Жұлдызды өмір
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Төреғали Қадыров — «Жұлдызды өмір». ЖҰЛДЫЗДЫ ӨМІР
/uploads/f41192be-d313-5f19-9233-1962a20c1d0b/cover.png
Жазмыштан озмыш жоқ деген. Өмір сынын Төреғали жастайынан сезініп, түсініп өсті.
─ Маңдайыңа жазылғаны осы да, балам, ─ деп отыратын анасы Салтан. Бірақ Төреғали ол кезде анасы айтып отыратын бұл сөздің мәнісіне түсіне бермейтін. Анасы оны мұңайып, әлденеге қамығып отырып айтатын. Бала Төреғали анасының бұл күйін түсінбесе де ана құшағында отырып онымен іштей бірге егілгендей күй кешетін. Жұмбақ сезім сәби жүрегін шымшылап өтетін. Сәби жүрек осылайша анасымен бірге мұңайып кеткенін сезбей қалатын. Оның түсінетіні анасының әлденеге қамығатыны, әлдене жанына бататындығы. Бірақ, ана жүрегін меңдеп алған бұл дерт не, оған түсінбейтін және ой да жүгіртпейтін. Әлден уақытта анасы әлгіндегі көңіл-күйден арылып, жадырайтын. Мұндайда әлем жарқырап кеткендей, мөлдіреп сала беруші еді. Ана жүзінің нұрлы шуағы бала Төреғалиға да тез әсер ете қалатын. Ол анасымен бірге қуанып, әлгіндегі бір жұмбақ, құпия сәт тез ғайып болар еді де, енді Төреғали көңіліне нұр шуақты жаз жүгірер еді. Мұндайда ол анасының құшағынан сытылып тысқа атып шығып, балалармен асыр салып ойнап кететін. Содан үйге қараңғы түсе ғана оралатын. Күн ұзағына ойынға қызығып, ауыл сыртындағы шағын өзенге шомылып, ас-су ішуді де ұмытып кететін. Тамағын әзірлеп, келмегесін Салтан өзі іздеп шығар еді. Содан ауыл айналып таппай ашуға мініп келген ол «енді бір қолыма түссең байлап қоярмын» - деп отырса да, күн ұзағына күнге күйіп, ауыл сыртындағы шағын арнаның лай суы сорып, жүзі ақ шаңдақтанып, үйге зорға жеткен Төреғали анасының әзірлеп қойып әлдеқашан суып қалған ас-суын да ішуге мұршасы келмей, отырған жерінде қалғып кетер еді. Баласын көргеннен-ақ Салтан әлгіндегі ашуын ұмытып, оны жуындырып, тамақтандырып, бәйек болар еді. Ол пысылдап ұйқыға кеткенде де ана ұлының арықтың лай суы мен терге баттасып, ұйысып қалған шаштарын салалы саусақтарымен тарай сипап жанында ұзақ отырар еді де, сол күйінде өзінің де көзі ілініп кеткенін байқамай қалар еді. Тек келесі таңда колхоз жұмысына кетпек болып ерте оянған анасының орнынан қозғалғанын сезіп онымен бірге тұрып кететін. Мұндайда анасы баласына бар ақылын айтып, балалармен төбелеспей тыныш ойнауды тапсыратын. Төреғали анасының ақылын тыныш отырып тыңдайды. Көшеде балалармен төбелескеннің дұрыс емес екенін біледі. Бірақ... сол бір төбелес дегенді бұл өзі іздемейді, төбелестің өзі мұны іздеп жүретіндей. Қанша момын болғысы келсе де, бір жерден шиі шығады да тұрады. Оған кінәлі ─ балалардың өздері. Олар ойын үстінде өздері бастап тиіседі, қаралық жасайды. Қолындағы аша тұяқ ─ рогаткасын тартып алады. Қайсыбір балалар кеудесін көтеріп әлімжеттік көрсетеді. Тігулі асықтарын теуіп, шашып кетеді. Ондайда Төреғали қарап тұра алмайды. Шыдамы жетпеген ол әлгі баланың омырауынан ала түседі. Осындайдан шатақ шығып, сарт та сұрт төбелес басталып кетеді. Төреғали ешқашан өзі теңдес балалардан таяқ жеп көрген емес. Әлдері жетпей, өшін ала алмаған балалар екеу-үшеу болып Төреғалиға жабылып кететіні де бар. Ондайда Төреғали жеңіліп бара жатса олардың біреуін астына ала құлайды. Қалған балалар оған жабылып жүргенде ол астындағы баладан өшін алып жатады. Сөйтіп, жасы үлкен балалар өзінен кіші Төреғалидан кеткен кегін қайыра алмай, ызадан жылап қалады да, үйлеріне айтып барады. Қайсыбіреулері әкесіне барып шағымданады. Бірде Қалмағанбет деген баланың әкесі келіп Төреғалиды қағып жіберді. Төреғали оған алдымен баласының өзі кінәлі екенін айтып түсіндірмек болды.
─ Балаңыздың өзі ғой, бірінші боп тиісетін, ─ деді ол бұртиып әлгі баланың әкесіне қарсы қарап тұрып, ─ ылғи да ол маған күш көрсетіп, қаралық жасайды. Асықтарымды шашып кетеді. Өткен жолы рогаткамды үзіп лақтырып кетті.
Бірақ, әлгі кісі оның сөзін тыңдамады. Омырауынан жұлқып қағып жіберді. Төреғали құлап түсті.
─ Енді тағы да осы балаға қол тигізетін болсаң оңбай таяқ жейсің, ─ деді ол кетіп бара жатып.
Төреғали сол құлаған жерінде жылап ұзақ жатты. Басқа балалар жылап қалса, әкесі не шешесі жүгіріп келіп, баласын қорғайды. Өзгеде кеткен өшін, кегін алып береді. Ал, қазір Төреғалиға ешкім де жүгіріп келмеді. Өйткені, оның қорғаушысы жоқ. Төреғали әкесінің жоқтығын, өзінің қорғансыздығын айқын сезінді. Қазір соған назаланды. Әкесі болғанда осы қазір ол да жүгіріп барып, орынсыз таяқ жегеніне шағымданар еді. Тіптен әкесі болса әлгі балалар оған жабылмас еді, әлгі адам оған тимес те еді. Енді болса міне, қорғанышы жоқ ол кінәсіз болса да зорлық көріп, таяқ жеп құлап жатыр. Оның басын сүйеп, жұбататын жан жоқ. Көңіліне демеу болар сүйеніш таппай, қара жерді құшақтап өкіріп жатыр. Мұны көрген жанындағы балалар әлдеқашан оны төбелес майданында жалғыз қалдырып, кетіп қалған. Ол осы күйі ұзақ жата берер ме еді, егер бүгін колхоз жұмысынан ауырып ерте қайтқан анасы кездейсоқ үстінен түспегенде. Құлап жатқан баласын көргеннен ананың зәре-құты қалмаған.
─ Не болды, жаным, тірімісің ─ деп ол анадайдан аңырап қоя берген. Еңірегенде етегі толған ана баласының үстіне кеп құлай кетті. Бағанадан жанына сүйеніш таппай, бір ауыз жылы сөзді естуге зар болып, ызадан булығып жатқан бала анасының даусын естігенде бар мұңын көз жасымен жеткізіп, шағына еңкілдеп қоя берген. Ана сүйенішсіз қалған баласына шағынса, алғаш рет әкесіз жетімдікті жан-тәнімен түйсінген бала қорғансыз анасының мұңын тағы сезініп, еңкілдей берді. Шағын ауыл ортасында кешқұрым құлын дауысы шыққан ана мен бала зарына күллі ауыл құлақ түрді. Әкенің жоқтығын осы бүгін ала-бөле айқын сезінген Төреғали қоймай өксіп ұзақ жылады. Бұған дейін әкенің орны қандай екенін білмеген, әкенің қандай болары ойына кіріп шықпаған бала осы жолы ғана бәрін түсінгендей.
Төреғали әкенің не екенін білмей өскен. Өйткені ─ ол үш жасына жетпей әкесі Айнияз дүние салды. Шиеттей екі баламен қалған Салтан ерінің шаңырағын құлатпай, ұстап қалуға бел байлады. Балаларын өсіру үшін басын тауға да, тасқа да ұрып тірлік жасады, колхоз жұмысына жегілді. Мына жағдайын түсінген колхоз басшылары оған жанашырлықпен қарады.
─ Баланды жұмысқа әкелмей-ақ қой. Ауыл жанындағы мақта участогында қала бер, жақын жерден баланды қарап тұрасың, ─ деген колхоз бастығы Чарымурадов.
Содан Салтан жұмыс арасында жүгіріп үйге келіп баласына қарап жүрді. Қайсыбір күндері бала жайымен жұмысқа азанда жайырақ шығып, кешке ертелеу қайтатын.
Оның жағдайын түсінген жұмыстастары да арасында қол ұшын бере қояды. Салтанның күндізгі уақыты бала бағымы мен жұмыс арасында тез өткенімен ана үшін түн өтіп болмайды, жұмыстан шаршап келгенінде түн баласын ұйқысыз өткізетін күндері де бар. Отасқанына онша көп бола қоймаған ерін, ерте үзілген армандарын ойлап әлдеқандай бір тәтті қиялдарға шомып, оның арты сары уайымға ұласып, баласын қалай ер жеткізетінін сарыла ойлап жатып, тауық шақырар шақта көзі ілініп кетер еді. Сөйтіп жатып түс көрер еді. Түсінде биік басындағы мұратқа қолы жетпей ұмтылып жүрер еді. Сөйтіп жатып шошып оянып көзін ашып алса, үй ішіне жарық түсіп қалған. Ол асығыс тұрып, балаларын жайғап жұмысқа шығар еді.
Осылай уақыт өтіп жатты. Төреғали мен Тілләбикесі ауыл мектебіне барды. Бірде Төреғали бес жасында балалардан таяқ жеп келген:
─ Өзіңнен кіші балалардан неге таяқ жейсің? - деп оның өзін қағып жіберген.
Содан кейін Төреғали үйге жылап келмейтін. Бұдан былай балаларды Төреғалидың өзі ұрып кететінді шығарды.
─ Баламды ұрып кетті, ─ деп үйге кеп арыз айтатындар көбейді. Мұндайда ана баласына ақыл айтады. Ол ақылды түгел түсініп жатпағанымен ар жағында ұғынықсыз емес сияқты. Сөзге түсінетіндігі ғой, қайсыбірде енді төбелеспеуге уәде береді. Бірақ ол уәденің бұзылатын кезі жиі болады. Мұндайда ол бар кінәні балалардың өздеріне жабады. Өзі судан таза, сүттен ақ, кінәсіз боп шыға келеді. Баласының тап сол айтып тұрғанындай тап-таза еместігіне көзі жете тұрса да оны ақтап та, қаралап та жатпайтын. Енді төбелеспейтіндігіне уәдесін алар еді. Бірақ, ол уәдесі жиі бұзылар еді.
Көңіліне жетімдік ұяламасын деп әкесінің жоқтығы жөнінде ауыз ашпайтын. Бірақ, бертін келе Төреғалидың өзі де есейіп, әкенің не екенін түсіне бастағандай. Өзге балалардың әкесін көріп:
─ Менің әкем неге жоқ? - деп сұрайтын.
Әсіресе, мектепке барғалы жиі сұрайтын болды. Пәленнің, түгеннің әкесі мектепке келді. Апаймен сөйлесті. Түгеншенің әкесі баласын күнде мектепке жетектеп әкеліп, әкетеді. Пәленшенің папасы баласына әдемі киім әперді... Менің әкем неге жоқ, - дейтінді шығарды.
Мұндайда ана баласына дайын жауап таба алмай, мұңайып, теріс айналып көз жасын сығып алар еді. Ал, бүгін Төреғалиының осынша таусыла жылағаны оған қатты батты.
─ Маңдайыңа жазылғаны осы екен ғой, - деп ұлының маңдайынан сипады. Қатты ызаланған Төреғали үйге келгеннен соң да өксігін баса алмай ұзақ жатты.
Сол күннен Төреғали көңілінің бір түкпірінде жетімдік наласы пайда болған. Ал, мұның жанында әкесі барлар өздерін артық сезініп, жоғары ұстаса ол со баламен өлердей өштесетін. Ол бұрынғыдай емес, бұдан былай тым төбелескіш болып кеткен. Өткен жолғы әкесіне ұрғызатын баламен өштесіп алған. Көрген жерде онымен бір ұстаспай өтпейді. Тым болмаса өтіп бара жатып бір нұқып қалады. Оңаша кездессе астына бүктеп тастайды. Өткенде өзін жабылып ұрған балалармен біріндеп жүріп есеп айырысты. Төреғалидың көзқарасынан көңілін таныған апайы да мұны әлде аяйды, әлде ақиқатты айырып, әділін айтады.
─ Сендер Төреғалиға неге жабыласыңдар? ─ деген ол, ─ көп болып бір балаға жабылу ─ ұятсыз балалардың ісі. Күшті болсаңдар жекпе-жекке шығыңдар Төреғалимен. Ол сендердің барлығыңды да сабауға күші жетеді. Керек болса ол сендерді қорғай да алады, біртіндеп жүріп сабай да алады. Сондықтан сендер бұдан былай Төреғалимен достасыңдар. Сонда ол сендердің өзге балаларда кеткен еселеріңді жібермейді. Түсіндіңдер ғой? - деген апайы.
─ Түсіндік, апай, ─ десіп класс балалары шулап қоя берген, ─ Енді біздер ─ бәріміз де Төреғалимен дос боламыз.
─ Ал, қане қайтіп дос боласыңдар? - деген апайларына балалар:
─ Міне, былай дос боламыз, ─ деп келіп бәрі Төреғалидың қолын алып, құттықтап, қайсыбіреулері бетінен сүйіп жатты.
Шындығында да осы оқиғадан кейін класс балалары Төреғалимен шын мәнінде достасып кеткен. Олар бөтен балаларға есе жіберіп алса келіп Төреғалиға айтатын, ал, ол барып өшін алып берер еді. Қайсыбір үлкен балалар Төреғалиды жекпе-жек төбелеске шақырса, мұндайда бұл олардан қорқып қашпайтын. Қандай бала болса да жалғыз сайланып шыға келер еді. Келе-келе одан жоғары класс балалары да ығып жүретін болды. Олар Төреғалимен өздері келіп достасты.
Салтан Тілләбикесі мен Төреғалиының есейіп келе жатқанына, отын тасып, су әкеліп өзіне көмекші болуға жарап қалғанына қуанды. Төреғали жасының әлі кішкентайлығына қарамастан үлкен бума отынды аркасына салып дөңгелек айналдырып кете беретін. Ауыл сыртындағы арықтан екі шелек суды үйге демалмастан жеткізетін. Ал, оның жасындағы көрші балалар бір шелек суды да төгіп-шашып әкеле алмайтын. Бір арба отынды есектеріне жүктей алма тыраштанып, Төреғалиды көмекке шақыратын.
Бұл Төреғалидың екінші класқа барып жүрген кезі. Жалғыз баласы үшін өмірін қиюға әзір ананың арманы көп еді. Тағдыр оған таңдап қосылған ерімен ұзақ отасуды жазбады. Өмірде көрмеген қызығын ана осы балаларынан күтті. Оның жолында өмірін қиюға да әзір еді.Әкенің жоқтығы Төреғалиды шынықтырып, ширата түскендей. Алдында анасы тұрғанда қиындық атаулыға мойымайды. Бала Төреғали тағдыры маңдайына тосқан қандай қиындыққа да төтеп беріп, қарсы ұмтылды. Ол ширығып өсіп келе жатқан. Сұм тағдыр бар қиындық біткенді Төреғалидың маңдайына жазған екен. Күтпеген жерден тағдыр оны тас төбеден келіп тағы бір соқты. Бала Төреғалидың жетімдігін де, жалғыздығын да, қамқорсыздығын да білдірмей жүрген қамқор ана күтпеген жерден қатты ауырып қалды. Оған қарайтын ағайын-тума да көп емес. Бір жар үй ағайындардың сырттай жаны ашығанымен, қолдарынан келері жоқ. Осындай шақта Төреғалидың қолынан келгені, ас-суын алып беріп аузына тосу ғана. Көңілі пәс тартқан бала төніп келе жатқан әлдебір қауіпті сезгендей, күндіз-түні анасының жанынан шықпады. Әлдеқалай отын-су әкелуге тысқа шыға қалса да анасынан айырылып, көз жазып қалатындай көрініп үйге жеткенше асығады. Алып-ұшып есіктен жүгіріп кіріп, алдымен төрде төсекте жатқан анасына келеді. Егер оның көзі ашық, ояу жатқанын көрсе сонда ғана жүрегі орнына түседі. Күндіз ауыл адамдары, ағайын-жекжаттар бірінен соң бірі келіп, үй іші қараң-құраңға толы болады да, ал түнде анасының қасында Тілләбике екеуі қалады. Күн санап төмендеп бара жатқан ана бүгін ұлына аса қимастықпен қарады. Оның сөніп бара жатқан көз нұры әлі бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған, оңы мен солын да түгел танып үлгермеген сегіз жасар Төреғалиының жүзіне қарап, тұлғасына көз тойдырмақ болса да, бұлдырап көз алды тұманданып бара жатқан. Сонда да жаратқан иесінен соңғы рет қайрат сұрап, қалып бара жатқан құлындарына соңғы рет көз тоқтатып көрмек болып, барынша таусыла қарады. Бірақ ананың соңғы рет жазмыштан жалбарына сұраған сол арманын мына фәниде тұл жетім қалып бара жатқан қос жетім түсінген жоқ еді. Ес білмей қамқоршысыз қалғалы тұрған Төреғалидың арманы ─ анасының жанында болғаны. Бірақ жаратқан ием сәбидің ол арманын хош көрмеді, маңдайына жазылған бес елі соры оның қалауын жасамады. Үш жасында әкеден айырылған оның бұдан былайғы өмірін де тақтайдай теп-тегіс етіп жаратуды құдайы қаламады. Сол соңғы түнде ұйқы қысып қалғып бара жатып, әлден көзін ашып алғанда анасының көзі ауып бара жатқанын көрді.
─ Мама, мама...,- деп Төреғалидың шошынған оқыс дауысынан әлгінде күзетке кеп отырған көрші ағайын шал көзін ашып алды. Түнгі ащы дауысты көрші үйдегілер де естіген. Сосын ол үйлердің үлкендері осында жүгірген. Олар келіп үлгергенше сырқат о дүниеге аттанып кетіп еді. Күзеттегі ағайын шал шошынғанын басып, кәлимасын қайырып, әлденелерді айтып, құдайға құлшылықтарын көрсетіп, ескіше әлденелерді оқып жатты. Ал Төреғали түн ортасында баласының құлын даусын естімеген, анасының қимылсыз кеудесінен жабысып айырылмай шырқырап жатқан. Жиналып қалған көршілер мен әйелдер оны анасының кеудесіне әрең тұрғызып, жансыз денені үйдің оң жақ босағасына шығарды. Содан Төреғали келесі күні анасын үйден шығарып әкеткенше бас көтермей өксіп жатты.
Төреғали шын жетімдікті енді сезінді. Жақын бір туыстары он үш жастағы Тілләбике мен сегіз жасар Төреғалиды қолына алғанымен, ол есіктерін шандып байлап тастаған иесіз қаңырап қалған қараша үйіне кеп ұзақ жылап жатар еді. Мұндайда оны іздеп жан баласы келмейтін. Екі көзі көнектей боп, беті домбығып ісіп кеткен ол бір замандарда әбден күдерін үзіп тысқа шығатын. Сонда ғана оны көрген немере ағайыны Серікбай ішке шақырар еді. Түнімен ұйқы көрмеген ол келесі күні үйден шығып, ауыл сыртындағы қойымшылыққа қарай ілбіп бара жатады. Оны көрген ауыл адамдары Төреғалиға сырттай жандары ашып қана қоятын.
─ Адам аяғаннан не пайда, құдай аясын, - дейтін мұны көрген кемпір-шалдар көздеріне жас алып.
Сол кеткеннен Төреғали зираттың шығыс шетіндегі жас төмпешіктің жанына кеп отырар еді. Бұл ─ оның анасы Салтанның жерленген жері. Қалың жыңғыл іші. Ол алдымен бос топырақты төмпешікті бауырына басып құшақтап алып ал кеп еңкілде.
─ Ақ мама, тұршы, мен келіп тұрмын ғой.
─ Сағындым ғой сені, ақ мама.
─ Бізді неге жалғыз тастап кеттің? Кімге тастап кеттің? Енді біздер қайтеміз?
─ Мені аясаңшы, ақ мама? Ах... ах..., ах... х...
Ол еңкілдегенде тынысы бітіп, біраз уақыт үздігіп қалды. Екі көзден жосыла аққан сора бос топыраққа сіңіп, жүзі балшық боп қалған. Бірақ оны елеген Төреғали болған жоқ. Анасы жатқан төмпешіктің бос майда топырағы оның денесіне ана құшағындай жағып бара жатты. Осылай жата бергісі келді. Ана құшағының жылуы өзіне тарта түскендей. Ойыннан жүгіріп кеп анасының құшағына еніп кеткенде тап осындай бір сиқырлы, жайлы да ыстық сезім баурап алар еді. Қазір оның жаны сол бір ұмытылмас ыстық құшақты, сол бір теңдесі жоқ сиқырлы, жайлы жылы сезімді іздейтіндей, соны аңсайды. Жаны сол бір сиқырлы сезімді енді тауып, шым-шым сіңіп, әйтеуір, рахат бір сезімге бөленіп жатқандай. Бұл анасының өз құшағы. Мұндай ыстық құшақ, мұндай жылу тек анасында ғана болар еді. Төреғали анасынан өзге жаннан мұндай ыстық құшақ, жылылық көрмеген. Оның сағынып, аңсап, шөлдеп келгені де осы. Сол аңсағанын осы қазір тапты.
─ Төрешім-ау, ─ деп көтеріп ап бауырына басып, құшағына қысып тұрып беріле аймалайтын теңдесі жоқ құшақ. Төреғали сағынып кеп тапқан сол бір сиқырлы ғаламат құшақтан енді айырылып қалғысы жоқ. Осы күйден айрылмай жата бергісі келді. Бір заманда ол әлдебір оқыс дауыстан селк етті.
─ Әй, Төреғали, тұр, қатты қиналдың ғой. Жетер енді. Құдай саған қайрат берді ғой. Анау шығыс беттегі шыңға шық, - деп гүр етті.
Төреғали тосын үннен басын көтеріп алды. Ол төмпешіктің бас жағында қарсы алдында астына ақбоз ат мінген ақсақалды қарияны көрді. Бұл колхоздың адамдары Төреғалиға таныс. Ал, мына кісіні ауыл адамдарының бірі ме деп ойлаған. Олай болмады, оны тани алмады.
─ Кел, атқа отыр, жеткізіп салайын, - деді ол тағы.
Төреғали үнсіз орнынан тұрғаны сол еді. Кенет әлгіндегі ақсақал атымен бірге ғайып болды. Төреғали шошып кетіп көзін ашып алды. Қас қарайып бара жатқан шақ. Әрігіректегі ауыл қараңғыға сіңіп кеткен. Бұл көрдей үңірейген молалардың ішінде жалғыз тұр. Әлден жүрегі қатты соғып кетті. Денесін үрей биледі. Ол анасының бейітіне тағы бір үңілді де, сосын ауылға қарай ілбіді. Оқтын-оқтын елегізіп, артына қарап, төңірегіне көз жүгіртеді. Бірақ көзге түртсе көргісіз тұңғиық ішінен тағдырына таныс ештеме кездестіре алмады. Бала жүрек үрей алдында ебелекше домалап кетіп барады.
Ол бұл күні түнімен алағызып, өз-өзінен сөйлеп, ұйықтай алмай шықты.
Төреғали басына шын жетімдік енді келген. Ағайындары қолына алғанмен, оның күй-жайы болмады. Келер жылы оқудан да қалып қойды. Оқуыңды тастама деген жан болмады. Ағайындары үйінде қара басы симады, отырса опақ, тұрса сопақ. Сәтсіздіктің бәріне кінәлі Төреғали болып шықты. Балалары төбелесіп, таяқ жесе де кінәлі Төреғали. Отын, су тасусыз қалса да Төреғалидан көретін. Қыс киер киімі жоқ, жұқа жыртық көйлекпен өткізіп, ауырып та қалды. Бірақ, жалғыздың жары бір құдай. Бәрінен да аман өтіп келеді. Оған жанашырлық жасайтын апасы жалғыз Тілләбике ғана. Төреғалидан азғана үлкен оның да қолынан келе қояр дәрмен жоқ. Қолынан келері ─ отын тасысып, суын әкеліседі. Тозығы жеткен киімдерінің бұта іліп кеткен жыртығын іліп беретін сол апасы. Төреғалиға бұл де жәрдем.
─ Ешкіммен төбелеспе, ілініспе, саған жәрдем берер жан жоқ, - деп ақылын айтады.
Төреғали апасының жанашыр сөзін ұқса да, басқаша болып шығады. Қазір Төреғалиды өмір біраз есейтіп тастады. Бірақ, бас идіре алмады. Ол өмірге бас бермей, есейген сайын ешкімнің алдында кішірейгісі келмей, өр кеуде болып өсіп келеді.
Осылайша өмір оны ерте есейтті. Азғана уақыт қамқор болған әкесі Айнияздың немере інісі Серікбайдың да жағдайы шақтаулы, тұрмысы төмен. Өз балаларының үстіне қосып тағы да төрт жетімді ─ немере ағалары Байнияздың баласы Жалғасты, Тағанның баласы Әбижанды, Айнияздың балалары Тілләбике мен Төреғалиды бағып отыр. Оларға тамақ та, киім де жеткізе алмайды. Осыдан келіп отбасының ынтымақтастығы да бұзылады. Осы жағдайда он ойланып, жүз толғанған Серікбай ақырында Төреғали, Әбижан, Жалғас үшеуін Ташауыздың балалар үйіне әкеліп орналастырды. Төреғали осы ажырасқаннан апасы Тілләбикеден көз жазып қалды.
Балалар үйіндегі өмір де әнебір қолайлы болмады. Мұнда әйтеуір тамағы тоқ. Көже-көкір, қара наны бар. Киімі де жаңа болмағанымен, әйтеуір, бүтін. Оқу үйретіп, сауат аштырады. Бірақ, қырғын төбелестің ортасы. Мұнда қара күшіңмен ғана өмір сүре аласың. Сондай өмірдің қалың ортасында жүрген Төреғали да бұған ұзақ төзе алмады.
Бір күні Төреғали мен Жалғас екеуі балалар үйінен қашып ауылға келді.
Ол он төрт жасқа дейін оқуды қойып, тірлік қамымен жүрді. Бірақ, бұл оған бас берер тірлік емес-тұғын. Өмірді өзіне бағындырудың жолын ол енді-енді ғана түсіне бастады. Бір қара күшпен өмірді тізгіндей алмасын ұқты.
Бұғанасы қатып үлгермеген бала колхоз жұмысына өгіздей жегілді. Таңның атысы, күннің батысы мақта даласының өнбейтін жұмысы оның жігерін сарқып бітті. Оған еркектерше алысып, оңын оңға, солын солға алысып жүріп жасайтын нағыз қара күштің жұмысы болса. Аюша арпалысып жүріп қара жерді қарыс айырып қопарып тастайтын жұмыс керек. Осылай нағыз еркектерше өмір сүргісі келеді. Бірақ ондай жұмысты көре алып жүрген жоқ. Колхоздың мақта даласының шөп жұлған жұмысы оның айызын қандырмайды. Арбамен апарып таста, алып кел жұмыстары да көңілінен шықпайды. Өнбейтін жұмыстар жігерін жасытып, мезі қылып жіберді. Оған көнбегенде қайда бармақ. Оны қайда, кім сағынып тосып отыр. Қазір әлдеқайда басы ауған жаққа кетіп қалғысы келсе де, онда барғанда кім болмақ. Оған көз жеткізе алмайды. Онда да осындай жұмыстар күтіп тұрған жоқ па?
Төреғалидың күнкөріс тірлігі де оңып тұрған жоқ. Ағайынның қолындағы өмірі адам қимайтындай емес. Іштей еш жанға тәуелді болмай дербес өмір сүрсем дейді. Ол үшін ауылдан басқа көз көріп, құлақ естімеген жаққа кетіп қалғысы келеді. Ойы онға бөлініп жүрген осындай шақтардың бірінде ауылдас бір түрікмен үйіне Небит-Даг деген жерден інілері қыдырып келе қалады. Жасы қырықтар шамасындағы ол кісімен ауыл адамдары дастархан басында әңгіме-дүкен құрады. Бала Төреғали түрікменнің қара үйінің көлеңкесінде отырып әңгімелеріне құлақ түреді. Ол кісі Небит-Даг деген жерде мұнайшы болып істейтін көрінеді. Мұнай деген қандай зат? Мұнайшы деген немене? Мұның бәрін Төреғали ұқпайды. Айтуына қарағанда мұнай жеті қабат жер астынан шығатын болуға тиіс. Оны соншама тереңдіктен қалай шығарады? Ол дағы Төреғалиға құпия. Жеті қабат жер астынан суырып шығарудың өзі ерлік емес пе деп ойлайды. Енді бірде оның жүрдек бала қиялы ─ сондай ерліктерді өз қолымен жасағысы келеді.
─ Мұнайшы болу қиын шығар? - деп сұрайды отырғандардың бірі.
─ Хауа, ─ дейді әлгі түрікмен, ─ кез-келген адам мұнайшы бола алмайды. Және барғанның бәрін мұнайшылық жұмысқа ала да бермейді.
─ Сонда қандай адамдарды, кімдерді алады? - дейді тағы біреулері тақақтап.
─ Алдымен ол адам қайратты, қажарлы болуы керек, ─ дейді әлгі түрікмен өзі қайратын көрсетпек болғандай білеу-білеу бұлшық еттерін бұлтитып. Сол кезде қолдары мен білектерінің тамырлары білеуленіп шыға-шыға келеді. Мына колхозшылар оның жанында күнге қақталып күйіп қалған қатпыш жандардай көрінді. Төреғали оның көп ішінде өз алдына бөлек бір төбе болып оқшау отырғанына, білем-білем бөлшектенген сом-сом денелеріне қызықты.
─ Сосын мұнайшы болу үшін оның «Бұзу» деген оқуы бар. Сол оқуын бітірген адамдарды ғана алады, ─ дейді ол.
Төреғали үй көлеңкесінде отырып кереге көзінің сыртынан құлағын тоса түседі. Әлгі адамның айтуына қарағанда «Бұзу» оқуы Небит-Дагда бар көрінеді. Мұнай туралы әңгіме Төреғалиға қызық боп көрінді.
Жеті қабат жер астымен тілдесіп, оның қойнына бүккен байлығын суырып алып, халық игілігіне жарату еркектердің ішінде де нағыз ерлердің қолынан келер жұмыс көрінді. Сол жердің терең қабатынан суырып алынған мұнай мен газ ─ елдің байлығы. Газ ─ отын болады да, ал мұнайдан шықпайтын зат жоқ. Одан адам өміріне қажетті тұтыну бұйымдарының бәрі шығады. Ұғымында әйтеуір ғаламат дүние.
Төреғали сол дүниемен істес болуға қызықты. Айтуына қарағанда ол бүкіл елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартып, мемлекеттің қуатын арттыратын байлық көзі.
Осы әңгімеден кейін Төреғалидың көңіліне алақұйын жүгірді.
Сол мұнай, газ деген дүниелер көңілін жаулап алды. Мұнда шөп жұлып, арбамен пішен тасып жүргенді ер адамдардың жұмысына лайық көрмеді. Әйелдердің арасында жүргісі келмейді. Енді ол қалай да кетуге бел буды. Бірақ Калинин колхозы қайда, Небит-Даг қайда? Колхоздан Ташауызға арбамен жаяулатып жетесің. Одан әрі Ташауыздан поезға отырғаныңда Небит-Даг үш күндік жол. Төреғали жол жағдайын күнілгері сұрастырып біліп алған. Енді жол қаржысын жеткізе алмай жүрген. Бірақ жол жүрмек ойын жан баласына айтып сыр тамызған жоқ. Бәрі ішінде. Өйткені, оның бұл ойын мақұлдай қояр жан баласының жоқ екендігін жақсы біледі. Оған ақыл айта қояр да жан табылмайтыны белгілі. Жалғыз жанашыры апасы Тілләбике. Жүрер алдында сол апасына ғана жөнін айтып кету ─ ойында.
Ақыры осы ой ─ оны 1944 жылдың жаз айларының соңында жолға алып шықты. Оның бұл сырын апасы Тілләбикеден өзге жан баласы білмеді. Ол кезде он сегіз-он тоғызға кеп, оң-солын танып қалған Тілләбике Төреғалидың кетем деген тосын әңгімесін жылап отырып тыңдады.
─ Басқа кімдерге айттың кететініңді? - деді апасы көз жасын жең ұшымен сүртіп.
─ Жан баласы...
─ Түсінем Төреғали. Мен де мұнда жалғызбын ғой. Қайда жүрсең де аман жүр. Амандығыңды білдіріп тұр.
Төреғали оған жауап қатпады. Тек, үнсіз мақұлдағандай сыңай танытты да, көзін аударып әкетті.
Көне үргенішке колхоздан мақта тиеп тасыған арбамен, жартылай жаяулап жетті.
─ Кешке мені күтпей-ақ қайта бер, ─ деді ол арбакешке, ─ ертең қатынаған көліктердің бірімен қайтармын.
Арбакеш одан арғысын тәптіштеп сұрап жатпады. Атына қамшыны бір басты да жаман арбасы өлгенше сықырлап ұзап бара жатты. Төреғали осы бетінде теміржол вокзалы үйіне келді. Мұнда Ташкент-Красноводск поезы түнгі сағат үш жарымда келеді екен.
Поезд дәл уақытында келді. Бірақ ығы-жығы адамдар, жатып көз іліндіретін де орын жоқ. Отырғандар кезектесіп қана қисаяды. Бұрын мұндай жолды көрмеген Төреғалиға мұның бәрі таң көрінді. Күні-түні темір доңғалақтары бір мігір таппай сарт-сұрт соғып келе жатқан поезд дегеннің өзі қызық. Жол бойы түрікмен жерін түгел аралап шығады екен. Байрамалы, Мары, Тәжен, Ашхабад, Небит-Даг болып кете береді. Жолда поезд станса бекет біткеннің бәріне тоқтайды екен. Шошайған екі-үш үйлі бекеттерге де тоқтап, адамдар мініп-түсіп жатады.
Сонымен екі жарым күн дегенде сәске түсте поезд Небит-Даг қаласына келді. Бұл үлкен елді мекен. Қала биік тау етегінің астын ала орналасқан. Поездың қалаға ерте кеп тоқтағаны Төреғалиға жақсы болды. Бейтаныс жерде кешке қайда қонам деп ойлаған. Бұл күні кешке дейін бейтаныс қалада қоналқа іздеп көп жүрді. Сосын шаршап келіп бақпен көмкерілген кішкене алаңқайға бір түрікмен жігіт отырған скамейкаға кеп отырды. Сірә, бұл демалыс паркі болса керек.
─ Қайдан жүрген баласың? - деді әлгі жігіт оның сынық өңіне қарап.
Ол жағдайын айтып, оқу іздеп келгенін білдірді.
─ Ендеше, біздерге оқуға кел, ─ деді ол кісі.
Таныса келсе ол ─ осы Төреғали іздеп келген ФЗО ─ оқуының шебер оқытушысы Мурад Керимов деген болып шықты. Ол әлгінде жұмыстан келе жатып, жолда осы араға демалуға отыра кеткен.
Ойда жоқта жолы болған Төреғали ФЗО оқуына тап болды.
Мурад алдымен директорға кіріп шығуға кеңес берген. Қазір ол Мурадтың сілтеуімен «Бузу» үйін ерте тауып алды. Қаланың шығыс жақ шетінде барак үйлердің бірінде орналасқан үйдің маңдайшасындағы жазуға үңілді. Мұнда «Фабрично-заводское обучение» (ФЗО) деп жазылыпты. Сонда «Бузу» деп жүргені осы болғаны ма?
Оның іздеп келген оқуы осы болып шықты. Ауызғы бөлмеде отырған орыс қызының сұрақтарына жауап бере алмады. Ол сұраған құжаттар мұнда болмай шықты. Білімі туралы анықтама қағазы жоқ. Ауызша төрт кластық қана білімім бар деп, сонымен шектелді. Мұнай кәсіпорнының осында оқуға жолдамасы жоқ. Мұнан кейін ол оқу директорына кірді. Төреғалидың оқуға қабылдамаса ше деген қаупі үлкен. Әлгіндегінің бәрін оқу басшысына айтып барады. Сосын сол қабылдамай қайтарып жібереді деп ойлады. Егер қабылдамаса елге қайтып барамын ба? Ол өз ойынан өзі шошынды. Іштей әлдекімге жалбарына бастады.
Араға көп уақыт салмай қыз қайта шықты да Төреғалиға күлімдей қарады:
─ Қорғаушың бар екен. Директор қабылдауға қол қойды, - деді ол.
Қас пен көздің арасында Төреғалидың үстінен ыстық тер құйылып кеткендей болды. Ол күлерін де, жыларын да білмей әрі-сәрі күйде тұрып қалды.
─ Сен неге қуанбайсың? - деді орыс қызы ─ талай балалар бұл жерден жылап кетіп жатыр.
Мұнан кейін орыс қызы оның қолына бір жапырақ қағазды ұстатты да:
─ Осы қағазды қазір мына іргеде тұрған жатақханаға апарып бер. Сонда орналастырады. Енді аз күннен оқу басталып кетеді.
Төреғалидың жолы болды. Оның алғашқы арманы ойда жоқта орындала кетті. Білімі жөнінде ешқандай құжат талап етпеді де.
Ол келіп түскен «ФЗО» ─ мұнайшылар дайындайтын оқу екен. Өткен жолғы түрікменнен естігендері оған көмектесті. Оқудың алғашқы күні-ақ:
─ Тұлғаң мұнайшылыққа жаратылғандай екен, - дескен оған сабақ беретін мұғалімдері.
Мұнда бірнеше мамандықты дайындайтын көрінеді. Төреғалидың таңдағаны скважиналардың жерасты жабдықтарын жөндеу операторы мамандығы.
Бұл оқу Төреғалиды шым-шытырық, тоқсан тарау жол ішінен қайсысын таңдарын білмей тұрғанда үлкен жолға алып шықты. Мұнай дегенді бұрын сырттай ғана естіген болса, оның не екенін енді ұқты. Оны жеті қабат жер астынан алып шығудың сырын меңгерді. Тереңдікті бұрғылау техникаларымен қалай жұмыс жасап, оны пайдалану керектігін үйренді. Осы оқуда өткізген алты айы оның өмірге, дүниеге деген көзін ашты. Сөйтіп, күллі тағдырын осынау халық байлығымен біржола байланыстырған еді.
Елден кеткелі еш жанмен байланыспаған. Бір жар рет қана апасы Тілләбикеден хат алып, ауылдағылардың тыныс-тіршілігін білді. Хатта айтуына қарағанда өзі ойлағандай оны жоқтап, алас ұрып іздеген жан болмаған. Аз да болса жас үлкендігі бар ол ақыл айтып, оқуын бітіріп адам болып шығуына тілектестік білдірген. Өзінің жиі еске алып, күнде тілек тілеп жататынын айтқан. Хаттың осы жерін оқығанда Төреғалидың көңілі бұзылып бара жатқандай болды.
─ Жә, - деді ол әлден өзіне тоқтау айтып, әдеттегі қаттылығына салып, ─ тірлік жетіп жатса кездесерміз, апа. Ал, әзірге аман болайық.
Ол қолындағы хатты жастығының астына тыға салды да алдындағы кітаптарына үңілді. Бұл ─ оқулық кітаптары. Онда мұнай, газдың қалай пайда болатыны, оның пайдасы мен зияны туралы айтылған. Ел байлығын көтерудегі мұнайдың атқарар кызметін, мұнай, газ шығатын жерлер, тереңдікті бұрғылау жайлары айтылған. Мұнайдың пайдасын халықтардың ежелден білетіні, аты-шулы қолбасшы Македонский Орта Азияға бір жорығында кешке шатырына мұнай шырағданын алдырып жаққаны, мұнайды, соғыс ісіне пайдаланғаны, Месопотамиядағы, Өлі теңіздегі алғашқы мұнай белгілері, Апшерон түбегінде алғаш құдық түбінен мұнай қалқып алғаны белгілі. Түркменстанда осы Небит-Даг маңынан Құм-Дагтан, Вышкадан мұнай шығады.
ФЗО мектебі оқушыларға бұрғылау, мұнай өндіру жөнінде жақсы білім берді. Бұрғылаудың қыр-сырын терең үйреніп, әдістерін меңгерді. Алғашқы үш айын теория жүзінде оқытты да, оқу жылының қалған жартысын бұрғылау алаңдарына барып, бұрғылау құралдарын, техникаларын көрді. Жер астына колондарды жіберу, оны ауыстыру жұмыстарын үйренді. Мұнай өндіру басында болды. Скважиналардың жерасты жабдықтарын көріп, білді. Оларды жөндеуді үйренді. Кітаптан оқып жаттағаннан көрі мұнда көзбен көріп, қолмен ұстаған тиімді болды. Төреғали бұл жұмыстарды тез-ақ меңгеріп кетті. Кітаптан оқығанды ізінше көзбен көріп, қолмен ұстаған ұғынықты болды. Өзгелерден гөрі Төреғалидың тез үйреніп кеткені кәнігі бұрғышы, мұнайшылардың да көңілінен шықты. Практикада жүріп те Төреғали ауызға ілікті және оның талап қойғышты ұнады. Ол кезде ФЗО мектебінде мұндай практикалар жиі болып тұратын. Оқушылар практикаға қызығып, оған көп көңіл бөлетін. Сосын кәнігі бұрғышы, мұнайшылармен кездесу болып тұрады. Мұндай кездерде Төреғали олардың әңгімелерін қызыға тыңдайтын. Түсінбеген жерлерін сұрап алудан жалықпайтын. Мұндайда оның сұрақтарына маманның өзі мүдіріп қалатын.
─ Бірдей жағдайда, бірдей еңбек етіп жатып, қатар тұрған екі бұрғылау бригадасының түрлі көрсеткіштер беруі қалай?
─ Бірдей жағдайда тұрған екі бұрғылаудың қайсысын таңдар едіңіз?
Тағы басқа осы тақылеттес сұрақтарға қайсыбір мамандардың берген жауабы Төреғалиды қанағаттандырмады. Мұндайда ол оқушы бола тұрса да мамандармен сөз салысып қалар еді. Алғашқы сұрақта мамандар құрал-жабдықтарды алға тартса, Төреғали оған:
─ Олардың құрал-жабдықтары да бірдей емес пе? - деп қайта сауал тастады.
─ Ендеше, ол көптеген жайларға, байланысты, - деп әлгілер бас-аяғы белгісіз, тоқ етер тұсы тағы жоқ ұзын-сонар беймәлім жайларды нұсқаған.
Бұл жалпылама жауапқа айызы қанбаған Төреғали өз ойын ашық айтты.
─ Әңгіме жұмысты ұйымдастыра білуде, ─ деді ол әлгілердің назарын өзіне аударып, ─ құрал-жабдығыңды нешебір жалаңдатып әзір отырғаныңмен, ісіңді ұйымдастыра алмасаң жұмыс жүрмек емес.
Отырғандардың ешқайсысы да оны теріске шығара алмады, оған талаптанып та көрмеді.
Ағайлары бұл күнгі сауалдары мен жауаптары үшін Төреғалиға «бестік» баға қойған.
Төреғали ауызша сабақтарда беске жауап береді. Тек айыбы ─ жазу сабақтарынан мүдіріп қалып жатады. Ол оқуға төрт жылдық оқуым бар деп түскенімен, ақиқатында оның төрт жылдық білімі жоқ болатын. Ағайлары қайсыбір сабақтарды жаздырғанда Төреғали қатты қиналатын. Қателер кетіп қалушы еді. Сосын сөздерді байланыстырып, сөйлем құраудан қашатын.
Сөйлемдері байланыспай пытырап жатушы еді. Өз жазғандарын өзі мүдіріңкіреп барып оқитын. Ал, ауызша сабақ айтқанда сөйлемдері бір-бірімен қиысып, ойлары қабысып жататын. Мұғалімдері ұйып тыңдап, оқушылар ауыздарын ашып қалатын.
─ Тап бір бұрғылау шебері сияқты сөйлейсің, - дейтін оқушылар күлісіп.
Төреғали өзі құралыптас оқушылар алдында білгішсініп, ақылгөй бола қалғысы келмейді. Ол сөзінде де, ісінде де әлдекімдерге жағыну пиғылынан аулақ. Бар болмысымен жауап беретін. Екі сөйлемейтін. Кесіп-пішіп бір сөйлеу ─ қанға сіңген әдеті. Ойланып отырмай ойына алғанын істеп тастай беретін. Бастаған ісін аяқтамай тынбайтын. Теория мен практика бір дегенді ол осылай түсінетін. Жер қабатындағы мұнай жер бетіндегі тіршілік үшін жаратылған. Оны жер бетіне шығару міндет. Ал шыққан мұнай, газ игілікке жаратылуға тиіс.
─ Осы мұнайдың арқасында соғыс жеңіспен аяқталды, ─ дейді ағайлары. Енді соғыста қираған қалалар, зауыт, фабрикаларды, қираған өзге де халық шаруашылықтарын тұрғызып қалпына келтіру үшін тағы да мұнай қажет. Бейбіт өмірде оның мазмұны бұрынғыдан арта түспесе, кемімейді. Сондықтан да ФЗО-ны бітірушілерді жедел өндіріске, мұнай кәсіпшіліктеріне жіберіп, мұнай өндірісіне қарқын беру міндеті алға қойылып отыр.
Төреғали осы ФЗО-да оқыған алты ай ішінде біраз есейіп қалды. Мұнда әйтеуір бұрынғыдай бір үзім нанды әлдекімге жалтақтап отырып жемейді. Қайғысыз отырып ішкен қара нан, қара суы оған дәмді көрінді. Бидай, арпа бөрттіріп береді. Жармадан ботқа пісіреді. Қара шәй тегін. Үстіндегі киімі де бүтін. Мұнда оқушылардың бәрі бірдей формада киінеді. Қаудырлаған қатты матадан тігілген киім мықты. Балалар алысып-жұлысып, жағаласып жүргеннің өзінде жыртыла қоймайды. Жоқ-жітікті көрген балалар оқудың қадырын түсінетін сияқты. Араларында естияр жігіттер де бар. Олар өздерінен кішілерді әрдайым ақылға шақырып отырады.
Әйтсе де бейбастақ кетіп қалатын балалар да жоқ емес. Оқудан қашып кететін балаларды үнемі іздестіріп жатады. Оқуына жауапты қарайтын белсенді балалар арасынан оқушылар Советін құрып, олар оқушыларға түсінік жұмыстарын жүргізеді. Осындай Советтердің біріне Төреғали да мүше. Ол айтқанға көнбейтін, айдағанға жүрмейтін балаларды талай үй аралап жүріп тауып, екі қолтығына екеуін қысып алып, директордың кабинетінің алдына әкеп тізіп тұрғызып қояр еді. Оңашада мыжып та алатын. Одан ыққан балалар ыңқ дей алмайтын.
Әйтеуір, мемлекеттік тәртіпті, алға қойылып отырған міндетті түсінбейтін бала болмады. Кейін сол балалардың барлығы да соқтаудай жігіт болып өсті. Көпті ісіне таңдандырған, қандай қиын тапсырмаға да ойланбастан қарсы бара алар батыл маман, қайсар азамат болып шықты. Сол бір кездерде аздаған қателіктері үшін реті келген жерде тізе бастырып алғанымен Төреғали олардың қай-қайсысын да өзінен кем көрмейтін. Олар еңбекке де, жуан білек жұдырыққа да бар жігіттер болатын.
Сонымен, алты ай оқу да өте шықты. Оң-солын оқу танытты ма, әлде өмірдің өзі есейтті ме, Төреғали өмірде төселіп қалған. Ол төңірегіне ойлана қарады. Оқу бітісімен жас мамандарды өндіріске арнайы жолдамамен жіберді. Олардың баратын мекемесі, жұмыс орыны күні бұрын белгіленіп қойылған. Сонымен 1945 жылы сәуірде Төреғали «Түркменнефть» тресіне қарасты Вышка кәсіпшілігінің трактор базасында тракторист, кейін осында бұрғышы боп ауысты. Оның жанындағы бірге оқып бітірген балалар ауылдарына барып, демалып қайтуға кетті. Ондай демалыс Төреғалидың ойына да кіріп шықпаған. Өйткені, оны сағынып жатқан адам жоқ. Ендеше, өзін сағынбаған, тіптен есіне де алмайтын ауылды Төреғали да есіне алғысы келмеді. Алаңсыз жұмысына кірісті. Оқып жүргенде талай практикада болып, танысқан жұмысы. Енді оған үйренісіп кету қиынға соқпады. Тракторды ұршықша айналдырған ол бұрғышылықты да меңгеріп, скважинаның жерасты колондарын көтеріп, түсіру жұмыстарын кідіріссіз атқаратын. Жанындағы көмекшілерін жұмыстың кідіріссіз жүруіне жұмылдырады. Ауыр тұрбаларды табандап тартқан трактор жер тарпып дірдектеп тұрып алады. Ол тракторист болып жүргенде бұрғышының ыңғайымен қимылдайтын. Өйткені трактордың жұмысы бұрғышыға тәуелді. Енді скважинаның жерасты жабдықтарын жөндеуде бұрғышы болып, бұрғының құлағын ұстағалы бригададағы жұмыс өзіне тәуелді. Жанындағылар оның қимылына орай жұмыс жасауға тиіс. Оларды өз еркіне тәуелді етіп ұстап, бірыңғай тәртіпке бағындырғысы келеді. Сонда бәрінің қимылы орайласып келіп, ортақ әуенге түсер еді. Жұмыста ол өз ойын жүзеге асырғысы келеді. Бірақ бұған жанындағылар көне бермейді. Айтар уәжі ─ орынсыз айқайы көп дейді. Өз жұмыстарының дұрыс екендігін дәлелдеп бағады. Ал, ара ағайындық айтар бұрғышы шебері жас шамасы қырықтардағы орыс жігіті Семенченко тіл табысып жұмыс жасау керектігін айтады.
─ Жылы-жылы сөйлесең жылан да інінен шығады, - деп мақалдайды ол. ─ Сен жас жігітсің, көп жайттарды біле бермеуің заңды да. Бірақ,бәрін де өмір өзі орнына қояды.
Ол айтқан ақыл Төреғалидың жұмысына сәйкес емес. Сондықтан да бұл ақылға құлақ асқысы келмейді. Бірақ амал қайсы. Тікелей бастығына көнбесе тағы болмайды. Ол көндім деп те айтпады, көнбегенін де білдірмеді. Бірақ солай екен деп босаңсымады.
─ Осы Төреғали тым ыстық жігіт емес пе ─ дейтін де қоятын төңірегіндегілер. Әйтсе де оның жұмысқа деген талапшылдығын ешқайсысы теріс дей алмаған.
─ Жұмыс жасату үшін бұларға жалыну керек пе, ─ деп іштей наразы кейіпте біразға дейін бұрқылдап жүрді, ─ еңбек деген біреудің асты-үстіне түсіп жатып жастық тұрып төсек болып жүріп істету емес, ол бар ой-санаңмен, бітім-болмысыңмен сезініп атқаратын мемлекеттік міндеттілік емес пе. Ал, бұлар оның көңілін танып, күйін тауып, еркімен істелетін іске саяды.
Бірақ, Төреғалидың құдай берген қасиеті ашу дегенің мінезіндегі бір сәттегі өзгеріс қана. Сол бойда ашуланып кеткенімен - бұрғы басына барғанша-ақ ұмытылып кетер еді. Ал кешке жұмыс аяғында азанда ренжіскен жігіттермен құшақтасып ойнап-күліп кетіп бара жататын.
Төреғали осы жұмысында бес жылдан артық жүрді. Уақыттың қалай тез өте шыққанын байқамай қалғандай.
Елде соғыстан қираған, бүлінген халық шаруашылығын қалпына келтіру жүріп жатты. Бұл жоғары саналалықты керек етері сөзсіз. Еңбек тәртібі қатаң. Жұмыстан ерте кетіп, кеш келу деген болмайды. Оған мемлекет қатты қарайтын. Бастапқыда көндіге алмай жүрді. Бірақ мемлекеттік тәртіп талай тентек-телілерді де ықтырып, дегеніне көндірді. Қатаң жұмыс тәртібі Төреғалиды ширата түсті. Келе-келе ол да гудокпен тұрып, гудокпен ұйықтауды дағдыға айналдырды. Өзгелер демалысқа кетіп жатса да Төреғалидың барып демалып келер жері жоқ. Ендеше, жұмыстан өзге не бар? Басқалар ауыратынын, басқа да түрлі жағдайлар айтып жатқанда ол сылтау іздемеді. Ал, құдай берген денсаулығы бар. Әзірге ауырып көрген емес. Жатақханада бірге тұратын жігіттер демалыс күндері ағайын аралап кетеді. Төреғалида ондай ағайын жоқ. Әйтеуір, руы «қырықмылтық» дегенді естігені бар. Одан арғысын білмейді де.
─ Әй, сенің темір-терсектен өзге ағайының бар ма? Ел аралап таныспаймысың, - дейді оған жігіттер.
─ Е, мені кім танушы еді, - дейді де қояды мұндайда.
Осылайша, арада алты жыл өте шықты. Бұл шақта Төреғали біраз көшеленіп, өсіп, есейіп қалған. Қыздарға көз қырын салғанымен, әзірге ойынан шығардай адам тап бола қойған жоқ.
─ Осы демалыс Жебелге барып қыдырып қайтсақ қайтеді, - деп жолдас жігіт Демеубай Төреғалиға ұсыныс жасады.
Жебел ─ Небит-Даг қаласының батыс жағында қырық шақырымдай жерде темір жол бойындағы үлкен тораптық станса, аумақты елді мекен. Бұл ─ Демеубайдың ауылы. Төреғали оны тұңғыш көріп тұр.
Сенбі күн кешкілік жұмыстан соң екеуі осында келген. Мұнда бір қонып қайтпақ. Поезден түскен жерде бір бойжеткен алдарынан шыға келді.
─ Демеубай аға, - деді ол, - осы вагонда менің әжемді көрмедіңіз бе? Кеше осы поезбен қайтам деп хабар жіберген екен.
Қиылған көзінен от ұшқындаған қыз Төреғалиға қарап бір жарқ етті. Демеубай оның әжесін көрмегенін айтып жеткізгенше Төреғали қызға отты жанарын қадап үлгерді. Қараторы қыздың сояудай кірпіктері Төреғалиға қарап бір сәтке шаншыла қалды да, әлден көзін аударып әкетті. Темір түлғалы нар жігіт қыздың отты көздерін өзінен аудармай сиқырлап тастағандай. Шынында да шымыр тұлғалы жігіт қыз көзін арбап алған.
─ Бірге оқитын жолдас жігітім, танысып қойыңыз Айна, ─ деді Демеубай қызға бір, Төреғалиға бір қарап.
─ Көрші тұратын қарындас қой.
Ол Төреғалиға көзін қысып қойды. Сірә қыз көзінің алдымен Төреғалиға түскенін байқап қалса керек. Соны күткен Төреғали да сәтті мүлт жібермеді.
─ Өте жақсы, қуаныштымын іздеген адамымның алдымнан шыққанына, - деп қызға қолын ұсынды. Қыз да қолын қымсына созды. Қарақат көздерін тағы бір төңкеріп тастап, жүзіне нұр күлкі ойнап шыға келді. Оның кет әрі еместігі айқын.
Перрондағы сапырылысқан халық, абыр-жабыр әңгіме олардың бұл арада тұрып ұзақ әңгімелесуіне кедергі болды.
─ Әне, әжем келеді, - деп қыз әрегіректе вагоннан түсіп келе жатқан ақсары кемпірдің алдынан шығып құшақтап сүйіп жатты.
─ Жарайды, - деді қыз соңынан аңтарыла қарап қалған Төреғалиға Демеубай, ─ жүр кеттік, ол қызбен кешке дұрыстап таныстырамын.
Демеубай уәдесінде тұрды.
─ Төреғали сізбен кездескісі келеді, егер қарсы болмасаң, ─ деді көрші қызға ретін тауып сыбыр етіп.
Қыз жымың етті.
─ Ендеше, - деді Демеубай, - ана шарбақтың арғы бетіндегі бұрышта күтеміз.
─ Жарайды, - деді де қыз бұрылып кетті.
Қыз көп күттірмеді. Демеубай екеуін табыстырғаннан кейін оңаша қалдырды.
Бұл түні екеуі ауыл шетіндегі бақшалықта біраз жүріп қалды. Олжашының қызы Айна әке-шешесінің осы маңда Қарашағыл деген ауылда тұратынын айтты. Қарулы жігіттің ыстық құшағы қызды балқытып әкетті. Екеуінің бұл түнгі әңгімесі махаббат жайлы өрбіді. Олар демалыс сайын кездесіп тұруға келісті.
Төреғали бұл сапарында олжалы қайтты. Қызбен танысты. Ашық мінезді қыз оған ұнады. Мұнан кейін ол апта сайын Жебелге, Қарашағылға барып тұрды. Таныстық соңы қимас ыстық махаббатқа ұласты. Жиі келгіштеп жүрген тұлғалы, сымбатты жігіт қыздың ата-анасына да ұнаған сыңайлы. Қыздың айтуына қарағанда олар қарсы еместігін білдірген. Әңгіме ауыл-аймаққа да жайылды. Мұндайда көп аузына іліккен жақсы емес. Біреу біліп айтса, енді бірі әдейі өсек-аяң жүгіртеді. Қаңқу сөзден аулақ болудың жолы ─ көзге түспеген. Ал, олардың жүріс-тұрысы көп көзіне ілігіп қалды. Ендігі жол ─ үйлену ғана. Төреғалидың алдында әскер қатарында қызмет ету қалып тұр. Алдағы шақырылуда әскерге алатыны анық.
─ Әскерге кетсең, онда мен саған жоқпын, - деді Айна.
─ Неге?
─ Солай. Күттірмейді.
Қыздың сөзі Төреғалидың жүрегін шымшып өткендей болды. Көз алдында оның махаббатын әлдекімдер ұрлап бара жатқандай. Келін түсіріп отырғызып кететін жері жоқ. Енді не істемек?
Төреғали бұл күні ұйықтай алмады. Дөңбекшіп ойға батып ұзақ жатты. Жұмыста жүріп те ойы онға бөлінді.
Сол жылдың көктемінде оған әскер қатарына шақыру қағазы келді. Төреғали қалай да үйленіп кетуді ұйғарды. Қыздың да қалауы осы еді. Сол жылдың көктемінде олардың үйлену тойы екі жақтың да ынтымақты жағдайында өтті. Сәті түсіп бұл жылы Төреғали әскерге алынбай бір жылға кейінге қалдырылды. Бұл да жас жұбайлардың қалауына көрсеткен алла тағаланың ықыласы болар. Олар сәби сүйіп үлгерді. Төреғали құдайдың бергеніне риза еді. Кешегі әке-шешеден қалып налыған Төреғалиға бүгін аллатағаланың ықыласы ауды. Ендіден былай ол өзін жалғыз сезінбеді. Өмірімнің жалғасын тапқаны деп ұқты мұны. Рахымы түскен құдайға ризашылық білдіріп:
─ Ұлымның аты Жалғасын болсын, - деген.
Сүйіп қосылған жары Айна да мұны мақұл көрді.
Тату-тәтті өмір өтіп жатты. Бұл кезде олар қаланың шетінен бір бөлмелі пәтер алып тұрды. Келер 1953 жылдың көктемінде Төреғалиды әскер қатарына алып кетті де, келіншегі Айна ұлы Жалғасынмен бірге төркініне барып күтуді ұйғарды.
Төреғали әскер қатарында Қазақстан жерінде болды. Үш жыл әскери қызмет ұзақ боп көрінді. Қашты қуды жорық үстінде жүрген сарбазға күндіз уақыттың қалай өткені байқалмай, есесіне кешке уақыт өтіп болмай жанын жейді. Кішкентай Жалғасының сағына түседі. Төреғалиға өзге жігіттердей артынан көп хат келіп жатқан жоқ. Айнадан жиірек хат келіп тұрғанын қалайды. Алғашында апта құрғатпай келіп тұратын хат соңғы жылдары сирей түсті және өзі де бірден-бірге үйренісіп келеді. Хат кідіріп қалса алаңдайтын. Хат келсе алдымен Жалғасынының атын іздейтін. Өзі хат жазса Жалғасыным ауырып қалмасын деп тапсырып жататын. Бірде оның суретін салып жіберіпті. Баласының қаз тұрғанын көріп, қуанышының шегі болмаған. Оны бөлімше жігіттеріне түгел көрсетіп шыққан. Суретті үнемі жанынан тастамайтын. Жігіттер темекі тартуға отырғанда ол алдымен ұлының суретін шығарып қарап отырар еді. Әшейінде жолдастық қарым-қатынаста қатал көрінетін Төреғалидың ұлына деген жүрегінің жұмсақтығына жігіттер таң қалатын.
Үш жыл Айнаға тым ұзақ көрінді. Күйеуіне деген ыстық махаббатын қолындағы мына ұлына деген сүйіспеншілігімен көрсеткісі келді. Оны мәпелеп өсіріп, әкесінің алдынан «папалап» жүгіріп шығарар күнді аңсады. Оның келбетін, жүріс-тұрысын түгел Төреғалиға ұқсатып отыратын.
─ Әкесінен аумайды екен, - деп отырушы еді көрген құрбылары да.
Мұның бәрі Айнаның Төреғалиға деген махаббатын лаулатып, сағынышын күшейте түсетін.
Сарғайтып барып үш жыл да өтті. Әсіресе, соңғы жылы Төреғали үшін ауыр да жеткізбейтін шексіз ұзақ боп көрінді. Асыққан сайын өтіп болмады.
Ақыры елге жетер де күн туды. Ауылдың төбесі көрінген сайын поездың да жүрісі шабан көрінді. Басын ала қашқан асаудай қысқа жолды ұзартып төбе көрінгенді түбінен емес, атшаптырым арыдан айналып, демде жетіп баратын жерге алыстан дабылдатып жетіп болмады. Поезд Ташауыздың үстімен өткенде ол өзінің туып, өскен ауылына салқындау ғана көз салды. Анау қыраттардың аржағына қанша тесіле қараса да туған ауылы Калинин, Көнеүргеніш мақта колхозын көре алмады. Шетсіз-шексіз қыраттар көзден таса қып көрсетпеді. Ауылдың шығыс жағында биік белеңге орын тепкен әкесі Айнияз, анасы Салтан жатқан зираттарды іздеп еді, ол да көзге шалынбады. Бұған дейін жүрісі өнбей, баспай келе жатқан шабан поезд тап осы араға келгенде шабысын түзеп тақ-тұқ етіп тарсылдап өте шықты. Келесі қыр белестен асқанда Ташауыз да көзден ғайып болды. Енді өз ауылына асыққан оның жүрек дүрсілі тақ-тұқ етіп поезбен бірге соғып келеді.
Сонымен 1956 жылы Төреғали әскерден елге оралғанда ұлы Жалғасын алдынан төрт жасына шығып қарсы алды. Әскерде шынығып қақпақ жауырыны жазылып, іріленіп, бұлшық еттері бөлшектеніп, тым дараланып қалған Төреғали алдынан жүгіріп шыққан ұлын қос қолдап алып аспанға көтеріп біраз тұрды. Сосын бауырына қысты. Төрт жасар бала еңгезердей ер жігіттің даладай бауырында бір шөкім боп қалды. Әшейінде келбетімен сескендірер алып жігіт жанындағыларды қарауынан қаймықтырар еді. Соншама батыл да берік, қатал да ызғарлы жігіт тап осы араға келгенде сол бір ел таңдандырған еркінен айырылып қалған. Сырт пішініне қарап мынадай жылылықты күтпеген жұрт оның мына қимылын тосын көріп тосылып тұрған. Төреғали сырттай көз салып тұрғандарға күркіреп тұрған күндей көрінсе де, іштей егіліп түр еді. Сырт көзге салқын көрінген ерінің ұлына деген мына риясыз пейілі, көңілін көріп, оның бәрін Төреғалидың өзіне деген ынтызар сүйіспеншілігі деп білді. Ол қазір үш жыл сағынған махаббатын ел алдында асқан ұстамдылыққа жеңдіріп, өзін әзер тежеп, ұлын көкке көтерген күйі Төреғали салқынқандылықпен келіп Айнаны бауырына тартты.
Сағынысып келіп қауышып, енді кайтып ажырамастай боп сүттей ұйып отырған отбасын ойда-жоқта бір күнде әрекет аралады да қойды. Оның қалай болғанын Төреғали да, Айна да көпке шейін түсіне алмаған. Қазақтың шайтан азғырды дейтіні бар-ау. Ол шайтан кімді, неге азғырады? Сонда кінә шайтанда болғаны ма? Ендеше ол шайтан өзгелерді неге азғырмайды? Аяғынан енді ғана тік басып, арғы атасы Қадырдың, өз әкесі Айнияздың құлап қалған шаңырағын әзер аллалап қайта тіктеген Төреғалиды шайтанға азғыртып, бұ құдайдың ала алмай жүрген не өші бар?
Мұның бәрін Төреғали берігіректе, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін оңаша қалып ойға шомған сәтте есіне оралғаны. Тентектің ақылы түстен кейін кіреді деуші ме еді. Сол сәтте мұндай ақылдар оның ойына келмеді.
Бұндай ақылдан тысқары бірбеткей кеткеніне Айнаның да өкініші көп. Сонымен екі жақ та ақылды ашуға жеңдіріп алып, кейін сан рет өкініп, сан соғумен болды.
Неге екені күні бүгінге дейін де есінде жоқ. Оның сылтау салдарын да ауыз толтырып айта алмайды. Тағы да бұған кінәлі шайтан болғаны ма. Шайтан деген немене? Одан қалай жауап алмақсың? Әлде жастықтың буы ма? Енді қаулап бірден бірге дауылға айналып келе жатқан жастық шақтың ала құйыны олардың әрқайсысын әр жаққа еркінен тыс үйіріп әкетті. Сол бір ойда жоқта ұйытқыған құйынның лебімен ұшарын жел, қонарын сай білген жел айдаған қаңбақтай Төреғали үстіндегі киімін де ауыстырмай әскери киімімен үйден қалай шығып кеткенін де білмей қалды. Айтқанынан қайтпайтын ер азаматқа тән бірбеткейлік мінездің жақсылығы да, жамандығы да бар екен. Мұның да аражігін Төреғали кейін аңғарды. Сол бойда алақұйын мінез аспаннан жасын соққандай ойлауға мұрша бермеді. Әшейінде өз қателігін мойындап, басыла қалатын Айнаны да белгісіз бір күш сақылдатты. Төреғалидың соңынан жүгіре шығып:
─ Мен қателессем кешірші, ─ деп айтуға бір күш тілін байлап тастағандай.
Ол өзіне келіп, ақылға салғанша Төреғали дауыс жетер жерде емес-тұғын, ол үйлердің тасасына еніп көрінбей кеткен.
Мең-зең күйі Айна жастыққа кеп құлады. Әлгі бір өкініш өзегін өртеп бара жатқандай. Одан өзге жол таппай, екі көзіне ғана әлі келіп, егіле берген. Көз жасы жастықты жуып жатып көзі ілініп кеткен екен. Түсінде Төреғали оған: «Өзің іздеп кел», - дейді. «Мен мына баламен қалай, қайдан іздеймін», - деп жатып оянып кетті.
Бұл кезде Төреғали жұмысынан шығып, кешке Красноводск-Ташкент поезына отырып та үлгерген. Үйден былайырақ шыққанда Жалғасыны есіне түсіп, артына қайырыла бір қарады. Әлгінде үйде болмай шыққан Жалғасыны қазір іздегенімен көзге түспеді. Балалармен ойнап кетті ме деп ойлады. Оны бір сүйіп кеткісі келді. Бірақ көзге түсе қоймады да, желқұйын жетелеп кете берген. Қазір поезда отырып кешегі оқиғаның қалай болғанын ойлады. Бірақ, жүйесіз оқиға есіне түсе қоймады. Будақ-будақ түтіні көкке шаншылып тепловоз асығыс сартылдап, оны барған сайын шаңырағынан алыстатып әкетіп барады. Қайда, неге бара жатқанын өзі де білмейді. Жел айдаған қаңбақтай, өмір ағысымен ығып кетіп барады.
Ауылдан бір шығып қалған Төреғали енді қайырылмастан Қазақстанның Гурьев облысының Құлсары мұнай кәсіпшілігі ауданынан бір шықты. О баста мұнда келем деген ойы жоқ болатын. Он ұйықтаса түсіне де кірмеген. Бұл жақта таныстары да, ағайыны да жоқ. Жалғыз-ақ демеуі ─ бұл жерден де мұнай шығады. Ендеше, оған мамандығы бойынша жұмыс табылады. Оны мұнда күтіп алатын жан болмағанымен қателескен жоқ болатын. Мұнай өндірісінің басы қай кезде де маман-кадрға зәру. Әрі мамандығымен қатар жұмыс стажы, жеткілікті еңбек, өмір тәжірибесі бар жігіттер өндіріске қай кезде де ауадай қажет болары сөзсіз. Келген күні қонақжайға түнеп шыққан ол «Құлсарынефть» мұнай, газ өндіру басқармасының басшылығына келіп жолыққан еді. Құжаттарын біраз аударып-төңкеріп отырған «Құлсарымұнайгаз» өндіру басқармасының бастығы Нұрғожа Тауманов бірден арызына жұмысқа қабылдансын деп бұрыштама соқты да мамандар бөліміне жолдады.
Сонымен келесі күні-ақ жолы болған Төреғали осы басқарманың бұрғылау бригадасына жұмысшы болып шыға келді. Ескі кәсіпшілікте бұрғылау тап әнебір айтарлықтай қарқынды жүріп жатқанға ұқсамайды. Бұрғылауда тұрған әр жерде бірен-саран ғана скважиналар бар.
Бұл жерде скважиналар 700 метр мен 1800 метр тереңдіктер аралығынан мұнай беріп тұр.
Жана жерде Төреғали жатақханаға орналасты. Мұндағы жағдай белгілі. Өз киімдерін өзі жуып, тамағын да өзі пісіріп ішеді. Арасында асханаға барады. Өзі пісірген шикілі-пісілі тамақтары әнебір дәмді болып жатпаса да көндіккен.
Жұмысқа жаңадан кеп орналасқан әскери киімдегі денелі, ірі жігіттің жұмыстағы кесек қимылдары мұнда да көзге ілінді. Қандай жұмыс тапсырса да қиындығынан қашпай бітіріп тастай беретін.
Жаңа жерде бастапқыда Төреғали ауылды, отбасын жиі еске алатын. Жалғасынын сағына түсті. Айна әлі де Жалғасынын алып артынан іздеп келетіндей көрінді. Қайсыбірде жатақхана алдынан не көшеде бала жетектеген әйел көрсе Айна мен Жалғасын емес пе деп қалады. Тұсынан өтіп бара жатқан олардың соңынан біразға дейін көз алмай қадала қарап қалады. Көзі жеткеннен кейін бұрылып кете береді. Расында да Айна Жалғасынын ертіп ізінен іздеп келер болса Төреғали өткеннің бәрін де ұмытып кетердей еді. Сөйтіп, шайқалған шаңырақты тіктеп, қателіктерді түзетіп; мөлдір махаббатты қастерлеп, бақытты өмірді басынан қайта бастауға бар еді. Ол біразға дейін осындай ойда болды. Бірақ арадан уақыт өткен сайын сезім суына берді. Ал өзі кері қайтып баруды ойламады. Әлдебір құпия сезім кері жүріс жасауға жібермеді.
─ Тал түсте қателескен болсаң, саған кешірім жоқ, ─ деп тұрғандай әлдебіреу.
Осындай ой үстінде бүгін де біразға дейін ұйықтай алмай, таңертең кеш тұрып қалған. Атып тұрып апыл-ғұпыл жуынып жатқанда.
─ Төреғали қайдасың? - деген дауыс естілді.
Ол жүгіріп бөлмесіне келсе, мұнда бұрғылаудағы жұмыстас жігіттердің бірі екен.
─ Ойбай, жүр, авария, - дейді ол әлік те, сәлік те жоқ, төңіректегінің бәрін үркіте сөйлеп.
─ Ау, не авария, жөн-жосығын түсіндіріп айтсаңшы, ─ дейді асығыс киініп жатқан Төреғали нендей болса да бір жағымсыз оқиғаның болғанын байқап.
─ Е, бұрғылау атылып, өрт шығып кеткен. Тез жетпесек болмайды.
Кеше кешке тоқтатып кеткен бұрғылаудың қарап тұрып атып кеткеніне түсіне алмаған Төреғали қанша бажайласа да онысынан ештеме өнбеді. Хабаршы «ойбайдан» өзге ештеме айтып түсіндіре алмады.
Амалсыздан оның соңына ілесе берген. Мұнай кәсіпшілігінің теріскей бетіндегі қыр басында екі бұрғылау қатар бұрғылап жатқан. Түстік бетіндегі Төреғали істеп жатқан бұрғылау аман да, жанындағы екінші бұрғыдан мұнай атып кеткен. Мұндайда міндетті түрде от шығып, жалын атқылайды. Қазір де солай болған. Түнде ауысыммен бұрғылап жатқан кезде технологиялық ережелер сақталмай, содан фонтан атып, жоғары қысым мұнара жабдықтарын лақтырып жіберген де, одан от шығып, қазір аспанға жалын атып түр. Сумаңдаған жалынның тілі сонау мұнараның ұшар басына шығып төңіректі қою қара түтін тұмшалап алған. Күн көзін мұнартып, төңіректі қара түске бояп тастағандай. Жер астының қатты дүмпуінен биік мұнара саңқ-саңқ етеді. Төңіректі құшағына шарпыған жалын тілі сумаң қағып маңына жуытпайды. Қызуы маңайды өртеп барады.
Өрт хабары ауданнан асып облысқа да жеткен. Тиісті мамандар алдырылған. Жылыой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Өтеп Балғынбаев, «Құлсары мұнайгаз өндіру» басқармасының директоры Нұрғожа Тауманов, өндіріс бастығы Әлім Бақтыбай, өзгеде Төреғали танымайтын басшылар тайлы-тұяғымен түгел осында көрінді. Бірақ олардың барлығыда бұрғылау маңына жуи алмай, айналшықтап жүр. Алыстан арнайы шақыртқан мамандары да қайран жасай алмай, бас шайқағаннан өзге амалы қалмаған. Фонтанды жаппақ болып жасаған әрекеттерінен ештеме шықпаған. Енді не істерін білмей келген топтың тоқырап тұрған кезі болатын. Төреғалидың бригадасы іргедегі өрттен өз скважиналарын аман алып қалудың шараларын алып жатқан. Басқарма директоры Тауманов көрші Төреғалилардың бұрғылау жігіттерін де осында өртке қарсы жұмылдыруға тапсырма берді.
─ Қане жігіт, бері кел, - деді Өтеп Балғынбаев пошымына көңілі толардай жігіт Төреғалиға қарап. Әскери киіммен жүрген еңгезердей жас жігіт Төреғали оның жанына келіп қолын ұсынды.
Қазір Төреғали мұнда бұрғылау басындағы жігіттерімен бірге келген. Олардың ішінде аудан басшысының көзі алдымен тұлғалы жігіт Төреғалиға түсіп тұр.
─ Қане, бастап өзің кіріс, ─ деді ол Төреғалиға, ─ мына жігіттер түгел жұмылсын. Фонтанды қалай да басу керек.
Бірақ басшы айтты екен деп отқа бас қойып, не фонтанның ішіне кіріп кетіп жатқан ешқайсысы жоқ. Бәрі де айналшықтап келіп сырттай береді. Өйткені, от өртеп, жалын жалап барады. Фонтан оқтын-оқтын қахарына мініп, гүрс-гүрс атылып жатыр.
─ Ай, бұл не тұрыс, беттесеңдерші, ─ дейді басқарма директоры Нұрғожа Тауманов әлгіндегі аудан басшысының сөзінің қолдаусыз қалғанына ыңғайсызданған кейіппен.
Бірақ, бәрібір тобыр қарасы ұлғая түскенімен, ілгері шығып жатқан ешқайсысы жоқ. Қырып-жоярдай таптап береді де, дауылдан кейін жағаға лақтырылған балықтай қайырлап қала береді.
Күннің көзі тас төбеге өрмелеп, өрттен көтерілген қою қара түтінге оранып, кілегейлене қара көлеңкеленіп тұр. Мына ахуалға қанық Төреғали жағдайды бағамдаған ол мұндай өртпен бұрын Түркменстанда «Вышка» кәсіпшілігінде жүргенде де бетпе-бет келген. Бірақ, ол жолы жер асты қысымы мұндағыдан көп төмен болатын. Сондықтан да оған ілекерлеп тақау барып сөндіру мүмкін болған. Ал, қазір мұнда басқаша. Жер астының жоғары қысымы жалынның күшін ұлғайтып, гүрс-гүрс ұрғылап жатыр.
Фонтанды ауыздықтау жолы ─ қайткенде де бұрғылауға тақау барып «планшайбаны» ауыстырып, ысырманы жабу керек. Бірақ жалын жанына жуытпай шарпып тұр.
─ Бетке ұстар қалқан болса, ─ деп ойлады Төреғали, ─ онымен фонтан атып тұрған бұрғылау тұмсығына тақау баруға болар еді. Ал, қазір ешқайсысының ондай құралдары жоқ. Қолда жоқ затты армандап өкінгеннен пайда жоқ еді. Әңгіме, осы қазіргі тұйықтан жол тауып шығуда. Төреғали сондай жол іздейді. Бірақ, сын сағатта көзге ештеме көрінбей, қолға ештеме түспейтіні бар ғой. Және жоқты іздеп ойланып жатуға да мұрша жоқ. Көз алдындағы жойқын өрт жайпап кеткелі тұр. Осы жағдайда Төреғали ақыл-есін жоғалтқандай еді. Ол қазір не істеп, не қойғалы тұрғанын өзі де салмақтай алмады. Тілсіз жау ─ өртке қарсы қимылға кірісіп кетті. Кеше анадай жерде «Газ-51» автомашинасы келіп қорабынан үлкен екі цистерна түсіріп кеткен. Сірә, ол ─ бұрғылауға технологиялық су дайындау үшін жеткізілген болса керек. Қазір сол екі цистернаға көзі түсті. Ол қазір жанындағылардың ешқайсысымен де ақылдасып кеңескен жоқ. Өзі цистернаның жанына келіп, оны жығып, домалатып көрді. Цистерналардың іші бос, даңғырлап жатыр. Цистернаның біреуін қайта тікейтіп тұрғызып қойды. Сосын:
─ Әп..., - деп үлкен цистернаны арқасына қарай көтере мытып жібергенінде үлкен цистерна даладай қақпақ жауырынына барып қонды да қозғалмай тұрып қалды. Осы күйі маң-маң басып фонтанға қарай беттеді. Өрт маңында ошарылып тұрған әлгіндегі топтың назары қазір осында ауды.
─ Әй, мынауың кім, дені дұрыс па өзінің, - деді біреу.
─ Ойбай, нән күбі арқалап жүргені несі, фонтанды сонымен өшірейін деп жүргеннен сау ма өзі, - деді тағы бірі.
─ Әй, мынау Төреғали ғой. Ойбай-ау, таудай цистернаны қалай көтеріп келеді?
─ Онымен не істемек?
Осы сияқты сауалдар, күбір-күбір көбейе берді. Әйтеуір, күтпеген көрініс мына қарап тұрғандарға тау арқалаған Толағайдай әсер етті. Оған дейін таудай цистернаны арқалаған Төреғали да келіп жетті. Ол арқасындағы дәу күбіні жақындап келіп фонтанға қарсы ұстап бұрғылауға тақап әкеліп қойды да, сосын оны бетке қалқан қып ұстап, тасасымен ілгері итеріп, скважинаға тақады.
─ Әй, байқаңдар, - деген дауыс естілді арыдан, ─ ана жігіт өртеніп қалмасын.
Төреғалидың ізімен жігіттердің жақындамақ болған әрекеттері байқалды. Бірақ олардың кімдер екені, не істемек болып жүргендерімен Төреғалидың шаруасы болмады. Оларға қарайтын мүмкіндігі де жоқ еді. Оның бар ойы қазір алда өртеніп жатқан скважинада. Таудай үлкен күбі бөшке отқа оранып орнықты тұр. Ол жайлап жанындағы әлгінде дайындап қойған кілттерін шығарып, планшайбаның болттарын босата бастады. Шалқыған жалын оқтын-оқтын жүзін шарпып кетеді. Ондайда Төреғали шегіне қорғанысқа көшеді де, ізінше әлгі қимылын қайталайды. Содан кейін «КП-25» тракторының краны мен тұрбасын көтеріп, насостың кабелін кесті. Мұның бәрі оңайлықпен бола қоймады. Қолдары күйіп қалғанға ұқсады. Жүзі өртеніп бара жатқандай. Беті ашиды. Бұл не, күйіп қалғаннан сау ма деп ойлады. Бірақ шегінуге болмайтын. Енді қалай да ойындағысын аяқтауға тиіс. Аз қалды, шыда, ─ дейді өзіне өзі.
Планшайба ашылды. Оны лақтырып тастады да, орнына басқа планшайба қойып, ысырманы орнатты. Денесінің қызып, қолдарының күйіп бара жатқанына қарамастан ысырманы бұрай бастады. Көкке атылып ысқырып ұрып тұрған фонтанный екпіні басылайын деді. Бірақ әрі қызу шыдатпай, әрі қары талып қалған оған қазір аз да болса тыныс керек еді. Ол бір сәтке қолын кері тартып ұлыдан дем алды. Арқа тұсынан жақындап келген әлдекімдерді байқады. Олар жәрдемдеспек болса керек. Бірақ мына жағдайда Төреғали олардан жәрдем күтпеді. Бір сәтке тыныс алған ол ілгері қайта ұмтылды. Бар күшін салып ысырманы бұрады. Жалын шарпыған ысырма қол ұстатпайды. Күйік шалған қолғабын кайта киіп, тағы да екі-үш бұрап үлгерді. Енді күркіреп тұрған фонтан дыбысы өзгеріп, ысылдап естілді. Жалаңдаған жалын шарпуы кейін серпілді. Арка тұстан әлгіндегі топтың шуылы естілді.
─ Басылды бұрқақ.
─ Жалын өшуге айналды.
─ Енді сәл қалды. Бұрай түс.
Тістене қимылдап жатқан Төреғали ысырманың жабылуы жақын екенін байқады. Тағы да екі-үш бұрып үлгерсе... Ол бар күшін жұмсап соңғы рет бұрай бастады. Ысырма барған сайын қатайып, бұрау қиындай түсті. Ол бар қайратын шақырып, соңғы рет ұмтылды. Бұрқақ басылды. Жалын өшті. Төңірек шуға толып кетті. Әлгіндегі топ ілгері ұмтылып, бұрғылауды қоршап алды. Төреғали топ ортасында қалды. Біреулер оның қолын алып, енді біреулер арқасынан қағады. Жабырлап сөйлеп жатқан біреу. Қазір олардың не айтып жатқанын Төреғали есітіп тұрған жоқ. Құлақтары шыңылдайды. Әлі кетіп әзер тұр. Енді байқады, білектерін, қолдарын қара күйік шалған. Беті ашып барады. Әлдекімдер оны қолтығынан демеп аулаққа қарай алып жүрді.
─ Рахмет, інім. Ерлік жасадың, - деп бірі алпамсадай жігіттің қақпақтай жауырынынан қақты.
Төреғали оның басқарма директоры Нұрқожа Тауманов екенін таныды. Оқиғаны бастан-аяқ көріп тұрған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Өтеп Балғымбаев мына жас жігіттің тұлғасына да, қимылына да тәнті болып тұрған. Оның автомашинамен жеткізген үлкен цистернаны көтеріп кеткенін көргенде таңданғаны да, қорыққаны да бар. Таңданғаны ол көтерген цистернаның салмағы жарты тоннадан кем болмас деп ойлады. Ал, енді қазір бәрі жақсылықпен аяқталғанда да әлгіндегі таң-тамаша күйінен арыла алмай тұрған. Ол жанына басқарма өндіріс бөлімінің бастығы Әлім Бақтыбаевты шақырып алып:
─ Жаңағы цистернаның салмағын өлшеп көрші, - деп тапсырды.
Қағылез жігіт Әлім аудан басшысының сөзін еткісі етпей орындады. Арадан біраз уақыт өткенде:
─ Өтеке, әлгіндегі сіз айтқан цистернаны көзімше өлшеттірдім. 367 килограмм, - деді.
Өтеп басын шайқап, ернін тістеді.
─ Скважиналардың жерасты жөндеу істеріне осындай он жігіт болса, олардан жұмыс артылмас еді-ау, - деді ол асқан риза пішінде. Жанында тұрған Тауманов та оның сөзін қуаттады.
Сол күні түс қайта аудан басшысы Төреғалиды өзіне шақыртты.
Барса Тауманов екеуі отыр екен.
─ Інішек, бүгінгі теңдесі жоқ қызметіңе ризамыз, - дей отырып, бұрын қайда жұмыс жасағанын сұрады.
Төреғали ақиқатын айтты.
─ Түркменстанда Небит Даг, Кум Даг, Вышка, Хуайдаг, Орынжы, Бұрынжық мұнайлы кенорындарында жұмыс жасадым, ─ деді ол. ─ Бұрғылау кезінде мұнай атып кету фактілерінің талайы кездескен. Бірақ олардың әрқайсысының жағдайы әртүрлі еді. Бәрін де қиындықпен жапқанбыз. Ал мына бүгінгі аварияның жайы олармен салыстыруға келмейтін. Мұнда тым жоғары қысым күш бермеді ғой.
Әлден Өтеп жанындағы Нұрғожаға қарады:
─ Бұл жігіт бұрғылауда көмекші болып жүргеннен скважиналардың жерасты жабдықтарын жөндеуші болса көп пайда келтірер еді ғой.
Тауманов оны үнсіз мақұлдап отыр.
─ Ендеше оны жерасты жөндеу жұмыстарына ауыстыру керек, - деді.
Төреғали сол күні жерасты жабдықтарын жөндеу жұмыстарына жіберілді. Мұнда Мұқан Молдағалиевтың бригадасының жұмысы алға баспай тұрған. Бригада ең арттағылардың қатарынан саналатын.
Кейде ойламаған жерден жолының бола кететініне Төреғали өзі де таңданатын. Әйтпесе, кімнен кім артық. Төреғали өзін ешкімнен артық санамайды. Ол атқарған жұмыстың кім-кімнің де қолынан келетіні сөзсіз. Тек асқан жауапкершілік пен қатаң талап қойылса болғаны. Ал көп жағдайда біздерде осы жетіспейді емес пе.
Жаңа орында да Төреғали өзін жауапты ұстауға талпынды. Өйткені, төңірегіндегілер оған сын көзбен қарайды. Оның әр қадамы назарда. Сәл қателіктің өзі олардың сенімін жоғалтпақ. Төреғали жұмысына екі шұқып бір қарайды. Тапсырылған істі тез әрі сапалы атқаруға тырысады. Әр жұмыс күні ішінде бір скважинаның насосын ауыстырып, качалканы жүргізіп, мұнай шығарып береді де, келесі скважинаға ауысып, мұнда штангі құбырын көтеріп, сорабын ауыстырып, шығарылған штанга мен кұбырды әзірлеп келесі ауысымға қалдырып кетіп жүрді.
Уақыт дөңгеленіп өтіп барады. Төреғалидың Құлсарыға келгеніне де жылға айналды. Айнадан хат та, хабар да келмеді.
Алғашқыда жиі еске алғанымен, кейін ұмыта бастады. Адам дозаққа да үйренеді деген, жалғыздық өмірге Төреғали дағдыланып қалған. Әйтсе де жалғыздық бір құдайға жарасқан емес пе. Өзіне жұп іздеп, өмірді қайта бастамақ. Ендігі ойы осыған кеп тірелді. Осында танысқан жүріс-тұрысы түзу Нұрсұлу деген қыз көңіліне ұнаған. Алды-артын байқап қадам жасайтын қыз жігіт көңілінен шықты. Елтең-селтеңі жоқ, ойланып сөйлеп, ақылмен іс қылатын. Өзінде ойы бар жігітті ол алыстан байқаған. Бірін-бірі сынап жүргенде арада айналып жыл өткен. Мінезі ауыр болғанымен құпиясы жоқ ашық Төреғали қыздан ештеме бүкпеді. Оған Нұрсұлу да түсіністікпен қарады. Өзіне тең адам табылса кет әрі еместігін байқатты.
─ Тек адал адам болса болғаны, ─ деген ол Төреғалидың құшағында келе жатып.
Сонымен, олардың сөзі жарасты. Жалғыздық өмірден Төреғали қажып та біткен. Сүйенісіп күн кешу керек болды. Арасында Айнаны, баласы Жалғасынды ойлап іші ашитын кездері де бар. Бірақ, қатал тағдыр оны әр кезде сынға алумен келеді. Ал, Төреғали соның бәріне де төзді. Бұл да тағдырдың Төреғалиға бағыттаған кезекті бір сыны болар. Маңдайына жазылғаны осы болса қашып құтыла алмақ емес. Бәрін де тосып алудан өзге амалы қалмады. Тағдыр тәлкегін Төреғали қанша қарсыласқанымен жеңе алмады. Бірақ солай екен деп сары уайымға салынып күдер де үзбеді. Ол қалай да өмір сүруге талпынды. Алдағы күннің әкелер бақытын да, осы өмір мен еңбектен іздеді. Өмір оған өзінің сәтсіздігімен бірге қуанышын да қатар сыйлаған. Ендеше, сәтсіздігі Айнадан айырылып, Жалғасынынан көз жазып қалғаны болса, ал бақыты ─ Нұрсұлумен тап болғанында, ендігі жерде екеуінің бас құрап, тұрмыс кешкенінде. Алдағы күннің бақытынан ол әлі де үмітсіз емес.
Осылайша, 1957 жылдың сәтті бір күнінде елден жырақ Құлсарыда Төреғали ақ отауын кайта көтерді.
Ысықтың қызы Нұрсұлу да арманын алдағы күнге артқан жан еді. Осылайша олар арман қуып, бақыт іздеп бас қосты. Нұрсұлудың үйі Құлсарыға тақау «Қазақстан» совхозында тұратын. Екеуінің бас қосу тойы Құлсарының басында өтті. Нұрсұлумен жақын туыс ағасы Хасан Тәжиев осы бұрғылау саласының инженері. Онымен Төреғали осында алғаш жұмысқа келгенде танысқан. Жасы үлкен аға әр кез қарындасының қамқоры болып, жанашырлығын көрсетіп жүрер еді.
Төреғали Құлсарыға тұрақты мекендеп қалуды ойламаған. Бір-екі жылдай жұмыс жасайын, одан кейінгісін өмір өзі көрсетер деген. Сол алғашқы ойынан әлі айныған жоқ еді. Шаңырақ көтергеннен кейінгі тұрмысы да біркелкі. Әр нәрсеге де байыппен қарап, ақылмен шешетін Нұрсұлумен өмірі тату-тәтті өтіп жатты. Әйтсе де Төреғали тағы да қозғалуды ойлады. Мұндағы бірсарынды өмір оны мезі қылғандай. Бірақ қайда бармақ? Оны шақырып жатқан не күтіп отырған кім бар? Алақ аудан көңіл елегізіп, жаңа бір жол, тыныс іздеп тыншымайды. Жастық жүрек, жүрдек көңіл әр жаққа алып ұшады.
Осындай күндердің бірінде Төреғалидың құлағына жағымды жаналық келіп жетті.
─ Монғолияға геологиялық барлауға бұрғышы мамандарын жинап жатқан көрінеді, -дегенді есітіп, елең ете қалды. Бұл хабар расқа айналды. Келесі күні Төреғалиды басқармаға шақырып, Монғолияға баруға ұсыныс жасады. Төреғали оны бірден-ақ құп алды. Шарт бойынша онда екі жыл жұмыс жасайды. Одан кейін сол жақта қалып қоймақ ойы болса, оны өзі біледі. «Келісім бергендер бүгін кешкі поезбен Гурьевке жүріп, ертең таңертең «Ембімұнай» басқармасына жиналады. Мұнан кейінгі жайды мұнай бірлестігі мамандар бөлімінің бастығы Судякин айтады», - деген.
Нұрсұлу іштей қозғалғанды тәуір көрмесе де, Төреғалиға ермей қалып қоюды да жөн көрмеді.
─ Сен қайда барсаң, мен сонда барамын, - деді ол келісімін білдіріп.
Басқармадан тағы да үш-төрт жігіттерді түгел Монғолияға баруға жазып қойған. Құжаттар толтырып, жолға жинақталу үшін үш-төрт күн уақыт берді.
Жаз ортасы ─ Жайықтың жағасы құлпырып-ақ тұр. Мұнда Төреғалидың ат ізін салмағанына біраз болған. Қазір оның көзіне қала тез қанат жайып өсіп бара жатқанға ұқсады. Кешқұрым Жайықтың жағасы құмырсқаның илеуіндей жыпырлап толып кетеді екен.
Басы құрала қалған жігіттер алдымен өзенге шомылып өксігін басқан соң енді Жайықтың қақ ортасында тұрған жүзбелі мейрамханаға отырып, біраз сыралатып алуды қалаған. Алғашқы қарқынмен біраз шишалар босап та қалды. Енді аз күннен кейін Моңғолияға жүрмек жігіттер көңілді. Осындай шақта мейрамханаға тағы бір топ жігіттер кеп кірді. Олардың арасында Төреғалидың көзіне жылы ұшырағаны Хасан болды. Хасан Тәжиев жас жағынан Төреғалидан үлкендеу жігіт. Нұрсұлудың немере ағалары, Төреғалиға қайнаға болып келеді. Құлсарыда бұрғылау инженері болып жұмыс жасайтын. Қазір екеуі мына арада ойда-жоқта кездесіп қалған. Хасан жанындағы жігіттерімен бүгін-ертең Маңғыстауға жүрмек. Айтуларына қарағанда ендіден былай Маңғыстауда пәрменді барлау бұрғылау жүргізілмек. Қазірдің өзінде Ембі мұнай бірлестігі жанынан бірнеше геологиялық барлау-бұрғылау экспедициялары ұйымдастырылуда. Маңғыстау түбегінде геологиялық барлау жұмыстары кең көлемде жүргізілмек. Соған кадр мамандар жинақталып жатқан көрінеді.
─ Кезекті топты мен бастап кетіп барамын, - дейді Хасан.
Мына жанындағы жігіттер ─ Маңғыстауға аттанып бара жатқан сол алғашқы топ көрінеді.
Ертең тағы да Құлсарыдан, Доссор, Мақаттан келіп қосылатын жігіттерді күтіп отырғанын айтты.
─ Ата-бабаңның басы қалған жер, өз елің ғой, Маңғыстауға жүр, - деді Хасан Төреғалидың жүрісінің жөн-жосығын біліп алғаннан кейін.
Кездейсоқ кездесу Моңғолияға бармақ боп алақ-аудан болып жүрген Төреғалидың жоспарын бұзып кетті. Ол ойланып қалған еді. Қабырғасымен кеңесе келе келесі күні Моңғолияға баруға келісім беріп қойған арызын қайтып алды. Ал, Тәжиев оны өз тобына жазды. Осылайша аяқ астынан өзгеріп шыға келген жоспар Төреғалиды Маңғыстаудан бір шығарды.
Маңғыстау ата-бабасының басы қалған жер болғанымен Төреғалидың өзі ол ата мекенінде бұрын-соңды болған емес. Сырттай естуі ғана бар. Сол атамекенге ойда-жоқта жол түсті. Төреғали өзі Түрікмен топырағында туып, өскенімен әкелері, ата-бабалары осы Маңғыстаудан барғанын үлкендердің әңгімелерінен ғана есітетін, Бірақ оның ұғымында ─ Маңғыстау құлазыған қу мекиен. Арлы-берлі тарихтан есітіп, оқып білгендері ─ жарты түбек малдың мекені. Аңыз әңгіме, айтылған жырларда мұндағы мыңғырған мал айдаған байлар, жауға шапқан батырлар, басына бақ қонған билер мен сахилар көп өткен. Ал, күнкөріс қамымен кіреші болған кедейлер, жарлы-жақыбайлар жөнінде өлке тарихы жұмған аузын ашпайды. Алдына салып айдаған малының арты сонау Ойыл, Сағыз, Жем өзендерінен су ішіп жатқанда, алды Маңғыстаудың қара ойына құлап жатқан жанай Қожаназар, ескелді Саназар, жары Назарды ауыздан тастамайды да, үрерге иті, сығарға биті жоқ қу кедейлерді ауызға алмайды. Ежелгі аңыз бен жырдың бәрінде Маңғыстау қисапсыз мал айдаған байлардың мекені болғанға ұқсайды.
Ел шетінде шалғайда жатқан осынау жарты түбектен малдан да басқа ел ырысын іздеу тарихта беріде ғана басталған. XIX ғасырдың орта тұсында орыс зерттеушілері Н.И.Андрусов, М.В.Баярунас, В.А.Мокринский, Г.С.Карелин, тағы басқалары келіп Маңғыстаудың тарихта тұңғыш геологиялық картасын жасап, түбектің теңіз қолтығындағы Қайдақ шығанағында мұнай белгілері барын тапқан. Түбектің негізгі жерасты байлығы мұнай мен газ екендігі сол күннен бастап назарға алынған. Ал, кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары Маңғыстаудың Қаратауы бойындағы Таушық елді мекенінен көмір өндірілгенін біледі. Майдан мұқтажы үшін түбекте сирек металдар өндіру де ойда болған, бірақ үлгермеген. Мұнан кейін Маңғыстауға жерасты байлықтарын іздеушілер тобы 1951 жылы Түбіжік, Қызанға келіп тоқтаған. Содан бері Маңғыстаудың осы аймағында мұнай, газ іздестірілуде.
1958 жылдың жазы ортасында Хасан Тәжиев бастаған топ Форт-Шевченко қаласынан кеп түскенде оларды алдарынан көлік күтіп тұрған. Форттың басында геологиялық барлау-іздестіру экспедициясы орналасқан. Жолсоқты болып келген олар осында біржар күн демалармыз деп ойлаған. Ал, қазір ол ойлары шықпады.
─ Біздер Маңғыстауға демалып, сайрандап қайту үшін келген жоқпыз, - деді оларды күтіп алған «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің бастығы Халел Өзбекқалиев. Сосын ол трест қызметін қысқаша баяндап, алда күрделі істердің күтіп тұрғанын айтып, шығарып салды.
Сол күні кештетіп олар ашық қорапты автомашинамен Қызанға жетті. Кешқұрым машинадан түскенде олардың көзіне мидай жазық даладан өзге ештеме көрінбеген.
─ Ау, мұнда коналка да жоқ қой баспаналық, - деп жігіттер таң-тамаша қалған.
─ Әр тұстан жер астынан бірен-саран адамдар шығып, бері жүріп, енді біреулері қараң етіп қайта жоғалып кетеді. Бұл не сиқыр болғаны? - деп Төреғали жігіттерге қарайды.
Ізінше әр жерден ажың-күжің әңгімелер естіліп, қараң-құраң көбейіп қалды. Сөйтсе, төңірек толған жерден қазылған жертөлелер екен. Қазір жігіттерді күнілгері қазып дайындалған жертөлелерге бөліп орналастырды. Алдарында ас-су да дайын емес. Олар бүл күні «сухой закускамен» ғана жатты. Іштері шұрқырағанмен амалдары жоқ, көнуге тура келді.
Келесі күні оларды жауапты жұмыстар күтіп тұр еді. Бұған дейін мұнда шамалы тереңдік қана бұрғыланып келген болса, енді Маңғыстауда тұңғыш терең бұрғылау жүргізілмек. Бүл міндет осы соңғы келген десантқа тапсырылды. № 1 скважинаға 1600-1700 метр тереңдікті бұрғылау белгіленген. Бұрғышы шебері Бурлаков, участок бастығы Хасан Тәжиев, Төреғали көмекші бұрғышы.
Нұрсұлу уәдесінде тұрып Төреғалидан қалмай қайтқан. Ол Төреғалидан қалып қоямын ба деп асыққаны сонша, дүние-мүліктерін жинап та үлгермей, сыртына құлып ұрып кете берген. Тіптен көйлек-көншегін де алып үлгермеген. Қолына түскендерін ғана орамалға түйіп, асығыс жүгіріп шыға берген.
Төреғалидың:
─ Әзір ауылда бола тұр, кейін келіп алып кетермін, - дегеніне де көнбеген.
Енді болса міне, айдалада тұрып та Төреғалидан көз жазып қалатындай, кірсе-шықса қалмай еріп жүреді. Төреғали оны осы бұрғылауға моторист қып орналастырды. Ол бұрғылау моторын шашып тастап қайта жинағанда қолы қолына жұқпайтын. Мотордың қалай жұмыс жасап тұрғанын дыбысынан айыратын.
«Мынаның пәлен жері істемей тұр ғой» - десе кейін тексергенде расында да солай болып шығатын. Ол жұмыс арасында бұрғылауға жақын жертөле үйіне барып, түскі шәй қойып, арасында дыбысы өзгеріп сыр бере бастаған моторға қайта жүгіріп, оның ақауын түзетіп тастап, қайта айналып келіп шәй дайындап, бұрғышыларды шәйлап та үлгеретін.
Қызанға салынған терең қабаттарды бұрғылау оң нәтиже бермеді. Бұрғышылар да осыншама-ақ мұқият болды. Геологиялық тениканың ережелері қатаң сақталды. Белгіленген тереңдіктерінен топырақ үлгілері алынып, оған алдымен бұрғышылардың өздері үңіледі. Салған қармағыңның бос қайтпағаны қандай жақсы. Ол ─ қуаныш қана емес, мақтаныш та. Бірақ олардың бұл үміті әзірге ақтала қойған жоқ. Жобалы тереңдікке жетсе де ештеме байқалмайды.
Мұнай іздестіргенде кез-келген жерге бұрғы салына бермейді. Жер қыртысы күнілгері зерттеліп, үміт етерлік нүктелер белгіленеді. Мұны жүргізетін ─ сейсмологиялық зерттеу. Қазір мына № 1 скважинадан ештеме шықпай біздерді арамтер қылды деп ешкімді кінәлай алмайсың.
Бұл ─ іздестіру-бұрғылау заңы.
Келесі бұрғылау қайдан жүргізілмек. Оны шешетін «мұнай газ барлау» тресі. Треспен арадағы байланысты жүргізетіндер - геологтар. Көп ұзамай трестен бұйрық келіп жетті. Онда бригадаға келесі бұрғылауды Түбіжікте жүргізілетіні айтылған. Түбіжік ─ Форттан қырық шақырымдай, теңізге сұғынып жатқан жер, шағын ғана түбек деп айтуға болатындай. Сірә, жер атының Түбіжік деп аталуы сондықтан болса керек. Оның теңізге сұғынып жатқан бөлегі таулы, ал қырға ұштасатын бөлегі жазықтық болып келеді. Хасанның бригадасы таудың осы жазықтық жағына бұрғы салды.
Айтуларына қарағанда «Қазақстаннефть» комбинаты алғаш 1951 жылы осы Түбіжікке келіп, крелиустық бұрғылау жүргізіпті. Мұнда тұңғыш бұрғы салған бұрғылау шебері Домбай Нұрболғановтың бригадасы екен. 1952 жылы жазғытұрым бұл бұрғыдан мұнай алынып, кен орыны бар екені белгілі болды. Міне, осы алаңға енді Хасан Тәжиев басқарған бригада келіп жатыр. Бұлардың міндеті ─ алғашқы мұнай белгілері алынған скважина төңірегінен жақын маңнан тағы да қазып, қабаттағы мұнайдың аумағын ашып, өндірістік маңызын айқындау. Олай болса бұларға сеніп тапсырылып отырған участоктың да маңызы үлкен, жауаптылығы зор. Бұл оларға сенім көрсетіліп отырғандығының белгісі.
Участок бастығы Хасан Тәжиев қырықтар шамасындағы жігіт. Мамандығы бұрғышы-инженер. Өз ісіне мығым, қарауындағыларға жайлы адам. Төреғалидың жұмысын жан-тәнімен беріліп істейтініне, іскерлігіне қызығады, әрі дән риза. Жаңа мұнай, газ алаңының ашылу тағдыры ─ осылардың қолында. Егер бұрғышылардың бәрі өз жұмысына жауапсыз қарап, не салақтық көрсетсе, сөйтіп, табысқа қызығып, метр қуалап көрсеткішке қызығып, топырақ үлгісін (керн) алатын жерден алмай тоқтаусыз қаза берсе мұнайлы, газды қабатты көрмей өтіп кетуі мүмкін. Бұл дегенің бүкіл Маңғыстаудың болашағын көрмей жауып тастап, трестің баяғыдан бергі жұмысын жоққа шығарумен тең. Жауаптылықтың сыры осында. Бірақ қайсыбіреулердің мұны ойламайтыны шындық. Оларға қазылған тереңдік цифрының көбірек болғаны керек. Тереңдік көбірек көрсетілсе қосымша сыйақы төленіп, жалақы артады. Ондай жұмысшылардың да бар екені жасырын емес. Ондайлар участок бастығын бағып отырады да, көзі тайып кетсе белгілі тереңдіктен топырақ үлгісін алмай, тездетіп, тарсылдатып өте шығады. Бірде Төреғали жігіттердің бұл қылығын біліп қалып, ұстап алған. Әрине, ол көмекші бұрғышы. Оның міндеті ─ бұрғышының айтқанын бұлжытпай орындау. Бірақ, көмекші болғанымен өз жұмысы көлемінде шектеліп қалмай, бұрғышының да жұмыстарын атқарып, оның оң қолы болып, жұмысын жеңілдетіп, жәрдемдесіп отыратын. Сондай сәттің бірінде бұрғышының да, Төреғалидың да көзін ала беріп қайсыбір жігіттер бұрғы қадалып тұрған тиісті тереңдіктен керн алынбаса да, алынды деп белгі соғып жіберген. Оны Төреғали кездейсоқ байқап қалған. Ол жедел бұрғыны тоқтатты да керн алдырып, түзеп жіберді. Мұны жігіттер байқамай қалдық деп, біріне бірі сілтеді. Бұрғышы шебері Бурлаков мұны естіп, қатты бұрқылдады. Бірақ адал да жайлы жігіт болатын.
─ Бұл жолы кештім, - деді ол жігіттерін жинап. ─ Егер қазір үстеріңнен мәлімдеме жазсам жұмыстан шығарып, қаңғытып жібереді. Мүмкін шындығында да байқамай қалған боларсыңдар. Бірақ, келесіде естерінде болсын, мен байқамай жатсам да сендер келіп ескертулерің керек. Бұдан былай мұндайларыңды көрмейтін болайын.
Ол әуелі қатты ашуланып, қалшылдап алса да, кейін райынан тез қайтып, жайма шуақтана қалды. Бұл оның бар болмысы. Жанындағыларға кемшілігін көріп тұрып ұрысса да, ізінше оларға жаны ашып, мейірлене қалар еді.
Кішігірім бұл оқиға жөнінде бұрғышы да, оның көмекшісі Төреғали да участок бастығы Тәжиевке айтпады. Арадан біраз уақыт өткеннен кейін ол жігіттер Тәжиевке айтып қояды деп Төреғалидан қорыққан. Осы оқиғадан кейін олар Төреғалидың орынды қатал екендігін білді, талапшылдығын түсінді.
Түбіжікте көп ұзамай Төреғали бұрғышы кызметіне жоғарылатылды. Түбіжікте де бұрғышылардың тұрмысы Қызандағыдай. Бірен-саран өз күштерімен салып алған жапсырмалар болып жатпаса, жертөлелер, жартылай жер үйлер. Мұнда отбасымен жүргендер де, салт жүргендер де бар. Барлаушылардың келгеніне біраз жыл болғанымен тұрақты үйлер салынбаған. Маңызы жоқ деп тапса, барлаушылар бұл жерді тастап бір күнде көшіп жүре береді. Төреғали бұл жерде де екі-үш жылдай мекендеп қалды.
Түбіжік Фортқа қашық болмағанымен, күнде келіп жатқан қатынас жоқ. Анда-санда қатынасқандардан ғана азық-түлік жеткізіледі. Бірақ, ол да жеткілікті емес. Көбіне келетін Фортта теңізден ауланатын ұсақ майшабақ консервілері. Оның да дәмі кетіп қалған. Тағы бір консерві - ұсақ балықтың бауырынан дайындалған. Тұз сеуіп жүз грамдатып отырып тіске басса, ол да дәмді. Бірақ бұл да жеткілікті емес, асып-төгіліп жатқан жоқ. Келген әзірде алғашқы бір-екі күн ас та тоқ болады да кейін жетпей, әркім қолына түскен үш-төрт консервіні бірінен бірі тығып, тек жүз граммен ғана отырып ішетін. Күнұзағына айдалада қара темірмен алысып, кешке дел-сал болып шыққанда оларды Нұрсұлу дастарханға шақырар еді. Өмірі қабақ шытып көрмеген ол жайдары қалпымен қарсы алатын. Әйелінің осы жарқын мінез, жомарт көңіліне риза болған Төреғали алдымен көк мойынды алдыратын.
─ Кемедегінің жаны бір. Айдалада бәріміз де жандарымызды бір шүберекке түйіп жүрген жандармыз ғой. Тек жолымыз жарқын, ісіміз сәтті болсын. Ел шетінде шығандап жүргенімізде жолымыз болып, мұнай атылып жатсын деп ақтан тілейік, - деп алдында екеуара бір бөтелкені екі қырлаубайға мөлтілдете құйып, сосын босаған бөтелкені шатырдың іргесіне зытырып жіберіп, қырлаубайды төңкеріп тастай беретін. Арасында көк мойнақтың да таусылып қалатыны бар. Мұндайда Төреғали көрші Бақыттың үйіне бала жібереді. Спанның Бақыты Төреғалидың жандай құрдасы. Олар осы құрдастығын пайдаланып, бір-біріне әзіл-шыны аралас айта беретін. Бақыт та Түбіжікке алғаш келгендердің бірі. Ол мұнда өз шаруашылығымен бірге келген. Бұрғылаудың іргесінде ағаш үйін тігіп, шаруашылығын жайлап отыр. Үйінің алдында тоғыз боталы түйе боздап тұрады. Төреғали жұмыстан қалт еткен кездерінде сиректеу болса да осында келіп шұбат ішетіні бар. Жарыса боталап тұрған түйелердің шұбаты бір үйді қарқ қылмай ма. Әйтеуір, Бақыттың үйінен шұбат үзілмейді. Осы мандаты бұрғышы жігіттер түгел осында келіп шұбат ішіп тұрады.
Құрдасының үйіне шұбат ішуге келген Төреғали мөлтілдетіп құйылған бір зерен шұбатты басына төңкеріп салады да қияқ қара мұртын бір сипайды.
─ Әй, байқап отырмын осы құрдасымның тағы бір жұрыны орта қалғанға ұқсайды. Әбілқайыр-ай, ана көкмойнақтың бірін әкелші, ─ дейді есік алдында жүрген баласына дауыстап.
Ондар шамасындағы Әбілқайыр әкесінің не жөнінде айтып отырғанын түсінеді. Өйткені, Төреғали құрдасы келгенде ғана осы көкмойнағына жұмсар еді. Қазір оған айттырмай түсінген бала үй сыртында кісі бойы үюлі жатқан үй құралдарының үстіңгі жағында, түндік киіздің арасында тығулы тұрған көкмойнақтың біреуін суырып алады да, әкеліп алдарына домалатып тастай салады. Екі құрдас мұны бұйым көрмей, демде-ақ қағып тастайды. Сосын барып дүмбілездеу отырған құрдастардың мұнан кейін де әзілдері тыйылмайды.
─ Әй, Бақыт-ай, - дейді Төреғали, ─ сен менің бұрғылауыма келсейші. Бірге жұмыстас болсаң, бұдан да жақын боламыз.
─ Құрдас-ау, - дейді Бақыт, ─ мен де мінезі оңып тұрған адам емеспін. Сенін мінезің менің мінезімнің жанында ойнап қалады.
Осы мінезімнен ғой елге жақпай шеттеп жүргенім. Асылы, екеуіміз алыстан ағайын болғанымыз дұрыс шығар.
─ Әй, сені шақырғанда жаным ашып отырған ештемем жоқ. Тек жұмыстан кейін күнде еріп келіп сылтаумен шұбат ішіп тұрайын дегенім ғой, - деп Төреғали енді сөзінің артын әзілге бұрады.
Осылайша құрдастардың арасы ешқашан суымаған. Төреғали не айтса да Бақыт қолынан келсе жасайтын, не сұраса да бар болса соңғы қалған жалғызы болса да беретін. Қазір де Төреғали жіберген баланы бос қайырмады. Киіз арасында сүрлеулі тұрған көкмойнағын суырып берді. Бала шығып бара жатып Нұрсұлудың шәйға шақырып жатқанын айтты.
─ Бәрекелді, шәйға шақырып жатқанын келгенде айтпай кетіп бара жатып айтқанын қарашы. Төреғалидың көкмойнағына ортақтасуға бармасам да, Нұрсұлудың шәйіне бармасқа болмас, ─ деп өзі де ізінен ілесті.
Бүгін Нұрсұлудың жомарт дастарханы достарын асыға тосып отырған-ды. Қолы ашық ол барын аямайтын. Қазір де дастарханды жайнатып қойыпты.
─ Ертең жексенбі ғой. Бүгін отырып көңіл көтерелік, дұрыс демалыс болсын, ─ деген ол.
Дастархан басына бригада түгел жиналыпты. Тек азанда Фортқа треске кеткен Хасан ғана келіп үлгермеген.
─ Жігіттер, ─ дейді Төреғали, ─ елден жырақта арып-ашып жүрген мақсатымыз ─ ата-баба мекені Маңғыстаудың кен байлығын ашу. Маңғыстау ─ тұнған қазына. Соны біздер ашу үшін келдік. Әзір аша алмай жатқан болсақ, ол ─ қазына жоқ деген сөз емес. Сол ен байлықты ақтару осы отырған біздердің қолымызда. Осы Түбіжіктің өзінде де, мұнайдың бар екені белгілі болып отыр. Енді мына соңғы скважинаны белгіленген тереңдікке дейін қазып бітірсек, бұл алаңның да болашағы айқындалып қалмақ. Қазір.
Маңғыстауда барлау жұмыстары кең көлемде жүргізіліп жатыр. Жетібай, Өзен алаңдарында да бұрғы салынған. Сейсмологтардың мәліметтері мен геологтардың болжауы бойынша ол аймақтардан үміт күтілуде. Сірә, енді көп ұзамай біздің бригаданы да сол жаққа аударуы мүмкін. Енді мына скважинаны бітіріп, жаңа алаңдарға шығуға дайындала бастауымыз керек. Қайда жүрсек те біздерге үлкен сенім артылып, үміт күтіліп отыр. Сенімді ақтау ─ борышымыз. Және ақтаймыз да. Тек ынтымағымыз жарассын. Қандай міндеттерді де атқару біздердің қолымыздан келеді. Тек жолымыз болсын. Мұнай, газ байлықтарын табатынымызға сенімім мол. Алдағы күндер соған жеткізсін. Қане жігіттер, жолымыз болып құдай тілекті беріп, жүрген жерлерімізде мұнай бұрқағы атқылай берсін. Сол кезде осы отырған баршамыздың да мұраттарымыз орындалған болар еді және орындалады да.
Ол қолындағы мөлтілдей құйылған қырлаубайды жоғары көтерді.
─ Болсын, ләйім.
─ Айтқаның келсін.
─ Арман-тілектеріміздің орындалуы үшін.
─ Міндетті түрде мұнай бұрқақтары атқылайтын болады.
─ Қане, келіңдер, сол үшін, - деген дауыстар жан-жақтан жамырап кетті.
Мұнан кейін де осындай тілектер көп айтылды. Олардың барлығының да аңсаған арман-мұраттары бір арнада тоғысып жатты.
Бұл күнгі отырыс көңілді өтті. Ән шырқалды. Сыр шертілді. Олар шатырдан түннің бір уақытында шықты. Төреғали алдымен аспан әлеміне қарады. «Жеті қарақшы» жұлдызы ауып кеткен. Аспан әлемі жұлдыздардан ине шаншар орын жоқ, жыпырлап тұр. Әрегіректе бұрғылау мұнарасы қарауытады. Қазірдің өзінде 900 метр тереңдіктен асып бара жатқан бұрғы әзірге белгі беріп жатқан жоқ. Бригаданың бұдан былайғы қозғалыс тағдырын осы бұрғылау шешпек. Егер мұнай бұрқақ атар болса, онда құдайдың бергені. Ал, тек мұнай белгілері білініп қана қояр болса, онда өндірістік маңызы болмағаны. Ол кезде бригаданы жаңа алаңға көшірмек. Төреғали бұрғылауды тезірек қазып бітіруге асықты. Бүгін бұрғылауға жіберетін ерітінді бітіп қалды. Ерітінді әзірлеу үшін су жеткізуге жігіттердің жіберілгеніне бүгін екінші күн, әлі жоқ. Ертеңге дейін келіп үлгерсе жақсы. Ал, ерітіндіні өздері дайындауға су аз қалды. Ол ауыз судан артылмайды. Ол ертеңгі күннің қамын ойлап мазасыздана түсті.
1961 жылы жазғытұрым Түбіжік мұнайы өндірістік маңызы жоқ деп табылды. Барлаушыларға Қызан мен Түбіжікті тастап шығуға бұйрық келді. Төреғалидың бригадасын Өзен алаңына аударатын болды. Жер кепелерін тастап шығып, барлаушылар буынып-түйініп тез жиналып, алды машиналарға отырып қозғалып та кеткен. Төреғали үш аяқты мотоциклін «тарр» еткізіп қыздырды да алға түсті. Сапырылысып жүріп азанда кеш қозғалып қалған көш барар жерге қалайда бүгін жетіп қону үшін, суыт жүрді. Тура тартар сара жол жоқ, салдыр-гүлдір етіп бұралаңдай отырып, Өзен дөңіне қоналқаға ғана жетті. Жолда бір сәт те аялдай алмаған жігіттер аш әрі шөлдеген еді. Мұнда бұларға жер үй қазып әзірлеп қойған. Бірақ, ас дайындалмаған. Асханашы Таңатқа өтініш жасап еді ол:
─ Қазір пісіре салатын ештеме дайын емес. Енді үш-төрт сағаттай қалды ғой, таңды күтесіңдер, - дегені.
Көнбеске амал қалмаған олар қисая кеткен. Жолсоқты жігіттер ұйқыдан тұрғанда күн тұсау бойы көтеріліп қалған. Олар Қызылсай дөңінде тұрды. Дөң басынан төңірек түгел көрінеді.
Шығыс беттегі баурайдан Төңірек шың ойпатына қарай алып жатқан қалың ақтылы қой отары көрінді.
─ Бұл маң ─ елді мекен болды-ау, ─ десті жігіттер. ─ Мына жайылып жатқан колхоз, совхоздардың малдары ғой. Ендеше осы маңда ауыл да бар шығар.
─ Ауыл болса қыз-қырқын болады. Ендеше, бос уақыттарда қызды ауылға барып тұруға жақсы болды ғой, - десіп күлісті жігіттер.
Бірақ қазір қанша тесіле қараса да ауыл көріне қоймаған. Қыз іздеген жас жігіттердің қызба көңілін араларындағы жасы үлкен, аспаз жігіт Таңат су сепкендей басты.
─ Әй, жігіттер, сендер бос дәмеленіп тұрсыңдар. Мына көріп тұрғандарың отар емес, жайылып жүрген киіктер, қарақұйрықтар ғой, - дегені.
Жігіттер көздері алақандай болып алға қайта қарап, сосын барып көздері жетті. Енді жігіттер Төреғалиға қолқа сала бастады.
─ Төке, мотоцикліңіз бар ғой, мына қалың отар ішінен ең болмаса киіктің бір лағын ұстай алмайсыз ба?
─ Обал ғой, жайыла берсін, Аш емеспіз ғой, - деп бірден көтеріле қоймаған Төреғали:
─ Әй, сендер қоймадыңдар ғой мені күнәға итермелеп, - деп алдыңғы райынан тез кайтып күрт шешім қабылдаған. Ол лезде мотоцикліне отырып тартып кетті. Әр жерден шаңы бір шығып жүйткіген мотоцикл лезде-ақ көзден ғайып болды да, арадан жиырма минуттай өткенде ол қайтып оралды.
─ Ұстатпаған болар, - дескен жігіттер оның тез оралғанын көріп.
Жігіттердің әңгімесі аяқталмай Төреғали жетіп келді. Мотоциклдың бір жағында киіктің үлкен текесінің байлаулы жатқанын көрді. Кешеден жол соғып, ас ішпеген жігіттер қуырдақ пісіріп, мәре-сәре боп қалды.
─ Енді іске кірісеміз, - деп Төреғали астан соң жігіттерін бастап шыға берді.
Өткен қыста жыл басында Өзен жерінде Ғазиз Әбдіразақовтың бригадасында № 18 скважинадан газ бұрқағы алынған. Бұл үлкен мұнай мен газдың хабаршысы еді. Алаңның үлкен үміт күттіретіні даусыз болатын.
Төреғалидың бригадасы Қызылсайдың оңтүстік батыс жағын жағалай отырып, жеті-сегіз шақырымдай жердегі №5 бұрғылау мұнарасына тақау кеп тоқтады. Бұл маңда бірнеше мұнаралар тізіле қалған. Оның бәріне бұрғылау бригадалары көптеп құрылып, бұрғылауды қолға алып кеткен.
Іргеде Михаил Кулебякиннің, терістік батыста Тынышбай Опиевтың бұрғылау бригадалары орын тепкен. Ілгеріде Алексей Губановтың, Қали Алдановтың бригадалары тұр. Төреғалидың бригадасы қақ ортада. Бұл бригадалар тез де сапалы қазудан өзара жарысқа түскен. Соң келдім деп жарыстан қалып қоюға болмайды.
Төреғали жігіттерін жинап, міндетті түсіндірді. Қазір осы аланда ондаған бұрғылау бригадалары бар. Олардың арасындағы жарыстың жай-жапсарына тоқталды. Барлығында бірдей жағдай. Ендеше, өзге бригадалардан қалып қою ─ кешірімсіз. Өзге бригадалардан біздер қай жағынан да кем емеспіз. Олармен тайталасуға мүмкіндік жеткілікті. Тек жауапкершілігіміз, ынтымағымыз болса. Өздеріміз сияқты жігіттерден қалып қойсақ ұят емес пе? Қане, намысқа тырысалық. Тек атағымыз шықсын, абыройсыздыққа қалмайық. Солай ма жігіттер.
─ Солай, - десті жігіттер, ─ өзін баста, біздер қостаймыз.
─ Ендеше, кеттік.
Бұрғылау басындағы жігіттердің әрқайсысының өз міндеттері бар. Әркім өз участогын жауапты атқаруға тиіс. Кім де кім міндетін орындамай аяққа тұсау болса, ондайларға бригадада орын жоқ. Төреғали бригада мүшелеріне еңбек тәртібін қатаң ескертті.
Бір-бірінен қара көрінім жерде орналасқан № 9, 10, 60, 62 скважиналары жарыса бұрғылап жатты. Жұмыс ауысыммен ұйымдастырылып, скважиналар кідіріссіз зіркілдеп тұр. Төреғалида мігір жоқ. Тұрбалар жеткізіп, ұңғыларды ауыстырып, ауысымға келген жұмысшыларын түгендеп, күні-түні жүгіріс үстінде. Өзен геологиялық барлау экспедициясының бас инженері Қамысбай Мырзағалиев мұнда күнде келеді.
─ Нең бар, нең жоқ, не жетпей жатыр? - деп сұрайды.
Heшe күннен бері ерітінді дайындалмаған, онсыз бұрғылау жүрмейді. Ал, ерітінді дайындауға су керек.
Маңғыстауда барлау бұрғылауы жаппай жүріп, Жетібайда мұнай, Өзенде газ бұрқағы атылып, Маңғыстау байлығын ашып, ұйықтап жатқан аруды ояту жорығы басталып кеткенімен өндірісті, оған жан-жақтан ағылған халықты сумен қамтамасыз ету мәселесі әлі шешілмеген. Ауыз су жоқ. Борлы Торымның құдығынан машинамен тасып жеткізілген су тұрғын халыққа жетпей, қайсыбір үйлер шәйнекпен көршілерінен су сұрап ішіп отыр. Ауызға жетпей жатқан су бұрғылауға қайдан жетсін. Қамысбай келген сайын бұрғышылар ерітінді дайындауға су керек деп қақсайды. Енді осы бүгін-ертең су жеткізіп үлгермесе, бұрғылау тоқырайды.
Қамысбай рациямен экспедицияға шығып, бұрғылау жайын баяндады. Енді экспедиция болып ала шапқынға түсіп жатқанда, Төреғали соңғы қалған ерітіндіге үңіле түседі. Сонау жер түбіне кеткен ерітінді күшімен бұрғы қашауы ыңырана қозғалады. Мұның бәрін Төреғали бұрғылаудың дыбысынан айырып тұр.
Осы сәт экспедиция жіберген су машинасы да келіп жетті.
Жаны мұрнының ұшына тірелген Төреғали тереңнен бір демалды.
Абырой болғанда бұрғылау тоқтамады. Азанда келгеннен нәр татпай, тізе бүкпеген ол әбден шаршаған еді. Кешке ауысыммен бірге кетер алдында дайындалған ертіндіні тексерген. Асығыс дайындалған ерітінді тым сұйықтау болып шыққан. Ол саусағына тигізіп еді, әдеттегідей емес жұғымдылығы кем көрінді. Мұндай күйде оны колонға айдауға болмайды. Содан толмаған орта колонды жер қыртысындағы жоғары қысым күшпен итеріп, бұрқақ атылып кетеді де, одан скважинада өрт шығып, оның арты үлкен шығындарға соқтыруы мүмкін. Мұндай жағдайды Төреғали өз тәжірибесінде талай кездестірген. Алғаш мұндай өртті Түркменстанда «Вышка» кәсіпшілігінде кездестірді. Ал, 1957 жылы Құлсарыда осындай өртті сөндіруге қатысқан. Мұндай бұрқақтардың күш бермей айлап атылып жататын кездері де болады. Қазіргідей сын кезеңде мұндай оқиғаға жол беру ─ абыройдан жұрдай болу. Одан мемлекетке келер шығында есептеп шығару мүмкін емес. Төреғалидың бар ойы ─ осындай сұмдықтың алдын алу. Ол үшін бұрғылау технологиясын сақтап, ерітіндіні жұғымды етіп дайындау керек. Мұндайда өлшеммен барит қосады. Ол кезде ерітіндінің салмағы артып, колонда қыртыстағы газ қысымын төмен басады. Қазір Төреғали мөлшерін қадағалап барит қостырып, ерітіндіні қайта дайындап, оның жұғымдылығын тексерді. Сосын колонға айдауға рұқсат беріп, енді қайтпақ болғанында бүгінгі ауысымдағы бұрғышының жұмысқа шықпай қалғанын хабарлады. Оның неге шықпай қалғаны белгісіз. Артынан адам жіберіп жедел іздеттіруге әлгінде вахта ауысып, адамдары кетіп қалды да қазір жібере қоятын қолы бос адам таппады.
Әлгінде су жеткізген автомашинамен бұрғышыны өзі іздеуге шықты. Оның үйі Өзен геологиялық барлау экспедициясы кеңсе үйінің теріскей бетіндегі коп жер үйлердің бірінде. Келсе ол үйінде ауырып жатыр. Айтып жіберуге жігіттер қолына түсе қоймаған. Баласы тапсырған адамдарын үйінен таппай қайтып келген. Бригадада одан өзге маман бұрғышы жоқ, көмекші бұрғышы жас жігіттерге сенім артқысы келмеді.
Ол амалсыздан кері қайтып бүгінгі вахтаны өзі атқаруға мәжбүр болды. Соңғы ерітінді жақсы дайындалған болып шықты. Бұрғылау кідірмеді. Бірақ, әбден шаршаған Төреғали таң бозара көз алдының кіреукелене бастағанын сезді. Азандағы ауысым келгенше әлі үш-төрт сағаттай уақыт бар. Демалып шыққан жанындағы жігіттердің қимылы ширақ. Ал, Төреғали ұйқы қысып маужырай бастады. Ол төмен колон жіберілгеннен кейін азғана сәт басындағы каскасын алып, таңғы самалмен тыныстады. Бұрғылау ережесінде бұлай жасауға болмайды. Бұл техникалық қауіпсіздік талаптарына жатпайды. Ол тәртіпті біле тұрса да солай жасады. Әйтпесе, ұйқы қысып, көзі ілініп кету қаупі туған-ды. Жанындағы көмекші жігітке шәйнекпен су алдырып бетін жуды. Таңғы салқын ауа мен салқын су аз-кем сергітті. Бұрғы құлағына қайта жабысты. Әйтеуір, бұл күні вахта аяғына дейін әзер шыдады.
Мұнан кейін де осындай талай жайлар кездесті. Мұндайда Төреғалида бір ғана мақсат болды. Қайткен күнде де бұрғылаудың кідірісіне жол бермеу.
Бұл аумақтағы белгіленген тереңдік ─ 1200 метр. Оны бұрғылау қысқа шейін созылды. Жыл басында Fазиз Әбдіразақовтың бригадасы газ фонтанын атқызғаннан кейін-ақ, үміттенген өзге бригадалар күнде тосын фонтан күтіп отырған жайы бар. Осы маңдағы бұрғышылардың барлығы да елеңдеп, бірін бірі бағып отыр.
Алдымен қуанатыны ─ оның жақсы адамдардың ортасына тап болғаны. Төңірегіндегі бұрғышылардың бәрі де өз істеріне жауапты, тапсырманы екі айттырмай орындайтын, ынтымақтастығы зор жандар. Ал, бұрғылау шебері Михаил Кулебякин ─ атақты бұрғышы. Адамгершілік қасиеттеріне келсек мақтауға сөз жетпейтін адам. Оның бұрғышылық кәсіби шеберлігі ─ Төреғалиға әрдайым үлгі, өнеге. Қарауындағы адамдарға деген қамқорлығын айтып тауыса алмайсың. Әсіресе, оның өзінен кішілерге, жастарға деген ықыласы жаныңды тербейді. Ол жүрген жерде әрдайым қамқоршың, ұстазың жаныңда жүргендей боласың. Түнде вахтада тұрғаныңда да жаныңа келіп:
─ Қал қалай, Төреғали, ─ дейтін.
Оның осы сөзінің өзі жаныңа жылылық құяр еді де, шаршағаныңды ұмытып кетер едің. Оның әр сөзін екі етпей орындап, бұрынғыдан да артық жұмыс жасағың келіп тұрар еді. Кез-келген ұсақ-түйекте де осынау әрдайым жаныңнан табылатын қамқоршы ағаға, аяулы ұстазға ұқсағың келер еді.
Кулебякин қарауындағыларға бойындағы жақсы қасиеттерінің бәрін бере білді. Төреғали одан көп нәрселер үйренді. Оны әрқайсысы ұстаз тұтар еді. Қиналып, қысылған тұстарда ақылына сүйенетін. Төреғалидың өзінен бәрін үйренуді қалайтын осы қасиеттеріне Кулебякин де сүйсінді. Боранды жел ызғырып соғып, жаңбыр аямай сабалап тұрғанда өзге жігіттер бұрғылау мұнарасына ықтап кетер еді, не будкіге ішке кіріп жылынып тұрар еді. Мұндай кезде бұрғылау басында Төреғали жалғыз қалатын. Сосын ол ызғырып соққан ақ боранның дыбысы мен бұрғының гүрілдеген үніне құлақ түріп, сонау жеті қабат жер астынан сыр тартып, онда не болып жатқанын ұғып тұрғандай. Егер бұрғының үні біркелкі соғып тұрса, бұл ─ бұрғылаудың бірқалыпты істеп тұрғаны. Егер ол дыбыс әдеттегіден өзгешеленіп, басқаша естілсе ─ бұл ─ бұрғылау барысындағы әдеттегіден тыс өзгерісті байқатады. Жақсы бұрғышы мұны міндетті түрде түйсініп, сезінуі керек. Тіптен жақындап қалған сәтсіздікті алдын ала байқап, оны болдырмаудың шараларын алуы керек. Сондықтан да Төреғали бұрғы басында тұрып, көз алдындағы аспаптардың қалай жұмыс жасап тұрғанын қадағалап, приборлардың тіліне үнемі көз салатын. Сосын ызғырық дала желінің сәл саябыр сәтінде бұрғы үніне құлақ түрер еді. Қазір ол кенет көз алдындағы приборлардың біреуінің тілі күрт секіріп түскендей болды. Прибордың әр сәттегі құбылысын қалт жібермей қадағалап тұрған Төреғали күдік алды. Бірақ, өзге приборлар бірқалыпты көрсетіп тұр. Бұл ─ қашаудың жер қабатын тесіп бара жатқан белгісі. Оның жүрегі әлдебір қауіпті сезгендей. Бұрғы дыбысы әдеттегіден өзгеше тықырлап естілді. Ол құралды жедел көтеру керек деп түйді. Қазір бұрғыны көтергенде бұрғылау тұрбасының сынғанын көрді. Енді сәл кешіккенде шпиндель үзіліп кететіндей жағдайда тұрды. Сұмдық жағдайға соқтыруға сәл қалған.
1961 жылдың желтоқсан айының он бесінші жұлдызы болатын. Бұрғылау құлағында өзі тұрған. Түнгі жұмыс ұзаққа созылатындай. Уақыт өтіп болмайды. Соңғы күндері бұрғылау басынан ұзап кете алмай жүрген Төреғали шаршағанын сезді. Бірақ бұрғылаудың соңғы метрінен үміт күтіп барынша сақ тұрған. Бұрғының жобалы тереңдікке жеткені байқалды. Енді технология талаптары қатаң сақталуға тиіс. Мұнын бәрін ол өз қолымен атқарды. Скважинаны сынақтан өткізу керек. Күнілгері хабарланылған мамандар жиналған. Енді скважинаны ашып көрмек. Скважиналарды сынақтан өткізу цехының жігіттері барлық талаптарын сақтап, ашып көруге рұқсат берді.
─ Төреғали, өзің басқарып жүргіз, ─ деді Кулебякин, ─ ал барлық мамандар кез-келген күтпеген жағдайға әзір тұрамыз.
Штуцер жайлап ашыла бастады.
Бұрғылау ұңғысы 1248 метр мен 1261 метр тереңдігіне жеткен. Енді бұл аралықты арнайы сынап көру қалды. Бұрғылау технологиясы осылай. Міне, сынақ кезінде газ аралас мұнай фонтаны атып кетті. Қазір Төреғали фонтан басында жүрген барлау бастығы К.Бурлаковты, аға инженері А.Александровты, барлау тресінің геологы Бақытжан Бисенғалиевты, геолог Жарылғасын Даутовты көрді. Олар бірінен соң бірі келіп, Төреғалиды құшақтап құттықтап жатыр. Бригада жігіттерінің де қуаныштарында шек жоқ. Қазір олар Маңғыстауда мұнай барын әлем көрсін дегендей, фонтанды жабуға асығар емес. Бірін-бірі құттықтап, мәз-майрам.
Қуаныштары басылғасын бұрқақты жауып, бекітті. Қуанышты хабар сол сәтте-ақ бүкіл елді шарлады. Өзен геологиялық барлау экспедициясының басшылары Шахраманов, бас инженері Саркисов, алдымен осында жетті де, сол бойда-ақ Қарақия мұнай барлау экспедициясына қуанышты хабарды жеткізді.
Бұл күні ауыл адамдары алғашқы фонтанға тайлы-тұямен қалмай жаяу шұбырды. Топ алдында ойнақтаған балалар жол бермеді. Фонтан атқан скважина маңынан адамдар қара кешке дейін арылмады.
─ Енді сақтықпен қимылдаңдар, ─ деді экспедиция бастығы Шахраманов бұрғылау шеберлерін шақырып алып, ─ мұнда мұнай, газдың мол қоры бар екені анықталды. Ендеше осы тереңдік төңірегінде барлық скважиналарда да мұнай атқылауы тиіс.
Бұл ─ бұрғышыларды сақтандыру болатын. Төреғали бұрғылап жатқан қондырғылар да бұрғы ұшы жобалы тереңдікке жетіп қалған.
Бұрғылау бригадаларының өзара жарысында алғашқы жарты жылдықтың қорытындысы жасалды. Көп ішінде озаттар қатарында алдымен Төреғали Қадыровтың атағы шықты. Жеңістен үміткер өзге бұрғылау бригадаларының жігіттері оған таласа қарап қалды. Иә, күш атасын танымас деген. Еңбектің де құпия сырлары көп. Қаз-қатар тұрып, бірдей еңбек етіп жатып, жаныңдағының сенен озып кетіп, қалай нәтижеге жеткенін байқамай қалатын сәттер көп болады. Бұл жолы да осылай болған. Оны байқай алмаған бірқатар жігіттер:
─ Бұл қалай? - десіп таңданысып қалған.
Бірақ кейін олардың көздері жетті. Сөйтіп, Төреғалиды еріксіз мойындауға мәжбүр болған.
1961-1962 жылдың қысы Маңғыстауға қатайып жетті. Желтоқсан ішінде-ақ жел өті терістікке шығып азынады да тұрды. Аяз қысқан өңір бет қаратпай жалап тұр. Автомашиналардың жанармайы қатып қалып, жұмысқа шыға алмай жатыр. Ал, бүгін бұрғылауға керек колон тұрбалары таусылған. Кеше келуге тиіс колон тұрбалары әлі жоқ. Бұрғылаудың тоқтап қалу қаупі туды. Осындай қысылтаяң кезде «жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» дегендей, вахта тасылатын көліктер шықпай қалды. Машина күткен жұмысшылар күн сәскеге көтерілгенде Өзен геологиялық барлау экспедициясы кеңсесінің алдына жиналды.
─ Бастық бері шығып кетсін, біздерді жұмыс басына жеткізсін, - деді олар.
Жұмысшылардың алдына шыққан экспедиция бастығы Шахрамановтың жаны мұрнының ұшында тұрған еді. Өткен жазда машиналарға қыста тұрып жөндеу жүргізетіндей жылы гараж бастырма салуға уәде берген. Бірақ қанша талпынса да мың түрлі шаруа, жүз түрлі проблема мүмкіндік бермеген. Енді оны айтып ақтала алмасы анық. Қазіргі проблема ─ мына жиналған топты бұрғылау басына жеткізу. Анда түнгі вахтадан шыққандар азаннан бері көлік күтіп қаңтарылып тұр. Ал, мұндағы жағдай мынау. Ауысым вахтасы жете алмай, бұрғылардың тоқтап тұрғаны сөзсіз. Сонда бұған Шахраманов не істей алмақ? Мұны түсінген Төреғали тәжікелесіп жатпай жертөледен сүйреп алып шыққан мотоциклын бір теуіп от алдырды да, газын барынша басып тарылдатып бұрғылауды бетке алып тартып кетті. Жүйткіген мотоцикл екпінімен алдан соққан суық жел тез-ақ мұртына мұз қатырып, танауын қусырып, тұншықтырып, қос көзінен сорасын ағызып келеді. Бірақ, Төреғали ыққа басын бұрмай, қарсы қарап алға екіленіп ұмтылады. Өйткені, оның ойы қондырғы басына тез жетіп, келесі вахта келгенше жұмысты тоқтатпау. Олардың бірқатарының оған қарсы болары да сөзсіз. Бірақ қалайда түсіндіріп, күтпеген жағдайдан мүдірмей шығу.
Бұрғылау басындағы жағдай Төреғали ойлағандай болып шықты. Жігіттердің ішінде күңкілдегендер болды. Олардың бірқатарын түсіндіріп, енді біреулеріне қаттырақ дауыс көтеріп сөйлеуіне тура келді. Мұндайда Төреғалидың ашуға мініп, білек көрсететіні де бар. Осыдан кейін біреулері сыйлағандықтан оның ығына жығылды. Біреулері одан ықты. Әйтеуір, бүл күні түннен шыққан вахтаны күндіз тағы қалдыруға көндірді. Әлгінде үйден өзімен бірге азық-түлік ала қайтқан. Онысы қандай жақсы болды. Қазір жігіттер консервілерді жарып нанмен соғып алды да, жұмысқа қайта келді. Қарақия барлау экспедициясына рациямен шығып, тікұшақ алдырып, ауылдағы вахта бұрғылау басына түс қайта жеткізілген. Сол күні Өзен үстіртінде жалғыз-ақ бұрғылау қондырғысы жұмыс істеп тұрды. Ол ─ Төреғали Қадыровтың бұрғылау қондырғысы болатын.
Осы қыста мұндай сындарлы жағдай көп кездесті. Әруақтар демеді ме, әлде ата-бабасы жебеді ме, әйтеуір осының бәрінде Төреғали аман шыққан.
Алдағы жылдың қаңтар айының бас жағында мұнда қашау соңғы нүктеге жетті. Барлық технологиялық талаптар сақталып, сынақ жасалды. Өткен жолғыдай қара мұнай бұрқағы аспанға шаншыла атылды. Бригада бұрғылау жоспарын белгілегеннен бірнеше күн бұрын бітірді. Мұнан кейін өзге бригадаларда да мұнай бұрқақтары бірінен соң бірі атылып жатты. Бұдан былай мұнай, газ фонтаны таң болмай қалды. Мұнан кейін де бригада дала төсіне талай бұрғы қадады. Солардың барлығында да мұнай бұрқақтары атылды. Ал, бригада жарыстың алдыңғы сапын бермеді.
Жұмыста озат болу өз алдына, сонымен бірге білімін де жоғарылату керек. Өзі қатар бұрғышылардың бірқатары институт, не техникум бітірген. Олар қайда да білімін алға тартады. Олардың білім деңгейінің жоғары екендігі байқалып тұрады. Ал, Төреғалидың білімі ─ бар болғаны төрт-ақ класс.Ол оқымайын деген жоқ. Тағдыры маңдайына солай жазды. Әдейі бір ағайындардың есігінде екі көзі жәутеңдей жетім өскен ол жазмыштан оза алмады. Сол біліммен осы бүгінгідей дәрежеге жеткені ─ етінің тірлігі ғана. Ол қазір орда бұзар отыз жаста екен. Оқуға әлі де кеш емес-тұғын. Гурьев мұнай техникумына тапсырды. Жолы болып түсіп, кейін 1962 жылы оны бітіріп те шықты.
Бұрғылауда кадр жетіспейді. Сондықтан да бұрғышылар арасында орта біліммен жүргендер көп. Әйтеуір әліпті таяқ деп қара танып қалғандар да бар. Жұмыстарына жауапты қарайтын болғандықтан ғана оларды бұрғышы, шебер етіп ұстап отыр. Ал, олармен қатар қойғанда Төреғали сияқты бесаспап мамандар білімін жетілдіріп келсе оған кім жетпек?
Бұрғылау экспедициясы мамандарға зәру болып отырған тұс. Өзен жері геологиялық құрылым жағынан әртүрлі. Алдыңғы келген геологиялық зерттеулерге қарағанда Өзен үстірті жер құрылымында 1200-1400 метр тереңдік аралығында мұнай, газ орналасқан. Енді Өзен жерін зерттеу ─ теріскей батысқа қарай ауысып барады. Мұнда Өзен ойпатындағы терең құрылымдар тіптен басқаша. Өзен ойпатынан Асарға қарай 2000-метрден 4000 метр тереңдікке дейін бұрғылау көзделуде. Бұл ─ пермотриас қабаты. Бұрынғы жерде ғылымдар пермотриас қабатында мұнай жоқ деп келген. Кейін олай еместігі дәлелденді. Қайсыбір кенорындарында жер қыртысының бұл қабатында да мұнайдың кездесіп қалатыны құпия емес. Бірақ, жер бетінен төрт мың метр төмен тереңде жатқан қабатқа бұрғы дарыту оңай шаруа емес. Оған тәжірибесіне білімі сай мамандар керек. Қазір Төреғали ─ осындай маман. Мұны экспедиция бастығы Шахраманов тани білді. Ол Төреғалиды шақырып алып:
─ Саған өте жауапты жұмыс ─ терең бұрғылауды тапсырғалы отырмын, ─ деген.
Төреғали қарсы болмады. Шахраманов терең бұрғылаудың аға бұрғышы шебері деген бұйрықты қолына ұстатты. Бұл 1962 жылдың мамыр айының оныншы жұлдызы болатын. Осы күннен бастап Өзен ойпатының терістік шығысы мен Асар ойында Г-8, Г-102, Г-103 терең бұрғылау жүргізді. Соның арқасында бұрын жер асты құрылымы белгісіз болып келген Асар, Қарамаңдыбас, Тасболат, Теңге құрылымдары жете зерттеліп, анықталды. Нәтижесінде бұл жерлерде мұнай, газ кенорындары ашылды. Геологиялық құрылым карталары жасалды. Мұнан былай ғылымда терең бұрғылау құрылым карталар арқылы жүргізілетін болды. Төреғали басқарған бұрғылау бригадасының терең бұрғылау тәжірибесі геологиялық барлау, іздеуді нақты, дәлдікпен жүргізуді үйретті.
Бұрғылау бригадасының бұл іс-тәжірибесі ─ Маңғыстау мұнай тарихында өшпестей болып жазылып қалды. 1961-1962 жылдар аралығында бригада қандай жарыстарда да бас бермей тұрды. Оның бұрғылау жұмысын ұйымдастырудағы әдістері мен тәжірибесін ешқайсысы қайталай алмады. Жанында күнде көріп жүрген адамының әдісін қолдану да осынша қиын болады екен-ау. Оның құпиясын ешқайсысы таба алмады. Ол құпия ─ еңбек сүйгіштік, адал қызмет ету, талапшылдық болатын. Бұл ─ айтуға жеңіл болғанымен кез-келгеннің қолынан келе бермейтін, өзгенің қолына қона бермейтін дүние еді. Бірақ оны Төреғалидың өзі білмейтін. Және солай екен-ау деп ойына да келмейтін. Ол өзін қашан да әдеттегідей сезінетін. Өзгелерден ерекшемін деп ойламайтын. Оның өзгелерден ерекшелігі талапшылдығы. Жұмыста қатал болғанымен, жұмыстан кейін өзіңмен бірге ойнап-күліп жүре беретін.
1966 жылдың сәуірі айының орта тұсы. Экспедициядан рациямен Шахрамановтың Төреғалиды шұғыл шақырып жатқанын айтты, Хабар жетісімен ауылға қайтқалы тұрған машиналардың біріне отырды. Сұрап қалса керек болар деп бұрғылау мәліметтерін де ала жүрген. Келсе бастықтың кабинетінің алды ығы-жығы. Қашан келсе де кеңсе маңы сапырылысып жататын. Бүгін бұрғылау шеберлерін шақырыпты. Шахраманов жиналғандар алдында шығып сөйледі.
─ Бүгін сіздерге қуанышты хабар жеткізгелі тұрмын, - деді Шахраманов, ─ Өздерің жақсы білетін, сыйлайтын да құрметтейтін, құрдастарың, достарың Төреғали Қадыровты «Социалистік Еңбек Ері» атағына ұсынғалы тұрмыз.
Жиналғандардың аужайын байқап зал ішіне көз жүгіртті.
─ Егер қарсы болсаңдар жасырмай айтыңдар. Одан артық еңбек сіңірген адамдар болып жатса ұсынуларыңа болады.
Бөлме іші бір сәтке тынып қалды. Әлден бұл тыныштықты бірі бұзып:
─ Дұрыс, қолдаймыз, - деді дауыстап.
Сол-ақ екен бөлме іші жаңғырығып кетті. Төреғали ыңғайсызданды.
─ Көз көрсе жүз ұялады деген. Көзімше қарсылық білдіруге ұялып отырған жоқсыңдар ма? Егер олай болса мен шыға тұрайын, ─ деп Төреғали орнынан қозғала берген.
─ Отыра бер, - деп отырғандар шу ете қалысты. ─ Ұялатындай кім едің, кемшіліктеріңді бетіңе де айтып жүрген жоқпыз ба күнде.
Қайтып Төреғали жақ ашпады. Іштей мінезінің қаталдығын бетке айтар деп күткен. Егер соны айтып жатса, жауабы да дайын. Төреғалиды құдай екі жасамайды. Талап етсем ─ мемлекеттік мүдде үшін емес пе. Қара басымның қамы үшін емес. Түсінсеңдер ─ сол, ал түсінгілерің келмесе өздерің біліңдер демек.
Жоқ, қазір әңгіме басқаша бағыт алды. Бұл Төреғалиды артық әңгімеден сақтап қалды. Мінезінің қаталдығын жігіттер түсінбейді деп ойлайтын. Олай емес екен. Оған Төреғалидың қазір көзі жетті. Әшейінде кер-мар сөйлесіп қалып жүрген жігіттер де қазір ескі қатынастарын еске алмады. Төреғалиға қол көтерді. Сол атақты алмай кететін болса да ол жанындағы жігіттердің өзі жөніндегі көңіліне, пейіліне риза еді.
Арадан ай өткенде қуанышты хабар келіп жетті. Бұл күні Төреғали вахтада тұрған. Мамыр айының 27 жұлдызы күні Төреғалиға «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілгендігі жөнінде Өзен геологиялық барлау экспедициясына Мәскеуден телеграмма келген. Онда Төреғали Қадыров «Социалистік Еңбек Ері» атағымен марапатталып, «Ленин» ордені мен Алтын Жұлдыз медалі бірге берілгені және КСРО Жоғарғы Советінің Президиумының айрықша Грамотасымен наградталғаны айтылған. Телеграммамен бірге «Маңғыстау мұнай газ барлау» тресінің бастығы Халел Өзбекқалиевтің құттықтау хаты бар.
Қазір экспедиция бастығы осы телеграмма мен құттықтау хатты ұстап өздері келіп тұр. Төреғали телеграмманы абажадай саусақтарымен ұстады. Оның қолына тиген қарамай қағаздарға жұғып күс саусақтарының табы айғыздалып қалды.
Арадан апта өтпей ордендерін табыс етуге Төреғали Москваға шақырылды. Бұл жолы хабарлауға келген экспедицияның бас инженері Александров болатын.
─ Баратын болсаң бүгіннен бастап жолға дайындал, - деген
Хабар Төреғалиға бір көңілсіздеу тұрған шағында келіп жеткен. Кеше кешкілік дайындаған ерітінді жұғымдылығы аз болып, көңіліндегідей болмай, оны бүгін колонға айдар кезде біліп қалған Төреғали ашу үстінде қолындағы бұрғылау мәліметтерін оның бетіне лақтырып жіберді. Содан бастап бұрғылау жігіттерін тасқабақтай қуырып, қазір бригада бір уыс боп қалып, Төреғалидың әбден жарылардай болып тұрған шағында келіп, енді болса «баратын болсаң» деп оны мұқата сөйлегені шамына тиіп кетті.
─ «Баратын болсаң» деп сөйлейтіндей мен оны сұрап алып па екенмін? Әлде маған аяушылық жасап беріп жатыр ма екен? Сендер солай деп ойлайтын болсаңдар онда мен бармаймын. Сол моншағын алмай-ақ қояйын. Менің ата-бабам моншақ тағып өскен емес. Мен моншақсыз да жүре алатын адаммын. Моншақ үшін жұмыс жасап жүргенім жоқ. Ол моншақтарың менің елге, Отанға сіңірген еңбегімнің өлшемі емес. Ендеше, моншақтарыңды өздерің-ақ алыңдар, - деп қолын бір сілтеп теріс айналған.
Александров енді қайтып оның бетін бері қарата алмады. Әуелі лауазымын пайдаланып кесіп-пішіп сөйлеген. Онысынан ештеме өнбегесін енді жалына айтып, алдарқата сөйледі. Бірақ қатып қалған бірбеткей мінез жібір болмады. Енді ол Александровпен тіптен сөйлеспей қойды. Абайламай аңдаусыз айтып қалған сөзі үшін арылмас пәлеге қалғалы тұрған Александров састы. Тіптен көнер болмағасын:
─ Үстіңнен мәлімдеме жазамын, - дегені.
Мұны естіген Төреғали оның аржағында кері айналып түсті.
─ Бар, жаза бер мәлімдемеңді. Тонналап жаз. Жеткен жеріңе қон.
Оның қазір көнбесін білді, келесі күні ұшу алаңына өзі келер деп ойлады да, Александров одан әрі кергілесіп жатуды жөн көрмей жүре берген.
Келесі күні оны ұшақ алаңында күтті. Ал, Төреғали жоқ. Вертолеттің ұшар уақыты өтіп барады. Ұшқыштар асығып, сағаттарына қарай бастады.
─ Енді күтетін уақыт жоқ, - деді ұшқыш командирі.
Вертолеттің есігі тарс жабылды да аз уақыттан оның ескегі айналып, қалықтай көтеріліп, терістікті бетке алды.
Александров бастықтың тапсырмасын орындай алмай пұшайман болды. Кеше оған Құрметті атақ табыс етілетін облыстық жиынға қатысуға Төреғали Қадыровты жіберу тапсырылған. Енді болса мынау, ол тапсырма орындалмай қалды. Мысы құрып, амалы таусылған Александров мына жағдайды экспедиция бастығына мәлімдеуді ұйғарды. Мұны естіген экспедиция бастығынын маңдайы жиырыла қалды. Ол Александровқа жаман көзімен қарады.
─ Сен партиялық тапсырманың не екенін түсінемісің? - деді ежірейе. ─ Бұл облыстық партия комитетінің нұсқауы. Ертең осы үшін партия алдында менің жауап беретінімді білемісің.
Александров үн қатпады. Қазір ақталудың бекершілік екенін білді. Кеше Төреғалиға үстіңнен мәлімдеме түсіремін деп күжірейгенімен, қазір мәлімдеме былай қалып ауыз аша алмай отыр.
Экспедиция бастығының қауіп еткеніндей болды. Қызықтың көкесі алда болып шықты. Облыстық партия комитетінің мәжілісінен арнайы шақырылған адамдарға мейманханадан орын әзірлеп, келесі күні азанда басталатын мәжіліске кімдер катысып, кімдердің қатыса алмайтыны түгенделіп, ұйымдастыру бөліміне мәлімделеді. Бүгін кешке шақырылған қонақтардан Төреғали Қадыровтың келмей қалғаны белгілі болды. Бұл хабарды ұйымдастыру бөлімінің жауапты қызметкерлері төтенше оқиға ретінде қабылдады. Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұханбет Исенов «Төреғали Қадыров қалай да жеткізілсін» деп нұсқау берді. Осыдан кейін дабыл көтеріліп, Маңғыстау мұнай барлау экспедициясының бастығы Халел Өзбекқалиевке телефон шалған.
─ Бұл партияны құрметтемеушілік, облыстық партия өткізіп отырған саяси шараны құрметтемеушілік, - деп бағалап:
─ Егер Төреғали Қадыровтың ертеңге саяси шараға қатысуы қамтамасыз етілмесе, партия алдында тікелей жауап беретінін ұмытпасын, - деген.
Бұл сөз ─ Өзбекқалиевке қатты тиген. Ол іле Өзенмен байланысқа шықты. Осылай боларын Шахраманов өзі де сезген.
─ Қадыровты осы түнде қалай да жеткізесің, - деді Халел артық әңгімеге келместен кесіп сөйлеп.
Оған бүгінгі жағдаятты баяндамақ болып еді, сөзін тыңдамады.
─ Қазірден қалмай жедел жөнелт те, маған мәлімде. Ол рация құлағын тастап жіберді. Шахрамановтың құлағындағы трубка гуілдеп кетті.
Қазір Төреғалиды өзі іздеуге шыққан. Төреғали бүгін жұмыстан кейін үйге келмеген болып шықты. Оны Өзен ойпатындағы бұрғылау басынан тапты. Бастығынын өзі келіп тұрғанда оған Александровқа деген өкпесін айтқан жоқ. Қазір оны экспедиция бастығы өз көлігіне мінгізіп алып қайтты. Үйінен киімін аударып шыққан Төреғалиды түнгі сағат екіде Гурьевтің әуежайына әкелген вертолет кеп қонғанда, одан жалғыз-ақ жолаушы Төреғали түскен еді. Таң алдында мейманханаға кеп үш-төрт сағат қана көз іліндіріп, дамылдап үлгерген ол азанғы сағат ондағы мәжілісте катысып отырды. Мәжіліс соңынан мемлекеттік наградалар салтанатты түрде тапсырылды. Бұл күні Төреғалидың омырауына «Социалистік Еңбек Ері» атағының Алтын Жұлдызы мен «Ленин» ордені қатар тағылды. КСРО Жоғарғы Советінің Президиумының айрықша Грамотасы табыс етілді.
Төреғалидың еңбек табыстары жалғаса берді. Ол басқарған бұрғылау бригадасы социалистік жарыста алдыңғы орынды бермеді. Қайда жүрсе де маңдайы жарқырап замандастарынан оқ бойы озып жүрді.
Келер 1967 жылы күзге салым Төреғалидың жұлдызды өмірінде тағы бір есте қаларлық оқиға болды. Қыркүйек айының 20 жұлдызы күні Төреғали Қазақстан Социалистік Республикасы Жоғарғы Советінің депутаттығына сайланды. 1970 жылы Владимир Ильич Лениннің туғанына жүз жыл толуы құрметіне «Еңбектегі ерлігі үшін» орденімен наградталып, 1973 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен марапатталды.
Бұл кезде Маңғыстауға «шабуыл» кең көлемде жүргізіліп, бұрынғы КСРО-ның түкпір-түкпірінен мамандар, жастар жолдамамен ағылып жатқан. Маңғыстау ─ Бүкілодақтық екпінді құрылыс деп жарияланды. «Достық» ыстық мұнай құбыры, Қиғаш-Өзен, Әмудария-Бейнеу су құбырлары, Гурьев-Өзен теміржолы, Жаңаөзен қаласы, Жетібай, Маңғышлақ, Бейнеу, Опорный, Сайөтес, Шетпе қала типтес елді мекендері құрылыстары жүріп жатты. Жыл сайын қарқынды дамып, ұлғая түскен барлау-бұрғылау көп жұмыс күшін керек етті. Мұны ескерген партия мен Үкімет 1966 жылы әскер қатарынан босанған солдаттарды жұмыс күші жетпей жатқан Маңғыстауға жіберуге шешім қабылдады да, ізінше олар бүкілодақтық екпінді құрылыс Маңғыстауға ағылды. Мұнда оларды жасампаз еңбек, ерлік істер күтіп тұрды. Солардың ішінде жүзге жуық жастар Өзен геологиялық барлау экспедициясына жұмыс жасауға Қызылсайға келіп түсті. Сол күннен бастап барлаушылар мекені ─ Қызылсайда тәртіп бұзушылық көбейіп кетті. Жергілікті жігіттермен жақ-жақ болып төбелестің арты соққыға жығылу, қолын не аяғын сындыру, тәртіпсіздіктің түрі көбейді.
Осындай оқиғаның бірі ─ 1966 жылы 19 қазан күні орын алды. Түнде қатты төбелес болғаны Төреғалидың құлағына жеткен. Оның шараларын алу, тәртіпке шақыру -жергілікті милиция бөлімшесінің міндеті.
Азанда ерте тұрған Төреғали экспедиция кеңсесіне қарай аяңдады. Мұнда азандағы вахта жұмысшылары жиналып, автобустарға отырып, бұрғылау басына кетеді. Төреғали өз жұмысшыларын түгендеп отырғызады. Жұмысқа шықпай қалғандарын мұнан кейін үйлеріне барып көтереді. Бұл ─ күндегі дағдысы.
Қазір ол алдымен гаражға соғып, вахта жеткізетін көліктерін белгіледі. Таң шапағы түріліп келе жатқан шақ. Бұрғылау басына баратын техникалардың алды гараждан шыға бастаған. Алдымен келіп тоқтаған вахта автобусына жұмысшылар отырып жатыр. Ауыл іші әлі толық қозғалысқа келе қоймаған, ұйқы құшағында. Әудем жерде әскерден босап келген солдаттардың жатақханасы маңында әлдеқандай әбігер байқалады. Түнгі төбелестен кейінгі жағдай болса керек. Оған Төреғали назар аудармады. Жолдың қос бетін ала орналасқан жер үйлер маңы тыныштық. Түнгі ұйқыдан ояна қоймаған. Кенет әлгінде Төреғали өзі барып шыққан гараж беттен айқай, шу естілді. Бүл кезде ол экспедиция кеңсесі алдына жетіп қалған. Гараж қақпасынан тарылдаған трактор шыға келді.
─ Ойбай, қырды.
─ Ұстаңдар.
─ Тоқтатыңдар.
Қақпадан екпіндей шыққан трактор кенет он жол жақтағы жер үйлерге қарай салып қоя берді. Мынаның жүрісінен Төреғали қақпадан шыққаннан-ақ секем алған. Енді мына жағдайды көріп оның сау еместігіне көзі жетті. Оның қазір мына алдындағы жер үйлерді тапап кететініне шек келтірмеді. Іштегі адамдарды қырып кетпек.
Осыны ойлаған Төреғали қазір не істеп, не қойғанын білмеді. Ол тұсынан тарылдап өтіп бара жатқан тракторға қарай жүгірді. Лезде қуып жетіп шынжыр табан трактордың үстіне арыстанша бірақ атылды. Зыр жүгірген шынжыр табанды үстіне шығып бір басты да кабинаға ұмтылып, рульде отырған жігітке тап берді. Қарулы қолдар оны омыраудан ұстап, орнынан жұлып алды да, тысқа қарай зытырып жіберді. Сосын басқару тетігіне жармасты. Мұның барлығы көз ілеспес жылдамдықпен болған еді. Бұл кезде жер кепеге тақау кеп қалған трактор кілт тоқтады, Төреғали есін жиды, енді байқады. Құдай сақтап әлгіндегі жігіт трактордың астына түспей аман қалыпты. Солдат жігіт өлердей мас екен. Түнімен төбелестен шыққан оларды жергілікті жігіттер қатты сабаған. Оңбай таяқ жеген олардың бірі мастықтың әсері болса керек, осылай өш алмақ болған. Құдай сақтап, бәрі сәтті аяқталды. Мына жағдайдың куәсі болған жігіттер Төреғалидың қайратына қайран қалып, ерлігіне риза болды. Оның осы жолғы ерлігі ел аузында біразға дейін ұмытылмай айтылып жүрді.
Иә, Төреғалидың ерлік жасаймын деген ойында жоқ болатын. Бар болғаны, тәртіп бұзушыны көріп, одан ешқайсысының жәбір көріп, жапа тартпауын ойлады. Азаматтық жайсаң жаны осыны қалады. Одан кейінгісінің бәрі тек қана кездейсоқ болды. Күтпеген бір күш оған ойда жоқта осындай қимылға бастады.
Бұл күні қаладан ішкі істер бөлімінен қосымша күш келді. Түнде ел тыныштығын алып, ауылды дүрліктіріп, үркітіп шыққан топтарды ұстап, он бес күндікке жабылды. Мас болып, тракторға отырған солдатқа қатаң шара қолданылды. Бұл топ мұнан былай Қызылсайда қалдырылмай қалаға аударылды да, содан кейін барып барлаушылар ауылында тыныштық орнады.
Төреғали жұлдызы көкте жанып тұрды. Бұл кезде ол өзінің кемел шағында болатын. Оның жұлдызын жаққан еңбек еді. Күні кеше Көнеүргеніштің бесінші ауылында дүниеге келіп, бірақ әке мен ана қамқорлығын көрмей, ағайын қолында шет қақпай өскен Төреғали бүгін отыз бес жасында Маңғыстау аспанында жұлдыз боп жанып тұрды. Әйтсе де ол өзін жұлдызбын деп танымады. Әдеттегі алақанға сап әлдилеп өсірген елінің еркесі, біреудің құрдасы, біреудің жолдасы, қатар-құрбы дегендей тентексоқ Төреғали боп жүре берді.
Омырауына жұлдыз тағып кеудесін көтермеді. Қолына депутаттық мандат тигенде әдеттегі қарабайырлығынан танбады. Тарихта Аяз деген би болған. Әке мен шешеден ерте жетім қалып әр үйдің босағасында алақан жайып қайыршы күй кешкен тазша бала келе-келе би атанып, хан ордасында ханның он жағында отырып билік айтып, ханға сөзі жүріп тұрған шағында да баяғы жетім бала кезіндегі таз телпегін үйінің маңдайшасына қыстырып қояды екен де, күнде таңертең үйден шығарда маңдайшада тұрған таз телпегіне қарап, «кеше кім едің, бүгін кімсің? Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дейді екен. Бала күнінде кітаптан оқыған осы бір аңыз құлағында қалған. Жетімдік пен жоқшылықты бірдей көріп өскен Төреғали да бүгін болдым-толдым деп, өткен күнді ұмытқан жоқ. Бәрі ойында сайрап тұр. Өткен күннің ащы сабағы оны бүгін сабырға шақырады. «Болдым деме болғаның жаңа, толдым деме толғаның жаңа, Төреғали», - дейді ол өзіне өзі оңаша қалған сәттерде. Сөйтеді де артық сөйлеп, асып-таспауға тырысады.
Жұрт оны сырттай Төреғали тым қатал, орынсыз тентек дейді. Бұл ─ Төреғалидың құлағына жетіп жатады. Жұрт не десе о десін. Төреғали қайда, қандай жерде, кімнің алдында тентек болуды, кімге мақұл көрінуді біледі. Өзі сияқты қарапайым бұқара жандар алдында мақұл адам. Ал оған кеуде көрсетпек болса, ол жерде Төреғали тентек.
Кеуде керіп, әлсізге тізе батырса, ондайға Төреғали төзбейді. Тіптен, артық сөйлесең де көтермейтін. Басшылар дауыс көтеріп сөйлесе шалқасынан түседі. Ал, алдына иіліп, кішірейіп келсе, ондайда Төреғали жалпағынан жайылып жатқаны. Бұқара алдында бұл мінезінің бәрін де көрсеткен емес. Олармен тез түсініседі. Бұқара жағы оған көбіне арызданып, не материалдық жағдайын айтып келеді. Жұмысшылар үй салуға ағаш, цемент, тас, тағысын тағы материал жәрдем сұрайды. Ондайда Төреғали қолында барын аяған емес. Өлім-жітім, той-садақасына не жетпей жатса ─ бәріне қамқор. Әйтеуір, бұқара жағы оған риза. Олар Төреғалиды тентек деп айтпайды. Өздеріне сүйеніш көреді, сенім артады.
Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғалы шағым-арызбен, не мәселе қойып келушілер көбейді. Бұл кезде Қызылсай елді мекенінің оңтүстік батыс бетінде он сегіз шақырым жерде соңғы үш-төрт жылдан бері болашақ мұнайшылар қаласының орны «Газгородок» деген атау алған. Өзен ойпаты мен Өзен үстірті бұрғылау мұнараларына толып, кез-келген бұрғы қадалған жерден мұнай, газ бұрқағы атылып жатқан кез. Бұрғыланған скважиналар пайдалануға тапсырылып, скважиналар качалкалары жарыса тербеліп, 1964 жылы алғашқы Маңғыстау мұнайы цистерналармен Гурьев мұнай өндеу зауытына жөнелтілген. Мұнай өндіру басқармасы құрылып, мұнай өндіру деңгейі тез көтеріліп, 1967 жылы бес миллион тонна, ал, 19^0 жылы 15 миллион тоннаға жетті.
Сол уақытта бұрғылау қарқыны да кеміген жоқ, арта түсті. 1967 жылы қала атағын алған, ал 1968 жылы Өзен ауданы боп құрылып, аудан орталығы Жаңаөзен қаласы болған. Өзен бұрғылау жұмыстары тресі құрылып, бұрынғы Қызылсайдағы Өзен геологиялық барлау экспедициясы осы трестің құрамына қосылды. Енді барлау бұрғылауы мен пайдалану бұрғылауы қатар жүргізілді. Бұл кезде Төреғалидың бригадасы Өзен ойпатында төрт мың метр тереңдіктегі пермотриас қабатын бұрғылап жатқан.
Бұрын Төреғалиға өз бұрғылауының жігіттері мен бірен-саран ауылдас, таныс-біліс, жора-жолдастары келіп, жағдайын айтып, қол ұшын күтсе, енді бүкіл Жаңаөзен қаласының, Ералиев, Жетібай елдімекендерінің, Қарақия және Жетібай мұнай барлау басқармасы мен экспедицияларының жұмысшылары мен ауыл адамдары түрлі мәселелер төңірегінде Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесі депутатынан көмек сұрайтын болды. Қайсыбірі тендік, әділдік талап етіп, көрген зәбірін айтып, мұңын осында кеп шағады. Келушілер көп. Өзен бұрғылау басқармасы ішінен оған депутат ретінде еңбекшілерді қабылдауға арнайы кабинет беріп, астына көлікпен көмектесіп, қажет жағдайдың бәрін жасады.
Ол мұнда белгілі бір уақыттары қабылдау жүргізеді. Кабинетінің алды келушілерден босаған емес. Олар қойған мәселелер ішінде бәрі де бар. Кім әділдік күтеді, кім заңды талап етеді, кім көрген зәбірін айтады, кім саяси теңдік сұрайды.
Сондай-ақ Маңғыстаудың шексіз байлығын игерудегі проблемалар да аз емес. Ол республика деңгейінде ғана емес, Одақ деңгейінде шешілетін мәселелер. Ал, республикалық, Одақтық Министрлер мен ведомстволардың назарын қия шетте жатқан Маңғыстауға бұру ─ ақыреттік жағдай екені хақ. Бірақ, оларсыз мәселе шешілмейді. Ал, мәселе шешілмесе, Маңғыстауды игеру, партияның ХХІҮ съезінің Маңғыстауды игеруді тездету жөніндегі шешімі жүзеге аспайды. Бұл дегенің төзуге болмайтын, дабыл қағарлық төтенше жағдай болатын.
Ондай проблемаларды шешу жергілікті қала, аудан тіптен облыс басшыларының да қолынан келмейді. Ал, Төреғалидың қолында депутаттық мандаты бар. Ол мандатпен депутаттық кез-келген мәселені шешу үшін Одақтық, республикалық деңгейдегі кез-келген басшының алдына мемлекеттік маңыздағы халықтық мәселені қоя алады. Ал, Маңғыстау байлығын игеруді тездетіп, оны ел игілігіне жаратып, халық қызметіне қоюда мұндай шешуі кезек күттірмейтін зәру мәселелер жеткілікті болатын. Мұнайшы, бұрғышыларға жағдай туғызып, қала құрылысын жеделдету, Өзен-Гурьев-Куйбышев ыстық мұнай құбыры мен темір жол құрылысын тездетіп, Маңғыстау мұнайы тасымал қызметін жолға қою, Маңғыстау жерінде геологиялық барлау-іздестіру, бұрғылау жұмыстарын одан әрі өрістетіп, жаңа кенорындарын ашу, Әмудария-Өзен, Еділ-Өзен су құбырларын тартып, Маңғыстаудың өз жерінен жаңа су көздерін іздестіру, мектеп ашу, аурухана, жылу қазандарын салу, тағысын тағы мың-сан проблема. Соның бәрі депутаттың араласуын күтеді.
Көз көргендер өзімсініп келеді. Қатар-құрбылар міндет арта келеді.
─ Кешегі өзіміздің Төреғалисың ғой, - дейді олар. Сонда оларға:
─ Мен заңды ғана білемін,- деуі жөнсіз болып шықпай ма? Мәселесін заң тұрғысынан, саясат тұрғысынан шешсең де, өздеріне олай деп айта алмайсың. Бірақ, олар да түсінбейді емес. Буынсыз жерге пышақ ұрмайды. Орынсыз менің пайдама шешіп бер деп айтпайды. Заң жолымен әділ шеш дейді. Бұл бұқара халық, қатардағы қарапайым еңбек адамының сөзі. Әділ талап. Қайсыбірде Төреғали әділетсіздікті, жөнсіздікті көріп және оның басшылар тарапынан болып отырғанын біліп, өзін ұстай алмай кететін кездері де болатын. Әрине, мұның этикаға, мәдениетке жатпайтыны түсінікті. Бірақ, соған төзе алмайды. Төреғалидың тентек деген атағы осындайдан да қалмай жүр. Қайсыбірде кім екеніңе, беті-жүзіңе қарамай дауыс көтеретіні бар. Мұндайда оны дұрыс түсінетіндер де, түсінбейтіндер де табылады. Бірақ, әркімнің көңіліне қарауды жағдай көтермейді. Және ол Төреғалидың құдай берген мінезіне жатпайды.
Оның кабинетінің алды келушілерден арылмайды. Қайсыбір кездерде ұзақ отырып қалады. Сол уақытта өз жұмысы тағы бар. Депуттатық жұмыспен айналысып өз жұмысын да ақсатып алмауы керек. Жарысқан бригадалар сәт сайын ілгері озып кеткелі тұр. Ғазиз Әбдіразақовтың, Тынышбай Опиевтың бригадалары дес берер емес.
Нұрсұлудың үйде шәй әзірлеп қойып отырмын, суып қалады дегеніне де қарамастан, ол қабылдаудың бір саябырлаған шағында бұрғылау басына тартады.
Төреғалидың темірдей қатты мінезін Нұрсұлудың мақпалдай жұмсақ, жайлы мінезі балқытып жібереді. Аллатағала бәрін есепке алып отырып қосқандай. Екеуінің отасқанына он жылдан асып барады. Ол ешқашан ерінің алдына кесе-көлденең тұрып, бетіне келіп көрген емес. Қанша ашуланып не ренжіп қатайып келсе де Нұрсұлудың балдай тәтті тілін, сүйіспеншілікке толы жанын, жүрегіне біткен, Төреғалиға деген шексіз махаббатын көргенде ол еріксіз балқып жүре беретін. Егер оған осы Нұрсұлу да бұйырмаса қайтер еді? Ол Нұрсұлусыз өмірінің не боларын, тағдырының қалай қалыптасарын көз алдына елестете алмайды. Оның жанын айттырмай түсінетін Нұрсұлудай жан енді табыла қояр ма екен. Нұрсұлу ─ оның жан дауасы, жүрегіне ең дәрумені ғой.
Қайсыбірде Төреғали әдеттегі мінезіне салып Нұрсұлуды да қайырып тастайтыны бар. Мұндайда ол онысына өкініп, ізінше ақылға келіп, оның бәйкемше денесін құшағына алып, жібермей кеудесіне қысып тұрады. Мұнан кейін олардың арасындағы әлгі бір көңілсіз сәт тез ұмытылып, екі жүрек қосылып бірге соғып тұрғандай болады.
Осы Нұрсұлумен отасқандарына он жыл болған екен. Зымырап өтіп бара жатқан уақыт не деген жүйрік еді! Нұрсұлудың көңіл түкпірінде жатқан сәл бір кірбің бар. Ол ─ бала көтере алмай жүргені. Иә, сәби деген араларындағы махаббатты лаулатып, бір-біріне деген сүйіспеншілігін арттыра түсер дәнекер ғой. Бірақ оны жаны қанша қаласа да бәрі жаратқан иемнің қолында емес пе? Сол жаратқан иенің бұларға деген бір шикі өкпесін қимай тұрғаны.
Нұрсұлудың бұл көңіл-күйін Төреғали да айттырмай түсінеді. Түсінеді де өзі де ойға батады. Оның арты мұңға ұласады. Бірақ жанын жегідей жеп жатқан осы бір құпиясын жан баласына сыр тамызып сездірген емес. Ол оңаша қалып ойға батқан шақтарында ескі бір жан жарасы қайта қозғалғандай жүрегі шымырлап кетеді. Осындайда алдымен Жалғасыны еске түседі. Одан беріде он төрт-он бес жылдың жүзі айналды. Қазір он бесте, жігіт боп қалған екен-ау. Ол кенет жүрегіне ине сұғып алғандай болды. Қайсыбірде оның қазір бала сүйе алмай отырғаны ─ сол Жалғасынының көз жасы емес пе деп те ойлайды. Иә, қалай болғанда да Айнамен өмірін жалғастыруды тағдыр жазбады. Соның салқынынан Жалғасынынан көз жазып қалды. Сенің кінәң жоқ еді ғой, сәбиім. Мүмкін менің өмірімді тағдыр осылай жазған шығар.
Мұндай сәттерде оңаша қалып мұңайып та кетеді. Онысын Нұрсұлуға сездіргісі келмейді. Нұрсұлудың да жанын түсінеді. Арада бір перзенттің керектігі сезіліп келеді. Жанын жегідей жеп жатқан осы бір мұң ─ Нұрсұлудың жүрегін ақыры жарып шықты. Бірде ол Төреғалиға осы мұңын шағып ақтарылды.
─ Біреуден сәби алып бала қып алсақ, үмітсіз шайтан кім біледі Алла оңынан беріп тілекші болып тілегімізді қабыл етер. Бәрі алланың қолында емес пе.
Төреғали әйелінің не айтпақ болып отырғанын түсінді. Ол өзінің де ойында болатын. Бірақ, қалай түсінеді деп әзірге сыр сақтап, ештеме демеген. Енді міне, сол ойын Нұрсұлудың өзі қозғап отыр. Қазір оның ойын мақұлдағысы келді. Бірақ үнсіз тыңдады. Күйеуінің бүл үнсіздігін келісімге санаған Нұрсұлу ойын осы арада айтып та салды.
─ Егер алатын болсақ баланы жаттан емес, жақыннан алған абзал, - деді ол.
─ Сонда айтқалы отырған ол жақындарың кім? Менің баласын беретіндей еш жақын туыстарымның жоқ екенін білесің ғой. Ал, сенің төркіндерің жағында...
Бұл ─ Нұрсұлудың ойында көптен жүрген. Төңірегіне де мұқият көз салған. Сонда өз төркін жұрты жағынан да ыңғайлы ешкімді таба алмаған. Ал, Төреғалидың ондай туыстары жоқ. Осындайда ойына оралғаны Тілләбике ғана. Ол Төреғалидың жалғыз туған апасы. Одан өзге жанашыры, жақыны жоқ. Қанша дегенмен де, қыздың жүрегі жұқа ғой. Төреғали үшін шыбын жанын үзіп беруге бар. Төреғалидың жақсысына сүйініп, жаманына күйініп, ортада жылап-еңіреп сол жүреді. Тілләбикенің Доғдырбай, Тіркеш, Сәрсенбай деген үш ұлы бар. Баланың ең кішісі Сәрсенбай - биыл екі жаста. Апасына осы баланды бізге бер деп қолқа салса қарсы болмас-ау деп ойлайды. Қазір осы ойын Төреғалиға айтқан. Ол үнсіз қалды. Бұл ─ іштей келіскені еді.
Бұл күні екеуі ұзақ әңгімелесті. Төреғали апасының меселін қайтармайтынын біледі. Ол ақыры Нұрсұлудың осы ақылына тоқтады.
─ Айналайын Төреғали-ау, сен дегенде аяйтын нем бар? Өзім де ойлап қоятын едім, бірақ өздерің айтып жатпағасын қалай болады деп үндей алмай жүргем, ─ деп інісінің бір арманын маздата түскен.
Сол Сәрсенбайы қазір екеуінің көңіл қуанышы. Нұрсұлудың жаны соның үстінде. Төреғали жұмыстан шаршап оралғанында алдынан шығып, папалап, бәрін ұмыттырып жібереді. Жыл сайын өсіп келе жатқан бала үйдің қуанышы. Биыл үшінші класты бітіріп, мақтау қағазын алып келгенде бұл қуанышқа арналып үлкен дастархан жайылды. Отбасының бұл күнгі қуанышында шек жоқ еді. Ағайын-жекжат, дос-жарандар жиналып, ақ тілек айтқанда олардың жаны ағара түскен.
Сәби сүйіп, мейірі қанған Төреғали жұмысқа бұрынғыдан да шабыттана кірісті. Бұрғылауда бос тұрыс болмады. Бұрғы қадалған жерден мұнай бұрқағы атқылай берді. Еңбекте оның қолы жеткен табыстары ─ бас айналдыратындай еді. Күнде мақтау мерейін өсіре түсті. Табыс мас қылатындай еді. Төреғали өзін аспа деп басып отыратын.
1969 жылдың күзі. Гурьев облыстық партия комитетінің мүшесі Төреғали облыс орталығына жиі шақырылып тұратын. Облыстық партия комитетінің конференциясы, пленумдары, басқа да партиялық мәжілістерге түрлі партиялық, өндірістік, саяси мәселелерді шешуге қатысады. Осы жолы обкомның қыркүйек айында өткізілетін пленумына шақырылды. Ол жолға жинақталды. Жолға шығар алдында Нұрсұлу шайын дайындады. Төреғалидың жол жүретіні құлақтарына жеткен жора-жолдас жігіттері жол болсын айтып жинала қалды. Нұрсұлу да шайын acығa дайындап жатқан. Жолға көлігін қандап, сағат он екіде әзір болуды тапсырды да, өзі үйге келіп алдымен жол құжаттарын, поезға билетін дайындап, столдың үстіне қойды. Есіктен жолдас жігіттерінің дабырласып кіргені естілді.
─ Төреғали, жолдастарың келіп отыр, дастархан әзір, - деп дауыстады Нұрсұлу.
Асығыс Төреғали костюмін отырғыштың арқалығына іле салды. Сосын қолына ұстайтын жеңіл сөмкесін ала шығуға әзірлеп аяқ астына қойды да, қонақ бөлмеге шықты. Мұнда жол болсын айта келген жігіттер қау-қауласып, шұрқырасып дастарханға отырды. Шәймен жолаяқ бірге жүретін дәстүр. Құстың сүтінен өзгенің бәрі бар Нұрсұлудың жомарт дастарханы басында көк мойындар да орын алған.
Жол болсын айтып жігіттер кезек-кезек көтерісті.
─ Осыдан кейін біздің үйге барып та жол ашып шығайық, - деді бүгін Төреғалимен бірге Гурьевке жүрмек болып отырған бұрғылау басқармасының бас геологы Жарылғасын Дәуітов.
─ Жол ашылды ғой, енді жетер. Поездан қалып қойып жүрмейік, - деп Төреғали сақтық айтты.
─ Сенің үйіңнен келер аяғыңды жасармыз, - деп оған жігіттер де тоқтасқан.
Майлы қуырдақты асап отырып жігіттер бас-басына тілек айтып, сөз сөйлемей ме? Әр айтылған тост шүмпілдей толтырылған рюмкімен аталып отырмай ма? Маңғышлақ станциясына апарып мінгізіп салатын көліктің «бампылдап» белгі бергені бағана. Бірақ, әне-міне шығамыз деп жүріп, отырыстың аяғы ұзаққа созылып кетіп еді. Қайта-қайта машинасын бампылдатып еске салып отырған шофер жігіт енді сигналын бажылдата ұзақ басып тұрып алды.
─ Ал, кеттік, - деді қолындағы сағатына үңіліп атып тұрған Төреғали, ─ поездың жүруіне сағат жарым уақыт қалды, үлгеруіміз керек.
Ол осы бетінде төргі бөлмеде отырғыш арқасында ілулі тұрған костюмін білегіне іліп алды да, аяқ астындағы сөмкесін ұстап шыға берді.
Машина екпіндей отырып станцияға келгенінде «Маңғышлақ-Гурьев» жолаушылар поезының тепловозы соңғы рет айқайлады. Бұл поездың жүргелі тұрған белгісі. Екеуі вагонға аяқ салып үлгерді, поезд да қозғала берді. Жарылғасын бастап купесіне кеп орналасты. Үшінші купе, тоғыз және он бірінші астыңғы орындарға жайғасты. Енді тәулік бойы жатып демалуға болады. Поезд Гурьевке ертең осы уақыттары барады. Олар бастары жастыққа тиісімен ұйқыға кеткен. Келесі бір станцияда бұларды жолаушыларды жайғастырушы мен милиционер орыс жігіті кеп оятты.
─ Қане, жолаушылар, билеттеріңді, паспорттарыңмен бірге беріп қойыңдар.
Жарылғасын құжаттарын апыл-ғұпыл тауып көрсетті. Төреғали жол құжаттарын таппай, әр киімін бір ақтарды. Шалбарын қарады. Костюмінің де қалталарында жоқ болып шықты. Қол сөмкесінен де таппады.
─ Тездетіңіз жолымыздан қалдырмай, - деп проводниктер жанын жағадан алып барады.
Оның ақтармаған жері қалмаған. Жоқ. Енді жол құжаттарын қалай алып, қайда қойғанын есіне түсірмек болды. Үйде жұмыс киімінің қалтасынан алып столдың үстіне қойды, сосын жаңа костюмдерін алып отырғыштың арқалығына ілгені есінде. Есіне енді сап ете түсті. Столдың үстіне қойғаннан соң костюмінің қалтасына салмаған. Шығар жерде асығыс костюмін алып жүре берген.
─ Жігіттер, кешіріңдер, - деді құжатының ауылда қалып қойғаны есіне түскен Төреғали.
─ Онда поездан түсіңіз, - дейді милиционер жігіт.
─ Ау, әңгімеге түсінсеңізші, - дейді Төреғали.
─ Болмайды. Қане жүріңіз, ─ милиционер жігіт оны қолтығынан ұстап есікке қарай бастады.
─ Тарт қолыңды. Күш қолданар адамың мен емес.
Ол қолын тартып алды. Жүзі түтігіп, білек тамырлары білеуленіп шыға келді. Ол ашуланғанда осылай болар еді.
─ Ендеше қазір поезд бригадиріне хабарлаймыз, ─ деп әлгіндегі милиционер пен проводник есіктен шыға берді.
Істің насырға шауып бара жатқанын байқаған Жарылғасын ілесіп проводниктің купесіне кірді.
─ Жігіттер, кешіріңіздер. Осындай бір күтпеген жағдай болып қалды. Асығыстықтан құжаттар үйде қалыпты. Дұрыс түсініңіздер. Бұл кісі ─ «Социалистік Еңбек Ері», Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, ─ деп басқа да абырой-атақтарын түгендеп айта бастады.
Осы сапары ─ облыстық партия комитетінің пленумына қатысуға арнайы шақырумен бара жатырғанын айтты.
Бірақ олар айтқанынан қайтпай поезд бригадиріне мәлімдеген. Олар Гурьевпен хабарласқан.
Поезд Бейнеуден қозғала бергенде купе есігін қағып қазақ милиционер жігіті келді.
─ Қадыров Төреғали деген кім еді? - деді ол.
Жарылғасын тағы бір ыңғайсыз жағдай болып қалды ма деп секем алған. Жайдары келген жас жігіт:
─ Кешіріңіз аға. Сізді жігіттер мазалаған екен. Бірақ, оларды да кінәлауға болмайды. Өйткені, міндеттері ғой. Гурьевтегі бөлімшемен хабарласып, бәрі дұрыс болды. Енді сізді ешкім мазаламайды. Бірақ, жалпыға ортақ тәртіп қой, келесіде сақ болып, құжаттарыңызды өзіңізбен ала жүріңіз, - деді.
Бұл бір иманжүзді жігіт екен. Жайдары келіп кешірім сұрап кетті. Мұнан кейін оларды еш жан мазаламады. Әйтсе де осы бір жағдай Төреғалидың ұзақ уақыт есінен кетпеді. Қайсыбірде өзінің аңғалдығы талай шекесіне тиіп те жүр. Бірақ сол бойда бір жиырылады да, артынша қайта тарқатылып кете береді. Осы жолы Гурьевте мейманханаға орналасуға да төлқұжатын сұраған. Абырой болғанда мұнда облыстық комитеттен беріліп қойылған тізімде бар болып шықты да, мәселе оңай шешілді. Бірақ пленумнан соң Маңғыстауға қайту үшін үйде қалып қойған құжатын алдыруына тура келді. Бұл оқиға Төреғали үшін ащы сабақ болды. Мұнан кейін ол жолға шыққанда барынша мұқият болуға тырысатын. Бұл оқиғаның куәсі Жарылғасын Дәуітов екеуі кездесе қалғанда ескі бір жайды еске алысып біраз күлісіп алатын.
Уақыт зымырап өтіп жатты. 1970 жылы Өзен жерінен он бес миллион тонна мұнай өндірілді. Мұның ішінде бұрғышы Төреғалидың да үлесі зор еді. Ол қазған скважиналар ішінде мұнай бұрқағын бермегендері жоқ. Бұрғылау бригадалары арасындағы социалистік жарыс жалауы Төреғалидың қолында келеді. Бұрғылауда үнемі жоғары көрсеткіштерге жетіп, табыс үстіне табысқа жетуде. 1970 жылы В.И.Леииннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне «Еңбектегі ерлігі үшін» медалымен, 1973 жылы Одақ бойынша «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атанып, арнайы белгімен марапатталды.
Маңдайға жазғанынан құтыла алмайды екенсің. Сол тағдыр Төреғалиға қуанышымен бірге қайғысын да, жеңілдігімен бірге қиындығын да қатар сыйлаған екен. Еңбектегі табыстары, бала сүйген шексіз қуаныштары бір күнгідей болмай өте шықты. 1984 жылы Сәрсенбайынан қапыда айырылып қалды.
Құдайдан бір сұрап, адамнан екі сұрап алған баланың қайғысы Төреғалиды да, Нұрсұлуды да тұралатын тастады. Төреғали неше күн бас көтере алмай жатты. Бірақ жазмыштың жазғанына шара жоқ-ты. Оған көнбеске лажы қалмаған. Бұл кезде елудің үстіне шығып кеткенмен Төреғали баяғы Жалғасынын да есінен шығарған емес. Оқтын-оқтын өткен күндер есіне түсіп, көзіне жас алар еді. Жалғасынды көз алдына елестетпек болып әуреленеді. Онысы бос әуре болып шығады. Сол Жалғасынды іздеу баяғыдан ойында бар. Оған Нұрсұлу да қарсы болған емес. Бұл кезде тұрмысқа шығып кеткен Айна баласын көрсетуге келісім бермесе ше деген де ой келеді. Төреғали баласын көшеден көріп бетінен бір сүйсе де риза.
Бірақ тірліктің шаруасы таусылған ба? Жылда бір шаруа тап болады. 1964 жылы Ташауыздағы Тілләбике апасына арнайы машина алып барып көшіріп алып қайтты. Тағы бір жылы Көнеүргеніштегі баяғы өзі туып өскен ауылына барып, Жасауылжан каналы бойында Құлабие деген жердегі зиратта жатқан әке-шешесінің басына екі машинамен Маңғыстаудың ақ тасын апарып, алыстан айдынды көрінер белгі қойды. Осы жолы өзі баяғы барып құшақтап жатып жылаған анасының төмпешігін көріп, бұл жолы іштей егілді. Сол жолы батып бара жатқан күнмен таласып көрінген ат мінген ақсақалды тағы көрді.
─ Иә, балам, шыңға шыққаның дұрыс болды. Бірақ, жалғыз шықтың да көрінбей кеттің ғой, - деді.
─ Иә, солай болды, - деп жауап беріп үлгерді Төреғали.
Көзді ашып-жұмған сәтте әлгі қарт тағы да ғайып болды.
Ал Төреғали енді көзін ашса құбылаға қарап сөйлеп тұр екен. Не айтып тұрғаны өзінін де есінде жоқ. Ал, жанындағы бейіт басына там салып жатқандар қазір оған қарап аңтарылып қалыпты.
─ Төреғали, әлгінде сөйлеп тұрдың ғой, не айттың, біздерге естілмей қалды, - десті олар.
─ Жә, бір ойлармен тұрып қаппын, - дей салды.
Бала кезіндегі сол бір оқиғаны Төреғали ұмытып та кетіп еді. Әлгіндегі жәйт еріксіз есіне түсірген.
Сонымен, бұл бетке енді қайтып оралудың сәті түспеді. Өмір көші тоқтамай өте берді. Жас алпысты алқымдап келеді. Жалғасынын бір көру арманы Төреғалидың ойынан кетпеді. Ақыры 1985 жылы көзді жұмып ұлы Жалғасынды іздеп жолға шықты. Бұл кезде отыздың еркін үстіндегі жас жігіт Жалғасын алдынан қарсы кездесті. Кескін-келбеті де, бітім-болмысы да өзіне ұқсап келген алпамсадай жігітті ол анадайдан танып, ұмтылды. Иә, Төреғали жаратылысында қатты, сыр бермейтін қаққан қазықтай қайсар еді. Енді болса ойда-жоқта егіліп кетті. Болаттай берік еді, бор кеміктей бұзылып сала бергені. Қақпақ жауырынды өзінен зор жігітті құшағына алып бауырына басқанда сан жылғы сағыныш қазір оның жүрегіне кеп кептеліп қалған. Содан ол әлден уақытта ғана өзегін өртеген әлдебір сезімді зорға тежеп, көзіне іркіле қалған ащы жас моншағын көрсеткісі келмей теріс айналған.
Бастапқыда бұл кім дегендей аң-таң күй кешкен еңгезердей жігіт Жалғасын енді ғана өзіне келді. Ол әке құшағына өзі келіп кірмегенімен кет әрі де емес-тін. Әшейінде бас асаулығы бола тұрса да, осы жолы бір белгісіз күш оны еркінен тыс байлап матап тастағандай. Ол әке құшағын тұңғыш рет көріп, жылуын да тұңғыш сезініп, оның сиқырлы күші арбап алғандай.
Тағдыр араға сан жыл салып, талай тарихты бастан өткеріп барып әке мен баланы осылай табыстырды. Бұл кезде Айна дүниеде жоқ еді. Ақиқат ақыры өз соқпағын тапты. Көкірегі ояу, көзі ашық боп өскен, Москвадан Губкин атындағы мұнай институтын бітірген ел азаматы Жалғасын дұрыс жол таңдады. Бұл кезде Жалғасын шаңырақ иесі болатын. Оның тұңғышы Асқар атасынан аумай қалған. Араға жыл салып Жалғасыны Түркменстаннан Жаңаөзенге, әке қолына көшіп келді. Төреғали мен Нұрсұлудың өлгені тіріліп, өшкені қайта жанғандай болды. Аяғы ауыр келіні Ғалия көп ұзамай босанды. Төреғали мен Нұрсұлу бұл немересінің есімін Ұлықпан қойып, өз атына өткізіп алды.
Жасы зейнеткерлікке жеткенде Төреғали ел құрметіне бөленіп, қуанышты өмір сүріп жатты. Халқы да, үкімет те оны әрдайым басына көтеріп, құрметке бөледі.
1995 жылы құрметпен дербес зейнеткерлікке шығарып салды. КСРО Министрлер Советінің 1985 жылғы 16 желтоқсандағы қаулысымен оған Одақтық маңызы бар дербес зейнеткерлік белгіленді. 1987 жылы «Еңбек ардагері» медалымен марапатталды. 1993 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» өндірістік бірлестігінің «Еңбек ардагері» атанды. Қазақстан мұнай, газ саласын қалыптастыруда және дамытуда көрсеткен елеулі енбегі үшін «Қазақстан мұнайына жүз жыл» естелік төс белгісімен марапатталды.
1998 жылы «Астана» медалымен марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1999жылғы 1 қыркүйектегі Жарлығымен «Құрмет» орденіне ие болды.
Ендігі жерде ауыл-аймаққа ағалық, ақсақалдық жасап, келінбала қолында немерелері Айгүл, Асқар, Анаргүл, Жанаргүл, Ұлықпанның қызығын көріп отырған жайы бар. Қыздарын қияға ұзатты. Немересі Асқардан Азамат, Айна, Айнияз атты шөберлер сүйді. Шөберелерінің біріне немерелерінің қызығын көре алмай кеткен арғы әжесі Айнаның есімін берсе, тағы бір шөбересіне жалғыз ұлы Төреғалидың қызығын көре алмай дүниеден ерте кеткен әкесі Айнияздың есімін беріп, ата-баба рухын жаңғыртты. Бұл кезде жас кезінде тартқан өмір ауыртпалығы Нұрсұлуды құрсауына алған еді. Бұ жалғанның қармағынан кім құтылған. 1996 жылы Нұрсұлу дүние салды. Жасы ұлғайған шағында Төреғалиға бүл ауыр тиді. Қырықта «қырық пәле, елуде елу пәле жабысады, ең кішісі түйедей» дейтін еді үлкендер. Сол айтқан келді ме, жасы ұлғая келе Төреғали да сол жанға жабысар пәлелерден құралақан қалмады. Қан қысымы көтерілетін сырқатқа шалдықты. Сырқат зардабын бес-алты жылдай тартты. Жүрегі соғатынды шығарды. Немересі Айгүл атасын үйде отырып өзі бақты. Дәрі-дәрмегін жеткізіп, ем-дом жасап, ас тасып, таңдайына сусын тамызып, соңғы сәтіне шейін атасының жанына шықпады. Өз келіні Ғалия да атасын артығымен күтіп бақты.
Соңғы сәтінде жатып, қарт немересіне ризашылық сезіммен қарады. Соңғы кезде «инсульт» соғып сол жағы қозғалмай қалған. Осыдан кейін тым әлсіреп қалды. Басын да көтере алмай, тілі күрметіле берді. Айтпақ болғанын түсіндіре алмады.
2001 жылдың шілде айының орта тұсында алып жүрек соғуын тоқтатты. Бүкіл ел жиылып, оның денесін Маңғыстаудың қақ төріндегі Жаңаөзен қаласының түстік-батыс бетінде оншақты шақырым жерде биік басындағы Теңге әулиесіне жерледі.
Бұл күнде аты әлемге әйгілі Маңғыстау мұнай байлығын ашып, ел игілігіне жаратуда алдыңғы сапта болған, заманының алғашқы қарлығашы, адал еңбегімен елге танылып, аты бұрынғы Одақ көлеміне мәшһүр болған біртуар азамат Төреғали Айниязұлы Қадыров жетпіс екі жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру