TELEGEI

Home

Белгіліден азат болу

Джидду Кришнамурти

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Белгіліден азат болу

Белгіліден азат болу

ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА

ДЖ. КРИШНАМУРТИ

(Аударған Е. Абақан)
І тарау
Адамның ізденісі.
Бұрмаланған ақыл. Дәстүрлі көзқарас.

Салиқалықтың тұтқынында. Адам және жеке тұлға.
Күреске айналған тіршілік. Адамның болмыстың мәні.
Жауапкершілік. Ақиқат. Өзіңді өзгерту.
Қуатты шығындау. Беделден азат болу.

Ғасырлар бойы адам өзінен, материалдық ауқаттылықтан, уақыт шеңберінен тыс жатқан, біз Ақиқат, немесе Қудай, немесе Нақтылық деп атайтын және ойдың да, адами азғындықтың да қолы жетпейтін нәрсесін іздеп келген. Бұлардың бәрінің мәні неде, жалпы өмірдің мәні бар ма? - деген сауалды адам әрқашан қойып келеді. Өмірдегі жан түршігерлік абыржуды, бүлікті, соғыстарды, діни, идеологиялық, ұлттық мәселеден тұтанған бітпес жауласуды көргенде және терең түңілуді, бәрі қирағандай сезімді бастан кешіргенде ол: енді не істеу керек, біз өмір деп атайтын нәрсенің өзі не және оның арғы жағында не бар? - деген сұрақ қоятын. Мыңдаған атаулардың арғы жағында іздеп келген нәрсесін таппаған адам сенімді, құтқарушыға деген, идеалға деген сенімді қолдан жасап алатын, ал сенім міндетті түрде зорлыққа бастайтын. Өмір деп аталатын үнемі күрестің ішінде өзімізді тәрбиелеген қоғамда (мейлі, ол коммунистік не "еркін" қоғам деп аталсын) біз лайықты тәртіптің (жүріп-тұрудың) белгілі бір кодексін белгілеуге талпынамыз. Біз, индуист, мұсылман, христиан немесе басқа бір дәстүрдің бөлігі ретінде тәртіптің белгілі бір үлгісін ұстанамыз. Біз тәртіптің қай түрі дұрыс, қай түрі бұрыс және қалай ойлау дұрыс, қандай ой бұрыс болатынын айта алатын адамды іздейміз және сол адамды үлгі тұтқан біздің мінез-құлқымыз бен ойымыз механикалық, ал жауабымыз автоматты сипатта болады. Біз мұның бәрін өз бойымыздан оңай табамыз. Жүздеген жылдар бойы біз ұстаздың, беделдің, кітаптың, әулиенің үнемі қамқорлығына мұқтаж болып келдік. Біз оларға: "Анау қыраттар мен таулардың, анау жердің ар жағында не бар екен, соны бізге айтып беріңізші", - дейміз. Олардан алған сипаттаманы қанағат тұтамыз. Бұл біздің сөзге сеніп өмір сүретініміздің, біздің өміріміз үстірт әрі бос, біз "екінші қол" адамы екенімізді дәлелі болса керек. Бізге қалай айтса, біз солай өмір сүреміз не өзіміздің бейімділігіміз бен ұмтылысымыздың соңынан еріп кетеміз немесе жағдай мен қоршаған ортаға бағынамыз. Біз - кез келген ықпалдың нәтижесіміз және бойымызда ешқандай жаңалық та, өзіміз ашқан нәрсе де, біртумалық та, тазалық та, жарқындық та жоқ. Тарихымызда идеологтар мен діни көсемдер: егер біз белгілі бір жол-жораны орындасақ, белгілі бір мінәжат пен мантраны қайталасақ, белгілі бір үлгіге бейімделсек, ынтамызды жаншысақ, ойымызды бақсақ, құмарды асқақтатсақ, тәбетті шектесек, жыныстық қажеттіліктен бас тартсақ, яғни ақылымыз бен тәнімізді осылайша біраз азаптасақ, мына қамшының сабындай қысқа өмірдің арғы жағындағы бірдеңеге жетеміз дегенді айтып, бізді соған иландырып келген. Мұндай нәрсемен миллиондаған діндар деп аталатын адамдар: шөлге, тауға, үңгірге жалғыз кетіп қалып, қолына қайыршының саптаяғын алып ел ішін кезіп немесе топ құрып монастыр тығылып, өз ақылын белгілі бір үлгіге бейімдеп ғасырлар бойы айналысқан екен. Алайда, әбден азапталып, жеңілген ақыл, кез келген күймен тірліктен қашатын ақыл, сыртқы дүниені тәрк еткен, тәртіп пен бейімделу салдарынан әбден топастанған ақыл қанша ізденсе де өзінің бұрмаланған нәрселеріне сай нәрсені ғана табатын. Сонымен, мұндай беймаза, бәсеке мен үрейге толы өмірдің арғы жағында шынымен де бір нәрсе бар ма? - деген мәселеде, меніңше, мүлде басқа жолды ұстану қажет сияқты. Дәстүрлі көзқарас уақыт өте келе бас тарту тәжірибесінің нәтижесінде бірте-бірте осындай ішкі гүлденуге, ішкі сұлулық пен махаббатқа қарай, шалғайдан орталыққа қарай, ішке қарай жылжуды ұсынады, бірақ іс жүзіне бұл көзқарас шектелуге, ұсақ және түкке тұрғысыз болуға жетелейді; уақытқа сеніп, өзінің қабықтарын бірте-бірте алып тастап, тазарған кезде және қажетті нәрсені ертеңге, келешектегі өмірге қалдырған кезде адам, әйтеуір, сол орталыққа жақын барған кезде онда ештеңе жоқ екенін аңғарады, өйткені оның ақылы қабілетсіз, топас әрі сезбейтін ақылға айналады. Мұндай үдерісті байқаған кезде сен өзіңнен: мүлде басқа көзқарас жоқ па, яғни орталықтан жұлқынып шығып кетсе болмай ма? - деп сұрайсың. Әлем дәстүрлі көзқарасты қабылдап, соны ұстанып келеді. Басқа біреу уәде еткен нақтылықты іздеу - ішіміздегі бейберекетсіздіктің бірінші себебі. Біз өзімізге қолайлы рухани өмірге кепілдік беретін бәз біреудің соңынан ойсыз еріп кетеміз. Бұл жерде ақылға қонбайтын бір нәрсе бар, яғни көпшілігіміз саяси тирания мен диктатураға іштей наразы болсақ та, басқа біреуге ақылымыз бен тағдырымызды зақымдауға рұқсат беріп, іштей бедел мен тиранияны қолдаймыз. Бірақ егер біз, зиятты түрде емес, іс жүзінде, кез келген рухани бедел деп аталатын нәрседен, барлық рәсімдерден, жол-жоралар мен қасаң қағидалардан толығымен бас тартсақ, - ал бұл жалғыз қалу, қоғаммен жанжалдасу деген сөз, - онда біз салиқалы адам болудан қаламыз. Салиқалы адам мұндай шексіз, өлшемі жоқ шындыққа ешқашан жақындай алмайды. Айталық, сіз қайсыбір абсолют жалған нәрсені, яғни дәстүрлі көзқарасты терістей бастайсыз, егер сіздің терістеуіңіз жауап қана болса, онда сіз тұзақ болатын басқа бір үлгіні ғана жасап аласыз, ал егер сіз терістеуді өте жақсы идея деп өзіңізді зиятты түрде иландырып, әрекетке бармасаңыз, онда сізде ешқандай алға жылжу болмайды. Егер сіз көзқарастың ерсілігі мен жетілмеуін түсінгендіктен одан бас тартсаңыз және егер еркін болып, қорқуды білмесеңіз, оны лақтырып тастасаңыз, егер жеңімпаз ақылыңызбен оны жоққа шығарсаңыз, онда сіз ішіңізде және маңайыңызда үлкен толқу туғызып, салиқалықтың тұзағынан құтыласыз. Сол кезде ғана сіз ештеңені іздемейтініңізді байқайсыз. Міне, сіздің үйренген бірінші нәрсе іздемеу болады. Іздеген кезде сіз іс жүзінде төрелерді ғана тамашалайсыз. Құдай дейсіз бе, шынайы нақтылық дейсіз бе, қалай атасаңыз да бәрібір, сол бір нәрсе бар ма өзі? - деген мәселе ешқандай кітаптың, діни қызметшінің не философтар мен құтқарушылардың көмегі арқылы ешқашан шешімін таппайды. Бұл сұраққа өзіңізден басқа ешкім, ешқандай нәрсе де жауап бермейді. Сондықтан, сіз өзіңізді тануыңыз қажет болады. Жетілмеу - өзіңді толық танымау деген сөз. Өзіңді тану - даналықтың бастауы. Ал сіз өзіңіз кімсіз, сіздің жеке тұлғаңыз қандай? Меніңше, адам мен жеке тұлға арасында үлкен айырмашылық болады. Жеке тұлға - белгілі бір елде өмір сүретін, белгілі бір мәдениетке, белгілі бір қоғамға, белгілі бір дінге жататын оқшауланған мән. Ал адам оқшау мән емес, ол барлық жерде болады. Егер жеке тұлға өмірдің кең өрісінің жеке бір бұрышында ғана әрекет етсе, онда оның іс-әрекетінің тұтас нәрсеге мүлде қатысы жоқ. Сонымен, біз қайсыбір бөлік туралы емес, тұтас нәрсе туралы айтып отырғанымызды естен шығармауымыз керек, өйткені шағын нәрсе үлкен нәрсеге кіреді, бірақ шағын нәрседе үлкен нәрсе болмайды. Жеке тұлға - кішкене, байғұс, сәтсіздікке ұшыраған мән, ол өзінің Құдайлары мен тар дәстүрлеріне сиынады, ал адам әлемдегі баршаға ортақ игіліктің, баршаға ортақ азаптың және баршаға ортақ алаңдаудың қамын жейді. Біз, адамдар, бұрынғы, миллиондаған жылғы қалпымыздан алыс кетпедік, әлі де сол баяғы шексіз сараң, қызғаншақ және басқыншы, сол баяғы күдікшіл, алаңдау мен торығуға бейім, қуаныш пен махаббатқа кездейсоқ жолығатын күйдеміз. Біз - жек көрудің, үрей мен мейірімділіктің қорқынышты қоспасымыз, бір мезетте зорлық та, бейбітшілік те боламыз. Сырт көзге үлкен дамуға, яғни өгіз жегілген арбадан реактивті ұшаққа дейінгі дамуға жеткендейміз, бірақ психологиялық тұрғыдан жеке тұлға өзгермеген және әлемнің әр түпкіріндегі қоғамдардың құрылымын жеке тұлғалар құрап келеді. Сыртқы әлеуметтік құрылым - біздің адами қатынастарымыздың ішкі психологиялық құрылымының нәтижесі, өйткені жеке тұлға - адамның ортақ тәжірибесінің, білімі мен мінез - құлығының нәтижесі, әрқайсымыз - өткеннің қоймасы тәріздіміз. Жеке тұлға - адамзаттың өкілі болатын адам және адамның бүкіл тарихы біздің ішімізде жазылып қалған. Біздің ішімізде және сыртымызда, сондай-ақ сіз өмір сүретін, билікке, мансапқа, мәртебеге, табысқа және т.б. таласып, бәсекеге құрылған мәдениетте іс жүзінде не болып жатқанын байқаңыз, өзіңіз мақтан тұтатын жетістіктердің мәнін пайымдаңыз, өзіңіз өмір деп атайтын барлық қатынас түрінде жанжалдан көз ашпай жек көретін, бәрімен бірдей араз, қатігез, бітпейтін соғысы бар саланы зерттеңіз. Біздің бар білетініміз осы сала мен өмір және тіршілік ету үшін жан түршігерлік күресті түсінбегендіктен, біз, әрине, одан қорқамыз және мүмкін деген амалды тауып, қашып құтылудың жолын іздей бастаймыз. Біз белгісіз тағдырдан, өлімнен, ертеңгі күнімізден қорқамыз. Сонымен, біз мәлім нәрседен де, беймәлім нәрседен де бірдей қорқамыз. Біздің күнделікті өміріміз осындай. Онда үміт жоқ, өйткені философияның кез келген түрі де, кез келген идеологиялық теория да шындықтан, бар нәрседен қашудың амалы болып табылады. Соғыстың, революцияның, реформаның, заң мен идеологияның нәтижесінде пайда болатын барлық сыртқы формалар мен өзгерістер толығымен сәтсіздікке ұшырап, адамның, демек қоғамның да негізгі табиғатын өзгертпеді. Осындай жан түршігерлік, кемтар әлемде өмір сүретін адамдар ретінде бәсекелестікке, қатігездік пен үрейге негізделген мұндай қоғамның ақыры бола ма? - деген сұрақты қойып көрейік. Бұл зиятты тұжырымдама не үміт емес, іс - жүзіндегі дерек болуы мүмкін бе? Меніңше, егер әрқайсымыз, жеке тұлға ретінде де, адам ретінде де жер шарының қай бөлігінде өмір сүрсек те, қандай мәдениеттің өкілі болсақ та, әлемнің осындай күйге түскенін сезінгенде ғана оның жүзеге асуы мүмкін болады. Біз, әрқайсымыз, біздің басқыншы қалауымыз, ұлтшылдығымыз, өзімшілдігіміз, Құдайларымыз, соқыр ырымшылдығымыз, біздің идеалдар, бізді бөліп тұрған нәрселердің бәрі себепші болатын әрбір соғыс үшін жауаптымыз. Біз, зиятты түрде емес, шын мәнісіне шындық дерегін немесе ауырсынуды сезінгенде, сіз де, мен де, орын алып отырған хаосқа, әлемдегі барлық қайғы-қасіретке жауапкершілікті сезінгенде ғана, өйткені біз де оған күнделікті тіршілігіміз арқылы үлес қосамыз және соғысқа, жіктелуге, кемтарлыққа, қатыгездік пен ашкөздікке бөккен осындай жан түршігерлік қоғамның бір бөлігі болып табыламыз. Біз осыны іс жүзінде үсінгенде ғана әрекет етеміз. Бірақ адамның қолынан не келеді? Мүлде басқа қоғам жасау үшін сіз бен біз не істей аламыз? Біз өзімізге өте маңызды сұрақ қойып отырмыз. Жасауға болатын бір нәрсе бар ма өзі? Мұны бізге айтар жан бар ма? Мұның бәрін бізден артық түсінуі тиіс, бізді жаңа үлгіге бұрып әкетіп, сыйғызуға тырысатын рухани көсембіз деп жүргендер бұл туралы айтқан да, бірақ біз алысқа бармадық. Тіс қаққан ғалымдар да ақылын айтқан, бірақ біз алға баспадық. Бізге, жолдың бәрі ақиқатқа апарады: индуистің оз жолы бар, христиан мен мұсылманда басқа жол, бірақ олар бір есіктің алдында кездеседі дегенді айтып кеткен. Алайда, үңіліп қарасаңыз бұл сандырақ болып шығады. Ақиқатқа апаратын жол жоқ. Ақиқаттың сұлулығы да осында. Ол тірі. Өлі затқа апаратын жол болады, өйткені ол қозғалмайды. Бірақ сіз ақиқаттың қандай да бір тірі, қозғалыста болатын, ешқашан бір жерде - храмда да, мешітте де, шіркеуде де тұрмайтын нәрсе екеніне және ешкімнің де - діннің де, ұстаздың да, философтың да сізді оған жеткізе алмайтынына көзіңіз жеткенде, сол кезде ғана сіз оның тірі екенін және ол іс жүзінде өзіңіздің мәніңіз болатынын көресіз: ол сіздің торығуыңыз, сіздің ауырсынуыңыз бен қасіретіңіз болып шығады. Мұны түсінген кезде сіз өмірдегі осы нәрселердің бәріне қалай қарау керек екенін де білесіз. Бірақ оған идеология арқылы, сөздің жамылғысы арқылы, үміт пен үрей арқылы қарауға болмайды. Сонымен, ешкімге тәуелді болудың қажеті жоқ екеніне, көсемнің де, ұстаздың да, беделдің де жоқ екеніне, сіздің басқалармен, әлеммен қатынасыңыз ғана, өзіңіздің ғана бар екеніңізге және булардан басқа ештеңе жоқ екеніне көзіңіз жетеді. Сіз мұны ұғынғанда арсыздық пен шерлі күйік шақыратын терең торығуға жолығасыз немесе егер әлем мен өзіңіз үшін ойлап, сезген нәрселеріңіз бен әрекетіңіз үшін сізден басқа ешкім де емес, тек өзіңіз ғана жауапты екеніңізді мойындасаңыз - өзіңізге деген аяушылық сезім жоғалады. Біз, әдетте, басқаға кінә артуға тырысамыз, бірақ бұл өзімізді аяудың бір түрі ғана. Сонымен, біз, сіз және мен, сыртқы ықпалсыз - ақ, ешқандай сенімсіз, жазаланам деген қорқынышсыз - ақ өз ішіміздегі, мәніміздің өзегіндегі күнделікті өміріміз өтіп жатқан әбден іріп-шіріп біткен қоғамды дүниеге әкелген болмысымыздағы қатыгездіктің, зорлықтың, бәсекенің, алаңдаудың, үрейдің, қызғаныштың тамырына балта шабатындай жаппай революцияны, психологиялық өзгеруді жүзеге асыра аламыз ба? Ең әуелі менің ешқандай фәлсафаны немесе идеологиялық тұжырымдаманың құрылымын ұсынбайтынымды ұғынған маңызды болмақ. Меніңше, идеологияда ешқандай мән болмайды. Өмірдің фәлсафасы емес, күнделікті өміріміздегі сыртқы және ішкі нәрселерді бақылау маңыздырақ сияқты. Егер сіз болып жатқан нәрселерді мұқият бақылап, зерттесеңіз, онда олардың зиятты үдеріске негізделгеніне көзіңіз жетеді. Бірақ зият өмірдің барша саласын қамтымайды: ол бөлік, фрагмент қана және ол асқан ақылмен ұйымдастырылса да, қандай көне әрі дәстүрлі болса да бәрібір тіршіліктің аз ғана бөлігі болып табылады, ал біз болсақ өмірді тұтас күйінде қарастырамыз. Және де біз әлемде болып жатқан нәрсеге үңілген кезде ішкі және сыртқы үдерістің жоқтығын ұғына бастаймыз. Тек бірыңғай үдеріс, яғни тұтас, жаппай қозғалыс қана бар екен. Ішкі нәрсе сыртқы нәрсеге эсер етеді. Меніңше көру қабілетінің өзі жеткілікті сияқты, өйткені егер біз қалай көруді білсек, онда барлық нәрсе айқын болады, ал көру үшін фәлсафаның да, ұстаздың да қажеті шамалы. Қалай көру керектігін айту үшін ешкімнің де қажеті болмайды. Сіз әншейін бақылайсыз. Мұндай тұтас ақиқатты көріп, оны сөз деңгейінде емес, іс жүзінде түсінген кезде сіз жеңіл әрі өздігі өзгере аласыз ба? Міне, бүл нақты сұрақ. Психикада төңкеріс жасау мүмкін бе? Егер мен сізге жүйе ұсынатындай ақылсыз болсам және оны қолданатын сіз де ақылсыз болсаңыз, онда сіз оны тек қана көшіріп алып, соған еліктеп, бейімделіп, бәрімен де келісер едіңіз. Олай болса сіз басқа біреудің беделіне бағынасыз, демек сіз бен сол беделдің арасында жанжал туындайды. Сіз өзіңізге айтылған нәрсенің орындалу қажеттілігін сезесіз, бірақ оны жүзеге асыра алмайсыз. Сіздің бойыңызда ерекше қасиеттер, үрдістер мен қиындық туғызатын жағдайлар пайда болады, олар сіз қабылдаған жүйеге сәйкес болмағандықтан қарама-қайшылық та туындайды. Сонымен, сіз күнделікті өміріңіздің шындығы мен жүйе идеологиясы арасында екі басқа өмір сүресіз. Идеологияға бейімделген деп сіз өзіңізге қысым жасай бастайсыз, бірақ шын мәнісінде бұл жерде шындық идеологияда емес, өзіңізде жатыр. Егер сіз өзіңізді басқаның сөзі арқылы танығыңыз келсе, онда сіз әрқашан "пайымдайтын" адам боласыз. "Менің өзгергім келеді -ақ, айтыңызшы, ол қалай жүзеге асады" дейтін адам шын жүректен айтып тұрғандай болып, өте байыпты көрінеді, бірақ шындығында ол ондай адам емес. Оған ішіндегі бар нәрсесін ретке келтіретін бедел ғана керек. Ал біреудің беделінің ішкі тәртібімізді ретке келтіруі мүмкін бе? Сырттан, күшпен телінетін тәртіп тек ретсіздікті ғана туғызады. Сіз мұның ақиқат екеніне ақылмен жете аласыз, бірақ сіз ешқандай беделді, кітаптың, ұстаздың, әйеліңіздің не күйеуіңіздің,. ата-анаңыздың, досыңыздың немесе қоғамның беделін қайталамайтын, мұны қабылдай аласыз ба? Өйткені, біз қайсыбір тұжырымның үлгісіне сай әрекет етіп келдік және сол тұжырым идеология мен беделге айналды; бірақ, сіз "мен қалай өзгерем?" деген сұрақтың жаңа бедел туғызатынын түсінген кезде, беделді, ешқашан беделді қабылдамайтын боласыз. Мұны айқынырақ жеткізейік: "Мен мәнімнің түпкі тамырына шейін өзгерудің қажеттілігін түсіндім; мен енді ешқандай дәстүрге тәуелді бола алмаймын, өйткені дәстүр осындай ұлы енжарлықтың, ымырашылдық пен момындықтың себебі екен. Ендігәрі мен өзгеруіме көмегі тиеді екен деп басқаға: ол ұстаз, Құдай, сенім, жүйе, сыртқы қысым немесе эсер болса да үміт арта алмаймын". Сонда не өзгереді? Ең әуелі, сіз қандай да болмасын кез келген беделді лақтырып тастай аласыз ба? Егер сіз солай жасай алсаңыз, онда сізде үрейдің де болмағаны. Ал бұдан не шығады? Бойыңыздан көптеген буыннан бері келе жатқан қайбір жалған нәрсені, үстіңізден басып тұрған қайбір ауыртпалықты алып тастағаннан не шығады? Сіздің қуатыңыз артады, солай емес пе? Сіздің ақылыңыз одан әрі күшті, өнімді әрі өміршең болады. Егер сіз мұны сезінбесе, онда сіз барлық ауыртпалықтан, беделдің өлі жүгінен әлі толық арылмаған адамсыз. Бірақ, егер оны тастасаңыз және сол қуатыңызда: қателестім бе, жоқ па, әрекетім дұрыс па, бұрыс па? - деген қорқыныш болмаса, онда бұл қуаттың өзі өзгеріс емей не нәрсе? Біз өте көп мөлшердегі қуатқа зәруміз және біз оны үрейленген кезде жұмсаймыз, бірақ қорқудың кез келген түрінен құтылудың нәтижесінде пайда болатын қуат бар болса, ол өздігінен түбегейлі ішкі төңкерісті жүзеге асырады. Өз тарапыңыздан сіз бүл үшін ештеңе жасамайсыз. Сонымен, сіз еркіндік аласыз және еркіндік осындай нәрсеге өте байыпты қарайтын адамның табиғи қалпы болуы тиіс. Сондықтан да сіз ешкімнің де, ештеңенің де мұқтаж болмайсыз. Еркін адам ретінде сіз енді жаңалық ашуға дайынсыз. Еркіндік бар жерде қуат та бар; еркіндік бар болса ешқандай қателіктің де болуы мүмкін емес. Еркіндіктің мәнісі бүліктен мүлде өзгеше. Еркіндік бар жерде дұрыс не бұрыс әрекет ету деген ұғым жоқ. Сіз әрекет етуші орталыққа тәуелсіз болғандықтан, үрейден де арыласыз. Ал үрейсіз ақылда улы махаббат бар. Махаббат бар болса, ол қалаған нәрсесін жүзеге асырады. Сонымен, біз ешкімге де: маған да, қайсыбір талдаушыға немесе философқа қарамастан өзімізді зерттеуге кіріскелі отырмыз. Егер өзімізді зерттеген кезде басқа біреулерді үлгі тұтсақ, омда өзімізді емес, соларды зерттеген болып шығамыз. Ал біз болсақ өзіміздің қандай екенімізді білгіміз келеді. Психикамыздың ішкі құрылысында жаппай төңкеріс жасау үшін ешқандай беделге тәуелді болмау керектігін аңқытып алған соң, біз тағы бір зор қиындыққа жолығамыз. Енді бізге ішкі беделімізді, азғантай ғана ерекше тәжірибеміздің, жиып - терген біліміміздің, пікірлердің, идеялардың және идеалдардың беделін жеңу керек болады. Бізде бір нәрсеге үйреткен жеке тәжірибе, өткен күннің тәжірибесі болады және сол үйреткен нәрсе жаңа беделге айналады. Мұндай кешегінің беделінде мыңжылдық беделден кем болмайтын қиратушы қабілет бар. Өзіңді түсіну үшін кешегінің де, мыңдаған жылдың да ешқандай беделінің қажеті жоқ, өйткені біз - тірі мақлұқат ретінде әрқашан қозғалыста, ағымда болып, ешқашан бір қалыпта тыным таппаймыз. Біз өзімізді кешегінің өлі бедел тұрғысынан бақылаған сәтте қозғалысты, сол қозғалыстың сұлулығын, оның ерекше қасиетін түсіне алмаймыз. Сіздің ақылыңыздың әрдайым таза, балғын, күші мен ынтығы мол болу үшін кез келген беделден (өзіңіздің және басқаның) азат болуы - кешегі күн үшін өлі болу деген сөз. Тек осындай күйде ғана адам зерттеп, бақылай алады. Бұл үшін жете түсінудің ең биік дәрежесі қажет. Іс жүзінде мұндай түсіну ішімізде болып жатқан нәрсені түзетпей де, түсіндірмей де орын алу тиіс еді. Өйткені түзете бастаған сәтте сіз жаңа беделді, яғни цензордың беделін орнатасыз. Енді біз бірлесе отырып, өзімізді зерттеуге талпынып көрейік. Бұл әлдекім түсіндірген кезде, оның айтқан сөздерін парақтан оқып, артынша есу емес, сол сөздермен келісу не келіспеу емес, жолға бірге шығу дегенді білдірсе керек. Бұл ақылымыздың ең қастерлі деген бұрышына жарық түсіру мақсатымен жасалатын сапар болып табылады. Мұндай жолға біз жеңіл аттануымыз қажет. Бізге 2000 жыл бойы жиналған қоқыстың, яғни пікірдің, соқыр ырым мен пайымның қоқысы қол байлау болмауы тиіс. Өзіңіз туралы білген нәрсенің бәрін, өзіңіз туралы ойлаған нәрсенің бәрін ұмытыңыз. Біз жолға ештеңеден хабарсыз адамдай шығуымыз керек. Түнде нөсерле, жаңбыр жауды, ал қазір аспан ашылып, жаңа сергек күн басталып келеді. Осы жаңа күнді өміріміздің соңғы күніндей қарсы алайықшы. Кешегі күннің барлық естеліктерін артқа тастап, тұңғыш рет өзімізді түсінуге талпынып, сапарға бірге аттанайық.

ІІ тарау
Өзіңді зерттеу. Қарапайымдылық. Негізделу.

Егер сіз, мен немесе басқа біреу айтты деп өзіңізді түсіну маңызды нәрсе деп ойласаңыз, онда мен арамызда кез келген қатынас, кез келген түйісу мүмкін болмай ма деп қорқамын. Бірақ, егер біз өзімізді толық түсінудің өмірлік маңызын мойындай алсақ, онда біздің арамызда мүлде басқа қарым-қатынас орнайды, сонда біз зерттеуді бірге жүргізетін боламыз және бұл зерттеу терең, парасатты әрі қуанышты болмақ. Маған сіздің сеніміңіз керек емес. Мен өзімді бедел ретінде ұсынып отырған жоқпын. Сізге үйретер ештеңем жоқ. Менде жаңа философия да, жаңа жүйе де, шындыққа апаратын жаңа жол да жоқ. Ақиқатқа апаратын жол болмайтын сияқты, шындыққа да апаратын жол жоқ. Қандай болмасын, кез келген бедел, әсіресе, ойлау мен түсіну саласындағы бедел, зиянды әрі қиратушы болып келеді. Көсемдер ізбасарлардың, ал ізбасарлар көсемдердің түбіне жетеді. Сіз бір мезетте өзіңізге әрі ұстаз, әрі шәкірт болуыңыз керек. Сіз адам баласы құнды және қажет деп келіскен нәрсенің бәрін тексеруіңіз керек. Сіз, енді басқа біреудің ізбасары болмаған соң өзіңізді жалғыз алғандай сезінесіз. Олай болса жалғыз болыңыз. Неге жалғыз қалудан қорқасыз? Өйткені сіз өзіңізбен бетпе-бет к аласыз, сол кезде өзіңіздің ақымақ, қуыс кеуде, топас, бәріне алаңдап, өзін кінәлі сезінетін ұсақ, түкке тұрмайтын, Бесінші қолдан қалған" өмір сүретін тірі жан екеніңізді түсінесіз. Осы дерекпен бетпе-бет келгенде, оның беті қасқайып тұрып қараңыз да, одан қашпаңыз. Сіз қаша жөнелгенде үрей пайда болады. Өзімізді қалай түсіне бастасақ? Ішкі дүниемде болып жатқан нәрсені қалай зерттеп, бақылап, түсіне аламын? Мен өзімді қатынаста ғана бақылай аламын, өйткені өмірдің өзі қатынас болып табылады. Бір бұрышқа кіріп алып өзің туралы медитация жасаудың еш пайдасы жоқ. Мен жалғыз Өзім ғана тіршілік ете алмаймын. Адамдармен, заттармен, идеялармен қатынасқа түскенде ғана мен өмір сүремін және өзімнің сыртқы заттар мен адамдарға деген, сондай - ақ ішкі заттарға деген қатынасымды зерттеу барысында ғана мен өзімді түсіне бастаймын. Түсінікке қатысты кез келген басқа көзқарас әншейін абстракция болады. Мен өзімді абстракция арқылы зерттей алмаймын, өйткені мен дерексіз мән емеспін, сондықтан да өзімді қалаған қалыпта емес, осы тұрған бойымда зерттеуім қажет. Түсіну зиятты үдеріске жатпайды. Өзің туралы білім жинау мен өзіңді зерттеу - екі басқа нәрсе. Өйткені, сіз өзіңіз туралы жинаған білім әрқашан өткен нәрсе болып шығады. Өткеннің жүгін арқалаған ақыл - қасіретке толы ақыл. Өзіңді зерттеу - жинап, есте сақтау керек болатын тілді, технологияны немесе ғылымды зерттеу сияқты нәрсе емес; бәрін басынан бастай беру ерсі болар еді. Психология саласында өзіңді зерттеу әрқашан қазіргі шақта өтеді, білім болса әрқашан өткен шақтың үлесінде қалады. Ал біз көпшілігіміз өткен шақта өмір сүріп, өткенге риза болатындықтан, біз үшін білім тым маңызды нәрсеге айналады. Біздің көп білетін, ақылды әрі айлалы адамға табынатынымыз да содан. Бірақ сіз әр минут, әр кез үйренетін болсаңыз, бақылағанда, тыңдағанда, түсініп әрекет еткенде үйренсеңіз, үйрену дегеніміздің өткенді керек қылмайтын үнемі қозғалыс екенін ашасыз. Егер сіз өзіңізді бірте-бірте, үнемі аз-аздан қосып отырып зерттеймін десеңіз, онда сіз өзіңізді тұрған бойыңызда емес, жиналған білімнің көмегі арқылы зерттейсіз. Үйрену зор алғырлықты қажет етеді; идея бар жерде зеректік болмайды, өйткені идея қазіргіден басым түсетін өткен шақ болып табылады. Сол кезде ақыл жылдам, ұшқыр әрі тірі болудан қалады. Көпшілігіміз физикалық тұрғыдан да сезімтал емеспіз. Біз тоя ішіп-жейміз, дұрыс емдәмді сақтамаймыз, шылым шегіп, арақ ішеміз, сондықтан біздің тәніміз сезімталдықтан айырылып, тұрпайыланады. Ағзаның өзі сылбыр, ұйқылы-ояу болса, ақыл қалай тірі, зерек болады? Қарақан басымызға қатысты кейбір нәрселерде біз алғыр болуымыз мүмкін, ал өмірге қатысты барлық нәрсені қабылдау үшін ағза мен психиканың арасында ешқандай жік болмауы қажет. Өйткені бұл тұтас қозғалыс. Бір нәрсені ұғыну үшін сіз сол нәрсемен бірге өмір сүріп, оны бақылап, мазмұнын, болмысын, құрылымын және қозғалысын білуіңіз қажет. Сіз өзіңізді түсінуге талпынып көрдіңіз бе? Егер талпынып көрсеңіз, онда өзіңіздің құрылымыңыздың қатып қалмағанын байқар едіңіз. Сіз үнемі жаңаруда болатын тірі нәрсесіз; тірі нәрсемен бірге түру үшін сіздің ақылыңыз да тірі болу керек. Бірақ, егер ол пікірдің, пайымның және бағалаудың тұтқыны болса, ол тірі бола алмайды. Сіздің ақылыңыз бен жүрегіңіздің, ашарлық мәніңіздің қозғалысын бақылау үшін ақылыңыз болу керек. Ол айтылған сөзге орай айтыса кететін, не келіспейтін ақыл емес, түсінуге ұмтылған өкіл, ал түсіну өте қиын нәрсе, өйткені біздің көпшілігіміз шеннің сұлулығын көрмейтіні сияқты немесе ағаш жапырақтарының сыбдырын естімейтіні сияқты өз өмірін де, тыңдай да алмайды. Бірақ, дүние есігін ашқан сәттен келмеске кеткенге дейінгі аралықта біздің ақылымыз белгілі бір мәдениеттің ықпалымен тар қалыпты "мен"- ге сай қалыптасқан болса, көру мен тану еркіндігіне қалай қол жеткізуге болады? Ғасырлар бойы біз ұлтқа, кастаға, тапқа, дәстүрге, дінге, тілге, тәрбие мен білімге, әдебиетке, өнерге, салтқа, әр түрлі шарттылыққа, насихатқа, экономикалық қысымға, ішкен асқа, ауа райына, отбасына, достарға, толғанысқа, елестетуге болатын барша ықпалға негізделіп келдік, сондықтан әр мәселеде біздің жауабымыз да негізделген болып шығады. Өзіңізге қоятын ең бірінші сауал осы негізделуден қалай құтылу жайында емес, оны сезіну туралы болу керек. Сіз одан ешқашан арылмауы мүмкін. Егер сіз: "Мен одан арылуым керек", - десеңіз, онда сіз басқа тұзаққа, негізделудің басқа бір түріне жолығуыңыз ғажап емес. Сонымен, сіз негізделуді түсіндіңіз бе? Сіз, ағашқа қарап тұрып: "бұл емен" немесе "бұл банан" дегенде, ботаникалық білім болып табылатын ағаштың анықтамасы сіздің ақылыңызды негіздеп, сіз бен ағаштың шындықтағы көрінісі арасында тұратынын білесіз бе? Ағашпен тікелей қатынас жасау үшін сіз оны қолмен ұстайсыз, бұл жерде сөзден пайда жоқ. Өзіңіздің негізделуіңізді сіз қалай білесіз? Ол туралы сізге кім айтады? Сіз қарыныңыз ашқанын теориялық тұрғыда емес, іс жүзінде, дәл негізделуіңізде қайдан білесіз? Мұны сіздің мәселеге, заман талабына деген жауабыңыздан білуге болатын шығар? Сіз әрбір мәселеде өзіңіздің негізделуіңізге сай жауап қайтарасыз, ал сіздің негізделуіңіз барабар болмаған соң, сіздің жауабыңыз да әрқашан барабар болмайды. Сіз мұны түйсіне бастағанда нәсілге, дінге, мәдениетке негізделу қамауда отырған сияқты сезім туғызбай ма? Негізделудің бір түрін ғана, яғни ұлттық түрін алып, оны байыпты, терең түйсініп көріңіз, ол сізге рахаттану сезімін әлде наразылық сезімін сыйлай ма және егер оған наразы болсаңыз, одан арылып, кез келген негізделуден азат болғыңыз келмей ме? Егер сіз негізделген нәрсені қанағат тұтсаңыз, онда, бәлкім, соған қатысты ештеңе жасамайсыз, бірақ егер оны түйсіне бастағанда қанағаттанбау сезімі пайда болса, онда сіз ешқашан өзіңіз негізге алған нәрседен тыс әрекет жасамағаныңызға көзіңіз жетеді. Ешқашан! Сондықтан да сіз өлі өткен шақта өмір сүресіз. Сіз өзіңіздің қаншалықты негізделгендігі рахатыңыз жанжалға ұласқанда немесе өзіңіз ауырсынудан қашуға талпынған кезде анықтай аласыз. Сіздің айналаңыз орлығымен бақытқа бөленсе: жарыңыз сізді сүйсе, сіз оны түйсеңіз, үй-жайыңыз жайлы болса, тамаша балаларыңыз болса, ақшаңыз көп болса, сіз өзіңіздің негізделуіңізді мүлде сезбейсіз. Бірақ мұның бәрі күйреген кезде, яғни әйеліңіздің көңілі басқаға ауса немесе ақшаңызды жоғалтсаңыз, немесе соғыс ия қандай да бір басқа қайғылы жағдай болса, сол кезде ғана сіз негізделгеніңізді білесіз. Әр түрлі келеңсіздіктермен күрескенде немесе өзіңізді сыртқы не ішкі қауіптен қорғағанда, сіз өзіңіздің бірдеңеге негізделуіңізді сезесіз. Ал біздің біразымыздың көбіне терең не әншейін алаңдау жағдайында болуымыздың өзі негізделуімізді куәландырады. Жануарды еркелеткен кезде оның жауабы бізге ұнамды көрінеді, бірақ оған жаулық көрсетсеңіз болды, ол бірден қорғанысқа көшіп, айбат шегеді. Бізді әлемде болып жатқан және өз бойымыздағы өмір, саясат, экономикалық жағдай, үрей, қатігездік пен қайғы - қасірет мазалайды, бұлардың салдарынан біз өзімізді матап, жібермей тұрған негізделу шеңберінің тарлығын сеземіз. Енді не істеу керек? Көпшілік сияқты бүл алаңдаушылықты белдің сырқаты сияқты нәрсе ретінде қабылдап, оған үйреніп, ымыраласып өмір сүре беру керек пе? Немесе оны мадақтау керек пе? Бәріміз мұндай нәрсеге етіміз үйреніп, жағдайға кінә артамыз. "Егер жағдай басқаша болса, мен де басқа болар едім", - дейміз; "Маған мүмкіндік беріңіз, сонда мен өзімді көрсетем" немесе "Мен мұндай әділетсіз жағдайға төзбеймін", - деп, өзіміздің мүшкілдігіміз үшін жауапкершілікті басқаға, айналадағы ортаға немесе экономикалық жағдайға аудара саламыз. Егер адам мүшкіл жағдайға үйреніп кетсе, оның ақылы топастана бастайды. Дәл солай адамның көзі айналадағы сұлулыққа үйреніп кетсе, сол сұлулықты байқаудан қалады. Адам қатыгез, немқұрайлы, тас жүрек болады, оның ақылы одан бетер топастана береді. Егер біз ауыртпалықтарға көнбесек, онда одан қашып құтылудың амалын қарастырамыз, есірткіге әуестенеміз, қайсыбір саяси топты жақтаймыз, айғайға басамыз, жазамыз, футбол ойынына немесе шіркеуге барамыз, басқа бір ермек табамыз. Біз шындықтың деректерінен неге қашамыз? Біз ажалдан қорқамыз, мен мұны мысал ретінде алып отырмын. Біз ажалдан қашу үшін түрлі ілімдерді, үміттер мен сенімдерді ойлап табамыз,бірақ мәселеден құтылмаймыз. Көпшілігіміз ажалдан қорқатындай, өмірден де қорқамыз. Біз отбасымыз үшін қорқамыз, қоғамдық пікірден, жұмыссыздықтан, беделден және басқа да жүздеген нәрседен айырылып қалудан қорқамыз. Біз, белгілі бір нәрседен ғана емес, жалпы қорқамыз. Біз бұл деректен неге жалтарамыз? Сіз дерекпен қазіргі шақта ғана бетпе-бет келе аласыз, бірақ сіз оған қазіргі шақта жүзеге асуға мүмкіндік бермей, одан үнемі қашып жүргендіктен, онымен ешқашан жүздесе алмайсыз, сіз қашу амалдарының тұтас жүйесін қолданасыз және сол әдеттің тұтқынына айналасыз. Егер сізде жеткілікті дәрежеде алғырлық пен салмақтылық болса, онда сіз өзіңіздің тәуелділігіңізді түсініп қана қоймай, оның салдарынан болатын қауіпті, яғни қатыгездік пен жеккөрушілікті де түйсінетін боласыз. Олай болса тәуелділіктің қаупін біле тұра сіз неге әрекет етпейсіз? Мүмкін бұған сіздің жалқаулығыңыз кінәлі шығар? Өйткені жалқаулық қуаттың жетіспеуінен шығады. Бірақ сізге тікелей қауіп төнген кезде, мысалы жолда жыланды, құзды не отты кездестірсеңіз, сізде қуаттың жетіспеушілігі болмас еді ғой. Олай болса, неліктен негізделудің қаупін біле тұра әрекет етпейсіз? Егер ұлтшылдық сіздің қоғамыңызға қауіп төндірсе, сіз әрекетке барар едіңіз ғой? Мұның бір-ақ жауабы бар - сіз көрмейсіз. Зиятты талдауды қолдану арқылы сіз, бәлкім, ұлтшылдықтың өзін-өзі жоюға бастайтын нәрсе екенін көретін де шығарсыз, бірақ мұндай көруде эмоциялық фактор жоқ. Эмоциялық фактор болғанда ғана сізге жан бітіп, сіз әрекетке көшесіз. Егер сіз өзіңіздің негізделуіңіздің қаупін зиятты түсінік деңгейінде ғана көрсеңіз, ешқандай әрекет жасай алмайсыз. Егер қауіп әншейін бір идея ретінде қабылданса, онда идея мен әрекеттің арасында жанжал туындайды және мұндай жанжал сіздің қуатыңызды кемітетін болады. Сонда ғана алдыңызда құзды көргендей, негізделу мен оның қаупін бір мезетте көріп, әрекет етесіз. Сонымен, көру әрекет болып табылады. Көпшілігіміз жеткілікті дәрежеде назар бөлмей өмір сүрудеміз, өзіміз тәрбие алған айналадағы жағдайға сай бәріне баға береміз, ал мұндай бағалар келешекте негізделу мен тәуелділікті туғызады, сондықтан сіз барша көңілді негізделуіңізге арнағанда ғана өткеннен толық арылып, оның өздігінен жоғалғанын байқайсыз.

ІІІ тарау
Сана. Өмір тұтастығы. Ұғыну.

Сіз негізделуіңізді түсінген кезде санаңыздың тұтастығы да түсінікті болады. Сана -ойдың оз қызметін атқаратын және қатынастар жүзеге асатын тұтас сала. Барша уәж, қажеттілік, үрей, шабыт, рахат, құмарлық, арман, үміт, уайым, қуаныш осы салада орналасады. Бірақ біз бұл сананы ояу және ұйқыдағы, жоғарғы және төмен деп бөліп тастадық, оның үстіңгі қабатында күнделікті ойларымыз, сезімдеріміз бен әрекеттеріміз жатады, ал төменгі түпкі сана деп аталатын жерде көкейкөз бен аян арқылы әдеттен тыс, кездейсоқ көрінетін нәрсе бар. Біз, өмірімізге байланысты сананың аз ғана бөлігін пайдаланамыз, ал түпкі сана деп аталатын және уәждермен, үрейлермен, нәсілдік және тұқым қуалаушылық қасиеттермен байланысты басқа бір бөлік біз үшін түсініксіз күйде қала береді. Менің сіздерден сұрайтыным: жалпы түпкі сана деген нәрсенің өзі бар ма өзі? Біз бүл сөзді еркін қолданамыз. Біз оның бар болуымен келісіп, тілімізге талдаушылардың сандырағын қосып алдық. Бірақ мұндай нәрсенің өзі бар ма? Неліктен біз оған ерекше мән береміз? Түпкі сана мен үшін дәл біздің саналы ақыл сияқты кәдімгі және доғал, дәл сондай тар, бірбеткей, тәуелді, мазасыз және ұсақ нәрсе болып көрінеді. Сонымен, сананың бір ғана бөлігін, фрагментін ғана емес, бүкіл саласын қамтуға бола ма? Егер бүкіл саланы қамти алсаңыз, онда сіздің назарыңыз толық жұмыс істеп тұрады. Ал мұны ұғыну, сананың барша саласы қамтылған кезде неліктен келіспеушіліктің жойылатынын түсіну үшін маңызы зор болады. Ішінде ойлау, қабылдау және әрекет болатын сананы түрлі деңгейлерге бөлген кезде осындай келіспеушілік пен үйлесімсіздік пайда болады. Біз бөліктерде өмір сүреміз. Сіз жұмыста бір адамсыз, үйіңізде басқа адамсыз. Сіз демократия туралы айтасыз, бірақ өзіңіз озбырсыз. Көршіңмен тату бол дейсіз, бірақ оны бәсекемен тұншықтырасыз. Сіздің бір бөлігіңіз басқа бөліктен тәуелсіз, бақылап, әрекет етеді. Сіз өзіңіздің жіктелген тіршілігіңізді ұғынасыз ба? Сондай-ақ, өз қызметін, оз ойын осылай бөлшектеп тастаған ақылдың осы саланы толығымен қамти алуы мүмкін бе? Тұтас адам болу үшін сананың бүкіл саласын толығымен, жаппай қамту мүмкін бе? Назармен қадалып, көңіл болу - әр түрлі нәрселер; қадалу дегеніміз бір нәрсені шығарып тастау, ал толық ұғыну болып табылатын назар ештеңені тыс қалдырмайды. Меніңше көпшілігіміз әңгіме болып отырған нәрсені ғана емес, біздің айналамыздағы нәрсені де -айналадағы бояуды, адамды, ағаштың сұлбасын, бұлтты, судың қозғалысын ұғынбайтын сияқтымыз. Бәлкім, бұл біздің майда мәселелерімізді, идеяларымызды, атақ құмарлығымызды ойлауымыздан да болар, сондықтан біз шынайы түрде қабылдай алмаймыз. Десек те, біз саналы түрде меңгеру туралы көп айтамыз. Бірде мен Үндістанда автокөлікпен жүрген едім. Мәшинені жүргізуші жүргізеді, ал мен оның қасында отырамын. Мәшиненің артқы орнындағы үш адам ұғыну мәселесін қызу талқылап, маған соған қатысты сұрақтарды жаудырып келе жатқан. Бір кезде жүргізушінің назары басқаға ауып кетіп, көлік жол жиегінде жүрген бір ешкіні қағып кетті. Ал үш мырза, ешкіні басқанымызды байқамай, ұғыну мәселесін талқылап отыра берді. Ұғынуға ұмтылған бұл адамдарға назардың жеткіліксіздігі туралы айтқанымда, олар қатты таң қалды. Көпшілігіміз дәл сондай жағдайға тап болдық. Біз ішкі нәрсені де, сыртқы нәрсені де ұғынбаймыз. Егер сіз кұстың, шыбынның, жапырақтың немесе адамның сұлулығын түсінем десеңіз, онда сіз оларға бүкіл назарыңызды аударуыңыз қажет. Ұғыну деген осы болады. Ал бірдеңеге назар аудару үшін, сізде ерекше қызығушылық болу қажет. Бір нәрсені бар ынтамен түсінуге ұмтылғанда ғана сіз оған ақылыңыз бен жүрегіңізді бересіз. Мұндай ұғыну - бір бөлмеде жыланмен бірге өмір сүргенмен бірдей нәрсе. Сіз оның әр қимылын жіті бақылайсыз, сіз ол шығарған әр дыбысты қадағалап отырасыз. Назардың мұндай күйі жаппай қуат болып табылады. Бұлайша ұғынуда мәніңіздің барша тұтастығы бірден ашылады. Егер сіз ішкі дүниеңізге осылай терең үңіле алсаңыз, онда одан да тереңге бойлай аласыз. Сіз "одан да терең" деп қолданған сөз - салыстырмалы шырай емес. Біз салыстыру категориясымен ойлаймыз: терең және таяз, бақытты және бақытсыз. Біз әрқашан өлшеп, салыстырамыз. Бірақ таза күйінде "ұсақ" және "терең" деген категориялардың өзі бар ма? Мен өз ақылым ұсақ, байғұс, тар, шектеулі деп айтқанда, оны қалай білемін? Өз ақылымды сіздің айқын, қабілетті, биік әрі ұшқыр ақылыңызбен салыстыру арқылы ма? Мен ұсақтығымды басқамен салыстырмасам, оның ұсақтығын қалай білемін? Қарным ашқанда, мен бүгінгі ашыққанымды кешегі мен салыстырмаймын ғой. Кешегі ашыққаным - идея, естелік. Егер мен өзімді үнемі сізбен салыстыра берсем және сіздей болуға тырыссам, онда өзімнен бас тартқандай боламын. Осылай мен иллюзия жасаймын. Мен, салыстырудың қай түрі болмасын, бұдан да ірі иллюзияға, бұдан да зор қасіретке алып баратынын түсінгенде өзім туралы білімге білімнің азғантай кесегін біртіндеп қосатын немесе өзін тысқары бір нәрсеге, яғни мемлекетке, құтқарушыға немесе идеологияға барабар санайтын өзіңді - өзің талдау одан бетер бағынуға, демек, одан да ірі жанжалға жетелейтінін түсінгенде салыстыру әдетінен толық арыламын. Сол кезде менің ақылым ештеңе іздемейтін болады. Ендігәрі ақылым ештеңені сипалап жүріп іздемейтін, барша жерді ақтармайтын, сұрақ қоймайтын жағдайды түсінудің маңызы зор. Бұл, енді менің ақылым осындай жағдайды қанағат тұтады деген сөз емес. Бұл менің ақылым енді сағым жасамайды деген сөз. Мұндай ақыл мүлде басқа өлшемде әрекет ете алады. Біздің өмір сүретін өлшеміміз, яғни ауырсынудан, азаптан, рахаттан тоқылған күнделікті тіршілігіміз ақылымызды негіздеп, оның болмысын шектейді, ал мұндай ауырсыну, рахат және қорқыныш тоқтаған сәтте (бұл қуаныш та тоқтайды деген сөз емес, өйткені қуаныш -рахаттанудан ерекше нәрсе), сол кезде ғана ақыл жанжалы жоқ, жіктелу сезімі жоқ басқа бір өлшемде жұмыс істейтін болады. Сөз деңгейінде біз осы тұсқа ғана жете аламыз. Оның арғы жағында жатқан нәрсені сөзбен жеткізу мүмкін болмайды, өйткені сөз зат емес. Осы тұсқа дейін біз сипаттап, түсіндіріп келдік, бірақ есікті аша алатын сөз не түсіндіру жоқ. Бұл есікті ашу үшін ұғыну мен назар қажет. Ұғынғанда да, біз нені, қалай айтуды, қалай жүріп-тұруды, пені ойлауды ұғынуымыз қажет болады. Бұл бөлменің ішін жинап, бәрін тәртіпке келтіру сияқты нәрсе. Бөлмені жинастыру бір тұрғыдан маңызды болса, екінші тұрғыдан аса маңызды нәрсе емес. Бөлмеде тәртіп болу керек, бірақ тәртіптің өзі есікті не терезені ашпайды. Есікті сіздің тілегіңіз не сіздің жігеріңіз де ашпайды. Сіздің қолыңыздан келетін бір-ақ нәрсе бар, яғни ол бөлмені тәртіпке келтіру, сіз мұны мойындауыңыз керек. Тәртіпті сақтау дегеніміз ізгілік үшін ізгілікті болу дегенді білдіреді. Оның пайдасын көру мақсатында емес. Ақылды, байыпты, біртоға болыңыз, мүмкін, сонда сіздің жолыңыз болып, терезе ашылып, самал жел еседі. Бірақ бұлай болмауы да мүмкін. Ол сіздің ақылыңыздың күйіне байланысты және ақылдың бұл жағдайын бақылап, оны ешқандай түрге келтіруге тырыспай-ақ, ешқашан бір жақты ғана қолдамай, ешқашан айып тақпай, яғни таңдауы жоқ бақылау жүргізгенде ғана, оны өзіңіз түсінесіз. Таңдауы жоқ ұғынудың арқасында ғана есіктің ашылуы мүмкін, сонда ғана сіз ешқандай жанжал да, уақыт та жоқ өлшемді тани аласыз...

X тарау
Махаббат

Берік сенімділікті аңсау міндетті түрде қайғы мен қорқынышқа жолықтырады. Сенімділікті аңсау сенімсіздікке жол ашады. Сіз өзіңіздің қандай да болмасын қатынасыңызда берік сенімділікке қол жеткізе алдыңыз ба? Сондай жағдай болып пе еді? Көпшілігіміз махаббаттағы сенімділікке ұмтыламыз, сүйгіміз келеді, сүйікті болғымыз келеді, бірақ әрқайсымыз сенімділікті іздеп, ерекше жолды таңдаған жерде махаббатқа орын қала ма? Біз қалай сүю керек екенін білмеген соң, бізді де ешкім сүймейді. Махаббат деген не? Әбден таптауырын болып, әбден бұрмаланып біткендіктен мен бұл сөзді қолданғым да келмейді. Бәрі махаббат туралы айтудан жалықпайды, әр газет пен журнал, әр миссионер махаббат туралы тоқтамай сайрайды. Мен өз елімді, оз патшамды сүйем, мен қайсыбір кітапты сүйіп оқимын, мен мына тауды сүйем, мен рахатты сүйем, мен әйелімді сүйем, мен Құдайды сүйем. Махаббат идея болып табыла ма? Егер ол идея болса, онда оны өсіруге болады, әр жерде дәріптеуге де, қолдан келгенше бұрмалауға да болады. Сіздің Құдайды сүйемін деуіңіздің мәні неде? Бұл сіздің өз қиялыңыздың көлеңкесін немесе сіз киелі әрі бекзат санайтын салиқалықтың белгілі бір түріндегі бейнеңізді сүю болып табылады; сонымен, мен Құдайды сүйем деп айтудың өзі - құр сандырақ. Сіз Құдайға табынғанда, өзіңізге табынасыз, ал бүл махаббатқа жатпайды. Сіз махаббат деп аталатын адам өміріндегі құбылысты қиратуға қабілетсіз болғандықтан, біз абстракцияға көшеміз. Махаббат адамның барлық мәселесін, қиыншылығы мен ауыртпалығын түбегейлі шеше алады. Бірақ махаббатқа анықтама беру арқылы біз оның қандай болатынын қалай білеміз? Шіркеу мен қоғам оның әр түрлі анықтамаларын ұсынады және оларда ауытқу пен бұзылғандықтың барлық түрлері кездеседі: біреуді сүю, біреумен жыныстық, эмоциялық, достық қатынаста болу - махаббат дегеніміз осылар емес пе? Бұл қалыпты жағдайға, жеке адамның ісіне, шектеуге айнала бастаған соң, діндер: "Махаббат дегеніміз бұдан әлдеқайда ұлы нәрсе", - деуге мәжбүр болған. Олар адамдар махаббаты деп аталатын нәрседен ләззат алуды, бәсекені, қызғанышты, иелік етуге ұмтылуды, ұстап қалуды, бақылауды, басқаның ойына араласуды көреді және оның күрделі екенін байқап, басқа махаббатты, яғни құдіретті, асқақ, өшпейтін мәңгі махаббат болу керек дегенді айтады. Әлемнің барлық түкпірінде әулие деп аталатын адамдар әйелге қараудың өзін күнә дейді және егер сіз жыныстық қатынасты жақтасаңыз, онда сіз Құдайға жақындай алмайсыз дегенді айтады. Сондықтан өздері де құмартып тұрса да, олар сексті жоққа шығарады, бірақ оны жоққа шығарған кезде, өздерін көз бен тілден айырады, өйткені олар жер бетіндегі сұлулық атаулыны жоққа шығарады. Олар өздерінің жүрегін, ақылы мен тәнін азаптап, шөлге айналдырып жібереді; олар сұлулықты қуғындайды, өйткені сұлулық әйелмен байланысты нәрсе. Махаббатты киелі және пәни, адами және құдіретті деп бөлуге бола ма немесе ол жалғыз ба? Біреуге деген және көпшілікке деген махаббаттың арасында айырмашылық бар ма? Егер мен: "Сені сүйем" десем, бұл менің басқаларды ұнатпауым ба? Бұл жеке адамның махаббаты ма, әлде тұлғасы жоқ махаббат па? Жеке не тұлғасыз, аһлақи не бейаһлақи, отбасына деген не отбасына емес деген махаббаттың түрлері бола ма? Егер сіз бүкіл адамзатты сүйсеңіз, жеке адамды сүйе аласыз ба? Махаббат сезімге жата ма? Әлде ол эмоция ма? Махаббат ләззат алу ма әлде құмарлық па? Бұл сұрақтар сізде махаббат туралы немесе ол қандай болу не болмау керек деген идеялардың, біз өмір сүретін мәдениет жасаған белгілі бір қалыптың немесе кодтың бар екенін көрсетеді. Демек, махаббат туралы мәселеге үңілу үшін, біз алдымен оны ғасырлар бойы жиналған нәрседен тазартып алып, ол қандай болу керек не болмау керек деген барша идеалдар мен идеологияларды алып тастауымыз қажет. Қандай да бір нәрсені бар не солай болуы тиіс деп жіктеу - өмірді зерттеудегі ең үлкен қателікке ұрындыратын жол. Махаббат деп аталатын жалынды қалай анықтауға болады? Оны басқаға сөзбен жеткізбей-ақ, қандай болатынын анықтай аламыз ба? Ең әуелі, мен бұл туралы шіркеудің, қоғамның, ата-анамның, достарымның, кез келген адамның, кез келген кітаптың айтқандарын лақтырып тастаймын, өйткені оның қандай болатынын мен өзім үшін анықтағым келеді. Бұл бүкіл адамзатты мазалайтын өте күрделі мәселе. Оны анықтаудың да мыңдаған жолдары бар екен. Осы сәтте мені қуандыратын не маған ұнайтын нәрсеге байланысты мен қандай да бір үлгінің тұтқыны боламын, сондықтан мұны ұғыну үшін маған жеке бейімділіктен және соқыр сенімнен арылу қажет шығар? Мен абыржыдым, мені өз тілектерім жан-жақтан тартқылаған кезде, өзіме: "Ең алдымен оз абыржуыңды түсін, бәлкім сонда сен махаббаттың қандай болмайтынын түсіну арқылы оның мәнісін ұғарсың", - деймін. Үкімет: "Өз еліңді сүйсең, адамды өлтір", - дейді, сонда бұл да махаббат па? Дін айтады: "Құдай үшін секстен бас тарт", сонда, бұл да махаббат па? Махаббат дегеніміз құмарлық па? Жоқ дей көрмеңіз, көпшілігіміз үшін махаббат -негізінде сезімдік ләззат алу, жыныстық құштарлық пен рахаттану жатқан құмарлық. Мен жыныстық қатынасқа қарсы емеспін, бірақ оның неден құралатынын қараңызшы. Секс сізге бір сәтке өзіңізді толық ұмытуға мүмкіндік береді, кейін сіз қайтадан абыржыған қалпыңызға түсесіз, сондықтан сіз қиналыс та, мәселе де, өзін де жоғалатын сол бір керемет сәтті қайталағыңыз келіп тұрады. Сіз әйеліңізді сүйемін дейсіз. Мұндай махаббатқа сексуалды рахаттану да кіреді, сондай-ақ сізге үйде біреудің болғаны, балаларыңызды күтіп бағатын, ас дайындап беретін біреудің болғаны ұнайды. Сіз оған тәуелдісіз, ол сізге өз жылуын, өз сезімін берді, ол сізге тірек болып, ырыс-береке мен сенімділіктің белгілі бір сезіміне бөлейді. Бірақ бір кезде ол сізден жалығып, теріс қарайды немесе басқа біреуге кетіп қалады, сонда сіздің барлық эмоциялық тепе-теңдігіңіз бұзылады, ал мұндай бүліну қызғаныш деп аталады. Бұл жерде ауырсыну, беймазалық, жек көру мен дүлейлік орын алады; сіз: "Сен менікі болғанша, мен сені сүйем, бірақ сен теріс қарап кеткен кезде, мен сені жек көре бастаймын. Сен мені қанағаттандырған кезде, менің талаптарымды - жыныстық және т.б. орындаған кезде, мен сені сүйем, бірақ олай болмаған жағдайда мен сені жек көрем", - дейсіз. Сонымен, сіздердің араларыңызда араздық пайда болады. Сіздер ажырап, бірге болмаған соң махаббат та жойылады. Бірақ, егер сіздің ойыңыз осындай қайшы жағдайларды, бітпес ұрыс-керісті туғызбай, өз әйеліңізбен бірге тұрсаңыз, онда, мүмкін сіз махаббаттың не екенін түсінесіз. Сол кезде сіз де, әйеліңіз де толығымен еркін адамға айналасыздар. Ал егер өзіңіздің рахаттануыңызда сіз әйелге тәуелді болсаңыз, онда оның құлы боласыз. Сондықтан, сүйген кезде басқаға ғана емес, өзіңе де тәуелді болмау керек. Басқаның иелігінде болсаң, сол басқа біреу сені психологиялық тұрғыда қолдаса, басқаға тәуелді болсаң, бұдан міндетті түрде алаңдау, үрей, қызғаныш, өзіңді кінәлі сезіну сезімі туындайды, ал үрей бар жерде махаббат болмайды. Азап шегетін ақыл махаббатың қандай екенін ешқашан білмейді. Көңілшектік пен эмоцияға берілудің де махаббатқа еш қатысы жоқ. Сонымен, махаббаттың ләззат алмауға және құмарлыққа ешқандай қатысы жоқ. Махаббат - өткен нәрсе болып табылатын ойдың жемісі де емес. Ой махаббатты туғыза алмайды. Махаббатты байлап тастауға болмайды, оны қызғанышпен ұстап тұра алмайсың, өйткені қызғаныш - өткен шақ. Махаббат әрқашан белсенді қазіргі шақ. Ол "мен сүйемін" немесе "мен сүйдім" деген нәрсе емес. Егер сіз махаббаттың не екенін білсеңіз, онда сіз ешкімнің соңынан ермейсіз. Махаббат бағынуды білмейді. Сіз сүйген кезде сыйлау не сыйламау деген категория болмайды. Сіз біреуді жек көрмей, қызған ба, ашуланбай, басқаның ісіне не ойына араласпай, ешкімге кінә тақпай, салыстырмай сүюдің қандай екенін білесіз бе? Махаббат бар жерде қалай салыстыруға болады? Сіз біреуді бар жүрегіңізбен, бар ақылыңызбен, бар тәніңізбен сүйсеңіз, сіз салыстырасыз ба? Сіз махаббатқа толық берілгенде, басқаның бәрі жоғалып кетеді. Махаббатта жауапкершілік пен борыш бар ма, жалпы ол осындай сөздерге мұқтаж ба? Адам борышын орындамаса, махаббат бола ма? Борышта махаббат болмайды. Адамды тұтқынында ұстайтын борыштың құрылысы адамның түбіне жетеді. Сіз борышты болғандықтан бір нәрсені жасауға мәжбүр боласыз, бірақ айналысқан істі жақсы көрмейсіз. Махаббат бар жерде борыш та, жауапкершілік те жоқ. Өкінішке орай, ата-ананың көпшілігі өз балаларына жауаптымыз деп есептейді және сол жауапкершілік сезімі оларға балаларына не жасау керек, қалай жүріп-тұру керек, олар болашақта қандай болуы керек, қандай болмау керек дегенді айтқызады. Ата-ана баласының қоғамдағы орны дұрыс болса екен дейді. Олардың жауапкершілік деп атайтын нәрсесі өздері табынатын салиқалықтың бір бөлігі болып табылады. Меніңше, салиқалық бар жерде тәртіп болмайды. Олар шынайы буржуа болуға ұмтылады. Өзінің баласын қазіргі қоғамға кіруге дайындап, соған бейімдегенде, олар сол қоғамдағы толассыз соғысты, жанжал мен қатігездікті қолдаған болып шығады. Сіз мұны қамқорлық пен махаббат дей аласыз ба? Шынайы қамқорлық - сіз ағашты не өсімдікті суғарып, оларға қандай жағдай жасау керектігін зерттеп, қажетті топыраққа отырғызып, ақжүрек мейіріміңізді төгіп, күту сияқты нәрсе, ал бірақ сіз балаңызды қоғамға бейімдеуге ұмтылсаңыз, онда сіз оларды өлімге дайындағандай боласыз. Егер сіз балаңызды шынымен жақсы көрсеңіз, онда бізде соғыс та болмас еді. Сіз сүйген адамнан айырылғанда, көзіңізден шыққан жас өзіңізге қатысты ма, әлде жоғалтқан адамға қатысты ма? Сіз өзіңізге жаныңыз ашығаннан жылайсыз ба, әлде басқаға жаныңыз ашыды ма? Сіз соғыста өлген балаңызды жоқтап көрдіңіз бе? Егер жоқтасаңыз, онда өзіңізді аяп жыладыңыз ба, әлде адам өліміне қатысты жыладыңыз ба? Егер өзіңізді аясаңыз, сіздің көз жасыңызда ешқандай мән жоқ, өйткені сіз өзіңізді ғана ойлайсыз. Егер өлім ауызында жатқан бауырыңызды ойлап жыласаңыз, соны аяп жылаңыз. Ол кеткеннен соң, өзіңді аяп жылау қиын емес. Бәлкім, сіз жүрекке жақын алған соң жылайсыз, бірақ жүректің оған еш қатысы жоқ. Сіз өзіңізге жаныңыз ашығандықтан толқисыз, ал өзін аяған адам қатыгез, тұйық, топас әрі ақымақ болып келеді. Егер сіз өзіңізді ойлап қайғырсаңыз, жалғыз қалдым, сөзім өтпейтін болды деп тағдырыңызға, айналаңызға налып жыласаңыз, онда бұл махаббатқа жата ма? Сіз осыны ұғынсаңыз, яғни ағашты, бағанды немесе қолды ұстағандай, оны тікелей сезінсеңіз, онда уайымның себепшісі өзіңіз екеніне, оның ойдан, уақыттан туындайтынына көзіңіз әбден жетер еді. Осыдан үш жыл бұрын менің ағам бар еді, қазір ол жоқ, енді мен жалғыз қалдым, маған сүйеніш, жұбаныш болатын адам жоқ, сондықтан көз жасымды тыя алмаймын. Егер сіз бақылап отырсаңыз, мұның бәрін өзіңізден де таба аласыз, мұны сіз бірден - ақ, толық, талдауға уақыт кетірмей, бірден көре аласыз. "Мен" деп аталатын майда, байғұс нәрсенің құрылымы мен болмысын бір-ақ сәтте байқайсыз. Менің көз жасым, отбасым, сенгенім, ұлтым - мұндай ішімізде бар барша кемтар нәрсені ақылмен емес, күрекпен, жүрегіңіздің ең тереңінен шығатын көзқараспен көрген сәтте сіздің қолыңызда уайымнан құтқаратын кілт пайда болады. Уайым мен махаббат бірге жүрмейді. Христиан әлем азапты көкке көтерді, оны крестке керіп тастап, табынды әрі сол арқылы азаптан белгілі бір есік арқылы ғана құтыласыз дегенді айтты. Діни сезімдерді пайдаға асыруға негізделген қоғамның құрылымы осындай. Сонымен, сіз махаббат туралы сұрақ қойғанда, сірә, жауабын алып қалам ба деп қорқатын да шығарсыз. Ол ішкі дүниеңізде төңкеріс жасауы мүмкін, ол отбасыңызды бұзуы мүмкін, сіз күйеуіңізді, әйеліңізді немесе балаларыңызды сүймейтіндей болып кетуіңіз ғажап емес. Сіз оларды жақсы көресіз бе? Бәлкім, өзіңіз тұрғызған үйдің быт-шытын шығаруға тура келер немесе сіз ешқашан храмның есігінен қарамай кетерсіз. Бірақ, егер сіз мұны анықтағыңыз келсе үрейдің, тәуелді болудың, қызғаныштың, үстемділіктің, жауапкершілік пен борыштың, өзіңді аяудың, сізді біреу сүймегендіктен торығудың - махаббат болмайтынына көзіңіз әбден жетеді. Махаббат жек көрушілікке қарама-қарсы туратын нәрсе емес, дәл солай, қарапайымдылық даңғойлыққа қарама -қарсы нәрсе емес. Сонымен, егер сіз мұның бәрін күш салмай, жапырақтың шаңын жуып кететін жаңбырша шайып тастап, жеңіп шықсаңыз, онда, бәлкім, сіз адам баласы мәңгі аңсап келген ғажап гүлді кездестіре аласыз. Егер сіз тамшыдай емес, ұшан-теңіз махаббатқа кезікпесең, махаббат ішіңізге сыймайтындай күйді бастан кешпесең, онда барша әлемге қауіптің төнгені. Махаббатың адамзатты біріктіретін жалғыз ғана жол екенін сіз ақылмен жақсы түсінесіз, бірақ сүюді сізге кім үйретеді? Қайсыбір бедел, қандай да бір тәсіл не жүйе қалай сүю керектігін айта ма? Егер сізге біреу оны айтса, онда ол махаббат емес. Сіз: "Мен махаббатты үйреніп аламын. Мен үйде отырып, күні-түні махаббат туралы ойлаймын. Мен мейірбандық пен жуастықты дәріптеп, өзімді басқаға ықыласпен қарауға мәжбүр етемін", - дей аласыз ба? Сіз жақсы көру үшін өзіңізді тәртіпке қалай үйретесіз, жігеріңізді қалай жаттықтырасыз? Сүю үшін тәртіп пен жігерді қолданған кезде, махаббат терезеден шығып кетеді. Сүю үшін қайсыбір тәсілді немесе жүйені қолданған кезде, сіз өте ақылды, мейірбан адамға айналып, зорлық жасамайтындай жағдайға келуіңіз мүмкін, бірақ бұлардың бәрі махаббатқа еш қатысы жоқ нәрселер. Бұл шөлге айналдырылған әлемде махаббат жоқ, өйткені бұл әлемде рахат мен құмарлық бірінші орында тұрады. Бірақ махаббатсыз дүние бос, біздің күнделікті өміріміз де мәнсіз және сұлулық жоқ жерде махаббат та жоқ. Сұлулық сіз бақылай алатын нәрсе емес. Ол әдемі ағаш, әдемі сурет, әдемі ғимарат не сұлу әйел де емес. Сіздің жүрегіңіз бен ақылыңыз махаббатты білген кезде ғана сұлулық орнайды. Махаббат пен сұлулық сезімі болмаса, ізгілік те жоқ және қоғамды қалай дұрыс жолға салсаңыз да, кедей - кепшікті асқа қалай тойдырсаңыз да, сіз зұлымдықты одан әрі көбейте бересіз, өйткені махаббатсыз сіздің жүрегіңіз бен ақылыңыз кемтар әрі байғұс болады. Ал махаббат пен сұлулық бар жерде сіз не істесеңіз де - бәрі дұрыс, бәрінде тәртіп болады. Егер сіз қалай сүюді білсеңіз қалаған нәрсеңізді жасай аласыз, өйткені махаббат мәселенің бәрін шешеді. Сонымен, біз ең басты нәрсеге жақын келдік: егер тәртіп, ақыл, мәжбүрлеу, қандай да болмасын кітап, қайсыбір ұстаз немесе басшы болмаған жағдайда ақыл махаббатқа, күннің тамаша батуына жақындағандай, жақындай ала ма? Меніңше, бұл үшін абсолют түрде бір нәрсе - ынтық болу қажет сияқты және ешқандай уәж, қайсыбір борыш, құштарлық не аңсарлық жоқ құмарлық қажет сияқты. Құмарлықты сезінбеген адам, ешқашан махаббаттың да не екенін білмейді, өйткені махаббат абсолют жан пидалық бар жерде ғана пайда болады. Ізденген ақыл құмар ақылға жатпайды, ал махаббатқа жетудің жалғыз жолы - күш не тәжірибе арқылы емес, мақсатсыз, ізденіссіз жету. Сіз аңсаған махаббат уақытқа бағынбайды. Ол - бір мезетте мәңгі әрі тұлғасыз, бір мезетте жалғыздың және баршаның махаббаты. Ол, сіз аңқыған иісін сезетін гүл сияқты, бірақ сіз оны сезбей, қасынан өтіп кетуіңіз мүмкін. Бұл гүл барша адам үшін өседі, бірақ оның қасына барып, иіскеген жалғыз біреу ғана оның рахатын көреді. Гүлге бәрібір, идам бақтың ішінде түр ма, әлде далада жүр ме. Гүл жұпар пісін баршаға бірдей шығарады. Махаббат - жаңа, тірі нәрсе. Оның кешегісі мен ертеңі жоқ, ол ойдың ұсақ-түйегінен биік тұрады. Махаббаттың қандай болатынын таза, пәк ақыл ғана біледі. Мұндай ақыл лас дүниеде өмір сүре алады екен. Адам сансыз ірі жет құрбандық, табыну, қатынас, секс, рахат иен азаптың барша түрі арқылы қол жеткізуге ұмтылған осындай таңғажайып нәрсе, ой өзін түсінгенде ғана, демек, соңына жеткенде ғана табылуы мүмкін. Сонда ғана махаббатта қарама-қайшылық пен жанжал болмайды. Сіз: "Егер мен махаббатқа қол жеткізсем, менің әйелімнің, менің балаларымның, менің отбасымның жағдайы не болмақ? Өйткені, оларға сенімділік қажет қой", - деп сұрауыңыз мүмкін. Егер сіз осындай сұрақ қойсаңыз, онда сіз ешқашан ой мен сананың аясынан шықпаған екенсіз. Егер сіз бір рет бұл саланың аясынан шығып кетсеңіз, сіз мұндай сұрақты ешқашан қоймайсыз, өйткені ойсыз, демек уақытпен өлшенбейтін махаббаттың қандай болатынын білер едіңіз. Осыларды оқығаннан кейін сіз өзіңізді бір түрлі арбалып, таң қалғандай, ал шын мәнісінде ой мен уақыт шеңберінен, демек, азаптың шеңберінен асып кеткендей сезінуіңіз әбден мүмкін, бұл, махаббат деп аталатын ерекше бір өлшемнің бар екенін түйсіну деген сөз. Алайда, сіз бұл қайнарға баратын жолды білмейсіз. Сіздің қолыңыздан не келеді? Егер не істеуді білмесеңіз, сіз ештеңе жасамайсыз ғой, солай емес пе? Абсолют түрде ештеңе жасамайсыз. Сол сәтте сіздің ішіңізді үнсіздік жайлайды. Сіз мұның мәнісін түсінесіз бе? Бұл - сіз ештеңені іздемей, ештеңені қаламайсыз, ешнәрсеге ұмтылмайсыз, ешқандай орталық жоқ дегеннің белгісі. Сол кезде махаббат бар болады.

Дж. Кришнамурти.
Свобода от известного. Киев, "София", 1991. С. 3-21, 55-61.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙