Шырша
Ханс Кристиан Андерсен
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ханс Кристиан Андерсен есімі балалар мен ересектерге арналған ертегілерімен танымал. Әлеуметтік-психологиялық астар шығармаларының барлығына дерлік тән. Жомарттық пен адалдықты, әділдікті негізгі принцип ретінде ұстанған. Ертегілері балаларға ғана емес, жалпы оқырманға арналған. Себебі, тұлға бол...
(ертегі)
Аударған Т. Әбдіков
Орманда тамаша бір кішкентай шырша болды. Тұрған жері әдемі еді, ауасы таза, әрі жарық, төңірегі толған жасы үлкен шыршалар мен қарағайлар. Шырша қалайда тезірек өскісі келді; басқа ештеңе ойлаған жоқ күннің нұрын да, кәусар ауаны да қаперіне ілген жоқ, орманға бүлдірген мен таңқурай теруге келген шаруалардың балаларына да назар салмады; олар жеміс-жидекті сапты аяққа толтырып немесе жіңішке шыбыққа өткізіп алып, шыршаның көлеңкесінде демалып отырып:
Ғажабын-ай, мына шыршаның! Өзі кішкентай ғана, әп-әдемі! дейді.
Мұндай сөзді шыршаның тіпті естігісі келмейтін.
Жыл өтті шыршаға бір буын қосылды, тағы бір жыл өтті тағы бір буын қосылды: осылай буынның санына қарап шыршаның жасын білуге болады. − Шіркін-ай, басқа ағаштар секілді мен де үлкен болсам! – деп күрсінетін шырша. Онда мен бұтақтарымды кең жайып, басымды жоғары көтеріп, сонау алыстағының бәрін көріп тұрар едім! Құстар менің бұтағыма ұя салар еді, әсіресе жел тұрған кезде мен де басқаларға ұқсап, маңызданып басымды ақырын ғана ырғап қояр едім. Бұдан кейін шыршаны күннің жарығы да, құстардың сайраған әні де, таң шапағы мен кештің нұрына малынған ал қызыл бұлттар да қызықтырмайтын болды. Қыс түсті, жердің беті күміс қардан көрпе жамылды, қояндар қардың үстімен, ия, ия, қардың үстімен шапқылап, кейде мына қорлықты қарашы тура мұның үстінен қарғып өтеді. Әйтсе де арада тағы екі қыс өтті, үшінші қыс келгенде, шыршаның кәдімгідей өскені соншалық, қояндар мұны айналып өтетінді шығарды. «Иә, тезірек өсіп-өсіп, нағыз үлкен кәрі ағашқа айналған жон, одан артық не керек» – деп ойлады ол. Күз сайын орманға отыншылар келіп, ен үлкен ағаштарды кесетін. Зәулім ағаштардың сықырлап, жерге гүрс етіп құлағанын көргенде, шыршаның зәресі қалмайды. Бұтақтарын отап, тазалап тастағаннан кейін, жіп-жіңішке, ұп-ұзын боп жалаңаш қалған әлгі ағаштарды танудың өзі қиын. Содан кейін оларды шанаға тиеп, орманнан алып кетеді.
Қайда? Неге?
Көктемде қарлығаштар мен құтандар ұшып келгенде, шырша олардан:
− Айтыңдаршы, қиған ағаштарды қайда апарады? Сендер оларды көрген жоқсыңдар ма? – деп сұрады.
Қарлығаштар ештеңе білмеді, бірақ құтандардың біреуі ойланып тұрды да: − Әлбетте,– – деді басын изеп. — Египеттен шығатын теңіз жолында мен зәулім діңгекті жаңа кемелер көрдім. Діңгектерінен шырша мен қарағайдың иісі шығады. Әрине, солардың өзі! − Шіркін-ай, тезірек өсіп, мен де теңізге түссем! Сонда теңіз деген қандай өзі, не нәрсеге ұқсайды?
− Ол енді ұзақ әңгіме, – деп құтан ұшып кетіп қалды. − Қайта өзіңнің жастығыңа қуан! – деді шыршаға күн сәулесі. Өзіңнің осы табиғи бұлаң, жастық шағыңа, бойдағы ыстық қайратыңа шүкірлік қыл! Жел келіп шыршаны аймалап, көлеңкесіндегі шық көзінің жасын төкті, бірақ ол оның бәрін елеген жоқ. Жаңа жылдың қарсаңында тіпті жап-жас шыршалардың өзін қиып тастады; олардың кейбіреулері өсе берсем – деп армандайтын жаңағы біздің шыршадан да жас еді. Қиылған ағаштардың бәрі де сымбатты, көркем болатын; олардың бұтағын отаған жоқ, сол күйінде шанаға салды да, алып кетті. − Қайда әкетті? – деп сұрады шырша. Олар менен үлкен емес еді ғой, біреуі тіпті кіші болатын. Және бұтақтарын неге қиған жоқ? Сонда қайда әкеткені? − Біз білеміз! Біз білеміз! – деп шықылықтады торғайлар. Біз қалада болып, үйлердің терезесінен қарадық! Біз оларды қайда әкететінін білеміз. Оларға көрсетілетін құрметті, айтып жеткізе алмайсың! Біз терезеден қарап көрдік. Оларды жылы бөлменің ортасына қойып, неше түрлі әсем заттармен алтындай жалтыраған алмалармен, бал татыған тәтті нандармен сосын көптеген шырақтармен безендіреді!
− Сосын?... – деп сұрады шырша шыдамсыздана. Сосын? Сосын қайтті оларды? − Одан кейін не болғанын көрген жоқпыз! Бірақ ғажап енді! Бәлкім, мен де сол жерге баратын шығармын! – деп қуанды шырша. Теңізде жүзгеннен осы жақсы! Ах, сабырым жетер емес, қашан енді! Жаңа жылы құрғыр тезірек келсе екен! Қазір менің бойым да, аумағым да, дәл өткен жылы кесілген ағаштардай болды! Шіркін-ай, шананың үстінде жатар ма едім! Жаңағы жылы бөлменің ішінде жиһаздарды үстіме іліп алып, тұрсам ғой, шіркін! Содан кейін... Содан кейін одан да қызық бірдеңе болатын шығар, әйтпесе босқа безендіре ме мені?.. Тек не болар екен содан кейін? Ах, шыдай алар емеспін, тезірек кеткім келеді! Тіпті не болғанымды өзім де білмеймін! − Біздің бар екенімізге қуан! – деді оған ауа мен күннің нұры. Жастық шағың мен ормандағы еркіндігіңе қуан! Бірақ ол қуануды ойлаған жоқ, тек өсе берді, өсе берді. Қыста да, жазда да көк желегін жамылып жайқалып тұрған шыршаны көрген жанның бәрі: «Қандай ғажап ағаш!» – деп таң қалатын. Ақыры жаңа жыл келді де, шырша елдің алдымен бірінші болып қиылды. Жаны мұрнының ұшына келген ол көптен күткен қуанышының қайда кеткенін білмей қалды; өскен орта мен туған орманнан айрылу оған оңай тиген жоқ қатар өскен шыршалар мен қарағайларды, бұталар мен гүлдерді, тіпті құстардың өзін енді қайтып көрмейтінін білді. Қандай қиын! Шырша есін жиғанда, басқа ағаштармен бірге ауланың ішінде тұр екен, дәл қасынан әлдекімнің:
− Тамаша шырша екен! Бізге дәл осындай керек! деген даусы естілді. Әлдеқайдан шешініп тастаған екі қызметші пайда болды да, шыршаны көтеріп алып, кең зәулім залға кіргізді. Қабырғаларына портреттер ілінген, үлкен пештің үстінде арыстан бейнелі қақпағы бар қытай вазасы тұр; барлық жерге тербелмелі креслолар, жібекпен қапталған дивандар және үлкен столдар қойған, оның үсті толған альбомдар мен кітаптар, сосын самсаған ойыншықтар, балалардың айтуынша, олардың бағасы бірнеше жүз далерге жетеді. Шыршаны құм толтырған үлкен кеспектің ішіне отырғызды да, оның сыртынан жасыл матамен орап, ала кілемнің үстіне қойды. Шыршадан мүлде тағат кетті. Енді не болар екен? Осы кезде бір топ қызметшілер мен жас қыздар кіріп келіп, мұның үстін безендіре бастады. Мінеки, бұтақтарға тәтті-құтты толы бояулы кішкене қағаз торлар мен алтындаған алмалар, жаңғақтар ілінді, тірі адамнан бір аумайтын қуыршақтар пайда болды; шырша байғұс өмірі мұндайды көрген емес. Ең соңында бұтақтарға жүздеген алуан түсті ақ, қызыл, көгілдір шырақтар, ал ең төбесіне үлкен алтын жұлдыз орнатылды. Мынадай кереметті көргенде, шыршаның есі шықты! − Кешке мына шырақтардың бәрі жанғанда шыршаның қалай құлпыратынын көрсең ғой! – деп қызықтырды жұрттың бәрі. − Шіркін-ай! – деді шырша. Тезірек кеш түсіп, шырақтарды жақса екен. Ал сосын не болады? Мені көру үшін басқа ағаштар сонау орманнан осында келмес пе екен? Бәлкім, терезеге торғайлар ұшып келіп қонар? Бәлкім, мен осы кеспектің ішінде тамыр жайып, қысы, жазы осылай үлде мен бүлдеге бөленіп тұрармын? Әйтеуір, басқаша болып жүрмесе болды! Қатты ойланғаннан сыртқы қабықтарына дейін ауырып кетті, ағаштар үшін бұл біздің басымыздың ауырғанымен бірдей. Ақыры шырақтар да жанды. Не деген ғажап, қандай салтанат десеңші! Шыршаның бұтақтары сезім толқынынан құлпырып қоя берді, сол-ақ екен шырақтың оты жапырақ-тікенектің біріне тиіп кетіп, шырша денесін оңдырмай күйдіріп алды.
− Ойбай, – деп бажылдаған бикештер іле-шала отты өшіріп тастады. Бұдан кейін шырша қыбыр етуге бата алмады. Зәресі жаман ұшты. Әсіресе үстіндегі әшекей бұйымдардан айрылып қалам ба – деп қорықты. Алайда мынау жарқылдаған сән-салтанат мұны тіпті есінен тандырды... Кенет қапсырма есіктің екі жағы бірдей ашылып, шыршаны қиратып кететіндей болып, ішке бір топ бала топырлай енді. Олардан кейін асықпай үлкендер кірді. Балалар бір сәтке ауыздарын ашып тұрып қалды да, содан кейін құлақ тұндырғандай айқай-шумен бүкіл үйді бастарына көтерді. Олар шыршаны айнала секіріп билеп жүріп, ілулі тұрған сыйлықтарды шетінен үзіп ала бастады.
«Мұнысы несі бұлардың? – деді шырша ішінен. Бұл қалай болғаны». Шырақтар жанып бітіп, тұқылдар өшіріліп, содан балаларға шыршаны талап алуға рұқсат етілді. Балалар шыршаның ту-талақайын шығарды. Байғұстың бұтақтарына дейін қалтырап қоя берді! Алтын жұлдыз қадалған ұшар басы төбеге мықтап байланбағанда, олар шыршаны құлатып кететін еді. Содан кейін балалар тамаша ойыншықтарды қолдарына ұстап жүріп, тағы да билей бастады. Бұтақтарда құрма мен алмалардан ештеңе қалмады ма екен – деп үңілген бала бағушы кемпірден басқа ешкім шыршаға қайтып көз қиығын салған жоқ. − Ертегі! Ертегі! – деп жамырай шулаған балалар кіп-кішкентай семіз кісіні шыршаның түбіне сүйрелеп әкелді.
Ол ағаштың түбіне жайғасқаннан кейін: − Мінеки, біз орманның ішіне келдік, – деп бастады. Иә, айтпақшы, шырша да тыңдасын әңгімемізді. Бірақ мен бір-ақ ертегі айтамын. Қайсысын қалайсыңдар: Иведе-Аведе туралы ма, әлде баспалдақтан құлап аты шығып, ханның қызына үйленген Клумпе-Думпе туралы ма?
− Иведе-Аведе туралы! – деп шулады біреулері.
− Клумпе-Думпе туралы! – деп шулады басқалары.
Үйдің іші азан-қазан болды, тек шырша ғана тікесінен тік тұрған қалпы:
«Ал мен ше? Мен не істеуім керек?» – деп ойлады ішінен.
Бірақ ол өз шаруасын тындырған еді!
Кішкентай семіз кісі баспалдақтан құлап аты шығып, ханның қызына үйленген Клумпе-Думпе туралы ертегі айтты.
Балалар қол шапалақтап: − Тағы, тағы, – деп айқайлады. Олар енді Иведе-Аведе туралы да тыңдағылары келіп еді, бірақ Клумпе-Думпені қанағат қылуға тура келді. Шырша үнсіз ойға батты орман құстары мұның бірін де айтқан жоқ. «Клумпе-Думпе баспалдақтан құласа да, ханның қызын алды ғой! Иә, өмірде не болмайды!» – деп ойлады; әлгі әңгімеге шын сенді үп-үлкен адам айтып тұрған соң қайтсын. «Иә, иә, кім білген! Бәлкім, мен де баспалдақтан құлап, содан кейін хан қызына айналып кетермін». Ол енді қуанып, ертеңгі күнді көз алдына елестетті: тағы да ойыншық, шырақ, жеміс, алтын бұйымдармен безендіретін шығар! «Ертең енді бүгінгідей қалтырамаспын! – деп ойлады ол. Өзімнің көркімді армансыз қызықтағым келеді! Ертең тағы да Клумпе-Думпе туралы ертегіні тыңдаймын, бәлкім, Иведе-Аведе туралы да тыңдармын». Шырша түні бойы аяғынан тік тұрып, ертеңгі күнді ойлады.
Таңертең қызметшілер мен үй сыпыратын әйел келді. «Қазір мені тағы да безендіруге кіріседі» – деп ойлады шырша, бірақ олар шыршаны бөлмеден алып шығып, баспалдақ бойымен сүйретіп әкеліп, тастай қараңғы бір бұрышқа тықты да тастады. «Мұнысы несі? – деп ойлады ол. Бұл арада мен не істеймін? Түк те көрінбейді, тук те естілмейді». Шырша қабырғаға басын сүйеп, қалың ойға батты... Қанша ойласа да уақыты мол еді: күндер өтті, түндер өтті ешкім мұнда келіп бас сұққан жоқ. Тек бір-ақ рет біреулер келіп, жәшіктер қойып кетті. Шырша мүлде бір шетте қалды, бәрі оны ұмытқан секілді. «Далада қыс! – деп ойлады шырша. Жер тоңға айналып, бетін кар жапты; олай болса мені кайта жерге отырғызу мүмкін емес, енді тек келесі көктемге дейін осылай тұруға тура келетін шығар! Қалай дұрыс ойлап тапқан! Қандай жақсы кісілер! Тек мұнда түк жоқ, қаңырап тұр, әрі қап-қараңғы!.. Тым болмаса қоян да жоқ!.. Орманда тұрғанда көңілді еді. Төңіректі қар басқан, қар бетімен қояндар жүгіріп жүреді! Рас, олар мені ыза қылып, үстімнен қарғып кететін. Бірақ соның езі қандай қызық еді! Ал мұнда түк жоқ, қаңырап тұр!» − Шиқ-шиқ, – деп шиқылдаған тышқанның кішкентай баласы інінен атып шықты да, іле-шала дәл сондай тағы біреуі көрінді. Олар ағашты иіскелеп, бұтақтардың ортасымен ерсілі-қарсылы жүгіре бастады. − Мына жер қандай суық,– деді олар. Әйтпесе жап-жақсы екен! Ескі шырша ғой шамасы, а?
− Мен түк те ескі емеспін! – деді шырша. Менен ескі ағаштар қаншама? − Өзің қай жақтансың және не білгенің бар? – деп сұрады тышқанның балалары; өздері сұмдық әуесқой болатын. Айтшы, кәне, жер бетінде ең жақсы мекен қайсы? Болдың ба өзің сондай жерде? Қойманың ішінде болып көрдің бе, онда текшенің үстінде ірімшіктер жататыны, ал төбеде сүбелер ілулі тұратыны және май шырақтың үстінде билеуге болатыны рас па? Оған қылдырықтай боп кірсең, бөшкедей болып қампиып шығатын көрінесің ғой! − Жоқ, ондай жерді білмеймін, – деді ағаш. Бірақ мен құстар ән салған күн сәулелі орман деген жерді білемін! Ол өзінің жастық шағын әңгімеледі; тышқан балалары мұндай қызықты естіп көрмеген екен, шыршаның әңгімесін тыңдап болғаннан кейін:
− Көргенің қандай көп! – деп таң қалды. Қандай бақытты болғансың? − Бақытты дейсің бе? – деді де, өткен өміріне көз жіберіп шырша ойланып қалды. Иә, рас, ол кездегі өмірім жақсы еді. Содан кейін ол өзін неше түрлі тәтті тағамдармен, шырақтармен безендірген кеш туралы әңгіме айтты.
− О – деді тышқанның балалары. Қандай бақыттысың, кәрі шырша! − Мен түк те кәрі емеспін,, – деп дауласты шырша. Мені осы қыста ғана қиып алған! Менің нағыз дер шағым! Бойымның да жетілгені осы ғана! − Әңгімені қалай тамаша айтасың! – деді тышқан балалары, ал келесі күні әңгіме тыңдауға өздерімен бірге тағы төртеуін ертіп әкелді. Шыршаның өткен өмірі айтқан сайын есіне түсіп және сол өмірінің ішінде талай бақытты күндердің болғанын ұға түскендей болды.
− Ол күндер қайтып оралады ғой! Сөз жоқ, оралады!
Тіпті баспалдақтан құлаған Клумпе-Думпенің өзі хан қызына қосылған жоқ па! Бәлкім, мен де хан қызына айналармын! Осы сәтте ол орманда өзімен көрші тұрған бір қайыңды есіне алды, енді бұған нағыз ханның қызы сол боп көрінді. − Клумпе-Думпе деген кім?, – деп сұрады тышқанның балалары, шырша ертегіні тегіс айтып берді, бір сөзін де ұмытпапты. Тышқанның балалары мәз болып секіргенде ағаштың төбесіне шығып кете жаздады. Келесі күні тағы бірнеше тышқан келді, ал демалыс күні екі егеуқұйрық пайда болды. Бірақ оларға ертегі ұнаған жоқ, тышқанның балалары бұған кәдімгідей қынжылды, әйтсе де олардың өздері де енді тап бұрынғыдай таң қалмайтын болды.
− Сіздің бар білетініңіз осы оқиға ғана. ма? – деп сұрады егеуқұйрықтар. − Осы ғана! – деді шырша. Мен бұл әңгімені өмірімнің ең бақытты кешінде тыңдадым, бірақ ол кезде мен мұның бақыт екенін толық аңғарғаным жоқ! − Барып тұрған сорлы оқиға екен! Сіз тоң май мен май шырақтың не екенін білесіз бе? Қойма дегенді ше?
− Жоқ, білмеймін, – деді шырша. − Онда сау болыңыз! – деп егеуқұйрықтар кетіп қалды. Тышқанның балалары да тарап кетті. − Шіркін-ай, – деді шырша күрсініп, әлгілердің топырлап қасыма жиналып, менің әңгімемді тыңдап отырған кезінің өзі қандай рақат еді. Мұның да күні бітті... Бірақ енді қапы қалмаспын, осыдан жарық дүниеге бір шықсам, армансыз бір қуанармын-ау!
Бірақ жарық дүниеге шығу жуық арада бола қоймады.
Бір күні таңертең шырша жатқан жерді жинастыруға адамдар келді. Олар жәшіктермен бірге шыршаны да сыртқа шығарды. Алдымен оны еденге қалай болса солай лақтырып тастады, содан кейін баспалдақ бойымен төменге дырылдатып сүйрете жөнелді. «Енді мен үшін жаңа ғұмыр басталатын шығар» – деп ойлады шырша. Мінеки, далаға да шықты жарқ еткен күн сәулесі мен таза ауаның салқын лебін сезді. Осы бір таңғажайып жайттың қас пен көздің арасында болғаны соншалық, оның өз бойына қарауға да мұршасы келмеді. Аула баққа тіреледі екен, бақтың іші жасыл желекке малынып тұр. Жұпар иісі аңқыған раушан гүлдері қоршауға асылып, жөкелер гүлге малынып, әрлі-берлі ұшып жүрген қарлығаштар: − Квирт-вирт-вит! Күйеуім келді! – деп шықылықтасады. Бірақ бұл сөздің шыршаға қатысы жоқ еді. − Мен өмірге қайта келдім! – деп қуанды шырша бұтақтарын кең жайып. Япыр-ау, неге осынша сарғайып, солып кеткен. Шырша ауланың бұрышында қалақай мен қоқыр-соқыр шөптердің арасында аяқ асты жатты, тек төбесіндегі алтын жұлдыз ғана бұрынғыша жарқырайды. Ал аулада жаңа жылда шыршаны айналып билеген балалар мәз болып ойнап жүрген. Іштеріндегі ең кішкентай біреуі жұлдызды көрген бетте жұлып алды. Мына қара, мына алқа-салқа ескі шыршадан тауып алдым! – деп айқайлады бала бұтақтарды аяғымен басып тұрып, жаншылған бұтақтар сықырлап қоя берді. Шырша төңіректегі гүл жайнаған сәби тіршіліктен кейін өзінің тозған сұрқын керіп, шарбақтағы қараңғы түкпірге қайтадан барғысы келді. Баяғы жастық шағын, жасыл орманды, жаңа жылды, Клумпе-Думпе туралы ертегіні естері кетіп тыңдаған тышқанның балаларын есіне алды. «Өмір шіркін өтіп кетті! – деп қамықты байғұс шырша. Тым болмаса кезінде қуанатын жерде қуанып, шүкіршілік ете білсемші! Ал енді... Бәрі де бітті, өмір өтті». Осы кезде қызметші келіп, шыршаны бөліп-бөліп, бұтап тастап еді, тұтас бір құшақ отын пайда болды. Үлкен қазанның астында маздап жанғанын көрсең! Шырша күңіреніп аһ ұрды, онысы тырс-тырс атылған оқтын дыбысындай болып естілді. У-шу болып отты қоршай отыра қалған балалар тарсылдаған әрбір дыбысқа «пиф! пиф!» – деп жарыса қосылып, мәз болып қалды. Ал шырша болса, қатты күрсініп, баяғы ормандағы жаздың ашық күндерін, жұлдызды түндерін, жана жылдың көңілді кешін, Клумпе-Думпе туралы өмірінде естіген жалғыз ертегіні соңғы рет есіне алды!.. Есіне алды да, түгелдей тұп-тұтас жанды да кетті. Балалар тағы да аулада ойнап жүрді; ең кішісінің кеудесінде сонау бір бақытты кеште шыршаның төбесінде нұр шашқан алтын жұлдыз жарқырап тұр. Енді ол кеш мәңгілікке кетті, шыршаның ғұмыры да, онымен бірге біздің мынау хикаямыз да біржола тамам болды. Бәрі де өтті, бәрі де кетті. Бұл жалғаннан өтпейтін ештеңе жоқ.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру