Темірбек Қожакеевтың шығармалары 8 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Темірбек Қожакеев
Темірбек ҚОЖАКЕЕВ Шығармалары 8-том Алматы УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 Қ 56 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі “Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы бойынша жарық көрді. ҚОЖАКЕЕВ Т. Шығармалары – Алматы: Айғаным баспа үйі, 2014. ISBN 978-601-03-0261-7 Т.8. - 286 б. ISBN 978-601-03-0269-3 Қазақ журналистикасының дамуына зор үлес қосқан ұстаз, ғалым, сатирик-жазушы Темірбек Қожакеев шығармалары жинағының бұл томына автордың сатиралық жанрда жазған көркем-әдеби еңбектері еніп отыр. Жазушының уытты да өткір туындылары оқырманды езу тартқыза отырып ойландырады.
УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 ISBN 987-601-03-0261-7 © «Айғаным баспа үйі», 2014 ISBN 978-601-03-0269-3 Қ 56
БІРІНШІ БӨЛІМ ШАНШУ СӨЗДЕР ЕСКІ ЖЫЛДЫҢ ЖАҢА ЖЫЛҒА ХАТЫ Ал, Жаңа жыл, қош келдің! Тарихқа сен менен кеш келдің. Сондықтан “іні” деп сөйлеуге рұқсат ет! Қарағым, інім, 1960 жыл! Мен кетіп барам, сен менің орнымды басып жайланып отырсың. Сен маған мұрагерсің. Сондықтан, не істедім, не қойдым, неге сүйіндім, неге күйіндім, сенің үлесіңе не қалдырып барамын – сол төңіректе саған қысқаша есеп бере кетейін. Ағалық ақыл айтып, кеңес берейін. Мен небәрі он екі ай өмір сүрдім. Тарихтың кесіппішіп берген өмірі сол болды. Көп жасадым демеймін. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргенен сұра», – дейді ғой халық. Аз жасасам да, көпті көрдім, көп нәрсені аңғардым. Ең алдымен аңғарғаным – жер кіндігінде айналып тұрған екі түрлі дүние бар екені: бірі – социалистік дүние, екіншісі – капиталистік дүние. Бұл екеуі күн мен түндей – бірі – жарық бірі – қараңғы екен. Социалистік дүниедегі өмірді көріп сүйіндім, капиталистік дүниені көріп күйіндім.
Бірінші дүниеде “өмір жазы” дегенге жұмыла ұмтылған елді көрдім. Есіл-дерті бейбітшілік болып, бүкіл адамзат баласына бақыт тілеген ізгі ниетті жұртты көрдім. Олардың қан төгіп қорғап, тер төгіп құрған шат-шадыман өміріне дән риза болдым. Бұған қалай сүйінбейсің. Қараңғылық жарықтан қорқады ғой, қарағым. Күн шықса, түн түріле бермей ме?! Социалистік дүниедегі сәулелі нұрдан капиталистік дүние сескенеді екен. Оның көш бастаған кейбір серкелері бізді тарих сахнасынан түріп айдап шығар ма екен?” – деп, нұрлы дүниеден қауіп етеді екен. Сондықтан, сол нұрлы дүниені құрту, сірә, керек шығар деп жаппай қарулану идеясын уағыздайтын көрінеді олар. Осы ниетпен жанұшыра қарулану – көп елдегі халықтардың қаны мен терін сорып барады. Сан миллион адамдар, көптеген халықтар шын өмірден мақрұм қалып, қайыршылық қақпанынан шыға алмай жатыр. Олар жан-жұтына ұшырап жартылай “оразада” отыр. Міне, міне, осыны да көрдім. Бұған қалай күйінбейін! Қарағым, інім, маған дейін осы екі дүние арасында бір-біріне сенбеушілік күшейіп, ара-қатынас шиыршық атып шиеленісіп-ақ тұр екен. Мақтаныпақ айтайын, менің тұсымда осы шиеленістің бұрауы біраз босатылып, бәсеңсіген сияқты. «Апырай, қайтер екен?» – деп соғыс өртінен қауіптенген халықтар бір «уһ» – деп, жаны жай тапқандай болды. Халықаралық өмірдегі бұл тарихи өзгеріс жөнінде әлемдегі бейбітшіл жандар социалистік дүниенің көш басшысы– совет елі алдында борышты. Өйткені,
«Келіңдер, түсінісейік!”, “Келіңдер, жаппай және толық қарусызданайық!”, “Келіңдер, бейбіт қатар өмір сүрейік!” – деп ақ ниетін ортаға алғаш салған осы совет халқы болды. Ол капиталистік дүниенің ірі өкілі – Америка халқына достық қолын ұсынды. Бұл ақ ниетті құптап созған қолды мейірлене қысқандар ол елде де көп болды. Осындай батыл қадам, игі шаралар әркімдердің есін кіргізді. Халықтар тағдырын шоқпардың күшімен шешкісі келгендердің бірсыпырасы «қой, болмайды екен мұнымыз» деп шоқпарын жерге қойды. «Көрсетеміз көресінді» деп күш көрсету саясатын жүргізушілердің көпшілігі өкпесін басты, райдан қайтты. Қарағым, інім, шиеленістің осы бәсеңдеуін баянды бейбітшілікке айналдыру үшін енді сен де өз үлесіңді қос. Сен де талай әумесерлердің демігін бас. Қатты ескертем, «Ескінің үні кейбір жерлерде әлі де естіліп жүр». Батыстағы барып тұрған бірсыпыра соғысқұмарлар «социалистік дүниеге қарсы соғыс күшін қолдану» ниетін әлі тапсырмай отыр архивке. Бұлар есептен қатты жаңылып жүр. Олардың есі, мүмкін, сенің тұсыңда кірер. Қарағым, мұрагерім, менің екінші аңғарғаным– ғылымдағы жаңалықтар мен техникадағы жетістіктер болды. Мен кейбір жаңалықтарға сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Бірақ сенбеске лажым болмады, көзбен көріп, қолмен ұстадым. Өзім сол жаңалықтардың куәсі болдым. Әлгі айтқан совет елі өзімнің көзімше дүние жүзін дүр сілкінткен үш космос ракетасын ұшырды. Бұл ғажап іске біреу
қуанып сілкінсе, біреу таңданып сілкінеді, біреу намыстанып сілкінсе, біреу үрейленіп сілкінді. О, ғажап! Сол ракеталардың бірімен совет елі айға апарып ту тікті. Жасампаз халық айдың да тілін тапты. Ұялған арудай бір бетін көлегейлеп көрсетпей келген ай сұлуды пәренжесін тастауға көндірді. Қазір совет адамдары «Айдың да айқындалды тегіс қыры» деп жырлауда. Онысы рас, олар айдың екінші бетінен Циолковский, Ломоносов, Жолио-Кюри кратерлері мен Москва, Арман теңіздерін ашты. Ақындар айтуына қарағанда, кейбір ерке әйелдер: Курорт болса Марста, Қыс та болса барар ем. Өз үйімнен алыста Табар едім таныс та, Жылды қарсы алар ем,– дейтін көрінеді. Інім, сен ерке әйелдің бұл қиялына қынжылма. Бұл шындыққа айналып кетуі де ғажап емес. Қарағым-ау, сенің тұсыңда болмаса да, сенің мұрагерлерің тұсында «жол болсын» деген сұрауға «Марс курортына бара жатырмын» деген жауапты естір құлақ болар да. Жердегі ұйқышыл жалқаулар жасырынып, Айға қашып кетіп, сол жақтан ұйқысын қандырып қайтар кездің болуы да ғажап емес. Екі ғашық оңаша сырласпақ болып “қайда кездесейік?– Айда кездесейік”, десіп сол жақтан түсінісіп қайтар да күн туар. «Айды аралағанда» деп очерк, «Ай сапарынан» деп жырлар жазып та жатырмыз. Тағы бір айтар жаңалық, менің тұсымда “Ленин” деген ұлы есіммен аталатын алып атом кемесі теңіз
төсіне шықты. Бұл– дүние жүзіндегі тұңғыш атом мұзжарғышы. Жұрттың айтуынша, оған «алынбайтын құз да жоқ, ерімейтін мұз да жоқ». Демек, енді біз Арктиканың мұз тұтқынында қала алмайтын халге жеттік. Байқайсың ба, інім, сөйтіп, мен атом, электроника игеру ғасырының табысына өз үлесімді қосып барамын. «Аға бордан, іні зордан» дейді ғой, сен ғасыр табысына менен де зор үлес қос! Осыны талап етемін мен сенен! Менің тұсымда ұлы жоспарды орындауға бүкіл ел болып жұмылды. Бұл жаппай аттаныс өз нәтижесін берді. Қазір совет адамдарының аузында «халық шаруашылығының жылдық жоспары асыра орындалады» деген жақсы лебіз бар. Менің тұсымда жеке облыс, жеке аудан мен ауыл, жеке шаруашылықтар мен жеке адамдар ерлік еңбек етті. Ірі көрсеткіштерге қолы жетті. Мысалы, Қазақстанда көмір мен темір, мыс пен полиметалл рудаларын шығаратын, цемент пен түсті металдар, темір бетон бұйымдар өндіретін жаңа өндіріс қуаттары сапқа тұрды. Қазақстанның ауыл шаруашылық еңбекшілерінің де мемлекетке тартқан табағы зор болды. Ол табақпен 636,7 мың тонна ет, 836,4 мың тонна сүт, 149,4 миллион жұмыртқа, 77,8 мың тонна жүн, 204,5 мың тонна мақта, 1240,5 мың елтірі, 700 миллион пұт астық өтті. Демек, көп ел сүтке кенелді. Көбіміздің ұртымыз да, мұртымыз да май болды. Қазір «Апа, нан!» деп қыңқылдайтын бала жоқ. Әрбір сәби керек болса, дәу кесе сүтті өңгеріп, бір таба нанды құшақтап отыр. Айтпақшы, қаракөл елтірісінен папақ киіп,
жағалы болған мүлде көп. Тіпті қаракөлден тон киген де келіншектер жоқ емес. О, молшылық-ай деңізші! Мемлекетке тартылған әлгі зор табаққа 200 мың тонна мақтасымен оңтүстіктер, 166,7 миллион пұт астығымен ақмолалықтар, мол да семіз етімен ақтөбеліктер үлес қосты. 4,6 мил.пұт астықты Қостанай облысындағы «железнодорожны» совхозы апарып салды. Бұл молшылықты жасауға қолқабыс еткен,қолқанат болған оқушы, студенттер мен оқытушы мұғалімдер ісін де мақтан етпей кете алмаймын. Олардың ісіне де ел риз, мен риза. Бұл бұл ма, қарағым інім! Қазір Қазақстан еңбекшілері сені ауыл шаруашылығын бұрынғыдан да өрге бастыру жылына айналдырамыз деп құлшынып отыр. Көкшетаудағы арықбалықтықтар сенің тұсыңда астық өндіруді еселеп арттыруды ұйғарды. Семейліктер ет өндірудің жеті жылдық жоспарын үш-ақ жылда орындап шығады деп міндеттелді. Інім, сен енді осы міндеттемелердің орындалуына күш сал, жұртты жұмылдыр. Соған барлық жағдайды жаса. Көктемде – нөсерлі, жазда–ашық, күзде шуақты жыл бол! Қарлы-аязды қатал болма! Ағаңның тағы бір байқағаны мынау болды, қарағым. Совет елінде «істе, өндір, молайт, көбейт!» деп тек құрғақ талап қоя бермейді екен. Соны істеу үшін, молайту үшін адамға деген барлық қамқорлық жасалады екен. Ел оқыса екен, білсе екен, сау-сәлемет болса екен, жақсы үйде тұрса екен, сәнді өмір құрса екен дейді екен. Осы үшін де менің тұсымда мыңдаған жайлы
пәтерлер, жарық та сәнді мектептер, ауруханалар мен асханалар, клуб пен мәдениет үйлері жұрт игілігіне берілді. Іс бар жерде кемшілік болады, табыс көп болса, олқылық та мол болады емес пе. Бұл салада мені ренжіткен жайлары да жоқ емес. Биыл тұрғын үйлерді іске қосу жоспарының орындалуы мені қанағаттандырмады. Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында мектеп, балалар яслиі мен балалар бақшасын салу ісі өгіз аяңмен жүргізілді. Осы үшін де ондағы оқушылар мен жас сәбилер биыл өкпелі болып қалды. Сөз соңында айтарым, інім, жалпы қарқын мықты. Бұл шабыстан танбасақ, жетіжылдықты бес-ақ жылда орындаймыз. Тек тыныштық болсын, бейбітшілік баянды болсын деп тіле! Ал, енді, мен кеттім. Қош, қарағым! Менің сүйікті ұлдарым еңбек озаттарына, мектептегі балғын балаларға, оларды тәрбиелеп жатқан мұғалімдер мен ата-аналарға сәлем айт менен. Олардың ісі мен өмірі, бақытты болашағы мен саулығы саған аманат. Сенің тұсыңда да олар сау-сәлемет болсын. Табысты, бақытты болсын. Солар арқылы сенің өзіңнің де 12 айлық өмірің менен де жемісті болсын! Сен өз жеткіншегің – 1961 жылға менен де зор мирас қалдыр, қарағым! 1960 ж.
ТЕЛЕСТУДИЯНЫҢ ТЕКЕСІ Естімеген елде көп. Есек мінген молда көп. Мен бір қызық айтайын, Ал, тыңдаңдар, бұл не деп! Осыны айтып, баяғыда біреу жар салған екен. Сол сияқты біз де «тыңдаңыздар, тыңдаңыздыр!» демекпіз. Бір қынжыларлық хикаядан хабар бермекпіз. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бұл хикаяның басы Қазақ киностудиясының артист қошқарынан шықты. Экраннан ай мүйізді, аша тұяқ жануардың адамша сайрап тұрғанын көргенде, Алматының телестудия басшылары біріне бірі қарасты. – Міне, жаңалық! – Бұл ғажап екен! – Тапқырлық деп осыны айт! – десіп олар таңдай қағысты. Келесі күні студиядағы творчестволық бірлестіктердің бас көтерер адамдары бас қосып, ақылдасты. Біреуі: – «Көрмес түйені де көрмес» деген. Қошқарды олардан бұрын біз неге көрмегенбіз десе, екіншісі: – Жұрт осындай тамаша нәрсені тауып ала қояды. Ал «барымен базар» деп отыра береміз, – деп қынжылды. Тағы бірі: – Бізде құлшыну жоқ, іздену жоқ,–деп кейіс білдірді. Ақыры біз де бір жаңалық табалық деп
тарасты. Осы шешім студия қызметкерлеріне қамшы басты. Әркім-ақ жаңалық іздеп шарқ ұрды. Творчестволық топтар тебінгі тістесіп жарысқа шықты. Алғашқы жүлдені екінші шығармашылық бірлестік әкетті. Ол «Жаңалық» табу жағынан киностудиядағылардан да асып түсті. Олар экранға қошқар алып шықса, бұлар сақалын салбыратып бір көк текені сүйреп шықты. Телестудиядағылар қошқардан текені тиімді деп білді. “Атамзаманнан бері теке қой бастаған, теке жол бастаған. Бұл теке бізді де жарылқайды, қойды бастай білген теке бізді де бастай біледі, абыройатаққа жеткізеді”,– деп текені таңдады. Осы үмітпен текеге телевизияның төрінен орын берілді. Қарағайдай мүйізін қайқайтып, сақалын сүзіле сүйретіп, көгілдір экраннан ол жиі көрінетін болды. Телевизия текенің от оттап, су ішетін өрісіне айналды. Сөйтіп, ондағы елге үлгі ретінде, ұнамды іс-мінездің иесі ретінде көрсетілетін заман озатының, жасампаз адамның орнын теке басты. Енді текеге еліктеп, текеден үлгі алатын болдық. Текенің де текесі бар емес пе?! Телестудияның текесі ерекше теке болып шықты. Ол сый-құрмет, қадыр-қасиетке бөленді. Ондағылар текесі түшкірсе, «жәракемалда, мың жаса!» деп бәйек болды. «Айналайын мүйізіңнен иірілген, айналайын тұмсығыңнан шүйірілген» деп оның бетін сүйіп, аймалайтынды шығарды. Телестудияның текесі– ғажап дәулеттің иесі. Олай дейтініміз, ондағылар текеге қарап «сен – етсің, сен – сүтсің, сен – құтсың» деп егіледі. «Сен сүтсің»
дегеніне қарағанда, осылардың текесі ұрғашы болар, сауылатын шығар деп те қаласың. Текеге деген жылы сөз мұнымен бітпейді. «Талтақтап жүргеніміз сенің арқаң», «сенің арқаңда бейнет көрмей, зейнет көріп отырмыз» деп те соғады олар. Сірә, сол текенің дорбасында таусылмас бір қазына жатқан болу керек. «Сыйға–сый, сыраға–бал» деген. Телестудиядағылар барын беріп отырған текесінің алдына қарыздар болып қала алмапты. Қолдан келген жақсылықты олар да аямапты. «Алдына балықтай он шыбышты салып беріпті» (көрген шығарсыздар, текесін қалай жарылқағанын). Қазір олар текесіне дән риза. «Бойың толған күш-қуат-ау сенің. Әй, қуатыңа болайын!» деп, текенің шыбыштарға деген ықыласына қол соға қуанды. Олар қазір текесін бағып-қағып, күйек алуға күйлендіріп жатқан көрінеді. Бұл салада жаңа теориялар да жоқ емес. Текеге табынушылардың айтуынша, «насыбайшы теке күйекте күшті болады». Сондықтан да олар өз текесін насыбай иіскетіп, насыбай аттыруда. Көргендер текенің насыбайы студияда бір дорба деседі. Бірақ көгілдір экраннан бұл «жаңалық» қанша насихатталса да, шопандарымыздың күйекке текесін насыбайшы етіп дайындап жатпағанына кәміл сенеміз. Бұл зор дәулеттің текесі-ғажайып ақыл-ой, парасаттың да иесі. Киностудияның қошқары «маңыраған маржан үнмен» білгір пікірлер айтса, телестудияның текесі «дүниеде әділет бар, әділетті әлі-ақ табасыңдар» деп адамға ақыл айтады.
Демек, бізге әлемде әділеттілік жеңетінін адамзат кемеңгерлері айтпапты, теке айтыпты, маңыраған мал айтыпты. Ендеше, болашақ тағдырын білгісі келетіндер телестудияның сәуегей текесіне барсын. Ал, оқушы, күлдірер де күңірентер осы хикаяға «сенейін бе, сенбейін бе» деп жүрмеңіз. Сеніңіз! Сенбесеңіз телестудияның жақында көрсеткен «Теке мен Текебай», «Әділ билік» атты «туындыларын» көргендерден сұраңыз. Мүмкін, телестудия қызметкерлері “текеге табынған біз емес, Текебай ғой” дейтін болар. Олай десе, олар түрік әпендісі Бұ Адамның кебін кигені. Бұ Адам бір жолы үзеңгіге оң аяғын салып жіберіп, есегіне қаңғып мініпті. Сонда оның алдына есектің басы емес, құйрығы тұрыпты. Мұны көрген біреу: – Неге теріс міндіңіз? – депті. Сонда Бұ Адам: – Мен теріс мінгенім жоқ, есектің өзі теріс тұр ғой,– деген екен. Телестудиядағы жолдастардың қызығы текені таққа тұрғызып дәріптеумен шектелмейді. Олар аратұра идеясыздықтың батпағына да батып қалады. Текебайдың аузына салған сөздеріне қарағанда, Майасар деген алаяқ тексеруге келген өкілді күрке тауықтың жілігін аузына көлденең тістетіп, шығарып салған. Енді мен Текебайдың өзі тауықтың жілігіменақ ұрып алған өкілдерді «бүйрегі бітеу бір тушаның басымен қалай ұрып алмаймын» деп, алақанына түкіріп отырған көрінеді. Бұл бұл ма, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, бұдан да сұмдықты «Әділ биліктен көресіз. Онда экранға қай заманды алып
шығып, қандай сырбаздарды сарнатып отырғанын түсінбейміз. Бір түсінікті нәрсе– онда билер мен бектер заманы дәріптеледі. «Қара қылды қақ жаратын, әділдікті ту қып ұстаған бұрынғының билеріай, шіркін!» деген өксіктің үні естіледі. Мұндағы емеурінге қарағанда, қаратабан халық әділдікті тек билерден ғана тапқан. Міне, бұны бисаясаттық пен идеясыздық емес десе, телестудиядағы жолдастардың өзі айтсын. Бұл талғампаздық пен тұщымсыздық емес десе, елден, жұрттан сұрасын. Киностудиядағы қошқардың экрандағы ойыны бір жарым мыңға түссе, телестудияның текесі де тегіне түскен жоқ. Өтірік болса, текені бағып-қағып отырғандар айтсын. Қазір телестудия басшылары біреу сойып, етін қуырдақ қып, терісін жайып кете ме деп қауіп қылатын көрінеді. Бірақ, текені жетектеп творчестволық қанша шырқау биікке көтерілерімізге көз жетпейді. Баяғыда бір әпенді өзіне тиісті жерін сатып, есек алған екен. «Неге бұлай еттіңіз?» дегендерге ол: – Бұрын көп шығындап арпа алушы ем, енді арпа шығындап көң алатын боламын,– депті. Сол құсап, телестудия басшылары текемен өнерді өрге сүйрейміз деп жүргенде, көгілдір экранды көң сасытып алмаса болғаны да. 1963 ж.
АЙЛАР АЙТЫСЫ Міне, ескі жылдың да күні бітті, қоштасар сағаты соқты. Кетер алдында ол он екі баласы – он екі айды жинап алды. – Ел сендердің әрқайсың туғанда «Ай көрдік, аман көрдік» деп қуанады. «Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа!» деп жалбыранады. Кәне, сендер әрқайсың елді немен есіркеп, немен жарылқадыңдар, айтыңдар! – деп оларға сауал қойды. Он екі ай сәл ойланып қалды. Бәрі де өткенге ой жүгіртіп, өз істерін көз алдына келтірді. Аздан соң, «жасың үлкен ағасың, жыл басысың, жол сенікі, сен сөйле! дегендей, олардың бірі қаңтарға қарады. Қаңтар орнынан тұрды: – Айт, десеңдер, айтайын. Меніңше, дүниеге бос келіп, бос кетіп бара жатқан ешқайсың жоқ. Осы отырған бәріңнің де отыз күн өмірің – игі іс, тамаша табыстарға толы. Кейбіреулерің тіпті, үлкен-үлкен жаңалықтар мен ұлы-ұлы оқиғалардың иесісіңдер. Менің тұсымда да ел-жұрт назар қойған бір іс болды. Кең пейіл қазақ елі өз ағасы – өзбекке сыбаға беріп, сый тартты. Оған ақ алтынды Мақтаарал мен бірсыпыра жер суын берді. «Досы жоқ–басым, тұзы жоқ–асым» деп қарайтын бауырлас елге бірлік белгісі, ынтымақ белгісі деп берді. “Ырза болсын, өз ағамдай өзбегім» деп берді. Бір тал кесіп, он тал егетін еңбекшіл ел құлпыртсын, ақ алтынды аймақты!” деп берді. Міне, мен осындай мырзалықтың, еншілесе елден
ешнәрсе аямайтын қазақ елінің кең пейілділігінің куәсі болдым, иесі болдым. Сөйтіп, ел достығын, жұрт ынтымағын нығайтуға өз үлесімді қостым. Қаңтар осыны айтып отыра бергенде, суырылып Наурыз шықты: – Менің мақтана айтар, шаттана айтар бір ісімді, әсіресе жазушылар жақсы біледі, – деп бір қойды ол. – Менің тұсымда жоғарыдағы бастығым әдебиет, өнер өкілдерімен кездесті. Бұл бір ойда қалар, идеологиялық өмірімізді дұрыс жолға салар кездесу болды. Үлкен елдің парасатты отағасы «нені тілесем, соны істеймін, нені жазу да өз ісім: қандай көзқараста болам десем де өз еркім» деп қарайтын өзім білермендерді біраз ойға қалдырды. Бұл зиянды түсініктің көптеген сырларын ашты. Бұл кездесуде абстракционизм, формализм сияқты шатпақтар шапалақ жеді. Бұл «измдердің» құлдары салқын «душ» алды. Осыдан олардың бойы сергіп, есі жиылды. Бұл душтың астында Т.Ысмайлов пен Ж.Қыдыров, А.Сүлейменов пен О.Сәрсенбаев сияқты қазақтың жас творчество өкілдері де бірбір тұрғызып алынды. Қазір Қазақстан әдебиеті, Қазақстан өнерінде де өрлеу бар, өсу бар. Көңіл назы ретінде Қазақстан қаламгерлеріне айта кетер өкпе де бар. Сол өкпені жасырмай айтсақ, олардың арасында татулық, бірлік жетпейді. Қаламдастың табысына шын көңілден сүйсіну, шаласына ақ жүректен күйіну жетпейді. Оның орнына авторлармен «отношениесіне» қарай санасып, мадақтау бар. Тек кемді көріп, кемсіте сөйлеу бар. Қыбын тауып, қағып түсіруге бейім бар.
Мынау тұрған сәуірде жарияланған «сын түзелмей, мін түзелмес» деген мақала – осының айғағы. (Осы тұста сәуір «не дейді?» дегендей селк етіп, басын көтеріп тыңдай қалды). Бұл мақала көргенсіздіктің бір көрінісі болды. Онда О.Сәрсенбаев өз ұстазы профессор Е.Смайыловтың жағасына жармасты. Жөнсіз жармасты. Қазақ әдебиетінің «еңбек торысы», әдебиетшілер ағасы Есақаң одан «жанр табиғатын мүлде білмейді екенсіз», «ештеңе айта алмаспыз», «одан дәмеңіз болмасын» деген сияқты ерсі сөздер есітті. Осының бәрі маған арсыз бала туған әкесін сақалдан алып, сабап жатқандай көрінді. Мұндай қазымырлық жасап, қаралап шыға келу, әсересе, осы біздің тұсымызда жиілеп кеткен сияқты. Қазір көзге түртіп тұрған қараны ақ деп ақтап кетуді ұят деп білмейтіндер де жоқ емес. Міне, мен осыған ренжимін. Жаңа жылда жазушылар арасы жақсарса екен деп тілеймін. Ескі жыл бұл тілекті құптағандай бас изеді. Орынан Сәуір тұрды. – Наурыз айтқан әлгі мәнсіз мақала маған сипаттама бола алмайды. Менің тұсымда Ай сұлуға жаңа аттаныс жасалды. Оған қарай тағы бір космос ракетасы ұшырылды. Ол жай ұшпады, салмағы 1422 кг. «Луна-4» автоматты станцияны алып ұшты. Бұл да космос кеңістігімен Күн системасының планеталарын зерттеудегі жаңа қадам, жаңа жеңіс болды. Демек, түпсіз тұңғиық аспан әлемін игеруге мен өз үлесімді қосып, өз сөзімді айтып бара жатырмын. Мені сипаттайтын оқиға, міне, осы.
Менің байқауымша, совет елі Айды Марс пен Шолпанға бара жатқан, одан қайта тартқан космос корабльдерінің тоқтап өтетін, экипаждардың тамақ ішіп, тынығып алатын алаңына айналдырады. Алдағы уақытта «жол болсын, қайда жүрдіңіз?» деген сауалға «Айды аралауға» деген жауапты есітер құлақ болады. Екі ғашық оңаша сырласпақ боп, «Қайда кездесейік?», «Айда кездесейік», – десіп, сол жақтан түсінісіп қайтар күн де туады. «Айды аралағанда» деп очерк, «Ай сапарынан» деп жырлар да жазып жатады жұрт. Бұл орынды оптимизмге ескі жылдың еңсесі бір көтеріліп қалды. Ол қуанғаннан қол соғып та жіберді. Сөзді Маусым алды. – Мен де бос кеттім деп өкінбен. Әлемді таңырқатқан ұлы бір оқиғаға мен де ие. Валерий Быковский мен Валентина Терешкованың зеңгір көктегі үні менің уақытымда естілді. «Қаршығаның» қалықтап, «шағаланың» шаңқылдап, жер жүзін жалт қаратқаны мына менің тұсымда болды. Ұшу ұзақтығы жағынан теңдесі жоқ рекорд осы менің кезімде жасалды. Гәп мұнда да емес, басқада. Адамзат ардақтаған ананы космосқа тұңғыш рет алып шыққан мына мен болдым. «О,қыздар, күнің бұл мақтанар!» деп ,маған арнап айтылды. Өйткені, «Айды аспанға бір шығардым» деп Қожанасыр айтқандай, мен де ана даңқын әлемге бір шығардым. – Маусым бауырым, тым мақтанып кеттің бе деймін, – деп бастады Шілде сөзін. – Олай деме, мақтанарлық іс іспетті,– деп қойды
Мамыр майысып. – Көкке ұшу да табыс болар. Ал жердегі біздің табыс қай табыстан кемдік қылар, – деп жалғады сөзін Шілде. – Мен де ел даңқына даңқ қостым. Менің тұсымда да өндірістьік тапсырманы орындағандар көп. Экономикалық жоғарғы көрсеткіштерге жеткендер де жеткілікті. Соның бірі– Өскеменнің қорғасын-мырыш комбинаты. Ол оза шауып жүлде алды. Ленин орденімен наградталды. И.Алдабергенов, А.Вартаниян, В.Дегтяров сияқты комбинат саңылықтары Социалистік Еңбек Ері атанды. Сөйтіп, мен де ерлер даңқын шығардым. Мұнан соңғы сөз Тамызға тиді. – Ау, ағайын, бірінен де осы менің тындырғаным басым ба деймін. Мен бейбітшілік ісіне белсен араластым. «Бейбітшілік – береке» , «Соғыс – сор» деп отырған ел үніне үн қостым. Қарулануға кеткен қаржы «баспанамыз болсын, асханамыз болсын!», «темір жол торабымыз, егін орар орағымыз болсын», «жерде жүйткитін, суда жүзетін, көкте самғайтын көлігіміз болсын, өмірді қайнатар көрігіміз болсын!» деп отырған ел тілегін қостадым. Қостағаным– ядролық қаруды біраз қаңтардым. Оны су астында, атмосфера мен космос кеңістігінде сынауға тыйым салдым. Сөйтіп, соғыс апаты бұлтын ыдыраттым. Бұл ісіме тыныштықты – “тыныс” деп білетін әлем еңбекшілері сүйсінді. Ендеше, мен де ел алдында мақтана алам, шаттана алам. Тамыз осылай тебіреніп, термелеп барып орнына отырды. Мұнан соң ешкім сөйлей алмай. қалды. Ескі жыл – әке сәл күтіп отырды да ,балаларына қарап:
– Ал басқаларың не айтасыңдар? – деп сұрады. – Әке, серпіле сөйлер сөз бәрімізде де бар. Бәріміз де құр алақан емеспіз. Оның қайсыбірін айтайық,– деді Қыркүйек. – Шынында солай ғой, әке, солай,– деп қостады оны Қазан. Осы сәтте басқа айлар Қарашаға бет бұрды. «Сен бірдеңе айтпайсың ба?» дегендей болды. Олардың нені айт деп отырғанын Қараша да сезе қойды. – Мен де ерен шабыссыз, тамсана айтар табыссыз емес едім, – деп ол орынан тұрды. Бірақ сол табыс, сол шабысты жайсыз бір жайт жуып-шайып кеткендей. Олай дейтінім, менің тұсымда ұят бір үлкен іс болды. Американың реакцияшыл топтары өз президентін атып өлтірді. «Итің жаман десе, ит жының ұстайды» дейді ғой, тексіз немелердің осы көргенсіздігі менің бетіме шіркеу салды. Бірақ ,өскен, өнген елдің білгені осы болса, мен қайтейін?! Өздеріне өздері таңба басты, күйе жақты. Бұған мені несін кінәлайсыңдар! Қарашаның осы сөзі үстіміздегі айдың да, жылдың да, ғасырдың да бұл сұмдықтан бетін басып ұялғанын байқатты. Осы кезде ескі жылдың ең кенжесі – Желтоқсанның соңғы сәті соқты. Ақ басты, қарт әке – Ескі жыл: – Рахмет, балаларым, бәрің де ел-жұртты жақсы іспен жарылқаған екенсіңдер! – деп ризалығын білдірді де, он екі баласын ертіп, қол бұлғап, қош айтысып, жүріп кетті.
1964 ж.
ЕСКІ ЖЫЛДЫҢ АҚЫЛ-КЕҢЕСІ «Күні жеткен бала күшенбесе де туады» демекші, сағаты соққан сәтте Жаңа жыл тарих сахнасына шыға келді. Есіктен ене берген оны ескі жыл құшақ жая қарсы алды. Қарсы алды да, қасына отырғызып, сөз бастады. – Жаңа жыл, қош келдің! Тарихқа сен менен кеш келдің. Сондықтан, “іні” деп сөйлейін. Осыны айтып, ол сәл ойға қалды. Сонан соң сөзін қайта жалғады. – Қарағым, інім, мен кетіп барамын, сен менің орнымда қалып барасың. Сен маған мұрагерсің. Сондықтан да не көрдім, не істедім, сол жөнінде саған қысқаша есеп бере кетейін, ағалық ақыл айтайын деп бөгелдім. – Айтыңыз, аға, айтыңыз!–деп, жаңа жыл да жабыса кетті. – «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дейді ғой халық. Осы рас сөз. Өйткені, көп жасап түк көрмей , түк бітірмей өтетіндер де болды. Олардан із қалмайды. Ал, аз жасап та көп көріп, көп тындырып, артына атын қалдыртатындар да болады. Мен де көп жасағаным жоқ. Тарихтың кесіппішіп берген өмірі 12-ақ ай екен. Бірақ аз жасадым, армандамын демеймін. Осы уақыт ішінде көпті көрдім. Әлем еңбекшілері үшін, ел-жұрт үшін көптеген игі істер істедім. «Бұл оқиға ХХ ғасырдың 64-жылында болған еді» деп айтуға тұрарлық үлкен
жаңалықтардың иесі болдым. Ол осыны айтқанда жаңа жыл жақынырақ отырып, құлағын түре түсті. – Мен келгенде совет халқы сенің тұсында «даңқымыз бұдан да әрі дабылдасын, космос жаңа ерлерін қабылдасын» деп тілек ниетін айтқан еді. Бұл тілек те қабыл болды. Совет Одағының аты аңызға айналған алты батырының қатарына үш космонавт тағы барып, сапқа тұрды. Олар адам үнін аспан көктен тағы да естіртті. Мүмкін, менің ағаларым–менен бұрынғы жылда «бұл жаңалық емес, космонавты біз де ұшырғанбыз» дейтін болар. Ол–рас. Бірақ, менің тұсымдағы шудың жөні басқа, мәні басқа. Бұл топтасып ұшу, бірлесіп ұшу болды. Қазақтың ұлан байтақ дархан даласындай кең корабль үш космонавты бір-ақ алып ұшты. Оның бір жерінде адам организімінің аспандағы өзгерісін зерттеп, ақ халатты дәрігер отырса, бір жерінде космостағы болмыс-құбылыстардың сырларына үңіліп, ғалым отырды. Тағы бір жерде корабльді қақпалап мінген аттай үйіріп ұшқыш бара жатты. Көңілі кең, пейілі кең елдің кораблі де кең болады екен. Енді біздің корабльдер: Курорт болса Марста, Қыс та болса барар ем. Өз үйімнен алыста Табар едім таныс та, Жылды қарсы алар ем, – дейтін жеңгейлерді тобымен салып алып самғайтын болады. Қыңқыл-сыңқылы көп кейбір ерке келіншек-
тер жол үстінде «ішім», «басым» дей қалса, сипалап көрер дәрігер, дәрі-дәрмек және басқасы аспабымен корабльден табылады. Совет ғылымы мен техникасы мұнымен де шектелмес, білем. Ата-бабаның аңызы болған Айға ауыл, ауданды бір-ақ алып ұшатын күн болар. Бұған мен сенемін. Өйткені, совет елі Айды күн жүйесі планеталарына ұшып барудағы бірі қонып жетер, бір сорғып өтер орынға айналдырмақшы. Ұзақ жолда жолаушыға ат шалдырып, түстеніп алар жер керек сияқты, Марс пен Шолпанға шеру тартқан совет корабльдеріне бағыт көрсетіп, жөн сілтеп отыратын маяктар жанып тұрмақшы. Ия, бұл – қиял емес, сенбеске қоймас шындық. Космоста маневр жасай алатын «Полеттердің» ұшырылуы бұған күмән келтірмейді. Қазір ақындар «Отан айтса болғаны, айға қонар космонавт» деп жырлайтын болды. Сөйтіп, ана әлдиіндегі «Айды алқа қып берейін» деген сөздің шындыққа айналатындығына менің көзім енді жетті. Ескі жыл осыны айтып сәл бөгелді. Сонан соң көмейін бір кенеп алып, қайта сөйледі. Жаңа жыл бал-бұл жанып тыңдап отыр. – Мен келісімен еңбекші елдің «Бейбітшілік», «Тыныштық» деп отырған арман-аңсарын аңғардым. «Дүние тыныш болса екен, соғысты ақыл жеңсе екен» деген тілек ниетті сездім. Әрқашан күн сөнбесін, Аспаннан бұлт төнбесін, Қасымда болсын мамам, Болайын мен де аман, –
деп тілеген сәби даусын есіттім. Мұның орынды ниет, түзу тілек екеніне дау бар ма?! Бұған мен де үн қостым. Адал ниетті, ақ жүректі адамдардың осы арманына жеткізердей бірсыпыра игі істер істедім. Менің тұсымда Совет Одағы қорғаныс қажетіне жұмсалатын қаржысын 600 миллион сомға қысқартты. «Келіңдер, қарусызданайық, миллиондардың өмірін өртке бөлеп, адамзат күлін көкке ұшыратын қаруларды суға ағызайық, алысберіс жасап, аяқ-табақ ауысып, бейбіт қатар өмір сүрейік!» деген үнін бұрынғыдан да өктем естіртті. Бұл үн, бұл ұран қару ұстап қоқаңдаушылардың көбінің-ақ есін жиғызып, ақылын кіргізуде. Бірақ, інім, баянды бейбітшілікке төте жол әлі ашылған жоқ. Сақталған шиеленіс, тоқталмаған қарулану әлі де қымбатқа, қиынға түсуде. Саған айтар тілек– бейбітшілікті баянды етуге күш сал! Даудамай, айтыс-таласты ақылмен шештір, келісімге келтір! Сөйтіп «соғыс» деп аласұрған әумесерлердің ентігін бас! Аға ақылын ынтыға тыңдап отырған Жаңа жыл «құп болады» деген ишарат білдірді де, тағы да тыңдай берді. Ескі жыл сөзін жалғай түсті. – Мен мақтан етер тағы бір жай бар. Халыққа тұрмыстық қызметті жақсартуды, олардың халахуалын көтеруді нақтылай қолға алдым мен. «Ақымыз аздау» деп азырқанып жүрген кейбір мамандардың қалтасын қалыңдатып-ақ тастадым. Әсіресе, мұғалімдер мұртынан күліп, дәрігерлер дән риза болып қалды маған. Олар алақанына түкіріп, алақайлап отыр қазір.
Колхозшы, жұмысшы, қызметшілер де сыбағасыз қалған жоқ. Соңғы жылдары олардың көмекші шаруашылығындағы шошқа-торай, тауық-қоразын жаппай сыпырыппыз. Көше бойлап қорсылдатып шошқа, қиқулатып құс қуып кеткен күніміз де болыпты. Үй іргесіндегі жерлеріне де ықыласымыз түспепті. Жұрттың туырлықтай жерін тықсырып, ұлтарақтай етіппіз. Міне, інім, осының бәрін мен қисынсыз шектеу, негізсіз теңеу деп таптым. Енді бұл жолсыздық жойылды, жөнсіз шектеу жойылды. Қарағым, інім, шынымды айтсам, біреулерге жайсыз тиген де жайым болды. Қайтейін, солай етуге мәжбүр болдым. Өйткені, өзің білесің, өмірде не болмайды, кім болмайды. Аспан асты кең ғой, онда бос бөшкедей даңғырап, күпілдей жөнелетін кеппелер, «сөзінде мін жоқ, ішінде дым жоқ» көк езу көк мылжындар болады. Екі аяғы тыным таппайтын, ел қыдырмаса, басы ауыратын кезбелер де кездеседі. Күн сайын бір өзгеріс жасамаса, ұйқысы қашатын, екі иығын жұлып жеп, науқансырап қалатын «қайраткерлер» де болмай қоймайды. Олар тарапынан нұсқау беремін деп жүріп шатып-бұтып шатастырып алу, «артық етем деп тыртық ету», «бүтін етем деп, жыртық ету» де көп болады. Міне, осындай көсемсіп, шешенсіп жүргендердің шекесінен шертіп қою қажет-ақ. Сондықтан да ондайлардың кейбіреулерін жұрт алдында қағыпсілкіп, есін кіргіздім де, орнын тауып отырғызып қойдым. Мүмкін, олар қазір «көре-көре көсем
боласың» деген соң, көп қыдырып ек, «сөйлей, сөйлей шешен боласың» деген соң, ұйқтап тұра сап көпіре беріп ек. Ақыры көсем де, шешен де бола алмадық. Бәрі бекер екен» деп халық мақалына күдік келтіріп жатқан да болар. Не қылғанмен, олардың аузы мен аяғына бір тыным болып қалды. Інім, енді сен ескерер бір жәй бар. Сен– жетіжылдықтың соңғы жылысың. Совет елі сені ұлы жоспардың барлық жағынан орындалатын жыл етеміз деп отыр. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, саған тиісті іс те мол. Дегенмен, сенің жүгіңді мен көп жеңілдетіп кеттім. Халық шаруашылығының барлық саласын бірер жылдан асырып та тастадым. Ел ниеті жақсы, інім, оны жүзеге асырған одан да жақсы. Енді сол ниеттің орындалуына сен де күш сал, жағдай жаса! Көктемде нөсерлі, жазда ашық, күзде шуақты жыл бол! Ал, енді мен кеттім. Еңбек озаттарына сәлем айт. Олардың ісі мен өмірі, бақыты мен саулығы саған аманат! Сенің тұсыңда да олар еңбекте табысты, өмірде бақытты болсын! Сен өз жеткіншегің 1966 жылға менен де зор мұра қалдыр! Осыны айтып Ескі жыл есікке беттеді. Жаңа жыл оның қолтығынан сүйеп, демеп тұрып: – Ақыл-кеңесіңізге рахмет! Ғасыр атына лайық жыл болуға сізге серт беремін!– деді. Ескі жыл есіктен шықты. Жаңа жыл тарих эстафетасын алып, өмірге келді. Оған бәріміздің айтарымыз: – Қош келдің, Жаңа жыл! 1964 ж.
ОЙРАНШЫЛ ОРҒА ҚҰЛАР Газетте маңдай шашы төбеге қарай түріліп қасқа тарта бастаған біреу қыз бала көтеріп тұр. Бас терісіне, тұрысына, жымиюына қарағанда, ақыл-есі дұрыс, цивилизацияланған өкіл сияқты. Жас сәбиге жымия қарап, оны ыстық құшағына қысқандай болды. «Бұл кім екен, неткен мейрімді әке!» деп суреттің астына қараймын. Сөйтсем, Линдон Джонсон, кәдімгі АҚШың президенті. «Ойбай-ау, мұнда балаға, анаға деген мейірім бар ма еді?» деймін таңырқап. Дейтін жөнім бар. Өйткені, Вьетнам жұртын қанға тоғытып, қырғызып жатқан – осы Джонсон. Екі қабат ананы жарғызып жіберіп, баласын тал басына ілдіріп кетіп жатқан да осы Джонсон; Вьетнам патриотын тірідей көмгізіп тастайтын да осы Джонсон; кінәсіз жандардың өкпе, бауырын суыртып алып лақтыратын да осы Джонсон; оққа ұшқан ананың кеудесіне жас нәрестенің шырқырап қалып кетуі де – осы Джонсон Көкқаланың ісі. Президент мырзаға бұл да түк те емес. Қайыспас қаһарман халықты құртып-жойып, атып-асып ада қыла алмайтын болған соң, ол Вьетнамның бүкіл елін, бүтін жерін отқа орап, уға бөктіруде. 1868 жылғы Петербург декларациясы мен 1907 жылғы Гаага конвенциясының, 1921 жылғы Вашингтон трактаты мен 1925 жылғы Женева қаулысының, соғыс умен емес, қарумен жүргізілуге тиіс деген шешімін табанға басты. Оңтүстік Вьетнамдағы 45 провинцияның 26-сында улы газдар қолдандырды. Қазір Вьетнам
қаласының адамы ғана емес, қара орманы да, тау мен тасы да, өзен-көлі де тыныс алар тынық ауа орнына у жұтып, күңіренуде. Сан мың адам бүгінгі көктем мерекесін көре алмай кетті. «Атың шықпаса, жер өрте» дегенді ескеріп, Линдон Джонсон адам қырып атын шығаруда. Мейрімсіздік, арсыздық жағынан Гитлер деңгейіне жеткен, әлем алдында күнәгер сол Джонсон енді, міне, бала көтеріп емірене қалыпты. Қыз аты–Лаура. Әкесі Джозеф Бэггет Вьетнамда оққа ұшыпты. Сол жетім қалған нәрестені президент мырзаның жұбатып тұрған сиқы екен. Неткен екіжүзділік! Қыз әкесін өлтірткен де, оның қайғысына ортақ болып тұрған да – сол Джонсонның өзі. Лаура бұны білмес те, бірақ ел біледі, әлем біледі. Құрметті президенттің екісөзділігі де бар. Ол «біздің жақтарымыз– бостандық, демократия» деп аузы көпіргенше айқайлайды. Бірақ «Алуа», «Алуа» деп қанша айқайлағанмен одан ауыздың дәмі кірмейді» дегендей, Вьетамның олардан көріп отырған бостандық-теңдігі әзірше әлгі. Кейде Президент Вьетнамдағы соғысты тоқтатамыз, түсінісетін боламыз деп те соғады. Бірақ сол жамбасымен тұрған күні бұзыла қалады. Әйтеуір ұйқы-тұйқы. Үлкен елдің үлкен бастығының бәтуәсіз болғаны да қиын екен. «Шамдандырсаң ара да шағады». Вьетнам халқы да қаһарға мінді. Шақырылмай келген қасиетсіз қонақтарға тиісті табағын тартты. Өткен жылы 19200 агрессор жер жастанса, осы жылдың алғашқы екі айында 16300 Американдық солдат топырағы Вьетнамнан бұйырды. «Түйме іздеп түйесінен
айрылған» деген осы. Биылғы көктем мерекесін, сұлу майды әлгі Лаура ғана емес, мыңдаған американ семьясы әкесіз қарсы алды. Бүгінгі ұлыстың ұлы күні көп семья табытпен алынған туған-туыстарының өлігі басында отыр. Сөйтіп, бұл көктемде де құлаққа алуан-алуан үн келеді. Совет елінен қуаныштың, шаттықтың күміс күлкісі естілсе, Америка, Вьетнам елінен күңіреніс пен күйіктің үні естіледі; жесір ана, жетім бала зары естіледі. Совет жерінде бұлбұл сайрап, гүлдер жайнап тұрса, Вьетнамның ой-қиырын от шарпып, құстар ауып, гүлдер солып жатыр. Осының бәрі – Линдон Джонсонның «данышпандық» саясатының жемісі. Бір ақымақ есегін жоғалтып, күйзеліп отырып құдайға рахмет айта беріпті. Одан біреу: – Есегіңді жоғалтқан құдайға несін рахмет айтасың?– деп сұрапты. Сонда ол: – Құдайға есекті өзім мініп бара жатқанда жоғалтпағаным үшін рахмет айтамын. Әйтпесе өзім де жоғалып кетем ғой,– деген екен. Сол айтпақшы, президент мырза да құдайына құлдық айту керек. Халық қаһарына ұшырап, жер қауып жатқан солдаттармен бірге болса, өзі де мүрдем кетіп, оның да семьясы аңырап қалмасына кім кепіл! «Сасқан үйрек артымен сүңгиді». Маңдайы тасқа тиген американ импералистері «көмектессеңдерші!» деп одақтастарына алақан жайды. Әскер сұрады. Оңтүстік Корея, Австралия мен Жаңа Зеландия қожайынның көз жасын көріп, 20 мыңдай солдатты садаға етті. Ал басқалары не берді десеңізші! Австрия одеял, Белгия, Дания дәрі-дәрмек, Канада
бір профессор, 130 стипендия, Италия 9 хирург, Швейцария 30 микроскоп, Түркия цемент, Испания простыня берді. Ал енді АҚШ одеяло, простынямен жеңіске жетіп көрсін. Джонсон достарының солдат беруден бой тартуы сырсыз емес. «Біз Вьетнамда демократия, антикоммунизм рухын сеуіп жүрміз» деген лақапқа олардың да күдігі бар. АҚШ аңсары– Вьетнамды жаңа колония ету, соғыс базасы ету, социалистік елдерге ұрынудың плацдармы ету екенін олар да біледі. Тамақ іздеген ит қазан-ошақты жағалап жүреді. Сол сияқты АҚШ импералистері де жақындап жатып сығалап көрмек, желке жақ, ту сыртымызға шығып ап қапысын күтпек. Әлгі «достар» осындай қорқаулыққа қол ұшын беруден қорқады. Шыны қалпақтың астындағы осы арам ниетті әлем еңбекшілері көріп отыр. «Вьетнамнан кетіңдер!», «Тарт қолыңды Вьетнамнан!» деп лағнет айтып-ақ жатыр.Бірақ агрессорлар саңырау сияқты, естімейді. Көптеген итті қыңсылатып қуып шығу– ежелден ел әдеті. Бірақ бұл ақылды да елеген ешкім болмады. Елемесе елемесін. Күңіреніп қайтар күнді күтсін. Ол күн де жақын. Оңтүстік Вьетнам буырқануда. Оның қуыршақ премьері, агрессорлар итаршысы маршал Нуген Као Кидің де жан-иманы өкінішінен шығып кетуге сәл-ақ тұр. Ки десек, мына бір әңгіме еске түседі. Екі дос бір жастыққа жатыпты. Түнде оның бірі басын қаси бастапты. Сонда қасындағысы: – Қаттырақ, қаттырақ,– деп өзеурепті. – Одан саған не пайда? – Қасып жатқаның менің басым ғой. – Бәсе, қасимын, қасимын, бірақ өзіме еш жеңілдік жоқ,– депті де, ол досының басын итеріп тастапты.
Сол айтпақшы, енесіне шапқан жаман айғырдай Кидің өз ұлты, өз халқына қарсы күресінен өзінің емес, Л.Джонсонның қышуы қануда. Ки де бір сорлы екен. Есі болса ол да Джонсон досының басын итеріп тастап, өз сәнін таппай ма? Сарыала Джонсон тек Вьетнамды лайлап отырған жоқ. Ларос, Камбоджиды да агрессия жалынына шарпыды. Ол бүкіл Оңтүстік Шығыс Азияға, тіпті, әлемге от лақтырып тұр. Батыс Германия кекшілдерінің құлағын көтеріп отырған да– осы Джонсон саясаты. Олар екінші дүниежүзілік соғыс қорытындысын қайта қаратуды дәметеді. Шекара бағаналарын жылжытуды ұсынады. Жұтта қайыршының май жегісі келген сияқты. Тағы бір қызығы: “Ит қорыған жерге өш” демекші, кекқұмарлар ядролық қаруға қол созады. Соған жетуге кеудесін тасқа сүргізіп ентелей жанталасады. Бұл көзсіз көбелектің отқа, шоққа әуестігін, ақыры күйіп-өлетінін еске түсіреді. Есі бар ел болса, осылай болары ескертілді де. Батыс Германия импералистері американ достарының иығына шығып тұрып қоқаңдағысы келеді. Мұнымен олардың бойы өспейді, күші көбеймейді, тек биіктен қатты құлайтын болады деді. Не дегенмен, Линдон Джонсон бастаған АҚШ үкіметі өз бетіне өзі күйе жақты: өз сауырына өзі қарғыс таңбасын басты. Алақандай аграрлы елге айуандық шабуыл жасап масқара болды. Агрессорлар мен әскери қылмыскерлерге түбі бір сауал болатынын шіркіндер әлі түсініп болмапты. «Нюрнберг» десек, Л.Джонсонның есі кірер ме екен! Ойраншыл орға құларын білер ме екен! 1966 ж.
«БІРДЕҢЕ ДЕСЕҢШІ...», «КӨРЕЛІК...» Кешіріңздер! Біздің сөз еткелі отырғанымыз– жеке бір адамның басындағы оқиға емес, жалпылама әңгіме. Бірақ солай болғанымен, өмірде бар, күнделікті тіршілікте кездесіп тұратын шындық. Атап айтсақ, «Ассалаумағалейкум», «Уағалейкумассаламнан» басталып, «десеңізші»..., «көрелікпен» тынатын кесел. Ия, адам баласының кәсібі, бірімен бірінің қарымқатынасы әр-қилы. Кейбіреулер тіршілік қамымен жүріп, бәлки, байқамай да қалатын болар, әйтпесе, «десеңізші», «көрелікпен» қысқа күнде қырық кездесіп те отырады. Айтпақшы, оның байқалмай қалатын тағы бір есебі – әрбір жаңалықты «бастамаға» қайсы бір пенденің әуесқой келетін әдеті. Мақтабек кабинетіне келіп, стол басына отыра бергені сол еді, телефон шыр ете қалды. – Алло, тыңдап тұрмын. – Мен Мәлімбекпін ғой. Сәлеметсіз бе! – Шүкір, шүкір...Алла деп. Жайшылық па? – Аздаған бұйымтай боп тұр. – Айта беріңіз! – Шет жағасын өзіңіз де білесіз, біздің Жарғанат Зооветті итшілеп жүріп бітірді ғой, әйтеуір. Осы қала іргесіндегі совхоздардың біріне бас зоотехник боп орналасса деген едік. Соны анау министрлікте
отырған нағашыңа бірдеңе десеңші. Ет жеп, май асап тұрсақ, жаман болмас...Хе-хе-хе... – Ондай бос орын бар ма екен? – Бар екен. Нағашы үшкірсе, сол ем болғалы тұр. «Адам күні адаммен» ғой бүгінде. Ұмытпаспыз. – Жарайды. Көрелік... Міне, «десеңізші», «көрелік» деген осы. Енді Мәлібектің маубасы бас зоотехник болды дей береңіз. Өйткені сіз ол орынға «көреліксіз» бара алмайсыз. Әнеки, кәдімгі өзіміздің Көшек көшеде салып ұрып келе жатып, ескі танысы Есепбайға кездесе кетті. – Ассалаумағалейкүм! – Уағалейкүмассалам! – Жол болсын! – Әлей болсын. Дача деген «дертке» қалдық емес пе. Жер алдық... Үй жоқ. Соған тақтай, шеге-шақпыт іздеп, шарқ ұрып шаршап келемін. – Босқа арам тер боласыз, Көшеке. Ең алдымен табудың тәсілін білу керек қой. – Тәсілі қайсы? – Тәсілі – «блат». Тамыр-таныстық. – Ойбай-ау, ондайым болса мен... – Түу, Көшеке-ай, қалайша ғана күн көріп келгенсіз, бұл уақытқа дейін. – Етің тірі еді...өзің бірдеңе жасамасаң... – Олай болса, осындағы не қилы құрылыс материалдарын біздің құданың құдасы басқарып отыр. Былқ етпе! – Ой, бәрекелді, Есеке! Соныңа бірдеңе десеңші... өлгенде ұмытпайын!
– Көрелік. Мұны да біткен шаруа дей беріңіз. Енді екі айдан соң тап сол Көшектің дачасында шалжиып отырып шай ішетінімізге біздің де иманымыз кәміл. Қысқасы, «десеңші» мен»көреліктің» жүрмейтін жері кемде-кем. Институтқа бала түсіру. Қызметке ауысу. Құдалық сөйлесу. Қылмыстан құтылу...толып жатыр. Енді қалай? Онсыз іс бітпейді. «Көреліктің» көмегінсіз, мамандық қабілетінің күшімен кәсіпке жол тауып көрші, әулие екенсіз! Ойнама оның құдіретімен! Бүгінгі «десеңізші» ертең көрелікшілеп, «көрелік» десеңшілеп – алмасып тұрады. Бұлардың сиқырлы күші де, міне, осында. Жасыралық па, бұлар әрі-әріден соң кейде біздің қоғамдық традициямызға, ережеге кесе-көлденең кеселін тигізуде. Ендеше, бұған бір минут та төзуге болар ма! Демек, тым асқынып кетпей тұрып, «десеңізшіні» ауыздықтап, «көреліктің» көмейін құрым киізбен тығындау қажет екені хақ емес пе? Олай болса, біз де өзіміздің дерімізді деп болдық, тек...”көрелік” дей көріңіздер, жарандар!
ҚУЛЫҚ Біздің ауыл төменгі сексеуіл арасында. Аудан орталығы ол арадан көп жер. Сонда да ауыл адамдары ондағы базардан қалмайды. Өйткені, біздің ауыл үстінен сексеуіл таситын тар табанды темір жол өтеді. Жаяу-жалпылары кері қарай бос келетін соның платформаларына мініп қайтады. Бір жолы базардан қайтқан Құдыс деген өзіне де, есегіне де билет алып, соған отырады. Оның көршісі Қауғааяқ билетсіз мінеді. Орта жолда жұрттың билетін тексеруге адам келеді. Қауғааяқ Құдыстың есегіне қарғып мініп ап түра береді. Тексеруші келіп «билетіңізді көрсетіңіз» дейді». Сонда ол есекке алынған билетті ұсынады. “Ал өзіңіздің билетіңіз қайда?” дегенде, «вагонда менің есегім мініп келеді, міне оның билеті бар» ал мен өз есегіме мініп келемін, мен неге билет аламын» депті. Тексеруші «әзілді қойыңыз, билет алыңыз» деген екен. Қауғааяқ «тіпті, сіздің поезға менің табаным да тиіп тұрған жоқ қой, қарасаңызшы» деп беттетбепті. Бұл қулығын өзінше жөн депті.
«САЯСИ ҚЫРАҒЫЛЫҚ» Бекқадыр баласы Балтабек шұға фабрикасын тексеруге келіпті. Жат пікір, зиянды әрекеттер тауып, саяси қырағылық көрсетемін деп келіпті. Келіпті де, тексеруге кірісіп кетіпті. Түстенбей тексеріпті, кеш демей тексеріпті. Бірақ еш нәрсе таба алмапты. Таба алмай Бәкең шаршапты, шөліркепті, бақтан су іздепті, су таусылған екен. Сонда Бәкең ашуға мініпті: – Неге жоқ. Мұнда бір сыр бар. Біреулер жұртты судан қыспақ, шөлдетіп, ерінді кезертіп өлтірмек. Білеміз бұл кімдердің ісі екенін. Бұл – жаулық, бұл – зиянкестік. Қиямыз желкесін зиянкестің, – деп даурығыпты. Осыны естіген бір жұмысшы: – Мұныңыз үлкен саяси қырағылық екен, – депті оған.
МАҚТАН ЖАРШЫСЫ Төрде төртеу отыр. Ішіп-жеп, ісіп-кеуіп бөсіп отыр. Төртеуі де төбедей, кеуделері кепедей, демдеріне нан піседі. Аузымен орақ орып, шалғы шабады. Бәрі де бір-бірінен олқы түскісі келмейді. Әрқайсысының-ақ шоқтықты, мықтымси көрінуден дәмесі бар. Көпіре мақтағанда бірінен бірі өтеді, шылп етпейді. Мақтан, әрине, екі түрлі болады. Барды айтып, кол жеткен табысты айтып, орынды мақтау бар да, жалған айтып, бос бөсіп, жөнсіз кеуіп мақтану бар. Әлгілердің мақтаны – мақтанудың осы соңғы сорты. Қазіргі сөз төрт қатпар шүйде майы желкесіне түсіп жатқан жалпақ бет, жайын ауыз сарыда. – 12-13 жасар кезім. Өзіміздің 300 қаралы қойды бағам. Бір күні шаршап келіп, кешкі асқа қарамай құлай кеттім... Шырт ұйқыда екем, біреу түртіп оятқандай болды. Байқасам, әкем. «Тұр, тұр! Тамағыңды же!» – дейді... бас көтердім. Ұйқылыояу көз жұмып отырып, алдыма қойған табаққа қол салдым. Қолға қомақты нәрсе ілінді. Ауызды айқара ашып қарпып қалдым. Әкемнің «Ойбай, қақаласың!» деп жанұшырған даусына қарамастан ауызға салып, шайнап-шайнап, толғап жібердім. Сатыр-сұтыр сынған сүйектің даусы шықты да, асағаным өңешіме кептеліңкіреп барып өтті. Сөйтсем, құнан қойдың ортан жілігін қалың қара етімен қоса екі шайнап, бір-ақ жұтып жіберген екем. – Қой, батыр! Мұныңа сеніңкіремедім. Құлаққа
кіретін нәрсені айтқан жақсы ғой, – деп сөзді күржиген, жонды қара алды. – Менің де бала кезім. Түйе бағам. Бір күні кештете иір мойын жануарларды айдап кеп, қораға иірдім. Әкем түйелерді түгендей бастады. Сорлағанда, оның сүйікті сары атаны жоқ боп шықты. «Тап, патшағар!» деп ол маған тап берді. Зыта жөнелдім...Жоқты түн қатып өрістен іздедім, тау-тасты кездім. Түйе жоқ. Таң алдында тау ішіндегі бір үйдей тасқа келіп отыра кеттім. Еңкейіп қарасам, тастың ығында бір тарғыл сары нәрсе шөгіп тұр. «Сары атан сен боларсың!» деп оған секіріп міндім. Сол-ақ екен, әлгі «әулие» қарғып тұрып, зыта жөнелді. Ақ көбік шашып арындап жатқан тау өзенінің атылып арғы бетіне түсті де, шатқалмен далаға қарай салды. Байқаймын, құрғырың түйе емес, аласа, мойны жіптіктей, өркеші жоқ. Таң бозарып ата бастады. Енді барып таныдым, астымдағы жолбарыс екен. «Құдай ұрды, енді қайттім! Сыпырылып түсе қалсам ба екен? Жоқ, онда не тасқа соғылып быт-шытым шығады, не жолбарыстың өзіақ жарып кетеді», – деймін ішімнен. Аздан соң жүрек тоқтаттым. Тақымды қысыңқырап қойып, қос құлаққа қол салдым... әш-пәш дегенше тау аузына шықтым. Енді алдым– кең жазық. Қос құлақты бұраңқырап, Байшұбардың басын ауылға қарай бағыттадым. Сәлден соң ол жортаққа басты. Бара-бара діңкелеп титықтады. Өзіміздің үйдің алдына келгенде жолбарыс жайылып түсті. «Жүген әкеліңдер!» деп айқай салдым. Үйден жүгіре шығып сұмдықты көрген әкем жүгенді маған лақтырып жіберді де, үйге қайта сүңгіп кетті. Мен жүйкелеген
жолбарысты жүгендеп жаттым. – Сенің құлаққа кірер нәрсең мынау болса, өтірігің қандай еді! – деді де, қисайып жатқан ұзынтұра сөзге араласты. – Мақтан қуып, жалғанға бару не керек! Мен бір шындықты айтайын. Жиырма жастағы жігітпін. Қара суық түсіп қалған күз кезі. Екі аттық арбамен шөп әкелуге бардым. Жалғыз өзім шөпті басқанымша қараңғы түсті. Ел едәуір жерде. Жолға шықтым. Ілби жүріп Бөрілі сай деген жерге жеттім. Міне, сұмдық! Бір үйір қасқыр анталап шыға келді. О жағыма бір, бұ жағыма бір шығып қамай бастады. Ақыры аттардың алдын кескестеп тоқтатты. Екі арлан екі аттың алқымынан ала түсті де, тұқырта бастады. Сол-ақ екен, басқалары ауызды шаптан салып аттарды жарды да тастады. Мен биікте, шөп үстінде отырмын, үрей жоқ. Аш бөрілер аттарға бөкседен кеулеп кіре бастады. Ауыздары май, қан...Ұзақ жеді. Таң да атты. Қарасам, аяқ-қол, жамбас-жауырынды жайпап, қырық қабыртқа, отыз омыртқаны тазалап, басқа таман барған екен. Әлден уақытта қорқаулар қамыттарға бас сұғып, оның ар жағына үзіліп түскен бастарды жұлмалай бастады. Осы сәтте ұзын бишікті үйіріп жіберіп шарт еткіздім де, «Әйт» деп қалдым! Жалмауызға да жан керек емес пе? Қасқырлар атып-атып кетті. Басы қамытқа кептелген екеуі арбаны сүйрей жөнелді. Былай-былай бұлқынып көрген қос қасқыр арбаның жолдан шықпайтынын сезді де, тура тартты... Ұрып келем, ұрып келем. Ауыл тұсына
жақындағанымда, «аттанға» бастым. Ауыл адамдары аттана шауып алдымнан шықты. Арба сүйреген қос қасқырды қақпалап әкеп үлкен қораға тықты. Міне, біз де осындай ерлік жасағанбыз. Мұным– шын. Өтірігіңді итіміз де айтпайды, – деп ұзынтұра екінші жамбасына аунап жатты. Сөз кезегі манадан әркімнің аузына қарап алақтап отырған ала көз ағайға келді. – «Біз де сау сиырдың боғы емеспіз»,– деп бастады ол сөзін. – Мақтан етерлік қажыр-қайрат, өмір – тарих бізде де бар. Осы жасымда мен көрмеген ел, мен баспаған тау-тас жоқ. Европа,Азия,Америка, Қиыр Шығыс, Таяу Шығыс, Қиыр Шығыс – бәрінде ізім жатыр. Көп елдің басшыларымен достығым өз алдына. Елуінші жылдары Индияға бардым. Аэропортта Нерудің өзі күтіп тұр екен. Табанымды жерге тигізбей машинасына отырғызып ала жөнелді. Өз резиденциясына апарып орналастырды. Бір аптадай аунап-қунап қонақ болдым. Көп мәселелер туралы ақылдасып, пікір алыстық... Сендер жілік мүжіп, түйе жоғалтып, атты қасқырға жегізіп қана жүр екенсіңдер. Соны да мақтан етесіңдер. Ал біздің аяқ алыс басқаша... Осылай десіп әлгі төртеуі бір-біріне қарасты. Өтірік мақтаннан қайсымыз оздық дескендей сыңай білдірісті. Бірақ ешқайсысы да мен оздым, мен қалдым дей алмады. Өтірік мақтаннан кімнің шаңын көрсетпей кеткенін оқушы қауым айтсын. Менің айтарым, бөспе мақтаншақтар есіне саларым– «Мақтан қума, керек қу!» деген Абай сөзі ғана.
ТҮС ЖОРИ АЛАСЫЗ БА? Түн ортасында Түсіпбекті түлен түртіп көрмесі бар ма. Түсінде өлілер мен тірілердің арасында жүр екем дейді. Кенет бір тұстан сын садағынан жезді жебесін кезеген «Мүйізді мүйіс» шыға келіпті. Ол жанжағына одырая қарап тұрып, іздегенін тапқандай бір бейшараға қарай тұра ұмтылыпты. «Обай» дегенше болмады, әлгіні қайқаң етіп мүйізіне іліп ап, сүзгілеп, сүйрей жөнеліпті. Басы жұмыр бейбақты сүзгеннен сүзіп отырып, о дүниедегі дозаққа қарай домалатып барады. Бұлар қыл көпірге жақындай бергенде пейіш жақтан: – Батыр-ау, мұның қалай, сүзе-сүзе сүйегін күйретіп, мес қып жіберіпсің ғой. Бұл кім өзі, не істеп қойып еді? – деп бір кісі шыға келіпті. – Не істегенін айтамын, алдымен танысып алайық, өзіңіз кімсіз?–дейді Мүйізекең. – Мен – Жүсіпбек Аймауытов деген ағаңмын,– дейді әлгі адам. Мүйіз селк ете қалып, сенерін де, сенбесін де білмей сәл тұрды да, құшақ жайып тұра ұмтылды. – Ойбай, аға, жақсы кездестіңіз, – деп бас салды. – Сүйінші, жарық дүниеде сіздерді ақтап, халқыңыз мәре-сәре боп жатыр. Жүсіпбек тұлыптай боп, қыл көпірдің қадасын құшақтап тұрған мүйіздегі пәлеқорға көз қиығын тастайды.
– Әу, мынауыңның қолы-басы алапес пе, қалай? – Осы қолы-басымен-ақ қаймағымызды ірітіп, қазанымызды шіріткен жоқ па! – Рас, ел ішінде өтірік-өсек өрт әкеледі, мұндайлар дерт әкеледі, – деп күрсінді Жүсекең. – Өзіңді көріп, жан жылытар жақсылық хабарыңды естіп қуанып тұрмын. Әріптес екенсің. Мен де жиырмасыншы жылдары сатира садағын кере тартып ем... – Білем, аға, сатиралық «Шаншар» журналын шығарған «сен тұр, мен атайындардың» бірі сіз болатынсыз. Сонда сіздер неге күлетін едіңіздер? – Төбеден төніп тышқан қақпай, тасада тұрып торғай атпай, күлкінің қаһарлы қаруын әлеуметтік ірі мәселелерге бағыттауға тырысатын едік, шырағым. – Өздеріңіз тойлап өткен Наурыз мейрамы қазір қатарымызға қайта қосылып, қауқылдасып жатырмыз. Халқыңыз мәз-мейрам. Айтпақшы, қазақтың күлкі қабілетіне қалай қарайсыз? – Қазақ ежелден қалжыңшыл, сықаққой, мысқылшыл жұрт қой. Бас қосқанда бір-бірімен әзілдесіп, күліп отырады. – Сонда кімдерге күлеміз, кімдерді күлкі нысанасына алуға болады? – Сықақ нысанасы көп қой. Тірі кісі түгілі, өлгенді де келемеждейтін тұстар болады. Бұған бір мысал. Патша заманында бір жандарал өмірі қағазға қол қойғаннан басқа түк бітірмейді екен. Хатшысы алдына қағаз әкелсе: «Мұны біз жазып отырмыз ба, бізге жазып отыр ма?» деп сұрайды екен. «Біз жазып отырмыз» десе, қағаздың астынғы жағына қол қояды екен. «бізге жазып отыр» десе, үстіңгі жағына
«орындалсын» немесе «орындалмасын» деп қол қояды екен. Жандарал өлген. Күлкі журналы сол жандаралды былай деп мазақтап күліпті: оның көмгелі апара жатқан табытына суретін салып, оған «Біз көміп жатырмыз ба, бізді көміп жатыр ма?» деп жазып қойған. Жандаралдың надандығын бұдан артық түйреу бола ма? – Күлкілі суреттерге қалай қарайсыз? – Сөзбен жазғаннан суретпен аңғару тиімді болса, сөзбен айтуға реті келмейтін нәрсені суреттеп беруге болатын болса, күлкілі суретті пайдалану қажет. – Біздің сықақ бұрыштарының сарбаздарына не айтасыз? – Жазып тұрыңдар, «Мүйізді мүйістің» сүзгіштері, күлдірейік, күлейік деймін. – Рахмет, аға, ал мына алапесті қайтемін? – Алапесіңді ала кет, мұнда да бірдеңкені былықтырып жүрер. Қолындағы таяғының да түрі жаман екен өзінің... ...Тап осы тұсқа келгенде Түсіпбек түсінен шошып оянды. Мең-зең күйде меңірейіп отырып қалды. Жүсекең кезінде «Ақ жол» газетінде күлкі туралы пікірлерін жариялаған еді, жаңағы айтылғандармен арада айырмашылық шамалы. Ал әлгі алапес дегені кім болды екен? Түс жори аласыз ба? 1989 ж.
БҮЙЕНБАЙ СОНДА НЕ ДЕПТІ? Ардақты Ара! Алақандай аумағыңның айқара ашылған қос бетіне өлі Бүйенбай мен көзі тірі Мұхаммед Халил деген қос дос көсіле қоныс теуіпті. Екеуі о дүние мен бұ дүниені байланыстырыпты. Тірісінің тіршілігі мықты көрінеді. Пейіштен орын тимей қаңғып жүрген досына телефон орнатып, телевизор қойып беріпті. Екеуі еркін есендесіп тұратын көрінеді. Өз бетіңнен көлдей орын алып, көлбеп жатуы да тегін емес сияқты. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген осы-ау! Мұхаммед Халил бір кезде Бүйенбай досын сүйреп жүріп, «Қазақ әдебиетінде» пұшпаққа шығарған еді. Сол пұшпақты жаз жайлап, қыс қыстап, отын оттап, суын ішіп, қызығын да, шыжығын да өзі көрген-ді. «Дәндеген қарсақ құлағымен жер қазады» демекші, тіске талшық, көмейге күлше қылатын тағы бірдеме табылар, «көрген жерде ауыл бар» деп Халил Бүйенбай пұшпағына қайта оралыпты. «Мысықтың түсіне үнемі тышқан кіреді» дегендей, оның түсі түгіл, өңінен де Бүйенбай кетпейтін болған екен. Мұны басқа өрістің құрығаны дейміз бе, өренің басқа пұшпағына жетпегені дейміз бе? Әлде «құмыраның ішінде бар нәрсе ғана төгіледі» деген дейміз бе? Не дейміз? Кезінде Мұхаммед Халил Бүйенбайдың бүйрегіндегі түгел майды жалап болған соң, одан құтыла алмай қор болған. Ақыры оны о дүниеге аттандырып, амалын асырған. Енді басқа түк
таппаған соң, сүйегі қурап қалған жерінен басын сүйеп қайта тұрғызып, ескі досын тағы бір «сауып» көрмек болған сияқты. Не дейік, ниетіне жетсін! Бірақ тілеуді «Құдай» бере берген бе? Бүйенбайдың бүйенін сорып болған соң тағы да қалта қағып, шалшықта қалған қайықтай қайырлап қала ма деп қорқамыз. Сонда өлтіріп құтыла алмаған досынан енді қалай құтылудың жолын таппай, пұшайман болар ма екен деп қауіптенеміз. Біздіңше, бүгінгі бүкіл арман-аңсар, міндетмақсатымыз жаңғырып, бүкіл болмыс, құбылысты жаңаша парықтап, жаңаша ойлап жатқанда, сол мазмұн, соны идеяларды құятын жаңа торсық, селкеусіз сіңіретін жаңа түр қажет еді. Мұны ескермей, тоқырау тұсында қанжығаға көп байлап түбін түсірген, сыртының сырын, ішінің ысын кетіріп, көңезітіп қойған тозған «торсықты» қайта басына көтеріп, көңезітіп қойған тозған «торсақты» қайта басына көтеріп шыққаны тапқырлық болмаған. «Өзі келгенде үндемесең, Қожакеңдер артынан есегін жетектеп кіреді» деген осы. Мұның үстіне Бүйекеңді қайта тірілтіп, оған қайдан пұшпақ беруді білген жөн еді. Кез-келген айла-амал, әдіс-тәсіл сіңіп кете беретін әдеби газет, журнал болса бір сәрі, Бүйекеңнің сіздей саяси журнал – «Араның» кеудесіне алшақтағаны ақылға аса сиып тұрған жоқ. Алшаңдатып, ардақтап қана қоймапсыз, кеудеңізге адыраңдата, арындата шығарыпсыз. «Бүйенбай сонда бүй деді» деп бұрынығының батырларымен үзеңгі қағыстыра, жарыстыра шығарыпсыз. Ал, «Бүйенбай сонда не депті?», Не тындырып,
не қиратыпты?” дегендерге Бүйенбайдың айтқан «тапқыр» пікірлерінің сиқы мынау: «Тоқырау кезінде айла-шарғымен пейішке кіріп кеткендер бар екен. Солардың кейбірін қуып жатыр дегенді кеше лимонад ішіп тұрғанымызда Қайнекей айтты...Тозақ жақта арақ сататын бір магазин бар дейді. Оған баруға әзір қорқып жүрміз. Қайнекей пейіштен күдерін үзгесін екі бөлме пәтер жалдаған екен... Оспанхан екеуміз сонда тұрып жатырмыз», «Жуырда А.Байтұрсынов,М. Жұмабаев,Ж.Аймауытов қайтадан жиналыс өткізгелі жатыр дейді... Шамасы, төрағасы Абай болады деп жүргендер де бар», «Осында шығатын «Аспан апталығы» деген газеттің редакторы Бейімбет Майлин екен. Қайнекей сонда әдеби қызметкер... Зейін Шашкин осындағы ақын,жазушылар поликлиникасының бас дәрігері... Мұнда бір баспа бар. Уақытша директоры Ілияс Есенберлин», «Аспан апталығына» А.Байтұрсынов редактор болып кетер деген де өсек бар». Міне, Бүйекеңнің осындай ботабыржықтарын “жерден жеті қоян тапқандай” таланттың тапқырлығы деп танып жариялапсыз. «Орын таппаған сөз опық жегізеді» дегенді ескерсеңіз нетті? Әрі әлгі «ертегінің» бәрі өлген әруақтарды әжуалау, мазақ қылу ғой. Кеңесетін мәселелер кеңірдіктен келіп, пікір таласы құлаш сілтесіп, салғыласып жатқан осы жаңару заманында бұдан басқа жазар нәрсе құрығаны ма? Мүмкін Мұхаммед Халил Бүйенбайым бүлдірсе, өзім тындырдым ғой, өлі аруақпен тілдескен болып отырып, атан жілікті алыптарды алып-шалып тастадым ғой дер. «Әкесі өлгенді де естіртеді», бұл орайда оның өзі де ештеме жарытпапты, тапқырлық
танытпапты. «Бүркіт қартайғанда тышқан аулайдының» кебін киіпті. «Баяғы әнім–бар әнім» дегеннің кері кепті. Айта-айта тіл титықтап, ести-ести құлақ сарсыған баяғы Әбулақаптың арызқойлығын, 40 мың жол жыр жазғанын қайта «жырлапты». Екінші бір найзаға ілінгені әдбиетіміздің 80-нен асқан ақсақалы Әлжаппар Әбішев бопты. Бұл кісінің айналасында айтқандары да ақылдыға арзан. Оны кезең талабына үн қосып, «жарғақ құлағы жастыққа тимей» Жазушылар одағының жұмысына жаны ашып, қоғамшылдық көрсеткені үшін келемеждепті. «Ағалар алқасының басында Әлжаппар Әбішев дәуірлеп тұр», «Әлжекең келе жатыр дегенде, Әзіретәлі келе жатқандай жұрт жымып кетеді» – деп кекетіпті. Қоғамшыл, еңбекшіл, жастарға ақылшы, айқайшы болғаны үшін Әлжекеңді келемеждеу неге қажет болды екен? Тағы бірде оны «әттең, Олжастың орысшасының оннан бірін қырсық Құдай Әлжекеңе бергенде Жазушылар одағының туын өзі ғана ұстап отыратын адам екен» деп және жерлеп өтіпты. Амал не, «Адамның сөзі – ақылының таразысы» деген. Қазақша білгенді де ардақтайық деп айқайлап жатқанда Әлжекеңнің орысшаға шорқақтығын бетіне салық қылудың лайығы қанша еді! Мұхаммед Халилдің тағы бір «тауып» айтқаны: «Менің атымнан Мұхаңның, Сәбеңнің, Сары Ғабаңның, кейін барған Ғабеңнің қолдарын ал! Ол кісілер пейіште шығар, адресін жібер!» депті. Әдетте молда, қожалардың өле қалып, о дүниеге барып, қайтып келіп, тіріле қоятын қабілеті болатын-ды. Халилдің де сөйте қойғаны жөн бе еді, кім білсін?
Қыза-қыза келгенде Мұхаммед Халил қате пікірлерге де ұрынған. «Кез келген кандидаттар жаңалық аша берсе, кейінгі ұрпақ не бітіреді» деп келер көген көздердің қамын ойлаған. Мұнысы «ғылымда жаңалық табам деп арам тер болма» деген теріс үгіт екенін ескермепті. «Докторлық диссертациялардың көбісі местегіні күбіге, күбідегіні меске қотаратындай, баяғы шалап бір шалап емес пе» деп атау-ақыретсіз барлық докторлық зерттулерге топырақ шашады. Оларды қорғатып отырған ғылыми мекемелерге, бекітіп жатқан үкімет орындарына күмән келтіреді. Бәрін «шалап» деп шалқаяды. “Есек те үйге барар жолын біледі”, деуші еді, бұл қалай, ардақты «Ара»? «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса да» дегендей, Мұхаммед Халил «Ара» журналымен келістім... Жаңа жазғандарың болса, жібере бер... Бірнеше номеріне жариялауға дайын отыр» деп мырзалық қыпты. Бұған қарағанда, алдағы уақытта өз бетіңде Бүйенбайдың былжырақтарынан бас ала алмайтын болдық қой. Бұдан түйгеніміз, бұл жарық дүниедегі саяси тұрғыдан, үлкен парасатпен сөз ететін проблемалар шешіліп болған-ау, шамасы. Қайта құруда жүзеге асырылатын игі істер орындалып біткен-ау, сірә. Енді молда-қожалардың о дүниеде де өмір-тіршілік бар деген қағидасын растау, дәлелдеу ғана қалған-ау! Күн тәртібінде ендігі тұрғаны пейіш пен тозақтағы проблемаларды көтеру екен ғой. Ардақты «Ара»! Алдағы дана қателессе, арттағының бәрі сүрінеді» деген бар. Сен қателессең, біз не болдық?! 1989ж.
ХЛЕСТАКОВ, БРУДАСТЫЙ ЖӘНЕ МОЛЧАЛИН Баяғыда бір фельетонында С.Шынаровтың Мен бір хабар жазайын Мынау тұрған Есіктен. Кейбіреулер байыпты Сауда-саттық кәсіппен. Осылай деп айтады Сығалап көрген тесіктен, – дегені бар еді. Біз бірде сығаламай-ақ, тапа-тал түсте кәсіппен емес, көзбояумен, алдаумен байып қалуды ниет еткендерді қолдан ұстап, көзбен көріп қалдық. Бір ғажабы, олар – «әттең, тонның келтесі-ай» деп көрпесіне қарай көсіле алмай, «жібі қысқалық қып күрмеуге келмей» жүрген аш-арықтар емес, жалақыны батпандап алатын, айына жүздеп, мыңдап қалтаға салатын бөтеге майы бүтіндер, оқыған-тоқығаны бар, саналы да иманды болуға тиісті ғалымдар. «Бұлар кім» деп білгенше асығып, тағат таппай отырған боларсыздар. Таныстырайық. Мұның бірі – мақтан сөзді көбіктей көпіртуді, өтірікті өгіздей өкіртуді, ақша деп арбасу жағынан Хлестаковтың өзі қасында жіп есе алмайтын Жайық Берғожин. Жақаңның сұмдығын көріп-білгенде, «пейіш те арамдыққа толы» деген рас екен-ау деп жағаны ұстап, таңдай қақтық. Ол ата-бабамыздың «қанағат қарын
тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» деген нақыл сөзін ескермепті, нысаптылықты үйренбепті. Әнебір жылдары Қазақ Университеті мен Ғылым Академиясын теспей сорыпты. Жіліктің майлы басын тауып алып, бұғып жатып мүжи беріпті. Әркімнен бір тал қылшық ала берсең де, қалың қара сақалға ие боласың дегенді ескеріп, сабазың «жалақым» деп бір соғыпты, «сыйлығым-майлығым» деп екі соғыпты, «үстемем» деп үш соғыпты. Ашылған аран бұған да тоймапты. Университеттің шаруашылық шартына да шап беріпті. Одан айына 175-тен қақшып отырыпты. «Ашыққаннан кәніккен жаман» деген, Жақаң аузын Академияға да ашыпты. Мұнда да шаруашылық шартқа отырып, айына 200-ден жымқырыпты. Сөйтіп, сабазың бір мезгілде төртке бөлініп, төрт жердің тірлігін «тап-тұйнақтай етіп тындырып жүрмін деп», жылына 15-16 мыңның бетін қалтасына қарай қаратқан. Хан қамау, дойбы ойындарында екі жеп биге шықса, Жақаң «пысықтықпен» жыл сайын төрт жеп биге шығып отырған. Академиядан 15 мыңдай, университеттен 4 мыңдайды өңештеп заңсыз өткізіп жіберген. Іскерлік пен ептілік деген сондай-ақ болар. Ащы дүние-ай десеңші, Жақаң осынша мол табыстан кезінде анау-мынау жарнаны түгел төлеуге де қиналған. Қулығына құрық салынып, құйрығына қоңырау байланған кезде барып, «бірсыпыра мүшелік жарна төленбей қалыпты. Мұны қырағылыммен өзім байқап қалдым. Төлеуге рұқсат етіңіздер» деп арыз жазып аймандай болған. «Судың да сұрауы бар», заңсыз алынған ақшаның аяғы айқайға айналды. «Сасқан үйрек құйрығымен
сүңгиді» демекші, сасқалақтаған сабаз «байқамай қаппын» деп басын сипап, желкесін қасыды. Артық алғаны ас болмады. Қарпып жіберген қаржыны қайта құсты. Сонда ғана Жақаңның жұтқыншағы жыбырлап, көзі жасаурады. Проректор, ректор тағында Жақаң жарбиып тұрғанда университет парткомының секретары болып В.В Пиязбаев деген келді. «Апама жездем сайдың» кебі болды. Бұл да көлденең пайда дегенде төніп кететін «төре» екен, «бұзау баққанның үстіне сиыр да саумақ болды». Жарты жалақымен әрі доцент болып бұйрықты бұрқ еткізді. Обалы не, бұл істе Пиязбаев «биязылық» көрсетті. Екі жыл бойы аудиторияға бас сұқпады, сабақ беріп ешкімнің басын қатырмады. Ал, айлық, әрине, адресін тауып жатты. «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» деген емес пе? Университет «қазаншылары» ойына келгенін істеді. Шортанның емес, осылардың әмірімен физика факультетінің 1 курс студенті Б.А Сидоров философия-экономика факультетінің студенті болып шыға келді. Студенттер бөлімінің меңгерушісі И.М Алексеева: «Мұны істеуде үш түрлі заңсыздық жасалды. Мұнда оқу үшін тиісті орындардың жолдамасы болуы, қабылдау емтиханы мүлде басқа пәндерден өткізілуі, әрі бұл факультетте бос орын болуы керек еді. Осының бәрін басшылар белден басты», – деді. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, басшылар бұдан да зор басбұзарлыққа барды. Конкурстан өте алмай, университет бұйырмай қалған А.А Досымова дегенді “бұрын сырттай
оқытатын заң факультетіне түскен екен, ол туралы бұйрық жоғалған екен” деген сылтаумен «қолды болған» бұйрықты қалпына келтіріп, жоқтан бар жасап, студенттер сапына тұрғыза қойған. «Қолынан келген қонышынан басады» деген осы. «Тырнадан жасауыл қойсаң, басыңнан қиқу кетпейді» деген де рас екен. Жақындар университет тізгінін ұстап тұрғанда тұманды түнек орнады. «Ақылды ұры өз көшесінен ұрламайды» деуші еді, бұлар өз университетіне жаудай шапты. Сол кездегі республикамыздағы саясат еркесі Жаманизеновтің қолындағы соқыр сойыл болды. Ол соқ дегендерді соғып, құрт дегендерді құртып, «Тақсыр, тағы не тапсырасыз, айтыңыз, істейміз, орындаймыз» деп жалақтап, жалпаң қақты. «Балықшы балықшыны алыстан көреді» демекші, бұл тұста қатігез «қасапшыларға» Т.Боқметов – Молчанин кеп қосылды. Ол да жарамсақтық жағынан алдына жан салмайтын, жағымпаз жалбағай боп шықты. Оның да әкесі «тұрған жеріңнің қожайынына жағына біл, қызметтес бастығыңа, оның етігін тазалар малайына, тіпті, босағабағары мен аула сыпырушысына, қала берді итіне де жағына біл» деп құлағына құйып кеткен екен. Университет кәсіподағы бюросының төрағасы Боқметов – Молчалин еңбекшілердің құқын қорғап, адамдарға арашашы болудың орнына, жандайшаптық жасады, жарамсыздықтың жалауын желбіретті, жата қап табан жалаудың үлгісін көрсетті. «Қууға, құртуға келістім» деп, талайлардың қол-аяғын байлап берді. Өз қамы, өз наны үшін азаматтық арын таптап, елді сатты.
Әсіресе Пиязбаев шеттен шықты. СалтыковЩедриннің Брудастыйынан асып түсті. Ол «төзбеймін», «құртып-жоямын» деп ақырушы еді ғой. Бұл да Жаманизеновтың «қара тізіміне» ілінгендерді бір-бірлеп шақырып алып, «университеттен еркіңмен кет, әтпесе партиядан шығарамын, қуам, құртам» деп әкіреңдеді. Безбүйрек басшыға арқа сүйеген бұл «ләппәй тақсыр», «мақұлбектер» заң бар-ау, бұл адам тағдыры-ау, бұл басбұзарлық-ау демеді. Парткомды коммунистердің сырласар, мұңдасар органынан жазалаушы орталыққа айналдырды. Аз уақыттың ішінде көнгенінің арызын алып, көнбегенін партиядан шығарып, жиырмаға тарта профессор, доцентті сауырға ұрып, саптан шығарды. Жаманизеновтың кәріне ілінбеу үшін «ақкөт торғайлық» жасап, арожданын аяққа басты. Мұны кезінде көрер көз болмады. «Ұсталмаған ұры сұлтан болады» дегендей, жауапқа тартылмаған Берғожин артынан академик болды. «Доңыз терісінен біз өтпейді» деген рас екен, Пиязбаевтың да «пұшпағы қанамай» жоғарылап барып қоныс тепті. Қазақ ССР-і Халыққа білім беру министрлігінің кадрларын жусатып өргізетін Бас басқармасының бастығы креслосына қонжиды. Осылайша арамзалар адалдардың тағдырын шешті, өздері өрлеп өсті. Кезіндегі әлеуметтік әділдіктің сиқы осы болды. «Өмірде не болмайды», мұны да көрдік. 1990 ж.
ЕСКІ ЖЫЛДЫҢ ЕСЕБІ Түнде, ел ұйқыға кеткенде, тарлан тарихтың тоймас, толмас қоймасының алтын қақпасы ашылып, оның босағасында екі жыл – Қой мен жаңа жыл – мешін кездесе кетті. Қайта құрудың «қаймағына тойып» қайғыра қоймаған Мешін: – Ассалаумағалекум, ағасы, – деп арбаңдап кеп Қойды құшақтай алды. «Әликсәлемнің» орнына Қой ерні жыбырлап, иек қағуға ғана жарады. – Ағасы-оу, не болды? Ұнжырғаң түсіп, мұрныңнан су шығып кетіпті ғой, – деді Мешін. – Несін сұрайсың, он екі ай ғұмырдағы алысжұлыс, күрес-талас, алдау-арбау ақылдан адастырып, есеңгіретіп кетті ғой. Қой осыны айтып, мұрнын тартты. – Ойбай, аш-арық ештеме емес, Құдай асқынған аурудан сақтасын. Бас-сирақ, сүйек-саяғың аман ба? Ішек-қарның, өкпе-бауырың орнында ма? Терітерсек, қыл-қыбырдың құны шырқап кетті деп еді, жүн-жұрқаңды сыпырып алған болар. Оған өкінбе! «Бас аман болса, шаш шығады» деген. Аурудан аманмын. Жазмыштың жазғанын көріп, ай-күнімді аяқтап, талқанымды тауысып, енді сүлемді сүйретіп қайтып барам. – Оу, осыдан үш айдай бұрын ел сені тарих қойнауына шығарып сап, мені қуана қарсы алып еді. Тағы ұшырасқанымыз қалай болды? – Діні басқа өктемдердің қаңтарда ескі жылы
кетіп, жаңа жылы келеді. Соңғы дәуірде мұрнын тесіп жетектеп алған бұзаудай біз де солардың шашбауын көтеріп кеткенбіз. Солардың жаңа жылына кездескенбіз. Өзіміздің жаңа жыл басы – Наурыз енді келді. Бүгін сен екеуміз мұсылмандар жаңа жылында кездесіп отырмыз. – Сонда қалай, мұсылмандар бір жылда ескі жылды екі рет шығарып сап, жаңа жылды екі рет қарсы ала ма? «Бір тойда екі жар жоқ» деген қайда? – «Мысыққа күнде той бола бермес» деген де бар еді, болып жатыр ғой. – Аштықта намаз көбейеді деуші еді, бүгінгі жоқтықта той көбейіп тұр-ау! – Тағдыр тойға тойғызбасын. Тәуелсіздік тұғырына төрт тұяқты түгел тіреген соң, осы Наурызды ғана «жаңа жыл» деп тойлайтын болармыз. – Оны ел бастаған ерлер шешер, райына қарап көрер. – Солайы солай. Ал, мешін,сен менің мұрагерімсің. Кездесіп қалған соң, саған ескі жылдың атынан ептеп есеп бере кетейін, аздаған аманат айтайын. – Айтыңыз, ағасы, айтыңыз! – «Тындырдым»деп тоқмейілсу менде жоқ. Дегенмен, бірсыпыра игі істің бетін бері қараттымау деймін. Ең алдымен, партияның мінберіне ілініп ап, оның лауазымын бетке ұстап, «өзім – қожа, өзім – би, біреуді құртсам да, жойсам да, өзім білем» деп қодыраңдағандардың қоқаңын, едіреңдегендердің екпінін бастым. Естерін кетіргенім сонша, басбұзарлардың кейбірі әкесінің атын да ұмытып қалды-ау деймін. «Қартайған бүркіт тышқан аулауға»
да жетпей, үстіне артқан алтынды түсіріп ап, қос өкпеге тепкіленіп, боқ тасуға жегілген есектей қаңғып қалғандарды да бар ма деймін. Мұны бір деп қой. Баяғыда Қожанасыр атамыз «не боса, о болсын, айды аспанға шығардым» деп шалқайған екен. Сол әулием айтпақшы, мен де қазақ халқын ғарышқа бір шығардым. Тоқтар батырын көгілдір көкте самғаттым да, қазақтың мерейін өсіріп, даңқын әлемге дабылдаттым. Мұны екі деп қой. «Көп қорқытады, терең батырады» дегенді де растаттым. Көпті бет қаратпас дүлей күш – әскериөнеркәсіп кешенінің кеңірдегінен алдырып, «аһ» дегенде аузынан от шашып, дерт сепкен полигонның өңешін тығындаттым. Мұны үш деп қой. Аттай тұсалып, еркін көсіле алмай, мақаудай міңгірлеп, еркін шешіле алмай, жоғарыға жалтақтап, жалпаң қағып өткен Қазақстан елінің «тұсауын үзіп», «ауыздығын алдым». «Тәуелсіздік бере алмасам, маған серт, еркіндігіңе ие бола алмасаң, саған серт» деп ел тізгінін өзіне ұстаттым. Ел еңсесі көтеріліп, өз тағдырын қолға алды, жаншылып келген ұл-қыздарының бағы жанды, бөріктерін аспанға атты, ептеп еркіндіктің дәмін татты. Арманымызды іске асырар, сенімімізді ақтап, антында тұрар деген бір азаматын ақ киізге отырғызып «хан» көтерді. Үстіне «алтынмен аптап, күміспен қаптап» ақ шапан жапты, басына Абылайдың айыр қалпағын кигізді. Мұны төрт деп қой. «Той тойға ұлассын» деген қазақ халқының игі тілеуіне де құлақ қойдым. Алмағайып замандарда халқының жауына көрсетер қаһары болған хандарының, ел еңсесін жібермеген билерінің, «елім»
деп еңіреген ерлерінің есімдерін еске алдырып, аруақтарының құлағын шуылдаттым, тойларын дуылдаттым. Онда жүйріктер озып, бәйге алды, қалың ел салды сайранды. Осымен-ақ біраз мәңгүрттің көзін аштым, санасын селт еткіздім. Мұны бес деп қой. 1986 жылыдың Желтоқсанындағы қазақ халқының адал тәніне жұққан қара күйені жудым, ақ жүрегіне қадалған «қанжарды» суырдым. Елді еңіреткен бұл күнді «Жаңару күні» деп жариялаттым. “Ақтабанда” ел «Елім-ай» деп еңіресе, мұнда жұрт «Жазықсыз жазаланған жастарым-ай!» деп жылады. Мұны алты деп қой. Айта берсек, мақтан етер, шаттанар жайлар көп. «Жаман істемегенін айтпайды, істегенін айтады» дегендей болмасын. Тындырғанымнан тындырмағаным көп. Жыл ғұмыры қысқа ғой, жылжып қана өте шығар жыл – он екі айда барлық істі пісіріп-түсіру қиын да. Менен қалған мұра, саған қалған сыбаға – ел көрпесін қымтауға келтірмей қинап тұрған қымбатшылық, жұрт жағасына жармасып қылқындырып тұрған жоқшылық. Мен тақ-тұқ етіп талықсыған талайдың тамағын да тойғыза алмадым, қойнына тас тығып, мықынына мылтық байлап, пышақ кезеніп, үй тонап, кісі өлтірушілерді қойғыза алмадым. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып, бет-бетімен бытырап кеткен жұртты жия алмадым, етек алған басқа да жолсыздықты, заңсыздықты тыя алмадым. Енді мен кетіп барам, сен қалып барасың. Баяғыда біреу қашырдан «әкең кім?» деп сұраса, «нағашым – ат» деп жауап берген екен. Сол айтпақшы адамзат сені
«арғы атам» деп біледі. Ендеше ұрпағыңа ұнамды іс ет. «Кәрі қошқар қоңыраудан қорқпайды» деген. Қиындықтан қорықпа! Мен бастаған игі істерді алға апар! Халықтың қаһарына қалма, жұртқа жайлы жыл бол! Қазақты 1932 жылы бір «сипап» салып ең, сондай сұмдық әкеле көрме! Қара ниет қара мешін атанба! «Түсі жылыдан түңілме» деп айтарлық түрің де оңып тұрған жоқ. Алдыңнан қарасам анадайсың, артыңнан қарасам аймандайсың, қайтейік! Түсің жаман болса, ісің жақсы болғай да! «Жамай білген жалаңаш жүрмес». Елге еңбек еткіз! Көктемді көңілді ет, жазды жауынды ет, күзді молшылық ет, қысты қаһарсыз ет! Әдетіңе басып, талдан талға секіріп, қысқа қарай «ыршып жүріп ән салған, қызықпен жүріп жазды алған» шегіртке құсап шоңқиып қалма? Тағы не айтам, сені арада өткен аруақтар жебесін, бүгінгі арлы азаматтар демесін! Сенің тұсыңда жұртқа жамандық келмесін! Манадан сабыр сақтап, мелшиіп тұрған мешін құйрығын қайқаң еткізіп, бір қозғалды да, сөйлеп кетті. – О, ескі жылым, есебің ескерерлік екен. Әдетте «аузынан сөзі, қойнына бөзі» түсіп тұрған, түк тындырмас былжырларды «баран-қой» деп қорлаушы еді. Сен батыр істерге барыпсың, бәрі де баянды болсын! Маған тапсырған аманатың да, айтқан ақылың да артық емес. «Бір жыл тауық болғанша, бір күн қораз болып қоқиып өт» дегендей, Құдай қуат берсе, қолдар қауым болса, мен де бір жыл қоқиып көрейін.
– Сөйт! Әрине, «бос құдықты шық толтырмас» деген бар. Қоғамның қаңырап қалған қамбасын сен де толтыра алмассың, халықтың құрылдаған құрсағын да тойдыра алмассың. Дегенмен, молшылық жасауға үлес қос! Халықты қиындықтан алып шығуға атсалыс! Келісім осы болды. Қол алысып қоштасып тарих қойнауына қой кетті, жыл басы – Наурызды бірге тойлауға мешін шықты. 1992 ж.
КҮЙРЕУ Қос көшенің қиылысқан жерінде сілейіп екеу тұр. Бірі – сарықарын тартқан, ернін қызартып, әшекей таққан сылбыр сары әйел. Екіншісі – бақыр басты, сорайған жақты, күн ұрып сарғайтқан шөлдің шөбіндей сұп-сұр сары «сабаз». Ерлі-зайыпты болу керек. Жамағаты байшығына «машина ұста» деп нұсқау берген сияқты. Ол өзі қақайып қарап тұр. Серке бұттанған сидаң сары өтіп жатқан машиналарға қол көтеріп, «тоқтаңызшы» деген жалынышты кейіп танытады. Бір аяныштысы – жүргізушілер оны адам екен демейді, қарамайды, қайта қолын шошаңдатып, кес-кестеген әлгіні қағып кете жаздайды. Әне, бір мәшине оның қасына тоқтай қалды. Сұңқиған сары арсалаңдап тұра жүгірді. Бірақ жақындап келген оған шофер жігіт есік ашып, ізет көрсетпеді. – Басыңнан бақ құсың ұшып, жаяу қапсың ғой. Халық қарғысы ұрған екен сені. «Көпті жамандаған көмусіз қалады» деген – осы. Бұл әлі аз саған, – деді де, кете барды. Бұл табалау сөзді естіген әлгі пақырдың төбесінен тас түскендей болды. Тұмсыққа сойыл тигендей сілейіп тұрып қалды. Оның есін әйелінің әлден уақыттан кейінгі «әй, ұстасаңшы» деген бұйрық сөзі кіргізді. Сұп-сұр сары ары-бері апалақтап, қолын қайта шошаңдата бастады. Міне, тағы бір машина тоқтай қалды. Ол тарбаңдап тағы ұмтылды. Бірақ мұның да жүргізушісі
“отырыңыз” дей қоймады. – Әй, сорлап қапсың ғой, сауап бопты. Әдетте ел ерін еркелетіп жүреді. Өмір бойы төбесіне көтеріп өтеді. Сендейлер сенделіп, осылайша қаңғып қалады, – деп ол да жөніне кетті. Жаяуалап өтіп бара жатқан екеудің бірі мұны көріп қасындағысына: – Тоқташы, әй, мынау кешегі бүкіл ел-жұртты жусатып өргізген, талайды қан қақсатқан жертесер Таққұмаров емес пе? – деді, машинаның астына түсіп кете жаздап жүрген жүдеуді көрсетіп. Қадала қарап қалған анау да: – Ойбай, сол ғой! Бұған не болған? – Естімеп пе ең? Мұны «ер-тоқымын сыпырып алып, сауырға бір ұрып айдап жіберген». Қызметтен қуған. – Неге? – Біреуді арамдықпен аяқтан шалсаң, өзің де алысқа бармайсың, біреуге жала жапсаң, өзің де абырой алмайсың деген емес пе? – «Асқанға – тосқан» деген ата-баба сөзі рас-ау! Екеуі осылай десті де, Таққұмаровтың тайраңдаған тұсын еске түсірді. * «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты». «Өмірде не болмайды» деген Белағаңның сөзі рас болды. «Дана жоқта надан жүрер жораға, ит жоқта шошқа үрер қораға» дегендей, жер астынан кен іздейтін Жертесер Таққұмаров көкесінің көмегімен саясат «серкесі» боп шыға келді. Жесе, есесін
жегізбейтін Жертестердің карташының қолындай «қолы жүрді», иті оттап, тасы өрге домалады. Ер сыйлап өскен ел-жұрт алғаш оған сенді, соңына ерді, дегеніне көнді. Өйткені оның кемел жасы болды, келідей басы болды, шалқалата қайырған шашы, қою қара қасы болды. Бірақ адал жандардың бір білмегені – жертесердің «жауына» атар қойнында жатқан тасы болды. Алғаш ол арамдықпен абайлап басты. Сауысқандай сақ жүрді. Азулылар алдында бөденедей бүлкіл қақты. Ешкіні апа, текені жезде деді. Өзінен зорлардың ептеп-септеп сеніміне енді, қолпаштап қолтығына кірді. Көз бояп көлгірсіді, аңқау боп алдаусыратты. Үлкен өрістен от оттап, ұзын астаудан су ішті, адалдармен араласты. Сөйтіп жүріп із аңдыды, пәле іздеді, құм санады. Мұның үстіне Жертесер «ер – ел үшін» дегенді ескермеді. Жершіл сиырдай жымысқылап жеріне тартты. Үнін шығармай елдес, жерлес деп «еңіреді». Жекжатжұрағат, ауыл-аймақ, бота-тайлақ қайдасың деп мөңіреді. Адам білмес арамдыққа барды, аз жұртты бөліп жарды. Арамза әліптің артын бағыпты. Тоқырау тұсында томпиып жүріп, қайта құруда қайқайып, кім екенін танытты. Кадр жөніндегі жаңа саясатты бетке ұстап, жаңару, жаңғыру ұрандарын жалаулатып, оны «жауларынан» өш алу, құлқы түспегендерді қудалау құралына айналдырды. Әркімге бір көз алартып, мүйіз шайқап шыға келді. «Анау ап кетті», «мынау ап кетті», «пәлен артық қылды», «түген тыртық қылды» деп аттанға басты. «Аузы қисық болса да,
бай баласы сөйлесін» дегендей, ниеті қисық болса да, саясат серкесі сөйледі. «Серке айтып отыр ғой» деп, басқалар»бұл қалай» демеді. Құр бас шұлғып, иек изеп, «шыбындап» отыра берді. Жертесер мұны шебер пайдаланып, шектен шықты. Жұрттың тағдыры жұмсам жұдырығымда, ашсам алақанымда деп ұқты. Төменгі мекеме басшыларына «жайын табуға» тиістілерінің тізімін тапсырды. Ананың сөзін тый, мынаның тамырын қи, пәленді айда, түгенді жайла деп бұйрық берді. Қайтсе жағарын білмей жалтақтап отырған, «тәйт» десе, «жәрәкімалла» деп, қоғадай жапырылып жата қалатын, өз есендігі үшін енесін сата салатын, иығындағы қауғадай басына иелігі жоқ Сарыауыз Сархожаев, Шалабай Шахметов, Серкебұт Пиязбаев сияқты жандайшаптар Жертесерге жайсыз дегендерге жаудай тиді. Оңды-солды бұйрық беріп, талайлардың жайын тапты. Сөйтіп, Жертесер жоғарыда бұғып отырып, еркі жоқ ездердің күйелі қолымен қоса көседі. Жертесерге жайсыздарды да Құдай жаратқан, олардың да аналары «ұл тудым» деп бір-бір қой қалжа жеген, олардың да кеудесіне бір аяқ ас сияды емес пе. “Жалынғаннан жан қалмайды, жағалассаң жан қалады” деген ата-баба өсиетін ескеріп, олар қиянатқа қарсы күреске көтерілді. Жертесердің шын бетін ашты, басбұзарлығын бетіне басты, арамдығын алдына тартты. Бұрын сөз етіп көрмеген, «шыбық тимес шыңқ етердің» шымбайына сын қатты батты. Ер-тоқымын бауырына алып, мөңкіді. Аттандап қарауындағы ағайындарын алдырды. «Ойбай, не боп
қалды, тыныштық па?» деп, алдымен оған Борсық Торсықов жетті. Борсық кіріп келгенде сәлемдескен Жертесер оған көз тігіп, сәл тұрып қалды. Біреу бақытты болсын деп баласының атын Бақыт қояды, бірақ ол бақытты болмайды. Біреу қолы ашық, алаған-береген болсын деп баласының атын Жомарт қояды. Онысы майға қонған шыбынның аяғын жалап ұшыратын сараң болады. Ал Торсық ырым ғып, ұрса таяқ өтпейтін, сүңгітсе, суға кетпейтін, өміршең өлмесхан болсын деп баласының атын Борсық қойған екен. Құдай тілеуін беріпті. Борсық десе, борсық бопты да қапты. Екі ұрты салбырап, шықшыт еті шығып, шүйдесі күжірейіп, бөксесі артқа тоңқайып, қарны алға қайқайып, екі бұты талтайып, үрленген торсықтай тырсиып тұр. Осыны байқаған Жертесер «еңкейсең, екі аяғыңды, шалқайсаң, аспандағы айды көре алмайтын қоңдылыққа жеткен екенсің-ау, бауырым» деп іштей ойлады да: – Жоғары шық, отыр, – деді. Борсық қорбаңдап кеп қарсыға қонжиды. – Не боп қалды дейсің, не болғанын білмей жүрсің бе? Мына тепкіміз тигендер өре тұрып жатыр. Бұларды бұтарлап құрта берсем де, болатын емес. Бекболат Қожаназаровтың біз туралы жазғаны өзімізге келіп түсті. Осыны тексерген болып, оның үстінен бардыжоқты жинап қайт! Түк таппасаң, жала жап, өтірік айт! Әйтеуір оны біржола қуатын ет! – Ендігісін емеурініңізден түсіндім, құп болады, – деп Борсық қорбаң етіп тұра бергенде, қарнымен
алдындағы үстелді аударып кете жаздады. – Түсінсең бопты, бар! Борсық борбаңдап Бекболат істейтін мекемеге келді. Қабағын қарс түйіп, біреуді қарнымен қағып құлатардай қоқиып келді. Келісімен өздеріне бұрыннан сыбыс беріп, хабармен қамтамасыз етіп тұратын жерлес, сырлас Арамырза Қисыңбаевты «маған жеткізіңдер!» деп жарлық етті. «Іздегенге– сұраған» деген, құлағы түрік, тың тыңдап жүретін ол да оңай орала кетті. Қисаңбаев та қисалаңдап Борсыққа жетті. – Арамырзам, аманбысың? Борсығым, боп тұрсың ба! – десіп, олар құшақ жая көрісті. Сәлем соңынан: – Оқы мынаны! – деп, Борсық Арамырза алдына Қожаназаровтың Жертесерді жерлеген хатын тастады. Ол оқып шықты да, аңырып ағайына қарады. Борсық: – Осының өзіне салар пәле, жабар жала бар ма? Ойлан, тап! Оны жамандайтын жандарды жина, маған жеткіз! – деді. Арамырза көктен іздегенін жерден тапты. – Жарайды, – деп, жалпаң қақты. Данагүл шар ете қалған телефон құлағын көтерді: – Әлло! Тыңдап тұрмын. – Данаш, амансың ба? – Амандық. – Даусынан тани қойды. Өзімен бірге істейтін әлгі Арамырза Қисаңбаев «ағайы» екен.
Данагүл тыжырынып қалды. Өйткені бұл «ағайының» ісінен де, түсінен де оның «құсқысы» келетін. Оны Арамырза емес, Арам мырза деп те атайты. Шынында, оның арамдығын атан түйе тарта алмас, бір қауым ел қырық есекке арта алмас мол еді. Өсекке малып алған, жалғанға жанын салған, азаматтар арасына от қоймаса, бойына ас сіңбейтін, жұртты сеңдей соғыстырмаса, ұйқысы келмейтін, арызды алысқа айдайтын атақты жалақор, түлкідей айлакер, сауысқандай сақ сұм-тын. Дәреже, атағы болса да, қуыс кеуде, шала сауатты шалапай, жылт еткенді бас салып бауырына басатын жалаңқай, «өзі дегенде өгіз қара күші бар» өзімшіл, тамағын кенеп, мұрнын бір тартып, «таким образом» деп бастайтын сөзі әр кез берекесіз болатын. Оның түр-түсі де сұмпай-тын. Тамағы тыртық, мойыны қыржық, қолы-басы алапес, арамдықтан бір аяқтан айрылған еді. Арамза сөзін жалғады. – Біздің үйге келе қойсаң қайтеді? Бір әңгіме бар еді. – Ағай, кешіріңіз, бара алмаймын. Жас баламен отырмын... Келесі күні телефон тағы да зарлап қоя берді. Данагүл тыңдады. Тани қойды – сол кешегі Арамырза «ағасы». Тағы да шақырып тұр. Өлердегі сөзін айтады, жалынып-жалбарынады. Данагүл ойға қалды: «Бұл неге осынша емінеді, не айтпақшы, қызық үшін барсам ба екен, ниет-пікірін біліп қойсам ба екен». Ақыры сөйтпек болды. – Үйіңізге бару шарт емес шығар, жұмыста-ақ сөйлесейік, – деді. Арамырза “шыр” ете түсті:
– Болмайды. Тістен шығармай сырласатын сыр бар. Екеуміздің оңаша сөйлескенімізді де ешкім көрмеуі керек... Данагүлге есікті «ағайының» өзі ашты. Қорбаңдаған қара құстай қалбалақтап қарсы алды. Келгенің жақсы болды, рахмет! Мен де кім болса, соны үйіме шақырып сырласа бермеймін ғой. Сені өзім деп, сенімді деп білемін. Жоғары шық? Жайлап, шәйлап, ұрттап-тырттап отырып әңгімелесейік, – деп жалпылдап жатыр. – Ағай, асығыспын, жас баламды көршіге қалдыра сап келдім. Айтарыңызды тез айтыңыз? – деді Данагүл. Арамырза қыбыржықтап сәл отырды да: – Айтайын, тек үрікпей тыңда! Сен боп, мен боп мына Қожаназаровты құртайық! – Данагүл селк ете түсті. Жаны түршігіп, төбе шашы тік тұрып, жотасында құмырсқа жорғалап бара жатқандай сезінді. – Құртайық?.. Неге, жазығы не? – деді жұлып алғандай. – Неге, негені қой, кейін түсінесің. – Арандатпаңыз мені! Ол кісінің жамандығын көргем жоқ, қылмысын сезгем жоқ. Өз ісін білетін басшы, қалайша мен оған жала жабамын?! – Данагүл, тулама, шулама, саған мен жақын ба, ол жақын ба? Біле білсең, мен жақын, жерлеспіз, елдеспіз. Мұндайда бір жерден табылғанымыз жөн. Мақсатқа жету үшін бір мезгіл өтірік те айтып, жалақорлыққа да бару күнә емес. «Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды» деген. – Қойыңыз! Әркімнің тілеуі бар. Біреудің тілеуіне
тілек қоспағанның тілеуі кесілер деген. – Қойды қой! «Қыздың жаманы да бір атдорба жемге жарайды» деген, сен де бір қызметке жара! Оны құрту керек. – Құртайық деу оңай. Қожаназаровтың тағдыры қолыңызда тұрса, құрта беріңіз. – Оған сенің көмегің керек. – Қандай көмек? – Е,осылай жөнге келсеңші! Қожаназаровтың үстінен жазылған арыз бойынша комиссия келді. Бастығы өзіміздің Борсық Торсықов. Оны жоғарыдан жіберіп отырған – жерлес Жертесер Таққұмаров. – Бола берсін, шұбыртпай айтсаңызшы, менен не көмек күтіп отырсыз? – Соны айтайын деп отырмын ғой. Сен «Қожаназаров ана өзімізде істейтін Әлиямен әмпейжәмпай, араларыңда «жабыспалы байланыс» бар. Оған әр кез анау-мынау алып беріп тұрады. Оның мұнысы– биморальдық» деп жазып бер! – Мұны естігенде Данагүл мүлде шоршып түсті. «Сұмдық», «сұмдық» деп, айқайлап жіберді. Кетуге ыңғайланып, орнынан тұрды. Арамырза ақырын оның иығынан басып «отыр» дегендей болды. Оң қолының сұқ саусағын аузына апарып, «тс-с» деп жалынышты кейіп білдірді. – Данагүл, Борсық Торсықовқа мұны сен біледі, растайды деп айтып қойдым. Мені қара бет қылма! Сұранам, жазып бере сал. Біздің бүйткенімізді Борсық ешкімге білдірмейді. – Жоқ. Есті кісі өз ақылымен, ессіз кісі өзгенің ақылымен жүреді дегенді білмейсіз бе? Сіздің
ақылыңызды алып, ақымақ бола алмаймын. – Қой, Данагүл, қарыспа, келіс. Жертесер де осыны сұранып отыр. Түсін! – Түсінетін түк жоқ. “Біреуге ор қазба, қазсаң, терең қазба, ертең оған өзің құларсың” дегенді сіздер де түсініңіздер! – Данагүл, тағы айтам, тыныштықпен тіршілік етемін десең, айтқанымды істе! Әйтпесе...– Данагүл қарғып тұрды. – Қорқытайын дедіңіз бе? «Енесін жеңе алмаған өшін әйелінен алады» дегеннің керін келтірмекшісіз ғой. Неткен арсыздық! 30-жылдар болса, жалған куәлік етіп, талайды қан қақсататын, айдатып, аттыратын жауыз екенсіз ғой. Масқара! Масқара! Данагүл есікке беттеді. Арамырза Қисаңбаев қисайған бойы орнында жер болып отырып қалды. Оның тек «Данагүл, мен сені, сен мені көрген жоқсың, арамызда сөздің болғанын тісімізден шығармайық» деп өлімсіреген, жалынышты үні шықты. Данагүл «Болар елдің баласы – бір-біріне көзжанар, болмас елдің баласы бір-біріне ор қазар» деген осы екен ғой деп, асыға басып бара жатты. * Сонымен, өтірік өрге баспады. Арамзалардың ниеті іске аспады. Партия қырағы ғой, партия көз ілмес емес пе? Ол Қырымдағыны көрмей ме, жеті қат жер астындағыны білмей ме? Жертестерді де әудем жерге жеткізбей желкеден басты. Оның жасырынып жүрген Жантық екенін ашты. Жалпыға жапқан жаласын, жоқ жерден тапқан «таласын» талқандады. Мұның үстіне
ол қу кеңірдектің құлы боп шықты. Ақшаны көріп, «періштең жолдан тайыпты». Мемлекет қалтасына суық қолының сүңгіп кеткенін «байқамай» қалыпты. Жертесер жебір қолға түсті, биік тақтан мұрттай ұшты. Оның артынан Борсық Торсықов та топ етті. Не болғанын білмей кетті. Ұяластар осылайша қирай күйреді. Таққұмаровтың тайраңы, елге салған ойраны осымен бітті. «Арлы жетер мұратқа, арсыз қалар ұятқа» деген рас болды. Ол көшеден машина ұстай алмай, пұшайман боп әлі тұр. Арсалаңдап, екі өкпесін қолға алып, ерсілі-қарсылы өтіп жатқан машиналарға тұра-тұра жүгіреді. Ешкім тоқтамайды. Бәрі де «саған осы керек», «сауап болды» деп бара жатқан сияқты. Енді ғана оның ойына Мақтымқұлының: Биік таулар биікпін деп шіренбе, Күнің туса, сен де типыл боларсың. Терең теңіз, тәкәппарсып түнерме, Суың кепсе, сен де бір шөл боларсың,– деген жыр жолдары түсті. Не пайда, кеш түсті, бәрі күйреп қалған соң түсті.
1993ж.
МЕШІННІҢ ТАУЫҚҚА ХАТЫ Дәурені өтсе,мезгілі жетсе, әркім-ақ, әр нәрсе-ақ қол бұлғап, қош айтысып тарих қойнауына қарай кете барады. 1992 жылдың иесі – Мешіннің де ғұмыры бітті, талқаны таусылды. Тауыққа орын босатар алдында өзі өмір жолдарын еске алып, ойға шомды. Мүлгіп барып, көзін ашқанда қарсы алдындағы айнадан өз бейнесін көріп, селк ете қалды. Жыл – он екі ай ғұмырында тартқан тауқыметі үлкен із қалдырыпты. Кебіс ауыз керіле түсіп, екі езуі екі құлаққа жетіпті. Басын ақ қырау шалып, «сақал, мұрт» бурыл тартыпты. Шұбатылған құйрық қайқаюға шамасы келмей сүйретіліп қалыпты. Осы сәт ол: Айнаның қарсы алдына маймыл барып, Айнадан өз суретін көре салып, Аюға жанындағы күліп айтты, Ақырын аяғымен түртіп қалып: – Бері қара, бұл кім өзі мынау перің? Білмеймін қайдан шыққан мұндай керім? Он екі мүшесінің бірі оңды емес, Көз салып қарап тұрсам әрбір жерін, – дегеннің кебін киіп тұрды. Бірақ мешін өзін-өзі танымай қалмады, «бұл мен емес» дей алмады. Өйткені, анау– тасбақаның тостағанына көже құйып ішіп жүрген қу замандағы маймыл. Ал мынау– атом дәуірінің саяси сауатты маймылы еді. «Қайта құру қасіреті әркімді-ақ осылай ерте қартайтып тұр ғой»
деді де, арбаңдап, тарбаңдап тарих қойнауына жинала бастады... Буынып-түйініп болып, жаңа жыл иесі – тауық мырзаны күтті. Бірақ не қоқиған қораз, не мықшиған мекиен, тіпті шиқылдаған шөже де көрінбеді. Енді айтарымды хатқа түсіріп, қалдырып кетейін деп Мешін қалам алып, қағазға шүйілді. – Құрметті, құрқылдаған тауықтар әулеті. Сіздерді өз есімдеріңізбен аталатын жаңа жылдың келуімен ақ көңілден аңқылдап тұрып құттықтаймын. Кеп қалар, менен есеп алар, сонан соң шығарып салар деп, ет пісірімдей елеңдеп күттім. Келе қоймадыңдар! Жылдарыңды жауапкершілікпен бастаған жөн еді! Амал не! Құттықтаудан соң айтар сөз: 1191 жыл – Қой мені қарсы алып тұрып, бірсыпыра аманат айтып еді. «Адамзат сені «арғы атам» деп біледі. Сондықтан, ұрпағыңа ұнамды іс ет. Қазақты 1932 жылы бір қырып салып ең, сондай сұмдық істей көрме, қара ниет қара мешін атанба»деп еді. Жыл – он екі ай ғұмырымда Қойекеңнің сол аманатын ақтауға тырыстым. Қазақ халқының елдігі үшін біраз игі істердің басын қайырдым. Ол не дейсіңдер ғой? Кейбірін айтайын. Әр кезде үріккен малдай сай-сайды өрлеп, туған жерден безіп кеткен, Антарктида мұзынан басқа құрлықтарға аяғы жеткен қазақтардың құрылтайын өткіздім. Оларды туған топыраққа қайта тартуға, бұтағы бүтін берік емендей бір білекті, бір жүректі ел болуға шақырдым. Осы игі ниетпен Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығын құрғыздым. Бұған
өзегі өртеніп үн қосқандар көп болды. «Өзің зорға күн көріп отырғанда, қайтқанда жарылқар нең бар?» деп мұртынан күліп кеткендер де болды. Шақырмақ– парыз, қайтпақ – қарыз, қалғанын өздері білсін. Мұны бір деп қойыңыз! Қойекең «Жайлы жыл бол, көктемді көңілді ет, жазды жауынды ет, күзді молшылық ет» деп еді. Мұны да ескердім. Арқаны астықтың астында қалдырдым. Бұрын жан-жаққа жар салып, асыр айтып алдыра алмас ағыл-тегіл астықты қарға қалдырмай, қамбасына құйдыртып, қаптарына салдырдым. Мұны екі деп қойыңыз. Бүгінде астық аз десе, нан қымбаттап жатса, оның сырын қазанның құлағын, ошақтың бұтын ұстап, ел басқару тетігінде тұрғандардан сұраңдар. Мойнына дорбасын сап, астық сұрай келгендердің ешқайсысына мен мырзалық қылғам жоқ қой, ағайын! Қазақ халқының ғасырлар бойы қолы жетпеген, арман еткен Ата Заңын қолына ұстаттым. Енді оған айтарымыз: Ата заңыңа арқа сүйе де, алшаңдай басып, алға қарай адымдай бер! Санаңды сергіт, тіліңді тірілт, салтыңды сақта, ата-баба дәстүрін жақта, тәуелсіздігіңнің дәмін тат, өсер-өнер жолыңды тап! Мұны үш деп қойыңыз! Ал Ата Заңда кейбір атаулардың айтқанымыздай алынбағанына абыржымайық. Ойдағының бәрін бірден орындата қоюға орта жібермейді. Оны уақыт жөндейді. Қазақстанда алыс-жұлыс, атыс-шабыс болдырмауға үлес қостым. Менің тұсымда да ұлттар арасындағы ұғыныстықты жоюға, бірін-біріне айдап салуға арын да, барын да жолдағандар көп болды.
Қатынын қақпалап мініп, жөніне жүргізе алмаған А.Винокуров деген сорлы листовка таратып, «балтаға да шақырды». Сондай арандатушы әрекеттерге қарсы «Қазақстан халық бірлігі» одағын құрғыздым. Қазір мұнда азаматтық келісім, тұрақтылық сақталып тұр. «Тыныш өмір– пейіш өмір», лайым осылай болғай. Мұны төрт деп қойыңыз. Ал енді, Тауық мырза, саған қалған сыбаға да салмақты. Ең алдымен, өзара ұғыныстықты, тыныштықты көзіңнің қарашығындай сақта! Өсек айтып, өшпенділік өртін өршітушілердің өңешін үз. Адамдар арасындағы тату-тәтті қатынастарды қалпына келтір. 30-жылдардағы репрессияда 4 млн. адам өз таныс, өз көршілеріне, тіпті, туғантуысқандарына «донос» жасаған екен. Тағдыр сондай сатқындықтан сақтасын. Мұны айтып отырғаным, Ресейде осының исі шыға бастады. Кешегі Совет Одағын басқарған «батырлар» кеуде керген «көсемдер», бірлік туралы аузы көпіре сөйлеген шешендер бүгін дай-дай болып, дауласып, жақ-жақ болып жағаласып, бірін-бірі сотқа сүйреп жатыр. Лукьянов «ГКЧП» авторы– Горбачевтің өзі болатын» деп әлемге әйгіледі. Кручков Яковлевті «30-жыл бойы АҚШ-тың шпионы болған» деп «дәлелдеді». «Халық трибуналы» бір орындыққа «Горбачев» деген фамилияны іліп қойып, оны соттады. Отанға опасыздық етті, КСРО халықтарының ұлттық мүддесін сатты, «ұлы елді құлатты» деп тауып, «қарғыс атсын, қара бет атанып, өмір бақи масқаралау бағанасының басына ілініп қойылсын» деген үкім шығарды. Мұның үстіне барлық наградасын сыпырып, жап-жалаңаш қалдыруды, оның
астындағы қорды құртуды, жылт етіп шет елге шығып кетуіне жол бермеуді, Нобель сыйлығының лауреаты атағынан аластауды талап етті. Тағы бір ескерерің, Тауық мырза, қылмыс қияндап барады. Қой жылымен салыстырғанда бұл сұмдығың 15-20 процент өсті. Менің тұсымда 200883 қылмыс тіркеліпті, оның 32122-сі – жан түршіктірер қылмыс. Бұл жөнінде Астаналық облыс, Алматы алдырмай, шалдырмай келеді. Талдықорған, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары да оза шауып үлгі көрсетуде. Әсіресе, ұйымдасқан ұрылар уыста ұстауға көнбей тұр. Бұрын олар түйені түгімен жұтса, енді вогонды жүгімен жұтатынды шығарды. Сескеніп секем алуды қойды. Заң қайраткерлерінің құлағына– алтын сырға. Жоқшылық, қымбатшылық қыспағынан елді мен де құтқара алмадым. Бұл пәлемен сен де сайыс сал! «Ас – адамның арқауы» деген. Алдымен ішіпжем жағын оң жамбасқа алып көр.Бұл жағы саған жеңілірек тиер деп ойлаймын. Өйткені, ет те, жұмыртқа да өзіңде ғой. Бірақ есеп-қисап орталағы өткен қаңтар айында жұмыртқа өндіру Ақтөбе, Торғай шаруашылықтарында 40 пайызға құлдырап кетіпті, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарының тауықтары да тууды тоқтатты деп мәлімдеді. Бұл қалай? Қораздары қартайған болса, тауық деген күлге аунап туа береді деген қайда? Бұл облыстарда күл де құрыған ба?Әлде қызылбас қу қораздар байпаңдаған бәйбішелерін «босануға» мұрша бермей алдына салып қуып жүр ме? Бұл жағын облыс басшыларынан сұрастырып, біліп
аларсыздар. Қоразың бар, мекиенің бар, әйтеуір, өз жылдарыңның тұсында жұмыртқадан жұтатпау жағын қарастырғайсыздар! Сонымен, мен, 1992 жыл – Мешін, кетіп жатырмын, сен, 1993 жыл – Тауық келіп жатырсың. Қадамың құтты болсын! 1921 жылы сен де қазақты «сипап» салғансың. Тағы сөйтіп, айдарың күйіп, аймандай болып қалма! Еш болмаса Қазақстан халқына тоқшылық пен тыныштық бер! Саған айтар аманат осы. Қош болыңдар!... Жаңа жылдың сағаты соқты. Тарлан тарихтың кім келіп, кім кетпеген табалдырығын айдарынан жел ескен алып ақ қораз аттады. Қасында – байпаңдаған ақ «бәйбішесі» . Ол есіктен ене беріп, көк қақпаға қыстырылған хатты көрді. Алды да, қоқ-қоқ етіп, оқып шыққандай болды. Сонын соң дүр сілкініп, қоқиланып, қомданып тұрып, бір жақ қанатын түсіріп жіберіп, ақ бәйбішені алдына салып қуа жөнелді. Мұны «аманаттарың орындалады, жаңа жыл түнін жұмыртқаны молайтудан бастаймыз» дегендік деп түсіндік. Наурыздағы жаңа жыл түні әркімге-ақ осылай жемісті болғай! деп тілейміз.
БАСҚАРА БІЛМЕСЕҢ, БАС ИЕ БОЛМА! («Алматы» санаторийінің бас дәрігері Ж.Исалиевке ашық хат) Уа, құрметті Жалғау жолдас, атақты ақын Молда Мұса бір қызға дұғай сәлемін: Хат жаздым ғашықтықпен Сарымжанға, Бермеуші ем бұрын көңіл ешбір жанға. Сәулесі қараңғы үйді жарық қылған, Ұқсайды-ау ақ бетіңіз атқан таңға,– деп паш етумен бастаған екен. Сол сияқты маған бағышталған бұл да мақтау хат болар деп емексіп қалмаңыз! Әрине, мадақтауға тұрарлық іс-тіршілігіңіз, кісілігіңіз болса, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ата-баба өсиетімен аңыратып, аспандата жөнелер едік. Амал не, ондай қадірлі қасиеттерді сіздің тарапынан көре алмадық. Сондықтан, бұл хатымызды былайша бастауға мәжбүр болдық: Дұғай сәлем жолдадық Жалғаужанға, Шіренген креслода марғау паңға. Алпысқа келсе-дағы арылмаған Дертінен оспадарлық сіңген қанға.
Мұны оқығанда «шіренген» деген сөзден шошымаңыз, «оспадарлық» дегенге осқырмаңыз, «марғау паң» дегенге ер-тоқымыңызды бауырға алып туламаңыз. Осы «әдемі» эпитеттің бәрін Құдай жарылқап, сіздің бір басыңызға үйіп-төгіп бере салған екен. «Түйе өз өркешін көре алмайды» ғой. Сол сияқты адам да өз бойындағы «жақсы» қасиеттерін біле бермейді. Алдымен қандай «ақылды» да «әділетті» әрекеттеріңіз мені сіздің алдыңызға алып барғанынан мағұлмат берейін. Жақында құзырыңыздағы аты дардай «Алматы» санаторийіне бардық. Әрине, сізге сәлем берейік, жарқын жүзіңізді көрейік, осы жолдауды жазайық деп барғамыз жоқ. Жас жетіп, кенеуі кетіп сықырлаған сүйек-саяққа «подтяжка» жасатайық, буындардың босаған бұрандыларын тарттырып, жұқарған жүйкелерді жөндетейік деп бардық. Жүз он бес мыңды суырып салып, жырғаймыз деп алып-ұшып жеткенде «қош келдіңіздердің» орнына естігеніміз «орын жоқ» болды, тұмсыққа ұрған танадай тала жаздадық. «Орын болмаса, жолдама неге берілген» дегенге, «оны алған жерден сұраңыз» деген жауап алдық. Әйтеуір, рахым етіп, біздерді не отыратын орын жоқ, киім ілгіш, шыны, шәйнек дегеннен жұрдай бір қуысқа әкеп тықты. «Патшаларды жаяу жүгіртетін құдіретті орын» бір жақта, дәрет алатын жер екінші жақта, өзіміз үшінші жақта қалдық. Тышқанның ініндей бөлмеде тынысымыз бітіп, тыраңдап, екі күн жаттық. Жүйке жұқара түсті. Терезені ашып тастап ауа көбейтеміз, тыныс кеңейтеміз деп әлек болдық. «Артық қыламыз деп, тыртық қылдық». Суық тиіп кирелеңдеп, белден
қалдық. Бір күні емдеуші дәрігеріміз А.Мусина бүгін 308-палатаға көшесіздер деп қуантты. «Аузыңызға– май» дедік, қалпағымызды аспанға аттық. Бірақ қуаныш ұзаққа бармады. Медбике «308-ге В.Т Казачковтар ауысатын болды, сіздер солардың орнына 125-палатаға барасыздар» деген жаңалық жеткізді. – Кім айтты? – Қабылдау бөлмесінен сондай нұсқау жетті. – Казачковтардың жатқан жерінен су шықты ма? – Қайдам. Мен келгендерді басқа ұрып санап, тіркеп отыратын Х.Жанғалиева атты ашаң қара келіншекке жеттім. Ол да әлгі нұсқауды растады. Бас дәрігердің орынбасары Серікжан Салиева солай тапсырды деді. «Казачковтарға қашанғы құлшылық қыласыңдар, қашанғы олар айтқанын істетіп, сендерді құрдай жорғалата береді? Мұны бас дәрігерге айтайық, ол қайда отырады?» деп булықтым. Мен бұл алақолдықты, әділетсіздікті, былықты бас ие білмейді ғой деп жүрмін... Сіріңке қара келіншек мені сізге алып барды. Сондағы сіз бен біздің сипауымыздың сиқы былай болды: – Сәлеметсіз бе? – Мен сізге қолымды ұсындым. Сәлемімді алар алмастан: – Бізге қандай претензияңыз бар? – деп «қазақшалап», дүңк ете қалдыңыз. Шірене түсіп, оңға-солға теңселгеніңізде, айналмалы креслоңыз
сынып кете жаздады. – Босаған 308-палатаға кезегі келген, бір қуыста жатқан біздерді орналастырмай, орны бар адамдарды ауыстырмақ, бұл қалай? – Ол солай, сіздер сол кісілердің орнына барасыздар,– дедіңіз. Былықтырып отырған өзі екенін сонда ғана білдім. «Балық басынан шіриді» деген мәтел еске сап ете түсті. – Казачковтардың жамбасына жайлы тимеген жерге қазақтың профессоры неге баруы керек? Егемендік ел болдық деп екіленіп отырғанымыз осы ма? Бұларың ұят емес пе, намыс қайда? – Я ему обещал, обещать еткен соң орындау керек. – Мұныңыз басқаның есебінен Казачковтарға құлшылық қылу емес пе? – Ол – министр, мен – министрдің орынбасары болып істегенбіз, ескі таныс. – Сонда тамыр-танысыңыздың көңілін қазақ азаматтарының ар-намысын таптап табуыңыз керек пе? – Бізге орын таңдауға баруға болмайды, айтқан палатаңызға барыңыз! – Казачковтарға болады, басқаларға болмайды, сонда қалай, олар бәйбішеден, біз тоқалданбыз ба? – Онда бармасаңыз, жолдамаңызды алып қайта беріңіз. Есі бар кісі айтпайтын мына сөзіңізді естігенде жағамды ұстадым. Емделеміз, ауру-сырқаудан айығамыз деп келгенде, бас дәрігерден күткен әділдігіміз осы ма? Бұл шіркіннің «аурумен жақсы
сөйлессең, оның денсаулығы жартылай жақсарады» деген қағидадан да хабары жоқ екен ғой деп таң қалдым. «Өзін аямаған кісі бетін шиедей қылады» демей ме. – Жолдамаңды алып, қайта бер дейтіндей мен сіздің әкеңіздің үйіне келген құдайы қонақ емеспін,– дедім. Сіз: – Айтқаным сол, қайда барсаңыз, онда барыңыз,– дедіңіз. «Өгіздің өз құйрығынан өзін шықпыртар шыбыртқы есіледі» демекші, осындағы өз сөздеріңізден көзіңізге май бітіп, қабырғаңызға қазы байлап, көкірек көрігіңіз көтеріліп қалған, шіренген шенеунік, әділеттілік дегенді белден басып, бас білмес бас дәрігер екен деген қорытынды жасадық. Әдетте, мұндай кеуде-көкірек, екпін-леп іскер адамдарда, тұралап тұрған тіршілікті табанынан тік тұрғызған тындырымдылары да болушы еді. Сіздің бас иелігіңізден оның ұшығын да көре алмадық. Кешегі айтулы емдеу орнының әні бітіп, сәні кеткен. Сіз емделушілермен кездесіп, пікірлесуді де, аралап айналаңызды көруді де қойған сияқтысыз. «Екі аяқты бір басуға ерінсеңіз»,кабинетіңізде отырып-ақ, міне, мыналарды көріңіз! Мынау – кешегі жұпар исі аңқып, құлпырып тұратын раушан гүлдер алқабы – бүгін қалың қарасораның орманы. Мынау – бұрынғы кешкі салқындарда айнала отырып, тау самалын жұтып, ән салып, мың бұралып, жан рахатын табатын жазғы би алаңы – бүгінгі шөп басып, қаңырап бос қалған айтақыр, жау шапқандай орындықтар асты-үсті
төңкерілген, төрт бұрышындағы шамдар қиратылып, қақиып бағаналары ғана қалған. Мынау– кешегі жаяу жүріп бұт-борбайды шынықтырып, жүрек еттерін ширататын аллеялар– бүгіндері су басып, есекке мінбесең, жүре алмайтын ұйыққа айналған. Олардың бойына қойылған бір кездегі сырлы орындықтардың бүгінгі сиқы – анау. Жол сілтеп, жөн көрсететін көрсеткіштердің қақиған қазықтары ғана сидиып тұр. Аман қалған қалқандарының бояуы кетіп, тот басып жазулары өшкен. Олардан еш нәрсе ұғып болмайсың. Ал енді ем-домыңыз жағына жамбастай қалсақ, судан басқа еміңіздің түрі тапшы. Тұрғызып қойып та,жатқызып қойып та сумен сабайсыздар. Тіпті болмаса, адамды ақ астауға салып, астынан кислород жіберіп «қайнатасыздар». «Сұмырай келсе, су құриды» демекші, сізден минералды су да қашып, жеті қат жердің астына қайта кіріп кетіпті. Аспанға барып ұлыған қасқырдың мойнындай құбыры кеңірдегін көкке созып, міне, қаңырап тұр. Емделушілерді минералды су алып ішетін жерінің сықпыты – мынау. Жүзу көлшігі түске дейін 20,100 сом төлейтін қала тұрғындарының қарауында. Аурулар солардан кейін әр нәрсенің қосындысымен суының емдік қасиеті «күшейген» соң ғана еркін жүзіп, қақалып-шашалып, «ем алып» жатады. Сонымен шипаңыздан шекеміздің шылқығаны шамалы. Тамағыңызға да таңдайымыз тақылдай қоймады. Аурулар суға салынған бір шөкім дәмсіз, нәрсіз кеспе, күріш, арпа-сұлыдан басқа көрмейді. Әр нәрсені құйғанда қолдарыңыз қалтырайды. Ауруларды шөміштен қысуды жап-жақсы меңгеріп алыпсыздар.
Кейбір қарттар сыбағамыз «коттың тамағындай боп кетті ғой» деп күлген болады. Ата-баба айтқанына сенсек, «ауруын жасырған арам өледі». Сол сияқты «Алматының» «ауруын» ары қарай жасыра берсек, оны мүлде тоздырып, тұралатып тастармыз. Бүгінде бұрынғыдай Кавказдатып, Қырымдатып, Балтықтатып шалқитын заман жоқ. Оларға енді «барғызбасың барғызбас». Ендеше қолда бардың қадірін біліп, үй іргесіндегі емдеу орнын ұқсатып ұстау–парыз. «Жамай білген жалаңаш жүрмейді» деген бар. Ал, Жалғау мырза, сіз жаңаны жасамақ түгіл, ескіні жамай алмайтын көрінесіз. Ендеше тиісті орындар сізге «басқара білмесең, бас ие болма, ұқсата алмасаң, ұятқа қалма» дегенді айту керек қой дейміз. 1993 ж.
«ЖҮРЕК ЖОЛЫНДАҒЫ» ЖОСЫҚСЫЗДЫҚТАР Адам саулығы қымбат, аурулығы – зұлмат. Қоғамды сау адам өрге сүйрейді, ауру адам көрге сүйрейді. Сау адам арымайды, ауру адам жарымайды. Демек, адам саулығы – қоғам байлығы, қоғам өркениеттілігі. Халық саулығы – ел қауіпсіздігі, ел көркеюі. Сондықтан ХХІ ғасырда бүкіл адамзаттың саулығын сақтау күн тәртібіне қойылып отыр. Республикамыздың «Халық денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасын белгілеуі де тегін емес. Ол бойынша, қоғам мүшелерін сапалы тамаққа тойғызамыз, аузы-мұрынынан шығарып, кекіртіп қойғызамыз. Тұщы да мөлдір су ішкіземіз, азонды ауа жұтқызамыз, ортаны, бой-басты таза тұтқызамыз. Сөйтіп, Қазақстан жұртының жанын, тәнін түлетеміз, денсаулығын күндіз-түні күзетеміз. Жақсы ниет, іске сәт! Кеңес тұсында да адам саулығы үшін мемлекет ештеме аямаған. Одан қалған бұған дәлел мол бар. Дәл бүгінгі заманда, Оңтүстік Астанамыз– Алматыда Тереңқұр деген жол бар. Ол ат жарыс, көкпар тартыс жолы емес, жаяу жүріс жолы. Басын Республика сарайынан алып, кіші Алматы өзенін жағалап, Айнабұлаққа дейін созылып жатыр. Ұзындығы 5 шақырым, ені екі атты арба айқасып өтерліктей. Асфальтталған. Әр жүз метр сайын қадалар қағылып, қалақшаға сол жердің қашықтығы, теңіз деңгейінен
биіктігі белгіленген. Шаршағанда отырып «ат шалдырып» алатын орындықтар орнатылған. Жол өтетін өңір де ғажап. Аспалы ағаш көпірлер арқылы ерсілі-қарсылы өтіп, өзенді өрлегенде Иран бағында бара жатқандай боласыз. Ылдиға қарап арқырап аққан ақ бұлақ. Екі жаға – ен тоғай, тамылжып тұрған тал, терек, көкорай шалғын көкпеңбек. Алдыңда– ақ бөрікті Алатау. Одан соққан салқын самал мұрынды қытықтайды. Аузыңды ашсаң, кеудеңді кернейді. Жүрегі қағып, демікпесі ұстап қалатындар, жүйкесі жұқарып, ашуы мұрнының ұшында тұратындар осы жолмен ертелі-кеш жаяулап жүрсе, еңсесі көтеріліп, есі кіріп қалады. Осы үшін де ел оны «жүрек жол», «ем жолы», «сергектік жолы» деп атаған. Бүгінде осы табиғат тартуы, мемлекет сыйының сиқы кетіп тұр. Түн түсе «жүрек жолы» жын ойнаққа айналады. Оның бойын әпербақандар мен біз өкше бикештер жайлайды, арақ-шарабын арқалап кеп, тойын тойлайды. Қызара бөртіп, екіленіп алған соң әумесерлер естен айрылады. Бөтелкелер асфальтқа тарс-тарс ұрылады. Стакандар тасқа соғылады, кружкалар көкке атылады. Орындықтар суға сүйретіледі, «көнбегені», «жөнге жүрмегені» орнында күйретіледі. «Бұларың қалай?» десеңізақ, тырағайлатып тұра қуады, ұстағанын тұмсықтан ұрады. Тері алынған жүйріктер жеткізбей, жаны қалады, қолды болғандар қанды болады. Бұл төңіректен «сақтайтын сақшылар» көре алмайсыз. Жалмауызға да жан керек, олардың өзі жарық жақты жағалайды.
Қазір «Жүрек жолының» бойында ортасы ойылған, арқалығынан айырылған, арса-арса орындықтар тұр. Кейбіреуінің қос аяғы қайқайып қалған. Бұрын жүргіншілер «Жұрты жатыр, өзі жоқ қалқатайдың» деп әндетсе, енді «Тұғыры тұр, өзі жоқ орындықтың» деп әндетеді. Баяғыда бір пақыр қаралы үйге қарай «ой, бауырымдап» ұрып келе жатқанда аяғына шөңге кіріп, шоңқая қалыпты. «Ойбайға,» шамасы келмей, отырып-отырып үйіне қайтыпты. Сол сияқты «Жүрек жолы» бойында табанын тілгізіп, «ойбай, аяғым» деп шоңқиып, үйіне жете алмай жатқандарды көп көресіз. Құдай басқа салса, біз көндік деп жүре бересіз. Өзеннің екі жағын ен жайлаған елдің де «Жүрек жолына» деген жанашырлық жоқ. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген рас. «Өзі дегенде өгіз қара күші бар, басқаның дертінде несі бар» өзімшілдер қоқыс-соқыс, ескі-құсқы сілікпелерін соған қарай құлата салады. Одан ат басындай алтыннан басқаның бәрін табасыз. Мына жоқшылық заманда жалаңаяқ қалсаңыз, «Жүрек жолымен» өзенді жағалай қойыңыз. Ақ көбікпен арпалысып ағып келе жатқан керзі етік, резеңке етік, кебіс, байпақ, бәтеңке, шұлықты көресіз. Ұстап ала қойыңыз, жоғыңыз табылып, кеміңіз түгенделе қалады. Мектептегі балаларыңыз темір-терсек, сүйек-саяқ, қыл-қыбыр, жүн-жұрқа, ескі-құсқы жинап өткізуге тиісті болса, бәрін де осы жерден табады, арбалап алып қайтады (Салығын артығымен орындап, бәйге алмаса, обалы бізге). Тіпті, бүтін аяқ-табақ, шыны-шәйнек, шылапшын, шелек, әр қилы дөңгелек тауып, олжалы болып қалу да ғажап емес.
Луганский, Рубенштейн атындағы көшелердің кейбір тұрғындары гараж, сарайларының есігін «Жүрек жолына» қарай шығарған. Олар үлкен трассаға Тереңкүрмен келіп түседі. Машиналарымен аңқытып-мүңкітіп, ағызып-тамызып өте бергенде, денсаулық қамында жүргендер мұрнын басып, жол жағасына жапырылып жата тұрады. «Жүрек жол», «ем жолы»– денсаулық, денсаулық– өмір. Ендеше, оның парқын білейік. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» болмасын. Осы жолды қалалық кеңестің бұрынғы төрағасы, жатқан жерің пейіш болғыр Ә.Дүйсенов салдырған екен. Өзі де рахатын көрген екен. Бүгінгі қалалық, аудандық әкімшіліктердің, коммуналдық-шаруашылық мекемелері мен «Зеленстройдың» жөндеу-құрылыс жағының тұтқасын ұстап отырған шенеуніктер ішінде денсаулық қадірін білетін сондай азаматтар бар шығар. Соларды «Жүрек жолымен» бір жүріп өтуге шақырамыз. Сонда ғана олар ондай жөнжосықсыздықтарды көрер, жоюға қол ұшын берер. Мұны «Халық денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың бір шарасы деп білер деген үміттеміз.
ҚАЙТЕРСІҢ! О,сұмдық! «Есік», «тесік» біткеннің қасиетін білуден, оны қадірлеуден қалдық. Иіс сезер мұрынды, естіп-білер құлақты, ішіп-жер ауызды аямайтын болдық. Аспанға будақ-будақ көк түтін атқан «мұржалар» молайды. Бұдан тіршілігі тұралап, тоқтап қалған өндіріс орындарына қайта жан бітіп жатыр екен деп қалмаңыздар. Бірі шікірейіп, бірі тікірейіп, бірі маңғазданып, бірі сән қозғалып шылым шегіп тұрғандардың «мұржасын» айтып отырмыз. Бұл күнде темекіге бала-шаға да, келін-кепшік те, көксау да, дені сау да, жас та, кәрі де – бәрі де құмартатын болды. Бәрі де оны тартатын болды, оған үлкен сенім артатын болды. Біреулер қасіретке қалып тартамыз, біреулер дегеніміз болып жұбанғаннан тартамыз, көңіліміз қуанғаннан тартамыз. Біреулер тым семірмес үшін тартамыз, көпке оғаш көрінбес үшін тартамыз деп уәж айтатын болды. Темекінің өзі де «мені кім сөгетұғын, дәрігер ме? Өзі емес пе шегетұғын» деп ақталатын болды, «меруерт, алтын тісте жүремін, өкпе кезіп, іште жүремін» деп мақтанатын болды. Міне, алдымызда қазақтың қарғадай ұл-қызы тұр. Қыз – инеліктей әлсіз, бітім-пішімі әрсіз. Үстінде – ашадан жоғары мини көйлек, сып-сып етеді сөйлеп. Басында қалпақ, аяғы талтақ, борбайы болымсыз, кеудесі толымсыз. Басқасы келісіп тұрғандай, езуде – шылым, өзінше мығым. Пістиген мұрнынан да,
айналасы ат шаптырым ауыздан да бұрқырайды түтін. Шіркіннің мұрынға жақпас түтіні, көмейге жақпас жұтымы пәлеге мұнша құмарлығын қайтерсіз?! Мұның көкірегін шірітетінін, өкпесін ірітетінін сезбегенін қайтерсің?! Ғұмырында тәні таза, жаны сау ұрпақ келтіре алмай, «қу бас» болып өтерін білмегенін қайтерсің?! Білсе де қаперіне ілмегенін қайтерсің?! Бойжеткеннің қасында қиралаңдап тұрған қырқылжың да түтінге мұрнын тосып жөткірінеді. Өтіп жатқан әркімге бір «шылымың бар ма?» деп жүгіреді. Тегін тартқанды олжа көріп телміреді... Біреу бір тал темекі берді. Қызға қырындап тұрған «қыраның» қатыны ұл тапқандай қуанды. Ала сап, бауырына басып, рахмет дегендей бұқты. Бұқты да, ұртқа тықты. Өліп-талып сорды. Мейірленгендей болды. Қызға «сен темекі түтінін ауыз-мұрныңнан ғана шығара аласың. Мен саған өнердің көкесін көрсетейін» деп мақтанды. «Өнерден құр қалмайын, мен де үйреніп алайын» деп қыз да қызыға қалды. (Басқа өнердің бәрін игеріп алған ғой). Үлкен өнер иесі мұрынды қысты, ауызды басты. Сәл мықшиып күшенді де, түтінді құлақтан қалықтатты. Бикеш аузын ашып, көзін жұмды, таңырқап, таңдай қақты. Бозбала оған осы өнерімен жақты. Мұны үйреніп алам деп бикеш есеңгіреп барып, жер қапты. Әттең-ай, бұл байқұстардың темекіні серік етіп тісі сарғайған, өкпе-бауыры ыстанған 1000 адамның бірінің ғана 70-ке жететінінен, 250-і жастайынан жер жастанатынынан хабарсызын қайтерсің?! Жыл сайын 1 млн.адамның 7 мыңы темекі құрбаны екенін
ескермегенін қайтерсің?! Көк түтіннің адам өмірін ең кемі 22 жылға қысқаратынын естімегенін қайтерсің?! Тек мұрнымызды «құрт жеп» бара жатқан жоқ. Араққа да аңсарымыз ауып, құлқынымыз құрып, өңешміз өңезіп тұратын болды. Қараңыздаршы, біреулер итке көлеңке бермей, үйінің қасында құлап жатыр. Біреулер доңыздай дөңбекшіп домалайтын шалшықта сұлап жатыр. Біреулер әкесі өлгендей ойбай салып жылап жатыр. Біреулер, Б.Кірісбаев айтқандай, Алкашпын, менен ақаң үзілмейді, Күдерді жүз грамнан бір үзбейді. Ғашықпын саған, жаным, қыздан бетер, Өзіңді мен іздемей кім іздейді?– деп әндетіп жатыр. Біреулер кез келген қуыс, бұрышқа жайма базар ашып, ақаңның не түрін жайнатып қойып, дәндетіп жатыр. Тіпті, қыз-қырқын, бала-шаға, абысын-ажын, ақсақал, көксақал, көпсақал болып бас қосып, сыңғыр-сыңғыр соғыстырып, бастан асыра көтеріп, ақаңды ары аттандырудың салтқа айналғанын қайтерсің? Үлкендердің сақалы сыйланып, алдымен сөз алып, «тамшы қалдырмай тартып жіберіңдер» деп, сарбазын соғысқа бастаған генералдай араққа бас қойғызатынын қайтерсің?! Сенің денсаулығың үшін деп алдырып, бірін-бірі ауыртып, арам қатыратынын қайтерсің?! Татулық үшін, тәттілік үшін деп алып, артынан Зархұм-Сал-Сал соғысын бастайтынын қайтерсің?! Жұлынған шаш, жарылған бас, шыққан көз, бұзылған тұмсық, жыртылған құлақ, сынған жақ,
қағылған тіс, танымастай түспен ауруханадан бірақ шыққанды қайтерсің?! Алды ақыретке аттанып, арты мүгедек боп жатқанды қайтерсің?! Ақылынан алжасып, өз қызына ауыз салып, айуанға айналғанды қайтерсің?! «Қайтерсің» деп өзек өртер өкініштер көп-ақ. Салауатты өмір салтына ұмтылмаймыз ба, ағайын? Ел боламыз, тарихта тірі қаламыз десек, солай еткен жөн болар, ағайын! 1998ж.
ЫМ МЕН ЖЫМ Бұрын адамдардың ымы, аңдардың жымы деген ұғымдар болушы еді. Адамдар ыммен аңды аңдитын, аңдар жымға кіріп аңшыға таптырмай, аттырмай кететін. Бұл күнде адамдар өркениетке жетті, ыммен түсініп, жым жайлайтын болды. Ымдасып, жымдасып сыбайластар қауымын құрып, ел дәулетіне аш қасқырдай ауыз салуды үйренді. Баяғының жебірлері түйені ғана түгімен жұтса, бүгінгі қауымдасқан құлқын құлдары эшелонды жүгімен жұта салады, қақалмайды. «Дәніккеннен құныққан жаман» деген, байлығы басынан асып, дәулеті аузынан тасып, қалғанын қайда қоярын білмей сасып, оны көзі қимай ала қашып жүргендер көбейді. Мысалы, жарықты жалп еткізіп жоқ қылып, елді қабан күркірейтін қараңғыда қалдырып, суды сарқып ішіп, шөлге қамап Арқалық қаласының әкімі зым-зия жоғалыпты. Астана әкімінің орынбасары Юрий Костин өнерін одан да асырыпты. Екі млн.теңгеге хан сарайындай үй салдырып, «өзі дегенде өгіз қара күшін» көрсетіпті. Көрсетіпті де, бұл да ізін жасырыпты. Мұндай жебірлер жеткілікті. Қостанайда қаржы министрлігінің ревизоры, Алматыда экономикалық полиция қайраткерлері, Оралда қала әкімінің орынбасары да құлқын құлдары екенін көрсетті. Бірақ бәрінің де тамағына тас тірелді. «Малды тапқанға бақтыр, отынды алған адамға жақтыр» деген өсиеттен безіп, ұрлап-бөрлеп жиған арам дүниелерін алыс шетелдерге аттандырып
жатқандар да бар екен. Олар оған ымдасып, жымдасып жекжат-жұрағат, жақын-жұрағат, туыс-жуыстарын ие етіп қойыпты. Ол жанашырлардың көбі қаржысының қанша екенін, қай елде жатқанын, ол елдің қай құрлықта орналасқанын да білмейтін көрінеді. Бұл күнде Алатау бөктерінде, пейіштей көктеуінде тастан «тон кигізіп», темірмен торлап, биік қабырғалармен қоршап тастаған, маса ұшып кіре алмайтын 3-4 қабатты «хан сарайлары» самғап тұр. Иесін деректесең, бірі – көк тиын табысы жоқ, нансоғардікі, екіншісі – қолына күрек ұстап көрмеген ақсаусақ үкі тағардікі, үшіншісі – орнында үйелеп отырған шалдікі, төртіншісі– кемсеңденген кемиек кемпірдікі, бесіншісі – балдай тәтті балдыздікі, алтыншысы – ажырасқан боп қойған бәйбішенікі, жетіншісі – сылаң-сылқым нақсүйердікі. Шын мәнінде, ол сарайлардың артында ірі-ірі алпауыттар, әдісқой әкімдер, құқықтық қожайындар жатыр. Әншейін, «менікі емес» деу үшін әлгі «мықтылардың» атына жаздырып қойған. Ал ішінде өзі отырған шенеунікке «қаржы қайдан» десең, «анам мұра етіп ат басындай алтын қалдырып еді. Әйелім де мал тапқыш еді» деп ақталады. Осының бәрі – ыммен істеліп, жымға жасырғандық... Баяғыда көшеде екі таныс кездесіпті. Кездесіпті де, тілдесе кетіпті. – Ұнжырғасы түсіп, қалжырап қайдан келесің,– депті пысықайы. – Қараңғы үйде қалдық. Балалар сабағын оқи алмады. Электролампочка іздеп бармаған жерім жоқ, – депті болбырған бостауы. – Таптың ба?
– Таппадым. – Табуға болады. – Қалай? – Блат арқылы. – Ол кім еді, оны қайдан табам? – О, байқұс, осы күнге дейін блаттың не екенін білмейсің, бұл жалғанда әйтеуір, от оттап, су ішіп жүр екенсің ғой! – деп пысықай болбырды сөккен екен. Сол сияқты, бүгінде бар болса, ішіп-жеп, жоқ болса, “тәубе” деп отыра беретін адал адамдарды қулар мен сұмдар сөгетін болды... Қаладағы жетім бұрыштың алдында екеу тұр. Бірі: – Ай болды, бала-шағаммен ашық аспан астында жатырмын. Бел шешіп жатар өз үйім, өлең төсегім жоқ, – деп зарлайды. – Ақшаң болса, аяғыңды аспанға асып қойып, алшая жатуға үй табылады, – дейді оған қара қалпақты баса киген, көзіне қара көзілдірік ілген, қолына буаз қара биедей қара портфель ұстаған, сақал-мұртты сымпитып сыпырып тастаған, қара сабадай шомбал қара. – Қанша теңгем болса, сіздің үйде тырайып жата алам, – дейді үйсіз-күйсіз. – Теңгеге тырая алмайсың, көкала қағаз болмаса,– дейді Шомбал қара. – Ой, бізде көкала қайдан болсын, – дейді анау күрсініп. – Онда несін бас қатырып тұрсың? Сен ымды да, жымды да білмейтін, тіпті, дым да білмейтін бишара екенсің ғой, – деп теріс айналып жүре берді қалпақты қара... «Мысыққа күнде той бола бермес» деген. Қазір
«жең ұшынан жалғасқан жемқорларға қарсы күрес туралы» заң хабары шыққалы оларға тықыр таянды, тамақтарынан ас өтпей, жүректері кілкілдеп, бөкселері бүлкілдеп-ақ қалды. Ел-жұрт бұл Заң ашылған арандарды ауыздықтар, қанша жесе де, тоймайтын, жебірлікті қоймайтын қуларға құрық салар. Сонымен, ым мен жым да жайын табар деп отыр. Лайым, солай болғай! 1998 ж.
МЫРЫҢБАЙДЫҢ МЫРТЫҒЫ ЖӘНЕ ТӘТТІ ТАМЫР ХИКАЯСЫ «Әр патшаның тұсында бір сұрқылтай» деген. Бүгінде «Есектің құйрығын жусаң да, мал тап» сұрқылтайың өктемдік құрып тұр. Соның желкелеуімен Мырыңбайдың мыртығы ел аралап қаңғып кетті. Мұның да ата-анасы азан шақырып қойған аты басқа еді. Елге ат қойғыш әдетін ескеріп, оны жұрт мыртық деп кеткен-ді. Шынындада артына қараса, өзгеге күлер жөні жоқ, өзін ерекшелеп тұрған ені жоқ. «Жел тұрса, солқылдар» сұңғақ бойы жоқ, басқадан асар ойы жоқ. Биіктігі бір тұтам, талтыаяқ, қолы-басы быртық, мойны қыртық, мұрны сулы, жүрген жері шулы «жер құрттарының» бірі еді. Сол мыртық тау-тасты сағалап, сай-жыраны жағалап жүріп, бір жерден шекесі қылтиып тұрған тәтті тамырға тап болды. «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген осы. Басқаға болмасын, өзіме ғана бұйырсын деген арам ниетпен, алақ-жұлақ етіп, тарпа бас салды. Плюшкин құсап көр-жерді түртпектей беріп, бақаның басындай боп, доғалданып кеткен бас бармақ, саусақтарымен қаза бастады. Айналасын тазалап, қолға ілінетіндей болғанда, тартып көрді. Мықшыңдап ары тартты, бері тартты, тамыр түбі тереңде сияқты, мызғымады. Мыртық көмекке қатынын шақырды. Қосағы қосыла тартты. Тамыр қозғалмады. Көмекке баласын
шақырды. Үшеулеп тартты. Тамыр тырп етпеді. “Келінді келтір көмекке?” деп бұйырды. Ол да келіп тіркелді. Мыртықтан ана, анадан бала, баладан келін құшақтап бұйрық күтті. “Бір, екі, үш бірігіп тартсаң, күш!” – деген Мыртық даусы сыңқ етті. Жан-даусы тағы шықты. Әулет жұмыла тартты. Қара терге түсе тартты. Түк шықпады. Мыртықтың мұрнынан су ақты. Қары талып, құшақтары үзіліп, олар үймежүйме құлап та жатты. «Орыстың дедкасы, бабкасы, немере, күшік, мысығымен-ақ шалқанды жұлып алып еді, сол құрлы жоқпыз ба?» – деп Мыртық ашуға мінді. Әулет жаңа күш, жаңа жігермен қайта шабуылға шықты. Маңдай тағы тасқа тиді. Тәтті тамыр тағы тырп етпеді. Енді олжаны басқаға білдірмей, бауырға басуға мүмкіндік қалмады. Мыртық көмекке көпті шақырды. Әркіммен амалдап, алдаусыратып сөйлесіп көрді. Әйел болса, әлемдегі игілікті үйіп-төкті. Тіпті, күнді қалпақ етіп кигізем, айды алқа қылып тағам деді. Ер азамат болса, молшылық табасың, дүниенің астында қаласың. Теңгеден шұлғау орансаң, доллардан дамбал киесің деп төндірді. Ащы дүние. Алтын көрсе, періште жолдан тайса, ақша десе, кейбір адамдар арсалаң қағатын болды ғой. Көмекшілер табылды. Бәрі олжаға жабылды. Мыртық: «Тарт, тарт! Тапқанды тең бөлісеміз, тарт, тарт!» деп айқайлап тұрды. Тамыр шым-шымдап шыға бастады. Шыққанынан кесіп-кесіп мыртық ышқырына тыға бастады. Бөліске түскенде сырттан шақырылған көмекшілердің ұрты айналмады, мұрты майланбады, көңілдері жайланбады. Сыбаға
әзірше ғана аздау болар, кейінірек молаяр деп олар біраз жүрді. Бірақ үміт ақталмады. Зарламаған жақ қалмады. Мыртықтың жарылқайтыны жалған болды. Уәдесі желге ұшты. «Мұныңыз қалай?» дегендер пәлеге қалды. Мыртық оттап, даттап жала жапты. Айналасын бықсытып, салдырлатты. «Есебіңді Құдай тапсын» деген «рахметін» айтып, жұрт жөнін тапты... Көшеде тәтті тамырға тойған бір еркек, бір әйел келеді. Екеуінің әңгімесі – Мыртық «мырзалығы». Ер кісі айтады: – Баяғыда мынадай мысал бар еді: Даладан екі тышқан май тауыпты, Еңбексіз екеуі де жай тауыпты. Жанжалдасып, сол майды бөлісе алмай, Маймылға бөлдіруге көңілі ауыпты. Маймыл бөліп берем деп, майды алыпты, таразыға салыпты. Бірақ майды ауыр жағынан жеңіл жағына ауыстырып, теңестірудің орнына, артықты алып ұртына ұра беріпті. Ақырында «міне, енді теңдей болды» деп бір шөкім майды тышыкеңдердің аузына жағыпты. Мыртық сол маймылшалады. Тәтті тамырдан сыбағамызды теңестіремін деген боп, ұзынын қиып, қысқасына жалғамай, өз өңешінен өткізіп жіберіп отырды. Бұл қалай деп ек, сасық күзендей шақ ете қалды. Түртсең, тоңқая қалып бықсытатын осырақ қара қоңыз бар емес пе? Сол сияқты төңіректі тұмандатты, әлемді әбігер етті. Мұнан соң әйел зарлай жөнелді:
Мыртықтың Қарынбай, Қарабайлығын білмейсіз бе? Әне бір жылы оның қайын атасы қайтыс болды. Жаназасында жәрдемдесуге бардық. Мырза күйеу бала екі килә сары май апарған екен. Қонақ асы кезінде ас дайындап жатқан біздерге сан рет келді. «Майды үнемдеңдер, майға тимеңдер», «Майды қырқына жеткізіңдер» деп қыдың-қыдың қақты. Мезі болған келіншектер ақыры «майың да құры, өзің де құры» деп қуып шықты. – Апырай-ә, дүниеқоңыз екен ғой! – Айтпаңыз, Шықбермес Шығайбайдың өзі! – Бүгінге аман жеткен соның көзі де! – Тіпті одан да өткен. Сонымен, тәтті тамыр түбі әлі шұқылып жатыр. Аузы күйгендер қашып құтылып жатыр. «Пәлен жерде алтын бар дегенге барса, алтын түгіл, бақыр да жоқ» екенін білмейтіндер әлі де тұтылып жатыр. Мырыңбайдың Мыртығы мен тәтті тамыр хикаясы әлі созылып жатыр. 1998 ж.
БІЗ БЕЗЕТІН БЕС ПӘЛЕ Абыз Абай «бес нәрседен қашық бол» деп ақыл айтып еді. Ақын ақылын алмадық. Сол пәлелерден аулақ барып қонбадық. Күні бүгінге дейін солардан іргені аулақ сала алмай, ортамызды тазартып ала алмай батпақтап жатырмыз. Біреулер өсек өрбітіп, ел арасын бүлдіріп жүр; біреулер өтірікті өкіртіп, айналасын күлдіріп жүр; енді біреулер мақтанды малданып, атын шығарып жүр; тағы біреулер ерініп, тірлік етпей, еңбек қадіріне жетпей жүр. Бекер, босқа, мал шашудан да айылымызды жимаймыз. Аяқ аттаған сайын – ысырап. Енді нақты дәлелдерге көшейік. Өсек дегенді өрттей гулетеміз, алуан-алуан аңырытып, неше құбылтып үрлетеміз. Жақында ғана «Н.Назарбаевқа дауыс берем деп қол қой, куәлігіңмен ант ет, әйтпесе, стипендиядан, зейнет ақыдан аузың аппақ болады деп студенттер мен зейнеткерлерді жағадан алып жатыр» деген өсек өкпек желдей Алматыны аралап өтті. Желөкпелер оны іліп алып ойға шапты, қырға шапты, көкпар қып, алып қашып нәпақа тапты. Бұрынырақ «креслосынын сыпырылып қалған премьерминистр Израильге көшіп кетіпті», анау да, мынау да Америкаға өтіп кетіпті деп те өсек тараттық. Қазірде де «Көңілдесімен бірге саунаға түскен бір шенеунік ыстық суға астын күйдіріп алыпты», «Мемлекеттік аппарат пен бюджеттегі ұжымшардың темекі тартатын қызметкерлерін ауырса, емдейтін болыпты»
деген сияқты өсек-аяң желдей еседі. Газеттердің «ГуГу», «Ұзынқұлақ», «Говорят» деген айдарлар ашуы да содан. Арамдыққа аунатып, суайттыққа сүңгітіп, өтірікке түнетіп алған, жалаға жанын жалдап, арын алдап жүргендер де аз емес. Жанашыры айтыпты болып, заңға тартыла қалса, «тан, тан, балам, тан, балам, тансаң, қалар, жан, балам» деп ақылын ағыл-тегіл ақтаратындар да көп. Айыптаушылардан содырлы сойқанның сырына қанып алып, өтірік куәгер бола қоятындар да жоқ емес. Олар істің мән-жайын сансаққа жүгіртіп, соттардың басын әңкі-тәңкі етеді, қылмыстың бетін ашуға кесір келтіреді. Жақында ғана атан жілікті алты судьяның шоққа отырып, лауазымынан айырылып қалуының бір сыры осында жатыр. Сөйтіп, айран ішкендер ақталып, шелек жалағандар қақталып та қалады. Өтіріктің түрі көп. Бір қажы «Мен Меккеге барып жеті қой сойып ас бердім. Құнанбай мешітінде құран оқыттым деп соқты. Екінші бір қажы «ас берген ол емес, тауапшылар, жеті қой емес, екі қой сойылды. Құнанбай мешітінің орнын іздеген де ешкім болған жоқ» деп оның өтірігін шығарды. Қажыларымыз осылай қақтығысып, бірінің-бірін артын ашып жатқанда, басқадан не үміт, не қайыр. Әркім-ақ ақсақты тыңдай, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай қыла береді. Мақтаншақ мыртықтар да от оттап, су ішіп, ғұмыр кешіп жатыр. Оларға халықаралық қайраткерлер, халықаралық қаламгерлер даярлап жатырмыз деп күпіну де түк емес. Кебе-кебе келгенде, олар «Таласты
тауға қарай ағыздым, Ертісті еңіске құлатып тастадым, Шуды шұңқырға құйып қойдым. Мылқауды сайратып, аққан көзді жайнатып, саңырауды саңқылдатып жібердім» деп, жанын жеуден де тайынбайды. Мұндайлар мақтана жөнелгенде аузыңды ашып, көзіңді жұмып, таңдай қағып, таңдана қаласың. Еріншектік те еңсемізді басып тұр. Қимылдасақ, қыңқылдай қаламыз, башпайды қозғасақ, ыңқылдай қаламыз. «Жұмыс жоқ» деп итке көлеңке бермей жатып аламыз. Жер өндеуге олақпыз, шалғы тартуға шолақпыз. Мырзаларға малай болуға мол-ақпыз, еңбек етпей ішіп-жеуге бар-ақпыз. Мал шашуға да – мырзамыз. Қоғам қаржысы желге ұшып жатса да, ырзамыз. Миллиондарды шығындап қала,село саламыз. Артынша оларды жауша шабамыз. Сәулетті үйлерінің төбесін төңкеріп, есік-терезесін суырып аламыз, орнын жұтқа айналдырып,кете барамыз. Енді қажеті жоқ деп мәдени-ағарту ошақтарының ойранын шығарамыз, күлін көкке ұшырамыз. Бүгін жолдарды қазып, құбырларды қараймыз. Ертеңіне қайта көміп, жөндедік деп тараймыз. Келер жылы қайта ашып, тағы-тағы жамаймыз, әйтеуір, жұмыссыз қалмаймыз. Бұған кеткен шығынды есепке де алмаймыз. Сонымен, Абай аулақ бол деген: өсек – өрт, өтірік – дерт, мақтаншақтық – масқаралық, еріншектікарамтамақтық, мал шашу – байымастық. Осыны біле тұрып, бұлардан безбегендік – ақын аруағы алдында айыптылық. Айыбымызды жуайық. Бұл бес пәлені арамыздан қуайық, ағайын!
ТИЫН ШЫҚСА, ЖАН ШЫҒАРДАЙ... Бүгінде қазақ газет, журналдары жанашырсыз жетім қалды, жесір қалды. Алды жабылып, арты талқаны таусылып, кірпігі әзер қимылдап, бақиға аттанар адамдай соңғы күндерін кешуде. Кейбірін шалажансар денедей, «аузына су тамызып» ұстап отыр. Қазақ өз баспасөзіне өзі жазылмайды, оны өзі оқымайды. Тағы да өркениетті ел боламыз, барыс боламыз, жолбарыстар қатарына қосыламыз деп күпінеді деген табалаулар құлақ тұндырады. Осынша төндіруге, алыпқашпа айқай-аттанға негіз бар ма екен деп, біз әр жерде, әркімдермен тілдесіп көрдік. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, тілге тиек бар екен. Сонау 1923 жылы О.Жандосов «қазақ газеттерін «Кирработник» деп аталатын ұлт интеллигенциясының өзі оқымайды” деген екен. Сол дерттен әлі айықпаппыз. Қазақ газеттерін оқымақ түгіл, атын да, затын да білмейтін «сабаздар» сансыз екен. Олар көп болғандықтан, ешкімнің ныспысын атап, көзін шұқып көрсетпейақ қояйық. Нарттай бет-аузы балбыраған, шашы жалбыраған, мойынтығы салбыраған, қалпағы дағарадай, кеудесі кебежедей, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай бір қарымды қайраткерің «Қазақ әдебиеті» деген газет барынан, оның кімнің тілі екенінен хабарсыз болып шықты. Газет, журнал
алдыру, оны оқу жағы қалай дегенде, «олар менің өз білгенімнен артық жазбайды» деп кеуде керді. Қазақ газетін оқымайтынын мақтан етті. «Попыраздатып», шашты артқа қарай сілкіп тастап, сым шалбармен сыптай боп тұрған бір интеллигентімізге «қазақ баспасөзіне қатысасыздар ма?» дегенде, «қазақшаға шорқақпын, өздері тәржімалап алса, орысша жазып беруге болады» деп, ана тілін «ардақтайтынын» аңғартты. Буаз қара биедей қара портфель көтерген, қазақша сөйлетсең, тілі күрмеліп күрк-күрк жөтелген, кеудесіне шентұмарын таққан, қара көзілдірік бетін жапқан, дәу қарын, қатпар-қатпар шүйделі бір зиялымыз мақаласын орысша жариялап, енді қазақшалап басыңдар деп түстен кейін мөңіреп тұр. Газет, журнал алдырушылардың ішінде қайраткерлер мен зиялылардың кейбірінің ғана басы қылтияды, көзі жылтырайды. Қалғандары өзін не мақтап, не даттап жазған, не өз «еңбегі» жарияланған газет, журнал нөмірін іздеп зыр қағады. Қазақстанда қанша мекеме, қанша қайраткер, қанша зиялы, қанша интелегент бар. Байлықты бауырға басып жатқан қанша «шық татырмас Шығайбайлар» бар, барын қарынға тығып, қампайған қанша қарынбайлар бар. Осылардың әрқайсысы бір-бірден алса да, қазақ газет-журналдары «аштан» өлмес еді, көштен қалмас еді. Өздерінің мұрты қисаймас, ұрты ортаймас еді. Бұлардың кейбірі газет, журналдарды тегін пайдаланғысы келеді, бастықтығын, таныстығын бұлдайды. Оны алуға қаржысын қимайды. Тиын шықса, жаны шығардай қипақтайды, ал тобылғы
сыра ішуге аямайды. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» дегендей, қарапайым қалың қазаққа да айтарымыз бар. Құрыдық, біттік деп, «жүн жеп, жабағы тастап», қойдан қоңыр, қояннан қорқақ, дәрменсіз болып жата бермейік. Құдайға шүкір, құрығыңды ұстап, таяғыңа сүйеніп қалған жоқсың, қолда азды-көпті мал бар. Қазір тышқақ лақ – 2000 теңге, жетім қозы – 3000 теңге. Тоқтышағыңның терісі – төрт бес жүз теңге. Сат та, газет, журналға жазыл. Көкжалқақ терітерсек рухани байлық боп оралады, көзің ашылады, көкжиегің кеңиді. Өз пайдаңды білмейсің бе, ағайын? Айнаны алдыңа қойып қарасаң, денеңде не барын, не жоғын көресің. Баспасөз де – әр халықтың өміртіршілік сыңайын дәл көрсететін айна. Сол арқылы өз кескін-келбетін көріп, бой түзейді, артығын күзейді. Баспасөз де – көрер көз, естір құлақ, сөйлер тіл, жар салар шешен, жөн сілтер көсем. Сол арқылы ел билеген ерлер қызметін електен өткізіп, тезге салып отырады. Қазір ел іші – ұрып кеткен, қырып кеткен, ұрлап-бөрлеп қойнына тыққан, жұрт тонап, тасаға бұққан қу-сұмдардың кені, құлқын құлы – жемқорлардың жемі. Жаралы жеріміз, асқынған дертіміз көп. Осының бәрінің аузына құм, мойнына су құйып, у жалағандай етіп, есін кіргізіп емдейтін – баспасөз. «Балығынан болмаса, бақасынан болар» деп, сойыл салатын – баспасөз. Баспасөз де – ұлттың ұлы. Ол да – елдігімізді орнықтырушы, тәуелсіздігімізді нығайтушы, қоғамымызды қозғаушы. Сондай баспасөздің қадірін қалай білмей барасың, қазақ! Сауаты ашылып, санасы өскен ел едің, саған не
болды, қазақ! Өзіңнен қолдау таппаса, өзің алдырып, өзің оқымасаң, баспасөзің ел айнасы бола ала ма, қазақ! Елдің елдігі қандай, жұрттың жұртшылығы қандай, біліп отырғың келмей ме, қазақ! Өсімдіктер топырағымен тіріледі, сумен күшейеді, күнмен кемелденеді. Баспасөзіңнің топырағы да, суы да, күні де өзің емес пе, қазақ! Ендеше намысқа шап, арыңа қамшы бас, қазақ! Баспасөзіңе қамқор бол! Көп түкірсе – көл, көп қолдамаса – нөл. Осыны біл, қазақ! Тиыныңды тісіңнің қуысына тығып, тістей қатпа, қазақ! Газет, журнал алдырап оқысаң, озарсың, құр қампиған тоғышар болсаң, тозарсың, қазақ! Бұл орайда газет, журнал иелеріне де қояр талап таудай. Олар ел-жұртты сөзімен, көркімен тартсын, көңілдегісін тапсын. Өзі көркем, сөзі көркем, шашпаулы қызға әркім-ақ қызығады. Сол сияқты, мазмұнды да келісті газет, журналды әркім-ақ қағып кетеді. Мұның үстіне оның иесіне жетуіне де бас-көз болу керек. Қазір көп газет, журнал иесін таппай, қант, шәй, насыбай, талқан, темекі сатушылардың, патшалар жаяу баратын жерде қажетіне жаратушылардың қолында жүр. Осыдан оқырман баспасөзге жазылудан тартынады, таралым да тартылады. Мұның үстіне мемлекеттік газеттер тарапынан шен сыйлау, төре күткендік көп. Көңілге қарау, орынға құлшылық ету, жалпаң қылу басым. Ақты ақ, қараны қара деп ашық айту, батыл сөйлеу кем. Сондықтан, жұрт оларға құлай қоймайды. Азу шығарып, адуын мінез таныту қажет. Рас, шіренген шенеуніктер баспасөз айнасына түссе, сынға ілінсе, ер-тоқымын
бауырға алып мөңкиді. Буынады, булығады. Сойылын сүйретіп, өш алуға ұмтылады. Тіпті, сотқа сүйрейді. Бұл да – дерт, мұны да емдеу керек, ұшықтап жазу керек. Бір кезде газет, журнал алдырмайтын, оны оқымайтындарды азамат емес, сасық кеңірдек, өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын қуыс кеуде деп атайтын. Сол болып қалмайық, ағайын! Өсер елдің қайраткері мен зиялысынан бастап, жұмысшы, егіншісіне, жас, кәрісіне дейін қолы қалт етсе, газет, журналға жабысады. Біз де солай дағдыланайық, ағайын? Баспасөз – биікке бастар сөз. Сол сөздің қуатымен өрге өрлейік, ағайын! 1998 ж .
ТОҚАЛ СЕНІҢ НЕ ТЕҢІҢ! Тазы боп шалатын түлкі заман туды. Оны алыстан шалатын арлан «тазылар» көбейді. Адалдар аласапыранда адасып, не болғанын білмей аңырап жатқанда, олар жетпістен аса жылдарда жинаған дәулетке қол салды, «қол салғанда мол салды». Еншісін еселеп алды. Байлықтың астында қалды. Ақсүйектер қатарына еніп, бүйректері бүтінделіп, бөтегесі майланып, көңілдері жайланып, қарындары қампайып, бөкселері жалпайып, кеуделері шалқайып, шүйделері шықты, олардан кешегі жора-жолдастары да ықты. «Семіздікті тек қой көтереді». Бұлар көтере алмады, асып-тасты. «Қазақ байыса қатын алады, сарт байыса там салады» дегендейін, «қостап, үштеп қатын алуға жол берілсін» деген ұранға бастады. Қарны жуан бір байдың Бір өзінде үш қатын. Бәйбіше, тоқал, нақсүйер Деп олардың қойды атын. Бәйбіше, басымды сипа, Тоқал, аяғымды сипа, Нақсүйер, жат қасымда, Деп бай шіренді. Шіренгенде ол байдың Қарны жерге тірелді,– деген заманды аңсады. Мәжіліс, сенатқа мәселе
таңды, заңдарға ауыз салды. Олардан қолдау таппаған соң, кейбір қалтасы қалыңдаған, шаты ісіп талтаңдаған нәпсіқұмарлар «ер азығы мен бөрі азығы – жолда» деп, жолға шықты. Ел аралап, ит абалатып, есік қақты. «Іздегенге сұрағандарды» тапты. Ұрлық қылған, нәпсі қуған оңсын ба – көбі сүрінді, пәлеге де ұрынды... Солардың бірі Нәпсіқұмар Томаровтың да нәпсісі оянды, аппетиті ашылды. Өзі тұратын үйдің соңғы бесінші қабатында қоныс тепкен, атастырылғанынан ажырап, басы босаған бір сызылған сылқымға көзі түсті. “Дидарғайып” деген, кіріп-шығып жүргенде екеуі иек қағысып, сөз тастасып қалатын болды. «Құнажын сүйкенді, буыршын бұйдасын үзді». Нәпсіқұмар жабыса кетті. Келіншек «келсең, келді» аңғартты. Астыртын аралас, ашыналық басталды... Күндердің күнінде нақсүйер наз айтты. “Мені тауық тыпыл, мысық «мияу» қанағаттандырмайды. Айдында жүзген ақ сазандай апталап, аласұрып аймаласып жатқым келеді. Соның қамын қарастыр” деді. «Жазған құлда жан бар ма», бір күні Нәсекең қатын, бала-шағасына жолсапарға кеттім деп, артынып-тартынып аттанды. Екі аяғы бастыққанда қайта оралып, қып-қып етіп, өз есігінің тұсынан өтіп, аймаласуды аңсап жатқан арудың құшағына енді... Тырп етпей, ешкімге көрінбей үш күн жатты. Төртінші күннің түнінде «жұрт шырт ұйқыда, ешкім кездесе қоймас, мына қоқыс-соқысты далаға төгіп келе ғой» деп аруы Томаровтың қолына шелек ұстатты. «Қой» деуге шамасы жоқ ол аяғына кебіс іле сап, шолақ дамбалын кие сап, далаға қарай «құп»
деп, құлдырай жөнелді. Қоқысты құлата сап қайта тартқан Нәсекең есеңгіреп, ұйқылы-ояу келе жатып, өз үйінің қоңырауын басып қалды. Дөңбекшіп ұйқтай алмай жатқан бәйбіше қарғып тұрып есікті ашып кеп жіберді. Жартылай жалаңаш тұрған күйеуін көргенде, жүрегі өкшесіне жетті. «Қайда тоналдың, кім тонады?» деп бас салды. Бұл кезде «Құдайдың ұрғаны-ай!» деп шіріген томардай Томаров құлап бара жатты. «Екі сиыры бардың үйінде айраны бар, екі қатыны бардың үйінде ойраны бар» деген. Бұл үйден де ойран шықты. Осы сияқты майлы мансап, тоқал аңсап жүрген нәпсіқұмарлардың бірі Тоймас Қоймасов жұмыстан кейін ат шалдыруға ашынасының үйіне түсіп қалды. Жүргізушісіне “23:00-де келіп, мені алып кет” деді. «Ат» айдаушы айтқан уақытта келді. Ары күтті, бері күтті, бастық шықпады. Түн ортасы болды. Бастық жоқ. «Жолы болмай, келіскен уақыттан бұрын кетіп қалды ма, білейінші» деп ол жоғары көтерілді. О,сұмдық! Бір пәтердің босағасында теңкейіп біреу жатыр. Үңіліп қараса, өзінің бастығы. Сөйтсе, бастық “өсекке қалмайын, ұятты болмайын” деп намысқа шауыпты, барын салыпты, ажалын содан тауыпты. Өлген соң кімге керексің?Нақсүйер оны киіндіріп, сыртқа сүйреп тастап, түк білмегенсіп, ұйқтап қалыпты... Бүгінде басына бақыт құсы болып қонған, ұл десе, ұл, қыз десе, қыз туып беріп, босағасын берік, отбасын көрік, шаңырағын биік, түтінін түзік етіп отырған бәйбішеден тұра безгендер көбейді. Опа-далап жағынып, әшекейін тағынып әрленген әртістердің,
биші бикештердің, көңілді келіншектердің нәміне жығылып, әніне, сәніне жығылып, сүзілген көзіне, сыпылдаған сөзіне жығылып, ұяға қонған ұлдарынан, қияға қонған қыздарынан қол үзгендер көбейді. Бұлар «жал біткен жаман ат жанына торсық байлатпастың» кебін киді. «Біз – іскерміз, біз – саясаткерміз. Біз – елді алға апаратын жаңа қазақтармыз» деп кеуде қағады. Ел билеп, елге ақыл айтпақ болады. Бұған сіздер не дейсіздер, оқырман? Біз оларға: “Өз үйің мен жолбикенің үйін шатастырып жүріп, бөтеннің босағасында арам қатып жүріп, қатыншыл болған неңді алған?! Балбыраған береке-бәйбіше қадірін білмей жүріп, тоқалшыл болған неңді алған? Өз басыңды игере алмай жүріп, ел билеген неңді алған?! Өзің қотыр, елге ақыл айтып, емшіл болған неңді алған?! Өзің олақ, іскер болған неңді алған?!” дейміз. “Қос қатын іздеп қоңқылдау, «тоқал-тоқал» деп тоңқылдау азғындық қой, арсыздық қой” – дейміз. Бойыңда күшің тасып бара жатса, игілікті іске қос! Қалтаңды қаржың тесіп бара жатса, жетім, жесірдің аузына тос дейміз. Одыраңдап, осқырғанды қойсаңшы! Барға қанағат қып, тойсаңшы! Қу нәпсіні тыйсаңшы? Елге жағып, жұрт көңіліне сыйсаңшы! дейміз. “Бұл ақылға көнбесең, сазайыңды тағдыр тартқызсын!” – дейміз. 1998 ж.
ҚҰБЫЛМАЛЫ ҚҰЙЫРШЫҚТАР Саябақта екі зиялы бас изесіп сөйлесіп отыр. Әңгімелері тұрақсыздық, екіжүзділік жөнінде. Бірі айтады: – Кесірткеге хамелеондық, құбылмалылық жан бағу, тірі жүріп, тірлік ету үшін керек. Ол азулылардың аузына түсіп, жем болып кетпеу үшін неше құбылып жасырынады. Саз далада сазарып, құмда қызарып, көгалда көгеріп, көзден тасаланады. Бұл– оның табиғаты, оған кешірімді. Екіншісі айтады: – Бір мысалда аң патшасы жар таңдайды. Маймылға кездеседі. Махаббат оты маздап, құлап түседі. Оның адам сияқты бет-аузын, мөлдіреген көзін, шиқылдаған «сөзін», ұшып-қонған қимыләрекетінің тезін, құшақтауға, сипауға жұмсақ тонын ұнатады. Келін ғып түсіреді. Бал айының алғашқы түнінде айналып кеткен артын көріп, арекең «аһ» ұрыпты. Мұның екі беті бар екенін білмегенім-ай деп өкініпті. «Таңдаған тазға жолығады» деген осы екен ғой» депті. Бұған не дейсіз? – Артын көрсетпей қосақ тапқан бұған да кешірім. Бұ да– оның табиғаты. Маймыл түрін, шын бейнесін жасырып, арамдығын асырып, түске шейін танысып, кешке қарай жабысып, ертеңінде шабысып жатқан бикештер де от оттап, су ішіп жүр ғой. – Бұларға да кешірім демейсіз бе?
– Жоқ, бұл – арсыздық, азғындық. Бұл – бұзылған серт, моральдық дерт, қоғам бетіне түскен шіркеу, адам бетіне бүркеу. – Бикештерді айтасыз, еркекпін деп басына бөрік киіп жүргендердің өзі адамдық, қоғамдық қатынастарда өте құбылмалы келетінін, хамелеондық жасайтынын қайтесіз? Олар уақыт, жағдай өзгерсе болды, тонын айналдырып кие қояды, ортасына опасыздық етеді, достарын сатады. Сөйтіп, екіжүзділік жасайды. – Бұдан өткен зұлымдық жоқ. Бұл – қоғамдық дерт. Бұл адамдарды арандатады, тасқа отырғызады. – Мұны айтып отырғаным қыз таңдаған Арыстан сияқты, бір ұстаз шәкірт таңдап жүрді. Оған өзімізге таныс, мұртынан күліп тұратын Мырыңбайдың Мыртығы тап бола кетті. Жымың қағып, лыпылдап ,ұстазды ағалады. Нағашы – жиенін салып жағалады. Көп уақыт оны паналады, қамқоршым деп бағалады. Сөйтіп, ұстаздан қолдау тапты. Адам боп қабырғасын жапты. Келе-келе Мыртық асып-толды, үлкен лауазым иесі болды, биіктерге онды-солды қолды созды. Алам деп, айға шапты, мертігіп, кесел тапты. Күнді алам деп, беті күйді, маңдайы тасқа тиді, «к...» қарамай көкқарға әулие ағаштың басына қоныптының” кебін киді. Күндердің күнінде қызметтен қуылып, сымпиып шыға келді. Пыс-пыс етіп далада қалды. Жұмыс іздеп қол-аяғы талды. Ер-тоқымы атының мойына кетті. Ұстаз тағы көмекке жетті, үлкен мансапқа ие етті. Бірақ оған:
“Сұлуға сұқтанбағын сүймеген соң, Қымбатқа көп қызықпа күймеген соң. Өзеуреп, өлермендік ете көрме, Қолыңнан парасатты іс келмеген соң, – деп ескертті. Мансапқорлықты қой, дүниеқоңыз болма” деді. Жылатып айтқан бұл ақыл Мыртыққа ұнамады, ащы сынға шыдамады. Ұстазбен жауласты, жағасына жармасты, «жемегенді жеп, демегенді деп» дауласты. Кешегі «ұстазыма» деп арнау жазуы, «шәкіртім деп Сіз айтпағанмен, ұстаз деуден мен танбаймын» деп жылпылдап жабысқан жарқанатты құдай атты. Енді «Ұстазым деуге ұяламын» дегенді айтты. Бұрын «Құрметті ұстазым, ауырып қалмаңызшы, Сіздің денсаулығыңыз үшін» деп, жата қап тартатын сабазың нілдей бұзылды. Ұяты оянғанын, жұмыры майланғанын, көңілі жайланғанын танытты. «Көңілі толған шәкірт, төркінін танымайтын болған шәкірт енді ар-ұятты қойды, бар иманды жойды. Үш ұйқтаса, түсіне кірмейтін қатын өсекті ойдан құрап, ұстазына жала жапты. Жүрген мыртық «ағалап» болып шықты қағанақ. Масқара-а-а! Күнгебағарлық, екіжүзділік деген – осы. Ұстаз енді не деп отыр? – Адал асыл – ел қадірін білетін Заң ескірді, Мыртықтың мыңқылы бір қаққаннан қалмайтын шаң секілді, – деп отыр. Рас айтады. Мұндай опасыздар опық жегізеді. Өзі қара адамның біреуді қорлағысы кеп тұратыны рас дегізеді. Т.Әлімқұловтың «Қақпақыл» повесінде совхоз директоры Иса деген бар. Ол ауылында
министрліктің өкілі Шөңке келгенде одырайып, осқырып, жайтаңдатып жорға мініп жүріңізші деп, алдына бір арғымақта көлденең тартады. Қайта айналып келіп алармын деген Шөңкенің зейнеткерлікке кеткенін естіп, енді оған арғымақ не керек. Жұғып кетсе, пәлесіне қалармын. Одан да өзі аласа, бітімі тамаша, құласа жерге жақын, жүрісі жайлы есек берейін деп сол жамбасына аунап түседі. – Кісі сыйлау деген осындай-ақ болар. Сыйлассаң, осылай сыйлас дейсіз ғой. Бірақ Мыртық Исадан асып кеткен ғой, жақсылыққа жамандық еткен ғой. – Осының бәрі – қасиетсіздік, қоғамға зиянды дерт. Әсіресе, қазіргі кәсіпкерлік қатынастарда, бизнесмендер базарында қауіпті қасірет. Сөзде тұрмау, айнымалылық адамдардың арақатынасын ашындырады, өзара өшіктіреді, ақыры бір-бірінің жаназасын шығартады. – Демек, хамелеондыққа қарсы күресті күшейту керек қой? – Дәл солай. Мырыңбайдың Мыртығы сияқты құбылмалы құйыршықтардың ініне су құйып суырып алып, бет пердесін сыпыру керек, бетіне түкіру керек. Пәтуасыздықты тыю керек, «арды аттама, шарапаты тигенді даттама» деген нақылды санасына құю керек. Зиялының қорытындысы осы болды. Бұл шешім біздің де көңілімізге қонды. 1998 ж.
ЖЕСІР ҚАТЫН ЖӘНЕ КЕСІР ҚАТЫН Алғаш көргенімде Ақнұр кер маралдай керілген, қолаң шашы өрілген, сұңғақ бойлы, терең ойлы, құлындай жұмыр жонды, аққұба бидай өңді, иман жүзді, сыпайы-сыңғыр сөзді, мойылдай қара көзді, тоқпақтай бұрымы аш беліне түскен, лебінен жұпар иісі самал ескен кісі қызығарлық қыз еді. «Шіркінай!» деп оның қамын жеуші едік, кімнің ары, кімнің жары болар екенсің деуші едік... Көп жыл өтті, талай су ақты, кетті. Ақнұрды Алматыдан кездестірдім. Толған айдай толыпты, балбыраған бәйбіше болыпты. Бірақ жүзі сынық, көңілі тымық көрінді. Аңқалдасып амандастық, сыр тартыстық. Ашынып тұрып Ақнұр айтты: Келгенде қыз он беске толады екен, Жігітте екі көзі болады екен. Жайнаған қызғалдақтай жастық ғұмыр, Қар жаумай, қазан ұрмай солады екен, – демей ме? Бой жетіп өткен-кеткенге көз тастап жүргенде бозбала Байғали кездесті. Бірер жыл сырластық, сынастық. Жаман емес, надан емес сияқты көрінді... Күндердің күнінде, айлы түндердің бірінде күйдім, сүйдім, талдым, жандым, естен тандым. Қос аққудай
бұл жалғаннан бірге өтейік, қол ұстасып арманмұратымызға жетейік деп, өлердегі сөзін айтты. Көп ойланып, көңілін қимадым. Ақыры дірілдеп тұрып, күбірлеп тұрып, сезімімді сыйладым. Осы риза болсын, кеудесі шаттыққа толсын. Ғұмырында бақыт тапсын, өмірі шалқып жатсын. Біреуді бақытты ету де бақыт қой дедім. Айтқанына көндім, дегеніне жүрдім... Ширек ғасыр отастық, бірталай асулардан астық. Бақытты боп құстай ұштық, қос нәресте құштық. Кейін арамызға салқын түсті. Махаббат өшті. Кешегі сүйген жар көңілден көшті. Кемелденіп толғанда, ұл, қызға ес кіріп қалғанда, Байғали бөдене болды, бытпылдыққа басты. Тоқал тауып «маңғыт, аузына саңғыт» деді. Біз жұртта қалдық, жесір қатын атандық.Осыны айтып Ақнұр көзін бұлады, қос жанарын шылады. Артынша сөзін ақынша жалғады: – Міне, күз келді, салқын есті. Табиғат та жылайды, күрсінеді жесірдей. Аңырамын не болғанын түсінбей. Келем әзір ошағымды өшірмей. Ұл мен қызым сағынады, қу әкені кешірмей. Нәпсі құрғыр алып кетті жас құшаққа қаңғытып. Ұрпақ берген, бақыт берген бәйбішеге саңғытып. Қасыма алып ұл-қызымды ұзақ жатам таң күтіп... Қос қарғашым томсарады, тұнжырайды: «Әке қайда, неге кетті, не жаздық біз?!» деп сұрайды. Осыны айтып Ақнұр ару тағы міне, күйінді. Тек бос кемік боп босамады, жігер жинап, кеуде керіп түйінді. Өзі жүдеп, дерті үдеп қалған екен осыдан. – Сабыр түбі – сары алтын. Ақырын күт, азба, тозба, – деп жұбаттым оны мен.
Бірер жыл өтті. Ақнұрға тағы тап болдым. Жадырап қапты, жайнаңдап қапты. Көңілі көктем, сөзі өктем. Амандық алыстық, сағынысып табыстық. Ақнұрдың бұл жолғы айтқаны мынау болды: – Жар құшағын көрмей, баянды махаббат дегеннің не екенін білмей, арын жалдап, барын малдап жүрген шүйкебас алғаш қуанып қалыпты, жайылып салыпты. Жамбасына жайлы төсек, басына жұмсақ жастық болыпты. Күн құшыпты, түн құшыпты. Жанын жалдапты, сиқырлықпен алдапты. Не қилы сұмдықты төндіріпті, дегеніне көндіріпті. Өзін қалқитып, қос құлағын салпитып, есектей ғып қақпалап мініпті... Бара-бара тоқал кердеңге басыпты, асып-тасыпты. Ананы тап, мынаны тап, таппасаң мүрдем қап. Басқаның байы қатынның қажетіне жарайды, үлде мен бүлдеге орайды. Алды-артын алтынмен аптайды, кеудесін күміспен күптейді. Ретін тауып ,жүрген жерін «сүп» дейді. Саған бұйырмайды «түк» дейді. «Тауға барам, бауға барам, машина жібер, саунаға барам, аунауға барам, машина жібер» деп күштейді, қайқайып машинадан түспейді. Сөйтіп, тоқал кесір салады, «кесір қатын атанады». Байшық байқұс тоқал көңілін табам деп, жас қатынға жағам деп, белге түйді арды, ұрлыққа да барды. «Ұрлық түбі – қорлық», қолға түсті, ұзамай-ақ болды істі. Батырың қатты састы, тоқалдан тұра қашты. «Алажаздай ән салып «гөлайттаған», қыс түскенде жамбас тигізер жер таппай құмырсқаға жалынып не айтпаған шегіртке құсап, үйге келіп тығылды. Босағаға жатып ап, «ақымақ боппын, кешір, жаным» деп аяққа жығылды. «Кешірім сұрап алдыңа келсе,
атаңның құнын да кеш» деген баба өсиетін ескердік. «Ақымақ болса да, кешегі құдай қосқан қосағым еді, балаларымның әкесі еді» деп кеудесінен итермедім, далада қалдырып қаңғыртпадым. Қабыл алдым». Сөйтіп, кешегі жесір қатын қайтып «өсер қатын» болды, кесір қатын жесір қатын болды. – Дұрыс бопты! Талмас өзек, келер кезек. Бәрін де ақыл жеңбек. «Мұртын алдырып, салбыратып ұртын қалдырып» жас құшаққа құмар болғандардың жортуылы әр кез осылай бітпек,– дедім мен. 1999 ж.
ҚАЗІРГІ ТОҚАЛДЫҢ ТҮРЛЕРІ Табиғат та құдіретті. Ол бүкіл әлемді тәнті етті. Әр нәрсені-ақ алуан-алуан етіп жаратты. Әрқайсысын түр-түрімен таратты. Кейбіріне адамзатты таңырқата қаратты. Солардың бірі – тайраңдаған тоқалдар. Кезінде І.Жансүгіров кешегі төрешілдіктердің түрлерімен таныстырып кетіп еді. Мен бүгінгі тоқалдардың түрімен таныстырып өтейін. Аумағы жағынан да, салмағы жағынан да, түр-түсі, әрекет іс-жағынан да тоқалдар түрлі-түрлі болып алды. Қазір біздің арамызда жай тоқал, сай тоқал, бай тоқал, май тоқал, тай тоқал дегендер от оттап, су ішіп жүр. Бұлардың ішінде біздің іш тартарымыз да, сенім артарымыз да, қаяусыз қарсы аларымыз да бар. Олар– алдыңғы аталған екеуі. Бұлар – тағдыр тауқыметімен, қу тіршіліктің қажет етуімен есік аттайттын, жұрт құптайтын тоқалдар. Жан барда қаза да бар. Біреудің сүйген жары жастай дүние салады. Бала-шағасы, құдай қосқан қосағы артта қалады. Бұлардың ошағын өшірмеу керек. Балаларының аналық аяулы алақанынан мақұрым қалуын кешірмеу керек. Ер жігіттің қайғыдертін өсірмеуі керек. Оның ұнжырғасын түсірмеу керек. Тіршілікті жалғастыру керек, лажсыз төсекті алмастыру керек. Бұлар – жайды айтып жалынатын, керек болса, ерекше ілтипатқа алынатын тоқалдар. Бұлар – жетімдерге ана болатын, қаздай қаңқылдап зарлағандарға пана болатын тоқалдар. Бұлар – ата-
баба жолымен, арам пиғылсыз, дүниеқоңызсыз есепсіз келетін, есіктен қайғылының қайғысын азайтайын, өшкен отын қайта маздатайын деген игі ниетпен енетін тоқалдар. Сондықтан, бұлар – жай тоқалдар. Сақалының ағында, өлерінің шағында кейбір шал-шауқан кемпірінен айырылып, жесір қалады, қайғы-қасірет басып, көңілі налады. Сыңарынан айырылған аққудай үйіне сыймайды, ешкіммен уайым-қуанышын бөлісе алмайды, оны жалғыздық қинайды. Осындайда «суға кеткен тал қармайды», қартың серік іздеп зарлайды. Өзі сияқты ақыл парасаты тоқтаған, бұрынғы шалын сағынып жоқтаған басы бос бәйбішеге сөз салады. Екі жарты, бір бүтін болайық, қартайғанда жалғызсырамайық деп, келін-кепшікке сөз салады. Екі жарты, бір бүтін болайық, қартайғанда жалғысырамайық, келін-кепшікке кесір болмайық, бала-шағаға масыл болмайық. Өзімізше кемпір-шал боп арқа қасысып, уайым-қайғы басысып отырайық дейді. Сөйтіп, «жылқы кісінескенше, кісі тілдескенше» дегендей, олар түсініседі, қалған ғұмырларында қуаныш, реніш бөліседі. Әрине, мұндай тоқалдар өсіп-өнем, ләззат көрем деген мақсат қоймайды, басқадай арам ниетке бармайды. Міне бұлар – өмір тіршілік талаптарына, жөн жосыққа сай тоқалдар. Тоқалдың бұдан басқа түрлері біздің жанымызды түршіктіреді, ашу-ызамызды өршіттіреді. Тай тоқал әлі бастықпаған байталдай жас болады, ағыңды ұсынсаң, қағып сап мас болады. Артынан қарасаң, жотасы құлынның жонындай қырлы келеді, алдынан
қарасаң, көз тартар нұрлы келеді. Қыр гүліндей жайнап тұрады, ор қояндай ойнап тұрады. Сөйлесе кетсең, ерні-ерніне жұқпай сайрап тұрады. Өз пайдасын алыстан ойлап тұрады. Бұлар қолда да тұрмайды, жолда да тұрмайды. Өздері өтімді келеді, дегеніне жетімді келеді. Бірден-бірге өте береді, әркімнің қолтығында «прокатка» кете береді. Демек, оларда тұрақты күйеу болмайды, оны жиі ауыстырып отырмаса, көңілдері толмайды. Міне, бұлар– тайраңдаған тай тоқалдар. Көз алдар, қауіпті тоқалдар – осылар. Бұлармен пәлеге малтығасың, дертке шалдығасың. Ал бай тоқал дүниеге бай болады. Төрт құбыласы өзіне сай болады. Қарны тоқ болады, уайымы жоқ болады. Яғни онда бәрі бар болады, тек бір күйеуге зар болады. Олар байға жарымаған болады, «қосағыңмен қоса ағар» деген дарымаған болады. «Еркек» деген аурудан арылмаған болады. Бай тоқалдар бойдақ келеді, ер-тұрмансыз жайдақ келеді. Жылқышының көзі түскен күйлі семіз айғырды боранда ұстап мінгендей, бай тоқалдар жан-жағына қарап ұнаған еркектің көзіне өзі түседі. Ыңғай білдіреді. Одан нәпсіқұмарлар бір күндік ләззат алады. Әр түрлі жандар қасына қисайып, тоқалдың есебінен ішіпжеп, мұратына жетіп жатады. Кейбір бай тоқал бір еркектің өзін тоқал етіп, «жекешелендіріп алады». «Менікі» деп иемденіп, ен салады. Үкілеп, мойнына белгісін тағады. Өздері қара көзді, қиылған қасты болады. «Жекешесі» өзінен 10-15 жас кіші спортсмен болады. Бәсіресін баптап бағады, қағады, киіндіреді, ара-қатынастың қыр-сырын түсіндіреді. Тырайтып
тойындырады. Сонан соң бәсіресі кете алмастай мойын бұрады. Яғни бай тоқал атбегі сияқты «жекешесін» бәйгеге қосар жүйріктей жаратады, қақпалап мініп, әбден өзіне қаратады. Сонан соң уайымсыз тойған қозыдай жай жатады, қызыққа кеңірдіктен батады. Кейбіреулер кердең жүрісті, сәнді болады. Шырқай салған әнді болады. Немесе лақтай секірген биші болады, бой балқытар күйші болады. Өзі қысқа мойынды, жылы қойынды болады. Кәмелетке жетіп піскен болады, махаббат шарабын ерте ішкен болады, талай көкпарға түскен болады.Бара-бара көзге ілінеді. Нәпсіқұмар шенеунік оны көріп, бүлінеді. Ғашық отына шарпылады. “Қолыма қондырсам” деп алқынады. Ақ бәйбіше оны жалықтырады. Былқылдақ мықындыға қармақ лақтырады. Қармағы қабады, жүрегі сонда барып байыз табады. Оған опадалаптың қымбатын жағады. «Айды» алып алқа ғып тағады. Атақ, беделді қызмет, сатулы диплом әпереді. Күн түсірмей, жел тигізбей бағады. Ішпегені алдында болады, ішкені артында қалады. Кимегенді кигізеді, жемегенді жегізеді. Сүйдім-күйдім, өлдім-өштім дегізеді. «Қанаттыға қақтырмайды, тұмсықтыға шоқтырмайды». Біреудің сөзі өтпес дейтін, біреудің көзі түспес дейтін тасада, сыртынан күзет қойғызып бағады. Сосын-ақ тоқал тола бастайды, сарықарын бола бастайды. Кеудесі алға кетеді, бөкесесі артқа кетеді. Салмағы центнерге жетеді. Жаяу жүрсе, ырсылдай қалады, жел толған шанаштай тырсылдай қалады. Осыдан кейін олар “май тоқал” атанады.
ҚАЯУ ҚАЙДАН? Көңіл шіркін көтеруді, көтерілер пернесін дәл тауып басуды талап етеді. Тапсаң, көңіл – көк дөнен, алты айшылық жолды аттайды, ол – көк құсы, самғап ұшып жер шарын әп-сәтте шарлайды. Дәл тауып баспасаң, не болса содан жер болады, ешбір көтерілмейді. Досың немесе көршің шақшаңды көріп, бір атым насыбай сұрағанда бермесең, сол «бір атым насыбайдан да көңілі қалады». Демек, көңіл – сергек те сезімтал. Оған қаяу кез келген келіссіздіктен, кез келген кемшіліктен түседі. Соған сіздерді сендірейік. 1999 жаңа жыл. Күндегідей құнжиып, сол күнгі хат,хабар, ақпараттарды оқуға бас қойдым. Сырттан бәйбішем кіріп келді де, «бір мезгіл қыдырып, демелып келмес болар ма адам деген» деп кейіс білдірді. Жөн екен. Киініп үйден шықтым. «Қала орталығын аралап қайтайыншы». Осы оймен троллейбус аялдамасына беттедім. Ол да келе қалды. Тұра ұмтылдым. Жете беріп, тайып жығылдым. Тырбаңдап тұрып есікке жармастым. Бірақ ол жылжып жүре берді. Қалып кеттім. Шіркін-ай, ширек минут кідірсе нетті! Көңілге қаяу түсті. Міне, екіншісі келді. Лап қойдық. Төрт-бес кісіден соң мен де бас сұқтым. Бірақ бөксемді жиып алғанша есік сарт жабылды. Тырмысып жатып, бөксені де ішке алдым-ау, тек бір борбай сыртта қалып қойды. –”Тәңір жарылқағыр жүргізуші, есікті сәл ашыңызшы, аяғымды алайын”, – деймін аянышты
үнмен. Бірақ ол селт етпеді, ашпады да, үндемеді де. «Ендігі аялдамаға дейін шыдаңыз» деп ақыл айтты біреулер. Мен пақыр шыдамайын деп тұрмын ба? Сирағымды есік қысып барады. Лаж жоқ, тістеніп тұра бердім. Келесі аялдама. Аяғым өзіме тиген. Сынбаған, тек сыздап тұр. Троллейбус тізгініндегі өзім көріп жүретін көзі тұздай, шабдар қыз екен. Кейіп-ақ тұрмын. Бірақ жаңа-жыл күні қыз-қырқынмен қырқыспайақ қояйыншы деп үндемедім. Бірақ көңілде қаяу қалды. Қала орталығындамын... Терістіктен түстікке қарай оқтай тартылған көрікті де, көңілді көшелердің бірінде келемін. Өркендеген қаламның қазіргі көркі де мақтаныш сезімімді қозғайды. Зәулім үйлер еңсемді көтерді. Ақ көрпе жамылған бақтары жанымды жадыратады. Біраз жүріп аяқ талыңқыраған соң, оңашалау орналасқан бір ұзынша орындыққа отырдым. Үйден ала шыққан жаңа жылдық газеттерді жайып жіберіп оқи бастадым. Көңілге қаяу түсірер хабарлардың астында қалдым. Асанәлі Әшімов: «Өнерде алаяқтар көбейді. Адамның жаны үшін де, өмірі үшін де ең бір таза сала– өнер еді, бұған да эпидемия келді ақыры. Сол алаяқтар өмір сүре берсін... Екінің бірі домбырасын алып, дырылдатып өлеңін айта береді. Бірақ кәсіби өнер сол алаяқтардың кесірінен өз бейнесінен айырылып бара жатқан сияқты» деп қайғырыпты. Кеңес Нұрпейіс: «Дайын асқа тік қасықтар», яғни бір ғалымның көптеген жылдар бойы зерттеп жүрген тақырыбына бүйірден келіп, қол салып, оны «барымталаушы», сол сияқты қызмет лауазымын
пайдаланып, жасы кіші мен қызметі төменнің дайын еңбектерін өзінікі деп жариялайтын дүмше «ғұламалар» мен «ұстаздардан» «қорқамын» деп, – шошыныпты. Әзілхан Нұршайықов: «Жағымпаздық жорғалап жүрген жерде өтірік деген суайт өзінен-өзі табыла кетеді. Бірін-бірі құптап, қолпаштап шыға келеді» – деп, оларға «ода» арнапты. Талғат Теменов: «Ұртын алып мұртына жамаған заманда...қаланың әкімсымақтары кейде мұңымызды айтайық десек, қабылдамағанына ыза боламын»– деп кейіпті. Дулат Исабеков: «Демографиялық өсім кеми түспек, 8 миллион қазақтың жартысы базарда жүр. Сауатсыздар саны көбейгелі тұр» – деп, сәуегейлік айтыпты. Бір хабарда талантты жас ақынның көтерме базарда темекі сатып тұрғанын көріп біреу жерге кіріп кете жаздапты. Екінші хабарда ана тілінің намысын жоқтап жүрген бір халық жазушысының, Мемлекеттік сыйлық иегерінің баласы қазақша нан сұрап жеуді білмейді дейді. Масқара! Тағы бір хабарда Солтүстік Қазақстан облысы «Мамлют» селосындағы жетімдер интернатының алдында тұрған мәңгілік жасыл шыршаны аралап алып кетіпті. Оны елка жасап, жетімдерді қуантамыз деп отырған жандарды жер қаптырыпты. Бүгінгі өмір тіршілікте осы айтылғандардай көңілге қаяу салар сорақылықтар күнде сүріндіреді. Отырсаң ойыңа, тұрсаң мойныңа, жүрсең аяғыңа, ұстасаң таяғыңа ілінеді... Демалып жырғаймын деп отырып, көңілге осынша қаяу түсіріп, орнымнан тұрдым. Есім барда
үйді табайын, бәйбішеме барайын деп трамвай аялдамасына келдім. Ол үлкен жолдың дәл ортасына орналасыпты. Жолаушылардың алдынан трамвай, артынан машиналар ағып өтіп жатыр. Қос оттың ортасы. Сақ тұрмасаң, қауіпті. «Қамқоршылар» қауіпсіздеу болсын деп, қазық қадап, жұмыр темір керіп тастапты. Жұрт сол темірге асылып-асылып салбырап тұр. Орындық деген қоймапты. Қаба сақал бір қара шал қоқыс салатын тас келіге отырып алыпты. – Қария, орын тауыпсыз ғой, – дедім күліп. Ол күлмей: – 20-жылдары Қымысбаев деген өкіл болыпты. Ол елге шыққанда, биікте тұрып сөйлеуді мансап көріп, келі алдырып төңкертіп, соған шығып сайрайды екен. Мен соның кебін киіп отырмын,– деді. Бұл көрініс де көңілге қаяу салады. Үйге келдім. Бәйбішем байпаңдап қарсы алды. – Қалай демалдың? Көңілің көтеріліп, бойың сергіп қалған шығар, байқұсым?– деді ол. Шабдар қыздың жәбірі, жоғарыдағы оқылған одағайлықтар, әлгі аялдамадағы көрініс жанымды жеп тұрғанын қайдан білсін. «Иә,–дей салдым мен де сыр білдірмей. Ұмытпайық, көңілге түсер қаяу–қайғы. Қайғы – адам жігерін жер құрт. Жігері кем адам– рухсыз, намыссыз жан. Ол батыл іс-әрекетке бара алмақ емес. Ел егемендігін, Отан тәуелсіздігін, қорғай да, нығайта да алмақ емес. Ендеше етектен алар, балақтан басар, көңілге қаяу салар кесір-кесапаттың бәрінен ада болайық, алға арындап басайық! 1999 ж.
«АҚКӨТ ТОРҒАЙ» Бұл – сарыала дүмді, ақ құйрықты, сиырдың сомпайындай, тұрақсыз торғайдың аты. Ол қыпқып етіп, қай жағымнан жаныма жайлы леп соғады деп, байыз таппайды. Шыр айналып, жылы жаққа тұмсығын бұрып тұруға жанталасады. Ол күнге қарай бетін бұра беретін күнбағар секілді. «Абай жолы» эпопеясында Құнанбай қажы мен Жүндес Майыр пікірлесіп отырғанда тілмаш қасқа билеушілердің өзара пікірін дұрыс жеткізе алмай пұшайман болады. Құнысып қозғалақтай, шыжбалақтап шыр айнала береді, қай сөзден қайсысына жақпай қаламын деп жылмың қағады. Кейде жер шұқып, қылпылдап қалады. Сонда Құнанбай: «Ей, тілмаш, ін аузында отырған ақкөт торғай секілді қылп-қылп еткеніңді қойшы осы» деп жерлеп тастайды. Мұндай сатқын мінез, айнымалы арам қылық кейбір «адаммын» деп жүргендерге де тән. Оларға да тұрақты принцип, ұят, иман, пәтуа, баянды бағыт-бағдар бұйырмаған. Олардың да табаны бүрсіз, самал қайдан соқса, солай қарай мұрнын тосып тыныстайды, күн қайдан шықса, солай қарай аузын ашып шуақтайды, яғни пайдалы жаққа бетін бұрады, енді ісі түспейтін жаққа бөксесін бұрады. Олар – кім бастық болса, соның құлы. Бастықтың бұтының арасына кіріп тұрып, басқаға айбат қылуға, соның асыранды итінше үруге дайын. Сөйтіп, оған
жағынады, жарқанатша жалпылдайды, жапалақша далпылдайды. Өз қамы, өз наны үшін олар анасын да, баласын да сатып кете береді. Сондықтан, жұрт мұндайларды да ақкөт торғай, сыпайыласа, «күнгебағар» деп атайды. Осындай арты сарыала, жүрген-тұрған жерін былғап, садырасын ағызып-тамызып жүрген найсаптар бүгінде біздің арамызда да от оттап, су ішіп, нан тауып жеп жүр. Солардың бірі – біз білетін Қиялбек Жұрқабаев. Бұл ата-анасының көк ешкі сойып, азан шақырып қойған атын ақтап өсті. Елге иттігін, хамдығын істесін, жұртты «обдувать» етсін, ақты қаралап өтсін, өтірік-өсекпен, «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» ғана мұратына жетсін деп қойған атын ақтады. Оқығанның арамзасы, адамның мұғамбары болды. Оны жиі көресіздер. Бірер белгісімен таныстыра кетейік. «Естімеген елде көп, есек мінген молда көп» деген. Бір қу түнде де көзілдірігімен ұйқтайды екен. “Мұның қалай” дегендерге «бетімнің не қызылы, не қытығы жоқ, соны ешкім көрмесін, білмесін» дегенім ғой дейді екен. Сондай ниетпен Қиялбек Жұрқабаев да бет-аузының жартысын қара көзілдірікпен көлегейлеп алған, шын бетіне шіркеу салған, жасы 60тан асса да, жүзін әжім басса да, ақкөт торғайлығын қоймаған, екіжүзділікке тоймаған, сөзінің берекесі жоқ, тілдесе қалсаң, қылжақтап сөйлейтін, не айтып, не қойғанын білмейтін, жөн-жосықты, имандылықты сезбейтін, қияли қыртты көрсеңіз, сол «сабаз» деп біліңіз! Бастықтың алдында құрдай жорғалайтын, ол
түшкірсе, «жәрәкімалла!» деп екі бүктеліп иіле қалатын, ол кетсе, артынан түйеше жынын шашатын, жаңа бастықтың аузынан кіріп, артынан шығатын, соның қолшоқпары, сойылы болып соғатын итаршыны көрсеңіз, сол деп біліңіз! «Түлкі өз ініне үрсе, қотыр болады» деуші еді, бұл жаңа бастыққа жағыну үшін кеткен қожайынның артынан қанша үрсе де, қотыр да, шотыр да болмайды. Болса да көзілдірікпен көлегейлеп көрсетпейді. “Мұным ұят-ау» демейді. Баяғыда осындай берекесіздердің біріне, «байқа, қылжақтама, екіжүзді болма, қияметқайымда тамұққа қақталып қаларсың» дегендерге ол «оны бара көрерміз» дейді екен. Сол сияқты Қиякең де түбін ойламайды, күнін ғана ойлайды. Аушы қанша айла білсе, Қиялбек сонша қулық біледі. Мұның ішінің «ысталып» кеткенін көрмей, арман-аңсарын аңғармай тиісті орындар оны еңбектану жағына жіберді. Жастарды іс-жұмыс жағына жаттықтырсын, қимыл-әрекет жағына әмбебап етсін деді. Бірақ мұнда ол еңбектен өзінің үркетінін көрсетті. Жастарды еңбекке жанастырмақ түгіл, өзі мұғамбырлық танытты. Ауырды айналып өтіп, жеңілдің жағасымен жорғалады. Жастарды өнер-білімге тоғытты деп, ілім таратушы, білім насихаттаушы етіп жіберді. Тиісті орындардың онысы да дүмшеге құран түсірткендей болды. Мұнда ол жұртты «обдувать» етудің алуаналуан амалдарын аңғартты. «Өзім дегенде, өгіз қара күшім бар, қоғам қажеті дегенде «аспандағы бұлтты да ауыр көрді». Сәл салмақ түссе, оны жауыр көрді. Мүлде терлемеуді тәуір көрді. Сәл мұрны жіпсісе,
арқасына ашамай батқан өгіздей өкіретін болды, жүрегі айнып кекіретін болды. Қиякең еңбек жағын есеңгіретпесе де, өнер-білім жағын өрлетпесе де, нәпсіқұмарлық жағынан басқаға бәйге бермеді. Не қилы хикаяны бастан өткізді, иек көрсеткіштерге қол жеткізді. Кейде қолды болып, көйлек-дамбалын теріс киіп, әйел кебісін іле салып, тұра қашты. Бұл «қабілет-қасиет» кезінде «жоғары» бағаланды. Ер-тоқымы алынып, жүгені сыпырылып, дүмінен бір тебіліп жұмыстан қуылды. Осыдан ошағынан ойран шықты. “Бүйткен бай барын басына езіп жақсын!” деп, қатын кетті. “Мұндай әкенің барынан жоғы” деп, бала безді. Сөйтіп, қияли Қиякең терлеп-тепшіп еңбек етпеді. Еш нәрсенің үдесіне жетпеді. Аярлықпен апталап жұмыс бетін көрмеді, білгенін шәкірттерге бермеді. Қаттырақ талап етсең, тарс бүркеніп жата қалды. «Қайдасыз, көрінбейсіз ғой» десең, оң қолын кеудесіне қойып нала қалды, «ойбай, жүрегім, жүрегім» деп тала қалды. Күнін осылай өткізіп келеді, таса-тасада ақ бөкендей желеді, «ауыз жесе, көз ұялады» деуші еді. Қиякеңнің аузы да, көзі де ұялмайды. Тіпті, беті де шімірікпейді. Бірде әулет данасы болып, баласы болып, мойнына қоржынын салып барып, қорға қол жайды. Қайырымды адам табылып, ел игілігіне жаратарсың деп жүз мыңдаған долларды домалата салды. «Бұл неткен батпан құйрық, иесіз не ғып жатқан құйрық» деп, олар қызыл көрген құзғындай тарпа бас салды. «Оймақтай ауыз бен өрімдей өңешке тоқпақтай тығын тық» деген ата-баба өсиетін ескермеді. Біразын құлқынға ұрды,
біразын қалтаға ұрды. Ұрты-мұрты майланған соң, қалғанын өсімқорлық ниетке бұрды. «Тиыннан тиын сауамыз» деп, қуаныш тойын тойлады. ,Бір байып қалайық, деп ойлады. Бірақ пайда таппады. Тек оған әтір май, қотыр май бұйырып, соны жағынды, әшекей-мүшекей тағынды. Оны да о жағының, бұ жағының иісін кетіремін деп бүркіп жүріп тауысты, енді басқа әнге ауысты. Қазір оларға «халық қаржысын қағып кетіпсіздер ғой» десең, «менің оған ешбір қатысым жоқ, еш нәрсе білмеймін» деп сүттен ақ, судан таза бола қалады. Имансыз бала-шағадан да, қатын-қалаштан да безер деген – осы. «Итке ұят кірсе, ұлтан жаламас» деген қайда? Бұл неткен безерлік? Баяғыда біреу ұзақ сапарға бара жатқанда қасындағысы «ақырғы қоштасарда Алладан не тілейсің?» депті. Сонда анау, «ақырғы тілегім Құдай сенен құтқарса екен» деп тілеймін депті. Сол айтпақшы, біз де ,қазақ халқы, жаңа ғасырдан «не тілейсіздер?» деп сұраса, біздер «Ә,Құдай, сендерге жұмақтан жарығы жоқ бір бұрышты бұйырт!» деп тілер едік.
ЖАҚ АШПАСТАРҒА ЖАЙЛЫ ЖАЛПАҚ ШЕШЕЙЛЕР Елбасы жақында тағы бір шырылдаған шындықты ашық айтты... «Жоғарғы оқу орындарының көпшілігі ашық көзбояушылықпен айналысады... Осының салдарынан білім емес, диплом алып алданған, қазір еңбек рыногындағы қатаң бәсекелестікке жарамайтын жастар зардап шегуде» («Егемен Қазақстан» газеті, 11.02.00) – деді. Бұл – әркімге-ақ көрініп, көзге ұрып тұрған дерт. Бұл – «әр түрлі жамылғы жамылған академиялар мен университеттерге» ғана емес, әр жерде-ақ әдет-дағдыға, системаға айналып бара жатқан індет. Мұның етек алу себеп-төркіні қайда жатыр? Елбасы айтқан әлгі көзбояушылықта жатыр. Бұған кім кінәлі? Оған «балық басынан шіриді» деген, оқу, оқыту ісінің құлағын ұстап отырғандар кінәлі. Неге? Өйткені олар арзан абырой, жеңіл жеміс іздеушілер, жоқ «табыстың» тасасында жан бағушылар болып алды. «Өз шыққан төбем биік болсын» деп, «жауырды жаба тоқитын» болды. Көргенді көрмегенсуді, білгенді білмегенсуді әдетке айналдырды. Оқу оқытуда талап қоюдан қалды. Жақ ашпастарға жайлы жалпақ шешейлер болып алды. Талап қойса, тағынан таятындай, абыройдан айрылып қалатындай сақтанады. Ешкімді құлатпауға, жабыны да, жайдақты да жоғалтпауға тырысады. «Ас ішіп, аяқ босатардың» бәрін де бітіртіп жіберуге, бәріне
диплом беруге алуан түрлі айла-амалға барады. Голощекин заманының «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген нұсқауын «жығылып, сүрінген болмасын, ешкім қарыздар болып қалмасын», деп өзгертіп ұрандайтын болды. «Әсіресе, ақы төлеп оқитындарды сүйеңдер! Олар қолға түскен майлы жіліктің басы ғой, бала-шағаның аузына түскен асы ғой. Солардан айрылып қалмайық!” деп безілдейтін болды. Біздіңше, мұның бәрі – оқу, оқыту ісінің басындағы қазан-ошақ иелерінің жақсы атануы, арзан бедел, арзан атақ алдындағы құлшылығы, тіпті, жас кадрлар даярлау сапасын жақсарту жөніндегі мемлекеттік міндетті орындауға кедергі жасау – саботаждық. Осындай «қамқорлықтан» кейін кім оқиды, кім ізденеді, кім қимылдайды, кім ұпай-балл жинайды? Кім жақсы маман болуға тырысады, кім тынымсыз еңбекке барысады? Баяғыда бір ұстаз «қайран жиырма бестегі» шәкіртінен «жаратқан кім?» деп сұрапты. Сақалын қауқитып отырған «піскен бас» шәкірт не дерін білмей, есеңгіреп қалыпты. Сәлден соң есін жиып, «мені жаратқан – өз әкем» депті. Сонан соң ұстаз сол сұрақты бес жасар балаға қойыпты. Ол «мені жаратқан – Құдай» деп, тақ ете қалыпты. Сонда ұстаз «сенен жасы да, басы да, салмағы да, аумағы да, ойы да, бойы да бес есе кем сәби білгенді сен неге білмейсің?» деп, ата сақалы аузына біткен шәкіртіне шүйіліпті. Ол шылп етпестен, «бұл жас қой, жаратушысын әлі ұмытатындай болған жоқ. Ал мен бұдан 25 жыл бұрын жаралғам. Одан бері жаратқанды ұмытатын уақыт болды ғой» деп ақталыпты.
Ұят та болса айтайық, бұл күнде өз әкесінің аты-жөнін де ұмытып қалатын шәкірттер көбейді. Таяқ лақтырсаң, аузына шайнап салған сабағыңнан дым сезбестер, оқыған дәрісіңнен дым білместер, оқы деп берген әдебиетіңнен есен-амандар басына тиеді. Ширек ғасыр бұрынғыны емес, кеше «сенің айтқаныңды бүгін ұмытып қалатындар» жыртылыпайырылады. Әрине, «ұмыттым» деу – жоқ сылтау, «сасқан үйректің құйрығымен сүңгуі». Олар ұмытқан жоқ, білмеген. Әйтпесе, басқа енген білім қайда қашады? Бұларда білімге деген ұмтылыс, құлшыныс неге жоқ? Шолақ ойлылардың ұғымынша, оқығандар да ырғап-жырғап, көңілі жайланып, мұрты майланып жүрген жоқ. Олардың артық жерін ешкім көрген жоқ. Осы тоғышар түсінікпен ештеме білместер сабақта болмайды, болса, зейін қоймайды, тиісті әдебиетті оқымайды, ізденіп ешнәрсе тоқымайды. Оқта-текте суатқа келген киіктей тірі келіп, тірі кетумен тынады. Өйткені есепте жүру керек, тізімде тұру керек, түбі – диплом керек. «Қарағым-ау, әр пәннен, әр айда белгілі бір мөлшерде ұпай-балл жинау керек қой» десең, жақтырмайды, “мырс” етіп жүре береді. Олар әлгі талап етпес, арзан бедел қуушы жалпақ шешейлерге сенеді. Олар өзі үшін-ақ қол ұшын береді деп сенеді. «Құрғақ қасық ауыз жыртар», дәлелге көшейік. Естіген өтірік болар, өзіміз көргенді мысалға келтірейік. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқу тәртібін бұрмалау, қарыз – «құйрығымен» курстан курсқа ауыса қою, айлап-жылдап аудитория көрмейақ баға ала қою, келесі курсқа өте қою үйреншікті
әдіске айналды. Бұл туралы факультет, университет басшыларына жылда жалықпай, жасқанбай жеткізіп-ақ келеміз. Тыңдар құлақ жоқ. Проректор М.Орынқанов «изучаем» деп шығарып салды. Факультет деканы Н.Омашев – «тыңдап қойып, сүтін сораптай берер мысық». Осы заңсыздық биылғы оқу жылының бірінші жартысында тағы орын алды. Мысалы, Әмірқұлов Бауыржан батыр екінші курста аудитория көрмей-ақ үшінші курсқа өтті. Амангелді Майлан «құдай берер қайдан?» деп жүріп, келесі курсқа жетті. Жұқан Айдос «Айдабол, ас ішкенде пайда бол» деген мәтелді малданып алды. Жылда тек қараша айында пайда болады. «Жыл құсындай бұл кім десең?», “бұл Айдос” деп жымияды. Белгібаев деген ептеп-септеп мұратына жетуде. Бұл сабаздар «бал жинайық» деп бас қатыра қоймайды. Айлап, жылдап, суырылып шығып “мен айтам” деп әуре болмайды. Үнемі үстелдің басында басын тығып жатып, «Тымпи» ойнайды. Балл алыңдар деген ескертуге тоймайды. «Айдақтап салған тазы түлкі алмайды» дегенге селт етпейді, шылп етпейді. Олар мұнда қалыптасқан дәстүрді болжайды. Сырттан оқитын бөлімде де жағдай – осы. “Биылғы үшінші курста отырған 40 шақты шәкірттен журналистика мамандығы бойынша кімдер істейді?”– деп сұрадық, 6-7 кісі-ақ қол шошайтты. Осылардың көбі төрт жылда төрт ай оқымай-ақ университеттің түйенің табанындай дипломын қойынға тығады. Биыл Б.Әсіреңкиев, Е.Қошқарбаев сяиқты студенттер сессияда болған жоқ, аудитория көрген жоқ. Қ.Маханбетов, А.Ырыстанбеков мырзалар бір-ақ реттен төбе көрсетт көбі көз боя ісін бітірді.
Сауғанбаев Ермек деген өзінің зачет алуға жарамаған «данышпандық» бақылау жұмысын күндізгі бөлім шәкірті Аяпбергенова Лаураға 400 теңгеге сатып, екі жеп биге шықты. Бұлар қарыздар болып қалған шығар дерсіздер. Жоқ, мұнда ондай болмайды. Кафедра меңгерушісі Б.Жақыпов мырза мырзалық көрсетті. Бәріне «рахым» етті. «Білгіштерге» 4 ай бойы ала алмаған 25-30 баллды бір сағатта үлестіріп, аттестациядан өткізіп, сынақты қойып-қойып берді. Сөйтіп, жылдағы әдетінше жалпақ шешейлік жасап, жақ ашпастарға жақты, жақсы атанып, тағы арзан бедел биігіне көтерілді. «Мұның қалай?» деп едік, “Омашев, Орынхановпен осылай шештік” деп мұртын сипады. Міне, Елбасы айтып отырған көзбояушылықтың көкесі осы. Бұдан кейін жоғары оқу орындарының маман даярлау сапасы қалай жақсарсын! Дипломды дүмше кадрлар қалай азайсын! Сондықтан да ол «бұл салада қатал тәртіп орнатылуға тиіс. Жастарға сапалы білім беру қажет», деп қатаң талап қойып отыр. Мұны қалай іске асырамыз? Бұл үшін арзан бедел қуып, «жалған жамылғы жамылып» жүргендерді жалаңаштап, ел алдына сүйреп шығу керек. Баяғыда біреу құбылаға қарап дәрет сындырып тұр екен. Жұрт: «О, найсап, не істеп тұрсың? Шариғатқа қарсы келмей, бұр бетіңді!» деп, желкесінен түйіп жіберіпті. Сол сияқты, көз бояп, мемлекет мүддесін өз абырой, атағынан төмен қоятындардың тақымына қыл бұрау салу керек. Оларға да түзу отырып-тұруды үйрету қажет. Қисық-қыңырды түзер тез ағашы бізде де бар! 2000 ж.
ЕКІНШІ БӨЛІМ ШЫМШУ СӨЗДЕР КӨЗҚАРАС ПА, ТЕРІС ҚАРАС ПА? «ZAMAN-ҚАЗАҚСТАН» газетінің 25 көкектегі нөмірінде Қуандық Түменбай «Жоғарғы оқу орындарына көзқарасын» білдірді. Сонда «журналист сөзі дискуссияға ұласса» деп армандапты «Өзі айтып, өзі қойып, түйеден түскендей дүңк еткізп ой қорыту – біздің қазақ баспасөзінің арыла алмай келе жатқан бір ауруы» деп, сол ауруға ем іздепті. Автордың сол арман-аңсарын ескеріп және өзінің бірсыпыра қыңқыжылысына пікір білдіруге біз мәжбүр болдық. Соңғы кезде жоғарғы оқу орындары турасында теріс пиғыл білдірушілер көбейді. «Жоғарғы оқу орындарында қалтасы қалыңдардың тұқымы оқиды», «Ағайлар ақша сұрайды» , «Бір зачет 50 доллар тұрады», «Долларың болса, диплом дайын» деген сияқты қаңқу сөздер етек алды. Түменбай Қуандық та сол ұзынқұлаққа құлапты, қол қойыпты. «Темір жол институтында оқитын жиенім сынағын тапсыра алмай, сағы сынып, қайтып жүр», «бір зачет үшін 50 доллар сұрайды» дейді, сонымен, жиенім оқуын
тастап, жұмыс іздеп жүр». Меніңше, Қуандықтың жиенінің басы «ас алғыр» болу керек. Ол бір «зачетты» өткізуге 50 доллар сұрағандықтан, шығып кетпеген болу керек. Оған оқи-оқи, оқу өтіп кеткен болу керек. Әйтпесе, нағашысы жиенінің қолынан жетектеп институтқа алып бармай ма? Кәне, бір зачет үшін 50 доллар сұрап жүрген кім, көрсет демей ме? Оқудан шығып қалмау үшін, өз құқы үшін күреспей ме? Кеңірдегіне пышақ таялғандағы ешкі құрлы тыпырлап бақырмай ма? Олай етпеген екен, жиен сөзі – жалған. Жалғанға нағашы да нанған. Тиісті тергеу орындары жиенді шақыртып, «пара сұраған оқытушыны көрсет» деу керек. Мұны істей алмаса, жалған пікір, өтірік-өсек таратқаны үшін онің өзін жазалау керек. Мұнымен қоса «ағайлар ақша сұрайды» деген хабардың авторынан да осыны талап ету керек. Сөйтіп, қатыным айтты, жақыным айтты, нағашы жиен айтты, күйеуім, біреуім айтты деп жоғары оқу орындары туралы жалған пікір қалыптастыруды тоқтату керек. Қ.Түменбай оқытушылардың осы парақорлығы жөнінде көрші прфессормен сырласыпты. Ол: Қазіргі студенттер бізден үш-төрт есе көп алады»,– деп көзі жасаурай қарапты. Жас тұнған көздің ар жағынан «бізді де аясаңдаршы» деген сұғанақ сезімді көргендей болдым», – депті. Әлгі сұғанақ профессор пара алатынын мойындаған екен, студенттің «көп алатынын» көре алмайтын сұғанақ сезімді профессорды жауапқа тарту керек. Өтірік болса, Қуандықтың өзіне құрық салу керек. Бұл бұл ма, ары қарай Түменбай былай төндіреді:
“Түске дейін сабақта, әйтпесе, көк базарда жүрген мемлекеттік оқу орындары студенттерінің аузынан: “Көрерміз, көп болса 50 доллар беріп қойдырып алармыз», – деген сөздерді естисің”. Естіген екенсің, қане, мұны кімдер айтты, қашан, қай жерде айтты, дәлелдеңіз, қылмысты әшкерелеуге көмектесіңіз деу керек Қуандыққа. Әйтпесе, бұл – барлық мемлекеттік жоғары оқу орындарына, оның барлық шәкірттеріне жала жабу, күйе жағу. Тіпті, «егер диплом керек болса, ол базарда толып тұр, таңда да ала бер» дегенді де естіпті. Мұны да анықтау керек. Рас болса, ел жастары табанынан таусылып, жылына 600 доллар төлеп, журналистика институтында неге оқып жүр? Сол базардан ала салмай ма? Ары қарай көзқарас білдірушіңіз «мемлекеттік және мемлекеттік емес оқу орындары. Қайсысының салмағы басым? Шәкірт болашағына қайсысы даңғыл жол ашады? Осы екеуінің қайсысы шәкірттің санасына нұр құйып, қоғамға тиімді маман даярлайды?» деген сұраулар қояды да, мемлекеттік оқу орындарына ұрынады. «Бір қатар жеке меншік оқу орындарын бітірушілерді мемлекеттік оқу орындарының студенттерімен салыстырғанда «мемлекеттік еместіктер» оқ бойы озық тұрады» деп соғады. «Бірқатарының» бірсыпыра түлектері солайақ шығар, ал мемлекеттік оқу орындары даярлаған мамандардың бәрі солардан оқ бойы төмен тұра ма? Бұлай десе, Қуандық күнәһар болады. Әлгі пікірін дәлелдеу үшін ол Халықаралық журналистика институтын мақтайды, өзі оқып бітірген әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі
журналистика факультетін даттайды. Яғни, «өзі суын ішкен құдығына түкіреді». Тіпті, ізет, инабатты сырып тастап, кешегі ұстаздарының жағасына жармасады. Былай дейді: «Әлі есімізде, мемлекеттік журналистика факультетінде очерк пен корреспондецияның айырмасын үйретудің орнына, 70-жылдардағы факультет басшылары әскери әзірліктен үлгермеген студенттің: «Сіз журналист дайындайсыз ба, артиллерист дайындайсыз ба?» – деген деканға айтқан сұп-суық сөзі естен шығар ма екен?!». «Орынды сөз жүйесін табады, орынсыз сөз иесін табады» деген. Талдап көрсеңіз, осы ойланбай айтылған орынсыз сөздер Қуандықтың өзін табады. Олай дейтініміз, біріншіден, факультет өз шәкірттеріне очерк пен корреспонденцияның айырмашылығын үйретпеп пе? Үйретпесе, қазіргі жазу-сызуды үйінен үйреніп кеп пе? Екіншіден, зор саяси, қорғанымпаздық маңызы бар әскери әзірлік пәніне салқын қарайтын, одан үлгермейтін студенттермен факультет басшылары жұмыс істемеу керек пе, талап етсе, ол шәкірттің соңына түсу ме екен? Үшіншіден, университетте әскери пәндер жүргізетін арнаулы кафедра бар. Университет міндеті – түлектерін бір кәсіби маман етіп шығару болса, әскери кафедра міндеті – оларды офицер етіп шығару. Демек, біздің факультет шәкірттері әрі журналист, әрі артиллерист болуға тиіс еді. Ендеше, бір студентіміздің «Сіз журналист дайындайсыз ба, артиллерист дайындайсыз ба?» деп сұрауы мүмкін емес. Мұндай сұрау қойғанды автор түсінде көрген
болу керек. Қоя қалғаны рас болса, Қуандықтың құлағынан кетпейтіндей ол сұп-суық сөз емес, түсінбестік қана. «Қала берді, – деп төндіреді Түменбай, – әдеби кеңеске қатысқаны үшін «сабақтан қалдың» деп студенттің ізін аңдып, стипендиядан алып, жатақханадан қуу ұстаздық ұлағатты кері ысырып қойғанда, әкелік қамқорлыққа жата ма?». Бұл да – Түменбайдың өзін табатын сөз. Өйткені, лекция тыңдау, семинар сабағында отырып, өз кәсіби мамандығын игеру – студент үшін өндіріс. Жұмыс уақытысында өндірісті тастап, басқа жақта сандалып жүргендерді ешкім маңдайынан сипамайды. Ондай еңбек тәртібін бұзушыларды 2-3 рет жөнге шақырады. Ем қонбаса, шара қолданады. Ендеше өз өндірісін тастап, сабақ сағаттарында «әдеби кеңес» түгіл, халықаралақ кеңеске қатысса да, бетімен кеткендер тәртіпке шақырылады. Оларға шара қолданылады. Тәртіп бар жерде ғана еңбек өнімділігі, сапалы білім, саналы болашақ бар. Мұны Түменбай түсіну керек. Бұл – бір. Екінші, ұстаздық ұлағат – әкелік қамқорлық. Заң шеңберінде, белгілі ереже, жөнжосық, мораль, этика аясында ғана көрсетілуі керек. Оған қайшы қамқорлық көрсету – қылмыс. Үшінші, әлгідей сабақ уақытысында жиын-жиналысты жағалап, сонда қалғып-мүлгіп отырғандарға талап қою қажет болса, шара қолдану болашақ журналистің жазумен айналысуына мүмкіндік бермегендігі емес, кәсіпке шығар жолын жапқандақ емес. Түменбайдың түсінігінше, мұның бәрі «сол жылдардағы» несіне жетісіп келгенін талдап бере алмайтын
профессорлардың... қыңырлығы» екен. Меніңше, әрбір профессор қыңырлықтың не екенін Қуандық құрлы білер болар. Қуандықтың көзқарасын оқыған сайын оның есін жиғызып, етегін жапқан, өзі ұшқан ұясы университетке, журналистика факультетіне деген қыңы мен қыжылы барының иісі шығып тұрады. Бұған салмақты себептер де болар. «Естен шығар ма екен?!» деп шағынғанына қарағанда, кезінде шекесіне тиген факултет басшылары шоқпарынан шыңылы әлі басылмай жүрген шығар. Әйтеуір, университетке деген Қуандықтың қыжылы күшті. Ол жата қалып, Халықаралық журналистика институтын бұрынғы Одақтағы ең үлкен, ең ірі журналистика факультетінен жоғары қояды. Сонда не дейді дейсіздер ғой. «Біріншіден, мұнда ең озық деңгейдегі оқытушылар жұмысқа тартылады», – дейді ол. Сондағы бары – жалғыз профессор, 3-4 кандидат. Ал университеттегі журналистика факультетінде 7 профессор, 20-ға тарта ғылым кандидаты, 25 жазушылар, журналистер одағының мүшесі дәріс береді. Мұны көзқарас білдіруші көрмейді. «Екіншіден, мұнда кімнің келіп, кімнің кетіп жатқаны – белгісіз опыр-топыр емес», – дейді ол. Мұны оқығанда Түменбай ұрпағының мұнда кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанын білмегендіктен болған ғой деп түсінесіздер. «Үшіншіден, студент әр оқытушыдан сапалы білім талап ете алады», – дейді ол. Бұл талап университет факультетінде басшылар тарапынан, шәкірттер жағынан қойылмайды деп кім айтты?
Мұнан соң институт «бес ғасырға татитын бес жылды бастан өткерді», – деп құйқылжытады Қуандық. Ал журналистика факультетінің 63 ғасырға тең 63 жылы ел игілігі үшін тер төгіп келе жатқанын Түменбайдың түсінгісі келмейді, көргісі жоқ. Онда Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев сияқты алыптардың ізі жатқанын, солардың үлгі, өнегесі, дәстүрі барын назарына ілмейді. «Мұнда жапон, ағылшын, парсы, иран, түрік тілдерін оқытатын факультеттер бар» деп қуанады Қуандық. Ол біле білсе, бұл тілдерді оқыту журналистика институтының бағдар бағытына (профиліне) жата ма? Тіпті, ондай факультеттер бар екені өтірік, олардың онда болуы мүмкін емес. Ең бастысы, институттан түлеп ұшқан қарлығаштар жылы ұясының атына кір келтірмей, өз істерін мінсіз атқаруда, – дейді Түменбай. Дүрыс-ақ, еңбек жемісіне қуанған жақсы-ақ. Журналистика институты дүниеге келмей тұрып-ақ бүкіл Қазақстан баспасөзін – аудандық, облыстық, республикалық газет, журналдарды шығарып, радио, теледидар атаулыны қозғалысқа келтіріп, Президент, министрлер кабинеті аппараттарының барлық жұмысын айнаға түсіріп отырған, көптеген ғылым, қоғам, мемлекет қайреткері ретінде танылған журналистика факультеті түлектерін неге мақтаныш етпейді. Мұның орнына ол бұларды «журналистеріміздің мәдени этикасының соншама төмендігіне қайран қаламыз» деп тұқыртады. Қ.Түменбай «журналистің өзі жазып отырған объектіге адалдықпен, қызғанышсыз қарауын үйрену
керек» деп ақыл айтыпты. Өзінің үйреніп, объектіге адал қарағаны – осы. «Журналист таза құдық іспеттес» депті. Өзінің «таза құдық» болғаны сонда осы ма?! Ал біздіңше, Қ.Түменбайдың журналистика факультеті, оның басшылары жөнінде айтқандары көзқарас емес, теріс қарас.
АДАМНАН АМАЛ АРТЫЛМАҒАН-АУ! «Заң газетінің» осы жылғы 13 тамыз күнгі нөмірінен «Нарықтық эгоист» атты памфлет оқыдық. Одан «таныс бейтаныс» емес, дәл бұрынғы өз шәкіртіміз, қазіргі халықаралық журналистика институтының ректоры, Тіней Оразайдың Мұртазасының Файзолласын тап басып таныдық. Таныдық та, бұл сабазың да біраз төбенің басына отырып-тұрып кеткен екен-ау, біраз жүріс-жорық жасаған екен-ау деп таңырқастық. Сол тұста оның өзі – ректор, бәйбішесі – бірінші проректор, баласы тағы бір жеріне бас ие болып отырған өздерінің жеке меншік журналистика институты бес жасқа келіпті. Осы мерейтойға орай Оразаев баспасөз бетінде біраз масайрап мақтанды, көсіле шешіліп, шағынды. Сонда «Нарықтық эгоист» екеніне тағы да көз жеткізіп тынды. Біреулерді мақтады, бюіреулерді атын атамай, даттады. Мақтағандардың алдына бұлар «кейбіреулер сияқты күндеген жоқ, тас лақтырып, тасада бұғып қалған жоқ» деп жалпаң қақты. «Кейбіреулердің түртпектеп тыныштық бермей, көре алмай, газетке жазғандарын еске алмай кете алмайсың» деп егілді. «Қазақ» газетінің де көрмегені жоқ... Тіпті бүгінгі «Қазақ үні» де аяқтан шалуға тап болды. Москваның
«Маяк» радиосының тілшісінен бастап, өз ішіміздегі кісілерге дейін «қазақ» деген ат «тенденцизонный» деп айтпақ ниет білдірді» деп салдырлатты. Тағы бірде «институт медіресе болып құрылған күннен бастап аяқтан шалушылар шыға бастаған». «Бар болса, көре алмайтын, жоқ болса, бере алмайтын», күндестік деген қасиетті бойға сіңірген «ағайындар емеспіз бе?» – деп те жылады. («Қазақстан мұғалімі» газеті, 13.08.97). Нақнұсқаусыз сын, бос байбалам деген –осы. Көріп отырсыздар, мұнда бірде-бір «күндегендердің», «тасадан тас лақтырғандардың», «түртпектеп тыныштық бермегендердің», «көре алмағандардың», күндес болғандардың» аты аталмайды. Мұның бос байбалам екенін мынадан-ақ аңғартуға болады. Күндеп күндестік етер-ау дейтін қазақтың ұлттық университетінің журналистика факультеті бұл институт туралы 1992 жылдан 1997 жылға дейін бір ауыз жағымсыз пікір білдірген жоқ, бұл неткен институт деген жоқ. Оның қасынан академия ашылып жатқанда да, іштарлық көрсеткен жоқ. Қайта деканы, кафедра меңгерушілері, оқытушылар барып, оны аяғынан тік тұрғызуға көмектесті, сабақ жүргізді. Өмір сүруіне лицензия ашып берді. Мұны Файзолла мырзаның өзі де мойындап, жылап айтып отыр. Өзімізбен бірге қуанды дегендердің қатарында Н.Омашев, Б.Жақыпов, Қ.Алдабергеновтерді атап отыр. «Профессор Н.Омашев бастаған комиссия екі жеті тексерістен кейін лицензия беруге әбден болады деген қорытынды жасады. Әділ де ақ пейілді қортындысы үшін сол комиссия мүшелеріне рахмет
айтамыз» («Егемен Қазақстан» газеті, 25.08.97), – деп отыр. Сөйткен Файзолланы «Құдай бұзды». Өткен жылы журналистика саласынан қандидаттық диссертация қорғататын ғылыми совет ашу сөз болғанда, журналистика факультетіне оның өзі тас атты. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазар» дегендей, Академия ашып алғанын місе тұтпай, ғылыми Советті де институтынан аштыруға жан салды. Бұл үшін өзі ұшқан ұясы– журналистика факультетіне шеңгел-шеңгел қара күйе лақтырды. “Онда бірдебір журналистика маманы жоқ, нағыз журналистер бізде, ғылыми Совет бізге лайық” деп соқты. Ғылыми кадрларды аттестатциялау мекемесіне жалалы арыздар тоғытты. Оның З.Ахметов, Р.Нұрғалиев сияқты білікті қызметкерлері «біз журналистика факультетін де, онда кімдер барын да білеміз. Сіз Академия ашқанда, олар еш наразылық білдірген жоқ. Қойыңыз, мұныңыз ұят болады» деді. Амал не, Тіней Файзолла мұны түсінбеді, тоқтамады. Осы жылы өз институтында баласы оқитын Қуандық Түменбайға мемлекеттің оқу орындарының жалпысына жала жапқызған, журналистика факультетін күйелеген мақала жариялатты. (“ЗаманҚазақстан” газеті 25.04.1997). Сөйтіп, «тыныш жатқан жыланның құйрығын басты». Факультет өкілдері өре тұрды. Мен «Көзқарас па, теріс қарас па?» (сол газет 9.05. 1997) деп, Түменбайды біраз түйреп өттім. Оған Түменбай менің атымды көп атап қойыпты деп қана тулады. Осы тұста Түменбай тасасында Мұртазаның
Файзолласы сөлең етіп шыға келді. «Кімдікі оң қарас, кімдікі теріс қарас» деп бажалақтады. «Пайымсыздық– парықсыздық» (сол газет 23.05.1997) деген материалыммен оны да бір сипап өттім. Шәкірт мырза институты ашылғаннан 5 жыл кейін, өзі ұрынған соң ғана жауап ретінде жазылған осыларды бізді көре алмағандықтың дәлелі деп түсінсе, оны өзінің арына салдық. Бірде сол институттың қазіргі бір проректоры А.Мұқатаев «пәленің басы Қ.Түменбайдың мақаласы болды. Одан бұрын тату да, тәтті едік» деп ашық мойындады. «Қазақстан мұғалімі» газетінің тілшісі ректор Файзолладан “мемлекеттік және мемлекеттік емес оқу орындарының қайсысы шәкірт болашағына даңғыл жол ашады?” деп сұрапты. Сондағы оның жауабы: «Қай білім ордасының мысының басым болып бара жатқанын көпшілік біледі. Жұрттың ниетінің осынау жеке меншіктегі оқу орындарына ауа бастауы да тегін емес, әрине, мұндағы негізгі себеп сапалы білім беруде болса керек...Дүмше маман оқытқан жерге талапты жастың келуі екіталай...» жеке меншік оқу орындары «сапалы білім нәрін себуімен құнды... Мұнда нағыз білімді де, білікті мұғалімдер дәріс береді. Оларға қойылатын талап – қатаң. Қатаң талап болған жерде – жұмыстың өнетіні белгілі жәйт» («Қазақстан мұғалімі» газеті, 13.08.1997.) Мұнда Мұртазаның Файзолласы мемлекеттік оқу орындарын жерлеп, өзінің от басының оқу орнын өтірік мақтап, босқа күпініп отыр. «Сегіз түрік баласы Түркиядан келіп, даярлық курсын бізде бітірді» деп тағы өтірік айтып отыр. Бұған дәлел – осында оқып,
«шекесі қызғандардың», «сапалы білім алғандардың» пікірін тыңдап көрейік. Ержан Абдырманов: «1991 жылы жетпістей қазақ және он шақты түрік баласы жаңа ашылған Алматы журналистика медресесіне оқуға түстік. Бір жарым жылдай оқығаннан кейін медресемен (кейін Халықаралық журналистика институты) қош айтысуға тура келді. Өйткені, төлеген ақшамызға сай жоғары білім ала алмайтынымызға көзіміз жетті. Өткізілетін пәндердің саны тым аз. Күніне бір-ақ рет пән оқып қайтатын кезіміз көп болатын (тәртіптің күштілігі, жұмыстың өнгені осы ғой – Т.Қ.). Бір жылдан кейін-ақ студенттердің біразы оқуды тастап, көпшілігі сырттайға көшті. Ал түрік балалары оқу жылы аяқталмай жатып, басқа оқу орындарына түсудің қамында кетті. Біразымыз Қазақ мемлекеттік университетіне қайта түстік. Медресеинститутта оқып жүріп түсімізге енбеген пәндерді университеттің журналистика факультетіне түскен соң оқып білдік». Біз журналистика институтын тастай қашқан 8 түрік шәкіртінің кейбірімен сөйлестік. Олар былай дейді: “Қатаң тәртіп орнаған, қатаң талап қойылған, сапалы білім беретін оқу орнын кім тастап кетеді. Бір жылдай оқып, одан ештеме ала алмадық. Еш болмаса, қазақ тілін дұрыс үйрете алмады. Бұл пәнді бізге Файзекеңнің өзі, бірде бәйбішесі жүргізген болды. Сабақ кейде өтілсе, кейде өтілмеді. Журналистика пәндері де тым жұпыны болды. Сондықтан, университетке, басқа оқу орындарына ауысып кеттік”. Міне, шындық. Ректор күпсіте мақтаған
журналистика институтының сиқы – осы. Бұған оның өз сөзі де дәлел: «Жылына 75 студент қабылдаймыз. Былтыр тұңғыш 30 түлегіміз бітірсе, биылғы оқу жылында 35 түлек ұядан ұшты». Сонда қабылдаған шәкірттерінің тең жыртысынан көбі қайда? Сапалы білім беретін оқу орнын олар неге тастап кеткен? Өтірік мақаланың исі аңқып, шиі шығып тұрады деген – осы. Институтыңызды бітірген жастардың жұмысқа орналасуы қиындықтар туғызбай ма деген сұраққа ректор: «Жан-жақты маманға қай жерде болса да «бір кісілік» орын бар ғой... Бірқатар түлектеріміз елшіліктерде абыройлы қызмет етіп жүрсе, енді біразы... еліміздегі белді бұқаралық ақпарат құралдарында мінсіз еңбек етуде...» дейді. «Қызметті біздің түлектер іздемейді, қызмет оларды іздеп табады» деп те соғады. «Сонда олар не істейді?» десеңіздерші! Айтайық, «Анкара» қонақ үйіндегі Бүркітбаева Шынарай – ақшам сервиз, Рахманбекова Гүлшат – суперфайзер, яғни үй күтуші, үй сыпырушы. Тағы бір жерде Ақмарал деген қыз – есеп-қисапшы. Еркін Дәріжбаев – саудагер, Нұргүл, тағы басқалар әр жерде тілмәш, Гүлнар Бесбаева, Ләззат Танысбаева телестудиядада аудармашы, диктор. Яғни оң қолды жүрекке қойып мойындар болса, халықаралақ журналистика институты өз атына, міндетіне, дайындар кәсібіне лайық бірдебір белгілі журналист дайындаған жоқ. Одан ауызға алар журналистердің шығуы мүмкін де емес. Өйткені оның шәкірттері өндірістік тәжірбиеден өтуге келгенде, журналистика мамандығынан көрген-білгені, ойға түйгені өте мардымсыз екендігі, хабар-ошар жаза алмайтындығы
көзге ұрып тұрады дейді республикалық газеттердің кейбір қызметкерлері. Заман, дәуір талабына лайық журналистер даярлай алмайтын институт иесінің өзі де түсінген болу керек. Алдағы оқу жылында институтымызды «жалпы халықаралық мамандықтар университеті етіп қайта құру жоспарланып отыр» депті. Енді кедендік, дипломатиялық қызметкерлер даярламақ көрінеді. Пайдалы, майлы жіліктің басын атасақ, жастар қызыл көрген қарғадай үймелер дегені ғой. Соңғы кезде баспасөз орындары тағы бір сорақылықты сынап жүр. «Егемен Қазақстанда» Шерхан Мұртаза: «Қазір Құдайға шүкір, не көп, Академия көп, академиктер көп. Кейбірінің алақанына қарасаң, ешқандай із жоқ, жып-жылтыр. Бұл не? Ғылым атты қасиетті ұғымның құнсызданғаны ма? Заман түзелер, ғылымға да, әдебиетке де татымды талап қойылар. Сонда да көбедей көп академиктердің талайының аты да, заты да ұмытылады (29.08.1997.), – деп жазды. Рамазан Думан: «Ой, Алла, о заманда бұ заман бір ғылыми еңбек түгілі, бір зерттеу мақала жазбаған адамдарға академиктік атақ берілгенін естіп пе едіңіз?...Қазір қаптаған академик... қасиетті саналатын академиктік атақтың қадірін қашырғанына қынжыламын. Ақшасын төлесем, менің де атақ алуға құқым бар екен. Не деген сұмдық!» («Қазақ әдебиеті» газеті, 09.09.1997.), – деп, жан айқайға басты. Мұның бәрі – орынды ойбай. Баяғыда бір қу бала “жарық дүниеге жарқ етіп келіп қалғанымды апамның өзі де білмейді, мен де білмеймін” деген екен. Сол айтпақшы, бұл күнде көп азаматтың
қалайша гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі боп қалғанын ел де білмейді, өздері де білмейді. Өйткені бұл академия Халықаралық журналистика институтының қасынан ашылған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университеті тұрғанда, Абай атындағы атақты Алматы университеті тұрғанда, гуманитария ғылым академиясын Оразаевтың ошағының басына әкеп қандай мықты тастай салған деп, көп ел аузын ашып, көзін жұмып ойға қалады. Біреулер баяғыда Алдар Көсе көкеміздің Шығайбайдан біз сұрап, қағыс естіртіп, кемпірінен бой жеткен Қызбике қызын қағып кеткені сияқты, Файзекең бір жөнін тапқан болар деп күледі. Академиктерді тез шыңдап шығарып жатқан «ұстаханалардың» бірі – осы Оразаев отбасының академиясы. Қазір таяқ лақтырсаң, гуманитарлық ғылымдар академиясы, академиктердің басына тиеді. Тойда отырсаң, сөз берілгендердің бәрі академик деп таныстырылады. Қаптаған қандай академик деп таңырқайды жұрт. Бұл орайда бір біліп қоятын нәрсе – Файзекең бұл атақты мырзалықпен емес, үлкен есеппен үлестіріп жүр. Алғаш ол оны табыс көзіне айналдырды. Академик болғысы келгендер 200 доллар төлеуге тиіс деп хабарлады. Бірсыпыра ғалымдар «тегін берсе де, Оразаевтың академигі болмай-ақ қойдық» деді. Зияны жоқ, болып алайық дегендер табылады. «Қожайын» оларға атақ ақысының бірсыпырасын ақшадай, қалғанын лекция оқып өтеңдер деп саудаласты. Сөйтіп, белгілі тарихшы К.Қожахметов
3500 теңгені қолдан төлеп, қалғанына лекция оқып академик атаныпты. Ғылым докторы Д.Ысқақов атақ құнын осылай өтеп, мүше-корреспондет етіп сайлауды сұраныпты. Файзекең мырзалық қып, оған академик атағын лақтырып жіберіпті. «Берсе, ал, ұрса, қаш» деген емес пе? Қашқам жоқ, қағып алдым» деп, Дәкең қарқ-қарқ күледі. Кейінірек Файзолла басқа есепке көшті. Академик атағын пайдасы тиер-ау деген мерейтой иелеріне жабатын шапанға, мінгізетін атқа айналдырды. Бұған дәлел – оның отбасының академигі болуды армандамаған, соған сайлашы деп сұранбаған, белгілі ғалым М.Барманқұловтың 60-жылдығында оған «Сіз біздің академияның мүше-корреспонденті болдыңыз» деді де, тындырғандай тартып отырды. Жұрт аң-таң, мерейтой иесі де аң-таң. Биыл жазда дисстертация қорғататын арнаулы Советті де иемденбек болып, мемлекеттік оқу орындарын даттап арандағанда, жұрт Файзолла институтының шиін шығара бастады. Журналист кадрларын даярлау жөніндегі оқу-әдістемелік орталығының төрағасы Н.Омашев: «Бұлар сыйлағанды білмеді. Ақыры өзімізге ауыз салды. 1995 жылы мен басқарып барған комиссия қазіргі өтіліп жатқан барлық шет тілдерін оқытуға лицензия алып берді деп өтірік айтып отыр. Ондағы оқу процесін қайта тексеру керек екен», – деп мәселе көтерді. Осыны біле қойып, Файзолла мырза ауызбастырық ретінде: «Н.Омашев гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі болып сайланды. Сүйінші! Құттықтаймыз!» деп, «Заман-Қазақстан» газетіне
хабар түсірді. Мұны естіп қалған Н.Омашев редакторға телефон шалды. Рас екенін білген соң, «Мен ешкімнен академик ет деп сұрағам жоқ, арыз бергем жоқ, сайлауға қатысқам жоқ. Оразаевтің отбасының академигі деген атақтың тегін болса да, қажеті жоқ. Ондай хабарды жариялай көрмеңіз» деп өтінді. Тілегі қанағаттандырылды. Бірақ Оразаев оның аузын алудың басқа жолын тапты. «Н.Омашевқа құрметті профессор, Б.Жақыповқа құрметті доцент атағы берілді, құттықтаймыз! – деп «Егемен Қазақстан» газетіне хабар түсіріп, жария етті. Адамнан артылмаған осындай көп қулықты мысқылдап материалдар жазылып жатқанын естіген Оразаев жаңа айлаға барды. Редакторлардың ілтипатына ие боп, әлгідей материалдардың жолын кесу үшін оларды академик етіп жариялап, қолдарын қысып, құттықтай қойды. «Сыйға – сый, сыраға – бал» деген, осылай етсем, оларда біреу-міреу бірдеңе деп жатса, «мені ұятқа қалдыра қоймас» деп ойлады. Бірақ бұған редакторлар алақайлап қуана қойған жоқ, қайта қысылды, бұл қалай деп аңырды. Өйткені олардың ешқайсысы да ешкімнен академик атақты дәметкен жоқ еді, «сайлашы» деп өтінген жоқ еді. Сөйтіп, бұл атақты Оразаев оққағарына да айналдырды. Бұл айласы іске аса ма, жоқ па, ол осындай материалдар редакцияларға түскенде көрінер. Біз мемлекеттік емес оқу орындарының өмір сүруіне қарсы емеспіз. Тек олар кадрларды халықаралық стандарт деңгейінде, талапқа сай даярлайтын болсын дейміз. Кейбіреулер оны отбасы,
ошақ қасының қаржы табу көзіне айналдырмасын дейміз. Салалық академия атақтары есеппен үлестірілмесін, ғылым мен ғылыми атақтың қадірқасиеті кетірілмесін дейміз. Жәбір шеккен, қиянат көрген адамның кейпіне кіріп, тигенге де, тимегенге де самбырламай жөнімізбен жүрейік дейміз. «Адамнан амал артылмаған», дегенмен, қулықтың да құйрығы бір-ақ тұтам екенін ескерейік дейміз. «Өтірік өрге баспас», байбалам ұзаққа бармас дейміз. 1998 ж.
ҚАРАСАҚ, ҚАРАЙЫҚШЫ Сейілбек Қышқашұлы «Өзімізге өзіміз бір қарайықшы!»(«ZAMAN-ҚАЗАҚСТАН»газеті, 17.01.1997.) деп, ағайындарды ақыл-парасатқа шақырыпты. Дұрыс-ақ. Бірақ Сәкең сол сүйкемесінде өзі парасаттылық көрсете алмапты. Біздің қазақтың көңілі түссе, көл-көсір болатыны, желкесі қыржиса, терісі тарылып, танауы қусырылып, ішіне пышақ айналмай қалатын тарлығы бар ғой. Секең сүйкемесінде сол тарлыққа бой алдырыпты. Сұлтанбай Құдайберген «Халық әртісі» атағын алғанда, оның жамағаты «бұған депутат болу арқылы жетті-ау» депті. Мұны айтқан бәбішесіне Секең «қалай алса, олай алсын, онда сенің нең бар» демепті, қайта «солай ғой» деп, үш рет күліп жіберіпті. Қашан күліпті, неге күліпті дейсіздер ғой? Бірінші рет Құдайберген өзін-өзі депутаттыққа ұсынғанда күліпті. «Мен депутат боп не тындырам. Парламент мәжілісін күлкі театрына айналдырам ба?» дегеніне күліпті. Екінші рет «халықтың Құдайбергенді депутат етіп сайлағанына», ол біздің қай жыртығымызды жамайды деп ойламағанына күліпті. Оның халық атынан айтқан әр сөзі зая кетпей ме, депутаттар оның сөзіне мән беріп тыңдаудың орнына, бәрі қирай күлмей ме деп күліпті. Үшінші рет жоғарғы жақтың Құдайбергенге «Қазақстанның халық әртісі» атағын бергеніне күліпті, Құдекең бауырымыз, «әртістіктен баяғыда-ақ қол үзіп кеткен жоқ па» деп күліпті. («ZAMAN-ҚАЗАҚСТАН» газеті,
17.01.1997). Демек, осында Секең Құдекеңе өзіңдіөзің депутаттыққа ұсынып, денің сау ма деп отыр. Оны сайлаған халыққа, оған атақ берген жоғарғы жаққа ашуы кеп отыр. Сонда бұл қызғаныш па, қуаныш па? Парасат барлық па, жоқ әлде іштарлық па, немесе біреуге болсынға құштарлық па? Секең сүйкемесінің екінші бір жерінде ағайындарын әр істі ойланып істеуге шақырыпты. Бұл да дұрыс-ақ. Бірақ сондағы «ойланбай оңдырмайсыңдар» деп қойған кінәларын да қолдай қоймаймыз. Ол кісі «Қара кемпір» әнінің әуенімен айтылады» деген тұрмыстық пародияны оқыпты да («Мүйізтұмсық», 14.12.1996), «Сәл ойланып көрейікші! Біз осы кімді мазақтап отырамыз?» деп сұрау қойыпты. Алғаш оған «әрине, осы күні жыртылып айырылатын маскүнемдерді мазақтап отырамыз» деп дұрыс жауап беріпті. Артынша әлгі пародияны қара кемпірдің зарын, соғыс құрбандарын мазақтау емес пе деген ойға қалыпты. «Оларды мазақтау сол соғыста шейіт болған әкелеріміздің, аталарымыздың аруағын мазақтау болып шықпай ма? Ол әкелеріміз бен аталарымызды тапқан аналарымыздың аруағын мазақтау болып шықпай ма?» деген күдік айтыпты. Мүлде олай емес. Секеңнің бұл күдігі жанр теориясын, табиғатын білмегендіктен туған. Әдеби пародия және тұрмыстық пародия болады. Алдыңғысында біреудің шығармасы сыналу үшін, мысқылмен іліп-шалу үшін алынды. Ал, екіншісінде белгілі бір туынды мазақталу үшін емес, тұрмыс, тіршіліктегі кемшіліктерді сынау, соның бітімпішімімен, соның тіл, стиль, өрнек-айшығымен, соның материалымен сынау, келемеждеу үшін алынады. Демек, шығармасы тұрмыстық
пародиядапайдаланылса, автор бұған қуану керек. Бұл – оның туындысының пайдаға асқандығы. Біздегі көптеген тұрмыстық пародиялардың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетіндегі классикалық шығармалар үлгісінде жазылатыны тектен-тек емес. «Елімай» әнінің материалын пайдаланып та тұрмыстық пародия жазуға болады. Бірақ мұны сол әнді мазақтау деп түсінбей керек. Секең сүйкемесінің үшінші бір тұсында мынадай кейіс білдіреді: «...бүгінде арамызда жүрген бірі ағаларымыз, бірі апаларымыз, «КСРО халық әртістері». Бұл қалай? «КСРО» мемлекет ретінде баяғыда жоқ болып кетті емес пе? Ал енді сол жоқ боп кеткен мемлекеттің «халық әртісі» болғанымыз қай сасқанмыз? Өзі жоқ мемлекеттің, өзі жауыз мемлекеттің «халық әртісі» деген атағына жармасып, жарбаңдап қоймауымыз қалай?». Біздіңше, Секеңнің бұл кейісіне де үн қосуға болмайды. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы дегеннің тарихта болғаны рас. Аға, апаларымызға әлгідей атақтарды сол мемлекеттің бергені рас. Ол атақтардың дәл солай деп аталатыны тағы да рас. Оларға берілген документтерде дәл солай деп жазылғаны тағы рас. «Әр нәрсені өз атымен атау керек» десек, енді оларды не деп бұрмалаймыз? Совет өкіметі елдің патша заманындағы лауазымын, алған атағын, наградасын мансұқ етіп, оның бәрін өзгеше етіп атап па еді? Енді Кеңес мемлекеті берген әскери, ғылыми, мәдени абырой-атақтың бәрінен безіп, оларды басқаша атаймыз ба? Ненің негізінде ол атақтардан беземіз, ненің негізінде оларды басқаша атаймыз? Өзімізге өзіміз қарасақ, қарайықшы, ойлансақ, ойланайықшы, СӘКЕ!
САТИРА САНАТТА БАР МА? (2000 жылғы әдеби қорытынды жөнінде жасалған хабарлама) Құрметті қаламгерлер! Мұхаң (М.Әуезов – Т.Қ) бірде: «Жалпы, сықақ, көңіл ашар күлкі түрі де газет үшін, әдебиетіміздің ескілік қалдығы сияқты әр алуан міндермен алысуы үшін де аса қымбат... Кейде әзілі, кейде зілі кезектесіп отырмаса, әдебиет өзінің тәтті, дәмді қызығынан, ыстық лепті, жанды жалынынан айырылады», – депті. Рас сөз. Сатира, юмор аралап өтпейтін әдебиеттің саласы жоқ, бұған ешкімнің таласы жоқ. Сатира, юмор әдебиеттің тұздығы, оның дәмін кіргізер, тұшымын арттырар сарала сорпасы. Сонымен тұздықталған әдебиетті оқыған, тыңдаған жұрт рахаттанып күледі, оның парқын біледі, айтаайта жүреді. Солай болса да, біздің Жазушылар одағы сатира, юморды екінші сортты өнер, жүрдім-бардым сөз етсек те көнер, тіл ұшынан атай салсақ та жетер, проза, поэзия көлеңкесінде кетер деп қарайды. Бұған дәлеліңіз қайсы дерсіздер! Дәлел көп. Біріншіден, жыл қортындысында оған не лайықты сөз тимейді, ешкім оның жоғын жоқтап күймейді. Баяндама жасаңыз деп алып, 5-6 минуттан кейін мінберден қуады, қақпалап аузымызды буады. Сондағы айтқандарымыздың бестен бірі ғана жарық көреді, қалғаны тарлық көреді.
Екіншіден, сатира, юмор өкілдері еш кезде еленбейді, сый-сияпатқа ие болып, қуанышқа бөленбейді. Өткен жылы сексенге келген, қазақ әдебиетінде тұңғыш рет сатиралық роман берген, төрінен көрі жақын қалған, әлдене дәметіп жоғарыға қарай-қарай көзі талған Садықбек Адамбеков ақсақалды бәйгеге қосып ек, одан бұрын бірер өкілімізді «Алаш» жүлдесіне ұсынып ек. Бәрі де өтпеді. Құлагердің жолын құшып, ешбірі көмбеге жетпеді. Үшіншіден, өткен жылы мемлекеттік баспалардан бірде-бір сатиралық жинақ жарық көрмеді, ресми орындардан ешкім оған қол ұшын бермеді. Төртіншіден, Жазушылар одағының баспасөзі сатира, юморға орын беруді қойды, аяқлау болып тұрған сықақ бұрышын да жойды. Ондағы журналистжазушылар сын-сынақты сүймейтін болды, оған бет түгіл, бұрыш та тимейтін болды. Міне, осының бәрі – сатираға салқындық. Дегенмен, сатира, юморда өлмей тұрыс бар. Мемлекеттік үлкен басылымдарда тірі қалған 3-4 бұрыш бар. Бұл орайда «Егемен Қазақстанның» «Сөз сойылы» мен «Жас Алаштың «Бір түрлі бетін» көңілге жұбаныш етеміз, аға журнал «Ақиқаттың» «Сын-сықақ мүйісін» сақтап тұруын қуаныш етеміз. Ара-тұра Қ.Әшеновтың «Арасын» оқып күлеміз, сатира, юмордың әзір тірі екенін білеміз. 2000 жылы жалғыз жинақ жарық көрді. Оны да Қожанасыр ағамыз қолдап, компания Президенті Дәулетов Жарылқасын жарылқап берді. Әдеби жыл қорытындысында сықықшылар аузын қу шөппен
сүртіп отырмасын, тіске бассын деп рахым етті. Солар ғана сатира қадіріне жетті. Авторының аты-жөні Боранбайұлы Алпысбай депті, есімі алпыс болғанмен, өзі елуге жаңа кепті. Жинақтың аты да – «Қызық кітап», заты да – қызық кітәп. Оның бірінші қызықтығы – автор онда талай жанрдың жалына жармасыпты, сатираның күрделі жанрларымен де арбасыпты. Эпопеясы 22 тараудан тұратын жеті том екен, атан түйеге қабат-қабат қом екен. Бірақ соның бәрін сықақ өлеңінің алпыс екі-ақ жолына сыйғызыпты, сонымен-ақ, қашқан қыздай шексіз өсіп бара жатқан бағаны тыйғызыпты. Екінші қызықтығы,– көп дертті тауып сынапты, қатты-қатты қауып сынапты. Кемшін-міннің тереңіне найзасын бойлата сынапты, оқырмандарға ар-намысты ойлата сынапты. Қараңыз: “Киіміміз, бұйымымыз– шетелдікі; арағымыз, тағамымыз – шетелдікі; киномыз да, виномыз да – шетелдікі; қонақ үйіміз де, билеген биіміз де – шетелдікі; жүрген жолдарымыз да, жұмсайтын долларымыз да– шетелдікі; мұнай, газ, мысымыз да, балық пен құсымыз да шетелдікі, астығымыз да, кейбір бастығымыз да– шетелдікі. Айта берсек, бәрі – шетел, СПИД тұрмақ, жөтел де – шетел. Мұның бәрі қашанғы болады бізге шекер, өзімізше өмір сүрмей, мұның бәрі бекер”, дейді сатирик. Біле білсек, бұл – шетелдің құнсызына құлдық ұруды қоюға, тәуелсіздік туын биік ұстауға үндеу, экспансионизмді сабап-сабап жүндеу. Мұны оқығанда селт етпеген отаншылдық сезім – өлген
сезім, оянбаған ар-намыс – орынсыз төзім! Үшінші құндылығы – оқысаң, сонау ширек ғасыр ілгеріге жол тарттырады, оптимистік пафосқа бөлеп, тәуелсіздігімізге үміт арттырады. Мысалы, “2030 жыл екен, Алпысбай әлі тірі екен. 80-ге жасы жетсе де сықақ жазып, кітап сатып жүр екен. 2030 жыл екен, қазақ тілі басқа тілдерге пір екен, әлемдегі бар адам қазақша үйреніп жүр екен; 2030 жыл екен, 100 доллары АҚШ-тың бір теңге боп тұр екен; 2030 жыл екен, шетелдіктер дорба арқалап, жұмыс іздеп Қазақстанда жүр екен, француз, жапон, қытайлық қой бақсақ, қалай болар деп, қазақша сөйлеп тұр екен. Тірі жүрсең, көрерсің, осының бәрі шын екен. Бұл айтқанға сенбесең, өзіңе үлкен сын екен”. Жинақтың төртінші қызықтығы – нарық заманының шындығы көркем айнаға дәл де әсерлі түсірілген. Әрине, сатира сияқты үлкейткіш әйнекпен ептеп өсірілген. Тыңдап көріңіз! «Не қымбат, не арзан?» сықағында: «Бүгінде бәрі қымбат, дәрі қымбат, қағаз қымбат, КАМАЗ қымбат, сән қымбат, ән қымбат, бәрінен де нан қымбат. Ал арзан не? Адамның қаны арзан, жаны арзан. Аңдып тұрып ата саласың, ұшып түсіп жата саласың, сеспей қата саласың», – дейді. «Не сатып жүр?» сықағында “Біреу тұз, біреу мұз сатып жүр, біреу жеңгетай боп қыз сатып жүр. Бұл түк емес деп, біреулер колхоз, совхозды сатты, біреулер үлкен кәсіпорынды, атабабасы жатқан қалың қорымды сатты. Біреулер металлургия комбинатын, мұнай зауытын сатсаң да, жарасады, оған шетелдік пайдакүнемдер өліп-тіріліп таласады. Арзанға берсең, қалтаңды қомпиту жағына
да қарасады. Үй-ішіңе – “Мерседес”, өзің самолет мінсең де, ерсі емес» дейді. Осының бәрі шындық қой, өзіміз көріп жүрген сұмдық қой”. «Қызық кітаптың» бесінші қызықтығы – сықақтары әр түрлі әдіспен төгіліп тұрып ұйқасады, оқысаң, қалғытпай, ұйқы ашады. Тағы көз жеткізейік. “Бір бизнесмен бір қызбен танысады, қыз да оған жабысады. Аты – Оймақ, бұл да бойдақ. Оның 10 сиыры бар екен, шелектеп сатады екен қаймақ. Мол қаймақты көп көтеріп, сирағы бопты маймақ. Сонымен қос маймақ маймаңдап, жаз күніндей жайраңдап, ЗАГС-ке кепті тайраңдап. Ондағылар жанастырып, жабыстырып тіркепті, қос маймақтың қосылғанына қайран қап”. Жинақтың тағы бір қызықтығы– халықтар ынтымақтастығын, береке-бірлігін уағыздайды. Әсіресе, орыс, қазақ татулығын нығыздайды. Алпысбай «Иван досына» орынды бір наз айтады. «Түземдік деп мені кеміттің, сонда да меңгердім әбден тіліңді. Орысша алдым білімді, ұмыттым әбден дінімді, көңіліңді ешбір қалдырмай, үйрендім сенен арақ пенен шылымды» дейді. «Енді құлап жатқанды қояйық арықта, тату-тәтті болайық нарықта. Иван – досым, орысым, Қазақстан – сенің де, менің де қонысым» деп, ақылға шақырады. Әрине, кітап кемшіліксіз де емес, автор да, оқырман да оны өтірік демес. Алпекеңе жырлайтын мардымды махаббат бұйырмапты. Тойда туған, жолда туған махабаттың, «Көктайғақтағы», «Оқу залындағы» баянсыз, қылт етпе, жылт етпе махабаттың, жолсерік махаббатының, кемпір, бизнесмен махаббатының
қуғын-сүргінін, мұң-зарын шиырлапты. Әрине, махаббат шіркіннің қозбайтын, нәпсіні бұзбайтын жері де, кезі де жоқ қой. Дегенмен, оның ыстықсуығын, нағызын-тұнығын тап басып тану, тіл, қаламды соған жану жөн ғой! Роман-эпопеясының аты бар да, заты жоқ екен. Оның кей тараулары «қуып келем, қуып келем, ұстауға, міне, жуық келем» деген сияқты екі-ақ жолдан, «жарты ай өтті, қуып келем» деген сияқты бір-ақ жолдан тұрады екен. “Роман-эпопея” дегенді мұнша жұтатуға, қарабайырландыруға болмас. «Краткость– сестра таланта» дегенді мұншалықты мазмұнсыздық деп түсінбеген жөн болар. Хабарымызды Мұхаң сөзімен бастап ек, сол кісінің пікірімен бітірейік. Мұхаң «Қожанасыр, Алдар көсе аты– күлкі. Күлкі ешкашан өлмек емес» деген еді. Ендеше, Жазушылар одағы, басқа да тиісті орындар қанша салқын қараса да, сатира, юмор, күлкі өлмек емес. Қазақ әдебиеті ешқашан тұздықсыз, сарыала сорпасыз қалмақ емес.
СҰРАУҒА СҰРАУ Танымал ақын Темірхан! «Көк түріктер сарыны» атты топтамаңызды («Жас Алаш» газеті, 18.05.2002) оқып, көп нәрсеге таң қалдым. Оны ішке бүккенше, ашық білдіруді ойға алдым. «Сарыныңызда» өзңізге өзіңіз бірсыпыра сұрау қойыпсыз. Бірақ оған жауап беруден тайқыпсыз. Сол сұрауларыңыздан бізде де орынды сұраулар туды. Соларды өзіңізге қояйық! «Қайда?, Неге?» деген сауалнамаңызда Бір кездегі Таудай зорайып жататын Ірілігім қайда? – дейсіз. Тәуелсіз ел болып, әлем арнасына шығып отырған бүгінгі халқымызды он бес ғасыр бұрынғы арғы атамыз көк түріктен тарыдай ұсақ, құмдай майда боп кетті деп осынша тұқыртқаныңыз қалай? Жауынды күнде де Ағашты ағашқа ысқылап, Шырақ жағатыным қайда? – дейсіз. Атом қуатын игеріп, ғарышқа құлаш ұрып бара жатқанда, тасты тасқа соғып, от жаққан заманды іздеп зарлағаныңыз не?
Қотанға түскен қасқырды Қуып жетіп – Тірідей тақымыма Бір-ақ басатыным қайда?! – дейсіз. Бұл қабілеттен өзіңіз қалсаңыз да, қотанға түскен ғана емес, кең далада жортып жүрген бұзаудай бөрілерді де қуып жетіп, қолқасын суырып алып жатқан ерлер бүгінде аз ба? Іштен шалып, Оң жамбасыма салып, Шалқая беріп, лақтыратыным қайда? – дейсіз. Бұған өзіңіз жарамсыз болып қалмасаңыз, құдайға шүкір, алдан келсе де, арттан келсе де, алып ұрып, басынан аттап кетіп жатқан қажымұқандар бүгінде жоқ па? Сыздықтатып, тамшылатпай, Тасты сойып, Шаптыратыным қайда? – дейсіз. Мұнда өзіңіз туралы айтып отырсаңыз, өкінуге болмайды. Уақыт әркімді-ақ соған апарады. Бұған өкпелеп, өкіну– табиғи заңдылыққа қарсы тұру. Ал көк түріктер туралы айтып отырмын десеңіз, оған келіспейміз. Олар «тұрып сиген орыс, отырып сиген– дұрыс» деп дәретті отырып сындырған. Қайта қазір тұра сап «шаптыратындар» көп қой. Өзіңіз де
солардың бірі боларсыз. Сондықтан, мұның несін жоқтайсыз? Енді бүгін Өрт тартқан ебелектей Неге жалпылдап құлаймын? Дауылды күнгі киіз үйдей Бүкіл денеммен селкілдеп, Неге солқылдап жылаймын? – дейсіз. Мұнда кімді айтып отырсыз? Өзіңізді айтып отырсаңыз, неге қоғаша жапырылып, ебелектей елпілдеп жатқаныңызды өзіңіз білесіз. Ал қазіргі қазақ халқы кім болса, соған құлап та, жөнсіз жылап та жатқан жоқ. «Дағдарыс» деген сарыныңызда: Батып отырмын Мұң мен қапаға. Ақылым – айран, Миым – атала, – дейсіз. Ойбай-ау, не боп қалды? Неге сонша налыдыңыз? Үмітім жіп құсап, Бырт-бырт үзіліп жатыр, – дейсіз. Неге сонша үмітсіздікке ұрындыңыз? Ойларым ойран болып, Бомба түскен үйлердей бұзылып жатыр, –
дейсіз. Сізді осынша күйретіп, қиратып кеткен не? Қара бұлттарға көміліп қалғандаймын, Пойыздың астына түсіп, Кіндік тұсымнан кесіліп, Бөлініп қалғандаймын, – дейсіз. Сіздің кеудеңізді, бөксеңізді екіге бөліп тастаған қандай қайырымсыз күш? Еліміз, жұртымыз, жас кәріміз – бәріміз жаңа тұрмыс, жаңа өмірге бет алдық деп үмітпен еңбектеніп, еңсе көтеріп жатқанда, Сізге не болды сонша, неге осынша күйректікке түстіңіз? Жазушылар одағы қазанының бір құлағынан айырылып қалдым деп осынша күйзелуге, осынша күңіренуге бола ма? Шүкіршілік қайда? Орталық органның мұнайлы өлкедегі тілшісі болдыңыз, одан жазушыларды жатқызып, өргіздіңіз, қалпақтай жинағаныңызды шығарып, мемлекеттік сыйлықтың иегері атандыңыз. “Тәубә” деген болмай ма? Нысап қарын тойғызар, нысапсыз жалғыз атын сойғызар» дегенді естімеп пе едіңіз? Тым қатты күйреп кетіпсіз. «Күмән мен күдік басқан күн» деген сарыныңызда «бүгін мені от жағып құрта алмайтын күмән мен күдік басып тұр», – деп күйзеліпсіз. Сіздің ғана басыңызға төніп, қаптаған бұл неткен қалың күмән мен күдік? Мұның бәрі қалай сізді ғана тауып алған. Ары қарай тағы да, «Алатауымның шыңдары...құлап қалғандай, көлім суалып, шалғыным қурап қалғандай, әлдекімдер жасыл жайлауымды түкті кілемдей орап, иықтырына сап алып кеткендей... Аққуларымның ұясы бұзылып
жатқандай. Арманым мерт болып, үмітім жанып кеткендей. Көктегі күнім тайып, айым ауып кеткендей»,– деп шағынасыз. Мұныңыз да мағынасыз, шындық емес. Сіздің басыңызға орнаған ақырзаман болған жоқ. Бәрі орнында. Таулар да, шыңдар да орнында. Ай да, күн де орнында, сол жерден шығып, сол жерден батып жатыр. Заман ағымында қанша қиыншылықтар болса да, табиғатты, айнала ортаны мұнша құртып, жоюға, құлдыратуға болмайды. Осынша боркеміктік, күйректік Сізге қайдан, неден келді, не қажет болды? Мұнша құлдырауды неден таптыңыз? Осынша ақырзаманды басыңызға неге орнаттыңыз? Түсінбедік. Сөз жоқ, топтамаңыздағы «Қаскөй», «Алаяқ», «Аяр», «Ұсақ» деген өлеңдеріңізде бүгінгі өміртіршілікте кездесетін аяқтан шалып, балақтан басатындарды, адамға жақсылық емес, жамандық істейтін қаскүнем, қаскөйлерді, өтірік-өсекке үйір ұсақ жерқұрттарын орынды сараптапсыз. Бірақ оларға қарсы күрескерлік үн естірте алмапсыз. Мен оларды «биттей сығып тастар едім, асыл тырнағым қан болады ғой, құрттай мыжып тастар едім, аяғым былғанады ғой» деп құр кіжініп, сақтаныпсыз. Сонда, ондай сорақылықтарға қарсы күреспейміз бе? Мұндайда «жанпида» деп шабатын көктүріктер, атабаба дәстүрі қайда? Темеке! Тағы бір сұрақ туғызатын жайт мынау: бүгінгі поэзияға жаңалық әкелем, сөйтіп, новаторлық «жасаймын» деп талпыну – құптарлық қасиет. Көктүрік бабалардың үн-тонын, сөз саптасын, сарынын еске алу, тірілту – дұрыс-ақ. Бірақ әрбір жаңашылдық поэзияны бүгінгі жеткен жерінен ары қарай дамытып, құбылтып, «құтыртып» алып кету
керек, бар дәстүрді байытып жіберуге тиіс. Біз ХХІ ғасырға өттік, поэзияда көп ілгері кеттік. Бүгінгі поэзия– барлық жағынан молыққан, толыққан поэзия. Ал көк түріктер сарыны – бұдан 15 ғасыр бұрын жасалған сарын. Енді жаңашыл боламын деп, соның деңгейіне қайта шегінуіміз, поэзияны мүлде жұпыландыруымыз, қарасөзге айналдыруымыз жөн бе? Жаңалықты алдан іздеп, басқалардың биік өресінен іздеп, поэзияны ілгерілетуге үлес қосқан дұрыс емес пе? 30-жылдары өлең сөздерін тарыша шашып жіберіп, бірінің астына бірін қойып, «Міне, мен жаңалық аштым, Маяковскийді байыттым» деушілер болған, олар қатты сыналған. Сізде осы әдіске бой алдыру жоқ па? Қара сөз, қара өлең шумақтары мен тармақтарының жеке сөз, жеке тіркестерін бірінің астына бірін қойып, «міне, мен жаңалық аштым, дәстүрді байыттым, түрік сарынын тірілттім» деп жүрген жоқсыз ба? Әрине, көк түріктер сарынын рухтық, идеялық, тақырыптық, мазмұндық, көркемдік, түр-пішіндік жағынан жаңа әдіс-тәсілдер тауып, бүгінгі поэзияны жаңаландыруға, құбылтуға болар. Бірақ бұл тек сөздер мен сөз тіркестерін сатылау ғана болмас. Темірхан, «Әдептің басы– тілді баққан. Қыз көркі– жүз, жүз көркі– көз. Ақыл көркі– тіл, тіл көркі– сөз» дейді. Осыны ескерген жөн ғой дейміз. Сіздің «Көк түріктер сарыныңыз» осындай сұраулар туғызды, осындай пікір білдіруге мәжбүр етті. Қаттырақ естілген жері болса, кешірерсіз! Сәлеммен аттасыңыз. Тек Сіз – «хансыз», мен – «бекпін».
ЖАҚСЫ ӘЗІЛ– ЖАНҒА АЗЫҚ Әзіл, әзіл, шіркін, әзіл! Қасиет біткеннің ең қажеттісі әзілқойлық қой! Әзіл – адамның көңіл-күйі, жан серігі. Ол – күлкі. Күлкі – дәру. Дәрі– өмір. Әзіл– бірде адамдардың бір-біріне деген жылы ықыласы, бірде бірін-бірі іліп шалар шұқыласы. Әзіл қадірін әр халық, әр адам білген. Орыстың үлкен драматургі А.Островский «Адам әзілмен өмір сүреді, әзілмен көрге кіреді» деген. Біздің Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген жолдарында да осы ой жатыр. Шынында да әзілдесе білу – өмір сүре білу. Әзілдесе білместік адамды қатігез етеді, тірлігі көңілсіз өтеді. Әзіл адам жанын нұрландырады, әзілсіз өмір қызықтан құр қалдырады. Әзілқой адамның орны–төрден, әзіл білмесе адамның орны – «көрден». Әзілкешке әркімақ бас иеді, той-томалақта құрметтеліп сый тиеді. Әзіл – адамның күштілігі, дерт атаулыға өштілігі. Әзілкешке бақыт – серік, қыз-келіншек – «жерік». Әзілге жоқ адам ортаға айқай-шу қосып тұрады. Алмас қылыш майданда серік, әзіл-оспақ – майданда да, сайранда да серік. Әзілкешке кездескен кісі мәз болады, бірақ әзілқой адам аз болады. Өйткені, оған оқу, тоқу арқылы қол жетпейді, ол – туа бітер төл талант. Әрине, әзілдің де әзілі бар. Ақымақ әзіл жүрек жаралайды, ақылды әзіл жан жабырқатпайды. Есерлер ессіз әзілге құлшынар, артынан ұятқа
тұншығар. Сондықтан да Соломон: «Арсызбен әзілдеспе, ата-бабаңның абыройын айрандай төгер» деп ақыл қалдырыпты. Біздің қазақ та әзілдің туын тіккен, талай сырды әзілмен ішке бүккен, одан талай даналық күткен. Тіпті, «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» (әзіл жарастыра бер деген мағынада – Т.Қ.) – деп келіндерге де кеңдік еткен. Әзіл қазақтың баспасөзінде де еркін орын тепкен. «Жаршы» журналы 1929–1931 жылдары «Әзілстан» атты бір «стан» тұрғызған. Оны Мәжит Дәулетбаев құрғызған. Онда талайлар әзілдесе отырып, бірін-бірі күлдірген, бір-біріне өкпеназын білдірген. Мысалы, журналдан 1931 жылғы 6-санында алты жазушыны әзілдестірген. Сонда Сәбит: «Осы екі жылдың ішінде тамаша семірдім. Екі бетім балбырап, денем бүлкілдеп қалды. Осы семіру дәу де болса, Ленинградтың пайдасы ғой деймін. Өйткені, 3-4 ай жатып, Путилов заводына жаңадан бас істетіп алғам. Ми баяғы өзімдікі. Ми жағына қол сұқтырмадым. Өйткені айтыс-тартыста жүргенде бұл мидың пайдасын көп көргенмін. Ілиясты бүліндіргем, Ғаббасты сүріндіргем, әлдекімдерді танауларынан іліндіргем... Шіркін, миымды айтыңдар. Бұл миым ауызға сөзді тез салады. Айтсам, айтып озам, тартсам, тартып озам. Миым қайнап тұр. ХХ ғасырдың әдебиет тарихын жазам», – деп, өзінің әдебиетшілермен қақтығысын, жоспарын әзілмен білдіреді. Ілияс оған: «Осы Сәбит дегендеріңмен сүзісесүзісе дәл шекеме керемет бір мүйіз шықты. Өгіздікіндей сүйір емес, қошқардыкіндей иір емес, шошақ. Бірі «бұл – жолбике мүйіз» десе, бірі – «жоқ,
бұл тәкәппар мүйіз» дейді. Тағы біреулері «бұл, мен білсем, сағанақ мүйіз» дейді. Қайсысының дұрыс екенін білмеймін. Әйтеуір «иемденіп-ақ жүрмін» деп әзілдеген еді. («Жаршы», № 12, 1930). Мәжиттің аузымен Сәкен де өзіне қыбын тауып қисынсыз ұрынушыларға «үндесең, «жікшіл» дейді, үндемесең, «кекшіл» дейді. Жікшіл болып кімді мен соңыма байлап ертіп жүрген екем. Кекшіл боп кімге мен беталдына барып жармасқан екем. ҚазАПП-тың жиылысында «Әкел қолыңды, татуласайық» десті, бердім. «Ер біздің соңымыздан» десті, ердім. Енді не айыбым бар енді менің? Что за безобразие, что такой жік? Білмеймін, отағасылар» деп реніш білдірді. Әзіл – тапқырлық жемісі. Тапқырлық – шексіз. Біреу – әйелім екіқабат кезінде «Үш мушкетер» романын оқып еді. Сол әсер еткен болу керек. «Үш ұл тапты» деп қуаныпты. Сонда досы «Қырық тотыны» оқымағаны жақсы болған екен», – деп әзілдепті. Шешесінің тілін алмағаны үшін әкесі ұрысса, баласы «айтқанын істейтін ол менің әйелім емес қой» деген екен. Біреудің әйелі жүргіш, көңілшек екен. Қала әмірі оның күйеуінен: «Сен мұндай жорға жүрісті қатынды қалай сүйесің?» – депті. Сонда күйеуі «бүкіл қала еркегі сүйетін әйелді мен қалай сүймеймін» деп ақталыпты. Әзіл деген осылай езу тартқызсын. Оның арғы жағында зіл жатсын. Әзілге әзілді жауап әзір болсын! Біз күлкі күні жақсы әзілмен қоғамға пайдасы тиер, ел мұңын сөз етер, жылағанды жұбатар, ренжігенді сөйлетер деп сенеміз.
ЕССІЗ «ӘЗІЛКЕШКЕ» ЕСКЕРТУ Біреу: – Ұйқтап жатып, жан шошырлық қорқынышты түс көрем, арасында ылғи Қожекеев жүреді («Жас Алаш» студент қосымшасы, № 11-12, 01.12.1998.), – деп шағыныпты. – Жылқы еті тауып жей алғанның тісіне кіреді, тауып жей алмағанның түсіне кіреді, – деген атабаба. Сол айтпақшы, Т.Қожекеев есі бардың басына кіреді, ессіздің түсіне кіреді. Әзілкеш ессіз болса, өзінен көрсін!
АҚЫЛСЫЗ АНЕКДОТ Бір бүлдіршін әкесімен бірге алғаш рет моншаға келеді. Жып-жылтыр кафельдің үстінде тайғанақтап, әрең жүреді. Бір сәт құлап бара жатып, әкесінің “жанды” жерінен ұстап қалады. Сонда әкесі баласының басынан сипап: – Ә, балам, мамаңмен бірге келгенде, сөзсіз құлар едің, – деп мақтаныпты. – «Суға кеткен тал қармайды». Әкесі бүлдіршіннің мамасынан артық жерін айтып мақтанбай-ақ, шаттанбай-ақ қоюы керек еді. Өйткені, оның мамасында әкесінің өзінде жоқ, ол ұстай алатын, жабыса қалатын жер бар ғой депті баласы.
КЕППЕ Біз – «малым-жаным садағасы, жаным–арым садағасы» деп, бүгінге жеткен, үнемі туралықты ту ғып өткен елдің ұлымыз, әділдік пен шындықтың құлымыз. Бізде саналмайтын аймақ та, бетке шығар «қаймақ» та жоқ. Көріп тұрып көрмегенсіп, біліп тұрып білмегенсіп, туралықтан таймақ та жоқ, адамдығымызға, дамуымызға кесір келтірер кесапатты құрықтай қоймақ та жоқ. Әулие-әнбие, шенді шенеунік, ғалым, залымының заң алдында бәрібір болса, сын сойылына жоныңды тос та, төбеңді бас та тұр, ойбайлап, өкпелеме босқа құр! Біздің өрлеп өркендеуімізге қауіп-қатер көп, содан сақтан деп кеткен абыз Абай. Бұрынғы атабаба да «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», «Өтірік өрге баспайды» деп сендіріп еді, көп ұрпақты өтірік айтпауға, мақтаншақ кеппе болмауға көндіріп еді. Осы ақыл-кеңес, қағида ескіріп, ескерілмей бара ма, қалай? Өтіріктің құйырығы ұзарып, өзі өрге өрлеп бара жатқан жоқ па? Одан қашық жүрудің орнына, оған ғашық боп алған жоқпыз ба? Бұлай деп күдіктеніп сан сұрауға, бұл қалай деп таңырқауға негіз бар. Әйтпесе, бұл туралы тебіреніп неміз бар? Әрине, «айтсаң – тілің күйеді, айтпасаң–жаның күйеді» деген ғой. Сорақы суайттықты көріп тұрып, оны жасырып, жанды күйдіргенше, «әкесі өлгенді де естіртеді», тілді күйдіріп, жалғанның жағасынан алайық, өтірік мақтаншақтардың «емін» табайық деп қолға қалам
алдық, өзімізді таңырқатқан бір өтірікті шындық жоқшысы – оқырман алдына жайып салдық. Бүгінде өтірікші бөспелер, кенеусіз кеткен кеппелер анау-мынау алаяқтар арасынан ғана емес, осы дертке қарсы күрескерлер даярлайтын оқытушы-ғалымдар, әдебиетші қаламгерлер арасынан да түйедей боп төбе көрсетіп жүр. Дәлел дейсіздер ғой. Айтайық үрікпей оқыңыздар. Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетінің бұрынғы деканы, қазіргі проректоры профессор Намазалы Омашев «жыл адамы аталдым» деп Алты Алашқа жар салды. Бұған бар әлеумет қалқан құлағын түре қалды. Жаңалық десе, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін журналистер «жыл адамымен» жүздесіп, тілдесіп қалуға ағылды. Сонда олар бірсыпыра шындықтан қағылды. Әсіресе, «Вечерний Алматы» газетінің журналистері негізсіз мақтанға алынды. Өтірік мақтанға елітіп, таңдай қағып, таң қалды. Намекең өзін «жыл адамы» деген атқа лайықты етіп көрсету үшін әр қилы әдіс-тәсілге барды, біраз өтірікті аңыратып, ұят пен арды қоя тұрды. Ол “шуу” дегеннен-ақ «Я защищал и кандидатскую, и докторскую в МГУ» деген өтірікпен сұхбат алушыларды бір сендіріп, бір сескентіп тастады. Біз білетін Намекең докторлық диссертацияны Мәскеуде емес, дәл осы өзіміздің Ұлттық университеттегі филология факультетінде қорғаған еді. Өзіміз дауыс беріп, шәй-пәйін ішіп ек. Мұны айтсам, атақ, даңқыма нұқсан келеді деген болу керек. Неге бұған барғанын өзі білсін. Мұнан соң профессор
докторлық диссертациям халықаралық журналистика прорблемаларына арналған еді деп, екінші бір өтірікті жіберді. Шындығында, мұның әлі жеткен, жәукемдеуіне көнген тақырып– «Қазақ радиосының тарихы» еді. Кезінде біз бұл журналистика да емес, әдебиет те емес, тарих екен. Тарихи советте қаралсын деген де едік. Намекең докторлықты халықаралық тақырыпта жаздым деген соң, газет өкілдері: – Сіз кандидаттық диссертацияны «Сатира и юмор в казахской журналистике» деген тақырыпта жазған екенсіз. «И вдруг совершенно неожиданно темой докторской дисертации оказалась «Международная журналистика, ее теория и практика». Чем вызвана такая переориентация научных интересов» («Вечерний Алматы», 1.09.2001), – деп жабыса кетті. Шәкірттерге өтірік айтпа, өтірік мақтанып, кеппе деп үйрететін профессор: – Вот и мне показалось интересным разобраться в том что же представляет из себя современная европейская, особенно американская журналистика, – деп соқты. Мұнымен де тоқтамай, ол Батыс мені «как теоретика, достаточно глубоко владеющего вопросом» кісі ретінде біледі, «имею право судить» деп желпініп-желпініп жіберді. «Шешінген судан тайынбайды», айтқан соң біржолата сендіре, төндіре айтайын деген болу крек. Намекең «двенадцать моих изданных книг тоже имели хороший резонанс, выходили за рубежом» деп те аңыратты. “Құдай-ау, 12 кітабы шет елдерде басылғанын қалай білмегенбіз?” деп біз де аңырадық.
Осы өтірік, осы арсыз мақтанына Намекең «Заң және заман» журналын да сендірді. «Я в 1984 году защитил в МГУ кандидатскую диссертацию, затем в 1992 году там же защитил докторскую диссертацию» деп төндірді. (№4, 2001, стр. 103). «Итің ұры десе, иесінің намысы келеді» дегендей, шәкіртімнің бөсіп кеткеніне, осынша өтірік мақтанға барғанына, өзін қайдам, мен қатты ұялдым. Рұқсат етіңіздер, өзіне қарап сөйлеп, оның өзін де қызықтырайықшы! Намеке мырза, бір бөспе өтірікті соғып-соғып, дамылсыз мақтанып барып, тыңдауышысына: – Мазаңды алған жоқпыз ба? – депті. Тыңдаушы: – Жоқ, бөсе бер, өтірікті ешкім сөз екен деп тыңдамайды ғой, – депті. Сол сияқты, бір қу қасқырға жолығып: – Сені жақында бақташы қояйын деп жатыр ғой,– депті. Қасқыр еңіреп қоя беріпті. – Неге жылайсың, қайта қуанбайсың ба? – депті қу. Сонда қасқыр: – Мұндай өтіріктен жаным түршігеді, – деп солқылдай беріпті. “Оу, Намеке, сонда сіздің не бұрынғы есі дұрыс тыңдаушы, не өтіріктен қорқатын қасқыр құрлы болмағаныңыз ба? Өтірігім шығып қалады-ау, өтірік мақтаныма жұрт күледі-ау” демей, осынша өтірікті аңыратқаныңыз қалай? Ұят қайда? Ғылымның айтуынша, кейбір әйелдер бағалы заттарды кім әпергенін жасыру үшін, еріне опасыздық еткенде қулығын асыру үшін өтірік айтуға мәжбүр деуші еді. Сіз әйел емессіз ғой, осынша
қисынсыз өтірікке барып, не жаныңызға зор келді? Рас, еркектер де сүйіктісімен «свиданиеде» болғанда, көршінің көрікті келіншегін көріп, көзі де, өзі де сүрініп қалғанда, суайттыққа барушы еді. Бұған, әрине, ер азаматқа жарасар деп кешіріммен қараушы едік. Ал сіздің әлгі өтіріктеріңіз өз құныңызды көтеру үшін ғана пайдалы, қоғамға, ғылымға, жастар тәрбиесіне зиянды, күлкілі өтіріктер ғой. Леонардо до Винчи «қателеріңді көрсеткен адам оны жасырған досыңнан пайдалы», ал Б.Паскаль «мақтасын десең, рас қасиеттеріңді айтып та мақтанба» деген екен. Мұны өз ата-бабамыз да айтып кеткен ғой. «Ер жігіттің өтірік айтқаны – өлгені, ар-ожданын көрге көмгені» деген. Әлгідей өтріктерді, орынсыз мақтанды ұялмай, қызармай анықтарда осы өсиет, ақыл-кеңесті қалай ескермедіңіз? Әлде білмедіңіз бе? Білмесеңіз, енді біліп қойыңыз! Асылы, босқа кеппейік, сөйтіп ар-ожданды төкпейік! Мұны ұстаздық, ағалық ақыл деп білгейсің!
ЕШКІБАС БАСТЫҒЫМ Бұл жалған дүниеде не көп, бас көп. Өйткені, бассыз нәрсе жоқ. Ұшқан құс, жүгірген аң, қыбырлаған құртқұмырсқа, жыбырлаған бақа-шаян, сыбдырлаған шөп-шалам – бәрінде де бас бар. Табиғаттың бір ғажабы – сол бастардың бәрін бір-біріне ұқсатпай, алуан түрлі етіп жаратқан. Қараңыздаршы, өмірде жападай жалпақ бастар, қалқайған қалпақ бастар, теңселіп тұрған қалтыр бастар, маса тайып жығылар жылтыр бастар, шаш көрмеген тақыр бастар, иық зорға көтерер бақыр бастар, иегінен төбесіне дейін құлап келер ұзын бастар, сүйем жетер тұтам бастар, терісі жұқа жұтаң бастар, қатпар-қатпар құйқалы бастар, әшейін ғана жүн-жұрқалы бастар да кездесе береді. Бұл бастардың бітім-пішімі де алуан түрлі, олардың кейбірін көрсең, өңкиген өгіздің басы елестейді. Құдайдың мырзалық қып менің бастығыма бұйыртқаны – осы қол тоқпақтай ғана сопақ бас, сидаң денеге қондыра салған шошақ бас. Бастан қыссам да, басқа жағынан жарылқайын деп Құдайекең оған сорайтып бой берген, өз пайдасын білер ой берген. Қазір оның атақ десе – атағы бар, мардымсып мұрнын шүйіріп отырар биік тағы бар. Ол ешкі басымен-ақ өз пайдасын біліп жүр, “иномарка” мініп жүр, мұртынан күліп жүр. «Құдайға шүкір» деп несібесін теріп жүр. Қойдың мықтысы қошқар болса, отарды ешкі бастайды емес пе? Біздің ғылым, білім мекемесін
ешкібас бастық бастауда. Ол оны бауырына басып отыр. Өзі – би, өзі – қожа тасып отыр. Оның мұндағыларды жусатып, өргізгеніне көп болды. Бұл мекемеден алар үлес-стажы да толды. Әрине, әркім-ақ тақтан таймай, бір жерде ұзақ отырып қалса, мойын омыртқасы босап, міндет-парызына салқын қарап божырайды. Былықшылыққа төзімді молайтады, жауапкершілік сезімді азайтады. Менің ешкібас бастығымды да осы дерт жайлады. Төменгі бишікештер қулық-сұмдығын сайлады. Ана жер, мына жерден шылықтар шықты қайдағы. Біреулер пара алып аузын майлады, олар заң-тәртіпті ескермеді. «Бұларың қалай?» дегендерге дес бермеді. «Ауырдың үсті, жеңілдің астымен-ақ» дегеніне жете берді, кез келген сөзі өте берді. Көзбояушылық етек алды, адалдық «адыра» қалды. Құдайға шүкір, мұндай сұмпайы сорақылықтарды көріп-біліп отырып, төзе аламайтын адамдар табылды. Ешкібас бастыққа «қоңырау» қағылды. Бірақ бұған мән беріп, шылп етпеді, бөкселері бүлкілдеп қылп етпеді. Арғы-бергі ата-бабалар, әділдік айтар биқазылар мұндайда бүлінгендер мен жүгінгендерді алдырып, ақ-қараны анықтаушы еді. Ешкібас бастық мұны жөн деп таппады, оған бас ауыртып жатпады. Көбік ауыз, көк көз, сары жанторсығын шақырып алды да: «Мынаның жігін жатқызып, ізін жасырып, тындыра салыңдар», – деп тапсырды. Жағымпазда жан бар ма? Ол жалбалақ қақты. Кейбір былықтың ізін жапты. Өтірік үйткен болды, көз бояп бүйткен болды. «Тындырдым, заңсыздықтың сирағын сындырдым», – деп жар салды. Жұрт бұған таң қалды. Сонымен, бұйрық орындалды, бірақ одан арамдық
азайған жоқ, қайта қалыңдап қорымдалды. Бүгінде оның зиянына мемлекет күйіп жатыр, кесірі халыққа тиіп жатыр. Күндердің бір күнінде қоңырау қайта қағылды. Біреулерге бұрынғыдан да күшті айыптар тағылды. Ешкібас бастық тағы да былқ етпеді. Қасында қарайып жүрген екінші бір жандайшап «ләппайын» шақырып алып: «Мынаны тексерген болыңдар, жоққа шығарып, қорытынды даярлаңдар» деп нұсқау берді. Жанторсықтар тағы да жалп ете қалды. «Құп болады, тындырамыз» деп мойындарына ауыр күнә алды. Ал, тексеріс болғанда қоңырау соққандар ақты ақтай, қараны қарадай көздеріне көрсетіп, қолдарына ұстатқандай етті. Ревизорлар «дұрыс екен» деп кетті. Бірақ кейін білдік. Ешкібас бастық қорытынды дәлелденбеді деп жазғызып, ақылдастарының талқылауына салған бопты, «өтірік» екен деген қаулы алған бопты. Ол жиынға бар былықты көзбен көріп, басынан өткізіп отырғандарды шақырмай, масаттаныпты. “Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ, айтыңдар”, деуге жасқаныпты... «Айламен арамдыққа жеткенің – кісіліктен кеткенің» екенін ешкібас бастық ескермепті. «Ақиқатты жақтаушылардың аузын қанша жапқанмен, олардың бәрін жойып жібердім деме» (Гельвеций) деген ақылды естімепті. Мойыны сырықтай, кеңірдегі құрықтай болғанмен, ешкібас бастықтың аузы арандай, жұмыры сарайдай, нағыз көп асар бөрібай болып шықты. Ол пайдалы нәрсені молынан қабады, ондайға қасқырша шабады. Қараңғы түн, қарлы боранда да пайданың жатқан жерін тап басып табады екен. Осы алымдышалымдықтың арқасында ол қаланың шығысынан үш қабатты бір үй тұрғызды. Жер шекарасын белгілеп,
айналасына қазық, есігіне құлып ұрғызды. Оған басқа біреуді қожайын қылып қойғызды. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, ол қаланың оңтүстігінен, ақ балтырлы ақ қайыңдар мен көк белбеулі көк аршалар арасынан екінші, қос қабатты салтанатты сарай салғызды. Оның айналасы–абат, үй-іші–рабат, тұрмыс–рахат. Жеміс-жидек емініп тұр, төбеден Күн нұры төгіліп тұр. Бір жағында кіші Алматы, екінші жағында Есентай (Весновка) өзендері сарылдап ағып жатыр. «Хан сарайының» балконы тауға қаратылған. Ешкібас бастығым бір мезгіл соған шығып, самалға тұмсығын тосып, мұрнын шүйіріп тұрады... Бірақ оның түн ұйқысы тыныш емес. Күніге: «Құдай, бергеніңе шүкір. Тыныш жатқызып, тыныш тұрғыза көр!» – деп жалбарынады жасағанға. Мұның себеп, сыры бар. Баяғыда бір суық қолды сумақай біреудің жаюлы тұрған шапанын ұрлап, “сатып кел” деп, баласын базарға жіберіпті. Оны бала базарда ұрлатып алыпты. Ұнжырғасы түсіп қайтқан одан әкесі: – Қаншаға өткіздің? – деп сұрапты. Баласы: – Қаншаға алсаңыз, соншаға саттым, – депті. Демек, «тегін нәрсе, тегін кетеді». Менің хан сарайым да сол шапанның кебін киіп қала ма деп қыпылдайтын болар ешкібас бастық та. Шынында да судың да сұрауы бар», «Қар қанша жатқанымен жазға қалмас, гүлденген бәйшешек күзге бармас» деген. Ешкібас бастықтың да тыныштығы ұзаққа бармас, байлығы толқымай тұрмас. Үкімет кәріне ұшырамаса да, Құдайдың кәріне ұшырар. Алла асықпайды, ақырын күтейік!
«ӘР КӘЛЛАДА БІР ҚИЯЛ» Біздің «кәлла» деп отырғанымыз – екі аяқты пенденің иығында тұрған жұмыр бас. Әлемде Алланың пендесі көп. Әр пенденің өз кәлласы бар. Әр кәлланың өз бітім-пішіні, түр-түсі бар. Бұрынғы бір фельетонымызда бірсыпыра кәлланы суреттеп өтіп едік. Бүгін оқырманды оның басқа түрімен таныстыра кетейік. Оның бірі–елек асқабақтай, бір–соп-сопақ тасқабақтай болады. Бірі аттың басындай құлаш келеді, иегі созылып кеп жерге тиеді. Бірінің құйқасы қалың, қыжырлы келеді, шүйдесі қатпар-қатпар жиырлы келеді. Енді бірінің төбе жағы сүйірлі келеді, екі жағы шығыңқы бүйірлі келеді, иек жағы түйірлі келеді, самай жағы ұйпаланып жатады, шүйде жағы тұйпаланып жатады. Тағы бірі қалың шашты келеді, маңдай жағы қасты келеді. Бірінің құлағы қалқиып тұрады, екіншісінікі салпиып тұрады. Бәрі де өзіне пайдалы хабарды мол жиып тұрады. Бір кәлланың көзі ойнап тұрады, қулық-сұмдыққа бойлап тұрады, қайда пайда жатқанын іздеп тұрады, соған ие болудың жолын көздеп тұрады. Бірінің бетәлпеті қара болады, бірінікі ерекше дара болады, тағы бірінікі сүп-сүйкімді сара болады. Оны көріп сүйіп қаласың, артынан опық жеп күйіп қаласың. Бірақ қандай болса, ондай болсын, әр кәлла– өзінше ыдыс, іші қуыс. Онда ойып тұратын, тіршілік сырына бойлап тұратын ми болады, соған лайық сый
болады. Өйткені, әр кәлланың өзінше түсінік-ұғымы болады, пікір-ниетіне қарай кісіге жұғымы болады. Демек, «әр кәллада – бір қиял». Солардың бірсыпырасы ғана лауазым міндетіне қарай халық қамын құнттайды, бірақ олар өз пайдасын ұмытпайды. Кейбір кәлла толсам дейді, лауазым иесі болсам дейді. Біреулерді билесем, біреулерді илесем дейді. Жұртты жатқызып-тұрғызып өргізсем дейді, қатын, бала-шағаға бұл жалғанның қызығын көргізсем дейді. Ендігі бір кәлла – өз құлқынының ғана құлы, өз руының ғана ұлы. Ол бар жақсылық өзіме ғана болса, қалтам ғана емес, үй-жайым, қора-қопсым да толса, тұрмысым жайлы, ұртым майлы, ат-көлігім сайлы болса дейді. Олар бұған адал еңбекпен жет дегенге төзбейді, оның оңай жолын іздейді. Бірі ұрлыққарлыққа барады, бірі арсыз зорлыққа барады, бірі енесін сатады, бірі денесін сатады, бірі жақынын жауыздайды, бірі ата-анасын бауыздайды. Шен тиген, шекпен киген шенеунік кәллалары сымпылдасып, сыбайласып, қоғам қаржысын қылғытады, арамдығын асырып, сатылған мемлекет мүліктерінің шын бағасын жасырып, «қалпағын ышқырына ытқытады. Бұл сорақылықтан әкімхакімдердің де, комиссар-эмиссарлардың да сау еместігі жазылып жатыр, олардың қулық-сұмдықтары қазылып жатыр. Жасырын айла-амалдары ашылып жатыр, асқынған арындары басылып жатыр. Бұлардан қарапайым құлқын құлдары да қалар емес, оларға да ешбір тыйым болар емес, тиіп кетсе, жұлып кетер ұрлығын қояр емес, өлгенде болмаса,
әзір тояр емес. Міне, мұның дәлелі: Қызылорда облысы, Тасбөгет ауылындағы 11-орта мектептің дөйдей шотқағары А.Ибрагимова 2001-2002 жылдары 1496604 теңгені жұмырына жүк қылмай, тап бүйеніне түсіріп жіберіпті. Бұған тоймаған, тойса да ашкөздігін қоймаған, теңгеге тым дәніккен, оңай олжаға кәніккен сол басбух кассирі Ғ.Әлиевамен бірге ойласып, сөз байласып 2170558 теңгені тағы жалмаған, ұрлық қылудан талмаған. Үкіметіміз ардақтап отырған, ақ тілеулі деген аналардың бұл ісіне не дейсіз?! Алматы облысының Балқан ауданында ағарту майданының ардагері, ұрпақ тәрбиесінің «маңмаңгері» болып жүріп, мемлекет қаржысына жаудай тиген, сотты болып, ар-ожданы отқа күйген Ж.Қабылбаев деген «ерің» бүгінде сондағы «Қарағаш» орта мектебінің дөкей директоры көрінеді. Ол мұнда да адалдықтан аттап өтіп, заң біткенді таптап өтіп, қаржылық қылмысты қоймай, теңгеге әлі тоймай жүрген көрінеді. «Қазақстантрубопромның» бұрынғы «құдайы», жеуден аузы тынбайтын ұдайы, 600 мың теңгенің басына су құйған Глеб Шегельский деген қазір Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары тағына қонжиған. Көп-ақ мұндай бір жерді тауысқандар, енді екінші соныға ауысқандар. Бұлардың жүнді білек, арам жүрек көкелері “мұны да жайпасын, тағы да миллиондап шайқассын» деп жылжыта қоя ма екен, әйтпесе, бұл қалай?” деп аңырады адамдар, бұған жауап таппай зарығар. Ал «тойсаңыз, қойсаңыз» деген құлағына кірмейтін, ұятты білмейтін құлқындар, жұла қашар
жебір жұлқындар суық қолы сумаңдаған жерде еш береке болмас, басы қосылып, қазақ қоғамы толмас, ел тойынып, тұрмысы оңалмас, кедейшілік жоғалмас дегенді ескермейді, халқына қастық, адалдығына настық істеуден дес бермейді. Ілгерілеудің орнына, кері кетуді қояйық, жемқорлықты жояйық демейді. Тәуелсіздік алған, «қайтер екен?», деп, әлем назар салған мемлекетімізді қолдасайық, оны тонағанша, тиынына тиын қосып, экономикасын оңдасайық деген ой кірмейді. Оу, жетесіз жебірлер, аш жүрсек те, кемдік көрсек те, ардан айрылмайық, арам дүниеге қайрылмайық! «Малым – жаным садағасы, жаным – арым садағасы» деген ата-баба өсиеті қайда?! 2002 ж.
ҮШІНШІ БӨЛІМ ШАЛҚУ СӨЗДЕР САТИРА ЖАЛЫНДА ДУЛАТ – СЫҚАҚШЫЛ ЖЫРАУ Ұлы Абай негізін салған жаңа әдебиетке дейін Махамбет, Шернияз, Сүйінбай сияқты өжет ақындар қазақ сатирасын бір белеске шығарып тастады. Солардың тұсында аякөздік Дулат жырау да сатира, юморға бой ұрып, сыншылдық, сықақшылдық үнін батыл естіртті. Бұл жөнінде ғалым Ы.Дүйсенбаев Дулат «жеке кісілерге арналған өлеңдерінде ...сол кездегі тірліктің ұсқынсыз жақтарын өлтіре шенеп, кейде өткір сатира дәрежесіне дейін көтеріле алды»1 – деп дұрыс көрсетті. Халыққа емес сыйымды – Парақор баспақ биіңді, Ел бүлдіргіш бегіңді, Әперіп сөзбен кегіңді Улы тілмен улаттым2, – деп Дулаттың өзі де сатира қалдырғанын, елді жегідей жеп, зар жылатқан төре, сұлтан, болыстарды тілімен 1 “Үш ғасыр жырлайды”. Алматы, 1965, 85-бет 2 Бұл да сонда. 98-бет
түйреп өткенін айтқан. Егер де Махамбет, Шернияз сатирасы Исатай Тайманов көтерілісімен байланысты туса, Дулаттың сын-сықағы қазақ даласында хандық дәуір жойылып, патша өкіметінің отарлау саясатының күшеюімен байланысты туды. Сол отаршыл езгіге қарсы ел наразылығына сүйене туды. Дулаттың тұсында елді бұрынғыдай ру басылары мен билер билемей, патша өкіметі тағайындаған аға сұлтандар, болыстық әкімдер биледі. Патша отаршылдары жұрттың жерсуын тартып алып, өздерін құнарсыз құмға айдап бір қысса, ел ішіндегі әкімдер жөнсіз, жолсыз алымсалықпен екі қысты. Сол сұлтандар мен жымысқы болыстар неше түрлі кесір-кесапат істеді, індетдерттер таратты. Бұлардың орысқа, патшаға қызмет істеуі хандық дәуірдің жоқшысы, мұңдасы Дулатқа мүлде ұнамайды. Жаңа кезеңнің жаңа әкімдері сынап-мінеп мансұқ етуге бет алды. Осы ниетпен ол прогрессивтік мәні бар көптеген сын-сықақ туғызды. Мысалы, Бараққа арнаған өлеңіндегі: Қасқыр тартып қан шықса, Жаман ит жұлып жей берер, Алды артына қарамас. Алған елдің бектері Қан шықса, елін жұлмалар, Қасқырменен аралас3, – деген жолдарда үлкен пікір, әшкерелеуші сын бар. Ақын патша отаршылдарын қасқыр, жергілікті әкімдерді ел иті деп алған. Қазіргі қазақ ұлықтары отаршыл-қасқырлармен бірігіп жаман иттей елін 3 “Үш ғасыр жырлайды”. Алматы, 1965, 98-бет
талап, жұртын тонап жатыр дегенді айтқан. Барақ, сен де осыны істеп отырсың деп ашу-ыза білдірген. Мұнан соң Барақ сұлтанның ұры ұстап, қолына құрық беріп түнделетіп жұрт малын айдатып алып жатқанын, тентектердің қолтығына су бүркіп отырғанын, өсекшілерді мақтап, арамдыққа әбден бой ұрып кеткенін бетіне басады. Қашан сенің ашылар Момындарға құрылған Қанды қара қақпаның? – деп Бараққа сұрау қояды. Момындарға қырын қарауды, қақпан құруды қоюды ұсынады. Осындай қатты сынды Кеңесбай мырзаға да айтады. Оны үйірін сұйылтқан жаман айғыр сияқты өз еліңді бүлдіріп жүрсің, арың таза емес, билігің әділ емес деп сөгеді. Ішің аяз, ақ қырау, Сырты сұлу сарайсың. Ыдысысың параның, Қотара құйса толмайтын. Ашылған әбден араның, Түйені жұтсаң түгімен, Биені жұтсаң бүгімен, Қақалмай бір-ақ толғайтын4, – деп, Кеңесбайдың сырты жылмиғанмен іші жымысқы, шектен шыққан парақор екенін ашық айтады.Ақынның парақорлыққа қатты шүйілуі орынды еді. Өйткені, екі жақтап талап-тонап, қысып4 “Үш ғасыр жырлайды”. Алматы, 1965, 162-бет
езіп күн көрсетпей жатқан сол кезде кейбіреулер жерін, суын, дәулетін сақтап қалу үшін, енді біреулер әділетсіз сол тұста әділдікке жету үшін, тағы біреулер өзінің дұшпанына деген қиянатын іске асыру үшін ұлықтарға, сұлтандарға пара беруді әдетке, салтқа айналдырып әкетті. Пара етек жайды. Үстемдер парамен байи түсті. Сөйтіп, әділетсіз, теңсіз қоғам парақорлықтың негізі болды. Дулат «Тегімді менің сұрасаң» деген өлеңінде әлгі Барақ, Кеңесбай сияқты атқа мініп, бас көтеріп жүргендердің пасықтық мінез-психологиясын, екі жүзділігін әдемі әшкерелеген. Ел алдында асқақтап, аспандап кететін солардың патша чиновниктері алдында құрдай жорғалайтынын, табанын жалауға дайын тұратынын, арсыз намыссыздығын қатты мінейді. Майырдың алса бұйрығын, Борбайға қысып құйрығын, Ел пысығы жортады. Өзі елді қорқытып, Онан өзі қорқады5, – дегенде ащы әжуа жатқаны даусыз. Бұл жолдарды оқығанда бәрі көрген жаман иттің құйрығын қысып иесіне тығылатыны көзге елестейді. Дулаттың екінші бір шүйіле сынағаны – діндарлар, қожа-молда, әулие-әмбиелер. Қазақтың жазба әдебиетінің тарихында бұларды Шал Құлекеұлынан кейін қатты сынаған – осы Дулат. Ол «Айтайын арнап Ешенге» деген сатиралық өлеңінде молда, қожаларды 5 “Үш ғасыр жырлайды”. Алматы, 1965, 100-бет
«Ұжмаққа тура бастайтын ел серкесі», «Тозақтан құтқаратын ел көсемі» деп өлтіре кекетеді. Олардың алақан жайып, елден қошқар, теке жинайтын тілемсектігін, екі жүз алса да, аз деп, біреуге бірді бермейтін сараңдығын беттеріне басады. «Бала берем саған» деп жасты, сұлуды, бедеуді алдайтынын, май ұрлаған мысықтай бұғып жатып біреудің отбасын бүлдіретінін ашық әшкерелейді. Олардың моральдық шын бейнесін алға тартады. Өлең соңында: Қалтырарсың Ешенім, Қыл көпірден өте алмай. Жөніңе көш, Ешенім, Тозаққа қарай бет алмай6, – дейді. Бүйте берсең, тозаққа түсесің, жөніңе көш, жөндем бол деп діншілді дінмен қорқытады. Дулат өз сатирасында тек үстем тап өкілдерін сынап-мінеп қоймай, моральдық, этикалық мәселелерді де қозғап, ел ішіне тарап бара жатқан жат мінез, жаман қылықтарды да нысанаға алады. Ол «Қылығың қылжаң, туысқан» атты сатиралық шолуында ел ішіндегі көңілсіз көрініс, ұнамсыз жайттарды кезекпен шола, тізе суреттейді. Келемеж қылып атасын, Алмай ақыл, батасын, Мойнына алмай қатасын, Шаруа десе, жиреңдеп, Өсек десе, сүйреңдеп, Қымыз аңдып қыдырып, 6 “Үш ғасыр жырлайды”. Алматы, 1965, 104-бет
Бейпіл сөзге сыдырып, Жалаңбастанып ұл кетті,7 – деп жастардың үлкенді сыйлаудан қалғанын, еңбектен жиреніп, өсек-аяңға үйреніп бара жатқанын сынап-мінеді. Мұны өмір тірлігіміздегі қауіпті дерт деп қарады. Мұнан кейін ақын: Күземе байтал кекілді, Жетекшіл түйе секілді, Шеше айтса кейін деп, Жеңгесі айтса, бейім деп, Киімін тастап қыз кетті8, – деп жазады. Дулат осы өлеңінің тағы бір жолдарында мал үшін абысындардың аңдысып, ағайындардың араздасып, өмірді, уақытты өткізіп, жанды түңілдіріп бара жатқанын көрсетті. Байлардың аңдығаны момынның алдындағы малы, қойнындағы бұлы болып кеткенін ашына айтады. Ұлықтарға берсең ,жағып, бермесең, жау болып, ау құратыны, дауға қалдыратыны мінелді. Абай дәуіріне дейінгі қазақ әдебиетіндегі сатира, юморды дамытудағы Дулаттың тағы бір үлесі – оның мысал өлеңдері. Ақын елге үлгі, өнеге беру, дидактикалық ақыл айту ниетімен үш-төрт мысал жазған. Оларда автор өтірікшілікті, мақтаншақтықты, арамдық, қулық-сұмдықты, дүниеқорлықты масқаралайды. Бұл ой-идеяларды ашық, айқын жеткізу үшін ақын өз мысалдарын түсінікті, қызықты сюжеттерге құрады. 7 “Үш ғасыр жырлайды”. Алматы, 1965, 91-92-бет 8 “Үш ғасыр жырлайды”. Алматы, 1965, 92-бет
«Сарышымшық» атты мысал өлеңінде таңдайы кеуіп шөлдеген жаман шымшық қып-қып етіп, қорқақорқа барып, көлден су іше сап зытады. Қайтып келіп жолдасына былай деп мақтанады: Барсам, көлде дүйім құс отыр. Ортада–аққу. Көл қорыған қызғыштар. Айламды асырып, соның бәріне сездірмей ұрлап су іштім, әбден шомылдым. Бір кезде қалықтап қаршыға келіп қалды. Қаз қамысқа тығылды, аққулар есінен адасты, сұқсырлар суға сүңгіді. Мен ғана тырп етпей отыра бердім. Қаршыға менен қаймығып көлге қонбады. Ақыры саңғыттым да, көлдің суын арамдап жөніме кете бардым. Сонда жолдасы: Өзім де бұрын білуші ем Қаршыға саған батпасын. Ерлігіне ебі сай Мақтаса сені мақтасын,9 – деп көпшік қояды. Сөйтеді де, ана бір күлдің түбінде балалар құрған тұзақ бар. Оның айналасы – арпабидай аралас жем. Айлаңды асырып, тұзаққа түспей, сол жемді теріп же, бұл сенің қолыңнан келеді деп арандатады. Қаршығадан қорықпаған мен тұзақтан қорқам ба деп мықтымсып барған сары шымшық тұзаққа түсіп, мерт болады. Ақынның бұл мысалында екі объекті бар. Бір жағынан, өтірікші, мақтаншақ, әлін білмейтін әлектерді өлтіре әжуалап, ондайлардың тағдыры әрқашан осылай болмақ деп отыр. Екінші жағынан, доссынған дұшпандар өтірік мақтап, арандатып, отқа 9 Академияның қолжазба қоры, инв.№18, 57-бет.
айдап, орға құлатады дегенді айтып отыр. Дулаттың «қара қарға жем іздеп» деген мысалының мазмұны мынадай: қара қарға жем іздеп келе жатып, өліп жатқан үйректі тауып алады. Өзі жемей, балапандарына әкеліп береді. “Балапандары бұл тәтті жемді қалай қолға түсірдің?” деп сұрайды анасынан. Қайратты шешең қамысты көлден іліп әкетті деп мақтанады қарға. Ата-бабамыз үйрек іліп көрген жоқ еді деп күдіктенеді балапандар. Осының бәрін көріп тұрған бір сауысқан қарғаға келеді де, қаршығаның теуіп түсірген үйрегін жоғалтып, іздеп келе жатқанын айтады: Қырғиды да жұмсапты, Кім де болса, алғанның Сол жерде мойнын қи депті, Жемімді алған ұрыға Өлімнен тарт сый депті,10 – дейді. Мұны естіген қарғаның зәресі ұшады, ішкенжегенін қайта құсады. Балапандарын шулатып, бассауғалап, тұра қашады. Үйректің қалған жемтігін сауысқан сүйрей жөнеледі. Бұл мысалда да нысанаға екі объекті алынған. Қарғаның үйректі өзім ілдім деуімен тағы да өтірікшілдікті, жөнсіз мақтаншақтықты келемеждеп отыр. Онан соң қорқақ, момын байғұстардың аузындағысын алдап жеп кететін сауысқан сияқты сұмдарды әшкерелеген. Ақынның өз мысалын: 10 Академияның қолжазба қоры, инв.№18, 71-бет.
Сауысқан көп қазақта Қорқытып жейтін момынды, – деп аяқтауы да осы идеяны аңғартады. Бір айта кететін нәрсе: Дулаттың осы мысалы И.А.Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалымен идеялас, мазмұндас жатыр. Ұлы мысалшының туындысында да қарғаның мақтаншақтығы, түлкінің қулығы мысалданған. Екеуіндегі айырмашылық – қарғаның аузындағы жемін И.А.Крыловта түлкі әкетеді, Дулатта сауысқан әкетеді. Персонаж мұнда да табылып алынған. Сақтық, қулық-сұмдық жағынан сауысқан да түлкіден кем түспейді. Дулаттың үшінші «Бір патшаның бір кезде» деп басталатын мысалында да орынды ой, ақылды дидактика бар. Бір патша барға қанағат етпей, әлемді түгел қолыма қаратсам деп арман етеді. Шарқ ұрып соның жолын іздейді. Патша үйінің қасында көк аспанмен таласқан киелі шынар болады екен. Бір күні қараса, соның басында от ұстаған айдай ару отырады. Патша ғашық болып, “түс” деп тілек етеді. Қыз: «Түсуге тәңірден бұйрық жоқ, маған жетіп, қолымдағы отты алған адам арманына жетеді», – дейді. Патша биік шынарға өрмелей бастайды. Неше күн, неше түн өрмелеп оның ортасына зорға жетеді. Ақыры кенеттен дауыл соғып, патшаны ұшырып өлтіреді. Тойымы жоқ нәпсі патшаның басын жұтады. Филология ғылымының кандидаты Х.Сүйіншәлиев Дулат туралы зерттеуінде осы мысалдың “мәні шығыс елінде тарап жүрген Ескендір патша сияқты өзі тойса
да, көзі тоймаған жау құмар патшаны әжуалауға арналатын сияқты”11, – деп жазды. Сөз жоқ, бұл мысалда осы идеяның жатуы да ғажап емес. Сонымен бірге ақыры мұнда нысапсыздықты, нәпсіқұмарлықты сынап, жалпы жұртты қанағатшыл болуға үндемек, өзеурей бермесең, өзегің талмайды демек, халықтың «қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» деген мақалының айтар ойын тірілтпек деп те түсінуге болады. Қорытып айтқанда, Дулат өз заманындағы неше қилы дерт-кемшіліктердің себеп-салдарын жете білмесе де, оны жоюдың жолдарын түсінбесе де, оларды сынып-мінеп, әшкерелеп, үлкен іс істеді. Махамбет, Шерниязбен бірге қазақ сатирасын байытты, әдебиетімізге мысал жанрын әкелді. Сатирада өз беті, өз ерекшелігімен көрінді. Егер екі ақын сатираны көтеріліс тақырыбына жазса, көтеріліс жауларына қарсы бағыттаса, Дулат сатирасының семсері ел ішіндегі тұрмыстық дерттерге, жаман әдет-дағдыларға қарсы сермелді. Егер көтерілісші екі ақынның сатирасы белгілі объекті, нақты адреске негізделді. Сол сияқты, егер Махамбет пен Шернияз сатирасы өзінің діттеген объектісіне тура қаратылып, арнайы айтылса, жырау сатирасы дертті суреттей, баяндай айтылды, мысалдап айтылды. 1967 ж. 11 Ғылым Академиясының хабарлары, 1959. №3, 99-бет.
ШАЙЫРЛАР САТИРАСЫ Профессор М.Қаратаев бір зерттеуінде: «Бұрынғы кітаби» деп аталып келген ақындар тобына ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, жиырмасыншы жылдардың ортасына дейін неше алуан, бірінебірі ұқсамайтын, бірін-бірі толықтырып отыратын ондаған шайырлар қосылды», – деп жазды. Осы шайырлардың бірсыпырасы, атап айтқанда, Мұсабек Байзақұлы (1849-1933), Нұралы Нысанбайұлы (1860-1928), Омар Шораяқов (18781924), Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939) біздің оңтүстік өңірде – Шымкент, Түркістан, Қызылорда маңында өмір сүрді. Олар қазақ поэзиясында Шығыс әдебиетінің гуманистік, бұқарашылдық белгілерін дамытты. Бұл ақындардың бүкіл творчествосының басты сарыны жұртқа үгіт-насихат, нақыл-өсиет айту болды. Мұны өздері да аңғартқан. Мысалы, Әр түрлі үгіт айтамын Өтіп кеткен Ұлықпанша, – деген екі жолмен Тұрмағамбет бүкіл творчествосының мұратын білдірген. Осы ниетпен аталмыш шайырлар сатираны да мол тудырған. Әсіресе, мысал жанрына көп барған. Ғибрат, өсиетті. Шығыс үлгісіндегідей, мысалдап жеткізуді тиімді деп қараған. Шайырлар бұл туындыларында, бір жағынан, жеке
адамдар басындағы кеміс-кемшінді сынап-мінесе, екінші жағынан, басқаны одан бездіріп, ақыл айтып отырады. Мұсабек Байзақұлының «Тышқан мен түйе» мысалында әл-шамасына қарамай, қисынсыз мақтанатын гүпілдектер сықақталған. Түйенің бұйдасына жабысып алып: ...... иығым қандай күшті! Күшпен тартып істеймін әрбір істі. Иықтың күштілігі бұл емес пе – Таудай түйе қаңбақтай болып ұшты, – деп, кеуіп келе жатқан тышқанның кішкентай арықтан өте алмай шоңқиып отырып қалуында осы сын жатыр. Сол суға тышқан «сүйреп келе жатырмын» деген түйе түсе қалғанда, оның тізесінен де келмейді. Тышқан жөнсіз гүрілдеп кеткенін сонда ғана біледі. Мұнымен «әліңді байқа, шамаңа қарай дарылда, кімнің алдында қалай бөсеріңді біл!» деген ғибрат айтылған. Кей жаман, кей надандар ішіп-жеп бүйірі шықса, есіре, екілене бастайды. Айқай-сүрең шығарып, сыр алдырады. Ақыры дәулеттен, бақыттан айырылады. Молда Мұса «Семірген есек» атты мысалымен осындай қоңы көтеріліп, жал бітсе, «құдайын ұмытып кететіндерді» шенеген. Жұрт жамылған терісіне қарап жолбарыс деп біліп, еркінсітіп жібергенде, есектің ақырып қойып сыр алдыруы, елдің оны баубақшадан қуып шығуы – сондайлардың қылығын келекелеу. Мысалдағы ғибрат:
Бұл айтқаным – нақыл сөз ойлағанға, Әлін білмей ілгері бойлағанға. Екпіндесе, есектей болар ақыр, Бітсе де дәулет, қарны тоймағанға, – деген шумақта жатыр. Ол ғибрат – болсаң, тойсаң, асып-таспа, өзіңді бір қалыпта ұста! Шайырлар мысалдарының бір саласы таза дидактикалық мысал болып келеді. Молда Мұсаның «Түзу терегі», Тұрмағамбеттің «Төрт досы» туралы осыны айтуға болады. Бұларды сықақтау идеясы да, осы ниетпен алынған сын объект де жоқ. Олар тек өнеге беріп, өсиет айтуды көздеген. Мәселен, бірінші мысалдағы кемпірдің түзу терегін патшаның көп ақша беріп қалап алуымен әділдік, туралық әр нәрсенің де парқын көтереді, түзу болып, жөн жүрсеңдер, азбайсың, қор болмайсың деген ғибрат айтылған. Ал екінші мысалда төрт достың бірі – киік ауға түседі. Оны құтқарып алу мақсатымен екінші дос – түлкі адамды алдаусыратып алысқа әкетеді. Үшінші дос – қарға төртінші дос тасбақаны ертіп әкеліп, ауды қиғызады. Киікті босатып алады. Мұнда бірлік, татулық насихатталған. Өзара көмек бар жерде өлмек жоқ, адамдар да әлгілердей бірбіріне сеп, сүйеу болу керек деген кеңес берілген. Шығыс стиліндегі шайырлар мысалдарының бірсыпыра ерекшеліктері бар. Біріншіден, оларға көбіне араб, парсы, үнді әдебиетіндегі дайын сюжеттер арқау етілген. Кейбірі діни нанымға негізделіп, діни хикая етіліп жазылған. Молда Мұсаның «Қайырымды қыз бен қайыршы» мысалынан бұл айқын көрінеді. Диуанаға жасырып күлше бергені үшін сараң бай
өз қызының қолын шауып тастайды. Артынан «алланың әмірімен» қызға қайта қол бітеді. Мұнда жақсылық еткені үшін жазаланғандар қор болмайды, кем болмайды деген пікір жатыр. Мысал жұртты адамгершілікке, ізгілікке, қайырымды, мейірімді болуға діни тұрғыдан үндейді. Екіншіден, қазақ әдебиетінің дәстүрінде түлкі қу, сұмның, опасыздың, қарға ақылсыз дарақының, тасбақа асықпас шабанның персонажы ретінде қолданылатын. Ал Шығыс үлгісінде жазылған мысалдарда бұл дәстүр сақтала бермейді. Әлгі персонаждар бір сипат, бір мінезде қатып қалмайды. Жоғарыдағыдай, түлкі досқа опасыздық емес, адалдық жасайды, өз басын қауіп-қатерге қияды. Қарға болса, қиын-қыстау сәттерде қолға түскен киікке жәрдем беруге жарайды. Сөз болып отырған кезеңде шайырлар шығыстың дайын оқиғаларын пайдаланып, мысалдар жазумен қанағаттанып қоймай, басқа елдердің сықақ дүниелерін аударумен айналысқан. Молда Мұса .А.Крыловтың «Пустынник и медведь», өзбек шайыры Мұхамед Шәріп Гүлханидің «Ағаш пен маймыл» атты мысалдарын қазақшалаған. Бұлар арқылы да ақын қазақ жұртына өсиет-өнеге таратқан. Мәселен, соңғы мысалда маймыл ағаштың сынғалы тұрған жарықшағына құйрығын тығады да, сынаны суырып тастайды. Сол-ақ екен маймыл «шаж» ете қалады. Құйрығы қысылып, құлындағы даусы шығып жатқан оны адам тоқпақпен ұрып өлтіреді. Мұнда өлеріңді біл, әліңді білмей әлек болма деген нақыл жатыр.
Жоғарыда аталған Шығыс сюжеттеріне жазылған төл мысалдардың да, аударма мысалдардың да бәріне тән бір кемшілік бар. Ол – шұбалаңқылық, өлең құрылысындағы олпы-солпылық, тіліндегі шұбарлық. Бұл кемшіліктер ақындардың ауыз әдебиеті дәстүрінен ұзап шыға алмағандығынан деуге болады. Шығыс поэзиясының мектебінен өткен шайырлардың қазақ сатирасын дамытудағы екінші бір тындырғаны – сықақ дастандар тудыруы. Бұл ретте М.Байзақұлының «Сұлу әйел мен молда», Н.Нысанбайұлының «Саудаишан» дастандарын ерекше атаймыз. Бұларда молда, ишандардың нәпсіқұмарлығы, арсыздығы аяусыз келеке етілген. Бірінші дастанда өзінде көңілі барын сезген сұлу әйел молданы ақымақ етпек болады. Күйеуіне: “Сен сапар кеткен бол, мен молданы шақырайын, ел жата үстімізден түс” дейді... Осы келісіммен молдекең төсекке енді бас қоя бергенде, есік қағылады. Әйел: «Күйеуім кеп қалды!» – дейді. Молда: «Енді қайттік, мені жасыра көр!» – деп жалынады. «Әйелше киініп, диірмен тартып отыра қал!» – деп кеңес береді әйел оған. Молда оның айтқанын істейді. Қатынша киіп алып киімдерді, Гулетіп тарта берді диірменді. Нәпсінің тілін алып, жолдан азып, Молдекең сұлуының сиын көрді. Сұлудың күйеуі үйге кірген соң, диірмен тартып отырған «келіншекке» тисіп, әзілдей бастайды.
Шымшып қалып, түртіп кетіп, көңіл білдіреді. Ақыры молда шыдай алмай, тұра қашады. Жаулығы жалпылдап, көйлегі салпылдап зытып бара жатқан оны ит қосып, үйіне қуып тығады. Қайтер екен деп, қу әйел екінші рет шақырғанда молда беттемейді. Баруға шақырса да қаймығады, Барғанмен асыл болды қай мұраты? Әнеугі көрген қорлық естен кетпес, Жүрегі май жегендей шайлығады. Бұл дастанды оқығанда еріксіз күліп отырасың. Молданың ақымақ болғанына, сорлап қалғанына, сол сәттегі бишаралық қылықтарына күлесің. Ал Нұралының «Саудаишанын» оқығанда, күрсініп, күңіреніп, ашу-ызамен отырасың. Өйткені, алдыңғы дастандағы молда әлсіз, сорлы. Әлсізге, сорлыға күлу оңай. Ал мына дастандағы ишан –сұм, опасыз, қатыгез. Оның іс-сұмдығынан, күлмек түгіл, үрейің ұшады. Әлгі молда сұлу әйелге жете алмай, мазақ болып жүрсе, бұл он алты жастағы қызы көнбегені үшін өз қожасының шаңырағын быт-шыт қылады. Үрім сапарынан қайтқан Мақалбайдың алдынан шығып, «Қызың бұзылды, шәһәрдің күллі бойдағын жиып алып, үйіңді топыр қылды», – деп, Жанатты жамандап, оны өлтіруге әкесінің келісімін алады. Дастанда жақсылық пен жамандық, ізгілік пен жауыздық тайталасқа түсіп, ақыры адалдық, ақниеттілік жеңеді, арамдық, қаражүректілік әшкере табады. Саудаишан масқара болып, басын жұтып
тынады. Міне, осы тұста ғана оқушы бетінде күлкі ойнайды. Өлім алдында ишанның жапырақша қалтылдап, қоянша дірілдеп тұрғанына күледі. Ишан тағдырына мұңаймай, “сауап бопты” деп күледі. Т.Ізтілеуовтың «Мәрді дихан», «Рауа Бану» дастандарында да осындай сатиралық сарын бар. Оларда да дін өкілдерінің әлгідей нәпсіқұмарлығы, ашкөздігі әжуаланады. Бұл ақын да әлгі поэмаларында лирикалық және сатиралық стильді тоғыстыра білген. Жауыздықты әшкерелеуде сықақтық, ізгілікті паш етуде жылы сезімдік үн қолданған. Жоғарыдағы шайырлар творчествосында белгілі бір адреске негізделіп жазылған ашық сатира да кездеседі. Бұл ретте олардың жазғандары, көбіне, нақты бір адамдардың мінін бетіне басып, сықақтап тастайтын арнау түрінде келеді. Мысалы, Молда Мұса Түркістан приставының тілмашына үш рет шағым жолдап, жауап ала алмайды. Сонан соң, «Қосай тілмашқа» деген арнауын жазады. Онда ақын тілмашты былай сипаттайды: Сараңдықты үйрендің жалықпай-ақ, Судағы ұстатпайсың балықтай-ақ. Қабырғасын жапты ғой десектағы, Тайсақтайсың ер батқан арықтай-ақ. Осы бір шумақта Қосайдың көп сыры ашылған. Ол төрешіл, елге жауап беруге ерінетін қыңыр, қолдыаяққа тұрмайтын жылпос, ел-жұрттың заңды тілекталабын орындаудың орнына, ашамай батқан өгіздей тайсақтайтын қисық.
Тілмаштың өзін осылай «қасиеттеп» алған соң, ақын оның шешесін, қарындасын мінездейді. Тілдеп, балағаттауға дейін барады. Арнау соңында: Білмегенге өзімді білікті етіп, Кез келгенде жүруші ем іліп кетіп. Ақындардың болады бәрі қанжар, Кей адамды індетер тіліп кетіп, – деп, Мұса қасиетсіздердің ақындардан алатын сыбағасын аңғартады. Сыбап-сыбап ап, ақындар осылай істейді, еш нәрсе етпес деп жұбатқандай болады. Елуге ілінгенде Молда Мұсаның әйелі өліп, қыз айттырады. Біреумен уәделесіп, соны алып келу үшін барлардан ат сайын сұрайды. Бейсембі деген бір ат беремін деп, артынан айнып кетеді. Ақын оған сатиралық арнау жолдайды. Оның екіжүзділігін, пәтуасіздігін бетіне басады. Айлалы түлкіге теңеп, жанын жалдаған жалғаншы атайды. Кісіге сенбей, күдікпен қарайтын қара жүрексің деп шүйіледі. Сатиралық арнаулар Омар Шораяқовта көп. Оның «Құлахметке», «Жамантік пен Итқараға», «Есенжолға», «Құбайға», «Сейсекеге», «Күмісбайға», «Таубайдың Жүсібіне» деген арнаулары бар. Бұлардың бір ерекшелігі – бәрі эпиграмма түрінде жазылған. Әлгі аталған сабаздар төрт тармақтық қана жолдаумен әшкереленіп тасталып отырған. Солардың бірінде ақын: Бір жілік бесеу ара асып беріп, Өзіңді кем көрмедің «шабылғаннан».
Оны да артық көріп, әйеліңе Дауысың қатты шықты қоңырланған, – деп, Күмісбай дегеннің сараңдығын сықақтайды. Омар өз эпиграммаларында әлгілердің кейбірінің ұсқынсыз түр-түсін, енді бірінің келіссіз мінезін, тағы бірінің ұнамсыз жүрісін келемеж етеді. Есенжолды «қайқы төс, қисық мұрын, қалың қабақ» деп мінездейді. «Көшесін жігіттіктің жастап жүр» деп Жамантік пен Итқараны кінәлайды. Өтірік айтып, өсек тасып жүретін Құрбанғали дейтін молдаға Тұрмағамбет те сатиралық арнау жолдаған. Онда молданы ессіз есер есекке, өлексені тартқылаған төбетке ұқсатып, абыройын төккен. Оның шапанды шытпен тыстап, сырып кию, сәлде орау – молдалық мәртебе деп түсінуін келеке еткен. Осы үшін молда: «Діннен безген сайтан – шайыр Тұрмағамбетті ал, құдай!» деп назаланып жатып апты. Сонда ақын: «Иә, ауру адам күлкі сүймейді, ит жүйрігін түлкі сүймейді, мәгес молда мені қайдан сүйсін», – депті. Ашық бетке айтар сатира Нұралыда да бар. Бірақ мұныкі арнау түрінде емес, сырттай сипаттау, мінездеу түрінде келеді. Бірде ақын өзінің қастас болысы Байтұрсынның үйінде шалқып отырған бір топ бидің үстінен шығады. Сол жерде ақын ұрына кетіп, әр бидің өзіндік мінез, бейнесін ашып тастайды. Оның сипаттауынша, Қуантай знак, мөрі, би атағы болмаса, жүрген бір есерсоқ. Ержан –пәле іздеп, біреуге тиісіп жүретін ұрыншақ, Есқожа –қолынан іс келмейтін босбелбеу. Биназар
«болғанның аты осы» деп, төркінін танымай кеткен безер. Баймонша сөзінің берекесі жоқ былжырақ. Осы «қасиеттеріне» қарай ақын оларды шоқпарға, қотыр түйеге, үсік ұрған қауынға, арындаған айғырға, байғызға теңеген. Бұл теңеулер әлгілердің әрқасысының өз қасиетін әдемі ашады. Билерді осылай сыпыра сілейткен соң Нұралы Байтұрсын болыстың өзіне ауыз салған: Ақта құнан, Би боп жүр әркім-әркім тап-табынан. Байтұрсын жымың қағып, күліп жүріп, Ел-жұртын сорып-жейді мақтаманан, – деп оның зұлымдығын, жылмиып жүріп-ақ жұртты күңірентіп отырған жебірлігін әшкерелеген. Тепсініп кеткен ақын әлгі тәуірлердің қасындағы жемтіктес итаршыларын да аямайды. Есқожаның Алтынбек сияқты хатшы, тілмаштарын зорлармен елді бірге жылатқандағы жарығандарың қайсы деп жерлейді. Бір атап айтар нәрсе: әлеуметтік қайшылықтардың сырын білмегендіктен аталмыш шайырлар Шығыс ақындары уағыздаған адамгершілік қасиеттерді насихаттаудан ары аса қоймайды. Олар өз сатиралық туындыларымен бірде ақыл-өсиет, ғибрат айтумен шектелсе, енді бірде би, болыс, қожа, молдалардың мінін тізіп, сынап-шенеумен, елге жайлы бол деп үгіттеумен тынады. Үлкен әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық құрылыстағы дерттерге ұрына қоймайды. Рас, М.Байзақовта «Сайлау деген елге бір бүлік болды», Т.Ізтілеуовте «Бар» мен «Жоқ», «Ал» мен
«Бер» атты сатира бар. Алғашқы өлеңде ақын шенге, лауазымға ие болу үшін қырқысып жатқан әумесерлерді шоқысқан қоразға теңеп, бұл жолда мал-дүниесінен айырылып бос сабылғандарды қызылшақа болып қалған қораз деп әжуалайды. Ал Тұрмағамбет ел ізінде қолы ашық, «бар еді», «ала ғой» дейтін адамның қалмағанын, «жоқ-жоқ» деп қақылдап, «бер-бер» деп безілдейтін қу-сұмның көбейгенін ашына айтқан. Демек, бұларда әлеуметтік мән-маңыз бар. Қоғамдық құрылыс, замана дерті әшкереленген. Ал аз да болса, дәуір шындығы сипатталған. Бірақ мұндай әлеуметтік мәні бар салмақты сатира шайырларда жоқтың қасы деуге болады. Сөйтіп, Шығыс
поэзиясының дәстүрімен нәрленген шайырлар жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ сатирасын дамытуға өзіндік үлес қосты. Мұсабек пен Тұрмағамбет мысалды, Омар Шораяқов арнау-эпиграмманы жаңа белеске көтерді. Сонымен бірге әдебиетімізге сатираның кең тынысты түрі – сықақ дастандар әкелді. 1967 ж.
ҚАЗАҚ САТИРАСЫ ОТТЫ ЖЫЛДАРДА Еліміздің тарихында 1917-1920 жылдар «отты жылдар» атанды. Өйткені, бұл аралық – революциялар дәуірі, қиян-кескі күрес-тартыс дәуірі. Октябрь жеңісі, совет үкіметінің орнауы жан біткеннің бәрін бірдей қуанта қоймады. Сыртқы, ішкі жауларымыз мұны бұл анархия, бұл заңсыздық деп бағалап, қарсы күреске көтерілді. Жаңа ғана тыныс алып, бейбіт еңбекке кірісе бастаған Совет еліне соғыс интервенциясын ұйымдастырды. 1918 жылдың күзіне қарай жас совет республикасы отты құрсауда қалды. Халқымыз Ұлы Октябрь жеңісін, қан төгіп алған билігін, теңдігін қорғауға аттанды. Азамат соғысының отты жылдары басталып кетті. Кескілеспей бітіспес топтар күресі шиеленісті. Революция жеңісіне, совет өкіметіне деген әрқилы көзқарас Қазақстанда да кең орын алды. Қалың бұқара көпшілік жаңа дәуірге, аңсаған арманына жеткендей қуанып, қол шапалақтады. Октябрь жеңісін, совет өкіметінің келуін жырға қосты. «Кедей сөзі» газетінде жарияланған «Қысым көрген бұлбұл» атты өлеңде революцияға дейінгі өмір аязды қысқа, одан кейінгі өмір шуақты жазға теңелді. Қыстан қысым көріп, қысылып жүрген бұлбұл енді «зарланып түрлі күймен құбылып тұр, қызарып гүл-бәйшешек түрленгенге» деп, совет үкіметінің келуімен өмір өзгергенін, ел
түрленіп, жер гүлденгенін паш етті. Сары аяз, суық ызғар батып қалған ел жүзіне нұр кірді деді. Сөйтіп, өлең бостандық алған халықты бұлбұл бейнесінде берді. Жаңа өмірге «шынымен тілеп тұрған күнім едің, жасаған, көрсеттің бе бізге бүгін» деп қуанды. «Қағынған күнің қысқа, түнің ұзақ, сол күймен қайта айналып келме кезге», – деп өткен өмірге қарғыс айтты. Одан жұрттың безер болғанын білдірді. «Болса да жеті қабат жауған қарың», енді мына нұрын төккен жаз күнімен еріп жоқ болады деп, ескінің құритынын зор сеніммен айтты. «Кедей сөзі» газеті «Құтылдық» атты екінші бір өлеңінде де Ұлы Октябрь жеңісін шаттана жырлады. «Айтыңдар бар ма қазақ, өскен күнің?» – деп сұрау қойды да, «жоқ еді» деп жауап берді. «Қайда әділдік, еркіндік, бостандық деп, көзді жас, көңілді зар еткен күнің» көп еді. «Сол іздеген әділдік атты таңың, ал қимылда, кеудеңде болса жаның», – деп бостандық күні туғанын қуана хабарлады, елді жаңаша еңбектенуге, жаңа тұрмыс құруға үндеді. «Адал пиғыл, ақ көңіл, еркіндікті – бәрін совет беріп тұр –болсын мәлім», – деп совет өкіметінің елге деген қамқорлығын білдірді, оны қолдауға шақырды. Міне, мұның бәрі революция жеңісін қостау, насихаттау еді. Ал енді, революция жаулары жаңа дәуір, жаңа заманға үрке қарады. «Қандай күйге душар болдық!» – деп торықты. «Бұрынғы дәурен қайда қалды», – деп зарықты. Ілгері күнді, қазағым, Есіңе алып ойлап бақ!
Мыңдап қой мен жылқы айдап Түсе ме еске жүрген шақ? – деп өткенді өксіді. Жұртты артқа алаңдатпақ болды. Мыңдаған қойды айдар ең, Малға жер жоқ, табарың Егін ғой бәрі даланың, – деп отырықшылыққа, егіншілікке қарсылық білдірді. Көшпенділікті, мал бағуды ғана арман етті. Көкейін мыңдаған қой тесті. «Сауарға бие болмаса, сәні кетер сабаның», – деп бие байлап, қымыз пісуден артық тірлік жоқ деп өксіді. Міне, Октябрь революциясы жеңісін осылай екі түрлі қабылдап, екі түрлі түсіну тап тартысын, пікір қайшылығын күшейтті. Совет өкіметіне берілгендер мен буржуазияшыл ұлтшылдар арасында идеологиялық күресті шиеленістірді. Осы талас қайшылықтың бәрі алғашқы қазақ совет әдебиетінен өз көрінісін тапты да, ондағы сатира жанрының көрінуіне негіз, себеп болды. Жығыспай бітіспес қарсы таптар, оның идеологтары бір-біріне соққы беруде жауынгер сатираны қару-құрал етіп пайдаланды. Мысалы, С.Сейфуллин февраль революциясынан кейін-ақ «Күзетші иттер» атты мысал-памфлетін жазды. Онда ақын қазақ елін билеп жүрген болысәкімдерді, «қазағым», «халқым» деп еңіреген боп ел-жұртын талап жатқан уақытша үкімет өкілдерін өз қотанына шапқан опасыз иттер бейнесінде келемеждеді.
Ал, «Сарыарқа» газеті бұған қарсы «Төбет» деген сықақ өлеңін жариялады (1919, 7 февраль). Оған «Ақмола әңгімесі» деген рубрика қойды. Мұның екі себебі бар еді. Біріншіден, онда газет Сәкеннің Ақмолада шыққан «Тіршілік» газетінде басылған әлгі «Күзетші иттер» мысалының сюжетін, әңгімесін пародиялап пайдаланды. Екіншіден, бұл өлең, шынында да, Ақмола әңгімесіне, – ондағы совет өкіметінің құлатылып, совдеп мүшелерінің тұтқынға алыну оқиғасына арналды. Оларды қотандағы қойына ие бола алмай қалған төбетке теңеп балағаттады. Солардың түрмеге қамалуына қуанып, сауап болды деп табалады. Большевиктерді тұлпар болам деп әуре болған жабы, сұңқар болғысы келген қарға деп кекетті. Бірақ, совет өкіметі жауларының мұндай пасықтық үні тез-ақ өшірілді, тілі қырқылды. Халықтық, революциялық сатира үні өктем естіле бастады. Ол өз тұсының барлық әлеуметтік мәселелеріне батыл араласып, Ұлы Октябрь жеңісін баянды етуге ат салысты. Бұл кезде үстемдіктен айырылғысы келмеген пролетариат жаулары Колчактай қарт генералды қолға алып, Қазақстандағы совет өкіметіне қарсы күрес жүргізді. Алғаш олар табыссыз да болмады. Біраз жерлерде билікті қайта қолға алды. Колчактың осы уақытша салтанатын әшкерелеп «Дұрыстық жолы» газеті «Сауысқан жандарал» атты оқшау сөз (фельетон) жариялады (1919, 6 июнь). Онда оның күнінше ғана күшейіп тұрғанын былай келекеледі: «Шіркеу қоңыраулары өзінің түрлі үнімен
Колчактың салтанатын дүниеге білдіруде. Шіркеулерде байлар ақшасына алынған қалың шамдар түтіндеп жануда. Алтын киімдермен түрленген ұзын шашты поптар да шөлмектерін тұтатып, Колчак патшасына үлкен өмір тілеп, зарлық айтуда. Колчактардың, байлардың мойындары сәждеге иілуде. – Колчак салтанаты! – Колчак той жасады. Арақ өзен суындай ағуда! – деген даурықпа дауыстар көтерілуде». Газет мұның бәрі өткінші дүние, баянсыз дәурен екенін зор сеніммен айтады. «Сауысқан жандарал» «...күндердің күнінде нәрсе-мәрселерін тиеп Россияға қарай жүреді. Ай жүреді, жыл жүреді. Орал тауларына да барып жетеді. Екі арада атыс басталады. Ұзын мұртты қарт қазақ өзі де, кішкентай аты да мықтап жүрге батады. Өтіп кеткен үлкен таулар, күйік далалар қазақтың өзін де, атын да аздырады», – деп оның болашақ тағдырын көз алдымызға келтіреді. Фельетон уытты жазылған. Онда күлкілі теңеулер, салыстырулар қолданылған. Қарт Колчакты ұзын құйрықты, сүйір тұмсықты сауысқанға теңеген. «Сауысқанның құйрығын кесіп алса, басы жабысады, басын алса, құйрығы жабысады» деген рас екен», погонды сауысқанның мұрны Севериядағы балаусаға жабысқан еді, шылдырлауықты етікпен артынан бір теуіп жібергенде тұмсығы северден шығып кетті де, құйрығы келіп Оралдың сол жағына жабысты», – деп мазақтайды. 1919 жылға қарай сатира тұрмыстық тақырыпқа бет бұрды. Адамдар санасындағы, іс-мінезіңдегі зиянды әдет-дағдыларға қарсы күрес аша бастады.
«Көмек» (қазіргі «Жетісу») газетінде (1919, 21 июнь) жарияланған «Жалқаулық атты сықақ» «алма, піс, аузыма түс» деп жатып алуды, «таңғы ас тәңірден» деп, «Аллаға» қарап ауыз ашып отыра беруді келемеж етті. Тірлікті, рыздығын алладан күту, аллаға аманат етіп қою ұятсыздық деп әшкереледі. «Бөркімізді лақтырып жіберіп, аллаға алып бер десек, алып бере ме? Жоқ. Олай болса, рыздығын да алла бермейді, еңбек береді. «Әрекетсіз берекет болмас» деген сөзді ойлан! «Еңбек қылсаң, тоярсың, егін салсаң, орарсың» деп жалқаулықты, жұмыссыздықты жеріне жеткізе сынады. «Қырғыз-қазақ жас буындары, тезірек алға, еңбекке!» – деп оятты. «Кедей сөзі» газеті «Түлеме жуандар тегеуірін астында» (1920, 22 апрель) деген фельетонында қазақтың кейбір интеллигенттеріне, әкімдеріне тән жаман мінез-қылықтарды ашады. «Іс басына мінген қазақ баласы ел аралап жүргенде лепіре сөйлеп, тұрпайы мінез көрсетеді», – деп қынжылды. Фельетонның айтуынша, Колчак орнатып кеткен үрейді кетіру орнына, елге шыққан қазақ уәкілдерінің бірі: «Мен қазақ облыстарының үстінен шыққан комиссармын. Бәлен күні бәлен бекетке ат даярлат, қолымда қазақтан жігіт алатын бұйрық бар», – деп үркітеді. Екінші біреуі: «Ақтан қалған мал, нар қараны жинай шықтым. Ілгері ауылға шабар жібер. Бәленше байдың үйі күтініп тұрсын!» – деп бұйырады. Тағы біреуі: «Мен – уездік мекемеден шыққан инструктормын. Болыс, ауылнайды қолмен қоям. Ас, ат, шабарман даярла! Аймақ жиналсын, әйтпесе...»,
– деп қорқытады. Ілгері ауылға шабарман құйындата жөнеледі. Яғни, мұнда сол тұстағы сахара шындығы дұрыс суреттелді, асыра сілтеушілік айыпталды. Науқансырап, «аттан» шықса, қиқулай жөнелетін шолақ шабармандардың әрекеті шынайы кекетілді. Олардың да өз жанынан көп сөз қосып көптіріп, үркітіп баратынын «құрыққа сырық жалғап жеткізеді» деген тіркеспен бейнелі етіп айтты. Фельетонда уәкіл келіп қонғандағы байлардың әрекеті мен құрмет-ілтифаты да шебер мысқылданған. Олар: «Қатын, мына қонақтардың астына көрпе сал, ет ас! Кезек кімдікі еді, ат даярлатыңдар! – деп жігіттеріне нұсқау береді. Сөйтеді де, өкілдің қасына жақындай түсіп, жөн сұрайды... «Ойбай, өзіміздің бала екенсің ғой!» – деп туысқан бола қалады. Сөз арасында жігіттеріне: «иттердің ешқайсысы ат жекпесе, өзіміздің қара жорғаны жегіңдер», деп мырзасып қояды. Онан соң өкілге қарап: «Мына баратын ауылыңызда аққа қызмет қылған бай жігіт бар, оны сайламаңыз! Біз ақтан жұрдай болып таланып қалдық», – деп мүләйімсиді. Шай ішіп, тысқа шыққанда өзінің ревком болу ниеті барлығын аңғартып қояды... Қара жорға жегулі шана көлденең тартылады. Оған отыра берген төреге: «Күн суық, мынаны киіп алыңыз, суық тиіп ауырып қаларсыз!» – деп, түлкі ішік жабылады. Өкіл мырза тамағын кенеп, мұртынан күліп, ішікті икемдей түседі. Міне, мұның бәрі – сәтті сурет. Мұнда байлардың зымияндығы да, қорыққанынан құрдай жорғалауы
да, парақорлығы да әдемі әшкереленген. Оларға бейне, психологиясын аша түсетін сөз, қимыләрекет берілген. Төре келесі ауылға келеді. Сайлау туралы жиын өткізеді. «Жиналған жұрттың ішіндегі жуандардың бәрі бұрынғы шұға, мақпал тысты ішік, тымақ, алтын сағат, хром етікті жылан түлегендей түлеп, тығып қойып, үстіне мал жаятын шоқпыт киімдерін киіп алған. Төре жиналған топ ішіне көз жіберсе, бәрі де пролетарий көрінеді». Осы жолдарды оқығанда барып, фельетонның «түлеме жуандар» деп кімді неге айтып отырғаны аңғарылады. Бірақ, олар сөз пікірімен, отырыстұрысымен бұрынғы жуандар екенін сездіріп қояды. «Шын момын, мұқалған кедейлер есік жақта жүресінен отырады. Ал, түлеме жуандар төрелердің қасында сайлау туралы қызу әңгімеге кіріп, төрені оқытып, қатар отырады». Жалбырап, жылбырап отырып ревкомға өтіп те алады. Фельетон осылайша Кеңес жолында іс атқаруға тиісті ревкомдардың байлар қолына өтіп кететініне, сөйтіп, халықты түңілдіретініне кейіс білдіреді. Соған жол беріп қойған өкіл-төрелерді сынапмінейді. «Қазақтың момындары мінетін ревкомды ақша, беделмен сатып алып отырған түлеме жуандар, аяқтарыңды байқап басыңдар! Қызарсың, күн шықсын! Жойылсын жуандар!» деп ұран тастайды. «Кедей сөзі» газеті «Әлеуметтік аурулары» деген фельетонында да үлкен саяси мәселелерді қозғады. Ғасырлар бойы қазақ елін жеңіл билеп, оңай сору үшін Романовтар үкіметі көптеген астарлы айла
жасады. Ең алдымен, елдің өз ішіне өзара өшпенділік өртін тастап, алауыздықты күшейтті. Сөйтіп, өзімен өзін әлсіретіп билеп отырды. Екіншіден, халықты надан етіп ұстады. Көзі ашылса, есі кіріп, белденіп кетеді, өзімізге қарсы шығады деп қорықты. Фельетон осы жайларды дұрыс көрсетіп келеді де, патшалық құрылыстың “сайлау” дегенді шығарып, жікшілдікті, партиягершілікті мүлде күшейтіп, елді аздырып жібергенін әшкерелейді. Сайлау әрекеті үйірін жинаған айғырдай топ жинатып, жақынды жат көргізіп, әкені баладан айырды. Парашыл орыстың ұлығына арқа сүйеп сайлаудан өткен болыс қарсы жағына «кішкентай Николай» болатын. Ауылнай, болыс, би болған жақ жеңілген жаққа тізе көрсетіп, алым-шығынды артық салатын деп патша заманының бар сыр-сиқын ашып салады. Байқап қарасақ, фельетонда сатираға тән уыттылық мол. Бөрі көргенде бірігетін ауыл иті құсап, сайлау қарсаңында ағайынын жинайтын «көсемдерді» үйірін иірген айғырға теңеу өте ащы. Болысты «кішкентай Николай» деуі Виктор Гюгоның Луи Бонапартты «титімдей Напольеон» деп келеке етуімен бірдей. Бұл да мұқату, қорлау. Бірі болыс болса, итіне дейін әкім қылатын ақымақтықты халықтың «Бірі таққа мінсе, қырқы атқа мінеді» деген мақалымен жеткізе айтқан. Ұлы Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиетімізде әйел теңдігі тақырыбының кең көтерілгені белгілі. Бұл мәселенің қойылуы Совет өкіметінің алғашқы жылдарында да бәсеңсімеді. Отты жылдар сатирасында ол келелі тақырыптардың бірі болды. Мысалы, «Көмек» (қазіргі «Жетісу») газеті
«Бір қазақ қызының атасына айтқан зары» (1919, 8 октябрь) атты сықақ өлеңінде лирикалық кейіпкер монологымен он жастағы сәби қызын дүниеге сатқан арсыз әкені әшкереледі. Қыз әкесіне: Ерік бермей саттың ғой, Жанған отқа аттың ғой. Аққан көз жас, зарымды Мойныңа жүктеп арттың ғой! – деп зарлайды. Әкесін «адастың, аздың, иманыңнан бездің, тасбауыр, малқұмар қу болдың», – деп айыптайды. «Оқытпадың ғылымды, үйретпедің білімді», – деп өкініш-арманын айтады. Мұнан соң қыз сол күннің өткенін, келмеске кеткенін, жаңа заманның келгенін жырға қосады. Жаңа өкіметке қарап: Сұра, өкімет, көзің сал! Сатушының жазасын Беріп, бізді теңдікке ал! – деген тілек білдіреді. «Бітсін енді қыз сатқан, өлсін бізді жылатқан», – деп қарғыс айтады. Демек, бұл сықақта қазақ әйелдеріне бостандықтеңдік берген кеңес саясаты насихатталды, ескінің көздерінің ол саясатты бұрмалау әрекеттері сыналды. Сөз болып отырған тұста әйел теңдігі, әйел бостандығы, ол туралы совет заңы дегенді теріс түсіну фактілері де орын алды. Кейбір үйлі-баранды, балалы-шағалы әйелдер қит етсе, «мен кетемін», «мен тұрмаймын», «қайда барсам да, маған ерік
берілген» дейтін болды. Сатира әйел бостандығы туралы кеңес заңының рухын теріс түсінетін осындайларды да іле кетті. Бернияз Күлеевтің «Ұшқын» (қазіргі Социалистік Қазақстан») газетінде жарияланған (1920, 13 январь) «Әйелдер бостандығы» атты фельетонында осындай желөкпелер әдемі сыналды. Фельетон әңгіме түрінде, сюжетке құрылып жазылды. Онда қазақ тұрмысы, қазақ семьясындағы психологиялық сәттер нанымды берілді. Ақылсыз Жәмиланың образы оның өз ісәрекетімен жасалды. Мысалы, қалай жанжал шығарудың есебін таппай тұрған Жәмила күйеуі Қаңтарбайға: «Ырылдамай, манағы саудагер қатынның жібек салысын әпер!» – деп мәселе қояды. «Әпер дегенде әпересің, әпермесең, кетемін, үйің де, өзің де құры. Біреуіңнің де керегі жоқ. Мен бұл үйде тұрмаймын», – деп көкбеттікке салады. Қаңтарбай: «Қой, әзір сән түзейтін кез емес, біраз еңбектенейік, ес жияйық!» – дегенді айтады. Жәмила көнбейді. Екі баласы мен он бес жыл отасқан жолдасын тастап, басқамен тұрмыс құрып кетеді. Осы қылығынан-ақ Жәмиланың кім екені, бар моральдық қасиеті аңғарылады. Осылайша отты жылдар өз сатирасын берді. Ол қазақ кеңес сатирасының туу, қалыптасу дәуірінің басы болды. Бұл тұс сын-сықағы негізінен шартты түрде, адрессіз жазылды. Өткірлік, уыттылық жағынан босаңдау, түр жағынан жұтаңдау болғанымен, өз дәуіріндегі көкейкесті мәселелерге килікті. 1970 ж.
САТИРИК СӘКЕҢ (С.Адамбеков алпыста) Бірде «Ара» журналының редеоллегия мәжілісінде отырып: – Сәке, «Атылған қыз туралы аңызыңызды» кезінде ала алмай, қазір таба алмай қалдым. Өре жетсе, пікір айтпақ ем, – дегенім бар. Сонда Сәкең сәл желпініп: – Менің жазғандарым дүкендерде шаң басып жатпайды, «трагедиям» да осында, – деді. Бұл негізсіз күпіну, жөнсіз кебу емес, шындық еді. Сәкеңнің қазақ сатирасының саңлақ сарбазы, жұрттың іздеп танысатын, «жылап» табысатын сүйікті жазушысы екені даусыз. Бір кезде Чернышевский «Россия үшін Гогольдің орны ерекше, өз халқы үшін тап мұндай маңызды жазушы дүниеде көптен бері болған емес» деген екен. Сол айтпақшы, әрине, мұны айтқанда біз Гоголь мен Садықбек арасына теңдік белгісін қояйық деп отырғамыз жоқ, С.Адамбеков те өз халқы алдында ерекше еңбегі бар, бүгінгі қазақ әдебиеті үшін, қазақ сатирасы үшін зор маңызы бар жазушы. Садықбектің ел арасында кең танымалдылығының (популярность) сыры неде? Біздіңше, бұл, ең алдымен, оның өз қара басының қарапайымдылығында, өз халқының ұлттық өкілдерінің игі де ізгі қасиеттерін бойына мол сіңіргендігінде. Сәкең – аңқылдақ, ашық көңілді, қақ-
соққа үйірсек емес, ешкімге зияны жоқ, жайдары, жарқын жан. Баспасөзде жарияланған бір достық әзілде есек мініп тепеңдеп келе жатқан Сәкең салынды да, оған мынадай текст берілді: – Есек мінген қай бала Қожанасырға еліктеп? – Жанына қоржын байлаған Өзіміздің Садықбек. Осында Сәкеңе деген ел жүрегінің мол жылуы жатыр. Оның ауыз әдебиетіндегі халықтың сүйікті кейіпкері, аты аңызға айналған Қожанасырға телінуі, «өзіміздің Садықбек» делінуі тегін тәуелдеу емес. Бұл – жұрттың оның бітім-пішімінен, тіршілік сыңайынан Алдар көсе қуақылығын, Қожанасыр аңғалдығын, олардан басқа да әдет-дағдысын аңғарғандығының айғағы. Жазушы танымалдығының екінші сыры – оның бүкіл творчествосының өз халқының тіршілік, тынысымен тығыз байланыстылығында, яғни халықтығында. Садықбек әр шығармасымен өз күнінің, өз кезеңінің көкейкесті мәселелеріне үн қосады. Үкімет пен партия күн тәртібіне қойып, шешуге, жүзеге асыруға жұртты жұмылдырып жатқан проблемаларға килігеді. Соларды партияның талабы, халықтың мүддесі тұрғысынан қойып, шешіп жатады. Яғни, ол «Шіркін, осы туралы жазса, осы туралы қоғамдық пікір қалыптастырса» деп жүрген халық көкейіндегісін тап басып таниды. Халық өмірінің барлық бұлтарыс, қалтарысын, терең тұңғиығын жақсы біледі, сергек сезінеді. Сондықтан да халық оның шығармаларынан өз арман аңсарын
тауып, өзіне таныс байтаныс өкілдерін көріп отырады. Жалпы, әдебиеттің, сатира, юмордың ұлттық қасиеті болады. Өйткені, ондағы типтер – ұлт өмірінің, ұлт болмысының жемісі, нәтижесі. Қазақ жұрты да Садықбек образдарынан өз ұлтының мазмұндық, түрлік қасиеттерінің тоғысуын жыға таниды. С.Адамбеков танымалдығының үшінші сыры – оның жазушылық ерекше талант, қабілетінде. Бірсыпыра адамдар көп оқығандық, мол тәжірибе, ақыл-ойдың негізінде ғана қаламгер болады. Оларда оқығанан тоқып, тәжірибеден біліп, ақыл-оймен парақтаған өмір болмыс, құбылыстарын айтып, жазып беруде ұшқыр фантазия, биік талант қарастырылмайды. Өйткені, жазушыға нағыз керекті бұл қабілет, қасиеттер барлық адамда бола бермейді. Сондықтан, олар өмірдің нағыз жыршысы, шын ақын бола алмайды, тілінен бал тамып, жырша төгіліп, шалқып тұрған көркем туынды бере алмайды. Ал, С.Адамбеков – көңілдегі көрікті ойын қағазға жұтындырып, тұщымды етіп түсіре алатын нағыз ақын. Адамда юморлық сезім (чувство юмора) және тапқырлық (остроумие) деген қасиеттер болады. Мұның алдыңғысымен ол өмірдегі күлкілі жайларды (комизм) таба қояды, соңғысымен оларды әсерлі де тартымды, ойнақы да күлкілі етіп айта алады, жаза алады. Демек, жазғанымызды татымды, тұшымды ете алмасақ, тапқырлық таланттың жоқтығы, белгілі нәрселерді шиыр ғып, тақырып, пікірді қайталап, соны соқпақтарға бара алмасақ, юморлық сезімнің кемдігі. Сөз жоқ, бұл қабілет-қасиеттер әркімде-ақ болады.
Бірақ әркімде әр түрлі дамыған болады. Егер жалпы оқырман, көрермен жұртта юморлық сезім болмаса, олар әдебиеттегі, сахнадағы тапқыр айтылған пікірлерге, оқыс жайларға реакция жасай алмаған, ненің күлкілі, ненің қайғылы екенін ажырата алмаған болар еді. Ал Садықбек сияқты шын жазушы, шын сатирик, юмористерде бұл қабілет күшті дамыған. Олар кез келген ой-пікір, кез келген мазмұнды шебер жеткізіп беруде алып та жығады, шалып та жығады. С.Адамбеков те мазмұн поэзиясын, яғни оқиға, қақтығыстың өзінің қызықтығын, ситуация күлкілілігін малданып жатпайды. Ал енді Садықбек шеберлігінің түп-төркіні, қайнар бұлағы қайда? Оның бірінші көзі – ауыз әдебиеті. Садықбек туындыларын оқып, тыңдап отырғанда, фольклорлық өрнек-айшықтарға, астарлап, мақалдап, символдап, ұқсатып, салыстырып сөйлеуге, теңеп, бойлап айтуға қарық боласыз. Мысалы, мына бір елесті ғана оқып көрейікші! «Бағана Айбалтаның машинасы ін аузында басып кеткен сарышұнақ тышқанның жаны оңайлықпен шықпай, тыпырлап жатыр. Мола басындағы екі адамнан сескеніп, тышқанды іліп ап кете алмай азаптанған бөктергі төмен сүзіліп, қайта көтеріліп, аспанда салбақтап жүр...» «Бұл жақтағы сауысқан да бүгінгі жаназаға қатынасып, намаз оқып, жыртыс алатындай ауыл айналасын айналдырып, әр жерге бір қонып жүр». Осында қаншалықты халықтық сөз, тіркестер жүр, қаншалықты астар, шебер елес жатыр. Салбақтаған бөктергі, шықылықтаған сауысқанның ар жағында сол ортадағы, сол хикаядағы кейбір
адамдардың характері, тірлік сыңайы сығалап тұрған жоқ па? Фольклорлық әдіспен мына көтере жырлауды, асқақ гротескілеуді қараңыз! «Көктемде қоздаған қойларға беретін алты машина жемді осы тоғайдағы жоңышқа еккен алаңға төктіріп, қырғауыл, қоян арасында қан майдан, қатты соғыс болды. Жемге таласқан кезінде, қоян теуіп жамбасын сындырған қырғауылдардың өлігі табылды. Қырғауыл көзің шұқып, соқыр болған талай қоян далаға қаңғып кетіп, түлкінің аузына өзі барып түсті». С.Адамбеков кейде өз кейіпкерлеріне фольклорлық образдардың іс-әрекетін қайталатады. Мысалы, Жаманқараның өтірік өліп, елге мылқау, саңырау, бүкір диуана болып келіп жүруі мен Ұлтанның жауыздық әрекеттеріне көз жеткізу үшін Алпамыс батырдың осы әдіске, осы әрекетке баруын салыстырып көріңіздерші! Садықбек шеберлігінің екінші төркіні, мектебі – орыстың классикалық әдебиеті. Оның шығармаларын оқығанда Гоголь мен Чеховтың, Ильф пен Петровтың лебі есіп, іздері сайрап жатады. Әсіресе, образдарды мінездеуде, қоршаған орта, үй-жай, қора-қопсы сиқы, арқылы кейіпкердің бүгінгі тағдырын аңғартуда Садықбек Гогольден көп үйренген. Мысалы, Плюшкиннің «бағы тайып, дәулеті қайтып, салы суға кете бастағанын» ұлы сықақшы оның қора-қопсысын былай суреттеп аңғартып еді: «...Дуал мен қақпаның ескірген ағашы шіріп, көгеріп те кетіпті. Қора толы құрылыстары, есігінде жүрген жалшылар тұратын үйлері, қамбалары мен қоймалары қаусап, тозып бара жатқан сықылды:
олардың жанында, бірі оң жағында, бірі сол жағында, қоралармен қатынасатын қақпалар да көрініп тұр. Осының бәрі бір кезде шалқыған ен дәулеттің дәурендеп тұрғанын аңғартса, бүгінде соның бәрі тұнжырап, түнере түскенін аңғартады. Бұл көріністен ешқандай тіршілік белгісі сезілмейді, ашылыпжабылып жатқан есіктер де, кіріп-шығып жүрген кісілер де, ешқандай тіршілік әрекеттері де, үй қамы да байқалмайды» («Өлі жандар», 1958, 134-бет). Ал С.Адамбеков Жаманқараның істі болып, айдалып кеткенін оның иті оттап, тасы өрге домалап тұрғандағы салғызған көк түнікелі, көк қақпалы кең сарайының кейінгі мына сиқынан аңғартады: «...Жаманқараның көк қақпалы кең ауласының күмбезі құлап, күйе жегендей мүжіле берді, мүжіле берді. Ақыры, міне, қараусыз қалған иесіз дүние бомба түскен үйдей ебір-жебір. Екі жақ дуалы құлап, көк қақпа айдалада қаңқиып қалған. Сырлары түсіп, босағасын құрт жеп, бір жағына жамбастап қалыпты. Түнікелі үйлердің төбесіндегі қаңылтырлар майысыпмайысып, сәл жел тұрса болғаны, алуан түрлі үн шығарып сыңси жөнеледі. Төбесінен аққан жаңбыр, қар сулары үй қабырғаларын ырситып сойып-сойып кетіпті» («Атылған қыз туралы аңыз», 1980, 42-бет), Бұларда сатира кейіпкерінің бүгінгі тағдыры, халжайы, шаруашылық сыңайы жанама суреттеу арқылы әсерлі де ұқсас аңғартылған. Осы романдағы Жаманқара өзінің дәуірлеу тұсында Ноздревті еске түсіреді. Гоголь кейіпкері суайттық әрекеттермен, өтірікпен өрге салса, Садықбек сабазы да жалған ақпар беріп, көз бояумен абырой-атаққа
ие болады. Сорлаған тұсында Жаман-Плюшкинді елестетеді. Ал Сыбан молданың кейбір әрекеттері Грицьконы, Тасбике тағдыры Черевикті тірілткендей. Сол сияқты Чеховтың чиновнигі мен Садықбектің Қамырбайы арасында тағдырластық бар. Түшкіріп қойып чиновник өліп тынса, Қамырбай лауазымнан айырылып, орнынан қуылып тынады. Садықбек сабаздары мен Ильф, Петров образдары арасында да арман-аңсар, мақсат, ниет бірліктері айқын аңғарылады. Енді С.Адамбековтің талант ерекшеліктері жайында. Садықбек – сегіз қырлы, мол сырлы жазушы. Ол – ақын, ол – фельетонист, ол – памфлетист, ол – новеллист, ол – драматург, ол – романист. Осы алуан түрлі жанрларда ол қозғамаған проблема, ол шертпеген сыр жоқ деуге болады. Әсіресе, оның үлкен сатираға батыл баруы, тұңғыш роман-сатира жазуы – ерекше ескерер ерлік. Әдетте роман-сатира, сатиралық роман тудыру – қиын процесс. Сонау 20-жылдары-ақ осындай дүние жазуды қолға алған Ильф пен Петров «Он екі орындықты» шығарғанша орасан зор ізденістер жасаған. Көп материалдар жинаған. Ерінбей шеберлік сырларын игерген. Одан кейін «Алтын баспақты» тудырғанша көп сәтсіздіктерге ұшыраған. Үш-төрт повестері жарамсыз болып шыққан. Ақыры олар үлкен сатира – сатиралық романның қамалын алған. Бұл істе олардың фельетонистік тәжірибесі мен өмірден көргендерінің көптігі көмектескен. Әр кездің өз шындығы, ол шындықтың өзіндік қайшылықтары болады. Әр кез романы сол
тұстың қайшылықтарына негізделеді. Демек, әр дәуір романының сюжеті өзінше ерекшеленеді. Садықбек роман-сатирасында да қазіргі қоғамдық құрылысымыздың сипаты, тарихи жаңа жағдайлар, адамдарымыздың материалдық, рухани жаңа деңгейі, социалистік өмір салтымыздың шарттары негізге алынған, олар өз көрінісін тапқан. Рас, әшкерелейтін дерт, ашатын шындық өте тереңде, жеті қат қулықсұмдық, зымияндық астында жатқандықтан, бұл романның қай тұстарында да әсірелеу мүлде күшейтіліп, сюжеттік даму шарттылықтың биік деңгейіне көтерілген, оқыс шешімдерге орын берілген. Әдебиет тәжірибесінде комикалық сюжетті дамытудың алуан-алуан дәстүрі бар. Талас-тартыстың негізгі салмағын көтеретін екі сипатты кейіпкерлерді бір-біріне қарсы қою, басты, орталық кейіпкерлерді жұптап бөлу – өзінше бір дәстүр. Рабледегі Пантагрюэль мен Панург, Сервантестегі Дон-Кихот пен Санчо Панса, итальян комедияларындағы мырзалар мен қызметкерлер – осының мысалы. Өткен ғасырда сюжет дамытудың композициялық принципі өзгереді. Енді ол жүріс-жорық, ел-жұрт аралауға құрылады. Осының негізінде романшолулар пайда болды. Оларда басты кейіпкерлер бірбіріне емес, негізінен қоғамдық құрылысқа қарсы қойылды. Салтыков-Щедриннің «Современная Идиллия», Н.В.Гогольдің «Өлі жандарын осы принцип туындылары деуге болады.»Алтын баспақтың» композициялық құрылымы жүрісжорыққа (путешествие) негізделген. Мұның
бәрінде кейіпкерлер жолға шығарылып, ел аралатып жіберіледі. Неше түрлі кесір-кесапатқа кездестіріледі. Болып жатқан өзгеріс-құбылыстарды көзімен көреді. Содан өздеріне жол іздейді, өмірлік орнын табуға талпынады. С.Адамбеков тақырыпқа өзінше келген. Оның романында жолаушылау (путешествие) да, кейіпкерлерді парлап пайдалану да жоқ. Ол отырықшы, нақты бір жерді жайлап жатқан, інінен көп ұзап шықпайтын, жарықты, таза ауаны, адалдықты, адамдықты сүймейтін жымды жымысқыларды көрсеткен. С.Адамбеков драматургия саласында да үлкен батылдық, зор қабілет танытты. Драмалық туындыларды түр-түрімен тоғытты. Өткен жылы ғана жарық көрген «Аюбайдың ажалы» атты жинағында жай пьесалар да, комедияның сатиралық та, лирикалық та, трагедиялық та түрлері, тіпті, драма – ода да бар. Оларда ішкі, сыртқы, өндірістік, моральдық, саяси тақырыптар бірдей қозғалған. Автор Ленин образын жасауға дейін көтеріледі. Садықбектің драмалық шығармаларының бәрі дерлік – комедиялар. Ал комедияға қойылар басты талап – бүгінгі күннің материалдары негізінде жазылып, оларда замандастар еңбегі көрсетілуге, солардың бейнесі жасалуға тиіс. Жазушы комедияларының бәрінде осы талап қалтқысыз орындалған. Біреулер шығарманы өндірістік фабулаға құрады. Екінші бір қаламгерлер өзегі, орталық оқиғасы жоқ сюжетке барады. Тағы біреулер әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді қозғап, кейіпкерлердің адамгершілік,
психологиялық сапаларын ашуға бой ұрады. Садықбек осы соңғы топтағылар қатарына жатады. Ол қай тақырыпқа барса да, адамдық, моральдық проблемаларды бірінші қатарға қояды. Бүгінгі сатираның жаңашылдық бір қасиеті – ол екі арнаға негізделіп, екі тенденциядан, қос қыртыс, қос өрімнен тұрады. Яғни, бір жағынан, өмірдің жағымсыз болмыстарын әшкерелеп жатса, екінші жағынан, игілік пен ізгілікті паш етіп, уағыздап, жырлап жатады. С.Адамбеков бүгінгі сатираның осы жаңашылдық белгісін берік тұтынады. Оның сықақ әңгіме, фельетон, роман, комедияларында жағымды кейіпкерлер көп жүреді. Олар озат идея айтып қана қоймай, жаңа заман адамдарының ең жақсы қасиеттерінің иесі ретінде көрсетіледі, жағымсыз кейіпкерлерді әшкерелеуге көмектеседі, жұртты ұнамды факілер негізінде тәрбиелеуге ат салысады. Осының нәтижесінде жағымсыз жандар қатты әшкере тауып, жер боп, сорлап жатады. Олардың тағдыры оқырман, көрермендерге ой салады. Садықбек кейіпкерлері – сөздің емес, күрестің, қимылдың адамдары. Олар үнемі айтыста, тартыста, тіршілік қамында жүреді. Автор бұл орайда кейіпкерлерін күлкілі екенін аңғартып тастап отырады. Мысалы, Жаманқара дәуірлей бастағанда көк қақпасының маңдайшасына күн түспейтін, жаңбыр тимейтін бір сандықша жасатады да, ішіне өзінің бір үлкен портретін жасырып, бетін әйнекпен жабады. Айналасын кішкентай электролампалармен нұрландырып қояды. Осыны оқығанда оның даңғойлығына, есерсоқтығына, мақтаншақтығына күлеміз. Керней мойын ұстаның 5 метрлік биік мазар
үстінен ұшып түсіп, аузын қисайтып, аяқ-қолын қалтыратып жата қалуы, екінші ұстаның көрге құлап кетіп, аузын көпіртіп, аяғын тыпырлата қоюы, қазықартаға түшкіріп жіберген Қамырбайды құйрығына бір теуіп, есіктен итеріп тастау – бәрі де образ ашар, күлкілі қимыл-әрекеттер. С.Адамбеков образ жасауда кейіпкерлерді ішкі ойпікірге, ішкі монологқа көп апарады. Роман-сатирада молданың қулық-сұмдығы, арам жоспарлары, алдын ала ой жұптаулары, Майлыбастың молда туралы пікірі, Тасбикенің Тасболатын еске алуы, Жаманқараға алданып қалғандағы өкініші, Айбаланың ерінің артынан іздеп бармаған Кәкішке реніші, Анямен кездесуі – бәрі ішкі монолог, кейіпкерлік ішкі ой тұрғысында баяндалған. Сол ішкі ой, еске алу арқылы өткеніне лирикалық юморлық экскурс жасалады, историзм көрсетіледі. Мұның бәрі әрі сюжетті дамытып, образды даралап отырады. Образ ашу, сюжетті сыйымды да тартымды ету қамымен автор роман-сатирасында хат жаздыру, түс көрсету әдістеріне де барады. Мысалы, Жаманқараның Айбалтаға, Майлыбасқа хаты, Кәриманың Кәрімге хаты бірсыпыра оқиға, болмыстардан жанама хабар беріп, образдар мазмұнын аңғартуға септігін тигізіп тұр. Ал Кәрімді Айбалтаның өлтірмек әрекеті, молданың имам болуы, Айнашты құс етіп қолға қондырып, Ташкент аралатуы түс арқылы берілген. Осының бәрі романға комикалық сипат бітірген. Кей тұста сатиралық кейіпкерлердің тағдыры, жай-күйі табиғат суреттерінен, қоршаған орта көріністерінен аңғартылады. Айнаш атылып, сұлап жатқан қаралы сәттегі табиғат елесі мынау: «Ай бетін
ала бұлт басып, жұрт қыз қасынан қалай кетерін білмей тұрды» (288-бет). Осында айлы түнгі табиғат суреті өлім үстіндегі жұрттың жабырқау, қаралы көңілімен келісті үйлесім, үндестік тапқан. Әдетте образды тану, адамды беру психологиялық талдау арқылы жүзеге асырылады. Онда кейіпкер сөзі,ішкі ойы, әрекеті, мимикасы – бәрі де адамтануға бағытталады. Садықбек талдаудың осы түріне көп жүгінеді, характерлердің жан сырын ашуды басты мақсат етіп отырады. Олардың өмірбаяндық, портреттік сипатынан негіздеп, сатиралықпсихологиялық сюжет құруға тырысады. Соның нәтижесінде кейіпкерлердің қайғысына, күйінішкүңіренісіне ортақтасып отырасың. Мысалы, соғыста қайтыс болған күйеуінің суретіне қарап тұрып, Тасбике іштей толғанғанда, оның сағыныш сезіміне, күйінішіне егілесің. Жаманқараның өлімін естірткен тұстағы Көкіштің күңіренісі де оқырманды толқытпай қоймайды. Бізде сатира, юморды үлкен де,кіші де, барлық мамандық иелері де сүйеді, баспасөзден асыға күтіп отырады. Бұл – біздің қоғамымыздың, ол тәрбиелеген адамдарының рухани саулығының белгісі. Ал, күлкісықақ – Сәкеңнің стихиясы. Демек, ол сатираға ынтазар қауымның сүйікті жазушысы болып қала береді. Бүгін біз алпыстың асуына ұланғайыр іс тындырып шыққан қаламгерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр,творчестволық шалқар шабыт тілейміз. Тарт, сатирик Сәке, сексенге! 1982 ж.
АҒЫЛ-ТЕГІЛ АСҚАР-АЙ! Әдебиет табалдырығын «Ленин суретіне» атты өлеңімен аттаған ол 1927 жылы «Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы етіліп тағайындалады. Содан бастап сатира саласында да қалам сілтеді. Келер жылы-ақ оқырманға «Күлкі-сықақ өлеңдер» жинағын ұсынды. Ақынның сатирик болып қалыптасуына өскен ортасы зор әсер еткен. Әкесі аздап жазатын кісі екен. Оған қоса Қызылорданың Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Шиелі аудандарында Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Даңмұрын, Қуаныш сияқты өлең өрендері өмір сүрген. Олардың көбі суырып салма, сықақшыл ақындар болған. Жас талап ауыл молдаларынан хат танысымен әлгі жыр жүйріктерінің ортасына түседі. Бұл орта оның ақындық, сықақшылдық талантын оятады. Мұны «тәлімімнің анасы – өзім өскен орта» деген ақын сөзі растай түседі. Асқар кейін совет мектептерінде Абай, Ыбырай, Сұлтанмахмұт мұрасымен танысады. жылы Ташкентте техникумда оқып жүргенде орыстың классикалық әдебиеттерінен нәр алады. Н.А.Крыловтың, Демьян Бедный мен В.Маяковскийдің сатиралық шығармаларын құмарта оқиды. Сын-сықаққа ақын осылайша едәуір дайындықпен келді. Содан сапта жарты ғасыр бойы, өле-өлгенше сатира сарбазы болып алды. Бұл уақыт ішінде ол мыңдаған сықақ туындылар
тудырды. Әділін айтсақ, олары – советтік Қазақстанның қоғамдық, рухани өмірінің өсуін, өзгерісін көрсететін тарихи деректер, республика даму жолындағы әрбір кезеңнің, әрбір науқан, әрбір бетбұрыстың жаңғырығы, дабылы, сәулесі. Сыр сырласының сатирасы – өзіндік мінезсипаты, өзіндік тыныс-мазмұны бар сатира. Өз үні, өз қолтаңбасы сара тұрған сатира. Бұл даралық ең алдымен оның әр кез замана талабымен үндес жатуында, дәуір рухымен бірге адымдауында, тақырып, идеясының өз кезіндегі қойылып, шешіліп жатқан өмірлік, әлеуметтік мәселелерден, тұрмыстіршілік талаптарынан туындауында. Яғни Асқар сатирасы – өмірмен біте қайнасқан, көркемдік пен мазмұнды, шеберлік пен шындықты өмірден тапқан сатира. Ақынның өзі өмірге табынып өткен. Бірде ол «Маған тәлім қайдан келді? Самородокпін бе?» деп сұрау қойды да, «Жоқ. Өмірден үйрендім. Басты ұстазым да – өмір. Өмір менің ішкі дүние-танымыма, жан-жүйеме ізгі әсер етіп, адамдық қалпымды тәрбиеледі. Ең зор шындық – осы», – деп жауап берді. Оның творчествосының пәрменділік, әсерлілік, үгітшілік, кең танымалдық сыры өмірмен етене байланыстылығында екенін кезінде Ғабит Мүсірепов те байқады. «Асқар – күнделікті өмір тақырыбымен аралас-құралас қонып жүрген ақын» (А.Томағамбетов. Таңдамалы шығармалары. – А., 1953. 5-6-бет), – деп жазды. Шынында да Асқар дәуір өзгеруін, әр тұстағы міндет, мақсат өзгеруін жіті қадағалап, өз сатирасының мазмұнын да, сын нысанасын да өзгерте қойып, сол
күндердегі өмір тынысымен орайластыра отыратын. Мұны ақын «социалистік дәуірдің қайбір мәселесі болсын көңілімізде жаңғыра үн тауып, уақытпен бірге жүріп отырдық», – деп мақтаныш еткен. Саңлақ сықақшы сатирасы – үгіттің, насихаттың сатирасы, жұртты күреске, еңбекке жұмылдырудың сатирасы. Бұл пафос оның әсіресе, 20-30 жылдардағы туындыларын мүлде ерекшелендіріп тұрады. Ауылдағы Октябрь революциясы деп танылған, саяси мәні жағынан сонымен тең оқиға болған, байларды кәмпескелеу кезінде жазылған Асқар сықақтарының атының өзі «Түйгіште», «Түйреп түс», «Түйре, тілші!», «Тесіп ернін, құлыпта!», «Қи тамырын, балтала!» деп келеді. Ал ішкі мазмұнына келсек: Жалшы, малшы, орташа! Ұйымдасып бірігіп, Батырақпен бас құра! Еңбегі сіңген сендерсің, Қапы қалма, алып қал, Жарлы, жалшы, батырақ, Байдан үлес, еншіңді ал! – деп ұрандап жатады. Кедейлерді байларға қарсы таптық күреске шақырады. Жалынды жыршы әркез-ақ үгіттің, ұранның жаршысы болып қалды. 1976 жылы бір сөзінде: «Тоқмағамбетов – үгіттің ақыны» дегенді әлі күнге айтады. Әуелде комсомол ақыны танылған менің үгіттен «қашпайтыным» рас. Күнделікті науқаннан қалу – уақытқа ілеспеу деген сөз», – деп, үгіт өлеңінің, үгіт сатирасының өкілі екенін өзі де мойындайды.
Азулы Асқар сатирасы – күнделікті өміртіршіліктегі жауапсыздық пен оралымсыздықтарға, немкетерлік пен берекесіздіктерге қарсы күрес құралы – сын мен өзара сын сатирасы. Автордың «Әңгіме жіптен шығып кетті», «Сапасыз бұйымдар, жауапсыз басшылар», «Еңкейіп кіріңіз, есігі нашар», «Жыртық үйде тамшы ойнайды», «Қонақ үйдің қорқақтары», «Дәндіқара салған әнді қара», «Ешкі мен бастық» деген сияқты сықақтарында колхоз, совхоз шаруашылығындағы, сауда орындарындағы салақтық пен олақтықты ажуалайды. Мысалы, «айлықты екі жерден соғатын, екі төсекке алты кісіні тығатын, қонған қонағы таң атқанша әрең тірі шығатын» қонақ үйлерінің басшыларын мазақтаған фельетонында: Ардақты облыстың басшылары, Жұмыстың көп қой, рас, жақсы жағы, Торабы тоғыз жолдың – Арысында Жоқ екен жолаушының бас сұғары, – деген сын айтады. Осы сияқты «Жағасы жайлауына кетіп», артқы етегі салпайып, алды таңқайып, бүйен құсап жатқан майкалар тігетін артель басшыларын Нартай ақын аузымен: Шіркін-ай, мына майкі қандай майкі, Жағасы жайлауына жатыр қайқы. Арты ұзын, алды қысқа етегінің, Болды екен неше мың сом мұның нарқы, – деп мазақтайды. Мұның бәрі – нақты кемшілікке
негізделіп жазылған сын мен өзара сын сипатындағы сатира. Адуынды Асқар сатирасы – не қилы қулар мен сұмдардың, тоңмойын топастар мен жетесіз желөкпелердің портреттік сатирасы. Ақын барлық шығармаларында дерлік авторлық баяндау, авторлық сипаттау әдісімен сықақ сабаздарының сиықсыз сықпытын, көріксіз кейіп-пішінін елестетіп отырады. Оның «Қылтың-сылтың», «Желіккен жеңгейлерінен» бастап, «Қу мұрт», «Кәрі жезде», «Мұрның барда пысқыр», «Лектор-автомат» деген туындыларына дейін – бәрі портретті суреттемелер. Оларда кері кеткен кейіпкерлер мына тұрғыда сипатталады: Жасарам деп Дәндекең мұртын алды, Құр салбырап жазғанның ұрты қалды. Көсе қылып әуелде қоя салмай, Жаратқан-ау, несіне түк шығарды? Мұртпен қоса Дәндекең сақалды алды, (Кім жек көрген алпыста жасарғанды?!) Көктемдегі жүнделген кәрі атандай, Жып-жылмағай «жігіт боп» тұра қалды. Алқымы іспес ақын сатирасы – нағыз поэзияның, әсем әуезділіктің, ұнамды үндестіктің сатирасы. Оның сөз, сөйлем жүйесі оқығанда жүрекке жол тауып, құлақ құрышын қандырып, сезімді селт еткізіп, сананы нұрландырып тұрады. Тіл құралдарын ырқына көндіріп, әрбір сөздің орнын тауып, ойнатып пайдаланады. Бояуы қанық, айтпағы анық анықтамалар мен табылған теңеулер, әдемі эпитеттер сын нысаналарын жалтартпай іліп түседі. Сондықтан
да Мұхтар Әуезов сатирикті «Қырғи тілді Асқар» деп атады. Расында да, оның қара сөзбен жазылған сықақтарының өзі-ақ өлеңдей төгіліп тұрады. Мысалы, «Жақында біздің «Ара» журналына бір арыз кіріп келді. Түс-түгіне, сөз саптауына қарағанда, көп есікті ашып, көп сапарды басынан атқарған, жаяу да жүрген, самолетпен де ұшқан, ана шеті Москва, бергі шеті Алматыда болған «қартамыс» арыздардың бірі болып шықты. Оның білмейтін адамы жоқ. Кірмеген кеңсесі де қалмапты. Ол қалалық советтің екі-үш жылдық шежіресі секілді. Кім кетті, кім қалды? Қалай қабылдады? Қалай сөйлесті? Жүріп сөйлесті ме, тұрып сөйлесті ме, болмаса столды ұрып, әйтпесе күліп сөйлесті ме? Осының бәрі де жазулы» деген жолдарды қалай тұщына оқымайсың! Асылы, Асқар сатирасы – соны сыр ашып, тың тыныс тауып, құбылып, құлпырып, желпініп, жаңғырып, жарқылдап тұрған қарапайым сөздер сатирасы, оңай да орынды қиысқан есім сөздер мен етістік ұйқастар сатирасы, Қалтай Мұхаметжанов «Тіл ұстартуда Асқар – жеке мектеп. Өйткені Асекең – қазақ тілінің қалайысынан күміс, қаңылтырынан құрыш құйған зергер» «Қазақ әдебиеті», 26.08.1988.) деп тауып айтты. Шынында да, оның әрбір сықағының әрбір сөйлемі: «Қайнағама қайным сай дегендей, есігіне тесігі, тесігіне партасы, партасына картасы сай болып алған мектеп екен», «Әйтпесе, оның қалтасына 1800 сом екі рет келіп түспес еді, әйелі қыз туғанда «Шілдехана» үстінде ақ арақ, көк арақ, қызыл арақ ішпес еді, «оқылмаған лекцияға оқылды» деген документ түн
ішінде бітпес еді, документ бітпесе, қонақтарды дәл осындай күтпес еді», «Ана есікті бір қақты, мына есікті бір қақты, шешесі мен әкесі зыр қақты» деген сияқты қиысып, үндесіп, сорғалап тұрады. Поэзиялық сатирасының өзі: Ісекең қартайғанда қатын алды, Қатын алып жұмыссыз жатып алды. “Жетпісінде жас қызды алды” деген, “Айыр сақал жезде” боп аты қалды, – деп келеді. Яғни, от басы, ошақ қасында жиі қолданылатын «қатын алды», «жатып алды», «аты қалды» деген тақылеттес тіркестердің өзін орнын тауып, ойнатып, өткір де көркем ой-пікір салып, үлкен жүк көтертіп, кәдеге жаратып жібереді. Ақпа ақын сатирасы – халық ауыз әдебиетімен тамырлас жатқан сатира, соның көркемдік сырларынан, көріну жолдарынан нәр алған, қисын тапқан сатира. Бүкіл творчествосының сарқылмас қайнар бұлағы, үлгі-өнеге алған мектебі ауыз әдебиеті болғанын ақынның өзі де ағынан жарыла айтқан. Былай деген ол: «Абай тәрбиесі зердемде ауыз әдебиетін сүюге кең жол ашты, өзіміздің халықтық – ұлттық өнеріміздің үлгілерін қастерлеуге баулыды. Ел аузындағы өлең-жыр, аңыз-ертегі, есті әңгімеге құлақ тігуге үйретті. Бұл жағынан алғанда, Абай бағыттаған ауыз әдебиетін «Бесігім» десем, орынды балама болар» («Қазақ әдебиеті», 10.12.1976). Сондықтан да Асқардың кез келген сықағынан фольклорлық мұраның рухын сеземін, ізін, өрнек-айшығын көреміз. Мысалы, оның «Әлди-
әлди, әукешім» фельетонында жауапсыз колхоз басшыларын еметін сүті, жейтін жемі, тіске басар шөбі жоқ мөңіреп тұрған бұзауларын былай жұбаттырады: Әлди-әлди, әукешім, Әңгіме айтып берейін. Әңгімеден жалықсаң, Ән ғып айтып берейін! Жүгерінің собығын Жіпке тізіп берейін. Оған тісің өтпесе, Сүтке езіп берейін! Бұл жолдардың негізінде халықтың «Әлди-әлди, бөпешім!» атты бөбек жырының жатқаны даусыз. Оның: Жылама, жаным, жылама, Жілік шағып берейін. Тақияңа тал-тал ғып, Үкі тағып берейін, – деген жолдары
шаруашылықтардағы әлгідей қырсыздықтарды ажуалау үшін тұрмыстық пародия материалы ретінде пайдаланылған. Автордың «Соқа мен Қостанбаев», «Беттесу», «Беттескенде», «Қой мен ешкі», «Қамырбаев пен қара шыбын...», «Ешкі мен бастық», «Орынды арыз», «Қызылшақаның арызы», «Арыздардың арызы» сияқты көптеген сықақтарында соқа мен молотилкаға, сиыр мен шыбынға, қой мен ешкіге, қызылша мен арызға шартты түрде тіл бітіріп сөйлетуі, оларды өзара айтыстырып қағыстыруы – бәрі де фольклорлық дәстүр, ауыз әдебиетіндегі әдіс.
Ағыл-тегіл Асқар сатирасы – үнемі жанрын жаңғыртып, қисынын құбылтып, соны соқпақтарға салатын сатира, түрге бай, бітім-пішін, үлгі-пішімге мырза сатира. «Шын палуан алып та жығады, шалып та жығады» демекші, ол бірқақпай, эпиграммадан бастап, сахналық скетчтерге дейін жазды. Жазғанда, солардың кез келгенін шебер жазды. 40-50 жылдары, әсіресе, мысал жанрына құлай берілді. Тәкен Әлімқұлов осы тұста «Жанрын тапқан жазушы», «А.Тоқмағамбетов творчествосынан ең ұзақ жасайтыны... – сатирасы, оның ішінде мысалдары» («Жемісті жолда», А., 1958. – 151-бет) деген қорытынды жасады. Дегенмен, Асакеңнің ең көп көсілте жазғаны, шебер жазғаны – фельетондар. Бұған өзінің мына сөзімен көз жеткізуге болады. «Осы күнге шейін фельетон десе, екі құлағым елең ете түседі. Өйткені творчествомның бір бұтағы осы жауынгер жанрға тікелей байланысты. Аз ба, көп пе – мыңға жуық фельетон жазыппын. Бес томдық таңдамалы шығармалар жинағымның бірінші томын тұтастай фельетонға арнауым да – оған деген ыстық ілтипатым, көрсеткен құрметім» («Қазақ әдебиеті», 26.03.1982). А.Тоқмағаметов сықақшы ғана емес, әрі сатира сыншысы болды. Ол бүгінгі қазақ сатирасы, оның болашағы, кемелдену жолдары жөнінде бірсыпыра орынды ойлар айтты. Бірде ол «сатира, фельетон жанрында көп еңбек еткендіктен бе, бір бүйрегім сықақ-мысқылға бұрып тұрады. Өкінішке орай, төл әдебиетімізде әзіл-оспақ күткен межеде емес. Әсіресе, өткір памфлет азайып кетті. Саяси лирика
мен сатиралық шығармалар деңгейін көтеретін мезгіл әбден жетті», – деп жазды («Қазақ әдебиеті», 10.12.1976). Сын-сықақтың 70-жылдардағы деңгейіне көңілі толмаған, памфлет жанрының жоқшысы болған ақын кейінірек осы мәселеге тағы айналып соқты. Халықаралық фельетон, памфлеттер жазудың алғы шарттарын айтты. Бұл үшін «әуелі автордың өзі саяси білімнің сауыт-сайманымен қаруланған, жетік болуы ләзім. Рейганның, Бегиннің кім екенінен, олардың саясатынан, айла-шарғысынан мақұрым болсаң, қайдан жазасың... Қазіргі кезде памфлеттей қаруды қолдан түсіру – сатириктеріміз үшін ойланатын жағдай» деді. Тағы бірде ақын азулы фельетондардың азайып бара жатуының себебін ашты. Оның ұғымынша, баспасөз бетінде от ауызды, өткір тілді фельетондардың сирек көрінуі – сатириктеріміздің бүгінгі өмірмен қоянқолтық араласпауынан. Өмірмен біте қайнасып, тіршілік тынысынан туғызылған туындылар ғана өткір де әсерлі болады, ұзақ жасайды. Күбіден айранның майын айыру үшін де піспекке тыным бермей, көк суы қалғанша көп пісуге тура келеді. Сөйтсе де, фельетонистеріміз ұзақ сарылып, терең зерттеуге, тер төгуге төзімі жетпей, «майын да, маңызын да айранға жіберіп, бетінен қалқиды», үстірттікке ұрынады. Бұрын жұрт назарын аудармаған, беймәлім тақырып, фактілерге сын садағы тосын қадалса, фельетон құны арта түсетінін ескермейді. Және бірде арынды Асқар сатириктерді жаңашылдыққа, замана талабымен бірге адымдауға
шақырады. Күйкі көріністерді, «Мырқымбайлардың күйбеңін» алға тарта бергенмен, ескі формада сүйкей салғанмен парыз өтелмейтінін ескертті. «Біз «Жаңа Асқар», «Жаңа Самат», «Жаңа Ракетагүл», «Жаңа Космонавжанның» бойындағы мінді әшкерей алатын қалам иесі бола алсақ қана, уақыт пернесін дөп басамыз», – деді. Аға ақын сатирик болып сапта қалудың сыры туралы да өз түйгенін айтты. Бұл орайда сатираның теориялық, практикалық мәселелеріне жетік болудың мәнін ерекше ескертті. «Сатира табиғатын сезініп, жанр ерекшелігін ескермеген әдебиетші оның тұрақты өкілі де бола алмайды. Тез табысып, тез ойқастайтын екенсің, сатираның солдаты емессің! Мен білген қағида – осы», – деді. Ақылшы Асқар сатириктер алдындағы міндетпарызды да аңғартты. Біздің елдің бүкіл әлемді бірлікке, өзара ұғыныстыққа шақырып отырған ізгі ниетті мемлекет екенін, сатира сарбаздарының осындай ұлы елге лайықты ұландар болуын саяси, әлеуметтік зор міндеттерді азаматтық ожданмен ұғынып, кесір-кесапаттарды сатира найзасымен түйреп отыру қажеттігін ескертті. Өзі алпыс жыл бойы осы парызға адал болды, осы жолда ақыл-ой, қабілет-парасатын тежемей қалам тербеді. Жаңа өмір орнатуда балақтан басып, етектен тартар, ұлттық тұрмыс-салт, мораль-этикаға қайшы келер нәрсенің бәрін аяусыз әшкереледі. Бұл игі ісін өзі мақтаныш етті. Қаламым жауға бейне найзағайдай, Қадалды дәл жүректен, тиді таймай.
Кеңсешіл, бюрократ, төрелерге Кезінде келтекше ұрып, салдырды ойбай. Түйредім көптің сүймес қырсықтарын, Дос емес енді бізге «қисық қарын». «Асқардың фельетоны шығыпты» деп, Көзінің сүртіп сулы былшықтарын, – деп жырлады. Сөйткен тамаша таланттың туғанына, міне, 80 жыл толыпты. Біз бүгін оны «Алпыс жыл бойы жыр тасқынын бір бәсеңдетпеген, сөзден сурет тудырған, ұйқас-ырғақтан өлеңнің музыкасын жазған, оқушының көзін нұрландырған, тыңдаушының жүрегін ерлендірген» қайран ағыл-тегіл Асқар-ай деп еске аламыз! 1985 ж.
ТӘРБИЕ ЖӘНЕ САТИРА Қазір қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын ерекше екпінмен жеделдету үшін халық шаруашылығының барлық саласында жұмыс істеудің, басшылық етіп, бақылау жасаудың қалыптасып қасаң тартқан әдістерін қайта қарауды, іс жүргізудің тың тәсіл, тың технологиясын табуды, сөйтіп, бүкіл тіршілік-тынысымызды қайта құруды күн тәртібіне қатты қойып отыр. Мұны істейтін, мұны жүзеге асыратын – адам. Тіпті, бұл жөніндегі қаулы-қарар, бітім-шешім, нұсқау-директивалардың өзін адам орындайды. Ендеше, ең алдымен сол адамның, қоғам мүшелерінің өзінің бүкіл ақыл-ой, парасатын, ойлау қабілетін, жауапкершілік сезімін, еңбекке, болмыс-құбылысқа көзқарасын қайта құру, жаңаша қалыптастыру керек. Бұл оңай шаруа емес, бірер апта, бірер айдың да ісі емес. Өйткені, адам – күрделі құбылыс. Ол айтқанға, тәрбиеге бірден мойын ұсына, оп-оңай көне қоймайды, теріс, зиянды нәрсені көріпбіліп отырып, одан іргесін бірден аулақ салмайды. «Ауру қалса да әдет қалмайды» демекші, сол ұнамсыз іс-әрекетті өздері істейді. Тіпті, қазір өздері мазақтап, күліп отырған нәрсені артынша өздері қайталайды. Мысалы, шырт-шырт шекілдеуік шағып, шырт-шырт түкіріп отырғандарды сахнада келемеждеп жатқанда, көрермендер соған күліп отырып, өздері әлгі теріс істерді істеп отырады. Әлемді аузыма қаратам,
жұдырықтай жер шары жұмсам жұдырығымда, ашсам алақанымда болады деген арам ниет осыдан мыңдаған жылдар бұрын бой көрсеткен. Ол арам ой әшкере тапқан, оны аңсағандар өз басын жұтқан. Соларды көріп отырып Гитлер де жер жаһанды билеуді аңсады. Ақыры ол да алдыңғылардың кебін киді. Енді солардың тағдырын көріп отырып Американ империалистері әлемге өктемдік жүргізуді көксейді. Демек, бір сынағанда, бірер әшкерелегенге жаңа адам қалыптасып, оның жан дүниесі жаңғыра қалмайды. Бұл ұлы құрылыстар салудан, миллиондаған гектар тың жерлерді космосты игеруден де қиын. Біз төре болма, пара алма, жалдаптық қылма, арақ ішпе, босқа бөспе деп күні-түні қақсаймыз. Сонда да бұл дерттерден көп адам әлі тиылып болған жоқ. Кейбіреулер әлгідей деп үгіт айтып, ұрандап тұрып, соны өздері істейді. Ондай адамдар жұмысшылардың, шаруалардың арасында да, басшы қызметкерлердің, аппарат қызметкерлерінің арасында да бар. Олар біздің интеллигенциямыздың арасында да бар. Адамдарымыз осы дерттерден арылмай, алдымен адамның өзі түзелмей ешбір іс оңға баспақ емес, қайта құру туралы сөз болуы мүмкін емес. Ал адамды түзейтін, жетілдіретін не? Ол – тәрбие. Сондықтан, да тәрбие мәселесі қазір күн тәртібіне қатты қойылып отыр. Оның әдіс-құралдары көп. Ең алдымен әр адамда жақсылыққа, игілікке ұмтылыс еш кезде өшпеу керек. Осыған жетуде әркім мінезіндегі, өз ісіндегі, өз тәртібіндегі кемшілігімен өзі күресіп, өзінөзі тәрбиелеуі шарт. Сондықтан да қазір күн тәртібіне
әркімнің өзін-өзі тәрбиелеуі шарт. Сондықтан да қазір күн тәртібіне әркімнің өзімен-өзінің күресін міндет етіп қойып, қайта құруды әркім өзінен бастау керек деп отыр. Бұл – қоғамның әр мүшесі өз-іс-әрекеті үшін өз ары алдында есеп берсін деген сөз. Ал қоғам мүшелерін басқалар тәрбиелегенде, ол «тиме», «олай етпе», «олай ойлама!», «үйтуші болма!» деген сияқты бұйырумен, жекумен жүзеге аспақ емес. Тәрбие – үлкен өнер. Бес саусақ бірдей емес, сол сияқты адамдар да бірдей емес. Дүниеде бір-бірінен айнымайтын екі адамды табу қиын. Әркімнің сезім дүниесі, өзін-өзі бағалауы, өз арын, өз қадірін сақтауы әр түрлі. Әркімнің өз ойы, өз қиялы, өз тәртіп-мінезі бар. Сондықтан, тәрбие ісінде әр адамның табиғатын, эмоциясын, рухани деңгейін түсіне білу, оның адамдық қасиетімен санаса білу қажет. Біздегі тәрбие құралдарының бірі – өнер. Өнер, сөз жоқ, адам санасына, адам еркіне, оның ұғым-сеніміне күшті әсер етеді, оны жан-жақты жетілдіреді. Сол өнердің бір саласы – әдебиет, ал әдебиеттің адам тәрбиелеуде зор роль ойнар саласы – сатира. Қазір ойып түсер отты сатира, дәуір, кезең талабына үн қосар жедел сатира және жан жадыратар, күлкілі юмор өмір аренасына бұрын-соңды болмаған бар айбынмен, бар жарқылмен жасындай ойнап шығуға тиіс. Қоғамның алға басуына бөгет жасайтынның бәрін батыл әшкерелеу міндет. Әрі белгілі бір жанрлардың қоғамдағы мәнмаңызы бірде артып, бірде кеміп отырады. Бұл – заңды құбылыс. Мысалы, әлеуметтік-саяси
мәселелер күн тәртібінде қатты қойылып жатқан тұста публицистиканың жауынгерлік рөлі күшейе түседі, жалынды үні айқынырақ естіледі. Ал қазір қайта құрудағы кемшілік, кедергілерге қарсы бітіспес күрес жарияланған кезде, еңбексіз табысқа, маскүнемдікке қарсы шабуыл күшейген тұста сатиралық жанрлардың күні туды. Солай болса да, бүгінгі сатира, юмордың жай-күйі қалай? Бұл жөнінде ел-жұрт не айтады? Соғыс және еңбек ардагері Рамазан Кәрімов былай дейді: «Оу, осы от тілді, орақ ауызды сықақшылар қайда жүр екен, сатира самарқау тартса, не болмақ. Жадағай сынмен жамандыққа тосқауыл бола алармыз ба деген ой мазалап қояды. Нақты кемшілікті сатираның нар табанымен жаныштар кезіміз емес пе? Мұның өзі қойшы баланың “қойға қасқыр шапты деп” бүкіл ауыл-аймақты босқа дүрліктіргені сияқты әсер етпей ме, сірә. Жоқ, әлде сатира сарбаздары шаршап жүр ме?»12. Ендеше бүгінгі сатирамыздың деңгейіне, әсіресе, оқырмандар көңілі толмайды. Олар одан іздегенін тауып, оқығанда,тыңдағанда айызы қанып,қанағат етіп жүрген жоқ. Бұған тағы бір дәлел – ғалым Нұрахым Райхановтың мына сөзі: «Сатиралық номерлер де тақырып жағынан кеңейте түсуді қажет етеді. Сауатсыз бастық, парақор доцент, топас бала, тоғышар әйел тағысын тағылар көрерменді мезі ете бастады. Репертуар мәселесін шешу үшін арнайы «Тамаша» программасына жазылған озық сатиралық шығармаларға конкурс жариялап отырса дейміз. 12 «Қазақ әдебиеті» газеті, 02.05.1986.
Сонда сатиралық сын садағының жебесі көздеген жеріне дөп тиер еді»13. Әрине, бізде сатира бар ма деп алақанды жайып, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Бірақ оның бүгінгі талап-деңгейінде емес екені, адуынды, азулы сатираның әлі еркін бой жаза алмай жатқаны рас. Дәуір жүгін арқалаған, кезең проблемасын көтерген кең тынысты сатира жоқтың қасы. Оның «қартайған бүркіттің тышқан аулайтын» кебін киіп жүргені шындық. Тіпті, көп газет, журнал беттерінен сынсықаққа орын да тимейді. Фельетондық сөзден аттонды ала қашу, оған үрке қарау да байқалады. Мұның себептері қайсы? Себеп көп. Ең алдымен творчестволық ұйымдар тарапынан сатира, юморға деген көңіл қосы кем. Оның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жатқан жиын-кеңес, айтыс-талас, пікір алысуды жылдап көрмейміз. Әдебиеттің бұл саласына арналған не альманах, не тұрақты шығып тұратын жинақ, не антология дегенді білмейміз. Ешбір баспада сатира, юмордың өзіндік редакциясы жоқ. Олар әр жерде-ақ босағада жәутеңдеп қалған жетімжесірдің күнін кешуде. Сатириктер жинақтарын шығара алмай, шығарса, «көлденең кездескен көк аттылардың» күзеуіне, түзелуіне ұшырап пұшайман. Сықақшылардың қатарын жасарту, сарбаздарының санына жаңа есімдер келтіру ұмыт қалған. Жас сатириктердің туындыларын көру, оқу, есту, оларға көңіл бөлу жоқ. Әдебиетіміздің ақсақалы Ғ.Мүсіреповтің «Жастардың әдеби кештерін жиірек өткізетін болсақ қайтеді? Концерт ретінде 13 «Қазақ әдебиеті» газеті, 27.12.1985.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру