TELEGEI

Home

Жүректі қалай жұбатам?

Топтастырып ұсынған Байбота Қошым-Ноғай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жүректі қалай жұбатам?

Жалған дүние ғана емес, Абайын сабатқызған, Мағжанын қаматқызған, талай ақынды иттерге талатқызған Өлең де әйел адамға қайбір опа береді дейсің! Олар сонда да жігіттермен жарыса жүріп, жүректегі шер-шеменді жырымен ерітеді. Жалғыздықтан құтылар жол іздейді. Гүлзакираның өлеңдерін оқып отырып та осы сөздің шындығына көз жеткіземіз. Гүлзакира Әбілдаева Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. Ши

Жалған дүние ғана емес, Абайын сабатқызған, Мағжанын қаматқызған, талай ақынды иттерге талатқызған Өлең де әйел адамға қайбір опа береді дейсің! Олар сонда да жігіттермен жарыса жүріп, жүректегі шер-шеменді жырымен ерітеді. Жалғыздықтан құтылар жол іздейді. Гүлзакираның өлеңдерін оқып отырып та осы сөздің шындығына көз жеткіземіз.

Гүлзакира Әбілдаева Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. Шиеттей бала-шағасын жеткіземін деп, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде, «Пионер», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек» журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйі мен Әдебиет қорында, Қазақ телерадио корпорациясының Қазақ радиосы «Шет ел жаңалықтары» бөлімінде жұмыс істеп, талай есікті тоздырды. Бірнеше ұжымдық жинақтарға жырлары енген ол «Таңғы дауыс» атты жалғыз кітабының жарық көргенін місе тұтып өмірден озды. Місе тұтпаған да шығар, оған жарық дүниенің берген мұрсаты осы болды.

Сіздерді ақын қарындасымыздың бір топ өлеңдерімен қайта қауыштырғым келіп отыр.

Гүлзакира ӘБІЛДАЕВА

(1956–2004)

ТАҢҒЫ ДАУЫС

Шыққанда Күн, сал самал белеңде есіп, Өрекпіген кеудемде өлең көшіп, Тұсаулықты жасырған көк шалғында Шық шырағын шалдықпай келем кешіп. Шұғылаға шығыс бет шомылғандай, Ақбөкендер тосады жолыңды аңдай. Шымқай қызыл шып-шымыр таң бояуын Қос уыстап сімірем шөлім қанбай. Қуаныштан тауысып бар ақылды, Жанарымда тамшы жас дара тұнды – Айдын көлге, аққуым, қонғаныңда Күн нұрына сүйкеп ақ қанатыңды. Толқын туып ғайыптан тал денемде, Сөз беремін арлы ой, арлы өлеңге. Мен сенбеймін осынау жарқын таңның Дидарында жамандық бар дегенге! Ізгілік боп маздасын көшелі ойым, Қысастықтың шоғын еш көсемеймін. Атшы, таңым! Мен сенің шуағыңды Бұрымыммен өзімнің қоса өрейін!

Қияңқы тағдыр қыстықпас жерде қыстығып, Сен салған салмақ жан-жүрегіме түсті нық. Сап-салқын өңің елестеп кетсе көзіме: «Сүймеймін сені! Сүймеймін сені! Сүймеймін!..» – деймін ышқынып... Қоңырқай кеште құла бір дөңнен ән құлап, Есіме түссе екеуіміз құрған сән жұмақ, Жігіт біткенге жібіместей болған жүрегім: «Сүйесің оны! Сүйесің оны! Сүйесің!..» – дейді қан жылап... Қып-қызыл нұрын алдымнан төгіп қына таң, Шабытым жебеп, Тамырда ойнап бұла қан, Өзімді жырмен жұбатармын-ай, алайда... Өзің деп соққан жүректі қалай жұбатам?!

САҒЫНЫШПЫСЫҢ?

Сағынышпысың сарғайған, Сабылып жеткен шалғайдан? Сандуғаштарын сайратып, Сезімім мұңды толғайды ән. Толғайды-ау дейсің егіліп, Жеткізбей қашып, тегі, үміт, Ынтызар жанарларымнан Ып-ыстық жасым төгіліп. Өртім боп шықтың, күрсінсем, Дертім боп, жаным, тұрсың сен. Тастасам дағы мың серпіп, Түсіме еніп жүрсің сен. Сырымды жанға айта алмай, Шалқарым шексіз шайқалмай, Қамығып жүрем, Күндерім Ұрланып қашып, байқалмай. Қуанышпысың, мұңбысың, Қамажай көркің нұр өпті. Көзіңнің қадап сүңгісін, Жаралап кеттің жүректі. Күйретіп кеттің, жаным-ау, Күлкі емес менің күлкім де. Өз бақытыңды танымау Мүмкін бе, айтшы, мүмкін бе?

Сағынышым кеудемде қоздасын кеп! Қарлы қаңтар! Марғау ай... Түн де ұзақ-ты... Сырғанаған жүзімнен көз жасым боп, Жабыңқы аспан қойнынан жұлдыз ақты. «Табысарсың қайта...» – деп бүр атты үміт, Саған қарай жол шығып жүрегімнен. Терезеге телміріп, Жылап тұрып: «Жұлдызым жоғары...» – деп тіледім мен!

Махаббат мұңыменен Түсіп ап бөтен ізге, Біз енді шыныменен Табыспай кетеміз бе? Осы ма қаусатқаның Дүмбілез дауыл – қайғы. Жанардың моншақтарын Кірпігім ауырлайды. Сен мұны сезгеніңде Табар ең ақырғы емін. Тұңғиық көздеріңде Жолдарым жатыр менің. Қатыгез бұл өмірде Қалайша тұрақ табам? Жұбатар жүрегіңде Жұбанбай жылап барам...

Қамығып жүрген шағымда Жүрегімді орап жалынға, Сағыныш-мұңға малынған Хат келді сенен тағы да. Жанардан жасыл жай ақты Бояуын бұлтқа жалатқан. Бозторғайымды оятты Сен жақтан атқан абат таң. Көңілден қашып мұңды күн, Керім де, керім ән салып, Кемел ойларға сүңгідім, Келер күндерді қарсы алып. Айналдым сенен, ақылдым, Мұңайған, шақта жебедің. Шырқау биікке шақырдың, Тұп-тура тартып келемін!

КҮЙЗЕЛУ

Жүрегімнің түбіне терең бойла. Абай.

Қайда... қайда кешегі тұнық қылық, Өзге бір көз кетті ме сыр ұқтырып? Өліп-өшіп тұрмайсың бұрынғыдай, Қарсы аласың суықтау, Сұлық тұрып. Баспалаған барыстай тау шатқалын Елегзимін, үмітім қаусап қалып. Баяғыдай аялап алақаның, Тарамайды шашымды саусақтарың. Ақылдым-ау, ерен саз, ерек үнді, Нендей күнә бойымнан көре білдің? Саған керек болмасам, Мойындаман Өмірге де өлшеусіз керегімді. Бірімізге біріміз өліп-талып, Қаншама рет маздадық сөніп барып! Бездің бе сен бейуақыт, бозторғайым, жанарымнан жалғандық көріп қалып. Сырымды ашып сапарлы серікке сан, Аптығымды ертеңге сеніп басам. Адыр мінез ақының емес пе едім, Кім ұғады жайымды сен ұқпасаң?!

Өзгерді... Бәрі өзгерді... Сен де... Мен де... Көк атты ұқсас көңіл көлденеңге. Өзіңді есіме алам кешеу күзде, Сезімнің қоламтасы сөнбеген бе? Сенімен сенім қосқан кез есімде, Шынымен сол күндерден безесің бе? Сүлеймен кекті буға айналдырған Кеудемнің дию жатыр көзесінде. Іргемнен күздің желі есті есіре, Қоймайды-ау уақыт гүлді өшпесіне. Табысқан біз екеуіміз тамбурында Өзгерді пойыздардың кестесі де. Қыс келсе, бұрқырайды қыр ақпаны, Оралмас сол бір көктем жырақтағы… Дариға-ай, сен деп соққан жүрегімнің Дүрсілі өзгермейді бірақ-тағы!

Есіңде ме жапандағы жалқы бақ, Мөлдір аспан, Мөлдір ауа, Шипа түн? Тұңғыш рет саусақтарың қалтырап, Бұрымымнан сипадың. Еркімді алып беймәлім бір бұла ағын, Құшағыңа үнсіз келіп құладым. Көрдім сонда жанарыңнан жақұтты, Көрінбейтін жұлдызымның шуағын. Құмыр түннің қызығына көз қанбай, Тұрдық солай... Тұрдық солай қозғалмай. Мына әлемнің шалқар-шалқар шаттығын Тек біздердің бағымызға жазғандай. Бақыт түгіл, қайғысы да шекердей Ғашықтарды бақытсыз деу бекер ғой. Біз бөлінсек: жасыл ғұмыр – жер шары Қарс айырылып, қақ бөлініп кетердей!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙