Алдардың айласы
Асқар Жұмаділдаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақстанның белгілі ғалымы, қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА-ның академигі Асқар Жұмаділдаевтың шығармашылығының басым көпшілігі ғылымға негізделген. «Қосу мен азайту», «Медеттің есеп кітабы», «Геомертиялық фигуралар», «Шығайбайдың қулығы», «Алда...
3-5 сыныптағыларға арналған
Асқар Жұмаділдаев. Алдардың айласы
(Дүбір естіледі)
БАСТАУШЫ:
Міне, міне, Алдекеңнің өзі де келе жатыр. Сірә, Шығайбайға бара жатқан шығар.
(Шымылдық ашылады
Ортада қабағы түксиіп Шығайбай отыр.
Осы кезде Алдар келеді)
АЛДАРКӨСЕ:
Ассалаумағалейкум, байеке!
Қалай, деніңіз сау ма, бала-шаға, мал-жан аман ба?
ШЫҒАЙБАЙ: (сөзін бөле)
Көп сөзді қой, неге келдің?
АЛДАРКӨСЕ:
Сізден бір тоқты сатып алайын деп ем.
ШЫҒАЙБАЙ:
400 теңгең бар ма? Әкел бері...
АЛДАРКӨСЕ:
Мінекиіңіз (ақша береді).
Атымтай Жомарттай атағы шыққан сізге бір тоқты деген...
ШЫҒАЙБАЙ:
(сөзін бөле)
Әй, мынауың төрт-ақ теңге ғой.
АЛДАРКӨСЕ:
Байеке, төрт теңгенің не екенін, төрт жүз теңгенің не екенін білмеуші ме едіңіз? Екеуі де бір нәрсе ғой.
ШЫҒАЙБАЙ:
4 теңге деген мынау (төрт саусағын көрсетеді).
400 теңге деген мынау (бүкіл саусақтарын бүгіп, жазады).
АЛДАРКӨСЕ:
(келекелеп)
"4 теңге деген мынау, 400 теңге деген мынау ... "
(Шығайбай не істесе, соны істейді).
Сізді де есепті шемішкеше шағатын атақты, күшті математик дейді-ау.
Осыны да білмейсіз.
ШЫҒАЙБАЙ:
Әй! Менің намысыма көп тие берме. Ал дәлелдеші, көрейін. Дәлелдей алмасаң, мына 4 теңгеңді алып қалам.
АЛДАРКӨСЕ:
Ал дәлелдесем ше?
ШЫҒАЙБАЙ:
(менменсіп)
Әй, алдымен дәлелдеші, сонан соң көрерміз.
АЛДАРКӨСЕ:
Жарайды. Алдымен түсінікті болу үшін мыналарды айтайын (тақтаға жазады).
Егер:
1. а=а, c=d болса, ac=ad болады, 2. х=у, y=z болса, x=z болады.
Дұрыс па, Шығеке? Сенбесеңіз, арифметика оқулығын қараңыз.
ШЫҒАЙБАЙ:
Соны білмейтін надан дейсің бе? Әрине, дұрыс.
АЛДАРКӨСЕ:
Ал
1 теңге =100 тиын, 4 теңге = 400 тиын.
Онда
1 теңге х 4 теңге = 100 тиын х 400 тиын
ғой, яғни
4 теңге = 40 000 тиын.
Ал
40 000 тиын = 400 теңге.
Осыған келісесіз бе, Шығеке?
ШЫҒАЙБАЙ:
Ым, келісемін. Ал сонда не дейсің?
АЛДАРКӨСЕ:
Демек,
4 теңге = 40 000 тиын
40 000 тиын = 400 теңге
Онда
4 теңге = 400 теңге.
Бұған не дейсіз, байеке?
ШЫҒАЙБАЙ:
(үнсіз аңтарылып қалады)
АЛДАРКӨСЕ:
Жарайды. Мен енді екінші жолмен дәлелден берейін.
ШЫҒАЙБАЙ:
Ойбай, тоқта!
(сөзін бөледі).
АЛДАРКӨСЕ:
Неге шошындыңыз, байеке? Әлде үшінші жолмен дәлелдеп берейін бе?
ШЫҒАЙБАЙ:
Тоқта, ойбай! Мен оңбай ұтылдым... Тоқтыны да ал, ақшаңды да ал! Бәрін ал! Тек мұны ешкімге айта көрме,ешкім естімесін! Кейін тағы осы тоқтының құнындай көп ақша берейін, тек ешкімге айтпа...
АЛДАРКӨСЕ:
Мен Алдармын, Алдармын,
Шығайбайды алдадым,
Есептен ұтып оп-оңай,
Тоқтыны тегін алғаным... − деп өлендетіп шығып кетеді.
(Шымылдық жабылады)
БАСТАУШЫ:
Ал, балалар, жаңа көрдіңдер Алдаркөсенің Шығайбайды алдағанын.
Кәне, қайсың айтасыңдар, мұның алдау себебі қандай? Шынымен-ақ
4 теңге мен 400 теңге бір нәрсе ме?
АЛДАРДЫҢ АЙЛАСЫН ТҮСІНДІРУ
Алдардың қулығы:
1 теңге = 100 тиын
4 теңге = 400 тиын
1 х 4 теңге = 40 000 тиын
Дұрысы:
1 теңге = 100 тиын
4 теңге = 400 тиын
1 х 4 теңге 2 = 40000 тиын 2
Бір теңге квадраты 1000 тиын квадратына тең:
1 теңге2 = 100 тиын х 100 тиын = 10000 тиын2
Сондықтан ешқандай қарама-қайшылық жоқ.
Шығайбай Алдардың теңге2 орнына теңге, тиын2 орнына тиын деп жазғанын ұқпай қалды. Бірақ Шығайбай да осал емес. Ол да бір қулық жасамаққа бекінді. Қандай қулық екенін келесі кітапшадан оқырсың.
Келесі кездескенше!
Бұл – қазақтан шыққан дарынды математик, аты әлемге танымал ғалым Асқар Жұмаділдаевтың мектеп оқушысы кезінде республикалық балалар («Қазақстан пионері», 12.6.1971) газетіне жарияланған алғашқы әдеби шығармасы. Мектеп сахнасына лайықталған скетчте ауыз әдебиеті кейіпкерлері – Шығайбай мен Алдар Көсенің диалогтары балаларды тапқырлыққа, есепке алғырлыққа баулиды. Кітапша математика пәні мұғалімдеріне және мектеп оқушыларына пайдалы.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру