Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 13 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Рахат Қосбармақ
Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы
РАХАТ ҚОСБАРМАҚ
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
АЙДАРБАЕВ Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі ӘРІП Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар Одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры
АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:
ТҰРҒАРАЕВ Бекет Тұрғараұлы – облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымының докторы. ӨТЕГЕНОВ Айтуар Оспанұлы – ақын, кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор ҚОСБАРМАҚ Рахат Құсайынұлы – ақын, жауапты редактор МЫҢЖАС Темір Мыңжасұлы – ақын
Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақынжазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға ақын Рахат Қосбармақтың шығармалары енгізілді. Қаламгердің бұл кітабы төрт бөлімнен тұрады. «Он жетінің көктемі» және «Жырымды менің оқыңдар!» деп аталатын екі бөлімге ақынның жастық шақтағы жырлары жинақталса, «Түннің көз жасы» атты бөлімге махаббат тақырыбындағы өлеңдері, ал «Өмір сені жырлаймын!» атты бөлімге кейінгі кезде жазылған бірқатар жаңа туындылары топтастырылған.
ЖЫРЫМДЫ МЕНІҢ ОҚЫҢДАР!..
(Өлеңдер)
Рахат Құсайынұлы Қосбармақ 1972 жылы 19 маусымда Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы «Қызыләскер» (бұрынғы «Тұрман») деген жерде, Сам құмында дүниеге келген. 8 жасынан бастап жыр жаза бастаған ол 1988 жылы Алматы қаласында республика бойынша тұңғыш рет өткізілген қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасына қатысып, бас жүлдені иемденді. 1989-1994 жылдары Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқыған Рахат Қосбармақ оқи жүріп, студенттердің республикалық «Өркен», тәуелсіз қоғамдық-саяси басылым «Жас қазақ» газетінде тілші, қазақ-түрік бірлескен «Таң-plus» телекомпаниясында редактор болып еңбек етті. 1994-2002 жылдары Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясында редактор, аға редактор, бас редактор, төрағаның орынбасары болып жұмыс істеді. Облыстық телеарнаның эфирі арқылы 400-ден астам телехабар дайындап, 8 жылдан астам уақыт бойы жемісті еңбек етті. 2003 жылы жеке меншік «АР» телестудиясын құрды. 2004-2005 жылдары Маңғыстау облыстық кедендік бақылау департаментінің жұмысты ұйымдастыру және бақылау бөлімінің бас маманы, баспасөз қызметінің жетекшісі қызметін атқарды. 2006-2009 жылдар аралығында республикалық тәуелсіз қоғамдық-саяси басылым – «Ар.kz» газетінің бас редакторы болды. 2009-2011 жылдары «Catkaz» ЖШС Бас директорының кеңесшісі қызметін атқарды. 1993 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының сыйлығына, 1997 жылы Маңғыстау облысы әкімінің «Құрмет грамотасына», 2000 жылы облыс әкімінің «Алғыс хатына», 2006 жылы Жұмекен Нәжімеденов атындағы республикалық жыр мүшәйрасында «Қазақ әдебиетін қолдау қорының» арнайы жүлдесіне ие болды. 2002 жылы «Қазақстанның
Тәуелсіздігіне – 10 жыл!» мерейтойлық медалімен наградталды. 2008 жылы есімі «Маңғыстау» энциклопедиясына енгізілді. Рахат Қосбармақ – республикалық дәрежедегі бірнеше айтыстар мен мүшәйралардың жеңімпазы. 1992 жылғы республикалық «Студент көктемі» фестивалінің лауреаты. V және VІ халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. Қазақстан Журналистер Одағының және Жазушылар Одағының мүшесі. «Кемпірқосақ» (1996 жыл, «Рауан»), «Бекет Ата» (2000 жыл, «Информ-Арна»), «Сұрасаң руымды – Дәулеталы» (2010 жыл, «Информ-А») атты кітаптардың, «Жаздың ең соңғы күні» (1999 жыл, «Зерде»), «Атажұрт» (2011 жыл, «Информ-А») жыр жинақтарының авторы.
РАХАТ ҚОСБАРМАҚ ТУРАЛЫ ОЙ-ПІКІРЛЕР:
«..Рахаттың сай-сүйегін сырқырататын Мұңалжардың күйген бауырдай киелі жоталары да күншығыс теріскей бетте, құрық созым қашықтықта. Рахат туған Сырға пірлердің соңы Ер Бекеттің тауды қашап, тасты матап орнатқан төрт құтханасының ортасында орналасқан. Қысқасы, ол арада туған ақын көкірек адамның көзіне атамекен, көңіліне атажұрт алдымен оралып, ерекше елжіремеуі еш мүмкін емес. Оның көзін қыдықтаған Жердің өзі тарих боп ымдайды. Оның құлағын қыдықтаған Желдің өзі тарих боп ызыңдайды... ...Оның ақындық шанағы да асқақтатып ән шырқатып, желкілдетіп тіл безетпей, көкірегіңді күбірткедей солқылдатып, мұңлы күй шалғызатын көйгөй домбыраға көбірек келіңкірейді екен. Желпінтпейді, ойландырады. Құлшынтпайды, толғандырады... ...Рахаттың өзі нәр еміп, сыр тартқан өлкеге ұқсап, салмақты ойланып, салиқалы толғанатын сабырлы шабытына ұзақ ғұмыр, кең өріс тілейміз». Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
«Өлең сылап, сөз баптап байлыққа батпайтынын түсіне қойған ақыны да, «Ел қорғаймыз» деп екіленген батыры да қалта қамына жаппай жұмылып, ақындары ақымақ көрініп, алыпсатарлары ардақталып жатқан заманда жүйкесін жырмен егейтін жастар сирек. Табиғаттың оты мен желінің өтінде тұрған Бейнеу ауданының Сыңғырлау ауылында туып-өскен, Қашағанның жырын жаттап, Досат пен Қайыптың әнін қанына сіңіріп, Абыл мен Есірдің күйін тыңдап өскен, бұл күнде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті Рахат Қосбармақ сол сиректердің бірі болып шықты. Ақша қумай, банк ашпай, митингілетіп, қор-қозғалыс ұйымдастырмай, байлардың мәшинесін жемдейтін бензин колонкасын сатып алмай, өзімен-өзі жүріп, сөз қасиетін кие тұтқан Рахат тектес өрім жігіттер мен қыздарды күтіп тұрған қиын-қыстау жолдарда оларға адалдық пен төзім серік болғай!». Фариза ОҢҒАРСЫНОВА, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
- *
«Менің білетінім: Маңғыстауда бір күшті ақын бар. Оның аты – Рахат Қосбармақ. Ақын атанып, Жазушылар Одағына мүше болып жүргендердің бірталайынан оның мойны озық. Ол туралы кезінде Ә.Кекілбаев та, Ф.Оңғарсынова да пікірін білдірді. «Кемпірқосақ», «Жаздың ең соңғы күні» деген кітаптары бар. Рахат ешкімге ұқсағысы келмейді, өзінше жазады. Өлеңдері сонысымен құнды, сонысымен мықты. Әдеби ортадан алыс, шалғайда жүргендігінен өз бағасын ала алмай жүр». Өтежан НҰРҒАЛИЕВ, ақын.
- *
«..Рахат Қосбармақтың ой-толғамдарынан байқалатын сыр – оның көп жылдан бері осы тақырыпқа құштар көңілде, ізденісте жүргендігі. Жас ақын, журналист Маңғыстау жеріне қатысты үш жүз алпыс әулие, суфизм, Ата мешіттері, Көк аса, Бекет Атаның өмір сүрген жылдары, Атаға арналған жыр-толғаулар, А.Ершуов ұсынған толғаулар, т.б. мәселелер хақында ой толғайды, шолу жасайды. Жәй ғана баяндамайды, қызуқандылықпен, іңкәр көңілмен, жанкүйерлікпен ашық айтады, өзінше жазады». Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ, филология ғылымының кандидаты, ғалым.
- *
«Мен маңғыстаулық ақын Рахат Қосбармақтың шығармашылығымен көптен бері таныспын. Оның баспасөз беттерінде, жастардың жырлары топтастырылған кітаптарда жарияланған өлеңдерін оқып, шын риза болып, бүгінгі күнге дейін Рахаттың шығармашылық әр адымын бақылап келемін. Оның «Жаздың ең соңғы күні», балаларға арналған «Кемпірқосақ» еңбектерінен тек өзіне ғана тән үн мен сарынды, қуат пен жігерді көрдім. Ол жинақтардағы образды оралымдар мен тосын сөз тіркестерінен әлі де ашылмай жатқан, бірақ ашылуға тиіс бұла еркіндік пен арқалы ақындықты бар тұла бой, жантәніңмен сезініп отырасың. Кесіп айтады. Есіп сөйлейді. Лап етіп көтеріледі. Лақ етіп төгіледі. Сондықтан да мен Рахат Қосбармақтың толық мағынасындағы ақын екендігіне кепілдік беремін». Темірхан МЕДЕТБЕК, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын.
«Жұртты білмеймін, менің ылғи жақсы өлең оқығым келіп жүреді. Мұны айтқанда, мен Рахатты көпіртіп мақтағым жоқ. Өйткені, Рахат – ерте танылып, ел аузында жүрген ақын. Енді оны асыра мақтап, аса шешен болмай-ақ қояйын. Кейде тіпті жақсыны мақтағың келгенде, дөп тиетін оқыс пікір ойыңа оралмай, оралымды сөз аузыңа түспей, қинайтыны бар. «Әр ақынның өз үні, өз даусы болуы керек» деп жатамыз ғой. Ендеше, Рахаттың өз даусы бар. Не жазса да, өзінше жазады. Жас ақындарға «ауру» болып жабысатын еліктеу-солықтаудан да Рахат ада. «Әйтеуір өлең жазғанның жөні осы екен» деп, қайсыбіреулер сияқты қайдағы жоқты көйітіп, әулігу, аспан мен жердің арасында салбырап тұрып алып, өзге түгіл өзі де түсінбейтін бірдеңелерді шатыстырып-бытыстырып, пырдай басыңды шырдай қатыратын күшеншектік те, тыраштық та жоқ Рахатта.
Рахаттың жазатыны – кәдімгі адами сезімдер, дүнияуи тіршілік, кәдімгі дала, кәдімгі жел. Әрине, «Маңдайың тершімей, қиналмай өлең жазылады» дегенге мен сенбеймін. Ол – өтірік. Бірақ оған бола ескі грек құдайларына табынудың, Париждің көркіне сұқтанып, көзіңді ашып-жұмудың, болмаса, Пегасты іздеп, әуреге түсудің керегі жоқ екен. Рахат жырлаған атақоныс Маңғыстаудың сардиған сары даласы да, Самның қылтанақсыз ақ шағылы да, ығыр қылатын Бейнеудің сарнаған желі де, «күн астына қарай күңірентіп тартар» кереге жал Күреңі де етене, көзге оттай басылып, жүрекке жылы тиеді. Әрі айтып-бері айтқанда, майын тамызып, мың мақтағанмен, өлеңді бір оқығандай болмайды бәрібір. Ал «Мақтамаймын» деп отырып, мақтаған болсам – жақсы өлеңді, мықты ақынды мақтаған болармын». Есенғали РАУШАНОВ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын.
Бірінші бөлім
ОН ЖЕТІНІҢ КӨКТЕМІ
САҒЫНУ
Сағынам сені – Самала жырлар жарқырай жанып жанымда, Сарқырамалар сарқырай ағып қанымда. Сағынам сені, осынау Нұрлы Дүние, Сағынбай, сірә, тіршілік бар ма дарынға?! Сағынам сені – Самалдар өбіп, жүзіме ессе жылы дем, Саздарым өніп жүректің терең түбінен. Сағынам сені, Сағынған сені сәттерде Сары айшық өрнек туарын сонда біліп ем. Сағынам сені – Сарғайып атқан бозала бояу таңдарда, Сағынар, сірә, өзіңді мендей жан бар ма?! Сағынам сені, осынау Нұрлы Дүние, Сағынышым менің айналып мәңгі Арманға. 1989 жыл, 9 қараша. Алматы.
ЕЛ ЖӘНЕ МЕН
Біріне – зар, біріне – ән ұялаған Өмір деген қос арна – дарияда ағам. Жасық жырды «Атыма кір келер» деп, Жазбаймын мен, Жазсам да, жарияламан. Жырмен емдеп өмірді мұңы қалың, Күйігіне күллі елдің булығамын. «Кір келетін болса егер есіміме, Кір келгені еліме» деп ұғамын; «Кірленгені елімнің» деп ұғамын. Сондықтан да жазбаймын жасық өлең, Кеуделерге тасқын боп тасып енем. Жүректерге жалын боп құйыламын, Омырауымды ағынға ашып өлем. Қайғы селі қаптаса, байсал қалып, Қарсы жүзем толқынға қайсарланып. Елім менің – өйткені, ер мінезді, Халқым менің – өйткені, қайсар халық.
Елім менің – жаралған, нәр алғаным, Арқасында елімнің алауладым. Елмен бірге лапылдап, Елмен бірге Жанартаудай атылсам – жоқ арманым! Елше сүйіп, өртенем, елше жанам, Қайда жүрсем, шықпайды ел санадан. «Ел қатарлы болсаңшы» дейтін әкем, «Ел қатарлы болсаңшы» деуші еді анам. Менде ұшқыны елімнің от-күшінің, Елім жоқта – менің де жоқ пішінім. Бар ізгілік мендегі, бар жақсылық «Халқымда бар қасиет» деп түсінің. Тамырында атаның абыз-қаны, Таңдайында жусанның сағыз-дәмі; Бөлінбейтін Елінен, Даласынан Ақын деген – халқының ар-ұжданы!
Маған дұшпан – еліме атылған оқ, Ар-намысын қорғаймын ақын да боп. Елден озып, енші алу – мақсат емес, Ел-Анамнан қалуға хақым да жоқ! Сағат-жүрек соққанда «Елім» деді, Мен сүйемін елімді, Елім – мені... Бөлінетін елімнен болсам егер, Қара жерге тірілей көмің мені! 1988 жыл, 16, 17 желтоқсан. Сыңғырлау.
АШЫНАМ...
(Марқұм ағам Ысанның әруағына) Ашынам – Асқар таулардың аласарғанын көргенде, Жаз-көңіл жанға жауыз тілдердің жара салғанын көргенде. Ашынам қатты – аяқасты боп ақиқат жатқан шақтарда, Ар менен арзан ойлардың ара салмағын көргенде. Ашынам қатты – Шер-көкірегім шерменде болып, шерменде! Ашынам – Ақылынан айғайы, ойынан ойбайы көп жандардың Дау қуып жүріп, дарынды жыққан кездерін көріп қалғанмын. Түсінігі таяз, санасы саяз сорлылар Жалтырақ тағып, жалаңдап жүр-ау, Жалпағын жаншып жалғанның. Ашынам, міне, осындайларды көргенде, Ашынам қатты – Шер-көкірегім шерменде болып, шерменде!
Ашынам – Ананың сүті, атаның құты азғанда, Жаны жапа шеккендер, Жақсылық көрмей өткендер Жан сырын жалғыз, қалам таба алмай, қанымен ғана жазғанда. Ашынам қатты – Торқалы той мен топырақты өлім үстінде Тот баспас бірлік торғайдай болып тозғанда. Ашынам және арпалысам – «Осындай кем-кетігімізді күргелеймін» деп, «Айтқандарымның арасында өзім жүрмегеймін» деп. Ашынам, міне, осыларды мен көргенде, Ашынам қатты – Шер-көкірегім шерменде болып, шерменде!
Ашынам – Анадан туған жас сәби Ана тілімнің азабын айтып жатқанда, Ар дегеннің не екенін білмейтін ақымақ Ар алдындағы адам жанының тозағын айтып жатқанда. Ашынам қатты – Кешегі кемеңгерлердің Бағасы түсіп, базары қайтып жатқанда. Ашынам, міне, осындайларды көргенде, Ашынам қатты – Шер-көкірегім шерменде болып, шерменде! Ашынам – Күрсінісі көкті тілгендер, Күдерін үзбей жүргендер Күн көру үшін күліп тұрғанын көргенде. Шындық шыңына керең жендеттер Кесілген бастарды іліп тұрғанын көргенде. Ашынам қатты – Айғайы адам түгілі, айуанды жылатқан адалдың Сезімсіз жендет Сытырлатып сүйектерін, сырық қылғанын көргенде.
Ашынам – Мазасыз мынау дүниенің Алма-кезек айқасқан, Шешімін таппай шайқасқан Әділеті мен әбілетін, Дерт пенен денсаулығын, Аңдығы мен адамдығын, Насыры мен надандығын, Тазалығы мен ластығын, Қатыгездігі мен қастығын, Дін менен сенімін, Өмір менен өлімін ылғи көргенде! Ашынам қатты – Шер-көкірегім шерменде болып, шерменде! 1989 жыл, 12 ақпан. Сыңғырлау.
КҮЙЗЕЛУ
(Башкарға) Азап кешірген жаныма азам жетіп жүр, Май ішкен жандай соңғы кез мазам кетіп жүр, жан аға. Тәуелім қайтты Тәңірден – Бірі қабыл болмай тілектерімнің, Жүнжіп те кеттім соңғы кез, жүдеп те жүрмін, жан аға! Сартап бір ойлар сарсылтып пұшайман жанды, Санамды улап, танымды тұсаулап алды, жан аға. Тәрк болды бәрі – Тәңірдей сыйлағандарым, Тырнақтап құрап, тірнектеп жинағандарым, жан аға. Алтыннын қымбат, аһ, дүние, қу бақыр құның, Уылжып тұрған бал шағым у татыр бүгін, жан аға. Иманнан ізгі сезімім – ит-тірлік енді, Ит болып мен де бір сәтке итке үргім келді, жан аға.
Шыбыртқы-үрей қамшылап жаралы жанды, Қара жыландай қарау ой оралып алды, жан аға. Жай адам түгіл, Жаратқан шеше алмайтұғын Сауалдар сансыз... Айқай-шың тұрсын, адырдан аса алмайды үнім, жан аға.
Кеудемде мынау сөнгендей мәңгілік таңдар, Жеті атаңды да оятқан жаңғырықтар бар, жан аға. Не деген азап – шайтанның шашындай ұзақ, Жалт етіп аққым келеді, жасыңдай ұзап, жан аға.
Мен қайтсем екен?! Бомба боп жарылсам ба әлде, Тыншыр ма жаным – тозақтан арылсам сәлге, жан аға?! Кеш менің адал Арымды, бір аласарсам – Ізгілік үшін ізгі бір күнә жасасам, жан аға!.. 1989 жыл, 9 наурыз. Сыңғырлау.
- *
Адамдар, аялаңдар – Жүдеп кеттім. Жүдеп кеттім – Ықыласын тілеп көптің. Адамдар, аялаңдар – Азып кеттім. Азып кеттім – Қайтыпты, қажыпты екпін. Адамдар, аялаңдар – Қажып қалдым. Қажып қалдым – Санамды қажытты әр күн. Күледі қолын бұлғап, Сонау шыңдар... Сонау шыңдар... Жастығымды оралтыңдар. Оралтыңдар!.. 1988 жыл, 3 қазан. Сыңғырлау.
ЖАН СЫРЫ
«..Шаршадым, жүрегіме әлім келмей, Кеудемді қусырады дамыл бермей. Тұсаған тұла бойды осы дертті Қойды бір ақылым да, әнім жеңбей». (Фариза Оңғарсынова) Мекер тірліктен меселім қайтып, мен неге Жаутаңдай қарап, жасқана берем, жерлене?! Білмеймін тіпті, білмеймін тіпті, білмеймін – Ұқсамай жүрмін періштеге де, пендеге. Жан-жүрегімді жайлаған жайсыз жайларға Ем болып қонып, ес жиғызатын ой бар ма?! Білмеймін тіпті, білмеймін тіпті, білмеймін – Ұқсамай жүрмін адамзатқа да, айуанға. Жүрекке жүк боп күйік атаулы күніге, Түкірем неге түңіле қарап түріме?! Білмеймін тіпті, білмеймін тіпті, білмеймін – Ұқсамай жүрмін өлілерге де, тіріге.
Бұрын-соң бұлай булыққан күйді кештім бе, Өртеніп-жанып, өзегім күйіп, өштім бе?! Білмеймін тіпті, білмеймін тіпті, білмеймін – Ұқсамай жүрмін ештеңеге де, ешкімге. Дала-жаныма дауасыз сезім дарыған, Жаралы сәтте жанартау болып жарылам. Өмірдің мынау өлшемін сезбей жүрмін бе – Өзім сау жүріп, өлгендерді көп сағынам. Көркем жыр емес, көз жасы болып төккенім, Өзіммен өзім тартысқан, Өзіммен өзім шарпысқан О, менің сорлы сәттерім! Түлкі-дүниеге түңіле қарап, түкірген Осындай ойсыз, ойран шақтарым көп менің.
Өлі көзбенен өшіге қарап өмірге, Түн баласына төңбекшіп жатам төрімде. Не дауа, дүние, О, жарық жалған, не дауа, Зауал келгендей зар илеген бұл көңілге?! Салындым тағы сарыуайымдау сарынға, Ғафу ет, достым, «табансызсың» деп тарылма. Үмітсіз жанды үңгіп жеп жатыр үнсіз ой, Кездеспес кесел, дауасыз дерт бар жанымда. Шыныдай сынып, Шытынба, достым, қабақты, Табиғат мені табансыздау ғып жаратты. Адалын айтсам, Адамға ұқсамай жүремін, Айлапат дүние абақты болып, абақты!
Тарылма, достым, ақтарсам сырдың ашығын: Жасыма жетпей жалыным сөніп, жасыдым. Адам баласына айтпай-ақ қояр едім ғой, Ақын болған соң, жан сырың жатпас жасырын... 1989 жыл, 12 ақпан. Сыңғырлау.
- *
Жанымның жаз-көгінде бұлт аунады, Құлындай құбылма-күй құрсаулады.
Жабырқап жүрем ылғи жалғас іздеп, Жазылмай қалып жырдың бір тармағы.
Көңілден күмбір күйім төгілсе еді, Езбе күй еңсені езді ебіл-себіл. Сүйреткен сүйегімді сұрқай тірлік – Жігіттей тастап кеткен келіншегі.
Басымнан шырлай ұшып, бақ та араздап, Баяғы тарлан күй жоқ топтан озған. Адамнан қалған көңіл – алау-далау, Аламын ашуымды ақ қағаздан.
Шалдығып күнде дертке, күнде айығып, Қиялмен қызыл киік бір қайырып; Жыртамын ызаланып ақ қағазды, Көңілдің көк аспанын бірге айырып. Омалып, оған бола сөкпе ертеңді, Ойларым орман тектес отқа өртелді. Сағынып жатам сосын сал күндерді, Жамылып жұлдыз өрнек көк көрпемді... 1989 жыл, 24 желтоқсан. Алматы. ӨМІР-АЙ! немесе ТАҒДЫРМЕН ТАЙТАЛАС Өмір-ай! Мені өңез тірлігің шаршатты, Ұмыттым барлық бақытым тұнған бал шақты. Түнек-тірліктен түңілген мынау түрімнен Тасжүрек тағдыр тартуындай боп тамшы ақты.
Күлкі емес, күлкім – күрсініс толы күшәла, Тұралай берем, тұсала берем, тұсала. Тартынбай ішіп, тауыса да алмай келемін, Құмарым қанбай қуанышың мен құсаңа. Іштарлығыңды, құштарлығыңды көп көрдім, Кермек дәміңнен кеудеме у кеп, кектендім. Кете алмадым мен сонда да сені тәрк етіп – Келерін біліп келмеске қайта кеткеннің. Қысастығыңды, құс жастығыңды көп көрдім, Өлім көргем жоқ, өзгеңді бастан өткердім. Өлуге менің хақым да жоқ қой, Өйткені, Өмірге мынау «Өлімді өлтірем» деп келдім.
Тәкаппар тағдыр! Тас пейіліңе таусылман, Қаһарлансаң сен, қасқайып шығам қарсыңнан. «Өледі екем» деп өзгерте алмаймын ойымды, Қуатыңа да құлдық ұра алман Қара жерді де қаусырған. Жанарларымда жарқылдап бөлек жасын-күй, Алдымнан кей сәт ақ сарай-арман, ашылды үй... Таңғалдырсаң да, табынта алмайсың, тағдырым, Мазасыз өмір! Маған да бір сәт басыңды и! Таспейіл тағдыр! Қысастығыңды қылғанда, Шыдап-ақ бақтым шындап-ақ, шыңдап ұрғанда. Құрбан болсам да, құл болатұғын жайым жоқ, Жүгіне алмаймын жүрегім соғып тұрғанда!
Төмпешігімнен төбелер құрап, өр үйе, Төбелесіп-ақ келемін мықтап, Беріле қойман, беріле. Өмірдің кілті өз қолымда тұр, ендеше Сен емес, тағдыр, мен ие саған, мен ие! 1989 жыл, 11 ақпан. Сыңғырлау.
АҚ ПЕН ҚАРА
«Қара, қара, түндей қара, тастай қара, қап-қара, Қара деген – тіршілікке түскен қара ноқта ма?! Солай, бәлкім, сондықтан біз қаралықтан қашамыз, Қаралардың құпиясын ақ арқылы ашамыз». (Мұхтар Шаханов «Ақ пен қара») Кімге ұнамай, кімге ұнадым?! Түр-түсімді ел біледі. Сипаттаса құрбыларым, «Қара жігіт» дейді мені. Ат қояды ата-аналар, Әркім есім еншілейді. Шақырғанда жақсы ағалар, «Қара бала, келші» дейді. Көңіліңді түсінеді, Солар сені зорайтады – Таныстырса кішілері, «Қараторы» деп айтады. Тілі неткен ызғарлы еді, Бейнемді дәл жасапты айқын: Бала күнде қыздар мені «Негр ғой» деп мазақтайтын.
Ата-анаға бейкүнә екем, Ата-анаға аламыз ба – «Ақ Ршан ғой» дейтін әкем, «Аппақ» дейтін анамыз да. Айып па екен қаралығым, Жүрегімде жанғанында от?! Сол қап-қара бала бүгін Жүр бір қыздың арманы боп. Құдай берген пішін қара, Боянғам жоқ қара майға. Қара деген – түсім ғана, Жүрек аппақ, Жарамай ма?!. 1988 жыл, 24 желтоқсан. Сыңғырлау.
БҰРЫМ
(Ұстазым Лұқпанова Гүлжанға) Есімде әлі ескі күндердің елесі: Кездер ғой кірмес құлаққа елдің кеңесі. Албырт шақ еді – аяқтап он жыл оқуды, Артыңда қалар балалық шақтың белесі. Өмір-ай, шіркін, байқатпай, баяу жылжыған, Әр таңдарыңнан көбіктей жеңіл мұңды ұғам... ...Физика пәні. Класқа кірді жаңа ұстаз Тірсекке соғып білектей бұрым жұп-жуан. О, қандай бұрым! Қамшы мынау өрілген? Көргенім осы бұрымды төмен беліңнен. Оңға да-солға, партаға соғып барады, Ойнақтай шапқан ерке бұлақтай көрінген.
Қарады әйнектен күн сәулесі боп диқан-күз, Дегендей: «Қане, аруды біз де сыйлармыз». - Қара жылан, – деп күбір ете түсті қас керіп, Сазарып жүзі шашын келте қып қиған қыз. Қолында тұрса қозғар дүниені бар тетік, Кетер-ақ еді күйкі тірлікті тәрк етіп; - Сурет қой, – деді сұқтана қарап, – сурет қой! – Қияли шәкірт жанары шоқтай жарқ етіп. Тыйды да дереу езуден сайқымазағын, Апайға қарай аударып барлық назарын; Ұмтыла түсіп: – Ұстап көрер ме еді, шіркін-ай! – Қозғалақтап қалды ойыны келіп ожар ұл.
Арманы санап пешенесіне жат тұз-дәмді, Бәлкім ол тіпті «қара қамшыны» қызғанды; - Қыз болған, шіркін, жақсы еді, неткен! – желпініп, Жеңілтек бала жерге қаратты қыздарды. Әлі де ерте бөлініп пе еді еншім тым, Боранды сәтте болаттай берік болсын кім – Ойым да ойран, көңілім ала құйын боп, Мылқау адамдай мылқиып қалдым мен шіркін. Сезгендей ұстаз көзқарастардың астарын, Әркім-ақ қолмен бір сипап өтті шаштарын. Тосырқай қарап, тоң-торыс қалды топ бала, Бұрымсыз қыздар бұқты да төмен бастарын.
Бұраңдап бұрым, сан кеуделерге құйып ән, Сыр ұқты бәрі табиғаттың бұл сыйынан. Апырмай, бүгін сабақ та қалды-ау жайына, Тентектеу класс тым-тырыс, үнсіз ұйыған. Сөйлеп тұр ұстаз – өресі биік, өр үнді, Үні емес бірақ, «жылан» арбады көңілді. Қап-қара бұрым киепеті күшті жылан боп, Шашы келтені шағып жатқандай көрінді. Көзі бар көкірек оянды – ойлар толды ізгі, Келеке етіп күлгендей тіпті ол бізді. Қап-қара бұрым – қасиетті салттың қамшысы Осқылап жатты ойлары тайыз он қызды. Масайраймыз-ау қалып жүрсек те мазаққа, Арамыздан тым азайған дәстүр аз-ақ па?! Білектей бұрым бір кезде бізге салт-тұғын, Таңғажайып бір таңсықтай енді қазаққа.
От қып тұтатар жүректегі бар жарқылды, Онсыз да анау Аралдар кеуіп, тартылды. Ұмытшақ ұлтым, Арманың бүгін ай болып, Ертеңгі күні жат көрмегейсің салтыңды! Ұққандар ұғар күңіренген бұл күйімді, Қазағым, неге сылдырмақ қылдың сыйыңды?! Азайған жалғыз бұрым ба?! Біздің бүгінде Қанымызда бар қасиетіміз сұйылды. Қадірлі халқым! Сор болып «сәннің» жалғасы, Ата-бабаның әруағын үркітіп алмашы! Өтінем, халқым! Өз дәстүрің мен салтыңды Кітаптан оқып, кіріптар болып қалмашы! Ата-бабамыз қорғаған төгіп ақ қанын, Дала дәстүрі – асқарым, биік мақтаным. Ұрпақтарына ұялмай қарау үшін ел Қатаң сақтауға міндетті дала салттарын!
(Ұлылық деген елеусізден де өнеді-ау, Бұрымды ұстаз бойымды жырға бөледі-ау). Ұлы даланы ұстап тұруымыз үшін де Сол ұстаздардай ұлы тұлғалар керек-ау... 1989 жыл. Сыңғырлау.
КҮН
Қолтығында бұлттардың күн аунаған, Күн аунаған – сәбиден бір аумаған. Күлкісімен Күн-сәби ерітердей Қырлар шөгіп, жамылса қырау далам. Ақ моншақтар жанардан ыршап таңда, Айналайын көңілім, тыншып қалма. Құлыншағым кеудемде кісінейді, Тұлымшағын көтеріп Күн шыққанда. Күн келеді нұр сыйлап бар адамға, Қызыл найза лақтырып далаларға. Нұрдан жаралғанымды сезінемін Жарқын жүзді жалқын нұр жалағанда. Арай толар атқақтап содан кеуде, Нұр жүгіріп – Күн шықса маған демде. Қан жылайды жүрегім – Күн құласа, Қан-қан болған найзасын қадап жерге.
Аймаласа нұрымен артыпты екпін, Шақырғанда сәби-Күн шалқып кеттім. Тартып кеткім келеді-ау күрең мініп, Күн астына күңіреніп тартып кеткім. Қолтығында бұлттардың Күн де аунаса, Қайтер едік жүректер нұрланбаса?! Қайтер едік – егерде жақсылардың Көкірегінде бір-бір сәби-Күн болмаса?!. 1989 жыл, 24 желтоқсан. Алматы.
КҮРЕҢ
Құйғытсам, шіркін, құлдилап жонда бірер күн, Құйрық-жалына маздаған шырақ-от іліп; Көкорай қырда күдері тізгін күреңнің Күпшек санында күміс тамшылар секіріп. Күлік арғымақ, Көкірегімнен күй ақтар, Сезімдер сонда сергек қылышын сермелеп; Жарқылдап жатса жалын шашып от-тұяқтар, Жанарларында дүбірлі дүние дөңгелеп. Қыдыра шауып, қиялай шықсам қыратқа, Шаңылтақ аспан... Көз ұшы жүзген көк сағым... Құйғытып күрең, күй тартқызып от-тұяққа, Жарқырай аққан жұлдыздар шашып жатса бір! Шағала-көңіл шаңырқап, шыңда шарқ ұрған, Кермиық құстар, кеудеме келіп қоныңдар! Қол бұлғап жатса жамырасып сонда артымнан Қораба құмдар, қойтасы қожыр қорымдар.
Көбік сабын боп, көктегі айды ілермін, Кім тоқтата алар ауыздық үзген арынды?! Күміс үзеңгі күнге шағылып, Күреңнің Күлдір де-күлдір кісінесі тербеп жанымды. Заңғар бір биік асқақтық есіп зарпымнан, Арқырай ағып бара да жатам зымырап... ...Түсіме жиі еніп жүр күміс ер-тұрман, Түсіме жиі еніп жүр сол бір күлік ат... 1989 жыл. Алматы.
АЙЛЫ ТҮН
Аппақ нұрға малынған Айлы түні-ай ауылдың! Ақ жібек шәлі жамылған Айлы түні-ай сәуірдің! Айнала-маңай тып-тымық, Қиялға батты сыршыл қыз. Қысқа ғұмырды ұқтырып, Жарқ етіп ақты бір жұлдыз. Сыры терең сұлулық Күміс нұр боп сөйледі. Ақ жамбысын тағынды Көк аспанның көйлегі. Бойымды буып тәтті мұң, Бөдене-жүрек бұлқынды. Армандай асыл ақ түнім Жанымда жыр боп кіл тұнды. Жүрегім басы бал ұйып, Тылсым күйге бөледі. Дала жатыр далиып, Төбемнен ай төнеді. Ой кептері шарықтап, Теңіз-шабыт төгілді. Қиял құсы қалықтап, Тілгілейді көгімді. Ауыл-елді көшіре Арпыл қағып ит үрді... Ай – аспанның төсіне Таққан медаль секілді.
Сәні кірді сәуірдің, Көгім көркем – ай барда. Айлы түні ауылдың, Қайғы-түнге айналма! 1989 жыл, 13 наурыз. Сыңғырлау.
КҮЗГІ БҰЛТТАР
«Уа, Күн келеді!..» (Жұмекен Нәжімеденов) Шұбатылған шұбар бұлттар – Шудаланған жүн секілді. Сыңайынан сыр аңдып қал: Сыңси шыққан үн секілді. Сыңси шыққан үні секілді Керуен тартқан көші-қонның. Тастай ауыр зілі секілді Тағдыр тартқан несібеңнің. Үздіккен бір үн шығады, Үн шығады бұл бұлттардан. Тұмса сезім тұншығады, Түнгі аспандай мүлгіп қалған. Аламанның атағы ма, «Ақтабанда» аласұрған?! Қаһандардың қаһары ма, Қақ тұрғызған қара судан?! Жалпақ елдің зары ма әлде, Жалтақ «ерге» күні қалған?! Албырт ердің арыны әлде, Ар-намысты жығып алған?!
Әйтеуір бір үн келеді, Әр жүрекке ән боп дарып. Көкірекке жыр бөледі, Көңіл сырын салды ақтарып. Көк күмістен өрген белдік Құс жолы – бір құт-ханшадай. Сезімдерді сергелдең ғып, Сейіледі бұлттар солай. Көкірекке жыр бөледі, Көңіл сырын салды ақтарып. Уа, адамдар, Күн келеді, Күн келеді қалбақ қағып... 1989 жыл, 17 қазан. Алматы. ТАРАЗЫЛАУ немесе кешегі және келешек ұрпақ хақында (Махамбеттің әруағына) Арыстан еді-ау Махаңдар – Алты да қарыс азуы. Жаратқаннан емес, Жаралғаннан солай тағдыр жазуы. Арыстан еді-ау Махаңдар, Мойымас анау-мынауға, Мойыны озық қатардан.
Асқар бір бел еді-ау Махаңдар – Аласармайтын тұлғасы. Арзандамайтын ақ құны – Құла түзде көмусіз қалса да қу басы. Асқар бір бел еді-ау Махаңдар – Алмастай қиғыр тілінде Ащы да қатал қаһар бар. Құнан қойдың сақасы еді-ау Махаңдар – Құлжа мойын, кекшіл бас, Екіталай күн туса, Ерегіспей тек тұрмас. Құнан қойдың сақасы еді-ау Махаңдар – Құт мекен болған құм-шағыл, Шалқар төрі емес шаһарлар. «Қас үлектен туған қатепті», Қайыспас қара нар еді-ау. Кісілігі мен кішілігі Қырық кісідей бар еді-ау. Ұсынса, құшақ жетпейтін, Ұмсынса, пышақ өтпейтін; Бадана көзді сауытты, Көкірегі дала еді-ау.
Төрден бір алған тұғырын, Төбеден биік ұлығым. Он екі төбе билерді Он екі төбеттей шұбыртып, Құм Нарынды сыдыртып, Құмай тазы боп жер шалған. Қаройдай жапырақ-қонысын Қызғаныш еткен кең жалған. Батырлығына баланған Тарпаңдығы мен тасыры. Найзағай-мінез халықтың Намысы биік хас ұлы. Уай, ұлыдан қалған бір ұшқын, Ұрпақтың еді-ау асылы! «Қазанаттан туған қазмойын», Кекірейген кеуделі, Кер айдарлы, кекілді, Тұмарлы тұлпар секілді; «Құла майдан түздерге» Құрбан қылып құла атын; Қабағы қату күн кешіп, Халықтың кегін қуатын, Ай, «Айырдан туған жампоз» еді-ау Махаңдар – Туса – бір рет туатын.
Өткірлігі өрттей-ді, Сергектігі серттей-ді, Көнбейтін бұлтың-бұлтаққа. Ақ сұңқар сынды, ай, Маха, Күле де көрме сен бізге – Күйбеңшіл, күйкі күйімізге Күле де көрме, мін тақпа. Мүсіркей егіліп қара сен – Ұқпайтын ұлы тіліңді, Ұсақтап кеткен бүгінгі Уай, мынау сорлы ұрпаққа!.. 1989 жыл, 12 шілде. Алматы.
АДАЙ
Адай деген – адуын, тентек халық, Ерлігі мен серілігі ертек халық. Қан жұтқызып қасарған қас-жауларын, Сергелдеңде жататын серті ақталып. Көмілгенде ақ шаңға атамекен, Ақ алмасы ашуымен қатар екен. Ауыл болып бір көзе су үшін де Ат ойнатып, «аттандап» жатады екен. Қаны қайнаса, қабағы қантүленіп, Жары үшін де жатады жанды беріп. Қайың мінез, қайыспас, қайсар ру, Майыспайтын мәрт халық мәңгі берік. Кеудесінде даналық дара шыңы, Кемеңгер ғой қарттары – қарашығы. Намысының нарқынан қымбаты жоқ, Асқар биік арынан жоқ асылы.
Есті сөзің елірген елге өтпеген, Замана ғой оятқан ойды оқпенен. Шешен тілмен төкпектеп көсілгенде, Ауыздыға сөз беріп, сөйлетпеген. Бура-бұлтын төбеден жайған аспан, Алма-кезек тағдыр ғой тайталасқан. Аламандап шапқанда ақкөз Адай, Әруағы дұшпанның айға қашқан. Босағасы – бақыт та, төрі – құтты, Қасиетін қайбіреу кейін ұқты. Басын кесер болсаң да, бағынбайтын Өн бойында өр мінез өріліпті. Қор етуге кім құштар көктегісін?! Сезем, баба, соңыңа өкпелісің. Ұяламын бүгінде мақтануға, Ұрпақтары ұсақтап кеткені үшін... 1988 жыл. Сыңғырлау.
ТІРЛІК ҚҰНЫ
Ер халықтың ерке ұлы, есіл ері Өткен талай айта алмай базынасын. Шежірелі Маңқыстау шешіледі, Кәрі кеуде жайып сап қазынасын. Жігер жатыр әр сырда от өріліп, Долы өзендей жартастан қарғып қашқан. Сәтке бүгін қом қырлар қопарылып, Суырылып сөйлесін сандықтастар. Дала мінез дарынға қырсық сын көп, Ессіз, дүлей тобырды «елім» деп пе ең?! Бұл жауыздық «Бұла күй тұншықсын» деп, Көміп кеткен Абылды кеңірдектен. Алмағайып уақытқа айып бар ма, Қылыш қанға боялған балдағынан?! Қан жұтқызып қараулық Қайыптарға, Ақбөбекті айырған ардағынан.
Көз алдымда өр тұлға, батыр мүсін, Асау ыза кеудемді ұрғылады: Ақ найзалы ерлердің ақырғысы Арманда өлген Досан да дулығалы. Ала арқанын лақтырар алыптарға Ажал-сұмның үрейлі аты неткен! Тентек шалдар тексіздік танытқанда Қабылан-жүрек арыстар қапы кеткен. Елеулісін ессіз күш ер көрген бе, Жатты аһ ұрып жарыса жаһан-көктер – Жалаң қылыш жалғыз-ақ сермелгенде, Жерді құшқан марқасқа Махамбеттер. Жақсыларды лақтырған жарқабақтан, Қайтем енді өкпе артып халқымызға?! Сойдақтап із, сор жасы, сорғалап қан, Қанды тарих қалмасын артымызда.
Тұсау кескен қалтарыс-қараңғыдан, Арамдығын қоя ма арам әдет?! Айналама қараймын алаң-құлаң – «Ажал бір күн алқымнан ала ма?!» деп. Ай туғанда ауады Үркер төмен, Бозаң дүние бөленіп бозғыл сырға... Жұмыр басын солардың жұқ көрмеген Ажал-көкжал біздерді азсынсын ба?! 1989 жыл. Сыңғырлау.
ӘРУАҚТАР АЛДЫНДА
(Жатқан жерің жайлы болғыр қара шалдың әруағына бағыштаймын) Қарабайыр тірлігімнің қалыбы Қанжілік қып қажытса да жанымды; Асқақ болып ақиқат пен Ар үні, Әруақтар, сатқаным жоқ қанымды. Исі аңқыған мінезінен жөргектің Ерке емеспін, естиярмын ес білген. Талассам да, тас лақтырып көрмеппін, Керіссем де, кетіскем жоқ ешкіммен. Мәңгі байлық санағам жоқ мал-жанды, Асқарға емес, қарап өстім аспанға. Алданыш қып көргенім жоқ арзанды, Албырттықпен ағат аяқ бассам да. Көкірегін бір алапат күй кернеп, Сақта, Тәңір, көтергеннен көкке өзін! Күшті алдында күйім кетіп, күйбеңдеп, Қу қарынға құл болған да жоқ кезім.
Қайтем, баба, зәредейді зор етіп, Дос дегенім шығып жатты дұшпан боп... Есе кетіп, ер басымды қор етіп, Көрінгенге көк желкемді тосқам жоқ. Атпай қалсын арай шашқан ақ таңым, Жалған айтсам, жалаң басым жарылсын; Қалағанымды алу үшін, қарттарым, Қасиеттіден аттағам жоқ – нан ұрсын! Ата-баба! Бейуақыт боздасам, Бейпіл көріп, санамағын сен өгей. Әлім білмей әруақты қозғасам, Жерге кіргіз жебедей!.. Өкпек желдің өтіне өнген өжет гүл Өмірінің қысқалығын сезе ме?! Кеудемдегі кіп-кішкентай көжектің Өтінемін – дүрсілдерін тежеме!.. 1989 жыл. Сыңғырлау.
ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВКЕ
Ауыздық үзген тұлпарлар сынды Көзінің алдын шаң көмген – Көрдім мен сені, ей, қырдың ұлы, Алапат асау әндерден. Алқара аспанда ақсұңқар сынды Қалықтауды сенен үйренгем. Көрдім мен сені, жауқазын жандым, Күңіренген күмбір күйлерден. Құлазып қалдық сен кеткелі біз, Оркестрдей боп бір үні кем. Көрдім мен сені, көркем көңілдім, Көлдердің нәзік дірілінен. Көкірегімді тар дүние қысып, Тұншығып қалды қаншама арман. Сезіндім сені, аяулым менің, Таулардан соққан ақ самалдардан. Ұмсындың, жаным, омырауыңды ашып, Бала қырандар ұмтылған жаққа. Мен сені көрдім, алтын айдарлым, Шұғынық гүлге шық тұнған шақта.
Жанымды тербеп ақ арай шұғыла, Кетпей қойды бір сыңғыр құлақтан. Көрдім мен сені, беу, күміс көмейлім, Жапырағы ұшқан бұлбұлды бақтан. Қызыл шоқ шашып көзімнен ұшқан, Өз жасыныммен өзімді өртедім. Мен сені көрдім, бала жанарлым, Дүниеден мынау сезімдер толы... 1989 жыл, 27 желтоқсан. Алматы.
ДАРЫН
(Меңдекеш Сатыбалдиевке) «Бәйге атындай тілемейтін тақымды Қызыл тілге жүйрік» дейді Ақынды. Сыйынғандай әруағыңа ылғи мен Мың мәртебе қайталаймын атыңды. Шаңырағың тұр әзірге шайқалмай, Әруағың қабыл алсын қайтармай. Өзің жайлы ой айта алмай келемін, «Жасық жырды арнама» деп айтардай. Егіледі жанарларым жасаурай – Ерте сөндің, шұғылаңды шаша алмай. Әншейінде тарпаң жырым алдыңда Қалар жасып, жуасыған асаудай. Ұрпақтарға үлгі болған ғұмыры Дарын аз ба дәл өзіңдей, жыр ұлы?! Бар секілді жусан исі жырыңда, Бар секілді тұлпарлардың дүбірі.
Жырларыңда тұнықтық бар ақ таңдай, Көз алдымда дүние аунап жатқандай – Жанарында жарқылдаған жалт ойнап, Арғымақтар ағып барады ақ маңдай. Көз алдымда сансыз сурет не түрлі – Ерке самал қытықтайды бетімді; Атыраудың ақ толқыны аймалап, Аяғымды сүйіп жатқан секілді. Көңіл шабыт шәрбатынан татады, Жас жүрегім – жалынды ойдың отаны. Енді бірде астаң-кестең кеудемде Найзағайлар жарқыл қағып жатады. Саусақтары табынтатын Тәңірді Жырларыңнан Абыл күйі ағылды. Енді бірде Маңқыстаудың аптабы Отты леппен өтер шарпып жанымды.
Әр жырыңда елдің дәмі-тұзы бар, От-жалын бар – қарт түгіл, жас қызығар. Әр жырыңда Әміренің бар үні, Махамбеттің семсерінің жүзі бар. Қайбір сәтте көңіл қажып, қалғыдым, Қайғы құрсап, жайлап алар жанды мұң. Әр өлеңің жүрегіме ән құйып, Түрлі күйге түсірді ғой әр жырың. Иығыңда ауыр жүгі ғасырдың, Ақындарша аласұрдың, ашындың. О, қазақтың қайталанбас перзенті, Дала берген дарыныңа бас ұрдым! 1988 жыл, 9 желтоқсан. Бейнеу.
ӨМІР МЕН ӨЛІМ АЙҚАСЫ
(Анамның аузынан естіген халық аңызы) Сар шағыл құмы көзді қарықтырған, Аптабы алау отын жағып тұрған; Лебі құс қанатын қиып түсер Сахара жұтым суға зарықтырған. Бойдағы күшіңді алып екінді-аптап, Қуырар жан біткеннің етін қақтап. Суырған құм дауылы тыныс бітеп, Тартады аяғыңнан бассаң аттап. Иітпей тас емшегін безерген шөл, Дейтіндей: «Еріндерің кезергенше өл». Сусиды жал-жал құмдар судай арбап, Бұл ара – баршаға аян, ежелден шөл. Нышаны тіршіліктің – құлан ғана, Ол да тек көз ұшында қылаңдаған. Құлазып, құр қаңсыған құла дала Құпия жымиыспен сыр аңдаған.
Қалың мал қаптай қаңғып оң-солында, Барады ендеп кіріп құм-шағылға. Қолында жиде таяқ, сақалы аппақ, Келеді кәрі шопан қой соңында. Қайыртпай, бет-бетіне быт-шыт болып, Елсізде қызық емес, қырсық соғып; Ақ шағыл, апат шөлде адасқан мал Келеді бір үмітке күшікше еріп. Қолдағы қуат-күші, нәрін беріп, Ақсақал келе жатыр барын қорып. Келеді құр сүлдесін сүйреп әзер, Келеді жанарларын жалын көміп. Қайраты қайтқанымен қарсы сыннан, Қашанда садаға ғой халқы үшін жан. Бір тұрып-бір жығылып келеді әзер, Тарығып таңдай жібір тамшы судан.
Қарайтын мейіріммен елге күле, Салыпты із сан тауқымет келбетіне. Кербала кеп орнаған секілді ме, Кеткендей Күнге айналып жер беті де. Жан да жоқ ең болмаса жайыңды ұғар, Құм болды-ау қайран жігер қайың жығар. От бүркіп, шоқ төгеді безбет аспан, «Тозақ» деп осыны айтты-ау байырғылар. Қайыру беремін деп қалың селге, Сайғағы – сексеуіл боп, қабыр – шөңге; Көзіне құм құйылып, құлан сиіп, Көмусіз қалғаны ма шағыл шөлде?! Көре алмай бұл өмірдің мол қызығын, Естімей ешкім соңғы әлсіз үнін; Атаусыз айдалада қалмақшы ма, Таусылған жері осы ма дәм-тұзының?!
Келеді: «Сақта өзің, бір Құдай!» деп, Елестеп сағым су боп, жұтынды-ай кеп! Қаһарын бар дүние төкті бұған, Аптап шөл алау – тозақ отындай боп. Ақыры бір төбеге кеп құлады, Шыңылдап шеке тамыр соққылады... ...О, ғажап! Жиде таяқ құбыр болып, Зәмзәм су ақ бұрқақтай атқылады. Осы ғой, Осы су ғой нәр әкелмек, Қарт маңдай бір бусанды қара тер боп. Еңкілдеп байғұс шопан жылай берді, «Дүние-ай, көрешегім бар екен!» деп... 1986 жыл, 10 қазан. Сыңғырлау.
МАХАББАТ ПЕН ЖОМАРТТЫҚ
(аңыз) «..Шираздағы түркі аруын періштеге теңер ем, Бір меңіне Бұхара мен Самарқанды берер ем». (Хафиз) Жер-жиһанды қанға бояп, жаулаған Ақсақ Темір атын білмес бар ма адам?! Қатал патша жүріп өткен жерінде Қалып жатқан қасірет үні зарлаған. Жан баласы қайтара алмай қаһарын, Жер-дүниеге жайған сөйтіп атағын. Айбарлы әмір алды жаулап тағы да Атышулы сұлу Шираз шаһарын. Қалып жатты үй орнында үйінді, Қанша боздақ қыршынынан қиылды. Күл етті де көркем қала сәулетін, Әмір Хафизді әкелуге бұйырды. Жарлық шықса, жан қалар ма жарлыда, Қаһарлы әмір сөзі жерде қалды ма?! Алба-жұлба, киімдері жыртылған Хафиз келді қатал патша алдына.
«Хафизбісің, қайран қылған елді ісің?! Кемел сәулет, көркем тұлға, кең мүсін – Қос қаланы бір сұлудың меңіне Бермек болған жомарт шайыр сенбісің?! Бұхара мен Самарқандай шаһардың Жаямын деп даңқын, «жауыз»атандым. Айырбастап бір сұлудың меңіне, Қаралауға қалай ғана бата алдың?! Жыр жазасың білмей жөнін, байыбын, Біле білсең, Бұл – алдымда айыбың. Басыңды алам сол ғазалың үшін мен, Ақтық сөзіңді айтып қал, Ал, шайырым!». «Әміршім-ау, - деді сонда ұлы ақын, - Махаббат, бұл – мәңгі жырлар мұратым. Мен өлермін, өлкесінде өлеңнің Қалар бірақ мәңгілікке ұлы атым.
Ешқашанда өшпес шайыр есімі, Ашық маған күллі жүрек есігі. Ең болмаса шапаным жоқ бір киер – Асып кеткен қолы ашықтық кесірі. Күнімді мен жыр жазумен өткізгем, Жомарттық қой мұндай күйге жеткізген. Еркіңізде «Бас аламын» десеңіз, Қарсыласар қайрат-шама жоқ бізден». Жомарттық-ай! (Жоқ нәрсені бар қылды), Әмір сонда Хафизді аман қалдырды. Тек халықтың санасында осы аңыз Ғасырлардан-ғасырларға жаңғырды. Ақын әркез аяулы ғой еліне, Хафиз – жұлдыз поэзия көгіне. Еһ, Махаббат! Екі бірдей шаһарды Құрбан еткен бір сұлудың меңіне... 1988 жыл, 4 қаңтар. Сыңғырлау.
ҮКІМ
(аңыз) Тітіреткен жаһанды Заһар патша, Айбары зор, ақылы аз, амал қанша?! Қара аспанын қайғының орнатады Қара жүрек зәуімен қаһарланса. Айналасы хан сырын білетұғын – Таныған-ды тағының бір өкілін. Араны обыр, ашқарақ билеушінің Алтын көрсе, ажары кіретұғын. Жан шыдамас жауыздың тозағына, Қарамайтын – адал ма, жазалы ма? Алтыны бар аймақтың – соры қалың, Ілінетін сұм патша назарына. Момын елдің көз жасын жауыпты бұлт, Кегі оянып, жауызға жауықты жұрт. ...Ашкөз патша азғана нөкерімен Отырған-ды ішіп-жеп, сауық құрып.
Үрейлентпек болғанмен үріккенді, Қатал патша қаһарға іліккен-ді – Түсі суық, мұздай боп қаруланған Он шақты адам шатырға кіріп келді. Іштегілер ілкіде қалды сасып, Жүре берді оқиға қанға ұласып. Аз нөкерге алты адам ес жиғызбай, Қағып алып қаруын, алды басып. Байлап-матап тастады нөкерлерін, Жер құштырып қарсы қол көтергенін. Дөңгеленіп дүние жүре берді, «О, өмір-ай, алдамшы, бекер ме едің?!». Бағалатып әмірші нарқын биік, Айта алмады өсиет халқын жиып – Ел үкімін екі ұлы орындады, Көмейіне еріткен алтын құйып. Ел үкімін орындап екі заңғар, Кегі қайтты кеудеде оты барлар. - Өмір бойы осыған тоймап едің, Енді разы шығарсың?! – деді ұландар.
Тағдыр – мерген, атқанын шын құлатқан, Мың күн көздеп мылтықты, бір күні атқан. Атақ, байлық, алтынның жауыз құлы Ажалын да тапты сол жылтырақтан. Бір түйінді осынау жайдан ұқтым: Жазсын, мейлі, құлашын айға мықтың; Қанша әулие болса да қаһары зор, Жібермейді қарғысы жай халықтың!.. 1988 жыл, 23 шілде. Сыңғырлау.
БАЛДӘУРЕНДІ АҢСАУ
Мен өмірдің өлшемін тар ұғып ем, Асыр салып, теретін дала гүлін; Аттай шапқан уақыт арынымен Қыр астында қалыпты-ау балалығым. Жатпайтұғын бағалап өмірімді – Жастық пенен қарттықтың ара құнын; Алыстатты уақыт со бір күнді, Сағым болып барады балалығым. Жатпайтұғын бағалап, бас ауыртып Жақсылық пен жамандық аралығын; Алыстады жанардан жас ағылтып, Аңқылдаған алаңсыз балалығым. Алдымда әлі асар бел, жасар іс көп, Уақыттың кешермін әр ағынын. Қартайсам да мен өзім жасамыс боп, Қартаймайды базарлы балалығым!
Азаматтың алдында асулар көп, Атан жүгін артады дала бүгін. Жанарымнан жарқылдап шашылғанда от, Балдәуренмен туыс боп қалады ұлың... 1987 жыл, 5 қаңтар. Сыңғырлау.
ОЙ ҰШҚЫНДАРЫ
Қолда барда кетеді Бар қасиет асылда. Уақыт деген жетеді Бағаласақ, расында. 1986 жыл, 10 қыркүйек. Сыңғырлау. *** Ойлар, ойлар, ойлар, ойлар жетегі Тереңіне тым сүңгітіп кетеді. Ойлай берсең, өкініш көп өмірде, Айта берсең, арманың да жетеді. 1986 жыл, 14 желтоқсан. Сыңғырлау. *** Орындала бермейді көңілдегі, Оған бола түңілме, ауыр санап. Сәтсіздік атаулылар өмірдегі – Адамға әрі соққы, әрі сабақ. *** Есерге елікпеймін бағым сынап, Бәріне арым – төре, арым – сынақ. Өзімнің өз жолым бар, өз үнім бар, Қайтемін басы жоқтан бағыт сұрап?! ***
Тірліктің көп азап-дерті, мазағы, Қайғы-мұңсыз, бақыттылар аз әлі. Ең ауыр дерт – жан жарасы әркімнің, Жан жарасын Уақыт қана жазады. 1987 жыл, 15 сәуір. Сыңғырлау. *** Асқарлар көп біздер өрлеп шықпаған, Асулар көп біз өте алмай, тоқтаған. Сол асқарлар, сол асулар – Армандар, Аласармас Армандармен мықты Адам! 1987 жыл, 24 маусым. Сыңғырлау. *** Тулары ақындардың құламайды, Ақындар сасып, сауға сұрамайды. Ақынның әділетсіз өлімі де Мәңгілік жауыздықты қылады әйгі. *** Ананың орнын дара аңғар, Анадан жүрек от алды. Анасын сүймей адамдар, Демесін: «Сүйем Отанды». 1987 жыл, 26 қыркүйек. Сыңғырлау. ***
Байыппен байқап, барласаң, Адам мен қоғам – жалғас ән. «Адаммын» деуің бекер сөз – Қоғамға қажет болмасаң. *** Туған жерде туған талай асқақ ән, Көрем ыстық сезімдерді тастан әр. Адамзатты сүю деген ұлы ұғым Атажұртты сүюіңнен басталар. 1987 жыл, 13 қараша. Сыңғырлау. *** Көргем жоқ жыр-майданда бір тыныстап, Аз емес бұл өмірде көрген-білген. Өмірге келгенмін мен от уыстап, Өмірге өлеңдетіп келгенмін мен. *** Өлшеусіз Өмір деген майдан ерен, Мейлі, мен қайда барам, қайда келем – Екі елі ажырамас егіздердей Қашанда қасымдасың, қайран Өлең! *** Аламын керегімді, Беремін берерімді. Өлемін – өлсем де мен Ту етіп Өлеңімді. ***
Кеудеме қаншама рет мұң толды-ай мың, Құмарды саған деген құрта алмаймын. Мейлі, сен жылатсаң да, құлатсаң да, Өзіңе, Өмір шіркін, бір тоймаймын! *** Зер салшы көңілменен, (Кеудеде өрілді өлең). Япырау, жыр ғой тұнған, Өлең ғой Өмір деген! *** Құлағын түріп тыңдап Көк-Тәңірі, Өрлеген зеңгір көкке өктем үні; Құйылған Қорқыт атам қобызынан Өлмейтін Өмір әні неткен ұлы! 1987 жыл, 17 желтоқсан. Сыңғырлау. *** Найзағай-дарын жарқ етіп бір сәт қалғанда, Қысқа өмірінде жұлдызша ағып, Айналады екен арманға. Дариға-ай, арман бар ма екен Меңдекештей боп жарқылдап өткен жандарда?! 1988 жыл, 15 сәуір. Сыңғырлау. ***
Түнереміз түпсіз көңіл толмаса, Шытынаймыз көк жүзін бұлт торласа. Болмашыға қабақ шытқан біз пенде Қайтер едік Махаббат та болмаса?! *** Кенеттен сараң тартып сазды өмір де, Үйірілер жаралы бұлт жаз-көңілге. Ай қылып айта берсең, таусылмайтын Дариға-ай, арман шіркін аз ба өмірде?! *** Жүрегім – мұз, көңілім – құз, жаным – шың, Тамырларым салқын қаннан арылсын. Мәңгілікке ұйықтап кетсем мен егер, Жаныма кеп жыр бомбасы жарылсын! *** Бұлттарына жинап зәрлі бар мұңын, Аспан төксін жұлдыз етіп жаңбырын – Өмірімнің соңғы сәті соққанда, Ар алдында жауап берер шақтарда Ұялтпай ал, жылатпай ал, Тағдырым! ***
Туған ел! Тоқтатып мен тірлігімді, Қайтадан көре алмасам нұрлы Күнді: Аққудың сұңқылынан сырымды оқып, Қыранның қиқуынан тыңда үнімді! 1988 жыл, 26 маусым. Сыңғырлау. *** Күлер ақын – мәз-мейрам марқайса кім, Мұңданады – түнеріп, ортайса кім. Қорқамын мен: «Талқан қып кетпесе, - деп, - Бомба даусы шаттықтың шаңқай шағын». 1988 жыл, 27 маусым. Сыңғырлау. *** Мықты атанбас дүлей күш тау құлатып, Ақын емес – қалмаса артында түк. Тағдырым! Тарту етпе ешқашанда Жарты өмір, жарты жүрек, жарты бақыт. ***
Гүл өсіп тұр қара жолдың бойында, Гүл өсіп тұр – ештеңе жоқ ойында. Жанарлары қанталаған жандарға Өмір гүлін жаншып тастау бұйым ба?!. ...Гүл өсіп тұр қара жолдың бойында... 1988 жыл, 7 шілде. Сыңғырлау. *** Алданбайды сенімі суалғандар, Үрей менен күдіктен құралғандар. Адамдар, Ақын да – бір нәресте ғой, «Ақынды алдадым» деп қуанбаңдар!.. 1989 жыл, 5 ақпан. Сыңғырлау.
ТЕРМЕ
Өзендер ақпайды – Бастауы болмаса. Бір ғұмыр тоқтайды – От-жүрек жанбаса. Қос жүрек қосылмас – Сүймесе, күймесе. Шешендер тосылмас – Серпіліп сөйлесе. Мұхиттар туламас – Өр дауыл соқпаса. Дұшпан да тумалас – Араздық тоқтаса. Бәйшешек гүл атпас – Тұқымы піспесе. Ұлын ел ұнатпас – Додаға түспесе. Қасірет улайды – Қуаныш қонбаса. Ақын да тумайды – Анасы болмаса. 1987 жыл, 26 қыркүйек. Сыңғырлау.
МАХАББАТ
«Адаммын» деп кім білсе өзін, Ақылыменен саралап; Махаббат деген гүл-сезім Оянбағаны жаман-ақ. Біреулер қанған мейірі, Біреулер жүрген қаталап; Опынып қалған кейбірі, Ол – ұлы майдан Махаббат. Біреулер кетер қарға боп, Біреуді сомдар сұңқар ғып; Жүрегіңдегі ол-дағы от – Біреуге деген Іңкәрлік. Біреуді сүйсең (ол – олжаң), Жүрегіңді бер от орап. Әрдайым таза болу заң Адамға деген Махаббат. Жүректің кілті – үн-тілсіз, Қадірін біліп, күтіп аш. Әрдайым болсын кіршіксіз Адамға деген Ықылас. Демеймін: «Сезім болады Жаныңды әлдилеп, ұйытпаған». Махаббат қозғау салады Бар жүректерге ұйықтаған.
Ғашықтың тілі – жыр-семсер, Қара тасты да ерітті. Өмірдің өзі, білсең сен, Махаббаттармен көрікті. Ғашықтың жаны – гүл, сенсең, Ғашықтың көңілі – қаяулы. Өмірдің өзі, білсең сен, Махаббаттармен аяулы. Тірліктің тіні, тірегі, Тамырлар, қандар торабы; Жұмыр Жердің де жүрегі Махаббаттармен соғады. «Отан» деп жүрек соғады, «Отан» деп таңдар атады ақ. Бәрінен тұрсын жоғары Отанға деген Махаббат. Жалыны – бейне Күн қызған, Жамалы – жарқын жұлдыздан, Құрыштай берік шын Достық Ақ Махаббатты туғызған. Жатыр Жер, міне, жазылып, Бейбіт күнменен тыныстап... Махаббат деген – қазық, ұқ, Әлемді күллі тұр ұстап! 1987 жыл, 2 маусым. Сыңғырлау.
ЖАНСЕРІК
(Нүкенова Құралай апайға) Тұратын биік тұғыры, Жан-бесігіңде тербелер; Болады екен – ғұмыры Ұмытылмайтын бейнелер. Астаң да-кестең ғасырда, Өзгеріп жатқан бір күнде Оларды, сірә, расында Ұмыта қою мүмкін бе?! Сенімен бірге тілегі, Мекені – көңіл төрінен. Жүрегіңде әркез жүреді, Сырласып мәңгі сенімен. Жылытар жанды тақ тұлға, Кеудеңе егіп мол сенім. Айналсаң жалғыз аққуға, Айдының болар ол сенің. Тұрлаусыз дүние-жалғанда Төбеңе тұнжыр төнсе күн; Жапанда жалғыз қалғанда, Жаныңнан кетпес ол сенің. Шыңдарың құлап марқасқа, Қол үзіп дүниеден қоршаған; Айналсаң жалғыз жартасқа, Асқар тау болар ол саған.
Қара орманыңды қайғы алса, Күлкілі күндер күрт солып; Суалған көлге айналсаң, Сусының болар бұлт болып. Жақсылығыңды жұтатпа, Адалдық – жалғыз өлшемің. Айналсаң жетім бұтаққа, Жапырағың болар ол сенің. Атағы мәлім атырапқа Керуені көшкен қанша адам?! Айналсаң бір күн топыраққа, Ақ күмбез болар ол саған... 1989 жыл, 20 маусым. Сыңғырлау.
ҚАЗАҚЫ ӨЛЕҢ
Табиғаттың өзіндей таза, терең Дариға-ай, «Жазсам, - деп ем, - қазақы өлең». Дариға-ай, «Жазсам, - деп, - ем қазақы өлең» – Ала арқан, ақ кісеннен азат өлең. Білмеймін – жазбадым ба, жаза алдым ба, Ғажайып табиғаты ғазалдың да. Уа, Тәңір! Қайсарлығын бер халқымның, Қаймықпай, қақсап кетер қаза алдында. Жүрегін жамиғаттың жұлып алған Артында ақындардың жыры қалған. Дариға-ай, Жазсам екен бір мықты өлең – Дауылдан дара емендей тірі қалған. Халқыммен бір еді ғой жаным әлі, Қаншама қинай беріп неғылады – Қайтара берді-ау қайран талабымды Шалдардың шамырқанған әруағы.
Бағалап, ұға алдым ба бай өрнегін, Барымды қолдан келсе, аяр ма едім?! Салтыма қазақылық қайдан енсін, Халқыма сіңіп еді қай еңбегім?! Бәдәуи дүние ғой, жалған да ауар, Бәлкім бұл бақилыққа арман болар. Аяусыз ажал шіркін маған да ауар, Артымда аласұрып Арман қалар. Келмейді кемеңгер боп көк тірегім, Кеудеде жыр өлмесін – тек тілегім. Халқымның қажетіне жарап жатсам, «Жазғаным сол жырымды» деп білемін. 1989 жыл, 18 қазан. Алматы.
АДАМ ТАБИҒАТЫ
Көңілі көкте көп пенделер ұқпайды: Жас жігері жалын атып көзінде, Күліп-ойнап асыр салар кезінде Күндей көркем, көлдей тұнық сезімге Тебіреніп, терең бойламағандардан, Бала болып ойнамағандардан – Ешқашанда шын Үлкендік шықпайды! Ұлыларға бұдан ауыр жоқ қайғы: Халық болып ортақ қайғы жескенде, Қарлы қабақ қату күндер кешкенде, Көкірегін елдің зары кескенде Арам ойдан арылмағандардан, Жаны сыздап сағынбағандардан – Ешқашанда нағыз Адам шықпайды! Шын таланттар жырдың туын жықпайды. Қабырғалы дарын құлап қара емен, Қара шашын жайған кезде қара өлең, Көштің күйі бұзылғанда көнеден; Қара басын қамдағандардан,
Батылдыққа бармағандардан – Ешқашанда нағыз Дарын шықпайды! Тірі адамға бұдан асқан жоқ қайғы: Қабырғасы қайысқанда халқының, Қамдап жанның тыныштығы артығын, Күткен тағы тағдырының тартуын; Ұлы мұңды үлеспегендерден, Күнгей келешек үшін күреспегендерден – Ешқашанда шын Азамат шықпайды! 1989 жыл, 1 тамыз. Алматы.
АШЫҚ АЙТУ
Ей, дүние! Құлақ түріп, мүлгіп қал! Бұл жалғанда мөрдей анық шындық бар: Шыңыраудан шыңға шыға алмайды Шыбын жанды шырқыратқан шындықтар. Шындық шіркін шырқап еді қашаннан?! Барлық «бақыт» тек байлықтан жасалған. Көңілімде көмбе болған көп сырды Мен де ешкімге адал санап, аша алман. Көсемсініп, көз алдайды кіл «мықты», Көр қара түн көрсетпейді түндікті. Көре-көре, көрден де селт етпейтін Көнбіс көңіл көп қинады шындықты. Өзіне аян жанардан жас кеппесі, Ертеңіне елінің көз жетпесі; Тәтті үмітін жебемеген Тәңірге Талайлардың таудай үлкен өкпесі.
Кім ұғады күлге айналған жүректі?! Әмір түгіл, Тәңір бермес тілекті. Арсыз күлкі, айғыр-кісінес, аң-мінез Ақиқатты аярларға құл етті. «Ақиқат» деп аталатын арнаны Көзді тырнар көріністер торлады. Ай нұрындай айнымалы жалғанда Қолқаңда тұр Қорқыныштың қолдары. Жасты жанар, жасық жүзден жасқанам, Жағымпазға жаным мұздап, қас болам. Теріс қарап, тез өтемін қасынан, Талқан болар күн туар ма тас қамал?! Мұндар дүние мұнар еміп, мұң тұнған, Құдды барлық қуанышың құртылған. Күле кіріп, күңірене шығатын Күншіл ерін сыпсыңдасар сыртыңнан.
Көміп тастап күл-қоқысқа арманын, Бәрі даяр көнуге Алла салғанын. Көкбалақ ту – көрінісі шындықтың Тұғырына тік тұратын бар ма күн?! Қорғасынға балап қойдың тезегін, Қанша күттік Ақиқаттың кезегін... ...Қарашы, әне, үнсіз шіріп жатыр, ә, Қара емен де құрт жайлаған өзегін... 1989 жыл, 22 қазан. Алматы.
БҰЛДЫР БОЛАШАҚ
Егер қазақ ел болмаса, Ез-күншілге ем қонбаса – Жағасында тұрар оның қалтаңдап, Бір ақбас шал белуардан сақалы; Қасіретті жанарлары жаутаңдап, Қайран Арал жассыз жылап жатады. Егер біздер ел болмасақ, Келеңсізді кең қолдасақ, Тістілерге тізе бүксек шайқаспай – Жан алқымда жауыздықтың пышағы; Сұлу Семей сұлық жатқан науқастай Қол басындай қорғасындар құсады. Жүректерге жыр құймасақ, Құздан төмен құлдиласақ – Қадір тұтып хас асылдың қаңқасын, Адал жүрек амалсыздан ай бағар. Баға жетпес бала жанар Балқашым Құс ұшпайтын қу медиенге айналар.
Көңілдерде жыр жанбаса, Көкіректер нұрланбаса – Қанға толып қауыздары гүл біткен, Қойындасып өлілер мен тірілер; Күлкі қашып күлімдеген тірліктен, Күллі дүние күл-қоқысқа көмілер... 1989 жыл, 23 қазан. Алматы.
ӘКЕМ МЕНІҢ – ҮНСІЗ ҚАЛҒАН ДОМБЫРАМ
(цикл)
- *
Естіртуші үнінен: «Бекем болың!..» деп келген; Әкем өлген күні мен Хабаршыны жек көргем.
Шошып ажал түрінен: «Әкең өлді!..» деп келген; Әкем өлген күні мен Сүйекшіні жек көргем.
Жарқын жаздың түнінен Қайғы толы леп келген. Әкем өлген күні мен Қара түнді жек көргем.
Тұңғыш рет шынымен Бастан қайғы өткергем. Әкем өлген күні мен Өзімді-өзім жек көргем.
Жаймашуақ күнім ең, Қасірет-мұң дөп келген. Әкем өлген күні мен Өмірді де жек көргем. 1987 жыл, 27 қыркүйек. Сыңғырлау.
- *
Жаз нұрындай жанымызда жүргенде, Қайран әке, қадіріңді білгем бе?! Өміріңе өкпе-налаң жоқ жандай Кете бардың қош айтыспай бір демде.
Асқарлықтан айрылмаған қалпыңда, Осылайша құлады бір нар тұлға. Елі-жұрты еңіреп көп жылады, Қалды аңырап алты ұл, үш қыз артында. Ызғар шашқан суық хабар қаралы Күллі аймаққа жай оғындай тарады. Анамыздың жоқтау айтқан ащы үні Қан жылатты жүректерді жаралы. Тоқтап мәңгі өмір-күрес майданы, Бір тіршілік жердің астын жайлады. Желкемізден жерге тығып жетімдік, Көлдей тұнық көңілдерді лайлады. Көрін қазып, қара жерге көм, мейлі, Қайран көңіл қазасына сенбейді. Сорлы жүрек бар даусымен ышқынды: - Өлмеші, Әке, жетім болғым келмейді! 1987 жыл, 11 қараша. Сыңғырлау.
ӘКЕ ҚАБІРІ БАСЫНДАҒЫ АНТ
Армысың, Әке! Басыңа келіп тұрмын мен, Төбел төбеге айналарыңды кім білген?! Дүрбелең тірлік, дүниеден мынау қол үзіп, Тірілер өстіп топырақ болар бір-бірден. Ардағым менің! Сағынып келдім өзіңді, Шерленіп жүрек, шешіле егіліп-езілді. Сағынып келдім мейірге сараң өмірден Саған ғана тән Мейірім атты сезімді. Ақ Папам менің! Айтылмай қалған дастаным, Ақиық шыңдар аласа сенен, асқарым. Аңсап келдім ғой, алдымнан неге, жан Әке-ау, Айқара құшақ ашпадың?! Алдымнан неге айқара құшақ ашпадың, Аңқылдап жеткен көңілді ортайтып неге тастадың?! Жеті қат жерге жетпей жатыр ма, жан Әке-ау, Ботаңның мынау боздатып салған ащы әні?!
Өкпелімісің өмірге әлде әндеткен, Беймаза мынау тірлікте тыным бар деп пе ең?! Көміп кеткен соң, көз қырын бірі салмаған Тірілерге әлде бар ма өкпең?! Аждаһа-ажал суырған сәтте қылышын, Аяулы Әкем, ерте үзілді-ау тым тынысың. Мезгілсіз кеттің. Мезгілің жетті оянар – Ояншы, Әке! Өлген жоқсың сен – тірісің!.. Жаратпай қалма «Жасықсың» деп сен – күрсінсем, Арманым аз-ды – аймалап қазір бір сүйсең. Өлеңімде де өмір сүріп сен жатырсың, Тірісің, Әке! Жүрегімде де жүрсің сен!.. ...Асығыс келдім, аттанып барам асыға, Жанымдағылардан жасымды сүртіп жасыра. «Келер, - деп, - бүгін», жаутаңдап күтіп жатқанда Кешірім ет сен – келе алмай қалсам басыңа!
Астана жаққа аттанып барам, Ақ Папам, Әруағыңа тағзым етіп, қоштасам. Кешірім ет сен – алыста жүріп, жол түспей, Беймаза өмірде бір келуге уақыт таппасам. Аттанып барам, асығыс болдым, әттеген, Көкіректе қалды айтарым әлі көптеген... Ақ Папам менің! «Адам бол» деуші ең әрдайым, Аман болсам тек, адам болуға серт берем! 1989 жыл, 11 маусым. «Ескі Бейнеу» қорымы.
ӨКІНІШ
Арманым жоқ-ты, асқарым, Парызымды тек өтесем. Бақытын тілеп басқаның, Не қызық көрдің, Әке, сен?! Өмір атты бір қысталаң Жуырда бітпес жол шектік. Сол жолда, Әке, біз саған Қандай бір қызық көрсеттік?! Ери ме көңіл мұз-шері, Еріте алмайды екесің. Бір мәрте болсын, біз сені Қуанта алдық па, Әкешім?! Жарқырап атпай ақ таңың, Жаның бір шомып буалдырға; Жиырма жыл төсек тартқаның Жетпеді ме екен тағдырға?! Кім өлтіре алар өрлікті – Қалықтай берсең қыран боп?! Емен едің ғой ең мықты, Ойладық па біз «құлар» деп?! Фәни-дүниені тәрк етіп, Күңіренді жылап күндіз көк: Аңғармай қаппыз жарқ етіп,
Ағып түскеніңді жұлдыз боп... 1990 жыл, 18 қаңтар. Алматы.
МҰРАГЕР МҰҢЫ
«Қырық тоғызда – бір мүшел», Қызыққа кезің елікпес. Кемшілігіңе күлгіш ел Жетістігіңе желікпес. Жылауық бүгін жыр біткен, Жылытар жүрек жоқ па екен?! Қым-қуыт мынау тірліктен Қырық тоғызында өтті Әкем. «Алпыс бір жаста – бір мүшел», Пайғамбар жасы болар ол. Артық мініме күлгіш ел, Сайқал күлкіңе сала бер! Қияға самғағанменен, Әкешім кетпес көңілден. Пайғамбар болмағанменен, Ақ-адал кетті өмірден. Әкесін күтіп әр күні, Жаман немерелер жол қарап; Артыңда қалған алты ұлы Арманын алға жалғамақ. Үш қызы – үміт-алауы, Үзілген жіпке үлкен сеп. Жазылмай жатқан жараны Жан-сарайды ашып бір көрсет!..
Халықтың көп қой тым тары, (Қара шал бізді жебесе); «Құсекеңнің ұрпағы Құрып кетті ғой» демесе. Демесе болды: «Құрыды», Құламай тұрсын шаңырақ. Өліге балап тіріні, Қалмасын анам аңырап. Мазалап осы ой әр күні, Мазасыз сезім торлаған – Жарып жеп жалғыз-жартыны, Жарылмай кетсек, болды аман!.. 1990 жыл, 16 шілде. Бейнеу.
ӘКЕММЕН ӘҢГІМЕ
Әкем менің... Әйгілі адам емес-ті, Қатарымен қарайлас боп, тең өсті. Қара шалдың қарапайым бейнесі Күндер өте тартқандай ма-ау көмескі?!. ...................................................................... Әкем менің!.. Жеткерушім, жебеушім, Қысылғанда Қызырымдай демеусің... Соқыр жаны сорлы Тәнін сүйреген Мынау жалған Тозақ деген дүниеден Ол жақтағы рухтарға ең ұлы, Рухтарға мәңгі тозбас өмірі Дұғай сәлем дегейсің! Сәлем де, Әке!.. Сен неге үн-демейсің?!.
«Мұндағы өмір – мұндар тірлік» дегейсің, (Ондағылар маған да арнап жер ойсын). Сәлемімді ап, бір-біріне жүгіріп, Өздерінде ӨМІР барын ұғынып, Ол жақтың да тынысы бір кеңейсін. Дұғай сәлем дегейсің! Сәлем де, Әке! Сен неге үн-демейсің?!. ...Сезем, Әке, Сен де жоқсың ол жақта... (Сөздерімнің салқын ойын салмақта). Барған жоқсың сен де ол жаққа, ол жаққа, Бара алмаймыз тәннен биік ЖАН жоқта. Екі арада (Күрсін, көңіл, күрсінсең) Көптің бірі – көпір болып жүрсің сен. Сен де, мен де бара алмаймыз ол жаққа... ...Сонда ол ӘЛЕМ құпия күйі қалмақ па?! Аласұрып қанша жүрдік Жер жақта, Ұқсап мәңгі жел айдаған қаңбаққа?!
Енді қанша жүреміз?!. Табанымнан өніп жатыр күрең із, Күрең іздер... күрең іздер... күрең із... Қалдырғанға соны, Мәз боп күлеміз. Қашан олар түседі екен нақ жолға – ТӘҢІР жақтан тартылатын АҚ ЖОЛға?! Айтшы, Әкетай, енді қанша жүреміз, Қашан ерір сірескен бұл сіре-МҰЗ?! Қара жерді таптап қанша күрең із, Тырнақшаның ішінде Енді қанша, қанша «өмір сүреміз»?!
Әкем менің... Түңілгенде тіреу – сен, «Ақ маңдайың ашылсын!» деп тілеуші ең. Бұл жақта оның ашылмасын сеземін – Жоғарыдан маған қарай түсетін Аппақ НҰРдың күтіп жүрмін кезегін. Қақ айырып қап-қараңғы ҚАЙҒЫны, Ақ маңдайым ашылады қай күні?! Ізгілігі кештеу келер ғасырсың, Қайтем?!. Күтем... Күтем-дағы... Ашылсын!.. 1991 жыл, 15 қаңтар. Алматы.
БЕЙІТ БАСЫНДА
Әке! Мені әлі күтіп жатсың ба, Қабаты қалың қара жердің астында?! Бағынатын баршамыз да пендеміз Табынатын Тәңірі деген тақсырға. Дүние – шолақ, Өмір деген өтпелі, Қанға тоймас қара жердің бөктері. «Кісі болды» деп кінәлама, жан Әке, «Басыма да көп келмейсің» деп мені. Аспанымнан ақ сәулелі Күн шығып, Таң атады, күн батады – тіршілік. Жарық дүние жамалын тез көруге Жанталасқан бір пендеміз құлшынып. Қу тіршілік, қол да тие бермейді, Ауыр жұмыс арқаңа жүк теңдейді. Зиратыңа жиі келіп, басыңа Құран оқып қайту қолдан келмейді.
Сондықтан да «Соқпай маған өтед» деп, Сөге көрме «Ұмытып та кетед» деп. Сәті түсіп, келдім, міне, басыңа, Сен көрмеген немереңді жетектеп. Немерең бұл – Еңлік деген борпаяқ, Еріп келген қасымыздан қалмай-ақ. Немерең бұл өзім қойған есімін, Сен бар болсаң, қояр едің қандай ат?! Қандай есім еншілер ең сен бұған?! (Керегеңді қайтсем, Әке, кең қылам?!). Үнсіз ғана жауап қатпай жатырсың, Әкем менің – үнсіз қалған домбырам. Азамат боп, атқа міндік ендігі, Жігіт болдық, сезесің бе сен мұны?! Қара балаң қайтты оқуын бітіріп, «Қаламгер боп қалам, - дейді, - енді ұлы».
Қабағымды қайғы торлар сәл күлсем, Қайран Әке, неғып үнсіз қалдың сен?! Үнсіздікте өмір сүрер өлілер, Үнсіз ғана қуандың сен, мен білсем. Бейіттер көп белгісіз боп жоғалар, Ал сен барсың – артыңда әзір бала бар... ...Андағайлап анадайдан қарсы алды Әруақтар мекен еткен молалар. Күн кешқұрым, Күллі дүние тып-тымық, Құлақтарын тіге қалған тік тұрып. Өлі қала өстіп үнсіз тұрады, Өмір жалған екендігін ұқтырып. «Өлгеннен соң көмбеңдер, - деп, - тереңге», Өсиет сөз айтсам ба екен өлерде?! Тірлігіме мың мәртебе тәубе айтып, Тіс сақылдап, тітіркенді денем де.
Шіркін, дүние! Тәттісің-ау, тәттісің, Кім болжаған өлетін өз уақтысын?! Арманда боп кете барар адамзат, Алақанға қондырса да бақ құсын. Сол өтпелі дүниені өкінбей, Өткіздік пе қадір-сыйын кетірмей?! Қайдам, Әке... Жүріп өткен жолымның Бұдыры жоқ – бетпақ қыздың бетіндей. Тірлігінде пенде нені ойлайды, Көкірек түбін көп Армандар жайлайды. Өлген күні өшеді олар өзіңмен, Тірі адамға сол қайғы! Еһ, Әкешім! Біз бір соны білдік пе, Сұм дүниеде сұлу өмір сүрдік пе?! Адам деген – келген қонақ екен ғой Ажал деген жендеті бар тірлікке.
Қонақ екен келген төрт-бес күндікке, Құрысыншы, бүйткен тірлік – тірлік пе?!. ...Өлер күні өмірімнің соңына Өлеңіммен қойып кетем жыр-нүкте... 1994 жыл, 29 шілде. «Ескі Бейнеу» қорымы.
ДАЛА – БАЙТАҚ ДАСТАНЫМ
(цикл)
ДАЛА
Дала – тағым, Теңгермеймін хан тағын, Бас әріппен жазылатын байтағым. «Дала» деген Даладай бұл сөзді мен Астын сызып айтамын! Наркескендей намысты ұлдар – арысы, Дала – даңқым, дара естілер дабысы. Күлімдейді байтақ Дала көгінен Гагариннің ғарышы! Арай шашып аппақ таңы атады, Шұғыласы шыңды бояп батады. Балуанияз, Досан жортқан төсінде Батырлардың Отаны! Дей алмаймын «Дегдарлықтан Далам құр», Жүрегінде жалын атып, жанар жыр. Қажымұқан, Қаралданы тудырған Балуан білек Далам бұл! Далам! Сенің әр тасыңнан табам жыр, Қаныш, Мұхтар – қара нардай балаң бұл. Даналар мен дарындардың бесігі – Академик Далам бұл!
Қыратынан қызыл маржан алам гүл, Желбірейді кеудесінде жалау-жыр. Тоқсан сегіз Бельгияға татитын Менің байтақ Далам бұл! Дала! Неткен зор ұлылық тұр мұнда, Сыйғыза алман сені, Далам, бір жырға. Саған деген бар Даладай махаббат Жалттай қысқа бұл жырда! 1988 жыл, 2 ақпан. Сыңғырлау.
ДАЛАНЫ АҢСАУ
Дариға-ай, дала, Құшағың неткен кең еді! Тарылса пейіл, кеңдік қой бізге керегі. Көкірек керіп жұтқанда таза ауаңды, Жаныма менің бір байтақ жырлар енеді. Сондайда көңіл сонау көкпенен таласар, Бұйрат белдеріңді қуалай орап жол асар. Километрмен өлшенбес сенің кеңдігің, О, Далам! Саған байтақтық қана жарасар. Ақынның әркез тіл ұшында ғой жыр-әні, О, Далам менің – қанаттылардың тұрағы! Сағынам сені осынау алып жүрекпен, Көкірегім менің Сағыныштардан тұрады!
ДАЛА ҰЛЫНАН СҰРА СЕН...
Қаріптермен қатталмайды ол тым әсем, Дала заңын Дала ұлынан сұра сен. Дала заңын ұғып алмай әуелі, Дала жанын ұға алмассың, сірә, сен. «Күйкілікке күйіп-піспе күбініп, Ерге керек емендейін ірілік. Жарлығына балап соны жазмыштың, Үйрене біл жалғыз сөзге жығылып. Өс санаңа сара сөзді сіңіріп, Жалғыз жая жемегейсің жырылып. Көппен бірге көже ішу де – көп бақыт, Аспан-жердей – ұсақтық пен ұлылық. Арды сатпа, ала жіпті аттама, Ана арманын аяғыңа таптама. Намысыңды наннан биік қадірле, Жүрегіңе жүгін әркез тек қана! Күңіренбе, жиғызбайды күйік ес,
Семсерменен шешілмейді түйін еш. Жұдырықтай, жұмыр жердей жүрекке Бабаңның бар қасиетін жиып өс!»... Ар-ұяттың шеңберінен асырмай, Дала Заңы сыр шертеді досыңдай. Жазылмаған Заңның кодекстері Басталады тармақтардан осындай. Есті сөзге тудырмайды ел егес, Киеліні кемітпейді келемеш. Жазылмаған Дала Заңы қазақтың «Конституциядан» бір мысқал да кем емес. Дала ұлынан сұра сен: Бозала таң қандай сырды шертерін, Бозторғайдың жырларының көркемін. Бөз көйлекті бозөкпелер бүгінгі Елдің қалай танытарын ертеңін.
Дала ұлынан сұра сен: Боз жусанның айтатұғын сырларын, Боз төбенің жүректегі жұмбағын. Бозінгеннің боздап салған үнінен Бой-бой қағып қырларым тік тұрғанын. Дала ұлынан сұра сен: Көктем келсе, бусанады неге қыр? Көңілдерде күйше ағады неге жыр? Қыр бусанса – қытымыр қыс кеткені, Жыр жұмсарса – келгендігі кең өмір. Дала ұлынан сұра сен: Көкжиекте көлбеңдеген көк сағым – Аспан-жерді астастырған топса мың. Бозала таң сайрағанда бозторғай, Туды неге жүректерде жоқ сарын?
Дала ұлынан сұра сен: Жұлдыз нендей сыр айтады жымыңдап, Ай не дейді жұмбақ күліп, сыр ұрлап? Түн толғағы таң нұрына буаз боп, Боз тұманға бөкті неге бұлың бақ? (Өмір заңы жалғасатын зырылдап). Дала ұлынан сұра сен: Қанды қақтар, қараматау суаттар, Қабырғадан қан кештірген қуаттар; Қайсар ерге қалай серік болғанын Қарсақ жортпас қара жонды жырақтар. Дала ұлынан сұра сен: Айнакөлдер айналғанын ақ құмға, Қара орманды қайғы алғанын уақтында. Қара арғымақ хан саятқа мінетін – Қазығында байланғанын аттың да.
Дала ұлынан сұра сен: Шағырмақтанып, шатынап шыққан шадыр күн Арайға неге бөлейді төсін адырдың? Аспан мен жердің махаббаты ғой ол шарпысқан – Жалыны сынды жасындар ұшқан жанымның. Дала ұлынан сұра сен: Жанып алғандай жартастың жалаң жақпарын, Қазып алғандай қақ айырып жер қатпарын; Қағазға түсіп, қаріппен қатталмайтұғын Қатал да шақар даланың барлық салттарын Дала ұлынан сұра сен!.. 1989 жыл, 7-9 сәуір. Сыңғырлау.
ДАЛА ҰЛЫНЫҢ САҒЫНЫШЫ
(монолог) Қабағы тұнжыр «қарағым» едім бұрын да, Қалаға келдім – қасаңсып кетті жырым да. Қарлығып қалды үнім де, Қаймығып қалды тілім де. Қаудырлап қалды киімім, Имиіп қалды иінім. Есіткенді еңіреткен, Тыңдағанды тебіренткен, Әншейінде әуелеген әнім қалды әр жерде, Талпына бердім қарманып, тасталғандай тар көрге. Көкірек қабым тарылып, Төрт тіректі тағым жарылып; Аяқ асты айнып ақ теніз, Құбылды құрсап көкше мұз. Жылуы қашып жырымның, Жылауық күйге ұрындым. Күйбең тірліктің күйкілеу мұңы бара бермейтін мұрынға, Қайсар да қатал діңі бар қара емен едім бұрында – Ей, бүгін маған не жорық?!
Қабағым жиі қырыстанып, Ұрт мінезденіп, ұрыс бағып; Күн бетінен көлеңке іздеп, Көңілім қалса, «Көрерміз» деп; Қыларым елді – алалау, Сірә, шікәмшіл боп барам-ау. Қысымы қырық қала тірлігі қажытады екен жаныңды, Даңғайыр дала көңілім Табаға түскен тарыдай шыж-быж тарылды. «Кешегі кеңпейіл, керім еді, Ақылы – алдында, кейістігі – кейін еді; Сайын даладай салқар еді, Жадап-жүдегенді жарылқар еді. Алыстау жүрер аламан-айғай, Көңілі – көлдей, мінезі – майдай, Нағыз даланың дарқан көңілді ұланы еді» Деп бүгін кім мені тарпаңдармен таныс қылады енді?!
«Жақсылармен жыр жарыстырып, Асау армандарын ағысты қып; Үлкендермен үзеңгі қағыстырған, Бағы асқанмен бақ салыстырған; Ақпа өлеңді арналатқан, Тілінен – бал, үнінен – ән сорғалатқан Кешегі батырға баланған бағлан еді» Дейтін қадір білер қайран азамат қайдан табылады енді?! Ай аспанымның қашқалы оңынан – Жанымның байтақ космодромынан Жалт-жұлт еткен жай ұшқызып, Мазама май ішкізіп, Тыныштығымды мұң ұрлап, Тірлігім сұрқай зырылдап, Берекет қашып, безер ой алды ғой құрсап, Уай, Даланың самал желі, сен сапырып соқшы тек бір сәт!.. 1989 жыл, 7 шілде. Алматы.
ДАЛАМЕН СЫРЛАСУ
Қайран Дала! Қасиетіңді ұғар кім?! Сымбаттысы өзіңде ғой шынардың. Қанаттының патшасы да өзіңде, Тағы өзіңде жымысқысы жыланның. Қайран Дала! Қасіретіңді кім ұққан?! Өзіңде атты жарқын күліп тұнық таң. Өзіңде ғой бәйшешектің сұлуы, Өзіңде ғой жылы жүрек жыр ұққан. Құмырсқа да, бозторғай да өзіңде, Табылады алтының да, жезің де. Табиғаттың бар жақсысы бар сенде, Тар емессің тағы қатал сезімге. Қайран Дала! Байтақ Дала, кең Дала-ай! Тұр ғой қатар көгіңде бұлт, толған ай. Қырандарды сорғалатқан кеудеңде Жыландарды жорғалаттың сен қалай?!
Кеткен кезде кереңдікке ет өліп, Өтті зарлап сан саңлақтар от өріп. Жығып алған тұлпарлардың жүлдесін Жабыларды жаттың қалай көтеріп?! Аспаныңнан арайласа Ар таңы, Тегі есектер келешектен қорқады. Ұяттыға өмір бердің азапты, Тұяқтыға орын бердің сен тағы. Қайран Дала! Туған сенде жырларым, Құс төсегім – құлан жортқан қырларың. Абайлардай алтын айдар ұл туып, Оразбайға қалай тарлық қылмадың?! Егес күндер елдің әлі есінде, Тоңмойындар тоқтады ожар кесімге: Махамбеттің басын шауып жатқанда Жәңгір жүрді-ау алшаң басып төсіңде.
Жүректерде оянғанда кекті өлең, Аз емес-ті көңілдерде «әттеген». Мұсаларың жаяу зарлап өткенде, Мұстафалар жүрді неге атпенен?! Неге әркез озбыр тұрды жоғары?! Айтшы, Дала, Айтпағаның көп әлі. Неге, неге әбілеттің ауылы Әділетпен егіз-қатар қонады?! Сыйған саған талай жендет қолы қан, Талай асыл дала-мінез дарыған. Мұның бәрін «Алаламас баласын Анаға тән дарқандығың» деп ұғам. Дәуіріме сұрақ қойып, артам жүк: Кейбіреуде екі ұғым бар – кең, тарлық. Ей, адамдар! Осы бізге жетпейді-ау Далаға тән кең пейіл мен дарқандық! 1988 жыл, 10 қараша. Сыңғырлау.
ДАЛА-МІНЕЗ
Жомарттау кезім – жаңбырлы дала көктемі, Мұңды сәттерім – күзгі даладай, күшім жай. Мендегі мейірім – даланың жазғы от лебі, Қатыгездігім – даланың қатал қысындай. 1988 жыл, 13 шілде. Сыңғырлау.
ТАҢ
Сазы: Ерекен Қорабаевтікі. Көкжиектен күліп тағы атты таң, Күн нұрынан сейілгендей көк тұман. Алтын күннің шуағына шомылып, Шалқар дала төсін кере жатты паң. Қайырмасы: Мөп-мөлдір менің жанымдай, Арайлап атқан таңымды-ай! Осынау байтақ даланы Тұрасың қалай сағынбай?! Бар айнала тыныштықта мүлгіп тұр, Бүкіл әлем сұлулықты жыр қып тұр. Көк теңіздей көл-дария аспанның Айдынына алғың келер сүңгіп бір. Хас шебердің өрнегіндей сан қилы, Қазбауыр бұлт көк жүзінде қалқиды. Тамылжыған таңдарын-ай даланың, Саф ауадан саумал исі аңқиды.
Таусылмасын, сарқылмасын арманым, Қарай бердім, қарай бердім, қанбадым. Атса таңың – тіршіліктің белгісі, Ата берші, алтын арай таңдарым! 1986 жыл, 21 тамыз. Сыңғырлау. БӘЙШЕШЕК немесе қысқа ғұмыр туралы баллада Жан-тәніммен далалықпын, ұғынса ел, Жанарым – көл, жүрегім – күн, тілім – шөл. Сары медальді, ақ күлтелі бәйшешек – Көз ашқалы көрген тұңғыш гүлім сол. Далам менің! Төскейі – гүл, төсі – жыр, Дала ұлының сырласы – көк, досы – қыр. Еншіге алған еркесіндей өлкемнің Біздің жақта көп өседі осы гүл. Бәйшешек-гүл көп өседі біз жақта, Сырын бүгіп, құлпырады сыз жоқта. Жібітеді көктем нұрын себелеп, Көңілдерді қалған қыстай мұз қаптап.
Көгорайлы көктемнің бір кешінде Алғаш рет гүл сыйлағам, есімде. Пәк сезімнің жаршысындай осы гүл Діріл қаққан балауса қыз төсінде. Далам менің! Төскейі – гүл, төсі – жыр, Дала ұлының сырласы – көк, досы – қыр. Сипап тұрып ақ күлтесін аялай, Анама алғаш сыйлағаным – осы гүл. Аппақ нұрын төгетұғын аспаны, Сұлулықтың жазылмаған дастаны; Көктем шыға құлпыратын қырларда Бәйшешектей – біздің жақтың жастары. Далам менің! Тәнің – топырақ, тегің – жер, Көктем шыға, көк өскінге төрің бер. Бәйшешектер көп өседі біз жақта, Бар және де бәйшешектей... Өмірлер... 1989 жыл, 5 сәуір. Сыңғырлау.
КИЕЛІ МЕКЕН
Сазы: Жалғас Кеңесовтікі. Маңқыстаудай маң өлке – Біздің туған жер болар. Топырағына аунаған Толағай-жүрек ер болар. «Адайдың жеті қайқысы» Шырқап өткен төр болар. Жеті жұрттың жақсысы, Бағасы биік зор болар. Қайырмасы: Сағынышым – Маңқыстау, Бақ-ырысым – Маңқыстау. Арттағыларға аманат – Абыройыңды алға ұстау. Сүйінқара, Шабайлар Әруағы қозған жер. Құлшар, Есір, талайлар Абыройы озған жер. Тарихы мен тағдырын Тас-кітапқа жазған жер. Қазыналы түбекті Халқым бүгін қазған жер. Қайырмасы.
Ақпа өлеңнің атасы Абыл ақын туған жер. Төкпе жырдың төресі Қашаған белін буған жер. Нұрым, Түмен, Сәттіғұл Кіндік қанын жуған жер. Қарсы келген дұшпанын Қаһарымен қуған жер. Қайырмасы. 1989 жыл, 25 қазан. Алматы.
МАҢҚЫСТАУ САЗДАРЫ
Қатал өлкемнің қағидасы бар бұлжымайтұғын мәңгілік: Қаншама текті болсаң да, Көтермес сені төбеге ешкім хан қылып. Қылышқа жақын қыршаңқысы көп Адайдың Қиқулы үні құлағыма келді заманалардан жаңғырып. Ажар-дидары арай шашқан Айменен тауып жарасым, Аруларына теліген Адай тентектеу талай баласын. Ақылыменен ақыныңды да жаңылтар Сұлулардың сұлтанын маңғаз Маңқыстауымнан табасың. Аламан дүрмек, алқалы топтың алдында Ақындығыңды Адаймен сынға салдың ба?! Жарыстырғанда сөз киігін сен, Шашасына шаң да жұқтырмас Жез таңдай шешен, желді ауыз ақын бар мұнда.
Шерлі тарихы жатқан жоқ әлі жазылып, Шежіресінен келемін сырлы саз ұғып. Таулары – ауып қалған бір керуен жүгіндей, Сайлары қалған қазанаттардан жерошақ-ор боп қазылып. Сексеуілдері – өмірге деген өшпес сенімін өлтірмей, Хақтағаладан қайырым күтіп, Аспанға қарай алақандарын тарбита жайған кемпірдей. Шыңдарға шөккен қара буралар секілді Бұлт – түрікпеннің «Бұл қоныс кімнен қалмаған-ай!» деп, бұлғаған сеңсең бөркіндей.
Арабы қанды арғымақпен тең ақалтекелер – пырағы, Аққудың асқақ қанатыменен «Ақбөбек» болып аспанға ұшқан жыр-әні; Асау мінезді Адайдың ата қонысы Маңқыстау қаны – мұнайдың ыстық бұлағы. Маңқыстау деген – Тұмарлы ұлдардың, тұғырлы ерлердің тұрағы. 1988 жыл, 17 сәуір. Сыңғырлау.
АТАМЕКЕН
Ұлы аталарың ұрандап өткен ұланғайыр атамекенде Ақылға сыймас ақиқаттар да Асқақ арманнан аласа, әлсіз екен де. Қарсақ та жортпас қара жондарға қаптапты бүгін қалалар, Ғарышқа қарай омырауын ашып, ойларға батқан Дала бар. Халқымның жауға қатал пейілі ғой – Далама ғана тән түнгі ызғар, Арулар таққан ақ моншақтардай жылтырар көктен жұлдыздар. Қаһарлы ердің қайқы семсеріндей қайқиып туған Ай-орақ Қайсар жанармен қарайды жерге аппақ нұрымен аялап...
...Қара шекпенді тұңғиық Түннің мақпал пердесін көтеріп, Ақ жамбыдай боп Күн шықты, міне, алау арайлы от өріп. Бозторғай көкте ілініп тұрып, сорғалатып бір салды ащы ән, Жыршы жүректің сайраған сазы аппақ бұлттарға жалғасқан. Саумал ауаны сіміре жұтсаң, сарайың кеңіп, ашылар, Кеудені кернеп бір желік сезім, көкіректе күй тасынар. Қалғып бір кеткен қара дәулердей дөңкиіп жатқан әр дөңі, Сарыөзек болған сағынышыңның қимас жібіндей сары жолы. От-тұяқтарынан ұшқын шашырап арғымақтары ақ маңдай, Қайыру бермес қазақтың асау, арналы күйін аңыратып бара жатқандай. Дариға-ай, Дала,
Кеңдікке келсе, байтақсың-ау сен – жарты әлем, Адамдар менің атамекенімді қалай өлшейді екен картамен?! 1988 жыл, 16, 19 шілде. Сыңғырлау.
АТЫРАУ
Атыраудың алабы – әуен тұнған, Әуен шіркін әуелеп, әрең тынған. Қайып зарлап барады, қарашы, әне, Қарақасқа ат... Қаралы ер... Қара ер-тұрман. Әумесерден өзгелер ән ұғады, Жанартау боп жүрегім жарылады – Түн баласы төсекте төңбекшітер Махаңдардың қиқулап әруағы. Шықсаң белге құламен құйықтырып, Жорғасынан жылқының бүлк-бүлк; Құрманғазы күйлерін ұғынады Құмбыл белдер құлағын тігіп тұрып. Көп сырларды көмкерген көк жібекпен, Көз жіберсең көнеге көп жыл өткен – Көк найзасы көл-көсір көкке сүңгіп, Сүйінқара көрінер көкжиектен.
«Жаным» деген жалғызы, серті-жыры, Майып болып Манашы – «бөлтірігі»; «Күйкен ұшқан» басынан күңіренген Күй келеді... Зарланған кемпір үні... Қазанаттың ізіне қақ тұрады, Қара ниет лайлайды ақ тұманы. Досан кетіп барады дөң үстінде, Барған сайын алыстап ат тұяғы... Атыраудың алабы әнге толы, Әр сексеуіл-бұтасы әндетеді. Мұнаралы Маңқыстау атырабы – Сан саңлақтың сары құм, сал-мекені. «Құдай» болып жүр қазір құрамалар, Дарын деген – бала емес сұрап алар. Атырауда туған соң, Ақын болып Жаратылмау – меніңше, күнә болар!.. 1989 жыл. Сыңғырлау.
АРАЛ – АТЫРАУ АЗАСЫ
Айдаһар толқын! Ақ жалын шашып, айбар-от, Жігерімді менің жалаң жартасыңа қайрап өт!.. Қарт Атырау жалды арыстандай арқырап, Айбат шегеді: «Серігім Арал қайда?» деп. Азалы Атырау Аралын іздеп қайғырып, Ақшаңқан қала көгіне шашын жайды бұлт. Толқыны тулап, тасып жататын, Астау-арнасынан асып жататын Атырау Қалғандай шөгіп, айбын-ажарынан айрылып. Сабын-көбігін сапырған мынау шақ қандай, Алапат күшпен ақ толқындарын аспан астына атқандай. Сабырлы Ақтау қабағын түйіп, түнеріп, Қайғысы батпан, буырқанып жатқан Теңізге көңіл айтқандай.
Суалғандай боп даланың сыңар жанары, Қарт Атырау – қасіретті қария, қаралы. Көк айран-дария көбігін шашып долданса, Шаңырақ-көкте шағала безек қағады. Жүректің төрін мекендеп мынау қарт әні, Әр кеуделерде арайлап атты Ар таңы. Адайдың намыс қайрағы болған, Атамекеннің айбары болған Атырау Ақырғы үмітін адамзатқа ғана артады... 1987 жыл. Сыңғырлау. Екінші бөлім
ТҮННІҢ КӨЗ ЖАСЫ
СЕНІ ІЗДЕДІМ
Сені іздедім – Сайрауық құстардың қанатынан, Саз төккен сырнайлар санатынан. Балауса гүлдердің дірілінен, Барша әлемнің барлық тарапынан. Тебіреніп алады теңіз демін – Толқынымен жасырып жер іздерін. Көк теңізден көзімді алыс тастап, Сені іздегім келеді, Сені іздедім. Мен сені іздедім – Көкірегімнен төгілген лағыл-әндерден, Жарқылдақ, өткір жырлардан жаныма келген. Омырауыма самал толтырып, өзіңді, қалқам, Осынау жұмыр жүрекпен сағына бергем.
Өзіңді таппай, Жыр айдынында жүзбейді өлеңім, «Қосылмайтұғын Қозы-Баяндар біздей» дер едім. Күңіреніп жаным, көзімнен моншақтар ыршып, Күлге айналып кеткенше іздей беремін. Тек қана сені іздеймін. 1989 жыл, 24 желтоқсан. Алматы.
МАХАББАТЫМ
Сазы: Ғалымжан Сағымбаевтікі. Сағыныш сазы, Гүлімнің назы Болып жас жүрек үн қатты. Жан гүлім менің, Таң гүлім менің, Сағындым сені тым қатты. Арманым, саған Арнадым тағы ән, Жүректі тербеп бір сазды үн. Ақ махаббатым, Жүректе атың, Өзіңе арнап жыр жаздым. Самал жел салқын, Сәулеме жарқын Жеткізші арман-әнімді. Сыңғырлы қыз-үн, Аяулы жүзің Аңсатты ақын жанымды. Күлімдеп күндей, Алқызыл гүлдей Қызғалдағым-ау, кел маған. Шын махаббатты, Осынау атты Сен едің тұңғыш сыйлаған... 1986 жыл, 7 сәуір. Сыңғырлау.
ҚАСІРЕТІМ... ҚУАНЫШЫМ...
Алдыңа тартып Ақиқат атты безбенді, Айтамын бүгін Жанымды жаншып-езгенді. Сұп-сұр боп қатып, Суалып қалғыр бұл жанар Көрді ғой саған қадалған оқты көздерді. Сонда да сені Сорлатып кете ал-мадым мен, Қасірет жасын Қатар ағызып қаныңмен; Қазығым болып, Қасыңда қалдыра білдің, Арқандап ұстап, Адал қайғыңмен, арыңмен!
Қасыңда мәңгі қарлығашыңдай Қалықтаймын мен қанатым қашан талғанша, Жанарларыңның жасыны болып, Жана да берем жалыным сөніп қалғанша. Жанымды менің қинама, қалқам, кете алман – «Жастық шағыңды қор қылдым мен» деп, «Жалыныңды ерте сөндірдім мен» деп, Зарласаң-дағы сен қанша! «Жалауыңды ерте құлатпағын» деп, «Жаны саулардың жан-жүрегіне тұрақтағын» деп, Жалынсаң-дағы сен қанша! Ақ жарыла айтпай, Ақиқаттың да қалмайды, қалқам, еш құны, Асылық айтсам, «артықтау» демей, Айып етпей-ақ, кеш мұны. Тақсіретіңнен тарс бітіп қалғыр бұл құлақ «Ол теңің емес» деген сөзді де естіді.
Сонда да сенің Сырқат жаныңды егілген Кете алмадым мен керексіз етіп, (Теңім де ең!) Сендің сен маған, Саған да сендім мен шексіз, Айналып кетейін айнымайтұғын Сенімнен! 1987 жыл, маусым. Сыңғырлау.
ШАТТЫҚ
Табыстық қайта! Тағдырым неткен тамаша! Асқақпын бүгін – Асқар таулар да аласа. Көкірегімдегі көрінбейтұғын күшпенен Көк аспанды да көтеріп кетем, қаласа.
Табыстық бүгін – Тарыққан күндер қалды енді, Тәкаппар таулар, Алдыма таста ақша қар атты сәлдеңді. Кеудеме келген керемет сырлы сезіммен Көтеріп кетем барша дүниені, бар жерді! Көтеріп кетем көгілдір мынау әлемді! 1987 жыл, маусым. Сыңғырлау.
Бұған ешкім таласпайды, Қағида бұл ұғарлық: Махаббатқа жараспайды Жалғыздық пен сыңарлық.
Өмір қайта берілмеген, Жастық орға жығар көп. Махаббаттың көгінде мен Қалмағаймын сыңар боп. 1987 жыл, 23 маусым. Сыңғырлау.
- *
Тереземнен енген кезде көк аспан, Көңіл шіркін көк аспанмен таласқан. Көк аспаннан көрем тұнық көзіңді Ақ жүзіңе ай секілді жарасқан. Ғашық жаны қайдан табар миятты?! Көкіректен сазы бөлек күй ақты. Көл-көсір боп, көз жетпейтін көкжиек – Саған деген сағынышым сияқты. Қара жерге жауған аппақ қар қандай, Аппақ неткен, аппақ неткен армандай! Ақша қарды «адалдығың» деп білем, (Адал адам білмейді ғой жанды алдай). Құзар шыңға құс боп ұшар өлеңім, Сен ғой, қалқам, өлеңім де, сенерім. Сондықтан да табиғаттан тек қана Мен өзіңді, тек өзіңді көремін... 1988 жыл, 6 желтоқсан. Бейнеу.
АРУ-БЕЙНЕ
Сазы: Ғалымжан Сағымбаевтікі. Бидай өңді келген аппақ, ай жүзің, Әп-әдемі гүл-ерінің, иегің. Тең келеді саған сұлу қай қызың?! Нұр-көркіңе басымды мен иемін. Күлген кезде төгіледі күміс үн, Маржан тістер жарқ етеді сол бір сәт. Менің қызыл қызғалдағым, тынысым Көрінесің маған ылғи сен құсап. Әлдебір сыр тұнған қара көзіңе, Ыстық маған сол қарақат жанарың. Сен сөйлесең, құлақ салып сөзіңе, Ләззат алып, бойым балқып қаламын. Сені көрсем, бұлттан шыққан күндей боп, Ұмытылар көңілдегі кірбіңім. Бірақ әркез сезімімді күргейлеп, Тырысамын сездірмеуге сыр-мұңым. Ғашық етіп, жүрегімді жандырдың, Есімді алды сенің көркем келбетің.
Бір беймәлім, жұмбақ халде қалдырдың, Сенсіз басып жүре алмаймын жер бетін. Аласұрам бір күн сені көрмесем, Көңіліме сезім гүлін ектің сен. Жаным, келші, Келіп тұршы мен десең, Мені өзіңнің ынтызарың деп білсең... 1986 жыл, 21 қараша. Сыңғырлау.
ҚЫЗҒАНЫШ
Сүйемін сені, жарығым, Жүректе барлық отпенен. Күзеткен көңіл қорығын Қызғаншақтықты жек көрем. Жек көрем ондай мінезді, Қызғаныш деген не керек?!. ...Қызық-ау енді бұл өзі: Қызғанам сені керемет. 1988 жыл, 7 желтоқсан. Бейнеу.
САҒЫНЫШ
Жастықты жасқа малған түндер өтті, Шаттығым өзіңменен бірге кетті. Көңілдің көкжиегін бір уыс қып, Бұл тағдыр бұла жанды діңкелетті. Салады саған арнап жүрек әнін, Есімде есеңгіреп құлағаным. Мейлі, мен құласам да, жыласам да, Әйтеуір саған, қалқам, ұнамадым. Күй қажап, күңіренген күндер өтті, Сонда да бұза алмадым бір бөгетті. Суыған сезіміңе шоқ боп түсер Дүниеге өрттей өткір жыр керек-ті. Алаң қып ауырлау бір мәні бар мұң, Ернімде бал шақтардың дәмі қалды. Жүректің түкпірінде сен жатарсың, Мейлі, мен зарығармын, тарығармын. Тамырдың лыпылына дарып әнім, Жүректің тереңінен табыламын. Арманның аясында сағым қуған
Алаңсыз сол шақтарды сағынамын. Төсекте төңбекшіген түндер өтті, Жүрегім – қырық жамау, мың бөлек-ті. Қалқам-ау, қайырылып бір қарашы, Бар қызық өзіңменен бірге кетті... 1988 жыл, 15 желтоқсан. Бейнеу.
ӨЗІҢСІҢ...
Сазы: Тұрар Сыздықовтікі.
Жалындап сүйем сені, Арманым сен еңселі. Өзіңсің – ән арнасы, Өзіңсің – күй өлшемі.
Өзің деп тарайды әнім, Тек өзің – бар ойларым. Өзіңсің – қуанышым, Өзіңсің – арай-бағым.
Азаптың жеңдік түнін, Жүрегім сендік бүгін. Өзіңсің – жауқазыным, Өзіңсің – еңлікгүлім.
Сырларым – сақтағаным Өзіңе ақтарамын. Өзіңсің – аққу құсым, Өзіңсің – ақ маралым.
Армансыз жандай бүгін Өзің деп самғайды үнім. Сен екен бар қазынам, Сен екен бар байлығым! 1989 жыл, сәуір. Сыңғырлау.
- *
Мен сені сүйдім – Сағынышым сағымға айналып, Көкірегімдегі бір жапырақ ет Жасыл шоқ шашып, жалындай жанып. Өрттей лаулаған өз сезімдерім Өз еркіме бір бағынбай қалып. Мен сені сүйдім – Жігітке біткен жігерлі жанмен, Өзекті өрт боп шарпыды-дағы, Кеудеме келіп, тірелді бар дем. Өлең тербеткен сел-сезімімді Өз еркіне бір жібердім әлден. Мен сені сүйдім – Көркіңе бірден көңілім құлап, Өзің бір маған демеушім болшы, Өтпесін десең өмірім жылап. Әдемілікке бас иген жанға Әмір ете алмас Тәңірің бірақ.
Мен сені сүйдім – Ақыл-ойыңа арбалып жаным, Көргелі сені көңілім – жүдеу, Тілегім – жалғыз, арманым – жарым. Мен сені сүйдім адайлық қанмен, Алаулап бойда ақ жалындарым. Мен сені сүйдім – Сүйе алмас сені мендей ешкім де, Тарыла берді жазира-жаным – Тағдыр тартуын көрмей өстім бе?! Бейуақта келіп, берекетімді алып, Кезіккен сыйдан кенде емеспін де... 1990 жыл, 21 наурыз. Алматы.
КҮЙРЕУ
Кеудемде менің басталды Бітіспейтұғын бір сезімдердің бүлігі, Ақ арманымның аспанға ұшты сынығы. Көкірегімді тепкілеп аққан тентектеу бұла бұлақтар Құяр сай таппай, құмдарға сіңіп, құрыды. Көзімнен зәһар-жас тамды, Түпсіз түнектің мұнар-көзінен мұң көрдім, Түбінде осылай боларын, сірә, білгенмін. Жан-жүрегімдегі жасын ойнатқан найзағайлардың жарқылы Қылыштап жатты қақпасын қапас-түндердің. Құлатшы қара тастарды, Құзар-шыңдарды қопарып бір сәт, Сезімім, Естіртпей жатсын өз даусымды өз үнім. Жан-айқайларым жартасқа соғып, жағы сынып бір қирасын Темірден берік төзімім. Жылатшы безбет аспанды, О, Сезімдерім, содырдан да өткен сотанақ!
Сабалы көлде саздарым қалсын сақауат. Бар уыңды ішіп, басым мәңгіріп, өтейін осылай дүниеден, Балдан да тәтті, бұрыштан ащы Махаббат! 1990 жыл, 5 мамыр. Алматы.
ҚОШ, ҚАЛҚА!
«Қош, махаббат!..» (Мұқағали Мақатаев) Мен күнәһармын – арыңды аяққа таптадым, «Қалағанымды алам» деп, қасиеттімнен аттадым. Аңдамай сеніп, абайсыз мен тұрақсызға телінген Сенің де, қалқам, жоқ бағың. Тұрды ғой күтіп деймісің алдыңнан арай-бақ сені, Сенде де, менде болашақ өмірге енді жоқ сенім. Осынша қайғы әкелген, осынша қылмыс көтерген Ол туған күннің одан да өтпей қойғаны жақсы еді. Сен кімге енді керексің, мен кімге енді керекпін?! Жартасқа соғып қирады, тау-тасқа соғып өр екпін. Жоқ еттім бәрін керектің, қолымда барды қор еттім, Бір түнде бәрін жоқ еттім.
Мен құрттым бәрін, құрттым мен, құрдымға бәрін құлаттым, Өзіңді сүйіп тұрып-ақ өзге бір жанды «ұнаттым». Сыңғырын сөйтіп суалттым сылдырай аққан бұлақтың, «Жылатпаймын» деп серт беріп, жыл өтпей, қайта жылаттым. Кеш мені – егер кеше алсаң! Бақыттымын-ау, дариға-ай, Жалп етіп жапқан есікті жарқ етіп қайта аша алсам. Аша алсам, сөйтіп, қайтадан жүз жылға қайта жасарсам, Өкпем жоқ сонда, дүние, сонан соң қалай өш алсаң!.. ...Жоқ, мені кешпе, Ақ Көкем! Аяма, мәңгі жазала, Жазала, мейлі, бәрібір – қасірет пе, әлде қаза ма – Қалай қинасаң – өз еркің, әйтеуір мені жазала, Жуылып сонда бар күнәм, тазара түсер, тазара.
«Қосылам» деуші ем, қайтейін, Қоспады қатал тағдырым, Алаулап тұрып алты айдай, көкжиегіне қонды Күн. Қайтадан шықпас ол күнім, Сен ұмыт енді барлығын, Жадыңда қалсын тек қана жасаған мынау қорлығым. Жауқазын гүлдің жанары – шық-бұлақ толы, шық-бұлақ, Сол жанарларға қарап мен жаныңды сенің ұқтым-ақ. Адаспай тапсаң, аялап өтетін адам бар сені, Менен де гөрі ержүрек, менен де гөрі мықтырақ. Қара тас сынды қайғыңды қара топан боп жуар сел, Сонда да, көкем, көңіліңде беріш боп қатып тұрар шер. Өкінбе, жаным, ешқашан «Айрылдым-ау» деп мендейден, Өзіңді-өзің жұбатып, «Құтылдым ғой» деп, қуан сен.
Ынтығып, қатты шөлдедім, ықыласыңа зәрумін, Білмедім жөнін қалайша қасыңда сенің қалудың. Талайды көріп әлі де, татармын дәмін бал-удың, Таппаспын бірақ өзіңдей ақмаңдайлысын арудың. Өткен күн енді оралмас, Ол да – бір қайғы мәңгілік, Ойлайтыным сен боларсың ақ таңдарымды таңға ұрып. Жазатын жырым сен енді жүректе жүрер жаңғырып, Салатын сазым сен енді айтатын мәңгі ән қылып. Жай түсіп, сынды ақыры жайқалған терек, жас талым, Күлуге олар хақылы – табалап күлді қастарым. Мағынасыз, мәнсіз күндер мен ойсыз өмірді бастадым, Кеш мені, қалқам, кеше алсаң – асқаным болса, тасқаным!
Тағдырымды шешті ақыры қас-қағым уақыт, қас-қағым, Татамын енді таусылмас қайғы мен мұңның лас дәмін. Кеш мені, Көкем, кеше алсаң! Қасіретіңді басқа жастадым, Мен шыға алмаған биігім, өзгелер өрлер асқарым! Қош, жаным!.. 1990 жыл, 23 маусым. Алматы.
ЕРТЕҢГІ КҮНІ...
Сорлының өтіп еді сөзі кімге, Азаптың ауырлығы – сезінуде. Қабарған қайғы-мұң тұр қабағымда, Қасіретті күлкі тұр езуімде. Басымнан бақытсыз хал өткеремін, Өртеніп, күлге айналды отты өлеңім. Мен саған не айтайын, мекер тірлік – Бір сәтте сүйіп тұрып, жек көремін. Жалқы мұң... жабырқау хал... жанды ұрлаған, Басымды кезім бар ма жарға ұрмаған?! Қайтейін, иіле алман саған, қалқам, Тәкаппар жүрек берді тағдыр маған. Тәкаппар көңіл берді тағдыр маған, Басымды кезім бар ма жарға ұрмаған?! Алаң боп оянамын әр таң сайын, Сыйлардай бір қуаныш әр күн маған.
Мен сені ұнатамын... Бірақ... бірақ.... Көңілімде күдік толы сұрақ тұрад. Сенемін – сен табасың бақытыңды, Менен де адалырақ, тұрақтырақ. Тек сонда... Ұмыт мені, ұмыт мәңгі, Қайғырмай, қарсы алғайсың күліп таңды. Тұншығып қызғанышқа тұрармын мен, Лайлап көңілдегі тұнықтарды. Өмірді қайғы-мұңды білмей сүрсең, Арман не – алаулаған гүлдей семсең?! Жарқ етіп, жалт бұрылып маған қарап, Сақылдап тұрып сонда күлгейсің сен. Демеші: «Мұның бәрін алдың қайдан?», Адамға әр күн – жеңіс, әр күн – майдан. Бақыттан бал-бұл жанған сені көріп, Қалайын мен жер болып алдыңда, айнам.
Үзілсін сөйтіп мәңгі ән-дастаным, (Қайтейін, қайран күндер, жалғаспадың!). Кекетіп күліп сонда, кегіңді алып, Кете бар құшағында сен басқаның. Әкелер әр күн нені, әр таң нені, Сезімнің тот басып, тоз тартар да өңі. Сергелдең еткен мынау ісім үшін Сен солай жазалашы, қалқам, мені! Қараңғы түнек болсын жарық бесін, Қарқылдап құзғын-көңіл қарық болсын. Бір жетім жүрек тұрсын тал басында, Көктен бір жұлдыз түссін ағып сосын... 1990 жыл, 23 маусым. Алматы.
ҚАРА ГҮЛ
«Қара гүл – менің мұңымды жаяр жаршы ма, Аршылар мұңың – қансыра, жүрек, қансыра. Көз орнында көз емес, кейде қарасам, Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...» (Жанат Айтмұханбетова) Қос ғашық, әне, жүзі – күн, Қырға бір көзің жіберші. Іздеп жүр олар қызылын, Ал маған қара гүл – енші. Жығылды мәңгі жалау-жыр, Тым ерте көшкен көктемдей. Алатау бойы – алау-гүл Қап-қара болып кеткендей. Қап-қара гүлін тағынып, Ұмтылды көңіл арайға. Қап-қара шәлі жамылып, Налып тұр мынау маңай да. Жүректің жібі сетінеп, Бұлқынды неге құрғыр-ау?! Қарау ой толы көкірек, Қара гүл толы қыр мынау.
Қайғысы – теңіз орасан, Өкінді жүрек, өкінді: Қап-қара гүлге қарасам, Қан исі шығар секілді. Жоқ енді мәңгі, жоқ енді Мен арман еткен жан бүгін. Тек қана тербер әлемді Қара гүл тектес тағдырым. 1990 жыл, 23 маусым. Алматы.
СОҢҒЫ СӨЗ
«Мен осыдан сыр ұқтым, Неге керек басқа өлшем: Кешем – көкжал жігіттің Көздерінен жас көрсем». (Меңдекеш Сатыбалдиев) Мәңгілік мұңым болдың сен де менің, Сең соққан балықтайын сенделемін. Жолданған жүрегіме оқтай болды-ау Сол жолы кездесуге келмегенің. Аялай алдың ба, айнам, көктем гүлін, Өтті ме, бәлкім, менің өктемдігім?! Қимайтын қызғаншақтау жүрегімді Қинайтын – тек түсінбей кеткендігің. Арманның абат бағын аралармын, Мен бірақ жазылмастай жараландым. Көңілімде – көне алмаған мінезіме Көп қыздың бірі болып қала бардың.
Морт па едің «Шын шыдамды екен» десем, Несіне сүйдің мені бекерге сен – Аздаған ашуымды көтермесең, Азғантай асаулығымды көтермесең?! Кеудемнен сорғалаған сөз өрілді, Жанымнан жанталасқан сезем үнді. Аялай алмайсың ба ақын жанын – Несіне өртедің сен өзегімді?! Талқан қып тастан берік төзімді де, Сел болып аққан мынау сезім, міне. Кінәлап кімді қирата алармын мен, Сөкпейін сені де мен, өзімді де. Жанымды торлағанмен сұрақ-күдік, Қайтемін өзіңе тас лақтырып?! Басқаға бақ сыйласаң болғаны да, Тілеймін бақытыңды жылап тұрып.
Алдымда көп болғанмен мұрат-міндет, Кім менің арызыма құлақ түрмек?! Мақтан қып кейінгіге айта жүр сен: «Асқақтау бір Ақынды құлаттым» деп, «Ақкөздеу бір Адайды жылаттым» деп. Құлдилап, құзарынан құлап Ай-Күн, Тартылып, тақыр болды бұлақ-айдын... ...Осы тек болсын соңғы жылағаным, Мен енді ешқашанда жыламаймын! Көңіл деген – бір нәзік шыны ма екен, Адамдар – сол көңілдің құлы да екен. Таспейіл тағдырыма ерегесіп, Мен енді өмір бойы күліп өтем! Ей, жұртым! Арзан ойға бас бермеңдер, Қасіретін жігіттердің қастерлеңдер. Жылаудың не екенін біледі сол – Көзінен көкжал ердің жас көргендер!
Күй кешкен бақытты жүз, балбыр өңді Күндерім қыр астында қалды ма енді?! Басқа мен не айтайын, бақытты бол, Қайтейін, қош бол, қалқам, мәңгіге енді!
Әлі де көңілімнің арманы көп, Айтылмай, көкірегімде қалғаны көп. Ойыңа анда-санда түссем болды, Түсіңе кіріп жүрсем, болғаны тек... 1990 жыл, 9 мамыр. Алматы.
- *
Қиылып бала жанар көп қарады, Көргеннен көңіл шіркін тоқтамады. Өмірден қол көтеріп кеткен жанды Өзіне тартатындай от жанары.
Сазындай аруананың салған боздап, Бір әуен жүрегімді қалған қозғап. Көзінен тұрғандайын от ұшқындап, Көзінен жатқандайын арман қоздап.
Қырқылған қос қанаты тырна сынды Көңілім алабұртып, бір басылды. Жалт еткен сол найзағай-жанарлары Жаныма бір құпия сыр жасырды.
Сол көздің мөлтең сырын көркем ұғып, Жанымнан бір алапат сел төгіліп; Түлкіге түтін салған секілденіп, Түсті бір жан-дүнием төңкеріліп.
Белгісіз батқанымды мұңға сондай Жеткізе аламын ба жырласам да-ай?!. ...Булығып тұрдым сонда діріл қағып, Бұрқанған сезімімді бір баса алмай... 1990 жыл, 29 қыркүйек. Алматы.
- *
Өксітті мені ерте өмір, Қайран да жүрек – қамкөңіл. Үзіліп түсті абайсыз Үлбіреп тұрған ерке гүл.
Шерменде-көңіл, шерменде, Шексіз сағымға ергенде; Қауызын ашты ол қайтадан, Қалқам-ау, сені көргенде.
Жанардан жасты жасырдым, Жаутаңдай қарап, тосылдым.
Қайтадан саған бас иіп, Қайтадан саған бас ұрдым.
Ол гүлді ешкім көрмейді, Естімес ешкім «гөй-гөйді». Амал не, жаным, амал не, Өткен күн қайтып келмейді!
Дүниенің керең құлағы Тас мылқаулығын қылады. Шығарып салып тұрғанда Шыңғырып жаным жылады.
Көңілім көлдей бұзылды, Көзіме моншақ тізілді. Қайта оралмайтын көктемдей Қар жапты қайтқан ізімді...
Он бесінен бір толып ай, Ойларым ойран, о, Құдай! Күлкісі кемшін дүние-ай, Күйігі басым өмір-ай!.. 1990 жыл, 15 желтоқсан. Алматы.
- *
Сен бүгін келіп кеттің – Омырауымды жалынға көміп кеттің. Осыған дейін «Сен мені ұмытты» деп, Өзіме-өзім өтірік сеніп кеппін. Сен бүгін шырқадың ән – Қанып ішіп сезімнің бұрқағынан. Іздегенімді тапқандай мен отырдым, Көз ала алмай көңілдің іңкәрінан. (Сен ән салсаң, жұлдыздан нұр тағынам). Сен маған көз тастадың, Жарқ еткізіп жанардың алдаспанын. Көзбен ғана ұрлана ұғыстық біз, Қажетсінбей шұбырған сөз дастанын. Көз тастадың... Сол шығар қоштасқаның. Сен бүгін келіп кеттің – Күңіренген күйімді көріп кеттің. Ұмытылған өткен күн елестерін Ұсынған қолдарыңмен Ұстатып беріп кеттің... ...Сен бүгін келіп кеттің... 1990 жыл, 16 желтоқсан. Алматы.
- *
Жамылмаған кез еді жер желегін, Сен маған «Келме» дедің, «Келме» дедің... Содан бері... Ай аунап, апта жылжып... Дүние дөңгеледі. Сезбедің ғой сен деген жүрегімнің Кеберсіп еріндері, шөлдегенін.
Содан бері... Қаншама көп күн өтті, Сағыныштың салмақты сары бұлты Түйіліп кеп, түнеріп, төкті-кетті. Аңсау толы шаршаңқы жанарымды Аймалап аңқау самал, Ақ түн өпті.
Неге ұмыттың құс-күндер, түс-түндерді?! Егіліппін... Ертеңіме елеуреп ұшқым келді. Беліңнен қылдай нәзік қысып тұрып, Бейнеңді қызыл ала халат киген Құдірет құштарлықпен құшқым келді.
Сен мені керек етпей, Мен жүрдім меңіреу-хал көбелектей. Дариға-ай, неге қалдым бұл тамұқта, Көзімнен бұл-бұл ұшқан көгілдірлеу Елесіңе ере кетпей?! 1992 жыл, 24 қаңтар. Алматы.
- *
Аямай-ақ жанымды Айттың маған «Келме» деп. Ұмытып қап бар үнді, Ән үйрендім мен бөлек. Есім екі жарылды, Сен – басқа да, мен – бөлек.
Мұңды ән еді ол керемет, Мұңға жаның шөлдейді, ә?! Айтып-айтпай не керек, Аянышты ән келді ойға.
Шырқай бердім сол әнді,
«Шын сазым, – деп, – өзімнің» – Сыйдырып ап ғаламды Көлеміне көзімнің.
Артықты, әттең, көрмеймін Аумағынан көзімнің. Аласұрып, Шөлдеймін Ақ құмында Сезімнің.
Көзім менің көр болғыр, Күлгін сәуле болса өткір; Көтеріліп Жерден бір, Көк бұлттарға кетсек бір. Есалаң бір ой келді, Ерекше нұр шашылып: Жанарыма бейнеңді Қояр ма едім жасырып?! 1992 жыл, 13 наурыз. Алматы.
МҰҢ
Көпке дейін көнермейді жан сезім – Көңіліңнің айдынына кім қонса. «Келме» дедің, Келмес едім – сол сөзің, Сызып таста жүрегіңнен, шын болса. Жерге түссе, жедел еріп тыста қар, Бақытсыз ғой – бала қайың жылап тұр... ..Осы сөзің рас болса, ұстап ап, Сол төртінші қабатыңнан лақтыр! Мұнда ешқандай жоқ көңілді көрініс: Мұнар тарқар – Мұңаймаңыз, жапырақ!.. Қиналдың-ау... Қиял, сәл-пәл шегініс – Қимас көзбен қарап тұр ол бақылап... Құлазыма, құлағың сал, қу бұта, Қалқам, бұлай қайғырмайды мұндайда... ...Жанарымнан жетім-жұлдыз сырғыта, Қайтып барам... Батып барам мұңды ойға...
...Жігерсіз-ау, Жіберме ойды еркіне, Жігіт деген жылай ма екен, о, бәлі?!. ...Өз қолымен салған сезім өртіне, Құдіретке – жұлдыз-жастың обалы... 1992 жыл, 12 наурыз. Алматы.
ЕСКЕ АЛУ
Кей-кейде сізді бетке алып, Кешкілік үйден шығатынбыз. Жадыңда бар ма, жоқ па анық, Төртінші қабатта тұратын қыз?! Кездейсоқ сені сүйіп пе ем, Кеудеге сезім қалғандай қонып. Қол бұлғаушы едің биіктен, Қолым жетпейтін армандай болып. Жүрегің жібіп бір демде, Санаңды жаулап, сағындыра алмадым. Төрт жылдай бірге жүргенде, Төртінші қабатты бағындыра алмадым. Ақ бұлтпен, жырым, астасқан, Аспанға асау қарғындай атыл! Қойныңды маған ашпастан, Қол жетпей мәңгі қалдың ғой ақыр. Дәруіш-дүние, дәл білсем, Бір опа көрмей өтем бе өлеңнен?! Оқжетпесім боп қалдың сен, Желжетпес-қиял «Жетем» дегенмен.
Көңіліме қаяу салды тек, Кешіріп тұрып, кешірмегенің. Ләззатты шақтар қалды тек Тіліңде сенің, есімде менің. Сенделіп жүрген сәттерде Сері көңілмен сені сүйгенбіз. Есіңде бар ма, жоқ па әлде, Ешкімге ұқсамай мені сүйген қыз?! 1994 жыл, 5 қазан. Сыңғырлау.
ҮЗІК СЫР
Үздігерсің, үні өктем, озған құрбым, Үлгермей салып үзілген түймеңді де; Әйелімнен жасырып жазған жырдың Әсеріне елтіген күймен күле; Ырқыңнан айрылып, бір сәт тосыларсың, Ыстық жанның шыдамай қуатына ұрған. Сен сонда шошынарсың – Сезімдердің мендегі сұрапылынан. Тебірентіп жаныңды құса мына, Тереңірек күрсініп, сұрақ беріп; Құларсың сосын менің құшағыма, Ессіз күйде еңіреп жылап келіп... 1991 жыл, 22 наурыз. Алматы. СЕРГЕЛДЕҢ НЕМЕСЕ БІР ОТБАСЫНЫҢ ТРАГЕДИЯСЫ (Бақытсыз достың монологы) (цикл) Анда-санда болмаса, ақынның ажалы – көп жағдайда Махаббаттан. Өйткені, ақын – сезімдер соғысының құрбандығы.
Сүйдің бір кез... Ол анық, Мен де сүйіп, өпкенмін. Мейірімің жоғалып, Мені неге жек көрдің!? «Жаным» дер ең құшақтап, Жазу болсам тастағы. Ұлы сезім ұсақтап, Ұнаттың ба басқаны?! Сыңайыңды сезгемін, Сырт айналдың несіне?! Түңілдірген кездерім Түсті ме әлде есіңе?! Қараңғыда қармана, Қан басты ғой көзімді. Салдың неге саудаға Саф тап-таза Сезімді?! Қара дүлей бір мықтың Қайырғандай топшымды. Енді мынау тірліктің Ешбір мәні жоқ сынды. Осыларды ойласам, От боп жанар өзегім. Қол созғандай Айға сан Қолайсыздық сеземін. Оңышпадым әйелмен, Онсыз-дағы аз несіп. Кейде байтақ әлемнен Кеткім келер баз кешіп.
Ей, жүрегім, сормаңдай, Емес дүние, үй қайғы – Кетер едім ойланбай, Кейінгілер қинайды… 1992 жыл, 7-8 қыркүйек. Сыңғырлау. * Талай қыздың ішінен Таңдап сүйген бір гүлсің. Қадіріңді енді түсінем, Қамығумен өткен күн құрсын!
Қаперсіз салып қиғылық, Қателігімді жаңа ұқтым. Жазықсыз сені күйдіріп, Жаныңа жара салыппын.
Ашуға бәрін жықтырып, Ақымақтық істеппін. Барлығын енді ұқтырып, Бармағымды тістеттің.
Өз тағдырыңды, әрине, Өзің ойлап, шешерсің. Болады мұндай әр үйде, Кешіре алсаң, кешерсің.
Сенсіз көрген күнімде Мағына жоқ, мән де жоқ. Сенсіз өткен түнімде Сауық та жоқ, сән де жоқ.
Әлемнің тәжін-тақытын Қайтемін теңеп лағылға?! Сен екенсің ғой бақытым, Сен екенсің ғой бағым да. Шоқ салып бүгін сезімге, Қоламта-ойды үрлеттің. Қасымда жүрген кезіңде Қадіріңді білмеппін. Қамайды күнде кешкілік Қып-қызыл оттай жалындар. Қадіріңді кеш біліп, Қайғылы болған халім бар. Кері қайтармас ашу бар, Келейін деген ниетің жоқ. Бармайын десем, басым дал, Барайын десем, бетім жоқ. Жүзің де сенің жарқындау, Жүрегіңде қайғы жоқ мүлде. Шыдамым менің сарқылды-ау, Шынымен тастап кеттің бе?! Осындай болар түсінген – Тозаққа тонын салғандай. Сергелдең күйге түсірген Сезімсіз едің сен қандай?!
Мына дүние – маған абақты, Мың жерден қина, көнемін. Жасаған солай жаратты, Жазығым сонда не менің?! Жанымды күнде мұң езді, Жалындап тұрған арман мол. Өзгерте алмасам мінезді, Өлу ме жалғыз қалған жол?! Білмеймін – күнәм нешінші, (Бір ғана қайғы – хабаршы). Сонда да мені кешірші, Соңғы рет қайта оралшы! Ағындап аққан бұлақ та Алады таудан ең басын. Екі баламды жылатпа, Еңіреп жетім қалмасын. Соларға кейін мен керек, Сол кезде кімді «Әке» дер?! «Көке» деп кімге еркелеп, Көңілін кімнің көтерер?! Өксумен күнді өткізіп, Өмір бойы қап табаға; Тіршіліктен көрмей түк қызық, Тірі жетім боп қала ма?!
Қып-қысқа мынау жалғаннан Қызық көрмесең құмартып; Тірі жетім боп қалғаннан Тірі жүрмеген мың артық.
Перзенттеріме кім ие-ай?! (Пендеге әр таң – мереке). Опасыз, жалған дүние-ай, Кімдерге бердің береке?!
Сезімім тұрмас байласаң, Сендерді, жаным, қимаймын. Осыларды ойласам, Кең жаһанға сыймаймын.
Жүрегім менің – құр түнек, (Жүлік достарым бір күлсін). Ішім – дерт те, сыртым – өрт, Сенсіз көрген күн құрсын!
Аңқылдап келіп қол алшы, Аялауға тырысайын – Ошағыңа оралшы, Күтемін сені күн сайын... 1994 жыл, 14, 15, 19 мамыр. Алматы. * Сүйгенсің мені басында, Сүйкімсіз болдым, расында. Зорлықпен келген жандайын Зорға жүрсің сен қасымда.
Ақырзаманның мен ақыны, Жау екен оған жақыны. «Алдадың, - дедің, - сен мені», «Алдандым» дедің ақыры. Өзім боп кейде төгілсем, Өлеңдер жазам өміршең. «Ұлы екенсің ғой» деп жүрсем, Ұсақ па едің?!» дедің сен. Іске аспады бір дегенім, Ірің боп ішкен-жегенім. Суытқан әлде көңіліңді Сұлу сөздерім бе менің?! Неге сен суып көңілің, Неліктен менен жерідің?! Сең соққан жандай сенделіп, Сергелдең болды өмірім. Адамын жастық желіктен, Айырмам да аз өліктен. Әйтеуір еріп соңыма, Әуелде сүймей келіп пе ең?! Түбіңде қарау бұқты ма ой?! (Бүгінде әйел мықты ғой). Қыз кезіңде тым жақсы едің, Қылығың кейін шықты ғой.
Қолыма құс боп қондың сен, Жолыма гүл боп өндің сен. Бақытымның да басы едің, Сорымның соңы болдың сен.
Кеудені қайғы кернеді, Сезімді ақыл жеңбеді. Қиын ба едің, Махаббат, Қиналттың-ау сен мені!
Арнар едім әнімді, Аямас едім жанымды – Құлдықтай мынау тамұқтан Құтқарар мені жан болса, Берер едім барымды! 1994 жыл, 4 тамыз. Сыңғырлау. * Сен кеттің, Кеттің алыс, менен жырақ, Отырмын өзің жайлы өлең құрап. Кемшілік менен де, рас, болған шығар, Кешірім өтінбеймін сенен бірақ.
Өйткені, сен өзің де періште емес, Сезімге бой алдырмас сеніскен еш. Отасқан осынау біз төрт жыл бойы Ойымыз екеуміздің келіспеді еш.
Сен кеттің, Кеттің жырақ, менен алыс, Сезімді желіккенде жеңеді әр іс. Екеуміз екі жақта тұрмыз, міне, Енді тек арамызды бөледі ағыс. Бұған да тек мен ғана кінәлі емен, Жанымда жап-жасыл боп тұнады өлең. Сарылтқан сарша тамыз күніндей боп, Сағымын сағыныштың қуа берем. Сен кеттің, Кеттің алыс, менен шалғай, Өзіңе жетер ме екен өлең самғай?! Әттең-ай, өзімнен де болған екен – Әуелден тамырымды терең салмай. Енді не, Өкінгенмен пайда да жоқ, Осыған бекідім мен ойлана кеп. Сынауға шебер ғой бұл біздің халық, Сыртымнан сыпсыңдасар айнала көп.
Сен кеттің, Кеттің мәңгі – ұмыттың ба?! Мен қалдым тұтқын болып құлып-мұңға. Төбеме көтеріп ем сені бір кез, Төрт жылда көңіліңді суыттым ба?! Әйтеуір менен жаның безінген-ді, Отыңа оралмасыңды көзім көрді. Жүрмін мен әлі күнге тірілте алмай Жөргекте тұншыққан сол cезімдерді. Сен кеттің, Кеттің менен, кеттің мәңгі, Аңсаған арманыңа жеттің мәңгі. Есімде елес қылып жаңғыртамын Ешкімге ұқсамайтын тақ тұлғаңды.
Қатарға қайтіп енді теңелемін – Дер кезде жібермесе демеп елім... ...Мен саған қаншалықты қажетсізбін – Сен маған соншалықты керек едің... 1994 жыл, 4 тамыз. Сыңғырлау. * Сені сүйгенмін, жаным, Көңілсіз күйге ендім, жаным. Тағдырдың тас астауында Лай болып илендім, жаным.
Сені ұнаттым, жаным, Нұрысың шырақтың, жаным. Сол нұрды сыйламай маған, Сорлыңды жылаттың, жаным.
Сені қаладым, жаным, Бақытқа баладым, жаным. Ал бүгін арман-құсыңа Ұқсамай барамын, жаным.
Сені таңдадым, жаным, Өзіңсің арманым, жаным. Қиналтты-ау бәрінен мені Қиянда қалғаның, жаным.
Сені сағындым, жаным, Жабырқау, жаным мұң, жаным.
Екеумізді еңіретердей Тәңірге неғылдым, жаным?! Сені аңсадым, жаным, Шалдығып, шаршадым, жаным. Үміттің үйін қар басқан, Келер күн – сары сағым, жаным. Сені ойладым, жаным, Өзіңе байладың, жаным. Сезімге оңай тимеді-ау Сенделтіп қойғаның, жаным. Сені іздедім, жаным, Сеземін күз лебін, жаным. Күт мені күнбе-күн аңсап, Үмітіңді үзбегін, жаным. Егіліп қаларсың, жаным, Есіңе аларсың, жаным. Сәлемімді алып ұшса екен Самолет-хабаршым, жаным.
От болып жанарсың, жаным, Гүл болып соларсың, жаным. Темір емес төзімім менің, Тезірек оралшы, жаным! 1995 жыл, 11 ақпан. Ақтау. * Сен кеткелі жырым да жылау болды, Көзім – жасты, көңілім – бұлау болды. Саған қарай сан мәрте көтерілген Сындырып тастар ма еді мынау қолды?!
Неге сүйдің, жаным-ау, несін мені?! Кесілгір бұл қолым да кесілмеді. Қолға қонған бақытты басқа тептім, Қош бол, жаным! Кеше алсаң, кешір мені!
Жарығым-ау! Жасымнан сапарлассың, Талай дәмді бірге енді тата алмаспын. Көп қорлығым көрсеткен еске түссе, Көрімде де мен тыныш жата алмаспын.
Өртті жырым төгілді өзегімнен, Кең дүниені кеще боп кеземін мен. Өміріңнен өшсем де мәңгілікке, Көңіліңнен көшпесін сеземін мен. Көп із қалды артыңда тағылымды, Сағынармын салмақты сабырыңды. Ағайынның аяулы келіні едің, Қайран гүлім! Кеш білдім қадіріңді! Қара қарғыс арқалап, қайғы алдым мен, Жалт бұрылып құшағын жайған күннен. Екі бірдей сәбиін есерлікпен «Тірі жетім» атантқан айуанмын мен! Көкесінің көп уақыт білмес үнін, Мен боп бір күн тербейді жыр бесігін. Азамат боп өскесін ақ құлыным, Атымнан тек сұрашы бір кешірім!
Жыл артынан жыл өтер, дөңгелер күн, Мезгіл жетіп, ақыры мен де өлермін. Кешіре гөр, анашым, ақ сүт берген, Сені де мен тірілей жерге көмдім! Бейбіт шырқын бұздым мен берекеңнің, Мен кетірдім сәнін де мерекеңнің. Кешір, тума-тумалас, ағайындар, Адамзаттың азғыны мен екенмін. Есіміме ертең-ақ ел күледі, «Ақын емес, пақыр» деп ел біледі. Құтылмаспын тозақтың төрт отынан, Құшағыңа ал, қара жер, енді мені! Мен қара жер жыртығын бітемеспін, Бірақ енді ешкімге құт емеспін. Мендей жауыз келмесін бұл дүниеге, Маһшар күні молама тікен өссін!
Айналайын, адамдар, алтынсыңдар, Жаман сөзбен жанымды жаншырсыңдар... ...Соңғы жырды жазды енді сорлы қалам, Сол қаламды қабіріме шаншырсыңдар!.. 1997 жыл, 3 сәуір. «Маңғыстау-Атырау» пойызы. * Дүние, мен қайтейін кеңдігіңді, Қызығын көре алмасам кемді-күнгі?! Өзімді-өзім іштей мүжімесем, Дәл бұған кінәлаймын енді кімді?!
Кемтарға пана болған кең дүние, Бір уыс болдың маған енді, міне. Айрылып арманыңнан қалғаннан соң, Түкірдім сенің жалған өрлігіңе!
- * Он сегіз күн болды ғой сен кеткелі, Көңілді қайғы-бесік тербеткелі. Түңілдім түрме сынды бұл өмірден, Жанымды жас пенен мұң өрнектеді.
Жүректен өшір мені – өшіре алсаң, «Есек» деп еске аларсың – есіңе алсаң. Қайтейін, қатемді мен кеш түсіндім, Кеш мені – егер, жаным, кешіре алсаң! Ұшырдым ақырғы рет жыр-құсымды, Түсінсең түсінерсің түнгі сырды. Өзіме-өзім бірақ өмір-бақи Кешпеспін жасаған сол қылмысымды! ҚОШ!.. 1997 жыл, 20 сәуір. Кулагино.
ЖАНАЗА
«Тарихта талайлар өз жаназасын өздері шығарған» деседі ғой. Ендеше, мен де өз жаназамды өлеңмен шығарайын». (Өмірден өз орнын таба алмай, адасқан жігіттің қойын дәптерінен) Қайран, гүлім! Қандай едің сен кеше?! «Сендік сезім өлмес, - деуші ем, - өлмесе». Алда екен ғой Алла тосқан сан сынақ, Тағдырымның тартқан сыйы ендеше! Балшық түстес «бақ» дегенім сор болды, Құдай тұтқан сезімдерім қор болды. Осы болды оңбай таяқ жегенім, Жеті жылда жеткен жерім сол болды. Осы болды оқсатып бір күйгенім, Құдай салды – құр сүлдерімді сүйредім. Варварлықтың шабуылынан вандалдық Рим құсап іргем құлап, күйредім.
Мен жеңілдім, Жеңілдім мен, Сен жеңдің, Тегеурініңе шыдай алмай, тербелдім. Тәрк етем де, қалдырамын тәнімді, Алла өзі аманат қып берген күн. Еңсемді езсін езгір ойым, ендеше, Бейуақытта бездірейін, ендеше. Қасиетін қара өлеңнің мен саған Қара түнде сездірейін, ендеше! Түнгі өлеңнің түртуінен шаршаған Менен мәңгі демаласың, барша адам! Жалғыз маса тыншытпады жанымды, Сол маса боп ызыңдайын мен саған! Жын-шайтанға арнап жазған жырымды Жыртақайлар оқиды ертең жырынды. Өз күркемде өлең жазған күндерім Бұл-бұл ұшар болмай ертең-бүгінгі.
Жанарларым – жарты әлемді арбаған, Үңірейіп неге біттің сен маған?! Үшінші көз ашылмады, әттеген, Қос үңгір тек – қол жетерді қармаған. Алла! Маған сана бердің неге сен?! Жазылмайтын жара бердің неге сен?! Жиырма бес жыл жиып-терген барымды Жиырма күнде ала бердің неге сен?! Қу тірлікте не қалдырдым артыма?! Қандай пайда тигізе алдым халқыма?! Қиянаттан басқа адамға не істедім, Пақыр басым жетті ненің парқына?! Жә, ендеше! Бұл өмірде бос жүрмін, Қателесіп, өзіме-өзім қас қылдым. Періштеге дем салғызып, Тәңірім, Пенделермен мені неге дос қылдың?!
Пайдамды айтса, пайымдамас пақырмын, Қауызыма қақ тұрмайтын тақырмын. Мекенімді көктен іздеп мен бүгін, Қара жерге сыймай бара жатырмын. Қайтем енді тағып саған бекер мін, Менсіз де өзі бір басыңа жетер мұң. Хақтағала қателесіп жасаған Бір былықпай пенде болып өтермін. Жаным менің! Жау санама сен мені, Сенің демің – сезім біткен мендегі. Мен кеткеннен қисаймайды қылшығың, Өлімтіктің сезілмейді өлгені. Кемақылға, мейлі, кеткен-келгені, Жаным ұшса – жарық дүние сөнгені. Ана сүтім ауызыма татиды-ау, Кең дүниенің көп болған соң кермегі.
Кірлеп кетті кінәз-сезім өрнегі, Кіршіксіз гүл, Кінәлама сен мені! Жарты бетке жан сырымды қалдырдым, Тоқта енді, Дүниенің диірмені!.. 1997 жыл, 27 мамыр. Ақтау.
СЫР
Сазы: Марат Ордабаевтікі. Тағдырға асау бағындым, «Табам, - деп, - кілтін ғаламның». Аңсадым, сені сағындым, Күн сайын күтіп, алаңмын. Қайырмасы: Сен жоқта сезім сөніп, жаным мұң, Тағдырға айтшы, жаным, мұнша неғылдым?! Қол жетпес арман болып, қойдың аңсатып, Сағындым, жаным, сені, Сені сағындым! Жанарың мені жасқаған, Аспанда жалғыз ай – теңің. Бақытты мәңгі басқадан Таптың ғой, жаным, қайтейін?! Қайырмасы. Қоспасын Тәңір білсем де, Теңіздей ойда тербелдім. Жанымда күнде жүрсең де, Қолым бір жетпей, қор болдым. Қайырмасы. Төгілді сезім сел болып, Егілдің, жаным, «қош!» деп сен. Неге біз бұрын көрмедік, Кезіктің неге кештеу сен?!
Қайырмасы. Өзгенің енді жарысың, Өткен күн – өшпес естелік. Сезімнің аппақ ары үшін Қалайық мәңгі дос болып. Қайырмасы. 2000 жыл, 11 желтоқсан. Ақтау.
МӘЖНҮННІҢ ХАТТАРЫ
(цикл) «Ләйлінің сұлулығын сезіну үшін оған тек қана Мәжнүннің көзімен қарау керек». (Халық даналығы) Жұрт сені «менмен» дейді, Сене алмаймын, Жел сөздің жетегіне ере алмаймын. Өзіме жететұғын өрлігім бар, Тәкаппар көкірекке көне алмаймын. Мейлі, жұрт не десе де, о десе де, Мен сені ешкімге де бере алмаймын! «Мінезсіз» дейді сені мына халық, Көңілімде көп пікірі тұрары анық. Дегенмен, өз ойымды өзгертпеймін, Мойыман, мойынымды бұра қалып. Тап сендей таң сипатты, қыз-қылықты Таппаспын іздесем де шырақ алып.
Айта алман «Көңілім бөлек күйге енді» деп, «Елге еріп, сенен көңілім жиренді» деп. Кеудемнен қаншама рет итерсең де, Мен саған қол сілтемен «Мейлі, енді» деп. «Ол сенің теңің емес» деген сөзді Өлшемің ете алмады сүйген жүрек. Ғашықпын саған ғана, саған, жаным, Жауқазын жаны гүлдей ақ арманым. Рас екен «Сүйген жүрек – соқыр» деген, Бойыңнан бір кінәрат таба алмадым. Сан-саққа жүгірткенмен санасыз жұрт, Саған мен тарыдай мін таға алмадым. Өзгеше ләззат алып өнеріңнен, Ту қылып, тұмар етіп келемін мен. Тұнығы лайланбаған көлдей көріп, Тұмадай қанып іштім тереңіңнен. Әйтеуір мені сендей көтеретін Ешкім жоқ екеніне сенемін мен.
Көңілі сүйген жанның қала ма екен?! Сезімімді көрге бірге ала кетем. Ешкімнің қолы жетпес еңлікгүлдей Шыңдағы шынарыма балап өтем. Мәңгілік Ләйлі сынды дидарыңа Мәжнүннің көзіменен қарап өтем! Көз тігіп үмітпенен кешкі күнге, Жас жүрек зарыққан күй кешті мүлде. Сергелдең болған сондай сәттерімде Сен ғана сөйлесетін дос тілінде. Жүгінем жүрегімнің үніне тек, Келмейді басқа ештеңе естігім де! Мен – сенің жұлдыз шашқан жолыңдаймын, Сенсіз өмір – қараңғы, Мойындаймын. Кетсек те жер түбіне жеткізбейтін, Қол ұстасып жүруге қорынбаймын. Жүз жерден лауласа да өсек өрті, Жүрегімнің айтқанын орындаймын.
Беу, дүние, нағыз сөзді надан көрген! Арасын арам ойлы адам бөлген Аз ба еді арманда өткен ғашық жандар, Солардың махаббатын маған берген. Өсегін айта берсін өзге халық, Кеселін көріп алдым содан келген. Сен – менің сезімімді қозғап кеткен, Сол шоқтан сөнбес алау маздап кеткен. Айтарын айта берсін ақымақ жұрт, Кесірі кейде тие жаздап кеткен. «Ит үрер, керуен көшер, сенім қалар» Деген бір бұрынғыдан сөз қап кеткен.
Жырласам сені таңды таңға ұрып мен, Жан сырым жетер ме екен жаңғырықпен?! «Күлімдеп тұрса екен, - деп, - алдымнан тек», Күтемін нәркес көңіл, нәрлі үмітпен. Тәңірдің шың басына қойған гүлі, Тәу етіп өтем саған мәңгілік мен! 2002 жыл, 1 қазан. Ақтау. * Уақыт шіркіннің келе ме күзі, Ұлы соқпақтың көнереді ізі. Мен саған неге байланып қалдым, М... ақсақалдың немере қызы?!
Мен сені, қалқам, неге қаладым?! Мейірімімді төге қарадым.
Басқа сұлу да аз емес еді, Бақытқа сені неге баладым?!
Жүрегің тола ән шығар мүмкін, Жүзіңді көрсем, аршылар бұлтым. Үштаған менен Сам құмдарының Ұқсастығы да бар шығар мүмкін?!
Ақсұңқар-көңіл жүрегі жанып, Аққуын көлдің іледі барып... «Алты жас үлкен аруға ғашық Алаңғасар» деп күледі халық. Өкінген сәтте «Өмір-ай!» дедім, Орындалса ойым, «О, Құдай!» дедім. Талай шықпай қап шақырған сәтте, Талқан қылдың ғой көңіл әйнегін. Демеймін саған: «Жәй, бекер едің», Төбеме сені Ай көтеремін. Біреудің жарын құлай сүюдің Білмеппін артық қайғы әкелерін. Ашығын айтсам, оғаш па, қалқам?! Алдағы күнге бал ашпа, қалқам. Сені сүюдің азап екенін Сезбедім, рас, о баста, қалқам. Құдірет-өрттей құшағыма алып, Құлын мүшеңді құшамын барып. Жарының асау, арда жүрегін Жаңайдың қызы, тұсадың анық.
Ұғынтса уақыт бәрі бекерін, Неғып мен енді налып өтемін?! Жарығым менің, Сен сезіндірдің Жар төсегінің жалын екенін.
Теңіз-сезімнің тегін ұқтырдың, Кеудеңе жыр боп төгіліп кірдім. Қатал жүрегіңді мен жібіттім де, Қамсыз күлкімді сен ұмыттырдың.
Көңіліме күлкің лағылша қонды, Табады жүрек жаңылса жолды. Тек менің кейде тентек нөсерімді Тежейтін күшің табылса болды... 2002 жыл, 6 қазан. Ақтау. *
«Антыма, - деуші ем, - берікпін», Аяқ астынан желіктім. «Кек аламын» деп өзіңнен, Кемақыл-ойға еріппін.
Таңдаған жаным таз болды, Табалап дұшпан, мәз болды. «Еркекпін» қанша десем де, Ерік-жігерім аз болды.
Адасқан тағдыр – қорлық-ау, Айырылған алдан жол мынау. Айдаладағы біреуге Айырбастағандай болдым-ау. Жоқ еттім бәрін, жоқ еттім, Жолым да бүгін бөлекпін. Аяққа таптап арыңды, Асыл сезіміңді қор еттім. «Мазақ қып мені көп күнге, Мақсатқа, - дейсің, - жеттің бе?!». Шынымды айтсам, шынарым, Ондай бір ойым жоқ мүлде. Дидарың ұқсап шоқ гүлге, Диуана мені еттің де; Қаратып алып өзіңе, Қайтадан жеріп кеттің бе?! Сырымды терең ұғарсың, Сыңсып бір сосын жыларсың. Қызғаншағым-ау кішкентай, Қия алмайтұғын шығарсың. Елдің сөзіне ермеймін, Ешкімге сені бермеймін. «Санамнан мәңгі сүртемін» Деген сөзіңе сенбеймін.
Өзің едің ғой ақ арман, Өшпеуге мәңгі жаралған. Сен ұмытсаң да, жарығым, Мен өшіре алман санамнан! Жақсы көрсе, адам шын айтар, Жан сырым талай мұңайтар. «Жаным-ау, көкем!» деп маған Жарығым, енді кім айтар?! Сен болып қана атар күн, Сен болып қана батар күн. «Көкем-ау!» деген сөзіңді Көрімде де естіп жатармын. Мен ұмытар деп еш күтпе, Қоя алмаймын мен еш нүкте. Ұмытылмайды ол сәттер, Ұмытылар күндер кештік пе?! Әуендей еді-ау әр үнің, Дариядай еді-ау дарының. Жазылмай кеткен дастаным, Жаңылмай тапқан жарығым! Жыраққа жетер жыр-үнім, Жығылтқан асау қыр ұлын. Қана алмай кеткен тұнығым, Тоя алмай кеткен шырыным.
Бір адамдай билігің, Мың адамдай сыйлығың. Қызыл тілде жүйрігім, Қызғалдақтай сүйрігім. Топ ішінде тұйғыным, Қылыш мінез қиғырым. Пенделерге қор болды-ау Періштедей пиғылың. Ақылыңды айтып ақынға, Лапылда, жаным, лапылда! Өмірге өрт боп келдің сен, Бар оған және хақың да! Асылтас сынды атың да, Ақ алмас сынды затың да. Қайрат бар сенде – Бітпеген Қазақта ешбір қатынға. Түрегел, жаным, түрегел, Жүрегіңе гүл өнер. Түн түндігін көтеріп, Күн келерін біле бер! Жасын түскендей жай күнім, Аяқ астынан айныдым. Кеше алсаң мені, кеш, қалқам, Кейіндеу қалсын қайғы-мұң. Ал енді бүгін бекер, кеш, Алдыңда кінәм өтелмес. Жасаған мынау күнәмді
Жан баласы да көтермес. Шаттық пен қайғы – жүгендес, Шамырқансаң да, түк өнбес. Көңілің енді жібімес, Көз жасың мені жібермес! Қайткенде бұлтты сөгілтем, Қабарған мұңды сейілтем?! Қара жер сынды қайғыңды Қайткенде, жаным, жеңілтем?! Тәңірім неге көрмеді, Тәрк етіп сені, жерледі. Талантыңды мол ғып бергенше, Тағдырыңды кең ғып бермеді?! Өмірдің қиын жалғаны, Өкініш болып қалғаны. Орындалмайды екен ғой Адамның ешбір арманы.
Аспанымды бұлт торлады, Айықпас қайғы орнады... ...Теңгермен сені ешкімге, Тек соны білсең, болғаны... 2003 жыл, 19 қаңтар. Ақтау. * Бақытты күндердің бәрі артта қалды, Мәңгілік не бар өмірде?! Бергенін өзі Жаратқан алды, Қоштасар сәтім келді ғой, күнім, менің де, Езіліп босқа, егілме!
Бергенін өзі алатын Құдай Тағы да бермес деймісің?! Тауқыметті басқа салатын Құдай Көз жасты көрмес деймісің?!
Бұғалық білмес бұла күндерді Бура-бұлт басты көмескі. Айқайлап тұрып жылағым келді, Амал не, қатын емеспін.
Қуаныш нұрын құйып ек, сәулем, Көздерден сөздер төгіліп. Қоштасу қандай қиын ед, сәулем, Қабырғам қалды сөгіліп.
Үніңмен мені үйіріп едің, Сен барда таумен теңестім. Ең ұлы сенің биігің едім, Енді мен... Ешкім емеспін. Тірегің санап тірлікте жалғыз, Тіредің маған арқаңды. Жылы сезім мен жыр күткен Ән-қыз, Шалқыған пейілің шалқар-ды. Әз-жүрегіңнен қала-далаға Ән емес, енді қан тамды. Қайыру көрмеген қара бала да Қара арғымақты қаңтарды. Есер жел қуған ебелек пе едім, Ерте айрылған басымнан?! Көрсоқыр, көзсіз көбелек пе едім, Көрінген жанға бас ұрған?! Өкінем – Сонша керемет пе едім, Шартарапқа аты шашылған?! Садаға болып неге кетпедім Көзіңнен аққан жасыңнан?!
«Қасірет» деген қандауыр көрсе, Қан жылап жүрек, қансырап; Жалғыз қалудан бар ма ауыр нәрсе Жанардан жасы тамшылап?!
Өзің де шыдап зорға отыр едің, Сызатты көңіл сынды ақыр. Түзелу білмес өр көкірегім Түбіме жетіп тынды ақыр... 2003 жыл, 22 қыркүйек. Ақтау. * «Бірімен-бірі мәңгілік тоғыспайтын, бірақ ажырап та кетпейтін, бір қадамдай жерден бір-біріне үздіге қарап, өмір-бақи қатар жүріп отыратын, қосылмайтұғын қос рельс секілді біздің ғұмырымыз». (Күнделіктен. 08.Х.2002 ж.) Білмеймін – Өкініш пе, аңсау ма не, Бір сезім түсірді осы қанша әуреге. Ақ қағаз, қара қалам, айналайын, Жеткізші жан сырымды жан сәулеме.
Күтсем де күндей жүзін гүл-ертеңнің, Күңіреніп, жүрегімнен жыр өртермін. Мейлі ғой, менсіз де таң атар саған, Мен бірақ осы жолы тірі өртендім. Өлі мен тірінің тек ортасында Сенсіз де бірдеңе қып күнелтермін. «Махаббат» деген бейбақ сәби ғана Қалады-ау жылап босқа күні ертең күн. Аралап біраз арман айтақырын, Алады жүрек сосын қайта тыным. Кезінде маған айтқан сөздеріңді Батады басқа жанға айтатының. Талқандап жіберердей тас қамалды Жанымда жабырқау күй басталар-ды. Асылған мойыныма ақ білегің Құдай-ай, құшақтайды-ау басқа адамды!
Құмар қып, құлақкесті құлынша ертіп, «Басқаны бағындыру» күйін шертіп; Жан көкем, жаутаңдайды-ау жанарларың, Өзгеге ынтызарлық сырын шертіп. Тұмантып тұла бойың, тұсалып ой, Өзге қол омырауыңды қысады ғой. Бәрінен, Бәрінен де гүл-ерінің Бал сыйлап, басқа жанды құшады ғой. Қалайша сезіп бәрін, тірі жүремін, Не деген ез боп туған былжыр едім?! Ойласам осылардың бәрін, жаным, Суынып кетеді ғой сұм жүрегім.
Өмірде жаза бастым, бос секеңдеп, «Көңілге көктегіні көксетем» деп. Басқаға бәрін сыйға берсең-дағы, Жүрегің жалғыз мен деп соқса екен тек! 2003 жыл, 22 қыркүйек. Ақтау. * «Әйелге сенсең де – ұтыласың, сенбесең де – ұтыласың. Сенбесең – әйел кешпейді, ал сенсең – алдай бастайды». (Ғабит Мүсірепов) Ішіңе түскен ащы іріткі сынды Бүктелтіп, бір уайым бүк түсірді. Мен – сенсіз, сенің – менсіз тұра алмасын Біз түгілі, былайғы жұрт түсінді. Араға қырық төрт күн салып келген Жүздесу жүрегіме жүк түсірді. Қызғаныш – қызыл азу жолбарысым, Қалайша жүгендеймін жыртқышымды?!
Көркіңді көзбен сұлу мүсіндесем, Сымбатың сымдай түзу пішінде сен; Құтыртып нәпсі құртын өзгелердің, Құмарсың жұрт көзіне түсуге сен. Бақыт-құс баяғыда қонар еді-ау – Бағаңды басқаларға түсірмесең. Қаншама ескерткенмен, ем болмады, Қайтейін, қателігіңді түсінбесең?! Аққудай айдындағы кербездендің, Күн шыға көлеңкеңді көлде іздермін. Емін кім табушы еді екі дүниеде, Есінен айрылып, ел кезгеннің?! Мен де сол – «ғашықпын» деп ғазал жазып, Жетесіз диуанадай жер кезгенмін. Ақыры салқын ой мен сабыр жеңді, Бұл күнде сен де өзгердің, мен де өзгердім.
Бұлақтай жылап аққан жылғадағы Жанымда жалғыз шыбық ырғалады. Құдай-ау, Күткен күндер қайда қалды «Кешікпей кеп қалар, - деп, - бір хабары»?! Жолыңнан жаңылыстың – Суретшідей Қолынан ұшып түскен қылқаламы. Қамыққан сәтіңде сол, қалқам, сенің Жас-тамшы жанарыңнан сырғанады. Жандарын ғашықтардың ғарыш күтпек, Арманын аялаумен бар іс бітпек. Арада қаншама күн өтсе-дағы, Айтпаймын «Бақыт құшып, бал іштік» деп. Екеуміз бір алыстап, бір жақындап, Антұрған алуан оймен алыстық көп. Қанбаған қайғы уына қасқалардай, Таңғалам «Сол шәрбаттан тағы іштік» деп. «Көрмесе, тұра алмайтын сезім қайда, Ендеше, неге біздер табыстық?!» деп.
Көңілім қиялменен көріп көкті, Өмірін өзгелердің көрікті етті. Қаншама мен тұрақсыз болсам-дағы, «Сен олай етпейді» деп сеніп кепті. Кеудеме бір күмәнді ой еніп кетті, Жанымды күдік кеулеп, жеріп кетті. Жүрегім – жүз қыздан да артық көрген Шыдамай бұл сыныңа, өліп кетті. Аттамау керек еді ардан, жаным, Көз сүзіп көне берсең, бөрік көп-ті. Қаншама «шыдамдымын» десең-дағы, Қайтейін, әйелдігің жеңіп кетті. Ебідей ерке желі есіп алдан, Тірлікте талайлардың көші қалған.
Құмарлық құс-жастықты құшақтатып, Қу нәпсі талайлардың есін алған. Сен де сол көптің бірі болып қалдың, Аңдамай ар көйлегін шешіп алған. Немесе семсер білек секілдісің Жарасын тырнаймын деп тесіп алған. Өкініш өртеп сосын өзегіңді, Бармағын байқаусызда кесіп алған. Мейлі, сен не десең де, о десең де, Мен сені осы жолы кешіре алман!
«Сүйем» деп өзіңді-өзің босқа алдадың, Сөйттің де, болашақты бос қармадың. Жеңілтек ойларыңның жетегімен Желпініп, кемел ойды кеш қолдадың. «Серігім болады» деп сенген едім, Сен маған сезімге адал дос болмадың. Ендігі тіршілікте мағына жоқ, Егілмей, айрылысалық, Қош бол, жаным! 2004 жыл, 8 сәуір. Ақтау. Мен сенен бәрібір де кете алмадым, Жат қыздың жанын мекен ете алмадым. «Басқаға басы бүтін берілдім» деп, Өзімді-өзім, қалқам, өте алдадым. Аттағым келгенімен ала жіпті, Сезімнің шебін бұзып өте алмадым. Ән қылып өмір бойы өтетұғын Мәңгілік мені Мәжнүн ет, ардағым!.. .................................................................... ...Мен саған кетпестей боп кісенделдім... 2004 жыл, 13 сәуір. Ақтау. Көш кеткен жұртта қалғандай көңілім құлазып, Жалғызсырап жүрмін, жаным-ау, білесің бе сен?! Адам біткеннің бәріне Сенімім жүр азып, Жайқалған бағым – жалаңаш, күл толы күресін – көшем.
Түңілтсе-дағы тіршілік түніне құрсап, Бақытқа байғұс адамзат тоймайсың да екен. Күңіреніп жүрген жанымды күлдіріп, Күніне бір сәт, Бір мәрте болсын мен жайлы ойлайсың ба екен?! Теңіздей шалқар сезіммен тереңдік үндес, Жағаға ұрып толқындар жаныңда, көкем, шулады ма екен?! Еске алу, шаршау, сағыну, аңсау дегенді білмес Еш қайғысы жоқ есуас, есек боп неге тумадым екен?! Жанарға тұнды жас болып, жарығым, жанымдағы шық, Сарыуайым жеп, сандалған ғашықтың санасы өзгерді. Жүректің қабы жарылып, тәнімнің тамырлары ісіп, Арнаға сыймай жырларым, ақ өлең, қара сөз болды.
Білемін, жаным, емесін саған да оңай, Біз осы соны Тәңірден тіледі дейсің бе?! Алапат сезім ақылды ап, айдайды аранға қарай, Адасқан жүрек ақ жолды ап-айқын біледі дейсің бе?! Қара түндерді қамыт қып, қаншама қажып ақ таңда, Жартыкеш тірлік кешкенше, жалын боп жанып кетсем ғой. Ақ қағазыңды алдыңа ап, жазып жатқанда Қалам ұшына оралып, қайғы боп тамып кетсем ғой... 2004 жыл, 11 маусым. Ақтау.
ТҮННІҢ КӨЗ ЖАСЫ
Мен – көз жасына қалған адаммын, Кімдікі екенін айтпаймын бірақ. Өмір базарына барғалы алаңмын, Өзгелер сынды қайтпаймын жылап. Өзгеге басын игізбес адам, Өтсе де кілең өкіндіріп көктем. Саусағымның ұшын тигізбей саған, Он алты жасыңда опындырып кеткем. Жарығым, сені жылатып кеттім, Көрсеқызарлықпен, көрсоқыр болып. Бәйтерегіңді құлатып кеттім, Көңілің мұңмен көрші отыр қонып. Байғұстың енді басын балталап, Арыған жанды азаптамаңыз. Жазықсыз қыздың жасын арқалап, Жанатын жанмын тозақта нағыз. Шаршаған арсыз жындылықтардан Күнәсіз жаның күрескір еді. Сыңғырлау жақта шыңғырып қалған Сенің даусыңды кім естіп еді?!
Селеудей жұлған сезімнің шашын Қырттарға кімдер қынжылып еді?! Көкірегіңе тамған көзіңнің жасын Көктің суы емей, кім жуып еді?! Құйттайымнан-ақ құрылды қақпан, Шетінен тіспен шешіп көремін. Көтере алмай жүгімді батпан, Көз жасыңды әлі кешіп келемін. Сеп болар ма енді сенсіз жылулық, Серілігіндей жайын-жастардың. Мен қол тигізбеген меңсіз сұлулық Мекер қатынға айырбасталдың. Сергелдең болған Сенім боздасын, Отыздан өте өлеңнен қалып. Тыныштық бермес сенің көз жасың Түн баласына төбемнен тамып. Жан-жүйем еріп, ашылам сосын, Жас бала сынды жаншылады ма?! Пырсылдап жатып қосылам сосын Тырсылдап тамған тамшыларыңа.
Ана дүниеге асыға берме, Адасқан жүрек аңсары неден?! Жастықты шылап жасыма кейде, Талықсып оянам таңсәріде мен. Ақ боран соғып, бүрсеңдеседі, Аңғал да аңқау ақ қоян кезің. Кімнің көз жасы?!. Білсем де соны, «Түннің көз жасы» деп қоям өзім. Өзіме лайық жүгімді тартам, Аямас тағдыр «Ақынсың ғой» деп. Күпір боп, ақтап күнімді талтаң, Қайтемін босқа батырсып өйдеп?! Үш қыр астындағы үніңді, қалқам, Жәдігөйсіп қайтем «Жақынсың ғой»деп?! «Оқысаң осы жырымды, қалқам, Өзің де сезіп отырсың ғой» деп, Өзімді-өзім жұбатып қоямын... 2010 жыл, 21 желтоқсан. Ақтау.
ТОРЫҒУ
Безбүйрек қоғамнан безінеді екенсің, Саған да тықыр таянды, бала-ау!.. Сен маған қашан кезігеді екенсің, Адал сүт емген аяулы жан-ау?! Шалқиды қашан бақ-ырысым артып?! Шаранадан шығар шақалақ ұл да. Саған деген сол сағынышым артып, Сандалып жүрмін сахара құмда. Қолжаулығы боп наданның харам, Тартқылап жатыр талтаң бастырмай. Айналадағы адамның бәрі – аң, Қолыңдағыға – қорқау қасқырдай. Аламанға әкеп ат қостырардай, Ақ жұлдыз болып тез ағып едім. Он сегізімде от бастырардай, О, Құдай, саған не жазып едім?! «Көрт» деп ұққаным – көк айыл еді, Таңдайы жарылар таңғалған адам. Тумаған жұрттан не қайыр енді, Тумаласың да жау болған заман?!
Түгендеп жоқты, түстеп оқыма, Түбінде жұртта қаламын ба енді?! Түк көрмей тұрып түскен отыма Түгім қалмағанша жанамын ба енді?! Түскен отым сол тозаққа айналып, Мен болдым қоғам қорлаған мәңгі. Махаббат дегені мазаққа айналып, Әйелден жолы болмаған әңгі. Түнде естігенін түсқайта сұрап, Тілмәрсіп өңшең жатып алыңдар кеп: «Бас-басыңа түгел қыз қайда, шырақ?! Бес-алтауың әзір қатын алыңдар!» деп... Сайран өмірді сабылысса ұғарсың, Ен тілегімді ел қарғыс етті. Сен маған мәңгі сағыныш шығарсың, Себебі, өмірдің тең жартысы өтті... 2010 жыл, 21 желтоқсан. Ақтау.
ІҢКӘРІМ
Сазы: Рахат Мәдіреевтікі. Мен сенің ғашық болдым жанарыңа, Жарқ етсе, жаның тыныш қалады ма?! «Жаныңды мұң баспасын, жарығым!» деп, Қараймын қайта-қайта қабағыңа. Қайырмасы: Көңілімнің әні, Нұр-таңым менің, Өмірімнің мәні, Іңкәрім менің, жаным! Күйдіріп, қылығыңмен қызғандырдың, Сүйдіріп, жүрек шөлін жүз қандырдың. Көшпейтін көңілімде көктемдей боп, Өшпейтін өмірімде із қалдырдың. Қайырмасы: Жүрегімнің гүлі, Лағылым менің. Көңілімнің күні, Жалыным менің, жаным! Ғашықтық – ғаламат бір күйік екен, Көңілі сүйген жанның биік екен. Ел сені не десе де, о десе де, Мен сені өмір бойы сүйіп өтем!
Қайырмасы: Көңілімнің әні, Нұр-таңым менің, Өмірімнің мәні, Іңкәрім менің, жаным! 2004 жыл, 15 сәуір. Ақтау.
ҚАЛҚАТАЙ
Сазы: Алтынбек Сарғожаевтікі. Көргеннен ғашық болып, Көңілім бекінді шын. Пейілім тасып-толып, Періштем секілдісің. Қайырмасы: Қалқатай, арманымсың, Қол жетпес ардағымсың. Көлдегі аққуымсың, Көктегі заңғарымсың. Алысқа самғарымсың, Арайлы таңдарымсың, Аяулы ән-бағымсың. Өзіңді іздеуменен Өлкені шарладым шын. Өмірде жолың болып, Ойдағың оңғарылсын! Жарқ еткен жанарыңнан Жаныма гүл егілді. Айналдым қабағыңнан, Жауладың жүрегімді. Қайырмасы. Жұпардай тәтті лебің Баурады көңілімді. Өзіңе ақ тілегім: Нұрлы етсін өміріңді! Қайырмасы. Бір сен деп күйген жаным, Ғажайып арман-әнім. Өмірлік сүйген жарым, Өзіңсің таңдағаным.
Қайырмасы. 2009 жыл, 29 қараша, 15 желтоқсан. Ақтау.
АҢСАУ
Жайқалған жауқазын гүлдей, Жайнаған жап-жарық күндей Жаным-ау, жүрдік қой өмір Жарқ етіп өтерін білмей. Жазылмас жараны салдың, Жабырқап жалғыз мен қалдым. Жаныма мұң сыйлап әр күн, Жабығып жағаға бардым. Қайырмасы: Қайдасың, ғашығым?! Қаракөз асылым. Қасымда сен жоқсың, Қамықтым, жасыдым. Сабылтып сары сағым, Сансырап, шаршадым. Сезімім сел болып, Сені іздеп, аңсадым. Шалқыған көрікті көлден, Аңқыған ақ самал желден Өзіңді іздедім, жаным, Өмірде бір жүрген жерден. Басымнан көшкендей бағым, Жасымнан өшкендей жалын. Қайғыда қалдырып мені, Қай жақта жүрсің сен, жаным?! Қайырмасы. 2011 жыл, 18 қазан. Ақтау қаласы.
ЖЕТІМ МҰҢ
Сазы: Ұлықпан Жолдасовтікі. Бетеге кетті де, белдер қалды, Бебеу-құс ұшты да, көлдер қалды. Сағына табысқан сәттер қайда, Тағы да қауышқан жерлер мәңгі?! Ақбөкен кетті де, дала қалды, Айкөркем кетті де, қала қалды. Шапағат шашатын жүректерге Махаббат сынайды әр адамды. Қайырмасы: Әнімді өзіңе арнадым, Жанымды сезіммен жауладың. Мен үшін жаралған болсаң да, Жаным-ау, менікі болмадың. Азғана өмірде сырластық, Ағылған көңілде күйді аштық. Бұйыртпай бақытын бұл жастық, Арада қалды тек қимастық. Аққулар кетті де, айдын қалды, Ару қыз кетті де, қайғым қалды. Сыбызғы-көңілім сыңсиды енді Сыр қылып сыңардан айрылғанды.
Жаз-күндер көшті де, жай күн қалды, Сазды үндер өшті де, сай-құм қалды. Басынан кешпесе, білмейді адам Жасынан қиналып, қайғырғанды. Қайырмасы. Махаббат қайғысы терең екен, Маңдайға жазғанды көреді екен. Бізді мас қылған сол махаббатқа Мызғымас мықтылық керек екен. Өмірің осылай өтеді екен, Сүйген жан мәңгілік күтеді екен. Әлі де үмітпен жүргеніңде Бәрі де осылай бітеді екен. Қайырмасы. 2011 жыл, 23-25 қазан. Ақтау. Үшінші бөлім
ЖЫРЫМДЫ МЕНІҢ ОҚЫҢДАР!..
ЖЫРЫМДЫ МЕНІҢ ОҚЫҢДАР!..
Жырымды менің оқыңдар – Ала бұлттардың арасында бір күн аунап, Түстікке қайтса тырналар тобы тыраулап. Аққулар аңсап айналып ұшса төбеден, Алқара аспаннан ақ сезім толы жыр аулап. Жырымды менің оқыңдар – Көкала түйдек кеудемнен керуен көшкенде, Тұнып бір қалған ауадай тымық кештерде. Алғаусыз жанды тербеген алау-сағыныш Арқадан соққан ақ самал болып ескенде. Жырымды менің оқыңдар – Бал-қайыңдардың бала-жел сипап шашынан, Тар кеуделерде тал-қуаныштар тасыған; Әр кеуделерде ән-қуаныштар тасыған, Бар кеуделерде оянған сәтте ғашық-ән.
Жырымды менің оқыңдар – Дала пейілімен иіген сәтте түз-анам, Құшағын ашып, құрсауын жазса құз-аран. Жидеден шапқан қақсауық қара домбыраның Қайың тиегі қақ бөлінгенде ызадан.
Жырымды менің оқыңдар – Көкірек толы қыстығып мұңмен көркеуде, Жыларман болып, жынданар сәтің келгенде. Шерлі көңілің сеніп ешкімге шешіле алмай, Сенделген кезде шерменде болып, шерменде.
Ақиық болып жаралады ғой ақындар, Көре алмайтұғын көкірегі түнек соқырлар Орақ-тілімен ормандарды өртер отым бар, Шыға алмай кеткен шоқтығы биік шоқым бар – (Айтуға мұны хақым бар), Жырымды менің оқыңдар!.. 1990 жыл, 26 наурыз. Алматы.
- *
(Башкарға)
Өлең өлең бола ма – Өртемесе өзекті?! Өмір дейтін, жан аға, Өңез тірлік мезі етті.
Көкірегіме күл толды, Көрінбейтін күш құрсап. Көкмұрын боп жыр тоңды, Қанаты сынған құсқа ұқсап.
Адам адам бола ма – Өртенбесе өзегі?! Көңіл бір күн, жан аға, Сілкінерін сезеді.
Қарап тұрсаң былай, ә, Бәрі өзгере береді. Көктем сайын, Құдая, Ғашық болғым келеді. 1991 жыл, 21 наурыз. Алматы.
- *
«Мінген де аты қаракер ме екен, сұр ма екен?!». (Есенғали Раушанов)
Мінгенім – қызыл ма екен, қылаң ба екен, Қызығып тәмам елім тұрар ма екен?! Қасынан ақмаңдайдың ауылының Ән салсам, әз қалқаға ұнар ма екем?!
Тартқаным – «Ақжарма» ма, «Адай» ма екен, Аузыма алқалы топ қарай ма екен?! Беу, жалған, қызы да көп, қызығы көп, Дариға-ай, сені қиып қалай кетем?! Салғаным – «Гауһартас» па, «Айдай» ма екен, Өзекті өрт-өкініш жайлайды екен. Жақсыны жауыз ажал қоймайды екен, Қара жер қанша алса да, тоймайды екен. Алғаным – ару ма екен, арман ба екен, Арманда талай пенде қалған да екен. Дүбірлеп өрісі ауған киіктейін, Дүние – өткінші бір жалған да екен. Кигенім – кемер белдік, кең бешпет пе, Беу, тағдыр бейшарамен белдеспек пе?! Бұлтартпай қалай айтқан бұрынғылар: «Бұл жалған қайта айналып келмес» деп те.
Үкілі домбыра ма – ұстағаным, Үзілтіп салған сазым, құштар әнім?! Баянсыз тіршілік-ай, байлауы жоқ, Жүзіндей қылпылдаған ұстараның. Басымда – бұлғын, сусар бөрік пе екен, Бұл адам сұм дүниеге жерік те екен. Бір күні мен де өтермін, Бұл өмірге Тәңірмен тартысуға келіп пе екем?! Жарлының жырым-жырым бөрігіндей Сетінеп, тоз-тоз болды сенімім кей… ...Аспанда сыңар аққу айналып жүр, Ақшамда алағызған көңілімдей... 1990 жыл, 26 наурыз. Алматы.
ЖАЗҒЫ ТҮН. ЖАЙЛАУ. КИІЗ ҮЙ.
Күнгейден тұрса жел демде, Киізі қағар қалбалақ; Керіп бір тіккен дөң жерге Кереге көзді кең қанат. Шаңырағын шырқау тігіскен, Шарбағын торлап мықты емен. Күнге шағылған күміспен Күлдіреуішін күптеген. Сымбаты көкпен астасып, Сылаңдап сынық ай туып; Қауым боп қапты бас қосып Қаламдап жонған қайқы уық. Қыр төсінен қол бұлғалар Қызыл орамалдан аумады: Самалмен жайлап ырғалар Самсаған басқұр-баулары. Көбеңсіп қалған көңілдің Көп жұлдыз сүйді бетінен. Түнгі көк сәуле төгілді Түрулі түндік шетінен. Әз-жанды тербеп жыр ыстық, Әуеден нәзік ән құлап; Ұйыған уыз тыныштық Ұйқыға кетті балбырап… 1990 жыл, 17 наурыз. Алматы.
ТАЙТАЛАС
Аламысың аялай арманыңның ақ гүлін?! Білегіне сенгеннің біреуі де жоқ бүгін. Ара құнын аңғара алдың ба сен, айнам-ау, Тіл үйірер тәтті мен тіс сындырар қаттының?! Өмір деген – төбелес, басқа ештеңе емес ол, (Ебідейін екпіндеп желке тұстан жел есер). Қарап тұрсаң, қарғам-ау, сорлылардың сөресі Жүлде бермес жүйрікпен қалай-қалай теңесер?! Заман азды-ау, ағайын, заман азды, заң тозды, Таныдым мен тағы бір тауды шаққан тар кезді. Жалбаң қағып тартқанда жабы тұяқ жамандар, Жалп еткізіп ерінен кетті аударып жампозды.
...О, түсімде, түсімде хас тұлпардың қасына Қаптал жақтан қақпайлап, шапты мәстек қосыла... ...Дарындардың, Құдая, келешегін ойласам, Шырт ұйқымнан шыңғырып оянамын шошына... 1990 жыл, 4 мамыр. Алматы.
ТАСАТТЫҚ
«Е-е, қарақтарым, заман озды, адам азды ғой бұ күнде. Адамдар асып-тасып кетті ғой. Қайтадан топан су қаптамаса, игі еді..» (Ибраһимнің әкесі Жамал ақсақалдың сөзінен) ...Біздер он бір едік: Нұрхат, Нұрбол, Ибраһим, Серік, Лариса, Ләззат, Мейрамхан, Сәкен, Гүлнар, Нұргүл және мен. 25.04.90. күні Шымқалаға жүргелі тұрғанымызда өткінші жауын сіркіреп барып басылды. Сонда менің жаңбыр тілеген көңілім жан сарайымның түкпірінен осы жолдарды оятты... Құйшы, қара нөсерім! Шерменделердің шерлі көңіліне жас боп құй, Тасжүректердің тағы көзіне тас боп ти! Жауыздық сонда «Мамалап» тұрып жыласын, Көзінен аққан қанды су жүзіне салып жырасын.
Құйшы, қара нөсерім! Құныққан құмық-аранға құп-құрғақ қара құм боп құй, Жылаған жетім көңілге жып-жылы ғана жыр боп құй! Ақкөңіл-арық сонда бір асырын салып ойнасын – Ағызып суға арам жүректің қоқысқа толы қоймасын. Құйшы, қара нөсерім! Топан боп алшы тоқтамай, әлемнің төрткүл бұрышын, Тізіліп ағып кетсін бір тірі жүргендер күні үшін. Тек қана жалғыз тілегім: Телегей жерді алса екен, Екінші Нұхтың кемесі тесілмей, аман қалса екен!.. 1990 жыл, 5 мамыр. Алматы.
ТӨЛЕГЕНГЕ
«Ақынға керек асаулық пенен ақыл көп», Ақ сезімімді айтпауға ешбір хақым жоқ. Қасыңда жүрген қалай жыршы боп кетпеген, Оқығандар да ойланып жатыр ақын боп. Қырмызы қызыл қызғалдақтарын жиып ап, Қырларға шықсам, сен жоқсың, жаным, қиын-ақ. Төбесіменен аспан сүйеген таулардан «Төлеген» деген төбенің өзі биік-ақ. Сандалма ойлар сарсылтқан мынау санамды Сезімім тербеп, сен болып сәтке жаралды. Күмбезді аспан көгінен жұлдыз құлатқан Көзіңмен сенің көргісі келер ғаламды. Қарашы мынау қамқа тон, пүліш қырымды, Қарауыл-таулар иығына ілген күнімді – Елтіме жанды, еліктей іңкәр дүние Есіме салды Ертістей ерке жырыңды.
«Кел, сүйші бір» деп, самалға тостым бетімді, Керімсал демі кержағал мұңды кетірді. ...Тіршілік тілі «Сөйле» деп, сәтке сөз берсең, Төлеген болып төгіліп кетер секілді. 1990 жыл, 9 мамыр. Алматы.
ТАЛАНТҚА ТАҒЗЫМ
«..Мамық төсек, құс жастықты қатар сап, Пай-пай шіркін! Ұйқы қимай жатыр шақ... Таң келеді, таң келеді тамылжып, Арман не, дос, біз де таң боп ата алсақ?!». (Меңдекеш Сатыбалдиев «Таң») Еһ, арысым!.. Ерте сынған еменім, «Бұтақтарың биік болсын» деп едім... Саған деген жан сырымды жырыммен Жеткізе алмай келемін. Осыншама сезім сыйған өлеңге, Мұндай дарын екі дүниеде өлер ме?! Сенбеймін мен – Сорғалаған сол жырды «Қалам жазды» дегенге! Маңдайынан ақыл қоздап келелі, Таңдайынан тамып тұрған өлеңі, Алау-көңіл, жалау-жүрек ақыным, Қаныңменен жаздың, рас, сен оны!
Ай-Күн қалғып алдыңда, алтын айдарлым, Кең кеудеңе Жұлдыз басын қойған мың. Ақкөкірек дарын берген өзіңдей Атыраудың топырағынан айналдым! Таң келеді, самал іздеп, саз аңсап, Көңіліңнің көмбелерін қазар шақ ... «Арман не, дос, біз де таң боп ата алсақ», Арман не, аға, біз де сендей жаза алсақ!.. 1990 жыл, 3 маусым, 20 шілде. Алматы, Сыңғырлау.
АҚЫН АНТЫ
«Көңілім ақ, қолым таза, Іше алмаймын, іше алмаймын қара сүт. Қаралыққа мен қол берсем, Ағып түссін көзімдегі қарашық!». (Меңдекеш Сатыбалдиев) Тәкаппар таумын – Жалауын қадап жақсылар жартастарыма жаны ізгі, Төсімнен тентек теңіздер тау-толқындарын ағызды. Ентікпей еркін шығатын елеусіз биік мен емес, Ескерусіз төбе тәрізді. Бәйтерек жанмын – Қара тасты да қақ жарып шығатын шынар сияқты, Ақтүтек дауыл тұрғызып, көкірегімнен күй ақты. Бозжайнақ мынау дүниенің бозбала-көңіл ұлымын, Бойына жиған ұятты.
Теңіз мінезбін – Табиғатыма тән тентектік, жанымда жатыр ерегес, Кез-келген жанға күлкі емен, кекеткендерге келемеш. Теріп алғыштың жолында тезекше жатар шашылып, Тегін дүниең мен емес! Қайқы қылышпын – Жауымның жаны мұздайды – жасылданғанда жанарым, Жарқ етіп жалғыз сермеліп, аламан-ойнақ саламын. Қара жүрекке қол берсем, қасиеті атсын бабаның, Қақ бөлінсін ақ қаламым!.. 1990 жыл, 9 мамыр. Алматы.
ДАТ
(Есенғали Раушановқа) Айтулы жүйрік сен едің, Алдыңа қара салмаған. Берешек күннің дерегін Беткейде тұрып барлаған. Сезімі терең сен едің – «Саяз ғой» деп, шалшыққа қайық салмаған. Келешек күннің керегін Қараңғыда қара көзбен қармаған. «Неге мына шалқаясың, заман?!» деп, Қыр көрсеттің қияға туың шырқарда. Етегіңнен ұстап, еруге біздер жарар ма ек, Бұлағайдың күні бұрқарда?! Шынымен сізді жалықтырмай ма сүрең із?! Тастамай, алып шығарсыз бізді тамұқтан – Жасанған жауға қалдырып кетпесіңді білеміз, «Қалып қоямыз ба» деген қауіп бар.
Қаршыға қияр қарақұстың қанатын, Қайсың бар қарсы төтеп берер қарқынға?! Ұмытпағайсың – Ұран отын жағатын Ұрпақтар барын артыңда. Қара қойдай қаптай өрген «Шәйт!» десе, Қалың едік – аршып біте алмайтын ақ алмас. Жаман ініңді ерте кет, аға, Әйтпесе, «Жалғыз шауып, жау алмас»... 1992 жыл, 16 наурыз. Алматы.
АРМАН-АЙ!..
(О дүниеліктің ойлары) Қаны бойда қызынған, Көргеннің көңілі бұзылған; Қарш-қарш шайнап ауыздығын, Қара жерді қарпыған; От орнындай тұяқпен Ойнақтап, тасты тарпыған; Қашық жолға қажымас, Қайрат ескен зарпынан; Жерді сызған құйрығы, Жүгіргеннің жүйрігі, Жұмыр жон талай арғымақ Бізден де қалған, қарағым! Құлындайын құлпырған, Сыңайына сыр тұнған; Көзіне назы ұялап, Көркіне дүние қараған; Селт еткізіп сезімді, Семсермен шашын тараған; Бас ұрғандар бағасын Бар әлемге балаған; Сұғынғанның нұр-таңы, Сұлулардың сұлтаны, Ақмаңдай талай арулар Бізден де қалған, бауырым!
Адырнаны аңыратқан, Сайгез оқты сарнатқан; Кері сөйлеген дұшпанмен Керілдесіп, керіскен; Қанжығада қағысып, Тебінгіде тебіскен; Теңіз боп аққан теріңді Балдай татып, жер ішкен; Бет күйдіріп айбатың, Беттетпеген қайратың; Елеулі талай ерліктер Бізден де қалған, қарағым! Ақ домбыраң асынып, Ақпа жырың тасынып; Әлеуметтің алдында Әуелетіп ән салған; Әніңе ұйып, «Әу» десіп, Әлпештеп елің қарсы алған; «Бағың жансын!» дегізіп, Бата алғызған бар шалдан; Тілдің майын тамызған, Жыр арнасын ағызған, Апшыған асау ақындық Бізден де қалған, бауырым!
Шаршы топта сайраған, «Қой» десе де, қоймаған; Құмыр құстай құйқылжып, Құлақтың құрышын қандырған; Жүгіртіп көздің жанарын, Жүректің отын жандырған; Тамағын жыртып ән салып, Талайды естен тандырған; Теңі жоқпен теңдескен, Сезімінен сең көшкен; Сенделген талай серілік Бізден де қалған, қарағым! Кімді күтіп, кідіріп, Кімнің зарын ұғынып; Кімді тыңдап, сыр жарған, Кішірейіп бұл жалған?! Қаңғыр-күңгір сөйлейді Қазір менің қабірім. Желден жүйрік уақыт Бір сипатпай сауырын; Берекесі жоқ, беу, дүние Осылай бір өткен, бауырым!.. 1990 жыл, 9 мамыр. Алматы.
ТАБИҒАТ ПЕН ТАҒЫЛЫҚ
(аңыз) «..Парсы патшасы ІІ Кирдің кезекті бір жорығында Иранның Диала атты өзені патшаның сүйікті арғымағы суға кетіп қалғаны үшін жүз елу жерден канал қазылып, құртылып жіберілген..» (В.Мезенцевтің «Әлемнің жеті кереметі» кітабынан) Иранның гүлжазира кең алқабы, Көз ұшы көкжиегі мұнартады. Ен жайлап, еркін өскен ел тірлігін Тағдырдың тағы қысты қыл арқаны. Қан исі қолқаны атып қадамынан, Сығалап қасқыр-аран жанарынан; Келеді Персияның падишасы, Қастықтың қанып ішіп шарабынан. Соңында сансыз қолы қарақұрым, Танытып тасқын селдің дара ағынын; Келеді қорқауларша тіміскілеп, Иранның әр шоқысы, әр адырын.
Қалың қол қаншама елді жауламады, Бейбіт ел берекесі дауға қалды. Азадан күңіреніп жер жылады, Түксиген түнеріңкі таулар, әні. Халқының басындағы ырыс-құтты, Ұйыған уыз сүттей тыныштықты Талқан қып, талауға сап тағыларша, Жаланып, алдан майдан, ұрыс күтті. Бұл елге қатал тағдыр қатты қарап, Жігер – құм, бақыты ұшып, бақ тұралап; Сөздерін жауыздардың жалғыз ауыз Жазмыштың жарлығына жатты балап. Уа, қайда, Басындағы қайда бақыт?! Барады бағыңды алып майдан-уақыт. Сорлы елдің соры арылмай маңдайынан, Жабырқап батты күні, жайнап атып.
Зар менен запыранға тойса жері, Қайрансыз, қабырғасы қайысады елі. Толассыз топалаңға тосқауыл боп, Тумады-ау бас көтерер қайсар ері. Жанында жаралы елдің жанбай жалын, Келеді дұшпан елең қылмай зарын; Бағынтып күшіменен сом білектің, Бағынтып ұшыменен көк найзаның. Әніне әділеттің сөз бермеген, Жауыздық жалау қадап, кезде өрлеген Кемсеңдеп тұрды қарап замана-қарт, Тасжүрек тағылыққа көз көрмеген. Басшысы басқыншының, ата-жылан Кир осы ай үріккен атағынан. Келеді қан қақсатып қадалғанды, Қаймығып қарсыласқан қаһарынан.
Сұм патша тұнған қара жанына бұлт, Келеді жаралы елдің жанын алып; Соңында сойдақтаған ізі қалып, Соңында сорғалаған қаны қалып. Бойына жиып күллі күншілдікті, Қазір де келеді ойлап бір сұмдықты... ...Ат басын тартып, кенет қалт кідірді, Уәзір қабағынан бір сырды ұқты. Уәзір ұстай алды тез күреңді, Түйіліп, түу қиырға көз жіберді. Қатыгез, қату қабақ жазылғандай, Мырс етті кезегі кеп сөздің енді. Аңғартып арсыз, қатал қиянатты, Жүзіне мысқыл күлкі ұялапты. Ашулы, асау толқын жатты алдында, Жатты ағып ағысты өзен Диала атты.
Жарқ етіп жауыздықтың көк байрағы, Жүзінде әміршінің от та ойнады. Жатты ағып асау өзен – Сияқтанып Халықтың буырқанған кек қайнары. Тынымсыз тыпыршытып жүйріктерді, Қалың қол күтті тағы бұйрықты енді. Әмірші мойнын бұрып уәзірге, Тынығып, бой жазуға бұйрық берді. Қалың қол аттан түсіп апыр-жапыр, Бел шешіп, бейбіт күйге батып жатыр. Лезде мал сойылып, қазан асып, Тігілді әміршіге алтын шатыр. Кірісіп қызу іске бәрі дерлік, Басталды бір мазасыз әбігерлік. Алынып алтын қасты ер-тұрмандар, Шешілді сары шапандар, сары белдік.
Күй төгіп тоқсан толғау, мың өрімді, Кісінесі кіл тербейтін жүрегіңді; Шілаяқ арғымақтар шідерленіп, Шалғынға жайылуға жіберілді. Ішінде сан жүйріктің ілкі мүсін, Танытар тұрысы мен тұрқы күшін; Ойқастап ортасында күрең айғыр, Оятар атқа адамның құлшынысын. Талайдың кеудесінің күйік-құсы, Тегі өзге, теңге тұяқ, биік пішін; Елгезек, есік омырау, елбең құлақ, Осы еді Кир патшаның сүйіктісі. Желкілдеп жібек жалы, жер тебінер, Мөлтілдеп бала жанар төңкерілер. Парсылап жібек кілем жапқан кезде Патшаға тәжіменен тең көрінер. Қылқұйрық жерге сәл-ақ тимейді асып, Алдынан бедеу бие күйлей қашып;
Жас тәнін жайқын суға жуғызбаққа Бет алды долы өзенге билей басып... ...О, кенет!.. Көкіректе күй тұншықты, Шанақтан саз емес-ау, шиқыл шықты. «Аттандап», азан-қазан шу естіліп, Айқайға сүрен қосқан қиқу шықты. Жағалау қаптаған жан жар кемері, Тепсініп, тентек толқын кәрленеді. Ақ үйден атып шықты әмірші де, Сезгендей сұм жүрегі әлденені. Жүргенмен бейбіт елге батырсынып, Қалың қол қалды ұйлығып, жасып, сынып. Көп жұрттың көз алдында күрең айғыр Толқынға бара жатты батып-шығып. Ей, айқай! Естімейтін кереңге ауыс, Елірген өзендегі ерен-ді ағыс. Ауада қалқып тұрып қалды жалғыз «Арғымақ... суға кетті!..» деген дауыс.
Осылай халық кегі бой көрсетті, Бұрқанып, бұзады өзен майдан-шепті. Жиырылып, жүз бүктеліп, жүз жазылып, Айдаһар-толқындары айбар шекті. Падиша – бақыт сүйген, бақ қызығып, Ойларын үлгерген де жоқ тұжырып; Ілкіде жанарлары жасқа толып, Ішкі бір пернелері жатты үзіліп... Айуандай алғаш көрген асау ұлды, Ақырып, зәр-ызғарын шаша күлді. Күреңді күте алмаған атбегінің Заматта зұлпыһармен басы алынды. Жауыздық! Жауыздық-ай құйын-құйрық! О, неткен өлермен ең жұлын-құйрық, Үйіңді өртер ме еді үйінді-үй қып!.. ...Безерген мейірімсіз қалың қолға Берілді безбүйрек бір зұлым бұйрық.
Қалың қол – қайырымсыз қара дүлей, Көңілге көргеннен-ақ салады үрей. Байғұс ел басқыншыға басын тосқан, Шынымен бағың ауып барады ма, ей?! Шақылдап қайла-күрек, тіліп жерді, Қалың қол тағы шала бүлінген-ді. Иранның қырсық шалған қор халқына Тағдыры тағы бүгін қырын берді. Әмірші бір шешімге балақ түрді, Жылқыдан салақұлаш сары ат мінді. Жындайын жыпырлаған әскеріне Жымсиған жылан-жанар қарап тұрды. Қатыгез қайысса да, бүгілмеді, Жолына жонын тосып, жығылды елі. «Садаға кетсін сенен сайтан-су!» деп, Күреңмен тілдескендей күбірледі.
Жыралап су ағады жырым-жырым, Сыналап бауырына үгінді құм. Тұс-тұстан арық қазып ашулы қол, «Асаудың» алды қағып жынын бүгін. Жылғалап су жүгірді айналаға, Жұлқынған қайда кетті қайнар ана?! Жүз жерден жүлге-жүлге канал қазып, Ағызып жіберді ақыр айдалаға. Тістеніп әмірші тұр – нақ төреші, Бұл ісін Аллаға аян «ақ» демесі. Арқырап ағып кетті асау өзен, Жарқырап жатты орнында ат денесі. Қалың қол тартып берді тағы да алға, Мұз-сезім жүректерін қарыған ба?! Қарқылдап қарға-құзғын қала берді, Мақұлдап, дегендейін «Әлі бар ма?»...
О, сорлы ел! Жанарыңды жасқа шыла-ай, Сезіп ем сенің бағыңды ашпасын-ай. Тағылық үкім кесіп табиғатқа, Тарихтан тағы бір ат өшті осылай. Ей, адам! Айуандығың аз ба осындай?! ...Жер қалды ойдым-ойдым таз басындай. Әр жерде қалқыма-қақ көрінеді Халықтың қан аралас көз жасындай... 1987 жыл, қыркүйек-1990 жыл, наурыз-1990 жыл, 15 шілде, Сыңғырлау. 1996 жыл, 27 сәуір, Ақтау.
БІЗДІҢ ӨЛКЕ
«..Қатыгез өлкем, қаталдау анам өзіңсің – Қатыгездікті жеңетін ұлды көп туған..» (Меңдекеш Сатыбалдиев) Туғызған талай тарлан хас ақынын, Байтағым, дария боп тасатыным. Ойынан оркөз қоян ытырылса, Қырынан қызыл киік қашатұғын. Түнеріп қарауыл-шың нән өркеші, Төсінде әуелеген ән еркесі; Семсерін сертке ұстаған сері халық Қос ғасыр мекен өткен маң өлке осы. Топ жыңғыл, тораңғы шөп – қалы-меңі, Сусыған суырма құм, шағыл еді. Созылып, сартаптанған сары белі, Төсінде шаршап-талған кәрі желі. Қырында мыңғырған мал жайлап өрген, Қырымда қызыл түлкі айланы емген. Қыз-қылық бұйырмаған қытымыр жер Қырысып, қабақ ашпас қаймана елге.
Періште мөлдірлік бар пейілінде, Перизат сұлулық тұр қою үнде – Шырылдап ала таңнан бозторғай құс, Қандырар қара тастың мейірін де. Күйдіріп шағырмақ күн қыр арқаны, Төбеден төніп аспан тұрар тағы. Өрт шалмас, өзен шаймас қорғандай боп, Өшпейтін балбал тастар мұнартады. Бері кел, шексіз сағым, шегіне бермей, Көлбеп бір жатып алшы көгіме көлдей. Құм басқан құпиялар қопарылып, Тіл бітіп, ымараттар тебіренердей. Қабарып қабақтары қазынды-орлар, Әр тұсқа әкетуге әзір жолдар. Төсінен құм көшіріп жентек шағыл, Кемсеңдер кебіртекті жазық жондар.
Екпіні тасты бұзып, жар қиратқан, Тұсаулы, түу аулақта қалғиды аттар. Серттей боп семіп-қатқан сексеуілдер Секиіп, сес көрсетер әр бұйраттан. Тағы бір майдан-бәйге басталмақ па – Ен жайлау, еркін өріс хас саңлаққа; Орғыл құм, орама жол адырларым Шақшиып қарап қапты аспан жаққа. Құдайға құрмалдық қып тасаттығын, Анау бір ақ мүсінді жасапты кім?! Шаншылып тұрып-тұрып шырқау көкте, Шалдығып жығылады шашақты күн. Ерлерім ерін басқа жастаған жер, Серілерім сертке кісе тастаған жер. Мұңайды көк жүзіне көзін сүзіп, Татырға тұна қалған тостаған-көл.
Нендей сыр аңғартады әр күн неден, Қуаныш көз қыса ма жанды үрлеген?! Ну сурап, тусыраған байтақ өлке Басады жан алауын жаңбырменен. Жүрекке жып-жылы боп жырың дарып, Билейді бикештейін түн ырғалып. Сызылып күміс табақ Ай туады, Сырғалы келіншектей күлім қағып... ...Тартылды теңіз бітіп, терең неғып, Сарқылды темір төзім өлең бағып... ...Жымыңкөз жұлдыз біткен жылап тұрды, Қосаяқ жүгіреді бебеу қағып. Жылғалап өзен ағар жәй, жабырқап, Қарайды аңқау көңіл Ай таңырқап... ..«Бір кезде қара нұлық жер еді» деп, Қайсыңды сендірейін, қайран ұрпақ?!. 1990 жыл, 19 шілде. Сыңғырлау.
АҢЫЗАҚ
(мысал) Алау-аптап... Талықсиды тастарың, Солығын бір баса алмастан шошқа-Күн; Шатынайды жұлып сары шаштарын. Құшағына құлайды кеп сонан соң Өзі өртеніп жатқан Дала қасқаның, Артында қап қызыл арай-Аспаным. «Не көрінді саған, саған, саған?!» - деп, Сабыр айтып, шаншылады манар Көк. Күн жынданды: «Тиіспеңдер маған!» - деп, «Жыныма осы тиіп бітті Адам», - деп, «Күлін өртеп, жанын қазір жағам», - деп. Қаны қайнап, қара терге малшынды-ақ, Қара шәйнек секілденіп қалшылдап; Улы уытын төгеді кеп бар шындап. Тасыр Күннің талқысына шыдамай, Жер дөңбекшіп, Тау күрсінді, Жар шулап...
...Кенет, кенет... Батыс жаққа қарадық: Көкжиекке қанат жая таралып, Көлбей жүзіп келе жатты қара бұлт... Көкбеттеніп, мың құбылды Күн жүзі – Көрініп тұр көк Аспаннан бәрі анық. Қара қолдар... Шапалақ кеп шарт етті, Тентек Күннің көзінен от жарқ етті, Ашулы үні Көкті тіліп, барқ етті. Аспан асты – алағай да-бұлағай, Жасын ойнап... Жылады Күн, зар төкті... Алды ақыры «сыйын» содыр ант атып, Майса белдер жонын жазды марқа-түк, Шалшық болып тұрып қалды сары қатық. Тасыр көзден тамған ыза-тамшылар Боз бедеге сіңіп жатты сор татып... 1990 жыл, 21 шілде. Сыңғырлау.
ТІРШІЛІК
(мысал) «Әлемге болып жарты құт, Күлмеңдеп күлсе Күн шығып; Іңірде қайта Ай туып, Жалғасып жатқан Тіршілік..» (Балта Қосбармақ) Ай мен Күннің арасында от тасып, Айла-түлкі «алжығанда» тоқтасып; Тартылғанда амалының арнасы, Тауық-шыдам тызақтады шоқ басып. Жер қозғалса қозғалмайтын нар текті, Тезіне сап, тез түзейтін тентекті; Салмағынан қайысатын қара жер Сабыр деген сары қақпан сарт етті. Асығысқа апан дайын қайда да, Беу, төзім-ай, бассыз құсты байлама! Сабыр-қақпан сабалатқан қанатын Желік-шыдам жем болды кеп Айлаға.
Кеш өкініп, соң сілтейтін келтекті, Марғау иттер жатқан тыңдап ертекті Аттан салып, ауыл-елді оятып, Ашулана Сақтық-төбет арп етті. Сақтық-төбет сарбаздарын шақырды, Шақырды да, шабалана атылды. Айла-түлкі адастырып кетті ақыр, Аңқау Сақтық «Арман-ай!» деп, аһ ұрды. Ақыл жоқта – Айланың да мысы мың, Қызыл иттің қыжылдаған ішінің Тереңінде қыңсылайды қысыр үн. Түнгі ұйқысын түлкі түткен Қожайын Қоса байлап қойды Күдік-күшігін... 1991 жыл, 9 желтоқсан. Алматы.
ШӨЛ
Ару-Күн тағы арайын төгіп үлгеріп, Ақша қар-сезім ағып та кетті су болып. Асфальт жолдарын Алматы деген шаһардың Ақкөңіл арық, аямай енді жу келіп! Қыртысын жазып, құрсауын сөгіп Қысыңның, Қиыр көгіме қырандарыңды ұшырғын. Қылшылдап тұрған, қылпыған қылыш-Ашу да Қынабын қайта құшатындығын түсіндім. Тершітші бүгін дүниенің тақыс маңдайын, Тегістей гүлге оранып жатсын шалғайым. Тағы бір жушы, Сезімім жүр ғой сенделіп, Тазалық деген кәусарға шөлдеп таңдайым... 1991 жыл, 1 ақпан. Алматы.
ТЕКТІЛІК
«Жаманнан туған жақсы бар – Атасын адам айтса, нанғысыз. Жақсыдан туған жаман бар – Күндердің күні болғанда, Бір жарамды теріге алғысыз..» (Махамбет) «Жаманнан жақсы тумайды!» (өз пікірім) Қасиетсізден хас таланттарға дарып дем, Тексізден тентек туғанда, Қасында, қалқам, болып па ең?! Өзің-ақ айтшы, жарқыным, жарқырап тұрған асылды Жаман қатынның жатырын жарып алып па ең?! Айнала мынау әлемнен Арсыздық пенен имандылықтың күресін, Ажал мен арман айқасын көріп жүресің. Тағы да келіп, таласасың-ау, жарқыным, Тақырға талант тамыр жаймасын білесің.
Қанында қасиет жоқтардан, көңілі былық боқтардан – Жаманнан жақсы тумайды! Бір жақсы туып, бабаның баяғы кегін қумайды. Түндейін тұнық, тіл-көзің тиер мөлдірге У құйсаң, барлық ұлы сезімдеріңді улайды. Апанда арлан тұншыққан – әруағын арыстан шақырса, Ар жағында бар бір тектілік – аспандағы айға ол атылса. Сенбеймін – егер Махамбет бабам айтқандай, Сенен де бір күн қарағай діңді қайсар ұл Дүниеге келіп жатырса... 1991 жыл, 31 наурыз. Алматы.
ҚЫРЫҚ ЕКІ
Жетіқарақшы, Темірқазық, Үркерден Басқа жұлдыз танымайтын бала едік. Бата алдық та Үркерден де Үлкеннен, Көп жұлдызым сала берді көнеріп. Ашатаяқ «А»-дан өзге қаріпті «Таяқ-ау» деп танымайтын тас ми ек. Арқасында қырық екі әріптің Қыздарға да хат жаздық қой бас сүйеп. Кері бетін көрсетеді кей өңір, Жазира-жер жайқалтпастан желегін... ...Қырық екі қыртысыңды, Ей, өмір, Оңдырып бір оқи алмай келемін 1992 жыл, 14 наурыз. Алматы.
ӨМІР
Өзгерткіш һәм өшіргіш кіл кездерім Өз ізімен ұмыттырды өткенді. Көңілсізбін, көк мақта боп көздерім, Күте-күте Көктемді. Мықырайып, домаланған мықыны, Одыраяр орыс сағат-шоқындым: Тағатымды тауысты әбден тықылы, Таяғындай соқырдың. Келіншегім екеуіміз кей уақта Кері қарап отырамыз ұрысқан күн. Өмір жолы оратылар аяққа, Шалмасындай христианның. Бұла жүзді көлегейлеп бұлт еппен, Тас төбемнен тақыс Шалың қарап тұр. Өмір мынау – Өтіп жатқан бір темппен, Тықылындай сағаттың. Ақыр бір күн басымыздан ауатын, Іздегенім – дүниенің шындығы. Тыным таппай, тықылдайды сағатым, Тоқтар о да бір күні... 1992 жыл, 14 наурыз. Алматы.
АЗАМАТТЫ АЯЛАУ
Мал өргенде тақта қырға, Маң даланы тез бояп от; Кесіп жолын жатқанында Кедергілер кез мая боп – Тұяғымен жара көкті, Тұрысы бір нар пішіндей; Ақ арғымақ аман өтті, Аяғына қан түсірмей. Жарық дүние жан ауыртып, Жан біткенде жас қабырға; Қарлы шыңдар қарауытып, Қақпан-тасын тосқанында – Тойың тарқап, тоналды бақ, Тобыр кілең, қайда қалдың?! Аман өтті ақ арғымақ Аранынан айдаһардың. Сығыр тағдыр сынар тағы, Соқпағы мол сан бұралған. Құлаш-құлаш қыл арқанын Құрғанында тор қып алдан – Өлуге адам жаралған-ды, Қалай аман қалар жаның?! Ақ арғымақ аман қалды Алдауынан арамзаның.
...Жетісесің, жел, несіне-ай?.. Жоғалған көл... жоқ қайықшы... Аман өте бермес ұдай, Арғымақты сақтайықшы!.. 1992 жыл, 14 наурыз. Алматы.
ҮШІНШІ КӨЗ
«Маңдайың ашылсын!» (Бата) (Башкарға) Үшінші Көз... Үшкіл болып бітеді ол, Қашан бітеді? Ал күте бер, күте бер!.. Жоқ, қарағым! Оны саған ешкім әкеп бермейді, Және тағы дөңгелек боп келмейді. Бітеді ол ұшындай боп найзаның, («Дөңгелек» деп дау айту... Ол қай сарын?!) Мүмкін сенде Үшінші Көз бар шығар, Жас ақпайды, ақпайды одан тамшылар. Оның нұрлы жанары Тәңір жаққа тартылған аппақ жолға шаншылар. О дүниеде төгілгенмен лағылдар, Мұнда одан қарақошқыл қан шығар.
Өзінен өзге сенетіні, Алладан басқа арқа сүйері жоқ, Бәріміз де – жалғыз-жалғыз қураймыз. Қайран «Ғұмырнамамыз»... Қайық салсаң – ізі жоқ, көз батырсаң – түбі жоқ, Ағып жатқан судаймыз. Онсыз да өзі сартап болған Сананы Күлліәлемдік «ілімдермен» улаймыз. Тастан «Құдай» жасадық, Тақтық көзін көркем қып. Өлексемізді сүйретіп, Өзі түгіл, көзі жоқ Өтірік бір идеялар отына да өртендік. Алдыменен «Алғалап», Ал Ақылға соң келдік.
Ей, бейшара! Тәтті ләззат аласың-ау өңез дәмді өз сөзіңнен, Пенделігіңді бүркейсің кеп, Қолдан жасап алған сендік «періштелік» сезіммен. Кеуде керген запыраныңды Лақылдатып құсарыңа мен кепіл – Сен одан да қарап көрші мынау арсыз дүниеге Маңдайдағы қос үңгірмен, Сонсоң Үшінші Көзіңмен!.. 1991 жыл, 1 мамыр. Алматы.
КҮНӘҺАР
«Кем болмаспын кертартпа ойлар аманда, Керегі жоқ оның маған, саған да; Келіп-кетер пайда да аз ғой одан да» – Зымияндық зынданына қамадым, Жылт еткен бір жақсы ой болса санамда. Тар төсекке талғажау боп бар түнім, Таңдайдағы сілекейіме малтыдым. Ындын кеуіп, жалақтаған жалқымын. Ыс денеме ыссы қасық басқандай, Ышқынып кеп айқайлады алқымым. Удан өлгір, Ұқтың мұнан сен нені?! Құшақтаудан жеркенеді Жер мені – Жеркендірер мерез жара мендегі. Тірлігімнің тілі шыға бергенде, Ірілігім көз алдымда көлбеді.
Қарауытқан жанарларды бағып құр, Қабарытқан жүзіме әкеп жағып күл; Қайғы-есікті қамсыз күлкі қағып тұр. Қарау ойдың қалды тілі байланып, Қасіреттің жасын жуып жарық Нұр. Қалар ма едім жынымды шашып, жығылып – Аяқ асты Армандарым тіріліп; Бір Шындығым шыға келді білініп... Күдігімнің көздері тұр көгеріп, Үмітімнің үні шықты құмығып... 1991 жыл, 9 желтоқсан. Алматы.
ӨЛУ
Салбөксе-ойдың арам қандарын ағызған, Сана төзімі – сарытап, көнбіс сағыздан; «Ғажайып нұрын шашам» деп келіп, шалдықты-ау Ғарыштан келіп, ғаламға қонған ғазиз Жан... Жан мұң шақты: «Ұяты кетіп, жабағы жүндей ұйысты ел, Жиіркендіріп жиілеп кеткен сүйістер; Кеңсірігімді керіп бір, жара жаздады Аңқыған арсыз, ылығу, лас иістер. Әу баста менің әруағым үстем, қызғын-ды, Әңгүдік тірлік мұңды жүректі мұз қылды. Санасыз өңшең сағатпен өлшер уақытты Сарыуайымның кілегейіне жүздірді.
Сансыз қылмысты санап жүр дейсің сатылап кім?! Ар-көйлегін ағашқа ілді олар атыраптың. Тұңғиығына тұншыға батып барамын Түу түбінен қаңқа көрінген топырақтың»... 1991 жыл, 9 желтоқсан. Алматы.
АҚТЫҚ ДЕМ
Қақ маңдайға қара балта қадалды – Беу, тіршілік, Жан берісіп, жан алды. Елеп-ескер, ей, тәкаппар Дүние, Жатырыңды жарып шыққан балаңды! Күллі әлемге күле қарап көгіс НҰР, Күлгін түсті шілтер-ауаға оранды. Ұстарадай тілгіледі тілсіз үн, Ұғынсаңшы рухымды, Мұңсызым! Тұрағы жоқ ТҰЛ-СЕЗІМІМ ғаламның Тұтас ерітердей болып тұр сызын. Сигектетіп сідіктерін шаптырды Сірне-сірне бетіме кеп кіл шыжың. Әбжыландар кіндігімнен жұлқылап, Әлі күнге миды шағар бір СҰРАҚ. Ала анау бір алқызыл тіс, ақ иек Шаштарымды шайнап жатыр ұртына ап. Қызыл тілге қыздырып кеп басады Білеудейін темірлерін бір шырақ.
Бір кесек ет – бітеу жүрек жарылды, Қан тамырлар қарс айрылып, қағынды. Бүйрегім де бүлінген-ау, тұр тілсіз, Табалаушы саусақтар да табылды. Аңдаусызда шығып кеткен АҚТЫҚ ДЕМ Алып кетті анау жаққа Жанымды. Желкемнен ап сілкіледі Көк-Тәңір, Жекелігі жалқы мұңдай Хақ Тәңір. «Жалғыз-жалғыз жарты Құдай ең ғой» деп, Жағамды да дар айырды жат тобыр. Қақ төбеге қыл-сызық боп тартылды Қақталды да қара жалын-отқа НҰР. Ұшып кетті... Ұмытылды бар әнім, Ұсақтаған ұрпағыма қарадым – Кенет мені ес тандыра таңғалтты Кезінде өзім елемеген АДАМЫМ. ҚАЙҚЫ БЕЛГІ қарықтырды көзімді, Қарақұртқа жем боп сонда балағым...
...Ай-маңдайға айбалта кеп қадалды, Онсыз да өзі дертті еді ғой, Обал-ды. Тәрк етті де тәнін жұмыр, жылбысқы, Тәрк етті де тар шеңберлі ғаламды; Менің ізгі АРМАНДАРЫМНЫҢ АНАСЫ Меңдей болып көз ұшына жоғалды... 1991 жыл, 9 желтоқсан. Алматы.
АСПАНКӨЗ
Обалына қалған талай жас тәннің О баста мен қара түннен қашқанмын. Жыпырлаған жұлдыз толды көзіме, Түнегіне қарай-қарай аспанның. Қара маған – «Бізге де от бергей!» деп, Маңғазсынба, Маған десең, көрмей кет! Жүрегімде жұлдыз жаққан сөнбейді от... Аспанымнан құлаған сол ақ жұлдыз Маңдайыма жарасса ғой меңдей боп. Жаз-мекенім – жалпақ жаһан Жер еді, Ғалам мынау – ғарыш Көктің сенегі. Жанарымды жұлдыздарға толтырып, Жалғыз өзім кезіп кеткім келеді. Көк-Тәңірі көкірегімнен теппеді, Жер-Жаратқан: «Жетесіз ұл, кет!» - деді. Өз көзіме жұлдыз іздеп жүргенде, Өшіп қалды жұлдыз біткен көктегі.
Мұнарамды Мұңалжармен мұңдасқан Мұндар пенде қор қылды елең қылмастан. Жанарымнан жай ұшыра жалт еткен Жұлдызымды жұтып жатты түнгі аспан... 1991 жыл, 7 желтоқсан. Алматы. СҰЛУЛЫҚТЫ ЖЕРЛЕУ (Өшпенділік осылай туған) Ай жалаңаш тәнін тосып алдыма, Шалқасынан жатыр, әне, шалжиып. Жалаңаш Ай жан салмағын салды да, Ауырлықтан әбден ақжем болды иық. Қап-қара бір қан саулады сонда одан, Бір жалаңбұт жұлдыз маған жүгірді. Өшпенділік – өз анасын қорлаған Маңып жүріп, маңдайыма тығылды. Сорлы маңдай... Тұтас тәні түршігіп, Солып қалған гүлге айналды ол дереу. Тегершігін кері бұрды тіршілік, Жібіместей мұзға айналып Жер-бедеу.
Сосын менің солып қалған маңдайым Жанарынан жай оқтарын ұшырды. Тар шөл жаулап таза бұлақ таңдайын, Қара тер боп, қайран Дүние қысылды. Жауып тұрды жалаң найза – жай оғы, Қаламдағы қара сия – қып-қызыл. Жазық маңдай – жауыздықтың мәйегі, Жап-жасыл бір жайра одан шықты ұзын. Жасыл жайра аумайтұғын адамнан Зәһар шашты жалғыздығын ұғынып. Үсті-басы істік темір қадалған Бір жалаңбұт жұлдыз жүрді жүгіріп... 1991 жыл, 8 желтоқсан. Алматы.
ТАНЫМ
«Дүние-ай!» деймін – Дүниенің бәрін сол сөзге Сыйғызып жіберердей сызданып өңім, шіреніп. Пенденің бәрі қазіргісінен болса өзге, Тұрар еді әлем түнеріп емес, нұр еміп. «Арман-ай!» деймін – Армандарымның баршасын Аспан-көкпенен астастырып-ақ тастардай. Дегендей Дүние: «Сағымды қуып, шаршасын», Демімді бастым. Бар жолым қалды басталмай. «Жалған-ай!» деймін – Жалғанның жалған екенін Жаңалық етіп жариялағандай жаңа мен. Сайқал-дүние көтеріп қашып етегін, Алдамшы бояу жағып алыпты ақ әлем.
«Құдай-ай!» деймін – Құдайды көзім көргендей, Құрғыр жанарды «Құс жолы» жаққа ұзатып. Тәңір-ай, сені тәрк етіп кетті-ау пендең кей, Кімнің көз жасы – кірпігіме ілінген мұз-ақық?! «Өмір-ай!» деймін – Өмірге жаңа келгендей, Өзімнің өртті деміме өзім тұншығып. ...Енді ойласам кеп, Ем қонбай және емделмей, Науқасы асқынған нас дүние екен ғой Тіршілік... 1992 жыл, 20 ақпан. Алматы.
СЕЗІММЕН СЕМСЕРЛЕСУ
Пенде неткен өзімшіл! Ісім – ірік, қылығым – қу, сөзім – шын. Ей, есалаң, есімі көп ессіз от! Мен түгілі, Сен деген – Сергейді де сенделдірген Сезімсің. Ал, қызыл от, жалаңдаң! Сен олайша сайқалсыма, жаман қар! Әп-әдемі ат қойыпты-ау адамдар. Бұлаңдама! Құйрығыңа шоқ басып, Салам қазір Сабыр атты табанға. Сенің тәтті, улы үніңнен, Жалғандық, Қолдан семсер түскенінше қорғандық. Жетер енді! Желкеңді үзем, жезөкше, Көп дәндепсің – Көмек керек болса егер, Көз жасыңды делдал қып. Әй, салдақы! Әйел-тілмен арбама! Әркімді де әулекі етер Сен ғана. Тұтқынымсың. Тулама да, улама, Тұмсығыңды бұзатын Туған шығар ер бала.
Жетер енді! Тыйым салам жекіре, Алданатын ақымағың мен емес Ақ борықтай елжіреген етіңе. Сорлылардың шоқтай ыстық көз жасын Сақ-сақ күліп, шашайын ба бетіңе?! Түстің мықтап қасқыр тісті қақпанға-ай, Сабыр – менің сары алтыным саф таңдай. Сары ерітінді шаштым безбет жүзіңе, Қызарғандай болдың-дағы... О, кенет... Сары алтыным балқып бара жатқандай... 1992 жыл, 13 наурыз. Алматы.
ЗАУАЛ
Ақымақтай әруақтан зат ұрлаған Ақыр түбі жынданады бұл ғалам. Бақсы-биге басып сонда барлығы, Жақсы күнге жақындайды бір қадам. Мызғымайтын мрамордай шындығы: Мына ғалам жынданады бір күні. Күптей болып көзі іскен Күн төбеден Күл шашады ажал аңсап ындыны. Жауыз тістер, Жағыңды жап, зарлама! Жарық нұсқар жалғыз соқпақ сол ғана: Аман қалмас ақ қарғысқа жолыққан, Арсыз қолдар, алақан жай Аллаңа! Ал шулаңдар! Ұқсас үндер, ұлып бер!.. Талқан етер тау-мүрдеңді қылып төр; Тәжім етпей киесіне Тәңірдің, Тәуекелің мықты болса, тұрып көр!
Жалпақ ғалам жан біткенге жауығар, Аз күн қарны тойынса да ауырар Ей, пенделер, Сананың да сауын ал! Жын қақтырған өзің ең ғой, Ал енді Жылдам жазар емін де өзің тауып ал! 1992 жыл, 13 наурыз. Алматы.
САУАП ПЕН ЖАУАП
«Көресім бар көлеміндей маңдайдың..» (Мейірхан Ақдәулетов) Көкжиегін сезімнің Көп тамшымен жуар Күн. «Көргіш бол» деп, көзімді Көк теңізге суардым. Кеңіп кетті жер бірден, Керемет күйге ендім мен... ...Сорлап қалған сол күні Соқыр маңдай көрдім мен. Аймалап бір арам дем, Айрылдым бар әлден: Жанарымды жұлып ап, Жапсырып ем оған мен – «Тер сасыған қолдарын Тереңіме сұқты ол» деп, «Тексіз неме, жоқ бол!» деп; Қалғанымда жер сипап, Қақ маңдайдан тепті ол кеп!.. 1992 жыл, 13 наурыз. Алматы.
ТҮС
«Айдыныңнан аққу ұшып, қаз қонып», Алдағанға асыр салдық мәз болып. «Аһаһаулап», ал билейік кіл жынды, Ала құйқаң ағарғанша таз болып. Мәнсіз көзбен қарайды Арым өшіге: «Мәңгүрт өңшең, мәз боласың несіне?! Лақпа кілең, турап-турап туыңды, Лақтырар ма ем тұл даламның төсіне?!». «Қарама олай қантүленген пішінде, Мен жоқпын ғой ол тобырдың ішінде. Кешір, Арым, кейбір пасық ісімді, «Кері кеттің» деп, еңсеңді тым түсірме!». Дей беріп ем... Қанға көңілі қаталап, Жақ отымды жарқ еткізді шапалақ. Ұнамсыз түс ұйығына батырмай, Ұйқым қашып, жылап тұрдым «Папалап».
Қанжауғырдың қаталын-ай!.. Жай атты... Жаным тағы жеді солай таяқты. Мәңгілікке қалар ма едім мәңгіріп, Өлі ұйқымнан Өлең түртіп оятты. 1992 жыл, 14 наурыз. Алматы.
АВТОПОРТРЕТ
Қайран көңіл қанша рет жем боп, талай жер соқты, Қасқа маңдай қаншама қауіп-қатер жол шекті!.. ...Кеше маған келді де, дәл өзімнен аумайтын Келімсекті алып кеп, кейуаналар көрсетті. - Өте ұқсас жандардың өліп, бірі жоғалар, Өмірге егер егізі келсе, - күліп деді олар. Тамағыма ашуым тасқын болып тығылды: «Тапқан екен тап жауын табанға сап, табалар!». Тесіліп кеп қарадым, тереңнен бір алдым дем, Ұсқынсыздау түрімен ұқсайды екен ол бірден. Мейірхан мен Махмутты қатар қойып көргендей, Мең-зең болып қалдым мен.
Бірақ... бірақ... Зер салсам – жүрегі жоқ, жаны жоқ, Отыз жеті градус ойнап аққан қаны жоқ. Шемен-шемен қайғы ішіп, шелек-шелек қан жұтқан, Шермиген тек қарны бар... Қалдым әрі-сәрі боп. - Танысайық, - деп күлді ол табылғандай серігі, Талқан болған тасқа ұқсас тістерінен жерідім. Қопаң қағып, бас иді қолапайсыз қимылдап, Қолына алып бөрігін. - Көңілің сенбей отыр ма?! Менің атым – Көшірме, Көшірмең де көп емес – көлдей болып, есірме! «Мүсәпірлеу пішінде мүләйімсіп тұрғанмен, Мүттәйім ғой мынауың!». Келдім сондай шешімге.
- Абай болғын, - деді ол, - айнаң емен мен сенің, Автопортрет қанамын – ажырамас бөлшегің. ...Есік алды топтанған кейуаналар күбірлеп, Екеу-екеу бөлініп, тарап кетті... Тершедім... - Сен, әрине, шошыма – сезімі жоқ суретпін, Сендік жүрек ет пе, әлде... Соны ғана білмекпін... Бойымда бір қорқыныш, бопсасына төзбек боп, - Босағада не тұрыс?! Бол, тез ішке кір! - деппін. Ішке кірді ол ілмиіп, ұзын екен өзі де, Ін түбінен қарайтын іш жидым тез көзінен. Өңі сұсты өліктей, қарны жерге шұбалған, Қарадым да, қарманып, қашпақ болдым безіне.
Ту сыртымнан қапсырып, тылсым бір күш құл етті, Тұтқын болдым мен оған. Тұла-бойым дір етті. - Жібер, - дедім тістеніп, - Жігітсің ғой, - жымиды ол, Жидіп тұрмын, күлкісі жігерімді құм етті. Аяқ деген қарысып, ағаштай боп қалды енді, Асықпастан аяңдап, аралады ол бөлмемді. Құлаққа ілмей сөзімді, қиратты-ай кеп сонан соң Құдайдай қып төріме ілген барлық бейнемді. Ал қиратты, қиратты... Асыл көріп жүргенім Аяқасты боп түбі қалатынын білмедім. Өрнектеген жиегін өз суретім өлік боп, Өлердей бір қорланған кезім шығар бұл менің.
- «Автопортрет» деп соны жүрсің-ау сен, ақымақ, Ақын болғың келеді ақ қорғанда жатып-ақ. Адам болмақ ойың бар, - деп мысқылдай мырс етті, - Айнымайтын өзіңді өз ақшаңа сатып ап. Өн-бойымды өлшеусіз тер жуды-ай кеп, мұз қарып... - Өй, жетесіз, өлікті отырмысың қызғанып?! Өзіңді-өзің тауып ал! Өзіңді-өзің танып ал! – Деді-дағы, дем басып, шығып кетті сызданып... 1992 жыл, 19 сәуір. Алматы.
МҮҢКІР-НӘҢКІР
- Шындығыңды айт! Бір тынбай кеп, Ширатылып, шымшылап; Сталиннің мұртындай боп, Ысқырынған бір сұрақ. Оның аты – «Осы рас па?», Омыраулап, өңмеңдеп; Төбесі – таз, басы – қасқа, Төріме де келді өрлеп. - Шындығыңды айт! – дейді мәңгі, Түндігімді тілгілеп. Кешпейді ол кей күнәмді, Жұдырығын тұр білеп. Ей, сұрақтар, кіл есер көп, Ең ауыры қайғымның: Сендерменен тіресем деп, Сенімнен де айрылдым. Өзім білген өлшеміме Өтірікті суғардым. Сенімсіздік семсеріне Сексен рет туралдым. Жалғыз қалдым бір шоғырдан, Жаным – жалғыз, себебі. Қайқы сұрақ қыр соңымнан Қалмай қуып келеді.
Қуып келеді... Пенде тұрып, Менде қандай жыны бар?! Түбі мені көрге тығып Тынатұғын түрі бар... 1992 жыл, 19 сәуір. Алматы.
ҚҰДАЙ
(атеистік өлең) Талай тағдыр шырқ үйірілген тар шеңбердің ішінде Таланыңа жазған сый бар. Түсін, мейлі, түсінбе. Айналыстан шықпайтұғын ақсақ, соқыр ЖАН барда «АДАМ – ПЕНДЕ» деген сөзге, айналайын, таңғалма! Маңып келем: жүрегіме жүк қып артқан мұңым бар, Маңдайымда – қан тамыр боп жамырасқан бұлақтар. Екі дәмді, ей, ТІРШІЛІК: бірің – тұз да, бірің – бал, Сенен әбден жеріп біттім... ҚҰДАЙ! Сізге сұрақ бар: Салмағымен сансыратып, атан нарды құлатар, Ауыр-ауыр қылмысыңды артатұғын жоқ па есек?! Менің мынау қанға батқан қолдарыммен КҮНӘҺАР Ойландың ба бір сәт болсын «Отырмын, - деп, - от көсеп»?!
Сен емес пе шығарған да ләукун-махфуз тақтаны,* Сендірдің ғой «ЖАЗМЫШ» яки «ПЕШЕНЕ» деп айдарлап. Шахматыңның тасы болса шаттығымның шақпағы, Қақ басымнан теппей қайтсін қаңғып жүрген қайран бақ?! Бір шындық бар айнымайтын ақырзаман болса да: Біздің бүткіл қыбырымыз – ҚҰДІРЕТТІҢ қолында. Біз – тек қана ҚҰЛДАРЫМЫЗ қошеметтер қол соға, Қылығыңа сай сыйың бар – бағың ба, әлде сорың ба?! Ал, ендеше, АХИРЕТТЕ атып шығып алдымнан, Айыптайсың неге мені, АР-ТАРАЗЫ дайындап?! БЕС КҮН ТІРЛІК – белгім ғой ол жер бетінде қалдырған, Бекер шөгіп кетпес пе едім, у ішсем тек уайымдап?!
Мүмкіндік жоқ ақталатын АҚТЫҚ СӨЗДІ айтуға – МҮҢКІР-НӘҢКІР – жарты Құдай жалаңдатар қылышын. Қаһарман боп қарсы сөйлеп, қайрат қылар қай тұлға, Қатар қойдың СЕН дүниенің ұлысын да, ұрысын. Жоқ, ЖАРАТҚАН! Жерінші өзің жоба-дәстүр, жолыңнан, Ғаділдіктің ақ жолында қанша ғазиз көз жұмды! Соның бәрі – Сенің жалғыз сермеп қалған қолыңнан, Сорлылардың күнәсі үшін СОТТАУ КЕРЕК ӨЗІҢДІ! ...Өз ойымнан өзім шошып, өзіме-өзім қосылмай, Өлең-жырдан өрген күміс тұсау салар Сезімге Ой. Кей кездерде ойға қалам осындай да-осындай, КЕШІР, ТӘҢІР!.. Бұл сөздерді айтқызған да – ӨЗІҢ ғой... 1992 жыл, 25 сәуір.
Алматы. ------------------------------------------------ *Ләукун-махфуз – діни наным-сенім бойынша, адамның тағдыры алдын-ала жазылып қоятын тақта.
БІЗДІҢ АҚЫРЗАМАН
Беймарал күй бар денеде, Бермеді Құдай тілекті. Алыстап кеткен кемеге Айқайлауменен күн өтті. Айлақтан жүзіп әрі өтті, Аялдамады сұм кеме. (Алдауға бүгін бәрі епті, Адамдар аман жүр неге?!). Қайырылмауға серт еткен, Қайырым, сірә, жоқ, тегі – Жағалау жақтан жалт еткен Жалғыз жарыққа беттеді. Қарғадым сонда қағына, Қабағын түйіп баршын-Көк; «Жанымның жартастарына Соғылып, қирап қалсын!» деп. Аласұрдым да, қайғы іштім, Ажал алдындағы пендедей. Аралда қалған байғұстың Адамға күнін бермегей! Сан ойға қақпан құрдым көп: «Шайқаста жүріп өлер ме ек?!». Амалсыз күтіп жүрмін тек, «Ақырзаманым келер» деп.
Кеудемді кеспей, көрге кір, Жанымды үңгіген мол күмән!.. ...Аумайды байғұс Жер де бұл – Аралда қалған сорлыдан. Тереңге зәкір салсақ бір, Тек планетамды сөкпеңіз. Ғаламат оны қоршап тұр – «Галактика» деген көк теңіз. Жалындық қанша «ойбайлап», Жаны суық бір кіл мұзға. Қол созатындай Жер бейбақ Қойқаңдап жүзген жұлдызға. Сонда орнап оған солғын күз, Жел желпіп жыртық етегін; Көз қырын салмай көп жұлдыз, Көлбеңдей жүзіп кетеді. Айтқандай қарғыс қандайын, Алақан жайып Жер терістікке: «Маған соғылып маңдайың, Маңып кеткей, - деп, - кеңістікке!».
Арманның сөнді қайбірі, Орындалмайды екен ойдағың. Ақырзаманың қай күні Келеді екен, беу, бейбағым?!. 1992 жыл, 15 маусым. Алматы.
ӘЙЕЛ
Бұл неткен шу – бота боздап, бұлт иген, Арсыздар ма, айтшы, саған кім тиген?! Судан шыққан сүмелек ит секілді Сүдініңе болайын сол сүмпиген! Бұл неткен күн – бозмая бұлт иген күн, Бозғыл өңің сұрқындай сұр шинельдің. Айналайын, айтшы, саған тиген кім?! Жел жапсын да етегіңді ашылған, Мен салайын ағытылғанын түймеңнің. Жә, боздама! Қарашы өзің сұрыңа, Қаншық қасқыр секілденіп ұлыма. Тек еркекті жібітеді көз жасың, Ал есердің тиеді ол жынына. Сен – ғаламның сезім-мөлдір бұлағы, Сенсің елдің Құдайы да, Құраны. Сен бетіңді басқан кезде жұмыр Жер Бала-бұлтпен басып бетін тұр, әні.
Түріп аш та түмен-қайрат түндігін, Түрегеліп, дәлелде әлем шындығын. Қорғануға хақың бар да, ей, Әйел, Қорлануға хақың жоқ еш, Мұңлығым! Жазған басың жалпы Көшке жай ердің, Жаса ғұмыр салттарына сай елдің. Бар намысын сақтау үшін Әлемнің, Ар-намысын таптамайық Әйелдің! Әйел, әйел, әйел, әйел, әйелдер, Неткен жаны байтақ, жайсаң, бай еңдер! .................................................................... Әңгүдіктің ойыншығы еткен Әйелді Көр-ғұрыпты көріп еңдер қай елден?! Ойсыз жұртым, Ондай «салттан» безінің... ...Әне біреу нәпсі жеген төзімін Етегіне қол салмақ боп еркенің, Абыройын ашып жатыр өзінің.
О, Тәңірім! Осы – Өзің сүйген құл, Зәлім ойды зиялылау күйге ендір. Намысының үстінде, әне, нас неме Асыр салып, мағынасыз билеп жүр... О, Жасаған! Жойдасыз күш, «жол-дәстүрін» жой елдің, Ізгіліктің ақ тінінен ой өргін... ...Биліксіз құл биі біткен кезінде Құлайды кеп құшағына Әйелдің... 1992 жыл, 16 наурыз. Алматы. АЙДЫН СУ (экологиялық өлең) «Сыңар құспен де сырластым...» (Есенғали Раушанов) Асқар тауды аласартар айбын бар, Ей, айдындар, айдындар! Ақ бұлттарға алақаныңды жайдыңдар. Көбігіңе көп түкірген қай мұндар – Сілекейдей сірнеленген мұңың бар, Қырыққабаттай қатпарланған қайғың бар.
Жақсы еді ғой бұл күніңе жолықпау – Өз биігін өлшей алмай өліп қау; Бел ортадан үзілгендей берік бау, Етек жаққа түскендей ме еріп тау – Толқындарың топан-дария тұрғызған, Толы суың тобығымнан келіпті-ау. Әлі де бір әруақ шақыр, әрің кір, Құдіреттеніп, құба шыңды бағындыр. Шапшы, толқын, шайсын сары сабын кір, Сары жағалау, шабыңды түрт, саныңды ұр!.. ...Кемеліңе келмесіңді сезе ме – Кемеріңе кез-келген ит сарып жүр. Беу, байтағым, байтағым-ай, байтағым! Қабағыңды жиектеді-ау қайта мұң. Жасыма, айдын, жойқын сумен жайқағын, Көрсетші бір шапшыманың сайқалын!.. ...Айқай болып алқымыңа тығылды-ау, Аң боп кеткен «адамдарға» айтарың.
Адамдар-ау, ақ көкірек, ай-пейіл, (Айта салған сөз емес бұл жәй, тегін) Айдын судың ауруының айт емін. ...Ата тегін – айдын-дария әйкелін, Судан шыққан сұмырайлар екенін, Су ми пенде білмей жүр-ау, қайтейін?! Ал, қайтейін, Безбетіңді шымшы бұлт, Арам Аспан, қуана күл құлшынып; Сезімсіз Күн, сен де жыми бір шығып, Қарқылдап күл, қасиетсіз тіршілік!.. ...Өңшең доңыз ойламайды-ау өлем деп, Өзі өлтірген өлі суға тұншығып... 1992 жыл, 17 наурыз. Алматы.
ЕСЕКДӘМЕ
«Жепсің Желтайдікін, Кесіпсің Келтайдікін!..» (Бұрынғылардың боқтауынан) Барлық халық оқитын, Салқам шайыр болмаспыз, ә, біз бәлкім?! Шайыр біткенді тотитып, Қу боп алған қыздар тым. Барлық ғаріп бас иер, Байтақ ақын бола алмаспыз мүмкін біз. Шынашағын шошайтып, Шай құймас та сылқым қыз. «Алдап кетер кез-келген Ақын біткен ақымақ» деп кім айтты?! Ащы әзілі ет жақынның көз көрген Ақ теректі мұңайтты. Қу кеудеме құйғансиды жылу қар, Құшақтамақ болар мені – ол аз ба?! Жапырақ-жапырақ мұңым бар Жарты жапырақ қағазда. Қу көңілді жүдетіп, Құлағымнан кетпей қойған сыңғырсың. Кінәсіздеу кірпіктері дір етіп, Жырым бұлттың жыртығынан Күн күлсін!
Бағасы зор басымның, Титан тұлға бола алмаспыз, кім білсін?! Бірақ соңғы Ахиллесі ғасырдың Біз боламыз! (Білгін шын). 1992 жыл, 16 наурыз. Алматы.
АҚИҚАТЫ ОСЫ...
Атқан таң мен батқан күндей Шындық бар... Аттамай-ақ ала жібін шындықтың, Аштан өлмей, көшке ерген ғой атамыз. Уағызы мансұқтайтын ұрлықты Ұлы томды ұрлап бара жатамыз. Түндер бойы май ішкендей мазамыз, Төңбекшиміз, түріп тастап түндікті. Ұлы-ұлы томдар сосын жазамыз – Уағызы мансұқтайтын ұрлықты. Күле қарап, күл шашатын өткенге, Мазақтайын маска киген бетіңді. Адам біткен алдамшы боп кеткен бе – Афинаның ақындары секілді.** Күні өткенге күйінем деп, досым-ау, Өткен іске бола өртенбе, өкініп. «Өмір деген сахнада осынау Өз ролім бар» деуің де – өтірік.
Сен өзіңнен кете алмайсың сәлге ұзап, «Қасқа соқпақ қалсын, - десең, - артымда». Пешенеңе жазылар сол жалғыз-ақ: Бар қимылың – Құдіреттің қолында. Ұлуға ұқсас бірдеңе бар үніңде, Төгіп көзден жан-дүниеңнің жаңбырын; Жалт бересің таңда – маһшар күнінде, Жаратқанға жабасың да барлығын. Сосын бәрің состиып кеп тұрасың, Аллаң түгіл, анаңды да танымай... ...Арқалаған адамзаттың күнәсін
Беу, ғаламат Һәм бейшара Тәңір-ай!.. 1992 жыл, 18, 26 наурыз. Алматы. ----------------------------------------- **Ежелгі Афинада V ғасырда өмір сүрген ақындар кез-келген шығарманы жазарда сондағы кейіпкерлеріне орай киініп, маска тағады екен. Агафон, Аристофан сияқты трагик, комик ақындар да сөйткен. («Ақын кісі сырт пішінін өзінің, Бейімдеу мақұл жазбақ болған ойына..», «Лисистрата», 95-бет).
МАЗА
Мен қартайып барам ба, қайтем осы?! Меңсіз күрең мінген күн қалды алыста. Анда-санда қылт етер Ай төбесі Аспанынан жанымның Арман ұшқан. Қуалайды құрымағыр бір ой-бірді, Алтын уақыт өтеді аңсауменен. Шаш шіркіннің көңіліне ұры ой кірді, «Ақ түспенен ашына болсам» деген. Жастығымды жау-уақыт ала қашып, Байсал тартты баяғы бала ғашық. Ұшып кеткім келеді ұшпа шыңнан, Аспан жаққа ақ бумен араласып. Кетсем бе екен, шынымен кетсем бе екен?! Ақ бұлттардың арасын етсем мекен... ...Әй, құрысыншы! Басқаның несі кетсін, Қаласың ғой жаутаңдап тек сен, Көкем!..
Шашыратып миларын шартараптың, Қанат жайса қанды іңір, қанталап Күн – Дәтім жетпей, тұрамын батыл жетпей, Жарқабақтың басында анталап мұң. Кешір мені, ажалды сүйе алғандар, Күші жетіп, Күн нұрын қия алғандар!.. «Қыздан жар қып бір сұлу сүймедім» деп, Құздан қарғып өлгенде не арман бар?! Қасиетсіз тірлікті баян көріп, Қан жуған қос қанатты жаям келіп. Түсіме еніп үнемі түн баласы, Солар келіп жүреді аян беріп. Зауал ауып, жантайса екінді Күн, Құбылаға қараттым бетімді мың. Соры қалың дүниеден қашан кетем, Солар айтып кететін секілді бір... 1992 жыл, 10, 11 желтоқсан. Алматы.
АНТОНИМ
Мен жамандық көп жасадым Адамға, Адам азап көп шектірді маған да... Жан қалайша таза болсын – Ізгілік Реанимация үстеліндегі қоғамда?! Мен жауыздық көп жасадым Адамға, Қарымтасын қайтарды көп олар да. Әлем қалай азат болсын – Ақиқат Дар ағашын босатпаған ғаламда?! «Адам» деймін, Адам ба олар, тәйірі, Айуаннан да асып түссе айыбы?! Адалдықтың ақ кемесі батқанда, Аман қалды қарау ойдың қайығы. Аман қалды ол бар залымның бағына, Ажал оғын себер ме екен тағы да?! Ұры ой кірсе әлдекімнің көңіліне, Үрей кірген Адамзаттың жанына.
...Жеті басты ит жер шарына жар сап тұр, Қан сасыған қалың кебін қоршап тұр... ...Елес пе екен, не болды өзі, дүние-ай, Екіұдай кіл ерегістен шаршаппын... ...Жанында, әне, Жауыздық тұр шалқайып, Жанарынан – жарық, жүзден – әр тайып; Аппақ қудай, алжып біткен Адалдық Қалт-құлт етіп, қалыпты әбден қартайып. Ақиқатым – ақ кептерім көктегі, Қанша созсам, қайран қолым жетпеді. Жендет-Ажал желкеңде тұр жекіріп, Жатырмысың жантәсілім еткелі?! Намыс-отқа қойып кетті нар Ақын, Қанатының астына алып қара түн... ...Сахналық көріністен шаршаған Сана біткен сабалайды қанатын...
Пьеса бітті... Күрес біткен жоқ бірақ, Ауыздардан арам тілек атқылап; Трагедия аяқталды... Тұрды жұрт Алақанды ауырғанша соққылап... 1992 жыл, 11 желтоқсан. Алматы.
ӨЛГІМ КЕЛЕДІ...
(Марқұм Ысан ағама) Өлгім келеді, Аға, О дүниені де бір көргім келеді, Аға. Армандарымды ажалдың қанды тырнағына Бергім келеді, Аға, Ақ Сезімімді қара жерге көмгім келеді, Аға! Атылып өлгім келеді , Аға, Қимастарымның жанын қайғыға Батырып өлгім келеді, Аға. Асылып өлгім келеді, Аға, Құпияларымды құмар көздер мен құлақ біткеннен Жасырып өлгім келеді, Аға! Былыққан көже, быт-шыт боп, миым Шашылып өлгім өлгім келеді, Аға, Темір-терсек пен техниканың табандарына Басылып өлгім келеді, Аға. Теңізге батып, тентіреп, Тұншығып өлгім келеді, Аға, Өлімге сондай ынтызар болып, Құлшынып... Өлгім келеді, Аға!
Адасып өлгім келеді, Аға, Жер менен суға, жекенді нуға, Ерегескенде елсіз бен қырға, Тау асып өлгім келеді, Аға. Аяқ астынан абайсыз өлгім келеді, Аға, Бақытсыз, бақсыз... Тағдырсыз және... Талайсыз өлгім келеді, Аға! Жынданып өлгім келеді, Аға, Ақырет күні Алла Тағаланың алдына Бір барып өлгім келеді, Аға. Алладан жасырмағанымды Адамнан жасырып Қайтемін, өлгім келеді, Аға, Әйтеуір өлгім келеді, Аға! Ажалмен анық ақиқат дос боп, Алаңсыз кеткім келеді, Аға,
Ешкім де білмей есімімді ақыр, Хабарсыз кеткім келеді, Аға... Басымдау болмай шықты ғой бағым, Сорымнан, Аға, Жаратқан Ием пендесіне адал өлімді Тегін бермейді, Жеме-жемге келгенде қолымнан, Аға, Өлу келмейді!.. 1993 жыл, 10 қазан. Индер.
АЙҺАЙ, ДҮНИЕ!..
Боз атқа ырғып мінерміз, Боз беткейге шығармыз, Бозбала-дәурен сүрерміз. Дембелше келген денені Деңментпен берік буармыз. Ағима шекпен киерміз, Ақ найза қолға алармыз, Әруақтап жауға тиерміз. Қаһардың мініп қара айғырын, Қабыландай бүлік салармыз. Көк байрақты көтеріп, Көкжиекті бетке алып, Көш-керуенге жеке еріп; Қалың нудай топтанып, Қара көзіміз шоқтанып, Шабармыз жауға шаттанып. Зар тербеп жалқы жүректі, Заманның жалына жармасып; Ақ түлкідей арбасып, Айқын соқпақ таңдасып; Біріктіріп білекті, Тоғыстырып тілекті, Жол шегерміз жонды асып.
Қабағын жауып, қабарған Қалпағын алып қара орман, Қарсы тұра алмай қалбаңдап; Көз алдыңда көлбеңдеп, Өткел бермес өңмеңдеп Дария біткен далбаңдап; Ырқынан әбден айрылып, Ығысып жүре берер-ау. Арғымақтың жанарын Ақ ала шаңыт көмер-ау, Ардағым сонда өлер-ау Аламан бәйгені армандап. Құзғын құстай құралып, Жыртқышқа жем боп, жыланып; Жығылған келіп алдыға Зымияндардың жыланын, Зымыстандардың лаңын Зынданға салып, қинармыз – Құныкерімізді өлтіргендей Құмарымызды қандыра. Ой қозғаған көсембіз, От ауызды шешенбіз. Омырауымыздан жел есіп, Отты суды кешерміз. Отман таумен теңесіп, Осылай да-осылай өсерміз.
Сілекейленген быламық, Сірне-сірне мұңдардың Сілімтігін шығарып; Сілкінерміз сөйтіп біз, Бураға салып бұғалық. Айһай, сүйткен күндерді Ақиқат бастан кешетін, Алаштың қамын жесетін, Атты заман туар ма – Азық қылар армансыз Төбелескен дұшпанның Төрт бөліп жеп төс етін. Сомадай болып жүрер ме ек, Сондай бір дәурен сүрер ме ек – Әлсізден емес, Арсыздан тауып тоятты; Айдай әлем бас иіп, Алшаң басып аяқты.
Қара жердің қауызына сыймай, талтаңдап, Шалқақтағандар шатқаяқтап бір, тепеңдеп; Бозқасқаны болып қаңтармақ, Қараша үйден қаракөз сұлу жар таңдап; Айһай, дүние, Мұратымызға жетер ме ек, Мұртымызды балта шаппай, Осылай да-осылай өтер ме ек?!. 1993 жыл, 6 қаңтар. Алматы.
ҚАНДАҒЫ АЛТЫН
- «Адам қанының құрамында алтын болады» деседі ғой. Сол сөз рас па екен?! - Мүмкін. «Осыны естіген бір жігіт ертеде сүйген қызына өз қанының құрамындағы алтыннан жүзік жасап, сыйлаймын деп, мезгілсіз ажал құшыпты» дегенді естуші едім... (Ауызекі әңгімеден) «Ең ғажап деп ел мақтаған сәтті ұғам, Адамың да, Аллаңыз да жақ бұған. Мейірімге толы толқын тулаған Менің қаным – дүниедегі тәтті қан. Менде ғана ғазиз жүрек, ғажап қан, Дұшпан мені аз атқан жоқ, аз атқан. Сұйылған жоқ қаным менің сонда да, Бастау алған баба тегі – Қазақтан.
Ей, адамзат, сәбиің бар, қартың бар, Қандарыңда қасиет бар жарқылдар. Мендік қанның құрамында дәл сондай Жұмыр басқа жұмбақ болған алтын бар. Қаны жоққа тағылады бар айып, Қаны жоқтар келе жатыр молайып. Қаным сұйып, қасиетім сарқылса, Қара жерден күтпең мені, халайық! Ақ жүрекке қалқан болар қабырға, Асыл қанды адам теңер лағылға. Қаным біткен күні мен де өлемін, Нақ сол күні шығар менің жаным да. Базбіреуге барылдауық үйрек таң, Менің қаным – жер-жаһанда сирек қан. Мендегі қан тек тектіде болады..» Күнұзаққа күбірледі сүйдеп Тән.
Осылай деп күбірледі текті Тән, (Алқызыл түс ақиқатты бек тұтам). Ал бүгінде пенделердің көбінің Сықпыты сол – сирағы жоқ көкқұтан. Түзу сөзді болса егер жан тыңдар, Түгел дана боп кетпес пе халқым бар?! Қасиеті сұйылмаған қанға ие Мына менде нағыз сирек алтын бар. Алтын деген – қандағы бар қасиет, Барлық мықты сол алтынға бас иед. Ал кей кезде алтын іздер алыстан Ақымақ бас, тайқы маңдай, тас иек. Қандағы алтын! Мен сені іздеп жүр едім, Жоғалмашы – тірліктегі тілегім. Кең дүние кепкен тамырға айналар, Сен жоғалсаң, мынау тірлік – мың өрім.
Жоғалтатын болсақ сені – шын өлім, «Жол кесілді, біткенім» деп білемін. Алтынынан адасып қап жүргенді Көрген кезде ауырады жүрегім... 1995 жыл, 3 шілде. Ақтау.
БИІКТІК
«Өле берсін күншілдер күйігінде, Өз ғасырым өзімнің иінімде. Ақ жаңбырлар тоздырған тау секілді Мен өлемін өзімнің биігімде..» (Төлеген Айбергенов) Ау, биіктер, зау биіктер, биіктер! Өздеріңмен жаны заңғар, иықты ел. Аспан жаққа алақаным тосайын, Бұлттарыңнан бұлақ суын құйып бер! Оу, биіктер, құлау биік, құзар шың, Жан сырымды жалғыз сендер ұғарсың. Жерқұрт сынды жердің мынау төсінде Тұлғаң Тұран сипатты боп тұрарсың. Уа, биіктер! Көңілім саған тартады, Заман жүгі жаншып бітті арқаны. Тылсымың бар тартатұғын өзіңе, Бас айналар құдіретің бар тағы.
Өткірлік бар сенде жанар жасқанар, Қасиетіңді қайдан ұқсын басқалар?! Аласалық еңселерін езгенде Адам біткен асқарлықты еске алар. Биіктіктің біз білмейтін желі бар, Оны биік самғай білген сол ұғар. Шырқау құзда бүршік жарған шынарға Шыңыраудан шыға алғандар жолығар. Биіктермен асқақ еңсем, зор үнім, Биік жанған бір алаудың шоғымын. Кешіре гөр, кең дүние, қара жер, Аспан жаққа ауа берсе көңілім! Өз биігіңде көзіңді жұм – өлсең, Жыр, Көзім, көңіл жетпесті көр – көрсең бір. Базбіреулер биіктігін әлемнің Вавилондық мұнарамен өлшеп жүр.
Өлең-ботам өзге емшекті де иіткен, Соған қас боп, сызданғандар күйіктен; Мені мәңгі жоқ етпекші болсаңдар, Лақтырыңдар шыңдай шырқау биіктен! Сонда мені қарсы ал, жұлдыз, қара түн, «Құлап келе жатыр, - деп, - бір нар ақын». Бұ дүниенің бір биігін іздеумен Таңсәріден талды менің қанатым! Арманым жоқ – асқар тауым табылса, Құзар шыңға құдіретті отым жағылса. Шың басына қойып кеткен шырағым Барша ғасыр қырқасынан шалынса... 1995 жыл, 28 наурыз, 9 шілде. Ақтау.
ЖАЗДЫҢ ЕҢ СОҢҒЫ КҮНІ
Жаздың ең соңғы күні! Жанарыма жас үйірме сен бұлай, Түнермеші, тілеуіңді бергір-ай! Қысқа ғұмыр қиналыспен өтпесін, Кешірімің көп еді ғой, кең Құдай! Ең соңғы күн! Ауыр неткен салмағың! Аяғыңда жанышталды Арманым. «Қолдағай!» деп, қолым жайдым аспанға, Қозғап бүкіл ата-баба әруағын. Соңғы медет тұтарым да сол бүгін, Сорғалаған көз жасын көр сорлының. Қайғыңменен қамырша илеп бейбақты, Қабағыңды түйе берме, соңғы күн! Қарсы алатын қауқарым жоқ қатерді, (Азамат деп санамағын аты ерді). Ең соңғы күн! Еңіретіп бір кезде Арамыздан ап кеткенсің Әкемді.
Тағы қысып тасбет тағдыр кісені, Үзілген-ді үмітімнің ішегі. Көкжиектен көтерілсең Күн боп сен, Содан бері Әкем еске түседі. Ең соңғы күн! Маған бұлай қарама, Тойған жанмын «шүкір» менен «тобаға». Қуат біткен, шуақ күткен пендеңе Шаттық сыйлар сәтің, сірә, бола ма?! Көкірекке мұнар-мұңды сезім кеп, Көпшіліктен көңіл қалған кезім көп. Өмірімнің жаймашуақ жазының Ең ақырғы күні болма өзің тек! Соңғы күнім сен болсаң – Жанарынан жарық сәуле, нұр кеміп, Қаламынан қайрат жиып, түргеліп; Ақырғы рет ашар көзін онда ақын, Соңғы күні жазған сорлы жыр болып... 1996 жыл, 29 наурыз. Ақтау.
АСЫЛ ӘКЕ
Сазы: Аманғали Нұрдәулетовтікі Асыл әке, Ақ жүзіңді сағындым, Сен кеткелі көңілім – пәс, жаным – мұң. Кете бардың қарамастан артыңа, «Бір көрсем» деп Жаратқанға жалындым. Асыл әке, Қысқа болды-ау ғұмырың, Жүрегімде жаңғырығып жүр үнің. Шағаладай жетім қалған айдынсыз, Шарқ ұрады өзіңді іздеп құлының. Асыл әке, Аппақ еді тілегің, Адамзатқа ашық еді жүрегің. Есіміңді ескерусіз қалдырмас, Тірі болса ұл-қыздарың – тірегің. Сен кеткелі жаз да өтіп, күз келді, Күзбен бірге көңіліме сыз келді. Жатқан жерің жайлы болсын, жан әке, Желеп-жебеп жата бер тек біздерді! 2001 жыл, 15 тамыз. Ақтау.
БІЗДІҢ ҰРПАҚ
Біздің ұрпақ – бүгінді көрген ұрпақ, Дүниеге дүбір боп келген ұрпақ, Санатына ерлердің енген ұрпақ. Сапырылысқан сан қилы кезде туып, Садақаға жастығын берген ұрпақ. Біздің ұрпақ – тағыдай тарпаң ұрпақ, Жамалына қарайтын жан таңырқап. Дала мінез, дария, дархан ұрпақ, Екі ғасыр есігін еркін ашқан, Еңкеймеген еліне қалқан ұрпақ. Біздің ұрпақ – атылған асау ұрпақ, (Қарт тарихтың қайла-тіл, қашауын тап!) «Келер ұрпақ, не болар келешегің?» Деп біз үшін кім енді бас ауыртад?! Біздің ұрпақ – сәбидей аңқау ұрпақ, Сәбиіңе сәл бұрыл, қартаң ұрпақ! Мына сіздер секілді мықты ұрпақ бұл, Және сіздер секілді жалтаң ұрпақ.
Тарпаң болып көргенбіз біз де қарғып, Бір ғасырда бітпейтін сөзге қалдық. Жалтаңдықты сіздерден үйренгенбіз, Тарпаңдықты тағы да сізден алдық.
Біздің ұрпақ! Несіне жалтаңдайсың?! Заман жүгін зорықпай тартар қайсың?! Жаманатын ағаның арқаламай, Аманатын ананың айта алмайсың.
Сондықтан да жалтарма, біздің ұрпақ, Қылыш жүзді, қыр мінез, қызғын ұрпақ. Ұрандайды биіктен біздің дауыс, Тұра алмайды енді ешкім бізді қымтап!
Сел құйылып, сезіммен Күн теңесіп, Кел, жиылып алалық бір кеңесіп; Бір айтатын кез осы айтарыңды, Біздің ұрпақ, сөзіңді айт, мінбеге шық!
- *
Біздің ұрпақ! Үнем болмас құйған ас, Күтпе ешкімнен сындырық-нан, сый-қалаш. «Балам-ау!» деп бастан сипап бізді ешкім, Бақыт құсын, бақ тұғырын сыйламас. Біздің ұрпақ! Ашылса да көзің кеш, Білгеніңше өз түйініңді өзің шеш! Тірлік етіп, тіл беземес біз үшін, Біздер үшін ешкім енді езілмес. Емексітпес, ел пейілі жазылар, Көмек күтпес көкірегінде көзі бар. Біздің ұрпақ – бітпейтұғын сөзі бар, Өгей болма, өз наныңды өзің же, Өз еліңді өзің қорға, өз несібеңді өзің ал! Алдымызда асау бөгет, мол белес, Біздер емес ақырғы адам, соңғы елес. Алдыңғыдан артық та емес, кем де емес, Біздің толқын еш толқыннан сорлы емес!
Көкірегіңді толғандырған сөзіңді айт, Не тілегіңді арман қылған кезіңді айт – Енді ешкімге есең кетпес үшін де Біздің ұрпақ, мінбеге шық, сөзіңді айт! 1995 жыл, 8 қаңтар. Ақтау.
ҒАСЫР ЖАЙЛЫ ҒАЗАЛ
«..Мен қауіп етіп айтамын: Ақ борықтай иілген, Кейінгі туған баланың Ұстай ма деп білегін, Шая ма деп жүрегін; Шашын-мұртын қойдырып, Ащы суға тойдырып, Бұза ма деп реңін; Адыра қалғыр заманның Мен жаратпаймын сүреңін..» (Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» дастанынан) Уақыт! Мені айырма тірегімнен, Кездерім аз жолыма гүл егілген. Күн өткенге көкірегім қарс айрылар, Күңірене біледі күле білген... ...Түлкі-жанар жымсияр түнегіңнен, Түршігемін түтіккен түр-өңіңнен. Келер ғасыр! Келмей-ақ қойшы бізге, Мен қорқамын сенің сол сүреңіңнен!
Мен қорқамын: «Мейірім жоғалар» деп, «Адам жанын әзәзіл аралар» деп. Інілердің ізеті түгесіліп, Аярлыққа бой ұрар ағалар көп. Мен қорқамын: «Адамдар аза ма» деп, «Заман азып, заңың да тоза ма» деп. «Санасызға жібімей Жер жарықтық, Сазбеттеніп төнер, - деп, - сазара Көк». Мен қорқамын: «Арналар тартылар» деп, «Адамзаттың арманы сарқылар» деп. «Қыздан қылық кетіріп, ұлдан ұят, Пенделердің пейілін тар қылар» деп. Қорқыныштан жүрегім жүз бүктелер, Уменен тең уайым тізбектелер. Мен күтемін сол сәтті – Соры қайнаған Пенделерді періште іздеп келер.
Мен қорқамын: «Бір зауал жете ме» деп, «Басымыздан бақсыз күн өте ме» деп. Мен қорқамын: «Қазақтың қаны сұйып, Елдің-дағы елдігі кете ме» деп. Мен қорқамын: «Жауыздық жалғасар» деп, «Дарындыны дүмшелер дарға асар» деп. «Қазақстан» дегеннің орнына «Азапстан» деген сөз алмасар» деп. Мен қорқамын: Өз басын даралау көп, «Кете ме, - деп, - кесірлер керенау боп». «Іздегендей түйір дән түмен-құмнан Түк таба алмай түбінде қалам-ау» деп. Қорқамын мен, Қолымнан не келеді?! Қорқау-уақыт бәрін де шегереді. Келер ғасыр! Кетпеші келемеш қып, Төбемізге төңкеріп тегенені! Парықсыз күн зерлемес таңды нұрмен, Пайдаланар сәтіңді сәл бүгілген.
Мейірімге шөлдейді мынау ғасыр, Мен жақсылық күтпеймін алғы күннен! Осыны ойлап, әз-жаным күйінеді, Қасіреттен қабағым түйіледі. Жиырма бірінші ғасырға жеткім келмей, Шақырып жүр Жер-бесік жиі мені... 1994 жыл, 5 тамыз. Сыңғырлау.
ХАЛҚЫМА ҚАРАТПА
«Түбінде менің халқым қорлықты шегір көзден емес, қысық көзден көреді екен». (Майқы би) «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!..» (Абай) Шақырып жарқын өмір, жарық теңдік, Ақырып ұран отын жағып көрдік. Бірақ та бірлігіне сызат түскен, Біз-дағы қарғыс атқан халық болдық. Таба қып дұшпанға да, досымызға, Озбырлар ортақтасар асымызға. Лақтырған Тәңірінің тасы тағы Лағып кеп, тиер біздің басымызға. Шындықтан шынжыр қашан алынады?! Жерінер бізден ата әруағы: Егемен елдік белгі – көк байрақты Есерлер көрпе орнына жамылады.
Қыршын жас, қызғалдақ-қыз болып құрбан, Заманың осы ма еді зарықтырған – Қаптаған қара қытай, казак-орыс Үстіне елтаңбаңның сарып тұрған?! Ақыны замананың зарын қаққан, Дәуірің осы ма еді дабылдатқан – Өзіңнен туған ұлың өгей болып, Алқымынан анасының алып жатқан?! Тірі боп таңғаласың жүргеніңе, Ірі боп, піскен кезде құл деміне; Дейді де: «Демократия жасай берсін!», Қадайды қара балта діңгегіне. Жабылды қырық қаншық бір бөріге, Табылды табалаушы Күн де күле. «Адалдың аты озбайды» деген осы, Шығармас Шындықты ешкім шың-көгіне.
Іргеден тұмсық тығып, бәрі үреді, Қашаннан қазақ байғұс қарық еді?! Басшысы жалтақ болған байғұс елдің Басына қашан шырақ жанып еді?! Мүжәлсіз, күйін кешкен кіл өгейдің, Мүсәпір болған халқым, тірегей Күн! Қазіргі сен басыңнан кешкен халді Қас түгіл, қара тасқа тілемеймін! Апырай, келер күннен қауіп етем, Қазақтың қасқалығы анық екен. Еркіне жібергенде малдан жаман, Ешқашан ел болмайтын халық екен. Хан азса, азары анық халық мүлде, Бәрібір бұл қазаққа, тарықтың не – Данко*** боп, жүрегіңді жұлып алып, Ермейді бастасаң да жарық күнге.
Жауы көп ойы – дұшпан, сөзі – сына, (Көз сатқан көрдегінің жозысына). Өзіне тағы дұшпан өзі, сірә... Бұл қазақ «Оянам» деп ойлағанша, Кер заман кетер асып көз ұшына. Басында шәйнам ми жоқ құлтекелер Бастайтын бағдары жоқ, құр жетелер. Осынау қасқыр тартқан қой секілді Обалын қазағымның кім көтерер?! Обалын кім көтерсін, заман ғана, О, заман! Артар бәрін саған ғана. Сондықтан сорың қайнап, қамсыз халқым, Ұйықтай бер дәл осылай, алаңдама! Боздаған үнге айналып биік әнің, Осылай сығыркөз боп сыйынарың – Басыңды кесіп алып кеткенінше Бата бер батпағына ұйыманың!
Қазағым, жатырмысың қарық болып, «Басың бақ пен Қыдыр дарып-қонып?!» Осылай тозған торғай боп жүре бер, Оянба, кетерсің сен халық болып... 1995 жыл, 24 наурыз. Ақтау. ----------------------------------------- ***Данко – халықты жақсылыққа, жарыққа жетелеген М.Горький шығармасының бір кейіпкері.
ОЯУ ОТЫРЫП КӨРГЕН ТҮС
«Мына заман – қай заман, бағы заман, Баяғыдай болар ма тағы заман?!». х х х «Заманым – заман емес, лаң болды, Адамым – адам емес, жылан болды». (Ел аузындағы ескі жырдан) «..Айтсам, сөзім өтер ме, Ұсынсам, қолым жетер ме, Қырдан асқан түлкідей Қырмызы қызыл заманға?!.» (Нұрым жырау Шыршығұлұлы) «..Заманым менің тар болды..» (Әбубәкір Кердері) ...Қашанда хан алжыса, қаңғиды елі, Ар азып, жан жеңіліп, тән күйреді... ...Бүгін бір бүк түсіріп құлатты да, Ұйқы боп улы құшақ әлдиледі.
Түс көрдім түгел дүние сыйған соған, (Ояу-ақ түс көре алар – ойланса адам). Жетпеді жеңуге сол ауыр түсті Жиһадтың майданына жиған шамам. Түс көрдім түгел дүние сыйған соған: Жеркеніп, тұла-бойым құрысқаны, Жендет-Ар қыр арқамнан қылыштады. Жолбарыс-сұрақ біткен тырнап ішті, Жоныма жүгірткендей құмырсқаны. Жолбарыс-сұрақ! Неткен тажал едің?! Қан ақты қара тастан – қажап едім. Күй қызық тербетеді терге малып, Тигізіп алқымыма ажал ерін. Тақымдап тажал-сұрақ, сырғақтадым, Таңдайым кеберсіді, құрғап қаным. Ішімді ит жыртқандай дал-дал қылып, Салады сояу-сояу тырнақтарын.
Салады сояу-сояу тырнақтарын, Жын буып, жыртатындай жыр қатпарын. Жүгендей алмай соны, жаттым жалғыз, Жібермей, жермешел боп бір қапталым. Апырау, аспан аман, бұл қалай-ды?! Көлдетсем, көздің жасы құрғамайды. Жаралы жолбарыстай ыңыранып, Жанымды жауыз сұрақ тырналайды. Ол сұрақ: «Заманыңның аты қандай?» Бір күнің бір ғасырға татығандай – Осыған жауап таппай отырамын, Ойланып, атқан таңды батыра алмай. Отырам шыққан күнді батыра алмай, Бір күнім бір ғасырға татығандай. Қараймын жоғарыға артын аңдай: Көгімнен көк бұлт боп кеп, ағат бассам, Әруағы аталардың ақырардай.
Сұрағың: «Мына заман – қандай заман, Арасы Ар мен Жанның шалғайлаған?!». Халықтың атынан сөз аламын деп, Қасқа боп күн кешірген қандай жаман?! Шеше алмай мың түйінді, мылжаландым, «Құдайым, қолдай гөр!» деп, құр жаландым. Асықпай он ойланып, тоқсан толғап, Ақыры атын қойдым бұл заманның. Деп қойдым атын оның «Арсыз қоғам», Шымырлап, шындығынан жан сыздаған. Арлысы тыр жалаңаш тыртаң қағып, Ұятты ұзақ күнге нәр сызбаған. Деп қойдым «Арсыз қоғам» атын оның, Жанассаң, жатқа айналар жақын ерің. Қағандай қайырусыз кеткен қоғам, Таба алмай талықсыған Ақыл емін.
Құдайшылық қасиеті құрып кеткен, Ұрпағын уландырар ұрық төккен; Алжасқан ақылынан аң-қоғам бұл, Ағашқа Ар-көйлегін іліп кеткен. Аш қоғам, арсыз қоғам, қасқыр қоғам, Байлықтан басқа затқа бас бұрмаған. Қаңғыған қара түнде қарақшысы Қалғыған қарт зираттан тасты ұрлаған. Халқыңа қай мықтың бар қас қылмаған?! Аш қоғам, арсыз қоғам, қасқыр қоғам. Көре алмай атар таңды, шығар күнді, Қан құсып, қара албасты басқыр қоғам. Ей, қоғам! Есің бар ма, көшің қайда, Көрсетпек хикметің осындай ма?! Күні ертең күліп бізге келер ғасыр, Шошайтып саусақтарын, шошынбай ма?!
Айтшы енді, Дертің бар ма асқынбаған?! Жүз тілім жүзімізді жас тырнаған. Кеудемді кернеп бүгін кек толқыны, Тас толды тамағыма тасқындаған. Туралап тастайтындай туған айды, Ұлымай, қасқыр-қайғым уралайды. Маңдайға дыңғыр-дыңғыр дыбыс толып, Маңымды бұлдыр-бұлдыр бу қамайды. Тіршілік біткен бүгін тоқырады, Құлшынып, құлдар ғана құтырады. Жабығып жансыз әлем отыр, әні, Жанымды әлсіз әуен шақырады. Күн сөніп, Ай аңырап, Жұлдыз жылап, Көгімнен келе жатыр бір мұз құлап. Жас түстес, жалтыраған жансыз мұз бір, Жарығы жылытпайтын күндіз бірақ.
Сүңгі-мұз құлап келе жатыр, әні, Сүп-сүйір аузы қанды қақырады. Жұтады қан аралас қақырықты Толқыған туған жердің топырағы... (..Қанатын қағып келер сан ғасырға, Қарлығаш-түсім әлі жалғасуда. Миымда мың-сан сауал найзаласып, Екі дай екі дүние арбасуда. Арбасуда... Түс әлі жалғасуда..) ...Сылаңдап сыңар аққу айналады, Бұраңдап бұлақ біткен ойланады. Сансырап жатқанымда сал аурудай, Сайтан-қыз самал жел боп аймалады. Құшақтап құрсау қолмен, қу қыз өпкен, Құрғырды жұлып түстім жұлдыз-оқпен. Түнерді жұлдыздар да түсі суық, «Ай емес, біздер ғой, - деп, - түн күзеткен».
Қаштым мен түсі суық жұлдыздардан, Қанжардай түстерінен су мұзданған. Қаңғырып, қаша-қаша қайтып келдім Баяғы лас әлемге қу қыз қалған. Қарсы алды ол: «Қаңғып қайдан келдің, шалым?! Қасқа боп, елестерге ердің сағым». Мына дүние мені әзір құтқармайды-ау, Мың рет айналсам да Жердің шарын. Жаратқан! Жарты өміріме несібе бер, Берсең сен несібені – иесіне бер, (Абайсыз артық берсең, есіреді ел). ...Жанымда сайтан сыңсып, малғұн мәулір, Жарылға, кең Құдайым, кешіре гөр! Ұят – кем, Арым – бүкір, Түкір алға, Арым жоқ болғаннан соң құтырам да. Бүгінде бүкір Арды кім түзетер, Көр ғана түзетуші бүкір Арға.
Көр ғана түзетуші бүкір Арға, Бәрі көр қара жердің шұқығанға... ...Әлсіреп бара жатып... әзер тұрдым, Әйтеуір түсім екен... Шүкір, Алла!.. 1995 жыл, 17, 19 наурыз. Ақтау.
ЖЫЛҒА ТІЛЕК
(1997-ші Сиыр жылын қарсы алу) Күміс қыраулар көшеге көрік береді, Бөлейді ұлпа мамыққа бөрік-төбені. Тынымсыз Тышқан шырақ та көтеріп өкше, Сиыр жарықтық сыпайы еніп келеді. Жарықтық Сиыр! Жақсылық күтемін сенен, Түнгі боранның күтпеймін түтегін сенен. Дәруіш-көңіл дәметіп, тілейміз ел боп, Бітпеген істер дәл биыл бітерін сенен. Құдайдан басқа жайғызар құлашыңды кім?! Тарихтың кәрі арбасын бұрасың бүгін. Үш жүз алпыс екі әулие жатқан жеріме Үш жүз алпыс күн салтанат құрасың, Жылым.
Жұртымды обыр заманның жұтып тұр селі, Шексіздей болған шыдамның бітіп тұр шегі: Тоқсан жеті боп төбеге айдарын тағып, Тоқсан мың тарау шаруалар күтіп тұр сені. Ұлтымыз өссе – ұтылып қалмайсыз сіз де, Жұртымыз өшсе – болашақ бармайсыз сіз де. Жиырма бірінші ғасырға жеткізер аман Бір биік белес-баспалдақ болғайсыз бізге. Қанатты уақыт қалықтап, ғарышқа ұшады, Жақындап асау ғасырдың алыс құшағы. Бүлдіріп бәрін кетпесін бір нақұрыстың Шамасын білмей сілтеген шалыс пышағы. Тентек мінезбен тектісін теппесін үйір, Тоғайып елім, толсыншы жетпесі биыл. Алты ғасырдай аңыраған аңқау халқымды Өзің құсатып мөңіретіп кетпеші, Сиыр!
Өкпелі қылып елімді, өкіндірмеші, «Бес мәрте буып беліңді, бекінгін» деші. Қаныңа сіңген қасиетің – самарқаулықты Халқыма биыл тарту қып кетіп жүрмеші! Салиқалы ойлар оянып, сана бүрленіп, Дамысын қазақ, дала – гүл, қала – нұр болып. Қырсық мінез бен қызылкөз ашуыңды, айнам, Тастай кел – келсең, тап биыл Жаңа Жыл болып! Түсің де жылы, түңілмен, түрің де дара, Ұлылық барын өзіңде ұғынды Ел-Ана. Тілдессін жұртым бір-бірімен биылдан бастап, Сиырдың емес, Адамның тілінде ғана! «Жақсылық болып жайылар жүрегім» деші, «Шаңырағыңа шаттық боп кіремін» деші. Жыл болып жаңа, Жыр болып келді киелім, Хақтағалам-ай, қабыл қыл тілегімді осы!
Бақыттан басқа әмірге бағынбай сезім, Адал жүректен төгілсін ағындай сөзім. «Сыбырлағанды Құдай да естімеуші ме еді», Бір періштенің құлағына шалынғай сөзім!.. 1996 жыл, 25 желтоқсан. Ақтау. Төртінші бөлім
ӨМІР, СЕНІ ЖЫРЛАЙМЫН!
АТАЖҰРТ
Ей, Маңқыстау, Маңқыстау! Жапандағы жалғыз тау. Балдарың шықпай басыңа, Басқалар бұрын барғыш тау. Алғаның сенің алғыс па-ау, Арқалағаның қарғыс па-ау?! Алға жіберіп өзгені, Артында жұрттың қалғыш тау. Сен екеумізге үнемі Сезімге толып жүрегі, Нағыз керек боп жүр еді Намысымызды шарға ұстау. Басқалар сені «төбе» деп, Басыңа сиді төбелеп. Байлығың болса болғаны, Басқаға өзге не керек?! Жез қанат тұлпар жебелеп, Жекенді суды көбелеп; Жел қуған сынды ебелек, Мекенін қимай айналған Мен де – бір жынды көбелек.
Сен екеуміз – егізбіз, Сең көшірген теңізбіз. Сексен күн баптап бақса да, Семірмейтін өгізбіз. Қабылан-мінез алыптың, Қатепті жүгін халықтың Қабағын шытпай тартатын, Қара нар зілін артатын Миы айналған мынау заманда Мықшыңдап тартар әманда Бір өгіз керек жұртыңа, Жүгіңді сүйрер жұлқына. Сұрапыл сондай күші жоқ, Сормаңдай елмен ісі жоқ, Өгіздің күші түгілі, Өлген бурадай сұсы жоқ, Өңшең бір азғын, әйлеңкес, Өлімтіктер жайлаған, Қарақұрымдай қайнаған
Қайран сенің биігің! Қайнатып көңіл күйігін, Кімдердің кір табанының Астында қалды десеңші! Ай нұрынан қорыған, Аппақ сүтке жорыған Жарық дүниеде жалғызым, Тоңыңды қалай жібітем, Толмаған орны есең ше?! Жан аяғы жетпеген, Жасанды гүлін екпеген, Жаралған берік сауытын Жау қылышы сөкпеген, Жалғыз биігім сен едің – Жаратқан берген ырысы әлі кетпеген.
Сені де бүгін сетінетіп, Тектілеріңді тентіретіп, Отман тауың ойсырап, Ормандай жұртың қансырап; Жаттың қолы жағаңда, Жақсыңды асып бағанға, Жалыныңды өшіріп, Жалқы үмітің кесіліп, Жалынуға мұрға келтірмей, Жаулықсыз қалған кемпірдей, Айдап әкеп аранға, Жаулап алды-ау табанда. Ағысқа қарсы жүзетұғын шамам жоқ, Оңай болмай тұр маған да. Ей, жапанда жалғыз биігім, Еңкеймесін иінің. Ешқашанда ешкімнен Тұрмасын төмен иығың. Туыңды ерте құлатсаң, Ту-талақай еліңді Тұс-тұсына бөлінді Тұрымтай қылып жылатсаң – Сен суалсаң, суалып, Сен қуарсаң, қуарып, Жүрегі бірге соғатын, Тілегі бірге болатын, Уығың болып сүйеген Мен кімге барып сүйенем?!
Із кесіп тұтас тұманда, Ілмиіп келед жылан да. Көк зеңгірді көретін Бір биік керек қыранға. Жыланның тілін суырар, Жын тигендей қуырар, Кер заманға сай кемеңгер Керек-ау тәсіл кей-кейде Кейінгі туған ұланға. «Қиямет күні қылкөпір Күтеді» дейді Құранда. Құраннан құдірет болып па, Торықпа, жаным, торықпа. Жасыңды көзден шығарма, Жақсылық күндер тұр алда. «Жалғызбын» деп жасыма, Жау көрінсе, ұранда. Ту түбінде тұратын Тұлғалар керек Тұранға. Жалғыздың жары – бір Құдай, Жар болғай саған бір Алла!.. 2002 жыл, 26 ақпан. Ақтау.
ӨМІРЗАЯ
Қайтейін сұм дүниені «жалған» демей, «Қаншама мұңлықтардан қалған» демей?! Қаласың сен де бір күн қақсап-қақсап, Қара жердің астында, қайран көмей! Зиратқа зиялы ағаң бастап барып, Жатасың жер астында тас қапталып. Тоймаған жарық дүниеге жанарыңды Көмеді көр-топырақ тастап халық. Тұншығып үнің қалар наз ұққандай, Тыншығып тілің қалар, тозып таңдай. Жазылған жазмыштағы бар бейнетің Жабылар топырақпен жазық маңдай. Ұмтылып білек қалар, батыр білек, Жұлқынып жүрек қалар ақырғы рет. Там салып, тастан белгі ел орнатады, «Тарихқа қалдырдық қой атыңды» деп.
Сен де бір пақыр-пенде өкілі едің, Желпініп тынасың ғой, жетімегім. Тірлікте тірі жанға дес бермеген Тістеніп басылады көкірегің. Бағдар боп, болашаққа бал ашқан ба ой?! Созылып жатар сосын таласқан бой. Талқаның таусылған соң бұл фәниде Қалқаның – қара жер мен көк аспан ғой. Есігін екі дүниенің ұстарыңда, Алқымнан ажал келіп қысқанында; Артыңа қарай-қарай аттанасың, Аманат-жаның көкке ұшқанында. Бақиға бармайтұғын пенде бар ма, Аллаға қарсы тұрмас мыстаның да. «Үйіңе» үш буылып түскеннен соң, Күйіңе күле қоймас дұшпаның да.
Тірлікте қандыра алмай құмарыңды, Табасың тар қапастан тұрағыңды. «Қараңғы – барар жерің» деп айтады, Сондықтан сайлап алғын шырағыңды. «Байқасаң, бақида да жау бар» дейді, «Барғасын, барлық пәле қаулар» дейді. «Тірлікте жағып өткен шырақтарың Отың боп о дүниеде лаулар» дейді. Беу, пенде! «Тіршілікте тиер» дейді, «Өлгесін, басыма алтын үйер» дейді. «Жұмбағын бұ дүниенің шешкен жанға Жұрт түгіл, жұлдыз басын иер» дейді. Жүреміз екі күнде бір ерегес қып, Бірікпей, ер жеткесін бөлек өстік. Баршаның баратұғын жері мәлім, Өмірде сонда не үшін төбелестік?!
Айға да ала ит болып үріп жүрміз, Байға да «Байғұс-ай!» деп күліп жүрміз. Сұм жалған бес-ақ күндік тірлік болса, Сонда біз не үшін өмір сүріп жүрміз?! Санаңды шабақтаса сайтандай мұң, Аз болмас адамзатқа айтар қайғың. Алланың алдына бір барып қайтып, Айтпасам, қазір мен де айта алмаймын. Басыңнан керуен құрап күз көшкенше, Дүние мың түрленер біз де өшкенше. Ей, пенде! Сен көргенді мен де көрем, Ендеше «ана жақта» жүздескенше! 2003 жыл, 22 қыркүйек. Ақтау.
ЖҰЛДЫЗ-ҒҰМЫР
Айыра алмай асылтас жүзікті Айдан, Кейде ұқсатам тобыққа мүжіп қойған. Мекеніне орныққан мың сан жұлдыз – Менің картам секілді сызып қойған. Несібеден демессің бұлар кенде, Неғайбылдау бір күмән тұрар менде. Жын жайлаған кеудеге жыпырлатып Жұлдыздарды тағуға құмар пенде... ...Үмітіне көз тігіп Үр-қыз атты, Қылаң-көңіл қиялын қырға ұзатты. Түн көзінен мөлт еткен тамшыдай боп, Түу биіктен зымырап жұлдыз ақты. Ай-бейшара Аспанға асылады, Күн-құдірет көрінуге асығады. Уыз-тірлік ұйыған быт-шыт болып, Шартарапқа шапақтар шашырады.
Түн бауырын сөгілтіп төсеп тұрған, Көзі түскен қиырды көшет қылған Күн шуағы күлімдеп есед қырдан. Иіні түсіп, иегін қағады әлсіз Ертеңінен емексіп «Есекқырған». Қараңғылық қабатын асай түсіп, Қанат жайып таң келед масайтысып. Шоғы әлсіз жылтырап Шолпан-жұлдыз, Қою түнмен барады қош айтысып. Қызыл арай жүгіріп Дала демде, Қынадай түс тамырдай тарады елге. «Құс жолының» салбырап қанаттары, Құлап жатыр сәулесі қара Жерге. Сән бола ма тұрғанда түсің қашып?! Сәруар-таң сәулеті мысын басып; «Ақбоз-Көкбозды» айналған «Жетіқарақшы» «Темірқазыққа» қарады тісін басып.
Тәулік сайын Тәңірі-Түн ойыншы ғып, Таң тақалса, бой мұздап, қойын суып; Үдірейіп «Үркер» тұр анау шетте, Үнсіз ғана тағдырға мойынсұнып. Кім көнбейді тағдырдың әміріне, Өлшем айтқан қайсың бар өміріне?! Жұлдыз болып жұтылып кетпегенге Тәубе қылды бір бейбақ Тәңіріне... Қысқа болып қызуы оты күшті, Бұла қайрат бұза алмай бекіністі; Жұлдыздардың ғұмырын дәл осылай Жұтатыны Ажалдың өкінішті... 2002 жыл, 27 ақпан. Ақтау.
АТЫ ЖОҚ ӨЛЕҢ
«Барлық жұлдыз бір күнде сөніп, Барлық арман бір күнде өліп; Дүниені қараңғылық құрсап, Қараң қалды» деп ойлашы бір сәт. Сонда сен қайтер едің, Пенде?!. 2002 жыл, 4 наурыз. Ақтау. «ШАБЫТТАН» КЕЙІНГІ ШАМЫРҚАНУ немесе АСТАНАНЫҢ АҚЫНДАРЫ «Талантты өлтірудің ең оңай жолы бар: елемей қойсаң, жетіп жатыр». (авторын ұмыттым) Ұлы ақындар ұсақтамай өледі, Қанында өжет қайсарлық бар, себебі. Кейде менің бар қызықтан баз кешіп, Кең дүниені кезіп кеткім келеді. Дәруіштік өмір қандай ғажайып! Диуаналар жайлы өлең жазайық. Таза бұлақ суын ішкен тарландар Онсыз-дағы бара жатыр азайып.
Аламанның бәйгесіне ағыла, Күреңімді қосып көрдім тағы да. Мен Меңдекеш бола алмадым, амал не, Есенғали ертпей кетті шаңына. Төре тұтар, Төмен санар өзін кім?! Түндер бойы төңбекшумен көз ілдім. Мейірханның ішкен уын татқан соң, Хафиз жазған қайғы дәмін сезіндім... ...Кіндік қалам, кілең керуен тоқталған, Есігіңді қақпай кіріп, кеп қалғам. «Алматыдан алған үлгі-өнеге Астанадан көрсем екен» деп барғам. Бекер екен, Биігінде тақ төрдің Басында айыр қалпағы бар «бақ» көрдім. «Туғаны жоқ тура би ме» деп қалып, «Иманы жоқ туғанды биге» тап болдым.
Алыс жүрсең, біле алмайсың анығын: Бұл қазақтың нәмелтай кім, нәні кім?! «Астананың ақындары» дегенді Маскаларын шешкен кезде таныдым. Туа салып, өліп жатыр бекерге Ой, Сезімдерін тұншықтырып секемді ой; Дегдарлық пен Тектіліктің барлығын Кеңсай жаққа көміп кеткен екен ғой. Баяғының шалдарындай бағалар Қайда қазір саңылауы бар саналар?! Алматыға ар-ұятыңды қалдырып, Астанаға неге келдің, ағалар?! Тентіретіп назарын да нар ұлдың, Өлтіретін даусын барлық дарынның, Өшіретін өртін асау жалынның, Көшіретін көктемін бар бағыңның; Астананың ақындарын көрген соң, Ауылымның қатындарын сағындым.
Ой, тәйір-ай! Осы ма еді бас қалаң, Осы ма еді мақтап жүрген Астанаң?! Одан-дағы Отман тауым мың артық Киелі ұшын кірлі аяқ баспаған. Осы нені ойлайды екен Елбасы?! Болмысына көз жіберсе болмашы: «Астана» деп айдар тағып жүргенің – (Адамнан ба, заманнан ба – білмедім), Толтырса да қазынаның тоннасы, Көзі тоймай, өзі тоймас дорбасы; Аннан қашқан-мыннан қашқан кіл қудың, Қырық ру құрандының ордасы. Жүз күн сүтпен жуса, зорға ағарар Күнәһардың көңілін кім таба алар?! Адай болып туғанымнан көрмесем, Кімнен көрем, кінә таққыш ағалар?!
Биігіңді белгілейтін бес күнде Қайран қалам кіл кемеңгер кеспірге. Жерқұрт болмыс-бітіміңмен, жан аға, Жек көрсем де, қимаймын мен ешкімге! Түбі шірік, басы биік мұнара Кімнің үстіне құларын да сұрама. Сен осынау ұсақ, қиқым қалпыңмен Сексен достан қымбатсың ғой, Ұлы-Аға! Көңіл – арсыз, көпті сүймей тұра ма, «Қолдан келсе, қоныштан бас» қыл, аға! Құшағыңның босауын бір күтейік, Қу нәпсінің құлы болған Нұр-Аға! Бұртаң қағып, ренжімен бұған түк, Қайтем босқа жүрегіме жүк артып?! Астанада жүлік болып жүргенше, Маңқыстауда жәй жатқаным мың артық! 2003 жыл, 26 қараша. Ақтау.
КҮЗГІ ЭЛЕГИЯ
Бір-бірінен аумайтын сұрғылт күндер, Жүрегімнен жұлқынған жыр күттіңдер. Іші түтін болғанмен, сырты бүтін, Іркес-тіркес керуенді ілбіттіңдер. Көксегені көңілдің – Көктем едің, Белгісіз бір биікке беттеп едім. Орманымды тонайтын болғасын ба, Осы неге Күзді мен жек көремін?! Сұрғылт күндер, Суықсың неткен, жаным?! Арыды ғой азапты шеккен жаным. Басқа біреу түгендеп жүргендей ме Бабалардың баяғы төккен қанын?! Мезгіл жасын ойнатып дер шағына, Менің әлсіз жүрегім шаршады ма?! Көрден қолын созған кіл өлі әруақтай Көп сұрақтың қамалдым қоршауына...
Оның несін, қарағым, тізбеледің?! Көңіл сырын көзіңнен жүз көремін. Көлеңкеге иірген бар дүниені Көңілсіздік елесі – Күз дегенің. «Жаратылыс-тануың» – жансыз ғылым, Жасырмақшы болды адам әлсіздігін. Бұлтқа басып бетіңді жылап алғын, Бұл дүниенің есіңе ап мәнсіздігін. Шырақпыз ғой – Шың жайлап, дөңге қыстап, Пейіштің де пердесін көрген ұстап. Табиғаттың тап-таза шарайнасын Кімдер екен кірлеткен қолмен ұстап?! Бұл сұрақтың жауабын біз бенен сіз Уақыттың үнінен іздегенсіз. Болмай қайтсін Күз байғұс көңілсіздеу – Еңсесінен езгесін мұз бенен сыз?!
...Жә-жә, жетер! Әніме оралайын, Фәни-тірлік бағын да аралайын. Жан-жағымнан Жалғыздық қамалайды, Жапандағы жабырқау моладайын. Өлеңменен жуа сап өлі көзді, Қиялменен қу көңіл нені кезді?! Есігімді ашып ем... Сұрғылт Бояу Сүйретіліп сұлбасы төріме озды. Жаба салдым есікті жанталасып, Қабырғаға қарауытқан арқа басып. Көңілсіздік көшіне ілескендей Жарық біткен жалп етті қорқа қашып. Перғауынның кәрінен қорықпаған Перілердің қасиеті қонып маған; Тереземді ашып ем... Сұрғылт Аспан Күрең Күз боп тұр екен төніп маған.
Сезім – Тәңір, Жүрмейді жырға Ғылым, Қыртығандар егеді қырға гүлін. Қараңғылық көбесін қақыратқан Сонда білдім, дүние-ай, Күн қадірін! Аспаныңнан ақ жұлдыз мол құласын, Ғазиз жанды несіне қор қыласың?! Күзден қашып жүргенше баяғыдан, Күнге ғашық болсамшы, сорлы басым!.. 2003 жыл, 27 қараша. Ақтау.
ТІРЛІК ТУРАЛЫ ПӘЛСАПА
Қу тірліктен қанжілік боп қажыдым, Салатұғын әнімнің де сазы – мұң. Қара терек қайғы болды қазығым, Уменен тең уайым боп азығым.
Ойлап тұрсаң, осы дүние – тор екен, Заманынан озып туу – сор екен. Таланына жазылмаған нәрсені «Тағдырынан тартып алам» деп жүрген Пенденің де пейілі тым зор екен. Өмір деген – өлшеуі жоқ нәпсі мен Иманыңмен итжығысқа толы екен. Жер түбінде жеткізбейтін қу арман, Шерге толы шет-шегі жоқ жол екен. Адам деген – арман қуған айкезбе, Жарық дүниеде жаратылыстың қоры екен. Өлім деген – тәуір қиял, тәтті у, Өлшемі жоқ сол арманның соңы екен. Мейірімсіз мынау әңгі әлемде Менің ешбір тойланбастай мерекем; «Көрдім» десем, көрешегім көп екен, «Болдым» десем, боркемік те, бор екем. Қолда барды қалай ғана қор етем?! Беу, дүние, Бес күндік боп берекем; Ешкімге де керексіз боп қалғаннан Ауыр азап жоқ екен!..
…Қой, мен сабыр етейін – Мұң-зарымды мұндар-дүние ұққанша, Әбілетті Әділет кеп жыққанша. Күншығыстан таңым күліп атқанша, Көкжиектен күнім қайта шыққанша... ...Бұл дүниеде болып жатыр жұт қанша, Сұм-жанарлар сұлулыққа сұқтанса – Құрып кету қаупінен бұл Әлемді Құтқара алар тек Адалдық құтқарса!.. 2005 жыл, 6 желтоқсан. Ақтау.
ТӘУБЕ
Арда едім – адамзатқа бағынбаған, Алақан жайып, жанға жалынбаған. Тілімді кесіп алар болса-дағы, Тірлікте тірі жанға жағынбаған. Азғантай несібем мен нәпақамды «Алланың бергені» деп қабылдаған. Бұл күнде бұлағайдың бұлты көшіп, Секілді сезімдерім дамылдаған. Жанымның жарқылдаған оттары өшіп, Жанартау сөнгендей ме жалындаған?! Семсерін қайсарлықтың сертке ұстаған Жаутаңкөз жасқаншақтық тағы ұрлаған. Кешегі кесек турар ірілік жоқ,
Орнында – өкпе-қатық қабындаған. Басылып қалғандаймын, бағым ауып, Басына түссе пенде, нағылмаған?! Сүйкімсіз біреу болған сияқтымын – Сүймеген, сүйсінбеген, сағынбаған. Құдай-ау, оты қайда отыз бестің, Жігері жиырма бестің арындаған?! Бозбала болып, күйіп-жанбағандай, Жандаймын жауһар жүзік тағынбаған. Санаңа сабыр ноқта салады екен Ақылды тоқтататын шағында адам. Алладан аян келді ақша бұлт боп, Дейтіндей: «Басыңдағы бағыңды алам». Қош енді, қормалы жұрт, қордалы елім, Қайыр, хош, қабір-далам, лағыл-қалам. Алладан пәрмен келсе, қайсың барсың Қазықтай қара жерге қағылмаған?!
«Қор болар қорқасоқтап, жан аяған, Жөн болар шаршы топта шағынбаған. Өлермен өнбейтұғын істі қуар, Жарымес Жаратқанға шабуылдаған. Қу кеще, ақымаққа айналады – Құла түз қуа берсе сағымды адам. Қызыққа ешқашанда тойған емес Қызылды-жасыл дүние-бағында адам. Шырағым, шыдамменен күте білгін, Шырағың қалса егерде жағылмаған. Байырқа, басы-байтақ жүре бермей, Малындай Маңғыстаудың бағылмаған. Қазылған секілденіп қабірнамаң, Жазылған сияқтанып «Бабырнамаң»; Несіне жетісесің, сақ-сақ күліп, Сайтанның сапалағы – сағыр-балам?! Тағыңнан дұрыс болар – табан ауып, Қағыңнан жеріп, босқа қағынбаған». Деп бүгін ақыл айтып, аян берді Ақиқи Адам Ата, Абыл бабам.
О, Алла, осы ма еді көрсетпегің, Томсардың маған неге, мағұл-ғалам?! Жүзімді құбылаға бұрайыншы, Һарундай Хақ бұйрығын қабылдаған – Құрығанда айнала, жан-жағым да аман, Тұрғанда басымдағы бағым да аман... 2008 жыл, 8 маусым. Ақтау.
ДҮНИЕ-ҒАЙЫП
Сазы: Марат Ордабаевтікі. Өкіндім кейде өлгім кеп, «Өмірге неге келдім?!» деп. «Өзі қып-қысқа ғұмырды Өлеңге неге бердім?!» деп. Дүние деген – қу арман, Дүдәмал күйден құралған. Қу арман қуып келемін Бір шыға алмастан құмардан. Алаң ғып әркез аз несіп, Кеудемнен керуен-саз көшіп; Қыз-ғұмыр, Саған налыдым, Қызықтан кейде баз кешіп. Дүние деген – қу арман, Сағымдай бейне сыланған. Ұшығына бір жете алмай, Боламын кейде жыларман. Артынан білдім әрқалай, Асылық екен, жалған-ай! Желкенді әппақ қайықтай Жеткізбей кеткен арман-ай!
Дүние деген – қу арман, Шыңға да кейде шығарған. Қу арман, Саған сенбеймін, Қылықты қыздай бұралған... ...Арманды қуған сапарда Жар болғай өзің, бір Аллам! 2000 жыл, 2 желтоқсан. Ақтау.
БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ ШАЛДАРЫ
«Біздің ауылдың шалдары – Шетінен текті, шешен кіл. Кім сенеді «Алдары – Ақиқат соты» десем бір?! Біздің ауылдың шалдары Жағалай жалтақ боп алған. Бас иесі жоқ балдары Бағытсыз азып, тоналған. Кешегі кемең-герлердің Сарқыты да жоқ, сарқылған. Еңсесін басып ерлердің Арсыз қатындар артылған. Отманға көміп жатырмыз Озық ойларды отандық. Ойран қып бүгін отырмыз, Отанды қара қотан қып. Жағымпаздықтан жан салмай, Жатқа билеттің жұртымды. Қайғысыз күнді қарсы алмай, Қанға толтырдың ұртымды. Түсініктерің неге өлді, Түскен бір жандай талқы іске?! Шалдарым, саған не болды, Шатасатындай талтүсте?!
Көсемдер шықты к...і боқ, Көкте де, жерде тумаған. Уаһаби, жаһил сопы боп, Ұрпақ санасын улаған. Делқұлы қылып жібермек, Дені сауларға ұсаған. Шілханаларда шідерлеп, Тұлпар-ойларды тұсаған. Ел қамын жеген Едіге Бола қалыпты, бой-бой-бой! Адасқан аңқау еліне Айтатындары – гөй-гөй-гөй! «Отпан» деп жүрген Отанды Ордалы жылан жайлаған. Ата жау қылды атаңды, Сенетін жан жоқ – айналаң. Зомбилар қаптап жұртыңды, Зорлықпен таптап ұлтыңды; Көмеді күлге күлкіңді, Бөледі жынға тұрқыңды. Қиратып иман-мүлкіңді, Шытынатады шырқыңды. Құбыладан бұрып құлқыңды, Сұмдыққа бастар түр-түрлі.
Тондарын теріс кигізген, Топ бастағаныңды топырақ қып. Арқарларыңды бас игізген, Абыздарыңды ақымақ қып. Күңіренген елді мөңіретіп, Күтесің қандай жақсылық?! Ержекеңдерді еңіретіп, Зікір салдырған бақсы ғып. Төбелесумен түн-күнді, Төбеңнен таң да атыпты-ау. Көрместен кеткен бұл күнді, Төлесін шалдар бақытты-ау! Бұ неғып жатыр – тірі болса, Бөлшектелмеген бүтіндей?! Бекеттің бары шын болса, Бетіне неғып түкірмей?! Көтеріп жүрген соларды Көріңде өкіргір ел екен! Шалдарым неткен шыдамды, Қара жерім де кең екен! Шалдарым, кілең төзімді, Шамырқанбайтын шығарсың. Ертеңгі күні өзіңді Еліңнен қуса, ұғарсың!
Бірлікті әбден жойған соң, Бір-біріне өтірік ес болар. Отанды беріп қойған соң, О кезде бірақ кеш болар. Біздің шалдар – кіл батыл ғой, Бір-біріне тек тор құрар. Атеист, гурман, ақылгөй, Арамсопысынған сорлылар! Жау кеткеннен соң – батырсың, Шайнаумен өткен бармағын. Шалқайып неге жатырсың, Шалқаңнан түскір шалдарым!?. 2006 жыл, 2 наурыз. Ақтау.
ӨРКЕНИЕТТІҢ АДАСУЫ
Адам-Ата Сафи – Хауа Ананың Ұрпақтары, Уақыттың тап амалын! Мұндар шайтан, Мұратыңа жеттің бе, Қабыл орған кезде Абыл тамағын?! Сайқал малғұн, Сақылдап сен күлгенде, Жалбарыну-үнге толды жанарым. Жаратқанның құпиясын іздеумен Тар дүниеде тасқа тиді талабым. Танымымды тариқаттар талқандап, Таусылды ақыр айла менен амалым. Мен түгілі, Ашық күнде алжыды Талай «мықтың» тарс айырып талағын. Дауылпаздай даңқы барлар дағдарды, Даңғыра қып домбыраның шанағын. Қайыры жоқ қақтығысы діндердің Қанмен жуды қара жердің алабын. Білсең, айтшы, Бір Аллаға бастайтын Хақ Исламның жолы қайсы, қарағым?!
Ізгілікті іздеп жүрек, талпынды, Шаңырақтан ұшып шығып, шарқ ұрды. Жарға жықты жанталасқан байғұсты Жаулап алып жалған ілім-жалқынды. Маңдайына мөр ғып басып табрасын, Маңыраған мал сияқты халқымды; Топырлатып торға әкеліп түсірді, «Тот басатын темір ғой» деп алтынды. Алқа-қотан былғақтатып бастарын, Аузынан ақ көбік шашып, алқынды. Экстазға кіргізіп ап жаныңды, Эксперимент жасап жатыр сан түрлі. Дәметкенім «дәм босынды» қуалап, Алаяқтың соңына еріп, ант ұрды. «Алла – біреу. Апаратын ал оған, - Адастырды: - жолдар көп, - деп, - әртүрлі».
Кімге сенем?! Айтшы, сонда кімге мен?! Қара су да ақпайды ма жүлгемен?! Жүйесі бар, киесі бар ел қайда, Иесі бар мал да ойнамас пірменен! «Шайқы», бақсы, «шарафатшы» көбейіп, Шатыр-шұтыр басталды бір дүрбелең. Балақтағы битің басқа секіріп, Аяқтағы көншарық-құл «гүрлеген». Орны оның босағада емес пе ед, Орасаң да үлдеменен-бүлдемен?! Күйек сақал күркесінде күңкілдер, Күллі жұртты баурамақ боп жырменен. Аға болмай, анда кіргір арам ит, Айтшы маған,
Исматуллаң кім деген?! «Тақсырым» деп қолын сүйіп, табынып, Талайлардың таза көңілі кірлеген. Қырғынға айдап қырылғырдың халқын бұл, Қыртымасаң, Қышиды ма бірдеңең?! Жұттан шыққан жұпыныдай мүләйім Жұртыңа осы «сыбағаң» ба сүрлеген?!
Сенімі жоқ адам ерте сөнеді, Сенім деген – Темірқазық, себебі. Сенімдерін ұрлатқан сол бейбақтар Сергелдеңнің семіз үрпін емеді. Сорлы халық сондайларға көнеді, Көнбей көрші! Оныңнан не өнеді?! Қарсы шықсаң, қандендерше жабылып, Қауып, тістеп, қолыңда олар өледі. Жансыздарға жалдап болып өнері, Арсыздарды ұлықтайды өлеңі. Өздерімен кетсе жақсы өңшең ит, Бабаңның да бар тарихын көмеді. Балаңның да басын жұтып, Аздырды Жастарды да жаңа ашылған желегі. Екі тесігіне ие бола алмай жүріп-ақ, Елге ақыл үйреткісі келеді.
Керуенге кем ит болып үргендер, Ақиқатқа артын ашып күлгендер. Сендерге еріп, сеніп жүрген Кещенің Шақша басын шарбағыма ілмеңдер! Қайда барсаң – онда барың, Қаптамай, Маңқыстау – кең, Маңайымнан жүрмеңдер! Атақ пенен мансап үшін ар сатып, Анасының етегін де түргендер. Аттап өтіп әруақтың үстінен, Абыз болғың келеді екен, мүрдемдер! Сөздері үшін сүйген жұртын алдаумен Өздері үшін ғана өмір сүргендер. «Бір Алланы танытам» деп тантиды Бүкіл елге бүлік салып жүргендер. Осы жұрттың обалы да – сендерде, О дүниеде сұрау болар, «Бір» деңдер!
Қайран шалдар!.. Тілек тілеп шаршап ед – «Алла мені иманыммен алса» деп. «Дінім – ислам, тегім – түркі, кітабым – Құран» деп біз жарты әлемге жар сап ек. Жүрегіңмен жүгінетін құбылаға Осы күнді ондаған жыл аңсап ек. Амал қанша, Қаңғытты ғой қауымды Ахмадия, салафилар қанша рет. Уаһабиші, нұршы, жыршы, қыршы боп, Аз қазақты адастырды малша кеп. Одан қалды, сопысымақ сорлатты, Оның қасында ойнап қалды «балшабек». Исламнан безіп кетті көп қазақ, «Иман деген сендер айтқан болса» деп.
Е, қазағым! Енді неғып отырсың?! Жалты сөнген жанары бар соқырсың. Жарты миллион қандастарың жамырап, Жатқа кеткен жартылай сен – кәпірсің. Әншейінде әңгіме айтқыш батырсың, Әлгілерге қалай төзіп жатырсың?! Дедің бе әлде: «Дем біткен күн көрермін – Алла өзі алдына бір шақырсын». Оған дейін Отаныңды от шалып, Бесіктегі бейкүнә да шатылсын. Шындықты айтқан бірен-саран біреулер Абақтыға айдалсын да, атылсын... ...Сол болмай, не болар дейсің ақыры, Соры қайнаған сен – бір міскін, пақырсың! Бұдан асқан ақырзаман болмайды – Ұшпа шыңның жиегіне жақынсың. Заманақыр зарын айтқан ақынның Запыран-жырын тоң-миыңа тоқырсың... ...Жалғасы ма?! Жалғасын бұл өлеңнің Жаның жетсе, о дүниеде оқырсың!.. 2006 жыл, 4 наурыз. Ақтау.
ҚЫРЫҚ БІР ҚҰМАЛАҚ
«Өткенге өкінбе! Болашақты болжама!» (Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың хадистерінен) Балгерден де басы айналып, шошымай, Талай тағдыр талқан болды босына-ай! Құмырсқадай құжынайтын құшнаштың Қара жұртқа тіккен қара қосына-ай. «Біссіміллә! Құмалағым, ақ сөйле!», Біздің шалдар бастаушы еді осылай. Бақсы-балгер басқан кезде гөй-гөйге, Басы бар жұрт әулиеге сенбей ме?! Құмалақ та шар тасындай шашырап, Құдіреттің тілінде әлде сөйлей ме?! Жиылатын ақ матаны айнала Кілең бала қызық көріп кей-кейде.
Байғұс балгер бабаңды еске ап мұралы, Болашаққа жоба-жоспар құрады. Сырын бермей, сыбырласып өзді-өзі, Ілкі сәтте іштей үнсіз тынады. Қырқын шешкен балшыға да қырсығып, Құлпын шешпей бір құмалақ тұрады. Тура жолдан таяр болсаң тұра қап, Қолыңа оңай қона қоймас, сірә, бақ. Онсыз да өзі басы қатқан байғұстың Ойын білмек болсақ кейде сыналап; «Құпиясын бүгіп ішке тұр, - дейтін, - Құдай атқыр қырық бірінші құмалақ». Келешекті кең Құдай тек тербесін, Құмалақшы кесіп-піше көрмесін. Аңқау халық дәруішті пір тұтар, Айтқандары айдай анық келгесін. «Құмалақты, - дейді, - ашуға болмайды Іңір түсіп, күн қызылы семгесін».
...Жалған-дүние арбаса да жанарын, Жабатұғын жабырқау мұң қабағын; Құмалағы түскір де дәл келмей ме, Тағы бір рет сынайтұғын талабын. Қара кемпір күбірлейді кей-кейде Қамын ойлап қашықтағы баланың: «Жеті тақ жерге түспес, Жерге түссе де, ерге түспес».. «Жар болып тек Жаббар Ием Жасаған, Аман болғай алтын елің, босағаң!». Ақ тілектің жолындағы анамыз «Болсын, - дейтін, - бауырың бүтін, бас аман». Тәубе қылып, таспиығын тартатын Түскен кезде «Қоржын аумас қос аман».
Айта берсең, жүрегіңді жыр тербер, Ақиқатты ауыр оймен бүркеңдер. «Қос аманың» бас аманды білдірсе, Екі жақты таразыдай бір теңгер. Бір құмалақ қалып қойса артында, «Сүйіншілеп тұр!» деуші еді үлкендер. Күллі жұрттың көңілін кім бар табатын?! Анам да сол өз әлінше салатын. Бірдеңе егер бола қалса, жүгірер Біздер үшін әулиедей болатын. «Ашпас әліп» түсе қалса зәуімен, Құмалақты қозғамастан жабатын. Адамнан жоқ алабөтен қастасы, Аллаға аян, өзіне аян басқасы. Таза діннің жүрмегенмен жолында, Тақуалау, жоқ бекерге шашпасы. Арнап бізге ашса, ылғи түсетін Айналайын «Бекет атам бес тасы».
Жүрегінен жұмбақ сырды саумалап, Жолын ашып кеткен жанның мал қарап; Алғы күннен бір жақсылық күтетін – Алтын артқан керуендей арбалап. «Құмалақтың басын, - дейді, - ауыртпаң!», Қайта-қайта «Ашшы» десек қаумалап... Келіп тұрған істі кейде оңына, Теріс оқыр тентек молда сорыңа. Кім бар дейсің келешекті кең пішіп, Құмалағын ұстап жүрген қолына?! Құмалақты қарсы дейді діндарлар Құдіретті Құдайдың да жолына. Мен де қызық айтайын бір сіздерге: Алла өзі ақ моншағын тізгенде – «Қара қойдың қан-жыны мен боғын да Қалдырмастан, қажетіңе жарат» деп, Үйреткендей көшіп жүрген түзде елге. Құмалағы дәл келетін анамыз Құдайдан кем көрінбейтін біздерге.
Бұл не өзі?! Өз алдына ілім бе?! Салт-дәстүр ме суарылған білімге?! Алла берген айрықша сый, кие ме, Ашылатын жұмбағы бар түбінде?! Құмалақтың құпиясын біле алмай, Құмар-ақ тым пенде біткен бүгінде. Сығыр-тағдыр пенделерін сынай ма – Қиялменен қол создырар Күн-Айға. Ділдә беріп, құмалақты аштырсаң, Діндарлардың көңіліне ұнай ма?!. ...Қара кемпір, Қайсысына сенейін – Құмалаққа, Әлде жалғыз Құдайға?!. 2003 жыл, 1 қазан; 2006 жыл, 8 наурыз. Ақтау.
АРАҚ
«Шөліркеп, шарап ішсең, данамен іш, Немесе гүл майысқан баламен іш. Аздап іш, Анда-санда тығылып іш, Мас болмай, мылжың болмай, шамамен іш». (Омар Һайям) «..Кіріседі ағам жаңа күшпенен, Жасардай қазір бір атақты ерлік. Адольф Гитлер арақ ішпеген, Ал содан қандай рахат көрдік?! ...Сөйлейді жеңгем; «Түбінде сендер Өз түбіңе өзің жетесіңдер ғой. Бір-екі күндей сімірмесеңдер, Гитлер болып кетесіңдер ғой!». (Жұматай Жақыпбаев) «...Содан кейін «әлгіні» ащысынбай, Жұтып-жұтып жіберіп тұщы судай; Вокзалдарда шығарып сап тұрады – Бірін-бірі бір елдің басшысындай». (Қадыр Мырзалиев)
«Ақ арақ, Араздасам сеніменен, Айтысып көремісің меніменен?!». (Жеткізген Сейітов) «..Арақ, арақ, Сені ішем, Өкпелесем жарыма. Арақ, арақ, Сені ішем Біреу тисе арыма. Басқаны алмай, Сені алам Қолымдағы барыма... ...Түсің аппақ, мөлдірсің – Ақымақты жұбатар. Әттең, Бірақ көлгірсің – Ақылдыны жылатар». (Айтуар Өтегенов) «..Арақ, арақ, Айналайын ақ арақ, Ақ дәмімді неғылайын табалап?! Жарықтықтар, жарты сағат бас қоссақ, Жайық бойын кетеміз ғой жағалап. Арағыңнан өзім бірақ татпаймын, Ардың жібін енді қашан аттаймын?! Оразаға орта шөлмек ашатын Омар Һайям құсап неге жатпаймын?!». (Мэлс Қосымбаев)
Талантын жерлеп таз-далам, Мәңгүртке қарап мәз ғалам. Қара жер, Сенің төсіңде Қабір қалды ма қазбаған?! Маңғыстау, Сен деп түсіндім Махаббатымды маздаған. Ал айтшы, маған көрсетші, Адырың бар ма азбаған?! Шарбаққа шайтан ұялап, Қорымдарыңды қозғаған. Әулекілерге тең болды Әулие сынды әз-бағаң. Әлдекімдерге жем болды Жамырай қонған жаз-қалаң. Мен кімге енді еркелеп, Кімге мен енді назданам?! «Жыландарыңды құртам» деп, Жынданып кете жаздағам. Уға тұншығып өлулі Ұяты барлар аздаған. Ақының, сірә, қалмапты Арақ туралы жазбаған.
Ішкенде ләйліп қиялы, Ізгі сезімін тыяды. Жолбарыс-ашуы оянса, Жоқ, сірә, адам сияғы. Жолында тұрған нәрсені Жоқ қылып, көзін жояды. Бұрқырап исі мүңкіген, Бұтарлап, бұзды ұяны. Ішіне қайдан сыйсын ол, Шөлмекке ғана сыяды. «Мұқағали өстіп ішкен» деп, Мұрнында ащы қияры; «Шәмші мен Шәміл болам» деп, Көмейге уды құяды. Монша-барларда мойыды Могикандардың тұяғы. Шарапханаларда шіріді Шалдардың асыл қияғы.
Ақындарыңды жыр өрген, Аруларыңды нұр емген Айналдыратын әп-сәтте Албастыларға түнерген Арақтың аты – жынды су, Арысты матар шідермен. Шоқынды көрген мүміндей Шошынып көңіл, үдерген. Уласа зәндем саясат, Ұрпақтар одан тірі өлген. Ұлтанды елді қор қылып, Ұлттарды жойып жіберген. Арақ деген, бұл – аққан у, Ар жағы – шайтан, от-қару. Ібіліс езген іріңдей Жер-дүниеде жоқ қару. Далада қалар мөңіреп Дәстүр тану мен салт тану. Ағайындарды айырып, Араздық отын жаққан у. Қаңқу-өсекке қалдырып, Қарақұрт болып шаққан у. Талай таланттың тағдырын Талқан қып, жүгін артқан у. Иман-нұрыңнан айырып, Иіріміне тартқан у.
...Тәуір-ақ іштік арақты, «Тәтті» уын бойға таратты. Ыржақай кешпен күн батып, Ырду-дырдумен таң атты. Жымсиған жуас талайды «Жын» қылып қайта жаратты. Басын да жерге қаратты Бәйтерек сынды дарақты. Тамырды байлап бөтелке, Талайға болды абақты. Айналғанда жанардан Жас емес, қара қан ақты. Ой, ішкен кезде іріміз, Түспейді ешкімге күніміз. Әкіреңдедік әл бермей Бірімізге біріміз. Лупамен қара-ғандай боп
Ұлғайып кетер мініміз. Түймедей нәрсе – түйедей, Төбелеспен бітті жырымыз. Есерлік толы күніміз, Есуастықпен өтті түніміз. Ертесіне отырдық Қағылғандай боп жынымыз; Абырой – қырыққан тоқтыдай, Артынан шықпай үніміз: Біреуге тиіп қолымыз, Біреуге тиіп тіліміз. Аузымда жалғыз Алла боп, Кетпесем-дағы молда боп; Ақылды ақыр тоқтаттық Омақасарда орға кеп. Өкіртіп ішкен өңез-су Түсірді талай торға кеп. Жын иектеді бойымды, Жыға жаздардай жарға кеп. Осыны қойдым ақыры – Он жеті жылдай қолда боп; Он алты жаста ішкен у Отыз үшімде зорға деп.
Ішкен күнді де көргем көп, Ішпегенде де өлгем жоқ. Айбын-даңқымды асырып, Абырой-атақ келген жоқ. «Артық іштің, - деп, - арақты», Байрақ пен бәйге берген жоқ. Отырғаным да шамалы Орыным тура төрден боп. Шеңбірек атып тойғасын, Шешен тілден де ештеңе өнген жоқ. Керемнен шығып ішсем де, Шыққан бір мүйіз көргем жоқ. Айтқаныңды ешкім ұқпаса, Арағын езіп, ұрттаса; Адамнан не үміт, не қайыр – Ақылға бәрін жықпаса?! Нәмәрттік жасап көзіңше, Нәпсінің жайын құнттаса. Парасат бұдан көрмедім Пайдасы тиер жұртқа аса. Мен білсем, Мүйіз шықпайды – Меңіреу боп қалар мықтаса; «Масқара!» деген нән мүйіз Маңдайды жарып шықпаса!.. 2006 жыл, 16 наурыз. Ақтау.
ҮШ ЖАҚЫН
Екі жұтыр ағам бар – Елді адастырған надандар. Ақылдан, сірә, кембағал Алды-артын ойлап, бағамдар. Бірі – сақал, бірі – мұрт, Бірі – мақау, бірі – қырт. Жұртта қалған иесіз Жұтыр иттей жүр ұлып. Мансаптан өзге жоқ қайғы, Мал-нәпсі қашан тоқтайды?! «Абыз болам, - деп, - еліне», Аузына келгенді оттайды. Таңқы судай қос шерменде, Танымы тайыз, тар кеуде. «Ұлтыма әке болам» деп, Ұрығын шашқан әр жерге. Даңқ-дақпырт деген – бір жорға, Аяқ артса болды бір жолға; Шалып жіберуден жүзі жанбас Шал-кемпірді де бұл жолда. Құдайын ұмытып туғаннан, Қулық-сұмдықпен шыңдалған. Атақтың бәрін ап болған, Қанағаттан тек құр қалған.
Тағы екі жұтыр інім бар – Таңдайы «қайқы», «білімдар». Маңдайы тайқы мәнжубас, Сәуелері жоқ бір ылғал. Иранбақты аңсап мекені, Ит болып үріп кетеді. Жер бетіндегі ең соңғы Ақындар сынды екеуі. «Өздерінен басқа неме жоқ, Жайықта жүзген кеме жоқ». Шолталаң қағып, шортияр, Төбеге шықса, төре боп. «Сом теміріңе – балға бар, Сомсынған жанға – Алла бар» Екенін ұқпай екі қырт, Екі ауыз жырын малданар. «Мен! Мен!» деп, төсін ұрады, Төс сынса, несін ұрады?!». Төстері сынса бұл екеу, Халықтың бәрін қырады. Есерді қалай «сау» деймін?! «Егіздік мұнда бар» деймін. Жұтырлар өзі қос-қостан Жұптасып жүреді-ау деймін.
Тағы екі «жынды» досым бар, Жақынға оны қосыңдар. Жан-дүниемізді түсініп, Жарасқан көңіл-хошым бар. Қазақтың о да баласы, Қадірлі емес бағасы. Қарапайым жандар болса да, Қараңғы емес санасы. Қара да емес, хан емес, Қатардан озған дара емес. Тіліне тікен шыққанмен, Дінінен шыққан жан емес. Абыройды ойлап қанша рет, Ұятпен үйді қоршап ек. Ойлаймын кейде: «Осыдан Ағалар үлгі алса» деп. Жіберген жоқпыз біз есе, Ағадан артық жүз есе; Өнеге алып солардан, Інілер бойын түзесе. Ар-ұяты азып, тоналған, Адамдар аз ба жоғалған?! Атағы дардай айуандар Алса екен үлгі солардан!
Нұқып көрсетер ноқайға, Әркімге керек жеке айна. Санасына Алла бермесе, Сан айтсаң да, одан не пайда?! Елдігін сақтап ақынның, Ерлігін жаттап батырдың; Ортасында үш жақынның Осылай жүріп жатырмын. «Жұтырлар» қанша десем де, Жұмбағын ойдың шешем бе?! Қайтемін енді, көнемін – Өз қолымды өзім кесем бе?! Құйса егер Құдай тың күштер, Құлдық-сананы түйгіштер. «Өмірдің өзі осымен Қызық қой» дейді білгіштер. Жақсы мен жаман алмасқан Мәңгілік майдан жалғасқан. Ғаламды қашан тазартар «Ғазауат» деген алдаспан?!. 2006 жыл, 19 наурыз. Ақтау.
БІРЕУГЕ
Жаралдың мұнша неге делдуана боп?! Жалғанды жалғыз басқан сен ғана боп; Мақтанып: «Менің жалғыз ұлым бар, ал, - Дедің-ау, - мына сенде ер бала жоқ». Бейшара, бері қара, міскін бала, Торына Ібілістің түстің, бала. Азғырған ақ шайтанның арбауында Жазғырған жаман ойды құштың, бала! Артылған мойынында Ар қамыты, Ақынның сендей емес, алда үміті. Аманат қылып берген, сенікі емес, Бала, ол – біле білсең, Алланікі.
Жақсының жатар мәңгі тарап аты, Жабыспас жамандардың балағаты. «Алланың бергеніне мың шүкір!» деп, Айтылар ала таңнан қанағаты. Жалғыз ұл, жаны бөлек бала түгіл, Араша тұра алмайды анаң аты. Кеудеңде шыбын жан да – сенікі емес, Жасаған бір Алланың аманаты. Не болды жай отырған бізге ұрынып, Адасып ашық күнде, сөзге ілігіп?! Күніне мың бір пәле көрсем-дағы, Сонда да бір Алладан үзбен үміт.
Алланың шүкір етсең, берері – шын, Пенденің салған іске көнері – шын. Шалдарым сан қайтара қақсап кеткен Дәл осы ақиқатқа көнемісің?! Оларды қыстырмайтын, пысқырмайтын, Төменге түспейтұғын төремісің? Төрең де төбесінен Құдай ұрса, Еңкілдеп қарашыға ерері – шын. Жайықта жүзген жайын секілденген Жоқ әлде кең айдында кемемісің?! Кемең де кебежедей төңкеріліп, Дағдарып, дауыл соқса желеді шын. Алла өзі асқақтықты ұнатпайды, «Адамнан ақылым артық, - деме, - күшім». Ешкімнен ешкім артық емес, шырақ, Адамның Алла шешер ерегісін. Парқыңның дәрежесі биік болса – Халқыңның сонда ғана керегісің. Ал сенің жалғыз ұлың ертеңгі күн Аман-сау жүреріне сенемісің?!
Қайыртпас Қашаған да – баласыз ғой, Бермесе бедеу тағдыр – шарасыз ғой. Саңлақ жырларымен саңқып өткен Сәтеке, даңқы бөлек, дарасыз ғой. Он екі перзентінен айрылса да, Сабырын жоғалтпаған сарасыз ғой. Дәуіттің отыз ұлын бір күнде алған Алланың ісіне ем табасыз ба-ой?! Осындай мысалдарды ойлана айтсам, Керегін кертіп, елім, аласыз ғой. Ал енді ақылсызға ем қона ма, Ақымақ – ажал сынды дауасыз ғой. Бейшара, сен де – бір сол семген қарын, Кемақыл, кенже қалған баласыз ғой. Әкесі алты қыздың Жетекеңді Қапқан да – сен сияқты санасыз ғой.
Сені де тапқан бір қыз – ана емес пе ед?! Сезіммен сүйген қызың – жар емес пе ед?! Қыз деген – дүниенің қызғалдағы, Қимайтын қымбат, әсем ән емес пе ед?! Ал айтшы, қыз болмаса, қайдан шықтың, Алтын күн, атқан аппақ таң емес пе ед?! Бұрды ма көңіліңді шайтан малғұн, Тұрды ма тұла бойыңа бәле дос боп – Өзіңе қыз бергенде әуелі Алла, Көзіңе еркек кіндік жан елестеп?! Кім айтты «Ер бала тек – елге тұтқа, Ал енді қыз дегенің – бала емес» деп?! Қыз деген – қызыл жеміс жігіт үзген, Көктемдей аяқталар жыры күзбен. «Үш қызды үлбіретіп берген Құдай Бір ұлды бермейді» деп үміт үзбен.
Баланы «ұл» деп, «қыз» деп мен бөлмеймін, Перзентті періштеге теңгермеймін. Үш қызым үмітті ақтар аман болса, Ешқайсын ер баладан кем көрмеймін. Ұл туса – ұлтанды елі қуанады, Жайқалып жасыл орман, гүл алабы. Асыл жар аман болса, Алла берсе, Арыстай ер бала да туар әлі. Отыр ма тілің тығып, тістегің кеп?! Оспадар, орашолақ істерің көп. Құдайым қубас қылып, қуратпағай, Мен әлі тұғырымнан түскенім жоқ.
Білесің жоқ нәрседен бар болғанның, Жасаған Жаббар Ием жар болғанның?! Басынан бағы ұшқанда пенде байғұс, Он сегіз мың ғалам да тар болғанның?! «Қарғысына қаламын» деп қорықпайсың ба, Құдайы қолдай қоймай, қор болғанның – «Ұл емес, қыз да болса, бере гөр!» деп, Жалынып, шикіөкпеге зар болғанның?! Тегің боп жазылғанмен ұл қағазға, Текті боп туған қыздан гүлдер аз ба?! Ерінін жібітетін ешкім таппай, Бір қызға зар болып та жүрген аз ба?!
Азынап, азбан аттай кісінесің, Өзіңнің бағаңды өзің түсіресің. «Екі ауыз ел алдында ән айттым» деп, Несіне бұтқа толып, ісінесің?! Парасат-пайым бар ма, ойың бар ма, Айтардай үлкенге – ақыл, кішіге – сын?! Ісініп, ісіп-кеуіп, ақырында Жарылған кезде барып түсінесің! Беу, байғұс, болайын сол мақтаныңа! Мұндар ит, мұқатар сөз тапқаныңа. Мәз болып жүрмісің сен, мәңгүрт неме, Байлардың басқан ізін баққаныңа?! Хақыңды хан түгілі, халқың бермей, Ақынды қаншық болып қапқаныңа?! Әкімнің итаяғын ит боп жалап, Әркімнің арқаңнан сәл қаққанына! Айта алмай жүргенің де – сол екен ғой,
Ылығу, ішің лас, боқ екен ғой. Дауысың дарылдаған болғанымен, Басыңда бір шөкім ми жоқ екен ғой. Мұнафиқ, мұндарлармен тең екенсің, Мұныңмен талайды әлі жер етерсің. Құрбақа құрлы байғұс құның да жоқ, Құбылған құла түзде жел екенсің. Қашықтан дауылпаздай дауысы бар, Қасыңа келген кезде кем екенсің. Балаңның әумесерлеу әкесымақ, Адамның әупілдегі сен екенсің. Білмеймін ұқпағаның, ұққаныңды, Арқалап жүрсің босқа боқ қарынды. Алдымен кірмей тұрып кең сарайға, Ұмытпа қай есіктен шыққаныңды! Атадан туған кезде алтау ма едің, Атандай ауыр жүкті тартар ма едің?! Дос тұтқан дорақ неме, долы әйелдей, Тас тыққан қойыныңа қорқау ма едің?!
Аузыңа келгенді айттың, тойынғасын, Алдыңа арақ-шарап қойылғасын. Несіне адам болып жер басасың, Не пайда ар-ұятың жойылғасын?! Ел қалды басын шайқап, жағаны ұстап, Нең қалды жаманатың жайылғасын?! Ар жағы ниетіңді ақтардың ғой, Әніңнің айтпай-ақ қой қайырмасын. Жүргенше сендей итпен жолдас болып, Жасаған жалғыздығын дайындасын. Дәл сендей дәлдүріштен айырса да, Құдайым қыздарымнан айырмасын! 2011 жыл, 11 қыркүйек. Ақтау.
ҮРІМЖІ
Үрімжі – үлкен қала, үлкен арман, Бұлт болып боз мұнары бүрке қалған. Көшесі – сапырылысқан қара қытай, Көрінбес көңілдегі күлтелі арман. Беу, мұнда арман түгіл, ажалыңды Көлденең көлік біткен тіркеп алған. Ақ жолды түсімде емес, дәл өңімде Алланың аян-сөзі сілтеді алдан. Адамның өмірі онда бұйым емес, Кезігер кез-келгенге құйын-елес. Селт етіп сенің мұнда бар-жоғыңа, Ешкім де өткізбейді жиі кеңес. Бұл – бірақ бұрқ-сарқ еткен булы қазан, Біз көрген шаһарлардай бұйығы емес. Қалтаңда қаражатың бола тұра, Ал мұнда аштан өлу қиын емес.
Көшесі – кезіп жүрген елес екен, Ешкімге ешкім керек емес екен. Толқыған дариядай топан-халық Дейтіндей: «Бізді «жалқау» демесе екен». Түнімен тыншымайтын беймаза елді Таң атпай жүгіртетін – өңеш екен. Қытайдың зор болатын елі осы да, Орыстың қор болатын жері осы екен. Өзіңді өзің жұрттан бөлектейсің, Бөтеннің жерін, сірә, төр етпейсің. Жат жерде жайраң қағып жүру қайда, Сен мұнда тек Аллаға керектейсің, Самбырлап қара қытай қаптағанда, Салдырлап, түбі түскен шелектейсің. Жалтаңдап, тіл білмейтін тірі міскін, Жақсылық тірі жаннан дәметпейсің.
Фәниде бергенің аз, аларың көп, Пендеміз – періштеге талабың жоқ. Бақытын басқа тепкен адамды ешкім Басынан сипамайды «Қарағым» деп. Ине де салдырмайтын қайран басың Илеуге көнеді екен, амалың жоқ... Ой, Алла-ай! Аспанында бір жұлдыз жоқ, Қаншама қарасам да, санағым кеп. Көрінбес көңілді жан жөргемділеу, Көзіңе көлгір қарап, күлген біреу. Жұлқынып, жұртты қаға алға ұмтылып, Жұтқын үшін тек өмір сүрген біреу. Сазарған жылуы жоқ сазбеттерге Қиындау «Бері салғын іргеңді» деу. Бетінде жылуы жоқ, бұдыры жоқ, Сезімін жерлеп тастап жүрген біреу.
Деуші ме ед: «Көре-көре, көсем болар», Тағы да «Сөйлей-сөйлей, шешен болар». «Көргенің – дәл мынадай көр болғанда, Көрмегің бұдан өткен» десем болар. Түбінде аспан астын алатұғын Бүгінде озып тұрған осы ел болар. Қылғынып қытай саған сөйлегенде, Жыр қылып айта жүрер әсер қалар. Жабықса, жасық көңіл жан қайғы алар, Дүние бетін бұрмай, арты айналар. Көңілге түрлі-түрлі түйткіл түсіп, Көгіңде жазғы аспанның жалты ойналар. Кемеңді кең айдынға салған дұрыс, Тереңді көрмегендер таңқы ойланар. «Қытайдың құдіретін білгің келсе, - Дейді екен, - Бейжің емес, Шанхайға бар!».
Бұл шаһар байлық пенен барға құмар, Сәт сайын ашкөздігі аңғарылар. Қытайдың қырық айлалы саясаты, Құбылған «шындығы» мен жалғаны бар. Осында Отан қылып, орда туын Ұйғырдың ұстай алмай қалғаны бар. Көмілген көкіректе зар-мұңы мен Ұлтымның ұмытылған арманы бар. Бұл жерге бұлтымды мен төкпей кетем, Алтай мен Шыңжаңды асып, көктей кетем. Өмір де махаббатпен өркен жайып, Көңіл де тек жылуға көктейді екен. Дүния сырын ұққан данышпандар: «Дүрия мұңсыз мекен жоқ» дейді екен. Қаншама «Қапастағы ел» десем-дағы, Қайран ел, саған ешкім жетпейді екен! Қазақстан, саған еш жетпейді екен! 2010 жыл, 4 тамыз. Үрімжі.
«ХУАНХҰЛЫ ЖУҢОЯҢ» АУРУХАНАСЫ
Ұйғыр қыз гөзал жазсаң, «шер» дейді екен, Шерлі жас көзден шықпай, сенбейді екен. Беу, мынау безбүйрек шәр бетін бұрып, Мұңлығым, бізді де бір көрмей ме екен?! Уа, бұл – ұйғырлардың топырағы, Шошайып көрінетін шоқылары... ...Ясиннің қайғысына ортақтасып, Нусрат жасын төгіп отырады. Мінезін мінсіз емес, «шәлкес» деген, Нәзік бір жанарынан нәркес көрем – Хайыргүл қайырымды жан боп шықты, Әкесін әулиедей әлпештеген. Жаны да қайратыңды жыр-қылышқа, Тұмарын туған жердің ту қып ұста. Намазын бес уақыт қаза қылмай, Мүлгиді мүмін кемпір бір бұрышта.
Аспанға телмірумен ай қысқарды, Бұл кемпір – бұйығы емес, жайлы, ұстамды. Күйеуін күткен әйел сондай болар – Балаша мәпелейді байғұс шалды. Алла өзі айқын жолын нұсқап жүрген, Құпиясын білуге құштармын мен: Ондаған сырқостардың ортасында Отыз күн оразасын ұстап жүрген. Жасаған жақсыларға жақ босын да, Иншалла, иманды ерге тап босын да. Шоң бастық, оқалы шен Ялқын аға Бір емес, екі келіп жатты осында. Кеудемді керіп мұнда жүре алмадым, Кейбірін көп жұмбақтың біле алмадым. Ғұсмани – жүзі жылы дүңген бала, Бұл-дағы – сыйы шығар бір Алланың.
Жүрегің жүз суынып, жүз қайнап та, Қылымсып күлгендей ме қыз бейуақта?! Күніне екі келіп, күлкі шашып, Әдекам әзіл айтар біз бейбаққа. Апырмай, ана қыздың сайқалын-ай, Арланбай, арлы-берлі шайқауын-ай!.. Уаң деп атын қойған емші қытай – Ұйқысыз еңбек етер қойторыдай. Сезімтал, сергек қимыл, жүрісі өнер, Майталман маман екен тілі шебер. Уаңның түскеннен соң уысына, Уайымсыз жұмысыңа кірісе бер! Пенде үшін тартар мехнат тарқамайды, Азабын Алла берген арқалайды. Сәлима деген сәнқой ұйғыр қызы: «Жаман, - деп, - Қазақстан», шалқалайды.
Орнына қалпақ киген орамалдың Несіне сен бір керім бола қалдың?! Сәлима – сәл ақылы кемдеу құрбым, Саған бір сәтті күні оралармын. Ал мұнда аздап елдің тынысы бар, Найман мен керей, уақ ұлысы бар. Қаптаған хансулардың арасында Айгүл қыз ағайындай жылы ұшырар. Уайым тереңіне ұйлықтырып, Жабықсаң жаныңды ауыр күй бұқтырып; Шипалы қолдарымен Бақыт аға Ширатып жібереді, ширықтырып. Қадалып қарағанда оқырлана, Қазаққа, хансуға да өтімді аға. Ержан-дүр «Әпенді» деп атын қойған Ең соңғы Қожанасыр секілді аға. Ниетінен дімкәс көңіл мият тауып, Барамын мұңымды оған жиі ақтарып – Даудағы дарабозым тәрізденіп, Жаудағы жалғыз үйім сияқтанып.
«Немене жоқтың күні бар қасында?! Ауыр жүк қалушы ма ед нар қасында?!». Аңырып айдалада қалған кезде Алла өзі алақанға салмасын ба?! Жарлыдай жалғыз қалған жар басында Көңілің көбеңсиді алғашында. Бәкең мен Гүлжан жеңгей сыйлаған гүл Қурады аурухана ауласында. Бұлт басқан біз келгелі жырым-жырым Бұзылып ауа-райы ырың-жырың; Анвар мен Айгөзелдің сезіміндей Аспаны бір жарқ етті Үрімжінің. Жалынып-жалбарынып, тақ тұрғанда, Жасаған Жаббар құлын жат қылған ба?! Алтайдың Қабасынан келген асып, Санардай сабазыңа тап қылды Алла. Аға бұл адасқанда ақыл салар, Жат жерде жаныңызға жақын санар. Көмейі көрінетін аузын ашса, Әмейі біреу емес ақын Санар.
Ал мұнда асықпаған ақыл екен, Асылы, артын күткен мақұл екен. Сунь-қытай суық күліп тұрғанымен, Жүрегі, жүзі жылы пақыр екен. Шинь осы – не десеңіз, о десеңіз, Еркіңіз – еркін елге теңесеңіз. Қалбақтар қандасыңдай қатпа қара, Тек «Тілі түсініксіз» демесеңіз. Уа, бізге күн де нұрын төкпей қойды, Тәңірдің тартуы осы жетпей ме енді?! Қолынан Мудан жеңгей ішкен асым Соңынан таңдайымнан кетпей қойды. Көп шаруа бітіргендей көңілді ғып, Көпіріп сөйлейміз бір төгілдіріп; Ержан мен Сержан бауыр – егіз тұлпар Екеуін алма-кезек жегіп жүріп...
«Расында бақыт бізге кеш келді-аумен» Қасыңда қарсы желдей ескен дәурен. Осында Оспан батыр орда тігіп, Басында аялдамай, көшкен дәурен. Беу, менің қандастарым, андастарым! Тамырың тамырыммен жалғасқаным. Қарқылдап қарға-құзғын сарып жатыр, Жарқылдап сілтене алмай алдаспаның. Мейлі, жұрт «жасық» десін, жала жапсын, Демеймін: «бережақсың, алажақсың». Бір жарым миллион қазақ – қайран елім, Қайтейін, жұтылып сен бара жатсың. «Айрылған өз елінен оңбайды екен», Айдаһар-өңеш ешбір толмайды екен. Хансудың айыр-бөліс атажұрты Қазаққа қайыр-қоныс болмайды екен.
Шың елі! Шыңнан биік көкірегің, Құдайдың сүйген құлы өкілі едің. Ұлы Цинь, Қанатыңды кеңге жаймай, Осылай тұра тұршы, өтінемін! Уа, ұлы ел! Жауласқаннан не табамыз?! Ырыс емес, ұрысқа бет аламыз: Жылжыған сайын бері шекараңыз, Бір жылан өткендей боп екі арамыз. Сыйынар періште де Алласына, Тартады тасбақа да таңбасына. Ай, мұнда сіңіп кету қиындау-ау, Біртүрлі адам түгіл, арбасы да. Жоғалтқан нем бар мынау жақта мұнша?! Кіріптар қылсын Құдай Хаққа құлша – Ауасын аурухана жұтқанымша, Дауасын дертіміздің тапқанымша. Көрмей-ақ қойған жақсы ед көргенімше,
Өз елің ыстық екен өлгеніңше. Үрімжі, Ал мен кеттім, аман боп тұр, Қайыр-хош қайта айналып келгенімше!.. 2010 жыл, 11 тамыз. Үрімжі.
МҰНАР КҮН
«..Арғымаққа оқ тиді Қыл майқанның түбінен. Аймадетке оқ тиді Отыз екі омыртқаның буынынан. Зырлап аққан қара қан Тыйылмайды жонның уақ тамырдан. ...Сақ етер тиді саныма, Сақсырым толды қаныма, Жара бір қатты, жан тәтті, Жара аузына қан қатты. Жарықшылар жоқ па екен, Жармай білте саларға?! Жағдайсыз жаман қалып барамын, Жанымда бір туғанның жоғынан..» (Доспамбет жырау) Бұл неткен күн, неткен күн?! Бұзылып, шырқым кеткен күн. Бұлағайдың күні бұрқырап, Бұлт құрсаған көктен күн. Бұғалық салып, бұлқынтып, Бұздай әскер жеткен күн. Бозторғайы даланың Бұл-бұл ұшып кеткен күн.
Басымыздан бақ тепкен күн, Бассыз билік өктем күн. Бас имейтін ерлерді Басыбайлы еткен күн. Азаматтарды отқа айдап, Ажал оғын сепкен күн. Атаңа нәлет азғындар Арбаға азбан жеккен күн. Қынадай қырып кінәсіз, Қырандар қыршын кеткен күн. Сұрапыл сәтке тап келіп, Сұраусыз ерлер шөккен күн. Еркіндіктің басынан Етікпенен тепкен күн. Жағымпаз кілең шалдарым Жамағатты сөккен күн. Жапалақша жалбаңдап,
Жау жағына өткен күн. «Қарақшы» деп қаралап, Халыққа қаһар төккен күн. Қайран, мынау Маңғыстау Қайғыдан белі бүгіліп, Қарадан, ханнан түңіліп, Қап-қара боп кеткен күн. Солай да-солай соры қайнап, Сұмдықтың басы жеткен күн. Барлығын бір күнде ұқтырды Басымыздан өткен күн.
Қандастарыма қарата Атылған арсыз оқ көрдім. Айдаһар сынды араны Аузынан шашқан шоқ көрдім. Жер бауырлатқан жұртымды Жендетті иттен жек көрдім. Қанішерлердің ісіне Қарайып қаным, кектендім. Талайды бастан өткердім, Талайға жақтас боп келдім. «Өз халқына өкімет Оқ атпайды» деп келдім. Қырық жылға жетпес ғұмырда Қиналып, талай от көрдім. Бірақ та мұндай сұмдықты Білсеңдер, бірінші рет көрдім.
Бұл не деген масқара! Бұл не деген аспара! Қайда қарап отыр бұл Қалғымайтын Астана?! Кімге құлақ салады Кіл нән дөкей, бас қала?! Ақиқатты жалаңаш Асып тастап аспаға; Арсыз билік ақырар Аң секілді, жасқа да. Кімге зарын айтады Қызыл қарын жас бала?! Ойнамайды озалдан Тоқ баламен аш бала. Қырылды ғой бейбіт ел, Қыран-қала, жас қала. Қан сасыған қаладан Қашты кие, қашты ана. Жаны күйген жұрт көрдім Жан қиған жер жастана. Ару көрдім ашынған, Атқан оқ қып тасты ала. Қару көрдім кезенген
Қарияға, жасқа да. Жауқазындай жастарым Жаны кірлеп, ластана; Жасқа малшып жанарын, Жаутаңдаған жасқана. Қып-қызыл боп ұяттан Қына біткен тасқа да; Өрімталым өртенді Өркен жайып бастала. Өз балаңа жем болды Өзгеге емес, басқаға. Қарғыс атқан күн болды Қасіреті көп басқа да. Бұрынғысы аз болды Қазақ деген қасқаға!
Ай, мынау бір арсыз күн, Аруақ атқан жалсыз күн. Аспанды ала бұлт торлап, Арайлап атқан таңсыз күн. Қайғыны басқа шұлғанған, Қара боран, қарсыз күн. Қарсы тұра алмай, қансырап, Қайратым қайтқан әлсіз күн. Қасыңдағыға сенім жоқ, Қарғыс атқан халсіз күн. Қазақты қапы соқтырған Қасиетсіз, қансыз күн. Жалыны жоқ, жалты жоқ, Жарығы жоқ, жансыз күн. Жауырынымнан оқ тиіп, Жабыны құшып, жал сүздім. Қара қойы өлсе қайғырар Қазағым бүгін қамсыз күн. Қара қой құрлы құн жоқ па, Қаһармандарда, қансыз күн?! Қан төгілген алаңның Қасіретін әлсіздің; Қайтарар ма есесін Қайталап келер сансыз күн?!
Қаранардай ерлерім Қаршығасын ілген күн. Қара үлектей шабынып, Қайраты тасып, бүлген күн. Қайтейін, бағы теріс кеп, Қасірет бұлты төнген күн. Қара жерге жаныштап, Қатыгез жау күлген күн. Қандықолдар құтырып, Қаншық етек түрген күн. Қара ниет жауыздар Қанден болып үрген күн. Қара беті көн болып, Қаздаң басып жүрген күн. Қарай алмай халқына, Қара жерге кірген күн. Кімдердің кім екенін Бір-ақ күнде білген күн.
Сын болды бұл батылға, Мін болды бұл батырға. Ақиқатты айту да Оңай емес ақынға. Жаңаөзенім жаншылды Жатқа емес, жақынға. Аманат қып Алланың Берген жанын ақырда Адам қию – айуандық, Жоқ оған еш хақың да! Өз қазағың өзіңді Таптап, басып тақымға; Шалып жатыр аяқтан Шақырған боп ақылға: «Қанқор жендет қанжарын Қайрап алып, мақұл ма, Тамағыңа тақасын – Тырп етпе, - деп, - бақырма»... Бұдан өткен сатқындық Бола ма екен жақында?! Ой, дүние-ай, өзегім, Өрт болып сен лапылда! Қолдан келер қайран жоқ, Қор болдың-ау пақырға...
...Боздауым да бекер-ау, Қозғауым да бекер-ау. Жә-жә, жарар, жасыма, Бұл күндер де өтер-ау. Армандаған азат күн Алтын таң боп жетер-ау. Сонда мына сорлы елдің Болар зары жеке дау. Басын баққан талайлар Батыр болып кетер-ау. Көрерсің де тұрарсың, Күн де өзгерер, көкем-ау! Бақ пен сордың арасы Қас пен көздей екі елі-ау. Әлмисақтан дүниенің Заңы осы екен-ау... Күлкі болып қасыңа, Күн туып тұр басыңа.
Жақсы күндер туады, Жаңаөзенім, жасыма! Мұңың әлі сейілер, Мұнар бұлтың ашыла. Тағзым етер талайлар, Тарих жазып асыға. «Қасиетті» деп бас иер Қасіретті тасыңа. Дала біткен жырлайды Даңқыңды әлі асыра. Бала біткен жаттайды Есіміңді бас ұра. Қаһарманым, берік бол, Қайрала бер, ашыла! Күнің әлі туады, Күн сөнгенше жасыма!
Ар алдында – тазасың, Дар алдында – дарасың. Тарихыңды сен әлі Тамған қанмен жазасың. Талтаңдаған талайдың Тәңір табар қазасын. Алшаңдаған арсыздың Алла берер жазасын! Жалмаңдаған жендеттер Жан-жағына қарасын. Азат ұрпақ, алғы күн, Тудырады данасын. Орны-орнына қояды Осы күннің таласын. Қазағымның жадында Қаһарман боп қаласың. Бұла ұрпақ береді Бұл күндердің бағасын.
Жасты бекер төккізбей, Жатқа басты тепкізбей; Бұл күндерді Құдайым Тезірек тек өткізгей! Тегін сыйын бермейді Тектілерге тек біздей. Күн жаманы кетеді, Діл жаманын кеткізгей! Жүректерге Жасаған Жүйелі ой еккізгей! Мейірім мен шапағат Мелдектетіп төккізгей! Иман гүлін, иншалла, Ислам нұрын сепкізгей! Құдіреті күшті кең Алла Сол күндерге жеткізгей! Әумин!!! 2011 жыл, 24 желтоқсан. Ақтау қаласы. 2012 ЖЫЛ, ҚАҢТАР. немесе ТАҢСӘРІ «Қаңтардың шілдесі» күйіп тұр, Кеудеде запыран күйік тұр. Қан жұтқан қараша қамығып, Ызасын ішіне жиып тұр. Биліктің ойында – бүлік тұр, Мысқылдап, мұртынан күліп тұр. Амалы таусылған, шарасыз Азамат ерлерім сұлық тұр.
Қылт етсе, қанатын қиып тұр, Үстіне жаласын үйіп тұр. Мойнында – қарғысы халықтың, Қойнына қорғасын тығып тұр. Арсыздар аяғын сүйіп тұр, Бұқара ұйқыда, бұйық тұр. Еркіндік аңсаған ерлерге Абақты ауылы тиіп тұр. Суайттың сөзіне ел ұйып тұр, Бура-бұлт бұршағын құйып тұр. Құдыққа құлаған құлан-жұрт Құлдықтың қамытын киіп тұр. Ұлтымның рухы сынып тұр, Жұртымның шашын жел жұлып тұр. Қандықол жендетке жем болып, Қазақтың діңкесі құрып тұр. Биліктің иығы биік тұр, Халыққа қабағын түйіп тұр. Арнадан асатын дария Әзірше уысқа сыйып тұр. Іштегі ой іркіт боп тынып тұр, Ал сыртта ақ боран ұлып тұр. Қаңтардың қақаған аязы, Қазақтың жігерін шынықтыр!
Сарайдың іргесі іріп тұр, Сары тақ шайқалып, шіріп тұр. Көзіне жас толған халықтың
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру