TELEGEI

Home

Шақпақтас

Ханс Кристиан Андерсен

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Шақпақтас

Ханс Кристиан Андерсен есімі балалар мен ересектерге арналған ертегілерімен танымал. Әлеуметтік-психологиялық астар шығармаларының барлығына дерлік тән. Жомарттық пен адалдықты, әділдікті негізгі принцип ретінде ұстанған. Ертегілері балаларға ғана емес, жалпы оқырманға арналған. Себебі, тұлға бол...

(ертегі)

Аударған Ғ. Жұмабаев

Жол бойында солдат келе жатты. Бір-екі! Бір-екі! Арқасында қоржыны, белдігінде қылышы. Соғыстан үйіне қайтып келеді. Жолда қарсы алдынан жоғарғы ерні көк тіреп, төменгі ерні жер тіреп, мыстан кемпір шыға келді.

– Жол болсын, сарбазым! – деп гүж ете түсті мыстан кемпір. – Түу, қылышың қандай керемет! Қоржының қандай дәу еді! Міне, солдат деп осыны айт! Қойны-қонышыңды бір ақшаға толтырайыншы сенің!

– Рақмет, кәрі мыстан,– деді солдат.

– Анау тұрған кәрі ағашты көрдің ғой? – деді Мыстан кемпір, анадай жерде өсіп тұрған ағашты көрсетіп. – Оның іші қуыс. Ұшар басында бір адам сиярлықтай тесігі бар, содан түсіп, түбіне жет. Тесіктен түсеріңде беліңнен арқан байлаймын, айқайлап белгі берсең, кері суырып алам.

– Е, оның ішіне түсіп маған не көрініпті? – деді солдат.

– Қойны-қонышыңды ақшаға сықап қайтасың, – деді мыстан. – Есіңнен шығарушы болма, түбіне дейін бойлап барсаң, жер астын үңгіп салған үлкен жолға кезігесің, онда жүзден астам шам жанып, самаладай жарық қып тұр. Сонан соң үш есікті көресің, оларды ашу оңай, кілті аузында. Бірінші бөлмеге кірсең, дәл ортада сандық тұр, оның үстінде екі көзі тостағандай бір ит жатыр. Бірақ одан қорқушы болма! Мен саған шытырман көк белдемшемді берейін, соны еденге жайып жібер де, итті шап беріп ұстап алып, белдемшенің үстіне отырғыза қой. Сандықты ашып, ішіндегі ақшадан қалағаныңша ала бер. Ол сандықтағының бәрі бақыр. Ал егер күміс ақша керек болса, онда келесі бөлмеге бар. Онда екі көзі диірменнің тасындай бір итті көресің. Одан да қорықпа, белдемшеге алып ұр да, ақшаны тией бер. Одан үшінші бөлмеге бар. Ондағы ағаш сандық үстінде жатқан иттің әр көзі шаңырақтай. Шынымды айтайын, керемет қабаған ит. Бірақ одан да қымсынба. Белдемшеге алып ұрсаң, қыңқ етпейді. Алтынын көтергенше ала бер.

– Апыр-ай, бұл не деген батпан құйрық? – деді солдат. – Ал сонда өзің менен не қалайсың, кәрі мыстан? «Құр аяққа бата жүрмейді» деген бар ғой.

– Көк тиыныңның керегі жоқ маған, –деді мыстан кемпір. –Менің кәрі әжемнің өткен жолы сол үңгірге түскенде ұмыт қалдырған шақпақ тасы жатыр, соны әкеп берсең болғаны.

– Ал, ендеше, беліме байлай ғой арқаныңды! – деп бұйырды солдат.

– Бопты!– деді мыстан. – Мә, мынау көк белдемшені де ала кет! Солдат ағаштың басына шығып, қуысынан кіріп еді, мыстан айтқандай жүздеген шам төбесінде самаладай жарқырап тұрған үңгіме апан жолға тап болды.

Шеткі есікті ашып қалды. Астапыралла, екі көзі тостағандай бір ит солдатқа бажырая қарап қалмасы бар ма.

– Бәрекелде! – деп солдат әлгі итті мыстанның белдемшесіне алып ұрды да, бір қалтасын толтыра бақыр алып, сандықты қайта жауып, итті қайтадан өз орнына отырғыза қойды. Сосын келесі бөлмеге барды, мыстан байғұс алдамапты, онда да екі көзі диірменнің тасындай тағы бір ит отыр екен.

– Көзіңді бақырайтпай-ақ қой, көз ауру боп жүрерсің! – деді де, солдат әлгі итті де мыстанның белдемшесіне алып ұрды.

Сандық толы күміс ақшаны көріп, жаңағы бақыр атаулының бәрін лақтырып тастап, қос қалтасы мен аспалы қоржынын күміске толтырып алды. Сөйтті де үшінші бөлмеге келді. Мәссаған, құбыжық керек болса! Мұндағы иттің екі көзі екі мұнарадай және дөңгелек тәрізді айналып-айналып кетеді екен.

– Кеш жарық! – деп, солдат қолын шекесіне апарып, сәлемін сарт еткізді.

Мұндай итті жарық дүниеге келгеннен бері көріп тұрғаны осы.

Бірақ оған таңданып тұратын уақыт жоқ. Орнынан тік көтеріп, белдемшеге ыңқ еткізді де, сандықты ашып кеп қалды. Құдай сақтасын! Алтын деген мұнша көп болар ма! Мынау алтынға бүкіл Копенгаген шаһарын түгелімен сатып алуға болар. Оған қоса тәтті-пәтті сататын әйелдердің қанттан жасалған торайлары мен жер-жаһандағы ағаш ат, ойыншық солдат, өрме қамшының бәрін көтеріп сатып алуға болар еді-ау! Ділда дегенде сан жоқ. Солдат күміс теңгенің бәрін лақтырып жіберіп, барлық қалталарын, қоржыны мен бөркін, қойны-қонышын алтын ділдаға сықита толтырып, орнынан әзер тұрды. Бәрекелде, ақшаға белшесінен батты деген осы да. Әлгі итті орнына апарып жатқызды да, есікті сыртынан құлыптап, төбедегі тесікке қарап айқай салды.

– Кәрі мыстан, тарт кәнекей!

– Шақпақты алдың ба? – деп сұрады мыстан.

– Қап, сайтанның сапалағы-ай, ұмытып кете жаздаған екем ғой! – деді де солдат жүгіріп барып шақпақ тасты алып келді.

Мыстан оны арқанмен тартып, сыртқа шығарып алды. Қос қалтасы, қойны-қонышы, қоржыны мен солдат кепкасы сықай толы алтын.

– Шақпақтың саған керегі не? – деп сұрады солдат.

– Онда шаруаң болмасын! – деді мыстан. – Алар ақшаңды алдың ғой, енді жөніңе тайып тұр. Кәне, шақпақты бері әкел!

– Асықпа, асыққан шайтан ісі! – деді солдат. – Алдымен жаның барында мына шақпақтың не қасиеті бар екенін айт, әйтпесе қылышымды суырып алып, шақша басыңды қағып түсірем!

– Айтпаймын! – деп қасарды мыстан кемпір.

Солдат қылышын жарқ еткізіп, мыстанның басын қақты да түсірді. Кәрі мыстан сеспей қатты. Ал солдат бар ақшаны белдемшеге түйіп арқалап алды да, шақпақты қалтасына тықты. Сөйтіп шаһарға қарай алшаңдай басып жүре берді. Бұл бір шылқыған бай шаһар еді. Солдат ең қымбат деген мейманханаға келіп, ең тәуір деген бөлмені таңдап жүріп орналасты да, байлық шіркін не істеткізбейді, ең сүйікті тағамдарын даяшы жіберіп алдырды. Меймандардың аяқ киімін тазалайтын малай осынша ауқатты мырзаның жаман етік киіп жүргеніне қайран қалды. Солдат әлі киім ауыстырып үлгермеген еді. Әйтсе де келесі күні асыл киім, жалтырауық етік дегеннің бәрін алып, мұнтаздай боп киінді. Енді солдат нағыз шонжардың өзі болды да шықты. Жұрт оған шаһардың бәлен жерінде бәлендей ғаламат бар, патша бар, оның ғажап сұлу қызы бар – деп, жамырасып, бәрін айтып жатыр.

– Патшаның қызын қалай көруге болады? – деп сұрады солдат.

– Оған жол жоқ! – десті жұрт. – Қыз айналасын биік қамал, зәулім мұнаралар қоршаған мыс сарайдың ішінде. Сарайға патшаның өзінен басқа жан бас сұқпайды. Ешкім де сарайға кіре алмайды, кірген адам шыға алмайды. Өйткені әулиелер патшаға қызың түбінде қатардағы бір солдатқа тиеді деп бал ашқан. Ал өзі патша болған соң, солдат дегеніңді менсіне ме.

«Шіркін-ай, сол қызды бір көрсем арманым болмас еді!» – деп ынтықты солдат.
Бірақ оған кім рұқсат бере қойсын?!

Солдаттың жағасы жайлауда, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, театрға да барады, патша бағында серуен құрып, сайран салады. Қайыршы мүсәпірлерге ақшаны уыстап шашады. Қайтсін байғұс, қалтасында көк тиыны жоқ қу кедей боп өзі де көрді ғой! «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» дегендей, ол әбден байыды, патша баласындай киініп, маңайына дос-жаран, жора-жолдас қаптады: бәрі де жатып жастық, иіліп төсек боп, жігіттің жігіті, мырзаның мырзасы бір өзіңсің деп, асты-үстіне түсіп бәйек боп жүр. Мақтауды кім жек көрсін. Оған еліре түседі. Ала берсе қар да таусылады. Тірнектеп жимай, уыстап шашқан соң, қанша көп болса да, ақша шіркін де таусылады екен. Ақыр аяғында екі теңгеліктен басқа түк қалмады! Жайнаған жақсы бөлмелерді тастап, шатырдың бір қуысына паналауға, біреуді жұмсауға үйреніп қалған сорлы басы өз етігін өзі майлап, өз жыртығын өзі жамауына тура келді. Енді дос-жаран, жора-жолдастары да келгіштеуін қойып, оған бас сұқпайтын болды; сонау шатырға көтеріліп жүруді қиынсынған болар. Күндердің бір күні солдат өз лашығында қараңғыда қамалып отырды. Балауыз шырақ алатын да көк тиын жоқ. Кенет баяғыда мыстан кемпірдің жұмсауымен жер асты жаһаннамға түсіп, содан әкелетін шақпақ тасы мен шала жанған білтесі есіне түсе қалды. Солдат шақпақ пен білтені тауып алып, сарт еткізіп ұрып қалып еді, есік шалқасынан ашылып кетіп, өзі баяғыда жаһаннамнан көрген екі көзі тостағандай ит босағаға келіп тұра қалды.

– Не бұйырасыз, тақсыр? – деп арс етті ит.

– Мәссаған, безгелдек! – деді солдат таң қалып. – Ойна сен шақпақ таспен: не тілесең соны берем дейді! Әй, маған бәрінен бұрын ақша керек! – дегенше болмай, әлгі ит көзден ғайып болды. Көзді ашып-жұмғанша бір дорба бақырды аузына тістеп қайтадан жетіп келді. Шақпақ тастың қасиетіне солдаттың көзі жаңа жетті. Бір шақсаң бақырлы сандықтың үстінде жатқан ит жетіп келеді, екі рет шақсаң – күміс ақшаның, үш рет шақсаң – алтын ақшаның күзетші иті жетіп келеді.

Солдат қайтадан сән-салтанатты тамаша бөлмелер жалдап алып, киімді асылдан киетін болды. Баяғы дос-жаран мұны біліп, қайтадан өліп-өшті де қалды. Күндердің күнінде ол тағы да ойға шомды: «Патшаның қызын бір көрмеген соң, бұл дүниеде жүріп керегі не! Ай десе аузы, күн десе кезі бар керемет сұлу деседі, адам баласына көрсетпеген соң, сұлулығынан не пайда? Мыс сарай, биік мұнара, өтпес қамалда тас қамауда отырып не қызық көреді ол байғұс! Ең болмаса соны бір рет көре алмай-ақ арманда кеткенім бе? Айтпақшы, менің әлгі шақпақ тасым бар екен ғой!» – деп, шақпақты шақ еткізіп еді, екі көзі тостағандай баяғы ит арсалаңдап жетіп келді.

– Көз байланып түн болды, жігерім менің құм болды; білінбесін қашқан ізің, бір көрсетші патша қызын!

Әлгі ит жым-жылас жоқ болды да, айтып аузын жапқанша, көзді ашып-жұмғанша, патша қызын арқалап қайта оралды. Патша қызы иттің үстінде ұйықтап отыр. Өзі де бет біткеннің өңдісі екен, бір көргеннен-ақ патша қызы екені бесенеден белгілі боп тұр. Солдат шыдай алмады. Өзі солдат болған соң, кімді аясын. Патша қызын шөп еткізіп сүйіп алды. Әлгі ит патша қызын сарайына қайтадан апарып тастады. Ертеңгі шай үстінде қыз патша әкесі мен шешесіне ғажайып бір түс көргенін, түсінде ғажап іс көргенін, өзінің итке мініп, бір солдатқа барғанын, солдаттың өзін сүйіп алғанын айтты.

– Мәссаған, керек болса! – деп патша әйелі жағасын ұстады. Патша қызының көргені түсі ме, өңі ме, соны білу үшін, түнге қарай оның бөлмесіне сарай қызметінде қартайған жасамыс бір әйелді жіберді.

Ал солдат болса таңғажайып патша қызын тағы бір көруге зар болды да тұрды. Түнде тағы да баяғы ит барып, патша қызын төсегінен ала қашты; бірақ кәрі күң аяғына су өтпейтін етігін сұға салып, соңынан қуа жөнелді. Иттің патша қызын арқалап, зәулім бір үйге кіріп кеткенін көріп: «Әп, бәлем, қолыма түскен шығарсың» – деді де, кәрі күң әлгі қақпаға бормен белгі салып, үйіне қайтты да ұйқыға шомды. Бірақ ала көз ит қайтарда онысын көріп қалып, қаладағы қақпа атаулының бәріне бормен дәл сондай белгі салып қойды. Ит қулығын асырды. Қақпаның бәрінде бір-бірінен аумайтын дәл сондай белгі тұрғандықтан, кәрі күң енді іздеген үйін таба алмайтын болды. Таңертең ертемен патша жұбайымен, кәрі күң, бүкіл сардарлар қотарыла көтеріліп, патша қызының түнде қайда барып келгенін білуге шықты.

– Мінекей, мынау үй! – деді патша, қақпасына бормен белгі салынған үйді нұсқап.

– Жоқ, зайыбым, ол емес, мынау үй! – деді оның жұбайы басқа бір қақпаны көрсетіп.

– Белгі онда да, мұнда да бар! – деп шу ете түсті сарай адамдары. Жер соқтырып кеткенін олар сонда ғана аңғарды.

Бірақ патшаның жұбайы ақылды әйел еді, оның серуен құрудан басқа да өнері бар болатын. Ол алтын қайшысымен жібек торғыннан бірнеше қиықша қиып алды да, одан кішкене дорба тікті. Оны қара құмықтың майда жармасымен толтырды да, қызының арқасына таңып, жол-жөнекей бір-бір дәннен түсіп отыратындай етіп, түбін тесіп қойды. Түнде ала көз ит тағы келіп, патша қызын арқасына мінгізіп алды да, солдатым қайдасың деп тайып отырды. Ал солдат байғұс: «Апыр-ай, мен неге ханзада болмадым екен, сонда ғой, патшаның қызын айттырып-ақ алар едім», – деп, ғашықтықтан зар илеп, көргенше тағат таппады. Патша сарайынан солдат жатағына дейін тесік дорбадан дән төгіліп, із тастап келгенін ала көз ит байқамай қалды. Таң алаң-елең атысымен патша мен оның жұбайы қызының түнде қайда барып келгенін біліп алды. Сөйтіп солдатты абақтыға салды. Қараңғы қапас, тар зындан! «Ертең ертемен дарға асыласың!» – деді солдатқа қарауылшылар. Бұл сөзден оның төбе шашы тік тұрды. Шақпақ тасын да жатқан үйіне тастап кетіпті. Таңертең солдат абақтының шілтерлі кішкентай терезесінен сыртқа көз салса, солдатты дарға асқанын көреміз – деп, шаһар халқы қаланың шет жағына қарай ағылып бара жатыр екен. Дүрс-дүрс барабан соғылып, даңғыр-дұңғыр дағара қағылып, солдаттар лек-легімен сап түзеп барады. Былғары алжапқышы бар, аяғына кебіс іле салған етікші бала да жүгіріп барады. Секіріп-қарғып бара жатқан баланың кебісі ұшып түсіп, шілтерлі терезесінен солдат қарап тұрған абақтының іргесіне сарт ете қалды.

– Әй, бала, қайда асығып барасың? – деді солдат етікші балаға. – Бәрібір менсіз іс бітпейді! Одан да бұрын тұрған үйімнен менің шақпақ тасымды әкеп берсең ғой, менен төрт ділда алар едің. Бірақ алды-артыңа қарамай тез жет!

Төрт ділда берем деген соң баланың жаны қала ма, оқтай ағып зымырай жөнелді. Шақпақ тасын солдатқа ә дегенше әкеп берді. Ал содан соң... содан соң не болғанын көре жатармыз! Қаланың сыртына абажадай дар ағашы орнатылған. Айналасын қоршаған қалың әскер, жыпырлаған халық. Қазылар мен уәзірлердің қарсы алдындағы алтын тақта патша мен оның жұбайы отыр. Солдатты баспалдаққа шығарып, мойнына енді арқан салайын деп тұрғанда: «Дат, дат, датым бар айтатын: о заманда, бұ заман, ажал аузындағының ақырғы тілегін орындамаушы ма еді! Менің өлер алдында шылым шеккім келеді, шылым! Бұ дүниеде армансыз боп өтейін!» – деп айғай салды. Патшаның бұл тілекті орындамасқа шарасы болмай қалды. Солдат шақпақ тасын қалтасынан суырып алып, бірінен соң бірін үш рет шағып қалып еді, екі көзі тостағандай ит те, екі көзі диірменнің тасындай ит те, екі көзі мұнарадай ит те үшеуі де жетіп келді.

– Кәне, мені қыл арқаннан құтқарып жіберіңдерші! – деп әмір етті солдат.

Иттер судья мен уәзірлерді тарпа бас салды. Біреуін аяғынан, біреуін мұрнынан тістеп алып, аспанға бойлата атты да жіберді. Бәрі де жерге келіп жалп еткенде, жұлындары үзіліп мүрдем кетті.

– Жаздым, жаңылдым, тоқтат! – деп патшаның жан даусы шықты. Бірақ онысына қарамай, ең дәу ит оны жұбайымен қоса аяғын көктен келтіріп, пәре-пәресін шығарды. Сол кезде солдаттардың да зәресі кетті, жиылған халайық та шу ете түсті.

– Батыр-еке, өзің патша бол да, патшаның ай десе аузы бар, күн десе көзі бар сұлу қызын өзің ал!

Сөйтіп солдатты жұрт патшаның алтын күймесіне көтеріп мінгізді. Күйме зымырап барады, үш ит үш жағынан би билеп, уралап келеді. Кішкене балалар езуіне қолдарын тығып жіберіп, жан-жақтан қым-қуыт ысқырыққа басып, әскерлер оған ізет білдіріп тұрды. Патша қызы мыс сарайынан шығып, жас патшаға жар болды. Оның да төбесі көкке жеткендей, қуанышы қойнына сыймайды. Бір жұма бойы той болды, ала көз иттер де той дастарқанының басына келіп, көздерін бажырайта қалыпты.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙