TELEGEI

Home

Абайға арнау өлеңдер

Абай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Абайға арнау өлеңдер

Абайға арнау өлеңдер

ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ: ЖАСТАРҒА

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық.

Ал, енді, олай болса, кімді алалық?
Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?
Шын іздесек, табармыз шыны ғалым,
Күнде күйлей бермелік бозбалалық.

Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!
Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!
Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,
Жалыналық Абайға, жүр, баралық!

Білімді сол кісіден ізденелік!
«Әдейі іздеп біз келдік сізге» делік.
«Өмір зая болмастық өнер үйрет,
Ақылыңды аяма бізге» делік.

«Көп қуға көзіңізді сүзбе» делік!
«Ұқпас деп бізден үміт үзбе» делік!
«Залымдар заң үйретіп адастырды,
Бізді сал жөнделерлік ізге» делік!

Тапқан іске таласпай, шын көнелік!
Жұртқа күлкі болмалық, жөнделелік!
Арамдықпен, алдаумен күн өткізбей,
Өтірікке өлгенше, шынға өлелік!

Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,
Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан.
Тегін білсең –аласың, бос береді,
Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан.

Құрбыласы қулық пен айла баққан,
Олардан алдамшы деп көңлі қайтқан.

Енді бізге ақылын көрсетіп тұр,
Алушы жоқ па екен деп жастар жақтан.

Алмасақ үміт үзер тағы жастан,
Өлсек те, ұмтылалық осы бастан.
Өткізе алмай, еліне қайтса көшіп,
Қаламыз асыл түгіл ине алмастан.

Қой, ойлалық шатылып, шатаспастан,
Оңамыз ба Абайдан бата алмастан?
Асыл алсақ, асылын аямайды,
Келді ғой өз еліне сата алмастан.

Пұлы өтсе, үміті бар қуанбақтан,
Еңбегім жанды ғой деп жұбанбақтан.
Абай кетсе, осы елде кім қалады,
Не табамыз наданнан сұранбақтан?

Қой, жігіттер, күн болды ойланарлық,
Білім, әдет, ақылды ойға аларлық.
Надандықтан еліріп босқа жүрсек,
Мына заман көрсетер бізге тарлық!

Өзің біліп біреуге қылсаң жарлық,
Асыл сол –ақыл, білім бойда барлық.
Айла, өтірік, арсыздық өнер емес,
Мен де анаудай болсам деп таласарлық.

Үлкендерде мінез жоқ танданарлық,
Олардың қылған ісі – ұрлық-қарлық.
Арам ойды ақыл деп ардан күсіп,
Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?

Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық
Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
Амалы жоқ, айналды енді бізге,
Күн туды етегіне жабысарлық.

Пұл асылы табылса, қолға алалық,

Кісі емес ескерусіз бос қаларлық.
Күнде осындай табылмас бізге басшы,
Күн болса кейінгіде қозғаларлық.

Ақыл, білім осындай ар жақтарлық,
Айласыз, өтіріксіз жан сақтарлық!
Үзіп-жұлып ұятсыз атанбай-ақ,
Ақылмен жол табалық ел бастарлық!

Осыған қазақ бар ма жанасарлық,
Ғылым, өнер, ақылмен санасарлық?
Жұрт алмаса, ақылын біз алалық,
Өзгедей надан емес адасарлық.

Бұл елде түк ақыл жоқ жарасарлық,
Рахым ғып бір-біріне қарасарлық.
Өз Абайын өздері ұнатпайды,
Шын надан осылар ғой біз қашарлық.

Мына жұртта мінез жоқ ойланарлық,
Бізге де заман келер сайланарлық.
Елге еріп есер, бәңгі атанғанша,
Ой табалық жақсы атақ байланарлық!

Ақыл жоқ бұл қазақта ойға ұнарлық,
Өзін-өзі тексеріп, бой сынарлық.
Білім іздеп білуге кесел болар,
Көрсеқызар, к...і ашық бос құмарлық.

Ойланар уақыт болды бас қосарлық,
Дұспан көп енді бізге жол тосарлық.
Арамдықтан көңілді арылталық,
Ақыл ойлап, алалға қол босарлық.

Мидағы ой-тамырға жол салалық,
Жүрекке оймен сынап апаралық!
Ақ жүректің ғадалат қылған ісін,
Қабылдауға қызығып қозғалалық!

Жарасымды мінезді жатқа алалық,
Жанға қас жамандықтан сақтаналық!
Арсыз, ғайбат, өтірік, ынсапсыздық –
Бұлардан бой тасалап ақталалық!

Аспандап аса бермей шақталалық,
Аласыздық, адалдық жақты алалық!
Өтіріктен жалығып, өнер тапсақ,
Біз сонда жетілдік деп мақтаналық!

Хош, енді көп наданның тілін алдық,
Бірімізге біріміз пәле салдық.
Ой да жоқ, ұят та жоқ, күнде аңдысып,
Жүргенмен жағаласып не таба алдық?

Арам ақыл үйрендік айла, амалдық,
Қулық пен өтірікті сайлап алдық.
Ынсап, рахым, ұяттан жүген ұстап,
Өзіміз ең түбінде қайда бардық?

Елірдік, ерегістік, елді жардық,
Байлаусыз пайдасы жоқ іс шығардық.
Бүгін дос, таң атса қас бола қалып,
Бұлт еттік, мен болдым деп ат аларлық.

Тыным жоқ, тыныш жүріп мал бағарлық,
Арыз бердік бас кетіп, айдаларлық.
«Енді бізге ғадалат айта көр» – деп,
Өзіміз ақырында қайда бардық?

Бұл іспен бойға мақтан кірді, паңдық,
Әркімнің әлі бар деп алар аңдық.
Жеңгеніміз желіктік желпең қағып,
Жеңілгенді жер болған атқа таңдық.

Ортамыздан от жағып, өрт шығардық,
Көре тұра құтырып, күйіп-жандық.

Қой, үйтпелік, өзіміз жарасалық!
Наданмен неге бірге адасалық?!

Жаман айла, жат мінез пайда бермес,
Бойдағы мінімізге қарасалық!

Жаман әдет тастауға ұнасалық!
Мына мінез қалай деп сынасалық!
Тұп-тура бетімізге айтысалық,
Ашуланбай, ақылмен шыдасалық!

Арсыз, арам айланы тастасалық!
Адал іске талаппен бастасалық!
Неде болса білімді ізденелік!
Надандықпен біржола қастасалық.

Жалған айтып, біреуге жалынбалық!
Біз, сірә, үлкендердей қағынбалық!
Наданға өлсек-тағы бағынбалық!
Өтірік, өсекке еріп сабылмалық!

Рахым жоқ, қанағат жоқ, арсыз болып,
Жас бойға жаман атақ тағынбалық!
Таза ойлап, татулық іс табалық!
Жау жоқта, тіпті жауды сағынбалық!

Адалға әлімізше аяңдалық!
Арамға аяқ баспай шабандалық!
Елемесең, есіңе енбейді ақыл,
Ескерсең, осы сөзім сендерге анық.

Болмас іске бұртаңдап тырыспалық!
Бетке айтқанның зәрі жоқ, ұрыспалық!
Көзге жылпың қөрініп, сыртқа қылпың,
Артымыздан құр өсек қылыспалық!

Сөз байласақ, уағдада тұрысалық,
Сыртымыздан жақсылық қылысалық!
«Қашқан –жаудан құтылар» деген қане,
Надандықтан жиреніп, жылысалық.

Білмегенді білуге тырысалық!

Жалқаулықты қөңілден сырысалық!
Босқа күлген күлкіні күйлемелік!
Шын ақылға мойынды бұрысалық!

Жақсы білім іздеуге жалықпалық!
Табылмаса, тарығып, талықпалық!
Салақтықты қоялық, сақ болалық!
Білгенді, білмегенді анықталық!

Ғалым көрсек –әр істі сұрасалық!
Ондайға басымызды құрасалық!
Өстіп істеп өзіміз қамданбасақ,
Бізге ақыл үйрете алмас мына халық.

Кейде бірге жүрелік, кейде ойналық!
Ойнап, күліп, кешікпей ой ойлалық!
Ойынымыз аз болсын, ойымыз көп,
Оймен талап етпеген іс қоймалық!

Күнде көздеп, мінезді тексерелік!
Айланы ақыл демей, сескенелік!
Адалдың жолында өлсек, арман бар ма?
Ақты аныққа шығарам деп көрелік!

Кісіге оны бұрған өкпелелік!
Тіл алса, «мұны қой» деп ақыл айтып,
Тыңдамаса, жау көріп кектенелік!

Білімді неге бойға көп көрелік?!
Ақтан тауып несіпті жеп көрелік!
Артық ақыл ойланып таба қалсақ,
Біз-дағы алушыға тек берелік!

Надандықпен қарнымыз тоқ демелік!
Біз білмеген еш ақыл жоқ демелік!
«Айланы ақыл, арсыздық әдеп қой» деп,
Арамды алал, асылды боқ демелік!

Ақылды сол – ынсап пен ар сақтайды,
Арсыз сол –арамдықпен жан сақтайды.

Адал сол –таза еңбекпен күнін көріп,
Жаны үшін адамшылық ар сатпайды.

Жалғаншылар сөз айтса, «сырым» дейді,
Біліп қойсаң, «бұ да бір қырым» дейді.
«Әншейін байқайын деп айтып едім,
Өтірігімді ұстап па ең бұрын?» дейді.

Надандар төрт аяқты малға ұқсайды,
Қаңғырған тамақ іздеп аңға ұқсайды,
Өз бетімен табатын өнері жоқ,
Талапсыз, өлі сүйек жанға ұқсайды.

Бұлар –мәлім, сатып жүр, көрдің мұны,
Болмайды кімге залал мұның түбі?
Өздері біреуіне бірі сатсын,
Алмалық біз қызығып енді осыны!

Сатады өтірігін шынға жастап,
Жүрміз деп жарасымды өнер бастап.
Айналасы белгілі аз ақша ғой,
Пәлшесін тауысайық жыртып тастап!

Осы жұрт өтірікпен жүр ту ұстап,
Айланы не қыламыз берсе уыстап?
Күні бұрын ондайға жуымалық!
Орын алып, кетпесін бой қуыстап.

Айла орнына ақылды жұмысталық!
Өтіріктің орнына шын ұсталық!
Жалған айтып, жан сатып, жалынбай-ақ,
Тура жолда тұрып-ақ тынысталық!

Өз әкеміз айтса да ұнамалық,
Ағамыздың сөзі деп тыңдамалық:
Үйреткені өнер ме, әрекет пе,–
Өзіміз ортамызда сынға алалық!

Олар бізге оқы дер қу болмақты,

Уағдасыз, жалғаншы су болмақты.
Сыяз сайын әркіммен арпалысып,
Күнде дау, күнде жанжал, шу болмақты.

Өнер қылма ар сатып, жалданбақты!
Ұлық болып, елді жеп малданбақты!
Біреуді жеп, біреуді табамыз ба,
Қашан жақсы көруші ек алданбақты?

Өлсең де ондай сөзге құлақ салма!
Ардан күсіп, ақылдан құры қалма!
Әкең түгіл, арғы атаң айтса-дағы,
Білімі жоқ наданның тілін алма!

Қулықты біз қылғанмен, ол қылмай ма?
Бізге де өңкей надан жабылмай ма?
Айла, арамдық, арсыздық, ынсапсыздық
Бізге бар да, өзгеге табылмай ма?

Жамандық күнә болып жазылмай ма?
Адалдықпен жиған мал бағылмай ма?
Уағдашыл болған жан өле қалып,
Өтірікші құдайға шағылмай ма?

Өмір өнбес бір күнгі қылған жалға,
Көз тоймас үзіп-жұлып алған малға,
Жұрттың ісі неге жөн болмасын деп,
Ой ұнамай, ондайға өлсең нанба!

Мақтанбалық айламен алдағанға!
Надан боп, ұқсамалық айуан малға!
Жан біткеннің бәріне жара салып,
Жан сақтаған не болар жалғыз таңға?

Залалы тие берсе мұқым жанға,
Рахымсыз, қайырымсыз боп қысылғанға,
Не дүние, не болмаса ақиретте
Болар-ақ бір қиындық шыбын жанға!

Залым кісі кірмейді тіпті санға,
Сынайтұғын бір сыншы табылғанда.
Білімдігің бит шаққан құрлы болмас,
Тамам күнәң жиылып жабылғанда.

Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?
Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?
Көз жұмып, «Көппен көрген ұлы той» деп,–
Береді бұл надандық кімге пайда?

Білімдіге білімсіз бағынбай ма?
Іздесе, пендеге жол табылмай ма?
Ақты қойып, арамды әдет етсек,
Денеміз дозаққа өзі жағылмай ма?

Ажал оғы бір күні атылмай ма?
Тура келсе, тіл тартпай қатырмай ма?
«Әлхилла ассалата жаназа» деп,
Ақ кебінге оралып жатылмай ма?

Қай пенде жолықпайды осындайға,
Соны ойлап жүрегіміз шошынбай ма?
«Дүниеде не қылдың, не қойдың?» деп,–
Алдыңда неше жерде тосылмай ма?

Жатпалық жалқауланып тіпті жайға,
Жайлы ақыл ойланалық жанға пайда.
Кейінгінің қалмалық обалына,
Сонда мақұл боламыз бір құдайға.

Осы ел жүр өтірікті үнем қылып,
Ақты қойып, арамға көңіл бұрып.
Қудыраңдап, қу, білгіш атанам деп,
Шығарады бір пәле қарап тұрып.

Біреуіне біреуі қақпан құрып,
Аңдаусызда кетем дер бір түсіріп.
Біле сала қылады о да қулық,
Аяғы сау жан қалмас сүйтіп жүріп.

Мақтанады жетілген кісімсініп,
«Қулыққа қалыппын,– деп,– қатты ысылып».
«Ел мінезі қолымда санаулы»,– деп,
Жан біткеннің айласын өзі біліп.

Айтқанда өтірікті судай қылып,
Шынды ескерген адам жоқ көзіне іліп.
«Қу» десең, құлағына бір кірмейді,
Езуін тастар ма еді, сірә, тіліп!

Тоқталған бір пенде жоқ қыры сынып,
Мойнына әбден алған сайтан мініп.
Айтсаң-ақ, «анау қу» деп жымыңдайды,
Соған ыза боласың іштен тынып.

Арамдыққа осы жұрт жүр ұмсынып,
Аздан бері тым кетті құдай ұрып.
Білмегені білгеннің тілін алмай,
Бәрі бірдей шулайды иттей үріп.

Бір күн біреу жалғанмен жүр құтылып,
Біреу жүр айламенен үзіп-жұлып,
Ертең көрсең, екеуі қолға түсіп,
Кескектеген түлкідей тұр тұтылып.

Арамдықтан шығады кім сытылып?
Бір желіксе, кетеді тым құтырып,
«Жығылған жан күреске тоймас» деген,
Қарта ойнаған кісідей күнде ұтылып.

Абай жүр соны мазақ өлең қылып,
Біреуі ұғар ма деп көзі ашылып,
Бізге де біразырақ айтқаны бар,
«Құр қылжақтай берме,– деп,– босқа күліп».

Ұқсатып, ұнасымды сыйыстырып,
Жасты да жамандапты қиыстырып.
Ойын-күлкі – бар қылған мінезіміз,

Біреуін де қалдырмай жиыстырып.

Тым туралап айтыпты сұғындырып,
Білгенге үйретіпті ұғындырып.
Көріп тұрған мінезді жасырсын ба?
Әркімге-ақ кеткен екен жұғындырып.

Сөзбен де, өлеңмен де сабақ беріп,
Алсын деп керектісін өзі теріп.
Шиқанымды езгендей шықты жаным,
Айтқанда естігендер ұғып келіп.

Шүу дегенде бұл сөзі жанға батты,
Бұрын ондай көргем жоқ жаманатты.
Қайырусыз, қағусыз өскен басым,
Бұлқындым шу асаудай мойны қатты.

Естіген соң, жүректе түйін жатты,
Сол түйін тыныштатпай көп ойлатты.
«Неге мұндай қатты айтты?» – деп ойласам,
Өлеңінің сырты ащы, іші тәтті!

Жаны ашып, жақсы соқпақ тазалапты,
«Жігерленсін, білсін» деп табалапты.
«Жоба көрмей, жүгенсіз кетпесін» деп,–
Қатты сөзбен қайырып қамалапты.

Енді ойладым «қайратқа мінейін» деп,
«Білімдінің қадырын білейін» деп.
«Ақыл сөзбен арқама күнде ұрғызып,
Талаппен түзу жолға кірейін» деп.

«Мен неге күлкі болып жүрейін» деп,
«Өзім біліп, біреуге күлейін» деп.
«Шын наданға атар таң болмайды екен,
Білім іздеп, құдайдан тілейін» деп.

«Білмекке талап етіп көрейін» деп,
«Шын сөзге көңілімді бөлейін» деп,

«Надан болып қорлықты көргенімше,
Естінің айтқанымен өлейін» деп.

Үлкендер ұмтылмайды «ұғайын» деп,
«Мен-дағы бұл қылықтан шығайын» деп.
Айтқан сайын аяғын кер басады,
Құлағына мақтаны тығайын деп.

Құмары – қулықпенен жығайын деп,
Айламен аяғыма бұғайын деп,
Бәрі ішінен қанжарын байланып жүр,
Көрінгеннің көзіне сұғайын деп.

Халалға ойламайды шыдайын деп,
Арамның түбі болар уайым деп.
Күнде жау боп, күрілдеп, жұлысады,
Тек отырған бір жан жоқ «Құдайым» деп.

Байладым белді бекем буайын деп,
Жүректі адалдықпен жуайын деп.
Талпынған мақсат іздеп мақрұм қалмас,
Адамдық ғылым жолын қуайын деп.

С. Қалиев: АБАЙ ТІРІ БОЛҒАНДА
Еске алып күнде сағына іздер,
Әр сөзінде мың мағына жүзген,
Дәл қазір Абай тірі боп тұрса,

Таяқ жер еді тағы да бізден!

«Басқа да шауып, төске өрлегені» үшін,
«Қара бір сөзге дес бермегені» үшін,
«Тозығы бар деп дәстүріміздің де!»
Әруақтардан сескенбегені үшін,

Ислам дінін қастерлегені үшін,
Шамани салтты ескермегені үшін,
Тәңірлік дінді хош көрмегені үшін,
Қырауар малды кедейге таратып,

Құнанбай атаға ас бермегені үшін,
Ешқашан оны аямас едік.

Тоқпақтасақ та тоямас едік.
Тоямаған соң қоямас едік.

Қанденге күнін қаратар едік,
Күшіктерімізге талатар едік.
Интернет деген итаршымыздың
Иесіне айтып сабатар едік,

Сақалын оның бір талдап жұлып,
«Вахабис» қылып қаматар едік.

Депутат қылып сайлатпас едік,
«Қайран жұртым…» деп сайратпас едік.
Шабарманымызды айдап сап күнде,
Ақордамызды жайлатпас едік.

«Әйбәттап» арыз жаза алар едік.
Халқымызды одан «тазалар» едік.
«Қазақты араб қылғысы келген»
Қылмысы үшін жазалар едік.

«Ән ұрлағыш» деп дүңк етер едік.
Күллі бір жұртқа күлкі етер едік.
Дінмен соғысқан адамдардың
«Қара тізіміне» тіркетер едік.

Мусинге «мә» деп майлап берер ек.
Жақсы аты болса ылайлап берер ек.
КНБ түгіл ФСБ, ЦРУ- дің
Нысанасына байлап берер ек.

Қара сөз жазып құтырмас еді.
Әнші боп жүрсе ұтылмас еді.
«Дана» деп бүгін дәріптеп жүрміз,
Өлмесе бізден құтылмас еді…

Ә. Дәуелтбаева: АБАЙДЫҢ ТІЛІ
Абайдың тілі, анамның тілі,
Не деген ғажап үндестік.
Жауратып жанды ғаламның мұңы,

Ақын боп сонсоң күн кештік.

Нендей қайғыны басыма тілеп,
Жоғалттым нені білмедім.
Балбал тастардың басына түнеп,
Өтті ғой бөрі күндерім.

Өгей орманның ығында өскенмін,
Айта алман оны арланбай.
Ана бір жылдар ғұмыр кешкенмін,
Анадан жетім қалғандай.

Ол күннің дерті ұмытылмайды,
Уы мен балы аралас.
Бір ұртым қанды, бір ұртым майлы,
Рухым тұттай жалаңаш.

Анамның тілі, аңырап келіп,
Алдыңа бүгін жығылдым.
Шаттығы кетті шаңырақ керіп,
Адасқан албырт ұлыңның.

Көк байрақ тіктім, көкке телміріп,
Түп-тегім түркі болғасын.
Күпті көңілден кетті сең жүріп,
Пайғамбар Абай, қолдашы!

Әлия Даулетбаева

Ә. Мәкенов: АБАЙ БҰЛАҚ
Көз алдымда елестеп ақын алып,
Су беті де кеткендей алтынданып,
Өлең-сөздің кеніндей таусылмайтын,

Кəусар бұлақ жарқырай жатыр ағып.

Қалай ғана жеткізем мұны сөзбен,
(Түсірем бе асылдың құнын жезбен)
Осы арада толғанып ұлы ақын,
Дүниеге қараған ұлы көзбен.

Жаз жайлауда осы ара ырыс толған,
Ақынға құтты мекен, қоныс болған.
Қиялын шарықтатып қыран құстай,
Əйгілі өлеңдерге өріс болған.

Алтындай сəуле шашып жарқыраған,
Бұл бұлақта Абайдың аты қалған,
Ұлы ақынның аузы тиген судан.
Арман-ау əркімге де татып алған.

Жағасына тыңдап ем талай келіп,
Шарасына нұр толып, арай толып.
"Абай бұлақ" бір түрлі қоңыр үнмен,
Өлең оқып жатқандай Абай болып...

Б. Бекетова: ЕРТЕГІ ЕМЕС ƏЛЕМІМНІҢ ЕРТЕҢІНЕ АЛАҢМЫН
Абай баба, бəлкім өзің арман еткен əлем бұл,
Жырдан ойып арманыңа аппақ-аппақ тағам гүл.
Сенің жұпар ойларыңнан қуат ап,

Таңдай таза сіміретін ауам бұл.

Кірпіш болып дүниеге келіп еді қаланғым,
Мансапқордың иттеріне шиедей боп таландым.
Ала-құла етіп жатыр пиғылын,
Пенденің астан-кестең соққан желі заманның.

Уақыт - алып көл дейсің ғой,
шайқалады ақылым.
Жаттан ары алыстайды жақыным.
...Дүние-боққа белшесінен батып ап,

Ақылымды жалдап отыр пақырың...

Аузын тырнап қайтем заман, жараңның,
Армантауға сапар шегіп ағардым.
Ой қуамыз, той қуамыз əрқалай,
Көгін таптап Өмір деген алаңның.

Жүгінетін сөз патшасы - бабамның,
Сəуле шашса, жарқырайды қараңғым.
Алып көлде қалтылдаған қайығы,
Жолға шығып жоқ іздеген балаңмын.

...Ертегі емес əлемімнің ертеңіне алаңмын.

ЖАҢҒЫРЫҚ

...Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым
Одан да шықты жаңғырық...
Абай.

Дауысым шықты жаңғырып,
Жан-жағым толған жаңғырық.
Сізден соң өмір-өлеңге
Біз қайдан келдік қаңғырып.

Адасқан күшік секілді,
Ойларым жұртта қалды ұлып.
Тұлпар тұяғы кетілді
Алашқа тілеп Арлылық.

Ей, Шыңғыстаудың баласы,
Запыран құстым
зар қылып,
Қазақтың қайран даласы -

Жаңғырықтардан мәңгіріп,
Есімнен кетті тандырып...

Беу, елімнің ерен Абайы,
Теңіздей терең Абайы.
Ататын таңның арайы,
Шұғылаға тұнған маңайы.

Санама мені пендеге,
Өзіңді көрем түсімде.
Жартасқа бардың сен неге
Жаңғырық есту үшін бе?..

Қара көңілдің жарығы ең,
Халқымды бастар мәңгілік.

- Абай! - деп айқай салып ем

- Абайла! - деді жаңғырық.

Аймалап өстік Күн, Айды,
Көкейде көктеп көп өлең.
Жаңғырық шықса жылайды -
Абыралы, Мыржық, Дегелең...

Жаңғырық естіп құрсақтан,
Ұрпақ боп тудық күнәлі.
Абайдың өзі мұң шаққан -
Меңіреу жартас тұр әлі.

Жаңғырды бүгін тау іші,
Жанымда менің жанды үміт.
РУХЫМНЫҢ өлмес дауысы -
Шыңғыстан шыққан жаңғырық...

Ғалым Жайлыбай

АБАЙҒА МҰҢ ШАҒУ

"Жұртым деуге арлымын,
Өзге жұрттан ұялып..."
"Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып...".

Абай.

Алашым деп арман-мұң, қиял әнім,
Абай аға, ақ қағаз сияладым.
Жарлы емеспін, зарлымын мен де сендей,
Ұлтым деуге жат жұрттан ұяламын.

Ғасырда да ел бостан, азат дала,
Қалар емес қашанғы мазақ-таба.
Аузы түкті кәуірге құлдық ұрып,
Айрылмайтын қамыттан қазақ қана.

Қандастары сорынан бақ табатын,
Күлембайлар қазіргі таққа жақын -
Отаршылдан бетер жеп Отанымды,
Орыстанған діліне мақтанатын.

Наласы мол намыстың зарлап әнін,
Жыр жазбасқа Абайша бар ма амалым?!
Өзге жұрттан ұялып мен де бүгін,
Жұртым деуге арлымын, арланамын.

Не әкеледі алдағы заман күткен?
Тайғақ боп тұр бүрі жоқ табан біткен.
Алысады бұл ғасыр Абайлары,
Ақылды һәм оқыған надандықпен.

Есенбай Дүйсенбайұлы

ЖЫР КӨКТЕМІ

Көгеріп, жасарғандай дала, қыстақ,
Айнала балауса өмір,даналық шақ.
Алатау ұлы Абайға ұқсап отыр,
Қолына көк сиялы қалам ұстап...

Жаңғыртып барша əлемді мəңгілік жыр,
Оятты тəтті ұйқыдан таңды бұлбұл.
Бозторғай "Жаз" өлеңін аспанда оқып,
Айызын тыңдаушының қандырып жүр.

Сахара бір көгілдір нұрға толып,
Ағады арнасында су да толып.
Əйгілі "Айттым сəлем, Қаламқасты",
Барады көкжиекке тырна созып.

Сиқырлы үн боп кіріп құлаққа -Абай,
Жатқандай жылтырайды құраққа май.
Тоты құс түстес алуан көбелектер,
Қонады гүлден-гүлге тұрақтамай.

"Қарға мен өгіз" сырын шымшық оқыр,
Жүрегін əлдекімнің шымшып оқыр.
Жұп аққу "Жазғытұры" жырын жаттап,
Бір байғыз кəрі қыздай сыңсып отыр...

"Мінеки, болыс болдым" дегендейін,
Өңешін созды құзғын өлердейін.
"Көгершін сап-сап, көңілім, сап, көңілім" деп -
Аударды пенделердің өлеңге ойын.

Өлеңсіз - көңіл күйге жарымайды,
Өлеңсіз - өтсе өмірдің бəрі қайғы.
Қараңғы түнде ұлы тау қалғиды,
Тыңдаса "Желсіз түнде жарық айды".

Бұл-дағы Абай - көктем күші деп біл,
Көкек те əупілдейді іші кепкір.
Тойынған қар суына сəуірік- бұлт,
Аспанның ар жағынан кісінеп тұр.

Кеткендей бойдан ызғар, санадан кір,
Емеді Ана-Жерді бала-жаңбыр.
Тұяғын қайта-қайта тасқа соғып,
Тау ішін құлын-бұлақ аралап жүр...

Көкпеңбек туым түстес болды атырап,
Көк түсті қызартам деп болма ақымақ.
Қазаққа əсіре қызыл жаққан емес,
Жарасар ақ терекке - көк жапырақ.

Қонғанда ақ шешекке көк көбелек,
Көрінер көркемдігі көптен ерек.
Қолына көк бөрілі байрақ алса,
Алашың арыстан боп кетсе керек...

Жəркен Бөдешұлы

АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ І Тас болып тұрсың. Өтеміз күнде осы арадан. Өзіңнен басқа таппаймыз мұңдасар адам.

ІІ Абай ағамыз! "Қазағым-ау" деп Сіз бізді көп аямаңыз: Қатыгездікке келгенде қарайып әлі Сабақ алатын жақсыны Сабай аламыз.

Өтірік! Жалған -
аспанның астын кернеген,
бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген:
Қақпанға түссе тірсегін қиып кететін

Бөрінің серті сондықтан дәстүрге енбеген!

Қанағат та жоқ,
Рахымның ізі қалмаған,
Қайырым қылар дегенің - бұзық. Оңбаған.
Патшайым болар дейтіндей періште де жоқ,

Қу аяқ бар ма - қазақтың қызын алмаған!

Адамгершілік айрылды өз бағасынан,
Алдауға келсе інісі озды ағасынан.
Түндіктен түсіп,
Кіндіктен қылмыс жасайтын

Түңіліп жүрміз қазақтың бозбаласынан.

Мұсылман таппай - отырар тізгін басында,
Тұлпарға тоқпақ таққан соң,
Құзғынға - сырға,
Құдайдан медет болмаса, қазағың әлі

Жылап көрісер, ей аға, Сіздің ғасырға!

Жүрсін Ерман

АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ

Бір сенімі бар еді маған да елдің,
"Ұлғайды арман",
Мен-дағы алаң болдым.
Ымыртта ымырт құсап қоңырайып,

Өзімді іздеп шығып ем - саған келдім.

Кетті дейді жыр оңбай... құрсын бәрі,
Сыншылар жүр том жазып, ырсыл қағып...
Жүз мода өзгерді ғой, мың бір заман,
түйе жүн күпі киіп тұрсың ба әлі?

Қара шал-ай, қарашы мойын бұрып:
Жырды алдым шау тарттырып, қойылдырып.
Басқа барар жерім жоқ, саған келем
Қалғанда сөзім жүдеп, ойым құрып.

Таппаған соң өлеңмен жүрек емін,
бір-ақ сілтеп қолымды жүрер едім:
туатұғын сықылды бүгін-ертең
мраморға жазылар бір өлеңім.

Қажып келдім, қасыңа қалғиыншы,
Не қарғыс, не бата айтшы... ал құйылшы.
Сен маған туған жерім сияқтысың,
Аңсағанда келетін шалдың исін...

Жұмекен Нәжімеденов

БАБАЛАР РУХЫ СӨНБЕСІН

Өтсе де жылдар, ғасырлар,
Ұмытылмақ емес асылдар.
Ел үшін кешкен азапты,
Бабалық ойда жасын бар.

Алладан елге тіледі,
Абай боп халық тірегі.
Бүгінгі сыйлас ұрпағы,
Дананың ісін біледі.

Елі үшін болған жан құрбан,
Абайдай дана қалдырған.
Құнекеңдей де алыпты,
Рахмет, халқым, шам қылған!

МƏҢГІЛІК МƏУЕЛЕ

Көк байрағым желбірейді əуеде,
Сенің рухың бізбен бірге кемеде.
Ақыл-ойдың дариясы, жан ата,
Ұрпағыңмен сен де бүгін мəуеле.

Əкесі ғана болмап едің балаңның,
Панасы өзің болып едің адамның.
Туысы сен болмап едің арамның,
Досы өзің болып едің адалдың.

Немерең де, шөберең де көбейді,
Қай ұрпағың сені əке демейді.
Тірлігіңде пана болдың қазаққа,
Əлі күнге аруағың жебейді.

Жүрегімді қос қуаныш тербеген,
Мен қуанам, шаттанамын елменен.
Ұрпағыңмен мың жасаған адамзат,
Шөбересі 80 жасқа мен келем.

Халқың сені мәңгі-бақи ұмытпас,
Асыл сөзің әр көкіректе құлпытас.
Данышпаным, ұлы бабам сөзі деп,
Əр ойыңды, əр жырыңды ұмытпас.

Күлзипа Исраилқызы
Абай шөбересі.

АБАЙМЕН ƏҢГІМЕ

(толғау)

"Кісіге қарап, сөз алма..." деп ең кемеңгер,
Ұға ма оны кеудесі бітеу кереңдер?
Көңілден өшпей, өмірден ерте көшті ғой,
Мағжан сынды, Шəкəрім сырлы тереңдер.

Естісі бітіп, ешкісі нұқып, кіжіндік,
Бұлтартпай бетті, тіл тартпай кетті, өнерлі ер...
Айдың аты да, Күннің сəті де ауысып,
Ұмытқан мүлдем тұлпары тұрған дереңді ел.

Былыққа жарып, ұлыққа жағып, құтырған,
Мұсажан сені тонатса, тосып Мұқырдан
Оның да қортық қолқардай езі қожаңдап,
Өсіп-өнетін ұлыңнан түгел құтылған...

Жаманға жаппай, заманға жауып жаласын,
Кінəлілері торайдай төмен тұқырған...

Айдатып ерді, байлатып елді тұсаған,
Кердеңдей басып, кекіріп жүрсе, ісі арам.
Шақырып келіп, сапырып беріп... аяғы,
Шоқынып өлді, өкініп өлді Мұсажан.

Бақсысы ойнап, басқасы тойлап жатқанмен,
Қарғысың тиіп, оңбады болыс құсадан...

Үйірсе, сойыл... Оразəлідей қас-жауың,
Бекер-ақ болған көрбала көзін ашқаның...
Белінен сынса, күміс кісеннің ілгегі,
Түнеріп түсің, төңкерілген-ау аспаның...

Сілесі қатса, сілемін айтқан заман-ай,
Қылмысын қымтап, сұмпайы, содыр, тазшаның.
Сабатып қырдан, қаматып тынған басыңды,
"Қитығын" қара, сиқырын қара, ақшаның?..

Өзіңді-өзің сілкілеп, алып шықпасаң,
Айдатпақ екен параға беріп, басбағын...
Кереңі соның "керегін" елден қымқырып,
"Өнерлі" атанды, маскасын киіп, басқаның...

Дарынсыздардан, қарымсыздардан қол жиып,
Көрсетпей келген, өнері өте асқанын...
Жауыздықтарға ауыздық қажет, əйтпесе,
Сұңғылалардың сөнуі - тіпті қас -қағым.

Тағдырдың таңдап тырақылықты жазуын...
Мысқылдар едің, көзіңмен көрсең залымын.
Сұмдыққа ғана, ұрлыққа дара құныққан,
Қақса да қоймай, қасқа тісін, азуын...

"Үретін иттің, күлетін" көлгір күшігі,
Он есе пысық тұқымынан тазының...

Түлкіге шаппай, Төкенге "шауып" талтүсте,
Сыбағасын "сыпырып" кеткен жауызың!
Озбырлығы да Оразəлінің өзіндей,
Жемтік көрді ме ашады оқыс ауызын...

Ырғалып келіп, сұрланып қайтса, тойыңнан
Солай да солай... тапқан ғой тағы азығын...

Ойласам, бəрін, көңілге көлдей толар мұң,
Қыстауын даулау - ойыншық екен Қодардың.
Отыз жыл аулап, қарсағындай сонардың,
Ұрынып қалды, қырылып қалды көп арлың.

Көсілген бейіт, кесілген орман кейіпті,
Тұнжырап тұлдыр, түбіріндей томардың,
Құныкер қонақ "Дегелең жақта" деседі,
Орыстың тілін болыстың түрін білуші ең.

Мəнісін айтшы, халысын айтшы солар кім?

Бөжейше оған ас беріп, ат та тұлдамай,
Өліп те жатты... көміп те жатты қулар-ай!
Аштықтың сұмдық сойқанын көрсең баяғы,
Қалшылдар едің қаңтардағы бурадай.

Түндігі жабық, жаназасыз қалған ауыл көп,
Осыны көріп ішіп те кеткен Дударай.
Қашқаны қашып, қалғаны шошып, қайран ел,
Торғайдай тозды-ау, көзінің жасы құрғамай!..

Орыстың тілін, ұлықтың бетін білуші ең,
Қазақта күн жоқ, қонақта үн жоқ, бұл қалай?..

Құн сұрау түгіл, сусырап адам, мал-дағы,
Тұрағұлыңша тура айтатындар қалмады.
"Сұмырай келіп, су құрып...", бəле тудырып...
Құдықтар қурап, өзендер өшті арналы...

Қамығып, қанша күрсінді екен, жарықтық,
Ішіңді өртеп, еліңнің мұрат-арманы?
Деміңнен тіпті көк жайлау күйіп кеткендей,
Далаға шауып, "сен ішкен удың" тармағы,

Кещелер үшін кешірім сұрап келдім сан,
Құнарлы ойдың құдіреті күшті тарланы!

Жалбақтап жүрмей, салмақтап жүрмін барлығын,
Ұйқымды шайдай ашатын еді зарлы үнің...
Сенетінің де, келетінің де болар ма ем,

Туылсам егер, өз ғасырымнан сəл бұрын.
Біреуі болдым "сөзіңді езден" қорғаштап,
Намысқа шабар, қарысса, шабар нəрлінің.
Тарқаса кегің, айқасар едім, ендігі

Ақын жолының кеңейту үшін тарлығын...
Тойыңды құдай қолдады білем, ұлан жаз
Қураған тұсқа күбірлеп, құйып жаңбырын.
Қонысын көктеп, қалпына келді байырғы

Жібітіп жындай Шыңғыстың кепкен тандырын.
Шаңқанбоз үйлер маңдаған аққу тобындай,
Пахидан соны жайнатып тұр ма жан-нұрың?!
Алты алаш түгіл, алты құрлық тамсанып,

Тамашалады жүз жасқа балап, əр күнің,
Аруағың аунап, солқ етті де жұмыр жер,
Қарауылыңнан... ғарышқа төте қарғыдың...
Қаскүнемдердің "мыңымен жалғыз алысса",

Желкелейтінін көзіммен көрдім арлының...
...Кесенең - мынау... кешегің-анау... Дүние,
Мойындап тұрды... ақында кие барлығын!..
Тоқтамыс елі тойтарып, бетке түкірді-ау,

Содырың сонау... сұқтанған шерміш, дəлдірін!..
Ақынды демеп, батырды елеп жатсақ та,
Босадым ойлап... перзенттеріңнің тағдырын...
Елағасына көріскім келді, сондықтан,

Перзенттеріме тұмар ғып, күллі жарлығын!..
Қажытай Ілиясұлы

*** Абай... Сен бе? Ойпырмай, Абай десем, Құшағын құшқан жанның талай да әсем. Ибраһимның иманын саған берсе, Жақсы жолға баста елді қалайда сен.

Өз атыңда аудан да, талай көшем,
Сол жаныңа білмеймін, қалай көшем?!
Бәлкім, Сіздің үмітті ақтамадық,
Бәлкім, біздің жігітте арай бәсең...

Тұрғызылмас "О!" дейтін оңай кешен,
Қарамайды көшеге қарайлысы ең...

Көшем оңды болсашы, Көсем керек,
... Ой-көселер көремін, Абай десем!..

Қайрат Әлімбек

МЕН КЕЛЕ ЖАТЫРМЫН

(Абай ескерткіші алдындағы жыр)

Ардақты баба!
Алғаусыз сырын айтуға келді жас мұнар,
Буырқанған толқын
Жағаға жетіп жығылса ғана бастығар.

Көпшілік сынап
Көрмеген балғын жырым һəм нəзік мұңыммен,
Алдыға бүгін
Бас ұрсам мені кең қолтығыңның астына ал!

Мен талай түндер
Жырыңа сиынып күбірлеп жатып көз ілгем,
Сол сəтте жырда
Жанымды ұйытар шуақтың барын сезінгем.

Түйсінгем сонда
Мендік бақыттың өзіңнен бастау аларын,
Байқағам жəне
Қайғының мендік қалыптасқанын өзіңнен!

Басқалар мені
Бала дер, мүмкін тырнақшаға алып "дана" дер,
Санаңа пана
Болмаған жүрекке мен қайтіп, қалай табам ем?

Қас-қағым ғұмырда
Қасыңнан сенің табылсам ба деп жыр жаздым,
Жазғырма мені
Хабарымды айтып күңіреніп берсе қара жер.

Мен келе жатырмын
Бармағым тістеп, өз қолымды өзім кесе алмай,
Мұңлы ғұмырға

Уақыт пен Адам осынша неге өш, Алла-ай?!
Алдымнан арман
Алауын жақса жетуге соған асықтым,
Жан-баба, саған

Бұйырған бақыт мені сол жерден тосардай.

Тебіреніп тұрып,
(Табиғатына тартқаным болар бесікті?!)
Іздесем шаттық
Алдымнан ылғи ашыла берді есік - мұң.

Өзімнен-өзім
Жерініп қанша жанталасқанмен жалғанда,
Жанымды ұғар
Өзімнен артық жолдастың жоғын кеш ұқтым.

...Сен - Дара едің,
Мен үшін емес, ел үшін болған бөлек ең,
Даралар жайлы
Даналық айтар данышпан кісі мен емен.

Дегенмен мені
Жолдармен даңғыл жеткізетіндей мұратқа,
Жаңа заманның
Жыршысы əлі жазбаған жауһар кəне өлең!

Сол жолдан тайсам
Мендік мұратты сендік ғұмырдың киесі ұрсын,
Айныса серттен
Ақынның - тілі, батырдың - ділі кесілсін!

Мен де бір өртпін
Тұтауы келмей тұншыққан желдің өтінде,
Лап ете қалса
Қашан да жалынға көл болмай барып ұшу - сын.

Аруақты баба!
Армансыз сырын айтсам деп еді жас мұнар,
Жас мұнар
Бəлкім, аққулар айтқан аспани əнге мас шығар.

Бəрібір ешкім
Сынап көрмеген жырыммен немесе мұңыммен,

Алдыңа келіп бас идім!
Мені Сен қанатыңның астына ал!!!

Қалмаханбет Мұқаметқалитегі

ТАҢ АТҚАНША

Таң атқанша, бір қызамын, бір суып,
Түсімде ылғи кезем өзге тіршілік.
Тас мүсінді Ұлы Абайдың басынан,
Тұрды нұрлы шұғылалы Күн шығып.

Көз алдымда көрген күнім сағынып,
Осы шығар, асыл арман, ақ үміт.
Шашыраған сансыз жарық сәулесі,
Көздеріме түсті менің шағылып.

Жүргендеймін қыл көпірдің үстімен,
(Өмір деген - өмір емес, түс, білем).
Көк байрақтан көріп едім өңімде,
Күн көтерген қайсар қыран құсты мен.

Ұмытылмас... болды өзгеше, өмір бұл,
Күн көзіне қарай өсер көңіл гүл.
Түні бойы таңды күтіп сарғайған,
Сағыныштың сәулесіне шомылдым.

Жан-жүрекке жарық түспей басқадан,
Жылу күтіп, болдым неге "тасқа" алаң?
Кейде өмірден түңілгенде, түстегі
Күліп шыққан Абай күнін еске алам.

Таң атқанша сезім кештім, өртендім,
Көкірегім жайып қанат көркем күн?
Дүниеге неге ертерек туды екем,
Мен қызығам бақытына ертеңнің.

Өзі білсін... жорыса да қалай, кім,
Содан бері жүзі болды сан айдың.
"Бағамды" алмай барам "өмір-базардан"
Күліп шыққан Күнін көріп Абайдың.

Өзі білсін, жорыса да қалай, кім?..

Қанипа Бұғыбаева

АБАЙҒА АЙТАРЫМ

Бұл күнге лайық алыпсың!
Ол күнге қалай сыйғансың!
Бір өзің бүкіл халықсың,
Қалдырмай бәрін жиғансың.

Жарылып кете жаздапты-ау,
Жырламай тынсаң жүрегің;
Айтпаған сөзің аз қапты-ау,
Бөлек бір туған кім едің!..

Атаның ұлы емессің,
(Кешіре жатар Кеңгірбай),
Халықтың ұлы боп өстің
"Ибраһим" демей, - деді "Абай".

Абай десе Абайсың,
Абайладың жан-жақты,
Риза еттің жарайсың
"Қалың елің - қазақты".

Сен өлгелі елу жыл, -
Деген сөзге кім нанар?
Жүз тоғызда сен биыл, -
Бір мүшелің тойланар.

Ақын ата ақсақал,
Академик құрметті!
Ұсынамыз, қабыл ал,
Жазушылық билетті.

Өзің бастап ашарсың
Пленумды, съезді;
Құнсыз өлең, нашар сын,

Көпірмелі көп сөзді.

Көрсетуге ұялсын,
Кейбір кесір керауыз;
Бағалансын, сый алсын
Ойлы, күйлі жыр нағыз.

"Заманына ақын сай
Болса..." дерсіз, білемін;
Болмай жатыр, япырмай,
Болсын! - менің тілегім.

Жатыр көп жыр жырланбай,
Шырқар кім бар шындықты?!
Керек боп тұр, шіркін-ай,
Өзіңіздей бір мықты.

Күтуліміз асыға,
Келе жатыр, тым жақын,
Сыншысын ертіп қасына,
Келеді бір мықты ақын.

Сол керемет тудырса -
Ешбір ақын тең келмес,
Біздің кейбір достарша
Сіз болмассыз бақ күндес...

Мынау біздің кеңсеміз,
Анау сіздің көшеңіз.
Таңданарсыз көрсеңіз,
Терезесі неше жүз...

Нұрлы сарай енсеңіз,
Іші толған ән мен күй -
Бұл түс емес, сенсеңіз,
Сізге лайық осы үй.

Төрлетіңіз, келіңіз
Қолмен ұста, көр, тыңда...
Осындай ма еді төріңіз
Шыңғыстағы жұртыңда?..

Сіздін кітаптарыңыз...
Тиражын бір санаңыз.
Тек бұл емес барыңыз;
Мынаңыз бар, анаңыз...

Орысша да қазақша,
Қытайшасы және бар...
(Емес-ау бұл аз ақша,
Сұрай қалса гонорар).

Үйілген жүк сона бір -
Сіз туралы, сіз жайлы...
(Өзгелерін соң оқыр,
Абай алды "Абайды".)

Ал, ақсақал, мен қойдым,
Айтсын енді басқалар;
Қиыры жоқ бұл тойдың
Қызығы енді басталар.

Қасым Аманжолов

ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ НЕМЕСЕ АБАЙҒА ШАҒЫНУ

О, Жер-Ана!
Сен қандай қымбаттысың!
Ақын біткен жан сала жырлапты шын.
Адал жүрек алқаны соғады кеп

Қондырмауға төсіңе "зұлмат құсын".

Ұғып өстім жасымнан дала сырын,
Содан өнген бойдағы бар асылым.
Тірлік біткен тыныстап тербеледі,
Құшағында алып Жер-Анасының.

Сол Ананы сақтауға міндетті жұрт,
Сақтағандай көзінің қарашығын.
Бұл күндері қасиетті Жер-Ананың,
Ақ төсінде тырналған жарасы мың.

Сөйте тұра ел мен ел арасында,

Басылмауда қан-төгіс, талас ұғым.
Болмаған соң солармен жарасымым,
Шығарамын жан даусын, жан ашуын!

Ойға алсам Балқаш пен Аралымды,
Азалаған естимін қаралы үнді.
Тоналғандай бейне бір тал бесігім,
Жөргегімде тербеткен бала күнгі.

Тұзға айналып барады ақ айдыным,
Еркін кешкен түріп ап балағымды.
Қызғышынан айырылды көрікті көл
Аймалаған нұрымен жанарымды...

Ертістегі ойласам Семейімді,
Ащы өксік кептейді көмейімді.
Жарылыстың жаңғырығы қайталайды,
"Өлім" деген үрейлі өгей үнді.

Сәні кетті саф самал сақараның,
Басуда ажал жұртпенен қатар адым.
Татьянаның әнін сап аузымды ашсам -
Шаң-тозаңнан қатерлі қақаламын.

Ақын салған бір кезде ол айтулы ән,
Жаңылдырмақ мынау хал соны айтудан.
Жойқын бомба зардабы улап кетті,
Топырақты қасиетті Абай туған.

Кешіре гөр, о Баба, ұрпағыңды,
Құлатпайды ұрпағың жыр-тағыңды.
Туған жердің намысын қорғаймын деп,
Батыл ұлан шықты әне, бұрқақ үнді.

Өрге өрлеуім - тың дәстүр өлшемі еді,
Ұлдарына ту ұстар ел сенеді.
Ұлы дүбір осынау ұмтылысты
Басыңды бір көтеріп, көрсең еді.

Жиреніп ең ісінен ездің, Көкем,
"Сөзі жылмаң" суайттан бездің, Көкем.
Бүгін менің еңсемді езгілеген
Мына жайды сол кезде-ақ, сездің бе екен?!

Жетпегендей қиянат құрсауы әлі,
Еспесін деп еркін леп, жыр самалы.
Көрмесін деп шындықтың шырағданын,
Көрсоқырлар көзімді тұмшалады.

Қастандықтың қылығы қосталды да
Келді үйіме жалтақтап достар бұға.
Таланттыны тұқырта табанға сап,
Тасжүректер кеудесін тосты алдыма.

Керең қылып бітеді бар құлақты,
Арба жегіп, қор қылды арғымақты.
Шаттығым мен күлкімді тонап алып,
Жазықсызды жазғырып, зар жылатты.

Қара ниет қаптады қара түн боп,
Ақ жүрекке туралап қаратылды оқ.
Кінәсізді көз көре күйдірмекке
Жылмаң қақты тасадан жала тілді от.

Күн шыдамай көруге көзін жұмды,
Алас ұрды болған соң, сезім жынды.
Мәңгілікке қоштасып қимасымен
Жоқтау айтты тұншыға төзім мұңды.

Бұлт астына Ай шошып жасырынды,
Асау толқын жартасқа басын ұрды.
Қиянатшыл қандыкөз қара түнек
Міз бақпастан тонады асылымды.

Жарға құлап кетуге тақау қалып,
Бойға түскен сезіндік ақауды анық.
Шүлдірлеген дүбәра күйге ұшырап,
Тілсіз қала жаздадық сақауланып.

Деді ме әлде: өлмесе кере жесін,
Міндет қылды мәңгүрттік ережесін.
Алды-артымды аңдатпай, адастырды
Тарихымның тарс жауып терезесін.

Мәрттігімді көлгірсіп, мақтан қылды,

Қомағайлар қамба сап, қақпан құрды.
Тер төгілген ырыс пен ризығымды
"Барса келмес" аулына аттандырды.

Мін табасың көрсең де қай қырымнан,
Қайысады қабырғам қайғы-мұңнан.
Жетпіс жылда еңсеміз қалды шөгіп,
Қайыршыдай тоналған байлығынан.

Түк ете алмай түңілдім ізгі үлгімді,
Жапырақтай сарғайдым күзгі күнгі.
Момындығым мойныма қамыт болып,
Ұстап бақты өзгелер тізгінімді.

Көп жайсаңым жеді ғой көр таяғын,
Соны ойласам, кемерден ортаямын.
Ұшқыр ойым омалды кібіртіктеп,
Шідерлеген тұлпардай төрт аяғын.

Көп көрген соң қағажу, қиындықты,
Жайлаған соң кеудесін "құйын күпті".
Қол ұстасып алаңға, желтоқсанда
Бас құраған жастардан жиын шықты.

Нық адамды өзгеше бастамақ кім?
Жанын ұғу жөн-ақ қой жас талаптың.
Қанша ұрпақтың үміті ұшты желге
Ырайына қараумен қас-қабақтың.

Алғаш оны ұқпастан туын жығып,
Булықтырып тастадық, буындырып.
"Есіріктік, сотқарлық - бұларың" деп
Мысын басып тараттық, қуып жүріп.

Жас жүректің шықса да ащы зары,
Тас кереңдер естімей, рас шыдады.
Қатыгездік көрсетті қасақана
Сол кездегі үкімет басшылары.

Солар жапқан жаладан арылдық біз,
Шындық сөздің құлаққа бәрін де ұққыз.
Адалдық деп күрескен азаматқа

Ақиқаттың шөл басар нәрін жұтқыз.

Жанға сәуле төккендей бұрылып таң,
Жүректердің сезімтал сырын ұққан.
Бас ауыртып жүр бүгін жаңа ұрпағың
Шығарам деп жұртымды тығырықтан.

Берік болып іргесі өр қаланған,
Кемерімнен енді мен орталанбан.
Қадірлейді қашан да Ерлерін ел
Жүрегінен халқының жол таба алған.

О, Баба!
Арқаланып елдің жүгін,
Тердің асыл сол үшін жердің гүлін.
Желтоқсанның жаңғырығын жебей көр деп

Шағым айтып алдыңа келдім бүгін!
Марат Ысқақұлы

*** Кінә қойма, мыңмен жалғыз алысқан, Құдіретті үн естіледі алыстан. Сол құдірет - Адамзаттың Абайы, Кемеңгер де данышпан!

Кінә қойма, мыңмен жалғыз алысқан,
Естіледі сол үн -
Жерден,
Ғарыштан!

Өтсе-дағы арадан жүз алпыс жыл,
Сол құдіретті үн ұрпағымен қауышқан.

Көңілді үнге толып бүгін маңайы,
Төгіледі атқан таңдар арайы.
Жалпақ әлем,
Жаттап жүрген жырларын,

Адамзаттың - Абайы.

Көрсетсе де заманасы мың қысым,
Үркітсе де әуелеген түз құсын.
Мақтанышпен тұр ғой қарап әлемге,
Кеуде керіп

Шыңғысың!

Тербеп жатқан атын қазақ даласы,
Кемеңгердің келбетіне қарашы!
Адамзатты жүгіндірген алдында,
Құдіретті,

Құнанбайдың баласы!..

Мәрфуға Айтхожина

ҰЛЫ АБАЙДЫҢ МЕКЕНІ - ПОЭЗИЯ МЕККЕСІ *** Түн кірпігін жапқанда егіз шумақ құраймын, Сезіміммен алысып, күлемін де, жылаймын. Онан әрі нәр тамбай, саусақтарым қарысып, Тоңазыған төсекке таң біліне құлаймын.

Тояттамай көңілім ұйқасымның сиқына,
Сыздатады жүректің шиқанына ши сұға.
Дөңбекшимін көз ілмей, ойлар мүжіп миымды,
Күн шыққанда талықсып кетем тәтті ұйқыға.

Неге екенін таппаймын, таңғажайып түс көрем,
Ертегіге енемін ешқашан да күтпеген.
Саусағым да жазылып, аңсарым да табылып,
Сарқырайды кәусар жыр ақ қағазға түспеген.

Тамшыңнан бір татайын деймін шөлім жүр қанбай,
Тоқтамайды, шаршаймын көшпелі алтын куғандай.
Шыңғыстауға ұқсаттым, биік жартас басында,
Күн нұрына шомылып Абай атам тұрғандай.

Жетейін деп жанына қанаттандым тағы да,
Ащы терім қосылып жүрегімнің қанына.

Жойқын дауыл тұрды да иіріп ап тастады,
Бір найзағай жарқ етіп жолатпады маңына.

Абай атам биікте, мен етекте егілдім,
Жаңбырменен аралас жанардан жас төгілді.
Тағы да аспан күркіреп, тағы да ойнап найзағай,
Қызыл оттың ішінен Қасым ақын көрінді...

Қалдым солай төменде, қалдым солай еленбей,
Майырылып үмітім темір тескен тебендей.
Қасым ақын қабағын көтерді де жымиды,
Біз жете алмай жүргенде саған не бар дегендей.

Аспан кенет ашылды, нөсер ептеп басылды.
Қайта іздедім қарманып Абай менен Қасымды,
Қарауылдың өзені қарны тойып мол суға,
Тамырына қан жүріп астан-кестең тасынды.

Соққылаған жағаны екпініне қарадым,
Ақжал толқын үстінде Тайыр ақын барады.
Жидебайды бетке алып, дүлдүл ақын Ілияс,
Құлагердей зымырап, көз ілеспей ағады.

Алда талай күн өтер, алда талай жыл өтер,
Таланттыға табынып, талай ұрпақ жыр етер.
Ұлы Абайдың мекені - поэзия Меккесі,
Мұқағали, Жұмекен бәрі осында жүр екен.

Қарады да жасыма, жалт бұрылды шошына,
Кетіп қалған ертерек ана өлкеге асыға,
Бұрылған ем сол жаққа сәлем бермек ниетпен,
Кеңшілік пен Жұматай кел демеді қасына.

Көрсеткен соң қарсылық, мен де қалдым тартынып,
Көтеріліп ыстығым кеудемде дем таусылып.
Сәске түсте ояндым, күн күйдіріп денемді,
Жатыр екем төсекте қара терге малшынып.

Мұратбек Оспанұлы

АБАЙҒА

Ақын біткеннің шоқтығы,
Алдаспан ойдың оттығы.
Аяздай батты арқама,
Алмағайып күндерде,

Абайларымның жоқтығы.

Берекемді Алла берерде,
Тамырым менің тереңде.
Ырыс-құтым бар құйылған,
Зереден қалған зереңде.

Толғауы тоқсан тілім бар,
Тоғжанға біткен бұрымдар.
Ұл тапқан ана Ұлжаннан,
Ұлылығымды ұғыңдар.

Шет жерден шебер алдырған,
Құрбандығын шалдырған.
Құдайдың үйі - мешітті,
Құнанбай қажы салдырған.

Пайғамбар тектес Абайда,
Айтатын сөзім талайға.
Қазақтың тілі, ендеше,
Абайдың тілі, абайла!

Назгүл Каримова

ЖҮРЕГІМДЕ БІР АБАЙ

* * *
Айтарымда өз мұңым, жазарымда өз мұңым,
Көз алдымда көлбеңдеп, сұрағы көп кезді күн.
Қуантады бір ойлар, Жаратқанға жақын ғып,

Үрей сыйлап кейбірі, тақап ажал кездігін.

Айтарымда өз мұңым, жазарымда өз мұңым,

Жұртқа жайдым сырымды, жырларыммен, сезді кім?!
Ақ параққа ақтарам көз жасымды сия ғып,
Намысымның өрлігін, көңілімнің ездігін.

Айтарымда өз мұңым, жазарымда өз мұңым,
Халық дейтін даналық сала ма деп көз қырын.
Жылағандар жұбанып, жасығандар жігер ап,
Тапса дедім өлеңнен өз тағдырын, өз күнін.

Айтарымда өз мұңым, жазарымда өз мұңым,
Көңілімнен көшірем табиғаттың мезгілін.
Көктем сынды құлпырам, жаз боп күлем жадырап,
Қыс та менде, күздемін, жырларымда мазмұным.

Айтарымда өз мұңым, жазарымда өз мұңым,
Дүниені шолады көңілдегі көз-күнім.
Тірлік кешіп жырыммен, тура жүріп, ақ сөйлеп,
Достар таптым қаншама, жоғалттым да ез бірін.

Айтарымда өз мұңым, жазарымда өз мұңым,
Өн бойымда өрілер, артықшылық өз мінім.
Қорқыныш бар аздаған, алмасам деп түсіріп,
Абайдан соң қалам ап, періште өлең, сөз құнын...

* * *
Оңашада ой тұлпарын терлеттім,
Құбылысын құшағыма ап, жер көктің.
Адалдықтың көтеремін ақ туын,

Қараулықтың қазанында... мен жоқпын.

Тіршілікте су кешемін, тас басам,
Қиындықтан қашқан жоқпын ешқашан.
Өр кеудемді бастырмадым, баспадым,
Жаратқанның сүйген құлы... достасам.

Ізгіліктің ізіндемін, қосыла,
Қарамадым мансабына, жасына.
Тар жерлерде жалт бермедім... жүректе үн,
"Қасқырдағы қас қылмайды досына"

Арамдыққа, аярлыққа күйінем,
Торларына түссем дағы жиі мен.
Тартып жүріп азабын да тозағын,

Биіктемін... иілгенге иілем.

Дүбір толы дүниеде дамыл жоқ,
Бірде суып, бірде өртенем жалын боп.
Дана Абайдай мұң сіміріп, у ішіп,
Бар адамды құшқым келер, бауыр деп.

* * *
Қайта-қайта Абайға бас ұратын боп алдым,
Отырам да оңаша, ойларына қамалдым.
Баз кешкелі жүргенде, қара түнек құрсаулап,

Сырластым да биіктеп, туған айдай жаңардым.

Табысқалы Абаймен, көңілімде жүр өрлеп,
Пенделікті тұқырттым, өзімді-өзім жүгендеп.
Итке балап кей дұшпан, кесек атса сыртымнан,
Өкінбедім өзі де, шошқалығын білер деп.

Сергелдеңге түссем де, жан сырымды ел ұқпай,
Тәңіріме тәубә еттім, тірлік кештім торықпай.
Адастым да жол үсті, төмендедім, өрледім,
Бағыт-бағдар сілтеді, Абай-Темірқазықтай.

Сүйдім-күйдім, өртендім ләззәтынан шөл бастым,
Талай-талай арудың көңіліндегі көзді аштым.
Тілсіз тілмен құштым да көзбен көрдім, түйсіндім,
Жалғыздықтан жалығып бір сұлумен қолдастым.

Жеткізсем деп ұл-қызды, "жапырағымды көктетем",
Мазалайды осы ойлар асқақ арман жоқ бөтен.
"Бес асыл іс, бес дұшпан" аманатым, оларды,
Армансызбын айтса жұрт, "намысты, адал, текті екен".

Бес күн тірлік жалғанда, жарлы емеспін, арлымын,
Жүрегімнен өткізем дүниенің зар, мұңын.
Дін, діліне бөлместен, түріне де тіліне,
Құшсам деймін бауыр деп адамзаттың барлығын.

Өмір заңы жек көрер, маған біреу ұнамай,
Сан асудан өттім де, сүрінсем де құламай.
Тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай,
Аман сақтап келеді жүрегімде бір Абай.

* * *
Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған,
Ойларынан таң көрем арайлаған.
Тереңінен терсем деп маржан сөздің,

Көз жіберіп, таңырқап, тағы ойланам.

Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған,
Жақын тартып сұрардай "қалай балам?!".
"Бас-басына би болған өңкей қиқым",
Қазірде сол "өлермен" бар айналам.

Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған,
Арамызда сан ғасыр, талай заман.
Қайырымсыз қарынбай толып жатыр,
Бірін-бірі аяусыз тонайды адам.

Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған,
"Қазағым" деп қайғы ойлап, қарайлаған.
Шекесімен көз тастап, шікірейіп,
Құл ғып жұмсар бауырын, талай надан.

Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған,
Көргендеймін заманды шарайнадан.
Ой да бақпай, мал бақпай, егін екпей,
Базарда жүр көп қазақ "сор" айдаған.

Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған,
Түсінбегем талай жыл, қалай жаман.
Марқұмдардың бәрі адал, бәрі дана,
Тірлігінде сөз - семсер қадайды оған.

Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған,
Адам - қонақ, ауысар талай заман.
Жылап туып, болмасқа алданатын,
Кейіп өлер халіне қарай ма адам.

Қарай ма адам... Жөн еді абайлаған,
Мазаласа сан сұрақ, "қалай болам?!".
Оянса ғой ұйқыдан, өзін танып,
Абайдайын мәңгілік Ар-айнадан.

Таңдар атып тамаша, арайлана,
Қазынасын ақтарған талай дана.
Толғандырып, Тәңірдей табынтқаны,
Ұлылардың ұлысы - Абай ғана.

Көз түрткісіз қапаста бар айнала,
Сансырасаң жол таппай сан ойлана.
Нұрын сеуіп жаныңның түнегіне,
Бағыт-бағдар сілтейтін -Абай ғана.

Тірлігіңде жағылар талай жала,
Жүрекке әжім түседі, солай жара.
Жалғыз қалып жабырқап жүргеніңде,
Жаратқан мен сенерің - Абай ғана.

Жалбаң қаққан салтанат сарайда ана,
Сыртқа теуіп, шалқайып қарайды аға.
Бас-басына би болған бар тобырдан,
Табан тірер тілекшің -Абай ғана.

Түсірмеуге кір сызық Ар-айнаға,
Тура жүріп жақпассың талайға да.
Өз-өзіңнен күресіп өтер ғұмыр,
Мыңмен жалғыз алысқан -Абай ғана.

Темірқазық - Алашқа, шарайна да,
Аспандайды Рухың солай дара.
Әркім өзін санайды данышпанға,
Абай ғана!

...Басқаға қарайлама...

ЖҮРЕГІҢДЕ ЖҮРУ КЕРЕК ҰЛЫ АБАЙ

Тіршілікте жүру үшін құламай,
Жүрегіңде жүру керек ұлы Абай.
Көңіліңе түсірмеуге көлеңке,
Ойларынан тояттау жөн тұмадай.

Көрінгенге бас имеуге "құдадай",
Жүрегіңде жүру керек ұлы Абай.
Бес асыл іс - Темірқазық жол сілтер,
Бес дұшпаннан сырт бересің, сұрамай.

Заманада алағай да бұлағай,
Жүрегіңде жүру керек ұлы Абай.
Тар-тағдырда таңылсаң да, қапаста,
Адасқанда көзіңді ашар шырадай.

Жақыныңа жат көрінсең, ұнамай,
Жүрегіңде жүру керек ұлы Абай.
Ашындырмас, "өңкей қиқым би болған",
Табындырмас таққа мінгіш "дүр ағай".

Баз кешетін сәттерде көп, Құдай-ай,
Жүрегіңде жүру керек ұлы Абай.
Қанат бітер көңіліңе қайтадан,
Көз алдыңда шуақ шашар нұр, арай.

Өмір деген шетсіз-шексіз тұман-ой,
Адаспай да, жүрсек дейміз құламай.
Кір шалдырмай өту үшін Жалғаннан,
Жүрегіңде жүру керек ұлы Абай.

Жүрегімде бір Абай
Қайта-қайта Абайға бас ұратын боп алдым,
Отырам да оңаша, ойларына қамалдым.
Баз кешкелі жүргенде, қара түнек құрсаулап,

Сырластым да биіктеп, туған айдай жаңардым.

Табысқалы Абаймен, көңілімде жүр өрлеп,
Пенделікті тұқырттым, өзімді-өзім жүгендеп.
Итке балап кей дұшпан, кесек атса сыртымнан,
Өкінбедім өзі де, шошқалығын білер деп.

Сергелдеңге түссем де, жан сырымды ел ұқпай,
Тәңіріме тәубә еттім, тірлік кештім торықпай.
Адастым да жол үсті, төмендедім, өрледім,
Бағыт-бағдар сілтеді, Абай-Темірқазықтай.

Сүйдім-күйдім, өртендім ләззәтынан шөл бастым,
Талай-талай арудың көңіліндегі көзді аштым.
Тілсіз тілмен құштым да көзбен көрдім, түйсіндім,
Жалғыздықтан жалығып бір сұлумен қолдастым.

Жеткізсем деп ұл-қызды, "жапырағымды көктетем",
Мазалайды осы ойлар асқақ арман жоқ бөтен.
"Бес асыл іс, бес дұшпан" аманатым, оларды,
Армансызбын айтса жұрт, "намысты, адал, текті екен".

Бес күн тірлік жалғанда, жарлы емеспін, арлымын,
Жүрегімнен өткізем дүниенің зар, мұңын.
Дін, діліне бөлместен, түріне де тіліне,
Құшсам деймін бауыр деп адамзаттың барлығын.

Өмір заңы жек көрер, маған біреу ұнамай,
Сан асудан өттім де, сүрінсем де құламай.
Тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай,
Аман сақтап келеді жүрегімде бір Абай.

* * *
Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған,
Ойларынан таң көрем арайлаған.
Тереңінен терсем деп маржан сөздің,

Көз жіберіп, таңырқап, тағы ойланам.

Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған,
Жақын тартып сұрардай "қалай балам?!".
"Бас-басына би болған өңкей қиқым",
Қазірде сол "өлермен" бар айналам.

Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған,
Арамызда сан ғасыр, талай заман.
Қайырымсыз қарынбай толып жатыр,
Бірін-бірі аяусыз тонайды адам.

Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған,
"Қазағым" деп қайғы ойлап, қарайлаған.
Шекесімен көз тастап, шікірейіп,
Құл ғып жұмсар бауырын, талай надан.

Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған,
Көргендеймін заманды шарайнадан.
Ой да бақпай, мал бақпай, егін екпей,
Базарда жүр көп қазақ "сор" айдаған.

Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған,

Түсінбегем талай жыл, қалай жаман.
Марқұмдардың бәрі адал, бәрі дана,
Тірлігінде сөз-семсер қадайды оған.

Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған,
Адам-қонақ, ауысар талай заман.
Жылап туып, болмасқа алданатын,
Кейіп өлер халіне қарай ма адам.

Қарай ма адам... Жөн еді абайлаған,
Мазаласа сан сұрақ, "қалай болам?!".
Оянса ғой ұйқыдан, өзін танып,
Абайдайын мәңгілік Ар-айнадан.

* * *
"Қолымды мезгілінен кеш сермедім..."
Абай.

Тауға да ұрып басымды, тасқа да ұрып,
Жетелеген алысқа бастап Үміт.
Емен жарқын күлгемін, кей сәттерде,
Жабырқағам, жанарды жас та буып.

Күйгем-сүйгем, сырт бергем, үміттенгем,
Армандағам, адасқам, күдіктенгем.
Жығылғам да, сүрінгем, қайта тұрып,
Аспандағам, көрініп биік төрден.

Тірліктегі түгендеп жыртығымды,
Далбасалап өткізгем күн-түнімді.
Қу дүние көз бояп, көгіме кеп,
Өкініштің көшпейтін бұлты ілінді.

Көк жиекте көрінді көзіме анық,
Кырандаймын құлайтын өзі барып.
Шара бар ма, мен түгіл даналарда,
Өте шыққан, өлмейтін сөзі қалып.

Ал өзімде не бар деп тірек болар,
Оңаша да мұң - тұман, сұрақ қамар.
Тапқан пұл мен баққан мал қайыр болмас,
Келмес жаққа жөңкиді күн-апталар.

Алпыс екі тамырға маза бермей,
Жортады мұң қанымда жазагердей.
Өкпелімін желге ұшқан жылдарыма,
Кеш сермедім құлашты жаза бермей.

Қалған ғұмыр ұзақ па, шамалы ма,
Жұтылғанша ажалдың аранына.
Сия етіп қанымды қаламыма,
Сөзімді айтып қалайын заманыма.

КҮн төбеден ауғанда
Тас төбемнен күн еңкейіп барады,
Өзегім-өрт, жалын шарпып сананы.
Бармағымды шайнаймын құр, шарасыз,

Қақпан қапқан көк бөрідей жаралы.

Аптап ыстық, бар айналам тымырсық,
Ізсіз-тоссыз дөңгеленер күн- ұршық.
Күлген болам, жүрген болам паң басып,
Ар жағымда жаралы арлан ыңырсып.

Күн төбеден барады ауып іңірге,
Сезем-білем түнге айналар түбінде.
Тағдыр-тұзақ тастай батып мойныма,
Елеңдейді көк бөрі-үміт дүбірге.

Көрермін де маңдайымның жазуын,
Адастырмас арман-Темірқазығым.
Күн ауған соң қиял-арлан шау тартып,
Қияндардан іздемейді азығын.

Қараша кеп бозбастандым, күз ауып,
Көнергендей көрінеді жүз арып.
Күн бесінге құлады да, басылдым,
Көлеңкемде бара жатыр ұзарып.

Дүние есігін ашқан едім түріп мен,
(Есік-төрдей өмір-жалған жуық па ең?!)
Күн төбеден ауған соң ба, шегіндім,
Кейінгіге қарай берем үмітпен.

АБАЙ

Ұстазы көркем сөздің асыл Абай,
Білімді, зейінді асқан, ақын Абай,
Зейіні артық ұшқыр жаннан асқан
Озатша астанадан затың, Абай.

Сіңірген байтақ елге еңбегіңмен
Шашылды жер жүзіне атың, Абай!

Асқар тау, биік шыңсың қол жетпеген,
Білікпен зейініне сөз жетпеген.
Бұтағың көк тіреген сен бәйтерек
Мәуеңе қараса жұрт көз жетпеген.

Зейінің артық асқан, көңілің кеңіс,
Ақылың, ақындығың бәрі тегіс.
Үлгіңнен, Абай ақын, нұсқау көріп
Ақындар күннен-күнге тапты өріс.

Үлгің деп сенің берген, ақын Абай,
Заманда рахатты жедік жеміс.
Аузыңнан шыққан сөзің гауһар-маржан,
Жырыңның бас-аяғы бірдей тегіс.

Абайдың өзі өлсе де, сөзі өлген жоқ,
Абайға ешбір ақын теңелген жоқ.
Мәңгілік бүгінгідей сенің жырың,
Ескіріп айтқан үлгің көнерген жоқ.

Халыққа үлгі берген сенен өзге
Ақында сіз сияқты шебер де жоқ.

Көңіл салып оқыңыз Абай жырын,
Аузынан шыққан жыры шекер-шырын.
Үлгілі айтқан жыры ақын Абай,
Халыққа үлгі берген бізден бұрын.

Мақпалдай қалы кілем секілденіп
Тыңдатқан астанаға жырдан түрін.
Халықтың қамы үшін жырлап өткен

Сайратып шын шежіре шешен тілін.
Ақтарып көңілінен асыл сөзді
Заманның болжап өткен ақыр түбін.
Өзінің терең ой мен ақылынан

Ер Абай болжап кеткен ойдың түбін.
Бұрынғы өткен қулар елемеді,
Советім, халқым білді жырдың бұлын!

Нұрпейіс Байғанин

АБАЙҒА АРНАУЛАР

Абаймен сырласу

Азайған жоқ сіз алысқан әлгі мың,
Айырмасы бәрінде алуан бар білім.
Бізбен бірге сіз де алысып келесіз,
Өлді деуге сізді, сірә, нанды кім?!

Алса да ел боп өз қолына өз еркін,
Түзелмегендерге енді не дерсің?!
Су басынан тұнып, сенім тумаса,
Жалаң ерлік жарлы жұртқа не берсін?!

Жарымадық алғалы бір дербестік,
Нарық тонай бере ме ылғи елді өстіп?!
Бағытымыз әлі күңгірт баратын,
Идеясыз дербестік те бермес түк.

Қашан, қайтіп оңалады бұл халық?
Қай қылығын сиымды деп ұғалық?
Өз қандасын сығалатып есіктен,
Келімсекті алды төрге шығарып.

"Бөтен сөзбен сөз былғанбақ" түгілі,
Бөтен сөздің биік боп тұр тұғыры.
Бұрынғысын аңсайтындай болды ел,
Табысынан жүз есе асып шығыны.

"Сөз түзелді, сен де түзел" деп едің,
Ұқпайтын көп түзу сөздің керегін.

Өлең - өзің патша етіп сайлаған,
Төрі түгіл сыртында әлі кеменің.

"Тыныш ұйықтат, бақ сөзіме" деп едің,
Бір тыныштық бермей әлі келемін.
Өңкей нөлді жедел жөнге салатын,
Қазақ әлі таппады-ау бір кемелін.

Ауылдардан естіледі азалы үн,
Ашынғаннан өзіңше өлең жазамын.
Дербестіктің кетіруде қадірін,
"Қалың елің, қайран жұртың, қазағың".

Дара дарын

Енші болып Абайға ерек мол дарын,
Қайда барсаң қамтып кеткен ол бәрін.
Тілге жеңіл, жылы тиген жүрекке,
Кімдер жатқа айтпайды өлең жолдарын.

"Қаламқастан" авторы бар тарайды ән,
Аударма да басталады Абайдан.
"Ғақылия" қарасөздің қайнары,
Той тарқамас Абай соққан сарайдан.

Болса деді өмірдің әр сәті ізгі,
Халық құптап, одан үміт жат үзді.
Әулиеден артық көріп пір тұтты,
Фердаусиды, Низамиды, Хафизді.

Кемеңгердің болмайды деп бөтені,
Таныстырған Лермонтовты, Гетені.
Әр заманға айтары бар сарқылмас,
Айтыңдаршы, Абайға кім жетеді.

Ұлттық сарай

Көркейді сәнді қала,
Көрдің бе үйді еңселі?

Басына сомбреро,
Секілді киген сері.

Осы алтын босағадан
"Арманға" қол жетеді.
Зуылдап осы арадан
"Ауылға" жол жетеді.

Бұл әсем ұлттық сарай,
Ие боп есесіне.
Осы үйден шығып Абай
Қарап тұр көшесіне.

Үйлесім

Қосты Абай ән мен күй көшін
Дастан, сөз, өлең, сықаққа.
Тұр тауып бәрі үйлесім,
Бір ағаштағы ұқсап бұтаққа.

Әндерін айға тыңдаттық,
Жырымен болды жер егіз.
Қалдырған жоқпыз жұмбақ қып,
Қапысыз шешіп келеміз.

Жазғанын түгел қолданып,
Мүсінін қойдық гүлге орап.
Тарихын елдің толғанып,
Болашаққа Абай тұр қарап.

Бар демес бүгін жат аулым,
Жартасқа ғана жеткен үн.
Энциклопедия атаулың,
Абаймен ашты беттерін.

Ұлттық мақтаныш

Абай жырын ата-анамнан естідім,
Қонақтың да айтары Абай кешқұрым.
Мектеп бардым, ұстаздардан тыңдадым
Қалт жібермей ешбірін.

Абай әні - анам айтқан бесік жыр,
Татьяна жайлауға елмен көшіп жүр.
Абай жырын сурет, философия,
Физика да десіп жүр.

Абай болды шығысым да, батысым,
Тырнақ алды көркем сөзге қатысым.
"Жігіт сөзі" - болды жастық туымыз,
Мөлдір махаббат үшін.

Абай - дара портретім үйге ілген,
Абай томы бас боп кітап жидым мен.
Абай тұңғыш эпопеям, қазақты
Күллі әлемге сүйдірген.

Абай мәңгі хан бйр түспес тақтан еш,
Қазақ даңқын таратқан әр жаққа алыс.
Рухани энциклопедиям,
Абай - ұлттық мақтаныш!

Ақындардың патшасы - Абай пірім

Өлеңмен бірге Абайды танығанмын,
Абайдан әрқашан да тәлім алдым.
Іші алтын, сырты да алтын өлеңіне,
Бірімін уызында жарығанның.

Бар Абай аян берген талай түнім,
Шықпайды қолдаса Абай қалайша үнім.
Болғанда өлең - сөздің патшасы,
Патшасы ақындардың - Абай пірім.

Абайдың өзі берген шабыт маған,
Абайдан мұра еткем алып қалам.
Бос мақтау, жамау жырдан сақтандырып,
Шеберлік шыңына өзі бағыттаған.

Ақын ба Абай десе ағылмаған,
Тасқындап жыр ма ағынан жарылмаған.
Ұйқасты, сезімді, ойлы сөзді қайтем,
Абайға арналғанда табылмаған.

Ақыл кені

Абай десек атына ауыз толады,
Асыл сөзі көңілімізге қонады.
Тұлғасына сүйсініп көз тастаймыз,
Алтын күнге қарағандай жоғары.

Биік көктен барлап тұрған даланы,
Асқар таулар Абайды еске салады.
Шың сайында сүйірленіп жатқан қар,
Бейне Абайдың ақ қауырсын қаламы.

Әр ақынға болу арман Абайдай,
Абайды оқы жүргің келсе қараймай.
Арман болса қазір жұлдыз атану,
Абай болып аспаныңнан қарайды ай.

Абай жаңа қайта оқысаң қанша рет,
Көркем сөзі көрген жоқ бір әлсіреп.
Абайды оқып жадыраған жан қанша,
Жатқандар да аз емес-ау қамшы жеп.

Әр жолы бір таптырмайтын тақырып,
Әр сөзі тұр кеңесуге шақырып.
Ақыл кені алдыңда Абай тұрғанда,
Ұстаз іздеп қайтесің бас қатырып.

Тәтті сөзі тамсандырған талайды,
Самғап әлі сан ғасырды санайды.
Абайы бар ақындары қазақтың,
Әлемді сан таңдантуға жарайды.

Оразақын Асқар

МҰҢ ШАҒАМЫН АБАЙҒА *** Алысқа, өскен елге көз қадаған, Абайдан ұлағатты сөз тараған. Ой салып көкірегінде көзі барға

Жері жоқ жан жүректі қозғамаған.

Дей алман одан ғибрат алмаған бар,
Зерделеп ой тезіне салмаған бар.
Зиялы қоғамбыз деп күпсінеміз,
Үзігін ғадауаттың жалғағандар.

Абайдың кейіпкерлері әлі тірі,
Келмей ме жағымпаздың жаны сірі.
Сырт бейне, киім киіс, тұрмыс өзге,
Қалпында ішкі залым сырдың түрі.

Пысықтар кеше Абай еткен мансұқ,
Жортып жүр танаулап іс тындырғансып.
Кейбір паң машинаға азар сыйып,
Іркілдеп бара жатады нәнсіп, нарсып.

Қоғамда тыйылмады ұры-қары,
Адамдық тарылыдан терді тары.
Қалғанды түнде сорлап, күндіз жарлап,
Айтады шыдамасты адам ары.

Саудаға негізделген зор кәсіп бар,
Оларды жүргізеді көзі ашықтар.
Ісі ол ерінбеген, екі асардың,
Бүгінгі "қымбат өнер" тез машықтар.

Адамдар айнығанда адалдықтан,
Зұлымдық өрбитінін надан да ұққан.
Бар зауал феодализм қалдығы еді,
Бүгінгі ағайынға қалай жұққан!

Қоғамдық сырларға біз қанықпыз ғой,
Деуші едік дерт жұқпайтын алыппыз ғой.
Заманның құбылмалы құйынында,
Баяғы "жартас" күйде қалыппыз ғой.

МҰҢ ШАҒАМЫН АБАЙҒА

Ұлы баба, мен Сізге мұң шағамын,
Өлең сөздің сындырдық мұнша сағын.
Сөз патшасы Сіз қойған түсерменде

Қайтсін ақша патша боп бұзса тағын.

Жыр тыңдауға құлықты бұрын зерек
Дейтін болды бүгін жыр кімге керек?
Құлақ біткен нарық деп жар сап жүріп,
Сыңғырынан доллардың тұнса керек.

Кеше ағалар көтерген қара шаңырақ,
Қалт-құлт етіп әзірге тұр қаңырап.
Жазушылар үйі еді бүгін жалгер
Үйі болып күңірентіп тұр аруақ.

Жауапкерлер жауаптан қашып кетті,
Қай мұқитты білмейміз асып кетті.
Жазушылар - бүгінгі азушылар
Деген гәптер еңсені басып кетті.

Кеңесу жоқ сөз етіп халімізді,
Біреу бағып жатқандай малымызды.
Өтпелі шақ бір өтер мұңайма деп,
Жұбатамыз біріміз бірімізді.

Қаламгерлер үйі еді әп-әдемі,
Әлі күнге бітпей-ақ қойды әлегі.
Бұлғалақ іс, бұлдыр сөз бұлақша аққан,
Жазушылар үшін жоқ еш көмегі.

Ұлы баба, осындай сыңай болды,
Саудагерлер ұйысып, құдай болды.
Ел тағдырын шешкен сөз ер тағдырын
Босағада көз сүзген құмай болды.

Өнер алды болған сол сөз үрдісі,
Бас жармаса, тас жарар болған күші.
Жаңғағымен нарықтың жараса алмай
Тұр сынарман сырқырап азу тісі.

Тұрсынхан Әбдірахманқызы

АБАЙҒА МІНӘЖАТ

Сіз өскен Түзде Тәңірдің иісі бұрқырап,
Киені көрген, көздері көркем жылқылар!..
Өмірдің сыры Өзіңіздей Жанға сол кезде,
Оқылған шығар бес Күндік Жалған сыртынан?

Сіз сүйген Ел-Жұрт байраққа, ерге, жараққа
Әнінен - алтын, күйінен - күміс жалатқан!..
Күнтекті Қыдыр құрдасы болған сол Қазақ,
Құдайдың өзін шақырған екен қонаққа!..

Сіз құшқан Ару аңыздан перде ұстанып,
Ұйықтатпай қойған әлемнің небір мыстанын!..
Сіз ашқан тылсым Өлеңнің әппақ Әлемі,
Пенделік жасыл қиялдан алыс!

Тысқары!..

Сіз шеккен Қайғы заманның басын даң қылып!..
Ғасырға ғасыр тасумен жатыр жаңғырық.
Сіз айтқан Өсиет...
Оны біз барша өнерге,

Хан сайлап қойдық мәңгілік!

Арман-ай, арман!..
Біздердей мына құлдағы
Құлпырса-дағы тұрмыстың қызыл сырмағы,
Өзіңіздей болып, жұпарын сөздің бората,

Аңқыған Еспен отыру қайда-а-а нұр бағып!..

Өттіңіз, әттең жаяулап мына бес күннен...
Өлеңнің күні кешкірген.
Сіз кеткен жолдың басында балбал тұр бүгін,
Аузынан аспан естілген!..

Тыныштықбек Әбдікәкімов

ЖИДЕБАЙДА

Абай ата, келмеймін күнде саған,
Саған шашпай мұңымды кімге шағам?
Көресіні түгелдей көріп болмай
Күтіп тұрған көрге де кірмес адам.

Жерден сырлас таппадым сөз ұғарға,
Көкте жүрген көзелдің көзі бар ма?
Тіршіліктен түңілген тамам бала
Өзін асып жатыр ғой өзі дарға!

Ақзу тілім ақ сор боп шұбарланып,
Қыжылымды айтпадым құмар қанып,
Гəкку əнім гөй-гөйге көп ұласты,
Сұңқылдаған аққудай сыңар қалып.

Туған жерді тозаққа айналдырып,
Амалсыздан аһ ұрам айлам құрып.
Жайылымсыз өңірім қайырымсыз
Өрісімді алыппын ойран қылып.

Жау жықпаған қазақты арақ жығып,
Қайта басты даламды қараңғылық.
"Қартта - мейір, балада - пейіл қалмай"
Əлекедей жалаңдар арам қылық.

Намыс емес көбіміз табыс қуып,
Өгей өстік өрліктен алыс туып.
Тəуіп еткен таспұтым телкек қылды,
Өзімді əкеп өзіммен шағыстырып.

Ала жіптен аттамай ас батпады,
Бүйрек пенен жүректі тас қаптады.
Жылан жылтып жүрген соң қойнымызға
Жанымыздан жылу да қашқақтады.

Ертоқымның сынған соң айылбасы
Ұмытылды ұлы əннің қайырмасы.
Сүтте қаймақ қалмайды, қыз да -оймақ,
Су мен удың жоғалды айырмасы.

Жидебайда жарылса талай атом,
Жырлап жүрген біз соны - Сарай ақын.

Ұрпағыңа "Тоқтат!" деп тоқтам айтшы,
Бар еді ғой аруақты Абай атың!!.

Ұлықбек Есдəулетов

ҒАСЫР ӨТТІ

Ғасыр өтті ұлылық көз жұмғалы.
Көрге бірге көмілді өз жұмбағы.
Солғындады сорлы тіл содан бері
Томаша жұрт томсарып, тозғындады.

Сөздің мəні сөгілді бой-бой болып,
Ытқып ақты қып-қызыл көздің қаны.
Ғасыр өтті ұлылық көз жұмғалы!

Ғасыр өтті ғажайып нұр көшкелі,
Дүмпіп өтті дүлейдің дүрмектері.
Білместері көбейіп біздің жұрттың,
Танауынан қара қан дірдектеді.

Кірлетпеді кім сонда аппақ арын,
Арманына кім жетіп, кім жетпеді?!
Ғасыр өтті ғажайып нұр көшкелі!

Ғасыр бұрын ұлы Абай баз кешкенде,
Өлеңінен қазақтың саз кеткенде,
Əздектерге ілесіп əн менен жыр,
Қара саннан қара өлең қан кешкенде,

Қайыспаған қайда екен қайран ерлер
Қарсы шапқан атойлап наркескенге?!
Ғасыр бұрын ұлы Абай баз кешкенде!

О, қазақ- ай! Не деген өлермен ең,
Тепсе дағы доп қылып көнермеген!
Кезермеген ерінің Кербалада,
Жүріп өтіп жүз жылды төбеңменен.

Өнерменен бір туған егіз едің,
Несиесі ешқашан төленбеген.
Сайрап тұрған санаңда бүгін таңда
Сіңбес болып барады өлең деген...

Ғасыр өтті ұлы Абай көз жұмғалы,
Ойы жоқ-ау айналып келем деген...
Әбубәкір Қайран

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙