Қазақ шежіресі
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақ шежіресі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
Біздің бұл қазақта тасқа таңба басқандай анық шежіре жоқ. «Оқуға сенген ұмытшақ» деп оқуды керек қылмаған. «Жазуға сенген жаңылшақ» деп жазуды керек қылмаған. Оқу мен жазудың жоқтығынан жазылған шежіре болмаған. Естігенін ұмытпайтұғын құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуыменен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздаң ауыз алып айтумен үлгі-өсиет қалдырған. Біздің қазақта шежірені басқа жұрттан ақтарып, таптырып алған кім екендігін сөйлейік! Қазақ қазақ болғанда бұл қазақта хажыға ілкі бастап барған уақ Нүркен бай. Тоқал қатынымен барып, төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда қайтып, аман-есен еліне-жұртына келген. Сол Нүркеннен соң екінші хажыға барушы күлік Самай сопы мен Баянаула дуан болып, ашылған кезде, ноғай Байжан хазірет екеуі болған, екеуі де сол жақта өлген. Солардың кеткен жылы қой жылы еді. Мың сегіз жүз елу сегізінші жыл болса керек. Осы сөзді жазып отырған Мәшһүр Жүсіп дәл сол жылы туған бала. Осы күнде жетпіс жаста отыр. Бұл қазақтан үшінші хажыға барушылар тобықты Құнанбай, айдабол Қишыл Қыстаубай, Ақмоладан, Ақ-құм-Қосқопадан Шекшек хажы, Атбасардан Егізек, Жанайдар. Есіл бойындағы құлан қыпшақтан Шонтыбай, Батырқожа молда балалары, Сілеті бойындағы қыпшақтан Құрман баласы Қасен кажы, Мәмбет тоқадан Ұзынсазан ұрпағы Мұхамет Салық хажы. Өр Алтайынан Алдажұман немересі Ешмұхамет хажы. Ертіс бойындағы Апайбөріден Құдияр хажы, Көкшетаулық атығайдан Қожахмет хажы. Егізек Жанайдармен бірге барған Сұлтанқожа хажы, Қишыл Қыстаубаймен бірге барған Жәмекқожа, Байзолда ишан, бұларды қалдырмай жазып жатканым, тірі қайтып келгендерінің бір сыпырасымен ауызба-ауыз сөйлесіп, мән-жайына әбден анық болғандығымды түсіндіру үшін. Орта жүзден жиырма кісі болыпты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі болыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет, Досжан халфе бар дейді. Қазақ мұнан бұрын бүйтіп бас қосып хажыға бармаған екен. Жүз жиырма кісі болып, арасын айырмай, тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері де көзге түсерлік әр таптың қасқа-жайсаңы болғандықтан көргендер таңырқарлық болыпты. Қазақ байғұстың салпиған тұмағының құлағын, сүйретілген тонының етегін, аңқиғаи аузын көрген соң, көрген қызығып, сұқтана бастайды ғой. Ноғай өкілі мен сарт өкілі таласыпты. Ноғай өкілі бұлар маскүптік, мен де маскүп кісісімін деп. Сарт дәлелі бұлар Бұқар тіл, мен де Бұкар тіл кісісімін деп. Меке бастығын шәріп, Медине бастығын шайхы дейді екен. Екі Шәріптің шәріптері, шайхылары бас қосып, алдарына алдырып сұрапты:
- Сіздер маскүпсіздер ме, жоқ Бұқар тілсіздер ме деп. Сонда хажы басы Құнанбай екен, ол кісі сөйлепті:
Біз маскүп-саскүбіңді білмейміз, Бұқар тіл, сұқар тіліңді де білмейміз. Тіріміздің билігі «алдияр» ұранды төреде, өліміздің билігі «алла» ұранды қожада. Қазақ деген жұрт болады екен-ау деп аң-таң қалысыпты. Тарих ақтарып, шежіре қаратыпты, таба алмапты. Бір буырыл бас сөйлепті: Бұл тарих табылса Бағдат шәріпте Имам ағзам кітапханасы деген үй бар. Жау таламаған, ешқайда шашылып бытырамаған, табылса сонан табылады деген соң Бағдат шәріпке желмая мінгізіп, кісі жіберіпті. Бұлар өз ортасынан кіші жүз Досжан халфені жіберіпті. Барған кісілер: Табылды, казақ деген жұрт Анас сахабадаи өсіп-өніп өрбіген екен деп, нұска көшіріп алып келіпті. Сонан кейін бұл жүз жиырма кісі ортасынан расход шығарып: «қазақ тақиясы» деген тақия салдырып, ол үйді Құнанбай атына жаздырып, мұнан былай қазақтан келген хажы осында түсетұғын болсын деп, қазақтың өзінен ие болып бір шайхы тұратын болсын деп. Сонан былай қазақ та ел-жұрт екендігі, фұсырман екендігі әйгіленген. Бұлардың хажыға барған жылы, баяғы жұт қояннан бұрын, қаракиік жылы еді. Қишыл хажы хажыға кеткенде қатыны буаз қалып, ұл тауып, атын Мекебай қойған. Сол - Мекебай тірі, елу үш жасқа аяк басты. Баянаула, Қызылтау жып-жылтыр мұз болып, жылкы біткен Тінике, Шолак, Сілетіге кетіп, қара мал семіз, күйлі шығып, мал мен мұзды атанды деп, сол қыс жа-йында екінің бірі, егіздің сыңары біліп, сөйлеп отырушы еді. Бұл күнде алай-түлей, ұйқы-тұйқы аласапыран болып, бүтін естінің өзі де қалған жоқ. Жарым естілер шала-шарпы білгенінен айрылып қалды. Құнанбай хажының хажыға барған жылы 1874-інші жыл. Өзінің өлгені 1888-інші жыл. 81 жасында, тауық жылы өлді. Бұл Мекедегі «тақия» әуел Құнанбай атына жазылған, арғын атында болғандықтан Орманшыдан барған Хасен шайх даулап алған. Онан кейін тоқал арғыннан барған Ешмұхамед даулап алған. Бұл күнде кіші жүз Досжан халфе атына жазылып қалыпты. Қазақ көсемі Мәліктің әкесінің аты Нәзір екен. Ерте заманда бұрынғы ата-бабаларымыз:
- Біз Ақкөсе сахабадан екенбіз деп жүрді. Біреуден біреу естіп, айтулары бойынша пайғамбар дүниеден қайтқаннан кейін әзіреті Омар халфе күнінде жетпіс мың сахаба аттандырған екен. Алатау, Қаратауда «Мыстанкөз» деген кәпірдің жұрты бар. Соларды фұсырман қылмай қайтпаңдар деп, содан бытырап, бөлек-бөлек кетіп, төрт мың төрт жүз қырық төрт жыл жасаған Анақбар атанған сахаба Бұқараға жиырма төрт шақырым жерде шәйіт болыпты. Қайсысын тауысып сөйлейін, Ақкөсе, Имам, Бабыр, Құттықожа, Аққояндар Қаратауда шәйіт болып, молалары Қаратауда бұл күнге шейін әлі жоғалмаған. Имам Бабыр Қарнақта, Ақкөсе Қарнаққа жақын бір сайда. Бұл күндегілер Домбы Ата деседі. Кәпірлер басын кескенде кесілген бас домалап Меке, Мединеге қашады. Көп ұзамай бір тесікке түсіп кетеді. Сол тесіктен су тасып шығып, кәпірлерді сел қаптап, су ағызып набыт қылады.
Сол бастың түсіп кеткен жері бұл күнге шейін тесік, зират қыла барғандар беліне арқан байлап кісі түсіреді. Сол түскен кісінің айтып шығуы қып-қызыл қиятас дейді. Су күннің батысына қарай ағып жүре берген. Жаға-лап жүре берсе, кісі жүре берерлік құрғақ жол дейді. Жарық сәуле жоқ, шаммен жүрмесе жүре ала-тұғын емес дейді. Жоғарғы жағының биіктігі кісі бойы дейді. Мұз болып қатқан сүңгі бар дейді. Қолмен біреуін алса, түбімен қопарылып қолға келеді дейді. Қойнына салып жер үстіне алып шығады, тас болып қатып қалады. Біреуден естіген сөз емес, көзбен көріп, қолмен ұстап айткан сөз. Бұрынғы заманда бір диуана сол суға таяғын тастапты. Сол таяғын іздеп Мекеге барыпты, барса таяғы сондағы жандардың қолында жүр дейді. Зәмзәм шәріптен алдық десіпті. Қырым жұртынікімін, осы Ақкөсе ұрпағымен деп Ғабдолмұхамет деген бір семіз әпенде үстіне күмбез тұрғызды. Бұл жарты денесі дейді, жарты денесі суда қалған, ұят жерін жұрт көзінен жасыру үшін дейді. Өзіміз нандық, нанған үшін жазып отырмыз, аяқ жағы суағар, судын жолы, бұрынғы ата-бабаларымыз:
- Мынау Ақкөсе сахаба бабаңның моласы деген соң, бабамыз деп, біз соның рүм-бұтағымыз деп кеткені сол екен. Қазақ түбі Анастан екен деп, тобықты Құнанбай, кіші жүз Нұрпейіс хазірет айтып келген солар.
Біздің айтатұғынымыз естіген құлақтың жазығы жоқ. Басқа жұрттан шығып, тарих жазушылар қайдан шығып, қайда барып ұшырасарыңды білмейді. Анас пен Мәлік хазіреттері арап. Қазақ өзін араптан шығарып, туғызып, пайғамбарға туысқан, бауыр болғысы келеді дейді. Мына мен, Мәшһүр Жүсіп Қөпей баласы осы сөзді жазып отырмын! Бақсыдай бал ашып, түлкідей түс көріп, жаурын жағып, құмалақ салып айтып отырғаным жоқ. Нұсқалардан көрумен, кәрі құлақтап есітумен өз білгенімді шамам келгенше қорытып, шындап, тыңдап айтып отырмын. Бұл қазақ деген кеше мен бүгін қойылған ат емес, заман-заманнан айтылып келе жатқан ат. Арап тілінде «ұғызақ» деп жазылған, шағатай түркісінде «хазағ» деп жазылған, өзіміздің жуан тілде «қазақ» деп жазылған. Әуел басы Нұх пайғамбардан тарап бөлінгенде Жаппас деген баласынан түрік, онан түтік, онан қой, онан киік, онан еділше, онан алтыншы, онан мағол татардың мағолынаи Қара хан, онан Уыз хан! Осы Уыз ханнан өрбіп, өнген нәсілден тарадық. Киіз үй сол Уыз ханның жасатқан үйі. Киіз туырлықты қазақ, уыз үйлі атанғандығы сондықтан. Ол Уыз хан балаларына Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теніз деп ат қойған. Қазақ күні бұл күнге шейін сол аттардыц ізіменен келеді. Айдың басында туғанының Айбас, таң ата туса Таңатар, күн шыға туса Күншығар, түн ортасында туса Түнқатар, көлде туса Көлбай, тауда туса Таубай, жайлауда туса Жайлаубай, қыстауда туса Қыстаубай, Күзекте туса Күзек Уыз ханнан қалған өрнек-үлгі. Түріктен тоғыз атаға шейін хандығым үзілмей келді деп, киіт те тоғыз... кұн да тоғыз, осы тоғыз-тоғыздан бөлетұғын жол-жоба сол Уыз ханнан қалған.
Бейіштің қақ төрінен тимесе де, Орын-морын тимей ме босағадан, - деп баяғы Шәкір-Шәкірттегі кемпір-шал айтқандай. Бізге Күн, Ай, Жұлдызды қимаса да Көк, Тау, Теңізді көпсіне ме?! Қазақтың бетімен жанылған қойдай емін-еркін, өз тізгіні өзінде жүрген күндерінде қатын керек болса, ноғайлықтардың қызын еріксіз, сұраусыз алып кете бергендіктен ноғай халқы қазақты бұ күнгеше жек көріп кеткені сол, қалмақ ежелден атасының «асындай» болған.
ОРТА ЖҮЗ ТАРИХЫ
Жанарыстың екі қатыны болыпты. Бірде-бірінің бұшпағы қанамай, бізге күн көру қайда, жас иісті баланы-ай деп, зарығып, қамығып жүрген күндерінде ойламаған жерден алты қожа кез келіп, қона қалыпты:
Ой, құдай-ай!
Берді ғой бала беретұғын,
Әулиелер келді ғой.
Сыйынбасам маған серт,
Қолдамасаң саған серт, .
Сарт болсаң садағам кет,-
деп алтауына алты қой сойыпты. Кір-қоңдарыңды жудыр, аттарыңды тыңықтыр. Осы қойлардың етін жеп тауыспай жібермеймін деп. Сонда қожалар мұның шын құлап, ықылас қылған пейліне риза болып, осы алтауымыз да атымызды бердік, алты ұлға ата боласың деп баталарын беріпті. Аттары Қарақожа, Аққожа, Ақтам-бердіқожа, Дарақожа, Есімқұлқожа, Қосымқожа! Сонан соң қатындары буаз бола бастап, бәйбішеден төртеу, тоқалдан екеу туыпты. Алтауына алты қожанын атын қойыпты. Бәйбішеден туған төрт бала: - Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа. Қарақожадан арғын, Аққожадан найман, Ақтамберді қожадан қыпшак, Дарақожадан қоңырат, тоқалдан туған Есімқұлқожа, Қасымқожанын біреуінен - керей, біреуінен - уақ. Естіген құлақтың жазығы жоқ, арғын апасы қыз күнінде оң жақта отырып, бір төремен айқасып қалып, еркек бала тауып, бұл қалай деушіге дәнеме дей алмай, шашын тарай берген екен. Сонан баланың аты Тарақты қойылып, төре жоқта тарақты төре болуға жарайды деген де сөз бар. Ит жаманы барақты, ел жаманы тарақты деген де сөз бар. Қыздан туғанның қиығы жоқ деп арғын балаларына тарақты ноқта ағасы болған, - деседі. Орта жүз тарақтымен қосылып жеті арыс ел аталған. Арғынның бәйбішесінің аты Аргүл бәйбіше. Мұнан Қотан, Ботан деген екі ұл туған. Ботан қыршын жасында өліп қалып, нәсіл-тұқым қалмаған, Қотаннан Мейрам-сопы жалғыз:
Сұрасаң арғы атамды ер Қотанды,
Сұлтанбек Әзіден ол бата алды.
Мейрамұлы Қарашаш бір кыз туып,
Қуандык, Сүйіндік боп сонда атанды.
Уак Жарқын би Көтіш ақыннан сұраған екен: «Бұл ақындық ата-бабаңызда бар ма еді, нағашы тегінізде бар ма еді» деп. Сонда Көтеш ақын айтыпты:
Қазақта арғын аға болған зерек,
Басқадан ол кісінің жөні бөлек.
Біздердің түп атамыз ақын Қотан,
Өзгеден өлеңге үстін болса керек.
Осындай сөздерден біздің Қотан деген бабаларымыз болғанын білеміз. Бұқарекең айтыпты деген бір сөз бар:
Бәрімізді сұрасаң,
Қотанбайдың баласы, .
Арғындардың сабасы.
Қарақожа бас болып,
Қабыл да болған дуасы.
Арғын тоқалының аты Момын. Бұл Момыннан Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Арықсопы, Нәдірсопы. Ақсопыдан толыбай ұранды Қанжығалы, маябоз ұранды тобықты. Қарасопыдан қарақай ұранды қарауыл, барлыбай ұранды бәсентиін! Сарысопыдан ошбай ұранды атығай, он екі атаның ұлы Дәуіт, Арықсопы, Нәдірсопыдан ұрымбұтақ - жұрағат жоқ. Арғын бабамыз жүз алты жасында бір тоқал алған, аты Айнакөз. Онан туған баланың атын Танбыссопы қойған. Танбыссопыдан Үсенбай, Елемес, Елеместен Ериман, бұл Ериманнан Шағыр, Бөлтірік. Шағырдан Ақай, Жолдыбай, Тағышы, Аманжол, Сомжүрек! Аманжолдан Көшей, Көшейден Шақшақ батыр, Шақшақұлы Қошқар, Қошқарұлы Жәнібек батыр, Әз Жәнібек аталған, мойны бұрылмайтын, беті қайтпайтұғын жан болыпты. Әз Жәнібектен Дәуітбай, мұнан туған Мұса батыр, мұнан кейінгілері Бірімжан, Қазыбек, Бірімжаннан Қорғанбек, Дәуренбек, Қорғанбектен Ғазымбек. Шағыр Бөлтіріктің Бөлтірігінен Сырлыбай, Сары. Елемеспен туысқан Үсенбайдан Қарамерген, мұнан Байтажы (ауыл тілінде әңгіме болған Байтажының есепшісі-ай деген осы Байтажы екен). Ақташы, бұғышы, байташы, тағышы, шаржетім, шақ-шақ десе білмейтұғын жан жоқ. Қараман, төлек, қырық-мылтық дегендер де бар. Тоқал арғын деп сөйленеді. Орынбор жақта алты болыстан асатұғын шығар. Біздікі ұзынқұлақтан естіген сөз, кем-кетік, қалған-құтқанын Майқы би аталған, Аққажақ пен Нақақ аталған інілеріміз түгелдер деп сенеміз. Біздей алжыған шал атанған ағаларын өсірмесе өшірмес, далада жүріп тебісетұғын кері кеткеннің саяғы емес едік. Тоқал арғыннан екі Жәнібек шыққан, бірі Шақшақ Жәнібек, бірі қара балуан Жәнібек.
МЕЙРАМ ТАРАУЫ
Мейрам сопының қайны алшын Құдысбай екен. Қалыңдығының аты Нұрфая екен. Өзін қыс ішінде ұзатыпты. Нұрфаяның өз шешесі өліп қалған екен. Бикешке шешесінің жоқтығын білдірмеймін деп Нұрфаяның ағасының қатыны -жеңгесі еріпті. Түйенің басын жетектеуге бір жетім ертіпті. Көш ілгері кетіп, күйеу жігіт артта қалып, көштің ізімен келе жатса, көштегі үш әйел түзге отырыпты. Жолшыбай түзге отырған кім деп қараса, біреуінің зәрі тонды бір қарыс айырып жіберген екен. Түнде қойнында жатқанда қалыңдығы Нұрфаядан сұраса, ол Қарқабат еді дейді. Ол отыра қалып күріл-деткенде қасындағы өзіміз де шошып қаламыз, ат та тас-талқан болып үркеді депті. Елге келіп орныққан сон, екі елдің арасы жау болып, қайынсіңлісін ертіп келген қатын еліне қайта алмай қалыпты. Сонан соң Нұрфая «ағамның төсі тиген жеңгем еді басқаға қимаймын, өзің ал» деп Мейрамның өзіне алғызыпты, «Мына күңді де өзің ал, жатыры асыл өсіп-өнейін деп тұр. Бір жұрттан келген үш ұрғашы өлсек те, тірілсек те бір жерде болайық» деп, оны да алғызыпты. Нұрфаяның өзінен Қуандық, Сүйіндік туады. Жеңгесінен Бегендік, Шегендік туады. Күңнен Болатқожа туады. Күңнің аты Қаркабат екен. Өмірінде Мейрам бабамыздың етіне суық су, табанының астына сыз тигізген жоқ екен. Отын тергенде қу көдені кәп қылып қоса алып келіп, табанының астына төсейді екен. Құманды түнде қойнына алып жатады екен. Суға түскен сайын Мейрам:
- Ой, көсегең көгерсін, - деп алғысты көп айтады екен. Бұрынғыныңалғыс түбі ақ май, қарғыс түбі қара; қан дейтіні сондайды көргендіктен айтқан. Қуандық марқа туыпты, Сүйіндік ұмытыңқырап кетіп, екі арасы тым алыс, кенже боп туыпты. Қуандықтың алты баласы ат арқасына мініп, соңына еріп, жасаққа жарағанда Сүйіндіктің отауы сонда түсіпті, қатыны ұлы жүз - үйсін Өгіз бидің қызы екен дейді. Сонда бұл кызды да жеңгесі ертіп келіп, еліне қайта алмай қалған екен.
Мейрам сопы ертерек өліп қалып, Нұрфая бәйбіше көп заман бес берекенің біріне қосылған бәйбіше болып, халқына ұйтқы, кұт бәйбіше атанған екен. Қара мал еншісі бөлек, басқа екен де, жылқы үлеске түспеген екен. Сонда Қуандық жылқыны үлеске салып, енші бөлуге келгенде өзім бір сыбаға, алты балам алты сыбаға, қара шаңырақта қалғандарына бір сыбаға депті. Сүйіндік Болатқожаны оңаша шығарып алып:
- Мына Қуандық алты баласын арқа тұтып, маған көптік күшін көрсетеді. Сен маған жақтасып, жасаққа шығуға жайың бар ма? Сен маған болыссаң, менің өліспей мал бергім келмейді, -дейді. Болатқожа:
- Жарайды, мен саған болысайын, мына жеңгеңді маған қи, сонан соң,
оның баласы алтау болмақ түгілі, Жақып пайғамбардың балаларындай он екі болса да маған қоя бер, - дейді.. Сүйіндік жеңгесін Болатқожаға тигізбекші болды. Қуандыққа кісі салды:
Тұрысатын жерін айтсын, - деп.
Ертең ертемен Қуандық та шықты. Болатқожа аттан түсе қалып, жерден жеті шым ойып тастады да атқа мініп алып, Қуандықтың алты баласын алты шыммен ұрып жықты да, бір шымды алып Қуандыққа жетіп барды:
- Жасы үлкен аға едің, саған қол сермемеймін, - деп, жерге тастай беріпті. Қуандықтың үрейі ұшып, түсі қашып, қорқып тұр екен.. «Мына қолыңдағы шыммен періп қалса, мені жайратады ғой» деп қуарып кетті дейді. «Қой асығы деме, қолыңа жақса сақа ғой» - деп еді. «Біз саған тоқтадық, еншіні өзің бөліп бере ғой» - депті. Болатқожа:
- Маған тоқтасаң, ана жайылып-жатқан жылқының бір жағын өзің таңдап ала ғой. Мен қақ ортасынан жүремін, менің соңымнан өзгең жүріңдер, - дегенде Қуандық:
Мен ана жағын алдым, - дейді. Болатқожа қақ ортасынан жүрді,- алған жағы Қуандықтікі, қалған жағы Сүйіндіктікі, - дейді. Сонда Сүйіндік Болатқожаға өкпелепті: «Мен әдейі сені «Аттай қалап, атандай таңдап» алып шыққанымда, бұл не қылғаның, көп жағын оған аудара байлап кеттің» деп. Сонда Болатқожа айтыпты: Сүйек-саяқ сықылды шашылып жатқан жағын ол алды да, ұйытқан қатықтай ұйып жатқан жағы сенде қалды. Бір-ақ айғырдың үйірі артық шығар, ондық ағалығы жоқ па депті. Санаса келе, Болатқожаның айтқаны болып тұрыпты. Болатқожаның қаракесек атанған жері сол... Сүйіндіктен қолқалап алған қатынынан Шұбыртпалы, ІІІекті туады. Алшын Зортұмақтың асына ат апарып қосып, оның бәйгесіне келген күңнен Қамбар туады. Бір шабыншылықта өз өнерін асырып алған олжа баласы Жалықбас болады. Қыздай алған қатынынан Ақша, Түйте, Түйтеден Майқы, Танас. Майқыдан Әйтіке, Танастан Тымырсық, Бөтей. Бұл Бөтейден Қарашор, Ақшадан Бошан.
БОШАН
Жанту, Таз, Байбөрі, Манат, Машай, Жантудан Тоқтуыл. Таздан Наманай, Бұлбұл, Бұлбұлдың екі қатыны болған. Бірінің аты Қаракемпір, бірінің аты Құбакемпір. Құбакемпірден Көшек, Алдияр, Құдайберді, Үсен, Шаншар. Шаншардың үш қатыны болған. Қыздан Бике, Айбике, Нұрбике. Машайдан Бәйімбет, Бораншы, Бәйімбеттен Қояныш, Таған, Дәулет, Керей. Манаттан Ыдықбай, мұнан Қоянкөз, Торым, Бораншыдан Қарсұн, Керней, Қаракесек болған соң, өсіп-өнуге келгенде бұған ешкім таласпайды. Өзгені қоя тұрайық, өзімізге келейік, Қуандық.
СҮЙІНДІК
Нұрфая бәйбіше Сүйіндікті, Бегендік, Шегендікті, Олжагелді деген асыранды бір бала - төртеуіне өз қолынан қатын алып беріп, енші беріп, сол төртеуін төртуыл атаған. Бегендігі - қозған, Шегендігі - қақсал, Олжагелдісі - қаржас. Туысы басқа-басқа болса да төртуыл дегенде төртеуі қосыла кетеді. Бегендік қыршын жас күнінде өліп, қатыны онан бір бала тауып, Оразгелді аталған. Бегендік өлген соң, ол қатынды Сүйіндік алып, Сүйіндік алған соң, бір ұл туып, мұның атын Суғыншы қойған. Оразгелді, Суғыншы Сүйіндіктің баласы есепті болып, Оразгелдіге қатын алып беріп, енші берген. Оразгелдіден екі бала - Тәңірберді, Сәрік. Суғыншыдан екі бала Шоманақ, Мәжік. Тәңірбердіден үш бала - Ораз, Малқар, Жолым. Сәріктен екі бала - Қожамберді, Тоқтас. Қожамбердіден - Байназар, Есназар, Қозыбақ. Тоқтас екі қатын алған, бәйбішесінен Есіл бойындағы Қарақозған, тоқалының аты Сарықыз, онан туғандар Сарықозған атанады. Қозған деген кісі аты жоқ, қозғала берген соң, шіркін қоза береді ғой деп Қозған аталған. Қақсал деген де кісі аты жоқ, қақсай берген соң Қақсал атанған. Қуандық, Сүйіндік енші алысқанда қарабауыр қыльш аламыз деп таласып, асық қаржысып алғандықтан Олжагелді қаржас атанған. Баяғы Бегендіктен Оразгелдіні, Сүйіндіктен Суғыншыны тапқан қатын Сүйіндік өлген соң, байға тиіп кетіп, Қуандықта тимеш деген елде Оразды тапкан. Бала күнімізде қариялар аңыз қылып айтып отырушы еді, бір қатын бес елді өсірген екен деп. Сүйіндіктен Суғыншы, онан Шоманақ, Мәжік дедік. Суғыншьшың қатынының аты Жолбике. Бұл Жолбикеден Жанболды, Құлболды, Жолболды туады. Шоманақ өлгенде Жолболды емшекте қалған бала. Жолбикені Қаржас алып, Жолболды анасының кұшағында кетіп, оған қатынды Қаржас алып беріп, енші беріп, мал-жанданып, жан-жанданып, үйлі-баранды болғаннан кейін бауырларын тапқан. Құлболды балаларынан зорлық көре бастаса, бірі боз қаска сойып, бірі көк қасқа сойып, Қаржас пен Орманшы біріге бастайды. Ол бұрынғы өсіп-өнбеген күнде болған жұмыс. Бұл күнде өсіп-өніп көбейген соң, ешкімді керек қылмайды. Бірақ ұрандасқанда «Жолбике, Жолбике» дескенде бірігіп кетеді. Шоманақпен бір туысқан Мәжіктен Малай, Жәдігер, Малайдан — Қатке, Дәулет, Жәнібек, Тыныбек. Жәдігерден -Бәйтік, Шақай, Сары. Бұл Малай Жәдігер ұрпағы. Өзге төртуылға қарағанда аз, аз болғандықтан күні бүгінге шейін төртуыл атында. Құлболдымен туысқан Жанболды өспегендіктен күні бұл күнге шейін Жанболды атымен аталады. Бұрынғы ақындардың өлеңі:
Мәжікпен бір туысқан ер Шоманақ,
Қойыпты Құлболдыны құдай қалап.
Құлболдының бәйбішесінің аты Мақпал. Мақпал бәйбішенің тұңғышы Күлік, ортаншысы Тұлпар, кенжесі Айдабол. Айдабол он үшінде Айдабол би атанған екен. Ол заманда арғын Сырдәрияның күнбатысында жүреді екен. Арғын дәриядан өтіп, Қаратау жайлайды деген сөз естіле бастаған соң, қарақалпақ... арғын бұл жаққа келсе, таң атырып, күн шығармайды. Өткелден өткізбейміз деп, өткел аузын алып тұра қалды дейді. Сыр суында аяқтап өтетұғын өткел болмайды. Сонда Мақпал бәйбішенің астында тор жорға аты бар екен нар жетелеп судан өтерде қара шұбар манат белдемшесінің етегін жинап алды да, іркілместен аты да үйректей қайқаңдап, жүк-мүгімен нарлары да шегініп тұрып қалмай, байпаңдап өте шықты дейді. Өткізбейміз деп тұрғандар ләм-лим дей алмады. Пай, Пай бәйбішенің бөксесіне болайын,- десіпті. Сонда Мақпал бәйбіше:
- Күлсең күлерсің, күлерсің
Күндердіц күнінде көбің,
Езуің жия алмай жүрерсің.
Бұл қай бөксе,
Айдабол шыққан бөксе,
Артың болса Айдаболдай ұл тап, -
деп жүре берген екен.
КҮЛІК, КҮЛІК, ЖҮРГЕН ЖЕРІҢ БҮЛІК,
АТАНҒАН КҮЛІККЕ КЕЛЕЙІК
Күлік - қырғызша жүйрік делінген сөз.
Қыс шілдеде
Жілік жүгіреді.
Жаз шілдеде
Күлік жүгіреді.
Өзінен жүйрік туа беретұғын ел. Екі қатыны болған. Бәйбішесінен Тілеуімбет, Наурыз, Дәулет, тоқалдан Өтепберді, Данияр, Сексен, Өтепбердіден - Ақыл, Қошқар, Өтепбердіні жан білмейді. Ақыл, Сексен атанған. Ақылдан - Бейбіт, Жапалақ, Деріпсәлі, Мырзагелді, Айбас, Ақылдың қалмақтан алған қатынының аты - Сұлым. Онан туған Қойгелді, Жылгелді. Ақыл өз қара шацырағына Бейбітті ие қылып, кенжесі Айбасты Сұлымның қолына кіргізіп, соның шаңырағына ие қылған. Ақылдың қалмақ қатынынан туган Қойгелді Самыраттың асында өз тұсында үш жүзден балуандыгын асырған, Бұқара балуаны атанған қоңыраулы балуанды жығып, бәйге алып кеткен. Самырат Бұқарды билеген Данияр биден туған Мінайдар ханның баласы. Қойгелді балуан жалғыз барып, қалмақтан бір еркек бала алып қашып келіп, атқа отырысы дулығадай болган соң, атын Дұлыға қойып, асырап алып, бала қылған. Осы күнде Қызылтауда «Дулығатас» деген тас бар. Сол Дулығадан рұмбұтақ - жұрағат бар. Дулыға балалары - Тоқанай, Тоқай, Тоқанайдан - Өтебай молда, Тоқайдан Оразайлар. Бәйбішеден Күнтай, Тақашбай, Тақашбайдан Қуанбай жалғыз. Тақашбай ел тауға қонып жатқанда өлген екен, сол күнде Қуанда үш жүз қой бар екен. Бір жүзін сойып әкесіне ас беріпті. Қалған екі жүз қойдың бір жүзі егіз тауып, Қуанның өз көзі тіршілігінде он екі мың қой тұяғы болғанын көріпті делінген сөз бар. Қуан балалары - Ордабай, Дандабай, Молдабай, Ноғай. Молдабай қотанынан бес мың тұяқ өрген күнін осы қалам ұстап отырған өз көзімен көрген кісі. Дандабайдан Торғауыт, Аймауыт бәйбіше қатын балалары. Тоқалынан Оспан, Бәйділда, Әбдірахман. Аймауыттан Жүсіпбек, Жүсіпбектен Бектұр, Жанақ.
ТІЛЕУІМБЕТ, НАУРЫЗ
Күліктің бәйбішесінен Тілеуімбет, Наурыз. Тілеуімбет тұңғышы екен. Он алты ұлды Тілеуімбет атаныпты. Үй тентек, айран көз, белдеу ұстап, безерлік қылуға мығым екен. Арғында Тілеуімбет, Алшында Жолымбет деп аттары шығыпты. Батырлықпен, билікпен, құнды-пұлдылықпен емес, қисық-қыңырлықпен аты шығыпты-ау деп ойлаймын. Өзі жұтап, жұттан қашып шұбырып келе жатқан қазақтың көшіне жол-жөнекей қалмақ оқтай ұшырап, алты баласымен Наурыз қашып құтылып, он алты бала ат арқасында соңынан шұбырып жүрген соң, Тілеуімбет қашпай соғысып, қалып, басы отағасының өзі болып, бықбырт тауыпты. Орманшы Бәпке Тайлақтың бала батыр атанған күні екен. Жау ортасында жаралы жатқандардың үшеуін алып қашып құткарыпты. Қүліктің сексен жасында туған тоқалының баласы Сексен, сары атты Сексен атанған. Жүкті түйені жүгімен ала қашып құтқарыпты. Ол түйеде екі бала бар екен. Бірінің аты Бесім, бірінің аты Қойтан. Сол - түйенің үстінде жан сақтап қалған. Бесімнің ұрпағының өсіп-өнген жаннан туған ұрым-бұтақ, жұрағаты осы шежірені жазып отырған. Бесімнің бәйбішесінің аты Бөктік. Қыпшақ Қатықолақ мергеннің қызы екен. Бөктік бәйбішеден туған үш бала -Жанжігіт, Ақжігіт, Қармыс. Ақжігіттен Құлмағамбет, Сырмағамбет, Досмағамбет, Ермағамбет, Сыр-мағамбеттен - Санжасар, Мыңжасар, Жүзжасар, Көпжасар, Мағырып. Көпжасар қораш, уақтау туғандығынан Көпей атанып кеткен де, сол Көпейден туған Мәшһүр Жүсіп жетпіс жасында жазып отыр осы нұсқаны.
НАУРЫЗДАН АЛТАУ
Шобалай, Шобай, Ақай, Төкей, Ерсімбек, Мәмек. Ерсімбек өспеген, Шобалайдан Жәңке батыр, Өміртай. Мұның ұрпағын Қожаберген деседі. Жәңке батыр жүз төрт жасқа жетіп өлген, он төрт ұлга ата болған. Бала-ларының бәрі де өсіп-өнген. Абылай хан заманында болған билердің кақ маңдайы болған. Жалай мен Жәңке батыр да үш табылды дейтұғын Жәңке батыр осы. Байдың бәйбішесінен Аққожа, Таңсыққожа, Қосақ, Жанак. Жәңке батырдан кейін Жанақ би болған. Өз тұсында Жанақ деп ешкім атын атай алмайды екен. «Жәке, Жәке» деседі екен. Бұл кісі «аттым» десе, мал да, жан да мұрттай ұшады екен: Қаһарлы Жанақ доғал оқ Жанақ атаныпты. Өзі біреуге ренжісе:
- Әй, жаным, ақшолаққа оқ салдырайын демесең, тыныш жүр, - дейді екен. Тоқсан бес жасында, ел жайлауға көшіп бара жатқанда Сілетінің ар жақ, бер жақ қабағында Сарытөбе деген жерге қойылыпты. Әруақ, мұра, қор деген бар ғой. Елу алты жасымда осы Баянауладан сүрінбей-жалыкпай басына барып, ақ шолағын, доғал оғын алып қайтқан жан осыны жазып отырған.
Жәңке батырдың бәйбішесінен туған төрт ұлдың бірі - Қосақ. Бұл Қосақтан Торсықбай туып, ең алғаш орысқа бағынып, дуан аузы ашылғанда Шоң би аға сұлтан, дуанбасы сайланғаида Торсықбай болып сайланып, ескі законда он жеті жыл болыс болған. Түкірігі түйме алтын, қақырығы құйма алтын, аузынан шыққан лебізі жерде қалмаған қасиетті, үлгілі өсиетті жан болған. Жәңке батырдың қалмақ қатынынан Татан, Шөкей, Құлмырза, Тікей, Қабыл бес ағайынды. Бұлардың ұрпағын күні бүгінге дейін бес қара дейді. Үшінші қатынынан Босмойын, Биікбас, төртінші қатынынан Алдияр, Байбарақ, Қожам, Сент. Осы он төрт ұл иттің күшігіндей өскен-өнген, би баласы дейді. Қүліктің көбі осылар болады. Жәңке батыр әкесі Шобалаймен бірге туған Шобай, бұл Шобайдан Жаманғара, Байтөбет, мұның ұрпағы да толық бір ауылнай ел. Шолабай, Шобаймен бір туысқан Ақай дегені тағы бар. Мұның балалары Бекмырза, Санмырза. Бұлар да толық бір ауылнай ел. Енді бір туысқаны Түкей деген. Алдыңғылардай өспесе де, өз алдына Түкей аты атанған ауыл-аймақ. Бұлармен туыскан Ерсімбек, Мәмек. Өспеген де өшпеген азғапауы Жәнке ба-іырмен бір туыскан Өміртай. Мұның балалары - Акбота, Тайлақ, Қайнар, Көшек. Мұнын, ұрпағы да өскен-өнген... Күліктен бері неше атаға келгенін аңғартайын. Күлік, Наурыз, Шобалай, Жәңке батыр. Аққожа, Қүлжан, Жаутен, Тілесбай, Ыбырай, Әбікен. Осы Әбікен де бала-шағалы жан. Қүлік үш ағайынды - Айдабол, Күлік, Тұлпар. Наурыз екі ағайынды. Тілеуімбет, Наурыз. Шобалай алты ағайынды, Жәңке батыр екі ағайынды. Аққожа бір атадан төрт ағайынды. Әкесі Жәңке батырдан туған он төрттің бірі. Құлжан алты ағайын-ды. Өстемір, Құлжан, Бижан, Құнан, Дөненбай, Кұлбек! Жәутен екі ағайынды. Тілесбай үш ағайынды. Тілесбай, Елесбай, Тәтікет. Ыбырай үш ағайынды, Әбікен де сондай. Мұның бәрін шұбыртып жаза беруге өзім кәрі, қағаз қат. Торсықбай төрт ағайынды: Жаңғара, Баба, Сапқай, Торсықбай. Жақып баласы Малғабас, мұның баласы Арын, мұның баласы Шәріп! Қойсары ішінде Қозыбақ, Малбағар бір туысқан. Қозыбақ балалары Байсалық, Жансалық, Қожаберген. Ұрпақтары Нарымбай, Түгелбай. Нарымбайдың көшіп Қаржасқа келген жылында туған баласының аты Қаржабай. Онан туған баланың аты Омар. Бұл Омардан Ймаммәлік. Түбі-тегіміз үйсін дейді. Нарымбай Түгелбайдың нағашысы. Қаржас шешелеріне еріп келіп, нағашысында тұрып қалған дейді. Өздерінен басқа ағайындары бар дейді. Далбада, қосқұлақ ішінде, біраз үйсін бар. Қөкшетау жақта қарауыл ішінде үйсін бар дейді. Қаржас, Құлдың төрт баласы Құдайберген, Тәңірберген, Тілеке, 'Гілеміс. Бұрынғы қонысы Қызылтауда. Есеннің қарақуысы болған. Алабас айғырдың үйірі жетпіс-сексен болған. Алабас айғырдың үйірі жоғалып кетіп, Құлдың Тілеке батыр атанған баласы тауып алып, соның барып жатқан жерін Алабас қойған. Айдап жүрейін десе айғыр айдатпаған. Айғырдың өзін ұстап мініп алып, намаз оқып отырғанда айғыр тықыршып тұрмай, шиыршық атып оралғанда, қыл шылбыр мұрнының үстінен оралып, мұртын шорт қиып тастаған. Мұрнын кесіп тастап, киімінен мақта жұлып алып, жапсырып жүре берген. Үйіне келсе, әкесі:
- Балам, Есен тентек малымызды қуалап оттатпайтын болды. Күн көрсететұғын болмады, - деген соң, далада малда жүрген Есен тентекті ұстап алып, тентекті өзінің шалбарының ішіне салып, аузын-балағын буып, таудың басынан домалатып жіберіп, көшіп кетіп қалған...
ҚУАНДЫҚТАН АЛТАУ ТУАДЫ
Есенқарт, Аманқарт, Алтай, Қарпық, Баршы, Тимеш. Қарпықтан Тінәлі, Мәмбет, Күзен, Есентемір - Күзей атанған. Күзейден туған Тоқа, Алтайдың Тоқасы осы. Тінәліден Әжіке, Әлімбет, Үсейін, Қасқа. Үсейіннен Құттыбай, Жәйілмес, Құттыбайдан Құттымбет, Тілеуімбет, Кұттымбеттен Қарабас, Деріпсәлі, Айдар, Торғай. Қарабастан Дүкен, Баянбай, Түгелбай, Теңізбай, Төлек, Дүкеннен Қылдыбай, мұнан Айтқожа халфе, Шырай, Әбей хажылар. Осыны жазып отырған Мәшһүрмен замандас кісілер бұлар. Баянбайдан Қалдыбай, Орбай, Құттымбеттен туысқан Тілеуімбеттен Қанай, Құрмантай, Енем; Енем - қатынға аталған ат. Байының аты Өтеміс. Өтемісті жан білмейді, Енем баласы атанып кеткен. Қанайдан Байғұн, Байғұннан Сары, Қоңыр, Сарыдан Көбе, Көгер. Қоңырдан Досымбек, Қанаймен туысқан Құрмантайдан Үмбетай, Үмбетайдан Елшібек, Елшібектен Қанту, Жанту, Қантудан туады Бесімбай, Өтебай, Жантудан Айдапкел, Мұса, Секербай. Заманында Ақмола дуанына қараған елге-қазы болған кісі. Енем баласы Жаманбай. Жамабайдан - Елеу, Елеуден -Бейісжан, Тілеуімбетпен бір туысқан Құттымбеттен Қарабас туған деп едік қой. Қарабастан Түгелбай, Түгелбайдан Ерәлі, Серәлі, Тілеулі, Бектас, Бегімбет. Бұлар тоғыз ағайынды болып туған. Ерәліден Сүріпкел тоғыз ағайынды болып туған. Сүріпкелден - Мұсабай тоғыз ағайынды болып туған. Мұсабайдың бір байласынан тоғыз туған. Төрт атаға дейін тоғыз-тоғыздан туып келген. Ерәлі, Серәлімен бір туысқан. Тілеуліден Ақбике, мұнан Қылыш хажы. Тінәлі де көп жыл болыс болып, атақ шығарған бір кісі. Жоғарғы жақта айтылған Қанайдан Сары, Қоңыр, Кеңгір деген біреуі тағы бар. Қеңгірден Олжабай, Олжабайдан Жарқынбек, Жақынбектен Әнипақ. Тәніліден төрт бала Әжіке, Әлімбет, Үсейін, Қасқа. Үсейіннен - Құттыбай, Жәйілмес, Дедек. Жәйілместен Қожағұл, Дәулет. Қожағұлдан - Өтеген, Көлбай. Өтегеннен - Байұзақ, Жанұзақ. Жанұзақтан - Бердісүгірбай, Тінәлі, Дебір, Қадірлі, Құнды, Пұлды болған. Мұса, Секербай заманында Бердісүгірбай десе, әркім білерлік бір кісі болған. Осы кісі айтып отырады екен, балалар:
- Қаңтар болмай қарға жарымассыңдар,
Хажы көбеймей дауға жарымассыңдар...деп ол заманда қазақта хажы санама болған күн. Бердісүгір балалары Әбділда, Жақып, Сайдалы, Аққошқар, Өтеген. Көлбайдан Әлі болыс. Бұл кісі де Қуандықта кешегі Шоң болыс сықылды көп жыл болыс болған жан. Қанту баласы Әлі болысты «шата мұрдар» деп айта береді екен. Әр орында бір айтып, қоймаған соң:
- Мені шата, шата деп айта бересіз. Әкесі белгілі кісіні шата дей ме екен? Мен кімнің баласымын айтып беріңіз, - деген екен.
- Өзің іште жатырсың... Қайдан білесің? Жаман Құлшымбайдан сендей бала туа ма, сен Наурызбайдан пайда болған бала едің! — дегенде:
- Онда әкем жаман кісі болмады ғой, - деген екен. Өтегеннің Көлбайынан Жантілі, Майкөт. Майкөттен Әміртай. Әміртайдан Құлшымбай. Құлшымбайдан Әлі болыс. Жантіліден Жорқабай. Жорқабайдан Ысқақ, Кісі білмейтұғын жандарды жаза беріп немеге керек.
ҚУАНДЫҚТЫҢ БІР БАЛАСЫ - АЛТАЙ
Бұрынғылар айтқан сөз дейді: алшын болсаң адай бол, арғын болсаң алтай бол, үйсін болсаң сиқым, жаныс, ботбай бол, найман болсаң қаракерей, садыр, матай бол. Өзгелерің қалай болсаң, солай бол деп. Тышқанның да сәуірі болады деседі. Алтай арғынның сәуірі болған екен. Алтайдың бай бәйбішесі қанжығалы Піспекбайдың қызы Байбике. Онан туған Алысай. Жеңге алған бір қатыны болған, онан туған Нұрбай. Алтайдың ақ сауыты Нұрбайда қалған. Қалмаққа олжаға түсіп кеткен жерінен Нұрбай өзі барып алып келген, сауыттың аты шежекөз. Сондықтан Нұрбай ұраны шежекөз болған. Нұрбандан басқасында белгілі ұран жоқ. Әупәй Қуандық аталған. Байбике өлген соң, Піспекбай Алтайға Аққоян деген қызын беріп, мұнан туған балалар Әлике, Байдалы, Сайдалы. Әлике, Байдалы төменгі Алтай атанады. Сайдалы Ақтау, Ортау жақта өр Алтай атанып кеткен. Ақ-қоян өлген соң, Піспекбай Алтайға тағы бір қызын берген. Мұнан туған Мойын. «Мойын болмай оның болмас» атанған. Алтайдың балаларының ішінде өскен-өнгені, толығы осы Мойын болса керек. Бұл тоқал Мойынды туған соң қалмаққа олжа болып, жау қолына түсіп кеткен. Нұрбайдан басқасы қалмаққа барады дейсің бе? Нұрбай барып алып келген. Тоқал қалмақтан екі қабат келіп, ер ұл тапқан. Алтай бабамыз: Кенжеқарам деп айтқандықтан Кенжеқара аталып кеткен. Қалың Алтайдың ішінде мұнан да ұрпақ бар. Бұл күнге шейін Кенжеқара атанады.
МОЙЫНДЫ ТАРАТАЙЫҚ
Алтайдан алтау - Алысай, Нұрбай, Әліке, Байдалы, Сайдалы, Мойын, Кенжеқара. Алтай баласы аталып, есеп-санға қосылған емес. Мойыннан алтау - Рақбанқұл, Аманқұл, Сарша, Шаңкей, Қаріке, Мұрат. Сарша, Шәңкейден - Етболды, Байболды. Рақбанқұлдан -Әлібек, Қалибек! Аманқұлдан - Әжім, Мәжім. Әлібектен - Аралбай, Сармантай. Мұраттан алтау - Әлмәмбет, Мырзамбет, Үмбет, Үкібас, Мәмбет, Таубұзар. Әлмәмбеттен төртеу - Жылқайдар, Қожағұл, Қалқаман, Бекайдар. Бекайдардың үш қатынынан тоғыз туады. Тоғызы да өсіп-өнеді. Мырзамбеттің қатынының аты Төмен бәйбіше атанған. Мырзамбеттен Қошқар деген баланы тапқан. Мырзамбет өлген соң, бұл Төмен бәйбішені Бекайдар алған. Төмен бәйбіше Бекайдардан үш ұл тапқан: Елібай, Жайықбай, Теңізбай. Төмен бәйбішеден кейін Сәлия атты қатын алған. Мұнан туған Төлебай, Дербес, Қожамсейіт. Баяу тоқалдан Ізбасар, Баба, тағы біреу бар. Төлебайдан - Жиенәлі батыр, Абылай хан тұсында әруақты батыр болған. Жылқайдардан -Ақкісі, Жанкісі, Бердіс, Төлек. Бердістен -Жапалақ, Ботбай, Шымыр. Жапалақ батыр атанған, өзінде ұл жоқ, екі қыз болған. Батырлық деген жылқы куалап ала бергеннен батыр атанған. Базыл Боштайдың әкесі Тұрсынбайдың жылқысын алған. Жылқы соңынан бітім-тыным үшін барғанда: құдық түбі шыммен бекіп, бітеледі, дау аяғы қызбен бітеді деген бар ғой. Жапалақ батыр Қосаяқ деген қызын Тұрсынбайға беріп, Тұрсынбай оны тоқалдыққа алып, кешегі аты шыққан Бәйтен сал сол Қосаяқтан жалқы туған. Жапалақпен бір туысқан Шымырдан - Бармақ, Бар-мақтан -Танаш, Қанай, Анай. Танаш қызы Ұлбаладан осыны жазып отырған Мәшһүр Жүсіп туған. Жерде қалмайды, жиенде қалады деген бар ғой. Жиенәлі батырға, Жапалақ батырға жаққан жұмыстар осы екеуіне де көріне көзге жақты, басқаға жақпайтұғын қылықтар.
САРМАНТАЙДАН
Мәулім бәйбішеден - Байдәулет, Келдәулет, Өмірзақ, Ерназар, Бекназар, Құлназар; Тотия тоқалдан - Алдажұмаи, Қаражігіт. Ерназардан-Алшағыр батыр, онан Бижан, Шынтемір, Тыныбек. Алдажұманның бәйбішесінен Қорам жалғыз. Мапа деген бәсентиін қызы тоқалынан Сәттібай, Сәті, Қошқарбай, Тәті. Бұл Тәті жақсы Тәті атанды. Қуандық, Сүйіндікте жалғыз қара болды. Өз тұсында мұның алдына жан түспеді. Тәтіден -Азына. Сәттібайдан - Есмеқай, Абыл. Қошқарбай немересі Ешмұхамет. Тобықты Құнанбаймен сапарлас болып, хажыға барып, хажы атанған. Алтай - Тоқаға он жеті мың жылқы біткен. Алда-жұман дейтін бай екен. Алдажұман байдың Мәулім дейтұғын бәйбішесінен Қорам жалғыз. Жаздыгүні бай жылқысын көлден сауартып шығарып, аулына қайтып келе жатса үйінің қасында төрт-бесті бәсентиін қоңсысы болады екен, солардың бір үрпек бас, жалаң бұт, жалаң аяқ жүрген қызы үйінен шыға сала отыра қалды дейді. Сонда соның дәретінің гүрілдегенінен байдың аты үркіп, жығып кете жаздапты. Атын бұрып, тоқтатып алып әдейі келіп отырған жерін қараса, әлгі жерді қарыс айырып жіберген екен. Үйіне түсісімен жылқыға шаптырып жіберіп, бір тай алдырып, сойып, түн ішінде ауыл-аймағын жинатып алып, сол қызды тоқалдыққа алыпты. Аты Мапа екен. Төрт ұл туыпты – Сәттібай, Тәті, Қошқарбай, Сәті. Төртеуі де бөлекше болып туыпты. Қарікеде – Ақбура, Тоқбура дегендер болған. Тоқбурадан тоғыз, Ақбурадан алтау. Ақбура балалары – Арзықұл, Құдайқұл, Меңдіқұл, Жанықұл, Жанықұлдан – Аманбай, Аманжол. Аманжолдан – Саңырық, бір қатынынан Мұңайтпас, Қашаған, бір қатынынан Тоғалақ, Сәтбай, Сәтек, Аманжолдың қара шаңырағы осы Сәтекте қалған. Кеме Мұса, секербай заманында Сәтек асы атақты зор жиын ас болған. Балуан бәйгесін Байдалының Мұстапасы алған. Саңырықтың бәйбішесі Асан Тастемір қызы, аты Ұл бала. Ол он ұл туған. Тоқалының аты Айымжан. Бұл үш ұл туған, бәрі де өсіп-өнген. Қуандықтан алтау, Мойыннан алтау, Мұраттан алтау, Әлмәмбеттен төртеу, Бекайдардан тоғыз, Қошқардан алтау. Биікше деп атанған, Аралбайдан тоғыз. Сәйдәлі де Итқарадан тоғыз. Тінәліден Қарабастан тоғыз. Біреуі Ерәлі. Бұл Ерәліден де тоғыз. Біреуі Сүріпкел, Сүріпкелден де тоғыз. Біреуі Мұсабай, Мұсабайдың бір баласынан тоғыз. Төрт атаға дейін тоғыз-тоғыздан туып келген осылар. Қуандықтың өсіп-өнуі осылайша. Біреуі теріс, екеуі керіс, төртеуі дұрыс, бесеуі шоқпар, алтауы бақан, жетеуі жеті, сегіз болды, иттің күшігі болды, тоғыз толық деғен. Жалғыздық бір құдайға жарасқан, онан басқаға жараспаған. Екеудің бірі өлсе бірі қалады. Жалғыздың өзі өлсе... артында несі қалады. Төртеудің дұрыстығы екеуі бірыңғай болса, қалған екеуі тағы бірыңғай болады... Жетеу болса, жеті иттің аулы атанады. Үш жүздің баласы қазақты араладым, сегіздің оңған жерін көргенім жоқ. Тоғыз не де болса жаман емес, ең дәнеме болмағанда өсіп-өнеді.
ҚАРАКЕСЕК
Бұл шежіренің жоғарғы жағында қаракесек бес мейрамның бірі атанып, Болатқожадан өсіп-өнгендігін Шаншар абызға шейін сөйледік. Шаншар абыздың үш қатыны болды дедік. Қызбике, Айбике, Нұрбике, Қызбикеден Әлсай, ол өскен жоқ. Айбикеден Келдібек, Тыныбек, Есіркеп, Жәнібек. Төрт бек атанған. Келдібекке өз заманында Бегімысық деген әулие атанған қожа кітап ашып, талай нәме көтеріп, екі беті толған мең, екі емшегі екі сүйретпедей толық, бір аяғы ақсақ қыз ал. Солай қылсаң, тұқым-жұрғатыңнан құтты да туады, сүтті де туады, әруақты, бақыты ханға бергісіз би де туады деген соң, қырықтан асқанша қатын алмай жүріпті. Бір ауып бара жатқан Ақымбет керей деген елден осы қыз табылыпты. Келдібек қатындыққа алыпты. Асан, Үсен, Бадана, Бөдене, Сәдібек, Қазыбек, алты ұл тауыпты. Бұлардың «ақсақтың алтауы» атанғаны сол. Шешелері балаларын емізгенде бір емшегін баланың аузына салғанда, бір емшегіи иығының үстіне асып отырады екен. Олай қылмаса, сүті жерге саулап кетеді екен. Асан, Үсен егіз туған екен. Екі емшегінің сүтін егіз бала тауыса алмаған екен. Қазыбек жалғыз өзі-ақ. Сүйретпелерін керегенің басына іліп қоятұғын қылады екен. Үсен ұрпағын бұл күнде Құланшы атаған. Қазыбектің бәйбішесінен Қазымбет, күң қатынынан Бекболат. Қазымбеттен - Анай, Жанай, Қанай, Атымбай.
Қалдыбай қожаның өлеңі:
Қазымбеттің баласы Қанай, Жанай,
Ортаншысы Атымбай, кенжесі Анай.
Қараұзақ пен Сарыұзақ қарақалпақ,
Құлтекесін сұраймын әлдеқалай?
Қанайдан - Базыл, Базылдан - Жылқыбай, Саржан, Саржаннан -Жаманкөт хажы, Жылқыбайдан -Қорабай, Шалабай. Жанайдан -Соқырби бала, Анайдан - Жолшара, бұл да қазы болған. Бекболаттан - Тіленші, Тіленшіден - Тоқсанбай, Алшынбай, дөкей ер болған Алшынбай би осы. Алшынбайдың бәйбішесінен - Жүсіп, мұнан туады Ісләмбек, Тоғамбек. Алшынбайдың тоқалыннан Қақабай бұл бес ағайынды болған. Айбике ежелден толық бір болыс ел. Қаз дауысты Қазыбек туған соң не кемдігі болсын.
НҰРБИКЕ
Нұрбикеден - Тілеуке, Бертіс, Тілеукеден - Шақабай, Жарылқап - ұры Жарылқап атанған. Бектігі жұрт үстінен жарлық жүргізіп бек болған емес, өз үйінде өзі хандарша салтанатпен отырады екен. Жарылқаптың бәйбішссінің аты Маңқай бәйбіше, төрт ұлы бар, Жоламан, Тастемір, Атыбай, Кенжебай. Жоламан - он алты ұлды Жоламан атанған. Бәйбішесінен Ақтанберді, Құлшипаш. Ақтанбердіден - Жанысбай, оның ұрпақтары Дегеленде болады. Жоламанның екінші қатынынан Жетісары. Ең тұңғышы Тоқтамыс, одан кейін Тайгелді, Көптік, Құл, Көкен, Монтақай, Қойсоймас бәрі де өсіп-өнген. Қойсоймастан Кекшіл, Толыбай, Шоқай, Шомақ, Баймұрын. Баймұрын мырза атанған. Шын мырза емес, шын мырза болмаған кісі. Баймұрыннан - Шотақ, Матақ, Жаманай, Ақай, бұл төртеуі бәйбішеден. Қоржынқұл, Дүйсек, Бейсек. Бұл үшеуі бір қатыннан. Кенже тоқал Шайданнан Жұбаныш, Әбдіш. Ақайдан Мақат хажы, Хасен болыс... Бертіс - он жеті ұлды Бертіс атанған. Он жеті ұл ат арқасына мініп, соңынан ерген соң, жалғанның жарты пәлесі болған басына құстың қауырсынын қадап алып, қар-қаралы хан Бертіс атанған. Ташкентті барып шапқан, талаған. Мұны Бұқар ханы естіп, соғысуға келген. Сонда Бертістің Бұкар ханына айтқан сөзі:
- Он жеті ұлым бар, сен түгіл құдайдың да өкпесі қабынып, алса да зорға алар, - депті. Бұқар ханы: мынау құдайдан да қорықпаған екен. Құдайдан қорықпағаннан қорық деп еді, - деп, қайтып кетіпті. Бертіс үйіне келіп түскен соң, он жеті ұл үш күннің ішінде тышқақтап сап болыпты. Бертіс дым сызбай, ас-су ішпей, теріс қарап жатып алыпты.
Сол Қаракесек ішінде Бегіммысық атанған әулие қожа бар екен. Өзі сыйынғанда Сақмар баба деп сыйынады екен. Сақмар баба деп жүргені Шайхан Тауырдың әкесі Шайх Ғұмар баба екен. Соның жұрағатынан шық-қан қожа екен. Бертістің балаларына бата, өзіне көңіл айту үшін Бегіммысық кіріп келгенде жанға басын көтермей жаткан Бертіс ұшып тұрып, қожаға қол беріп:
- Сенің әулиешілігіңе сенемін деп, жоқ жерде асылық айтып ұрынып қалдым-ау, сенің әулие еместігіңді білсем, айтпайтын едім, - дегенде, Бегімысық:
- Теректің өзіне түскен өрт еді, бұтағына қабыл жібергендігім, ол да қолдағаным емес пе? Тұр, бір тоқал ал, үш ұл туады, бірінің атын Бектемір қой, бектік, байлық ұрым-бұтағынан тепкілесе кетпейді. Бірінің атын Қазығұрт қой, құртша құжынап, битше быжынап, мал бітеді. Үрімбұтағы бай болады. Бірінің атын Әуез қой, байлық мұның ұрпағында да болады. Бірақ сылдыр моншақ секекшіл ертеңгі уәдесі түске жетпейтұғын болады.
Солардың ұрпағы күні бүгінге дейін бар. Бегімысықтың айтқанындай болды да қойды. Қаракесектің сөйлемпаз, сөз тапқыштары осы Бертіс ұрпағынан болады. Бектемірден туды Битен, Шитен, Мүшеке. Мүшекеден Қазанғап. Қазанғаптан Тәттімбет, Ерсімбет, Жақсымбет. Тәттімбет Мұса, Секербай заманында Қаракесекте үштің бірі болып, атағы шыққан. Өзі бай, өзі өнерлі, өзі бет біткеннің сұлуы, өзі шешен,, айыр көмей, темір жақ домбыда тартып, ән қосқанда алдына адам түспеген. Күні бүгінге шейін Тәттімбеттің «Сылқылдағы» десіп тартады... Құлатай, Қожатай, Қантай, Тонтай олар да осы Бектемірден шыққан. Байлық та бірінен бірі өтеді. Соның ішінде Тонтайдың сөйлемпаздықпен аты шыққан. Қаракесек ортасында айтылып жүрген сөз:
- Айбикенің аулына қонғанша, Нұрбикенің көшіп кеткен жұртына қон деген. Және Қаракесек ішінде Қарашор атанған ел бар. Қараға қонғанша далаға қон, далаға қонғанша молаға қон деген.
Болатқожадан - Ақша, Түйте, Ақшадан Бошан, Бошаннан -бесеу: Жанту, Таз, Байбөрі, Манат, Машай. Жанту ұрпағын бұл күнде Тоқтауыл атайды. Байбөріден - Қойке, Қыдырәлікедей, Қыдырәлікедейміз Қойке келсе не дейміз деседі екен. Манаттан -Қоянкөз, Торым, Машайдан - Бәйімбет, Бораншы туады. Бәйімбеттен - Қояншы, Танай, Дәулеткерей. Бораншыдан-Қарсұн Тілеуберді, Тілеубердіден - Керней, Кернейден төртеу туады: Дәу, Шаң, Балапан, Самырза. Бұл күнде Дәу сегіз старшын ел, Шаң үш старшын ел, Балапан бір старшын ел. Самырза бар болса он шақты үй. Дәудің бәйбішесінен -Қалқаман, тоқалынан - Балта, Түйте. Түйтеден –Жарылғап -би Жарылқап, батыр Жарылғап атанған, қаракесекте ірі, дөкей болған Жарылғап. Қанжығалы Бөгенбай батырмен замандас болған. Бөгенбай батырдың кенже қызы Борсылдақты тұңғышы Қырбаска алып берген. Қырбас жеті қатын алған. Жарылғап балалары Қырбас, Жәнібек, Сәдібек, Баубек. Әкесі Қырбас, шешесі Бөгенбай қызы Борсылдақ. Бұл екеуінен Байсейіт жалғыз туады. Байсейіттің қатыны Зылиқа Шәндікен қызы бұл мейілінше сұлу болады. Жүйріктің тері кеппес, сұлудыц жидіген қара елтірісі кеппес деген бар ғой. Қернейдің екінші баласы Шаң. Шаңнан - Сүйіндік, Сүйіндіктен - Жомарт, Жомарт балалары - Бәйтік, Тәйтік. Осы Бәйтікпен Зылиқа ойнас болады. Қыстыгүні Қырбас ақсақал жалғыз баласы Байсейіт үйінде жоқ, бір жаққа кетіпті деп естіген соң, келін-кепшік, бала-шаға қорқар деп баласы Бай-сейіттікіне қонуға келеді. Шетірек, оңаша қыстаған екен. Зылиқа байғұс қандай жылпың, жылы-жұмсақ тамаққа тойғызып, күн борансымақтау ма, неме? өзіңіз жоқта ауыл-аймағыңыз малдан айрылып қалады ғой деп, атасын аттандырып жібереді. Сыпайы Бәйтіктікі оңаша күтіп алу үшін, Қырекең аулын таба алмай, далада адасып өледі. Қырбастың бір інісі Жәнібек еді ғой, онан жеті Сейіт туған. Жеті сейттің біреуі Ақсейіт. Бұл Ақсейіттен - Құлжамбек туады. Күні кеше жаңа законда Құлжамбек болыс болып, Қарқаралыға қараған жиырмадан аса болыстың қақ маңдайы болып тұрғанда Айбике болысы Саржан баласы Жаманкөт екен. Қарқаралыда тамам болыстың бас қосқан сиязы, жиылысы болып, болыс-билер бір бас қосып тұрған үстіне қырдан, даладан келген бойымен, оранып-шымқанып, үсті-басы қар кіріп келеді. Құлжамбек мұнысын ауырлап қалады, ауыз үйге шығып, киімін тастап келмеді деп:
- Осынша оранып, шымқанып жалғыз сені үсік алып бара ма дейді.
Онда Жаманкөт:
- Ойбай, Құлжеке, о не дегеніңіз, Қырекем бізді күткендей қылып кетті ғой дегенде, Құлжамбек төмен қарап, жер шұқыпты да, отырған болыстар ду күліпті.
Сөз сөзден туады деген осы. Жаманкөт марқұмның бір ауыз сөзінен атам заманда өлген Қырбастың қай түрлі өлгендігін жаздырды. Қырбастан- Байсейіт, Байсейіттен - Нұрлан, Нұрланнан - Омар, Омардан - Сәдуақас, ол отыз жеті жасында өлді, Ақшатау болысы болып тұрған күнде. Бұл Сәдуақас та өз заманындағы адамның сұлуы еді. Зылиқаның тамыры Бәйтік ұрпағынан - Қарашолақ балаларынан Адамбай, Тұрсын шықты, ал Керней деген елде Жарылғап даңқты болды. Оның ұрпағы Байсейіт те бай, Нұрлан да бай, Құлжамбек болыс, Сәдуақас болыс, олардан кейін Адамбай, Тұрсын.
ҚАРСҰН
Есенаман, Наурызымбет, Жүзей. Есенаманнан - Қыдыр батыр, Асан, Қалибай. Қыдыр батырдың жас баласы құрттай бала күнінде қалмақка олжа болған. Қайып деген бір төренің баласы о да қалмаққа түсіп кеткен. Қыдыр батыр қалмаққа аттанып барған. Жеті барғанда жеті бала ұрлап алып келген. Қалмақ сонан соң елші жіберген: «біздің балаларымызды алып келгендеріне балаларын қайырып береміз» деп. Қалмақ балаларын алып Қыдыр батыр мен Қайып төре қалмаққа барған. Қалмақ:
- Бізде қазақтан олжаға түскен жалғыз-ақ бала бар. Қолына асықты жілік ұстатып орталарыңа жібереміз. Бала қайсыңның қасыңа барса, соның алыңдар деп. Баланы орталарына жібергенде, бала келіп Қыдыр батырдың қасына отыра қалды дейді. Сол баланы Қыдыр алып, атын Орынбай қойыпты. «Бұл баланы алатұғын жол менікі еді»,- дейді төре. «Төре тұрғанда қара алушы ма еді»,- деп Қайып төре өкпелеп, бөлініп, ауып кетіпті.
Орынбайдан бесеу: Ңұрпей, Өмірзақ, Қарақұла, Құ-лыншақ, Тобышақ. Нұрпей баласы Садырбек. Садырбек баласы Ақжарқын, Қошқарбай, Баймұрат, Әлмұрат. Өмірзақтан - Қуатбек, Құрманбек. Қуатбек балалары - Қасымбек, Мұсабек. Құрманбек балалары - Биқадам, Байқадам, Сүйкінбек, Мырзағұл. Тобышақтан Кәрібоз жалғыз, онан Әбді жалғыз, Ақжарқын сегіз ағайынды. Белқожа Қарықбай баласы Нұрпейдің ең үлкені. Орынбай біздің бұл жақтағы Сүйіндіктен қалмаққа олжа болып қалған бала. Оны қайдан білесің десең, Орынбай ұрпағының мінезі өзге қазақта жоқ. Бір қақайса болмайтындығы, кедейлігі, сопылық, тақуалыққа айналғандары, қолынан дәнеме келмейтін жаманына көңіліне жақпайтын бірдеме десең, бір жылға шейін есігіңнен қарамайды. Біздің бұл Сүйіндікте Орынбаймен бір туысқан үш інісінің ұрпағы бар. Ол інілерінің аты: Ақжігіт, Жанжігіт, Қармыс. Әкелерінің аты - Бесім, шешелерінің аты - Бөктік бәйбіше. Орынбай ұрпағында молда болса ауруға үшкіріп, дем салатұғын, тамыр ұстап, құмалақ салып, ұйқы-тұйқы болып жүретұғындар. Шәлдірік дерт қарайтұғыны да бар шығар... Үйдеи бетімен қаңғып кететұғын кезбе жындысы да болады. Күлік Тілеуімбет ішінде Бесім қатыны қыпшақ қатық. Олақ мерген қызы. Бөктік келіншек күнінде қалмаққа түсіп кетіпті. Екі қабат екен. Ер ұл туып, бала тамақ ішуге жараған соң, өзі жаяу қазаққа қарай қашқанда, баласына ине шаншып кетіпті. Қалмақта ұл болып жүргенше өлсін деп. Сол бала өлмей тірі болып, өсіп-өніп кетіпті деп құрттай бала күнімізде естіп едік. Оның қайда жүріп өсіп-өнгендігін қартайған кезімізде естіп қандық. «Күресерге дәрмен жоқ, іш қазандай қайнайды», деп текке қайнап, бармақты шайнап отырмыз. Тағайдың Қояншынан - Бозтайлақ, Қайыпберді, Жиенбет, Қаратеке, Балық. Бозтайлақтан Медет, мұнан Қарақай, мұнан Баймамыр. Балықтан -Сағиман, мұнап Лекер. Тағайдан -Тастемір, Жетес. Тастемірден - Еділбай, Жетестен - Сазанбай, Тілеміс, Өміртай, Кешубай. Сазанбайдан - Есбай, Жарбай, Есбайдан - Бөде, Қарақшы. Күні кеше Мұса Секербайдың заманында тамам қатынға бас пана болып, Бөде, Қарақшы деп атын шығарды. Қояныш Тағай бұғылы, тағылының Тағылысында ағаш үй жонатұғын кедей көп еді. Өміртайдан - Қотан, Құмырза, Қотаннан - Төкентай, Төкентайдан - Ақжан, Жаумам. Төкентайдың Қотырынан Жанұзақ, мұнан Қуандық. Бес бошанның біреуі Манат. Манаттан - Ыдықбай, мұнан Қоянкөз, Торым, Торымнан - Абыз, Бәйімбет, Абыздан - Есімбай, Есімбайдан -Дәулет, Қыстаубай, Қордабай, Бексейіт, Бердіқұл, Бәйімбеттен - Ннязқұл, Қойғұл, Жарқымбай. Ниязқұлдан -Жамболды. Қойғұлдан - Әйтек, Кедейбай, Таз, Байтөбет, Ергеш. Бес бошанның біреуі Жанту. Ол Жанту тоқтауыл баласының көптігі сондай көшіп келе жатқанда бір баласы түсіп қалып, балаларына тамақ үлестіргенде бір аяқ (ыдыс) артылып қалып, бұл аяқтың ас ішетұғын иесі қайда деп сонда жоқтап, ол баланы Алшын тауып алыпты. Бала қылып асырап алыпты... Арғын болып бас қосып дауласып, бір Тілмәмбет деген жан беріп, асырап-сақтағаны үшін торы ат беріп, сонан Торы атанған. Сонан бұл күнге дейін атын кісі білерлік жан шықпаған... Болатқожаның бел баласы Ақша, Түйте. Мұның Ақшасынан Бошан айтылды. Түйтеден - Майкы, Манас. Майқыдан - Әлтіке, Сарым. Әлтікенің бәйбішесінен - Өтеген, Өтегеннен - Байдәулет, Бәйімбет, Жанығұл, Қойгел. Жапығұлды Жәменке десе жұрт біледі. Әлті-кенін тоқалынан - Есболай, Дос, Әлмұрат. Дос батыр болған. Қалмаққа таң атырып, күн шығармаған. Жетпіс сегіз жасында жалғыз баласы Қожаназармен екеуі қолға түскен. Сонда қалмақ өлтіріп тастайық деп сыбырласады дейді. Сол сыбырласканын құлагы шалып, естіп калын Дос батырдың айтқаны:
Сыбыр, сыбыр етеді,
Сыр құлақтан өтеді.
Сырласпаған жат, шіркін,
Әлде не етіп кетеді
Өзім өлсем боғым-ай,
Қожаназар құлыным-ай,-
деп жылайды дейді. Қалмақ мұнысын көрген соң:
Әкелі-балалы өзді-өзі кеңессін. Бірін бізге олжаға қалдырсын, бірін еліне баруға босаттық, - депті. Сонда бала ұшып тұрып жылап қоя беріпті:
- Әкетай-ай, мен көк лағың болайын, мені құдай жолына құрмалдық деп қалмаққа бер де, ел-жұртыңды таба гөр.
Сақалыңнын ағында,
Өлеріңнің шағында.
Қалмақтың моласында қалмай,
Қазақтың даласына барып,
Қала гөр,— депті.
Дос батыр айтыпты:
- Қалмақ шалға зәру емес, жас ұланга зәру. Жас ұланды өлтірмейді. Балап, ел-жұрт қылып алады. Мен елге тірі барғанда не боламын:
- Қаздын етін асадым,
Жетпіс сегіз жасадым.
Сені қалдырып мен елге барсам,
Екінің бірі, егіздің сыңары айтады,
Алысым былай тұрсын, жуығым айтады.
Дұшпаным былай тұрсын, досым айтады,
Мына жалмауыз талайдың басын жалмаған
Жалмауыз емес пе,
Жалғыз баласы Қожаназарды жалмап,
Ұялмай жылт етіп келуін қайтерсің, - дейді.
- Сен барсаң, Дос өлген жоқ, міне тірі деп қуанады. Қатын алсаң, балалы болсаң, сенен туған бала менің құнымды күндердің күнінде бір алмай қоймайды, - деп батасын беріп, баласын қайырып жіберіп өзі қалды. Қожаназар ел-жұртына аман-есен келді, қатын алды, бір ұл туды. Атын Жидебай қойды. Жидебай құрттай бала күнінде тапқан шешесі өліп қалып, Қожаназар бір тоқал алды. Тоқалдың аты Апар еді. Бойы бір қарыс, кемпірдің кебежесіндей еді. Жүремелете алты ұл тапты. Алты ұл тауып жүрген иттің бес қанат үйдің ауығын байлауға бойы жетпей, уық байлағанда Жидебайды аяғының астына жатқызып, неше уық бар, сөйтіп байлайды екен. Ол заманда жаугершілік, жалшы жалдауды білмейді. Біреуге біреу бұрылмайды. Апардың түрін таныдыңдар, бір үйге қараған бейнеті Жидебайда болмақ қой.
Алты ит, иттің күшігіндей арасына жыл айналмай туа берген немелер, оның жалғызы Жидебайға бұрылар ма? Тезек теру, от жағу бәрі -Жидебайдың мойынында. Ол күнде көшершілік қандай көп. Күнде көш, күнде көш. Үй тігіліп, уық бауы байланатын болса, аяқ астына төсеп, «бой өсіруге» Жидебай дап-даяр.
Қатын-қалаш:
- Шырағым-ай, көзің ашылмады-ау, өз шешең болса, үй құрғыр тігілмей қалса да бүйтпес еді-ау, - дегенде Жидебай айтады екен:
- Ол қылып жүргені маған қастық емес, достық. Жасынан пісіп-қатып, көнтерлі, шыдамды болсын, - дейді ғой. Сүт пісіргенде алтауының алдында алты аяқ, алтауының қолында алты қасық. Көбік қалқып кұйып береді, мынаны жалай отырыңдар деп. Менің қолыма тезек салғам шанаш қапты береді, отты қалай отыр деп, нұқып-түртіп қояды, сонысы ғана жаныма бағады, - дейді екен.
Жеті-сегізден жасы жаңа асқан кезінде Дос батырдың қара шаңырағында отырған інісі Әлмұрат байдың үйіне Қаракерей Қабанбай батыр келіпті деп Жидебайдың құлағына тиді. Барсам-ау көрсем-ау деп, Жидебайдың түн бойы көзі ілінбей алас ұрды. Таң жаңа атуға сәуле беріп келе жатқан қарсаңда көзі ілініп кетіп еді. Бабасы Дос батыр түсінде аян берді.
- Балам, алашқа аты шыққан Қабанбай батырдан барып бата алып қал, - деп. Шошып оянып, ұшып түрегеліп, үстінде боз жейдесі бар, құстай ұшып бара жатса, Қабанбай батыр да жорыққа аттанып, алаң-қарақта жүріп барады екен. Алыстан немене екенін айырып, тани алмады. Еліктей ұшып келе жатқан бала екенін таныған соң, тосып тұра қалды. Бала жетіп келіп:
- Ата, маған керек бата, - деді.
- Түнде түсімде Дос батыр айтып еді. Жарайсың, жарайсың, - деп бата-сатаны береді. Төрт алмажайым бар еді, біреуін саған байладым, ал, балам, - деп Қабанбай батыр жүре береді. Сөйтсе төрт алмажайының бірі қызыл түлкі дегені болады екен. Сонысын беріп кеткен екен... Абылай хан үш жүздің баласы қазаққа хап болганда Әлтеке Сарым Жидебай атақты батырының бірі болып, Абылай ханға қолбасы болған екен. Бір жаққа аттанарда, қосын жүргізерде Үйсіннен ақ шабдар атты алғызып, Әлтеке Сарым Жидебайға мінгізеді екен. Жидебайға айсыз қараңғы түн тал түстей жарық, боран-соран ашық күндей, жан таба алмаған жерді көріп қойғандай табады екен.
Біреудің пышақ, шақпағы бара жатқанда қалған болса, айсыз қараңғы түн болса мейлі, жауыншашын, боран болса мейлі, жүріп келе жатып, найзасьш шаншып тұра қалып, ал осы жерді қарай ғой дегенде, қалған-құтқан нәрсесін тауып алады екен:
- Сен осыны қалай табасың, - дегенде жанға сырын айтпайды екен.
Жалғыз-ақ Абылай хан айта береді екен.
- Осының қызыл түлкісі бар,- деп.
Бір жорықта жүргенде Абылай хан біреуге қадағала деп тапсырып қойды: Ұйықтап жатқанда қойнын ашып қарашы, - деп. Сол адам аңдып жүріп, қарауылда елсіз далада жатқанында ақырын басып барып қараса, өнірінің астында, төсінің үстінде жатқан қызыл түлкіні көріпгі. Түлкі жалт қарағанда үрейі ұшып, қаша жөнеліпті. Ханға келіп көргенін айтыпты. Көргені бар болсын, екі көзіне шел қаптап кетіп, көзінен айрылыпты. Жидебай батыр жеті қатын алған, жүз беске жетіп өлген. Адам таба алмайтұғын елеусіз жерде жаудан, жұттан, зобалаңнан дін аман-есен бір ауылнай (ауыл) ел жатады екен. Соны Жидебай тауып, шауып-жаншып, талапты. Сонда сол елде бір Сарықожа атанған қожа бар екен. Бұл жерді туып көрмеген жан өмірбойы таба алмайтын-ақ жер еді дәу де болса, көзі ағарғыр, көр болғыр Жидебай ғой дегенмен Жидебайдын көзі ағарып, көр болыпты. Қожаның барып аяғына жығылса да болмапты. «Ауыздан шыққан түкірік қайта жұтса мәкүрік», - деген деп. Әлтеке сарым Жидебай тамы Қарқаралының сыртында Қызылтау деген тауды басып ағатұғын Нұра өзенінің бойында, Мәшірүп күңнің моласының қасында. Мәшірүп деген өзі күң екен, көп ұлтқа мазар басы болып, аты атанып қалған. Дос батырмен бірге туысқан Әлмұраттан - Атымбек, Атымбектен -Иманәлі, Көрсары, Тамай, Бақы, Қазыбай, Басбалдақ, Жанақ, Марлақ, Төлек, Бөлек - он ағайынды болып туған. Атымбекпен туысады Ақбота, Жарас. Жарастан - Абыл, Қабыл, Есенгелді. Әлтікенің үшінші қатынынан - Сапақ, Сапақтан - Жиымбай, Боғоқ. Жиымбайдаи - Байжігіт Боқан, Боғоқтан -Жәнібек, Қоянбай. Әлтеке Сарымнан - Өтеміс, Тоқсан. Тоқсаннан - Жиенгелді, Мастан, Алдияр. Мастаннан - Қожағұл, Құлжан, Мамыр. Құлжаннан - Айдабол, Айдаболдан - Деріпсәлі, Маман, Шуаш. Шуаштан - Атантай, Ботантай, Абайла. Ботантайдан - Жанғұтты, бұл Жанғұтты Мұса, Секербай заманында ауызға ілініп, көзге түскен. Қазақ жақсыларының қасқа маңдайы болған кісі. Қазақ орысқа бағынған соң, екі түрлі закон болған. Бірі ескі закон, бірі жаңа закон. Бұл - Жанғұтты жаңа законды көрген жоқ. Ескі законда хажыға барып Мединеде қалыпты. Басына тас орнаттырып, тасына жаздырған: «Қазак, арғын Жанғұтты Ботантайұғылы. Меке мен Медииені көрмеген кісі анадан тумадым, жалған дүниенің жүзіне келмедім десе де болар», -депті. Онан бұрын (хажыға барғанын айтады - С. Д.) әулиелерді зират қыла Алатау, Қаратауға барған. Үйсін Төле бидің басында отырып, билік айтып, төре берген төбесін көремін деп барғанда Алатау, Қаратаудың пәлені қалай, түгені қалай деп сұрағандарына айтқаны:
- Тобықты Құнанбай шыңның басынан шыққан қайнар бұлақ. Қыпшақ Ыбырай қажымас қара болат, Мұса қабыршығы жоқ қолға тұрмас жылмағап қара балық. Шыңғыс төре мұсылманға суық, орысқа жуык. Бұл сөздерді ол Қөктіңұлы Сапақтың бел баласы Имамберді датқаға сөйлеген. Тобықты Құнанбай, қыпшак Ыбырай, төртуыл Мұса осы үшеуі қазақ маңданына неғып сыйып жүргеніне айран-асырмын деген.
Құдай рақымет қылсын, Жанғұтты Ботантайұғылында, Әлтікте, Сарымда атамның басы, енемнің бірдемесі қалғаны бар ма, Жанағұтты мен Жидебай батырдың аруағы еркіме қоймай жаздырып отырған.
БҰЛ МӘШҺҮР ШЕЖІРЕСІ ҚАЗАҚ ЕРТЕГІСІНЕН
АЛЫНЫП СӨЙЛЕГЕН
Жанарыстың бәйбішесінен туған төрт қожаның бірі Қарақожа. Онан арғын дедік. Бірі Аққожа. Бұл Аққожадан найман, кейбір сөйлеушілер Момынқожа дейді. Найманнан жалғыз бала Шұбартай. Бұл Шұбартайды да зарығып көрсе керек. Шұбартай кыршын жастай өліп, келіншегі жесір калса керек. Сонда арғынның көп балалары:
- Мен алам, мен алам, - деп таласты дейді. Қатын:
- Мен тоқсандағы атамның көзін бақырайтып тірі тұрған күнде жалғызьшың жайрап қалғандығының үстіне күңірентіп ешқайсыңа тимеймін. Мына тоқсаннан асқан атамның бір атары бар шығар деп құрбы-кұрдастарына жалынды дейді. .
- Атамның енген жерін байқаңдар, сідігі көпіре ме екен? Жерге із салуға жарай ма екен? -депті. Сонда байқаған біреу айтыпты:
- Із салуға жоқ, бірақ көпірді, - депті.
- Бір атары бар екен. Малды аямай беріп, бір кедейдің жалаңбұтқызын қойнына жатқызыңдар, - дегенімен бір қыз алып беріп, қойнына салған екен. Жұмыс үстінде өкіріп өліпті. Найманның өкірек шал атанған себебі сол деседі. Шал өлді, қыз тірі қалды. Қыз сол жұмыстан буаз болып, ер ұл тауып, атын Төлек атай қойыпты. Шұбартайдан жесір қалган келін осы Төлек атайдың өсуін, ер жетуін күтіп отырып қалыпты. Арғын алты ауыл болғанда Найман жалғыз-ақ үй екен делінген сөз ертеден айтылып жүретұғын.
Төлек атай сол заманда жұрт аузында әулие аталған. Қылыш қожаның койын бағып қойшысы болған. Қылыш кожада ұл жок, жалғыз қызы бар екен. Қыз жасқа толып бойжетксн соң, сарт-сауанның байлары құдалық сөйлесіп, балаларына Қылыш қожаның қызын айттырмақшы болып, анауы да, мынауы да қалыңмал беруге қожаны қызықтыра бастағанда қой бағып жүрген Төлек атаіі қойшыларға айтқан екен:
- Бұл қазақ қатынсыздан өлейін деп жүрсе, Қожа қызын сартқа береді екен-ау, - депті.
Қойшылардан бұл сөзді естіген соң, қарқ-қарқ күліп:
- Рас айтады, сөз Шұбартайдың төлеуіне келген Тілеутайымдікі деп
Төлек атайға қызын қосыпты.
Өр найман, қаракерей, садыр, матайтөртуыл қожа қызынан туғандар.
Баяғы сарғая-сарғая сақтап, тосып отырған жеңгесін алып, онан бір ер ұл туып, атын Қытай қояды. Төлек атай Қылыш қожаның қызын алғап соң, бай болды, әр нәрсесі сай болды. Бір асқа ат апарып қосып, аты алдында келіп, бәйгесіне бір күң келіп, ол күңге өзі аяқ салып, ол бір ер ұл туып, атын Сүгірше қойды. Күңнен туған Сүгіршені Қытай айбалтаның астына алып, өлімші қылып тастағаннан Қытай Балталы атанды да «бағанағы қайтты, бағанағы қайтты» делінгеннен Сүгірше Бағаналы атанды. Шу бойында болады, Атбасар дуанына қарайды. Бағаналы, Балталы аталған Найман солардың ұрпағы...
ҚАРАКЕРЕЙДІ СӨЙЛЕЙІК
Қаракерей баласы - Ерторы, Байторы. Ерторы баласы Қызылым, Жиренім. Жиренім баласы Байсұқ, өздері беске бөлінеді. Меңдібай, Төбет, Жанғұлы, Жаңбыршы. Жаңбыршыны Ақбелбеу деп атайды. Қарамолда үш қатынның баласы, бұларды семіз Найман дейді. Байторыдан - Тайлақ, Жайнақ, Айрам, Майрам. Айрамнан - Қожамбет, Майрамнан - Байыс. Байсұқ малы қолға түссе Байыс ата малындай көріп төлеу бермей кете береді екен. Байыстан бесеу: Сыбанқұл, Ақымбет, Мәмбеткұл, Сары, Тоқабай. Тоқабай Сарыны Сенке сабайды делінген сөз мәтел болып қалған. Тоқбайдың жуаны Кенгенбай, бай ел болады. Білсең Кенгенбаймын, білмесең дегенбаймын дейтұғыны тағы бар. Қаракерей Қабанбай батыр осы Тоқабайдан, онан бергісі Кегенбайдан шыққан деседі. Байыстың бір баласы Сыбанқұл. Бұл Сыбан найман атанды. Бір баласы Мәмбетқұл. Бұл жасында асқа өкпелеп қыржиып отыра бергеннен Қыржы атанды. Және бір қатыннан Алдаберді, Әлмәмбет. Әлмәмбеттен - Шорантай, Шорантайдан - Мұңайтпас, Тома. Мұңайтпастан - Тоқпақ, Тоқпақ, Тома екі болыс ел. Мақта апай деген бір ұрғашы аты шыққан. Байыспен бір туысқан Майрам қыз деп біреу сөйлейді. Оны түркістандық Тоқтар қожа алып екі бала туған: Жанжігіт, Байжігіт. Байжігіт Мақта апайдың қолында қалып, Жанжігіт қожаға еріп кеткен деседі. Байжігіттен өрбіп-өнген сегіз болыс ел Темірсу бойында. Байысулы Ерсары мұрын атанған ел осы Ерсарыдан өскен дейді. Мұрын Ерсарының бәйбішесі, аты Ақбике екен. Мұрны зор болғандықтан байының аты қалып, бәйбішенің мұрнымен атанып кеткен. Мұрынды сегіз болыс ел бар деседі. Мен көппін деп Байжігіт, қызайдың байжігіті мақтанады. Мен көппін деп мұрын, сыбанның мұрыны мақтанады. Үй саны мен жан санына қарағанда мұрын көп. Жоғарғы матайдың үш баласы - Аталық, Кенже, Қаптағай, күллі найманға ұран болған Қаптағай осы. Аталықтың қатынының аты Қызай. Мұның атымен тұқымы қызай атанды. «Білсең қызайыңмын, білмесең кұдайыңмын» дейтұғын есер осының ұрпағынан шыққан: байжігіт, жанжігіт, бура, көкжарлы. Аталықтан - Иманғали, мұнан Бақтойыс, мұнан Елтынды, Елтындыдан - Байназар, Қожас, Қожастан - Еске, Жортшы, Қоканжырық, Орыс, Тоғыс, Жылкы-айдар. Қаптағайдан - Жарылқамыс, мұнан Лезінке, Жиенбет, Сүйін төртеуі де қара екен. Сондықтан бұлар қара атанды. Ақтаз деген бір бала ғайыптан келіп, еншілес болған екен. Мұнан Әжім, Жұмық, Тіней, Сейіт, Балықшы, Қармақшы. Әуел басында жеке батырға жекеліктен келген Шоштан бес бала... Шоштанның қызынан жұртта туып қалған Тоңболат, мұнан Баскөнек, мұнан Боқыш, Мәмбет болған. Боқыштан -Сары, Сарғалдақ. Мәмбеттен -Қарауыл. Сарының Аққыз деген бәйбішесінен - Әзіке, Шағыр, Жауқашты, Бодық. Сарының сарт қызы қатынынан - Асан, Шоңғыр, үйсін қызы қатынынан -Бекболат туған. Кебеп деген қатынынан - Кәрішал, Қодас туған. Бір шеті Шу мен Сарысудың аяғы, Телікөл, Тата, Ащыкөл, Саумалкөлде, бір шеті Есіл бойында, Атбасар дуаныиа қараған наймандар. Бұрынғы қариялар орта жүзді жеті арыс деп сөйлейтұғын. Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Қерей, Уақ, Тарақты. Қыпшақтан Шойым алып, мұнан Ақкөбік алып, мұнан Мүйізді алып, Сарыалып, мұнан Тоқтар, мұнан Қобыланды. Қара, Сары, Қытай, Еділ, Жайық атанған аталары бар. Бесеуі бір туысқан деседі. Кімнен өсіп, өнгенін айрып білуші болмады. Бұрынғылардан айтылып жүрген бір сөз бар еді: қыпшақ бұзады, арғын түзейді. Қыпшақтың қарасы ашуланшақ, омырау келеді. Сарысының көзі өткір, тілі ащы келеді. Жақсы кезеңге таласады, жаман отыратын орыннан адасады. Жақсылар басын қосқанда әңгімені кезек-кезек айтса сонда жарасады. Екі жақсы ерікпес, екі жаман бірікпес. Бір жүйріктің аузынан шыққан сөз. Оның арғы жағы кімнен туып, қалай өсіп-өнгендігінде нем бар. «Естіген құлақтың жазығы жоқ» деген, естігенімді сөйлеймін.
Бес таңбалы қыпшақтың аналары айтқан екен деседі:
- Ұзын бітті бойыма, ерлік-батырлық толды ойыма,— депті.
Қолтаңбалы ұзын қыпшақ атанады. Атыс, Кедел, Бердікей, Қырық жігіт. Анасы тағы да:
- Бұлтың бітті бойыма, көптік толды ойыма, - депті. Алып таңбалы бұлтың қыпшақ таңбасын жақтан басады: Бұғыс, Орыс. Бұғыстан - Жолаба. Орыстан - Төбет, Құлатай, Мәдият, Қодас.
Аналары және айтыпты:
- Торы бітті бойыма, кемшілік толды ойыма, - депті. Мойын таңбалы торы қыпшақ таңбасын мойнынан басады...
Аналары тағы айтыпты дейді:
- Балық бітті бойыма, байлық толды ойыма, - депті. Қарын таңбалы қара балық атанады. Таңбасына қарыннан басады. Көсеу таңбалы Көлденең қыпшақ бар. Бұлардың бәрін бес таңбалы дейді.
Ел аузында ежелден айтылып келе жаткан әңгіме Қарақыпшақ Қобыланды батыр... Мен Қара. Сарылар Қобыландыдан бұрынғы аталары-ау деп ойлаймын. Бұл қыпшақ екеу. Бірі шайқы-бұрқы диуананың дұғасымен бір кісіден тоқсан екі ұл туған, бәрі де өсіп-өніп, ел-жұрт болған. Қытай көп пе, кыпшақ көп пе и тінген қыпшақ осы. Бұл қыпшақ моңғол татардың моңғолынан шыққан.
- Бірі арғын қыпшақтың қыпшағы, мұнан шықкан Қобыланды батыр.
Бұлтыңнан - Боғыс, Орыс. Боғыстан - Жолаба, Жолабадан -Есенгелді, Абыл, Қасым. Орыстан - Төбет, Құлатай, Мәдияр, Құдас. Төбеттен - Еламан, Қосайдар. Құлатайдан - Қосқел, Қоскелден - Карике, Нарбота, Әжібай, Асан, Әлібай, Құдастан -Жарымбет, Қоскұлақ, Еламаи. Қосайдардан - Ішкен, Қожам. Ішкеннен - Бегалы, Бегалыдан - Тілеуберді, Қожаннан - Сүйірқұл, Сүйірқұлдан - Үмбетсй, Жарылғап, Есіркеп, Егізек. Сейтімбет, Акпейіш, Айтқұлы, Көрлеуіт, Сейтімбеттен-Борбас, Көрлеуіттен - Нияз, Қожамжар, Алдаберді, Айтқұлыдан -Құттыбай, Қойбас, Жарас.
АҚБУРА
Аққошқар, Тілеулі, Жетібай, Қенже, Көкен. Аққошқардан кара Алтай. Қара Алтай балалары Мұратай, Шәуке, Байшуақ, Жарқынбай, Қарқынбай, Мырза. Шәуке балалары - Қарсұн, Керней, Бәйбері, Көшім, Шаншар, Қазыбек. Тоқалынан - Бекболат, Тасболат, Тасыбай. Қаркынбайдың бәйбішесінен - Тоқтар, мұнан Ақберген, Әйкен... Қара Алтайдың тоқалынан - Анырбай, Бөрібай, ақын Қыпшақбай. Бөбібай ақыннан - Қобылан ақын. Мұраттан - Майқы, Төлеміс, Жаныс, мұнан Әбділда. Майқының Ерке деген қатынынан -Құттыбай, Құлжан. Жетібайдан Есен тентек, Есен тентектің балалары -Айырбай, Батырбай, Қарамырза, Балта, Атабай. Айырбайдан -Шаншықұл мұның балалары – Бабыр, Қожак, Қожақ баласы -Есір, Батырбайдан - Балғабай, Қожа, Қошай. Балғабайдан -Мәдібек, Мәдібектен - Қайып, Қайыптан - Әбен, Ахмет. Бұл екеуінің шешесі Шүркей... Мұстафа қызы. Бұқабай Өгізбаймен бір туысқан. Ахмет баласы - Судыр, Мағызым. Қарамырзадан - Жиылған, онан Нәкібай балуан! Айырбай, Батырбайлар ел жайлауға көшіп бара жатқанда қорасаннан өлген. Ащы бойында Құрттыда моласы бар. Қасында Шанышқұл бар, үшеуі бір жерде...
ШӘУКЕ ТАРАУЛАРЫ
Кернейден - Елубай, мұнан туады Әбіжан, Қайке.. Әбіжаннан - Әбділда, Қарсұннан - Сырлыбай, онан Шәйке һәм Уызбай. Байбөріден - Жантас, Айтас, Қанжығалы. Жантас-тан — Тәшкенбай молда. Айтастан — Әбділда, Айділда, Айділданыц екі баласы бар, Әлжан, Айбаділда. Қазыбектен - бір ұл, бір қыз. Бұл екеуінен де тұқым нәсіл жоқ. Бекболаттан - Лекер, Шалқыман диуана атанған, хажыға бар өлген. Мұньщ баласы Ғайсабай диуана, мұнан үш бала бар... Жатар, Тұрар екі ағайынды. Жатардан тұқым жоқ. Тұрардан -Жақып, Жақыптан - Әділбай хажы, Ақшал. Әділбай хажыдан -Нұрғали. Тұрардан - алтау, үшеуінен тұқым бар, үшеуінен тұқым жоқ.
Бұл Жатар, Тұрар Қарқынбай мырзаның құлкотаны.
1721-інші жылда (ақтабан шұбырынды» болды деп «Қалқаман —Мамырда» айтқан.
Мамай тобықтының бір табының атасы. Өзі Жұмағұл баласы, Мырза Мамай екі кісінің аты. Қабекең-Кеңгірбай биге қойылған ат. Қабай делінген, Абай дегендей. Жуантаяқ тобықтының бір тап елінің аты. Қанжығалы Боқтыбайдың жасауын ұрлаған, осы Мырза Мамай екен деседі. Көп арғын шауып, талап алады деп, найман ортасына ауып барған. Солай болғаны үшін Еңлік-Кебек жұмысы болған уақытта арғынға беттей алмағаны. Сол тобықты Құнанбайдың бір шешелері Алтықатын атанған. Осы Алтықатын Өскенбайдың шешесі, Ырғызбайдың қатыны. Ырғызбай, Жігітек, Боқкөт. Бұл үшеуі Олжайдың балалары. Сондықтан бұларды үш Олжай деседі. Бірі Өскенбаи тұкымы Құнанбайлар. Бұл Ырғызбайдан бері жігітек тұқымынан. Он бір жыл Құнанбаймен қағаздасқан Бөжей шыққан, Базаралы, Бағаналы, Қарымсак, Шопандар шыққан. Бірі Боқкөт тұқымынан Соқыр Оразбай шыққан. Қаракесек Жарылқаптан шыққан Балта ақын өзінің бір немере қарындасын алып қашып, Құнанбай еліне барып, қатын қылып алып кеткен. Сөйтіп жүргенде бір күні Құнанбайдың үйіне кіріп барғанда Құнанбай былай деп өлең айтқан:
Ақ құрлар, қара құрлар, құрлар-құрлар,
Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.
Қарындасын қатын ғып алып қашып,
Ел аралап жүреді-ау арсыз мұндар!
Сонда Балта ақын айтты дейді:
Ақ құрлар, қара құрлар, құрлар-құрлар,
Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.
Баласы әкесіне балта жұмсап,
Шешең жынды қатын ғой бәдік мұңдар! - депті.
Құнанбай дәнеме дей алмапты.
Құнанбайдың үйінің сыртында тоғай бар екен. Сол тоғайдан Құнанбай бір бұрау алдырмай өсірген екен. Бір күні тоғай ішінде ағаш кескен дауыс естілген соң, Құнанбай қолына балта ала жүгірді дейді. Ағаш кесіп жатқан әкем де болса, аузын ағаштай турайын, -деп. Барса әкесі Өскенбай екен. Әкесін турай ала ма? Ұялып қалған екен. Балта сонысын айтқан дейді.
Құнанбай мен Балта ақын кұрдас, екеуінің жылы қой екен.
Қанжығалы Ішпек, Піспек. Піспекбайдан ұл жоқ, қызы бар. Ол қыздан өрбіп өнген қуандықта өр Алтай, төменгі Алтай бәрі де Піспекбайдың қыздарынан туған. Ішпектен - Қамбар, Жапар, Қармыс. Қармыстан – Есен, Бозым. Бозымнан - Әжібай, Әжім, Әжімбет. Алты атаның ұлы Әжібайдың екі атасының баласы Қаратілес, Қарабожыр, Ақтамақ, Ақбозым. Ақтамақтан - Құдайберді, Құдияр, Қара, Амалдық, Сары. Құдайбердін - Досқана, Киікбай, Малай, Абыз, Шомақ. Досқана Төлекесінің түбі - тегі қалмақ. Қарабожырдан - Мұрат, Байболат. Мұраттан Сегіз туады. Сегізден - Құнан, Байболаттан - Шыңғыстың Жұмабектері сонан тарайды. Қаратілестен туғандар тентек қанжығалы атанады... Әжікеден - Байдалы, онан Ташым, Шолан деген біреуі бар. Оның қай жерден келіп орын аларын айыра алмадық. Өтеген батыр болған кісі. Елғонды деген баланы қалмақтан алып қашып келген... Алмашының қызынан туған - Жантай, күңнен туған -Қойлыбай, Қорлыбай. Бірі қыздан туған, екеуі күңнен туған, бұларды үш жиен деп сөйлейді. Есен - Бозымның Есенінен еркек тұкым жоқ. Есеннің жеті қызы болған. Жеті қызын жеті жерге беріп, әрқайсысынан бір бала асырап алып, бала қыл-ған. Қатын алып беріп, мал малдандырып, жан жандандырған: Қоскелді, Қылтышар, Лабашы, Бошқапдай, Есіркеп, Нияз, Жолымбет. Бұлардың жеті ру атанғаны сондықтан. Ұзын оқты оннан бол, қайдан болсаң, соннан бол дегендей, онан-мұнан басы құралып Қанжығалы болды. Қанжығалы кісі аты емес, қараның ханы болып басына алтын жыға орнатқан. Сонан қанжығалы атанған деседі. Қейбір ескі сөз сөйлеушілер жауға аттанғанда қанжығалы болып, қанжығасы құр келіп көрген емес. Сондықтан қанжығалы атанған деседі. Шешесінің аты Момын, атасының аты Ақсопы, Толыбай ұранды Қанжығалы атанған. Әжібайдың баласының бірі Құдияр, Құдиярдан - Акдәулет, Келдәулет, Ақтайлақ, Қорым, Жанат. Ақдәулеттен - Алтыбасар, онан Жүндібай, Шара. Жүндібайдан - Әбен, онан Есімбай, Бесімбай. Қараның бәйбішесінен - Елібай, Сары, тоқалынан -Жәдігер. Жәдігерден - Тоқсанбай, Сатыбалды, Мәмбетбай. Тоқсанбайдың бәйбішесінен - Жанұзақ, Байұзак, Құлжан, Бертіс. Жанұзақтан - Бегайдар. Тоқалынан - Сазан, Байұзақтан -Айдабол, онан Отас, онан Еркінбай, онан Әлмағамбет, онан Аскар, Бертістеп - Тезекбай. Сарыдан - Жылкелді, Қойбас, Айбас. Жылкелдіден – Ақжігіт, онан Томан, онан Күлеп. Күленнен - Исамбай, Қожан. Асырап алған баласы қанжығалы Мұстафа. Бұл Мұстафаның өз әкесіпің аты Салпаң еді. Салпаң сарт атанған жер аты бар. Қара Мұстафаның артында нәсіл-жұрағат жок, Жақсыатта тамы бар, аты сонда қалды. Қойбастан - Тұрсынбай,Есілбай, Тұрсынбайдан – Жаманшы, Есілбайдан - Нұрпейіс, Тақан. Нұрпейістен – Тоқ, Тілеу. Қараның қара шаңырағы Жәдігерде. Жәдігердің қара шаңырағы Мәмбетбайда. Мәмбетбай төрткүл ошақ каздырып, төбел бие сойдырып, бір келімсек жігітті бала қылып, асырап алып, атын Алдаберді қойган. Өзінің екі баласын былай қойып, қара шанырағына ие қылған. Сол Алдабердіден Құттықожа, онан Мәңкебай, онан Сарыбел, онан Молда, онан Лекер хажы, онан Жақып, Қызыл алғаш келген кезде Шақшан еліне исполком председатыл болды.
Тексізді төрге шығарып,
Теңдік тимес кұлыңнан, -
деген Бұқарекең сөзіне дәл келді.
Қанжығалы ішінде сіңісті болып өсіп-өніп кеткен карақалпақ бар, Қызылқұлакта бар. Нағызынан бұта-шатасы көп. Сондықтан сүттей ұйып, қатықтай қатып тұралмады. Ең мақтаулы зоры Бөгенбай. Қанжығалыдан Бөгенбай батыр шықты. Үш жүздің баласының кәрі құлақтысынан ақымыз бардай қадалып сұрадық. Түбін, тегін білуге:
- Бөгенбай әкесі Ақша, Ақша әкесі Әлдекүн, Әлдекүн әкесі әлде кім дегеннен басқаны білмейді. Әлдекүннен екі бала Әлібск, Ақша екеуі бір туысса керек.
Ақшадан екі бала: Көлбай, Бөгенбай. Көлбай есер-еселаңдықпен бір аста Әлібектің үсті-басын майлай берген сыкылды. Сонда Әлібек айтқан екен:
- Ерке баладан жынды бала көп жақсы деген осы екен-ау. Мынау өскенде менің тұқымыма таң атырып, күн шығармас, -дегенде, Акша тұрып:
Мұны айтасың ба, үйде бір шойқара бар, тұкымын соның тепкісінде шіриді, - депті.
- Ендеше мен тұқымымды оның тепкісінде шіріт-пейін, - деп бөлініп көшіп кеткен. Сол бойымен бөлек өсіп-өніп, Көкшетаудан әрі Әлібек қараған деген жер бар, үрым-бұтағы сонда деседі.
Ол айтқан шойқарасы Бөгенбай батыр болып шығыпты. Бөгенбай батырдың бәйбішесінің аты Баяу. Мұнан туған Тұраналы, Нұрымбет. Тұрналыдан Бақан би, мұнан Саққұлак, Саққұлақтың бәйбішесінен - Бек-тұрған, Жұман, Нұрмағамбет, Бәйімбет, Талас қызы тоқалынан - Әжімбет, Нұралы, Ерәлі. Нұралы қыршын жас, болыс күнінде өлген. Сақкұлақ сонда:
- Жалғызым-ау, жалғызым,-деп зарлаған екен. Көрге салғанда Бөгенбайдан келе жаткан кәрі әруақ, қара бақі көзім тіріде сені қолымнан көрге салдым-ау деп боздаған екен. Маңайында болғандар:
Перзентсіз, баласыз емессіз, алтауы аман тұр ғой дегенде:
Орыстың оразасындай бірде бар, бірде жоқ көшпелі шіркінді не қылайын,. - деген екен. Саққұлақ өзі болыс күнінде, қыпшақ Ыбырай аға сұлтан дуанбасы екен, жұрттан жиятын алымта үшін балаларының бірін жіберіп, қасына Жаншуақтын Мұсасын қосады екен. Басқа балалары барғанда дәнеме жоқ, Нұралы барғанда жұрт:
Саққұлақтын өз баласы жаңа келді ғой, - депті.
Бөгенбай батырдың қалмақ қызы Қамырқан деген қатынынан - Жыққыбай, онан Төлеген мырза, тағы бір қалмақ қызы қатынынан кісі білмейтұғын уақ-түйек толып жатыр. . Төлеген бай, шексіз мырза болған. Ас сайын алты атанға қымыз артып барады екен. Қыстауына қырық сан тастап кетеді екен. Өзі отыз бес жасында көксау болған екен. Түні ұйқы көрмей жөтеліп шығады екен. Жөтеле-жөтеле жалығып, тірліктен безер болып:
- А, құдай, иман бер, - дейді екен. Бір қой күзеткен Бітемше деген күзетшісі аңдап келіп, тұсында тұрып:
Бердім, бердім, - дейді екен.
- Құлдық құдай, құлдық, - деп сүйсініп қалады екен. Таң атқан соң, ауыл-аймағы, балалары:
- Ол Бітемше ғой, - дегенде:
- Кім болса, ол болсын, беруші берді, мен алдым, - дейді екен! Иман алғанына берік әбден сенімді екен.
Өмірбойы катынға жатканда суға түспейді екен. Оны ұнатпағанға беретұғын жауабы:
- Бұқа бұтын жуа ма, айғыр бұтын жуа ма, қошқар бұтын жуа ма, құтын жуған оңа ма, - дейді екен. Өзіміз Төлеген мырзаны әулие ғой дейміз, ақжүрек, арамдығы жоқ.
Құдай рақмет қылсын, Шоң би қатынына қатысканда қыстай ағаш кертеді екен. Жаз шыққанда көлге түсіп, ағаштың кертігін санап, басын көлге тығып тазаланады екен. Үкібайға құдай рақмет қылсын, суға шомылумен жұмысы болмайды екен. Құрбы-құрдасы көп ортасында ұялтамын деген сыңаймен сол жұмысын айта қалса: Күнәлі болған көтімді жудым, бейіске барар бетімді жудым. Осы шіркіндер, маған мұнан артық не қыл дейді, - деп қайрып тастайды екен. Айтушы құрдасы Орманшы би Қойшыбай дейді де, айтқан жері дуанбасы күнінде Мұса мырзаның алды дейді. Қазақ орыска алғаш қарағанда Иваи Семенович деген бөлкебай келіп, Бапнаулада қала салдырып, дуан алғаш ашылғанда дуанбасы, қазы, болыс сайлаған. Шоң би дуанбасы, Тайжан қазы болған. Сонда қанжылғалы атындағы ел ойдағы-қырдағысы бір болыс болып, болыстықты алған. Киікбай Малай-Бозай баласына болыстығын жолға байлаған. Ол айтыпты:
- Жолды маған байлағандарың рас болса, мен Әжікенің Дәненіне бердім. Дәнен күндердін күнінде кімге берсе, өзі білсін деген. Сондықтан қанжығалыға ең алғаш Дәнен болыс болған. Дәнен өлерінде өз балаларына байламай, жолды Әлдебекке берген. Әлдебек болыс күнінде Ерейменнің Қызылағашында айтып отырады екен:
Осы Қызылағашқа Қараөткел, Ақкөл, Құрман, Доғалақ үшеуі бірдей. Үйден шыққан күні Қараөткелге де қонаға барамын. Ақкөлге де қонаға барамын. Құрма-Доғалаққа да қонаға барамын деп. Әлдебек өлерінде болыстықты Дәнен балаларына байламақ болған. Мұстафа деген баласы тілін алмай, өзі болған. Соған өкпелеп Қанжығалы екі айрылған. Жетіру мен Әжібай Баянаулаға қарап қалып... қарабожыр, тентек қанжығалы Ақмолаға қарап кеткен. Қанжығалының қак жарылған жері сол.
БӘСЕНТИІН, СЫРЫМ
Мен өзім Павлодарда тұрдым. Қерекудің ол жақ, бұл жағына қатынап жүрдім. Шежіреге жүйрік, ата білетұғын жанды таба алмадым. Бұрын жазып алып жүргендер кім көрінгеннен сұрап, айтқанын жазып ала берген. Менің сұрыптап, ақ тарыдай ақтарып жазғаным осы.
БӘСЕНТИІН
Ақмайдан, Бекмайдан, Тоқмайдан. Ақмайданнан - Көкшекөз, бұл Көкшекөзден - Бәйімбет, Жолымбет. Бәйімбеттен - Бейсен, Жаманай,
Қоянбай, Көшен, Шөрек, Таңатар.
Бейсеннен - Таз, Бөкі, Шоқан, Өтен, Матай. «Бейсеннің бесеуі» делінеді. Матайдан - Қаржау, Өмір, Қойбақ. Бұл Өмір би қара қылды қақ жарған, ауыл биі болып атағы шығыпты. Мұның бір қара төбеті болыпты, төрінде жатады екен. Төрт аяқты, қайқы құйрықты болғаны болмаса, ит деп айтуға бір жанның аузы бармаса керек. Өмір би:
- Құтым, кұтым, - дейді екен. Сонан «Құтым» атанып кетсе керек. Бір күні өзінің де, сөзінің де бір бас-тас биі қонып отырып сұрады дейді:
- Мұны мұнша ардақтап ұстағаныңыз қалай? - деп.
Сонда Өмір би айтыпты:
Бұл ит емес, ырыс. «Жеті қазынаның бірі» деп айтылған анық осы. Бұл жазғытұрым мал төлін төгіп жатқан кезде жас қозыны, жас лакты, жас бұзауды, жас кұлынды, жас ботаны алып келеді. Алып келгені мал болып өсіп-өніп малға қосылады... Жалғыз-ак бір басты, екі аякты адам баласын алып келген жоқ депті. Осы сөзді айтканнан кейін кара төбет жоғалып кетіпті. Бір жұма-дай жок болып кетіп, бір жас бала алып келіп, еркелеп тұр дейді. Өмір би:
- Бұл Құтым алып келген «Құттыбайым» деп ат койған. Сол
Құттыбай өзі өсіп-өніп, Қаржауды көбейтіп, берекелендірген осы Құттымбай деседі. Бәйімбеттің жолымбетінен - Маңдай, мұнан Сәміке. Майданда оқ шашқандай от шашатын сырттаны Бәсентін, ер Сырымбет атанған батыр осы Сәмікеден шыққан. Кешегі Жәңке де, Нұрташ молдалар да осының ұрпағы еді. Жаманайдан - Қайсары, Қозыбак, Ырысбек, Сағанай, Тайлақ... Ырысбектен - Шақабай, Қарабатыр, Бөкебай, Шақабайдан - Жәнібек, Әйімбет. Жәнібектің Кейкі деген бәйбішесінен Сарықұл, Айқұл, Байқұл. Қал-мақтан өзі барып олжалап алып келген тоқалынан Сорыпкел, Манамбай, Айқұлдан - Жаманбай, Мұса, Боқтыбай. Жаманбайдан -Тасболат... қара Мұса атанған. Мұнан Омар, Имаш, Жәнібек батыр. Бір барған жолында қалмақтан екі қыз, қырғыздай бір бала алып келген. Екі қыздың бірін тоқалдыққа өзі алып, онан Манамбайлар туған. Біреуін қойсары Банқожаға байлап, ол Банқожа асырап алған баласын Қалқаманға косып, қара шанырағыпа не болатұғын жалғыз баласы Жұмағұлмен еишілес кылып, кара шаңырағына ортақ қылған. Жұмағұлдан Ақжан, мұнан Жүсіп, Қалкаманнан - Байтілеу, мұнан Әжібай, мұнан... Сүлеймен хажы. Қырғыздан алып келген баланың аты Бертіс, онан Күреңше туып, онан Олжабай, Олжабайдан - Айтбай, Айтбайдан - Сейіт, Ахмет. Он шақты үй бар шығар. Кімсің дегенге Ырысбек, Манамбай аулыныкіміз дейді. Сүлеймен хажыдан кімсің дегенде Қойсарымыз дейді. Өзі Қалқаманның тұқым-жұрағаты.
Молда Мәшһүр Жүсіп Көпейбаласының жинаған сөздері Маған көктен Жебірейіл періште рухы келтірген жок. Қағаз жүзінде жазылған қазақта шежіренің нұскасы жоқ. Естіген кұлақтың жазығы жоқ... Естігенімді жаза бергендіктен шежіреші атандым. Керекуге жиырма бес шақырым жерде Құрман тұзы деген тұз бар. Сол Құрман Қыпшак екен де, өзі мейлінше бай болған екен. Жылқысының есеп-санын өзі де білмейді. Жалғыз баласы болыпты. Күндердің бірінде салт атты, сабау қамшылы, бір бөрі тонды, бөрте атты жігіт келіп, бала болыпты. Малға шын жаны ашып қарағандықтан жылқы билігі сонда болыпты. Байдың жалғыз баласы сері болыпты. Он жі- гітпен жүреді дейді. Жазғытұрым бие құлын төгіп жатқанда бай баласы жылқы аралапты. Жаңа туып жатқан қара құлынды сойып, терісін ала беріпті. Осы жүрген он бірімізді де бір түсті қылып қара құлын жарғақ киеміз деп. Бөрі тонды, бөрте атгы жылқышы мұны көрген соң, іші күйіп жылап, долданып байға келіпті:
- Бай, маған батанызды беріңіз, малға менің иелігім болмады. Мына қорлықты көріп жүргеннен өлгенім артық деп... Бай жалынып-жалпайып тоқтата алмайды:
- Мен риза, құдай риза, осы жылкының қақ жарымын ал, -депті.
- Жоқ, бай, бір тай да алмаймын, батаңды бер, - депті.
- Жоқ, балам, донеме алмай кетсең, бата да бермеймін, ризалығым да жоқ, - депті.
- Олай болса, теңбіл көк сәурігіңді бер, үйірінде бес байталы бар.
Соны үйірімен берсеніз, шын батаңызды бергеніңізді сонан білемін, - депті.
- Уа, шырағым, маған құт болған, қыдыр болған, көбікті көктің тұқымы еді. Өзімнің аузымды көбікті саумалға тигізген жануарым еді. Мал қадірін білмеген қу жалғызға болғанша, мал қадірін білетұғын сенде болғаны жақсы, - деп, батасым берген екен.
Байдың батасын алып, алты тұяқ жылкымен Ертістің бер жағына өтіп, Апай деген жесір қатынның қызын алып, онан бес бала туады: Келден, Қыстау, Қақа, Сатыбалды, Жаңбыршы. Малы да, басы да өсе бастайды. Жоғарыда айтқан малдың «Көбікті көк» атанып жүргені биеге шапқан айғырдың қасасынан ақ көбік шұбалып, үзілмей ағып тұрады екен. Соны Бөрі өз алақанына тосып алып, балаларына әкеліп жалатады екен. Бір баласы жаламайды екен. Сол жаламағанның ұрпағы ана төртеуіндей болмады деседі, жарлы-жақыбай, өсімсіз-өнімсіз болды деседі. Жесір қатын Апай атанған - Қаракесек қатыны еді деседі. Байы өлген жесір қатын үй-отанымен, қаракұрасымен төркініне келген. Артынан Қаракесек іздеп, келіп, бұрын да тапқан балашағасы болса керек, екіқабат кетіп еді десе керек. Ер ұл тапқан екен де оны бөтен бір жерге асыратқан екен. Екіқабат келмеді деп, жан беріп, нандырып алып қалған екен. Қаракесек көзі бар балаларды алып қайтыпты. Жесір қатын байсыз отыра ала ма? Бұл Жақта тиген байынан бала туып, «Апай, Апай» аталған атпен руым-бұтағы «Апай» атанып, Апаймен Бөрі оттас, ораздас болып кеткен. Біздің жақта тұрған биік Бөгембайды сол Апайдың ауызынан туған бала осы дейді. Мұның рұмбұтағы осы Баянаула бауырынан жаңада кетсе керек. Бөрінің бел баласы Келден қыстауы екен дейді... Баянаулада бір асуды Қазанғап асуы дейді. Бөріден шыққан, атағы жер жарған Қазанғап қыстаған жер дейді. Көп арғынның жолаушылары келе жатып он екі жасар бір бала тауып алады. Бәсентнінге байлайды, сөйтсе ол бала:
- Қожант шәһәрінікімін, хан баласын ойнатып жүрген балалар едік, ортамыздан хан баласы суға кетті. Сонан соң барсақ бізді хан өлтіреді ғой деп, тоз-тоз болып, жонға қашып шығып кеттік. Түбім-тегім түрікпен еді деген соң, Бәсентиін бала қылып алыпты. Мұнда келген соң, жерінде көрген өнегесі болған соң, балық аулайтын бала болып, «балықша түрікпен» атанып, күні бұл күнге шейін тұқым-жұрағаты, ұрпағы бар дейді. Және келе жатып бір жас сұлу қатын тауып алыпты. Соңына еріп жүрген бір кішкене баласы бар дейді.
- Бұл балаң кімдікі? - дегенде:
- Өзімнің күшігім, - депті.
Ол қатынды да Бәсентин алыпты. Қойнына жатқанда буаздығы білініп:
- Бұл қалай? — дегенде:
Бұл жанға айтпайтұғын сырым, - деген екен. Сол баланың атын Сырым қойған екен. Осы екі бала қатын алып, өсіп-өніп, бірінің тұқымы «Күшік» атанып, бірінің тұқымы «Сырым» атанып, ел-жұрт болып кеткен. Күндердің күнінде осы қатынның артынан жоқшы келді дейді. Белгілі - байы жоқ, қыз күнінде бала тауып, тағы буаз болған соң, өз үйінен өзі ұялып, қашып шығып кеткен екен. Белгілі байы болмағандықтан ешкімнің де сөзі болмады. Қатын да, екі бала да Бәсентин олжасы болып қала берді дейді. Сырымнан тарайды: Танаш, Жабық, Мұрат. Мұраттан тарайды: Дөнен, Сегізбай, Сасык, Бестібай, Теңізбай, Алтынбай. Жабықтан тарайды: Болай, Самай. Болайдан - Тілеу, онан Өтебан. Самайдан - Сексенбай, Тоқсан, Досым. Тоқсаннан -Қара, Қысырау... ...Самайдан Досым, мұнан Тоқтауыл батыр, мұнан Малайсары батыр, мұнан Тілеуқабыл, мұнан Бесмолда, мұнан Арап... мұнан Омар... Малайсары батырдың тоқалынан Жолдыбай, мұнан Садақ, мұнан Қашқын, Қозғанбай, мұнан Тұран, мұнан Қабдімжас жігіт балалы-шағалы. Самай баласы Досымнан - Төлебай, мұнан Нарымбай, мұнан Ыбырай, мұман Қыстаубай, бала-шағалы Керекуде тұрады. Сырымның көбі Жабық болады. Қазанғап баласы Дөнентайлар. Бұлар да Досымнан. Қысыраудан... Сырым... батыр болған, мұның балалары Байжан, Бекше батыр. Байжаннан... Әлтік, Қозыбақ, Құдайкұл, Қосай. Бекше батырдан -Төпек батыр, өзі жалғыз туып, қара жарғақты, күрең атты атанып, қыршын өліп, тұқымсыз кеткен.
Күшіктен - Жылқайдар, Итемген, Қангелді, Қайып, Кенжебай, Бәйімбет. Мұраттан - Аралбай, Бәйсейіт, Жауқашар, Жаубасар. Аралбайдан - Тоқпан, Ақпан. Бәйсейіттен - Барақ, Жабағы. Жауқашардан - Сарымырза, Баймырза, Жаубасардан -Тілеуберді, Қуат, Саржан. ЬІрыкұлдан - Шыңдауыл, мұнан Қошқар, Мойнақ. Төрт сары тоқпан ұрпағымыз дейді. Тоқмайданнан - Қатыс, Қатыстан - Мандай, Тілмәмбет. Мандайдан - Айты, Есенгелді, Андас, Келдес. Андас бір жаугершілікте буаз қатын олжалап алған.
Кімнің қатынысың, - дегенде:
- Сарай Кентте Сарыабыз деген атақты кісінің қатыны едім деген.
Іштегі бала ер ұл болып туған. Бұл иманы толық жерден бітіп келген бала деп атын «Иман» қойған. Алтын Орда атанған Жошы ұлысының үлкен ханы тұратұғын орын екен. Ноғайлар оны Сары кент дейді екен. Бұл Сарай Кент бұл күнде Еділ суының бойында, Аштарқан мен Саратыптың аралығында, Тысарып деген қала. Иманнан - Өкей туады. Өкейдің бәйбішесінен - Есенбай, Есенбайдан - Бағай, Серкебай. Ортаншы қатынынан -Тілеуберді. Тоқал қатынынан - Дәулетбай туады. Дәулетбайдан -Тілеуқабыл батыр туады. Тілеуқабыл деген аты қалып «Батыр» атанып кеткен. Бұл батырдан - Түгелбай, Құндакбай, Серкебай, Еділ, Еркебай, Қабанбай. Түгелбайдан - Құрамыс, Құрамыстан -Сәрсен, Сәрсеннің бәйбішесінен - Тұрсынхан, тоқалдан -ЬІсмайыл, Самарқан, Тұрсынқаннан... Тілеуқабыл батырдың тұңғышы - Ақша, мұнан Дәріпсәлі, мұнан Таңатар, мұнан Жүсіп, Қали молда, мұнан ақсақ Қамит... Иманнан Жирентай, мұнан Орал, Байқұлақ. Бұлардың заманында қалмак шауып, тоғыз салт атты, сабау қамшылы найманға қашып барып, онда да қалған, мұнда да келгені болған. Бұл Орал, Байқұлақ тұқымын Боранбай деседі.
Иман десе Иман екен. Ат - арыстан, нұр бейістен хақ сөз.
ОРМАНШЫ ТАРИХЫ
Сүйіндіктен - Оразгелді, Сұғыныш, Сұғыныштан - Шұманақ, Мәжік, Шұманақтың қатынынан аты Жолбике. Мұнан үш ұл туады: Жанболды, Құлболды, Жолболды. Жолболдысы -Орманшы. Орманшының үш баласы: Өтек, Қайдауыл, Тілектілес. Бұл соңғы ат қалып, «Қасқыртұмақ» атанып кеткен. Өтек өзі Орманшының тұңғышы екен, екі інісіне қатал болған. Ел көшкенде бөтекесі шайқалады деп бүркітін жаяу алғызып жүрген. Өтек балалары: Жаксылық, Қарабай, Шобалай, Бағай. Жақсылықтан - Сұңқар, Байғұл, Алакөз, Әлімбет.
Қасқыртұмақтан - Ақпан, мұнан Шақұлан, Қосан, Қойбағар, Күшіген. Қайдауылдан - Есенқұл, Мәуке. (Мәуке қатын аты, өзі тоқал қатын) Есенқұлдан - Бекқұлы, Тоққұлы. Ак-кұлы. Беккұлыдан — Нарторы, Ақсары, Шотана, Нар-бота, Тайгелді, Ес,, Дос. Аккұлыдан — Акбике, Балға, Есенәлі, Деріпсәлі, Бармак, Қыдырәлі. Мәукеден — Қеспелік, Түрмелік, Елік, Сакау акын осы Еліктен шык-кан. Қарағайлы келі Нұралының «Қарасуы» атанған. Нұралы Өтектен шыккан. Оның ұрпақтары Байсақ баласы Балкожалар. Отырған жерін Тайбай көлі дейді. Ол да орманшы Қайдауылдан шыққан.
КЕРЕЙ ТАРИХЫ
Көрсары, Ақсары. Төрт сарының нәсіл-жұрағаты орысқа қараймыз деп Алатау, Алтай тауларынан асып кеткен. Олар бұл күнде Қытайға карап қалды. Мейлінше бай болған, бодамсыз керей атанады дейді. Көрсары. Аксарыны Тұрлыбек Ақмола обласына орналастырған. Көксарыдан - Есбол, Есепәлі, Есенәліден-Құдайкұл, Құдыс, Жібек. Құдайкұлдан Құданберді. Жібектен - Жаңбыршы, Жәнібек. Мұнан - Жаңғабыл, Досай туады. Соқыр Жаңғабылдан алтау туады. Бірі - Сүйінбай, Сүйінбайдан - Ақыл бес ағайынды болған. Көтібақ баласы Қызылтауда туғандықтан атын Тау қойған. Ақыл сексен ішінде туғандықтан атын Ақыл қойған. Өз замандарында Ақыл, Тау атанған.
Ақылдан тоғыз. Бәйбішеден - төртеу, тұңғышы - Асаубай.
Асаубайдың кенжесі Бәзіл хажы атанған. Қыстауы Сілетіде, Ешкіөлместе. Бәзіл хажыдан Ғұбайдолла, Бопкен. Бопкен балалары — Жиіпалла, Нұрхамит. Бұл екі баланың қара орманын сыпырып алып, Ғұбайдолланы Омбыға, Бопкенді Семейге жер аударған. Бұл Бопкен Семей барамын деп Қызылтау бауырында атын ұрлатып, жаулап қайтып, Ескелдіде отырған, құдай рақмет қылсын, Мәшһур Жүсіпке кез болып: Қатын-балаңды тауып ал,- деп бір шабдар атты басы-байлы өзінікі қылып мінгізіп, қоя береді.
Сол Бопкен айтты:
- Қозғаннан шыкқан Түйте тәуіптің моласы біздің қысты күнгі қотанымыз, - деп. Үстіне ағаш шыққан, шеңгел де шықкан. Ағаштан жасаған моласы бар. Бұл күнге шейін тозған жоқ, құлаған жоқ, - дейді.
БҰҚА, КӨБІР ТАРИХЫ
Бәсентиін ішінде Бұқа, Көбірміз дейді. Бұка, Көбір кімнің баласы десең, әкесінің атын жан білмейді. Көзімен көріп, қолымен туғызып алған ешкім жоқ. Айтушылардың айтуы: Бұрынғы зымандарда Бұкар, Самаркан хандарының біреуінікі болса керек. Татарбай деген құл екен (Сол кезде асбашыларын Бөгеуіл дейді екен — С.Д.). Бұл құл сол ас жасаушыларға қожайын екен. Қазынаға қиянаты білінген соң:
- Елге-жұртка жолама деп, жер аударып жіберіпті. Ол заманда жер аударғаңда Сырдариядан әрман өткізіп тастайды екен. Қаңғып жүріп, жеке-саяқ бір қаңғып жүрген қатын кез болып, екеуі қосылып, ерлі-байлы болып жүргенде буаз болып, егіз ұл тауып, бірінің атын Бұқа, бірінің атын Көбір қойыпты. Екеуі ержеткен кезде бір қоңыр бұқалары болып, үйде ол артылатын сиыр жоқ, қаңғып кете беріпті. Ол кеткенде бір тауды жатақ қылып, соған бара, беретұғын болған соң, сол тау «Қоңырбұка» атаныпты. Басқа сиыр жоқ, өзі жалғыз бұқа болған соң, бір кесу білетұғын жан кез болған. Соған кестіріпті. Бұқаның ені жалғыз екен, оны:
- Мен пісіріп жеймін, - деп бірі айтыпты.
- Мен пісіріп жеймін, - деп бірі айтыпты.
Өзді-өзі төбелесіп, айырып, арашалар кісі жоқ, бірін-бірі көргісіз болып, бірі Сырға, бірі қырға қашыпты. Бұқа қырға қарай қашып, жолдан бір қатын килігіп, ерлі-байлы болып келе жатқанда жұртта қалған бір қара күшік еріп Сарыарқаға келіп, Бәсентін, Маңдай, Бәйімбеттің малының өрісіне, балығы көп бір суға жатақ қылып, қамыстан кепе қылып жатып алыпты. Қара күшік төбет болып, бұларға түн болса тамак тасыпты. Майды қарнымен, ірімшік-құртты боғжамасымен әкеліп, бұларды ас-су, тамақтан тарықтырмапты. Малшы-құлшы көргендер елге айтып, Маңдай, Бәйімбеттер әдейі келіп көріп:
- Сендер бүйтіп елсіз-күнсіз жатпаңдар. Елге келіңдер, жылқының даяр қосы бар. Соны баспана қылып алыңдар. Өзіміз жылқышыға жаңадан қос көтеріп аламыз, - деп елге алып жүрді.
Қазақтың ас-той деген мерекесі болады. Асқа барайық деп жатырмыз, біздің басы артық ер-тоқымдарымыз, басы артық киімдеріміз болады. Қолыңа тигенді басы бүтін өзімдікі деп ал, өзімдікі деп ки, - деп атқа мінгізіп алып жүрді. Асқа бара жатып, Маңдай, Бәйімбет мұны қайсысымыз қарабауыр қылып аламыз десіпті. Екеуміз екі бөлек түсейік. Атын қайсысымыздың мойнына байласа, байлау сол болсын десіпті. Бұл Бұка барып түскен жерінде атын Маңдайдың атының мойнына байлап, Маңдай меншіктеп, қара бауыр қылып алыпты. Бұқадан - Майемер, Майемерден - Тауасар. Бұдардың түпсіз-тексіз екендігі мынадай жағдайдан білінеді. Тауасар өлгенде шулап жылайтұғын ағайын жоқ. Үш күн жаназасыз жатыпты. Кім болса, ол болсын, бір жолаушы:
Мен жаназа шығару білемін деп, құран оқыпты. Сонда оқыған дұғасы мынау:
- Мұның тегі Бұқа еді,
Бұқа шабы жұка еді.
Өзің-өзің, өзіңе,
Өзіңдікі екі қара көзіңе!
Бар, Тауасар, бара бер! Жаназаңды кеше оқыған мен, -депті.
Тауасар жаназасы Бәсентін ортасында күлкі болған, мұнан да әдемілеп айтушылар бар еді, өліп қалды. Сол Тауасардың алтау-жетеу туады. Біреуінің аты Рамазан, Рамазаннан туған Жақай. Жақай ахұн атанып, ескі законда мүфти - хазіреттердің бір елге сайлап қойған ахұны болып, ақ дегені алғыс, қара дегені қарыс болып тұрған күнде: байымен араз болып қашып барған қатындарды қазақта неке жоқ деп, пара алып, босатып жібере берген. Жұртқа аты шыққан атақты бай уақ Нүркін байдың қызы Зылиқаны Қасқырбайдың Жақсыбайы алып қалыпты. Нүркін байдың бел баласы Түйте дуанбасы, Балтасы Семейде болыс... Кереку Баянаулаға қарайды. Мұса дуанбасы, Секербай қазы. «Қазақта неке жоқ» деп Жақай ахұн бұрынғы байынан айырып, өзі некесің қиып Жақсыбайға қосқан Зылиқаның өлеңі:
Кигені Жақсыекемнің жасыл шапан,
Бір кезі бес теңгелік асыл шапан.
Арасын Омбы, Семей ойнақ қылған,
Бозбала қалай екен Зылиқа апаң.
Зылиқа жаңа піскен қызғалдақтай,
Омбының ауырыпты шайы жақпай.
Петербор, Омбы, Семей арасында,
Қыз тумас әр қатыннан Зылиқадай.
Ар жақтан Секербай мен Мұса келсін,
Жақсыбай Қасқырбаймен қоса келсін.
Некемді мен Жақайға қидырған соң, .
Законды жаман уақ қайдан білсін.
Базардан алып келген тәуір кебіс,
Мұсаке-ау, айналайын маған болыс.
Балға ағам, Түйте ағаммен барып келген,
Жандарал Котковский қоймақ емес.
Тұсынан қара қала қайық салдым,
Дұшпаннан құтылдым деп көңіліме алдым.
Тас ауыр түскен жерге дегендей-ақ,
Қолына Нүке мырза келіп қалдым.
Зылиқаның өлеңі деген өлең бір қиссадай еді.
Қазақта неке жоқ деп байынан қашып барған қатынды пара алып, босатып жібере берген соң кісі қазақ болып өспеген. Сол замандағы Мұса, Секербаймен замандас ақсақалдардың аузында әңгіме болған:
Түбі-тегі қазақ еместігі ғой, - деп.
Ырысбек, Манамбай деген ақсақал айтып отырады екен:
Жаназасыз қалған Тауасардан туған, қоянға құрык жіберген жаман Рамазанның баласы-ай, Өзімнің үйдей ақ өгізімді ұрлап сойып, төлеу төлеген Жақай еді. «Әфтиектен алты қағаз оқыдым», - деп, жұрттың төбесіне ойнақтап кетті-ау деп атырады екен. Ол сөзінің мәнісі Рамазан баласы Жақай жас бала күнінде қашып кетіп, Көктеректе Олдан хазіретке қызмет қылып әфтиек оқып, оқығаны бойына майдай жұғып, құлағына тиген сөзді жатқа ұғып алып, қазақ ішінде ол күнде молда бар ма, қожа бар ма? Жалғыз қара болып көзге түсіп, ауызға ілініп, жұрт орысқа алғаш қарап, дуан ашылғанда мұфти, хазіреттеріне ахұн сайланып, Жақай ахұн аты көтеріліп, кеткен «Қазақта неке жоқ» деп ноғайдан болған указдармен қатындарды байынан айрып жібере берген соң, тамам дуанбасылар: бізге ноғайдан шыққан мұфтидің указының керегі жоқ деп. Қазақтың мұфтиден шығып қалғандығы осы. Сонан соң дуанбасылар Жақайдың өзінен құр жауап алған. «Қазақты Бұкар, Тәшкент қараңдар» деп азғырып, материал жиып жүр деп. Онысы да өтірік емес, Тәшкен Түркістанға кетіп бара жатқан жерінен ұсталып қалып, қыс ортасы кезде Баянаула қаласына алып келген. Сонда біздің әкеміз Көпей бір самаурын шай, бір табақ ет алып барған. Біз өзіміз сонда оқу оқығаннан басқа түк білмейтұғын баламыз. Сонда Жақай айтыпты деуші еді:
- Орыс барып ұстап алғанда басымда дағарадай сәлдем бар еді.
Жиған-терген материалдарымды сәлдемнің астынан қабаттап орап алып едім. Кәне, сәлдеме қол тигізші деп қарап тұрдым. Сәлдеме қол тигізе алмады. Қойны-қойшым, қалта-салталарымды тінітті, дәнеме таба алмады, - деп еді. Закон бұйрығын Баянаулада жасап, Мұса, Секербайлардың көз алдымда өз үйінен олай-былай шықпасқа қолынап хат алып, Баянауладан әтірет-солдатпен үйіне апарып, қайт деп жөнелтіпті.
Мұса, Секербай заманындағы қариялар айтатын:
Жақай ахұнды қоянға құрык жіберген жаман Рамазаннан осындай бала туушы ма еді? Бұл Қойсары Балтабай төренің баласы ғой, - деуші еді. Қаржастың шын аты Олжакелді. Асықтың қаржауына түскеннен қаржас атанған. Үш баласы болған: Алтынтөре, Құлыке, Бегім. Құлыкенің балалары: Ойымтелі, Телітентік атанған. Бір аяғы ақсак, балдақпен жүреді екен. Бір күні Телітентік жылкы суғарғалы бір құдыкка барса, бір жас келіншек - қатын кір жуып отыр екен. Телітентектің тентек ойы ауып кетіп, тарпа бас салыпты. Сөйтсе ол қатын Бегімнің қатыны екен. Бегім өліп, бір баланың анасы болып, жесір қалғанда баласының аты Сатылған екен. Қатын буаз болып, буаздығы білінген соң, Телітентек басыбайлы қатындыққа алып, Анай туған. Сатылған да Анай да Телітентектің баласы болды. Сонан соң Телі бұл екі балаға бес-бестен он қатын алып берген. Анайдың қалмақ қызы қатынынан - Жәдігер, қазақ қызы қатынынан - Нияз, сарт қызы қатынынан - Құл, Қозған... Сатылғаннан да бес бала болады. Жансары, Таңат, Қоныс, Мәмбет, Тілеуімбет. Сатылғанның ең тұңғышы Тілеуімбет. Өзі тұңғышы болып, аты Тілеуімбет болса, онбайды. Бұл Тілеуімбеттен - Қожамқұл, Қошарбай. Біреуінен Тәстен, біреуінен Дулат. Жұрт бұларды Қарақалпақ деседі. Тәстен, Дулат, Қарақалпақ үшеуі бір кісінің аты дейді. Екі кісіден естідім, бірі Қожан, Масақтың бегі, бірі Құдайбергеннің Жүсіпбегі.
Бұларың кім дегенге:
- Пұсырман, Сағын, Тоғайбай, Тоғалақтарды Бақтыбайдың ұзын Жұмашы деседі. Айтушылардың айтуы: «Келін-кепшікшіл болып, дулата берген сон, «Дулат» атанып кеткен дейді.
Таңаттан - Батырбек, Аманбек, Тауасар. Батырбектен - Өтеу, Жасқылыш, Тауасардан - Қосағал, Қоске, Қожаберген, Қожамберді... Өтеуден - Найзабек, Ермек, Қелдібек. Найзабектен - Үкібай би, Ермектен - Қуандық, Еркебұлан. Қуандықтан - Құдайберген, Еркебұланнан - Жантым хажы.
Қожабергеннің сексен жасында таптырған баласын көрдік, аты Сексенбай еді. Сатылғанның бел баласы - Қоныс, Мәмбет. Оның Қонысы Сарысадақ Қоныс атанған. Садақ тартымпаздығына мақтанам деп, «Ақтабан шұбырынды» жорығында бала-шағасымен қырылып қалған. Майлыбай деген баласы о да қырғынға ұшырап, екі немересі қалған: Есенаман, Жарқын. Есенаманы бұл күнге шейін бір ауыл, Жарқыннан - Бақыр, Қазан, Мұрынбай. Бұлардың ұрпағын Жұман балалары дейді. Мұрынбайдан -Қоймас, мұнан Сұлтанбек, Сұлтанбектен - Ысмайыл, Әмірбек -Қартқожаның нағашылары. Есенаман, Жарқынның моласы Шідертініц бойында, Қарайғыр шатында, Қаракесек Асан, Ордабай, Ақкісі моласының қасында. Олармен бірге Көстеннің бел баласы Қазыбайдың қарамоласы бар. Өзен жағында, анадайдан оқшау көрініп тұрады. Қаракесек Қожантай тамы бар. Қарайғыр кісі аты, уақтың бір атақты батыры екен деседі. Өтеу, Найзабек, Ермек үшеуінің моласы Қарайғыр шатындағы бір төбенің басында. Жанқылыш балалары: Домбы, Жомбының көтеріп, апарып қойған тастары бар. Бұл заманның арбасы көтере алмас, өгізі тарта алмас.
Күні кеше Ермек баласы Құдайберген марқұм бәрін гулетіп айтып отырушы еді: Қаракесек Жолшора тамы Далбаның сыртындағы Жайма ақөре деген жерде деп. Далбаның сыртында, Шаңтимес, Ханқашты деген жерде Тіленші тамы, Алшыбай тамы бар деп. Далбаның бауырында, Құрың деген жерде Қарашор Бақыл байдың қарамоласы бар... Шідерті бойында Анай тамы бар, Жаман шатта қаракесек пәленше бар, Қожан да Қаракесек, Қара Шордың Шорынан. Қожан тентек атанған. Жарлыкөлде Жарылғап, Қойсоймас, Жоламан бар деп. Ащы бойындағы Ақмолада қаракесек Анай тамын, Бертіс, Үкібай тамын, Ақмоланы үшеуін қалаған бір кісі. Кірпішінің қалыбын Алшынбайдың моласы Тоқсанбай шапқан дейді. Шығарушы Аймауытов кітап болып баспаға бастырылған Қартқожа шежіресін сөйлейік: Қаржастан - Құлыке, Құлыкеден - Ойым. Тілейдің Ойымынан Жанат, Жанаттан - Өтен, Баян. Бұл Баян жеті ағайынды. Біздің өңгеміз Жиделібайсында қалдық. Біз сонан келгенбіз деседі. Баяннан төртеу: торала атты Досбол деген баласы қоныс қарап, жер буған. Далбада қотыр қызылтау делінген тауды, Қарақуыс деген жерді бәрінен бұрын келіп буғандықтан Баян ұрым-бұтағы күні бұл күнге шейін сол жерді қоныс қылған. Баянның Асан деген баласы есті тентек емес, есер тентек болған: Сен жерді сұрағанға беріп, көрінгенге үлестіресің деп, әкесі Баянды көрмеймін деп, ант ішіп, Жиделібайсынға кетемін деп, Қызылтаудың сыртына, үш сала деген жерге барып отырып алған. Әкесі баласын сағынып, көремін деп барса, жонға шығып кетіп, етбетінен түсіп жатып алған. Сонан соң әкесі ыза болып: Мұндай баланың барынан жоғы жақсы, - деп, ту сыртынан өрт салдырған, өртеніп күйіп кетсін деп. Айналасының бәрі өртеніп, Асанның жатқан жері өртенбей, күймей аман қалған. Соны көзімен көргендер айран-асыр қалған. Асан: Мені мыналар жатқан жерімде өлтіріп тастайды екен, - деп, Жиделібайсындағы ағайыныма барам, солай кетемін деп, салт атты, сабау қамшылы жалғыз басы қаңғып кеткенде, мұндағы үйін, мал-жанын жау шауып, тып-типыл қылып кеткен. Асан өзі төрт ағайынды болған. Өзінен төрт бала қалған. Бірі — Тоғамбай, біреуі Төтенқара. Төтенқарадан үш бала, бірі Жанан. Жананнан — Қартқожа, өзімен туысқан бір ағасы өлген. Онан бір бала бар. Өзі осы биыл 1927-інші қоян жылында отыз екі жаста. Желдітаудың бөлек желіндей өзінде жел де бар. Асандікіндей күшті жын да бар.
БҰРЫНҒЫ ЗАМАННЫҢ АДАМДАРЫНЫҢ ҚАНДАЙ ЕКЕНІН ТАНЫТУҒА СӨЙЛЕГЕН СӨЗ
Күлік баласы Тілеуімбет, мұнан туған Күнту, мұнан туған Жанайдар.
Бұл Жанайдар Абылай хан заманында жас бала, жұрт аузында «Жақсы Жанайдар» атанған.
Сол замандағы Инжарәй Шәріп ханы арқадағы Абылай ханға елші жіберген:
- Май қатығын тауып берсін, - деп. Сонда Абылай хан күлік Жәнке батыр биге кісі жіберген:
- Бір ауыз сөзіме жауапты түзу тауып берерлік жан тауып жіберсін, - деп. Сонда Жәнке батыр би өзінің сынына келгендіктен он төрт жасар бала - Күнту баласы Жанайдарды жіберген. Сонда Жанайдар Абылай ханға:
- Алдияр, - деп кіріп барғанда, отырғызбастан сұраған:
- Балам, май қатығы не болады? - деп. Сонда Жанайдар кідірместен жауап қайтарған:
- Бұрынғылар айтпап па еді, халық айныса хан түзейді, май айныса түз түзейді. Халық қатығы ортасындағы ханы болады да, дүниедегі тәмәм тамақтың дәмін кіргізетұғын май қатығы тұз -дағы, тақсыр, деген.
Бұл сөзден Абылай хан білгені: Бұкар ханының өзінен тұз сұратқандығын. Үш жүздің баласы қазақтан түйе жидырып, қырық би және Жанандарды атшы қылып қосып беріп, көп тұз тиеп жіберген. Барған қырық биді Бұкар ханы сыйлап күтті.
Қайтар кезі болғанда Бұқар ханы сұрады:
- Абылай артық па, мен артық па, - деп. Қырық би айтты:
- Сіз артықсыз. Сіздің тегіңіз де асыл, сіздің жеріңіз де асыл. Өзіңіздің асылдығыңыз Бұхардай шәһерде, алтын тақтың үстінде, сарыала алтынға малынып отырсыз. Жеріңіздің асылдығы сіздің жеріңізде етікпен намаз оқуға жарайды десті. Бұқардың ханы сұрады:
Абылайдың осы отырғандарыңыздан басқа жіберген кісісі бар ма еді? -деп. Қоста бір атшы бала бар, он төртте, - дейді.
- Ендеше соны шақыр,- деді. Шақырып келді. Бұқар ханы айтты:
- Әй, балам, мен артық па, Абылай артық па? - деді.
Бала айтты:
- Абылай артык,- деді. Бұқар ханы:
- Абылай менен қалайша артық болады? - деді.
Бала айтты:
Абылай атасы садағын сағымға көтерткен. Нұрдан пайда болған. Сіздің атаңыз Ақмаңғыт, Тоқмаңғыт. Біздің қазақтың балалары ойнағанда: «Маңғыт, аузыңа саңғыт», - деп ойнайды. Түбі - тегің Маңғыт жақсы бо-латұғын болса, ауызға өй деп алынбас еді.
Балам, Абылайдың тұрған жері асыл ма, менің тұрған жерім асыл ма? - дейді. Сіздің өзіңізден Абылайдың өзі асыл, жеріңізден жері асыл. Сіздің жеріңіз асыл болатұғын болса, суды Самарқаннан алдырып ішер ме едіңіз, тұзды Сарыарқадан сұратар ма едіңіз? Абылайдың тұрған жері - Сарыарқа, екі басса бір бұлақ. Ағар суы бал татиды, ақ шабағы май татиды. Екі басса бір тұз. Бір үйінен бір үйі тұз сұрамайды, - дейді. Бұхардың ханы сөзіне риза болғандыктан, қырық иге сыйлап бергені жалғыз балаға бергеніне тең болыпты. Баланың «жақсы Жанайдар» атанған жері осы. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деген осы. Бұл Жанайдар бір жақтан үйіне келсе, бәйбішесі бір еркек бала тауып, бесікке бөлеп жатыр екен.
- Қатын, катын Кеудесін ақырын, бос таңа гөр. Кеудесі толған Алланың зікірі екен, - депті. Сол баласының аты Өтеміс болды.
Өзіп (Өтемісті - С.Д.) Жәңке батыр өмірінде үйге отырғызбапты. Үш жүздің ортасында болған бас қосылған жиынға айдап отырыпты. Қайда барса да шешендігімен суын сүт қылып алып келе береді екен. Бір жиын топта қуандықтан шыққан Байдалы би Жанайдардың сөзіне сөз тауып айта алмаған соң, кемітуге: Осы неменің әкесінің аты Күнту ма еді, Қиту ма еді, - депті. Сонда Жанайдар:
Ерім бар-ды ыңыршақ,
Атым бар-ды тобышақ.
Әкем аты Қүнту болсын,
Қиту болсын,
Оның маған не керегі бар?
Ақылым бар бір құшақ, - деген екен.
Құдай рақмет кылсын «жақсы Жанайдарға».
Абылай хан Алатауға жорыққа бара жатып, қаракесек шаншар деген елдің бір ұлы жиын - асына кез бол-ды дейді. Сонда ол аста ішкен мас, жеген тоқ, ерігіп тұрған Шаншардың жел бастары аңыз қылысты дейді. Ханның басындағы бөркін біреу қағып түсірсе, хан хандық қылып қандай қаһар қылар еді, - дескенде, Қаз дауысты Қазыбектің інісі Мөртаңдайлы балапан: Оны құры айтып қойғанша көру керек, - деп артынан барып аңдаусыз, абайсыз тұрғанда ханның басындағы бөркін шыбықпен қағып жерге түсіріпті. Хан қаһар да қылған жок, дәнеме деген де жоқ. Бүгін ішкен мас, жеген тоқ, кімде ес бар дейсің деп, хандық қылды. Жерге түскен бөрікті басқа алып киюге жарамайды деп, қалған жерде қалсын деп, бөркін жерден алдырмады, жүре берді, - дейді. Күндерден күндер өтіп, ол ұмыт болып кетіп, Қызылжар базарында қаракесек сүйіндіктің базаршысы көтеріле Қызылжарға базарлап баратұғын болып, көп базаршы барғанда, өкпесі - кегі баяғы бастан бөрікті қағып түсіргендік болып, Қаракесектен бір кісіні, төртуылдан бір кісіні ұстап алып қалып, екеуін тірідей көрге салып тастады. Сонда Қаракесектен алып қалған кісісі Қаз дауысты Қазыбектің немересі Қазымбеттің баласы Жанай екен. Төртуылдан алып қалған кісісі Ботақан екен. Абылай хан екеуін тірідей көрге салдырып, үйіне келді. Ханымы айтты:
- Төре, көп кешігіп қалдыңыз, қайдан келдіңіз? - дейді.
- Ботақанды тірідей көрге салдырып келдім, - дейді.
Ханымы айтты:
- Бұл орта жүзден бізге дым бұйырмаған екен. Шығарыңыз көрден Ботаканды, - дейді. Абылай бір кісіні жіберді.
- Көрден шықсын, - деп. Бұл кісі барып Ботаканға айтып еді. Ботакан:
- Шықпаймын, - деді.
Жіберген кісісі Абылайға қайтып келді. Ботақанның шықпаймын дегенін айтып келді. Абылайдың өзі келді, иінінен тартып шық деп еді.
Ботақан:
- Өлгенде жататұғын көріме тірідей жаттым. Осы менің өлгенім, енді тірі болып жұрт көзіне көрінгеннен, өлгенім артық, -деп. Ыза бойына сыймай долданып, жүргенің басынан тарс етіп жарылып, өлігі кетті, - дейді.
Бұл хабарды естіген соң, орта жүз намыстанды. Сол күнде Қазыбек өлген екен де. Қазыбек баласы Бекболат алпыс бестегі күні екен, Едігенің қыстауы Жақсы Далба — Қарағайлы бұлақта, Бекболаттың қыстауы Жаман Далбада — осы күнгі батырдың Бейсені қыстап отырған жер екен. Бекбалат пен Едіге атқа мініп, бес мейрамды жиды дейді. Абылайды шабамыз деп, үш мың кісі жиылып, жүруге бет түзепті. Сонда Бекболат пен Едіге күлік Жәңке батырға кісі жіберді дейді. Дудың алды болып, алдымызға түсіп жүрсін деп. Сонда күлік Жәңке батыр өзі жүрмеді, баласы Жанақты жіберді дейді:
- Ханын жаулаған қалмақ оңбаған, ханын шапқан қара оңбайды, - деген. Бекболат пен Едігеге сәлем де, Абылаймен жарассын, арашашы бол, - деп, қосты дейді.
Сонда мейрам болып атқа мінді. Үш мың кісі қол келеді. Ішінде Алтай Жәнәтәлі батыр бар. Айдабол Олжабай батыр бар. Тағы сондай атақты батырлар бар деген соң, керей, уақ, үркіп ішке түсіп кеткен екен. Сонда үйде отырып Абылайдың ханымы айтады:
- Абылай хан, дәнеме білдіңіз бе?
- Не білейін, - депті.
- Білмесеңіз, Қаз дауысты Қазыбектің аруағын шақырып, баласы Бекболат атқа мінді: «Осыдан Абылайдың басың алмасам, қатыннын ат көтіне салмасам, қара қазының кақ жармасам, әкем Қазыбектің аруағы өзімді ұрсын» деп қарғанып, атка мінді. Ашулының алдында тұрма деген, көшіңіз, қара қазанды асулы бойымен жұртқа қалдырыңыз. Өздері келер де, даяр асулы қазанға тамақ қылып ішер. Ішінен дәм таттық қой, не жазығы бар мұның деп жаруға көзі қимас, батылы бармас. Сонан соң, қара қазанын алдық қой деп, ашуы басылар да көңілі тынар. Сиыр атаулыны үш мың кісіге азық боларлық қылып жұртқа тастап кетініз, батырлары туын қандасын, мәре-сәре болып тамаққа тойынсын. Бір күн қарны ашқаннан қырык күн ақыл сұрама деген бар ғой және аш атасын танымас деген де бар. Қарын-дары тойған соң, ақылдарына түсіп, сіздің хандығыңызға, өздерінің қаралығына көзі жетіп тоқтар, - деген екен.
Абылай хан ханымының тілін алып, қара қазанды асулы бойымен жұртында қалдырып үш жүз сиыр да қалдырып Көкшетаудан үш күндік жерге үркіп барып отырды дейді. Сонда көшкенін, үріккенін қайдан білсін, үш мың кісі Абылайдың көшкен жұртына келіп басып, Бекболат келіп ат үстінен асулы қазанға найзасын шаншып тұрып сөйледі дейді:
- Уа жұртым – дейді - Абылай ханды құдай тек жаратқан жан емес.
Қараңдаршы үйден шыққанда үш ойым бар еді. Абылайдың басын кесем-ау иә болмаса қатынын ат көтіне салсам-ау иә болмаса қара қазанын олжаласам-ау, - деп едім. Міне, енді қара қазанын асулы бойымен қалдырғаны - менің ойлаған ойымды әбден білгендігі. Қанша айтса да құдай артық жаратқан жан-ау. Енді мен сертіме жеттім, ана сиырды қиратып сойыңдар, аппақ майға тойыңдар. Туларыңды қандаңдар. Елші жіберейік, құдай ұнатса жарасып жадырап қайтамыз, - деп, сөзді осыған койды дейді. Сол қазанды Бекболаттан соң Тіленші асқанын көрген жан сөйледі. Тіленші биге Абылайдың қалмақ қатынының баласы Шама төре қара нарға халы кілем жауып келіп, Қазыбектің әруағына байладым деп сұрап алып, қазан соның қолында қалды дейді
- Қош, Бекболат пен Едіге Абылай ханға елшілікке орманшы ақсары Шотананы жіберді:
- Саған сөзді үйретейік пе, өзің сөйлеймісің, - дегенде, Шотана батыр айтты:
Екеуің көп үйретсең, отыз ауыз сөз үйретерсің. Ол таусылған соң, не қылмақшымын. Аузымнан не шыққанын қайтып келген соң, өздерің естірсіндер, - деп жүре беріпті.
- Шотана батырдың қалпы қандай кісі екенін айтып берейін:
Қызылтауда Шотана тасы деген тас бар. Шотана батырдың үйі сол тастың түбінде отырғанда қорадан екі өгізін түнде ұры ұрлап кетіпті. Алакеуімнен түрегеліп, өгізді ұры алып кеткенін біліп, Шотана батыр тас-тың басына шығып айғай салыпты:
- Тастап кет менің өгізімді, атым Шотана, жердің тесігіне тығылсаң да қоймаймын, - дегенде, алған ұрылар Түндіктің өзенінен асып барады екен. Артымыздан қуып келіп қалған екен ғой деп қашқан екен.
Шотана батыр Абылай ханға барып, аман-есен қайтып, Бекболат пен Едігенің алдына келді.
- Не дедің, - дегенде айтканы:
- Бекболат пен Едіге жіберді. Мейрам болып атқа мінді. Үш мың кісі қол келді. Бұрынғы әулие өткен ата-бабамыз айтқан екен:
- Дүние бұзылса Бұхарға сияды, Бұхар бұзылса дүниеге сыймайды деген екен. Бұхарға сыймай жалаң аяқ, жалаң бұт келгеи сарт Сарыарқаға сыймайын деп жүр ме, Ботақанның құнын берсін. Жанайды байлаудан босатсын. Мың кісінің жолына жетім бастаткан тоғыздан берсін. Мың кісінің жолына түйе бастаткан тоғыздан берсін. Мың кісінің жолына мың ат, мың шапан берсін. Айыпты хан боламын десе, тұрысатын жерін айтсын, ұрысатын ерін айтсын. Айыпсыз хан боламын десе, хандығы жарай ма, қарашы деген олақ емес пе? Олақтың ойнағанына шыдай алмай құлаған жар неге пана болмақшы, дедім, - дегенде Бекболат сүйсінгеннен:
- Айтқан аузыңнан айналайын, сені көтеріп тапкан қатыннан айналайын,— депті.
- Не дейді, не дейді дегенде:
- Ертең Жолдыөзектің бойына келсін. Екеуміз екі жағына түсейік дейді, - депті. Сонда Олжабай батыр:
- Мені бар ма деп сұрады ма? - депті.
- Сұрады, бар дедім, - дегенде:
- Енді ол сарт бізбен қарсыласып жауласуға жарамайды. Алтын қақпалы қорғанды бұзатұғын жолда, сырым Малайсары да бар еді, шанышқылы Бердіқожа да бар еді, тарақты Байғозы батыр да бар еді. Қақпасын қалайы мен қорғасынға мысты араластырып құйған екен. Жалғызының қолы батпаған. Сонда мен туымды Абылайға «мә» деп бере салып, қақпаны шапқылағанымда саз балшық пен жаңа илеген қамырға кіргендей кірген. Сонда Абылайдың түріне қарасам, қалшылдап, дірілдеп тұр екен.
- Мына қаруын жауласып кетіп өзіме жұмсаса, мынау жан шыдатпайды екен-ау деп үрейі ұшып кеткендігі сондай, бізбен қарсыласатын онда әруақта жоқ, - депті.
Жолдыөзектің ар жағынаи Абылай қолы келді. Атығай, Қарауыл, өзінің төлеңгітінен басқа бөтеп дым жан жоқ. Бер жағынан Бекболат, Едіге үш мың кісімен келіп еді. Самсаған сары қолдан бөлініп екі кісі келе жатыр. Ар жағынан біреуі Абылай, біреуі балта керей Тұрсынбай батыр келеді. Сонан соң, бұл жақтан Бекболат пен Едіге атқа мініп алдынан шықты. Сонда құлкенің Биікшесі оғын құралайдың көзінен тигізетұғын мерген екен. Мылтығының сирағын кұрып, Абылайды нысанаға байлап тұра қалды дейді. «Бұл сартты бірақ жоқ қылып тастайын» деп. Білтесін тұтатуға келтірмей Жәңке батыр баласы Жанақ жүгіріп келіп Биікше мергеннің қолынан мылтығын жұлып алды. Не қылып, не койғанның бәрін Абылай көріп тұр. Ол жақтан екі кісі — бірі хан, бірі батыр. Бұл жаткан екі кісі - Қаракесек, сүйіндіктің екі биі төртеуінің бас қосқан жеріне көлденеңнен Көтеш ақын барып, оларды сөйлетпей өлеңді гулетіп қоя беріпті:
Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,
Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің.
Хан басың қарашыңмсн даулы болып,
Үстіне ақ ордаңның қол келтірдің.
Абылай күйіп кетті салған қалаң,
Мейрамға не еді сенің жапқан жалаң.
Жанайды дәл бүгін күн босатпасаң,
Болады ертең жесір қатын-балаң.
Сонан соң, кінәласқан да жоқ, айтысқан да жоқ. Ханы қарашасымен жарасып, бұл барғандардың не көнілдегісін қылып, сөйтіп қайтарған екен. Сонда Абылай сұрапты:
- Мылтык кұрған кім еді? - деп.
- Құрған Биікше мерген, - деген соң,
- Талай жорытқа бір торсықтан малта жесіп жүрген жолдас еді. Кісіні кісі жоқ жерде-ақ өлімге қия береді екен-ау, - депті. Оның мылтығының аузын қырсық бассын деп, мылтығының аузына бір түйе байлады, - дейді.
- Жүгіріп келіп ұстай алған кім? - дейді.
- Жәңке батыр баласы Жанақ, - дейді.
- Тегін кісі Жәңке батыр бола ма? Олар кұдай құйып қойғандай жаратқан шын би ғой. Баласын ара-шашы болсын, -деп қосқан ғой.
- Ас берілгенде Жәңке батырдың босағасына түйе бастатқан тоғыз байлансын және қаралы үйге шаншылған найзаны (жыл толғанда) жылын бергенде Жанақ сындырсын, бір ат, шапан Жанақтың өз жолы болсын, - деп.
«Абылай аспас сары бел» атқа ілінген жері осы екен. Абылай «үш нәрсе арман болып, қолымнан келмей, кұр ойымда кетті, - деген екен. - Бірі - ақ боз аттың құнын ердің кұны қылмадым. Мылтығын құралайдың көзінен өткізетұғын мергеннің құнын екі ердің құны қылмадым. Бірі етікші мен ұстаның құнын қатын құны болсын деп бұйрық қылмадым...»
ҰЛБИКЕ
Ұлбике — ошақты, әкесі Жангелді де ақын, шешесі Жаңыл да ақын болған. Ұлбикенің өзін жүн жеп жабағы тышқан бір байдың баласы қатындыққа алған екен. Қолына келін болып түскен соң: «өлең айтсаң көзіңді жоғалтамын, қарашығыңды батырамын», - деп қояды. Жаман шірік иті үйде жоқ болған қарсаңда бір той болып, ауыл-аймағымен, қайын ағалары «сені біз сабатпаймыз», - деп тойға алып барып, тойдан қайтып келсе, иті келіп қалып «сені ме» деп кіжініп, отырған үстіне оқтай ұшырып, қойдың бір қатқан санымен қақ бастан періп қалғанда, мұрттай ұшып, кете барыпты. Жұрт жиылып қалды, төркіні де аралас-кұралас екен, құн сұрады. Сонда төркініне таңдау берді. «Бидің билігіне бересің бе? Пайғамбардың шариғатына көнесің бе? Үй іші: «Пайғамбар шариғатына салдық» - деді. Сонда шариғат айтатұғын Күдері қожа екен. Айтқан шариғаты: «Өлер Ұлбике өлді, аяр да ас жоқ, тояр да ас жоқ. Мұны сойыңдар, өкпесін алып көріңдер. Өкпесінде жазу жоқ болса, онда тойға бару, өлең айту әйел жы-нысына дұрыс емес, өзі кінәлі, бұған түк болмайды. Егер өкпесінде жазу болса, онда ғұзыр айтпаса ішін жарып кетеді. Үш кісінің құнын берсін. Сүйек құны, өнер кұны, қара құн» Ұлбикені сойып, өкпесін алып көрсе, өкпесі жыбырлап тұрған жазу екен. Көрген жұрт ботадай боздапты. Көзімен көрген жұрт күйгендіктен, Бойтан серіні бас жетімі үшін құнына беріпті.
БӨЛТІРІК ШЕШЕН
Ұлы жүз үйсіннен Бөлтірік би шығыпты. Онымен замандас қырғыздың бір ханы бақ-күндес болып, қырғыздан пәлен шешен, түген шешен дегендерді алдырып, айтыстыра беретіи сыкылды. Бір күні қырғыз-қазақтың бас қосқан жиылысында қырғыз-қазақ байлық айтысқанда, Бөлтірік би айтты дейді:
- Қырғыз шіркіннің байлығы сол, көшкен сайын ошағын жұртына қалдырып көшеді ғой, - депті. Ол сөзінің мәнісі қырғыз ошақ алмайды, үш тасты ошақ қылып, қазан асады, көшкенде ол тасты артып көше ме, жұртта қалмақ қой.
Қырғыз ханының жалғыз баласы жардан құлап, қарансуалып қалыпты. Бөлтірік: «Қырғыздың қожасы мен түк білмес бықсық байларына саба жиындар, ту бие алып жүріңдер, ханның баласына бата қылайык, көңіл айтайық», - депті. Сонда байлар: «Саба жиярмыз, ту бие апарармыз, не деп көңіл айтамыз, дәнеме білмейміз», - дегенде Бөлтірік би саба апаратын, ту бие апаратын байға: алдымен сен сөйле: «Жазғытұрғы кез, жаманшылық уақ қой, өйтіп-бүйтіп бір сабаны әрең толтырып алып келдік, - дейсің» депті. Хан сөзіне бақып сұлап жата кетер, сонда екінші біреуің айт: «Түйе шіркін мен төре шіркініңнің басы бір қисайған соң оңа ма»; оған тете біреуің: төре өлмегенмен көп бола ма, бірі қалса да тек бола ма? - дегейсің, депті. Үшеуі үш сөзге ие болып, ұғып алыпты. Көтеріле аттанып барып, сабаны үйге кіргізіп, хан алдына қойған соң, саба жиғаны масаттанып, «Алдияр, тақсыр, жазғытұрғы уақ, жаманшылық кез ғой, бір сабаны өйтіп-бүйтіп әрең толтырып әкелдік», - дегенде, баласы өліп, қараңсуалып отырған хан жарылып кете жаздап, кұлай кетті дейді. Онымен қоймай, екінші біреуі былшылдады, үшінші біреуі тағы сондай. Сонда Бөлтірік би:
- Аққу құсқа оқ тисе,
Қанатын суға тигізбес.
Ақсүйекке оқ тисе,
Қарашыға сырын білдірмес, - деген
Көтер, хан, басыңды,
Мұңайтпа еліңді,
Бекем бу беліңді,—
дегенде, хан күліп жіберіп, басын көтеріп: «Мына иттерді былшылдатып қойған сен екенсің ғой»,- деген екен. Бөлтірік қырғыздың ханына тағы бірде барғанда оған: «Тойға баратұғын апайларша ұзын-қысқалы киініп жүргенің қалай?» -деп қырғыздың ханы күліпті. Хан күлген соң үй тола отырғаи қырғыздың бәрі күледі ғой. Сонда Бөлтірік:
- Ой, тақсыр-ай!
Ұл өскен соң ұл киеді,
Қыз өскен соң қыз киеді.
Бала-шағамен мен киемін деп,
Киімге таласайын ба?
Бір жаққа барарда солардың киімінің
Қай қолға түскенін кие саламын.
Ұзыны болса — қызымдікі,
Қысқасы болса ұлымдікі.
Ұлы жоқ, қызы жоқ,
Қу бас болсам,
Киім табылмай ма? - депті.
Қырғызда жан сөйлеспейтін, аламаннан озған Алаяқ деген ділмар бар екен. Хан Бөлтірікпен қағыстыруға сол шешенді алдырып, үйінде сақтапты. Бір қалың жиылыста Бөлтірік гүрілдеп сөйлеп отырғанда, қырғыз шешені:
- Ат жаманы соқпақшыл,
Адам жаманы тақпақшыл деген, -
депті. Онда Бөлтірік:
Сөздің көркі мақалды,
Ердің көркі сақалды.
Сақалы жоқ көселер, Қасабалы тоқалды,— дегенде, көсе ұялып қалып, тұра жөнеліпті. Сонда Бөлтірік:
Көсені үйге кіргізбе,
Артын жерге тигізбе.
Кесірі жұғар кәпірдің,
Қуалап жүріп,
Құйрығын жерге сүйгізбе, - деген екен. Құдай рақмет қылсын Бөлтірік биге, кісі болса осындай болсын!
ШАНЫШҚЫЛЫ БЕРДІҚОЖА
Абылай хан заманында шанышқылы Бердіқожа батырды жерге таласып кектесіп жүріп руы аздығынан өштескен дұшпан -өсіп-өнген руы-туғаны көптігінен ұстап алып өлтірейін деп жатқан екен:
Туысқаны аз елдің ерлігі зая,
Тілеуқоры жоқ ердің еңбегі зая.
Екіден кіші балам,
Ержеткен соң бәлем,
Қаратал Қояндыға қосыңды тая, деген екен. Сол айтқаны айтқандай болып, екіден кіші, үшінші баласы ержетіп, ат арқасына мінген соң, әкесін өлтірген екі ағайынды неме екен, сол екеуінің бірін Қаратал Қояндыда өлтіріп, бірі қашып, «бұл Арқада болсам, мені тірі қоймас» деп, Бұхар кеткен екен. Соны қоймай қуып барып, сол Бұхарда жүрген жерінде өлтіріпті. Бердіқожаның жоқтаған жоқтауында айтылған екен:
Мінгені Бердекемнін қара алаяқ,
Жау, шіркін, кіселепті-ау аямай-ақ.
Бердіқожа батыр балаларын сынағанда былайша сынайды екен. Үйелмелі-сүйелмелі үш баласы болыпты, бір-бірімен тетелес туған. Бір пышақты сабын жерге тіреп, ұшын жоғары қаратып, балаларына:
- Ана жақтан домалап келіп мына пышақтың үстінен өтіндерші, - дейді екен. Үлкен екі баласы домалап келуін келіп, дәл пышаққа жақын келгенде, тайқып-жалтарып аунайды екен. Екіден соңғысы пышақпен жумысы жоқ, жалтармай-бұлтармай аунайды екен. Пышақты өзі жалтартады екен. Өзін жау өлтірерін білген соң, жолдасына айтқан екен:
- Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерлеріңе көм де, соған там салып, «Бердікожа тамы» атандырыңдар. Мені есіне алғандар дұға қылып өтер, - деп.
Дағанделі өзенінің жағасына там салыпты, шошақ мола күні бұл күнгіше құламай тұр деседі. Дағанделі өзені Қарқаралыға қараған елдің шетінде, Қөкшетау, Дуана тауларынан көрініп тұрады, - дейді. Жүргіншінің қара жолының үстінде, Жетісуға барғандар Қозы Көрпеш - Баян тамын көрдік, шанышқылы Бердіқожа батырдың тамын көрдік деседі.
Тауыңның Арқар деген аты Құлжа,
Жігіттер атқа түйе тегін олжа.
Хан Абылай аттанады дегенді естіп,
Келіпті шанышқылыдан Бердіқожа! —
деген батыр осы!..
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру