Өлеңдер жинағы. V кітап
Фариза Оңғарсынова
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Фариза Оңғарсынова – «Өлеңдер жинағы. V кітап»
КЕТТІҢ. ЕНДІ ЖАНЫМА ЖАНАШЫР КІМ?
1985
Кеттің. Енді жаныма жанашыр кім?
(Мен сорлы да өрліктен шарасызбын).
Содан бері жанарым мұңға толы,
содан бері әйтеуір мазасызбын!
Сен кеткелі тау жақтан жел еспеді,
гүл де солып қалғандай белестегі.
Екеумізді бір арман матастырып,
екеумізде мұң да бір емес пе еді?!
Жиіркендім-ау өмірдің бақ-тағынан,
жанарымды сен келер жаққа бұрам.
Енді кіммен қосылып ән саламын,
енді кімге сонда мен ақтарылам?
Қайтсем екен:
қасіретіңді сенделіп шексем бе екен,
әлде өзіңе тап қазір жетсем бе екен?
Тұрғызып ап төсектен жеті түнде
жаныма ертіп бір жаққа кетсем бе екен?..
Менің жаным секілді аспан көшкен…
Біліп жүрсің — жәйттар ғой бастан кешкен:
маған деген реніш ұйқы бермей
сенің көңіл-күйің де астан-кестен.
Мен де қалай жарқылдап жүре аламын,
жүрегімді жылатса кінәларым.
…Болғаны да жақсы екен дүниеде
өкпелеуге тұратын бір адамың.
197
Бұлай сүймейді, жарықтығым,
сезім емес есті алар — анық мұның.
Сенен көзді жұмғызып тамсандырар
еш ләззат қалған жоқ. Қалыпты мұң.
Жүрек құрғұр құрметті ескере ме,
не атақтан, даңқтан сескене ме:
қайтем, сенен жанымда түк қалмады –
қуаныш та, қайғы да — ештеңе де!
Табынған боп, сүйген боп көндігер ем –
көнер емес жүрегім, сорлы денем.
Сыйлағаннан махаббат тумайды екен,
сирек келер сезім ғой ол бір ерен.
Мүмкін бұдан жаныңда мұң қалары –
ер жігіттің намыс қой бір жарағы.
Құлай сүйгізе алмаудан, сүйе алмаудан
сезімдер былғанады.
Солай.
Мейілің жек көріп жерлесең де.
Бірақ айыпты есмеспіз: мен де, сен де.
1984
* * *
Жанталасып мені шын ұмытсам деп
жүрсің сен,
басқа жанмен жүректі жылытсам деп
жүрсің сен.
Жек көрсем деп қалайда талай іске ұрындың,
ұмыттырса екен деп өзгелерге тығылдың.
Көрмеймін деп мен оны өзіңді өзің сендірдің,
кінәлайсың, сонда да көкірегіңде мен жүрмін.
Біреулерді жаныңмен сүйген болып жүрсең де,
мені жоқтап жүрегің қайғы шегіп тұр сенде.
Шығара алмай бейнемді көңіліңнен, аһ ұрдың,
көрмей алыс жүрсең де, тек мен саған жақынмын.
Кімменен жүр, қайда бар, қаншама азап шек мейлің –
жүрегіңнен бәрібір мен ешқашан кетпеймін.
1985
* * *
Қарсы алдыңда отырмын балқып жаным,
сезім тұр тасығалы,
жанардағы найзағай жарқылдарын
кірпіктер жасырады.
От ұшқындар шашырап жанарыңнан
көзімді тайдырады.
Көңіл — толқын алқынып жағаны ұрған
екпіні айнымалы.
Мен білмеймін: әлде бір қорқу бар ма,
ерік жоқ санамызда.
Әлде мынау аппақ жал толқындарға
көміліп қаламыз ба?…
1982
Телефон шыр етеді:
сонда менің жүрегім дір етеді,
көйлегімнің желбіреп гүл етегі
жүгіремін. Не пайда сен емессің.
Тек қималдау көңілді жүдетеді.
Кешке дейін неше рет дірілдетіп
мәнсіз, әрсіз, алаңмен күн өтеді.
Телефон, шыңғырсаң да,
көтермеймін енді мен — қылғын, сарна!
Жүрегіме тыныштық бермей қойды-ау,
төбесінен бір қойып сындырсам ба?!
Әне тағы… сені ме!
Қоңыр дауыс!
Трубканы сүйіп мен тұрдым сонда.
1980
Бәрі менің есімде:
сені күтіп терезеден қараумен
минут санап тұрғаным,
жанымды өртеп бір жалын;
сөндіре алмай сағыныштың мұңдарын;
сосын сенің кіріп келер сәттерің,
тілсіз, үнсіз аймаласқан тәтті ерін…
қос жүректе — ақ сезім мен пәк сенім;
көп ішінде сыр ақтарып көзбенен,
жырақ шығып өзгеден
оңашарақ қалуды ылғи көздеген;
сәтке ынтығып шырын-бал,
қол ұшынан бойға тарар жылулар,
тек екеуміз түсінетін сыбырлар;
құлақ қоймай еш үнге,
сезім селін ынтығып бір кешуге
аласұрдық.
Бақыт па бұл, кесір ме?
Бірақ бәрі есімде.
1984
"Жастар ойсыз, жөн-жосық білмейді, — деп,-
миларына салт-дәстүр кірмейді көп,
біз кеткесін бұл дүние не болар",— деп
уәйім жейміз, күздегі гүлдей жүдеп.
Білгісі кеп құлшынып тұрса да ұлан,
айтарымыз баяғы бір сарын ән,
даналықты күтеміз, жастың бәрі
өнеге алып туғандай құрсағынан.
Ақсақал жоқ ақылмен табындырар,
ағалар аз айтқызбай жаныңды ұғар.
Бара қалсаң жәй айтып алдарына,
"Өзің білмен" аяқтар әнін бұлар.
Сөйте тұрып жастарды кінәлаймыз,
кінәлауға келгенде кіл Абаймыз.
Көңілі қалып үлкеннен біржолата
қол үзеді бозбала, құралай қыз.
Болашаққа жастармен жалғанар із,
жастық жәйлі тарихта қалған аңыз.
Ұрпақтардан тамырды үзіп алып,
адам неге азды деп таңданамыз.
1995
ЖЕҢЕШЕ
Әсимаға
Ауылдың сол бір-кезі-ай самала күн.
Жасаңмын, көңілім шат. Дала жаным.
Бетіме шаң тигізбей жүруші еді
қырандай қайран менің ағаларым.
Бұл өмір өтеді екен тәтті мұңдай,
сол жылдар бүгін бізге жат ғұмырдай.
Ең алғаш ағам сізді әкелгенде
көркем ең айдын көлдің аққуындай!
Атамыз біздің елдің көсемі еді,
дес бермес көркем сөзге шешен еді.
Атаға жаққан келін өзің болдың
көңілін табу қиын десе де елі.
Алтынды ұстай білсең биік, қымбат,
өзіңді аялады ел сүйіп, бұлдап.
Талғампаз Әз-атам да отыратын
сен тартқан "Байжұманы" ұйып тыңдап.
Ақылды келін — үйдің күні күлген,
от басын жарқыратар нұры бірден.
Алғысын алдың ауыл қарттарының
ісіңмен, ізетіңмен, қылығыңмен.
Шерткенде домбыраны сіз бір дарын,
ақ көңіл, жарқыраған жұлдыз жаның,
ошағын ағамыздың өшірмедің
жеткізіп алтын тұяқ ұл-қыздарын.
"Жеңеше, қойшы маған ғажап ат!"— деп,
кешірдің, еркелесек мазалап кеп.
Ұлыңды ел таниды бұл күндері
халқына тірек болар азамат деп.
Жеңеше, шалқи берсін бақ талабың,
өзіңе жетсін алыс жақтан әнім.
Ай көрік жеңгелерім осындай деп
мен жұртқа мақтанамын!
1999
ЖАҚСЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЖЫР
Ей, жарық күн, нұрыңды шаш далама,
шаш нұрыңды қарттарға, жас балаға,
ызғар сіңген жеріме шуақ керек,
мұқтаж оған ауыл да, астана да.
Сәулеңменен себеле үміт демін,
жер бетінен жылыссын күдіктерім.
Адамдардың сатқындық, сұмдығынан
қалжыраған жерімді жібіт менің.
Күңгірттенбей, көтерсін шыңым басын,
қарттарымның ұзартқын ғұмыр жасын.
Қорқыныш пен үрей жер кеуделерде,
қу бәрін де — соңына бұрылмасын!
Кетсін тағы шарықтап алысқа үнім,
қонақтасын ырыс пен табыс күнім.
Ұл-қыздары көтерсін қол ұстасып
қазағымның елдік пен намыс туын.
Жарқырасын шуақ боп алғашқы үміт,
жүректерді жүрекпен жалғастырып.
Адамзатқа бірлік бер, тыныштық бер –
ынтымақтан туындар бар жақсылық!
1998
ӘН ҚҰДІРЕТІ
Нұрғалиға
Жаның бір күміс үнге тамсанғанда,
балбырап бөленесің қанша арманға!
Бар дүние бұлбұл болып сайрайтындай
Нұрғали ән салғанда!
Нұрғали ән салғанда:
жұрт райлы,
көздерден күн-мейірім жылтырайды,
ананың ақ құшағын сезіндіріп,
даланың жусан иісі бұрқырайды.
Сезінбей уақыттың түс, екіндісін,
жаныңа түк еместей не түрлі сын.
Нұрғали ән салғанда, көңілің өсіп,
ешқашан қартаймайтын секілдісің.
Әр жасы құтты болғай ғажап ұлдың,
думаны тарқамасын базарымның,
әнің де, сәнің осы жас күйіңде
жасай бер, Нұрғалиы қазағымның!
1997
ЖЕЗҚАЗҒАН
Жезқазған — жыр қайнарым,
мыс балқып қойнауында тулайды ағын.
Көзіндей батыр мінез бабалардың
ұлы — мәрт, қызы — көркем нұрлы аймағым!
Тағып ап ұлы дала сыр-алқаны,
әр таста өткенімнің тұрар табы.
"Ұрпағым, тарихыңды ұмытпа!" — деп.
"Жошыхан", "Алашахан" мұнартады.
Қыздары наз үйірген гүл ерінге,
даналық ұясы бар жүрегінде.
Ән қалқып, жезді өңірден күй төгілсе,
жаныңды толтырады жігер-үнге.
Көрінсе "Қызыл арай", "Түйе мойнақ",
оятар намысыңды жігер ойнап.
Жазира кеңдігімен, елдігімен
жаныңды тебірентеді киелі аймақ.
Дүниені жайласа да дауылды ағын,
ерлерше сақтап қалған мәнін, жанын.
Жігерін жұқартпаған жезді өлкеде
жер қазып, мыс балқытқан бауырларым.
2002
АЗАМАТ
Өмірғалиға
Жүзі қоңыр болғанмен,
аппақ оның жүрегі,
күлсе шындап күледі,
ал, күрсінсе — түн еді.
Шындық пенен әділдік –
оның жалғыз тілегі,
қиындықты көрсе де,
мұқалмаған жігері,
жұқармаған білегі.
Біздің елде осындай
бір азамат бар бүгін:
дау-шарларға қосылмай,
адал жанның барлығын
қастерлейді досындай.
Жайлайды оның жанын мұң
ел туралы қоршап ой.
Әттең, бауырларымның
бәрі сондай болса ғой…
Жалтақтықпен жауласар,
арамзамен арбасар
елге осындай ер керек!
Кім дейсің бе?
Ол біздің
Өмірғали Кенжебек!
2002
МЕНІҢ КӨГЕРШІНДЕРІМ
ӘРІПТЕР
А
Толқыны өбіп жағаны,
өзен баяу ағады.
Айдынында қалықтап
Аққу жүзіп барады.
Гүл — корегі, тамағы,
білесің бе араны?
Жолай көрме жанына –
жақындасаң шағады!
Ә
Әтеш әнге басады,
Таңғы ұйқыңды ашады.
Жетіп келсең жанына,
Тырағайлап қашады.
Б
Жағалаудың көгі еді –
Мама қаздың жегені.
Балпаң-балпаң соңынан
балапаны ереді.
Г
Күн шуағын төккенде,
Жаңбыр сеуіп өткенде,
Қызыл-жасыл далада
Гүл тереміз көктемде.
Ғ
Ғарыш деген — көк аспан,
Ай, жұлдызы жарасқан.
Мен ғарышкер боламын –
Айға барып қонамын!
Д
Дуадақ құс далада,
жоламайды қалаға.
Дельфин жүзер теңізде,
Ол теңізбен егіз бе?!
Е
Нәр алатын жауыннан,
қорықпайтын дауылдан
емен деген ағаш бар
жапырағы жайылған.
Ё
Шам сөнді де қалды –
үйді түнек жапты.
Монтёр келіп, шамды
Жарық еткізіп жақты.
Ж
Жалп-жалп ұшып ол кейде
түнде адамды жасқайды.
Күндіз түк те көрмей ме –
Қалғып көзін ашпайды. (Жарқанат)
З
Зебр деген жануар
жылқыға ұқсас күші оның.
Сала құлаш жалы бар,
Жолақ-жолақ түсі оның.
И
Самолетке ұқсаған
инелікті ұстағам.
Қойсаң болды қамалап,
ит үреді абалап.
Й
Ай қалықтап барады,
көкте жүзген ол кеме.
Ай қызығып қарады
бидай өскен өлкеме.
К
Күн — әлемнің шырағы,
төгіледі шуағы.
Көбелектер қуанып,
бірін-бірі қуады.
Қ
Көкала көйлек киеді,
Күннің көзін сүйеді.
Қарбыз жеген баланың
Шөлі әбден қанады.
Л
Ешкі төлі — бұл лақ,
шапқылайды зымырап.
Анасынан адасса,
"айқайлайды" тұрып ап.
М
Марал қандай әдемі!
Тау-орманның сәні еді.
Мүйізінің шырыны –
таптырмайтын дәрі-емі.
Нан қиқымын шашпаңдар,
жерде жатса, баспаңдар!
Н
Түйенің сұлуы — нар,
жалғыз өркеші бар,
көздері жаудыраған
бота деген еркесі бар.
Ң
Аю, қасқыр — аң бұлар,
қоян, түлкі — тағы бар.
Жемтік іздеп жапаннан
күндіз-түні қаңғырар.
О
Қамқор болып орманға
ағаштарын қорғаңдар.
Жақсы азамат болмайды
Көк орманды орғандар.
Ө
Өрмекшінің өрмегін
Бар ма сенің көргенің?
П
Тұмсығы оның күшті,
аяқтары сұсты,
таси алады жүкті –
піл дегенің мықты!
Р
"Кел!" — деп аспан тұр ымдап,
жұлдыздары жымыңдап.
Байқоңырдан ұшады
Ракета зуылдап.
С
Ала қанат сауысқан,
жемді көрсе, жабысқан.
Жақындатпай жанына,
Сезіп қояды алыстан.
Т
Тасбақаға отырып,
кездік орман, даланы.
Бізді көріп, секіріп
Тиін қашып барады.
У
Уық-тіреу бұл жерде
сүйенетін шаңырақ.
Киіз үйге кіргенде,
Қаласың бір жадырап.
Ұ
Ұясы — үй ғой шынында,
ұзақ үйін қорғайды.
Балапанға ұрынба –
Ұя бұзған оңбайды.
Ү
Үкі деген әдемі,
үлпілдеген желегі.
Қыздар әсем болсын деп,
Үкі тағып береді.
Ф
Қаланың ақ бұлағы
Фонтан боп атқылады.
Маңында асыр салып,
балалар шапқылады.
Х
Хат жазамын ағама –
оқуда ғой қалада.
Хат келгенде ағамнан
оқып берем анама.
Һ
— Айдаһар қандай –
қарашы?!
— Ол ма, ол — таудай,
Жыланның ағасы.
Ц
Циркте адамдар
аңдармен бір жүреді.
Клоун ағам бар –
күлдіреді.
Ч
Біздер мақтап етеміз
Боксшы ағам Оралды,
Қарсыладық кеше біз –
Чемпион боп оралды!
Шортан деген қомағай
Ш жақсы көреді тамақты:
Қылғытады — обал-ай! -
кіп-кішкене шабақты.
Щ
Бұлақ суы тұщы,
теңіз суы ащы.
Ь
Жіңішкелік белгі
Ъ
Айыру белгісі
Ы
Күнде ерте тұрамын,
әзірлеймін сабақты.
Ыдысты да жуамын,
пісіремін тамақты.
І
Жалаңаяқ бірде мен
жүріп едім құмменен,
ізім қалды соңымда.
Қызық екен бұл деген…
Э
Сым арқылы келеді,
үйге жылу береді,
Электрдің қуаты
Күндей жарық төгеді.
Ю
Жүреді өзі жәйлап,
екі көзі жайнап,
тәтті балға тоймайды
Аю деген маймақ.
Я
Қоян қашып барады,
жүйріктігі желге тең.
Қарттар қорқақ баланы
"қоянжүрек" дейді екен.
2000
ӘЖЕНІҢ ЖЫРЫ
Шанаға жектім шал жорға,
жарқылдайды тағасы.
Жарқылдаған жағасы
мынау кімнің баласы?!
Асқаржанның баласы,
айдай жігіт осы екен,
жақсылармен дос екен,
жамандыққа өш екен!
Көңілі жарқын қош екен,
Асқарбектің қарағы,
Гүлнарының жанары.
Қайдан іздеп табады
мұндай жақсы баланы!
Қазір ұйқтап қалады
әжесінің түлегі.
Тау жығады жігері,
менің күнім өскенде
шал жорға атқа мінеді!
1977
АНАНЫҢ ӘЛДИІ
Мамық төсек салайын,
құшағыма алайын.
Қозым менің ұйқтасын,
арқасынан қағайын!
Бөпем менің қалғиды,
тербетті оны ән-жыры.
Бота, қозы, құлыншақ –
ұйқтап қалды барлығы.
Ай арбамен жетіпті,
Күн ұйқыға кетіпті.
Жұлдыз кіріп кетер деп,
қақпаларын бекітті.
Ормандар да қалғыды,
қорғандар да қалғыды,
сен де ұйқтап қала ғой,
анасының жан нұры!
Күнім ұйқтап қалыпты,
анасы әнге салыпты.
Ол түсінде ғажайып
ертек-елге барыпты.
Алтын алқа тағыпты.
1975
ӘПКЕСІНІҢ ӘНІ
Айым менің қайда екен –
достарымен тойда екен!
Тойда болса, отырсын –
қолына жүзік толтырсын!
Айналдым Ай-баладан,
тауып алдық даладан:
далада бала жата ма —
түсіп қалған шанадан!
Жылама, бөпем, қой, бөпем!
Құнан қойды сой, бөпем.
Құйрығына той, бөпем,
өзің тойған құйрықтан
әжеңе сақтап қой, бөпем!
Осы бала — Күн бала,
өзі аппақ, гүл бала!
Әлдилесе әжесі,
ұйқтай қалар бұл бала!
Әлди, әлди, бөбегім!
Таусылмайтын өлеңім!
Ұйқтасын деп бөбегім,
өлеңімді төгемін!
1977
ӨЗІМ ЖАЙЛЫ
Айбар деген баламын,
жұмсауға да жарадым.
Өзім биыл бестемін,
саусағыммен санадым.
Баласымын атамның,
баласымын апамның.
Көбінесе әжемнің
балапаны атандым.
Күрескенді жығамын,
(рас, бірде құладым…)
Футбол десе, шешініп,
шабуылға шығамын.
Суретті де саламын,
әріп те оқи аламын.
Ойыннан да қалмаймын,
мен осындай баламын!
1972
ЖҰМЫС
Анам мені ертемен
оятады тұр-тұрлап.
Ұйқы тартып желкеден,
мен жатамын қыңқылдап.
Анам менің расында
түсінбесе не етемін:
Әжетайдың қасында
маған жақсы екенін?
Ұйқы деген досыммен
қоштаспасам дұрыс па?
Әкеме еріп сосын мен
кетем күнде "жұмысқа".
1972
Мен бақшаға барамын,
ойнаймын, ән саламын.
Тәрбиеші тәтелер –
Досы барлық баланың.
Достарым көп басқа да,
көңіліміз бақшада.
Бізге тақпақ үйреткен
әйбат тәте, жақсы аға!
Араздықты білмейміз,
тамақты да бір жейміз.
Жаман бала секілді
төбелесіп жүрмейміз.
1971
БАҚША — БІЗДІҢ ҮЙІМІЗ
Бала бақша көрінді,
келіп қалдық, міне, біз.
Бақшамызда көңілді,
ән саламыз, күлеміз.
Жалықпаймыз мұнда түк,
әткеншек те тебеміз.
Тақпақтарды зулатып,
би де билеп береміз.
Апай әнді бастайды,
қосыламыз басқамыз.
Ешкім мұнан қашпайды,
үйіміз ғой — бақшамыз.
1976
ҮЙ ЖАҚСЫ МА, БАҚША МА…
Қызықпын-ау өзім де,
мақтанарым шамалы:
үйге келген кезімде
кеткім келмей қалады.
Жан әжемнің жанында
тіпті рақат секілді:
айтады ұйқтар шағымда
ертегіні не түрлі.
Ал бақшаға бармасам,
тұра алмаймын тағы да.
Мұнда қызық әрқашан,
келем сосын сағына.
Үй жақсы ма, бақша ма –
білмей жүрмін со жағын.
Екеуіне сондықтан
ортақ бала боламын:
Күндіз ойнап бақшада,
үйге келіп қонамын.
1972
ЖІБЕК БАҚШАҒА БАРМАҒАН КҮН
-Көке, тоңып барамын…
-Шыда, қазір жетеміз ғой, қарағым.
-Бүгін үйде қаламын?!
-Бақшасына баруы керек баланың.
… Сыр шертісіп келеді.
Қыстың аппақ желегі
желбіреген басында
дірілдейді терегі.
Аяз деген әзілкеш
қытықтайды денені.
Ертеменен тұрып ап,
қала шылым шегеді.
Машиналар сырғанап,
жолда шаңғы тебеді.
Адам біткен жарысып,
автобусқа мінеді.
Балалары жанында
бұлталаңдап ереді.
Ал қараңыз мынаған:
өтіп жатқан жүз адам
кең көшенің бойында
құлап жатыр бір адам.
"Тұра алмаймын, қарағым…
сынды білем бұғанам…"
Тапты әкесі бір ебін:
сұрамастан "кім едің",
тастай салып Жібегін,
тоқтатты әрең дегенде
таксилердің біреуін.
Түсінікті ар жағы:
әлгі ағаны салғалы
емханаға барғаны,
телефоны жоқ екен,
үйін де іздеп шарлады.
Көкесінің жанында
Жібек жүрді, қалмады.
Бақшаға да бармады.
Көкесінің жұмыстан
жақсы болды қалғаны!
1984
ТӘРБИЕШІ
Ән салғызып, билетіп,
ылғи бізбен жүреді.
Тақпақты да үйретіп,
ойната да біледі.
Қызық-қызық ертектер
біздерге оқып береді.
Жылауық та, тенте
Бастап бізді далаға
серуенге шығады.
Біз шомылсақ, жағада
байқап өзі тұрады.
Кішкентаймыз әлі біз,
үлкендерге сенеміз.
Бұл тәтені бәріміз
сыйлап, жақсы көреміз.
1971
ДОСТАР ӘНІ
Ақ, қарамыз, сарымыз –
тату, доспыз бәріміз.
Достық жайлы ән салып,
шырқатайық, кәне,біз.
Жүзімізге қараңыз –
бал күлкілі баламыз.
Бізге қымбат күншуақ,
бізге қымбат анамыз.
Күннің нұрын сүйеміз,
қырдың гүлін сүйеміз.
Бізді ойнатып тәтелер,
күлдіргенін сүйеміз.
Балдырғанбыз арай жүз,
бал-бұл жанып қараймыз.
Ойыншықтар біздерде
көп болғанын қалаймыз.
Таласпаймыз біз бірақ,
отырмаймыз тұнжырап,
қуысамыз көгалда,
жүгіреміз құлдыра
1972
БӨПЕ
Балалардың бәрінің
бөпесі бар үйінде.
Ал мен болсам әлі күн
жүрмін жалғыз күйімде.
Қыңқылдадым тәтеме,
бөпе сатып ал дедім.
Сосын келіп әкеме
дүкендерге бар дедім.
Бірде ертемен маған кеп,
оятты әжем тартқылап:
"Бөпе әкелді саған!" — деп,
мәз болып жүр шапқылап.
Қайда деп ем анамды,
дүкен жақта жүр деді.
Қарындасың Жанарды
әкеледі, тұр деді.
Шынында, анам бір күні-ақ
дүкенге өзі барыпты.
Қоймағасын қыңқылдап,
бөпе сатып алыпты!
1972
ЖАНАР
Кіп-кішкене Жанарым,
жақын келіп қарадым.
Бұл өзімнің ақ бөпем,
ойнатамын, бағамын.
Құйттай екен басы да,
селдіреген шашы да.
Сөйлеспеді менімен,
келіп едім қасына.
Мен апамнан қалмадым:
"Неге мұны таңдадың?
Ойнамайды менімен,
тым кішкентай алғаның!"
Ана жүзі нұрлы екен:
"Ренжіме, күн көкем:
"Сен де осындай болғансың",-
дейді маған, шын ба екен?!
1973
АЛҒАШҚЫ САБАҚ
Толдым жеті жасқа мен,
қош айтыстым бақшамен.
Келдім алғаш сабаққа,
келді Нұрлан, Жанат та.
Қоңырау да соғылды,
көп күтіп ек сол үнді.
Әліппені қолға алып,
біз отырдық "оңдалып".
Келді де апай күлімдеп,
түгендеді біріндеп.
Әліппені ашты алып,
біз оқуды бастадық.
1973
АҚ МАМАМ
Еркелесем, күлімдейтін,
ұрысқаны білінбейтін.
Маңдайымнан иіскеп менің,
"Құлыншағым, күнім!" — дейтін
әлемдегі ақылды адам,
бәрінен сол жақын маған!
Ол жанымда жүрсе, мен де
батырларша батылданам.
Жамандықтан сақтандырып,
жақсы ісімді мақтан қылып,
ақ мамамды мен әрқашан
жүрсем деймін шаттандырып.
1974
ӘЖЕ
Тентек болсам, ашынып,
жақсы іс қылсам, асырып,
маған сақтап жүреді
тәттіні де жасырып.
Келгенімше бақшадан
күтеді ылғи асығып.
Ұрысады апам, жатса егер
ойыншығым шашылып.
Паналаймын сонда оны
мойынына асылып.
Тосып тәтті дәмдерін,
ол бар жерде бал жедім.
Мен ұйықтарда айтады
ертегісін, әндерін.
Біздің үйде осындай
әжетайым бар менің!
1973
МЕНІҢ АТАМ
Атам менің жақсы адам,
ешкім одан аспаған.
Фашистермен соғысып,
оң аяғы ақсаған.
Көп айтпайды ол өткенін,
қанын қалай төккенін.
Бірақ әжем сақтаған
ордені оның көп керім.
Әзілі оның қалмайды,
әжемді де алдайды.
Үйдегілер күлкіден
аузын жия алмайды.
Әжем де оны сөкпеді,
сөзін де екі етпеді.
Шақырса егер біреулер,
әжемсіз ол кетпеді.
Бір-бірінен екеуі
қызғанады тек мені.
Атам деген мықты адам,
ылғи мені құптаған.
Ауырса да аяғы,
қабағын бір шытпаған.
Сол соғыста мына мен
болсам, жауға шығар ем.
Ақсақ қылған атамды
дұшпандарды қырар ем!
1973
ДАЛА ТОЛЫ АҚ КҮМІС
Ақша қарға малынып,
аппақ тонын жамылып,
сақалы мен мұртына
күміс моншақ тағынып
Аяз ата келеді
балаларды сағынып.
Келіп қалды, қараңыз!
Шашу толы даламыз!
Күміс дала үстінде
жарқ-жұрқ етіп шанамыз,
біз де зулап барамыз.
Бар баланың қонағы,
төрлет, Ата, жоғары.
Енді дала, алақай,
ақ күміске толады.
Жұрттың бәрі атадай
қашан мырза болады?!
1971
ШЫРША
Ақ қырауға малынған
ақша қардай сақалы,
көптен күтіп сағынған
көрдік Аяз Атаны.
Қуансын деп балаша,
безендірдік шыршаны.
Жымыңдайды — тамаша! –
Шыршамыздың мың шамы!
Тақпақтарды жаттадық,
би де үйрендік көрсін деп,
Аяз Ата шаттанып,
бізге риза болсын деп.
1975
БОТА, ТАЙЛАҚ ЖӘНЕ МЕН
Кейде құлап қаласың
тәй-тәй басқан баладай.
Қорада асыр саласың,
Сүтке тойсаң, қомағай!
Тентек болып барасың,
айтқаныма қарамай.
Айтқан тілді алмадың,
ойынға да қанбадың.
Еміп-еміп мамаңды,
майланыпты сандарың.
Қорқып қалып өзіңнен,
жаныңа да бармадым.
Қандай жаман тайраңдап
тайлақ болып қалғаның!
Аузына келіп қораның,
Мен алақан соғамын.
Тентек тайлақ қарайды
"Кел,— дегендей,— қонағым!"
Былтыр ғана досым ең,
үркіп неге қарадың?
…Айтыңдаршы, осы мен
қашан тайлақ боламын?!
1972
БАЛЫҚ
Бір күні атам ауды алып,
ұстады бір дәу балық.
Жақын келдім қасына,
көрейін деп аударып.
Мініп едім үстіне,
қыңқ етпеді, күшті ме?
Атып ұрды жағаға,
бір бұлқынып түсті де.
Ісіп кетті шекем де,
мінген екем бекерге.
Ашуланды-ау, шамасы,
мекеніме кетем деп.
1971
ТУҒАН ЖЕР
Құрыш болат білекпен
шөл далаға гүл еккен,
қалаларды самсатып,
жапандарды түлеткен
ағаларым көп мұнда.
Кешегі елсіз жатқан маң
аты аңыз боп жатталған,
жер астының байлығын
теңіз қылып ақтарған
апайларым көп мұнда.
Заводтары қаптаған
зәулім үйлі көп қалам!
Жұрт ержүрек жандардың
мекені деп мақтаған
туған жерім бұл менің!
1972
ҚАМАУДАҒЫ АҢДАР
Әкеме еріп қалаға
барып едім бір күні.
Көрдім сонда қамалған
аю, қасқыр, түлкіні.
Арыстан да, барыс та –
темір торда тұр бәрі.
Кете алмайды алысқа,
кезе алмайды жылғаны.
Ұша алмайды қыран да,
ұшуға оған болмайды.
Кеткісі кеп шығанға,
тек қанатын қомдайды.
Маймылға жұрт таң қалды:
нан сұрайды баладан.
Аяп кеттім аңдарды –
қандай жаман қамаған…
1973
МЕН ДЕ СОЛДАТ БОЛАР ЕМ…
Жауынгер боп Асқар ағам
өткен жылы кетіп еді.
Суретінде хатқа салған
шаттық толы көкірегі.
"Барады елден жеке мүлде,
не күтіп тұр жырақта алдан?" –
Әжем Асқар кетерінде
осылай деп жылап қалған.
"Тыныштықта жаман ырым
бастама,— деп ұрысты атам,-
ел қорғауға барады ұлың,
жоқ па одан да дұрыс батаң?!"
Көз алмадық бәріміз де,
киімі де қатқан қандай!
Күлімдеп тұр, әне, бізге
солдатпын деп мақтанғандай.
Атам айтты: "Асқаржаным,
солдат бопсың, жарадың!"— деп.
"Жоқ,— дейді әжем,— басқа арманым
аман жүрсе қарағым",— деп.
Апам орны басқа, бірақ
қуанды іштей о да керім.
Өссем екен шапшаңырақ,
мен де солдат болар едім…
1973
ҒАРЫШКЕР АҒАЛАР
Көк аспанға қараймын,
жұлдыздарды санаймын.
Осынша көп моншақты
төгіп кеткен қалай кім?
Жарқырайды, лаулайды,
бірақ жерге жаумайды.
Батыр жандар тағатын
жұлдызшадан аумайды.
Таң атып, Күн жеткенде,
таба алмай бірін көктен де,
таң қалам: "Бар жұлдызды
біреу алып кеткен бе?!"
Маған жұмбақ Күн елі,
тұңғиықтың түнегі…
Ал ғарышкер ағалар
соның бәрін біледі.
Шарлап олар Күнді, Айды,
жұлдыз әнін тыңдайды.
Байқоңырдың төсінен
корабльдер зулайды.
1974
КӨКТЕМДЕ
1
Көп сағынған көктем келді,
Нұр орады көк пен жерді.
Бала сағым жүгіреді,
гүлмен ойнап бөктердегі.
Қаз-үйректің таныс әні
ерке өзенмен табысады.
Бір-бірінен күле қашып
ақ толқындар алысады.
Терек, қайың жымыңдасып,
самал желмен тұр ымдасып.
Жапырақтар тербеледі,
бір-бірімен сыбырласып.
Гүл жамылған өлкедегі
бұталар да ән төгеді.
Қырлардағы қызғалдақтай
көктем неткен көркем еді!
2
Біздің шалқар бай даланы,
тау, орманды, сай, жағаны
мені сүйген анашымдай
күн шуағы аймалады.
Ағаш біткен құлпырады,
тау, далада гүл тұнады.
Еркелеген бөбектердей
өзендер де бұлқынады.
Міне, осылай баршалары
көктемені қарсы алады.
Дала жайнап, гүл атады,
құстар сайрап, ән салады.
1975
ҚҰЛАН
Арғымақтай тұлғалы,
шалғын дала — құндағы,
шөлі қысса даланың,
тапқан іздеп жылғаны.
Жерін тастап кетпеген,
шапқанда жел жетпеген.
Ол туралы қазақтың
аңызы бар көптеген.
Кең даласын — тұрағын,
жүзіп ішкен бұлағын
жанын салып қорғаған
жанындағы сыңарын.
Еркін жұтқан күн нұрын,
кең даланың дүлдүлі.
Не қиындық туса да,
тастамаған бір-бірін.
Білесің бе бұл аңды?
— Білемін. Ол — құлан-ды.
1976
ЖЫЛҚЫШЫ БАЛА
Құрық алып қолыма,
қамшы салып торыға,
жылқы айдаймын жайлауда,
шаң ілеспей соңыма.
Ат көрмесем, сағынам,
жүйріктерге табынам,
ұшқан құстай зуласа,
жел еседі жалынан!
Арғымағым, арында,
жеткізбейін сағымға.
Ат жалында ойнаған
менің аталарым да!
Көрші біздің даланы –
қызыл-жасыл алабы,
жүйрік атпен жарысып,
ол да зулап барады.
Елдің көркі — сәйгүлік,
ердің көркі — сәйгүлік.
Жүрген қандай жайлауда
жүйрік қуып, тай мініп!
1974
КӘМШАТ АПАЙ
Батыр қызы халқымның
Кәмшат апай1 — мақтаным.
Мен де соған талпындым,
атын есте сақтадым.
Бөбегіндей аймалап,
сүйген дарқан даланы.
Алтын кірпік, ай қабақ,
ол ауылдың қазағы.
Жұлдыздайын ең көркем
жарқырайды ордені,
"Батыр бол,— деп,— сен де ертең"
шақырғандай ол мені.
Жиындарда сөз алған,
шешендіктен тосылмай.
Ұрпаққа — ісі, өзі — арман,
апаларым осындай!
АРХЕОЛОГ
Мекен еткен бабалар,
мекен еткен аналар
жатыр жердің астында
құмға батқан қалалар.
Археолог ағалар
өткенді оймен шамалар,
сол қаланың бәріне
сапар шегіп аралар.
Мен қызығып қарадым:
баяғының қамалын,
ел қорғаған батырдың
сайманы мен жарағын.
Аталардың шақшасын,
патшалардың ақшасын –
ағаларды мақтайды ел,
соның бәрін тапқасын.
Еңбек еткен бұлданбай,
ер ағалар бұл қандай!
Батыр бабам барлай кеп,
ұрпақтарым қандай деп,
бізге қарап тұрғандай.
Бабаларды тірілткен,
қалаларды тірілткен
археолог ағаға
қарайды жұрт үмітпен!
1976
ЗЕРГЕР
Білесің бе бұл істі –
зергерлікке кім дайын?
Балқытып ап күмісті,
сапырады судайын.
Сиқыршыдай жырдағы:
білезік пен алқаны,
сақинаны, сырғаны
күміс сымнан тартады.
Көрсең, қайран боласың –
мақтанышы ол бір елдің.
Күмістейді тоғасын
таралғы мен жүгеннің.
Тобылғы сап күмсанды
қамшыға бір қарашы.
Кім жасайды бұл сәнді
табылмастай бағасы?!
Демеңіздер: "Бұл қалай
күмісті де илеген?"
Осы өнерді мұрадай
зергерлерден үйренем!
1975
БАЛЫҚШЫ — БАТЫР
Аппақ айдын, ақ айдын,
ақ айдынға қараймын.
Балықшы ағаларымды
батырларға балаймын.
Дауылға да қарамай,
жауынға да қарамай,
дүбірлетіп айдынды,
ау тартады жағалай.
Моторменен зырлатып,
балық аулап түн қатып,
белуардан су кешіп,
толқындарға жүр батып.
Сазанының дәмін-ай,
шабағының бәрі май,
қортпалары танадай,
шоқырлары баладай.
Ақ айдынға келемін,
ақ шабағын теремін.
Балықшы аға секілді
батыр болсам деп едім!
1975
ДӘРІГЕР
Тісі ауырса баланың,
іші ауырса баланың,
балмұздақты көп жесең,
ауырады ғой тамағың –
соның бәрін қарадым,
дәрі берем, жазамын,
мен дәрігер баламын!
1975
ҰШҚЫШ
Көкті шарлап, түн қатып,
ұшқыш болу — бір бақыт!
Жолаушылар тасимын
самолетпен зырлатып!
1975
ҚҰРЫЛЫСШЫ
Үйлеріне қаланың
мен қызығып қарадым.
Мектеп, балабақшаны
әдемі етіп саламын –
мен құрылысшы баламын!
1974
МАҚТАНШАҚ
Тасаларға тығылып,
ойнайды ылғи Мұратхан.
Балаларға ұрынып,
бөпелерді жылатқан.
Аузы-басы қап-қара,
жуынбайды күнде де.
Сөз сөйлесе мақтана,
лепірген бірдеңе.
Киімдерін жинамай,
шашып-шашып тастайды.
Апасын да сыйламай,
жұмсағанда баспайды.
Қалай жейді шошымай
нанды кір-кір қолымен?!
Жүре берсе осылай,
ойнамаймыз онымен.
1976
ӨТІРІКШІ
Маран деген баланың
көрсеңдер ғой бөскенін:
"Қақпаға доп саламын
өзімен-ақ өкшенің!
Менің көкем Дарқанбай,
нағыз батыр қырағы:
қолына түк балта алмай,
қасқырларды қырады!"
Мұның бәрі өтірік –
доп салмайды ол қақпаға.
Көкесі де көпіріп,
жүреді ылғи мақтана.
Ойнағанда әлі біз
күлкі етеміз Маранды.
Жек көреміз бәріміз
өтірікші адамды!
1974
ЖАСЫҚ
Жасық бала Ақтайды
қандай адам мақтайды:
әшейінде жалпылдап,
аузы тыным таппайды.
Жұрт алдында бұғады,
қып-қызыл боп құлағы.
Кекіл шашын сипалап,
төмен қарап тұрады.
Бір де ертегі білмейді,
тақпақ та айтып жүрмейді.
Ән дегенің Ақтайдың
құлағына кірмейді.
Ауырғандай тамағы
жөткірініп қалады.
Мақтамайды үлкендер
мұндай жасық баланы!
1976
СУЖҮРЕК
Нағашымның баласы –
Айдар келді қаладан.
Үлкенсуін қарашы –
отыр үйде манадан!
Мақтанып ем достарға
"Туысқаным келді!" — деп.
Барлық бала тосқанда,
ойнамайды енді кеп…
Апасының қасынан
шықпай қойды екі елі.
Мен тыпырлап асығам:
достар күліп кетеді.
Шықпай қойды далаға,
бұғып қорқақ баладай.
Мен барғанда қалаға,
кетеді өзі қарамай.
Аттамайды бір адым,
әкесімен тұрады.
Маңырап еді лағым,
"Жылай ма?"— деп сұрады.
Бұзау көрсе, сасады:
"Мынау мені қуды!" — деп.
Қозыдан да қашады,
бұл не қылған сужүрек?!
1976
МЕН
Халқымыздың сенімі,
жақсылардың серігі –
күрестерде шыныққын
ағаларға мен іні.
Әнмен алға аттаған,
ар-намысты сатпаған.
Жеткіншегім менің деп,
ағаларым мақтаған.
Туған елім — бай далам,
даламда еңбек қайнаған.
Ұланымын Отанның
қиындықтан таймаған.
Мен— елімнің күлкі, әні,
болашағы, нұр таңы,
ерліктерге бастаған
бабалардың ұрпағы –
ұланымын елімнің!
1976
ДОС
Менің досым Нұралы
бізбен көрші тұрады.
Бірге ойнаймыз күнде біз,
мектепте де біргеміз.
Киноға бір барамыз,
бірге қармақ саламыз.
Ол жоқ болса, апасы
не әжесі, атасы:
"Қайда жүр?"— деп елеңдеп,
сұрайды оны менен көп.
Төбелесіп қалмаймыз,
міне, біздер қандаймыз!
1973
ҰСТАЗЫМА
Жазу білген балаға
қарайтынмын қызығып.
"Хат жазшы,— деп,— ағама",
баратынмын жүгіріп.
Кітаптарды қолға алып,
үңілетін едім мен.
Оқи алмай қорланып,
түңілетін едім мен.
Хат та жазам ал, міне,
жалынбаймын ешкімге.
Оқып берсем әңгіме,
әжем құштар естуге.
Жақсы оқуды үлгі еткен
бала бол деп тіл алғыш,
Бәрін маған үйреткен
ұстазыма мың алғыс!
1973
ҚҰШТАРЛЫҚ
Корабльді басқарып,
көк жүзіне самғармын.
Канал қазып, тас жарып,
мұхиттарды жалғармын.
Таңдандырар бар елді
ғажап үйлер салармын.
Жасартатын әжемді
дәріні ойлап табармын.
Мұзды жарып зырлайтын
кемемен жол асармын.
Бұзылмайтын, сынбайтын
ойыншықтар жасармын.
Ертегінің сарайын
жер астынан табармын.
Жұлдыздардың талайын
қолыма алып санармын.
Атам айтты: "Қарағым,
Айың тусын оңыңнан.
Ал білімсіз баланың
түк келмейді қолынан!"
1978
КӨГЕРШІН
Көшедегі халық тәмәм
аспан жаққа қарасады:
көгершіндер қалықтаған
көк жүзінде жарасады.
Көгершіндер көп-ақ бүгін,
қадалмаған жанар бар ма!
Бейбіт күннің шуақ нұрын
паш етіп жүр адамдарға.
Қап-қара құс шыға келді,
көгершінге бас салардай.
Тұмсығы –жез, бұдан енді
жолбарыс та жасқанардай.
Қорғанады қара құстан,
ақ көгершін алысады.
Тез жеңілсе ала дұшпан,
ақ көгершін тағы ұшады.
Көгершіндер, төбеме өрле,
жеңістермен жалға күнді!
Ей, адамдар, төге көрме
бір-біріңнің қандарыңды!
1978
СУРЕТШІ
Мен сурет саламын.
мен сурет саламын,
салғаныма қуанып,
өзім де таң қаламын.
Жалаңаяқ қыз бала
жүгіреді жылғада.
Домбырашы жігіт тұр,
айналасы — гүл дала.
Алыс жолға қарады,
жігіт ұзап барады.
Биік шыңдар жырақта,
қар жамылған қабағы.
Киіз үй. Қыр. Ауыл да
көміліп тұр сағымға.
Көкорайда от жағып,
атам отыр жанында.
Соның бәрін саламын,
өзім де таң қаламын.
Бояу, қағаз, келіңдер,
маған көмек беріңдер!
1978
АФРИКА БИІ
Тамтам үні дүбірлейді далада,
би билейді жас, кәрі де, бала да.
Сан дыбыс бар тамтамдардың үнінде –
толқын үні жарға соққан іңірде.
Құм құйғандай жанды кернеп бір жалын,
біз сүйеміз тыныштықтың ырғағын.
Тамтам үні дүбірлейді далада,
би билейді жас, кәрі де, бала да.
Тұра алмайды билегенде қарттар да,
би билемей Африка жатқан ба!
Би де бітті, жұрт тарады күлімдеп,
бірақ тамтам құлақта тұр дүбірлеп!
1978
АЛАҚАНДАҒЫ ЖАЗУ
Үйде ертемен тып-тыныш,
тұрдым жайлап, тарандым.
Сосын алақаныма
атын жаздым анамның.
Мен қағазға жазбадым,
жазбадым үй жарына:
анашымның есімін
жаздым алақаныма.
Үйге толды адамдар,
шудан құлақ тұнады.
"Қолыңдағы немене?"-
деп барлығы сұрады.
Мен қолымды ашпадым,
лүпілдеді жүрегім.
Өйткені алақанымда
бақыт ұстап тұр едім!
1978
МҰНАЙ ТЕҢІЗІ
Кең даланың астында
Ғажап теңіз бар екен.
Жер бетіне тасқындап
Бір шығуға зар екен.
Мұнай-теңіз сол екен,
Қасиеті оның мол екен.
Сонау дала төрінен
жанады екен от болып.
Ракета да сонымен
зулайды екен оқ болып.
Онсыз бәрі тұрады,
мотор істен шығады.
Ойыншық та сендерге
жасалады мұнайдан.
Егін өсер жерлер де
сол арқылы тыңайған.
Мұнай-теңіз сол екен,
қасиеті оның мол екен.
1980
БАТЫРЛАРДЫҢ ҰРПАҒЫМЫН
Күресте өсіп қайсар бабам
қиындықтан тайсалмаған,
Жасқа қамқор, еліне — үлгі,
терең ойлы, байсалды адам –
мен атамның шырағымын.
Жастық шақта жалындаған,
қайталаған әнін далам,
қала салып, Айға аттанып,
мұхиттарда дамылдаған –
ер әкенің ұланымын.
Мен әзірше жас баламын,
алдымда әлі бақ-талабым,
аталарға тартып туған
ұланмын деп мақтанамын.
Ел аялар сұңқар ұлын –
батырлардың ұрпағымын!
1977
МЕНІҢ БЕСІГІМ
Аймалаған, емдеген,
ессе жұпар қырдан жел.
Мені аялап, тербеген
ақ бесігім — туған жер.
Шақырады сағына
сағым құшқан қырларым.
Күндей ыстық жаныма
менің құттай құндағым!
Аялаған ұланын
мынау байтақ думанды ел.
Тілегіңнен шығамын,
қуантамын, туған жер!
1984
ОЛ ОҚУШЫ БОЛА МА?
Самат деген бір бала
шалбарын да су жаңа
шаң-тозаңға былғайды,
көше кезіп зырлайды.
Төсегінен тұрып ап,
жуынбастан бұрын-ақ:
"Киімдерім қайда?"— деп,
жылайды екен, әйда, кеп!
Апасы іздеп соңынан,
дедектетіп қолынан –
тамақ іш деп сүйрейді,
сонда да үйге жүрмейді.
Бақшаға да бармайды,
сурет те салмайды.
Әріпті де түртпейді,
тек ойыны бітпейді.
Бір қылығы тым ұят:
жаман сөзге үйір-ақ.
Мектепке ертең ала ма
дәл осындай баланы,ә?!
1984
ҮЛКЕНДЕРГЕ ТАҢДАНАМ…
Біздің көрші Нағима апай
және көрші Ағила апай
ұрсысты кеп шапылдасып,
біз де жеттік жапырласып.
Ойынды тез тастадық та,
тұрдық біраз жасқанып та.
Түрлі сөздер айтып жатыр,
қарар емес басқа жұртқа.
Дауыстардан ел көшкендей,
ешкімге де жүр дес бермей.
Бір-біріне ұмтылады
палуандар белдескендей.
Жиналып ап шулы алаңға,
біз әзірміз "уралауға".
Біткенше ұрыс тұрар едік,
атам келіп қумағанда.
Үлкендерге қарағанда
таңданамын.
Олар онда:
"Дос болыңдар, қағыспа",— деп
неге айтады балаларға?!
1985
СЕРТ
Заңғар тауларға қараймын,
қараймын шырқау шыңдарға.
Алдымда өмір — ақ айдын
мені де салар сындарға.
Ұмтылсам алға жасымнан,
армандай шыңға шығармын.
Ерлікпен даңқын асырған
ержүректерге ұланмын.
Сүйсінер маған жұрт әлі,
арманым — асқақ шың асқар.
Мен үшін өнер шырқауы –
Бибігүлдер мен Күләштар.
Аялап күтіп мені елім,
сәулесін шашты нұр таңдар.
Мен үшін ерлік дегенің –
Бауыржандар мен Сұлтандар!
Жаныма содан от алдым,
ерлікке баулыр далам кең.
Батырлар өскен Отанның
өркені боп қалам мен!
1985
ЖАЗДА
Туған елдің тау-қырын
аралаймыз, шарлаймыз.
Тамашалап таң нұрын,
демаламыз жаздай біз.
Толқынменен жарысып,
шомыламыз суға біз.
Батырлармен табысып,
есітеміз түрлі аңыз.
Қалықтайды күміс күн,
әнге басып келеміз.
Әкелердің ұлы ісін
жалғастыра береміз.
Біз өрлеген құздарда
шаттық үні орнады.
Шақырады бізді алға
жаңа жорық жолдары.
1971
КӨГІЛДІР ТҮНДЕР
Көк жүзінде сан жұлдыз жымыңдасқан,
қызыққандай біздерге үңілді аспан.
Досым, жасыл даланың құшағында
жүгір еркін, жусан мен гүлін жастан!
Көгілдір түндер, көгілдір түндер,
көгілдір жанарлардай күлімдеңдер,
үзбесін сандуғаштың үнін желдер.
Солдаттар көзін ілсін,
көгілдір жер шарының өңі күлсін.
Көгілдір түндер, көгілдір түндер.
Алаулаған арай жүз жас шағымда
көңілімде орын жоқ басқа мұңға.
Қалықтасын әсем ән, шаттық думан
менің туған елімнің аспанында.
1973
ЖАҢА ЖЫЛ КЕШІНДЕГІ АЙТЫС
НЕМЕСЕ АЛАУ ЖАНЫНДАҒЫ КӨРІНІС
Түлкі:
Түлкі бикеш мен едім,
аңқауды алдап келемін.
Алау жақса балалар,
мен де билеп беремін!
Қоян:
Мен қоянмын, қоянмын,
аппақ қарға бояндым.
Достар тағы келер деп,
ертеменен ояндым!
Қасқыр:
Қоянға да сенемін,
қозыға да сенемін.
Желе-жортып келемін.
Танысайық, балалар,
қасқыр батыр мен едім!
Аю:
Мен аюмын, балалар,
аю балдан нәр алар.
Ей, балалар, мені де
кешіңізге ала бар.
Ақ тиін:
Мен тиінмін, тиінмін,
ақ мақтадай киіндім.
Ән мен биге үйірмін.
Келіп алыс орманнан,
алдарыңа иілдім!
Лақ:
Лағымын ешкінің,
әдептімін, естімін.
Бүгін мұнда бір қызық
болатынын естідім!
1990
ДОС ТУРАЛЫ ЕРТЕГІ
Бір досым бар, сағынып
көрісеміз күнде біз.
Отырмаймыз жабығып –
көңілдіміз, біргеміз.
Үйретеді жақсы өлең,
жамандықтан шектейді.
Тіл табысып басқамен,
мені сатып кетпейді.
Ертегілер еліне,
батырлардың жеріне,
құс жетпейтін көгіме,
биіктердің өріне
жетелейді сеніммен,
қызықтарға бастайды,
еруге оған ерінбен,
сырымды да шашпайды.
Қалаларды не деген
аралатты ол маған.
Жүздік жүйрік кемемен
айдындарда ондаған.
Түнек жерге жыр, әнмен
найзағай боп жай шаштық.
Талай қарақшылармен
ол екеуміз шайқастық.
Атқа шауып үйреніп,
араладық тау, белді.
Найзаменен түйредік
жалғыз көзді дәулерді.
Білмейді бір зекуді –
сендіреді, сенеді.
Мен жабықсам, не түрлі
әңгіме айтып береді.
Сырын ашып Күннің де,
бастар талай жол көшін.
Кім екенін білдің бе –
Кітап еді ол досым!
1987
ТУҒАН ЕЛ
Аймалайды өпкен желі,
нұрға оранып көк пен жері.
Бала сағым бұлдырайды,
гүлмен ойнап бөктердегі.
Қаз-үйректің таныс әні
ерке өзенмен табысады.
Бір-бірінен күле қашып,
ақ толқындар алысады.
Терек, қайың жымыңдасып,
самал желмен тұр ымдасып.
Жапырақтар тербеледі,
бір-бірімен сыбырласып.
Гүл жамылған өлкедегі
бұталар да ән төгеді.
Күн шуағы аймалаған,
елім неткен көркем еді!
1972
КӨГЕРШІНДЕРІМ
Көгершіндер, көгершіндер көп менде,
келеді олар сағындырып көктемде.
Көк жүзінде қалықтайды қуанып,
самал желпіп, күннің нұры өбкенде.
Олар солай қалықтаса, қуанам,
ұя салам, жем беремін, суарам.
Мен секілді күн шуағын сүйетін
тимесе екен достарыма бір адам.
1972
АЙТЫС
Бала:
Кейбір біздің ағалар
сөз сөйлеуге керемет.
Ал балаға қамқорлық
онша емес қой, не керек!
Біздің шеберханада
құрал-сайман болмайды.
Бізге берген трактор
әйтеуір бір оңбайды.
Қыз:
Сен жүрсең трактормен жолда қалып,
ағалар жөндеп берер онда барып.
Ал бізде іс үйретер жетекшіні
жүреді директорлар қолбала ғып.
Бала:
Доп тепсек, кең даланың шаңы да еріп,
сонда біз жалаңаяқ қалып едік.
Киеміз қашан біз де крассовка
сүйкімді, әп-әдемі әрі берік?
Қыз:
Жүрмесек әдемі боп ол бір айып,
Біз үшін жақсы киім болды ғайып.
Балаға тіккен киім бәрі бірдей
неліктен тұрады осы солбырайып?!
Бала:
Балғынбыз, жұмсар жай жоқ елді күшпен,
үйреніп, үлгі аламыз ерлік істен.
Ақы да төлемейміз, сондықтан ба –
келмейді жетекшілер өндірістен.
Қыз:
Ойыншық — жан серігі әр баланың,
солардан басталады талғам, әнім.
Ал бізде жөні түзу бір ойыншық
таппайсың, мен осыған таңқаламын.
Бала:
Жарқын өмір, жақсылық
біздерге де келер-ау,
балалардың мұңына
шын ниетпен енер-ау!
Өзгеріс көп өмірде,
біздің жай да жаңарар!
Іспен жауап күтеміз
өздеріңнен, ағалар!
Екеуі қосылып:
Ағаларға сенеміз,
үмітті де үзбейміз.
Соңдарыңнан келеміз,
ертеңгі ерлер — біз!— дейміз.
1988
ЖЕТІ ҚАРАҚШЫ МЕН ҮРКЕР ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Көкте жатыр шашылып
қанша жұлдыз, қарашы!
Шолпан жұлдыз — анасы,
басқалары — баласы.
Айы туып, Күн шығып,
аспанда ылғи таң дейді.
Жердегідей тіршілік
ол жақта да бар дейді.
Қария Үркердің бұл Айы
кіндіктен жалғыз қызы еді.
Көз жауын алып шырайы,
бойжетіп, бойын түзеді.
Аспан еліне әйгілі
Жеті қарақшы түн қатты.
Сөнгесін таңда Ай нұры,
Үркердің қызын ұрлапты.
Жетеуі жасыл жазықта
тізгінін аттың босатты.
Байлады Темір қазыққа
Ақбоз бен Көкбоз — қос атты.
Ақбоз ат пенен Көкбоз ат
Темір қазыққа байлаулы.
Қызы үшін Үркер шекті азап,
қылышын сайлап қайраулы.
Батырлар сүймес жәй дауды,
жетсе егер Үркер — құба шал,
Жарау қос ат тұр байлаулы –
қызды алып бірі қыр асар.
Шарласа Үркер Шығысты,
Батыста жеті жігітің.
Қанша ғасырлар ығысты,
үзбейді әке үмітін.
Үркер жүр қарап бәріне
қыздарды көрсе гүл терген.
Жеті ұры содан әлі де
қашып жүр дейді Үркерден.
Әзірше құйттай баламын,
көп оқып, білім аламын,
"Құс жолымен" зулатып,
жұлдызды көкке барамын.
Жеті батырмен кеңесіп,
табыстырамын Үркермен.
Үлкен болғасын мен өсіп,
шыңдардан асам бұлт емген.
Қалмаймын көкте, оралам
батырлар өскен жеріме.
Батырға мені балаған
қызмет етем еліме!
1987
АНАМА
Кеудеңде мені тербеттің,
жас шыбық енді көктеді.
Мінеки, мен де ержеттім,
еңбегің бекер кетпеді.
Өмірде мынау ең жақын
Аяулым сенсің, анашым!
Болмаса мейлі зор даңқың,
мен үшін бірақ данасың.
Мейірім төккен нұр жүзің
тұрғандай сезем жанымда.
"Адал бол,— деуші ең,— жұлдызым",
сақталды сөзің жадымда.
"Игі еңбек түбі осы-ау", — дер
көргендер жеміс ағашын.
Қартаймай, мәңгі жасай бер
мәңгілік Күндей анашым!
1960
ҚЫСПЕН ҚОШТАСУ
Кіршік шалмаған ақ қөңілдердей, пәк
көңілдердей ақпанда
балапан бауыр ақ ұлпа қар да ыстық-ау.
Маңайдың бәрін ақ торған шархат жапқанда,
ұйқылы-ояу маужырап қалды қысқы бау…
Шаңғылар зулап,
шаналар зырлап беткейде,
Ойхой, шіркін, жанардан жасты парлатып!
Осындай шақта көңіл бір шырқап кетпей ме,
қияларға сені самғатып!
Далама бүгін далиып бей-жай жатқан кең
көгілдір көктем,
өрім гүл көктем жетті ғой.
Мен сонда мынау ақ сезімімдей ақ қармен
қоштасқым келмей кетті ғой!..
1970
ЖЫЛУ
Жылылықтан жаралған
құшағы оның — таң мекен.
Менің Айдай анамнан
асқан сұлу бар ма екен?!
Мейірім-нұр төгілген
күн көзіндей жанары,
ойымды оқып өңімнен,
дірілдейді қабағы.
Жердегі бар тағамнан
ана сүті нәрлі екен.
Бұл жалғанда анамнан
сүйікті адам бар ма екен?!
Жер бетінің ғұмыры
Күн нұрымен арайлы.
Біздің үйдің жылуы
анамыздан тарайды.
1987
ҚАНАТ ТУРАЛЫ ХИКАЯ
Бір балапан құлады
ұясынан домалап.
Ата-анасы жылады
шырыл қағып. Обал-ақ!
Бір қанаты сыныпты,
дәрі жақтым, орадым.
Күш жинады, шынықты
жалғыз қанат қонағым.
Ауырсынып қанатын,
жүгіреді сенделе.
Бар екен-ау қағатын
екі қанат менде де.
Оң қанатым — әкем де,
сол қанатым— анашым.
Бірі түссе қатерге,
мәңгі ұша алмай қаласың.
Қос қанатың болғанда
табар өмір жарасым.
Біреуінсіз ор-жарда
бір мүгедек боласың.
Қарап тұрып шекені
шымшылады сан күдік.
Қанатымның екеуі
сау болса екен мәңгілік!
1988
ПЕРЗЕНТ СӨЗІ
Әкем — менің тәңірім, пайғамбарым,
ұмтылатын биігім, сайран бағым.
Ол білмейтін дүниеде құпия жоқ,
біліп алған, япыр-ау, қайдан бәрін?!
Күшті де жоқ дәл ондай жер бетінде,
сұлу мүсін, бір мін жоқ келбетінде!
Батыр, дана сол ғана. Асығамын
әкеме ұқсап тезірек ержетуге.
Ол жоқ болса, ұйқы да қашты менен,
көріскенде қуаныш шашты денем.
Әкеме ұқсап әжемді қадірлеймін,
анашымды әкемше жақсы көрем.
Ол тұрғанда сезінбей қатер демін,
хандардың да қалпағын әпермедім.
Әділ шешім айтатын барлық істе
біздің үйде бас қазы — әкем менің.
Әкем барда, арқам кең, жоқ алаңым,
бәрі орнында: шаруаң, қора, малың.
Төрт жағымыз құбыла. Мен өскенде
қиындау-ау әкемдей бола аларым.
1992
БАЛАНЫҢ ОЙЫ
Әкем біреу, анам да біреу менің.
Мен жығылсам, сүйенер тіреулерім.
Олар барда — мереке.
Көрген емен
қабақтарын шытқанын, түнергенін.
Менің досым әкесін жек көреді,
"Бізбен ісі жоқ оның!" — деп сөгеді.
Жамандайды сыртынан, тістенеді,
бір-біріне бітпейді өкпелері.
Дос тапса да адамдар, тапса да аға,
әке — жалғыз, табылмас ақшаға да.
Жамандасаң әкеңді, саған әкеп
жақсы әкесін бере ме басқа бала?
Әке — білек, саусағы — балалары,
қан тамырмен жалғасқан аралары.
Ана — тамыр бойымен бәріне де
тіршіліктің жылуы таралады.
1991
КИТ ТУРАЛЫ ЕРТЕГІ
Ерте, ерте заманда,
жаннат Жер мен Көк күмбез
адамдардан аманда,
жонын тосып самалға,
Айлы, нұрлы ғаламда
жануарлар күн кешкен.
Бәрі өзара тілдескен.
Сол, сол заман, ту заман,
тыныштықта ну ғалам,
балығы тайдай тулаған,
бақасы қойдай шулаған
теңіз бопты бір керім.
Суы мөлдір, күнбе-күн
Аспан келіп шомылып,
кетеді екен жолығып.
Періште қыз Айдана
төсегіне жайлана
жатарында жуынып,
қарайды екен үңіліп
сол теңізге — айнаға.
Ал теңіздің киесі,
тазалықтың иесі –
Кит болыпты деседі.
Бізге жеткен бұл аңыз
шежірелерден кешегі.
Теңіздегі балықтар:
шортан, шоқыр, карп бар –
дауыс бермей, сайламай,
не зорлықпен байламай,
Китті адал қылықты
басшымыз деп ұғыпты.
Оған келіп сырласып,
ақылдасып, мұңдасып,
әлдісі мен әлсізі,
нәрлісі мен нәрсізі
күн кешіпті бір ғажап.
Көп тойынса, бұл да — азап.
Күндердің бір күнінде
балықтағы бас кесер,
тұмсығымен тас тесер
шортан шықты саңқылдап.
Асыр салған жарқылдап
шабақтарды алқымдап
шайнамастан бір жұтар,
сазанды да қылғытар
алабұға сампылдап:
"Жайым жоқ,— деді,— бағынар".
Итбалығы тағы бар
(балық та емес, ит те емес,
әйтеуір бір жануар).
Шортан шықты ортаға:
"Мынау Китің — әй, нашар,
балық емес — майбасар,
өзі және жайбасар.
Ол тұрғанда қорқа ма
ашатұра, майбалық,
көксерке мен қойбалық,
қортпа деген сүмелек
жатыр майдан жүрелеп!
Жейін десең біреуін,
Кит дегенің түнеред:
"Бассыздық па, бұ не?"— деп.
Балық емес Кит деген,
тек өз басын күйттеген.
Шалшық суда биттеген
итбалық та — мықты ожар:
"Балық — мына біз,— дейді,-
және, Шортан, Сіз,— дейді.-
Басқасы ма — тіпті олар
балыққа ұқсап жүзбейді!"
Итті ортада ырылдап,
суға келсе, балықпын деп жымыңдап
күн көретін итбалықтар түйілді,
бір арнаға жиылды,
шортандар да құйылды,
табан біткен тыриып,
су жыландар қыдиып,
бақа, шаян, құрбақасы жиылып,
жамырасты, Кит қалып.
Сөз бастады Итбалық:
"Ал бастайық — жұрт келді!
Бұл теңізде Кит дәуірі бітті енді!"
(Теңіз беті — тым-тырыс,
алаулайды Күншығыс).
"Сонда бізге басшы кім?!"
Майшабақтар шулады.
Итбалықтың қаны кенет тулады,
тулады да сыбыр етті Шортанға:
"Жасағыңды, бол, қамда –
қайсысы анау — бас дымын!
Ал, ағайын!
Басшы қойсақ балықтан,
шықпайсыңдар тамұқтан!
Шортанға да, шабаққа да тартпайтын
Қабан болады басшымыз".
…Қабан деген дәу тұмсық,
келді дағы жарқынсып,
шабақтарды түйрепті.
Екі шортан, бір жайын
әуелі оған малту жағын үйретті.
Байқайын деп бұлардың да аужайын,
жағасуда қорбалаңдап билепті
(көп ұзамай балықтардан күй кетті).
Қабан мен Ит –
әкесі бір, шешелері басқа еді;
итбалықтың майлы болды ас-жемі,
жарының да жұмырланды аш белі.
Балықтардан ес шығып,
бәрі күнде кешкілік
Қабанның көңілін аулады,
дімкестері біржолата аунады,
ауру болды саулары.
Қабан енді балықтарды шақырып,
сөйлейтін болды ақырып.
Зулай берді күн тағы,
Қабанның да күн сайын
көбейе берді бұлтағы.
Итбалыққа ақыл берді бұл тағы:
"Балық деген қылқаны көп ас екен,
мекені тек суда дейсің –
шеттерінен нас екен?!
Жақындатпа жағама,
қырылса да қарама!
Сүйтсең, олар
өздері-ақ
бірін бірі құртады,
қалмайды әлі-ақ
ұрпағы!"
Сөйтіп, суда
сазаны бар, шабақ бар,
қортпа, қызылқанат бар-
шын балықтың барлығы
үйір-үйір қаңғыды.
Есесіне
балық емес, ит емес,
не ақылды Кит емес,
итбалықтар құтырды,
таяп екі мықынды,
жас-кәрісі жұтынды.
Ал Қабаның шалшық судан аспады,
толқын келсе, қашқалы
жақын тұрды нар қамысты сағаға.
Қаңғып жүрген далада
Қабан біткен қоныс теуіп жағада,
дәурен құрды шуласып,
теңіз суын уласып.
Содан теңіз тартылыпты су қашып,
Шортанын да, Шоқырын да мұң басып,
баяғыша өзді-өзі
тістесуге әл бітіп,
су орнына шаң жұтып,
желбезегі желбіреп,
енді ажалым келді деп,
балық біткен жан бергелі жатса да,
мәмлеге келмепті.
Сөйтіп, бәрін жер жепті.
Содан бері талай тауың төбе боп,
талай мұхит шөлдепті.
Теңіз кепті, сең кетті.
Сол кездегі кішкене қыз Айдана
бұл күндері ержетті.
Есейсе де Айдана
әлі күнге іздейді екен айнасын,
көк аспанды айнала.
Ал қабан мен итбалықтар ұрпағы
жүр деседі жұрт әлі,
езулері майлана.
Сол теңіздің орнында –
"Қабанкөл" деп аталатын сай ғана.
1986
КІР-ҚОЖАЛАҚ БАЛАНЫҢ БАСЫНАН КЕШКЕНДЕРІ
(К.Чуковскийден)
Көрпем кетті шығынып,
қарамайды бұрылып,
тұрып қалдым жасқана.
"Қума мені бекер" деп,
құрбақаша секеңдеп,
жастығым да қашады,
бұл не деген масқара?!
Ұмтылып ем май шамға,
көрсеңдер ғой, әй, сонда:
ол да пешке сүңгіді.
Дос қой деп ем бұрынғы—
кітабым да тығылды
төсегімнің астына.
Түсіндірер кім мұны?!
Шөлдеп кетіп, тегі, мен
самаурынға келіп ем,
ұстатпауға бекініп,
ол да кетті секіріп.
Бұл не сонда? Мәні не?
Не боп қалды бәріне?!
Маған, маған обал-ақ,
дөңгелектей домалап,
бәрі менен қашқаны,
от басқандай сасқаны.
Етігім де, шалбар да –
бәрі кетіп қалған ба?!
Қарным ашып барады,
қайда әлгі тамағы?
Нан да маған қарамай,
қашып жатыр жағалай.
Болды мынау маған мұң.
Жан-жағыма қарандым,
бөлмесінен мамамның
қисық аяқ қолжуғыш
шыға келді шойнаңдап,
басын шайқап ойланды-ақ.
Айтты сосын ол маған:
"Кір сасыған оңбаған,
жуынбайтын шошқадай
тұрсың, міне, оқсамай.
Үсті-басың қара май,
бетің сия жағалай.
Мұнша неткен кір едің,
айнып кетті жүрегім.
Қарашы анау қолыңа,
қол дейсің бе соны да?
Төгілгенде таң нұры
жуынады барлығы:
мысықтар да, тышқан да,
өрмекші де, құстар да.
Қоңыздар да біледі,
тап-таза боп жүреді.
Жалғыз сенің кескінің
кір-қожалақ, жексұрын!
Көріп сасық желкеңді,
киімдерің жиіркенді.
Жуынуды білмейсің,
тап-таза боп жүрмейсің.
Қолжуғыштар елінің
бастығымын мына мен.
Меніменен достассаң,
аппақ болып шығар ең.
Дауыстасам болғаны,
солдаттарым жетеді,
қолжуғыштар қорғаны
қаптап сені кетеді.
Сыңғырлайды, шулайды,
бір орында тұрмайды.
Анау кір-кір басыңды,
жабағыдай шашыңды –
бәрін суға малады,
бәрін суға малады,
ақ көбікке салады!"
Сол-ақ екен қарғыды
жөкелердің барлығы,
әйда, мені ысқыла,
әндетеді ысқыра:
"Кір баланы мына біз
аппақ етіп жуамыз!
Қазір, қазір бұл әлі
тап-таза боп шығады!"
Сабын да кеп қасыма,
жармасты ғой басыма!
Төгіп жатыр көбікті
су көрмеген шашыма.
Арқамды ысқан шөткінің
көрдіңдер ме өткірін!
Бұлқынсам да қарамай,
мені тіпті аямай,
арқамды осып барады-ай!
Тістегенде денемді,
шыдамадым мен енді:
қашып шықтым далаға.
Ол да бірақ қала ма –
қуып берді соңымнан,
ұстап алды қолымнан.
Баққа бардым жүгіріп,
о да келеді ілініп.
Бұ не қылған керемет,
қалмай қойды, не керек!
Алдымыздан қос қызын
жетелеген паңданып
қолтырауын дос біздің
шыға келді таңданып.
Қара мына сұмдықты –
қолтырауын тым мықты:
мені қуған жөкені
қарғадайын қылғытты.
Сосын маған ақырды,
бар ашуын шақырды:
"Жоғал тез!— деп жекірді,-
айғыз-айғыз бетіңді
енді көрсем, қылғытып,
қоям сені бір жұтып!"
Үйге қарай зыттым кеп,
енді мен де біттім деп,
қолжуғышқа тығылдым,
айғыздарын мұрынның,
сияларын бетімнің
сабынменен кетірдім.
Аямадым сабынды,
барлық кірім арылды.
Жүр ем сатпақ-сатпақ боп,
шыға келдім аппақ боп.
Сезбей қалдым — шалбарым
жаныма кеп қалғанын.
Самса жетті сосын кеп:
"Жеші мені, досым",— деп.
Көріп аппақ түрімді,
нан аузыма тығылды.
Кітабым да күлімдеп,
дәптерлер де біріндеп
келіп жатыр жүгіре,
қарап аппақ түріме.
Кітаптарым қуанып,
билеп те жүр бұралып.
Осы кезде жаныма
жетіп келді тағы да
қолжуғыштай батырың,
күліп қояды ақырын,
сүйсінгеннен шаттанып,
сүйді мені бас салып:
"Кір-кір болып жүр едің,
аппақ болдың, балақай!
Енді екеуміз — білемін –
дос боламыз, алақай!"
Хош иісті сабынның
көбігіне малындым.
Тісімді де тазартып,
барлық кірден арылдым.
Тап-таза боп жүргенің
қандай әсем, жақсы-ақ,ә?!
Жуынбасаң күнбе-күн,
ұят, ұят, масқара!
Рақат қой шомылған
айдындарда балықтай.
Моншада да, үйде де
жуынамын жалықпай.
Шомыламын күнде мен,
тамаша екен бұл деген!
Балақайлар, бәрің де
дос болыңдар суменен!
1982
ФУТБОЛ
(Тәжік ақыны Г.Сафиевадан)
Айқай-шу біздің көшеде,
шапқылап жүрген балалар.
Доп қумай бала өсе ме,
қара тер бәрі, қарап ал.
Ұрсады бірі: "Шегінбе!"
"Тепсеңші, ей, енді бұлданбай!"
Бахром қорған шебінде
біреуді іздеп тұрғандай.
Алаңдап тұр ғой, қарашы,
қақпашы біздің Камал ма?
Ә, білдім… жоқ қой, шамасы,
капитан Әзім алаңда.
Тағы да ұйқтап қалдың ба,
қайдасың,Әзім? Сұмдық та!
Жеңілсе елдің алдында,
көрінер қайтіп бұл жұртқа?!
Жинады Камал достарын:
"Алаңды тастап аттама!
Жеңіске үлес қосқаның –
доп салсаң қарсы қақпаға.
Бафо тым қатты соғады,
Бахром, сақ бол — алда сын.
Алдап та кетеді ол әлі,
қорғаусыз алаң қалмасын.
Бұл жолы тағы жеңілсек,
Майра апай бізге күледі.
Болар деп жалқау, еріншек,
мазақтап ылғи жүреді.
Кетіңдер дейді далаға,
ауладан орын бермейді.
Қаламыз сүйтіп табаға,
балалар бізге ермейді. ***
Алардай мұннан керегін
үлкен де келген, кіші де.
Сиқыр ғой футбол дегенің
бермейді маза кісіге.
Майра апай өзі бастаған
жанкүйер қанша көп еді!
Ұйқысын әлі ашпаған
Әзім де шауып келеді.
Ойын да кетті басталып,
қадалда көздер қырағы.
Бірінен бірі жасқанып,
қорғануменен жүр әлі.
Ауланың кәрі, жасы да
тып-тыныш отыр кереңдей.
Күтеді голды асыға,
содан бір пайда келердей.
Біреулер ыза кернеген
"Соқсаңшы-ей!" дейді кіжініп,
ойнамай біреу терлеген,
өзінен өзі қызынып.
Келеді бір қарт адам да
бойымен ілбіп көшенің.
Жақындап қалды алаңға,
жетелеп жаман есегін.
Арқаға таңып қоржынын,
қолына таяқ алыпты.
"Не болды,— деді ол,— бүгін?"
Бұрылды, көріп халықты.
Кекшиіп есек жүрмеді,
жармасып шөптен бас алмай
(тамақ қой оның білгені,
дүлдүлдік қайда асаудай).
Қария кейіп кетті де,
салып кеп қалды басына.
Шыдамай мынау тепкіге,
ақырды есек ашына.
Балалар бәрі сесті үнге
аңырып қалды соншама:
Елейтін емес ешкім де,
ауызға шыбын қонса да.
Камал да біздің таңданып,
қақпасы қалды бір жақта.
Қарсылас тұрды қамданып,
оқсатып бір гол ұрмаққа.
Сөйткенше болмай, қақпаға
соғылды бір гол. Зу етті.
Бұл не боп кетті, масқара!
Жаралап кетті-ау жүректі!
Ұйқыдан жаңа тұрғандай,
Камал да допқа жармасты.
Қақпашы қылмыс қылғандай,
үнсіздік шумен алмасты.
Әдемі болды-ау мына доп,
Пеленің өзі тепкендей.
Қақпашыда да кінә көп,
өзі тұр қайғы шеккендей.
Шыдай алмады бұл жолы,
Майра апай тұрды орнынан:
— Есептелмейді бұл голы!-
деп еді,
шуға толды маң.
Бафоның келіп достары,
айқайлап шатақ іздеді.
— Керілдеспеңдер босқа әрі,
жеңіске жеткен біз!— деді.
Туларын алып қураған,
қарсылас кетті мақтанып.
Әзімдер тұрды ызадан
жарылуға тек шақ қалып.
Қарт цыган тұрды. Тағы да
айқайлады есек қаттырақ,
Маша апай келіп жанына,
сыбады шалды жақсылап:
"Ауырып өлгір шешектен,
тыным жоқ екен саған да!
Жер құшып қалғыр есекпен
келесің неге алаңға?
Есегің мына бүлдірді,
жоқ енді саған кешірім.
Жеңіліс біздің бұл күнгі –
есектің, сенің кесірің!"
Жарқырап аппақ тістері,
Цыган шал тұрды мұңайып.
Бұл есек қылмыс істеді,
тартуға тиіс шын айып.
— Ендеше, мұны, ағайын,
жояйын барып қазір-ақ.
Тек мен де ойын қарайын
сендермен бірге азырақ.
Футболды керім ұнатам,
жатырқап, мені қумаңдар.
Араңда жүрген бір атаң
болайын мен де, туғандар!
Аяныш тұнып жанарға,
Маша апай оған қарады:
— Келіп тұр,— деді,— алаңға,
қызықты ойын бар әлі.
Есекке енді алданба,
Қызықты ойын әлі бар.
Адал дос бола алғанға
ортадан орын табылар.
Қоймаса есек айқайды,-
деді апай,— көзін жойсаңшы.
Ұқпаған кезде айқайды
құлағын тартып қойсаңшы.
Құлағын қағып қалбақай,
ұққан жоқ сөзді жануар.
— Атың кім, ағай? — деді апай.
— Есімім менің — Данияр.
Ертең де осы алаңда
боларын ойын білді ол да.
Данияр ағай қарауға
келетін болды футболға.
Кешіріп есек айқайын,
достасты бәрі жарасып.
Доп құмар әлгі бар қауым
үйді-үйге кетті тарасып.
Келесі күні қалада
гулесіп халық жүр бәрі:
команда құрған балалар,
футболды аула туралы.
Талайлар оған бармақшы,
ойнайды дейді тағы да.
Анау бір үйдің ауласы
нан дүкенінің жанында.
Жарнама ілген, қараңдар,
болады футбол алаңда.
Біреуі оның балалар-
"Жас тұлпар" атты команда.
Тәртіптің мұнда бәрі бар,
ойынды бұзған кетеді.
Майра апай және Данияр
төреші болмақ екеуі.
Күнәсін жуды кешегі,
есек те асты пайдаға.
Данияр мініп есегін,
хабарлап жүрді айнала:
— Келіңдер футбол қарауға,
шақырып жүрміз бәріңді.
Шығады ертең алаңға
мықтылар біздің кәдімгі.
Ұшады Камал қақпадан
доп келіп қалған кезінде.
Дәл бұлай тіпті қақпаған
Лев Яшиннің өзі де.
Алаңда Әли шапқанда,
өзі де допша домалар.
Жеңіліп қалған шақтарда
мұңайып жүрген жоқ олар.
Доп тисе оған болғаны,
кетеді бәрін сұлатып.
Бахром соққан голдары
пілді де кетер құлатып.
Душанбе жақты бетке алып,
ойынға мынау есті алған
жиналып жатты көп халық
Варзоб пен Рамит, Гиссардан.
1982
СТОЛ АСТЫНДАҒЫ ҒАЖАЙЫПТАР
(Мирослав Валектен, Словакия)
Жақсы көрсе кітапты,
сатып алып беріңдер!
Ол кітапта әкем бар, мамам да бар, сеніңдер.
Бета апай мен Катька да (мен ғой — ұғып ал мұны!),
Дунчо деген итіміз — сол кітапта барлығы.
Бета апай мектепке күнде барып жүреді,
ол ендеше не түрлі әріптерді біледі.
Көктемде де жазады,
жаз бойына жазады, жазудан бір тынбайды,
шаршамайды ғажабы.
Әр әріпке мен үшін сурет те ол салады:
А — дегенің баспалдақ біз бәріміз білетін,
К — дегенің көкқұтан шабындықта жүретін,
С — сиыр ғой, біздерге сүт берсе екен шамалы-ақ,
Дунчо оған әлден-ақ үріп жатыр абалап.
Дунчо үргіш болғанмен, күзете алмас сиырды,
саулығы үшін біреудің жауап беру қиын-ды.
Дунчо екеуміз ойнаймыз, дәмді ас берсе иеміз,
екеуміз де шалжиып ұйқтағанды сүйеміз.
Бірлік санын жазамын,
қаламымды қолға алам.
«С» әрпін де саламын —
жетіп жатыр сол маған.
Мен дегенің кім десең,
Катька деген бір қызбын.
Ал Дунчоны білмесең,
төбетіміз бұл біздің.
Шатырашты көйлегі
мынау мамам, нұрлы ма?!
Маған күле сөйледі,
киіндіріп тұрды да:
— Жаңғақ шаққыш
жоғалды —
сарайды сен аштың ба?
— Жаңғақ шаққыш...
Ол әлгі
жатыр стол астында.
Терезесіз, төбесіз
диірмен деген сол ма еді?!
Тек есігін көресіз,
ұнтақтайды ол нені?
Жерді жапса қыс-торғын,
сонда ойнаймыз жиі біз —
Бөлмедегі столдың
астында ол үйіміз.
Құлағынан бұраңыз —
диірменіңіз зырлайды.
Біз таңданып тұрамыз,
білмейтінбіз бұл жәйді:
сосын...ғажап!
Кісілер
қойғандай-ақ қоралап,
шыға келді ішінен
алтын жаңғақ домалап!
Төрт доңғалақ — аяғы
бар екен-ау! Көріңіз:
алтын күйме баяғы,
Шын айтамын, сеніңіз!
Кете берді (Түс мүлде!)
құйттай аттар жегіліп.
Тоқта, жаңғақ!
Үстіңде
отырған кім керіліп?
Ханым болар бір керім.
Қайда барар? Үйге ме?
Патша ма әлде? Білмедім.
Кім бар алтын күймеде?
Бізге тоқтай тұр, шегін,
алтын жаңғақ, дамылда!
Үстіңдегі кім сенің —
патша менен ханым ба?
Дунчо қарап тұр маған,
Айтшы, жаңғақ, нең кетер?
Саған мініп зырлаған
әлде, әлде...мен бе екем...
Сездіргендей пиғылын
Дунчо маған бас иді,
бұлғаңдатып құйрығын,
сосын жағын қасиды.
Ал мен! Зулап барамын!
Алтын күйме самғатты.
Құз бен ағаш, қамалың
тоқтата алмас жаңғақты!
Зулап алға самғаңдар,
күйме жеккен аттарым!
Күтсін мейлі алдан жар –
тек тұяқты сақтағын!
— Катька! Катька! Жетер, тр-р...
Тұрдым тоқтап, бұл кім деп.
Күлімсіреп әкем тұр:
— Түскі асқа жүргін! — деп.
Қайда кетті жол әлгі,
алтын жаңғақ, аттарым?
Жоқ боп кетті,
жоғалды...
Іздеп-іздеп таппадым.
— Қайдағы жоқ ойынды қайдан тауып қаладың? Көзіңді сүрт, қой енді, тамағыңды іш, қарағым!
Балақайым әп-әсем,
ыстық сорпа, сүт, міне!
— Қоя тұршы, папа, сен, түсінбейсің түкті де!..
ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ТАМАША
ПОЕЗД
Кім ысқырып мақтанған,
бұзақының бірі ме?
Қара күйе жаққан ба —
қараңыздар түріне!
Көзі жарқ-жұрқ, о несі?—
дем алады ысылдап,
сарт-сұрт етіп денесі
зәремізді ұшырды-ақ.
Ұшқын шашар саған мың,
жанығандай шалғыны.
Оған жақындағанның
ысқырады барлығы:
каникулда ауылға
бара жатқан бала да,
суға түсіп, дауылға
кеуде тосқан жағада
балалардың барлығы:
тентегі мен жалтағы,
сепкілі мен тарғылы,
дударбасы, аңқауы,
жуасы мен салқамы —
ысқырынған поездың
қосылады әніне —
ысқырады бәрі де.
Терезеден қара: жол
қашып барады далаға,
паровоздан қала ма —
ызыңдайды бағана.
Тас қараңғы айнала,
түнек-түннің көзінде.
Қорқып тұрған қай бала?
Ысқыр онда өзің де!
МОТОРОЛЛЕР
Соған мінгім келеді,
зулап жүргім келеді.
Тіпті үшеуін алар ем:
мектебіме — бірімен
ә дегенше барар ем;
екіншімен — күнімен
талай сайран салар ем;
үшіншіні мектептен
үйге мініп қайтар ем.
Мама, сатып ал маған,
ұстап көріп байқар ем.
Бұзып өзін ақтарып,
жасар едім қайта мен!
САМОЛЕТ
Самолетке мінсем мен,
көк аспанда сайран салып жүрсем мен,
көрер едім: көкжиекті жолымнан
теңіз сынды найзағайлар шомылған.
Бұл самолет мазамды әбден кетірді,
ырылдайды қабаған ит секілді.
Бізді қойшы, ызыңына көнелік,
қорыққаннан аспан кетті көгеріп,
қалтырайды тұрғызғандай бұрышқа,
самолет-ау, ал осының дұрыс па?
Ол біресе жұлдыз сынды шаршаған,
құйттай жұлдыз, ал үстінде қанша адам!
Жоқ! Самолет қыран құс қой самғаған!
Тынысташы, дем алмайсың, таңданам.
Отыршы бір аяғымның астына,
болды, жетті. Қонасың ғой? Жақсы ма?
Дір-дір етіп тұрып алды, ұшпайды,
көк аспанның түймесіне ұқсайды,
қонар емес — тегі көкте қыстайды.
КЕМЕ
Жүзіп, міне, барамыз,
үсті деген қиялдай!
Қарны бар ғой, қараңыз –
он поез да сыярдай.
Айқайынан адамдар
Зәресі ұшып қашардай,
Үстінде үлкен алаң бар,
Демалып, той жасардай!
Бөлмесінің саны жоқ:
тіс жуатын, ойнайтын,
жататын...е-е, тағы көп —
ұйқтайтын да ойлайтын.
Ұйқысырап онда да
төсегіңнен құлайсың.
Бассейні бар жаңа,
суы мөлдір, лайсыз.
Соның бәрі жетпей ме
дем аласың жайланып.
Қызық мұнда,
тек кейде
кетер басың айналып
ТРОЛЛЕЙБУС
Сала құлаш
созғанда
мойнын көрші дұрыстап,
мұндай күшті қол бар ма –
от шашатын уыстап?
Адамдарға мұншама
кімнің жаны ашиды —
сымға ілініп тұрса да,
үйді-үйіне тасиды.
Қалмайын деп әлгіден
жүгіріп ем,
ал бірақ
жол бойында қалдым мен,
троллейбустан қалжырап!
АВТОМОБИЛЬ
Дөңгелегі болмаса,
зырыл қақпай жолдарда,
асықпай-ақ онда аса
жүрер ме еді орманда?
Сонда қызық болар-ды,
шөптей болса шынында.
Жазып қойса: «Оларды
болмайды,— деп,—
жұлуға!»
Мүмкін емес ол деген:
адам неге мінеді?
Кім зулайды жолменен,
иттер кімге үреді?
Көздері әйнек не түрлі,
машинаға бәрі айқын.
Бейне дәрігер секілді
рентгенмен қарайтын.
Тек... жүріспен мынандай
тозып аяқ, табаны,
төсегінен тұра алмай
сырқаттанып қалады.
ВЕЛОСИПЕД
Ұшып түстім. Оңбадым.
Біздің класс түгелімен түңілді.
Құлап жатқан мені көріп жолдағы
бір бейтаныс ағай маған жүгірді.
Құлағанды сонша ерсі көрді ме —
көше түгел қоршап алды келді де.
Жының келіп кетеді ғой ондайда —
тұра салып қарғып міндім сол бойда!
Ролик пе? Қызық емес ол аса,
велосипед тебе білген тамаша!
ТРАМВАЙ
Нені ойлайды трамвай?
Көк бешпетке құмар ма?
Бір орында тұра алмай,
даңғыр-дүңгір — жүре береді шығанға.
Ылғи қызыл — кигені,
сыңғырлатып вагондарын сүйреді.
Дауысынан тас көшелер безініп,
сырқаттанды қаланың бар үйлері!
Ызыңдайсың басын шағып бар жердің,
құралындай тіс емдейтін дәрігердің.
Түк ұқпаймын
аспан қайда, жер қайда.
Қоңырауын тағып алып маңдайға
трамвайлар күні бойы зуылдар.
Ал жүргенде мықтап ұстап тұрыңдар!
ҚҰСТАР ҚАЙДА ТҰРАДЫ
ТОҚЫЛДАҚ
Тұрар мекен таппайды,
кез келген жер жақпайды.
Тоқылдатып ағашты,
үй жасайды жарасты.
Кірсе, жайлы қонысы,
басқа әлеммен жоқ ісі. Бұта жанын қинады-ау: — Асхана жоқ, үй бар-ау,
төріме шық — бағамын,
барым осы, қарағым!
ҮКІ
Таң атса-ақ, шатырдың ішінде
отырып, күнімен мүлгиді.
Тышқанды көре сап түсінде
үкі оған: «Кел маған, жүр!»—дейді.
Ал тышқан зырылдап қашады,
үкінің маңына жоламай.
Күн бойы қалғиды, аш әрі,
ұшуға жайы жоқ, обал-ай!
Күн түссе, таба алмай жай, жемін,
отырар жек көріп жарықты.
Ұқыпсыз екен — көзәйнегін
байқамай жоғалтып алыпты.
ШЫМШЫҚ
Басқа үйге де қонады,
жатсынбайды неге деп.
Ұйқысы да қанады,
түстер көріп керемет.
Жаңбыр қандай бүгінгі —
дән жауып тұр. О неден?
Естисіз бе дүбірді —
тас төккендей төбеден.
Шымшық отыр шерменде,
басып алып құлағын:
«Дән тізеден келгенде,
мен орнымнан тұрамын».
Жаңбыр бірақ тоқтар ма —
тасырлап тұр. Қарқынды-ақ.
Дән төгілді бақтарға
мөлдір мұздай жалтылдап.
САУЫСҚАН
Әсем айлы түнде де,
шуақ шашқан күнде де
ұясынан бір шықпай,
отыр қалай тұншықпай!
Аяй ма екен көйлегін —
көйлегі оның — ой, керім!
Алтындаған пүліш пе,
ұқсай ма әлде күміске —
жарқылдайды алыстан.
Сен байсың ба, сауысқан?
Шықты: үстінде — бұл неге
ала-құла бірдеңе!
КІШКЕНТАЙ БАЛЫҚШЫ
Тайыз суға қарайды,
балықтарды санайды:
— Кел, балығым, бекерге
тұмсығыңды көтерме!
Сонша кімге керексің?
Сонда неге ерексің?
Балық қорқып қорлады.
Кел, қорықпа!
Мен-дағы
шын балықшы емеспін —
құйттайымын болғаны.
ҚАМЫС ТОРҒАЙ
Арасынан ну қамыстың
себет көріп, қолға аласың.
Қалпағындай күнбағыстың!
Кім өрген деп таңданасың.
Бұл торғайдың өнері екен
жасар салып жаны, күшін...
Ол себетті өреді екен
жұмыртқасын салу үшін.
Тыным көрмей жанығасың, қанша себет сенде дайын!
Бәрін бірдей не қыласың —
базарға әкел, мен де алайын!
САРЫ ШЫМШЫҚ
Көктемдегі жылу қандай!
Тек көбірек шыбын болғай!
Күледі жұрт неге бәрі?
Жерге шыбын себеді әлі.
Шыбын көрсем, бір-ақ қағам!
Сенбейді ешкім бірақ маған.
Мейлі!
Шыбын қаулар әлі!
Тек... Неге осы қар жауады?..
Қардан ертең не шығарын
білем, соған асығамын.
Піскенше егін... азап шегем.
Жазда... сол ғой ғажап деген!
ҚАРЛЫҒАШ
Фрак киіп шығады,
балшық үйде тұрады.
Зағип жан да көреді:
саздан өзі өреді
қабырғасын үйінің,
бүлдіреді киімін.
Сабын да жоқ жууға,
бірақ жайлы тұруға:
тыныш, құрғақ үйде осы,
шыбын — оның сыйлы асы.
Жауын жауса тынымсыз,
ол отырар түк үнсіз.
Жалынбайсың басқаға —
үйің болған жақсы-ау, ә?!
ЖОРҒАТОРҒАЙ
Жорғаторғай қонақта
«Әншімін» деп көпірді.
Қалаш сыйлап,
оған жұрт
«Ән салшы!»—деп өтінді.
Шыңғырды ол керемет,
құйрық жүні ұшқанша.
Жұрт таңданды: «Неге,— деп,
шиқылдайды тышқанша?!»
МЫСЫҚТОРҒАЙ
Ысқырады бір әнді
әуезі жоқ, сазы жоқ,
қайғысы жоқ, жасы жоқ,
аяғы жоқ, басы жоқ.
Ән дегені — ысқырық,
тоқтамайды ышқынып.
Қонып алып шыршаға,
қарар емес сынса да.
Жараспайды мақтанып
ысқырғаны мұншама!
ТОЙҒА ШАШУ
ЖАР-ЖАР
Жігіттер:
Гүл-еріндер бақыт боп,
қона берсін, жар-жар.
Күнде осындай той-думан
бола берсін, жар-жар.
Кел, ағайын, қосылып
ән салайық, жар-жар.
Жұбайларды қөңілді
қарсы алайық, жар-жар.
Қыздар:
Бір бұлақтан нәр алған,
күннен еміп, жар-жар,
Бір бақшаның таранған
гүлдері едік, жар-жар.
Жігіттер:
Бір бұлақтан нәр алған
гүл едіңдер, жар-жар.
Жігіт үшін жаралған
гүл-еріндер, жар-жар!
Қыздар:
Жігіт деген "құрғырың"
бұзық-ақ-ты, жар-жар.
Бақшамыздың бір гүлін
үзіп апты, жар-жар.
Жігіттер:
Құлыншақты жасқама –
тай болады, жар-жар.
Жалғыз гүлің бақшаға
айналады, жар-жар.
Қыздар:
Жігіт деген бұзығың
шалыс басқан, жар-жар.
Қызды ауылдың қызығын
алып қашқан, жар-жар.
Жігіттер:
Шеттеріңнен гүл-ерін,
нұрдайсыңдар, жар-жар.
Сендер жігіт жүрегін
ұрлайсыңдар, жар-жар.
Бәрі қосылып:
Жас отаудан қашанда
ән таймасын, жар-жар.
Жас көңілдер мәңгілік
қартаймасын, жар-жар.
Күйеу жігіт ешқашан
шал болмасын, жар-жар.
Жас келіннің жүзіне
шаң қонбасын, жар-жар.
1980
БЕТАШАР
Ау, ағайын, ағайын!
Домбырамды алайын,
Күмбірлетіп қағайын!
Бүгін біздің ауылға
қызығыңдар талайың:
таңдай нұрлы көзі бар,
балдай тәтті сөзі бар,
қылығына қарасаң,
өзі шекер, сөзі бал;
жаздай жайлы жамалы,
қиылған қас, қабағы
келін елге бақ болар,
құтты болса қадамы,
ал жақындап келіңдер,
бет ашамын — көріңдер
айдай келін баланы!
Ел ардақтар сыйлыны,
көңіліңе түй мұны.
Басқа ауылдың бір гүлін
бұл ауылдың сүйді ұлы.
Қызға келін болу хақ,
бұл да — Алланың бұйрығы!
Осы ауылдың ағасы,
асқар таудай панасы,
елдің алтын жағасы –
үй болды деп немерем,
жайраңдауын қарашы –
анау тұрған қарт атаң,
сыйлап, жақсы көргейсің,
иіліп сәлем бергейсің!
Қырау шалған самайын,
қадір тұтқан ағайын
анау әжең өсірген
жайсаң ұлдың талайын.
Бағам деп жүр әлі де
шөберемнің талайын –
әжемізге бір сәлем!
Елдің даңқын асырған
қайын атаң бір асыл жан,
аярым жоқ ұлдан деп,
осы тойға шашылған –
қайын атаңа, келінжан,
иіліп сәлем еткейсің!
Ұл мен үйдің бейнетін
жастайынан көп көрген –
қайын енеге сүйкімді
бола алмасаң, көктер ме ең?
Осы тойды армандап,
талай түнін өткерген
қайын енеге бір сәлем!
Анау Асқар қайнағаң,
қайнаға да — сайлы адам.
Сыйлап жүрсең үлкенді,
аялайды айналаң,
қайын ағаға бір сәлем!
Келген мынау текті елің,
келген елді жатырқап,
уайым-қайғы шекпегін.
Сыйласар да сырласар
абысының көп сенің.
Келіндікке үйретер
солар болар мектебің.
Әр отаудың әріне,
ағалардың сәніне –
абысынның бәріне
жас келіннен бір сәлем!
Тал шыбықтай бұралған,
шашын өріп сыланған,
ат қояд деп жас жеңге,
бәрі бірдей қуанған –
гүлдей қайын сіңлілер
өзіңменен бір жүрер,
бірге ренжіп, бір күлер,
сіңлілерге бір сәлем!
Бұл ауылдың ұлдары
жұрт қызығар тұлғалы,
жеңгемізді көрсек деп,
көрімдігін берсек деп,
қайныларың –қорғаның,
қайың, талды орманың,
сен де абысын боларсың-
ойластырғын сол жағын,
қайныларға бір сәлем!
Ал, келінжан, келінжан,
сүйкімді бол еліңе,
жарасты бол теңіңе!
Келін — алтын босаға,
келін сырлас, дос, ана,
береке бол, бақыт бол
мынау келген жеріңе,
құшақ ашқан еліңе!
Қадамыңа гүл біткей,
құттықтаймын сені де!
1978
ҚАРИЯЛАРҒА БАТА
Түндерің тыныш болсын,
үйлеріңе ырыс толсын!
Келіндерің есті болсын,
ұлдарың сесті болсын.
Балаларың қуаныш әкелсін,
немерелер жұбаныш әкелсін.
Орындарың төр болсын,
дастарқандарың мол болсын!
Қатарларың көп болсын,
уайым-қайғы жоқ болсын.
Жастардың қазасын көрмеңдер,
зұлымдардың жаласын көрмеңдер!
Еліңде бірлік болсын,
жарасты тірлік болсын!
Әумин!
1989
ҰЛ БАЛАҒА БАТА
Жүсіптің дидарын берсін,
Мұхамбеттің иманын берсін,
жаныңа даланың кеңдігін берсін,
Әзірет Әлидің ерлігін берсін,
Абылайдың байрағын берсін,
Бауыржан батырдың айбарын берсін!
Еліңе ырыс-құт орнасын,
жеріңе тыныштық орнасын!
Өсек-аяңның құрбаны болмасын,
озбырлардың шұлғауы болмасын!
Алыс жолдарда,
қалың орманда,
тайғанақ құздарда,
шатқалда, мұздарда
көлденең келер қазадан,
жазықсыз төнген жазадан
әулие-әмбиелер қорғасын,
ата-баба, аруақтар қолдасын!
Әумин!
1989
ҚЫЗ БАЛАҒА БАТА
Талдай бой берсін,
сұңғыла ой берсін,
жаздай жамал берсін,
таңдай жанар берсін!
Анаға шуақ болсын,
ағаға қуат болсын,
нәзік жаны болсын,
елінің ары болсын,
басына өнердің бағы қонсын,
ақ орданың шамы болсын!
1989
ЖАС ЖҰБАЙЛАРҒА БАТА
Сезімнің пәктігін берсін,
көңілдің ақтығын берсін,
жылулы от бастарыңа
сәбидің шатты үнін берсін!
Пейілдерің тарылмасын,
есіктерің жабылмасын,
шаршап-шалдыққандар
төрлеріңде дамылдасын!
Көлденең кесектен сақтасын,
күңкіл өсектен сақтасын,
дау-жанжалдан сақтасын,
достан қөңіл қалғаннан сақтасын!
Шайтанның азғыруынан,
елдің жазғыруынан сақтасын!
Асып-тасқаннан сақтасын,
алшаң басқаннан сақтасын!
Отауларың елге сән болсын,
өмірлерің бал болсын,
Бибі Фатима анамыздың
аруағы өздеріңе жар болсын!
1990
ЖҮРЕГІМ ӘН САЛАДЫ
ӘНІҢДІ МЕ, БІЛМЕЙМІН, ӨЗІҢДІ МЕ…
Елжіретіп жанымды дірілдеген
сенің әнің сақталды жүрегімде.
Алыстасың, амал не, бүгін менен –
сағынсам да, қайтейін, жүремін де…
Ән аңсамай жүретін, пәлі, мен бе –
естіп жүрмін талайын сен кеткелі:
әншіден бе болмаса әнінен бе –
жүрегімді бірі де тербетпеді.
Сабырлылық күшті ғой деп жүр едім,
жеңеді екен сағыныш төзімді де.
Аңсағандай, әйтеуір, жан-жүрегім
әніңде ме, білмеймін, өзіңді ме…
1965
ТАҒЗЫМ
Домалақ ана туралы ән
Ұлына нұр дарытқан,
қызына жыр дарытқан
ұлы Ананың шуақты шапағаты.
Талпындырған кеңдікке,
талпындырған елдікке
анамыздың киелі махаббаты.
Қайырмасы:
Ана — ғұмыр, Ана — Күн.
Дана қызы Даланың –
ұрпағына адамдықтың нәрін құйған киелім, | 2 рет
аруағыңа тәу етіп, бас иемін! |
Тамшысындай қаныңның,
діріліндей жаныңның
дидарыңның ізі бар келбетімде.
Дәстүріңді ғұмырлы,
қылығыңды, жырыңды
жалғастырып келемін Жер бетінде.
Қайырмасы.
Шаттанғаным, күлгенім –
өзің жебеп жүргенің,
куәсіндей жүрегімнен туған ән.
Сөндірмеймін шамыңды,
шырқатамын әніңді,
тамырымды қаның барда тулаған.
Қайырмасы.
1990
НАУРЫЗ ӘНІ
Көктемім — көркем арманым,
махаббат, мөлдір таңдарым.
Наурызым жақса шамдарын,
жайдары, жарқын жан-жағым.
Қайырмасы:
Наурыз, наурыз — жаңа жылым,
наурыз, наурыз — лала гүлім,
жанымды тербеп барады үнің!
Наурыз, наурыз — жаңа жылым,
наурыз, наурыз — лала гүлім,
жайнаған жастығым, балалығым!
Көк жасыл көйлек қырларда,
көктемгі үміт — сырғаңда.
Алғашқы махаббатымдай
нәзіксің нұрдан, жырдан да!
Қайырмасы.
Мейірім төгіп далама,
Жылу бер жанға, санама!
Наурыз — бағым, ырысым,
жерімді менің арала!
Қайырмасы.
ҰЛЫТАУЫМ
Қойылған ескерткіштей нұр күніме,
ұқсайтын туған жердің кіндігіне
киелі бір өлке бар қазағымда,
ту тіккен тірлігіме, бірлігіме.
Қайырмасы:
Тілімнің бесігі,
жырымның бесігі,
көңілдей кеңдігімен,
ерлігі, елдігі
жанымда өшпейтін, еңселі
Ұлытауым!
Ұлытау ұлылықтың байрағындай,
даламның алтын жалы, айдарындай.
Қастерлі, қасиетті тағдырымның
қалдырған тарихтарға айғағындай.
Қайырмасы.
Ұлытау — күн дидарлы сырлы аймағым,
сен жайлы шырқап салар тынбайды әнім.
Ата салт, ана дәстүр — қасиетіңнен
нәр алған суалмайтын жыр қайнарым.
Қайырмасы.
ҚЫЗДАР-АЙ
Ажары көктемдегі ашық таңдай,
жарқырап жанарыңды жасытқандай.
Еркелеп, мың бұралып назданғанда,
қай жігіт тұра алады ғашық болмай?!
Қайырмасы:
Әй, қыздар-ай,
гүлдейсіңдер,
жүрмейсіңдер
ғашық етпей!
Сендерсіз өмір бізге
ұқсайтын қоңыр күзге
қасіреттей.
Әй, қыздар-ай,
сендерсіз жүреміз
біз қалай?!
Дүниеде қыз жүрмесе сылаң қағып,
өмірің кетер еді-ау тұманданып.
Жігітке ғашық болмай жүру — күнә,
қу қыздар, асқақтайды мұны аңғарып!
Қайырмасы.
1991
АСПАН ӘНІ
Биікте жылылық та, нұр да басым,
табардай мәңгілікпен жыр жарасым.
Өртеген өн бойыңды отты дерттің
табарсың тек биіктен бір дауасын.
Бәріне көрінгеннің сен елтіме,
жіберме жігеріңді жел еркіне:
өртеніп кеткен көбі мықтылардың
шыдамай жан дертіне, жер өртіне.
Биікте — басқа мұрат, басқа жалын,
өресіз әуендердің таста бәрін.
Қатыгез тіршілікке сәуле сеуіп,
шырқа сен жүрегіңмен аспан әнін!
1984
ҚЫЗ СӨЗІ
Сенің от құшағыңда
дүниені ұмытып, талықсыдым.
Жүрегімді өртеді жан ыстығың.
Мынау байтақ далада тек екеуіміз
жүргендейміз айналып ғарышты мың.
Көзімді ашсам, шырын сәт көзден ұшып
кететіндей жанарды тарс жұмдым.
Сен жанымда жүрдің де,
жанарымды толтырдың жылылыққа
(жан жылуын балар ем ұлылыққа).
Тәттілігін сезіндім бұл өмірдің,
әр күніне тоймадым құнығып та.
Қайырымды да боп кеттім. Қатыгез жан
дірілдеген жүрекпен сыр ұғып па?!
Бірақ өзің айныдың.
Ұмыттың да жастықтың жұмақ күнін,
сен мысқылдап, мен-дағы жылап тұрдым.
Өмір деген бұрқанған дарияға
бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.
Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда
бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім.
1970
САҒЫНЫШ
Қиялым сен жақтарда,
Жүрегім алып-ұшып.
Отырам ел жатқанда
сені аңсап, жанып-ысып.
Қайырмасы:
Үмітпен келер деген
жолыңа қарайладым.
Тек маған сенер деп ем,
қайдасың, арай бағым?
Өткіздім тағы қысты…
көктем жоқ бұл көңілде.
Мендегі сағынышты
сезінбей жүргенің бе?
Қайырмасы.
1972
ҚЫЗ МАХАББАТЫ
Білмеймін:
жанарыңнан сыр ұқтым ба,
әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба –
өзің болдың, әйтеуір, бұл күнгі әнім,
көтеріп ап кетіп ең — бұлқынбадым –
әлде аймалауыңа құнықтым ба?!
Білмеймін:
құшағыңда дір еттім бе,
алып ұшып бара ма-ау жүрек мүлде…
Ойлағым да келмеді ештеңені,
күндіз бе әлде, білмеймін, кеште ме еді –
тек ұққаным — жан бірге, тілек бірге.
Білмеймін:
пәк сезімге мұқтаждау кезім бе еді,
сеніміңді көп болған сезінгелі,
сезінгелі, сені ойлап көз ілгелі…
Іңкәрлықтан, аяулым, тына көрме,
бақыт деген сәттерден тұра ма әлде,
онда өтіп кетпегей тез ілгері.
Сол сәтте
бұлтты аспаннан жарқ етіп қарады ақ Күн,
шуағына бойымды аралаттым.
Сезімімнің қақпасын дара қақтың.
Елжіресіп, ұғысып, сеніп бірге,
ағыл-тегіл сезіммен ерттің де,
өзің маған өзім боп бара жаттың…
1985
СЕНІ ІЗДЕДІМ
Жанымда сен жүргенде
дүниеден табылғандай ең керегім,
шаттықтың толқынында тербелемін.
Адамдар армандайтын бақыт деген
сен бе дедім.
Қайырмасы:
Өзіңменен
жүрегім егіз менің,
төзім жеген
түндерде көз ілмедім,
жаңартау — сезімдерім,
теңіз — демім,
жанымнан сені іздедім,
жаным-ау, сені іздедім!
Жәннаттай көрінгенмен,
жайлауда сән болмайды ел қонбаса,
жардың да қызығы жоқ тең болмаса.
Өмірден бар сұлулық көшетіндей
жанымда сен болмасаң.
Қайырмасы.
1976
ҚЫЗҒАНЫШ
Мен қайтсем екен?
Мынау денем өртеніп, барады ысып.
Кетсем бе әлде сандалып арақ ішіп?..
Менен гөрі бақытты-ау әркімдердің
итаяғын жалаған қара күшік.
Сенсіз өмір өмір ме? Құрысын бәрі!
Өлген артық мұнан да дала құшып.
Әлде сенің ызаңнан
қыз біткеннің барлығын қорласам ба?
Шашсам ба екен өмірді оңға-солға?
Бақ құсымды басқадан іздесем бе,
бағыма сен бұлбұл боп қонбасаң да?
Біреулерге бір күндік бақыт болып,
біреулерге қайғы боп орнасам ба?
Мынау қырсық дүние басар ма екен
қисық кеткен аяғын оңға сонда?..
Быт-шыт болды-ау
сонау менің ләззатты ай, күндерім.
Қайтсем енді басылар қайғым менің?
Астан-кестен етейін дауыл күндей
бұл тірліктің топас бір жай дүрмегін.
Болмаса, бір таңданар іс қылайын,
сонда анау жігіттен айныр ма едің?
Сонда маған о баста әліп-өшкен
оралар ма көңілің?
Әй, білмедім…
1971
ТҮСІМЕ КІРДІҢ ТАҒЫ ДА…
Түсіме кірдің тағы да,
қарағым!
Бермеді маза жаныма
азабың.
Күдерімді үзіп өмірден,
кетсең де жырақ өңімнен,
кетпедің бірақ көңілден.
Ұмытсам деп-ақ бұл жайды
тіледім,
басқаға мойын бұрмайды
жүрегім.
Шашқандай сәуле бағыма,
нәр беріп мұңды жаныма,
түсіме кірдің тағы да.
1989
МЕН САҒАН ҒАШЫҚ ЕМЕС ЕМ…
Сен үшін сонау алыстардағы елес ем,
осынша мені арман қып келдің неге сен.
«Сыртыңнан сүйіп жүретінімді сезуші едің ғой»
демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бас иген көп-көп бозбалаларға паңдана
асқақтау басып, бақытты болдым. «Сонда да
жан-жүрегіңді толтырар бір жан жетпей жүрді ғой»
демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,
сен екеніңді білген бе ем…
Әйтеуір, жаным, «бұл күнде менсіз жүре алмайсың ғой»
демесең,
мен саған ғашық емес ем.
1971
КӨКТЕМ-СЕЗІМ
Сағыныш көктемінің
жаныңнан өткені — мұң.
Сезімдер мұздақтанып,
жүрегің сыздап, талып…
Әйтеуір, баяғыдай |2 рет
жаныңда жоқ керім үн. |
Жұлдыздар нұрдай жанып,
кететін Күнге айналып.
Ал бүгін жарқылдамай,
қарайды салқын қалай?
Біздің де жанымыздың |2 рет
жылуы мұздай неғып? |
Бір кездер өліп-өшкен
сезімді көңіл өскен
еске алсаң, салқын ғана,
сенбейсің жарқылға да.
Сезімдер — ғұмыр мәні, |2 рет
көктемдей құбылмалы. |
ТУҒАН КҮН
Туған күніңмен,
туған күніңмен!
Мейірлі үніңмен,
зейінді түріңмен,
жастықтың құрдасындай,
шаттықтың сырласындай,
жарқылдап арамызда
жүре бер жылда осылай!
Кездерін асқақтаған, абайлаған,
көргендей көңіл деген шарайнадан,
шыр етіп бұл өмірге келген күні
ойланып өткеніне қарайды адам:
нені ектің, не қалдырдың кілем — жерге,
қиянат жасадың ба біреулерге,
болмаса жылағанды жұбаттың ба,
жақтың ба жігер отын жүдеулерге?
1989
ЖОҒАЛҒАН МАХАББАТ
Арманым сен едің,
ардағым сен едің.
Өзіңсіз өмірім
күнгейсіз деп едім.
Көрмесем жабығып,
сарғайып, сағынып,
өзіңмен бір еді
бал арман, ақ үміт.
Қайырмасы:
Күндер-ай сағынған,
жалындаған,
қызғанған, еркіме
бағынбаған.
Жоқ бүгін махаббат
арманым да.
Шынымен жоғалтып
алғаным ба?
Не дейін көңілге,
түсім бе, өңім бе?
Кінәлі кім бұған,
өзім бе, өмір бе?
Жайнайын тағы да,
нұр құйып таңыма.
Киелі сезімім,
оралшы жаныма!
Қайырмасы.
1991
СҮЙДІМ СЕНІ
Ұнатып ем,
гүл атып ем
орнағандай жаныма Күн.
Күйіп-жанған
сүю де — арман.
Сол кез әлі сағынарым,
жабығамын.
Жанып денем,
жаным деген
күндер есте, түн арбайды.
Сүйген жүрек
сені тілеп,
әлі ешкімге жұбанбайды,
жұбанбайды.
1991
БАҚЫТ ТУРАЛЫ ӘН
Жанарлармен тіл қатып,
жүректерді жырлатып,
сезім деген айдынға
мың бұлқынып, мың батып –
кездесу де бір бақыт!
Тамған жасты нұр-жақұт
еріндермен құрғатып,
ләззат пен аңсауға
ой-санаңды ұрлатып –
қоштасу да бір бақыт!
Елікпей еш жырға түк,
кірпік ілмей түн қатып,
іңкәрліктен үздігіп,
аңсаған да бір бақыт!
Қонса еді тек бұл бақыт!…
1972
МЫҚТЫ БОЛСА ҰЛДАРЫ…
Қызғалдақтай қырдағы,
қыз Құртқадай жырдағы
қыздар сұлу көрінер,
құтты болса құндағы,
алтын құндақ елінің
мықты болса ұлдары,
ұлдары асқар тұлғалы.
Қыздың көңілі жүдесе,
ақ босаға сынғаны,
босағадан басталар
ата-жұрттың шыңдары,
аласарса шыңдары,
аруақтардың ұрғаны!
Гүл семсе, жер қуарып дала сырдай,
елге сын-қыздар жүрсе бағы ашылмай.
Жігіттің несі жігіт
қыз баланың
қорғаны бола алмаса ағасындай?!
Қазақтың дарқан болса кең даласы,
бабасы — ер, сыйлы болған елге анасы.
Көз тартар хор қызындай арулары,
халқының есті болса ер баласы.
1991
ҚАРАКӨЗ АЙЫМ
Армандай ақ сезімнен жаралдың ба,
аққудай айдындағы тарандың да,
боранды Жаңатасты жадыратып,
жарқ еттің Шолпанымдай таң алдында!
Қайырмасы:
Қаракөз — арман ақ Айым,
сүйсініп саған қарайын,
мақтан ғып жүрсін өзіңді
алыс пен жақын ағайын,
ұлы бар барлық қазаққа
үлгі болғайсың, жан Айым,
Қаракөзжан айналайын!
Әрдайым ұяласын жаныңа ақ күн,
жұртыңды мінезіңмен жадыратқын.
Бағы бол, шаттығы бол, Қаракөзім,
осынау қасиетті шаңырақтың!
Қайырмасы:
Қаракөз — арман ақ Айым,
сүйсініп саған қарайын,
мақтан ғып жүрсін өзіңді
алыс пен жақын ағайын,
ұлы бар барлық қазаққа
үлгі болғайсың, жан Айым,
Қаракөзжан айналайын!
ЖАН КӨКТЕМІ
Бал сезім баурап алды бүгін мені,
нұр шашып Күн де маған күлімдеді.
Дүние таңғажайып әнге айналып,
тұрғандай жүрегім де жүгіргелі.
Қайырмасы: Келді ме жан көктемі –
құлпырды тау бөктері,
тербетті ән боп мені!
Жан көктемі,
нұрлы асқарға,
жұлдызды аспанға
самғат мені!
Әнімді ұғын сен де, кел, ардағым,
жанымның жалын күшін жеңе алмадым,
көрмеген көгілдір бір алыстарға
жетелеп бара жатыр мені арманым!
Қайырмасы.
1992
ДОС КӨҢІЛІ
Түк емес шарбы бұлттай даңқым, жебем,
сен менің болат бауыр алтын кемем.
Дүниеде түсінетін өзің ғана
мені бар жақсы-жаман қалпымменен.
Қайырмасы: Тағдырымдай,
бал ғұмырдай
қимасым, жанашырым,
жазатын жан жарасын
сен ғанасың –
байлығым, бар асылым.
Күлгенім өзгелермен кұлкі де емес,
көп жұрттың көңілінде күңкіл, егес.
Досың көп болсын дейді,
сендей достың
адамда көп болуы мүмкін емес.
Қайырмасы.
1992
АЛҒАШҚЫ СЕЗІМ
Сыбырлай сүйіп самал жел,
толқытты жанда несіне?!
Жұпарын шашып көгал бел,
шақырды кімді төсіне?
Өзенге әсем өң беріп,
жас қайың жайнап өсуде.
Жағада қайық тербеліп,
күтеді кімді есуге?..
Мүлгиді неге жас тал да,
күткендей ынтық сырларды?
Алтын ай қалқып аспанда,
айналам неге нұрланды?!
Құшағын кімге тұр ашып,
айлы түн мұнша сағынып?
Самалға тек қыз сыр ашып,
аңсады кімді жабығып?
Арманға толы жас жаны
тіледі кімді елжіреп?
Ұқпайды неге басқаны
өзімшіл асау өр жүрек?!
1971
ҚОШТАСУ
Әлдилеп ақ сүт берген қайран анам,
жан әкем жанарымен аймалаған,
қош, менің аяулы асыл әжетайым,
қарағым келеді деп, Ай қараған.
Қайырмасы: Қош, ауыл-құндағым,
балалық жылдарым,
достарым бір жүрген,
бір ойнап, бір күлген,
ертегі көктемім,
білмеппін өткенін…
Қыз-тағдыр осылай –
амалым жоқ менің.
Жеңгелер бал тамызған таңдайыма,
жапсырып жақсыларын тал бойыма,
аялап, еркелеткен ағаларым,
жүретін шаң тигізбей маңдайыма.
Қайырмасы.
Өсіп ем күміс күліп шашбауымда,
бұл тағдыр қыз балаға тасбауыр ма?!
Аттанып ақ ұямнан шыныменен,
жас келін атанам ба басқа ауылда?
Қайырмасы.
1990
КЕШІР МЕНІ…
Өзіңсіз жүре алмайды екенмін-ау,
көңілден кез болар ма кетер қырау…
Алдыңда кінәлымын, кінәлымын,
не керек өкінішпен бекер жылау.
Қайырмасы:
Өзіңсің есімдегі,
қинайсың несін мені.
Өзіңсіз өмір қырау,
өзіңсіз көңіл қырау.
Сүйіктім, кешір мені,
кешір мені.
Жанымды өкініштен жараладым,
сен бірақ ойланбадың, қарамадың…
Түсініп тұрсың ғой сен, қимасым-ау,
жазылмас жүрегімде нала барын.
Қайырмасы.
Сені де күйзелдірді мынау қайғы,
тіл қатшы тым болмаса кінәм жайлы.
Өзіңнен басқа мені ұға алмайды,
кешірмей сүйген адам тұра алмайды.
Қайырмасы.
ШЫҒЫСТАҒЫ АРУ ҚЫЗ
Жаралған ба ақ сезім, таңнан-нұрдан,
көрген адам қиялдай арман қылған,
бір ару бар Шығыста Тұрсындайдай,
өнерімен әлемді таңдандырған.
Қайырмасы:
Балғын дене, гүл шырай,
мүсінінің мінсізі-ай!
Шуақ шашқан Шығыстан
таңғы нәзік нұрсың-ай,
айналайын Тұрсынай!
Шыға келсе жарқ етіп, таң атқандай,
демің тартып қарайсың тағат қалмай.
Әр қимылы — әсем ән, әуезді ырғақ,
аққу жүзіп айдында баратқандай.
Қайырмасы.
Көзі қандай — еліктің жанарындай,
белі қандай — өріктің сабағындай!
Алма мойын, ай қабақ, ақша маңдай –
көріп пе едің сұлуды дара мұндай?!
Қайырмасы.
1990
ЗҮБАЙДА
Жатты да жақын етіп жанашырдай,
жаны кең қазағымның даласындай –
көз тартып көркі менен даналығы
баяғы Қыз Жібектің анасындай.
Әзіл қандай, ән қандай!
жаны жарқын, талғам бай.
Нұр төгілген жүзіңді
көрген адам таңданбай
шыдай ма, Зүбайда!
Ұғасың айтқызбай-ақ айтар жайды,
көрген жан ғашық болмай қайта алмайды.
Өзіңдей болса алтын босағасы,
қазақтың шаңырағы шайқалмайды.
Әзіл қандай, ән қандай!
Жаны жарқын, талғам бай.
Дидарыңды көрген жан
тұра алмайды таңданбай.
1992
ЖЕҢГЕЛЕР
Жаныма жаны жақын ағадан да,
сырды ұғар қабағымнан қарағанда.
Әзілдеп, ақтарылып, еркелетіп,
сендердей ешкім мені бағалар ма?!
Қайырмасы:
Жығылсам, дем берерім,
ауылда, елде менің
тілейтін тілеуімді
қашанда сендер едің,
аяулы жеңгелерім!
Тербелсе әр отаудың ақ құндағы,
өздерің береке мен бақ құндағы.
Сендер ме деп қараймын
қасиетті
даламның киесіндей аққулары.
Қайырмасы.
Нұрланып қабағыңмен дала күні,
өседі өздеріңмен аға құны.
Сендердің ақылыңсыз ағалардың
жетіспей қалатындай даналығы!
Қайырмасы.
СЕН ҚАЙДА ЖҮРСІҢ
Сен осы қайда жүрсің –
мұңайтып мені осынша, сағындырып,
жанымды, жүрегімді жалын қылып,
ешкімге ұқсамайтын күн бейнеңді
іздетіп шартарапты сабылдырып?
Қайырмасы:
Сен қайда жүрсің,
сен қайда жүрсің,
арманым?
Тек сені,
Тек сені
аңсайды жаным!
Өзіңді іздеп жүрмін
алдымнан шығар-ау деп шырағымдай,
еліктің жетім қалған лағындай –
шыңға өрлеп, құздан құлап келем жалғыз
жаутаңдап, жанарымнан мұң арылмай.
Қайырмасы.
Өзіңсіз жаным мұңды,
Көңілімнен көктем көшті — ұғармысың,
жеткізбей келеді әлі мұнарлы шың.
Жаныма шапағатты шуақ шашып,
жарқ етіп қарсы алдымнан шығармысың?…
Қайырмасы.
1980
ҚЫЗ-ҒҰМЫР
Шәмшаға
Ажары жарық нұрдан жаратылған,
жарқылдап жақсылыққа ара тұрған.
Маңдайда жұлдызындай, құндызындай
қыздары-ай қазағымның дара туған!
Қайырмасы:
Қыз-ғұмыр шынарым-ай,
халқымның шырағындай,
көзіңнен Күн арылмай,
алдымда жүрші жайнап,
пәктіктің тұмарындай,
шынарым-ай!
Қыз-ғұмыр шырағым-ай.
Әз әке ұлға теңеп үміттенген,
жеңгелер жастайынан ұлық көрген.
Елді ойлап, жерді ойлаған қыз-ғұмырдың
тең түсер парасаты жігіттермен.
Қайырмасы.
Жаралған жақсылықтан дара шыңдай,
бауырға әпкесі емес — ағасындай.
Қамқор боп бар қазаққа жаны шығып,
жүреді панасындай, данасындай.
Қайырмасы.
1992
ЖАҚСЫ КӨРУ
Өмірің таңдай болса арайлаған,
қатыгез қараулыққа жолай ма адам?
Біреуді жақсы көрген қандай жақсы –
нұрланып кетеді екен бар айналаң!
Қайырмасы:
Жақсы көру, жақсы көру,
не деген керемет ең!
Өмірді сезінуге,
қуанып көз ілуге
адамға жақсы көру керек екен.
Дидарың аумайды екен жарық күннен,
ғашық боп қалғанымды жаңа ұқтым мен.
Келбетің көз алдымда, ойымда сен,
өзіңді жақсы көріп қалыппын мен.
Қайырмасы.
Ешкімге содан бері алаңдамай,
жүрегім жанарыңа қамалғаны-ай!
Ғажайып күй кештірген сезім –сәуле
өзімді жетелейді саған қарай.
Қайырмасы.
ҚИМАСТАРЫМ
Достар барда
тірліктің күйбеңіне қалмай батып,
қимастық сезімдерді жалғайды уақыт,
өмірдің сан тараулы жолдарында
табысқан жақсылармен қандай бақыт!
Қайырмасы: Тірегің — дос қашанда,
сезімін тот басар ма!
Қуанып кездесесің,
қимасың қоштасарда.
Тілесе сыйластарым,
алдымнан тосады ақ жол,
қош менің қимастарым,
қош, аман бол!
Ойлап тұрсам,
бұл өмір сырғып аққан бұлақ екен,
айнымас дос табу да сынақ екен.
Қызғалдақ қыз тағдырдай ғұмыр деген
кездесу, қоштасудан тұрады екен.
Қайырмасы.
Сағынбасам,
көңілім күзгі күндей мұнарланды,
жалғаймын өздеріңмен гүл-арманды.
Сағыныш — алтын көпір арамызда,
сол бізді табыстырып тұрар мәңгі!
Қайырмасы.
1993
АТЫРАУ — ӘНІМ
Атырау — арқа сүйер тірегімдей,
көңілі, құшағы ыстық Күн еліндей.
Қос құрлық қол созады бір-біріне
табысқан ғашықтардың жүрегіндей.
Қайырмасы:
Алтындай таңдары,
ақ айдын жан-жағы,
көгінде ән қалқыған, күй шалқыған,
сән беріп өмірге, нәр беріп көңілге,
шырқатқан ақын жанын Атырауым!
Қызғалдақ қыздар қандай жыр-жүрегі,
жалт еткен жанарынан күн күледі.
Жігітке серік болған, көрік болған
қыпша бел Қыз Жібектің сіңлілері!
Қайырмасы.
Көңілі кең даладай адамдары,
қарайды бауырындай саған бәрі.
Жайықта дәл осындай бір қала бар,
жаныма қуат берер ән-арманы!
Қайырмасы.
1998
НАРЫН
Таңдары құм Нарынның алтындаған,
күмістей құмдары бар жарқылдаған.
Кешегі ерлер жортқан құба жонда
асқақ күй, аспандаған ән тыңдағам.
Қайырмасы: Елдікке баулыған
кеңдікке баулыған
құндағым –
ақ шағыл құмдарың.
Қайран ел,
сайран жер –
киелі құм Нарын!
Естідім құмдарыңнан дала мұңын,
тербеткен тал бесікті ана жырын.
Өзіңе қарап білем ел-жұртымның
тағдырын, тақсіретін, даналығын.
Қайырмасы.
1999
МАҚАТ ТҮНІ
Ақ сезім — ақ жаңбырға малындырған,
сен десе, арылады жаным мұңнан.
Жүрекке нәр құятын, ән құятын
Мақаттың сол бір түні-ай сағындырған!
Қайырмасы:
Бауырым, аға, құрбым,
сендерсің қауырсыны қанатымның.
Дотарымды, Доссорымды
қия алмай аттанып баратырмын.
Жанарлар жарқ еткенде жан ұғысқан,
көңілім қимастарға алып-ұшқан.
Бүр атқан ақ қайыңдай, адам деген
жасарып кетеді екен сағыныштан.
Қайырмасы.
"Байбақты", "Қыз әулие" жаны жақын –
жебеушім қиналғанда табынатын.
Шіркін-ай, қандай жақсы дүниеде
адамдар бар болғаны сағынатын!
Қайырмасы.
1994
ӨМІР-СЕН
Балалық шақтың әнімен,
балауса, балғын сәнімен
ертегілердің елінен
еркелей басып келіп ем.
Өмірдің көркем бағынан
өзіңді көрсем, жаным-ән!
Бөлеп ең мені бақытқа,
сол күндерімді сағынам.
Қайырмасы:
А-хау, сол бір күндер-ай,
сағындың ба өзің де…
Жалғыз сенсің — өмірде,
жалғыз сенсің — көңілде.
Жалғыз сен ғана жалғанда
бастайтын мені таңдарға!
Жанымда болса екен деп,
оранам аппақ арманға.
Қуаныш шашшы көңілге
түсімде және өңімде!
Ғашық боп, жаным, жүрмін мен
сен бар деп мынау өмірге!
Қайырмасы:
А-хау, сол бір күндер-ай,
сағындың ба өзің де…
Жалғыз сенсің — өмірде,
жалғыз сенсің — көңілде.
1998
ЖҮРЕГІМ — ЖҮРЕГІҢДЕ
Өзіңмен кездескенде
жүрегім ән салады.
Дәл сендей жерде еш пенде
жоқ дейді таң самалы.
Қайырмасы:
Жанарым — жанарыңа
жіпсіз-ақ байланады.
Жүрегім — жүрегіңде,
сезбеймін айналаны…
Көзіме жан көрінбей,
Абай мен Әйгерімдей…
Өзіңе бағындырдың,
жаным құрбым!
Арылып қанша мұңнан,
көңілім ән-армандай.
Бір жылу саусағыңнан
бойыма таралғандай.
Қайырмасы.
Осы кеш, осы демің
жалғасын бал ғұмырды.
Өзіңе тосып ерін,
тапсырам тағдырымды.
1995
ЖЫЛОЙҒА СӘЛЕМ
Қыз көркем шашбау, айна, тарағымен,
ұл көркем батыр мінез, талабымен.
Айта бар, барсаң, сәлем Кең Жылойға
тербеткен мені сезім — самалымен.
Қайырмасы:
Көңілімде Күн ойнады,
көктемнің гүл айдары
елестеп, күрсінгенде.
Аман-сау жүрсіңдер ме,
жақсылар Жылойдағы?!
Ағалар құшақ жайып қарсы алатын,
думан қып бауырларым ән салатын…
Айта бар, барсаң, сәлем Кең Жылойға,
сағындым сол күндердің әр сағатын.
Қайырмасы.
Қайран ел талай бейнет, сынақ көрген,
өсіріп ұл мен қызын мұрат көрген.
Айта бар, барсаң, сәлем Кең Жылойға
жаныма ақ тілегі қуат берген.
Қайырмасы.
1998
КӨҢІЛ НАЗЫ
Жүрегіңде бір зіл бар үндемедің,
мұнар жауып көзіңнің нұр желегін.
Тым болмаса айтсаңшы — біреуде ме,
тағдырда ма, менде ме — кімде кегің.
Қайырмасы:
Телефоны құрғырың үндемеді,
оятпады мазалап түнде мені.
Шырт ұйқыдан тұрғызып сүйіктім кеп
Қалқатайым, кетеміз, жүр демеді, жүр демеді.
Әлде батып кетті ме сөзім менің,
әлде сенше жоқ па еді өзіңде мін.
Бұрынғыдай жарқ етіп қарамайсың,
түсіне алмай түнімен көз ілмедім.
Қайырмасы.
Сен де ұқпадың, жаныма үңілмедің,
тіл табудың таба алмай жүрім бе ебін…
Жүрегімді саған да жая алмасам,
бекер екен өзгеден түңілгенім.
1973
ӨСИЕТ
(Балалар әлемі)
ӨМІРБАЯН БЕТТЕРІНЕН
Менің туған күнім — 25 желтоқсан, 1939 жыл. Бұл күнді "Інжілді" басшылыққа алатындар "Күннің туған күні" немесе "Күн туған күн" деп атайды. Күпірлік болса, Құдайдың өзі кешірсін, адамзат тарихындағы сәулелі тұлғалардың бірі Иисус Христос киелі қыз Марияның құрсағынан шыр етіп осы 25 желтоқсанда жерге түскен екен. Нарын құмның арасында, асып-тасыған көл-көсір байлығы болмаса да, ақыл-парасаты мен текті болмысы үшін елі сыйлаған Бөкей ақсақалдың кіші қызы Халима мен аз-кем арабша сауаты, жергілікті жұрт "жездем балалары" деп атап кеткен, аруағы өзеннің арғы бетіндегі киіз үйді желбау-жасауымен сол күйі бергі бетке қондыра қоятын Құдайпенде бабамыздың тұқымы Иманғалиұлы Оңғарсынның отбасында оныншы перзент болып дүниеге келген менің Құдайдың аспанға іліп қойған Күнімен де, адамзатты адалдық жолына бұру мақсатында жүріп шәйт болған Христоспен де байланысым жоқ. Жұлдыз қарайтындардың айтуы бойынша, мен Таутекемін. Айтас — мен тағатын қымбат тас. Ол да Қазақстанда табыла қоймайды екен. Жылым — қоян. Былай қарасам, әдетте сужүрек, желтабан деп ұғынатын кәдімгі қоянмен мінез-құлық, болмысымның ешбір ұқсастығы жоқ секілді. Алайда тағдыр-жолымның кей сәттерінде өзімді тазылы, қару-жарақты аңшылардан қашқан қояндай сезінетінім рас. Қазақта түған күн деген ұғым жоқ. Оны бертін келе, өзге жұрттардың салт-дәстүріне еліктеп шығарып жүрміз. Мен туған күн пәлендей мақтанатын кез емес: жерді тұман басып, аспанның қабағы ашыла қоймай, әлемдік ұшақ алаңдарында қанаты қайырылған аққудай ақшаңқан ұшақтар бауырын жаза алмай отыратын, шуақты нұрынан гөрі бұлтты, ызғарлы күндері басым… әйтеуір бір шақ. Адамның ата-анасын таңдап алмайтыны секілді, дүниеге келетін күні де кісінің еркінде емес. Әйтпесе, жеміс-жидек пісіп, қозы марқайған, адамның да етек-жеңі кең кездерінің бірін таңдар-ақ едім. 1939 жылы менімен жарыса дүниеге келген қазақтың біраз азаматтары бар, яғни, менің құрдастарым. Құрдас дегеннің орны біздің халқымызда ерекше ғой: әзілдесе де, жаны ашыса да, "бір жылдың төліміз ғой" деп, іштей бір жақындықты сезініп, "запастағы аэродромдай" көреді. Менің құрдастарым: Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Қоғабай Сәрсекеев, Қалдарбек Найманбаев секілді жазушылар. Әкем Оңғарсын мен ес білмес бұрын бір күн ауырып, дүние салыпты. Еліне сыйлы, ашық-жарқын адам еді деседі. "Оңғарсын жездем — ақ құба, ұзын бойлы, қапсағай денелі, қыр мұрынды, көзі нұрлы суреттей әдемі кісі еді. Ол кісі Текеге, Үйшікке барып тұратын. Оңғарсын жездем қаладан келгенде ауылдың бүкіл баласы: "Оңғарсынақам келе жатыр, алақай!" — деп жалаңаяқ жарысып, алдынан шығатын. Баланың бас-басына уыс-уыс мәмпаси, түрлі ойыншық үлестіретін, қыз-келіншектерге сақина-сырға, жеңгелеріне көйлектік мата әкелетін. Ел үшін жаратылған, қолы ашық, барын жоқ жұқаға бөліп беретін кісі еді, марқұм",— деп бертін келе Ұлболсын апам маған жиі айтатын. Анам Халима көп сөйлемейтін, сөйлесе, ылғи мақалдап сөйлейтін, аса ақылды, рухани қуатты, құйған мүсіндей сұлу, қараторының әдемісі еді. Бізді айналып-толғанып не шылпылдатып сүйіп елпектемейтін. Бірақ барлық мейірім сол кісінің бойында деп сезінетінбіз. Біздің үйдің тұңғышы — Бағила апам. Одан кейінгі Рәбилә мұғалім болатын, 1944 жылы қыста 5-6 күн ауырып, дүние салды. Рәбиләға тете Бақтығұл ағам аудан орталығындағы мектепте 9 класс оқып жүріп, аяқ астынан екі-үш күн ауырып, 1942 жылы қайтыс болған. Одан кішісі Махиз ағайым еді. Мамам марқұм, біз — Бағила, Махиз және мен жанында жинала қалсақ: "Ақ жұмыртқадай жеті баламды жер алды, ең нашар, көріксіз үшеуің қалдыңдар — түрлерің қап-қара, үшеуің де нағашыларыңа тартқансыңдар",— деп отыратын. Нағашыларымыз Есенғұлдың (Беріштен тарайды) ішіндегі Қара Кейкі деген атадан екен. Біздің үйде кітап көп болатын. Араб, латын әріптерімен жазылған қисса-дастандар, ертегі-жырлар мені мектепке бармай тұрып-ақ қызықтырды. Аға-апаларым жатпай-тұрмай кітап оқитын. Әлі есімде, менің алғаш өз бетіммен оқыған шығармам, ұмытпасам, латын әрпімен басылған жоғарғы кластың әдебиет оқулығындағы "Қорғансыздың күні" әңгімесі. Нысанбай ақынның "Кенесары-Наурызбай", Ығылман Шөрековтың "Исатай-Махамбет", Сара мен Біржанның, Құлмамбет пен Жамбылдың айтыстары — міне, мені ауыздандырған әдебиет суаттары осылар. Бұларды оқыған бала кітап оқуға құштар болмай қала алмайды. "Қыз Жібек", "Қозы Көрпеш — Баян сұлу", "Айман — Шолпан", "Қобыланды батыр" жырлары — менің балалық шақтағы ертегі әлемім. Мен ылғи ер балалармен бірге өстім: қырда да, қыста да көршілерімізде мен ғұрыптас қыз бала болып көрген емес; жасырынбақ, доп ойнау, соқыр теке, шілдік, асық ойындары мені ер балалардан жеңілмеуге тырысуға баулыды-ау деп кейін ойладым. Жазда құм арасында шырмауық, қарақат теріп, бұзауға мініп ауылға оралатынбыз. Текемет басу, өрмек құру, ши тоқу, шылбыр, арқан есу — осының бәрі ауылдағы үлкен оқиғалар болатын. Біздің бала кезімізде шырпы сирек еді, көбіне қазандықтың астына от көміп немесе шақпақ тастың жанына мақта салып, болаттың сынығымен тасты жанамалап ұрғанда от шығып, мақта тұтанып, осылай от тамызатынбыз. Бала кезде маған үлкен әсер еткен тағы бір жәй — қырдың түнгі аспаны. Жазда, күзде, көктемде жатар алдында далаға шықсаң, аспан беті самсаған жұлдызға толып, өзінің құпия әлеміне жымыңдап шақырғандай әсер беретін. Жеті қарақшы, Үркер, Ақбоз ат пен Көкбоз ат, Құс жолы… . сыртымнан түрлі әңгімелер шығарып, жақсылы-жаманды анықтауыштармен маған айдар тағып жүреді. Біреулер "тентек" дейді, енді біреулер "мінезі шатақ" дейді. Мен бұлардың ешқайсысына айылымды жимаймын. Себебі, өзімнің жан дүнием, көңілім өзіме аян: сәл өтірік, көлгірсу, жағымпаздану мен мақтаншақтық — осының бәрімен менің жұлдызым қарсы және жан дүнием сезіп қалады да, ондай адамдарды қабылдамайды. Біздің мектептің директоры марқұм Кәки ағай Қадіралиев ұзын бойлы, ақсары өңді,сәл-пәл мақтанып сөйлейтін кісі еді. Өзі химия пәнінен бізге сабақ береді. Домбыраны керемет тартады. Білдей директорлығына қарамай, мектептегі домбыра үйірмесін басқарып жүрді. Бір күні сабақтан кейін жетінші Қазан төңкерісі құрметіне берілетін концертке әзірлік жүріп жатыр еді. Мектепте домбыра жоқ — әркім үйінен өз домбырасын алып келеді. Ағай да бізге қосылып, алдымызда домбыра тартып отырады. Сол күні домбырасын әкелмепті. Өзі тыңдап, кәдімгі дирижерлердей қолын сермелеп алдымызда тұрды. Мен домбыраны құрбыларымнан кем тартпаймын. Біраз балалар сағаққа келгенде кібіртіктеп қылғынып қалады, қолдары жүрмейді. Мен дұрыс тартамын, сондықтан басқалардан озып отырғандай әсер туғызатын болуым керек. Оңғарсынова, домбыраны маған бер де, өзің жүре бер, басқалардан озып отырсың,— деді ағайымыз. Менің жазығым дұрыс тартып отырғаным ба деп ойладым да, домбырамды ұстаған күйімде, анам тігіп берген қоңыр сәтен сөмкемді асынып алып үйге тарттым. Директордың мінезі белгілі енді химиядан ебін тауып сүріндіру үшін менен күнде сабақ сұрайтын болады. Ол кезде бүгін баға алдым, ертең менен сұрамайды деген қазіргі балалардың қағидасы жоқ болатын. Тәуір оқитын балалар күнделікті пәндердің бәріне де дайындалып жүреді. Мен де солардың қатарындамын. Сол оқиғадан кейін химияға ерекше көңіл бөле бастадым. Директордың айтқанын тыңдамай кете барғаным — ол кезде оқушы үшін өрескел бұзық қылық. Менің мінезімнің шәлкестігінің тағы бір көрінісін айтқым келіп отыр. Оқырман "қасқыр екен", "бұзық екен" деген тіркестерді жұрттан бәрібір естиді. Онан да менің іс-қылығымның дұрыс-бұрысын өзі пайымдағаны дұрыс деп есептеймін.
Ұмытпасам, 1975 жыл. Мәскеудің Жазушылар Одағынан үйге телефон соғылды: Герман Демократиялық Республикасынан бір аудармашы Мәскеуге келді. Сіздерге, Алматыға, бара жатыр. Сіздің, Олжас Сүлейменов пен Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын неміс тіліне аударуға өздерінің бір баспасы тапсырған көрінеді. Өлеңдеріңіздің орыс тілінде жолма-жол аударған нұсқасын дайындап қойыңыз,— деді. Екі-үш күн өткесін әлгі әйелдің жанына Мәскеуден ерген аудармашысы "Жетісу" қонақ үйінен телефон соғып, қай жерде кездесуге болады деген өтініштерін білдірді.
Ертең үйге келіңіздер,— деп, мекен-жайды айттым.
Базардан жаңа сойылған қойды бас, ішек-қарынымен сатып алып, жанымыз қалмай әзірлендік. Неміс әйелі жастау, Мәскеуден ергені — жасамыс. Олармен келіншегі Кларамен Әбіш келді. Неміс әйелі құмыраға отырғызылған гүл ала келіпті. Қазы-қарта, шөп-шалам, қуырдақ жеп, коньяк ішіп, әңгіме соғып отырысты. Қазақтың ең нагізгі асы — етті әкелдім де, қойдың басын европалық әйелге ұсынып, халқымыздың дәстүрін түсіндіргенім сол еді — екі әйел бір-бірімен немісше күңкілдесті де, әйда келіп күлсін! Өздерін тоқтата алмай, сықылықтап қояр емес.
Мәскеулік әйел менің түсімнен ішкі дауылымды сезсе керек:
Қонақ кешірім сұрайды, тәрелкедегі басты көргенде, көгалда жайылып жүрген қой елестеп кетті деп отыр,— деді де, әлі күлкісін баса алмай отырған неміс әйеліне қарап, өзі тағы қосыла күлді.
Бір табақ етті дастарқанға қойғаным сол — ешкім әлі ауыз тимеген болатын.
Мен күлкілерін тыйғанша күтіп тұрдым да, сәл бәсеңдей бергенде:
Сіздер менің халқымның дәстүрін күлкі етіп отырсыздар, ал мен мұны кешіре алмаймын. Менің өлеңдерім неміс тілінде шықпай-ақ қойсын. Ал сіздер есігімді сыртынан жабыңыздар!— дедім түсімді суытып.
Әбіш не істерін білмей, от басқан күйі маған қадалып отыр:
Бір ашуыңды маған бер, үйге келген кісіні қуып шығу ешбір халықта жоқ, мұның ұят,— деп шыжық-шырға болуда. Менің өлеңдерімнің неміс тілінде аударылуы осылай аяқталды.
Әбіш осы оқиғадан кейін үш-төрт ай менімен хабарласпай қойды. Бірақ мен кейін де өзімді кінәлі сезінген емеспін. Басқа бір ұлттың тіліне өлеңдерім аударылады екен деп, халқымның атам заманғы дәстүріне түкіртіп қояр жайым жоқ.
Менің шатақтығым осындай.
Мектепте мен математика, геометрия, тригонометрия сабақтарынан, орыс тілінен диктант жазудан алдыма жан салмаушы едім. Математика пәнінен дәріс беретін Қабыл Өтешев ағай есептің Құдайы еді. Өте талантты мұғалім болатын. Егер ғылым жолына түссе, Эйнштейн секілді әлемді таңдандырар еді. Өзіміздің Манаш ауылында туып, сол біз оқыған орта мектепті бітіргесін, Гурьевтегі мұғалімдер даярлайтын екі жылдық институтта оқыған. Ал орыс тілін бізге 5-7 кластарда Қасым Қарабаев ағамыз оқытты да, 8 класта Клара Дмитриевна Пак деген Гурьевтан келген жас кәріс келіншек сабақ берді. Бас-аяғы үш-төрт айда қазақшаға судай болып үйреніп алды. Өзі әдемі, сұңғақ бойлы, талдырмаш, ойыңдағыны сезіп, іші-бауырыңа кіріп тұратын, аса сүйкімді кісі еді. Мен ол кісіні кереметтей жақсы көріп кеттім. Келер жылы ол апайды Маңғыстау ауданына, кейін білдім, Әбіш оқитын мектепке ауыстырып жіберді. 9-10 класта Ресей жақтан оқу бітіріп, жолдамамен біздің ала қырдағы ауылға келген Ангелина Асанина деген жас қыз сабақ берді. Басқа ұлттың өкілі емге іздесе табылмайтын біздің ауылда көгілдір көзді, алтын шашты Ангелина апай бәрімізге таңсық көрінетін. Өзі үлбіреген жас, ұяң, сүйкімді-ақ. Мұғалімді жақсы көрсең, оның пәнін де жақсы оқуға тырысасың. Әрине, нағыз микеще болмасаң. Мектепте оқып жүргенде біздің көрген киномыз — жалғыз "Амангелді" фильмі. Қаланы көргенім 8 класта оқып жүргенімде. Анам мені, "жүрегі ауыра береді" деп, облыс орталығы Гурьев қаласына ертіп барған. Содан кейін оныншыны бітіріп, оқуға түсуге облыс орталығына қойдың жүнін таутеке етіп тиеген "судабекр" деген жүк машинасының үстіне мініп келдім. Гурьевтің мемлекеттік педагогикалық институтында Жоғары математика, Математикалық анализ пәндерінен сабақ беретін жас мүғалім Ғапуролла Дайыров — әкемнің қарындасы Бәліш (шын аты Фатима, ағалары еркелетіп осылай атап кеткен көрінеді) апамның ортаншы баласы, яғни менің жиен ағам. Бәліш апам дүниеден жас кетті де, шиеттей балалары әлдекімге жаутаңдамасын деп, анам Дайыр жездеме әкем Оңғарсынның үлкен ағасы Серікқалидің қызы Қанзиба әпкемді қосқан. Сонымен Ғапуролла ағайымның үйі пединституттың жанында, шағын екі бөлмесі бар үй екен. Өздері де бір қоралы жан, бірақ оны ойлап жатқан мен жоқ –сол үйге жатып алдым. Ауылдан кеткенде, анаммен ақылдасып, бүкіл Нарын құмы мен Манаш ауылын түгелімен айдын-шалқар сулы, көкорайлы нулы жерге айналдыратын су инженерінің оқуына түсем деп бекінгем. Алматыдағы оқу орындарының бәрінен облыс орталығына комиссия келіп, қабылдау емтиханын алады екен деп еститінбіз. Су инженерінің оқуы деген — менің ұғымымда Алматы ауыл шаруашылығы институтының су және суландыру факультеті. Сол жылы, менің сорыма, ауыл шаруашылығы институты Гурьевке келмепті. Ауылдан бірге келген Апутан, Лепес, Райхан, Нариман деген балалардың бәрі документтерін өткізіп қойып, қала кезіп жүр. Мен Алматыға, ауыл шаруашылығы институтының ректорына телеграмма жібердім. Екі күн өтпей жауап келді: "Ауыл шаруашылығы институтына түсемін деушілер биыл тек Алматыға келіп қабылдау емтиханын тапсырулары керек". Енді не істеуім керек? Көңілімді бұлт алды. Алматыға барып тапсырып, түсе алмай қалсам, ауылға жететін ақшам жоқ. Ойланып-ойланып, физика-математика факультетіне құжаттарымды өткіздім. Бұрын қала көрмеген бізге Гурьевтің кедір-бұдыр көшелеріндегі шулы тіршілік, ызыңдаған машина, дүкендерде тізіліп кезекте тұрғандар — бәрі таңсық, әрі басыңды айналдыратын бірдеңе.Әйтеуір, көшеге шықсам болды, басым зеңіп, Қанзиба әпкемнің сүт құйған бапты шайына жеткенше, өлуге келемін. Далада құм арасында өскендіктен бе — әлі күнге дейін қаланың ауасы мен қойыртпақ тірлігін жан дүнием қабылдамайды. Есі-дертім — у-шысыз қыр, ауылдағы бейқам тірлік. Емтиханды тапсырып жатқанда ауылдан келіп жүрген біреуге анама жағдайымды айтып, солай да солай деп хат беріп жібердім. Институтқа қабылданатын болыппын. Енді бізді колхозға жібергелі жатыр еді, анамның біреуге айтып отырып жаздырған хаты келе қалды. "Өзіңнің онсыз да саулығың онша емес. Ертең оқу бітіріп шыққасын, жұрттың есеп білмейтін баласын оқытам деп ауырып қалуың мүмкін. Ақыры оқытушылыққа түсем десең, өзің жақсы көретін Өлең-әңгіме сабағын таңда" деген жолдар бар. Анамның тілін алмау — ол кезде менің ұғымымда болмаған жай. Ғапуролла ағайыма да айтпай, институттың екінші қабатындағы "Ректор" деген жазуы бар бөлмеге келдім. Ректор Жаманбаев мені тыңдады да, біреулерді шақырып алып: Мына бала тіл-әдебиет факультетіне ауысқысы келеді, соған қайта емтихан алу керек, жұмысқа бармай-ақ қойсын,— деді. Оқуға түскендер жүк машинасының үстінде әндетіп колхозға кеткенде, мен көзім бақырайып жалғыздан-жалғыз тіл-әдебиет факультетіне қабылдау емтихандарын тапсырдым. Студенттік жылдарда киіміміз жұпыны, тамағымыз бірде тоқ, бірде аш жүретінбіз. Мен ашыла алмай, ылғи бұйығы жүретінмін. Би билеу де миыма қонбаумен кетті. Жетістігім — жақсы оқимын, көтеріңкі стипендия аламын. Институт қабырғасында бізді әдебиетке баулыған аяуыл ұстазымыз Ермек Өтебаев ағай еді. Ол кісі өлеңге, әңгіміге икемі бар деген студенттерді жар салып жүріп жинады да, "Жас қанат" деген әдеби үйірме ашты. "Жас қанатта" көп жас топтасты: Нұралы Әжіғалиев, Марат Отарәлиев, Қазданбай Қосжанов, Дүйсенбай Хасанов, Күзембай Әміров, Көпжасар Оспағамбетов, Шора Тәжімғалиев, Шабаз Иманалиев, Қадыр Юсупов — шеттерінен ығай мен сығай ақындар, араларындағы ең нашары мен едім. Қолмен жазып журнал шығаратынбыз, әңгіме, өлең талқылайтынбыз. Институтты бітіргесін, менің еңбек жолым Балықшы ауданына қарасты Еркінқала орта мектебінің оқытушылығынан басталды. Мектеп директоры Құттығұл Мұсағалиев керемет ұйымдастырушы, аса сезімтал, көреген кісі еді. Жақсы басшы — жас маманның бақыты. Сол жылы Құттығұл ағамыз мектепте ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастыруға қаладан арқалы Рысбай Ғабдиевті шақырды. Рысбай –аса үлкен талант иесі, көп сөйлемейтін, ерекше қасиетті адам. Мен де өнерпаздар үйірмесінде оқушыларға көркемсөз оқуды, концерт жүргізуді үйреттім. Еркінқала мектебіндегі мұғалімдер, оқушылар, жалпы ахуал жақсы еді. Менің өмірбаянымдағы ең бір аяулы сәттерім — сол алғаш мұғалімдік жұмысымды бастаған жылым. Ересек ұлдар мен қыздар бір-бірін жақсы көріп, ғашық болып жүргендерін басқа тіс қаққан мұғалімдерден жасырып маған айтатын, ой-армандарын бөлісетін. Жастардан — дене тәрбиесінен беретін Сайхон екеуміз, басқалары бұрыннан келе жатқандар. Мұғалімдік — киелі мамандық. Ол үлкен, жан-жақты, терең білімдарлықпен қатар аса сезімтал болуды талап етеді. Әр бала — тұнып тұрған сезім. Олардың пианиноның тіліндей сезім пернелерін тура баса алсаң ғана жан дүние әлемдеріне еркін ене аласың. Әйтпесе, олар маңайлатпайды. Кейін Дамбы ауылындағы "Қызыл балық" колхозының Октябрьдің 40 жылдығы орта мектебінде бірер класқа сабақ бере жүріп, кешкі мектепте қызмет еттім. Күндізгі мектептегі мұғалімдерден маған сағат ауыспады. Мен бұл мектепте де мұғалімдерден гөрі оқушылармен көбірек араластым, олар мені, мен оларды жақсы түсінетін едік. Стол теннисін бірге ойнайтынбыз. Ердалы — дене тәрбиесінің мұғалімі. Ол он бірінші кластағы әдемі шәкіртіміз Әлияна жақсы көреді. Бұл жайды тек маған айтады. Басқалары біліп қалса, ақырзаман туады: мұғалімнің шәкіртіне көңілі кетуі қылмыс деп қаралады. Шын сезім өз дегенін істетеді ғой, ақыры Әлия мектеп бітіргесін, екеуі үйленіп, Ердалы өз ауылына — Өзбекстанға әкетіп тынды. Одан кейінгі жұмыс орындарым: Атырау облыстық газетінің редакциясы, "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш"), "Қазақстан пионері" (бүгінде "Ұлан" деп аталады) газеттері, "Пионер" (қазіргі "Ақ желкен") журналы. Ең көп қиындық көрген жерім — Алматыға алғаш шақырылып, "Қазақстан пионері" газетінің редакторы болған жылдарым. Бұл — ұзақ хикая. Мен барлық патшаның кезінде бір деңгейде өмір сүрдім. Өзімді жетелеп жүріп, жұмыс орнымды өсіретіндей басшылардың қолтығына кіріп немесе алдарына барған адам емеспін. Тек Дінмұхамед Қонаевтың алдына өлдім-талдым деп әрең кіріп, төрт бөлмелі үй алғаным бар. Ленин комсомолы қатарында тәрбиеленіп, содан соң Коммунистер партиясының мүшелігіне өттім. Біз комсомол, партия деген сөздерді адалдық, шындық деген ұғымдармен тең көріп өскен ұрпақпыз. Өзіміз де адал болуға жан-тәнімізбен ұмтылдық. Біреуден пайда көруді, еңбексіз баюды ар санадық. Мен "Қазақстан пионері" газетінде редактор болып қызмет еткен жылдарда әркімдердің сырттай, өзіме көрінбей жасаған жала, жамандықтарынан көп жәбір көріп, жапа шектім. Бірақ партия жүйесінде қызмет істеген адамдар тергеп-тексеріп, менің адалдығымды арашалап қалды. Ал менің соңыма шырақ алып түскендер арасында да партия мүшелері, тіпті шені үлкендер де бар екен. Олардың пенделіктері, қиянаттары үшін мен бүкіл партияны кінәләған емеспін, кінәләмаймын да. Мен балажанмын. Кішкентай немерем Анитаны өте жақсы көремін. Ол мені Шах-мам деп атайды. Анита ертегіні ұнатады. Мен қолым тиіп кетсе, екеуміз ертек кітаптар оқимыз, үйде қуыршақ ойнаймыз, қыста далада шанамен сырғанап, қар лақтырысамыз, коньки тебеміз. Мен балалардың бәрі менің Анитөгімдей ерке де бақытты болса екен деп тілеймін.
1994
СӨЗ СЫРЫ
"ЕР КЕЗЕГІ ҮШКЕ ДЕЙІН"
Батырлар күш сынасқанда үш рет күресіп, айқасады екен. Бірінші кезекте жеңілген жігітті "жеңілдің" деп шығарып тастамайтын болған. Барлық күш-қайратын танытуына мүмкіндік беріп, үшке дейін сынастырғанда, нағыз батыр, мықты адам анықталады. Мұндайда кездейсоқ жеңімпаз болмайды. Бірден жолы болмаған адамға қуат беру үшін халық: "Ер кезегі үшке дейін, күшіңді әлі де сына!"— деп демеп, адамды қандай істі болса да бастағасын аяғына жеткізуге, жеңіспен аяқтауға баулыған.
"ЖҮРЕК ЖҰТҚАН"
Бір топ бала мектептен қайтып келе жатқан, кенет биік үйдің артынан дәу ит арсылдап шыға келді. Балалар қаша жөнелді, Алан қалып қойды. Себебі үйдің алдында тұрған кішкентай қыз иттен қорқып, шырылдап жылап қоя берген еді. Алан қабағын түйіп, итке қарсы жүрді. "Кет!" деп айқайлады. Гүр-гүр еткен ит кенет кілт тоқтады. Сосын бір-екі үрді де, бұрылып кетті. Қызының дауысын естіп далаға жүгіріп шыққан анасы мән-жайға бірден түсінді. Аланның басынан сипап:
— Өзің жүрек жұтқан бала екенсің!— деп, алғыс айтты.
… Еш нәрседен қорықпайтын, батыл, ержүрек адамдарды жүрек жұтқан деп атайды.
"ЖІБІ ТҮЗУ"
Балалар мысықты таспен ұрып қуалап жүрді. Біреуі мысықты ұстап алды. Екіншісі оның мойнына жіп байлап, сүйремекші болды. Бәрін көріп тұрған Әмина әже балалрға ұрсып, мысықты босаттырды. Сосын бәріне:
- Іштеріңде жібі түзу бір бала болсашы!— деп кейіді.
… "Жібі түзу" деп дұрыс жүретін, тәртіпті, адамгершілігі бар адамдарды айтады.
"БАЛА ӨЗІ ӨСКЕНДЕЙ,
КЕЛІН ӨЗІ КЕЛГЕНДЕЙ"
Біздің халқымызда ата-ананы, аға-жеңгені, жалпы жасы үлкен адамдарды құрмет тұтады. Ата-ананы тыңдамаған, сыйламаған жастар туралы осы мақалды айтады. Яғни, сәби өмірге келгесін өзінен өзі жақсы азамат болып шыға келмейді, оны тәрбиелеуге ата-анасы еңбек сіңіреді. Ал келін алудың да қазақта өз дәстүр-жолы болған. Бірін-бірі ұнатқан қыз бен жігіт ә дегеннен қосыла салмаған. Жігіт ата-анасына айтқызып (онда да өздері айту ерсі деп саналған, сондықтан әуелі аға-жеңге, апа-жездесі, нағашысына айтып, солар арқылы ата-анаға сездіретін болған), егер олар қош көрсе, құда болысып, қыз бен жігіттің ата-аналары бір-бірімен қимас жақын, қандас туыстай тату болу секілді дәстүрлер болған. Бұл дәстүрлер екі жастың бір-біріне деген ықылас-сезімдерін бекіте түсуге, болашақ отаудың тату-тәтті өмір кешуіне ықпал еткен. Өзінің тәрбиелі адам болып өсуіне еңбек сіңірген ата-анасын, ұстаздарын, жолдастарын тыңдамай, "өзім білем" деп көкірек қағатын жастар жайлы осы мақалды айтады.
"БАС ДЕСЕ, ҚҰЛАҚ ДЕЙДІ"
Марат сабақтан келсе, анасы үстелдің тартпасын ақтарып жатыр екен. Мұны көріп:
— Ә, келдің бе? Анальгинді көрдің бе?— деп сұрады.
Марат аң-таң болып:
— Анальгин деген кім? Ондай адамды танымаймын,— деді.
Анасы:
— Балам-ау, бас десе, құлақ дейтінің не, анальгин адамның аты емес, ол — дәрі,— деп күліп жіберді.
…Бұл сөзді жөнді ұқпайтын, түкке түсінбей, басқа жаққа лағып сөйлейтін кісіні келеке ету мағынасында қолданылады.
"БЕРЕГЕН ҚОЛЫМ — АЛАҒАН"
Халқымыз мырза, жомарт адамды қадірлеген. Әдетте мұндай адам көпшілікпен араласқыш, өзгеге көмектескіш келеді. Қолындағы барын аямайды. Ондай адамды халық та жақсы көреді. Оның басына қиындық түссе, халық болып оған көмектеседі. Осындай жағдайды сипаттағанда, халық "Береген қолым алаған" дейді. Керісінше, өзімен өзі бұйығы жүретін, адамдармен араласуды білмейтін, тек өз жағдайын ойлайтын сараң жандарды ел қадір тұтпай, "Қой, одан ештеңе шықпайды",— дейді.
"ҚЫЗ ҚЫЛЫҒЫМЕН"
Қазақ халқының ұғымында қыз бала ақылды, байсалды, жаны нәзік те ерке, мінезі жайдары, өнерлі болып келеді. Қыз қылығымен сүйкімді деуіміз сондықтан. …Әкесі жалқау екі ұлына ашуланып, ұрсып жатқан. Екі ұл да, олардың анасы Алма да үрпиісіп, үй іші көңілсіз күйге түсті. Институтта оқитын Ақмарал келіп, әкесінің мойнынан құшақтап:
— Папа! Қабағыңды түймеші! — деді еркелей сөйлеп. Әкесі күліп жіберді. Үй іші көңілденіп сала берді.
"ҰШЫП КӨКТЕ, ҚОНЫП ЖЕРДЕ ЖОҚ"
Жана ғана үй тапсырмаларын орындауға кіріскен Алдан сәлден кейін телевизор көріп отырды. Анасы енді бір қараса, Алдан далаға шығып кетіпті.
— Ойпырым-ай, бұл не қылған бала, ұшып көкте, қонып жерде жоқ,— деп анасы ренжіп қалды.
Ұшқалақ, тұрақсыз, тиянақты іс қылмайтын, басын бастап, аяғын тастап жүретін адамды сипаттағанда осы мақалды айтады.
"КӨРСЕҚЫЗАР"
Дулатқа ағасы кеше ғана әп-әдемі портфель сатып әперген. Бүгін көршідегі Мұраттың жаңа сөмкесін көріп:
— Папа! Маған Мұраттікіндей сөмке алып берші!— деп қыңқылады.
Балам, кеше ғана "сөмкем ұнайды" деп едің ғой! Бұлай көрсеқызар болма!
Папасының сөзінен ұялған Дулат төмен қарады.
…Анаған да, мынаған да қызығатын, басқаға еліктегіш, өз талғамы жоқ адамды сипаттағанда халық:
— Ой, өзі бір көрсеқызар, берекесіз адам екен!— дейді.
"АУЗЫНАН АҚ ИТ КІРІП, КӨК ИТ ШЫҒЫП"
Кез-келгенді сөз етіп, есек-аяң айтатын, жаман, қаңқу сөзге, басқаны сыртынан жамандауға келгенде аузы-аузына жұқпайтындар туралы халық: "Аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан неткен адам",— деп жақтырмай сөйлейді. Ондай адамды жолдас-жоралары да, елі де сыйламайды.
"ҚОЙ АУЗЫНАН ШӨП АЛМАС…"
Момын, ешкімге жамандық жасамайтын, көбіне өзімен өзі жүретін жуас адамды сипаттағанда қазақ "қой аузынан шөп алмайтын" дейді. Ондай адам айналасына пәлендей жақсылық та жасай алмайды, оның бар тәуір қасиеті — ешкімге зияндық, жамандық жасамауы.
"БАРЫ НЕ, ЖОҒЫ НЕ"
Айбектің қалада жұмыс істейтін ағасы үйленетін болып, құдалармен сөйлесуге, тойды ұйымдастыруға біреуі келсін деп хабар берді. Әкесі қайтыс болған. Анасы ауру-сырқаулы. Айбек пен анасы қалаға жіберетін кім бар деп біраз ойланды.
— Самат жездем барса қайтеді? — деді Айбек, көрші колхоздағы апа-жездесін еске алып.
— Қой, оның бары не, жоғы не? Самат не ұқсататын еді,— деп анасы жақтырмай қалды.
Қолынан ештеңе келмейтін адамға халық осы мақалмен-ақ баға береді.
"ЖЕРМЕН-ЖЕКСЕН"
Жарқынның үйі ескі еді, әкесі жаңадан үй салмақ болды. Жарқын бір топ жолдас балаларымен мектептен келсе, жыпырайған ескі үйінің орны теп-тегіс болып жатыр.
–Үйлеріңді жермен-жексен етіп кеткен кім-ей?— деді Асан.
Еңсесі аласа үйді де "Жермен жексен"— деп айтады.
"БЫЛАЙ ТАРТСА, ӨГІЗ ӨЛЕДІ,
БЫЛАЙ ТАРТСА, АРБА СЫНАДЫ"
Ылғи да жолы болмайтын, өзінің де икемі жоқ адамның іс-жайын айтқанда:
— Оның ылғи да былай тартса, өгізі өліп, былай тартса, арбасы сынып жүреді ғой,— деседі.
"ЗЫҒЫРДАНЫ ҚАЙНАУ"
Іштей ызаланып, ашулану, біреудің жәбіріне, әділетсіздікке жан-дүниесімен қарсылық білдірген адам: "Зығырданым қайнап кетті",— дейді.
"ҚАЛАУЫН ТАПСА, ҚАР ЖАНАР"
Қардың отқа жанбайтыны белгілі. Қолынан іс келетін, әр нәрсенің ретін тапқыш адам қандай қиын шаруаны да ұқсатады. Тек жөнін, ретін таба білу керек. Болмайды-ау деген істі ұқсата білгенде, осы мақалды айтады.
"ЖҮРЕГІ ЖАРЫЛА ҚУАНУ"
Оқыстан жақсы хабарды естіген адам шаттанғанда, "жүрегі жарыла қуанды" дейді.
"ЕКІ ЕЗУІ ҚҰЛАҒЫНДА"
Қуанғандай, мәз болып жүретін адам жайлы: "Екі езуі құлағында",— деп айтады.
"ҚЫСҚА ЖІП КҮРМЕУГЕ КЕЛМЕЙДІ"
Жазираның әпкесі тұрмысқа шығып, тойдың өткеніне көп болған жоқ еді. Енді ағасы Алмат та үйленем, той қамын жасаңыздар деп отыр. Жазираның төрт ағасы, әпкесі және сіңлісі бар, өздері үйелмелі-сүйелмелі болатын. Әкесі ауылда шофер, анасы — сауыншы.
— Келесі жылға дейін тойды қоя тұрғаның дұрыс, балам. Әкең екеуміздің тапқанымыз киім мен тамақтан артылмайды. Қысқа жіп күрмеуге келмей жүргенде, біріңнен соң бірің той-той дегендерің қалай?— деп анасы реніш білдіргендей болды.
Жағдайым нашар, тапқаным тамағыма жетпей жүр деп жатпай-ақ, "Қысқа жіп күрмеуге келмей жүр" десе, басқалар ол адамның жәй-күйін түсіне қояды.
"АҚ ТҮЙЕНІҢ ҚАРНЫ ЖАРЫЛДЫ"
Көптен күткен қуанышты оқиғаға байланысты осы мақал айтылады. Мысалы, 1945 жылғы 9 майда Ұлы Отан соғысы аяқталды деген хабар тарағанда, жұрт бір-біріне:
— Сүйінші, сүйінші! Соғыс бітті — ақ түйенің қарны жарылды!— деп қуанысқан.
"ТАНЫМАСЫН СЙЫЛАМАС"
Елнұрдың үйінің жанына тоқтаған жеңіл машинадан орта жастағы адам түсті. Алыстан келгенге ұқсайды. Елнұр есікті құлыптап, уәделескен балаларымен футбол ойнауға кеткелі жатыр еді.
–Кеңестің үйі осы ма?— деді әлгі кісі. Одырая қарап кетіп бара жатқан Елнұр:
— Осы. Бірақ үйде ешкім жоқ,— деді тоқтамастан.
Жол жақтан Елңұрдың әжесі Ажар да келіп жетті.
— Ойпыр-ау, Әділ нағашым ғой мынау!— деп Ажар апай қуана қол беріп жатты. Елнұр селтиіп тұрып қалыпты.
— Қарағым Ажар, мынау немерең бе, үйде ешкім жоқ дегесін, түу алыстан іздеп келіп, өзіңді көре алмай кетем-ау деп тұр едім,— деп жолаушы шағын сөмкесін ала берді.
— Танымасын сыйламас деген ғой, нағашеке!— деп Ажар апай Елнұрға қарады.— Кел, сәлем бер! Бұл — Әділ атаң ғой, үлкен адамды танымасаң да, қарсы алмайсың ба?
Елнұр бағанағы қылығына ыңғайсызданған күйі жолаушыға қос қолын ұсынып амандасты да, есікті ашуға жүгіре жөнелді.
"ЖАҚЫНЫҢДЫ ЖАТТАЙ СЫЙЛА—
ЖАТ ЖАНЫНАН ТҮҢІЛСІН"
Өзіміздің адамдар ғой деп жақын туыстарға көңіл бөлмей қарау — тәрбиелік емес. Бір анадан туса да ағасы бауырына, қарындасына, інісі мен қарындасы әпке-ағаларына жанашыр болуы тиіс. Бауырмалдық, жанашырлық сезім жоқ жерде туысқандық, сыйластық, ауызбірлік те болмайды. Ал өзінің ең жақын адамдарын — үй-ішіндегі туыстарын қадір тұтпаған адам басқа жұртты да сыйлап жарытпайды. Бұл мақал татулыққа, сыйластыққа, жанашырлық пен мейірімділікке тәрбиелейді.
"АСЫҢ БАРДА — ЕЛ ТАНЫ, БЕРІП ЖҮРІП,
АТЫҢ БАРДА — ЖЕР ТАНЫ, ЖЕЛІП ЖҮРІП"
Қолыңдағы барыңды ел-жұрттан аяма, сараң болма, өзіңмен өзің жүрме — жолдас-жорамен аралас; мүмкіндігің, денсаулығың барда, жастық кезіңде дүниені көр, арала. Сонда өзіңнің де көңіл көкжиегің кеңейеді деген мағынада айтылады.
"ТҮЙЕНІ ЖЕЛ ШАЙҚАСА,
ЕШКІНІ АСПАНДА КӨР"
Қатты дауыл жердегі ең үлкен жануардың бірі түйені қозғап, тәлтіректетіп жатса, түйенің жанында түймедей салмағы жоқ ешкіні аспанға ұшырып кетеді деген астарлы мағынасын ұққан дұрыс. Нәрік есеп сабағына онша емес. Әсіресе бақылау жұмысы кезінде әбден басы қатады. Кезекті бақылаудың есептері тым қиын екен. Кластағы есепке ең жүйрік Жазира да үзіліс кезінде көңілсіз отырды. "Бір есептің теңдеуін дұрыс құрмаппын",— деді жанына келген кластасына. Сосын Нәрікке бұрылып: "Сен шығардың ба?"— деп сұрады. "Түйені жел шайқаса, ешкіні аспанда көр" деп, сен дұрыс шығармағанда, мен қайдан шығарамын?"— деп күлді Нәрік.
Балалар Нәріктің мақалдап сөйлегеніне таңданып, қызыға қарап қалды.
"КӨЗІҢЕ ҚАРА"
Алды-артыңа қарап, абайлап жүр деген мағынаны білдіреді. Көбіне адамның алаңғасарлығына, алдында түйе жатса да көрмей, құлап-сүрініп, аптығып жүретіндерге ренішпен айтылады. Сыртта жолдас балалары күтіп тұрған Нариман анасынан сұранды да, рұқсат алғасын үйден шыға жүгірді. Кішкентай Айнұр велосипедін дәл есіктің алдына тастап кеткен екен. Нариман соған сүрініп, оңбай құлады. Тарсылдаған дыбысқа анасы шығып еді, Нариман тізесін ұстап, орнынан тұра алмай жатыр.
— Асығып-үсігіп тұра шаппа деп қанша айтам саған?! Көзіңе қарасаңшы!— деп анасы ренжи сөйлеп, ұлын орнынан тұрғызды.
"ӘНШЕЙІНДЕ АУЫЗ ЖАППАС,
ТОЙ ДЕГЕНДЕ ӨЛЕҢ ТАППАС"
Жай күндерде білгішсініп, ал нағыз сөз айтатын кезде міңгірлеп қалатын адамға халық осылай анықтама береді. Самал — кластағы тентек бала. Сабағы да нашар. Кластағы қыздар, балалар — бәрі Самалдан талай "қорлық" көрген, сабақ үлгермейді, газет-журналдың бетін ашпайды, әркімге ұрынады, үлкенді де, кішіні де сыйлайын демейді. Класс жиналысын ашып, мұғалім Самалдың мінез-құлқын талқылауға шақырды. Балаларда үн жоқ.
— Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас деп, күнде "Самал үйтіп кетті, Самал бүйтіп кетті" деп, енді неге тіл-ауыздарың байланып қалды?— деп ренжді жетекші апай.
"ЕТІ ТІРІ"
Ауылға артистер келіпті деген хабар гу ете қалды. Нұрлан Өнербаев, Мәдина Ералиева, Алтынбек Қоразбаев секілді әншілер. Концертті екі езуіңді жиғызбайтын кәдімгі Құдайберген жүргізеді екен! Ауылдың клубы аузы-мұрнынан шықты. Ине шаншар жер жоқ. Алма өзінен екі класс төмен, бесіншіде оқитын інісі Санжармен барып еді — билет те, орын да жоқ. Не істерге білмей, жыларман болды. Кенет клубтың сахна жағындағы есігінен інісін жетелеп еппен кірді.
— Аға, бізде билет жоқ, кіргізіңізші, еденге отырамыз,— деді ұзын бойлы әншіге кездесіп қап.
Сахнадан залға түсіп келе жатқан Алма сен Санжарды көріп, ауыл адамдары:
— Алманың еті тірі, пысық, қарашы, ақыры, кірді,— деп, сүйсіне таңданысып жатты.
Ұялып, тартыншақтай төмен қарап тұратын баланы "ынжық", "жасық" дейді де, ретті жерінде сөйлей, дәлелдей білетін, қолынан іс келетін адамды "еті тірі" дейді халық.
"АУЗЫ-МҰРНЫНАН ШЫҒУ"
Толып тұр, асып-төгіліп тұр деген мағынаны білдіреді. "Автобуста адам толып тұр" деудің орнына:
— Автобус "ауызы-мұрнынан шығып тұр",— дейді.
Кесені асып-төгілердей толтырып құйған сүтті көргенде: "Аузы-мұрнынан шығармай құйса еді",— деп те айтады.
"ИНЕ ШАНШАР ЖЕР ЖОҚ"
Бөлменің, үйдің, тағы сол секілді орын, мекендегі адамның көптігін суреттегенде айтады.
"ЖҮРЕГІМ ТАС ТӨБЕМЕ ШЫҚТЫ"
Алмас оңаша бөлмеде сабақ оқып отырған. Сыртқы есіктен енген Әританы байқаған жоқ еді. Қарындасы еппен басып, ағасының желке тұсынан: "Пах!"— деп еді, Алмас селк етіп, шошып кетті.
–Өй, жүрегімді тас төбеме шығардың ғой! Неге қорқытасың?— деп ренжіді ағасы.
–Сен батырмын деп мақтанатының қайда?— деді Әрита күліп.
"ЖАНЫ БАР СӨЗ"
Рас, шын деген сөздердің орнына қолданылатын тіркес.
— Біздің мектепке ағылшын тілі жүретін болыпты,— деді Айбек үйдегілерге.
— Жиырма жылдан бері жоқ ағылшын тілі қалай ғана жүретін болып қалды, біреулердің өсегі болар?— деді анасы сеніңкіремей.
— Айбектің сөзінің жаны бар, мен де естідім,— деді жұмыстан келген ағасы Асқар.
"АЛТЫН АСЫҚТАЙ"
Жолдасы ерте қайтыс болған Бағила апай бес баласын жалғыз тәрбиелеп, бәріне білім берді. Қазір бәрі де өнегелі азаматтар.
— Бағиланың балалары шетінен алтын асықтай ғой, тіл-аузымыз — тасқа!— деп ауылдастары сүйсіне сөз етеді.
"АСПАН ЖЕРГЕ ТҮСІП ТҰР"
Шілдедегі басыңды айналдырар ыссылықты айтқанда, осылай дейді. Мысалы, "Күн ыссы", "Күн күйіп тұр" деген тіркестердің орнына "Аспан жерге түсіп тұр" деп те айтады.
"ТІЛ АУЫЗЫМ — ТАСҚА"
Халықта тіл тиеді, көз өтеді, көзі тиді, сұғы өтеді деген ұғымдар бар. Жас сәбиге кереметтей сүйсінсе, таңданып-таңырқаса, бала ауырып-сырқап қалады. Көзі тиетін адамдар да болады. Оларды "көзі бар" дейді. Өсіп келе жатқан әдемі, ақылды, өнерлі балаға, тіпті үлкенге де сүйсінгенде, тілеулестері:
— Несін айтасың, жақсы бала ғой, тіл-аузым — тасқа,— дейді. Яғни, тіліміз, көзіміз тасқа тисін деген мағынаны білдіреді.
"МАЙЛЫ ҚАСЫҚТАЙ"
Бір-бірімен тіл тауып, тату, араласып-құраласып жүретін адамдарды сипаттағанда, осы тіркесті қолданады. Мысалы, келіні мен енесі жайлы:
— Керемет тату, майлы қасықтай,— дейді.
"АЛДЫНА КЕЛГЕНДІ ТІСТЕП,
АРТЫНА КЕЛГЕНДІ ТЕУІП…"
Мінезі шайпау, жұртқа жағымсыз адамды халық осылай сипаттайды. Тістейтін, тебетін мінез жылқыда болады.
"ЖАЛПАҚ ШЕШЕЙ"
Жұрттың барлығына әдейі жақсы көрінуге тырысатын, анау айтса — ананың, мынау айтса — мынаның сөзін қоштайтын, өзіндік тура пікір айтудан жалтаратын адам туралы: "Ой, соны қойшы, ол бір жалпақ шешей ғой", — деп, ел жақтырмай сөйлейді.
"БЕТ-АУЗЫ БҮЛК ЕТПЕЙ"
Клара мен Роза дос болып жүретін. Роза — оқу озаты. Ол сабағы нашар Клараға талай уақытын бөліп, көмектескен. Бірде Роза сырқаттанып, біраз жатып қалды. Кластастары кезектесіп барып жүрді. Клара бір рет барды да, кейін досына соқпайтын болды. Құрбылары:
–Сен Розаға неге бармайсың, досың емес пе?— дегенде, ол тұрып:
–Қайдағы?! Мен онымен дос болып па едім?— деді бет-аузы бүлк етпей.
Өтірік айтатын, жақсылықты бағалай білмейтін, тек өзіне пайдасы тиетін уақытта біреуге жалбаңдайтын адамды осылай сипаттауға болады.
"АТТЫҢ ЖАЛЫНДА, АТАННЫҢ ҚОМЫНДА"
Санджардың үйіне қаладан қонақтар келеді деп анасы асығыс әзірлік үстінде еді. Әкесі дүкенге барғалы жатқан. Мектептен оралған Санжар:
–Бүгін концерт қоямыз, менің жаңа жыл кешіне киген ұлттық костюмім қайда?— деп, киімін шешер-шешпестен анасынан сұрады.
–Санжар, менің қолым тимей жатқанын көрмеймісің? "Аттың жалында, атанның қомында" қабаттаспасаңшы!— деді анасы.
Асығыс іс істеліп немесе жол жүргелі жатқанда, басқа бір нәрсені қосарлана істеген жағдайда "Аттың жалында, атанның қомында" деген тіркесті айтады. Бұл асығыс, орынсыз іс қылғанды құптамаған ниетті білдіреді.
"БҮЙРЕКТЕН СИРАҚ ШЫҒАРУ"
Оқыс, шетін, ерсі іс істеген адам жайлы:
— Өзі ылғи бүйректен сирақ шығарады да жүреді,— деп кейістік білдіре айтылады.
Малдың бүйрегі қай жерде болатынын зоология оқулығынан білесіңдер. Ендеше, сирақтың бүйректің ішіне түсуі — тіпті мүмкін емес нәрсе. Яғни, өте ерсі, мүмкін емес істі, ой-пікірді дұрыс нәрседей дәлелдеуге тырысқан адам туралы айтылады. …Жарқын дастарқан басында үлкендердің сөзіне құлақ түріп отыр еді. Әңгіме қабырғасы қаланып біткен қораның шатырын жабатын материалдың жоқтығы жайлы екен.
— Колхоз гаражының жанында тесіліп қалған темір бөшкелер жатыр, соларды әкеліп салуға болмай ма?— деді Жарқынның сегізінші оқитын ағасы Алмат.
— Қалыңдығы ек елі темір бөшкені қалай кесесің? Әй, балам-ай, бүйректен сирақ шығармай отырмайсың-ау,— деді әкесі.
"ТИСЕ ТЕРЕККЕ, ТИМЕСЕ БҰТАҚҚА"
Ойланбай, өз ісінің, ойының дұрыс екенін әбден біліп алмай іс істеген не пікір айтқан адамға:
— Тисе терекке, тимесе бұтаққа деп соғып отырсың ғой?— деп, мысқылдай айтады.
"Ә ДЕСЕҢ, МӘ ДЕП…"
Үлкенмен де, кішімен де қарсыласып, ұрсысып тұрып алатын, шап етпе мінезі бар адамға осы сөз тіркесімен-ақ анықтама беруге болады. Әния апайдың жас келін түсіргеніне біраз болған. Көрші үйдің қалада оқитын қызы жазғы демалысқа келгесін:
— Әния апайдың келіні тәуір адам ба, әже?— деп еді, Салтанат әжей:
— Тәуірлігін көргеніміз жоқ, ә десең, мә деп тұрған біреу,— деп, қабағын шытқан күйі ұршығын иіре берді.
"БІР ҚОЛДЫ ЕКІ ЕТЕ АЛМАЙ"
Рабиға сабағын дайындап болғанда, ата-анасының жұмыстан келетін мезгілі де таяп қалған екен. Ол стол үстін жинастырып, шай қойды. Енді дастарқан жайғалы жатыр еді, бір класс төмен, алтыншыда оқитын інісі Сайран далада ойнап-ойнап келіп:
— Рабиға, есебімді шығара алмаймын, сен шығарып берші?— деп қыңқылдады.
— Қазір ата-анам жұмыстан шаршап келеді, дастарқан жасайын деп өзім бір қолымды екі ете алмай жатқанда, қоймадың ғой! Өзің шығар!— деп ренжіді Рабиға.
Қолы тимей қапылып жатқанда, басқа бір іс істеуді сұраған адамға "Жұмысым көп, үлгере алмай жатырмын, мүмкіндігім келмейді" деудің орнына: "Бір қолымды екі ете алмай жатырмын", — десе, жеткілікті.
"БЕТЕГЕДЕН БИІК, ЖУСАННАН АЛАСА"
Көзге түсуге тырыспайтын, орынды-орынсыз сөйлемейтін адамды сипаттағанда, осы тіркес айтылады.
"АЯҚТАНДЫРУ"
Есжанның ағасы Алмабек үйленді, жас келін Жанар ибалы, сүйкімді қыз екен. Есжанның анасы Сағира келген адамдарды қуана қарсы алуда.
— Балаңды аяқтандырып жатыр екенсің, құтты болсын!
— Қуанышың ұзағынан болсын!— деп, ауылдастары Сағираның қуанышын бөлісіп жатыр.
Ер бала үйленгенде, "Баламыз аяқтанды" дейді.
Ал қыз бала ұзатылғанда, "Қызымыз тұрмысқа шықты" немесе "Тұрмыс құрды" дейді.
"АЛАҚАЙ"
Қуанышты, шаттықты білдіретін сөз. Жастар, балалар айтады.
Әскерден келген Серіктің інісі Жанайдар: "Алақай, ағатайым келді!"— деп алдынан жүгірді.
"КІМНІҢ ТАРЫСЫ ПІССЕ, СОНЫҢ ТАУЫҒЫ"
Қолында билігі бар, бір пайдасы тиеді-ау деген есеппен әркімге бір жалбақтап жүретін адам жайлы осы мақал айтылады. Ол адамның жақсы көргені, сыйластығы — тұрақсыз.
"КҮШ ҚАЗАНДАЙ ҚАЙНАЙДЫ,
КҮРЕСУГЕ ДӘРМЕН ЖОҚ"
Асан мен Әлім кинодан келе жатыр еді. Жеті-сегіз бала екеуін ортаға алды, ақша, сіріңке сұрады. Бұлар "жоқ" деп еді, бәрі жабыла кетті. Бұл балалардың мұндай бұзақылығына екеуі әбден ызаланды. Төбелесіп те көрді. Бірақ көптің аты — көп. Әл берер емес. Асан мен Әлімнің осы сәттегі жан күйін "Күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ"деп анықтауға болады. Адамның шарасыздығын білдіреді.
"САЛТ БАСТЫ, САБАУ ҚАМШЫЛЫ"
Аяғына оралғы болатын бала-шағасы жоқ, от басында ауыртпалығы аз адамды "салт басты, сабау қамшылы" дейді.
"АУЗЫН АШСА, КӨМЕЙІ КӨРІНГЕН"
Ақ көңіл, қулық-сұмдығы жоқ, сәбидей адал адамды халық: "Аузын ашса, көмейі көрінген адам ғой",— деп сүйсіне сөз етеді. Ондай адам өте аңғал, сенгіш келеді, сондықтан қулық-сұмдығы мол адамдар ондайларды өз мүдделеріне жиі пайдаланып, кейде өкіндіріп жүруі де мүмкін.
"КӨП ТҮКІРСЕ, КӨЛ"
Дарынның анасы дүкенде істейді. Тәжірибесі де көп емес. Бір күні ауданнан тексерушілер келді де, пәлен мың сом ақша кем деп, Дарынның анасын айыптады. Оны төлейтін бұларды қаржы жоқ болатын. Бұл жайды естіген ауыл ақсақалдары кеңесіп, үй басына ақша жинап, Дарынның анасын құтқарып алды.
— Тәжірибесіздігінен істі болған екен, ел болып көмектеспесек, көргенділігіміз қайсы… "Көп түкірсе, көл болар" деген, әрқайсымызда пәлендей байлық болмағанмен, бәріміз қосылсақ, құтқаруға болады,— деп Мәжит ақсақал үлкендігін айтты.
Адамдар тату, бір-біріне жанашыр, білікті болса, көп жағдайды жақсартуға болатынын осы мақалдан ұғынуға болады.
"ЖАЛҒЫЗ ЖҮРІП ЖОЛ ТАПҚАНША,
КӨППЕН БІРГЕ АДАС"
Жеке басының ғана қамын ойлайтын, өзімшіл адамды халық қадірлемейді. Жолдас-жораларының, бауырларының, коллективінің, ауылының мүддесін ойлайтын адам ғана ел құрметіне бөленеді. Мектепте, класта, үй-ішінде түсінік болмаса, әркім өз бетінше жүрсе,береке болмайды. "Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас" деген нақыл адамдарды бірлікке, бірін бірі сыйлауға тәрбиелейді.
"ТҮУ ДЕСЕ, ТҮКІРІГІ ЖЕРГЕ ТҮСПЕЙДІ"
Қолында билігі бар, жұрттың бәрі қорқып, алдында бүгежектеп жүретін, кез келген ортада дегені болатын әкім-қара туралы айтқанда:"Түу десе, түкірігі жерге түспей тұрған кезі ол кісінің",— деседі.
Бұл ел-жұртқа шын мәнінде қадірлі адам туралы айтылатын тіркес емес.
"АНАУ АЙТСА — АНАҒАН,
МЫНАУ АЙТСА — МЫНАҒАН…"
Өзінің тұрақты пікірі, ойлы көзқарасы жоқ, біреу бірдеңе айтса, соған ере кететін, талғамсыз, ойсыз, ұшқалақ адам жайлы: "Анау айтса — анаған, мынау айтса — мынаған еріп кететін пәтуасыз",— деп, халық оған сенім артпайды.
"КҮН ЖАУМАЙ СУ БОЛЫП…"
Қолынан іс келмейтін, еш нәрсені ұқсата алмайтын, кез келгеннен қорлық көріп, зорлық шегіп, жоқтан өзгенің бәрін қайғы-қасірет көретін, ұсақ-түйектен жапа шегіп жүретін адамды "Күн жаумай су болып жүретін бейшара" деп, халық оған мысқылдай қарайды.
"АУЫЗ БАРҒАНША СӨЙЛЕП…"
Бұл көбінесе әйел адам туралы айтылады. Ата-анасынан, апаларынан жақсы тәлім-тәрбие алмаған, үлкендер отыр ғой деп именбей, ұялмай, жөнді-жөнсіз сөйлей беретін, шақырусыз кез келген үйге бара салатын, тәрбиесіз, өз бетімен кеткен қыз бала, әйел адамды ел сыйламайды. "Аузы барғанша сөйлеп, аяғы жеткенше жүріп жаман үйренген ғой",— деп жақтырмай айтады.
"АҚЫЛСЫЗ БАС ЕКІ АЯҚҚА ТЫНЫМ БЕРМЕЙДІ"
Наурызбай деген жігіт көрші ауылға қыдырып келеді. Ауылдан бір ит үріп шығады. Наурызбай итті атпен қуып сабайды. Ит сиыр сауып отырған бір келіншекке келіп паналайды. Наурызбай оған да болмай, итті қамшымен тағы бір басып өтеді. Сонда келіншек итіне: "Қыңсыламай, қоя ғой, күшігім, тыңдамаса ағасы ұрар болар, інісі көтерер болар",— деген екен. Балалар, Наурызбайдың қылығын өздерің қалай бағалар едіңдер? Халық осындай өз әрекетіне есеп бермейтін, ойсыз, оспадар жандарға күліп: "Ақылсыз бас екі аяғына тыным бермейді",— дейді. Егер сендердің араларыңда Наурызбай сияқты ұрыншақтар болса, осы мақал естеріңде жүрсін. Әйтпесе, жолдастарының алдында да күлкі болады.
"СӨЗ ТАПҚАНҒА ҚОЛҚА ЖОҚ"
Есалы деген әзілқой кісі бір құрдасының үйіне келеді. Үй-іші мал сойып, шай қайнатады, дастарқан жайылады. Күні бойы нәр татпаған Есалы ұсақ бауырсақты үшеуден, төртеуден аузына салып, шай ішіп отырады. Шай құйып отырған құдашасы Есалының бауырсақ жеуін мысқылдап:" Сіздің елде қойды қораға қамарда бірден айдай ма әлде топтап айдай ма?"— депті. Бұл қалжыңға Есалы дереу:"Ірі болса, біреуден, ұсақ болса, үшеу-төртеуден айдаймыз",— деп жауап беріпті. Міне, Есалы әзілмен қалай ұтқыр жауап берген. Қандай жағдайда да мүдірместен, сөз тауып айтатын, әзілге жүйрік, сөзге шешен адамдармен ешкім жөнсіз айтысып-тартысып сөз таластырмаған. "Сөз тапқанға қолқа жоқ" деп бірден жеңілгенін мойындайды екен. Ондай адамдардың сөздері ел арасына аңыз боп та тараған.
"ОБАЛ-АЙ, ОБАЛ БОЛАДЫ"
Данияр ағаш басындағы ұядан жерге жаңа түсіп, ұшып-қонып жүрген балапанды ұстап, қолына қысып, біресе қанатын сипап қызығып жүр. Мектептен келе жатқан ағасы Алмас:
— Данияр, ұстама балапанды! Обал болады! Бір жерін ауыртып не қанатын зақымдауың мүмкін,— деп балапанды босатып жібереді.
"Обалына қалармыз", "Обалынан қорықпай ма екен" деген тіркестер нақақ жәбірленген жәндік, жануарға, адамға жанашырлықпен айтылады.
"ҚЫЗҒА ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН ТЫЮ"
Қазақ қыз баланы еркелетіп, дегенін орындап әлпештеген; дарақы, қыдырымпаз, ұрысқақ болып өсуден сақтандырып отырған. "Қызға қырық үйден тыю" деген мәтелдің мәні — кез келген үйге бара беру, қонып қалу ұят, негізінен ибалы да нәзік, ақылды болуға тиіс қазақ қызына аса лайықсыз қылық.
"САЛЫ СУҒА КЕТУ"
Дидар Мұраттың үйіне келіп еді, досы әдеттегідей жарқылдап қарсы алған жоқ. Өзі көңілсіз, тұнжырап отыр екен.
— Немене, салың суға кетіп отырсың ғой?— деді Дидар.
–Класаралық жарыста командамыз 7"б"-дан жеңіліп қалды,— деді кластағы футболшылар капитаны Мұрат.
Әбден көңілі қалып, көңілсіз құлық көрсеткен адамға айтылады.
"ІШКЕН АСЫН ЖЕРГЕ ҚОЮ"
Қымбат — жас мұғалім, оқушылар өте жақсы көреді. Себебі ол балалардың әрқайсысымен сырлас досындай тіл табысады.
Қымбат десе, оқушылар ішкен асын жерге қояды.
Өте қадірлейді, сыйлайды, жақсы көреді деген мағынаны білдіреді.
"САҒЫ СЫНУ"
Ақмарал мен Айдана дос болып жүретін. Бірде Айдананың анасы жұмыс бабымен жолаушылап кетті де, үйдегі кішкентай Нұрлан мен Мартаға бас-көз болып, Айдана қалған. Айдана дүкеннен нан әкелуге баратын болды да, жақын жерде тұратын Ақмаралға:
— Бөпелерімнің жанына отыра тұршы,— деп өтініш айтты.
— Өзімнің де шаруам бар, бара алмаймын,— деп, Ақмарал үйіне кіріп кетті. Айдана сағы сынып, үйіне қайтты.
"ЖҰЛДЫЗЫ ҚАРСЫ…"
Бір-бірін өте жек көретін, тіл табыса алмайтын екі адамды сипаттағанда:
"Ол екеуінің жұлдызы қарсы",— дейді. "Мен оны жек көремін" деудің орнына:
"Менің онымен жұлдызым қарсы",— деп айтады.
"ЖЕР АСТЫНАН ЖІК ШЫҚТЫ"
Ерсі, күтпеген қылық көрсеткен адам туралы:
"Жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шығып", мынаныкі не?!— дейді.
"КӨЗГЕ КӨК ШЫБЫН ҮЙМЕЛЕТУ"
Біреуге азап шеккізу, жазалау жайлы айтылады.
Біреуге ызаланып, істеген кесірлігі не зұлымдығына кейігенде:
"Көзіңе көк шыбын үймелетейін бе?!"— дейді.
ДӘСТҮРДІ БІЛЕСІҢ БЕ?
Туған халқының салт-дәстүрін қанына сіңіріп өскен бала елдің үлкен азаматы бола алады. Қазақ халқының ежелден қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мол. Әжелерің, аталарың, әке-аналарың айтқан, үйреткен осындай жайларды, салт-дәстүрлерді білгендерің дұрыс.
КІНДІК ШЕШЕ КІМ?
Бала туғанда оның кіндігін кез келген кісіге кестірмейді. Мінез-құлқы жақсы, от басында үлгілі, тұқымдары өсіп-өнген әйел адамға кестіреді. Бала өскенде оны "Кіндік шеше" деп атайды. Қазақта "Тоғыз ай көтергенге тартпайды — жерден көтергенге тартады" деген мақал бар. Кіндік шеше — өз анасындай қадірлі адам. Кіндік шешенің жолдасын бала Кіндік ата деп атайды.
ҚОНАҚ КЕЛГЕНДЕ…
Қонақты жастар үй сыртына шығып қарсы алады. Ер адамдарды үйдің ер балалары, әйел-қыздарды келін-қыздар қарсы алады. Қазіргі біздің жағдайымызда, есіктен кірген адамға:
— Төрге шығыңыз!
— Жоғарылатыңыз!
— Төрлетіңіз!— деген дұрыс.
Үйде ата-анасы жоқ кезде қонақ келсе, балалар жылы ілтипат білдіріп, ата-анасын жоқтатпай, қонақты күте білгені жөн. Үйден қонақ кетер кезде, балалар кебіс салады, яғни, әркім босағадан өз аяқ киімін іздеп жатпауы үшін және ілтипаттың, құрметтің белгісі ретінде қонақтардың аяқ киімін ыңғайлап қояды және сырт киімдерін кигізеді. Қонақтардың өздерін ғана қалдырып, үй иелері ас қамы, қонақтың бабы деп жүгіріп кетпейді. Көргенді үйдің иесі қонақтармен әңгіме-дүкен құрып, тамақ келгенше зеріктірмеуге тырысады.
КІМ ҚАЛАЙ АТАЛАДЫ?
Қазақта бала әкесінің әкесін АТА, анасының әкесін НАҒАШЫ АТА дейді. Анасының анасы НАҒАШЫ ШЕШЕ болады. Ата-ана ұлдың баласын НЕМЕРЕ деп, қыздың баласын ЖИЕН деп атайды. Жиеннің баласы ЖИЕНШАР болады. Әпкесінің жолдасы — ЖЕЗДЕ, ал ер-азаматқа келіншегінің іні-сіңлісі БАЛДЫЗ, аға-әпкесі ҚАЙЫН АҒА, ҚАЙЫН БИКЕ болып келеді. Апалы-сіңлілі екі қыздың жолдастары бір-біріне БАЖА болады да, ал олардың балалары бірін бірі БӨЛЕ дейді. Ағайынды екі кісінің балалары бір-біріне НЕМЕРЕ туыс болады. Мысалы, Марат пен Мардан— ағалы-інілі. Мараттың ұлы Асқар он бесте. Марданның қызы тоғызда. Асқар— Әлияның немере ағасы.
ҚОНАҚҚА ШАҚЫРУ
Басқа жерден көшіп келген көршілерге сол жерде бұрыннан тұратындар ЕРУЛІК береді, яғни қонаққа шақырады. Бұл — екі үй бір-бірімен араласып, үй-іші, балалар жатырқамай, жақын, тату болсын деген ниетпен жасалатын құрмет. Жас келін түскен үйді ағайын-туған, дос-жарандары қонаққа шақырады. Жаңа түскен келін келген жерінің жақын адамдарын біліп, сыйлап жүрсін деген ишарат. Кісі қайтқан үйдің от-басын жақын-туыс, дос-жарандары қонаққа шақырады. Оны көңіл шәй беру деп атайды.
ЖЕҢЕШЕҢ АТ ҚОЙДА МА?
Біздің халқымызда әйелдер күйеуінің қарындас-інілерінің атын атамайды, еркелетіп, түрлі ат қойып алады.
Жас келінге жолдасының інілері ҚАЙНЫ, қарындастары ҚАЙЫН СІҢЛІ болады. Әдетте, қайныға "Ақ төре", "Мырза жігіт", "Ерке бала", "Кенжем", ал қайын сіңліге "Көз жақсым", "Еркем", "Еркежан", "Айнамкөз", "Көркемжан" деген секілді ат қояды.
Бұл да сыйластықтың белгісі болып есептеледі.
Қайны мен қайын сіңлінің ең жақын сырласы, мұңдасы — жеңгесі.
СЫЙ-СИЯПАТ
Біздің дәстүрімізде қадірлі қонаққа тай сойып, қой сойып құрмет көрсетеді. Кетерінде оған ат мінгізеді. Әйел адамға жағалы киім, көйлек кигізеді. Қыз балаға орамал жауып, нар мая не бота жетектетеді.
Қонақтың кішкентай баласы немесе немересі еріп келсе, тай мінгізеді. Әрине, қазіргі кезде дәл баяғы замандағыдай ат мінгізу, нар мая жетектету мүмкіндігі бола бермейді. Алайда әркім өз әліне қарай жоралғысын жасауы керек.
СОҒЫМ
Қазақ халқының негізгі тамағы — малдың еті. Күздің қара суығы басталған кезде тоқты, торпақ сойып алады. Мұны "күздік" деп атайды. Ал қыс түскенде соғым сояды. Соғымға сойылатын малды алдын ала семіртеді. Мысалы, жылқы, сиыр сойылады да, етін қыс бойы жеуге арнайды.
Соғым сойған күні көрші-көлемді "соғым басына" шақырады.
"САҚТАҒАНЫН ЖЕСЕ…"
Айдар астанада оқиды. Жазғы демалысқа келгенде, анасы сүрлеп сақтаған етін асып, жинап жүрген сары май, ірімшік, құрттың бәрін дастарқанға шығарып мәз болады. Аналар, жеңгелер алыста жүрген қимас дос-жаранға, қайны, қайын сіңліге арнап сыбаға сақтайды. Кейбір әзілдесетін құрбы-құрдастары ет жегілері келгенде, "Сақтағанын жесе, сағынғаны келеді" деген мақал бар деп, жеңгелерінің, замандастарының баласына не басқа сыйлы адамдарына сақтаған сыбағасын жеп кететіні де болады.
СЫБАҒА
Ет асқанда сойылған малдың әр мүшесі кез келген адамға берілмейді. Қой сойылса, ең үлкен қонаққа қойдың басын, ал тай сойылса немесе соғым мезгілі болса, жылқының, сиырдың шекесін ұсынады. Бас ұстаған адамға жамбас қоса тартылады. Күйеуге — төс, қызға құйымшақ арналады. Күйеу төсті, қыз құйымшақты өзі жеп қоймайды — ауыз тигесін, дастарқан басындағы не сол үйдегі жеңгелерінің біріне ұсынады.
Қадірлі сыбағаның бірі — омыртқа.
СҮЙІНШІ
Ауылдағы жеміс ағаштарының түбін қопсытып жүрген Болат тоқтаған машина дыбысы шыққасын қақпадан карап еді — әскер қатарында азаматтық борышын атқарып жүрген ағасы Асылбек түсіп жатыр!
Болат қора жақта жүрген атасына жүгірді:
— Ата, ата! Сүйінші! Асылбек ағам келді!
Екі жыл бойы сағынған Асылбекті көріп, үй-іші мәре-сәре болып қуанып қалды.
Кешкісін атасы қалтасынан ақша алып, Болаттың әкесіне ұсынды.
— Болатжан сүйінші сұрап еді, Асылбек аман-есен оралды, жақсы хабарға сүйінші бермеуге болмайды. Мынаған ертең Болатқа велосипед әкеліп берші,— деді Абдол ақсақал баласына.
Жақсы, қуанышты хабар айтқан адамға "сүйінші" беру — халқымыздың дәстүрлерінің бірі.
ҮЛКЕН ҮЙ ЖӘНЕ ОТАУ
Қазақ халқында ата-ана ұл баласымен бірге тұрады. Ұлдары бірнешеу болса, үлкендері үйленгесін, олардың әрқайсысына енші беріп, өз алдына тұрмыс құру үшін бөлек шығарады. Енші — балаға ат-ананың беретін мал, мүлік, үй (киіз үй) не пәтері. Әдетте, ата-ананың қолында ең кіші ұлы— кенжесі қалады. Бұл үлкен үй, ал енші алған балаларының үйі отау деп аталады.
СӘЛЕМ БЕРУ
Әсем — үздік оқушы. Мінез-құлқы да жақсы. Өлең-жырды көп оқиды. Сондықтан оған оқушылардың демалыс үйіне жолдама берілді. Анасы Әсемнің киім-кешегін дайындап, әрі қуанып, әрі "бұрын алыс жолға шықпап еді" деп дайындап жүр. Ертең жүреді деген күні:
— Алыс жолға жүрейін деп отырсың, ауылдағы үлкендерге сәлем беріп, амандас,— деді.
Әсем дос қызымен Бәтен, Патша апаларға, Бақтыгерей, Мұхиден аталарға барып сәлемдесті.
— Ерең демалыс үйіне барғалы жатыр едім, сіздермен қоштасуға келдім,— деді сәл ұяла сөйлеп.
— Оң сапарың болсын!
— Аман жүр, қарағым!
— Өркенің өссін! — деп үлкендер риза болып, бата-алғыстарын айтып, үйлерінен дәм татқызды.
Ұзақ жолға аттанарда немесе алыс сапардан я қаладағы оқудан келген бала, жасы кіші адам ауылдағы үлкендерге сәлем беріп, осылайша амандасады.
Бұл — әдептіліктің, үлкенді сыйлай білетін мәдениеттіліктің белгісі.
БАЙҒАЗЫ
Әкесі Аритаға әдемі көйлек алып келді. Етегі күлтелене дөңгеленген көгілдір көйлекті кигенде, тіпті әдемі болып кетті. Арита жеңгесі Анарға көйлегін қуана көрсетіп еді, ол:
— Көйлегің құтты болсын, әдемі екен! Мынау көйлегіңе байғазы,— деп, сандығынан көгілдір бантик алып берді.
Балалар, жастар жаңа киім кигенде, велосипед, ат мінгенде, жақын-жуықтары осылай байғазы беру — дәстүрімізде бар әдет.
БАСТАҢҒЫ
Халқымыздың жақсы дәстүрлерінің бірі — бастаңғы жасау.
Үлкендер қонақтық, той секілді жиындарға кеткенде, үйде қалған келін, қыз, бозбалалар өздері оңаша тамақ пісіріп, көрші-көлемдегі құрбыластарын шақырады. Ән салып, домбыра шертіп, үлкендер жоқта емін-еркін, әзіл-қалжыңдары жарасып отырыс құрады. Бұл дәстүр де қазақтың үлкенді сыйлау, олардың алдында ауыздарына келгенді айтып, бейбастықтық көрсетпеуінен шыққан.
СӘЛЕМ ЕТУ
Жаңа түскен келін үлкен адамдарға тізесін сәл бүгіп сәлем етеді. Жалпы келін атаулы қайын ата, қайын аға және басқа сыйлы үлкендерге сәлем береді. Бұл — алдымен, сәлемдескеннің, екіншіден, үлкен алдында ибалылықтың ишараты. Мысалы, ет жегеннен кейін дастарқаннан табақты алар кезде келін әуелі сәлем қылып, сосын табақты алса, жарасып тұрады. Бұл дәстүрдің ешқандай ерсілігі жоқ, қайта жастардың ізеттілігі мен ішкі мәдениетін көрсетеді.
СӘЛЕМДЕМЕ
Алыстағы дос-жаран, жолдас-жора, ағайын-тумаға, реті келгенде, жүрген жолаушыдан дәм және басқа бұйым беріп жібереді. Қалада тұратын Асхаттың үйіне бейтаныс біреу келді. Ата-анасы жұмыста еді, Асхат үйде сабаққа дайындалып отырған.
— Шырақ, анаңның бірге оқыған құрбысы Әсима біздің ауылда тұратын еді, мынау сол кісінің сәлемдемесі,— деп шағындау қағаз қорапты ашып қарап еді— сүрленген жамбас, ірімшік-құрт, кішкентай Динаға арналған болу керек — ойыншық бар екен.
Бұл дәстүр адамдардың бір-біріне жақындығын, жанашырлығын бекіте түседі.
САРҚЫТ
Әдетте, тойға барған адам ішіп-жеген ас, көрсетілген құрметпен қатар, түрлі сый-сияпатқа ие болады. Тойдан оралғанда өзінің көрші-көлем, дос-жолдастары, жеңгелері: "Сарқыт, сарқыт!" — дейді. Сонда тойға барып келген кісі той иелері өзіне кигізген киім, тағы басқа заттарды оларға бөліп береді.
БАЗАРЛЫҚ
Қазақта базарға шығу, малын сатып, оған қажетті киім-кешек, мата, шай, мәмпаси секілді ауылда бола бермейтін дүниелерді сатып әкеледі. Мұны "базарлап келді", "базарға кетті" дейді. Базардан керек-жарағын алып оралған адамның алдынан балалар "алақайлап" қуанып шығады. Көрші-көлем, жақын-жуықтары: "Аман-есен келдің бе?"— деп жолаушыға келіп сәлемдеседі, базарға барғандағы көргендерін айтқызады. Келген кісілерге, бала-шағаға "базарлық" деп әкелген заттарынан береді. Ерте кездері бүгінгідей машина, самолет жоқ, базарға көлікпен барғасын апталап, айлап жүріп келеді.
ҚҰДА ТҮСУ, ҚҰДА БОЛЫСУ
Ер бала азамат болып ер жеткесін, өзінің көңілі қалаған қызбен үйлене салмайды. Алдымен, өзінің аға-жеңгесі, апа-жездесіне айтып, олар ұлдың ата-анасына сездіреді. Ата-анасы қыздың үйіне барып, құда түседі. Құдалыққа ұл бала жақтан ауылдың сыйлы, қадірлі азаматы бастап 3-4 адам барады. Қыздың ата-анасы келісім берсе, болашақ құдаларды, жақынырақ танысу үшін, қонаққа шақырып кетеді. Содан кейін той мерзімін белгілейді. Қазіргі заманда құда түсуге барған ұлдың туыстары қалыңдыққа сырға, алқа, жүзік, білезік секілді сый апарады да, ырым етіп, болашақ келіндеріне тағып кетеді. Құда түсу — болашақ құдалардың бірлігі, ынтымағы нығаюына, ертеңгі жас шаңырақтың босағасының беки түсуіне дәнекер болар дәстүр.
ҚАЛАУ
Жас сәбилі болу — қазақ үшін ежелден қуаныш, той. Бұл — ата-бабамыздың балаға қаншалық мән бергенін ұқтырар қасиет. Кіндік шеше қалжа алып келгенде, немесе басқа жақын-жуықтар, мысалы, сол әулеттің ұзатылған қызы, нәрестеге сый-сияпат алып, құтты болсын айтуға келеді. Олар кетерде нәрестенің ата-әжесі, не әке-шешесі:
— Не қалауың бар?— деп сұрайды.
Егер қонақ сол үйдегі ең тәуір деген дүние-мүліктің, малдың бірін айтып, "осыны қалаймын" десе, үй иесі міндетті түрде қалағанын беруге тиісті. Баяғы кезде нәрестенің анасынан келген кілемді не үй иесінің жүйрік жалғыз атын "қаладым" десе де, қонақтан аямаған. Сондай-ақ қазақта жиен нағашысының үйіндегі кез келген затты кез келген уақытта "қаладым" деп алуына хақылы.
КҮЙЕУ БАЛА
Қыз алған жігіт, яғни күйеу бала, қайын жұртына келгенде, ылғи да басқа қонақтардың төменгі жағында отырады. Күйеу баланың төрге отыруы, қызмет қылмай шіренуі — әдепсіздік. Бұл — күйеу бала қайын жұртына өз баласындай жақын болсын, өзін еркін сезінсін, сол үйдің адамы ретінде басқа қонақтарға қызмет етсін (ет турау, ыдыс-аяқ алып беру, қолға су құю, т.б.) деген ізгі ниеттен шыққан әдет.
ҚЫЗДЫҢ ЖОЛЫ ҮЛКЕН
Қазақта қыз баланы аялап, еркін өсіруге, оның дегенін істеуге тырысқан. Ата-әже, әке-шешесі, ағалары мен іні-бауырлары қыз баланың қандай тілегі болса да орындаған. Қызды тек төрге отырғызған. Қыз бала төменгі жаққа отырып қалса, төрдегі ең үлкен адам өз орнын беруге дейін барған. Қыз бала отырған жерде анайы әзіл-оспақ, былапыт сөзді әңгімелер айту аса ұят болып есептелген. Баяғыда ұзатылып кеткен қыздары төркініне қонаққа не қыдырып келгенде де аса құрметтеп, оның бабын табуға ауыл болып ат салысқан. Қыздан туған жиенді қатты еркелетіп, нағашысының ауылында не істеймін десе де ерік беретін әдет — оның анасына, яғни сол үйден, сол ауылдан шыққан қызға деген қадір-құрметтен.
ЖОҚТАУ
Кісі қайтыс болғанда, өлікті үйден шығарарда, кейін бата оқуға адамдар келгенде, әйелдер дауысын шығарып сыңсып, жоқтау айтады. Яғни қайтыс болған адамның қадір-қасиетін айтып, қайғырып жоқтайды. Халқымызда "жоқтаусыз қалды" деген тіркес бар. Қайтыс болған адамның артында бала-шаға, дос-жараны болмаса, осылай дейді. Жоқтаусыз қалған жақсы емес. Абай атамыздың оқыған, өте зерек, сүйікті ұлы Әбдірахман (оны үй-іші еркелетіп Әбіш деп атап кеткен) 27 жасында өкпе ауруынан қайтыс болғанда, оның жас жұбайы Мағрипаға (оны да еркелетіп Мағыш деп атаған) қайын атасы Абай жоқтаудың сөзін өзі жазып берген. Оның ішінде төмендегідей жолдар бар:
Жиырма жеті жасында
Мен айрылдым жарымнан.
Қызықты күнім қалмады
Жылаған айтып зарымнан.
Құдай салды жүрекке
Жалғанда бітпес жараны.
Қалқамды алып, Құдайым,
Басыма салдың қараны…
БЕТАШАР
Қазақ халқының ертедегі дәстүрлерінің бірі — үйге келін түскенде, ақын, жырау немесе әнші оның бетін ашып, келген жеріндегі ағайын-туыс, ата-енемен таныстыруы. Бұрыңғы кезде жас келін жалаңбас, бетін жарқыратып ашып келмейтін болған. Бетін шарқатпен жапқан келінді екі жағынан екі жас абысыны қолтығынан сүйеп, бетін ашқан адам "Қайын атаңа бір сәлем!" немесе "Қайын енеңе бір сәлем!" деген сайын, екі абысынының сүйемелеуімен еңейіп сәлем ететін болған. Осылайша, келін келген ауылдың үлкендері мен кішілеріне сәлем етіп болғаннан кейін, ең соңында ғана бетіндегі шарқатты алады. Мысалы:
Ақ келін-ау, ақ келін,
Атың басын тарт, келін.
Жақсы болса ақ келін,
ауылыма бақ келін.
Анау тұрған қайнағаң,
Қайнағаң да — сайлы адам.
Сыйлап жүрсең үлкенді,
аялайды айналаң.
Қайнағаға бір сәлем!
ЕНШІ БЕРУ
Бірнеше ер баласы бар ата-ана олар аяқтанғасын, бөлек шығарып, өз алдына үй етеді. Үйдегі дүние-жиһаз, мал-мүліктен жас отауға береді. Мұны енші беру дейді. Саматтың ағасы келіншегімен, кішкене қызы Жанатпен бөлек үйге көшкен еді. Самат кішкентай Жанатты сағынып жүреді. Мектептен қайтарда ағасының үйіне соға кетейін деп еді, жолдасы Жанай:
— Қайда барасың, сенің үйің ана жақта емес пе?— деді.
— Ағамдікіне.
— Олар сендермен бірге тұратын еді ғой?
— Жоқ, жақында енші алып шыққан,— деді Самат үлкен адамша байсалды сөйлеп.
АТАСТЫРУ
Ерте кезде бұрыннан бірін бірі білетін қазақтар ұл-қыздары кішкентай кезінде, тіпті бесікте жатқанда, құда болысып қоятын болған. Мұны атастыру деп атайды. Мысалы, "Қозы Көрпеш— Баян сұлу" жырында екі дос Сарыбай мен Қарабай аңға шығады. Екеуінің де жұбайларының аяғы ауыр екен. Жол үстінде жүріп, екі дос уәделеседі. "Біріміз ұлды, екіншіміз қызды болсақ, құда боламыз",— деп, екеуі әлі дүниеге келмеген сәбилерін атастырады. Сарыбай қаза табады. Оның әйелі ұл тауып, есімін Қозы, ал Қарабайдың әйелі қызды болып, атын Баян қояды. Кейін Қарабай:
— Әкесіз балаға қыз бермеймін!— деп, уәдесін орындамайды.
СӘЛЕМДЕСУ
Ер бала өзінен үлкен ер-азаматқа кездескенде немесе даладан үйге кіргенде:
— Ас-салаумағалайкум!— деп, оң қолын кеудесіне қойып, сәлемдеседі. Бұл — сәлем беріп тұрған жастың алдындағы кісіге деген ізетін, ілтипатын білдіреді. Сәлем алушы:
— Уа-ғалайкум ас-салам!— деп жауап береді. Бұл — қазақ сөзі емес. Мұсылман дінінің қазақ топырағына енуімен келген араб сөздері. Қыз-келіншектерге:
— Сәләмәтсыз ба?— деп амандасу керек.
Қазақ дәстүрінде қыздар, әйел адамдар:
— Сәлеметсіз бе?— деп сәлемдеседі.
ЖЕТІ АТА
Біздің халқымыз әрбір бала әкесі жағынан да, шешесі жағынан қажетті атаға дейін кімдермен қандай туыс екенін білуі міндетті. Бұл — қазақтардың заңы. Себебі, жеті атаға дейін қосылатын жақындығы бар адамдар бір-бірімен қыз алысуларына болмайды.
СЫРҒА ТАҒУ
Егер үлкендер біреудің жасөспірім қызын келін етем десе, құда түспестен бұрын қызға сырға салып, тағып не орамал жауып кетеді. Бұл — болашақта құда түсемін деген белгі.
ДАСТАРҚАН БАСЫНДА
*** Қазақта тамақты жалғыз отырып ішпейді. Үйдегі үлкендермен бірге дастарқан басына отырысады және жасы кіші адам үлкен кісілерден бұрын асқа қол созуы әдепсіздік болып саналады. Ас ішіліп болғасын, әркім бет-бетімен кете берсе, бұл — ұят қылық. Үлкендер ас қайырып болғасын, дастарқан басынан тұрысады. Егер біреу асығып отырса, үйдегілерден рұқсат сұрап, содан соң ғана дастарқан басынан тұруына болады. *** Тамақ ішіліп болғасын, отырғандар ас қайырады. Ас қайыру — ана, қыз-келіндерге алғыс айту, ризашылық білдіру.
"Береке берсін!"
"Алланың рахымында болыңдар!"
"Дастарқан мол болсын!"
"Рақмет!" деген секілді алғыстар айтылады.
*** Дастарқан басында жасы кішілер тамақты бас салып өзі жей бермейді: анасына, әке-атасына тамақ салып береді, сорпа немесе шай кесесін ұсынады. Бұл — көргенділіктің, әдептіліктің белгісі.
Спиридон Вангели
Молдова
ГУГУЦЭНІҢ БАСЫНАН КЕШКЕНДЕРІ
Гугуцэ өзінің қауқиған бөркін киіп үлгермей-ақ, қыс түсіп кеткені. Шамасы, тентек аязға бала да, оның дәу бөркі де ұнап қалған ғой. Гугуцэні көру үшін дүниенің төрт бұрышынан ақша қар ұшып келді. Олар бірден-ақ баланы басынан аяғына дейін орап алды. Гугуцэ болса, қардан соғылған бала секілді: жұп-жұмыр, аппақ болып тұр. Тек бөркінің астынан түтін бұрқырайды.
— Ойпыр-ай!— деп таңданды ақша қар.— Мынау бөркінің астында от жағып жатыр-ау! Мынадай бөрікті киіп алса, оның ішінен аязыңның өзі де қашып шығар!
Бірақ ол Гугуцэнің аузынан шыққан демі түтіндей будақтап тұрғанын түсіне алмады. Ақша қар өз дегенін істеп жатыр: есіктің алдын, қора-қопсыны түгел жауып алды, баланы да шарбаққа тықсырды. Гугуцэ көзін сүртіп жіберіп, жан-жағына қарап еді, таң-тамаша қалды. Күні кеше сайрап жатқан жол жоқ болып кетіпті! Далада жасырынып қалды ма екен деп шарбаққа шығып қарап еді, бірақ ол орнында екен. Төбелер де тұр. Тек бәрі аппақ болып кетіпті. Тіпті ауылға жақындап қалған сияқты. «Қарай гөр!—деп ойлады Гугуцэ.— Бұлар қайда барады өзі? Ә-ә... Төбелер де бізбен бірге қыстап шыққысы келген екен ғой».
Гугуцэ бөркін көзіне түсірді де:
— Ой, бізге қаншама қыс келген!— деп қойды.
Ал ақша қар болса, оның жанынан әлі қалмай, топталып жүр. Бұлт секілді буға қарайды да, Гугуцэ бөркінің астында неге от жағып жатыр деп таңырқайды.
ГУГУЦЭНІҢ БӨРКІ
Мұның бәрі әкесінің Гугуцэге арнап тым үлкен бөрік тігіп бергенінен басталып кетті. Мейлі, бала бір жыл ғана киіп қоймасын дегені еді.
— Көзіме түсе береді, көке.
— Сен оны көтеріп қой, Гугуцэ. Міне, саған қыс бойы іс табылады сонда.
— Ә, солай ма! Яғни Гугуцэнің мұнан өзге шаруасы жоқ екен ғой. Ендеше көрсін олар!
Таңертең Гугуцэ жұрттың бәрінен бұрын тұрды. Аяғының ұшымен ептеп басып далаға шықты да, қойларды жемдей бастады. Әкесі келген кезде, Гугуцэ қойға мініп алып, қораның ішінде шапқылап жүр еді.
— Хал қалай, Гугуцэ!
— Ә-ә! Жақсы, көке!
Сонан соң бала жемді әкете бер деп қолымен белгі берді.
Сол күннен бастап Гугуцэ қойларды күтетін болды. Күн өткен сайын ауылда аяз күшейе түсті. Көшемен жүргеніңде, қар сықырлап қана қоймай, сым ішек сияқты сыңғыр-сыңғыр етеді. Адамдар қымтанып киініп алған. Гугуцэ сыңғырлаған қарлы жолмен жүріп отырып, бірінші класс оқитын қызды қуып жетті. Байғүс тоңғаннан көгеріп кетіпті. Гугуцэ оның кітаптарын алды; ал қыз қолдарын жеңіне сұғып, оның соңынан секіре басып еріп отырды. Гугуцэ кітаптарды қолтығына тығып жүріп келеді, жүріп келеді. Кенет оның басына тамаша ой келе қалды. Кітаптарды бөркіме салып алайын, оның ішінде кітапқа да, басыма да орын жетеді деп ойлады. Гугуцэ бөркін алды. Бірақ қызға тағы бір қарап еді, бұрынғыдан бетер аяп кетті.
— Тоңдың ба? Шыныңды айт.
— Аздап. — Қыздың тісі тісіне тимей тұр.
— Онда менің бөркімді ал.
— Жоқ, Гугуцэ, өзің тоңып қаласың ғой. Және мұндай бөрікті қыздар кимейді.
— Мейлің ендеше,— деді Гугуцэ.— Онда жолда-ақ қалсын.
Ол бөркін қардың үстіне қойды.
Екеуі жүріп келеді. Гугуцэ алдында, қыз соңында, оқтын-оқтын арттарына қарап қояды. Иесі тастап кеткен бөрік жетімсірегендей, жол үстінде тұр. Ақыры бөрік шыдамады, бар күшін жинап ауаны ішіне тартып қалып еді, үп-үлкен болып өсіп кетті. Гугуцэ бөркін алып, жалма-жан өзінің басына да, қыздың басына да кигізе қойды. Екеуі бірге жүріп келеді, ал бөрік оларды аяздан жасырып келеді. Сол кезден бастап бірінші класс оқушылары мектеп қақпасынан шығар-шықпаста-ақ, олардың жанына Гугуцэ жетіп келетін болды. Қеледі де, қатарынан жеті-сегіз қызды бөркінің астына алып, үйлеріне жеткізіп салады. Бөркі де Гугуцэні тыңдайтын болды — қанша керек болса, сонша кеңиді. Бір күні тіпті мұғалім апайдың өзі де балалармен бірге сол бөріктің астында үйіне барған. Жұрттың бәрі бұған қарап, бастарын шайқап таңданатын.
Бөрік деп осыны айт! Дәл бір шөмеле пішен тәрізді. Ғажап екен де! Гугуцэ балаларды үйлеріне жеткізіп салады, ал бөркі сол бойда кіп-кішкене бола қалады. Дегенмен бір күні бөрік баланы ұятқа қалдырды. Гугуцэ оны сипап та, жалынып та көрді — бәрібір бөрік өспей қойды. Дәл сол күнгі суықтық сонша, тіпті аяздан қоңырау үні де шықпай қалды және бүкіл ауылда бірде-бір ит үруге шамасы келмей койды. Гугуцэ үйге келген соң бәрін түсінді: ертеңгісін ол қойларға жем бермеген екен ғой! Гугуцэ сонда ғана санын бір соқты: өзіңнің ісіңді ұмтушы болма! Енді бөркі де оны қайта тыңдайтын болды. Сонан кейін Гугуцэ бүкіл ауылды үйлермен қоса бөркімен жапқысы келді. Бұл жайлы ойлағаны сол-ақ еді, бөрік өсіп барады, өсіп барады, тіпті аспанды тұтас жапқанша өсті. Бөріктің астында көктем шықты. Рас, күндіз де электр шамдары жанып тұрды. Бірақ бөріктің астындағы өмір бұрынғысындай өте берді... Ал адамдар бөріксіз жүретін болды. Біріншіден, онсыз да жылы, екіншіден, бөрік біткеннің бәрі Гугуцэнің үлкен бөркіне сыйып кетті. Бүкіл ауылда аз ғана бөрік қалды. Олардың өзі де тек халуа не тоқаш алуға, не басқа шаруамен қалаға баратындар үшін ғана еді. Өйткені сиқырлы бөріктің астынан шықсаң-ақ болды, қыс билеген жерге тап боласың.
БӘЙШЕШЕКТЕР
Бір күні Гугуцэ өз заттарының арасынан жеті тиын тауып алды. Артық та емес, кем де емес — жеті тиын ғана (басқа басқа ғой, ал Гугуцэ жеті емес, тіпті онға дейін санай білетін). Тиындарды қалтасына сүңгітіп жіберді де, сосын үш күн бойы оларға қол тигізген жоқ. Онысы тағы да жаңа тиындар қосылып қалар ма деген үміт еді. Бірақ әлгі жеті тиынға жаман шегеден басқа ешнәрсе қосылмады. Кішкене қарындасы өз қалтасында ешқашан ақша өніп кермегенін айтты. Ал енді әкесінің қалтасында ақша өне ме, өнбей ме — бұл туралы ағасы мен қарындасы ештеңе айта алмады, өйткені әкесі үйде жоқ болатын. Дәл сол кезде жылына бір-ақ рет келетін күн жақындап қалғаны. Бұл күні барлық ер адам әйел адамдарға сыйлық әперіп, құттықтайды ғой. Ауылдағы ер атаулының бәрінен бұрын дүкенге Гугуцэ келді. Жолшыбай ол шешесіне машина, ал қарындасына вертолет сатып әперуді ойлады. Қарындасын машинаға отырғызып балабақшаға, ал шешесін базарға апарып келетін, әрине, Гугуцэнің өзі болмақ. Бала дүкенге кірді. Бірақ ойлап келгені дүкенде болмай шықты. Шамасы, ауылдық дүкеннің ішіне вертолет сыймаған болса керек, ал сатылып жатқан машиналарға шешесін былай қойғанда, Гугуцэнің өзі де сыятын емес. Мұны көрген соң Гугуцэ бір түйме сатып алды. Қалтасында үш-ақ тиыны қалды. Енді түймені қадайтын көйлек сатып алған дұрыс болар еді. Кез келгенін емес, тек көк көйлек алуы керек. Бірақ көк көйлек те болмай шықты. Мүмкін, әне бір биік өкше туфлиді ала салу керек шығар? Гугуцэ сатушыдан туфлиді алып бер деп сұрап қала жаздады да, бірақ қай размер алу керектігін білмеді. Жүгіріп үйге келді де, кеш түсіп, шешесінің ұйқыға жатуын күтуге бел байлады. Шешесі тезірек ұйықтауы үшін, Гугуцэ оған ертегі айтты. Ертектің жартысын айтқанда, анасы ұйықтап кетті де, екінші жартысы баланың басында қалды. Мейлі, ханша өзінің Фэт-Фрумосын келесіге дейін күте тұрсын. Гугуцэнің оларда шаруасы қанша. Ол еппен басып бөлмеден шықты да, жіп алып келді. Жіпті анасының аяғына апара беріп еді, кенет оның қолы қозғалып кеткені. Гугуцэ шешесінің қолын алақанымен сипап қойып, әлдилей бастады:
Мамық төсек, тымық түнде,
Ұйықта, қолым, тыныш түрде,
Әлди, әлди, әлди-ау!
Гугуцэ өлеңді айтуы-ақ мұң екен, қол ұйықтай қойды. Ол шешесінің аяғын өлшеп алды да, жіпті жастығының астына қойып, төсегіне жатты. Таңертең Гугуцэ қолына жібін алды да, дүкенге жүгірді. Туфлидің бәрін жіппен өлшеп көрді де, орнына қойып жүре берді. Егер сен сол маңда болған болсаң, Гугуцэнің шошайған бөркі ағараңдап, жолға түсіп алып, ауыл сыртына қарай қалай адымдай басып кеткенін көрген болар едің. Ал одан кейін құшағын бәйшешекке толтырып төбеден түсіп келе жатқанын да көрген болар едің. Бәтеңкесі де жүрістен жалықса керек, аяғын аттатар емес. Ал бөркінің шаршағаны сондай, тіпті бұлғаңдап басына тұрмай қойды. Бірақ бейшара бәтеңке мен бөрікке қарағанда, Гугуцэ әлдеқайда күшті болатын. Ол бәйшешектерді бірден дүкенге алып келді. Ең үлкен шоқ гүлді сатушыға, қалғандарын дүкеннің ішіндегілерге бөліп берді. Бұл биылғы жылдың тұңғыш бәйшешегі еді. Жұрттың бәрі Гугуцэні мақтап, ал сатушы апай тіпті оның бөркін сипады. Сол жерде Гугуцэ сатушының көзінше үш тиынын алып жіберіп үш рет санады да, туфлиге қарап күрсініп қойды. Бірақ сатушы еш нәрсеге түсінген жоқ. Күн еңкейіп, аспан бетін ақша бұлттар жапты. Ал Гугуцэнің шешесіне сыйлайтын ештеңесі жоқ, көңілсіз.
— Түк те етпейді,— деп ол өзін-өзі жұбатты.— Ертең таң атысымен тұрамын да, бәйшешек әкелемін.
Алайда кешке қарай қар жауып кетті. Тіпті Гугуцэ бұрын-соң көрмеген алақандай жапалақ қар. Аспан қарауытып, төбешіктер ақ қар жамылды, ал бала ұйықтап кетті. Шешесі оны терезе алдында сүйеніп ұйықтап отырған жерінен тапты. Бала үш тиын мен жалғыз түймені алақанына қысып алыпты. Және мынандай көк түйме анасына өте қажет еді.
ГУГУЦЭНІҢ ӘНДЕРІ
Гугуцэ Иоанна кемпірдің тауығына кесек лақтырғаннан бері ауыл адамдарының ешқайсысы оған қарап бұрынғыдай езу тартпайды. Гугуцэні көрсе болды, қабақтарын түйіп, тұмсықтарын көтереді. Тіпті шешесі де бұрынғыдай күлімдемейді.
Не істеу керек? Бірге күлетін де ешкім жоқ...
Жол бойында тауық, үйрек, түйетауықтар кездеседі. Олармен сөйлесе аласың ба?! Тек жем жеп, су ішкенде ғана ауыздарын ашады. Гугуцэ Лука шалдың үйіне келді. Лука атай басқалардай емес. Ол былтыр Гугуцэге қарбыз берген. Гугуцэ қақпаны соғып еді, дәліздің есігі сықыр етіп ашылды да, Лука атайдың бөркі көрінді.
— Немене, Гугуцэ?
— Ата! Менімен бірге күлесің бе?
— Мен тамақ ішкелі жатырмын. Балам, сен өкпелеме, бірақ мен ешқашан аш қарынға күліп көрген емеспін.
Гугуцэ әрі қарай жүре берді. Жолда кетіп бара жатқан Гудора әжейді қуып жетті.
— Әже, екеуміз күлсек қайтеді?
— Қой, айналайын! Мен сиыр айдап барамын,— деп, кемпір қолындағы шыбықпен сиырды жасқап қойды.
Гугуцэ келесі көшеге бұрылып еді, біреулер құдық қазып жатыр екен. Олар су іздеп жүр, ал әзір топырақтан өзге еш нәрсе шығатын емес. Гугуцэ құдықтың ернеуіне тізерлеп отыра қалып қарап еді, түбіндегі адамдар оның бөркінен де құрттай болып көрінді. Осылай қаза берсе, Америкаға да жететін түрі бар, бірақ әлі су шығатын емес.
— Ей, ағатайлар, күлейік!— деп айқайлады Гугуцэ.
— Ананы ұстаңдаршы-ей!— деп ашуланды олар.
Гугуцэ үйіне көңілсіз оралды. Бұл адамдарды қайткенде көңілдендіруге болады?
— Тұрбаның ішіне түсіп, үсті-басым қап-қара күйе болып ауылды аралап жүрейін. Жұрт күліп мәз болады да, сосын маған өкпелеуді қояды. Егер апамның көйлегін киіп алып жүрсем, тіпті керім болады,— деп ойлады Гугуцэ.
Бірақ оның басына тағы бір ой келді. «Мұнымнан ештеңе шықпайды. Иоанна кемпірдің тауығына кесек лақтырғаны аз болғандай, енді сұмырайға ұсап жұртты күлдіргісі келген екен. Нағыз ұятсыз деп жұрт тағы айтады». Енді не ойлап табу керек? Гугуцэ ойланып тұр, ойланып тұр, бірақ басына ештеңе келмейді. Ол үйілген топырақтың үстіне отырып ойлап еді, онда да түк шықпады. Сонсоң Гугуцэ шарбаққа шықты да, сол жерде бір ақыл ойлап тапты. Онысын жұртқа айтқанша асық болып жүгіре жөнелді. Бірақ ешкім кездесе қоймады. Жолдың шетінде бір трактор тұр екен. Тракторшы олай қыздырады, былай қыздырады, бірақ от алмайды.
— Ағатай, ағатай!— деп айқайлады Гугуцэ.— Сен оған ән салып берсеңші!
— Не қылған ән? — деп тракторшы жақтырмай қарады.
— Міне, мынандай ән:
Трактор, трактор, қыз жылдам,
Жүйткіп атта жүз қырдан.
Тракторшы мәз болып күлді, ал трактор болса со бойда от алып, орнынан ытқи жөнелді. Тракторшы оны әрең қуып жетіп, кабинаға секіріп мініп алды да, күлімдеген күйі балаға қол бұлғады. Гугуцэ одан әрі жүре берді. Жүзім бағының ішінде қарттар жерді кетпенмен қопсытып жатыр. Маңдай терлерін жеңдерімен сүртіп қояды. Олардың арасында Лука атай да жүр.
–Ата, ата, сен ол кетпендерге ән салып бер, сонда олар өзінен-өзі жерді қопсытады.
–О не қылған ән?—деп қарттар мән бермеді. Гугуцэ Лука атайдан кетпенді алды да, әндете жөнелді:
Қетпен, кетпен, кетпенім,
неге бүгін осындай
жалқау болып кеткенің?
Атайлар жүр жер өңдеп
неге тұрсың қосылмай?!
Қарттар ду күліп жіберді. Сол-ақ екен, кетпендер өз-өзінен жерді қопарып, жұмыс істей жөнелді. Қарттар өзінен-өзі істеліп жатқан жұмысты көрді де, көңілдене қол ұстасып үйлеріне қайтты. Гугуцэ де адымдап үйіне келе жатты. Жол бойы кімді кездестірсе де, бәрі бұған күлім қағып, қолдарын бұлғады. Бірақ ол ауылдың ішіне кірген соң, кездейсоқ Иоанна кемпірдің үйінің жанынан өтпеу үшін, тар көшеге қарай бұрылып кетті.
ЖАҢБЫР
Аспандағы бұлттар күнімен жасырынбақ ойнап жүр. Біреуі күн көзін тасалай қояды, қалғандары қайда жасырынарын білмей бірінен соң бірі жөңкіліседі. Жер бетінде болса жасырыну оңай ғой: қораның артына немесе үйілген шөптің тасасына тығыла қоюға болады. Ал аспанда жасырынатын ондай ештеңе жоқ.
— Мен сендерді қазір-ақ тауып алам!— деп күн көңілдене айқай салады. Шоғыр бұлттар аспанның қай түкпіріне тығылса да, күн өзінің шуақ саусақтарымен ұстап алады.
Кенет бір кішкене бұлт айла тапты: ол еңбектеп келді де, өзіндей бір бұлтқа жасырына қойды. Сөйтіп, кішкене екі бұлттың орнына үлкендеу бір бұлт пайда болды. Бұл ақыл басқа бұлттарға да ұнап қалды білем — бәрі біріне-бірі жасырынып, аспанды үлкен қара бұлт жапты. Күн тағы да оларды іздеп шығып еді, таныс бұлттардың ешқайсысын көре алмады. Сөйтіп, ол енді жасырынбақ ойнайтын да ешкім таппады, әлгі үлкен қара бұлт аспан бетін түгел жауып алыпты. Күн ашуланып кетті де, жарқылдаған қылышымен бұлтты тілді-ай кеп! Бұлт шытынап жарылды да, гүрілдеп жаңбыр құйды.
Түу-у, сондағы әбігерді көрсең ғой!
Әтеш тауықтарға бұйрық берді: — Тыңдаңдар мені! Тез қораға кіріңдер?
Құстар жапырақтарды паналап, ауыздарын басып отырды. Өйткені дыбыс шығып кетсе, жаңбыр естіп қалады да, сабалай жөнеледі ғой. Әдемі көбелек дір-дір етіп ұсқынсыз ошағанның астында отыр. «Мені гүлдер көріп қалса ғой, бұл көбелек ошағанды бізден жақсы көреді екен деп ойлап қалады-ау»,— деген ой оған маза берер емес. Ал аналар жаюлы кірлерді алып, терезелерді жауып жүр. Балаларын айқайлап шақырған дауыс естіледі. Жалғыз Гугуцэ ғана қақпа жанында тұрып қалды. Алақанын жаңбырға тосып еді, екі тамшы ұстап алды.
— Әй, мәжнүндер! Сендер, немене, менің алақанымда бидай себілген деп ойладыңдар ма?
Сөйтті де, әндете бастады:
Жасыл түске боянса дала, маңай,
үйде шыдап отырсын бала қалай?!
Жаңбыр, жаңбыр, жаусаңшы жайлап қана
үй төбесін тамшымен сабаламай!
Жаңбыр әнді не қылсын, үй төбесін сатырлата тілгілей берді. Сонда Гугуцэ шалбарын түріп алды да, жол бойына шығып, жаңбырға айқайлады:
— Еріңдер менің соңымнан!
Жаңбыр Гугуцэнің артынан шапқылап еріп отырды. Жаңбыр тамшылары үйлерге соқтығысып, шарбақтардан секіріп әрең ілесті. Далада жұмыс істеп жүргендер бастарына қап бүркеп алыпты. Біреулер — машинаның үстінде, кейбіреулер — арбада, енді біреулер жалаң аяқтанып су кешіп жүр. Тек Гугуцэ ғана батыл басып, жаңбырды соңынан ертіп кетіп барады. Тамшылар қуып жетіп, оның құлағын тістелеп, мұрнын түрткілеп кояды. Бірақ Гугуцэ оларға көңіл аударған жоқ: мейлі олар да көңілдерін көтерсін. Осылайша ол жаңбырды егін даласына ертіп келді. Жаңбыр тамшылары өздері тәрізді нәзік те жіңішке масақтарды көріп, қуанғанынан олармен қосыла билей жөнелді. Гугуцэ үйге су-су болып оралды. Қараса, кемпірқосақ шығып тұр екен. Ауылдағы аналардың бәрі оған қарсы терезелерді ашып мәз-мәйрам болып жүр. Ал әтеш тауық қораның басына шығып алып, маңғазданып кемпіркосаққа қарап тұр: оның ойынша, кемпірқосақтың үстіне шығып шақырса, жер үстіндегі әтеш біткеннің бәрі оған үн қосатын тәрізді.
ҚАРЫНДАС
Кішкене Қарбызша гүлдің арасынан бас көтеріп қарады, бірақ ол өзінің басқа қарбыздардай дөп-дөңгелек емес, қияр тәрізді сопақша екенін білген жоқ еді. Ал оның дөңгелек ағасы Қарбыз жапырағын жарып жерге түскен. Бұл Қарбыз жасы үлкен болғасын, қарындасын қамқорлыққа алды. Өйткені Қарбызша әлі кіп-кішкентай болатын. Ол тіпті қашан жатып, қай мезгілде тұруды да білмейтін, күн мен түнді де айыра алмайтын. Қарбыз кішкене қарындасын түн сайын әлдилеп, таңертең оятатын болды. Оған түрлі ертегілер айтып берді. Ақыры қарындасына ақыл ене бастады.
— Ағатай, мені мына қарбыздың сабағы қайдан алды?
— Сатып алды ғой.
— Ол мені құрттай кезімде сатып алғаны несі? Мен өскенше күте тұрса қайтеді екен?
Қарбыз не деп жауап берерін білмегенде, ашулана бастайтын:
— Сен неге балшыққа былғанып жатырсың, онан да соны айт?
— Ойнадым, ағатай.
— Бұған ақылың жетеді екен, ендеше санауды үйренсеңші.
— Біреу...
— Әрі қарай!
— Мен тек бірге дейін білем.
— Ақылың қысқа. Сен нағыз ақымақсың.
Қарбызша жапырақты жамылды да, қашан оны түскі тамаққа шақырғанша, үнсіз жатып алды.
Түскі тамақтан соң Қарбыз қарындасына тағы да ақыл үйретпек болды:
— Тамақ бергені үшін сабаққа не деу керек?
— Тағы да тамақ бер!
Қарбыз әбден ашуға булығып, қарындасын қомағай және оңбаған деп атады. Олар өскеннен кейін, Қарбыз ән-күйді жақсы көретін болды. Ол ылғи екпетінен жатып алып, жақын тоғандағы бақалардың концертін тыңдайтын. Қарындасын онша жақтырмайтын. Өйткені Қарбызшаның музыкадан хабары жоқ еді. Шамасы, оның басының тым кішкенелігінен болар.
Бір күні түнде Қарбызша ағасын оятып жіберді:
— Ағатай, айтшы, ана аспанда бидай еккен кім?
— Ол бидай емес, жұлдыздар ғой.
— Жұлдыздардың сабағы бола ма?
— Болмай енді.... болады.
— Ағатай, осы бақалар неге бақылдайды?
— Қарбыздар жақсы өссін деп бақылдайды.
— Алдама.
Күндердің бір күні бақшада бір күрке пайда болды. Қарбызша аң-таң.
— Ағатай, мына күркенің аузы неге мұнша үлкен?
— Бақшаны түгел көріп отыру үшін.
— Сенің өзің де ақымақ екенсің ғой, аға. Ауызбен көре ме екен?
— Енді көп мазамды алма,— деп, Қарбыз жақтырмай теріс айналып жатып алды. Қарбыз ұйқылы-ояу жатып біреулердің жүрген дыбысын естіді. Бірақ не болғанын білген жоқ.
Ертесіне ол қарындасын оятайын деп қарап еді, сілейіп қатты да қалды: қарындасының ізі мен сабағы ғана жатыр екен.
ҚҰПИЯ СЫР
Егер сары ауыз балапандар аппақ үйрек болуға жетсе, ал кішкене әтештер терезенің алдына тұрып алып шақыра бастаса, бұл — Гугуцэнің туған күні жақындады деген сөз. Бала бұл күндері аттарды суаруды да ұмытып кетеді. Бір апта бойына ол түрлі түсті жалаушалар жасап, оларды шарбақтың басына, үй төбесіне, қораға желбіретіп іліп қояды. Мейлі, жұрт Гугуцэнің мерекесі екенін білсін. Әжесі ұйқыдан оянған бойда жалаушаларды көреді де, Гугуцэге жүгіріп келеді, етегін толтырып оған тәттілерді ала келеді. Сонда Гугуцэнің құлағын сипайды да, өмірінің мынау жалаушалар сияқты көңілді де ұзақ болуын тілейді. Басқа адамдар да келеді. Олардың бәрі Гугуцэнің үлкен және мықты болып өсуін тілейді, өйткені елімізге осындай балалар керек қой. Гугуцэ «ел» деген сөзді естігенде, беліне ағаш семсерін байлап алады. Шешесі туған күнінің құрметіне баласын қалаға ертіп барды. Базарға келді. Шешесі жайманың үстіне тауықтың жұмыртқаларын шығарып қойды, ал Гугуцэ қолына шұбар әтешті ұстап тұрды. Бұл — ашуланса тістеп алатын кәдімгі әтеш. Базардағы адамдар бағасын білгісі келіп, Гугуцэнің қасынан шықпай қойды. Көзілдірікті бір адам шұбар әтешті қолына алып салмақтап көрді, екінші біреуі оның айдарын сипап қойды. Ал бір әйел қауырсындарын үріп көрді.
— Жігітім, шұбар әтешің шақыра біле ме?— деп біреу сұрай қалса:
— О, не дегеніңіз! Өз құлағыммен талай тыңдағам!— деп жауап берер еді Гугуцэ.
— Балақай, сұрағаныңды ала ғой,— деп, бір әйел ақшасын ұсынады.
— Қой, сатқым келмей қалды,— деп, Гугуцэ қабағын түйіп, шұбар әтешін бауырына қыса түсті.
Жұрт тарай бастағанда, баланың қасына бір моряк келді:
— Иә, жігітім, әтешің жақсы шақыра ма?
— Шақырғанда қандай!— деді Гугуцэ.— Сен мұны жеп қоймайсың ба?
— О не дегенің?— деп таңданды моряк. Сөйтті де, балаға көзін қысып қойды.
Гугуцэ ақыры оған шұбар әтешін сатты.
Оның ақшасына шешесі Гугуцэге тәтті тоқаш, жаңа іш киім алып берді. Сонсын оны шаштаразға, музейге апарды. Ауылға қайтатын автобус аузы-мұрнынан шыға лық толды. Жолаушылардың арасында ең маңғазданып отырғаны Гугуцэ болды, өйткені ол балаларға бір құпия сыр әкеле жатыр. Үйге келгесін Гугуцэ жаңа шалбарын киіп, бақшаға жүгіріп шықты да, ағаштың басына шығып сырнай тартты. Сол-ақ екен, оның қасына қолдарында дүрбілері бар, таяқты ат қып мінген балалар жетіп келді.
— Тік тұрыңдар!— деп бұйрық берді Гугуцэ.— Сендерге сеніп, соғыс құпиясын айтқалы отырмын. Ауыздарыңа берік болыңдар!
Аттылар ауыздарын ашып, оны қоршап алды.
— Менің шұбар әтешімді білесіңдер ме?
— Білеміз, білеміз!— деп шулады балалар.
— Білсеңдер мынау. Ол бүгіннен бастап әскери кемеде қызмет етеді. Әр таң сайын Қара теңіздегі флотты оятатын болады.
— Ура-а-а!— деп шулаған балалардың даусы ауылды басына көтерді.
Гугуцэ осы сәттен бастап қызыл атты әскерлердің командирі болды. Ал кешкісін атты әскерлер көпке дейін ұйықтай алмады. Шұбар әтеш қандай бақытты еді деп ойлады олар.
ДЕГЕЛЕКТЕР
Олар ұя салу үшін ауылдағы ең әдемі үйді таңдаған жоқ. Кемпір мен шал тұратын жұпыны ғана үйді паналады. Кемпір-шалдың балалары өсіп алғасын өз бағыттарымен кете берген. Бар болғаны анасының жүзіне қалың әжім, ал әкесіне ақ селеудей шаш пен сүйенетін таяқ тастап кеткен. Оның есесіне көктем сайын дегелектер ұя салып балапандарын өсіретін. Күн сайын ертемен қарттарды ешкі оятатын. Кемпір мен шал қолдарына бір-бір орындық алып, ешкінің екі жағынан екеулеп сауатын.
— Тұрыңдар,— деп ұябасар дегелек балапандарына сы— бырлайды.— Қарттар ешкісін де сауып болып қалды.
Кемпір сүтті қазанға қүйып пешке қойғанда, балапандар аспанға өрлеп бара жатқан түтінге қарап отыратын. Сосын үй иелері тамақ ішуге кіріскенде, қарт ылғи дегелектерге қарап дауыстайтын:
— Әй, үйдің төбесіндегілер! Қеліңдер, бізбен бірге тамақ ішіңдер?
Балапандар болса ұзын тұмсықтарын сыртылдатып күлетін де қоятын. Олар нағыз ауыз жаппастың өзі. Біресе көлбақа жейді, біресе балық жейді. Әйтпесе ұябасарға неше түрлі сұрақ жаудырады. «Әне бір қарт жалғыз аяқпен неге тұрмайды? Кемпір шелекпен құдықтан не алады екен?» Сұрақтары осы тәріздес. Анасы бұларға не деп жауап берерін білмейді. Ал ата дегелектің әңгімелесуге уақыты жоқ, ол күні бойы тоғаннан шықпайды.
Күн сайын кешкілікте анасы балапандарын әлдилейтін:
Көп өссе балық көлдерде,
Сендердің қорек қамдарың.
Түн келді, дем ал сендер де,
Ұйықтай ғой, балапандарым!..
Сонда балапандар анасының бауырына тұмсықтарын тығып ұйықтайтын да, күн көзі шыққанда бір-ақ оянатын. Балапандардың қанаты қатая бастаған кезде, қарт оларға арнап қағаздан батпырауық жасады. Батпырауықтың құйрығы ұп-ұзын, тіпті тоғанға дейін жететін. Күндіз балапандар оның аспанда қалықтағанын көріп, түнде өздері де ұшып жүргендей түстеріне енетін.
–Атай бізге тамаша батпырауық жасап берді!— деп қуанысты балапандар.
— Бұл не тәйірі! Менің кішкентай кезімде осы атай маған ағаштан дегелек жасап берген. Әне, анау құдық басында жалғыз аяқпен тұрған сол,— деді ұябасар.
— Мен өскенде қарттардың ешкісін бағатын боламын!— деді үлкен балапан.
— Ал мен,— деді ортаншысы,— өзімнің тұмсығыммен есіктерінің алдына тоған соғып, оған балық жіберемін.
— Мен... Мен...— деп кішкентайы сасып қалды.— Мен сендерге көмектесемін.
Ертеңіне ата дегелек балапанның үлкенін ертіп кететінін айтты. Оған біраз пайдалы кеңес берді де, үйдің төбесінен үш айналып, балапан әкесінің соңынан ұшып кетті. Олар жолдағы үйлердің төбесіне бірнеше рет қонақтап дем алды да, ақыры тоғанға жетті. Келесі күні ортаншы балапан ұшты. Ал ең кішісі қайғыдан аузына қара су алмай қойды.
— Апа, мүмкін, мен қаз болармын? Анау ағаларым секілді неге ұшпаймын?
— Қаз емессің,— деп жұбатты анасы.— Сабыр ет, сенің де ұшатын кезегің келеді.
Үшінші күні әкесі екі үлкен балапанмен бірге кетті де, анасы кішкентайын ертіп ұшты. Тоған деген неткен тамаша! Жағасында қанша жүрсең де, құжынаған бақаларды шетінен ұстап алсаң да, қоя берсең де, өз еркің. Көкқұтан мен жабайы үйректі былай қойғанда, дегелек қандай көп десеңші! Үлкен балапан бақалар елін көргенде, тіпті маңғазданып кеудесін көтеріп алды. Ортаншысы көрші ауылдан достар тауып, соларға қонып қалатын болды. Қарттардың ешкісін бағатын да, тоған қазып беретін де ешкім болмады. Мұның бәрін ұмытпай жүрген тек кішкентай балапан ғана. Бірақ жалғыз оның қолынан не келеді! Сейтіп жүргенде салқын түсе бастады. Қарт есік алдына шықса да бөрік киіп алатын болды. Бақалар да судан шығуды қойды. Құстар ұясымен қоштасып, көрші ауылдағы дегелектерді күтіп, далада отыратын болды. Алдымен бір-екеуі ұшып келді, сосын топ-тобымен келе бастады. Бастығы құстың бәрін санады да, түгел екенбіз деген белгі берді. Сөйтіп, дегелектер қанаттарын жайып, жылы жаққа қарай ұша жөнелді. Тек кішкентай балапан ғана жерде жатқан бұтақшаны көріп, әлденені есіне түсіргендей болды. Бұл бұтақшаны тұмсығымен қысып алып, қарттардың жинап қойған отындарына қосты. Сонан кейін есік алдында айналып жүрді-жүрді де, дегелектер тобына жету үшін ұшып кетті.
КҮЗЕТШІ АТАЙ
Ең қызық кез күздігүні басталады: ауылға қарай жүзім толған арбалар бірінен-соң бірі ағылады-ай дейсің кеп. Гугуцэ олардың бәрін қашан өзінің есебі таусылғанша санай береді, санай береді... Ал жүзім толы арбалар таусылар емес. Әттең, солардың біреуі Гугуцэ үйінің қасында сынып қалса ғой. Бірақ арба жеккен өгіздер мүйіздері қақырайып жүзімнің бәрін жанында бос бөшкелері үйіліп жатқан шарап жасайтын пунктке әкетіп жатыр. Жүзімдік ауылдан қашық емес. Бір рет Гугуцэ әкесімен бірге барғаны да бар. Егер көңілі соқса, қазір де бара алады. Онда мынау арбалардың ізіне түсіп тартып отырасың. Гугуцэ тіпті ізге де түскен жоқ, тіке кетті. Ол иті бар үйлердің жанынан өткенде шарбақтың саңлауына қолындағы таяғын қыстыруды да ұмытқан жоқ. Өйткені ит деген жарықтығың шабалаңдап жармасуға сылтау іздеп, соны аңсап тұратын әдеті ғой. Ауылдың шетінде Гугуцэ жүзім сабақтарына тап болды, жан-жағына қарап еді, ешкім көрінбеді.
— Ей, бұл жерде кім бар?— деп дыбыстады. Ешкім жауап бермеді.
— Бір шоқ жүзім алуға бола ма?
Тағы үн жоқ. Тек бір құс ұшып өтті. Енді сұрамай-ақ алуға тура келеді. Бірақ ешкім күзетпей тұрған жүзімді ұрлау қызық емес. Гугуцэ әрі қарай жүре берді де, қып-қызыл жүзім шоқтарын тауып алды, айналада адам жоқ. Ол қызыл жүзімді өте жақсы көретін еді. Айналада ешкім болмаған соң, ұлықсат сұраудың керегі жоқ. Гугуцэ ең үлкен қызыл жүзімді таңдап, оған қол соза беріп еді, жүзім сабағының арғы жағында қатарласқан екі етік, сосын шалбар мен бешпет, бешпеттің үстінде тікірейген мұрт пен мылтықтың аузын көрді. Гугуцэ қолын созған күйі қатты да қалды. Күзетші атай екен.
— Бізге қонақ келіп қалыпты ғой,— деді мұртты күзетші оған еңкейіп.— Кімнің баласысың?
— Біздің,— деп сыбырлады Гугуцэ мылтыққа қарап. Ол қазір өзін ұстап алады деп ойлады, бірақ күзетші атай оны ұстаудың орнына басынан сипады да, иығынан мылтығын алып балаға бере салды:
— Темекі орап алғанша ұстай тұршы.
Бала өз құлағына өзі сенбей, мылтыққа қос қолымен жармасты.
Осы сәтте нағыз ұры келсе ғой!
Күзетші атай темекісін тартып болып, асықпай тағы біреуін орай бастады, бірақ ұры келмеді. Күзетші атай қоштасарда Гугуцэге ең ірі жүзім шоқтары қай жерде екенін айтты да, өзі мылтығын асынып алып, асыға басып жүріп кетті.
АЙЛАКЕР АТҚОРА
Қар қиыршықтары Гугуцэнің ауласын көрді де, шыр айналып атқораның үстінен шықпай қойды. Өйткені қораның ішіндегі екі қоңырау қайта-қайта сыңғырлап оларды қызықтыра берді.
— Қоңырауларды бізбен бірге жіберсейші!— деп қар қиыршықтары атқораға жалына бастады.— Жұрт қыс келе жатқанын естісін.
Бірақ атқора есігін ашқысы келмеді:
—Әуелі маған жақсы етіп бөрік жасап беріңдер.
Қар қиыршықтары жарты күн бойы жұмыс істеді. Атқораға төбесі шошайған аппақ бөрік істеп берді.
—Енді тереземнің алдына гүл керек! Қиыршықтар айтысып жатпады. Енді, міне, терезенің алдында ақ гүлдер пайда болды.
— Біз сенің тілегіңнің бәрін орындадық.— деді қар қиыршықтары.— Енді қоңырауларды босат!
— Қулықтарын қарай гөр!—деп кейіді атқора.— Енді мұнда Жасыл патшаны әкеліңдер, ол мені тазаласын.
— Қүлағың сал, атқора!— деп қар қиыршықтары шошып кетті.— Еліне жалғыз түйір қар қиыршығы барып көрмеген Жасыл патшаны біз қалай әкелеміз?
Атқора одан бетер ашуланды:
— Ендеше өздерің біліңдер! Қоңыраулар өзімде қалады. Амал таусылды. Қар қиыршықтарының жартысы ұшып кетті де, қалғандары атқораның үстінде айналып жүрді.
Атқора ақ бөркінің астынан оларға жақтырмай бір қарап алды да:
— Ал, сендер неменеге топырлай қалдыңдар?— деді.—Барып Қызыл патшаны алып келіңдер. Күзетші боп жұмыс істейтін болсын. Егер әкелмесеңдер, қоңыраудан дәмелерің болмасын.
— Атқоражан,— деп жалынды қар қиыршықтары,— Қызыл патша елінің алыстығы сонша, біз оған жете алмай жолда қаламыз.
— Ендеше шаруаларың білсін,— деп шытынды атқора. Сүйдеді де, қоңырауларын тағы бір сыңғырлатып қойды.
Қар қиыршықтары ұша жөнелді және сол кеткеннен қайтып оралмады. Жалғыз қалған ақсақ қар қиыршығы ғана есік алдында айналып жүрді. Қенет ол аяқ тысырын естіді.
— Патша келді!— деп ойлады ақсақ қиыршық.— Қайсысы екен— Жасылы ма, Қызылы ма?
Бұл келген Гугуцэ еді. Ол атқораның есігін шалқасынан ашып жіберіп, онда тұрған қос қоңыраулы жүйрік атты шығарды. Оны шанаға жекті де, қоңырау үнін сыңғырлатқан күйі желмен жарысып кете барды. Сөйтіп айлакер атқора қар қиыршықтарын алдап-алдап, ақыры Гугуцэнің ат-шанасы үшін аппақ жол төсеттіріп қойды.
АЯЗ АТАЛАР
Аяз Аталардың қайдан шығатынын Гугуцэ жақсы біледі. Олардың өз елі бар. Онда бұлттар аяздан дірілдеп жүреді, ал күн мүлде болмайды, өйткені ол елде күн орнына айдың сынығы мен бірнеше жұлдыздар ғана бар. Ол елде түрлі-түрлі Аяз Аталар болады: жасы да, кәрісі де, тіпті құртақандайы да бар. Қыс әже оларды былай жасайды: әуелі қар бетіне түйіршіктер себеді де, әрқайсысына бөрік кигізеді. Ертеңіне әлгі түйіршіктен басында бөркі бар кішкене Аяз Ата өсіп шығады. Қыс әже олардың бәрін үш күн бойы үйде ұстайды да, тек қар түйіршіктерімен тамақтандырады. Сөйтіп, олардың мұрындарының астына аппақ мұрт пен сақал шыққанша үйден шығармайды. Содан кейін оларды аулаға ертіп шығарады да, өзі жаңа Аяз Аталарды өсіруге кіріседі. Кішкентай Аяз Аталар қар үстінде бірін-бірі қуысып, тау басынан шанамен сырғанайды, бөріктерін ақ аюларға лақтырып ойнайды. Ал олардың үйде қалғаны қардан қуыршақ жасайды. Аяз Аталар мектепке бұғыға мініп барады. Мектепте оларға география мен шет ел тілдерін ғана оқытады. Себебі Аяз Аталар дүние жүзіндегі барлық тілді және жолдарды жақсы білуі керек қой. Олар қара тақтаның орнына ақ қарға жазады. Қарт Аяз Аталар ойыншықтар жасайтын фабрикада жұмыс істейді. Олар кенеттен еріп кетпеу үшін фабриканың төбесін жаппайды. Үйлерін ақ қар басқан кезде Жаңа жылдың алдында, Аяз Аталар ойыншықтарды қапқа салып алады да, бұғыға мініп жолға шығады. Бұғылар далада аяқтарымен, ал орманда мүйіздерімен өздеріне жол жасап алады. Аяз Аталар ешкімнен қорықпайды. Тіпті қасқырлар да оларға ит орнына қызмет етеді. Аяз Аталар жүріп-жүріп, ақыры аппақ атқораға жетеді. Онда жарқылдаған үлкен кездерімен түнде де жолды көріп отыратын ақ боз аттар күтіп тұр. Сол жерде бұғылар кейін қарай, яғни солтүстікке қайтады да, ал ақ боз аттар Аяз Аталарды мінгізіп алып, бірін шығысқа, екіншісін батысқа, біреуін оңтүстікке әкетеді. Ақша қарды сықырлата сырғыған шана үстінде желмен желбіреген ақ сақалдарымен аттарды айдап қойып Аяз Аталар отырады. Олар барлық ауылдар мен қалалардағы балаларға сыйлық әкеледі. Аяз Аталар ойыншық толы қаптарын босатқан соң, шырша жанында балалардың, барлық тілде айтқан тақпақтары мен әндерін жаттап алып үйлеріне қайтады. Олар енді балалардан естіген әндерін бір-біріне айтады. Тақпақтар оқиды. Ендігі Жаңа жылдың келуін асыға күтеді. Осы уақыттың бәрінде де Аяз Аталар елінде бұлттардың бәрі тоңғаннан дірдектеп жүреді. Ал аспанда айдың сынығы мен бірнеше жұлдыздар ғана жылтырайды.
ЖАҢА ЖЫЛ КЕШІ
Жасыл шырша өзі есік ашты да, үйге кіріп келді. Оның соңынан қыздың әкесі кірді. Орманшының қызы Дойна әуелі алақанын шапалақтап алды да, сонсын шыршаға өзінің кішкене кереуетін және оның жанындағы шыршаның тұратын орнын керсетті. Құстар, тиындар, қояндар шыршаның осында екенін бірден біле қойды да, біреулері бұтақтың үстіне, біреулері бұтаның астына рақаттанып отырды. Сөйткенше болмай, шырша сәулелерге бөленді. Барлығы да Жаңа жылды қарсы алуға дайын болды. Жаңа жыл молдаван ауылдарына жайдан-жай келе қоймайды. Бұл жақта Жаңа жыл кешінде үйді-үйге кіріп құттықтайды. Терезе алдарында «гей-гей!» деген қуанышты дауыстар сыңғырлаған қоңырау үндеріне қосылып жатады. Дойна терезенің алдына отырып, қараңғы далаға қарады. Онымен бірге шырша да терезеге көз жүгіртіп қояды. Жол бойында ешкім көрінбейді. Тек алысырақтан, анау ауыл маңынан қоңырау үні естіледі.
— Ауылға Жаңа жыл келіп қалыпты,— деді қыз өзіне-өзі.— Көкем біздің үйді орманға неге салды екен? Біздің терезенің алдында қоңырау сылдырламайды, тіпті Жаңа жыл бізді таба алмайтын шығар. Мені құттықтауға Гугуцэ де келмейді. Ол ауылда қорықпайды ғой, онда иттер бар. Ал мұнда орманда ше?
Дойна қабағын шытты. Шырша да өзінің оттарымен көңілсіз жымыңдап қойды. Түн ортасы болды. Әкесі мен шешесі, атасы Дойнаның бетінен сүйіп Жаңа жылмен құттықтады, көп сыйлықтар берді. Бірақ терезе алдында «гей-гей» деп ешкім айқайламаса, қоңырау үні естілмесе, бұл қандай Жаңа жыл болмақ? Әкесі үйді орманға салғаны несі екен? Қыз қараңғыға қарап отыра берді. Бірақ ұйқы атай келді де, оны терезенің алдынан алып кетті. Дойнаның кірпіктері жұмылғаны сол еді, терезенің алдынан қардың сықыры мен әндеткен дауыстар естілді:
Үй иесі, тұрыңыз!
Ұйқы бұлтын қуыңыз!
Көңілдерді көтерсін
Біздің айтқан жырымыз.
Гей-гей!
Қосылыңдар бұл жырға,
Қоңыраулар, сыңғырла!
Мына балалардың ішіндегі қолында үлкен қоңырауы бар ең кішкентайы кім екен? Гугуцэ екен ғой!
Ән саламыз, билейміз,
тұнжырауды сүймейміз.
— Бізден рұқсат, рұқсат!— деді Дойнаның әкесі. Қоңыраулар сыңғырлап, бугай1 үні естілді. Шыршада отырған аңдардың бәрі де оянды. Үй ішін көңілді дауыстар кернеді. Дойна қуанғаннан секірем дегенде, маңдайшаға төбесін ұрып алса да, ауырсынбады.
Далада қар жауып тұр. Балалар тізесіне дейін қар кешіп тұрса да, әндетулерін қоймады. Қар белуардан жауды, сонда да ән мен күйді ешкім тоқтатар емес. Үлкендігі Дойнаның қолқабындай жапалақ қар жауа бастады. Қардың қалыңдығы иықтарынан келсе де, балалар қоңырау үнін бәсеңдетер емес.
Қатты болса қыс мына,
көктемеде көңілді,
күздігүні алтын дән
тербетеді өңірді.
Гей-гей!
Қосыл, орман, бұл жырға,
қоңыраулар, сыңғырла!
— Мен әкем үйді орманға салғаны несі деп өкініп жүрсем!— деп, қыз енді қуана бастады.
Кенет ол қар үстінде балалардың тек бастары қылтиып қалғанын байқады. Ал Гугуцэнің бөркінің төбесі мен қолындағы қоңырауы ғана көрінеді. Дойна шапшаңдап тонын киді де, қолына күрек алып, балаларды арши бастады. Сонсын оның өзі де түні бойы балалармен қосылып «гей-гей» деп ән салды. Ал әкесі, шешесі, атасы оларға терезеден қарап тұрды. Олармен бірге түнімен ұйықтамаған шырша да қарап тұр екен. Таңертең Дойна терезенің жанына жүгіріп келді. Аспаннан қар түйіршіктері құйылып тұр екен. Олар:
Ақ бидай ғой ақша қар,
шашып жатыр ақ аспан.
Қыс осындай болғанда,
көп болады қалаш нан! -
деп әндетіп жүр. Сөйтіп, ақ түйіршіктер аулада да, орманда да, терезе алдында да толып жатты. Айналаның бәрі аппақ. Жаңа жылдың алғашқы таңы осындай екен ғой! Орманшының қызы етегін жаңғақ пен тәтті нанға толтырып, ақша қардың алдынан шықты. Бірақ бұл сыйлықты кімге беру керек? Ақша қардың қалтасы да жоқ, оған тәтті нан да, жаңғақ та керек емес.
Ақша қар әндетіп жүріп баламен қоштасты да, аппақ бөркі жылтылдап әрмен қарай оны сағынып күткен ормандарға, дала мен ауылдарға асығып бара жатты.
БАРАБАНШЫ
Гугуцэнің көршісінде қыз туды.
Ол қыздың шешесі түні бойы шамын сөндірмейді — шамасы, қуанғаннан болар. Ал оның әкесі Михай ағай көшедегі бар баланы жиып алып, арбаға мінгізеді. Тіпті бір күні арба жеккен аттар орталық көшемен құйғытып бара жатқанда, Гугуцэге делбені ұстатып қойғаны бар. Михай ағай Гугуцэні өз адамындай көреді. Екі үйдің арасын ап-аласа шарбақ қана бөліп тұрады: бір секірсең, арғы жағынан шығасың. Онда бесікте жатқан кішкене қыз бар. Өзі үлкен адамша көздерін жыпылықтатып қояды. Шешесі ол ұйықтап жатып күледі дейді. Ол қызға Лили деп ат қойылатынын жұрттың бәрі біледі. Бірақ сәбиге ат қою үшін алдымен шілдехана жасау керек. Сондықтан да Лилидің бір әжесі ашымал ашытып, екінші әжесі жаңа туған ай тәрізді тәтті нан, тоқаш пісіріп әлек болып жүр. Ал Михай ағай ауылды кезіп әнші-күйшілер іздеуде. Гугуцэ үлкендерге бөгет болғысы келмейді. Үйге де мезгілінде келеді. Ол өзінің көрші балаларды салып жүрген сурет дәптері мен қарындашын тауып алды да, есік алдына отырып, өз үйіне қарап тұрған кішкене қызды сала бастады. Сол жерде оның жанына Михай ағай келе қалды.
–Гугуцэ, сен барабан соғу білесің бе?
— Білгенде қандай, Михай аға!
— Мынандай жұмыс болып тұр, Гугуцэ. Менің кішкентай қызым бар екенін білесің ғой. Бүгін кешке қалай болғанда да біздің үйде көңілді ән-күй шалықтауы керек! Ал ауылдағы күйшілердің бәрін жан-жаққа тойға алып кетіпті. Таң атқалы жүгірсем де, аккордеоншы жалғыз жігіттен басқа жан таба алмай, шаршадым. Бірақ шілдеханадағы ең бастысы барабан екенін өзің білесің ғой.
— Ешкім табылмаса, барабан соғуға мен келейін, Михай аға. Тек менде барабан жоқ қой.
— Айналып кетейін Гугуцэ, барабан табылады!
Михай ағай сол бойда Крецуляк деген жесір әйелдің үйіне барып, бір кешке оның күйеуінен қалған барабанды сұрап алды. Әйел ілулі барабанды алып, шаңын сүртіп берген соң, Михай ағай оны иығына салып үйіне әкелді. Күн ұясына батар кезде, Гугуцэ шарбақтан секіріп түсіп, көршінің үйіне келді. Таяқшаларын әзірлеп, барабанның жанына тұра қалып еді, аккордеоншы бала жігіт оған қызыға қарап қалды.
Оған жаны ашыған Гугуцэ:
— Шыдай тұр, саған да соққызамын,— деп қойды.
Аккордеон мен барабан үні қосылып, көңілді күй басталып та кетті. Аккордеон үні шарбақтан әрі шықпағанмен, оның есесіне барабан даусы бүкіл ауылды аяғынан тік тұрғызды. Тоадер Крецуляк қайтыс болғаннан бері бұл барабанның үні естіліп көрген емес-ті. Бір ғажабы — барабан шаң-шаң болған күйі үн-түнсіз шарбақта жатса да, бірде-бір әнді ұмытпапты.
— Естисің бе,— деп таңданысты жол бойындағы адамдар бір-бірін тоқтатып.— Мынау Тоадер Крецуляктың барабаны емес пе? Иә, иә, дәл өзі! Шіркіннің үні бөлек қой! Ал, барабаншы қандай? Кім болды екен өзі?
Барабан үнін естіген халықтың бәрі Лилидің үйіне қарай ағылды. Михай ағай қонақтарды қарсы алуға әрең үлгеріп тұрды. Гугуцэ аккордеоншымен қосылып марш ойнап отырған. Қонақтардың бәрі бастарын иіп:
— Ән мен күй жасасын!— деп айқайлады. Барабан үнін естуге Крецуляк апай да келген еді. Гугуцэ барабан тартқанда бір орында тұру мүмкін емес. Жұрт билеп, секіріп, екеу-екеу дөңгеленіп жүр.
— Ей, Гугуцэ! Бір минут демалуға мұрша бер! Әбден сілемізді қатырдың!
Бірақ Гугуцэ қоятын емес. Ауладағы ағаштарға дейін бас шайқап таңданады. Құстар Гугуцэнің қалай барабан тартатынын тыңдасын деп ұяларындағы балапандарын оятып жатыр. Сол кеште ауылда қатарынан үш той болып жатыр еді. Үш үйде де барабан соғылды. Бірақ барабаншылардың қай-қайсысы да Гугуцэмен теңдесе алмады. Михай ағай жан-жағына қарап еді, билеп жүрген адамдардың көптігі сонша, олар есік алдына сыймағасын көшеге шығып билеп жүр екен. Сол жерде Михай ағайға үш күйеу жігіт жүгіріп келді: «Біздің тойымызда адам қалған жоқ, қонақтарыңның біразын бізге берсейші»,— дейді. Гугуцэ барабанды соғып жіберіп еді, үш жігптің өздері де шыдай алмай, билей жөнелді. Күйеу жігіттерді іздеп қалыңдық келді. «Бізге қонақтардың қажеті жоқ,— дейді олар,— тек жігіттерімізді беріңіз». Бірақ осы сөзді айтып үлгермей, өздері де биге араласып дөңгеленіп кетті. Күйеу мен қалыңдықсыз той бола ма! Енді, міне, үш тойға жиналған музыканттардың бәрі Гугуцэнің үйіне қарай ағылып келеді. Олардың алдында үш барабаншы келе жатыр. Гугуцэ кішкентай Лилидің құрметіне қанша адам билегенін, аспанды да жұлдыздар қаптап кеткенін көрді де, жанындағы аккордеоншыға барабанды беріп, өзі ұйықтауға үйіне кетті. Адамдар онымен коштасарда бөркін толтырып конфет сыйлады. Ал Тоадер Крецуляктың жесірі күйеуінен қалған барабанды Гугуцэге түпкілікті беретінін айтты.
ТАРАЗЫ
Бірде Гугуцэ қалаға барғанда үлкен таразы көрді. Таразының жанында ақ халатты шал көшеде өтіп бара жатқандарды өлшеп тұр. Гугуцэ үйге қайтып келе жатып, сарайда баяғыдан бір таразы жатқанын есіне алды. Таңертең әкесі мен шешесі жұмысқа кеткен соң, Гугуцэ кішкене қарындасы екеуі таразыны сарайдан шығарып, қақпаның алдына қойды. Гугуцэ үстіне көйлек киіп, етегін шалбарланбай қоя берді (қаладағы студенттер осылай жүретінін көрген). Көйлек ақ, әрі ұзын, халаттан аумайды. Қарындасы үлкенді-кішілі кірдің тасынан аумайтын бірнеше картоп қазып әкелді. Гугуцэ қағазға «4» санын жазып, қасына тиынның суретін салды. Қағазды таразыға жапсырды да, өзі жанына тұрды. Өткенде қалада көрген таразыдан, өзі оның жанындағы шалдан аумай қалды. Бірақ таразыға ешкім келмейді. Жанынан өтіп жүре береді. Ол «4» санын сүртіп тастап, «3» санын жазды. Бәрібір ешкім келмеді. Ендеше бағасын бір тиынға дейін төмендету керек. Бір кісі жақындап келді де, таразыға қарады. Бір нәрсе айтқысы келді білем. Бірақ үндемеді, әрі қарай жүре берді. Гугуцэ жапсырған қағазды жұлып алды. Мұнысы таразыға тегін өлшенуге болады дегені. Бәрібір ешкім жақындамады. Сонсоң қарындасы бір етек алма, бір етек алмұрт алып келді. Таразыға шегілгені үшін, ер адамға бір-бір алма, ал әйелдерге бір-бір алмұрт беруге ұйғарды. Бірақ адамдардың бәрі келісіп қойғандай, жалғызы таразыға жоламайды. Оның есесіне көрші үйлердің балалары жүгіріп келіп, бөріктеріне дейін өлшетіп, ақыры алма мен алмұртты жеп тарасты. Түске қарай есік алдымен Гугуцэнің ескі досы, арбашы кетіп бара жатты. Ол аттарын тоқтатып, Гугуцэнің хал-жағдайын сұрап білді.
— Қайғырма,— деді,— мен саған үйретейін. Таразыңды әкел, арбаға сал, қырманға барамыз. Халықтың бәрі сонда ғой.
Олар қырманға келіп, таразыны жерге түсірді. Расында да халықтың ұшы-қиыры жоқ екен.
— Ей, халайық!— деп айқайлады арбашы.— Өздеріңнің салмақтарыңды білгілерің келсе, мына жас жігітке келіңдер.
Алайда жұрттың бәрі жұмыстан бас алатын емес. Гугуцэ таразының қасында жападан-жалғыз тұрды да қойды. Ешкім өлшенбейтін болғасын не қажеті бар деп, ол таразысын қырманға тастап, үйіне қайтуға ыңғайланғанда, күн де батуға таянып еді. Кенет Ион ағай топтан шықты да, маңдайынан шып-шып шыққан терін сүртіп тастап, Гугуцэнің жанына келді.
— Қане, жігітім, мені өлшеп жіберші!
Ион ағай Гугуцэге кірдің тасын әкеліп, өзі таразының үстіне шыққанда, қуанғаннан Гугуцэнің көзі оттай жайнап кетті. Гугуцэ кірдің тасын былай қойып, құлағына қыстырулы тұрған қарындашын алып жіберіп есептей қойды.
— Ион аға, салмағыңыз мынандай екен.
— Шын ба?— деп, Ион ағай жымиып мұртынан күлді.
Гугуцэ енді басқа көк қарындашын алып, тағы есептеді. Ұзын саны алдыңғы өлшегенмен дәл келіп тұр.
— Ендеше мынаны өлшеп көрші,— деп, Ион ағай күлімсіреген күйі бір қап бидайды таразы үстіне тастай берді.
Гугуцэ қапты өлшеді де, оның салмағын Ион ағайдың өз салмағына қосып айтып еді.
— Дұрыс емес секілді. Мына бір бидайды қосып өлшеші,— деді ағай.
Гугуцэ содан қараңғы түскенше таразыға өлшеумен болды. Қара қарындаш та, көк қарындаш та таусылып бітті.
— Жігіт екенсің!— деп, Ион ағай мақтап қойды.— Мына бір қап дәнді де өлшей қойшы.
Бұл өлшегені бұрынғыдан жеті есе көп болып шықты.
Жұмыстан жалығатын Гугуцэ емес қой. Әлі кететін түрі жоқ. Сонда Ион ағай тағы да үлкен кірдің тасы мен екі көмекшіні қосып берді. Гугуцэ бір апта бойы қырманда жұмыс істеді. Қарындасы оған тамақ тасып, қарындаш, дәптер әкеліп берумен болды. Күнде бір дәптер бітеді. Ал қарындаш дегенің тіпті шақ келер емес. Гугуцэнің бір көмекшісі тек қарындаштың ұшын шығарумен тұрды. Сегізінші күн дегенде Гугуцэ дәннің бәрін өлшеп болып, шыққан санды Ион ағайға көрсетті. Ион ағай қабағын шытты да:
— Әлі де дұрыс емес, ұлым. Тағы өлшеу керек,— деп, аспанмен таласып үюлі жатқан жүгері мен шекілдеуікті, арба-арба болып тұрған жүзімді көрсетті. Ион ағай Гугуцэге үшінші көмекші қосып, тағы да жаңа кірдің тастарын берді.
Күз болатын. Мектепте сабақ басталғалы қашан. Гугуцэ дәптерлерін чемоданға салды да, өлшегендерін есептету үшін, қарт мұғалімге келді. Мұғалім үшінші класты түгел отырғызып, есеп шығарта бастады. Балалардың бәрі сиясауыттағы сия таусылғанша қосып, алып есеп шығара берді. Ақыры олардың есебінің шығындысы керуен сияқты ұзыннан-ұзаққа созылған сан болды. Гугуцэ оларға тағы да есептете берер еді, бірақ ол биылғы себілген бидайды, жаз бойы ауылдағы балалар жеген жүзімді, құстар жеп кеткен дәннің санын білмеді. Ол Ион ағайды тауып алып, жаңағы керуен секілді ұзын санды көрсетіп:
–Ион аға, сенің салмағың жүз мың пүт екен!— деді.
— Болса болар. Енді біршама дұрыс секілді,— деп, Ион ағай мұртын сипап қойды.
— Гугуцэ, денің сау, мықты болып өс! Сенен түбінде жақсы оқушы шығады,— деді сосын ол.
ГУГУЦЭНІҢ ПАРТАСЫ
Бірнеше күннен бері Гугуцэ есік алдында ойнауды қойды. Үлкен балалармен дос болып жүр. Өйткені олардан мектепке апаратын кітап алады. Ол ауыл балаларынан төрт әліппе тапты, немере ағасының аспалы сөмкесін сұрап алды. Ертең бірінші қыркүйек деген күні кеште Гугуцэ бұрынғы бірге ойнайтын балаларға басқа дос тауып алыңдар деді. Ал қарындасына өзінің бар ойыншығын, тіпті рульде шофер отырған машинасын да берді. Ол кешкісін күндегіден, ерте жатқанмен, ұйықтай алмады. Ит үреді. Егер балаларға жақсы түс көргізетін Ене атай келіп, мұның сөмкесін алып кетсе ше? Гугуцэ есік алдына жүгіріп шығып, байлаулы тұрған Тарзанды босатып жіберді. Таңертең төбет үйдің іргесінде ұйықтап жатыр екен. Шамасы, түнімен Ене атаймен арпалысып шыққан болар. Әйтеуір сөмке орнында екен. Гугуцэ екі құлағын да әбден жуып, жаңа костюмін киді. Сонсын сөмкесін иығына асынып, бақшадан бір түп гүл жұлып алды да, мектепке тартты.
— Бір кітабың болса, бірінші класқа барасың, екі кітабың болса екінші класқа,— деп ойлады Гугуцэ жүріп келе жатып.— Ал төрт кітаппен нешінші класқа бару керек?
Мектептің алдында директор тұр екен.
— Гугуцэмісің?— деп таңданды ол.— Сен мына сөмкеңнен де кішкентайсың ғой! Бірінші класқа бару үшін саған анау бөркіңнің төбесіне дейін өсу керек. Жақсы енді. Қеліп қалған екенсің, мектептің тәжірибе участогынан қарбыз жеп кет.
Гугуцэ ұялғаннан жерге кіре жаздады. Сөмке толы кітап алып келген адамға бүкіл баланың көзінше қарбыз жеуге бар дегені қызық екен!
Гугуцэ ашуланып кетіп, үйіне қарай бұрыла жөнелді.
Директор ағай Гугуцэнің ашуланып кеткенін біліп, кешке қарай онымен татуласуға келді. Баланы былай үгіттейді, алай үгіттейді — бірақ Гугуцэ көнер емес, әлі ашулы.
— Ендеше, Гугуцэ, мен саған үзіліс кезінде мектеп қоңырауын соғуға рұқсат етсем, бұған қалай қарайсың?— деді директор.
— Керегі жоқ.
— Онда сен мейрамдарда мектеп сахнасынан тақпақ айтсаң қайтеді?
— Түк те айтпаймын.
Директор ақыры ештеңе шығара алмай кетті. Гугуцэ әкесіне айтты:
— Көке, маған есік алдынан мектеп жасап бер.
— Мектеп болса, кәдімгі шын мектеп салу керек. Ал менде көтергіш кран да, самосвал да жоқ,— деп, әкесі желкесін қасыды.
— Онда маған парта жасап бер,— деп қоймады Гугуцэ.
— Несі бар, парта жасауға болады...
Бір апта өткенде Гугуцэнің партасы да әзір болды. Мектеп жақтан қоңырау дыбысы естілгенде, Гугуцэ партасына отыра қалады, оқи бастайды. Ауылдағы кішкене балалардың бәрі шарбақтың тесігінен сығалайды. Олардың қызығатыны соншалық, Гугуцэнің партасына бір-ақ рет отыру үшін нені болса да беруге даяр. Гугуцэ оларды аяп кетті: мейлі өздері кітап тауып алсын да, құлақтарын тазалап, бір-бірден келсін деп ойлады. Гугуцэнің партасы туралы хабар ауылға түгел тарады. Тіпті үлкендер де бақшаның жанынан өте беріп, шарбақтың ішіне көз жүгіртетін, біздің ауылдан тағы бір оқымысты адам шығады деп қуанатын. Ал олардың кейбіреулері бақшаның ішіне де кіріп, партаны көріп кетіп жүрді.
Бір күні Гугуцэнің үзілісі кезінде мектеп директорының өзі келді:
— Гугуцэ, партаңа отыруға маған да рұқсат ет.
— Жарайды,— деді Гугуцэ.— Тек алдымен біздің бақшадан алма жеп ал.
АТАСЫНЫҢ ЕРКЕСІ
ПОЧТАШЫ
Почташы қартая бастады, хаттарды да сиректеу әкелетін болды. Үйде жатқан ескі хаттары бар біреулер сарғая бастаған әріптерін сиямен қайта өңдеп, айы мен күнін, кейде тіпті жылына дейін жаңартып, бүгін келген хаттай оқып отыратын. Мұндай көне хаттарды сақтамағандар ауылға не жаңалық жазып жатыр деп көршілерінен сұрайтын. Өздерінде де, көршілерінде де ешқандай хат жоқтар қақпа алдына шығып алып, өтіп бара жатқан почташыға қарайтын. Сүйтетін де:
— Е, почташымыз бұдан да қартайып кетсе, әбден сорлаймыз ғой,— деп күрсінетін.
Көптен бері қолдарына хат ұстамағандар бір күні почта маңына жиналды да, көк шөптің үстіне отырып алып ойлай бастады. Почташы болса қартайды, енді не істеуге болады? Қайткенде де бұған бір амал табу керек қой. Қартайған адам енді бәрібір жасармайды. Ақыры олар олай ойлап, былай ойлап, почташыға жылқышыдан бір ат пен арба алып берді.
Сол күні кешке қарай ауылға екі бірдей хат келмесі бар ма!
Ауыл адамдары түнімен көз ілместен хаттарды кезек-кезек оқып, тыным көрмеді: бір үйдің шамы өшсе, екінші үйде жанады. Ертесіне оқушылар осы хаттардан оқыған сөйлемдерді бормен тақтаға жазъш, сөз таптарына талдап жатты. Бір жұма бойы ауылда той болды: почташының саулығы үшін деп шарап ішісті, оның атына әр үй сұлы берді. Бірақ хаттар тағы тоқтап қалды. Бір күндері жұрт почташының атына сұлы беруді де қойды.
— Не істейсің енді. Почташымыз әбден қартайып бітті ғой,— деп күрсінді жұрт.
— Ал ат ше? Аттың жазығы не?— деп таңданды балалар.
Бір күні почташы жол жиегінде атын жайып, кәрілік деген қуаныш емес-ау деп мұңайып отыр еді. Жанына жылқышы келді.
— Егер хат әкелмейтін болсаң, атымды алам. Түсіндің бе?— деп зілденді ол.
Гугуцэ шыдай алмады, почташымен жақынырақ танысқысы келді. Күні бойы қарияның жанынан кетпей, атын суарысты, жем берді, сонсын жайлап почташыдан мән-жайды сұрастырып білді. Сонық артынша Гугуцэ дүкеннен еліміздің картасын сатып алды. Және сол картаға қарап отырып, өз аулынан кеткен адамдардың қайда барғанын белгіледі. Ер адамның тұрған жеріне бөріктің суретін, ал әйел адамның барған жеріне гүлдің суретін салып қойды. Содан соң ол өз қолымен ауылдың картасын жасады. Картада хат күтетін үйлердің есігін ашық етіп көрсетіп қойды. Міне, мынау — Кишиневта оқитын студенттің үйі. Гугуцэ география пәнінің мүғалімінен Кишиневта қандай көшелер барын және онда ауа райы қалай болатынын сұрап алды. Таңертең бала жүгіріп отырып почтаға барды да, почташымен қатарласа отырды. Почташы өзінің бала кезінде мөрді ұстап көрер ме еді деп армандайтыны есіне түсіп, Гугуцэге хатқа басып отырған мөрін берді. Мейлі, ол да басып көрсін деп ойлады. Сол күні студенттің анасы оқығанда көзі талмау үшін үлкен-үлкен әріптермен жазылған және айқыртып мөр басқан хат алды. Ол хатты көршісіне оқып берді. Сол бойда ауылда Кишиневта қандай әдемі көшелер бары жайлы және астанада нөсер жаңбыр жауып тұрғаны жайлы әңгіме тарап кетті. Гугуцэ картасына қарап еді, тағы бір есігі ашулы үйді көрді. Үй иесі әскерде болатын. Оның әйеліне не деп хат жазу керек? Гугуцэ бөлме ішінде өзінше солдат тәртібімен олай жүрді, былай жүрді, киімін жөндеді, бірақ ешкандай ой келмеді басына. Әскери құпияны берік сақтау керек деп ойлады ол. Сөйтті де хаттың орнына көгершіннің суретін салып, оны мөр басылған конвертпен солдаттың әйеліне жіберді.
Ертесіне әйел үй-үйге жүгіріп, қолындағы «хатын» көрсетті:
— Қараңыздар, күйеуім маған қандай сурет жіберген!
Көгершіннің суретін ол тіпті Гугуцэге де көрсетті. Сосын жұрт көрсін деп және даладан келе жатқанда өзі де қарап қою үшін суретті терезенің әйнегіне сүйеп қойды.
— Иә, — деп қариялар өздерінше әңгіме сокты, — басқа-басқа ғой, ал мынадай көгершін суретін біздің ауылда әлі ешкім де салып көрген жоқ.
Сол кезден бастап Гугуцэ почташыға конвертке мөр басуға ылғи да көмектесетін болды, оның картасындағы есігі ашық тұрған үйлердің саны күн сайыи азая берді. Ауьіл адамдары почташы қартты көрген жерде бастарын иіп амандасып, оның атына жем беруге асығатын болды.
ГУГУЦЭ ДИІРМЕН БАСЫНДА
Күн едәуір көтерілсе де, диірменді әлі ашпапты.
Мариуца апай көже пісіретін қазанына үш рет су құйды, ал Ион ағай болса әлі ұн әкелмей жатыр. Мариуца апайдың ағаш жаруға да қолы тимей, шарбағындағы күнбағыстың сабағын алып отқа салады.
Апай одан әрі шыдамады:
— Қызым, диірменшіге барып айтшы, енді келмесе, оның шарбағындағы күнбағысты жаға бастаймын!
— Болғаны үш-ақ адам келсе, ұнды қалай үгемін. Жүгері аз, несіне әуреленемін,— деп ашуланды диірменші.
Үш әйел келіп оның шарбағындағы күнбағыс сабақтарын жұла бастап еді, диірменші диірменді ашық тастай салып, жалаң бас шыға жүгірді: шарбағын қорғап қалу керек қой, шарбағы жоқ үй иесіз үймен бірдей емес пе. Ол өз шарбағында қанша күнбағыстың жұлынғанын санап үлгермей жатып, әлгі әйелдердің диірмен айналасындағы шарбақтың ағашына қол сала бастағанын көрді. Ол енді диірменге жүгірді. Қараса, шарбақты адам сыйып кететінден тесіп қойыпты! Диірменші әлгі тесікке кіре қойып еді, шарбақ бүп-бүтін болып шыға келді.
— Қайырымды жандар, — деп айқайлады ол, — мына шарбақтың ағаштарын орнына әкелгенше, мен осы жерден шықпаймын.
Кісілер құрғақ таяқшалар әкелді, бірақ шарбақтың өзінікі емес. Егер олар пеште жанып жатқан шарбақтың таяқтарын алып келсе, диірмен түгел өртеніп кетер еді, әрине. Алайда диірменші анау-мынауына қараған жоқ.
— Міне, енді дұрысталды,— деп көңілденді ол.
— Ал, ұнды не істейміз?— деп тынышсыздана бастады адамдар.
— Сендер ауылға барыңдар да, жұрттың бәрі тартатын астықтарын әкелсін деп хабарлаңдар!
— Диірменші сен ғой, барсаң өзің бар'
Жұрт алыстан танысын деп диірменші үсті-басына үн сеуіп алды да, орталық көшеге қарай беттеді. Ал оған көмектесуге шыққан үш еркек басқа көшеге бұрылды.
— Кімнің үйінде үн таусылуға айналды? Бидайларыңды тезірек диірменге әкеліңдер!— деп айқайлады төртеуі төрт жерден.
Сол-ақ екен, диірмен алдында жер астынан шыққандай қап-қап бидай пайда болды. Диірменші мен үш еркек көгалға отырып алып, тағы да жүгері, бидай әкелетін, ауылда егіске шықпай үйінде жүрген кімдер барын ойластыра бастады.
Гугуцэден басқа ешкім болмай шықты.
Диірменші жанқалтасын шекілдеуікке толтырып алып, Гугуцэ үйінің алдына келді:
— Гугуцэ, саған диірмен керек емес пе? Қелсең, бар ғой, ғажап... тура ғажап ұн тартып берейін! Одан пісірген көженің дәмі таңдайыңнан кетпестей тәтті боларына мен кепіл!
Гугуцэ қара тер болып келіп тұрған диірменші байғүсты көріп, қарындасын шақырып алды:
— Сен үйді қарай тұр, мен диірменге барып келейін.
Бөркіне жүгері толтырып, ұн салатын жаңа қап алды да, велосипедіне секіріп мініп, диірмен басына тартты.
Жүгерісін диірменшінің ожауына төге салып еді, диірмен жұмыс істей жөнелді.
— Жарайсың, Гугуцэ!—деп айқайлады тұрған еркектер бөріктерін аспанға лақтырып.
Ал әйелдер қақпа жанында күйеулерін күтіп тұрды.
Әкесі мен шешесі егіс даласынан келгенде, Гугуцэ есік алдында ағаш жонып, былғауыш жасап тұр еді.
САҒАТ
Кейде әкесінің қолы бос екенін көріп қалса, Гугуцэ оның қасына жүгіріп келеді де:
— Әке, сағатың тозып, минуттары азая бастаған кезде оны маған берерсің,— дейді.
Әкесі шашынан сипаса, Гугуцэ келіскені деп қуанады.
Күн өтеді, апта өтеді, әкесі сағатын бермейді. Демек сағаттың минуттары әлі таусылмағаны ғой.
Рас, әйтеуір бір кезде ол минуттардың таусылатыны анық.
Гугуцэ бірде қолына былғары бау байлап, әкесінің жанына келді. Бауға қарап, өзінен-өзі:
— Уақыт қанша болды екен?—деді. Әкесі байқамаған кісі сияқтанды да, ал атасы әлденеге күнге қарай берді.
— Не істеп отырсың, ата?—деді бір күні Гугуцэ күнге қарап отырған атасына.
— Уақыт қанша болғанын қарап отырмын.
— Сенің сағатың сол ма, ата?
— Иә, сол. Өмір бойы уақытты соған қарап біліп келем. Гугуцэ атасының сағатын әкесінің сағатымен салыстырды. Атасының сағаты жақсырақ, әрине.
Әкесінің сағатын балғамен бір ұрса, быт-шыты шығып, минутының біреуі де қалмайды. Ал атасының сағатын тоқпақтасаң да сынбайды. Оның үстіне ол әрі жарқырап, әрі жылылық таратып тұрады. Аңдар мен құстар да уақытты соған қарап біледі. Атасының сағаты бұзылу дегенді білмейді, ендеше оны жөндейтін шебердің де керегі жоқ. Гугуцэге бұл сағаттың ұнағаны сонша, тіпті қолындағы бауды да лақтырып тастады. Сонда да бір күні Гугуцэ әкесінен сағатыңның қанша минуты қалды, егер тіпті аз қалған болса, ол сағатты далаға лақтырып тастайтын бала керек емес пе деп сұрады.
Әкесі жауап берудің орнына сағатына қарады да, жеңіне жасыра салды.
— Ал атамның сағаты — ең тамаша сағат,— деді Гугуцэ. — Сағатшы сенің сағатыңды жасағанда атамның сағатына қарап жасаған.
Әкесі Гугуцэні көтеріп алды:
— Ақылдым! Сағатты саған бермесем болмас!— деді.
Гугуцэ енді сағаттың бауын лақтырып тастағанына өкініп,
соны іздеуге жүгіріп аулаға шықты.
Кешкісін атасының сағаты ұйықтауға кетті. Гутуцэ өзінін. сағатыы құлағына басып жатты, оның минуттары таусылып қалады-ау деп қорыққаннан көпке дейін үйықтай алмады. Бірақ ертесіне тыңдаса, сағаты тықылдап жатыр екен. Гугуцэ оны алақанына салып алды да, шапқылап ауылды кезіп кетті. Біреулер төсегінде жатыр, біреулер есік алдында, енді біреулер құдық маңында жүр екен. Гугуцэ олардың бәріне сағатын көрсетті. Сағаттың аз ғана минуттары қалып еді, бірақ соның өзі ауыл адамдарының уақытты білуіне жарады. Өйткені атасының үлкен сағаты әлі аспанға көтерілген жоқ қой.
ЕТІКШІ
Гугуцэнің көршісі бар, оның үйі толған бала.
Алғашқы қар жауса болды, көрші амалсыздан қолына балға мен ине-жіп алып, балаларының аяғына қар құйылмау үшін ұзын қонышты кішкене етіктер тіге бастайды.
Бір пар етік бітсе болды, есік алдына алғашқы қол шананың ізі түседі. Көрші екінші баласының аяғын өлшейді. Тағы да күні бойы ине-жіпке тыным болмайды, түн жарымына дейін балға да ұйқы көрмейді. Екінші етік біткенде, есік алдынан сырғанаған екінші шананың ізі көрінеді. Көрші мұртын сипап қойып, үшінші етікке кіріседі, Сөйтсе, алғашқы етік жыртылып та үлгерген екен. Ол енді көзілдірік киіп, тебен инеге жіптің де жуандауын сабақтап, қолына үлкендеу балға алып, түні бойы етік жамап әлек. Ал таңертең етік дайын болады да, үлкен ұл секіріп далаға шығып, күні бойы үй көрмейді. Оның есесіне көршінің өзі қыс бойы үйден шықпайды. Гугуцэ көршінің балаларымен бірге ол үйге отын тасысып, диірменге барып жүретін. Үй шаруасын бітіріп тастайды да, балалар шананы сүйретіп төбеге жүгіреді. Бойлары етіктің биіктігіндей кішкентайлар қарға малтығып, аласа төбеге өрмелесе, бойы ұзындаулары мұздың үстімен зымырап өтіп, диірмен жанындағы биік төбеге шығып алады.
Тағы да түні бойы балға үйқы көрмейді.
Кейде ескі етікті жамағаннан гөрі жаңадан тіккен оңайырақ. Ал көршінің әйелі осы шаналарды отка жағу керек дейді.
— Қой, оларға тиіспе,— деп жұбатады көрші әйелін.— Өзіміз де бала болдық емес пе!
Ол қайтадан көзілдірігін мұрнына іле салып, қолына балға алады. Тықылдаған балға үнімен ұйықтайтын болды үйдегілер. Тіпті сырттағы қар жапалақтары да үнге елітіп жайлап түсетін сықылды. Ал бүрсеңдеп паналайтын жер іздеп жүрген жалғыз-жарым кұс болса, терезеден қарап, құстарға да етік тігіп беретін біреу болса деп қиялдайтын. Күндердің бір күнінде етіктер жыртылмайтын болды. Көрші етікті алып жіберіп қарайды да, балғамен бір-екі нұқып қалса болды — бүтінделіп шыға келеді. Сосын етікші қыс өтіп кеткен жоқ па деп терезеден қарайды. Жоқ, қыс кететін түрі жоқ, қар деген тізеден жатыр. Көрші тігетін, жамайтын ештеңе қалмағанына таңданды да, енді өз етігін тігуге кірісті. Асықпай тігетін болды, түнде демалады.
Бірде түн ішінде таныс үннен оянып кетті.
— Түк-түк!
Көрші төсегінен тұрып шам жақты.
Бәрі ұйықтап жатқан сияқты: балға да орнында жатыр. Қөрші желкесін қасып біраз тұрды да, балғаны көпшігінің астына жасырып қойды.
Балғада үн жоқ. Бір мезгілде тағы да:
— Түк-түк!
Қөрші тұрды да, шам жақпастан киініп, дыбыс шыққан жаққа бет алды. Қараңғыда сипалап жүріп есікті ашып, көшеге шықты. Гугуцэнің терезесінде шам көрінді. Көрші терезеге жақындап сығалап қараса, өзінің кіші ұлы мен Гугуцэ қақырап калған етіктің өкшесіне бар пәрмендерімен құлаштап шеге қағып отыр екен.
— Е, әңгіме қайда жатыр! — деп көрші мұртын сипады да, өзін күтіп жатқан жастығына кетті.
Ертесіне оған түнде кеш жаттың, түнімен балға :тықылы маза бермеді деп әйелі біраз ұрсып алды. Көрші миығынан күлді де, үндемеді. Сосын ештеңе болмағандай инесін сабақтап іске кірісті.
ҚАРЫЗ
Гугуцэ үй маңын ретке келтіріп болғасын, өзінің немере ағасына бір тиын берешек екенін есіне алды. Ертең Жаңа жыл. Мүмкін, оларда ақша жоқ болар. Апарып беру керек, әрине. Үйде анасы жоқ еді. Гугуцэ бір тиынды бөркінің астына тігіп алды да, ұрылар шабуыл жасай қалса деген сақтықпен пистолетпен қаруланды. Сосын анасының суретін калтасына салып, жағасын көтерді де, немере ағасы тұратын көрші ауылға қарай тартты. Жол бойы оны біресе ат шана, біресе машиналар қуып жетіп, тоқтай қалады. Гугуцэде төлейтін бірдеңе барын біліп қойған сияқты.
— Мен жаяу-ақ барам, — дейді Гугуцэ. — Аяғымдағы еті-гім жаңа еді, кішкене тоздырмасам болмайды.
Міне, Реут өзенінің үстіндегі көпірге жетті. Енді жарты жол қалды. Гугуцэ анасын сағынып кетіп, қалтасынан суретін алды:
— Анашым!
Содан кейін ол алақанын бір үрлеп қойып, тағы ілгері жылжыды.
Қар болса еріккендей, аяқ астында сықыр-сықыр етеді.
Гугуцэні тағы да екі машина қуып жетті. Ол шоферлерге, егер өзі міне қалса, өрге қарай машинаның жүруіне ауыр соғатынын айтты. Ал үйге қайтарда ауылға апарып салса бірсәрі. Қөрші ауылда бала біткен үйді-үйге кіріп, үлкендерді Жаңа жылмен құттықтап жүр екен. Олар «гей-гей» деп айқай салып, жаңа жылдық тілектер айтып, қоңырауларын сылдырлатып, сол үшін әр үйден тиын мен қалаш алып жүр. Жинаған қалаштарын таяққа сақинаша кигізіп, иықтарына салып алыпты. Гугуцэ ойлағанда маңдайға салмақ түспесін деп, бөркін желкесіне шалқайта киді де, өз-өзінен күбірледі:
— Бір тиыныма қоңырау сатып алсам ба екен? Таяққа толтыра тізіп қалаш апарсам ғой, тамаша болар еді!
Сол жерде бір үйдің ауласынан қыз бен бала шыға келді. Таяққа іліп алған қоңырауды екеулеп көтеріп келеді. Гугуцэ бөркін қайтадан баса киді де:
— Ұсақ-түйекпен байланысып қайтем. Мен сияқтылар түнде құттықтайды, — деді өзіне-өзі.
Бірақ ол әлгі екеуінің қоңырауы әп-әдемі сылдырағанын есітіп, бөркін тағы шалқайта киді, тағы ойға кетті. Бұл екеуі Гугуцэні де өздері секілді кішкентай санап, сендерге қосылайын деп өтінер дейтін сияқты. Жо-жоқ, олары бола қоймас! Сосын Гугуцэ:
— Ал, қане, мені кұттықтаңдаршы!—деп қалай айтқанын біл-мей де қалды.
— Осы жерде, жолдың үстінде ме?
— Енді қайда? Мен көрші ауылдан келдім ғой.
— Жол үстінде құттықтамаймыз,— деп бала ілгері жүре берді. Ал қыз жалт қарады да, сыбыр етті:
— Сен, кішкене ағай, анау қораға кір, сосын біз сені құттықтай-мыз.
Гугуцэ үш аттап қақпаға енді. Бала қоңырауын сылдыратып:
— Ән салуға құттықтап, үй иесі, бер рұқсат?!—деді.
— Рұқсат етем,— деп Гугуцэ басын изеді.
Кішкене қыз Жаңа жылдық әнге басты...
-Сыйлықты жинайтын қайсың?— деді Гугуцэ.
Бала ілгері аттап еді, Гугуцэ бөркінен тиынды алып оған ұстата салды. Ал қалаштың орнына пистолетін берді. Енді карақшылардан қорқатын түк жоқ.
Балалар қандай қуанды дейсің!
Гугуцэ оларға ендігі жылы да өзін құттықтауды ұмытып кетпеуін ескертті де, үйіне кетті. Немере ағасы тағы бір реті келгенше кідіре тұрады-дағы. Ол ештеңе емес-ау, дәл Жаңа жылдың алдында ұлын жоғалтып алған анасы кандай күйде екен десейші?!
АЛДИЯР ТАҚСЫР ГУГУЦЭ
Гугуцэнің ұйқысы қанып тұрсын деп күнде таңертең әкесі терезе пердесін жауып қоятын, ал кешкісін оған кояндар беріп жіберді деп нан әкелетін. Гугуцэ аз күн қояндар берген нанды жеп жүрді де, бір күні түнде қолына жіп байлап, оның екінші ұшын әкесінің аяғына байлап қойды, сөйтіп ертесіне таң қылаң бере оянды. Әкесі оны егістікке ертіп апарған жоқ, өйткені ұлы әлі кішкентай. Оның есесіне Гугуцэ үйден алыстаған сайын әкесінің бірте-бірте кішірейіп бара жатқанын байқады. Ол ауылды аралап жұрттың жұмысқа кеткенін көріп еді. Сөйтсе әкесі ғана емес, үлкендердің бәрі де ауылдан ұзаған сайын кішірейе береді екен. Әуелі Гугуцэнің қарындасындай, сосын оның башмағындай, ақырында дәннің үлкендігіндей ғана болып көрінеді. Олармен салыстырғанда Гугуцэ нағыз дәудің өзі ғой! Үлкендер мен ересек балалардың бәрі егістікке кеткенде, Гугуцэ дәл бір корольға ұқсап ауылда қалады. Кішкене балалар Гугуцэні король деп атауға бірауыздан келісті. Және оның үйіне тығыз әрі маңызды жұмыстармен жиі келетін болды.
— Алдияр тақсыр, біздің үйдің төбесінен су ағып тұр, шифер алуға көмектесші.
— Алдияр тақсыр, диірменге апаратып бидайымды жеткізе алмай тұрмын, арба керек еді...
Міне, Гугуцэнің шарбағына ат болмағанмен, құлын әкелінді.
Көпшіліктің тілегін түгел орындаған Гугуцэ кұлынға мініп алып, қарамағындағы халықты аралауға шықты.
Қақпа алдында жылап тұрған баланы көрді.
— Алдияр тақсыр Гугуцэ, біздің үйректің балапаны жоғалып кетті.
Гугуцэ үш рет ысқырып қалып еді, қайдан шыққаны белгісіз, аттар ма, аттылы адамдар ма — әйтеуір жетіп келді.
— Балапанды табу керек! — деп бұйырды Гугуцэ. — Ол, сірә, анау жырада болар!
Сонсоң ол құлынмен шауып кетті. Бір ғажабы, алдияр тақсыр Гугуцэ найза-қылышсыз және көмекшісіз жүретін. Бір үйдің мұржасынан бұрқ етіп түтін шықты. Гугуцэ құлынның басын тартып кідірді. Үйден алжапқыш байлаған кішкене қыз шықты, жеңін түріп алыпты.
— Не болып қалды? — Гугуцэ мұржаға қарады. — От неге жағасыңдар?
— Алдияр тақсыр, ата-анама түскі тамақ апаруым керек еді. Күн көтеріліп қалыпты, егістік алыс, тамақ пісіріп үлгере алмай қалам ба деп...
— Түсінікті, — деді Гугуцэ. — Ардақты ата-анаңа алдияр тақсыр Гугуцэден сәлем айта бар.
Келесі көшеде Гугуцэ басына бөрік, үстіне күпі киіп алған балаға кездесіп қалды. Жаздың ортасында мынадай киім киіп алғаны ерсілеу еді.
— Алдияр тақсыр, —деп бала бөркін алды. — Құдықтың ішінен күндіз де жұлдыздар көрінеді деген сыбыс бар. Құдықты тазалап, жұлдыздарға қарауға рұқсат етсеңіз екен.
— Бөркіңді ки. Құдықтарды тек мейрамдарда ғана тазалайды.
Аттылар соның арасында балапанды тауып алды. Олар енді ауыл үстіне сап түзеп, Гугуцэнің үлкен суретін алып келе жатты. Біреуі қақпа алдында Гугуцэні күтіп тұр екен.
— Алдияр тақсыр, патронға оқ-дәріні тығындайтын кендір керек болып тұр.
Гугуцэ қажетті талшықтардың кендір өсімдігінен алынатынын білетін. Ол құлынды өріске қоя берді де, өзі аттылымен бірге король сарайының дәл алдынан жер қазып, кендір екті.
— Енді бір жылға жететін патрондарды оқтап коюға болады! — деп қуанысты аттылар.
Түс қайта алдияр тақсыр Гугуцэ көгалға барып, көбелек аулай бастады. Көбелек аулау сәтті болды. Қөбелектер нақ король сарайына баруға асыққандай, алдияр тақсырдың тәжіне өз-өздерінен ене берді. Осындай маңызды істерден шаршап кеткен Гугуцэ кешке қарай ауыл сыртына шықты. Тұс-тұстан — егістіктен, фермалардан, бақшалардан лек-легімен ауыл адамдары келе жатыр. Олар таңертеңгідей емес, жақындаған сайын үлкейіп келеді. Алдияр тақсыр енді өзінің кішірейіп бара жатқанын сезді. Кісілер келіп, жетектеп үйге апарғанға дейін ол тапжылмай бір орында тұра берді.
ШАЛҒЫШЫ
— Айтпақшы, қайрақты алуды ұмытып кеткен жоқсың ба, Гугуцэ? — деді әкесі үйден шыға беріп.
Қайрақ... Одан да әкесі шалғысын берсе ғой. Шалғыны иыққа салып алып, көшемен алшаңдай басып өтер ме еді, шіркін! Құмыра мен қайрақты ұстап жүргеннің несі қызық? Әкесі артына мойын бұрмай, тоқтаусыз аяңдап барады, ал Гугуцэ шабындықта отырған біреу өзін арқанмен тартып жатқандай әкесінің соңынан ілесіп келеді. Бұлақ. Гугуцэ құмыраға су құйып алды. Міне, өзен жағасындағы көк шалғынға жетті. Әкесі белін буып алып, шалғыны сермей бастады. Шөп арасындағы шегіртке мен көбелектер қорыққаннан тырағайлап қашып жатыр. Көк шөпке тиген шалғы үні біресе мына жерден, біресе ана жерден естіледі. Әкесі колыи көтерсе болды, Гугуцэ құмыра мен қайрақты алып жүгіреді. Мүмкін, әкесі шаршаған шығар, ұлына шалғыны шөп шабуға аз уақытқа беретін болар? Әкесі құмырадағы сумен қайрақты ылғалдап алып, шалғыны жаниды. Бала тағы былай қалады. Олар әкесі екеуі ертемен ауылдың ортасымен шабындыққа беттегенде, кісілер шөп шабатын Гугуцэ де, әкесі тек көмектесуге бара жатқан ғой деп ойлаған болар. Егер шын мәнінде солай болса, Гугуцэ жерден жеті қоян тапқандай қуанар еді-ау. Әкесі баланы тіпті елемейді. Гугуцэ аяғына тікен кіріп кеткенде шынымен-ақ қуанып қалды. Сонда ғана әкесі мұны байқап, тікенекті суырып алды. Бірақ баласына шалғы беру туралы ләм-мим демеді.
Ой! Бөдене әкесінің дәл аяғының астынан секіріп кетті.
Сосын екеуі түскі тамаққа отырды. Анасының дорбаға не тағам салғаны белгілі болды. Гугуцэ тамаққа тойып, бір әлденіп алды. Әкесіне бұтаның түбіне көлеңке жасап берді де, дем ал деп ақыл айтты.
— Дұрыс айтасың, — деп, әкесі де оны қостап қойды. Шалғының басын бөлек алып қойды да, өзі қисая кетті.
Шалғыны бөлектеп қойды, енді қалай оруға болады?
Гугуцэ өкпелеп қалды, бірақ не істесін, жүгіріп бұлаққа барды да, құмырамен әкесіне су алып келді. Қелсе, әкесі тағы шөп шабуға кірісіп кетіпті. Мейлі, бермей-ақ қойсын. Гугуцэ теміршімен сөйлесіп, өзіне шалғы жасатып алады. Сонда бұл жерге түнде келіп, айдың жарығымен шөп шабуға болады. Әкесі ертең таңертең не дер екен бұған?
— Мынаны қара! Қоян! — деп айкайлады әкесі. Гугуцэ таңданғаннан аузын ашып, бір орында қалшиды да қалды. Ата жөнелген қоянның соңынан әкесі қуып берді. Қоян зымырап барады, әкесі де аянар емес. Қоян төбешікке қарай қашып еді, әкесі де артынан ілесті.
«Байғұс қоян, біттің! Әкемнің аяғы ұзын».
Гугуцэ есін жиып, ашылған аузын жапты да, жерде жатқан шалғыға жармасты. Алақанына түкіріп жіберіп, шалғыны сілтеп қалып еді, ұшы жерге кіріп кетті. Ештеңе етпес. Шалғыны дұрыстап сілтеуі керек екен. Ал кәне! Ойбай, шалғының ұшы тағы да жерге кіріп кетті! Әкесі оралғанда, Гугуцэ шөп шауып әлек еді. Шапкан шөбі он талға жетіп қалатын шығар, сірә. Кешке дейін Гугуцэ қымыздық сияқты әр алуан тәтті шөптердің бір құшағын теріп алды. Өстіп жүріп өзі білетін әннің бәрін айтып тауысты. Міне, енді екеуі ауылға қайтып келе жатыр. Гугуцэнің қолында әр алуан тәтті шөп, қайрақ, құмыра. Ол алдында келеді. Оның соңынан иығына шалғысын салып әкесі келе жатыр. Жолда кездескен баланың бәрін Гугуцэ үйіне ертіп келіп, неше түрлі тәтті шөптер берді. Ал қоян туралы жұмған аузын ашпады. Сөйтіп қоян дегендерінің жұдырықтай-ақ көжек екенін, әкесі ит әуреге түсіп қуса да, оны ұстай алмағанын тірі жан білген жоқ.
КЕЛІ
Бір күні Гугуцэні анасы ертемен оятты. Ол тұруын тұрғанымен, ұйқысын әлі аша алмай отыр.
— Қалқам, Симион ағайыңа барып, келі сұрап келе қойшы. Кендір дәнін түйейін деп ем. Әкең, кендір сүтін жақсы көреді.
Гугуцэ ауылдың шетіне қарай қалқиып бара жатты. Бір үйден соң бір үй. Міне, ағайдың қақпасына жетті. Сол жерде Гугуцэ ұйқысын ашып, басын ұстай алды: жол бойы кендірден сүтті қалай жасайды деп ойлап келе жатып, кездескен адамдардың біреуімен де амандаспапты. Гугуцэ кері қарай жүгірді. Кетіп бара жатқан кісіні қуып жетіп амандасты. Енді манағы адамдардың басқасын қайдан тауып сәлем беруге болады? Ол агрономнан кімнің қайда кеткенін біліп алды да, егістікке қарай жүгірді. Бір беткейде қант қызылшасын, біреулер екінші жерде темекі жинап жатыр екен. Гугуцэ таңертең мені, көріп пе едіңіз деп бас-басынан сұрап шықты. Біреулер көрген, екіншілері көрмеген, енді біреулері көрсе де ұмытып қалған болып шықты. Сонда да Гугуцэ әрқайсысымен түгел амандасты. Кісілер Гугуцэнің мұнда неге келгенін сұрап еді, ол көмектесуге келіп едім деген сылтау айтты. Сонсоң біреуінен темекі салатын алжапқышын, біреуінен баспалдақ сұрап алып, ағаштың басынан шабдалы жинасты. Жұмыс істеп жатса да, ол жан-жағына жалтақтап қарауды ұмытқан жоқ және біреу-міреу машинамен не арбамен өтіп бара жатса, қалпағын бұлғап амандаса берді. Гугуцэ тракторшыларға «Қайырлы таң» деудің орнына «Қайырлы күн» деп амандасуды ұйғарды. Ол жұрттың бәрі дала қосына тамаққа жиналғанша күтіп, бәрімен сәлемдесіп, арасында тракторшыларға тамақ ішуге көмектесті. Сосын ол астық бастырып жатқан қырманға қарай жүрді. Онда адам көп екен. Гугуцэ бәрімен қол беріп амандасып, өзімен бірдей бірнеше қапшықты бидайға толтырды. Ең ақырында тауық қорада жүрген әйелдерге «Кеш жарық» деп сәлем беріп, жұмыртқа санасуға көмектесті. Әбден шаршаса да, үйіне ол ұрыста жеңіп шыққан батырдай кейіппен келді. Қараңғы түсіп кеткен еді.
— Гугуцэ, келі қайда? — деді анасы.
Гугуцэ санын бір соқты да, Симион ағайдың үйіне жүгірді.
ГУГУЦЭНІҢ ПЫШАҒЫ
Қолтығына араның ұясын кысып алған аю бұлақ басына келді. Әрнені білуге құмар елік аю су ішіп болғанша күтіп тұрды да:
— Не жақсылық бар, қисық аяқ? — деп сұрады.
— Қөрдің бе? Радио! Ән-күй тыңдамасам, ішкенім ас болмайды, — деді аю араның ұясын көрсетіп.
Елік қос құлағын тігіп еді, радио емес, жер селкілдеп тұрған секілді. Қараса, қоянға ініп алған қызыл қоңыз екен.
— Бәріңе! Бәріңе! Бәріңе! Тоқылдақ телеграмма жіберді: «Орманға Гугуцэ келді! — деп жар салды ол.
— Сен болсаң, құр босқа әндетесің! — деп, радиоға кейіген аю оны жерге бір қоюға шақ қалды.— Қызыл қоңыз, айтшы, ол жалғыз ба, жоқ жанында нөкерлері бар ма?
— Қім? Гугуцэ ме? Пышағы. бар, қисық аяқ пышағы бар! Сені қайда деп сұрады.
Аю соны естуі-ақ мұң екен, радиосын қолтығына қысып (өлсем де музыкамен өлейін деген ойы ғой), әйда каш! «Гугуцэ пышағымен орманда жүр!» — деген лақап лезде аймаққа тарады да кетті. Тиін ағаш қуысындағы үйін жауып алды. Түлкі борсықтың ініне құйрығын әрең сыйғызып жасырына қойды. Қасқырдын да зәре-құты қашып, қалың түйетікеннің ішінде селкілдеп отыр: егер кешегі жеген қойы Гугуцэнің ауылынан болса қайтеді?
— Бәріңе! Бәріңе! Бәріңе! Гугуцэ борсық інінің жанына келді!
Осыны естуі-ақ мұң екен, қу түлкі іннен тұра қашып, жөке ағашының арасына қойып кетті:
— Қап! Жұма күндері қара тауық ұрлауды қоямын деп әлдеқашан өзіме-өзім ант берсем де, мына төрт аяғы құрғыр тыңдамай-ақ қойды. Енді Гугуцэге не бетімді айтам?!
— Дәл қазір Гугуцэ түйетікеннің жанына келді! — деген дауыс шықты.
— У-у-у! — деп ұлыды қасқыр. — Аю радиосын бұрап, соңғы жаңалықтарды тыңдап отырған шығар. Мен байғұс сұп-сұр түсімнен көзге шалынып, құритын болдым-ау.
Қасқыр алды-артына қарамай зыта жөнелді. Оның оң көзін бұрын малшылар шығарып қойған еді, сондықтан ол солға қарай жүгірді.
— Гугуцэ пышағымен жөке ағашының жанына келді! — деген дауыс естілді.
Ол жерде аю мен түлкі бұғып отырған. Түлкі аюдың радиосын арқалап алыпты, әйтеуір жалғыз қалмасам екен деген ой болса керек. Орман іші күні бойы осылай астан-кестен болды. Аңдардың қашқан дүбірінен жер солқылдап, зәресі ұшқан балапандар ұяларынан құлап түсе жаздады.
— Апатай! Бұл не? Соғыс болып жатқаннан сау ма? — деп, аналарының бауырына тығылды олар.
Кешке қарай әбден әлі құрып, сілесі қатқан аю:
— Шыдай алатын емеспін енді. Өзім жан сақтаймын деп терімнің бәрін бұтаға жырғыздым. Түлкі, баршы әлгі тоқылдаққа, Гугуцэ деген кім екен өзі, түрі қандай екен. Қолындағы пышағы мылтықтан да қорқынышты ма екен — сұрап кел, — деді.
Мұны естіген тоқылдақ ішек-сілесі катқанша күлді:
— Е-е! Зәрелерің кетті ме?! Сол керек! Ал Гугуцэ үйіне баяғыда барған. Таңертең ертемен келіп, пышағымен сыбызғы жасайтын бұта кесіп алды да, балапандарына жем беруге кеткен.
ГУГУЦЭНІҢ ӘТКЕНШЕГІ
Күн сайын Гугуцэ әткеншек жасап алайын деп жиналады.
Балалар әткеншек тебеміз деп оның жанына жетіп келгенде, Гугуцэ ұялғаннан жерге кіріп кете жаздайды. Екі бағананы орнатып беруге әкесінің қолы тимей-ак қойды. Бүгін қолы тимейді, ертең қолы тимейді, оның арғы жағында Гугуцэ қартайып бітеді — сосын қалай әткеншек теберсің! Осы телеграф бағаналарының арасына әткеншек орнатып көрсе қайтер екен? Кенеттен телеграф сымдары үзіліп кетіп, телеграмманың бәрі Гугуцэнің үйінің алдына шашылып қалса ше?
Бірақ бір күні Гугуцэ әткеншек жасаймын деп әуреленуін қойды.
— Шамасы, бұның басына тағы да жаңа бір ой келген ғой, — деген шешімге келді үйдегілер.
Гугуцэ сол күні ұшты-күйді жоқ болып кетті. Анасы аяғы сарсылғанша іздеп таба алмай қойды. Әкесі бұл кезде бақша мен құдықтың арасында шелекпен су тасып, помидор суарып жүрген. Жаңа ғана су тасып болғалы жатыр еді, қайдан шыққаны белгісіз, Гугуцэ жетіп келді.
— Қайда жоғалып кеттің? — деп кейіді анасы.
— Ешқайда жоғалған жоқпын, әкеммен бірге помидорға су құйыстым, — деп қарап тұр Гугуцэ.
Әкесі әуелі шелегіне, сосын өзінің қолына, сосын кабағын шытып баласына қарады да:
— Сен өзің байқа! —деді.
Сенбі күні кешкісін Гугуцэ тағы жоғалып кетті. Анасы іздеп-іздеп таба алмады. Дауыстап шақырады, — дыбыс жоқ. Осы кезде көрші әйел гүлге су құйып жүрген. Құдық үстінде қауқиған үлкен қол шығыр біресе тіке көтеріліп, біресе төмендейді.
— Олина апай, Гугуцэні көрмедіңіз бе?
Олина басын шайқады да, соңғы шелек суды гүлдеріне құйып еді, жер астынан шыққандай Гугуцэ тұр. Анасы ұрысып жатыр, Гугуцэ де қалысар емес:
— Мен Олина апаймен бірге гүлге су құйдым ғой!
— Тоқтай тұр, бәлем, әкең де келер жұмыстан...
Анасы Гугуцэні қолынан дедектетіп отырып ат-арбамен құдық басына кеп тоқтаған әкесіне алып келді. Шағым айта бастап еді, Гугуцэ тағы ұшты-күйді жоқ болып кетті. Әкесі құдықтан аттарын суарып, жетелеп жүре беріп еді, соңынан Гугуцэ еріп келеді.
— Ал, енді қайдан шықтың?
— Әкеме ат суарыстым, басқа не істеуші ем?
Әкесі мен шешесі бір-біріне қарады да, бастарын шайқады.
Ертеңіне анасы Гугуцэні дәрігерге апару керек деген байламға келді. Бірақ әуелі қиярды суарып тастау қажет. Анасы құдыққа келді. Ол құдық жанында жатқан тастарды көрді. Ал шығырдың басындағы себеттің ішіне қауғаны көтеретін тастардың орнына басқа бір нәрсені салып қойыпты. Ол не өзі? Жасаған-ау, мынау Гугуцэнің қалпағы ғой!
— Қарай гөр тұрған жерін! Қане, тез түс!
— Түспеймін. Мен деген қиярға су құюға саған көмектесіп жатырмын ғой.
Сол күні кешке қарай әкесі әткеншек жасап берді. Ол әткеншекті көршінің балалары тепті. Ал Гугуцэ аяғын да салған жоқ, тек қарап қойып тұра берді. Өйткені бұл әткеншек шығырдың басына отырып алып тербелгеннен артық емес деп ойлады ол.
ОР ЖӘНЕ ЕХ
Баяғы заманда жер үстінде бойлары шай қасықтың сабындай-ақ адамдар өмір сүрген деседі. Бір қойдың жүні бүкіл бір ауылдың адамдарына шұлық тоқуға жетеді екен. Үш сиырдың сүті бүкіл елді асырапты. Үйлердің үлкендігі біз су ішіп жүрген кружкадай ғана екен. Бір үйдің төбесін күнбағыстың бір ғана қалпағымен жабатын болыпты. Елдің ең шетінде гүл өсіретін көгілдір көзді келіншек тұрыпты, оның бойы сіріңкедей-ақ егіз ұлы бар екен. Келіншек гүлдерді тойларға, шілдеханаларға апару үшін өсіріпті. Сондықтан ел оны аса құрметтеп, сыртынан ылғи мақтап жүретін болыпты. Әйел жылына бір рет елдің басшысы корольге гүл жібереді және одан ешқандай соғыс ашпауын, өйткені оның өз бақшасындағы гүлдердей жақсы көретін екі ұлы бар екенін айтып өтінеді. Бір ұлының аты Ор, екіншісінің аты Ех екен. Екеуі де әкесіне тартқан, көздері қара. Ехтың қолынан келмейтіні жоқ, анасына гүл шоқтарын жасауға көмектеседі. Ор гүлдерді суарады. Одан соң екеуі кең алқапта неше түрлі қызық ойындар ойнайды. Алқаптағы жәндіктер де бұл екі бала гүл өсіруші әйелдің ұлдары екенін біліп, оларға барынша көмектесіп жүреді. Ех инелікпен достасып алады да, бір күні Ор екеуі оның үстіне отырып, вертолетпен ұшқандай самғап елді шарлап кетеді.
Анасы балаларын өте жақсы көретін.
Егіз ұлдың әжелері жоқ еді. Бір күні екі бала анасы күлген кезде көзінің айналасында әжім пайда болатынын байқайды. Сосын екеуі біздің анамыз да, әжеміз де болсын деп шешесін ылғи күлдіре береді. Уақыт өте берді. Бір күндері анасы өзінің бойындағы күш-куатын да, әдемі ажарын да гүлдер ұрлап алғанын бір-ақ білді. Сонан соң ол сүйікті ұлдарына арнап сақтап жүрген екі пар ғажайып кебісті берді. Ол кебісті киген адам ешқашан аш болмайды екен. Енді Ор мен Ех өздерінің вертолет-инелігіне отырып алып, алысқа шарлап үшатын болды. Екеуі тек кешке ғана үйге қайтып оралатын, анасы сонда сап-сау келген ұлдарын көріп қуанатын. Бір күні балалар байқамай елдің шетіне дейін ұшып барды да, инеліктен көрші мемлекетке апаруын өтінді. Ақыры екеуі бөтен елдің үстімен ұшып, көрмеген жердің әдемілігін тамашалады. Бөтен елдің дәл орта тұсына жеткенде, күн батып, қас қарайып кетіп еді. Ағайынды екеуі шегірткені қалың жапырақты ағаштың түбіне қондырып, сол жерге түнемек болды. Ор мен Ех от жағып, инелікті тамақтандырды да, ағаштың түбіне қисая кетті. Түн ортасында Ор орнынан тұрды да, ептеп келіп Ехтың аяғындағы ғажайып кебісін шешіп алды. Сосын ағаш басына шығып отырды. Ор әуелден осы кебісті қолға түсіруді көздеп жүрген. Ондағы ойы: ғажайып кебісті өз елінің короліне сыйға тартып, корольдің қызы ханшаға үйлену еді. Бұл кезде Ордың мұрты тебіндеп, жігіт болып қалған және кеш сайын сұлу ханшаны көзіне елестетіп, қиялға бататын. Ор Ехтың кебісін қойнына тығып, ағаш басында отыр еді, бір кезде көзі ілініп кетті. Сол-ақ екен, ағаштьщ бір бұтағы Ордың үстінен жылжып түсіп бара жатқандай болды және сырт ете қалған дыбыс естілді... Таң ата Ор оянды да, жасырынғысы келді. Сөйтсе, өзінін кебісі де, Ехтың кебісі де ұшты-күйді жоқ. Инелік те зым-зия. Ор Ехты оятты да, түнде қарақшылар келіп төбелес болғанын, өзінің әрең құтылғанын айтып сыбырлай бастады. Қарақшылардың Ехқа тиіспеген себебі ол Ордан бір сағат болса да соң туған, кіші ғой. Ал екеуміздің де кебісімізді солар алып кетті деді. Ех ызадан жұдырығын түйіп тістеніп еді, Ор оған:
— Мен барда қысылма, сенен бір сағат үлкенмін ғой! Күн шыққанша күте тұрайық. Мүмкін, қарақшылар кебістің бір парын түсіріп алған болар, біз оны тауып алып, кезек-кезек киетін боламыз, — деді.
Ор Ехтың ағашқа шығуына көмектесті, сосын өзі де шықты.
Жарық әбден түскесін екеуі қолдарына бір-бір таяқ алып, ағаштың түбін, жапырақтардың арасын түгел шарлады. Бірақ кебіс түгіл оның өкшесін де таба алмады. Инелік оралмады, ал бұл жердің жәндіктері оларды тыңдағысы да келмеді. Амалы құрып, екеуі үйге жаяу тартты. Кешікпей қарындары ашып, көздері қарауыта бастады. Жақын бір ауылда жолаушылар бір шаруаға құрт өлтіруге жалданды. Сөйтіп бір ауылдан екінші ауылға жылжи берді. Бірде көлден шабақ ұстап алды. Оларға шабақ кит секілді үлкен болып көрінді және оны мақтап екеуі үш күн бойы жеді. Ағайынды екеуі кез келген жерден кебісін іздеумен болды. Сонсын Ор кебісті инелік ұрлап әкетті, әйтпесе қарақшылар бұларға қиянат жасайын деген жоқ еді деп лепірді.
— Анамыздың көзі тірісінде үйге жетсек екен, — дейтін Ех күн сайын таңертең.
Ағайынды екеуі өз елін ұзақ іздеді, тіпті қарттық шіркін самайларына ақ кіргізе бастады. Екеуі де таяққа сүйеніп жүретін халге жетті. Бір күні аяқтарының астына бір жаңғақ түсе кетті. Жаңғақ ағаш басында отырған қарғаның аузынан түскен еді.
— Қане, бізге қарға не сыйлады екен?— деп, Ор жаңғақты арқасына салып, жақын маңдағы үйге қарай жүрді. Екеуі үйден балта алып шығып, жаңғақты жарып көріп еді, өз көздеріне өздері сенбеді: жаңғақтың ішінде су жаңа екі кебіс тұр екен.
— Бұл біздің кебісіміз емес, біз мұны алмаймыз, — деді Ех.
Ор қолын соза беріп еді, Ех кебісті лақтырып жіберді.
Екеуі балтаны кезек көтеріп, ілгері жүре берді. Жолшыбай олар кездескен жаңғақтарды жарып көрді, бәрінің ішінен де жап-жаңа кебіс шығатын болды, бірақ өз кебістерін ақыры таппай қойды. Сонда да екеуі осыншама әдемі кебістер көбейіп кеткеніне қуанышты еді. Әнеугүні кебісті алған ұрылар емес, өзі отырған ағаш екенін Ор енді ғана түсінді. Сөйтіп ол інісіне бәрін айтып, мойындады.
— Мені кешір, Ех,— деді.— Шамасы, сенің кебісіңді корольдың қызының қолына түспесін, онан да ағаштардың басында өсіп, балаларды қуантсын деп ағаш алып кеткен ғой.
Ех Ордың сақалынан сілкіп қойды. Сосын екеуі екі жаңғақты жарып, бір-бір кебіс киіп алды да, гүл өсіруші аналарын көзі тірісінде қуанту үшін үйлеріне жетуге асықты.
ИОН КРЯНГЭНІҢ ӘРІПТЕРІ
Атай мектепте бар болғаны екі жыл оқыған, яғни оның екі кластық қана білімі бар. Ол қолы тиіп кетсе, әкесінің Гугуцэге жасап берген партасына барып отырып алады.
— Заман түзелді-ау, тіпті үйден оқуға болатын болды,— деп қояды Атай.— Ал мен болсам, баяғыда бірінші класты тоғыз шақырым жердегі Стрымбу селосына барып-келіп оқып едім. Анам мені ертемен тауық шақырғанда оятады да, кітаптарымды дорбаға салып, шыныға құйған сия береді қолыма, сосын мен тоғыз шақырым жолға шығам. Онда да жолмен емес, Реут өзенінің бойын жағалап жүрем, әйтпесе адасып кету де ғажап емес-тін.
— Ата, сен Ион Крянгэмен1 бірге оқыдың ба?
— Болмаған нәрсені болмады деу керек. Крянгэ менен көп үлкен ғой. Мен оқып жүрген кезде, ол Яссыда мұғалім болатын. Бірде біздің жаққа Крянгэде оқығандардың біреуі келді. Оның қалай оқығанын, қалай білім алғанын біз қояр-да-қоймай сұрадық. Ой, Гугуцэ, бұл бір ғажап қызық тарих.
Крянгэ күнде мектепке келгенде, қолтығына қағаз қорап қысып келеді екен. Қораптың іші толған әріп. Оның өзі қарапайым әріп емес, үннан бетіне қант сеуіп пісірген әріп екен. Ол әріптерді бір-бірлеп алып, түйреуішпен тақтаға бір сөз шығатындай құрастырып жапсырады да, бірер оқушыны шақырып:
— Оқы, қаттырақ оқы, тақтада не жазылған? — дейді. Егер оқушы дұрыс оқыса, Крянгэ оған әріптердің ішінен таңдағанын алып жеуге рұқсат етеді. Бала әріпті жеп алып, тілін жалап отыра бергенде, Крянгэ тағы айтады:
— Тақтада не жазылған, тағы бір рет оқып жібер, бірақ әлгіде өзің жеген әріпті ұмытып кетпе.
Ион Крянгэнің әріптсрінің тәттілігін сөзбен айтып жеткізуге болмайды. Тәттіге бала біткен үйір келеді емес пе, тақтаның алдында бір жыл тұр десе де тұруға бар. Ион Крянгэ өте кедей болған адам ғой. Соған карамай күн сайын бүкіл балаға тәтті пісіріп әкелетін болған.
— Сондай тәтті әріпті мен де жер едім, ата.
Атасы қабағын тыржитты да:
— Сандықшаның түбін қарашы, осы Ион Крянгэнің бір тоқашы жатқан жоқ па екен.
Гугуцэнің үй ішінде қопармаған жері жоқ—ешқандай тоқаш
табылмады. Шамасы, тышқан жеп кеткен болар.
Ол енді Ион Крянгэнің тоқашы туралы ұмытып та кетіп еді, атасы тағы келіп:
— Таптың ба, Гугуцэ?—деп сұрады.
— Сен жай әзілдеген боларсың, ата?
Атасы оны қолынан жетектеп алды да, үйге кіргізді. Сосын кітап сөресінің жанына әкеліп, бір кітапты алды да: Міне, айналайын Гугуцэ, Ион Қрянгэнің пешінен шыққан тәтті әріптер осы. Қане, ашып көрейікші! Мысалы: «Ерте, ерте, ертеде. Ешкі құйрығы келтеде...» Қалай?—деп немересіне күлімдей қарады.
Гугуцэ кітапты ептеп алып, қойнына қысты да, атасына:
— Ата, сенің екі кластық білімің барлығы өтірік! Екі класс емес, сексен кластық білімің бар ғой!—деді.
ГУГУЦА
Гугуцэні мектепке шығарып салуға көрші-қолаң түгел жиналды. Қарындасы гүл алып жүруге көмектесті. Әкесі бұлардың соңында Гугуцэнің атақты партасын машинамен алып келе жатыр. Директор омырауына өзінің барлық медальдарын қадап, мектептің алдында Гугуцэге қолын беріп амандасты. Партаны екінші класқа, ал баланы бірінші класқа қабылдап, жаңа партадағы бір қыздың қасына отырғызды.
— Сен кімсің?—деді оған Гугуцэ сабақ басталған кезде.
— Менің атым Гугуца,— деп жауап берді қыз сабақ аяқтала бергенде.
Екінші сабақта мұғалім нүкте салыңдар деп тапсырма берді. Гугуца өзі салған нүктелерді Гугуцэ көшіріп қоймасын деп қолымен қалқалап отырды. Әр күні бір-бір әріптен жаздырады. Мұғалім апай тақтаға ақпен қараға жазады, ал оқушылар ол әріптерді өз дәптерлеріне әкеліп қондырады, тек олар аққа қарамен жазады. Жаңа әріпті үйреніп алғасын, Гугуца партасының астынан кауын шығарып, Гугуцэге иіскеп көрүге ғана береді де, өзі бүкіл үзіліс бойы жеп жүреді. Ал өзі жеп тауыса алмайтындай үлкендеу қауын болса, Гугуцэге де бір шеті тиіп калатын.
Үлкен үзілісте Гугуца терезені ашып тастап, құстарға оқу үйретеді:
— Міне, мен мына жерге «Чик» деп жаздым. Менімен бірге қайталаңдар. Жарайсыңдар! Ал енді «Чик-чик» деп тағы да қайталаңдар. Бәрің қосылып: «Чик-чирик»-— деңдер.
Гугуцэ мұндай ұсақ-түйекпен айналыспады — не дегенмен оның партасы екінші класта тұр ғой! Гугуца мектептен қашық тұратын. Ол әрбір әріпті жаңа дәптерге жазады. Соның кесірінен оның портфелі күн сайын ауырлай береді.
Қызының күші көп болсын деп анасы оның портфеліне тамақты толтырып салатын. Гугуца әрбір әріпті үйренген сайын келесі класка көштім, менің әріптерім екінші жылға қалмайды деп мақтанатын. Парта терезе алдында. Күн сәулесі көз қаратпайды. Гугуца көршісінің сабақ айтуын ылғи күтіп отырады. Егер Гугуцэ сабақ айтса, денесі күн сәулесін қызға түсірмей тұрады. Сондықтан Гугуца үзілісте балаға кауын беріп, өзімнің қол шатырымды тамақтандырып жатырмын дейді. Гугуцэ бұған ашуланып қалды да, қауынды қабағын түйіп жеді. Сосын сабақта үндемей отырып көріп еді, көп шыдай алмай, қолын көтерді. Қыз тағы да көлеңкеде рақаттанып отырды. Оларға «Я» әрпін және бір-екі әріпті үйрену ғана қалып еді, мұғалім апайды аудан орталығына жұмысқа алып кетеді деген сыбыс шықты. Бұл қалай? Олар өз апайларын «А» әрпін қалай жақсы көрсе, сондай жақсы көретін еді ғой. Мектепке келе жатқанда қолдарына түскен гүлге дейін соған алып келетін. Гугуцэ апайға арқасында жиырма бір нүктесі бар сары қоңыз ұстап әкеліп еді.
— Басқа мұғалім келеді!—деп жұбатты апай балаларды.
— Сіз бәрінен де әдемісіз,— деп қоймады оқушылар.—Енді қыс түседі. Біз сізді шанамен сырғанатамыз.
Мұғалім апай шанамен сырғанауды, әриие, жақсы көреді. Бірақ оны министрдің өзі мұғалімдерді оқыт деп шақырып жатса, не істейсің.
Енді оны жібермей қоюға директордың да шамасы келмейді.
Сонымен, не керек, мұғалім апай балалармен қоштасып, мұғалімдер бөлмесіне кетті. Гугуцэ де портфелін алып, пальтосын киді де, кластан шығып кетті. Бір бала оның мектеп алдындағы баспалдақта портфелін тізесіне қойып, ешкімді шығармау үшін екі қолын екі жаққа созып жіберіп отырғанын көріпті. Содан кейін бәрі кластан жүгіре шығып, баспалдаққа отыра қалысты. Апай мектептен шығуға бет алып еді, өзін жібергісі келмеген оқушыларын көргенде, көзіне бір тамшы жас үйірілді.
Кешкісін апай Гугуцэнің ауылында қалатынын айтып министрге хат жазды. Ертеңіне кластағылар Гугуцэні староста етіп сайлады. Сонан соң бала менің партам екінші класта деп мақтанбайтын болды.
ГУГУЦЭ ЖӘНЕ ҚАР АДАМДАР
Гугуцэ қар жапалақтарьшың қалай түсетінін бақылап еді, оның көзіне ақ ешкілер мен қойлар, сосын ақ қояндар мен ак аюлар, тіпті қардан жасаған жолбарыстар елестеп кетті. Бірақ аппақ адамдар көрінбеді. Гугуцэ қолғабын шешіп алып, әлгі ақ ешкілер мен қойларды, кішкентай ақ қояндарды, жолбарыс пен аюларды уыстап араластырды да, аппақ кемпір жасады. Онысы әдемі болып шықты. Сосын Гугуцэ оған аппак шал жасап берді. Екеуіне көңілдірек болу үшін қардан бірнеше бала жасады.
Басқа үйлердің алдында да қардан жасалған адамдар пайда бола бастады. Әбден қараңғы түсіп, ешкім көрмейтін кезде қардан жасалған әлгі адамдар жүріп үйрене бастады. Сөйтіп олар бір-біріне қонаққа барып, кішкентайларына көк мұздақ сыйлады. Құстар араласпаса, бәлкім, қар адамдар осылай өздерімен-өздері өмір сүре берген болар еді.
— Әй, қарақшылар!— деп айқайлады құстар! Нандарың бар ма?
Қар адамдар иықтарын қөзғап, бастарын шайқады.
— Адамдарда нан бар,— деп гуілдесті құстар,— ал сендер тек қарақшы ғанасыңдар: нан да, дән де жоқ сендерде. Адамдар жер жыртады, егін егеді. Ал сендер олай істей алмайсыңдар!
— Біз не егеміз? Қарды ма? Нені орамыз? Тағы да қарды ма?—десті қар адамдар.
— Мына қырсықты қарашы! Қастрюльдің бәрін әкеліп басымызға теңкеріп қойды, ботқаны неден жасайтынын көрсеткен жоқ. Бізде дән болса, кұстың бәрін тамақтандырар едік те, олар бізді келемеж етуін қойған болар еді,—десті қар әйелдер.
Қардан жасалған балалар: «Гугуцэ оңбаған. Оның достары — ылғи ашық ауыз»,— деп бір-біріне телеграмма бере бастады. Қар балаларға бұлардан бір нәрсе қажет болып тұрғанын ауыл балалары түсіне қойды да, олардың әрқайсысына бір-бір сыпырғыш ұстатты: ауланың іші кең, мейлі сыпырып тазалай берсін. Құстар нақ осыны күткендей, топ-топ болып жиналып келіп, кішкене қар адамдарды мазақтап, әбден естерін шығарды. Қар адамдардың шыдамы таусылды. Олар қараңғы түсісімен көтеріліске шықты. Алдымен Гугуцэнің үйіне карай қозғалды. Қар еркектер сыпырғыштарын ызалана сермеп, әйелдер мен балалары бақыраш, кастрюльдерін ала жүгірді. Гугуцэнің үйі жан-жағынан қоршауда қалды. Ит үрді. Шам жағылды. Біреу терезеден қарады. Ата-анасы ештеңеде байқаған жоқ. Оның есесіне Гугуцэге бәрі де түсінікті болды. Егер сенің үйің қоршауда қалса, бұл әзіл емес кой. Гугуцэ ауыз үйге шығып, есіктің ілгешегін ашты да, саңылаудан басын сұғып:
— Не керек сендерге?— деді.
Ертеңіне таңертең қар адамдар түк болмағандай орын-орнында екен және бәрі де дән мен нанның қалдықтарын ұстап тұр.
АТАСЫНЫҢ ЕРКЕСІ
Жаңа жылдың алдында Гугуцэ қалада тұратын ағасынан хат алды. Ол хатында қалада қалаш нан көп, бірақ қоңыраулатып, әндетіп Жаңа жылмен құттықтайтын адамдар жоқтың қасы деп жазыпты. Гугуцэ өгіздің өкіргені секілді дыбыс шығаратын бугай деген құралды, сосын ең үлкен қоңырауды алды. Әкесі тездетіп шанаға ат жегіп, құйғытып отырып баланы вокзалға алып келді. Поезд ертегіде айтылатын қанатты арғымақтай, ормандарды басып зымырап келеді. Гугуцэ түні бойы ұйықтамай терезе жанында жаңа жылдық әндер мен тілектерді ыңылдап айтумен болды. Бұрын айтылып жүрген тақпақ, әндердің кейбір жерлеріне өзі жанынан шығарып шумақтар қосты. Ондағы ойы — қаладағылар ауыл баласын не заманғы әндерден басқа түк білмейді екен демесін. Қалаға келген соң ағасы вокзалда қарсы алды. Гугуцэ оны сол бойда-ақ қышқыл квас әкелуге жұмсады. Себебі бугайды қышқыл бір нәрсемен сүртпесе, дыбысы шықпайды. Жаңа жыл кеші де болды. Гугуцэ ең алдымен ағайын құттықтады. Сосын ағасы оған құттықтау керек деген адамдардың тізімін жасап берді. Гугуцэ өзінің немере інісіне бугайды қалай «өкірту» керек екенін үйретті. Өзі қолына қоңырауын алды да, екеуі қаланы аралауға шықты. Кала Гугуцэге таныс болмағанмен, немере інісі бес саусағындай біледі екен. Екеуі көшеге шығып еді, Гугуцэнің қолындағы коңырау өзінен-өзі сыңғырлап қоя берді. Үйлердің есігі бірінен соң бірі бұлардың алдарынан ашыла бастады. Адамдар көшеге жүгіріп шықты. Бірақ олардың колдарында жаңа жылдық құттықтау айтқан балаға әдет бойынша берілетін қалаш нан емес, қоқыс салған шелектер екен. Гугуцэ қорқып кеткені соншалык, тұра қашайын деп еді, немере інісі шегі қатқанша күліп, сосын оған қалада қоқыстарды жинап алып кететін машина келгенде әдетте қоңырау сылдыратады деп түсіндірді. Адамдар қоқыс жинайтын машинаны іздеп жан-жағына көз жүгіртеді. Біреуі Гугуцэнің қолтығындағы бугайды көзі шалып, балаларды үйге кіріңдер деп шақырды.
Екеуі есіктен кірер-кірместен:
— Ән салуға, сізді құттықтауға рұқсат етіңіз!— деп айқайлады.
— Рұқсат, рұқсат, балақайлар!
Ағайынды екеуі бөлменің ортасына шығып алып, Троян батыр туралы білетін ақпақтарын зулатты-ай кеп! Сосын олар балконға шығып, жаңа жылдық құттықтауларын жалғастырды.
— Жарайсыңдар, жарайсыңдар!— деп, үй иесі мәз болды. Сонан соң бір үйге телефон соқты да, трубканы Гугуцэге ұстатты. Ар жағынан шыққан дауыс оның Жаңа жылмен құттықтауын өтінді.
Гугуцэ бугайды телефон жанына әкеліп өкіртіп жіберді де, қоңырауын сылдыратып әндете жөнелді. Үй иесі бұларға тағы бір-бірден қалаш берді. Тағы телефон шылдырады. Шамасы, Гугуцэнің қалаға келгенін жұрттың бәрі естіп алған ғой. Не істейсің енді. Тағы телефон трубкасы арқылы бірнеше адамды қүттықтауға тура келді. Сосын балалар ағасы жасаған тізімді алып, сол бойынша үйлерді аралауға кірісті. Олар бірнеше көшені тауысты, тіпті автобус пен троллейбусты да құттықтады.
Гугуцэ үйге келгеннен кейін ағасына:
— Ой, атам мен әкемді, апамды, бүкіл ауылды құттықтар ма еді қазір!— деді.
Ағасы телефонға ұмтылды да, Гугуцэнің ауылына әлі телефон жүйесі жүргізілмегені есіне түсіп, тоқтап қалды.
— Жарайды. Бірдеме ойластырармыз,—деп, ол пальтосын жамылып шығып кетті.
...Жаңа жыл түні. Гугуцэнің әкесі мен анасы, атасы мен кішкене қарындасы стол айналасында телевизор көріп, Жаңа жылды тойлап отырды. Тек Гугуцэнің орындығы бос тұр. Сонда да анасы оның алдына нан мен қасық, шанышқы қойды. Телевизор экранына бастарында қаракөл бөркі бар үш бала шығып, «гей-гей» деп өздерінше Жаңа жылдық құттықтау айта бастады. Дауыстары әлсіз, аптасына екі рет қана тамақтанған балалар секілді.
— Біздің Гугуцэ қайда отыр екен? — деп күрсінді анасы.
— Анау қоңырау тәрізді шыршаның айналасында шығар,— деді әкесі.
— Бугай!— деп айқайлап жіберді қарындасы осы кезде.
— Біздің бугайдың даусы ғой мынау!
Әлгі үш бала ығысты да, экранға Гугуцэ шықты!
— Сіздерді құттықтап, ән салуға рұқсат етіңіздер!—деп айқайлады Гугуцэ экраннан.
Үйдегілер ауыздарын ашқан күйі сөз айтуға шамалары келмей қалды. Алдымен анасы есін жиды:
— Шырқа, ұлым, әніңді шырқа! Тек мен саған қалашты қалай берер екем?
Гугуцэ бар даусымен әнге басты. «Гей-гей!» деген қайырмасын айтуға келгенде, қызып кеткені сондай, тіпті басындағы беркін жұлып алып, еденге соғып-соғып қойды. Бугайды да барынша өкіртіп, қоңырауын да әдемі сыңғыратып тұрды.
— Көрмегенді көреді деген осы-ау!— деді әкесі.
Ал атасы стаканға толтырып шарап құйып алды да, телевизордағы Гугуцэнің бөркімен қағыстырып жіберіп:
— Сенің денсаулығың үшін, атасының еркесі!— деп көтеріп салды.
СЫПЫРУШЫЛАР
Гугуцэ екінші класқа көшті. Оның бұған қуанғаны сондай, қолына сыпырғыш алып, өзінің үйінен мектепке дейінгі жолды тазарта бастады. Мына істі көрген көршінің бірінші класс оқитын баласы да көшеге сыпырғыш алып шықты. Ал содан соң басқа көшелерде де сыпырғыштар көріне бастады. Қешке қарай балаларға ауылда тазалайтын жол қалмады. Ертеңіне үшінші кластықтар ала таңнан тұрып, бұлар да өздерінің жақсы ата-ананың балалары екенін, үшінші класка тектен-тек көшпегендерін көрсетуді ұйғарды. Әрқайсысы үйлерінің айналасы мен көшені тазартуға және өз маңына басқа сыпырушыларды жібермеуге шешім алды. Тек Гугуцэге ғана үйінен мектепке дейін сыпыруға рұқсат етілді. Қалған екінші кластықтардың үлесіне көшенің түкпірлері ғана тиді. Оның есесіне олар емхананың жанындағы жүзім қоймасының ма-ңында жұмыс істейтін еді. Көшелер үйдің ішіндей тап-таза болды. Ауылдың шетінде оқушылар қойған тексеруші тұрды. Ол ауылға келе жатқан адамның аяғының тазалығын тексерді. Аяқ киімі барлар қалталарынан шөткелерін алып тазаланып, ал жалаң аяқтар Реут өзеніне барып, аяқтарын жуатын тәртіпке көшті. Адамдар Гугуцэ екінші класка көшкен тамаша күнге дейін ауыл көшелерінің қаншалықты лас, қоқысқа толып жатқанын естеріне алмауға тырысты.
Тіпті шағын базар да ауыл сыртына көшірілді.
Қыста балалар ауыл ішінде жүретін жол салды. Ал бұл жолдардың бойына кішкене қыздар іңірде жүре қалса қорқынышты болмасын деп, қардан күзетші-кемпірлер жасап тізіп қойды. Көктем келді. Окушылар жаңа сыпырғыштармен қаруланып, таң сәріден байырғы көше тазартушылар секілді іске кірісетін болды. Ауыл адамдарының арасында балалардың осы еңбегіне ақы төленетін болыпты деген сыбыс шықты. Біреулер медаль береді деп күтіп жүрді. Конфет аламыз деп қапшық даярлап қойғандар да болды. Міне, Гугуцэнің үйінің жанына ауылдың белгілі адамдары жиналды. Қариялар әуелі екі колды жан қалтаға сальш жүретін балалар қанша жерді тазалағанын есептеді. Олардың тазартқан жолының ұзындығы сыпырғыштың сабынан да қысқа екен. Сосын олар Гугуцэ мен оның жолдастары бір күнде қанша жерді тазартқанын есептеді. Олардың тазартқан жерін есептеп, бәрін қосып қарағанда, ұзындығы аудан орталығына апаратын жолдай жерді тазалаған екен. Бірақ мұндай жерді балалар бір күнде ғана тазартты ғой. Ендеше бұл ұзындықты бір жылдағы күннің санына көбейту керек. Сонда ұшы-қиыры жоқ ұзақ сан шықты.
— Мұндай ұзақ жолмен бір рет жүріп өтсе де, теріс болмас еді,— деді қариялардың бірі.
Балаларға машина таңдап алуға рұқсат етілді. Олар да осыны күткендей, жапырлап жүк машинасының кузовы аузы-мұрнынан шыққанша отырып алды. Гугуцэ шофермен қатар кабинаға отырды. Машина Қара теңізге қарай тартып берді, одан кейін тауға қарай беттеді. Балалар жүріп келеді, жүріп келеді, осынша ұзақ жолды тазалағандарына тіпті өздері де таң қалды.
ҚЫСҚАШ
Ауылда жаңғақ жинайтын мезгіл болса-ақ, оның басы-қасында ылғи Гугуцэ жүреді. Ұзын сойыл да жетпейтін ағаш басындағы жаңғақты Гугуцэден басқа кім түсіре алушы еді!
Сондықтан жанғақ жинайтын адам алдымен Гугуцэнің әкесіне келеді:
— Құда, жаңғақтың тең жарымын алсаң да, анау кішкентайынды көмекке бермесең болмас. Әйтпесе қарға біткен шұқып кететін түрі бар.
Гугуцэнің үйіне жаңғақ капшық-қапшық келіп жатады.
Әкесі ұсақтау жаңғақты былай койып, тек ірі, сопакшаларын ғана аламын дейтінді шығарды. Бәрібір — күндіз бе, түнде ме, жаңбырда ма, ыссыда ма — Гугуцэ үйінің есігіне тыным болмады. Тіпті есік шыдамайтын болды. Әкесі байғұс есікті бүтіндегені үшін ағаш шеберіне де жаңғақты қаптап тасумен жүрді. Есікті қондыруы-ақ мұң екен, тағы біреулер жаңғақ алып жетіп келеді. Тағы есік тыным көрмейді. Күз түсіп, енді жаңғақ піседі-ау деген кезде әкесі де қақпа қағушылардың көбейетінін сезіп, істі оңай шешуді ойлады:
— Гугуцэ қарағым, мүмкін, сенің аяғың ауырып отырған болар?
— Жоқ, әке, қазір ауырмайды.
Гугуцэ тағы да биік ағаштардың басына шығып жаңғақ тере бастайды. Қайтадан үйіне қапшық-қапшық жаңғақ әкелініп есікке дамыл жоқ. Ағаш шебері биыл да жүмыстың көп болатынына қуанышты еді, бір күні ол да Гугуцэні жаңғақ жинауға шақырды. Гугуцэнің әкесі иығы салбырап әбден шаршады. Ағаш шебері миығынан күліп жүр. Бір күні ауылдағы темір ұстасы істейтін жұмыс таппай қойды. Қішкене қыдырып қайтуға көшеге шықты. Гугуцэ үйінің есігі шиқылдап тұрғанын естіді де, сол үйге келді:
— Мен сіздерге жаңғақ жаратын қысқаш жасап берейін,—деді.
— Міне, міне,— деп қуанды Гугуцэнің әкесі.— Осыны өзім де айтқым келіп, аузыма түспей қойып еді. Келгенің жақсы болды, құда!
Темір ұстасы жаңғақ жаратын қысқаш жасап берді.
Жаз өтіп, күз де келді. Жаңғақ та пісіп қалды. Дәл сол кезде, неге екені белгісіз, Гугуцэнің аяғы ауырып калғаны. Қысқаш тып-тыныш сандықтың түбінде жатты да қойды. «Гугуцэнің аяғына не болды екен?»—деп ойлап жатты ол.
АТАСЫНЫҢ ТАЯҒЫ
Атасының туған күні болды.
Гугуцэнің шешесі атайға көйлек, әкесі үйге киетін кебіс, қарындасы гүл, ал Гугуцэ атасы сүйеніп жүрсін деп таяқ сыйлады. Атасы гүлді вазаға, көйлекті сандыққа салды, сосын сол қолымен Гугуцэні құшақтады. Өйткені оң қолына таяқ ұстап тұр еді. Олар тамақ ішуге отырғанда да, таяқ атасының қасында сүйеулі тұрды және атасы ылғи сол туралы айтып мақтады. Әкесі кебіс туралы әңгіме қозғағысы келіп, кереуеттің аяқ жағында жатқан кебіске қарай берді және атасынан аяғың тоңбай ма деп сұрады. Атасы оған жауап берудің орнына таяғын көрсетті. Сол кеште Гугуцэ көпке дейін ұйықтай алмады. Бұның сыйлаған таяғы атасына ұнағаны сонша, ол енді жатпастан, таяғына сүйеніп таң атқанша жүреді, әрине. Көп жүргесін таяқ желініп қысқарады-ау, себебі ол темір емес қой. Таң атқасын Гугуцэ темір сақина тауып, сол бойда атасына жүгірді. Жолшыбай ол кез келген адамнан қолына таяқ ұстаған атамды көрмеді-ңіз бе деп сұраумен болды. Біреулер жауап берудің орнына иықтарын қиқаңдатты, біреулері қолдарын сермеді. Гугуцэ атамның таяғына бірдеңе болып қалған жоқ па екен деп одан сайын үрейленді. Үйге келсе, атасы ұйқыдан жаңа ғана тұрып, Гугуцэнің шешесі берген көйлекті, әкесі әперген кебісті киіп бөлме ішінде жүр екен. Ал Гугуцэ сыйлаған таяқ тып-тыныш шегеде ілулі күйінде тұр. Тіпті ұшы да мұқалмаған. Шамасы, атасы Гугуцэ өзі біліп темір сақына кигізгенше күте тұрайын деген болса керек. Үйде сіріңке таусылып қалыпты. Атасы қазір дүкенге баратын болар, Гугуцэ сонда темір сақина салған таяқ атасына ауырлық етпей ме екен — соны білетін болады.
Бірақ атасы сіріңкеге Гугуцэні жіберді.
Келесі жолы Гугуцэ темір сақинаны алып тастап, орнына резеңке сақина салды. Енді таяқ жеп-жеңіл болып кетті. Атасын сол кезде қой қора салуға шақырып жатқан, жеңіл таяқ ұстап баратыны тіпті жақсы болды. Ол таяғын ұстап шығады, сонда Гугуцэ резеңке сақина салған жеп-жеңіл таяқпен атасының қалай шапшаң жүріп бара жатқанын көреді. Алайда атасы қасына Гугуцэні ертті, ал таяқ сол шегеде ілінген күйінде қала берді. Құрылыста Гугуцэ бір минут та тыным алған жок. Ол бұрын ешқашан да қой қора салып көрген емес қой. Гугуцэ бағаналарды ұстасты, атасына тақтай тасып берді. Қораның есігін жасаған кезде қойдың бәрі өрісте еді. Гугуцэнің қүрылыс басына келгені мұндай тамаша болар ма! Есікті соның бойына өлшеп жасады. Сосын шопан Гугуцэге бір аяқ айран мен үлкен ағаш қасық берді. Жаз да өтті. Атасына анасы сыйлаған көйлек те күнге күйіп бітті. Әкесі берген кебіс те жыртылды. Ал таяқ сол шегеде әлі тұр. Бір күні атасы Гугуцэні базарға ертіп кетті. Екеуі ештеңе сатқан жоқ. Атасы көрші ауылдардан келетін таныс қариялармен әңгімелесті. Гугуцэге де іс табылды — атасы оған балмұздақ сатып әперді. Бала оң қолына балмүздақ ұстады да, сол қолымен атасының қолын ұстап тұрды. Өйткені адам көп, адасып қалуы мүмкін ғой.
Екеуі базардан қайтып келе жатты. Гугуцэ ретін тауып атасына былай деді:
— Ата, сен ғой менің берген таяғымды керемет мақтадың, ал өзің оны ұстамай шегеге іліп қойдың.
Атасы оның қалпағын көзіне түсіре тартып, иығынан құшақтады да:
— Гугуцэ, менің сүйенетін таяғым өзіңсің ғой!— деді.
ШАШТАРАЗ
Шашын қидыру керек дегенді естісе болды, Гутуцэні қолға түсіру қиын. Қараңғы түсіп, қас қарайғанша үй көрмейді. Ал бірде түнде шаш қиямын деп біреудің құлағын кесіп алып аузы күйген шаштараз осы күні іңір түскесін патшаның өзі келсе де қолына қайшы алмайды. Куні бойы шаруадан қолы тимеген ауыл адамдарының бірі кешкісін шаштараздың есігін қаға қалса:
— Мен бұл жердің адамы емеспін ғой, қайырымды жандар,— деп терезеден айқайлайтын ол.— Құлақсыз жүргілерің келіп, мазамды ала берсеңдер, қалаға кетіп қаламын.
Шаштараздың өзі айына бір рет үстіндегі халатын шешіп, аудан орталығына шашын қидыруға барады. Түс әлетінде кайтып оралады да, айнаның алдында отырып алып, аудан орталығындағылар шашын қалай қиғанын көреді. Осыдан кейін ауылдағы адамдардың бәрінің басы шаштараздың басынан аумай қалатын әдеті. Ал Гугуцэнің басы шаштараздың басына да ұқсамайды. Себебі шаштараз оның шашын түп-түгел сыпырып тастайды да, басынан шертіп көріп, қарбыз әлі піспеген екен деп үйіне қоя береді. Сол кезде дәл Гугуцэдей ызаланған адамды бүкіл жер бетінен іздеп табу қиын. Оның үстіне жолшыбай кездескен адамның бәрі «қарбыз, қарбыз» деп оның шекесінен түртіп қоймайды, сол кезде Гугуцэнің өзі шынымен-ақ басым қарбыз болып кетіп, үйге жеткенше сиыр жеп қоймаса игі еді деп ойлайды. Сондықтан осы жолы да ол шашын алдыратынын естігенде, терезе алдындағы биік ағаштың басына шығып алды. Анасы ағашты айналып әрі жүрді, бері жүрді, жұдырығын түйді, сосын басқыш алып келем деді, — бәрібір Гугуцэ қыңқ етпеді. Сол жерде құс болып кеткен екенмін деп жарты күн қозғалмастан отырды. Бірақ жерге түскенде, бұрынғысынша адам екенін білді. Ал шашы тіпті өсіп кеткен екен, мұны көрген анасы әбден ашуланды.
— Мен саған шаштаразды шетелден әкелуім керек пе?
— Апа, ашуланбашы, шашымды көрсетпеу үшін қалпағымды киіп алайын,— деп, Гугуцэ қалпағын киді. Бірақ түскі ас кезінде қалпағын шешсе, шашы бұрынғыдан да өсіп қалған екен. Қырсық дегенің осы! Сенбі күні анасы пирог пісіріп, оны шаштаразға беріп жіберді, Гугуцэ пирогты шаштараздың есігінің алдына тастады да, өзі шашын қидырмастан үйге қайтып келді. Шаштараз пирогты жеп отырып, пайда түсуден қалды, адамдар шаш қидыруға келмейді деп қынжылды. Шынында да ауыл адамының бәрі жұмыста, шаш туралы ойлауға мұршалары жоқ.
Сөйтіп жүргенде шаштараздың әйелі бір әдіс ойлап тапты. Ол ауыл адамдарының тізімін жасап, кімнің қай күні шаш қидырғанын белгіледі. Шашы өсті-ау деген шамада ол адам келмесе, үйіне барып, қақпасын кағады. Үй иесі сонда ғана шашын есіне алып, қалпағын шешіп қа-рағанда әйелдің айтып түрғанының растығына көзі жетеді:
— Міне, ғажап! Тіпті қалпақтың астында өсіп жатқанын да көріп қойыпсыз, мүмкін, сіздің бинокліңіз бар шығар?
— Неге болмасын, — деп күлімдейді шаштараздың әйелі. Тек бір адам ғана әлгі тізімге іліккісі келмеді. Ол кісі шашы демалып тұру үшін қалпағының тебесін тесіп алды да, өз ісімен айналыса берді. Шаштараздың әйелі оны «түтін шығатын адам» деп күлкі етті.
— Менің шашым осы қалпында-ақ сенің күйеуіңнің қиға-нынан жақсырақ, — деп жауап берді оған шаруа.
Тізім жасалғаннан бастап іс оңға басты. Шаштараздың аудан орталығына барып шаш қидыруға да мұршасы болмады. Өзінің шашының өскендігі сондай, тіпті құлағы көрінбей қалды. Бір күні Гугуцэ шаштаразға тағы да пирог алып келіп, үндеместен үйіне қарай аяңдай беріп еді. Есігінде кішкене саңылау бар шаштараз пирогтың иісін бірден сезді де, оны кімнің әкелгенін біле қойды. Қуанып кеткен ол терезесін ашып жіберіп, шашыңды қимаймын, қорықпа деп, Гугуцэні қасына шақырды.
Бала қайтып келді.
— Үйге кіруіңді өтінем, Гугуцэ, — деп, шаштараз пирогты жеп жүріп есік ашты. — елгенің жақсы болды. Бүгін менің шашымды қиып бермесең болмас. Тек желке тұсын... Өзің маған қарашы, нағыз аю секілдімін. Жұрттың қиғызған шашының бәрі менің басыма шығып алған ғой деймін.
— Қиюды ұмытып қалмасам, қиып көрейін, шаштараз аға,— деп батылдана сөйледі Гугуцэ.
Оның көптен бері күткені де осы еді. Сол бойда үстіне ақ халат киіп алып, машинканы шаштараздың желкесіне былай да былай сүңгітті-ай келіп!
Денесі топ-толық шаштараз бірте-бірте кішірейіп бара жатқандай.
— Шымши ма?
— Иә... Кішкене демалуға рұқсат етші, — деп қара тер болған шаштараз қып-қызыл желкесін сипады. — Құлағымды байқа!
Гугуцэ тағы да машинканы ойнақтатты.
— Әлі көп пе? — деп сұрады шаштараз.
— Аз қалды, — деп терін сүртті Гугуцэ.
Шаштараз бір кезде басын сипап көріп еді...
— Әй басымды не жасап қойдың сен! — деп орнынан атып тұрды.
Гугуцэ машинканы лақтырып тастап, терезеден карғи жөнелді.
Шаштараз бір қолымен басын ұстап, екінші қолымен шаш қиғанда балаларды отырғызатын орындығын алып, Гугуцэнің соңынан жіберді. Сол күні шашынан айрылған шаштараз көшеге бас киіммен шықты. Ал күн әуе айналып жерге тускендей ыстық болатын. Кісілер шаштаразға қыста тиген салқын әлі шықпай жүр-ау деп ойлап, оның ден саулығын сұрап жатты. Қас қылғандай дәл осы кезде коңырау соғылды да, ауыл ортасындағы мектептен балалар жүгіріп шықты. Бәрі жан-жақтан келіп шаштаразға сәлем беріп жатыр. Ол біресе оңға, біресе солға бұрылды. Бірақ бәрімен қалай амандасуға болады? Ол басындағы бөркін ала беріп, сол бойда қайтадан кие қойды. Бәрібір ол кешігіп қалған еді: балалар ауыздарын ашып қалыпты. Олар үйлеріне жеткенше мектепте не оқыған-дарын да ұмытып қалды. Білгендері бір-ақ нәрсе: біреу шаштараздың шашын сыпырып алыпты! Балалар шаштараздың бұларға жасағанын өзінің алдына келтірген бір адамның табылып, олардың қайғысын бөліскеніне қатты қуанды. Гугуцэнің ауылдастары шаштараздың шашы сыпырылғанын, оны көрсетпейін деп бөрік киіп жүргенін естігенде: «Е-е, бұның шашын аудан орталығында осылай қиған болар, енді бұрынғы әдеті бойынша біздің де басымызды тақырлайды екен», — деп ойлады. Сол күннен бастап шаштараздың үйіне адам жоламайтын болды. Біреулер шашын көрші ауылдарға барып қиғызып келіп жүрді. Қалпағын тесіп, шашын қиғызбаған кісі жаңа машинка сатьш алғанша, ауыл адамдары шаштараз көрмей жүре берді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру