Жердің жаратылысы жайындағы әңгімелер
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
(Аударма. Ю. Вагнерден)
ТАУЛАРДЫҢ ӨЗГЕРУІ ТУРАЛЫ
Бір жылы Солтүстік Кавказдағы бір немістің отарына таман кешке жақын жақындап келе жаттым. Жеккен аттарымыз болдырып қалып еді. Арт жағымыз талай шақырым жерге созылып жатқан дала еді. Біздің арбамыз жүріп келе жатқан почтаның шаңды жолы ен далада ұзын сұр жыландай болып айырылып жатты. Жол біздің артымызда әлдеқайдағы алысқа созылып, көкжиекке жеткендей еді. Алдымызда отардың кішкене үйлерінің көз-көз болған қызыл шатырлары көріне бастады. Оның ар жағында иректеліп созылған асқар таулар көрініп тұрды. Бірінен бірінің басы асып қарлы биіктер ақ бұлттар көк жібектің үстіне асылып тұрған сияқтанды. Мен алыста тұрған көк тауларға қарағанда, жарқыраған сиқырлы биіктері өзіне көңілімді тартқандай болды. Менің оң жағымда күн төмендеп, қып-қызыл дөңгелек болып, жазық далаға батып бара жатты. Арба мен аттан түскен ұзын көлеңке бізбен бірге жүгіріп отырды. Көлеңке ұзарып, кештің қоңырқай түсіне араласып, бір-бірлеп жоғалып жатты. Аздан соң күннің көрініп тұрған жалғыз шеті де жоғалып, қалың таулардың қарлы басы алтынды қызғылт түспен бояла бастады. Жалпақ дала кеш қараңғылығының күңгірт құшағына кірген уақытында, күннің ақырғы шұғыласы таудың ағарған басында көрікті түспен ойнап, бәсеңдеп ұшып бара жатыр еді. Отарға жақындап келгенде менің көңіліме көрікті суреті мол тау мен артта қалған мұңлы ұзақ даланың арасындағы үлкен айырмасы байқалғандай болды. Ертеңінде жатқан үйімнің терезесінен асқар таудың ұлы шынжырын тағы көрдім. Бірақ бұл кеше кештегі көрген тау сияқты емес. Қазірде таудың жотасы жарық күннің сәулесімен жарқырап, көкшіл-сұрғылт аспанда айқын көрініп тұрды. Таудың ақ жотасынан төмен сұрланып жартасты таулар көрінді. Одан төмен қалың тоғай басқан қарауытқан беті көрінді. Әрине, таудың өзі өзгерген жоқ еді. Өзгерген оған түсіп тұрған жарық пен содан көрінген суреттер ғана еді. Суреті кешегіден қазірге тіпті басқа сияқтанып тұрды. Таулар да өз суретін теңізше өзгертеді. Бұл өзгеру оның көркін, түсін көбейтеді. Бірақ бұдан басқа жай өзгерсе де таудың өзі өзгеретіні де бар. Табиғатта өзгермей қалатын ешнәрсе жоқ. Тауды өзгертуге алдымен еңбек қылатын оның бетінде ағып жатқан сулар. Су оны езеді. Бетіндегі құм, топырақты ағызады. Сол ағызған нәрселерімен таудың ішіндегі алаптарды толтырады. Сумен бірге тауды өзгертетін — ауа. Бұл әсте су мен ауаның ынтымағы күшті. Біріне бірі үлкен көмектес. Ауа судың жалықпайтын серігі, жәрдемшісі. Судың әлі жетпейтін жерде ол ылғи өз көмегін дайын қылып тұрады. Мәселен, су жолында кездескен үлкен тас болса, оған судың әлі келмеген уақытта дымқыл ауа ол тасты жұмсатады. Тас жарылады. Оның жарығына содан кейін барып су кіреді. Суықта сол су қатады да әлгі жарықты ұлғайтады. Бөтелке толған суды аузын мықтап бекітіп, суыққа шығарсақ, су қатуға айналғанда бөтелкені сындырады. Сол сияқты су қатуға айналғанда су қатты тасты да сындырады. Осылайша таудағы қыңыр жартас су мен ауаның күшінен жеңіле бастайды. Жартас бір заманда қаншалық майыспайтын мықты сияқтанып тұрса да, уақыты келгенде құлап талқан болып, орнында үйілген ұсақ тас кен қалады. Бір заманда ол ұсақ тасы да жоғалады. Ол ұсатылып-ұсатылып барып қиыршық болады. Оны су қағып ағызып әкетеді. Рас, бұл өзгеріс өте жай болады. Бірақ су мен ауа тынықпайды. Олар өз ісін демалыссыз, мезгілсіз істейді. Тауды күйретеді. Жер жүзін тегістейді. Егерде олардың, қызметіне басқа бөгет болмаса, барлық құрғақты бара-бара дастарқанның үстіндей тегіс қылып шығар еді.
ШАШЫРАНДЫ ТАСТАР
Сумен таудың бәрі оңай бөліне бермейді. Таста: жар, қабат, тесік көп болса, жаңбыр суы кіретін жол болса, тас ауаның әсерінен тез өзгеретін болса — тау сол уақытта оңай бұзылады. Ондай таулардың беттері толған я ұсақ, я кесек тастар болады. Бұл тастар сумен жұмырланбаған, үштері үшкір болады. Ондай жерді шашыранды тастар, я қорым дейді. Мен сондай шашыранды тастарды көп көрдім. Тау басына шыққанда солардың үстімен де шыққан жерлерім болды. Кей жерде бұл тастар өте ұсақ қиыршық тас болып, ілгері басқан аяқты кейін тайғызып, сырғанатып отырады. Егер таудың беті тік болса, бір жерден домалаған тас басқа тастарды ертіп, секіріп, қарғып, жайдақ жерге жеткенше домалайды. Кей уақытта шашыранды тастар үлкен де болады. Ондайлардың сұлу болып кездесетіні де бар. Бізде, Қырымның оңтүстік жағында содай тастар көп. Ішіндегі ең сұлуы «хаус»—шашыранды тас. Бұл теңіз жақ күнгейде Аюдақ тауының жанында. Қырым тауларының биіктері теңізге тіп-тік биік жартас болып, асылып тұрады. Оңтүстік жағадағы жолмен келе жатқанда күн жарығымен шағылысып тұрған, кейде қызыл, кейде сұр түсті тас қабырғалардың көркіне көз қуанғандай болады. Бір жақта биік аспанға созылып кеткен сұлу жартас, екінші жақта теңізге қарай созылған егіс. Бұның бәрі толған бау, бақша, жемістер. Осы жерлерге су құлатқан тастар домалап анда-санда келіп жатады. Кей уақытта бұл тастардан тас өзен құралғандай болып, жартастан теңізге шейін созылып жатады. Кейбір үлкен тастар теңіздің ішіне де түсіп, түбіне кетіл жатады. Осы күнгі Петроградта көшеге жайған тастардың бәрі де бұрынғы «Фин» тауларының бөлімдері еді. Табиғаттың өзі жартастарды сындырып, ұсатып, солардан көшеге жаятын жұмыр тастарды жасап шығарды. Фин жартастары әншейін тастан, яки (тау жынысы) граниттен құралған болатын. Петроградтағы Айса шіркеуінің басқыштары, биік дуалдары сол граниттен жасалған. Нева өзенінің жағасына қалаған тастар, бұрынғы крепост (қорғандар) және байтақтың көп үйлерінің іргелері де сол граниттен жасалған. Сол керектерге жаратқан тастар мықты болса керек еді, шынында, ондағы қызыл гранит мықты тас. Бірақ сол да ауаның әсерінен аз-аздап өзгереді. Бұдан басқа граниттің өзге түрлері де бар. Олар ауаның әсерінен тез өзгереді. Граниттің сондай бір тұқымын финдер «Раффакиби» дейді, біздіңше шірік тас деген сөз. Олар үй салудың керегіне жарамайды. Себебі ауаның салдарынан тез өзгеріп, жұмсарып, ұсатылып кетеді. Әрине, сырт жағы жел қақты болған тасты жұрттың бәрі де көрген шығар. Сол тастардың сыртында жұмсақ қабыршақ болады. Бір нәрсені тигізсе тез үгіледі. Тастың қатты, мықты заты сол қабыршақтың астында болады.
ТАУ ЖЫНЫСЫ МИНЕРАЛДАН ЖАСАЛҒАНЫ ТУРАЛЫ. СУ МЕН АУАНЫҢ БІР ТАУ ЖЫНЫСЫНАН ЕКІНШІ ТАУ ЖЫНЫСЫН ЖАСАЙТЫНЫ ТУРАЛЫ
Жұмыр тастың бірін алып, сындырып, ішіне қарайық. Алдымен көрінетін нәрсе: қолымыздағы үлкен тас кішкене ұсақ тастардан, ұсақ ұрықтардан құралғаны білінеді. Ол ұсақ ұрықтың да бәрі бірдей емес. Сіздің қолыңызға қызыл гранит түскен болса, соның ішіндегі қызыл қиыршықтармен аралас жүрген жылтырауық сұрғылт тас та, өте ұсақ жарқыраған қара тастың да қиыршығы, ұрығы көрінеді, сол әрбір ұрықтың бәрі де өз бетінде жеке минерал. Қолындағы үлкен тас яки тау жынысы сондайлық бір жерге құралған әртүрлі минералдан жасалған. Гранитті ішіндегі қызыл минерал, сахара шпаты, жылтырауық сұрғылт ұрық хрустигі, ал ұсақ қара ұрық слюданікі болып шығады. Сахара шпаты граниттің түсі де соның түсіне қарай болады. Егер ол қызыл болса, гранит те қызыл, ол ақ болса, гранит сұрғылт болады. Осы сияқты сахара шпаты басқа көп тау жынысының да ішінде болады. Тау жынысы бұзылғанда алдымен сол сахара шпаты бұзылып өзгереді. Одан өзіне ұқсамайтын екі түрлі зат шығады. Біреуі — су ішінде тұз секілді болып іріп кететін зат, екіншісі суда ерімейді. Бірақ ұсақталып, үгіліп кетеді. Судың екпінді ағыны болса, бірге ағып кетеді. Жер үстіндегі су да, аспаннан жауатын жаңбыр да соны жуып-шаюдың әрекетінде болады. «Тамшы тас теседі» деген мақалды естіген шығарсыздар. Бір тамшының артынан бір тамшы биік жерден дамылсыз бір жерге тамып тұрса, астында қандай қатты тас болса да ояды. Терең шұңқыр жасайды. Рас, тасты тесу, ою үшін ондай тамшының кеп тамуына керек. Жеке бір тамшының қызметінің бізге білінбейтіні рас, ондай ойылған тастарды кейде ескі үйлердің шатырларының астынан көруге де болады. Оларға талай жылдар тамшы тамған болады. Сол тамшылар граниттің ішінен барлық сахара шпатын жуып, айдап шыққан болады. Бірақ егерде сахара шпаты жоғалған болса, барлық тау жынысы да, гранит та бөлінеді, слюда, хрустик бөлімдері тау жынысында тоқтамайды. Соның артынан тау жынысы да бітеді. Бұл өзгеріс өте жай болады. Көпке созылады. Байқалмайды. Аз-аздап сахара шпаты жоғалады. Біртіндеп кварц, слюданың ұрықтары жоғалады. Бірақ табиғат уақытты білмейді. Граниттен жасалған бір жартастың бүлініп күйреуіне бұрын мың ғасырлар өтер, бірақ өйткенмен сол жартас бүлінеді. Су сахара шпатын әкеткендей слюданың қиыршықтарын да әкетеді. Квардтық ұрықтарын да әкетеді. Жаңбырдың тамшыларынан бұлақтар, өзендер құралады. Сол өзендер граниттен жаңбыр тамшысы айырған бұйымдарды алып кетпек. Және сол тастан жасалған лайды өзен суы қайда апарады? Мұны білу үшін қатты жаңбырдың артынан су шайып кеткен жылғаны қараңыз. Оның түбін ұсақ таза құм басқанын көресіз. Соның бетін шұқысаңыз астынан кесегірегін табасыз. Су жылғадан аққанда құмның ұсағын да, кесегін де бірге ағызған. Жаңбыр саябырлағанда су ақырын ағады. Сол уақытта кесек құмдар отырып қалады. Жаңбыр біржола тоқтағанда ұсақ кұмдар отырады. Бұлақ кішкене өзеннен қаттырақ ағады. Кішкене өзен ірі өзеннен қаттырақ ағады. Кішкене өзендерден үлкендері құралады. Су жай аққан сайын ұсақ лай түбіне отырады. Сондықтан ағыны қатты өзеннің түбінде ірі құм болады да, ағыны жай суда ұсақ құм болады. Сонымен өзен суының басқа жерден ағызып шыққан нәрселері түбіне отырады. Сол өзен ағызып келген құм топырақтарды іркінді құм деп атайды. Жазғытұрым, болмаса күзді күні қар тез ерігенде яки жаңбыр жиі жауғанда әрбір өзенге көп бұлақтар келіп құяды. Олар маңайдағы дала мен тоғайдан жуып ағызып кетуге болған нәрсенің бәрін алып кетеді. Өзен сол нәрселерден лайланады. Бірақ белгілі уақыт өткен соң өзен суы қайтадан тынық болады. Барлық лайды өзен аяғына таман ағызып барып, іркінді қылып тастап кетеді. Өзгеден бұрын өзен кварцтің кесектерін тастайды. Жай құм сол кварцтің қиыршықтарынан құралады. Әрбір қиыршық бұрын тау жынысының бірінің ішінде болса, артынан ол тау жынысы үгіліп ағып кеткен соң, қиыршық содан түсіп, сумен ағып кеткен. Қиыршықтанған соң, су слюданың бөлімін тастайды. Бұның, бәрінен алысқа әкететін сахара шпатынан жасалған лай болады. Ол лай кәдімгі өзімізге белгілі топырақ. Ол өте ұсақ, өте жеңіл болғандықтан нағыз тынық, ағынсыз суда ғана жерге отырады. Ондай жерлер теңізде, көлдерде ғана болады. Сонымен бүлініп қираған граниттен жаңадан үш түрлі тау жынысы шығады: кварц, слюда және топырақ. Ауа гранитті жеке-жеке минералға бөлді. Ал су осылардан тау жынысының екінші ұсақ бір түрін жасап шығарды.
ЖЕР ІШІНДЕГІ ҚЫЗУ ЖӘНЕ ЫСТЫҚ СУЛЫ КӨЗДЕР ЖАЙЫНАН
Дүние жүзінің бәрінде де ескі тау жынысы бұзылып, солардан жаңа жыныстар жасалып отырады. Ауа мен су барлық жерде өз қожалығын жүргізіп, бұрынғы ағызып келген кұм мен топырақтың, қарасын молайтып үлкейте береді. Су жер үстін тегістемекші болады. Бар тауды жуып.. шайып кетуге шамасы келмейді. Қайта кейде судың өзі әкелген іркінді құмынан жер тағы да тау жасайды. Бір жерде су тауды ерітіп, шайып, бұзып жатса, екінші жерде жаңа тау жасалып жатады. Бірақ ескі таулар да су әрекетінен біржолата талқандалып қалмайды: кейбір таулардың көтерілетіні болады. Сонда бұрынғы жел мен ауа бұзған тау жынысының орнына екінші тау жынысы шығады.
Осымен жер суменен ылғи алысуда болады.
Бұл алысу жер ішіндегі тауды көтеретін, жаңа тау жынысын жасайтын күшті қуат жоғалып біткенше тоқтамайды.
Жер ішіндегі сол қуат немене?
Ол қуат жердің ішіндегі ыстығы. Жердің үсті суып, қызып жылынса, күн қызуымен ғана жылынады. Бірақ жердің іші бұндай емес. Ішінде адам баласы көріп білмеген үлкен қызу бар. Сондықтан жердің ішіне тереңдеп барған су қызады. Қызуы өте көбейгенде су қайнайды. Аяғында бу болады. Осындай сулардан жерден атқып шығып жататын ыстық көзді бұлақтар жасалады. Егер сол көздердің суы ылғи шықпай, анда-санда мезгілімен шығып тұратын су болса ондайды «Арасан» дейді. Арасанның сулары жердің ішінде қайнаған болады. Егер бөтелкені суық суға толтырып қайнатсаңыз, аздан соң су көбейген сияқтанып асып төгіле бастайды. Бұдан ыстық судың суық судан көп орын алатыны білінеді, су ысытса, ауданы үлкейіп кеңейеді дейді. Міне, осы себептен жерге сіңген су да ыстықтан қайнаған соң кеңейіп, таси бастайды. Қызу болса, судан да тез кеңейетін бұйым бар. Ол — бу мен газ. Бірақ жер ішінде бұның бәріне сыя беретін орын жоқ. Су әуелде жер ішіне жарық -жарықпен келсе, қазірде ол жолмен қайта шыға алмайды. Себебі онда су бар. Басқа шығатын жол тағы жоқ. Содан кейін, жылыған бу яки қатты қайнаған су жерді түртіп қатты итере бастайды. Су мен будың қайнауы күшті болған сайын итеретін күші де мықты болады. Ақырында сондаймен жиылған күш әбден ұлғайып жеткенде ешнәрсе қарсы тұра алмайтын болады. Жерді жарып, үстіндегі, жарықтардағы барлық суларды ытқытып айдап шығады. Су жер үстінде фонтаннан шыққандай болып шапшып тұрады. Арасан суының шығысы осындай болады.
ЕРІГЕН ТАУ ЖЫНЫСЫНЫҢ ҚҰСУЫ ЖӘНЕ ВУЛКАНДАР ХАҚЫНДА
Егер суды аузы тығындаулы бөтелкеде қайнатсаңыз, аздан соң судан шыққан бу бөтелкені сындырып кетеді. Ешбір ыдыс будың қуатына шыдай алмайды. Ыдыс қаншалық мықты болып қалың болса, будың да қайнаған сайын қосылатын күші мол болады. Аяғында бу әбден күшейіп келіп, сол ыдысты да сындырады. Жарылған даусы да қатты болады. Сондай жарылу судың буы шығатын жол таба алмағанда жерде де болады. Жарылудың алдында жер астынан күн күркірегендей болып дүңкілдеген дыбыс естіледі. Кейде жер дірілдейді. Жер астындағы дүңкіл қатайып, жиілене бастайды. Ақырында бу өзіне жол табады. Жер үсті жарылып, судан қайнаған бу ысқырып атқып шығады. Бұл бу жолында кездескен нәрсенің бәрін де алып кетеді. Егер жердің жарығы берік болса, бу жер ішіндегі еріп балқыған тау жынысын да ала шығады. Тау жынысының жер ішінде түрі қандай екені бізге мәлім емес. Бірақ жер үстіне бұлар тас сияқтанып шықпайды, еріп балқыған, сұйық от болып шығады. Оны лава дейді. Әрбір қатты нәрсе орташа қызуға ерімейтін болса, қатты күйдірумен ерітуге болады, сұйық су сияқты қылуға болады. Ал сұйық бұйымның бәрін де бу қылуға болады. Бір түйір темірді қыздырса әуелі қызарады. Содан қызуды күшейткен сайын ағара бастайды. Жанғандай болып жарқырайды. Қызу тіпті күшейгенде көз қарай алмайтындай аппақ болады. Соның артынан темір ериді. Жарқыраған салмақты бір сұйық бұйым болады. Қызуды соның үстіне тағы күшейтіп тоқтатпай ұстай берсек, сұйық бұйым қайнайды. Одан темір буы деген бу шығады. Темірді еріткендей тасты да ерітуге болады. Жер ішінде барлық заттар сол еріген күйде болуға мүмкін. Себебі жер ішінің қызуы тау жынысының қайсысын болса да ерітуге жарайды. Және сол тау жыныстары жер ішінен бу айдап шықса, жер үстінде олар от өзен болып ағады. Сонымен су шайған тау жынысының орнына жер ішінен екіншісі шығады. Осы күнгі тауларды жасап тұрған жыныстардың бірталайы бұрынғы кездерде әлгідей болып жер астынан шыққан.
Олар жердің құсығы сияқтанып шыққан, сондықтан құсық, жынысы деп аталынады. Жер астынан шығып келе жатқан бу кейде құсық жынысының түйірлерін аспанға ытқытады. Түнде жарқырап аспанға ұшып бара жатқан, толып жатқан тастар өте сұлу көрінеді. Аспанға созылған будың өзі де от діңгек сияқтанып тұрады. Анығында бу жарқырамайды, оған түсіп тұратын сұйық лаваның жарығы болады. Күндіз ол діңгек қара сұр түсті болады. Себебі бумен бірге кеп қара құм, күл ытқып шығады. Сол ұсақ қиыршықтың бәрі де қатып қалған лаудың кішкене тамшылары болады. Ұсақ қиыршықтары жиылып аспанда бұлт жасайды. Кесектері қайтадан жерге түседі. Бұлар жерге жаңбыр суындай болып түсіп, аздан соң құсық шыққан жердің айналасында әлгі құмнан, басқа тастардан үйілген тебе жасалып қалады. Сол төбелер өсе - өсе бір заманда үлкен тау болады, ондай таулар жанартау яки вулкан деп аталады. Басындағы бу шығатын шұңқыр тесігін вулканның кратері дейді. Кратер біздіңше кесе деген сөз.
ЕСКІ РИМ ПАТШАЛАРЫНЫҢ ГЕРКУРАНУМ, ПОМПЕЙ ДЕГЕН ЕКІ ҚАЛАСЫ ЖОҒАЛҒАНЫ ТУРАЛЫ
Вулкан жер үстінде көп, бірақ соның көпшілігі баяғы заманда өзінен бу, лава шығаратынынан тоқталған. Осы күнде олардың түсінігіне қарап бір заманда бу шығатын жол болғандығын білуге болады. Мұндай вулкандардың бірталайын су шайып, жер жүзінен жоғалтып жібергені де бар. Олардан қалған бұрынғы лавадан шыққан, қатып қалған тас өзендер әлі бар. Біз сондай вулкандарды сөнген вулкан дейміз, бірақ олар шын сөнді ме, жоқ уақытша дем алыс қылып жатыр ма? Оны білу қиын. Олардың ұйқысы қаншалық ұзақ болса, оянуы сондайлық қорқынышты болады. Мен езім көрген бір вулкан жайынан әңгіме айтайын: Италияның Неаполь деген қаласынан жиырма шақырым жерде тұратын Везувий деген қара тау бар. Бұл вулкан. Оның бас жағында ылғи бір кішкене ақ бұлт үйіріліп жүреді. Ал түндерде Неапольдан әлі күнге шейін сөнбеген лаваның жарығы көрініп тұрады. Олар таудың жарығы. Олар таудың бетіне жайып тастаған қызыл көмір сияқтанып жатады. Сол таудың дәл түбінде Италияның Резина деген қыстағы бар. Қыстақтың кейбір жерлері қатып қалған лаваның үстіне салынған. Баяғы ескі заманда дәл осы орында Римнің Геркуранум деген бір бай қаласы болған екен. Ол кезде Везувий қалың ұйқыда болған. Қаланың халқы басына келетін бақытсыздық күнін сезген жоқ еді. Олар қаланың жанында тұрған тауды вулкан деп те ойламаған. Ойлағаны болса сөнген вулкан деп ойлайды. Вулканның беттері толған Рим байларының бау-бақшасы, жаз тұратын үйлері екен. Таудың қақ басында және кратердің түбінде неше жүз жыл өмір сүрген қалың тоғай бар екен. Рим халқы бұл тауын Сұмма деп атайды екен. Мұның кратері тіпті үлкен болғандықтан, езі жан-жағы тау-таспен қоршалған үлкен-үлкен алқап, шатқа ұқсаушы еді. Соның ішінде байынан қашқан құлдар, ел талаушы ұрылар жүреді екен. Тақ осы вулкан бір заманда еш күтпеген уақытта ояна бастады. Жер астынан күшті дүңкіл шықты, оның артынан жер дірілдеді. Қаланың неше жылдар аман тұрған үйлері ауытқып құлай бастады. Халық қаласын тастап, таудан алысқа қаша бастады. Бұл жер сілкіну үлкен қауіптің алдындағы белгісі ғана еді. Ол басылды. Қайтадан тыныштық болды. Қала тұрмысы бұрынғыдай болды. Осымен тыныштықта он алты жыл өткен соң, бір күні жер тағы да дірілдеді. Жер ішіндегі бу шығатын жол іздеп қыса бастағаны белгілі еді. Тағы да бұрынғыдан гөрі қаттырақ дүңкіл естілді. Жер жеңілді. Үлкен қорқынышты болып жарылып, үйілген тастар, биік жартастар аспанға ұшты. Тау басына қап-қара діңгек сияқтанып күл ытқып шықты. Сол күл аспанды, тауды да көзге көрсетпей қойды. Тау айналасы қараңғы түндей болып күңгірттеніп кетті. Күл мен құм таудың бетіне және жақындағы айналаға түсіп, қара көрпедей басып алды, аспанда қалың бұлт шығып, күн жарқылдап, үлкен нөсер құйды. Осы судан үлкен өзендер ақты. Су күлмен ұласып, бір сұйық қара батпақ болып, үлкен өзендер таудың бетінен аға бастады. Бұл батпақ жолында не кез келсе соның бәрін басып қалды. Соның ағыны Римнің Помпей деген қаласына да жетті. Бұл қала Сұмманың екінші жағында болушы еді. Бірнеше минутта қаланы батпақ тегіс басып кетті. Сұйық батпақ барлық жерге де кіре бастады. Көшелерді, үйлерді басып, қаша алмай қалған адамдарды да өз ішіне батырып жатты. Бұл батпақты өзеннің артынан екінші ең қауіпті өзен келе жатыр еді. Ол еріген лавадан жасалған от өзен еді. Лава ақырын жай ағады. Бірақ өзінің ауырлығы мен ыстығының арқасында жолындағы нәрсенің барлығын күйретеді. Сол лава Геркуранумды батырып, теңіздің дәл өзіне шейін жеткізді. Құсық тоқталып, көлден жасалған қара бұлтты жел қуып кеткен соң, Рим халқы бұрынғы Сұмманың орнында екінші бір қара тауды көрген. Ескі Сұмманың бір-ақ шеті ғана жаңа таудың солтүстік жақ жағында көрініп қалған екен. Одан басқа теңіз жақтағы шетінің бәрі жоқ болып кеткен: ол тауды әуелгі атылғанда талқандап кеткен екен. Оның орнында кішкене кратері бар, жаңа тау жасалыпты. Бұның да кратерінен ақ бу діңгек сияқтанып аспанға шығып жатты.
ВЕЗУВИЙГЕ ЖАСАҒАН СЕЙІЛ
Ноябрьдің кезі. Күн ашық жылы еді. Мен бір жолдасыммен Неапольдан шығып, Резина қыстағына таман келе жаттым. Резинаға жетпей-ақ жолда вулкан істеген істің ізін көре бастадық. Вулканнан қалған күл көшенің батпағына араласып, қап-қара болып жатыр екен.. Кей жерде құлап жатқан баяғы заманның ескі үйлері көрінді. Бірталайын лава басқан екен. Резинаға жеткен соң біз жаяу кеттік. Қыстақтың үлкен көшесінен бір қалтарыс кешеге бұрылып, тауға қарай шыға бастадық. Аяғымыздың астында бұрынғыдай қолдан жасалған тас көше емес, қатып қалған лаваның тас өзені еді. Бұл жерде тас көшені табиғаттың өзі адам қолынан шеберірек қылып жасағандай. Везувийдің басына баратын үлкен қара жол бар екен. Біз онымен жүрмей, бақшалардың арасымен төте жолмен кеттік. Аздан соң ескі лаваның өзенінен өттік. Өтіп кеткен көп жылдар бұл өзеннің бетін тегістеп, кей жерлерін топырақ басқан екен. Үстінде өскен апельсин, құрманың және басқа жемістердің жуан ағаштары бар екен. Тағы біраз жүрген соң соңғы заманда шыққан лаваның ішіне кірдік. Бұл лава Везувийдің кратерінен 1872 жылы шыққан екен. Сырты әлі күнге өзгермеген. Бұның түсі қарағайдың сыртына шығып, қатып қалған қарамай сияқты бұдыр-бұдыр. Лава қатқанда сыртынан қатады. Әуелде сыртқы жұқа қабыршақ қатып іші сұйық күйінде ақырындап - ақырындап жылымшып ағып отырады. Бірақ сыртқы қабық қатуға айналса да жұмсақ болғандықтан және лаваның ішінен шығатын газдардың салдарынан кей жері көтеріліп, қабарып, томпиып, кей жерлері жарылып тұрады. Сондықтан лава қатқанда бұдыр-бұдыр болып, әр жері әр түсті болып қатқан екен. Сыртқы түсі маған бұйраланып, толқынданып тұрған сияқты көрінді. Бұл толқынның арасымен жүру ауыр болғандықтан, біз аз жүрген соң үлкен жолға шығып, лаваның бір үлкен кесегінің көлеңкесіне отырып дем алып, азғана тамақ жедік. Бұл жерден бізге барлық Неаполь және айналасы жасыл бақшаға батып тұрған Неаполь қолтығының көгеріп жатқан суын көрдік. Бірталай қызықты суретті керіп, тынығып алған соң ілгері жүрдік. Лаваның ендігі суреті бұрынғыдан да ерекше болып көрінді. Осыдан төрт-ақ жыл бұрын аққан лаваның өзеніне кездестік. Бұның сырты қап-қара еді. Беті жылтыр болмаса да күнге шағылысып жарқырап жатты. Дәл беті тегіс емес, шұбар еді. Шұбартып қалған лава қатарда шыққан газдардың шұрқ-шұрқ қылып тесіп кеткен жерлері еді. Көбінде үшкір болып шығып тұрған шеттеpі бар екен. Мен қолыммен сипап көрем деп екі рет қолымды кесіп алдым. Сондайлық өткір екен. Бұдан жоғарғы жерде жаңа өзен қара жолды басып қалған екен. Біз енді соның өзінің үстінен өтіп, ар жағында тағы бір жарым шақырымдай жерге баратын қара жолға түспекші болдық. Біз ілгері жүріп отырып, бұрынғы Сұмма мен Везувийдің арасындағы белең жарыққа шықтық. Содан әлі күнге қатып болмаған лаваның құрғақ жерлерін аттап басып, лаваның дәл өзі шығатын ауызға келдік. Лава кратердін, өзінен шықпайды, вулканный, төмендегі бір жарығынан шығады екен. Кратерден қазірде түйірленіп бу шығып жатты. Түбіндегі жарық вулканның осы күнгі аузы екен. Содан сұйық от үлкен қызумен құйылып жатты. Бұл жер өте ыстық қызу болғандықтан тұруға қиын болды. Бірақ азғантай ғана от шығып жатқан ауызға қарауға шамамыз келді. Төменде от өзен ақырын қозғалып ағып, қалың қара батпаққа араласып, жоғалып жатты. Қайтыста сол жердің, бір-екі адамы бізге аз ғана ақша төлегендігіміз үшін ұзын бақырмен (шелекпен) бір терең, тесіктен бізге әлі күнге қатпаған жұмсақ лаваны алып берді. Мен лаваның ішіне бір ұсақ ақшаны батырып тығып, Везувийге барғанымның белгісі қылып сақтап жүрмін. Везувий оянған кезінде қаншалық қаһарлы болса, Италия халқы бұл вулканын жақсы кереді. Барлық суреттерде алдымен бусанып тұрған Везувийді көресің. Себебі бұл вулкан өзінің күлімен Италия халқын асырап тұр. Маңайдағы егіндік жерді бұл күл жаңартып, жасартып отырады. Және Везувий тауының бетінде ең жақсы жемістердің бау-бақшалары бар.
ЖЕР ІШІНДЕГІ ЫСТЫҚ ҚАНШАЛЫҚ
Ыстық бұлақтар, вулкандар бізге жер ішіндегі ыстық барлығын білдіріп отыр. Егер сол ыстық болмаса адам баласы жердің ішіне де тереңдеп кіріп кетер еді. Ыстық тоқтатып отыр. Кен қазатын жерлерде жер ішінде талай терең жолдар салынады. Бұл жолдарды шахта яки ошақ дейді. Бұл жолдар ,кейде тау ішінде, тастың ортасында салынады. Ол да тас үңгірлерге ұқсайды. Осы сияқты үңгірлерде, тар жолдарда қолында жарық ұстап, әрлі-берлі жұмысшылар, кен қазушылар жүреді. Олар өмірінің тең жартысын жер астында, қараңғыда өткізеді. Бұл ең ауыр жұмыс, көбі ерте қартайып, ерте өледі. Бірақ өлгендерінің орнын екінші кедейлер басады. Сонымен жер астындағы жолдар көбейіп, ұзарудан тоқталмайды. Ошақ тереңдеген сайын кен қазушылардың жұмысы ауырлай береді. Ауа дем алысқа ауыр болып, ыстық болып, қинай бастайды. Аяғында жер ішінің ыстығы 40 градусқа жететін уақыт болады. Бұл кезде ең мықты деген адамдар бірнеше минут қана тұруға жарайды. Америкада күміс мол шығатын бір кен бар. Бұрынғы уақытта қазушылар жылына 30 миллионный күмісін табады екен. Бірақ күннен-күнге ошақ төмендеген. Осы күні ең терең ошақтары жер астына бір жарым шақырымдай жерге кірген екен, қазірде сол ошақтарда қызмет қылушылар 10 минуттан артық тұра алмайтын болған. Кейде мұндай тереңдікке жеткен ошақтарды машинамен қазады. Солай қазатын терең ошақ Германияның Рибиль деген қаласының жанында бар. Тереңдігі екі шақырымдай болыпты. Оның түбіндегі ыстық 48 градусқа жетсе керек. Егер одан арғы жерде осындай болып ұлғайып отырса, жердің дәл ортасындағы ыстық 15 мың. градус болуға керек. Мұндай ыстықтың ішінде ешбір нәрсе шыдауға мүмкін емес. Барлық нәрсе еріп сұйық болумен де тұра алмайды, тұрса у болып қана тұра алады. Мұнымен біз тұрған жердің іші толған от болып еріген сұйық заттар. Жердің сыртқы қабығы ғана қатқан. Бұл қабық қалың, қатты болғандықтан біз өмір сүріп тұрмыз. Бұл қабықтың қалыңдығы қанша екенін біз білмейміз. Бірақ жердің барлық қарасымен өлшегенде бұл тым жұқа болуға керек.
ЖЕРДІҢ САЛҚЫНДАУЫ ЖӘНЕ ПЛАНЕТТЕР ТУРАЛЫ
Жердің ішіндегі өз қызуы қайдан шықты?
Бұл мәселе туралы көп білгіштер ойланған. Қазіргі уақытта айтатын нәрсеміз: жер заман өткен сайын аз-аздан салқындап келеді. Бұдан былай талай замандар өткенде жерге жаңадан бір қызу қосылмаса жердің әбден салқындап, тоңазып қалатыны даусыз ақиқат. Ол уақытта жер үстінде ыстық бұлақ та, вулкан да болмайды. Жердің ішіне кірген су қайта шықпайтын болады. Су жер ішінде қатып қалатын болады. Себебі күн қызуы жер ішіне жетпейді, сондықтан арғы іші суық болады. Аз-аздап барлық су жердің астына кетуге мүмкін. Өзен, көл, теңіздер түгелімен қуарып қалады. Барлық жер суық шөл болады, ол уақытта өсімдік те, басқа жан иесі де қалмайды. Сонымен жердің тағдыры қалай болатындығы белгісіз. Бізге жердің алысқа өтіп кеткен күні қаншалық мағлұмсыз қараңғы болса, алдымыздағы күн де соншалық қараңғы, белгісіз. Бірақ жер тағдыры турасынан басқа жұлдыздарға, басқа жерлерге қарап, белгілі мөлшер айтуға болады. Біз бұл арада басқа жерлер деп сөйлеп отырмыз, оның себебі дүниеде дәл осы біздің жер сияқты талай жер бар. Мысалы біздікі сияқты жердің бірі бәрімізге белгілі ай. Айдың жарығы өзінікі емес, күннен алады. Күн біздің жерді жарық қылып тұрғандай айды да жарық қылып тұрады, сондықтан түнде ай бізге жарқырап көрінеді. Жер сияқты ай да домалақ, доп сияқты. Бұрынғы замандағы адам жерді жалпақ деп түсінген, сондықтан бір жолдан бетіңді аудырмай жүріп отырсаң, жердің шетіне жетесің деп түсінген. Олар жердің шеті теңіз болып кетеді екен, су түпсіз дүниеге ағып жатады екен деп білген. Сондықтан теңіздердің жағасынан алысқа жүзіп бара алмайды екен. Қорқатыны түпсіз дүниеге түсіп кетіп, қайтадан шыға алмаймыз деп түсінеді. Барлық жерді үлкен, мол судың ортасында тұрған биік арал деп білген. Бірақ бұл арал не нәрсеге тіреліп тұр, не себепті су түбіне батып кетпейді, оны ешкім де білмеген. Бұл күнде ол ертегіге ешкім де сенбейді. Жұрттың бәрі жердің домалақ екенін біледі. Жер судың үстінде тұрған жоқ, су жердің үстіндегі шұқырларда тұрғанын да біледі. Жер су үстінде тұра алмайды. Себебі жер судан ауыр. Және түпсіз теңіз ешбір дүниеде жоқ. Барлық теңіздің түбі бар да, құрғақ жағасы бар. Және бұл күнде біздің білетініміз: бір жерден шығып тұра жүре берсек, айналып келіп әуелгі кеткен жеріңнен шығасың. Бірақ бұған екінші жақтан келесің. Осы күнде адам баласы кемемен, пароходпен жерді әлденеше айналып жүр. Жерді айналып шыққан жиһанкездердің әңгімелері жұрттың көбіне мәлім. Біздің жердей айда да тау мен дала бар. Кейде айдың жарық болған түнінде бетіне қарасаңыз, жерінің сұрғылт, қоңырқай болып, теңбілденіп тұрғанын көреміз. Бұл қоңырқай жерлер күн жарығы аздау түсіп тұрған далалар. Ағарып тұрған жерлері биік таулар. Бұрынғы уақытта айдың сұрғылт жерін теңіз деп түсінген екен. Ол осы заманда қате пікір болып шықты. Айдың үстінде су да, бұлт та, ауа да жоқ, онда өмір жоқ. Не өсімдік, не жан иесі жоқ шөл. Егер ай бізге жақын тұрса, тауын да, даласын да керуге болар еді. Бірақ алыстан барлық нәрсе кішкене болып, нашар көрінеді. Сондықтан ай да нашар көрінеді. Егер жерден айға қарай сапар шеккен жан болса, ол ең жүйрік отарбаға мініп, дамылсыз жүргенде, жарты жылда жетер еді. Айдың алыстығы сондайлық, сондықтан кішкене көрінеді. Бұдан басқа планет деп аталатын жерлер бізге айдан да әлдеқайда алыс тұрады. Сондықтан олар тіпті кішкентай көрінеді. Оларды түнде ғана көруге болады. Себебі олар да ай секілді жарықты күннен алады. Түнде планет те жұлдыз сияқты көрінеді. Бірақ, айырмасы: жұлдыздар күн сияқты өзі жарқырайды, жұлдыздардың алыстығы болмаса олар да күн сияқты жарық болар еді. Дүрбімен қарамаған уақытта планетті жұлдыздан айыру қиын. Үйтсе де көп жұлдыздың ішінде жарығы дірілдемей, бір қалыптан айнымай жарқырап тұрған жұлдыз болса, ол планет болады. Сондай жерлер біздің жерден үлкендігі кем болмаса да бізден өте алыс болғандықтан талайы ең үлкен дүрбімен қараса да көрінбейді. Планет кіші болса, тез суынады. Үлкен пештің ішіндегі қызу кеп уақыт тұратыны сияқты үлкен планеттердің де салқындауы жай болады. Мәселен, ай біржолата салқындап қалған. Біздің жердің ішінде әлі күнге бітпеген қызу бар. Ал үлкен планеттердің бәрінде әлі жер қабығындай қабық та жасалған жоқ. Әлі қызуы күшті, от күйінде. Үлкен дүрбімен қарағанда солардың бетінде әлі күнге қатпай ағып жүрген тас өзендерді көреміз. Солардың ағыны, түсінің өзгергені бізге білініп тұрады. Бір заманда біздің жердің үсті де сондай болған. Содан неше мың жылдар өткенде сырты салқындап, қабық біткен.
ЖЕР ҮСТІНЕ ТАУ ҚАЙДАН ШЫҒЫП, ҚАЛАЙША ӨСКЕНІ ТУРАЛЫ
Жер қабығы көпке шейін ыстық болған. Сондықтан ол кезде тау да, теңіз де болмаған. Жер үстіне тоқтаусыз жауған жауындар ыстық жерге түсе салысымен бу болып, қайта аспанға кетіп жатқан. Сондықтан ол заманда жер үстінде ылғи қалың қою бұлт айықпай тұрған болу керек. Осы күнгі жер үстіндегі барлық өзен, көл, теңіздер, ағып жүрген сулар ол заманда ылғи бу болып жердің айналасында жүрген. Барлық ауа моншаның ішіндегі жылы буға толғандай болу керек және ауа да бұл күнгіден тіпті басқа болған. Оның ішінде неше түрлі газдар болған. Осы күнгі вулканның кратерінен шыққан судың буында қандайлық газдар болса, ондағы ауада да сондай болған. Жер ауасы өсімдік пен жан иесіне залалды заттардан кейіннен тазарған. Бұлттың ішінде болған су бір есептен жылы киім сияқтанып жердің салқындауын кешеңдеткен. Бірақ жерге түскен жаңбыр суы аз да болса қызуды әкетіп отырған. Сонымен жердің салқындауы қалай да болса, күшейе берген. Салқындауға айналған сайын сырты да өзгере бастаған. Мұны оңай ұғу үшін мысалға бір қыздырған домалақты алайық. Соның сыртына жапсырылған жұқа, қатты қабық болса, аздан соң домалақты салқындата бастасақ қарасы кішірейіп, тартыла бастайды. Сонда сыртындағы қабық домалақтан айырыла алмайтын болғандықтан онымен бірге тартылмаса да бұрынғы қалпында қалмайды. Ол да жиырылып, қатпарлана бастайды. Түсі күнге кептірген алманың сыртқы түсіндей болып, қуырылып қалады. Алманың іші семгенде қабығы да қуырылады. Қуырылатын себебі ол алманың өзі сияқты болып кішірейе алмайды. Міне, жердің қабығы да сондай болған. Қабық қатая бастаған соң-ақ жиырылып, қатпарланып, кей жерлері жарыла бастаған. Жарылған жерінен вулканнан шыққан лавадай болып қайтадан еріген ыстық зат шыққан. Ол да салқындап қатқан. Сонымен жер қабығы қалыңдап, қатпары көбейе берген. Сол қатпарлар біздің жер үстіндегі алғашқы жасалған таулар болатын. Бұл таулар бізге қаншалық үлкен көрінгенмен, барлық жердің қарасымен салыстырғанда апельсиннің үстіндегі болмашы қыртысы, қатпары ғана сияқты болады. Сондықтан таулар жердің қатпары ғана болады. Сол себепті таулар қатарланып созылады. Сол себепті бір жер биік тау болса, екінші жер аласа жазық болады.
Жер суыған сайын қатпары көбейіп, тауының да саны молая берген. Жердің салқындауы әлі тоқталған жоқ. Сондықтан тау жасалуы да тоқталған жоқ. Тау жасалуы тоқталмаса, су жердің бетін тегістеп жауып кете алмайды.
ҚҰРҒАҚ ПЕН СУДЫҢ АЛЫСУЫ ТУРАЛЫ
Құрғақ пен судың алысуы ертеде басталған. Бұл алысу жер үстіне қабық біткеннен бері қарай созылып келеді. Бұрын жаңбыр суық су болып кетіп отырса, жер үсті құрғаған соң, өзендер, ағын сулар қаптаған. Судан шығып тұрған ешбір арал болмаған. Бұл жағасы жоқ, ыстық сулы теңіз болып, үстінде үйіріліп ылғи ақ бу жүрген жер суға орын бергісі келмесе де аяғында су жеңіп, басып алған. Су мезгілімен қайнап, азайып отырса да, жаңа жауатын жаңбыр молайтып отырған. Теңіздер тереңдеген.. Ол уақыттағы аспаннан аққан сел өте күшті болған. Жер жеңілгендей болып, судың астында қалған. Барлық дүниеде бұлқынып, қайнап жатқан су болған. Бірақ бұл жердің судан әбден жеңілгені емес еді. Жер күшін жиып келіп, сілкініп жиырыла бастаған, бүктетіліп үйірілген толқындардың астынан көтеріліп жердің қатпарлары шыға бастаған. Жаңбыр қаншалық сел болып құйса да оларды жеңе алмаған. Теңіз сулары алғашқы тауды сонда көріп, толқындары алғашқы жағаға сол уақытында соғыла бастаған, жаңа шыққан тасты құлатпақшы, ерітпекші болған, бірақ таулар бұған қарамай өсе берген. Саны көбейген. Кеп жерлерден суды айдап орын алған. Сонымен алғашқы жерлер шыққан. Су жол беріп, сабасына түсе бастаған.
ТЕҢІЗ ЖАСАҒАН ІРКІНДІЛЕР, ТАС БОЛЫП ҚАЛҒАН ЖАНУАРЛАР, ӨСІМДІКТЕР ҺӘМ ЖЕР ҚАБЫҒЫНЫҢ ҚОЗҒАЛЫСЫ ТУРАЛЫ
Құрғақ көтеріліп шыққаннан бері қарай су шайып жердің сыртын аз-аздап өзгерте бастады. Үлкен жерлер шыққан соң, жауған жаңбырдың суынан өзендер жасалып, сол құрғақта аға бастады. Олар ағызуға, ерітуге көнген нәрсенің бәрін ағызды. Олардың жұмысы - талмайтын жұмыс, солардың әкелген заттарынан теңіздер екінші тау жынысын жасай бастады. Жаңа жыныстар ескілерін басып, үлкейіп жатады. Жаңадан түскен жыныстар ескінің үстіне іркіліп түсіп отырады. Сондықтан мұның бәрін іркінді деп атайды. Қазіргі заманда барлық жерді сондай теңіздердің іркінділері басқан. Су жерді түгелімен батырып жібере алмаса да іркінділерімен басқан. Бұл іркінділердін қалыңдығы кейде жүз, кейде мыңдай кез де болады. Мұның қалыңдығы бізге баяғыдан бері қарай қаншалық көп замандар өткенін білдіреді. Сол іркінді болып отырып қалған жердің ішінде кей уақыттарда бұрынғы заманда көміліп қалған жануарлардың, өсімдіктердің таусыншағы табылады. Сол ретпен балықтың, бақа, шаянның, құстың, аңдардың сүйектері әлденеше рет табылған; бұл таусыншақтар бұрынғы уақытта бор сияқты, известь сияқты қатты заттардың арасына түскендіктен өздері де қатайып, тас болып қалған. Сондықтан оларды «тас болғандар» деп атайды. Жоғарыда айтқандай теңіз іркіндісі осы күнгі біз тұрған жерлерді де басқан. Бір заманда бұл жерлерде су болған, бұлардың құрғақ болып шығуына талай-талай заман керек болған. Құрғақтың кейбір жерлері әлденеше рет судан шығып, әлденеше рет қайта батқан, жер қабығы толқынданып, қозғалып тұрған, ол қозғалуы осы күнге шейін де басылған жоқ. Кей жері ақырын көтеріліп, жоғарылап, кей жері ақырын төмендеп келеді, бұл қалыпты болса неше мың жылдар өткенде осы күнгі біз тұрған жер суға айналып, теңіздердің түбінен жаңа жерлер шығуға мүмкін. Тауды жарған жер ішіндегі күш жердің барлық қабығын да қозғайды. Бірақ ол қозғалыс өте жай болғандықтан, білгіштер талай жылдар зерттеумен ғана зорға білген. Сол зерттеумен қазірде бізге мағлұм болып отырған нәрсе: Россияның барлық солтүстігі көтеріліп келеді. Кей жерлерінде жүз жылдар шамасында жеті вершоктай көтерілгені бар. Бірақ көп жерінде бұдан да жай көтеріледі.
ЖЕРДІҢ ТАУ ЖАСАЙТЫН ҚЫРТЫСТАРЫ ТУРАЛЫ
Теңіз іркіндісі биік таулардан да табылғаны бар. Бұдан таулар да бұрын теңіздің түбі болып, артынан көтеріліп, тау болып шыққаны білінеді. Қазіргі таулардың көбі сол іркінділердің қатпарлануынан жасалған. Таулардың бәрінің де іші қыртыс болады. Бұлардың кейбірінің түсі бөлек, кейбірінің өзгелерінен заты бөлек болады. Қыртыстардың түрі бірінің үстіне бірін салып, екіншісі жанынан қысып тұрған әр түсті қағаздарға ұқсайды. Солардың затына қарап, тас болғандарына қарап әр қайсысының әр заманда, әр түрлі себеппен жасалғанын білуге болады. Мәселен: кейбір қыртыста тас боп қалған су хайуандары кездессе, екіншісінде тас болған құрғақтың хайуандары табылады, соның үстінде үшінші қыртыстан тары да су хайуандары шығады. Мұның алғашқысы қазіргі құрғақ су түбінде болғанда жасалған, екінші құрғақ судан көтеріліп шыққанда жасалған, үшіншісі қайта батқан кезде жасалған. Бұл қыртыстар кейбір құлап жар болған жерлерден қарағанда сұлу болып көрінеді. Петроградтың маңайында Юпофка деген кішкене өзеннің екі жағы терең жар болып, теңіз іркіндісінен жасалған қыртыстарды жарып ағады. Сол өзеннің ең төменгі жиегінде көк балшықтан қалың қыртыс көрінеді. Одан жоғары жасыл құмайт, одан кейін топырақпен араласқан құм, одан жоғары қап-қара болып жатқан «жанатын сланец» қыртысы. Олардың әр жағы тағы сондай сор, жасыл сары қыртыстар. Тауда қатпар қаншалық көп болса, қыртыстардың толқыны да сондай кеп. Таудың сұлулығы да арта береді. Альпі, Кавказ сияқты үлкен тауларда кейде екі қыртыстың бойына бірі қарсы келіп, тіресіп тұрғанын көреміз. Бұндайда олар бірінің үстіне бірі шығып кетеді. Кейбір қыртыс майыса алмайтын заттардан жасалған болса, жарылып тайып кетеді, ол уақытта қатпар мен қыртыстар былығып араласып кетеді. Бұлардың былығып араласып жатқан түріне қарап, «осының бәрін қозғап, шайқап, араластырып жүрген күштің қаншалық ірі күш екендігіне таң қаласың.
ӨСІМДІКТЕРДІҢ ЖИЫНТЫҒЫ ЖЕР ІШІНДЕ ТАС КӨМІР БОЛЫП КЕТЕТІНІ ТУРАЛЫ
Жануар мен өсімдіктің таусыншағы жердің барлық қыртысында, барлық іркіндінің бәрінде бірдей қала бере алмайды. Мәселен: ұсақ құмның ішінен ондай нәрселер табылған емес. Ол кұмның ішіндегі нәрсенің бәрі ашық ауада жатқандай болып бұзылады. Себебі оған су да, ауа да оңай кіреді. Үлкен жануарлар, өсімдіктер шіріп, суға ағып таусылады, із қалмайды. Егер іркінді зат тығыз болса, таусыншақтары аман қалады. Сондықтан известен жасалған іркінділерде таусыншақтары көп табылады. Кей уақытта известің барлық қыртысы толған тас болып қалған жануарлардың таусыншағы болып шығады. Жануарлардың сүйектері бір жерге жиылғандай, өсімдіктердің де су астында қатты заттары бір араға жиылады. Солардан талай замандар өткенде тасқа ұқсаған ауыр, тығыз тас көмір жасалып шығады. Тас көмірмен үлкен қалаларда пеш жылытады. Үлкен завод, фабрикада, пароход, шойын жолдардағы бу шығаратын қазандар астына сол көмірді жағады. Ол көмірден жанатын газ да, тағы басқа нәрселер де жасайды. Қай жерде тас кемір көп табылса, сол жер бай деп аталады. Себебі тас көмір адам баласына жылу береді, жарық береді, барлық завод-фабриктарына арзан күш береді. Мәдениетті Европаның ешбір патшалығы тас көмірсіз күн көре алмайды. Жыл сайын неше миллион пұтын жағып жатса да тас көмірдің кені әзірше мол, аз заманға таусылатын емес, жер баяғы ескі замандарда үстінде өскен өсімдіктің бәрін бізге көмір қылып сақтап қойған сияқты. Сол ретпен тас көмірдің жер ішінде жасалып жатуы осы күнде де тоқталған жоқ. Тоғай ішімен ағатын өзеннің бәрі де теңізге тоғай ішінен қоқым алып келеді. Су жағаға шығып жайылады. Содан соң су үстінде қалқып жүруге жарайтын нәрсенің бәрі ағып жүре береді. Құлап қалған бұтақтар, кейде тамырымен құлаған биік ағаштар да өзеннің ағысымен кете барады. Кейде сондайлық қоқымдардың өзінен жасалатын аралдар да болды. Саяз жерлерде қоқым тоқтайды. Үстін мүк басады, шөп шығады. Сонымен нағыз жасыл аралға ұқсайды. Бірақ бұларды да ағын су бір күні ағызып әкетеді де теңізге алып шығады. Сібірдегі үлкен өзендердің бәрінің де теңізге құятын мойнында сондай қоқымдардан жасалған аралдар көп болады. Аяғында су сіңіп кіріккен ағаш ауырлап, түбіне батады. Бір ағаштың үстіне бір ағаш түседі. Жылдар өткенде судың түбінде толып жатқан ағаш, бұтақтар болады. Бұлардың жартысы шіриді, жартысы бұрынғы түрін сақтап қалады. Міне, осындай затпен неше жүз жыл жиылған ағаштардың үстінде бір уақыттарда іркінді топырақ түсіп молайып, басып алса, ағаштар аз-аздап өзгереді. Суменен кеуек болып қалған ағаштар ауыр топырақ басқан соң, жаншылып, қысылып, біріне бірі жабысып қалады. Ағаштың өзі ауасыз жерде қыздырғандай болып, жанбастан көмір болып қалады. Тас көмір бара-бара сол көмірден жасалып қалады.
АҒАШТЫҢ АУАСЫЗ ЖЕРДЕ ЖАНУЫ ЖӘНЕ КӨЛ ГАЗЫНЫҢ ЖАЙЫ ТУРАЛЫ
Ауада қыздырғанда ағаш жанады. Бұған ауаның кейбір бөлімдері қосылып, бірге жанып кетеді. Ал ағашты ауасыз жерден қыздырса, оның барлығы жанбайды, бірақ көмір болады. Бұлайша жанғанда ағаштан көмір де, басқа тағы сұйық заттар да, газдар да шығады. Газ деп ауаға ұқсаған нәрселерді айтады. Газдар көп, бұлардың түсі бір-біріне ұқсаса да, бәрінің бөлек-бөлек сипаты бар. Мәселен, көмір ауада жанғанда сол екеуінің қосылғанынан қышқыл көмір деген газ шығады. Бұның исі де, дәмі де жоқ болса да денсаулыққа өте залалды болады. Жұмыртқа шірігенде сасық газ шығады, оның аты «күкірт су туым». Көшедегі фонарьларда жарқырауық газ жанады. Ол да бірақ газ емес, әлденеше газдан құралған болады. Мінеки, осымен ағаш та шала жанғанда, ауасыз жерде жанғанда осындай араласқан газ шығады. Сондай араласқаннан шығатын газдардың ішінде ең қызығы көлдің түбіндегі шіріп жатқан өсімдіктерден шығатын газ. Оны «көлдің газы» дейді. Жаздың аяқ шенінде түбі салынды мүк болып қалған көлге бір ұзын ағашты тығып көрсеңіз судың бетіне шаңбырақ атып газдар шыға бастайды. Рас, бұл «көл газының» таза өзі емес, оның ішінде араласқан қышқыл көмір де және сасық иісті «күкірт су туым» да болады. Бірақ шаңбырақтардың ішінде ең көп газ «көл газы» болады. «Көл газының» таза өзі болса ауада жарық болып, үлкен жалынмен жанады. Егер буран ауаны араластырып жақса, онда тарсылдап атылып кетеді. Тас көмірдің бәрінін ішінде сынған жарығы болады. Сол жарықтарда бұрын өсімдіктер көмірге айналған кезде шыққан газдар тұрады. Тас көмірдің ошақтарында көмір құлатып жүргенде сол көл газы кеп жиылып қалады. Көмір ішінен бұл газ шыққан соң ауамен араласады. Бұл екеуінің араласқан жерінде от жағу қауіпті болады. Ауамен араласқан газ барлық ошақтарға толып тұрғандықтан атылып кетуге мүмкін. Осы ретпен талай күйінішті оқиғалар болған. Кейде сол атылудың күшінен жер сілкініп, ошақтардың төбесі құлап, ішінде жұмыс қылып жүрген көміршілерді талай басып қалған.
ТОРФ (ШЫМТЕЗЕК) ТУРАЛЫ
Тас көмірдің бәрі бірдей ағаштан жасалған жоқ. Кей жерлерде шөп нәсілді өсімдіктерден жасалғаны да бар. Дымы көп солтүстікте, онан соң Петроградтың маңайында тоғай ішінің көлі деген көп көлдер бар. Бұлар тасты қыртыс көп болғандықтан жерге сіңе алмай қалған сулардан жасалған. Сол көлдерді жылдан жылға қалың болып басатын мүк болады. Осы мүктен тас көмірлер жасалып жатады. Көңілге бұл сыйымсыз сөз сияқтанса да сол жұмсақ былқылдақ мүктен қатты тас көмір жасалады. Тоғай көлдерінің бәрінің де жағасы қалың мүк болады. Ол көл суының жағасына ұстаған көкжиектей болып, ашық күнде тынық көлді жасыл шілтерге оралған, айнадай қылып көркейіп тұрады. Сол көкжиек ылғи есіп, кеңейіп отырады. Аздан соң жағадан шығып, судың бетінде біріне-бірі жабысып, есе беретін болады. Бара-бара барлық көлдің бетін мүк қаптап алады. Бірақ бұның астында су болады. Мүктің батпайтын себебі оның бүрі тұтасқан, бірақ киіздей болып жабылады. Және шеттерінің бәрі де жағада тұрады.
Егер сол шеттерін үзіп жіберсе, мүк тұтасымен суға батар еді. Жылдан жыл өткен сайын сол мүк суды жеңе бастайды. Жыл сайын мүктің үстіңгі жағы өсіп, қалыңдай береді. Аяғында әбден молайғанда судың түбіне жететін болады. Көлді жеңіп алады. Бұдан мүк көлдері шығады.. Бұрынғы уақытта солардың бәрі көл болған, осы уақытта мүк болып отыр. Көлдің бұрынғы суы мүктің ішінде болады. Әуелгі кезге байқалмаса да оның мүктің тарауларының ішінде жүргені білінеді. Мүкті ұстап алып қысса, су ағады. Мүк суды өз ішіне сорып алады. Сондықтан жаңбыр жауғанда мүктер ісініп, қабара бастайды. Кейде мүк көлдері шарасынан асып тасығандай болып жататыны осыдан. Тоғай көлі мүкті көл болған соң, мүк төмен қарай қалыңдай бере алмайды. Себебі мүктің астыңғы жағы судың түбіне барып тіреледі. Үсті жылдан жылға жасарып өседі. Астындағы мүк шіри бастайды. Үстіндегілердің салмағынан жаншылады. Сонымен бара-бара тығызданып, қатайып торф яки шымтезек деген бір қыртыс жасайды.
Сондықтан ескі мүкті көлдерді торфты яки шымтезекті көл дейді.
Көл қаншалық ескі болса, шымтезек қыртысы соншалық қалың болады.
Кейде бұл қыртыс төрт-бес саржан да болады. Ескі заманда кеуіп қалған көлдерден торфты үлкен қылып ойып алып, соны кептірген соң пешке отын қылып жағады, оның қызуы мол болады. Петерборға сол торфты Финляндиядан әкеледі. Онда торф көлдері көп, шойын жолдың бойында талайы кездеседі. Вагондардың терезесінен қарағанда кейбір саяздау шұңқырларда торфты қазып алып жатқан қара шекпендерді көресің. Сондай шұңқырлардың жанында торфтың қара яки күрең түсті кесектері көрінеді. Бұлардың жанында кішкене үй, торф кептіретін сарай және жақындағы бекетке баратын кішкене жол болады.
Бұл торф табушылардың мекені. Солардың жолы.
Торфтың тағы бір пайдасы — оның ішінде нәрсе шірімейді.. Торф күлінің ішіне ағаш түссе де, жануар түссе де неше жүз жылдар, не мың жылдар өтсе де соны шірітпей сақтай алады. Өте ерте заманда жасалған торф көлдері бар. Соның ішінен әлгідей ескіліктің белгілері табылған. Сол белгілерге қарап бұрын бұл жерде қандай ағаш өскен, қандай аңдар жүрген, қандай құстар ұялаған — соның бәрін де білуге болады. Бір торф көлінің ішінен баяғы заманның бір соғыс кісісін атымен, барлық қаруымен тауып алған. Бұлардың еттері ағып кетіпті, бірақ сүйектері, қарулары неше жүз жылдар өтсе де бұзылмаған. Бұл бақытсыз адам келген атымен жалдатып өтемін дегенде батып өлген жан болса керек. Ауыр сауыт, ауыр қалқан көлден шығуына бөгет болғанға ұқсайды. Басқа бір жерде торфты қазып, бір саржандай тереңдікке жеткенде ескі Римнің бір көпірін тапқан. Бұл көпір көл үстінен салған жол болса керек. Жолдың ізі де қалған жоқ. Көпір әбден тозып, көлдің ішіне құлап қалса да біздің заманымызға шейін жоғалып бітпей, аман келген.
ТОРФТЫҢ ТАС КӨМІРГЕ АЙНАЛУЫ, ТАС КӨМІРДІҢ ГРАФИТ, АЛМАС-ТАСҚА АЙНАЛУЫ ТУРАЛЫ
Ескі торф көлдері заман өткен соң кеуіп, құрғап қалудың үстіне, көбінесе іркінді топырақпен де басылады. Содан соң бұрынғы көл болған жерде қайтадан ағаш шығып, дала болады. Бірақ жер ішінде, тереңде торфтың қалың қыртысы жатады. Осымен неше мың жылдар өткенде сол торфтан бұрынғы ағаштан жасалғандай болып қалған өсімдіктердің түріне қарап, тас көмір ағашты өсімдіктен шықты ма, шөпті өсімдіктен шықты ма, соның екеуін айыруға болады. Тас көмір қаншалық ескі замандікі болса, соншалық тығыз болып, тасқа ұқсай береді. Оның ішіндегі қосымша заттар азайып, таза көмірдің өзі қалатын болады. Көмірлердің түбіне қарап та қайсысы бергі, қайсысы арғы ескі замандікі екенін айыруға болады. Өте ескі көмір қарарақ болады. Жаңадан жасалған көмірлер күреңдеу, қоңырлау болады. Таскөмірден жарқырауық газ шығарарда көмірді ауа кірмейтін үлкен пештің ішінде қыздырады, соның артынан «кокс» деген ең таза көмір қалады. Осындай қыздыруда таскөмір адам қолына түспесе де табиғатын өзінен көретіні де болады. Одан жарқыраған сұр түсті жұмсақ кокс сияқты бір нәрсе жасалады. Оны графит дейді. Графиттен кәдуескі қарындаштар істеледі. Жер жүзіндегі графиттің бәрі бірдей тас көмірден шыққан емес те шығар, бірақ соның кем болса, жартысы жоғарыда айтылған жолмен шыққан. Графит таза көмір. Бірақ үлкен қызуда болғандықтан жанатын сипатын өзгерткен. Көмірдің мұндай болып өзгеруі тамаша сияқтанса, бұдан да тамаша өзгеріс те болады. Жұрттың бәріне белгілі ең қымбаты, ең сұлу тас — бриллиант. Бриллиант деп қырлап сұлулаған алмасты айтады. Бұл өте қымбат бағалы тас. Кейде мұны жерден қазып алады да, кейде қатты тау жыныстарының ішінен айырып алады. Біз көмір мен графиттің арасында ұқсастық аз да болса бар дер едік. Екеуінің де түсі қара, екеуі де қағазға жұғады. Бірақ көмір мен алмастың арасында ешбір ұқсастық жоқ. Сөйтсе де алмас та көмірден шыққан. Оны пиялаға ұқсатуға болады. Сол сияқты жылтыр. Бірақ ол тас көмірден, пияладан һәм барлық басқа заттардың бәрінен де қатты. Көмірдің бұлай өзгеретін өзгерісін ұғу үшін күкіртпен тәжірибе істен байқау болады. Күкірт те езінің түсін өзгертіп, өзінің сипатын тез жаңартады. Бұл өзгеруі тас көмірдің өзгерісінен оңай болады. Күкіртті қай аптектен болса да тауып алуға болады. Бір құманға суық су құйып қойыңыз. Сонан соң бір құм шынының ішіне күкіртті салып, құмды оттың үстінде қыздыру керек. Күкірт аз-аздап ериді, сұйық болады. Сол бетімен қайната берсеңіз аздан соң күкірт қайтадан қоюлана бастайды. Түсі қарауытып күреңітеді. Бірақ тоқтамай тағы қыздырсаңыз, ол тағы сұйық болады. Бұл уақытта ауада өзінен өзі жанатындай болады. Сондай болмас үшін ыдыстың бетін бір қақпақпен жауып қою керек. Содан плитадан күкіртті алыңыз да ішінде мұзы бар суық суға тез құйып жіберіңіз. Сонда сіз бұрынғы сары күкірттің орнына қоңыр жылтыр, жұмсақ, қолда былпылдап майысып тұратын балауыз сияқты нәрсені көресіз.
Күкіртте қандай өзгеріс болды?
Күкірт бұрынғы күкірт қалпында қалды. Бірақ қатты қыздырып, тез суытқандықтан оның түсі өзгерді, сипаты өзгерді. Бірақ сол күкіртті бір жерге сақтап қойсаңыз түсі өзгере бастайды. Ақшылданып содан сарғаяды. Аяғында кәдуескі омырылғыш сары күкірт болады. Сондықтан табиғатта жұмсақ күрең күкірт кездеспейді. Ылғи омырылғыш сары күкірт кездеседі. Алмастың өзінен өзі барып көмір болып кетпесе де, оны да күлдей қылып ұсатып сол күлін қыздырса, оның түсі өзгеріп қарайып, өзі жұмсақ болып, көмір сияқтанады.
КӨМІРДЕН АЛМАС ҚАЛАЙ ШЫҚҚАНЫ ТУРАЛЫ
Алмас дүниедегі ең қымбат тастардың бірі. Сондықтан талайдан бері жұрттың көбі арзан көмірден алмас шығарып алудың айласын барын салып іздеп жүр. Бірақ бұл уақытқа шейін олар алмасты кесек қылып шығара алған жоқ. Олардың көмірден шығарған алмасы өте ұсақ, өте кішкене қиыршық болады. Одан әріні шығара алған жоқ. Тіпті ұсақ болғандықтан мыналарының бағасы жоқ. Сонымен бұл турада табиғат істеген шеберлікке адам өнері әлі жете алған жоқ. Бірақ табиғаттың сырын білумен бірге біз ол табиғаттың қуатымен пайдалануды да біліп келеміз. Сондықтан бір күндерде сол арзан кемірден кесек алмас шығару да ғажап жұмыс болмайды. Жұрттың бәріне де белгілі: су ішінде әр түрлі нәрселердің еритіні, су кепкенде сол нәрселердің қайтадан бірігіп кристалданатыны, нәрселердің көбі ыстық судың ішінде суық судан көрі тезірек ериді. Егер ыстық суға сол нәрсені күшті қылып еріткен болса, су салқындағанда кейбір заттары судан бөлініп, кристалдана бастайды. Бірақ су ішінде барлық нәрселер еріп кетпейді. Пияла, қарамай сияқтылар су ішінде бітеді де ерімейді. Бұлардың еритіні басқа сұйық заттар болады. Су ішінде ерімейтін қара майды алып, ағаш майына тастасаңыз қара май қазір еріп кетеді. Қатты нәрселердің бірде - бірі де ерімейтін сұйық зат жоқ. Бір сұйық затта бір қатты нәрсе, екіншіде тағы бір қатты нәрсе еритін болады. Біз тас көмірді ерітетін сұйық затты тапсақ, көмір ерітін болған соң су түбіне отырғанда кристалданар еді. Сол кристалдан алмас шығару оңай болар еді. Бірақ істің ең қиыны көмір, ешбір сұйық заттың ішінде ерімейді. Оның жалғыз-ақ еритіні от болып еріген сұйық темірдің іші, соның ішінде көмір ериді. Бұл сұйық зат салқындауға айналғанда қоюланып барып, аяғында қатты болып қатады. Темір мен көмір араласып кетеді. Бұрынғы жұмсақ темір қатты болып, омырылғыш болады. Сондай болған темірдің кенбірін біз «шойын» дейміз. Кейбірін «асыл темір» дейміз. Бұл күнгі біз ұстап жүрген темір нәрселердің бәрінің ішінде де сондай көмір бар. Көмірдің темір ішіне біржолата сіңіп кетпей қалған бөлімдері, темір салқындаған сайын соның ішінде кристалданып ұсақ - ұсақ графит, алмастың кристалдарын жасайды. Еріткен темір қаншалық көп болып, соның салқындауы қаншалық жай болса, солардың ішінде кристалданатын алмас та соншалық үлкен болады. Жер шары салқындаған уақытта дүниеде от болып еріген көп темір де аз-аздап күннен күнге жай салқындай берген. Соның ішінде көмір де еріген, сол көмірдің кейбір бөлімдері бұл еріген сұйық заттан бөлініп, алмас болып қалған. Су мен ауа көп-көп замандар өткенде темірді тоздырған, күйреткен, бірақ алмастар өзгермей қалған. Олар бұдан әлденеше мың ғасырлар бұрын қандайлық таза, жылтыр болса, қазірде де сол күйінде қалған.
ЖЕР ҮСТІНДЕГІ ЗАТТАРДЫҢ ӨЗГЕРУІ, БІР ТҮСТІ ЗАТТАР ҺӘМ ҚЫШҚЫЛТЫММЕН АРАЛАСҚАН ЗАТТАР ТУРАЛЫ
Өсімдік пен жануарлар жер үстіне пайда болғанына аса көп заман болған жоқ. Жер ыстық болып теңіздердегі судың бәрі суымай тұрған кезде жер үстінде өмір болған жоқ. Өмір сүрген жалғыз жердің өзі ғана. Оның өз ішінде жиі-жиі, үлкен-үлкен өзгерістері болып жатқан. Ол өзгеріс бұл күнде де бар. Бірақ қазірде бұрынғыдай жиі емес. Өзгерістің жүрісі өзгеше жай. Жер шары суынғанша соның ішінде болған заттардың бәрі де өзгеруде болды. Бұл нәрселердің көбі күшті қызуды көтере алмай, еріген күйде де тұра алмаған. Бұл күнгі көріп жүрген нәрселердің көбі ол күнде жоқ болған. Жердің ол замандағы қызуы қаншалық күшті болғанын біз білмейміз, бірақ бізге белгілі нәрсе: ол уақытта бұл күнгі толып жатқан неше түсті заттардың бәрі бірдей болмаған. Ол күнде болған. Бірақ заттық нәрселер, бұл нәрселердің ішіне бөлек жыныс араласпаған, өздері бір-ақ заттан құралған. Сондықтан оларды «бір туысты» заттар дейді. «Бір туысты» заттар көп емес. Бір туысты заттардың бірі күкірт, таза көмірлер болады. Одан басқа бір туысты заттар деп барлық металдар саналады. Мәселен, темір, қорғасын, цинк, мыс, күміс, алтын, сынап және бұдан басқалардың бәрі де бір туысты нәрселер деп саналады. Қатты жердің көп бөлімі металл болады. Бұл металдардың бәрі де бұрын бірінен бірі бос болған, ешбір басқа нәрселерден қосылмай, оңаша болған. Содан кейін талай ғасырлар өткен соң жердің сыртқы үстінде де, терең ішінде де бір туысты нәрселердің бірімен-бірі қосыла бастаған. Бірімен-бірі қосылған соң олардың түстері өзгеріп, сыпаттары да өзгерген. Екі жердегі бір туысты нәрселерден бір «көп туысты» нәрсе жасалған. Біз егерде мұның ішіне кірген жыныстарды бөліп, айырып алсақ, көп туысты нәрсенің неден жасалғанын білеміз. Мәселен, кәдімгі өзіміз көріп жүрген су екі газдың қосылуынан жасалған. Бұл екі газды құр ғана араластырсақ су шықпайды. Су шығару үшін бірін - біріне сіңдіріп, жұтқызып, қосып жіберу керек. Бұл уақытта екі газдың араласуы болып қана қалмайды. Екеуінен сипаты бөлек, айрықша зат шығады. Оның аты — су. Кейбір заттар бірімен бірі оңай қосылады. Кейбіреулері қиыншылықпен қосылады. Кейбіреулері тіпті қосылмайды. Тегінде бір түйісті заттардың кейбіреулері ғана, азғанасы ғана, басқа заттардың барлығымен қосыла алады. Ол зат ауаның бес бөлігінің бірі болып тұрған «қышқылтым» деген газ, қышқылтымның басқа заттарға қосылуын таттану яки қышқылдану деп атайды. Бұлардың қосылуынан жасалған жаңа затты «тат» дейді. Мәселен, темір, су болса, қышқылтым араласқан соң үстін сары тат басады. Қышқыл көмір, көмірдің таты, известь айрықша бір металдың таты. Егер мыс ақшаны қып-қызыл қылып отқа қызартып, артынан салқындатсаңыз беті қарайып қалады. Бұл мыстың таты, мыс қышқылданады. Қышқылтыммен араласады. Осылайша күкірт жанғанда да күкірттің таты болып, айрықша бір зат шығады. Сонымен барлық бір туысты заттардың бәрінің де өзінше таты болады. Металдар таттанған соң, бұрынғы жылтыр түсінен, көркінен айырыла бастайды. Металл күйінен өзгеріп, кеуектеніп, топыраққа ұсап кетеді. Сондықтан металдардың татын топырақ заты деп атайды. Мәселен, темірдің таты сары түсті топырақ заты сияқты. Жер салқындаған уақытта металдар алдымен қышқылтыммен қосылған болса керек. Солар топырақ сияқтанып кеткен, олардың бәрі де қышқылтыммен оңай қосылады. Басқа заттардың бәрі де сөйтіп таттанған, өзгермей қалғандары азғана болғанға ұқсайды.
МИНЕРАЛДЫҢ ІШІНДЕГІ МЕТАЛДАР ТУРАЛЫ
Барлық заттар таттанумен бірге тағы өзгерілуден тоқталып қалмайды. Көп нәрселердің татының өзі бірімен - бірі қосылады. Бұрын бір түсті заттың қышқылтыммен қосылғанындай енді таттар бір-бірімен қосылады. Осындай қосылудан әртүрлі минералдар шыққан. Бұлардың бәрінің араласуынан жер қабығындағы тау жыныстары жасалған. Біз минералдың ішінде қандай минералдың барлығын байқаймыз. Бірақ шындап қарасақ металл топырақта, құмда, известе, барлық тастардың ішінде түгелімен бар болып шығады. Рас, көбінен оны айырып алу қиын, металдардың кейбірі басқа заттармен мықтап байланысып қалады. Бірақ қалайда болса, бір металды екінші металдан айырып алуға болады. Кейде бір металды екіншісі айдап шығатыны болады. Оны білу үшін: сірке мен қорғасынның қосылғаны болады. Атын қорғасын қанты дейді. Сонымен аптектен сатып алыңыз. Бұның түсі ақ болады. Азырақ тұзға ұқсайды. Бірақ темір затты қорғасынға да, сіркеге де ешбір ұқсастық жоқ болады. Бірақ екі заттың қосылғанында онан да ғажабырақ өзгерістер болады. Сондықтан бұған таң қалу керек емес. Енді сол қорғасын қантының ішіндегі қорғасынның анық бар-жоғын білу керек болса, оны басқа бір металмен айдап шығуға болады. Қорғасынды айдап шығатын металл цинк қорғасын қантының бір бөлімін стаканға су құйып соның ішінде ерітіңіз де бір көлденең таяқтың бетіне жіп байлап, сол жіптің ұшына бір түйір цинк байлап, соны стакандағы судың ішіне кіргізіп, асып қойыңыз. Сол халінде қозғамай қойсаңыз, бірнеше сағаттан соң бұнда болған өзгеріске таң қаласыз. Бұрынғы бір түйір цинк жоқ болады. Оның орнында жеке бір түп ағаштай болып жарқырап, түптеніп тұрған жапырақтарды көресіз. Бұлар жан-жаққа тарауланып, сұлу болып, жарқырап тұрады. Цинкке ұқсамайды. Анығында бұл цинк емес, қорғасын. Қорғасыннан жасалған түп болады. Ол еріткен судан бөлініп шыққан. Оны цинк айдап шығып, өзі оның орнына сіркемен қосылып кеткен. Енді стаканыңызда сірке мен қорғасынның қышқылы емес, цинк пен сіркенің қышқылы қалған болады. Осы сияқты, темірдің мысты айдап шыққанын байқаңыз. Бұл үшін бір көк түсті, жылтыр, қатты мыс купоросы деген нәрсе болады. Соны алыңыз. Мұның ішінде қышқыл күкіртпен қосылған мыс бар. Ол кезге көрінбесе де барлығы ақиқат. Суға сол мыс купоросын қою қылып езіп, соның ішіне әбден тазартылған пышақтың ұшын тығайық. Екі-үш минут сонда ұстап тұрып, қайта суырып алсақ, пышақтың ұшы қызарып, мыс сияқтанып қалғанын көреміз. Бұл мысты темір айдап шыққан. Сол ретте әлгінің ішінде пышақты ылғи ұстап тұрсаңыз, бірталайдан соң темір пышақ мыс болып шыққанын көресіз. Мыс купоросының ішіне бір-екі күнге бір темір шегелерді салып қойыңыз. Бір түннен соң сұйық заттың түсі өзгереді. Бұрынғы көк түсінен айырылып, жасыл бола бастайды. Бұл бұрынғы көк түсті мыс купоросының орнына қазірде жасыл түсті еріген темір тұрғандығын білдіреді. Барлық мыс стаканның түбіндегі шегелерге келіп отырған. Олардың үстінен мыс қабығын жиып алуыңызға болады. Осы ретпен басқа минералдың ішінде болған мысты оңай айырып алады. Әуелі оларды қышқыл күкірттің ішінде ерітіп барып, мыспен қосады. Бұлардың қосылғанынан баяғы мыс купоросы шығады. Оның ішінен мысты жоғарыда айтқан кесек темірді тастап отырып, айырып алады.
РУДАЛАР ҺӘМ ОЛАРДЫҢ ІШІНЕН МЕТАЛДАРДЫ ШЫҒАРЫП АЛУ ТУРАЛЫ
Заводтағы машиналармен ішінен металдар айырып алатын минералдарды руда дейді. Сондықтан темір руда, мыс руда, қорғасын, цинк рудасы дегендер бар. Темір рудалары кейде тұтасқан биік тау болып жатады. Ондай таулар әсіресе Орал тауында көп. Сондықтан баяғы заманнан бері қарай Оралда әлденеше жүз темір заводтары бар. Заводтарда руданы қорытады, шойын мен темірді айырып алады да соларды барлық Руссияға таратып отырады. Заводтардың айналасында қалың тоғай болса да, биік тау болса да қалалар өсе бастайды. Қаланың барлық жайы үлкен - кішісіне қарамай сол заводтың қызметінде болады. Заводтар соларды асырайды. Кішкене қалалар үлкен сауда қалалары болып, байи бастайды. Темір заводтарының қызметі қыста, жазда тоқтамайды. Күндіз де, түнде де мұнараға ұқсаған үлкен «домна» пештері тоқтамай, үлкен қызумен жанып тұрады. Сонда руданы ерітіп, шойын шығарады. Тарсылдаған машина даусы, жұмысшылардың айқайы, барлығы қосылып, таңертеңнен кешке шейін басылмайтын у-шу болып жатады. Егер темір рудасы біздің Оралдікіндей жалғыз ғана татпен араласқан болса, оны тазартып, темірді айырып алу оңай. Бұл үшін домна пешіне бір рет үстіне көмір салады, соның үстіне бір қабат руданы салады. Одан тағы отын, оның үстінен тағы руданы салады. Сонымен пештің іші әбден толғанша кезек-кезек отын мен руданы салып қойып астынан жаға бастайды. Астыңғы отын қызған кезде машинамен көрік басады. Сонымен отты қыздырып, лаулатып жандырады. Көмір қатты қызып жанып, ауаның қышқылтымының бәрін көмірге сіңдіріп, өзі таза темір болып қалады. Темір күшті қызудан еріп, ішіндегі көмірінің жартысынан айрылып, шойын болып қалады. Шойын өзінің ауырлығының арқасында төмен қарай ағып, пештің түбінде жиылып қалады. Ерітіп алған шойынды пештің тесігінен мезгілмен ағызып алып, пештің үстіңгі жағына жаңа көмір, жаңа руданы үзбей салып отырады. Сонымен жұмыс тоқталмай жүреді. Шынында жұмыс тоқтатудың көп залалы болар еді. Себебі жұмысқа кіріскен сайын пешті қайта жағып, қайта қыздырып отыру керек. Оған артық уақыт, артық отын кететін болады. Бұл мысалдан қыздырған көмірдің темір рудасынан қышқылтымды айырып алатын қасиетін білдіңіз. Басқа металдардың ішіндегі қышқылтымды да осылайша айырып алады. Сондықтан езге металдарды айырарда да көмірмен пайдаланады. Кейбір металдар үшін көмірді аса қатты қыздырмаған пайдалы, кейбірі қатты қыздыруды керек қылады. Бірақ бәрінде де қызған көмір қышқылтыммен оңай қосылады. Сахара шпаты сияқты көп туысты тау жыныстарының ішінде «калий» деген бір қызық металл болады. «Калий» қышқылтым мен көмірден де оңай қосылады. Мысалы: «калийдің» бір түйірін суға тастасаңыз, ол судың ішіндегі бөлімдерін айыра бастайды. Қышқылтымды өзіне тартып алады. Және бұрын қышқылтыммен араласқан екінші газ судан шығып кетеді. Көп минералдардың татының ішінен қышқылтымды калий оңай айырып алады. Бірақ қыздырған уақытта калий де қышқылтымын көмірге береді. Калий ең жұмсақ металдың бірі. Оны пышақпен кесуге, балауызша илеуге де болады. Өзінің түсімен, жылтырлығымен ол күміске ұқсайды. Ауада тез қарайып кетеді. Себебі қышқылтыммен қосылады. Содан ауаға калийдің аппақ болып таты шығады. Өзге металдардың бәрі бірдей калийше қышқылтыммен тез қосыла бермейді. Бұндай металдар көп минералдың ішінде болса да, оларды қосымшасынан айырып алу қиын. Және металл күйінде де ұзақ тұра алмайды. Сондықтан калий мыс, темір, қорғасын, қалайы, күміс, алтын жараған іске жарамайды.
АЛТЫН ТУРАЛЫ
Өзге металдардың ішінде алғы бір қалыпта тұратын — алтын. Ол ауада да, дымды жерде де бұзылмайды. Сондықтан егер ол қымбат болмаса, бүгінгі темір деп жүрген нәрселердің көбін содан істер еді. Алтынды әртүрлі тау жыныстарының ішінен айырып алады. Айрықша алтын рудасы болмайды. Басқа тау жыныстарының ішінде ұсақ-ұсақ түйір болып кездеседі. Неше ғасырлар әртүрлі заттардың түрлі-түрлі болып өзгергені алтынға әсер бермеген. Ол өз басы бөлек, еркін қалған. Таттанған да емес, басқа бір туысты заттармен де қосылған емес. Әуелгі жер қабығы дата бастаған кезде бір тау жынысының ішінде отырып қалған бойымен осы күндерге шейін сақталып келген. Тау жыныстары одан беріде судан бұзыла бастаған. Алтын да ұсақтанған. Ұсақ, құм, ұсақ топырақ болып, солардың арасында көрінбей кеткен. Таудан қатты сулар аққанда, оларды ағызып, жайдақ өзендердің жағасына шығарып кеткен. Сол соңғы отырған жерінде де алтын жарқырап, сұлу күйін жоғалтпайды. Осы күнде өзен ерітінділерінің ішінен сондай алтындар көп кездеседі. Кейбіреулер сол қиыршық алтынды жиып, құмнан, басқа минералдан айырып алады. Алтын шыққан ерітінділерді «алтын шашырандысы» дейді, алтын қазып алатын жерді «прииск» дейді. Алтын шашырандысы көбіне Сібірде кездеседі. Барлық орыс алтыны түгелімен Сібірден шығады. Алтын табу үшін бұнда әр жерден келетін кен қазушылар көп болған. Олар елсіз, иесіз тауды, қалың тоғайларды аралап, бір даладан екінші далаға түсіп, кезіп жүріп, өзен ертіндісін қазып қарап, алтын іздеген. Алтын табыла салысымен бұрынғы адам, дыбыс естімеген, тағы аңнан басқа еш нәрсені көрмеген елсіздер ұйқыдан оянғандай болып, жандана бастайды. Шашыранды алтын көп көрінсе, жеңіл табыс таппақ болған байлар шұбырады. Олардың артынан топ-топ жұмысшылары барады. Темір заводтарының айналасындай болып, бұл кішкентай өзендердің айналасында да қалалар салынады. Ағашты кесіп, жылдамдатып үйлер сала бастайды. Алтынды топырақтан тазартатын «шайқауыш» машиналар жасалынады. Әр жерден шұңқырлар қазып, арықтар жүргізеді. Бір алтын заводының артынан екіншісі шығып, өзеннің жағасы өзгере бастайды. Өзен жағасы көркінен айрылып, бұзылады. Жердің бәрі шұрқ-шұрқ тесік болады. Маңайдағы тоғай өртелген, кесілген, жағаның бәрі үйілген тас болады. Өзеннің бұрынғы мөлдір, таза суы лайланып, сұрланған болады. Бұнда да тек білмейтін адам (...) пайданы қуып, жанына жем беретін табиғаттың сұлулығын жоғалтады. Оны ойламайды, ескермейтін болады. Бірақ адам баласы әншейіндегі өмірінде байқалмаса да, ауырып тұрған уақытында табиғаттың қадірін ұғады. Ауырып тұрған судың ішіндегі бөлімдерін айыра бастайды. Қышқылтымды өзіне тартып алады. Және бұрын қышқылтыммен араласқан екінші газ судан шығып кетеді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру