Мазмұнға өту
Home

Қуаныш Мұқан әңгімелері

Қуаныш Мұқан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қуаныш Мұқан әңгімелері

Қуаныш Мұқан — «Қуаныш Мұқан әңгімелері» (Көркем әңгіме). ҚУАНЫШ МҰҚАНОВ. ӘҢГІМЕЛЕРІ

ҚУАНЫШ МҰҚАНОВ. ӘҢГІМЕЛЕРІ

МЫСЫҚ

Шырт ұйқыда жатқанмын. Біреу жұлқып оятты. Дауылбай екен. Бетіме төне түсіп ыржалақтап тұр.

-Не керек тағы?-дедім жақтырмай.

Дауылбай әдетінше қорс етіп мұрнын тартты.-Ақыры ұстадым-деді ыржия күліп.

-Нені ұстадың?-дедім мен ұйқымды аша алмай керіліп жатырмын.

-Кемпірдің мысығын.

Ішім қылп ете қалды. Аузымды енді ашып, болмайды дей беріп едім, түкірігі шашырап Дауылбай сөзін жалғады:

-Үйінен алып шықтым. Ешкім жоқ екен.... Мынаны да алдым, – ол маған қолын соза берген. Екі-үш құрт.

-Жемеймін. Неге ұрладың?

-Өй, кемпірдің дастарханының дәмі ғой. Соның жасын берсін де. Адам құсап беріп тұрса.-деді де Күс-күс қолдарымен бір құртты аузына ытқытты -Жемесең қой. Тұр, жата бермей. Мектептің күзетшісі келмей шатырға шығайық.

Мен тайқи бастадым:-Ой қойшы, болмайтын нәрсеге бола.

Дауылбай бой берер емес:-Тексеріп көрейік та. Егер шынымен төрт аяғымен тік түссе, планшетіңді маған бересің.

Мен шынымен қорқайын дедім.

-Болмайды-дедім орнымнан тұрып жатып: Өліп қалса мысықтың қарғысы жаман. Одан да басқа нәрсеге бәстесейік.

-Сонда сен құлағымнан теуіп, мені лох көріп тұрсың ба?-Дауылбайдың сүйкімсіз түрі одан әрмен ұсқынсыз болып кетті. Ашуланғанда құлағын сырғағын суа тартқылай беретіні бар еді, сол әдетімен құлағына қол созды. Мен тосылып қалдым. Жындының аты-жынды. Ашуланса оңдырмайды.

-Жарайды. Кеттік. Осыдан менікі дұрыс болса, Назираның дәптерін қайтарып бер.-дедім. Мен қорққанымнан келістім. Дауылбай селсоқ қана:-Көреміз-дей салды.

Киініп үйден шыққанда ымырт түсен еді. Жолда Ұлбике әже алдымыздан шықты. Бүгін кешегіге қарағанда сергек көрінді. Таяғын тықылдатып жанымызға таяй берді.

-Амансыз, әже қалыңыз қалай?-дедім ешнәрсені сездімеуге тырысып.-Күйлі қуаттысыз ба?

-Амансынба шырағым-деді әже сырылдай сөйлеп.-Қай баласың?

Дауылбай:-Құлыбектің баласымын-деді ауылдың бас жағында тұратын басқа біреуді атап.

-Әәәә. Мысығымды іздеп шығып едім. Құрғыр көрінбей кетті. Көзіңе түспеді ме? Әәә?

Біз басымызды шайқадық. Дауылбай қу, мысықты салған қытай сөмкені тұншықтыра қолтығына қысты.-Жүрген шығар қаңғып-деді сосын-Сенің жоғалған Саматыңның артынан кеткен болар. Хе-хе-хе.

Әже ренжіп қалды. Мен Дауылбайға ызалана жалт қарадым. Қақ маңдайдан салып қалғым келді. Әже бетіме қарап сәл кідірді де, Әәә деп ұзақ күрсінді. Дауылбайға бұрылып қараған да жоқ. Мен қартты аяп кеттім. Күбірлей сөйлеп теріс айналды. Белі бүгіліп, таяғын тырсылдатып үйіне қарай жылжып бара жатты. Жүрегім сыздады. Жетім кемпір біздей жетесізге тіл қатқан жоқ. Қарғысын да жаудырмады. Ренжіп кеткені анық еді. Мүмкін қазір өзін тастап шет елге кеткен қызының жоқтығына налып бар жатқан шығар. Әлде екі баласымен бірдей суға кеткен шалын жоқтап іштей күңіреніп бара жатқан да шығар. Біз жөнімізбен кеттік. Өмірі жалғыз мысыққа байланған әже ойымнан шығар емес. Дауылбайдың қолтығындағы мысықты жұлып алып әжеге бермегеніме өкініп келемін.

Мектептің шатырына шыққанда дала қараңғыланып үлгеріпті. Шатыр жиегіне таяу жерге отырдық. Дауылбай ала дорбадан ала мысықты суырды.

-Дайынсын ба?-деді мұрнын қорс еткізіп тартып.

-Жоқ-дедім мен. Ішім алай-дүлей. Лақтырмай-ақ қойсақ қайтеді:?

Дауылбай бетіме бажырая қарады. Сөйтті де мысықты желкесінен қыса ұстап шатыр жиегіне қарай қолын созды. Бетіме қараған күйі қолын көтерді. Мен орнымнан атып тұрып қолына жармастым.Бірақ ол қайратты екен. Мені бір қолымен қағып ұзынымнан түсірді. Мысықты көтеріп, көзі аларып ұзақ қарады. Келер сәтте ыржия күлді де, мысық бейшараны сілтей лақтырды. Баж еткен дауысы шықты. Жерге доға жасап барып құлап еді. Асфальтке соғылған еттің дауысы анық етсілді. Баж еткен ащы дауыс кұлағымда дыңылдап біраз тұрғандай болды. Жасқаншақтай орнымнан көтеріліп, шатыр жиегінен жерге қарай басымды создым. Сызықтап аққан қанға шылана, селкілдеп мысық жатты. Шыдай алмай теріс айнала бергем.

Шелпек болды-деді Дауылбай төменнен көзін алмаған күйі.-Сен жеңдің. Қызыңның дәптерін ертең берем.

Мен оған бұрылдым. Тап бір ғажайып нәрсеге тәнті болғандай жүзі жайнап кетіпті. Көздерінен шексіз рахаттың табын көргендей болдым.

-Үш қабаттан лақтырсаң мысық өліп қалады екен ғой, ия-деді масаттана. Мен үндемедім. Онсыз да халім мүшкіл еді. Тап бір адам өлтіргендей ішім-алай дүлей болды.

-Қарны жарылып кеткен сияқты. Жүр, брып көрейік.-деді. Тамсанып тұрып айтты.

-Өзің бар. Мен кеттім.-деп айналып жүре бердім.-Қанішер...

Шама осыған ғана жетті. Ашу қысты ма болмаса, жаңа ғана жасаған қылмысым ашылып қалатындай сасқалақтадым ба, білмеймін, әйтеуір селкілдеп кеттім.

Үйге келіп, тамақ ішпестен жатып қалдым. Түннің бір уағына дейін шошып оянумен болған едім. Кемпірдің ала мысығы ішек-қарнын сүйретіп, біздің аулаға келіп, есікті тырнап жатқандай болады. Қара терге түстім.

Таң қылаң бере тағы шошып ояндым. Жүрегім айнып, басым айналып жатты. Теңселіп далаға шықтым. Лоқсып көп отырдым. Асқазаным ақтарылып жерге түскендей болды. Есімді жиып, енді орнымнан тұра бергенімде қарсы алдымда Ұлбике әженің тұрғанын көрдім. Денем суып сала берді. Қапелімде тілімді жұтып қойғандаймын. Қол-аяғым селкілдеп кетті. Кемпірдің өңі боп –боз шел басқан көздері өңменімнен өтіп бара жатыр. Кимешегін кимепті. Аппақ селдір шашы таң самалымен жалбырап тұрды. Сұрақ белгсіндей иіліп жүретін еңсесін тік көтерді.

-Мысығым қайда- деді сырылдай сөйлеп.

-Әже дегім келген. Бірақ айта алмадым. Көмейіме келіп мұз тірелгендей дауысым шықпай қалды.

-Мысығым қайда-деген дауыс тағы естілді.Кемпір маған бір қадым аттай бере-мысығым қайда деп тағы сұрады. Мен тағы тұтықтым. Кемпірдің көздері тесіп бара жатқандай болды. Бұл кісі қайдан жүр деген салқын ой санамды тіліп өтті.Жүрегімнің дүрсілін анық естідім. Қанша тұрғанымды білмеймін, кенет кемпір мысығын кайталап тағы сұрады да, таяғыммен басымнан салып қалды.Көзімнің оты жарқ етті. Иттің абалап үргені мен мысықтың бажылдап жатқаны құлағыма жетіп жатты.

Көзімді ашқанда, бетіме үңіле қарап отырған анамды көрдім. Жылағаннан көздері ісіп кетіпті.

-Мама.-даусым әрең шықты. Басымды көтергім келген. Денем солқ етіп ауырды.

-Жата бер, құлыным. Саған тұрмасын деген.-анам аялай шашымнан сипады. Ананың ыстық алақанының табы жүрегімді елжіретті. Өксік көмейіме тірелгендей болды. Басым сынып бара жатты. Қатты ауырғаннан солқ-солқ етеді.

Мені таңертең аулада бүк түсіп талып жатқан жерімнен бірден ауруханға алып келген. Дәрігер қатты шошынғанымды айтыпты. Құлаған кезде басын жерге соққан деген қортындылары тағы бар.

Әкемді сұрадым. Таңертең осында болыпты. Сосын үйдегі бала-шағаның жағдайын білуге үйге кеткен. Қазір тамақ алып келетін шығар деді анам.

-Қашан шығарады екен-дедім. Басымның ауырғаны жаныма батса да анама сездіргім келмеді. Зорлана жымидым.

-Әлі жасайтын ем-домдары бар ғой. Шығасың, шығарған күні-деп шешем келте қайырды. Сосын күрсініп сөзін жалғады:

-Таңертең сені әкең үйге көтеріп кіргенде жүрегім ұшып еді. Сенің далаға қалай шыққаныңды да байқамай қалыппыз. Скорыйдың да тез жеткенін қарамайсың ба... Таңертеңнен бері осындамыз. Әкең де келеді. Екі бала үйде ғой. Солардың жағдайын біліп келуге кетті. Көрші Әлимаға тастап кете алмадым. Түнде әлгі Ұлбике әжең жүріп кетіпті. Әлима соныкынде жүрген шығар.

Денем түршігіп кетті. «Сонда қалай, ол кісіні таңертең ғана көрдім ғой!»

-Ол кісіні таңертең көрдім ғой.-дедім баяу сыбырлап.

Анам таңдана қарады:

-Әжең таңертең біздікіне келіп па еді?

Мен болған оқиғаны баяндадым. Анам шоршып түсті. Маған тағы тесіліп ұзақ қарады. Жанары тұман еді. Көзіне қарап ешнәрсені түсінбедім. Сенбеген сыңайлы. Күдіктеніп отыр. Бірақ тіс жарып ешнәрсе айтпады. Бар болғаны қолымды қатты қыса берді. Мен ақталуға тырыстым.

-Бәрі сол Дауылбай ғой. Сол мысықты шатырдан лақтырған.

Шешемнің көздері жасаурап сала берді

-Құдай-ай. Тағы да басталды ма? Қойып кетіп еді ғой.... ай-сормаңдайым-ай. Бісмиллә деші жарығым. Айттым ғой, саған атаң жаттатқан дұғаларды оқып жүр деп.- деп анам жылай бастады.

Менің де жылағым келген. Қорққаннан жүрегім дүрсілдеп кетті. Басым тағы да солқ-солқ ауырды.

Анамның қолын қыстым. Жұбатқым келген:

-Мама, не болды соншама. Жыламашы. Енді онымен дос болмаймын. Нан ұрсын!!!

Анам шар ете түсті.

-Не деп кеттің жаным ау. Ол баланың өлгені не де бес жыл болды емес пе... құдай-ай не жазып едім. Қаршадай бала емес пе. Әкең де қақсадым. Бақсыға алып барайық деп. Тыңдамайды ғой. Тыңдамайды. Ай құдай... не істейм енді сені-деп егіліп жылай берді.

Қорқып кеттім. Жан дүнием әлем-тапырық болды. Ойымның астаң-кестеңі шықты. Дауылбаймен кеше ғана бірге жүрдім емес па?» мың сан ой санамды тілгілеп жатты.

Халатын желбіретіп дәрігер кірді. Кіре сала анама шүйлікті. Неге жылайсың деген. Баланың мазасын алма. Санасын шаршатпа. Болмайды. Баланы күйзелтуге болмайды. Сосын маған бұрылып жағдайымды сұрады. Бәрі дұрыс болатынын айтты. Жазып шығатынымды айтты. Көп кідірмей анамды сыртқа алып кетті. Дәліздегі дәрігердің дауысының жаңғырығы маған талып жетіп жатты.

-Тамографияға түсіреміз. Кесіп айту әлі ерте, бірақ, тексеру керек. Бірақ міндетті түрде психиатрге қарату керек.. Мүмкін ісік... Бірінші келгенде-ақ айтқам.

Ары қарай кабинетіне кіріп кеткен сияқты. Есік тарс жабылды. Басымның ауырғаны қойғандай болды. Тұрғым келген. Басым айналды. Қайтадан орныма құладым. Ұйқтап кетіппін. Әкемнің қоңыр дауысынан ояндым. Шешеммен дауласып отырған сияқты.

-Қайдағы жын қонған. Айтпа ондайды. Беті аулақ. Дәрігер айтты ғой. Біледі ғой олар. Ісік болуы мүмкін. Галюцинация соның кесірі деп. Психатрге де қаратамыз. Жас организм, жазылады.-деп жатыр әкем, баяғы әдеті. Ешкімге қатты сөйлемейді ғой.

-«Саған бәрібір. Айттым ғой. Он жасында-ақ әлгі Дауылбай деген бала көз алдында өлгенде қайдағы жоқ нәрселерді айтып сандырақтап жүрді. Бақсыға апарайық дедім. Көнбедің. Бес жыл өтті одан бері. Ендігі сауығып кететін еді. Не істеймін енді.» анам тағы жылады.

Дауылбай өлгені несі?! Сұмдық ойдан денем түршіккен. Көзімді ашқым келмеді. Санамда сөне бастаған сол кездегі сурет қайта айқындала бастады. Мектеп шатыры. Дауылбайдың өктем дауысы. Қолындағы біздің үйдің мысығы. Өй қорқақ деп жатыр маған. Өлмейді мысық деген дейді.

Жібер мысығымды! Ызалана тұра ұмтылып, қолындағы мысыққа жармасқам. Мысықты жұлып алдым. Дауылбайдың ыңырана шыққан дауысы қалды құлағымда. Қолы-аяғы ербеңдеп құлап бара жатты. Мектептің шатырынан. Жүзінен сұмдық бір үрейдің ізін көріп үлгедім. Мен оны итерген жоқпын. Өзі құлаған!!! Өзі құлаған! Ышқына айқай салдым. Өкіріп жылаған дауысым палатаны жаңғыртты. Әкем мен анам шошып кетті. Маған қарай тұра ұмтылған. Құшақтап сүйіп жатыр. Мен итерген жоқпын... Өксігіме араласа шыққан сөздерімді әкем ұқпай қалса керек. Мені ұзақ жұбатумен болды....

Өзегім талып тағы да ұйқтап кетіппін.

Дәрігер келген сияқты. Екеуі де орынан тұрып, дәлізге шығып бара жатқанын естіп жаттым. Дәлізде тағы күбір-күбір әңгіме. Психиатрлық клиника дегенді құлағым шалды. Дәрігер айтып жатыр. Ауыстырамасақ болмайды деген сөздерді тағы естідім. «психиатрлық клиника!!!! Клиника!! Клиника!!». Құлағым шулады. Басым тағы солқ ете қалды. Су ішкім келді.

Көзімді аштым, тумбада тұрған суға қолымды создым. Басымды енді көтере бергенде, шшииииқ етіп есік ашылды. Анам шығар. Есіктен бас сығалады. Дауылбай!!! Беті аузы-быт шыт болып ыржиып күлді.

-Шынымен қарны жарылыпты. Міне, қара!!!

Есіктің артына жасырынған қолын шығара берді. Қолында мысық бар еді. Ішек-қарны шұбатылып, еденге сүйретілдіп тұр. Мен көзімді тарс жұмдым. Дүние шыр көбелек айалып бара жатты.

МЕН ОНЫҢ ДОСЫ ЕДІМ

-Сабақтан жалығып кеттім-деді қыз.

-Неге?

-Білмеймін. Бәрі шаршатқан сияқты. Алысқа кеткім келеді. Мені ешкім танымайтын жерге.-деді қыз солғын дауыспен.

-Көктем әсер етіп жатқан ғой-дедім. Әзілге сүйегім келген. Сәтсіз шықты. Оны жуып-шаймақ болып айтқан басқа қалжыңым да күлкілі болып жарыта қоймады. Қыз тек ізет үшін жымия салған. Шырайлы дидарын мен жаққа аударғанда байқадым, жанары бұрын мен білетін тұңғиық мұңға қоса, шарасыздыққа малынып тұр екен. Мен алғаш танысқанда қарақат көзден бейкүнә балғындықтын табын анық таныған едім. Жүрегімді шым еткізген де, сол мөлдір көзден ақтарылған періштеліктің ұшқыны болатын. Курстас досым Азаматпен таныстырғаннан кейін көп ұзамай бақыттан нұр шашқан көздеріне қарап, алғаш рет қызғаныштың қызыл итімен арпалысқам түні бойы...

-Азамат хабарласпады ма?-деді. Мен басымды шайқадым. Ішімді қызғаныштың қызыл оты осқылап-осқылап жіберді.

-Не болды жай сұрадың ба?-дедім не үшін сұрағанын біліп тұрсам да.

Қыз зорлана жымиды.

-Жай. Хабарласпағалы көп болды. Телефонын сөндіріп тастапты.

Қыз дауысының дірілін аңғарғандай болдым. Жұбатқым келді. Құшақтамақ едім, батылым жетпеді. Қатты құшақтап, бәрін айтқым келген. Көмейіме мұз кептелгендей ешнәрсе айта алмадым. Қолымды сілкіп жіберіп, орнынан тұрып кетсе кайтем?. Екеуміздің арамызды жалғап тұрған жанашырлық деген тым нәзік жіп үзіліп кете ма деп қорқтым. Ұрлана көз тастағам. Өзгеріп кетіпті. Аздап жүдеп кеткендей көрінді.

-Жүдеп кеткен сияқтысың-дедім ойымды сыртқа шығарып. Қыз үндеген жоқ. Бар болғаны жүзін мен жаққа бұрды да, көп қарай алмай жанарын тайдырып әкетті.

-Өмір неге қиын-деді қыз аздаған үнсіздіктен кейін. Сұрақ маған арналғанын, не болмаса өзінің ішіндегі манадан бері жанын мүжіген ойдан арылмаққа айтты ма, ол жағын айыра алмадым.

-Өмір сүру жеңіл болса бәріміз азып кетер едік.

Қыз сәл жымиды да, үнсіз отыра берді.

Қиналып тұрғанын біле тұра, себебін сұрамағам. Себебі маған ауыр тиетін болған соң қашқатап отырған сияқтымын. Қыздың ойға шомған жүзін көріп кереметтей аяп кеттім. Жаңа бір жалт етіп көз тастағанда байқаған едім-жанарына жас іркіліпті. Қараптан қарап отырып жүрегім сыздады. Жұбатқым ақ келеді, алдарқатпақ боламын. Бірақ аузыма сөз түспеді.

-Азаматтың қызы бар ма?-деді қыз бір кезде.

-Бар шығар..-дедім бар болғаны. «Қайтпексің оны. Ол сені сүймейді ғой» деген ой көкірегімде сайрап қала берді.

Қыз күрсінді. Мен ойларыма шырмалып қалдым. Қазір айтамын дегем. Сүйемін сені деген бір ауыз сөз. Бір жыл бойы аузымды буған бір-ақ ауыз сөз. Бірақ жауабынан қорықтым. Біз жай ғана доспыз десе не демекпін. Ішім алай-дүлей. Үміт шіркін ешқашан сөнбейді екен ғой. Сезіміме сезіммен жауап берер деген тәтті үміт. Бірақ үмітімнен күдігім басым болды. Осынша неге ынжықпын?

Тағы да екеуміздің алған танысқан кезіміз есіме түсті. Қыс еді. Университеттің жанындағы паркті кесіп өтіп, мекеніме кетіп бара жатқанмын. Жапалақтап қар жауып тұрған. Анандай жерде, маған қарсы келе жатқан қыздың жүрісі қызық көрінген. Тайып кетпеуге тырысып, тыпыңдап келе жатқан қыз, менің қасымнан өте бере құлап қала жаздады. Демеп үлгердім... Содан бері таныспыз. Содан бері демеп келем... Бір жыл өткен екен. Алғашқы сәттен ақ сарша қастың астында төңкерілген бота көз мені мәжнүн қылған. Сезім отына күйіп жансам да, сезімімді білдірмедім. Әдеп сақтадым деп ойлайтынмын. Бірақ бұл әдеп емес, батылсыздық екенін мойындағым келмеді. Маған деген көзқарасының мен күткендей еместігін білгеннен болар.

-Азаматпен ана сәкіде отырғанда таныстырғансың-деді қыз ойымды бөліп. Қызғаныш оты лап етіп бір көтеріліп барып басылды. «Сол күнді жек көремін. Неге таныстырдым екен.»

Бірақ бұл ойым тағы айтылмады.

-Ұмытып қалыппын

Ақымақпын ғой. Қасында отырсам да қыз мені адамға санамайды. Менің орнымда басқа жігіт болса қолын бір сілтер еді.

Бойымды ашу буып бара жатқанын аңдадым. Қызғанышпен қабаттаса шыққан ашу. Қолымдағы темекіні умаждап үгітіп жіберіппін. Тістене түстім. Өмірімде тұңғыш рет ашуландым оған. Қасында отырған мені елеп ескермегеніне. Сезімімті таптағанына.

-Балмұздақ жегім келіп кетті-деді қыз.

-Менің жегім келіп отырған жоқ-дедім. Жүзімді аулаққа салдым. «Қарашаның суығындағы қайдағы балмұздақ!».

-Саған не болды?

-Ешнәрсе-дедім орнымнан тұра беріп-Қайтайық

Қыз орнынан тұрып маған жақындады. Басын бір жағына қисайтып, әнтек жымиды (керемет жарасатын еді). Келер сәтте шашымды салалай сипаған. Баласынғаны. Қатты қорланып қалдым. Қолын қағып жібердім.

-Мен саған кішкентай бала емеспін.

Қыз сұп-сұр болып кетті.

-Кішкентай болмасаң, аяқ асты неге ашуландың-деді зорлана жымиып.

Мен жауап қайтармастан бұрылып жүре бердім. Артымнан ерер деп ойлағам.

-Досыңа сәлем айт-деді дауыстап

Қайрылмадым.

-Қиналған кезімде сені түсінеді екен десем. Сен де...

Қыз ары қарай сөйлей алмай булығып жылап жіберді. Артыма жалт қарағам. Қыз бетін басып сәкіде отыр екен. Не болғанын түсінбей қалсам керек. Қасына жетіп барып қызды құшақтамақ болдым. Қыз долдана қарады.

-Жолама!

Қарсылығына қарамастан құшағыма қыстым. Шамалы тулап барып басылды. Иығыма басын қойып, көздеріне ерік берген. Ішім азан-қазан. Қалай жұбатарымды білмедім. Бар болғаны кешірім сұрай бердім.

Бір кезде қыз басын көтерді. Жасқа шыланған жанары жүрегімді елжіретті.

-Жыламашы-дедім дауысым дірілдеп.- мен қасыңда болам. Тек жыламашы. Мен... мен сені...

-Айтпа деді қыз- мойнымнан қатты құшақтап-айтпашы керек емес.

Қыздың сөзі мені кілт тоқтатты. Тұтығып, сөйлей алмай қалдым. Мойнымнан жіберер емес. Жүрегінің дүрсілі сезіліп жатты. Босап бара жатқанымды байқап үлгердім. Осылай құшақтап отыра бергім келген.

Қыз басын көтерді. Көздерін сүртіп маған тіке қарады. Өксігін баса алмай біраз отырды.

-Сен жақсы адамсың.-деді бір кезде.-Сен бақытты боласың

-Мен сенімен ғана бақытты боламын.- дедім кенет. Көмейіме тірелген мұз тарс етіп жарылғандай болды.-Мен сені жақсы көремін! Азамат сені сүймейді. Неге сезбейсің соны.

Қыз сөзімді аяқтатпады:

-Мен екіқабатпын-деді ызбарлы үнмен-Азаматтан.

Шатыр етіп, жай түсті төбемнен.

-Не?

Қыз қыстығып тағы жылады. Орнымнан атып тұрдым. Жұлын тұтамды түтеген ашу басыма шапшыған. Қалшылдап кеттім.

-Өлтірем иттің баласын!!!

Тұра жүгіргенім есімде. Қайда жүгіргенімді, қанша жүгіргенімді білмеймін. Демігіп, тоқтаған жерімде құлай кеттім. Көкірегімді жұлмалаған ащы сезім өзегімді өртей келе көмейіме тақалды. Тістененсем де бойымды игере ала емеспін. Еңіреп жылап жібердім. Жанымнан өтіп бара жатқан, түкке түсінбей күліп бара жатқан, мүсіркей аянышпен қарағандарды елемедім, шошынып аулақтан өтіп бара жатқандарға да қарамадым. Қызға жаным ашығандықтан жыладым. Өзімнің қауқарсыздығыма жыладым. Өмірдің осыншама қатігездігіне жыладым.

Қыз қолын иығыма салғанда барып басымды көтергем.

-Тұр, бәрі қарап тұр ғой-деді қыз жанышты үнмен. Мен сүлдерімді көтердім. Өліп қалған сияқтымын. Үнсіз қыздың соңынан еріп келем. Сорлы екенмін ғой.

Біраз үнсіз жүрдік. Есімді жатақханаға жете бергенде жидым.

-Маған тұрмысқа шық-дедім кенет.-Үйленейік. Баланың әкесі мен деп айтайық.

Қыз маған тіке қарады.

-Неге?-деді сәл үнсіздіктен соң

-Себебі мен сені жақсы көремін.

-Одан кейін не болады?

-Екеуміз отбасылы боламыз. Сосын...

Қыз сөзімді аяқтатпады.

-Жоқ-деді қыз.- Болмайды. Сен анады, әкеңді ойладың ба. Өзгенің баласын баурыңа баса алмайсың. Сен бәрін қазір балалықпен айтып тұрсың. Күні ертең бәрі де басқаша болады.

Қыз күрсініп сөзін жалғаған:

- Ертең түсік жасатам... Бәрі сонымен бітеді. Ал саған рахмет. Бәрі үшін. Мен саған лайық емеспін, соны түсін. Сен керемет адамсың. Тап-таза адамсың... Мен сені жақсы көремін. Бірақ сен ойлағандай емес. Кешірші. Сен бақытты болуың керек.

Мен бірдеме айтқанға оқтала бергем.

-Қинама мені. Екеуміздің қоштасқанымыз дұрыс. Енді мені іздеме.

Ол тез басып жатақханаға кіріп кетті. Енді қайрылмайтынын түйсігіммен сезгем. Қоштасқым келмеді. Жан-дүнием астаң кестең болды.

Көшені бойлап үнсіз келемін. Не ойлап келе жатқанымды өзіме беймәлім. Мына қала, мына әлем мен үшін сұрықсыз жиіркенішті көрінді. Қызға қатты жаным ашып, жүрегім сыздаумен болды. Ертең тағы келемін деп ойладым. Міндетті түрде. Қалайда ол қызды көндіруім керек деп іштей бекідім. Ішім алай дүлей. Мың сұраққа санам шырмала береді. Санамды сапырылған сан сұрақтың бірінің де жауабын білмейді екенмін. Ертесі күні қыздың өзіне қол жұмсайтынын да білген жоқпын. Қыздың жақындары оның жүкті күйінде көз жұмғанын білмеген күйі жер қойнына тапсыратынын да білмедім. Қыздың қысқа ғана қызғалдақ ғұмырын өксікпен аяқтағанына өзімді ұзақ уақыт бойы кіналап өтетінім де білген жоқпын. Екеуміз бірге болған аз уақыт мен үшін ең қымбат естелік болып қаларын да білмедім. Бар кінәні өмірдің қатігездігінен іздеуге тырысқан едім. Адам қатігез екен ғой. Тағдырдан да бетер қатігез екен.

2009ж

ҚЫЗҒАЛДАҚ

Бүгін қуанышты еді. Себебі.... Себебі ол алғаш болып тіл қатты. «Сәлем. Құлпырып кетіпсің!». Осы екі ауыз сөз жүрегін тулатқан. Өзінің қатты қызарғанын білдіргісі келмеп еді. Бірақ... Көп күліп қойған тәрізді.Сәлем. Рахмет. Аузына басқа сөз түспеді. Не ойлап қалды екен? Сезіп қалмады ма? «Тек сен үшін құлпырып жүрем ғой». Ішінен айтты.Өз ойынан өзі ұялып кетті. Тез-тез басып подъездге кіріп кетті. Артына бұрылып қарағысы келіп еді. Айбарлы да сүйкімді жүзіне тағы бір көз салмақ болған. Жо-жоқ, қасында тұра берсем деп ойлаған. Кейде таңертең есігіне қыстырып кететін қызғалдақтары үшін рахмет айтқысы келген. Таңертең оянғанда сіз туралы ойлаймын дегісі келіп еді. Үйден шыққан кезде кездесіп қала ма екен, алдымнан шыға келер ма екен деп үміттенетінін де жасырып қалғысы келмеген. Ұялды. Жүрегі дауаламады. Бар білетіні, қалықтап бара жатқандай күй кешкені. Тәтті сезімнің жетегімен өз есігінің алдына қалай келгенін білмей қалды. Есік тұтқасында ілініп тұрған қызғалдақты көрді. Дәл бұрынғыдай. Белінен қызыл лентамен буылған алқызыл қызғалдақ. Жүрегі лүпілдеп кетті. Оның артынан тұра жүгіруге аз қалды. Қуып жетіп, мойнына асыла кеткісі келген. Толқып кеткен еді. Кілті бола тұра, қоңырауды басты. Есіктің ар жағынан анасының даусы естілді:

-Бұл кім?

Қыз селт етіп есін жиып ала қойды. Ұялып қалды. Жанталаса гүлді ала сала, кілтіне жармасқан. Үлгермеді.

-Қызым, кілтің бар емес пе?

Қыздың жүзі алаулай қызарды.

-Ұмытып кетіппін.

Гүлді анасынан жасыра түсіп, ішке имене енді. Есікті жауып жатқан анасының жымиғанын байқап үлгерген. Аяғының ұшымен, жеңіл басып бөлмесіне кіріп кетті. Кіре сала бірден, гүлді вазаға салды. Осымен бесінші гүл. Қызық, қызғалдақты ұнататынын қайдан білген.

Раушан гүлінің қасында осы қызғалдаққа жаны құмар. Көктемде ғана қуантып, қалған кездері сарғайта сағындыратындықтан шығар. Алқызыл гүлді құшырлана иіскеді. Оны есіне түсіргендей. Сұсты қабағы мен мейірімді жанарын елестеткен. Шыдай алмай балконға жақындады. Мүмкін оны көріп қалармын деген үміт.Аулада,қарсы есікте тұратын мүгедек көрші жігіттен басқа таныс ешкімді көрмеді. Әдетінше қалың кітабын құшақтап, әткеншектің жанына орналасыпты. Қолындағысы-әдеби кітап емес, орыс тіліндегі әлдебір ғылыми оқулық. Өзінен төрт-бес жас үлкен екенін білетін. Қай жылдары болған көлік апатынан соң арбаға таңылғанын естіген. Қарсы тұрған соң, анда-санда есік алдында ұшырасатын. Бас изеп амандасып, ізет сақтап амандық біліскеннен басқа, шешіліп сөйлескен емес.Есімін де білмейді екен. Шынына келсе, қыз бұл жігіттен қорқатын. Жігіттен емес-ау, арбадан шошынатын еді. Арбадағы жігіт мұны байқап қалып, қолын көтерді.

-Сәлем. Халыңыз қалай?

-Жақсы. Өзіңіз?-деді қыз сәл тосылып барып.

-Жаман емес. Мерекеңізбен!!!

Қыз күлді.

-Рахмет. Ерте құттықтап тұрған жоқсыз ба? Әйелдер күніне әлі бес күн бар.

-Жоқ. бүгін жазушылар күні-деді жігіт кітабын көрсетіп-бұл әдеби кітап емес, әрине. Бірақ сонда да.

-Рахмет. Сізді де құттықтаймын. Сіз случайно, жазушы емессіз ба?

Жігіт бір сәтке үнсіз қалды.

-Кезінде физик –ядорщик мамандығына оқығам. Бірақ... –деп жігіт күмілжи берген.

Қыз ыңғайсызданып қалды. Не айтарын білмеген.

-Сіз ақылды жігіт сияқтысыз-дей салды. Жігіт жауап берген жоқ. Осы сәтте асүйден қыздың анасы дауыстады.

-Сізді шақырып жатқан сияқты-деді жігіт

Қыз қолын жеңіл көтеріп, қоштасудың ишарасын жасады да ішке кіріп кетті.

-Кино ұнады ма?

-Ия-деді қыз,-бірақ мен театрға барғанды ұнатамын

-Барып көрмеппін.

-Мүлде бармағансыз ба?-деді қыз шынымен таңданып.

-Жоқ. Қызыққан емеспін. Театр қазір модада емес.

Тауып айттым деп ойлаған болу керек, жігіт ыржиып күлді. Бірақ қыздың ойлы жүзбен қарағанын байқап қалды да, езуін тез жиып ала қойды.

-Сізді романтик шығар деп ойлағам.-деді қыз шын ойын жасыра алмай.

-Мен реалистпін. Романтик болу қазіргі заманда еш пайдасы жоқ. Өмірге деген нақты көзқарас керек. Ертегіге алданатын романтиктердің заманы өткен.

-Романтик бол-ертегіге алдану деген сөз емес. ОЛ жай ғана жан дүниенің сұлулығын жеткізу. Былайша айтқанда, осы өмірдің тек жақсы жақтарын сезіне білу, соны көре білу.

-Солай ма?-деді жігіт қыздың қолынан ұстап.

Қыздың бойын тоқ ұрып өткендей болды. Жанына жағымды сезім бойын баурап бара жатқандай еді. Қолын тартып алмақ болған, бірақ жігіт жібермеді.

Олай болса-деді жігіт қызды тоқтатып-олай болса, мен осы сәтте өмірдің жақсы сәттерін бастан кешіп отырмын. Сұлу қыздың қолынан ұстап тұрмын. Енді мен романтикпін ба?

Қыз жымиды.

-Үйге жеткенше романтик болуды есіңізге түсіретін боласыз.

-Қалай сонда?

-Қыз балаға үнемі гүл сыйлайтын жігітті қалайша романтик емес деп айтуға болады?

-Мен ба?-деп жігіт масаттана күлді- мені үнемі қызға гүл сыйлайды деп ойласаңыз қателесесіз. Бір-екі рет болған шығар.

«Бір-екі рет емес, бес рет болды» деді қыз ішінен.

-Жалпы гүлді не үшін сыйлайсың. Бәрірбір лақтырып тастайды. Жақсысы қызға иіссу ғой керегі.-деді жігіт сөзін жалғап.

-Ооо! Талғамыңыз жоғары екен. Қыз баланың көңілін табуды біледі екенсіз. Басе, қалайша тез біліп алды десем.

-Нені?-деді жігіт таңдана

-Менің қызғалдақты жақсы көретінімді.

-Қызғалдақты ұнатушы ма едің?

-Қойыңызшы. Сіз әдейі айтып тұрсыз ғой. Менің ашуыма тиіп.

Жігіт күлді.

-Шынымен айтам.... А бұл мүмкін намек болар. Жарайды, тілегіңізді орындайын, ханшайым!!

«Әдейі жасап тұр осылай» деп ойлады қыз

-Қалайша?-деді сосын түсінкіремей

-Үйге жақындағанда көресің. Шыда.

-Үйге де жақындап қалдық-деді қыз наздана күліп.

-А ия айтпақшы, ұмытып кете жаздадым. Бері жүр-деді жігіт қыздың қолынан тартып. Жетектеп жолдың арғы бетіндегі гүл сататын дүңгіршекке алып келді. Әлі жабыла қоймаған сияқты.

-Міне, бүгін ерекше күн!-деді жігіт қызды дүңгіршектің алдына келгенде тоқтатып-Бүгін мен. Өмірімде бірінші рет, шын ниетіммен сіздей сұлуға гүл сыйлағалы тұрмын.

Қыз күліп жіберді. Жігіт ыңғайсызданып қалды. Келер сәтте «айн момент!» деп ілтифат көрсетіп иілді де дүңгіршекке кіріп кетті. Көп кешікпей қайтып шықты. Бір құшақ қызғалдақты қызға ұстада берді. Қыз зорлана жымиды.

-Рахмет!!! Бірақ сіз шынымен де қызық адам екенсіз.

-Неге деді жігіт-әлде сізге бес қызғалдақ аздық етіп тұр ма?

-Жоқ . Бірақ одан да бұрынғыдай есігіме білдірмей белі лентамен буылған бірқызғалдақтан күніне іліп тұрсаңыз, тітпі тамаша болар еді. Бірақ сонда да үлкен рахмет.

Жігіт ыржиып күлді.

-Келесі жолы есімде болады.

«Әдейі айтып тұр» деп ойлады қыз тағы да. Бірақ ойын сыртқа шығарып айтпады. Екеуі енді қозғала берген кезде дүңгіршектен арбадағы жігіт шығып келе жатты. Алдына қойған бір тал қызғалдақ гүлі бар. Бір ғана гүл. Қызыл лентамен байланған қызғалдақ гүлі. Екеуін көріп кілт тоқтай қалды. Қыз аңтарылып қалды. «Сен екенсің ғой» деп ойлап үлгерген. Арбадағы жігіттің алдындағы гүлден көзін алмады. Келер сәтте мүгедек жігіт, селт ете қозғалып, екі ғашыққа таяй берді.

-Мынау сізге! Ертең келе жатқан мерекеңізбен!

Сөйтті де бұрылып жүре берді. Қыздың көзіне мөлт етіп жас тірелді. Бар болғаны, арбадағы жігіттің соңынан қара тұра берді. «Бұл сен екенсің ғой» деп ойлай берген, үнсіз егіліп, іштей жылады. Мүгедек жігіттен кешірім сұраған. Бірақ іштей ғана. Артынан дауыстауға дәті шыдамады. Мүгедек жігіттің егіліп жылап бара жатқанын ешкім сезген жоқ.

ҚОШТАСУ

(Әңгіме)

Түн. Оның ыстық демі тұла бойымды балқытып жатты. Қалың да толқынды шашы денемді желпіте сипап өтеті. Ернінің тиген жері алаулай қызарып жұлын тұтама тәтті сезім сыйлап жатыр. Астымда балқыған сұлудың жеңіл ырғаққа еліде ыңырсығаны, оның әр тамыр соғысымен астасып жатты. Ішімді жандыра күйдіре шыққан тәтті сезім, ақбұрқыншақ болып атылды. Оның құмарлықтан өз бойын билей алмай, құмарлық пен рахат сезімдері араласа шыққан дауысын ести бере үстіне тала құладым.

Алқына дем алып жатқан ол бетіме қарады. Баяғы мені тәнті еткен әнтек жымиыс. Ақмаржан тістерін түгелдей көрсете жымиып, шашын сипады. Әр демалған сайын орташа анары баяу қозғалады.

Темекі тұтанды. Қолқаны қаптыратын көкала түтін теледидардың жарығымен анық көрінді.

-Мен Семейге кеттім деп айтқам-деді. Мен үндемедім. Орынан көтеріліп қасыма жанаса отырды. Наздан майысып, иығымнан жеңіл өбіп өтті.

-Неге үндемейсің? Әлде мені қызғанасың ба?

Зорлана жымидым. «Қызғанбаймын. Жаным ашиды» деген суық ой көкейімді тілгіледі. Сыртқа шығарып айтпадым.

-Той жасаудың әуресі көп екен. Кейде уақыт болмай кетеді.

-Ия, қиын-дедім тап бір күнде той жасап жүрген адам құсап.

Қыз үнсіз қалды. Ойыммен аласұрдым да қалдым. Адам емеспін ғой деп ойлағам келер сәтте. Бұрын бәрін қыздан көруші едім. Қыздың әлсіздігі деп ойлайтынмын. Өзім кім екенімді ойлап ойымнан шошыдым. Өзімнен жиіркендім. Ойымнан серпілу үшін душқа кіріп кеттім.

Сызылып төбеден аққан су денемді соншама жайлылық силағандай болады. Бағанағыға қарағанда денем салқындап қалған сияқты. Бірақ жайсыз ой жүрегімді бүріп жіберді. Оның орнында сен болсаң қайтер едің деген суық ой тағы сумаң етті. Жоқ, мен оның орнында ешқашан болмаймын деймін өзімше тістене. Себебі, мен ол сияқты әлсіз емеспін. Ал ол болса бейшара ғой. Қолынан ұстаған қызына ие болмаса-әлсіздігі. Жарым деп таңдағалы отырған сұлуы аққу емес жапалақ екенін танымаса-ақымақтығы. Мен әлсіз болсам бұл қыз қазір менің қасымда жатар ма еді. Жоқ!!! Табиғат заңдылығы-бәріне де мықты еркек керек!!! Өзіме өзім риза болып масаттан күлгем. Бірақ, адамдық қасиет ше. Адалдық? Ар-ұятты қайда қоясың? Осы ойдан өзімді тағы жайсыз сезіндім. Жоқ, мен өзіме-өзім адалмын! И все!!!

Ары қарай ешнәрсе ойлағым келмеді...

Душтан шыққан соң қызға жақындағым келмеді. Тезірек кетсе екен деп ойлағам.

Бірақ қыз асығатын емес.

-Қалай ойлайсың, бұл біздің соңғы кездесуіміз ба?. Қыздың сұрағына қапелімде жауап таба алмадым:

-Мүмкін.

-Ал менің тағы да кездескім келеді-деді наздана-Ал сен ше? Кездескің келе ма?

-Жоқ. Сен жақында тұрмысқа шығасың.-дедім тістене. Ол үндемей қалды. Сосын маған тіктеп қараған. Тұман жанарынан ешнарсе оқи алмадым.

-Сен оны танымайсың ғой- деді сәлден кейін. «Ол бейшараны не үшін тануым керек» деген ой келді.

Киініп жатып сөзін жалғады:-Ол сен сияқты оңбаған емес. Ал сенен мен осы уақытқа дейін ұсыныс күткен едім.

«Ұсынысты сезімін сеніп тапсыратын адамға ғана жасайды. Ал сен өзге түгіл өзіңді алдап жүрсің». Бірақ бұл ойымды айтқан жоқпын.

-Білем,-деді қыз сөзін жалғап-Сен махаббатқа сенбейтін адамсың.

Мен үндегемедім. Ол киініп бітті. Сөмкесін қолына алды. Кетуге ыңғай танытты.

-Маған ешнәрсе айтпайсың ба?-деді.

Бетіне тіктеп қарадым. Бойымды буып бара жатқан ашуды әрең тоқтаттқам. Жайсыз бір сезім өне бойымды баурап алды. Өзімді жер бетіндегі ең оңғбаған адам сезіндім. Кенет , алдымда тұрған мына бойжеткеннің өзім танымайтын болашақ күйеуіне жаным ашыды. Не деген сорлы. Мүмкін ақымақ.

Қыз бейшара күйімді жазбай таныды.

-Қош бол! деді келер сәтте. Мен тағы үнсіз қалдым. Өзіне сенім білдірген жігітті алдап, менімен төсектес болып жүрген сорлы қызды жек көріп кеттім сол сәтте.

Қыз есікті тарс жауып, жөніне кетті. Ішім алай-дүлей болып мен қала бердім. Махаббат пен құмарлықты екі бөліп қараушы едім. Соны басымдылыққа балайтынмын. Оңбай қателескен екенмін. Құмарсыз махаббаттың баяны қысқа болады екен ғой. Ал, махаббатсыз құмарлық сатқындық екен. Кеш түсіндім.

Орныман тұрып терезеге қарадым. Жаңбыр саябырсып қалыпты. Қыз төменге түсіп үлгерген екен. Менің тереземе бір көз тастады да, көлігіне асығыс мініп жөнеле берді. Мен селт еткен жоқпын. Бар болғаны алыста қалған бозбала шағым есіме түсті. Бұлыңғыр күндердің ішінде, жарқ еткен арайлы сәт-менің алғашқы махаббатыммен кездесуім еді. Он жыл өтсе де, тап кешегідей көз алдымда тұрды. Күлімдеген көзін ешқашан ұмытпақ емеспін. Таза, пәк сезім. Ол қыз қайда жүр екен. Менің алғашқы махаббатым! Оны қатты сағындым. Ал мені шын сағынатын ешім жоқ екен ғой.

Ақтау. 2014 жыл

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙