Николай Бердяев. Өзін-өзі тану
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Николай Бердяев — «Николай Бердяев. Өзін-өзі тану». /uploads/f0785680-3ca9-50c0-a40c-38b38f216fc8/cover.png
/uploads/f0785680-3ca9-50c0-a40c-38b38f216fc8/cover.png
ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА
ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ
Философиялық өмірбаян тәжірибесі...
Н. БЕРДЯЕВ
(Аударған Ж. Мүтәліпов)
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Жалғыздық − негізгі тақырыптардың бірі болып саналады. Ал оның басқа жағы адамдық қарым-қатынастардың өзге жақтарын қамтитын тақырыпқа жатады. Жаттану мен ортақтық − бұлар адамзат баласы тіршілігіндегі ең бастылар, өйткені адамның бүкіл діни өмірі жаттық пен ортақтыққа тікелей байланысты болып келеді. Жаттық пен алыстықты қалай жеңуге болады? Мен өзімді обьективтік дүниенің бөлшегі ретінде жөне онда өз орнымды алатынымды сезініп те көргенім жоқ. Мен өзімнің "мендігімнің" ұясын болашақтағы объективті дүниеден тысқары сезіндім. Тек сыртта ғана мен бұл дүниемен қауыша алдым. Философиялық ойдың нәтижесінде кейіннен мен "объективтендірілген" деп аталған дүниедегі қалыптаспағандық жағдай менің дүниетанымының тереңдікке бой ұрған негізі болып табылды. Мен бала кезімнен-ақ қоршаған ортаға ұқсамайтын дүние арнасында өмір сүрдім, алайда мен өзімді қоршаған осы бір өмірге белсене қатынасып жүргендей жасанды қылықтарға жол бердім. Мен бұл дүниеден қорғандым, оның бостандығын сақтауға тырыстым. Мен "жеке тұлғаның" "жалғыздыққа" қарсы айбатын білдірушімін. Міне, сондықтан да атақ пен даңққа, күш көрсету мен жеңіске жетуге деген талпыныс мен үшін жат нәрсе. Мен бала кезімде өлеңдерге қарағанда романдар мен драмаларды өте көп оқыдым, ал бұл жағдай менің ерекше өмір қойнауында болу сезімімді одан әрі нығайта түсті. Мені қоршаған адамдарға қарағанда ұлы әдеби шығармалардың кейіпкерлері маған нақтырақ болып көрінді. Балалық шағымда офицерді бейнелейтін менің қуыршағым болды. Мен осы қуыршақтың бойынан өзіме ұнайтын қасиеттерді табуға талпындым. Әрине, бұл мифо-шығармашылық процесс болып табылады. "Соғыс пен бейбітшілікті" тым ерте кезде, яғни бала кезімде-ақ оқып шыққанмын және Андрей деп ат қойған қуыршағым менің санамда біртіндеп Андрей Болконскийдің бейнесіне ауысты. Сөйтіп, менің қиялымда орын алған оның бейнесі, маған нақты шындыққа жанасатындай болып көрінді, қалай болғанда да менің корпустағы жолдастарыммен салыстырғанда, бұл қиялым шынында да, нағыз ақиқат болатын. Менің бұл дүниедегі өмірім менің қиялымдағы ерекше өмірден мүлде басқаша болатын. Ең бірінші кезекте, мен қиялданудың бұл дүниеден басқа бір тылсым дүние құшағына өтудің жолдарының бірі екендігіне кәміл сенемін. Сөйтіп, сіз өз бойыңыздан басқа дүниенің бет-бейнесін тапқандай боласыз. Алайда, мен жақтырмайтын ортаның шындығы мен жалпы ақиқатқа деген сезімім тіпті әлсіреп те көрген емес. Менің обьективтік өмірдің жаттығынан гөрі, оның шындығын басымнан көп кешіруіме тура келді. Сондықтан да, мені тек қиялдану жағдайында ғана өмір сүрді деп айтуға да болмас. Менің дүниетанымымды романтизм деп атауды қалайтын болсаңыз, онда бүл енжар емес − белсенді романтизм, нәзік-қиялшыл романтизм емес − қатал-агрессивті романтизм. Мен тіпті өзімді қоршаған дүниені тым шынайы қабылдауға тырысқан сияқтымын, алайда ол меннен қашықтау болып шықты. Кейіннен, мен адам табиғатының экстериоризация мен жатсынуға ұшырайтындығы жайындағы саналы философиялық ойға келдім. Алайда, мен экстериоризация мен жатсынуға әруақытта да қарсылық көрсетіп отырдым, мен өз дүниемнің шеңберінен шықпай соның аясында ғана өмір сүруді қаладым. Мен өзімді "бұл өмірден" түлемеген және "бұл өмірге" икемделмеген жан есебінде сезінгендей болдым. Мен тіпті бұл дүниені қоныстанған адамдардан өзімді жоғары ұстау жайында бір сәт те болса ойланып та көрмеппін, керісінше өзімді олардан төменмін деп ойладым. Өз ортамның, кез келген топтың, кез келген бағыттың, кез келген партияның жаттығын сезінудің өзі менің жаныма қатты батты. Сондықтан да болар, өзімді адам өмірінің орташа жалпы жағдайына енген адам ретінде санамадым. Маған кей кездерде соншалықты қасірет әкелген дәл осындай жатсыну сезімі адамдармен қарым-қатынастарда да, өмірдің кез келген уақиғаларында да көрініс тауып отырды. Сөйтіп, өз бойымнан да көптеген жат нәрселерді таба бастадым. Шын мәнісінде, өмірге белсене араласқан кезімде-де өзімнің оған қатысты екенімді сезіне алмайтындай күй кештім. Алайда, жатсыну көңіл күйі мені немқұрайлылыққа алып келе алған жоқ, тіпті менің бойымда селқостық, немқұрайлылық қасиеттің өзі жоқтың қасы деп айтсам да қателеспейтін шығармын. Олай болса, мен енжар адамнан гөрі белсенді адамға жатамын. Бірақ та, мен өте аз әлеуметтендірілген адамның санатына қосыламын, ал өмірді түсіне білу жатынан алып қарастырғанда аса әлеуметтік адамға жатамын. Мінез-құлқым жағынан мен өз қорғанында отырған феодалға да ұқсайтын боламын. Сонымен қатар мен шынайы әлеуметтік адаммын, өйткені адамдардың қоғамын жақсы көремін және адамдармен тығыз қарым-қатынастарда болдым, әлеуметтік іс-әрекеттерге белсене араластым. Сондықтан да, менің сана-сезімім алшақтануды қаламайды, өйткені адамдармен жүздесу мені шабыттандырып, ой-өрісімнің өрісін одан әрі кеңейте түсті. Мен пікір таласына әрдайым бейімділік танытып отырдым. Дәл осы арада мен жайында жалған пікір туғызған қарама-қайшылық орын алып отырған сияқты. Олай дейтінім, өз жайымда айтылған пікірлердің жалғандығы мені соншалықты таң қалдырды. Сырттай қарағанда көбінесе басқаша болып көрінгеніммен де, мен шын мәнісінде мүлде басқа адаммын. Менің сыртқы көрінісім жәй ғана бет пердесі тәріздес, бұл − менің өз-өзімді, өзімнің жан-дүниемді қызғыштай қорғаштауым ғана. Тіпті жиналған адамдардың жиналыстарына белсенді түрде қатысып жүрген кездерімнің өзінде де менің соларға қаншалықты жат екенімді олардың кейбірі түсіне алды ма, түсіне алмады ма, анық айта да алмаймын. Менің тым байсалдылық танытып, шамадан тыс тұйық болуым, сірә, мен жайында қате пікірлердің туындауына себепкер болған да болуы керек. Мен өзімнің жалғыздығымды адамдар қауымының ортасында және олармен қарым-қатынас жасаған сәттерімде сезінетін жағдайға жеттім. Жалғыздық сезіміне бой алдырған адамдардың бойында пайымдаушылық қасиет мол болады және әлеуметтілікке бой ұра қоймайды. Бірақ та мен жалғыздықты әлеуметтілікпен өзара ұштастыра білдім (мұны табиғаттың әлеуметтендірілуімен шатастырып алуға болмайды). Менің басыма түскен бұл ауыр жағдай, барып тұрған жалғыздықтың нағыз өзі болып табылады. Әлеуметтік мәні бар мәселелер қазірдің өзінде де менің бойымда қызығушылық тудырып отырады. Сонымен қатар кез келген әлеуметтік тәртіп маған әрі алыс, әрі жат болып көрінеді. Мен жас кезімде марксистік үйірмелердің жұмысына белсене қатыстым, баяндамалар оқығым, айтыс-таластарға қатысып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздім. Алайда өзімді басқа бір дүниеден келген адамдай сезіндім және сол себепті де басқа дүниенің құшағына еніп отырдым. Мен тіпті ез жан-дүниемнің тұңғиығына терең бойлай да алмаған сияқтымын. Әлемдік орта маған жат болып көрінгендіктен, өзіме етене жақын ортаны құруға талпыныс жасадым, бірақ бұл әрекетім жемісті бола қоймады. Менің бойымда "қоғам қайраткерлерінен", беделді адамдардан, тіпті либералдық немесе социалистік пиғылдағы адамдардан ешқандай қасиет жұқпаған сияқты болып та көрінеді.
Менің ойымша, адамдардың екі түрі (типі) бар: оның алғашқысы − әлемдік ортамен өзара үйлесімдік жағдайында болатындар болса, ал екіншісі − өлемдік ортамен үйлесімділік таба алмайтын адамдар. Мен осылардың екінші түріне жатамын. "Өзім" мен "өзім еместің" арасындағы үйлесімсіздікті (дисгармонияны), өзімнің икемсіздігімді сезінудің өзі маған өте ауыр тиді. Өз басымның тұйықтығы мен шын мәнісіндегі жан-дүниемнің кендігін білдіре алмайтын сыртқы бейнем өзім жайындағы қате пікірлердің туындауына себепкер болды. Жас шағымда мені жақсы көретін адамдардың көпшілігі мені "құдайлар мен әйелдердің сүйіктісі"деп атаған еді. Әрине, бұл менің атыма айтылған мадақтау да болар, алайда бұл баға менің нақты тиімді көрсете алмайды. Өйткені, мұндай баға өзін бақытты сезінетін және ештеңе ойламайтын адамның типін білдірер еді, ал мен болсам қиын адамдардың типіне жатамын. Сондықтан да болар менің өмірім қиындықтарға да толы болып келеді. Жалғыздық пен қайғыға соншалықты беріліп кетушілік адамды бақытты ете алмайды. Жалғыздық дүние болмысын нақты қабылдай алмауға тікелей байланысты болып келеді. Ал дәл осы жағдай менің бүл жарық дүниеге келген кезімдегі ең алғашқы метафизикалық жан айғайым болды. Менің сана-сезімім оянған кезде, мен өзімнің үйренушіліктен соншалықты қашықтай түскенімді түсінгендей болдым. Алайда, әлемдік тіршіліктің де, адам өмірінің де басым бөлігі өзінің әдеттегі үйреніштілігімен сипатталады, оны Хайдагер das Man атаған. Кез келген адамдық тұрмыстың өзінен қашқақтай бастадым да, мен үйреншікті дүние құшағына енуге тырысып бақтым. Менің жарық дүниенің жаттығы мен онда өзіме лайықты орын алуымның мүмкін емес екендігін сезінуімнің басты себебі − намыс пен ар-ұжданның менің бойымда әлі де болса әлсіздік танытуынан да болар-ау деген де ойға келемін.
Өз басым селқос адам болмасам да, мен көп нәрселерге селқостық танытып отырдым. Адамдардың маған берген бағалары менің жан-дүниемді тереңдете жараламай, тек қана жоғарғы жағын ғана тырнағандай эсер қалдырады. Көптеген адамдар мені жақсы көрді, тіпті олар мені дәріптеп мақтан да тұтатын, алайда мені "қоғамдық пікір" де, ақсүйектік қоғам да тым жақсы көрді деп тағы да айта алмаймын. Тіпті марксисттер де, орыс зиялыларының көпшілігі де, академиялық философия мен ғылымның өкілдері де, әдебиетшілер қауымы да, шіркеу қызметкерлері де мені жақтырмайтындай болып көрінеді. Мен жағымпаздық пен коллаборацияға мүлде қабілетсіз адаммын. Мен қай уақытта болмасын оппозицияда және шиеленістің бел ортасында болдым. Мен дворян қоғамына да, революцияшыл интелегенцияға да, әдебиетшілер қауымына да, коммунизмге де, эмиграцияға да, француз қоғамына да қажет болғанда қарсы шығып отырдым. Ерекше атап өтетін бір жәйт, ер адамдарға қарағанда мені әйелдер жақсы көретін. Алайда, олардың бұл сүйіспеншілігі менің жастығыма көлеңке түсірді. Мен өз тағдырымды қызғыштай қорғадым және өзімнен күткен сенімді ақтай да алалмағандаймын. Мені өз адамдарының қатарыңа қосуға тырысқан барлық идеялық бағыттардың да үмітін де ойдағыдай жүзеге асыра алғаным жоқ. Мен ешкімнің де жақтас адамы болған емеспін, өйткені менің өзімдік бет-бейнем болды, сондықтан да мен өз идеяларымды қорғай алатын, қоғамда алатын өз орнынымды біліп, ақиқат жолына түсе алатын адамның санатына жатамын. Мұндай жағдай обьективтік дүниемен ажырасуға да алып келуі ғажап емес. Сонымен қатар қалыптасқан дәл осындай жағдайдың жағымсыз да жағы да болатындығы даусыз. Өйткені мұндай жағдай адамның өз-өзіне берілу қабілетінің әлсіздігін танытады. Мен бұл дүниеде өзімді бір нәрсеге немесе біреуге соншалықты берілгенімді ешуақытта сезініп те көрмеппін. Мен барлық жағдайларға бөгде адамдай сырттай тана бақылау жасаппын да, оларға тіпті қосылмаппын да. Мен ұлттық та, діни де, әлеуметтік те, эротикалық та қосылудың шаттығы мен экстазын (шабытын) сезініп көргенім жоқ, бірақ оның есесіне айрылысу мен қарсылықтың экстазын талай рет басымнан кешірдім. Мен тіпті ұжымымның жақсы болғанына қарамастан, оның ырқына соншалықты беріле де қоймаппын, өйткені олармен қосылуды көңілім қаламайды. Мені экстазға (шабытқа) бөлейтін тұрмыс жағдайы емес, бостандық. Осы айтылғандар менің философиялық дүниетанымымның типін айқындап та беретін болар. Бірақ, мені нағыз солипсисттің қатарына жатқызуға да болмайды және менің нақты шындықты өте жақсы сезіне алатындай қабілетім де бар. Оның басты себебі, бұл дүниенің құпияларының мені қашанда болмасын қызықтырып келгендігінен де болар. Мен тек қана жеке басымның тіршілігін күйттеуден аулақпын және өз-өзіме баға берумен де айналысып жүрген жоқпын. Бірақ еш нәрсе де менің жалғыздығымды жеңе алмайды. Ал сол жалғыздық дегеніңіздің өзі менің жаныма қатты батады. Кей сәттерде жалғыздықтың бойыңа қуаныш ұялатыны да бар, мұндай кезде өзіңді басқа дүниенің құшағынан жаныңды жадыратар өзіндік тылсым дүниеңе қайтадан оралғандай әсерге бөленесің. Ал бұл туған дүние менің өз басым емес, өйткені ол менің жан-дүниемде орналасқан. Менің осы айтқандарымды ұғыну оңайлыққа да соқпас. Тереңірек ойлана қарасам, менің өз-өзіме де жат болып көрінетін кездерім де аз болмайды, алайда менің бойымда жан-дүниеме етене жақын бір нәрсенің бар екендігіне ешбір күманданбаймын. Мүмкін, бұл өмірдің ең бір құпия жақтарының бірі болар. Оны Августин де, Паскаль да өз бастарынан кешірген болатын.
Бала кезімнен-ақ менің бойымда қабілеттілік сезімі өте күшті болатын. Мен өмірде нені таңдау керек және қандай жолмен жүру керек деген ойларға соншалықты беріле де қоймаппын. Неге екенін білмейсің, мен тіпті бала кезімнің өзінде-ақ өзімді философияға қабілеттімін деп санайтынмын. Алайда философиялық қабілеттілікті ол кезде басқаша түсінген сияқтымын. Мен ғылымның белгілі бір саласымен айналысып, диссертация жазамын, профессор боламын деп ойланып та көрмеппін. Өйткені өмірдің белгілі бір баспалдағына шығу жайындағы ойлар мені соншалықты мазаламаған болуы керек. Оның есесіне акедемиялық атаулыны ұната қоймадым. Мен мектептік жүйені айтпағанда ғалымдар сословиесін жеккөріп, шартты ғалымдықты ескішілдік деп санадым. Мені өзімді офицер мен шенеуніктің немесе отбасының отағасының орны түгіл, профессор мен академиктің орнына да, дәлірек айтсам өмірдегі кез келген рөлді атқарушының орнына қойып та көрмеппін. Дегенмен де, өзімді нағыз философ ретінде сезінген уақыттан бастап өзімді өмірін ақиқатты іздеу жолына сарп етіп, өмірдің мәнін тереңірек ұғынуға құлшыныс жасаған адамдай сезіне бастадым.. Философиялық еңбектерге мен бала кезімнен-ақ өте әуес болдым және үнемі оқымасам да ақылы жағынан ерте толысқан балалардың қатарына жататынмын. Мен он торт жасымда Шопенгауэрді, Кант пен Гегельді оқыдым. Менің әкемнің кітапханасынан Канттың "Критика чистого разума" мен Гегельдің "Философия духа" ("Энциклопедияның үшінші бөлімі") атты еңбектерін тауып алып, құныға оқыдым. Осылардың бәрі менің бойымда өзіндік субъективтің көзқарастың қалыптасуына ықпалын тигізді, ал мен оны объективтік дүниеге қарама-қарсы қойдым. Кей кездерде мен өзімді "объективтік" дүниенің құшағына енбеген адаммын деп те есептейтін кездерім болады. Әр адамның тек қана өзіне тән ерекше ішкі жан-дүниесі болады. Сондықтан да болар, бір адам бұл дүниені өзінше қабылдаса, ал екіншісі үшін ол дүние мүлде басқаша болып көрінеді. Бірақ та мен өзімнің "мендік" сезімімнің барлық шиеленістері мен сол "мендік" арнасындағы өзіме ғана тән дүниені жеткізуге қатты қиналамын, тіпті оны жеткізе алатындай соз де таба алмайтын сияқтымын. "Мен еместік" дүние маған әрқашанда қызық та болып көрінеді. Өз басым осы "мен еместік" дүниені ұғынуға талпыныс жасадым және оны "мендік" өз дүниемнің ішкі бөлігі ретінде қарастыруға тырыстым. Шын мәнісінде, мен Кант пен Гегельді өз бойымдағы ой әлемінің мән-мағынасын ашқанда ғана толық түсіне алдым. Мен объектіге шомылғаныммен де ештеңеге көзім жетпеді, ал субъектінің құшағына енудің арқасында бар нәрсені біліп алдым. Маған, мүмкін, дәл осы қасиеттерге ие болғандықтан да мені дұрыс түсінбейтін шығар деген ойда келеді. Ең бастысы, мен өз-өзімді ешуақытта да көрсете алмаған сияқтымын. Бұл жағдай менің мінезімнің тұйықтығыма да байланысты болар деп ойлаймын. Әрине, мен өз ойымды білдіре де алатын болармын, дәлірек айтсам жеткізе білуге тырысып-ақ баққан шығармын. Алайда, өз сезімімді толығымен жеткізе алмайтынымды мойындауым керек. Менің салқындығым, мүмкін оз басым мен ішкі жан-дүниемді қызғыштай қорғаштауым да болар. Менің өз ойымды еркін жеткізе білуіме қымсынушылық емес, ұялшақтық, тек қана ұялшақтық қана кедергі жасады. Басқа бір адаммен қарым-қатынас жасау да және онымен әңгімелесу де маған, әдетте, қиындыққа түсетін.
Маған одан гөрі көпшіліктің ортасында сөйлеу әлдеқайда жеңілірек болатын. Бір адаммен көзбе-көз кездескен уақытта менің жалғыздығым сезіліп қалатын да, дәл осы сәтте менің ұяңдығым өз күшіне енетін. Сондықтан да болар, маған сыршылдық қасиет тән еместей болып көрінетін. Алайда, менің ішкі жан-дүниемде сыртқа шығып үлгермеген сыршылдықтың (лириканың) бар екендігі ақиқат, тіпті өзімді барып тұрған нәзік сезімнің иесімін деп те айта аламын. Адамдармен кездескен уақытта мен өзімді салқын ұстаймын. А.Жид өзінің "Journal" атты шығармасында патетизмді ұнатпайтындығын және оның кейбір адамдардың бойынан көрініс табуы оны қатты назаландыратындығы жайында жазған болатын. Ал дәл осы жағдай менің басымда да бар. Өз басым сезім патетизмін онша жақтыра қоймаймын. Кей уақыттарда маған ешкімнің көмегі қажет емес сияқты болып көрінеді. Әрине, бұл жағдай метафизикалық және моральдық жағынан алғанда дұрыс та емес болар. Алайда, психологиялық жағынан алғанда бұл жағдай мені қатты толғандырады. Шын мәнісінде мен жақын адамдардың қажеттігін ұғына білдім және оларға қарыздармын деп айтсам да болады. "Мен еместік" дүниеге, әлеуметтік ортаға, өмірде кездескен түрлі адамдарға жасаған қарым-қатынастарымда мен ешқашан да белгілі бір жеңіс пен шоқтығы биік дәрежеге жетуді мақсат тұтпаппын. Сондықтан да болар, мен өмірдегі өз орнымды "мен еместік" дүниенің аясынан іздеп, оны ешқандай артықшылықтарсыз-ақ табуға тырыстым. Дәл осындай жағдайға қарамастан белгілі бір артықшылықтарға ие болуым өзімді де таң қалдырады. Мен тіпті белгілі бір мақсатқа жетуге тырысып та көрмеген адаммын. Адамдармен қарым-қатынастар жасаған кезде мен соншалықты шыдамдылық таныттым және оларды жазғыруға да пейілім болмады, алайда ол шыдымсыздықпен өзара үндестік тауып кеткен сияқты болып көрінеді. Дәл осы сәтте менің өмірдегі күресіме байланысты әңгіме көтеріле қалған жағдайда мен шыдамсыздық танытатынмын. Мені интериоризацияның жеткіліксіздігі, жан-дүниемнің қалыптасуына әлі де болса көңілімнің тола толмайтындығы қатты толғандыратын, сондықтан да экстериоризация да, сырттан болатын іс-әрекеттер де қажет деп санайтынмын. Сонымен қатар мен дәл осы сырттан болатын іс-әрекеттердің сәтсіздікке ұшырайтындығын да сезінетінмін. Мені ештеңе де қанағаттандырмайды, тіпті өзімнің айтқан сөздерім түгіл өзім жазған кітаптардың ешқайсына да көңілім толмайтын кездерім болады. Осы себептен де болар, менің бұл дүниедегі өз орнымды одан әрі орнықтыруға деген, жаза беруге деген, өз ойымның өрісін кеңейте түсуге деген талпынысым өте күшті болды. Егер жазушылық қабілетім мен мүмкіндігімді тұрақты түрде жүзеге асыра алмаған күнде қан тамырларым жарылып кететін сияқты болып көрінетін. Өзімнің шығармашылық жұмысыма байланысты ешқандай рефлексияны басымнан кешіріп те көрмеппін. Шығармашылық жұмыс барысында мен өзім жайында мүлде ойламаппын, тіпті өзімді қалай қабылдайтынына да соншама мән бермеппін. Бұл мәселе төңірегінде тағы да әңгіме болады. Ал егер сіздер менде ең жақын адамдардың болмағандығы, менің ешкімді де жақсы көрмегендігім және ешкімге де мәңгілік қарыздар еместігім жайында пікір айтып, өзіндік қорытынды жасаған болсаңыздар, көтеріліп отырған жалғыздық тақырыбының байыбына барған болар едіңіздер. Алайда, менің өмірім жалғыздықта өткен жоқ және өмірдегі жеткен жетістіктерім үшін өз-өзіме де қарыздармын. Осы айтылған ойлармен жалғыздықтың метафизикалық тақырыбы нақты шешіле де қалмас. Осы себептен де болар мен өзімді әлі де болса бақытты сезіне алмадым және эсхатологиялық үмітпен тығырықтан шығудың жолдарын іздестіре бастадым.
УАЙЫМ
Келесі басты тақырыптардың бірі − уайым тақырыбы. Уайым менің өмір бойғы серігім болды. Әрине, мұндай көңіл-күй өмірдің әртүрлі кезеңдеріне тығыз байланысты болды: өйткені бұл жағдай кейде барынша шиеленісіп, кейде әлсіреп отырады. Менің ойымша, қорқыныш пен зерігушілік және уайым араларындағы айырмашылықтарды айыра білуіміз қажет. Уайым бізден жоғары тұрған тылсым дүниеге бағытталған және уайым кезінде бұл дүниенің бұзылғандығы мен бекершілік, мағынасыздық сияқты келеңсіз көңіл-күй белең алады. Уайым ақыл-санамен түсініп білуге болмайтын трансцентальдық дүниеге бағытталған. Сонымен қатар ол трансцентальдылық пен менің арамдағы орын алған тұңғиықты да көрсетеді. Бұл дүниеге қарағанда транцентальдық уайым басқаша сипатта болып келетіндігіне қарамастан, ол транцентальдықтың алдындағы жалғыздық жайынан хабардар етеді.
Орын алған бұл жағдайға байланысты бұл дүниедегі менің өмірім мен трансцентальдық арасындағы шегіне жеткен шиеленістің дәл өзі болып табылады. Уайымның құдайшылдық сана-сезімді де оятатын қасиеті тағы бар. Уайым трансцентальдық пен болмыстың жоқтығы тұңғиығының аралығынан да табылады. Қорқыныш пен зерігушілік жоғарғы дүниеге емес, төменгі дүниеге бағытталған. Қорқыныш маған төменгі дүниеден төніп тұрған қауіп жайынан хабардар етсе, зерігушілік төменгі дүниенің бекершілігі пен маңызсыздығын және көргенсіздігін көрсетеді. Ал зерігушіліктен асқан қорқынышты да, үмітсіз нәрсе жоқ. Уайымда қалай болғанда да үміт оты болса, ал зерігушілікке үмітсіздік қана тән болып келеді. Зерігушілікті тек қана шығармашылық жұмыспен ғана жеңіп шығуға болады. Әрқашан да эмпирикалық қауіп-қатермен байланысатын қорқынышты эмпирикалық қауіптен гөрі болмыс пен болмыстың жоқтығымен, трансцендентпен байланысатын үрейден айыра білуіміз керек. Уайым мен үрейдің өзара ұқсастықтары да баршылық. Алайда, үрейдің адамға ерекше әсер ететіндігін жоққа шығаруға болмайды және оның бойында адамды таң қалдыратындай белгісіз бір қасиетте бар. Ал уайым болса өзінің жұмсақтығымен ерекшеленеді. Үрей тудырған күшті қайғырушылық көңіл-күй тіпті уайымнан айығуға себепкер де болатын көрінеді. Үрей қайғыға айналған кезде қатты аурулар созылмалы сипат алады. Ал мен болсам уайымды да, үрейді де басымнан қиналмай кешірсем де, қайғыға келгенде әлсіздік танытамын. Сондықтан да болар, мүмкіндігінше одан тезірек арылуға барынша тырысатынмын. Мен өзіме қатты әсер ететін нәрсеге шыдай алмаймын да, өйткені ол жайында қатты қайғыратынмын. Тургенев − негізінен уайымды суреттеудің шебері болса, ал Достоевский − үрейді суреттеудің шеберіне жатады. Үрей мәңгілікпен тығыз байланысты болады. Уайым лирикалық сарында болса, ал үрейдің драмалылығы басым болып келеді. Бір таң қаларлылығы, мен өз бойымдағы уайымды да, тіпті үрейді де жеңетін сияқты болып көрінетінмін де, ал қайғының құшағына беріле қалғандай бол сам, өзімді мүлде жоғалтып алатындай болып сезінетінмін. Мен үшін қайғы аяушылық сезіміммен тығыз байланысты болып келеді, сондықтан да менің жан-дүниемді билеп алар үстемдіктің салдарынан әрқашан да қорқатынмын. Осы себептен де болар, мен әрқашан да аяушылық пен қайғыға қарсы тосқауыл қоюға тырысып бақтым. Дәл осындай әрекетті жан дүниемді тебірентерлік нәрсеге де қолдануға тура келді. Мен, шынымды айтсам уайымға қарсы ешнәрсе істей алмадым, алайда ол мені жеке тұлға ретінде жоғалтып та жіберген жоқ. Бұрыннан қалыптасса да нақтыланбаған темпераменттердің классификациясы (жіктелуі) тұрғысынан алып қарастырғанда менің бойымда бір-біріне қарама-қарсы екі типтің белгілері бар. Мен әрі сангвиник, әрі меланхоликпін. Мүмкін, менің бойымдағы сангвиндік темпераменттің белгілері бірден көзге шалынатын да болар, өйткені мен барлық нәрсеге де жылдам реакция жасаймын және қызбалыққа да тез арада берілемін. Дегенмен де, менің бойымда темпераменттің меланхоликтік белгілері де басымдылық танытып отырады. Мен сырттай қарағанда көңілді көрініп, қаншама күлімсірегеніммен де, шын мәнісінде қайғыратынмын, тіпті пессимистік көңіл-күйдің ықпалынан да шыға алмайтынмын. Менің мінез-құлқымда пессимистік элементтер баршылық. Бір ғажабы, өзімнің рухани жағынан қалыптасуымда Інжілден гөрі, Шопенгауэр философиясының әсерін көбірек сезіндім. Оның ұзақ уақытқа созылған салдарлары да болды. Маған жаратылыстың мейірімін қабылдай салу оңайлыққа соққан жоқ. Оның екінші жағы адам шығармашылығына табыну болды. Таңқаларлық бір жағдай, жалпы бақытты минуттар жайында айтуға болатын болса, менің өмірдегі бақытты сәттеріме деген сағынышым өте күшті болды. Мен қуанышты да, бақытты сәттерден әрқашанда қорқатынмын және әсіресе, дәл осы минуттарда өмірдің азапқа толы екендігін есіме алуға тырысатынмын. Тіпті ұлы мейрамдардың кезінде де қайғы құшағына берілетінмін, өйткені мен керемет бір өзгерістерді тағатсыздана күтетін едім, ал олар болса болмады. Бір қиындығы сол, кейбіреулер сияқты мен уайым, күдер үзу, күмәндану, қайғыру сияқты көңіл-күйді асқақтатып көрсете де алмадым. Олай болатыны, мен көп жағдайларда мұндай көңіл-күйлерді кемістік деп санайтынмын.
Жастықтың да уайымы бар. Менің жас шағымдағы уайымым есейген кезімдегіден әлдеқайда күшті болды. Ал ол уайым өзіңнің күш-жігеріңді орынды қолдана білмегендіктен және өзіңе деген сенімсіздіктен туындайтын болар. Жас кезінде өмірдің думанды да, мәнді өтетініне және оның небір керемет қызықты уақиғалар мен кездесулерге толы болатынына күманданбайсың да. Алайда, осы бір үміт пен нақты өмірдің арасында сәйкессіздіктің бар екендігін жасырып қалуға тағы болмайды, өйткені өмір түңіліске де, реніш пен қайғыға да толы болып келеді. Уайым адамның әлсіздік танытуынан, оның күш-қуатының жеткіліксіздігінен туындайды деген сыңаржақ пікірге қосылмаймын, өйткені уайым адамның күш-қуатының артуынан да туындай береді. Өмірдің қысылтаяң кездері де уайым сәттерін тудырып отырады. Менің ойымша, жас кезінде ойдан гөрі сағынышқа көбірек берілетін сияқтысың. Алайда, мұндай көңіл-күй әр адамда әрқилы жағдайда өтеді. Менің өз басыма әсіресе уайым сәттері тән болып келеді. Бір қызығы, кейбіреулер өздерін қуанышты санайтын сәттерінде мен уайымға берілетінмін. Дәл осы бір сәттің қуанышы мен азабының, трагедиясының арасында да қарама қарсылық бар. Уайым, шын мәнісіне келгенде мәңгілікті аңсау, уақытпен келіспеушіліктің мүмкін еместігі екендігінде дау жоқ. Тіпті болашаққа сенім артудың өзі жәй ғана үміт емес, сонымен қатар уайымның өзі болып табылады. Болашақ қалай болғанда саған өлім алып келетіндіктен мұндай жағдай уайымды тудырмай қоймайды. Болашақ өткендегің сияқты мәңгіліктің де жауы болар. Қалай болғанда да мәңгіліктен асқан қызық ешнәрсе де жоқ. Мен тамаша бір саябақтағы айлы түнді де, дәнге толы жазық даланың шуақты күнін де, махаббат сезімін тудырар әйелдің тамаша бейнесін де соншалықты аңсайтынмын. Дәл осындай бақытты шақтарым менің бойымда өмірдің қараңғылық, шіріктік, бұзылғандық сияқты келеңсіз көріністеріне қарама-қарсы сезімдерді тудырады. Мен тіпті сол уақыттың рухани ауруына шындап беріле де салатынмын. Мен өз санамда өмірдің ақырын көре білгендей болатынмын және түбіңде соған алып келетін процеске икемделуден қашқақтайтынмын, менің шыдамсыздық танытуым да дәл осы себепке байланысты болса керек. Уайымның ерекше түрі, менің пайымдауымша, махаббат жайындағы ойлармен байланысты болып келеді. Алайда, өмірдің осы бір күрделі сатысынан тек қана қуаныш пен бақытты іздейтін адамдарға мен кейде таң қаламын. Эросқа уайымның элементтері тән және өз кезегінде уайым уақыт пен мәңгіліктің қатынасына да байланысты болып келеді. Уақыт дегеніміздің өзі уайым, қажымай талмаушылық және т.б. болып табылады. Осы орайда жыныстық уайымның болатынын да айта кету керек. Жынысты тек қана қанағаттануды ғана қажет ететін қажеттілік деп санауға болмайды. Жыныс ол уайым, өйткені онда адам сезімдерінің таңбасы жатыр. Бүгінгі өмір жағдайында жыныстың уайымын қанағаттандыру мүмкін емес сияқты болып көрінеді. Жыныс қиялдар туғызады, ал ол өз кезегінде адамды адамға төн емес процестің құралына айналдырады. Өмірдің асып-тасушылығын білдіретін дионисизм трагедияны туғызады. Алайда, жыныстың стихиялылығы дионистік стихиямен байланысты болып келеді. Дионис пен Галес екеуі де бір құдай. Жыныстың адамға келтірер зияны да, адамды екіге жарар қабілеті де бар. Бірақ жыныстық өмір арқылы адамның тұтастық келбетіне ешуақытта да толық қол жеткізе алмаймыз. Жыныс адамның өз-өзімен болуын қаламайды және ол басқа адамды да қажетсінгенімен де, адам қайтадан дәл осы күйге түсіп, қайғыра бастайды. Қалай болғанда да, қайғы атаулы адамға тән құбылыс. Дегенмен де, жыныстық өмірдің бұрмалайтындығы соншалық, ол адамды екіге жарып та жібере алады. Жыныс өзінің табиғаты жағынан біртұтас болып келмейді. Ал тұтастыққа әкелетін шынайы махаббат қана. Бірақ, бұл трагедиялық проблемалардың қатарына жатқандықтан, бұл жайында кейінірек тағы да сөз қозғайтын боламыз.
Мен тамаша бір айлы түнде қайғырғаннан гөрі өмірдің басқа бір сәттерінде қайғырғанды ұнатамын. Менің жаздың қас қарайған ымырт шағында, әсіресе, Париж және Петербург сияқты үлкен қаланың көшесінде қайғы құшағына оралатын әдетім бар. Мен жалпы алғанда қас қарайған шақты ұната да қоймаймын. Ымырт − түнгі жарықтың көзі ғайып болып, адамды жасанды қараңғылықтан немесе жұлдыздар жарығынан қорғайтын түнде пайда болатын, басқа жарық көздері пайда бола қоймаған сәттегі жарық пен қараңғылықтың арасындағы өтпелі жағдай болып табылады. Тереңірек ойлап қарасақ, дәл осы іңір шағы мәңгілік пен мәңгілік жарық жайындағы қиялыңды одан әрі күшейте түседі. Үлкен қаланың ымырт шақтарында адамзат өмірінің зұлымдықтары ерекше көрініс таба бастайды. Ал түннің қайғысы ымырттың қайғысына қарағанда мүлде басқаша болып келеді, өйткені ол әрі терең, өрі трансценденттік сипатта болып келеді. Мен қайғыға, әсіресе, түнгі кездерде салынатынмын және осы уайымның тигізер өсеріне де қайғыратынмын. Мұндай көңіл күйдің күн өткен сайын әлсірей түскендігін ескерте кеткім келеді. Бұрынғы кезде мен тіпті жасанды жарық кезінде де үйықтай алмайтынмын. Бірақ бүл қиындықты мен жеңіп шықтым. Мен қорқынышты түстерді де көп көретінмін. Сондай тамаша түстерді көретініме қарамастан түстер көру менің бойымды қиналыс сезіміне ұялататын. Түнгі уақыттарда мен бөгде біреудің бар екендігін жиі сезінгендей болатынмын. Мұндай қызық сезім менің бойымды күндізгі уақыттарда да жаулап алатын. Ауылдық жерде орманда немесе далада серуендеп жүрдік делік, біз торт адамбыз. Алайда мен бесінші біреудің бар екендігін сезініп отыратын сияқтымын және оның кім екендігін білмеймін де. Осылардың бәрі де уайыммен тығыз байланысты болар. Қазіргі заманның психопатологиясы бұл құбылысты адам санасынан тыс құбылыс деп түсіндіреді. Бірақ бұған біздің көңіліміз толмайды және ол ешнәрсені шешпейді де. Менің өз басым адам өмірінде трансценденттік бар екендігіне кәміл сенемін, олай болса трансценденттік тартылыс та, трансценденттік әрекет те бар. Мен санасыздық аясына, оның төменгі тұңғиығына шомылатынмын, алайда трансценденттіктің жоғарғы тұңғиығының әсерін одан да қатты сезінетінмін.
Уайым адамдар "өмір" деп атайтын құбылыстан осы сөздің мағынасының байыбына бармай-ақ алшақтаумен де тығыз байланысты болып келеді. "Өмірде", "өмірдің" өзіндік күшінде нағыз уайым жатыр. "Кез келген теория сүреңсіз, ал өмірдің мәйегі мәңгілік жап-жасыл" деген қағидаға қарсы былайша өрелі сөздер айтқым келеді: "Өмірдің мәйегі сүреңсіз, ал теория мәңгілік жап-жасыл". Түсініксіздік жағдай туғызбас үшін, әрине бұл қағиданы дәлелдеуіміз де керек болар. Осы ойды айтып отырған менің кез келген схоластикаға да, кез келген дәйектелген теорияға да қатысым жоқ. Коп жағдайларда "өмір" сан-алуан қамқорлықтардан тұратын үйреншікті тіршілікті де білдіретін болар. Ал теория болса үйреншікті тіршіліктен жоғары тұратын шығармашылық таным болып табылады. Грекше теория деген сөз "пайымдаушылық" деген магына береді. Философия (мәңгілік жасыл теория) уайым мен "өмірдің" зерігушілігінен құтқарады. Мүмкін, менің философ болудағы басты себебім де күнделікті үйреншікті тіршіліктің уайымының құрсауынан босану болар. Шынында да, философиялық ойлар мені өмірдің жаныңды азапқа түсірер қайғысынан азат етті. Мен "болмыс" пен "шығармашылықты" өзара ұйқастырдым. "Шығармашылық" ол өмір емес, өйткені шығармашылық биікке самғау, ол "өмірдің" нағыз жаршысы және ол шексіздікке, трансценденттікке ұмтылады. Уайым "өмірден", "өмірдің" ымырт шақтарынан туындайды және трансценденттікке бой ұрады. Шығармашылық болса дәл осы "өмірге" қарағанда мүлде басқа бейнені өмірге келтіреді. Өздеріңіз байқап отырғандай, "өмір" деген сөзді мен тырнақшамен беріп отырмын. Өмірге, одан қалды тарихқа немесе рефлексиялар мен бейнелер дүниесіне қарағанда шығармашылық әлеміндегінің бәрі де қызық, мәнді де, әрі терең болып келеді. Келеңсіз көріністер белең алған "объективтік өмірге" қарағанда менің ашқан әлемім мүлде басқаша болып келеді. Мұндай көңіл-күй болашақта жүзеге асырылар шығармашылық шабыт та болып қалуы ғажап емес.
Мағынасыздықтың төменгі тұңғиығына апарар зерігушілік маған тән қасиет деп айтуға болар ма екен? Мен ешуақытта да зерігушілікке бой алдырып көрмеппін, өйткені өмірде өз орнымды табуға және өз істерімді тындыруға бағытталған іс-әрекеттеріме уақыттың өзі жетпей жататын. Тіпті менің бос уақытым болмаған да шығар. Бірақ та коп нәрсе, тіпті өте көп нәрселер мені зеріктіріп жіберетін. Мені көптеген адамдардың дүниетанымдық көзқарастары да, саясат та, идеология да, ұлттық және мемлекеттік тәжірибе де көп жағдайларда жалықтырып жібереді. Қайталаушылық, еліктеушілік, үйреніштілік, шырмалушылық сияқты келеңсіз көріністер зерігушілік сезімін тудыратын. Осы бір төменгі дүниенің мағынасыздығына байланысты енжарлық пайда болған сәтте, адамның әлсіздік танытуына байланысты өмірдің қаңырап бос болып көрінетін кездерінде зерігушіліктің мүлде басқаша сипат алатындығы түсінікті болар. Қайғыру болса дәл осындай көңіл күйге қарағанда жағымды сипатқа ие болып келеді, өйткені оның өзіндік тереңдік қасиеті бар. Уайымның пайда болуының өзі құтқарудың дәл өзі болып табылады. Кейбір адамдар өздерін шел далада жақсы сезінетін көрінеді. Мұндай көңіл-күйдің өзін оңбағандық болып табылады деп санайтындар баршылық. Кейбіреулер өмірді жақсы көретінін айтып мақтанғанды өте жақсы көреді. Ал мен мұндай қасиетке бой ұрып көрген жоқпын, өйткені шығармашылықты, шығармашылық шабытты қатты ұнатамын. Әрине, өмірдің ақырғы кезеңінде уайымшылдық сезіміне бой алдыратынымызды жасырып қалуға да болмас. Адам шексіздікке ұмтылыс жасағанда ғана мәнділікке ие болады. Өз басым қашан да болмасын өмірдің ақырынан безініп отыруға тырысатынмын. Өмірге деген дәл осындай көзқарастың нәтижесінде мен әмірдің қызығын да дұрыс пайдалана алмадым, тіпті өмір сүру өнерін игере де алмаған болуым керек. "Өмір сүру өнері" үшін өмір ағымынан қалмай, уақыт өлшемімен үндесе отырып өмір сүре біле білу керек сияқты. Карлейльдің пайымдауынша, "Адамның бақытсыздығы оның ұлылығынан келіп туындайды". Сонымен қатар бақытсыздықтың себебі − адамның бойында шексіздіктің орын алуына да, оның өз басын түпкілікті жеңе алмайтынына да байланысты болса керек. Ендеше, бұл "объективтік" дүние, бүл "объективтік" өмір түпкіліктің шырмауына оралу дегенді білдіретін болар. Өмір дегеніміздің өзін шексіздіктің түпкілікті кезеңдегі және мәңгіліктің уақыт өлшеміндегі ажалы деп тануымыз керек. Менің бойымда өте күшті метафизикалық-анархистік элемент бар. Ал бұл − түпкіліктің үстемдігіне деген қарсылық. Мұны басқаша апофатикалық элемент деп атауға да болар. Күнделікті өмірде де, тарихи өмір ағымында да көптеген нәрселер маған әрі мәнсіз, әрі ашу тудырарлықтай болып көрінеді. Түпкіліктің сакрализациясы атаулының бәрін мейлінше жек көрдім. Менің ойымша, уайым діни сипатқа толық ие бола алады. Өмірдің шексіздігі, өшпейтіндігі мен мәңгілігі тұрғысынан алғанда діни уайым бүл ақырғы өмірге ұқсамайтын да болар. Өнер осы бір үйреншікті өмірге, тіпті өзімнің қарапайым ғана тіршілігіме қарағанда менің басқа тылсым дүниенің кұшағына енуіме дәнекер болды. Бұл өмірдің беймәлім жақтарына баулуды өнердің барып тұрған сиқыршылық қасиеті деп бағалауға әбден болады. Үнемі уайымға берілу менің өмірдегі белсенділігіме айтарлықтай нұқсан келтірді. Көп нәрселерді жаңғыртудың орнына, мен олардан көп жағдайларда қашқақтай түстім. Мен өзімді сирек, тіпті өте сирек бақытты сезінетінмін. Кей кезде мені азапқа түсуіме себепкер болған нәрсе ғайып болса, өмір сондай мәнді және қызық болатын сияқты болып көрінетін. Алайда, бұл себеп жоғалып кеткенімен, оның орнын басқасы басатын. Мен ешнәрсеге де толық қанағаттанбадым және мұндай жағдайды жан-дүнием күнә деп қабылдады.
ЕРКІНДІК
Мені еркіндіктің философы деп атайды. Белгісіз бір қара жүздік мен жайында "еркіндіктің тұтқыны" деп айтқан көрінеді. Шындығында да, мен бостандықты бәрінен де жақсы көрдім. Өйткені ол менің табиғатыма сай келеді, ол менің ата-анам тәріздес. Бостандық мен үшін алғашқы болмыс. Менің философиялық бет-бейнемнің жан-жақтылығы менің философияның негізі ретінде, ең бірінші кезекте бостандықты қалап алғандығымнан да болар. Дәл осындай радикальды түрдегі қалауды, меніңше бірде бір философ жасамаған да болар ма еді, қайтер еді. Бостандық әлемінде дүниенің бар құпиясы жатыр. Оның бастауында да, ақыр аяғында да бостандық жатыр. Шын мәнісіне келгенде мен өмір бойы еркіндік философиясын жазып келе жатырмын. Сондықтан да болар, оны жетілдіріп, толықтыруға жан-тәніммен кірістім. Менің басты қағидам бойынша: құдай тек қана бостандық аясында өмір сүреді жөне сол бостандық арқылы әрекет етеді. Мен өзімді, ең бірінші кезекте эмансипатор ретінде сезінемін және барлық эмансипацияға жан ашырлықпен қараймын. Тінті христиандықты эмансипация ретінде ұғындым және қабылдадым. Мен алғашқы кезде бостандықты барынша сүйдім және кадет корпусының екінші сыныбында оқып жүрген кездің өзінде-ақ бостандықтың ғажаптығы жайында армандарға барынша берілетінмін. Мен кез келген тәуелсіздікті жақтырмадым және менің бойымды ішкі тәуелсіздік сезімі әрқашан да билеп алатын. Ал біреуден немесе бір нәрсеге өзімнің тәуелді екенімді білсем-ақ болды тұла бойымды оған деген қарсылық билеп алатын. Мен бостандықтан бас тартпақ түгіл, оны шектеуге де, одан қалды бостандықтан бас тарту арқылы бір нәрсеге қол жеткізуге де келіспедім. Мен өмірде көп нәрседен бас тартқан болар едім, алайда оның басты себебін, меніңше, қарыз немесе діни тиымдардан іздемеу керек. Оның басты себебі: бостандыққа деген құлшыныстан, оған қоса, мүмкін, аяушылық сезімнен де болар. Мен өз басымды тәуелділікке ұшырата алмадым, ал бұл жағдай, мүмкін, менің белсенділігімді әлсіретіп, оның жүзеге асырудың мүмкіндіктерін шектеген де болу керек. Бірақ мен бостандықтың азап шегуді тудыратындығын, ал одан бас тарту қайғы-қасіретті жеңілдететініне көзім жеткендей болды. Кейбіреулер ойлағандай, бостандық жеңілдікке түспейді, оған қол жеткізу оңайлыққа соқпайды да және оның артар жүгі де ауыр болып келеді. Сондықтан да болар, адамдар өздеріне салмақ түсірмеу үшін, бостандықтан бас тартуға дайын тұрады. Бұл тақырып, әсіресе, Достоевскийдің сүйікті тақырыбы болып табылады. Мені жас кезімде "эфирдің (кеңістіктің) еркін ұлы" деп атады. Маған берілген бұл батаны мен жер-ананың ұлы болмай, жаппай стихиядан жаратылмай, тек бостандықтан жаратылғанда ғана дұрыс деп санар едім. Алайда "эфирдің еркін ұлы" деген сөздің астарында азаптың жоқтығы мен бейне бір жеңіл өмір жатса, онда бұл теңеу маған сай келмейді. Еркіндік маған оңайлықпен келген жоқ және жанымды әрдайым сыздатып ауыртып отырды. Осы орайда бір ақын "Бостандық мені тағы бірде қиындыққа алып келді" деп айтқан екен. Әдетте, мен өз ойларымды бостандықтан кейін және сол бостандықтың өзінен алып түйіндейтінмін. Бостандықтың тәжірибесі, ол − ең алғашқы тәжірибе болып табылады. Гегельдің пайымдауынша, қажеттілік − бостандықтың жемісі, оның белгілі бір бағыты. Мен кез келген ақиқатты бостандықтан және бостандық арқылы басқаша қабылдауға қарсымын. "Бостандық" сөзін мектептік мағынадағы "ерік-жігер бостандығы" ретінде емес, одан да тереңірек метафизикалық мағынада қолданамын. Ақиқат маған бостандық әкеле алады, сондықтанда ақиқатты мен тек қана бостандық арқылы ғана қабылдаймын. Олай болса, бостандықтың екі түрі бар. Бүл жайында мен аз жазған жоқпын. Маған тән бостандықтың бастапқылығының, табиғилығының мәні мынада: мен "мен-еместі" қабылдай алмадым, мен бар болғаны "мен-еместі" өзімнің "менімнің" мән-мағынасына айналдырдым және оны өз бостандығымның аясына енгіздім. Менің бостандық үшін жүргізген өмір бойғы күресім өмірімнің ең мәнді және құнды жақтары болды, сонымен қатар оның айрылысу, жатырқаушылық, тіпті жауласу сияқты жағымсыз жақтары да орын алғандығын жасырып қалғым келмейді. Еркіндіктің махаббатпен қауышуы да мүмкін болатын. Ел арасында кеңінен таралған пікірге қарама-қарсы мен бостандықты демократиялық емес, аристократиялық деп бағаладым. Адамдардың басым көпшілігі бостандықты сүймейді де, керек десеңіз оны іздемейді де. Революциялық топтар бостандықты жақтырмайды да. Өзімнің рухани жолым мен өмірлік тәжірибемді жинақтау барысында біраз тәжірибе жинақтадым, алайда мен үшін бостандық өзінің бастапқылығын жоймайды, қалай болғанда да ол менің өмірімнің мән-мағынасы болып қала береді. Жетілу идеясына қарағанда бостандық идеясы н и үшін алғашқы болып табылады, өйткені зорлап, күшпен енгізілген жетілуді қабылдауға өсте болмайды. Адам өміріндегінің бәрі де бостандық арқылы, бостандықты бастан кешіру арқылы, бостандықтың қызығына елігушілікті жоққа шығару арқылы жүзеге асырылып отырылады. Күнәға батушылықтың мені де осында болса керек. Өмірімнің ең алғашқы қадамдарын еске ала отырып, өз басымның беделділіктің ешбірін де қабылдамағаныма көзім анық жеткендей болады. Шынымды айтсам, мен беделділікті сезіну тәжірибесін бастан кетірмеппін де. Мен жанұяда да, оқу орнында да өзімнің философиялық қызметімде де, одан қалды діни өмірімде де беделділікті білмедім. Мен бала кезінен-ақ әскер қатарында қызмет етуді қаламадым, өйткені кез келген басшыға бағынуға ешуақытта да келіспеген болар едім. Менің ойымша тіпті профессор болу да келген емес, өйткені бұл жағдайда басшы мен беделділіктің орын алатындығын сезінгендей болатынмын. Өз бойымда туындаған ойларымды мен еркіндіктің қарлығашы ретінде қабылдайтынмын. Одан қалды ескі ойларымды да дәл осындай жағдайда қабылдауға тырысатынмын. Әрине, бұған қарап мен басқаланардың, әсіресе ұлы ұстаздардан үйренгісі келмеген екен, олардың ықпалына түспеген екен деген ой туындап қалмау керек. Шын мәнісінде, мен әрқашанда әлемдік ақыл-ойдың асыл қазынасынан өмірлік азық алдым, өмірін білімге арнаған ойшылдар мен жазушыларға да қарыздармын. Осы бір игілікті қадамдарымның барлығы да менің бостандығым арқылы екшеленіп отырды, сөйтіп менің "мендігімнің" тереңінен кеңінен орын алды. Мен өз бостандығымның құптаушылығына ие бола алмай тұрып ешбір ойдың ықпалын қабылдай алмадым. Сондықтан да болар, мен жер бетіндегі ешбір адамға ұқсамайтын пенде болдым. Маған тіпті кейбір беделділермен арамды алшақ салуға да тура келген жоқ, өйткені ондай адамдар менде болған да жоқ. Менің жанымда болған философтар мен жазушылар бостандық рухына деген сүйіспеншілігімді арттырды, оларды дәлелдей білді және оларды менің бойыма сіңіруге ат салысты. Дәл осы тұрғыдан . алып қарастырғанда мен үшін жалпы Достоевскийдің және оның "Легенда о Великом Инкивизаторе" деген шығармасының маңызы өте зор. Философтардың ішінен Канттың ықпалы айтарлықтай болды. Оның философиясы өзінің аяғына дейін дамытылмағанына қарамастан бостандық философиясы болып табылады. Ал соңғы кездерде маған Ибсен үлкен әсер етті. Түрлі адамдармен және бағыттармен арадағы болған келіспеушіліктер бостандық үшін болған айтыс-таластар барысында орын алған болатын. Бостандық үшін күресті мен қоғамдық күрес ретінде емес, жеке адамның қоғамның үстемдігіне қарсы күресі ретінде қабылдадым.
Мен балалық кезім мен жас шағымнан-ақ бостандық үшін күрестім және бұл әрекетімді кей кездерде соншалықты ызамен және қызбалықпен жүзеге асыруға тырысатынмын. Бұдан бұрын менің жанұямның беделінің соншалықты жоғары болмағандығы жайында айтқан болатынмын, сондықтан да болар маған өз тәуелсіздігімді қорғауға да және өзім шыққан ортадан да ерте қол үзуге тура келді. Өмірімде орын алған осы жағдайға байланысты мен кейбір кездерде еврейлермен қарым-қатынас орнатуға мүдделі болдым, өйткені олар мен үшін туыс та емес, тіпті дворян да емес болатын. Менің өз тұқымымнан алшақтауым менің бостандыққа деген ерекше құштарлығым мен жеке тұлға ретінде қалыптасуымның бастамасына байланысты болар деп ойлаймын. Меніңше, "тұқым" бостандықтың емес, қажеттіліктің тәртібін орнатады. Сондықтан да, бостандық үшін күресті адамның тұқымдық өктемдікке қарсы күресі ретінде қабылдауымыз керек. Бостандық, жеке тұлға, шығармашылық мәселелері менің дүниетанымның негізі болып табылады. Бостандық үшін шиеленіскен күрес менің бойымда кейінгі кездерде пайда болды. Дәстүрлі ақсүйектік өмірден қол үзіп, революциялық өмірге көшкеннен кейін мен дәл осы революциялық өмірде, революциялық интелегенция арасында, марксизмде бостандық үшін күресімді бастадым. Мен революциялық интелегенцияның бостандықты соншалықты сүймейтіндігін ерте түсіндім. Тіпті марксист болған кездерімнің өзінде-ақ мен марксизмде бостандықты жоққа шығарушылық пен деспотизмге бой ұрушылық элементтерінің бар екендігіне көзім жеткен болатын. Өзімнің өмірлік тәжірибемде жеке тұлға мен әлеуметтік топтардың, жеке адам мен қоғамның, жеке адам мен қоғамдық пікірдің өзара қақтығыстарын басымнан кешіруге тура келді. Мен қай уақытта болса да жеке адамның мүддесін қорғауға тырыстым. Менің өмірімнің кебі интелгенттер қауымымен арадағы күреске арнады және мен оған шамадан тыс күш-жігерімді жұмсаған сияқтымын. Бұл жағдай менің философиялық шығармашылық жолына жан-тәніммен берілуіме айтарлықтай нұқсан келтірді. Еркіндік пен социализмнің өзара қатынасы жайындағы мәселе мені қатты толғандырды, тіпті бала кезімде де бұл мәселе менің назарымнан тыс қалмаған болатын. Мен либерализм мен индивидуализмнің социализмге қарсы дәлелдемелерін екіжүзді және жалған деп санаған болатынмын. Алайда, социализмнің түрлі бағыт алатындығы, азаттыққа әкелетіндігі ғана емес, сонымен қатар оның бостандықты тұншықтырып, үстемдікке, Ұлы Инквизатордың жүйесіне алып келетіндігі маған белгілі болатын. Большевизмнің мүмкіндіктерін сезіну сезімі өте ертеде, тіпті сонау марксистік ортада жүрген кезімде-ақ пайда болған болатын. Мен ол кезде ақыл-ой мен шығармашылық бостандығы үшін тоталитаризмге қарсы күрес ашқан болатынмын және бостандық үшін күресті маған кез келген идеялық ортада, барлық бағыттарда жүргізуге тура келді. Кез келген идеялық топ, кез келген "сенім" бойынша жинақталған топ қалай болғанда да бостандыққа, тәуелсіздікке, шығармашылыққа нұқсан келтіреді. Менің рухани жолым православие әлемімен жақындаған уақытта мен ақсүйектік және революциялық дүниедегі уайымымды қайтадан басымнан кешірдім, тіпті тағы да сол бостандықты тұншықтыруға деген әрекетті де, бұған қоса жеке адамның тәуелсіздігі мен шығармашылыққа деген жаугершілік пиғылын да танығандай болдым. Алайда, осы тұста бұл тақырып өте тереңнен қозғалды. Дін әлемінде адам жанының тереңдігіне ерекше мон беріледі. Маған коммунистік революцияда бостандық үшін, жеке адамның ар-абыройы үшін күресуіме тура келді және бұл әрекетім менің Ресейден қуылуыма себепкер де болды. Ақырында, эмигранттық ортада да бостандық мәселесі қайтадан өзекті мәселеге айналды. Бір ғажабы, эмиграцияның басым көпшілігі орыс коммунизмі сияқты бостандықты жоққа шығарумен қатар жек көретіндігін де аңғартып алды. Өкінішке орай, коммунизмнің бұл мәселедегі құқығы басымдылық танытты. Дүниежүзілік соғыстан кейінгі ұрпақ бостандықты ұната қоймады, ал оның есесіне олар бедел мен күш көрсетуді мадақтады. Бұдан мен ешбір жаңалықты көріп отырғаным жоқ. Мен бостандыққа деген ақсүйектік сүйіспеншілігімде де, жеке басымның бастамасында да өмір бойы жалғыз болып келгенімді аңғардым. Мен бостандыққа деген дәл осындай махаббатты ескі жүйенің үстемдік етушілерінің бойынан да, байырғы революцияшыл интелегенцияның көзқарастарынан да, тарихи православиеден де, коммунистерден де, одан қалды фашистердің жаңа ұрпағының бойынан да таба алмадым. Кез келген ұйымдасқан топ бостандыққа қарсы болып шығады. Радикальды түрде айтатын болсам: осы уақытқа дейін құрылған және құрылып жатқан қоғам бостандыққа қас болып шығады және жеке адамды жоққа шығаруға дайын тұрады. Дәл осындай жағдайдың туындауына сананың жалған құрылымы мен оның жалған бағыты, құндылықтардың жалған иерархиясы себепкер болып отыр. Тіпті соғыстан кейінгі ұрпақтың өзіндік ерекше ойлары да жоқ: олар әлі күнге дейін XIX ғасырда туындаған ойлардың аясынан аса алмауда. Өзінің құндылығы мен өзінің туа біткен бостандығын мойындаған адам қоғам алдындағы, тарихтың жаппай процестерінің алдындағы жалғыздығын, сөзсіз сезінетін болады. Демократиялық ғасыр − ол мещандық ғасыры және ол ұлы тұлғалардың пайда болуына қолайлы жағдайлар туғызады деп айтуға да болмайтын сияқты.
Мен өмір бойы бостандық мәселесі жайында коп ойландым және өз ойымды жетілдіру мақсатында екі рет философия бостандығы туралы еңбектер жаздым. Шындығын айту керек, бұл өте күрделі мәселе болып табылады. Бостандықты әркім әртүрлі түсінгендіктен, бұл проблема төңірегінде түсініспеушіліктер өте көп. Ең бастысы, бостандық жайында қалай-болса солай жаза салуға болмайды, өйткені бұл мәселе ой тереңдігін қажет етеді. Өмірде бостандық диалектикасы, ал әлемде бостандық тағдыры бар. Бостандық өзінің қарама-қайшылықтарына да көше алады. Мектептік философияда бостандық проблемасы "ерік-жігер бостандығымен" байланыстырылады. Бостандықты әдетте таңдау бостандығы ретінде, адамның өз дегенін жүзеге асыру мүмкіндігі ретінде қарастырады. Жақсылық пен жамандықты таңдай білу әрбір адамнан осылардың ара жігін айыра білуді қажет етеді. Ерік-жігер бостандығын, әсіресе, адам өмірін қылмыстық процессуальдық тұрғыдан түсіну барысында қатты бағалаған. Ерік-жігер бостандығы жауапкершілік пен жазалау үшін өте қажет болып саналады. Ал мен үшін еркіндік мүлде басқаша болып көрінеді. Еркіндік дегеніміз, ол менің тәуелсіздігім және менің жеке басымның қасиеттерін іштей айқындау және ол менің шығармашылық күш-жігерім, менің өз бойымда жақсылық пен жамандықты қалыптастыра білуім. Өмірлік таңдау барысында адам күйзеліске, батылсыздыққа тап болады және мұндай жағдайда ол өзін еркін сезіне де алмайды. Сондықтан да болар, нағыз еркіндік мақсатқа сай таңдау жасалып, шығармашылық жолға түскеннен кейін ғана басталады. Бостандықпен адам және шығармашылық тақырыбы тығыз байланысты болып келеді. Мен өмір бойы Құдайтағаламен байланысты өмірдің нағыз бостандық екендігіне, оның нағыз еркін самғап ұшу екендігіне және т.б. кәміл сендім. Олай болса, Құдай және бостандық, бостандық және зұлымдық, бостандық және шығармашылық тақырыптары өнегелілік-психологиялық емес, метафизикалық тақырыпқа жатады. Бостандық, ол − жаңалықтың жаршысы. Бостандықтың қарсыластары оған ақиқатты қарама-қарсы қоюды өте жақсы көреді және осы идеясын қабылдауды талап етеді. Ақиқат дегеніміздің өзі өмірлік жол мен нағыз өмірдің өзі. Сонымен қатар ақиқат рухани жеңіс болып табылады. Ақиқат бостандық аясында және бостандық арқылы танылады. Ал маған зорлап таңылған ақиқат нағыз ақиқатқа мүлдем жатпайды, олай болса мұндай ақиқат бар болғаны шайтанның арбауы тана. Ақиқатты танып-білу маған еркіндік әкеледі. Алайда, еркіндіктің бір түрі аятында болса, ал екіншісі басында болып шытады. Мен өзімді бостандыққа апаратын ақиқатты еркін танып білемін. Демек, маған бостандықты зорлап таңудың қажеттігі де жоқ. Ақиқатқа өзінше қол жеткізуге тырысып, маған ырықсыз таңылған ортодоксияларды мойындап көрген де жоқпын және мойындамаймын да. Өз басым бостандығымды шектеуге немесе оны жермен жексен етуге тырысқан кез келген ортодоксияларға, мейлі ол марксистік немесе православиелік болсын, барлығына да соғыс жариялаймын. Осылай болған да және дәл осылай бола береді де. Менің ойымша, дәл осындай сарындағы ортодоксиялардың ақиқатқа ешбір де қатысы жоқ және олар ақиқатты жек көреді және ақиқатты барынша бұрмалауды дәл осындай ортодоксиялар жүзеге асырып отырған. Олардың өзіндік әлеуметтік тамырлары бар және бұл жағдай ұйымдасқан ұжымның жеке адамның бостандығына, адам рухының бостандығына деген беделін көрсетеді. Мен бостандық жайындағы ұлы ақиқаттың бар екендігіне кәміл сенемін.
Менің алдымда айқара ашылған ақиқат әлеміне бостандық та кіреді. Менің ар-ұжданымның бостандығы абсолютті догмат болып табылады, бұл жерде мен ешбір дау-жанжалға да, келісімдерге де жол бермеймін, олай болса арада жанталасқан күрес қана өз үстемдігін жүргізе алады. Хомяковтың ойларының басты мазмұны: оның алқалы түрде пайымдай білуінде, ал бұл қасиет бостандықпен етене байланысты болғандықтан, бұл қасиет оның шығармашылығындағы басты жаңалық болды. Бір өкініштісі, ол бұл бастамасын аяғына дейін жеткізе алмады. Өйткені, бостандыққа абсолют басымдылық қажет. Хомяков мән бере қоймаған шиеленіскен жағдайды еркіндік ар-ұжданы шешетін болуы керек. Өз басым ақиқат ретінде таңылған ақиқатты мойындай қоймаймын. Сонымен қатар дәл осындай жағдайда таңылған жалғандықты да қабылдамаймын. Әрине, бұған кез келген адам шын ықыласымен келісе де қоймауы әбден мүмкін. Байырғы коммунистердің Москвадағы жүргізген процестері − барып тұрған жауыздық пен оңбағандық сипаттағы процесс болды, алайда оның үйренерлік жақтары да болды. Бостандықты индивидуализм деп санамау керек, өйткені ол наным-сенім болып табылады. Ар-ұждан бостандығы индивидуализм туралы тақырыптан тыс сөз болады. Бостандықты шектелу мен тұйықталып қалу деп есептеу де дұрыс емес. Бостандық, ол нағыз ақиқаттың көзі, менің бойымдағы универсумды оятар жол болып саналады. Дегенмен де, өзімнің бостандық үшін күрес жолым жайында ойлана отырып, бұл күрестің жалғыздығым мен қоршаған ортамен келіспеушілігімді одан әрі күшейте түскендігін мойындауыма тура келеді. Бостандық пафосы мен жан-дүниемді де өзгерістерге ұшыратты, яғни менің бойымдағы басты нәрсе болып табылатын бостандық пен аяушылықтың өзара келіспеушілігі аңғарыла бастады.
БҮЛІКШІЛІК
Мен өмір бойы тентек болып өттім. Алайда, менің тентек болуыма өз өмірімнің белгілі бір кезеңінде туындаған ойлардың әсері емес, өз болмысымнан-ақ дәл осындай қасиетке ие болуымның ықпалы болған болуы керек. Мен әрдайым бірдеңеге қарсы шығуға дайын тұрамын. Әділетсіздік, адамның еркіндігі мен ар-намысына тию менің бойымда ашу-ыза тудырады. Өз өмірімнің әртүрлі кезеңдерінде маған әртүрлі идеялар мен ойларды сынға алуға тура келді. Қазіргі кезде тарихтың барлық атақты бүлікшілеріне жаным қатты ашиды. Мысалы, беделділікке қарсы ағартушылық ақыл-ойының белсенді күресін ашқан Лютердің бүлігі, "табиғат" бүлігін ашқан Жан Жак Руссо, француз революциясының бүлігі, объектінің үстемдігіне қарсы идеализмнің бүлігі, капитализмге қарсы Маркстің бүлігі, әлемдік рух пен әлемдік үйлесімділікке қарсы Белинскийдің бүлігі, Бакуниннің анархистік бүлігі, тарих мен өркениетке қарсы Лев Толстойдың бүлігі, ақыл-ой мен моральға (өнегелілікке) қарсы Ницшенің бүлігі, қоғамға және оның заңдарына қарсы Ибсеннің бүлігі. Мен бүлік жасай берудің қажет еместігін түсінемін. Бүлік ешқашан да біртұтастық қасиетке ие бола алмайды. Ал өз басым Құдайға қарсы шығып көрдім бе екен? Тіпті "Құдайға қарсы бүлік" дегеннің өзі бар ма екен? Меніңше, "Ұлы Құндылықтардың" атынан, яғни Құдай үшін ғана бүлік шығаруға болады. Олай болса, атеисттер шындап келгенде дәл осы жағдайдың байыбына бармағандықтан, Құдай үшін бүлік шығаруда. Мен Құдай жайындағы талай ойларға, жалған құдайларға деген адамдардың сенімдеріне барынша қарсылық көрсеткеніммен де, Құдайға қарсы шығып көрмеппін. Дәл осы бүлікшілдікпен христиандық ымыраға келе алар ма екен? Құдайшылдық ілім бүлік пен көтеріліс жасауға мүлде қарсы, ол тіпті зұлымдықтың өзіне де төзімділік көрсете білуді жақтайды. Қалыптасқан дәл осы жағдай менің бойымда дәл осындай сезімдерді тудырды. Христиан болу деген сөз айтқанды орындай беретін құл болу дегенді білдірмесе керек. Ие, мен бүлікші болдым. Бірақ, мен ешуақытта да террорды қолдамадым. Мен өмірдегі келеңсіздіктерге және оның заңдарына қарсы бүлік шығардым, алайда террор заңдар әлеміне қайта оралу мен осы заңдарға құлшылық ету дегенді білдіреді. Әрбір кісі өлтірушілік әлемнің құлдық заңына бағыну болып табылады. Ал менің бүлігім, ол рухтың бүлігі және жеке тұлғаның бүлігі. Рух дегеніміз бостандық, ал бостандық дегеніміз рух. Бүлікшілік жайындағы тақырып бостандық жайындағы тақырыптың жалғасы болып келеді. Бүлікшіліктің астарында әрқашанда құмарлық жатады. Мен өзімде кей кездерде дәл осындай сезімді бастан кешіріп отырдым, тіпті құмарлық кей кездерде менің бойымды жаулап та алатын. Әрине, бүлік арқылы бар нәрсені шеше беруге болмайды, алайда адамның өмір жолында оның үлкен рөл атқаруы да ғажап емес...
Менің осы еңбегімде менің бойымда қарама-қарсы әсер тудыратын екі адам, екі бейне, екі элемент бар екендігін талай рет айтуға тура келеді. Бірақ қарама-қарсы бұл элементтердің сайып келгенде қайнар бұлағы бір сияқты. Өйткені мен жалғыздықты сезінетін, сағынатын, өмірге жат, қайғы құшағына берілгендерге жаны ашитын, жан-дүниесі күйзеліске ұшыраған адам ғана емеспін. Мен сонымен қатар идеялар күресінде батырлық көрсете алатын, батыл әрекетке әрдайым дайын бүлікші адаммын. Алайда, менің жалғыздығымды уайымдауым да, буырқанған жауынгерлігім де дүниенің осы бір жаттығымен астасып жатқандай болып көрінеді. Жат дүние екі түрлі сезім туғызады, сондықтан да болар менің өмірімде біртұтастық жағдай да болған жоқ. Әсіресе, жауынгерлік шабуылдарымнан кейін-ақ менің бойымда өзімнің дүниеме бет бұруға деген құлшыныс пайда болатын. Олай болса, бүлікшілік менің ішкі өмірім мен рухани күресімнің белгілі бір сәті ғана. Менің шығармашылық құлшыныстарым менің өмірімдегі ең басты нәрсе болып табылады. Ал менің жасаған бүлігім ең бірінші кезекте объективтік дүниеден қол үзуге тырысушылық қана және онда эсхаталогиялык сәттер орын алып отырды. Мен өмір бойы ойын-сауықтарды, салтанатты жиналыстарды, үйлену тойларын, мерейтойларды ұната қоймадым. Осы бір жеккөрушілік сезімім адамзат тіршілігін объективтендіруге қарсы менің қарсылығыммен байланысты басқа да жағдайларға тығыз байланысты болса керек. Мен қай уақытта болмасын беті ашылған шындықтың жария етілгендігін шын көңіліммен қалайтынмын. Сондықтан да болар, әділеттіліктің пафосы мен үшін осы жағдаймен тікелей байланысты болып келеді.
АЯУШЫЛЫҚ
Бостандық мейірімсіз сипатқа да ие бола алады. Достоевскийдің шығармасында Ұлы Инкивизатор адамдарға бостандықтың ауыртпалығын түсіргендігі үшін айыптайды. Ол адамдарды аямайды. Бостандық қайғы-қасірет пен өмірдің трагедияларын тудырады. Нағыз трагедия , ол − бостандықтың трагедиясы. Мен өз өмірімде бостандық пен аяушылықтың шиеленісіне қатты қайғыратынмын. Соңдықтан да болар, менің жан-дүниеме аяушылық, жанашырлық сияқты сезімдер төн болып келеді. Мен адамдар мен жануарлардың қайғысын әзер көтерсем, ал қатыгездікті одан әрі жек көремін. Мен көз жасын көл қылып уайым құшағына түсіп кеткен адамдарды қатты аяймын. Иван Карамазов көтерген жас баланың көз жасы проблемасы маған өте жақын. Сонымен қатар мені бұл дүниенің толып жатқан қайғы-қасіреттерінің алдында Құдайды ақтау проблемасы да қатты толғандырады. Мен Құдайды тек қана Ұл арқылы тана қабылдаймын. Ал егер Құдай адамдар мен осы бір жарық дүниенің қайғы-қасіреттерін өзі қабылдай алмайтын болса және ол құрбандық Құдайы дәрежесіне көтеріле алмаса мен ондай Құдайды қабылдай алмаймын. Әрине, мен интелектуальдық жағынан Маркионға қарсымын, бірақ моральдық, эмоциональдық жағынан ол маған жақын болып келеді. Мен мемлекет тарапынан жүзеге асырылатын қатыгездікті жек көремін. Өлім жазасына кесушілікті жан-тәніммен жоққа шығаруға барынша тырысқаным да сондықтан болар. Өлім жазасын жақтаушыларды жек көре бастадым және оларды өзімнің жауларым деп санадым. Менің ойымша, бүл менің бойымдағы орыстық қасиет те болар. Мен тіпті адамдардың сотталуын да, әсіресе, оларға ақтық кесімнің берілуін де қаламадым. Евангелиядағы (Інжілдегі) "Айып-тамандар, сонда ғана айыпталмайтын боласыңдар" және "Қай адам күнәдан пәк болса, сол адам бірінші болып оған тас лақтырсын" деген сөздер менің жанымды баурап алды. Бәрінен бұрын мен кек алуды мүлде жек көрдім, ал ұйымдасқан мемлекеттік кек алушылықтан одан да әрі жиіркенетінмін. Осы бір сот пен соттаудан алшақтау менің бойымдағы басты христиандық қасиет те болар. Кейде мен адамдарды жазалауға қарсы шыққандығым үшін "жұмаққа" баратын болармын деп ойлайтынмын және бұл дүниедегі жасаған қалған іс-әрекеттерім жұмаққа баруға жарамайтындай болып көрінетін. Бұл жағдай аяушылық тақырыбымен тікелей байланысты болып келеді. Мен адамның жасаған күнәсінен гөрі, адамның бақытсыздығын тереңірек түсінетінмін. Мен адам өмірін жазалау процесі ретінде қабылдайтын дін атаулыға мүлде қарсымын. Менің аяушылықпен идеялық күрес жүргізген жылдарым да болды. Тіпті бір кездерде Ницшенің идеялары мені қатты толғандыратын. Мен аяушылық сезімінің құшағына беріліп кетіп, одан шыға алмай қаламын ба деп те қорқатынмын. Алайда, әлсіздігім мен бақытсыздығым менің аяушылық сезімімнің белсенді болмай, енжарлық сипат алғандығынан да болар. Дәл осы сияқты себептерге байланысты аяушылықтан соншама азап шектім. Мен өзімнің аяушылығымды жүзеге асыруға онша тырыспадым, қасіретке душар болған адамдарға аз көмектестім, олардың қайғы-қасіретін жеңілдетуге де аз көңіл бөлдім. Сөйтіп, менің аяушылығым өз бойымда тұншығып қалғандай болды. Қызметтік аяушылықты, мүмкін басқаша соншалықты азапқа түспей-ақ бастан кешірген болар ма едім, қайтер едім. Ауру адамға операция жасаған дәрігер пышақ үстіндегі адамға жанашырлық жасаған адамға қарағанда тым қайғыра да қоймайды. Мен болсам дәл осындай сипаттағы өз аяушылығымнан қысылғандай боламын. Мен аяушылық сезімімді білдіргеннен гөрі немқұрайлы адамның рөлінде болғанды қалаған сияқтымын. Ең бастысы, мен өз аяушылығымды білдіргеннен гөрі, оған қарсы күрескенді жақсы көрдім. Сонымен қатар менің бойымда пассивтік қайырымдылықтың болғандығын жасырып қалуға тағы да болмайды. Дәл осы жерде салқын қандылығыма менің сезімталдық қасиетім келіп қосылды. Қалай болғанда да менің бойымдағы сезіміме қарағанда ақыл-ойым, жүрек толғанысына қарағанда пайымдаушылығым басымдылық танытып отырды. Бірақ менің ақыл-ойым әрі эмоциональды, әрі күшті болып қала берді. Менің бойымдағы аяушылық пен қамқоршылдық эгоистік қасиетіммен келіп тоғысты. Мен көбінесе соншалықты аяшылық тудыратын жағдайлардан өзімді алшақ ұстауға тырыстым және бойымдағы осы бір қасиетімді оншама ұната да қоймадым. Бұл жағдай Інжілдегі айтылған қағидаларды орындамау болып шығады. Ақыр аяғында менің аяушылығым қайрымдылық емес, дәрменсіздік болып шыға келді.
Өмір ағымында өте белсенді, қайырымдылық шапағын шашып тұратын адамдарды өте жақсы көрдім. Менің аяушылығым біреуге қамқорлық жасаумен тығыз байланысты болды және шындығында да қамқорлық жасағанды қатты ұнатамын. Сондықтан да болар, өзіме жақын адамдардың жағдайын көбірек ойлайтынмын, тіпті олар өліп қалады-ау деген ойдың өзінен де қатты қорқатынмын. Одан қалды оларға төніп келе жатқан қауіпті кей кездерде тым әсірелеп те жіберетінмін. Мен өзімнің ата-анама, немерелеріме ерекше қамқорлық жасайтынмын. Мені жақсы білетін адамдар, менің осыншалықты қамқоршы болып шыққаныма әзер сенетін. Мені көп жағдайларда осы қамқорлық тұншықтырып жібергендей әсер қалдыратын. Маған адамның тағдыры менің жасаған қамқорлығыма тікелей байланысты сияқты болып көрінетін.
Адамның өлімі, оның адамдық үміттері мен адамдық сезімдерінің сөне бастауы өте күшті аяушылықты тудырады. Кез келген айырылысудың өзі де ерекше аяныш сезімінің туындауына себепкер болады. Одан қалды өткенді еске алу да, өзіңнің жіберген қателігіңді сезіне білу де, адамдарға, әсіресе, ең жақын адамдарыңа қайғы-қасірет әкелу де өте күшті аяушылық сезімін оятады. Әсіресе, жануарлардың көзіне қараған кезде менің бойымда айтып жеткізе алмайтындай аяушылық сезімі пайда болатын, өйткені олардың мұң басқан көз жанарлары маған қатты әсер ететін. Мен өлім алдындағы адамдарға да, қартайып осы бір жарық дүниеден үмітін үзген адамдарға да қатты қайғыратынмын. Менің ойымша, адамның өмірдегі үмітінің ақталмауы ерекше аяушылық тудыратын сияқты. Мен өзімді соншалықты сезімтал адаммын деп санамаймын. Менің аяушылық сезімім метафизикалық қасиеттен гөрі психологиялық қасиетке бір табан жақын болып келеді. Мүмкін, дәл осы жерде менің бойымнан буддалық қасиеттердің біразы табылып та қалар. Мұндай жағдай өмір болмысының қайғы-қасіреттік сипатын алғашқы рет сезіну де болып табылар. Менің бойымда пессимистік элемент те бар және ол жалғыз емес. Ал мұнымен менің бақытқа деген көзқарасым тығыз байланысты болып келеді. Мен дәл осы салада бақытқа жетуге болатындығына ешуақытта да сенген жоқпын. Мен тіпті маған бақыттың керегі де жоқ деп ойлап қана қоймай, одан қорқатындай күй кештім. Рақаттанған кездердің өзінде де өзімді бейне бір айыпты адамдай сезінетінмін. Мен өмірдегі бақытты сәттерімнен де қорықтым, сондықтан да болар бақыттың құшағына еркін ене алмай, одан алшақтауға тырыстым. Мен аскеттік көңіл-күй (христиандық қана емес, сонымен қатар толстойлық немесе революциялық) мен өмірдің қуанышының (махаббат, өнер, сұлулық, ақыл-ой салтанаты) арасында толқып жүрдім. Менің өмірден безініп "монастырға" бет бұрған кездерім де болды. Философ ретінде "бақыт" деген ұғым маған мағынасыз және бос сөз болып та көрінді. Бақытты объективтендіру мүмкін емес, оған сандық өлшемдері де қолдануға болмайды және онымен ештеңені де салыстыруға болмайды. Басқа бір адамды не арқылы бақытты немесе бақытсыз етуді ешкім де дөп басып айта алмайды. Мен құс ұшуға жаралғандай, адам да бақыт үшін жаралған деп ойламаймын. Олай болса, эвдемонистік мораль жалған болып келеді. Менің пайымдауынша, әрбір адамның бақытқа деген құқығын емес, керісінше әр тұлғаның адамгершілігін, ар-абыройын, әр адамның ең жоғарғы құндылықтарын орнықтыру қажет. Өзінің ақиқат қағидаларында формализмнің көрініс тапқандығына қарамастан, эвдемонизм емес, Канттың айтқандары дұрыс. Персонализм эвдемонизмге қарама-қарсы болып келеді. Д.С. Милль өзінің утилитаризміне қарама-қарсы мынандай пікір айтқан екен: "Риза болған шошқадан гөрі, риза болмаған Сократ болған әлдеқайда артық". Адамның адамгершілігін қорлаушылықпен келісуге мүлде болмайды. Сондықтан да болар, адамның абыройына нұқсан келтірушілікке мен жан-тәніммен қарсымын. Адамдардың қайғы-қасіреті аяушылық сезімін тудырып отырады. Алайда, адамның адамгершілігі мен "риза болмаған Сократ" үшін күрес азапқа толы болып келеді. Бұл біздің әлемдік аймаққа асу бермейтін моральдық антиномия болып табылады: адамдардың қайғы-қасіретіне ортақтас болып, оған жанашырлық білдіру және жер бетіндегі тіршілік атаулыға аяушылық таныту қажет. Мені өмір бойы толғандырған конфликт, ол − аяушылық пен бостандық арасындағы және аяушылық пен оны қабылдау арасындағы конфликт (шиеленіс). Менің бойымда орын тепкен аяушылықты әлеуметтік аяушылық деп атауға да болар және ол менің социалистік көзқарастарыммен тығыз байланысты болып келеді. Мен әлемде өз билігі мен өктемдігін жүргізушілерді, қоғамдағы алдыңғы қатардағы байлар мен атақтыларды әруақытта саналы түрде жек көрдім. Керек десеңіз мен мұндай адамдардан арамды алшақ салатынмын. Шындығына келсек, менің өзім де үстемдік етуші топтан шықтым және жоғары дәрежедегілердің қатарына жатамын ғой. Осыған қарамастан мен қаналушыларың, қуғынға ұшырағандардың, кедейлердің жағында болдым, бірақ олармен тым жақындасып та кете алмадым. Сөйтіп, менің жеке өмірім өзінің жоғары дәрежелілігін жоғалтқан жоқ. Алайда, мұндай жоғары дәрежеліліктің мән-мағынасы байлық пен билікке келіп тірелмеді, өйткені менің байлығым да, мансабым да болмады. Дегенмен де, менің сыртқы өмірім байбатшаға тым ұқсас болатын, сондықтан да болар барлығы да менің материалдық мүмкіндігімді асыра бағалап, бай адамдар санатына қосатын. Байбатшалық өмір, шын мәнісінде өте қарапайым және байқау қарқынмен өтіп жатты. Өз басымды таң қалдырған бір нәрсе, ол − басқа интелегенттерге қарағандағы менің қарапайым адамдармен тез тіл табысып кетуім болды. Менің марксисттік дәуірімде, яғни Киев қаласында интелегенцияны жек көретін кейбір жүмысшылар мені ерекше бағалап, жақсы көретін. Вологдаға жер аударылған кезде барлығы да қорқып, тайсалатын хитровцықтармен қарым-қатынасты жер аударылғандардың ішінде тек мен өзім ғана орната алдым. Ал олар қоғамның барып тұрған оңбаған адамдары болатын. Олардың бірі тіпті менің досым да болып кетті. Алайда, менің халықтан шыққан құдайды іздеушілермен қарым-қатынастарымның алатын орны ерекше болып келеді. Бұл жайында кейінірек баяндармын. Көптеген интеллигенттердің халық арасына сіңісіп кетуге деген әрекеті менің қолымнан келе қоймады. Шынымды айтсам, мен өзімді ешқашан да халықшылмын деп есептеген де жоқпын. Нақтырақ айтатын болсам, атақ-даңқ мені қызықтырған да жоқ. Мен даңққұмар адамдардың қатарына жатпаймын да.
Аяушылық пен еркіндіктік конфликтісі, ол − жоғары өрлеу мен төмендеудің өзара шиеленісі болып табылады. Аяушылық бостандықтан бас тартуға алып келсе, ал бостандық аяусыздыққа алып келуі мүмкін. Адам жолында екі қозғалыс бар, оның біреуі адамды заңғар шыңға шығарса, ал екіншісі оны төмен қарай сүйрейді. Адам жоғарыға көтеріліп, Құдайға жақындайды. Осы жолда ол ерекше рухани күшке ие болып, не бір құндылықтар тудырады. Ол төменгі жақта қалғандарды да, рухани жағынан әлсіздерді де, жоғары құндылықтарды пайдалана алмайтын адамдарды да ұмыта алмайды. Сөйтіп, ол өз бауырластарына көмектесіп, олармен рухани құндылықтар мен байлықты бөлісу үшін, олардың жоғарыға көтерілулеріне демеу болуы үшін қайтадан төменге түсуге мәжбүр болады. Адамның өз биігіне көтерілген кезде басқалар үшін жауапкершіліктен тартынбауы және бұл өмірдің аясынан шығып та кептегендігі абзал. Әрбір адам басқалар үшін де жауап береді. Мәңгілік өмір үшін жалпы құтқару ғана қажет болмақ. Сонымен қатар бостандық жақын адамдарыңа деген жауапкершіліктен бас тартушылықты да білдірмейді. Аяушылық пен жанашырлық дәл осы бостандықты үнемі еске түсіріп отырады. Еңбегімнің тағы бір жерінде мен аяушылық пен шығармашылықтың конфликтісі мәселесіне тағы да көңіл бөлмекпін. Мен өз өмірімде Л.Толстойға тән элементтерді де, Ницшеге тән элементтерді де сезінгендей болдым. Олай дейтінім, маған Ницшенің әсері өте күшті болған кездерім де болды, алайда ақыр аяғында Л.Толстойдың ықпалы әлдеқайда күштірек болып шықты. Мен аяушылықтың ықпалына түсіп, ешуақытта да бостандықтан бас тартуға келіспеген болар едім. Менің бостандық үшін күресімде құштарлық сезім өзіндік орын алып отырды. Бірақ мен құдіреттілікке апарар жігерлілікті туындататын қатал бостандықты жек көремін. Менің ойымша, Христостың өсиеттерін орындаудан бас тартушылықты ақтау үшін, христиан революциясы мен құндылықтардың христиандық төңкерісіне деген жек көрушіліктерін жүзеге асыру үшін христиан дінін адамдардың инстинктерінің пайдасына сай бұрмалайтын болуы керек. Христиандық адам табиғатының күнәхарлылығына байланысты өмірде нақты жүзеге аспақ түгіл, бұл ілім барынша бұрмалаушылықтарды да өз басынан кешірді. "Біріншілер" өздерінің жағдайларын христиандық ілімдеріне сүйене отырып ақтауға барынша жанталасты. Христиандықтың ұятсыздығы тарихтың үлгісіне мүлде жатпайды. Христиандықты мен әруақытта да мейірімділіктің, аяушылықтың, адамгершіліктің, кешірімділіктің қайнар бұлағы ретінде қабылдаған болатынмын. Алайда, христиандықтан адамдардың жаман қылықтарына жол ашып беретін барып тұрған өрескел, адамгершілікке жатпайтын қорытындылар жасауға дейін барды. Енді жоғары өрлеу мен төменге түсу тақырыбына қайта ораламын. Биікке өрлеудің белгілі бір жолына түскен адам "алғашқылық" дәрежесіне жетеді. Дәл осы арада христиандықтың қол жеткізбейтін пародоксімен жақындасқандай боламыз. "Алғашқылар", яғни рухани биіктікке қол жеткізген адамдар (бұл жерде өзінің атақ-даңқы мен байлығы, және билігімен даңқы шыққан адамдар жайында айтып отырғанмын жоқ) "ақырғылар" болып шыға келеді және мұндай жағдайдың орын алуы "биіктің тұғырында тұрғандар" үшін үлкен қауіп болып саналады. "Ақырғылар" қатарында қалып қалмау үшін ең жақын адамдарыңа ғана емес, сонымен қатар "ақырғыларға" деген іскерлік махаббаттың қажеттігі байқалып қалғандай болады.
Сондықтан да, христиандық сана-сезім биікке көтерілу мен төмендегі қозғалыстың өзара үндестігіне, бостандық пен аяушылыққа, құндылықтар мен сапалық деңгейге және жақындарыңа деген шынайы махаббатқа, құдайылық тереңдікке негізделген.
Адамдар өз пайдалары мен мүдделерін сақтау жолында астамшылыққа жол бергендігі соншалық, олар кек алудың алғашқы инстинктері мен сублимациясын христиандық тұрғыдан өзгертуге дейін барып отыр. Орын алған дәл осы жағдай мені бей-жай қалдырған жоқ. Мәңгілік тозақтар жайындағы ілімде кек алудың садистік (қорлаушылық) инстинктері шегіне жете берілгендігіне менің ешбір күмәнім жоқ. Көптеген "ортодоксальдық" христиандар мәңгілік тозақтық азаптар идеясын қатты қастерлейді, өйткені бұл идея оларға қатты ұнайды. Тозақтық азаптардың өздерінің бастарына келмей, тек олардың жақындарының бастарына ғана келетіндігіне олар соншалықты сенімді сияқты және сол әрекеттері арқылы жақындарының бойында үрей туғызып отырады. Мәңгілік тозақтық азаптар идеясының аса зор әлеуметтік маңызы болды. Өйткені, бұқара халық осы идеяның көмегімен басқарылды, сонымен қатар тағылық және күнәһарлық инстинктер де осы идеяның көмегімен мойындатылды. Алайда, христиандық Еуропа бұл идеяға халық тарапынан әлі де болса толық сенімнің салтанат құра қоймаған уақытында қолданды және бұл қолданыста үстемдік етуші "біріншілердің" мүддесі басты орында тұрды. Егер де шіркеу қызметкерлері христиандық дін жолына түскендер тозақтық азаптың сұмдықтарына кәміл сенген уақытта үстемдік пен билікке, байлық пен жақындарын қанаушылыққа ұмтылғандарды өліммен, өмірдегі жасаған жамандықтарға байланысты тартатын тозақтық азаптармен қорқытқанда тарих басқаша бағытта қалыптасқан болар ма еді, қайтер еді. Осы әрекеттің орнына олар адамдарды ересь үшін, діни қағидалардан ауытқығандары үшін, шіркеу иерархиясын мойындамағандықтары үшін, тіпті басқа кінәларды қойғанда ешбір маңызы жоқ ұсак-түйектер үшін де тозақтық азаптармен қорқытып отырды. Орын алған бүл жағдай христиандық әлем тарихына өзінің келеңсіз әсерін тигізбей қалған жоқ. Мәңгілік тозақтық азаптар жайындағы идея барып тұрған садистік және оңбағандық идея болып табылады және ол рухани құндылықтарды құнсыздандырып, адамның моралдық өміріне қауіп төндіргендіктен күрделі философиялық проблемаға да жатады. Бұл идея өмірді мәңгілік айдауға алып келетін сот процесіне айналдырып жібереді және тозақты адамзаттық жол ретінде қарастырады. Тозақтың кез келген онтологиясы оңбағандық болып табылады. Мен өзімнің христиандыққа деген көзқарасымда адамдарды тозақты жақтаушылар және оған қарсылар деп екіге бөлдім. Сөйтіп, христиандыққа берген менің багам дәл осындай сарында болып келеді. Менің ойымша, тозақты жақтаушылар басқалардың азапқа түсуін қалаушылардың нағыз өздері болып табылады. Христиандар көбінесе кішіпейіл садистер қатарына орын алып отырды. Алайда, олардың қорқытуларының әсері онша болмаса да, оның есесіне жер бетіндегі тозақпен қорқытудың әсері күштірек болып отыр. Мәңгілік тозақтық азаптар идеясын жек көрушілігімнің астарында менің аяушылық пен жанашырлыққа және қайғы-қасірет пен азап басыңа түсіп тұрған уақытта қуаныш пен рахаттанудың болмайтындығына байланысты туындаған алғашқы сезімім жатқан болуы керек. Құтқару жолына басқа адамдармен біріге отырып түсуге болады... Шындығында да, мен адамдарды жазалаудың қай түріне болмасын барынша қарсы болдым, мен соттың ешқайсысын да, әділдіктің салтанат құрғандығы жайындағы ешбір декламацияны да ұнатпадым және сотталғандарға жанашырлықпен қарадым. Мұндай көңіл күй менің өмірімнің заңсыз өткендігіне байланысты болу керек. Мен қатыгездікке де төзе алмаймын, алайда бостандық үшін күресте достарымнан мүлде қол үзіп, талай қаталдықтарға баруға тура келіп отырды. Мен тозақтық өмірді тек қана сол тозақты барынша жақтаушыларға ғана тілеймін. Тағы бір қолайсыз жағдай жайында айтқым келеді. Менің азапқа түсіретін тағы бір жағдай, ол адамдарға деген ұмытшақтық қасиетім. Ал есіме түскен уақытта өзімді өте ыңғайсыз сезінемін. Өз кінәңді сезіну мен басқалар үшін де баршаның жауапкершілікте болу сезімінде алқалылық қасиет менің жан-дүниеме өте жақын болып келеді.
Рухтың күмәндануы мен күресі
Мені табиғи жағымнан, рухани жан-дүнием жағынан алғанда нағыз скептик деп айтуға да болмас. Менің ой-өрісім күмәнданушылық түрінде туындамайды. Маған күмәнданушылық емес, рухани күрес, қарама-қайшылықтар тән болып келеді. Мен күмәнданбаймын, мен күресемін. Алайда, дәл осы күрес барысында мен шындыққа қол жеткіземін. Менің танымым күмәнданушылық пен қарсылықты біртіндеп жеңуім арқылы қалыптасатын ішкі диалог ретінде жүзеге асырылмайды. Өйткені, дүниетанымым мен ойларыма байланысты туындайтын қарсылықты өзім күрескен идеяларым мен сенімдерімнің жауы бейнесінде елестеттім. Менің ақыл-ойларым нақтылығымен ерекшеленді және сын сағаттардың өзінде де бұрыннан-ақ дәл осындай сипатта болатын. Алайда мені догматтық түрде ойлайтын адам деу дұрыс бола қоймас. Ең бастысы, мен өзім іздеген "Ақиқатқа", өзім іздеген "Құдайға" барынша сендім. Шындығында да, мен ізденгіш болдым, әруақытта да қозғалыста болдым, менің ізденістерімнің жетістіктері шығармашылық шабытқа тікелей байланысты болды. Мен өзімді скептик пен догматик типтеріне қарағанда өзіндік ерекшелігім бар басқа типке жатқызамын. Скептик, шындығына келсек, ізденуге онша талпына қоймайды, тіпті ол қозғалыста да болмайды. Абсолютті скептик бола қалған күннің өзінде де ол адам қозғалыссыз бір орында тұрып қалудың өлі нүктесіне айналған болар еді. Ақиқатын айтсақ, скептик кез келген уақытта екінші бір скептикті сатып кете бере алады және осы әрекетін өмірлік әдетіне айналдырып алғанға ұқсайды. Скептик пен догматиктің өзара ұқсастығы олардың қозғалысқа деген құлшыныстарының жоқтығында, шығармашылық өмірлерінің тоқтап қалуында. Күмәнданушылық эмоциональдық және жігерлілік сипатқа ие деген пікірді мен қате деп санаймын. Бір орнында тұрып қалған скептик рухани жол мен ойлаудың диалектикалық процесін өз басынан кешіре алмайды, және бұл жағдай метафизикалық дәрменсіздік пен ерік-жігерге ие болудағы қабілетсіздікті көрсетеді. Әлемдік және адамзаттың өмірдің зұлымдық пен қайғы-қасіретке толы болуы мен Құдайдың бар екендігіне күманданушьшықтың туындауында байланысты айтарымыз: бұл арада Құдайдың өмір сүретіндігіне қарсы еш бір интелектуальдық-танымдық дәлелдеме жоқ, өйткені бұл тұста бар болғаны аяушылық сезім тудыратын эмоциональдық көңіл-күйді білдіру ғана көрініс тауып отыр. Алайда, Құдайдың бар екендігіне қарсы ақылға симайтын эмоциональдық қарсылықтардың орын алатындығын тағы да жасырып қалуға болмайды. Құдайды бұл / дүние жақсы болғандықтан немесе тым жаман болғандықтан жоққа шығармайды. Орын алған осы екі жағдайда да Құдайдың бар екендігіне деген күманданушылықтың астарында, ең бірінші кезекте, көңіл-күйдің эмоциональдық табиғаты жатыр. Өз кезегінде сенімділіктің де негізінде, ең бірінші кезекте, эмоциональдық табиғат көрініс табады. Интеллектуалдық аппарат обьективтік тұрғыдан алғанда тек қана қызмет құралы болып табылады. Олай болса, таза интеллектуальдық интуиицияның болуы да мүмкін емес. Интуиция әруақытта да интелектуальдық-эмоциональдық сипатта болады. Нағыз эмоциональдылықты мен трансцентальдылық деп атаған болар едім. Трансцентальды эмоциялар мен эмоциональды танымның өмір сүретіндігі ақиқат.
Менің бүкіл өмірім күреске толы болды. Осыған қарамастан, рухымның тікелей күресі жайында өз еңбектерімде көп жазған жоқпын. Рухтың күресін мен дұшпандық ағымдармен күрес түрінде бейнеледім. Өз ойымды білдіру барысында өз табиғатыма байланысты күмәнданушылыққа жол бере қоймағандығым білініп тұрады. Өйткені, мен қашанда болсын үлкен сеніммен жаза да, айта білдім және қай кезде болсын қажырлылық танытуға тырыстым. Алайда, "менің бойымда күмәнданушылық сезім болды ма екен?" деген сұрақ туындайды. Өз пайымдауым бойынша, менің бойымда бір орнында мызғымай қатып қалған күмәнданушылық ешуақытта да болған жоқ. Мен өз бойымда орын алған ойларым мен сенімдеріме байланысты туындаған барлық қарсылықтарды ұғына білдім, мүмкіндігінше олардың себеп-салдарларын анықтауға тырыстым, бірақ мен ішкі жан-сезімімді жеңуге талаптанып, бар болғаны осы бір талпыныстың нәтижесін тана беруді мақсат еттім. Менің бойымда діни күмәнданушылық та бар және мұндай көңіл-күй кей сәттерде қатты байқалып қалады. Дегенмен де, бұл жағдай әдетте соншалықты күшті моральдық эмоция түріне айналып кететін. Мен күмәнданғанымнан гөрі наразылық сезімім басымдылық танытатын. Егер мен Құдайды жоққа шығаратын болсам, онда бұл әрекетке сол құдайдың өзі үшін ғана барар едім. Бірақ философ ретінде Құдайлық болмыстың онтологиялық дәлелдемесін жоққа шығарамын, басты дәлелдеме − Құдай болмыс емес және барлық кезде де ой-санаға тиесілі болмыс категориясын оған қолдануға болмайды. Құдай бар. Ол жайында тек қана экзистенциональдылық және символикалық тұрғыдан ғана ойлау керек. Менің Құдайға қатынасым экзистенциональды драмалық сипатта болып келеді. Менің бойымда қарсылық жөне жеккөрушілік тудырып, бір орында тұрып қалған дәстүрлі догматтық сенімнің ақиқаттығына көзім жеткен уақытта ғана мен азапты діни күмәнданушылықты басымнан кешіремін. Дәл осындай сенімнің ақиқатқа жатпайтындығына көзім жетсе болғаны менің барлық күмәнданушылығым жоғалып кетеді. Бұл жағдай, әрине, күмәнданушылықтың қарапайым түріне жатпайды. Дегенмен де, менің ішкі жан-дүниемнің азапты сәттері осы жағдаймен тығыз байланысты болып келеді. Мен жан-дүниемнің жеңіліске ұшырауымен ешқашанда келісе алмадым, сондықтан да болар менің рухым ішкі жеңістерге бағытталды. Сонымен қатар мен сыртқы жеңістерге қол жеткізуге оншама тырыса да қойған жоқпын. Менің жазған еңбектерімде, мүмкін, менің рухымның күресі жан-жақты қамтылмаған да болар. Сенім мен сендіру адам жанының синтезін, ол арқылы қол жеткен тұтас бейнені, жеке тұлғаның қалыптасуын білдіреді. Күмәнданушылық, ұзаққа созылған скепсис бұл синтездік құбылыстың құлдырауынан хабардар етеді. Түс көру сәттерінде сананың синтездік белсенділігі төмендейді, сөйтіп көмескі тартқан сана арқылы біз синтезделмеген көмескі бейнелерді қабылдаймыз. Олай болса, синтезделген акт қана дүниені шым-шытырық түс көрушіліктен сақтап қала алады. Алайда, кейбір түстерден жоғары саналықты байқауға болады және мұндай жағдайда жеке адамның тұтастық қасиеті сақталып қалады. Мен әрдайым жеке тұлға мен дүние бейнесінің ыдырауына қарсылық көрсетіп отырдым. Адам өмірінің мәні де, сәні де, ол − сенім. Мен "сенім" сөзін догматтық мағынада қолданып та отырған жоқпын. "Скепсис" дегеніміздің өзін адамның әлсіреп, өлімге бет бұруы деп түсінуіміз керек.
Эрос жайындағы ойлар
Менің өз өмірімнің эротикалық жағы жайында баяндайын деп отырғаным жоқ. Осы саладағы кез келген мойындаушылықты жақтыра қоймаймын. Мен өзімнің сырластық өмірім және басқа адамдармен болған сырластық қарым-қатынастар жайында жазғым да келмейді, оның есесіне өзім қарыздармын деп есептейтін ең жақын адамдарым жайында әрдайым жазғым келіп тұрады. Сондықтан да, бұл кітаптың мазмұны да басқаша болып келеді. Мүмкін, мені эротикалық философтардың қатарына жатқызуы да мүмкін, алайда менің бойымдағы этикалық құштарлық (өлшемдер емес, құштарлық) эротикалық құштарлыққа қарағанда әлдеқайда күштірек болды. Өйткені, мұндай көңіл күйдің басымдылық танытуы менің жанұя мен ұрпақ жалғастыруды мақсат тұтатын орыс адамдарының ұрпағына жатқандығымнан да болар. Дәл осы арада мен өмірлік тәжірибемнен түйген кейбір ойларымды, бақылауларым мен сезімдерімді көпшіліктің алдына жайып салғым келеді. Мен түрлі типтегі адамдардың арасында орын алған қарым-қатынастар жайында көп толғандым, әсіресе махаббат пен аяушылық және махаббат пен эрос арасындағы қатынастар қатты қызықтырды.
Жынысты адам организмінің функцияларының бірі деп қарастыруға болмайды, өйткені ол тұтастыққа жатады. Бұл қағиданы бүгінгі тандағы ғылым да мойындап отыр. Жынысына байланысты адамның бойында ұялшақтық сезім пайда болады және адамдық қасиеті басылып қалғандай әсер алады. Адам қалай болғанда дәл осы жағдайда өзін бір түрлі сезінеді. Адам ешуақытта да аяушылыққа толы махаббатын жасырмайды, алайда сексуальдық махаббатты білдірмеуге бар жанын салады. Адам бойындағы дәл осы қасиет мені әрқашанда таң қалдыратын. Тіпті жыныстық қатынастың өзінде де кейіпсіздіктің көріністері орын алады. Леонардо да Винчидің айтуынша, адамның жыныс мүшесі соншалықты кейіпсіз болып келеді. Жыныстық өмірде адамды кемсітетін бір нәрсе бар сияқты болып көрінеді. Сөйтіп, адам бөлшектеніп кеткендей әсер аламыз. Фрейдтің қағидасы мен психикалық талдауы да, қазіргі заманда жазылған романдардың мазмұны да дәл осындай сарында болып келеді. Қазіргі заманның ұятсыздығы − дәл осында жатыр. Мен эрос пен жыныстық қатынастың, эрос-махаббат пен жыныстың физиологиялық өмірінің арасындағы айырмашылықтарды қолдаймын. Бүл салалар бір-бірімен байланысып жатқанымен, олардың өзіндік айырмашылықтары да бар. Жыныстық өмір көріксіздігімен де, рулылығымен де ерекшеленеді. Мұнда адам рулық стихияның ойыншысына айналады. Жыныстық қарым-қатынастың дәл өзінде жеке тұлғалық, өзіндік қасиет болмайды, ол адамды барлық жануарлар дүниесімен біріктіреді. Жыныстық әуестік өздігінен жеке тұлғаны қалыптастыра алмайды, қайта оны басып жаншып жібереді. Жыныстық өмірде адамға қатысты аяусыздық сезім орын алады және оны адамдықтан бас тартуға мәжбүр етуге келісушілкке жетелейді. Жыныстық әуестенушіліктің жекеленуі − жыныс үстемдігін шектеу болып табылады. Ал махаббат − жеке даралық қасиетке ие, ол өзіндік бет-бейнесі бар ерекше, қайталанбайтын, жеке адамға бағытталған ерекше рухани құбылыс. Күшті махаббат пен ғашықтық сезім жыныстың әуестенушілікті күшейтудің орнына, оны әлсіретіп те жіберуі мүмкін. Өйткені ғашық адам жыныстық қатынасқа онша тәуелді бола қоймайды, ол өзін-өзі ұстай да алады, тіпті аскеттік жолға да түсіп кетуі ғажап емес. Махаббатты біз қашанда болсын жалпылыққа емес, жекелікке жатқызамыз. Эротикалық махаббаттың түп-тамыры жыныста жатыр және жыныссыз ол өмір де сүре алмайды. Жынысты ол өз ырқына көндіре алады, сөйтіп басқа бір бастамаға жол ашып береді. Эростың өзге де бастамалары бар және ол басқа дүниеден туындайды. Эрос − махаббаттың табиғаты өте күрделі, әрі қарама-қайшылықтарға толы болып келеді және адам өмірінде сансыз келеңсіздіктер тудырады, адамдық драмаларға жол ашып береді. Менің эрос махаббатқа деген құштарлығымнан гөрі, одан алшақтаушылығым басымдылық танытқан сияқты болып көрінеді. Маған таныс адамдар жайындағы романдарды баяндаған кездерде, мен олардың махаббатқа деген құқықтарын барынша қолдадым және оларды айыптамайтынмын да, алайда коп жағдайларда олардан арамды алшаққа салып, ештеңені білмеуге тырысатынмын. Мен махаббат еркіндігін қай уақытта болмасын қорғап келдім, тіпті оны соншалықты құштарлықпен қорғағандығым соншалық махаббат еркіндігін жоққа шығарушыларға барынша қарсы болдым. Мен бұл саладағы моралдылық пен заңдылықты жақтырмадым, кейбіреулердің дәл осы саладағы айтқан қағидаларына да көңілім толмады. Бірақ мен махаббатқа қарағанда еркіндікті әлдеқайда жақсы көрген сияқтымын. Нағыз махаббат − ол ерекше өскен гүл. Мені бостандық үшін махаббатты құрбандыққа салушылықпен қатар махаббаттың өзінің еркіндігі қатты толғандыратын. Еркіндік үшін болатын махаббаттың тамыры тереңде жатыр және оның мән-мағынасы да ерекше сипат алады. Мен махаббаттың үстемдігіне мүлде бой ұрып кеткен адамдарды да жақтыра қойған жоқпын. Сондықтан да болар, махаббаттың кейбір көріністері менің наразылығымды тудырды. Алайда, махаббаттың дионистік стихиясында заңдылықтың үстемдігінен жоғары тұруға деген пиғылдың бар екендігі аңғарылады. Мен эрос − махаббат пен аяушылықтан туындаған махаббаттың арасындағы келіспеушілікті махаббаттың бостандықпен арадағы келіспеушілігі (конфликтісі) сияқты терең сезіне алдым. Қарыз үшін, құқық үшін, қоғамның өзіндік пікірі мен оның өзіндік ережелері үшін махаббаттан, махаббат еркіндігі мен заңдылығынан бас тартуға болмайды. Өкінішке қарай, адам өмірінде махабатты қорлаушылық, оны бұрмалаушылық орын алып отырғандықтан, бұл сезді айтудың өзі мүмкін бол май отыр, осы себептен де бұл ұлы сөзге жаңа теңеу табу керек болар. Нағыз махаббат адамдардың өзара табысуының кездейсоқ болуын қаламайды. Бірақ кейбір жағдайларда ғана кездейсоқ кездесулердің болатындығын жоққа шығаруға тағы да болмайды және ерекше бір жағдайларда жеке адам өзіне лайықты деп санаған жарын кездестіруге мүмкіндік алады. Сондықтан да болар, өмірде сәтсіздікке ұшырайтын жанұялар көптеп кездеседі.
Қоғамның жеке адамдардың эротикалық өміріне араласуын мен қолдамаймын. Махаббат құқығын әлеуметтік тұрғыдан шектеу менің бойымда қарсылық тудырды және дәл осы тақырыптар төңірегіндегі әңгімелер менің ашу-ызамды тудыратын. Махаббат қоғамның араласуға болмайтын өмірдің өзіндік жеке саласы болып табылады. Мен тіпті "қоғамды да" жалпы жек көремін. Олай болатыны, мен қоғамға қарсы шыққан адаммын. Мен "Адамның өмірдегі алатын орны" атты кітабымда былай деп жаздым: "Екі адамның арасындағы махаббат жайында сөз болғанда, кез келген үшінші адамның қажеттігі бола қоймайды" Кейбір жасырын жағдайдағы махаббат жайында сөз қозғағандарға мен өз қарсылығымды білдіріп, оның бұл адамдарға ешбір қатысы жоқ екендігін жеткізуге тырысатынмын. Махаббат қай уақытта болса да өзінің құпиялығымен ерекшеленеді. Ал құпия махаббат, ол жансыз махаббат деп айтар едім, өйткені құпия махаббат үйреншікті өмір үшін ғана өмір сүреді, ал нағыз махаббат үйреншікті дағдылы өмір шеңберінен асып кетеді. Ендеше, екі адамның бірін-бірі сүйетіндігі өмір заңдылығы болып табылады. Мен кейбір ерлі-зайыпты адамдарға назар аударған сәттерімде өзімді өте қолайсыз сезінетінмін және өз басым білуге ісі емес нәрсені аңғаруға тырысқандай эсер алатынмын. Жыныс пен махаббатты әлеуметтендіру адамзат тарихының ең бір келеңсіз көріністерінің бірі, олай дейтінім ол адам өміріне айтарлықтай нұқсан келтіреді және орны толмас қайғы-қасірет әкеледі. Жанұя ең қажетті әлеуметтік институт болып табылады және ол да мемлекет, шаруашылық және т.б. бағынған заңдарды негізге алады. Жанұя шаруашылық құрылыспен өте тығыз байланысты болып келеді де, ал мұндай жағдайда махаббатқа оның оншама қатынасы бола да қоймайтын сияқты болып көруі де мүмкін. Құлдықтың элементтері қай уақытта болмасын жанұяда күшті болған және олар күні бүгінге дейін жоғалған жоқ. Жанұя үстемдік пен бағыныштылыққа негізделген иерархиялық ұйым. Онда махаббатты әлеуметтендіру оның мүддесін төмендету дегенді білдіреді. Жанұяға негізделген неке де құпиялылықтың бір көрінісі сияқты болып көрінеді. Христиан діні некеде құпиялылыққа жол бере қоймайды, ол бар болғаны пұтқа табынушылық пен юдаизмді одан әрі айқындайды. Дәл осы бір табиғи құпиялылық аясында қоғам үшін ғана емес, сонымен қатар шіркеу үшін де, өзінің табиғаты жағынан да көзге шалына қоймайтын бір нәрсенің әлеуметтендірілу процесі жүзеге асып жатады. Шынайы құпиялылық нағыз махаббаттың құпиясын мойындау болып табылады. Бұл құпиялылық ешбір әлеуметтік көңіл күйдің де, ешбір рационализаторлықтың да ырқына көне қоймайды. Адамзат қоғамдары өміріндегі махаббат трагедиясының мән-мағынасы дәл осында. Қоғам махаббатты мойындамайды. Ал махаббатқа жан-тәнімен құлаған адам, осы сөздің шын мағынасында - қоғамның жауы болып шыға келеді. Әлемдік әдебиет әлеуметтендірілген махаббатты емес, шын махаббаттың құқығы мен құндылықтарын барынша қорғады. Бұл саладағы ең алғашқы қарлығаштар провансальдық трубадурлар болды. Мен бұл арада жыныстық қарым-қатынастардың ырқындағы әдебиет жайында емес, нағыз шыншыл әдебиет жайында сөз қозғап отырмын. Жария құдайшылдық, жария мораль, жария қоғамдық пікір бүл мәселеде әдебиетке деген өздерінің теріс пиғылдарын жасыра алмай, оған басқаша пиғылмен қарады. Шындығын айтсам, Л.Толстойға деген ерекше ықыласыма қарамастан, мен "Анна Каренина" шығармасындағы негізге алынған идеяны ұната қоймадым. Мен Анна мен Бронскийдің арасындағы махаббатты емес, керісінше Анна мен Каренин арасындағы жанұялық қарым-қатынастарды қылмыс ретінде қабылдадым. Сонымен қатар айрылысу жайындағы мәселенің қойылуы да маған үстіртін болып көрінді. Олай болса, нақты мәселе мойындалуға тиісті айырылысу құқығында емес, олардың өзара махаббаты сөнгеннен кейінгі айырылысудың өзіндік міндеттерінде болар. Махаббат жоқ жерде некелік өмірді одан әрі жалғастыру, меніңше өнегесіздік, адамгершілікке жатпайтын қылық. Ал балалар жайындағы мәселе мүлде басқа мәселе және оның маңыздылығына ешкім шек келтіре алмайды. Бірақ ата-аналары бірі-бірі сүймеген уақытта, бұл жағдай балаларға жаман әсер етеді. Мен өз көзқарасымның ассоциальдық және қауіпті көзқарас ретінде танылатынын сеземін. Алайда, бұған мен ризамын. Егер шаруашылықты әлеуметтендіруді қажетті және әділдік деп санасақ, онда бүкіл тарихи даму барысында орын алған адамның өз басын әлеуметтендіруді құлдықтың көзі және рухани жағынан реакциялық деп тануымыз керек. Ең бастысы, мен қауіптілік категориясын қабылдамаймын. Қауіп-қатерді тіпті жаман нәрсе деп санауға болмайды, өйткені адам өз өмірінде қауіптерді жеңе де білуі керек.
Чернышевскийдің "Не істеу керек?" деген шығармасы көркемдік жағынан дарынсыз шығарма қатарына жатады және оның негізінде өте аянышты және дәрменсіз философия жатыр. Алайда, әлеуметтік және этикалық жағынан алғанда мен Чернышевскийді бар жағынан да құптаймын және осынысы үшін оны қадірлеймін. Ол адамдық сезімдердің құқығын насихаттау мен адамдардың қарым-қатынастарының қызғаныштың үстемдігіне қарсы күресінде өзінің әділдігін де, жоғары адамгершілігін де таныта білді. Сонымен қатар оның еңбегінде өте күшті аскеттік элемент пен тазалық ерекше көрініс тапқан. Бір қызығы, орыс халқының ең көрнекті адамдарының қатарына жатқан Чернышевскийдің өз басының әйеліне деген махаббат сезімі өте күшті болған. Оның айдаудан әйеліне арнап жазған хаттары адам өмірінде өте сирек кездесетін шынайы махаббаттың құжаты десек болар. Оның бойында еркін махаббат және әйеліне деген ерекше еркін сенімділік болғандығы күмән тудырмайды. Бұл нигилист пен утилитаристің бойында нақты бір әйелге арналған нағыз мәңгілік әйел сұлулығына табынушылық орын алған. Ең бастысы, Чернышевский эротикалық махаббатпен соншалықты баланысты қызғаншақтыққа қарсы шыға білді. Мен қызғаншақтықты әрқашанда барып тұрған оңбаған сезім деп санап келдім, өйткені ол адамның еркіндігімен мәмлеге келе де алмайды. Қызғаншақтыққа кемсітушілікпен қатар жүретін жекешелік пиғыл мен үстемдікке ұмтылу инстинкті тән болып келеді. Демек, махаббат құқығын мойындап, қызғаншақтық құқығын жоққа шығарған жөн. Бұл мақсатты Чернышевский тура және қарапайым түрде жүзеге асыра білді. Қызғаншақтық дегеніміз адамға жасалатын зомбылық. Әсіресе, әйелдің қызғаншақтығы жаман, өйткені ол әйелді шайпаулыққа апарады. Әйел махаббатының оны стихиялық әзәзілдік дәрежесіне жеткізетіндей де мүмкіндігі бар. Олай болса, әзәзіл әйелдер бар болып шығады. Олар кей кездерде маған хат жазатын және олардың астралды романға әуестігі аңғарылып тұратын. Бұл өте жағымсыз құбылыс. Әйел мен еркектің махаббаты мен олардың талаптары мен үміттерінің арасында салыстыруға келмейтін жағдайлар орын алады. Еркектің махаббаты жекешелік сипатқа ие де, ал әйел махаббаты тұтастық сипатқа ие болып келеді. Әйел махаббаты сезім кернеуінен асып-тасып жатады. Әйел махаббатының қауіптілігі де дәл осында. Әйел махаббатына сиқырлық қасиет тән, бірақ ол өз үстемдігін орнатуға тырысады. Дәл осы жерде ерекше әйел бейнесімен сәйкессіздік аңғарылады. Әйел сұлулығының бейнесі көп жағдайларда жалған болып шығады. Әйелдер еркектерге қарағанда көп алдайды, өйткені осы әрекеті арқылы олар өздерін қорғай біледі. Бұл жағдай патриархаттың матриархатты жеңу кезеңінен басталған әйелдердің тарихи теңсіздігімен тығыз байланысты болып келетін болар. Алайда әйел махаббаты шексіз биіктікке де көтеріле алады. Ибсендегі Сольвейгтің, Жузидодағы Верониканың бейнелері осы ойға меңзейді. Өзара сенімге бай мұндай махаббат мәңгілік даңққа ие болды. Менің ойымша, ең ауыр да, ең азапты махаббат кейбіреулер ойлағандай бөлінішті махаббат емес, бөлінбейтін нағыз махаббат болып көрінеді. Көп жағдайларда махаббаты бөлуге де болмайды. Осы арада езінді күнәлі сезіну сезімі келіп туындайды. Менің достық және жақындық қарым-қатынастарым еркектерге қарағанда әйелдермен әлдеқайда көп болды. Өйткені, маған еркектерге қарағанда әйелдер мені жақсы түсінетін сияқты болып көрінді. Әйелдердің бойында, шын мәнісінде дәл сондай болмаса да иллюзиялар тудыра алатындай керемет бір қабілеттері болады. Мен әйелдің табынуға тұрарлық сұлулық қасиеттерін сезіне білдім. Алайда, менің бойымда Дантеге, Гетеге, "Тамаша Әйелге" табынушылыққа байланысты XX ғасырдың басында кеңінен тараған мәңгілік әйел сұлулығына табынушылық орын ала қоймады. Кей сәттерде әйел стихиясын жек көрмесем де, оны ұнатпайтын сияқты болып та көрінемін. Мен мәдениет тарихында түңғыш рет нағыз сүйіспенішілік-махаббат идеясын енгізген провансаль трубадурларын түсіне де және бағалай да білдім. Алайда, Құдайға байланысты діни өмірге эротикалық бастаманы енгізу маған мүлде жат. Осы себептен де болар, маған Я.Беманың идеясы өте жақын болып келеді. Бір кездерде мен әйелдік бастамаға табынушылыққа мүлде қарсы да болдым. Вл. Соловьевтің эротика типі мені қатты назаландыратын. Дегенмен де, мен Вл. Соловьевтің "Махаббаттың мән-мағынасы" атты мақаласын өте жоғары бағалаймын, өйткені бұл еңбек оның махаббат жайында жазғандарының ішіндегі ең тәуірі болып саналады. Сонымен қатар бұл статьяның тамаша ойлары мен оның София туралы ілімінің арасындағы қарама-қайшылықтарды да аңғарғандаймын. Мен әйел стихиясы ғарыштық стихия, тіршілік негізі дегенге қосыламын, өйткені адам осы бір әйелдік нәзіктік арқылы ғана ғарыштық өмірдің қыр-сырларына қанық бола алады. Адам өз табиғатында жеке тұлға ғана емес, ол ғарыштық пенде.
Жыныс рулық өмірге жатады. Ал махаббат жеке адамның өміріне жатады. Рулық өмірден алшақтау менің тіршілігімнің ең алғашқы бастамалық қасиеттеріне жатады. Жүкті әйелдер әдетте менің бойымда дәл осындай сезім тудыратын. Бұл жағдай мені мазаландырады және ақымақтық та болып көрінеді. Менің бойымды ерекше бір қорқыныш сезімі ұяласа, ал өзімді кінәлі санау сезімі одан күшті болып шықты. Дегенмен де, мен балаларды жақсы көрмедім деп айта алмаймын, керісінше мен оларды өте жақсы көрдім. Өз басым немерелеріме үлкен қамқорлық жасадым. Алайда бала табу маған соншалықты ұнамайтын. Кирхегард сияқты бала табушылықтан мен күнә мен жамандықты сезінгендей күй кештім. Рулық мәңгілік өмір мен жеке адам мәңгілігінің болашақтары бір-біріне қарама-қарсы. Мен бұл арада Вл. Соловьевті қолдап қана қоймаймын, өйткені оның шығармасын оқығанда дейін-ақ мен де дәл осылай ойлайтынмын. Рулық өмір аяушылық сезім тудыруы мүмкін, бірақ эрос-махаббатты тудыра алмайды. Нағыз ғашықтық рулық өмірімен байланыса да алмайды, сондықтан да болар, ол − жеке адамның сүреңсіз рулық өмірді жеңуі болып табылады. Эрос жынысты жеңіп шыта алады. Махаббаттың өте күшті көңіл-күйінде шексіздіктің тұңғиық тергендігі жатыр... Махаббаттың шексіздік қасиеті бар, алайда осы бір шексіздікті шектейтін оның да өзіндік ақыры бар. Махаббатта басқа бір адамның әдемілігін тани білушілік, Құдай арқылы оның бет-бейнесін айқындаушылық, бұзылған дүниедегі үстемдік етуші жамандықты жеңушілік сияқты қасиеттері де бар. Алайда махаббаттың бұл дүниені дамыту қабілеті болмайды. Егер эрос-махаббат аяушылық махаббатпен қосылмайтындай болса, онда нәтижелері азапқа толы болып келеді. Эростың тұла бойы қаталдыққа толы болғандықтан, ол аяушылықпен мәмлеге келуге мәжбүр болады. Эрос Агапэмен қосыла алады. Аяушылық сезімнен ада махаббат жеккөрінішті әсер қалдырады. Эротикалық махаббат пен каритативтік махаббат арасындағы, лапылдаған махаббат және әдемілікке қызығушылықпен суына бастаған махаббат арасындағы, дүниедегі азап пен қайғы-қасірет арасындағы қатынастар қиын да, ауқымды тақырыптарға жатады. Платоникалық эрос нақты бір тіршілік исіне емес, әдемілікке, құдайшылдық биіктікке бағытталған. Алайда христиан әлемінде эрос трансформацияға ұшырап, нәтижесінде жеке адамның бастамасы оның аясынан орын алады. Розанов тамаша қорғаған жыныстық пантеизм эросқа жатпайды, ол пұтқа табынушылық жағдайына қайта оралу болып табылады. Ал Вл. Соловьевта, оның өзінің махаббат жайындағы іліміне қарама-қарсы белгілі бір әйелге емес, Құдайылық мәңгілік нәзіктікке бағытталған платоникалық эрос күшті болып көрсетіледі. Эрос неше түрлі көңіл күйді тудырады, сондықтан да оларды шындықтан ажырату оңайлыққа соқпайды. Адамға махаббат жайында арман құшағына берілу тән. Бұл жағдайды Шатобриан тамаша суреттеген. Бірақ эроста мәңгілікке татитын нақты негіз де бар. Өте азапты ұмытшақтық. Ал ұмытшақтықта сатқындық, мәңгілікті уақыт ағымына ысыра салушылық пиғыл үстемдік етеді. Кей кездерде біздің көрген түсіміз ұмытқандарымызды еске түсіреді, ал мұндай кезде қайғы жан дүниеңді жаулап алады. Кейбір сәттерді есептемегенде эротикалық өмір − адам өмірінің барып тұрған қайғыны жағы болып саналады. Егер ұмытшақтық құндылықты сатып кетуге әкеліп соқса, онда еске түсірушілік коп жағдайларда құндылықтарға қарама-қарсы нәрселерді санамызда қайта жаңғырту болып шығады. Өмірдің бұл саласындағы өткенімді еске түсіруді мен ешуақытта да жақсы көрмедім. Махаббатқа ішкі тереңдікке бойлаған трагедия тән, сондықтан да болар махаббат өліммен тығыз байланысты болып келеді. Махаббат пен шығармашылықтың арасында трагедиялық конфликт (келіспеушілік) орын алады. Бұл тақырыпты Ибсен жан-жақты тамаша ашып берген. Адамдардьң махаббаттың қуанышы жайында айтқандары мені таң қалдыратын. Меніңше, махаббаттың трагедиясы мен оның азабы жайында көбірек айтқанымыз әлдеқайда табиғи болып шығар еді. Махаббат, шын мәнісінде, орындалған үміттерді біле де бермейді. Салыстырмалы түрде бақытты жанұялық өмір бола береді, алайда бұл бақытты үйреншікті өмір. Егер мен романтик болсам, өмір шындығын шамадан тыс реалистік тұрғыдан қабылдайтын романтик болып шығар едім. Махаббаттың әлеуметтік жағында мен өзімді революционер ретінде сезіндім және бұл салада төңкерістің болуын талап еттім. Менің бойымда еркіндікке деген, әсіресе махаббаттың құлдыққа әкеліп соғатынын біле тұрсам да махаббат саласындағы еркіндікке құштарлығым басым болды. Мені каритаивтік махаббат пен аяушылыққа толы махаббат толғандыратын да, ал эгоцентристік махаббат пен вампирлік (қанаушылық) махаббатқа жан-тәніммен қарсы болатынмын. Алайда, сирек болса да өмірдің рухани мән-мағынасымен байланысқан ерекше махаббаттың болатындығы да дау туғызбайды.
Шығармашылық әлемі, шығармашылықтың мән-мағынасы
және шығармашылық экстазды (шабытты) бастан кешіру
Шығармашылық, адамның шығармашылық қабілеті жайындағы тақырып − менің өмірімнің ең басты тақырыбы. Бұл тақырыптың күн тәртібіне қойылуы мен үшін философиялық ойдың нәтижесі емес, бұл − өз басымнан өткізген ішкі жан-дүниемнің бай тәжірибесі, ішкі жан толғаныстарымның заңды қорытындылары болып табылады. Кейде көтеріп отырған шығармашылық тақырыбымды кейбіреулер дұрыс түсіне қоймайды. Олар мұны кәдімгі мағынадағы мәдени шығармашылық, "ғылым мен өнер" шығармашылығы, көркем шығармалардың шығармашылығы, кітаптар жазу және т.б. ретінде ғана қабылдайды. Сонымен қатар бұл тақырып христиандық ағым шығармашылық мәдениетін жақтай ма? деген сұрақты туындатады. Алайда, менің қозғап отырған тақырыбым мүлде басқа және өте терең тақырыптардың қатарына қосылады. Мен шығармашылықты ақтау туралы сұрақты мүлде қойып отырғаным жоқ, мен шығармашылық арқылы ақтау мәселесін көтеріп отырмын. Бұл адамның Құдайға қатынасы, адамның Құдай алдындағы жауабы жайындағы тақырып. Адамзат мәдениетіне, мәдени құндылықтарға қатысты тақырыптар келесі кезекте қамтылатын болар. Ал мені қатты толғандырған шығармашылық пен күнә, шығармашылық пен күнәнің өтелуі жайындағы мәселелер. Мен адам күнәһарлығының шиеленіскен сана-сезім дәуірін басымнан кешірдім және осы сананың тұңғиығына кіргендей болдым. Мүмкін, бұл православиеге тым жақындай түскен сәттерім де болар. Алайда, күнәхарлық адамның рухани жолында болмай қоймайтын сәт болатындай болса, онда өзіңнің бұл санаға жан-тәніңмен берілуің мен оның тұңғиығына барған сайын бойлай түсуің өмірлік күш-қуатыңның әлсіреуі мен басылыңқылыққа әкеліп соғады. Мұндай көңіл күй маған да тән болып келеді. Жасаған күнәларың үшін қайғыру адамның көзін ашып, оның қайта жаңғыруына әкеліп соғуы мүмкін. Сонымен қатар бұл жағдай қараңғылық тұманын одан әрі қоюлата түсуі де ғажап емес. Рухани өмірдің бірден-бір және жан-жақты бастамасы ретінде қабылданған күнәлылықты мойындау шығармашылық шабытқа әкеліп соға қоймайды, өйткені өмірді қайта жандандыру үшін мұндай көңіл-күйден басқа бір күйзеліске көшу керек. Шынымды айтсам, "Басыңқылықтан қалай арылып, шалқар шабытқа қалай ие болуға болады?" деген сұрақ мені қатты толғандыратын. Рухани өмір жайындағы дәстүрлі еңбектердің бұл сұраққа берер жауабының мағынасы төмендегідей болып келеді: жасалған күнәлар мен адамдық қателіктер жайында қайғырғаннан кейін адам өмірінде жаңарған бейне бір рахаттанушылық туады. Алайда мұндай рахатты жоғарыдан Құдай береді, ал төмендегі адамға өзінің жасаған күнәлары мен жамандықтары үшін қайғыра білу ғана қалады... Құдай адамнан шығармашылық актіні күтеді, ал мұны адамның Құдайдың шығармашылық актісіне жауабы деп қабылдауымыз керек. Адамның еркіндігі жайындағы сияқты адамның шығармашылығы жайындағылар да шындыққа жанасымды болуы керек. Адам еркіндігі дегеніміз − Құдайдың адамға қойған талабы, оның Құдайға қатысты міндеттері. Алайда адамның Құдайға ашып айтатынын, Құдай адамға ашып айта алмайды. Қасиетті Кітапта біз адамның шығармашылығы жайындағы жаңалықтарды кездестіре алмаймыз. Құдай бұл арада өз құпиясын жария етпей отыр. Менің адам шығармашылығының діни мән-мағынасы жайындағы идеямды Қасиетті Кітаптың тексттеріне сүйене отырып ақауды менен талап ету, менің ойымша бұл мәселенің байыбына бармағандық болып табылады. Шығармашылық шабыт мен үшін Құдайдың еркін орындау, ал бүл ерік ашық түрде емес, жасырын түрде беріледі. Құдайдың адам туралы идеясы адам жайындағы басыңқы және аясы тар саналықпен сипатталатын дәстүрлі ортодоксальдық ұғымдардың қай-қайсысынан болмасын жоғары тұрады. Құдай идеясы ұлы адамзаттық идея болса, ал адам идеясы Құдайдың ұлы идеясы болып табылады. Адам одан Құдайдың пайда болуын күтсе, ал Құдай онда адамның жарық дүниені көруін қалайды. Шығармашылық жайындағы мәселе дәл осындай даналық тереңдік деңгейінде қойылуы шарт. Тіпті Құдай адамның өзін де, оның шығармашылығын да қажетсінетіндігі туралы ойға келудің өзі таңғажайып нәрсе. Мұнысыз Құдайылық адамды танып-білудің мағынасы жойылып кететін сияқты болып көрінеді. Құдайылық өмірдің тереңінде мәңгілік адамгершілікпен қатар құдайылық және адамдық дәрежедегі Құдай мен Оның драмалық қарым-қатынастары жатыр. Ал бұл жағдай адамның рухани тәжірибесі барысында кеңінен көрініс беріп отырады... Шығармашылық шабыт (экстаз) шексіздікке бет алу деген сөз. Осыдан келіп менің бойымда мәдениет пен қоғамға байланысты шығармашылық трагедиясы туындады, сөйтіп, шығармашылық ойларым мен оны жүзеге асыру арасында сәйкессіздік пайда болды. Христиан діні саласындағы жаңа діни сана проблемасы XX ғасырдың басындағы орыстың діни ойшылдарының түрлі ағымдарына қарағанда менің шығармашылығымда басқаша қамтылды. Бұл Мережковскийдегідей тәннің проблемасы емес, бұл софилологиялық атымдағыдай космосты айқындау проблемасы емес, бұл шын мәнісіндегі шығармашылық проблемасы, одан қалды жаңа діни антропологияның проблемасы. Бұл жаңа антропология отандық және схоластикалық антропологиядан да, одан қалды гуманистік антропологиядан да өзгеше болып келеді, өйткені ең соңғысы натуралистік тұрғыдан негізделген.
Мен күнәға байланысты басылыңқы сана-сезім кезеңін басымнан кешірдім. Бұл сана-сезімнің күшеюі менің санама жарық түсірген жоқ, қайта қараңғылық тұманы одан әрі қоюлана түсті. Шындығына келсек, адам ақыр аяғында күнә жасауға дағдыланып алады, дәл осындай қараңғылыққа үйрене бастайды. Өмірде жасаған күнәларыңды мойындап, оған қайғырудың ұзақ уақытқа созылуы мен оның жаныңды жегідей жеуінен адам зіл басқандай күй кешеді, ал діни өмір де дәл осындай көңіл күйден арылуды басты мақсат етіп қояды. Міне, мен дәл осындай көңіл күйімді жеңе білдім және бойымды бейне бір шаттық көңіл күй кернеді. Сөйтіп, жан дүниемде үміт оты оянып, бақытқа бөлендім. Уақиға жазда, ауылда болды. Мен төсекте жатқан болатынмын, бір ғажабы таң алдында менің тұла бойымды керемет бір шығармашылық шабыт билеп алды және таң шапағы менің жан-дүниемді одан әрі жарқырата түсті. Күнәдан есеңгіреп, басылып қалған мендей пенденің бойында шығармашылық белеске шығуға деген талпыныс пайда болды. Мен сонда ғана күнәһарлық сананың шығармашылық шабыт санасына көшу керектігін ұғындым, олай болмаса адам құлдырай бастайды. Бұл − адамзат тіршілігінің әртүрлі жақтары. Христиандықтың құпиялары күнәдан арылу құпияларымен шектеліп қалмауы керек. Күнәдан арылу мистерия актілерінің бірі ғана. Діннің сотериологиялық түрі маған сондай жат болып көрінеді. Шығармашылық тәжірибе барысында адам екі жақтылық, басыңқылық, езіліп-жаншылу сияқты келеңсіз қасиеттерден арылуға мүмкіндік алады. Қайталаймын, мен шығармашылық деп мәдени өнімдерді жасауды емес, жаңа болмысқа, жаңа өмір ағымына қарай бағытталған бүкіл адамзат тіршілігін заңғар биіктікке көтере білу деп түсінемін. Шығармашылық тәжірибе барысында "мен-емес" объектісіне қарағанда "мен" объектісінің бастапқылығы мен мәнділігі айқындалады. Сонымен қатар шығармашылық эгоцентризмге қарама-қарсы болып келеді. Шығармашылық тәжірибені адамның жетілмегендігінің рефлексі деп қарастырмау керек, өйткені бұл − дүниені өзгертуге деген талпыныстың дәл өзі. Шығармашылық ұжымдық-жалпы сипатта емес, өзіндік жеке сипатта болады.
Өз басымнан өткізген Құдайдың емес, адамның шығармашылық айқындығы мәселесі "Шығармашылықтың мән-мағынасы. Адамды ақтау тәжірибесі" атты еңбегімде баяндалған. Бұл еңбек бойымды кернеген шалқар шабыттың заңды нәтижесі деп бағаласам қателеспейтін шығармын. Сондықтан да, бұл кітапты өзімнің сәтті шыққан еңбегім деп санаймын және онда менің өзіндік философиялық ойларым жан-жақты көрініс тапты. Осы еңбекте менің басты тақырыбым, менің адам жайындағы интуициям жан-жақты қамтылды. Мен бар өмірімді тек қана осы тақырыпты қамтуға арнамай, өз табиғатыма сай келе қоймайтын басқа да толып жатқан тақырыптармен айналысқанымды өзімнің осалдығым деп санаймын. Дәл осы жерде философиялық ойды жүйелі түрде дамытудағы осалдығым да байқалып қалғандай болады. Мен афористік тұрғыдан ойлап, жазамын және өзімнің интуицияларыма тұжырымдама табуға тырысамын. Менің ойларым дискурсивтік емес және онда дискурсивтік байланыстар да жоқ. Менің жазған еңбектерімнің ішіндегі ең көрнектісі, соңғы уақытта жазылған "О назначении человека. Опыт парадоксальной этики" деген шығармам. Мұнда мен біртүтас этиканы жасауға талпыныс жасадым. Мен қай кездерде болмасын экзистенциалдық типтегі ойшылдардың бірі болдым. Менің өмірлік күш-қуатымның биік деңгейде болуы өз өмірімде болған өзгерістердің осы кітаптың жазылуына тікелей себепкер болуынан да болар. Бұл москвалық православиелік ортаға қарсы реакция кезеңі болатын. Мен Діни-философиялық қоғамның қатарынан кетіп қалдым да, оның жиналыстарына қатыспайтын болдым. Сонымен қатар "Жол" баспасынан да қол үзіп кеттім. Сөйтіп, мен тек қана шығармашылықпен айналысуды жөн деп таптым. Бүкіл қысты қамтыған Италиядағы саяхатым дәл осы кезеңмен тұспа-тұс келді. Біз Флоренция мен Римде тұрдық. Анамның сырқаттануына байланысты Ресейге оралу сапарымда мен Ассизиге соқтым. Италияда өткізген күндерімді соншалықты толғаныспен еске аламын. Онда мен "Шығармашылықтың мән-мағынасы" атты кітабымның бір бөлімін жазып шықтым. Ең бастысы, менің Ренассанс жайындағы көп ойларым дәл осы жерде туындады. Мен бұл шығармашылықты жәй ғана емес, ұлы сәтсіздік деп түсіндім. Өйткені, бұл сәтсіздік жалпы шығармашылық атаулының трагедиясымен тығыз байланысты болып келеді. Қазіргі заманның Италиясы емес, өткен заманның Италиясы осы кітапты жазуыма шалқар шабыт берді. Мен Италияда өзімнің ең бақытты сәттерімді басымнан кешірдім. Маған, әсіресе, алғашқы ортағасырлық Ренессанс пен флорентиялық Ренессанс қатты әсер етті. Боттичелиді қатты ұнаттым және оның басынан өткізген шығармашылық драмасының мән-мағынасының өте зор екендігіне көзім жетті. Ал XVII ғасырдың римдік Қайта жаңғыруын соншалықты жақсы көрдім деп айта алмаймын. Meн қасиетті Петрдің соборын өте жақсы көрген едім. Мен Рафаэлді де ұната қоймадым. Олай болатыны, менің талғамдарым рафаэлдік кезеңге дейінгі дәуірдің ықпалында болған болуы керек. Алайда Леонардо менің жан-дүниемді бірден баурап алды. Римде маған баркалық фонтандар (бұрқақтар) ұнады да, ал баркалық шіркеулер керісінше көңілімнен шықпады. Ертеректе салынған христиан шіркеулерін де жақсы керіп қалдым. Осы орайда Компанияның маған ерекше әсер еткендігін айта кетуім керек, өйткені мұнда адамзат шығармашылығының ескерткіштері табиғат құбылыстарына айналған. Рим әлемдік тарихқа ерекше сана-сезім бітіре алды. Менің құштарлығым қасиетті Францискаға ерекше ауды жөне оны христиандықтың тарихындағы ерекше ұлы құбылыс деп санаймын. Сондықтан да болар, мен көп ұзатпай Ассизиді көріп қайтуға бел будым. Ал қазіргі италяндықтардың қасиетті Франциска монастырына көңіл бөлмеуі менің жаныма қатты батты. Өкінішке орай, шіркеуде монахтардан басқа ешкімді кездестіре алмадым. Біздер, православтар үшін қасиетті Францисканың табытының алдында арнайы рәсімдер жасалды. Мен Италиядан көңілсіз оралдым. Ал енді қайтып оралғанда мүлдем басқа фашистік Италияны көрдім. Мәскеуге көшіп келгеннен кейін менің өмірімде мүлде жаңа кезең басталды. Тек қана оңшыл православиелік топтар ғана емес сонымен қатар солшылдар да маған күдіктене қарайтын болды, олар тіпті менің адамның шығармашылық икемділігі жайындағы ойларыма жауыға қарады. Сөйтіп, мен өзімнің жалғыздығымды сезінгендей болдым. Менің "Шығармашылықтың мән-мағынасы" атты еңбегім жарыққа шыққан кезде менімен болған жеке әңгіме барысында В.Иванов кітапқа жоғары баға беріп, менің ойларымды қолдады. Басқалардың шығармашылықтарына үлкен қамқорлықпен қарайтын ол менің еңбегімді үлкен сезіммен қабылдады. С.Булгаков өзінің "Свет невечерный" атты кітабында менің шығармашылық жайындағы ойларымды құдайы адамдық сипатта деп бағалады.
Шығармашылық мәселесі мен үшін бостандық мәселесімен тығыз байланысты болып келеді. Жоғарыда атап өткендей, мен "Бостандық философиясы" атты еңбегімді ертеректе жазған болатынмын. Бұл кітап тұтастай шығарма түрінде емес, жекелеген этюдтердің жинағы ретінде жазылды. Алайда өз басым бұл еңбекке қанағаттанғаным жоқ. Ондағы терминология да жеткіліксіз жасалған сияқты. Кейіннен мен өз ойларымды еркін білдіре алатындай дәрежеге жеттім. Алайда бүл еңбегімде бостандық жайындағы ойларымның негіз айқындалып қалғандай болды. Адамның шығармашылық актісі және әлемдегі елеулі жаңалықтардың пайда болуын болмыстың тұйықталған жүйесінен ұғына да алмаймыз. Өйткені, шығармашылық бостандық жағдайында ғана өз өрісін кеңейте алады. Бостандықтың тамыры болмыста емес, "ештеңеде", бостандықты айқындау да оңайлыққа соқпайды, тіпті айқандауға болмайтын да болар, өйткені ол болмыстың өз басы тәуелді болып келетін және онсыз болмыстың ой өрісінің өрбуі жүзеге аспайтын себептілік байланыстардан тыс өмір сүреді. "Философия еркіндігі" атты еңбегімде мен әлі де болса онтологиялық философияның ықпалынан арыла алмаған болатынмын, ал "Шығармашылықтың мән-мағынасы" атты кітабымда онтологизмнен біржолата босанғандай болдым. Алайда, "Шығармашылықтың мән-мағынасында" мен өзімнің ең басты ойымды білдіре алдым, яғни шығармашылықтың бастауының бостандық екендігін дәлелдеп шықтым. Кейбір сыншылар "адамның шығармашылығы материяны да, әлемдік материалдарды да қажетсінбейді" деген ойды маған таңғысы келеді. Бірақ дәл осындай ойды мен ешқашан да тұжырымдап көрмеппін. Адамның шығармашылық актіні қажетсінетіндігі дау тудырмайды және ол әлемдік нақты жағдайлармен тығыз байланысты болып келеді, сондықтан да оны бос кеңістікте жүзеге асыру мүмкін де емес. Дегенмен де, адамның шығармашылық актісін дүние аясындағы материалдардың да тұтастай айқындай алмайтындығын мойындауымыз керек болар, өйткені оның бойында осы бір жарық дүниенің жаңалықтары бар. Ал бұл бостандық элементінің дәл өзі болып табылады. Шығармашылықтың өзіндік құпиясы дәл осында жатыр. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда шығармашылық дегеніңіздің өзі жоқ нәрсені туындату болып табылады. Бұл бар болғаны оның дүниеден тұтастай айқындала бермейтіндігін көрсетеді, сонымен қатар оны бостандықтың эманациясы деп қабылдауымыз керек. Мұнсыз шығармашылық бар болғаны осы бір өмірдің элементтерін қайта болу болып қала берер еді. Мені бәрінен бұрын "Болмыстың жоқтығынан қалай болмыс туындайды және жоқ нәрсе қалай бар нәрсеге айналады" деген мәселелер қатты толғандыратын, әрі қатты қызықтыратын. Болмыстың жоқтығынан болмысқа көшуде терминделген болмыс аясында айқындалады. Алайда мұның өзі де бостандық жайындағы тақырыпқа жатады... Мен адамның бойындағы шығармашылық дарынның Құдайдың берген сыйы екендігін мойындаймын, алайда адамның шығармашылық актісі дүниемен де, Құдаймен де детерминделмеген бостандық элементімен толығады. Шығармашылық дегеніміз − адамның Құдайдың шақырысына жауабы. "Кінәнің өтелуі діні тұрғысынан шығармашылықты ақтап алуға бола ма?" деген сұрақты қоюдың өзі дұрыс бола қоймас. Өйткені, кінәнің өтелуі шығармашылықсыз-ақ жүзеге аса береді. Дегенмен де, Құдай патшалығы үшін адамның шығармашылығы қажет-ақ. Құдай патшалығы адамның іс-әрекеттерімен тығыз байланысты болып келеді... Шығармашылық дүниені өзгертудің заңды жалғасы іспеттес. Дүниені жаңғыртуды жалғастыру және оны аяғына дейін жеткізу құдайшыл адамның іс-әрекетіне жатады. Бірақ мен алғашқы кездердің өзінде-ақ адам шығармашылығының трагедиясын және оның жарық дүние аясындағы сәтсіздіктерін сезінгендей болдым. Дәл осы сана-сезім менің "Шығармашылықтың мән-мағынасы" атты еңбегімнің ең мәнді жағы болып қала берді. Шығармашылық акт өзінің бастамасында жаңа өмірге, жаңа болмысқа, жаңа аспан мен жаңа жерге және дүниені өзгеруге бағытталады. Алайда, былықшылыққа толы дүние жағдайында ол құлдырай бастайды, қажетті деп танылған тапсырыстың ырқына беріледі, сөйтіп, ол жаңа өмірді жасауда қабілетсіздік танытып, бар болғаны жетілуі жағынан әртүрлі дәрежедегі мәдени өнімдерді берумен ғана шектеліп қалады. Шығармашылықтың нәтижелері реалистік емес, символикалық сипатта болады. Кітаптар, симфония, өлеңдер жазылып, суреттер салынады. Менің ойымша, шығармашылық өрлеу мен шығармашылық нәтижесінің арасында белгілі бір сәйкессіздік бар. Бұл жерде бұрынғы жазған ойларымды қайталамай-ақ қояйын. Бірақ менің ойларымды түсінбеушіліктің алдын алғым келеді. Мен шығармашылық мәдениетін мүлдем жоққа шығармаймын, бұл дүниедегі шығармашылықтың нәтижесінің мән-мағынасын да жоққа шығаруға тырысып отырғаным жоқ. Бұл − адамның жолы, адам қалай болғанда да өркениет пен мәдениет шығармашылығы арқылы қалыптасады. Осы сияқты нақты өзгерістердің белгілерін нақты бере алатын символикалық шығармашылық болып табылады. Ал реалистік шығармашылық бұл дүниені жаңғырту мен оның ақырына, жаңа аспан мен жаңа жердің дәнекеріне айнала алған болар еді. Шығармашылық акт, ол − эсхатологиялық акт болғандықтан, оның назары дүниенің ақырына аударылған.
Шығармашылықтың мазмұнын дәл осындай сарындағы түсінушілігім менің романтизмге деген сүйіспеншілігіммен және классицизмге деген ықылассыздығыммен тығыз байланысты болып келеді. Әрине, бұл арада бұл ұғымдарды шартты деп санайтынымды жасырын қалғым келмейді. Классицизмді шығармашылық актіні жетілдірудегі жетістік деп айтуға болады және дәл осы тұрғыдан алғанда оған қарсы тұрудың өзі күлкілі болып көрінер еді. Алайда белгілі рухани тип ретіндегі классицизмнің жалғандығы бүгінгі дүние жағдайында имманенттік жетілдіру мүмкіндігіне жол берушілігі болып табылады. Классицизм эсхатологияга қарсы. Өзінің көптеген кемшіліктеріне қарамастан романтизмнің шыншылдығы ақыр аяғындағы жетілдірудің жеткіліксіздігін мойындауында, одан қалды шексіздікке ұмтылыс жасауында. Бұл дүниеде шығармашылық туындыны жетілдіру символикалық сипатқа ие, яғни басқа дүниедегі, болмыс пен жоғары болмыстың өзге бір жағдайындағы басқа жетілдірудің белгісі тана болып қалады. Олай болса, басты мақсаттың мәні шындықтың өз басының символды жеңе білуінде болып отыр. Алайда, бұл ойдың күрделілігін де түсіне білуіміз керек. Символды шындық ретінде қабылдайтын сана-сезімнің шектелгендігі мен жалғандығы аңғарылып тұрады. Символикалық сана дәл осы аңғырттық-реалистік санадан жоғары тұрады және осы сана ғана нақты шындыққа даңғыл жол аша алады. Аңғырттық-реалистік сана шартты символикалық дүниеде маталып тасталған. Менің романтизмге көзқарастарым әруақытта да екі жақты болып келді. Бір жағынан, классицизмге қарағанда романтизмге ерекше ден қойдым, сондықтан да жоғарыда атап өткенімдей, Батыстағы екі соғыс аралығындағы романтизмге қарсы белең алған реакцияны мен жақтырмадым. Бірақ, екінші жағынан романтизмнің көп жақтарын жақтырмаймын, өйткені өз басым романтиктердің толып жатқан жалғандықтарының куәгері болдым. Олардың шыншылдығы бұл дүниеге көңілдері толмауында, рационалдық тәртіптің ар жағындағы жатқан дүниеге деген талпынысында екендігі дау тудырмайды. Алайда, ақиқат жолы кейде классицизм түріне енетін аңғырттық реализм арқылы жүзеге асады және ол символизм арқылы нақты реализмге бет бұрады. Менің тақырыбым мынандай болып келді: "Мәдениет құндылықтарының символикалық шығармашылығынан дүниені жаңғыртудың реалистік жолына, жаңа аспан мен жаңа жерге көшуге бола ма және көше қалған жағдайда оны қалай жүзеге асыруға болады". Осы мағынада алып қарастырғанда шығармашылық дегеніміздің өзі дүниенің ақыры болып шығады. Гоголь, Л.Толстой, Достоевский сияқты орыстың көптеген жазушылары бұл мәселеге ерекше мән берді. Кезінде бұл мәселемен Ницше де, Ибсен де, символисттер де айналысқан. Әрине, бұл тақырыпты күн тәртібіне қоюдың өзі адам таң қаларлықтай кереметті талап етіп отырғандай әсер қалдыратындығын мен жақсы түсінемін. Жетілген туындылардың шығармашылығынан жетілген өмірдің шығармашылығына кешуге бола ма? Бұл арада шығармашылықты моралдық жетілу ретінде қабылдауға болмас. Өйткені, мұндай қадамнан ешбір жаңалықты байқап отырғаным жоқ. Бұрынғы христиандық сананың бұл дүниеге жауығып қарайтын аскеттік сана мен бұл дүниедегі мәдениет шығармашылығын қолдайтын және қоғамның түрлі формаларынан хабар ететін сананың арасында толқып жүргендігін біз білеміз. Алайда мен басқа бір үшінші нәрсе жайында, бұл өмірді нақты өзгерту жайында сөз қозғап отырмын. "Шығармашылықтың мән-мағынасы" атты еңбегіндегі өнер жайында жазылған тарау қазіргі уақытта өзімді қанағаттандырады.
Жаңа шығармашылық дәуірдің туындауын асыға күтуімді ренессанстық-гуманистік пиғыл деп бағалауға да болмас. Менің діни-философиялық дүниетанымымды, әрине, тереңдетілген гуманизм, құдайылық адамгершілікті орнықтыру ретінде қабылдауға да болар. Адамгершілік қасиетті Үштіктің екінші Ипостасиіне тән, ендеше догматтың нақты дәні де дәл осында жатыр. Адам метафизикалық тіршілік иесі болып саналады. Эмпирикалық адамның ұждансыздығы да менің дәл осы тұжырымдамама нұқсан келтіре алмайды. Маған адамның пафосы тән болып келеді. Осы орайда адамға адамгершіліктің тән бола бермейтіндігіне де барған сайын көзім жетіп келе жатқандығын жасырып қалғым келмейді. Мен тіпті "Құдай адамгершілікті, ал адам адамгершіліксіз" деген қағиданы жиі қайталайтын болдым. Адамға, адамгершілікке деген сенім, ол − Құдайға деген сенім және ол адамға байланысты қиялдарды талап етпейді де. Менің адамгершілігім "О назначении человека" деген еңбегімде кеңінен көрініс тапты. Осы жағдайға орай JI. Шестов мені философтардың ішіндегі ең адамгершілігі мол адам ретінде мойындады. Қалай болғанда да мен еуропалық гуманизмнің тоқырауы жайында коп жаздым және гуманизмге қарсы дәуірдің басталатындығы жайында жорамал жасадым, ал бұл пікірім кейіннен нағыз шындыққа айналды. Гуманизмнің эксистенциалдық диалектикасын түсіне білуде мен үшін Достоевскийдің, Ницше мен Маркстің ықпалы өте зор болды. Шығармашылық өрлеудің тәжірибесіне байланысты менің ішкі жан дүниемді қамтыған өзгерістерден кейін адамның шығармашылық бейімділігіне ерекше ден қойып, оған деген көзқарасымды өзгертпедім. Алайда шығармашылық дәуірдің тез арада басталатынды жайындағы үмітім дүниежүзілік соғыстың қанды уақиғаларына, бірінші орыс революциясына, Германиядағы төңкеріске және т.б. байланысты біршама үзілгендей болды. Мен апат қаупінің төніп тұрғандығын ғана емес оның болмай қоймайтындығын да сезініп қана қоймай, оны болжай да білдім. Сондықтан да болар, мен өмірдің қауіптілігін сезіне білетіндей қасиетке ие болған сияқтымын. Мен әлемдік және әлеуметтік тәртіптің тұрақтылығына сене де қоймаймын. Өйткені тұрақты да, берік болып саналып келгендер буырқанған күштердің қысымына шыдай алмай аз уақытта іргесін шайқалтып алады. Тарихи апаттар түрлі қозғалыстарды тудырып, мүлде жаңа өмірді жасайтындай әсер қалдырғанымен де, шығармашылық үшін қолайлы деп айтуға болмайды. Тарихи апаттардың динамизмі нағыз шығармашылық адамының алдында реакциялық кезенді тудырады, өйткені ол адамға жаугершілікпен қарайды және бостандық рухын өшіруге дайын тұрады. Әлем дегуманизация процесімен сипатталатын адамзат баласымен бірге қайғы-қасіретімен сипатталатын дәуірге аяқ басты. Тарихтың қорқынышты комедиясының трагедиялық тәжірибесі адамзат тағдырында мүлде жаңа кезеңге жол ашып беруде. Олай болса, тарихтың аясында болып жатқан уақиғалар метафизикалық тереңдікпен өзара байланыстағы адамның шығармашылық қабілетіне деген сеніміне нұқсан келтіре алмақ емес. Менің ойымды анық түсіну үшін мынаны айтқым келеді: маған дамудың жаппай, тура, үздіксіз даму идеясы мүлде жат. Мен бостандықтың әлемдік процесіне араласуға байланысты үзіктікті мойындаймын, ал үздіксіздікті детерменизмнің көрініс ретінде жоққа шығарамын. Маған Бергсонның кітабында келтірілген "шығармашылық эволюция" деген сөз тіркесі дұрыс емес сияқты болып көрінеді. Шығармашылық пен эволюция тек қана әртүрлі ғана емес, сонымен қатар бұлар бір-біріне қарама-қарсы болып келеді. Әлемдік және тарихи процесте даму заңдылығына, прогреске деген қажеттілік жоқ. Шығармашылық шабыттың, дүниенің, жаңа дүниенің мүлде жаңа жақтарын ашу мүмкіндігінің болатындығы сияқты, реакция және қараңғылық дәуірлерінің де туындайтындығын жоққа шығаруға болмайды. Маған тарихтың ағымында өтіп жатқан кейбір уақиғалар соншалықты маңызды болып көрінбейтін де, сондықтан да болар мен олардан бар болғаны тарихтың нышанын ғана көремін. Сонымен қатар өзім тікелей қатынасып, тіпті бастаушы болған әлеуметтік сарындағы "обьективтік" бастамаларға да соншалықты мән бере қоймайтынмын. Мен өзімнің "белсенділігімнің" маңыздылығын дабырайтып көрсетуге тырыспадым, қайта оның маңыздылығын кішірейтуге ынталы болдым. Бұл жерде толстойлық, тіпті нигилистік тәжірибенің ықпалы аңғарылып тұрғандай болады. Маған тек қана шығармашылық шабыт пен шығармашылық асулар, жеке басымның шығармашылық әлемі өте қымбат және табиғи болып көрінеді. Шығармашылық өрлеу барысында басыңқылық қасиетті жеңуге жол ашылады, ал бүл ең басты нәрсе. Мен "Шығармашылықтың мән-мағынасы" деген еңбегімнің басты идеясына адал болып қала бердім. Сонымен қатар мен өзімнің ойларымды философиялық жағынан одан әрі жетілдіріп, терминологияны айқындай түстім. Алайда, оз өмірімнің басты идеяларын әлі де болса жеткіліксіз уағыздаған сияқтымын. Әрине, мені дұрыс түсінбеушіліктің орын алуы жаныма қатты бататын және менің ойларымның тұтастық сипатта екендігі мен оның шоғырландырылғандығын, шын мәнісінде, аз білетін. Мен өз дәуірімнің уақиғалары жайында коп жаздым, болып жатқан уақиғаларға баға беріп отырдым, бірақ Ницшенің сөзімен айтқанда бұлар уақытпен терең қарсылықтарға барған "дәл уақытындағы толғаныстар" дәрежесіне көтеріле алмады, өйткені олар сонау болашаққа бағытталған пайымдаулар болатын. Мен ешуақытта да саяси қайраткер де, саяси публицист те болғаным жоқ, мен бар болғаны адамға жаттық әрекеттер жасап отырған дәуірдегі адам идеясын қорғаған моралистпін. Мен адамгершілік аяққа тапталған дәуірде адамгершілікті уағыздауға ат салыстым. Экзистенциалисттік философияны қорғаған кезде, көпшілік мені дұрыс түсінбей, мен үшін бұл мүлде жаңа әрекет деп санады, тіпті жеке басымның философиялық өткеніме жасалған сатқындық дегенге дейін барды. Өкінішке орай, бұл арада мен үшін экзистенциалистік философияның метафизикалық маңыздылыққа ие болған өзімнің адамгершілігімді білдіру екендігін ешкім де байқамады. Осы тұрғыдан алғанда Мен Гейдеггерден де, Ясперстен де, Кирхегардтан да жөне тағы басқалардан да өзгешемін.
Мен өз шығармашылығымның апофеозының бастауларын психологиялық тұрғыдан ұғынып-білуге тырысамын және өз басымның шығармашылықпен ерекше байланысымның бар екендігін сезінемін. Лайықты өмір сүріп, әлемдік қажеттіліктің, әлеуметтік тіршіліктің қорлығына түсіп, тапталмас үшін шығармашылықтың биік деңгейіне шығу барысында "ақиқаттың" (болмыстың) имманенттік аймағынан шыға білу керек, жаңа бейнелер жасауға тырысып қана қоймай, дәл осы әлемдік шындықпен салыстырғанда мүлде өзгеше сипаттағы жаңа өмірдің бейнесін (жаңа аспан және жаңа жер) жасай да білу қажет. Шығармашылық ой-санамен тығыз байланысты болып келеді. Мен үшін шығармашылық акт имманенттік ақиқаттың шекарасынан шығу, қажеттілік арқылы бостандықтың жарып шығуы болып табылады. Белгілі бір мағынада, шығармашылыққа деген махаббатты бұл "дүниенің" аясында қалып қалмаушылық деп те түсінуге болады. Сондықтан да болар, шығармашылықтың өзіндік эсхатологиялық сәттері болады. Шығармашылық акт, ол − бұл дүниенің аяқталып, жаңа дүниенің басталуы. Классицизм иллюзиясының мән-мағынасы мынада: бұл дүниедегі шығармашылық актінің қорытындылары жетілген болуы әбден мүмкін, сондықтан да басқа дүние бізді қызықтырмайды да. "Классикалық" деп аталатын және жетіліп, танылған шығармашылық туындылары, шын мәнісінде, дәл осы әлемдік ақиқатқа қарағанда мүлде басқа дүниеден хабардар етіп қана қоймай, дүниенің жаңғыру үрдістерін де айқындайды. Ендеше, өнердің мәні де дүниені жаңғыртуда болар. Алайда, шығармашылық әруақытта да нақты және шыншыл бола бермейді, ол жалғандық сипатқа да ие бола береді. Олай болса, жалған шығармашылы қадамға тон болып келетін қасиеттер де бола береді. Адам Құдайдың емес, Сайтанның ырқына да көне береді. Бірақ өнер саласындағы демонизм мәселесі, менің пайымдауымша, өте күрделі мәселе. Леонардо да Винчидің бойында демонистік элемент болған деген пікірді мен асыра сілтеушілік деп қабылдаймын. Леонардоның нақты шығармашылық көркем актісінде кез келген демонизм жоғалып кетеді. Дәстүрлі құдайшылдың ілімдердің барлығы да менің шығармашылық жайындағы идеяма жауығып қарайтындай әсер қалдырады. Сондықтан да болар, мен олармен өзара шиеленіске жиі баратынмын. Кейбіреулер менің дұрыс мәселені көтергенімді біле тұрса да, олардың ешқайсысы да менімен келіскісі келмейтін. Бұл арада мен православие негізінде қалыптасқан ағымдардың ойлары жайында ғана айтып отырған жоқпын. Дәл осындай жағдайды мен батыстық христиандық ағымдардан да, католиктік және протестанттық тұжырымдардан да кездестіріп отырдым. Олар өткен заманның бастауларына (томизм, бартианшылдық) қайта оралуды соншалықты аңсайтын сияқты. Батыста мен жайында жазылған кейбір статьяларда мені христиандық теософияның өкілдері Я.Бемемен, Сен-Мартинмен, Фр. Баадермен салыстырады, бірақ менің ойларымды ортодоксалдық деп танудан бас тартады. Мен қазіргі заманның католиктік және православиелік ойларымен танысқан кезімде, оларға менің шығармашылық жайындағы проблемам ғана емес, сонымен қатар жалпы орыстық ақыл-ой проблемаларының да жат екендігін біліп қатты таң қалдым. Сөйтіп, мен өз жалғыздығымды сезінгендей болдым. Ұйымдасқан әлеуметтік ұжымды білдіретін ортодоксалдық жүйе шығармашылықты жоққа шығаруы керек немесе оны үстіртін болса да мойындауы керек. Егер шиеленіскен уақиғалар желісі, заң және ережелермен қақтығыс, "заңсыз" махаббат, жан-дүниеңнің ішкі қарама-қайшылықтары мен күмәнданушылық болмаса драма да, роман да, лирикалық өлеңдерді де жазу мүмкін емес. Проблемалық белгілі бір сала болмаса, туындаған мәселелерді шешудің азапты жолдары болмаса шығармашылық ойдың туындауы неғайбыл және мұндай жағдайда ақиқат та, рухтардың күресі де жоғалып кетеді. Алайда ортодоксалдық жүйелер ешбір жаңа проблемаларды білгісі де келмейді және шығармашылық ізденіске, рухтардың күресіне жаулық көзқараспен қарайды. Олар шын мәнісіне келгенде Шекспирді де, Гетені де, Бетховенді де қабылдамайды.
Өз бойымдағы шығармашылық процесті бақылау барысында мен жайында басқалардың айтқан пікірлерінің шындыққа мүлде сәйкес келмейтіндігін аңғарып қатты таңдандым. Мен ең бірінші кезекте өзімді философ деп санаймын және өзімнің философиялық қабілетімді бағалай білемін. Ақиқатын айтсам, мен философияны, философиялық танымды бәрінен де жақсы көрдім. Академиялық типтегі философтар мені "ойшыл" деп атағанды жөн көреді. Менің философиям ешуақытта да профессорлық сипатта болған жоқ. Алайда, ең бастысы − менің ойлау процесім мен өмірлік танымым басқалар суреттегендегіден мүлде басқаша бағытта қалыптасты. Мен шын мәнісіне келгенде өз ойымды дамытып және оны өз дәрежесінде дәлелдей де алмайтын сияқты болып көрінемін. Талдау − менің ой-санамның әлсіз жақтарының бірі. Mен нағыз сезімдік-синтетикалық типтің ойшылына жатамын. Сонымен қатар менің бойымда жеке атаулының өмірдің мән-мағынасымен байланысын бірден ұғына білетіндей тамаша қабілет те бар. Өмірдің барып тұрған оңбаған көріністері менің бойымда универсалдық сарындағы сезімдік айқындықты тудырады. Мұндай кезде интуиция таза интелектуалдық сипатқа емес, интелектуалдық-сезімдік сипатқа ие болады. Бұл өмірдің әртүрлі көріністерінен мен өз нұрын шашқан рухани шындықты көремін. Мен үшін өте маңызды болып саналатын ойлар менің басыма найзағайдың жарқылы мен ішкі жан сәулесінің шұғыласындай болып келеді. Мен өз ойларымды қағаз бетіне түсіре бастаған кезімде бас айналдыратындай ерекше шабытқа толы сәттерді бастан кешіремін. Басыма келген ойлар толқынының қарқындылығы соншалық, мен тіпті оларды жазуға да үлгере алмай қаламын. Мен жазудың формасын ешуақытта да ойластырып көргем жоқ, олар өздігінен пайда болады. Мен жазғандарымды түзетпеймін де және жазғандарымды ой елегінен өткізуді де қажет деп таппай, оларды сол алғашқы қалпында басып шығамын. Сондықтан да болар, менің жазу әдісімде ұқыпсыздық та бар. Мен бар болғаны кішкентай қосымшаларды ғана текстке кірістіремін және осы әрекетіммен ойымның жүйелілігін бұзып та аламын. Жоғарыда атап өткендей, менің жазу әдісім афористік сипатта болып келеді. Алайда маған тән бұл әдісті жүйелі және жан-жақты негізделген деп тағы да айта алмаймын. Афоризм мен үшін ойлаудың микрокосмы тәріздес, өйткені онда менің барлық философиялық ойларым қысқа түрде көрініс тапқан. Бұл нақты, әрі тұтас философия болып табылады. Мен өмір бойы жазып келемін. Жазу мен үшін рухани гигиена, өмір сүрудің тәсілі, медитация мен концентрация (шоғырлану). Менің жазуыма туындаған түрлі жағдайлар да, одан қалды көңіл-күйімнің өзгерістерге ұшырауы да эсер етпейді. Мен тіпті басым қатты ауырып, температурам 39 градусқа жеткенде де, тіпті 1917 жылдың 17 қазанында Мәскеуде және 1944 пен 1945 жылдарда Парижде бомба тасталып жатқанда да шығармашылық жұмыспен айналысуымды доғармадым. Алайда менің рухым өзімді қоршаған уақиғалардан тәуелсіз, еркін болып қала берді, ол тек қана шынайы шығармашылыққа ғана бағытталды. Мен дәл осындай жолдан өмір бойы таймауға тырыстым және менің кейбір әлсіздіктеріме қарамастан бұл жағдай маған ерекше күш-қуат берді. Бір ғажабы, ең бір тамаша философиялық ойлар менің басыма кейбіреулер үшін философиялық ойларға берілу өте қолайсыз деп танылатын сәттерде пайда болатын. Кей кездерде өмірдің кездейсоқ уақиғалары философиялық еңбектерді оқығаннан гөрі менің ой-санам үшін әлдеқайда пайдалы болып шығатын. Мен өте көп оқыдым, бірақ кітап оқуды менің ойларымның, менің жеке философиямның басты көзі деп тағы да айта алмаймын, өйткені олардың басты қайнар бұлағы − өмірдің сан алуан уақиғалары және рухани тәжірибе. Мен кітап жазған кезде осы тақырыпқа арналып жазылған еңбектер дәл қасымда үстелдің үстінде жатса да оны ашып та қарамайтынмын. Өйткені, мұндай жағдай орын алуы менің ой еркіндігіме нұқсан келтіреді, сонымен қатар шығармашылық қабілеттің әлсіреуіне де әкеліп соғады. Менің жазған еңбектерімнің ішіндегі ең жүйелісі деп санайтын "О назначении человека" атты кітабымның жоспары таң қаларлық жағдайда, яғни Дягилевтің балетін көріп отырған сәтте ойыма орала түсті. Мен түрлі жоспарлар жасауды ұнататынмын. Мені өз ауруым да және жақындарымның науқастануы да қалжырататын, ал өмірдің ең ауыр уақиғаларының әсерінен өзімді бақытсыз сезінетінмін жөне сонымен қатар шығармашылық ойдың қызығы мен қуанышын да бастан кешіретінмін. Мен тек қана бір нәрсеге бола басылып қалғанды ұнатпайтынмын. Бұл жағдай мені түсіне білуге кедергі болған сияқты. Өз ойымды сараптай білуде, шығармаларды жазу барысында өзінің қабілетін жетілдіруге ден қойған артист те емеспін. Менің ішкі жан сезімдерім мен интуицияларым өзімнің жазғандарым мен сөзгерімдегіден әлдеқайда нәзік, әрі жан-жақты болып келеді. Өзімнің өмірді нақты қалай қабылдайтынымды айқындап жеткізе алмайтын да сияқтымын. Менің жазуға деген құштарлығым жазбай тұра алмайтын қасиетім мен ішкі жан-дүниемдегі ішкі жан-дауысымның шығармашылық құлшынысқа итермелейтіндігіне де байланысты болу керек. Ал менің жазған еңбектерімді жақсы деп қабылдай ма, жаман деп қабылдай ма, ол жағы мені оншама мазаландырмайды да. Олай дейтінім, жазушылық мен үшін физиологиялық қажеттілік. Мен жазушы ретінде қылымсушылықтан мүлде аулақпын. Санамдағы ойлардың туындауында артистік сәттердің де кездесіп қалуы мүмкін. Бірақ мен ғалым ретінде, артист ретінде жазбаймын, мен тіпті өзімнің шығармашылығымды объективтендіруге тырыспаймын да, ең бастысы − мен өзімді танытуға тырысамын, менің жан айқайымды басқалардың да түсіне білгендігін қалаймын. Шығармашылық пен жазушылық мен үшін объективтік ғана емес сонымен қатар трансцентальдық сипатта болып келеді. Бұл жайында айтқан болатынмын. Мен өз жазғандарына мәз болатын жазушылардың қатарына жатпаймын. Сондықтан да болар, өз жазғандарыма көңілім толмайтын кездерім де болады. Мен өзімнің туындыларымды қайталап оқуды жақтырмаймын, тіпті мен жайында жазылған статьялардағы цитаталарға да онша мән бермеймін. Шындығын айтсам, өзім жайында жазылған материалдарға селқостық танытамын. Одан қалды өзімді объективтендірілген өмірден көруге де құштар емеспін, тіпті өз фотографияма қарауды да жақтырмаймын. Оның есесіне мен өз бойымдағы түрлі субъект пен объектіні жеңіп шығуға қабілетті шығармашылық өрлеуімді қастерлеймін. Алайда өзімнің кейбір еңбектерімді мақтаныш ететінімді де жасырып қалғым келмейді. Шығармашылық мен үшін ауыртпашылықтан, тойымсыз тіршіліктің үстемдігінен ада ерекше, мүлдем басқа дүниенің құшағына енушілік болар деп ойлаймын. Шығармашылық акт уақыт шеңберінен тыс та келе береді. Ал уақыт өлшеміндегілер − шығармашылық туындылары ғана. Дегенмен де, түрлі объектілер мен субъектілерді жеңіп шыға алатын өз басымнан өткізген шығармашылық өрлеу мен экстаз мәңгілікке көше де алады. Шығармашылық пен пайымдаушылықтың мәселесі өте күрделі болып келеді. Мен басқа еңбектерімде осы мәселені көтергім келеді. Шығармашылық пен пайымдаушылықты бір-біріне қарама-қарсы қою дұрыс па?. Меніңше, дұрыс емес. Кейбіреулер ойлағандай, пайымдаушылық жетілген бейқамдық емес. Өйткені пайымдаушылықта рухани белсенділік пен шығармашылықтың белгілері бар. Табиғат сұлулығының эстетикалық пайымдаушылығы басқа бір тылсым дүниенің құшағына енуді қалайды. Олай болса, сұлулық бұл өмірдің тасасындағы мүлде басқаша әлем. Басқа бір "ақылды" дүние бізді Құдай мен рухани дүниеден алшақтау үстіндегі осы дүниенің келеңсіздіктерінен арылуға итермелейді. Ең жоғарғы құндылықты, өзара үндестікті, әдемілікті туындату кезінде сол жасампаздықтың иегері шығармашылық экстазды басынан кешіреді. Адамның шабыттану сәтін шығармашылық сәт деп бағаламау, меніңше, мүлдем қате пікір. Ұлы адам, ол — жасампаздықтың жаршысы. Алайда пайымдаушылық сәттері күресті, шиеленісті, азапты қиындықтарды біле де бермейді, үйткені мұндай жағдайларды жеңе білуге әбден болады. Осынысымен-ақ "пайымдаушылық" рух белсенділігінің басқа түрлерінен ерекшеленіп отырады. Олай болса, адам да пайымдаушылық әрқашанда ден қойып, оның жанға сая сәттерін өз басына кешіріп отыруы керек. Барып тұрған динамизм, үздіксіз белсенділік адамды азапқа түсіреді немесе оны механизмге айналдырады. Біздің дәуіріміздің қорқынышы да дәл осында.
Менің аяқталған философиям мен тәубешілігім. Сенім.
Эсхаталогия әлемі. Уақыт пен мәңгіліктік
Менің Парижде-Кламарада өткізген жылдарым философиялық шығармашылық деңгейімнің шарықтаған кездері болды. Мен өзім үшін маңызды деп танылған бірнеше философиялық еңбектерді жазып шықтым. Мен "Философия свободного духа", "О назначении человека. Опыт парадаксальной этики", "Я и мир объектов. Опыт философии одиночества и общения", "Дух и реальность. Основы богочеловеческой духовности", "О рабстве и свободе человека. Опыт персоналистической философии", "Опыт эсхатологической метафизики. Творчество и объективация", "Экзистенциальная диалектика божественного и человеческого" сияқты еңбектерді жазып шықтым. Басқа мазмұндағы кітаптарымның қатарына: "Судьба человека в современном мире" атты еңбегімді жатқызуға болады. Мұнда "Новое средневековье", "Источники и смысл русского коммунизма" атты еңбектеріме қарағанда қазіргі заманға байланысты философиялық ойларым жан-жақты қамтылған. Бұл еңбектерде философиялық дүниетанымым бұрынғы жазылған еңбектерге қарағанда әлдеқайда жүйелі түрде баяндалады. Осылардың ішінен мен "Смысл творчества" және "Смысл истории" деген еңбектерімді ерекше бағалаймын. Осы кезеңнің философиялық туындыларының арасынан "О назначении человека" және "О рабстве и свободе человека" атты кітаптар көңілімнен шықты, өйткені мұнда кейбір басты ойларым кеңінен көрініс тапқан. Ал "Опыт эсхатологической метафизики" деп аталатын шығарма менің метафизикалық көзқарастарымнан хабардар етеді. Шындығын айтсам, жазылған осы еңбектердің ешқайсына да көңілім толмайды. Жоғарыда мен өз жазғандарына мәз болатын авторлардың қатарына жатпайтынымды айтып өткен болатынмын. Әрине, өз-өзіңді танытқың да келеді, алайда бұл мақсатты ойдағыдай жүзеге асыру оңайлыққа соқпайды. Өз ойларымды жазып шығу мен үшін соншалықты қиындық тудырады деп айта алмаймын. Алайда шығармашылық құлшыныс пен алғашқы сезімдер толқыны мен ой-сананың объективті нәтижелерінің арасында трагедиялық сәйкессіздік орын алады. Мұндай жағдайда мен өзімді де тани алмай қаламын. Дегенмен де, соңғы он бес жылдар шамасында жарық көрген еңбектерімде мен өзімнің философиялық ойларымды нақты, әрі жүйелі түрде жеткізе алатындай дәрежеге жете алдым. Қалыптасқан дәл осы жағдайдың астарында маған бейтаныс кейбір көңіл күй әуендері жасырынып қалғандай әсер аламын. Менің философиялық көзқарастарым шамадан тыс тұтастық сипатқа ие болған және оның барлық бөлімдері бір-бірімен өзара байланыста тығыз болып келеді, ал шындығына келсек, онда бөлім деген атымен жоқ, сонымен қатар олар өзінің табиғаты жағынан сезімталдық қасиетке ие де, ал форма жағынан алып қарастырғанда афористік сипат алады. Мен тіпті басқаша ойлай да алмаймын. Мен таңдай да білмеймін, мүмкіндіктерді де толығымен пайдалана алмаймын. Сонымен қатар менің дүниетанымның жан-жақты екендігін еске салғым келеді және осы бір қасиетіме байланысты туындаған қарама-қайшылықтарыма байланысты мені айыптайтын да болар. Әрине, менің философиямда қарама-қайшылықтар жоқ деп айта алмаймын және олардың туындауының өзіндік себептері де бар және оларды болдырмаудың қажеттігі бола қояр ма екен.
Менің философиялық танымымның одан әрі тереңдей түсуі мені объектілендіру идеясымен айналысуыма әкеліп соқты. Бұл идеяны кейбіреулердің дұрыс түсіне білмегендіктеріне қарамастан оз басым үшін бұл идеяны ең басты идея деп қабылдаймын. Мен "объективтік" дүниенің, табиғат пен тарих әлемінің тұрақтылығына соншалықты сене де қоймаймын. Объективті ақиқат өмір сүрмейді, сондықтан да ол − бар болғаны сана-сезім қиялдарының елесі ғана. Олай болса, рухтың белгілі бір бағытымен туындаған объективтік шындық қана өмір сүреді. Объективтендірілген дүниені шынайы өмір деп тануға да болмайды, өйткені бұл өзгерістерге ұшырайтын нақты өмірдің өзіне ғана тән жағдайы ғана. Объект дегеніміз субъектіні туындату болып табылады. Тек қана субъект эксистенциалды сипатқа ие, тек қана субъект арқылы шындықты танып-білуге болады. Ендеше мұны кейбіреулер негізсіз жасаған классификацияға (жіктеуге) сүйеніп, субъективтік идеализмге жатқыза салуға болмайды. Дильтейдің жіктелісі бойынша (натурализм, объективті идеализм және бостандық идеализмі) менің ойларым бостандық идеализміне жатады. Дүние объективтендірілместен субъектіде нақты өмір сүреді деп айта алмаймыз. Грекиядан, әсіресе, Пармендтен басталған философия тарихында дәл осындай рөлге ие болған болмыс категориясы ойды объективтендірудің жемісі болып табылады. Канттың терминологиясымен айтқанда болмыс дегеніміз трансцендентальды иллюзия болып табылады. Болмысқа қарағанда алғашқы-өмір мүлде басқаша. Алғашқы − өмір, ол − шығармашылық акт және бостандық; алғашқы-өмірдің сақтаушысы объект те, тіпті "табиғат" та емес, оның нағыз сақтаушысы субъект, рух, жеке тұлға. Объективтілік рухтың өзгеруімен, субъектілердің, жеке адамдардьң, рухтардың бастарының бірікпеушілігімен, қарым-қатынастарының үзілгендігімен және өзара жауығысуларымен де сипатталады. Сондықтан да сана-сезім рухани бірліктің дәрежесіне байланысты болып келеді. Танымның социологиясы бойынша айтылған дәл осы өте маңызды ойға, өкінішке орай, соншалықты назар да аударылмады. Ғылым объективтендірілген дүниені танып-біледі және адамға "табиғатты" бағындыруға мүмкіндік береді. "Объективтік" ғылым адамға қажетті ғана емес, сонымен қатар былықшылыққа толы бұл дүниенің логосын да бейнелейді. Объективтілік, объективтендіру туындауы құлдыраудың белгісі. "Объект" мен үшін өзім танып-білуге тырысатын белгілі бір танымдық нәрсе дегенді білдіре бермейді. Менің философиялық дүниетанымымның нақты қалыптасу жылдарында мен ғылым мен ақыл-ойдың сыншыл философиясын жоғары бағаладым да, керісінше мистика қолданылмайтын салалардағы жалған мистикалық көңіл күйлерге деген көңіл қалушылығым одан әрі арта түсті. Мен қазіргі кезде марксистік жастық шақ кезіндегі жылдарыма қарағанда пайдалы ғылымдардың маңыздылығын өте жоғары бағалайтын болдым. Мен, әсіресе, тарих ғылымын ерекше бағалаймын. Алайда мен өзімді жағымды ғалым деп санамаймын, мен экзистенциалистік философпын, христиандық теософ, историософ және моралистпін. Историософиямен мысқылдық көңіл күйді тудыратын профетизм байланысты болып келеді. Мен өзімді метафизик деп атауға қарсы емеспін, бірақ онтолог деген атаққа үзілді-кесілді қарсымын, өйткені болмыс категориясын проблемалық ұғым деп санаймын. Болмыс дегеніміз тіршілік ету емес, ол − ұғым болып табылады. Болмыстың ақиқаттығы, ол предикаттың ақиқаттығы жөне ол бір нәрсе тіршілік етеді дегенді білдіреді. Менің философиям онтологиялық типке, сонымен қатар бұл философтарды өте жоғары бағалайтындығыма қарамастан Парменид, Платон, Аристотель, Фома Аквинский, Спиноза, Лейбниц, Гегель, Шеллинг, Вл. Соловьев сияқты философтардың типіне де жатпайды. Мен ойлау процесін объективтендіре тырысатын, рухқа субстанция категориясын қолданатын кез келген натуралистік метафизикаға мүлде қарсымын. Менің философиям − рухтың философиясы. Pyx мен үшін еркіндік, шығармашылық акт, жек тұлға, махаббат қатынасы. Мен болмысқа бостандық приматын қолдаймын. Болмыс екінші, оның өзі детерминация, ал қажеттілік ол объект болып табылады. Дегенмен де, Дуне Скоттың кейбір ойларын, әсіресе Я. Беме мен Канттың, сонымен қатар Мен де Биранның жекелеген тұжырымдамаларын, әрине метафизик ретіндегі Достоевскийдің еңбектерін өзімнің философиялық еркіндігімнің, өз ойларымның бастамасы ретінде қабылдаймын. Өздерін ортодоксальдық деп таныған католиктер, православтар, протестанттар менің "туындамаған бостандық" жайындағы идеяма қарсы шығып, оның астарында христиандыққа жатпайтын дуализм, гностицизм, тіпті Құдайтағаланың құдіретін шектеушілік сарын бар деп тапты. Алайда қай кездерде болмасын "мені түсінбейді" деген ой қатты мазалайды. Бұл жағдайды, мүмкін, түсініспеушіліктің орын алғандығымен ғана емес, сонымен қатар менің парадоксальды және иррациональды ойлауға бейімділік танытуыммен де түсіндіруге болар. Менің "дуализміме" қарама-қарсы койылатын құдайшылдық-метафизикалық ілімдердің барлығы да "Құпиялықты" жойып жіберетін рационализм формасының мәні ғана болып табылады және олар рухани тәжірибені дұрыс бейнелей алмайды, трагедияны, қарама-қайшылықтарды, иррациональдылықты білгісі де келмейді. Дәстүрлі құдайшылдық-метафизикалық ілімдер қалай болғанда да алдын-ала айқындау идеясына келіп тоғысулары керек сияқты. Мен екі құдайдың болуын насихаттап отырғаным жоқ және манихейц те емеспін. Өйткені мен үшін өте қымбат болып келетін еркіндікті олар түсінбейді де... Мен өзімнің нақты философияма келген кезде туындамаған еркіндік және объективизация идеялары мен үшін ерекше маңыздылыққа ие болды. Дәстүрлі философиялық ілімдер үшін түсініксіз болған "туындамаған еркіндік" идеясы зұлымдықтың пайда болуын ғана білдірмейді, сонымен қатар шығармашылық жаңалықтың туындағанын да көрсетеді. Туындамаған еркіндік ұтым емес, ол − символ болып саналады. Объективизация дегеніміз − дүниенің бұзылғандығын, езіп-жаншудың жағдайын және т.б. келеңсіз жағдайларды гносеологиялық тұрғыдан түсіндіру. Объективтендірілген дүние ұғымдар арқылы рациональды танымды қажет етеді, алайда объективизацияның өз басының иррациональдық бастамалары болады. Мен күнәға батушылық түсіндірмесінің гнеоселогиялық тәжірибесін ең бірінші болып жасаған сияқтымын. Туындамаған еркіндік және объективация идеясымен қатар өзімнің персонализмімді, жеке тұлғаның орталықтың және жоғарылық мәнділігі жайындағы идеямды тереңдете түстім. Жеке тұлғаның барлық тұлғасыздармен арадағы қарсыласында, немесе ерекше тұлға болуға барынша үміт артатындарға қарсы күресте, бұл "дүниемен"және коғаммен болған шиеленісте мен батыл түрде жеке адам жағына шығып отырдым. Бұл жағдай универсализмнің бұрынғы ескі, дәстүрлі проблемасымен, реалистер мен номиналистердің өзара таластарымен байланысты болып келеді. Макс Штирнердің осы жайында айтқан қағидаларында шындықтың нышаны бар. Алайда бұған мистикалық-метафизикалық мағына бергенде дұрыс болар еді. Мен ұғымдардың реализміне тек қана философиялық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар адамгершілік, өмірлік тұрғыдан да батыл түрде қарсылығымды білдірдім, осы жағынан алғанда Платонды өте жоғары бағалағаныма қарамастан мен оған қарсы болып шығамын. Алайда мен номиналист емеспін, дәйекті номиналист үшін жеке тұлғаның ажырайтын бірлігі, оның мәңгілік бейнесі өмір де сүрмейді. Егер дәстүрлі терминологияны қолданатын болсам, мен бәрінен бұрын концептуалист болармын: мен универсалдылықты жоққа шығармаймын, алайда универсальдылық индивидуальдылықтың қойнауында жатар деп топшылаймын. Ең бастысы, реализммен номинализм мәселесін күн тәртібіне қоюдың өзі мен үшін үлкен қателік сияқты болып көрінеді. Дегенмен де, жалпылықтың индивидуализмге приматын мойындайтын және жеке адамды жалпы ақиқатқа бағындыратын ұғымдар реализмін адамды құлдыққа ұшыратудың бірден-бір көзі деп санаймын. Объективизацияның туындысы болып табылатын "жалпылықтың" үстемдігіне қарсы күрес маған қасиетті, шыншыл, нағыз христиандық сипаттағы күрес болып көрінеді. Христиандық дегеніміздің өзі персонализм. Менің өмірімнің рухани күресі осымен тығыз байланысты болып келеді. Мен объективтендірілген "жалпылықтың" үстемдігіне қарсы шыққан жеке тұлғалардың өкіліне жатамын. Менің өмірімнің пафосы да дәл осында. Меніңше, жалпылық пен универсальдылықты айыра білу қажет. Менің философияны "жалпылықтың" жеке адамға үстемдігін логикалықтан, онтологиялық пен этикалықтан тыс жасауға тырысушылық әрекетімді көпшілік дұрыс түсіне бермейді және оған таң қалысады. Мұның басты себебі, өз ойларымды дұрыс өрбіте білмегендігімнен және оларды нақты дәлелдей білмегендігімнен де болар. Алайда, философияның барлық негіздерінің мен көрсеткен бағытта қайтадан қару керек екендігіне сенімдімін. Бұның маңызды әлеуметтік салдарлары бар, ал діни жөне моралдық салдарлары одан да күшті болып келеді. Философияның дәл осындай түрін прагматизм философиясымен немесе өмір философиясымен шатыстырып алуға болмайды. Өмірде нақты түрде жүзеге аса қоймаған персоналистік төңкеріс объективизация үстемдігін жоюды, табиғи қажеттілікті қиратуды, субъектілер мен жеке тұлғаларды азат етуді, жаңа өмірге, рухани өмірге қадам басуды білдіреді. Дүние жүзінде болып жатқан барлық төңкерістер бұл төңкеріспен салыстырғанда түкке де тұрмайды. Менің айқындалған соңғы философиям менің өмірлік тәжірибемнен туындайтын өзіндік философиям. Бұл арада философиялық танымның субъектісі экзистенциальдық сипат алады. Осы мағынада алып қарастырғанда менің философиям Гейдеггер мен Ясперстің философиясына қарағанда әлдеқайда экзистенциальды болып келеді. Өз пайымдауым бойынша, менің бойымда бастапқы еркіндіктің мол тәжірибесі болды және осы жағдайға байланысты менің бойымды шығармашылық жаңалыққа деген шабыт кернеді, сонымен қатар менің бойымда философияның басты мәселесі болып табылатын жеке адамның тәжірибесі оның жалпылық дүниесімен күресі, адамгершілік пен аяушылық тәжірибесі, адам жайындағы тәжірибе де болды. Мен адам жайындағы мифті жасауға тырыстым. Адам жайындағы тәжірибеде мен үшін Ницшенің ықпалы өте зор болды. Ол "Егер Құдай жоқ болса, егер Құдайды өлтірсе биіктікке қалай жету керек, батырлық, экстаз" сияқты көкейтесті тақырыптарды асқан дарындылықпен көтере білді. Алайда тек қана Құдай ғана емес, адамның өзі де өлген болып шықты, нәтижесінде ерекше адамның жан шошырлық бейнесі пайда болды. Ницшенің қағидалары ол адам тағдыры жайындағы экзистенциальдық диалектика болып табылады. Ницшенің бойынан мен эсхатологиялық тақырыптарды таба білдім.
Маған эсхатолгиялық сезіммен қатар жақындап келе жатқан апат пен ақырзаманды сезіну тән болып келеді. Орын алған мұндай көңіл күй менің рухани типіммен ғана емес, сонымен қатар осал жақтарыма жататын психологиялық-физилогаялық табиғатыммен, шамадан тыс ашуланшақтығыммен, беймаза күй кешуіммен, дүние мен барлық заттардың тұрақсыздығын сезіне білу қасиетіммен, шыдамсыздығыммен де байланысты болып келеді. Христиандық жайындағы менің түсінігім эсхатологиялық сипатта болды және қалған түсініктер маған бұрмаланғандай және бейімделгендей болып көрінді. XIX ғасырдың аяғынан, Ричль мектебінен шыққан Вейстен бастап Құдай Патшалығы туралы эсхатологиялық түсініктер белең, алды. Луази тарихшы ретінде эсхатологиялық христиандықты қорғады. Бірақ менің эсхатологиямның тарихи емес, метафизикалық негізі бар. Маған А.Швейцер ете жақын болды, сонымен қатар Блумгардт пен Рагац та ықпалын тигізді. Мен жеке өмірімде апаттарды күтуге бейімділік таныттым, ал халықтардың тарихи өмірлеріне байланысты дәл осындай сезімім одан да күшті болатын. Мен баяғыда-ақ тарихи апаттардың болмай қоймайтындығы жайында болжамдар айтқан болатынмын. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін, тіпті ол жайында ешкім де ойланбаған уақытта, мен апат дәуірінің болатындығын білген болатынмын. Мен өмірде тек қана дехристианизация құбылысының ғана емес, сонымен қатар дегуманизация құбылысының да орын алатындығына көзім жетті. Орын алған жағдайдың айқындылығын мен тек қана эсхатологиялық христиандықтың болашағыммен байланыстырдым. Менің уақыт аясындағы ұзақ процесс пен даму процесіндегі саналылығымды өте жоғары деп айта алмаймын. Маған барлығы да өтпелі емес, аяқталған процесс болып көрінеді. Менің жеке сезімдерімнің тамыры да өте тереңде жатыр. Тарихты мен эсхатологиялық болашақтан танимын. Мен философиялық ойларға ақырзаман туып қалғандай немесе уақыттың болашағы болмайтындай сияқты жағдайда берілетінмін. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда мен орыс халқының ойшылымын және Достоевскийдің баласы іспеттеспін. Осы орайда менің Апокалипсисті оншама жақсы көрмегенімді және оны түсіндіруге де оншама құштарлық танытпағанымды ескерте кеткім келеді. Енохтың еңбегінен бастап, апокалипсистік әдебиетті мистикалық эсхатология, адамдарды жауыздар мен қайырымдылар деп бөлушілік, құдайға сенімсіздік білдіргендер мен зұлымдарды жазалаушылық маған әсте ұнамады. Мистикалық эсхатологияның дәл осы элементі Енохтың кітабында да, одан қалды христиандық Апокалпсисте де, Августинде де, Кальвинде де және тағы басқаларда да жан-жақты суреттеледі. Садизм элементі дін тарихында ерекше орын алады, ол тіпті христиан дінінің тарихында да өз ықпалын жоғалтпаған. Оны псалмалардан кездестіруге болады және ол ортодоксальдық құдайшылдық жүйесіне де енгізілген. Тек Ориген ғана садистік элементке қарсы болды және сол әрекеті үшін ол ортодоксальдық садизмнің өкілдері тарапынан жазаланды. Христиандықтың адамгершілік жақтарын баянды етіп орнықтыруға қаталдықты ортодоксальдылықтың басты белгісі деп санайтын көптеген христиандардың барып тұрған жек көрушілігін оятты. Ойымды одан әрі өрбітетін болсам, тіпті інжілдердің өздерінің тілдерінде де адамдық шектеушілік орын алған. Алайда қаталдыққа толы эсхатологиялық элемент Иисус Христостың өз басынан шықпайды, ал оны Иисус Христосқа теліген адамдар осы идеяның сойылын соғушылар. Мен рухтың дінін насихаттаймын және оны батыл қолдаймын да. Тарихи ашулар барысында рух адамдық шеттеушіліктің тасасында қалып қойған және мұндай ашуларда социофоризмнің таңбасының бар екендігі байқалып-ақ тұрады. Сондықтан да эсхатологиялық христиандық тарихи христиандыққа қарағанда революцияшыл болып келеді және ол бұл дүниеге икемделе де алғандығын байқатып отыр. Аскеттік христиандық өмірге икемділік танытқан христиандықтың екінші жағы болып табылады. Өз басым эсхатологизмнің ерекше екендігін және оны жан-жақты түсіндіруді қажет ететіндігін атап өткім келеді. Оның монахтық-аскеттік эсхатологияға ешбір қатынасы да жоқ және оған көп жағдайларда қарама-қарсы болып келеді. Монахтық аскетизм осы бір жарық дүниемен мәмлеге келушілігі мен оның бұл дүниемен эсхатлогиялық енжар − бағыныштылығын білдіреді. Ал мен болсам дүниені жаңғыртуға бағытталған қарқынды-шығармашылық эсхатологизмді насихаттаймын. Мен бұл ойларымды "Рух және ақиқат" және "Адамның құлдығы және еркіндігі жайында" деген еңбектерімде жан-жақты баяндаған болатынмын. Мен осы бір ой арнасында эсхатологиялық гнесологияның ерекше түрінің ықпалына енгендей болдым. Эсхатология сана трагедиясын символикалық жағынан объективтендіруді білдіреді. Ақырғылық, ол объективизацияның да ғұмырының таусылғандығы және бостандық патшалығының субъективтілігіне көшу дегенді аңғартады. Бірақ нағыз эсхатлогиялық сезім өлім туралы сұрақтармен тығыз байланысты болып келеді.
Мен жоғарыда әлсіздік пен өтпелілікпен келісе алмайтындығым жайында айтқан болатынмын. Сондықтан да болар, мен тек қана мәңгілікті ғана аңсағандай күй кештім және тек қана мәңгілік маған соншалықты құнды болып көрінді. Мен уақыт шеңберіндегі қоштасу сәттеріне, кеңістегі орын алған алшақтыққа соншалықты қиналатынмын. Мәңгі бақи мен өшпес өмір жайындағы мәселе мен үшін ең басты діни мәселеге айналды. Өз басым өздерінің болашақ өмірін осы мәселені тыңғылықты шешумен байланыстара алмайтын адамдарды түсіне алмаймын. Адамзаттың прогресімен және болашақтың жарқын келбетіне қанағат тұтып, өзін-өзі жұбатушылық соншалықты аяушылық сезім тудыратынын да жасырып қалғым келмейді. Жеке тұлғадан талап етілетін әлемдік үйлесімділікке деген көңілі толушылық көңіл күйді мен жақтыра қойған жоқпын. Осы жағынан алғанда мен бәрінен де Достоевскийге өте жақын сияқтымын және Иван Карамзовтың ғана емес, сонымен қатар құпия болып көрінген адамның да жағына шығуға да дайын екенімді білдіргім келеді. "Жалпылықтың" ештеңесі "индивидуальдық" тіршілік иесінің бақытсыз өмірінің орнын толтыра да алмайды. Егер прогресс тек қана болашақ ұрпақ үшін ғана емес, сонымен қатар менің өз басым үшін де жүзеге асырылатындай болса, онда оны қабылдауға әбден болады. Өз өліміме байланысты соншалықты бір қорқыныш сезімі менің бойымда болған да жоқ сияқты, өйткені мен ол жайында көп ойланбайтынмын да. Мен мысалға Л.Толстой сияқты өлім жайында көп ойланатын адамдардың қатарына жатпаймын. Керісінше менің жаныма ең жақын адамдарымның қазасы қатты бататын. Алайда өлімді жеңе білу мәселесі менің өмірімнің ең басты мәселесі болды. Өлімді мен адамның өмірге келуінен де асқан уақиға деп санадым. Мен Розановтың дүниеге келу діншілдігі мен өлім діншілдігін бір-біріне қарсы қоюшылығын есіме ала отырып, оған қарсы шығамын. Өлім дінін насихаттау (ол христиандықты дәл осылай деп санаған) өлімді жеңе білген, мәңгілік өмірді − яғни өмір дінін насихаттау болып шығады. Егер көз алдымызға құдайылық, жетілген мәңгілік өмірді елестететін болсақ, бірақ онда тек қана өз басың ғана емес сонымен бірге сенің ең жақсы көретін адамың табылмайтындай болса, сен ол арадан мүлде ғайып боласын, сөйтіп жетілген өмір өз мағынасын жоғалтып алады. Мән-мағына менің тағдырыммен сабақтас болып келуі шарт. Объективтендірілген мән-мағына мен үшін бар мәнділігінен айрылған. Мән-мағына тек қана субъективтілікте ғана болады, ал объективтілікте онда бар болғаны әжуа етушілік сарын ғана бар. Адамдардьң назарларына ұсынылған мән-мағынаның ықпалына бірден беріліп кетушілік мені таң қалдырады және оның басты себебі: сол мән-мағынаның қайталанбас өзіндік тағдырларына еш қатынасы жоқ екендігін өздері де түсінбейтін болуларына байланысты болу керек. Әлемдік үйлесімділік, әлемдік ақыл-ойдың салтанаты, прогресс, молшылық пен мемлекет, ұлт, қоғам сынды әрбір ұжымның өзіндік жетістіктерге жетуі сияқты толып жатқан идолдар адамды өзіне бағындырады немесе ол өз-өзін бағындыра алатындай дәрежеге жетеді. Мен, дәл осындай құлдықты қалай жек көретінімді айтып жеткізе де алмаймын. Мәңгілік тағдыр туралы мәселе бүкіл жер бетінде тіршілік ететін бүкіл адамзат алдында тұрған түбегейлі мәселе, ал оны объективизациялау жалғандық болып саналады. Егер Құдай болмаса, егер еркіндік өз биігінен көріне алмаса, мәңгілік өмір нақты өмір туындамаса, онда өмірдің де бар қадыр-қасиеті жойылып кетеді. Өзім жайында ойлана отырып, мен тұла бойымды объективизацияға, ой-санамызды объективизациялауға, өмір мен өлімді объективизациялауға, діндер мен құндылықтарды объективизациялауға қарсылықтың билеп алғандығына көз жеткіземін. Барып тұрған зұлымдық пен жалғандықты мен тозақты объективизациялау мен сол тозақты құдайылық өмірге ену ретіндегі түсініктің аясынан тапқандаймын.
Христос өлімді жеңе білді. Бұл жеңіс субъектіде, яғни нақты бастамалық өмір мен алғашқы ақиқаттық шеңберінде жүзеге асырылды. Бұл жеңіс объективациялау сана-сезімнің орташа деңгейіне экзотерикалық бейімделушілікті білдіреді. Кез келген объективизация біздің ұғымдарымыз бен категорияларымызды құдайылық құпияларға қолдана білу болып табылады. Объективизация әлеуметтік сипатта болады және оған социореформизмнің ықпалының бар екендігі аңғарылып тұрады. Ал Құдайға біздің категорияларымызды қолдануға мүлде болмайды. Оларды зорлықпен де, ынта-жігермен қолданғандықтары соншалық, тіпті қасиеті Құдай сөзін қолданудың өзі ұят болатындай халге жеттік. Ал Құдай, дәл сендер ойлағандардай емес. Мені универсальдық идеалдық бастаманың мәңгілігі жайындағы идеалистік ілім сияқты жанның мәңгілік екендігі жайындағы спиритуалистік ілім де соншалықты қанағаттандыра қоймайды. Бұл ілімдер өлімнің трагедиясын жоққа шығарады және олар белгілі бір нақты жеке тұлғаға бағытталған. Олай болса, тек қана христиандық таным ғана бүкіл адамзат баласына, жеке тұлға бейнесіне бағытталған. Гректерде құдай мәңгілік болды да, ал адам өткінші өмірдің құрбандығы болды. Бастапқы кездерде мәңгілік өмір жартылай құдайларға, ерекше адамдарға ғана тән болды. Дегенмен де, бұл мәңгілік өмірдің адамға емес, ерекше адамдар мен құдайылық пенделердің пешенесіне жазылғандығы дәріптелді. Таңқаларлық бір нәрсе, Ницше қайтадан гректердің саналылығына қайтып оралады, ол адамды емес жаңа құдайды, ерекше адамды мәңгілік деп санайды. Ал Заратустра бәрінен бұрын мәңгілікті өте жақсы көрген көрінеді. Ницшенің диалектикасы ол адам тағдырының барлық сүрлеулерінен өтсе де, адамға қарсы бағытталған. Адамға мәңгілік өмір тән деп айта аламыз ба? Платонизмде де адамның мәңгілік өмір сүретіндігі жайында айтылмаған, "Федонда" индивидуальдық жанға қарағанда универсиальды жанның мәңгілігі әлдеқайда айқындалып көрсетілген. Дәл осындай жағдай германдық идеализмде де орын алған. Тек қана христиандық ілім күнәхарлардан басқа барлық адамдардың, жалпы адамзат баласының мәңгілік екендігін паш етеді. Оның дәйекті персонализмінде христиан дінінің жалқылығы айқындалып қалғандай болады. Адамның жаны әлем патшалығынан да қымбат, олай болса жеке адамның тағдыры басты орынға шығады. Дәл осындай персонализмді, мысалға жеке адамды космостық элементтерге бөліп алып қарастыратын теософиялық ілімдерден таба да алмаймыз. Бірақ христиан діні өлім трагедиясын жоққа шығармайды, ол адамның жеке тұлғалық тұтастықты бұзып-жарып өтетіндігін мойындайды. Ал бұны елімге байланысты эволюциялық-оптимистік көзқарас деп айтуға тағы да болмайды. Адамның нақты өмірінің шешімін оның жер бетіндегі қысқа өмірінен таба аламыз деп тағы айта алмаймыз. Дәстүрлі христиандық эсхатологияның соншалықты жағымсыз бір жағы бар. Дәл осы арада мені өлім жайындағы тақырыптан да гөрі қатты мазалайтын тағы бір тақырыпқа көшкім келеді. Мәңгілік өлім мен мәңгілік тозақ мәселесі адамзат баласы санасының алдында туындаған ең азапты проблемалардың қатарына жатады. Осы орайда мен ең маңызды нәрсе не екендігіне назар аударғым келеді. Егер тозақ азаптарының мәңгілігінің болатындығын мойындайтын болсақ, онда менің барлық рухани және өнегелілік өмірімнің мән-мағынасы да, одан қалды оның құндылықтары да жойылып кетеді немесе террордың ықпалымен жүзеге асады. Ал террордың аясында шындықтықтың болмайтындығын дәлелдеп жатудың қажеттігі де бола қоймас. Мен тандаулы адамдардың қатарынан орын алуға тырысып, өздерін әділетті қазылар қатарына жатқызатын адамдарға таң қаламын. Мұндай қалаулылар қатарына жатқаннан гөрі, күнәлі сотталғандардың қатарына қосылғанды әлдеқайда дұрыс деп санаймын. Осы тақырыпқа арналған ең мәнді ойларымды мен өзімнің "О назначении человека" деген еңбегімнің соңғы тарауында баяндаған болатынмын және осы ойларымды осыған дейін жазғандарымның ішіндегі ең маңыздысы деп санаймын. Мен Н. JIocскийді өте жоғары бағаладым. Осы ойларымды қайталағым да келмейді. Бар айтатыным, бұл ойлар менің өз басымның өмірлік тәжірибесінен туындады. Ал кез келген тозақты объективациялау мен тозақ онтологиясын жасауға әуестенушілік мені қатты мазасыздандырады. Мен дәл осы әрекеттен адамның ежелгі садистік элементтерін догматтыққа айналдыруға тырысушылықты аңғарғандай боламын. Адамның тозақтық азаптарына байланысты нақты тәжірибесі болады, алайда бұл бар болғаны адамның өмірлік жолы мен оның шым-шытырық уақыт шеңберіне араласуы ғана. Мәңгілік тозақтың өмір сүретіндігіне деген сенім, ол − Құдайдың өмір сүретіндігін жоққа шығарушылық болып табылатындығын түсінуге тиіспіз. Бұл өмірдегі орын алған зұлымдық мен қайғы-қасірет және бұл дүниенің жетілмегендігі басқа бір дүние мен Құдайдың болатындығы жайындағы ойларға итермелейді. Ал бұл дүниеде қайғы-қасірет мүлде болмаған жағдайда бұл дүниеге көңілі толушылық сезім белең алған болар еді. Достоевский қайғы-қасіретті адамның сана-сезімінің туындауының бірден-бір себебі деп санаған. Менің пайымдауымша, сана шын мәнісінде де қайғы-қасіретпен байланысты болып келеді. Ницше қайғы-қасіретті жеңе білуді үлкен жеңіс деп санаған. Адам өмірінің жолдары осындай болып келеді. Менің кез келген ойларымның туындауына мұрындық болған езімнің сезімдеріме сүйене отырып, мәңгіліктіктің болатындығына шүбә келтірмедім. Өлім мен үшін "менің" жоғалып кетуімнен гөрі, "мен еместің" жоғалып кетуі болып көрінеді және бұл азапты қоштасу (Құдайым-ау, Сен мені тастап кеттің ғой!). Алайда мұнымен жеке адам тағдырының мәселесі шешіле де қоймайды. Осының барлығы мен үшін уақыттың негізгі философиялық проблемасымен байланысты болып келеді. Бұл жайында мен өзімнің "Я и мир объектов" деген еңбегімде баяндаған болатынмын. Уақыт мәселесі, уақыт парадоксі эсхатологиялық философияның негізінде жатыр. Мен Құдай сотының адам сотына мүлде ұқсамайтындығына сенімдімін. Бұл сотталған адамның өз соты, осы бір тылсым дүниенің жарығын көргеннен кейін өз қателіктерін мойындау болып табылады.
Мен қай кезде болмасын философия тарихы мәселелеріне үлкен қызығушылық таныттым. Мені көбінесе историкософ деп атайтындығы да сондықтан болу керек. Осы бір қасиетіммен-ақ өзім үшін әрқашанда историофилософиялық болған орыстың ой-сананың дәстүрлерін сақтауға тырыстым. Өз өмірімде тарих тақырыптарына ерекше ден қойдым және тарих жайындағы кітаптарды да өте көп оқыдым, бірақ тарихи еңбектерді оқыған кездерімде адамгершілік тұрғысындағы күйзелісті бастан кешіруге тура келді, тіпті тарихтың беттері маған барып тұрған қылмыстай болып көрінді. Әрине, тарихта бөрі бірдей жүзеге аса бермейді, сонымен қатар тарихтың өзіндік мән-мағынасы да бар екендігі де дау тудырмайды. Тарихтың мән-мағынасы оның шеңберінен асып кетеді жөне оның аяқталуына әкеліп соғады. Тарихтың мән-мағынаға ие болу себебінің өзі де осы себепке байланысты болып келгендіктен, аяқталмаған тарих, мағынасыздыққа ие болады. Олай болса, тарихтың нағыз философиясы, ол − эсхатологиялық тарихтың философиясы болып табылады және онда тарихи процесті түсінушілікпен қатар профетикалылықтың да элементі бар. Жеке эсхатология және жеке апокалипсиспен қатар тарихи эсхатология, тарихи апокалипсис те бар. Мен екі эсхатологияның бір-бірімен байланыстылығы жайында көп ойландым. Тарихи тағдыр мен тарихи нәтиженің менің тағдырыма да тікелей қатынасы бар. Бұл жағдайдан мен түбегейлі метафизикалық мәселені аңғарғандай боламын. Өмірде тарихтың, тарихи процестің және жеке адамның, жеке тағдырдың шиеленісі орын алып отырады. Мұндай шиеленістерді сезіне білу − менің басты сезімім. Мен тарихи процестерге қарсы шыққан адамдардың санатына қосыламын, өйткені ол жеке адамды жоқ қылады, оған жайбарақаттық танытады. Тарихтың ақыры да болуы керек, өйткені оның аясында жеке адам мәселесін нақты шешуге де болмайды. Историософиялық тақырыптың екінші жағы осындай болып келеді. Алайда оның екінші жаты да бар. Мен жеке адам тарихтың арасындағы трагедиялық шиеленіспен қатар, жалпы тарихтың өзі үшін қатты қайғырамын және оны жеке басымның тағдыры ретінде қабылдаймын, мені адамзат балымның тағдыры да, мәдениет атаулы да қатты толғандырады. Бүкіл әлемдік тарих менің басымнан өткендей болады. Осы себептен де тарихты сезіне білуімде екі жақтылық бар: бір жағынан тарих маған жат, ал екінші жағынан тарих ол менің жадымдағы да тарих, ол әрқашанда менімен бірге. Дәл осы жерде, менің ойымша, эсхатологиялық екі жақтылық бар. Тарих ол экстериоризация, рухты объективтендіру және ол − рухтың ішкі тағдырының белгілі сәті болып табылады. Рухты экстериоризациясы, ол − рухтың ішкі тағдыры. Сөйтіп рух өз-өзінен безінгендей болады. Тарихтың ақыры дәл осы экстериоризация мен объективизацияның да ақыры, ішкі дүниеге қайта оралу. Бұл жағдайды Апокалипсисті түсіндіру соншалықты қиындық тудыратын уақыт парадоксі деп бағаласақ та болар. Тарихи уақыт шеңберінде тарихтың ақыры жайында ойлануға болмайды. Тарихтың ақырын тарихи уақиға деп те айтуға болмайды. Сонымен қатар уақыттың ақыры уақыт шеңберіндегі уақиға да бола алмайды. Дүниенің ақыры біздің бөлшектенген уақытымыздың бір бөлігі болып саналамын болашақта да жүзеге ас қоймас. Дүниенің ақыры дегеніміз уақыттың ақыры. Енді уақыт та болмайтын шығар. Уақыт дүниенің бұзылтандығынан да хабардар етеді. Дүниенің ақыры, ол − ғарыштық және тарихи уақытты, объективтендірілген уақытты жеңе білу деген сөз. Өміріміздің ең қиын кездері мен тарихи уақыт шеңберінде, соғыс пен төңкерістер кезінде, шығармашылық шабыт барысында, өлер шаққа жақындай түскенде біз сол ақырғылыққа жақындай түскендей боламыз. Біздің жеке өміріміз бен біздің тарихи өміріміздің арасы мен ақырғылықтың арасындағы тарихи уақытта, математикалық өлшем де болмайды. Бұл өмір сүрудің мүлде басқа тәртібі. Дәл осы жерде біз Канттың антиномиясында кездесетін дәл осы тәртіптің проблемасымен келіп тоғысамыз. Дүние мен тарихтың ақыры болашақты, яғни біздің уақытымызда болуы мүмкін емес. Сонымен қатар дүние мен тарихтың ақыры біздің ақыл-ойымыз үшін қарама-қайшылық болып келеді. Тұтастыққа ие бола алмаған ақыл-ой объективтендіру мен экстериоризацияға жақын тұрады, ал бұл жағдай қарама-қайшылықтарды тудырады. Бұл қайшылық ақырғылық экзистенциальдық субъективтілікке айналған кезде ғана жойылады. Олай болса, онтологиялық тұрғыдан "бұл өмір" мен "басқа дүниені", жер бетіндегі өмір мен о дүниелік өмірді қарсы қою жалғандыққа жатады. "Басқа дүние" біздің басқа бір модусқа, тіршіліктің басқа бір сапалылығына өтуіміз. "Басқа өмір" біздің тіршілігіміздің жаңғыртуы, адамзаттың заманымыздың былық-шылықтарын жеңе білуі. Прогрестің, прогресс жайындағы заңның қажеттігі жайында айтып үйреткен кезде адамдардың шығармашылық актілерін жалған объективтендіруге жол беріп аламыз. Дәл осындай объективизация барысында бостандық қажеттілік аяғына жоқ болып кетеді. Қажетті тарихи прогресс жайында заң жоқ, бұл адамның бостандығына кереғар және жалған объективтік теологияны көздейді. Олай болса, қажетті прогресс объективтендірілген уақыт шеңберінде ғана ой елегінен өткізіледі. Ал адамның шығармашылық еркіндігі экзистенциальдық жағдайда болады. Сонымен қатар тарихта қажетті регресс жайында үйретушілік пиғыл да қателікке жатады. Оптимизм мен пессимизм детерминизмнің өзара ұқсас формалары болып табылады, сондықтан да олардың еркіндікке қарсылығы да бірдей болып келеді. Тарих шарықтап даму үстіндегі прогресс те, тіпті регресс те емес, ол − трагедиялық күрес, оның қойнауында қайырымдылық та, зұлымдық та, одан қалды қарама-қайшылықтар да туындап отырады. Сондықтан да, ол өз ақырына жақындай түседі және тарих тарихи уақыт шеңберінен экзистенциальдық уақыт шеңберіне өте білуі қажет. Өз қасиетін жоғалта бастаған уақытты жеңе білушілікті уақыт өлшеміндегі мәңгіліктіктен туындайтын энергиямен байланыстыруға болады. Алайда адам есінің объективтендірілетін де қасиеті бар. Мұндай жағдайда ақыл-ес жаңғырту күшінің орнына, инерция күшіне айналады. Біздің тіршілігіміз қарама-қайшылықтардан құралады. Мен қарама-қайшылықтарды терең сезіне білетін адамдардың қатарына жатамын. Эсхатология қарама-қайшылықтарға толы және эсхатологиялық ой тепе-тендік заңы үстемдік ететін аймақтан шығып та кетеді. Ең шиеленіскен ақыл-ой аффективті сипатта болады және тепе-тендік принципіне бағынбайды. Уақыт туралы ойлар маған қарама-қайшылықтарға толы болып көрінеді. Болашақ оп-оңай өткен болып, ал өткен өмір оп-оңай болашаққа айнала алады. Уақыт қай уақытта болмасын менің жанымды қатты мазалайтын. Мен уақытты жеңуге соншалықты асықтым және осы әрекетіммен оған өзімді тәуелді еттім. Мен уақыттың соңына жетуге ерекше құштар болдым, әрине бұл арада өлім жайында айтып отырғаным жоқ, әңгіме мәңгіліктің ақыры уақыт жайында болып отыр. Мен басқаларға, "бұған" жат нәрсеге ұмтылыс жасап отырдым. Ал бұл "жат" нәрсе маған жат емес жақын болып көрінді.
Прогрессистер мен мәдениеттанушылар эсхатологиялық сананы енжарлыққа апаратындығы және ұлы тарихи мақсаттарды жоққа шығарғандығы үшін жақтырмайды. Алайда бұл жағдайды К.Леонтьевтегі сияқты Вл. Соловьевтың "Повесть об Антихристе" деп аталатын еңбегінде немесе аскеттік монахтықта көрініс тапқан эсхатологиялық санаға байланысты ғана қолдануға болатын болар. Ерекше атап өтетін бір жәйт, апокалиптік көңіл күй көп жағдайларда шығармашылық мақсаттарды жоққа шығарушылық пен енжарлыққа алып келеді. Өмірінің ақырғы кезеңінде Вл. Соловьев ұшыраған мұндай көңіл-күй маған соншалықты жат болып көрінеді және онымен күресу қажет деп санаймын. Кейбір адамдар өздерінің сезімдері мен мүдделерінің ырқына көніп тарихи дәуірдің аяқталуы мен огонияны бастан кешірулеріне байланысты ақырзаманның туындайтындығын жариялауға жақын тұрады. Дәл осы сарындағы идеологияның астарында шарасыздық, басыңқылық пен үрей бар. Алайда дәл осы сияқты көңіл-күйден жағымды бір нәрсе шыға қоймайтындығын дәлелдеп жатудың қажеттігі де бола қоймас. Маған Вл. Соловьев те емес, К. Леонтьев те емес, Н. Федоров жақын, оның адамның белсенділігі мен өлімді жеңе білу жайындағы ой толғаныстары христиан діні тарихындағы ең жоғарғы түсінік сияқты болып көрінеді. Алайда Н. Федоровтың философиясын әлі де жетілмеген және натурализмнің ықпалынан шыға алмаған философия деп санаймын. Бірақ, жоғарыда атап өткенімдей, оның моралдық сана-сезімі өте жоғары болып келеді. Н. Федоровтың данышпандығы оның Апокалипсистің белсенді түсінік тәжірибесін алғаш рет жүзеге асыра білуінде болар және ол дүние ақырының адамның белсенділігіне тікелей байланысты екендігін мойындады. Апокалипсистік пайғамбарлық фатальдық сипатта емес, шартты сипатқа ие болған және адамзат баласы христиандық "жалпы игілікті іс" жолына түсе отырып, дүниені жойып-қиратудан, мәңгілік айыпталу мен қорқынышты соттан құтылып та кетуіне болады. Мен өзімнің "Шығармашылықтың мән-мағынасы" атты еңбегімде Н. Федоровқа қарағанда, одан тәуелсіз Апокалипсистің белсенді шығармашылық түсініктері жайындағы ойларымды баяндаған болатынмын. Христостың өз күші мен даңқымен екінші рет келуі адамның шығармашылық актісімен тығыз байланысты. Адамзат баласы мұндай оралуға барынша дайындық жасап, оны қарсы алуда ерекше белсенділік танытуы керек. Қорқыныш пен енжарлық көңіл-күй кешіп, соншалықты үрейленіп дүниенің ақырын күту Христостың қайта оралуына кедергі болары сөзсіз. Құдайды және Құдайы адам − Христосты қазы немесе айыптаушы ретінде түсінушілік адамның көңіл-күйінің, адамдардың қараңғылығының және шектелгендігінің белгілі бір көрінісі ғана, сондықтан да бұл Құдай және Құдайы адам − Христос жайындағы нағыз ақиқатқа жатпайды. Нақты шығармашылық күйге көшу адамның өз басын қорлайтын көңіл-күйден арылуына мүмкіндік береді. Апокалипсисті фатум ретінде қабылдауға болмайды. Тарихтың ақыры, дүниенің ақыры фатальды емес. Ақырғылық ол құдайылық-адамдық іс және ол адам еркіндігінсіз жүзеге аспайды, өйткені тек қана адамға ғана тән "ортақ істер" бар. Сондықтан да, мен белсенді шығармашылық эсхатологизмін қолдаймын. Өткеніңе қарай, христиандық эсхатологизмге қарай бағыттайтын тарихи христиандыққа көшу енжарлықтықты емес, керісінше белсенділіктің артқандығын, үрей мен қорқыныштың емес батылдықтың артқандығын көрсетеді. Басыңқы және енжар апокалиптік көңіл күй ескі тарихи христиандыққа жатады, ендеше жаңа эсхатологиялық бағыттың мән-мағынасы мүлде өзгеше болып келеді. Алайда тарихының осы бір кезеңінде христиандық екі дәуірдің аралығында қалып отыр, ал қалыптасқан бұл жағдайдың басты себебі: оның өзіне лайықты белсенді рөлді атқара алмай отырғандығынан да болар. Тарихи христиандық салқын қандылыққа көшіп, күнделікті тіршілікке, мещандық тұрмысқа көшкен. Енді бар болғаны аспаннан оттың жарқылын күту ғана керек шығар. Бірақ адам жүрегінің қызуынсыз бұл отты тұтату оңайлыққа түспес.
Эсхатологияны белсенді шығармашылық тұрғысынан түсіне білуіміз қажет. Дәл осы жерде батылдық танытып, тек қана эсхатологиялық моралдың ғана өмір сүретіндігін жариялаймын. Кез келген моралдық актіде, махаббат, мейірімділік актілерінде дүниенің ақыры басталады және онда жеккөрушілік, қатыгездік, мансапқорлық сияқты келеңсіз көріністер үстемдік етеді. Кез келген шығармашылық актіде де бұл дүниенің ақыры көрініс береді, онда қажеттілік, инерция, шырмалушылық өз үстемдігін жүргізеді де, сөйтіп жаңа дүние, "басқа" дүние пайда болады. Адам қашанда болмасын эсхатологиялық сипаттағы актілерді жетілдіріп отырады, сөйтіп бұл дүниеден шығып екінші басқа бір дүниенің құшағына енеді. Бұл өмірді ол шығармашылық таным аясында аяқтайды. Бұл шығармашылық әрқашанда экстериоризацияны, объективизацияны жеңе білгендікті білдіреді. Құдайды жазалаушы, үстемдік етуші күш деп танымау керек, өйткені ол − азат етушілік және өз шапағатымен түбегейлі жаңаруларға алып келетін ерекше қасиеттердің иесі. Жазаға тартушылық, жазалау мен өз өктемдігін жүргізушілік адамзаттық және әлемдік қараңғылықтың имманенттік нәтижесі болып табылады. Сондықтан да, ақырғылық (соңғылық) екі жақты сипатта болады. Қорқынышты сәт пен өлімнің фатумы (жаппайлығы) ол − қараңғылық пен құлдықтың ақыры, жолдың біткендігі. Алайда басқа бір, яғни Құдайылық ақырғылық фатумның емес, еркіндіктің ісіне жатады.Өзінің нәтижелері жағынан зұлымдық қана фатальды болып келеді. Апокалипсис зұлымдықтың дәл осындай − жаппайлылық қасиетін суреттеп береді. Шығармашылық еркіндік арқылы келген ақырғылық өз қасиетін жоғалтпайды да. Қазіргі уақытта дүниеге жойылып кету қаупі төніп тұр, өйткені бұл дүниенің заңдылығы осындай, бірақ бұл жағдай адамзаттың жаппай қырылуын және нақты құдайылық өмірді білдірмейді. Эсхатологиялық сезім мен сананың өсуі адамзат патшалығының да, негізінен мәдениет патшалығының да ыдырай да, өз ақырына жетуге де жақындай түсетіндігін аңғартып отыр. Бұл жағдай көп адамдардың бойында үмітсіз қайғы тудыруда. Өмірде мәдениетке де, тарихқа да байланысты қорқынышты соттар болып жатады. Сөйтіп, құдайшылдық-адамдық немесе жануарлық-құдайшылдық жолына түсушілік байқалып қалады. Адамның басына түсетін идолатрия мен демонолатрия адамның тұла бойын жаулап алатын әзәзілдік күштерді өмірге әкеледі, бірақ оларды аңғырттық реалистік тұрғыдан қарастыруға болмайды. Аң тұңғиықтан пайда болады. Бұл өте күшті апокалиптік бейне. Тұңғиықтан бас көрсеткен аңға Құдайылық, патшалықтың бейнесін ғана қарсы қоюға болады. Алайда Құдайылық патшалық адамның бостандығымен де, адамның шығармашылық белсенділігімен де байланысты болып келеді. Сол себепті де, аңның бейнесі сол тұңғиыққа қайтадан батқандай болады. Бірақ бұл жағдайды мәңгілік деп айтуға болмайды, өйткені ол уақытша ғана бұғауланған. Эсхатологиялық сана сонымен қатар тарихтан метафизикаға көшуді де білдіреді. Тарих ғарыштық уақытқа икемделген өзінің тарихи шеңберінде жүзеге асып отырады. Ал мета тарих экзистерциальдық уақытқа бағынады және бар болғаны тарихи уақыт шеңберінен көрініс тауып отырады. Тарихта барған сайын мета-тарихилық сипат алатын уақиғалар басталып кетуі мүмкін және мұны тарихи ғажайыптардың уақыты деп атауға болады. Өмірбақилыққа екі жол ашылады: біріншісі, сәт арқылы жүзеге асатын индивидулдық жол да, екіншісі тарих пен дүниенің ақыры арқылы жүзеге асатын тарихи жол. Сәт арасында қол жеткізген мәңгілік өзінің өміршеңдігін көрсетеді, "мәңгіліктіктің" өзі де сол мәңгі бақилылықта қалуды білдіреді, алайда біз мәңгіліктің сәттерінен шығып қаламыз және қайтадан сол бір уақыт аясына келіп кіреміз. Тозақ дегеніміз мәңгіліктіктен өлгеннен кейін шығып қалушылық пен ажалдық уақыт құшағына ену болып табылады, алайда ол мәңгілік емес және уақытша сипатта болады. Бұл жайында мен әрдайым айтып отырамын және Құдайдың тозақ күштерін жеңе алатындығына да, осы дүниеден алынған барлық категориялардан да жоғары тұрған Құдайылық Құпияға да кәміл сенемін. Құдайдың тозақ күштерін нақты жеңісін екі патшалыққа: құдайлық және жын-сайтандық патшалықтарға, немесе құтқарылғандар мен мәңгілік азапқа ұшырушыларға бөлушілік деп қарастырмау керек, өйткені бұлар тек қана біртұтас патшалық болып қалуы тиіс. Христиандық эсхатология осы дүниенің категорияларына, осы дүние мен тарихтың уақытына икемделген, сондықтан да ол оз аймағынан шыға да алмайды. Менің сенімім дәл осындай болып келеді. Соңғы жылдары інжілдік сындар жайында, еврейлік пен христиандықтың ғылыми тарихы жайында коп оқыдым. Бұл сындар өте өзекті және мәнді діни-метафизикалық проблемаларды көтереді. Менің сенімім жел тұрса шайқалып кететін тарихи уақыттың күмәнді фактілеріне негізделмеу керек. Дәл осындай жолға түсушіліктің нәтижесінде көптеген адамдар өз сенімдерін жоғалтты. Мета-тарихи ашулар тарих қойнауында көрініс табады, алайда мұны нақты тарихи ашулар деп бағалауға болмайды. Тарихи ашуларда адамилық шамадан тыс басымдылық танытады. Өз басым орыстық діни ой-сананың коп¬теген жақтарын өте жоғары бағалаймын. Атап айтқанда; христиандықтың жазаға тартушылық түсінігін жеңе білу және эсхатологиялық сана көрініс тапқан батыстық ой-санаға қарағанда христиандықты Құдайылық—адамдық дін ретінде, бостандық, махаббат, ізгілік пен ерекше адамгершіліктің діні ретінде насихаттау.
Мен Құдайдың бар екендігіне ешбір күманданбаймын. Құдайды өлтіру адамның қолынан келмеді. Алайда Құдайдың бұл дүниеден кеткендігін сезінгендей болдым. Адамзат қоғамдары мен өркениеттерді құдайдың тастан кетуі − мен өмір сүрген дәуірдің басты тәжірибесі болып табылады. Біз фатумның салтанат құрған дәуірінде өмір сүреміз. Мен ашынған құдайсыздыққа қарсы күрестік тәсілдері жайында коп ойландым. Осы күрес барысында апологетиканың кәдімгі дәстүрлі әдістері бар болғаны құдайсыздыққа демеу беретіндігі мен атеистік дәлелдемелерге жол ашып беретіндігіне анық көзім жетті. Құдайға деген сенімді қорғау қиын емес, бұл дүниедегі Құдайылық істер жайындағы дәстүрлі ілімді қорғау қиын. Бұл ілім зұлымдықтың өмір сүруімен де, оның әлемдік өмірдегі жеңістерімен де, адамзат баласының қайғы-қасіретке ұшырауымен де ешқашан келісе алмайды. Біз Құдай дүниені басқарушы, гнесологиялық терминологияны қолданғанда "Ол" осы бір табиғи дүниеде, феномендер әлемінде патшалық құрып отыр деген рациональдық идеядан үзілді-кесілді бас тартуымыз керек. Құдай қажеттілік патшалығында, рухта емес, бостандық патшалығында үстемдік етеді. "Кәсіп" идеясын натуралистік және физикалық тұрғыдан түсіну мүмкін емес, оны тек қана рухани және адамгершілік тұрғысынан ғана ұғына аламыз, өйткені ол жеке тағдыр аясында ғана сезіледі. Міне сонда ғана шындығына келгенде натуралистік, объективтендірілген теология мен телеологияға қарсы бағытталған атеизмнің басты аргументіне тойтарыс бере аламыз. Сонымен қатар ашулардың объективтендірілген, натуралистік түсінігін де қабылдай алмаймыз. Ашулар рухани дүние аясында жүзеге асырылатындықтан, ол өзінің табиғаты жағынан руханилылыққа толы болып келеді.. Объективтендірілген табиғат пен тарих арнасында ол бар болғаны символдық мағынаға ие болады. Менің рухани тәжірибем имманентті сипатта болғандықтан онда объективизация деген, жатсыну деген болмайды. Мен өзімнен гөрі Құдайға өте жақынмын. Алайда, менің рухани тәжірибем трансценденттелгенге трансцендентелу болып табылады. Қай трансцендентті; алайда имманентті, Құдайдың трансценттілігінің объективтендірілген жат тәжірибесі емес. Мен үшін дін саласындағы эзотерикалықтық пен экзотерикалықтың арасындағы айырмашылық өз маңыздылығын әлі де жоя қойған жоқ. Әрқашанда сатылық болып келетін ашуларды қабылдаушылық сананың құрылымына байланысты болып келеді. Мен Інжілдің өзінен де эзотерикалықтық пен экзотерикалықтың арасындағы айырмашылықты байқаймын. Мені Інжілдің бір қарама-қайшылығы және ең басты қарама-қайшылығы қанағаттандырмайды. Ол басқаларға емес, Христос ілімінің өз рухына байланысты болып келеді. Христос ілімінің барлығы да дүние бұрын білмеген махаббатқа, ізгілікке, шексіз адамгершілікке толы болып келеді. Христиандық − махаббат пен еркіндіктің діні. Ал Інжіл Құдайылық Патшалығының жаршысы. Христос күнәға батқан адамдарға тас лақтырмайды. Ол адамды өте жоғары бағалайды олардың азаптарын жеңілдетуге тырысады. Бұл жағдай өзімді христиан деп есептемеген кездерімде де қатты толғандыратын. Христос жазалау үшін келген жоқ, ол бәрімізді де құтқару үшін келді...
Таза руханилық пен таза адамгершілік кез келген адамға тән бола бермейді. Таза адамгершілік құдайылық сипатта, ол Құдайдың қалаулы қасиеті. Христиандықтың мәні мен оның жаңалығы Құдайдың осы қасиетін ашып беруінде, адам мен Құдайдың арасындағы алшақтықты жоя білуінде. Өкінішке орай, құдайылық адамгершілік жайындағы ақиқат догматтың шарты және символикалық астарында көрінбей қалған. Адамзат баласы дін саласындағы қатал жазалау мен қорқыныш тудыратын элемент құдайсыздардың қаруына айналған кезеңге аяқ басып отыр. Егер тозақ идеясы шіркеу аясында ғана болса, ендігі жерде ол садистік идея ретінде оз орнын таппай отыр. Жазалау (соттау) дінін бұдан былайғы жерде адамдар қажетсінбейді де, өйткені адамдар бұл өмірдің азабына мықтап ұшыраған. Жазалаушылық тұтастай кесарь патшалығына өткен және кесарь онымен адамдарды қорқыта да алады. Менің діни сезімім мен санам Інжілдің жазушылық сипаттағы және онымен адамдардың бойында үрей мен қорқыныш тудыруға батытталған элементтерін қабылдамайды. Мен күн сайын тозақтың азабын тартып жатқан адамдар үшін құлшылық жасаймын жөне сонымен қатар бұл азаптарды мәңгілік деп санамаймын, бұл жағдай менің діни өмірім үшін ерекше мәнділікке ие болып отыр. Құдайды қорғаудағы ең басты аргумент (дәлел) менің ойымша адамның өзіне, оның жүріп өткен өмір жолына тығыз байланысты. Адамзат баласы әлемінде талай пайғамбарлар, апостолдар (дінді уыздаушылар), азапқа түсушілер, батырлар, мистикалық пайымдаушылықтың өкілдері, ақиқатты іздеп, шындыққа қызмет етушілер, таңғажайып табиғи әдемілікті тудырушылар, рухтары биік ұлы шығармашылық шабыттың иелері болған. Ең соңында, дүниеде ең жоғарғы иерархиялық жағдай, бірден-бір иерархиялық жағдай − шындық үшін керіп шегелеп тастау да бар. Осылардың барлығы ең жоғарғы құдайылық өмірдің, Құдайдың бар екендігін дәлелдемейді, нақты көрсетеді. Мені құдайшылдық пен метафизиканың интелектуальдық ұғымдарымен ойнаушылығы қатты жалықтырып жіберді және өз басым тек қана Құдай мен құдайылық әлемнің өмір сүретіндігінің рухани-тәжірибелік дәлелдемесіне тана сенім артамын. Мен (ғаламдық) соборлардың тарихын оқып отырған кездерімді өзімді өте қолайсыз сезінемін. Кейбіреулер менің сенімім дін емес, философия деп айтулары да мүмкін. Иә, мен философпын және дәл осыдан таңқаларлық ешнәрсе көріп отырғаным да жоқ. Маған философиялық форма әдептіліктен де хабар беретін сияқты болып көрінеді. Ал құдайшылдықта, өкінішке орай, ұятсыздықтың көріністері кездесіп қалып отырады. Қалай болғанда да осы тарауда жазылғандар философияның аясынан шығып кетеді және ол сенімді насихаттау да болып табылады. Менің философиям осы сеніммен айқындалып, рухани тәжірибеден туындайды. Мен үшін барлығы дәл осы ішкі рухани тәжірибемнің арқасында белгілі болып отырады. Менің сеніміме байланысты жасалған қорытынды өзім өмір сүрген дәуірге қарсы айыптауларға алып келеді. Менің айтарым, дүниежүзілік тарихтың барып тұрған келеңсіз көріністері белең алған бұл дәуірде адамгершілік тұғырдан көріне біліңіздер, адам бейнесін сақтай біліңіздер, ал ол − Құдайдың бейнесі. Біздің заманымызға тән болып отырған адамдар жайындағы жаман ойлар менің адам туралы, Құдайылық идеяға байланысты менің ең жоғарғы пікіріме ешбір нұқсан келтіре алмайды. Мен өмірді Рухтың мистериясы сияқты қабылдаймын. Бүкіл әлемдік тіршілік, бүкіл тарихи өмір Рух мистериясының бір сәті және осы мистерияны объективтендіру ғана. Мен өзімнің Христос шіркеуінің мистериясына жататындығымды терең сезіне де білемін. Өмірдің мақсаты − адамның бойында Құдай ұялайтын, ал адам Құдайдың пендесі болып табылатын Рухтың мистериясына оралу болып табылады. Мұндай оралу шығармашылық саласындағы табыстармен аяқталу керек. Алайда, мәңгілілікте болашаққа деген қозғалыс пен қайта оралудың арасында айырмашылық болмайды. Тек қана Қасиетті Рухтың ең ақырғы жаңалықтары Үштік Құдайшылдықтың та ең соңғы жаңалықтарына (ашуларына) айналулары керек. "Рухани ізденістердің бүгінгі заман өкілдері бұрынғы кездегі сыртқы рухани қиналыстан өткендегі сияқты, ішкі рухани қиналыстан өтеді" деп орынды атап көрсеткен. Достоевскийдің, Ницшенің, Кирхегардтың, Бодлердің, JI. Блуаның және тағы басқалардың армандары Рухтың жаңа дәуіріне, эсхатологиялық дәуірге сай келеді. Алайда, Pyx дәуірінде де адамдарының жағдайы жеңіл болады деп айтуға тағы да болмас.
Н. Бердяев. Самопознание. М.: Мысль, 1991. С. 35-73, 187-202, 255-275.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру