Мазмұнға өту
Home

Күретамыр

Медетбек Темірхан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Күретамыр

Авторы: Медетбек Темірхан

“БІЛІМ” баспасы Алматы 2012 Темірхан МЕДЕТБЕК КРЕТАМЫР

УДК ББК М Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті “Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару бағдарламасы” бойынша шығарылды Медетбек Т. Күретамыр - Алматы: Білім, 2012. - 464 бет. ISBN 9965 Бұл кітапта көрнекті ақын, жыр жолбарысы, журналист, сыншы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбектің публицистикалық мақалалары, əдеби-сын туындылары, сұхбаттары, бағдарлар мен байламдары топтастырылған. «Күретамыр» аталатын осы еңбегінде қаламгер қазақ поэзиясының даму сипатын саралай отырып, өзіміздің қадауқадау ақындарымыздың өткен өмірі мен қилы тағдырына үңіледі. Қазіргі жастар поэзиясы хақында пікір білдіріп, замана зары мен қоғамдағы келелі мəселелер жайлы тереңнен ой толғайды. Кітап көпшілік қауымға арналған. УДК

ББК ISBN 9965-09 © Медетбек Т., 2012 © «Білім» баспасы, 2012 М

I. КҮРЕТАМЫР “МЕН НЕ ЖАЗДЫМ, СОНШАМА ҚОРЛЫҚ КЕШКЕНДЕЙ” Мықты ақынға алдымен сөз ереді. Ол сөз көбіне-көп жусаң кетпейтін, жайсаң кеппейтін майлы күйедей қапқара жалалы, бәлелі боп келеді. Жоқ нәрсені бар етіп бадырайтып қояды. Сыпсыңдап адымын аштырмайды. Тіміскілеп артынан қалмайды. Ол сөздер тек күйе боп жабысып қана қоймайды, бірде басын жарып, көзін шығаратындай сойыл мен шоқпарға, енді бірде шынжырын үзіп кетердей абалап ұмтылған қызғаныштың құтырған қызыл итіне айналады. Ол сойыл мен шоқпар ала жүгіретіндердің шаң-шұң айқайына айқай үстеп, бір сілтеуден қалмай бырт етіп сынып түсетін кепкен шыбық сермейтіндер де, қызғаныштың қызыл итіне өздерінің шаптығып шәуілдейтін қанденін қосатындар да табыла кетеді. Бетін шымшып жып-жып ететін өсектері мен құлақ сарсылтар гу-гу әңгімелері тағы бар... Ол енді отырса опақ, тұрса сопақ болады. Оның енді тырнағының асты, кір болмаса да, күнде кір! Оның енді түймедей ғана бір қылығы түйедей боп көрінеді. Оның енді саңқылдап сөйлегенін де, жарқылдап күлгенін де көре алмайды. Көре алмайды емес-ау, көтере алмайды. Апыр-ау неге бұлай?! Ол байғұс соншалықты не жазып қалды. Оның айтқаны халқының мұңы, жоқтағаны халқының жоғы емес пе еді? Бар айыбы, мынау бей-берекеті қашқан жалпақ жұртты жарасымдылыққа, жақынын да жау көріп жағаласып жататын үдеріскен қауымды үйлесімге, сондай-ақ әділдік пен адалдыққа шақырғаны ма? Неге бұлай? Оның бір-ақ жауабы бар. Өйткені ол–үлкен әріппен жазылатын Талант! Ал талант ешуақытта, еш жерде ЕСКЕРТУ: Автор көзқарасының баспа ұстанымымен дөп келуі шарт емес.

кешірілмейді. Сондықтан да оны, жас болсын, жасамыс болсын, бәрі бір, әйтеуір көрге тықпай тынбайды. Олардың тіпті оны көрге тыққаннан кейін де жандары жай таба қоюлары екіталай... Әрине, қоғамда бишігін олай да сілтеп, былай да сілтеп үстемдік етіп отырған идеялогияның ондай талант иесімен қарым-қатынасы сәл өзгеше болып келеді. Алдымен оны түрлі айла-тәсілмен алдарқатып маңдайынан бір сипап, арқасынан екі қағып, өзіне икемдемек болады. Сермесе семсеріне, сілтесе сойылына айналдыруға барынша күш салады. Құрған тұзағына түсірмек боп, әртүрлі айла-шарғыға барады. Алдайды. Арбайды. Әлбетте, талант иесі де ет пен сүйектен жаралған пенде! Сондықтан олардың сол бір құрған тұзағы мен қақпанына түсіп қалатын кездері болмай тұрмайды. Бірақ асау жүрек, бостан талант бұған ғұмыр бойы қалай шыдас бермек. Оның, қалай болғанда да, ауық-ауық құрған тұзақты қиып, құрған қақпанды қаусатып кететін кездері аз болмайды. Сондықтан да оған үстем идеялогия үнемі сенімсіздікпен қарайды. Тиісті үлесінен қағады, көкірегінен итереді, аяғынан шалады, босаға жаққа ығыстырып кемсітеді, кекетіп, мұқатып бағады... Енді оның әр өлеңін, әр сөзін, әр сөйлемін қалдырмай, қадалып оқитын болады. Жай көзбен оқымайды, лупамен оқиды. Тіпті лупамен емес-ау микроскоппен зерттеп үңіледі. Өйткені ол өлеңдер мен сөздердің арғы астарында, түкпір-түкпірі мен қалтарыс-қуыстарында аса кесапатты жұқпалы аурулар тарататын микробтар мен вирустардан мына қоғамды билеп-төстеп отырған үстем идеялогия айықпас дертке, жазылмас кеселге шалдықса қайтпек?! Ақыры, үңіреңдеп қайта-қайта үңіліп жүріп лағнет атқыр сол бір қатерлі вирустар мен микробтарды табады. Табады! Сонан кейін-ақ ақынның күні күн болмайды. Енді абалап ұмтылып балақтан тартатын пенделік қызғаныштың қызыл итіне, үстем идеялогияның арпылдап кеп тура алқымнан алатын тайыншадай-тайыншадай алпауыт төбеттері қосылады. Ал оның соңы немен тынатыны айтпаса да түсінікті... Менің аса ірі, аса зор шет ел ақындарының, сондай-ақ өзіміздің қайталанбайтын қадау-қадау ақындарымыздың өткен өмірлері мен тағдырларына

қайта-қайта үңіле жүріп ұққаным осы болды. Әрине, әр ақынның өткен өмір жолы да, тағдыр-талайымы да әр басқа. Бірақ жинақтап келгенде осыған саяды. Осындай тағдырды басынан өткізген, қилы-қилы тіршілік кешкен ақындардың бірі, сөз жоқ, Қасым Аманжолов дер едім. Қарап отырсақ, Қасым Аманжолов та тағдырын тәлкек еткен қатал заманның талай-талай тәшпіші мен құқайын көрудей-ақ көрген екен. Оның соңынан, әлгі жоғарыда айтып өткендей сұрқия сөз де, зымиян сөз де ерген. Қасым ақынның қыл тұзаққа да, темір қақпанға түскен шақтары да, аяқ асты боп табанға тапталған кездері де аз болмаған. Оны кейде арғы жағы түпсіз құлама тығырыққа тіреп, кейде тәртіпке көне қоймаған тентек баладай бұрышқа да тұрғызған. Аяусыз сыналған. Ешбір кінәсіз моральдық кемсітушілік пен рухани қуғын-сүргінге түскен. Әдетте ақын дүниеден озғаннан кейін оның соңында өлмес өлеңдерімен бірге аңыз қалады. Қасым Аманжолов туралы айтылатын аңыздар да аз емес. Соның бірі, жұрттың бәрі, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, қайталап айта беретіні, оның елден ерек шатақ болғаны. Мінезі сәл нәрсеге шарт кететін шамшыл, шәлкес екен. Шамына, арына тиген адаммен, кім екеніне қарамай, “қап бәлем, кейін бір оқсатып ретін келтірермін-ау” деместен, дәл сол жерде шат-шәлекейі шығып ұстаса кететін көрінеді. Тіпті жығылса да шаптан тіреп жатып алады екен. Ешкімді басынан аттатпаған, ешқандай сөзді басынан асырмаған. Тарс еткізіп атқан, қарш еткізіп шапқан. Иілу, бүгілу дегенді мүлде білмеген, шатырлаған найзағай құсап шарт сынған. Өзі де “бұлт болып арпалысам, жалын шарпып” деген ғой. Мұндай мінезге ие ақынға қыспағы да, қысталаңы да көп, кім-кімді де манекен сияқты қатырып-семдіріп қоятын қатыгез қоғамда өмір сүру қандай қиын болған десеңізші?! Оның өткен өмір жолына көз салсаң, Қасым Аманжолов бұл тірлікке тек қиындық көру үшін, тек жәбір-жапа шегу үшін келген сияқты. Ол “өзге емес, өзім айтам өз жайымдa” деген сөзді текке айтпапты. Шынында да Қасым Аманжолов өлеңдерін оқып отырып, оның бүкіл соқтықпалы жолдары

мен өткелекті өмірбаянын түгелге жуық көз алдыңа елестетуге болады. Ол тұтастай өлең – өмірбаян. Өмірбаян болғанда да, өзі өмір сүрген қоғаммен, уақытпен, заманмен, адамдар тағдырларымен тамырталшықтарына дейін бірге өріліп кеткен өмірбаян. Оның “Балалық шақтан бір елес” деп аталатын ұзақ өлеңін бар болмыс-бітіміңмен егіліп-езілмей, алқымыңа жұдырықтай тас тұрып қалғандай тығылып, кеудеңе өксік кептелгендей демікпей оқи алмайсыз. Ол бұл өлеңінде ағасы Тайжанның он бір, өзінің алты жасында тұл жетім қалғанын, екеуінің қаншама азапты да мехнатты күндерді бастарынан кешкендерін шерлене баян етеді. “Қасқырдай үйге түскен аштық жетті. Арадан қарындасты алып кетті. Бездіріп құсты ұядан, жасты үйінен, елсізде ебелектей тентіретті” дейді ол. Қос жетімнің барар жер, басар тауы қалмайды. Қол ұшын созып, бауырына басар, пана болар ешкім жоқ. Жолаушы дұға оқып жаяулайтын, Қалжырап келе жатқан ұзақ жолдан, Дозақтай түсі суық бейіттер де Біздерге әке үйіндей мекен болған. Бейуақта не бейіттен, не қорғаннан, Біздерді көрген жандар естен танған, “Ойпыр-ай, Тайжанбысың, сайтанбысың”,– Деген сөз ел аузында содан қалған. Қандай қиын, қандай ауыр тағдыр! Басқаша қалай айта аласың?! Әйтпесе, құйтақандай екі баланың түн ішінде тентіреп, ескі қыстаулар мен бейіттерді пана етіп жүргендерін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бұл көрініске енді сіз күні бойы жер ошақтың жанынан жүргізбейтін “қоқиланған мырзаның” қорлығы мен бастарына “шымшуырмен салып қалатын” қатыгез әйелдердің зәбірін қосыңыз. Жаның жылап, жүрегің қақ айрылады! Буыны бекімей, сүйегі қатпай жатып-ақ осыншама зәбір мен қорлықты, осыншама зобалаң мен зорлықты көп көрген ол, жапақ-жапақ еткен жалтақ, іштен тепсе де ыңқ демейтін ынжық, аузынан сөзі, үстінен бөзі түскен солбырайған сорлы боп қалмайды. Әсілі, арғы тегі тегеурінді, мықты болса керек. Қайта, қысқаштай

қысқан сол бір қиындықтардан қыл шылбырдай шиыршық атып ширатылып, көріктен қызарып шығып, балға мен төске тапталған сом темірдей шыңдалып өседі. Ақын ержетті. Есейді. Ұстаған жерінен айрылмай тырмысып, тастай тістеніп жүріп алға, тек алға ұмтылып бақты. Оқу оқыды, тоқу тоқыды. Оң-солын таныды. Жан-жағын барлады. Күндердің күнінде қиыр шет, қиян түкпірдегі Оралдан бір-ақ шықты. Әрине, біз бұл мақаламызда ақынның өмірбаянын тізбелеп шыққалы отырған жоқпыз. Біздің мақсаты мыз мүлде басқа: оның өлеңін тану. Өлеңі арқылы, мүм кіндігіміз жеткенше, ақынның рухани кескін-кел бетін, рухани сымбат-ажарын, рухани болмыс-бітімін ашу. Бұл тұрғыдан қарасақ, Қасым Аманжолов әде биетке о баста, біздің ұғымымызға әбден сіңісті боп кеткендей, от шайнап, шоқ түкіріп емес, сұлулыққа ерен ынтызар, махаббатқа аса құштар боп келіпті. Ақынның отызыншы жылдар ішінде жазылған “Сұлудың сымбатын” оқып көріңізші. Оны кенет ғажайып құбылыс көргендей таңданбай, шекер сорғандай таңдай қағып тамсанбай оқымау мүмкін емес. Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай, Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай. Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс, Бейне мақпал, қызыл тіл шекер балдай; Төгілер иығына қара шашы, Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай; Күмбездей жарқыраған мойыны бар, Тамағы күн шалмаған ақ торғындай; Тік иық, сүмбіл білек, кербез кеуде, Қос емшек ақ төсінде қос алмадай... Мықыны тар, қиылған қыпша белі– Бұралған бейне нәзік пружинадай; Бөксесі дөп-дөңгелек қызықтырар, Жұп-жұмыр кіршіксіз ақ саны қандай; Күлкілдеп балтыр еті, екі аяғы– Түп-түзу мергендердің мылтығындай. Еш мін жоқ көз тойғысыз сырт тұлғасы Заказбен мрамордан құйылғандай.

Па, шіркін! Бұл өлеңді оқыған, әйтпесе тыңдаған еркебұлан жас жігіттің осыншама сұлулықтан басы шыр айналып, жүрегі кеудесіне сыймай атқақтап, санасы сарсаң болып, есінен айрылардай немесе отқа түскендей күйіп-жанып, ал әбден қартайып мәужіреп қалған шалыңның күнде қалған көнектей кеуіп қалған тамырларына ып-ыстық қан жүгіріп кетпес пе?! Әрине, бұл өлең – бар дүниені ұмыттырып, есалаң күйге түсіретін, ерік бермей кететін есірік құмарлықты қoздыратын, яғни хайуaндық инстинктің құлы ғып жіберетін эротика да, адамдық ар-ұяттан жұрдай, иман дегеннен мүлде ада тыржалаңаш парнография да емес. Бұл өлең – сұлулықтың тылсым да сиқырлы қуат-күшін бар болмысымен ашып көрсететін, құныға еліктіріп, еліттіретін, оның өзіңді де, көзіңді де арбап алатын кескін-келбеті мен ажарына деген ынтызарлықты оятатын өлең. Осы тұстағы Қасым Аманжолов өлеңдері кілең бір ұйыған сүттей үйлесімділік пен құйылған күмістей жарасымдылықтан тұрады. Әуен мен әуезге, мақам мен сазға толы ол жырларды оқығанда бесіктегі періште нәрестенің гуілін, жапырақ ұшында үзіліп кетердей боп мөлтеңдеген таңғы шық дірілін, самалмен ақырын ғана теңселген құрақ сыбдырын, сол құрақ балағын шымырлап сипап аққан бұлақ сылдырын, аппақ тамағы сайраған бұлбұлдың көмейіндей боп бүлкілдеп тұратын сұлудың сыбырын, әуелеп ұшқан аққу қанатының сусылын жан-тәніңмен сезінгендей боласың. Оның бәрі Қасымның ойы мен бойындағы, тілегі мен жүрегіндегі кіршіксіз таза, сонымен бірге белгісіз құпия кеңістікке асығып, алып-ұшып талпынып тұрған ұлы махаббаттан туындап жатады. Дәл бір жігіт жар сүйсе, мен сүйейін, Жалыны ғой махаббат жан-жүйенің. Махаббатсыз қан салқын, дене жансыз, Махаббатсыз жаны жоқ дүниенің. Түсінбейді-ау кей адам махаббатты, Оған, сірә, махаббат–гүл сияқты, Үзіп алды, ол тақты, бұл да тақты, Гүлі солды, тастады, болды ұятты.

Жоқ! Махаббат – гүл емес, жанның күйі, Табиғаттың адамға тартқан сыйы, Кейде бейне күйсандық, білсең ойна Оның да бар До, Ре, Ми...Соль, Ля, Сиі. Махаббатты осыншалықты қорғаштап, оған осыншалықты бәйек боп, оны осыншалықты асқақтатқан, оның тылсым табиғаты мен тұңғиық болмысын танып-білген, сәулесіне шомылып, нұрына шалқыған ақындар бұл дүниеде бар-ақ шығар-ау, бірақ олар өте сирек болса керек. Мен әлгінде үйлесімділік пен жарасымдылықты айтқанда өлеңнің түрлік сыртқы пошымынан шығатын аллитерациялық немесе дыбыс үндестіктерін емес, оның ішкі мән мен мазмұнынан, қан тамырларыңды кернеп бара жататын ыстық жұмбақ қуатынан туындайтын құпия құйылысты меңзеген болатынмын. “Мейлі аспанның бұлты кеп бассын мені, жарқ етермін күндей боп көрсем сені, қарт болсам мен сен үшін жасарар ем, тірілер ем егер де болсам өлі” деп махаббатты өзегі өртеніп, емірене аспанға көтеріп әспеттеген ақын, оны аяқ асты етіп, мазақ пен тәлкекке айналдырып, еріккеннің ермегі етіп жіберетіндерге өлердей жаны қас. Қара түнді жамылып Қайда кеттің қайқаңдап. Тыным таппай сарылып, Шаршадың-ау бай таңдап. Түнде жортып сенделмей, Бай іздесең базар бар. Екатерина келгендей Қатар тұрып... қарсы алар. Бір күндікке біреуін Табарсың да тастарсың. Сүйте-сүйте сұлуым Бұл дүниені ластарсың,– деп кебірге өсетін кекіре шөптей кермек, тозған таудың азған етегінен алынатын ашутастай ащы мысқылмен түйреп, одан безініп жиіркенеді.

Мына өмірден тіліңнен бал сорғалап, жан жүрегіңді алтын шуаққа бөлеп, болмыс-бітіміңді жарқылдаған, жалтылдаған сәулеге орап жіберетін сұлулықтың сиқырлы сымбатынан көздің жауын алатын үйлесім мен сөздің нәрі мен құнарын құятын жарасымдылық іздеп шарқ ұрған, оған шаң қондырып, тозаң түсіргендермен бүкіл жан-дүние, бар табиғатымен аяусыз күрес ашатын ақынның қызықты да шыжықты сол бір сәттері бір-ақ күнде айра-жайра боп, ойран-ботқасы шықты. Соғыс басталды. Ақын майданға аттанды. Біздің соғыс жылдары туралы жырлар десек, есімізге алдымен Қасым Аманжоловтың есімі түсетіні белгілі. Ол тектен-тек болмаса керек. Өйткені соғыс стихиясын дәл Қасым Аманжоловтай орасан қуатпен, алапат бұрқаныспен берген бірде бір қазақ ақыны жоқ десек, оған ешкім де ренжи қоймас. Тағы да ол өлеңдер – өзіндік көркемдік қуатымен, екпінді бұла жаратылысымен әлемдік деңгейдегі шырқау биікке көтерілген өлеңдер. Түк те асырып айтып отырғам жоқ. Мен өз басым соғыс тақырыбына жазылған орыс ақындарының өлеңдерін былай қойғанда, соғыстың от-жалынының қақ ортасында, бораған оғының дәл астында жүрген, оның бүкіл тауқыметі мен ауыртпалығын өз бастарынан өткерген еуропалық Қарсылық (Сопротивление) ақындары француз Поль Элюар, чех Витезслав Незвал, венгр Дюла Йиеш, серб Радован Загович, итальяндық Сальваторе Квазимодо, пoляк Юлиан Тувим және басқаларының шығармаларымен бір кісідей етене таныспын. Кейбіреулерінің шығармаларын аудардым да. Олар – тұла бойларынан қан сорғалап тұрған, әрі қаһарлы, әрі қайратты өлеңдерді дүниеге келтірген аса ірі тұлғалар! Қасым Аманжоловтың соғыс туралы жырлары, егер жеріне жеткізе аударылса, солардың қақ ортасынан ойып тұрып орын алатынына менің титімдей де күмәнім жоқ. Бәріміз баяғыдан жатқа білетін мына жолдарға назар тіктеңіз: Құдірет күші жер жаһанның Қанатын бер қыран құстың, Ашуын бер арыстанның, Жүрегін бер жолбарыстың! Күллі әлемнің ашу, кегі

Орна менің кеудеме кеп! Жау жолына атам сені Бомба бол да жарыл жүрек! Құдай-ау, неткен долы, неткен қаһарлы, неткен сұсты, неткен ызалы, неткен сұрапыл күш бұл?! Ақын ішінде алапат магма булыға қайнап, тасып-төгіліп, отты бұрқақ боп атылып жатқандай. Тұла бойынан от шашыраған мұндай қуатты өлеңмен соғыс туралы жазылған қай ақынның өлеңі иық тірестіріп шендесе алар екен?! Жоғарыда соғыс стихиясын дәл Қасым Аманжоловтай берген қазақ ақыны жоқ дегеніміз де, ол жырлар әлемдік деңгейге көтеріліп кеткен дегеніміз де бостан бос, әйтеуір айтыла салған сөз емес екенін, оған мына төмендегі жолдарды оқысаңыз-ақ көзіңіз бұрынғыдан да жете түседі. Айнала жау ырсыл қағып, Айдаһардай көтерді бас, Кейде лезде қызып жанып Дүниедегі бір ұлы айқас. Зіл-зала боп жер мен аспан, Соқты ұйтқып оқ бораны: Қан кілкіте қара тастан, Түткіледі кең даланы; Түсіргендей көктің миын Зіркілдеді зеңбіректер, Естігендей дозақ күйін Көрден ытқып шықты өліктер! Ақын жүрегінен қып-қызыл жалын боп атқылап, шапшып шыққан бұл жолдарды сен “па, шіркін” деп тамсанып, бас шайқап та, “неткен ғажап” деп тамсанып қол соғып та тыңдай алмайсың. Өйткені от құйыны ұйтқып, оқ борап жатқан тозақ күйін естігендей, зіркілдеген зеңбіректермен бірге сенің де басың зіркілдеп, қара тастың өзінен кілкілдеп қан ағып, алып далаңды жүндей түтіп түте-түте еткен бұл сұмдыққа шыдай алмаған өліктердің өзі жер астынан ытқып шығып жатса қалай өйтпексің?! Өйткені сен де асты – үстіне түсіп ала құйын аласапыран дүниенің ішіне кіріп жұтылып кеттің...

Қалай болғанда да Қасым Аманжолов – ол қаһарлы соғыстың құрыштан құйылғандай берік, тастан қашалғандай айқын, кісі шошырлық сұмдық суреттерін жасаған ақын. Құйрығы алтын снаряд, оқтар, Кезіп жүр көкті дамылсыз ұшып. Кеудеңе келіп қонуға құмар, Тұмсығы сүйрік қадала түсіп... Көрдіңіз бе, Қасым ақын өлім алып келер алтын құйрықты снарядтар мен оқтардың кім-кімді болса да сұқтана қарататын сұлу мүсінін жасаған. Менің ойымша, егер Қасым Аманжоловқа ажал-сұмның сымбаты мен кескін-келбетін суретке айналдыр десе, ол оны тұла бойын жалбыраған жүн менен түк басқан алба-жұлба, көзі шақшиған, тісі ақсиған албасты құбыжық кейпінде емес, мұз сияқты мөп-мөлдір көкпеңбек, немесе қаңтардың қарындай аппақ, бірақ ызғары мен ызбары бетіне теуіп тұрған сұп-суық сұлу етіп салар еді! Қасым Аманжоловтың соғыс тақырыбына жазған жырларын әңгіме еткенде оның “Дариға, сол қызын” аттап өтуге де, айналып өтуге де болмайды. Олай ету күнә балар еді. Бұл өлең – алағай да бұлағай, астанкестені шығып, ішек қарыны ақтарылып жатқан, қан сасыған дүниенің ішінде жазылған махаббат гимні ғой. Өңімде ме еді, түсімде ме еді, Көріп ем ғой бір армандай қызды... Бір нәзік сәуле күлімдеп еді Сұрапыл соғыс соқты да бұзды. Сапырды дауыл, тебіренді теңіз, Тулады толқын, шайқалды шың-құз. Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз, Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?! Қандай жанкешті махаббат! Өмірі мен тағдыры бір тал қылға ілініп, кез-келген сәтте көктей қиылып кететін кезде де, құтырған қып-қызыл оттың ішінде жүріп те “қайда екен, қайда, дариға, сол қыз” деп үздіге, аңсар құштарлықпен сөйлеу үшін де аса зор қуат пен орасан жігер, үлкен жүрек керек шығар. Бұл жыр– мәңгі өлмейтін ержүрек махаббат жыры!

Соғыс, әрине, өлеңді есік-терезеңді қымтап, жайласып, жайғасып отырып жазатын жер емес. Оның отсыз, оқсыз жай күнінің өзі асығыс-үсігіс, абыр-сабыр. Бірақ жазатын адамға өлең деген де жазылмас дерт қой, жер таңдамайды, жағдай іздемейді. Жаныңды жегідей жеп, құрттай талап, дегбіріңді қашырып бітеді. Ең бір қиын, қысталаң шақта да, тіпті бірер шумақ болса да өз-өзінен экспромт боп құйылады, фрагмент боп түсе қалады, этюд боп елп еткізеді, эпизод боп кестесін төгеді... Соның бәрінде ақын мінезі, ақын көзқарасы, ақын психологиясы көрініс табады. Мейлі ол өлең көңіл мен көзді қатар арбайтындай сыланбай-ақ қойсын, мейлі ол өлең құлаққа құйқылжып құйылатындай сазға ие болмай-ақ қойсын. Жұртты сендірердей шындығы болса, жетіп жатыр. Оның Әшім деген өлеңін оқып көрейікші: Ойбай, мынау Малғұн фрау! Неге маған көз қысад, Қағып қасын?! Дейді де Әшім Сығып жасын Есіне алып Өзінің Жәмиласын. Ракурсы дұрыс қойылмаған фотоаппарат түсірген сурет қой бұл. Кедір-бұдыры, олпы-солпы жері бадырайып-ақ көрініп тұр. Бірақ осы бір сегіз-ақ жолда қаншама гәп бар. Қанды қасап ішінде жүрсе де адалдығы мен ар-ожданына титтей де қылау түсірмеген Әшімнің аңғал мінезі мен Жәмиласына деген кіршіксіз махаббаты, серттей берік сенімі жатыр. Соғыс та бітті. Қасым Аманжолов та өзгелермен бірге, туған жерге, ғұмыр бойы аңсаған Алматысына оралды. Оның әр бұрышын бір мекен етті. Бірақ күні кеше ғана Отанын қорғап, өрт ішінен шыққан қайсар жауынгер ақын өзінің туған еліне, кең дүниеге сыймай қор болды. Қыңсылап қыр соңынан қалмайтын тіміскі тұрмыс деген бәле де ақынды әбден тұралатып бітті. Бойын жаздырмады, адымын аштырмады. Айналасының бәріне сөзімен от лақтырып жүретін тарпаң ақынға тиісті орындар тыжырынып, жек көріп қарады. Оның

үстіне өкпесін шұрқ тесік етіп жеп жатқан құрт ауруы тағы бар. Оған енді осының бәрімен қасқая жүріп күресуге тура келді. Қасым Аманжолов осы бір тұста бір майданнан шығып, екінші майданға кіргендей күй кешті... Бәріміз жақсы білетін “Берсең бер, бермесең қой, баспанаңды, сонда да тастамаспын астанамды; өлеңнің отын жағып жылытармын өзімді, өлеңімді, жас баламды” деген шағынып, жалынудан, жылапсықтаудан ада, әрі тәкаппар, әрі өжет жолдарды жазбас бұрын да Құзға салған қыранның ұясындай, Ұшпақтағы софының құжырасындай,- Елестейді баспана, Алматының Кең қойнына бір Қасым қойды сыймай. Ақын болдым, жырладым астанам деп, Бос жүгіріп жүрмедім босқа нан жеп. Солдат болдым, сағындым, келдім қайтып, Тағы біраз сенделдім баспана іздеп. Жер сұрадым, ақыры күрке салар, Жер де жоқ боп шыққан соң не шара бар. Жер сұрасам– сілтейді зират жаққа, Өлген жоқпын, қақым жоқ олай барар,– деген еді. Кеудесі отты жырға, жүрегі елі мен жеріне деген сүйіспеншілік пен махаббатқа толы қайран ақынды зират жаққа сілтеп, әбден жәбірлеп, қорлаған ғой. Не деген мейірімсіз қатыбас, не деген қайырымсыз қатыгез заман десеңізші! Сол тұста ғой, соғыстан оралған жауынгерлердің бәрі дерлік Қасым құсап бас сұғар пана таппай қаңғып жүрмеген шығар-ау?! Әсіресе, “аға ұлт” өкілдерінің ортадан ойып тұрып үй алып жатқаны сөзсіз ғой. Бірақ ол кезде, менің олардан нем кем, неге бұлай деп айтуға тіл қысқа. Айтса, оны итжекеннен бірақ шығаруы мүмкін... Ойы озық, жігері шарболаттай өткір, наркескен ер-азаматқа өзінің қатарынан, қатарынан емес-ау, тіпті көп төмендерден кейін қалу, иіні жыртық жүдеу, өкшесі тесік жадау өмір сүру қандай қиын. Мұндайда

ақын: “Жігіттің көрдік жүйрік, шабанын да, Япыр-ай, бір шаба алмай қаламын ба? Үстімнен қойды-ау түспей қара тоным Көк бөрік, көк жағаның заманында”, – деп налиды. Налиды да: Мен не жаздым, соншама соңға түскендей, Мен не жаздым, соншама қорлық кешкендей, Мен не жаздым, жапырақтай қуарып, Күлге айналып қоламтада өшкендей! Мен не жаздым, өмірден қол үзгендей, Мен не жаздым, панасыз боп кезгендей, Мен не жаздым, аласталып тұрмыстан Адамшылық дәрежеден безгендей! Мен не жаздым, бойым жазып жүрместей, Мен не жаздым, қызықты өмір сүрместей, Мен не жаздым, жұрт көргенді бір көріп Жұрт білгенді мен де бірге білместей! Мен не жаздым, шығармастай үнімді, Әлде маған қырық дей ме екен тілімді, Әлде менің жүрегіме су құйып – Өшірмек пе оттай жанған көңілімді,– деп күйзеле күйінеді. Егіліп сөйлеген ақынмен бірге сен де егіліп, бүгіліп кеткен ақынмен бірге сен де бүгіліп кетесің. Маңдайының соры бес елі болған қайран ақынмен бірге сенің де қабырғаң қасапшының қолына түскендей бырт-бырт сөгіліп, омыртқаң күтіркүтір омырылып бара жатады-ау! Шынында да, байғұс ақын соншалықты не жазып қалды екен?! Әлде ол әлдекімдерді тұспалдап: Қарсы алдыңа келгенде сипақтайды, Сорлы неме іште арам сыр сақтайды. Бір сырыңды білдірсең, ондай арсыз Қиратардай дүниені қипақтайды. Қайдан білсін, бүгінгі мықты адамдар Ондайларға жотасын сипатпайды. Осы жұрт неменеге жыртақтайды

Түйедей ғып көрсетіп тырнақтайды. Егерде халық өзін мақтамаса, Бос әуре, қатыны оны құр мақтайды,– дегені үшін бе? Жоқ, әлде бір бастықты меңзеп: Сырт кескінің дәл бұрынғы байдайсың, Айырмаң тек, сен галстук байлайсың. Еліретін, семіретін жөнің бар, Құсасың да, оны қайта шайнайсың,– деп келеке еткені үшін бе? Жоқ, әлде қуанышқа да, қайғыға да, бар-бар нәрсеге де күдік-күмәнмен қарайтын бір сорлыны ишаралап: Жылама сен, күл, – дейді. Күлсем, және сенбейді. Қара тер боп тергейді, Неге күлдің сен дейді. Күле білмес – қуыршақ, Жылай білмес – ақиқат. Күлсек, яки қайғырсақ – Бәрі болар оған жат, – деп сойып салғаны үшін бе? Бәрі үшін! Елден ерек, оқ бойы озық талантты болғаны үшін. Жұрттан бөлек өжет те өршіл болғаны үшін, әділдікті қақ тіліп айтатыны үшін, тіпті ән салып, домбыра мен сырнай тартатыны үшін. Мұндай ақынды кім кешірсін! Мұндай ақынды оттан суырып ап суға, судан суырып ап отқа лақтыру керек. Таптау керек. Жаныштау керек. Басын көтермесін, көкірегін кермесін, көзіне көк шыбын үймелесін. Ондай жүгенсіз кеткен бәлені тоз-тозын шығарып тоздырып, аузына құм құйып аздырып жіберу керек. Қалайда оның сағын да, жағын да сындыру керек. Керек... Керек... Ең керектің ішінде, оның жан дегенде жалғыз жұбанышы өлеңдерін керексіз ету керек. Қасымды солай еткен де! Оның өлеңдерін түкке алғысыз етіп жерден алып жерге салған. Бір емес, екі емес, қайта-қайта сөйткен. Қанатын қайырмақ, маңдайын айырмақ болған. Өлім мен өмірдің арасында төсек тартып жатқан кезде де оған тыным бермеген. Ондай қиянатқа қарсы сөз айтпаса Қасым Қасым бола ма? Соңынан қалмаған сондай бір сұмпайы сыншыға:

Жазғанымды жамандап, Сен төккенмен жыныңды, Мен жатқам жоқ алаңдап, Ұрдым сенің сыныңды! Ауырсам да қажыман, Құйған қайрат-жігермін. Сорың үшін жазылам, Ауызыңды бүрермін. Құсқан жының, ірің көп, Қылшық-қылшық бір шимай. Адам болар түрің жоқ Анаңнан қайта тудырмай, – деп қинала кіжініп, сес көрсетеді. Жан-жағынан арадай жабылып жанын талаған ондай-ондай сөздерден кей-кейде мұңайып егіліп сөйлесе де, езіліп кетпейді. Қасекеңнің өзі айтқандай, “солдаттың етігіндей жаны сірі” боп шықты. Шыдады. Төзді. Әрине, ол тілін тістеп, аузын буып, өзіне-өзі тығылып төзген жоқ. Тартысып жүріп шыдады, жағаласып жүріп төзді. “Біз осы дуракпыз ба, ақынбыз ба?” – деп өзіне-өзі күмәнмен қарап алып, сонан кейін “естіге ақын, бұзықпыз ақылсызға” деп өзін-өзі жұбатып жүріп төзді. Бірақ қанша төзгенмен үздіксіз тамған тамшы да тасты теспей ме, толассыз жаншыған салмақ та темірді майыстырып, майырмай ма?! Олардың қасында ол бар болғаны ет пен сүйектен жаралған пенде баласы ғой. Қиянат көрген жаны күйінеді ғой. Ауру меңдеген тәні күйрейді ғой... Дей тұрғанмен, еш уақытта да не бәсеюді, не төмендеуді білмеген, көрген азап пен мехнаттан басы шыңылдап, әбден қажытқан дерттен көкірегі сырылдап жатып та, ең соңғы өлеңдерінің бірінде: Ежелден ерке бұлан Қасым едім, Бұлқына тасып едім, басып едім. Жүзім – жаз, көңілім – көктем кеңпейілді Жақсының жүрегіне ғашық едім, – деген өжет те өр Қасым ғой ол...

РУХАНИ ӘКЕМ ДЕП БІЛЕМ Мен Әбу ақсақалды рухани әкем деп білем. Неге?.. Бәрін басынан бастайын. 1964 жылдың ми қайнатар шілдесі. Түркістаннан екі жігіт боп, оқуға түсеміз деген ниетпен, Алматыға жолға жиналдық. Вокзалға келсек, пойызға билет жоқ, трассаға шығып жолай кетіп бара жатқан бір машинаға ілігіп, алдымен Шымкентке, одан Алматыға тарттық. Менің жолға шыққаннан, жолға шыққаннан емес-ау, одан да ертерек, ішіме түйіп алған бір құпия мақсатым бар. Ол мақсат – Алматыға барған бойда, қалайда, қазақ өлеңінің ақсақалдарының бірі Әбу Сәрсенбаевқа жолығу. Оған себеп, сол жылдары газетжурналдарда Әбу Сәрсенбаевтың кісілік құшағының кеңдігі туралы, жастарға деген қамқорлығының молдығы жайлы көп жазылатын. Жұмекен Нәжімеденов, Сайын Мұратбеков, Зейнолла Серікқалиев, Дүйсенбек Қанатбаев, Қанипа Бұғыбаеваларды және басқаларды әдебиет табалдырығынан алғаш аттатқан, алғаш қолтықтарынан демеген екенінен әбден хабардар едім. Сондықтан өлеңдерімді ең алдымен сол кісінің тезінен өткізіп, ең алдымен сол кісінің алдынан өткім келді. Оның үстіне жастықтың желігі буып алған мен, өзіме өте сенімді едім. Сонымен бірге оқуға түсу үшін тас түйін дайындалғам. Қазақ әдебиетінің арғыбергі шығармалары мен солар туралы жазылған сыни мақалаларды мүмкіндігім келгенше, қолым жеткенше оқып танысқам. Сонымен, не керек, Жазушылар одағына келіп, Әбу ақсақалдың мекен-жай тұрағын біліп алдым. Сұрастырып жүріп үйіне де жеттім. Жүрексіне тұрып торғайдың көзіндей қоңырау түймені бастым. Есікті толқынды шашы дудырап, Әбу ақсақалдың өзі ашты. Суреттерден талай көрген таныс бейне. – Кім керек еді, балам? – деді әлгі кісі жұмсақ үнмен. – Сіз керек... – Мен кіммін? – жүзінде лып еткен қызығушылықтың нышаны пайда болды. – Сіз Әбу Сәрсенбаевсыз... – Е, онда танып тұр екенсің. Кіре ғой.

Дәл түскі астың үстіне келген екем. Дастархан басында үш-төрт адам отыр. – Мына бала мені іздеп келіпті, – деді Әбекең айналасына қарап. –Мына Ләзиза апайың, мына кісіні де танитын шығарсың. – Ия, танып тұрмын. Ғабдол Сланов күлімсіреп қана отыратын, ашаң денелі, көзілдірікті көзі мейірімге толы, инабатты кісі екен. Жайлап қана басын изеді. – Ал шаруаңды айт,– деді Әбекең, мен әбден жайғасып болғаннан кейін. – Оқуға түсейін деп келіп ем...Сізге өлеңдерімді көрсетейін деп... Сөзімнің не басы жоқ, не аяғы жоқ, бытыраңқы шыққанын біліп отырмын. Оның үстіне даусым қарлығып, бұрынғыдан да қысыла түстім. – Қайдан келдің? – Түкістаннан. – Түркістаннан? Қасиетті жерден келген екенсің ғой,- деді шай құйып отырған Ләзиза апай. – Шай іш, палаудан ал. Түркістаннан болсаң, палауды жақсы көретін шығарсың. Мұндайда қалай шай ішіп, қалай палау аласың. Тұла бойымды темір құрсап алғандай сірескем де қалғам. – Атың кім? – Темірхан. – Ал, балам, былай болсын. Өзің Түркістаннан екенсің. Атың Темірхан екен. Олай болса мына отырысың не? Егер жөндеп тамақ жеп, шай ішпесең, өлеңіңді тыңдамаймыз. Соны біліп ал. Ғабдол, солай ма?—деп Әбекең маған тіктеңкіреп қарап алды да, Ғабдол Слановқа бұрылып, қуақы күлімдеп, көзін қысқандай болды. Ләзиза апай да ал, іштің астына алып барады. Мына алғаусыз, көл-көсір қонақжайлылық пен мейірімнен менің де сіресіп қалған қол аяғым босап, тағамға қол созып, шай ұрттай бастадым... Сәлден кейін дастархан жиналды. Әбекең мен Ғабекең мені кабинетке бастады. Кабинеттің екі қабырғасы түгел кітап екен. Осыншалықты кітабы көп үйді тұңғыш көруім. Аузымды ашып тұрып қалыппын. – Ал, Темірхан балам, өлең оқы, – деген Әбекеңнің жұмсақ үнінен бойымды жиып алдым.

Орындыққа жайғасып, қолтығымдағы дәптерлерді қолыма алдым. – Өлеңдер оқиын ба, әлде поэмалар оқиын ба? Ғабекең мен Әбекең бір-біріне жалт қарады. – Поэмалар?—деді Ғабдол аға, осы үйге келгелі бері маған тұңғыш рет тіл қатып. – Поэмаларың көп пе?—деді Әбекең де қызыға қарап. – Екеу. – Сен алдымен өлеңдеріңді оқып көрші, поэмаларыңды соңынан көре жатармыз. Қане, балам, бастай ғой. Дәптерлерімді ашып жіберіп оқуға кірістім. Бірінен соң бірін түйдектетіп, төрт-бес өлеңді лезде-ақ оқып тастадым. Жүздеріне қарап отырмын, өлеңдерім ұнаған сияқты. – Темірхан, сен мына өлеңдеріңді маған тастап кет. Ертең таңертеңгі сағат ондарда кел. Оқуға түсу мәселесін де сонда сөйлесерміз. Ертеңіне айтқан уақытында келдім. Әбекең ваннада жуынып-шайынып жатыр екен. Ләзиза апай мені асүйге апарып шай берді. Сәлден кейін Әбекең де келді. Жүзінен ризашылық байқалады. Жайғасып отырғаннан кейін: – Өлеңдерің жақсы екен. Образбен сөйлейді екенсің. Сені енді ауылға қайтармаудың қамын ойлайық,– деді. Әбекең шай ішіп болғаннан кейін, киініп алды да мені ертіп, Жазушылар одағына алып барды. Оның екінші қабатындағы бір бөлмеде отырған Қадыр Мырзалиев пен Жұмекен Нажімеденовтерге кірдік. Олар да өлеңдеріммен танысты. Олар да ұнатып қалды. Сонан кейін «Лениншіл жас» газетінің әдебиет бөлімін басқарып отырған Әбіш Кекілбаевқа таныстырды. Не керек, көп ұзамай, бір топ өлеңдерім Лениншіл жас газетінің бетінде жарқ ете түсті. Сондағы шексіз қуаныш-ай. Менің әдебиеттегі тұсауым осылай кесілген. Сол екі арада оқуға түсу мәселесі де шешіліп қалғандай болған. Әбекең екеуміз академик Қажым Жұмалиевке барғанбыз. Ол кісі де өлеңдерімді тыңдаған. – Өлеңдеріңдегі образдары жақсы болғанмен,

техникалық жағында ақаулықтар бар екен, – деген Қажекең. – Ойбай, Қажеке-ау, техникалық жағын өзіңіз үйретесіз ғой, – деп жатыр Әбекең де... Көп ұзамай оқуға да түсіп кеттім. Өмір жолын енді ғана бастаған жас адам үшін бұдан өткен жақсылық бола ма? *** Сөз жоқ, ақиық ақын Әбу Сәрсенбаев – әдебиетіміздің қақ ортасынан ойып тұрып орын алатын тұғырлы тұлға. Өйткені бүкіл ғұмырын қастерлі қағаз бен қасиетті қаламға арнап өткен қаламгердің бітірген шығармашылық шаруасы ұлан-ғайыр. Осы ұлан-ғайыр шаруаның бір пұшпағына ғана көз жіберіп, тек соны ғана сөз етудің өзі үлкен жауапкершілікті талап етсе керек. Өйткені, Әбу Сәрсенбаев шығармалары халқымыздың бір емес бірнеше ұрпағына рухани қызмет етіп тастады, әлі де болашақ ұрпақтарға да қызмет ете бермек. Яғни, ол шығармалар халықтық мәннен халықтық сипатқа ие болды. Әрине, Әбекең десе біздің аузымызға алдымен оның соғыс тақырыбына жазған шығармалары түсетіні сөзсіз. Әбу Сәрсенбаев – шығармашылықтан тыс, қарапайым өмірде бұрқақ мінезсіз, биязы, тіпті бір қарағанда бетсіздің бетіне де жел боп тимейтіндей сыпайы жан. Бірақ, ол бұйығы биязылық емес, керек кезінде, қынабынан қылышын суырып, белінен сойылын шешіп жатпай-ақ, кім-кімді болсын мақтамен бауыздап тастай алатын принципті, табанды биязылық. Ал, ондай мінез, әдетте, ішкі сабыр мен қайраты мол жандарда ғана кездеседі. Әбу Сәрсенбаев дәл сондай жан болып өтті. Сондықтан да оның өлеңдеріндегі лепті екпін, динамикалық қозғалыс сол ішкі қажыр мен ішкі қайраттан туып жататын болса керек. Теңіз толқынындай тереңнен лықсып көтеріліп, ақ жалдары бұрқырап жататын жолдар Әбу Сәрсенбаевтың соғыс жылдарында жазылған жырларында тіпті молынан кездеседі. Тула, Балтық, тула, Балтық! Тула, толқын жарды қарпып.

Жау келеді, жау келеді, Түн қойнынан өлім артып. Жойып жібер жын ойнағын Толқыныңмен тебе тартып. Шыңырауыңа батыр оны. Тула, Балтық, тула, Балтық. Бұл жолдар, сөз жоқ, қазірдің өзінде жүрек үніндей, жүрек ұранындай естіліп тұрған жоқ па?! Жалыны сөніп, жаны қалғып кеткен жан болмаса, бұл жолдардан кім-кім де күн күркірегендей қуатты рух сезінері сөзсіз! Өлеңнің өлеңдігі рухында ғой. Рух лебі шарпып жіберсе, көзге түсе бермейтін ең бір елеусіз қарапайым сөздердің өзі қоламтадағы қыпқызыл шоқтай көзін жарқ еткізіп ашып алатыны бар-ау. Рух болғанда ғана бір қарағанда қой мінезді қоңыр сөздер ақын аузына түскен бойда арыстан айбат пен жолбарыс қайратқа ие болып кетеді. Біздің ойымызша, ақын азаматтығы, ең алдымен, ақиқатты айтуында, ал ақиқатты айту нағыз патриоттың ғана қолынан келмек. Әйтпесе, тек ұран тастап, үндеу беру түптің түбі жауыр жадағайлыққа, небір көлгірлікке алып келуі кәдік. Ал, ол күрессіз күпсу мен жалынсыз бықсуға алып барары сөзсіз. Міне, осыны дер кезінде ұға білген Әбу Сәрсенбаев соғыс тақырыбын барынша терең, барынша дендеп игерген санаулы ақындарымыздың бірі дей аламыз. Ол соғыстың драмасы мен трагедиясын бүкіл болмысбітім, бүкіл жан-дүниесімен сезініп өтті. Әрине, оның соғыс жылдарында жазған өлеңдерінің шыңы — “Ақша бұлт”. Бүгінде ақша бұлт десек – Әбу Сәрсенбаев, ал Әбу Сәрсенбаев десек – “Ақша бұлт” көз алдымызға келері сөзсіз... “Ақша бұлт” Әбу Сәрсенбаев шығармашылығының символына айналып кеткені қашан. Өзегіңді өртеп, көкірегіңді қарс айырып жіберетін бұл өлеңдегі сағыныш ғұмыры, сірә, мәңгілік болса керек. Жалпы айтқанда, жауынгер ақын Әбу Сәрсенбаевтың соғыс жылдарындағы жырлары – сыншылар мен зерттеушілер үшін үлкен тиянақты тілеп тұрған рухани тың алқаптарымыздың бірі. Сонда ғана біз ақынның “Өлім ойпаты”, “Жатырқама”, “Жас сәби”,

“Солдат”, “Солдат шинелі”, “Сен құрметте оны”, “Генерал кеуде”, “Жеңіс жолы”, “Жалғыз емен”, “Түн”, тағы басқа толып жатқан тамаша өлеңдері жаңа бір қырынан жарқырап көрінер еді дей аламыз. Асылы, ақынның ақындығы белгілі бір құбылысты бұлжытпай бейнелеуде ғана емес, сол құбылысты жұртқа ой салатфндай етіп көрсете білуінде ғой. Сонда ғана шығарма ғұмыры баянды болмақ. Сонда ғана ол жұртшылықтың рухани қажетін өтемек. Әбу Сәрсенбаевтың соғыс тақырыбына жазылған шығармалары тек соғыс жылдарында жазылған жырларымен аяқталып қалмайды. Соғыс тақырыбы ол үшін мәңгілік тақырып, яғни ең басты тақырыбы болып өтті. Бейбіт өмірдің сан салалы тіршілігіне белсене араласа жүріп, оның сан салалы тақырыптарын жырларына үздіксіз арқау етсе де, ол бір сәт те өзінің жауынгерлік міндетін естен шығарып көрген емес. Ақын бұл ретте де тамаша-тамаша дастандар мен өлеңдерді дүниеге келтірді. Ол дастандар мен өлеңдер қазір баршамыздың рухани игілігімізге айналған. Олардың ішінде, әсіресе, «Ақырғы гранаталар» мен «Соғыс жұлдызы» поэмаларын ерекше атаған жөн. Бұл поэмалар, сөз жоқ, тек ақын табысы ғана емес, бүкіл әдебиетіміздің де үлкен табыстары. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ақын шығармашылығын бір мақалада түгел сөз етіп шығу мүмкін емес. Ақын туралы сөз ешуақытта таусылып, тамамдалмақ емес. Оның жалғасы келер ұрпақтардың еншісінде де жатқаны сөзсіз. *** Менің Әбекеңмен, тіпті сонау Маңғыстауда жүрсем де, ғұмыр бойы қатынасым үзілген емес. Яғни, мен ол кісінің әкелік мейірімін ғұмыр бойы көріп өттім дей аламын. Ол кісі дүниеден өткенде“Ақша бұлты қазақтың” деген өлең жаздым. Сөзімді сол өлеңмен аяқтайын: Жаны толы дастанға Күйін төккен азаттың — Қалқып жүрген аспанда Ақша бұлты қазақтың. Сарқып құйып жан күшін

Тебіренген ойланып, Кеткен еді болмысың Ақша бұлқа айналып. Аппақ еді жырларың, Аппақ еді тілегің, Аппақ еді сырларың, Аппақ еді жүрегің. Ашып жанның қақпасын Жақын еттің жырақты. Желбірейтін ақ шашың Ақша бұлт сияқты. Ақ нұр сыйлап ғасырға Ақ жүрекпен күлетін,– Адамдардың қасында Ақша бұлт боп жүретін. Жалған ойын арманға Дегендей-ақ ұшамын, – Ашатұғын бар жанға Ақша бұлт боп құшағын. Рухыңмен тос, аға Бар ғой алда ғажап күн... Қош бол енді, қош, аға, – Ақша бұлты қазақтың! ШАМЫРҚАНҒАН НАМЫСТАН АСҚАҚ РУХ ТУАДЫ Ой орманы Ия, балалар әдебиетінде біршама уақыт өнімді де өрісті жұмыс істеп, үлкен поэзия есігін именбей ашқан кешегі Қадыр Мырзалиевтің, бүгінгі Қадыр Мырза Әлидің алғашқы жыр кітабы дәл осылай аталады: “Ой орманы”. Осы алғашқы жыр кітабының жалқы атауы – бара-бара, жылдар өте келе оның бүкіл шығармашылығын қамтитын жалпы атауға

айналатынын жас ақын ол кезде білді ме, білмеді ме, бізге ол жағы беймәлім. Бізге мәлімі, ел арасында аса беделді, өте қадірлі, Қазақстанның ұшы-қиыры жоқ кең даласы аудиториясына айналып кеткен ақынның кез-келген оқырманынан: – Қадыр Мырза Әлидің ең басты ерекшелігі неде? – деп сұрасаңыз, сөз жоқ, олар ешқандай кідіріп-күмілжіместен – Ой, – дер еді. Ой! Ой! Ой! Түбі терең, ауқымы кең, дүмі мықты ұғым. Иә, Қадыр Мырза Әли – ой орманы. Бүгінде бұл атау – оның бүкіл шығармашылық әлемінің төлқұжаты. Әрине, ол ой орманы – өз-өзіне тұншығып, тұнжырап, өз уайымы мен мұңын ғана бойына жинап, тылсым мінезбен мүлгіп тұратын ой орманы емес. Ол ой орманы — бірде самал жүгіріп өтсе, тұла бойына жан кіріп жапырақ-алақандарымен қол соғып тұратын, бірде аспан астын желкендей керіп, жер үстін астанкестен етіп соғатын сұрапыл дауылдан гуілдеп, уілдеп, шулапулап алағай да бұлағай боп жататын, бірде ми қайнатар аптаптан еңсесі түсіп, енді бірде төбесінен алау-далау боп күркіреп жөңкілген қара бұлттар лақтырған жасыннан қып-қызыл өрт құшағында қалатын, драмасы да, трагедиясы да көп, қойны толы құпия, түбі көрінбес тылсым. Менің, дәл қазір, тағы да тыңнан түрен салған, бізге бұрын-соңды белгісіз боп келген жаңа өрістерді — ендіктер мен бойлықтарды ашқан, әдебиетке тосын мән мен мазмұнды алып келген, атыңнан айналайын, Алпысыншы жылдар ойыма оралып тұр. Сол жылдары республикамыздың түкпір-түкпірінен келген, Үркердей ұйысқан бір шоғыр талант қалыпты жолмен жүре-жүре әбден ығыры шығып, мүлде қалғып-мүлгіп кеткен рухани әлемімізді дүр сілкіндіріп жіберіп едіау. Солардың тепсе темір үзетін қуатты тегеурінінен ойымыз бен бойымызды қырсаудай қысып жатқан қасаң схемалар қарс-қарс айырылып, әбден тұяқкешті боп ақжем, ақшаңдақ таптаурынға айналған стреотиптер күн жеген тозған шүберектей дар-дар етіп жыртылып жатты. Әдебиетіміздің маңдайына бір-бір жұлдыз боп қадалған сол тегеурінді таланттардың қақ ортасында, сөз жоқ, Қадыр Мырза Әли тұрды. Оның “Ой орманы” баспасөз беттерінде топ-топ болып жариялана бастағанда біз әлі елде болатынбыз.

Несін жасырамыз, ол өлеңдер шыққан бойда-ақ, өлі тыныштықта оқыс дауыс естілгендей жұрттың бәрін өзіне жалт қаратты. Елде жүрген өзім куәмін, жұрттың бәрі де, жасы да, жасамысы да көптен хабар-ошарсыз кеткен ең бір ет жақын туысын, сүйектес ағайынын көргендей жапа-тармағай бас салды... Сол тұста халық бойында поэзияға деген құштарлықтың оянғанын айта кеткен ләзім. Түйіп, түйіндеп сөйлер болсақ, ол жылдар оқырман қауымның жалпы әдебиетке, соның ішінде өлеңге деген ынта-ықыласының бетбұрыс жылдары болды. Ал, сол үрдіске Қадыр Мырза Әлидің үлкен құрметке лайық үлес қосқанын ешкім де, тіпті қашан көрсең де ішін қызғаныштың қызыл иті талап жататын қызғаншақ та жоққа шығара алмас еді... Сол жылдарды аса бір ілтипатпен есіне алған Қадекеңнің мынандай бір әңгімесі құлағымда қалыпты. “Мен, өзің білесің, әдебиеттегі жолымды балалар поэзиясынан бастадым ғой. Мен онда таза, адал жұмыс істедім деп білем. Мұны біреу біледі, біреу білмейді, сол кезде-ақ мен үлкендерге бағыштаған өлеңдер жазып жүргем-ді. Бірақ неге екенін білмеймін , ұзақ уақыт бойы еш жер баспай қойды. Сонда да жазуды бір пәске де тоқтатқам жоқ. Жұмыс істей бердім. Жұмекеннің бір жинағы жарық көріп қойған. Оларды қатты қызығып, құмарта оқығам-ды... Күндердің күнінде менің де өлеңдерімнің күні туып, жолы болды. Баспасөздерде жаппай жариялана бастады... Сонда сен мені не ойлады дейсің ғой. Жарияланып жатқан бұл өлеңдерге Жұмекен қалай қарар екен деп ойладым. Құдайлық шыным!” Қадыр ақынның бұл сөздерінен кейіннен қазақтың ұлы ақыны деңгейіне көтерілген әрі замандасы, әрі досы Жұмекен Нәжімеденовке деген құрметпен бірге, оның бойында үміт пен күдіктің де арпалысып жатқанын көреміз. Ақыры күдік қалды, үміт озды. Көп ұзамай “Ой орманы” жеке кітап боп шықты. Ол кітап шыққан бойда-ақ қазақ әдебиетіндегі ерек құбылыс болып қабылданды. Өмір өзі қуарған Ой дегенің ну орман.

Жолау қауіп оған да Жоқ емесі жоқ онда. Құмыр бұлбұл сайраған, Қасқыры тіс қайраған, Қарсақтары зорыққан, Қояндары қорыққан, Жолбарысы шабынған, Жыландары жабылған, Аюлары із кескен, Арыстан да кездескен... Ой деген де ну орман, Талай бастар қуарған. Ақын “ә” деп үлкен әдебиеттің биік табалдырығын аттағаннан-ақ осындай қатерлі де қауіпті өмірдің ой орманына енген-ді. Алдында қандай қатер мен қауіптің күтіп тұрғанын, ол әлем еш уақытта да бойкүйездікті де, салғырттықты да ешқашан кешірмейтінін әбден біліп, бойына бар қайрат күшін, қажыр-қуатын жинап, бүкіл тағдыры мен ғұмырын кепілдікке қойғандай, соған басын тіккендей боп қадам басты... Бір сөзбен айтқанда, ақын Өлең әлеміне білек сыбанып, бел буып, тас түйін боп кірді. Боласың немесе бордай тозасың... Біздің бұл сөздерімізге оның одан кейінгі бүкіл ғұмыры куә бола алады. Несін айтасың, оның ол кезде белдегі бес қаруы да сақадай-сай еді. Қайралған. Піскен. Жетілген. Үлкен дайындық мектебінен, мектебінен емесау университетінен өткен. Төл әдебиеті мен әлем әдебиетінің қайнар көздерінен мейірі қанғанша сусындап, отқа бір қақталып, суға бір түсіп, төс пен балғаға тапталып суғарылған-ды. Содан да ол бірден-ақ әлде біреулердің үстінен түскен жамау-жамау жадағай, әлдекімдердің қабағының астында қырық иіліп, қырық бүгіліп тұратын жалбақай сөздердің бәрін сыпырып, сілкіп тастап, қынаптан суырылған қылыштай жалтжұлт еткен немесе адырнаны аңыратып ұшатын қозыжауырын жебедей шымыр да ұшқыр сөздермен

жұмыс істеді. Тосын метафоралар мен метонимия, астарлы аллегориялар мен асқақ гиперболалар, өзгеше образдар мен теңеулер дүниеге келді. Ең алдымен ақын өзінің туған жерінің, туған даласының мерейін көтеріп, мәртебесін биіктетті. Уа, дала! Сен болмасаң гүл шығар ма ед? Ат мініп, көкпар тартып құлшынар ма ек! Құдайда храм болса, ойлаймын мен Ол — мына шетсіз-шексіз сен шығар деп. Жаз болса сағым атты ағыс басып, Жатады көл-көсір боп табыс тасып. Ол дағы сенің арқаң, жақындасса, Көкжиек көкжиекпен туыстасып. Уа, далам! Кеңдігіңе тамсандым көп, Айта алман бәрін жазып тауса алдым деп. Сен – алып пластинка дөңгеленген Инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп. Еріксіз “па, шіркін” дейсің! Тіпті қаншама жылдардан кейін қайта оқысаң да! Жаңа сөз, жаңа сурет дегеніңіз осы ғой. Ал, жаңа сөз, жаңа сурет еш уақытта көнермейді. Ақын алып далаға өз заманының, өз уақытының көзімен қарай білген. Құлазып жатқан, меңіреу мылқау далаға бірер жолмен-ақ жан кіргізіп жіберген. Осы өлеңді оқып біткен бойда-ақ, сенің де пластинка секілді дөңгеленген алып дала төсінде ине құсап ән салып кеткің келеді. Мұндай сөз-суретті тек дала стихиясын бар болмысбітімімен, бүкіл табиғатымен барынша терең сезіне білген адам ғана сала алса керек. Бұл жерде айта кетер бір нәрсе, егер сенің сөзбен салған суретің бостектілеу, шикілеу, бір қайнауы ішінде болса, онда ол суретті күні ертең-ақ біреуі бір тартып, екіншісі екі тартып жұлма-жұлмасын, түте-түтесін шығарар еді. Ал, мына сияқты пісуі әбден қанған, бояуы сіңген суретті ешкім де әрі тарт та, бері тарт ете алмайды, оның өңін жүз рет аударса да басқаша бере алмайды. Өйткені, ақын бұл суретті жұла да, түте де алмайтындай етіп тасқа қашап сіңіріп жіберген. Сондықтан да ол тек Қадыр Мырза Әли ғана салған даланың кескін-келбеті боп қалады.!

Ақын сол бір кезеңдегі өлеңдерінде туған жер, өскен өлкенің келісті көркем бейнесін көз алдыңа келтіретін тұтас бір галереяны дүниеге келтірді. “Төрт түліктің нанындай төрт бұрыш маялар”, “Теңге күн алып ыстық табадағы Тоң майдай жылжып еріп бара жатқан”, “Ақ сағым ағаштарды көтеріп ап Аяғын жерге екі елі тигізбейді’, “Әр тұста жол күзеткен теректердің Шаң басқан жолаушыдай иықтарын”, “Жағалай жатқан бұлт түте-түте Жатқандай киіз басып байтақ аспан”... Тізсең, тізіле береді, тізіле береді. Кейде, қыза-қыза келгенде, кей өлеңдерін, үзіп-жұлмай, тұтастай көшіргің кеп кетеді. Өйткені пейзаждық көрмеге келгендей тұнып тұрған сурет, бірінен-бірі асып түсетін, көз жауын алатын теңтең теңеулер, тәтті сорғандай таңдайыңды тақылдатып тамсандырар метафоралар мен образдар... Сөйтсек, оқыған жұрттың бәрін таңғалдырып тәнті еткен ол суреттер мен теңеулер, ол метафоралар мен образдардың өзі алда жазылар үлкен істің увертюрасы, алғышарттары ғана болып шықты. Біздің соншалықты құлай жығылып, қол соғып ризашылық білдірген бұл өлеңдеріміз ұлт бойына қуатты да қайратты биік рух құйып жіберген өлмес-өшпес ұлы шығарма—“Дала дидарына” дайындық қана екен. Иә, сол жылдары ақынның Далаға деген ұлы махаббатынан туған “Дала дидары” кітабы қалың қазақтың шетсіз-шексіз сүйіспеншілігіне ие болып еді. Ең бастысы, қазақ рухының атойлап оянуына өлшеусіз олжа салып еді! Көп-көп қазақ сол кітап арқылы өзінің кім екенін біліп, өзін енді танып еді. Ол кітаптағы небір астарлы ойлар мен адуынды ағысты иірімдер қаншама уақыт бойы бұғып, бүгежектеп келген халықты, орман үстінен дауыл өткендей дүр сілкіндіріп, жан дүниесін астанкестен еткендей болып еді. Қыл бұғаудың жылқыны Қинайтыны рас-ау, Бұғалықта бұлқынып Бебеу қағып тұр асау,– деп басталатын “Асау” өлеңін қараңызшы. Одан әрі: Жәудіреген нұр көзде Жалтылдайды жас шығып,

Қарғып мінді бір кезде Қайратына жас жігіт. Асау арда қызынған Ай, шап келіп, Шап келіп! Екі езуі қызыл қан Тұла бойы ақ көбік. Келді басып ақырын, Шықпаған тек жаны бар. Еркіндіктің қадірін Ұққан шығар жануар. Құдай-ау, бұл өлең сонау бір замандарда ұшықиыры жоқ алып кеңістікті емін-еркін жайлаған, енді бүгін азат асаулығынан да, жал-құйрығы желмен желбіреген тарпаңдығынан да айрылып қалған қайран қазақтың тағдыры ғой. Бұл өлеңнен санасында иненің жасуындай сәулесі бар қазақ алдымен өзін көреді ғой. Көреді де, сол сәтте мұқалып қалған намысы қайтадан қайралып, қайтадан жасындай жарқылдап, құм басып қалған жігері құйындай түтеп шыға келмей ме?! Өлең астарын аударып-төңкеріп оқи алатын жанның бәрі сондай күйге түсері сөзсіз. Қадыр Мырза Әли Көне заман көріністері арқылы мойнына отарлық қамытын киген кешегі кеңес тұсындағы қазақтың рухын осындай астарлы әдіс-тәсілдермен оятуға күш салып еді. Оның, тіпті, “Бесік жырының” өзінде қаншама зілбатпан мұңмен бірге, айласы таусылған амалсыздық пен шарасы таусылған шарасыздық жатыр десеңізші! Бөлетіндей пәршелеп. Біз құдайға не қылдық? Жетіспейтін нәрсе көп, Соның бірі – әділдік. Әлди, бөпем, әлди-ай! Ханыңда ес жоқ дейді, Халық қайтіп сенеді? Шындық болса өтпейді Қымбат қой ол себебі. Әлди, бөпем, әлди-ай!

Бұл жолдарда көне заманның ғана емес, кешегі күннің де, бүгінгі күннің де сай-сүйекті сырқыратар қасіреті жатыр ғой. Өйткені, бұл қазақ қай уақытта әділдіктің билік құрып, шындықтың үстемдік еткенін көріп еді? Қай уақытта? Қашан көрсең де кілең бір жат жұрттықтар, кілең бір көлденең көк аттылар қолындағысын қағып ап, аузындағысын жырып ап, онысымен қоймай, “көке”, “жәке” деп тұрсаң да ағаш атқа теріс мінгізіп, қит етсе болды қылтадан қиып жіберіп, отырса опақ, тұрса сопақ етіп келе жатқан жоқ па?! Тағы да ол жауыздықтың бәрін қазаққа қазақтың қолымен жасайды. Сөйтіп, қиянат соңынан қиянат, қысастық соңынан қысастық кіреді. Сондықтан да мына өмір “біреулерге – кең дала, біреулерге — түрмедей”. Ұлттық рух дегеніңіз – “мен, мен” деп кеудені дүңкілдетіп соға бергеннен гөрі ең бір жанды жеріңе, ең бір осал тұсыңа тиген кезде қурап, кеуіп қалған кеудеге от тигендей бұрқ ете түсетіні сөзсіз. Төрт түлік төліңді Түгелдей жалмаған. Жұтың да Елімді Оята алмаған. Көңілді қалаңды Күйедей жалмаған. Жауың да Даламды Оята алмаған. Қаперсіз, салғырт халқың үшін қаның қайнайды, жаның күйзеледі. Мойнын ішіне тыққан, сен тимесең, мен тимен бадырақ көз деген неткен марғаулық бұл. Бірде іштей егіліп, енді бірде шарт сынардай боп кіжініп, қынжыласың. Сол бір заманда (қазір де!) eлің мен далаңның қаншама зорлық пен зомбылықты, қаншама қорлық пен зобалаңды басынан өткізе тұра, қалың ұйқыдан оянбайтынына, қайрат көрсетпейтініне бір суып, бір ысисың. Солай бола тұра, осындай жан арпалысынан кейін, бәрібір сенің тұла бойыңнан намысты рух оянып келе жатады. Ал, жан күйзелісі мен жан арпалысына тамыр сап өскен рух – мақтан мен

мадақтан өсіп шыққан рухтан гөрі әлдеқайда баянды, әлдеқайда қуатты. Әрине, ақын әлгі өлеңін: Қалғыған қалыпты Қимай ел жатты ғой. Ұйқысы алыптың Қашан да қатты ғой, – деп аяқтап, өзін де, жұртты да жұбатпақ болады. Енді қайтсін?! Бұдан басқа амалы бар ма?! Сөйте тұра ақын: Төгілген қан мен теріміз, Туыстың біз де еріміз. Білгіңіз келсе қазақты Тегіне тиіп көріңіз,– деген кезінде сіздің күңгірт жаныңыз от жаққандай жарқырап қоя береді. Шатырлап сөгіліп кетердей шамырқанып тұрған намысыңыз бұрынғыдан да қайраттанып, бұрынғыдан да айбаттанып шыға келеді. “Иә, біз осындаймыз” деп салбыраған басың көтеріліп, басылған кеудең керіліп бара жатады... Шын ақын қай заманды жазса да, ең алдымен ол бүгінді жазады. Өткен күн арқылы бүгінді көрсетеді. Ал бүгіннің ақыны бола білген ақын, сөз жоқ, ертеңнің де ақыны. Қадыр Мырза Әлидің кеудесіне ұлттық рух о бастанақ ұя салған. Қаны да, жаны да ұлт деп сөйлеп тұратын нағыз ұлтшыл ақын. Оның қай кітабын ашып қалсаңыз да сол ұлттық рух, сол ұлттық болмыс тайға таңба басқандай боп алдыңыздан андыздап шыға келеді. Тағы да ол ұлттық болмысты жадағай, жалаң қарастырмайды. Топырағын танып, тамырын тауып сөйлейді. Бір кереметі, ол оны кез келген жерде кездестіре қояды. Ойы —ұшқыр, көзі — көреген. Ерлік иісі шығады ер-тоқымнан, Тарих иісі шығады шаңырақтан. Әдемі-ақ! Осылай екеніне ешқандай күмәніңіз қалмайды. Бұл сөздерден кейін-ақ сіз қандай бір болмасын көне заттарға өзгеше көзбен қарай бастайсыз. Олай етпеске тіпті де әддің жоқ. Қарап отырсам, Қадыр Мырза Әли өзі өскен, барынша өнімді жұмыс істеген, қазаққа кесірі мен

кесапатын көп тигізген кеңес заманына деген ашынған ашу-ызасын, оның зұлым да сұрқия бейнесін тарихи тақырыптар арқылы қотара қопарып көрсетіпті. Қайтсін, басқа амалы жоқ қой. Дәл солай етуді мақсат еткендіктен де сен сол өлеңдерден қиян алыста қалған өткен заманды, кешегі кеңес кезеңін ғана емес, бүгіннің кескін-келбетін де жазбай танисың. Куә-тарих мұны анық білдіреді, Қалған өмір олардан тұлдыр еді. Адам болсам дегендер емес Бәрін Құдай болсам дегендер бүлдіреді. Бұл көне заман бейнесі ме, кешегі кеңес заманының бейнесі ме, жоқ әлде, бүгінгі заман бейнесі ме? Турасын айтсақ, бәрінің де бейнесі. Жинақталған образ. Біреу кеп түсіндірмей ақ оны өзің танып, біліп, көріп тұрасың. Дәл осы жерде, бір айта кетер мәселе, бүкіл шығармашылық ғұмыры кеңес заманында өтсе де Қадыр Мырза Әли еш уақытта да кеңес заманының, яғни Қазақ Совет әдебиетінің ақыны болған емес. Ол үлкен әріптермен ойып жазылатын Қазақ Ақыны болды. Қайталап айтамыз, ол қазақ ұлтының рухын оятып, оны көтеруге өлшеусіз үлес қосты. Ал, рух табиғатын, оның болмыс-бітімін тұтастай танып-білу мүмкін емес. Ол – керек десеңіз стихиялық құбылыс. ..Осы жерде менің ойыма жақында ғана телевидениеде болып өткен бір пікірталас түсіп отыр.Тақырыбы — қазақ ұлтының рухы оянды ма? Ондай пікірталаста, әдетте әркім өзінің шама-шарқы жеткенше, өзінің ой-өрісі деңгейінде, әңгіме айтады ғой. Біреу олай айтады, біреу былай айтады. Әрине, біреуін қабылдайсың, біреуін қабылдай алмайсың. Бірақ сайып, келгенде, бәрінің ниеті дұрыс. Әйтеуір болсын деген әңгіме айтады. Дей тұрғанмен, мен бір жігіттің сөзіне қатты шамданып қалдым. Ол жігіт рухты ғылыми жүйеге түсіріп, сол арқылы танып-білуіміз керек деген сияқты қисынсыз сөз айтты. Апыр-ау, рухты қалай ғылыми жүйеге түсірмексіз. Елі мен жерін қорғап атқа қонған Қабанбай мен

Бөгенбайлардың, Райымбек пен Наурызбайлардың, Кенесары мен Сырымдардың, Исатай мен Махамбеттердің ерлік рухтарын қалай түсіндіріп бермексің. Тарихын, ерлікке толы баяндарын айтып беруге болар. Ал, рухын қандай анықтамаға сыйғызбақсың. Рух—рух! Ол сенің бойыңа туған жердің топырағының қызуынан, аптабы мен аязынан, туған еліңнің мейірімі мен қайырымынан, тіпті қатал мінезінен, ана сүтінен, бесік жырынан, дәстүрі мен салтынан, тәрбиесі мен тәлімінен, тағы да басқа, бәрін қамту мүмкін емес, толып жатқан компоненттерден құралады. Мына жерде рух бар, мына жерде рух жоқ деп қалай түсіндіріп бере алмақсың. Рухқа ешқандай дипломның да, ғылыми атақтың да қажеті жоқ. Нақтылы түсіндіріп беруі қиын абстрактілі ұғым бола тұра, ол, сөз жоқ, ең алдымен, халық тағдырынан өсіп шығады. Халық тағдырының ащысын да, тұщысын да, қайғысын да, қуанышын да, қасиетін де, қасіретін де, ашу-ызасын да, мейірім-қайырымын да... бойына жинаған рух – әр уақта асқақ, әр уақта биік. Қадыр Мырза Әли – туған халқының бойындағы осындай асыл қасиеттерді болмыс-бітіміне барынша молынан жинаған ақын. Ол қандай бір тақырыпты жазса да, сенің жаныңды күнде жеп, миыңды күнде шағатын, бірақ сен айта алмай жүрген сөзді тап басып, дәл төбеңнен түсіріп айтады. Айтқанда да – айызыңды қандырып, шегедей қағып, қазықтай қадап айтады. Мәселен, ақынның Мұхтар Әуезов қазасына арналған өлеңінен үзінді оқып көрейікші. Құпия қару асынған Ауруға мұндай көп өкпең. Өрілді оның басында Халықтың өзі венок боп. Кеудесін жаншып тас батқан Көшелер жатты шаңытпай. Тұп-тура тартқан асфальт та Түнерген қара табыттай. Көр болғыр көзге жас алмай, Жас алмай қалар қай кісі?!

Үлкен бе елдің қашаннан, Кішкене жұрттың қайғысы. М. Әуезовты ақырғы сапарға шығарып салып тұрған ақын күйзелісімен бірге, бұл өлеңнің айтар ойының ауқымы өте кең, аса терең. Шынында байқап, бажайлап, өткен-кеткен мен айнала дүниеге ой жүгіртіп қарасаңыз, кішкене жұрттың қайғысы қашанда үлкен ғой. Тіпті айнала дүниені былай қойып, зерде танымыңызбен, сана түйсігіңізбен, сана сәулесімен, ой көзіңізбен қатпар-қатпар боп жатқан өз тарихыңыздың ғана қыртыс-қыртысын ақтарып, арғы астарын аударып көріңізші. Халқыңның бұлтты түндей ауыр қайғысы мен қасіреті, сай-сүйегіңді сырқыратар тағдыры тізіліп тұра қалады. Ақын Мұхтар Әуезов қайғысы арқылы — қазақ басынан өткен сұрапыл кезеңдерді мегзеп отыр. Соны бүкіл тамырталшығыңмен, бүкіл болмысбітіміңмен сезінесің де, сен де түндей қабарып, бордай үгілесің... Қадыр Мырза Әли шеберлігінің дұрыс мағынасындағы әдіс-айласы да, амалы да көп қырлы, сан түрлі. Бірде басқа бір ой айтатындай боп келе жатып, кенет жалт етіп бұрылып кетіп, сен күтпеген мүлде басқа тұстан шыға келсе, енді бірде (тағы да күтпеген жерден) жарқ етіп алдыңнан шыға келеді. Осы бір жерде айтарын қадап тұрып, шегелеп-ақ айтыпты ғой, енді бұл тақырапқа қайта оралмайтын шығар десең, жоқ, дәл сол тақырыпты сен ойламаған тосын тұсынан өзгеше бір соқталы ой табады. Мұхтар Әуезов қазасына арналған өлеңде кішкене, аз халықтардың қайғысын айтса, ал Расул Ғамзатовқа арнаған өлеңінде сол халықтың перзенті қалай болуы керек деген сұраққа тіліп түскендей етіп кесімді жауап береді. Осал болса Жырыңа Ел көңілі толмайды. Аз халықтың ұлына Ұлы болмай болмайды! Бұл сөздер – ат төбеліндей ғана авар ұлтының өкілі Расул Ғамзатовқа ғана арналған өлең емес, сонымен

бірге бізге де, әрбір қазаққа да арналған сөз. Ойланасың. Толғанасың. Өзіңді бұрынғыдан да әрі берік, әрі биік ұстағың келеді. Бейне бір мына тірлікте сен көтерер жауапкершілік жүгі бұдан былай әлдеқайда көбейіп кеткендей. Өз-өзінен тұлғаң зорайып, ойың ұлғайып бара жатады. Қадыр ақын бір өлеңіндегі ұтқыр ойды екінші, үшінші өлеңдерінде одан әрі ұштап, одан әрі дамытып, одан әрі таратып сөйлеуге қандай ұста! Масақ қалдырмайды-ау, масақ қалдырмайды. Мәселен, сен, М. Әуезов қазасы мен Р. Ғамзатовқа арнаған өлеңдерінен кейін әлгі кіші, аз халықтар тақырыбы осымен ақи-тақи бітті деп ойлайсың ғой. Жоқ, бітпепті. Ақын ол тақырыпты одан сайын індете түсіпті. Сенбесеңіз, тағы да өлең оқиық: Туған жердің тылсым сырын ұғып көр: Бұлтын оның бұлт демей түбіт дер. Қарап тұрып мынау шырқау шыңдарға Қалай төмен боламыз, ей, жігіттер! Туған жердің тылсым сырын ұғып көр: Тұма-бұлақ дариядан үміткер. Қарап тұрып мынау түпсіз теңізге Қалай тайыз боламыз, ей, жігіттер! Туған жердің тылсым сырын ұғып көр: Теңіз кешіп, шың басына шығыпты ер. Көре тұра мына ұлы даланы Қалай кіші боламыз, ей, жігіттер! Бұл жолдарды оқығаннан кейін енді сенің жауапкершілігің бұрынғыдан да артып, міндетің бұрынғыдан да ауқымдалып кетті. Өз ұлтының қадір-қасиетін, болмыс-табиғатын танып білуде, қайғысы мен қасіретін тереңінен қопарып қазып көрсетуде, оның мерейі мен мәртебесін асқақтатуда Қадыр Мырза Әлимен шендесетін ақын, бар болса да, сирек. Әрине, мен бұл жерде, Абай, Махамбет, Мағжан секілді алыптарды айтып отырған жоқпын. Ешқандай бұлтақтатпай да, жалтақтатпай да шынын айту керек, өзіміз куә болған кездегі кеңес заманында да, бүгінгі таңда да жұрттың аузына ең көп ілінетін

ақындар кімдер деген сұрағыңызға үш-төрт ақын аталса, солардың алдымен аталатыны да—Қадыр Мырза Әли. Бүгінде уақытымыз, мүмкіндігіміз жеткенше, шағын отырыстарда да, тойтомалақтарда да, ас-садақаларда да, тіпті талас-тартысты жиындарда да, құдайға шүкір, бір кісідей қатысып жүреміз. Соның көбінде дерлік, сөйлеген адамдар Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерінен үзінді оқып, мысал келтіріп жатады. Дәлірек айтсақ, ол – көзінің тірісінде-ақ, аңызға, фольклорға айналған ақын. Өлеңдерін былай қойғанда, дастарқан басында, сапарларда, алқалы бас қосуларда, кафе-барларда оның айтқан мірдің оғындай өткір сөздері бүкіл Қазақстанды лезде-ақ кезіп кетеді. Көп жұрт оның ақ дегенін алғыстай, қара дегенін қарғыстай көреді. Тіпті оның сөздерін би өкіміндей қабылдайтындар да бар. Мен бұл сөздерді, мақтаудың жөні осы екен деп, қызыл сөздің жетегінде кетіп айтып отырғам жоқ. Шындығын айтып отырмын. Бұл сөзіме дәлел ретінде өз басымнан өткен мынадай бір оқиғаны айта кетейін. Маңғыстауда жүрген кезім. Қазақстан Жазушылар одағының сондағы кеңесшісімін. Әдебиеттегі атым да әп-әжептәуір шығып қалған кез. Баспасөз беттерінде біздің толқын туралы әңгіме айтылып, тізім тізіле қалса, әйтеуір сол тізімнің ішінен табылам. Алматыдан алыста жүрген адам үшін, ол да әжептәуір демеу... Бір күні “Қазақ әдебиеті” газетінің бетінде Қадыр ағамыздың “Көздің сәулесі мен сөздің әуресі” деп аталатын мен туралы жазылған сын мақаласы жарқ ете түсті. Қол жеткізген жетістігіме аз-кем тоқталыпты. Тіпті талантты, дарынды ақын депті... Ал, кемшілік жағыма келгенде терімді іремей сыпырып сойып салыпты. Мені мұқият оқығандығы сонша, кітаптарымдағы терминдердің бірін қалдырмай теріп, тізіп шығыпты. Шынын айту керек, абайсызда қылмыс жасап алғандай, өзімді қоярға жер таппай кеттім. Менің хал-күйімді қойшы... ең қызығына енді келеміз. Көп ұзамай мені облыстық газеттің партия ұйымының хатшысы, журналистік жұмыстың нағыз еңбекторысы, өзім қатты сыйлайтын (қазір де сыйлаймын), ақжарқын жан Мұқтасын Суханбердиев шақырып жатыр деген хабар келді. Мен сол партия ұйымында есепте тұрам. Ол кезде хатшы шақырып жатыр дегенді елеусіз қалдыруға

болмайды. Лезде-ақ жетіп бардым. Байқаймын, ағамның қабағы түнеріңкі. Бір кезде маған көзінің астымен сұстана қарап алды да: “Сен осы, Темірхан, не істеп жүрсің?” – деді. “Не істеуші ем, тиісті жұмысымды істеп жүрмін”. “Мен сенің ол жұмысыңды айтып отырғам жоқ. “Қазақ әдебиетінде” жарияланған Қадырдың сен туралы жазған мақаласын оқыдың ба?” “Оқыдым”. “Оқысаң,– деді Мұқтасын ағам одан сайын сұстана түсіп,– келесі партия жиналысында өзінің жұмысын жөндеп атқара алмай жүрген сенің мәселеңді қараймыз”. Мен не дерімді білмей отырдым да қалдым. Бірдеңе деп күмілжіген болып ем, мені бір тықсырып атына мініп алған Мұқаң: “Жоқ, солай істейміз”, – деп кесіп тастады. Құдай оңдап, дәл сол кезде бөлмеге “Социалистік Қазақстан” газетінің Маңғыстаудағы тілшісі Саламат Хайдаров ағамыздың кіріп келмесі бар ма. Ол кісіге де Мұқаң келесі партия ұйымының жиналысында қандай мәселе қаралатынын тәптіштеп айтып берді. Ал, бар болғыр Сәкең Мұқаңа шатынап бір қарады да шарт кетті: «Әй, Мұқтасын, сенің есің дұрыс пa? Не айтып отырғаныңды білемісің?! Әдебиетте айтыс-тартыс деген, сынау-мінеу деген бола береді. Атам заманнан бар үрдіс. Қадыр айтса, інісі туралы өз пікірін айтты. Ол Темірханды халық жауы деген жоқ қой. Егер ертең бәрімізді бүкіл республикаға күлкі етейін демесең, мұныңды доғар», – деді. Енді Мұқтасын ағам көзі жыпылықтап, аңырайып отырып қалды. Ол кезде “Социалистік Қазақстанның” тілшісінен бәрі де аяғын тартады. Сөйтіп, Қадыр ағамның сынынан әбден салым суға кетіп жүрген мен, жығылған үстіне жұдырық дегендей, сол мақаланың “арқасында” партиялық жаза да ала жаздағам. Мен бұл арқылы Қадыр Мырза Әли сөзінің халық арасында қаншалықты қадірлі, қаншалықты беделді екенін, оның ықпалы аса зор екенін көрсету үшін айтып отырмын. Әрине, Қадыр ағам айтқан сын–ескертпелердің кей тұстарын мақұлдай қоймаған мен, сол “Қазақ әдебиетінің” өзіне қарсы мақала жаздым. Сол кездерде газеттің сын бөлімінің меңгерушісі болып істейтін Сайлаубек Жұмабектің кейіннен маған айтқанындай, газет редакторы Шерхан Мұртаза ағам мақаламды

оқып шығыпты да «өзі шақар екен» деп сөзге келмей қол қойып жіберіпті. Оған дейін мен бұрын сын мақала жазып көрмеп ем. Мақала жазам деген ойым да жоқ еді. Содан кейін-ақ мақала соңынан мақала жазыла бастады... Ақырында осы үш-төрт жылдың көлемінде “Сегіз қырлы, сексен сырлы әлем бұл” деген сын кітабым да шықты. Бір күні Қадыр ағама: “Сіздің сын мақалаңыздың арқасында мен сын жанрына қатысып, кітап шығардым”, – деп ем, Қадекеңнен сөз қалған ба: “Намысты ақынды мақтағаннан гөрі даттаған дұрыс болады”, – дегені. Осымен өткен оқиға хикаясы тамам болған-ды. Қадыр Мырза Әли өзінің шығармашылық ұзақ жолында жиырмадан астам жыр кітабын дүниеге келтіріпті. Шынын айту керек, олардың әрбірі жарық көрген сайын елеулі оқиғаға айналып отырды. Сондықтан да оның бірде-бір жинағы кітап сөресінде жатып қалған емес. Жұрт біткен, ол кітаптар дүкенге түскен бойда, көптен бері көзге түспей жүрген таңсық бір дүниесін кездестіргендей, сыпырып алып кетеді. Осыдан кейін-ақ оны шын мәніндегі халықтық, ұлттық ақын демеске лажың жоқ. Өйткені, оның өлеңдері, нені арқау етсе де, халық көкейіндегі мұң мен шерді, арман мен үмітті, тілек пен ниетті, бар мен жоқты айтады. Дәл табады, дөп басады. Тіпті, ол бұл позициясынан қазақ топырағынан басқа тақырыптарды қаузаса да, қайтпайды. Қайта қазымырлана, өршелене түседі. Мәселен, оның сонау 1232 жылы Оpта Азияда болған халық көтерілісінің қаһарманы, тәжік перзенті “Махмуд Тарабидің елді ерлікке шақыруы” туралы өлеңінен үзінді оқып көрейік: О, халайық, Құзғындар Қаптап ұшқан ұяны ат! Қай жерде де азғындар, Қай жерде де қиянат. Жаны жабы адамға Жеткізбейді қиял-ат. Ез көбейген кезінде Көбейеді қиянат.

Ердің басы жер болса, Жармаспадық кездікке. Елің өстіп қор болса Соның бәрі ездіктен. Жабыла атқа қонбаса, Ерің ер боп оңбайды. Елде ерлік болмаса Әділдік те болмайды. Әлімсақтан белгілі жайт, рухсыз ел — құлықсыз ел. Ақын ең алдымен соны айтып отыр. Қалай дегенмен де, не нәрсе де, халықтың өз қолында. Халық қаншалықты қажырлы, қайратты болса, қоғам да соншалықты қажырлы болмақ. Бұл — балталасаң бұзылмайтын аксиома. Айтар сөзін қасқайып айта алатын қажырлы, қайратты қоғам қандай бір болмасын жүгенсіздік пен арсыздыққа, алаяқтық пен кісәпірлікке, зорлық пен зомбылыққа, аярлық пен көзбояушылыққа, өтірік пен жалғандыққа жол бермейді. Ондай қоғамнан, кім болса да, кеудесіне нан піскен қандай бір астамыңыз да, аяғын тартып басып, аузын бағып сөйлейді. Өйткені, ол қажыр мен қайрат — шамына тисе, бір сәтте-ақ шарт кетіп, кешірім бермейтін қаһарлы күшке айналып шыға келмек. Ездік, ынжықтық, можантопайлық ендеп алған елде мұның біреуі де болмайды. Қорлықтан көз ашпайды. Жетектегеннің жетегінде, иектегеннің иегінің астында кетеді. Өтірікпен өмір сүреді. Табанға тапталады. Көкпар боп тақымға түседі. Біреу кеп борбайын айырып, біреу кеп мойнынан қайырып жатса да, мынауың не деп ыңқ демейді. Көрінгенге жем болады. Зорлықтың жуан дойырының, зомбылықтың темір тағалы тепкісінің астында өмір сүреді.Ондай елдің сөзін ешкім де сөз деп білмейді, мұңын мұң, қайғысын қайғы деп қабылдамайды. Қысқа күнде қырық иіліп, қырық бүгіліп имеңдеп тіршілік етіп, итшілеп өмір сүреді. Ынжықтық пен ездікті төзімділікпен тіпті де шатастырып алуға болмайды. Олар – мүлде бір-бірімен басы қосылмайтын басқа-басқа категориялар. Ездік пен ынжықтық әбден етінен өтіп, сүйегіне жеткен елде, әлгі өлеңде айтылғандай әділдік болмайды. Ал,

әділдігінен айырылып қалған ел мен қоғамда небір зымиян сұрқиялықтар, небір жексұрын сұмдықтар орын алады. Ақырында ол ел – бар байлығы мен бар құндылығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен байғұс, міскін елге айналады. Өз байлығына өзі ие бола алмаған ел – тапа-тал түсте талан-таражға түсіп тоналып қалған ел, ол ел – түптің-түбінде ел болып жарытпайды. Міне, бұл өлең бізді қилы-қилы қалтарыстары көп осындай-осындай ойларға жетелейді. Сондықтан біз күрессек – әлдекім, әлдебіреулермен емес, алдымен өзіміздің бойымыздағы ездік-ынжықтылықпен, салғырт тық-немкеттілікпен күресуіміз керек. Ол үшін халықтың қажыр-қайраты қарсы келгенді опырып та жібере алатындай, жапырып та жібере алатындай қуатты болуы керек. Не нәрсені де тайсалмай, тайсақтамай қасқайып тұрып айта білу керек. Әрине, осынымнан опық жеймін-ау , біреулерге жақпай қалам-ау деген ішкі есеппен өмір сүрсең, онда ол өзіңеөзің жасаған опасыздық болып шықпақ. Қадыр ақын “Садриддин Айни, немесе жетпіс бес дүре туралы хикая” өлеңінде бұл туралы да айтып кетіпті. Кезінде Айниге дүре соғылған ғой. Көзбен көріп бұл сұмдықтың барлығын Қара бұлтқа кірді ұялып арлы күн. Түте-түте болған Айни арқасы Күпісіндей ит талаған жарлының! Ақындарға ұстап жүрген қолға алау Мүмкін емес заман жайлы толғамау. Елдің қамын жеген адам Ел үшін Таяқты да жеуге тиіс болған-ау! Қолда бұғау, Кісен кескен аяқты, Қараңғы елді өмір қашан аяпты?! Жеті жүз жыл таяқ жеген Бұхара Көтермеді сол жетпіс бес таяқты. Жендеттердің талған кезде білегі, Ақын жігер асыл ой боп түледі:

Қандай шындық айтқаныңды Келешек Қандай таяқ жегеніңнен біледі. Құдай-ау, қай заманда да шындықты айтқан адам үлде мен бүлдеге оранып, алтын астаудан ас ішіп, керіліп жатып, кердең-кердең басыпты. Шындықты айтқан адамның көзі жастан кеппеген, жон арқасынан шыпыртқы кетпеген. Шындықты айту — ауыр. Ең алдымен шындықты айтқан адамға – ауыр. Ол адам бәрінен шеттетіледі, жоғары жаққа көз түрткі болады. Күнделікті сыбағасынан қағылады. Ең болмағанда нәпақасынан айрылып, жұмысынан қуылады... Ал, көлбеңдеп, көлгірсіп, жарамсақтанып өмір сүргендердің, қай уақытта көрсең де, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, қарны тоқ, көйлегі көк. Шайқап төгіп, сапырып ішеді. Ондайлардың кірмейтін емен есігі, шықпайтын жұмсақ төрі жоқ. Әрине, олар да халықтың қамын айтқансып, ұлттың ертеңіне алаң болғансып, шешенсіп, көсемсіп бағады. Бірақ, оның бәрі де әншейін бір ет пен терінің арасындағы алдамшы қызыл жел екенін көзі қарақты, құлағы түрік қалың қауым біліп, көріп отырады. Бірақ, онымен олардың ісі жоқ. Білмейді деп ойлайды. Тағы бір айламды асырдым деп ойлайды. Өйткені, ондай-ондай жандарға халық қамынан гөрі өзінің қарақан басының қамы әлдеқайда жақын. Айта берсең, көкірегіңе шемен боп қатқан, өзегіңді өртейтін ызалы сөздер де, ызбарлы сөздер де көп қой... Өздеріңіз байқап отырған шығарсыздар, мен Қадыр ақынның М. Әуезов, Р. Ғамзатов, М. Тараби, С. Айни туралы жазған жырларына көбірек жүгініп отырмын. Оның басты себебі — бұл тұлғалардың қай-қайсысы да өздерінің ойлары мен бойларына өз ұлтының рухын барынша молынан жинақтаған тұлғалар. Есімдерінің өзі-ақ рухыңа рух қосып жібереді. Содан болса керек, Қадыр ақын да оларды жазғанда қынаптан суырылған қылыштай боп жарқылдап кетеді. Мұндай кезде ақынның “Құрманғазы” өлеңін қалай оқымассың. Болғаннан соң, Құреке, өзің кекті Боран толы домбыраң безілдепті.

Жағадан ап сілкетін күйлеріңді, Тартқан бойда, ұйқылы ел көз ілмепті. Атылғандай алқызыл ыршып қаның, Адуын күй – күйінген, қырсыққаның, Аузын ашып тұрған құл босағада Аңғармапты төрден кеп бір шыққанын. Күйлеріңдей күйлердің бар ма асқағы? Ұмытады ел көңілді зар басқанын. Сені тыңдап отырған жасық жігіт Аңғармапты найзаға жармасқанын. Көңілденіп үстінде құрақ шыттың Күй сапырып, осылай жыр ағыттың. Көбік шашқан сезімге қойып кетіп Келешектен бардың да бір-ақ шықтың. Қайда жүрсе тілеген ел саулығын, Қайран елге салушы еді тұсауды кім?! Заманына жалынан сипатпаған – Ұлылығың—осынау асаулығың! – Міне, рух күші! Бірде құтыра құбылып, бірде қапыда қалып аһ ұрып, бірде дауылды күнгі теңіздей сапырылып, енді бірде ақтарыла тасып-төгіліп жатқан алапат күй құдіретінен құлақ кесті құлдың өзін төрге ұмтылдырып, жаман-жәутік жасықтың өзін найзаға жармастырып жіберген жоқ па?! Ірі тұлғалардың болмыс-бітімі де, текті табиғи жаратылысы да, қайрат-қуаты да, қимыл-қарекеті де бір ғой. Олардың бәрі дерлік бұл жалған өмірде қоқанлоққыны да, құқайды да аз көрмеген. Қуғын-сүргінде күн кешіп, айдауда жүрген. Атылған. Асылған. Біздің тарихымыздың беттерінің барлығы дерлік солардың қанымен жазылған. Қасіретті беттер... Қадыр Мырза Әли ондай қасіретті беттерді “Қызыл кітап” арқылы да қарастырады. Сирек кездесетін аңдардың неге азайып бара жатқанын олардың ірілігінен іздестіреді. “Құлжа” өлеңін оқиықшы. Екі қанат сияқты оған екі өкпе, Желдің өзі жарамайды жетекке.

Қайтақайта қарайды ол бірақ та Бір ғажабы— Биікке емес— Етекке! Апыр-ай, неге? Сөйтсек: Қалқан қылып сақтық деген сауытты, Қызығын ол тау басынан тауыпты. Биік үшін жаратылған жануар Тек төменнен күтеді екен қауіпті! Өлең бітті. Бірақ, жаныңды кеміріп жейтін, миыңның ұңғыл-шұңғылына дейін кіретін ой арқалатып барып бітті. Елім деп еңіреп, халқым деп қамығып өткен арыстардың қай-қайсысы да қорлықты да, зорлықты да өзінен әлдеқайда төмен жүргендерден көрген. Іріліктің алдына қақпан құратындар да, ор қазатындар да, солар—төмендегілер... Сондай-ақ ақынның кәрі қыран өлімі туралы жазған өлеңінің тәлімі мен тағылымы қандай десеңізші?! Қыран қартайды. Ол енді тышқан мен тасбақа құсап өле алмайды. Қыранша өлу керек. Шырқау биікке көтеріліп ап, өзін-өзі көк тасқа соғуы керек! Сабақ алып шежіре көне күннен Бәрін көздің өткізіп елегінен Қыранша өмір сүргенің — Қандай бақыт! Қандай бақыт — Қыранша өле білген. Неткен ірілік! Неткен тектілік! Неткен асқақтық! Неткен ұлылық! Неткен рух! Төмендемей, төменшіктемей ірі өле білу де — бақыт. Бұл өлеңді оқыған адамның бәрі де бір серпіліп, бір сілкініп қалары сөзсіз. Ал, ол серпілу мен сілкіну үлкен, табанды ірі істердің де басы болуы мүмкін ғой. Бірақ, мына өмір деген бірде былай аударылып, бірде былай төңкеріліп тұрады емес пе?! Аумалы-төкпелі заман! Сол заманға сай аумалы-төкпелі тағдыр. Кейде іріліктің маңдайына да ірі өле білу жазыла бермейді. Бұған көз жеткізу үшін ақынның “Aрыстан” өлеңіне зер салайықшы:

Болмайды онда қарсылас та, Жақтас та. Болмайды онда бәсекелес, Бақтас та! Болат қамшы сияқты анау құйрықпен Бір қойғанда Бұрқ етеді көк тас та! Осындай алапат қайрат иесінің одан арғы тағдырына көз салыңыз. Бұл өмірде бірақ жұмбақ арқау бар. Бірте-бірте шөгеді екен нар таулар. Күші қайтса, Арыстанды түтіп жер Күші барда жалбақтаған қорқаулар! Тағдыр-ай десеңізші! Менің тап қазір осы өлеңді шіреніп сөйлеп, шәниіп отырған біреулерге арнайы апарып оқытқым келеді-ау, оқытқым келеді... Өздеріңіз байқап отырғандарыңыздай, мен бұл мақалада тек Қадыр Мырза Әлидің ұлттық бітімболмысы туралы, ел мен жер туралы, жалпы азаматтық табиғаты туралы сөз етпек болдым. Бірақ, амал не, мен оны түгел қамтыдым деп айта алмаймын. Түгел қамту тіпті де мүмкін емес. Жеке бір кітап жазсаң да, оны ақитақи игере алмайсың. Таусылмайды. Алып қазына! Менің ұққаным, Қадыр Мырза Әли – өлеңдегі ой орманы. ШЫҢЫРАУ (Жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы туралы сөз) Ол әдебиетке Өлең арқылы келді. Ол оқырман қауымға, ең алдымен, өлең арқылы танылды. Оның баспадан шыққан “Алтын шуақ” деп аталатын тұңғыш кітабы да – Өлең кітабы болатын. Яғни, ол әдебиет есігін Ақын боп ашты. ...Менің Әбіш Кекілбайұлы өлеңдерімен таныстығым, Алматыға келмей тұрғанымда, “Жұлдыз”

журналында жарияланған “Қара талқан”, “Оппенгеймер” және де басқа жырларынан бастау алған еді. Таным-түсінігім әлі балаң,танып-білгенім әлі шектеулі бола тұра, бәрібір, ол өлеңдердегі тақырып сонылығы, қарымының кеңдігі, ауқымының молдығы бірден баурап алған-ды. Ол тұс, мүмкіндігімізше, республикалық баспасөздерде жарияланып жататын өлеңдердің бір де біреуін қалт жібермей қадағалап оқитын кезіміз ғой. Оның үстіне алпысыншы жылдар, ең алдымен, Өлең дүниесінің көкжиегін кеңейтіп, көсегесін көгерткен, оны жаңа биік, жаңа өреге көтерген жылдар болатын. Шығармашылық бәсекелестіктің бас бермей әбден ширығып, қызып тұрған кезі еді. Бір төбенің шаңын бір төбеге қосатын ондай бәсекелестік ішінен тізгін үзді жүйріктердің бірі болып көзге түсе қою оңай емес-ті. Солай бола тұра Әбіш Кекілбайұлы өлеңдері бірденақ ауызға ілікті. Іліккенде де... – өткенді аңсайды деп сыналып ілікті. Бірақ, белгілі идеялогияның сойылын соғатын ондай ұр да жық солақай сынға шын өлеңнің қадірі мен қасиетін біліп қалған қауым елге қоймады, қайта Әбіш Кекілбайұлы поэзиясына деген ынтазарлық пен ықыласты күшейте түсті... Көп ұзамай қойын қалтаға салып жүретіндей ғана шап-шағын “Алтын шуақ” жинағы қолымызға тиді. Күлшедей шап-шағын бола тұра сөзі салмақты, құшағы кең, шынында да шуағы мол кітап екен. Не нәрсеге де алдымен елең ете түсетін, не нәрсеге де сергектік танытатын студенттер қауымы ол кітапты бірімізденбіріміз қақшып алып таласатармаса оқығанымыз әлі есімде. Бізге, әсіресе, балалық шағы соғыс жылдарында өткен, түсіне көкесі мен күрең қызыл бауырсақ қоса қабат енетін ақынның сол бір ашқұрсақ ауыр кезеңге арналған өлеңдері қатты әсер еткен-ді. Мәселен, мен өз басым, қарапайым ғана жазыла тұра адам жанын алағай да бұлағай етіп жіберердей, “Қарындасым Нұрайша” атты өлеңін күні бүгінге дейін, сол заман туралы жазылған шоқтықты өлеңдердің бірі деп білемін. Жылдарға ерді Нұрайша. Жылдар алға зулайды. Көз көргендер шын айтса Көкесінен аумайды.

Аумайды ма менен деп Мазалап жүр талайды. Көкешімді көрем деп Айнаға көп қарайды. Жауқазындай желкілдеп өсіп келе жатқан қыз баланың, өзін емес, көкешімді көрем деп айнаға қарауы кім-кімнің де тамағына тас кептелтіп толқытпауы, кім-кімнің де көзіне жас үйрілтіп тебірентпеуі мүмкін емес. Осы жолдарда қаншама сағыныш, қаншама аңсар жатыр. Бұл өлең – әкесіз өскен тұтас бір ұрпақтың трагедиялық портреті! Алайда, Әбіш сол жылдары өзінің арнасына сыймай тасып-төгілген арынды шығармашылық қуат-күшін тек поэзияға жұмсаған жоқ. Сын жанрында да білек сыбанып, белсене жұмыс істеді. Ол мақалалар әдебиетіміздің ең өзекті, ең көкейкесті мәселелерін қозғауымен, жан-жақты сараптамалық қарымдылығымен, көтерілген тақырыпқа мүлде тың, мүлде тосын көзқараспен қарауымен көзі қарақты жұртшылықты өзіне бірден аударып алып еді. Несін жасырамыз, сол мақалалардан сусындаған көбіміздің қасаң түсінігіміз басқаша байып, дүниетанымымыз кеңейіп, дәлірек айтқанда, әдебиетке деген көзқарасымыз өзгеше қалыптаса бастады. Одақтық әдебиеттің шын мәніндегі үздік үлгілеріне үңіліп, әлемдік әдебиеттің қиырларына көз сала бастадық. Бұл — шындық. Өйткені, Әбіш Кекілбайұлы сол кезеңде, жап-жас бола тұра, өзінің төсегі де бөлек, өрісі де өзге, тосын мақалаларымен күн астында қалған терідей әбден қаудырлап, қатып-семіп қасаң тартып кеткен схемалар мен әбден суалып-семіп қалған стреотиптердің бытшытын шығарған реформатор-сыншы деңгейіне көтерілді. Оның “Дәстүр мен дәуір”, “Гамлеттің монологі”, ““Өлі жандарды” Пушкин неге жазбаған?”, “Романдағы адам” және тағы да басқа интеллектуалды мақалалары әлі күнге дейін өзінің құндылығы мен бәсін жойған жоқ десек, тіпті де асырып айтқандық емес. Мәселен, “Дәстүр мен дәуір” мақаласындағы “Өнер тарихына, қоғам тарихына үңіліп алмай тұрып өнердегі соны құбылысты дәл танып, дәл бағалау еш мүмкін емес. Әйтпесе, құт мейманның өзін жүзтаныс еместігін желеу

етіп, бекерденбекер жауға жоруымыз мүмкін. Нені бағаласақ та, өнердің, әдебиеттің даму тенденциясынан келіп бағалайық. Өйтпесек, әдеби ойды, оқушыны, тіпті әдеби тіршілігімізді текке алжастырып, қиянат етуіміз де кәдік”. Бұл жолдар әдебиеттің де, қоғамның да даму тенденцияларынан бейхабар, ілім-білімі тайыз, дүниетанымы тар, арғыбергіні салыстыра да, сабақтастыра да алмайтын, сәл нәрсеге қомпиып, сәл нәрсеге қампиып шыға келетін, өз бұтына өзі толып, дүниенің тірегіндей сезінетін желбуаз дүмшелерге айтылған сөз ғой бұл. Ал, ондай желкенсіз желбуаздар бүгін де жетіп артылады. Сондықтан да Әбіштің, сол тұстың өзінде-ақ, мұндай астамшыл мінез-құлыққа, кеудесіне нан пісіп ісіп-кепкен эгоизмге “Романдағы адам” мақаласындағы “Әдебиеттегі жаңалық өзінен бұрынғыны біржолата мансұқтау, біржолата құрту жолымен емес, адамзаттың суреткер өнерін реальді болмыстың барша әрі мен нәрін жеткізе алатын соны түр, соны әдістермен байыту жолымен өрістейді” деген сөздері әдейі арнап айтылған ғой. Ал, оның кезінде “Жұлдыз” журналында жарияланған “Өлең көкжиегі” деп аталатын, қазақ поэзиясының арғы-бергі өткелектері мен өріс-кеңістіктерін жанжақты қамтып, олардың ажар-келбеттерін аша отырып, алпысыншы жылдар поэзиясының ең үздік, ең тегеурінді, ең жаңашыл ақындары, бүгінде классиктеріміз деп аталатын Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов шығармаларын биік бағалаған, олардың қыры мен сырына үңіліп, дәнін аршып, мәйегін ашып көрсете білген көлемді мақаласы кезінде біз сияқты жастардың таным көкжиегін әлдеқайда кеңейтіп жіберген-ді. Ол мақала сол тұста өлеңнің ғана мәртебемерейін емес, сынның да мәртебе-мерейін асқақтатып еді. Иә, ол жылдар Әбіш Кекілбайұлының әдебиетке ет пен терінің арасындағы қызба қызыл желдің желігімен келіп, лап етіп жанып, жалп етіп сөне қалатын біреулер сияқты емес, болмысы бөлек, кең арналы, терең ағысты, тылсым құпиялы, тосын өрісті, шұрайлы алқапты, құнарлы топырақты, ең бастысы, әдебиетке үлкен дайындықпен келгенін, күні ертең-ақ оның қаламынан

сүбелі-сүбелі шығармалар, сом-сом ойлар, кесек-кесек бейнелер дүниеге келетінін дәлелдеп берген жылдар еді. Оны жұрттың бәрі дерлік айрықша дарын, ерекше талант, әдеби құбылыс деп қабылдағанын айту лазым. Сол тұстарда жиі-жиі болып тұратын әдеби айтыстартыстарда да ол оқшау көзге түсетін. Мол ілімбіліммен мұздай боп жарақтанып алған ол, шешіліп сөйлесе шешен, көсіліп сөйлесе көсем бола білді. Ол өзін ғұмыр бойы қоғам өмірінен тыс қойып көрген емес. Сол тұстарда алдымен “Қазақ әдебиетінде”, соңынан “Лениншіл жас” газетінде қызмет істеп жүрген кездерінде әдебиеттің мерейін, өнердің мәртебесін көтерер қыруар шараларды атқара жүріп, иненің жасуындай болып жылтырап көрінген қаншама бұлақ көздерін ашты. Сондай-ақ Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті жанынан әдеби клуб ашып, қаншама таланттардың шығармаларын талқылауға мұрындық болды. Олардың шығармаларын Шерхан Мұртаза басқарып отырған “Лениншіл жаста” бетбет етіп жариялатты. Әдебиетіміздің өсуіне, қанатын кеңге жайып өркендеуіне, жастардың пісіп-жетілуіне ұлан-асыр тер төкті. Біздің бұл сөзімізді сол бір әдеби жылдарға куә болған бірде-бір адам, анық бір пиғылы басқа біреу болмаса, жоққа шығара алмайды. Әттең, адам жадындағы сөз бен сурет сол сәтінде қара тақтаға жазылған бордай боп айқайлап тұрады да, көп ұзамай сүртіліп кететіні бар. Сол өкінішті. Олай дейтініміз, бүгінде Әбіш Кекілбайұлының сол кездің өзінде-ақ қыруар шаруаның басы-қасында болғанын біреулер айтады да, біреулер біле тұра айтпайды. Не болғанда да, ол өзінің білгір-білімдарлығымен, қай мәселенің де түп-тамырын қопара сөйлеуімен, әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерін жан-жақты меңгеріп игеруімен қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне үлкен ықпал еткенін қадап айтқымыз келеді. Осы орайда сол жылдары Әбіш Кекілбайұлын бізден жақынырақ білетін, не нәрсеге де бұлтақтатпай, әділ баға, дәл жауап бере алатын Герольд Бельгердің: “Кейбір өрекпіме тұрғыластарымыз өзгені тыңдаудан гөрі өзінің ішіне сыймай жүрген ойларын жариялауға асығып жар салып жатса, бұл ерекше байсалды мінезбен бұрын біз естіп білмеген кейбір кітаптар мен авторларды алдымызға көлденең тарта

бастаушы еді, сонда біздің арамыздағы небір даукесбілгіштеріміз де бәсеңсіп қалатын”, – деген сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік. Енді Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық өміріндегі ең басты кезең, жазушылық кезеңі басталды. Мен өз басым Әбіштің прозасымен алғаш рет 1964 жылы “Жұлдыз” журналында жарияланған “Ажар” триптихы арқылы танысқан ем. Әдебиеттегі өзінің орнын әрі ақын, әрі сыншы ретінде белгілеп алған ағамыздың аяқ астынан жазушылыққа ауысып кеткенін көрген біз, алғашында абдырап қалғанымыз рас. Әсіресе, бұл өлең жазатын, жазғандарын сиясы кеберкеппестен, екі күннің бірінде, алдына апарып қаратып жүрген мен сияқты бозөкпеге тіпті де тосын оқиға еді. Алғашқыда жақын ағам, ақын ағам деп жүрген адамым ойда жоқ жерден ірге көтеріп басқа жаққа көшіп кеткендей халде болғаным рас. Ол кезде мен Әбіш Кекілбайұлының өзінің ең құнарлы топырағына тамыр салғанын қайдан білейін. Шағын-шағын үш әңгімеден құралған “Ажарды” бас алмай оқып шықтым. Әрине, авторлық кіріспедегі “Бәрінің де басты қаһарманы — Ажар, тіршілік ажары – әйел. Бомбадан бастап, бейбастақ қалжыңға дейін адамның адамға істейтін қиянатының қай-қайсысына да тәнімен, жанымен, бүкіл болмысымен күйзелетін тек әйел ғана” деген сөздерді шолып шықтық. Үш әңгімені оқып бітіргенде кіріспедегі осы бір шағын пікірдің растығына одан сайын көзің жете түседі. Әсіресе, маған триптихтағы алғашқы әңгіме “Көз жасы” қатты әсер етті. “Таң әлдеқашан атқан. Тор-тор керегенің көзінен ескен тау бойының шық-шыламды салқын лебі жылы көрпеден тұра берген Нұртайдың денесін дір еткізді,” – деп басталатын ол әңгімеден әп дегеннен әлдебір ызғар лебін сезініп, әрі қызыға, әрі құныға оқып шыққаным есімде. Бұл әңгіме — соғыс салған лаңның құрбаны болған әйел тағдыры, ана тағдыры туралы, сондай-ақ қаперсіз өсіп келе жатқан балауса балғынның сүйегіне ғұмыр бойы таңба боп түсер қасіреті жайлы әңгіме. Әңгіме кейіпкері Ажар Құдай қосқан қосағынан өлідей бір айрылып, аз күн болса да, жанына медеу болған

жаннан тірідей екі айрылып, солардың күйініші мен өкінішінің орнын толтырғандай боп қылтиып өсіп келе жатқан көз қуанышы құйтақандай ұлының әлдеқандай оспадар біреудің сұрқия, сұмпайы сөзінен жәбір-жапа шеккенін көріп, мүлде жасып, орнынан тұра алмастай болып омалып отырып қалады. Үміті қырқылып, жарығы сөнгендей болады. Ал, бала тағдыры одан да ауыр. Жанқожаның баласымын деп жүрсе, тіпті де олай емес екен. Жанқожа опат болғаннан кейін туыпты. Оны ожар Сәбиттен есітті. Мына бір үзіндіге көз тоқтата кетейік. «Үн қата алмай сазарып қалған анасының Сәбиттен өшін қайтармайтынын Нартай түсінді. Ертесіне ол тағы мазақтар деп мектепке балалардың ең соңынан кешігіп келді. Класқа кіре бергенде мұғалім: – Неге кешіктің?—деп сұрады. Өңі жылы. Нұртай үндеген жоқ. Мұғалім журналды алды. – Жарайды, атың кім? – Нұртай. – Фамилияң? Нұртай үнсіз. – Фамилияң кім? Көкеңнің атын айта қойсаң болады. Бала жалт бұрылып есікке зыта жөнелді. Мұғалім аң-таң. Нұртайдың столдың үстінде қалып қойған дәптерінің бетінде екі тамшы жас мөлдірейді”. Көз жасы! Бұл көз жасы, енді оның ғұмыр бойы жанын жегідей жеп, тамағына кептеліп өтетін құса жасына айналмақ. Қандай аянышты тағдыр! Әбіш Кекілбайұлы прозадағы өзінің тұңғыш туындылары осы “Ажар” триптихы мен Құрманғазының түрмеден құтылып, еліне жол тартып келе жатқан көңілкүйін суреттеген “Аш бөрі” арқылы-ақ қазақ әдебиетіне жаңа леп, соны серпін әкелген-ді. Көп ұзамай жаңа әңгімелер мен жаңа хикаяттар дүниеге келді. Ол шығармаларында сексен сеңгір, қырық қатпардан тұратын адам жанының ұңғыл-шұңғылына үңіліп, оны бүкіл болмыс-бітімімен әрі бояулы, әрі ажарлы көркемдікпен көрсете білген жас жазушыға деген ілтипат бұрынғыдан да арта түсті. Әсіресе, оның қыртысына түрен түспеген тың жердің құйқасы

аударылған қара топырақтай құнарлы тілі кім-кімді де тәнті еткені сөзсіз. ... Дәл осы жерде шамалы аял етіп, аз ғана шегініс жасағанды жөн көріп отырмын. Өйткені, жазушы деген өзінің шығармаларында тек заман мен уақыт бейнесін жасайтын, сол заман мен уақыт тынысын бойына сіңірген кейіпкерлер сомдайтын ұста ғана емес, сонымен бірге оның өзі де маңдайына жазылған мына тіршіліктің тауқыметін арқалап, қиындығын белшесінен кешіп, оның небір құйтырқы әрекеттері мен амалы көп айлашарғыларын басынан өткізетін, талай-талай тар жол, тайғақ кешулерін, сан-сапат аласапыранды кезеңдерін көретін Өмір деп аталатын ұлы шығарманың кейіпкері ғой. Яғни, Әбіш Кекілбайұлы онсыз да сіңір создырып, жұлын тоздыратын шығармашылықтың азапты бейнетінен басқа, Алла тағаланың пендесі, қоғамның азаматы ретінде мына өмірдің тәлкегін де, тәптішін де аз көрген жоқ... Бір күні “Әбішті армияға алатын болыпты” деген сөз қара күзде теріскейден соққан суық желдей қала ішін сумаңдап аралап кетті. Аң-таңбыз. Бұл қалай болғаны? Жасы болса отызды иектеп қалды. Салт басты, сабау қамшылы адам емес, үйінде балапандай боп аузын ашып отырған шиеттей бала-шағасы, құдай қосқан қосағы, сонау жер түбі Маңғыстаудан ел-жұрттан айырғандай боп алып келген қарт анасы бар. Әп-әжептәуір белді қызметте. Оның үстіне денсаулығы да анау айтқандай керемет емес. Жүрегінде кінәрат бар. Содан да кейінгі кезде денесі толысып кеткен. Оның қара жұмысқа қолапайсыз, дене еңбегіне мүлде жоқ екенін, мылтық түгілі кетпен мен күpекті қалай ұстауды жөнді меңгермеген адам екенін жұрттың бәрі біледі. Әйтеуір қай жағынан алып қарасаң да, ертеден кешке дейін темір тағаның өзін тоздыратын сартылдаған жүріс пен тарсылдаған атысқа жарайтын жан емес. Ондай кісіге күні түсетіндей Кеңес Одағының басына не күн туды екен?! Тепсе темір үзетін, құрыштай берік, қылыштай өткір жігіттер жетерлік емес пе?! Біз бұл жерде таусылғандай болып сөйлемес те едік, егер жұрттың бәрін жаппай алып жатса... Бірақ, олай емес қой. Сол жылдары Кеңес Одағы мен Қытай арасы

әлденеден шиеленісіп, бір-біріне оқ атып, бір-біріне бомба лақтырып жатқан-ды. Ең сұмдығы, Әбішті сол қып-қызыл өрттің, яғни Жоңғар Алатауындағы Жалаңаш көлде болып жатқан қып-қызыл соғыстың ішіне алып кетпек. Енді ғана кемеліне келіп, пісіптолысып келе жатқан, бергенінен берері мол, ел боп, жұрт боп ертеңінен үлкен үміт күтіп отырған, барған сайын жоталанып, тұлғаланып келе жатқан жасты көзапара өлімге айдағанмен бірдей ғой бұл. Сол бір күндері іші қан жылап тұрса да сыртына шығара бермейтін ділі қатты Жұмекен ағамның: “Бұл – Әбіштің өскенін көре алмайтын іші тар біреулердің әдейі жасап отырған қысастығы. Әйтпесе, Әбіштен қандай солдат шығады. Көрмей, білмей отырған жоқ. Отқа, оққа әдейі айдап отыр,” – деп, көзі жасаурап кіжініп, тістеніп сөйлегені әлі көз алдымда. Мұндай күдік-күмән бәріміздің де көкейімізде болған еді. Әсілі, не болғанда да, өзгелерден оқшау көрініп келе жатқан, кеудесі көмбе, талант-дарыны таудай азаматты не жасытып, не мерт етіп жіберудің амалы емес пе екен деген ой біздің ойымыздан әлі де сейіле қойған жоқ... Құдай жарылқап, Әбіш ағамыз оқ астынан аманесен оралды. Қайраттанып, жалданып оралды. Келе сала бірден жұмысқа араласып кетті. Киностудияға бас редактор болып орналасты. Ол істе де абыройсыз болған жоқ... Бірақ ол, неге екенін білмейміз, әскерге неге алғаны туралы да, әскерде болған жылдары жайлы да ақтарылып көп айта бермейтін. Біз де сұрап, шұқшиған емеспіз. Бейне бір, ол әскерде өткерген екі жылында қолына қалам алмағандай, ештеңе жазбағандай болып көрінетін. Сөйтсек, тіпті олай емес екен. Оны біз тек 1999 жылы “Дүниеғапыл” деп аталатын өлеңдер жинағын оқығанда бір-ақ білдік. Оқығаннан–ақ ұққанымыз, сонау бір жылдары біздің көкейімізді жегідей жеп, құрттай кемірген күдік-күмән Әбіштің өзінде де болыпты. Шығандап шыға шауып әп дегеннен Барады дәурен өтіп әттегенмен, Әуелден әуселеңді білгенімде Жүрмес пе ем өзгелердей әктеп өлең.

Өйтпедім, айтқыш деген атаққа аздым, Атақты қияды ма шатақты азғын. Ақиқат іздегіш ең, көріп кел, – деп Жөнелтті жер түбіне, окоп қаздым, – деп күйіне отырып, оны әскерге алудың арғы астарында бір қара ниетті бәлеліктің, сұр жыландай сумаңдаған сұрқиялықтың жатқанынан хабар бергендей болады да, тағы бір өлеңінде: Бұл заман бұл шаңыраққа неге өш болды, Ындыны тоймайтын бір өңеш болды. Отыз жыл ойрандалып келген ордам Оңалып кете алмайтын елес болды. Обыр жыл аударыпты атамды аттан, Қан қасап қақ кеудеден әкемді атқан, Қытайдың қылғып салар бір шабағын Жасамақ жауыз сұмдар мен ақымақтан. Желбеңдеп жел өтінде нем бар еді, Өжеңдеп өсиетіме кім зар еді? Қырқылып қылтасынан келген тұқым Жер басып жүргеніме ділгар еді. Зар илеп ел шетінде шешем қалды, Еңіреп екі бірдей бөпем қалды. Қажаған қағаз, қалам қай саппастың Мен талап алдым екен мүкәммалын! Қиқулап қисыны жоқ мақтан қуған, Есердің мен қайсысын тақтан қуғам? Аузымнан жаздым ба әлде, айтпай кетіп Шатпағын бір дөкейдің шатқан-буған?! Білмедім бұл жаланың түбі қайдан,– Қуалап шықпақ жері қызыл ойран. Жер қазып, ой сапырып жете алмадым, Тоқтайтын медет сұрап бір құдайдан,– деп налиды. Аттың жалы, түйенің қомында жүргенде жазылғандықтан да орындалу жағы олпы-солпылау

бұл өлеңді оқыған жан Әбіштің сол кезеңдегі шермұңын, зар күйін бүкіл тұла бой, жан-жүрегімен зерделеп сезінері сөзсіз. Оның қаншама аласұрып аласапыранды күй кешкенін, қаншама азапты ауыртпалық арқалағанын бүгінгі қауым, әсіресе, жас ұрпақ, біле жүрсін деп бұл өлеңді тұтастай келтіріп отырмыз. Әрине, Әбіш кіл осылай, тіпті “Жыра мен жықпылы көп Жоңғар таудың, Шұрқ-шұрқ тесік қып омырауын, Жаппай қазып шығамыз түн атаулы, Ал күн бойы төпейді қоңыр жауын” десе де мүлде сағы сынып, түңіле мұңайып, дүниеден баз кешкендей біржола қаусап-қажып қалмайды. Ішін алай-дүлей етіп кернеген ашу-ызадан, намыс пен жігерден қайрат пен қуат алып: Ирек ойлар күйреткен күйзеліспен Жан-жағыма жақ ашпай күйгем іштен. Ел шетінде өлсем де биік түсем Тұзақ құрған ізіме сол нәйістен. деп дүр сілкінгендей болады да, Бұлғаңдауды қоямын бұла жастай, Арзымсызға аузымды тұрам ашпай. Зымырандай зырқырап шығам көкке Ракетамен атпаса құламастай, – деп өзіне-өзі анттай берік сөз береді. Әрине, ол Отан басына күн туып, оған жұрттың бәрі бір кісідей болып аттанып жатса бұлай тістеніп, бұлай апшып, ашынып сөйлемес еді. Әңгіме, қаламнан басқа қару ұстап көрмеген адамды біреулердің қасақана қысастықтың қысталаң жолына салып жібергенінде болып тұр ғой... Әлгінде айтып өткендей, ол әскерден қайраттанып, жоталанып келді. Біреулерден кек қайтарам, өшімді алам, кеткен есемнің орнын толтырам деп емес, әрине. Өзі айтқандай, “арзымсыздарға” сөзін қор қылмай, түкке алғысыздарға уақытын босқа сарп етпей, жылмаңдаған жылпостарға ойын да, бойын да алдырмай, бар күш-қуатын ел мен жер алдындағы парызы мен борышын өтеуге, шығармашылыққа сарқып жұмсау үшін. Белін буып, білегін сыбанып, бесті айғырдың қылынан ескен шылбырдай ширатыла ширығып келген ол көп ұзамай-ақ жаңа дүниелерін бере бастады. Сол шығармаларымен ол қазақ әдебиетінің жаңа ендік-

бойлықтарын, бұрын-соңды түрен түспеген тың өрістерін, бізге белгісіз тосын параметрлерін ашты. Яғни, атақты “Дала балладалары” дүниеге келді. Біздің пайымдауымызша, Әбіш Кекілбайұлының прозасы, шартты түрде тақырыптап жіктесек, кесеккесек үш кезеңнен тұрады. Олар: аңызәңгімелер, бүгінгі заман және нақты тарихи тақырыптар. Сөз жоқ, Әбіш Кекілбайұлын қазақ әдебиетіндегі бітім-болмысы ерек, тамыр салған топырағы өзгелерден бөлек жазушы етіп танытқан да, алдымен Кеңес Одағы оқырмандарының назарына, одан әрі әлемдік аренаға алып шыққан да аңыз-әңгімелер негізінде туындаған осы “Дала балладалары” дер едік. Қандай бір аңыздың болмасын өзегінде тіндей созылып лүпілдеп соғып тұрған шындық жататыны сөзсіз. Бір кездегі белгілі бір шын оқиғаның ауыздан ауызға, елден елге көшіп, ғасырдан ғасыр қуалап, сол ұзақ сапарда жол-жөнекей қырық құбылып, сексен сыланып тұрған талай қиял әлемінің алқасын тағынып, жасауына малынып шыға келгенде, оның туған жері көмескіленіп, шыққан тегі бұлдыр тартып кететіні, бара-бара аңызға айналатыны рас. Әбіш Кекілбайұлы, міне, осы аңыз-әңгімелердің өзегіндегі қан тамырдай лүпілдеп соғып тұрған тіндей шындықты ұстайды да, оны тұмшалап, тұмандандырып тұрған артық элементтерден ажыратып, аршып алады. Яғни, қиял әлемінің алқасын тағынып, жасауына малынып тұрған шындықты шешіндіріп, оның басына реализмнің тер сіңген, күн жеген малма тұмағын, иығына реализмнің шекпенін жабады. Яғни, оның өзегіндегі тіндей созылған шындықты қиялдың қанатты атынан түсіріп, өзінің тортөбеліне қайта отырғызады. Енді оның Әбіш қаламының құдіретімен қалыпты, қарапайым, бірақ көркем өмірі басталады. Мұның бәрі, әрине, айтуға ғана жеңіл болғанымен, үлкен талант қуаты мен табандылықты, мол зерде мен білімпаздықты талап ететін шығармашылық процесс. Әрине, Әбіш Кекілбайұлының жазушылық ерекшелігі – қиял қанатына мініп, аспандап кеткен шындықты қалыпты өмірге қайта түсіруінде ғана емес, оның жазушылық сипатының басты ерекшелігін, ең алдымен, өткен заманның әдет-ғұрпын, тіршілікқарекетін, философиясын, пси хологиясын, ой-санасын,

болмыс-бітімін бүгінгі осы заманның ортақ моралі мен этикасы негізінде қарастырып, бүкіл адамзат баласын толғандырып отырған ортақ мәселелер көтеруінен іздеген дұрыс. Оның шығармаларының өн бойындағы тайталас-тартысқа түсіп жатқан жамандық пен жақсылық, сүйіспеншілік пен зұлымдық ғасырлар қойнауындағы тарих сахнасында емес, бүгінгі күн сахнасында жүріп жатқандай әсер қалдырады. Әбіш Кекілбайұлының бұл кезеңдегі жұрттың бәрін өзіне жалт қаратқан туындысы алғаш рет “Жұлдыз” журналында жарияланған “Күй” хикаясы болды. Ол хикаяға қанаттас, қандас екі ел арасындағы өліспей беріспейтін өшпенділік арқау болған. Ол өшпенділіктің неден тұтанып, неден басталғанын ешкім де дәл атап, ешкім де дәл түстеп бере алмайды. Улы тамыры тереңге жайылып кеткен қатал да қаныпезер ондай өшпенділік құрсағынан кегім бар, есем кетті деп, шеңбелімен қан уыстап жауыздық қана тумақ. Сол өшпенділік уытын қанына сіңірген, өз елін қорғауды, ең алдымен, өзге елді қорлау деп ұғатын Жөнейт, Дүйімқаралар дүниедегі не нәрсені болсын қылыштың жүзі, найзаның ұшымен сөйлесетін Жауыздық қана шеше алады деп ойлайды. Олар өз елін ықтырып, өзгені бұқтырып тұратын күш тек Озбырлық пен Өктемдік деп біледі. Сөйтсе, жауыздық тек өзге елді қырып, тек өзге елдің шаңырағын ортасына түсіріп қоймайды екен. Ол сонымен бірге өз елін де обып, өз елін де жалмап, өз елінің де шаңырағын ортасына түсіретін аранды аждаһа екен. Мұны Жөнейт көрер көзге қораш қаршығадай ғана домбырашының бітім мен бірлікке шақырған күйін тыңдағанда барып сезінгендей болады. Сол тартылған күй көкірегін өшпенділік пен кек жайлаған Жөнейттің бүкіл ішкі әлемін астан-кестен етті. Бірақ, ол күй әсерінен пайда болған өз бойындағы ол құбылысты бірден елеп, екшей алмады. Кесім айтылды, үкім орындалды. Күйшіні айдалаға апарып басын ғана қылтитып тірідей көміп тастады. Бірақ Жөнейт күйшіден құтылғанмен күй рухынан құтыла алмады. Енді күй рухы Жөнейтпен жекпе-жек қалды. Ақыры сол күй рухы Жөнейтті опат етті де, оның ұрпағы Құрбанға қару емес, дутар ұстатты. Жалаңдаған Жауыздық пен өршіген Өшпенділік

адам айтқысыз, жантүршігерлік қатыгездікті ғана тудырады. Дүйімқараның Көкбөріні опырылып құлаған көне көрге аяққолын байлап тірідей лақтырып жіберуі, Жөнейттің күйшіні айдалаға басын ғана қылтитып көміп тастауы... Сондай-ақ қолға түскен тұтқындарды мәңгүртке айналдыру процесі – кім-кімнің болсын төбе құйқасын шымырлатар, етін езіп, сүйегін сырқыратар ауыр эпизод. Енді ол мәңгүрттер шыққан тегін де, түптамырын да, туған жер,туған елін де білмейді. Естен, санадан, ақылынан айырылып, мәңгіп қалған құр сұлбалар. Жалпы, бүгінгі таңда бүкіл әлемдік рухани айналысқа түсіп кеткен мәңгүртизмді ең алғаш дүниеге келтірген, сөз жоқ, Әбіш Кекілбайұлы. Оған ешкімнің де дауы болмаса керек. Кезінде “Күй” хикаясы қазақ әдебиетінде құбылыс ретінде танылды да, іле-шала әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Қадірлі деген әдеби орталарда үлкен резонанс тудырды. Мәселен, көрнекті сыншы Л. Теракопян былай деп жазды: “Өткен өмірдің көне беттерін аша отырып, тарихи шындықтан ауытқымаса да, Әбіш Кекілбаевтың бұл повесі бүгінгі күннің көкейтесті мәселелеріне жауап береді. Бұл шығарма адам бойындағы творчестволық бастау көзін, өзінше ойлау құқын әспеттейді”, – десе, белгілі неміс сыншысы Герберт Кремпиен: “Адайлар мен түркмендер арасында жүздеген жылдарға созылған алауыздықтан хабардар ететін осы оқиғалар көшпенді халықтарда бұрын тарих болмады деген қауесетті жоққа шығарады, мұндай қауесет бұрын қазақтарға да таңылып келген еді... Сонымен қатар, Орта Азия даласында өткен кішігірім қақтығысты суреттеу арқылы үлкен қоғамдық мәні бар, гуманистік мәні бар хикая жазуға болатынын дәлелдейді. Қазақ жазушысы ертедегі ұлттық тарихқа үңілсе де, бүгінгі заманда, мысалы, Африка халықтары үшін айрықша мәні бар өте көкейтесті мәселелерді қозғайды”. Екі сыншы да осы сөздерімен-ақ “Күйді” әлемдік, адамзаттық деңгейдегі мәселелерді қозғаған қарымды шығарма екенін көрсетіп беріп отырған жоқ па?! Сондай-ақ көлемі жағынан шап-шағын, ал көтерер мәселесі қара нарды қайыстырардай, “Шыңырау”

хикаясындағы астарлы, ауқымды ой қандай! Жалпы, Ә.Кекілбайұлы шығармаларының қуаты мен күші астарында жатады. Сондықтан Әбіш туындыларындағы айтылар ой мен көтерілер мәселені астарынан іздеген дұрыс. Амал не, көбіміз-ақ Әбіш шығармаларының сыртқы мәтінін оқимыз да, оның астары мен тереңін оқи бермейміз. Содан барып өз тайыздығымызды көрмей “ауыр жазады” деп авторды орынсыз күстаналап жататынымыз бар. Ал, шынында, Әбіш шығармаларын оқу үшін, оны қорыту үшін біраз дайындық керек. Сонымен бірге оның шығармалары өз оқушыларынан үстірт қызығып оқуды емес, зерттеп үңіліп, таратыптанып оқуды талап етеді. Сонымен “Шыңыраудағы” бейнетқор құдықшы Еңсеп ес біліп, етек жиғалы бері жапан дала, шөлді аймақты мекен еткен елде жер қазып, су шығарып еңбек етті.Талғап жұтар бір тамшы суға зар болып, таңдайы кеуіп отырған елдің мейірін қандыратын талай-талай күмпілдеген шыңыраулар қазып берді. Сол аймақтағы теңдессіз құдықшы атанды. Бірақ, оның азап пен бейнетке толы өмірі ескеріліп, еленіп, бағаланды ма? Жоқ. Қайта мазақ пен келекеге айналды. Аяққа басылды. Бірақ, сонда да ол өз өмірін құрбан етіп, аса бір жанқияр жанкештілікпен сол өңірде жоқ, ғұмыры сарқылу дегенді білмейтін ең терең шыңырау қазып, өз Өнерін асқақ етіп кетті.Сол үшін де аяй отырып, оны мақтан тұтасың! Өйткені, оның өзі өлсе де, өнері өлген жоқ. Өнері ертеңге таусылмас қазына, мәңгілік мұра боп қалды. Ол көтерген бүгінгі күннің көкейкесті мәселелері сол біз айтып отырған астарлы ой мен сол астарлы қуаттан танылып, таралады. “Бәсеке” хикаясында асылын аяқ асты етіп тынған қызғаныш қарастырылса, “Ханша дария хикаясында” өзінің елі мен жерінің кеткен кегі үшін, намысы үшін қанқұйлы қаныпезердің алдында да иілуді білмейтін адам жанының асқақтығы жырланады... “Дала балладаларының” заңды жалғасы болып табылатын “Аңыздың ақыры” романы да өзінің тұтас кесектігімен, масштабтылығымен, әрі терең, әрі биіктігімен айрықша орын алады. Бұл роман – аса күрделі, қатпар-қатпарлардан тұратын философиялық, психологиялық шығарма. Ол тартысты ішкі

монологтармен, сана ағымы әдісімен жазылған. Адам жанының түкпір-түкпірінде болып жататын небір құпия құбылыстарын, ағысты иірімдерін жан-жақты ашып көрсетуге тиімді бұл тәсілді Әбіш өте сәтті пайдалана білген. Роман кейіпкері ұлы Әмірші де күні кеше ғана қатардағы қарапайым жан болған. Ол да мына өмірдегі жұмыр басты пенденің бәрі сияқты талай-талай кезең, талай-талай асулардан өткен. Қиналған, құқай көрген, қуғын-сүргінге түскен. Бірақ, ол аса айлалы, аса ақылды еді. Содан да ол өзгелерден ақылын да, айласын да асыра білді. Аңдысқандардың бәрін торға да түсіре білді, орға да құлата білді. Бәрін жеңді. Ақыры жарты әлемді алдына жығып, аузына қаратқан Әміршіге айналды. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын, аузын айға білеген шексіз биліктің делбесін қолына ұстады. Асты, тасыды. Бара-бара ол қол астындағы бүкіл елді өзінің құлақ кесті құлындай көретін болды. Қорқыныштың құшағында, үрейдің құрсауында ұстады. Әділдік деген менің жарлығым, менің үкімім деп білді. Жорықтан жорыққа барып, жеңістен-жеңіске жеткен сайын ол бұрынғыдан да айбарлана, бұрынғыдан да қаһарлана түсті. Қанағат дегенді де, шүкіршілік дегенді де мүлде естен шығарды. Араны барған сайын ашылып, құлқыны тойымсыз құрдымға айналды. Көкірегін менмендік пен тәкаппар астамшылық жайлады. Әрине, Әбіш өз кейіпкерін тек қана қанқұйлы қаныпезер етіп, оған қара бояуды баттастырып жаға бермейді. Оның да ет пен сүйектен жаралған жан екенін, оның да опық жеп опынып қалатын сәттері болып тұратынын, әрі нақты, әрі нанымды детальдармен сәтті көрсетіп отырады. Оның жаны аса күрделі. Оның кезекті қаһарлы қатыгездігі тағы да қандай азап пен сор әкелетінін білмей бір дал болсаңыз, оның зұлымдығы мен қулығының да сондай түпсіз тұңғиық екеніне, оған құрық та, сырық та бойламайтынын көріп, тағы да таңғаласыз. Бұл дүниенің ұңғыл-шұңғылына әбден қанық, оның түкпір-түкпірін пайымымен адақтап шыққан ол, ненің не екенін біле тұра, мейірімді жан қалауын емес, өктем де қатал билік қалауын жасайды. «Кісіге ісің түскеннен артық қорлық бар ма? Өзі де сол дүниеде кіріптарлықтан асқан

қорлық жоғын біліп, қаршадайынан билікке таласпап па еді? Сол үшін талай рет ажалдың алдына барып қайтпап па еді. Оның ешқайсысын осы кезге дейін ұмытқан жоқ. Әлі күнге дейін сол есіне түскенде шор боп біткен әлдебір ескі жарасы сыздап, сүйек-сүйегінің бәрі сырқырап қоя береді. Бірақ, кіріптарлықтан, құлдық ұрғаннан өз басы аза бойы қаза бола тұра, алдына келген қайсы монтаны бастың мүддесін түсініп көрген еді, қайсысына шындап көңілі құлап еді”. Оның шын болмыс-бітімі осы жолдардан анық көрініп тұрған жоқ па?! Өзі кіріптарлық пен құлдық табиғатын терең түсіне тұрып, оның қорлық екенін ұға отырып, бірақ басқаларды құл-құтан, кіріптар етіп ұстауды жаны қалайды. Өйткені, оның өзі – өктем биліктің құлы. Енді Әміршінің шексіз билік құлдығынан құтылуға дәрмені де, пәрмені де жетпейді. Бұл—тағымнан айрылсам бағымнан да, барымнан да айрылам деп ойлайтын бүкіл билікқұмарлардың трагедиясы! Әмірші алыс жорыққа аттанған кезде жас ханым оның қайтар кезіне дейін көңіл мен көзді қатар арбайтын, аңсар сағыныштың куәсіндей, зеңгір көкке қол созып тұрған ғажайып сұлу мұнара салдырмақ болады да, іске кірісіп кетеді. Күндердің күнінде көк мұнараны қалап жатқан жас шебердің жас ханымға көзі түсіп, оған өлердей ғашық боп қалады. Мұның бұл сезімі аса қауіпті, қатерлі екенін, түптің түбінде басын жалмап, жұтып қоюы кәдік екенін біле тұра, ол өз сезімінен бас тарта алмайды. Қайта, күн өткен сайын желді күнгі өрттей өршіп, ерік-жігерін алып, бұрынғыдан да күшейе түседі. Жас ханым оны бұл оспадар қылығынан арылтпақ болып оған ең сұлу, ең ажарлы күңін сыйға тартпақ болады. Бірақ, одан да ештеңе өнбейді. Енді оның қалап жатқан мұнарасы алыстан қол созып шақырып тұрған сағыныш мұнарасы емес, хас шебердің жас ханымға деген аңсар сезімінен өрілген Махаббат мұнарасына айналып бара жатады. Ақыры көгілжім аспанға тік өрлеп көтеріліп бара жатқан мұнара өруді тоқтатып, өзінің жүрек қалауын табандап талап етіп тұрып алған ұлы махаббат тегеурініне шыдай алмаған жас ханымның көкірегіне де құрт түседі. Ол құрт ақыр соңында Үлкен ханымның Әміршіге ишаралап көрсеткен алма ішіндегі, сонан кейін Әміршінің бүкіл

ақыл-ойын, есі мен санасын күні-түні кемірген құртқа айналады. Жарты әлемді жатқызып-өргізіп, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған қаһарлы Әмірші ұстасаң үгітіліп кетердей үлбіреген гүлдей әлсіз, тисең үзіліп кетердей дірілдеген тіндей нәзік жас ханымның жүрегіне билігін жүргізе алмай, бір оң жақтан, бір сол жақтан ұйтқып соғатын желдей алағай да бұлағай күй кешеді. Енді ол үшін мына дүние – “құлыпсыз түрме”, ал өзі – сол дүниенің “кісенсіз тұтқыны”. Одан құтылар, одан шығар жол бар ма?.. Әмірші қаншама айлалы, қаншама ақылды, қаншама сұңғыла болғанымен жанын жегідей жеп, жебірдей кемірген дәл осы сұрақтарға жауап таба алмай ойы он саққа, санасы сан саққа жүгіріп сансыраған хал кешеді. Әр қимыл, әр сөзін бағып отырған анталаған көз бен сәл қияс басса қураған қауға тигендей лау еткелі тұрған сөздің алдын алу үшін бас сәулетшіні өзі салған зынданға (одан басқа оның өнер туындысы жоқ) тастап, жас шебердің көзін ойып, тілін қырқады. Санасын сарсылтып, жанын обырдай обып жатқан ойлардан құтылам деп ойлағандықтан осылай істейді. Бірақ, құтыла алмайды. Өрмекшінің торындай шым-шытырық өз ойына өзі бұрынғыдан бетер шырматыла түседі. Әмірші өзінің күн өткен сайын іргесі қақырап, басынан бағы тайып бара жатқанын сезе тұра, махаббатқа ешқандай әмір жүрмейтінін, өнерді қандай бір қатыгездік те жеңе алмайтынын ұға алмады. Махаббат пен Өнерге қол көтерген жан түптің түбінде сол Махаббат пен Өнердің зауалын тартып, киесіне ұшырайтынын сезбеді. Өйткені, Махаббат пен Өнерде халық рухы ұя салған. Ал, халық рухын қандай бір қаһарлы, қандай бір қанқұйлы күш те құлатып, күйрете алмақ емес. Оларды күйретіп құрдымға жіберем дегендердің бәрі де, өздері күйреп, өздері құрдымға кетпек. Бұл жазылмаған заңдылық. Осы заңдылық тағы да үстемдік етті. Яғни, төрткүл дүниені табанының астына басқан Әміршінің қаһарынан Махаббат пен Өнердің рухты киесі, қаншама қорлықтың қанды шеңгеліне түсіп, зорлықтың табанына тапталса да, әлдеқайда зор, әлдеқайда қуатты болып шықты. Махаббат пен Өнерге, яғни халықтың рухына жасалынған ол қорлық пен

зорлық, ақырында оны есінен шатастырып, ақылынан айырды... Бірде көзін ашып жан-жағына қараса, “күллі дүниені “Барар жерің бәрібір жердің асты” деген шимай жазу қаптап кетіпті... Ол тағы көзін ашты. Төбесінен қарақоңыр күңгірт бірдеңе төніп тұрды. Бірақ, Әмірші бұл жолы өзінің үйреншікті алтын, атлас шатырында жатқанын, әлде баяғыда өзі салдырған тас зынданда жатқанын анық ажырата алмады”. Қаһарлы өктем деспот пен қатыгез диктатордың өмірі осылай аяқталмақ. Қанқұйлы ісінің зауалын тартып, халық рухының киесіне ұшырамақ. Әбіш Кекілбайұлы өзінің айтар ой, көтерер мәселесіне материал етіп аңызәңгімелерді неге таңдап алды деген сұрау тууы әбден мүмкін. Біздің пайымдауымызша, автор аңыз-әпсаналарды есіліп те, көсіліп те жазуыңа көне беретін, бір жерін алып, екінші жеріне қосып сөйлесең де ешкім келіп барын барлап, жоғын жоқтап жатпайтын қызықты хикаялар деп емес, керісінше, ол аңыз-әпсаналарда халықтың арман-ойы, үміті, тілегі ұялаған, халықтың тарихи тәжірибелері жинақталған, ең бастысы, оның өн бойында сол белгілі халықтың ғасырлар бойы қадірлеп, қастерлеп келген Рухы жатыр деп біледі. Сол “көне” Рух лебімен бүгінгі оқырман жанына мәңгі өлмес намыс пен жігер, парасат пен пайым шоғын үрлеп тұтандырғысы келеді. Сол арқылы уақыт байланысы мен ұрпақ сабақтастығын орнықтыруды қалайды. Әбіш Кекілбайұлының аңызәңгімелерге барудағы көп мақсатының бір мақсаты осында жатыр деп білеміз. Ешқандай асырып та, жасырып та сөйлемей, шындығын айтар болсақ, Әбіш Кекілбайұлының тарихи тақырыпқа жазылған бұл шығармалары тек қазақ әдебиетінде ғана емес, кезіндегі Одақ көлемінде де, шет ел әдебиеті деңгейінде де елеулі оқиға болды деп айта аламыз. Бұл ретте заманымыздың ұлы суреткері Шыңғыс Айтматовтың: “Талантты қазақ прозаигі Әбіш Kекілбаев мифологиялық системалар мен структураларды игеру арқылы өткен мен бүгіннің маңызды мәселелерін қозғай білген. Бұл кітап ойшылдықтың жоғары сатысынан қарағанда да, аңыз-әңгімелер мен бүгінгі күннің, өткен мен бүгінгі күн тәжірибесінің қорытпасы, осы компоненттердің

барлығы (әрине, мұның ішінде прозаиктің таланты да бар) қосыла келе, біздің пікірімізше, бұл шығармалардың мазмұнын ғана байытып қоймай оның көркемдік қасиетін де арттыра түскен”, – деген сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік. Ал, классик жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов осы “Дала балладалары” туралы ойын былай түйеді: “Ол өзінің шығармаларында атақты тұлғалар есімін саудаға салмайды. Ол халқының өткен тұрмысын әспеттеу, әйтпесе мансұқ ету секілді мінезден де аулақ. Адам өмірінің әлеуметтік сырсипаттарын философиялық, психологиялық тұрғыдан терең көрсетуі бұл повестердің шыншылдық қасиетін ерекше көтере түскен”. Осы дүниелерден кейін Ә. Кекілбайұлы арқауы бүгінгі күн тақырыптарынан өрілген, мүсінді де келісті бірқатар, негізінен, жеке адамдардың жан-дүниесіне бойлап, жан-жақты үңіле отырып, қоғамдық мән мен әлеуметтік сипатқа ие мәселелерді қозғауды мұрат еткен туындылар жазды. Ол шығармаларында Әбіш, ең алдымен, адам бойындағы игі жақсылық пен келеңсіз, кесірлі құбылыстардың тегін қарастырып, оны тудыратын қозғаушы құбылыстардың түп-тамырын танып-табуға күш салған. Адамның қоғам, ел алдындағы, өзінің отбасы алдындағы, ары мен ожданы алдындағы жауапкершілігін барынша терең сезіну керектігін дәйекті көркем сүзгіден өткізген. Кім де кім өзінің жер үстіндегі адамдық миссиясын адал атқарса, әмәнда сол адамның мерейі үстем, мәртебесі биік, кім де кім өзінің қарапайым ғана қағидаларға құрылған адамдық миссиясын естен шығарып, адамдықтың адал жібін аттап кетті ме, онда ол ел, жер алдында, бүкіл тіршілік атаулының алдында кінәлі. Жазушының бұл топтама шығармалары да көп мәнді ашып, көп гәпті тарқатады. Ол топтаманы айтқанда, сөз жоқ, алдымен ауызға ілігері бірінен соң бірі дүниеге келген “Көлденең көк атты”, “Тасбақаның шөбі”, “Керек адам”, “Міне, керемет”, “Ақырғы аялдама” әңгімелері мен “Бір шөкім бұлт”, “Бәйгеторы”, “Құс қанаты”, “Шеткері үй”, “Бір шоқ жиде” хикаялары дер едік. Бұл әңгіме-хикаялардағы кейіпкерлердің дені дерлік қарапайым, өзіміз өмірде күнде көріп жүрген қатардағы жандар. Әрине, олардың өскен әлеуметтік

орталары да, мінез-құлықтары да, болмыс-бітімдері де, қоғаммен және адаммен қарым-қатынастары да әр қилы, әр түрлі. Міне, жазушы осындай сан қилы, сан түрлі тағдырлардың ішкі жан-дүниесіне зер сала үңіліп, оларды харекет үстінде, ісі мен күнделікті тіршілігінде болып жататын процесс арқылы адамдық бітімін, кісілік болмысын ашады. Мәселен “Тасбақаның шөбі” деп аталатын әңгі месін алайықшы. Әңгімедегі Қарабала мен Оңбай екеуі бір жерде кіндік қандары тамған, бір ауылда тай-құлындай тебісіп өскен, құрдас десең құрдас, ағайын десең ағайын. Бірақ, солай бола тұра, екеуі екі басқа. Мақсатмұраттары да, өмірге деген көзқарастары да екі бөлек. Соғысқа барып бір аяғын беріп қайтқан, туғаннан екі иінін жұлып жеп, айқасқанмен айқасып, шайқасқанмен шайқасып, ел ісіне ерте араласып, соның арқасында билікке де тезірек қол жеткізіп, біршама уақыт тіпті абырой-беделге де ие боп, ал одан шеттеп қалғанда бәрінің апшысын қуырып, дүниеге өзі де сыймай, жұртты да сыйғызбай, анамен бір тартысып, мынамен екі тартысып, тек өзі ғана аппақ, қалғанының бәрін қара көретін шәлкес мінезді жан. Оның бұл өңірде ұстаспаған, шатаспаған адамы жоқ. Оңбайдың, әсіресе, бастықтармен жаны қас. Өйткені, ол өзінің жолының болмай қалғанын да, шегеріліп шеттеп қалғанын да солардан көреді. Ал Қарабала болса, кезінде сабақты да мандытып оқымаған, ғұмыр бойы Оңбайдың көлеңкесіндей болып қасына еріп, оны арқа тұтатын, оның айтқанының бәрі жөн, істегенінің бәрін дұрыс деп білетін, басқа жұртпен жұмысы жоқ, біреуге жақсылық жасаса да жақсылық жасадым-ау деп ойламайтын, еткен еңбегін еш уақытта бұлдап көрмеген, аудан орталығына да бірақ рет барған, жарамсыз боп соғысқа алынбаған, бар өмірі қара төс пен қара балғаның солқылы мен шыңылы астында өткен қарапайым жан. Күндердің күнінде Оңбайдың соғыстан алған ескі жарасы қозып, төсек тартып жатып қалады да, Қарабалаға құрдастығын бір, ағайындығын екі салып жоғарыдағы бастықтарға барып, соғыс мүгедегі ретінде маған машина сұра деп қолқа салады. Әрине, ол машинаны өзі де талай-талай сұраған, бірақ ала алмаған. Ол жұмысқа

Қарабаланы жегіп отырғаны – жоғарыда қандай кісәпір адамдардың жүргеніне оның да көзін жеткізіп масаттану, екіншіден, алдын ала біліп отырғанындай, жұмыс тындыра алмай келетін Қарабаланы кекетіп, мұқатып масайрау. Бірақ, Оңбайдың жымысқы екі мақсаты да орындалмады. Қарабала өзінің бір кездегі ел адындағы бейнетқорлығы мен адамдарға жасаған қайырымдылығының арқасында бар шаруаны оп-оңай шешіп қайтты. Ол, тіпті, бұл шаруаның шаршатыпшалдықтырмай оп-оңай оңтайына келе қалғанын өзінің бір кездегі жасаған жақсылықтарының арқасы деп ойламайды да. Жолының болғанын ауданға бара жатқанда шалқасынан үйелеп жатқан тасбақаны аударып сап, аузындағы шөпті ырым етіп алғанынан көреді. Қайран, ырымшыл қазақы қарапайымдылық-ай! Бұл әңгімеде автор жасаған жақсылығы үшін титімдей де не алғыс, не қолпаш тілемейтін адам жанының жомарттығын паш етеді. “Көлденең көк атты” әңгімесі Самат деген жауынгердің өзінің командирі Ахаттың майданда қалай опат болғанын үйіне естірту үшін алыс жолға аттанғанынан басталады. Оның қандай тапсырманы да тапжылтпай орындайтын қатаң тәртіптің адамы екенін “Көлік күтіп бір күн жатыпты — кезiкпепті, екі күн жатыпты — кезікпепті, үш күн жатыпты—кезікпепті. Төртінші күн – жаяулатып тартып кетіпті” деген сөздерден-ақ байқауға болады. Командирінің қазасын естіртуге барған Самат сол үйде қалып қояды. Тұла бойы тәртіп пен тазалықтан тұратын ол бел шешіп, білек сыбанып жүріп жұмыс істейді. Бірақ, кеше ғана қан майданда қайтпас қайсарлық көрсете білген, мейірімі мен қайырымы мол, кеше ғана жауды жеңіп қайтқан жан, енді бүгін ғұмырын ауырдың асты, жеңілдің үстімен өткізген Жаныс зымиянның айласы мен амалынан жеңіліс табады. Әбіш Кекілбайұлы келесі әңгімелерінің бір парасында қоғам мен адам бойын жайлап бара жатқан мерезді құбылыстар мен кеселді дерттерді арқау еткен. Ол әңгімелер, негізінен, әлеуметтік-психологиялық

әңгімелер болып табылады. Мәселен, “Міне, кереметті” қараңыз. Екі жақтан бір-біріне қарсы шыққан ұшқыр пойыз бір үлкен тораптық станцияға келіп түйіседі де, екі орынды жұмсақ вагонда келе жатқан екі азамат перронға шығады. Қасына ерткен жұбайлары, балашағаларымен қауын қарап келе жатып, бір-бірімен ойда, жоқта кездесе қалады да: “Міне, керемет!”– деп қуана құшақтарын ашып мәре-сәре болады. Шынында да, сырт қараған жанға бір-біріне деген ынта-ықыласы керемет-ақ. Солай болуға тиісті де! Өйткені, жастық шағын, студент кездерін бірге өткізген, бірге тұрған. Содан да бір-біріне өліп-өшкен пейіл-ниеттерінде титімдей де кінәрат жоқ. Жарасымды-ақ. Бірақ... Екеуі бала-шағаларымен өз вагондарына қайта жайғасып, бір-бірі туралы ойлағаннан-ақ әлгі ақ пейіл, ақ ниеттен жұрнақ та қалмайды. “Өзі олай боп еткен екен, бұлай боп кеткен екен, қалай өсіп кеткен, шамасы жоғарыда бір тірегі болды-ау деп, дүние-мүлік те жинап үлгеріпті, анаусы бар екен, мынаусы бар екен, аузының салымы бар екен, әйелді де соққан екен деп” бір-бірін іштей күстаналай бастайды. Екеуінің қызметтері екі бөлек, бір-бірімен ешқандай қарым-қатынастары да жоқ, солай бола тұра бір-бірін күндеп, қызғаныштың қызыл итіне таланып бара жатады. Сол баяғы бақастық, сол баяғы іштарлық, сол баяғы көреалмаушылық, сол баяғы бақталастық! Автор осы бір сұрқия, зымиян мінезқұлықтарды шағын ішкі монологтар арқылы шебер бере білген. Сондай-ақ “Керек адамда” ә дегенде аңқылдаған жайдары, жарқылдаған жайсаң жан болып көрінетін Ержановтың жағымпаздық пен жарамсақтықтың небір айла-тәсілдерін меңгерген, әрі құбылмалы, әрі жытқыр бола тұра “керек адамның” көңілін табам деп жүріп рухани құлдырап, өзінің адал төсегін де арамдатып, кісілік келбет пен адамдық болмыстан жұрдай болған жанның болмыс-бітімін ашып көрсетсе, “Ақырғы аялдамада” алған ілімбілімі де, қабілет-қарымы да, мүмкіндігі де көп адамнан ілгері бола тұра, бірақ ол ілімбілімін, қабілет-қарымы мен мүмкіндігін ойына алған мақсат жолына пайдалана алмайтын, белді бекем буып нар тәуекел ете алмайтын жалтақ, үргелек, содан

барып иненің көзінен өтіп кететін жылпос біреулерге жем боп, ғұмырын өзінен әлдеқайда төмен адамдарға қызмет көрсетумен өткізіп келе жатқан, тіпті махаббат үшін күресуге қажыр-қайраты жоқ дәрменсіз адам туралы сыр шертеді. Осы екі әңгімені оқып отырып бір-біріне қарамақайшы, кереғар, екі ұдай аяушылық сезімде қалатының анық. Біреуін мүсіркеп, екіншісін есіркеп аяйсың. Осы және басқа да әңгімелерін парақтап қарап отырып Әбіш Кекілбайұлының әрі қысқалықты, әрі нұсқалықты талап ететін әңгіме жанрының хас шебері екенін байқап, бағалауға әбден болады. Оның “Құс қанаты”, “Бір шоқ жиде”, “Шеткері үй” хикаялары да адам болмысының терең қатпарларына үңілуімен, олардың тағдырталайымының соншалықты күрделі, соншалықты күрмеулі екенін көрсете білуімен жұртшылық көңілін жаулап алған шығармалар деп білеміз. Бұл үш шығарманың үшеуінің кейіпкерлері де соғыстың өртіне шарпылып, ызғарына тоңған кейіпкерлер. Бұл жағынан ұқсас. Бірақ, ол кейіпкерлердің тағдырлары бір-біріне мүлде ұқсамайтын үш тарапқа тартылған жолмен дамиды. “Шеткері үйдегі” ажарлы, көрікті қыз Зуһра ғұмыр бойы есеп-қисаппен өмір сүрген саудагердің үйінде дүниеге келген. Содан да олар тал шыбықтай таралып желкілдеп өсіп келе жатқан қызының да тағдырын есеп-қисаппен шешеміз деп ойлайды. Ешқандай, не құлқы, не ынтасы болмаса да олардың Зуһраны комсомол жиналыстарына қайта-қайта жіберулері, сол құрғыр құр есептен туған. Олар бірде келісіп, бірде керілдесіп қызылкеңірдек боп жататын бүгінгі комсомол жетекшілерінен күні ертең-ақ жұртты аузына қаратар, жалғанды жалпағынан басар ортаң қолдай бір-бір лауазым иелері болып шыға келетінін жақсы біледі. Шынында да, бұл тұрғыдан келгенде, тіпті де жаңылысып тұрған жоқ: ертең-ақ мен деген дыңдай бір жігіттің етегінен ұстайды. Бірақ, бұл қу тағдыр сенің сартылдатып салған есеп-шотыңа көнсін бе?! Оның өз есебі, өз жолы бар... Көп ұзамай енді ғана көзге түсіп, ауызға іліге бастаған күйеуі бауырына бір бала құшақтатып соғысқа кетеді. Ол бала әке-шешесінің қолында қалады да, ал өзі олардан бөлек, шеткері бір

үйде сыбай-салтаң өмір сүреді. Бара-бара ол көзі түскен жанның көзін қарықтырар сыланып-таранған тоты құстай келіншекке айналады. Енді (тағы да!) шешесінің есепқисапқа толы ақылымен бағы озық еркек іздеп, аяғына оралғы болмас үшін жалғыз баласын қиыр алыстағы әскери оқуға жібереді. Сол сол-ақ екен, енді ол тағат та таппайды, тоят та таппайды. Бір қызықтан соң бір қызық, бір еркектен соң бір еркек. Мұны еркек ермек қылса, бұл еркекті ермек етеді. Енді бұған алыста жүрген жар дегенде жалғыз баласынан гөрі үй күзететін ит жақын. Ол тек өзінің көркі мен ажарын ғана қызықтайды. Көрік-ажарыммен кез келген еркекті ерттеп мініп, құрдай жорғалатып қоям деп ойлайды. Көбіне, солай болады да! Мақсатсыз, мәнсіз, мағынасыз өмір! Бірақ ол, ең өкініштісі, ғұмырының соңына дейін өзінің мақсатсыз, мәнсіз, мағынасыз өмір сүріп жүргенін білмей өтеді... Сонымен мына жер үстіне жел қуалаған бір ебелек келді де, бір ебелек кетті... Адамның өзін-өзі осыншалықты тәлкек етіп, өзінөзі осыншалықты ойыншыққа айналдырып, өзін-өзі осыншалықты талан-таражға салғанына әрі күйінесің, әрі налисың. Ал, “Құс қанатындағы” бүгінде үлкен кейуанаға айналған қара кемпірдің бүкіл өмір жолы, бүкіл болмысбітімі Зуһраға мүлде қарама-қайшы. Ол да күйеуін соғысқа аттандырған. Ол да еркек кіндіктен жалғыз тұяқ – ұлмен қалған. Бірақ, ол сол ұлды қашан жеткізем деп, қайтсем қалқитып адам қатарына қосам деп отқа да түседі, суға да түседі. Қаншама қиындықтың қиямет көпірінен, қанашама азаптың тозақты жолынан өтеді. Бірақ, ол бірде-бір рет арына да, жанына да дақ та, тозаң да түсірмейді. Мұқалмас жігер, қайтпас қайсарлық танытады. Арпалысады. Күреседі. Ақыры баласы оқу бітіріп, ел сыйлар азамат боп, анасын астанаға ап келеді. Әрине, есігіне құлып түгіл, жіп байлап көрмеген ауылдан келіп, қай уақта да есік-терезелерін тастай ғып жауып, мұнтаздай болып қымтанып отыратын қалаға үйрене қою оңай емес. Тіпті бір кезде абысынажындары айтқан, “асты тақтай, үсті тақтай, ортасы шылдырмақтай” ақ пәтерде отырса да! Жалғыз бала үшін не көрмеген қара кемпір бұл! Бұған да көнеді, бұған да көндігеді. Сол баланың жолында жадау тұрмыс,

жүдеу тіршілік кешсе де, ғұмыры мақсатты, мәнді, мағыналы. Тамырын тереңнен тартқан бәйтерек ғұмыр. Мақсатына жету үшін оның күреспен өткен ғұмырына қарап отырып әрі тәнті боласың, әрі қайраттанасың! Өмірдің мәні мен мағынасына бұрыннан да тереңдеп бойлай түсесің! Сондай-ақ бұл шығарма – Әбіштің өз анасы Айсәуле бейнесін сомдап соққан ескерткішшығарма. “Бір шоқ жиде” хикаясында құла түздегі ата-баба қонысын тастамай, жападанжалғыз отырған Тілеу қарт пен Зейнеп кемпірдің тағдыры баян етіледі. Олар да соғыс зұлматтың зорлығын көріп, зомбылығын тартқан жандар. Жаратқаннан жалбарынып сұрап алған жалғыз перзентінен айрылып қалған мұңлық пен зарлықтар. О бастан-ақ бұл әулет құрама әулет еді. Баласының бәрінен айрылып тұл боп қалған кесірлі, кесапатты кезеңдерде, жақын бір ағайынның немесе жекжат-жұрағаттың нәрестелерін бауырларына басып, соларды алданыш етіп, әйтеуір Өтеу әулетінің отын сөндірмей, шаңырағын құлатпай тіктеліп кететін. Бұл бір арғы аталары Өтеудің өзінен басталған қайырсыз үрдіс. Бірақ, ол үрдістен де өткен үрдіс бар: қара шаңырақ қалай да құламау керек! Бірақ оған тап қазір не амал, не қайрат бар?! Екеуінің отырысы мынау... Енді олар осылай қу тізелерін құшақтап, Өтеу атасынан қалған “Бебеу күйді” ғана мирас етіп қалатындай күй кешіп отыр. Бірақ, жалғыздарынан айрылып жер жастанып қалған екеуінің де құдайы бар екен. Күндердің күнінде алыс бір қиян шеттегі Зейнептің жеңгесі Жаңыл кебежеге қырқынан әлі шықпыған баласын салып, салдыртып жетіп келеді. Бұл Құдайдың көктен сұрағанын, жерден бергенін қарашы... “Отыз күн омырауымды сорғызып ем, ол бұған да, сендерге де салық емес”, — деп тырсиған қос емшегінің сүтін ошақтарына сауып, баласын екеулерінің бауырларына салады. Керегесі қақырап, уығы саудырап, шаңырағы шайқалып тұрған үйдің іргесі сол бір құйтақандай шаранадан қайтадан қатайып кеткендей болады. Құрдымға кеттік пе деп баз кешкендей боп отырған олар, сол бір бала үшін дүр сілкініп, қайта түлеп шыға келеді. Оны белінен үзіліп, құрсағынан шыққан баладан кем етпей аялап өсіріп, жұрт қатарына қосады. Енді

олардың төрт құбыласы түгел: о дүниелік боп өмірден озғанда бастарына кеп аят оқитын, ең бастысы, әулеттің қара шаңырағын ұстап қалатын тұяқтары бар. Адам баласының бұл тірлікте бұдан өткен мақсат-мұраты бар ма екен, сірә?! “Автомобиль” хикаясында алыс бір түкпірге жаңа өркениеттің келгені, оны ауыл адамдарының қалай қабылдағаны түрлі жағдаят, түрлі оқиғалар арқылы сипатталады. Заман да өзгерді, заманмен бірге ауыл да өзгерді. Ауыл өзгерген соң адам психологиясы да өзгерді. Адам мен адам арасындағы қарым-қатынастар да өзгерді. Сол өзгерістердің бәрін автор нақты да, көркем суреттермен сәтті көрсете білген. Әбіш Кекілбайұлының аударма саласындағы еңбегінің өзі жеке бір үлкен әңгімеге жүк боларлық. Оның қаламынан қыруар аудармалар дүниеге келді. Ол сонау студент кезінде-ақ Г.Мопассанның “Өмір”, “Пъер мен Жан” романдарын, сонан кейін іле-шала Л.Толстойдың “Соғыс және бейбітшілік” романының тарауларын аударуға қатысты. Әсіресе, оның аудармадағы нағыз шеберлігі У. Шекспирдің “Ромео мен Джульетта”, “Kориолан”, “Король Лир”, К. Гоццидің “Туранбике ханшайым”, А. Чеховтың “Ваня ағай”, В. Буероның “Бүгін мейрам, бүгін той”, Г. Ибсеннің “Үрей”, Л. Дарионың “Сүйіктім менің Электра”, М. Фриштің “Ғылым қуған Дон Жуан” пьесаларын тәржімалаған кезде жарқырап көрінді. Ә. Кекілбайұлы қаламының қуаты арқасында шұрайлы да құнарлы қазақ тілі әлемді мойындатқан бұл қаламгерлердің шығармаларын ешқандай тосырқамай, кібіртіктеп-қыбыжықтамай, бейне бір өз жері, өз өрісінде жүргендей еркін құйылып, еркін көсіледі. Бұл жерде біз көріктен шыққан көркем дүниедей жазылған, таным мен тағылымнан, үлгі мен өнегеден тұратын қаншама сапарнамаларына тоқтала кетуге ешқандай мүмкіндік таппай отырмыз. Ә. Кекілбайұлы “Дала балладаларын” тамамдап, бүгінгі күн тақырыбын бірқатар жылдар бойы зерттепзерделегеннен кейін, масштабтылығы жағынан да, көтерер жүгі мен айтар ойы жағынан да аса ауқымды нақты тарихи тақырыпқа жазылған романдарға ауысты. Біз қазақ халқы тарихының, жалпы қазақ халқының

ауыр да азапты, тартыс пен таласқа толы, тар жол, тайғақ кешулі ерек те айрықша кезеңдерінің бірін арқау еткен “Үркер” мен “Елең-алаң” романдарындағы тарихи фактінің игерілуі мен оның көркем көрініс табуы оқырман тарапынан болсын, сыншылар тарапынан болсын бірқыдыру лайықты бағасын алды деп ойлаймыз. Ол романдар, сөз жоқ, тұтас бір халықтың тарихи, саяси, әлеуметтік кескін-келбетін, сол факторлардан туындайтын психологиясы мен моралін жан-жақты қарастырып, көркем мүсіндеп бере білген үлкен панорамалы шығармалар. Оған сол шығармалар өзегінде жатқан қорғасындай ауыр бүгінгі күннің ең көкейкесті проблемаларын қосыңыз. Онда ол шығармалар салмағы бұрынғыдан да ауырлап, ол проблемалар шоқтығы бұрынғыдан да айдарлана түсетіні сөзсіз. Әлем әдебиетінің ең гуманистік, ең текті үлгілерінен үйрене отырып, халқымыздың аса бай рухани қазыналарын шығарма қанына барынша сіңіріп, тарихи фактіні көркем қорыта білген жазушының олжалы табысы шынында орасан зор. Бұл романдардағы бір мәтіннен үш мәтін (кеше, бүгін, ертең) қатар оқылатынын кезінде айтқан болатынбыз. Соны бүгін де қайталап айтамыз. Оған біздің қосарымыз, жазушының тағы бір ерекшелігі — тарихи факт арқылы белгілі бір кезеңнің әлеуметтік болмыс-бітімін, саяси жағдайын, психологиясы мен моралін, трагедиясы мен драмасын жан-жақты көрсетумен бірге, сол белгілі фактінің философиясын ашатындығы, біздің ойымызша, бұл ілуде біреудің ғана қолынан келетін іс. Сондықтан да бұл шығармаларға пайдаланылған тарихи материалдар — мұрағаттық, кеңселік іс қағаздары, басқа да әртүрлі құжаттар Әбіш қаламы арқылы қанымызға сіңіп, рухани құжаттарымызға айналып кетеді. Шынын айту керек, бір қуаныштысы қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа бару, оны жан-жақты игеру қанатын кең жайып келеді. Бірақ, белгілі бір тарихи тұлғаны немесе бір тарихи кезеңді көркем шығармаға айналдыруда жұрттың бәрі діттеген жеріне жетіп, жұрттың бәрі біз күткен деңгейден көрініп жүр деп айта алмаймыз. Әрине, олардың ішінде талантты

авторлар да жоқ емес. Сонымен бірге, авторлардың өз тақырыбын зерттеуіне де күмән келтіре алмайсың. Ол шығарма авторлары, бәрі болмаса да, сол белгілі тарихи кезең материалдарын, мүмкіндігінше, дұрыс меңгерген болып шығады. Олардың, тіпті, кейбіреулерінің көркем орындалуы да тап-тұйнақтай, шып-ширақ. Бірақ, ол шығармаларды — талантты деген шығармалардың өзін де — белгілі кезеңге ғана қамалып, тынысың тарылып, тұншығып оқисың. Салқарлық, кеңістік жетіспейді. Мұны, ең алдымен, автор дүниетанымының шектеулігінен, яғни тарихтың бір қуыс мекенін ғана игеріп, оның басқа дәуір, басқа кезеңдерін жете білмеуінен, біле қалған жағдайда да, ол кезеңдер мен дәуірлердің тәжірибе мен дәрістерін сол өзі зерттеген кезеңмен жанды түрде сабақтастыра, салаластыра алмауынан деп білген жөн. Жалпы, біздің ойымызша, белгілі бір халықтың, белгілі бір кезеңнің, тіпті оның бір шағын алқабын жазу үшін де бүкіл адамзат тарихынан хабардар болу шарт. Яғни, сол тарихи алқапты бүкіл адамзат тарихының фонында қарастыра білген жөн. Және сол бүкіл адамзат тарихын, мәдениетін, эстетикасын, философиясын, олардың даму, құлдырау, шарықтау кезеңдерін терең түсіне білетін интеллектуалдық қуатқа ие болу қажет. Сонда ғана автор өзі зерттеген сол тарихи кезеңнің саяси-әлеуметтік ахуалына, моралі мен психологиясына дәл баға беріп, оларды көркем де терең сараптамалық талдаулардан өткізбек. Сонда ғана ол шығарма бүгін мен ертеңге рухани қызмет көрсету хұқына ие бола алмақ. Бұл тұрғыдан алғанда Әбіш Кекілбайұлының “Үркер”, “Елеңалаң” шығармаларынан пішімі мол талант, үлкен жауапкершілікпен бірге, өрелі интеллектуалдық қуаттың тайға таңба басқандай болып көрініп тұратынын баса айтуымыз керек. Сондықтан да шығарма тынысы өте кең, қарымы өте ауқымды. Романдарда қазақ халқының белгілі бір тарихи кезеңі көршілес отырған басқа халықтардың тарихымен бірге өріліп, жанды байланыста қарастырылады. Және ол белгілі бір тарихи кезең қабатында ғана емес арғы-бергі кезең қабаттарымен де салаласып, сабақтасып жатыр... Біздің пайымдауымызша, көркем әдебиеттегі Тарих деген ұғымның өзі екі мәнге ие. Біріншісі – факт-

тарих, екіншісі — рух-тарих. Факт-тарих — құрғақ деректер мен нақты құжаттар. Онда жан мен қан, леп пен дем бола бермейді. Ал, рух — сол факт-тарихтан тамыр ала тұра, адам жанын жаңғыртып, жаңарта алар, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік рухын егіп, адам жанының түкпір-түкпірінде сілкіністер мен соқтығыстар тудыра алатын аса зор қуатқа ие. Шынын айту керек, көптеген жазушылар тек факт-тарихпен жұмыс істеп жүр. Олар тек фактінің сыртын ғана бояп, оған әртүрлі қызылды-жасылды әлеміш өрнектер салып, оқырман қауымды алдарқатпақ болады. Ал рухтарих, әдетте, факт-тарихтың ішінде, өзегінде жатады. Оны өндіріп алу оңай шаруа емес. Өйткені, факттарих орасан зор қарсылыққа ие. Оны қақыратып, қақ жарып өндіріп алу үшін автор таланты шығармашылық қарулармен мұздай қаруланған, халықтың рухани күшқуатын бойына молынан сіңіріп алған болуы керек. Әбіш Кекілбайұлының романдары, сөз жоқ, сол факттарихтың өзегінен өндіріліп алынған рух-тарих тілімен сөйлейтін шығармалар. Бұл романдардағы тағы бір байқалар ерекшелік — ондағы қандай бір кейіпкерді алсаңыз да, белгілі бір дәрежеде қоғамдық ой, белгілі бір дәрежеде әлеуметтік жүк арқалап тұр. Әйтеуір қызық үшін, әйтеуір таңсық үшін жасалынған бірде-бір бейне жоқ. Кейіпкерлерінің бәрі дерлік өз заманының омырауын еміп, өз уақытының топырағына тамыр сап өскендер. Олардың қимыл-қарекеті, моралі мен психологиясы, ең алдымен, сол заманның қимыл мен қарекеті, сол заманның моралі мен психологиясы. Мәселен, Әбілқайыр бойындағы қайшылықтар — уақыт пен заман бойындағы қайшылықтар ғой. Ол халық қамын ойлаған тұста қайраткер деңгейіне көтеріледі де, өзінің жеке басының қамын күйттеп кеткен тұстарда жай пенде болып қалады. Батыр, Барақ секілді сұлтандар бейнелерінде сол кездегі қазақ көшбасшыларының әрі тартқанды бері тартып отырған —тек тарихи ғана емес!—типтік бейнелері де, ал Тевкелев, Кириллов бейнелерінде патшалық самодержавияның ашқарақ, тойымсыз көзқарасы мен қорқау, обыр психологиясы қатар өрілген емес пе?! Сондықтан болса керек, жазушы кейіпкер болмысында жүріп жатқан сана

ағымын замана ағымымен өзектес етіп, біртұтас өріп жіберген. Бұл романдарды талдап-талқылап, оның композициялық құрылымы мен архитектоникалық түзілімін, образдар галереясын, фактілерді тірілтуін, олардан алар тағылым мен тәлімді жіктеп, саралап, терең сараптамалық зерттеулерден өткізу үшін арнайы көлемді мақала, мақала емес-ау, тұтас бір еңбек жазуға тура келеді. Сондықтан біз бұл жерде оның рухты тұстарын ғана тезистеп беруге ұмтылдық. Бұл жерде тағы да қадала, қадап айтарымыз, бұл романдар, біреулер айтып жүргендей, тек Әбілқайыр туралы ғана романдар емес. Бұл романдар, ең алдымен, аса күрмеулі, күрделі кезеңдегі халық тағдыры туралы романдар. Дей тұрғанмен, сөз жоқ, басты кейіпкер – Әбілқайыр хан. Ал, Әбілқайыр — тарихи тұлға. Ол туралы айтылып жүрген дәйексіз сөздердің бәрі, ең алдымен, тарихқа қиянат. Агрессияның ең үлкені — тарихқа жасалынатын агрессия. Өйткені, тарихың құрыса—болашағың да құриды. Бой көтеріп келе жатқандарды отап, омыртқа түзеп келе жатқандарды омырып жіберетін отаршыл жүйенің қанқұйлы машинасы осы мақсатта жұмыс істеген. Енді, міне, өз алдымызға елміз. Бойымыз тіктеле бастады. Осы кезде біздің қай жағымызға болсын, әсіресе, тарихымызға сабыр-салиқалықпен үңіліп, сарабдалдық танытуымыз керек-ақ еді.

Кеңес өкіметі тұсындағы бойымызға сіңген науқаншылдық пен бір жақтан екінші жаққа құлай жығылушылыққа өзіміздің өңеші ұзын шамшылдығымыз қосылып, тағы да тарихқа тас лақтыра бастадық. Оның кей тұстарын қорс қып қопарып, кей жерлерін көмуге кірістік. Біздің бұл пікіріміз Әбіш Кекілбайұлының бас кейіпкері Әбілқайыр ханға да тікелей қатынасты болғандықтан әдейі тоқталып отырмыз. Біреулер оны тарихтан мүлде шығарып тастағысы кеп жанталасып жүр. Олай демеске амалың жоқ. Өйткені, ол қатысқан қазақ халқы үшін теңдесі жоқ тарихи оқиғаларда оның аты бірде аталса, бірде аталмайтын болды. Аталса да жағымсыз ретте. Бейне бір біреулер тарих доңғалағын

кері айналдырып, сол тарихи оқиғаларды өзінің қалауымен мүлдем қайта жасап, қайта тудырғандай. Біз 1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Итжеместе қазақтардың жоңғарларды ту-талақай етіп жеңгенін жақсы білеміз. Аңырақай деген атқа ие болған бұл жеңіс — қазақ халқы үшін — тарихи жеңіс! Ол жеңісті қандай бір тарихшыңыз да айналып өте алмайды. Сол жеңіске қол жеткізген қазақ сарбаздарының Бас сардары, басқа емес, Әбілқайыр ғой. Оны Бас сардар етіп әйтеуір пәленше-түгеншелер емес, сол кездегі ағаш шаңырақты, киіз туырлықты қазақтың игі-жақсылары тағайындаған жоқ па?! Қазақ халқының басына түскен ең қысталаң, ең қатерлі шақта оқшау жота Ордабасыда Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек би бастап (Әйтеке би ол кезде дүние салған) басқаны емес, Әбілқайырды Бас сардар етіп еді ғой. Өйткені, сол кезде ол өзінің алымдылығымен де, алғырлығымен де ерекше көзге түскен болатын. Бұл фактіні тарихтың шойындай ауыр есігін айқара ашып кіре алатындарды былай қойғанда, оның саңлауынан сығалап қарай алатындарға дейін жақсы біледі. Мейлі, сіз қалаңыз, мейлі, сіз қаламаңыз, Қаракерей Қабанбай да, Қанжығалы Бөгенбай да, қазақтың басқа қалқандары мен семсерлері де сол Бас сардар Әбілқайырдың қол астында соғысты. Сол соғыстың бүкіл тізгіні Әбілқайырдың қолында болды. Бұл — тарихи факт! Ал, біз біле тұра, осы бір ақиқатты неге айналып кете береміз?! Сөйтсек, Әбілқайыр хан Ресейге бодан боламыз деп ант берген, содан да оған деген таудай ренішіміз бар боп шықты. Бұл, әрине, тарихи балаңдық! Біріншіден, бодан болам деген сөз, мен саған бүкіл еркімді бердім, енді сен кел де, мені отарлай бер деген сөз емес. Отарлау саясаты көп жылдан кейін басталды. Екіншіден, сол кез үшін қазақ елінің Ресейге бодан болам деуі соншалықты күнә ма еді? Ол кез — күні кеше Жоңғар шапқыншылығынан босып кеткен ақтабан қазақтың ойылып қалған өкшесінің жарасы әлі бітпеген, маңдайынан сорғалаған сордың әлі кеппеген кезі емес пе еді?! Бір жағында қылышын жалаңдатып Жоңғар, бір жағында дар ағашын даярлап Хиуа мен

Қоқан, тағы бір жағында зеңбірегін гүрсілдетіп орыс, тағы да басқа анталаған қалың жау тұрған жоқ па еді?! Ол кез — Ұлы Даланың бойынан дәрмен, қанынан қуаты кетіп қансырап жатқан кезі еді ғой. Осы жағдайды біле тұра, Ресейге қосылмасақ, бізге ешкім де тимейтін еді, өз бетімізше-ақ іргелі ел болып кете алатын ек деп, қане, кім кепілдік бере алар екен?! Ресейге бодандыққа, ең алдымен, сол кездегі қазақ даласындағы аумалы-төкпелі, қым-қуыт заманның өзі толғатып туған тарихи процесс итермеледі. Сондықтан пісіп-жетіліп тұрған тарихи процесті есепке алмауға болмайды. Оны есептен алып тастаймын деу – барып тұрған тайыздық болады. Тағы бір айта кететін тарихи факті, Ресейге бодан болу процесі Әбілқайыр кезеңінен бұрын, сонау он алтыншы ғасырда Тәуекел ханның тұсында-ақ басталған. Тәуекел хан Ресеймен тіл табысу үшін үлкен әрекеттерге барған жоқ па?! Соның нәтижесінде 1594 жылдың қаңтарында патша өкіметі Тәуекелге әскери көмек көрсеткен еді ғой. Тәуекел, өз кезегінде, Мәскеуге өзінің ұлы Хұсайынды аманатқа беруге келіскені қайда? Патша өкіметі осының қарымтасы ретінде Тәуекелдің немере інісі Ораз Мұхаммедті қайтармақшы болғанын қайда қоямыз? Ресейге бодан болам деген саяси әрекет Әбілқайырдан кейін де тоқтап қалған жоқ. Ұлы Абылай хан екі рет 1740 және 1771 жылдары патшаға бодан боламыз деп ант берген. Өйткені, Абылай да Әбілқайыр сияқты сол кездегі тарихи жағдайды жіті пайымдап, зерек сезіне білді. Сондайақ тек Ұлы жүзді ғана емес, бар қазақты аузына қаратып отырған Төле би жылы Ресей патшасы Анна Ивановнаға, ал 1749 жылы Орынбор губернаторы И.Неплюевке жиені Айтбай бастаған елшілік жіберіп, бодандықты қабылдауға ризашылдығын танытып еді ғой. Әрине, Әбілқайыр Абылай деңгейіне көтеріле алмады. (Өкінішке орай, Абылайға да “шабуыл” жасаушылар бір толастар емес). Абылай үш жүздің басын қосты. Ал, Әбілқайыр өмірінің соңғы жылдарында тышқаншылап кетті. Сол бір күрмеуі қатты күрделі заманды тарихи фактілерден қыл елі ауытқымай

барынша көркем шындықпен көрсете білген Әбіш Кекілбайұлы “Қазақ әдебиеті” газетінде берген сұхбатында Әбілқайыр ханды “трагедиялық тұлға’’ деді. Ал үлкен тарихшы, академик Манаш Қозыбаев “Халық кеңесі” газетінде жарияланған “Сырым батыр және Хан Кене” мақаласында былай дейді: «Кейбір ғалымдар Әбілқайыр хан Ресейге өз бетімен бодан болды дегенді бетке басады. Шын мәнінде бұл іс қанды Жармақ (Ермак) жорығынан бастап бағдарланды. Ерте ме, кеш пе қазақ елінің Ресейге қосылуы ақиқат болатын». Осы сөз – сөз ғой! Біз бұл мәселеге, сөз реті келіп тұрған соң арнайы тоқтала кеткенді жөн көрдік. Тарихты әркім өз қалауымен қақпақыл етуге болмайтынын тағы бір еске салғымыз келді... ... Жалпы алғанда, Әбіш Кекілбайұлы дегенде біздің көз алдымызға етек-жеңі мол пішілген сахаралық кеңдік, арғы мен бергіні, өткен мен бүгінді қатар қамтып жатқан парасаттылық, ең бір түпсіз шыңырау-шүңеттерден сөйлеп тұратын тереңдік, күрделі өмірдің күрмеулі тұстарына көрегендік жасай алатын пайымдылық, далалық дарқан болмыс, ірі философиялық бітім, әлемдік деңгейдегі үлкен білімпаз-білгірлік, тарихи сарабдал саналылық пен құлашты ойлылық, кең дүниетаным, келісті кісілік пен көрнекті қайраткерлік келіп тұра қалатыны сөзсіз. Мен бұл жерде әйтеуір айтып қалу үшін марапатшыл әсіре қызылдыққа, қолпашшыл асыра сілтеушілікке салынып отырғам жоқ. Бұл сөздерді Әбіш Кекілбайұлының қадірін білетін, қасиетін ұғатын, оның тұлғасын көз алдына елестете алатын замандастарымыздың бірқатары айтып қана қоймай, оны біздің тілімізге ілінбеген, аузымызға түспеген басқа қырларымен де толықтыра түсетініне, мен өз басым титтей де күмәнданбаймын. Талай-талай белестерден өткен Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық пен қоғамдық өмірдегі тыныстіршілігін бөліп, әрқайсысын жеке-жеке қарастыру мүмкін емес. Ол тұтас жаратылыс, тұтас болмыс. Сондықтан Ә. Кекілбайұлының шығармашылық жолын айтқанда оның рухани бастау көздеріне, ал

қайраткерлігін айтқанда оның қозғаушы қуатына тоқталмау мүмкін емес. Рухани өміріміздің табалдырығын әп деп аттағаннанақ Әбіш Кекілбайұлы қоғам мен адам арасындағы қарама-қайшылықты, қоғамның адам санасы мен психологиясына әсер-ықпалын, адамның қоғамда алатын орнын, болмысы мен табиғатын, драмасы мен трагедиясын барынша қазып көрсетіп, қазымырлана сөйлеп келді. Оның ішкі ағымдары мен қат-қат боп жатқан терең қабаттарына үңілді. Әбіш Кекілбайұлы—шығармашылық ісінде болсын, қоғамдық-қайраткерлік жұмыстарында болсын халықтық мән-маңызы бар үлкен қағидалар мен мұраттарға қызмет етіп келе жатқан ұлы тұлға. Ол қандай үлкен қағидалар, ол қандай үлкен мұраттар? Ол халық халық боп қатарға қосылу үшін, ұлт ұлт болып рухтану үшін, ең алдымен, оның тарихи жадын оятып, тарихи санасын жаңғырту керек деп ұқты. Халық үшін де, ұлт үшін де тарихи жад пен тарихи санаға жасалынған қастандықтан өткен жауыздық жоқ деп білді. Өйткені, тарихи жад өшіріліп, тарихи сана жойылған тұста шыққан тек оталып, тартылған тамыр қырқылмақ. Өткен – құрдымға кетіп, ал ертең— беймәлім болып қалмақ. Ондай кезде ұлт ұлт болудан қалып, жетектегеннің жетегінде, иектегеннің иегінің астында кетпек. Міне, осыны бар жан-жүрегімен, бар болмысбітімімен терең сезіне білген Әбіш Кекілбайұлы, тағы да қайталап айтамыз, әлемдік әдебиеттің контексінде тұңғыш рет —түйенің жас терісін басына қаптап, адамдарды естерінен адастырып, туған жері мен шыққан тегін ұмыттырып жіберген — мәңгүрттік метафорасын дүниеге алып келді. Яғни, сол бір жазғансызғанына бір шоқытып, екі қаратып қойған Кеңес өкіметі тұсындағы қиын да қысталаң тұста-ақ ұлт пен ұлыстың тарихи жады мен тарихи санасына жасалынып жатқан

жауыздықтарға қарсы осы мәңгүрттік метафорасы арқылы күрес ашты. Бұл метафора бүгінде, несін жасырамыз, бұрынғыдан да тағылымды, бұрынғыдан да көкейкесті. Өйткені, бүгінгі таңда біздің рухани тұтастығымызға аса қатерлі қауіп төнуде. Киіз туырлықты, ағаш уықты шаңырақ астынан өрген бір

қазақтың баласы — бірі шығысқа, бірі батысқа қарап тұр. Бірі өз тілінде, бірі бөгде тілде сөйлеп барады. Біздің кешегі кесапат идеологиядан есін жия алмай тұрған әлі де жас тарихи жадымыз бен балаң санамызға қазір шприц-телемұнаралар бұзақы идеологияның уын егіп, алақанат сауысқан сияқты сұқақтаған газет-журналдар жанымыздың жарасын шоқып, қан-жоса етуде. .. Мұндай әрекеттер тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында тіпті бел алып, қазіргі таңда сәл бәсеңсігенімен бүтіндей толастай қойған жоқ. Міне, осындай тұста Әбіш Кекілбайұлы тәуелсіздік хақында, оның алдындағы мемлекеттің, қоғамның, әр адамның міндеттері мен жауапкершілігі хакында байламы берік, қайрауы жетік көптеген мақалалар жариялады. Сөз жоқ, бүгінгі таңда тіл мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі боп тұрғаны белгілі. Бұл ретте, осыдан бірер жыл бұрын “Егемен Қазақстан” газетінің бетінде жарияланған “Тіл және Tәуелсіздік” деп аталатын терең зерттеулерден туып, үлкен тебіреніспен жазылған сараптамалық мақаласын айрықша атауға болады. Өз тілдерінен айрылып қалған Латын Америкасы мен Африка елдерінің басынан өткен ауыр халді алға тарта отырып, тілін жоғалтқан елдің бәрін де жоғалтатынын нақты дәлелдер мен дәйектемелер арқылы ескерту жасайды. Кейде сол мақаланы, шіркін, қоғамның әр мүшесі, басшысы да, қосшысы да тағы бір зерделеп оқып, парасат-пайымынан өткізіп алса ғой деп ойлаймын. Әбіш Кекілбайұлының Махамбет, Абай, Құрманғазы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев секілді және тағы да басқа халқымыздың алып тұлғалары туралы толқыған теңіздей толғаныстары мен желді күнгі шалқыған сар даладай тебіреністері, сондай-ақ, өз замандастары, өзінен кейінгі буындар жайында жазылған мақалалары мен пікірлері қаншама! Тағы да ол сол еңбектерінің бәрінде де сөз болып отырған объектінің тамырын тап басып, мәні мен мәйегін ашып айтады, көсіліп айтады, шешіліп айтады, бағасы мен бәсін дәл қойып, жеріне жеткізіп айтады. Бірде бір жылтыр сөз, бірде бір сылдыр сөз көрмейсің. Ол эсселер мен мақалалардан автордың қанының қызуын, жанының жылуын бүкіл

тұла бой болмысыңмен сезініп отырасың. Соларды парақтап қарап отырып, оның өз әдебиеті мен өнерінің көсегесінің көгеруі үшін, өрісінің кеңеюі үшін ешкімнен де ақ ниет, ақ тілеуін аямайтын жүрегінің кеңдігіне, жанының жомарттығына таңғаласың. Мұндай рухани атымтай жомарттық қазақ әдебиеті мен өнерінде бұрын-соңды болды ма екен, сірә! Сөз орайы кеп тұрғанда айта кетер мәселе, Әбіш Кекілбайұлының қызметке қандай өкпесі болмаса, қызметтің де Әбіш Кекілбайұлына сондай өкпесі жоқ. Бәрін тізбей-ақ, оның Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Мемлекеттік хатшы болғанын айтсақ та жеткілікті. Әбіш Кекілбайұлы зорлық тек зорлық, жауыздық тек жауыздық, өшпенділік тек өшпенділік тудыратынын терең біледі. Яғни, кімде-кім жауыздық жасаса, жауыздықтың қолынан опат болмақ. Егер ол дер кезінде жазасын алмаса, бәрібір түптің-түбінде зауалын тартпақ. Өзі тартпаса ұрпақтары тартады. Бұл – қолға ұстауға келмейтін, көзге көрінбейтін, Құдіреттің өзі жұмыр басты пендесін жаратқаннан бері үйретіп келе жатқан дәрісі. Құдайлық заңдылық. Оның шығармаларынан тарайтын тағылымдар да, қайраткерлік тірлігіндегі өсиет-пікірлер де осыған саяды. Бұл ретте ол бүкіл адамзат баласы басынан өткізген тарихи тауқыметтерді, тарихи азап пен сорды алға тартады. Әбіш Кекілбайұлы егер ел ішінде алауыздықтың ала құйыны, ашкөздік пен дүниеқоңыздықтың ақ түтегі кірсе, онда ол үлкен қауіп пен қатердің астында қалатынын барынша қазып, барынша қадап айтумен келеді. Іргені тек ынтымақ бекітіп, шаңырақты тек бірлік ұстап қалады деп ұғады. Сондықтан да ол адам мен адам арасында жарасым, ұлт пен ұлт арасында үйлесім, мемлекет пен мемлекет арасында ықпалдастық орнатуға бар күш-жігерін, ілім-білімін, парасатпайымын арнап жүр деп айтсақ артық емес. Әрине, Ә. Кекілбайұлы ол жарасым мен үйлесім, ол бірлік пен ынтымақ күні кеше зорлық пен зомбылықты, жәбір мен жапаны көп көрген белгілі бір ұлттың, яғни, қазақтардың есебінен жасалынуына жан-тәнімен қарсы. Сондықтан Әбіш ол үйлесім мен жарасымға,

ол ынтымақ пен бірлікке жұрттың бәрі тең тұрғыда, заңдық аяда мүдделі болуға тиіс деп біледі. Ол бұл мәселеге әр адамның аса сақ, аса сергек, аса ыждаһатты болуын қалайды. Ол қазір де енді ғана қабырғасы қатып, енді ғана буыны бекіп келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміздің өміріндегі бүкіл дерлік саяси, әлеуметтік шаруаларының басы-қасында жүр. Жалпы, қорыта айтқанда, Әбіш Кекілбайұлы – еліміздің рухани тіршілігінде болсын, саяси-әлеуметтік өмірінде болсын қайталанбас құбылыс. Ол — феномен. Ол — тұтас әлем. Ол тұтас әлемді қамтып сөйлеуге бір мақала түгілі, үлкен бір кітаптың қауқары жетпейді. Ол әлем – айтқан сайын биіктеп, қадалған сайын тереңдей түсетін әлем. Ол әлемнен әлі талай ұрпақ сусындап, талай ұрпақ қуаттанары сөзсіз. Қазірдің өзінде-ақ оның туындылары мен қайраткерлік ой-толғамдары ұлттық құндылықтарға айналды. Ол — рухани ұлы тұлға. ЖҰМЕКЕН АҒАМДЫ АҢСАЙМЫН Кешегі бір құлашты кең жаздырмаған құрсаулы өмірде ар-ожданын таза сақтап, мансап-мүкәмалыңа пысқырып та қарамай, бар ғұмырын поэзияға арнаған есіл дарындардың бірі – Жұмекен Нәжімеденов еді. Ол тумысынан Бейімбет тағдырлас, қақ-соқпен шаруасы жоқ, тірліктегі бүкіл өкініш-назын, өшін-кегін тек қана өлеңнен ала білген хас талант өнерпаз болатын. Несін жасырайық, көкжасық шатпақтар, кермек дүниелер қаптап, шын өлеңге шөл қата болған мына заманда таңғы шықтай мөп-мөлдір, ақтұма Жұмекен жырларын оқып, мейіріміміз бір қанатыны ақиқат. Алайда, Жұмекен жырлары сөз бола қалған жерде таңданыстан ішегімізді тартып, басымызды шайқағанымызбен, биік мінберлерде, алқалы жиындарда ақын есімінің сирек аталуы неліктен? Кейінгі жылдары кезінде бағалай алмай қалған арамызда жоқ үздіктеріміздің асыл мұраларын Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну тәрізді жақсы дәстүр

қанат жайды. Ендеше, қара өлең жазирасындағы жеке дара тұрған Жұмекеннің өз орнын өзіне салтанатты түрде табыстап, ұлы ақынымызды ұлықтайтын кезең енді келген сияқты. Сонда ғана сұлулықтың туындай мен мұндалап тұратын ақық жырларға ажал жоқ екендігіне анық көзіңіз жетер еді. 1964 жылдың ми қайнатқан шілдесі. Түркістаннан екі жігіт боп, оқуға түсеміз деген ниетпен Алматыға жолға жиналдық. Вокзалға келсек, пойызға билет жоқ. Амал не, трассаға шығып, жолай кетіп бара жатқан бір машиналарға ілігіп Шымкентке, одан Алматыға тарттық. Менің жолға шыққаннан, жолға шыққаннан емесау, одан да ертерек, ішіме түйіп алған бір құпия мақсатым бар. Ол – Алматыға барған бойда, қалайда, қазақ өлеңінің ақсақалдарының бірі Әбу Сәрсенбаевқа жолығу. Оған себеп, сол жылдары газет-журналдарда Әбу Сәрсенбаевтың кісілік құшағының кеңдігі туралы, жастарға деген қамқорлығының молдығы жайлы көп жазылатын. Жұмекен Нәжімеденов, Сайын Мұратбеков, Дүйсенбек Қанатбаев, Қанипа Бұғыбаеваларды және басқаларды әдебиет табалдырығынан алғаш аттатқан екенінен хабардар едім. Сондықтан өлеңдерімді көрсетіп, алдынан өткім келді. Сонымен Жазушылар одағына келіп, Әбу ақсақалдың адресін алдым. Сұрастырып жүріп үйіне де жеттім-ау. Жүрексіне қоңырау түймені бастым. Есікті толқынды шашы дудырап Әбу ақсақалдың өзі ашты. Суреттерден талай көрген таныс бейне. – Кім керек еді, балам? – деді Әбекең жұмсақ үнмен. – Сіз керексіз... – Мен кіммін? – жүзінде қызығушылықтың нышаны пайда болды. – Сіз – Әбу Сәрсенбаевсыз. – Е, онда танып тұр екенсің. Кіре ғой. Дәл түскі астың үстіне келген екем. Дастарқан басында үш-төрт адам отыр. – Мына бала мені іздеп келіпті, – деді мені бірден дастарқан басына жайғастырып жатып айналасына қарап. – Мынау Ләзиза апайың, мына кісіні де танитын шығарсың.

– Иә, танып отырмын. Ғабдол Сланов күлімсіреп қана отыратын, ашаң денелі, көзілдірікті көзі мейірімге толы, инабатты кісі екен. Жайлап қана басын изеді. – Ал, шаруаңды айт, – деді Әбекең, мен әбден жайғасып болғаннан кейін. – Оқуға түсейін деп келіп ем... Сізге өлеңдерімді көрсетейін деп... Сөзімнің не басы жоқ, не аяғы жоқ, бытыраңқы шыққанын біліп тұрмын. Оның үстіне даусым қарлығып, бұрынғыдан да абыржи түстім. – Қайдан келдің? – Түркістаннан. – Түркістаннан? Қасиетті жерден келген екенсің ғой, – деді шай құйып отырған Ләзиза апай, – Шай іш, палаудан ал. Түркістаннан болсаң, палауды жақсы көретін шығарсың. Мұндайда қалай шай ішіп, қалай палау аласың. Тұла бойымды темір құрсап алғандай, сірескем де қалғам. – Атың кім? – Темірхан. – Ал, балам, былай болсын. Өзің Түркістаннан келіпсің. Атың Темірхан екен. Олай болса, мына отырысың не? Егер жөндеп тамақ жеп, шай ішпесең, өлеңіңді тыңдамаймыз. Соны біліп ал. Ғабдол, солай ма? – деп Әбекең маған тіктеңкіреп қарап алды да, Ғабдол Слановқа бұрылып, қуақы күлімдеп, көзін қысқандай болды. Ләзиза апай да «іш, алдың» астына алып барады. Мына көл-көсір қонақжайлылық пен мейірімнен менің де сіресіп қалған қол-аяғым босап, тағамға қол созып, шай ұрттай бастадым... Сәлден кейін дастарқан жиналды. Әбекең мен Ғабекең мені кабинетке бастады. Кабинетінің екі қабырғасы түгел кітап екен. Осыншалықты кітабы көп үйді тұңғыш көруім. Аузымды ашып тұрып қалыппын. – Ал, Темірхан балам, өлең оқы, – деген Әбекеңнің жұмсақ үнінен бойымды жиып алдым. Орындыққа жайғасып, қолтығымдағы дәптер лерімді қолыма алдым. – Өлеңдер оқиын ба, поэмалар оқиын ба? Ғабекең мен Әбекең бір-біріне жалт қарады. – Поэмалар? – деді Ғабекең, осы үйге келгелі бір

маған тұңғыш рет тіл қатып. Жүзінде таңданыс бар. – Поэмаларың көп пе? – деді Әбекең де қызыға қарап. – Екеу. – Сен алдымен өлеңдеріңді оқып көрші, поэмаларыңды соңынан көре жатармыз. Қане, балам, бастай ғой. Дәптерімді ашып жіберіп, оқуға кірістім. Бірінен соң бірін түйдектетіп, төрт-бес өлеңді лезде-ақ оқып тастадым. Жүздеріне қарап отырмын, өлеңдерім ұнаған сияқты. – Темірхан, сен мына дәптерлеріңді маған тастап кет. Ертең сағат ондарда кел. Оқуға түсу мәселесін де сонда сөйлесерміз. Көп ұзамай оқуға түстім де, Әбу ақсақал таныс тырған Жұмекен ағамен қоян-қолтық араласып кеттім. Ол кісі де мені бауырындай бауырына тартты. Жиі барып тұрам. Барған сайын: «Иә, Балабас, келдің бе?» – дейді мені Тайыр Жароковтың бір дастанының кейіпкерінің атымен атап. Мені Жұмекен аға неге бұлай атайды екен деп ойлаймын. Бәлкім, Балабас деген сөздің құлаққа ойнақы естілетінінен бе, әлде дастандағы: Қарапайым адамның Біреуі еді Балабас, – Еңбек етіп күн көрген Тамағы аш, үсті жалаңаш, – деген жолдардың үнемі ашқұрсақ боп жүретін студентпен балама тапқанынан ба, білмедім. Себебін мен де сұраған емеспін. Бірақ, уақыт өте келе мені олай атауды өз-өзінен қойып кетті. Бара қалған кезімде, қолы бос болса, «жүр, кеттік» дейді Жүкең. Жақын маңдағы асханаларға апарып тамақ алып береді. Оқуымды сұрайды. Не жазып жүргенімді біледі. Өлең жайлы өз пікірлерін айтады. Сол жылдары «лирикалық кейіпкер» туралы қызу айтыстар болып жататын. Ол айтыстар туралы мен де өз ойымды білдірмек болам. Жүкең менің ол балаң пікірлерімнің біреулерін құптаған болып, біреулерін – тым дүмбілез шикі боп көрінсе – мысқыл аралас мырс еткен күлкісімен «өлтіре» салады. «Лирикалық кейіпкер деген аспаннан түскен адам емес. Ол ақынның өзі ғой, соның көруі, тануы, қорытуы,

сезінуі. Сыншылардың да, сыншы еместердің де соншалықты қызылкеңірдек болып айтысатындарына таңғалам. Ужас!» – деп ащы папиросын желкесінен бір шертіп, басын көтеріңкіреп бір шайқап, шалқасынан қайырылып желкесіне жиналған толқынды қалың шашын бір сипап қоятын. «Осы пікіріңізді газет бетінде неге айтпайсыз?» – деймін мен. «Мен айтысқа жоқпын ғой», – дейді ол жымиып. Жүкең өзіне етене жақын адамдардың арасында болмаса, жалпы көпшіліктің ортасында өзін томаға-тұйық, тіпті тоңтеріс ұстайтын. Айтыс-тартысқа бара бермейтін. Бес-алты адамның басы қосылып, әңгіменің ажары бұзылып бара жатса, «ужас!» деп, қобыраған желке шашын бір қозғап, қалтасынан ащы темекісін суырып, сырт айналып кетуші еді. «Бұзау емізер бос сөз не керек! Жұмыс істеу керек, оқу керек», – дейтін ол. Оның не нәрсені де айқайлап айтуды жаны қаламайтын. Мен ол кісінің, тіпті, сахнаға шығып өлең оқығанын бірде-бір рет көрмеппін. Айтатынын оңаша отырып, қағазға төгетін еді ғой. Оңаша отырып, тылсым тереңнен сыр тартатын. Жүкеңнің мына өлеңі дәл бір сондай көңіл-күй кезінде жазылғандай. Сен ексең жер бетіне бір шыбықты, Ол өсіп бір бұлбұлды жыршы ғыпты. Әр бұта тамырлары жер астынан Сүйрелеп шығып жатыр тіршілікті. Ей, досым, ойлан, ойлан! Ерлегенің Уақытты құм мақтанға бермегенің. Ұяң бол – гүлін көріп бұл өлкенің, Қайсар бол – дауыл күнгі көр де еменін. Сүгіреттер тұрсын солай көңіліңде Кетпесін табаныңның көні мүлде. Теріңмен жібіт жерді, сонда ғана Хақың бар туған жерге көмілуге. Шынында да, жұрттың бәрі айтып жүргендей, Жұмекен Нәжімеденов – аса ойлы, аса терең ақын. Оның тереңдігін барынша ашып көрсету мүмкін емес. Өйткені, ол ашқан тереңдікті тұтас қамту үшін өзің де сондай тереңдікке сүңги алатын қасиетке ие болуың

керек. Тіпті, Алла тағаланың құдіретімен сондай тереңдікке сүңги алғанның өзінде, өзі айтқандай, оның көруі, сезінуі, қорытуы, қабылдауы мүлде бөлек қой. Бір кезде мен Жұмекен Нәжімеденов поэзиясы туралы былай деген ем: «Мен үшін Жұмекен поэзиясы әлдеқайда күрделі, мүлде жаңа, тосын поэзия. Оны түсіну үшін белгілі бір деңгейде дайындық керек. Жұмекен поэзиясы мені өзіндік шүңет тереңдігімен баурайды. Қай уақытта да тереңдікті игеру қиын. Адам баласының жердің тартылыс күшін жеңіп, көктің жеті қабатын қақ жарып, космосқа шыққанына ондаған жылдар өтті. Биіктік алынды. Ал тереңдік әлі алына қойған жоқ. Мұхиттың ең терең тұсы он бір мың метр. Оған эхолокация болмаса, ішінде адамы бар барокамера жете қойған жоқ. Өйткені, тереңдіктің қысымы қандай бір болмасын барокамераларыңызды сығып, қабыстырып жібереді. Шыдатпайды. Қай тереңдік те, соның ішінде адам жанының тереңдіктері де осындай «мінезге» ие. Жұмекен, міне, осындай қысымы аласат тереңдіктерде жұмыс істеген ақын. Яғни, тереңдікке жету де, онда жұмыс істеу де, ол жерде жазылған жыр да күрделі, тылсым». Иә, ұлы ақын Жұмекен Нәжімеденовтің тамыры тереңдікте. Ол – Биіктік пен Кеңістік туралы жазса да терең. Әрине, ол тереңдіктің тылсымынан сыр мен гәп іздеу, одан інжу-маржан сүзу мәңгілік тоқтамақ емес. Болмаса да көп өзенім гүрлеген, Көп өзенмен бірге ағамын, бірге мен. Ой түбінен ойнап туған жырменен Тыныш таппай – тірі болып жүр денем. Ойнай алман, ойнай алман сөзбен мен, Жаси алман жақтырмаған көздерден. Тағдырымды өлшей алмас безбенмен Өз басының безбені жоқ кез келген. Шынында да солай. «Өз басының безбені жоқ кез келген» адам Жұмекен әлемін безбендей алмасы хақ. Ол әлемді ұғып, тану үшін үлкен пайым мен білім керек. Содан болса керек, Жұмекен поэзиясы туралы

пікірлер тым сирек дүниеге келеді. Өйткені, күрделі Жұмекен шығармаларының орасан қарсылығы «кез келген» сыншыға алдыра бермейді. Қазақ өлеңінің алыптарының бірі Әбділдә Тәжібаев кезінде: «Жұмекен поэзиясы – біздің ұлттық мақтанышымыз, біздің енді ашылар алтын сандығымыздың бірі. Ешкімге ұқсамайтын ақынның әрбір шумағы тың қазыналар. Мен поэзияны жақсы түсінетін талантты сыншыларды осы алтын сандықтағы асыл байлықтарды ашуға шақырамын», – деген болатын. Әрі талғампаз, әрі асқақ ақын Әбділда Тәжібаев мұндай сөздерді текке айтпайды. Классик жазушымыз Әбіш Кекілбаев: «Мен өз басым қазақ поэзиясының керуенін көптен көз жазбай байқап, қадағалап, оқып отыратындардың бірімін. Ондағы әр «түйенің» аяқ алысы мен әр «теңнің» ішінде не жатқаны көп ретте маған айтқызбай-ақ белгілі болып тұратын да жайы бар. Бір қатарының жырын оқып: «Апыр-ай, бұдан бұндайды күте қойған жоқ едім», – дейсің. Үшінші біреулеріне: «Бұдан артық не күтуге болады», – дейсің. Ал, Жұмекен Нәжімеденов бұндай үш топтың үшеуіне де жатпайды. Ол кітаптан кітапқа ауысқан сайын, аренаға әр шыққан сайын снарядына қосымша гир қосып отыратын штангист сынды: апыр-ай, осы жолы қайтер екен деп, қарадай қыпылықтатып отырады. Оның қолындағы снаряд – кәдімгі сіз бен біз бастан кешіріп отырған, сіз бен бізге дейін де мың-мың талайлардың ұйқысын бұзатын күнделікті қарабайыр тіршіліктің қашан да қарапайым, қашан да елеусіз, сондықтан да үйреншікті, сондықтан да шытырман, сондықтан да күрделі шындықтары», – деп жазды. Әбіш Кекілбаев айтпайды, айтса дәл осылай ақтарылып дәл айтады. Жұмекен Нәжімеденовтің жазғаны бір жұмбақ болса, ендігі жазатыны екі жұмбақ болатын. Жұрт күтпеген, мүлде тосын дүние алып келетін. Кейде Жұмекеннің өзі өзіне жұмбақ боп өтті ме деп ойлайсың. Ол тіпті шамырқанып, шабыттанып тұрған кезде де: Менің жолым екі тарау болып тұр, Сырбаз досым, сыншыларға соны ұқтыр.

Маған, маған көңіл-күй бер, Ортайсам. Мені, мені денсаулықпен толықтыр. Жолым – екеу, Екі айырылды бір мақсат. Бір жақтан сөз, Бір жағымнан жыр қақсап. Бірді жырлап, Жасаймын деп мың кейпін, Отыз тістен шығады ойнап тіл бейпіл. Араласып кетсе менде күлкі, мұң – Мен де бейне күздің қоңыр бұлтымын Жел қысқанда не жауарын білмейтін, – дейді. *** Кейіннен, бара-бара Жүкең мені үйіне ертіп баратын болды. Шағын ғана үш бөлмелі үйде тұрады екен. Бұрын бір бөлмелі үйде тұрыпты. Айкен, Қарлығаш, Мағжан, Тоғжан, Саидалардың алды мектеп балалары да, соңғылары бесіктегі бөбектер. Нәсіп апай бәйек болып біздерді күтуге кіріседі. Бір айта кететін жай, Нәсіп апай Жүкеңнің бар жағдайын жасайтын. Айтқанын екі етпей орындайтын. Бәрін де шын ықылас, шын пейілмен атқаратын. Ақынның нағыз жары бола білді. Жүкеңнің кітапханасы едәуір бай еді. Әлі де сол қалпында тұр. «Оқымай ақын болам деу – әумесерлік. Оқу жан байлығы ғой. Жаны кедей адамнан қандай қазына шығады. Жақында, – деп сөзін жалғастыратын ол, – бір жолдасымның үйіне бардым. Есімінің саған қажеті жоқ. Кабинетіне кірдім, кітапханасын көрдім. Оның кітапханасының қасында менің кітапханам әлдеқайда жұпыны. Қолға түспейтін небір кітаптар бар. Амал не, том-том кітаптар кірпіштей қалаңған қалпында тұр. Дүкендегі товар секілді. Қолға ұсталынбаған. Оқылмаған. Ол жігіттің кейінгі жылдары өлеңде неге өспей қалғанын сонда білдім», – дейтін ол. Ол өте көп оқушы еді. Бірақ, мынаны оқыдым, ананы қатырып тастадым деп еш уақытта да жалаулатып сөйлемейтін. Оқығандарын ішіне үнсіз сіңіріп алатын. Мен Уолт Уитмен, Верхарн, Апполинер, Блэз Сандрар, Лорка, тағы басқалардың кітаптарын сол кісінің кітапханасынан алып таныстым.

Ол нағыз интеллектуалдық поэзияның бірегейлерінің бірі бола білді. Шын мәніндегі әлемдік деңгейге көтерілді. Бұл қасиетті оның өлеңдерінің, – мейлі ол ел мен жер тағдыры туралы болсын, мейлі ол табиғат жайында болсын, мейлі ол махаббат хақында болсын – бәрінен дүниетаным кеңдігін, ой-өрісінің байтақтығын бірден-ақ көруге болады. Сол ілім-білім мен таланттың қосылған қуаттылығы арқасында болса керек, ол тіпті темірдей қатты терминдеріңіздің өзін терідей илеп жіберетін. Әлдене бір ендіктерде, белдеуде Экваторға айналам-ау, мен демде, Жердің шарын құшақтасам, бір ғана Қарым менің шақырым боп мыңдаған. Кетсе ұзарып: Саусақтарым бұл мықты Сипап көріп мұхиттарды, құрлықты Көшелерді, каналдарды Аккордеон тіліндей қып басқанда Ғажап бір күй шапшыр еді-ау аспанға! Экватор боп он есе, Шеңбер болып немесе Бөшке-жерді құшағында тұр ұстап. Ал анау жақ сөз гулетіп бір қауым. Сай-саланың салыстырып ыңғайын Бензин-бөшкеге от қоюға тұр дайын. Енді оны планетарлық масштабтағы ақын демей гөр. Мен өз басым, Жұмекенді оқыған сайын таңданудан жазбай келем. Оқыған сайын белгілі Жұмекеннен кейін, бұрын белгісіз Жұмекен ашылады да жатады. Міне, Жұмекен феномені осында. *** 1969 жылы республикалық телевидениеде қатардағы қызметкер болып жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Көкең қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды деген хабарды есітіп, Шолпанды, бала-шағаларымды алып суыт елге кеттім. Біз барғаннан кейін, қолдан келген күтімімізді біршама көріп, ризашылығын білдіріп, көкем дүние салды... Алматыға қайтып келсем, мені күтпей, сыртымнан-ақ «кешікті» деп жұмыстан шығарып жіберіпті. Әкең өлсе де қайырылып қарамайтын дүние

қаталдығын сонда көрдім. Бірқатар иманды жігіттер қайта орналастырамыз деп, анда-мұнда шапқылап көріп еді, оларынан түк шықпады. Мен бала-шағамды құшақтап, далада қалдым. Сергелдең тіршілік басталды. Вокзалға барып, өзім сияқты сандалып жүрген адамдарға қосылып, вагондардан картоп, ұн, цемент, т. б. түсіріп, жан бақтым. Ет комбинатының тоңазытқыш цехына уақытша жұмысшы болып қабылдандым. Ауыр-ақ жұмыс. Ауырлығы ештеңе емес-ау, жастайымнан ауырлық көтеріп, әбден піскен адаммын ғой. Ең жаманы, тоңазытқыштың іші отыз градус суық, ал далада отыз градус аптап. Ет тасып суықтан аптапқа, аптаптан суыққа кіресің. Оның үстіне, жұмысқа уақытша кірген адамға қай бір жөнді киімін береді дейсің. Әркімнің иығынан түскен жалба-жұлба киімдер мен әркім бір сүйретіп тастаған шұрқ тесік резіңке етік. Сүйек сырқыратар суық пен ми қайнатар аптаптың арасында жүріп денсаулығыма біраз зиян да келтіріп адым. «Мен» деген бір жігіттей қайратым бар еді, сол жылдары қайрат-көзім едәуір тартылып қалды. Ол жерде де уақытша мерзімім бітіп, қайтадан өзіме таныс вокзалға, одан «Малая станица» дейтін жерде орналасқан жасанды көлшіктерде сазан сияқты ақ амур деген балықтың түрін өсіріп, Қапшағайға жөнелтетін жұмысшылардың бірі болдым. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Аяушылық сезімін тудыру үшін емес, әрине. Осы бір қиналысқа толы сергелдең тұсымның бәрін ол кезде үш-төртақ адам біледі. Соның бірі Жұмекен ағам болатын. Кездескен сайын менен бетер қиналатын еді. Әр жер, әр жермен сөйлеседі. Бірақ, тұяқ тірейтін бір жер табылмай-ақ қойды. Мен дегенде бар жердің есігі тарс бекітулі болып шықты. Қатарластарымның бәрі жұмыста. Тіпті баз біреулері бір жұмыстан екінші жұмысқа емін-еркін ауысып кете береді. Көкелері мен жәкелері көп. Ал менің көкелерім – Жұмекен мен Әбіш ғұмыр бойы қолында жұмысқа ала қоятындай билігі жоқ, төрге бір шықпай есік көзінде отырып қызмет етті ғой. Ал, Әбекең сол кезде бүкіл Қазақстанда мылтық ұстайтын басқа адам құрып қалғандай, армияға

алынып, Жоңғар қақпасының аузында окоп қазып, қытай оғының астында жатты. Рас, тағы да бірер көкем болды. Бірақ, олардың біреуі шын ауру, екіншісі «жын» ауру болып жүрді. Әрине, бұлардың бәрі болашақтағы үлкен әңгіменің сыртқы сұлбасы ғана. Жоғарыда айтып өткенімдей, кейін бір реті келгенде өмірімнің бүкіл дерлік ол жүлгелерін қуалап айтатын болам. Сонда талай-талай әңгімелер шертіледі. Басқалардың қолынан келетін жазу, құдайға шүкір, біздің де қолымыздан келеді. Сонымен, сыйлас ағаларымның бірі Сайымжан Еркебаевтың шақыруымен Маңғыстауға кететін болдым. Осыны естігенде Жұмекен ағам, менің екі жыл бойы жұмысқа тұра алмағаныма бейне бір өзі айыптыдай, қатты қиналды. Пойызға бізді басқа жігіттермен бірге Нәсіп апай екеуі шығарып салды. Жүкеңнің сол кездегі маған қимай, қинала қараған көзі әлі жүрегімде! Маңғыстаудан жыл аралатып келіп тұрғанымда алдымен Жұмекен ағама соғатын едім. Ол кісі де жалғыз бауырын көргендей мәз болып қалатын еді. Мен мұны Жүкеңнің кісілік келбетінің ажарлылығын, жанының кеңдігін, ең бастысы, біреудің қиналғанына қинала білетін ізгілікке толы имандылығын көрсету үшін айтып отырмын. Менің сонда сенің қиналғаныңа біреудің қиналғанынан өткен демеу жоқ екеніне көзім жетті. *** Аспанның бұлттан ауырлап, Алматы үстін бұлыңғыр мұнар бүркеген қарашаның алғашқы жартысындағы күндердің бірінде Жұмекен ағамның үйіне келдім. Жүкеңнің жақында ғана ауруханадан шыққанын Маңғыстауда жүргенде-ақ естігем. Оның алдында инфаркт болып ауруханаға түскен хабары бізге жеткеннен-ақ хал-жағдайын сұрап, үйімен, жігіттермен хабарласып тұрғам-ды. Енді, міне, көңілін сұрауға үйіне келіп тұрған бетім. Жүкең, әдеттегідей ақжарқын қарсы алды. Демалып жатқан бөлмесіне өттік. Терезе алдына кушетка, оның қасына шағын үстел қойылыпты. Үстел үсті бұрқырап жатқан көп қағаз. Менің сол жаққа көзімнің түсе

бергенін байқап қалды ма: «Дайындап жатқан жинақ қой. Үстінен қарап, қағып-сілкер жұмысы ғана қалып тұр. Әрі-бері отырып, қолыма қалам алам да, жүрек бүлк ете қалса болды, мына кушеткаға қисая кетем», – деді Жүкең. Бұл сөздердің бәрін ол кірбіңсіз, жайдары қалыппен айтқанмен, жағдайының онша емес екенін сездім. Бірақ, шынын айтсам, соншалықты қауіп-қатер бола қояр деген ой қаперіме де кіріп шыққан жоқ. Қатты құлап тұрғандікі ғой, әлсіздік болар дегем де қойғам. Ол кезде мен осында, Шығармашылық үйде демалып жатқан ем. Көп ұзамай Жүкеңнің мәңгілік сапарға аттанып кеткенін естідім. Естіген сәтте үстіме біреу мұп-мұздай су құйып жібергендей болды. Шұғыл үйіне жеттім. Шығарып салу рәсімін басынан аяғына дейін Әбіш ағам басқарды. Мен қаралы шерудің алдында портретін көтеріп, қабір басында інілерінің атынан сөз сөйледім... Артынан, біраз уақыт өткеннен кейін, ойымызға өзегіңді от боп қарып түсер ақынның мына жолдары түсті. Күз күндері, не суық қыс күндері, Істеп жүргенде, әйтеуір, іс мүдделі, Ажал шіркін аяңдап жетсе-ау маған, Кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп.

Сыншылдардың ұрсуын, тамсануын Алдан күтіп қалса-ау бір қанша жырым. Бір жинағым басылып үлгере алмай, Машинкаға басылмай қалса бірі. Не бір түнде құйылып, қара көріп, Көп ұйқас отырғанда қамап еріп, Кетсем өліп нүктеге жете беріп, Жан таппаған бір теңеу таба беріп. Әлденеше жыл бұрын айтқан бұл ауыр тілеу қалай дәл келді десеңізші! Шынында да, ол күздің қысқа ауысар тұсында, мүдделі іс атқарып отырған жұмыс үстінде, онысын машинкаға беріп үлгермей, соңғы нүктесіне жете бере жүріп кетті. Осы өлеңнен-ақ ақын мінезі, ақынның бітім-болмысы көрініп тұрған жоқ па? Ол, не болғанда да, өлетін болғаннан кейін қалай өлсең

де бәрібір емес пе дей алмапты. Ақын жүрегі ажал келер күні де азаматтық жүк көтеріп кетуді қалапты. Көп ұзамай Жүкең қазасына арналған «Ақын жүрегіндегі жарылыс» деген өлеңім дүниеге келді. Жарылды ақын жүрегі! – Осынау ұлы заманға Жандарды көріп дақ салған, – Адамды айдап адамға Араға бүлік от салған; Қап-қара бұлттай түйіліп Не істерін білмей бұзыққа; Өртеніп, жанып, күйініп Пысықай менен пысыққа: Өмірем қап та өл дейтін. Қызғаныш көріп жылады-ай! Жанының жасын көрмейтін Безбүйректерге шыдамай – Жарылды ақын жүрегі. Жарылды жүрек! Ғаламат Демімен бізді шарпыды. Даламды кетті аралап Бұрқ еткен бұрқақ солқылы. Бір аунап түсті сол кезде Қошалақ құмның қырқасы, Домалап кетті сол кезде Алатау – шыңның бір тасы. Солқылдан сол бір қуатты Теңселіп кетті жамиғат. Солқылдан сол бір қуатты Теңселіп кетті табиғат. Сол солқыл бір сәт күшке енді Қуатын жиып даланың, Күркесі құлап түсті енді Өтірік, өсек, жаланың. Өткен боп басқа жасымай Болды ма, әлде, тілеуі – Бұрқ етіп кенет осылай Жарылды ақын жүрегі.

Осынау ұлы заманға Дақ салар жандар бар әлі. Адамды айдап адамға От салар жандар бар әлі. Түбіне соның жетерміз Деуменен біздер сабылып – Күресіп енді өтерміз Кеткенше жүрек жарылып. *** Міне, Жұмекен ағаммен тағы да кездесіп, тағы да сырласып отырмын. Бұл жолы жаңа кітабымен. Дастандарымен. Бұл кітап – рухани тарихымызға «Иманғали Тасмағамбетовтың жүз кітабы» деген атпен кіретін «Отырар кітапханасы» сериясымен шыққан кітаптардың бірі. Оған Жүкеңнің басқа дастандарымен бірге бұрын-соңды жарияланбаған «Менің әкем», «Бұл жолы ол шынын айтты», «Ақ қайраң» сияқты үш дастаны да еніпті. «Менің әкем» дастаны – публицистикалықфилософиялық дастан. Көлемі жағынан шағын ғана бұл дастан қамтыр мәселесі жағынан ауқымды. Атамзаманнан бүгінгі күнге дейінгі аралықты алып жатыр. Ақын менің әкем дегенде, өз әкесін емес, қазақ халқының қадау-қадау тұлғаларын – рухани әкелердің тікелей ұрпағы, төл перзенті боп сыр толғайды. Ел басынан өткен бүкіл азап пен қасіретті сол әкелердің азабы мен қасіреті арқылы қарастырады. Қинала күбірлеген Асан бабам Өз жанын өзі жырлап баса алмаған. «Жақсылық қашан?» – деген сұрақ қойса, Құлағы қу заманның тосаңдаған. Көлеңке болды жерге көлеңдеген, Көп қайғы араласып өлеңменен. Жақсылық жат естілді сол ғасырға Тек қана «өлем» десең, «көмем» деген. Арқыраған аттан түсіп, жаяу қалған, табанына шөңге кіріп, маңдайы тасқа ұрылған кесірлі де, кесапатты заман. Атадан қалған мұра – қой бағатын таяқ қана. Көзі кіреукелі, көкірегі тұмшалаулы. Бірақ, сол дәуірде

де, мойнына қанша қамыт іліп, үстіне қанша азап мінгізіп, «арқасын қанша құзғын шоқыса да, сар дала сары атандай төзімді» болып шықты. Бірақ, қазақ үшін қашан да бір азаптың есігі жабылса, екінші азаптың есігі ашық тұрған ғой. Біреулер төсегінен шошып тұрды, Біреулер өзін-өзі өшіктірді: Ербиген екі пагон, бір жағаға Барлық бас құлақтарын тосып тұрды. Қазекең айтушы еді қызбай нені, Етекке ерді өмірдің мұздай желі. Жас орыс төрге шықты, Деді әжелер: «Япыр-ай, сақ болыңдар, қыз қайда еді!» Халық үшін үрей мен қорқыныштан өткен, адалын былғатып, абыройын бүлдіртіп алғаннан асқан азап бар ма? Одан өткен де, одан асқан да қорлық жоқ қой. Бірақ, азап арқалап, қорлықтың қамытын киіп жүрген халықтың құрсағынан да Намыс пен Жігердей боп, наркескендер мен алдаспандар туыпты. Бір жақтан Құрманғазы, Дәулеткерей, Махамбет шықса, екінші жақтан Абай, Біржан, Ақан серілер шығыпты, үшінші жақтан Жамбыл мен Бауыржан туыпты. Яғни, әр кезеңдегі әр толқыннан келер ұрпақтың алдында тұлғаланып тұратын рухани Әкелер өсіп шықпақ. Рухани Әкелерге лайық Рухани Перзенттер дүниеге келмек. Жүкеңнің «Бұл жолы ол шынын айтты» дастаны сонау «жылымық жылдары, дәлірек айтсақ. 1961 жылы жазылған екен. Адамдардың айналасын күмән мен күдік қара шегірткедей қаптап кеткен заманнан енді арыла бастаған тұсы. Ақын бұдан сәл ертерек пойызда танысқан – Секілді ме, именуге Үйренген жан бала жастан, – Қорқақтық пен батылдық ой Бір бойында араласқан. Басам десе бір аяғы Қоя тұр деп екіншісі;

Мейірімін әлдекімнің Келер ме екен өтінгісі? Жоқ-жоқ оған ұқсамайды Өткір еді жүзі қандай! – Қазір жаз боп жарқыраса, Қазір қыс боп бұзылардай, – екі ұдай сезімде, жанын бірде күдік жеген, бірде үміт жетектеген адаммен кездеспек. Бұл жан – қысас заманның қыл арқанына мойнынан тым ерте іліккен жан. Мектепте оқып жүргенінде әкесін «халық жауы» деп айдап алып кеткен. Содан кейін-ақ басынан сор арылып көрмепті. Соңынан қырсық деген бәле тілін салақтатып ерген де отырған. Түнде жатқызбаған, күндіз отырғызбаған. Оны, басқа-басқа, өз ауылында көзге шыққан сүйелдей, тонға түскен күйедей еткен. Шыдатпаған. Ақырында өз ауылынан безіп тынады. Жер үстінде жүрмей-ақ қояйыншы деп шахтаға, жер астына түседі. Бірақ, оған жер астында да тыныштық бермейді. Ақырында тоңған елінің денесін жылытатын, қазанын қайнататын Отанының ошағына көмір төгіп жатқан оны жер астынан қатыгез қолдар желкесінен бүріп, сопаң еткізіп суырып алып, далаға лақтырып тастайды. Лақтырып тастап қана қоймайды, әлдеқандай сүртсең де, жусаң да кетпейтін, күйелеш бір жаланы жабады да, он жылға айдатып жібереді. Сұмдықтың сұрқия көзінен үміті мерт болып, зымияндықтың зұлым сөзінен арманы ту-талақай болған ол жанның, дегенмен өзегі берік, жігері темір екен. Бәріне көніп, бәріне төзіп жүріп, бүгілмей тіктеліп кетеді. Мерт болған үміті қайта гүлдеп, ту-талақай арманы қайтадан қанат байлап шыға келеді... Ақынның үшінші дастаны «Ақ қайраң» – аса күрделі дастан. Ол дастан ну жыныстай қалың, қорғасын бұлттай ауыр. Ну жыныстай ол қалыңға ендеп кіру үшін, қорғасындай ауыр ол бұлтты аударыстырып қарау үшін ұзақ уақыт және үлкен көлем керек. *** Қазір бауырымнан өрген балаларым – тіпә-тіпә, зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер болса да, немерелерім тағы да, тіпә-тіпә – жамырап кеп құшағымды толтырып

жатса да, сақал-шаштарын баяғыда-ақ қырау шалған талай-талай азаматтарға аға боп кетсем де, мен бәрібір, қамығып, торыққан сәттерімде Жұмекен ағамды аңсаймын. АҢСАР САҒЫНЫШ ПЕН КӘУСАР СЕЗІМ АҚЫНЫ Біз әдетте бәріне уақыт төреші, бәрін де уақыт көрсетеді деген сөздерді жиі қолданамыз. Бұл сөздерді біз өзіміз құрмет тұтатын құндылықтардың көзден таса, көңілден тыс қалып, есесі кетіп бара жатқандай сәтті сезінгенде, өзімізді жұбатқандай боп айтатынымыз бар.Әрине, несін жасырамыз, көбіне-көп солай екені де рас. Бірақ, тереңірек үңіліп, әрірек бажайлап қарасаң, өмірде кілең солай бола бермейтініне де көзің жетеді. Өйткені, қара қылды қақ жарар әділ деп ойлайтын уақыт дегеніңіздің өзі кейде опасыз. Оның кейде бадырайып тұрған бар нәрсенің өзін көзапара көмескілендіріп, бұлдырландырып, алыстатып жіберетіні бар.Тіпті, мүлде өшіріп жіберуі де кәдік. Менің мұны айтып отырған себебім, арғы замандарға бармай-ақ, күні кеше ғана азаматтығын да, шығармашылығын да өзіміз ерекше қадірлеп, құрмет тұтқан ағаларымыз бен замандастарымыздың есімдері бүгінгі таңда мүлде айтылмай, айтылса да сирек айтылатынын көріп, біліп отырғандықтан. Мәселен, аңсар, іңкар сезімнің ақыны, төгіліп тұрған мөп-мөлдір кәусар талант, қайталанбайтын ғажап лирик Сағи Жиенбаев, өлеңдерінің өн бойынан туған жер топырағының демі есіп қоя беретін Құдаш Мұқашев, өлең өрісін кеңейтемін деп басын тауға да тасқа да соғып, жанталасып өткен Жүсіп Қыдыров, қызғыш құстай шарқ ұрып ұшатын шымыр жырлар әкелген Меңдекеш Сатыбалдиев, сөздері от бүркіп, шоқ түкіріп жататын Өмірзақ Қожамұратов, өзі де, сөзі де Оқжетпестей асқақ боп өткен Еркеш Ибраһим және де басқа қаншама ақындарымыздың есімдері тек мерейтойларда болмаса, айтылудан қалып бара жатқаны бәріміз білетін шындық қой. Олардың

шығармалары күнделікті рухани айналыстан шығып барады. Өкінішті-ақ!.. Сол ақындардың ішінде, сөз жоқ, Сабырхан Асановтың да есімі бар. Ал, Сабырхан Асанов, біз жақсы білеміз, алпысыншы жылдары әдебиетке келген толқынның кеудежарды таланттарының бірі болатын. Сабырхан Асанов әдебиетке, ең алдымен, айнала тіршіліктен үйлесім мен жарасымдылық, әсемдік пен сұлулық іздеп келген ақын. Сондықтан да ол өз өлеңдеріне, көбіне-көп, ізгілік пен инабаттылықты, қуаныш пен шаттықты арқау етті. Ол қайғы мен қасіретті, мұң мен наланы қаузағанннан гөрі, жалт ете қалған үміт пен жалт ете қалған арманды қалт жібермей, қаз-қалпында сөз-суретке түсіргенді қалады. Алатаудай болсын мейлі айбыны, Жетістіріп жаза алмайтын қайғыны. Жырлары да бітті оның дей беріңдер, Қуанышым бітсе менің қай күні! Бұл – оның сол жылдардағы басты кредосы. Ол тек сұлулыққа, әсемдікке ұмтылады. Оның “бақытымды сезінемін, достарым, гүл ұстаған саусағымның ұшынан” дейтіні де содан болса керек. Сондықтан да ол табиғат әлеміндегі ғажап, сұлу құбылыстарды сөздің суретіне түсірудің хас шеберлерінің біріне айналды. Сенбесеңіз, қараңыз: Ағаштың бұтағында әрең отыр, Қанатсыз балапандай қалтылдап қар. Немесе: Қарайлайтын өткенді, Қаулап өсер көк те енді. Қалқиған әлсіз құлақтар, Көтеріп тұрды көктемді. Немесе: Қуғын көрген ала бұлт тыным таппас, Айдың шамын бір жағып, бір өшіріп. Немесе бота туралы: Сыр бойынан үзбей өткір қияқты, Балпаңдатып тастайды кеп аяқты.

Жалғыз өзі сахнаға шыға кеп, Би билеген балерина сияқты. Қозы-лаққа тиісіп не жаусынбай, Жүреді ылғи шыдам еркі таусылмай... Бөлек шығып боздағанда дауысы, Кішігірім паровоздың даусындай. Немесе: Жел жапырған таудың дудар бастары, Бұлаңдайды құйрығындай балықтың. Сөзбен салынған тұнып тұрған табиғат пейзаждары. Тағы да бәрі де жанды тербелісте, қимыл-әрекетте. Оқисың да тұтас бір табиғат пейзаждарына арналған галереяны аралап шыққандай боласың. Сұлулықтың тұнығынан су ішіп, сұлулықтың сәулесіне шомылып шыққандай ләззат аласың. Жаның жаңбырдан кейінгі даладай жадырап, көңілің тауға шыққандай марқаяды. Сабырхан Асанов табиғат көріністерін фотоға түсіргендей, сөзге түсіріп қана қоймайды, кейде оларды адам жанындағы мың санат құбылыстармен астастыра қарастырады. “Қобалжыған көңілдей боп қозғалып, қою бұлттар қопарылып көшеді”. Бұл– тек сәтті теңеу ғана емес. Бұл — салмағы ауыр, айтары мол метафора. Оның өн бойын толтырып кернеп бaра жататын өлең табиғатын осы топырақтан іздеген жөн Бөлісе алмай бұл дәуірдің дүрмегін, Бір жақсы өлең жүрегімде жүр менің. Шыға алмаған жандай бейне қамалып, Таба алмастан тас есігін түрменің. Атқан таң ба, алаулаған арай ма, Жақсылықты жаны қалап қарай ма? Күрсінгенде көзден ұшқан мұң болып Көрінбестен көкжиекке тарай ма? Көктем бе әлде, Он екі айда бір келген, Нөсер болса тіпті несін іркем мен. Шаттық па екен шайқатылған ауада, Сезім станцияларына тіркелген.

Сергек сезім станциялары ғұмыр бойы толассыз жұмыс істеп өткен ақынның сөз, махаббат тақырыбына жазылған өлеңдері аз болмаса керек. Иә, дәл солай. Өз қолымен баспаға дайындап кеткен таңдамалысының атын жан-жары Шолпанның есімімен атауының өзі тектен-тек емес. Ол өзінің өлеңдерінде көктемге қалай қайта-қайта орала берсе, махаббат тақырыбына да дәл солай айналып соға береді, тағы да ол өлеңдерінің бәрі дерлік кенересіне келіп, шүпілдеп толып тұрған сезім. Алатаудың бауырына қонған ақша бұлттай үлпілдеп тұрған аңсар арман. Сабырхан Асанов махаббатты белгілі бір кезеңнің, яғни жастық шақтың ғана тақырыбы деп қарамайды. Ақын үшін ол—мәңгілік тақырып. Құдайдан қалап алған, құлай жығылған тақырыбы. Жырлаған сайын шөлі бір қанбай, кенезесі кезерген үстіне кезеріп өткен тақырыбы. Тіпті оны махаббатқа табынып өткен ақын деуге болады. Оны бейне бір махаббат қана билеп-төстеп, оған тек махаббат қана әмірін жүргізгендей. Сенсің менің билеушім, әміршім де, Тырп еткізбей қоятын Тәңірсің де. Саған ғана табынам жер бетінде Күш-қуатын жүректің танысын деп. Сен биіксің барлық бар биіктерден, Бар биікті алдына иіп берген. Сен тазасың, сен таза мөп-мөлдірсің, Құраған көз жасы мен құйып терден. Кім бар, кәне, бір саған тең келетін?! Не данышпан сен десе сенделетін. Әнші біткен бір сен деп ән салатын, Ару біткен сенімен емделетін. Сен өткірсің отты сөз, отты ісіңмен, Қыз бен менің шықпаушы ең көп түсімнен. Жарым болып жатырсың жаныма кеп, Сенде ғана қиянат жоқ деп түсінем. Махаббатты ғана билеушісі мен әміршісі деп көретін ақын, әрине, оның алдында пұтқа табынғандай тізесін бүгіп, басын иіп, көз жасын пора-пора ағызып, езіліп,

егіліп отырмайды. Оны жанының шұғыла-шуағына орап, лүпілдеп соғып тұрған жүрегінің үстіне салып, бәйек боп тербетеді. Содан күш алады, алапат қуатқа ие болады. Ұлғайып, іріленіп, “айналасына от таратып жататын сөнбеген планетаға” айналып бара жатады. Сол бір сөнбеген планета қызуына сенің де жаныңның өртенбеуі, сенің де жүрегіңнің қарылып, қақталмауы мүмкін емес. Сен де сол махаббат деген ғажайып сұлу әлемнің ішіне еніп, оның ажары мен базарына сұғыңды қадап, сұқтанып, арбалып бара жатасың. Бақыт боп қонсаң басыма, Тау болсаң да көтерем. Даңғыл жол болсаң таусылмас, Бойыңда қаңғып өтер ем. Өрт-жалын болсаң өршіген, Кетсем де жанып құшар ем. Кең жазық болсаң, төсіңнен, Сағымың болып ұшар ем. Болар ма, сірә, жеңгенің, Еркімді алдың еңсеріп. Өзенім болсаң сен менің, Өсер ем бойлап теңселіп. Шығысым болсаң сен менің, Таң болып сенде атар ем. Батысым болсаң сен менің, Күн болып барып батар ем. Қиын-ау енді сенбегім, Күнәң да болса, өсекке. Аруым болсаң сен менің, Жатар ем тартып төсекте. Сен құдай болсаң, пендеңмін. Не десең де көнер ем. Ажалым болсаң сен менің, Қарсыласпай өлер ем. Егер бар болса, махаббат гимніңіздің өзі дәл осындайақ болар-ау!

Сабырхан Асанов өлеңдерінің тағы бір өлең өрісі — қазақ даласы, туған ел мен туған жер. Ол бұл өлеңдерінде де кең байтақ даласы хақында, елі мен жері туралы үзіліп кетердей үздіге сөйлеп, оларға деген аңсар сағынышы мен кәусар сүйінішін қотара төгіп, қопарыла ақтарады. “Төсіңдегі түйе боп түрегелер, Менің сен деп боздаған сағынышым” деп емірене тебіренеді. О, дала, дала, сенің кеңдігіңді, Ер жетіп тентек балаң енді білді! Көз салсам, қуанғаннан кеудем менің, Түндіктей желпілдеймін желді күнгі. Жалықпай кезіп алқап алабыңды, Ізімді тауып алдым бала күнгі. Жүгіріп кең төсіңде кеттім жалғыз, Түруге үлгере алмай балағымды. Бір қарағанда қарапайым ғана жолдар, қатардағы ғана шумақтар. Алып бара жатқан ештеңесі де жоқ сияқты. Солай бола тұра, өн бойына бір тылсым қуат жинаған бұл шумақтар жады өте нашар адамның өзінің есіне жатталып қалады. Неге? Оның себебі, бұл хал— қаладан ауылы мен даласын аңсап барған бүкіл қазақ баласының басынан өткен хал. Бәріміздің басымыздан өткен далаға деген сағыныш. Сабырханның туған ел мен туған жер туралы жүрекжарды жырларының өзін тұтас бір үлкен мақалаға арқау етуге болады. Ол жырлардың бәрі дерлік оңтүстіктің аптапты керімсалындай аптапты ыстық. Алатаудың ақар-шақар биіктігіндей асқақ, Сарыарқаның даласындай кең жазира. Бұл жерде біз ақынның қатал дертке шалдығып, төсек тартып өткенін ойша шолып, қамыға құныққан сәттеріне аз да болса тоқталмай өтсек, ең алдымен, өзімізге сын болар еді. Күндер зулап, түндер зулап өтуде, Талайлардың түбіне ол жетуде. Бұл тірлікке бір келуін келген соң, Кім еркімен көнер дейсің кетуге. Бірақ мезгіл өз дегенін істетер, Қаптап көктем, қаптап күз де, қыс та өтер.

Бірте-бірте кеміп жүрек жалыны, Бірте-бірте бойдан қуат, күш кетер. Бірте-бірте тілек, арман тиылар, Үлбіреген үміт жібі қиылар. Бар өмірім бірақ түйір тамшы боп, Жанарыма жақұттай боп жиылар. Сабыр тілеп, сонда іштей тынармын, Тынармын да тұңғиықтай тұнармын, Сол бір тамшы кетпесін деп домалап, Кірпігімді қаға алмастан тұрармын. Дертті ақынның жан-жүрегінен алғаусыз ақтарып салған осы бір шер мен мұңға толы өлеңін оқып отырып, сен де бір аса қимас сезіммен, іштей бордай үгітіліп, күн шуағы түскен тоңдай езіліп бара жатасың. Бар өмірі бір-ақ тамшыға айналған ақын тағдыры қандай ауыр. Кірпігін қағып қалса, өмір мөлт етіп үзіліп түспек. Сондықтан ол кірпігін қағуға қорқады. Сенің де көзіңе мөлт-мөлт жас тығылып, мына өмірдің соншалықты баянсыз, соншалықты тұрлаусыз екенін бұрынғыдан да жіті сезініп, бұрынғыдан құмбыл ұғына түсесің. Құдайау, бәріміздің де ғұмырымыз қас пен көздің арасында мөлтілдеп ілініп тұрған бір-ақ тамшы жас екен ғой. Егер кірпік бар болғаны жалғыз-ақ рет қағылып кетсе... бітті! Арғы жағы тұңғиық. Бір-ақ тамшы өмір!.. Өзінің осы бір дертті ауыр халін бар жан-тәнімен сезінген ақын бәрібір өзінің о бастағы болмысбітімінен, Алла-тағала берген табиғатынан танбайды. Пәни өмірден бақилыққа кететініне анық көзі жеткен ақынның соңғы өсиеттей мына бір екі шумағын оқыңызшы. Ғұмыр бойы қыз бен көктемді сүйіп өткен сабырхандық мінез бен сабырхандық болмысты аумай танисыз. Қойнында қызықтарым өткен бар, Қойнында алаулаған көп таңдар. Мені егер де алмақ болсаң, тағдырым, Қыз кезіндей күлімдеген көктемде ал. Кетпей тұрған кезінде өлкем қатайып, Батсам, барып жұмсақ жерге батайын.

Бар мезгілден көктемді артық көруші ем, Гүлге оранып, күнге оранып жатайын. Міне, ақын өсиеті.Тірлігінде қалай өмір сүрсе, өліміне де соны тілепті. Гүл мен күнге оранған Сабырхан Асанов өлеңдері біздерді әлі талай рет қызуымен де, қызығымен де өзіне құштар ете берері сөзсіз! “ҚЫЗЫЛ МЫЛТЫҚ” Бұлтық-бұрылыстары да, кедір-бұдыры да, асу-белі де көп мына өмірдің біршама кезеңін бірге өткізген Сәкеңнің, Сайымжан ағамның ең жиі қолданатын мәтелдерінің бірі: “Жақтырмасаң—қойыңды бақтырма”, – еді. Ол бұл сөздерді шамырқанып шарт кеткенде айтатын. Ал оның шамырқанып шарт кететін тұстары жиі боп тұратын Міне, дәл осы мәтелде оның бүкіл мінезі, бүкіл болмысы, тіпті бүкіл өмірлік принципі жататын деуге болады. Ол біреуге жағыну дегенді, біреудің көңілінен шыға қою дегенді, біреудің қасқабағына қарай қояйын дегенді, біреудің көзіне түсе қояйын дегенді білмей өтті. Кіммен болса да—мейлі ол өзінен кіші болсын, мейлі ол өзінен үлкен болсын— лауызымына да, атақ-даңқына да қарамай терезесін тең ұстап сөйлесетін. Ешкімнің алдында да бұғып аласарып, ешкімге де жылтырап мәймөңкелемейтін. Ешкімнің де мұрнын шүйіріп, тұмсығын көтеріп сөйлескенін көтере алмайтын. Біреудің өтірік әрекетін көріп, жалған сөзін естісе — өзіне мүлде қатысы жоқ болса да — бейне бір шындықтың жалғыз өкілі сияқты отқа түсіп күйіп кететін. Ондайда қақ бөлініп, “тарс” атылатын. Мен оның сондай-сондай сәттерінде: “Ой, менің қызыл мылтық Сәкем-ай”, – дейтінмін. Шынында да, ол қызыл мылтық еді. Мылтық болғанда да шүріппесі үнемі қайырулы тұратын мылтық еді... Мен Сәкеңмен, Сайымжан Еркебаев ағаммен сонау өткен ғасырдың алпыс жетінші жылында танысып едім. Сол кездесу, суретке түсіріп алғандай, әлі көз алдымда. Жазушылар одағына жиі барып тұратын кезіміз ғой. Атақты бір ақынның ықыласты алақаны мен белді бір

жазушының пейілді бір сөзіне марқайып қаламыз. Әйтеуір сол маңды төңіректеп жүретінбіз... Бір күні сол қасиетті ғимараттың басқышымен көтеріліп бара жатқан мені төмен түсіп келе жатқан қып-қызыл кісі қолымнан ұстап тоқтатты. Мен алдында ішіп келе жатқан кісі шығар деп, тез сытылып кетпек боп бұрыла беріп ем, қолымды жібере қоймады. “Сен Темірхансың ба?”—қызара бөртіп тұрған жүзі ішіп алған адамның жүзі болғанмен, сөзі сау адамның сөзі. Нық, таза. “Иә, Темірханмын...” Не керек, сұрақтан жауап, жауаптан жөн сұрасу басталып, сөйлестік те кеттік. Менің, соның алдында ғана Қазақ телевидениесіне орналасқан кезім. Ал, ол «Қазақ радиосына» жұмысқа жаңа ғана қабылданыпты. Содан бастап ол кісі дүниеден қайтқанша, біздің арамыз ажырап, жұбымыз жазылмады деуге болады. Жас алшақтығымыз он жыл бола тұра тең-құрбыдай қатар жүрдік. Көп ұзамай ол кісіні өзіммен бірге істейтін, менен лауазымы бір саты жоғары, сақа ақын болып қалған Дүйсекеңмен, Дүйсенбек Қанатбаевпен таныстырдым. Сол-сол екен қалт еткен бос уақытымызда үшеуміз бір жерден табыла кететін болдық. “Бір жеріміз”, көбіне-көп, телевидениенің жоғарғы жағындағы, көлеңкелі саялы ағаштар өскен алаңқайдағы доңғалықты цистернадан сатылатын сырахана. Кейіннен ол сырахана “Сайымжанның сары сиыры” атанып кетті. Сондағы бір байқағаным, Сәкеңнің өте көп білетіндігі, өте көп оқитындығы еді. Батыс пен шығыс классиктерінің шығармаларын бірінен соң бірін айтып, ауызымызды аштырып, көзімізді жұмдырып қоятын. Әр есік, әр босағаны паналап, пәтер жалдап жүрген оның сол кезде-ақ кітапханасы болатын. Қай жерге көшсе де сол кітапханасын, бір кітабын да тастамастан, буып-түйіп машинаға тиеп ап таситын да жүретін. Мен сол кітапхананың талай рет тұрақты жүкшісі болдым дей аламын. Сонымен бірге ол кітапхананың тұрақты жүкшісі ғана емес, тұрақты оқушысы да болып алдым. Айрықша айта кетер бір нәрсе, менің кітапқа деген құштарлығымды бұрынғыдан да күшейтіп жіберген осы Сәкең еді. Алматыдағы шет тілдер институтының неміс тілі факультетін бітірген соң Сәкең Атырау облысы Доссор

кентіндегі мектеп-интернатта, кейін Батыс Қазақстан облысы Тайпақ (қазіргі Ақжайық) ауданындағы Талап мектебінде неміс тілінен дәріс берген. Сол жылдары көп ізденген, көп оқыған, көп жазған. Өзінің болашақ кейіпкерлерінің арасында жүрген. Солармен таластартысқа түскен. Біліскен, күрескен, шыңдалып шыныққан. Ол Алматыға көптеген әңгімелер, бірқатар хикаяттар, яғни бірнеше кітаптың қолжазбаларын арқалап жеткен ғой. Бірақ, солардың ішінен тек “Алғашқы адымы” ғана жарық көрді. “Алғашқы адым” хикаяты – өмір есігін алғашқы ашқан жас жігіттің алғашқы қателігін, алғашқы күрсіні сі мен алғашқы сүйіспеншілігін, алғашқы қиын дығы мен сол қиындыққа қарсы күресін көрсететін шығарма. Сайымжан Еркебаев мойып жасуды білмейтін оптимист қана емес, нағыз барып тұрған романтик те еді. Бұл туралы Әбекең, Әбіш Кекілбаев жақсы айтқан: “Иә, Сайымжанды білем. Өзі де, өнері де желге қарап шапшитын қиқар жігіт. Бірақ, нағыз талант. Романтик. Дүниедегінің бәрін өз қолымен ұстап, өз тұмсығымен иіскеп, өз тісіне салып шайнап, өз тілін тигізіп талмап көргісі келеді”. Оның барып тұрған сол романтиктігі ғой қырыққа жақындағанында Маңғыстауға тартып кеткендігі... Ол кезде Сәкеңнің жағдайы тіпті де жаман емес еді. Жұмысы да бар, айлығы да, қаламақысы да жақсы. Жалғызілікті. Не кием, не ішем демейді. Солай бола тұра, бір күні ол біздің үйге нілдей бұзылып келді. “Мен Маңғыстауға кетем” дегені. “Неге?” деймін ғой мен. “Бұл жердегі сұрқай тірлік, сүреңсіз өмір мені жалықтырып жіберді. Маңғыстауға баруым керек. Өмірді қақ ортасынан қайта бастаймын”. “Кеш емес пе?” “Жоқ кеш емес, қайта дер кезі. Жүрем десең, менімен бірге жүр. Көлшіктен балық ұстап, балық қорыған тіршілік бола ма?” – дейді ол. Өзімнің де мұңайып жүрген кезім. Не керек, әрі ойлап, бері ойлап, ақырында мен де баратын боп келістім. Сәкең Рахмет Өтесінов деген жақын жездесінің кең сарайдай екі қабатты үйінде жатады екен. Ал Рахмет Өтесінов ағамыздың Маңғыстаудағы ең беделді, ең абыройлы адам екенін кейіннен білдім. Ол кісі –

Өзен аймағындағы мұнай көздерін ашып, оны игеруге де, Жаңа Өзен қаласының ірге тасының қаланып, шаңырақ көтеруіне де өлшеусіз үлес қосқан адам. Тек біз барардан бірер жыл бұрын ғана жол апатына ұшырап, екі аяғы сал боп жатып қалған екен. Бірақ нағыз қайтпас қайсар жан екен. Мұнайшылар өмірінен қаншама кітаптар жазып шықты. Міне, сол кісі Сәкең екеумізге қаланың қақ ортасынан бір бөлмелі үй алып берді. Жасадық та қалдық. Мен бұл жерде Сайымжан Еркебаевтың Маңғыстауда жазылған сүйекті екі шығармасына – “Жолдар мен шақырымдар” және “Жел өті” романдарына аздап болсын тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. “Жолдар мен шақырымдар” – атының өзі айтып отырғандай, өмір жолын енді бастаған, әлі балапан мұрты да алынып үлгермеген бозбала жігіттің мына қым-қуыт тіршіліктен, аспан асты, жер үстінен өз орнын табу үшін алыс сапарға аттанғанын, сол сапар үстінде көрген қиындықтары мен ауыртпалықтарын, жаман мен жақсының арасы қандай алыс болса, кейде сондай жақын екенін, сондай-ақ аралас-құралас жүретінін, жаны да бірде шуақ төгіп тұрса, енді бірде ызғар шашып тұратынын суреттейтін шығарма. Бұл кітаптағы оқиғалар қандай шапшаң дамып, қандай шұғыл әрекеттерден тұрса, оның жазылу стилі де сондай шапшаң, сондай шұғыл. Айналаның бәрі дамылсыз қозғалыс, тіршіліктің бәрі дегбірсіз қимыл. Сол қозғалыстар мен қимылдар бейне бір шығарма сөйлемдерін ширатып, шиыршық аттырып жібергендей әсер аласың. Сайымжан Еркебаев Хэмингуэйдің диалогтарына аса бір қызығушылық танытып отырушы еді. Сөйтсем, жай ғана қызығып қоймаған екен. Ол оны өзіне мектеп етіп алған екен. Ол диалогтарды адам образын ашатын құрал, әдіс етіп ала біліпті. Мірдің оғындай ұшқыр, түскен тастай нық. “Жел өті” романы – менің жаныма соншалықты жақын, менің көзіме соншалықты ыстық көрінетін шығарма. Өйткені, Сайымжан көрген ортаны мен де көргем. Сол бір қиын да күрделі ортаның ыстық-суығын өз басымнан өткізгем. Маңғыстау — тек қызған еңбек майданы емес,

шайқасып жатқан, шарпысып жатқан адамдар тағдырының да майданы болды. Маңғыстауды, бәрі болмаса да , көп жұрт қалта толтыратын қойма, шетінен қарпып асайтын майшелпек көрді. Олардың арасында, әрине, бұрынғы жүрген жерінде қарау жолға түсіп, енді адамшылық жолға түсейін дегендер де, барар бағытынан адасып, панасыз қалып, енді осы Маңғыстаудан пана табайыншы дегендер де, оннан-мұннан қашқан алаяқтар да, адал еңбегімен ел қатарына қосылайын дегендер де болды. Бәрі, бәрі болды! Шынын айту керек, талантты жазушы Сайымжан Еркебаевтың шығармалары кезінде өз деңгейінде дұрыс бағаланбады. Көбіне-көп уәлі сөздерден де, дуалы ауыздардан да тыс қалып келді. Ал оның шығармалары талдап-талқылауға да, сараптап салиқалы сөз айтуға да тұратын салмақты шығармалар еді. Бірақ, ештен кеш жақсы дейміз де. Олай дейтініміз, міне, оның үш томдық жинағы жақында жарық көрмек. МЕЙІРІМ МЕН ҚАЙЫРЫМНЫҢ АҚЫНЫ Жиырмасыншы ғасырдағы әдебиетіміздің алтын өзегіндей болған қайран алпысыншы жылдар-ай... Қаншама жылдар бойы қатал да қатыгез қыспақта қусырылып тұрған бұла күш бұлқынып шыққан вулкандай лап етіп аспанға атылып шығып еді-ау... Әдебиеттің қай жанрында да қайта түлеу мен қайта жаңғыру процестері соншалықты шапшаңдықпен шұғыл жүріп жатты. Әсіресе, кенезесі кеуіп, шөлдеп, өзегі талып сусырап жатқан өлең өлкесі ағыл-тегіл, толассыз жауған нөсер жауыннан кейінгі түздей ту көтеріліп құлпырып шыға келген-ді. Поэзия атырабына Қадыр Мырзалиев ойлы орманын алып келсе, Жұмекен Нәжімеденов тылсым тереңнен шыңырау көзін ашып, ал Мұқағали Мақатаев оның кеңістік көкжиегін бұрынғыдан да кеңейтіп жіберді. Әрине, әдебиетке олардан сәл ертерек келген Тұманбай Молдағалиев пен Сағи Жиенбаевтар көшкен тұманнан қалған шықтай мөлдір жырларымен жұрттың мейірін мейлінше қандыра бастаған-ды. Ол жылдары тіпті ақ бурыл, көк бурыл тартқан ақындарымыз да бұрынғы тұяқкешті

өрістерін тастап, әдеттегі таптаурын жолдарынан жерініп, жаңа атырапқа түрен сап, жаңа соқпаққа түсуге әрекет ете бастаған-ды. Яғни, олардың да шығармашылық әлемдерінде түлеу мен жаңғырулар толассыз жүріп жатты. Шынында да, сол жылдары поэзия жамырасқан жаңалық пен жадырасқан жаңғырықтарға толып кетіп еді. Жарықтық өлең сол тұста даланың еркін желіндей есіп те, қаншама уақыт бойы күрмеліп жатқан түйінді шешіп те, шешілмегендерін алдаспандай жарқылдап кесіп те сөйлеп жатты. Сол бір жылдары поэзияның тың өлкесі түгелімен дерлік жаңа қонысқа айналып, түгелімен дерлік біржола игеріліп біткендей еді.Енді ешкімге де қоныс та, игерілетін атырап та қалмағандай көрінетін. Ендігі өлең сөйлейтіндердің солардың тасасында қалып, солардың көлеңкесінде жүретіндей еді. Бірақ, өлең кеңістігі дегеніміз географияның кеңістігі емес екен. Күш-қайратың, талант-табиғатың, ерік-жігерің жетсе, өлең деген әлемнің көкжиегі кеңіген сайын кеңи түсетін сиқырлы қасиетке ие болып шықты. Алпысыншы жылдардың екінші жартысында-ақ, бес-алты жыл өтпей-ақ поэзияға жаңа леп әкелген жаңа лек келіп үлгерді. Солардың ішінде сонау қиянда жатқан Атырау өңірінен қызғыш құстың даусындай естілген Меңдекеш Сатыбалдиевтың сергек те шымыр үніне де құлағымызды тіге қалғанбыз. Ол үннің тілегі де, ниеті де сәуірдің ақша бұлтындай қылаусыз аппақ болып шықты. Арман үшін! Аяман жанды мына, Жамандықтың көнбеймін даң-дұңына, Жақсылықты ақ жібек ауаға орап Үлестірем дүниенің барлығына. Ақын жанының жомарттығына, ақын жүрегінің кеңдігіне, ақын мейірімінің көлкөсір молдығына тәнті болғанбыз. Жалпы, өлең деген алып атыраптың рельефі де алып жердің рельефі сияқты сан түрге, сан құбылысқа түсіп

отыратын құбылмалы ғой. Оның да жер бедері сияқты, бір тұсын сортаң мен тұз басып жатса, енді бір жері көкорай шалғынды, жасыл жайлаулы мамық, ал басқа бір өңірі орман-тоғайлы көркем, одан әрірек көзді де, көңілді де, құлазытар кең дала, онан кейін сулы да нулы алқап, сонан кейін... осылай жалғаса береді. Осынау сан құбылып, сан түр мен сан түске ауысып тұрған өлеңнің әр алқап, әр өңірінің өз климаты, өз температурасы, өз демі мен лебі бар, яғни өз табиғатына сай өзінің өмірі мен тағдыры бар. Оған ол өңір мен өрістерде еңбек етіп жатқан ақындардың болмыс-бітімі мен мінезін қосыңыз. Шын талантты ақын ғана сол болмыс-бітімі мен мінезіне сай өлеңдерді дүниеге келтірмек. Яғни, шын ақын о баста құдірет құйып жіберген талант қуаты арқылы өз болмыс-бітімі мен мінезін көрсетсе керек. Сондықтан олардың біреуінің ақ бұрқақ ашулы, біреуінің қақпанға түскен қасқырдай ызалы, енді біреуінің тарыдай нәрседен таудай ой іздеп отыратын пәлсапашылдығы, үшінші біреуінің қара қылды қақ жаратын турашылдығы, сонан кейінгі біреуінің мамық мақта үстінде отырғандай мамыражайлығы, әйтеуір, осылай да осылай жалғаса беретін мінезге, сол мінез тудыратын сан түрлі харекетке ие болмақ. Егер осы талап тұрғысынан келіп қарастырсақ, онда біз Меңдекеш Сатыбалдиевті мейірім мен қайырымның ақыны дер едік. Ал, мейірім мен қайырымның ақыны өмірге тек жақсылық қана тілейді. Сондай ақын ғана атар таңға қарап: Тұрмын қарап қырық бірінші жыл құсап Атпаса деп қара бұлтты жамылып, – десе керек. Меңдекеш Сатыбалдиев сондай адам болатын. Қашан көрсең де оның тұла бойынан мейірімнің шуағы құйылып, қайырымның сәулесі төгіліп тұратын. ... Мен Меңдекеш ағаны сол айтулы алпысыншы жылдардың соңына таман көрдім. Ол кезде мен көп жұрт сияқты “Горный Гигант” дейтін жерде пәтер жалдап тұратынмын. Ол жерде менен басқа, бүгінгі таңда есімдері барша оқырман қауымға кеңінен танымал Әнес Сараев пен Дүйсенбек Қанатбаевтар да тұрып жатты.

Екеуінің отбасы бір ауладағы бір үйдің екі қапталын қоныс еткен. Мен оларға жиі барып тұратынмын. Сол жылдары ол үйлерге, құдай-ау, кімдер келіп, кімдер кетпейтін десеңізші?! Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Төлен Әбдіков, Сайымжан Еркебаев, Қажығали Мұхамбетқалиев, Есенжол Домбаев, Ахат Жақсыбаев, Төлен Қаупынбаев, Шәміл Әбілтаев тағы басқа толып жатқан азаматтар үйме-жүйме болып топырласатын да жататын. Есік алдында қапталдасып қатар тұрып, дастархан басында қауқылдасып әңгіме соғушы еді. Бүгінде қарап отырсақ, көңілімізден де, көзімізден де бұл-бұл ұшқан ол да бір заман екен-ау?! Бір күні Дүйсекеңнен Меңдекеш Сатыбалдиев көшіп келіпті дегенді естідім. Көп ұзамай Әнекең мен Дүйсекеңнің үйінде ол кісімен кездестім де. Жалдап тұратын пәтері Әнекең мен Дүйсекеңдердің үйлерінен алыс емес екен. Меңдекеш аға шыбықтай талдырмаш, рең-ажары қағаздай жұп-жұқа, аққұба, толқынды қара шашты, сөйлегенде ернін шүйіріңкіреп сөйлейтін, күлгенде балаша мәз болып күлетін, ақжарқын әдемі кісі екен. Сыртымнан мені де жақсы білетін болып шықты. Бірден шүйіркелесіп сөйлесіп кеттік. Көп ұзамай жұмысқа кірді. Мен ол кезде телевидениеден кетіп, бала-шағамды асырау үшін кездескен қара жұмысқа жегіліп жүргемді. Ақыры Маңғыстауға кетіп тындым да, Мәкеңмен байланысымыз шорт үзілді. Маңғыстау облысы ашылғаннан кейін барлау экспедициясынан босап, облыстық газетке ауыстым да келесі демалысымда Алматыға соқтым. Ойда жоқ жерден көшеде Мәкеңмен кездесе қалғаным. Туған бауырын көргендей құшағына тартып, жік-жапар болып жағдайымды сұрап жатыр. Мен жағдайымның жаман емес екенін, тек бір тұрмыстық тұсаудың ғана бар екенін айттым. “Ол қандай тұсау?” – деді Меңдекеш аға. Қолымдағы екі баланы балабақшаға орналастыра алмай жүргенімді, сонан әйелімнің үйде отырып қалғанын қысылып-қымтырыла жеткіздім. “Ойбай-ау, оны шешейік те, —деді Меңдекеш аға. – Сендердегі обдыстық атқару комитетінің төрағасының орынбасары Есентаев деген кісі емес пе, мен ол кісіні жақсы білем, өзі бір жаны жайсаң жан. Сол кісіге хат

жазып жіберем. Көмектесетін шығар”, – деді. Мен хат жаза қояр ма екен деген екіұштылау ойда болсам да, ақ адал ниетіне риза боп, рахметімді айтып, қоштасып жүріп кеттім. Демалыстан оралып жұмысқа кірісіп кеткем, бір күні газет редакторы: “Сені Есентаев іздеп жатыр, тез жет”, – дегені. Бардым. Төртбақ толық денелі, бірақ жүріс-тұрысы шұғыл Есентаев мені еменжарқын қарсы алып, Меңдекеш Сатыбалдиевтен хат алғанын, ол хатты алған бойда тиісті орындарға тапсырма бергенін, сол тапсырмасының жаңа ғана орындалғанын, енді балаларымды ертеңнен бастап орналастыру керек екенін айтты. Жаным жадырап сала берді. Жаным жадырамай қайтсын ол кезде екі бала түгілі, бір баланың өзін бала-бақшаға орналастыру деген қиямет-қайым іс болатын. Сөйтіп, Мәкеңнің бір хатының арқасында арқам кеңіп, алдым даңғайыр болып еді. ... Бүкіл болмыс–бітімі мейірім мен қайырымнан тұратын, жаны жайсаң ақын әмәнда сергек, әмәнда бәйек. Ондай ақын еш уақытта да өмір мен тірлік алдындағы, заман мен қоғам алдындағы міндеті мен жауапкершілігін ұмытпақ емес. Тілегіміз— енді қайта төгілмесін көз жасы мен қан саулап. Оу, тірілер, бізге қалды, бізге қалды дүниедегі бар салмақ. Ақын енді қандай бір дүлей күшке де қарсы тұруға, қандай бір ауырлыққа да иығын тосуға әзір. Белі буулы, білегі түрулі. Жарты өкпесі мен алты қабырғасын алдырып тастаса да! Бәрібір даяр! Ал ондай жан қашанда ірі сөйлейді, ірі турайды. Қан құйлы жауыздыққа да, қатыгез жамандыққа да шыдамақ емес. Өлсе де жағаласып өлмек. Ондай ақынның поэтикалық кредосы, азаматтық принципі еш уақта да өзгермейді. Ондай ақын туған жер, туған ел туралы толғағанда Бақыт емес бақытым Егер сені түк уайымсыз күнде де жоқтамасам, –

деп сөйлесе керек. Уайымсыз күнде де туған жер мен туған елін іздеп, жоқтап отыратын ақыннан кім-кім де айналып кетпес пе?! КЕҢІСТІКТІҢ КЕМЕЛ ЖЫРШЫСЫ Әдебиетімізді түлетіп-жаңғыртқан, өрісін кеңейткен, өркешін биіктеткен алтын кезеңдердің бірі – алпысыншы жылдар екенін бүгінде ешкім де жоққа шығара алмайды. Ол жылдары тау суындай екпінді, даланың желіндей тегеурінді әдебиетке келген қуатты жаңа толқын ғана емес, солармен бірге олардың алдыңғы аға ұрпақ өкілдері де дүр сілкініп түлеп, қоғам мен адамның бұрын айтылмай, ашылмай келген терең қабаттарын қопарып, әлеуметтік өміріміздің тоң боп сіресіп жатқан қыртыстарын үңгіп, мүлде жаңа ізденістер мен үрдістер алып келгені баршаға аян. Рухани өміріміз болмыс-бітімі ерен, мүмкіндік қарымы кең, таланттары зор, ілім-білімі бар ірі тұлғалармен толықты. Осыншалықты айбарлы, ауызын айға білген қуатты әдеби күш жинақталған тұста жас ақын мен жазушының дауысы жұртты елең еткізуі қиынның қиыны болатын. Ол үшін әдебиетке жаңа сөз, жаңа тыныс алып келе алатындай талант иесі болу керек еді. Құдайға шүкір, ондай талант иелері, аз да болса, бар боп шықты. Солардың бірі, сөз жоқ, Дүйсенбек Қанатбаев дер едік. Ол ақын әйгілі «Адыраспанымен» жұрттың бәрін жалт қаратты: Дала – аңызақ қаптаған Алтыннан қазір су сыйлы. Өмірде тыным таппаған Қып-қызыл шағыл сусиды. Жалбарын, жалын, өл мейлі Татырмайды аспан нәр. Тек оған көңіл бөлмейді Шөлдегі адыраспандар, – деп басталып, Исі мен кермек дәмі үшін Оны ешкім көзге ілмейді.

Сонда да бұзбай болмысын Өзінше ол да гүлдейді. Даланың долы желі де Жұлқиды адыраспанды. Сонда да ол өнген жерінен Екі ел ажыраспайды... – деп аяқталатын жолдар, шын мәнінде, барша оқырманды тәнті қалдырғаны рас. Өйткені, қарапайым ғана орындалған бұл өлеңнің өзегінде үлкен мән мен мағына жатыр. Ол мән мен мағына туған жерге деген, далаға деген махаббат пен ұлы сүйіспеншілік. «Жарбайы ғана жұлып, торғайы ғана қонатын» тұла бойы өттей ащы адыраспан екеш адыраспанның өскен жерінен екі ел ажыраспайтын қайсар мінезі, сөз жоқ, көп адамды ойландырып толғандырары сөзсіз. Осы өлеңнен кейін-ақ Дүйсенбек Қанатбаевтың поэзиядағы жұлдызы жанып жүре берді. Дүниеге «Ақ пышақ бірін шауып, бірін үзіп жатқан» «Адай» мен бұрын-соңды бізге беймәлім, тың әуен мен тосын сазға толы «Дутар саздары» келді. Бұл жырлар да өлең сүйер қауымның есіне тасқа қашағандай болып сіңіп қалған жырлар. Енді сол дутар саздарына құлақ түрейік. Қандай гәп, қандай сыр шертер екен. Қалауын таппай қасқая тосқан қырғыннан Алапат жаулар атының басын мың бұрған. Ұлдарым менің жанымен үнсіз қоштасып, Намысы үшін шыңғырған! Айтулы батыр айықпай кеткен айбардан Арынды бұлақ атқылай шапқан қайнардан. Жарқ ете қалған қайқы бел алмас қылыштар Қараңғы түнге ай болған! Осы бір шумақтың өзінен-ақ түркмен жұртының қайтпас қайсар өр мінезі мен асқақ рухын тануға болады. Көз алдыңа ауыздығын қарш-қарш шайнап тыпыршып бір орнында тұра алмайтын кілең бір ақалтеке мінген, елі мен жерінің намысы үшін “жанымен үнсіз қоштасуға” даяр ақберен атпал азаматтар тізіліп тұра қалады.

Олардың қолындағы жарқылдаған алмас қылыштар қараңғы түнге ай болғандай. Тұла бойың жел кернегендей дуылдап, өз-өзіңнен қуаттанып, қайраттанып бара жатасың. Дүйсенбек Түркменстанда дүниеге келген. Түркмендермен ең бір сүйектес, тілектес ағайынтуыстай боп қоян-қолтық алғаусыз араласқан. Ол елдің мінез-құлқын да,салтдәстүрін де, әдебиеті мен мәдениетін де, тарихы мен аңыз әңгімелерін де бойына жас кезінен молынан сіңіріп өскен. Содан болса керек, ол түркмен халқының ұлы классик ақыны Мақтымқұлыны жеріне жеткізе аударып шықты. Ол енді бөлек әңгіме. Дутар сазын тағы бір тыңдап көрейікші. Не дер екен. Ойы-қыры оймақтай-ақ осы аймақ, Көрмедіау бір шаттығына масайрап. Ту даламды тулақ етті қайтейін Мынау қырғын, мынау соғыс, ат ойнақ. Тауды төбе, қайраң қылған көлшікті Бұл ойранға шыдар емес жер тіпті. Ал қайрат қыл, қайран бахшым, серігім Астыңдағы ақ табаның мертікті. Қансыраcаң намысыңды тірек ет! Ақ алмаспен жау жүрегін іреп өт! Не боп қалды? Жер құштың ба, ант атқыр Көтер басты! Отырма олай жүрелеп. Бұдан дағы тұл болғаным көп жақсы. Көкірегімді бабауратпай кел, бахшы. Еркек болып жаудан қорғай алмадың Енді әйел боп туған жерге төк жасты. Бұл өлең – ту даласын тулақ етіп, тауын төбе, көлшігін қайраң қылған, ойран соңынан ойран салған лағынет атқыр отаршыларға қарсы айтылған өлең. Ерлікке, өрлікке үндеу. Бірақ, өлең өкінішпен, наламен аяқталады. Қайран ерлер қаптаған қалың жаудан жеңіліп тынады. Сол кезде дутар да сұңғағын созып жіберіп сыңарынан айрылған аққудай сұңқылдап қоя береді: “еркек болып жаудан қорғай алмадың, енді әйел

боп туған жерге төк жасты.” Неткен қатал үкім, неткен аяусыз жазғыру! Нағыз түркмендік рух! Мен балаң, жас кезімде Дүйсенбек Қанатбаевтың қасында ең көп жүрген, бірге болған адамдардың бірімін. Оның тұрмыстық тіршіліктегі басынан өткізген тауқыметтері мен қуаныштарын да, өмірге деген, өнерге деген көзқарастарын да бір кісідей жақсы білем. Қаламынан туған бүкіл шығармаларымен түгелдей жете таныспын. Бірден айтайын, насихатының аздығына қарамай, мен оны қазақтың бүгінгі таңдағы үлкен ақындарының бірі деп бар даусыммен айта алам. Олай болса, маған Дүйсенбек Қанатбаевтың негізгі тақырыбы – қандай тақырып, ұстанар ұстанымы не, тамыр салған топырағы қайда жатыр, оның өнердегі концепсиясын не деп білесің деген сауалдар қойылып жатса, мен оларды заңды сауалдар дер едім. Менің ойымша, Дүйсенбек Қанатбаевтың ең негізгі тақырыбы да, шығармашылық тағдыры да – сахара кеңістік, ұлы Дала. Ол ондаған жылдар бойы бүкіл саналы өмірін қалада өткізіп келе жатса да, өзінің адыраспаны сияқты даласынан екі елі ажырасып көрген емес. Оның жырларындағы қайғы мен қасірет те, дүрмек пен дүбір де, сор мен зобалаң да, мейірім мен қайырым да сол ұлан-ғайыр кеңістік үстінде, ұлы дала төсінде өтеді. Ол тіпті асқар Алатауға мақтаныш сезіммен қараса да кеңістікте тұрып мақтанады. Бірақ, ол еш уақта да сол асқар таулардың иығына шығып ап, өзінің байтақ даласына биіктеп қараған емес. Құдайға шүкір, қазақ поэзиясында шексіз кеңістік – Дала бейнесі аз жасалынған жоқ. Даланың шөлі мен көлін, қыстауы мен жайлауын, жолы мен жотасын, сортаңы мен майсасын, тағдыры мен тауқыметін, жаны мен малын, құсы мен аңын көрсететін поэтикалық полотнолар дүниеге келді. Яғни, әлемдік поэзияда болып көрмеген өлең тілімен жырлап тұрған тұтас галерея жасақталды. Мен бұл жерде «Әлемдік поэзияда болып көрмеген» деген сөзді бостан бос айтып отырғам жоқ. Асырып та айтып отыр деп ойламаңыздар. Шыны солай. Ал енді бұл сөзіме күмән келтірсеңіздер, қане, айтыңыздаршы, қай ел, қай ұлттың поэзиясынан, қазақ ақындарындай Дала образын жасаған, Дала бейнесін асқақтатқан жырларды табар екенсіз. Таба алмайсыз. Тек біз өзіміз таныта алмай жатырмыз.

Міне, осы алып галереядан Дүйсенбек Қанатбаевтың дала туралы шығармалары да ортадан ойып тұрып орын алғанына ешкім де пәк келтірмесе керек. Ол өз шығармалары арқылы Дала образын тың теңеу, ажарлы бояу, тосын суреттермен толықтырды. Дала төсінде болып жатқан сан түрлі, сан қилы құбылыстарды мүлде жаңаша, мүлде бөлек, ешкімге ұқсамайтын қалыпта қағазға түсіре білді. Өзінше көре алды және өзінше көрсетті. «Киіз үй» өлеңіне көз жүгіртіңізші. Дала өзгеріп, жаңғырып жатыр. Оның төсіне басқа қарекет келіп, өзге тіршілік орнығуда. Әрине, ғасырлар бойы қанға сіңген салт-дәстүрлерден, қастерлі қасиеттерден арыла қою, олардан қол үзіп, мүлде енші алып кете қою оңай емес. Бірақ, өмір өз дегенін істемей қоймайды. Күні өткеннің көкірегінен итереді, күші қайтқанның төбесінен басады. Әрине, мұндай кезде ақын да ауытқымалы аласапыран күй кешеді. Ол өзінің осы бір аумалы-төкпелі көңіл күйін бір кезде кеңістікті ақ жұмыртқадай боп мекендеп тұрған киіз үй тағдыры арқылы береді. Жаңа өмірдің екпінін бойына сіңірген «өзі шайқап өсірген түлектері» киіз үй – ақ жұмыртқаны келмеске жіберді. Ақын қамығулы. Ақын қимас сезімнің құшағында. Бірақ, ол дәл осы жерде күрт өзгереді. Өйткені, ақын салт-дәстүрді қорғаушы ғана емес, сонымен бірге жаңа өмірді қолдаушы да: Біз оның ескі жұртын сызып тұрып, Орнына сарай салдық қызық қылып. Осылай ер жеткенде қанаттылар Самғайтын жұмыртқасын бұзып шығып. Бұл тек жұбату емес, әрине. Бұл жолдардың астарында талай-талай сыр, талай-талай гәп жатыр. Меніңше, Дүйсенбек даланы өзі көтеріп, өзі арқалап жүрген сияқты. Олай демеске амалым жоқ. Өйткені ол: Мен сені жүрем ылғи думандатып Керек жерде алдыма жайып тастап, – дейді ол. Оның дала төсінен тапқан теңеулерін, образдарын, метафорасын, штрихтары мен детальдарын айтып тауыса алмайсыз. Айтпай тағы тұра алмайсыз.

Дала сері, дала сал Мекені ғой ерке елдің. Шыр айналып қарасам Ұшындаймын циркульдің. Бұл суретке әсерленбеу, тапқырлығына таңданбау мүмкін бе? Қыр үстінде айқыш-ұйқыш жол жатыр Батырлардың найзасындай айқасып. Тұтас бір дала драмасы. Ойланасың, толғанасың. Бағзы бір замандармен еріксіз сырласып, еріксіз мұңданасың. Дүйсенбек суретті әйтеуір бір сурет үшін салмайды. Ол суреттер, сөз жоқ, тағдыр-талайымды болып келеді. Анадайда қарнын сипап балбал тұр Бір тостаған қалған сынды ішілмей. Бұған енді не дерсін. Бедірейген балбал тасқа да жан бітіп кетті. Оның үстіне, ол балбал таста, шын мәніндегі, кең етек, кең құрсақ далалықтың мінезі жатқан жоқ па? Ал киіз үйдің орнын айтса – Тек жұрты жатыр дөңгелеп Қоп-қоңыр пластинкадай. Көрдің бе, көшіп кеткен иесіз үйдің дөп-дөңгелек жұрты да, қоп-қоңыр пластинкаға айналып ән салып кетті. Дүйсенбек ақын үшін «торғайлар – қанатты қоңыраулар», «сартікен – алтын ине», «жетіқарақшы – жеті күлше», «күзгі киіз үйлер – малақайын басына баса киіп алған шаруа», «сортаңы – сорғыш қағаз», «жылт-жылт етіп іннен інге сүңгіген тышқандар – жанды сынаптар», асығып жүгіріп бара жатқан «бұлақтар – жерді тепшіп тігіп бара жатқан инелер», «зу атылған оқ жылан – электроспираль», т.т. Әрине, Дала образын жасауға бар талант қуатын, бар мүмкіндік қажыр-қайратын сарқа жұмсап келе жатқан Дүйсенбек Қанатбаев оның тек жоғарыдағыдай детальсуреттерін ғана салып қойса, көп нәрсенің орыны толмай орта тартып қалғандай болар еді. Өйткені, Дала, ең алдымен, тағдыр, өмір. Адам тіршілігі. Заман мен

Уақыт кеңістігі. Ал ол кеңістік қаншама қан жұтып, қайғы ішкен. Қаншама қасірет көріп, мұң арқалаған. Сондықтан да «қайғылы күймен тек қана, оянады әлі сол ауыл». Ол кеңістікті мекендеген елді де адамзат, ұлт басынан өткен тауқыметті оқиғалар айналып өткен емес. Ұлы кеңістік үстіндегі талас пен тартысты, келісім мен кетісуді, кісілік пен кісәпірлікті, имандылық пен имансыздықты, мәрттік пен нәмәрттікті шынашақтай кезінен көріп, танып өскен ақын сол кеңістіктей кең философиялық ой айтады. Құдайыңа адал болу – сол қиын, – дейді. Шынында да құдай алдында адал болудан өткен қиын, одан өткен азапты жол бар ма?! Адал болу – кісінің кісісінің, адамның адамының қолынан келмек. Ол үшін сен қаншама қорлыққа төзіп, қаншама зорлықты көріп, қаншама зомбылықты басыңнан өткізуің керек. Ол жолда сен қаншама мехнат шегіп, қаншама бейнет арқалайсың. Тағы да сен мехнат пен бейнеттің зейнетін еш уақытта көрмеуің мүмкін. Міне, ақынның бір жол өлеңі ғана қаншама жүк арқалап тұр. Өзінің кеңістігіндегі шыңыраудай терең мұндай жолдар Дүйсенбек Қанатбаев шығармаларында аз емес. Оларды ондап, жүздеп келтіре беруге болады. Бірақ, оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Сан түсті, сан бояулы ол жолдарды бір-бірімен жымдастырып, бір-бірімен үйлестіріп, тұтас бір мозаика, ақынның өз тілімен айтқанда, «құрау көрпе» жасауға болар еді де, сонан кейін: Аман болсын әсем әлем бүп-бүтін Аман болсын құрау-құрау дүние, – деп бәріміз қосылып тілек айтар ек. Дүйсенбектің өзінің даласына деген мейірім мен қайырымның орасан молдығы соншалықты, ол қозының көгенделіп, ботасының ноқталанғанына да күйінеді. Қаулап шыққан қойнаудың қолтығына Жіберейін раң мен мортығына. Қақпақтының тұсына қақпан құрып Жол бермеспін бөрінің жортуына.

Ақын енді ұлы даласының кеңістігіне азулы ажал, аузы қан жыртқышты кіргізбек емес. Жыртқыштықтың алдында қақпан боп жатып алмақ. Дүйсенбек бұл өлеңінде тағы да дала туралы: Жете алмаған еш қыран шырқауына Шыңырауын еш қауға сарқа алмаған,– деп толғанады. Біз бүгін Дүйсенбекке шырқауына жете алмасаң да, қыран боп самғап, шыңыраудан сарқа алмасаң да, мейір қандырар жырлар алып шыға бер демекпіз.

ҚИМАС АСЫЛ ДОСЫМ-АЙ... Түн жарымы ауып қалған кез еді. Үйдегі бала-шағалар жатып, ересектері енді жатуға жиналап жатқан-ды. Ал, мен керекті бір қағаздарымды таба алмай көне бір папкілерімді қопарыстырып, өз-өзімнен әбігерге түсіп отырғам. Кенет телефон безілдеп қоя берді. Беймезгіл уақытта телефон шалып тұрған кім екен, шамасы бір шұғыл шаруасы болған-ау деп, тұтқаны құлағыма тостым. – Темірхан, бұл Төлеген ағаң ғой, – дейді. Дауысы бір түрлі қарлығып, құмығып естілетіндей. – Қай Төлеген? – Төлеген Жұмабеков. Сайлаубектің ағасы. Көңілімде ештеңе жоқ мен: «Ассалаумағалейкүм, Төке. Қалдарыңыз қалай? Жайшылық па? – деп жатырмын. Төлеген ағаның даусы қатты қамығып естілді: – Жайшылық болмай тұр ғой. Әлгінде ғана есіттік. Сайлаубек пен Санжарбек авариядан қайтыс болды. – Құдай-ау, не дейді!? Төке-ау, не айтып тұрсыз?! Қалай?.. Тұла бойым қорғасындай ауырлап, буынбуынымнан әл кетіп, қапелімде орнымнан тұра алмай, отырдым да қалдым... ... Сонан кейін Сайлаубектің үйіне бардық. Қос арысынан айрылған Зибагүл естіген жұрттың төбе құйқасын шымырлатып аңырап отыр. Қанша өзін-өзі ұстайын десе де, Төлеген ағаның көзінен де ыстық жас ыршып-ыршып кетеді. Барлас, Жалғас, Қайраттарда өң-түс жоқ. Сең соққандай сергелдең халде. Олардың

әрқайсысын бауырыма басып, ұзақ егілдім. Олар да бүкіл шері мен шеменін ақтарғандай еңкілдеп жылайды. Келесі күні үйінде бір түнетіп, екеуін де Жазушылар одағынан ақтық сапарға шығарып салдық. Жазушылар одағының алдында өткен қаралы жиынға халық көп жиналды. Ол қаралы жиында маған да сөз берілді. Бұл жерде сол сөзімді келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. Қайран, асыл досым Сайлаубек! Сен де, міне, бәрімізді ойда жоқта опындырып, өмірден озып барасың! Құдай-ау, мына тірлікте сен туралы қоштасу сөз айтамын деп ойлаппын ба?! Мұз шайнап, от жалағандай болып тұрмын! Сен екеуміз осыдан 42 жыл бұрын, яғни 1965 жылы, күздің осындай бір сарыала мезгілінде танысыптабысып едік. Содан бері, тіпті, бір-бірімізден алыста жүрген шақтарда да, жан-жұбымыз ажыраған емес. 42 жыл бойы арамыздан қыл өтпейтін дос болдық. 42 жыл бойы бізді жалғастырып тұрған мың тініміздің бірі де үзілмепті.Үзілмек түгілі не сетінеп, селкеу тартпапты. Тіпті, кейбір жағдайларға деген көзқарасымыз әртүрлі бола тұра, бір-бірімізді кінәраттап, бір-бірімізге ренжіп көрмеппіз. Аумалы-төкпелі мына заманда жамандық көрсем де, жақсылық көрсем де, алдымен сен жететін едің. Алған бетіңнен қайтпайтын бірбеткей едің. Ешкімнің артынан бықсып сөз айтпайтынсың. Айтатыныңды бетіне шыжғырып тұрып айтатынсың. Қаншама аңқылдап, ақтарылып жүрсең де, сыр шашпайтын берік болатынсың. Сенің осы мінезіңе риза болған мен: «Құлыптаулы қара сейфім-ай» дейтін едім. Сен өз ғұмырыңда қыруар еңбек бітірдің. Қазақ сынының айбарын асырып, мәртебесін көтеруге үлкен үлес қостың. Қазақ сынының көкейкесті, ең түйткілді, түйінді мәселелеріне батыл барып, іргелііргелі қаламгерлер, аса ірі тұлғалар Тәкен Әлімқұлов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменовтердің шығармашылығына тұтас кітаптар, қомақты эсселер, салиқалы сын мақалалар арнадың.

Ол еңбектердің қай-қайсы да әдебиетіміздің айшықты беттерінде ұзақ өмір сүретініне біз кәміл сенімдіміз. Қайран, Сайлаубек досым-ай! Сенің енді арқа-жарқа боп, аңқылдап-жарқылдап, дүбіліс, дүбір тудырып, айналаңды дүйім бір жұрт көшіп жатқандай етіп жіберетін саңқылдаған даусыңның енді естілмейтіні өкінішті. Сенің енді тігілген үйдей боп отыратын мол денеңді көре алмайтынымыз өкінішті. Әлі айтамын, жазамын деген қаншама жоспарларың бар еді. Солардың орындалмай қалғаны өкінішті. Қайран Сайлаубек! Мен үшін сенің мына өмірдегі орның опырайып, үңірейіп қалды. Ол орынды енді ешкім толтыра алмайды.

Ең өкініштісі, Сайлаубек айналайыным-ау, өзің жаныңдай жақсы көретін кенжең, бәріміз де болашағынан үлкен үміт күтетін Санжарбектің де о дүниеге өзіңмен бірге кеткені болып тұр. Олай дейтінім, біздер, оның ішінде сен де, мен де бармыз, не болғанда да, мына өмірдің ащысын да, тұщысын да, қызығын да, шыжығын да азды-көпті көріп үлгердік қой. Ал, Санжарбекжанның он екіде бір гүлі ашылмаған еді ғой. Көктей солды ғой жас түлек! Қайтесің, осындай ауыр қаза үстінде де Алла Тағала пендесінің шүкіршілік етуін қалайды. Олай болса, шүкір, ғұмыр бойы сенің қасың мен қабағыңа қарап, айтқан сөздеріңнің бәрін бұйрық пен жарлықтай қабылдап, бұлжытпай орындаған адал да асыл жарың Зибагүл, алтын асықтай ұлдарың Барлас, Жалғас, Қайрат пен немерелерің, бірге тумаса да, саған туған ағаңдай қамқор болғанТөлеген ағаң бастаған аға, іні, қарындастарың қалды. Шүкір! Жабыққанда жан-жүрегінің лебімен дем берген достарың қалды. Шүкір! Басқа не айтамыз. Бақұл болыңдар, асыл дос Сайлаубек, қимас перзент Санжарбек! Қаралы жиында менен басқа да Сайлаубектің ұстаздары, үзеңгілес достары, жүректері күйрепкүйзелгендей боп, егіліп тұрып сөз сөйледі. Сонан кейін мәңгілік мекен Кеңсайға апарып, екеуін Жерананың құшағына бердік. «Жатқан

жерлерің жәннатта болсын», – деп топырақ салдық. Аруақтарына бағыштап аят оқылды. Егіліп, үзіліп тұрып қош айтыстық. Бірақ сол кезде біз әлі ол аварияның қалай болғанын білмейтін едік. Әркім әртүрлі айтады, әр түрлі қисын келтіреді. Тіпті, мен өзім алғашқыда Сайлаубектің аяқ астынан Астанаға жол тартқанын түсінбей дал болдым. Өйткені, біз бір күн бұрын ғана жұмыста бірге болдық. Әншейінде бірер сағатқа сұранып немесе айтып кететін ол Астана жайында бір ауыз сөз қозғамаған. Сөйтсем, Зибагүлдің айтуынша, жолға шығу мәселесі шұғыл түрде шешіліпті. Осында, Алматыда іссапармен жүрген Санжарбек қайтар кезі жақындағанда, машина сатып алады. Ал, Сайлаубек баласын ұзақ жолға жалғыз жібергісі келмей, онымен бірге Астанаға дейін барып, келесі күні кері қайтпақ болады. Әйтеуір, не керек, келесі күні жолға шығады. Сонымен... Алматы-Астана трассасының 270-ші шақырымында машина апатқа ұшырайды. Қалай апат болды? Неден болды? Міне, осы сұрақтарға әлі күнге жауап жоқ. Тағы да машина өзі жүріп келе жатқан жағына емес, трассаның қарсы бет жағына аударылған. Оған не себеп? Екеуі де аударылған жерде ұзақ жатып қалған. Құдай-ау трасса үсті ағылып жатқан машина ғой. Ол машинадағы адамдардың бәрі жол жиегінде жайрап жатқан жандарды, қирап жатқан машинаны сөз жоқ көрді ғой. Солардың қай-қайсысы да тиісті орындарға дер кезінде хабар беруге болады ғой. Әлде, хабар берілсе де, тиісті орындар не шабандық, не салғырттық танытты ма? Әлде... Әлде... Әйтеуір, ойлансаң-ақ самсап шыға келетін сан сұрақтың түбіне жете алмайсың. Ең сұмдығы, Санжарбектің қалтасындағы ұялы телефоны мен сексен мыңдай теңгесін әлдекімдер алып кетіпті. Кімнің алғаны белгісіз. Анық білмегеннен кейін, мынау шығар деп болжам айтудың өзі де күнә. Өліп жатқан адамды да тонайтын қандай зұлым, қандай қаскөй, қандай қатыгез заманда өмір сүріп жатырмыз, Құдай-ау! Осындай сұмдықтарды көре-көре немесе ести-ести кейде мына өмірден мүлде шығынып, қос қолыңды төбеңе қойып, безіп кеткің келеді.

*** Сайлаубек пен мені, әлгінде айтып өткенімдей, сарыала күздің тамылжып тұрған бір күнінде, маған әрі ағайын, әрі ауылдас болып келетін Балтакесті Өтебеков деген жігіт таныстырып еді. Мен ол кезде республикадағы жоғары оқу орындарының қара шаңырағы болып саналатын Абай атындағы педагогикалық институттың екінші курсында оқып жүргем. Ал, Сайлаубектердің КазМУ-дың бірінші курсына енді түскен беттері. Ол кезде бәріміздің де сымға тартқандай талдырмаш, тарамыс кездеріміз. Сайлаубек пен мен екеуміз танысқан бойда табысып кеттік деуге болады. Бірден-ақ ежелгі сыралғы достардай емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, өзіміз де, сөзіміз де жарасқандай боп, ешқандай тосырқамай да, бір-бірімізге тосын мінез көрсетпей де, тізе қосып, қатар жүріп кеттік. Ә дегеннен бір-бірімізді жақын тартып, бір-бірімізге құлай жығылғанымыз сонша, енді ол маған жерлес десе жерлес, ағайын десе ағайын, Балтакестіден де жиі келетін болды. Мен де жиі-жиі іздеп барамын. Сол кездесулерде әңгімеміз махаббат, қызқырқыннан гөрі, әдебиетке көбірек ойысып кете беретін. О бастан-ақ қазақ әдебиетін жақсы оқып-біліп келген ол көп ұзамай, орыс, шет ел әдебиеті туралы да жиі-жиі айтатын болды. Әсіресе, оған бұл тұста жақын нағашы боп келетін Асқар Сүлейменовтың әсер-ықпалы көп тиді деуге болады. Ол кезде Асқар Сүлейменовтың есімі зиялы қауым арасында үлкен құрметпен аталатын. Оның білімпаздығы, шешендігі, қайтпас қайсарлығы ауыздан-ауызға аңыз болып тарайтын. Әлі есімде, Сайлаубек екеуміз 1966 жылы Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайына қатыстық. Әрине, оған біз сияқтыларды кіргізе салмайды. Өйткені, Жазушылар одағының мүшесі емеспіз. Мен Жұмекен ағадан, ал, ол Асқар ағасынан бір-бір шақыру қағазын қолға түсіргенбіз. Сонымен кірдік. Құрылтай жүріп жатыр. Төрде Мәскеуден, одақтас республикалардан атақтары жер жаратын небір жақсылар мен жайсаңдар отыр. Жазушылардың бірінен соң бірі шығып сөйлеуде. Байқаймыз көбісі бірін-бірі қайталайды. Алдымен, коммунистік

партияның көрегендігі мен кемеңгерлігін мақтайды. Социалистік реализмді әспеттейді.Буржуазиялық қоғамды түкке алғысыз етіп, бужуазиялық реализмнің итсілікпесін шығарады. Социализмнің мәртебесі мен мерейін асыратын жарқын шығармалар беру керектігін айтады. Жаттанды. Әуелде желпініп кірген Сайлаубек екеуміз әрі-беріден кейін жалыға бастадық. Бір кезде сөз Асқар Сүлейменовке берілді. Мен Асқар ағамыздың терең білімді, аузымен құс тістеген шешен екенін сонда көрдім. Ол ондаған жылдар бойы сананы сартап, талғамды таптаурын етіп келген, қатып-семіп қалған сірескен схемалар мен қасаң стандарттардың быт-шытын шығарып сөйледі. Ол мінбеден түскеннен кейін жиналысты жүргізіп отырған төраға оған қатқыл дауыспен зекігендей болып, ескерту жасады. Асекеңнің таймас қайсар мінезді адам екенін сонда көрдік. Жөнсіз жасалынған ескертуге қарсылық ретінде Асекең және Әбіш Кекілбаев, Алтыншаш Жағанова үшеуі құрылтайды тастап шығып кетті. Сол күні нағашысы үшін Сайлаубектің мақтанғанын көрсеңіз. Шынында да, ол мақтанса мақтанатындай-ақ оқиға еді. Міне, сол Асекең Сайлаубекті көп баулыды. Ол тәрбиенің ықпал-әсері Сайлаубек арқылы маған да тиіп жатты. Асекеңнің айтуымен ол мынадай-мынадай жазушылардың мынадай-мынадай шығармаларын оқып жатырмын дейді. Жалпы менің бойымда, ол қаншалықты жақсы, қаншалықты жаман, оны білмеймін, біреуден қалмайын деген ұмтылушылық, бүгінгі тілмен айтқанда, бәсекелестік қабілет қатты дамыған. Содан ба, мен де Сайлаубектен қалмайын деп іргеміздегі Пушкин кітапханасына жиі-жиі барып, кітап дүкендерін жиі-жиі аралайтын болдым. Жалпы мен өз өмірімде, бағыма орай, көп оқитын, көп ізденетін адамдарға жақын жүрдім. Бұл тұрғыда маған Жұмекен, Әбіш ағаларымның, кейінірек Сайымжан ағамның ықпалдары көп тиді. Олардың қай-қайсысы да білімдері ауқымды азаматтар болды. Бұл қатарға мен Сайлаубекті де қосар едім. Сайлаубек, сөз жоқ, Асқар Сүлейменов ағасына көп еліктеді, тек еліктеп қана қоймай, одан бойына көп қасиеттерді сіңіре де білді. Ең алдымен, оның Асекеңнен алғаны, қай нәрсеге де, белгілі бір шығармаға болсын,

айнала болып жатқан құбылыстарға болсын, адамдар арасындағы қарым-қатынастарға болсын, жұрттың айтуымен жығыла кетпей, өз көзқарасы болу керектігін қалыптастырды дер едім. Алғашқы жылдары, басқаны былай қойғанда, оның күнделікті өмір сүру жүйесінен де, тіпті сөйлеу мәнерінен де Асқар Сүлейменовтің әдеті мен салты көрініп тұрушы еді. Мәселен, ол да күйлердің пластинкаларын жинап, соларды ұзақ уақыт бойы тыңдап отыратын. Шахматты да жақсы меңгеріп алды. Небір күрделі дебюттерді жатқа білетін. Әрине, о бастағы бұл балаң еліктеулер, жалаң еліктеу ғана болып қалған жоқ. Олардың бәрі Сайлаубек бойына терең тамыр салып, бара-бара оның да әдеті мен салтына айналып, оны бұрынғыдан да байыта түсті деп ойлаймын. Жаныңда жүрген адамның жан-дүниесінің бай болуы, дүние-танымының кең болуы, біле білсең, ол да бір Алла тағаланың басыңа берген бағы ғой. Кезінде мектепті күміс медальмен үздік бітірген Сайлаубек университетті де жақсы тамамдады. Жақсы тамамдап қана қоймай аспирантурасына түсті. Қорғайтын тақырыбын да бекітіп алды. Бірақ, ол бір күні нілдей бұзылды да, ғылыми жұмыспен айналысқысы келмейтінін айтып, аспирантураны тастады да кетті. Содан кейін, ол таза сыншылық жолға түсті. Әрине, сыншы болу үшін талант-таралғы, қабілет–қарыммен бірге, жан жақты үлкен білім керектігі бесенеден белгілі болса керек. Ғылым деген, не болғанда да, белгілі бір тақырып аясында қалып қояды. Оны біз қазіргі таңда да жиі көріп жүрміз. Әсілі, Сайлаубек осыны ерте түсінген болуы керек. Оның бастамай жатып, ғылыммен тез қоштасуына осы жағдай себеп болды ма деп ойлаймын. Оның үстіне, Сайлаубек те, бәріміз сияқты тұрмыс тапшылығын көрудей-ақ көрді. Пәтерден соң пәтер жалдап, әркімге бір тәуелді болып, күркешіктерде де отырды. Бірақ, құдай оңдап, күндердің күнінде қазіргі әкімдік тұрған жердің маңынан туған-туыстарының көмегімен, құрқылтайдың ұясындай ғана жер үй сатып алды. Үш төрт адам ғана зорға сыятын тап-тар үй. Бірақ, өз үйі! Дүниеге балалар да келе бастады. Ал, оларды аспиранттың стипендиясымен асырай алмайсың ғой. Оларды тек қызмет істеп жүріп қана дұрыс жетілдіруің

мүмкін. Міне, бұл тұрмыстық фактор да Сайлаубектің ғылымнан қол үзуіне себепкер болса керек. Сөздің реті келіп тұрғанда айта кетейін, Сайлаубек пен Зибагүл екеуі төрт ұл сүйді. Екеуі де бала тәрбиесіне аса мұқият, аса тыңғылықты қарады. Екеуі де оларға талап қойғыш болып шықты. Балаларының жүріп тұруын, қандай кітап оқу керек, қай уақытта сабақ оқу керек, әйтеуір, бәрін-бәрін белгілеп, солардың орындалуын қатаң қадағалайтын. Ал бұлардың бәрі адамнан қаншама күш қуатты, қаншама қайрат жігерді қажет ететіні кім-кімге де белгілі болса керек. Сайлаубек пен Зибагүл бойынан сол ерік жігер мен қайрат қуат табыла білді. Олар сол төккен тер мен берген қуаттың жемісін де көрді. Барлық баласы мектепті алтын, күміс медальдармен бітіріп, жоғарғы оқу орындарына еш қиналмастан өз күштерімен түсіп кетті. Сайлаубек оларды оқуға түсіру үшін адам да іздеген жоқ, ол адамға беретін қаржы да іздеген жоқ. Балалары оқуға түскенде, жууға ғана шығынданғаны болмаса, басқаға басын ауыртпады, жүгіріп табанын тоздырмады. Қазір сол балаларының бәрі сан салада қызмет істеп жүр. Сайлаубекке құдай Зибагүлдей асыл жар берді. Зибагүл Сайлаубектің қас–қабағына қарап, келімдікетімді қонақтарға да қызметін көрсетіп, төрт баланың да жағдайын жасап, оның үстіне, өзі де ғұмыр бойы жұмыс істеп, бір тыным таппайтын. Бұл үймен қаншама қарым-қатынаста жүрген біз Зибагүлдің бір рет те ренжіп, не қабақ шытып, тымырайып отырғанын көрмеппіз. Ол с Сайлаубектің шын мәніндегі жан жары, Құдай қосқан қосағы болды! Достың достығы басына іс түскенде білінеді деген тап рас. Ол кезде Сайлаубектің қай жерде жұмыс істеп жүргені дәл қазір есімде жоқ, әйтеуір мен Қазақ телевидениесінде жүргем. Бір күні әкең қатаң жатыр дегеннен кейін буынып түйініп, әйел, бала шағаларыммен ауылға кеткем. Анам бір жыл бұрын қайтыс болып кеткен. Төсек тартып қалған әкеме қарайтын жан жоқ. Содан әкемді төрт ай күтіп, ақтық сапарға шығарып сап, Алматыға қайта келсем, мені жұмысқа кешікті деп қызметімнен босатып жіберіпті. Бұл өмірдің әкең өліп қалса да қайрылып қарамайтын қайырымсыз қаталдығын сонда алғаш білдім!

Содан далада қалдым. Вокзалға барып жүк түсірдім, ет комбинатының тоңазытқыш цехында жүкші болдым. Малая станица деген мекенде ақ амур деген балық өсіретін көлшіктер бар екен, сонда жұмысшы болдым. Қолым қалт еткенде редакцияларды аралап, жұмыс іздеймін. Бәрін дерлік әлденеше адақтап шықтым деуге болады. Бірақ, бірде біреуі табалдырығынан аттатпақ түгілі, маңынан жүргізбейді. Міне, осындай моральдық жағынан күйзелтіп, тұрмыс жағынан жаншып жіберетін қиындықта жүрген кезімде менімен бірер адам ғана қатысты. Мені бірер адам ғана іздеді. Соның бірі, тіпті бірегейі Сайлаубек, айналайын, болды. Қай жерге көшіп кетсем де, қай жерде қолымды күс, иығымды жара етіп, қан сорпам шығып, жұмыс істеп жүрсем де, әйтеуір, ол мені тауып алатын. Әңгімесін айтатын, қабаржып жүрген көңілімді көтеретін, әдебиетте болып жатқан қалт еткен жаңалықты жеткізетін, кейде ол кезде Зибагүлдің елінен келіп тұратын майы сорғалаған қаяз деген балықты қағазға орап алып кеп, сыраханаға алып кететін. Әйтеуір, Сайлаубек сол бір жаным жүдеу тартып, шаршап жүрген жылдары қасымнан табылды. Күндердің күнінде бірде-бір редакция мені табалдырығынан аттатпай қойғаннан кейін, балашағамды шұбыртып, Маңғыстау қайдасың деп тартып отырдым. Ол кезде Маңғыстаудың атағы жер жарып, дүниені дүңкілдетіп тұрған кезі. Тек барсаң болды, ақшаны күреп тауып, қапшыққа сала беретіндей сөздер айтылады. Жаспын ғой, сол сөздерге қатты еліккен болуым керек. Әбден тұрмыс қажытып, діңкелеп жүрген адам ондай сөздерге елікпей қайтсін! Жиған-терген аз-мұз кітабымды Сайлаубек пен Дүйсенбектің үйіне теңдей бөліп, аманат етіп қалдырдым да, жолға шықтым. Иіні келіп тұрғанда, айта кетейін, мені Маңғыстауға ешқандай романтика емес, тұрмыс айдап барды. Сол кеткеннен мен ол жақта 25 жыл жүрдім... Бұл жерде менің айтайын дегенім, алыста қиян шет, қиыр өлкеде жүрсем де, айналайын Сайлаубек тағы да жанымнан табылды. Яғни, үздіксіз хабарласып тұрды. Бірде – бір хабарын үзген жоқ. Біршама уақыттан кейін, ол «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысты да, менімен

хабарласуын бұрынғысынан да үдетіп жіберді. Сөйтіп жүргенде, күндердің бір күнінде аса бір құрмет тұтып, сыйлайтын ақын ағам менің шығармашылығым туралы «Қазақ әдебиетінің» бетінде қатал мақала жариялады. Әрине, ол мақаланың, білген адамға пайдалы, құлақ қояр жақтары да аз емес. Бірақ, ол мақаладағы құрылған жүйе, яғни, менің кемшілігімді тым қазбалап, жерге тыққандай етіп тұқыртып сөйлегені жаныма қатты батты. Мен ол мақала шыққанға дейін көлемді сын мақала түгілі, рецензия жазып көрмеген екем. Амал жоқ, өз позициямды қорғауым керек болды. Сайлаубекке хабарластым. Ол: «Жазам десең өзің біл, Шер ағаңа (Шерхан ағамыз – бас редактор) ұсынып көрейін», – деді. Қарсы мақаламды жаздым да жібердім. Әдеби сындағы тұңғыш мақалам болса да, жаман шықпаған сияқты. Көп ұзамай, ол мақала жарқ ете қалсын. Сол мақаладан кейін-ақ өлеңмен бірге сын жанрын да қатар алып жүретін болдым. Сын мақалалар кітабым жарық көріп те үлгерді. Бүгінде ойлаймын, егер сол тұста Сайлаубек «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеп жүрмегенде, ол мақала жарық көрер ме еді, көрмес пе еді деп. Ал, ол мақала жарық көрмесе, менің одан әрі қарай сын жанрына бара қоюым екіталай еді. Яғни, менің сынға баруыма, әдебиеттің қыры мен сырына одан сайын қанығып, оның проблемаларын талқылауға қатысуыма Сайлаубек бірден-бір ықпал етті деп ойлаймын. Сайлаубектің сыншы болып әбден қалыптасқан кезі де, жұртқа кеңінен танылған тұсы да сол «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүрген жылдары деп білемін. Ол жылдар «Қазақ әдебиеті» газетінің сын жанры өркендеуіне айрықша көңіл бөлген жылдар еді. Әрине, ең алдымен, басшыға байланысты ғой. Дәлірек айтсақ, қай жерде редактор болса да, сол жердің бағын ашатын Шер ағаңның іскерлігінің арқасы. Солай бола тұра, сол газет бетінде қазақ сынының беделі мен мерейін көтеруде бел буып, білек сыбанып жұмыс істеген Сайлаубектің де еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Сол жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде, әсіресе, қазақ сынының маңдайы жарқырап ашылуына Сайлаубектің де еңбегі зор деп білемін. Жаныңды түсінетін, не нәрсені де айтқызбай-ақ,

қасы-қабағыңнан ұғатын жақын доспен бірге жұмыс істеген қандай жақсы! Жұмыста не болмайды. Бірде күн шыққандай қуансаң, енді бірде бұлт басқандай ренжисің. Ондайда жақын досың ренішіңмен де, қуанышыңмен де бөлісіп отырады. Бір-біріңді жебейсің, бір-біріңе демеу боласың. Несін айтасың біз бұрынғыдан да жақындаса түстік. Бәріміз жақсы білеміз, 2ОО2 жылы Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайы болды. Жазушылар одағының хатшылығына біраз жұрт қолдау көрсетеміз дегеннен кейін, мен де кандидатурамды ұсындым. Өтпей қалдым. Несін жасырам, құлап қалған оңай ма, күйреп, күйзеліп кетпесем де, жанымның жабырқап қалғаны рас. Сегіз ай, сегіз күн үйде жаттым. Жұмыссыз ұзақ жатып қалдың ғой дегендерге: – Құлағанда да қатты құлаған екенмін, жамбасымды әлі ала алмай жатырмын, – деп әзілдейтінмін. Кейіннен «Ақиқат» журналына бас редактор болып тағайындалдым. Көп ұзамай, неге екені белгісіз, Сайлаубек те Жазушылар одағынан кетіп, «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеп жүрген. Бір күні ол: – Темке, бұрынғыдай емес, мына жер маған, жас келіп қалғаннан кейін бе, ауырлау болып жүр, егер, мүмкіндік болып жатса, сен жаққа ойыссам қайтеді, – деді. Көп ұзамай, күтпеген жерде бір орынның да орайы келе қалғаны. Әрине, бұл әңгіменің бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім, негізгі айтылар сөзім жұртқа неғұрлым түсінікті болсын деген ниеттен туып отыр. Менің туған күніме, жыл сайын, бала-шағамнан басқа, тек Сайлаубек пен Зибагүл ғана келетін. Алматыға көшіп келгелі олардың келмей қалған күні болған емес. Сол дәстүрмен екеуі әдеттегідей гүлдерін құшақтап келе қалды. Дастархан басына жайғастық. Өткен-кеткенді айтып әңгіме дүкен құрдық. Несін жасырам, ащы судан да алып қойып отырмыз. Бой қызды, ой кеңіді, тіл шешілді. Бір кезде неге екенін білмеймін, төтесінен: – Сен, осы өткен сайлауда кімге дауыс бердің, маған ба, Нұрланға ма? – дегенім. Сайлаубек ешқандай мүдірместен: – Нұрланға дауыс бердім, – деді. Сайлаубек өзін де, өзгені де алдау дегенді білмейтін. Досты алдау, қанша ауыр болса да ол үшін күнә болып саналатын. Әрине, шындығын айтты. Мен ренжіп қалдым. Пендешілікпен артықтау

сөздер де айтып жіберген болуым керек. Ол сөздерім Сайлаубектің көңіліне тиді ме, тимеді ме білмеймін, өйткені, ол ештеңе дей қойған жоқ, тек Зибагүлдің қабағын шытып отырып қалғаны есімде. Ертеңіне екеуміз де жұмысқа бардық, бірақ арамызда түк болмағандай, кешегі әңгімені қайта қозғап бықсытқан жоқпыз. Біраз уақыт өткеннен кейін, тілімнің тағы да қыши қойғаны бар емес пе: – Сайлаубек, байқаймын, осы Нұрлан екеуіңнің араларың салқын тартып қалғандай. Не боп қалып еді? – дедім. Ол: – Ештеңе де болған жоқ. Ол тек мені өзіне емес, Сізге дауыс берді деп, іштей өкпелеп, күдіктеніп жүруі мүмкін. Ал мен кімге дауыс бергенімді өткен жолы өзіңізге айтқам. Құдайды да, өзімді де, өзгені де алдай алмаймын ғой. Шыным сол. Басқаша, Нұрланмен сөзге келген емеспіз, – деді. Мен бұл әңгімені бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтып отырған себебім, Нұрлан мен туралы не десе о десін, о дүниелік болып кеткен адамның соңынан пендешілік жасап, ғайбат сөз айтпасын деп айтып отырмын... Сайлаубек, әдетте сырт көзге салдыр-салақтау болып көрінгенмен, жұмысқа келгенде аса мұқият еді. Бір ісінен де шашау таппайтынсың. Бәрі орын орнында хатталып, қатарласып тұра қалатын. Мен оның бірде-бір рет қойын қалтасына телефон, блокнот салып жүргенін көрген емеспін. Жады өте берік еді. Бейне бір анықтама бюросы сияқты еді. Қаншама автобустардың нөмірі мен маршруттарын сұрасам болды, жатқа айтатын. Бұдан үш төрт жыл бұрын, бірер рет қана телефон шалған адамның телефон нөмірін ойланбастан айтып беретін. Шет елдің болсын, өзіміздің болсын, жазушылар шығармашылығындағы өзіне ұнаған абзацтарды түйдек-түйдегімен соғатын. Бірақ, ол қабілетін көрсетіп, білгішсініп көзге түсе бермейін дейтін болуы керек, кез келген жерге киліктіре бермейтін. Орайы мен оңтайы келгенде ғана айтатын. Бұл жерде тағы да айтпауға болмайтын нәрсе, Сайлаубектің кітапханасы дер едім. Сайлаубектің кітапханасы – мен білетін кітапханалардың ішіндегі бай кітапханалардың бірі. Тағы да бір текті емес, әр текті: музыка, өнер, философия, архитектура, тарих, әдебиет

боса болмасын, әйтеуір бәрі қамтылған. Сайлаубектің дүниетануының кеңдігі содан болса керек. Ол ғұмыр бойы кітап жинап өтті. Кітапханасын кез келген адамға көрсетпек түгілі, табалдырығынан аттатпайтын. Тіпті, балаларының өзіне рұқсатты сирек беретін. Ал, бірақ маған келгенде кең жайлау еді. Маңғыстаудан келген сайын, кітапханасында жататынмын. Көңілі жақын біреулер керек кітабын таба алмай, ақырында Сайлаубекке кеп: – Сенде ол кітап бар ғой, шамалы уақытқа бере тұршы, қарап шыққан бойда кері қайтарып берем, – деп қиылып сұрап қоймаса, кітапты берсе де, қолхат жаздырып алып қана беретін. Бірде оның осы мінезін айтып күліп отырғанбыз. «Ойбай, Темке-ау, несіне күлесіз, ондай қолхатты сіз де жазғансыз», – дегені. «Қой, Сайлаубек, мен сенен ешқандай кітап алған емеспін», – дедім. «Бұдан жиырма бес жыл бұрын француз ақыны Аполлинерді алғансыз, қолхатыңыз үйде тұр, сенбесеңіз ертең әкеп көрсетейін», – деді. Ертеңіне әбден сарғайып кеткен бір қағазды әкеп тұр. «Міне, қолхатыңыз». Бүктеуін жазып, ашып қарасам, шынында да, менің қолхатым. «Түу, саған дауа жоқ екен», – дедім.. Сайлаубек туралы айта берсем, сөз көп. Құбылып тұрған бұл өмірде қуансам да, ренжісем де алдымен көз алдыма Сайлаубек келеді. Ондайда сырлас та мұңдас досымды аңсап, жападан жалғыз қалғандай боп, іштей мүжіліп, іштей егіліп, үн-түнсіз отырып қалам. Қимас асыл досым-ай, орның бөлек екен ғой.

ЖҰЛДЫЗЫНАН ЖАҢЫЛМАҒАН АҚЫН Туған жердің қар, мұзы, Аязыңмен жуындыр. Туған жердің бал қызы, Бұрымыңмен буындыр. Туған жердің бұлағы, Толқыныңмен ат мені. Туған жердің жыланы, Шырылдатып шақ мені. Туған жердің шеңгелі,

Тырна аямай бетімді. Туған жердің ермені, Аузыма құй өтімді. Туған жердің доңызы, Қан жоса қып жарып кет. Туған жердің қоңызы, Домалатып алып кет. Туған жердің қасқыры, Кемір, ақын сүйегін. Туған жердің тас, құмы, Сені осылай сүйемін, – дейді арқалы ақын Жәркен Бөдешұлы. Бұл өлең, сөз жоқ, ақылы кем аусар немесе “тіпәй, кәпір” дегізетін әумесер болмаса, елім деп еміреніп, жерім деп тебірене алатын кім-кімнің де алпыс екі тамырын тарпаңның қыл құйрығынан ескен шылбырдай шиыршық аттырып, шыңнан құлаған тау суындай бұлқан-талқан еткізіп жібере алатын өлең. Бұл өлең – жаныңның мүлгіп кеткен алыс бір түкпірінде астан-кестен дауыл тұрғызып, санаңның қалғып кеткен қиян бір қатпарында алай-дүлей бұрқақ соқтырып, жүрегіңнің ең бір сезімтал, ең бір сергек алқабында алапат сілкініс тудыратын өлең. Мұндай өлең, әдетте ыстық ықылас, ынтық көңіл, аста төк аңсар сезіммен бірге, туған жерге деген ұлы махаббаттан туады. Ұлы махаббаттан! Мен осы өлеңнен Махамбеттің “Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, ел қорыған мен едім, мен де айрылдым елімнен, көл қорыған сен едің, сен де айрылдың көліңнен, Аспанда ұшқан қызғыш құс, сені көлден айырған, лашын құстың тепкіні, мені елден айырған, хан Жәңгірдің екпіні” деп қайтара соғып, қайырыла сөйлейтін, ғасырлар астынан естілетін “Қызғыш құсының” қанатының суылын; Мағжанның “Сағымы сайран құрады, бораны ұлып тұрады, Қыс – ақ кебін, Жаз – сары. Орманы жоқ, шуы жоқ,Тауы да жоқ, суы жоқ, Мәңгі өлік сахарасы. Сарыарқа деген жерім бар, Неге екенін білмеймін – Сол Арқамды сүйемін” деп туған жері үшін ет-жүрегі елжіреп, сүйегі үгітіліп тұрған “Сүйемін” өлеңінің оттай ыстық лебі мен демін; Төлеген Айбергеновтің “Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп. Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге

келтіріп, жеріне тартып отырады екен, моншақтап жасы боздаумен, омырауын жасқа толтырып” деген әрі қайсар, әрі қасіретті жолдарындағы ерек екпінді ағысты сезгендей боласың. Өйткені, бұл өлең – оқыған сайын өзегіңде лапылдаған өрт тудырып, жан-жүрегіңнің астан-кестенін шығаратын жоғарыда келтірген даңқты өлеңдермен тағдырлас, тамырлас өлең. Түк те асырып айтып отырған жоқпыз. Дәл солай! Тағдыр талайымы таңқы, түсінігі тайыз біреулер миығынан мырс етіп Жәркеннің өлеңін ұлы тұлғалардың атақты өлеңдерімен тағдырлас, тамырлас деуі қалай болар екен деп күмән-күдікпен қарап, шәк келтіруі әбден мүмкін. Ондай жандарға Жәркеннің өлеңін тағы бір оқыңыз, қайта-қайта оқыңыз дер едік. Оның үстіне Жәркен бір өлеңінде “Мен ақын емеспін, Тағдырым – ақын” дейді. Яғни, мұндай өлеңді жазу үшін Жәркеннің басынан өткен тағдыр сенің де басыңнан өтуі керек. Ең алдымен, бұл өлеңді Тағдыр туындысы деп қараған жөн. Тар жол тайғақ кешулі, тауқыметті ол Тағдырға сәлден кейін тағы да бір оралып соға жатармыз... Сондықтан ақынның туған жерге деген сағынышы мен сүйіспеншілігін әлі де аша түсетін бірер жырларын одан әрі оқып көрейікші. Туған жерден кеткелі Сағынышым көп менің. Айға қарап ұлыған Мен бір жалғыз көкбөрі. Айға қарап ұлысам – Ай сарғайып батады. Күнге қарап ұлысам – Күн сарғайып батады. Таңға қарап ұлысам – Таң сарғайып атады. Тауға қарап ұлысам – Тас сарғайып қалады. Суға қарап ұлысам – Су сарғайып ағады. Сарғайтпайтын заман жоқ, Адам аз да, арам көп, Ұрлығы көп заманда Ұлымасқа амал жоқ. Жаны да, жүрегі де, жыры да, сыры да, мұңы да –

бүкіл ішкі дүние, болмыс-бітімі түгелімен туған жерге деген сағыныштан күзгі жапырақтай боп сарғайып, шемен боп қатқан шерін ақтарып, көбесі сөгілмей көк мұз боп қатып қалған қасіретін еріту үшін алып кеңістікке шығып, қасқыр боп ұлыған ақын көзіне мына дүниенің бәрі сарғайып көрінеді. Ақын сағынышынан ай да сарғайып кеткен, күн де сарғайып кеткен, тау мен тас та... сарғайып кеткен. Бейне бір ақын бойын кернеп бара жатқан сағыныштың сары жалқыны ақтарыла төгіліп бәрін де сарғайтып жібергендей. Сағыныштың сол бір сары жалқынды жалыны барша дүниені шарпи жалап күйдіріп бара жатқандай. Онсыз да осылай күйдіріп, өртеп бара жатқан сағынышы қыспаққа түсіп, қысастық көрген кезінде, айналаңды ұрлық пен қорлық, зорлық пен зомбылық торлап алған сәтте бұрынғыдан да күшейіп, бұрынғыдан да артып, ақырында дертке айналып кетері сөзсіз ғой. Мұндайда айтылар сөз де жетпей, ақын байғұс қасқыр боп ұлымай қайтсін. Ондай сәтте ол: Бірде сөзім – шырын бал, Бірде сөзім – қан жылым. Көп қарадым қабаққа, Аз қосылдым санатқа. Бір көзімнен сор ағар, Бір көзімнен қан ақса. Тұла бойым сыз, қайғы, Салқын жүрек қызбайды. Бір бүйірім жылыса, Бір бүйірім мұздайды. Бұл – жапа шеккен жанның шырылы ғана емес, жат жұрттың иелігіндегі алыста қалған туған жерін аңсаған әрі қапалы, әрі налалы жүректің ұлуы! Былай жүрсең шөңге, былай жүрсең шоқ басып, бірде отқа кіріп, бірде суға түсіп, аласапыран күй кешкен ақын жаны соншама неге дегбірсіз?! Неге, ең болмаса, бір мезет, бір сәт байыз тауып дамыл етпейді. Неге? Сол кезде саған ол: Ана жақта Анам бар, Мына жақта балам бар.

Мен Анама алаңдап, Анам маған алаңдар, – деп өзегін өртеп, кеудесін керіп бара жатқан күйінішкүйзелісін ақтарып салады. Ақын тағдыры лапылдап жанып жатқан екі оттың ортасында қалған. Енді, міне, мақаламыздың бас жағында айтқан ақынның тауқыметті тағдырынан аз-маз хабар бермек болған уәдеміздің үдесінен шығатын сәт те келген сияқты. Жәркен Бөдешұлы өзінің ең ыстық, ең аялы, ең қимас туған жерін тастап, 1969 жылдың сәуір айында Жоңғар Алатауының “арқар аспас қиын асуын” асып, Атажұртты бетке алып арғы беттен бергі бетке қашып шыққан ғой. Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боранға тап болған олардың көрген азабы адам айтқысыз. Бірде қалың қарға қамалып, бірде аш бөрілердің талауына түсе жаздап, әбден арып-ашып, итсілікпелері шығып жүріп, әйтеуір, шекараға ілігеді-ау. Бірақ, олардың шекарадан өткеннен соң да көрген құқайлары аз болмайды. Жәркеннің өзін сөйлетіп көрейікші: “Шекарадан өтпей жатып-ақ тергеушім сол кездегі Совет өкіметі басшысының атына қаратып, осы елден баспана сұрап өтініш жазып беруді талап етті.Мен қуана-қуана өтініш жаздым. Қара сөзбен емес, өлең сөзбен жаздым, есімде қалғаны мынау: Кері қайтара көрмеңіз! Кері қайтара көрмеңіз! Тілегім осы сіздей көсемге Өлсем өлейін осы елде. Өлейін түрмеңде, Өлейін көшеңде. Өлейін атажұртым – Қазақстанда. Өлейін, Өлмесем осы топыраққа Дән болып өнейін. Бұл тілегімді қабыл етсеңіз, Патша ағзам, Не айтсаңыз да көнейін! Не айтсаңыз да көнейін! Арада үш күн өткен соң мұрты қияқтай бір қазақ

офицер қасыма келіп отырып, әлгі өлеңді жолма-жол орысшалады. Бұл менің бөтен тілге тұңғыш аударылуым еді”, – дейді. Өлейін түрмеңде, Өлейін көшеңде! Атажұрт үшін өзін құрбандыққа шалып, басын азап пен тозаққа салуға бар не деген жанкешті жан айқайы бұл! Апыр-ай, атажұрт дегеніңіз “жыланының шырылдатып шаққанына” да құмбыл болып, тіпті содан рахат табуға да дайын туған жерден де қастерлі, туған жерден де қасиетті екен ғой. Өйткені, ол тарихтың қатпар-қатпарларынан тамыр тартып сені қоректендіріп, бойыңа қуат, ойыңа суат беріп тұрған асыл діңгегің ғой. Мұндай халді тек өз басынан өткізген тағдырлы жан ғана сезіне алса керек. Бәлкім, біз айта беретін патриотизміңіз де, біз қайталай беретін ұлттық рухыңыз да осындай қуатты сезімдерден бастау алғанда ғана қайырлы болатын шығар-ау. Атажұрт үшін туған жердің бауыры сая, сауыры салқын, бір жағы жақпаржақпар жартасты биік, бір жағы ұлы кеңістікпен ұласып жатқан құнары асыл туған жерін де, құшағы ыстық туған елін де, алақанына сап аялап өсірген әкесі мен шешесін де, ініқарындастарын да қиып кеткен ақын жанында күн сайын, сәт сайын жүріп жататын арпалыс – жауыңа да тілемейтін алапат арпалыс болса керек... ...Міне, ақын жиырма екі жылдан кейін балаларын ертіп туған жердің қасиетті топырағын басты. Әкешеше баяғыда о дүниелік болған. Іні-қарындастарының да бірі болса бірі жоқ. Өмірден өткен ең жақын, ең асыл жақын-жуықтарына бір уыс топырақ сала алмаған ақынның жан-жүрегін өкініштің күйігі өртеп, көкірегін күйзелістің отты жасыны қақ айырып тұр... Өкініштен өзегі өрт-жалын боп тұрса да, әйтеуір тәңір жарылқап туған жеріне оралды ғой. Тәуба! Шүкір! Туған жердің майда самалы желпіп, ыстық күні аймалап, топырағы майдай жағып, ақынның қамыққан шерлі көңілін елжіретіп, тоң болып торыққан жанын ерітіп жібергендей болды. Аз күнде-ақ көңіл көтерілді, жан жадырады. Ең бастысы, туған жердің дидар келбетіне қарап өзінің алыста қалған балалық шағымен қауышты.

Балдай тәтті балалық шағымен қауышқан ақында не ес қалсын?! Бірде құстай ұшып, бірде құйындай жүйткіп тартты да жөнелді! Қараған, бұтаның түбінен, Ұйқысы қанып түнімен Ойнап шыққан қояндай Орғып-орғып жүгірем. Орғыған сайын алқындым. Алқынған сайын шарқ ұрдым. Соңымнан қалмай жүгірген Тасбұлақ, Өзен, Самалды Болдыртып артқа қалдырдым. Ойдан қырға орғыдым. Қырдан нуға орғыдым. Нудан суға орғыдым. Табанға қатты батса да Орғыдым таудан тасқа да... Қаншама жылдардан кейін туған жерімен табысып, оның мамықтай жұмсақ құшағына күмп беріп, ауасын құшырлана жұтып, суын мейірлене ішкен ақын жаны бәрібір алаң, бәрібір мазасыз. Жанының бір жағы Атажұрт, бір жағы Туған жер. Содан да ол “Құдайым шырылдаттың аямай-ақ, екі оттың ортасына тастадың да”, – деп налиды. Бұл ақынның мәңгілік тағдыры. Өйткені, ол тіпті ертеректе-ақ “шекара жүрегімді бөлді екіге, анамның құрсағында жатқан шақта-ақ” деген болатын. Күрделі тағдыр! Содан ба екен, Жәркен ақын кілең екі айырылып, қақ бөлініп сөйлеумен келеді. Тауға шықсам – ұлармын, шөлге түссем – құланмын. Ұлар құсап тау жайлап, құлан құсап мойнымды Тарғыл құмға бұрармын. Екі жарылу, екі бөліну. Бір теріскейге, бір түстікке қарап, бір шығысқа, бір батысқа қарап екі дай күн кешкен ақынның ішкі әлемі алай-дүлей. Түп тамырын іздеп келген ақынның кіндік қаны тамған туған мекенді қия қоюы да қиын. Сана-сезімі, ақыл-есі, қай кезде де жол айрығында тұрғандай қақ айырылады да тұрады. Ақын туған жерінен қайбір жетіскеннен ауды дейсің?!

Ол жердің түптің-түбінде айдаһар құлқынды алып елге жұтылып кете ме деген қауіп оған амалсыз ата тек, атажұртты іздетті ғой. Туған жерім Жайыр тау, Екі өркешті айыр тау. Айыр таудан сұм тағдыр Тірідей мені айырды-ау, Тірідей мені айырды-ау!, – деп күйзеле тұра, ол туған жердің күні ертең-ақ жат ел, жат жұрт боп кетерін бүкіл болмыс-бітімімен, бүкіл тамыр-талшығымен сезіне білді. Ақырында Жоңғария ойпатынан – өлі құм, Сарыарқаға дейін жортқан бөрімін. Төртқұбылалы тұрған темір құрсауда Анау Шығыс Түркістанда тусам да Атажұртқа жетті менің өмірім... – деп іштегі шемен боп қатқан шерін алғаусыз ақтарып өксігі мен солығын басады. Шындығын айту керек, елім, жұртым деп өліп-өшіп келген ақынды Атажұрт емешегі үзіле еміреніп, құшағын құшырлана ашып қарсы ала қойған жоқ. Талай-талай топсасы берік емен есіктерді күзеттіріп, талай-талай қатал босағаларға телміртіп қойды. Қойын бақтырып, қотанын күзеттірді. Сандалтты. Сергелдеңге салды. Ол бәріне төзіп бақты. Өйткені, ақын мақаламыздың бас жағында айтып өткендей атажұрттың “түрмесінде өлуге” де, “көшесінде өлуге” де құмбыл болатын. Аңсап келген ағайыннан не естімеді дейсің? Жалғанда жаман бар ма бөлінгеннен, Бөлінген емес екен өлімнен кем. “Жансыз”, – деп “Қос жүрек”, – деп, “Ауған ел”, – деп Естіген сөзім аз ба көрінгеннен, – деп қамығып, торыққан сәттері аз болмапты. Бірақ, ол бейәдеп, былапыт жандардың ондай-ондай оспадар сөздеріне налыса да, жасыған жоқ. Қайта шыңдалып, ширыға түсті. Шамырқанса да шарт сынған жоқ! Қайралып, қайраттанып кетті.

Ол бүгінде туған жердің тау-тасын, өзен-көлін, жайлауы мен құмын, аязы мен аптабын, қысы мен жазын, күзі мен көктемін, құсы мен аңын, гүлі мен тамшысына дейін қалдырмай, жүрегін қақтап сауғандай етіп жырлаудан бір танбай келеді. Жәркен Бөдешұлы – бүгінгі қазақ поэзиясындағы ең белсенді, ең белді, шоқтығы биік, орны берік, саусақпен санап аларлықтай санаттағы ақындарымыздың бірі. Мен мақаламда Жәркеннің, айтқызбай-ақ, өздеріңіз байқап отырғандай, қырық қырының бір қырына ғана тоқталдым. Тағдырлы қырына! Ол бірде: Жер көгерді, Мен қашан көгеремін, Көгермей ішімде өлді көп өлеңім. Қарақұмның семіртіп сексеуілін, Қара нөсер жаудырсам деген едім. Сыңсыған нуға айналып төңірегім, Гүлдерді тозаңдатып көбелегім, Араларым мұртына май жалатып, Масаларым мертіксе қанға батып, Ойлағаным болса осы не дер едім?! Ауырмай, сырқамай-ақ өлер едім, – деп бәріміздің көкейімізде жүрген тілегімізді алғаусыз ақтарып-ақ салған екен. Тілегі қабыл болғай! Жәркеннің бір өлеңінде “жұлдызымнан жаңылған жоқпын” деген жолдар бар. Шынында да, ол – жұлдызынан жаңылмаған ақын! ТАУЫ ШАҒЫЛЫП, ТАУАНЫ ҚАЙТҚАНДАР Менің ойымша, есімі қалың жұртшылыққа кеңінен танымал Қуандық Түменбай – қазіргі қазақ жазушыларының ішіндегі ең өнімді жазушы. Ол тіпті қолындағы қаламы бірде-бір суалып, алдындағы қағаздары бірде-бір құрғап көрмеген менің қадірлі құрдастарым, үлкен талант иелері Тынымбай Нұрмағамбетов пен Мархабат Байғұтовтан да өнімді. Қаптап шығып жатқан газет-журналдардың беттерінен бір түспейді. Яғни, ол өнімді ғана емес, өтімді де.

Әрине, көп жазу үшін көп жазуға болмайды. Олай етті ме, онда ол жазушы көпірме көбік сөздер мен дәні жоқ кебек сөздерге ұрынар еді. Бірақ, әркімнің талант табиғаты әрқилы ғой. Бір жазушылар бар оқырманын ұзақ күттіріп, аңсатып барып анда-санда бір көрінеді. Тағы да қалай көрінеді дейсің?! Қаталаған аңқаңды басып, мейіріңді қандырып, тіліңді жұтып қоярдай тамсантып көрінеді. Дей тұрғанмен, сараң жазушының бәрі сарабдал жазушы емес қой. Ұзақ жылдар бойы өзін-өзі қазыққа байлап сарсылып жұмыс істеген кей жазушының шығармасын оқып отырып, ішінен іліп аларлық ештеңе таба алмай, босқа сарп болған уақытты аяп қапа боласың. Сондықтан біреуді көп жазады деп күстәнәлауға да, енді біреуді сараң жазады деп әспеттеуге де болмайды. Өйткені, көп жазады, сараң жазады деген ұғымдардың бәрі —шартты ұғымдар. Мәселен, жұрттың бәрі біледі, Төлен Әбдіков – сараң жазушы. Оның пәленбай жыл бұрын жазылған шығармасынан кейін, келесі шығармасын күте-күте көзің талып, ішегің үзілердей болады. Әбден күдер үзе бастағанда жұрттың бәрін жалт қаратқан, құбылыс деуге лайықты тосын бір шығарманы ұсына қояды. Қазақ әдебиетінің алтын қорына баяғыда енген сүйектісүйекті бірқатар шығармалар берген, енді прозадан қол үзгендей боп, драматургия жанрына мүлдем ауысып алған Дулат Исабековті алыңыз. Жанр ауыстырып жаңа қырынан көріне бастады. Соның арқасында өз бидайына өзі қуырылып, бұйығы боп келген қазақ драматургиясы шетел сахналарына қайта-қайта шыға бастады. Сондай-ақ бір шығармадан кейін бір шығарма беріп келген, енді ұзақ күттіріп қойған Оразбек Сәрсенбаев, Марал Сқақбаев, Әнес Сараев, Софы Сматаев, Бексұлтан Нұржекеев, Қадірбек Сегізбаев, Қажығали Мұхамбетқалиев, Смағұл Елубаев және басқалар күні ертең-ақ құлжаның асығындай салмақты дүниелер бермесіне кім кепіл? Мұның бәрін біз сол талант табиғатынан шығарып әдейі айтып отырмыз. Бұл ретте әлемдік әдебиеттен мысал іздеп тінтіп кетсек, мүлде шығандап ұзап кетер едік.

Ең басты байлам — шығарма қалай жазылған, автор не айтпақ болған, көркемдік болмыс-бітімі қай деңгейде, көтерген тақырыбын қалай меңгерген, қолданған әдісі мен тәсілі өзін-өзі ақтап тұр ма, өрісі қалай, өресі ше? Міне, осы және басқа да көкейкесті сұрақтарға жауап бере алатын шығарма ғана—нағыз шығарма. Ол шұғыл түрде шапшаң жазылып бітті ме, жоқ әлде ұзақ жылдар бойы жазылды ма, онда жұрттың шаруасы жоқ. Сондықтан, мен өз басым, шапшаң жазатын адамдардың бәрінен дүмбілез дүниелер, бір қайнауы ішінде немесе иі қанбаған шығармалар шығады, ал сараң жазатын жазушылардың бәрі дерлік әр сөзін қадағалап бағып отырған керемет стилист, ғажап сұңғыла болады дегенге оншалықты ден қоя бермеймін. Сараң жазатын адамдардан да көп-көп кемшілік тұстар кетуі әбден мүмкін. Тіпті қайта-қайта қарап, қайтақайта қағып-сілкетін кей шығарма табиғи болмысынан, қан-сөлінен айырылып қалуы әбден мүмкін... Енді өзіміздің сөз еткелі отырған объектімізге қайта оралайық. Ең алдымен айтарымыз, Қуандық Түменбай — үгінгі қоғаммен қоян-қолтық араласып, бүгінгі уақыт тынысымен бірге дем алып, бүгінгі заман құбылыстарын зер сала зерттеп жүрген жазушы. Мен бұл мақаламда оның қаламы мен қағазынан шыққан барлық дүниелеріне тоқталып жатпаймын. Ол мүмкін де емес. Олай етсем, мақаламыз қайыру бермейтін ұзақ әңгімеге ұласып кетер еді. Сондықтан мен оның, соңғы жылдары, яғни тәуелсіздік жылдары жазылған, өзімнің табиғатыма да, жаныма да жақын, ең бастысы, шығармашылықта алған бағыт-бағдары мен ұстанымын анық көрсетіп беретін екі-үш хикаятына ғана тоқталмақпын. Қуандық Түменбайдың “Түрмедегі торғай” деп аталатын етек-жеңі дөңгеленген ыпықшам хикаяты – аярлық пен опасыздықтың, өтірік пен жаланың адалдықты қалай қорлап, имандылықты қалай аяқ асты еткенін қарастырған шынайы шығарма. Оқиға ауруханада өрбиді. Нейрохирург Есенбай Қойбағарұлы ауру Барболсын Әйтшуовтың миындағы қатерлі ісікті соңғы рет компьютермен ақи-тақи тексеруден өткізіп болғаннан кейін, онымен бетпе-бет

жеке отырып, күні ертең болатын операция алдында сәл де болса көңілі көтерілсін деп емен-жарқын әңгімелесіп, қысылтаяң мына заманда ауруханада, әдеттегідей, дәрінің қат боп тұрғанын, бірақ меңгерушіден қоярда қоймай жүріп екі құты дәріні сұрап алғанын, қалған екі құты дәріні өзінің сатып алуы керектігін, тағы да басқа дәрігерлік ескертпелерін айтып шығарып салады. Сонан кейін аса жауапты да қатерлі операция алдында дұрыстап демалу үшін, жақында ғана үйленген келіншегіне телефон соғып үйіне қайтады. Қаперінде басқа ештеңе жоқ. Бірақ, бұл дүниеде жақсылығыңнан да сұмдық бір жамандық іздеп, адал ниетіңнен де бәлелік пен арамдық көретін, айнала тіршіліктің бәріне күмәнмен қарап, күдікпен үңілетін жаны күйкі адамдар бар ғой. Әйтшуов те дәл сондай сұмпайы сілімтік боп шықты. Есенбай оның сондай жан екенін қайдан білсін. Сонымен ертеңіне ол, әдеттегідей, жұмысына ертерек келіп, ақ желеңін енді ғана іле бергенде бөлмесіне өзөзінен бүрісіп, мойнын ішіне тыққан сырқат Әйтшуов кіріп келсін. Екі сағаттан кейін басталатын операцияға ештеңеге көңіл бөлмей, асықпай өзін-өзі дайындаудың орнына бұл неғып жүр деп Есенбай ойланғанша, Әйтшуов: “Мен дәрі іздеп таба алмаймын. Ақысын берсем, бәлкім, өзіңіз тауып берерсіз”, – деп, рецепт қағазы мен 500 теңгені үстел үстіне қойып, екі иығы қушиып, арқасы дөңкиіп есіктен шыға береді. Бәленің бәрі дәл осы жерден басталады. Милиция формасын киген екі жігіт кіріп келеді де «Қозғалмаңыз!” – деп әй-шайға қаратпай, жаңа ғана салған қалтасындағы 500 теңгені суырып алады... Сонымен пара алды деген жаламен Есенбай Қойбағарұлы қолы кісенге түсіп, ұсталып кете барады... Сөйтсе (кейіннен білді!), екі сағаттан кейін басына операция жасалатын сырқат Әйтшуов мұны нағыз алаяқтың өзі деп ойлаған екен. Яғни оның ойынша, рецепт әйтеуір көз алдау үшін жазыла салған, қоймадағы бар, бұған тиісті екі құты дәріні өздері қымқырып қалып, кейіннен әжеттеріне жаратпақ. Осының алдын кесу үшін, ол айғақ ретінде 500 теңгені дәрігердің қолына салған. Міне, осы бір арам ойға әбден арбалған ол шұғыл түрде тиісті орынға хабарлаған ғой. Осы бір

қаскөй ойдың торына әбден шырмалған ол басындағы қатерлі ісікке жасалынатын операцияны да тәрк еткен. Сонымен нейрохирург Есенбай Қойбағарұлы ажалдан арашалап қалмақ болған өз клиентінің көрсетуімен түрмеге қамалды. Жазықсыз. Жаламен. Бірақ, енді ол өзінің таза, адал екенін қалай дәлелдемек?! Жарайды, мұның бәрін аурухана меңгерушісі Анастасия Федоровна, одан қала берді ұжымдағы қызметтес әріптестері жақсы біледі, солар араша түседі-ақ дейік. Бірақ, оларға тексеруші сене қояр ма?! Ендігі арғы тіршілігі не болмақ? Құдай-ау, үйленгеніне де бір-ақ апта болған еді. Ол қосағының бетіне енді қалай қарамақ? Дос-жарандарына, таныс-білістеріне не демек? Әйтеуір жан-жағын анталап қамаған сұрақтар. Бірақ, жазушы өз кейіпкерін жанын жеген осы сұрақтарға біржола талатып, оны отқа да, суға да салып, абдырап асып-сасқан шыжбалаң күйгелектікке де, өзегін өртеген күйінішке де түсірмейді. Қанша қиналса да, оған сабырын серік еткізеді. Айнала тіршілікке байыппен, байсалмен қараудан айырмайды. Тергеуші келіп жауаптасқанда да сол пайымды байып, сол парасатты байсал. Жауабы — нық, дәйегі – берік. Бірақ, оған қарап жатқан, мәселенің түбіне үңілетін, сөз төркінін ұғайын деген тергеуші жоқ. Тап бір Есенбайда жеті атасының құны кеткендей, әп, бәлем, қолыма түстің бе дегендей, алақанын ысқылап құшырлана шүйлігеді. Ол үшін алдында отырған адам — адам емес, әйтеуір кеудесінде жаны бар сұлба! Адам өмірі, адам тағдыры деген ол үшін пішту. Оны қалай бүгем, қалай ием, қалай бұраймын десе де өз еркінде. Сондықтан да оның дауысы – өктем. Сондықтан да оның қимылы — озбыр. Сондықтан да айтқан сөзі жетіп, атқан оғы өтіп тұр. Сондықтан да ол Есенбайдың өзін де көзге ілмейді, сөзін құлаққа қыстырмайды. Ол үшін адамды жерден ап, жерге сап қорлаудан, алқымынан ап қысып, аяққа сап таптаудан өткен рахат пен ләззат жоқ. Ол үшін адамды құлдай кемсітіп, құрдай жорғалатып қойғаннан өткен мақсат-мүдде болмаса керек. Мейлі, ол жоғары немесе төмен болсын, бәрібір, біздегі билік табиғаты осындай. Ол үшін адамды жаншып-жәбірлеуден өткен ірілік жоқ. Оның алдында адам деп аталатын мақұлығыңыз қаншалықты тапталып

қорланса, ол соншалықты тоғайып, соншалықты семіріп кетеді. Сол тергеуші ғана емес, бойы мен ойына өктемдік пен озбырлық, зорлық пен зомбылық кіргізіп алғандардың бәрі осындай. Бойы мен ойына өктемдік пен озбырлық, зорлық пен зомбылық енгізіп алғандардың бәрі адамға үстемдік етсем деп ойлайды. Ондайлардың қай-қайсысы да жаншып жібергісі, таптап тастағысы келіп тұрады. Сенбесеңіз, дәл қазір айнала жайлаған тіршілікке бір сәтке көз салыңызшы. Сол мораль, сол психология. Қорланасың, мүсәпір күй кешесің. Қарап тұрып құйқаң шымырлайды, жаның түршігеді. Нейрохирург Есенбай Қойбағарұлын тергеу астына алған тергеуші де осындай өктемдік дертіне шалдыққан жан. Ол Есенбайды қалаған уақытында шақырып алады да дәлел-дәйектен де, логикадан да жұрдай “тисе терекке, тимесе бұтаққа” саятын әйтеуір бір далбаса сұрақтар қояды да, жауабына құлақ та салмастан камерасына қайтарып жібереді. Оған қарсы тұруға Есенбай дәрменсіз. Онда енді екі көзін төбеге қадап, келесі сұрақ-жауапты сарсылып күтуден басқа амал жоқ... Тек жанына демеу болатыны... ұшып шығып, ұшып кеп терезенің маңдайшасына ұя сап жатқан құйтақандай торғай. Ол байғұс түрмені түрме деп ұқпайды. Ол үшін бұл жер – ұя салатын, жұмыртқа төгетін, оны шайқап басып балапан өргізетін құтты мекен. Әне, қарашы, ол тағы да ұшып кеп тұмсығындағы бір шымшым балшықты ұясына қалап қойды... Тіршілік. Түрмедегі тіршілік. Осы бір құйтақандай тіршілік иесі оның көз алданышы. Көз алданышы ғана емес, үміті. Ол үміт барда Есенбай, қанша қиналса да, беті қайтып жасып, жүзі қайтып мұқалмақ емес. Апыр-ай, адам жаны неткен нәзік, неткен сезімтал. Кейде үзіліп кетердей боп дірілдеген тіндей нәзіктіктен да алапат қуат алып, басына төнген таудай пәледен де тайсалмай өжеттеніп, өршеленіп кетеді. Есенбай да түрмеге ұя салып жатқан сол бір торғайға қарап жатып тап осындай гәпті басынан кешірді. Пыр етіп ұшып кеп, пыр етіп ұшып кететін сол бір торғайдан жан дауасын тапты... Есенбай, тіпті, қазақ тергеушінің алдында қазақша сөйлей алмай қор болады. Өзінің азаматтық құқын

пайдалана алмай жапа шегеді. Өйткені, о баста құрылған жүйе солай. Ол жүйенің өрмекші торы солай тоқылған. Ол торды қақ айырып бұзып шығардай шырпыдай да қауқары жоқ Есенбай дегенің кім болыпты?! Кімнің шікірасы! Қарсылассаң, сол тордың сілекей тіндеріне шырматылған шыбындай боп арбаң-арбаң еткен өрмекшілерге жем боп кетесің. Есенбай осыны ұқты. Оларға қанша түсіндіргісі келсе де, түсіндіре алмай әбден пұшайман болды. Солай бола тұра, айдан астам уақыт түрмеде жатқан Есенбай қаншама жан қиналысы мен сана сарсаңына түссе де өзінің кісілік келбетін, адамдық кейпін жоғалтпады. Келесі бір тергеуде отырғанда тергеушіден өзіне опасыздық, тіпті зұлымдық жасаған Әйтшуовтың басындағы ісікке операция жасалды ма, жасалған жоқ па деп сұрайды. Жаны ашып сұрайды. Сөз жоқ, бұл – Есенбайдың кісілік ірілігі. Имандылық ірілігі. Тағы бір мысал. Екі күндік демалыс күндерінде түрмедегі бір сырқатқа шұғыл түрде операция жасау керек болады да қапелімде хирург табылмай, түрме қызметкерлері Есенбайға қолқа салады. Есенбай ешқандай бұлданып жатпастан шын ықылас-ниетімен, бар ынтышынтысымен операцияны сәтті аяқтап шығады. Бұл детальдар Есенбайдың кісілік келбетін бұрынғыдан да ажарландырып жіберген... Ақыры, Есенбай Қойбағарұлы ақталып шықты. Өйткені тағылған айыптың бәрі дәлелсіз, дәйексіз еді. Өйткені айғақтың бәрі Есенбай жағында болатын. Жазушының сот залынан далаға атып шыққан Есенбай “аулада қып-қызыл боп ұйыса өскен раушан гүліне қарай атылып барып, иіле ұзақ иіскеп, бір сәт бір уыс шөпті жұлып ап, аузына сап ашырқанбастан шайнай бастады” дегеніне де еріксіз сенесің. Бұл көріністе тек еркін өмір мен бостан тіршілікті аңсағандық қана емес, сонымен бірге өзегін оттай өртеп, ішін жалап бара жатқан күйіктің зәрдей ащы уытын қайтару да жатса керек. Хикаят сәтті жолдармен аяқталыпты. Сондықтан біз де бұл хикаят туралы қорытынды әңгімемізді сол сөйлемдермен аяқтағанды жөн көрдік. “Жылт еткен қиялы енді торлы терезенің ар жағында ұя басып қалған торғайды ойлады... Түрме бұзыла қалса, біздің

үйдің терезесінің маңдайшасына келіп қонақтайсың”, – деді әлі де өзіне-өзі келе алмай күбірлеп тұрып, түрмені қалқа ғып алған тар жердегі серігін есіне ап. Сол сәт көкірегінен бір қараторғай пыр етіп ұшқандай жан дүниесі тосын дір етіп, өзіне бақырая қараған бір топ адамға қарай құшағын аша жүгірді.” Қуандық Түменбайұлының келесі “Қой мен қойшы” хикаяты да сол бір дүниенің асты үстіне шығып, үсті астына түсіп кеткендей, астан-кестен уақыттағы асығысүсігістіктен парасатпайымы мен сабырынан айырылып қалған тоқсаныншы жылдардың аласапыран кезеңіндегі ауыл адамының, дәлірек айтсақ, қарапайым ғана қойшының иығына түскен ауыртпалыққа арналыпты. Аспан ашық, ай жарықта, бұрылып қарауға шама келтірмейтіндей қас пен көздің арасында, алдындағы бір отар қойдан айырылып қалса, оны ауыртпалық демей не дерсің? Иә, бір күннің ішінде папка құшақтаған бір топ басшылар көктен түскендей сау ете түсті де, жердің құты, елдің ырысы дерліктей бір отар қойды айырбас деп, бартер деп Құмкөл жаққа айдайтын боп шешті... Сонымен не керек, қойшы байғұс қу таяғын қолына ұстап, бұтағы қырқылып, тамыры қиылған қу ағаштай айдалада, жападан жалғыз сопайып қала берді... ... Енді, міне, оның жол-жөнекей бір жерден, іштегі қыжыл мен ызаны басу үшін, ақ арақты қырлы стақанмен тартып-тартып жіберіп атымен үйіне келе жатқан беті. “Маңырап қалды-ау, маңырап қалды-ау момын мал. Құлағына өзі айшылық жерден танитын қара қойдың даусы естілді. Қошақан боп көзін ашқалы алдына сап айдаған малы еді, енді мүйізі шығып, құйрық байлағанда өзгелерге өз қолымен етке бергені өзегін өртеп барады... Артына бұрылып бір қарады. Дәл бір мүйізді қара тоқты ілесіп келе жатқандай елестеді... Қойшы артына тағы бір қарады. Сол тұқыл мүйізді, жүні тықыр қырқылып, құйрығы салақтаған қара тоқты елес боп артынан еріп келеді.” Ел аман, жұрт тынышта алдындағы қойынан айрылып қалған қойшының қазіргі халі осындай?! Құдай-ау, айырбасқа жанармай аламыз дейді. Онысын қайда құймақ? Ауылдағы қыбырлаған трактор мен машина біткеннің бәрі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеп пе еді...

Енді ол үшін санасы санға, ойы онға бөлініп сансыраған сергелдең тіршілік басталды. Аспан асты, жер үсті қанша кең болса да сияр емес. Жұмыр басын тау мен тасқа соқса да бұл тіршіліктен жанына керек боларлықтай тұтқа, көңілі көншірліктей байыз таба алмастан әрі жатып, бері жатып, Алматыдағы үлкен ұлына барып қайтпақ боп пойызға шықты. Салып ұрып станцияға келсе билет жоқ. Сөйтсе, жұрт біткен ешқандай билетсіз-ақ жолсеріктермен жең ұшынан жалғасып міне береді екен. Бетімен кеткен дүние... Бұл да ілінді-ау. Ілінгені бар болсын, ол орналасқан жолсеріктердің өздері жататын шағын купеге қой жетектеген бір жігіт кіріп келсін. «Мұның не?» – десе, «Бизнес», – дейді. Бизнесінің түрін! Қойды тірілей сатса, өлі еттен гөрі әлдеқайда қымбатқа өтетін көрінеді... Сонымен ол қоймен бірге пойызда бір түнеп Алматысына да келіп жетті-ау. Баласы күтіп алды. Үйге келді. Немересін иіскеп мауқын басты. Келіні алдында бәйек боп құрақ ұшып жүр. Бірақ, бәрібір қойшының жаны жай табар емес. Мына дүние мұны бейне бір керексіз зат сияқты қоқысқа лақтырып тастағандай. Бәрі бөгде, бәрі жат. Енді оның Алматыда да байыз таппай еліне қайтқысы келді... Ертеректе бәйбішесін ертіп келген Алматысы бүгінде мүлде басқа боп кеткен. Сол келісінде үй жанындағы баққа шыққаны, жастар жағы алқақотан отырып ап ән шырқап, дабұр-дұбыр әңгіме соғып, кәуәп пісіріп, ал кемпірі алма ағашынан қып-қызыл апортты үзіп алып: “Мынау жұмақтың өзі ғой”, – деп тамсанатыны көзден бұлбұл ұшқан. Бақ та, жасыл желек те жоқ. Олардың орнын сопайған-сопайған сұп-сұр үйлер басыпты. Түбірімен отап тастау. Жаншып-таптау. Талантараж. Қай жаққа қараса да көретіні осы. Адам деген неткен тойымсыз. Неткен қанағатсыз. Араны ашылған үстіне ашылып, құныққан үстіне құнығып, жолындағысының бәрін бұрап сындырып, бұралақтап асап, құныға қылқытып, жалмап жұтып барады. Елді де, жерді де ойлап жатқан бірі жоқ. Ойлайтындары – бос қауғадай қаңғырлаған қарақан бастары. Міне, қарашы, күні кеше ғана, сол атаукересін ішкірлер, ауыл-аймақты тұттай жалаңаштап шешіндіріп алып еді, енді, міне, бір

кездегі кең қолтық қаланы да абақтыдан бес бетер етіп қуықтай тарылтып қамап тастапты... Баласы қоймаған соң өтіп жатқан айтысқа барып, көкірегін жегі құрттай кеміріп жатқан шері мен мұңын ақтарып салған ақынға риза боп қайтқандай болса да көңілі орнына түсіп көнши қоймады. Сергелдең өмір. Қалаға келген ауыл адамының аңсары — базар. Ол енді мал көрмесе тұра алмайтын сіңісті әдетімен мал базарына тартсын. Барса, о, тоба, өз көзіне өзі сенсін бе, сенбесін бе, қарсы алдында пойыздағы купелес қойын ұстап өзімен бірге келген жігіт тұр. Қасында – қойын саудалаған бір әйел. Ақыры не керек, қойшы малды да, ең болмаса “бізде азық жоқ, сенде жазық жоқ” деп жөн-жоралғысымен бауыздауды да білмейтін орашалақ жандарға ызасы кеп, өз-өзінен әбден қапа болды. Қапа болды да, олар үшін емес, ғұмыр бойы өзіне серік болған, ешқандай кінәсі жоқ байғұс қойды, қолдарына жөндеп пышақ та ұстай алмайтын адамдарға қиналтпайын деп, қалған істің бәрін өзі тындырып, қойды өз қолымен бауыздап берді. Қойды өз қолымен бауыздап тұрып, қызығы да, шыжығы да көп болған өзінің бүкіл өмірін бауыздағандай болды. Сонымен күдері үзіліп, үміті қырқылғандай еді... Қойшы базардан келген бойда шұғыл жиналып, ауылына қайтып кетті. Қойшы бейнесі—сол бір ешқандай жүйесіз, ешқандай бағыт-бағдарсыз басталып, тіпті бағыт-бағдар болса да оның бәрі шикі, дүмбілез қалыпта жүргізіліп, ақырында сергелдең күйге түсіп қаңғып қалған мың-мыңдаған адамдардың жиынтық бейнесі. Әрине, ол сергелдең кезең өз-өзінен келе қойған жоқ. Тізеге басып, қолын қайырып, қабырғасын қаусатып, омыртқасын үзген әпербақан биліктің озбыр пәрменімен болды. Өйткені, ол билік капитализм талаптарын желеу етіп, тіпті жалаулатып жүріп жаны ашымайтын, иманнан жұрдай, адамды бит құрлы да, ит құрлы да көрмейтін қатыгез қоғам орнатты. Ал оның зардабын қарапайым халық тартты. Жазушының бұл хикаятынан біздің ұққанымыз осы. Біздің байқағанымыз, Қуандық Түменбай өз кейіпкерлерінің ішкі дүниесіндегі күйініш пен сүйінішті, нала мен өкінішті, қақтығыстар мен

соқтығыстарды, күдік пен үмітті, сезім шарпылыстары мен ойлы толғаныстарды, ишаралы меңзеулер мен философиялық толғамдармен де, психологиялық сана ағымдармен де емес, құйылған қорғасындай салмақты детальдармен және шағын диалогтармен бергенді қалайды. Сол нақты детальдар мен шағын диалогтардан кейіпкердің бүкіл болмыс-бітімі, мінез-құлқы, пайым өресі мен парасат мөлшері анық көрінеді. Сондай–ақ оның кейіпкерлері, қандай бір жағдайда да, отқа бір түсіп, суға екі түсіп, айқайға аттан қосып, бір анда жүгіріп, бір мұнда жүгіріп, өз-өзінен өртеніп, күйініп шыжбалақтаудан да, жыртылған матадай дарылдап, от алған мотордай парылдап кететін даңғаза дарақылықтан да ада. Олардың бәрі дерлік өн бойында болып жатқан тартысталқысын, реніші мен күйзелісін, айналада өтіп жатқан ситуациялармен келісуі мен келіспеушілігін ішіне бүгіп ұстайтын, қандай ауыртпалық болса да қайыспай қарсы тұруға даяр, тіршіліктің ыстық-суығын көп көрген көңтерлі қарапайым жандар. Салиқалы сабыр иелері. Олар еш уақта да, “ойбай мына бір пәле келіп қалды” деп ала қанат сауысқандай шықылық қағып сұқақтап та, сұр жыландай басын қақшитып сумаңдап та кетпейді. Оның “Депутат Аязби” хикаясындағы Аязби де осындай жан. Ол өзінің бүкіл ғұмырын — бақытын да, баянын да тек жерден іздеп, жерден тапқан адам. Агроном. Өмірі атыз бен арықтың, топырақ пен судың арасында өткен, осы уақытқа дейін табан ақы, маңдай терімен өз ырыздығын өзі теріп келеді. Анау бола қояйын, мынау бола қояйын деп бас қатырмапты. Мансап іздемепті. Лауазым қумапты. Енді, міне, аяқ астынан астан-кестен болды да, бүпбүтін жерден бүлік басталып колхоз тарады. Әркімәркімдер өздерінше ұжымдасып жеке-жеке отау тіге бастады. Біреулердің айтуымен Аязби де сол науқанның үйірілген иіріміне күмп берді. Сол кезде алдындағы асқар таудай ағасы, айтқанын екі етпей орындататын Мылтықбай мұның қалыпты өмірін басқа арнаға салмақ боп киліксін. Ойы — Аязбиді депутат ету. Аязби айықпас дерт—қояншық ауруымен ауырады. Ал, ондай сырқаты бар адам депутаттыққа ұсынылмауға

тиіс. Бірақ, аудандық ішкі істер басқармасының бастығы, қолы ұзын Мылтықбай үшін ол мәселені шешу түк те емес. Денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ деген анықтаманы бір пәсте ала салады. Сонымен не керек, өзінің де, шешесінің де қарсылығына қарамай, ел алдында еңбегімен де, кісілігімен де абыройлы, ешкімнің ала жібін аттамай адал өмір сүрген Аязби ағасы Мылтықбайдың пәрменімен депутаттық талас-тартысқа түсті де кетті. Қарсыласы—ақын. Ол да депутат болам деп ақ тер, көк тер боп жүр. Бәсекенің аты — бәсеке. Бірақ, Аязбидің ол ақыннан екі артықшылығы бар. Біріншіден, ол — осы жердің түлегі. Екіншіден, оның Мылтықбай ағасы бастаған сүйеушілері де, демеушілері де көп. Алғашқыда, Аязби не үшін депутат болу керек екенін, басқа емес, мұны не үшін итермелей беретінін түсіне қоймайды. Ақырында, басынан бір шықпай алаңкөңіл қылған бұл сұрақты ағасына қойып тынады. Сөйтсе, осы осы әулеттен бір депутат шығу керек екен. Басқа дәлел де, дәйек те жоқ. Әрине, Аязбидің көп адамнан, оқып-тоқыған жағынан болсын, дүниетаным жағынан болсын шоқтығы әлдеқайда биік. Бірақ, оның сол қасиеттерін дәлел етіп, соларды алға тартып отырған бір ағайынды көрмеді. Ел мен жер мүддесі үшін депутат болуың керек деген сөзді де естімеді. Мақсат біреу-ақ, ол —Мылтықбай мен соның айналасындағылардың “бізден де біреу шықсын” деген жалған намыс пен рушылдықтан туған бейшара ұстанымдарын тояттандыру. Аңғал Аязби сол бейшара ұстаным мен жалған намыстың құрбаны боп кеткенін қапелімде өзі де байқамай қалды. Енді бәрі де кеш. Ауыр маховик айналып кеткен. Енді оны тоқтатуға мінезі жұмсақ Аязбидің күш-қуаты да, дәрмені де жетпейді. Ақыры сол ағайындарының күні-түні құлағын сарсылтып, біреулерінің аяққолынан тартып сүйрелеуімен, енді біреулерінің ту сыртынан итермелеуімен, көңілі құлап тұрмаса да, Аязби депутат болып шыға келді. Осы процесс тұсында ол билікте отырғандардың өз мақсаттарына жету үшін ешқандай шімірікпестен тізеге салып опырып жіберетін озбырлықтарын да, жықпыл-жықпылы көп

небір құйтырқы қулықсұмдықтарын да өз көзімен көрді. Көрді де жаны шошып, жүрегі түршіккен оның қояншық ауруы қайта-қайта ұстап, талай рет талып та қалды... Жан шошырлық ондай сөзді бәсекелесі ақын туралы айтқан ағасы Мылтықбайдың аузынан естіген. “Адалдар” партиясының атынан түскен әйгілі ақын бір кездесуде: “Америкада алты жазушы бар, бізде де солай болсын дейді биліктегілер. Бұл — дұрыс емес. Бұл – әдебиетті тұқырту. Осы отырған бәріміз де әдебиетпен адам болдық емес пе? Тіпті анау тапаншасын сипалап отырған майор мырза да “Әліппемен” тілін сындырып, “Ана тілінен” өлең жаттап, мектеп бітіргенде әдебиеттен шығарма жазды. Әдебиетсіз өмір жоқ”, – деді. Бар айтқаны осы. Қанша қадалсаң да артық айтқан ештеңе жоқ. Бәрі рас. Бірақ, Мылтықбайдың жанына осы сөз шаншудай қадалды. Өйткені, ол әдебиеттен мүлде мақұрым жан ғой. Содан да ақынның бұл сөзі оған мысқыл мен кекесіннен бес бетер естілді. Шамына тиді. Ашуын келтірді. Көп ұзамай Мылтықбай ағасы түйіліп отырып Аязбиге: “Анау “Адалмын” деп жүрген ақының кім өзі, қайдан шыққан дәу еді? Мені әдебиетті түсінбейді деп мысалға келтіретін кім өзі, әкеңнің... Өзі іше ме екен? Гәстиницада өлтіріп ішкізіп, бар абыройынан айырайық... Қойнына қатын сап... Осы жағын ойлаңдаршы”... Міне, осы сөздерден-ақ өздерінің шамшыл тоятын басу үшін кім-кімді де обып жіберуден тайынбайтын, ар-ұятты аттап, ожданды өртеп, кісіліктің күлін көкке ұшырудан жүзі жанбайтын билік тізгінін ұстап отырғандардың бүкіл бет-пердесі ашылып отырған жоқ па?! Сонымен Аязби ағасының көңіліне бір қарап, жандайшаптардың көңіліне екі қарап, ең сұмдығы, деніқарны сау деген жалған анықтама ап, депутаттықтың жайлы орнына барып жайғасты. Жайғасқаны бар болсын, өз көзімен көрген құйтырқы қулық-сұмдықтың бәрі оның жанына батты. Жүрегі лоблыды. Басы айналды. Сырқаты қозды... Ақыры, мәжілістің алғашқы отырысының біріндеақ “басы шым ете түсті де”, қояншығы ұстап құлап

қалды... Бірер күнде-ақ одан “депутаттық мандаты денсаулығына байланысты қайтарылып алынды”. Әлдекімдердің жалған намысы мен рушылдығының қуыршағы боп кеткен есіл азамат осылайша қор болды... Сонымен біз Қуандықтың үш хикаятына аз-кем тоқталып өттік. Үш хикаятта да әр түрлі ситуация, әртүрлі ортадағы қарапайым адамдардың өмір жолы суреттелген. Олар – тіршілік-тынысы бір-біріне мүлде ұқсамаса да, иманнан жұрдай, адамгершіліктен мақұрым қатыгез қоғамның илеуіне түсіп, ертеңі не болары белгісіз боп қалған, тауы шағылып, тауаны қайтқандар. Тағдырластар. Түйіндеп айтарымыз, әдебиетімізде өндіре еңбек етіп келе жатқан тегеурінді талант иесі Қуандық Түменбайұлы дәл қазір кемел шағында. Яғни, одан күтеріміз әлі алда. ӨЗЕГІНДЕ БАР ҚАЗАҚТЫҢ ЗАРЫ БАР Шүкір, кейінгі кездері “қоғам бір формациядан екінші формацияғы өтер тұста әдебиетіміз не істерін білмей абыржып қалды”, “өтпелі кезең тұсында әдебиет тұйыққа тіреліп, дағдарысқа ұшырады” деген мұңы ауыр, уайымы қалың сөздер сирексіп, дүниеге келіп жатқан жаңа шығармалар туралы әңгімелер, жиі болмаса да, естіле бастады. Әрине, мен өз басым, кешеуілдеп болса да, сол өтпелі кезең тұсында да поэзия жанрының ешқандай да дағдарысқа ұшырамағанын, тұйыққа тіреліп қалмағанын сөзім жеткенше дәлелдеп баққам-ды. Көңіліме бір демеу болатыны, менің ол пікіріме ешкім де, жоқ олай емес деп қарсы дау айта қойған жоқ. Демек, ақыл ақылдан артық емес, көп адамның көкейінде де сол ой жүрсе керек. Рас, асты-үстіне шығып, үсті астына түсіп жатқан аласапыран дүниемен әп дегеннен қоян-қолтық кеп, шаппа-шап ұстаса кететін поэзия сияқты емес, әдебиеттің қатепті қара нары боп саналатын проза жанры біршама уақыт дағдарып қалған-ды. Әр ай түгілі әр күні бір-бір жылнамаға татитын жылдар өтті. Дүниені дүрліктіріп жіберген құйынды дүбілістің ақ шаңы басылып, көзді де, көңілді де көлегейлеп, алды-

артыңды бірдей тұмшалап, ертеңіңді болжатпай қойған қалың ақ тұман да сейіліп, жазушыларымыз сол бір қым-қуыт кезеңнің шым-шытырық оқиғаларын өн бойынан өткізіп, оны көңілінің көрігінде қыздырып, жан-жүрегінде қорытып, ой-санасы мен талғамының таразысына салып, сұрыптап, саралап, сол өткен уақыттың кескін келбеті мен ажарын дүниеге алып келе бастағаны шындық. Ондай кезеңде ақылын ішіне жасырған астарлы пікірдің де, тағаттан жұрдай ұстамсыз ұшқары пікірдің де айтыла беретіні заңды. “Дағдарысқа түсті”, “тоқырауға ұрынды” деген сөздерді сын жанры да аз естіген жоқ. Әлі де естіп жатыр. Тіпті кейде “сын өлді” деген қатал сөз де таңғы ауада мылтық атылғандай гүрс ете қалатыны бар. Бірақ, бағамдап қарасаңыз, “сын өлді” деген сөздің өзі де – сын ғой. Яғни, қанша жаназасын шығардым десең де, бәрібір сынның өлмегені ғой. Бұл жерде бір айта кететін мәселе, мен өз басым, өлең жазатын адам болғандықтан, ұзақ жылдардан бері, қазіргі қазақ поэзиясы, оның талантты өкілдері туралы сыни ой-пікірлерімді бірде-бір үзген емеспін. Тағы да осылай жұмыс істеп жүрген жалғыз мен емес. Бәрі десем күпіршілік болар, ақын-жазушылардың бірқатары дәл осылай еңбек етіп жүр. Бізде бір тас қамалдай қатып қалыптасып қалған жаман түсінік бар: әдебиет туралы сөзді тек сыншы айту керек. Шынымды айтайын, мен кейбір сыншылардың еңбектерін (әрине, бәрін емес) мүлде бағаламаймын. Неге? Өйткені, ол дүниелер, ең алдымен, көркемдіктен жұрдай. Таптаурын. Схема. Сылдыр сөз. Қатып қалған қасаң. Қасаңдығы сондай, оларды оқып отырып ең болмаса түйіні де жоқ кендір жіп жұтып немесе тоң боп қатып қалған кесек кеміріп отырғандай болам. Шабыттана алмайсың. Шарықтай алмайсың. Шалқи алмайсың. Хайуанаттар паркіндегі шарбақта қалғандай пұшайман, мүсәпір күй кешесің. Ал, сын деген де әдебиеттің басқа жанрлары сияқты көркем дүние, көркем әлем ғой. Яғни, ең алдымен ол көркемдік талаптарға жауап беруге тиіс. Әрине, көркемдік талаптарға толығымен жауап беретін шығармалар жаза алатын сыншылар бар. Бірақ, олар өте аз. Сондықтан мен кей ретте кендір жіп есіп, тоң кесек теріп кеткен

қалың сыншылардан гөрі ақын-жазушылардың өздері жазған сыни ой-пікірлеріне көбірек ден қоям. Өйткені, олардың ой-пікірлерінің бойында қан бар, жан бар. Тақырыпқа ендеп кіру бар. Қаламдас әріптесінің лабораториясының тыныс-тіршілігін, демі мен лебін көрсету бар. Кейбір “паспортты” сыншысымақтар сияқты шығарманың оқиғасын ғана айтып, тысын ғана шолып шығу емес, автордың айтар ойының астарын ашып тастайтыны бар. Осы барлардың бәрінен де бұрын ол мақалаларда көркемдік бар! Тағы да бұл жерде айта кетер бір мәселе, әдебиетте шаш ал десе бас алатын әпербақан шолақ белсенділер ойлайтындай, сын деген кілең бір өлімші етіп дүрелеп сойып салу мен қорқыратып бауыздап тастаудан тұрмайды. Шолтаңдаған ол шолақ белсенділердің селебесі арқасы жауыр, кирелеңдеген көтерем хальтуршиктерге емес, ең алдымен, белі берік, сүбесі қалың, сауыры жалпақ жарамдыларымызды жайратып салады. Бейне бір олар сын жанрын қан сасыған қасапхана деп ұғатындай. Бүгінгі таңда сын жанрында не жетпей жатыр дейтін болсақ, онда оған әлі күнге дейін барымызды базарлай алмай жатқанымыз жетпей жатыр дер ек. Яғни, қарымды, қабырғалы қаламгерлеріміз күні бүгінге дейін өздерінің тиісті бағаларын ала алмай жүр дер ек. Қайта қайдағы-жайдағы көлденең келіп киліккен көк аттылар кимелеп, олардың аяғының астынан ұшқан шаң, көп-көп көркемсөз шеберлерінің кескін-келбетін көлегейлеп көрсетпей барады дер ек. Мұндай келеңсіз құбылысқа басқа ешкім емес, алдымен өзіміз кінәліміз. Несін жасырамыз, бірбірімізге деген ниетіміз жұтаң, тілегіміз тапшы. Рас, өтпелі кезең тұсында әдебиетке келген жастар поэзиясы туралы “Алтынкөпірліктер” деп аталатын мақала жаздым. Одан бұрынырақта Тоқаш Бердияров, Өтежан Нұрғалиев, Сабырхан Асанов, Меңдекеш Сатыбалдиев,Сәкен Иманасов, Дүйсенбек Қанатбаев сияқты ағаларым жайында, сонан кейін қатарлас құрбылар мен қанаттас інілерім Жәркен Бөдеш, Несіпбек Айтұлы, Жүрсін Ерман, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегман, Нұрлан Мәукенұлы, Болат Шарахымбайлардың (Құдай қаласа,

бұл тізім жалғасын табады) шығармашылықтарына жеке-жеке тоқталдым. Әрине, осы уақытқа дейін әлгі аты аталған ақын азаматтардың замандасы, ерен де ерек ақын Есенғали Раушановтың өлең әлемі туралы қалам тартпағаным ұят. Кезінде Есенғали екеуміздің, алауыз болмасақ та, алакөз болып қалғанымыз рас. Қазір де екеуміздің ауыз жаласып, қауышып кеткеніміз шамалы. Сондықтан Есенғалидың өзін былай қойғанда, өзгелер де неге ол туралы жазбайсың деп кінәлап, күстаналай алмайды. Мен жазбағаннан Есенғалидың бәсі тіпті де түсіп қалмайды. Бірақ, ол туралы жазбау, ең алдымен, өзімнің азаматтығыма, адамдығыма сын деп білем. Ал, Есенғали Раушанов – әдебиеттегі кәмлеттік кезеңнен әлдеқашан өтіп, әбден толысып, кемеліне келген, шығармашылығы қалың-қалың қатпарлардан тұратын, ешқандай асырмай да, жасырмай да айтар болсақ, ұлттық үлкен ақындарымыздың ішіндегі санаулыларымыздың бірі. Мен үшін сан тарап, сан тақырып, сан сала, сан өрісбелеңде жұмыс істеп жатқан алуан мінезді, алуан ауарайлы ақындардың ішінде ұлттық ақын деген өлшем бәрінен де биік ұғымға ие. Өйткені ұлттық ақынды белгілі бір ұлттың рухани мұқтаждығы тудырады. Тағы да ол сол ұлттың қатерлі, қиын кезеңдерінде дүниеге келеді. Ондай ақын ұлтының алдында үлкен жауапкершілік пен міндет арқалайды. Ондай жауапкершілік пен міндет кез келген ақынның пешенесіне жазыла бермейді. Бұл дүниеде ұлттың рухани мұқтаждығын өтеуден үлкен іс бар ма?! Бірақ, бұл жерде рухани мұқтаждық деген ұғымның қатып қалған қасаң формуласы жоқтығын, оның аса кең ұғым екендігін, ол ұғым заман желімен, уақыт лебімен өзгеріп тұратын қоғамның әр саты, әр баспалдақтары мен әр иірім, әр иінінде басқаша реңк пен түске, басқаша мазмұн мен мәнге ие боп түрлене құбылып отыратынын ұмытпағанымыз лазым. Мәселен, Махамбет ұлты үшін ақырып теңдік сұраса, Абай халқын қараңғылық қамауынан алып шығамын деп қайғы жұтып, у ішті. Пушкин жуылыпшайылмаған Ресейдегі құлдық пен зорлықты көріп зар илесе, Байрон Англиядағы ұлтына жасалынып жатқан әділетсіздікті көріп, өз елінен өзі безіп кетті;

француз Беранже ұлтын қан қақсатқан діни дүмшелік пен корольдің озбырлығын көздеріне шұқып тұрып көрсеткені үшін қуғын-сүргінге ұшырады... Мұндай мысалдарды көптеп тізе беруге болады. Қасіретті ұлтының қамын ойлап көкірегі қарс айырылған Мағжанды, өз шығармаларында ұлттық қасиетті бар бояу-нақышымен суреттей білген Ілиясты, сұм заманның сұмпайы сықпытынан шошынған Сұлтанмахмұтты, өлеңдерінен ұлттық өрлік пен адуындылық атойлап тұратын Қасымды айтпағанда, Кеңестік дәуірдің қышқаштай қыспағының азуы сәл босаңсыған тұста “мен қазақпын” деп әлемге жар салған Жұбан Молдағалиевті, туған жерге кіндігінен байланып қалған Ғафу Қайырбековті, ұлы даланың рухани дидарын, яғни ұлттық мінез-құлқын айқара ашып көрсеткен Қадыр Мырзалиевті, өз ұлтының бойындағы күйдей тылсым, күйдей жұмбақ болмысбітімінің философиялық мәні мен психологиялық мәйегіне үңілген Жұмекен Нәжімеденовті, ұлтының рухани кескін-келбетін кеңістіктің алып сахнасына шығарып сомдаған Мұқағали Мақатаевты, ғасырлардың құмы мен қыры астында қалып қойған сарын мен әуенді қайта оятып, оларды құлағыңның дәл түбінен естілетін ұлы дүбірге айналдырып жіберген Төлеген Айбергеновті, әрі тартқанды бері тартам деп әуре болмайтын, қайта әрі тартқанды одан да әріге итеріп жіберетін мінезге ие Фариза Оңғарсынованы, ұлтым деп сөйлесе ұрты басқан көріктей ісініп, тілі үшін тап қазір жүрегін суырып, тілін кесіп беруге дайын Мұхтар Шахановты, Лениннің туған күні аталып өтіп жатқан ресми кең залға арбасын шиқылдатып, өгізін аяңдатып кіріп келген Кеңшілік Мырзабековті, “дала сенің ұлыңмын” деген сөзі бірде шексіз мақтаныш, енді бірде жан айқайындай естілетін Әбдірәштің Жарасқанын, қарағайдың қарсы біткен бұтағындай Иранғайыпты, “заманайлап” шерін ақтарған Ұлықбекті, “қасқыр баба” деп қасқайып сөйлейтін Серік Ақсұңқарұлын қайда қоясың?! Осы ақындардың қай-қайсы да ұлт ақыны. Олардың қай-қайсы да ұлттың рухани мұқтаждығы мен қажеттілігіне өз деңгей, өз дәрежесінде жауап берген ақындар. Әрине, бұл мақалада, өздеріңіз байқап отырғандай,

талай-талай тамаша ақындардың аттары аталмай жатыр. Бірақ, мен бұл жерде нағыз ұлттың бояунақыштары бірден көзге түсетін ақындарды ғана атап отырмын. Сондықтан басқа жұрт мұныма түсіністікпен қарар деген ойдамын. Есенғали Раушановтың поэзиядағы орыны, сөз жоқ, жоғарыда аты аталған ақындардың қатарында. Ол ақындар бір-біріне қалай ұқсамаса, Есенғали да оларға дәл солай ұқсамайды. Қазақта “илегеніміз бір терінің пұшпағы” деген сөз бар ғой. Ол сөз басқа бір ортақ мәселелерге келсе де, алдына қағаз жайып, қолына қалам ұстаған жандарға келмейді. Әр ақын-жазушы, мейлі ол қотыр лақтың терісі болса да, оны өзі жеке илейді. Олай болмады ма, онда оның бәлду-бәлдуінің бәрі өтірік. Әр ақын – жеке индивидум. Ақын өз мінезімен туады, яғни, жаратылыс табиғаты қалай болса, өлеңі де сондай. Әдетте, ұлттық рухы биік ақындардың мінездері бір-бірінің көшірмелері болмаса да ұқсас болып келеді. Бәрі де бір беткей, бәрі де қайсар. Қалыпқа сыймайды, қамытқа басын кіргізбейді. Есенғали бұл ретте былай дейді: Тасырқағанда тас жауған Тау болды ұйықтар айлағым. Қасқырдан анау қас жаудан Тартып ап апан жайладым. Жетіп бір құлан қайырып, Желкеден алдым жеміт деп. Тағыдан олжа айырып Тарпаңды міндім көлік деп. Батырша күліп түрегеп, Отырдым жылап ақынша. Жонымды тостым “міне” деп Жолбарыс-тағдыр атылса... Міне, еркектік мінез! Міне, ақындық тарпаң болмыс! Дүниені алағай да бұлағай етіп астан-кестенін шығарып жіберуге әзір, сұмдығы мен зымияндығы ібіліс пен шайтанның өзін шатастырып, айласы мен қулығы албасты мен перінің өзін адастыратын, қырсықтығы

мен қыңырлығы қырық есекке жүк болатын мына сұмпайы заманға осылай күш пен сес көрсетпесең, онда ол сенің бұтыңды бұт, қолыңды қол етіп, терідей айырып, матадай жыртып тастары сөзсіз. Апан аранын айдаһардай ашып, жұтқан сайын жұлынып, қылғытқан сайын құнығып бара жатқан, обыр өңеш пен озбыр пиғыл әбден иектеп, халықтың қасиетін де, қасіретін де аяғына сап таптап, мүлде басынып, басқа шығып алған мына жыртқыш, кісәпір заманды енді жалынан сипап жуасытам, мойнынан қасып сабасына түсірем деу бос әңгіме. Оны тоқтатса осындай қаһарлы еркектік мінез ғана тоқтата алмақ! Бұл енді бүгінгі хал. Не болғанда да, қазір ептеп болса да, бойымызға ұлттық қан, ойымызға ұлттық жан кіре бастады. Ондай тұста осындай еркектік мінез көрсетуіміз заңды. Әрине, тұтастай алғанда, қазір де оңып тұрғанымыз шамалы. Орнымыздан дүрк көтеріліп кете алмай жатырмыз. Дей тұрғанмен, күні кеше ғана, андасанда болса да, мұндай мінез көрсету мүмкін емес еді ғой. Өйткені, біздің санамыз да, ой өрісіміз де, тіпті ақыл-есімізге дейін алапат күйзеліс пен апатты күйреуге ұшыраған болатын. Ұлттық болмысымыз бен рухымыз тамыр талшығына дейін оталып қырқылып жатты. Ауызы кере қарыс, азуы алмастай өткір бірақ идеология үстемдік етті. Орыстану идеологиясы. Білім де орыста, ілім де орыста, мәдениет те орыста, өнер де орыста, өлең де орыста... Бәрі де орыста. Ер жүрек те сол, кең жүрек те сол. Кемеңгер де сол. Қалған ұлттардың бәрі де болар-болмас бірдеме немесе түкке алғысыз. Ол идеология бойынша жалғыз Кеңес одағындағы ұлттар ғана емес, жер жүзін жайлаған басқа елдердің де оңғаны жоққа тән. Батыс Еуропаң да, Америкаң да солай. Өйткені, олар дұрыс жол таңдай алмаған. Шетінен тонаушы, шетінен жыртқыш. Бір сөзбен айтқанда орыс бола алмасаң, күнің қараң. Орыс болмасаң мәдениеттен де, әдебиеттен де жұрдай боп жұртта қаласың. Міне, осындай сұмдық сұмпайы идеология ақырында дегеніне жетті. Ойымызды да, бойымызды да улап алды. Санамызда оған қарсы тұратын иммунитет жойылды.

Әлбетте, орыс халқы – ұлы халық. Оған ешкімнің де дауы жоқ. Үйренгеніміз де аз емес. Бірақ, өзгенің еңсесін езіп, тіпті жерге тығып, оны осыншалықты дабырайту, осыншалықты шырқау биікке көтеру, алдына тізе бүгіп табынуға дейін бару не үшін керек еді. (Бұл үрдіс, өкінішке орай, әлі де жүріп жатыр). Әрине, бізді ұлт ретінде мүлде жойып, біржола орыс етіп жіберу үшін керек еді. Содан барып біздің санамыз да, атымыз да, ақыл-есіміз де, орыс рухымен отарланып, бүкіл болмыс-пішінімізді құлдық психология меңдеп алды. Мәңгүрттендік. Сол идеологиядан бәріміздің уланғанымыз сонша, қиыр шет, қиян түкпірде, мәселен Қызылқұмда немесе Қатонқарағайда жүрген қарапайым тракторшы не шопан, ешқандай алты аласы, бес бересісі болмаса да, “атаңа ғана лағынет американдық пен француз, көріңде өкіргір неміс пен испан” деп, жеті атасынан бері түк қалдырмай сыбайтын, оларды иттің етінен бес бетер жек көретін “дәрежеге” жетті. Не үшін? Өйткені, олар бізбен, яғни орыспен қас. Кеңес өкіметімен, яғни орыс идеологиясымен жау. Тек орыс қана әдемі әйей, тек орыс қана ғажап, керемет. Қалғандардың бәрі не анайы, не жабайы. Міне, осы бір орыс идеологиясынан туындаған аса қатерлі психологиялық ауытқу процесін Есенғали қандай тапқырлықпен айта білген десеңізші?! Француздар келіп жатыр полкке, Еңлік көктем еркелейді шашып нұр. Жақсы болды біз үшін, Офицерлер асханасы ашық тұр. Француздар, Қызық, тегі, мінезі, Зеңбіректі айналшақтап көреді: “Қанша адамды жайпайды екен бұл өзі”. Білмейді екем мен оны. Комбат айтқан: “Шылым берсе алмаңдар!” Неге алмаймыз? Түсінбеймін мұны да. Дала – рахат.

Сай-салада қалған қар Барады өрлеп қарт Кавказдың шыңына. Шіңкілдеген жетеді үні құлаққа, Майор Бурцов қонақтарды тілдейді: – Мәдениетті-ақ халық сынды, Бірақ та Бұлар неге орыс тілін білмейді? Көрдің бе, сол бір сұмпайы идеология орыс тілін білмеу барып тұрған бейшаралық деген қасқой ұғымды, басқаны былай қойғанда, орыстың өзіне сіңіріп жіберген. Шіңкілдеген майор Бурцовқа дейін империалистік

эгоизммен, отаршылдық өркөкіректікпен дерттеніп, айықпас рухани кеселге ұшыраған. (Ол кеселдің вирусы бізді әлі де буып тұр). Әлемдегі ең қадірлі мәдени алтын ошақтардың бірінен саналатын француздардың өздерін шіңкілдеген жәутік Бурцовтың өзі зорға көзге іліп тұрғанда, басқаларға не жорық. Қарапайым ғана, жай ғана айтыла салғандай боп көрінетін бұл өлең жолдарында қаншама ащы мысқыл, қаншама уытты сарказм жатыр десеңізші?! Көлемі шап-шағын, ал көтерер жүгі зіл батпан. Оқисың да, Есенғали шеберлігіне тәнті боласың. Әсілі шеберлік – қарапайымдылықта. Құдай-ау, түп-тамырларымызды түгел отап жіберуге кіріскен осы бір кесірлі де кесапатты идеология басталмай тұрған, сонау тарихи кезеңдерде не болып еді өзі?! Оған да бір үңіліп көрейікші. Ақын енді бізді тағы бір жыры арқылы алағай да бұлағайлы төңкеріс заманына ап кетіп, ақ пен қызылдардың кезек-кезек кеп, қазақ ауылына салған әлегі мен лаңын суреттейді. Жалпы, шын ұлт ақыны – ұлт тағдырымен қандас, тамырлас. Яғни, ұлт тағдырын жан-жақты көрсете білген ақын ғана ұлт ақыны бола алмақ. Өлеңге қайта оралайық. Қысқа күнде қырық құбылып тұратын заман-ай. Ыспа құм ішінде отырған шағын ғана қазақ ауылы. Ол да қатыгез заманның сұрапыл дауылы астында қалған. Кеше ғана моп-момақан, тып-тыныш жатқан дүние асты үстіне түскендей әбігер. Айнала дүбіліс. Айнала

алашапқын. Ағы кім, қызылы кім, айтып болар емес. Әйтеуір қызыл танау аптығу, дал болып абдырау... Міне, Кепкен шал “Алла-ай” дегенше болған жоқ “Құйылып келіп қалды кіл аттылар”, Шетінен өпірем, шетінен өктем. Жөн сұрап жауаптасып сөзге келмек түгіл, мынау да адам екен-ау деп көзге ілмейді. Олар үшін мына алдындағы адамдар адам емес, ербиген-сербиген әйтеуір бір сұлбалар секілді. Одан әрі не болды дейсіз ғой. Ел емес, Көктен түсіп “Құдай” келді, Құдекең атаман боп сыбай келді. – Мұның не, Орысжан-ау, – дегенінше Кепкен шал – кескен терек құлай берді. – Уа, батыр, Жөніңе кет жылқыңды ал да, Жылқыдан басқа менің мүлкім бар ма? Бишік бір ыс-с ете қап, өшірді үнін Би-аға сауға сұрап ұмтылғанда. Ыспа құм ішінде моп-момақан боп монтиып қана отырған қазақ ауылы әп-сәтте ойран-ботқасы шығып, қып-қызыл қанға боялып, зорлық пен зомбылықтың тарғыл ізді табанының астында қалды. Шектен әбден шығандап шығып, есіре еліріп кеткен сол зорлық пен зомбылық айналаның бәрін ту-талақай етіп, жүндей түтіп, жұмыртқадай жарып, мал біткенді алдына сап тайып тұрғаннан кейінгі ауыл көрінісіне қараңыз. Жігіттер үнсіз-түнсіз тұрды ұғысқан, Не пайда, шаппаған соң, құр қылыштан. Басына төңкерулі қазан киіп Бас баққан қорқақ шықты бір бұрыштан. Бармысың, тірімісің, жарығым-ай, Не жаздық, неден жаздық тағы, Құдай. – Болғанда ағы мұндай, бұл итіңнің Қызылы қандай болмақ, Тәңірім-ай?.. Ғұмыр бойы “ақ” деген сөз бен ұғымды қасиет тұтып келген жұрттың сол “ақтан” көрген құқайы мынадай

болса, қан түстес “қызыл” деген сөз бен ұғымнан осылай шошымай қайтсін?! Бұл ауылдың басына тиер таяқ осымен бітпепті. Оның көрер көресісі әлі де алда екен. Көп ұзамай қыр астынан тағы да аттылардың қарасы көрінді. Бірақ, бұл қазақ өткеннен дәріс, тарихтан сабақ алып көрген бе? Таспен ұрғанды аспен ұрып үйренген халық қой. Аузы күйген үрлеп ішеді дегенді айта тұрып, оны өзіміз істейміз. Ұмытып кетеміз. Ыссылай қауып, аузымызды тағы да күйдіріп аламыз. Ең болмаса, алды-артымызға қарап бір пәске аял етпейміз. Өткеннен тәлім мен дәріс алмайтынымызды қараңызшы, сәскеде ғана асты үстіне түсіп, ойранботқасы шыққан ауыл қыр астынан көрінген әлгі аттыларды қонақ деп қабылдайды. Қазақы аңғалдық! “Сәске”, “Кешке”, “Азанда” деген тақырыптарды мезгілдің көркем шарттылықтары деп қабылдасақ та олардың шындықтан ауылы алыс емес. Сол-сол-ақ екен, лезде-ақ “Жылмаңдап ұры көсеу отқа кірді, Аққұман томпаң қағып шоққа мінді”. Барын ауыздарына тосып, құрмет көрсеткен мына жұртқа қарап жатқан командир кенет нілдей бұзылады. Оның ішіне “Питерде пролетариат ашығуда, Бұлардың не құқы бар тасынуға? Әдейі құм ішінде бөлек отыр, Астығын мал-дүниесін жасыруға” деген арам пікір кіреді. Содан кейін-ақ алатай бүлік басталады да кетеді. Сақылдап қайнап жатқан қазан төңкеріліп, түңлігі түріліп шалқайып ашық жатқан шаңырақ ортасына түседі. Маңдайының соры бес елі жазықсыз жазған ауылдың тағы да ойран-ботқасы шығып қала береді. Еркек кіндіктілердің бәрін ыза қысып, кек буып алған. Бірақ, қылар айла жоқ, қолдан келер шара жоқ. Сонымен бұл озбыр қиянат қалай аяқталады дейсіз ғой. Оқиық. Жара ғой ем-дауасы табылмас бұл. Алғандай төңіректің бәрін қасқыр Көйлегі алау-далау, өңірі ашық Қобырап қара шашы қарындас тұр. Қарындас жыламайды, қарғанбайды. Қарындас – тас боп қатып қалған қайғы.

– Жаба гөр абыройыңды, айналайын. Қасында кәрі анасы қалбаңдайды. Бұл тікен кіргендей тұла бойыңды ду еткізіп, төбе шашыңды тік тұрғызатын, алпыс екі тамырыңа сумаңдаған қып-қызыл от қуалап, жаныңа ыза мен кектің құтырып тұрған зәрлі уытын құйып жіберетін сөз-сурет. Трагедиялық сөз-сурет! Бір айналдырғанды шыр айналдыратын бұл қу тағдырдың тәлкегі осымен тамамдалып қалсын ба, енді бұл трагедия одан әрі таргокомедияға ұласады. Қалай? Енді соған келейік. Алдымен бір күнде, сәске мен кеште, төбесіне қатарынан екі рет әңгіртаяқ ойнап, жай түскендей опырылып омалып, есеңгіреп қалған ауылдың енді азанғы, яғни таңертеңгі кескін-келбетіне көз салайық. Кең дала шет-шегі жоқ паң көсіліп, Сәріден жел бебеуге салды есіріп. ... Көзі ісіп, Қаны қашып Күн де шықты Құм жатыр есік алды мәңгі есіліп. Айнала тып-тыныш. Сүзектен тұрған жандай боп ауылға да созалаңдаған харекет кіре бастады. Кенет... Тып-тыныш, Үріккен ауыл жат қонақтан, Не болды шалды кенет жалт қаратқан. Белдеуде бөтен ат тұр, Кімнің аты? Кепкен шал басты айқайға: – Аттан! Аттан! Әп-сәтте алақандай ғана ауыл айқай сүреңге, алқынжұлқын жүгіріске толды да кетті. Әне-міне дегенше біруді тауып алып “Басына қап кигізіп, байлап-матап, әлгіні алып шықты сереңдетіп”. Сонан кейін... Әй, ұрды-ау, ұрды, ұрды, Тағы да ұрды. Кемпір-шал, бала-шаға жабыла ұрды.

Тепкілеп, Мама ағашқа таңып ұрды, Бәрінің ұрған сайын жаны кірді. Сонымен әбден ыза мен кектен, ашу мен өшпенділіктен өртенердей болып отырған ауылдың қолына ғайыптан-тайып, біреу болса да, әйтеуір, жаудың түсе қалғанын қарашы?! Құдай, сұрасаң, бүйтіп қараспас. Әлгіні биттей сығып, иттей тепкілеп, өткендегі өші, берідегі кегі түгел қайтпаса да, айыздары бір қанғандай болды-ау. Бір кезде... Құдай-ау не боп кетті өзі. Кенет (тағы да кенет!). Басты кептеп алған қап сөйлей жөнелсін: Жау көріп өзгені де, өзіңді де. Уа, иттер, Не көрінді көздеріңе? Қазақпын, Қазақпын мен, Пәленшемін. Гәп осы, құлақ ассаң сөзге, міне. Сөйтсе ол кешегі отряд “жол көрсет” деп қосып ап, сонан кейін жол-жөнекей тастап кеткен, өздеріне етене таныс көрші ауылдың адамы екен. Бүкіл ауылдың жабылып сабаған адамы өзінің қазағы болып шықты. Апыр-ай, десейші, бізде кілең осылай ғой! Жауға тапталып иленеміз, сонан кейін бірде біліп, бірде білместен, өзімізді-өзіміз өлімші етіп сабаймыз. Бұл өлең тек қана трагокомедия емес. Бұл өлең – өлең-метафора! Бес-алты-ақ беттік, үш-ақ тақырыптан (“Сәскеде”, “Кешке”, “Азанда”) тұратын бұл “Қазақ ауылы” өлеңін оқып шыққанда үлкен шабытты талантпен жазылған драмалық һәм трагедиялық үш кітап оқып шыққандай әсер аласың. Осы бір шап-шағын дүниеденақ Есенғалидың кең масштабтылығы мен эпикалық тыныстылығын жазбай танисың. Есенғали Раушановтың эпикалық зор ауқымдылығының түп-тамыры оның туа бітті табиғи болмысбітімінде жатыр деп ұққан жөн. Яғни, оның әу бастағы

талант табиғаты солай жаратылған. Содан да болса керек, ол бірқатар тынысы кең, тамыры терең, биік өрелі, айтар ойының аясы ауқымды, көтерер жүгі салмақты, өткеннің өкініш-күйініші бүгіннің өкінішкүйінішімен бірге өрілген “Сары өзен”, “Ғайша бибі” сияқты кесек дастандарды дүниеге әкелді. Бұл дастандар, әсіресе, “Ғайша бибі” поэмасы өзінің композициялық және архитектоникалық құрылымы жағынан болсын, әрі көне, әрі жаңа сарындардың ұласа үндесулері жағынан болсын, қарама-қайшылыққа толы драмалық, трагедиялық күрделі сценаларды үлкен шеберлікпен көрсете білу жағынан болсын, адам мен адам, идеялар мен идеялар арасындағы бітіспес шарпысуларды терең ұғыну жағынан болсын, күрмеуі қиын психологиялық сәттерді тарқату жағынан болсын, сөз жоқ, шоқтығы биік шығарма. Бұл поэманы тек Есенғалидың ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінің зор табысы десек артық айтқандық емес. Мұндай дүниені қарымы кең, интеллектуалдық қуаты зор талант иесі ғана дүниеге келтіре алса керек. Әрине, қандай тақырып та қарсылыққа ие. Ал ғасырлар қойнауында жатқан, шырмауы бытысып, шырғалаңы шатысып кеткен тарихи тақырыпты жүйелеп, мейлі, өз пайымымен болса да, тарқатып шығу, оған жан беріп тірілтіп қана қоймай, оның бойына қуатты қарекет кіргізіп, бүгінгі күннің рухани айналысына түсіру – аса қиын міндет, аса қиын шаруа. Яғни, тарихи тақырып қарсылығы алапат! Оны жеңу үшін үлкен жан-жақты ілімділік пен үлкен талантты ірілік керек. Бұл талап Есенғали бойынан табыла біліпті. Дей тұрғанмен, біз бұл мақалада Есенғали поэмаларына тоқтала алмаймыз. Өйткені, ол біздің бүгінгі міндетімізге жатпайды. Әлгі жоғарыдағы сөзімізді тек Есенғалидың ұлттық ақындығы мен эпикалық тыныстылығын дәйектей түсу үшін ықшамдап қана шолып айтылған шағын мінездеме деп қараған жөн. Бүгінгі әңгімеміз Есенғалидың өлеңдері, оның ішінде ұлттық болмыс-бітімі жайлы. Әрине, халық болып қалыптасып, ұлт болып ұйысу үшін, ол халық пен ұлт адам айтқысыз аласапырандарды, сұмдық сұрапылдарды басынан өткізуі заңды. Бір отқа,

бір суға түсіп, төс пен балғаның арасында шыңдалмаған халық ұлт болып тамыр тарта алмайды. Қорлық та көреді, зорлық та көреді. Күйініші де болады, сүйініші де болады. Қай халықтың тарихын ақтарып, тағдырын іздесең де дәл солай. Біз әлі де сол гәпті, сол процесті басымыздан өткізіп жатқандаймыз. Өйткені дәл қазір бәріміз біліп, ұғып отырғандай, сын сағат, сын кезең үстіндеміз. Бірде отқа сап, бірде суға сап жатқан бұл кезеңнен Алла жазса құрыштай шынығып, шарболаттай шыңдалып шығамыз ба деген үміт те жоқ емес. Ол үшін қайтпас қайсар Күрес керек. Рухани қуатты күрес! Сондықтан “Қазақ ауылының” (автор меңзеп отырғандай бұл тіркес үлкен мағынаға ие) көрген құқайын айтып, қақырап сөгіліп, күйзеле сөйлесең де күйрей жығылуға болмайтынын басқа-басқа Есенғали жақсы біледі. Халқыңның зарын айт, көрген қорлығын айт, бірақ ішкі рухыңды өлтірме! Күйзелсең де өзегіңе құрт түсірме. Тіпті тұрмыстық, шаруа харекетімен жүрген қарапайым қатардағы адамның бойы мен ойынан да, оның өзі мен сөзінен де ірілік сезіліп тұратын болсын. Олай болса үлегін іздеп жүрген түйекештің сөзіне құлақ түріп көрейікші. Тілім-тілім, Бұжыр-бұжыр денесі, Сордай боп-боз сойыл жарған төбесі, Борбас үлек – атасы, Бопық мама – енесі, Төс табаны отты басса күймеген, Тасты басса қамырдайын илеген. Қатар қойып отыз інген қайытқан, Қатар қойып отыз шана сүйреген. Үлек жоғалттым. Кім көрді? Құдай-ау, не деген жоталы, не деген ірі, не деген палуан сөздер бұл?! Түйешінің аузынан осындай қайратты, осындай қуатты сөздер шығатын халықтың рухы қалай төмен болмақ?! Сонда ол халықтың қалғандары қандай? Уысына түскенін үгіп, ұстағанын жыртып, тартқанын айырып, таптағанын илеп,

қысқанын күтірлетіп сындырып жіберетін өңкей бір алыптар болып шықпасын! Құдайға шүкір, Есенғалида еңсеңді көтеретін, жігеріңді жанып, қуатыңды қайрап, күшіңді еселеп, кеудеңді көріктей етіп жіберетін бұл сияқты поэтикалық қуатты, температурасы жоғары, тіпті кейде пері соққандай бой бермей арқаланып кететін өлеңдер жетіп артылады. Біз бұл мақаламызда Есеғалидың, әлгінде айтып өткеніміздей, бір-ақ қырын, яғни оның шығармашылығындағы ұлттық болмыс-бітімді ғана сөз еттік. Соның өзін ақи-тақи айтып шықтық дей алмаймыз. Өз ұлтының зарын да, қайғы-қасіретін де, сонымен бірге биік рухын да бүкіл жан-жүрек, қарымқайратымен жырлап келе жатқан Есенғали Раушанов шығармалары әлі талай кемел де өрелі әңгімелерге арқау болары сөзсіз. Есенғали бір өлеңінде: “Әр қазақта он қазақтың зары бар”, – депті. Осы сөзді мен сәл өзгертіп, Есенғалидың өзіне қаратып: “Өзегінде бар қазақтың зары бар”, – дегім келеді. “ҚҰЛАҒЫҢ ШАЛСЫН ДАУСЫМДЫ!” Қолымда — мына жарық дүниеден жоқ іздеген жандай асығыс аттанып кеткен талантты бауырым Нұрлан Мәукенұлының “Жоғалды жыл. Жоғалды ай. Жоғалды күн.” деп аталатын жыр кітабы. Кітапты ашып қалғанда, оның алғашқы бетінің маңдайшасында қазақ халқының асыл да батыл перзенттерінің бірі, өтірік пен жалғандық белең алып бара жатқан мына өмірде ешкімнен қаймықпастан әділдік пен ақиқаттың ақ туын көтерген қайсар азамат, сол үшін де қатыгез қаскөйлікпен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбайұлының “Нұрлан! Соңыңнан қалған шығармаларыңды жарыққа шығаруды парызым деп санадым” деген бір ауыз сөзі жазылыпты. Қайран Алтынбек, өзінің малта құртты бөліп жескен курстасы, тілектес, ниеттес досы Нұрланның артында қалған жыр мұрасына қамқор болып, оны жарыққа шығаруды өзінің парызы санапты. Дос алдындағы борышым деп біліпті. Көп

ұзамай Алтынбектің өзі де қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып мәңгілік сапарға кетіп еді-ау... Осы кітапқа шағын ғана алғы сөз жазған тағы бір талантты інім Ғалым Жайлыбай “Сен өмірді сонша сүйюші едің. Жанарыңнан нұр шашып жымиып бір тұратын бейкүнә көңілдің иесі едің. Сайқалдық пен сатқындықты көрсең найзағайдың отындай жарқылдап кететінсің”, – деп аһ ұрыпты. Кезінде мен бұл кітаптың тұсаукесеріне де қатысқан ем. М. Әуезов атындағы академиялық театрда өткен ол тұсаукесерге де жатқан жері жарық, ауыр топырағы жеңіл болғыр Алтынбектің өзі бас-көз болған-ды. Онда Нұрланның замандас ағалары, құрбы-құрдастары мен інілері жан толқытып, жүрек тебірентетін қиналыс пен қимастыққа толы сөздерін айтқан-ды. Нұрлан Мәукенұлы әдебиетке үзеңгі қағыстырып қатар келген өз тұстастарының ішінде ерте көзге түсіп, ерте танылған ақындардың бірі болатын. Келгенде де, еліктеусолықтаудан мүлде ада, өз бедері, өз оюөрнегімен, образдар жүйесімен, ешкімге ұқсамайтын ырғақ-мәнерімен, әр-бояуымен келген еді. Содан да қай кезде де тосын үн, тың үрдіске сергектік танытатын жыр сүйер қауым бірден-ақ қабылдап, бірден-ақ ұққан болатын. Әсіресе, өз өлеңдерінде абстракты ұғымдардың өзін иірімді үйірімдерге түсіріп, қарамақайшы түсініктердің өзінен үйлесім мен жарасымдылық таба қоятыны оқыған жанды тәнті етуші еді. Нұрлан әдебиетке келген кезде мен Маңғыстауда болатынмын. Өлеңдерін білгенмен өзін көрмеген едім. Алғаш рет оны қазақ әдебиетіндегі шоқтықты көркемсөз шеберлерінің бірі Оралхан Бөкеевті ақырғы сапарға аттандырған азалы жиында кездестіріп ем. Шашы тікірейген ашаң келген қара торы келісті жігіт екен. Ағасының қазасына қатты қиналған оның қоңырқай жүзі қуарып, көзінің аласы молайып, айналасына абдырай қарап, қабағы ауырлап күйзеліп жүргені әлі көз алдымда. Мен Маңғыстаудан Алматыға қызмет ауыстырып келгеннен кейін маған ол жиі болмаса да, ауық-ауық ат ізін салып тұрды. Әрине, ол алғашқы жүздесулер, шынын айту керек, амандық-саулық пен хал-күй сұраудан әрі аса алған жоқ. Бірақ, өмірінің соңғы жылдарында

ол менің кабинетіме жиі-жиі бас сұғатын болды. Бұрынғыдай емес, әңгімеміздің тақырыбы да, аясы да кеңи түсті. Бір қараған сырт көзге біртоға, тұйықтау көрінетін Нұрлан сөйлесе келе ақкөңіл, ақжарқын жігіт боп шықты. Бара-бара екеуміз көшеге шығып сусындап та қайтатын болдық. Ондайда әңгіме көрігі бұрынғыдан да қыза түсетіні белгілі ғой. Бір-бірімізді тереңірек түсініп, бір-бірімізді жақын тұта түстік. Бірбірімізге деген ықылас-пейіліміз, сый-құрметіміз арта түсті... ...Бір күні Нұрланым салы суға кеткендей, қабағына кірбің қонып тұнжырап келді. Себебін сұрап ем, бауырының басына түскен бір жайт қабырғасына қатты батып, соған алаң боп жүргенін айтты. “Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді”, ертең-ақ бәрі орнына келеді деп көңілін көтермек болдым... Бірақ, Нұрланның қабағына қонған сол бір кірбің, жүрегіне түскен сол бір ауыртпалық ұзақ уақыт кетпей қойды. “Бір айналдырғанды шыр айналдырады” дегендей, бір келеңсіз оқиғадан кейін екінші бір келеңсіз оқиғаға тап болып, төбесінде шырқ айналды да жүрді. Жан-жүрегін ауыртып, бүкіл ішкі дүниесін әңкі-тәңкі етіп әбігер мен әлекке түсірген сол бір кезеңнен өту оған оңайға соққан жоқ. Қатты қиналды. Қатты жүдеді. Бүгінде мен оның сезімтал, нәзік жүрегін сол бір батпандай түскен жайттар үзіп жіберді ме деп те ойлаймын... Енді, міне, Нұрлан бауырымның жыр жинағын қолыма алып қарап отырмын. Әр өлеңін оқыған сайын оның айналасында болып жатқан аласапыранды қарбалас тіршілікке бейжай қарай алмағандығы, сол тіршілікпен біте қайнасып, суығына тоңып, ыстығына күйгеніне, күнделікті болып жататын сан текті, әр қилы құбылыстармен бірге өріліп, бірге өскен шын мәніндегі нағыз ақын екндігіне көзім жете түседі. Өмір бойы, мен үшін аксиомаға айналған бір шындық – нағыз ақын қоғам мен заманнан өзін тыс қоя алмайды. Қоғам мен заман бойында жүріп жататын дүбіліс пен дүрбелең де, жаңғыру мен жаңарулар да, серпілістер мен сілкіністер де, қақтығыстар мен шарпылыстар да нағыз ақын жүрегінде тартылыстар мен соқтығыстар тудырмауы мүмкін емес. Сол заман мен қоғамның бірде өрттей ыстық, бірде аяздай суық лебі мен демінен ақын жаны бірде ашынады, бірде күйінеді, бірде толқиды, енді

бірде тебіренеді... қым-қуыт құбылыстар, сан-сапат сапырылыстар тудырады. Сондықтан да оның Қоғам кедей, Қайда барам мен асып... Шидем шекпен шилі ауылға жарасып, Үлкендерім үйде отырып бал ашып, – Қоғамымнан қайда барам мен асып, – деген сөзіне қалтқысыз сенесің. Өйткені, қандай бір қоғамның да алдыра қоюы да, шалдыра қоюы да қиын. Алам десең алып ұруы, шалам десең шалқаңнан түсіруі әбден мүмкін. Бірақ, солай екен деп бұта-бұтаны паналап, бас бағып бұғып қалуға да, аяқ асты боп, құмтопырақта тапталып қалуға да болмайды. Оның бойын барған сайын күш алып жайлап бара жатқан түкті құбыжықтардай аранды бәлекеттермен, жыландай сумаңдап ысылдаған зымияндықтармен сен алыспасаң, кім алыспақ. Олармен сен ұстаспасаң, кім ұстаспақ. Әрине, олармен жел диірменмен соғысқан Дон Кихот құсап жалғыз алыса алмайсың. Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас. Олай еттің бе, онда ол сені алмастай өткір тістерімен шайнап-шайнап бір-ақ түкіруі немесе қанды шеңбелімен бір-ақ бүруі мүмкін. Онымен тек ел болып, жұрт болып қана күресу керек. Табаным жерге тиген күн Тәй-тәй басуды үйрендім. Маңдайым тасқа тиген күн Байқай басуды үйрендім. Қабырғада қаяу жоқ— Қалың жұртқа сүйендім. Омыртқада буын жоқ— Ояу жұртқа сүйендім. Бірақ, ояу жұрт дегенің көп пе, аз ба? Арқа тірер сүйенішім, қорғанар қалқаным, сілтенер семсерім деп жүрген ояу жұртыңыз ат төбеліндей аз боп шықса қайтпексің? Сол бір ат төбеліндей ғана ояу жұртпен қай бір аранды бәлекеттің бетін қайтарып, қай бір сумаңдаған зымиян жыланның тісін опырып, улы тілін жұлып алмақсың. Бірақ, бәрібір ояу жұрт аз екен деп бармақ шайнап, бас шайқап отыра беруге болмайды ғой. Бел шешіп, білек сыбанып күресу керек.

Күрес қана күрестің көкжиегін кеңейтеді. Бүгін ат төбеліндей ғана аз қозғалса, күні ертең селдей боп көп қозғалады. Таудың төбесінен бір тас домалатсаң, түу төменге жеткенше соқтығыстар мен қақтығыстарды тудыратын қаншама тастарды домалатады. Үлкен бір сатыр-сұтырлы жөңкіліс тудырады. Солайы, солай ғой. Бірақ, оның бұл жолда қанаты қайырылып, қайраты майырылып, сағы сынғандай боп, опынып қалған тұстары аз болмапты. Содан да оның: Жапырағымнан жаз ұшты, Қанатымнан қаз ұшты. Ирек те ирек су беті Сұлулық сырын жазысты. Көкірегімнен күн ұшты, Көздерімнен түн ұшты. Мен тата алмаған тұманың Балдайын талғап кім ішті. Бақыр басымнан бақ ұшты, Тапталып қалды тақ үсті. Уыты қайтқан уақыт Кеудемнің отын жағысты. Жылысып өткен жазым-ай, Қаңқылдап ұшқан қазым-ай. Қолымның қысқалығын-ай, Қайрылмас күннің азын-ай, – деп сөйлегенінде талай сыр, талай гәп бар. Көлденең жатқан көк тасты қамырдай илеп жібере алатындай арындаған тұлпар болмысының тұяғы кетіліп, сарқыраған тасқынды ағысының құрдымға жұтылып, жүрер жолының алдын амалсыздық бір, шарасыздық екі орап жатса, осылай өкінбей, қалай өкінбексің?! Нұрлан Мәукенұлы – өз өлеңдерімен мына өмірдің қыры мен сырына, қыбы мен жымына, оның ақаршақарлы қатпарлары мен шырқау шыңыраулы ұңғылшұңғылдарына терең үңілген ақын. Оның бойында толассыз жүріп жатқан қарама-қайшылықтарды да, көмейінен от шашып шаптыққан шарпылыстарды да, көзімен ата қарайтын алакөздік пен жүгенсіз кеткен алауыздықты да, аяқ асты ететін аярлықты да, құрық

пен сырық бойламайтын қулық пен сұмдықты да, қара суықтай қаталдық пен ішіне қан қатқан қатыгездікті де, қайырылу дегенді білмейтін қаскөйлік пен қолына түссең маңдайыңды қақ айырып жіберетін қаскүнемдікті де молынан зерттеп, зерделепті. Табиғатын таныпты, болмысын пайымдапты. Содан да оның зерделегені зілдей ауыр ойға, пайымдағаны батпандаған мұңға ұласып кетеді. Тағы да олардың өзегінде көктемгі жыланның уындай өткір ащы шындық жатады. Тірінің қамын тірі жер, Тірілер бірін-бірі жер. Тірлікте қашқан қадірің Өлгенде ғана білінер. Өлінің қамын тірі жер, Жоқтауын салып жүгінер. Жоғалтып алған асылы Айрылғанда білінер. Атан ғана көтере алар сөз ғой бұл. Әсілі, мұндай сөзді тұрлаусыз мына тірліктің қойынқолашын, шым-шытырық шырғалаң жолдарын, ойпаң мен өрін, ащысы мен тұщысын молынан көрген адам ғана айта алса керек. Тірілері бірін-бірі жеп жатқан мына өмірде тіршілік ету қандай ауыр, қандай қиын. Қандай қатал, қандай қатыгез өмір! Бұл өмірді жайдары, жақсы-ақ өмір еткің келеді, бірақ амал не, әлдекімдердің пәрмені мен дәргейі сені қылшаңнан қиып, алқымыңнан үзіп жібереді... Нұрлан Мәукенұлы – өз ғұмырында, осы кітаптағы жырлар куә боп отырғандай, үзбей ізденіп өткен ақын. Әрине, ізденістің де, ізденісі бар. Дүниені таныпбіліп, арғы-бергі әлем әдебиетінің ең үздік інжумаржандарымен өзіңді үздіксіз байыту, оның бастау қайнарларынан мейірің қанғанша сусындау қоғам мен заманға ауқымдырақ қарауға, уақыт пен өмірге тереңірек үңілуге молынан мүмкіндік берері сөзсіз. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Өз ұлтының топырағынан жүлге-жүлге, тарамтарам тамыр талшықтарымен мейірі қанғанша нәр сорып, кепкен кенезесі мелдектегенше тоғайуы керек. Сонда ғана ол ақырып теңдік сұрайтын арқалы ақынға

айналмақ. Олай болмады ма, онда ол ақын ешуақта да ұлттық ақын деңгейіне көтеріле алмайды. Өз ұлтының топырағының сөлі мен нәрінен, шері мен шеменінен кеңірдегінен келгенше мол қоректене алмаған ақын, әлем әдебиетінің қайнар бұлақтарынан қанша үйреніп, олардан қанша сусындаса да, бәрібір, өз халқының қасиеті мен қасіретін, асылы мен қастерін, мұңы мен зарын, қуанышы мен шаттығын, назы мен наласын, болмыс-бітімі мен тіршілік қарекетін барынша ашып, барынша жарқыратып көрсету мүмкін емес. Қайталап айтамыз, әлем әдебиетінің түртіп қалсаң сүт саулап қоя беретін шертіп тұрған желінін қақтап сау, оның үлгі-өнегелерінен өле-өлгенше үйрен, бірақ сенің күре тамырың дәстүр топырағынан нәр тартып, қуат алып қоректенсін. Тіпті әлем әдебиетінің, атпен шауып жүріп сырық қадағандай қадау-қадау ірі тұлғаларынан алатын ең бірінші тәлім мен дәріс те осы болу керек. Өйткені, әлемдік деңгейге көтерілген қандай бір ақының да, ең алдымен, өзінің ұлттық дәстүр топырағынан өніп, сол топырақтан өсіп шыққандар. Бір сүйсінерлігі, Нұрлан да осыны қатты ұстаныпты. Бұл сөзіміздің дәлелі мен дәйегі ретінде оның мына бір өлеңін тұтастай оқып көрейік. – Терезеден Ай көрдім, апа, Шоқша сақал шал көрдім, апа, Қараң-құраң мал көрдім, апа, Түнеріңкі тал көрдім, апа. Қадалып қарадым, апа, Шошынып барамын, апа, Тіл-жақсыз қаламын, апа. – Ай көрсең аман көр, қозым, Тұсыңа таман көр, қозым. “Ескі айда есірке” дегін, “Жаңа айда жарылқа” дегін. Таңдайың басайын, қозым, Тылсымнан қашайын, қозым. Түймеңді ағытшы, қозым, Жерұшық жасайын өзім. – Ай жүзін жасырды, апа, Ұйқымды қашырды, апа. – Періштең қолдайды, қозым,

Ұйықтамай болмайды, қозым, “Бисмилланы” айта ғой, қозым, Жоламас сайтан ғой, қозым. – Бисмилла, бисмилла... Қазақы болмыс-бітімімізге, тіршілік-қарекетімізге, жан-жүрегімізге қандай жақын өлең. Оқыған сайын апа, апалап, қозым, қозымдап еміне еміренген сөздер ет-сүйегің мен өкпе бауырыңды елжіретіп бара жатады. Бұл өлеңді оқығанда дүние тылсымы мен табиғат бойында жүріп жатқан құпиялы құбылыстарды көрген сайын тұла бойын үрей билеп, шошына үн қатып жатқан титімдей ғана бала жанындағы тербелістер мен толқыныстар, сенің де сонау бір қиырда қалған балалық шақтарыңның қызығы да, шыжығы да мол кезеңдерімен қайта табыстырғандай болары сөзсіз. Әдетте, бала деген мына дүниені кіл сүйсініп, кіл рахаттанып қана танымайды. Оны ол үрке үрейленіп, шошына қарап та таниды. Сонымен бірге бұл өлеңнің арғы астарында, өзіңіз де түйсігіңізбен сезініп, байқапбіліп отырғаныңыздай, өн бойыңызды түршіктіріп, тоңазытып жіберер қатал заман мен уақыттың да қорқынышы мен үрейі жатыр. Солай бола тұра бұл өлеңнің біздің құлағымызға соншалықты жағымды, жанымызға етене жақын болып естілетіні, сөз жоқ, оның сонау бесік жырларынан бастау алатын сарын-әуенмен орындалғандығында. Егер сен дәстүр жалғастығының жолы осы екен деп көне сарын мен ескі әуеннің тек сыртқы сұлба-түрін ғана көшіріп, оны жаңа мазмұн, жаңа мәнмен байытпасаң, онда ол әлеміш бояулы, іші қуыс сылдырмақ ойыншық қана болып қалады. Осыны жақсы ұғып, терең түсіне білген Нұрлан қызуы көтеріліп, табиғат құбылыстарынан әлдеқандай бір елестер көріп жатқан баланың үрейі мен қорқынышының арғы астарына уақыт пен заманның да үрейлі уілін қосып жібере алыпты. Дәстүрді игеру осылай болса керек! Жалпы, Нұрлан Мәукенұлы өмірінің соңғы жылдарында, дәл қазір оқып-біліп отырғанымыздай, өзінің өлең-тамырын дәстүрлі құндылықтарымыздың құнарлы топырағына тереңнен салып алған екен. Оның көпкөп өлеңдерінен сол үрдісті тап басып, дәл табу

қиын емес. Бұл сөзімізді одан сайын бекіте түсу үшін оның тағы бір өлеңін оқып көрейікші. Бір аяғы — сегіз, Бір аяғы – тоғыз. Бір атасы — сақ, Бір атасы — оғыз. Күмбірлесе – домбыра, Күңіренсе — қобыз, Созылғанда — сағыз, Сазарғанда — нағыз, Қызарғанда — қымыз, Сыздағанда — нығыз, Долданғанда – дойыр, Сілтенгенде — сойыл. Ақын бұл өлеңінде алуан түрлі реңк бояуға түсіп, райы да, шырайы да сан қилы, сан түсті, тамыры да, табиғаты да тарам-тарам, тіпті қарама-қайшылықтардан тұратын, бірде көл, бірде шөл, бірде жел, бірде шер, сәтте ашылып, сәтте қабынып шыға келетін қазақтың мінезқұлқын сипаттаған. Тағы бұл өлеңнен сен ерте-ертеден құлағымызға жақын, бала күнімізден жаттап өскен “бір дегенім—білеу, екі дегенім—егеу” деп басталатын кәдімгі санамақтың сарынын бірден танисың ғой.Тек ақын ойын үшін айтылатын ойнақы тақпақтың кәнігі түріне жаңаша мән мен жаңаша мазмұн арқалатқан. Бұл да шеберлік! Нұрлан Мәукенұлы жырларында бүкіл ішкі дүниеңді аласапыран етіп, бірде аумалытөкпелі, бірде алағай да бұлағай күйге түсіретін қамығып торыққан, налып қамыққан күйзелісті өлеңдер көп кездеседі. Ол сол өлеңдерде көрініс табатын өзінің жеке басының жан күйзелісін көбіне-көп қоғам мен уақыт бойында жүріп жатқан күйзелістермен салаластырып, сабақтастырып жібереді.Ақын тіпті өзінің жан күйзелісін де қоғам мен уақыттан тыс қоя алмапты. Жылау да жылау, Зар жылау... Қотандай болып қалдым-ау— Жылаудан басым қаңғырды,

Зарлаудан шашым ағарды, Көре де көзім ағарды, Сөйлей де сөзім жоғалды. Таба алмай қалдым қоғамды. Бұл жерде ақын тек өз басынан өткен ауыртпалықты ғана айтып, өз жанын жеген шер мен шеменді қотарып, сол үшін зар илеп отырған жоқ, әрине. Оның мынау айнала тіршіліктен көргені көбінесе зымияндық пен сұрқиялылық, қулық пен сұмдық, алдау мен арбау ғана болса, соларды нысанаға оқ қадағандай етіп атап-атап көрсеткен сөйлеген сөзің беталды желге ұшып, құрдымға жұтылып кетіп жатса, жыламағанда қайтпексің?! Ондайда амал жоқ “күңнен бетер күңіренесің, желден бетер жынданасың!” Ол бірақ ішіне шемен боп қатқан шері мен мұңын, беріш боп түйілген наласы мен зарын ақтару үшін жылап күңіренбейді. Жанымды қояр жер таппай Жеті түнде желдеп кетіп барамын. Жасымды құяр көл таппай Жеті белден селдеп кетіп барамын. Будақ-будақ бұлттай Боз аспанда боздап кетіп барамын. Боздағымды ұмытпай Баста мұңын қозғап кетіп барамын. Яғни, ол жыласа, өзгелердің де “мұңын қозғап” жылайды. Нағыз ақын миссиясы, атқарар міндеті осында жатса керек: өзгелерді де бей-жай, бейтарап қалдырмау! Не болғанда да ол өзін мына өмір мен тіршіліктен, қоғам мен уақыттан бөлек қойып сөйлей алмапты. Олай болуы мүмкін де емес.Өйткені оның бүкіл болмысбітімі, тіршілік-қарекеті, тамыр мен талшығы сол қоғам мен уақытпен салаласа бірігіп, тұтасып кірігіп, жамыраса жалғасып кеткен. Ол кешенің де келбетін көрген, енді бүгіннің де бейнесін көріп отыр... Бақалы көлге түскенмін, Балдырлы суын ішкенмін. Бойлаулығын жұлғанмын, Балығына ау құрғанмын.

Тарғыл бір тауға шыққанмын, Тасының сырын ұққанмын. Қынасын жиып жүргенмін, Жаңғырық болып күлгенмін. Сары даланы кезгенмін, Белең боп белде безгенмін. Ерменнің дәмін алғанмын, Елжіреп жүрек қалғанмын. Бұл Нұрланның туған жерінің кешегі көрінісі. Көркі көңілді де, көзді де қатар арбап, жұмақтай боп жұтынып тұрған, қайран туған жер, енді бүгін қандай? Бағыма көлім бар-тұғын,– Балдырлы суы бал-тұғын, Көлім де бүгін таусылды. Жасынның алған жарқылын Тарғыл да тасым бар-тұғын Тасым да бүгін таусылды. Алмайтын бейне нар тыным, Сайын бір далам бар-тұғын Далам да бүгін таусылды. Құлағың шалсын даусымды! Сонымен “балдырлы көлі де”, “тарғыл тасты” тауы да, “ерменнің иісі бұрқыраған сардаласы” да тойымды да білмейтін, қойымды да білмейтін ашкөз, ашқарақ құлқынды айдаһар арандарға жұтылып кетті. Бұған ақын жаны қалай күйзеліп, қалай зар илемесін. Қазір, өкінішке орай, “бізде бәрі жақсы”, “бәрі керемет” дейтін, кіл бір жүрек лоблытар мақтау мен мадақтан, жарамсақтық пен жалбақайлықтан тұратын, күпсіп сөйлегенде күптей боп ісініп, күмпілдеп сөйлегенде құлағыңның жарғағын жарып жіберетін өңеші шланга, кеңірдегі керней өлеңдер аз емес. Ондай өлеңдерді жазатын жазғыштар бейне бір “менің жағдайым жақсы, төрт құбылам түгел, яғни елдің де, жердің де жағдайы жақсы, төрт құбыласы түгел” деп ойлайтын болса керек. Олар елінің де, жерінің де ту-

талақай боп тоналып, талан-таражға түсіп жатқанын көрмейтіндей. Тағы да оларды өздері сияқты тайыз, таңқы әлдебіреулер “ұлы ақын” деп,”керемет ақын” деп аяқтарын жерге тигізбей әспеттейтіндерін қайтерсің?! Ондай-ондай әупілдеп әңкілдеген әлдебіреулер сол қылығымен біреуі шерленіп, біреуі кәрленіп өткен Абай мен Махамбеттің де аруақтарын аяқ асты етіп жатқандарын білер ме екен? Әй, қайдам... Жалпы, өз елі мен жерінің мұңын мұңламаған, жоғын жоқтамаған, тағдыр-талайына алаң болмаған, сол үшін нала-мұңға батып күйзеліп, күйінбеген ақын ақын боп жарыта ма?! Ондайларға Нұрлан Мәукенұлының жауабы даяр. Көк су көлге айналды: не шара? Көп шу селге айналды: не шара? Ақ бу желге айналды: не шара? “Гәкку” шерге айналды: не шара? Айналмаған сен ғанасың, бейшара! Ойланбаған сен ғанасың, бейшара! Басқа не десін? Бейшараның аты бейшара. Нұрлан да, пенде деп аталатын, Құдайдың құлақ кесті құлдары біз секілді, бірде алысып, бірде шабысып, бірде келісіп, бірде кетісіп, бірде шарпысып, бірде шабысып жатқан алақұйынды аласапыранды мына дүниені көрудей-ақ көрсе керек. Ол да біреулермен құшақ аша келісіп, енді біреулермен ат құйрығын кесісіп кетіскен шығар. Өмір ғой! Біреулерге құлай жығылып, біреулерден көрместей боп безінуі әбден мүмкін... Қалай дегенде де, бұл өмір қандай тайғақ, қандай тұрлаусыз. Қандай опасыз! Ойдым-ойдым ойпаттың Ой жағына бір қондым. Қожыр-қожыр таулардың Қыр жағына бір қондым. Былдыр-былдыр бұлақтың Бас жағына бір қондым. Сылдыр-сылдыр құрақтың Мас жағына бір қондым. Сонымен күндердің күнінде не болды дейсіз

ғой. Бәрімен үйлесім мен жарасым тапқан тіршілік күндердің күнінде безбүйректік танытып шыға келді. Ойдым-ойдым ойпатым Ой қаратты бір күні. Қожыр-қожыр тауларым Қой қаратты бір күні. Былдыр-былдыр бұлағым Бастықтырды бір күні. Сылдыр-сылдыр құрағым Қастық қылды бір күні!.. Көбіміздің-ақ басымыздан өткен жағдай ғой бұл. Бүгін ғана құшақтасып қауышып тұрғаның күні ертеңақ көкірегіңнен итеріп, итжемеге қалдырып кетпеуші ме еді. Сондайсондай жағдайды Нұрлан бейнелі сөздермен астарлап айту арқылы философиялық деңгейге көтере біліпті. Нұрлан Мәукенұлы бұл өмірдің отына түсіп жанып, суына түсіп тұншығып, “балын да ішіп, уын да ішіп”, «аялдамастан айы, кідірместен күні қашатынын» біліпті. Пәни өмірден бақилыққа ерте жиналыпты. “Басынан күннің озғанын” көріпті. Жанымды жеген мына күн Құлдилай ұшқан құладын. Қанатын қақты қайрылмай Баса алмай қалдым бір адым. Қолымнан түсті құрағым, Ұстатпай кетті ұры күн. Тірінің істеп тірлігін Өте де шығар ғұмырым. Жүрегім тозар, жүйкем де, Тіршілік, мені икемде. Өле алмай жүрген, ей, өлең, Өлетін жанға сүйкенбе, – деп өмірден де, өлеңнен де сырт бергендей болыпты. Бірақ, оның өлеңдері, қазақтың қабырғалы ақындарының деңгейіне көтерілген Нұрлан Мәукенұлының өмірін жалғастыра бермек. Оған біз кәміл сенімдіміз!

ӨТКЕННІҢ ӨКІНІШІНЕН ДЕ РУХ ІЗДЕГЕН Бүгілген тізесін жазып, иілген еңсесін көтерген ел, ең алдымен, қаншама жылдар, тіпті қаншама ғасырлар бойы көз жазып қалған өткеніне ден қойып, сол өткеніне өткел салып, ондағы жасалынған жәдігерлер мен құндылықтарды қатал да қатыгез заманалар көміп тастаған уақыт құмының астынан қазып, аршып алуға бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кетсе керек. Әрине, жүздеген жылдар бойы зорлық пен зомбылықта өмір сүрген, маңдайының соры бес елі болған біз сияқты елдің өткенде кеткен есесі де, өзекті өртер өкініші де көп. Тым, аса көп. Алдымен, бүгінгі күннің төбесінде тұрып, шет-шегі жоқ мыңжылдықтардың қиыр алыс түпкірлеріне дейін тарам-тарам боп созылып жатқан тарихыңның жолдарын, тарихыңның тамырларын тауып алуың керек. Әрине, тарих деген алдымен ғылым. Ал, ғылым көбіне-көп нақты фактілермен, қасаң дәлелдәйектермен ғана сөйлейді. Сондай-ақ, тарих жолдары мен тарих тамырын табу бір бөлек те, оларды тану бір бөлек. Екеуі екі басқа. Сонымен бірге ол тарих тамыры рухани нәр, рухани құнармен байытылмаса, онда ол, мүлде қатып-семіп қалмаса да, тым әлсіз, тым сылбыр соғары сөзсіз. Ол тамырды буырқандырып, толтырып соқтыратын тек қана сол рух. Рух деген құдіретті сөзді де, біз кейде, біржақты түсінеміз. Оны біз көбіне-көп ұдайы жеңіске шақырып, жалауын желбіретіп, семсерін оңды-солды сермеп тұрған кілең бір атойлаған сөздер деп ұғатынымыз бар. Ал, шын мәнінде, ел мен жердің қамын ойлап қамығып сөйлейтін қынжылысыңызда да, оның өткенін ойлап опынып сөйлейтін өкінішіңізде де рух бар. Өйткені, халық неғұрлым қатты қамықса, ертеңінің қамын соғұрлым көбірек ойлайды, өткеніне неғұрлым көбірек өкінсе, соғұрлым өжеттеніп, өршелене ұмтылады, неғұрлым қайғы-қасіретті болса, соғұрлым қайраттанып кетеді. Әрине, ол халық намысты, жігерлі болса. Ал, намысты, жігерлі халықтың сөзі де, тілі де ақындар ғой. Халықтың қаншалықты намысты, қаншалықты жігерлі екені, бәрінен бұрын ақындарынан білінеді.

Шынын айту керек, әсіресе, тәуелсіздік алар алдында да, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары да ежелгі арқар мүйізді, арыстан дауысты «ақырып теңдік сұраған» жыраулардың бұла болмысын бойына сіңіріп алған біздің ақындарымыз бес қаруын түгел беліне тағынған нағыз сардарлық та, сарбаздық та мінез көрсете білді. Қатыгез заманның қабат-қабат темір қақпасы қақырап қаусап, темір шымылдығы сыпырылып түскен соң-ақ ол ақындар уақыт топырағының астында қалып қойған тарихи тақырып қамалдарын «жаулап алу» үшін лап қойды да, ұлт бойында өткен күндердің асқақ рухын оятуға кірісті. Міне, сол қадірлі қатардан қайратты ақын Қасымхан Бегманов та табыла білді. Оның «Ташкентпен қоштасу» атты өлеңін оқысаңыз өзегіңізді өрт боп жалар өкініш пен омыртқаңызды опырып жіберердей опыну құшағында қаласыз. Шулы шаһардың самаладай боп шамдары жанды жарқырап, Көшелерінде даладай дарқан қазақтың

көне салты қап. Алшаңдай басып алашордашыл осында жүрді-ау асылдар, Асылдарымды біздерден бөліп түбіне тартты ғасырлар. Қалай өкінбейсің?! Қалай опынбайсың?!Қалай күйінбейсің?! Күні кешегі біздің ұлт көсемдеріміз бен алып арыстарымыздың осынау тас қаланың тас көшелерінде әлі күнге ізі сайрап, тас алаңдары мен тас сарайларында үндері сайрап тұрса! Енді ол іздер біртебірте суырып соғып тұрған уақыт құмынан көмескі тартып, ол үндер бірте-бірте қашықтаған сайын қашыртып, алыстан естілер сарынға айналмақ. Еңсемді езген күн болды, Жарық күнім түн болды, Қала жаққа қарасам, көзіме жас толасың. Қалай қиып кетермін Төле бидің моласын! Ақын жатбауыр-тасбауыр болып бара жатқан тасқала – Ташкентін қия алмай қиналып тұр. Бұл қоштасу ғана емес, айырылысу. Амалсыз айырылысу.

Қайта оралмастай хал кешу! Өйткені, қазіргі Ташкент «Алаштың тілін ұмытқан». Енді мүлде күдер үзуден басқа амал жоқ. Осымен арғы-бергі тарихымыздың тағы бір ауыр қақпасы сықырлап ашылды да, көкірегімізді қақ айырып, қайта ашылмастай боп сықырлап біржола жабылды... Рухсыз тарих – құлықсыз тарих. Құлықсыз тарих, әлбетте, фактілер жиынтығы ғана. Оның бойына бүлкілдеп соққан рухты қан жүгіргенде ғана ол тарих бүгінге, ертеңге, арғы алыс күндерге қызмет етпек. Ол үшін рухтың басты-басты бастау көздерінен мейірің қанғанша сусындап, оның оқшау-оқшау асқақ кезеңдерінен мерейіңді өсірер, мәртебеңді асырар қастер тауып, өршіл мінез бен өжет қайсарлықты бойыңа барынша сіңіре білуің керек. Міне, ақын енді Махамбет қабірінің басында тұр. Тарихқа найзаменен атын жазған, жан бабам, Мәңгілікке асау жыр мен хатын жазған,

жан бабам. От шашырап, жалын атқан сөзіңе, Бостандықтың жолында бассыз қалған өзіңе, Бас июді парызым ғой деп білдім... Өткеннің рухты тұстары мен рухты тұлғаларының алдында бас ие алмаған адам, ертеңгі күннің алдында кеудесін керіп, басын шалқақ ұстап жүре алмайды. Өткеннің қаны мен жанын бойына сіңіре алмаған адам бостекі бос елес, солбырайған сұлба! Тіпті, өткеніңді тани алмасаң, ертеңіңді таба да алмайсың. Бірінсіз бірі жоқ. Қасымхан осы бір аксиоманы бар болмысбітімімен, бүкіл тамыр-талшығымен сезіне біліпті. Адам жанының рухтануы, қайта-қайта айтып отырғанымыздай, елі мен жері үшін жан берісіп, жан алысқан өткен аруақтарға шын ниет, шын пейілмен құлай жығылып, мінәжат етуден басталады. Өткенімізді танып-білмей жатып «ертең! ертең!» деген сөзді өңешің жыртылып, өндіршегің үзіліп кеткенше қанша айқайлап қайталап айтсаң да рухтана алмайсың. Өйткені, «ертең» тұлғасы тұлдыр абстракция! Бос қиял! Оның келбетін тек қана өткеніңді танып, өткеніңмен табысып қана көз алдыңа нақты елестетуің мүмкін! Басқаша болуы мүмкін емес!

О, Түркістан, шапағат бер, сабыр бер, Сары даладан бақыт іздеп сабылды ел. Сағым басқан қырда жатқан елеусіз Мені мұңға батырады қабірлер. Қабірлерім, өткен ғасыр, өткен күн, Тарихы ол кеше өмірден өткеннің, Мен қайғысын болмысыммен сезінем, Иесінің сандықтағы шекпеннің. Бәйіт арна, құрбандық шал, дұға қыл, Дұға қыл да, жүрегіңмен жыла бір. Қабірлерге қамқор ана секілді, Аруағымды қымтап жатқан мына қыр. Осы жолдардан-ақ сен қыр үстінде жатқан қабірлер арқылы ақын бойына тылсым бір қайратты күш пен айбатты сестің сіңіп кеткенін бірден сезіп, бірден аңғарасың. Өйткені, ол күш пен сес сенің де бойыңдағы қалғып бара жатқан қайрат пен жігерді дүр сілкіндіріп, қаның мен жаныңды дүбір мен дүрбелеңге толтырып бара жатады. Ойыңда от тұтанып, санаңда шақпақ шағылып жатқандай хал кешесің! Рух сабақтастығы, рух табиғаты деген осы! Өйткені, рух – жанды құбылыс. Рух – әдеттегі жай күндері ұлт бойында жайбарақат дамылдап жататын, көзге көрінбейтін тылсым сілкініс, найзағай, көк сүңгі. Егер біз еліміздің әйтеуір бір түкпірінде бір қазақ әлдебіреулерден жапа шегіпті, әлдекімдерден жәбір көріпті деген сөзді есітсек-ақ, әлгі біздің бойымызда дамылдап, жайбарақат жатқан сілкініс қопарыла жарылып, найзағай біткен қып-қызыл боп шатырлап, көк сүңгілеріміздің алмас ұшы көкке шаншылып шыға келері сөзсіз. Сондықтан қай ұлтты да рухтай ешнәрсе біріктіре алмайды. Рухынан айырылған ел, ырқынан да, тұғыр-тұрқынан да айырылады. Біздің барлық жерде де «рух, рух» деп жағымыз талғанша қақсап, деміміз өшкенше өзеурейтініміз содан ғой. Бірақ, амал не, ол сөзімізді құлағының дәл түбіне зеңбірек қойып атсаң да селт етіп естімейтін тас керең заманға тап болып отырмыз. Содан да рухымыз жасып, жігеріміз құм болып қала ма деп қорқасың. Өйткені,

рухы жасып қалған елдің құты қашып, жігері құм болған елдің тілегі түтілген жүн болады. Ондай елдің еңсесі еш уақытта көтерілмек емес. Сондықтан да Қасымхан ақын жүрген жолдары мен барған тұстарының бәрінен, алдымен, рухты тұлғалар мен рухты нышандар іздейді. Іздейді де табады. Табады да көкірегі қарс айырылып аһ ұрады, өңешін өрт жалап өкінеді, кеудесі көріктей керіліп күрсінеді. Оның «Ыстықкөл жаққа жол түскен кейбір шақтарда, Хан Кенені ойлап көзіме ыстық жас келді» дейтіні сондықтан. Содан да ол «Ағыл да тегіл жастығым су боп ояндым, Жаныңа сенің Наурызбай болып жеткім кеп» деп күйзеледі. Содан да ол «Айналып көкті жүргендей кекті жебе бір» деп кесекті ойға батады. Содан да ол: Ноғайлы болып аңырадым, Отырар болып қаңырадым, Ақтабан болып шұбырып, Далада қалды саңлағым. Семей де болып сенделдім, Ертіс те болып емделдім. Қасіретіңмен қайысып, Қызығыңды кем көрдім. Нарын да болып ұлыдым, Арал да болып құрыдым. Желтоқсан болып борадым, Лақтырып тағдыр құрығын, –

деп бірде шамырқанып шарт сынып, бірде далада қалғандай сандалып сансырап, бірде қабырғалары күтір-күтір етіп біртіндеп сөгіліп, енді бірде борандай бұрқырап түтеп, әйтеуір сан-сапалақ халге түсіп, сансапат күй кешеді. Өткенмен сырласу кім-кімге де оңай болмаса керек. Өйткені, өткеннің өкінішті қасіреті мен өзекті өртер қайғысы аса ауыр. Қасымхан ақын өткеннің сол өкінішті қасіреті мен өзекті өртер қайғысын тұла бойынан өткізе біліпті. Менің бір жіті байқағаным, Қасымхан Бегманов көбіне-көп өткенмен өмір сүреді екен. Бейне бір оның

бүкіл тіршілік мазмұны мен мәні өткенде қалғандай. Өйткені, ол қайғысын да, уайымын да, тіпті қуанышын да өткеннен іздейді. Бұл сөздерді мен тектен-тек айтып отырғам жоқ. Ол бұл мінезін елі мен жерінің тағдырлы тарихын тану тұстарда ғана емес, аласұрған жастық шақтағы махаббатын жырлағанда да анық танытады. Жастық шағын есіне алса-ақ болды, оның жыршанағынан әбден сартап болған сағыныштың сары уайымы сарнап, перне-пернелерінің астынан емешегі езіле үздіккен саздар мен әуендер безілдеп, қыл ішегінен шері тарқатылмай ішқұса болған әуендер мен сарындар уілдеп қоя береді. Жиырма жыл көрмегенмiн, көрмегенмiн, Қалайша тiрi қалғам, өлмегенмiн. Көзiңе, ерiнiңе, әуезiңе, Өлердей болып, жаным, шөлдегенмiн, Алдыңда тұрмын, мiне, өлмегенмiн, – деп сол бір қызсыз осыншалықты өмір сүргеніне, өзге емес, өзіне-өзі таңқалып қараған ақын: «Сені жырлап өту үшін жалғаннан, аяулым-ау, мұңын алғам Мағжанның...» – деп өзінің мұңының да ет пен терінің арасындағы қызба жел емес, оның тамыры әріде, аруақты текте жатқанынан хабар береді. Махаббат мұңы Мағжан мұңымен мұңдас ақынның көкірегі қарс айырылып сөйлемеске әдді жоқ. Ондай ақын, ең алдымен, махаббатқа адал. Ондай ақын ғана: «Махаббат жоқ - деген сөзді естісем, көз алдыма сен келесің, аяулым», – дей алады. «Сенсіз өткен жиырма жылым өтірік, сенсіз менің өткен емес бір күнім», – деген сөздер де сондай ақынның ғана аузынан шыға алса керек. Сондай ақын ғана: «Ең соңғы сөз айта алатын хал болса, жаным, Сенің есіміңді атармын», – деп өліпөшеді. Сонау көктем, аңсатты ғой, аңсатты, Жүректен жыр, көңілден күй қанша ақты. Сенсіз өткен жылдар мені мұңайтып, Сенсіз өткен айлар мені шаршатты. Тұнжырайды аспан жалын жыймаған, Жүрек бердің махаббатын қимаған.

Елеусіздеу осы ауылдың қызы ғой Маған мәңгі жалғыздықты сыйлаған. Мәңгі-бақи жалғыздықты сыйлаған махаббатқа да соншалықты еміреніп, соншалықты тебіреніп сөйлеуге де болады екен-ау! Есі кеткен, ынтығы құрыған неткен көзсіз махаббат бұл?! Олай демей, енді бұған не дерсің?!.. «Жалғыздықты сыйлаған» қатал махаббаттан да ләззат тауып тұрса! Қасымхан өзінің соңғы кітабының атын «Ол көктем оралмайды» деп атағанда да, сол қайтып оралмайтын, мәңгілік жалғыздыққа тастап кеткен өктем махаббатты тұспалдап, ишаралап қойса керек. Оның бұрқылдап қайнап, тасып-төгіліп жататын асау сезімдерге толы ғашықтық жырлары тұнып тұрған драма. Үзіліп кетердей боп үздігіп сөйлеп тұрған ол, кенет көп ұзамай амалы жоқ шарасыздыққа ұрынып, күйзеле күдер үзеді. Бірақ, ол күдер үзгенде ат құйрығын кесісіп, мойнын бұрмастай сырт айналмайды, енді жан арпалысына түседі. Өзімен-өзі күреседі. Өз отына өзі өртенеді. Бірақ, жанып кетпейді. Бір махаббат драмасынан құтылар құтылмастан тағы бір махаббат драмасының ішіне кіреді. Яғни, тағы да ғашық болады. Құдай-ау, бірде-бір беті қайтпайтын, бұл неткен өжет, бұл неткен қажымас-қайратты махаббат! Басына қаншама соққы тиіп, қаншама таяқ жесе де қайтпайды-ау, қайтпайды! Күйеуден бозым үстем ет Жігітке сын ба, қалған сын, Ерніңнен үнсіз тістелеп Үстіңнен төніп сүйгенде Жағымнан тартып қалғансың. Ал сонда кімді қаусаттың, Қаусырды қазір жыр мені. Жағыма тиген саусақтың Жүзіме емес, жаным-ау, Жүректе қалды іздері. Бірақ, ақын шапалақ жесе де, не қызды, не өзін айыптап, кінәлап жатпайды. Өйткені, «Жыласа былай шыға өзі жылар, Ақындар сүйген қызын жылатпайды». Бұл оның өмірлік кредосы. Сондықтан болса керек оның

махаббаты – қаншама сәтсіздіктер мен өкініштерге толы бола тұра сүртілген шыныдай тап-таза, таңғы шықтай мөп-мөлдір. Жастық шағында өткен, тіпті олар сәтсіздіктер мен өкініштерге толы бола тұра, тамсанған сайын тамсандыра беретін, жан ләззаты мен жүрек құштарлығына шүпілдеп тұрған махаббат пен ғашықтық сәттерді еміне, егіле, кейде сөгіле жырлаған Қасымхан Бегманов заман мен уақыт алдындағы міндеті мен борышын, парызы мен қарызын бір сәт те есінен шығарған емес. Тура жолда сүріндім де, құладым, Көкке қарап, бойға қуат сұрадым. Көңілімнің ағыта алмай бұлағын, Ақ қағазда... өксіп-өксіп жыладым. Кеше ғана атушы едік сақаны, Қайда дейтін... Қырығың да тақады. Ақ кемпірдің жүзіндегі әжім мен Ақсақалдың ойландырды сақалы. Ақын толысты. Ақын кемеліне келді. Уақыттың қабағына, заманның ажарына зер салды. Алыс-жұлысы да, тартыс-таласы да көп мына өмірдің алағай да бұлағай кезеңдерін де, ыстық-суығын да, ащысы мен тұщысын да көрді. Өрге ұмтылсаң етегіңнен тартып, еңіске түссең одан сайын еңсеңді езіп жіберуге даяр не деген қатыгез қатал заман бұл?! Адам біткен бір-бірінің абыройын айрандай төккеніне, бір-бірін жерден ап, жерге сап аяусыз жәбірлеп жатқанына мәз. Бір-бірін қабірге тықпай, бір-бірінің қадіріне жетер емес. Таң атады, күн батады, Қара жер де айналар. Қатал тағдыр тіл қатады, Көкіректі қайғы алар. Бақыт сенің қолдарыңда, Күндер келер арайлы.

Жүріп өткен жолдарыңда, Өсек қардай борайды. Қанаттылар барады ұшып, Уақыт шіркін зырлайды. Қара түнде қара мысық, Көкіректі тырнайды. Іштен тынды-ау талай дана, Қос ішектей септесер. Жер басарсың қалай ғана, Қадіріңе жетпесе ел. Бұл өлеңнен бұрынырақ жазылған басқа бір өлеңінде айтқандай, «алты қапты жарып шығар кездікпін» десе де, өмірдің өсегі мен жаласына, әділетсіздігі мен аярлығына адам жаны шыдас берер ме?! Ең сұмдығы, ақ тер, көк тер боп адал еңбек етіп, оған барыңды да, базарыңды да қиып бергенде, артыңнан айтақтап ит қосып, алдыңнан қақпан құрып, үстіңнен қиқулатып құс ұшырып жататыны қалай?! Мұндайға жан да, тән де төзер ме?! Олай болса, ақын байғұс жоғарыдағыдай қамыға, жабыға өлең жазбай қайтеді?! Бүкіл ғұмыры алыс пен жұлыстан, тартыс пен таластан, шаппа-шұп айқастан тұратын бұл пенде ғұмыры тек қана пәнилік өмірден бақилыққа кеткенде ғана байыз табатын болса керек. Өз өмірінде көп нәрсені көріп, көргенін көкейіне әбден түйіп алған Қасымхан да мұны бір кісідей біледі. Біледі де, туған жердің төсінде төмпешік-төмпешік боп баракат тауып жатқан аруақтардан ғана рухани демеу тапқандай болады. Өйткені, мақаламыздың басында қайта-қайта тәптіштеп айтқанымыздай, өткенсіз бүгін де, ертең де жоқ. Болмақ та емес. Олай болса, біз де мақаламызды Қасымханның бәйіттей естілетін бейіттер туралы өлеңімен аяқтағанды жөн көрдік. Бейіттерге қонды тағы кептерлер, Кептерлерім, алысқа ұшып кетпеңдер. Төмпешіктер деп қарама жай ғана, Бұның бәрі кеше өмірден өткендер, Айналайын кептерлер.

Мәңгілікке осында орын тепкендер, Тылсым сырды сезгендей ме кептерлер. Кептерлерге мұң шаққандай көрінді, Алуан адам талай келіп кеткен жер. Бейіттерді аяқ асты етпеңдер, Моншақ көзді үрікпейді кептерлер, Дәм-тұз бітсе біз де барар орын ғой, Бал өмірді қимай-қимай өткендер. Сан айналар шыр көбелек көк пен жер, Біздер әлі кездесеміз, кетпеңдер. Бұл бейітте жатыр жақсы адамдар, Қоштасайық, қош болыңдар, кептерлер. Қоштастым мен жанарымнан жас парлап, Дүние-дәурен, басымыздан қашқан бақ. Бейіт қорып жүрген нәзік құстарым Бірте-бірте бара жатты аспандап. Бұл жолдардағы кептерлер пәни мен бақилықты жалғастырып жүрген рухтар ғой. Рух өлмесін! “КӨҢІЛІМДЕ МЫҢ ӘБІГЕР, МЫҢ СҰРАҚ” Қазір не көп? Баспа көп. Қазір не көп? Сол баспалардан шығып жатқан кітап көп. Қазір не көп? Өлең көп... Бүгінде олардың бәрін қадағалап, бәріне баға беру мүмкін емес... Сонымен бірге ол кітаптарды, мемлекеттік тапсырыстан тыс, өз ақшаларымен шығарып жатқандары қаншама?! Олардың көптігіне қуана отырып... кейде қатты торығып, күйінесің. Сол топан кітаптарды қарасаң, әдебиетке деген талаптың төмен түсіп кеткенін, талғам-таразының бүлінгенін көре тұрып қалай күйінбессің. Өлең деген қасиетті ұғым еріккендердің ермегіне айналып бара жатқандай. Ғұмыры өлең жазып көрмеген, оның табиғатынан мүлде мақұрым адамдар зейнеткерлікке шығып алып, балалары немесе жақын-жуықтарының демеуімен, том-том өлең кітаптарын шығаратын болып алды. Содан бүгінде қасиетті өлең қадірі де, ақын қадірі де

қашып барады. Тағы бір өкініштісі, сондай талаптың кеміп, талғамның бүлінуінің кесірінен, өлеңді өмірім деп білетін ақындар да рухани қатты зардап шегуде. Айтылмайды. Аталмайды. Көңілден де, көзден де таса қала береді... Сондай ақындардың бірі, өлеңге де, өмірге де шын пейіл адал қызмет етіп келе жатқан Болат Шарахымбай. Бір байқағаным оның көзі көреген. Құлағы сақ. Жаны сергек. Соно- у аспан астында... Қазығұрттай тектілімнің күрсінгенін естідім, Кеудесінің түбінде дүрсілдерін естідім, Бозатаны боз жусан боздағанын естідім, Жүрегінің түкпірін қозғағанын естідім, Қарғыбаусыз қара бұлт ашынғанын естідім, Найзағайы нарттай боп шошынғанын естідім, Безіп жүрген... дауасыз безгелдегін естідім, Бос шелектей дүниенің безбендерін естідім. Кәрі Қазығұрттың күрсінгені мен оның кеудесіндегі дүрсілдерді, найзағайлардың шошынғаны мен дүние безбендерінің бос шелектей даңғырап кеткендерін ести алатын ақынды қалай сен сергек дей алмайсың?! Заман лебін, уақыт демін тылсым түсініктер арқылы сезіне білу, сол арқылы сенің жаныңда да құпия бір құбылыстардың шоғын үрлеп, отын тұтатып жіберу ақынның ақынының ғана қолынан келсе керек. Шын өлең– қашанда құпия. Онда тіпті арбап алатын сиқырлық, бір сәтке болсын есіңді алып дуалап тастайтындай магиялық қуат болуы әбден мүмкін. Өйткені, ол жансызға жан, тілсізге тіл бітіре алады. Шырпысыз от жағып, қашаусыз тас жара алады. Ең бастысы, ақын соған сендіре білуі керек. Мәселен, Cіз ақынның “Қазығұрттың күрсінгенін естідім” деген сөзіне, сөз жоқ, бірден сенесіз. Ешқандай күдік, күмәнсіз бірден қабылдайсыз. Оны cезгенде де, санаңыздың арғы түкпірінде жасырын жатқан түйсік арқылы сезесіз. Өйткені, Қазығұрт – азап пен мехнаттан тұратын ғасырлар куәсі. Оған уақыт пен заманның қайғысы мен қасіретінің табы сіңген. Олай болса, Қазығұрт қалай күрсінбесін. Ол күрсіністі Болат Шарахымбай қалай естімесін?! Ақын айнала тіршіліктің тұла бойында болып жатқан

сан қилы құбылыстарға үңілу үшін, ең алдымен, өзіне үңіле білу керек. Өйткені, өзіңді танымай, өзгені тану қиын. Солай бола тұра, өзіңді тану оңай шаруа емес. Себебі, өзіңді тану үшін, өзіңді отқа да, суға да салуға тура келеді. Қолыңнан ол келе ме?! Әй, қайдам... Бұл көп ақынның қолынан келе бермейді. Олардың көбі күпсіп, күмпілдеп сөйлеуге құмар. Дағарасын қағып, даңғазаланып кетеді. Мен ондаймын, мен мұндаймын дегенде Алатауды айырып, Қаратауды қайырып жібереді. Орнымен болса екен-ау. Орынсыз. Ал, Болат Шарахымбай өз өкініштерін ешқандай бүгіпжасырмастан жұрт алдында ақтарып жайып салады. Сезімім бар еді Буынсыз тілге былғатып алдым. Төзімім бар еді, Қай жерде, білмеймін, ұрлатып алдым. Шүкірім бар еді Тіршілік итке талатып алдым. Үкімім бар еді, Үзіліп-талып құрғатып алдым. Тәңірім бар еді, Табансыз тұста тонатып алдым. Жарығым бар еді, Жол айрықтарда жоғалтып алдым. Сабырым бар еді, Сайқал тағдырға сабатып алдым. Анығым бар еді, Оны да, құрғыр, сорлатып алдым. Бұл өлең – өзіңе үңілдіретін өлең. Ойландыратын, толғандыратын өлең. Құрықсыз, жүген-ауыздықсыз кеткен қым-қуыт мына заман, ең алдымен, адамды аямайды. Жаныштап езіп жібереді. Табанға салып таптайды. Таптап-таптап бар асыл қасиеттеріңді тонап алады. Сенбесеңіз, айнала қараңызшы. Сезімі былғанбаған, төзімі ұрланбаған адам бар ма? Шүкірінен, үкімінен айырылып қалғандар қаншама. Тәңірі мен жарығын жоғалтып алғандарда есеп жоқ. Сабырын сабатып, анығын сорлатып алғандар ше? Мұның бәрін күнделікті көріп, біліп отырмыз. Ақын өз бойындағы өкініштерді жалпы адам, қоғам бойындағы өкініштермен жалғастырып, салаластырып, сабақтастырып жіберген.

Мұндай кезде дәрменсіз күйге түскен ақын байғұс не істеу керек? Дәтке қуат таба алмаған ол, сөз жоқ, күйінеді. Күйініп қана қоймай, безінеді. Сондықтан да ол: Заманауи запыран, Сенен қашып барамын. Тасұр-тұсыр тапыраң, Сенен қашып барамын. Өгейленген өлеңім, Сенен қашып барамын. Керегі жоқ керегім, Сенен қашып барамын,– деп бәрінен сырт беріп, бәрін де көрместей боп беті ауған жаққа лағып кеткендей болады да: Қайда барам қашқанда?!– деп амалсыз күй кешіп, тұйыққа тірелгендей хал кешеді. Бірақ, ақынның не болғанда да, салы суға кетіп, үміті мүлде үзіліп қалмайды.Рухани таяныш, рухани ұстын іздейді. Олай етпесе, ақын ақын болар ма? Енді ол өзегін өртеген өкініштерін ысырып тастап, тіреліп қалған тұйықтан шығып, дүр сілкінеді. Кер маралдай келісті Еңселігі еңісті, Сүйегі асыл сүлей-дүр, Дүрегейдей дүлей-дүр, Қандай еді тұрысы Айбаты жауын жасытқан, Айбыны қанды тасытқан, Қайқайып тұрған қылыш-ты. Алшайып жүрген ырыс-ты. Тұлғасына тамсанып, Елесіне арбалып, Келбетіне қарасаң, Шімірікпес шегір көз Өңменіңнен өтердей Көкжал жұмыр қылыш-ты. Уа, Махамбет! Сол екен оның әп-сәтте тұла бойын керемет бір күшқуат кернеп бара жатты. “Айбаты жауын жасытқан,

Айбыны қанды тасытқан” баба Махамбет осындай болғанда, мен кім болмақпын? Махамбеттей ұлы рух бар кезде, мойныма су кетіп, бозымбай, болбыр тіршілік кешуім қалай? Ақын енді лап етіп жанып, жарқ етіп, жалт ойнатып шыға келеді. Енді оның екпіні селдей дүлей, жөңкілісі сеңдей қуатты. Сен – тасқайрақ, мен – кекпін, Сен – адырна, мен – оқпын, Сен – шақпақ та, мен – отпын, Сен – бозқоза, мен – шоқпын, Сен – Салпыншақ Мен – дойырмын алтын сап. Сен – көк сүңгі бойлаттың, Мен – көк байрақ байлаттым. Байлатқанның белгісі: Махамбет атты батырдың, Махамбет атты ақынның Сарқытын ішкен Тфә! Тфә! Қайраулы Қазығұрттағы қайрақпын! Өткен заманның өлмес рухын бойына құйып алған ақынның көзі енді бұрынғыдан да жіті, бұрынғыдан да өткір. Енді ол мына заманның жерінің шетінде, желінің өтінде. Оның көзінен ештеңе де қалыс қалмақ емес. Енді ол бәрін-бәрін де жаны мен жүрегінен бұрынғыдан да гөрі молынан өткізіп, молынан қорытуы керек. Мұндайда туған жердің әрбір ағашынан да құтырып тұрған уақыттың мінезін тани алатын қасиетке ие бола білген жөн. Қайраты қайтқан, қажыған Жел тұрды. Ауыл. Кешқұрым. Қамыстың шерлі даусынан Сыбызғы үнін естідім. Диірмен–жел жетті еңкілдеп, Ауызды салды алқымдап.

Қара тал тұрды селкілдеп, Кер емен кетті қалшылдап. Бәрін асап, бәрін ұн қылып тартып жатқан уақыттың диірмен–желінің екпінінен сен де селкілдеп, сен де қалшылдап бара жатасың. Болат Шарахымбай, негізінен, өзі көрген құбылыстар мен әрекеттерін дәл осылай бейнелеп бергенді қалайды. Тағы да ол бейне суреттері жасандылықтан ада, соншалықты жанға жақын, соншалықты табиғи. Мұны айыру үшін мынандай мысал келтіре кетейін. Мәселен, үйіңдегі темір шүмектен тырс-тырс етіп тамшы тамып тұрғанын тыңдап көріңізші. Сәлден кейін-ақ ол сіздің миыңызды шағып, жүйкеңізге тие бастайды. Әрі-беріден кейін қажытып, шаршатады. Енді жаңбырлы күнгі терезеңізді тырс-тырс етіп қағып тұрған тамшының үніне құлақ түріңіз. Әсер мүлде басқа. Жаныңыз да, жүйкеңіз де демалады. Айырмасы жер мен көктей. Сондықтан да мен аузын ашса көмейі көрінетін Болаттың табиғи болмыс-бітіміне де, сол болмысбітімнен туған өлеңжырларға да қызығып қараймын. Шын ақын– өзі өмір сүріп жүрген қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Тіпті онымен біте қайнасып біртұтас болып кетеді. Яғни, қоғам дерті – оның өз дерті. Мұндайда ол дүниені қараң қалдырып, мүлде түңіліп сөйлеуге хақылы. Осы шақпен сөйленетін ол өлеңдерден Сіз өткен шақтың тағдыр-талайын да көре аласыз. Яғни осы шақ пен өткен шақ бірге құйылған. Ажыратып, айыра алмайсыз. Өткеннен осы күнді, осы күннен өткенді танып-білесіз. Оқиық. Уытым у болды. Рухым күл болды. Кең дүнием тар болды. Көрген күнім қор болды. Миымды су алды. Жүрегім тоналды. Екі көз төрт болды. Өзегім өрт болды. Аспан да адасты. Жұлдызым жоғалды. Намысым нас болды.

Бүйрегім тас болды. Шындығым шейіт болды. Елдігім ғайып болды. Ырысым кетті. Өрісім өтті. Талқаным шықты. Бітерім бітті... Бұл – ескерту-өлең. Өйткені, не болғанда да, бүгінгі күніміз дәл осындай күйреп, құрдымға кеткен жоқ қой. Дегенмен, ақын деген кейде жұртты осылай шошытып та сөйлеу керек. Шошытып, үркіте сөйлеудің ықпалы кей-кей кезде қайрат беретін сөздерден де зор болады. Далақтап кеткен етек-жеңіңді тез жиып, құз басындағы қырандай тас-түйін боп отыру үшін керек. Бұл өлеңді ескерту-өлең дейтініміз содан. Қарап отырсақ, Болат Шарахымбай махаббат тақырыбына да аз өлең жазбапты. Ол өлеңдерді оқып отырсақ, махаббатының ерен қуатқа, тасқынды екпінге ие екендігіне куә боласыз. Өн бойынан үлкен сілкініс, ірі бұлқыныс лақ етіп ақтарылып төгіледі. Алағай да бұлағай аласапыран күй кешеді. Өзіме-өзім жасай алмай айла түк, Жарықтарды жарып келем жайратып. Бір құдірет жүрегімде жатқандай Асыр-тасыр қара қазан қайнатып. Бітті бәрі, Отқа түспей, өртенбей! Бұл дүниенің рахаты бекердей. Мың ышқынып, орыныма мың қонам, Өз денемнен өзім шығып кетердей. Осындай үдірісті, осындай атқақтаған сезім сілкінісінен кейін, ғашығымен кездескен ақынның көңіл-күйі қалай болды дейсіз ғой. Кеудең келіп кеудеме тұншыға ма-ай, Одан әлсіз... Әдемі үн шыға ма-ай: Көлге тамған тамшының шолпылы сияқты; Менің сорлы сезімтал солқылым сияқты.

Аққудың сұңқылдағаны сияқты, Бұлақтың сылқылдағаны сияқты. Үн мен ымның сезімтал пернелері бірінен соң бірі жымдаса өріліп, бірінен соң бірі жамырап төгіліп жатқандай неткен жарасымды әуен мен әуездер! Қылымсыған қылықты ноталардың қыл ішектегі нәпнәзік, жіп-жіңішке дыбыстарындай. Осы бір шүпілдеген мөп-мөлдір сезім тұнығынан мейірі қанғанша сіміріп алған ол Хан тәңірі тауына көз салып, басқаша толқыныс пен тебіреніске түседі. Беу, тарпаң мінез тарлан тау, Маңғаз-маңғаз нар шөккен. Бізден де ол бір қалған тау, Өткен күндей жалт еткен. Өмір, бақсам, жол екен Жалғыз аяқ, жол соқпақ. Шындық деген сол екен: Айырық жолдың бойында, Көне шаһар Алмалықтың ойында Бар мен жоқты баяғы Жүретұғын салмақтап. Кеңсай жаққа қарасам, Тізбек-тізбек шұбатылған қалың ел Бір жүреді, бір тоқтап. Аспан жаққа қарасам, Құс ұшады бұлғақтап. Заман, сені қайтейін?! Қырық бұрау қобызымның зарынан Қырық жамау жасқа толды етегім. Тауға дауыс шығарсам, Өз дауысым Өзімді Қайталайды. ... Не етемін?! Ау–у–у, Хантәңірі– і–і... Ақын жанын жарып шыққан заман мен уақыттың бүгінгі монологі ғой бұл. Бәріміз құлақ түріп тыңдап тұрмыз...

II. «АЛТЫНКӨПІРЛІКТЕР» (Қазіргі жастар поэзиясы хақында) БАСТАУ СӨЗ Елiмiз тәуелсiздiк алар тұста да, алғаннан кейiн де бiраз уақытқа дейiн мына заман аласапыран күйге түсiп, түрлi саяси, әлеуметтiк сапырылыстарды басынан өткердi. Талай-талай күрмеуi тас түйiн дағдарыстар мен ауыр да азапты күйзелiстердi көрiп үлгердiк. Мiне, сол кезеңдерде көбiмiз, соның iшiнде, өзiмiз де бармыз, әдебиетiмiз тоқырауға ұшырап тұр деп алқынып айтып та жаттық, жарыса жазып та жаттық. Бұл сөздiң шындығы да бар едi. Әдебиеттiң ауыр артиллериясы болып саналатын проза жанры, әсiресе, жаңа заманды бейнелейтiн роман, хикаяттар дүниеге келе қоймады. Аспан жерге түсiп, жер аспанға шығып кеткендей аласапыран заманның түр-түсiн, мiнез-құлқын таныпбiлу, оны көркем қорытудан өткiзiп, сомдап, мүсiндеу үшiн ол кезеңдерден берiрек алып кететiн уақыт алшақтығы қажет болатын. Солай болып шықты да. Қазiр ел үшiн талмауыр тұс болған сол бiр қиын кезеңдердi сипаттап, суреттей алатын роман, хикаяттар жазылып, жариялана да бастады. Мен өзiм өлең жазатын адам болғандықтан, әрине, алдымен бақылайтыным да, бiрден көз салатыным да поэзия жанры ғой. Мен, сөз жоқ, күнделiктi баспасөз арқылы поэзияның сол жылдары да, онан кейiн де бiрде-бiр үзiлiп қалмай үздiксiз жұмыс iстеп жатқанын көрiп те, бiлiп те отырдым. Бiрақ, несiн жасырып, жаба тоқимын, әдебиетке тоқырау келдi деп толассыз айтылып жатқан көпшiлiк хорға қосылып кеткен өзiм де бiраз уақыт сол ойдың шырмауында қалған болатынмын. Поэзия тiнiнiң үзiлмегенiн бiле тұра дүдәмал күй кешкенiмдi бүгiн ендi жасыра алмаймын. Дүдәмалдың аты – дүдәмал. Онда күдiк те, үмiт те болады. Әрi тарт та берi тарт

сол бiр күйде бiршама уақыт жүрдiм де, ақыры не күдiгiмдi, не үмiтiмдi бекiтейiн деген ниетпен, алдымен тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында, сонан кейiн жаңа ғасырдың о жақ, бұ жағында әдебиетке келген жастардың шығармаларын мұқият оқып-бiлуге кiрiстiм. Сөйтсем, бiрден айтайын, поэзияда түк те тоқырау болмаған екен. Өскен, өркенiн жайған. Жаңа өрiске шыққан. Яғни, басты айып өзiмiзде жатқан болып шықты. Жастар поэзиясын өз кезеңiнде оқып жарытпағанбыз, дер кезiнде бағасын бермегенбiз. Менiң бұл көлемдi мақалам «Алтынкөпiрлiктер» деп аталады. Неге «Алтынкөпiрлiктер?» Ендi соған келейiк. Бiрден айтайын, «Алтынкөпiрлiктер» атауын мен ойлап тапқам жоқ. Бұл сөз – Маралтайдың сөзi. Ол өз толқынының әдебиетке келу кезеңiн осылай атаған. Яғни, ол толқын сол бiр сапырылысы да, алыс-жұлысы да көп, бүкiл ел тауқыметтi, таршылық заманды басынан өткерiп жатқан тұста, көп ақын-жазушыларымыз не iстерiн бiлмей абдырап, дағдарып, қаламы мен қағазынан көз жазып қалғандай болған кезеңде ұлы Мәртебелi поэзияның кешегi жағалауын ертеңге, яғни бүгiнгi жағалауға қосқан көпiр мiндетiн атқарды. Шын мәнiнде алтын көпiр бола бiлдi. Мен алтынкөпiрлiктер поэзиясын Маралтай Райымбекұлы, Әмiрхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Бауыржан Бабажанұлы, Нұржан Қуантайұлы, Батырболат Айболатұлы, Әлiбек Шегебай, Бақыт Беделханұлы, Дәурен Берiкқожаұлы, Бақытжан Алдияр, Алмас Темiрбай, Танакөз Толқынқызы, Айнұр Әбдiрасылқызы және сырттан өз елiне ендi оралып жатқан Ұларбек Дәлей, Тоқтарәлi Таңжарық, Нұрбәтима Байтұрсын, Отар Шауқан шығармалары арқылы танып-бiлгiм келдi. Әрине, жастар поэзиясы осы аты аталған жастармен ғана шектелiп қалмайтынын, Құдайға шүкiр, мен жақсы бiлем. Олар әлдеқайда көп. Тағы да олардың iшiнде мен әңгiме еткелi отырған жастардан қарым-қуаты да, талант-дарыны да бiр де кем соқпайтын ақындардың бар екенiне, тiптi де, шүбә келтiрмеймiн. Бiрақ, бәрiн қамтуға бiр адамның мүмкiндiгi жетпейдi ғой. Оның үстiне, өзiм сырттай қадiрлейтiн кейбiр жастардың жыр жинақтары қолыма түсе қоймады. Сондықтан мен

ағамыздың қаламына бiз неге iлiкпедiк деп өкпе-наз айтатын iнi, қарындастарым табылып жатса, олардан алдын-ала ғафу өтiнем. Бұл жерде оқырман қауымның есiне сала кетер бiр нәрсе, алтынкөпiрлiктер өздерiн жастармыз деп санамайды. Олардың олай деуi дұрыс та. Өйткенi, олардың алды бүгiн-ертең қырық жасқа кiргелi отыр. Бiрақ, мен үшiн олар – жастар. Ол үшiн менiң қадiрлi iнiлерiм мен қарындастарым сөге қоймас. Сонымен... «РУХЫМДЫ ҚАН МЕН СҮТКЕ ИЛЕП ЕМ» «Бастау сөзiмiзде» айтқанымыздай, «Алтынкөпiрлiктер» атауының авторы – Маралтай Райымбекұлы. Сөз жоқ, осы алтынкөпiрлiктер iшiнде жұрттың көзiне жай оғындай жарқ етiп алғаш түскен де осы Маралтай. Мен Маралтай өлеңдерiмен тоқсаныншы жылдардың басында Маңғыстауда жүрген кезiмде таныса бастағам-ды. Оның сол өлеңдерiнен-ақ мен ә дегенге мә дегелi тұрған шәлкес шамшылдық, иiлiпбүгiлудi бiлмейтiн, ненi ойлап тұрса соны ақтара салатын еркебұландық, шүрiппесi қайырулы тұрған мылтықтай кiм-кiмдi де сескентiп тастайтын сес байқағандай едiм. Сөзiне тәнтi боп жүрген Маралтайдың өзiн 1996 жылы Жазушылар одағының екiншi хатшысы қызметiне келген кезiмде бiр-ақ көрдiм. Ол кез – «Абайдан Маралтайға дейiн» деген тiркестiң де шыға бастаған кезi. Айналайын Маралтайдың да аспан асты, жер үстiне сыймай дүрiлдеп-ақ тұрған шағы екен. Артындағысын бiр теуiп сеспей қатырып, алдындағысын бiр қағып жапырып жiберетiндей тарпаң. Яғни, бiр өлеңiнде өзi айтқандай, ол кез – Маралтайдың «бөтелкенiң қасында» жүрген кезi екен. Ал «бөтелкенiң қасында» жүрген адам ағаны неғылсын, жағаны неғылсын, қызметiңдi неғылсын, құзыретiңдi неғылсын. Ондай адамға аттың үстi түгiлi, танктiң үстiнде отырған кiсiң де, пiшту. Шынын айту керек, сол бiр тұста, жастардың iшiнде менiң әбден «нервiме» тиiп, жүйкемдi тоздырған да осы Маралтай болды. Мен де қайбiр жiбектей есiлiп,

түбiттей түтiлiп, бiр лып етiп, бiр жылп етiп тұрған жұмсақ адаммын, Маралтайдың «қой» деген сөзге тоқтамай, «мен қой емеспiн, мен арыстанмын» деп шатынаған кезiнде, менiң де қай-қайдағы жыным қозып, тұла бойымнан тiкiрейген тiкендер мен сойдиған шөңгелер өсiп шыға келедi. Бiрақ, құдай қалап, нешеме рет шекiссек те кетiскен тұсымыз болмапты. Маралтай ертеңiне-ақ тап бiр нағашысының үйiне келгендей кабинеттiң есiгiн шалқасынан ашып жайраңдап жетiп келедi. Мен де жайылып сала берем. Артынша-ақ әлгi шәлкестiгi қайтадан басталады... Әйтеуiр, абырой болғанда, күндердiң-күнiнде Марал тай да «бөтелкенiң қасынан» босанып шықты-ау. Оның «бөтелкенiң қасынан» босанып шығуы да бiр хикая. Ол бiр күнi, шақырмаса да, бүкiл республика жұртшылығына белгiлi, қадiрлi ағайының тойына барған ғой. Цистерна болмаса да, бөшке-бөшке сыра, өзен боп ағып жатпаса да, қалаулы тұрған десте-десте арақ пен шарап. Маралтайжан сол бөшке-бөшке сыраға қайта-қайта сүңгiп, қалаулы тұрған десте-десте арақ пен шарапқа қайта-қайта аунап-қунап құмардан бiр шығып, ақырында құлап тынбай ма?! Ертеңiне көзiн ашса – айдала... Кешегi бөшке-бөшке сырасын да, десте-десте арақ-шарабын да, солармен бiрге жүретiн қызық-шыжығын да iлестiрiп, киiз үй бiткеннiң бәрi көтерiлiп көшiп кетiптi. Бiр сөзбен айтқанда, Маралтай жұртта қалған. Содан шекесi балғамен соғып жатқандай солқылдап, тiлi аузына сыймай салақтап, iлбiп отырып бiр қараға iлiгедi де, әупiрiммен аман қалады. Сонда ғана Маралтай мына бөтелке деген «доспен» дәл қазiрден бастап ат құйрығын кесiспесе, күнi ертең керексiз жыртық шүберектей немесе түбi түскен шелектей бiржола жұртта қалатынын сезедi. Сезедi де «ақаңмен» ант берiп қоштасады. Содан берi Маралтай арақты аузына алған емес. Бұл ендi туа бiттi тұла бойына бiткен мiнез берiктiгi. Мiнез дегеннен шығады, бiр адамдар болады, iшкен кезiнде дүниенi түтiп жiберетiндей бетпақ болады да, ал ертеңiне жынынан айрылған бақсыдай жуас, бетiңе қарап сөйлей алмайтындай монтаны кейiпке түседi. Ал, Маралтай олай емес. Ол қашан көрсең де тарпаң, қашан көрсең де дарқан. Әрине, қазiр оның бойында жынды

су ұрттап алған кездегiдей есiрiк мiнездiң жұқанасы да жоқ. Ол – естi ерке, бұла мiнездiң ақыны. Яғни, ол туралы Мейiрхан Ақдәулет айтқандай: «Бұл – әбден қанау мен қақпай көрiп, қамытқа жегiлiңкiреп келген қазақы өлеңнiң еркiндiкке шыққан кезiндегi «тентек баласы»». Бүкiл әлемнiң шәуiм басты ғұламаларынан бастап бiздiң Аманхан Әлiмұлына дейiнгiлердiң бәрi айтып келе жатқандай, ақынды ақын ететiн мiнез, табиғи талант мiнезi. Қай талант та өз мiнезiмен туады. Менiң жаным аппақ емес, қап-қара. Қапияда от тигендей мақтаға. Қарап қоям айнасынан уақыттың, Маңдайдағы тағдыр дейтiн тақтаға. Тәнiне орап тәлiмiнiң кебiнiн, Жалпылдайды көптiң жықпай көңiлiн. Жатырында қулық пенен сұмдықтың Ессiз өскен бала-сынды өмiрiм. Жүрек содан жетiм жандай ашынар, Ашынар да шаншып, қайта басылар. Жалғыз Жерде жалғыз ғұмыр кештiм мен, Көзiм, сiрә, көрге кiрiп ашылар. Бала арманым өлдi екен деп тереңде, Болмас iске қабағымды керем бе?! Жерге сыйлап жансыз қалған тәнiмдi Көкке кетем көресiмдi көрем де! Мiне, мiнездi өлең! Әйтпесе, «менiң жаным аппақ емес, қап-қара» деп қайсымыз айтыппыз. Айтсақ, бәрiмiз де мақтадай аппақпыз. Жанымызға шаң да қонбаған, тозаң да түспеген. Титiмдей кiнәмiз де, тырнақтай күнәмiз де жоқ сияқты. Осылай деу адам алдында да, ар-ұждан алдында да, Алла тағала алдында да барып тұрған күпiршiлiк екенiмен жұмысымыз жоқ. Шын адам, шын ақын ғана өз бойындағы мiн мен өз басындағы күнәнi жасырып қала алмақ емес. Абайдың өзi «ат көтере алмас мiнiмдi» демеушi ме едi. Жұрт бойындағы мiндi әркiм-ақ көре алады. Мықты болсаң, өз бойыңдағы мiндi көре бiл! Пендешiлiк жасап отырып,

перiштенiң аузынан түскендей аппақпын деп кеудеңдi керiп, көкiрегiңдi ұрма! Бұл опасыз жалғанда, Құдайау, бейшара пендешiлiктiң қармағына кiм түспедi дейсiң, оның күл-қоқысына кiм былғанбады дейсiң! Бұл өмiрде қулықтың құйтырқы, сұмдықтың сұрқия жолы кiмдi адастырмапты. Өзiң адаспасаң, өзгелер алдап-арбап жүрiп адастырады. Ол да мiн, ол да күнә. Ондайда шын адам ғана өзiн-өзi ақтайтын дәлел мен дәйек iздеп кетпей, өзiн-өзi жерден алып, жерге салып даттай алмақ. Сондай жан ғана өзiн-өзi ұяттың уысына салып үгiтiп, өзiн-өзi ардың дарына асып қоя алмақ. Сондай адам ғана күйреп, күйiнiп сөйлеп, сондай адам ғана ашынып тұрып ашығын айтпақ. Сондай адам ғана «көзiм, сiрә, көрге кiрiп ашылар» деп өзiнен-өзi безiнiп, өзiнен-өзi түңiлiп сөз айтпақ. Сонда ғана адам жаны лас былғаныш пен күл-қоқыстан аршылмақ. Маралтайдың өзiн-өзi бiр отқа, бiр суға салып сөйлеуi, өзiн-өзi кiнәлап, өзiн-өзi айыптап сөйлеуi осы өлеңмен ғана аяқталмайды. Ол арқасын қайтақайта дойырдың астына төсеп, маңдайын қайта-қайта сойылдың соққысына тосады. Бүгiнгi түн – мен үшiн ақырғы түн, Өмiрiмнiң ажалға атын бұрдым. Мың ұмтылып Аллаға дiлiм жетпей Аян боп тұр сайтанмен жақындығым. Әрине, ақынның өзiн-өзi кiлең осылай жерлеп, өзiнөзi осылай қаралай беруi, түптiң-түбiнде, оны iштей күйзелiске түсiрiп қана қоймай, ақырында рухани күйреуге алып келерi кәдiк. Бұл жердегi ақынның «менi» жалқылық мәннен жалпы ұғымға ұласып кететiнiн бiле тұра осындай ойға келмеуiмiз мүмкiн емес. Өйткенi, жалпы ұғым да жалқы көңiл-күйден шығады. Бiр-бiрiмен жалғас, бiр-бiрiмен мұңдас. Ал ол жалғас, мұңдас ұғымдарды байланыстырып тұрған нәзiк тiнге соншалықты ауыр салмақ түсiре бермеу керек. Әйтпесе, соншалықты ауыр салмақтан нәзiк тiн бырт етiп үзiлiп кетуi кәдiк. Ондай кезде ақынның жалқы көңiл-күйi жалпылық мән болудан қалады да, оны оқырман қауымның қабылдауы қиынға соғады. Дәл осыны өзiнiң iшкi инстинктi арқылы, өз бойындағы

сезiм талшықтары арқылы жақсы түсiне бiлген Маралтай ақын тез серпiлiп, тез түлейдi. Бәрi менi алдайды, алданам мен, Алла, өзiңе аманат қалған өлең, – деп алады да: Жүрегiмнен жүз бұтақ өрiп шығып Айналып кетсе, шiркiн, талға денем, – дейдi. Бұл ендi ақынның жанын жеп жатқан күмән мен күдiктiң темiр торларын тас-талқан етiп дүр сiлкiнiп, қарға аунаған түлкiдей түлеп шыға келуi. Мейiрiм мен қайырымға, iзгiлiк пен жақсылыққа ұмтылуы. Бұл жолдар – Маралтай шығармашылығындағы күре тамыр, басты кредо. Ендi ол қашанғы «көлеңкелермен сүйiсiп» өмiр сүрмек. Ендi ол, бiр сәтке болса да, «қобыз тартып қаңқылдап» өмiр сүргiсi келедi. Әсiлi, мiнез ғана адамды өзгелерден дараландырып, мiнез ғана ақынды өзгелерден тосын сөйлетпек. Ондай мiнездi ақынның қуанышы да өзгеше образды тiлмен жауап қатпақ. Сенбесеңiз, оның нәрестелi болған кездегi сәтiне көз салыңыз. Өмiрге мұрсат берiлдi... Жарық дүние дидарын – Екеумiзге бiрге жазды көрудi. Менде дос көп, сенде жау жоқ (әдемi!) Дұрысталды дүниенiң сәлемi. Ластауға лайықсыз – Лә ил Аллам, Сүйiншiге жанымды алсаң, ал ендi! Бес күн ойдым бесiгiңнiң бедерiн. (О, кiшкентай, – қайталанбас өлеңiм). Шүмегiңнен шүметейiң шықса аман Көрiмдi де өзiң қазсаң деп едiм. Тұңғыш рет перзенттi болып, көкiрегi қарс айырылып тұрған әкенiң жан-жүрегiн қақ тiлiп тұрған осы өлеңнен бәрiмiзге етене таныс қазақы қуаныштың иiсi бұрқырап тұрған жоқ па?! Бiрде өзiне-өзi күмән мен күдiкпен қарап, ендi бiрде, нәрестелi болғанда, жер мен көкке сыймай қуанатын ақынның, кейде бәрiмiз сияқты, мына қым-қуыт, қырық құбылып тұрған дүниенiң қыры мен сырын да, қатпар-

қатпар боп жатқан қыртысын да, тылсым-тұңғиығын да түптеп тани алмай әрi-сәрi күй кешiп дал боп тұратыны бар. Өйткенi, ол әлi де өзiн-өзi толық танып болған емес. (Жалпы, адам баласының өзiн-өзi танып, бiлуi мүмкiн бе?!) Егер ол өзiн-өзi танып болса, бiрде «құран сүйiп», ендi бiрде «шарап iшiп қарқылдап» жүрмес едi ғой. Ақын жаны тұнып тұрған қарама-қарсылық, бiрбiрiмен кетiсiп, бiр-бiрiне керi келiп тұрған қайшылық. Сондықтан да ол кейде: Айт дедiң-ау, не айтам, жаным, саған. Елдi айтам ба етегiн жаңа жапқан. Жердi айтам ба денесiн жара жапқан. Көлдi айтам ба шөл болып бара жатқан, – деп жол айырығында тұрған жандай аңырап мұңын шағады. Қай жағынан қараса да көңiл жұбатарлық, көз сүйсiнтерлiк ештеңе таба алмай қабаржып қамыққан ақын: Жазылмаған жырымды оқып тұрамын Қазылмаған қабiрiмнiң қасында, – деп бiр-ақ қайырады. Қазiр Маралтай шығармашылығы бабына келген дер шағы. Жiлiк майы толық, сiңiрi болат сымдай берiк, ең бастысы – рухы қайратты. Өйткенi, ол рухын халқының «қаны мен сүтiне» илеп алған. Ондай таланттың бiздi әлi де талай-талай тамсандыра берерi сөзсiз. «КӨҢIЛIМЕ ТАУДЫ АЛЫП, СЕНIМIМЕ АСПАНДЫ АП» Кейде көзге көрiнбейтiн тозаңдардан қаптаған гүлдер немесе тырнақтай ғана дәндерден ағаштар өсiп шығатыны сияқты, кiшкентай ғана елеусiз бiр детальдан да қайратты өлең дүниеге келедi. Оған көптеген мысалдар келтiруге болады... Алтынкөпiрлiктердiң тағы бiр талантты өкiлi болып саналатын Әмiрхан Балқыбекте де сондай бiр тамырын тереңнен тартқан қайратты өлең бар. Өлең – «Бабаырым» деп аталады. Тақырыбының атына мынадай

түсiнiк берiлiптi: «Бабалар ырымы бойынша тiлi шығуы кешеуiлдей бастаған сәбиге итаяқтан су iшкiзедi екен. Сондай жағдай менiң басымда да қайталаныпты». Ендi сол өлеңдi оқып керейiк. Жұтаңдаумын, демен бiрақ жарлымын. Баба ырымы, әлегi емес жарғының. Қызыл тiлдi сөзге иiлту үшiн де Итаяқтан суды да iшкен бар күнiм. Итаяқтан суды да iшкем, сөкпегiн. Айыптарға өзге күнәм көп менiң. Ырзығымды табам қазiр еңбекпен, Тiлдi бiрақ иемдендiм теп-тегiн. Итаяқтан суды да iшкен бар шағым Кез емес-тi ол көңiл күптi, арса мұң. Сен шаршадың сәндi қуып, мен байғұс Баба-ырымға баға таппай шаршадым. Итаяқтан суды да iшкем.

Бабаның Ырымына мiнезi жат қаланың Көшесiнде көп-көрiктi қызбен де Қызып кетсем ырылдасып қаламын. Осы болды-ау замананың өлеңi. Көп болған соң көр сезiмi, көбеңi. Исi тiлге илiкпеген жандарға Итаяқпен тамақ бергiм келедi. Құдай сақтасын. Бiр ырым – бiр деталь. Ал, одан өнiп шыққан өлең қандай! Сол өлең көтерiп тұрған жүк қандай! Шоқ жұтқандай көкiрегiңдi күйдiрiп жiберетiн ашыну мен ыза қандай! Әрине, Әмiрхан ол ашу мен ызасын ала көзденiп айқайлап, жер тоқпақтап байбалам салып айтпайды. Исi тiлге тiлдерi сынбай жүргендерге «итаяқтан тамақ бергiсi келетiнiн» айтып салады да, сол бiр ашынуға толы ызалы ойынан шошып кеткендей «Құдай сақтасын» деп жағасын ұстап, тәубеге келгендей болады. Бiрақ, айтылуға тиiс сөз, не болғанда да, айтылып кеттi.

Шын ақын – ұлттың үнi, рухы. Ұлттың үнi бола алмаған ақын, бар болғаны өлең құрастырушы ғана. Әрине, әр ақынның табиғаты да, болмыс-бiтiмi де, дүние танымы да әр қилы. Ақын бiткеннiң бәрi ұлттың ұранды сөзi мен үнi бола бермейдi. Бiреулерi – табиғат құбылыстарын, екiншiлерi – махаббатты, үшiншiлерi – адам жанының иiрiмдi қатпарларын, тағы бiреулерi – сұлулық пен әсемдiктi жырлауға бейiм тұрады. Бiрақ, шын мәнiндегi ақын болатын болса, сол табиғат құбылыстарынан да, махаббат тақырыптарынан да, адам жанындағы иiрiмдi қатпарлардан да, сұлулық пен әсемдiктен де қазақы әуен, қазақы мiнез, қазақы көзқарас табуы керек. Сөз жоқ, жоғарыда бiз келтiрген Әмiрхан өлеңi бүкiл қазақ халқының мұңы мен зары боп келген бүгiнi көмескi, ертеңi бұлдыр тiл тағдырын көрсете бiлген. Иә, бәрiмiз көрiп отырмыз, дәл қазiр елдiң екi тiзгiн, бiр шылбырын қолдарына ұстап отырған азаматтар тiл тағдырын әрi тарт та берi тарт етiп, қақпақыл етiп ойыншыққа айналдыра бастады. Әмiрханның осы өлеңiн оқыған кезде солардың бәрiне, өз қолыңмен итаяқтан тамақ бергiң кеп кетедi. Жақсы өлеңге тәнтi болу деген, оған тамсанып, таңдай қағып, көзiңдi жұмып бас шайқау емес. Жақсы өлеңге тәнтi болу деген сенiң де тұтас бойыңда жатқан ой мен сойды, әрекет пен «бәлекеттi» қозғап, орнынан көтеру. Тебiренту, толқыту. Жалпы, Әмiрхан Балқыбек уақыт пен кеңiстiкте өзiн еркiн сезiнедi. Содан болса керек ол бүгiннен ертеңге, ертеңнен өткенге емiн-еркiн өтiп кете бередi. Ол, тiптi, кешенi жырлап отырып бүгiннiң гәбiн, бүгiннiң мұңын айтып отырып кешенiң мұңын ешқандай кедiрбұдырсыз үйлестiрiп жiбере алады. Бұл – Әмiрханның әдебиетке мол дайындықпен келгенiн көрсетсе керек. Шынында да, Әмiрханмен әдебиет туралы әңгiмелесiп пiкiр жарыстыра қалсаң, айтысқан адамын бiлiмпаз Асқар Сүлейменов секiлдi алып та, шалып та жығып кетпесе де, бiрқатар мәселеде көп адамға алдырмайды да, шалдырмайды да. Бойында интеллектуалдық қуат жеткiлiктi. Оның уақыт пен кеңiстiк iшiнде өзiн «еркiн жел» сезiнетiнi содан болса керек. Сондықтан да ол:

Жанды тербеп мәңгiлiктiң ағыны Тән арыды. Арман бiрге арыды. Жанарымды қытықтайды нұрымен Мың жыл бұрын сөнген жұлдыз жарығы, – дей алады. Әдетте, уақыт пен кеңiстiкте өзiн еркiн сезiнетiн ақын, ең алдымен, өзiнiң өткенiн, яғни, рухани тамырын iздесе керек. Ондай ақын сол рухани тамырдан қоректенiп, рухани тамырдан көктеп-өнерi сөзсiз. Әмiрхан – дәл сондай ақын. Тiптi, оның ғасырлар ар жағында қалған өткенiңiзбен күнделiктi қатысып, хабарласып, солармен аралас-құралас қатар қонғандай болып отыратыны бар. Аптап. Ыстық Ақыл-естен тандырған, Дұрыс болар кең далада қаңғырған. Қонатұғын жер жоқ деме, Қыр асты Балбал қала қарсы алады алдыңнан, – деп ғасырлар қойнауына кiрiп бара жатады. Әрине, сол балбал қаланы қызықтап, оған тамсанып, таңғалу үшiн емес. Ең алдымен, өзiн көру үшiн, өзiн тану үшiн. Бәрi осында, Қас батыр да, қаған да. Бәрi осында Арғы атаң да, анаң да. Айтшы, досым, Өзiңдi емес, Өзiңнiң Өзегiңдi көре бiлсең жаман ба?! Ендi ол бiздiң болжамымыздан да әрiрек кеттi. Өйткенi, ақын ол балбал тастардан өзiн ғана емес, өзiнiң өзегiн, яғни түп-тамырын танып-бiлмек. Тiптi ол балбал тастарға жан кiргiзiп, оларды әрекет пен қарекетке түсiрiп қояды. Оның балбал тастармен «достасып» алғаны сонша, «қала жақта жанжал болса жан-жағың, балбал жiгiт сыйлар саған қанжарын» деп олардан қолма-қол көмек алатын дәрежеге жеткен. Әрi қарай оқиық.

Ер мұратын қолдағандай дауыс көп. Тостағанды түк қалдырмай тауыс тек. Бала болып аттанасың далаға, Дана болып ораласың қалаға... Сосын сенi ойлайды жұрт ауыш деп. Қала өмiрi, Ит тiршiлiк тағы да. Асау мезгiл маза бермей қаныңа Шөлдегенде... Тостағанын ұсынған Балбал тастар оралады жадыңа. Бәрiн былай қойғанда, ақын ендi ғасырлар қойнауында қалған балбал тастардың қолындағы сусынға шүпiлдеп тұрған тостағанынан шөлiн басыпты, мейiрiн қандырыпты. Ендi ол шақпақ тасқа қайралған шарболат қанжардай әрi қайратты, әрi өткiр. Дей тұрғанмен, ол – қаншама өткен тарихпен көршiқолаң қонып, онымен ауыз жаласқан дос-жарандай араласқанмен, ол бәрiбiр осы уақыт пен заманның ақыны. Өйткенi, ол: «Он ғасыр бұрын туғанда, Бабамның жолын қуғанда, Тоғысқан тоғыз тараптың Таңдау боп бiрi тұрғанда, Бойыңды, ойым, жасырма. Кiм болар едiм расында?» – деп, өткен заманнан өз орнын iздеп алағай да бұлағай күйге түсiп, бүгiнгi күннiң көкейiңдi бiрде кесiп, бiрде тесiп жатқан сан қилы, сан сырлы тiршiлiгiне қайта оралады. Оралады да уақыттың дауылды өтiнде қалтырап, қамығып тұрған халқын, тығырыққа кептелiп қамалып тұрған сол халықтың көздерi жәутеңдеген арманы мен үмiтiн көредi. Жанарында – жас, жүзiнде – нала. Уақытымды күте-күте бiттi әлiм. Маңай тұман, жұлдыз бiткен адасты. Кiм бiледi, кiмдер не iстеп жатқанын, Кiмдер қалай жұбатарын алашты? – дей келiп, Қасiретiмдi түсiн мейлi, түсiнбе, Өз талайын әркiм өзi тапқандай. Жонарқамда, жұлынымның iшiнде Жауынқұрты қабiр қазып жатқандай.

Бұл – тек қана ақынның жеке қара басының ғана азабы емес, әрине. Бұл – халқының бүгiнi мен ертеңiн ойлап қамығып-жабығатын бар қазақтың қазiргi халi. Шынында да, халқының келешегiн ойлап қабырғасы қақырап сөгiлiп бара жататын, өзiн-өзi қадiрлейтiн қай қазақтың да санасын жебiр құрт кемiрiп, жұлынын жауынқұрт жалмап жатқан жоқ па?! Тағы да Әмiрхан жұлыныңды жауынқұрт жалмап жатыр демейдi. «Жұлынымның iшiнде жауынқұрт қабiр қазып жатқандай», – дейдi. Бейне бiр мына қатыгез тағдыр, зұлым уақыт тәнiңдi жерге бермей-ақ өзiңе-өзiңдi көметiндей. Неткен қатал үкiм! Мына дүние ту-талақай боп тозып, ойың онға, санаң санға бөлiнiп, тұла бойыңнан қан сорғалап қансырап, жан-жағыңнан андыздаған сан сұраққа жауап таба алмай, сансырап қалған ақын не iстеу керек. Иа, Аруаһ! Қалмасам да тұралап, Бiздiң бастан ұшады ендi, сiрә, бақ. Ақының боп аңырайын соңғы рет, Соңғы сөздi Тәңiрiмнен Сұрап ап! Әмiрханның өзi айтқандай, «Құдай сақтасын» дейсiң мұндайда. Ондай халдi басымызға бере көрмесiн. Бiрақ жаман айтпай жақсы жоқ демеп пе едi дана халқымыз! Бұл сөздер тiптi де күйректiк емес. Қайрау. Сенi, менi ойландыру. Ояту. Сiлкiнiп, серпiлмесең түптұқияныңмен құрдымға жұтылып құрып кетесiң дегенi. Әйтпесе, Әмiрхан Балқыбек – «көңiлiне тауды алып, сенiмiне аспанды ап» жүре алатын ақын. Тек менiң бiр байқағаным, байқағаным емес-ау, байқап жүргенiм Әмiрхан Балқыбек тым сараң жазады. Әрине, сараң жазу кемшiлiк емес. Оны өзiне-өзi қатал қарау деп ақтап алуға болады. Бiрақ оның да шетi мен шегi болса керек. Не болғанда да, менiң ойымша, Әмiрхан өз мүмкiншiлiгiн тұсап, өз қарым-қабiлетiн арқандап ұстап отырғандай көрiнедi де тұрады. Арқырап-сарқырап келiп тұрған шабыт арынын тiзгiндеп, екпiнiн тежеп, өзi айтқандай «шабытты құлыптап өмiр сүру күнә». Бұл жерде мен оның өз «Ескертуiн» өзiне қаратып айтқым кеп тұр.

Бiр ғасырдың аяғы, бiр ғасырдың басында, Шабыттары құлыпта, шашы ағарған отызда. Қырығында қарт болған ақындардың да Болғанын Ей, Уақыт, ұмытпа! Ұмыттырмау үшiн не iстеу керек екенiн басқа-басқа Әмiрхан жақсы бiледi. «АҚЫН БОЛУ АЗАП ҚАНДАЙ, ТӘҢIРIМ» Жарас Сәрсек – кiсiлiгi де, кiшiлiгi де бiр басына молынан жететiн, жұртты да сыйлай алатын, өзiн де сыйлата алатын жайсаң азамат. Аспайды да саспайды. Биязы сөйлейдi, бипаз жүредi. Тiптi үлкенге сәлем берер кезiнде де алдымен жаға, омырауын жөндеп, шашын тарап алып барып сәлем бередi. Жүрiсi де ерек. Денесi қаршығадай шағын бола тұра, қашан көрсең де, салмағы тонна тартатындай асықпай баппен басып бара жатқаны. Ол осынысымен, өлеңiнен де, өзiнен де, сөзiнен де Жетiсудың бүкiл өсiмдiгiнiң иiсi бұрқырап тұратын құрдас замандасым, марқұм Жұматай Жақыпбаевты еске түсiредi. Ол да осы Жарас сияқты жартас көтерiп келе жатқандай асықпай баппен басатын. Жүрiс-тұрыстары ұқсас болғанмен, екеуi бiр-бiрiне мүлдем ұқсамайтын бөлек ақындар. Арналары да бөлек, өрiстерi де бөлек. Жарас та алтынкөпiрлiктердiң iшiнде алғаш көрiнген, жұрт аузына ертерек iлiнген, көзге бiрден түскен ақындардың бiрi. Халқы еркелеу, Сүмбе дейтiн ауылдан Алматыға өзiмдi iздеп келiп ем, – дейдi ол алғашқы өлеңдерiнiң бiрiнде. Басқа жұрт Алматыға iлiм-бiлiм, орта iздеп келушi едi, ал бiздiң Жарас Алматыға өзiн iздеп келген. Ә дегенде тосаңдау естiлгенмен, аңдап қараған жан бұл жолдардың астарынан үлкен мән мен мағына көрген болар едi. Шындығында да, қай-қайсымыз Алматыға өзiмiздi тану үшiн, яғни өзiмiздi табу үшiн келдiк қой. Өзiңдi тани

алмасаң, өзiңдi таба алмайсың. Яғни өзiңдi таба алмасаң, өзiңдi тани алмайсың. Жұрт та сенi тани алмайды. Бұл – бесенеден белгiлi жайт. Жарас осыны дәл тапқан. Өзiмдi iздеп таба алдым ба бұл маңнан Ол жайында жар салғам жоқ ертерек. Мойнын қысып мұңданады бiр арман, Қойнын ашып бiр үмiт жүр еркелеп. Әрине, мен өзiмдi-өзiм таныдым, өзiмдi-өзiм таптым деп ешкiм де айта алмайды. Тiптi, өзiн-өзi тапқанына көзi жеткен адам да. Айтса, ол адам даңғой немесе өзiнөзi әлi таппаған адам. Сенiң өзiңдi-өзiң тапқаныңды былайғы жұрт айтуы керек. Бiздiң сырт көз ретiнде бiрден айтарымыз, Жарас Сәрсек – өзiн-өзi тапқан ақын. Оның қазiр әдебиетте өз орны, өз дауысы бар. Ол, тауда өссе де, тау өзендерiндей бұрқан-талқан боп, тасып-төгiлiп астан-кестенi шығып, аптығып, асығып сөйлейтiн ақындардың сойынан емес. Өзiнiң жүрiс-тұрысы сияқты баппен сөйлейтiн, баппен сөйлеп отырып, қатпарлы қыртысқа, астарлы астарға үңiлетiн ақын. Сондықтан да ол жұрттың бәрi көре алатын жайттарды емес, «тiгiстердiң қыртысын қалқан еткен биттердi, асаяқтың ернеуiн талқан еткен иттердi» көргендi жақсы көредi. Сондықтан да ол: Топырағын тамырдың же-рiн-бей-тiн-дiгiне, таңқаламын Содан соң көрiн-бей-тiн-дiгiне, – дейдi. Атам қазақта «айтпасаң, сөздiң атасы өледi» деген аса қадiрлi, аса қасиеттi сөз бар. Бұл сөз, ең алдымен, алдына ақ қағазды ақ жайнамаздай жайып, қолына тектi құстың қауырсынындай қалам ұстаған ақынды үлкен мүдделерге мiндеттеп тұрған сөз. Егер сен табиғат берген талантыңды сол мiндеттiң үдесiнен шығаруға жұмсай алмай, анадан бiр үркiп, мынадан бiр шошып, анаған бiр жалтақтап, мынаған бiр жалбақтап, өзiңдiөзiң рәсуа етiп айта алмадың ба, онда сен сөздi ғана емес, өзiңдi де өлтiрiп тынғаның. Сөз қашанда киелi. Сөз өлсе де, оның киесi өлмейдi. Оның киесi дүниенi кезiп жүретiн болса керек.

Ертеде-ерте, тұншығып өлген сөздер мың, Түрегеп келiп түсiмде менi қарғады. Тәңiрiм, Маған көрсiн деп тағы көз бердiң, Көрсоқыр екем, Ақталар амал қалмады. Сөзiм мен көзiм кебiнсiз өлiк секiлдi – Жалаңаштанды, Барады бастан күз өтiп. Халқыма қайтіп көрсетем қансыз бетiмдi. Өлiктерiмдi отырар болсам күзетiп. Сiз ендi, бiр пәске, сөздердiң өлiктерiн күзетiп отырған ақынды көз алдыңызға елестетiңiзшi. Тұла бойыңыз дiр ете түсерi сөзсiз! Сонан кейiн ақын: Келiстi ұл деуге кейпiмде кескiн кем менiң Бесiктен босап, Есiкке жетпей көнергем, – деп жабығып, күйзеледi. Жабығып, күйзелмей қайтсiн, «ермiн деп елге семсердi сүйiп серт етсе де», «қара орман ойды қашқақтап жүрiп мерт етiп, оның да бейiтiн кеудесiне салып» көтерiп жүрсе. Бұл өлең, сөз жоқ, өзiн елдiң перзентiмiн, халықтың азаматымын деп жүрген кiм-кiмдi де қатты ойға қалдыратын, осы мен өзi не iстеп жүрмiн, не iстеуiм керек едi деген мәңгiлiк сұрақтар астына байлап қоятын өлең. Шынында, бiз неге осыншама күйгелек, неге осыншама жалтақпыз? Апыр-ау, бiз мына өмiрге «ұрпақ үнiн ұран етсем деп едiм, мұң-зарыңды бiр ән етсем деп едiм» деп келмеп пе едiк?! Сол анттай уәденiң үдесiнен, көзiн алмай қадалып қарап отырған қалың қауымның сенiмiнен неге шыға алмаймыз?! Жанды жаралайтын, ой-сананы сарсылтатын сұрақ көп. Сұрақ, сұрақ, сұрақ! Жарас та сол сұрақтарға жауап iздейдi. Әрине, оның әлеңкедей жалаңдап тұрған бұл сұрақтарға нақты жауабы жоқ. Бұл сұрақтарға ешкiм де нақты жауап бере алмақ емес. Оның тек нақ бiлерi, сол елiң мен жерiң үшiн әрекет ет, қолыңдағыны үлестiр, аузыңдағыны жырып бер. Сондай әрекетке дайын екенiне ол ғашық жанның алдында тұрып серт бергендей болады.

Сезiм дейтiн жанымды өртеп жасынды от, Сен шөл болсаң жаумақ болғам жауын боп. Асқақ басын табанында таптаған Әттең, менiң бабам-сынды жауым жоқ! Сенiң ғана үстем болып жарлығың, Менiң тiптен шықпай сөнiп қалды үнiм. Мен денемдi төртке бөлiп жоқ болам Үлестiрiп кемтарларға барлығын. Көңiлiмнен көрiп соңғы жолымды, Көзсiз тауып барам сонсоң қорымды. Әлi ешкiмнiң жағасынан алмаған Сыйға тартам қолсыздарға қолымды. Шатастырған жасық пенен жасынды Қаншаңызды бассыз иық басынды. Сыйға тартқан қолымменен кесiп ал Азығы көп, жазығы жоқ басымды. Ендi ақын өзiнiң қолымен өзiнiң басын кесiп алсын мейлi, бәрiбiр ол, не нәрсеге де бейiл. Иығына үлкен жүк арқалатып, алдына iрi мақсат қойған ондай ақын мына дүниенiң жалт-жұлт еткен қызығы мен дуылдаған той-думанына қарамақ емес. «Көңiлдi жыр жазуға келмей қойды ыңғай бiр» деп ондай жалтылдақ, жыртақай өмiрден өзiн сырт ұстап қана қоймай, құлқының да, ниетiнiң де мүлде жоқ екенiн бiлдiредi. Ал ондай ақын сонда не iстемек, ненi бақпақ? Өзiме-өзiм ақын болдым, ләйлiдiм, Жырға қосып Мәжнүнiн Ләйлiнiң. Қара түнде бiлте шамның түбiнен Ауылын шолып отырамын қайғының. Ендi ақынның мұңдасы да, сырласы да елiнiң қайғысы. Мұндай сәтте оның көзiне «қардың өзi аппақ қайғы» боп көрiнедi. Дегенмен, егер ақын тек халқының қайғысын бақылап-шолушы деңгейiнде қалса, онда ондай ақыннан не үмiт, не қайыр. Онда ол өзiн ғана емес, оқырманын күйретуге, оның сағын сындыруға қызмет етсе керек. Шын ақын, әдетте, халқының қайғысын

көре отырып, оған қанжылап ортақтаса отырып, одан рухани қайрат алуға тиiс. Иә, иә, қайғының өзiнен рухани қайрат алуы тиiс. Осыны жақсы түсiне бiлген Жарас Сәрсек ауылына хат жазған бiр сәтiнде «дайын бол, таңданбастан, мен бiр күнi наладан найзағайға айналғанда» деп өзiнiң басты мақсатын жайып салады. Халқының бүкiл мұң-зары мен уайым-қайғысын жанжүрегiне құйып алған ақын қалайда наладан найзағайға айналуға мiндеттi. Онсыз бәрi бекер, бәрi бос сөз. Әрине, қайғыға ортақтаса бiлу де үлкен азаматтық болмыс. Бiрақ, ол ақын үшiн аздық етедi. Өйткенi, ақын парызы қайғыға ортақтаса отырып, сол қайғыны сейiлтуге ұмтылса керек. Осындай мақсат-тiлекке бiлегiн сыбанып, белiн буып шыққан ақын «аттап өтiп өзiнiң қабiрiнен» жолға шығады. Тосын мiнез. Тосын әрекет. Басқа-басқа өз қабiрiн аттап өтiп жолға шығу – тiптi «қайда барарын» анық бiлмей тұрса да, осындай тосын мiнездi қажет етсе керек. Сөз жоқ, ол жолдың кедiр-бұдыры, ирелең-бұралаңы көп. Ол ендi талай-талай қиямет-қайым қиындыққа, талай-талай сарсаңға түсiрiп сабылтып қоятын кедергiлерге кездесерi хақ. Өмiр деген де қызық қой. Жүрген сайын, оны көрген сайын, оған үңiлген сайын дал боласың, тiптi бәрiнен көңiлiң суып, айдалада қалғандай бүкiл iшкi дүниең аңылжып, не iстерiңдi бiлмей дел-сал боп, дағдарысқа түсерiң хақ. Ондайда ақынның: Қыр басынан төменге сенбей қарар, Қайыңдар-ай, бұл күнде жайым басқа. Шариғат пен табиғат ұқсас деушi ем Адам басқа екен ғой, қайың басқа... – деп мұң шағатын тұстары аз болмайды, әрине. Бiрақ, бәрiбiр, дүниенiң әрбiр үнi мен дыбысына құлағы түрiк, оның әрбiр қимыл-қарекетiне көзi ашық, бәрiн былай қойғанда «Тәңiрiнiң кереуетiнiң сықырлағанына» дейiн естiп, бiлiп отырған Жарас Сәрсектiң «ақын болу азап қандай, Тәңiрiм» деп айтуының өзi-ақ оның зор мiндет, үлкен мақсат жолына түскенiн көрсетсе керек. Бiздiң Жарастың сол азапты жолда арымасына сенiмiмiз мол.

«КIРПIГIНЕ ҚАН ҚАТЫП, ҚОҒАМЫҢ ТҰР» Бауыржан Бабажанұлы – барынша қарапайым жазады, шешен жазады, бiр сөзбен айтқанда, қазақы ақын. Табиғаты қазақы. Бiзде қазақы жазуды, қазiргi заман құбылысынан кеш қалып қойғандай, уақыт көшiне iлесе алмай қалғандай, көне стиль, ескi сүрлеудi шиырлап жүрген сияқты көретiндер бар. Бауыржан туралы олай ойлау – күнә. Ол тiптi де заман құбылыстарынан да, уақыт көшiнен де сырт қалған ақын емес. Қазақы көрiнейiн деп өлең жолдарына қаптаған архаизмдердi арқалатып та қоймайды. Оның ерекшелiгi сонда – қандай бiр күрделi ұғымды да қазақ жанына жақын етiп қорыта бiлетiндiгiнде. Ол сөз iздеп, оны жамап-жасқап жатпайды, сөздiң өзi табиғи түрде құйылып жазады. Яғни, қазақы ситихиялық мiнез. Қай өлеңiн оқысаңыз да, одан көкiрек сарайыңды ашып жiберетiн даланың аңқылдаған желi есiп, нөсерден кейiнгi жусанның кермек иiсi бұрқырап қоя бередi. Оның өлеңдерiндегi мұндай қазақи жайдары мiнез ұлттық тақырыптарды жазғанда ғана емес, мүлде басқа тақырыптарды жырлағанда да, атап айтқанда, «Ескендiрдiң мүйiзi», «Сүлейменнiң жүзiгiнде» де анық көзге ұрып тұрады. Мәселен, сол «Сүлейменнiң жүзiгiн» алайықшы. Бұл өлеңде Бауыржан жұрттың бәрiне белгiлi оқиғаны хабарлы сөйлемдермен баяндап жатпайды. Одан осы заманға сай философиялық мәнмағына iздейдi. Iздегенде де нақты әрекет арқылы, яғни Сүлейменнiң жүзiгiн қолына киiп алып сөйлейдi. Қайран басым болған кезде бiр әлек Жалғай алмай бiр ойлардың үзiгiн, Пайғамбардан қалған маған мұра деп Тақтым қолға Сүлейменнiң жүзiгiн. Содан кейiн күндер кештiм қызықты ең, Құшағы ыстық Бақтың ауылын мекендеп. Сәуле түсiп, жазу шықты жүзiктен «Байқа, бала, бұл күндер де өтер» деп. Тақырыпты қазақша қорыту, яғни қазақ ұғымына жақын, қазақ ұғымына сiңiмдi етiп беру деген осы. Әйтпесе, Сүлейменнiң жүзiгiндегi мәтiнде «байқа,

бала,» деген тiркес жоқ қой. «Байқа, бала, бұл күндер де өтер» деген тiркес қазақ үшiн әлдеқайда салмақты, әлдеқайда ұғынықты. Әрине, Бақыт дегенiңiз де баянсыз. Ол да тас төбеңде бұлбұлдай тамылжытып сайрап, тотықұстай мың құбылып тұрады да, күндердiң күнiнде басыңа бiр саңғып ұшып кетедi. Аттан түстiм, түстiм дұшпан торына, Азап шектiм, ит өмiрден жерiндiм. Далбасалап қарап едiм қолыма Бұл күннiң де өтетiнiн ұғындым. Әлбетте, Бауыржанды қинайтыны өз басының халi емес. Оны қинайтын жайт, көкiректерi аяққаптайаяққаптай боп, кеуделерiне нан пiсiп, ысқырықтарымен жер жарып, жетi қабат таралғыны қатар үзiп жiберердей боп шiренiп, көздерiн шел басқан асып-тасқандар. Соларды көрiп тұрған Бауыржан: Соңына ерген көп итiне үргiзiп Ендi тiзе батырмас деп мына елге. Тым болмаса түссе көктен бiр жүзiк Кигiзер ем, шiркiн, ана бiреуге... – дейдi. Өлең бiттi. Бiрақ, оқырманды толғандыратын, толқытатын толғақты ой қалды. Жалғанды жалпағынан басып жүрген сол шiренген шiркiндердiң қолдарына сенiң де Сүлейменнiң жүзiгiн кигiзгiң келiп кетедi. Жалпы, Бауыржан сөздi аса қасиеттi ұғым, яғни, дүниенiң алтын дiңгегi, асыл қағидасы деп бiледi. Оның ертеректе жазылған «Сөз» деген өлеңiне киелi кiтаптағы «әуелi сөз болған» деген тiркестi эпиграф етiп алуының өзi содан болса керек. Мақсат басқа, өзге арман, Болмысым да... көнердi. ...Атамыздан сөз қалған, Не қалдырам мен ендi? Сап, сап, көңiлiм – бозжорғам, Жоқ нәрсеге налыма. «Ең әуелi сөз болған», Сөз болады соңы да!

Рас қой. Адамды шыр етiп жерге түскеннен әуелi сөз күтiп алады, соңғы сапарға аттанарда сөз шығарып салады. Сондықтан да, сөз қадiрiн бiлу деген сөз – өз қадiрiңдi бiлу деген сөз. Өз қадiрiңдi асқақтатам десең, онда сен сөз қадiрiн асқақтат. Өйткенi, мына дүние сөзбен ғана өлшенедi, сөзбен ғана бағасын алады. Өмiрдiң алағай да бұлағай аласапыран тiршiлiгiне де, адам жанының жықпыл-жықпыл түкпiрлерiне де қоғамда болып жатқан ақ түтек, қара құйынды құбылыстары мен сапырылыстарына да тек сөз арқылы үңiле аласың. Несiн айтасың, қазiр бiздiң күнiмiз, қашанғыдай, «қасқыр байлап ұстағандай қорада» болып тұр ғой. Ылғи бiр бiтпейтiн де қоймайтын арбасумен, аңдысумен күн кешiп келемiз. Содан барып сан соғып опынасың, тiптi омақаса құлап, бiр жақ қабырғаң опырылып құлағандай боласың. Олай болмаса, ақын: Мен, мен едiм, мен едiм, Тауға айналдым, төбе едiм. Егемендi ел болдым, Ендi мәңгi жайқалады желегiм ... деп едiм. Бiрақ, бiрақ азат, дарқан елiме Тiлiм керек болмады. Дiлiм керек болмады. Дәл осылай кете берсе егерде Менiң дағы болар ма екен керегiм?! – демес едi ғой. Дәл қазiр бәрiмiздiң жанымызды жеп, етiмiздi езiп, сүйегiмiздi кемiрiп жатқан сұрақ осы ғой, «Мен, мен едiм, мен едiм» деп жүрген мына елдiң керегi бар ма өзi?! Әй, қайдам... Өйткенi ««Қазақты алдау» дейтұғын бiр ойын бар, Қазақстан дейтiн мемлекетiмде»... сол ойыннан «ойынымыз осылып» кетпесе игi едi... Ел мен жер тағдырын ойлаумен қабаржып жүретiндiктен бе, жоқ, әлде о бастағы табиғи болмысбiтiмiнен бе, Бауыржанның ең бiр жақсы көретiн мезгiлi – Күз. Күздi мол жырлапты. Тiптi ол күздi адам кейпiне енгiзiп, оны шәлкес мiнездi, долы, дүлей қимылды Құдағай ретiнде қабылдайды.

Сәлем бердiк, төрге шық, Күз-құдағай, Құрметiмiз қалған ба, сiзге ұнамай? Қабағыңнан қаймығып, кеттi шығып Қыз мiнездi жаз дейтiн бiздiң ағай. Даңғыратып бұлт-нөкер шелектерiн Желiктiрер анау жел желөкпенi. Әжемiздiң өрмегiн күрт үзiпсiз, Сәл сабыр ет, құдағай, о неткенiң? Бiздiң әрбiр iсiмiз күнә сынды, Өршелене жаясың құлашыңды. Жекжат жөнiн бiлмейтiн ел емеспiз, Ақылға кеп, бер ендi бiр ашуды. Қайың шашын жұлыпсыз, обалдағы-ай, ...Бұрын қалай келгенбiз абайламай. Бiз еңкейген сайын сiз шалқаясыз Мiнезiңiз, апыр-ай, қалай-қалай? Бұл өлеңге түсiнiк берiп жатудың өзi артық. Сурет – өлең. Образ – өлең. Ешқандай талқылап, таратып жатпай-ақ бәрi ап-айқын. Бұл өлеңнiң тағы бiр көзге ұрып тұрған ерекшелiгi – барынша қазақы мiнезiнде, яғни қазақы орындалуында. Сол үшiн де әдейi келтiрдiм, Бауыржанның сөзден өзiмiзге етене таныс сурет сала бiлетiн шеберлiгiне тәнтi болғандықтан. Әйтпесе, Абайдың «Қыс» өлеңiнен бастап жыл мезгiлдерiн адам кейпiне келтiрiп суреттейтiн өлеңдер, Құдайға шүкiр, жетiп артылады. Негiзiнен, Бауыржан күздi өзiмнiң көңiл-күйiмнiң ауа райы, жан құбылыстарымның климаты деп бiледi. Мөлдiр бұлттан пәренжi жамылды Ай да, Шаршады ғой... аспан сәл дамылдай ма? «Жылама ендi, сүрткiн, – деп – көз жасыңды» Ақыл айтар күзге ешкiм табылмай ма? Мен-ақ ақыл айтар ем, түсiн, бiрақ... Бiреу алып кеткендей күшiмдi нақ. Айқайлаймын, дауысым шығар емес, Тұр өйткенi, менiң де iшiм жылап.

Көңiлдiң көп бояуы оңар шерден, Бiзге дағы көп адам болар сенген. Сол сенiмнен шығайық, жылама, күз, ... Алдыменен сен тоқта, содан соң Мен. «Көңiлiнiң көп бояуы шерден оңып» кеткен Бауыржанның iшiн қанжылататын жағдаяттар көп болып тұр. Тым көп. Өйткенi, «шындығыңыз бүгiнде тұлдыры жоқ тұл жетiм». Өйткенi, ол «мыстан-өмiр қолынан көземенен қайғы iшкен». Өйткенi, ол: Данғазаның буына маң дала мас, Жапырақсыз қурады орман-ағаш. Кiрпiгiне қан қатып қоғамың тұр. Үмiт күткен ұрпағың ол жалаңаш. Арманымен қондырған айға өлеңiн Адалдықтың әр кезде байрағы едiң. Етiк сатып ертеңiң базарда жүр, Ендi күнiң не болар, қайран елiм? – деген етiн езiп, сүйегiн үгiтiп жiберетiн ауыр сұрақтың астында жүр. Қай жағына қараса да еңсесiн басып, жан-жүрегiн талап, сезiм талшықтарын отап жiберетiн көрiнiстердi көре-көре көңiлi әбден қайтқан ақын «бақытсыздық пен ақында бар ма екен әлде үндестiк» деген зiл батпан тұжырымға келедi. Мен бұл мақаламды Бауыржанның өз өлеңiмен аяқтағым келiп тұр. Өйткенi, ол өлең көбiмiздiң қазiргi көңiл-күйiмiздiң ең керектi пернесiн дәл басып, шермұңымыздың шегiн дер кезiнде қағып жiберетiн жұпжұмыр қалпында, аяқ-қолы балғадай боп туа салған өлең екен. Жүрегiмдi билегенде нала-мұң, Хал-жайымды сұрай берме, қарағым, Құлай-құлай таусылған бар амалым, Күрсiнуден күлге айналған жанарым. Лаулай алмай, бықсып жанған шаламын. Қарашаның бұлты-сынды түнерген Қара көзден қан ағызып күлем мен. Жанарында қайғы жусап, мұң өрген Қара түннiң үрпiнен мен жыр емгем.

Содан болар көңiлдiң көп кетеуi, Менiң жаным – көңiлсiздiк мекенi. Қиялымның қанжылаған жанары, Арманымның жасқа толған етегi. Көкiрегiмде күрсiнгенде шерлi өлең, Сәби-мұңды бесiгiмде тербеп ем... Өз сезiмiн өзi өлтiрiп жерлеген Қанды қолды қатыгезбiн мен деген. Хал-жайымды сұрай берме сен менен. «ОРМАНДЫ СӨЗДIҢ АЙМАҒЫН ОМБЫЛАҒАН ОЙ БҰЗАР» Осы топтама мақалаларымның бас жағында Әмiрхан Балқыбек туралы жазған пiкiрiмде мен оның тым сараң жазатынын ескерткендей сөз айтып, бiрақ сараң жазудың тiптi де айып емес екенiн, солай бола тұра, қолына қаламды жиiрек қолға алғанын қалайтынымды бiлдiргендей болып ем. Бұл толқынды оқи келе, сараң жазу «ауруы» олардың бәрiне де тән екенiн ұқтым. Алды қырыққа кеп қалған, баяғы бiздер секiлдi қыспақ пен құрсауда, яғни қатып-семiп қалған, сықиған стандартта емес, аласапыраны да, алыс-жұлысы да көп қым-қуат, алақұйын дүниенiң iшiнде жүрсе де неге соншалықты сараң жазатындарына түсiнбей-ақ қойдым. Құдай-ау, өлең дейтiн бiрде жамыраса табысып, бiрде жағаласа тебiсiп жатқан мына қатал да қазымыр уақытпен шаппа-шап ұстасып, қоян-қолтық тартысқа түсетiн соншалықты ұшқыр жанр емес пе?! Әрине, не болса соны жаза бермеу керек, не болса соның жетегiнде кете бермеу керек, не болса соны ешқандай електен өткiзбей, iшкi қуат-қарымыңда қорытып алмай, дүмбiлез қалпында өлең ете бермеу керек. Мұның бәрi түсiнiктi. Дей тұрғанмен... Дей тұрғанмен... Бiрақ, солай бола тұра, бұл толқынға сүйсiнгенiм, олардың әрқайсысының өз жолы, өз дауысы бар. Бiрбiрiне мүлде ұқсамайды. Шығармашылық ара-жiктерi бiр-бiрiнен алшақ-алшақ жатыр. Бiрi мен бiрiн тiптi де шатастырып алмайсың. Осы «сараңдардың» қатарындағы Нұржан Қуантай-

ұлы да өлең деген күретамырдай даңғыл жолға өз соқпағымен келiп қосылыпты. Бұл жерде бiз жол мен соқпақ метафорасын тектен-тек айтып отырған жоқпыз. Өйткенi, оның «Күмбiр» кiтабының алғашқы бетiндегi өлең «Жолда» деп аталыпты. Бұл өлең – ақынның өзiн қанағаттандырған, көңiлiнен шыққан алғашқы өлеңдерiнiң бiрi болса керек. Өлеңдегi «сүреңсiз күннiң сүт қосқан шайға бiр қанған Анама ұқсап ашылып қапты қабағы», «қоға мен қамыс үңiлiп тұрды жапырлап, етектi кесiп есiле аққан өзенге» деген жолдар, сөз жоқ, жас ақынның әрi сергек, әрi байқағыштығын көрсетсе керек. Нұржан қиядағыны қапы жiбермейтiн байқағыш қана емес, сол көргенiн қаршығадай қағып түсетiн алғыр. Тағы да ол көргендерiнiң бәрi қазақ жанына жақын. Ұлттық колоритке бай. Сары шалдың тарамдалған

сақалындай Ошақта от көлбеңдейдi жел лебiмен. Кiм-кiмдi де қызықтыратын жанды сурет. Жалпы, Нұржан сөзбен сурет салуға шебер-ақ. Тағы да ол суреттердiң бәрi сондай нақты, бояуы сондай қанық. Сонымен бiрге, ол суреттердiң бәрi де уақыт табымен көмескi тартып көнермейтiндей. Бейне бiр олардың бәрi жаңа ғана, сенiң көз алдыңда салынғандай. Тiптi ұстасаң қолыңа бояуы жұғып қалардай немесе нақты бiр заттың табы алақаныңа сезiлетiндей. Оқып көрейiк. Аңдаусызда аспанға нұрын шашып Нәлiсiндей етiктiң... Ай қағылды. Немесе: Бұлақтың суы бүйiрi қызып биледi Қақпақыл қылып қайраңда малта тастарды. Немесе: Жаңа сытылған терiсi құсап соғымның Көкжиек сонау көлбең де көлбең бу болып. Немесе: Ақша бұлттар түтiнiндей мүштiктiң.

Немесе: Жайып қойған өреге ақ малтадай Ауыл үйi көрiнген ағараңдап. Немесе: Салы суға кеткен көктiң Еңсесi Ескi тонның етегiндей салбырап. Мiне, осылай жалғаса бередi, жалғаса бередi. Әрине, бұл суреттердiң бәрi дерлiк ғылыми-техникалық төңкерiс заманының шынжыр табаны жерiн таптамаған, сорайып-сорайып тұрған тұрба өңештерi көгiне көкала түтiн құспаған туған жердiң тұнып тұрған келiстi келбеттерi. Бiрақ, сол айшықты суреттер мен әдемi көрiнiстердi көтерiп тұрған ол сұлу аймақтың да сұңғыла тарихы болмас па? Әрине, көрген көздi сұқтандырып, айтқан ауызды тамсандырып жiберетiн сол ғажап көрiнiстерге толы бұл аймақ ғасырлар бойы осындай тамылжыған қалпында тұрмаған екен, ол жер де талай-талай қанды оқиғалардың куәсi болып, басынан талай-талай тартысты оқиғаларды өткерген екен... Ендi ақын да өзiнiң қылқаламын көз бен көңiлдi қатар арбайтын сары ала, жасыл бояулардан арылтып, қара ала, қанқызыл бояуларға малып алады. Торғайы ұшқан сор далам, Толғамалы найза толғатар ердей қомданам. Тұтам емшектей ту бие үшiн нар бабам, Тұттай баланың тұрмысы үшiн нар бабам Басы қайда қалмаған? Салқар тарихты сайына тығып сар далам: «Қараша жұрттың қай сөздерiн қарманам», Қадiрi қашқан, қаһары асқан заманда Қазағым қайда аумаған. Ендi ақын бойында не нәрсеге де, қандай құбылысқа да тарихи көзқарас қалыптаса бастады. Ақын бойындағы тарихи көзқарас деген категорияны нақты бiр тарихи аяда ғана қарастыруға болмайды. Бұл жерде ол ұғымды қай тақырыптың да арғы астарына үңiлiп, тамырына бойлап, қыртысын аршып, тегiн тануға ұмтылу деп

қараған жөн. Яғни, Нұржанның көру аясы ауқымдалып, дүние танымы мен көңiл көкжиегi кеңи түстi деген сөз. Яғни, ендi ол қылт етiп көрiнгендi кәнiгi фотографтай сырт еткiзiп түсiре қоятын немесе көздi арбап тұрған көрiнiстi шұғыл түрде көшiре қоятын пейзажистен гөрi, тақырыпқа айналған материалдың арғы жағына, iшкi әлемiне зер сала бастады. Сол әрекет, сол жолға түскеннен-ақ мына жарық дүниенiң шетi де, шегi де жоқ екенiне көзi жетiп, оның драмасы мен трагедиясы андыздап шыға келдi. Ақын ендi қияметтен де қиын сол дүниенiң iшiне кiрдi. Көкжиектiң кемерi, Көзiмдi менiң алдама. Шегi бар жердiң деп едi, Шексiз екен-ау жалған, ә? Көкжиектiң кемерi Көзiме қарар сұғына. Жалықпай-ақ ел сенедi Жалғанның жалғандығына. Көкжал тағы қайда бар? Көзiме айтшы, сыр бүкпе. Диiрмен құсап айналар Дүниесi де, тiрлiк те. Дүние шыркөбелек айналуда. Тағы да диiрмен құсап. Алапат айналыс. Дәндей басыңды ұндай үгiтiп тартып жiбермек. Көкжиектi, көкжиектiң кемерiн ол бұрын да көрген болатын. Ол кезде көкжиектiң кемерiнде бұлың-бұлың етiп жататын «сағымды малтып барсам ба» деп әдемi бiр ойнақы қылық көрсетiп, туған жерге деген аңсар сезiмiн ғана бiлдiрiп қойған-ды. Сөйтсе, табиғат көкжиегiнiң кемерiнен гөрi, өмiр көкжиегiнiң кемерi әлдеқайда ауыр да қиын болып шықты. Нұржан ақын ендi көмейiне түскеннiң бәрiн ұн етiп тартып жiберетiн диiрмендей айналып тұрған дүние мен тiршiлiк түгiлi, күнi кеше ғана моп-момақан боп монтиып, жұп-жұмсақ боп жұтынып, өзiнiң бүкiл сұлулығы мен сымбатын сыртына шығарып жататын табиғаттың өзiнен де драма, табиғаттың өзiнен де тартыс көретiн болды. Өзiнiң көңiл-күйi мен көзқарасын сол

табиғат құбылыстарымен астастыра қарастырып, өлеңiн сол құбылыстармен үйлестiре, үндестiре өретiн болды. Сiре, сiре, сiре қар, Сiре қарда кiм оңар. Сiрi қалған мына бiз, Сiз табыңыз бiр амал. Қара түннiң қаймағын Айқай бұзбас, ой бұзар. Орманды сөздiң аймағын Омбылаған ой бұзар. Айтылар ойдың, iшкi психологиялық арпалыстың балқыған қорғасындай боп құйыла қалғанын былай қойғанда, орындалуының өзi қандай әдемi. Құлағын келтiрiп, бұрауын қалай дәл түсiрген. Сыңғыр-сыңғыр, сыңғыр-сыңғыр. Бейне бiр әр буын, әрбiр сөзге көзге көрiнбейтiн құйтақандай-құйтақандай күмiс қоңыраулар iлiп қойғандай. Ақын мына тiршiлiкке бұрынғыдан да жiтi, бұрынғыдан да сергек қарайтын болды. Көру де, сонымен қоса көзқарас та өзгердi. Бiр кезде қағылған нәл сияқты көрiнетiн Айыңыз ендi «бұлтқа сiңген қауғаның шелегiндей суға батып бара жататын» болды. Алдынан «ошаққа ұқсап жұртында қалған моладай суық қыстақтар» шығып, соларды көрген өзiнiң де көңiлi «қабырғасы құлаған ескi жұрттай қақырап» қалатын болды. Махамбет ақынның: «Ежелгi дұшпан ел болмас, етектен кесiп жең болмас» деп қылыштай тiлiп сөйлегенiн оқып, оны көңiлiне мықтап тоқып өскен ақын, ендi мына аяр заманның сол бiр серттей берiк сөзден сырт айналып кеткенiн көрiп: «Ежелгi дұшпан ел болды, етектен кесiп жең болды, тең-тең болды, тең болды, тең-тең жүгiң жем болды», – деп қамықты. Нұржан Қуантайұлының тағы бiр менi сүйсiнткенi – өзiнiң бiр шыққан биiгiнде қалып қоймай, өзiне де, өзгеге де тосын, өзiне де, өзгеге де белгiсiз тың өрiстерге шығуға құмарлығы. Бұл ретте ол оқыған көзге де, естiген құлаққа да оқшау көрiнiп, тiптi оғаштау естiлетiн образдар мен сөз тiркестерiнен де қашпайды. Абай «қиыннан қиыстырар ер данасы» дегендей,

Нұржан да қиыннан қиыстырады. Қиыстырады деген сөзден (тiптi Абайдың өзi солай деп тұрса да) бiреулер шошып кетуi кәдiк. Өйткенi, көп жұрт үшiн өлең деген құйыла салу керек. Олар өлең дегенiң де өмiр екенiне мән бере бермейдi. Олай болса, өмiр сияқты өлең де кейде мозайика сияқты құрастырылады. Тек сол құрастыруда үндестiк болсын, сендiре алатын қуат болсын деңiз. Мәселен ол: «Менiң жырым – сонау ерте көктемде қасат қарды теуiп шыққан бәйшешек», – дейдi. «Қасат қарды теуiп шыққан бәйшешектi сiздiң, әрине, қабылдамауға толық хақыңыз бар. Ал мен осы образды қабылдадым. Көрiнбейтiн процесс болса да, көрiп тұрғандаймын. Тағы да Нұржан «Алматының бетiне ала плакат жабысып» тұрғанын көрiптi. Мұны ендi қабылдамасаңыз да қабылдайсыз! Нұржан шығармашылығы туралы пiкiр жазған Бекжан Әшiрбаев: «Жаңа, тың теңеулер, үйреншiктi емес лексикаға ұмтылу, оқыс метафоралар жасау, шарттылықтан жалт бұрылып кету Нұржан поэзиясында аз кездеспейдi», – дептi. Мен бұл пiкiрге әбден қосылам. «СОРДАН БАҚЫТ ТАРТЫП АЛДЫМ БIР СӘТТIК» Менiң алдымда шығармашылығын өзiм қадағалап жүретiн ақындардың бiрi Батырболат Айболатұлының «Мен ғашық қыз» атты бiр жапырақ қана жыр кiтабы жатыр. Әдебиетке ол ертерек келсе де, кiтабы тек 1996 жылы ғана жарық көрiптi. Содан берi он бiр – он екi жыл өткен. Өздерiңiз байқап отырғандай, бұл топтама мақалаларымда алтынкөпiрлiктердiң тым сараң жазатындарын айтып өткем. Бiрақ, бұл сөздi тек бiржақты түсiнуге болмайды. Сараң жазады дегенде олар қаламдарын мүлде суытып қойған деген ұғым тумау керек. Сөз жоқ, олардың қай-қайсысында дәл қазiр ең құрығанда бiр-бiр жыр жинақтары дайын екендiктерi сөзсiз. Алайда оларға деген министрлiк тарапынан да, баспалар тарапынан да тиiстi ықылас пен қамқорлық жетпей жатыр ғой деп ойлаймын. Пышақтың қырындай ғана сол жинақтағы алғашқы

өлеңдердiң бiрi «Өз әлемiм бар менiң» деп аталады. Сол өлеңiнде ол: «Жаңа жырды шырақ етiп кiремiн пенделiктi босағада қалдырып», – дейдi. Ал ақынның iшкi әлемi деген мына қапылысы да, қақтығысы да жетерлiк, мұңы мен қуанышы салаласып-сабақтасып, бiрде қатар өрiлiп, ендi бiрде тарқатылып жатқан, дүркiреген дүрмегi де көп, шешiмi табылмай жатқан күрмеуi де көп дүние ғой. Ондай әлемге ендеп кiрiп, ондағы болып жатқан қым-қуыт оқиғалар мен алысжұлыс арпалыстарға кесiм айтып, шешiм шығару үшiн сен, ең алдымен, өз басыңдағы күнкөрiс қамын ғана ойлайтын күйбең-күйбең мiнезден, бейшара пендешiлiктен арылып алуың керек. Тек сонда ғана сен өзiңнiң ең бiр жауапты аймағыңа кiре аласың... Ақын, мiне ендi, өзiнiң iшкi әлемiн қарастырып отыр. Күз сыпырып кеттi iшiмдi Үздiм ойдан жапырақ-мұң. Тоғышарлау, тоқ пiшiндi Ақымаққа – ақымақпын. Көңiл қалды пенделiктен Әлiм бiттi – зая күндер. Таппай келем сенделiп мен Сезiмiмдi қоятын жер. Ақын жаны да мына өмiрдiң өзi сияқты алай-дүлей, ығы-жығы, сапырылыс. Тiптi онда сезiмiңе де орын жоқ. Өмiрдiң өзiндей алай-дүлей болып жатқан өз әлемiне үңiлген ақын, әдетте, сол алай-дүлей дүниенi реттеп немесе «жуасытып» тастау үшiн үңiлмейдi, соның iшiнен керегiн тауып, қажетiн «өндiрiп» алу үшiн, оны рухани игiлiкке айналдыру үшiн үңiледi. Өкiнбеймiн! – Жанды жырмен жұмсарттым, Аш көңiлдi абаданға құрсақ қып: Көкке қарап ұлып тұрып қасқайып Сордан бақыт тартып алдым бiр сәттiк. Кейде ақын дәл осындай өжет, долы болуға тиiс. Жақсылықтан әркiм-ақ бақыт таба алады. Мықты болсаң, тiптi бiр сәттiк болса да, сордан бақыт тартып ал! Мiне, қайрат! Мiне, рухани қуат. Адамның намысын

жанып, жiгерiн қайрайтын жолдар осындай болса керек едi. Әрине, «сордан бақыт тартып алатын» ақынның өзi де кiлең маңдайы жарқырап, жалы күдiрейiп, мерейi өсiп, мәртебесi биiктеп жеңiске жете бермейдi. Оның да жабығып жасып қалатын, соққыға жығылып, тауаны қайтатын тұстары аз болмаса керек. Ал ондай кезде ақын күйi қандай болмақ? Рухымды дертке шалдырдым Кәсiпкерлiкке обалы. Тәнiмдi жерге қалдырдым... ...Жұлдызым жоғары. «Рухы дертке шалдығып», ақыры тәнiн жерге қалдырып, бақилыққа кетсе де, бәрiбiр өршелене өжеттiк танытып, «жұлдызым жоғары» деп тұр. Бiрақ оның қаншама өршеленiп, қаншама өжеттiк керсетсе де айналада болып жатқан алақұйын, аласапыран тiршiлiктен қажып шаршамауы мүмкiн емес. Бұл – бәрiмiздiң басымыздан өтетiн жайт. Ондай сәттерде тұмандай тұнжырап, итсiлiкпең шығып, қалжырап қалатының хақ. Сондай бiр сәттi Батырболат әдемi-ақ айтқан. Бiр түнiмнен ұйқым қашты, Бiр түнiмнен күлкiм қашты... Баянсыздау сезiмдердiң Байсал ойым жұртын басты. Бетке жамап жасаң әрдi, Көңiлiмнiң шашы ағарды... Көзден қызық бұл-бұл ұшты, Көрген қызық тасаланды. Жеңдi бiлем тұрмыс менi Жұрттың, қырттың түрлi iстерi... Жерiп, тойып, ойдан мүлгiп Қартқа айналдым жиырма үштегi... Бiр түнiмнен ұйқым қашты... Бiр күнiмнен күлкiм қашты...

Небiр кiсәпiрлiктер мен мүсәпiрлiктердi көре-көре жиырма үш жасында-ақ қартқа айналған Батырболатты ғана емес, сондай сәттердiң талайын басынан өткiзген көзi ашық, көңiлi ояу барша естi қауымды аяйсың! Өзiнiң iшкi әлемiнде болып жатқан сан сапырылыстар мен сан қапылыстарды, берiш боп қатқан мұңы мен шемен боп жатқан шерiн ақтарып сөйлей алатын Батырболат, бәрiбiр, ең алдымен лирик. Лирик болғанда да, төгiлiп тұрған лирик. Махаббат лиригi. Оны «Жұматайдың iнiсiмiн өлеңде сiңiлiсiне өле ғашық Ләйлiнiң» деп өзi де мойындайды. Ол әрине: Қылығы бала сықылдым, Қытығым жеңiп ұтылдым: Жанарымды ұрлап жұтындық, Тамағым құрғап, жұтындым, Қылығы бала сықылдым... – деп таңдайына кәмпит салып тамсанып тұрған бұл өлең, одан гөрi тереңiрек, одан гөрi әлдеқайда қуатты естiлетiн «Махаббатын мәшһүрлейтiн мұнара бiткен күнi басы алынар шебердей» деген басқа бiр өлең жолдарына ауысады. Бәрiмiз де махаббат туралы жазғанбыз, бiрақ көбiмiз барша әлемге паш ету үшiн махаббат мұнарасын салып ап, басын семсер астына тосатын шебердей хал кештiк деп айта қоюымыз екiталай-ау, екiталай. Сонда ақын ғашық болған қыз, Құдай-ау, қандай болғаны?! Ай десе аузы, күн десе көзi бар, көркiмен көңiлiңдi де, көзiңдi де арбап тұратын сиқыр перiнiң қызы ма, жоқ, әлде, көктен ғана көлбеңдеп көрiнетiн перiште ме?! Ендi жүзiмiздi соған бұрайықшы. Мына жалған – жалған екен, тым жалған!.. Бейбақ басқа берген болды-ау мұңды арман. Мен сүйген қыз сыймайды екен жалғанға, Немесе оған лайық емес бұл жалған! – деп бiз күткендегiден де асыра мақтап, марапаттап алады да: Осы болса өмiрiңнiң сияғы, «Өлең емес, өксiк» десем сыяды.

Түкiрдiм мен сол бейнеден басқаға Жетпейтiндей еш пенденiң қиялы!.. Ал, әйтпесе! Сүйсе, Мәжнүн ғана осылай сүйген шығар-ау! Бiрақ, ақын өзегiн суырып берердей боп өлiпөшiп сүйген сол жанның қасына баруға жасқанады, батылы жетпейдi. Тағы да ақынның оқырманды әрi-сәрi ғып, не айтарыңды бiлмей ал-дал етiп қоятын бiр қызық тұсы – ол өзiнiң ғашық қызын өзiне де қимайды! Түсiнiп отырсыз ба, өзiне де қимайды! Құдай куә, қол созуға жасқанам... Сен өйткенi ерекшесiң басқадан! Өзiме де қимаған соң, қорқамын Қадiрiңе жетпей ме деп басқа адам. Сүттен де аппақ, ауадан да жеңiлсiң... Сұқтанғандар бағаңды ұқпас сенiң шын. Нәзiктен де, нәзiгiм-ау, менiң сол Олар сенiң қадiрiңдi не бiлсiн?! Талшыбығым, таң шығындай

тұнығым, Сәби сынды сүп-сүйкiмдi қылығың. Өмiрiне жүрегiмнiң жүгiнiп, Тәңiрiме айналдырды ұғымым. Атыңды мен аяттайын жаттадым, Көз моншағым, кәусар ауам, ақ таңым. Гүл қауызды ерiнiңнен әдемi Қиялымда өбуге де батпадым... Бақиға хас бақытыма мас болам, Сен ерекше жаралған соң басқадан... Өзiме де қимаған соң, қорқамын Қадiрiңе жетпейдi-ау деп басқа адам. Сүйгенiн «қиялында да өбуге батпайтын» мұндай ақынның жүрегi таңғы шықтай таза, ақ бұлттай аппақ болса керек. Ал ондай таза, ондай аппақ жүректен, не айтса да, аңғардан соққан желдей боп бүкпесiз аңқылдап айтылатын, кiнәратсыз талай-талай сыр мен гәп тыңдай берерiмiз сөзсiз.

«КӨҢIЛДI МҰҢМЕН КӨКТЕППIН» Мен қазақ поэзиясындағы Төлеген Айбергеновтен кейiн көл-көсiр мол сағынышқа Әлiбек Шегебай өлеңдерi арқылы кездестiм. Әрине, екеуiнiң сағыныш тамыры бiр болғанымен орындалуы, адам жанына әсер етуi екi түрлi. Төлеген сағынышы тұлпар тұяқтың тастақ жерге түскенiндей дүбiрлi, дүрмектi, қуатты сағыныш болса, Әлiбек сағынышы егiлiп тұрып, есiлiп айтылатын мұңлы сағыныш. Бiрақ, мұңлы сағыныш дегенде, оны түнекке түскендей түнерiп, қалың қорысқа кiргендей тұнжырап қалатын сағыныш деп қабылдауға болмайды. Оның сағынышы туған жердiң сары ала белдерi мен ақ адырларын, баталарын берiп жататын аталарын аңсайтын, тiлеулес бауырлары мен қарлығаш қарындастарын iздейтiн, сөйтiп сенiң жаныңда да өз ауылыңа деген үлбiреп тұрған аңсар сезiмдi оятып, жүрегiнiң дәл басынан өсiп шыққан шидей жiп-жiңiшке үмiт сабағына шырақ iлiп кететiн нәзiк сағыныш. Сабырым қанша дем бердi Әлi де талай шыдармын. Сағыну үшiн сендердi Алыстап кеткен шығармын, – дейдi. Бұл, әрине, ауылдан алыстап кеткенi үшiн ақталу емес. Бұл, ең алдымен, өзiнiң де, өзгелердiң де көңiлiн аулап, жұбату. Әсiлi, сағыныш деген де дерт. Ол дерт сенiң ойың мен бойыңды, жаның мен санаңды әбден меңдеп алған кезде ес-түстен айрылғандай боп мәңгiрiп қалар сәттерiң аз болмаса керек. Ондай халдi Әлiбек мына төменгi жолдармен әдемi жеткiзе бiлген. Соққылап жүректегi тасқын ағын, Көлдеттi көңiлiмнiң жас құрағын, Менде бiр түрi жаман ауру бар Осылай анда-санда асқынатын. Әрине, Әлiбек өлеңдерiндегi туған жерге, туған ауылға деген сағынышты тек аңсаудан, аңсар сезiмнен ғана туған сағыныш десек, қатты қателесемiз. Оның өлеңдерiндегi мұң – ақ дәкедей, жұп-жұқа шарбы бұлт астынан немесе ауада жеп-жеңiл буалдыр iшiнен

сүзiлiп түсiп, нұрын себезгiлеп құятын күн сәулесiндей, жұп-жұмсақ марғау мұң да емес. Тағдыр-талайымы бар мұң. Өйткенi, күнi кеше ғана мына заманның қабағынан қар жауып, дүниенi алағай да бұлағай етiп әуре-сарсаңға түсiрген қатал кезеңде тәлкекке түскен туған ауылының тағдырына, мүшкiл халiне бейтарап қарай алмайды. Ағаштар тұр тыр жалаңаш тоналған, Өткен күздi ендi қалай сөгерсiң. Қырман қаш-а-а-н бұл ауылдан жоғалған Итаяққа көз тiгедi көгершiн. Ақ ниеттiң символындай көрiнетiн көгершiннiң өзi итаяққа телмеңдеп көз тiккен соң-ақ бұл ақынның ауыр халiн бүкiл болмыс-бiтiмiңiзбен ұғарыңыз хақ. Туған ауылының жыртық шекпен кигендей жадау, жағы суалып, бiлегi талып қалған жүдеу кескiнiн көрген ақын жаны жабығып, ойы онға, санасы санға кетiп, сергелдеңге түсерi сөзсiз. Қайран күндер, қайтейiн, көп сенделген, Көп сенделдiм көңiлге көп сенгеннен. Жалғыздықты көзiме шұқығандай Топ шымшықтар ұшады топ шеңгелден. Топ шымшықтар ұшады

жазбай жұбын, Майшамдағы бiлтедей маздайды күн. Азаптады-ау бұлар да жан-жарамды Азапталған аяусыз аздай мұңым. Жетегiнде қиялдың жүрек самғап, Арманыма жетуге жүрем сан қап. Алсам деп ем аунап бiр төскейiне Бұл даланың шөбi де кiлең жантақ. Жыр тұтатып жүректiң шоғыменен Шыққан ақын бұл жерден соңы мен ем. Топ боп ұшқан шымшықтар, Топ шеңгелден Топ жыңғылға қонады тобыменен. Ақын болып не таптым соныменен?! «Топ боп ұшқан шымшықтардың топ шеңгелден топ

жыңғылға қонатыны» ана жерден де, мына жерден де не барақат, не байыз таппай сансырап сандалған ақын жанының бейнелi көрiнiстерi ғой. Тұралап жатқан ауылының бүгiнгi халiн көрiп, көңiлi құлазыған қалалық ақынның күнi күн емес. Заманның екi өкпесi қысылып, жан-жағының қуырылып, қысылып бара жатқаны мынау. Уақыт салмағы да екi иiнiнен басып, жаншып барады. Ақын жаны да ауыл сияқты әрi жадау, әрi жүдеу. Ауыл да, қала да әбден дiңкелеп, қалжырап қалған. Ашқұрсақ. Ашқұрсақ жан – ашкөз. Сондай халдi Әлiбек тайға таңба басқандай етiп көрсете бiлiптi. Кей кездерi дөңбекшумен түнiмдi әр Ұйықтай алмай өткiземiн, ұғыңдар. Қайыршының алдындағы жиналған Ақшаға да көздi тiккен күнiм бар. Бұл – күнi кеше ғана тек ақын басынан ғана өткен жай-жағдай емес, бұл – сол кездегi заман кескiнi, уақыт портретi. Көз алдында жүндей түтiлiп, бордай үгiтiлiп тозып бара жатқан мына заманның кейпiн көре-көре, жан-тәнiмен сезе-сезе «өмiрi сары уайымға айналған» ақынның: Бәрi бар, таңым да бар, көлiм де бар, Бұлт сүзген шыңым да бар, шөлiм де бар. Өң мен түстiң арасын өмiр дейдi, Өң мен түстiң арасы өлiм болар, – дегенiне ерiксiз иланасыз. Ондай кезде ақынның «өл-е-е-ең деп ем айқайлап, мең-зең дала қайталады өле-е-ем деп жаңғырығып» дегенiне де сенесiз. Әрине, Әлiбек, ең алдымен жас. Тiптi жастық шағы, жастық дәуренi әлгiндей әуре мен сарсаңға, сананы сандалтып, сезiмiн сергелдеңге түсiрген уақытқа тап келсе де, Абайша айтқанда: «Махаббат қызық мол жылдарын» талақ етуi мүмкiн емес. Жаны қанша жабырқау тартып, жүрегi қанша езiлiп тұрса да оны селт еткiзiп, айналаға басқаша көзбен қарайтын құдiреттi күшке ерiксiз мойынсынбауға оның әддi жоқ. Күндерiм сырғып әттеңмен, Көңiлдi мұңмен көктеппiн, – дей тұра, сол бiр қызды көрген кезде ол:

Өзiңдi көрген сәттен мен Өмiрге ғашық боп кеттiм, – деп салады. Бейне бiр жабыққан ақын жанында төңкерiс болғандай. Әбден жабығып тарыққан ақын сол бiр аяулы жанды көргеннен-ақ басқаша қам-қарекетке кiрiп, басқа кейiпке енедi. Әлiбектiң осы кезеңдерде жазған өлеңдерiн оқып отырып, «әлемдi сұлулық құтқарады» деген даналық сөзге ерiксiз ден қоясыз. Қасың қандай қиғаш едi, Көрген көз де қимас едi. Аллам өзi жiбергендей Жер бетiне сыйға сенi. Кiрпiк қандай қайырылған Бiр талына қайың құрбан. Жiгiттi ендi түсiндiм мен Жүрегiнен айырылған. Шашың қандай тарқатылған, Шолпан ба едiң таңда туған. Талай жандар жүр-ау жерде Өзiңдi ойлап таңды атырған. Бiтiм қандай, күтiм қандай Көз де сенен ұтылғандай. Шаршап тұрған шалдың өзi Шарасыздан жұтынғандай. Алқым қандай, алтындалған, Алтыныңмен жарқылдар маң. Сендей қызды туа бiлген Жоқ та шығар халқымда арман. Мiне, бұл сұлулыққа ода. Әрине, арудың қасы мен көзiн, кiрпiгi мен шашын Әлiбекке дейiн де талай-талай ақындар таң-тамаша болып тамылжытып жырлаған. Ол өлеңдерден бұл өлеңдi бөлек етiп көрсетiп тұрған соңғы екi жол: «Сендей қызды туа бiлген жоқ та шығар халқымда арман!» Халық тудырған сұлулыққа қандай сұлулық тең келмек. Ал, ондай сұлулыққа ғашық жанның хал-күйi қандай болмақ. Әрине, беймаза күй кешпек.

Намыссыз деп санама, Момынға да балама. Аймен бiрге тентiреп Күтiп жүрмiн далада, – дейдi. Ондай сұлулыққа ғашық жан тентiресе де Аймен бiрге тентiрейдi. Бұл – махаббат iрiлiгi! Қалай болғанда да, адам жаны қатпар-қатпар, сан салалы, сан жықпылды, тарау-тарау тұтас бiр әлем ғой. Бүгiн опырылып, опынып қалсаң, ертең жадырап қайта сiлкiнесiң. Бүгiн қуанышқа кенелiп құлпырып тұрсаң, күнi ертең итсiлiкпең шығып шаршап-шалдығып, бейшара халге түсесiң. Сондай бiр сәтте ақын: Өлiмдi келедi екен өмiр айтып, Жалған-ай! Бiлмегенбiз соны қайтiп. Жоқтау айтып жылаған сезiмiме Келiп тұр қайғы мен мұң көңiл айтып. Құдай-ау, басқа емес, қайғы мен мұңның өзi көңiл айтып келетiн ол неткен ұлы қасiрет. Ондай қасiреттiң аумағы теңiздей көлемдi, ондай қасiреттiң салмағы таудай ауыр болу керек қой! Мұндай сөздi тек «жаны тәнiн жылатып, тәнi жанын жұбататын» ақындар ғана айта алса керек. Айнала қараса, өзiн қойшы, бәрiнен бұрын, жанына бататыны, әлдекiмдер елi мен жерiне бәлесiн үйiп-төгiп, жаланың қара күйесiн жағып, туталақай етiп тоздырғысы кеп, бүлiк кiргiзiп бұзғысы кеп жатыр. Бұдан өткен қасiрет болар ма?! Әсiлi, адам баласы мына өмiрдiң қысастығын көрiп опынып, мына өмiрдiң кiсәпiрлiгiн көрiп өкiнiп, «әттең-ай» деп бармақ шайнаумен өтсе керек. Әттең-ай, әттең, әттеңiм, Әттеңiм неткен көп менiң. Күлiп келгенмен көктемiм, Жылап барады өткенiм. Түк көрмеген боп тұр күнiм. Жасатып жерге құлдығын. Тәп-тәттi едi-ау тiрлiгiм, У қосып кеттi кiм бүгiн? Жанымды жейдi кей-кейде Күткенiң тура келмей де.

Тiрлiкте мынау байқасаң Адамның бәрi шынында Гөй-гөйлеп жүрiп өлмей ме?! Әттең-ай, әттең, әттең-ай! Дәл солай деп бiз де бұл өлеңнiң соңына жамыраса қол қоямыз. «ЗАРЫҢДЫ АЙТЫП КӨККЕ ҰШАДЫ ТЫРНАЛАР» «Көкемарал – тамыр қошы аңқыған иiрдейiн иелi, киiк-отындай киелi дәру шөп. Үйiрiн жауға бермейтiн кербез де кесек кер бұғылар жыртшықтардан жазатайым жарақат ала қалса, көкемарал дәруiне аунап-қунап сақаяды. Кералаң замандардың талайын бастан өткерiп, ендi-ендi ғана еркiн тыныстай бастаған Елiмiздiң де Жан жарасы мен Тән жарасы жетерлiк, Менiң «Көкемаралым» соған шипа болса екен», – дептi Бақыт Беделханұлы өзiнiң жыр жинағы жайында. Сөз жоқ, ықылас толы iзгi ниет. Қаншама ғасырлар бойы зорлық пен зомбылықтың өзегiне қорғасын құйылған тоқпақтай жуан дойырының астынан, босағасында бұралқы иттей сүмеңдетiп қойған кемсiту мен қорлаудың тепкiсiнен, жыртқыш, қорқау азулылардың аяусыз талауынан өлiп-талып, қансырап зорға құтылған байғұс халқымыздың, несiн айтасыз, тағдыры да, жаны да, жұлым-жұлым, жара-жара. Оны емдеу үшiн халқым деп қамыға бiлетiн қайсымыз да дәру табуға, шипа iздеуге мiндеттiмiз. Кезiнде абыз ағамыз Әбiш Кекiлбаевтың дуалы аузымен үнi де, уiлi де ешкiмге ұқсамайтындығынан, айрықша тосындығынан «бiртүрлi ақын» атанып кеткен Тыныштықбек Әбдiкәкiмұлы осы жинаққа жазған алғы сөзiнде былай тебiренiптi: «Түпкi Жаратушыны да байырғы бабалар дәстүрiмен «Жұпар ие » (Жұпар Алла) айтатын Бақыттың «Көкемаралының» iшi толы өлеңшөптей құлпыра қаулаған. Өлең – сөз! Бiреуi оның шашыратқыдай ащы, екiншiсi – қызамықтай жасыл, үшiншiсi – барқытшөптей бояуға бай, төртiншiсi – қызанақтай әтiр иiстi, бесiншiсi – бес саусақтай тәттi,

алтыншысы – қарғакөздей бек уытты, жетiншiсi – кәдiмгi ... гу-гу гүлдеу үстiнде! Қалай десек те, соның бәрi, өз уағында, өз кезегiнде, қазiргi мына жатбауыр қоғамнан да өгейлiктi көп көрiп, өксiп жүрген өзектерге, автордың өзi тiлегендей, өзiнше ем болып қонады деп ойлаймын», – деп әдемi тiлек айтыпты. Көкемарал шөбi неге соншалықты дәрулi, неге соншалықты шипалы? Ең алдымен, ол өсiп тұрған топырақ – қасиеттi топырақ. Өйткенi, ол топырақты аралап мына халықтың «сан ғасырлық қаны жүр». Яғни, көкемаралдың бойына да ғасырлар бойы төгiлген қанның ыстығы мен қуаты сiңген. Ол қан ыстығы мен қан қуаты дәру мен шипаға айналған. Сонымен бiрге, туған жердiң топырақ, тас, шөбiне дейiн ақынмен тамырлас. Тiптi тағдырлас. Мен осы алтынкөпiрлiктердiң шығармаларын оқып отырып бiр сүйсiнгенiм – тамырларын да, тағдырларын да өткеннен iздейтiндерi болды. Бейне бiр олар өткенсiз өмiр сүре алмайтындай. Яғни, олар өткенiң тұлдыр болса, ертеңiң бұлдыр деп бiледi. Олардың өлеңдерiндегi өткен мен бүгiннiң, бүгiн мен ертеңнiң тiзе қосып бiрге өмiр сүрiп жататыны қандай жарасымды. Тiптi Бақыт Беделханұлы өткенге бүгiннiң көзiмен ғана қарап қоймайды, өткеннiң көзiмен бүгiнге де қарай алады. Күнi кеше ғана алқам-салқам боп ашылып, қора-қопсылары шашылып, есiк-терезелерi үңiрейiп қалған ауылға кiмдер қарап тұр дейсiз ғой. Күйкi тiрлiкпен мүжiлген аядай ғана Ауылға қара, қорымдар қарап тұр, әне... Бiз, әдетте, бүгiнсiз өткен де, ертең де жоқ деп жатамыз ғой. Сөйтсек, өткен де бүгiн мен ертеңсiз өмiр сүре алмайды екен. Өткен де кiлең бiр өлi төмпешiктерден тұрмайды екен. Ол да тiрi әлем екен. Ол да бiзге, бүгiн мен ертеңге алаң екен. Бүгiн түгiлi, өткеннiң бiзге алаң көңiлiн аңғара бiлген сергек ақын бұл жалған дүниенiң түп-тамырын кемiрiп, iшiнен үңгiп, етiн езiп, сүйегiн үгiп бара жатқан небiр әлеуметтiк зардаптарды көрiп қапаланып, налып сөйлейдi. Не нәрсеге де әрiрек, тереңiрек қарауға шақырады. Әрине, ұран тастамайды. Атамзаманнан берi келе жатқан әрi қадiрлi, әрi кәделi сөздiң байыбына

баруға, байламын аңғаруға, түпкi түйiнiн ұстауға шақырады. Ондай кезде Бақыт үшiн тақырып болуға халықтың «қарға тамырлы қазақпыз» деген дана тiркесi жетiп жатыр. Қарғаның жарық дүниесi-ай, Айналасы түгел аппақ пар. Алақұстың айтқан әңгiмесi-ай, Тақылдап тұрған тақпақтар. Тақпақты қойшы, қарғаны айтам да, Қарға тамырлы қазақ-ау! Әлде бiр құстай зарламай таңға «Қарқ» еткен үнi ғажап-ау, – деп сүйсiнедi. Құдай-ау, әдетте, бiз үшiн қарғадан өткен сұмпайы, қарғадан өткен жексұрын құс бар ма едi?! Бұл ұғым – заңдылыққа айналған ұғым едi ғой. Қазақтың қарға тамырына құрт түсе бастағанда ол ұғымымыздың да тас-талқаны шығады. Бiреуi олай, бiреуi былай қарап бара жатқан қалың қазақ баласы тамырына қайта бiр қайырылып қарағанын қалайды. Жалына тақтың жармасып өлген, Көкесi, қарғаны жазғыра көрмешi! Қарға тамырлы қазақпыз ғой Үмiтiмдi үшке бөлмешi. Тас керең боп қалғыр құлағымыз талай-талай есiтiп, ағып түскiр көзiмiз талай-талай көрiп жүргендей қазiр көп-көп азаматтарымыздың бойын кесапатты кеселге, ойын жазылмас дертке шалдықтырып бара жатқан рушылдық пен жүзшiлдiктi Бақыт та аз көрмегендей. Соларға ол «үмiтiмдi үшке бөлмешi» деп ызалана жалбарынады. Жалпы, Бақыт Беделханұлы – тынық ауаны ысқыртып тiлiп түсетiн өлең жолдарының жылан бауыр бишiгiн сiлтей алатын ызалы ақын. Туа бiттi табиғаты солай ма, жоқ, әлде, мына өмiрдегi аттаған сайын андағайлап шыға келетiн келеңсiздiктер мен оспадарлықтарды көре-көре солай болған ба, бiлмедiм. Көп ақын күйiнiп сөйлесе болды күйреп шыға келедi ғой, ал Бақыт олай емес, күйiнiп сөйлесе-ақ қақпанға

түскен қасқырдай өз аяғын өзi шайнап, ызаға толып, өршеленiп, аласұрып кетедi екен. Арман жолынан тайқып кеттi. Жалған жанымнан тартып кеттi. Қалған көңiлiм қамығып, Ардан кебiнiн жамылып Аппақ әлемге қайтып кеттi. Уақыт санамды қырқып кеттi Бақыт жағамды жыртып кеттi. Кiмнен көрерiн бiлмей, Кiмге сенерiн бiлмей Үмiттерiм үркiп кеттi. ...Адам да, қоғам да бәрi әдемi ғой деп Анау көкем Немененi қыртып кеттi?! Мен осы жолдардан, дәл қазiр, әбден ызаға булыққан жанның, бiрақ басқа қылар амалы қалмай отыз екi тiсiн шақұр-шұқыр еткiзiп қайрағанын естiп тұрғандаймын. Мен бұл жерде болмашы нәрсе үшiн өн бойынан боран тұрғызып, түкке тұрмайтын нәрсе үшiн тұландай түтiгiп шыға келетiн бейшара пендешiлiк, ашу мен ызаны айтып отырғам жоқ, халқының қамын ойлап булығатын азаматтық ашу мен ызаны айтып отырмын. Сондай адам ғана «тiрiмде – сiрiмiн, өлгенде – тiрiмiн» дей алса керек. Тағы да Беделханұлының ызасы – мұңды ыза. Мұңды ыза! Былайша тiршiлiкте бiр-бiрiмен қабысыптабыспақ түгiлi, мүлде жанаспайтын кереғар ұғымдар ғой. Ақынның ақындығы сонда, кейде ол кереғар ұғымдарды да қабыстырып, табыстырып жiбере алады. Сондықтан да оған «мұңдымын, кейде, жындылығыммен құндымын» деген сөздердi де сол табиғи болмысы айтқызып тұр. Кейде Бақыттың да аласұрған ашу-ызасын ақылға жеңдiрiп, барақат тауып аялдап, салиқалыққа бой алдырып, сабырмен сөйлер тұстары болады. Ондайда ол: Ол жақтағы өлерменiң Өмiр сынды қияли.

Оу, ақыным, бөгелмегiн Қаламыңа сия құй. Қақтап сауып қаныңды құй Аппақ арың сөйлесiн! Ал, ол үшiн жаныңды қи Тоқтамасын ой-көшiң. ...Қанбадың ба әлi ұйқыңа, Алдыңда азап тұр бүкiл. Тасқа айналған тағдырыңа Тағдырыңмен тiл бiтiр. Бiрақ, мұндай салиқалық пен сабырлылық бiр сәттiк қана хал. Айналада болып жатқан кiсәпiрлiктер мен мүсәпiрлiктердi, зорлық пен зомбылықтарды көре тұрып, төбесiнен жаңғақ шағып жатса да түк болмағандай, етегi егiс, жағасы жайлау боп отыра беретiн, тiптi, тойдан-той өткiзiп жататын мына қалың қауымды көрiп назаланған ақын қайтадан қыл шылбырдай ширатылып, шиыршық атып шыға келедi. Ұлыңды құрбан шалып, Күңiңдi думан салып Көргенiм үшiн, Күн үшiн тiлдi сатып Бiрiне-бiрiн шатып ...Келгенiң үшiн, – дейдi ол аузымен от бүркiп жiбергендей. Ендi ол олай сөйлемей қалай сөйлесiн. Қарап тұрса, халқының мұңы мың батпан, халқының зары мың қатпар. Пенделiкке қарамайтын пысқырып, Сұр заманға қайтедi ақын сұс қылып. Өз кеудесi, өз бөлмесi – кең сарай, Табанында қоғам жатыр ысқырып. Арасында жанның зары тыңдалар... Тау басында мұнарланып мұң қалар. Мұңыңды айтып жерге сiңер жылғалар, Зарыңды айтып көкке ұшады тырналар. Бұл қатыгез дүлей дүние ендi тырналар үнiмен аспаннан айтылар ол мұң мен зарды естiр ме екен?! Әй, қайдам-ау...

«УЛАҒАН САЙЫН ЖАНАРЫҢ ҰЛЫ АҚЫН БОЛЫП БАРАМЫН» Дәурен Берiкқожаұлының жылы жарық көрген жыр жинағы қолға түспедi. Қолға тигенi – биттiң қабығындай ғана соңғы жинағы. Содан да мен Дәуреннiң толық мүмкiндiгiн қамтып сөйлей алмайтын сияқтымын. Бiрақ, оның ақын екендiгi анық. Бұл сөзiмiзге осы жинақтың алғашқы бетiн ашып қалғандаақ, жанып тұрған пештiң ауызын ашып қалған кездегi жалын қызуындай лап ете түсетiн екпiндi леп куә. Есiре соққан Ебi жел, Екiлен тағы, екiлен! Ез туған елге егесiп, Егiзiң болып кетiп ем... Бөлтiрiк елiм шығарып Бөрiлiгiн есiнен Қанымды менiң қарайтса Қан майдан шығар, несiбем! Осындай құрыштай берiк, арқар мүйiздi, атан жiлiктi сөздер жонын күдiрейтiп алдыңнан анталап шыға келген кезде, оны ақын емес деуге кiм-кiмнiң де әддi бара қоймас. Әсiлi, өлеңнiң өлеңдiгi, ең алдымен, өзегiне рух құйылған сөзде ғой. Майы таусылған шамдай бiлтесi бықсып өлеусiреген өлеңнен, тiптi образы бар, теңеуi орнында, ұйқасы мiнсiз бола тұра, бiрақ рухы жоқ болса, яғни қайратсыз болса, не үмiт, не қайыр. Өлеңнiң жан бiтiретiн тамыры – рух. Оны Дәуреннiң «Найзақарамен тiлдесуiнен» де танып-бiлуге болады. Ей, ажары талақ – көкбет шың! Намысты туған нар қайда? Өртенбей жатып өкпек мұң, Өкiртiп бiздi алмай ма?! Маңдайда не тұр, маңдайда. Еңсесi биiк ер бiткен Айылын тартса болмай ма?! Аруағы биiк қай-қайда – Абылайдай Ар қайда?

Наурызбайдай нар қайда? Алаңсыз, арсыз айқайға Шаңқ етпей шерiм тарқай ма?! Ей, қатулы қабақ – найза шың! Дауылды күнгi арқырап, шулап көтерiлетiн теңiз толқындарындай жал-жал боп көтерiлген сөздердiң орамдары сенiң жүзiңе дым бүркiп, су сiлкiп жiбергендей сен де тiктенiп, ширығып бара жатасың. Тағы да оның асқақтығын, iрiлiгiн айтсаңшы. «Ей, ажары талақ – көкбет шың» деп тұр ғой. Ақын бейне бiр Найзақара шыңнан да биiкте тұрып сөйлеп тұрғандай. Өзегiнде оты бар ақын, кезегiнде ешкiмге де есесiн жiбермейдi. Айтатынын айтып қалады. Ондай ақынның тақырыбы да, қадап сөйлер нүктесi де әйтеуiр бiр қауқар-салмағы жоқ кәкiр-шүкiр, ұсақ-түйек болмаса керек. Кеше ғана Найзақарамен кеудесiн керiп сөйлесiп тұрған ақын, бүгiн ендi неге төменшiктей қалсын. Ендi ол өр Алматымен тiл қатысып тұр. Әрине, Алматыға кiру де, оған сiңу де оңай емес. Ол орасан қарсылыққа ие. Ол қарсылықты жеңу үшiн үлкен күш керек, қайтпас жiгер керек. Әлбетте, Алматыға етiгiңнiң жыртығынан шұлғауыңды сүйретiп, сүмелектенiп сүмiрейiп кiруiңе де болады. Солай кiрдiң бе, онда сен сол сүмелек қалпыңда қалдым дей бер. Сен Алматыдан өз орныңды сүйменмен мұз ойғандай ойып тұрып алмағаннан кейiн, бәрi бекер. Сондықтан да ол Алматы табалдырығын атой сап аттайды. Ханың бар ма әдiлеттi?! Бар датым! Мен болайын ең ақырғы Зарлы ақын. Өз емiңе жарап қалар Ұлыңды Өзегiне теппешi ендi, Алматым! Тағы да ол Алматыға жүк артайын деп, салмақ салайын деп немесе бәлсiнiп, бұлданып келiп тұрған жоқ. Дерттi Алматыны емдейiн деп келiп тұр. Бұл – азаматтық iрiлiк! Жалпы, Дәурен – кесек турап, iрi сөйлейтiн ақын.

Жан-жүрегi iрiлiктi қалайтын ақын. Жаратылысы ондай ақынға мына қу тiршiлiк, жалған өмiрдiң қыбыржыбырын көру ауырдың ауыры. Сондықтан да ол: Тамам болып сал-серiлеу ғұмырым, Арғы бетте адасады ақыл да. Жер бетiнде жәндiктердiң жыбырын Көру қандай қиын едi ақынға! – деп, басқа емес, тура Тәңiрiнiң өзiне шағынады. Бұл өлең одан әрi өрби кеп: Менiң бейнем өмiрiңiзде бар күнi Маған бекер жымиясыз, Тәңiр, сiз. Қаралы күн ақындардың барлығы Қара жерге жерленедi қабiрсiз! Мiне, тосындық! Әрi кермек демiмен кеудеңдi қақ жарып жiберердей ащы шындық. Халқының басынан өткен немесе күнделiктi болып жатқан небiр нәубеттер мен толайым тауқыметтердi көрiп жүрген ақын бiткеннiң бәрi күн сайын, сәт сайын жер тоқпақтап опынып, күнде бiр өлiп, қара жерге қабiрсiз жерленiп жатқан жоқ па?! Соны дөп басқан, дәл айтқан. Өрттей өкiнiшке орап, дерттей күйiнiшке буып тұрып айтқан. Дәурен өлеңдерiн оқып отырып, тағы бiр ұққаным, ол өлеңдi тек шер тарқатар, сыр ағытар, адам жанын емдер дәрi мен дәруiм деп емес, керек кезiнде айналаға айбар көрсетiп тұла бойына тағынып алатын қаружарағым деп бiледi. Жалғыз өзiм қап, жабырқап тұрмын... Қайдасың, менiң өлеңiм? Бәрiңе бүгiн таңырқап тұрмын... Қайдасың, менiң өлеңiм? Елдерге тағы егесiп тұрмын... Қайдасың, менiң өлеңiм? Ертөстiктермен кеңесiп тұрмын... Қайдасың, менiң өлеңiм? Өлеңдi қару-жарақ етiп мұздай құрсанып алған мұндай ақын кiм-кiмге де есесiн жiбере қоймас.

Биiк азаматтық iрiлiкпен сөйлей алатын Дәуреннiң көп өлеңдерi махаббат тақырыбына арналыпты. Бiрақ, ол нәзiк сол тақырыпта да iрi сөйлеуден бiр танбайдыау, бiр танбайды. Тулаған сайын анарың Бұла түн болып қарадым. Улаған сайын жанарың Ұлы ақын болып барамын. Қыз алдында қысылып-қымтырылу, инабаттық көрсету деген болмас па?! Жоқ, қайта бұрынғыдан да қайраттанып, «ұлы ақынға» айналып бара жатады. Әрине, махаббат болған соң, оның айналасында шыбындай құжынаған гу-гу сөз де, ерiнi-ерiнiне жұқпайтын сымпылдаған өсек те көп болуы мүмкiн. Ондай кезде де Дәурен өз мiнезiне әбден берiк. Әлгiндей пасық, бықсық сөздердiң ешқайсысына пысқырып та қарамайды. Ондай сөздердiң бәрiне қолын бiр-ақ сiлтейдi. Өсек болып, Төсек болып керегi, Мейлi, жағы талғанынша толғасын. Бұл ел солай «аңыз» айта бередi, Мен сияқты сүйе алмайтын болғасын. Ақын тәкаппар. Ақын биiкте тұр. «ТАМҰҚТАМЫН КҮНДIЗ, ТАБЫТТАМЫН ТҮНДЕ» Мен жоғарыда жазған сөздерiмнiң бiрiнде жас ақындардың өлеңдерi туралы осы уақытқа дейiн пiкiрлер жоқтың қасы, олардың шығармашылығы мүлде дерлiк насихатталмайды дегендей сөз айтқан едiм. Әрине, мен бұл пiкiрдi жастар шығармашылығына деген бұқаралық ақпарат құралдарының қатысынан шығарып айтқан болатынмын. Әрине, осылай екенiне ешқандай күмән болмаса керек. Дейтұрғанмен, олардың шығармалары мүлде ескерiлмей, көңiлден аулақ, көзден таса қалды деуге болмайды. Ара-тұра, ауызекi болсын, олардың шығармашылығы туралы әңгiме бiржола суалып,

тартылып қалған емес. Оның үстiне, ол ақындардың жыр жинақтарын ақтарып отырып оларға жазылған бiрқатар алғы сөздердi оқыдым. Ол алғы сөздердiң бәрi дерлiк шын ниет, жақсы тiлекпен жазылған алғы сөздер. Мәселен, Бақытжан Алдиярдың «Құбыла» атты жинағына өз басым аса қадiр тұтатын үлкен көркемсөз шеберi Мархабат Байғұтов «Қазығұртқұнар қаламгер, Өгемөрiстi өлеңдер» деген тақырыппен салмақты да, салиқалы алғы сөз жазған екен. Мархабат өзiнiң Бақытжан iнiсiнiң шығармаларына жан-жақты тоқталып, терең талдау жасапты. Бағыт-бағдарын анықтап, бағасын берiптi. «Бақытжан Алдиярдың мұңы да, сыры да тереңде. Ол күнделiктi күйбең тiрлiкте де, өзiнiң өзгеше өлеңдерiнде де iшкi рухани еркiндiгiне залал келтiргiсi жоқ күйде қинала тiршiлiк кешедi. Халықтың, қазақы ұлттық көркемдiк уыздың қайнарларынан бастау алатын Бақытжандық тiл, Алдиярлық дiл – бiз сөз етiп отырған ақынның айрықшалығы», – дейдi Мархабат. Бұл орнықты пiкiрге Бақытжан өлеңдерiн оқыған кiм-кiмде бiр сөзге келмей келiсетiнiне мен кепiлдiк бере алам. Әсiресе, маған осы пiкiрдiң iшiнде «iшкi рухани еркiндiк» деген тiркес қатты ұнайды. Ақынды ақын ететiн ең басты қасиет – осы. Iшкi рухани еркiндiгiң жоқ па, анаған бiр жалтақтап, мынаған екi жалтақтап, өзiңнiң қара басыңа өз билiгiң жүрмей өмiр сүрдiң бе, онда, әсiлi, қолға қалам алмай-ақ қойған абзал. Шынында да, Бақытжан өлеңдерiн оқып отырып, оның iшкi рухани еркiндiгiне тәнтi болмасқа шараң жоқ. О баста-ақ «Алла менi жаратарда маңдайыма өлең жазған бiр шумақ» деп өзiнiң ия бағы, ия соры екенi белгiсiз парыз-борышты, рухани мiндетжауапкершiлiктi мойындаған ақын ештеңеден де тайынбақ емес. Сөз жоқ, маңдайына өлең жазылған ақынның бұл өмiрден көрер құқайы да, бұл тiршiлiктен көрер тәшпiшi де аз болмаса керек. Тiптi Алла тағала өлеңдi де тек сондай жанның ғана маңдайына жазатын болар. Иен дала, ерен дүз, Иесi бiз дегенбiз.

Алаң сүтiн iшкенбiз, Аю етiн жегенбiз, – деп желпiнiп жүрген ақынның күндердiң-күнiнде аңшы әкесi қансонардан қайтпай қалады. Сонан кейiнақ қоңторғай тiршiлiк қана емес, иiнi түскен жадау, иығы жамау, жүдеу тiршiлiк басталады. Бiр кезде «қабыланмен қағысып, қанын жұттық қасқырдың» деп кеудесiн керiп жүрген бала қабағы күреңiтетiн де тұратын сұрықсыз сұрқай өмiрге тап келедi. Ендi ол «пiсте сатты шешемiз... пiсiрдi ғой бiздi өмiр» дейтiн болды. Бiрақ, ол жабығып жасып, қамығып арып қалмайды. Қайта кетiлген үстiне жетiлiп бара жатады. Көлге-көзге жас тұнбай, Кеуденi өзге бастырмай Жанымыздың жарасын Жалап жаздық қасқырдай. Өлтiрем деп өпремдеп келген тағдырдың болат тырнағынан қаймықпастан, өршiл өжеттiгiн көрсетедi. Ондай жанға бұл өмiрден өз орнын, орнын болғанда да, бiреудiң ығында немесе тасасында жүретiн емес, қайта бiреуге пана болатын, жердiң шетiнде, желдiң өтiнде жүретiн орын белгiлеп алу оңай емес. Сонда ғана Мархабат айтқандай, «iшкi рухани еркiндiкке» ие бола алмақсың. Ондай жанның тар қауызға, тар қауыз емес-ау, мына жалпақ дүниенiң өзiне сыя қоюы қиын. Ондай жанның өмiрден алар еншiсi – сергелдең өмiр, сансыраған сана. Жарытпастан жыр түлеп Көзiмдi ашсам кiл түнек. Әлемiңе сыймадым Әр пәтерге бiр түнеп. Ақын өстi. Ақын ержеттi. Ендi ол өз қарақан басының қиындығын ғана емес, уақыт пен заман үстiнен өтiп жатқан ауыртпалық өз басынан өтiп жатқан ауыртпалықтан да ауыр, зiлмауыр екенiн бiлдi. Байқаса, мына қу өмiр зымиян жүрiс, сұрқия әрекетке де, жынжыбыр, қыл-қыбырға да, құдай-ау, қаптап кеткен екен ғой. Көнергеннiң есте тұтпас көбiн ел, Көрем деген көзге бiрақ көрiнер, –

Жер үстiнде – ыбырсыған тiрiлер, Жер астында – ыңырсыған өлiлер. Неткен күйiнiш, неткен ашыну десеңiзшi?! Дүниенiң қорқау құлқынын көре-көре жаны түршiгiп шошынып, дүниенiң сұмпайы сұрқын бiле-бiле жаны күйреп безiнген жан ғана осылай сөйлесе керек. Мына күйкi тiршiлiкте өмiр сүрiп жатқан «ыбырсыған тiрiлерге» назалы болған «ыңырсыған өлiлердi» жан-дүниесiмен ұғып отырған ақын бұлай сөйлемей, ендi қалай сөйлемек. Бұл өлең: Бақ – иесiз, бап киесiз қалмақ па? Ей, ағайын, аруағыңды ардақта! ... Арқа сүйеп темiр қоршау шарбаққа Айналарын түсiндi ме аруаққа Бiр қария жылап тұрды аулақта, – деп аяқталады. Кiмге қалай екенiн қайдам, мен үшiн айтар ойын ашып айтқан ақыннан гөрi, айтар ойын тұспалдап, астарлап айтқан ақын әлдеқайда жақын. Өйткенi, астарлы ой оқырманның өзiн көбiрек ойландырып, көбiрек толғандырады. Қазақшалап айтқанда, оқырман үшiн шайнап бергеннен гөрi, өзi шайнаған әлдеқайда дәмдi, әлдеқайда құнарлы. Олай болса, темiр шарбаққа сүйенiп жылап тұрған қарияның iшкi иiрiмiне көз салып көрiңiз. Күнi ертең ол қария да аруаққа айналмақ, яғни жер астында, дәлiрек айтқанда, ыбырсыған тiрiлердiң аяғының астында күңiренiп, ыңырсып жатпақ. Ол сол үшiн жылайды. Мiне, ақынның тұспалдап айтып отырған ойы. Ерiксiз, сол қарияға деген, оның аруаққа айналатын фәнилiк тағдырына деген күйiнiштi сезiм сенiң бүкiл алпыс екi тамырыңды құтырта қуалап есеңгiретiп, сансыратып жiбергендей болады. Мына дүниеден осы сияқты мүсәпiр құбылыстарды көп көрген ақын «тамұқтамын күндiз, табыттамын түнде» деуге әбден хақы бар. Бiрақ, ол еңсесiн түсiрiп, қысастықтың құрсауына қамалып, күйрей жығылып, орнынан тұра алмастай халге түсiп, опынып тұралап қалмайды. Ақын бәрiбiр әрекетте, бәрiбiр жолда. Өйткенi, өмiрдi бұрынғыдан да тани, бұрынғыдан да бiле түсуi керек. Әрине, қатыгез заман мен қатыбас уақытпен келiсу үшiн де емес, кетiсу үшiн де емес. Күресу үшiн! Жалпы,

мықты ақын еш уақта да өзi өмiр сүрiп жатқан заманмен келiспек емес. Тек күреспек! Жеңiлсе де күреспек! Сондықтан да ол жолда, сондықтан да ол әрекетте. Асағандарға қасасып, Қашағандарға төс ашып, Көргiсiз көрден қос асып, Белгiсiз белден бас асып, Оралмас жерге жол алдым, Бола алмас жерде боп алдым. Моламның өттiм жанынан Оған да бiр күн соғармын. Ендi оның моласының да жанына аялдауға мұршасы жоқ. Бәрiн бiлу керек, бәрiн көру керек. Ендi ол «нән өтiрiк – мiнбеде, нағыз шындық – төменде» екенiн ұғу үшiн де, «ит жетектеп барады әлдебiреу, жетегiнде бiз жүрмiз ит-өмiрдiң» деп апшу үшiн де, «iшқұсалық зарпымен iшкен уы басқа екенiн Абайдың» деп тереңiрек үңiлу үшiн де өмiр сүруi керек. Бақытжан – өткен мен бүгiннiң, бүгiн мен ертеңнiң әрi салалас, әрi құрамдас екенiн бүкiл болмыс-бiтiмiмен, бүкiл тамыр-талшығымен сергек сезiнетiн ақын. Осы сөздерiмiздiң куәсi ретiнде оның бiр өлеңiн сәл ұзақтау болса да тұтас келтiргiм келiп тұр. Бәз-баяғы келер күн мен өткен күн, Таныс маған гүлi әнебiр көктемнiң. Мен осыдан екi жүз жыл бұрын да Жер бетiнде өмiр сүрiп кеткенмiн. Мұным, сiрә, боп көрiнер, сiрә, аңыз, Сенбесеңiз табиғаттан сұраңыз. Дәл осыдан екi ғасыр бұрын да Маған өле ғашық болған мына қыз. Ауық-ауық күрсiнетiн ана аспан, Анау таулар көк аспанмен таласқан. Баяғыда-ақ кейiпкер боп жырыма Содан берi мәңгiлiкке жол ашқан. Тау мен тасты өлең еткен сол ақын, Бүгiнде де әйгiлеген жоқ атын.

Баяғыдай жұрт та... Бiрақ, ол кезде Ездерiнен ерлерi көп болатын. Тәңiрiнен тiрiлiгiн тiлеген, Жұрт сөзiнен таппаған соң тiрек, ем, Күлтегiндей күллi жаһан бiлсiн деп Жартасқа ойып жазғам сосын бiр өлең. Сол өлеңнен әлi күнге жоқ дерек, Көркем сөздi етпеген соң көп керек. Жер бетiнде жүрiп-жүрiп бiр күнi Ғарыш жаққа кетiп қалғам өкпелеп. Едi, мендегi мұңға ғашық

кәрi өлке, Таңғалғыштау жүрегiмдi тағы өрте. Үлгермеген жырларымды жалғасам Деген едiм, келдiм бiлем сәл ерте. Жұлдыздардың аржағынан жобалап Уақытыңнан жаңылысқан жаман-ақ. Талай жылдан таныс болған қара жер, Тәнiм саған аманат, Қайтып келгенше... Әттең, жадың берiк болса, жаттап-ақ алатын өлең. Бақытжанның көп өлеңдерi махаббат тақырыбына арналыпты. Ол өлеңдерге бiз бұл жолы аялдай алмадық. Бiрақ, ол өлеңдердегi тұнып тұрған сезiмге бiр сүңгiп шықтық. Бақытжанның ол махаббат әлемi бiрде тып-тынық күндегi көлдей мөлдiреп, бiрде құтырған дауылды күнгi құмдай бұрқырап, бiрде сыңарынан айрылған аққудай сұңғағын созып сұңқылдап, бiрде бұлттай көшiп, ендi бiрде арнасынан асып-тасыған өзендей сарқырап... жатқан әлем екен. Бiз бұл мақалада оның тек өз ыңғайымыз бен өзiмiздiң оңтайлы тұсымызға келетiн өлеңдерiне ғана тоқталдық.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙