз біздер сәлем Жәкелерге,
Үй тапсақ, кірер ме едік кепелерге.
"Бірі кемнің - бәрі кем" дегендейін,
Мал тапсақ, жіп таппадық жетелерге.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру