Мазмұнға өту
Home

Көп томдық шығармалар жинағы 6 том

Ғафу Қайырбеков

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Көп томдық шығармалар жинағы 6 том

Авторы: Ғафу Қайырбеков

УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 Қ 23 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Кiтапты жүйелеп, баспаға əзiрлеген Ғафу Қайырбековтің жұбайы Хамзина Бəдеш Қайырбеков Ғ. Қ 23 Көп томдық шығармалар жинағы./Ғафу Қайырбеков. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2012.

ISBN 9965-22-255-X

6-том: Өлеңдер; Поэмалар. – 2012. – 384 бет.

ISBN 978-9965-22-392-1

Көрнектi ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Ғафу Қайырбековтiң бұл томына «Жұлдызды тағдырлар», «Маңғыстау маңғаздары», «Туған топырақ» атты кiтаптарынан алынған таңдаулы өлеңдерi енгiзiлдi. Кiтап көпшiлiк оқырманға арналған.

УДК 821.512.122

ББК 84 Қаз 7-5 ISBN 978-9965-22-392-1 (Т.6) ISBN 9965-22-255-X © Хамзина Б., 2012 © «Қазығұрт» баспасы», 2012 Тыңның атақты ерлері Жансұлтан Демеев, Вера Сидорова, Дарья Парк, Кəмшат Дөненбаеваларға арналды. Автор

ПРОЛОГ Жизни достоин тот, кто за нее каждый день принимает бой. Н.Островский. * ...Днепр үшін соңғы айқас... Қырғынның қырқы сол тұста. Соғыстың бұлты зілдей тас Барады ауып батысқа. Бозарып бойлап таң атты, Еңсесін жердің көтеріп. Шаршаған шойын, болатты Бөксеге салып бөктеріп. Жаралы дене жыртық күн Шықпасқа болмай көгіне, Қаралы жиһан мұңдықтың Мүсіркей қарап өңіне. Тұрғаны сол ед, арс еткен Арыстан көмей-бұлт құсып, Алқызыл арай – қан шекпен Мұнарға батты бүк түсіп. Алдымен солай жау сойқан Күнді атып алып шығыстан, «ЖЛДЫЗДЫ ТА ДЫРЛАР» кітабынан 1980 жыл

Бастайтын əлек – жын сайтан Зырылдап ажал зымыстан. Ұмтылды сонда біздің жақ – Күн кегін қуған күркіреу, Кетпестей үске көк құлап Шанышып оттан мың тіреу. Боздады қырда мың бота – Катюша сабаз зымыран. Қаптаған танк жон-жота, Қаулаған көкте кіл қыран. Жыбырлап, құрттап жер үсті Жөнелді ойнақ тапқандай. Қуырылып құйқа, терісі Айдаһар қақсап жатқандай. * ...Жыл болды майдан кешкелі, Жамали танкист – жас балғын. Жата ма айтып естелік, Өтті ғой ғажап бастан күн. Сұрапыл жаз бен сұмдық күз, Жан-жағын жалмап жұтқан жыл. Бір қырғында тұмсықсыз Танкімен аман шыққан бұл. Өз танкісі өртеніп, Жау танкісін мініп ап, Талайын кетті төңкеріп Желкесінен шығып ап. Даланың бейне асауын Алма-кезек мінгендей,

Ажал емес, той-сауық Көкпар тартып жүргендей. Соғысуда да бір шабыт, Дəуренің жүрген болмақ кез. Ажалың таяу тұрса аңдып Окопта да алмақ тез. Білді ме, соны білмеді, Қорықпай кіріп жорыққа. Талай бір сəтке гүрледі Атағы жетіп полкқа. Жаңада келген жиырмаға ол, Жабырқау білмес жас кісі. Мақтаулы сапта тұрған ол Жарқырап болат каскасы. * ... – Кетесің ертең майданға Үйленбе! – десе, болмады ол. Бет алған жақтан таймауға Үйренген жастан мінезі сол. «Ағайын, қызық көпсінбе, Менің де болсын от басым. Артымда біреу күтсін де, Артымда біреу жоқтасын!» Тоқпақтай қара бұрымға Ие бола алмай жүргей алысып, Тостаған көзді сұлуға Үш жігіт қолқа салысып. Ақыры жеңіп алған бұл Алты жарым айдай отасып,

Майданға кетіп қалған бұл Қиыспай қиын қоштасып. Соғыс бір сойқан алды-артсыз, Үмітке жан аз қол артқан. Жəмила деген солдат қыз Дүниеге кепті – соны айтқан. Алынды кеше соңғы хат, Осынау ғажап жолда ауыр. Көзінен жасы сорғалап Қуанды дейсің сонда бір. – Енді де тіпті, ажалдан Қорқа алман! – деді бекініп. Бұ жалған менен о жалған Ортасын көздеп секіріп. Көрейін! – деді ол батырың, Көзсіз-ақ еді-ау сол сабаз. Өткен түн толғап ақыры Толтырды жазып мол қағаз. Үш бұрыш қатар үш хатты Жалғыз-ақ адрес көрсетіп Пошташы қызға ұстатты, Көзінің шығын бір сүртіп. Сол ұзақ хаттың басында: «Днепр үшін соңғы айқас». Сол ұзын хаттың соңында: «Днепр үшін соңғы айқас». Ортасы өмір жайында Ойланыс пенен толғаныс «Жəмила бөбек, жай ұлға Бермейтін əсте бол намыс!

Рас болса менен туғаның Өзің де биік самғарсың. Жүректен тамған бір қаным, Жолыңды тағдыр оңғарсын!» ...Сол хаттан ұшқан үзінді Секілді оқтар зулады. Дүние тағы бұзылды, Дүние тағы тулады. Көк ала толқын Днепр, Жағасы бұйрат қара орман. Ғарасат майдан, қыл көпір Жан берісіп, жан алған. Танктер алға жөңкіді, Жосылған жолын жапырып. Ойдан да қырдан секірді Өңештен жалын лақтырып. «Əкеңнің аузы»... дегенді Айтып та болған ол жоқ-ты. «Жолбарыс» атты немеңді Бүйірден келіп бір соқты. Өңкиген күйі ес жимай Жамбастап барып, гүрс етті... Соңынан оның апырақтап Алаңсыз жеткен біреуді Артымен соғып шалқақтап Аударып жарға жіберді. Сөйткенше жалын лау етіп Алдыңғы бактан өрт кетті. Қаптаған қалың жау беті... Кенеттен көзге от тепті...

Төменде қайран Днепр, Төбеде жалын жалақтап, Өзеннің үсті қан нөпір Ұшады оқтар жалап қап. Құтылу деген жоқ үміт, Жіберу қайда құтқарып! Өртенген бұған жолығып Тағы да шықты бір танк. «Атаңа нəлет!» – соңғы сөз, Амал жоқ оны атуға. Тағы бір құрбан болды кез Жастығын ала жатуға. Сүргілеп қуған бойымен Жапсырып жарға апарып, «Ал біттік!» деген ойымен Жақындап жəне тақалып. Асыла беріп ақ жалын, Құлдилап жарға күмп берді... Көбікке толып жан-жағы Асау бір толқын бүктелді... * Асау бір толқын бүктелді, Тұңғиық айтты азасын. Аспанда жұлдыз кілт сөнді – Хабарлап ердің қазасын. Сүйкімді-ақ еді-ау сол жұлдыз! Жарығын шашып болмастан Ақты да кетті... Үн-түнсіз Қарайып сол сəт қалды аспан.

«Қапыда кеткен жұлдыздар Қара көк аспан төсінде. Қайталар», – деген бір сөз бар Тарихтың заңы есінде. Қарт Днепр толғанды, Бір шумақ отты құшақтап. Ып-ыстық суда жол қалды Шымырлап ойнап, моншақтап. О, ғажап, өзен күрсінді. Күрсінді яки өкінді. Жүректің сонау дүрсілі Басылмай жатқан секілді...

СЕРГЕЙ ИВАНЫЧ * Хош иіс Қостанайдың ормандары, Даланың дауыл тосқан қорғандары, Шарадай қымыз толы көлдері бар, Ауасы аш өкпеге болған дəрі. «Араның» араласаң қойындарын Сезеді рақаттың бойың бəрін. Қыз қайың, ер қарағай құшақтасқан Олардың аспан көрген ойындарын. «Қызыл шоқ», «Мезгіл», «Ақық», «Құлан ойнақ», «Ақсуат», «Қара тірсек», «Құралай бақ!» «Араның» алқасындай жарқ-жұрқ етіп Сəскеде күн астында тұрады ойнап. Сызылып жаздың таңы атқан шақта Жарасқан торғын жіптей көк моншаққа Бұраңдап қасқа Тобыл ағар еді-ау Ақ самал терістіктен соққан жаққа. Содан соң сағым-теңіз толып ойпат, Таранған талма-түсте бойын байқап, Арудай балтыр түріп суға кірген Сол судан қаймыққандай басын шайқап.

Араның қайыңдары теңселіскен Қалпақты қарағайлар төнсе үстен. Болады сылқ-сылқ күлкі естілгендей. Рақат оймен сезіп, білсең іштен. Мəңгіге ұлы үнсіздік, зор тыныштық – Көрсетер қара орманды қорқыныш қып. Дүрсілі жүрегіңнің естілгендей, Тамырда қаныңның да толқыны ысып. Алайда бұл орманның ғұрпы басқа, Мейірім іші толы ықыласқа. Аралап өз үйіңді жүргендейсің, Туысың шақырғандай күтіп асқа. Саңырау құр, бұлбұл, торғай, тоқылдақтар Секірсе, пыр-пыр ұшса – солқылдап тал. Аздан соң бүкіл орман шуыл қағып: «Жолаушы, атыңнан түс, қоржынды ақтар! Деміңді ал, сусыныңды іш, деміңді жай, Не керек дүниенің бəрін қимай, Осындай бір сəтіңді бағалап қал, Сенсіз де бұл тіршілік баяғыдай!» Дегендей орман сабаз – бұл философ, Жаныңа жібереді бір күй қосып. Ол күйі – жақсылық пен жамандықтың Кезегі тұратұғын ылғи тосып. О, шіркін, туған жердің ормандары! Секілді əр адамның армандары. Тұрсыңдар жерден өсіп, көкке бойлап Кетуге көңіл əзір одан да əрі. Беймəлім қанша барып тоқтауларың Кешегі келіншектің оқтаулары.

Кеспесе, келісті бір қайың ба еді, Сағыну, дүниенің жоқтау бəрі. Кешегі сұрапылдың боздақтары Өмірдің ұзақтығын созбаққа əрі, Бас беріп, қалған жоқ па қанды сайда Осылай жаңармақ та, тозбақ бəрі... Жаңалық туарында күрес-майдан, Басталды бұл өзгеріс, бұл іс қайдан – Кезінде керемет – деп түгел ұқпас, Ұғымды əрекеттен теріс қойған. * Сықырлап тарих қақпасы, Ашылды дейсің сонда бір. Тіреліп жорық ат басы Атағы, шуы мол дəуір. Лақ етіп құлап еңіске, Жөңкілді толқын далаға. Алдағы күрес, жеңіске Куəлік айтып санаға. Радио сайрап бір күнде Эфирді дуға толтырды. Газетті көзбен түртуге Жаюлы миллион қол тұрды. Тырнадай мойны ұзарып, Тырмадай бейне алқымы. «Т» деген үлкен бір əріп Ауада, жерде қалқыды. «Тың» жəне «тыңайған жерлер» – Ол қайда?

– Сонау шығыста! – Баратын соған қайда ерлер? – Ал кəне баста! Ту ұста! – Комсомол қайда? Жас қайда? – Мұндамыз! Бармыз! Түгелміз! – Тасқында! Қайрат, тасты айда! – Шамырқан, шабыт! Шідер бұз! Бұл-дағы ғажап бір майдан Бақытқа, баққа ашылған. Жастық шақ саған ал сайран Бойынан жалын шашылған. Оң сапар, бəріңе оң сапар! Алдыңа ұзын жол келді! Дауылдап нөсер, жауса қар Тоқтата алмас сендерді! Соғыстан аман соңғы ұрпақ, Бас қаһарман – Сендерсің! Бас эшелон бастап тарт, Кейінгі саптар жөнделсін! – Путевка қайда? – Мə, саған! – Ағайынды он едік! – Микола, тез жет! Қарсы алам! – Ал, жігіттер, жөнедік! Наташа, Маша! Сен де жүр! – Шамадан алған жоқпын ғой! – Шамадан құрсын, мін қазір, – Көппен көрген ұлы той!.. Қызық-ау, қайран жастық шақ Қаратпас солай алды-артқа!

Балқыған отқа, тасқа ұқсап Жалыны шалқып жан-жаққа. Февральдың сары аязын Сарша тамыз жасады ол. Тауысты жазып қағазын Жолдама беріп комсомол. Оркестр шулап, гармондар Созыла, созыла жыртылды. Составтар, сансыз вагондар Шығысқа қарай ұмтылды. Қоштасқан жылап шал-кемпір. Қол былғап қалған не бір сан. – Баламды, тəңірім, сау келтір, – Қарсы алып шық, мен барсам! – Адресіңді, жаным, айта гөр! – Айтсаңшы, қайда барасың? – Целина! де де тарта бер, Əйтеуір іздеп табасың! Іздеуден артық не бақыт! Іздеші, сəулем, мені ізде! Даладан ізде түн қатып, Жолама, бірақ, теңізге! «Ой, ты, земля, Целинная, Ой, ты, дорога длинная!» – Аяғын солай əндетіп, Барады алыс жол кетіп... Москва, Тула, Орелдан, Харьков пен Киев, Қырымнан, Ленинград пен Оралдан, Балтықтан, не бір Қиырдан

Топырлап келіп құйылған. Мұхитқа мынау қисапсыз Қазақтың жері бұйырған. Барады кернеп, толтырып Ақ дала үсті қара асыр. Аспанда будан бұлт тұрып, Жауады шықтар жап-жасыл... * «Араның» бір бөлегі «Қарағайлы». Ақ боран ағаш ішін аралайды. Он шақты үй, қазақ қыстау баяғыдан Мал сақтап ықтасында паналайды. Бержақта байырғы орыс поселкесі, Қазақтың терістікте осы өлкесі Орыспен тіршілігі араласқан Секілді бір түйенің қос өркеші. Күндері қымыз ішкен, айран ішкен, Бірге өтіп өмірлері адал іспен. Қазақтың қара сирақ Ғаббастары Жасынан орысшаға сайрап өскен. Сондай-ақ Мария қыз «Сəулем-айға» Салғанда, тұра алмайсың сен де жайға. Ақ білек, қара мойын айқасқанда Ұқсайтын ақ қайың мен қарағайға. Кешегі қиын күнде, соғыс жылы Қос ауыл бір-біріне болыстығы Көп болған, тағдырлары ұйымдасып Айтылмай қазақтығы, орыстығы.

Иван шал Иман шалмен қолтықтасып, Бір арба, бір өгізбен отын тасып, Бір келі бидай тапса, бөліп жеген Бір күнін екеуі ойлап, ақылдасып. Бірге өскен бала Сергей Жамалимен Кешегі жыртық хата, жаман үйден Жарысып алаңқайға шығар еді Бал көңіл, жырым балақ бала күймен. Басына ырғып шығып қарағайдың Анау көл, алыстағы анау айдын Бетінде ұшып жүрген үйректерге Қараудан көз жанарын ала алмайтын. Сол ойнау, сол шалықтау күнінде бір Сəби күн, сəтсіздікке жығылды өмір. Жығылып қайта тұрды, қайран тірлік Секілді терезеге үңілген гүл. Атанып «ақсақ Серок» қалды бала, Емшіге апарса да алдын ала. Қысқарып оң аяғы əрең бітті, Сол болып жүгірудің соңы ғана. Жамали ұлы жолға аттанғанда Егіздің сыңарынан дəт қалған ба. Қиырға барып-барып ұзатып сап, Талай жыл дос міндетін атқарғанда. Қанатын қиған қаздай қалды жылап, Күндер-ай қайта келмес қайран шуақ. Жамали бұлт астында кете барды Бағытын сатырлаған жайдан сұрап... Орасан ойранымен көз жасымен Алыста соғыс бітті. Ордасымен

Фашизм жер үстінен өшірілді... Оралды бас амандар олжасымен. Олжасы – шыққандары от басынан Құтылып ажал, шылбыр, ноқтасынан. Келе сап туған жерге аунағаны, Сүйгені анасының ақ шашынан. Көз салып қиырына «Шет тоғайдың» Өткізіп талай жүзін көп-көп айдың Сарылып досын күтіп жүрді Сергей «Мен оны күтіп алмай тоқтамаймын». «Жоқ сыбыс мен көріп ем» деген ешбір Есімін ең болмаса біреуі естір – Деп ойлап, келгендерден сұрау салды, Сонымен өтіп кетті үнсіз бес жыл... * ...«Буденный» – кəрі колхоз баяғыдан Жылдардың жиырмасыншы аяғынан. Құрылып, талай рет тарқар болып, Халықтың қайрат, бірлік талабынан. Əреңдеп ауыр жылдар қалған аман. Агроном,– «ақсақ Серок» жалғыз маман Азаннан трактормен егін салып, Күндері артта қалып қиын, жаман. Тік басып, келе жатты енді қаулап, Сауылдап, қобаң бидай қырманда аунап. Алдында облыстың абырой алып, Кез еді өзінше бір «тұрған заулап»... Партия Сергейге артты енді жүкті, Кадр, – деп, – тəжірибелі, жергілікті.

Жиырманың тоғызында топты бастап, Ақыры азаматың белге ілікті. – «Буденный» колхозының басқармасы Қазіргі жаңа буын жастар басы. Бұл қазір – Сергей Иваныч аталынсын, «Серок» деп өскенімен дос-құрдасы. Деді өзі секретары райкомпарттың. Сондағы қуанғаны-ай Иван қарттың Есінде əкесінің дей бергені: «Япыр-ау, шын ба? Бұған иланбақ кім?» Дауыстар шықты қаптап жиналыстан: – «Күн бүгін көкке қарап Иван ұшқан!» – Шын болмай, райком айтса қайтушы еді? – Қолдады-ау, кім де болса бір данышпан! Наконец! – деді Иван сонда барып, – – Өз ұлың, өз балаң ғой, қолда халық, Менікі жəй əкелік қуаныш қой Кеше біз қай төреден сорламадық? Бар асыл азаматың жолға кетіп, Не əкім шықпады ма шолтаң етіп. Баяғы Жамалилер аман келсе, Иман шал киіп алып саптама етік. Жүрмес пе ед шырт түкіріп осындайда, – Айтпақшы, сол Иманым, досым қайда? Е, əне, ей товарищ, кел бер қарай, Кел қуан меніменен, бос мұңаймай! Мен бүгін төңкерілем, аударылам, Асамын ауылымның аумағынан. Жұтамыз азын-аулақ «сампервачтан», Кемпірдің қалған-құтқан саумалынан!

– Қазақша жүйткігенде қандай айтқыш! – Қайтсін-əй, əне деген сол ғой байғұс! – Тарайды дабырласып риза халық, Кеудеге тағы жаңа толғандай күш! * Көктемде асты Тобыл жарқабақтан Ағаш, тал көптен бері арна баққан. Шаштары желбіреп тұр су үстінде, Толқындар шөп-шөп сүйіп, аунап аққан. Арада бір бөлімше қойды қалып, Шыға алмай шағын қырға мойны талып, – Əреңдеп орталыққа көшірісті Талықсып талдан есіп паром салып. Шал-кемпір, бала-шаға, адам аман Шығын бар құрал-сайман шамалаған... Басталмақ бүгін-ертең жер жыртысы, Кезі бұл қалың жұмыс қамалаған. Жүз адам келіп түскен бір ай бұрын, Күніге керек-жарақ сұрайды мың. Кілең жас, неше түрлі адам кейпі, Жатырқап, жан-жүректі тырнайды мұң. Зорға деп бəріне оның пана тапты, Бір мекен қырға тігіп палата атты. Қылтиып көктем шыға кеңіді орын, «Целинник» деген тағып жаңа атақты. Анау тұр сонда дөңге қаққан қазық, Болашақ жаңа совхоз атын жазып, Мінекей келе жатыр Қостанайдан Көп жерге себу үшін артқан азық.

– Жайсаңбек, аялдай жүр бері бойдан! – Деді де Сергей Иваныч сергіп ойдан Əйнегін кабинаның тез-тез ашты, Үш адам қол бұлғады анадайдан. Болмады бұрғанынша жүзін бұ да, Қос тапал, бірі мүлде ұзын тұра Əй-шəй жоқ, ентелескен бойыменен Қарғыды машинаның кузовына. Басқарма шықты сонда машинадан: – Жігіттер, жүрген жолың болсын аман, Қай жаққа барасыңдар? – «Буденныйға!» Ал сонда өзің кімсің жол сұраған? – Е, онда жолымыз бір, – дегенінше Жұлқылап қолын қолша, жеңін жеңше Кузовқа сүйреп əкеп отырғызды. – Осында отырасың! Білгің келсе, Біз тыңды көтереміз мынадай ғып! Əлгі ұзын екі жеңін сыбанды-ай кеп. – Қой, Миша, сөйлессейші адам құсап – Кісінің жөн-жосығын сұрамай кеп. Əй, сенің сөйтетінің... – деді бірі, Жайсаңбек шофер жігіт өйдік ірі Бастығын жоқ боп кеткен енді іздеді «Бұл не? – деп, – аманында айдың күні!» Кузовта отыр бастық мыштай болып, Əлгі үшеу төніп алған құстай қонып. Салғанда ең ірісін жон арқадан Зілдей кілт қырық үшінші түсті жонып.

Еңкейіп, ауырсынып «Ох!» деп барып Түзелді, тиген қапы оқ деп қалып Қараса қара жігіт дəл өзіндей Тұр екен екі көзі от боп жанып. – Молодец! Ты тоже здесь! – деп батырың Сылқ етіп орынына түсті ақырын. – Жайсаңбек, айда алға! – деді бастық, – Уақыт аз, əлі жол бар жүз шақырым. Бəрі де қалды орнында үнсіз солай. Еш жерге тоқтамастан түсіп жолай. Машина аңыратты. Бастық отыр Болашақ «мамандарға» қарай-қарай. * Білмейді өзі де ұғып о, не ғажап? Шаршаған күндерінде ой қамалап. Осынау қалың қорым, көп бейітке Келетін əдет тапты оңашалап. Жұпыны қазақы там төртқұлақты, Түбінде бала қайық, көк құрақты. Көктемнің желі желпіп, сөйлетіп тұр Баяндап пəни жалған, жоқ тұрақты. Көрген жан көлденеңнен таң қалғандай Деп: «мынау көріністе мəн бар қандай? Қазақтың бейітіне орыс келіп Жүретін салт жоқ еді бұрын ондай!» Ал ауыл, не поселок қатар жатқан Бұл іске біліп бəрі қалмайды таң. Елжіреп, көңілдері көрсе босап: «Сол, – десер, –

ана борыш ардақ тұтқан!»

Бүгін де келді Сергей бесін ауып, Аспанда тұрды ала бұлт көшіп ауық – Келді де орамалмен шаңды сүртті Ақ мəрмəр тұрған тастың төсін жауып. «Халима» – деген жазу тұрды таста: «1952». . . .Елу жаста» Аяқ жақта көк шөпке басын төсеп Ұзақ жатты ол сан ойлар келіп басқа. «Сан сапалақ, ертеңгі қиын істер, Сен рухыңмен қолда да, жиі күш бер. Тірлік күрес, əрекет, жан жанығу Кездерінде қол тимес күйімді ескер! Сенің сүтің, – қаныммен – қос тірлігім, Үлкен іске маңдайын тосты бүгін. Нар тəуекел! Қос қайрат шығар алып, Жұмбақ жолдың алдағы бастым бірін!» * Бұл өмір жасайды өзі мың керемет! Тасты да жібітеді гүлге бөлеп. Қиялмен яки қолмен жамап-жасқап Құбылысты əсірелеу кімге керек?! Көп шебер шындық сенің қиялыңнан Əсем сыр əр ісінен күй ағылған. Табиғат таңдайыңды көп қақтырып, Сиқырмен иланбасты иландырған. Адам да табиғаттың өз баласы, Өздігін істемеске жоқ шарасы, Өзгерген бертін келе ми қабығы Уланып ұғымы мен ой-санасы...

...Анадан қалды Сергей туа жетім, Бұл сордың Иван тартты қияметін. Адамды сындырады солай тағдыр Аттатпас тосып бөгет, қия бетін. Ұл туған Иман достың Халимасы Жайнаған жас келіншек, жалын жасы, Иванның мына халын көзбен көріп Болды оның құрығандай жарым жасы. Бекінді бір тəуекел, жат бір ойға Аналық ер шарапат тартты бойға, Иманға ол тосын ой болып жұмбақ Деп қалды: «Алда, байғұс, артың ойла! Не дейді ала туыс, ара ағайын? Ұға ма ол сорлылар ана жайын. Иванның достығына еш шүбə жоқ, Оған да батып отыр бала-уайым!» «Жоқ! – деді, – өз сүтіме өзім ие, Мейлі сол үшін-ақ соқсын кие. Баланы сақтау керек туғаннан соң, Баласыз əдіра қалмақ бұл дүние!» Алды да ауыр демей түгел жүкті Медетті алдағы ана күннен күтті. Ешкім де кінəлауға бата алған жоқ, Ешкім де жырлаған жоқ бұл ерлікті!

ДАРЬЯ МИХАЙЛОВНА * Алтын таң көк жүзіне тарап атып, Келеді ақ сəулесін жағалатып. Аспанның шарасында дірілдейді Секілді түнде ұйыған жаңа қатық. Мына таң – тарихи таң екендігін Көтерген бір дəуірдің төтен жүгін. Бұл маңда мағына беріп соған біреу Ұқты – деп айта қою бекер бүгін. «Жаңалық, жаңа қимыл, жаңа күрес, Айқаспен дала бүгін алады үлес. Бастауда, бар мəселе іс басында Аяғы адам үшін алаң емес! – Ал бірақ жұмбақ жұмыс біз көрмеген, Қаншама бейнет-мұхит жүзгенменен, Өң түгіл, қиял менен түске енбеген! Мұншама жерді жырту, мұндай көлем Не болмақ, немен тынбақ бұл ғаламат! Дəл қазір трактормен тұнған алап. Шабуыл, ұлы майдан бұйрық күтіп Тұр əне маңдайлары күнге қарап.

Отанның ұлан байтақ қолтығынан Далаға ағылып жұрт толтырылған. Бір-бірін тез танитын ыңғайы жоқ Асаудай құбыжық көріп осқырынған. Бəрін де туыстырмақ Еңбек – Ана, Жарасар мұндай ұлы елге ғана! Ғажайып кереметті кеттік бастап Сүйеніп партиядай ерге дана. Алғашта болып жатыр, болар қиын, Қыс өтті алай-түлей боран-құйын. Даланы жаңғыртудың үстінде біз Жақсылап жаңартамыз адам миын!» Дөңбекшіп төсегінде түні бойы, Осылай құйқылжумен тынып ойы, – Ауданның секретары шықты сыртқа Жаңа таң – тұрды жайнап өмір тойы! – О, бүгін таң да қандай əсем атқан! – Деді ол – дыбыс тыңдап көше жақтан. Машина, бет шайғанша келе қалды Кешікпей мерзімінен кешегі айтқан. – Ал, Миша, мынау атқан ақ таңды көр, – Сол таңға əйеліңді мақтап жібер. Мақта да, мен аттанған ұлы жолға Орысша, қазақшалап батаңды бер! – – Ал, Даша, Дарья Михайловна, жолың болсын! Халықтың қолдауымен сенім қонсын! «Ни пуха, ни пера!» – деп қолын жайды – – Рақмет, жаным Мишам, менің досым!

Тарт алға, тартынбастан заула бүгін Басшысы «Бас қарағай» ауданының!.. Қайыңдар судыр қағып қалып жатыр, Ұшырып күміс шықтар таңда буын. Отыздың қырқасына жаңа шыққан, Жарысып жақсылыққа жаны асыққан. Өзі де алма бетті, бидай шашты Көргеннің көзін жаулап аласұртқан. Отыр ол хатшылықта үш жыл аман, Кезі жоқ кесір іске ұшыраған! Ер шешім, бет қаратпас тəуекелшіл Бойынан өткір қайрат ұшқындаған. Жайланып енді орнығып отырды да, – «Буденный» – деді шапшаң шоферіне, Күн ойнап осы кезде сəулесімен Секіріп шықты орманның шоқтығына. * Аталған бұрын «той төбе» – Басында жалғыз қазық тұр. Төменге содан еңкейе Жататын жалпақ жазық бір. Əріге сосын қиырға Шалқайып алыс көкжиек. Етегі, жеңі жиылмай Далиған дала төңірек. Жиырмаға тарта трактор, – Орасан көптік бұл шақта. Еңіске қарай құлап тұр Беттерін беріп күн жаққа.

Толқиды Сергей Иваныч Сенімі сəл-сəл шайқалған. Далаға деген қызғаныш Кескінінен байқалған. «Тың» деген не өзі? Бұл сұрақ Көңілден маза қашырып, Естіген бойда былтыр-ақ Күдігін қойған жасырып. «Тың» емес, туған өлкесі «Тыңайған жерге» жатпай ма? Қышитын содан желкесі Айтуға соны батпай ма! Жүз адам – қолы бос адам Қыстай бір басын қатырды-ау. Техника ескі қаусаған Күн сайын шығып жатыр дау. Өңкей бір қызыл өңештер – Құдайдың жоғын сұрап құр. Армандай көзге елестер Ақаусыз қайран трактор. Қыс бойы шақ-шұқ ремонт Жамау да жасқау, ескі-құсқы, Аяйтын аудан сірə, жоқ Оған да сайман кеш түсті. Ақырғы соңғы бюрода Шешілді бəрі сартта-сұрт, Жататын қайда күй онда, Айтысып яки даттасып. «Буденный» колхоз ескі аты Совхозға жаңа берілді.

– Ерте тұрып кеш жатып Төгіп ең талай теріңді. Ел сенікі – баста өзің, Барыңды сарқып құй бүгін. Ал əнекей совхозың, Ал мінекей билігің! – Рақмет, достар, сенімге, Болады маған əсте ауыр. Шаруасы шағын жеңуге Емес қой қазір ескі ауыл. Білімді маман көп келді, Сайлайық бірін келісіп – Деп еді, сөзі мерт болды, – – Коммунист жолдас Серищев! Дарья Михайловна – Бірінші хатшы тік тұрып, Мынаның қиқаюына Болмайтынын ұқтырып. Қадалып қарап қап еді, Өзгелер бұған болды аң-таң. «Бергесін билік ал енді, Қиқаңыңды қой, қалқам. Біздерге тисе көрер ек!» – Дегендей бəрі – ұқты бұл. Көзінде күдік дөңгелеп Салбырап содан шықты бұл. – Он трактор дайын тұр, Бесеуін бүгін бергізем. Бір совхозға байлық бұл, Жетпейді сенің енді нең?

Деді Дарья тарарда – Толқыма жасып бекерге. Ертерек барып соны ал да Түнімен жүріп кет елге!.. Түн ауа əрең жол шыққан Жүз парақ қағаз – он орын. Əнеугі үшеу жолыққан Сапары еді бұл оның. * Жиналды дөңге жұрт қалың, Мейрамшыл қазір жан аз ба! Алғашқы тыңды жыртқанын Түскенін алғаш боразда. Көруге келген халайық – Бала да шаға бəрі жүр. Бұл сəтті жырлар ылайық Туған жоқ онда əлі жыр. Тараған қазір таңғы арай, Сəскеге келе жатыр күн. Жарқырап жан-жақ, бар маңай, Қаптаған сонау шатырдың Қанатын желпіп самал тұр, Шыдамы жұрттың таусылып. Жалаулы жалғыз трактор Адырға шықты шаншылып. Көсілтіп келген бойында Көлденең тұрды топқа бұл. Хатшының шапшаң ойында Бір шешім туды тап қазір:

– Серищев! – деді, – алға шық! Механизатор талайғы, Тілегі, күші жалғасып Бұл халық саған қарайды. Ақ пенен қара танитын Басыңнан өтті талай сын. Туған жер жаңа тарихын Бастайтын өзің боласың! Мін мына тракторға сен, Тарт алғашқы борозда. Шықшы бір заулап қырға сен, Бақытты күткен жан аз ба. Майданнан қайтпай қалғандар, – Замандастарың атынан, Жалғанбай қалған армандар, – Қайран достардың атынан. Басталсын жаңа шабуыл Соғысқа емес, еңбекке, – Ұрпақтың болашағы бұл Атағын жаяр жер-көкке. Отыз бес жаста от ұстар Қайратты басшы сен барсың, Қауымың мынау – көп күш бар, Ал енді тыңды аударсын! Деді Дарья, тебіренді ел, Көзіне жас кеп шешенің. – Қайтсін-əй! – дейді білгендер, – Қызы ғой бұл да осы елдің! – Серокпен құрдас болар-ау, Жамали қалқам қатары,

Демеді тағдыр обал-ау, Таусылды тығыз сапары, – Деп еңкілдеп жіберді Өзінен-өзі Иман қарт. – Қой, жасытпа жігерді! – Жұбатып жатыр Иван қарт. Қобалжып, толқып Сергей сəт, – Мен емес, басқа, – демек боп, Хатшының көзін көре сап Жөнелді үнсіз дедектеп. – Əй! – деді Иван айғай сап, – – Ала кет мына бөбекті! Егіздей болған қайран шақ Есіңе түссе керек-ті! – Бара ғой, Жанна, Жəмиша! – Дарья, Даша, үн қатты. Болды ғой мынау тамаша, Желбіреп шашы зыр қақты. Он екі жасар Жəмила, Көтерді Сергей биікке, Отырды алып жанына, Бетінен жайлап сүйіп те. Сілтеді қолын секретарь, Жалауша жедел жалт етті. Халықты жарып қаз-қатар Қозғалды трактор, сарт етті. Түреннің тілі қыртысқа, Жүз метр артта жол қалды. Қос қарыс қалың қыртысқа Қол салып хатшы толғанды:

– Бусанған бұйра топырақ Ырысың болсын, халайық. Береке, бірлік шақырмақ Ұлы ісің болсын, халайық! Ал мына ғажап сəтке біз Алақан соғып алайық! – Дегенде кетті сапырып, Ауаны дауыс жаңғырып. Кеудеден құстар шарқ ұрып, Қанатын нұрға малдырып. Жиырмадан астам трактор Алақан соғу астында Жосылды дейсің зулап бір Ұқсап та темір тасқынға. Жұп-жуан қара бұрымдай Артына тіп-тік жал тастап, Қасқайып, кері бұрылмай Жалаулы трактор ойқастап. Көкжиекті итеріп, Шапшаңдап шалып шалғайды. Əкелі-бала, қос серік Сергей мен Жəмеш самғайды... Айналып сəтте аңызға, Алдағы жолға жұртты алып, Алғашқы мынау боразда Тарихқа кірді тік барып... * Адамның мықтылығы – күш қана ма? Күш қайтар, мəңгі бойда ұстала ма,

«Сүйегі мықты екен», – деп айтар кейде Оның да шын дəлелі қысқа ғана. Мықтылық рухта ғой, ақыл, жүрек Бола алса бір-біріне қазық, тірек. Жақсылық, жамандықты жөн-жөнімен Қашанда ұғып қарсы алмақ керек. Дариядай тасамыз да жақсылыққа, Жағдай жоқ жамандыққа қарсылыққа. Тез сынып, жүдеп-жадап, кеміп-жасып, Қарусыз қалтыраймыз қар суықта! Мойындап ақыл соны біле тұрып, Əкетер жасықтыққа жүрек бұрып, Немесе батыр жүрек ақылдаспай Алады бірдемені былықтырып... Көрсетсе ақыл-сезім қатар қайрат, Кетілген көңіліңді жатар қайрап. Өсірер үмітіңді гүлдей баптап Болашақ жақсылыққа уəде байлап. Қазақтың сондай қарты Иман атты Қалыпты, қатарына инабатты. Айрылып жалғыз ұлдан, бəйбішеден Қос жоқтық қабырға мен миға батты. Сонда да сом денесі иілместен Қым-қиғаш қияметтің мыңын кешкен. Баяғы жастық шақтың қалған оты Таранның отрядында дүрілдескен. Қат-қабат шер мен шемен жанды жеген Майданнан қиын екен қан дізеден. Сонда да көк орманның ортасында Қайыспай келе жатыр жалғыз емен.

Қолында жетектеген немересі, – Ақ орда, алты қанат керегесі, Секілді көзіне оның көрінеді – Адамға қанағаттың керегі осы.. Қиялдан сəби қыздың болашағын Өмірдің өткізіп тұр қалған шағын. Барлыққа не жетеді? Бар болған соң Несі бар қиял шіркін самғаса мың. Сергейді сезінеді бір тұтқадай, Қолынан несібесін жұлқып талай Болғанда тартып алмақ тағдыр қырсың, Болысты ол қиынсынып қипақтамай. Бір ортақ қатар емген ана сүтін Аз ба еді беріп кеткен бала сыртын. Жоқ мынау сүт ақтады, қайран орыс Алаңсыз адалдығың бар-ау шіркін! Айтады ол: «талай өліп, өлмедім! – деп, Қиындық азғырғанда көрге кір! – деп, Көп түгіл, аз жоқшылықты ұмытпауға Орыстан озған халық көрмедім – деп. Дұға ғып қояды ол бəйбішеге Артынан ас жегенде, шəй ішкенде. Иманның тірлікте де қасында еді Өлгенде иман сенде, пейіш сенде!» – Дейтін ол, бүгін тіпті қуанышты, Аспанға жетім көңіл бір-ақ ұшты. Құлыншақ желбір қағып тұлымшағы Бастады бауырымен мынау істі. Кім білсін кəрі қиял шолды алысты? Көзіне əлде биік жолдар түсті? –

Əйтеуір көне жүрек жарылуға Шақ қалды, тебіреніп сонда күшті. * Зорға деп аяқталды көктемгі егіс. Барлық жер пар астында кетті тегіс. Шамасы бұрынғыдан он есе ме Қап-қара бар төңірек, ой мен еңіс. Өтті ғой нелер қиын дүркін-дүркін, Еске алу бəрін оның болмас мүмкін. Дариға, біткен істің рақатындай Дүниеде тəтті нəрсе бар ма шіркін! Осылай оймен шолып дала кейпін, Қиырдан көзі шалып ана бейітін. Болды енді Сергей оған соға кетпек: «Жөнің бар енді соғар, бала, – дейтін!» Не дыбыс? Бейіт басы зырқырап тұр, Ар жақта шаңдатады бұрқырап қыр. Монтиған молалардың арасында О, сұмдық! Айналып жүр бір трактор! Əп-сəтте төбе құйқа шымыр етіп, Өң құп-қу, тракторға келді жетіп. Қараса, жолдағы анау «ұзын тұра». Есімі «Миллион» – деген елге жетік! Айта алмай, қатты ашудан сөз тығылып. – Əй, жігіт! – деді Сергей тез ширығып – Сен не істеп жатсың-ай! – деп айқай салды, Көзінің алдына əкеп қос жұдырық! – Сен өзің қайдан жүрген элементсің! – Ал өзің қайдан шыққан кереметсің?

– Мен осы топырақтың баласымын, Түрмеде күн өткізген сен емеспін. – Қайт қазір, ел білмесін бұл сұмдықты, – Сен өзің əжептəуір тұрсын мықты. Кел, кəне! жақсы болар еді бұдан Құтылсаң беріп қана бір тұмсықты! – Деді де атылды кеп жолбарыстай Шап етіп алды бұ да қолдан ұстай, Итерген екпініне ие болмай Екеуі домалады қырдан құстай. Етектен шыға келген Иман-ұста, Түсінбей алғашқыда мына алысқа, Жел жағын «Миллионның» ала беріп Қондырды жұдырықты қара құсқа! – Көрем мен, көзіңді тез жоям бүгін, Наконец! Шықты жаңа аяндығың! – Деп Сергей Иманды алып, тез аттанды... Қонуға ұясына таянды күн... * Ай өтті, жауды кеше тұңғыш жаңбыр, Жадырап жазылды арқа тырысқан бір. Жаутаңдап көкті бағып күндер кетті Жібіді қарай жаздап қырыс тағдыр. Тəуір-ақ төгіп еді шелектетіп, Топырақ кепкен бойдан қорек кетіп, Əп-сəтте жұтып алды, «О, шіркін-ай, Енді бір жұқа жауын керек!» – десіп. Құрылыстың басындағы ел қауқылдасқан, Алаңсыз бірақ бұлттан аршылды аспан.

Себуді біте салып совхоз қазір Аз күндей дем алысып, қарқын басқан. Содан соң кетті бастап құрылыс басын, Орталық усадьба ірге тасын Он күндей қалағалы, қатар түзеп Халықтың алғаннан соң бір батасын. Жан салып жатыр жастар, білек түріп, Қарттары ақыл қосып, тілек қылып, Қалқиды алғашқы үйдің қабырғасы Арманның алабына гүл ектіріп. Қапысыз Иман, Иван ұста баптан, Шеберлер ескі, жаңа, қос қанаттан, Қол қосып, іске шабыт ілестірді... Баяғы жалғыз қазық қыста қаққан. Сол үйдің қыр жағында сəл жалтырап, Ойнайды қаңылтырда күн жарқырап. «Буденный» деген сөзі оқылып тұр, Жаңа орын, жаңа мекен, жаңа тұрақ. Адамның сезіміне нұр құяды, Кетеді қиял кезіп бір қияны, Ол жерде бақыт келмек, ұрпақ өспек Асыл жар, алтын ұя семьялы. Осы арман құлшындырған мына жұртты, Бір күнде екі күнді бір-ақ ұтты. Халықтың бірлігіндей тілек қосқан Жалғанда күш бола ма, сірə, мықты! * Үш жігіт көпшіліктің тұрды алдында... Жак, Миллион, Джон – аты бір тануға

Жететін, осы совхоз бұзықтары Қампиған қапшықтары сырттарында. – Жолдастар, – деді Сергей, – көп кеңшілік Жасадық, кетпес дедік көптен шығып, Кісінің жақсылығы деген жаққа Бұлардың жүректері жеткен суып. Абырой, ортақ мұрат, намыс, бірлік Көбіңді туыстырып, таныс қылып, Алдыңдар еш алаңсыз бауырласып, Көрген жоқ көлденеңнен дауыс туып. Ал бірақ мынау үшеу істемеген Қылық жоқ, дейтін біреу «түс кемеден!» Біздің жер дария емес, теңіз емес, «Қой!» деуге асықпадық, ешбір елең Етпестен, келдік шыдап кешіп талай, Демеді бұлар төр мен есік қалай. Он адам осылардың қырсығынан Ортадан қашып кетті, бір қыстамай. Қоздырды ұлтараздық «өздерінше» Тал түсте мола бұзды көздеріңше. Тиісті талай мені жағадан ап, Шыдамай жағдай бір күн өзгерілсе. Көрсетер ұшпағы жоқ ертең, бүгін Мұншама көтеретін еркелігін. Қояйық милициямен айдатпай-ақ, Осылар өз еркімен кетсе бүгін! Арам шөп арамызда болмақ емес, Көпшілік өздеріңе салдым кеңес. Табанын үнсіз-түнсіз жалтыратсын Жолдары мынау қыр мен анау белес!

Жаңғырды: «дұрыс, дұрыс» – деген айқай! – Ол рас, аманыңда айда, қайқай! – Директор, біз саған да наразы едік Бұлармен созғыласқан арам-бақай! Кез болған əлдеқашан аластайтын Бандиттер аты мəлім, бəлесі айқын. Соттату керек еді əдемілел, Еш адам жазығына таласпайтын!.. Даланың кекіл шашын желі тарап, Жəмила сұсты көзбен тұрды қарап, Есінде сонау бір күн өлімші еткен Атасын айдалада бұлар сабап. Ызалы ағасына, директорға, Немене мүлəйімсу керек мұнда. Аттырып жіберсе де риза бұл. Азғындар татымайтын елеп құнға. – Совхоздың түрме деген атына ұят, Соттату емес бізге жалпы мұрат! – Ал енді «марш отсюда!» – деді Сергей Ашудан қып-қызыл боп, алқынып ап. Ал үшеуі үндеместен жалт бұрылып, Сескеніп ел сесінен тартты бұғып. Осылай үш-төрт қаңбақ домалайтын Дауылда сай мен шатқал, шатты қуып. Сағыммен батар беті, жүзіп алды Кешегі тентек шоқпар, қызу қанды «Батырлар» батар күнмен қырдан асып Баттиып батпақ қырда ізі қалды.

АЛҒАШҚЫ МИЛЛИАРД * Екі жылға аяқ басты Тың, – Қаншама терлер төгілді. Алғашқы жылғы астықтың Өзінен тұқым себілді. Алғашқы тыңның егіні, – Орның да сенің бөлек-ау! Күдік пен елдің сенімі Айтысып жатты күнде дау. Дүние қарап тұрды бір Дүрлігіп сабыр тұтпастан, «Тынады немен бұл дүбір? Қыруар жерді жыртпастан. Даланы зерттеп алмас па? Жайқалған жайлау сан алқап. Шаңытып ертең қалмас па, Сортаңға тартып сонырқап?» Дегендей не бір ғалымдар – Жан-жақтан шықты сан дауыс. Түсінбей ойы болды дал, Миға да сыймай мынау іс. «Егін мен шөбін бір жерден Алайын жинап деген ғой!» – Мысқылдап жаулар күлгенде, Көңілге жайсыз келген ой. Халықтың бір-ақ сенімі Партия – десе – алаңсыз.

Алмаған тегін жеңуді Асқар тау, биік қамалсыз. Сол сенімдей жас көктеп Келе жатты тың егін. Адымын байтақ басты ептеп Соқтырып дала жүрегін. Аспанның асты көк жасыл Жаңбырдан алып есесін, Көрмеген егін бұл ғасыр Көтерді солай еңсесін... Еске алып соны Дарья Келеді қазір жолда бұл. «Өтті ғой бастан бəрі иə, Секілді бір жыл – бір дəуір». Шынында уақыт өлшемі Істелген іспен білінбек. Бəрі де соның кеше еді – Дегенге қалай жүгінбек? Сан заман өткен секілді Сапырған дауыл,

құйынмен. Қиындық болды не түрлі Күйзелген кейде күйіңмен. ...Делегация – топ адам, Украинаға жол шекті ол. Келеді қандай нормадан Əр комбайнға бөлсек сол – Жеті жүз алпыс гектар – деп, Көрсеткен санды ала сап,–

Келді де елге соқты-ай кеп Жағдайды байқап қарасаң. Қарасын көрер ол сан жоқ, Қатты бір құйған жаңбырдан Егіннің бойы сал-сал боп, Жатты да қалды барлық дəн. Бір адым аттап комбайн, Екі адым кейін шегінген. Ала алмай жинап шалғайын, Береке қашты егіннен. Сондағы сорға не дауа, Дауасын таппай көр де тұр, Хабармен бір күн түс ауа Обкомнан дереу келді өкіл. – Егінге əбден жаттыққан Украинаның өлшемін Байқамай алып аптыққан Қай қылығың ол сенің? Жығылған мынау егінді Қайтсең де жинап аласың. Басамыз əлі желіңді Білмеген үшін шамасын. Комбайн жүрер, Жүрмесін Жататын сұрап біз емес! – Деді кетті. Бұл кесім Əрине, істі түземес. Ауыртып басты көп ойлап, Сондағыдай саспаспын.

Бір күні дереу жұрт жинап Қолдағы бар аспаптың, – Бəрін де түгел алдырып, – Қол орақ, шалғы, тырма, айыр. Жібердім қолды жаудырып, Тұрыстан қарап не қайыр? Қайтсін-əй қайран жұрт деген, Жанығып кетсе тоқтай ма! Алдың-ау жинап түп-түгел Қалғанда жалғыз апта айға! «Уһ» – деп халық алды дем, Көзімнен жасым тыйылмай, Құшақтап бəрін алдым мен, – Аузыма сөзім бұйырмай! – Алғашқы егін, əне, сол, Мен үшін сенің қадірің – Ұмытылмас! – деді ол, – Əр сағат, ай мен əр күнің! * Тағы да еске алады ел ұясын, Мұнда өткен жалаңаяқ сəби жасын. Ол өзі бағзы күннен көріп өскен Екі үйді, ғажап достың семьясын. Ол – сонау егіз есім – Иван, Иман. Дүниенің жақсылығын бірге жиған. Дүниенің тақсіретін бірге тартып, Танбаған тағдырлары берген сыйдан. Баяғы қалған Жамила Жамалдан, Ақ білек босай алмай қара қидан,

Колхоздың малын бағып ауыр жылда, Ақыры сол бейнетте жанын қиған. Қыршын жан жиырма беске толмай жатып, Асау ат кетті бір күн оны аунатып, Төрт-бес ай мертіккеннен оңала алмай, Жүзінде арман нұрын алаулатып. Көз жұмды сорлы бейбақ сөйлеп жатып, Жоғалды көкжиектен күндей батып, Аузында соңғы сөзі «Жəмиласы», Отырған басында оның тастай қатып. Бес жасар бəйшешектей бала еді бұл, Сайраған жаңа ғана өмір-бұлбұл Тірліктің гүл бағынан ұшқан кезде Алдында тарта берген дүние бұлдыр. Одан соң кемпірі өлді Иман қарттың, Қосақтап келері бар кейде апаттың. «Кешегі бүтін əулет, берік шақпақ Келместей сынып, қаусап қайда тарттың!» Деп шошып, шегін тартқан сондағы ауыл. Соққанда сойылдай боп сойқан дауыл. Тұрмысқа жаңа шыққан жас келіншек Дарья күнді көрген сондай ауыр. Қазақтар кеткен атап: «Дариға» – деп, Бала боп,

үлкен сыйлау байырғы əдет, Кісінің алдын кесіп өтпейтұғын Мұнда да болушы еді сыпайы əдеп. ...Келеді ол əлі еске алып тыныш жолда... Ауданда істеуші еді жұмыс сонда.

Ұзамай райкомға жіберілді Біраз жыл істеген соң комсомолда. «Үшінші хатшы» дейді ол уақытта, Тұтас жұрт, азамат жоқ елге тұтқа, Хатшы бол яки атшы – бəрі бір сен Ондай кез бата алмайсың рақатқа. Күні-түн беймазалық, күрес-тірлік, Сұрапыл елдің жанын сірестіріп. Жылытып, сол ызғарға от іздейсің Қасыңа қайратыңды ілестіріп. Кеп қалды Жамалиден қара қағаз, Өрт еді жанып тұрған қайран сабаз, – Ол үйге алғаш кірген апат басы, Жан батып, естіртуге елдің халы аз. Есінде естіртуге өзі барып, Обалдан, аяныштан жүзі жанып. Құшақтап құрбы қызы – Жамал досын Көрісіп жылай берген құр бас салып. «Уһ» деп, қазірде де кетті шаршап, Қарады шофер жігіт шошып, көз сап, «Ничего! – деді Дарья, – жай əншейін, Есіме түсіп кетті өткен бір шақ!» ...Жалғыз гүл Жамалидің Жəмиласы, Он үшке келіп қапты-ау оның жасы. Сол əне, өмір – деген – өспек ұрпақ, – Қазақтың қара көзі, қолаң шашы. «Жетінші оқиды», – деп Сергей айтқан, Баяғы өз досына берген анттан, Ананың ақ сүтінен айнымастан Екеуі сəби күннен бірге татқан.

Келеді ол сол жандарға жəрдемдесіп, «Онысы жігіттігі əбден», – десіп, Разы ел Сергейге, адамдық қой – Кем болмақ адамдықтың ерден несі? ...Осылай туған елге келе жатып Еске алып, өткен жолды ойға батып, Басшысы «Бас қарағай» ауданының Қарайды егін жайға көңілі балқып. Жыл мынау мың тоғыз жүз елу алты. Созылып көктемдегі егін арты. Біткелі бір ай болған, июль басы, Көк егін көтеріліп, еңсе тартып. Бар жерде біркелкі боп келе жатыр, Жаңадан он комбайн, он трактор, Ауданда екі-ақ МТС – енді қайтпек «Осы күш, – дей алмайды, – жетіп-ақ тұр» Бар демеу халықтың зор ынтасында, Бой бермес соққан дауыл бұрқасынға. Тасқындап келіп қалған ылай, батпақ, Тазартып шөңге, тікен, құм-тасында. Алдың ғой, енді таза Тыңның елі, Есейіп келе жатыр күнде ілгері. Теңізді қолдан жасау оңай емес, Одан да елді жасау қиын еді! Теңіздің қашан түбі жасалғанша, Қоқыстар, көң-күлдері босағанша, Талай бір жылдар өтпек – Табиғат боп, Балығы, балдыр-тамыры бой салғанша. Ал одан ел өмірі күрделірек, Қосқанша қаншама ұлт бірге білек, –

Жастарға ұя салып, үй болғанша, Ол үйде ойнағанша ылғи бөбек. О, досым, оған талай жылдар керек! Осылай тағы да оймен аралайды Талай жыл болашақты, талай айды... Бұлдырап көрінді, əне, туған сайлар, Бұлдырап көрінді, əне, «Қарағайлы». * Баяғы шофер Жайсаңбек «Берілген қайрат тегін бе. Қанатты мен де жайсам – деп, Қаптаған мынау егінге!» Өтініш айтып Сергейге, Көңілдің жықпай ол туын, Бітірген орақ келгенде Комбайнның оқуын. «Былтырғы егін егін бе, Биылғыны айтсай! – дейді ол. Төгілген маңдай терімнен Самайым сай-сай! – дейді ол. Шынында, кетті басталып Астықтың жойқын майданы, Қимылға басты жас-кəрі Тыныштық қалып жайдағы. Дамылсыз Сергей, Дарья Кетпейді егін басынан. Иван мен Иман қария Шай менен сорпа тасыған.

Көшпелі сонау асхана Түтіні будақ басылмай Жəмила қатар жас бала Жүгіріс табан таусылмай. Қиырдан қиыр созылған, Қисапсыз егін даласы, Топырақ, шаңнан көз ұрған Қояды шығып борасын. Болады бүгін үш апта, Бəсеңдеп қарқын алғашқы, Шаршады ерлер бұл шақта, Сақалды, шашты шаң басты. Шаршамай қайтсін, үш сағат Бола ма ұйқы сөткеде. Ондайда сабыр күш-қуат Ұрыспа, жұртты сөкпе де. Комбайн жүрсе трактор Тоқтайды, дереу жөндесе, Комбайн тағы қарап тұр, Ал міне қырсық ендеше. Сонымен кетіп қымбат күн, Жіберер құртып жігерді, Азынау желі бұл жақтың Қатырар тағы сілеңді. Брезент шекпен, керзі етік Хатшының үске кигені, Қай жерде қандай кем-кетік Күн бе еді мезгіл, түн бе еді? Бəрібір оған, жүргені Ұйқысыз кірпік шаң қауып,

Көргені жалғыз бұл ма еді Басынан өтті сан қауып. Осылай болмақ командир, Көрсетсе үлгі көз көрер. «Дарьяның өзі ояу жүр!» – Дейді де бекіп өзгелер. Қара көк түннің ішінде Басады қайта қайратқа. Болмай да бірі күрсініп Есінеп қарап ай жаққа. Жығыла жаздап, теңселіп Тік тұрып кеткен ер аз ба, Алапты қоймай еңсеріп, Рапорт берген сабазға. Сүйсініп қарап, баурым-дап Бетінен сүйген күндер ол. «Өмірдің не бір ауырында Халықпен өлсең бірге бол!» Деген бір нақыл жадында Тексерсе бүгін ып-ырас. Жарықтық елдің жанына Сүйенген адам жығылмас! ...Басталып кетті күз ерте, Күз емес, болар қыс мынау. Тосасың, уақыт, жүз өткел, Нелер бір сынға түстік-ау! – Қалай көп еге бергенбіз Қарамай тіпті алды-артқа! Сары алтын дала, дəн-теңіз Астында қардың қалмақ па? –

Дегенше болмай ұшқындап Октябрь бастап, жауды қар. Шамадан асып ышқынбақ Басталды бір жол алды жар. Ал сонда халық жанықты Адамның көзі көрмеген Қайратты бойдан сарықты, Сарыққан сайын өрлеген. Керемет алып қарқынмен Қарғыды дейсің көкке асып. Бүкіл аудан қалпымен Дауылды майдан кетті ашып. Үлгіртпей қарға дəн суып, Суырып алып, кептіріп. Қырбықтан қырман аршылып, Жағалай қимыл шеп құрып. Шірімей яки буланбай Қамбаға толып жатты дəн. Өліп бір қайта туғандай Қиын да болмас шақ бұдан! Ерлік қой мынау он жылдық, Алда да тұрар тосып іс. Жауды да жеңген сол бірлік, Жауды да жеңген осы күш! * Мың тоғыз жүз елу жетінің январы. Жарқырап Алатаудың мəңгі қары. Төменде төңірек біткен ал қызыл ту, Алматы ғажап үнмен жаңғырады.

Төнеді алтын арай шуағы үстен. Тыныстап алып қала қуанышпен, Алғашқы миллиардтың туған сəті, Болған күн Қазақстан мұрады үстем! Көзінде əр адамның шұғыла ойнап, Қарайды транспарант, туды бойлап. Шұбырған бірден кейін қаншама ноль Қосақтап бір-біріне қойған байлап. Солардың нақ үстінде Қазақстан Гербі тұр, құйғандай боп таза мыстан. Сөйлейді көк белбеулі қызыл жалау Дəн жайлы тынбай оқып қызық дастан. Тыңдайды ұйып, балқып халық біткен. Талайдан хабарындай талып күткен. Тіріде кездесем – деп кім ойлаған Мұнша мол нан-несібе жарықтықпен! Тарихи өткен талай жолдағы аштық, Аңырап арқалаған дорба-қапшық, Еңіресе етегіне жасы толып, Жоқшылық жотасына таңба басып. Желге айтқан бүкіл дала зарлы мұңын Қойнында, қонышында қарлы құйын, Болғасын тағдыр сараң, жан мүсəпір Бір ғана құлқын жайлап алды миын. Соларды еске салып, ойлағанда, Мəніне мынау жеңіс бойлағанда Ақылдың асқар тауы аласарып, Қиял да қалып қойып жай маңайда. Қағудан қайта-қайта таңдай талып, Құшақтап, амандасып айқай салып.

Абайдың театрына кірдік біздер «Миллиард», «миллиард»! – деп мың қайтарып. Президиум биіктегі кеме бейне, Тербелген, халық толқын əлдилей ме, Бар адам жанарында қуаныш жасы – Бұлдырап көрінеді көзге кейде. Қарайды дамыл таппай таласып жұрт, Болғандай мынау бақыт дара сыйлық. Ортада отыр ақ шаш – командарм, Климент Ефремович Ворошилов. Ортада отыр маршал атағы аңыз, Қасында біздің Димаш – жақсы ағамыз. Одан соң республика басшылары, Одан соң өңкей ерлер қаптаған жүз. Тотыққан, жел осқылап кескіндерін Ай апта, күндізі мен кеш, түндерін Өткізген астық үшін арпалыста, Алмаған алты ай жазда ешбір демін. Жеңістің алауында бал-бұл жанып, Тек қана жарқырайды көзден анық. Сөйлейді Димаш аға трибунада Жүректің түбіндегі сөзден алып. Кеудеде қуанышы дария-селдей Екінші қатарда отыр Дарья, Сергей, Ол сөзді Дарья құлай тыңдап қалған Құлақтан бір дыбысын қалт жібермей. Қалдырып даладағы қосын анда Рас па отырғаны осы залда? – Отырды аң-таң Сергей селт ете қап, Бүйірден қол шапалақ қосылғанда.

Секілді найзағайлар соқтығысқан. Жалғасқан құттықтаулар отты, қысқа, Артында дүрілдеген қол ұрулар, Ұрандар көкіректен атқып ұшқан. Бір кезде Дарьяға келді кезек Алқынған демі менен бойын тежеп, Əдемі-ақ бастап еді, прожектор Ошақтай тұрып алсын отын кезеп. Онсыз да тер құйылып көзін жапқан, «Қой болмас, түсу керек кезінде аттан!» Деп ойлап, баяғыдай бір құлшынып Тезбе-тез айтып шықты сөзін тапқан. «Ораған игілікке, гүлді баққа Əр адам еңбек атын білді жатқа. Партия – шын кемеңгер, анық ұстаз Халықтың қайратына сенім артқан. Көреміз бүкіл тарих бір дəуірді Осынау қолда тұрған миллиардтан. Айналып ырыс-бақыт шықпас енді Қасиетті Қазақстан деген аттан! Халықтар достығының ақ ордасы – Есімің өзге туыс елге мақтан, Туған жер; қуанышың құтты болсын Тауынан миллиардтың сел боп аққан! – Деді ол, залда көрсең жарылысты, Сөзіндей қабыл алды сағыныштың. Мұншама айтам деген ол жоқ еді, Бір шабыт қанатында алып ұшты. Орнынан шапшаң тұрып Ворошилов Шақырып алау беттен алды сүйіп.

Димашқа қарап қойды күліп сосын, – – Мына қыз сүймеді ғой шалды қиып? – Əрине, сүю керек! – деді ол күліп, Жасқанып, ұялшақтап сəл кідіріп, Сүйді ол елдің ерін, қол шапалақ Қуанып, мəз боп қалды зал дүрлігіп... Содан соң қабылдау мен наградтау, Кеудесін алғашқы ерлер жарқыратты-ау! Астана көшесіне толды жұлдыз, Қарады аспан күліп, жадырап тау. Төбеге көтеріп жұрт миллиардты Он есе республика беделі артты. Ішінде Құсжолындай жұлдызды топ Қаз-қатар Дарья, Сергей келе жатты...

ЖƏМИЛА ЖАМАЛИ ҚЫЗЫ Артына тастайды да адам ұрпақ Дүние қызығына аз таңырқап. Кетеді өткінші өмір өкінішін Арқалап, көңіл сорлы көп жабырқап. Көз жұмды солай Иман, Иван-дағы Тірлікте тапқан абырой, жиған бағы Бүктеліп, бір-ақ ауыз сөзге сыйып, Көтеріп оны ешкім де қиналмады. Бұл кезде жас Жəмила шешек атып, Гүлдей боп бой сылады неше балқып, Махаббат алаңында сөз сөйлетіп Тоқтамас тез келейін десе бақыт. Жалтылдап құмар көздің жауын алып, Алмадай екі беті бал-бұл жанып, Тұңғиық екі көзі екі көлдей Түбінде ойнағандай алтын балық. Еңселі екі иығы керген садақ Секілді, қаз омырау – кеуде шарап Құйғандай қос тостаған дірілдейді, Тамсанып ала алмастай емге сұрап. Еріні қызыл шие бөрткендей-ақ, Сүймесең еріп кетер еппен аяп,

Маңдайы кере қарыс жарқыраған Жап-жаңа ай қонақтап кеткендей-ақ. Жас қайың, балқарағай саясында Бой жазған əтір-жұпар ауасында, Қазақта осындай бір ақ арулар Болады тек Арқаның даласында. Хош иіс Қостанайдың ормандары Секілді махаббаттың қорғандары Оларды еш адамға жолатпайды, Алғанша арыстан мен арландары. Кезі еді қылшылдаған Жайсаңбектің, Көркіндей көкала бұлт жайсаң көктің, Басында бұл дастанның кеттік айтып Қайтпайтын өзі еді деп қайсар өрттің. Сол келіп тиді бұған жай отындай, Не өзін, не бұл қызды жоятындай, Қанды көз қасын қақпай тұрып алды Алатын арпалыста тоятындай. Сескенбей Жəмила қыз көп қарады, Тексеріп, терең бойлап от жанары, Баз кешкен кеше ғана дүниеден Бар еді атасының оқ қағары. Қарады ол азаматқа соған сеніп, Болатын кісі ме деп маған серік, Түбінде бір жеңіліс бар екенін, Қайран қыз білуші еді азап шегіп. Еске алды Жамалидей ер əкесін, Құшақтап Днепрдің өр кеудесін Оранған ажал отқа қайран сабаз Деген ол «артымдағы гүл сөнбесін!»

Сол гүлі, жалғыз талшық – Жəмиласы, Не болмақ кездессе егер тағдыр қасы? Ата да, ана да жоқ – бəрі де жоқ, Жалғанның майданында жалғыз басы. «Егерде сəтсіз болса тұңғыш қадам Мені емес, бақытсыздық мыңды ұстаған Тағы да шырмайды ғой шығар жолды, Айтсайшы ақырғы ақыл, тұрмыс маған?» Қайсар қыз осыны айтып көп жылады, Тағдырдың улы тілді оқ жыланы Сумаңдап, көз алдында елестеді Қырсықтың бұрынғысы, соңғылары. Сол кезде бір батылдық билеп мұны: «Осыны, нақ осыны сүй! – деп тұрды. Жылап кеп, құшақтады ол Жайсаңбекті, Тұрғандай айды жұмсап, билеп күнді! «Бар ғалам жалғыз соның əмірінде Нақ осы – Аллам менің, Тəңірім де, Сүйген соң сүю керек осындай ғып, Тиген соң тию керек сеніп мүлде!» Деді ол, тəуекелдің ақырғысы, Ұрандап, бар əулетті шақырды іші, – «Қолдаңдар, менің мықты аруақтарым, Мен болдым осылайша батыл кісі!» – Жылады ол, көзінің бар қанша жасы, Ешкім жоқ дейтұғын «сен – шаршамашы!» Жылады ол, енді қайтып жыламауға, Болжаусыз қиындыққа барса басы! Дариға, өмір-тұрмыс бас жағында Қыздардың осынау көз жастарында

Ғажайып арман да бар, сұлулық бар Тіл жетіп айта алмайтын дастаныңда! * Аттанды жұрт қараған бір бойжеткен, Оған да уақыт зырлап бес жыл өткен, Қалды артта «Басқарағай» училищесі, Жас күндер білім тұтқан жас жүрекпен. Дүрілдеп дүниенің жəрмеңкесі Алыстап ұзағанда көлеңкесі, Тағы бір жаңғырығу жан сағынар Тал түстен аунарында күн өркеші. Жайсаңбек механизатор жұрт сыйлаған Бұл күнде техникумда күшті маман, Қолынан талай өрен аттанды оның – Болат топ тың төсінде күш құраған. Жəмила деді бір күн Жайсаңына: Қазір күз, келер көктем қарсаңына Бітіріп тез оқуын, белім будым. Жалына трактордың қол салуға! Тосын ой селк еткізді жар қиялын, – Бұл істің болжадың ба арғы жағын. Қос бөбек үйелмелі-сүйелмелі, Жағдайдың өз қолында бəрі мəлім. Əйелдің ісі емес бұл не десең де, Мені бір қараңғыға теңесең де, Қауыпты ойларыңмен қорқытасың – Қашаннан бар осындай мінез сенде. – Кешегі алаулаған махаббаттың, Рақмет, қызығына біраз баттым.

Арбады алыс арман, көк жағалау, Тəуекел қайығымды бір-ақ тарттым. Бол серік, осы жолда бол ақылшым, Жүрегің ашуыңа ара тұрсын. Тағы да ерлік жаса – мені алғандай, Мейілі мың дұшпаның сақ-сақ күлсін. Соңында көрер жарық мынау істің, Маған сен, адасқам жоқ тура түстім. Денім сау, қайратым бар, – деді күліп, – Есіңе ал, қызымын ғой мен танкистің. – Сонда да! – деді Жайсаң, – көр ойланып, Мен, ертең Дарьяға келем барып, – Шыққанмен пенсияға жанашыр сол, Жүрмесін Сергей Иваныч естіп налып. – Жоқ, қайта дядя Серок – қолдау маған, Ойымды анада бір ол да аңдаған, Піспеген əлі шала балғын пікір, Болған соң, оны көн – деп зорламағам. Сан түндер осы ойыммен аунақшығам, Қазіргі бар керемет, бар жақсыдан. Неміз кем, ер ететін еңбек болса, Оллаһи, ертең алға самғап шығам! Тілейді осындайда кім бас сауға? Қашанда ерлік керек бір бастауға. Жаңаның көз жасқантар əдеті бар, Ешкім де бұл іс үшін қалмас дауға. Қарама ескі қазақ қызша маған, Көсеуден басқа темір ұстамаған. Дəл осы сүйрік саусақ, ақ білекпен, Айрылсам өзіме серт штурвалдан!

– Тəуекел! – деді сонда Жайсаң əрең, Қарайын шығарыңды қай сөреден! Қаныңда қайыспайтын бір ағын бар, Ішінде қалың ағаш қайсар емен! Тынбассың, тыныштық та болмас менде, Ескертем – оңай даңқ жолға сенбе. Күшіңді ақылыңмен қатар ұста, – Ерімсің, ауыр болса – қолдас сен де! – Əрине! – Қос жұбайдың жүзі жайнап, Буалдыр болашаққа сөзді байлап. Жəмила Жайсаңының қысты қолын, Қан теуіп алақанға қыз-қыз қайнап. * Арада өткен жылдардың, Жасаған қолы – жəннат тау. Ақ селеу басқан қырлардың, Төсінде қала жайнатты-ау! «Тың» деген дəурен ақталды ат, Дəулетін халық тапты сан. Қаншама маздап махаббат, Қаншама отау жақты шам! Қаншама ұлттың перзенті, Туысып, қаны бірікті. Қаншама ұрпақ ер жетті, Қаншама тілді тіл ұқты. Шыр етіп, Тыңда туғандар, Он сегіз жасар азамат. Əкенің жолын қуғандар, Даланы баптап, тазалап.

Дəн еккен білгір ғалымдар – Академик, доктор осында. Совхоздың сарай залында, Бас қосқан басшы, досың да. Айтары астық, жер қамы – Химия бойы тыңайтқыш. Болғасын сөзі – Ел наны, Олардан бүгін кім айтқыш? Тарихи істің жолшыбай, Болады қиын кемісі. Эрозия – шаң шұбай – Қап-қара құйын жер үсті. Қаптаған боран қысыңда, Ұстайтын қарды шөп шықпай. Жылдар да болды қысылған, Кей істі болжап, жақсы ұқпай. Бүгінгі Сергей Иваныч та, Аталы диқан – мұрабың. Қиналған білмей сол тұста, Бұл істен мəніс шығарын. Азынап кейбір қаңтарға, Азықсыз мал да шықты ығып. Несі бар шынды айтпауға, Шындықты айту – мықтылық. Он сегіз жылдың ішінде Орасан Отан – көп қауым. Астығын шешу үшін де Оңай да болған жоқ, бауырым!

  • * Оқушым, тағы екі жыл кеттік аттап, Отырмай оқиғаға рет сақтап. Ақ боран, қара боран кезектесіп, Күндерді жауын-шашын, ылай-батпақ. Кешірген, адам өмір дауылын да, Үш бірдей балапаны баурында. Бел шешпей, қол қусырмай өткен айлар, Мал емес, трактордың сауырында. Баттасқан қара күйе май-май түрін, Шатасқан шаң ұялап қайран бұрым. Көргенде, кеше ғана аппақ ару, Дегенге адам айтса нанбайтұғын. Тек қана қара көзі тостағандай, Сұлулық болғандығын растағандай. Жүрсе де Жайсаңбектің іші жылап, Сыртынан қуат беріп, қоштағандай. Есінде алғашқы айлар, тұңғыш көктем, Түскендей төбесіне бұл іс көктен. Ауылдың аң-таң қалып қарағаны – «Қыз ғой, – деп тəрбиесі қырыс кеткен!» Жазғырып Жайсаңбекті жамағайын: «Жұққызып ақ төсекке қара майын, Мынауың əйел емес – еркек,– десті. – Сен əйел, енді сенің анау байың!» Келгендер туыссынып түу алыстан, Əбігер болып жатыр бұл намыстан. Тұқымды қорлады, – деп бір кездегі, Атасы əйдік болған кіл арыстан.

Не керек үйде құйын, дүзде құйын, Мұншама қиындықты іздеу қиын. Адамның сезімдерін алмастырып, Армансыз шірітетін сөзбен миын. Не сұмдық қараңғылық қалдықтары, Қаншама қара басты қаңғыртпады! Жайсаң да жайсаң деген атына сай, Қарысып, қамал-үйін алдыртпады. Алаңсыз сүйді жарын баяғыдай, Арын да, намысын да аяп ұдай. Ұстады осал сəтін көзден аулақ, – Бекінді жаздап барып жаңа құлай. Ол қуат – қолдауы еді достарының, Алдында арашашы жас-кəрінің. Қолдады коммунистер аға-басшы – Сол еді сүйенгені бастан мұның. Екі жыл – қыс пен көктем, жаз бенен күз – Айналған трактордай дөңгелеп жүз. Ақыры өтті-кетті, өмір-алап, Осылай боларына сенбеген қыз. Күледі, жылайды да есіне алып, Артында ауыр күндер көші қалып. Биледі тракторды емін-еркін, Кемедей туған жердің төсінде ағып. Сағымда қос бұрымын желге тарап, Көкжиек көз алдында көлбеп алап. Шақырды баяғы арман тағы ерлікке, «Мен жақын,

мен қасыңда, мен мұндалап».

  • * Үшінші көктем қалды артта, Үмітпен соған қарайды ел. Көміліп көзі шаңдаққа, Жəмила жыртты талай жер. Бір əйел өткен алапқа, Аптада атпен жетпестей. Себілді шапшаң дəн қаптап, Топырақ құрғап кетпестен. Соның да өзі басында, Жүрген ол күндіз-түн демей. Қаншама қайрап сал сынға, Қабағын шытып үндемей. Қарақат көзді жел қарып, Талығып кеткен кездер ол. От басын көрмей бір барып, Сағынып кеткен кездер ол. Теріне топырақ иленіп, Самайдан төмен сорғалап. Төбеге шашын түйген нық, Құтырған желден қорғалап. Батпандай ауыр керзі етік, Балтырын қажап құрсаған. Педальдан аяқ кер кетіп, Сіңірі талып, шаршаған. Қарысқан саусақ жазылмай, Қос қарынан əл қашып. Қара саз терең қазылмай, Түренге түрен шайнасып.

Дамылсыз отты қимылдан, Бөлшектер күйіп шыдамай. Темірдің өзі жирылған, Балғадан сынған сынадай. Трактор шапшып бажылдап, Орнынан ырғып шыға алмай. Тіркеуден плуг ажырап, Жалғаса қайта құралмай. Жалма-жан жерге түсе қап, Қасынып біраз желкесін. Есіне амал түсе қап, Жеріне жөндеу жеткесін, Қайтадан заулап трактор, Алапты жинап, алқымдап. Алыста сонау қырат, қыр, Бірте де бірте жақындап. Бесіннен күні ауғанда, Жанына батқан зорсыну – Түсе қап жерге аунарда, Мызғып та кетер сол сұлу. «Атылған оқ пен зеңбірек – Демесең жоқ қой ойда ажал» – Майданнан, сірə, кем бұл деп, Айтатын ауыз қайда бар? Жазғырма оны жалғыз – деп, Жүргенде ой мен қыр зырлап. «Ол жүрген жоқ бақ іздеп, Қашпайды бақтан бойды ұрлап». Өзінің дала жаңғыртып, Айтатын сүйіп əні де ол.

Өмірге деген жаны ынтық, Көңлінде сəуле жəне мол. Жапанда жүрген бір желкен, Жанында дауыл суылдап. Арманын артып күні ертең, Жағадан келіп шығу хақ. Барады ауып, соны айтып, Үшінші көктем бұлттары. Қадірін еңбек молайтып, Қарады оған жұрт бəрі... * Кəдімгі Сергей Иваныч, Қазіргі хатшы ауданда. Асуы қиын бұл-дағы іс, Елуден жасың ауғанда. Өсудің заңы біздегі – Осылай кезек орынмен. Ескерілмек іздерің, Күрделі қиын жолыңмен. Алтын да жұлдыз бастатқан, Омырау толы ордендер. Сосын да сонау шаш аппақ – Талайды көзбен көрдім, – дер. Өрлесе Отан аспандап, Осындай көлем істермен. Партия оны басқармақ, Осындай коммунистермен! – Жақсы ғой қазір! Тамаша-ақ! Жаңалық мынау не түрлі.

Тəжірибе, ақыл, парасат, Техника сəнін келтірді. «КА – семьсот» – деген алыбың – Сан қызмет басы бар. Істейтін өзі барлығын, Жырту да, жинау, тасымал! Адамдар ше! Адамдар – Үй іші түгел мамандар. Бір ұрпақтан соң бір ұрпақ, Дəстүрді қағып алғандар. Жарайсың, біздің Жəмила, – Жамали достың жалғызы. Ойнады трактор жалында, Жосылып жонда қалды ізі! Берілді кеше «КА – семьсот» – Ал жазсақ – соны жазайық. Осынау бастау – əсем сəт, Оқиға болмақ ғажайып! Қазақтың барлық қызы ертең, Қосады үнін дəл бұған. Тарихтың өзі сөз еткен, Ашылар даңқ алдынан! – Дейді де, Сергей Иваныч, Тұрады жайлап орнынан. Көңлінде биік мақтаныш, Көзінде жасы толқыған. Қарайды тілші таңданып, Хатшысына кеп бүгін. Басқарағай аудандық, Партия комитетінің.

  • * Жыл мынау мың тоғыз жүз жетпіс екі, Астасып аспан мен жер кетті шеті. Тұп-тұтас көк дүние ортасында, Айқасар Ай мен Күннің жетті серті. Талайдан толыспаған дала бұлай, Сарыарқа сары мұхит алабындай. Аунады алтын толқын жел жетектеп, Ашылған астық-кітап парағындай. Ғаламат ауырлықтан күрсінді алап, Көз қалай сүрінбестен тұрсын қарап. Адасып аспанынан жерге түсті, Егіннің бастарымен Күн сырғанап. Басталды осы сəтте Ұлы майдан, Жосылып комбайндар қыр мен ойдан. Жөнелді қаптай салып, қатар жайпап, Көмейі толқын асап кірген бойдан. Даланың жаңа келген алыптары, Алғашқы көзге тосын қалыптары. Бүгінгі шабуылға бір-ақ түсті, Кеп-кеше қайда тұрған толып бəрі?! Құдіретті комбайндар мысы басқан, Алаппен алғаш рет ұшырасқан. «К-700» деген анау дəу перісі, Көргенде маңайынан кісі қашқан. Төбеңнен аса қарап доңғалағы, Жаншылып ол басқанда жол қалады. Асылған үзеңгісі – болат басқыш, Үстімен əне біреу жорғалады.

Барды да отырды үйдей кабинаға, Ал оны жердегі бір таниды аға. Тілшіге қасындағы тіл қатады: – Ал, баурым, қара əне! – деп, – Жəмилаға! Жəмила тартты дерсің «тауды» үйіріп, Майданға сол бетімен барды кіріп. – – Аусайшы Жамалиден! – деді-дағы, Ол жақтан көзін дереу алды бұрып. Шабуыл командирі – хатшы Сергей, Алқаптың əр қимылын қалт жібермей. Байырғы маман көзбен бақылап тұр, Жатыр дəн толас көрмей –

тасқын өрлей. Анау жол – машиналар колоннасы, Қойылған қос-қос тіркеу адам басы. Аңырмай алтын канал ағылады, Сарқылмай күндіз-түні дəн арнасы. Үн-түнсіз бір ұяда мұнша көңіл, Дамылсыз майдан ашқан жұмсап өмір – Ғажайып құбылысты бұрын-соңды, Дəл жырлап бермес ақын болса не бір. Осынша зор техника – балуан күш, Тудырған алуан ақыл, алуан іс. Тудырған жаңа адам, шебер ұрпақ, «Тың» деген – алып дастан, алып аңыз. – Сен кімсің? – Ə, біз сізді танығанбыз. «Тыңбаймыз, мұнда туған – Целинамыз», – Пəленше, түгеншенің ұл мен қызы... «Тың» деген осылайша алып Аңыз.

Қарайды соған Сергей, Дарьяңыз, Заулайды бүгін алда Жəмила қыз. Жаңа ерлік Ескі ерліктің жалғасы бұл, «Тың» деген алып өмір, алып Аңыз. Қайнайды анау қырда майдан тынбай, Жеңістің болмай қоймас мəңгі антындай. Сан ерлер келер жаңа миллиардтың, Саңқылдап қанатында самғайтындай. Солардың Жəмила қыз қатарында, Мынау бір тағы ерекше сапарында. Жарқылдап жан-жағынан жалын ұшқан, Даланың ақ таңындай атарында. Жамылып туған жердің аспаны астын, Ғажайып өзге ұрпақ, басқа жастың. Алдыңғы елшісіндей – қарындасым, Тарт қане, – ескерусіз тастамас күн!

ЖҰЛДЫЗ ТУРАЛЫ АҢЫЗ «Жəмила, неге жылайсың? Көзіңнің жасын бұлайсың. Ғұмырың зая кетпей ме, Жұлдызды неге санайсың?» * Осылай əжесі уатып, Əлдилеп еді-ау бір кезде. Зырлады шапшаң уақыт, Заман да өзге, күн де өзге. Тары да бір жыл озды алға, Десейші ғажап қандай жыл! Арманға қолын созғанда, Өлшеусіз Бақыт қонды-ай бір! Айта алмас ауыз, тіл жетіп, Теңселіп кетер іштей ол. Өсіріп келген тербетіп, Талайғы асыл түстей ол. Отыз жыл бойғы ой алаң, Жанына қатқан мұзды шер, – Жетімдік тоңын бойлаған, Керемет тосын бұзды сел. Отыз жыл бойғы қанына, Маза да бермей келген күш. Сəтті бір күннің таңында, «Көтеріп көкке, жерден ұш!» – Дегендей болды, о, ғажап, Бастады сосын шалғайға.

Өзге бір сəуле оған жат, Қаратпай кетті ай-жайға. Жары да – бəрі – жан-жағы, Қарады бұған жатырқап... Сондағы дала шаңдағы... Сондағы аспан шатырлақ... Есінде қаулап қайтадан, Бергі өмір, арғы көне күн... Əлдиге қосып айтады əн, Баурына қысып бөбегін: – Есімнен кетпес сол Таңым – Ер болып енген мен Тыңға. Сегіз де жасар Шолпаным, Мен айтайын, сен тыңда! Былтыр ғой бəрі. Дегенмен, Жаңарып ойға оралған. Кездесіп халық, көп елмен, Талай бір түссе жол алдан. Қанатын тосса бақытың, Қайратың бойдан төгілер. Зорайып сонда уақытың – Баяғың болып көрінер. Əрине, оған ой толғап, Əзірге ұғу жоқ саған. Мен сөйлейін бір жолға-ақ, Қүлағың, балам, тос маған! Жалауым мынау төстегі – Депутат белгім – мақтаным. Ұлы күн – сол күн естегі, Даңқтың отын жаққаным.

Кремль Сарай – аппақ нұр, Ішінде қалқып жүздім мен. Қиялым ауыл жақта жүр, Орманнан жидек үздім мен. Бала күн – шашым желбіреп, Кештете қайтып келем мен. Бір жұлдыз ақты мөлдіреп, Тұп-тура менің төбемнен. Əжеме айттым мəн-жайды, Үндемей үркіп қарады ол. – Жұлдызға бағу болмайды – Жұлдызы сөнген адам – ол. – Жер бетінде қанша адам – Бəрінде бір-бір жұлдыз бар. Аспанда солар самсаған, – Дейтұғын, балам, аңыз бар! Түсетін сол сəт есіме, Баяғы əжем əлдиі. Қарадым сонда несіне, Өліпті əкем сол күні. Батыпты судың түбіне, Ашыпты құшақ Днепр. Сол жұлдыз аққан түн, міне, Көз алдымда əлі тұр. Көзімді ашып содан соң, Қараймын ғажап Сарайға. Мəжіліс болмас одан зор, Айтылған сөздің бəрі ойда. Есімде, – атым аталды, Сөзінде басшы – жаны əділ.

«Қазақтың қызы аттанды, Дəуірге, – деді, – жаңа бір! Техниканы ұршықтай, Үйірді, – деді, – қолымен. Даладан мыңдап қыз шықпақ, Осының салған жолымен». Өмірде мұндай биік сөз, Құлағым естіп көрмеген. Қадалса талай сүйіп көз, Қараймын төмен жерге мен! Өмірде ғажап күн бар-ау, Көруі – соның мың арман. Осылай, қалқам, бұл жалау, Биікке мені шығарған. Жалаулар жайлы бұл аңыз, Маған да əжең айтпаған. Əзірге сəби – бұла қыз, Есіңе сақтап бақ, балам! – Жұлдыздар жайлы аңызды, Мама, сен қашан айтасың? – Болайын соған қарызды, Ол кезең маған – басқа сын. Бəрінен биік жұлдызы, Сен боласың – жол салсын. Аспанның сұлу бір қызы – Себебі сен – Шолпансың. * Абыройдың отын маздатар, Туды бір жылдар сүйікті.

Туды бір миллиард қаз-қатар, Біз жеткен нұсқап биікті. Қадірлі Қазақстаның, Ерлерге тағы сөз берді. Ғарышқа ғажап ұшқанын, Бақытты шақта көз көрді. Жағалай ұшу, самғаулар – Байқоңыр бойы – от жалын. Аспан мен жерді дəн жалғар, Көрдік біз сағат соққанын. Сары ала Тыңның бидайы, «Востоктар» бортын ораған. Космосқа тартқан сыйдайын, Апарды көкке соны адам. Орындап арман, мақсатын, Көзінде жайнап мың ұшқын. Қуанған толқын сол сəтін, Көрдік біз Леонид Ильичтің. Көрдік біз Димаш ағаның, Көзінен жалғыз тамшыны. Туған жер, қимас даланың, Алдында асқан əр шыңы. Көрдік біз Жəмиланың да, Бүгінгі ерлер сапында. Тұрдық біз оның жанында, Жұлдызды таққан шағында. Қасында қызы – Шолпаны, Төсінде жұлдыз жарқырап. Азамат жары Жайсаңы, Көзінен жасы шашырап.

Өмірдің жолы елестеп, Дейді ол – Бақыт жетерлік, – Ер болу оңай емес тек, Бақытты ұстау – екі ерлік! Сөйлесер сосын Жəмила, Таусылмай сөзі Шолпанмен. – Кездестік бүгін тағы да, Анадағы айтқан қолқаңмен. «Жұлдыздар жəйлі аңыз» ол, Айтылды міне, біл, балам. Бақытқа барар жалғыз жол, – Еңбектің өзі – жырлаған!

ЖИЫРМАСЫНШЫ АСУ Адамдар жерге астық өсірді, Жер адамдардың өздерін өсірді. Л. И. Брежнев. ...Тағы да туға толды аспан асты, Алматы – Тың өлкенің бас қаласы. Шақырды бүкіл Одақ меймандарын, Алматы – Қазақстан астанасы. Таң атпай əн менен күй қанат қағып, Жолаушы Алатауға бəрі аттанып. Аспанның алып тұлға кемелері, Асыққан не қиырдан қонақты алып. Қонады бауырсақтай төгілумен, Көз тұнып аэропорт өңірінен. Диктор қыз хабарлауға үлгіре алмай, Адасқан самолеттің номерінен. Алматы шайқалады мұхиттай боп, Адамы көшесінде құп-құйттай боп. Саңқылдап салтанаттың ұрандары, Оркестр күй боранын ұйтқытты-ай кеп. Көктемнің əсем күні–асқақ айы, Жап-жаңа Лениннің ақ сарайы. Жаһанның кеңдігіндей болса-дағы, Сиятын бұл халықтың жоқ сыңайы. Ортада Құсжолындай жарқыраған, Бір өзен – кілең жұлдыз, алтын адам. Алдымен солар өтті қонақтармен, Талай жұрт сыртта қалды айтып арман.

Басталды жиырма жылдың Мерекесі, Биіктен сала берді ел өркеші, Ең алда Леонид Ильич Брежнев – Ал залда Тың өлкесі – өз өлкесі. Үстіне аспан түстес киген костюм, Соңында жұлдызды ерлер тың жерде өскен. Ауада сартылдаған қол шапалақ, Жаңғырды жарты сағат бой берместен. Содан соң тарихи сөз басталды бір, Басылып барып-барып басқа дүбір. Ашылды шежіренің тұңғыш беті – Жарқырап ар жағынан тұтас дəуір. Көрінді Қазақстан анадайдан, Бер жағы ақ шабуыл – дала майдан. Тізілген қызыл вагон, қоңыр шатыр – Бұлттай кең аспанға қанат жайған. Майданның қолбасшысы – жалынды екпін, Қайнаған ішінде жүр қалың көптің. Мына шеп, ана шептің арасы алыс, Бəрі бір техника бəрін төктің. Даланың қабылдауға халі мүшкіл, Ілеспес қанатына уақыт ұшқыр – Халықтың жігеріне туды сынақ – Сол кезде келіп жетті ұлы күш бір. Ол – бүкіл партия мен Одақ күші, Халықтар бірлігінің болат құсы. Самғады ақ даланың үстіменен – Баяғы жауды жеңген ғажап сұсы... Содан соң алғашқы аңыз бастағандар, Алынған алапаттар, тас қамалдар.

Алғашқы миллиондар туған күндер, Алғашқы коммунистер, комсомолдар. Алғашқы махаббаттар, нұр отаулар, Алғашқы қоныстану, тұрақтаулар. Алғашқы шілдахана – тұңғыш ұрпақ, Əлі де біз шығатын жырақ таулар. Содан соң ең алғашқы миллиардтың, Дабысы жерді жарған рақат күн. Отанға Қазақстан рапорты, Əлемге жайылуы бұл атақтың. Содан соң осы күнге келіп жақын, Шығарған елдің даңқын, жердің даңқын. Тарихи Тыңның қадір-қасиетін – Сипаттап сөздерменен ең бір айқын. Маржандай тізді сосын тың ерлерін, Арнаған бар өмірін, жігерлерін. Орнынан ардагерлер тұрды сонда, Көтеріп Қазақстан түгел жерін. Сықасқан ордендарға өңір біткен, Келмеген əр қайсысы жеңілдікпен. Одан соң жаңа ұрпаққа көшті шешен, Бүгінгі сенім артқан, сенім күткен. – Солардың ортасында бір адамды, Атауым қуанышпен, сірə, заңды. Қазақтың механизатор – тұңғыш қызы, Сол тыңда туып-өсіп, тұлғаланды. Артады еріменен ел беделі, Дəн өнген бұл даладан ер де өнеді. Бүгінгі Жоғарғы Кеңес депутаты, Бүгінгі Социалистік Еңбек Ері, –

«Жəмила Құнантаева» – деген шақта, Бүкіл зал жарыла жаздап, қалып шаққа, Дүрілдеп көтерілді,

қарындасым Тұрғандай болды сол сəт бар құшақта! * Сөз тиді, сөйледі ол сол кезде бір, Жастық шақ қиялына келді өзге өмір, Бұл залға бəрін соның айтпақшы еді, Булығып,

жас іркіліп сəл көзге бір. Жалма-жан сергіді ол айта беріп, Баяғы қайсар мінез қайта келіп, Бастады сөздің басын зор алғыстан, Айтты оны партияға жан тебреніп. – Қазақтың қызы едім мен қатардағы, Белгісіз ыстық-суық татар дəмі. Іңгəлап мен ашқанда дүние есігін, Тынған жоқ қанды соғыс Отанда əлі. Жатты əлі өмір күйіп, арман жылап, Жалтылдап жеңіс салют алдан бірақ. Мерт болды менің əкем Днепрде, Өртенген танкісімен жардан құлап. Мен онда жаңа шыққам жас жарымға, Мен үшін өшті бақыт қас қағымда. Шешемнің дəл сол күні көргені рас – Бір жұлдыз ағып түскен аспанында. Іздеумен сол жұлдызды көкке қарап, Дүниеден ол байғұс та өтті аңырап.

Мен өстім жақсы жандар қоршауында – Орыстың ортасында дос-шаңырақ. Талай жан, өздеріңде ұл мен қыз бар. Дəл қазір осында отыр ол жұлдыздар, Дарья Михайловна, Сергей Иваныч, Өтінем, орындарыңыздан тұрыңыздар! Қос бірдей Еңбек Ері шаштары аппақ, Баяулап, алғашында сасқалақтап. Көрінді көп көзіне содан кейін, Соғылды қол шапалақ қос қабаттап. – Осылар тəрбиелеп жас күнімнен, Суарып шындық атты – бас біліммен. Өмірде достық деген бір күш барын, Аузынан екеуінің естідім мен. Содан соң біздің колхоз тыңға кірді, Бастапты енді білсем бір дəуірді. Өсіріп шығарды ол дəнмен бірге Мен білсем,

жүз туыс пен мың бауырды» Содан біз кісі болдық, қатарға ендік, Дəулеттің жаңа дəмін тата бердік. Қашан да бір туатын сəтін күтіп, Қанында əр адамның жатады ерлік! Жаспын ғой, сол ерлікке құмарттым мен, Сөйлесіп көргім келді мына Тыңмен. Сөйлесіп көргім келді жан отыммен, Бойдағы жігер-қайрат қуатыммен.

Ол көп сөз, қиындығым бұл жолдағы, Жазғырды, кім айыптап, кім қолдады. Шақырам мынау биік трибунадан, Қазақтың өрімдей қыз, қызғалдағы. Бойдағы шығар сыртқа жалын күшті, Болмайсың сонда ешкімге бағынышты. Сол қайрат сенімсіздік бұлтын жарып, Мені де бүгін биік алып ұшты! Сол биік асқар шыңға, тарт ұяға, Қашан да намыс күшін ар тия ма? Рақмет, Леонид Ильич, Сізге жəне Рақмет Сіз арқылы партияға! – Деді ол,

даусы əсем саңқылдаған, Көзінде көкшіл оты жарқылдаған. Бойымен трибунадан түсе берді, Соңында қол шапалақ сартылдаған. Жан балқып баурым сөзін естідім мен, Шешеннің кем түспеген еш бірінен. Түрегеп Щербицкий гүл ұсынды, Барынша риза болған кескінімен. Қақ жарған найзағайдай аспан-көкті, Осынша мақтандырып тасқын көпті. Ақ маңдай, қара бұрым бұлаң қағып, Талайдың иығынан асты да өтті. Жалғыз сəт – кейде өмір – бөрі емес пе, Көңілді алып ұшар зор белеске. Жаңағы Щербицкий берген гүлден, Днепр... Түсіп кетті əкесі еске.

Мыңдаған қадалып көз барды, қайтты, Мыңдаған ауыз атын арнап айтты. Соңында жиналыстың жауды нөсер – Жамылып жұрт тарқады Жəмила атты. * Төрт жұлдыз – мен жырлаған екі майдан – Сөз емес шығаратын ақын ойдан. Жалғыз-ақ бұл шындықта қызметім – «Жұлдызды тағдырлар» деп атын қойған. «Тың» деген жаңаны айтқан жай ұғым ба, Ескі мен жаңа арасын айыруға? Қопарып бар шындықты алып шықты ол, Тарихтың тасқынының айдынына. Адамның асыл мұрат, армандарын, Қабылдап, айта алмастан қалған бəрін. Табиғат асықпастан жинай берген, Тереңге не бір қымбат маржандарын. Бəрін де, бəрін де айдап шықты сыртқа – Қадірін сонда Тыңның ұқты жұрт та. Сондықтан дастаныммен Гимн айттым, Шындыққа, оны айта алған мықтылыққа! Көкшетау – Алматы. Қыркүйек – қараша. 1978 жыл

ТУҒАН ЖЕРГЕ ХАТТАР БІРІНШІ ХАТ * Көктемде көкірекке толып өлең, Үлгіріп жазушы еді қолым əрең. Бүгін де бір жүгіріп қайтпақ болдым, Қиялдың қырық тарау жолыменен. Ал, жүрек, алып ұшар отыңды тап, Ал, көңіл, жан-жағыңды отыр қымтап. Айдарлы ақ жұлдыздай ағайын бір, Аруақты туған жердің атын атап. Сол атпен, елім, сенің есіміңмен, Танғам жоқ көш бойына көсілуден. Алғам жоқ ақын атақ сен білесің, Төпелеп, жұдырықтап төс ұрумен. Жай сермеп, бара-бара дүріл қағып, Жарқылдап, көк омырауын тіліп ағып. Қосылып жұлдыздарға кетуші едім, Жұлдыздар сөнбейтінін біліп алып. Олар да «жерден келдің» демейтұғын, Қош-қоштап, қолтығымнан демейтұғын.

Қолдауы жұлдыздардың біздей емес, Жайы жоқ жақын-жатты елейтұғын. Шаңытып, мұнша биік жолды басып, Келген соң, қарсы алады қойнын ашып. Қояды бұлғақтатып, еркелетіп, Ақынды алқа қылып мойнына асып. Əлемнің сырларынан айтып аңыз, Шындықтың қайда екенін заты нағыз. Сəулелі саусағымен нұсқар еді, Деместен алды борыш, арты парыз. Қайрымын қайтаруды тілемейтін, Сабағын саған айтар біледі еркін. Тілінде «жоқ» деген жоқ, «бар» деген бар, Қаптатып қара аспанға жіберетін. Тағы да сол жұлдыздар өлкесіне, Мен ұштым, көз қададым көк төсіне. Айналды ақ жалынға қара денем, Кім куə жұлдыз болып кетпесіме? Төбемде сыңғыраған қараңғы аспан, Бер жақта ақша бұлттар амандасқан. «Жер жақтан ақын заулап келеді» – деп, Жұлдыздар бір-бірмен хабарласқан. Ойладым «Құсжолында» кідірмекке, Той болып жатқандай-ақ бүгін көкте. Той болса ақын жаны шыдамасын, Білетін жұлдыз аулы бұрын да ептеп. Алайда шыдатпады жалынды екпін, Тоқтамай «Құсжолынан» ағып өттім. Қоршаған қол шапалақ арасымен, Шолпанның дəл қасына барып жеттім.

Қыз Шолпан, Жұлдыз Шолпан сонда маған, Баяғы жанарымен оң қараған. Деді ол: «Жер еркесі, есенбісің, Жеткенің жақсы болды жолдан аман. Жат, жайлап, ал деміңді, сүйен маған, Мекенің – менің төсім қиялдаған. Аялап ақын жанның маңдайынан, Мендей боп жер сұлуы сүйе алмаған. Өйткені сен аспандай киелісің, Өйткені көктің туған жиенісің. Биікке құмарлығың бізге тартқан, Оны мен айтпасам да біледі ішің. Əрине, кейде өкпелі бұл жақ саған, Кезің бар пенделердей ұсақтаған, Əйтпесе сенен артық құдірет қайда, Қиялмен жер мен көкті құшақтаған! Жə, жетер, сағынышқа өкпе қоспан, Мейманым, кінə болса, сөкпе, достан! Жаһанның жанға қимас рақатын Қабыл ал, қасиеттеп саған тосқан!» – Деді де, тартты мені құшағына, Тербелген от бесікке ұқсады да. Əсем бір əлди естіп, қалғып кеттім, Балқыған бақыт сүйіп бұл шағымда. * Түс көрдім ақ Шолпанның төсегінде… Жүр екем осы күнде, осы елімде. Алматым, жан астанам ішінде екем, Аты анық өңдегідей көшенің де –

Ленин даңғылы тауға ұласқан, Ар жағы шайдай ашық торғын аспан. Бер жағы бас-аяқсыз бір керуен, Қаптаған қалың адам жолды басқан. Бəрі де бара жатыр биікке өрлеп, Қазақы киімдері – сүйікті өрнек. Солардың алдыңғы жақ тұсында мен, Тұр екем бір белеске шығып терлеп. «Елу ғой, елу жасы ақынның!» – деп, Біреулер білгішсініп жатыр үндеп. Адасып қалған жандай жаңа ғана, Айқайлап жігіттікті шақырдым кеп. Жігіттік жетіп келді «Мұндамын», – деп, Шақырды жұртпен бірге шыңға жүр, – деп. Ол серік ойламаппын өзім жазған, Отыз жыл елім жайлы жырларым, – деп. Содан біз кете бардық шыңдарға асып, Аяқты бұрынғыдан жылдам басып. Жетіппіз көз көрмеген биіктерге, Аспандай атам-заман тұрған қашық. Ленин проспектісі неткен алып, Тынардай осы бетпен көкке барып? – Біз бір сəт бұлт қасында жүргендейміз, Бұлдырап Талғар шыңы шетте қалып. Қалың топ ең басында ұзын адам, Мейірімді, таныс ыстық жүзі маған. «О, біздің Димекең ғой!» –

деп дауыстап Қараймын халайыққа құжынаған.

Көш басы елең етпей ол дауысқа, Əлі де асар асу жолға нұсқап. Ақырмай кең адыммен басады алға, Сүйеніп мен де еремін ар-намысқа. Сүйсінем кеудемде зор мақтанышпен, Осынау болашаққа аттаныспен, Тебіреніп ол жайында, азамат жайлы, Келеді ой бөліскім жат-таныспен. * Сан шөлдеп, қиындыққа таңдай қатып, Сөнуге аз-ақ қалып жанбай жатып, Сын сəтте тағдыр бізге болысқанда, Жау оғын тигізе алмай маңдайға атып. Көпсінтіп жерімізді даң қылғанда, Кей кезең кей əкімді айғайлатып. Сабырмен əділеттің сəтін күтіп, Сыр бермей сыртыменен ондайға түк. Қазақтың ең ғажайып дəуренінің, Басында бүгін тұру қандай бақыт! «Адам ғой ол да біздей бақты күткен Болсам – деп күнде жолдас жақсылықпен. Ерекше ерлікпенен туады егіз, Ерекше қайырым да тас жібіткен. Ол бізге ардақ туыс, аға, бауыр, Ол мұқап, қабақ шытса маған ауыр. Ақ шаңқан қала болса, қуанған ол, Қараша құрым кигіз баяғы ауыл. Адам ғой ол да бізден ой дəметкен, Халықпен нелер қиын жолдан өткен.

Ол бізге мың жақсылық істегенде, Бір мықтап алғыс айтпау – бола ма екен?» – Деп өзім сөйлейді екем жұртқа қарап, Алғысқа махаббатын мықтап орап. Шырқатып шың басына лақтырғандай, Айтқандай ол алғысты шың қайталап. Жат маған жағымпаздық, кіріптарлық, Су табам өз бетімше бір ұрттарлық. Əрине, кеңесемін, кабинеті емес, Мен оның жүрегіне кіріп барып. Күшімді ондай менің Шолпан дана, Əдемі-ақ дəлелменен айтқан жаңа! – Деп тағы қосады екем сөз аяғын, Оны да қостайды екен жалпақ дала... Қалың ел қарсы қарап тура маған, «Шын айтқан сөзің, –

дейді, – бұл да, балам!» Сөйткенше тағы да бір жеңіс жетіп, Дауыстан оянамын «уралаған». * Шолпан қыз қызық көріп бұл түсімді, Бір алтын байғазыға кілт ұсынды. «Жүрегін сендей болып туған жердің, Ақын жан, бұл жалғанда кім түсінді?! Сен – елдің сезімісің жылап, қунап, Қан болып қырық тамырда аунап, тулап. Қайнайсың, қайнағанда отты жырлар, Төгілер қазаныңнан будақ-будақ.

Сыйласаң елдің үлкен азаматын, Ол – сенің елге деген махаббатың. Ел емес, жер бетінде адам аз ба, Өзінің күйттеп жүрген атақ-даңқын? Нысаппен атайды олар қанағаттан, Сүрініп шағын жерде-аяқ аттам. Оңалып, бір құласа қайта тұрмас, Айрылып азаматтық баяғы аттан. Көтеріп бақ, абырой жүрген зорға, Кездессе кетер жүнжіп бірер сорға. Өмірдің арбасынан түсіп қалған, Секілді есеп жиған ескі дорба. Жырладың туған таудың сұңқарларын, Жырлардың туған дала тұлпарларын. Таныдың тай ішінен шын жүйрікті, Өзің де шабысыңнан бір танбадың, Ел алғыс тұрса саған əмəн айтып, Дүниеде сыйлық болмас одан артық. Қайтесің ұзақ тізім дəрежені, Шынжырдай бойға тағып салдырлатып. Келмейді жалғыз бақыт тізімдеуге, Болатын нан емес ол үзіп жеуге. Одан да қаламыңнан жыр жолын тіз, Өмірде қалдырған бар ізім!» деуге. Солай деп ару Шолпан сөз тұйықтап, Сəулелі саусағымен шашым сипап. Соңғы рет таңға қарап жымиды да, Өзі де түс көруге кетті ұйықтап.

  • * Оқалап көкжиекті оянды Арай, Туған жер, ұштым тағы саған қарай. Биіктен сырлассам да азғана сəт, Өзіңсің алтын бесік, алтын сарай! Сен мені бөтен ойға қиып, сөкпе, Ақынның жаны құмар биіктікке. Қаусырып қиялымен бар ғаламды, Сөйлесер жұлдыздарды жиып көкке. Сендегі өкпелесе – ағайынға, Қамығып бір қараса маңайына. Көңілдің кемесіне мініп алып, Жөнелер тағы жұлдыз, тағы айына. Күн кешер ақын рух, расында, Осылай жер мен көктің арасында Сонда да сенен жақын ешкімі жоқ, Кешпейсің, көңілінде тұрасың да. Оралдым қазір солай алқыныспен, Сендегі таңғажайып тарту күшпен. Сол сиқыр топырағыңнан айналайын, Сауылдап көктен жерге ақын түскен. Сенің сол топырағың ұшқыр еткен, Қанымда қасиетің күшті неткен! Тірлігім, туған жерім, ана тілім – Келемін өмір сүріп үш тірекпен! Япыр-ау, бақыт бар ма бұдан артық, – Тағдырдан артық сұрау – мың ағаттық. Бұл күнгі ғажап самғау – рақат тұрмыс, Тілейді қанағаттық, азаматтық.

Айналған арманың мен түсің өңге, Ойлашы, уақытыңның күші кем бе? Туған жер, мың құлпырған саған қарап, Бақпасам, мен шындықты түсінем бе? Өзіңсің, сенсің – менің шындық анам, Бүгінгі ажарыңа шын қуанам. Адасып аспанынан сен деп қалып, Төсіңе жұлдыз қонып, күн құлаған! Шындыққа құйылады барлық – Рас, Расқа жан табынып, ауды ықылас. Соның бір ұшқынынан жазған хатты, Туған жер, көзбен сүйіп, көңіліңе бас!

ЕКІНШІ ХАТ Туған жер, саған деген сағыныштан, Быт-шыт боп көкіректегі жарылыстан. Жай денем жетімсіреп жерде қалып, Ғарышқа күнде самғап жаным ұшқан. Білесің жан ұшудың не екенін сен, Жалғанда жалғыз жұмақ мекенім сен. Алыста ақсақ құлан секілденіп, Ажырап жайлауымнан жеке жүрсем. Ол – менің жайым емес жатсыраған, Өзгеден халім емес бақ сұраған. О, ондай бишаралық шықса менен, Киелі ақ сүтіңе тапсыр, анам! Ол мені адаспастан анық табар, Тағдырдың таяғымен салып қалар. Əуелде-ақ шығарып сап ұзын жолға, Дегенсің: «менен тусаң – халыққа бар!» Сол жерден, сол биіктен сөйле! – дедің, Ұсаққа көңіліңді бөлме! – дедің. Алдына бес-он қойды салып алып, Жүретін жүнді бас көп менде, – дедің. «Мен саған алысқа ұшар қанат бердім, Астыңа алтын ерлі ақ ат бердім. Тағы да бата бердім нар басындай: «Қолда, – деп, – қолтығынан талапты ердің!» Қазақтың өлең-өнер жазығында, Жалындым – бауыр бер, – деп жазылуға. Шаншылып шаршы топтан шыққаныңда, Оралып қайтқайсың, – деп қазығыңа.

Айтатын адам аз ба бірдің сөзін, Айт, – дедің – өзің бір боп, мыңның сөзін, Бұл істі өзге жанға тапсыруға, Жері жоқ көрмей қалған менің көзім. Сөйт, балам! – Дегенсің сен, жат ғаламға. Мен алғаш жалғызсырап аттанарда, Тұрғансың «Менікі», – деп, – мынау байғұс, Зымырап қара көрсең аққан алда. Жан Торғай, Анам Торғай, панам мықты, Үйреттің алдымен сен адамдықты. Содан соң бердің маған ақындықты, Сол жолда арқалаттың алуан жүкті. Сан жарыс, жүгірісте тимей жерге, Қол-аяқ бір-ақ уыс күйге енгенде. Жұлдыздай ағып өтіп қарақшыдан, Еңіреп кеп топырағыңды сүйгем мен де! Айтқансың аруағыңа мың алғысты, Дүниеде сəт бола ма бұдан күшті! Алдымен елдің белі қайыспай ма, Егерде қолдан берсе ер намысты! Сол намыс мені əлі күн дем таптырмай, Келеді тоқымымды құрғаттырмай. Əлемнің талай алыс жолын бастым, Адамға шаужайымнан бір қақтырмай! Арқамда дəл өзіңдей алып тұрып, Жайнатса бар жолымды жарық қылып. Мен сонда бүгежектеп жүре алмасам – Мойныма қыл арқанмен салып құрық:

– Ой, тумай-туа шөккір! – деп, ауыздап, Кетесің құм ішінде сен бауыздап. Мен сенің мінезіңді білемін ғой, Бақылап бала жастан келген ұзақ! Көргем жоқ, сондықтан да аттан құлап, Кей-кейде қалып жүрдім, баптан, бірақ. Біреулер шын бəйгеме қоспай қойып, Қолынан жүйрік жасап жоқтан құрап. Айқайдың астында қап, көзім терлеп, Қамықтым жалғызсырап, тоқтаңқырап. Өмір ғой, өмір жолы тегіс емес, Қаншама жібергенмен мақтаңқырап. Сонда да көкрегімнен жыр үзбедім, Секілді үнсіз тулап аққан бұлақ. Кешегі топырағыңда аунап өскен, Бір бала қара бұжыр қалқан құлақ. Сыр ғой бұл саған ғана айтылатын, Шыдасын бүгін айтпай қайтып ақын. Осылай анасына басын сүйеп, Желіде тер кептіріп тай тұратын. Дəл соған қалдым ұқсап мен де бүгін, Ұстады сүйкімді бір пенделігім. Туған жер, саған деген, саған сіңген, Тізімін жасамаймын еңбегімнің. Жүрмеппін өз қосымның артын қымтап, Қасында бөгежектеп отын бұтап. Қазақтың өлеңіне əкеп қосқан, Тұр бүгін өз қолыңда отыз кітап. Шықтым мен «ə» дегенде шырқап биік, Ыбырай Алтынсарин атын атап.

«Большевик ауылыңды» жырға қостым, Кешегі ұлы майдан, қанды шатақ. Содан соң жақсы күндер, қиын кезең, Қаламнан жыр боп тасып, құйылды өзен. Ұлы Отан соғысының асуында, Қаншама омырау тозып, қиылды жең. Қаншама айрылдың сен боздағыңнан, Мерт болды көкке қолын созған ұлан. Сан істі санасымен басқаратын, Қол үздің азаматтың маздағынан. Еңіреп, ерсіз қалып мұңың шақтың, Мекені кілең жетім құлыншақтың. Сонда мен домбыра алдым қаршадайдан, Буыны қатпай тұрып он саусақтың. Жырладым қасіретіңді қараша үйде, Айрансыз жаутаңдаған ала шиге. Көтердім көңіліңді сəби уіл, Ие боп тұрмасам да тамаша үнге. Сен қоштап «бəрекелді» десең болды, Ағыттым асау өлең оңды-солды. Дариға, тебіреніп еске аламын, Сен өткен елдікпенен сол бір жолды. Сан өлең, айттым сонда жатқа дастан, Сөзім жоқ онда менің тасқа басқан. Басылды жаның менен жүрегіңе – Қайғыңды жырлаған соң бастан асқан. Берірек бейбіт өмір гүрлегенде, Жаныңнан жалын отты үрлегенде, «Енді, сен, оқу оқы, балам! – дедің, – Адам көп ер қара боп жүрген елде.

Бара ғой, болдың бізге біраз серік, Қуантып, өнеріңмен қуат беріп, Бір тайды қостық біз де деп қалайық, Жер танып, оралғайсың суат көріп». Баяғы қиын күнді – Бала-шаға, Жаздым мен Алматыға келе сала. «Мынауың əлден піскен ақын ғой!» – деп Сипады маңдайымнан Қасым аға. Ол солай, оған талай жылдар өтті... Су тасып, дария қайтып, жылға кепті. Жаңа ұрпақ дүниеге жайды қанат, Қызықта қыздар өсіп, ұлдар жетті. Еңбектің өлеңдетіп, туын ұстап, Олардың көбі жаңа тыңға кетті. Тусырап жатқан жердің топырағына, Береке, ырыс екті, нулар екті. Ал міне, Жаңа Торғай туды келіп, Жақсылық жұртты нұрмен жуды келіп. Туа сап, жүз миллион пұт астық алып, Алдыңғы биік жерге тұрды келіп. Қуандым, қуанғаннан есім кетті, Егінді Торғай да екті, Есіл де екті. Баяғы бір үзім нан көзден ұшқан, Қозғады балалық шақ, есіл дертті. Тебреніп жаздым сонда «Миллиард-дастан», Бар шабыт, бар қиялды жиып ап бастан. Өлеңнің элеваторына құйдым келіп, «Жер еді жесір тағдыр қиыны-ақ қашқан. Тасиды кезі келсе қалай?! – дедім, Бақытты енді қолдан қалайды елім.

Бойлаған Арқалықтың еңсесіне, Жалтақтап жасты көзбен қарай бердім. Арқалық сонда маған – ағам! – деді, Мен тудым, енді бабың табам! – деді. Торғайға биік вольтті от апарып, Жолыңды көк асфальтпен жабам, – деді. Бұл жерден жете алмайтын апта жүрсең, Түйеде, өгіз бенен атта жүрсең, – Аттансаң азан туа осы арадан, Сəскеде жетеріңді жатқа біл сен!» Дастанды одан əрі зымыраттым, Шабыттың шалқарына шығып аппын. Қасымда Бақытым бар – жол серігім, Қарасам – өз аулыма келіп қаппын. Бұл – тарих, айта берсең ғажап тарих, Алғам жоқ бұл жолы да аз ақтарып. Айналдым орындалған арманыңнан, Туған жер, туған əулет – қазақ халық! Мен сенің ақының боп өз атыңнан, Тынғам жоқ от маздатып, сөз айтудан. Зымырап сол екпінмен, сол жүйткумен, Күйіммен аспаныңа сол атылған. Елуге келгенімді байқамаппын, Бақытын қызықтаумен бай танаптың. Сен енді елуімді еске салма, Дейін мен: «жиырма бесті қайталаппын!» Тұяқтан сан жарыста тарапты шаң, Сан кезең өтіпті ғой санап тұрсам, – Сағындым, сағыныштың қанатында, Мен бүгін саған сəтті сағатта ұшам.

Туған жер, рахымыңнан қолыңды үзбе, Тағы да асқар тауға талап қылсам. Арман жоқ ақ басыммен аң-таң қалып, Көркіңе сонау ғажап қарап тұрсам! 1 июнь, 1978 жыл

ШІНШІ ХАТ * Кең байтақ айнымайтын аспаныңнан, Мен енді үлкен Қазақстанымнан. Бөлініп, Ракетадай Торғай тарттым, Көк түтеп менің маздап ұшқанымнан. Мақсатым туған жердің төсіне аунап, Баяғы бала күнді есіме алмақ. Қоңыр үй, қара қыстау, көне жұрттың, Танауым тағы да бір исін аулап. Əкемнің тері сіңген тері тымақ, Шешемнің қолы сүйген ескі сырмақ. Басыма бірін киіп, бірін төсеп, Қалмастан қалбаң қағып, ес-түсім-ақ, Екі-үшеу ышқырыма асық іліп, Асығып, босағаға басымды ұрып. Түніме жұлдыздарды шашу қылып, Күнімді көкжиекке асылдырып. Күрең тай бұлт жаңғыртып кісінеген, Кіргендей ала таңнан түсіне мен. Шылбыр да, жүген де жоқ, тоқым да жоқ, Бір ырғып шыға келіп үстіне мен. Самалдың сахараға саяхатын, Баяғы əдетіммен сан айтатын. Жүйткітіп кете берсем, кете берсем, Қалғанша дене қирап, қанап таңым. Содан соң құлай түсіп көк шалғынға, Не жетсін бақытты бір ес тануға.

Аттандым соныменен, жолдастарым, Баяғы балғын шақты еске алуға. * Мен барсам Торғайыма баламын, – деп, Тұр екен жаз тамылжып, дала гүлдеп. Жарқырап төбесінде аспан жатыр, Жаумаймын, бүгін бір дем аламын, – деп. «Өйткені ақын келмек даласына, Қауышпақ ақ сүт берген анасына. Хақым жоқ оның жолын лайлайтын, Ол ерке аспан-жердің арасына!» Жер жатыр бар жаннатын төсеп-жайып, «Болмасын не менде айып, не сенде айып. Өсірер мерейіңді мекеніңмін, Кездесем керуеніңмен келсең, лайық!» Керуенім – ақындардың нары кілең, Жамылған өркешіне қалы кілем. Маңғаздар үстеріне маржан артқан, Жайнаған алтын ноқта сары күрең. Қамқа тон Хамаң, Сырбай, Тұман сері, Қаптаған ақындықтың ұлан селі. Соңында жас перілер жыр лақтырып, Соғылған бір-біріне думан сеңі! Лақ етіп түсе қалдың, Торғай саған! Өзің де кезің екен тойды аңсаған. Лау етіп, мерекенің оты жанып, Халың тұр Арқалықты он қоршаған. Білмедік «Алла» қайда, «акпар» қайда! Топан топ «əке» десең тоқтар қайда.

Көтеріп алақанға салып кетті, «Сүңгітіп аламыз» деп Көк Торғайға. Көк Торғай көңілі екен дария жұрттың, Жармасты толқығанда жалына бұлттың. Зəм-зəмға жаным шөлдеп қалған байғұс, Қаталап қанам толмай қайыра жұттым. Мен келсем Торғайыма баламын, – деп, «Елуге толған ақын жаңа бұл, – деп. Ер болсаң, еркін тұрып көтеріп бақ, Еңсеңе елу шапан жабамын, – деп. Туған жер, сөйлеп кеттің маған қарап, Атымнан сол сағатта жаңғырды алап. «Ал, сақтан, көтерілме, ал шыдап бақ!» Кеудемді баса бердім мен «Аллалап!» Біресе басым сипап, біресе көз, Көмейге тіл күрмеліп, тіреліп сөз. Ал келіп қара терге түсейін мен, Көріпті мынадайға кім болып кез?! Қадалған бір өзіме барлық жанар, Бергендей ықластан арнап хабар. Достарым, бұл секілді ғажап сəтті, Мəңгілік іздеп қайдан адам табар! Туған жер, сенсің соны сыйға тартқан, Ақынға кеудеңдегі махаббаттан. Мені айтып ұзақ тұрдың сол күндерде, Кезің жоқ, ауыз тиып, дамыл тапқан. Санадың, сарқып айттың еңбегімді, Мен үшін орнатқандай жерге күнді. Мен сенің бар болғаным – бір балаңмын, Кептірген самалыңа жөргегімді.

Атыңды əсте тірі сатпау үшін, Бір уыс топрағыңды ақтау үшін. Істеген қолдан келген тірлігімді, Мұншама сөз таппадың мақтау үшін. О, менің жан ардақтым, жарықтығым, Ол сенің аналығың, алыптығың. Түбінде сендей жердің топрағында, Арман жоқ жатар болсам алып тыным. Мінгіздің алуан жүйрік арғымаққа, Қолда деп, аманаттап аруаққа. «Елу жас – ердің жасы» – деп те, кейде, Салдырдың көз қиығын ару жаққа. Сүйдірдің алып келіп көзімнен бір, Айналттың адым санап өзімнен бір. «Бəріңе жақсылығы жұқсын», – дедің, Тебірендім осы жомарт сөзіңнен бір. Соңғы рет алып келдің күрең жорға, Қарадым жаңа шыққан күнге зорға, «Жосылтып, жотаны асып Оралдағы, Көсілтіп сөйлеп жібер келген бойда!» Дедің сен, күнге қарап қамшы бастым, Бетіме сорғалаған тамшы жастың. Бірінде қаққаным жоқ, тастап кеттім, Үстіне Қызбелдегі асыл тастың. Сөйледім ат үстінде, тау басында, «Төбеңнен осы күнің аумасын да. Туған жер, сен аман бол, тұрсын əмəн, Тыныштық əр үйіңнің ауласында! Жазмыштың жаусын саған Рахматы, Елсің сен жақыны – дос, тату – жаты.

Бар атақ жүре келе табылады, Табылмас, туа бітер ақын аты! Ол өзі – бақсаң, екен сирек бақыт, Ел көңлі – азбас оған алтын тақыт! Ізіне соның басқан тұрмайды екен, Жинаған мансап, маржан, меруерт, жаһұт! Сен соны ұғыпсың ғой баяғыдан, Сол ұққан қасиетіңе жаным құрбан! Аман бол, алғыс саған ақ мекені, Көрмесем, көлеңкең де сағындырған!» – Дедім мен, аттың басын шалқалатып, Жібердің сол мезетте шампан атып. Тығыны ол шампанның жерге түспей, Жоғалды сонау биік бұлтқа батып. Осынау көбігімен отты судың, Əуелі күрең аттың жалын жудың. Содан соң өзің татып, маған бердің, «Ішінен қалмай жүр!» – деп қалың дудың! Ұшырдың сүйтіп биік ар құсымды, Қия алмай жүрек шаршап, жан қысылды. Алдында осынау топтың, мерекенің, Арнадым тағы саған алғысымды! * Ал, менің алқалы топ, əлеуметім, Талықсып туған жерден əрең жеттім. Ең ғажап өмірімдегі биік сəтті, Асығыс ат жалында əңгіме еттім. Мен оны жазармын бір жазғандай ғып, Əзірге сабыр сақтап, азғантай күт.

Келе сап тағы-тағы дəметіппін, Аздай-ақ маңдайыма жазған байлық. Əй, осы түпке жеткен пендешілік, Қаласың аяқ асты жерде шығып. «Тоймайтын адам көзі» деген рас, Кеткенше құм құйылып, көрге сіңіп. Əйтпесе, жалаңаяқ, жалаңбас күн, Сөткеде ауызына нəр алмас күн. Жетімдік, жоқтық, ажал қамап бəрі, Деген кез: «енді бұдан оңалмаспын!» Он үшке кесір тиіп келмей жатып, Кеткенім кер бейнетке белден батып. Көк шыбын көз алдымда көлбең қағып, Көк талақ, өкпе-бауыр шермен қатып. Тағдырдың қисық əрпін жаспен жазып, Сорайған бар əулетте жалғыз қазық. Тұрмыстың дауылында шайқалақтап, Жан-жаққа жаутаң қағып, жан құлазып. Болғанда аман-есен бір күн арман, Сол сəтім қайда менің тірі қалған. Қол беріп, азық беріп, оқу беріп, Жарыққа шыңыраудан жұлып алған. Қорғаным, менің Кеңес үкіметім, Күнім бұл қадіріңді бір білетін. Əреңдеп фашизмнің басын жұлып, Кеткенде қайта қаулап құдретің! Мені де ала кеттің екпініңмен, Көп жылым, абыройлы көп күніммен. Үйіммен бүтін шаңрақ аман ұрпақ, Бұл кезгі алаулаған от жырыммен.

Ризасың, жырлап келем, жырламақпын, Көрген жоқ ол еңбегін бұлдап ақын. Туған жер, есіміңмен есім кіріп, Күндіз-түн сайрап жатқан бір бұлақпын. Демеймін анауым жоқ, мынауым жоқ, Ақ шыным, – бұдан артық сұрауым жоқ. Жүргенім астанада үлкен байлық, Зорайып, ақын деген бір ауыл боп. Демеймін қорғамадың, қолдамадың, Солай деп айтатын бар – ол да мəлім. Республикам, менің қазақ өкіметім, Қанағат өзім үшін қолда барың! Адамға мүйіз шықпас алтын жұтқан, Ондайдың тағдыр өзі артын құртқан. Бақыттың ордасына есік ашып, Аман бол, енгізетін, халқым-тұтқам! Деген бар «малы түгел бас аманның!» Арман көп адамда да жасаған мың. Жалынан ұстап тұрып, айрылғандар, Жалғанда бақыт деген қашағанның. Кел, тəубе, кел, шүкірлік, кел, қанағат, Кет, кесір, кет, кесепат, кет, жаманат. Қабылда қазіргі мол алғысымды, Туған жер, ер анасы – ел, жамағат! Август, 1978 жыл. Алматы

ЖАН САҒЫНҒАН ЖАҚСЫ ЖЫР Жан сағынған жақсы жыр, Қайтсем жазыларсың сен? Ақ жарылып айтшы бір, Ақын базынасын сен! Өзге түгіл өзім де, Сағынамын, сарғаям. Түк тимейтін сезімге, Салқын жырға қол қоям. Қайда досым қатал сын, Отыратын сөз қорып. Ақын жалған айтқасын, Өзге жанға не жорық? Өлең жаздым ақ жарқын, Жаным жайсаң күнінде. Нұрға толып алды-артым, Маржан тұрды тілімде. Əбден соған үйренген, Аз қиынға кетілдім. Оп-оңай-ақ күйреуден, Сақтанбағаныма өкіндім. Ақыл бəрін білгенмен, Сезімге оны жеңгіздім. Босаған аттай жүгеннен, Көзіме ұйқы енгіздім. Сілкін, жаным, қайта бір, Сызатыңнан тез айық! Ақын едік тəп-тəуір, Тағы тізгін созайық!

БАЛАМДЫ, ДОКТОР, САҒЫНДЫМ! Жасқанып жүрек, күрсінсем, Жан шайқалар құрақтай. Өлең, қайда жүрсің сен, Сондайда мені жұбатпай? Туғалы тілеп саулығын, Ауыртпай жүргем сəбиім. Ойда жоқ сəтте ауырдың – Ауырды сонда сəні үйдің. Ішімде, арғы сарайда, Қаңғырлап бір зат сынғандай. Сəулелер сөніп маңайда, Көлеңке сапқа тұрғандай. Емхана беттеп, ем іздеп, Зымырап келе жаттық біз... Бақыт пен сорды – егіз – деп, Саулықта қашан айттық біз? – Қаласың мұнда! – дегенде, Қалайша сабыр ұстадың? Жасырып сүрттің менен де, Көзіңнің дымқыл тұстарын. Шайқалып кетіп, шақ тұрдым, Əзірге маған қош айтып. Жөнелдің сосын ақырын, Саусақтың басын шошайтып.

Қайырсыз күндер тез өтті, Жаныма салған əбігерді. Денеңді сенің түзетті, Мақтадым ұзақ дəргерді. Сағаттың өзі көп күн-ау – Ішінде жүрсең сағымның... Рақмет саған, доктор-ау, Баламды берші, сағындым! ЕСІРКЕЙ САЛСА... Мен бір шарға ұстаған,

қара балта едім. Қайрауын таппай кетілдім. Қайрасаң тағы жетілдім, Махамбет Адуын асау толқындар – Бастарын сүйер жар керек. Ел қолында алтын бар – Артып шығар нар керек. Жабдығы күміс ақ тұлпар – Жазылып шабар бел керек. Сырнайлы көмей аққулар, Сызғылап ұшар көл керек. Ересен шабыт ақын бар, Еркелетуге ер керек. Бұл – халық айтқан нақылдар, Қолдауын табар жер керек! Еркелей қалдық мына біз, Асыра шауып бір кеттік. Сыңайы сəлдеу бір аңыз, Атымызға тіркеттік. Тозуың үшін сол – жетті, Соңында қисық жол кетті. Шарлаған кеме жер-көкті, Қайраңға барып бір шөкті. Қайрылып ойлап қарасаң, Не өнді содан, не бітті?

Қадірін қайтып бергенше, Енді оралып шіркіннің. Шырқ айналып диірменше, Қолы тимес бір күннің. Содан кейін ұмытылдың, Қашан сені соңғы рет, Тағдыр қолы үйіргенше! Мың қызметке – бір қызмет – Кешіре салу дегенің. Кеңдікке сияр қасиет – Жақсының сақтау беделін. Уақыт емес кінəлі, Уақтық деген бар дұшпан. Қаруың содан сынады, Күншілдіктен қан құсқан. Түспейді еске ой бекер, Түспейді жоннан жол бекер. Жалғаннан көшкен жақсының, Қадірі кейін көп өтер. Қолдан қойған бақсының, Аруақсыз жыны қор етер. Аяулы елдің, сындарлы, Ат үстіндегі ерлері. Еркелеуге туған ұлдарды, Еркелеткің келмесе, Есіркей салсаң – сол жетер...

ЖАБЫҚ БƏЙГЕ Жабық бəйге қазаққа жараса ма? Ет жегендей жасырып оңашада. Қозбаған соң арқасы жүйріктердің, Озбаған соң дізгінді соза сала? Шаппаған соң жазықты «бауырымдатып» Жан тер шықпай жазылар жаурын қайтып? Шаппай, желмей бəйге алған кімді көрдің Көптігіне сүйеніп, ауылын айтып? Туысында шын жүйрік жапа-жалғыз, Ол шіркінде болмайды апа, балдыз. Озып барып жинайды ағайынды, Сонсоң халық ол жайлы айтады аңыз... «Мынау озды!», «Бұл – алды!», «Жарайды!» – деп, Біз айтамыз, ел үнсіз қарайды тек. Көрмеген соң қызығын жұрт көне ме, Жабыны да тұлпарға балайық, – деп? Жабық бəйге қазаққа жараса ма? Жасырынбақ ойнаған бала-шаға, Той төбеге топырлап шыға алмайды, Қанша күтіп қалың ел қараса да.

МƏДИНАҒА Жан немерем, тағдыр берген сый-балам, Жүрегіме махаббатым жинаған. Сенің мынау былдырлаған тіліңе, Өлең тілін жеткізе алмай қиналам. Бұлбұлмысың ұшып шыққан кеудемнен, Ғұмырмысың жаратылған бір демнен. Уілдейсің үйді күйге толтырып, Дамылың жоқ аяқ басып жүргеннен. Тұла бойың толып тұрған өнерсің, Көкрегімде қонып тұрған көгершін. Реніштен қуаныш жасап беретін, Айтшы маған, қайдан шыққан шеберсің? Айналайын, тосшы бүйрек бетіңді, Шөлдеп кеттім, бір басайын өртімді. Бұйра-бұйра шашыңның əр талынан, Ақыл қаулап шығып тұрған секілді. Жас-жарымда бəрін біліп алыпсың, Айтпай жатып, сырымызға қанықсың. Барлық бөлме қабырғасын жайнатып, Сəулең түскен қараңғыда жарықсың. Сен көктемсің, тұманы көп күз атаң, Ұйқы қашып, атпай қойса құла таң. Таңертең-ақ сөйлесем – деп сенімен, Өзімді өзім күлдірем де, жұбатам.

«Осы қазақ əсекі ме, немене?» – Деуші едім мен, «тəтті – десе – немере». Өмір – теңіз, енді өзім де ұқсадым, Ылғи тəтті тиеп алған кемеге.

23 ФЕВРАЛЬ 1978 (Бақытты құттықтау) Көктөбеден күнді бұл сəт қарсы алдым, Келе жатты қызыл қалпақ – Маршал күн. Батыр таңның бар нұрына балқып мен, Астананы жаңғыртып бір əн салдым. Уа, ол əнім – Бақыт жайлы əн еді, Мына таңнан туа салған əдемі. Бала – Бақыт, ақын – Бақыт, ер – Бақыт, Мені оятқан соның берген сəлемі. Ризамын, күнім саған, мың шама, Жүрегімді жарылқаған мұншама. Сен Бақытты балам етіп жараттың, Жете алмаған жетім жаным қуса да. Жас шағыма барып қайтсам бойлап мен – Жалғыз сағат жақсылықты тойлап па ем? Мен Бақытқа көрші бола алмағанда, Мен Бақытқа əке болам – деп ойлап па ем?! Дүние, сенің ғажаптығың осы – дəл, Мəңгі жүрер күтіп қайрат, тосып ал. Егер сенің бұл мінезің болмаса – Саған келіп пенде шіркін несі бар?! Бүгін – Бақыт жиырма беске толған күн, Ширек ғасыр маған серік болған күн.

Қуанышты атамасам нем ақын, Бір шалқысам – кінə қояр оған кім? Жаны аяулы жақсы туыс, достарым, Жайнап тұрған көңіліңнің қос бəрін. Кел, кəнекей, аузымыздан ұшырдық, Бақыт жайлы дүниенің жақсы əнін. Шарап, сен де сағындырып кетіп ең, Толтыр, досым, бокалдарды шетінен! Бақыт – деген – адам екен! Сондықтан, Бір сүюге болады оның бетінен!

КҮНДЕ ЛАУЛАП ЖҮРСЕМ МЕН Бұл əлемнің байлығы – Шықты аспанға биік күн. Көңіліңді май күні, Көтерейін, сүйіктім! Қарқ қылып «қалқамға», Сен де мені биіктет! Жерде тұрып, балконға, Лақтырайын бір букет. Күлкі шашқан көзіңмен, Қолың соз да қағып ал. Жігіт аспас өзімнен, Сендей кімнің жары бар! Ширек ғасыр жыл өткен, Жатыр сайрап жол артта. Шымқай қызыл көйлекпен, Шығып ең-ау парадқа! Қалың топтың үстінен, Қарап едім шолып мен. Сонда көзге түсіп ең, Өрт жалаудай болып сен. «Алып қаш» – деп, – сол өртті! – Жүрегімді жұмсадым. Содан қанша жыл өттім, Отқа толы құшағым.

Ақын болып жұрт сенген, Үлестіріп олжамды. Күнде лаулап жүрсем мен, Сенің отың сол мəңгі!

КӨКШЕНІҢ ЖАСЫЛ ТАМШЫСЫ-АЙ Жатқаныңда жазып бой, Жан түкпірін жылтайын. Терезеңді ашып қой, Маңдайынан сипайын. Жібек алақаныммен, Жинап əкеп гүлімді, Сыйлап ала таңым мен, Қара мақпал түнімді. Түсіңнен өң жасайын, Жақсылыққа жорытып. Қос-қос жұпар шашайын, Хош иіске шомылтып», – Дейсің Көкше. Көкшем-ай! Əулиесің осыңмен. Саған тартып өтсек-ай, Барды жұртқа тосумен. Тіл – тұңғиық бір теңіз, Иірімі мол екен. Соған бойлай білсеңіз, Сирек бақыт – сол екен. Бал, жемісті-мəуені, Жақсы көріп – жаның құр. Татпай тұрып, əуелі, Өз тіліңнің дəмін біл.

Не бар деме тілімде, Құлағыңа құй мұны. Тілдің дəмін білу де, Табиғаттың сыйлығы. Қасымда тұр екен, – деп, Шықпа Көкше басына. Саусағыңмен мəпелеп, Қарызыңды кет төлеп. Таң-тамаша тасына, Тал, қарағай шашына. Қасымда отыр екен, – деп, Қарғып, ойнап, секеңдеп, Өз атаңның басына, Шықпайсың ғой, расында. Махаббатты əулие емес, жын қылған, Қасиетіңді күнде түтіп, жүн қылған. Адамдардан аулақ жүру – арман-ау, Орындалмай келе жатқан мың жылдан! * Қолжаулық – алғашында қол орамал – Адамның ылас, кірден түсін ақтау. Ал қазір онда кері мағына бар – Адамды қорлау, кірлеу, ысыраптау. Қор болған бұйым екеш сондай бұйым, Жақсыдан жаман болу қандай қиын!

  • Жарқ-жұрқ еткен найзағай, Кеудесін сызып өткенде. Оқжетпес шіркін жайнады-ай – Жарасып жасыл көктемге! Арманда өтер сан ақын, Жана алмай еркін жабығып. Ішіндегі өртті жағатын, Осындай отты сағынып. Мансапты сақтау оңай емес, Ынсапты сақтау – одан да қиын. Таң салқын, таңмен бірге сен де салқын, Бурабай, күндіз көркем, сұлу сылқым. Таң атпай асау толқын асылғанда – Кеудесі қайрақ тастың бұлтың-бұлтың. Күн шыға жарқырайды алтын аспан, Түнімен аршып шығып сұрғылт бұлтын Қарайсың жарқ-жұрқ еткен балтырларға, Оянып ойда жоқта найсап кұлқын. Бұлттардың Көкшетауда қалпы қызық – Кейде ару ақ көйлекті,

алтын жүзік.

Шыға сап маңғаз Көкше құшағынан, Барады көк аспанға қалқып жүзіп. Жарқылдап күміс кебіс іле салған, Түсуге секілденер аз-ақ қалған. Сұлудың күреңітер аяқтары, Жап-жаңа күн нұрына малып алған. Төсектен түнгі ыстық тұра атылған Жас ару əрең өлмей ұятынан. Көліне Бурабайдың асығады, Жиналмай қара бұрым ширатылған. Күмп берер ыстық басып,

ынтық басып, Ақ самал ақ орамал жұлқып қашып, Күлегеш Бурабайдың толқындары, Ойнайды жас сұлумен қытықтасып. * Бір түптен шыққан өсіп қос ақ қайың, Бір шаңырақ, бір от басы – қосақтайын. Табиғат ақылдысың неткен мұнша, Біз, əттең, сені ұғуға болсақ дайын! Бəрі де өзіңе ұқсас тіршіліктің, Майысқан қағу көріп бір шыбықтың. Үстіне бар орман боп еңкейесің, Соныңды тебіренеді түсініп кім?! Туыстық, бауырмалдық, жұптық, көптік, Аталық, ағайындық, ұлттық, тектік – Бəрін де ұзақ айтып қала бердің, Біз оны шыға салып ұмытып кеттік.

Қашанда ойдан сені босатпайын, Тегін ал, үлгі, сабақ, жол сатпайын!» – Дегендей көз алдымнан кетер емес, Сонау бір құшақтасқан қос ақ қайың. * Адамда болады бір сүйкімділік, Тұрсаң да бір күн көріп,

бір күн біліп. Секілді баяғыдан танысыңдай Кетесің төс түйісіп, еркін жүріп. Ал мұнда көп мəніс бар ойлағанға, Пенденің бəрі бірдей жолы аманда – Дегенмен күн бəріне бірдей ортақ – Күн көзі көбірек түскен сол адамға. Бір сəтке таңданамыз осыны ұқпай, Оны ұғу құдіретке қарсылықтай. Жарқылын жаның сезіп, көзің көрмес – Ондай жан күннен қалған бір сынықтай. Əдеби тағдыр – даңқ емес қазір шыққан, Өзің жайлы көп естір өзің сырттан. Əдеби тағдыр – ақынның бар өмірі, Құралған көп қуаныш, көп қырсықтан. Кездерде кей кісіге қарның ашқан, Таңертең сұхбаттасып, сөз жарысқан. Адамды кешке жақын сағынасың – Жаңалық, бұл да қызық өзің ашқан.

Ескінің жаңа болып құбылуы – Заңдылық келе жатқан бұлжымастан. Көкшенің суылдаған көк жаңбыры Көп айтқан, сыбырлаған маған мұны. Білмейтін нəрсесі жоқ, естімейтін, Қосылса табиғат пен адам күні. Көкше айтты: бар пендені жер бүктемек, Сол жерден – «келдік» демек, «кеттік» демек. «Құрмет» пен қошеметті қарсы алуға, Өлімді қарсы алғандай ерлік керек! Дүниені кең деу – кеңдіктің емес сияғы, Кеңдікті іздеу – көңілдің тарлық зияны. Екі жақтан көңіл жайылған кездерде, Бір метр жерге қос данышпан сияды. Тау Көкше көкректен ой ағытқан, Қиырдан қиял жүйткіп орағытқан. Күндердің саған қарап көз талдырған, Əсерін əсте бойдан мен арылтпан. Қарағай – қас пен кірпік, қабақтарың, Бурабай – көз жанарың қарап бəрін. Түсірген құбылыстың дəл кескінін, Үйретіп жүру, тұру сабақтарын.

Мен саған шын риза күйімменен, Тағы да тамшы құрап, құйылды өлең. Мен сонда диплом жазып жатқандаймын, Тақырыбы – «туған жерді сүю» – деген. Ж. Мусинге Амансың ба, Жанайжан, Көріспедік талайдан. Орын алған бала едің, Жан-дүние сарайдан. Көкше деген маңайдан, Бірге таттық талай дəм. Бөліп алып сыбаға Əрбір жылдан, əр айдан. Шықпас соның бəрі ойдан, Алған əсер молайған. Азбас көңіл иесі, Айналайын, Жанайжан! Кеудемізден тарайды əн, Айнымайтын арайдан. Осы күнді ұмытпа, Жандай бауырым, Жанайжан! * Күн сəулесі əлі өшіп, байымай, Жатыр шығып шың басына қонып Ай. Біз де ертең аттанамыз Көкшеден, Біреу келіп, біреу кеткен өмір-ай! 1978-79

  • * Жаңғыр, кеудем! –

жасыл көктен құй бұршақ! Кел, балалық! – Жалаңаяқ қиқу сап! Кел, тірілік, Кел, тұлғалы кесектік, Кет жанымнан, қисық мінез, қиқым шақ! Көк ала бұлт, көктем сері, қайдасың? Сүрт кірлеген жүрегімнің айнасын! Бар ғаламның түсір соған келбетін, Көкрегімнің көк шынысы жайнасын! Күн қонақтап, Ай – қалықтап – сал дəуір. Жарты жаһан мен болайын сонда бір. Зұлқарнайын көтергендей əскерін, Кең кеудемнен жаңғырықсын зор дабыл. Мүмкін емес көктем келсе қозғалмау, Мұндай кезде өшкен өсек, тозған дау. Тағдыр мені шын ақын ғып жаратсаң, Өзімді-өзім бір сыйлайтын кез болды-ау!

  • * Рақмет туы, – көтеріл сен көктемде, Уақыт қой бұл тілдесетін көкпен де. Уақыт қой бұл қоя салып жақынды, Тілдесетін жатың менен жекпен де. Жайып салып жаның менен дəміңді, Көрсететін салтанат пен сəніңді. Көрсететін уақыт қой бұл байғұс-ау, Дүниеде сен де тірі, барыңды! Бəрі ғайып – өр басына қонған бақ, Бүгін тəттің – ертең ащы сор болмақ. Барын айтып қалады ғой көктемде, Қоңыз екеш қоңыз-дағы қорбаңдап.
  • * Арты да айқын, алды айқын, Секілді боп алдайтын. Мінезі бар бақыттың – Қауыпты еске салмайтын. Сондықтан да «шүкір» – деп, Сəби атын қою жоқ. Көйлек-көншек бүтін – деп, Өзгесіне тойым жоқ. Бола берген мың есе, Байлық деген жарықтық. Қасірет сол – жіберсе, Қасиетіңді тəрік қып.
  • * Алтын жамбы жүк артып, Ақ жұлдыздай ағасың. Жақсы досты жоғалтып, Жалғыз көшіп барасың. Өмір деген сол жайлау, Тозбай тұрса жақсы ғой. Мың тұяқты күнде айдау, Бір өріске тапшы ғой. Қысқа күнге батырсың, Ұзын ерлік сұрама! «Қанағат – деген ақылшым, Қайдасың? – деп жылама!» Жылағанмен келмейді, Оған да қайтар жол керек. Қай заманда бол мейлі, Дүниенің салты дөңгелек.
  • * Рақымжан Қошқарбайұлына Сені жырлап өлең жазды көп ақын, Бірақ оның ортасында жоқ атым. Бірақ менің сені сүйген жүрегім, Жүрегіңмен ылғи бірге соғатын. Не болады салқын өлең, сан қағаз, Туған жердің барын жинап – берсең аз. Қайран қазақ ер екенін айтуға, Екі-ақ сағат жұмсадың-ау сен сабаз! Мен соны ойлап терең-терең тебіренем, Мен де бір күн көкті ұмытып, жерге енем. Отыз жылдай отқа бөлеп кеудемді, Отыз жылдай өлең шаштым елге мен. Мен соныма жас баладай уанам, Сен өңіңде, мен түсімде ту алам. «Ту тұтқандар жасасын!» – деп, сенімен, Бір жолығып қалған сайын, қуанам. 1979 жыл

МАҢҒЫСТАУ МАҢҒАЗДАРЫ (Ұялас өлеңдер) Маңғыстау, содан бері үш жыл өтті, Құс болып айлар, күндер ұшты, кетті. Хабарсыз жолаушыдай қалдым үнсіз, Оятпай кеудемдегі ұшқын-отты. Жалтақтап іздедің бе мың көзіңмен, Күн сүйген күрең қасқа күмбезіңмен, Мың тарау шимай-шимай жолдарыңмен, Ақ көңіл ақын жанды мінезіңмен? Кеш мені, кемеңгерім, қарт туысым, Осынау салқын сабыр, сақтық үшін! Мен сенен əрі қорқып, əрі ұялдым, Таба алмай өлең сөздің сап күмісін. Сағынып, медет сұрап сағыныштан, Қиялым бүгін саған алып ұшқан. Қиырдан қиқу салған даусыңды естіп, Көзіме көк жалының шағылысқан. О, менің ұлан байтақ ұранды өлкем, Атырау айдынына шығар желкен! Тос маған шағалалы толқыныңды, Құлаштап құшағыңа қазір жетем! «МА

ЫСТАУ МА

АЗДАРЫ» кітабынан 1983 жыл

  1. ЖЕТІБАЙ ОТТАРЫ Жағалай жан-жақ – ақ жалау, Даланың қолы көтерген – Ақ жалау емес – ақ алау, Жер астынан от өрген. – Талтүсте бұлай маздаған, Қаз-қатар отты көргенім. – Ақындар мұны жазбаған, Таппаған əлі өрнегін! – Мұншама жалын өлеңге, Сыюы мүмкін емес қой. Апарсам бірін мен елге, Оны да олқы демес қой! Күледі маған жас адай, Мүсіркеп, бəлкім, қарайды. Дала бір жарық ақ сарай, Көзіңе маздап қарайды. – Мұнайдың – осы жолдасы, Газ серік – дейді қазақша. Бұлардың анық болмасы, – Егерде мұнай таза ақса. Əр жерден тесіп сондықтан, Ажыратып қойған əдіс бұл. ...Буалдыр тартқан сол оттан, Күп-күрең сағым, алыс қыр. Күрсінем, көзге баяғы, Қараңғы дала елестеп. Шырпының жалғыз таяғын, Табуың да мұң емес пе ед?

Ендігі міне жатқаны, Күндіздің өзін жарық қып. Даланы отпен жапқаны, Жақсылық деген жарықтық. Қаншама болды жол құрбан, Маңдайдың тері кепкенше. Сонау бір тезек шоғынан, Біз мынау отқа жеткенше! 2. МҰНАЙ ТАРТҚАН МҰНАРА Ғасырлардың көшінен, Асырып салған мұнара. Ақсақ Темір есінен, Танар еді, сірə да. Мұнай тартқан қаз-қатар, Мұнараны көргенде. Келген шығар сан-сапар, Ол да бір кез сол жерге. Тандыр ғой деп тап-тақыр, Бұрған шығар ат басын. Алтын күмбез, ақ шатыр, Құратын жер тапқасын. Ауыр болат құрсанған, Қатар-қатар мұнара. Жер қойнына қол салған, Солқ-солқ еткен бұл ара. Қара толқын шапшыған, Көкке жетпей тұр аз-ақ. Толқын басын қақшыған, Қаршығадай бір қазақ.

Жол тағы да жылжиды – Ол орнында тұра ма? Жон астыңа сүңгиді, Мұнай тартқан мұнара... Тағы да бір от жалау, Желбірейді ауада. Мүмкін емес көп қарау – Көз қарығып бара ма? 3. САТЫ АТАН Пай-пай, күннің ыстығы-ай! Жер-дүниені өрт қылып. Қос шекеңді қысуы-ай, Көздің майын кептіріп! Айдалада сары атан, Ұйықтап тұр түрегеп, Баяғыда нəр татқан – Езуінде тікенек. Селт етпейді дыбысқа – Дүние шуын нағылсын. Секілді бір түп нұсқа, Дейтін, сирек табылсын. Ол мүлгіген философ, – Ойы кеткен тереңге. Тұр миына ми қосып, Ұқсағанмен кереңге. Көн терісі күн иіскеп, Көңірсиді шудасы. «Солай болу тиіс» – деп, Көнбіс тартқан бір басы.

Ескі құдық есінде, Баяғыда су ішкен. Байпаң басып, есінеп, Есендескен туыспен. Соның бəрі естелік, Жаңа күнмен жарысқан. Енді оянып, кеш көріп, Маңқияды алыстан. «Күндіз-түні безектеп, Шаңға көміп бетімді. Осыларға не жоқ?» – деп, Ренжіген секілді... 4. ФОРТ-ШЕВЧЕНКО Атырау алыс кеткен жағалаудан, Қасынан қарт қаланың табаны ауған. Алыстан ақ жал толқын қайтар кері, Жалығып жардың басын сабалаудан. Орнығып сонау шыңда Тарас ақын, Көп көрген көк теңіздің парасатын. Ол сабаз табиғатпен тілдескенде, Жандары жаңғырығып жарасатын. Даланың өзге тұрмыс, басқа аңызы, Ғажайып дүниедей ашқан өзі – Бəрі де ақын атын жатыр айтып, Сыбырлап жүрген жері, басқан ізі. Төменде Тарас бағы дүрілдеген, Секілді əр жапырақ – бір-бір өлең. Солардың басын қосқан оркестрдей, Атырау сабасында күмбірлеген.

Бəрінде Тарас исі жұпар атқан, Оны айтпас жан болмайды бұл танаптан. Қазақтың қасиеті мен қасіретін, Қастерлеп, қалам тербеп, жыр таратқан. Біз көрдік ол болжаған болашақты, Ту етіп бауырласқан жаңа шақты. Алыстан, сонау арғы жағалаудан, Бір кеме келе жатыр «Тарас» атты. «Əнекей «Тарас» келе жатыр!» – десіп, Балалар шапқыласып, толқын кешіп. Алдынан бара жатыр, енді ұзамай, Фортымен тұрар шалқып, ол жүздесіп. 5. ТАМШАЛЫ Жер де – шөл, аспан да – шөл, Төрт құбыла, Айналған құдіреттің оттығына. Секілді өмірінің заңдылығы, Үйренген мұнда судың жоқтығына. Осынша қалың шөлдің ортасында, Жарылған жалаңаш жер қолқасында, Аяқтың дəл астынан аңғар шығып, Ал содан самал ессе... Қорқасың ба? Ғажайып, жат көрініс... жан жатырқап, Қарайсың əм жабырқап, əм таңырқап. Жартастай қақ бөлінген қабырғадан, Бүркіп тұр салқын тамшы, сонша бұршақ! Мынау не? Шөлдеген ел – көз жасы ма? Тəңрінің көктен түскен олжасы ма?

Тұрасың есеңгіреп, есің танып, Бір сəтте бар мен жоқтың ортасында. Содан соң қаңсық дене дымқыл тілеп, Əуелі жиырылып, бір тітіреп, Тамшымен жылап келіп, табысасың, Ойнайды асау бұршақ, су сілкілеп. «Рахат» – деген сөздің түпкі атасын, Жаңа ұғып, ойды əлдилеп ұйықтатасың. Тыныштан, қайнаған ми қайта суып, Тірліктің тəтті дəмін бір татасың. Тұрғанмен алғашында жаның шошып, Үйреніп, қайта-қайта жоның тосып. Табиғат бала екеніңді еске салар, Мəз қылып, ойыныңа ойын қосып. «Тағы да, тағы, тағы!» – дейді біреу, Жағалай алтын шыбық, күміс тіреу. Астында бұл ғажаптың туған шығар, Дүниеден өмір тілеу, тұрмыс тілеу. Осында қимастық та, сағыныш та! Самғауық көңілің де алып ұшпа! «Тірліктің мың тамшысын жамыраттым, Сен бірін, тым болмаса қағып ұста!» – Дегендей, жаратушың қандай күшті! Тамшыны тағы қақтым, – таңдай құшты... Келеді осы арада тастап кеткің, Талай жыл бағып-күткен жан байғұсты. «Тамшалы!» Жердің аты, судың аты, Тараған тал бойыңа мың қуаты. Секілді таусылмайтын, сарқылмайтын, Жарықтық туған жердің махаббаты! Сол – өзі жасайтұғын жоқтан барды, Десек те «бұл ғажайып хақтан қалды» –

Жер-ана құдіретін білгізуге, «Тамшалы» бір ескерткіш соққан мəңгі! 6. ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ОЙ Ел Адай, енді саған оралайын, Ой толғап, сол ойыммен дем алайын. Əлдиле ыстық жолда ықыласыңмен, Қашаннан қайсар мінез, ер ағайын. Не ғажап! Мұнда келіп кеттім өсіп, Көңліммен асқақтаған көк тілдесіп. Қиялдың қанатынан от сорғалап, Ауаңды ерсіл-қарсыл өттім кесіп. Не сиқыр! Өз-өзімнен аруақтанып, Өң түгіл, түсімде де алға аттанып. Ұрандап оянамын, босатпайды, Жанымды қаптап, қоршап алған шабыт. Бар ма еді бұрын менде қызу мұндай, Өмірде ұзақ жасар қызығымдай? Əлде ол – менің саған адалдығым, Қашаннан келген айнып, бір бұзылмай. Білем мен бір кісідей тарихыңды, Тап басып ақыл сені танитын-ды. Тағдырдың сойқан дауыл соққысында, Жалаудай алып шықтың жан-ырқыңды. Білем мен найзағайдай мінезіңді, Лақтырған отқа талай бір өзіңді. Ант бұзған, серт қиратқан дұшпаның да, Көрмеген жерге басып шын сөзіңді.

Еркек жұрт ерік тапқан ат жалында, Маңғыстау – махаббатың, мақтаның да. Айтшы сен, еркелікпен бір сұрайын, Жақсы жер бұдан артық таппадың ба? Көн жазық – қасқа сор мен қаратандыр, Көрмеген жыл тəулікте дала жаңбыр. Шел басып қаңсып қалған бос күбідей, Жер түгіл, аспаны да күңгір-қаңғыр. Тас кебіс тумай жатып бота киген, Қуырылып, құлын-тайы отқа күйген. Балаңның бадана көз, кірпігін де, Жасынан жалын шалып, аптап сүйген. Осындай мекен үшін бел қайысып, Ат ерттеп, садақ асып, сан сайысып. Келгенің маған жұмбақ – деймін саған: – Япыр-ау, мына бір тұс қандай ыстық! Дейсің сен: – Иə, бұл тұс сондай ыстық, Сол ыстық үшін де біз көп сайыстық. Ыстық жоқ – туған жердің ыстығындай, Жүрсе де күнде басың отқа түсіп. Қойдым мен. Бұл əшейін пендешілік, Сөйлестік мен еркелеп, сен кешіріп. Тағы да заулат мені жолдарыңмен, Үш түбек, жатқан дала кең көсіліп. Бер маған күрең қасқа сəйгүлікті, Қуайын, жетер ме екем мəңгілікті. Адайдың тұлпарының тұяғының, Астында от жатқанын кім біліпті...

  1. ЖЕРДІҢ ТҮБІ – ҚАРА ҚИЯ Төкен Жұмағұловқа – Мынау бір жатқан қап-қара ойпат, Соқты ғой содан жып-жылы леп бір. Дүниедегі ең төмен алқап, Теңіз деңгейінен жүз елу метр. Бұл – жердің түбі. Атамыз қазақ: «Жер түбі» – деп, алысты айтқан. Мінезі тосын, айбары ғажап, Үстінен құстар ұша алмай қайтқан. Өтпесек жылдам зуылдап қашып, Тартады табан кідірген жанды. – Жанарын Төкен бадырайтып ашып, Жартылай күліп, зəрені алды. Шынында мынау ғаламат астау, Құп-құрғақ түбі қолқаны қапқан. Кетердей кіріп ішіне аспан, Көлеңке іздеп, таңдайы қатқан. Əйтсе де тосын суретке таң боп, Қадала қарап, сабыр сақтаймыз. Бұл сəтте біздей маңайда жан жоқ, Алып шарадағы бауырсақтаймыз. Сол ойымды таныған Төкен: – Шашылмай тұрып, қашайық, – дейді. – Ақынға мұндай жер таңсық екен, – Əйтпесе, сусын басайық, мейлі. Ашады сосын салқын бір шампан, Сорғалап көбік, дүркін де дүркін... – Іштік қой жердің бетінде сан-сан, – Ішейік жердің түбінде, шіркін!

– Керемет екен! – деймін де, есім, Жиылмай, əлі қараймын ұзақ. Биікте сонау тіршілік көшіп, Алмайды дамыл зуылдап, зырлап. Сырттағы дүние есігі бекіп, Жапқандай қақпақ қос-қостап тығып. Аздан соң астау тесіліп кетіп, Қалатындаймыз космосқа шығып. Осындай əсер жүректі қамап Көргені бар ма? Сен айтшы, досым! – «Жер түбін» көрген жандардың əмəн, Жортқанда сапар, жолдары болсын! – Дейді де Төкен, тартады шарап, – Тіріде тағы көрерміз талай! – «Түбіне жердің» – соңғы рет қарап, Жүйткиміз жердің бетіне қарай.. 8. ШЕРҚАЛАМЕН КЕЗДЕСУ – Анау не, ақ жазықта дөңгеленген, Жолыққан жолаушыға көлденеңнен? Шерқала – ол, – Маңғыстаудың дулығасы, Адайда алпыс ата көзін көрген. Шерқала – қазақшасы – Қала – Арыстан, Көрінер қарасаң да қай алыстан. Аумағы аспанменен бірге айналып, Басына бұлт кідіріп, баяу ұшқан. – Ойпыр-ай! – Сыятұғын ойға зорға, Мынау бір дүние-сарай – маңғаз орда! Отырар орын болсын, – деді ме екен, Бар қазақ келе қалса алда-жалда?

– Шерқала – қалалардың арыстаны, Болды ма көне ғасыр, сол тұстағы? – Жауапсыз ол сұрақты көміп кеткен, Тарихтың, табиғаттың тартыстары. Əлде бұл – сол қаланың мұнарасы, Айдары, ақыл айтар ұлы ағасы? Қашанда не зұлматтан аман қалу, Тек қана биіктердің сыбағасы... Осылай ой толғайды Жəрдем Кейкин, Көтеріп түсіп қалған жерден бөркін, – Шалқайып қарағанда бөрік түгіл, Басыңа ие емессің емін-еркін. – Ал енді мұның іші – аңыз сандық, Тастаған хикаямен тиеп, шандып. Айтқанда суыртпақтап көне шешен, Аспанға аузымызды сүйеп қалдық. Биікте қызылбастар қамал құрып, Ала алмай жерде қазақ амал құрып. Ақыры түптен тесіп, жоғары өрлеп, Шыңғыртып асау жауға салған құрық, – Дейді бір білгіш бала көзі ойнаған, Əлде бұл аңызы ма өзі ойлаған? Шерқала маңқияды үнсіз-тілсіз, Тылсымдай адам емес, жын жайлаған. Мен тұрмын ие болмай қиялыма, – Көңілдің жауап іздеп сұрағына, Келеді керуендер көз алдыма, Келеді ың-жың дауыс құлағыма. Келеді өшкен өмір зарлы мұңы, Булаған сұр жебенің жаңғырығы. Ал анау ұшар баста бой-бой болып, Ағарған бүркіттердің, саңғырығы. Шерқала əкетеді ойды алысқа,

Кім білсін арыстан ба, жолбарыс па? Əйтеуір ірі болу керектігін, Оқытып тұрған бізге ол да нұсқа. 9. ҚАМЫСБАЙ К. Əбішке Мынау жатқан қарқаралы құба дөң, Қасиетті, салтанатты бір əлем. Мұнда Адайдың алыптары көк тіреп, Аспан – Жерді жалғастырған дұғамен. Құлпытастар – ата-баба тік тұрған, Мəңгі өлместі əм келместі ұқтырған. Мұндай сұлу мұңды қала көрмедім, Ашық күнде айдарына бұлт тұнған. Тастан адам жасай берген не ғажап, – Арман, мұрат, қайғы-өкініш, шер-азап. Бəрі соның дастан болып жазылған, Ең соңына қолын қойған Ел-қазақ. Тіл жеткізбес тұнып тұрған мың өрнек, Жарқыратар омырауына күн өрлеп. Сонда мынау ғимараттар сөйлейді, Бұл дүниеде бар мен жоқты түгендеп. Ең қария, орта жас пен ең кіші, Бəрінің де бөлек-бөлек белгісі. Құрметі мен қызыметі ап-анық, Əр орында əйел менен ер кісі. Тірі түгіл өлгендер де тəртіпті, Сақтап тұрған ағалықты, артықты. Барлық пенен бəсеке жоқ бұларда, – Əділдігі табиғатқа тартыпты.

Мен білмеймін кім болғанын Қамысбай, Кісі шығар ант пен иман, намыстай. Мəдениет, өнер атты əулие, Тұр əйтеуір осы есіммен қабыспай. Ақын інім, осында екен бар тумаң, Ата-баба, байтақ жаның, бай тұлғаң. Ол бір кітап сенің қолың көтермес, Онда сенің кім екенің айтылған. 10. АЛШЕКЕҢ ТУРАЛЫ АҢЫЗ Күн ауғанда желкеге, Көкжиекте жоқ кетік. Шерқаладан Шетпеге, Келіп түстік топ етіп. Жаны аяулы жас жігіт, Күтті үйінде тік тұрып. Табақтап ет астырып, Салқын шұбат жұттырып. Кірді есіктен бір кісі, Жер тіреген ішігі. Бұрынғылардың үлгісі, Бүгінде жоқ пішімі. Манағы маңғаз Шерқала, Болған кезде екінді. Енді айналып адамға, Кіріп келген секілді. Бейне биік от жалау – Жақсы-ақ екен туысың! «Ассалау» да «Ассалау» – Кернеп кетті үй ішін.

Он шақтысын бір жола, Құшағында жоқ қылды. Көрер емес, сірə да, Жалғыз арқа шөп құрлы. Қайран ұлдар əкеге, Еркелесе – жарасар! Жайып салған көрпеге, Орналасты Адай шал. Дуылдасты, күлісті, Кетті ұласып қалжыңдар: – Шынашақтай бұл құсты, Қайдан ұстап алдыңдар? – Шерқаладан шерулеп Келе жатсақ, бұл батыр, Кекіл шашы желбіреп, Жаутаң қағып жолда тұр. Баса салдық бауырға, Болмайық – деп жат ене. Əкеп тұрмыз ауылға, – Əлде онымыз қате ме? – Дұрыс, дұрыс. Ұнамды, – Жөн сұрасып жатқан ғой. Бұлар түгіл, қыранды. Қонақтатқан салт бар ғой. Əкел, балам, қолыңды, Біздағы қарт бір тумаң. Ашсын тəңірім жолыңды, Естуші едім сыртыңнан. Қалдың кенет ұшырап, Киік асық – тəйкесің.

Қолтығыма қысып ап, Үйге əкетсем, қайтесің? – Селк-селк етіп күлгенде, Үй ауасы теңселген. Мені өзіне икемдеп, Иіскеді желкемнен. Қақты сосын арқамнан, Жеңіл ғана сілкілеп. Шықты орамал қалтамнан, Көзден жасым сіркіреп. Бақсам, бос-ақ екем мен, (Ес кіріп, кеткен жетімдік). Қырық жыл болған əкеммен, Жолығысқан секілді. Содан қызды əңгіме, Серілігі тарқамай. Соқты сөз бен дəмді де, Сексендегі қарт Адай. Революция жалауын, Маңғыстауда қадаған. Жангелдинге сонау күн, Серіктікке жараған. Нелер қырғын, топалаң, Ел тағдыры шешілген. Нар басындай осы ағаң, Бəрін бастан кешірген. Тірі тарих самбырлап, Сөзін бұзбай тұр Шетпе. Боз торғай да таң жырлап, Тынған екен бұл сəтте.

– Кел қарағым, кел Ғафу, Сапар саған лайық. Ел аман да ер тату, Болғаны үшін алайық! – Дейді де ол ыдысын, Босатады жігіттей. Сергітеді үй ішін Ұйқы көрмес бүркіттей. – Сөкпе біздей шіркінді, Кезіміз ғой көнерген. Алып қойдым бір түнді, Лұқсатсыз сенен мен! Түнді қойшы, тəйірі-ай, – Жақсы күнің көбейсін? Күнді түннен айырмай, Жүргендерге не дейсің! – Ал содан соң Алшекең, Арғымақтай бой жинап, Тұрған кезде, намыс екен, Жатқанымыз құнжыңдап. Онымызды дана қарт, Байқаса да байқамай. Қарайды жонды аралап, Қолымен көзін қалқалай. – Кетер сағат келді деп, Қоштасамыз жамырап. Ақ көйлегі желбіреп, Қақпа алдында қалды қарт. Қайран сабаз қалды ғой, Секілденіп жалғыз тау.

Осылармен мəңгі ғой – Маңғаз өлке Маңқыстау! 11. АДАЙ АНАСЫ Əлі есімнен кетпейді, Қыз бен жігіт түзген бой. Өзенде яки Шетпеде, Болды үйлену үлкен той. Шыққан екен жайнап-ақ, Барын халық жасанып. «Алтын кірпік, Ай қабақ» Ақ арулар бой салып. Алмас семсер секілді, Жарқ-жұрқ еткен жігіттер. Сілкіп тастап кекілді, Тыпыршыған жүйріктер. Ақсақалдар ордадай – Орнығысқан төр беті. Төрт бұрышқа толды Адай, Той бесігін тербетті. Адамның бір атаны, Секілденген күрең шал: – Қайда күміс бақаның Жаңа шаңырақ тіреу сал! Ал көтердік, бісміллə! – Деген кезде, қол самсап. Жүз сан білек аспанға, Қалды асылып осы сəт.

Сəлден кейін жұрт жым-жырт, Жерде шашу шашылған, Қақ айрылып, жыртылып, Ортадан жол ашылған. Ақ жаулықтың ұшымен, Аппақ шашын қымтана. Көзінде от, ұшқынмен, Көп алдына шықты Ана. Баяу бастап, іркіліп, Сөздің оғын жонған соң. Қаршығадай сілкініп, Алды дейсің сонан соң. Жасыл қамзол шешіліп, Серпіп жаулық, жалаң бас. Жатты арқада көсіліп, Қара бурыл қолаң шаш. Баяғы бір сұлулық, Самалы есті жағалай. Ана деген ұлылық, Қосылған мол саладай. Қос салтанат үйіріп, Алды көздің жанарын. Көтерді ол тым биік, Ақ білектің жалауын: «Аман шаңырақ – Ердікі, Аман ошақ – жердікі. Бірлік-тірлік – Елдікі, Сəн-салтанат – бардікі. Екі бағлан қосылса – Жақсы дəурен жастікі.

Босағадан жол шықса, Болар елге бастікі. Ата-дəстүр қашаннан, Үлкен үйден от алған. Ел қатары жасалған, Осындай бір отаудан. Оны жыққан оңбайды, Қалар шығып қатардан. Екінші той болмайды, Ақ батаны қайтарған. Жиын емес мына той, Ойнап-тарқап кететін. Енді отыңа бейіл қой, – Көтер қызық, бейнетін. Ертең ұрпақ жамырап, Үй толады қызыққа. Ұл көтерер шаңырақ – Ие болар қыз отқа. Дүние қалпы дөңгелек – Қаптайды енді бар «керек». Ел баптайтын ер керек, Дəм баптайтын жар керек. Қазақ атаң нені айтқан, «Бір үйім бар» – дегенде, – Ұйым қамын жеп айтқан, Ең керегі сол елге». Деп бір тоқтап, əр қарай, Жосылады сол анаң. Дүние-күмбез кең сарай, Мағынасын толғанған.

Əлі есімде қарт бұлбұл, Көмейінде көп маржан. Төкті аямай төкті бір, Халық қарық боп қалған. Қаршығадай шүйіліп, Самғағаны бір ғажап. Сол жақ қолмен бүйірін, Тұрады екен уқалап. «Қанаты ма?» – дедім мен, Қайта-қайта қызатын. Қызған кезде көңілден, Сөз қамалын бұзатын. Ғажапсың ғой, табиғат, – Шешілмейтін – сен жұмбақ. Біреу өткен мал жинап, Біреу өткен ел жинап. Мақтан, бауырым, сен Адай, (Тек мақтанбай күшіңе.) Мынау ғажап анадай Шешең болған үшін де!

  1. БЕКЕТ АТА ТУРАЛЫ АҢЫЗ Əулие Бекеттің қабірі, жанжағы құз-шатқал, жетуі қиынқыстау бір шыңның басында көрінеді. Қазіргі күнде вертолет болмаса бару мүмкіндігі қиын деседі. Мен де бара алмадым. Автор Туғанда қауіп-қатер, күн зымыстан Немесе кездескенде қиын дұшпан, Кезінде ер басына бұлт айналған, – Бекетке ел тірісінде-ақ сыйынысқан. Кісі екен сəлемінің өзі рақат, Кететін кездескенде шерің тарқап, Көзінде көкшіл жалын жанады екен, Қапыда қалса біреу атын атап. Сондықтан оның атын көп айтпаған, Күні жоқ қасиетін молайтпаған. Алдында жатады екен жолбарысы, Ит-құсты маңайына жолатпаған. Жалғыз-ақ бір құрдасы тиіп-қашып, Онымен ойнайды екен иықтасып. Ел айтқан аруағына сеніңкіремей, Əр жерде көлденеңдеп жүріпті асып. Ер Бекет оныменен сөзге ерінген, Кезі жоқ бір қалыптан өзгерілген. Өзгеге өзі түгіл сəукеледей, Шалынған көлеңкесі көз көрімнен.

...Бір күні сол құрдасы жолға шыққан, Ауғанда атан түйе арбасынан. Қатыны баласымен қоса қабат, Құлдилап құлап кеткен жар басынан. Сорғалап төмен құзға бара жатып, Қалыпты «иə, Бекет!» деп бір тіл қатып. Дік етіп аман-есен жерге түскен, Түсінен оянғандай ойға батып. Қадірін құрдасының сонда аңғарған, Еңіреп айдалада жылап алған: «Бекетжан, айналайын, сен болмасаң, Мен үшін құрып еді мына жалған»... Депті ол бір жиында Бекет ерге: – Талай жыл түсіп кеппін текке терге. Кеш, батыр, кеңдігіңнен шапағат бер, Кетпесін əзіл тарап шет-бөтенге. – Ол рас, – депті Бекет, – қолдағаным, Шырқырап ұшарында сонда жаның. Маған да əзіл айтар біреу керек – Обал ғой сенің тірі болмағаның. Жалма-жан жаурынымды тоса қалғам, Сары атан белімнен кеп баса қалған, – Нанбасаң қарай ғой, – деп шешінгенде, Құрдастың сол арада шашы ағарған. Түйенің төрт табаны түскен аттап, Тұр екен жотасында мөрдей қаптап. «Сабаз-ай!» – деп күрсінген қараған жұрт, Жөнелген əулиенің атын жаттап. ...Осы аңыз естігенде есімді алған, Сондай бір ел жадында есім қалған.

Адайлар: «Иə, Бекет!» деп сыйынғанда, Кеңейіп сала берген есіл жалған. Біз-дағы пендеміз ғой бұлт кешкен, Сауыңда қауіп-қатер шығыпты естен: Құлдилап сондай құздан құларымда, Арман не, «иə, Бекет!» – деп тұрып кетсем! 13. СӨЗ СОҢЫНДА Маңқыстау, саған менің көп қарызым, Жоныңда жолаушылап жортқан ізім. Қалсын – деп жырларым да, шабыт сұрап, Жолдаған жаңа оралды көкке арызым. Онсыз да уақытты асырған шақ – Асығыс кедір-бұдыр тасты қашап. Балғасын қарт шебердің сұрап алып, Бір бөстек-бітеу тері астыма сап. Аспанда аз бұлтыңның бір пұшпағын, Алдыма алжапқыш қып, күнде ұстадым. Қарарсың күлімсіреп, кешіріммен, Олақтау жұмысына бұл ұстаның. Өйткені көзін көрдің сан шебердің, Ортаймас отанысың сонша өнердің. Бір қақса мəңгілік қып қағатұғын, Біріндей қайдан болсын сол шегеңнің. Сонда да бір қызмет етейін мен – Дедім де жыр ұшырдым көкейімнен. Баяғы мейманымның тартуы деп, Қабыл ал мол ықылас, кең пейілмен!

  1. ЖƏРДЕМГЕ ХАТ Алыста жүрсің бе аман ер-қанатым, Өлкеде мұнай іздеп, жер жаратын. Кісіге бір жəрдемі болмаса да, Алып жүр талай адам Жəрдем атын. Бақыт қой бұл дүниеге жақсы туған, Қашанда сол жақсылар тапшы туған. Өтерміз тапшылыққа өкпелеумен, Ер іздеп жас та болса – бас тұтынған. Сөндірмес тағдыр жаққан отыңды ешкім, Өйткені отпен күнде сен тілдессің. Мендегі сағыныштың бір тамшысы, Бетіңе тамып кетсе – өкінбессің.

ТОРҒАЙ ƏУЕНДЕРІ * Революция толқынынан, Тарих жағасына Түскен аттап, Кілең жалын, өрттей ұлан, Мен есімін өскен жаттап. Сендер, жан мен қанды аямай, Күнді қайта жасағандар. Шұғыла шашақ, Алтын арай, Азат заман аңсағандар. Одан бергі ғажап ұрпақ – Социализм ұсталары. Бесжылдықтар əнін шырқап, Шыққан сонау тұста бəрі. Қап-қара ажал қанатымен, Жапқан кезде ел аспанын. Жүрек серті, жан антымен, Жау-жарағың жарасқан күн. Қалдың сақтап Отанды аман, Кіріп отқа кірпік қақпай. Қанды майдан ошағынан, Бірің қайтып бірің қайтпай. Қайта оралып бейбіт күнге, Бел шешіп те үлгірместен. Қансыраған елмен бірге,

Қайта өркендеу жолын кешкен. Сау ұрпақтан ұрпақ өсіп, Жұрт қабырға жапқан шақта. Тарихи дəурен тағдырын шешіп, Тағы бір таң атқан шақта, – «Дəнге айналсын бүкіл дала, Болсын Отан нанға қарық!» – Ұран болып кетті айнала, Көтерілді сонда халық. Ширек ғасыр. Содан бері, Жылда егінмен көгеріп қыр. Алтын күннің кірпіктері, Алтын масақ көтеріп тұр. Коммунистер – Туған жердің, Бақ иесі – перзенттері. Сенің ғана маңдай терің – Елдің өсіп, ер жеткені! Қадіріңді ұмытам неге? Неге тұрам рухтанбай? Оны ұмыту – дүниеде, Болғаныңды ұмытқандай! Дəл жиырма жыл қатарыңда, Тайғаным жоқ серттен алған. Сенің ғажап сапарыңа, Серік болу неткен арман! * Туған аудан сағынып, Көргім келер жылма-жыл. Қайтқан қаздай сабылып, Қайтсе көңіл жолға əзір.

Көрсем деймін жаңалық – Мəз боламын балаша. Бір шыбығың қадалып, Бір кірпішің қаланса. Ескі еңбегің көп еді, Не өндірдің жаңадан. Мен барғанда жоқ еді, – Жол келді ме қаладан? Саман үйлер көшті ме, Жамау тымақ секілді? Жаутаңдамай ешкімге, Таптың ба өз бетіңді? Тазарттың ба көшеңді, Жататұғын құм сауып. Көтердің бе еңсеңді, Қатар-қатар үй салып? Кіндік мекен – Шұбалаң, Биыл қалай қамысың? Ылғи саған көңіл алаң, Сен дүниеде бар үшін. Тасыды ма көк Торғай, Қырға қашып шортаны? Аршылды ма қап қоймай, Соры менен сортаңы. Бөгелді ме көк айдын, Бөгеді оны – айт, кімдер? Жаздыгүні болмайтын, Ауыз суды қайттіңдер? Сықырлауық самолет, Аспаныңнан кетті ме?

Асфальтыңмен қара көк, Автобустар өтті ме? Алыс едің, шет едің, Пайдаланбас барды да. Менің аңқау мекенім, Теледидар барды ма? Сен көрсін – деп, мен содан, Жиі-жиі сөз алам. Қайда жүрсем аңсаған, Бозғыл жусан, боз далам! Болар, болар бəрі де, Болуға əркім құмар ғой. Алды соның қазір де, Болып жатқан шығар ғой. Мен сенемін күніме, – Күшіне оның дау айтпан. Көрдім ғажап дүние Гүлге айналған құмайттан. Жоғыңды айтып мұңданба, – Бейнең тез-ақ өзгерер. Коммунистер тұрғанда, Ғажап істі көз көрер! * Қос Қопа – «Сужарған» мен «Шұбалаңнан», (Туған жер тіл ұшында тұрады əмəн), Ұштың ба өңкей қоңыр үйрек тобы, Жолығып кету үшін сірə, маған? Санадым елу екі саныңды мен, Дей алмай асығыста жаңылдым мен.

Үш қайта айналдыңдар тас төбемнен, Туған су иісінен таныдым мен. Жаз бойы ұштыңдар-ау қоға көлбеп, Нарқамыс бойыменен жоғары өрлеп. Ал содан оңтүстікке ауған шақта, Туған жер тапсырды ма «соға гөр!» деп? Сан сарай ығы-жығы астанадан, Толқындай ернеуінен асқан адам. Қалайша мені тауып жолықтыңдар, Көреген көздеріңе, рас, таң қалам! Төбемде туған жердің оты жанып, Тұр ма, əлде, қалдыңдар ма содан танып. Айналған қылығыңнан айналайын, Жасымнан маған ыстық бір əн салып. Бауырмал туған көлдің үйректері, Сондайлық зеректікке үйрет мені. Ал бүгін елу екі жыл толыпты, Жер жүгін мойныма сап сүйреткелі. Сен əлде елу екі жасымбысың, Зуылдап өте шыққан асыл мүсін? Мынау ой қайдан түсті басыма кеп? Е, бəсе, көзіме оттай басылдың шын! Мен қалдым туған жердің үйрегі, – деп, Сен кеттің – əлің жетсе сүй, мені! – деп Жұрт жүрсін – елу екі жылға толып, Ақынның аспан құшқан жүрегі, – деп!

  • Бұлтты көрсең аспанда, Жауады деп жасқанба. Əдейі қысас жасайды ол, Мəз болып ызғар шашқанға. Шашыңды жаппа жібекпен, Бұрымды серпіп кейінге. Жаныңды сəтке жүдеткен, Жалбағай бұлтқа кейіме. Жығылмай жатып, жүгінбе – Жеткізе бермес бар арман. Жарқырап тұрған күнің де, Сағынту үшін жаралған. Қамалап сырқат кетті – деп, Қамыққан кейпің батты ғой. Болып та жатыр көп тілек, Сондықтан тірлік тəтті ғой. Сабырға сабыр қос, қалқам, Өмірің – майдан, мың егес. Сақтасын сəттен тас-талқан, Бер жағындағысы түк емес. Тұр еді жазға бермес тəп-тəуір күн, Ағаштар жапырағын сақтап үргін. Ақша қар астананы жаба салды, Дəлелсіз, дəл бірінде Октябрьдің. Жылады жапырақты балам аян, Жалаң бас қалды ғой – деп – жалаң аяқ.

Менің де жүрегім шым ете түсті, Баяғы қайта ауырған жарадай-ақ. Белгілі, бір-ақ күнде болды соғыс, Есімде, мен жалаңаш қалдым сол қыс. Ағадан, ағайыннан жұрдай етті, Ал, тағдыр, мықты болсаң енді болыс! «Оқа жоқ, күннің көзі əлі-ақ шығар, Ол тоңса, оның ата-анасы бар!» – Деп баяу жұбаттым мен өз баламды – Бір ойды бір құбылыс ала шығар. Өмірдің іштей-сырттай ұқсастығын, Ол жас қой, ол, əрине, ұқпас бүгін. Қанына оның дағы көшті ме əлде, Тұншыққан ащы жасқа жап-жас күнім?! Əйтеуір көңілсіз ой ойлап кеттім, Бала ғой, ол ұзамай ойнап кетті. Күн шықты ертеңіне, жайнады ағаш, Жапырағы аман-сау бойлап көкті. Жауығуын қоймайтын жай мінез ғой, Кəзір жан-жақ тыныштық, жайлы кез ғой. Жаппай бəрі жақсылық ойлап тұрса, Жалғыз-жарым неғылар жаман өзге ой! Көңіл шіркін самғаған Құс Уақта, Өмір жатыр жастанып күн шуаққа. Ойламаған жақсылық берсең-дағы, Ойламаған жамандыққа ұшыратпа!

ҚАРА ШАЛ Қамбар Төкинге Шалым, саған арнап келіп алыстан, Ризамын бұл сəтіме қауышқан. Жортып-жортып сахараның төрінде, Енді үйінде ақсап жатқан арыстан! Жақсы күнде жауға атылған ақ берен, Сен қамықпа «арылды деп бақ менен». Самсап өткен сарбаздардың сарқыны, Сенің сірə болған күнің жоқ төмен. Бəйтерексің аман қалған сан өрттен, Талай бұтақ көлеңкеңнен дəметкен. Тағдырыңа риза бол, қара шал, Сенен-дағы биіктердің бəрі өткен. Жатыр анау бір төбеде Баймырза, Одан асып, туып еді қай мырза? Топырағыңнан айналайын бір уыс, Əлі күнге аруағына ел ырза! Қос жолбарыс қоңыраулатқан қос дабыл – Өтті сонау Төке менен Смағұл. Біріне бала, іні болдың біріне, Дүние пəни – бəрімізге нұсқа бұл! Кімнен сорлы болып еді Хəкімбек, Қару асып, қанын төккен халқым деп. Бір сəлемі – бір ат болған сабаз-ай, Кім сенеді ол да жерде жатыр, – деп. Ордалы қасқыр азуынан от шашқан, Ортасына арам төбет қоспастан.

Олар да өтті үдере жортып дүниеден, Жауы да қимай жамырап кеп жоқтасқан. Осының бəрін өз басыңнан атқардың, Сол тобыңнан бір заманда тақ қалдың. Сонда сені төбесіне көтерді, Бəрі түгел – ата дəмін татқанның. Айтылмастан қасиетіңнің аз-кемі, Бел мертіксе, бекем байлап жазды елің. «Бұл – кешегі пəленше!» деп халыққа, Ту сыртыңнан таныстырған аз ба еді? Ата даңқы қызығын да көп көрдің, Талай уды ішіп көрдің, жеп көрдің. Қара орманнан қалған жалғыз емендей, Не дауылды бір басыңнан өткердің. Адам – пəнде, таптырмайды қанағат, Жан қимайды тіршілікті сағалап, – Бар жинаған дəулетіңнен артында, Қалатыны – өсиет пен аманат. Бір шүкірлік – мал жимадың қоралап, Дүние қуып, күн кешпедің домалап. Риздығың ел үстіндегі ер едің, Босағаңнан қыдыр кетпес жағалап. Аппақ көңіл, қауқылдаған қара шал, Ер-жомарттық саған ғана жарасар. Енді қалған аз сапарға өзгермей, Əлі де сол қаз-қалпыңда қала сал!

ҚОСТАНАЙ ДƏПТЕРІНЕН I Жел қанаты кірлемеген, Аппақ ауыл, күн айна. Соларменен бірге денең, Қалса, шіркін, бір айға, Кетер еді-ау құсқа айналып, Құлдыраңдап, көк шарлап. Мұнда сені ұшпайды алып, Қара тұман, боз шаңдақ. Бетіндегі жұпар суын, Жапырақтар сүртпеген. Тоқтатпайды сырласуын, Алыста ақша бұлтпенен. Жан шомылып рақатқа, Тірлікке алғыс айтасың. Бəз-баяғы жастық шаққа, Тез-тез барып қайтасың. Шаршаған ми қуат жинап, Демалысқа кеткенде. Өзге сезім улап-шулап, Қан жүрекке тепкенде. Бозбалалық боз күймемен, Алау-жалау жеткенде.

Сол қызыққа көз үйренген, Шыдам, сабыр жоқ сенде. Бəрін оның тастағансың, Ұлғайғанның аулында. Жаңа дəурен бастағансың, Бақыт күліп баурыңда. Сағыныштың кірін жуып, Ақсамайға кептіріп, Бұл дүниеге қайта туып, Бал бұлақтай секіріп. Көкжиекті көңіліңмен, Көп итеріп тастайсың. Барлық таза, мөлдіріңмен, Ақық, маржан тастайсың. О, туған жер, алтын Арқа, Сендей əлем – жалған жоқ. Сенің күйің тарта-тарта, Тозған қолда арман жоқ. ІІ Қостанайда күн ашық, Көкжиекпен ұласып. Жатыр толқып ұлы егін, Келеді өніп ұлы Астық. Қостанайда күн ашық, Хəл-жағдайды сұрасып. Тұрған да бір ғанибет, Туыстасып, сыр ашып. Қостанайда күн ашық, Тимегейсің тіл асып.

Ашық күннің қадірі, Қазір тіпті тұр асып. Үштен артық айтуға, Жасқанасың сондықтан. Күнмен бірге ай туған, Баршылықтан, молдықтан. Енді менің бауырым, Аттанады Жансұлтан. Комбайнның сауырын, Аршып тастап балшықтан. Енді Кəмшат туысым да, Көк темірге қол батып. Тартар бұрым ұшына, Алтын сабақ орнатып. Қостанайда күн ашық, Ашық болғай əмəнда. Жақсы егінді жинасып, Жас көңілді жырласып, Қайту керек маған да. III Солтүстікте бір көл бар, Жағасы тік нар қамыс. Жайлапты оны кіл көкжал, Бəлкім, болған жолбарыс. «Бөрлі» деген атынан, Бүкіл дала үріккен. Түнде жаққан отынан, Түз тағысын түңілткен.

Қарыс азу қабыландар, Көздерінде көк ұшқын. Заманында салғандар, Не көкесін соғыстың. Жиде шоқпар, қақ сойыл, Темір тепкі омыраулы ат. Бөрі басар жақ шойын, Қайрат жиған қарға аунап. Қасқыр тонша сыртынан, Қаптама шекпен киінген. Мұз сорайып мұртынан, Қабағы қарс түйілген. Сонау қырда бір батыр, Ерсіл-қарсыл жортады. Бас салуға тұр қапыл, Үнсіз дала қорқауы. Кең жазыққа шығуға, Келіспейді, қорқады. Ер таниды, шынында, Өзін алар, ор тағы. Сиқырында қиялдың, Көз алмай сол суреттен Тұр ем. Дереу ояндым, Комбайннан дүр еткен... Жоқ қой, шүкір, енді жау, Жан ашынар жұлқысып. «Бізде де бар – дейміз-ау – Балақ жыртар бір күшік»

Солтүстікте бір көл бар, Жағасы тік нар қамыс. Жайлапты оны кіл көкжал, Болған, бəлкім, жолбарыс... IV Қарабалық қасында, Бір мекеме бар бүгін. Жиналғандай осында, Дəн туралы бар ғылым. Тəжірибе тəжіндей, Жарқыраған дəн маған. Жер шарының өзіндей, Осында кеп орнаған. Барлық бидай түрі бар, Не қиырдан алынған. Қызықтары қыруар, Кескіндері алуан. Ергежейлі біреуі, Жерден бойы бір қарыс. Ол да саусақ тірейді, Күлімдеген күнге алыс. Бəрінің де емгені, Жер ананың емшегі. Егушінің еңбегі, Көтеріп тұр еңсені. Бəрі тату, құрбылас, Баласы ғой бір жаздың. Ғажабының бары рас, Еңбек атты сабаздың.

Ойға кетем бұл сəтте – Арман, тілек қамалап. Аман-есен жүрсек те, Талай жерді аралап. Жай болады бір кезек, Күйінбесе, күлмейтін. Қай бидайдың нанын жеп, Жүргеніңді білмейтін... V Бармағалы қырық жыл, Тұтпағалы жол басын. Түсті сапар дəл биыл, Келді осында жолдасым. Тағдыр қолы шашқанда, Қайран туыс қайда аумас. Туған жерін басқанда, Тебіренбес жан болмас. Қалды бірақ таңырқап, Танымады еш кісі. Келген бүгін жаңа ұрпақ, Кеткен өшіп ескісі. Сан машина шаптырып, Сан əкімнен өтінді. Бер – деп – туыс таптырып, Табылмады, өкінді. Келе жатқан дүкеннен, Ұстап алып бір шалды. «Бауырым деп күткен мен», Көріспекке бас салды.

Ойда жоқта шал аң-таң, Онда мұның ісі жоқ. Сүйіп жатыр жалма-жан, Оған күлген кісі жоқ. Орыс, қазақ ойланып, Кетті бастар салбырап. Тұрды бұл сəт толғанып, Кемсең қағып, шал жылап. – Əрине, сенің ағаңмын, Мейілің, əке десең де. Сау жүрсің бе, қарағым, Үй іші, мал-жан есен бе? О, туған жер, ағайын, Сағынсаң, ылғи бар болып. Кездесесің-ау əрдайым, Осындай бір шал болып. VI Қарабалық, – Қарабалық, Қаншама ақын қалам алып. Шықты сенен көне күнде, Оқу оқып, қала барып! Мұхаметжан Сералиннің, Ауылы тұр анау дөңде. Тұңғыш журнал – ел жарығын, Жағып оқшау, салған жөнге. Қала орнатып, мектеп ашқан, Мүшкіл күнде қолда бармен. Ел есінде екі дастан – «Гүлкəшима», «Топжарғанмен».

Бейімбет Майлин – бас иетін, Өзіміздің «Биағаңдар». Жүрегінің қасиетін, Туған жерге сыйлағандар. Əлі күнге ел сүйетін, Серағаңдар, Елағаңдар. Тұңғыштардың Отаны бұл – Жаршылары жаңа атқан таң. Туған екен топтанып ұл, Қыздар қанша қанат қаққан! Қарабалық, Қарабалық, Жерің қандай нұрлы сипат! Тебіреніп, ойға қалып, Топырағыңды тұрмын сипап. Көп қараймын көзім қимай: «Мұрагерлер» – осы біз! – деп. ...Тербеледі теңіз бидай, «Бəрі – рас!» – деп, басын изеп… VII Мырзағали бауырым, – Жақсы сапар жолдасы. Осы күнгі тəуір ұл, Осы күнгі ел басы. Торсығыңды тос маған, Қымыз берші бір жұтым! Қажуға қажу қосты ағаң Жүйткиміз – деп күні-түн. Қалмапты ғой бос далаң, Мұнша егіннен, жігітім!

Үш тəуліктің ішінде, Біз көрген жер – бəрі егін. Көз тиер – деп түсінбе, Дала сондай əдемі, Тұңғыш көрген кісіге, Бейне сенің сəлемің! Ерді өсірген жер еді, Дəмелі орын дəл осы. Асқан екен беделі, Ермен бірге дəн өсіп. Тəтті қымыз екен бал – Енді сен іш, мен іштім... Абыройыңды өзің ал, Қуанышыңды бөлістім. VIII Вера Сидороваға – Толқынында Тобылдың, Көк темірдің дəмі бар. Онда неге шомылдың? Бар, тазартып шəйіп ал! Солай шеше қызына, Алғаш ақыл айтыпты. Одан сайын қызыға, Ол толқынға қайтыпты. Ойнап, арбап су ару, Оны алысқа сүйреткен. Жылау, сықтау, қуану, Бəрін соған үйреткен.

Сүйегіне, темірдің Жұға берген қиқымы. Секілденіп өмірдің, Жалықтырмас сиқыры. Соқты соғыс дауылы, Үй жығатын жел тұрды. Оралмады бауыры, Ажал алды кемпірді. Қысты тағдыр жан-жақтан, Қыз жүрегін жылытпай. Қалған бүкіл шарбақтан, Жалғыз темір шыбықтан. Шынықты да, бой жетті, Жатқа сатпай жанарын. Киді бүтін көйлекті, Басты ширақ қадамын. Жасыл Тобыл суындай, Жыл артынан жыл ақты. Жастық шіркін туындай, Махаббат та гүл атты. Күн нұрындай жігерлі, Жетелеген бұлақты. Өмір бұған бір ерлік, Жасататын сияқты. ...Кез еді ол жас қырғи, Зор майданмен ұштасты. Кең даланы басты күй, Кең даланы күш басты. Жалаң аяқ жүгірген, Кеше жазық қырлары,

Тракторлар үйірген, Ұршықтай-ақ зырлады. Сол зырлаудың соңында, Жүзеге асып жатты арман. Жадау дала жонында, Жарқырады ақ маржан. ...Енді соған жиырма жыл, Жұрт соңында кеш қалып. Егін жайда ол қазір, Келе жатыр еске алып. Жымияды жай ғана, Жалғыз өзі қиырда. Жалпақ егін айнала, Бітік өскен биылда. Өтті өмірдің ащысы, Бақыт, абырой аяғы... Қазіргі аудан басшысы, – Жалғыз шыбық баяғы. Кешке айналып күндіз деп, Салқын егін енді іші... Жарқырайды жұлдыз бен, Депутаттық белгісі... IX – Енді он бес күн! Енді он күн! – Ашық болса, шіркін-ай! – Жауар ма екен? – Жаумас, бəлкім, – Мына бұлттың сұрқын-ай!

Қымбат сағат. Минут қымбат, Сұрақ – жауап. Жауап – сұрақ. Комбайндар орып, турап, Тынар емес, əсте, бірақ. «Республика – миллиард!» деген, Жалаушалар жолдағы оттай. Кабинада зырлап келем, Биіктегі балға-орақтай. Айқасады трассалар, Алқара көк асфальт кілең. Аспан ашық – рас, хабар, Мен де соны растап келем. Аспан ашық – көңіл ашық, Ашық барлық элеватор. Республика жолын басып, Үлкен астық келе жатыр.

ƏУЛИЕАТА ƏУЕНДЕРІ яки ТАРИХ ЖƏНЕ БІЗ * Қазақтың қасиетті босағасы – Орныққан су анасы, от ағасы. Қосылып осы жерде ердің басы, Асылған осы арада ошақ асы. Сан тарих жер астына сүңгіп кеткен, Не ғасыр күн ауғалы сырғып көктен. Солардың бұл дүниеде бар болғанын, Ел қазақ əн ғып шырқап, күй ғып шерткен. Тереңде Таразының тар қақпасы, Көрінген қаза-қаза бер жақ басы. Келеді арғы түбін адам білмей, Алдырмас нық қаланған тағдыр тасы. Ең кемі екі мың жыл болған соған, Ғажап қой оймен болжап, толғанса адам! Бір мыңы – жерде тұрған Əулиеата, Ойласаң оның өзі аз ба саған?! Шұбалған таудан тауға Жібек жолы – Шығыстың Күн батысқа созған қолы. Асылған Айша Бибі күмбезіне, Түйенің табанымен тозған жоны.

Əлемнің атылас жібек жүгін тасып, Көрінген көкжиектен нұрын шашып. Көзіңе шалынады Келте-масат, Далаға сол жібектей қойған асып. Қойнаудан қоя берсе жұпар есіп, Жаныңды тербетеді бір тал бесік. Халықтың бесігі ғой – Əулиеата, Тараған кілең батыр, сұңқар өсіп.

АЙША БИБІ КҮМБЕЗІ Айша бибі күмбезі... Жан-жағында жасыл қыр. Тоқтап соған күн көзі, – Азбай тұрған асыл бір. Жалынасың сыр сұрап, «Мұнша нұрлы кім ең? – деп. Жағылғандай мың шырақ, Жарқылдайды мың өрнек. Оны оқитын қай шара, Қай дұғамен ұғарсың? Асқақ сұлу Айшаға, Тек қиялмен құмарсың. Əлде бұл бір салтанат, Бақ дəулеттің тұғыры. Əлде бұл бір махаббат, Келте болған ғұмыры? Жауабы жоқ сан сұрақ – Көкірегінде сан арман. Көзден нұрың тамшылап, Қарасын деп жаралған. Қайран халық қазынасы, Төзген талай ғасырға. Айтылып тұр азбасы, Аман ұрпақ қасында. Келеді ойға өсиет тек – Дана қорық – бұл далаң, – Қызын қандай қасиеттеп, Ұлын қандай құндаған!

АТ ШАБАР Торғай елінде Мерген дейтін бір шағын тайпа бар. Ертеде есімі ру атын иеленген адамдар болған, соның бірі – Мерген батыр. Атшабар – Əулиеата дулығасы, Алдымен күннің түскен шұғыласы. Тұлпарлар тұяғының дүбірімен, Бір кезде арылмаған шудан басы. Айқайлап, дабыл қағып «Атшабарлап», Жаңғырып жалпақ жазық жатса жарлап. Сүзілген құйрық-жалы сəйгүліктер, Төгілген төмен қарай тастай аунап. Сонау бір жүйріктердей уақыт зырлап, Өткен соң, бақ сынасып, бақыт қумақ. Өзгерген дəстүрлері көне жұрттың, – Той төбе – өлгендерге болған тұрақ. Қазақтың ең ғажайып əулиесі, Болған соң ол да өзгедей жан иесі. Бет сипап, бұл дүниені тастағанда, Қойылған осы араға тəн, денесі. Содан соң Əулиеата рухы жайнап, Бар дала, барлық өлке, бүкіл аймақ. Əр кезде қаза болған жайсаңдарын, Əкелген не қиырдан күтіп айлап.

Ең ескі елдің осы пантеоны – Бұл күнгі Атшабардың келте жоны. Кейінде Қожа Ахмет кезек алып, Қойылған онда барып ерлер соңы. Мерт болып бір жорықта өлген қапыл, Көн садақ менің атам Мерген батыр. Денесін былғарымен қаптап əкеп, Жерлепті жұрты осында керіп шатыр. ...Керемет сол кездегі ғұрыпты аңғар! Ер үшін жер қашығын ұмытқандар. Үдерген Солтүстіктен Оңтүстікке, Көзіме елестейді суыт жандар. Еліне болғандардың арыс, тұтқа, Біз түгел қадірімен таныстық па? Халқының оған деген қошаметі Созылған мың шақырым алыстыққа. Қараймын жұмбақ көзбен Атшабарға, Ол мені енді, сірə, жат санар ма. Қанымнан туған топырақ исін сезіп, Сол тұстан əлде біреу жалт қарар ма! Атшабар – Əулиеата сəукелесі, Керемет болмаса да тау төресі. Куəсі елдігің мен ерлігіңнің, Есіңнен кетпейтұғын ерте-кеші...

АТА ТУРАЛЫ АҢЫЗ Əулиеатада мен арғын Қалмұхамбет Танкин деген ақсақалдың үйінде жаттым, ер көңіл, аңқылдаған кісі болатын. С. Сейфуллин. «Тар жол – тайғақ кешу». Дейтіндей уақыт өтіп «баяғыда», (Қатысты менің өмірбаяныма). Арқадан оқыған бір жігіт келген, Осында өткен ғасыр аяғында. Ол өзі шəкірті екен Ыбырайдың, (Əмірі қайда апармас бір «Құдайдың»). Уездің бастығына тілмəш болып, Жарығып бетке ұстаған Күн мен Айдың. Ноқтасыз жас ботадай бойдақ екен, Деместен «жалғыз басты жайдақ екен». Ел Дулат ер танитын əдетімен, Кергімей, кең құшағын жайған екен. Қыз беріп, отау тігіп, мал салыпты, Болмаса ел сөйте ме сонша мықты. Ескенде екі тілде ерсіл-қарсыл, Тыңдаған орыс-қазақ тамсаныпты.

Азуы алты қарыс арыстандар, Бақ үшін, билік үшін алысқандар. Ұлықтың алдына кеп жүгінгенде, Кезі ғой тауын жықпас таныс таңдар. «Күштіні күшті ғана сынайд» – деген, «Билігін Қалмұхамбет сен айт,– деген. Ұлық та адам екен дұрыс сөзге, Күн ұзақ айтса дағы шыдайд – деген. Саңқылдап қаздай даусы самал түсте, Ортаға өседі екен сабаз түссе, – Шығармай екі жақтың сөзін шашау, Аударса, басын изеп Ояз іште. Алысқан бастарынан күш аттасын, Қырқысып келген дəулер пышақтасып. Күн ауа күліп ойнап, бітім тауып, Қайтадан кетеді екен құшақтасып. Осындай қызмет қылған қаншама жыл, Жолында сонша құрмет, сонша мəзір. Бір ғасыр өтсе дағы содан бері, Əлі жүр ел аузында аты қазір. Сағынып əулетімді барсам талып, Дулаттың жүз жасаған ақсақалы. «Армысың Қалекеңнің немересі!» – Деп, маған қымыз тосып, бас тартады. «Балаға ата даңқы мың жыл азық», – Кетпесең өзің күтпей, жүнжіп азып. Тартамын ата-бабам мекеніне, Қалғанда жүрек шаршап, жан құлазып.

ЖУАЛЫ Бауыржан Момышұлына Қарапайым қазақтың, Бір мекені Жуалы. – Ұлы едің, деп, қай жақтың? – Бір қария сұрады. – Інісі едім Баукеңнің, – – Онда өзіміз екенсің. Жаз жайлауға дəл келдің, Аунап-қунап кетерсің. Болғанменен бұл жердің, Аты жəй бір Жуалы. Сондай-сондай ерлердің, Талайы əлі туады. «Қара, шалдың мықтысын!» Деймін іштей от алып. Құй түсінбе, құй түсін – Шалдың сөзі ап-апық. Мені-дағы сенімен, Күнде өсіріп жатқан күш. Осындай бір сенім мен, Осындай бір мақтаныш!

ЖАМБЫЛ ТУРАЛЫ ОЙ «Атыңнан айналайын Əулиеата, Атымды тартып алды деп болма қапа». Жамбыл Болса да бұл əлемге аты кеткен, Осы жер оны-дағы ақын еткен. Қиырда «Жамбыл» тауы бұлдырайды, Бір кезде оны бізге тарту еткен. Жырында екі заман орналасқан, Миында ескі-жаңа ой таласқан. Сескеніп əулиенің аруағынан, Тəубасын жиі айтыпты сол данышпан. «Алдым – деп, – өз атамның атын тартып», Санапты өйтіп қонған бақытты артық. Тəубаға уақыт табу – өзі ұлылық, Тұрғанда есі кетпей тасып шалқып. Бекерге өкініпті сол қарияң, Өзіңнің атыңды алса туған ұяң. Бəрі бір шаңырақтың аты емес пе, Атаға ат жалғаса бар ма зиян?! Ежелден осы емес пе берер бата, Рет жоқ болатұғын оған қапа. Бəрі бір – Əулиеата – Жамбыл десе, Жамбылдың өзі Əулие, – өзі де Ата!

БИЛІКӨЛ ҮСТІНДЕГІ ƏН Мұқатай Жармұхамедовке ескерткіш. Жақсы аға аты шыққан биік өрге, Басының көп өткізген сыйын елге. Бір сапар ақын жанды еркелетіп. Апарған көл сұлуы «Билі көлге». Толқында қайық есіп қалтылдатып, Тереңнен балық аулап жарқылдатып. Астында алтын күннің жүзіп едік, Аймаққа əлсін-əлсін əн тыңдатып. «Қамысы Билікөлдің мүше-мүше, Сарғайдым осынау көлдің суын іше, Əпитөк, Қос қанат құсқа біткен маған бітсе, Бармас па ем жан қалқаға əлденеше, Əпитөк. Уай, Əпитөк, Көл жағалай тепсең көк, Дүние қызық бəрі де бар, Өз қасымда тек сен жоқ.» «Пəлі-ай!» – деп жымияды Мұхаң маған, Көзінде жігіт жігер мұқалмаған. Көлденең көл үстінде көк қайықты, Есуден екі қолы бір талмаған.

Есілген жібек жаны қандай жұмсақ, Дейтұғын бұл дүниеге сондай тусақ. Жақсымен жарты күнде бір жасадым, Жайылар ылғи сөйтіп қайда құшақ! «Билікөл, – Қаратаудың сəніндейсің, Халықтың мың жыл салған əніндейсің. Қалқатай, қайтсем саған қолым тиер, Қасымнан күнде менің табыл, – дейсің, Əпитөк. Жетер едім – амал жоқ, Жан сағынған сол еркемнен Тым болмаса хабар жоқ!»

ЖАЗЕКЕҢ Қанша қыс, қанша бораннан, Аман-есен оралған. Қос шырағы бүтін де, Табыла берген жолы алдан. Ел ырысын бағумен, Еңкейгенше күні өткен. Күндіз серік сағыммен, Түнде жұлдыз түнеткен. Мойынқұмның иесі, Секілденіп бір өзі. Бар адамдай киесі, Батпан ауыр мінезі. Ақтылы қой – даланың, Толқындары жүйткіген. Қой соңында бабаның, Жігіт жүзі күп-күрең. Бұл да əулие – бір ата, Ел есімін шығарған. Ең шалғайда, жырақта, Осындай-ақ туар жан. Ауылында тұлғасы, Мыстан берік құйылған. Кім кəрісі, кім жасы, Күнде соған жиылған. Көрмейді өзі дамылдап, Келеді əне төтелеп. Қос жұлдызды тағып ап, Қос перзентін жетелеп.

ЖАМБЫЛ ҚАЛАСЫ «Жаса, көркей, жаңа адам, Халық сүйіп қалаған». Жамбыл Есімде отыз бес жыл бұрын бұдан, Жастықтың желігі мен жыны буған. Кезім ед. Шөп төсеген қызыл вагон... Жамбылдан сол күндерде бұйырды дəм. Сонда да жетелеген қайран туыс, Қала екен кіп-кішкентай бір-ақ уыс. Үйлердің терезесі теріс біткен, Қуықтай көшелері қуыс-қуыс. Малынған бірақ миуа, мəуе баққа, Жайылған теректері əуе жақта. Сылдыры арықтардың оркестрдей, Қосылып жаңғырады таңғы шақта... Ал бүгін алып десе алып Жамбыл, Күндіз-түн тыншымаған алып дамыл. Қалғиды көк аспанда ғимараттар, Талмаурап талма түстің шағында бір. Қоршаған өндірістің алыптары, Қаланы ортасына алып бəрі. Еңсесін көтереді күнге қарай, Бүгінгі жас Жамбылды танытқалы. Бір жақта Жамбыл ГРЭС ұрандаған, Комбинат үнін қоспай тұра алмаған, Секілді болашақтың созған қолы, Жағалай бұлтты емген кран маған. Қалайша көз құмары қанбас бұған,

Осынау əсем қала – жап-жас тұлғаң. Туыстай бір-біріне жетпей қалған, Алатау Қаратауды жалғастырған. Үш жүз мың жүрек соққан бұл қалада, Шашылар жас иісі күнде ауаға. Студент он сегіз мың əн шырқаса, Тарайды бақыт жайлы жыр далаға. Зымырап болашаққа, күнге қарай, Алдынан таң жолығып алтын арай. Өзінің сонау ұлы жыршысындай, Жасайды жылдан жылға Жамбыл солай!

АҚ ЖЕЛКЕНДІ БІР КЕМЕ Арқалықтың Ы. Алтынсарин атындағы пединститутына Үстінде жүзіп ақ желкенді бір кеме, Толқын атып мұхит жатыр іргеде. Жөнелді əне желкендерін көтеріп, Сабыр самал, сен тұра тұр, үрлеме! Мен қалмайын, мен де бірге аттанам, Жолаушыда болмақ тосын бақ, талан. Алыс, алыс көкжиекке ала кет, Арманымдай əлі бала шақ маған. – Біздің класс бəрі тегіс мінді ме? – Біздің курс каютаға кірді ме? Оқушы күн, студент күн қат-қабат, Араласып қиялымда жүр міне!.. – Уа, капитан! Қайда біздің капитан! Теңіз тыныш! Əлдеқашан атты таң! Матростар, ал тартыңдар арқанды! – Деген шудан оянамын мен аң-таң! Ал содан соң шапшаң-шапшаң киінем, – Капитан неге шықпай жатыр үйінен! – Деп тағы да күжілдейді бір дауыс, – Атып тұрып, кеме жаққа жүгірем! – Мен мындамын! – Əне, келе жатыр! – деп, – Жас капитан, дос капитан – ақын,– деп,

Ұрандасып қарсылайды матростар, Жаңғырады теңіз-аспан жалтыр көк. Сапар желі жөнеледі ал тулап! Ақ желкендер қанаттары сартылдап. Керіледі кеулеп самал қолтығын, Мачталарда күн сəулесі жарқылдап. Жөнелеміз жас толқынды туралап, «Қайран жастық, қайдасың!» – деп «уралап». Біздің класс үзілісте шуламақ, Біздің курс – оң бағытпен зуламақ! Біз шыққан порт – Алтынсарин мектебі, Ең алғашқы білім-кеме мекені. Қараңғылық теңізінде сол кеме, Тұңғыш рет жалтылдаған желкені! Біз барар порт – жетер жолдың нақ басы, Алтынсарин институтының қақпасы, – Бас, капитан! Тарт, боцман, алысқа! Қисаймасын кеме күмбез – мачтасы!.. Дəл осылай күнде сапар шегем мен, О, институт! Сыйға тартқан кемеңмен. Өмір-теңіз, қиял-теңіз – жан-жағым, Жүзіп келем, жақсы жүзіп келем мен. Алтын-ұям, ақ топырақ – мекенім, Білдірдің сен туған жердің не екенін. Сенің көңіл айдыныңда, арман жоқ, Ұзақ-ұзақ жалтылдаса желкенім!

МАХАТ ҰСТАЗ Ақырғы рет барғанымда хəл сұрап, Маңдайдағы көрмей қалып шам-шырақ. Сөйледің сен, тани кетіп дауысымнан, Сұқсыз көзден суық бір жас тамшылап. Жарты ғасыр жарылқаған адамды, Сенің тілің, сенің ақыл-санаңды. Сағынғанда жылдар өтіп, барушы ем – Мен де саған қою үшін бағамды. Соңғы барыс маған ауыр тиді, рас, Менің-дағы кірпігімді жуды жас, Сен сонымды көрмесең де, сезіндің, Дедің: «Жаным, қартаю да бір мирас!» Биыл бардым – жер бетінен көшіпсің, Жолы түссе – ажал неге кешіксін! Дейтін маған естімедім сөзіңді: «Былтырғыдан биыл тіпті өсіпсің! Солай-солай жан ашырың сирексін, Өтер адам өкінішпен күні өксіп. Тағы да сол шуақ көзбен көрмедің, Шəкіртіңнің жасығанын бір өстіп. Ұстазды елдің əрқашанда бай ауылы, Ойы орнықты, баянды да байлаулы. Сен мектепте ұстаз ғана емес ең, Сен өмірде ұстаз едің аяулы.

Қайрымды жан – төңірегің күн кілең, Сенен артық сыйлаушы едім кімді мен. Жер бетінде сенің болғаныңа мен, Риясыз ризашылық білдірем!

МҰҒАЛІМДЕР БАҒЫ Менің ақын қиялым, Кетер алыс кейде бір. Достарымды жиямын, Оңашалау жерге бір. «Балалықты еске алып, Күрес салып, алысып. Жаяу жарыс басталып, Балтыр түріп жарысып, Алайықшы!» – деймін мен, «Əйдə!» – дейді сонда олар. Босқа өтетін кей күннен, Бір сағатың оң болар! Əбден аунақ салысып, Сарқып ойын-күлісті. Адамдыққа ауысып, Тағы ойлаймын бір істі. «Ауа мынау, қыр гүлдің, Қашан қамын жейміз біз? Шыбық шаншып бір-бірден, Бақ орнатсақ! – дейміз біз. Орындаймыз оны да, Үш жыл, бес жыл өткенде. Тақыр жердің орнында, Бақ тұрады көктемде.

Мұғалімдер көп мақтап – Ағайлар мен апайлар, Біздің еккен бұл баққа, Бəрі-бəрі ат ойлар! Келіспейді «қой-қойлап», «Басқа, тағы, тағы» – деп. Біз табамыз тез ойлап: «Мұғалімдер бағы!» – деп. Болады олар тым-тырыс, Баспайды енді «кеу-кеуге». «Ат екен бұл дұп-дұрыс, Рахмет сендерге!» Алғыс алып тарқаймыз, Ат қалады мəңгілік. Жап-жасыл боп жаздай-қыс, Бақ қалады жаңғырып. Соған қонған құстаймыз Бұтақтарын сағына. Өзіміз де ұқсаймыз «Мұғалімдер бағына!»

ҚАРА ШАҢЫРАҚ – АҚ ҰЯМ Қарт ҚазПИ, мен айналдым есіміңнен, Сонау бір алыс қалған ескі күннен. Мынау бір кешіп тұрған сəтке дейін, Еркелеп еніп келем есігіңнен. Сен менің екі үйімнің біріндейсің, Уақытта кешегі емес, бүгіндейсің. Алдыңнан абайсызда өте шықсам – – Ей, бала, бер қарай бұрыл, – дейсің. Жалма-жан өз-өзімнен қысылам да, Басып кеп аяғымның ұшынан да, Басымнан сол қолыммен бөркімді алып, – Кеш! – деймін, оң қолымды ұсынам да. Сонда сен Қажым болып, Мəлік болып, Қуанып сəлемімді алып болып. «Ойпыр-ай, сен де есейіп қалыпсың!» – деп, Тұрасың мəн жəйіме қанып болып. Сол кезде жез қоңырау сыңғыр етіп, Қалғанда еніп ішке, бəрі кетіп. Біле алмай кірерімді, кірмесімді, Жүрем де бері де өтіп, əрі де өтіп. Тұрармын ақтарылып есікке кеп, Боласың сонда мені есіркемек. – Бүгінше үйіңе бар, дем ала ғой, Сабаққа ертең, бірақ кешікпе! – деп.

Күлімдеп қарайсың сен ұзатып сап, О, қиял, о, тəтті арман, о, жастық шақ. Осылай қимастықпен жібермейсің, Қаншама қартаюға біз асықсақ. Алдыңа тағы келдім, қарт ҚазПИ-ім, Мен бе екем саған жырдан тартпас сиын? Баяғы Сталиндік стипендиат, Баяғы жарқыраған жап-жас күйім! Баяғы аппақ ару, қолаң шашты, Жас ақын тағы бүгін алып қашты. Ол – менің саған деген махаббатым, Бұлақтай қайнап шыққан жарып тасты!

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ «Басында азат күнің, еркің барда, Барып қайт бауыр жазып Елтінжалға. Елтінжал еркелетіп, қарсы алмаса, Маған кел, көңіл суып, көп қиналма!» – Деп еді баяғыда Ғабең маған, Кісі ғой дүние сырын көп аңдаған. Жабығып əр нəрседен, байқады ма, Кезімді ақыл іздеп, алаңдаған. Елтінжал – солтүстіктің орманы екен, Баратын оған жалғыз жол бар екен, – Əрі алыс, əрі жақын сонау жолдың, Жүрсем деп қай жағынан ойға кетем. – Бардың ба? – деді талай жыл озғасын, Міндің бе, – деді, – астыңа боз жорғасын? Көрдің бе, – деді, – нардай от ағасын? Кездің бе, – деді, – жұпар көл жағасын? Бақтың ба, – деді, – батпас ұзақ кешін? Тұрды ма айға тосып қыз ақ төсін? Жүрді ме сұңқар жігіт болып серік? – Ақынды кім жатырқап, кім жат көрсін! Сұрақты солай жайлап беріп болып, Қарады кескініме үнсіз шолып. Мен бірақ еш бір жауап айта алмадым, Жаутаңдап екі көзім, жағым солып.

«Ну!» – деді ол, – е, балақай... – Ну, онда сен, Жүгіңді ертең сəске бу онда сен. Надеюсь, жаңағыдай жаутаң қағып, Қалмассың жауап таппай бұған да сен! Біз тарттық... тарттық содан түу алысқа, Бақытқа, байлық, дəулет, қуанышқа. «Қос қанат құсқа біткен бізге бітіп», Зауладық Ғабең аулы тұрған тұсқа. Елтінжал сағыныпты ерке құсын, Баяғы бала күнгі ертегісін. Əр қайың кезек-кезек айтысумен, Ұйқысыз жалғастырды ертеңгісін. Туған жер бар қызығын үнін-төгіп, Босатпай құшағынан сүйіп те өбіп. Əп-сəтте шыға келдік қайта туып, Су жаңа сүгіреттей жігіт болып... Құр кеуде басқанменен «білемінге», Көп жайды біз ұғамыз жүре-жүре. Бақсам мен – Елтінжалға баратын жол, Ғабеңнің жатыр екен жүрегінде!

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ Жазды-дағы «Күйші» мен «Құлагерді», Ақын аты аспанға шыға келді. Сол ақ боз ат бір күні бұлт үстінде, Найзағайға сүрініп, құлап өлді. Жерге түскен белгі жоқ, таба алмадық, Қанша іздедік, жар салып, хабарладық. Жел сыбырлап деген соң «Түк көрмедім» – Қоя салдық сонымен соған нанып. Көп жыл өтті, оқиға сөнді солай, Бұлдыр қағып сағымдай сан күн, сан ай. Ол күндегі сəбидің өзі қазір, Мəжілістің ағасы – бурыл самай. Шығармай ма жұрт кейін сыбыстарын, (Жарамайды қабылдау дұрыс бəрін)! «Ер-тоқымы біреуден шығыпты, – деп, – Біреу тағып келіпті құйысқанын». Көп жыл өтті, ол сөз де ұшты желге, Керек болған кезінде күштілерге. Əміршідей адамды билейді өмір, Аунақшытып асты мен үстімен де. Əлсін-əлсін тазарып тұрар уақыт, Адамды да тазартып бір аунатып. Сол мезетте жақсылар шығар жайнап, Өлседағы тірідей табар бақыт.

Сол ақ боз ат жалынан самал есіп, Əбзелдері түп-түгел аман десіп. Күмбір-күмбір кісіней тапты үйірін, Даңғыр-дұңғыр дарбаза, ашылды есік. Бүркіт тұмсық, қыран көз, сұңқар қабақ, Үсті-басы жайнаған сусар, жанат. Шешіп тастап бəрін де, отыр ақын, Отыр ағаң, сағынып саған қарап.

АХМЕТ ЖҰБАНОВ Барлық күйдің, барлық əннің жүйесі – Жалғыз өзі, жаратушы иесі. Сонау шыңда жарқылдаса оркестр – Жақсы Ахаңның жасап берген дүниесі. Ие болмай, кие болмай əн оңбас, Өнер біздің өскен емес жалаң бас. Əн-күй десең Ахаң тұрсын ойыңда, Қайда жүрсең Ахаңменен хабарлас! Əн мен күйдің қартайғанын кім көрген? Берген сыйды қайта алғанын кім көрген? Ахаң біздің табиғаттың сыйы ғой, Алмайтын боп анда-санда бір берген.

ТАЙЫР ЖАРОКОВ «Тəкең айтқан» – осы сөз жақын қандай! Дəл қасыңда күн шығып, таң тұрғандай. «Тəкең айтқан» – десе, мен елегзимін, Тəкең қазір шарапқа шақырғандай. Тəкең қазір жаныңа отырардай, Мəжілісте ағаңсыз олқы бардай, Сапты аяқпен сапырып сөз қымызын Сусыныңның шарасын толтырардай. Қолымен сəл желкесін ысып алып, Бір сəбидей кейіпке түсіп алып. Күреңіткен жүзінде күлкісі ойнап, Сол жақ көзін мергенше қысып алып. «Əй!» – деп қалып, «Анау! – деп, иек қағып, Үлкен мұрнын аспанға сүйеп қалып. «Тəйт «Шайтан!» – деп, өзі-өзін қытықтап ап, «Ал содан?!» – деп, саған сөз тіреп барып. Сен айтпасаң бір қызық, өзі бастап, Кетуші еді ағаңыз сезімі асқақ. Шолтаң ете қалатын əңгімесі, Бітіретін аяғын тез умаштап. Сен күлкіңді тыйғанша, ішің басып, Кеңкілдесіп, кейбіреу ырсылдасып. Тағы бастап кететін бір қызықты, Қалатынбыз қарық боп сусындасып.

«Əй, Тəкең-ай!» – деп біреу мақтай бастап, Жөнелсе, оны ақырын көзбен жасқап. «Қой, ойбай!» – деп қымсынып қалушы еді, – – Кісілер де бар ғой, – деп, – бізден басқа. О, шіркін-ай, баладай еді-ау жаны! Табиғаттың жапырағы, жасыл сəні. Секілденіп, желбіреп тұрушы еді, Көз қызығып қарайтын жұрттың бəрі. Біздер, жастар, жанында топырласып, Кезіміз ғой даңққа соқыр ғашық. «Біз Тəкеңмен болдық!» – деп көкитінбіз», Жас келіндер қалатын аузын ашып. Нанбай қалып əуелде, сосын нанып, Қуанатын онымыз жанға жағып. «Керек болып қалады Тəкеңе!» – деп, Аз ақшаны кетеміз қағып алып. О, дүние, ол да бір дəурен екен, Өшпейтұғын көңілден сəулең екен! «Осы күні не қызық?» – деп сұрасаң – «Қызық жоқ! – деп қояды, – сенен бөтен!» Тауың қайтып қалады, жабығасың, Ашыла жаздап барып қап, жабыласың. Сосын қайта өткенге ораласың, Сосын қайта Тəкеңді сағынасың! Ой қалтаңнан ақтарып, қызық іздеп, Күлкі сəуле жүгірер жүзімізге. Сонда Тəкең оянып келер бізге, Сонда Тəкең тіл қатар күллімізге! Тəкең шықты жетпіске, тау басына, Болмады еске өткенді алмасыма.

«Тəкең айтқан!» – дегенге тағы тұрмын. Тəкең келіп қалғандай дəл қасыма. Аға еді ғой асқар тау, зор беделі, Кішіреймес, таусылмас сол көлемі! «Тəкең айтқан!» – дей берер талай ұрпақ, Онда біздің Тəкеңнің өлмегені.

СƏБИТ МҰҚАНОВ Алтайдан Атырауға аты кеткен, Арқадан Алатауға даңқы жеткен. Мен ондай кең туысты көргенім жоқ, Баурына бар қазақты тартып өткен. Сол еді ұлт əкесі, ел ағасы, Тағдырда артық туған сыбағасы. Тұр əне туған жердің жүрегінде, Маржаннан соққан биік мұнарасы. Қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы, Мақтаны, аяулысы, асыл жаны – Əр он жыл өткен сайын қадірі оның, Ақиқат өсіп, жайнап ашылмағы. Қалған біз өлімінен есеңгіреп, Шаршаймыз сөз айта алмай шешенірек. Мезгілдің жемісіне мəз боламыз, Ұмытып бүгін кімбіз, кеше кім ек? Əйтпесе бар күрестің басын кешкен, Қар-боран, қара дауыл қасында өскен. Бір өзі бір дəуірді бастап берген, Мүмкін бе шығаруың асылды естен! Жазушы, ғалым да сол, қайраткер де, – Ұстаз да, ақылшы да талапты ерге, Айбын да, ие де өзі бəрімізге, Кескінін көретұғын қарап төрге.

Қалмаған халық десе қу жанды аяп, Арқаңда сүйенетін шың бардай-ақ – Қуанып кететінбіз «Сəбең» десе – Əкеңнің атын естіп тұрғандай-ақ. Жалғанда жалғыз өзі – бəрі де өзі, Құрбы да, жас та өзі – кəрі де өзі. Бəрінің тілін білген шебер еді, Даладан айнымаған бар мінезі. Малшы да, егінші де, балықшы да, Қарсы алған қолда барын алып шыға. Халықты көтерген де Сəбең болса, Сəбеңді көтерген де халық шығар. «Əулием, шапағатыңнан ырым ет!» – деп, Алғанда өңірінен жыртып ептеп. Сəбеңе шапан «жалко» болмайтұғын, Жатқанда осыншама жұрт құрметтен. Біреулер «бісміллə» айтып сипап қойып, Біреулер көргеніне сырттан тойып. Біреулер «Сəбең келе жатыр» десе, Ат сойып, айдалада атан сойып, Түсетін қайран елі-ай əбігерге, Шашылып салтанаты, сəнімен де, – Аянып дəулетінен ел неғылсын – Өзі де бергеннен соң барын елге!

ƏЛЖАППАР ƏБІШЕВ Əлжекең деген сөзде əл-қуат бар, Жылдарды оннан бүктен қарғып аттар. Осылай жүйткір еді қырларды асып. Даланы дөңгеленткен арғымақтар. Немесе Қарқаралы тауларындай, Сан дауыл, сан боранда аударылмай. Орнында ойлы күйде қала берген, Қалайша риза емессің жанға мұндай! Немесе Қарағанды шахтасындай, Қайламен қашап көмір шапқышындай. Лаваның шойын-болат тіреуіндей, Көтерген пластарды түк қысылмай. Немесе байпаң басқан дара нардай, Жүк артқан қайқаң етпей, қарап алмай. Қысқасы – қазақы исі бұрқыраған, Қақпаңнан шығып тұрған қара ағаңдай. Əлжеке – жетпіс деген бұл – шын жасың, Бақытың ұшамын деп бұлқынбасын. Темірдей тегеурінмен қыс қолымды, Саусағым сынбағанмен, сықырласын!

МҰХАМЕДЖАН ҚАРАТАЕВ Мен көрдім жан төресін бұл тірлікте, Сол үшін күнде келем шүкірлікке. «Дүниеде қанша жақсы кісі көрдім?» – Дегенге жауап беріп үлгірдік пе? Жоқ əлі, өйткені біз өзімшілдік, Бұғаудан босамадық үзіп, шығып. Шығандап талай жерге өмір кетті, Кəсіппен қыздырмалық, қызықшылық. ...Мұхаңның қадіріне ой тоқтатып, Отырмын тізгінімді байқап тартып. Келеді ол менімен бір сапар шегіп, Астында қара жорға шайқақтатып. Маң дала көсіледі одан сайын, Оңаша толғантады өмір жайын. Келеді Мұхаң үнсіз – түсе ме еске, Тірлікте кешкен қызық, қайғы-уайым. Қиырға тастап қойып қыран көзін, Көреді бала кезін, ұлан кезін, Көреді жігіт шағын жалын атқан – Естіпті сондағы айтқан жылдар сөзін. Содан соң тар жол, тайғақ кешу дəуір, Бұл түгіл, ел басына түскен ауыр.

Сұңқарлар қатар ұшқан ұясынан, Қайран дос, ерте кеткен есте бауыр. Содан соң əдебиет қиын майдан, Тұрмайды қоюланбай, сұйылмай қан. Сан сарап, талай талқы, күрес-тартыс, Танытсын олар оңай сырын қайдан! Солардың бəрін айтқан том-том кітап, Қазіргі қанжығаға қойған сықап. Келеді қара жорға əрең басып, Шыққанда қырға қарай ойдан шырқап. Атқанда алдымыздан енді бір таң: – Астық-ау, жетпіс белес, – деді Мұхаң, – Алайық ат шалдырьш, ақын інім, Анау бір болмасам да кəрі-құртаң. Аз ғана шегелердің босауы шын, – Деді де, қайта тауып жас дауысын: – Сендердің өнердегі бақытың үшін, Мəңгілік қазақ əдебиеті жасау үшін! – Жіберді бал шарапты Мұхаң тартып, Жай кезде сақтайтұғын қатаң тəртіп, – Оты бар іріліктің, серіліктің, Жүзіне қарай бердім мен құмартып. – Демеймін аттың, бала, қайыр басын, Сапардан тағдыр бізді айырмасын! Айтам деп қартайсам да арманым жоқ, Жақсы мен жамандықтың айырмасын! Сол менің бақытым да, жазығым да, Тірлікте абройым, азығым да, – Шаба бер қара тайым! – деген халқым, Шындық пен ақиқаттың жазығында.

О, ғажап, мына сəтте қанаттандым, Қазаққа қалың сөзін таратқан кім? Деп дала жаңғырғандай болды бұл шақ – Сүйсініп мен Мұхаңа қарап қалдым!

ƏДИ ШƏРІПОВ Əйел өлмес соқпа дерттен, Сауыға алмас сынған ер... Абай Сіз сындыңыз. Оңай ма жан сынуы! Ден саулық қой – дүниенің бар сұлуы. Көз жасы не? Əшейін ол адамның, Құдайға айтқан əлсіз бір қарсылығы. Сіз сындыңыз. Оқ тиді ойда-жоқта, Асау басқа киілді тағдыр ноқта. Маңдайдағы жайнаған жалғыз жұлдыз, Қосылмастай құлады қайта топқа. Сіз сындыңыз. Бəйтерек сынбас оңай, Көпке дейін көкпенен бір жасамай! Сыртқа шашпай сынығын, ішке жинап, Баяғы бір күмбездер тұрар солай! Бала деген бар ғой, – деп, жүре беріп, Жоқ боп қалса, жығылып, түрегеліп. Өзгесіне шүкірлік етер көп жұрт, Жүдеп, ойша шаршамай жүрегі өліп. Жалғыз болса – қайыспас белің қалай? Мұқап, бірге мұңдаспас елің қалай? Қайта-қайта соққан соң жаны талып, Сол дауылдан сорлады, жеңілді Абай!

Соны білген жəне де көпті білген, Сабырлы ақыл, сезімнің өткірімең. Өлген тамыр қайтадан қан қабылдап, Өне бойғы өшпейтін от жүгірген. Қасиеті артық ағасыз – болат қорған, Тұрғызбайтын күмбездей қалап қолдан. Мерекесі жалпыға жетіп, артып, Қайғысы да халыққа сабақ болған. Мен сол үшін ардақтап, ұғам бəлкім, Сіздейлермен жасамақ ұлы халқым. Адамдарды жоқтатпа маған тағдыр, Өзі түгіл, шашылған сынығы алтын!

ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВ Қырық жыл атыңды елге асырғалы, Ерлікті дəл жиырма жасындағы. Білмеген біраз адам сұрап жатыр, «Япырау, алпыста ма Қасым əлі?!» Адамсың күнің алыс сен тозатын, Тірліктің ұзақ мінер ақ боз атын. Өмірде дəлелдедің кезі барын, Кісінің өз жасынан даңқы озатын. Өзіңнің ерлігіңді өзің жазып, Өзгеден сұрамадың өнер азық. Білгенге бұл қасиеттің өзі де ерлік, Тастаған жүрген жолын терең қазып. Осылай сирек-сирек ұл туатын, Шығарар жарқыратып ұлттың атын. Жақсының қаста жүрсе қадірі кем – Ағасың бізге соны ұқтыратын. Жазығың – сол кезде өліп қалмағаның, Қызығың – бізбен қатар самғағаның. Соғыстың сойқанынан алып шығып, Ерлікті бейбіт күнмен жалғағаның. Алпыста еңсең биік емендейсің, Əлі де айқай шықса елеңдейсің. Құдіреттің саған берген қуаты асыл, Қайтып сен жерге шөгіп, төмендейсің?

Қашанда халық берген қалмақ баға, – Пəндеге хан болса да жалбақтама. Ел сүйер ер жігіттің бары – байлық, Аман бол ақ тілеулі, ардақты аға!

ТƏКЕН ƏЛІМҚҰЛОВ Отыз жыл ақындық пен жігіттіктің, Сенімен бірге талай туын тіктім. Сенімен рақаттың дəмін татып, Қызықтың қызыл шарап суын жұттым. Баулыған бес балапан Қасым ақын, Аспанның биігіне асығатын. Тахауи, Қуан, Сырбай, Тəкен, Ғафу – Босатпас өлең, жырмен əн суатын. Ол марқұм мақтанушы ед, – өренім – деп, Сендерден асыл үміт көремін, – деп, Қазақтың өнерінің орманына, Түбінде бес бəйтерек беремін, – деп. Солардың аман, шүкір біреуісің, – Садақтың толғап тартқан шіреуісің. Қайнаған қас болаттай ұшқыр сөзің, Жаралған жамағаттың жүрегі үшін. Қаламгер, не зергерді əкелсе егер, Ішінен озып шыққан Тəкен шебер. Жыршысы сұлулықтың, серіліктің, Нұрындай тəңірінің көктен себер. Жұрт сенген білімпаздық беделіне, Көз жетпес құмарының көлеміне. Тұлпардың тұяғына жұққан шаңнан, Қанша жер шапқандығын көреді де.

Қаздардың қылаң, бозаң түсін аңдап, Оқ тартқан өлер жердің тұсына арнап. Қапысыз қандай ақын болсадағы, Тəкенге жолыққанда бір сыналмақ. Байлауға тау шыдатпас балағы ылғи, Қашаннан қайсар тұяқ қара қырғи. Қаратау ерлерінен қалып қойған, Сырқаттай көрінесің маған ылғи. Қолдаған ел аруағын, ер намысын, Таусылмай сол тəкаппар бойда күшің. Дүниенің азан-қазан тоғайында, Жорта бер жалпақ табан жолбарысым.

ДИХАН ƏБІЛЕВ Осынау қиын өмір тартысында, Ақынның əділетсіздікпен айтысында. Адамның ақты-қара арпалысында, Серік боп бұл жасыңның жартысында. Келемін іні болып, бауыр болып, Жұрт бұзбай, ірге сөкпей, ауыл болып. Айнымау адамдықтан – қиямет жүк, Айнымау кісіліктен – ауыр жорық. Түзетіп күнде тозған жүйкемізді, Маңдайға айқұш-ұйқыш түскен ізді. Жүректің қолыменен сылап-сипап, Қайнаған бұрқ-сарқ іш-теңізді. Сабырдың салқынымен бүркіп-басып, Көңілдің аспанының бұлтын ашып. Қаз-қатар тірлік кешкен осы күндер, Дариға, кетер ме екен бір күн қашып! Мен сізбен ерегестім, тай-таластым, Мен сізге жақындадым, қайта қаштым. Бір кезек қолыңа да қол ұсынбай, Бір кезек құшағымды айқара аштым. Ылғи біз отырмадық бал бөлісіп, Тарқадық сағынысып, сан керісіп. Кетістік етек қағып, өкпелесіп, Сүйістік омырау ашып, ал келісіп.

Өмір ғой – шын өмірде болмақ бəрі, Алмасқан рахаты мен зардаптары. Сонда да бұл майданнан кеткіміз жоқ, Қазақтың өлеңінің солдаттары. Сонда да ақын атты ақ борышты, Халықтың алдында біз қақ бөлістік. Дариға, намыс деген неткен мықты, Дариға, аброй деген неткен ыстық! Сонда да үйде бөлек, жырда бірміз, Бəріміз – үлкен-кіші бір дəуірміз. Бұл күнде шекісу бар, бекісу жоқ, Жандарды жарты қабырға көріп жүрміз. Ақынша адал өмір кештік бастан, Келіндей ақ отауда есікті ашқан. Тұрақты адамдықпен амандасып, Тұрақты жамандықты еш ұқпастан. Мен сіздің бар тойыңызда бар адаммын, Бүгін де қызметіңізді қалап алдым. Мен сіздің бел қайысқан күніңізде де, Белбеудің бір ұшына жарағанмын. Мақтанып тойыңызда бір бөсейік, Жанымыз бірге жайнап, бірге есейіп. Тозбайтын сыйластықтан тон киісіп, Азбайтын қадірлестік күн кешейік!

ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВ – О, шіркін, ол оқыса лекцияны Басыңа мағлұмат көп сияды. Сүйреткен жуан портфель профессор көп, Өзінің доценттік те жоқ сияғы. – Ал мынау жөнелгенде шалқып ұзақ, Байлаған сөзі сиқыр, мықты дұзақ, Болсаң да залда отырған жүз көген көз, Тастайды жалғыз сөзбен жатқызып-ақ! – Қабдолов – профессор өте мықты, Əй, бүгін сабақ неғып ерте бітті? – Деді де, бас поштадан басып озып, Қасымнан екі студент өте шықты... Қабдолов... қиялыма кеп кіргенде, Алыс жыл, алдеқайда кеттім мен де. ҚазМУ-ге жамырасып келіп жеттік, Соғыстың жамауы бар етек, жеңде. Бір бөлме, он бес бала, темір койкі, Оның да сирақтары ойқы-шойқы. Он екі ай ораза ұстап жүргендей-ақ, Тəулікте бір тататын өңкей «софы». Өзгеден тұрғандай-ақ өнер артып, Домбыра жарық шанақ беделі артық. Тойып ап жүгерінің құймағына, Бір шетте отырушы ем өлең айтып.

Қара сұр, дөңгелек көз, мұрны қоңқақ, Бір бала, күнде менің жырыма ортақ: – Бауырым, сен Қасымды көрдім, – дейсің, Жіберсең соны бізге бір сипаттап?! – Дегені əлі есімде, ынталанып, Кеудемді домбырамен қымтап алып. Көргендей əулиені, көйіттім кеп, Тыңдады ол, бар жұмысы сыртта қалып. Əлде ол шырқауымды қызықтады? Жөнелем тоқтап-тоқтап, сызып тағы. Ықпалын ыммен жұмсап өзгелерге, Сөзімнің желісін еш бұздыртпады... Отыз жыл одан бері... кіл сыйласып, Көңілдің сыңғыр-сыңғыр кілтін ашып. Келеміз үлкен өнер бұлағынан, Бас қойып, кезек-кезек сусындасып. ...Студент сөздерінің ып-ырасы, – Менің дос көңілімнің тұп-турасы. Ескірмей есімде əлі қалып қойған, Көрсеткен сонда маған ықыласы. Жақсысыз жазатұғын жан дертіңнен, Не пайда байлығың мен дəулетіңнен? О, шіркін, өтеді өмір ылғи шөлдеп, Адамның ықыласын дəметумен!

ҒАББАС ЖҰМАБАЕВ «Сен кетті» – деген сəтте мен, «Келе жатыр ма?» – деп ұқтым. «Дайындықсыз едім, «қап!» – деген, Пендешілікке жолықтым. Сөйтсем, жолдас, сен тіпті, Шындағанбысың, немене? Қараптан қарап ентікті, Жүрегім симай денеме? Сендерге мұнша не болған, Азаға бойды үйретіп. О жалған менен бұ жалған, Арасын сонша жиілетіп? Осынша асығып аттанар – Баратын жерің той ма еді? Ол жолдан болмас хат-хабар – Жұбатпай-ақ қой мені! Сəбидей жаны тап-таза – Адамнан бөлек құс едің. Əр күн сайын ақ қағаз – Жақсылық ойлы кісі едің. Жап-жарық болып көгінен, Аққан бір жұлдыз секілді. Өттің де кеттің өмірден, Айғыздап жаспен бетімді.

Оралмас сөзі дүниенің – «Қайырлы таң, кеш жарық!» Басымды саған иемін, Ие де жүріп, еске алып!

ШƏКІРТ-АЗАМАТ Нариманға Қос құлағың қалқиған, Сен жұқалтаң бала едің. Жігіт бопсың шалқиған, Уақыт, неткен дана едің! Мен өзім де ол кезде, Жетіспеген кісі едім. Дəл осындай мол кезге, Дегенім жоқ түсемін. Бар көргенім ілгенім, Ақыл деген түйіншек. Мен білгенді біл – дедім, Кіп-кішкентай інішек! Шыққан жаңа соғыстан, Ел жұпыны, жүдеу ед. Қасірет, бақыт тоғысқан, Өмір деген сүрлеу ед. Əлі есімде ескі күн, Талқан толы қос қалтаң. Көз алдымда кескінің, Қайыс етік, боз шапан. Кім боларың белгісіз, Талқан ауыз боқ мұрын. Бала едің ғой сенгісіз, Барлығың мен жоқтығың.

Бұл дəуірде шүкірлік, Айту деген сол – білсек. Барлық, байлық, бүтіндік – Есен-аман сау жүрсек. – Ғафу деген кім? – десе, (Өкпелемен еш қашан), – – О, жолдастар, ол менің Ұстазым! – деп еске алсаң.

ДОСҚА Қанашқа Жиырма бес жыл құшағымыз жазылмай, Ешкім бізді өсектемей, жазғырмай. Бір əдемі өмір кешіп келеміз, Бір «тəңірінің» қолы жазған жазудай. Достық деген – бұл тірліктің шырағы, Оған əркім жете бермес шыдамы. Оған əркім жете бермес ерлігі, Күннің жұртқа жеткенменен шуағы. Ол бір сəби – мəпелеген балаңдай, Сен жүргенің одан көзіңді ала алмай. Оны сақтап шығу үшін ақылмен, Болу керек көңілің жомарт, санаң бай. Талай достар қалды жолда майрылып, Достық деген қанатынан қайрылып. Талай тартыс, тұрмыс дауылы соққанда, Достық деген тірегінен айрылып. Соның бəрін жолға тастап, əрі асқан, Жалғыз күндей көк аспанға жарасқан. Достық атты күмбез соғып келеміз, Қос инженер – сенімен мен, Қанашжан! Мен алдымен соған басымды иемін, Менің аппақ дос əулием, киелім,– Қанаш атын көкірегіме жапсырып, Мен алдымен достығымды сүйемін!

Рақмет саған, достық атты жыр бердің, Мен тойыңа соны жазып үлгердім. Əр сағаты өзім үшін бір бақыт, Бастан өткен сол ғажайып күндердің! Тебіреніп кетсем қатты кеш мені, Қоймайды ғой қозғалмауға естегі. Маңдайдың да қасиеті шамалы, Достық үшін төгілмеген бес тері. Біз ешкімге көрген жоқпыз оқ атып, Ештемеміз кеткен де жоқ оған түк. Осы жолда талай бақыт таптық та, Осы жолда сан асылды жоғалттық. О, тамаша аналарымыз бар еді-ау! О, данаша ағаларымыз бар еді-ау! Не керемет бауырларымыз бар еді, О, солардың аман тұрса бəрі сау! Жоқ, дүние – ол айтқанға көнер ме! Пайғамбар да қолынан келсе – өлер ме! Ажал шіркін – нағашы емес қарайтын, «Мен əзірге тұра тұрсам...» – дегенге. Сол өмірді біз достықпен ұзаттық, Біздер кешкен жаз керемет, қыс артық! Біздер сүйген бəрінен де қыз артық, Аман шыққан достық деген жүк артып!

СЕНІҢ ТУҒАН КҮНІҢЕ Бəдешке Сенің туған күніңдей, Маған ғажап күн бар ма? Сенің нəзік үніңдей, Дүниеде үн бар ма? Сенің аяқ басқаның – Дыбысындай бұлақтың. Сенің есік ашқаның – Қақпасындай жұмақтың. Сенің көзің қараған – Айдың жұмсақ нұрындай. Сенің шашың тараған, Көктің күміс суындай. Екі көзің аққудың, Жанарынан жаралған. Екі қасың ақынның, Қаламынан жаралған. Ақ төсіңді аймалап, Күн қонақтап жатқандай. Аш беліңе ай жомарт, Алтын белдік таққандай. Сенің аппақ маңдайың, Тек бақыттың үлесі. Сенің аузың əрдайым, Адал сөздің иесі.

Сенің аман жүргенің, Маған қуат, маған ем. Сен болмасаң, дүниенің, Қайта есігін жабар ем. Сенің жаның адамға, Шапағаттың ұстасы. Ақ жүрегің əмəнда, Махаббаттың нұсқасы. Сен болған соң жалғанда, Қалдым ұзақ тұрақтап. Сен жеткіздің арманға, Босағамнан бір аттап. Бір өзіңсің – ырыс, бақ – Деп жырымды түйейін. Туған күні дұрыстап, Кел, бетіңнен сүйейін!

ЖАЙНА, РЕСПУБЛИКАМ! Тағы да ғажап хабар естіді таң, Күлімдеп күзгі дала кескіні паң. Тағы да тарихи жеңіс алаңынан, Абыроймен шықты жайнап республикам! Тағы да бағы тасып, өркені асып, Тағы да тамаша адым өрге басып. Жаңғырған жаңа күннің шұғыласында, Қақпамнан келді кіріп Үлкен Астық! Жарайсың, жан қияр күш, ен туыстық! Жарайсың, бейбіт еңбек, ел тыныштық! Жарайсың, жері жомарт Қазақстан, Біз сенің аспаныңда еркін ұштық! Жасаған сол еркіндік бұл ғажапты, Бар күшін байтақ Отан Тыңға жапты. Сол күштің арқасында алдық билеп, Алтын дəн тербетілген мың алапты! Қаншама қайрат кетті, төгілді тер! Көсілген көз жеткісіз, өңірді көр. Босанып жатыр бүгін омырауы ашық, Кешегі керемет байтақ егінді жер! Дамылсыз астық – керуен дариясы да, Сүңгиді Отанның алып қамбасына. Зырлайды планетада Қазақстан, Теп-тегіс алтын масақ арнасында.

Арылмай дəннің исі аспанынан, Қарайды ол көп ғарыштың асқарынан! Шалқиды «Миллиард» атты симфония, Қыруар қырмандардың бастарынан! Не деген мерей еді толы бұл шақ! Кеудеде қуаныштан дауыл бұрқап. Осылай жайна, менің Республикам, Мəңгілік бақыт, дəулет əнін шырқап!

БОЛГАРИЯ СУРЕТТЕРІ Хороша страна Болгария, а Россия лучше всех. М. Исаковский * Көк Дунай, салдым кеме толқыныңа, Толқынға толқын қосып толтыруға. Төріне Еуропаның жүйткіт мені, Тығылмай Қара теңіз қолтығына. О, шіркін, болайын-ақ кескініңе! Дарияның ұқсамайтын еш біріне. Ойнаған қиялымда апай төсім, Далиған омырауыңды кештім міне! Не заман мен жүргелі жерді басып, Сан сапар жолдарынан теріп нəсіп. Өсіріп өркешімді ə – дегеннен, Жібердің көкірегімді керіп ашып. Таң еді осынау сəт құлан иек, Мұнартып түу алыста шұға жиек. Жүзеді көк дүние ортасында, Тұмсығын аппақ кеме суға сүйеп. Қадаған маңдайына қызыл жалау, Жарасып жаңа туған күнмен алау. Сағынтып шықпай жатып, салады еске, Артымда Отанымды қалған анау.

О, ғажап, тосын сезім келді қайдан?! Көз алып болмай жатып көк Дунайдан. Тұрып ап палубада жапа-жалғыз, Іздеймін ел иісін шыдамай жан! Көк Дунай, меймандығым есімде еді, Аз сəтке жатырқасам, кешір мені. Елестер қалған жолға Отаным боп, Осынау аппақ кеме төсіңдегі. Кеңестің үш жүз адамы, Мекені ортақ – бір кеме. Дунаймен жүйткіп ағады, Күндіз де, міне түнде де. Туыстай бүгін маған дəл, Волгадан яки Алтайдан. Тоғысқан мынау адамдар, Жолықпай жолы шалқайған. «Кемедегінің жаны бір...» Қазағың қалай дəл айтқан! Бір-бірінің қадірін, Сəлемімен молайтқан. Болып алдық жан бауыр – Ылғи жұмсақ тілге бай. Қасиетің бар-ау сондай бір, Тірліктің ортақ күндері-ай! Бұл жақта жауын, күн суық, Кешігіп жатыр жаз əлі.

Қояды тоңып, түршігіп, Қасымда Сырдың қазағы. – Бақытты-ақ өзен екен-ай! – Дейді ол тағы ойланып. – Көк айдар жаға көркем-ай, Қарасаң түгел айналып. Не деген орман, ну кілең, Саусағың əрең сыйғандай. Жаһанға жайған бір кілем, Жатқандай əлі жиналмай. «Ақын ба мынау?» дегендей, Қараймын оған жалт беріп. Ағады қатты бөгелмей, Көгілдір Дунай көк бөрік. – Алты ел – алты мемлекет, Асырап бəрін жатқан соң. Қайтсын ол болмай көкпеңбек, Мəпелеп қыздай баққан соң. Ерке де болмай қайтсын ол, Бəрінің көзі түскен соң, – Табиғат бағу – мəні-сол, Ойламай сендей түстен соң. Деймін мен оған əзілдеп, Босатпай ойдан ол басын. Алғандай еске сəл жүдеп, Өзінің сары дариясын. Ағады Дунай аунап та, Қарасын неге ол бізге. Еркелеп жасыл жан-жаққа, Ентелеп Қара теңізге.

  • * Никопольдің қаласы, Алғашқы құшақ ашқан жер. Болгардың бала-шағасы, Аспанға гүлді шашқан жер. Қайда да барсақ бəрі бір, Айнымас қайран балалық. «Ескерткіш етіп тағып жүр», Дедік те, белгі қададық. Жағалай сəби төсіне, Жағалау – күндіз бесінде. Қараған маған тесіле, Қараша бала есімде. Сыйладым оған мен де бір, Кішкентай ғана Кремль. Күлімдеп тұрды көздері, Дүрсілдеп тұрды жүрегі... Плевень. Ескерткіштер қаласы бұл. Ғасырлар жазылмаған жарасы бір, Ұқсайды мəңгі солдат – ардагерге, Жас ұрпақ парктерде жарасып жүр. Соғыстар бейне Дунай толқынындай, Сан рет осы арада сапырылған. Ең алғаш енді қайтып жарқыл ұрмай, Түріктің ятағаны жапырылған. Орыстың қаруына ғажап мүсін – Музейде қатып қалған қылыш қаны. Əдемі айтылыпты азаттықтың, Бұл жерде зұлымдықпен қырылысқаны.

Созылған сан ғасырға бұғау-шынжыр, Шабылған осы арада шарт үзіліп. Дүние қайықтай боп қалғып бұлдыр, Малынып қызыл қанға жатты жүзіп. Соларды панорама көзге басып, Көк түтін түгел жан-жақ танау қапқан. Ажалдың ойнағына араласып, Күп-күрең күннің өзі талауратқан. Болмайды бауырлыққа мұндай құрбан, Тым ауыр азаттықтың сыбағасы. Орыстың сүйіп жатқан маңдайынан, Болгардың тұр биікте бір анасы. * Музейлерді аралаймын, Тарих маған тіл қатады. Сырын ұғып талай жайдың, Жүрегіме мұң батады. Өлген орыс солдатының, Кіп-кішкентай сандықшасы. Сақталыпты онда ұлының, Жалғыз тұлым – сарғылт шашы. Сан жорықта бой тұмардай, Сақтап байғұс жүрді мың күн. Онда ошақтың оты бардай, Көркі бардай тірлігінің. Қайран əке махаббаты – Құдірет бар ма шын өзіңдей! Сол орыстың бір солдаты – Бүкіл орыс мінезіндей.

Бар қуатпен тұр ол айтып, Батырлық пен нəзіктікті. Ешбір ақын енді қайтып, Тауыса алмас жазып тіпті. * София – «Софы» деген сөзден туған, Баяғы ала сапыран айқай-шудан. Мұның да аты қалған ескерткіштей, Азаттық жолындағы айқасудан. Болгарлар «данышпан» – деп аударады, «Бар дүние қираса да сау қалады. Сондықтан қасиетті қаламыз бұл, Жазатын денедегі сан жараны». Деп бізге баяндайды жол басшы қыз, Дəл мұндай сапарымыз болмас тығыз. Қақ тіліп Балқан тауын біз келеміз, Төменде бас айналған жартасты құз. Ашылды алдымыздан ғажап алқап, Көк өлке көрмегендей адам аттап. Жап-жасыл қолдарымен көтергендей, Аспанға анау тұрған қаланы аппақ. Ар жағы тағы да бір тау төресі, Батырдай басылмаған əуселесі. Шаншылып көк ғарышқа бұлдырайды, Сом алтын Софияның сəукелесі. Зымырап біз келеміз шыңнан құлап, Жарысып жолаушымен шулар бұлақ. Көңілдің күймесіне жегілгендей, Батыста, күрең тұлпар – күн арғымақ.

Не сұлу өлең жолы туады іштен, Құшаққа бізді тартқан мына күшпен. София балқып бұл кез жатыр екен, Рақат, бейбіт өмір, қуанышпен. Келемін жұмаққа есік ашқандай-ақ, Кеудемде бір дария тасқандай-ақ. Қазақтың София атты ару қызы, «Кел-кел!» – деп, бауырына басқандай-ақ. * Аспандатып салған бір биік, Алдымда ғажап ескерткіш. Қандарын төгіп, жандарын қиып, Тағдырын Болгар шешкен күш. Қаһарман Кеңес жауынгерлері, Қарайды содан мəңгілік. Алғыстың əсем айтылған жері, Тарихқа соғып жаңғырып. Мызғымас мыспен мəрмəрдан қашап, Көтерген көкке айдарын. Халықтың шабыт, жанымен жасап, Асырған ердің айбарын. Өрлеймін биік басқышпен алға, Кеудемде сондай мақтаныш. «Қиялым кетті аспанға самғап», Қанатын бейне қаққан құс. Жарқырап жан-жақ нұрға ұқсап тұрды, Шыққанда біздің тұстан күн. Апарып қойдым бір құшақ гүлді, Атынан Қазақстанның.

Атымды жаңа ұққандай едім, Арасын жарып сол көптің. Бір өлең жазып шыққандай, мені, «Ақыны, – десті, – Кеңестің!» Алыста жүріп естіген бұл сөз, Ыстығын сездім сонда мен. Адамда сондай болады бір кез, Қонатын бақыт қолға əрең! * Сөздері аз ұқпағандай, Сондықтан да тілі əсем. Əлі Отаннан шықпағандай, Сезінесің мұнда сен. Мұнда кеңес адамына, Бауырмалдық тым ыстық. Əрбірінің қабағында, Жарқыраған туыстық. Тұтас көңіл жарылмаған, Көріп жаның жайланар. Бүкіл ұлт боп қабылдаған, Меймандостық қайда бар?! Азаттықты көп аңсаған, Жырлап тұрған əр бір үй. «Россия, сəлем саған, Сəлем, бауырым!» дейді ылғи. Не бір ғажап ғимараттар, Көзге алыстан шалынған. Орыс рухын мың мадақтап, Соған арнап салынған.

Аяқ бассақ – бір ескерткіш, – Ескі тарих, жаңа тарих. Ол – Еркіндік. Ол – сонау күш, Айтып жатқан сан қайтарып. Бір тарихта екі қайта, Азат еткен болгарларды. Россияға сүйеп арқа, – Ризалықпен қалған мəңгі. Қайран халық аянбаған, Қызметінен жылдап соның. Қандай əсем баяндаған, Азаттықтан қымбат жоғын! * Бұлттарды Балқан тауы жатты өңгеріп, Жап-жасыл жалпақ жаһан, неткен көрік! Үш күнде сағыныппыз көк Дунайды, Шыққанда Видин деген порттан келіп. Бұл Видин – үлкен қала Болгардағы, Бір кезде бүкіл елдің болған жаны. Басталған барлық соғыс осы арадан, Қырғынның екі жаққа ауған бағы. Алыстан, арғы беттен атып-атып, Қақ тіліп дарияны, қақыратып, Ажалдың тажал басы шыққан жері, Қасқырдай қанды көзін жарқыратып. Содан соң азаттықтың перзенттері, Ең алғаш осы араға кеп жеткені. Кеңестің солдаттары қатар жатқан, Сонау бір жасыл бақта жел беттегі.

Өңкей сол сандықшалар жасыл шөптен, Мəрмəрдан қоя берген тасын шеттен. Ап-анық жазулары – аты, жөні, Туыстар іздеп келіп, жасын төккен. Гүлдердің біз əкелдік баққа бəрін, Тұр едім еш нəрседен жоқ хабарым. Бір болгар: «Қазақтар кеп мұнда,» – деді, Əлгіге «ə» деп қалып, жалт қарадым. – Жүріңіз! Мен соңынан кеттім еріп, Қалың топ ұзақ тұрған, көп түнеріп, Кейбірі үнсіз ғана шегіністі. Асығыс аяңдаған бізді көріп. Арасы бес адамнан, он адамнан, Бір қазақ барған сайын шығады алдан. Табанда он жетісін санап шықтым, Барады дəт шыдамай бұдан əрман. Өндірдей көбісі жас – сонау елден, Соғыстың соңғы жағын ала келген. Мезгілсіз сөнген өмір шуылдайды, Мынау бір жапырақты қара еменнен. Жанымда құйын ұйтқып, жел азынап, Шырқырап құлыншақтар, бота боздап. Бар ауыл жылағандай болды маған, Мен тұрдым қазір құлап кете жаздап. Қанша өмір қалған мұнда жанып, өшіп! Соғыстың қасіретін тағы кешіп. Қайысып тұр əнекей отандастар, – Қасында қалың қабір-қанды бесік.

Арқалап біз солардың аманатын, Ант еттік қорлатпауға адам атын. Болгардың қасиетті топырағы, Болдың сен одан сайын маған жақын! * Басынан сұрапылдың бəрі де өткен, Ғажаппен аман қалған қалың өрттен. Қалалық парткомитет секретары, Елуге енді жеткен адам екен. Əлі де бурыл бұлттай шашы қалың, Қап-қара екі көзі шашып жалын. Ауаны қолмен тіліп сөйлегенде, Білмейсің қашан жауып, басыларын. Нөсердей құйып-құйып, бір дем алып, Қайтадан еселеніп, кетеді ағып. Секілді тұла бойы тұнған тарих, Шешіліп, шежіредей шертеді анық. Сөйлейді жалғыз сөзін шашпай қандай, Жағалай бір меруерт тас жанғандай. Үйренген шешеніне құлақ түріп, Зал тыныш, бұлаққа кеп бас қойғандай. Жаңағы құрбандардың ерлік ісін, Бүгінгі солар үшін ел жұмысын. Баяндап тынған сəтте, риза болып, Кең залдың шапалақпен кердік ішін. Қашаннан халықта бар жол – рəсім, – Жігіттің қызметі болды басым. Біз оған аруағы үшін бауырлардың, Ұсындық қазақтардың домбырасын.

Деді ол: – Бұл ғажайып сыйлықты мен, Ұғамын бар құдірет, сыйқырымен. Тұрсын ол осындағы қазақтардың, Ерлігін мəңгі жырлап күй тілімен. Оянып рухтары сонда олардың, Болады мұны толғап қолға алар күн. Батырлар ел есінде тұрар самсап, Күрескен бақыты үшін болгарлардың! * «Қош, есен бол Болгар елі!» – Дедік біздер, гүл құшақтап. Шығарып сап, жолға мені, Жасын іркіп, əдеп сақтап. Қимағандай болды бір қыз, – Бəлкім, ол сол – Болгария! Көкірегі – аспан, жаны – жұлдыз, Қойны – ыстық болған ұя. Тарих көрдім, дəуір ұқтым, Бау-бағыңнан жинадым бал. Сендер бізге бауырлықтың, Күшін əсем жырладыңдар. Аппақ кеме толқындағы, Көзіме оттай басылды əне! Көтер жалау, шалқы тағы, Алға қарап асық, кəне! Төгілдік біз жағалаудан, Сағынышқа шыдаған көп. Бейне айнымай гүлді таудан, Көк Дунайға құлаған кеп.

Алтын шапақ таң астында, Қол бұлғаған адамдардан. Алтын көпір жалғасты да, – Ой толқыды одан да əрман. Қоштасудың қиындығын, Үйреніскен бауыр білер. Дос тірліктің сұлулығын, Қанаттасқан қауым білер. Əлі де сол кеме үстінде, Тік тұрған көп аяғынан. Қарсы ұшады күміс күнге, Біз айтатын баяғы əн: «Хороша страна Болгария, а Россия лучше всех».. Май, 1981 жыл

  1. АРМЫСЫҢДАР, МАДЬЯРЛАР! (Венгрия топтамасы) * Көк Дунай. Таңғы сағат алты жарым, Алтын күн алды жалын, арты жалын. Қаланы мынау ғажап құшақтағандай – Дарияның алып жатқан екі жағын. Будапешт. Пешт бері. Буда ар жақта, Асқақтап Гелерт тауы тұрған жақта. Жайнайды Азаттықтың ескерткіші – Басына күн шатырын құрған шақта. Ақмəрмəр Ана мүсін пальма ұстаған, Қалт етпей қарағандай жалғыз саған. Шынында бар əлемге қарап тұр ол, Аузында асыл сөзі алғыстаған. Ескерткіш бұдан артық болмас, сірə, Салынған көк пен жерді жалғастыра. Советтің ерлеріне деген алғыс, Секілді мəңгі-бақи азбас мұра. Қаланың аспандаған құдіретіндей, Құдайдың төбеңдегі сүгіретіндей. Ана мен Азаттықтан артық күш жоқ – Бесік жоқ адамзатқа жер бетіндей.

Ойлаған халық шебер соның бəрін, Тұрғанда аман-есен қолында күн. Бар байлық, бар өнерін аямастан, Қайрап ел салған бұған қанын, жанын. Қараймын, жүрек шаншып, дүрсілдеп бір, Қиялым «соған қарай жосыл» – деп тұр. Будапешт Азаттықты тік көтеріп: «Барым да, бақытым да осы!» – деп тұр. * Буынған сегіз көпір Дунай сері, Ернеуін күндіз-түні жуған селі. Көпірі Эржебеттің мынау байтақ, Өзі де кереметтің тұрған жері. Астында аппақ кеме, қызыл жалау, Ойнайды нұры айқасып күнмен алау. Мекені Иштванның – король сарай, Мұнартып арғы бетте тұрған анау. Басталып дəл Дунайдың жағасынан, Шыққандай бəрі самсап жар астынан. Ғажайып ғимараттар бой түзеген, Көз тайған мынасынан, анасынан. Мұншалық сұлу қала көрмедім мен, Түскендей сынып-сынып жерге күннен. Бəрі де көздің жауын жалмап-жұтқан, Сиқырлап ақыл жетпес өрнегімен. Ғасырлар қол қалдырған асыл тастан, Тынбаған бір-бірінен асырмастан. Үлгісі үй салудың – Ренессанс, Готика, Барокколар басын қосқан,

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙