Нəзипа Құлжанованың шығармалары
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Нәзипа Құлжанова
УДК 070 ББК 76.01 Қ 74 Қазақстан Республикасы Мəдениет министрлігі «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді Құрастырған жəне алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов
Құлжанова Н. Шығармалары: (мақалалар, очерктер, педагогикалық ой-пайымдар, аудармалар) Нəзипа Құлжанова. – Алматы: “Ана тiлi” баспасы ЖШС, 2014. – 384 бет. ISBN 978-601-251-110-9 Көрнекті педагог-оқымысты, журналист-көсемсөзші, жазушы əрі аудармашы Нəзипа Құлжанованың мұрасы сан қырлылығымен тəнті етеді. Бұл жинаққа қазақтың қайраткер қызының қаламынан туған түрлі сипаттағы туындылары іріктеліп берілді. Кітап педагогтар мен журналистерге, əдебиетшілерге, сондайақ көпшілік оқырман қауымға арналады. УДК 070 ББК 76.01 ISBN 978-601-251-110-9 © Құлжанова Н., 2014 © “Ана тілі” баспасы ЖШС, 2014 Қ 74
АЛҒЫ СӨЗ БІЛІМНІҢ ШЫРАҒЫ, СҰЛУЛЫҚТЫҢ ШЫНАРЫ Ұлттық мəдениет, əдебиет, ғылым тарихында көрнекті педагог-оқымысты, журналист-көркемсөзші, жазушы əрі аудармашы Нəзипа Құлжанованың (1887-1934) қайраткерлік тұлғасы, озық та озат санаткерлік болмысы байтақ бір əлем. Өрен ұйымдастырушы, ерен еңбеккер, ересен қабілетті Н.Құлжанова ұлт ақыны Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Жазғытұры» атты өлеңдерін орыс тіліне тəржімалап бастырды («Сибирский студент», 1915. кн.3-4. стр.82-83) 1920-1924 жылдарда музыка зерттеушілері А.Бимбоэс пен А.В.Затаевич Нəзипа Құлжанованың орындауынан қазақ əндерін жазып алған. Александр Затаевичтің «1000 песен киргизского народа» дейтін еңбегінде (Орынбор, 1925) ұлт мəдениеті мен өнерінің жалынды жаршысы Нəзипа Құлжанованың айтуынан «Ғайни-ай, сəулем», «Қыздардың зары» жəне «Жылқылы бай» əндерін жазып алғанын нотасымен көрсеткен. (222, 361 беттер), Сондай-ақ ол: «Нəзипа Құлжанова – интеллектуалды қазақ қызы, оқу-ағарту ісінің үздік қайраткері» деп сипатталған (366-бет). Нəзипа Сегізбайқызы (Сағызбайқызы) Құлжанова 1903 жылы Қостанай орыс-қазақ гимназиясын аяқтап,
1903-1904 жылдарда Торғайдағы Қыздар училищесінде дəріс береді. Ерлі-зайыпты ай мен күндей Нұрғали мен Нəзипа Құлжановтар 1903 жылдың шілдесінде 3 негізгі жəне 1 дайындық класы негізінде құрылған Семей мұғалімдер семинариясында 1905-1919 жылдарда қызмет етті. Нақты айтқанда, Нəзипаның жары Нұрғали Құлжанов 1905 жылдың 1 шілдесінде қазақ тілінің оқытушысы болып қабылданады. Жаңадан құрылған мұғалімдер семинариясына тұңғыш директор Петербург университетін аяқтаған Александр Владимирович Белый, 1906-1918 жылдарда Петербург университетінің түлегі, тарихшы-филолог, Ресей Географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің мүшесі, өлкетанушы ғалым Михаил Николаевич Березников жəне 1918-1920 жылдары семи нария тізгінін ұстаған Константин Николаевич Моргайник мінсіз қызмет атқарған. Семинар ұстаздары ғылыми-зерттеушілік жəне лекторлық жұмыстармен барынша ынтызарлықпен шұғылданған екі мыңдай этнологиялық əрі өлкетанушылық еңбектер туындатқан Борис Георгиевич Герасимов (1872-1937), ағайынды Белослюдовтар, Том мұғалімдер институтын бітірген, ұлы суреткер М.О.Əуезовтің тəлімгері Василий Иванович Попов, Н.Я.Коншин, Н.П.Ильинский, СулимаГрузинский тəрізді жанкешті, ардақты ұстаздардың сапында кісілік келбеті, дүниетанымы, түсінік-түйсігі бөлекше жаратылған Нұрғали жəне Нəзипа Құлжановтар жанқиярлықпен, тау қопарарлық тегеурінді қайратпен еліне, жұртына, ұрпағына, ұлтына ұшан-теңіз үлгілі, өнегелі істер қалдырды. Ерекше еңбегі еленіп, 1913 жылдың 25 қыркүйегінде Нұрғали жəне Нəзипа Құлжановтар Орыс Географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің мүшелері болып қабылданады. Семинария қуатты оқу ордасына, білімпаздардың ордасына, көсемдер ұйымына айналды. Яғни, телегей білімнің, терең ойдың, рухани сұлулықтың қасиетті бесігіндей еді. Қазақ көшін түзу, ұлы жолға бастаушы көсемдер мен ұлт ісін, алаш арын арлаушы шешендер
тобындағы əйел затының шолпаны атанған Нəзипа Құлжановадан заманынан озып туған Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Əуезов, Қаныш Сəтбаевтар даналық дариясынан сусындаған-ды. 1914 жылдың 10 ақпаны күні түркі-монғол халықтарының фольклоры мен тарихының білгірі, Шоқан Уəлихановтың досы Григорий Николаевич Потанин (1835-1920) Омбы өлкетанушыларының мəслихатында қазақтың қария тарихынан айтып, сонан соң Қарқаралы уезіндегі Тоқырауын елінен 27 ертегі жиналғанын, «ұлт əдебиетін гүлдендірудің» көбейіп келе жатқанын, ертегішілер мен шежірешілерді жинақтайтын комиссия құру керектігін жан-жақты түсіндіре келіп, бір ауылға қонғанын баяндайды. «Бұл ауылға Семейдегі семинарияның қазақша тіл мұғалімі Нұрғали Құлжановтың жамағаты Нəзипа ханым келіп жатыр екен. Сонда Нəзипа ханым əдебиет кешін жасады. Ойнаушылар: Нəзипа ханым, гимназист, 11 жасар қыз-гимназистка һəм бір қыз бəрі де нағыз қазақ. Оқылған өлеңдердің ішінде Некрасовтың өлеңдері де болды», – дейді Г.Е.Потанин. (Мұхтар Саматов. Потанин докладынан. «Қазақ» газеті, 1914 жыл, 30 наурыз, №56). Ұлт қызметкері Нəзипа Құлжанованың түпкі ойы, көкейкесті мақсаты – көркем əдебиет кештері, ойынсауықтары арқылы білім-ғылым сəулесін жалпақ елге жеткізу, ұлт əдебиетін ілгері бастыру, мұқтаж оқушыларға жəрдемдесу. Əдебиеттанушы Қайым Мұхаметқановтың жазуынша, бірде Мұхтар Əуезов «Приказчиктер клубында» (кейін Луначарский атындағы театр) өздерінің тұңғыш қазақша ойын қойғандарын еске алып, əңгіме етеді. Ойынды ұйымдастырушы, қазақтан шыққан тұңғыш оқыған білімді əйелдердің бірі Нəзипа Құлжанова болғанын баяндайды. (Біздің Мұхтар. Алматы, «Жазушы. 1976. 383-бет).
Ұстаз, ағартушы, журналист, аудармашы, жазушы, қазақ ауыз əдебиеті үлгілерін жинаушы, қазақ əйелдері комитетінің тұңғыш ұйымдастырушысы Нəзипа Құлжанова Алаштың даңқты қайраткерлерінің арасында таңдаулы орынды иеленеді. Бұған айғақ ретінде «Еңбекші қазақ» газетінде (1923 жыл, №105) «Ғылым, əдебиет майданынан» дейтін хабарламада мынадай мəліметті жариялаған: «1922 жылы Халық ағарту комиссариатының ғылым ордасы жанында «Қазақстан ғылым ордасы» ашылған. Мүшелері: Ахмет, Молдағали, Сəдуақас (Сəкен), Елдос, Нəзипа, Міржақып, Мырзаұлы Мұхтар». Ой-парасат иесі, ілгергіні болжаған ақылы кəміл «адамдық диханшысы», ұлт ар-ожданының биік жоқшысы, замана сыншысы Ахмет Байтұрсынұлының Нəзипаға арнаған серт сөзіндей сыр толғауы қандай десеңізші! Нəзипа Құлжанова ханымға Рақатсыз өтсе де өмір жасым, Бұл жөнімнен құдайым айырмасын. Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң, Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым. Су да болар ол жолда, тау да болар, Жаудың оғы, жайған тор, ау да болар, Мынау пайда, мынасы зиян демек, Ол ерліктің ісі емес, сауда болар. Шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар, Шалдыққанға мұқалмас ерлер де бар. Қайраттанып, қажымай тырмыссаң да, Шыққызбайтын жолыңда өрлер де бар. Шаршайды деп ойлама шалдыққаннан, Ұзақсынып жатпаспын жалыққаннан.
Жұрт – қолымнан келмесе – өкпелемес, Барым сақтап, мен аяп, алып қалман. Ел мұнымды білемін ұқпайтынын, Көтермеге талғанда шықпайтынын. Шалыс басып аяқты, жығылғанда, «Жатқаныңнан тұрма!» деп мықтайтынын. Мен өлсем де өлемін жөнімменен, Тəннен басқа немді алар өлім менен?! Өлген күні апарып тығары – көр, Мен жоқ болман көміліп тəнімменен. Тəн көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтұғын мен емес бір күнгісін. Жұрт ұқпаса-ұқпасын, жабықпаймын, Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін, деп кемел қайырады. Немесе «сұңқар табиғатты» (Жүсіпбек Аймауытовтың сипаттамасы) Сұлтанмахмұттың: Ардақты, бар Нəзипа деген ханым, Газет, журнал жүзінде жұртқа мəлім. Оқыса сондай əйел шығар ед деп, Оқығандар бағалар сөздің дəмін. Неше күн қыдырсаң да таба алмассың, Семейдің одан өтер адал жанын. Ақ көңіл, мінезі оңды, жүзі жарқын, Ынтасы жеткізбекке əйел халқын. Жəне бар əйелге хас нəзік сезім, Танитын бір көргенде-ақ істің нарқын. Атақты Байтұрсынов «Мысалында», «Н-ға» деп өлең жазып, жайған даңқын.
Аяныш жұмсақ жүрек мейірбанды, Ренжіткісі келмейтін тірі жанды. Қайткенмен он облыс бар қазақта, Əзір шыққан əйел жоқ сонан мəнді. Оқып жүрген жастардың анасындай Көрер бəрін не бауыр, баласындай. Тарыққан сорлыларды өзі шақырып, Күтеді не əкесі, ағасындай. Сөз табар əр мəжілісте жарасымды Білмейді аса сөйлеп адасуды. Оқыған еркектердің көбінен де, Əр іске ыңғайы бар жанасымды, деуі қандай ғибратты десеңші. Қайран, алтын көңілден, ағалық мейірімнен туған тағдырлы жыр деуге лайық. Кемеңгердің ой-пікірі, рухы, дүниетанымы деңгейлес Нəзипадай жанға арман-тілегін, темірқазық жұлдызындай тұрлаулы мақсұтын, елшілдік көзқарасын баяндауынан Нəзипа Құлжанова құбылысын тануға болады. ХХ ғасыр басында қазақ əйелдерінің ішінен шыққан Нəзипа Құлжанова Семейдегі оқытушылар семинариясында дəріс берген. Орыс география қоғамының Семей бөлімшесінде, 1920-1921 жылдарда Ақмола уездік комитетінде, «Еңбекші қазақ» газеті жəне «Қызыл Қазақстан», «Əйел теңдігі» журналдарының редакцияларында жауапты қызметтер атқарған. Орыс, қазақ тілдерінде сөзге жүйрік болған, жосылта қалам сілтеген тегеурінді қаламгер. Мəселен, Семей қаласында 1914 жылы 26 қаңтарда ұлы Абайға арналған əдебимузыкалық жəне этнографиялық кеште Нəзипа Құлжанова баяндамасын екі тілде жасап, жиналғандардың құлақ құрышын қандырады. Осыны «Айқап» журналы «Нəзипа сөзінің аяғында «Абайды туғызған қазақ даласы тағы да Абай секілді
білікті, одан да артық данышпандар туғызар» дегенде тыңдаушы қазақтардың жүйесі босап, көзіне жас алғандары болды... Нəзипаның орысша сөйлегеніне орыстар таң қалды», – деп сипаттап, əлеуметке қуана мəлімдеген. Нəзипа Құлжановаға əйгілі оқымысты Ахмет Байтұрсынов сыр-сезімге толы толқынды жырын бағыштаса, Сұлтанмахмұт Торайғыров халықтың шынайы махаббатын мөлдірете жеткізген. Өрі-қыры бірдей Нəзипа Құлжанова – республикада əйелдер қозғалысына ірі қозғау салған жəне көптеген ауылдық, губерниялық, уездік комитеттерде əйелдер бөлімін аштырған айтулы жан. Нəзипа Құлжанова «Айқап», «Қазақ» секілді газет-журналдар беттерінде үздіксіз ой тербеп, қазақ əйелдерінің тағдырына қатты зейін аударған. «Қазақ əйелінің қазіргі тіршілігінің ең күшті тілегі – ана болып, бала өсіре білу һəм қазақ ел шаруасында мағыналы болу. Бұл міндеттерге жеткізетін тура жол – оқу, өнер, кəсіп... Елді сəулелендіру жолында жасаған шараларының бірінде – əйелдің оқуы керек. Надан адам – жарым адам. Елдің анасы – əйел. Жарым əйел бүтін адам жасай алмайды. Елді қатарға кіргізетін білімді, өнерлі, еркін əйел» дегенінде қолына ту ұстаған қалпында жалынды ұран тастап тұрған қажырлы əйел тұлғасы елестемей ме?! Оның қолынан «Мектептен бұрынғы тəрбие» (Орынбор, 1923). «Ана мен бала тəрбиесі» (Қызылорда, 1927) дейтін кітаптар шыққан. Асылы Нəзипа Құлжанова – ұлттық педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуына салмақты үлес қосқан салиқалы, зерделі зерттеуші. Бұған «Мектептен бұрынғы тəрбие» туындысы толық дəлел. Баланы қалайша тəрбиелеп өсіруді, табиғи қалпын бұзбай, мінсіз баулуды, ортасының əсер-ықпалын, қалайша дұрыс, жатық сөйлеуін, көркем мінез, келісті əдет дарыту, икем-бейімін арттыру, баланың саулығы, сезім мүшелерінің ақаусыз дамуы, жаратылыс дүниесін
еркін қызықтауы, зейін-зердесінің тəрбиесі жан-жақты, терең, əсерлі баяндалады. «Бала өне бойы еркін ұнатқан нəрселерін шұқылап отырып, бұрап сындырып, мүшелеп əбден танып, қайта салыстырып, соны өзі жасамақ болады, Һəм жасайды да. Бұл – баланың тағы бір артықша қасиеті, зерттеп тану құмарлығы. Бұл – жан-жақтағы жайнаған дүниені танытып, өзі де жасауға кірісу үшін жаратылыстың көкірегіне əуелден құйған құмарлығы. Бұл қасиетін танымайтын надандар «Тиме!», «Сындырасың», «Шықпа, жығыласың», «Таста, бүлдіресің», «Үстіңді былғайды», «Əрі жүр, басымды ауыртпа!» деп зарлауымен баланың алайын деп отырған қанша білімін тағы да тамырынан қияды. «Бала ойнақшыған құлын-тайдай, желкілдеп еркін өскен қызғалдақ шөптей, кеңшілікті, еркіншілікті жақсы көреді. Жаратылыстың өз дүниесінде даланың кеңшілігінде, шалпылдап суына түсіп, жүгіріп, құспен бірге сайрап, көбелек қуып, шыбын-шіркей, құртқұмырсқамен бірге көкорай шалғын, тоғай арасында сайрандап жүріп өссе, көңілі де, жан-тəні де бірдей тегіс өсіп, өркендемек. Біз қала баласын суық тастың ішіне қамап,жаратылыстың шыншыл, таза, ертегідей құлпырған əдемі дүниесінен айырып, тірідей көміп, сөндіреміз» (30-31 бет) деген лебіздерінде зор мағына бар екені даусыз. «Мектеп жасына толмаған балаға тəрбие неге керек?»– деп сұрақ қояды да, бұларға мынадай түйінді тұжырым жасайды. «1. Мектеп жасына толмаған бала не үйренеді? ...Əрине, бала бала бақшасыз да, мектепсіз де өсіп адам болады ғой. Бірақ бала бақшаның тəрбиесін көрмеген бала көп білімнен, көп жақсы əдеттерден кұр қалады. Кейде сол білімдерге өмір бойы жете алмайды. Мектепке дейін бала оқымайды деу – зор қате. Мектептен бұрын үйренген білімдері кейін мектепте
оқып білгендерінен гөрі маңызды болады. Мектептен бұрын баланың үйренетіні: 1. Қимыл мүшелерін дұрыс игере білу – жүру, жүгіру, қағып алу, өрмелеп жоғары шығу, секіру – осының бəріне ыңғайлануы. 2. Көру, есту, сезу, иіс білу – мұның бəрін түзу, анық əрі нəзік білу. 3. Сөйлеу – яғни сөз бен сөзді байланыстырып, сөзін, өзінің ойын, талабын, көңіл сезімдерін басқаға жеткізу. 4. Ойлай білу – яғни сырттан алып, ойға тоқыған заттарды салыстырып, ұқсастығы мен айырмашылығын тауып, əр нəрсе туралы өзінің ойын айтып, бір пікір шығару. 5. Ойға тоқығанды жəне оған көзқарасын жарыққа шығару (ойынмен, суретпен, əңгімемен). 6. Өз еркін өзі билеуде бір мақсатқа жетпек болып жəне басқалар үшін өз тілегін тежей білу. 7. Таза, жинақы, шыншыл болу, жақсылыққа алғыс айта білу, əрі əдепті болу. 8. Басқалармен бірігіп, əрі аздап жеке де еңбек қыла білу. Бұнымен үйренетін өнер-білімнің бəрі түгелдене койған жоқ. Бала бақшасыз өзімен-өзі өсіп жетуі үшін баланың төңірегіндегі араласқан балалар, үлгі алатын үлкендер, тамақ, т.б. сол сияқты толық адам болуға қажет шарттар түгел болып тұру керек. Біздің мектеп жасына толмаған балаларымыздың қазіргі уақыттағы тұрмыс шарттары баланың өсіп ілгерілеуіне жайлы бола ма екен? Енді осы сауалға жауап берейік». Нəзипа Құлжанова сындарлы пікірлерін, тұрлаулы тұжырымдарын, түйінді қорытындыларын тамылжыған, өрнекті кестелі тілмен жеткізеді. Н.Құлжанованың осынау қабырғалы шығармасының танымдық, тəрбиелік, тағылымдық мəні мейлінше терең. Оның дүниетаным дəрежесі, ой-өрісінің кеңдігі əлемдік ғылымнан мол хабардарлығы (қыруар деректерді, мəліметтерді, есеп-қисаптарды тізбелеп келтіруі) жарқырап көрінеді.
Ұстаздық ғылымының дарынды өкілі «Ана мен бала тəрбиесі», «Баланы аурудан сақтандыру» дейтін еңбектерінде ана мен оның перзентіні дерттен сақтандыру жолдарын, табиғи ерекшеліктерін елеп, ескеру мəселелерін, баланы бағу, күту, тамақтандыру, табиғи емшілерді (күннің сəулесі, таза ауа, табиғи тамақ...) пайдалану турасында ой толғайды. Осы жинақта ұлт мəдениетінің жалында жаршысы Нəзипа Құлжанованың əдебиет пен көркем өнерге қатысты «Бір керек жұмыс», «Əдебиетімізге көз салу», «Ақын Шолпан», «Семей театры» секілді мақалалары топтас тырылған. Ерлі-зайыпты Нəзипа мен Нұрғали Құлжановтар халықтың рухани дүниесіне өлшеусіз үлес қосқаны мəлім. Мызғыған елді қозғап ояту үшін ірі мəслихаттар яғни Абай, Ыбырай өнерпаздығына байланысты əдеби кештер ұйымдастырып, бір жағынан, əлеуметтің дүр сілкініп, шаң-тозаңнан арылуына жол ашса, екінші жағынан жиналған қаражаттың бірсыпырасын СанктПетербург, Қазан, Том, Омбы қалаларында білімнен сусындап жүрген жеткіншектерге жəрдем, беріп отырған. Сондықтан да «Бір керек жұмыс» деген мақаласында əдеби-музыкалық кештер немесе драмалық-сахналық ойындар ұйымдастыруды қозғайды. «Əрі қаржы жиналар еді, əрі əдебиетіміз өрге басар еді» деп қорытады. Көзін қияға тігіп, құлашын кеңістікке жайған, пейілін кеңге, қырманын дөңге салған өзі отты, жаны жалынды қыран мінезді шынайы отаншыл, елшіл, мақсаткер, білімдар, ой мен сөз зергері Нəзипа Құлжанованың «Маржан», «Есіл қыз-ай!» сияқты көркем əңгімелерімен қатар, ол В.Г.Короленконың «Күн тұтылғанда», М.Горькийдің «1905 жыл, январьдың 9-ы күні», А.Куприннің «Лапылдап жанған крейсер», А.Скиталецтің «Полевой сот» жəне Б.А.Лавреневтің «Қырық бірінші» дейтін повесін тəржімалады.
Бұл шығармаларда замана ахуалы, халықтың халжайы, кейіпкерлердің ішкі дүниесі, сөз саптасы, ойлау жүйесі, қоғамға, уақытқа көзқарасы, дəуір шындығы, ел тағдыры аса бір көркемдікпен, суреткерлік зейіншеберлікпен, өнерпаздықпен тебіреністі сипатталған. Сондықтан да білім-ғылыммен мұздай қаруланған Н.Құлжанованың орыстың классикалық əдебиетімен етене таныстығы, суреткерлік зерде-санамен қабылдауы, орыс тілінің образдық-метафоралық жүйесін, табиғатын жыға түсінуі, астарын сұңғылалықпен тануы яғни түпнұсқаның рухын, сырын, сұлулығын жүйріктікпен сезініп-түйсінуі (стилистикасын, синтаксисін, фразелогия сын, интонациялық – мелодикалық құрылымын, музыкалық архитектоникасын) ұлт тілінде соншалықты əсерлі, мəнерлі, жатық сөйлеткен. Түйіп айтқанда, аударма өнері ұлт əдебиетінің өркендеуіне, шеберлік сабақтарының гүлденіп тереңдеуіне, жалпыхалықтық, адамзаттық, ұлттық идеалдардың бір-бірлерімен жалғасып-сабақтасып біртұтас құбылысқа, ортақ игілікке айналуына қызмет еткен саңлақ тұлға Нəзипа Құлжанованың ой қисыны, сөз қолдануы жəне көркемдік мазмұнын «қыран көрегендікпен», білгірлікпен айшықты бажайлап кестелеуі, өрнектеп жеткізуі қызықтырады. Қаламы аттай желген жазушы, аудармашы Н.Құлжанованың көңіл айнасы, ақыл таразысы, ой-санасы, көркемдік талғамы мейілінше таза, əділ, жоғары, парасатты, бекзат, сезімтал екендігін нақтылы дəлелдеп айқындайды. Ұлт зиялысы Нəзипа Құлжанованың шығармашылық мұрасын жинақтау барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен журналдар қорына сүйендік. Бір өкініштісі – кейбір бұрын-соңғы ізденушілердің кінəсынан ба, əлде басқа себеппен бе, Нəзипа Құлжанованың материалдары жарияланған «Қызыл
Қазақстан» (1923, №16. 91-103 беттер), «Жаңа мектеп» (1927, №2, 84-88 беттер) журналдары жыртылған. Қорыта айтқанда, ұлт руханияты тарихындағы əйгілі қайраткер Нəзипа Құлжанованың ұстаздық, қоғамдық еңбегі, кесек ой-толғаныстары заманнан заманға ауысқан сайын жаңғыра бермек, миуа-жемісін төге бермек. Серік НЕГИМОВ, Л.Е.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетенің пофессоры, филология ғылымдарының докторы. Нәзипа Құлжанова IЗГI МАЌСАТ ЖОЛЫНДА
Бірінші бөлім МЕКТЕПТЕН БҰРЫНҒЫ ТƏРБИЕ Сөз басы1 Адам баласының дүниеде өмір шеккен тарихына қарасақ, бұрынғы адамдар мен бүгінгі адамдардың тіршілік ету істерінің арасы жер мен көктей. Тас пен таяқтан басқа құралы жоқ, аңның аз-ақ алдында жүрген алғашқы адамдардың ісі мен осы күнгі əуе кемелерімен аспанға ұшып жүрген адамдардың ісінің арасы жер мен көктей емей немене? Отарба, автомобиль, параход, аэроплан, жұмыс маши налары, сымды-сымсыз телеграф, телефон тағы басқалар сияқты түрлі күшпен жүретін тетікті машиналар өнер-білім арқасында шыққан нəрселер. Бұл сияқты нəрселерді істей білу түгіл тұтына білудің өзіне бірталай білім керек. Заман амалының жарысынан, заман күшінің қатарынан қалмай өмір сүру үшін бүгіндегі адамға көп өнер-білім керек. Тіршілікте керек сол өнер-білімге баланы басынан даярлау керек деген соңғы заманда пікір күшейді. Оны күшейтіп отырған да тіршілік иесіне бұл күнде өнер-білімнің көп керектігі. 1 Н.С.Құлжанованың 1928 жылы Орынборда шыққан «Мектептен бұрынғы тəрбие» деп аталатын кітапшасына арналып жазылған.
Баланы бастан даярлау деген – баланы жас басынан дұрыс тəрбиемен өсіру деген болады. Дұрыс тəрбиемен өс кен бала тіршілік ісіне икем, бейнетіне берік болып өспек. Дұрыс тəрбиенің асылы – баланың тəні мен жанына керек деп танылған істерді істеу. Баланың тəні сəлемат, есі дұрыс, зейіні алғыр болып өсуіне керек істерді бала табиғатының тілеуімен, бала табиғатының əуенімен істеу– сол дұрыс тəрбиелеу болады. Мұның ең негізіне керек шарты – тəрбиелеу шарты – бала табиғатын жақсы біліп, бала табиғатын күштемеу, табиғат жолынан шықпау. Бала бастапқы кезінде адамнан гөрі табиғатқа жақын... Оның өсуі, есеюі адам зорлауымен жүрмей, табиғат жолымен жүрмек. Адамның істейтін көмегі – баланың дұрыс өсуіне, есеюіне керек жағдайлы жай жасау. Əуелі балаға тəнінің саулығы керек. Тəні сау баланың жаны да сау болып, есі дұрыс, зейіні алғыр болып өспек. Зейіні алғыр болуы – адам тіршілігіне керек өнер-білім табуы табиғи жолмен болуға тиіс. Адамға іс үстінде пайда болған іс пенен ес қосылуынан өнер-білімді ойлап үйренбейді, істеп, түюден үйренеді. Тілді басқалардың сөйлесуінен үйренеді. Баланың еліктегіш табиғаты 3-тен 6–7 жасқа дейін күшті болады. Солай болған соң жас бала дұрыс тəрбие алып, дұрыс өсу, дұрыс білім үйрену үшін үлгісі дұрыс болу керек. Тілді дұрыс үйрену үшін маңайындағылар дұрыс сөйлеу керек, бала жақсылыққа үйрену үшін маңайындағылар жақсы қылықты болу керек. Мұның бəрін де бала табиғаты тілеуінше істеп, бала табиғаты сүйсе, қонбақ. Бала табиғаты нені сүйеді? Бала табиғатының сүйетіні: жүру, жүгіру ойнай жүре бір нəрсені шұқынып істеген болу. Баланың ойыны қайсы, «жұмысы» қайсы, айы руға болмайды. Ойыны да – ойын, «жұмысы да» – ойын, бəрін де ойын үстінде, ойын үшін істейді. Ойынға жүреді, жүгіреді, ойын үшін шұқынып іс істеген «жұмысына» қанағат болады, Ойын үстінде сөйлеседі, таласады, тартысады: ойын үстіндегі өнерлері ойынынан ойын шығарады, неше түрлі ойыншықтар жасайды. Жас
балаларға жақсы іс, дұрыс білім үйрету дегенде мектеп балаларына сабақ үйрету, үлкендерге іс үйрету сияқты емес, əлгі айтылған сияқты балалар табиғаты тілейтін жөнмен үйрету айтылды, яғни баланы ойынына үйрету, қатыстыру арқылы ойыны қайсы, үйретуі қайсы екенін балалар айырмастай, сезбестей етіп үйрету деп білу керек. Бала тəрбиесіндегі негізгі мақсат – баланың бетін жасы нан түзеп, дұрыс білім, жақсы əдет, көркем мінез, таза қылық үйрету. Мұны істеуге үлкендердің қалпындағы тұрмыс, үй-күйі үйлесе қоймайды. Сондықтан бала қалыпқа лайық үй-күй жасау үшін Нəзипа жолдастың кітабында айтылған сынға қатысты бала тəрбиелейтін түрлі үйлер жасалады. Ондағы үйлер қазақ ішінде жоқ. Қазақ балалары үшін жасалған кейбір шаһарларда «бала үйі» бар болса, олар əуелі аз, екінші, ол үйлерде бұл күнде көңілдегідей тəрбие жоқ. Олай болуының себебі – бала табиғатын жақсы біліп, балаларды жақсы баулырлық бала үйлерінде қазақтан кісі жоқ. Басқалар бала табиғатын жақсы білгенімен, баланың тілін білмеген соң, бала баулуына керек істердің көбін істей алмайды. Нəзипа жолдастың кітабы мектеп жасынан бергі, екі жастан арғы балаларды тəрбиелеу үшін мəдениет жүзінде алда тұрған халықтар не істейтіні, бала тəрбиесі оларда қандай орын алып, қандай дəрежеде тұрғаны жайынан қысқаша мағлұмат береді. Қандай орындарда балалар қандай тəрбие алатыны да, қандай орындарда бала тəрбиелеушілер даярланып, қандай біліммен шығаратыны да айтылып өткен. Өзгеріс болғаннан бері бала тəрбиелейтін «бала үйі», «бала бақшасы», тағысын тағы сондай нəрселер болатыны көбінің құлағына тимесе де, олардың қандай болатыны, балалар онда қай жолмен, қалай тəрбиеленетіні хақынан қазақта хабардар адамдар əлі күнге дейін аз. Ол кемшілікті жоғалтқандай мағлұмат Нəзипа жолдастың кітабында бар көрінеді.
Жазушының мақсаты – тəрбие туралы кітап шығару емес, бала тəрбиесіне ойын бөлетін адамдарға бала тəрбиесінің бағдарынан хабар беру екендігі кітап мазмұнынан көрініп тұр. Жазушының ойы – мəдени жұрт тардың балалары қандай орындарда қандай тəрбие алады, осыны ғана көрсету болған. Ол ойын жазушы орындап шыққан. Байтұрсынов Ахмет (Орынбор, 1923 жыл, 30 сентябрь) Күллі жер жүзінде Оңтүстіктегі бір қаланың жұмыскерлер көшесіндегі үлкен үй. Бұл үйде бірнеше мың кісі тұрады. Еркекəйелі фабрикаға жұмысқа кеткен. Үйдің тіршілігі бейне сөнгендей болып тұр. Кең қорасының ішінде балалардың да даусы естілмейді: ересегіректері мектептерге тарап кеткен, кішкентайларының бəрі бір үйге жиылған. Бұл үйдің маңдайшасында «баланың үйі» деп жазған белгісі бар. Үлкендердің үйінің ортасында бұл бейне ойыншық үй секілді. Нəрсенің бəрі балалардың бойына шақтап істелген. Кішкене үстелдері, отырғыштары, ойыншық қоятын тақтайлары, шкаф пен жуғыш, ыдыстарына шейін бəрі жарқырап күлімдеп тұрғандай. Керексіз, артық бір нəрсе жоқ. Үстелдерінің үстінде де, жерде де ойыншықтар, суреттер жатыр, түрлі-түсті еккен гүлдер, шөптер тұр. Бұл бала патшалығының тек басшысы – тəрбиеші əйел ғана көзге айрықша зор болып көрінеді. Ойыншық кішкене үстелдер, түрлі-түрлі табандағы тақтайға жасаған қорғандардың арасымен аяғын ақырын басып жүріп отырады. Бұл айтылған кішкене дүниенің иелері – балалар, фабрикаға кеткен жұмысшылардың балалары. Тап қазір жуынған, аппақ алжапқыштары бар, аяқтарында жеңіл
туфли (кебіс), бəрі жұмыс істеп жүр. Əрқайсысының арналған үстел, орындығы бар, көңіл сүйген жұмысын істейді. Біреу биік қорған жасайды, біреу түрлі-түсті қарындаштармен сурет салады, кейбіреуі бөлек-бөлек кеспе əріптерді қосып сөз шығармақ болып тырмысып жатыр. Бірнеше кішкентайлары тақтай үстінде ойнап отыр. Басшы əйел жайымен келіп, бірінің жасаған қорғанын мақтап кетеді, бірінің сұрағына жауап береді, бірінің шақырғанына барып, керегін айтып беріп, тағы біреуі керек қылғанша бір бұрыштағы өз орнына барып отырады. Бұл айтылып отырған – Италия үкіметінің мектепке жасы толмаған жас балаларды тəрбиелейтін «баланың үйі» деген орны. Міне, тағы екінші бір қала, биік-биік шынжырдай тізбектескен таулармен айнала қоршалған көлдің жағасында тұр. Мектептің үлкен тас үйінің бір жағында мектепке жасы толмаған балалардың үйіне кіретін есік бар. Төменгі қатарда бір үлкен бөлменің екі қабырғасындағы бар терезе шуылдаған қалың ағашты бақшаға қарайды. Жарқыраған табан тақтайда, терезелердің шынысында лак (сыр) бояумен сырланған орындық, үстелдер де күнмен шағылысады, адам таң қалғандай таза. Үйдің қабырғаларында балалар тұрмысын көрсеткен түрлі түсті суреттер ілулі, бір бұрышта аласа – балаларға шақтаған жазу тақтасы (доска). Үй ортасында ұзын-ұзын аласа үстелдер тұр. Үстел жағалай сабаннан тоқып жасаған кішкене отырғыштарда балалар отыр. Мұнда да балалардың бойына үйлеспей тұрған жалғыз-ақ басшы əйел. Балалардың бəрі бірігіп істеген жұмысына ол да кірісіп, бірге ойнап тұр. Біріктіріп қойған үстелдердің үстінде балалар алдында үлкен шыны жатыр. Оның екі жағында екі төбешік болып, құм аралас қара топырақ. Шыныны балалар өздерінің туыпөскен жеріндегі көл есебінде қойған, топырақтан көлдің жиегін һəм айналасындағы тауларды жасап отыр. Əр баланың қолында жіңішке түзу шыбық бар, сол шыбықпен өзіне кесімді жерден бөліп алады. Бір
азғанадан соң-ақ жұмыстары бітті, шыныға жақын болып көл жағалай белгілі таулар мен өлкелер жəне көлге құятын бірнеше өзендер жасалған. Бұдан соң қала салуға кіріседі. Үлкен көшелерімен қаланың ортасындағы ашық беттерге құм төсеп, бақша тұратын жерлеріне пирамидадан кішкене ағаштар егіп, сырлаған шіркеулерді, үйлерін қатарлап қаланың тəртібімен орналастырып қойды. Көлдің ішіне ойыншық балықтар жіберіп, көшелерге шыныдан жасалған адамдарын һəм хайуандарын қойды. Бір сағаттан соң бəрі даяр болды. Басшы əйел балалардың жұмысын көріп, қаласының өткен халін һəм қазіргі жайын əңгіме қылып, көлдің, тізбектескен таудың жайынан балалардың өзімен əңгімелесіп отырып, түрлі-түрлі оқудағы балалар жаттап, оқып білетін мағлұматтарды ұмытылмастай қылып танытып берді. Бұл Швейцария мемлекетінің Цюрих шаһарындағы ба ла бақшасының тіршілігінен алынған бір көрініс. Міне, балалар дүниесінің тағы бір шеті. Қаланың шетінде бірнеше бөлмелі үй, үлкен кең қоралы. Балалардың еккен гүлдері мен жемістерінің бөлекбөлек сыбағалары айнала екі үлкен ағашпен жəне басқа жіңішке ағаштармен қоршалған. Жылы, ашық күндерді балалар осы өздерінің меншікті жерінде өткізеді. Тек ертең осы ашық далада бастары қосылғанда һəм бұдан тарқарда балалар бір-біріне «амандық өлеңдерін» айтады. Үйден киіп келген киімдерін өзгертіп, бетіқолдарын жуып, міндетті түрде дəрігер əйелдің алдынан көрініп өтіп, балалар бөлініп-бөлініп, бөлмелерге һəм бақшаларға тарайды. Əрқайсысының бір жетіге арнап лайықтап берген шаруа қызметтері бар. Үй ішіндегі һəм бақшадағы шаруа мідеттерін атқарған соң, отырып, түрлі суреттер көреді, бірігіп яки басқа жекелей жүгіріп, топырақтан ойыншықтар жасап, сурет салып ойнайды. Түскі тамақтан соң, бəрі бірігіп істейтін қызметтерге кіріседі. Көп болып ойнайтын еліктеме ойындар, көп болып қосылып айтатын өлеңдер сияқты,
басшы əйел білмеген заттармен таныстырғандай əңгіме бастайды һəм сол жаңа танысқан затты қолмен ұстап, көзбен көріп нығайтқандай істер істейді. Мəселен, балшықтан жаңа заттың, яғни, таудың, хайуанның, ағаштың суретін жасау, қарындашпен, бояумен сурет салу, болмаса шүберектен, мақтадан, сабан шөптен айтылғандай əңгіменің мысалын жасап көрсету. Ең ақырында «амандық өлеңдерін» айтысып, үй леріне тарайды. Бұл айтылған Шотландия мемлекетінің бас қаласы Эдинбургтағы жұмыскер балаларына жасалған бала бақшасының бір күнгі тіршілігінің мысалы. Енді ойымызды қиырдағы күн шығысқа жіберейік. Жапон үйінің алмалы-салмалы қағаз керегесінің ішінде тағы да балалар дүниесі. Шиеттей балалар өздерінің орындарында, яки тоқыма төсеніштің үстінде отырып, сурет салып, балшықтан нəрсенің суретін жасап, қағаздан түрлі-түрлі əдемі нəзік гүлдер, жапырақтар істеп отыр. Кішкене балабақшаларында балалардың егіп, өсіріп отырған тапал-тапал ағаштары жайнаған, күлімдеген гүлдері бар. Өз елінің жасаған һəм басқа Европадан келген ойыншықтарды қолданып түрлі-түрлі ойындар ойнайды, дауыстары сыңғырлап əп-əдемі өздерінше өлеңдер айтып, сол өлеңінің күйімен қозғалып сыпайы, ыңғайлы қимылға жаттығады. Жапонның Европа тəртібімен жасалып отырған бала бақшасы осы айтылған. Міне, тағы Европаның бір зор қаласының ортасындағы үлкен үйдің іші. Араның ұясындай болып бөлінген «балалар бөлмелері». Бұл балалар бөлмелері деген кең бөлмелер, ішінде кішкене-кішкене саймандары бар. Үй ортасында аласа ұзын үстел, балалар жасаған нəрселер салатын аласа шкаф һəм сондай жуынғыш. Бір бұрышта «балалар ұжмағы» бар. Бұл ылғи ойыншықтар. Үйдің қабырғалары түрлі-түрлі əдемі бояумен мəнерлеп кестеленген, терезелерінде де, табан тақтайда да өсіп тұрған гүл, жапырақтар. Бір терезенің алдында
басшы əйелдің үстелі тұр. Осындай бір бөлмені 1012 бала иеленеді. Бақшадағы ағаштарды, гүлдерді еккен балалардың бақшаға керекті саймандары сол жерде тақтайдан салған үйде сақталады. Бұл «бала бақшасының» өмірі осы бақшада өтеді. Сөйтіп солтүстік шетінде Норвегия мемлекетінің қарлы суық қалаларында, күннің сəулесіне мейлінше шомылған Жапония болсын, Австралия, ертегі сынды Үндістанда, жақын жердегі Германия, Франция, Англия, Италияда, қалды, біздің осы күнгі Россияда болсын, дүниенің қай тарапынан көз салсақ та, балалар дүниесінің тіршілігі жасалып жатқанын көреміз. Ашық далада болсын, кішкене жасалған балалар ұясында, балалар үйінде болсын, неше миллион мектепке жастары толмаған балалар, өзінше, үлкендерге ұқсамаған бір өмір сүріп жатқанын көреміз. Жер жүзіндегі неше түрлі халықтың жас балалары сол өзінің «бақшаларында» еркін өсіп, қызғалдақтай жайнап, гүлденіп бала жастың бақытына, қызығына өзінше ортақтасып, рақатын көрмек. Мектеп жасына толмаған бала ХІХ ғасырдан бермен қарай, бұдан 100 жыл бұрын шамасында, ғылым жұрттың көзін ашып, жас баланы анық көре бастады. Жер жүзінде адамзат қожа болып келгеннен бері жас бала дүниеге келіп, өз өмірін өзі сүріп, үлкендермен қатар өсіп, жүре беретін. Баланы үлкеннен айыратын табиғатының əр түрлі басқалығын жұрт білмейтін, сезбейтін. Жұрт бала деген кішкене адам, үлкеннің мысалы деп түсінетін. Мысалы, біздің қазақтың осы күнге дейін өзгермей келе жатқан балаға көзқарасы. Неғұрлым шапшаңырақ үлкенге ұқсап, үлкеннің еткенін етсе – мақсатқа жеткен болып табылады. Соңғы жүз жылдың ішінде ғана баланың өсуіне көз салып, ой бөліп, табиғатын тануға қам қыла бастады.
Баланың тіршілігін, əдеттерін, көңіл тілектерін, қызығын һəм баланың тəн жасалысын, қанының өсуін, табиғатының өсуі сияқты құбылыстарының барлығын ақтара қарап, аудара тексеріп, ғылым жолымен бір айрықша заң тудыруға бет алды. Ойлай-ойлай бұрын бүркеулі жатқан бір пікірдің беті ашылғандай болды. Бала кішкене кісі, үлкеннің кішірейткен суреті деген бекер екен, баланың тəн жасалысы да, тəн мүшелерінің өсуі тұсында өтетін қызметтері де һəм жан тіршілігі де барша табиғатының жаратылысы үлкеннен айрықша басқа, өзгеше болып шығады. Баланың ілгерілеп, дамып, өсуі өзіне тəнді бір табиғат заңына байлаулы екен, баланың балалығын қысқартып, асығыс өсірмек болып, тығыздатып, ерте оқытып, шама сынан артық қызмет артқан – баланың толық адам болуына бөгет болып, зиян келтіргеннен басқа еш жақсылығы жоқ екен. Бұның мысалы: əрбір ана болған əйелдің өзінің көз алдында емшек баласына үлкеннің тамағын берсе, – ол бала өлмек. Оқымыстылар осы мысалды баланың түрлі тіршілігіне, күллі табиғаттың құбылыстарында келтіруді лайық тапқан. Тек баланың жан тəрбиесінде һəм ақылзейін тəрбиесіндегі қателіктердің ізі айқын, тəн тəрбиесіндегідей көзге түсе қоймайды. Жас балаға ауыр, жа лық тыратын қызмет артқан, болмаса ертеден есепсіз оқумен қинаған, не шамасына қарай лайықты білім-өнер бермеген, зейіннің ілгерілеуіне керекті сусынын бер мей, баланың табиғатын ақсатқан, осы сияқты тəрбие кемшіліктерінің ашық залалы өсе келе бір за ман да көрінеді, бəлкім, мінезіндегі түрлі құбылған кем шіліктердің не себеппен болғанын білмей, дағдарып жү ре береді. Оқымыстылар өсіп келе жатқан баланың жастарын айырып-айырып тексеріп отырып, өсу-ілгерілеу заңдарын қарастырып, баланың зейін-зеректігіне салмақтап мағы на бере бастады. Сөйтіп, баланың балаша еркімен,
өз жөнімен өсіп, ілгерілеу табиғатына лайықтап, кішкене балаларға тəрбие беретін орындар жасала жəне сондай дұрыс тəрбиенің жолдары қарастырыла бастады. Міне, мəселен, үш жасар бала Əдейі көңіліңізді бөліп, сол балаға қарап тұрыңызшы. Үлкеннен, ересек баладан оның айырмашылығы қанша екен? Үш жасар баланың өзіне тəн, көзге түскендей басқалығы не түрлі болады екен? Ең əуелі үш жасар бала өне бойы қимылда, «бір тыным жоқ», «тұрған бойы төбелес», «басты қатырады» деп үш жасар тентектің шешесі зарлайды. Үш жасар баланың қимылы артық сенімді болмағанымен, ойына келген жұмысын өзі орындағанын тəуір көреді. Шешенің қамқорлығынан, сүйемелінен əлде қайда қашады өзім көрем, өзім істеймінді тілейді. Үш жасардың əр нəрсені танып-білу құмарлығы есепсіз. Сұрамайтын сөзі жоқ. Бұ не нəрсе? Аты не? Неге бұлай болған? Рас па бұл? Міне, осы сияқты сауалдармен бір үлкенді шаршатады. Күні бойы ойнауға шамасы бар. Ойын – оның шын тіршілігі. Көзіне көрінген, қолына түскен нəрсенің бəрімен ойнайды. Ат болады, түйе болады, шешесі болып ойнайды, не керек, еліктемеген нəрсесі қалмайды. Ойында ол өзінің сол ойын дүниесіне бүтіндей кіріп кетіп, үлкендер дүниесі мүлдем есінен шығып кетеді. Бір уақытта бұл ойын жалықтырады, басқа бір түрлі ойын тағы бастайды. Тапқыштығы адам таңқалатындай. Үш жасар көбінесе жалғыз ойнайды. Кей-кейде ғана екеу-үшеу болып ойнайды. Көппен бірігіп ойнауды ол əлі көтере алмайды. Шаршайтын бола бастайды. Төңірегіндегі бар нəрселердің өзіне қызықсызы ғана көзіне түсіп, ықыласын кейін тартады. Үш жасардың бір мінезі – сөйлеуге жалықпаушылығы. Ойыны сияқты, сөздің де түбі жоқ. Ұзақ-ұзақ əңгімелер
айтады. Əңгімесінің буындары, əрине, кішкентай келеді. Біреудің айтқан əңгімесін тыңдауға, ертегі тыңдауға жəне һəм ықыласты. Тынымсыз қимылының бəрі сөзбен жалғас жүреді. Əр нəрсені жеке-жеке айтуға көңілді. Көпті біріктіріп, қысқартып айтуға шамасы жоқ. Үш жасар баланың көрген нəрселеріне ықыласы жеңіл, тұрақсыз, ұмытшақ. Көргенінің көбі есінен тез шығып кете береді, бір көрген нəрсесін айтқанда, ұмытқан жерлерін өзі ойынан толықтырады, оның ол мінезін түсінбеген үлкендер «өтірік айтуды үйреніпті» деп қайғырады. Бала көрген нəрсесінің суретін салуға қандай құмар! Қарындаш, бояу, қағаз берсеңіз тым жақсы, болмаса көмір яки ақ балшықпен үйдің қабырғасын бойы жеткен жеріне дейін шимайлап, бос орын қалдырмайды, көбінесе сүйетіні – үп-үлкен басқа екі аяқ орнатқан адамшықтар. Сурет салу сөйлеген сөздеріндей тынымсыз болады. Сырттағы дүниенің ойына байланған түрлерін көрсету үшін сурет салу үш жасар баланың əдетінде сөйлеп айтумен бірдей дəрежеде. Үш жасардың қолына басқа түрлі балшық, топырақ, қағаз, шыбық, жоңқа яки шүберек беріп көріңіз. Соның бəрінен сыртта көрінген нəрселерінің тұлғасын жасап, ұқсатып келтіреді. Адам, хайуан, жапырақ, үй һəм басқа сондайларды. Үш жасар баланың түрі – осы. Тынымсыз қимылының арқасында өне бойы төңірегіндегі дүниені танып-білуге ынтығып тұрады. Қимылы, көру, есту, иіскеу, сезу сияқты қуаттардың мүшелерімен жаратылыс заттарын таниды. Адамзаттың қолымен жасалған дүниені, өзін-өзі айнала төңірегіндегі үлкендердің, балалардың бəрін танып, біліп болады. Көңіліндегі осы тапқан заттарының бəрін көрмей-ақ, əңгіме, сурет, ойын қылып сыртқы жаққа шығарады. Өмірінің сағаты сайын, күн сайын жаңа білім, жаңа əдеті молыға береді. Сөздің түрі де көбейеді. Қимылдар да ыңғайланып, сенімдірек бола береді. Көрген нəрселерін көңіліне түзуірек тоқып, ойындары да мағыналырақ
бола береді. Көптің ішінде жолдастық сезім пайда бола бастайды һəм өзіне еш қатынасы жоқ іске де бірте-бірте ықыласын бөле бастайды. Əңгімесі: құр былдырақтан шығып, түрлі сөздерді қиыстырып, икемденіп, ойының қиын-қиын қызметке кірісе бастағанын көрсетеді. Алты-жеті жасқа келгенде баяғы өзінен басқа ешкіммен жұмысы жоқ сияқты тынымсыз былдырлаған тентекке ойлау пайда болады. Көптің қызығы мұныкі де болып, көптің тілегіне қайшы келетін жерлерінде өз тілектерін тоқтатып, ноқталауға шамасы бар. Көптің əлеуметтік қызметіне кірісіп, кітаптан алған білімді көппен бірге іс жүзінде көріп танитын болады. Мəселен, əдейі барып таудың түр-түрін, өзенді, егінді тану, яки диірмен, кітап басатын машинаны көріп, білу сияқты білім қызметтерін атқаруға шамасы бар. Бұның тіршілігінде кітап оқу, есеп, һəм белгілі мерзімді қызметтерден көбірек орын ала береді. Бұл – мектеп тіршілігіне жарарлық болып, пісіп, қатқандығы. Сөйтіп, мектепке жасы толмаған үш жас пен жеті жастың арасындағы жас бала өсіп, осындай өзгерістерден өтеді. Бұл өзгерістер бірде тура айтылғандай болып, бірде құбылып, басқа қалыппен, кей де ретті, кейде ретсіз болып баланың денсаулығына қарай тұқым қуған, əр түрлі мінезінің құбылуына қарай, əсіресе баланы қоршап келе жатқан тұрмыс шарттарына қарай болып жатады. Мектеп жасына толмаған балаға тəрбие неге керек? Мектеп жасына толмаған бала не үйренеді? Белгілі бір жасқа келген соң, яғни 7–8-ден бастап, жас баланы оқыту керек екені кімге де болса анық, олай болса баланы мектепке беру керек екен, бірақ мектепке дейін балаға еш нəрсе үйретпейді ғой, бұндай балаға тəрбие
керек пе? Бұрынғы қалыпта өзінен-өзі өсіп, адам болып кетпей ме? Мектептен бұрынғы тəрбиені неге керек дейді? Əрине, бала бақшасыз да, мектепсіз де өсіп адам болады ғой. Бірақ бала бақшасының тарбиесін көрмеген көп білімнен, көп жақсы əдеттерден құр қалады. Кейде сол білімдерге өмір бойы жете алмайды. Мектепке дейін бала оқымайды деген зор қате. Мектептен бұрын үйренген білімдері кейін мектепте оқып білгендерінен көп артық мағыналы болады. Мектептен бұрын баланың үйренетіні: 1) қимыл мүшелерін дұрыс билеу: жүру, жүгіру, қағып алу, өрмелеп жоғары шығу, секіру – осының бəріне ыңғайланып, ептейленеді; 2) көру, есту, сезу, ести білу – бұның бəрін түзу, анық һəм нəзік білетін болады, мəселен, нəрсенің түсі-түгін, ды быстарды, иісті һəм басқа осы сияқтыларды; 3) сөйлеу, яғни əр нəрсенің атын, қимылын, қалпын атап, бір нəрсені бір нəрсеге сөзбен байланыстырып, өзі нің ойын, талабын, көңілін, сезімдерін басқаға жеткізеді; 4) ойлай білу, яғни сырттан алып, ойға тоқыған заттарды салыстырып, ұқсас жерін, айырмашылығын тауып, əрбір нəрсе туралы адамның мінездері, қылықтары туралы өзінің ойын айтып, бір пікір шығармақ; 5) ойға тоқығанды һəм бұларға өзінің кезқарасын əр түрлі жолмен ойдан жарыққа шығару (мəселен, ойынмен, суретпен, өлең, əңгімемен); 6) өз еркін өзі билеп үйрену, бір мақсатқа жетпек болып һəм басқалар үшін өз тілектерін ауыздықтай білу; 7) таза, жинақы, шыншыл болу, жақсылыққа алғы сын бере білу һəм əдепті болу; 8) басқалармен бірігіп һəм аздап жеке де еңбек қыла білу, мұнымен үйренетін өнер-білімінің бəрі түгелдене қойған жоқ. Мектепке кірместен бұрын да жас бала оқитынын һəм бүкіл алдындағы өміріне керекті, артықша мағыналы
нəрселерді үйренетіндігін көрсетуге осы айтылған мысалдар да жеткілікті болар. Əрине, жаратылыстың өзінің салған жолымен ғана жүрсе, жас бала өсіп, жап-жақсы адам болып шығады ғой. Бірақ бақшасыз өзімен-өзі өсіп жету үшін баланың төңірегіндегі араласқан балалар, үлгі алатын үлкендер, ішіп-жем һəм сол сияқты толық адам болуға қажет шарттар түгел болып тұрса ғана біздің мектеп жасына толмаған балаларымыздың қазіргі уақыттағы тұрмыс шарттары баланың өсіп, ілгерілеуіне жайлы бола ма? Енді осы сауалға жауап берелік. Үлкендердің мектеп жасына толмаған баланы таныған түрі Кішкене баланың табиғаты дамылсыз қимыл керек қылады деп айтып отырмыз. Бұған үлкендер тыныш отыруды бұйырады. Оның үстіне тыныш бір жерде қадалып отырып істейтін, шамасынан артық қызмет тапсырып қояды. Мəселен, қазақтың əйел баласы жасы жетіге келсе-ақ, шешесі іс тігуге отырғызып қояды, кейде мынаны қозғалмай отырып жазып шық деп баласының атасы яки анасы бұйырып, отырғызып қояды. Далаға шығып көбелек қуып, қозы қуып, ат болып ойнағысы келіп отырған балаға яки құрбыларымен қосылып, «қонақ-қонақ», «мəлике тотай» ойнағысы келіп, жүрегі алып ұшып отырған жеті жасар балаға бұлары кешірілмейтін зорлық, ондай ата-ананы тек надандығы ғана ағартып алып шығады. Балаға, керегі – ойын. Ең мағыналы, пайдалы мектебі, бар қызығы – ойын. Ойында бала көрген-білгендеріне еліктейді, үйренгендерін нығайтып, бекітеді. Сол баланы үлкендер «адам болмайсың» деп ойлантады. 10 – 11-ге дейін қуыршақ ойнаған баланы жəне ойлантады. Баланың сусындай керегінің бірі – сөйлеу. Көрген, естігенінің бəрін сұрап білгісі келе береді. Білімінің түбірі, негізі осы жас баланың сөйлей білу құмарлығында, оның
сұрағанына жауап бермей, білгісі келгенін сол жерде біл - гізіп жібермей, «мазамды алмашы» деп өне бойы қол бермеумен баланың əлгі айтылған ең керек – білу-құмарлық қасиетін негізінен кесіп, жоғалтып жіберуге болады. Ондайда жəне баланың күні бойы төңірегіндегілерден еститіні ылғи қисынсыз, қайырымсыз, балаға не білім бермейтін, не тілін түзу, үйлесімді, таза сөзге жаттықтыруға, көңілін жақсылыққа қаратуға түк пайдасы жоқ, сүйкімсіз, керексіз сөздер болады. Бала өне бойы еркін ұнатқан нəрселерін шұқылап отырып, бұрап сындырып, мүшелеп əбден танып, қайта салыстырып, соны өзі жасамақ болады, һəм жасайды да, бұл – баланың тағы бір артықша қасиетті зерттеп тану құмарлығы, бұл жан-жақтылығы жайнаған дүниені та ны тып, өзі де жасауға кірісу үшін, жаратылыстың көкірегіне əуелден құйған құмарлығы, бұл қасиетін танымайтын надандар «Тиме!», «Сындырасың!», «Шықпа, жығыласың», «Таста, бүлдіресің», «Үстіңді былғайды», «Əрі жүр, басымды ауыртпа!» деп зарлауымен баланың алайын деп отырған қанша білімін тағы тамырынан қияды. Бала ойнақшыған құлын-тайдай, желкілдеп еркін өскен қызғалдақ шөптей, кеңшілікті, еркіншілікті жақсы көреді. Жаратылыстың өз дүниесінде даланың кеңшілігінде, шалпылдап суына түсіп, жүгіріп, кұспен бірге сайрап, көбелек қуып, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқамен бірге көк орай шалғын, тоғай арасында сайрандап жүріп өссе, көңілі де, жан-тəні де бірдей тегіс өсіп, өркендемек. Біз қала баласын суық тастың ішіне қамап, жаратылыстың шыншыл, таза, ертегідей құлпырған əдемі дүниесінен айырып, тірідей көміп, сөндіреміз. Баланың орнына өзімізді қойып қарайық. Биіктігі 8–10 кез үйде қағаз жазып, ас ішетін үстеліңіздің жоғарғы ернеуі иегіңізге тиіп тұрады, шкафқа кітап қою үшін аяқ астыңызға бір орындық қоюыңыз керек, шай ішетін шыны аяғыңыз үлкен қымыз аяқ пен ас табағының үлкендігіндей, қасығыңыз бақыраштай болса, ойлап
қараңыз, қандай күйде болмақсыз?! Жас бала үлкен кісімен қатар тəрбие көргенде, тап осындай халде болу мүмкін. Осындай халде жүріп жас бала қалайша өзөзінен жаратылыстың салған жолымен өсіп, ілгерілеп, жазылып өркендемек? Енді баланың еркін өсуіне бөгет болатын нəрселерді айырып айтайық: 1) үлкендердің баланың керегін түсініп білмегендігі; 2) бейне бір кішкене аң, хайуандай көріп, ықылассыз, салақ қарап, үлкендер бұлардың табиғатына көңіл көзін салмағандық; 3) балалық жасты тезірек жол қылып, шын үлкен кісілік дəрежеге жеткізу керек деп түсінгендік; 4) 7–8 жасқа дейін оқудың қажеті жоқ, 20–30 жастан кейін оқуға кеш деп, баланың өсіп, тəрбиелену жайын қисық түсіну. Дүниеге көзі ашылып, туып, қартайып, көрге кіргенше, адамзат дамып, ілгерілеп отырудан талмайды, бұлай болса, үйреніп білуден де танбайды. Рас, кейбір белгілі білімдердің, əдеттердің бойға сіңіп, бекуіне жаратылыстың өзі əуелден артықша лайықтаған бір мезгілі бар. Біздің денеміздің мүшелерінің көбі, əсіресе, сыртқы сезім мүшелеріміз, аса көгеріп, көркейетін кез– ертегідей балалық кез. Бұл кезде тəрбие көрмей қалған мүшені кейіннен түзете алмайсыз. Өлең-күйге, сурет салуға уақытымен, тəртіппен кіріссе ғой. Баланы, болса да, машықтандыруға болады. Əрбір құлықты, жақсы адамның мінезінің түпкі негізінде болатын еңбек ету, көңіл һəм дене тазалығының машықтары (бала, əдетінше, төңірегіндегінің бəріне еліктегіш, тал шыбықтай икемді, нəзік) жас кезінде кіріп, сіңіп қалады. Сөйтіп мектептен бұрынғы жас дегеніміз баланың зор білім алатын қызметтерінің уақыты болып табылады. Ойын, күлкісі, жүгіру, сөйлеу, осы секілділер біздің көзімізге мағынасыз, босқа өткен секілді. Бірақ олар балалық жастың бар маңызы арқасында үлкен, керекті, мықты еңбек болып шықты.
Баланың өсіп, өркендеп, білім төңірегіндегі дүниені танып, айыра алып, сөйлей білуі жаратылыстың салған зейінінен, ұғымынан болады, һəм, қазақтың «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегеніндей, төңірегіндегі балалығын қоршаған заттардың жалпы яки жайсыз, нашар болуынан болады. Осы күнгі мектепке жасы толмаған баланың əлгі айтылған ойлары ойдағыдай жас баланы көгертіп, жақсылыққа тартатын қалаулы, ұя» деуге болмайды. Бұған айыпты үлкендердің баланы түсі ніп танымағандығы һəм олардың балалық жасқа шын мағына бере алмайтындығы. Мұндай бала жаста көп бағу, тəрбие керек қылатынын білетін саңылаулы ата-аналар да тиісті қамқорлығын балаларына көбіне көрсете алмайды. Бұған лайықты уақыты да күші де, білімі де жоқ. Қала халқының да, ауыл халқының да көпшілігі тынымсыз тұрмыс күресінде, жалпақ қазақша айтқанда, табан етін борша етіп, маңдай терін тамшылатып жүріп, тамақ асырауда. Балалардың жақсы, түзу тұрмысына ең күшті бөгет – дүние жүзіндегі адамзатты қоршап, құрсаулап келе жатқан əлеуметтік тұрмыс қиындығының түзелмей, кемшілікте келе жат қан дығы. Еңбекшілер баласының тұрмыс жайы Еңбекшілердің тұрмысы өзінше бір заңға сүйеніп келеді. Бұларда бүгінгідей артық дүние, азық қоры болмайды. Белгілі берік тұрағы жəне болмайды. Ошақбасы, үй ішінің байланысына келсек, – əке деген бəрімізге белгілі, от ағасы – үйдің басы, қожасы, оны балалары тіпті көрмейді деуге болады. Ана – жұмысшы, шаруаға қараушы жəне балалардың тəрбиешісі. Əрине, бүлардың бұл түрде балаларға тəрбие бере алмайтындығы анық. Балалар қызықсыз, рақатсыз, аз ғана балалық жасын қаланың көшесінде, ауылдың даласында өзімен-өзі болып өткізеді. Əсіресе, нашар халдегі қала балалары.
Осы қалыпты тұрмысты еңбекшілер балаларының бəрінің тұрмысы деуге болады. Еңбекшінің баласы іште жатып ашығады. Бұның баласы туғанда, жаңа туған баланың толық денесінің орташасынан да кем болып туады. XIX ғасырдың аяқ кезінде, 70–80 жыл бұрын, Россияда 100-ден 28–30-ы өледі екен (орта санмен), сонда Россияның солтүстігіндегі Скандинавия жерлерінде өлім бұдан үш есе кем. Бұған қарағанда, революциядан (төңкеріс) бұрынғы Россияда жылында бір миллион жарым жас бала өлгені. Мəдениеті жоғары елдерде баланың өлімі кемірек болатыны анық. Бұған дəлел, Россияның əр бұрышындағы елдерден алынған есеп: Финляндияда – 100 баладан 13 бала өледі екен. Балтық теңізінің жағалауындағы губернияларда 100-ден – 13– 18 бала. Орта Россияда 100 баладан өледі екен 34–39 бала. Орта губерниялардың кейбір үлкен уездерінде 100 баладан – 44,5 бала. Көпке түсінікті қылып айтқанда, бір жылда туған ба ланың жартысы өледі дегенге есеп. Бұл сияқты жан шошынарлық өлімнің бас себептері мəдениеттің төмендігі, əсіресе Орта Россиядағы мұжықта балаларға қараудың жоқтығы, аштық, атаанасының мүмкіндігі революциядан бұрынғы Россияда 100 жанның 32-сі ғана əрең-əрең тамақ асырайды екен. 100-ден 52-сі – өне бойы ашығып, жете тамақтана алмай жүргендер. Европада балалар өлімі: 1) жоғарғы таптарында (ең бай) – 100-ден 8, 9 бала; 2) орта дəулеттілерде – 100-ден 18, 3 бала; 3) жұмыскер табында – 100-ден 30, 5 бала. Россия мұжықтарында баланың өлімі былай еді: 1) 5 десятина жері бардан – 100-ден 21, 2 бала; 2) 5-тен 15-ке таяу жері бардан – 100-ден 18, 7 бала; 3) 15-тен 25-ке дейін жері бардан – 100-ден 15, 7 бала.
Бала туар алдында біраз уақыт тыныққан анаға қарағанда, бала туғанша үзбей жұмыста жүрген ананың баласының денесі жеңіл болады. Бұл – денесі кə міл толмаған, нашарлықтың белгісі. Ішкі Россияның фабрикалы губернияларында сол уақыттарда емшек баласының (1-ден 3 жасқа дейін) 100-ден 54-і өледі екен. Өлмей қалып, адам болғандарының өзі бір түрлі нашар, дене бітімі шала, нəзік жан болып шығады екен. Бұған себеп – аналарының фабрикада жұмыс қылуы, қала баласы мен орыстың ауыл баласының сорлы тағдыры осы. Өлімнен құтылғандарының да күні өлімге бергісіз. Бұл – бойлары аласа, көкірегі нашар, ақылзейіні де, денесі де еркін өсіп жетпеген шала балалардың ілгері тағдырында рақатсыз күй кешу болып, ақырында, қайғылы бала шыдай алмай, қыршынынан қиылады. 8 жастан бастап мұжықтың баласы мұжық шаруасында əке-шешесінің қолқанаты, қыз баласы өзінен кіші балалардың бақташысы, бұл бір сорлы жан болады; оқымысты орыс дəрігерлері қаладағы, ауылдағы мектепте оқушы балалардың ақыл-зейінін тексеріп көргенде, орыстың ауыл қызы (бала баққыш) бəрінен кем, нашар болып шығады. Үй шаруасында қолқанат болып өскен балалар, қанша ауыр болғанмен, өздерінің тұрмысында керекті, мағынасы өздеріне түсінікті жұмыс істейді ғой. Анық сорлы, көзі ашылмаған балалар – қаладағы фабрика жұмысына кірісіп кеткендер. Германияның бір өзінде соғыстан бұрын мұндай баланың саны жарты миллион болатын. Германия мен Францияның 1906 жылғы жиған есебіне қарағанда, бала жас болған сайын, өлімі көбірек, ауруды, қараусыздықты көтере алмайды. Сондықтан бұларға артықша тəрбие, бағу-қағу керек. Бұндай қамқоршылық тəрбие беріректе баланың алдыңғы 5-6 жастарында керек; бұл жастағылар мектептен бұрынғы үлбіреген жас болады. Мектепке жасы толмаған балаларға тəрбие керегі, жан-тəнін бірдей бағып-қағу керегі рас, баланы
төңірегіндегі құрсап тұрған нашар халден жарыққа шығарып алу керек болса, мектепке жасы толмаған баланың тіршілігін бір түзу жолға түсіріп, тəртіпке салу керек. Баланың жаратылысындағы табиғатына үйлес келіп, еркін өсіп, көгеретін бір тұрмыс жасап беру керек. Мектептен бұрынғы тəрбиені түзетіп, мың-мың балалары бекер, мағынасыз, кырылып жатқанына сескенбей, тыныш қарап отырғандарды үкімет өз қолына алып, екпінді жолға салып жіберу керек. Мектептен бұрынғы тəрбиенің Россиядағы түрі Жас балаға камқоршылық ету ертеден-ақ бар нəрсе. Əр мемлекет өз қол астындағы жетім, панасыз балаларын бағамыз деп тəрбие үйлері, жетім бағатын үйлер жасайтын. Бұндай үйлерде балалар жылы орын, пісулі тамақ ішіп, өсіңкірегенде түрлі кəсіптерге үйрететін оқу оқып, өнер үйренетін. Титтей балалар мектептің үстеліне төніп отырып, əліп-би жаттап үйренетін. Бұл үйлер əдейі жетім балаларға, панасыз далада қалғандарға ғана жасалып, «приют» атында болып, «приют» балалары яки жетімдер онда ешбір жылы шыраймен сылап-сыйпаған, көңілді, түзу тəрбие көрмейтін. Бақытты шақ шамасыз бейнет, ашылмайтын қара тұманда ренжумен өтіп кете баратын. XIX ғасырдың орта кезінде, мұнан 50-60 жыл бұрын, жас баланың тəрбиесі деген жұмысқа бір өзгеріс кірді. Үш жасқа толмаған балаларды өз тобына лайықтап, тəрбиелеп бағатын ясли (бесік) деген орын жасай бастады жəне мектепке жасы толмаған балаларды (3тен 7-ге дейін) тəрбиелейтін «бала бақшасы» деген бір орын жасалатын болды. «Бала бақшасы» деген атты берген – немістің атақты оқымысты, тəрбиеші ғалымы Фридрих Фребель. Мектепке жасы толмаған балалардың
тəрбиесін ең əуелі зерттеп қарап, бір адастырмайтын түзу жолға салған, һəм бұл – тəрбиенің қолданатын құралдарын, кірісу жөнін ашып, көрсетіп берген осы Фридрих Фребель болатын. Ең əуелі бала тəрбие орнына көпке дейін қоятын ат табылмай жүріпті. Мектеп те, «приют» те дей алмаған, оны бұлай деуге жөні де жоқ еді. Жасынан беретіні – бұның біріне ұқсамайтын, жаңа тəрбие түрі. 1840 жылдың жазында бір күні бақта жүріп, жанында бір-екі жолдастары бар, жұлып алғандай: «бала бақшасы» болу керек мұның аты», – дейді, Фребель. Сөйтіп, сонан бері «бала бақшасы» болын аталып қала берген. Фребельдің ашқан жаңа тəрбие орны, оның мектепке жасы толмағандар тəрбиесінде тұтынған жолы һəм оған қойған аты күллі дүниеге жайылады – əуелі Германияда, одан соң басқа елдерде бала бақшасы ашыла бастады, һəм мұнымен қатар əдейі бала бақшасына тəрбиеші əйелдерді даярлайтын мектептер ашыла бастады. Келе-келе тəрбиенің басқа түрлері де шыға бастады. Мектептен бұрынғы тəрбиеге ол зор мағына беретін бол ды. Əуелгі əзірде бала бақшаларын үкіметке қатысы жоқ етіп, жай кісілер ашып жүрді. Мектеп жасына толмаған балалар тəрбиесін қуаттаған адамдар бір қауым болып бірігіп, Фребельдің атын қойып, өз еріктерімен, өз күштерімен ашып жүрді. Бірте-бірте үкіметтер бала бақшаларын жүргізуді өз міндетіне ала бастады. Енді, мəселен, Бельгия, Австралия, АҚШ-тың бөлек үкіметтері сияқты кейбір үкіметтер мектептен бұрынғы тəрбиені оқудың ең алғашқы басқышы деп санап, өз күшімен бақшаларын көбейтіп ашып отыр. Бұл бақшалардың көбі мектептің өз үйінде ашылады. Біздің Россияда балалар бақшаларын 1890 жылдарда үкіметтен тысқарғы кісілер аша бастады. 1870 жылы халық балаларының бақшасын һəм осындай тəрбиеге мұғалималар даярлайтын курсты осы Фребель қауымы ашты. 1918 жылдан бері курс атын өзгертіп, мектептен бұрынғы тəрбиені үйрететін педагогикалық институт
деп атайтын болды. 1922-жылы бұл курстың тіршілік еткеніне 50 жыл толды. Россиядағы бала бақшаларының тəрбиеші əйелдерінің көбі осы курста оқып даярланған. Бірте-бірте мектепке жасы толмаған балалар тəрбиесін мақсат қылып, басқа ұйымдар да ашыла бастады. Əр жерден-ақ бала бақшалары да ашыла бастады. Мұның бəрінде де қызмет етуші һəм күш-көмек етуші əлеумет көптің өзі болды. Үкімет тіпті, ешбір қатынаспады десе де болады. Қазына күшімен пайдаланып тұрған тек «приют», «тəрбие үйі» дегендер болды. Ақпан төңкерісінен соң Петроградтағы балалар тəрбиесі жолындағы ұйымдардың бəрі бір жерге бірігіп, сол кездегі уақытша үкімет алдында мектепке жасы толмаған балалар тəрбиесі туралы сөз қозғай бастады. Бұл іске үкімет кірісу керек екендігін айтып, үкімет қамқоршылығына бұл жұмыс 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін кіре бастады. Бұрын да, қай жерде болса да, халық мұқтажын ойлаған социалистер халықтың баласына түзу тəрбие беретін һəм жұмыскер əйелдің уайымын кемітетін бала бақшаларының көбірек ашылып, мектептен бұрынғы тəрбие дұрыс жолға салынуына зор тілектестігін көрсетуші еді. Сондықтан Қазан төңкерісінен соңғы жұмыскер үкіметінің бұл жұмысқа артықша ықыласты болуы бəрімізге де түсінікті. Төңкерістен соң-ақ оқу комиссариатының бір бөлімі болып мектептен бұрынғы тəрбие бөлімі ашылды, һəм сондай бөлімдер жер-жердегі оқу мекемелерінде де ашыла бастады. Мектептен бұрынғы тəрбие үйлері күннен-күнге көбейді. Мектептен бұрынғы тəрбие жалпыға бірдей, ақысыз болатын болды. Жұмысты екпінді ретінде жүргізіп, үкімет 30 жылдың ішінде күллі Россиядағы мектепке жасы толмаған балалардың бəрі орналасқандай қылып істеу керек деген пікірге келді. Ақпан төңкерісі қараңында Россияда мектептен бұрынғы тəрбие орындары 400 еді, 1921 жылдың аяғында 6000 болды. Ал күллі Россия балаларына 160000 (жүз алпыс мың)
мектептен бұрынғы тəрбие орны һəм 350000 (үш жүз елу мың) тəрбиеші керек. 1921 жылдан бері қарай мемлекет қазынасының шығысы қай жөннен болса да қатты кемітіле бастады, сонымен қатар тəрбие орындары да бұдан былай ашылмайтын болып, тіпті, барының көбі жабылатын болды. Мектептен бұрынғы тəрбие орындарының біразы зор фабрика-зауыттарға һəм басқа түрлі зор саудакəсіп ұйымдарына телінді. Біразы бұрынғыдай, үкімет қаражатына қарайды. Үкімет мектептен бұрынғы тəрбиені өз қолына алғанымен, ата-ана, үй ішінің қамқоршылығын мүлде өзіне алмайды. Бала бақшаларының, балалар үйі деген һəм басқа түрлі мектептен бұрынғы тəрбие орындарының басшыларына үкімет баланың өз үй-ішімен шама келгенше қол ұстасып қызмет етуді һəм уақыт-уақыт мектепке жасы толмаған балалардың тəрбиесі жайынан баяндама, насихат жасалып, балалардың өнерлерін жайып қойып, көзге көрсетуді міндет қылған. Асылы, балалардың ата-аналары һəм күллі халықтың көпшілігінен үкіметтің бұл айтылып отырған мəселе туралы күтетін қызметі мына түрлі: 1) фабрика-зауыт, сауда ұйымдарының қасында балаларға тəрбие үйлерін жасамақ болғанда, соны бірге жасасу; 2) баланың өткен һəм қазіргі өмірі, мінезі, құлқы туралы түзу, толық мағлұматтарды бөгелмей беріп тұру жəне сондайларды бұдан былай да байқап жүру; 3) осындай орындарға əрқашан жақсы көңілін көрсетіп, бірігіп, қосылып істейік дегендей сөздерге шын құлақ салып, ықыласты болып, даяр тұру; 4) үй ішінің қамқорлығы, тəрбиесі, шама келгенше, тəрбие үйлерінің салып отырған жолынан тым артық айрылып кетпесе екен деген.
Бала бақшасы деген не? Осы уақытта Россияда мектептен бұрынғы тəрбие орындарының бірнеше үйлері бар: 1. Бала бақшасы – тəрбие орындарының ең ескіде көбірек жайылған да түрі; мұнда балалар күндізгі 6-4 сағат уақытын өткізеді. 2. «Очаг» дегені – бар уақытын ұзартқан бала бақшасы, мұнда балалар шешесінің жалдама жұмыстағы уақытында 8 сағат өткізеді (жалдама жұмысы күніне 8 сағаттан артық болмайды). 3. «Детский дом» (балалар үйі) – ата-анасы жоқ, панасыз балаларға өз үйі болғандай қылып жасаған орын. Бұл мектепке жасы толмағандарын тəрбиелейтін бөлім, мектеп жасындағылардың үйі бұлардан бөлек болады. 4. Балалар колониясы – жаз уақытында қалада даланың кең таза ауасына шығарған детский дом (балалар үйі). 5. «Летняя площадка» – жаз уақытында үйден ашық жерге шығарған бала бақшасы. Балалардың мұндай ашық бақшасы көбіне түрлі жастағы балаларға арналған, жасы мектепке толмаған балаларды бөлек бір басшы бөліп алып отырып бағады. 6. Балалар санаториясы – «детский домның» бір түрі. Денсаулығы нашар, яки ауру балаларды саулыққа жеткізу мақсатпен жасалған, қаланың ашық шетінде, яки далада, ауасы таза жерде жасалады. Қолдана бастаған уақытына қарағанда, ең ескі һəм неше мемлекеттерде жүргізіліп, көп тəжірибелер алған, мектептен бұрынғы тəрбие орны – бала бақшасы. Бұл бала бақшасы деген құр əдемі сөз ғана деп ұғыну қате. Бұнда зор мағына бар. Бақшадағы гүлдер, ағаштар, жер мен ауадан өзіне керекті қоректерін алып отырып өскені сияқты, мектеп жасына толмаған бала да төңірегіндегі тұрмыстан өсіп, көркеюіне керекті заттарды пайдаланып отырып, сол өздерінің «бақшаларында» табиғаттың еркінше дамып, көгеріп өседі. Бақша еккен кісі жас ағаштарын өсіргенде, жерінің дымы кем болса, су құйып,
сусындатады, семіп қалған бұтақтары болса, кесіп тастап, жері шығымсыз, нашар болса, жақсы топырақ салып нығайтып, өне бойы еккен ағаштың, яки жемісінің түзу, көркем болып өсуіне талмай қарап отырады. Сол сияқты, бала бақшасының басшысы да алдындағы балалардың табиғатын танып, табиғатының тілегенін артық шеберлікпен беріп отырып, сол балалардың көгеріп өсуіне жетекші болмақ. Бала бақшасының тіршілігі – баланың түзу, еркін, табиғатына жайлы тіршілік, əшейінде төңірегіндегі тұ рмыс жайы мұндай болмай, үлкендердің балаға көзқарасы түзу болғанда əр үйдегі баланың өз бетімен ететін тіршілігі. Бақшадағы балалардың тіршілігінің ең зор қызметі – ойын. Оқымысты тəрбиешілердің ізденуінше, ойын баланың табиғатына ең жуық, өздеріне ең сүйікті қызмет болғандықтан, бала бақшасы балалардың ойынын ретті қылып, лайығымен тəртіпке түсіріп, ойынның қазынасын молайтып, артықша шеберлеп отырып, сол ойынды тəрбие жолына жұмсайды. Адам баласының қатынасып отырған төңірегіндегі тұрмысы итермелеп, жақсы тəрбие, білім алуға себепкер болып отырмаса, жаны да, тəні де көркейіп өсе алмайды. Бумен жүретін машинаға əлсін-əлсін отын салған сияқты, адамның ақылының көркеюіне көп-көп тəжірибе болардай тіршілік керек. Жүріп-тұрмай, дүние көрмей, үңгірдегі аюдай үйкүшік болып өмір сүрген адаммен мың-мың шақырым жерлер жүріп, жаратылыс дүниесінің неше əдемі көркем түрлерін көріп, кəсіп-шаруаның əр жердегі əр түрін біліп, танысып, адамзаттың түрлітүрлі мінезіне кездесіп, көпті көрген адаммен екеуінің акылының арасында қанша айырма бар екенін бəріміз де білемз. Жас бала мысалында: баланың ақылы, зейіні тегіс еркімен көтеріліп, ілгерілеп, зейін, таланттарының ешқайсысы өшіп қалмас үшін, еткен тіршілігі əлсін-əлі қызғылықты, жаңа көріністер келтіріп, жаңа қызметтер ұсынып отыруы тиіс. Сол үшін бала бақшасының талабы мынау болу керек:
- баланың өздігінен көрсеткен əрбір қимылына, қызығына əрқашан артықша назар салу; 2) баланың үйінде жаңа-жаңа қызықтар, жаңа-жаңа сауалдар туғызып, көңілін, ойын оятып отыру. Қаладағы, даладағы балалардың тіршілігін қарастырсақ, бала қолына түскен нəрсемен ойнайды һəм, ең бастағы, ойын қылатын нəрсесі құм болады. Сондықтан бала бақшасы ең алдымен балаларға құм, балшық, ағаштың кесіндісі, гүл, жапырақ, шыбық, ыдысқа құйған су сияқты істелмеген шикі заттарды даяр қылуға қам қылады. Қандай шебер оюшы, жасаушы екендері бала бақшасына барып көргендерге анық, керексіз жатқан жіпті, ағашты, қиынды шүберек, сауыттар һəм басқа сол сияқтыларды балалар түгел іске асырады. Қандай ойыншықтар, хайуандар жасайды балшықтан! Əлгі керексіз калған нəрселерден қуыршақтың неше түрін, арба, шана, қаланың үйі, ауыл үйі, үйдің ішкітысқы шаруасын, от арбалар. жасайды... Еліктегіш, тапқыштығының ұшы-қиыры жоқ. Бала бақшасы күш-қуаты жеткенше балалардың өздері жасай алмайтын, əдемі, мықты ойыншықтар, хайуандар тануға тым көңілді. Үй саймандарын, түрлі жаңа шыққан машиналар һəм сол сияқты балалардың зейіні ашылып, білімін арттыруға пайдасы тиетін ойыншықтарды көп алуды қажет етеді. Балалар сурет салуды аса жақсы көреді. Бала бақшасы осыған керек қарындаш, қағаз, бояу сияқты нəрсе лерін даяр қылып, оқып, бұл жолдағы білімдерін өсіруге қам қылады. Үш жасар баланың шимайынан бастап жеті жастағы балалардың көрген-білген, бастан кешкендерінің бəрін шеп-шебер сурет қылып шығару үшін келтіріп, бала бақшасы бейне бір суретшінің дүкені сияқты болады. Істеуге нəрселер беріп, іс істеудің ретін көрсетіп бер се, балалар мұнан басқа да түрлі-түрлі нəрсе жасап шығарады. Бүтін бір естіген, яки оқыған уақиғаларды қағаздан ойып, бір түсті басқа қағазға жабыстырып отырып, толық
мысалын көрсетіп шығарады. Кесте тігеді, қуыршаққа киім тігеді, балшықтан түрлі заттардың суретін жасайды, жіптен əр түрлі нəрсе тоқиды. Осы сияқты қызметтердің бəрін балаларға ретімен кезектестіріп отырып, қолы мен көзі жаттықтандай қылып, ойы ашылып, тапқыштығы артқандай қылып отырып береді. Тапқыштығын тым айқын көрсетіп отыратын балалардың еркін ойындарында бала бақшасы зор кеңесшілік береді. Кішкентайлары бірден, екі, үштен қосылып ойнайды. Балалар жолдастық, серіктік қадірін біліп, іздейтін болған сайын, бірте-бірте ойын орталарын, ойындарының түрін көбейте береді. Ойын мен басқа қызметтерімен қатар өлеңдетіп жүреді. Өлеңінен жалыққан уақытында айтқандай, жабыққанда көңілін ашқандай балаға зор қызметі бар: қосылып өлең айту, музыка тыңдау, ойынды өлеңге қосып айту – осының бəрі өлеңшілік зейінін ашып, балалардың күндегі қызметіне қуаныш, шаттық кіргізеді. Балалардың бір мінезі қимыл болады. Бала бақшасы бұлардың көңілі сүйгенше қимылдап, қозғалып ойнауына бөгет болмайды. Балалардың бақшадағы ететін тіршілігіне жүгіріп ойнау, солдатша есеппен жүру, өрмелеп биікке шығу, һəм сатыға шығып жүру сияқты бірте-бірте баланың мүшесінің бəрі қозғалып, түзу өсуіне себеп болатын машықтардың бəрі кіреді. Балалардың еліктеп істеу құмарлығына қарай бұларға бірте-бірте шамалары келетін жұмыстар тапсырылады. Бұған бақшаның бір үйдің іші сияқты тұрмысы тым ыңғайлы. Үйінде бала үлкендердің істеген ісіне шама қадарынша кіріскені сияқты мұнда да өз басының һəм басқа бақшадағылардың тұрмысына керекті жеңілжеңіл қызметтерге кіріседі. Мəселен, беті-қолын тазалап жуу, түзу киіну, ойыншықтарын ретпен тұтыну, қуыршақтардың кірін жуу, асқа, шайға үстел жасау, дастарқан жаю, гүлдерді тəрбиелеп өсіру, үй хайуандарын асырау, ыдыс жуу сияқтылар. Өз үйіндегі мен бақшадағы қызметінің айырмасы сол: бақшадағы аз ғана қызметтері
белгілі бір уақытта бір қалыпта істеледі. Жəне балалардың қатысатын нəрселері де: ыдыс, орындықтар, сыпырғыш (щётка) тапсырылатын қызметтер де бұлардың күшіне лайықтап беріледі. Басшылары тек іс істеу жөнін ғана түсіндіріп айтып береді. Сонан соңғысы балалардың еркінде, кандай қиындықтар кездессе де, өздері төзіп, іс қылып шығарсын деп, сырттан қарап жүреді. Бақшадағы осы секілді аз ғана қызметтердің, аз-аздап еңбек етудің тəрбие жолында зор мағыналы пайдасы бар: бұл еңбек көпке түскен салық есебінде болып, жолдастары алдында, сол мекеменің алдында тартынбай өтейтін бір борышы болып, осы топтың бір мүшесі болғандардың бірі бас тарта алмайды. Кішкене бала мал баласы, яки кішкене, аяқ астында ширатылып, секіріп ойнап жүрген мысықтың баласы секілді. Жасы кішкене болған сайын жаратылыс дүниесіне жақын бола береді. Онымен байланысты күшік те бола береді. Сол жаратылыстың кең, таза дүниесінен айыру– кешірілмес айып. Сондықтан осы күнгі бала бақшасы жаратылыс дүниесінің ұшқыны да болса ішіне кіргізуге тырысады. Жəне бақшаның тас үйінен далаға, сайынға жиірек шығаруға қам кылады. Бала бақшасы шынымен бақша болуы керек. Тəрбиелі бақшаларда гүл, ағаш бақшалары болады. Далада ойнайтын ашық көгал жері болады. Гүл бақшасына шығарып істеген балкондары болады. Ең болмаған жерде шатырсыз үйдің төбесіне балаларды жіберіп, бір уақыт күннің көзінде ойнатады. Бала бақшасының бөлмелерінде мүмкіндік болған жері қолдан өсірген гүл, ағаштан бос болмайды. Кейде əдейі құм сеуіп, қарағай, шырша қадап, қурамайтын көк шөп төсеп, үй ішіндегі гүлдерді реттеп қойып, бейне бір жаратылыстың күлімдеген бір түкпірін əкеліп орнатқандай қылып қояды. Бұл да балалардың көз алдында жаратылыс дүниесінің мысалы болып, ойын кеңейтіп, көңілін көтеріп шаттандырып тұрсын деген оймен істеледі. Бақшаларда жəне суға жүздіріп қойған балықтар, сайрайтын құстар,
көбі кесіртке, қоян, мысық, күшік, тауықтар асыралынады. Бұларды тəрбиелеп өсіру– балалардың міндеті. Балалардың бақшадан шығып істейтін қызметі– жеміс, шөптер, гүлдер өсіру, егін егу жұмыстарын көріп жүріп көзін қанықтыру, орман, ағашқа, далаға, шабындыққа, өзенге шығып, ондағы жайнаған неше-неше заттардың өздеріне түсінікті қалыпта тіршілігін айту. Мəселен, ағаштың түр-түрін айырып, танып үйренеді. Төңірегіндегі шөп, гүл, қызғалдақтар, жеміс шөптердің неше түрлерін айыра танып, ұсақ хайуандардың іздерін айыра білетін болады. Балалардың көбі құмырсқа, көбелек, аралардың ететін тіршілігін тексеріп қарап жүріп танитын болады. Топырақтың, кұм, саз балшықтың жаратылысына кіретін заттарды таниды. Түрлі-түрлі тастар жиып, оның түбін зерттейді. Даладан алынған шөп-шалам, неше түрлі жапырақтар, судағы жəндіктердің қабығы, егіннің сабағы, қарағайдың бүршігі – бəрін балалар өзінің бақшасында іске жаратып шығарады. Баланың сөйлегіштігінде шама жоқ. Сөй леу – адамзатты хайуаннан айыратын бір зор қасиет. Сондықтан барынша бұл қасиетті қорғау, тəрбиелеп, бағып, көркейту – бізге міндет. Баланың ойының тарам данып өсуі де осы сөйлеуге байлаулы. Баланың сөйлеу зейіні ашылмаса, ақыл да кейіншектеп, қорғалап қала береді: Бала бақшасы шамасы келгенше баланың сөйлеу қасиеті көркейсін, үлкендерден өне бойы таза, түзу сөздер естісін дейді. Басшы əйел еш уақытта баланы еліктеген, шолжаң тілмен сөйлетпейді. Балалардың тіл дəулетін арттыру үшін оларға көргенбілгенін əңгіме қылғызып, істеген жұмыстары жайынан сөйлесіп, ертегі, өлең һəм басқа түрлі əңгімелерді оларға айтқызып, өзі айтып, дамылсыз сөйлетуде болады. Бала бақшасының ортасында жалғыз сурет, кітап оның сөзі жоқ. Уақиғаның бəрін суретпен көрсеткен, соған қарап отырып сөйлесу – балалардың тəуір көретін қызметінің бірі. Бақшада оқу, жазуды үйретпейді. Сонда да оқуға, жазуға ықыласты балалардың көп болатындығынан,
өздеріне лайықты құралдар беріледі. Сонымен өздері ойын арасында оқып, жазып, үйреніп кетеді. Сөйтіп, бақшадағы баланың көбі мектепке əліп-биді танып барады. Бала бақшасының белгілі бір жасап алған план, программасы болмайды. Істейтін жұмысының ретін тұр мыстіршілігінің өзі көрсетіп, сілтеп отырады. Бір бақшада бір түрлі қызметтер тəртібі тұтынылады. Екіншісінде басқа түрлі балалардың көпшілігінің сүюіне қарай. Кейде істейтін істің жөнін қолдағы бар даяр болған нəрсенің түрі көрсетеді. Балалар бақшасының өзінше ішкі тəртіпті жолы жоқ деп айту қате, тəртіп бар, жол-жоба жəне бар, бірақ балалар мұны сезбейді һəм басшылары сездірмеске тырысады. Бұл жол-жоба дейтініміз – мектептен бұрынғы тəрбие орындарының алдында мақсат қылып ұстаған нысаналары. Бұл нысаналар мыналар: 1. Тəн саулығы, бала тəнінің түзу өсуі. Бала бақшаларына келетін баланың көбі түрмыстың нашарлығынан һəм ата-анасының тұқым қуған аурулары бар, денсаулығы нашар, сүйек бітімі түзу емес, не көзі нашар, не құлағы нашар болады. Бала бақшасы сондай балалардың не түрлі дерті бар екенін қарайды. Бақшаның балаларын өте-мөте қарап жүретін дəрігер болады. Күн тəртібін сол дəрігер лайықтайды. Шама келген жерде бақша балаларға тамақ та береді, тілінің таза болуын қарастырады; таза, ыңғайлы киім кигізеді. Үйдің ауласының таза болуына, шаңды жоқ қылуға əр түрлі қам қылады. Балаларды сайынға шығару – міндетті жұмыстың бірі. Ойынмен басқа істейтін қызметтің бəрін шама келгенше ашық далаға шығарып, ойнатып, күн нұрының бір шашырандысы босқа кетпей, балаларға түссе екен деген тілекте болады. Отырып істейтін қызметпен жүріп, күллі денені қимылға келтіретін қызметтерді кезектестіріп істейді. Һəм күшіне тимейтін қылып, баланың денесі түзу, еркін өсуіне себеп болатын қимылдарды ғана үйретеді. Денсаулығы нашар балалар
мен жас балаларды түс кезінде төсекке жатқызып, аз ғана ұйықтатып алады. 2. Баланың сырт сезімдерінің дамуы. Көз, құлақ, тəн сезімі, иіс, дəм білу – біздің сырт сезімдеріміз. Бұлар бейне бір сыртқы денеге қатынасатын есік сияқты. Бала өзі сыртқы сезімдерінің бəрін жұмсап, естіп, көрген нəрселерін ғана анық, түзу, берік ұғынады. Бала бақшаларының жас баланың сыртқы сезімдерін артықша тəрбиелейтіні осы себептен болады. 3. Нəрсенің түсі-түгін тану. Бала бақшасында балалар көз алдындағы нəрселердің түсі-түгін, асылын танып біледі. Түрі, көлемі, түсі, қолайлы түстер, салмағы, ауданы сияқты: үлкен–кіші, алыс–жақын, жылдам–шабан деген сөздердің ашық мағынасын біліп, салыстыруды үйретеді. 4. Дене қимылын түзету. Бала бақшасы баланың өз денесіне өзі ие болып, қимылдарын түзу, сенімді, маңызды қылуға үйретеді. Ілгеріде айтылған 2,3,4 сандағы көздеген нысаналарына жету үшін бала бақшалары түрі дөңгелек, сопақ, ұзын–қысқа, биік–аласа, жұмсақ– қатты, тегіс-бұдыр, түрлі-түсті жасалған «учебный материал» деген құралдарды қолданады. Жəне дыбыс сезімін күшейту үшін музыка секілді дыбысты сай мандарды қолданады. 5.Шеберлік, жаратқыштық зейінінің көтерілуі. Ба ла бақшасының ішкі жасауы, түрлі қүралдардың көптігі һəм жол көрсетіп нұсқап отыратын білімі толық адамның қашан да даяр тұрулары баланың шеберлігін, шығармашылық зейінін гүлдендіріп, көркейтуге өзі жол ашып отырады. Шығармашылық зейіні əр адамда бірде аз, бірде көп болады. Жас балада бұл қуат күштірек һəм жас бала өзін-өзі сынап, жасқанып, бөгелуді білмейді. Неге кіріссе де батыл кіріседі. Бақша қандай түрде болса да, баланың осы қуаттарын өсіруге құралдарын даяр қылып отырады һəм балалардың басшылары да істеген істеріне артықша сабырлы, мейрімді, төзімді көзбен қарап, бұлардың көкірегіндегі зейіндерінің қандай асыл сəулелерін де тұтандырып, көркейтіп жібереді.
- Балалардың білімін арттыру. Бақша балаларының бір қамқорлығы балалардың білімін арттырып, көргенін көбейту. Қаланың кішкене балалары жаратылыс дүниесінен еш хабары жоқ деуге болады. Күннің шыққанын, батқанын олар көрмейді. Төрт түлік малды һəм егін, шөпті де көрмейді. Бұған қарсы ауыл балалары қала тұрмысын білмейді. Қаланың үлкен үйлері, дүрілдеген көшелері, от арба, телефондар жайынан да дым білмейді. Бақша балалардың төңірегіндегі үлкендердің құбылған тұрмысының мəнісін түсінуіне көмекші болады һəм көргендерінің бəріне жеңіл қарамай, ойлы көзбен қарауына жетекші болады. Адамзат тұрмысының ең зор күші еңбек ету болғандықтан, балаларды еңбектің түрлі құралдарымен таныстырады. Бала өне бойы байқап, ойлап, өзінің үй ішіндегі жақындарының істейтін қызметінің міндетін біліп, еңбекті құрметтейтін болады. Балаларға бақша жəне де почта, телеграф, вокзал, пристань (от кеме тоқтайтын орын), фабрика, түрлі кəсіп үйлері сияқты əлеумет орындарын көрсетіп, түсіндіретін болады. 7. Бала тілінің шеберленуі. Бала бақшасында баланың көзіне көрінген нəрсенің бəрін атап, сөзбен байластырып, əңгіме қылып жаттығады. Басшылары баланың тілін шолжаңдықтан, сақаулықтан қорғап, түзу сөйлетіп үйретеді. 8. Еңбекке машықтандыру. Балалар бақшада ойнап отырып, əр түрлі құрал-саймандар тұтынып, еңбек етуге машықтанады. Гүл бақшасын, жеміс бақшасын өсіріп, үйдің ішін, ыдыстарын жуып, жиып үйренеді. Өз нəрселерін реттеп ұстап, дұрыс киініп, шешініп үйренеді. 9. Адамның сезімін көтеру. Жас баланың көңілі əдемілікті, көркемдікті үлкеннен артық сүйеді. Мұның бұл сезімін күшейтіп, жайнатып, гүлдендіруге бақшаның өзінің сырты, тəрбие-тəртібі – көркем суреттер, əдемі жасалған нəрселердің жұрнақтары, əсіресе жаратылыс
дүниесіне өне бойы қатынастырып отырып, шын таза көркемдікті қолымен ұстап, көзімен көргендей қылып таныту – зор себеп. 10. Мейірімділік əдеттерін көркейту. Бақшаның тəр тіп-тəрбиесінің өзі баланың жақсы əдеттерінің беки беретін жағына қарай жүргізіледі. Бала ешқашан жалығып бос отырмайтын болып əдеттенеді. Таза, əдепті болып үйренеді. Өзінен асып, басқаның жайын да қарайтын болып əдеттенеді жəне шыншыл болып үйренеді. 11. Көпшілдік пен еңбек. Осы замандағы кеңестік Россияның қолға алып, мақсат қылып жүрген көпшіл, əлеуметшіл тұрмысы, əлеуметтік еңбек дегеніміздің балалар қатысатын бір түрі – осы бақшалары. Бақша да – жас бала ұйымының бір мүшесі. Бала сол көптің, ұйымның мінезінің ыңғайына қарай иіледі. Жалғыз отырып ойнап, өз қызығы өзінде болатын кішкене бала бірте-бірте көппен бірігіп ойнап, көптің мақсат қылған нəрсесін бұ да мақсат қылатын болады. Өзіне ғана ұнайтын жұмысты қойып, көптің міндетті жұмысына кіріседі. Мектептен бұрынғы тəрбие орындарының балаларға беретін тəрбие өнерлерін балалар сол орындардың өзінің күнбе-күн тіршілігінің қалпынан, тəртібінен өз еркімен, айдау көрмей, жаза тартпай-ақ, белгілі бір план жасамайақ бойына сіңіріп алады. Осы біздің заманымыздағы мектепке жасы толмаған балалардың тəрбие орындарының бет алдындағы мақсат қылған нысаналары – осы айтылғандар. Бұларға ту ра жеткізетін қаржының мол болуы жəне мұндай орындардың түзу, ойдағыдай жасалуы, сонда да тəрбие орындарының ішінде жандандырып, рух беріп отырған бір жан болмаса, «төбесінен алтын құйса да» еш мағына, қасиет шықпақ емес. Бала бақшаларының сол жаны, түп қазығы, жетекші болатыны – мұның басшысы. Басшы болған əйел ашық, кеңінен ойлайтын адам болса, аз дəулеттен де көп іс шығаруға шамасы келеді.
Бала бақшасының құрылысында басшы болған əйелдің сыр-сипаты көп əсер береді. Мұның себебі жас балаға жұмсалатын тəрбие құралдарының ең күштісі – алдындағы үлкеннің өз үлгісі. Сондықтан бала тəрбиешісі жылы шырайлы, сабырлы, шыншыл болуы керек. Бір сөзді де, жұмсақ та болғаны дұрыс. Балалардың тілегіне үйлес келіп, бұлардың білімінің ілгері басуына басшылық ету үшін басшы əйел өзі еңбекпен тіршілік етуі керек. Тəрбие ғылымын басшы əйел тым шұғыл қарастырып даярланбауы керек. Əсіресе, бала табиғатын тану жөнінен. Баланың міндетін, зейінін, тілегін һəм қай ретпен қадағалау дұрыс екенін біліп отыруы керек. Балалардың басқаша да үйренетіндерінің бəрін басшы өзі білу керек. Жəне ең мықты керегі – балаларды да сол қызметінде сүйіп істеп, өзіне-өзі һəм істеген ісіне де сеніп, жантəнімен кірісуі керек. Мəдениетті елдердің бəрінде, Россияда да, бала бақшаларына тəрбиеші даярлайтын айрықша басқа институттың курстары болады. Бұлар онда бірнеше жыл оқып, дəрігер, тіпті, екінші басқыш мектептерде болатын мұғалімдерден кем даярланбайды. Бірақ ойындағыдай шын ықыласымен көңілін берген тəрбиеші болсын, баланың табиғатын қарастырып отырған оқымыстылар болсын, мейлі, мектептен бұрынғы тəрбиенің керектігіне көзі жетіп, елінде шым-шытырық тəрбие орындарын жасап отырған үкімет болсын, қашан бұқара халық жас баланың тəрбиесіне есті көзбен қарап, бұл жұмысқа жұмыла кіріскенше, мектептен бұрынғы тəрбиені көркейтуге шамалары келмейді. Мектептен бұрынғы тəрбие орындары болып, еңбекшіл таптың елдегі көпшілігі болып, түсінісіп көмектессе ғана, келе-келе, мектепке жасы толмаған кішкене балалар рақаттана, шаттықта өсетін тұрмыс шарттары жасалмақ.
Екінші бөлім АНА МЕН БАЛА ТƏРБИЕСІ Сөз басы 1 Көшпелілік қазақ баласын өнер-білімнен кенде қылды. Өнер-білім кемдігінің тұрмыста ақсатпайтын жері жоқ. Қазақтың қай шаруасын алсақ та, бəрі көңілдегідей емес. Соның ішінде, əсіресе, бас көтертпейтін ауырлық – əйел тіршілігінде. Əйелдің ежелден еншісіне тиген кең дəулет – бала көтеру, бала өсіру. Осы міндетін орындау жолында біздің əйел толық қараңғыны қармалауда. Əйел – ел анасы: ел бастайтын ерлер, данышпандар əйелден туған, əйел тəрбиесімен өседі. Бірақ, біздің əйеліміз елді өсіретін, көркейтетін ана бола алмай келеді. Неге? Біздің əйелдеріміз шетінен дертті, бəрінің «баладан қалған желі бар». Əйелдің баладан өлуі тіпті көп. Біздің əйелдің бала көтермейтіні жəне көп. Екі қатын-үш қатын алғандардың бəйбішесіне қоятын «кінəсы» баласыздық. Біздің əйелдің асыраған баласына келсек, баланың ауруы тіпті есепсіз. «Ит тиді», «Тіл тиді», «Мешел», «Қотыр», «Құныс», тағы-тағылары толып жатыр... Баланың өлімін есепке алғанда төбе шашың тік тұрады. Бір жылда туған баланың жүзінен елуі (жартысы) өледі. Демек, өтірік болмаса керек, «Баламыз тұрмайды» деп көрінген əйел зарлайды. Əйел тіршілігіндегі мұндай суық суреттердің, ең үлкен себебі өнерсіздік, оқымағандық дедік. Бала өлімін есепке алып, көп өлудің себебін іздегенде– дəрігерлердің тапқаны осы. Оқу-өнері жоғары елдерде, 1 Құлжанова Н. Ана мен бала тəрбиесі. Қызылорда, 1927.
мəселен Норвегияда, туған жүз баланың 7-уі өледі. Оқуөнері нашар біз сияқты елде 100 баланың 50-60-ы өледі екен. Бұл біздің туған балаларымыздың жартысы өліп отырған болып шыққаны. Екінші – оқыған əйелдерден оқымаған əйелдердің балалары анағұрлым көп өледі дейді. Мұның шешуі мынау: оқыған əйел, балгер, əулие, молдаға сенбейді. Надан елдің ырымына сенбейді, ғылымға сенеді. Бала көтерген кезінде, бала өсірген кезінде көңілінде бір күмəны болса, ғылымға сүйенген дəрігерге, акушеркаға қаратады. Ең болмаса өзі ғылым кітаптарын оқиды. Ақылды содан іздейді. Қітап əйелдің жүкті кезінде, босанған əйелдің бала өсірген кезінде ненің пайда, ненің залал екенін соқырға таяқ ұстатқандай қылып айтып береді. Сөйтіп, оқыған əйел жайшылықта көзге көрінбейтін көп кемшіліктен сақтанатын болады. Бала тумаудың екінші бір маңызды себебі – ананың жастығы. Бізде 13–14 жастағы əйел бала қатын болып, бала көтереді: бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған, аналыққа денесі де өсіп, толмаған «баладан» туған бала не адам бола алсын?! Өзі де дертті болады. Баласы да тұрмайды. Оқымыстылардың айтуы: 18-ге келмей – қыз, 18-ге кел мей жігіттің үйленуі көбінде нəсілсіздікке, тұқымының азуына себеп. Кеңес өкіметі де осылай деп заң шығарып отыр. Жəне ер мен əйелдің тең болмауы да тұқым азуына үлкен себеп болады. Үшінші себеп – біздің еркектер əйелдің аналық қасиетін құрметтей алмайды. Жүкті əйел жатып қалғанша, үй шаруасының бəрін бір өзі басқарады. Оған бір кеңшілік жоқ. Ең арғысы ұрып, соғудан да кұтылмайды. Ел еркегі буаз малды жүкті əйелінен артық қадірлейді. Əйткенмен, жаланың бəрін көшпелілікке аударып, жылай бермей, осы сияқты нашар əдеттерден сақтандырып, өз
шамамызша аналықтың түзу жолын көрсету ниетімен, ел əйеліне арнап осы кітапты жазып отырмыз. Əйелдің дене құрылысы қандай болады, бала қалай бітеді, қалай туады, əйел босанған кезде қалай күтінуі керек? Жаңа туған баланы қалай тəрбиелеу дұрыс, баланың тамақтандыру тəртібі қалай болу керек? Кітапшада жазылған сөздер осы. Емшек баласы мен əйел аурулары бөлек кітапша болғаны лайық болар деп, бұл кітапшаға осындай бөлім кіргіздік». Жазушы дəрігер емес, бұл кітапшаны жазғанда қолданғаны – орыс тіліндегі оқымысты дəрігерлердің кітаптары жəне, өзі қазақ əйелі болғандықтан, елде көрген, өз басынан кешкен тіршілік тəжірибелері. Біздің əйелден де жаңа болып келе жатқан жас дəрігерлеріміз осы күні жоқ емес. Солар толық ғылым тіліне сүйеп, əлі талай кітаптар жазар. Біздікі – көзге түрткендей кемшіліктерді көрсетпей, шыдап жата алмағандық. Елде оқыған əйел жоқтың қасы. Біздің үмітіміз – баланың қызығына ортақтас ерлердің оқып, үй іші болып ақылдасып отырып, пайдаланар дедік. Екінші – ел тəрбиесінде жүрген түрлі қызметтегі азаматтар, əсіресе мұғалімдер, сауат ашқыш мектептерінде, оқу үйлерінде, əйел жиылған жерлерде толықтырып, түсіндіріп оқыр дедік. Жəне, тағы, жастар ұйымының мүшелері елге шыққан əйел қызметкерлері бар, реті келген жерде қалың ел əйеліне оқып, түсіндіріп жеткізе беруді өздеріне міндет көрер дедік. Ел əйелі өзі оқығанда да түсінуіне жеңіл болуын көздедік. Дертті емдетуден бұрын дерттен сақтану керек Əйел адамның мойнындағы бала көтеру міндеті əйелді басқадан гөрі əр түрлі дертке бейімірек тұрғызады.
Əйелдің дене құрылысы да еркектен өзгерек болады. Жүкті болу, босану, айлық, бала емізу сияқты қызметтер тек əйелге ғана тəн, өзгеше ауыр қызметтер. Əйел сондай кездерінде өзін-өзі күте білмегендіктен, күні бұрын сақтана білмегендіктен, неше түрлі дертке ұшырайды. Бұл дертке ғылым «əйел дерттері» деп ат қойды. Ғылым бұл дертті қарап, емдейді. Бірақ ғылымның айтуы – əйел дерттерінен емделгеннен де басынан сақтанып, дерттенбеу оңай дейді. Бұл əйел ана болғандықтан, əйел дерті деген тағдырда жазылған, қашып құтыла алмайтын нəрсе деп түсіну қате, жүкті кезде, босанған кездерінде əйел өзін-өзі күте білсе, əуел бастан сақтана білсе – əйел дертті болмай-ақ, таза болуына болады деген сөз. Əуелден күтіну, сақтану деген сөздің асыл мағынасына түсініп, шын сақтана білу үшін əр əйел денесінің құрылысын, бала қалай бітеді, қалай туады, жүкті кезде, босанған кезде денесінде қандай өзгерістер болады – осыларды анық түсінуі керек. Біз де осы жолды ұстап, ең əуелі əйелдің дене құрылысында жыныс мүшелері деген не екенін қысқаша түсіндірмекпіз. Əйелдің жыныс мүшелері Адамның денесінде де, малдың, хайуанның денесінде де жыныс мүшелері болады. Бұл мүшелер адамда болғанда, адамның еркек, ұрғашы екенін айырып, өсіп-өну қызметін атқарып тұрады. Ғылым бұл жыныс мүшелерінің көзге көрініп тұрғандарын сыртқы мүшелері дейді. Əйелдің сыртқы мүшелер дейтіні жыныс мүшелерінің ішкі, сыртқы екі қабат езуін, ішкі езуін, жыныс саңылауын қоршап тұрады. Жыныс саңылауы жатыр жолының аузында болады. Баланың дүниеге келетін жері осы. Жатыр жолы бала туар кезде созылып, кеңейіп тұрады.
Ішкі жыныс мүшелері əйелдің ішінің төменгі жағында, жая мен жамбас сүйегінің біріккен ұясында жатады. Бейне қорған ішінде жатқандай. Жаяның ортасында «жатыр» деген əйелдің жыныстығының ең бас мүшесі жатады. Жатырдың үлкендігі бала көтермеген əйелде тауық жұмыртқасындай, бала көтерген əйелде одан үлкенірек қаз жұмыртқасындай болады. Пішіні – бір жағы домалақ, енділеу, бір жағы жіңішке, ұзындау келеді. Ғылым енді жағын жатырдың денесі деп, ұзын жағын мойыны дейді. Жəне əйел түрегеліп тұрғанда, жатырдың денесі жоғары сыртына таман, мойыны төмен, алға таман тұрады. Жатырдың сыртқы денесі қалың, тығыз, ортасы ашық, бос болады. Жатырдың екі жағын, алдын, жоғары жағын кең ет бүркеп тұрады. Кең ет іркістеніп, жалбырап, шеттері жаяның ішкі жағына жабысып тұрады. Жатыр бейне соған ілулі тұрған сияқты. Жатырдың жоғары, оң жағы мен сол жақ бүйірінен тұқым жолы деген екі өзек шығады. Өзектің əрқайсысының ұзындығы екі бөлшектей, жуандығы қарындаштай, үш жағы шашақтанып, жалбырап бос тұрады. Екі өзектің жалбыраған ұштарының астында жатырдың екі жағында бір-бір тұқым безі тұрады, үлкендігі жаңғақтай. Тұқым безінің іші толған жетілмеген тұқымдар болады. Екі бездің ішінде жетілмеген тұқым жүз мыңнан астам болады. Бұл тұқымдардың бір жылдың ішінде он үш шамасындағысы толып жетіледі. Тұқымның толып жетілуіне бір ай шамасы керек. Жетілген кезде қабы жарылып, тұқым сыртқа шығады. Безден шыққан тұқым, тұқым жолының жалбыраған ұшымен сол жолға түсіп, онан жатырдың ішіне түседі. Тұқым жолы болатыны осы себептен. Енді айтылып өткенді қорытқанда, əйелдің жыныс мүшелері мынадай болады: жатыр, екі тұқым жолы, екі тұқым безі жəне жатыр жолы. Бұларды өсіпөну мүшелері десек те түсініктірек болар.
Айлық (Менструация) Əйел баланың балиғатқа толғандығының белгісі тұқым бездерінің ішінде тұқымдар толып, жетіле бастайды. Жатырдың айнала іші бұрын тегіс, жылтыр болса, енді босаң тартып, бөрткен сияқтанады. Тұқымдар жетілген сайын жатырдың ішкі беті ісініп, қандана бастайды. Сөйтіп тұқымның толып, пісуімен қатар жатырдың қабындағы қан ішіне кұйылып, мойнына келіп, ұшындағы кішкене саңылаумен сыртқа шығады. Əйелдің «етегім сынды», «айлығым келді» дейтіні осы. Айлықты ғылым тілінде «менструация» дейді. Менструация ең əуелі 14 пен 16 жастың арасында басталады. Сол уақыттан бастап əйел бала балалықтан шығып, əйелдікке бейімделе бастайды. Бұл – əйел баланың өмірінде үлкен де ауыр өзгеріс. Сондықтан бұл уақыттың ішінде əйел баланың мінезі, қалпы да өзгеріңкіреп, ашуланшақ болып, ұрт мінездік қалып пайда болады. Ол кезде өнер-білім, оқу жағы да баяулау тартады. Сол уақыттан бастап əйел бала бала көтеруге жарайды. Бірақ денесі əлі тым бала, тым нəзік, бекіп, қатып жетпеген. Бұл кезде көтерген баланың толық балалыққа сəні кем, көбінде адам болмайды. Анасы да дертті болады. Бұл тек еркектен басқаланып, əйелдік аналыққа бастайтын кезі. Менструацияның тоқталатын кезі əйел тоқтасып, жасы 45–50-ге келген кезде. Сол уақыт əйелдің баладан тоқтайтын кезі. Менструация түзу келгенде, бір айда бір рет, төртбес күннен артпауы керек. Жəне сау əйел ол уақытты ауырламайды. Менструация себепсіз тоқталып, мезгілінде келмесе, болмаса төрт-бес күн орнына тым ұзаса, ауырлатса, ол əйел науқастанған болуы керек. Сол күйін де ұзатпай, бақсыға қаратқанды қойып, абысынажынның ақылын жəне қоя тұрып, шама келген жерде
оқы ған дəрігерге қарату дұрыс. Болмаса акушеркаға қара ту керек. Менстурация уақытында аса сақтанатын нəрсе кірден сақтану керек. Жатырдың ішкі беті ол уақытта нəзіктеніп тұрады. Жəне жатырдың мойны ашылып, тозаң, кір аса үйір болады. Кірден, тозаңнан жатыр əп-сəтте дертті болады. Етек сынған уақытта, сол себепті əйел жыныс мүшелерін күніне екі-үш қайтара жылы сумен жуып, таза шүберекпен байлап жүруі керек. Бұған əдейі арналып істелген баулы шүберектер болуы керек. Кеміне алты болсын, жуып алмастырып тұруға жақсы болады. Қаттықатты суықтардан, артық ауыр жұмыстан сақтанған дұрыс. Бірақ жайшылықтағы қызметті тоқтатудың қажеті жоқ. Менструация кезінде ерімен қатынасу əйелге үлкен зиян келтіреді. Əйел баланы бастан дұрыс, еркін бағу керек Əйел баланың ілгеріде ана болатындығы аналарына мəлім, соны аналары қашан да есінен шығармауы керек. Əйел баланы кішкене, балиғатқа толмаған кезінен-ақ тəртіпті, таза тұрмысқа əдеттендіріп, денсаулығының қамын ертеден ескерген дұрыс. Мəселен, бала жасында мешел болған əйелдің жағы қушық болмақ. Ондайда əйел қатты қиналып босанады. Тіпті босана алмайтыны да болады. Сондықтан, əсіресе, əйел баланы мешелдіктен сақтау керек. Орынсыз «ұятпен» бүркеп, əйел баланы надан қылып өсіру кешірілместей кемшілік. Біздің қазақта жəне біз сияқты надан халықта əйел баланың төсі білінгенін «ұят» деп есептегендіктен, əйел бала көкірегінің көтерілгенін білдірместей қылып, тартып, таңып тастайтын əдет бар. Жəне 14–15-те əйел бала айлыққа кездеседі деп ілгеріде айтып өттік. Біздің балалар мұндай жұмысты болып қалғанда ғана біліп, болмаса надан жеңгелерінен біліп, шошынып,
қатты қапада болып, бала бір айыпты болғандай болады. Ол кезде бар күшін сол «айыбын» шешесіне білдірмей, жасыруға жұмсайды. Жоғарыда айтылған тазалық шарттарынан түк хабары жоқ, ұрланып жүріп істегенінің бəрі бүтін өміріне із қалдыратын зиян. Ойлап қарасақ, бұл табиғаттың заңына қарсыласқандық болады. Толықсып өсіп келе жатқан балдырған ағаштың өсуін тоқтатам деп басын тұқырып, бойын күннен жасырған есепті. Онымен ол ағаш өспей қоймайды, бірақ нашар, қисық өседі. Əйел бала да сол сияқты, табиғатына қарсы əдеттерден денсаулығы бұзылады. Ана болуға бейімделіп келе жатқан табиғаттың балаға қорек келтіретін мүшесі жоғалып кете алмайды. Тек кем, нəзік болып өсіп, түбінде дертті болмақ. Көкірек ауруға да бұл үлкен себеп. Өзіне де, болашақ нəсіліне де зиян. Жəне 11–12 жастағы əйел баланы сарылтып, іске қадалтып қою баланың денсаулығына үлкен зиянды əдет. Бала көп ойнап, еркін өсуі керек. Арақ, шылым, насыбайдан ерте бастан тию керек. Соз, жіңішке ауру сияқты жұқпалы дерттер болатыны əр анаға белгілі. Ғылымның көрсетуінше, ол дерттер денесін, мінез-құлқын таза ұстай білмеген адамға оңай жұғады. Бұл дертке шалдыққан əйел нəсілсіз болып, өзі жарымжан – кем болмақ. Осының бəрін əйел баланың құлағына сіңіріп, ерте бастан түсіндіре беру бала асыраған əйелдің мойнындағы зор міндетті парызының бірі болуы керек. «Ұлы сөзде ұят жоқ» деген аталарымыздың сөзі, сол «ұлы сөз» осы. Əйел балаға есі кіре бастағаннанақ алдындағы əйелдік міндеттерін түсіндіріп, денесін таза сақтап, қорғалатпай, еркін, түзу тəрбие беру – ана біткеннің ұлы қасиетті міндеті. Жүктілік Тұқым безінің ішінде пісіп жеткен тұқым адам баласының тіршілігінің басы болып табылады. Күллі
тірі жанның тірлігі сол түйіршік тұқымнан басталады. Хайуан да, адам да ең баста тұқымнан жаралады. Бірақ қайсысының да жаралуына əйел тұқымынан басқа жəне еркек безінің дəні керек. Еркектің ол ішкі жыныс мүшелерінің ішінде тұқым безі болады, дəн сол безден шығады. Баланың бітуіне сол, əйелдің тұқымы мен еркектің дəні екеуі бірігіп шағылысуы керек. Еркек əйелмен қатынасқанда, еркектің мүшесінен жатыр жолына сұйық жалқаяқ құйылады. Сол жалқаяқтың ішінде неше миллион көзге ілінбейтін, жібектің талындай жіп жіңішке, үлкейтіп көрсететін микроскоп деген ғылым трубасымен карағанда көрінетін, еркектік дəн жүреді, дəннің бір ұшында көзге ілінбейтін сақина сияқты ілмегі болады. Оны ғылым басы дейді, жіңішке жағы сабағы болады. Бүтін дəнді ғылым «сперматозоид» дейді. Біздіңше, дəн сабағы, яки еркектік дəн десек болады. Осы дəн сабақтары кезкелген саңылаудан өтіп кете береді. Сөйтіп жатыр жолынан тұқым жолына түсіп, онан жатырдың ішіне кіреді. Əйел тұқымы жетілген кезінде тұқым жолына келіп, онан жатырға барады дегенбіз. Сол тұқым жолының ішінде көп дəн сабағының бірі əйел тұқымымен шағыласады. Сол біріккен қалпымен жатырға түсіп, бекиді. Суретте əйел тұқымы дөңгелек, үлкен, еркек дəні кішкене көрінеді. Ол түсінікті көрсету үшін үлкейтілген, дұрысында, əйел тұқымы тарының бір бүршігінен де кішірек болады. Еркектің дəні көзге ілінбейді. Жəне əйел тұқымы біреу болса, еркек дəні көп болады. Əйел тұқымына қосылуға таласып, жармасып жүргендей болады. Тұқымға дəннің тек біреуі ғана қосылады. Сол еркектің дəнінің барып тұқымға шағылысуы бала біткендігі болады. Сол кезден əйел жүкті болады. Болмаса «жүкті», «екі қабат» болды дейді.
Тұқымның өсуі Шағылысқан тұқым жатырдың ішіне барып, жатырдың қабына жабысып, тамырланады. Жерге шыққан шөп сияқты, тұқым шешенің денесінен сол тамырлар арқылы тамақтанбақ. Еркектің дəні шағылысқан тұқым жатырдың қабына жабысқаннан былай қарай бірте-бірте өзгере бастайды. Тұқымның ішінде əуелде (кұстың жұмыртқасындай) бір уыз болса, ол аздан соң екіге бөлінеді, екеуі төртке бөлінеді, төртеуі – сегізге, онан – он алтыға, сөйтесөйте, сансыз бөлініп, көбейе бермек. Адамның бейнесі, мүшелері өсе келе, осы айтылған сансыз түйіршіктерден құралмақ. Тұқымның жабысқан жерінде бара-бара баланың жолдасы өседі. Жолдас дейтініміз – жатыр арқылы дененің қанын сорып, жиып алып, іштегі баланың мүшелеріне таратып, қоректендіріп отыратын көп тамырлардың ұясы. Бала жолдасына кіндікпен байланады. Қіндік арқылы ананың қан сөлімен қоректенеді. Ананың тамырларын аралап отырып, денесін коректендіретін қан іштегі баланың тамырларын аралап, əрі тыныс береді, əрі денесіне тамақ келтіреді. Бала туғанша қағанақ ішінде, төңірегінің бəрі сумен қоршаулы жатады. Бұны қағанақ суы дейді. Бала судың ішінде еркін қимылдап жатады. Қимылынан өзіне де, шешесіне де артық залал келмейді. Себебі, төңірегіндегі қағанақ суы дегеніміз қорғап тұрады. Іштегі баланың өсуі тым тез. Суретке қарасақ, əуелде құрт сияқтанған тырнақтай нəрсе күн сайын өсіп келіп, бірте-бірте адам мүшелерінің белгісі пайда болып, екі айдың ішінде адам бейнесі түгел кіреді. Төрт айда мүшелері түгелденіп, балаға жан бітеді. «Бала қимылдайды» дейміз: бұл 4, 5 ай шамасы. Əуелгі айдың аяғында баланың ұзындығы 16 см (16 елі шамасы) болса, туар кезінде, 9 айға еркін толғанда, бала
кəміл жетіліп, ұзындығы 50 см, түсініктірек айтқанда, 11 бөлшек болады. Салмағы 8, 5 қадақ шамасы. Жеті айдың бітісіне бала дүниеге келсе де, артық тəрбиемен тірі қалуы мүмкін. Бала өскен сайын жатыр да созылып, үлкейе береді. Сондықтан екі қабат əйелдің іші де созылып, үлкейеді. Алғашқы, кішкене, кезінде іштегі бала қалай болса солай қозғалып, аударылып, төңкеріліп жатады. Көбінде тігінен жатады. 5 айдан былай қарай бала үлкейіп, көп аударыла алмайды. Аяқ-қолын жиып алып отырған адам сияқты қалыпта болады. Бала тууға жақыңдағанда, сол қалыпта, тек басы төмен қарап жатады. Туатын бала «оңынан келді» деп осындай қалыпты айтады. Іштегі бала толық жетіліп, тууға жарайтын болған соң, ананың ішінде жата алмайды, бала туады. Əйелдің жүкті уақыттағы қалпы жəне сол кездегі тəрбиесі Осы туралы аз ғана айтып өткенбіз. Жүкті уақытында əйелдің жатыры өсіп, созылады дедік. Тек жатыры ғана емес, ол уақытта əйелдің басқа мүшелері, күллі дене қызметі өзгеріледі десек те болады. Бір өзгеше тіршілікке кірісетін сияқты. Мəселен, тұқым бездерінде жаңадан тұқым өсіп, пісуі тоқталады. Жаңа тұқымның керегі жоқ болады. Сондықтан əйелдің айлығы да тоқталады. Бұрын іштің төменгі жағында, жаяның ішінде ғана жатқан жатыр жүкті кезде үлкейіп, бұрынғы орнына сыймай, жоғары көтеріліп, ішті созып, үлкейтіп жібереді. Əйелдің басқа жыныс мүшелері де өспегенмен ісіп, елжіреп, нəзіктеніп тұрады. Емшектері де ісініп, үлкейіп, кейде екінші айға қарағанда сығып, аздап сүт шығаруға да болады. Бала туар кезінде əйелдің емшектерінен өне бойы сүт көрінетін болады. Жатыр өскен сайын төңірегіндегі қуық, ішек, бауыр, талақ, асқазаны, жүрек сияқты мүшелердің бəрін қысып тығыздайтын болады.
Қуық іштің төменгі жағында жатырдың алдында болады. Дəрет көп жиылғанда қуықтың созылатын қалпы бар. Балалы жатыр қуықты басып, еркін созылуға келтірмейді. Дəретті көп жиылдырмайды. Жүкті əйелдің соңғы айларында дəретке жиі отыруының себебі осы. Балалы жатыр осы сияқты ішекті де қысады. Онда да көп жиылған дəреттің қысылған ішекпен жүруі қиын болып қалып, ішті де, жатырды да ауыртады. Ол əйелге зиян келтіреді. Сондықтап жүкті əйел ішін қатырмай күн сайын жүргізгені дұрыс. Айы жақындаған кезде жатырдың бауыр, талақ, жүректі қысқандығынан əйелдің тынысы тарылып, дем алысы да ауырлайды. Іштегі балаға керек қорек ауа шешенің қанынан келеді дедік. Сондықтан бала өскен сайын ананың өкпесінің, жүрегінің, басқа мүшелерінің де қызметі артып, жүкті əйелге жайшылықтағыдан гөрі артығырақ ауырлықтар түспек. Осы себептен айы жақындаған əйел ауыр қара жұмыста болса, онан да артық нашарлап, күші кеми бермек. Бұл жүкті əйелдің өзіне де, балаға да залал. Дəрігерлердің байқауынша, айы жеткен кезде ауыр қызметтерден босап, тыныққан əйелдердің тапқан балалары толық болып, аүру-сырқаудан аулағырақ болған. Жəне ондай əйелдер көп қиналмай босанған. Жүкті кезі – əйелдің артық сақтанып жүретін кезі. Ұзақ ауаға шықпау əсіресе таулы-тасты жерлермен жүретін болса, ауыр жүк көтеру, егін ору, тары түю, жүк арту, аяқ машинамен салынып іс тігу, қысқасы, жүкті əйелдің денесіне, əсіресе іш жағына күш түсетін жұмыстардың бəрінен сақтану керек. Оның бəрі зиян. Ішке күш түскеннен жатырға жабысқан жолдас орнынан айрылып, қозғалып кетіп, мезгілінен бұрын тітіреніп, қан көрініп, бала түсуге мүмкін (жеті ай өтіп те осылай туған баланы айтамыз). Түсік үйреншікті болып кететіні де болады. Сондықтан бұрын болған мерзімді уақытында түсіктен аса сақтанған дұрыс. Жүкті əйелдің іші ауырып, қан көрінуі – түсіктің анық белгісі. Қан көріну кейде бірер
күн шалқасынан төсекте жатумен де заласыз өтіп кетеді. Мұнда да, қан көрінсе-ақ, жүкті əйел төсекте жатып, бар жерінде дəрігерге көрінуі дұрыс. Жүкті уақытында əйелге сақтану керек дегенде, мүлде отырып ал деген сөз емес. Күнбе-күнгі үйреншікті жұмысының бірінен де қалмауы керек. Қүшіне тимейтін қимыл іштегі балаға да, шешесіне де пайдалы. Əйелдің денесі бекиді. Денесі күшті болса, толғағы жеңіл болып, оңай босанады. Жұмыстың бір шарты – таза ауада болу. Ішкі мүшелері қысылғандықтан, тынысы тарылып жүрген жүкті əйелдің өзіне қаншама толық таза ауа керек болса, іштегі балаға да сонша керек. Бала ананың қанынан қорек алады дедік. Сол қанды жұғымды қылып, тазартып отыратын тыныспен барған таза ауа. Жүкті əйелдің басы айналатын, жүрегі айнитын əдеттері болады. Сол уақытта даланың кең ауасына шығып жүрсе, бəрі басылады. Таза ауаның қуаты осындай. Жүкті əйелдің тағы бір қарастыратын нəрсесі – бойын таза сақтау, əсіресе, жыныс мүшелерін таза жылы сумен күніне екі рет жуып жүруі керек. «Іш дəрет алу» дегенді тазару деген толық мағынамен тұтыну керек. Жетіде бір рет жылы суға шомылу əдет болуы керек. Артық ыстық моншаға түсу, ыстықта шабыну жүкті əйелге залал. Жеңіл, жылы моншаға жуынып жүру пайдалы. Соңғы айларда емшек ұшын күн сайын суық сумен жуып, құрғатып, сүртіп жүрген жақсы, бала емізгенде жарылмайды. Жүкті уақытта естен бір шығармайтын нəрсе – ерімен қатынасуды сирету керек. Балалы болу еркек пен əйелге бірдей жақын нəрсе болғандықтан, əсіресе еркек қатты ескеруі тиіс, ерімен қатынасу тілегінің тым тиюсыз болуының залалы – əйелдің жатыры тітіркене бергеннен бойы бұзылып, бала түсуге себеп болмақ. Əйелдің жүкті кезінде денсаулығында артық өзгеріс болмауы керек. Қайта, кейбір, əшейінде жүдеу əйелдер жүкті кезінде дөңгеленіп, түзеліп кететіні болады. Көбінде жүктіліктің бастапқы айларында əйелдің жүрегі
айнып, құсатын əдеті болады. Сол уақыттарда «жерік болу» деген бір қалып жəне болады. Бұның бəрінің негізгі себебі əйелдің мінезі, тұрмыс қалыптарынан болуға керек. Бала бітіп, өсіп келе жатқанда жатырдың, іштің өсуі, жүрек сияқты мүшелерді қысуы, əйелдің көңіліне сезімсіз кетуі мүмкін емес. Əйел ауырмайды, сырқамайды, тек жүрегі бейтап болып, тынысы кеткен соң не ішіп, не жерін білмей, еркелеген балаша жоқ нəрсені іздейді. Қалалы жердегі қазақ əйелі құртқа жерік болады. Қалада құрт жоқ болады ғой. Кейбір əйелдер қасқыр етіне, аю етіне жерік болады деген сөздер бар. Бəленше қайнағаның үйінің сүріне жерік болатын келіндер көп болады. Қайнағаның үйінен ет сұрату келінге оңай жұмыс емес қой. Осының бəрі көбінесе əуезе болып кеткен нəрсе деуге болады. Оның үстіне біздің ел əйелі өмірінің көбін отырумен өткізетін əдеті. Əрі ауасы тығыз жел қақпаған үйде отыратындығы себептердің үлкені болса керек. Қалайда жүрек айну, жүрек толу жүкті əйелге міндетті нəрсе емес. Күніне бір-екі мезгіл – қыс болсын, жаз болсын бірер сағат далада жүріп қайтуды əдет қылумен жоғалатын мінез. Жүкті əйел жайшылықтағы қызметін, тұрмыс қалпын өзгертудің де қажеті жоқ дедік, сол сияқты ішіп жүргеи тамағына да өзгеріс кіргізудің қажеті кем. Тамағы тоқ болуы керек, жəне тұзы кем болмағаны дұрыс. Өткір ащы, бұрыш, горчица, сірке суы сияқты тамақтарды кеміткен дұрыс. Арақ, сырадан мүлде сақтану керек. Қымызды жайшылықтағы үйренген қалыпша ішуге болады. Дəрігер айтпаған жерде дəрі ішуден қатты сақтанған дұрыс. Дəрілердің баланы түсіруге себепші болатыны көп болады. Соңғы ішін үлкейтіп, ауырланған айларда, ішті енді, жалпақ белбеумен буып жүрсе, сүйеу болады. Бірақ қыздырып, қабат-қабат байлау жақсы болмайды. Біздің қазақ əйелінің жүкті кезінде аса сақтанатын нəрсесі, бір ауырлық пайда болып, қан көрінсе, аяқтары ісіп, құсу жиілегендей болса, абысын-ажынының
ақылына ермей, бақсы-балгерге басын əурелетпей, шама келген жерде оқымысты дəрігерге қаратуы керек. Қаласы бар жерде əйел қарайтын дəрігер əйел «акушерка» болмай тұрмайды. Шақырғанға келу – олардың міндеті, жүкті əйел еш жері ауырмаса да, білгір дəрігерге көрінуі артық болмайды. Дəрігер əйелдің өзі сезбеген ауруын біліп, асқындырмай, ем істеп, қанша бейнеттен құтқаруы мүмкін. Босану Іштегі бала толық жетіліп, дүние жүзінде тіршілік етуге жарайтын болған кезде, бала да іштен шықпақ болып талпынады. Əйелдің ішкі жыныс мүшелері де баланы сиғыза алмай, айдап шығармақ болып, тітіркеніп, жатырдың қабы бір жиырылып, бір жазылады. Толғақ дейтініміз – осы. Бала біткеннен тоғыз ай өткен соң, тумақ «бала бітті» деп жүктіліктің алдындағы əйелдің айлығының ең соңғы таусылған күнін айтамыз. Жүктілік есебі числомен санағанда, сол күннен басталып, тоғыз ай толып, оныншы айдың 7-іне, не болмаса онына барады. Босану уақытын тап тағайындап айту қиын, бірер күн ерте, бірер күн кейін бола береді. Бірақ, түзу есептегенде, бір əйелдің тұңғышына босанғандағы күн саны мерзімді үйреншікті болып кетеді. Мысал үшін алайық: бір əйелдің айлығы күзге салым, августың 10-ында тоқтаса (сол күнді ұмытпаса), ол əйел жазғытұры майдың 17–20-сы кезінде босанбақ. Бала туардан он сағат, он бес сағат бұрын толғақ басталады. Тұмса, əйелдің (бұрын бала таппаған) толғағы ауырырақ жəне ұзағырақ болады: 15–20 сағат шамасы. Босанып жүрген əйелдің толғағы жеңілірек болады. Толғату, босану белгілі табиғат заңы болғанымен, əйелдің өздері айтқандай, «бір өліп, бір тірілетін кезі». Адамнан адам шығу оңай ма?
Ол рас, толғақ басталғанның белгісі – іші ауыра бастайды, жайдағыдай емес, түйіліп, ащы ауырады, толғақ əуелі жайлап бастап, күні бойына жүріп, кейіннен сағат сайын жиілете бастайды. Толғақ жиілеген сайын іші ащы ауырып, келе-келе, бала жатырдың мойнына келіп тығылады. Бір ащы толғақпен жатырдың мойны созылып, баланың басына орын береді. Жатырдың мойны кеңейген кезде баланың қағанағы жарылып, суы құйылады. Қағанақ жарылғанда баланың басы суланып, шығуы оңайланады. Ащы-ащы толғақтар айдап келіп, баланың басын жатырдың мойнынан шығарып, алдындағы жатыр жолына əкеліп тығады. Аз ғана тыныстаңып, тағы онан да ащы толғақтар алдағы жатыр жолын кеңейтіп, жыныс мүшелерінің ішкі аузына келтіріп, үлкен қиындықпен сыртқа шығарады. Баланың басы туғанда əйел үлкен тыныстап қалады... Кеуде мен бөксенің тууы оңай. Жеңілдеу екі толғақ. Баланың ең үлкен жері басы болғандықтан, басының тууы өте қиын. Көп күш керек болады. Əйелдің «жаны көзіне көрінетін жері» сол. Кейде басы аса үлкен болып, қысылғаннан сопайып, бас сүйектің жігі айқасып кететіні де болады. Бірақ, ол кейін өзінен-өзі түзеліп кете береді. Дүниеге толық келгендігін бала айқаймен білдіреді. Туған соң да əлі баланың шешесімен «кіндігі бір», кіндік кесіледі. Кіндіктің кесуінде үлкен мəн бар. Баланың денесіне тым жақын кесілсе, бала қансырап қалуы мүмкін. Сондықтан кіндік түбінен төрт елі аулақ жерден, таза, күн бұрын қайнатылған жіппен байланады (дұрысы, білтедей болып, мақтадан болмаса шүберектен ширатылған болсын). Онан үш елі аттап тағы байланады. Сөйтіп, екі байлаудың ортасында суға қайнатылған таза өткір пышақпен болмаса қайшымен кесіледі. Сонымен бала шешесінен анық бөлінеді. Баланы кіндік кескен жəрдемші əйел таза шүберекке, көрпешеге жылы орап, жастық үстіне жатқызып қойып, əйелдің өзін
бағады. Кіндіктің бір ұшы жолдасына байлаулы болу керек қой. Сондықтан бір жарты сағат тыныстап тағы бір-екі жеңіл толғақ жолдасын айдап шығарады. Жолдастың түсуімен жүкті əйел босанып болған болады. Босану – табиғи іс дедік. Оған ешбір зорлық, жəрдем керек емес. Малдың жəрдемсіз, өзі балалауы адамға мысал, өнеге болуы керек. Ілгеріде айтып өттік, əйелдің денесі əуелден балалы болып, баладан босануға ыңғайланып жаралған. Толғақ уақытында əйелді жат, тұр деп зорлаудың керегі жоқ. Еркі білсін. Аса ауырламаса, түрегеліп жүрген де жақсы, қағанақ жарылып, суы кеткен соң жатуға болады. Жатқанда бір тыныстап, бір зорланып толғатумен бала өзі туады, толғақты тығыздату қате. Ішін басып, сығып, қол салу кешілместей күнə. Əсіресе, арқанға асып, тез тумады деп белінен қысып тарту арқылы толғаттыру – санасыздықтың белгісі. Жыртылып, жараланбас үшін, баланың басы туарда толғатқан əйелдің қасында болуға даярланған əйел жыныс мүшелерінің сыртқы ауыздарын демеп ұстай бергені дұрыс. Кіндік кесілген соң, жолдасы жағындағы ұшын бос ұстай тұрған дұрыс. Бала сияқты, жолдасының түсуіне де ешбір зорлық керегі жоқ. Мезгілі жеткенде өзі түседі. Жарты сағат, не бір сағат шыдап күту керек, кіндіктен тарту жарамайды. Тартып түсіргенде, жолдасы түгел түспей, қалғаны болса, қанның көп кететініне себеп болып, əйел дертті болмақ. Сағаттан асқанша түспесе, сонда дəрігер іздеу керек. Елдегі бақсы емес, оқымысты, ілімді, дəрігер не акушерка. Жолдасы түспеуі сау əйелде тіпті сирек болатын нəрсе. Болған жерде сабырсыздық, надандықтан болады. Босанғанның артынан «жел толғағы» дейтін толғағы болады. Қөбіне босанып жүрген əйелде болады. Оның қорқынышы жоқ, созылған жатыр қайта орнына түсер:де, жиырылып, тартылғаннан болады. Əйелдің баланың артынан дертті болып, «албасты басып»,
«марту басуларына» үлкен себеп болатын – ел ішіндегі, жолдасы тез түспеген əйелге ерінің тізесінің кірін езіп ішкізу сияқты, лас қолын салып, тартқан сияқты əдеттер жəне босанған əйелдің астын таза ұстамаушылық. Тартып алған жолдастың іште қалған үзігі, астындағы біріне-бірі қосылып жатқан қан, бəрі шіріп, иістеніп, əйелдің бойын қыздырып, есін аудырып, талықсытып, сандырақтатып, əйел жынданған тəрізді болады. Мұны дəрігерлер «родильная горячка» дейді. Ел мұны албасты басты деп, бақсы алдырып, сорлы əйелге көрсетпейтіні жоқ. Жақын жерде білімге сүйенген дəрігері жоқ қазақ əйелдері ауру болмасқа қам қылулары керек. Оның үшін надан абысын-ажынның ақылын тастап, бақсы-балгерді жанына жуытпай, кітаптан естігенді мықтап ұстаулары керек. Жас босанған əйелдің тəрбиесі Босанған уақытта əйелдің сыртқы жыныс мүшелерінің бəрі артықша созылып, кеңейіп, кей жерлері зорлықпенен жыртылып та кетеді. Сол сияқты, аз ғана жаралардың жазылуы үшін, екінші, жыныс мүшелерінің бəрі, əсіресе, жатыр жиылып, қайта орнына түсу үшін, үшінші, сонша бейнеттің артынан толық тынығып, өзіне өзі келу үшін, жас босанған əйел 6–7 күнге дейін төсекте болуы керек. Ел əйелінің «ертеңіне тұрып кетуші едік» деген мақтанышы өз жайын өздері білмегендік, қараңғылық туғызған мақтан болады. Олардың «желді», «дертті» болатыны көбіне осыдан. Жас босанған əйел бала қырқынан шыққанша ауыр жұмыстан сақтанып жүруі керек. Қырық күнге дейін жыныс мүшелері анық орнына келіп, жазылып болмайды. Сондықтан неше түрлі əйел дерттері жабыспақ. Жас босанған əйелдің ішетін тамағы бұрынғыша болса жарайды. Тек əуелгі екі-үш күнде тамақты артық, көп
ішпеуі дұрыс. Жəне жеңіл тамақ болуы керек. Өне бойы жатқан адамның асқазаны бір қозғалмаған қалыпта болып, ауыр тамақты еркін сіңіре алмай, тезегі қатып бойын ауырлата бермек. «Құлындаған биеден құдықтағы су артылмайды» дегендей, бала емізген əйел балаға шығарған сүтінің төлеуіне сусынды көп тілейді. Ең жақсы сусын, əрі жұғымды, əрі сусын, əрі сүті көбеюіне малдың сүті, айран, саумалдау қымыз, елдің өз сусынының бəрі жақсы. Бірақ жаңа босанған əйелге аяқтап май салып, құрт ішкізу ауыр. Баланың соңынан келетін қан əуелгі 3–4 күн кəдімгі қан болып, онан кейін 7–8 күнге дейін қоңырланып, онан əрі күнде айға дейін сарғылт су сияқтанып кетеді. Дұрыс босанудың ең үлкен шарты – тазалық. Шын тазалықтың мəнін оқып білген дəрігерлер біледі. Сондықтан шама келген жерде жүкті əйелді «тума үйіне» (родильный дом) апарып жатқызу дұрыс. Болмаса, күні бұрын ақылдасып, сөйлесіп қойып, дəрігер не акушерка алдыру тиіс. Кедей əйеліне ол да қиын, онда бір пысық, жылдам, таза абысын күн бұрын үйретіп қойғаны дүрыс! Ондай абысынын жүкті əйел күн бұрын шамалаған мезгілін айтып, толғата бастағаннан-ақ алдыруы керек. Алдымен босанатын əйелдің үйі ішіндегі көрпежастық, төсеніштері – бəрі күннің көзіне жайылып, қағылып, тазарып келгені дұрыс. Əсіресе, үйдің ішін артық тазарту дұрыс. Босанатын əйелдің бар киімі жуулы таза болуы керек. Астына тері тулақ, жабағы, киіз салудан қорқу керек. Тері тулақ еш уақытта жұқпалы мал дерттері, адам дерттерінің құртынан аман болмайды. Ондай құрттар жай қарағанда көрінбейді. Тек дымданып, əйелдің астындағы қанына қосылса, тіріліп, жас босанған əйелдің елжіреп тұрған жыныс мүшелеріне оп-оңай дерт болып жұқпақ. Кір жүрген жерде ауру ұяламай қоймайды. Біздіңше, босанатын əйелдің төсегіне мамықтай қып таза шөптен салуға болады. Шөп төсегінің ыңғайлығы– күніне екі-үш мезгіл былғанғанын шығарып тастап, жаңартып тұруға болады. Тек үстіне оңай жуылатын
ескі киім, көрпе салса болғаны. Оны да күніне екі мезгіл тазартып жуып тұру керек. Бірақ қысты күні не салса да жылытып салған дұрыс. Жас босанған əйелдің денесіне кірден соңғы үлкен жау – суық. Толғақ басталғаннан-ақ қазанда су қайнаулы тұрғаны дұрыс. Əйелдің астын тазартып, төсеніштерін жуу, бала шомылдыру – бəріне жылы су керек. Қайнап, суынған болса, судың жұқпалы дерт құрттары қалмай өледі. Толғатқан əйелдің қасында болатын əйел өзі жұқпалы дерттерден таза болуын байқау керек. Үстінде киімі жуылған, кірсіз болсын, қол жуатын сабын даяр тұрсын. Бала шомылдыратын леген болмаса табақ таза, ыстық сумен жуылып даяр тұруы керек. Кіндік байлайтын білте, жіп, кесетін пышақ күн бұрын суға қайнатылып шықса, жұқпалы дерттерден таза болады. Баланы орайтын шүберек жуулы, кірсіз болсын. Жаялық көрпе, көйлектерін ертеден жүкті əйел өзі даярлайды. Толғатқан əйелдің үйі толған қатын-қалаш жиылып, «жарыс қазан» асып, ду жасау, менің ойымша, бала тауып көрмеген əйелдердің шығарған нəрсесі. Босанып көрген əйел толғатып тұрған əйелдің жайын білсе керек. Ол неғұрлым оңашарақ болғанын, дудан аулақ болғанын тəуір керетіні белгілі. Əсіресе тұңғыш босанған жас əйелдер жаны көзіне көрініп тұрғанда ұялып, қысылып, толғағын тежеп, дыбысын шығара алмай, онан жаман қиналып, талып кететіндері тіпті көп қой... Жəне кедейдің алақандай лашығына иін тірескен қатын жиылса, бір жағында бұзау-торпағы жатса, жыртық пешінің түтіні көз ашырмай тұрса, қатықсыз қара көже болса да, «жарыс қазанның» буы лашықтың төбесіне тіреліп тұрса, ол əйел не қылып адам болып, не қылып аман босанбақ. Қысылып тұрған əйелге еркін тыныстап отыратын кең, таза ауа керек. Жəне тыныштық керек. Есі дұрыс, үсті-басы таза жəрдемші əйел бар болса, акушерка, жанашыр жолдасы – ері болғаны керек. Басқа адамның пайдасы жоқ, зияны көп.
Шілдехана, той-дуды əйел өзіне-өзі келіп, 7–8 күннен соң, төсектен тұрған соң да жасауға болады. Мəдениеті жоғары, үлгілі елдерде осылай өтеді. Əйел төсектен тұрған соң балаға ат қоюды той қылады. Қысқаша айтқанда, түзу босанудың жолы осы. Босануды бастарынан кешкен əйелдер надандықтың салдарынан жабысқан көрінеу зиянды, ескі ырымдарды тастап, осы айтылған жаңа тəртіпке қосылар, сөйтіп тəжірибесі жоқ жас əйелдерге басшы болар деп сендік. Енді бала жайына келейік. Бала тəрбиесіне əйел ие Тоғыз ай көтеріп, ішінде сақтап жүріп, əйел енді баласын дүниеге келтірді, босанды. Босану əйелге онай тиген жоқ, оны көріп өстік. Сондықтан «шыр-р...» етіп бала жерге түскенде, өткен бейнет есінен шығып, тап сол кезде дүниеде сол анадан бақытты, армансыз адам болмайды... Əйелдердің «ұмытшақ ауруы ғой» дейтіні сол. Қиыншылықтың бəрі сол шырылдаған баламен төленеді. Бір тымырсық ыстықтар дүниені шөлдетіп, аңсатып, тұрып-тұрып, бір мезгілде күн желдетіп, дауыл соғып, күркіреп, шартылдап, дүние апат бола жаздап, ақырында нөсер құйғанда, тірі жанның бəрі «уһ!» деп тыныстап, маужырасып қалады... Бала туғанда жалғыз босанған əйел өзі ғана емес, үй ішімен сондай қуаныш шаттықта болады. Балаға біздің қазақ құмар. Бала таппаған əйел өмірін қайғыда өткізеді. «Бала болар ма екен деп, тоқал қатынды өзім əпергем» дейтін əйелдер елде аз емес... Бұған қарағанда, бала елде аса қадірлі, аса қасиетті нəрсе. Бірақ сонша керек болып отырған баланы тəрбиелеу, бағу қазақ əйелдерінің қолынан келмейді. Өле береді, не аурулы, мешел болады. Еркектің баламен жұмысы жоқ, тек күліп отырған баланы сүйе біледі, ермек қылады. Баланың бар ауыртпалығы ананың басында. «Түн ұйқысын төрт бөліп», «түнде бесік таянған», бала ауырып,
сырқаса, қайғы жұтып, көз жасын көл қылатын – əйел... Сол бала өлсе де, алдымен анаға батады, ата өкінеді, бірақ анадай күйінбейді... Ұзын сөздің қысқасы, балаға, əсіресе емшек баласына, əйел – ана жақын. Сондықтан баланы тəрбиелеп, дұрыс бағып, өлтірмей өсіру жайын əйел іздену керек. Балаға пайда, зиянды біліп алып, өзі мықтап ұстауы керек. Өз шамасы жетпеген жерде сөзін еріне тыңдата білуі керек. Емшек баласының тəрбиесіне анасы тұрғанда, еркек еш бөгет жасай алмайды. Бұл – бүтінімен əйел дүниесі. Бірақ ана өзі өнерсіз, баланың пайда, залалын өзі білмейді. Мəселен, бала ауырса, молда шақыртып, қара қоймен қақтырып, үшкіріп, бақсы алдыртып бақтырып жатады. Осы молда мен бақсы зияннан басқа түк келтірмейтінін өзі білсе, оның орнына дəрігер шақыртар еді. Еркекке бəрібір ғой. Дəрігерге, молда мен бақсыға шыққан малдан артық мал шықпайды. Жəне баланы дəрігер білім жолымен қараған соң, көбінде бала сауығады... Босанатын əйел, бала бағатын əйел, аналықтың бар бейнеті – əйелде. Бұлай болса, балалы əйел, осы сөздерді мықтап ұста, кітап оқы, дəрігерлердің ақылын тыңда, сонда күшті боласың. Сонда сөзің тыңдаулы болып, еркек сенің ісіңе бөгет жасай алмайды. Қайта, көмекші болады. Баланың шын қызығын, қуанышын сонда көресің! Жаңа туған баланы күту Бала жерге түскен соң-ақ, акушерка жоғарыда айтылғандай, кіндікті бала жақ түбінен үш-төрт елі аттап, екі жерден таза білте жіппен байлап, таза пышақ, не қайшымен кеседі. Сонан соң таза шүберекке орап, көрпесіне орап, бөлек біржастық үстіне жатқызып қояды. Ол арада анасының жолдасын бағып алып, астын тазартып, қайнаған жылы сумен жуып, төсеніш шөпті өзгертіп, таза шүберек салып, ананы жайлайды.
Балаға кірісерде де, оны тазартқанда да акушерка екі қолын щёткалап, сабындап, 15 минуттай жуады. Бұл – дəрігердің ең мықтап ұстайтын тəртібі. Өйткені босанған əйелдің өзі білмей жүрген дерті (дерт қашанда айқайлап келмейді) болуға мүмкін (соз жəне басқа сол сияқты). Мұндай дерттердің бактерия деген көзге көрінбейтін құрттары болады. Бұлар кір жерге, дымды жерге, ашық жараға жұққыш болады. Олар қолмен еріп келіп, баланың жаңа кескен кіндігінің жарасына, болмаса бір нəзік жері– көздеріне жұқпақ. Сондай дерттен сақтанып, акушеркалар жаңа туысымен баланың екі көзіне бір-екі тамшыдан (азотнокислое серебро) деген дəрі құяды. Болмаса əлгідей дерті бар əйелдің баласы көзіне жұққаннан көзі дертті болып, бара-бара соқыр болып қалуы да мүмкін. Акушерка жоқ жерде базардан «борное мыло» деген сабынды алып қойып, сонымен бетін, көзін жуған дұрыс. Бұл, əрине, дəрігер, акушеркаға қолы жететін жерлерде істеледі. Акушерка болмағанда да тазалық жағын артық ес керу керек деген сөз. Мəселен, балаға қатысқанда да, əйел ге қатысқанда да қолды қайта-қайта сабындап жуған дұ рыс. Бала дүниеге келгенде, тым жайлы, жылы, таза, тамағы да даяр, ананың ішінен келеді. Балқып, елжіреп тұрған нəзік тəн дүниеге келгенде тəрбие керек қылады. Нəзік денесінің бəрі – көзі, құлағы, аузы, мұрны дерт құртының егіліп, ұялауына жайлы орын болып табылады. Əсіресе, кесілген кіндіктің ашық жарасы. Баланы сондықтан аса таза сақтау керек. Баланың туғанда денесі, мал баласынікіндей жалқаяқ қайызғақ болады. Мал оны жалап тазартады. Акушерка шомылдырмай тұрып, баланың денесін таза маймен майлап алады. Майлағанда қайызғағы тез тазарады. Сонан кейін үстіндегі шүберегімен легендегі жылы суға салады. Леген не астау күн бұрын тазартулы болу керек. Қалалы жерде арнаулы қаңылтыр астауша болады.
Судың жылылығын шомылдыратын əйел білегін салып шамалайды, білекке ыстық қөрінбесе, балаға да дұрыс деп шамалайды. Балаға ыстық, суықты өлшейтін термометр дейтін шынымен ұстап 28° қылады. Кіндігі түсіп, жарасы біткенше кіндікке су тигізбеген дұрыс. Шомылдыратын сабын иісті, бояулы болмасын. Қалада ораусыз сататын сары, жұмыртқаның уызынан жасалған сабын жарайды (яичное мыло) жəне əдейі бала сабыны орысша «детское мыло» деген сабын болады. Табылса, сол жақсы. Баланың денесін өне бойы оңай жуылып тұратын жұмсақ ақ шүберекпен жуған дұрыс. Суға салып тұрып шомылдырғанда, басын, мойнын, екі құлағын, қолтығын, екі қолын, аяқ жағын түгелімен сабындап жуып шығып, сол қолға көтеріп алып, арқасын жуып, даяр таза сумен құйындырып жіберіп, таза жылы ақ шүберекке орап алады. Осының бəрі тым тез істелуі дұрыс. Болмаса, су да суып кетеді. Бала да тоңып, шаршап қалады жəне суық тиіп қалуы мүмкін. Барлығы 3 минуттан артпау керек. Шүберекке денесін құрғатып, кіндігін таза мақтамен құрғатып, сүртіп, кіндік үстіне төрт бүктеген таза шүберек салып, оның үстіне таза мақта салып, белінен үш оралатын екі-үш елі жұқа таза шүберекпен таңып қою дұрыс. Ішін тартып тастау да жарамайды. Сонда да кіндіктің жарасы ашылмайтын қылып байлаған жақсы. Кіндікке деген белбеулер төртеу-бесеу болып, таза жерде даяр тұруы керек. Кіндік тұсында тазалықты аса қатты ескерген дұрыс. Кірлі қол кіндікке жуымасын. Кіндік таза болса, дымданбаса, бес-алты күнде түседі. Түскеннен кейін де бір айға дейін аса күтіп, таза құрғатып, күніне екі мезгіл таза шүберек, таза мақта салып байлап қою керек. Кіндікті түкіріктеу, майлау қазақтың тағы басқа емін істеуден сақтану керек. Ел баласында кіндіктің ауруы, кіндік шығуы тіпті көп болатыны осы елдің емінен екеніне жəне тазалық жоқтықтан екеніне сену керек. Таза күтуші болса, ешбір емсіз кіндік өзі түседі, өзі жазылады. Осыны ұмытпау дұрыс.
Кіндігін ораған соң баланың көйлегін кигізіп, жылы жаялықтарына құндақтап, көрпеге жылы орап, жатқызып қояды. Қазақтың көшпелі тұрмысында қаладағыдай қалыппен салып қойып шомылдыратын ыдыс та болмайды. Жəне салқында киіз үйде олай жайлап жуу оңай емес. Суық тиігізіп алуға мүмкін. Онда қазақша қолға алып отырып шомылдырса да болады. Бірақ су ыстық болмасын, əсіресе, құйындыратын су. Жəне тым тез жуындыру дұрыс. Ананың ішінен шыққан балаға дүние онсыз да аса суық көрінсе керек. Туғаннан кейінгі бір жұманың ішінде баланың емшектері безденіп, ісетін болады. Кейде сол безден сұйық сүт сияқты нəрсе шығады. Əлде сол ісіктің сүтін шығарып сығып тастау керек деп, сығатын əдет болады. Өзі нəзік тəн қолдан ушығып, бұрынғыдан да жаман ісіп, қызарып, іріңдеп кететіні болады. Ондай «емнен» сақтану дұрыс. Емшектегі ісу баланың көбінде болатын əдет, балаларға зияны жоқ. Көп болса бір жетіден қалмай өзі жазылып, қайтады. Жəне жаңа туған баланың екінші жұмада тəнінің сарғаятыны болады. Бұл да зиянсыз нəрсе, бір жұмадан соң еш емсіз өзі тарап кетеді. Балаға ең жұғымды тамақ – емшек сүті Баланың аман болып, түзу есуі ең алдымен тамақтандырудан, екінші – дұрыс күтуден болады. Жаңа туған бала іште жатқанда өсуіне керек тамақты жолдасына жиылған анасының қанынан алады дедік. Денесі даяр тамаққа ие болып, өкпесі де, асқазаны да түк қызмет атқармай, қамсыз жатады. Бала дүниеге келген соң-ақ, анадан бөлінгені – кіндік пен ананың даяр тамақ келтіретін жолы да кесіледі. Баланың енді жолы бір адам есебінде, өзінің тіршілігіне керегін өзі іздеуі керек. Дем алып тыныстау, берген тамақты асқазаны сіңіріп, бойына тарату, енді баланың өз міндетінде. Бірақ жаңа туған баланың үлкен кісіден айырмасы көп:
үлкен кісі – жасалып болған, толған кісі. Үлкен кісінің ішкен тамағы – жүру, тұру, күнбе-күнгі қызметпен шығындалған қуатты толықтырып отырмақ, емшек баласының күллі денесі жетілмеген, бəрі нəзік, бəрі тым кішкене. Сондықтан бұған тамақ сол əр мүшелерінің жетіліп, өсуіне керек. Мұның асқазанының қуаты да үлкен кісіден өзгеше, нəзік. Үлкен кісі мен жаңа туған баланың ішетін тамағы осы себептен екі түрлі: үлкен кісі көңілінің сүюімен іше беретін болса, жаңа туған бала тісі шыққанша сүттен басқа ешбір тамақ іше алмайды. Сүт – балаға жаратылыстан арналған тамақ. Баланың денесінің пісіп, қатуына керек заттың бəрі сүттен табылады. Тек сүт қана баланың нəзік асқазанына жұғымды, сіңімді болып лайықтанып жасалған тамақ. Сондықтан емшек баласын ана сүтімен ғана қоректендіру дұрыс. Ілімнің айтуы осы. Осы жайды оқып білмеген, жанында ақыл айтатын оқымысты дəрігерлері жоқ ел əйелі баласының өсуіне əлбетте өзі басшы болады. Баланың көп өлуінің себептерін іздеп, жасаған есепке қарағанда, емшек баласының іш аурудан көп өлетіндігі көрінеді. Бұл баланың ішіне лайықсыз тамақ бергендіктен дейді. Ғылым жөнімен баланың жайына қарағанда алты айға толғанша емшек сүтінен басқа бір тамақ беруге жарамайды. Біздің ел əйелі оны білмейді. Туғаннан-ақ баланы жай тамақпен ауыздандырады. Сонан былай қарай өне бойы, бала жыласа-ақ, «емшекке жарымайды» деп, бермейтін тамағы болмайды. Май қосып, нан шайнап береді (əлдеқандай ауру əйелдің аузынан келеді), ет шайнап береді. Сүрдің майын сорғызып қояды, қаймақ береді, ақ ірімшік береді. Қысқасы, өзі жейтін тамақтың бəрін береді. Айырмасы – тек шайнап бергендігі. Емшек, болса да, қыңқ етсе, даяр тұр. Шүберекке шайнап салған бауырсақтан баланың аузы босамайды. Ғылымның сөзі – анау, біздің əйелдің істеп отырғаны – мынау. Енді қайтып бала сау болсын, қайтып бала іш аурудан өлмесін. Əсіресе, шілденің
ыстықтарында. Баланың іші өтіп, жүдеп, азып мешелдікке айнала бастаса, «ит тиді», «көзікті» деп қақтыру, үшкірудің неше түріне салады, істемейтіні болмайды. Көзіккен түгіл түк те жоқ. Бəрі тамақтың жайсыздығынан. Шайнама, майлы тамақ, ашып кеткен сүт – осының бəрі баланың нəзік асқазанына ауыр тиіп, сіңіре алмағаннан бала тышқақ болады. Екінші, тазалық жоқтықтан болады. Шыбын-шіркейдің қонбайтын лас жері болмайды. Лас жерде ауру құрттары болмай жəне тұрмайды. Сол құрттарды шыбын əкеліп, баланың ішетін сүтіне салып кетеді. Сөйтіп баланың ішіне дерт болын жабысады. Баланың дертін емдеу қиын. Дертті басында келтірмеу оңай. Сондықтан баланы бастан ауыртпаудың амалын істеу керек. Баланы дұрыс тамақтандыру мен күте білу керек. Сонда «ит те тимейді», «көз де тимейді». Баланы ауыздандыру Бала туғаннан кейін, күні бойы, ештеңе іздемей ұйықтай береді. Балаға да, анасына да ұйықтап, толық тыныққан дұрыс. Сондықтан ұйықтап жатқан баланы оятып емшек берудің қажеті жоқ. Жыласа да анасын мазаламай, аз ғана қант салған қайнаған суды қасықпен беріп, ауыздандыра тұруға болады. Бірақ шайнап шүберекке салып тамақ сорғызудан қатты сақтану керек. Жаңа босанған əйелдің алғашқы күні емшегінен артық сүт те шыға қоймайды. Сүті күн сайын көбейеді. Онда да əуелгі екі-үш күнгісі сарғылт, сұйықтау уыз болады. Сүт бірте-бірте көбейіп, ағарып, үшінші, төртінші күндерде емшек сүті кернеп, ісіп, əйелдің бойын қыздыратындары да болады. Мұны сүт безгегі дейді. Ол зиянсыз, 1–2 күннен соң тарап кете береді. Тек балаға шамасы келгенше көп емізіп, қалған сүтті, бала еме алмаса, қолмен сауып, оған болмаса, аптекадан сатылатын сорғыш шынымен сорғызып, қасықпен ішкізіп, емшекті
сарқуға тырысу керек. Емшекке сол кезде сүт қатса, безгек күшейіп, емшек іріңдеп, дерт болуы мүмкін. Жəне ол уақытта əйелге ауыр тамақты көп ішкізбей, ішін жүргізудін қамын қарастыру керек. Іскен емшекті көтеріп байлап қойған дұрыс. Баланы туғанның келесі күні емшекке салуға болады. Əуелі емшекті қайнаған жылы сумен, таза шүберекпен жуып, сонан соң баланы төсекте жатқан ананың жанына жастыққа жатқызып емшегін салады. Баланың аузына емшектің қоңыр жерінің бəрін салған дұрыс. Емшектің ұшы бөлектеніп, жарылмауына жақсы болады. Əуелде бала еме білмейді. Сонан соң сала келе үйренеді. Сондықтан ұзақ ұстап отырған дұрыс. Емшектің жарылғаны жаман болады. Кейде емізуге жарамай қалады. Ондайда қаймақ жағып жұмсартқан жақсы. Акушерка болса, дəрі жағады. Онан соң жəне емшектің ұшына кигізіп емізетін резинка емшек болады. Аптекадан (қалада дəрі сататын дүкен) алынады. Балаға емізерде ол емізікті өне бойы қайнаған сумен жуып отыру керек. Емшек, бала сормаған соң, оңайырақ жазылады. Баланы өне бойы жанына жатқызуға жарамайды. Емізген сон жақын жерге бөлек салу дұрыс. Баланы дұрыс, залалсыз ауыздандыру осы айтылған қалыпта болады. Бала емізудің дұрыс тəртібі Босанған əйелдің емшегі 4–5 күннен былай қарай кемеліне келіп, дұрыс емізуге жараған сон-ақ, баланы тəртіпке үйрете бастаған дұрыс. «Баланы – бастан...» деген осыдан. Бала əуелде неге үйретсең, соны істейді. Баланың ауруының көбі асқазанның бұзылуынан болатын себепті, алдымен баланың тамақтануын тəртіпке салу лайық. Баланы алты айға дейін таза емшекпен асыраған дұрыс. Алты айға жетпеген баланы анасының жарытпауы тіпті сирек болатын норсе. Ондай бірен-саран реттерде дəрігердің айтуымен үш ай не төрт айдан да қосымша
тамақ беруге болады. Көбінде қосымша тамақты алты айдан бұрын беруге жарамайды. Баланың асқазаны үлкен кісінікіндей емес дедік. Дəрігердің зерттеуіне қарағанда, баланың емген сүті 2,5 сағатта барып бойына тарап, сіңетін болады. Сондықтан балаға емшек бергенде арасында 2,53 сағат, елше айтқанда, биенің 2 сауымы уақыт салып отыру керек. Олай болғанда, таң атқаннан ел жатқанша 6–7 рет емізіледі. Бала уақытынан асып ұйықтап қалса, оятпаған дұрыс. Қырқынан шыққанша, кейде мұнан гөрі 1–2 ретін арттыруға болады. Түнде ел жатқаннан таң атқанша баланы емізбей үйреткен дұрыс. Үлкен кісі сияқты ба ланың да асқазаны түнде тамақтан тыныққаны лайық. Сон да күндізгі емген сүті бойына жұғымды болады. Тек жыласа, қарны ашты деп аузына емшек тығу – үлкен қа те. Жылаудың себебі көп болады. Асты былғанса да жылайды, бит, бүрге шақса да дамыл алмай жылайды. Нəзік тəніне жаялықтың тігісі батса да жылайды. Тойғызып алып, бесікке таңып тастау да қазақ баласының талай жылауының себебі болған шығар. Айтар тіл жоқ. Үлкен кісі емшекті тыға-тыға зорлықпен көндірген. Сау бала əлгіндей себептер болмаса, 3–4 сағатқа дейін жыламайды, тек соған əуелден үйрену керек. Үйренбей тұрған кезде біраз ғана жыласа да ештеңесі кетпейді. Оған шыдап, мезгілін күту керек. Үйреніп алған соң, бала сағат сияқты мезгілді өзі жылап білдіріп отырады. Емізер мезгіліндегі емшекті кезек беру дұрыс. Бір емізгенда оң емшекті берсең, екіншіде сол емшекті бер. Соңыра бала жарты жасқа келгенде, екі емшегіңді беруге болады. Емізгенде, шаруаға алаңдамай, орнығып отырып, бала тойып, аузынан сүт шығып ұйықтап қалғанша емізген дұрыс. Баланың құсуы балаға міндетті нəрсе емес. Шамадан артық еміп, сіңіре алмағандықтан болады. Көбінесе баланың іші желденіп, өтіп, ауруы мүмкін. Ауру да балаға міндетті нəрсе емес. Сондықтан осы
тəртібін ерінбей, мықтап ұстану керек. Ана алғашқы кезінде ерінбей қолға алса, баланың үйренбейтіні болмайды. «Дертті емдеуден, дерттен сақтану оңай» дейді білгіштер. Бала емізерде қолыңды сабындап жуып, тазарып кел. Емізер алдында емшегіңді түкіріктеме, құрғақ десең, 1–2 тамшы сүтіңді шығарып дымда. Емізіп болған соң, баланы шайқамай, тербетпей, тыныш жатқызып қою дұрыс. Мұрны бітіп, тұмауратып жүрген баланы емізерден бұрын мұрнын жұмсақ білтемен тазартып алу дұрыс. Оған болмаса, ішіне ашымаған таза қаймақ жақ. Баланы төсекте қойныңа алып жатып емізбе, тұншығып қалатыны болады. Кейде бала жылап, емшекті еме алмай қоятыны болады. Онда баланың аузын қара – аузы уылған болар. Онда тілінің үстінде ағарған, қызарған бөрткендер болады. Ол баланың аузынан сүйіп, емізік беріп, кір ұстағаннан болады. Емі – аптекада сатылатын «борная кислота» деген дəрінің бір шай қасығын (бір шымшымын) қайнаған бір кесе суға салып, суытып, емізгеннің артынан таза шүберекті соған батырып, баланың аузының ішін сүрту. Борная кислота жоқ жерде бір шымшым таза тұз салып, сонымен жуған да жарайды. Бірақ артық тазалық керек. Кейде əйелдің емшегінің ұшы жарылып, еміздірмей қояды. Ондайда, тіпті болмағанда, біразға дейін емшектің сүтін сорғышпен сорып алып, балаға қасықпен бере тұру дұрыс. Қысқасы, қалайда болса, дəрігер емшектен айыр демесе, баланы емшектен айырмаудың шарасын қарастыру керек. Ең асылы — емшек сүті, емізгеннің артынан емшекті таза, сулы орамалмен сүртіп, құрғатып қойған тазалыққа дұрыс болады. Бала емізген əйелдің тамағы ойдағыдай болуы керек. Тамағы тоқ болғаны дұрыс. Іші күн сайын жүріп тұрғаны дұрыс. Қалалы жерде арақ, сыра ішу дұрыс емес. Қымызды үйренген калпынша ішуге болады. Жайшылықтағы үй ішінің қызметінен бала емізген əйелге тоқтаудың қажеті жоқ. Бірақ бала бағу қызметтің
ең үлкені деп түсіну керек. Əсіресе, осыны əйелдің ері ескеруі керек. Балалы əйел монша бар жерде моншаға түсіп, болмаса жетісіне бір рет күллі денесін жуып жүргені дұрыс. Бұл тазалық балаға да, анаға да пайда. Бала емізіп жүргенде көбінде əйелдің айлығы тоқталады. Сол себепті емізіп жүргенде əйелдің бойына бала бітпейді. Бала біте қалса, емізуді тоқтатқан дұрыс. Асылы дəрігермен ақылдасқаны мақұл. Баланы бір жасқа толғанша емізу керек. Ең аз дегенде 9 ай емізу дұрыс. Алты айдан бастап балаға қосымша тамақ беру керек Дені сау болып, дұрыс өсіп келе жатқан баланың түрінен белгілі болады. Денесі толып, дөңгеленіп, қырқынан шыққан соң ширап, күліп, күннен-күнге өнер шығара бастайды. Бала шираған сайын, ана сүті кемдік қылып, 6 айға толғанда емшек жарытпайтын болады. Сау балаға 6 айдан былай қарай қосымша тамақ бермей болмайды Кейбір кездерде 4 айдан бастап тамақ беру керек болады, ол туралы кейін айтылады. Балаға қосымша тамақ дегенде, үлкен кісінің ішетін тамағының бəрін бере беруге болмайды. Бала бір жаска толып, тістері шыққан соң, емшектен мүлде айыратын болып, бірте-бірте жай тамаққа үйрету ниетімен беру керек. Күніне еметін жеті мезгілінің енді бір мезгілін тамаққа аудару керек. «Маная крупа» деген балаға беретін ботқаны білмейтін қазақ əйелі жоқ. Ең əуелі емшекке қосымша қылып беруге лайық тамақ осы «маная крупа», мұны, бірақ, пісіре білу керек. Қоп-қою қылып істеп, ауызға салып, сулап беру жарамайды. Ботқаның өзін сұйықтау көже түрінде істеген дұрыс. Шама келген жерде бұған лайық бір сапты ыдыс болу керек. Болмаса кəдімгі қазақтың қара бақыры да
жарайды. Бірақ аса таза, жуулы болуы керек. Мысалы, бір кесе суға толық бір шымшым крупа салып, аз ғана тұз салып, əбден қойылғанша суалтып, шамасы, жарты кеседей қалғанда, үстіне жарты кесе сиырдың сүтін құйып, бір шымшымдай ұсақ қант қосып, былғап отырып, тағы 1–2 қайнатып алу керек. Содан сұйықтау көже болып шығады. Осы көженің бір кеседей шамасын күніне бір мезгіл емшек орнына қасықпен беріп отыру керек. Бала үйреніп, дұрыс сіңіретін болған кезде əлгі көжені таза сүтке істеуге болады. Бірақ артық қою қылмай, жалындатпай, күйдірмей, таза пісіру керек. «Маная крупа» тым үнемді нəрсе, бір кесеге бір шым-шымнан (бір шай қасық) артық салса, қойылып кетеді. 7 айлық балаға екінші мезгіл тамақ беру керек. Онда қаланың кептірген ақ нанын сұйық сорпаға салып, жібітіп жегізсе болады. Табылған жерде сорпаға картоп, сəбіз қосып қайнатқан балаға пайдалы болады. Болған жерде 7 айлық балаға қайнап тұрған суға салып алған малина, шие сықылды жемістердің суын сығып берген пайдалы. Жемістің суын ара-тұра беріп, күніне 3 кішкене қасықтан бастап 7 қасыққа дейін беруге болады. 8 айда балаға аралатып 3 мезгіл емшек, 3 мезгіл тамақ берсе болады. Тамақ «маная крупа», кепкен нан мен таза сорпа, жəне бір кесе піскен сиыр сүтіне кепкен нан қосып беруге болады. 10 айда 2 рет емшек, 4 рет тамақ, сөйтіп, бірте-бірте, жасқа толғанда емшек кезегін мүлде тоқтатып, таза тамаққа түсіруге болады. Жасқа жақындағанда тамақты 5 реттен арттырудың қажеті жоқ. Онда да балаға тамақты ретсіз бермей, тəртіппен берген дұрыс. Етті бір жастан асып, екіншіге қарағанда беруге болады. Тамақты осы көрсеткен тəртіппен беріп отырғанда, анаға да, балаға да емшектен айырғанның еш зияны болмайды. Онда емшекке күйе жағып, насыбай жағып, баланы шошытып, əурелеудің қажеті жоқ. Тəртіппен бергенде қандай тамақ жұғымды, сіңімді екені балаға анығырақ болу қерек. Тек ет пен майға тым ерте əуестену
жарамайды. Ауызы уылады. Баланың асқазаны бұзылуы мүмкін. Балаға тамақты əуелден мерзімді уақытта беріп үйреткеннің пайдасы тіпті көп. Балаға сіңімді, жұғымды болады. Бір үйренген соң, бала тыныш болады. Мезгілі жетпей жыламайды. Бұл – екі. Үшінші, анаға да тыныш болады. Белгілі бір уақыт (3 сағат шамасы), бос уақытында шаруашылыққа араласып, жүріп-тұруына ыңғайлы болады. Əсіресе, түн емізбей үйрету балаға да, анаға да артық пайдалы: екеуі де ұйықтап, ұйқысы қанып, тез оңалады. Жаздың күні, жазға сала жасқа толса да, баланы емшектен айырмай, күзге қарай, салқын түсе айыру керек. Өйткені жазғы ыстыққа баланың асқазаны нəзіктеніп, тамақты сіңіре алмай, құсып, іші өтіп, іш ауру болуға мүмкін. Емшек баласының көбі жазғы іш аурудан өледі, тамақты талғаусыз бергеннен өледі. Жаз аз да болса емшекке сүйеніп отырғаны дұрыс. Іш ауру болмаса, тіпті емшектен басқа еш нəрсе бермеумен жазып алуға болады. Емшек баласына қосымша тамақ бере бастағанда, аса ескеретін шарт – тазалық. Ас пісіретін ыдыс суға жуылып, күн бұрын кеуіп тұрсын. Балаға беретін сүт (сиырды сауа сала) бөлек қайнатылып, салқын жерде бүркеулі тұрсын. Балаға бір жегізген ботқаның қалғаны екінші рет берілмесін. Керек болса, жаңадан пісірілгені дұрыс. Ішкізген сүттің де шынысында қалғаны балаға берілмесін. Емізік, шыны қайнаған ыстық суға жуылып, бүркеліп тұрсын. Баланың емізігінің ұшын қолмен ұстап, берерде ауызға салу жарамайды. Үлкен кісінің аузы, тісі таза болмайды. Емізу араларында балаға тамақ беріп əдеттендіру жарамайды. Бала мазасыз болады жəне ауырып қалуы мүмкін. Дұрысы, тəртіппен. Бала жылай берсе, дəрігерге (докторға) көрсету керек. Сырқат болған баланы емізікпен алдандырып əдеттендірмеген дұрыс. Бос
емізіктің балаға зияны көп. Жуусыз əркім бір аузына салып бергеннен баланың аузы уылады. Шүберекке нан шайнап сорғызған онан да жаман, керегі жоқ əдет. Балалардың көп өлуіне осылар үлкен себеп болған нəрселер. Емшек баласының саулығының бір анық белгісі – салмағы. Дəрігерлердің айтуынша, баланы ай сайын кірге тартып, өлшеп отыру керек. 6 айға дейін баланың салмағы айына бір жарым – екі қадақтан қосылады, 6 айдан бір жасқа дейін 1–1,5 қадақтан қосылады. Дені сау бала бір жасқа толғанда туғандағысынан салмағы 3 есе артады. Өлшегенде осыған тура келсе, баланың дұрыс өскендігі болады. Емшек сүті кем болып, жарытпай, бала жүдей берсе, 6 айға толмаса да, емшек арасында, бұрынғы мезгілін өзгертпей, емізікпен сүт беру керек. Сиыр сүтіне де, ешкі сүтіне де су қосып, қант қосып, қайнатып береді. 6 айға дейін əуелі жартысын сүт, жартысын су қылып қайнатады. Сонан соң 2 кесе сүтке бір кесе су косып, онан 6 айдан асқанда таза қайнаған сүттің өзін беруге болады. Суды баланың дұрыс сіңіруіне қарай, сүттің жұғымына қарай қосқан лайық. Баланың бəрін бір қалыпқа салу қиын. Шама келгенше, емшекті, бір-екі мезгіл болса да, айрымай беріп отырған дұрыс. Емшексіз қалай асырау керек? Кейде емшек сүті мүлде жоғалып кетіп, не болмаса анасы ауру болып, емізу залал болатын кездер болады. Мұндайда баланы еріксіз айырасың. Онда да ең əуелі емізетін баласы шамалас əйел іздеп көру керек. Əйел жұқпалы дерттерден сау болып, таза болғаны керек. Мүмкін болғанда мүны дəрігерге көрсетіп білуге болады. Əйел болмаған кезде мал сүтіне ауыспай болмайды. Мал сүтін салыстырып қарағанда, ғылымның айтуы, əйел сүтіне ең жақын сүт – бие сүті, дейді. Бір баланы туғаннан бастап 3–4 ай бие сүтімен асыраған тəжірибені
көріп едім. Ол ыңғайлы, балаға сіңімді, жүғымды тамақ көрінеді. Биенің 2 сауын мезгілі балаға дəлме-дəл. Сауа сала емізік шыныға құйып, жылыдай беріледі. Бие ағытылғаннан кейін ел жатқанша сауылған сүтті салқынға қойып, мезгілінде сүт құйған шыныны ыстық суға салып, жылытып беруге болады. Таңертең жəне солай етіледі. Тіпті, ең жақсысы – бір биені қолға ұстап сауған – керек кезінде шыны сүт даяр. Бірақ бұл əркімнің қолынан келе бермейді. Кедей əйеліне биеден де бір абысынына жалынған оңайырақ болар. Бұл да болмаған жерде жоғарыда айтылған қалыппен сиыр сүті беріледі. Бірақ артықша тазалық керек. Емшек сүтіндей даяр күйінде баланың аузына құйылып тұрмаған соң бейнеті көп, көбінде бала іш ауру болмай қалмайды. Баланың өсуі, ширауы да шабан болады. Тазалық жағын аса қарастырмаса, сүтпен асыраған баланың өлуі тіпті көп. Ыдыстар, емізігі ете-мөте қайнатылып, жуылып отыруы керек. Сүт ашымайтын салқын жерде сақталғаны дұрыс. Сиыр сүтімен бала асырау үлкен өнер. Бұл əркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан мұны амалсыздан ғана тұтыну дұрыс. Баланың дене тəрбиесі Емшек баласының дені сау болып, өлім құшағынан аулақ болуына ең үлкен себеп – тазалық. Қайда былық, лас, кір жерде ауру ұялайды. Баланың елжіреген жас денесіне ауру тіпті жұққыш келеді. Баланы аурудан аулақ қылу үшін, баланың өзін де, оған жанасатын нəрсенің бəрін де аса таза ұстау дұрыс. Жас баланың тəні, терісі тым жұқа, тым нəзік. Əсіресе, буын тұстарындағы қолтық, шап секілді бүктесін жерлерін өне бойы жуып, тазартып, құрғатып тұрмаса, қызарып, дымданып, бөртіп шыға келеді. Баланы кырқынан шыққанша күн сайын шомылдыру дұрыс. Ел ішінде қырқынан шыққан соң
күн ара, не екі күнде бір шомылдыруға болады (киіз үйде көшіп жүргенде). Жайлы, жылы үйде бес айға дейін күнде шомылдырған дұрыс. Бала шомылдыратын ыдыс, артық ұсталуы керек. Қалалы жерде арнаулы астау, не леген болады. Оған кір де жуымайды. Жəне қалалы жерде, жылы үйдің ішінде жас баланы мүлде судың ішінде қалқытып, шалқасынан жатқызып қойып, денесінің бəрін судың ішінде жуады. Сонан соң етпетінен көтеріп тұрып, таза жылы сумен құйындырып, таза шүберекке орап алады. Сол шүберекпен денесін сипап отырып құрғатады. Əсіресе, мойнын, қолтықтарын, шабын. Сөйтіп, сол жерлеріне мақтамен «тальк» деген ұн сияқты дəрі себеді. Ол дымқылданбасқа жақсы, аптекада сатылады, бес тиынға алса, талайға жетеді. Баланың бетін, көзін қайнаған салқын сумен бөлек жуып алған дұрыс. Болмаса құйындырған су қайнаған болғаны жөн. Онда баланың көзі аурудан таза болады. Құлақ, мұрнын таза мақта білтемен сүртіп алған дұрыс. Аузына қол сұқпау керек. Ол аузы уылуына себеп. Қүн сайын шомылдырғанда бір күн сабындап, екі күн жай сумен жуындыруға болады. Баланы аса тез шомылдырып үйрету керек, бес минуттан аспасын. Баланы кешке, жатардан бұрын шомылдыру дұрыс. Сонан соң емізіп, жылы орап жатқыза қойса, бойы жай тауып, жақсы ұйықтайды. Əрі ұзақ ұйықтайды. Бала дəреттенген сайын жылы сумен жуу – қазақ əйелінің бір жақсы əдеті. Бірақ артынан денесін құрғатып, шабына əлгі талькті сепкен дұрыс. Ел əйелі баланы қырқынан шыққанша күн сайын шомылдырады. От басында қолына алып отырып, легендегі сумен жуындырады. Көшіп жүрген елге күзгі қара суықтарда киіз үйдің ішінде бұлай етпеске болмайды да. Баланың денесі тым елжіремей, шынығуына жақсы да болар. Бірақ суды бір таза ыдыстан алып отырса дұрыс. Аузымен құйып шомылдыру тіпті қате жұмыс. Үлкен кісінің аузы неше түрлі дерттің ұясы болуға мүмкін. Баспа, тісті құрт жеген, тілінің үсті күлдіреп
бөрткен сияқты дерттер баланы ауру етіп, үлкен залал келтірмек. Құрт ауру деген адамзаттың дұшпаны. Ол да сол қақырық, түкіріктен жұғады. Балалы əйел осыған сеніңдер! Сөйтіп, үлкен кісінің аузын балаға жуытпаңдар! Баланы қырқынан шыққанша тұзға шомылдыру, маймен сылау дейтін əдет бар. Қазақтың көшпелі тұрмысында, баланың денесі тез шынығуға бұл да жақсы болар. Бірақ мұны да істей білу керек. Кейбір аналар баласын аса «пісірем» деп, уыс-уыс тұзға шомылдырып, «күйдіріп» алып, денесі жарылып, қотыр болып кететіні де болады. Жəне сылау май дегеннің орнына қалада аптекада сатылатын «вазелин» деген майды тұтынған дұрысырақ болар. Ол болмағанда, тортасыз сары таза май. Бұл əдеттің залалсыз болуының ең үлкен шарты – тағы да тазалық. Ыдыс таза болуы керек, əйелдің қолы таза болуы керек. Тұз, су таза болу керек. Май ылғалсыз, таза болуы қажет. Міне, осы тазалықтың бəрі орындалса ғана бұл əдетке қарсы тұрмауға болады. Баланың қол, аяғын созып «өс-өс» деуді тастаған мақұл. Баланы бір-екі мезгіл бойын жаздырып, бөлеу алдында етбетінен, шалқасынан салып, сипап отырумен де өсуіне көмек беруге болады. Анау «өсірумен» баланың қолын, не аяғын шығарып алып, кем қылып қалдыру оңайырақ болады. Əйелдің бəрі бірдей пысық бола бермейді ғой, жəне бесікке таңылған, еркін қимылдап жатқан баланың жауырыны жабысуына жол жоқ. Енді баланың төсек-орны, киімі жайынан бір-екі ауыз сөз Тірі жанның бəрі еркіндікті, кеңшілікті жақсы көреді. Бұған ешкімнің таласы болмаса керек. Жас нəресте бала да сол еркіндікті, кеңшілікті тілейді. Бала анасының ішінде жатқанда, қағанақ суы ішінде, аяқ-қолын бауырына жиып алып, еркін қимылдап жатады. Қимыл– тіршіліктің белгісі, қимыл арқасында тірі жан ішкен
тамағын бойына сіңіріп, денесі бекіп, үлкейіп өседі. Жас бала дүниеге келген соң бар қызметі – өсу; өсуіне тамақ қандай керек болса, қимыл да сондай керек. Жас баланың осы жайын еске алып, дəрігерлер баланың еркіндеп өсуіне, дене мүшелерінің бекуіне бөгет жасамаңдар дейді. Бұлай .болғанда, баланың киімі, бөлеу түрі қандай болу керек? Əуелі баланың денесіне кигізетін, молдау тігілген, екі шабуында екі-ақ тігісі бар, бөлек, жағасыз, баулы көйлек, оның үстінен киетін шолақ күрте көкірекше, бұл қалың, бірақ жуылатын помазиден істеледі, жеңі ұзындау болады. Қазақтың бүрме тақиясын, бірақ жуылатын ақ шүберектен, кеңдеу болып, сырмай, жұмсақ етіп істеген дұрыс. Баланың басын тақия түземейді. Осымен жаңа туған баланың киім түрі түгел, бірақ көйлегі ең аз болғанда үшеу-төртеу болуы керек. Көкірекше, тақия екеуден болсын. Бұл кірлетпей жуып, алмастырып тұру үшін. Бұған көп нəрсе керек емес. 2 метр ақтан 3-4 көйлек шығады, 1 метр ақ помазиден қалған керегі шығады. Жас баланың киімін жуылмайтын, бояулы, яки жібек шүберектен істеу жарамайды. Жуылмаған соң кірлеп, бит, бүрге түседі. Бүрге баланың тынышын алғаннан бұрын, үйде ауру кісі болса, қанын сорып келіп, баланы шағып, ауруын жұққызады. Баланың киімі аппақ болу керек. Ақ нəрсенің кірі көзге түсіп, еріксіз жуғызады. Баланың кеуде жағының киімі осы. Бөксе жағын орайтын жаялықтар мынадай болу керек. Құндақтарда бір жастық үстіне əуелі ұзындығы бір метрден ені бір кездей көлденең бір шүберек салынады. Оның үстіне төрттен үш кездей шүберек шаршыланып салынады. Соның үстіне көйлегін түріп, баланы салады. Əуелі шаршы жаялықпен баланың бөксесі оралады. Екі ұшы белінен оралып, төменгі бір ұшы екі аяғының арасынан алынып, ыстан сияқты болады. Оның сыртынан қолтығына дейін үлкен жаялықпен орап келіп, бір ұшын тізесінің үстінен əкеліп қыстырады.
Оның сыртынан жылы, жууға ыңғайлы көрпеге оралады, көрпенің ішіне қолын да орауға болады, қолы еркін жатады. Көрпеге баланың дəреті өтпес үшін бөксе тұсына бір ширек кез клеенка салып ораса, тіпті жақсы, көрпе жиі жуылмайды (клеенка – аптекада сатылатын су өткізбейтін мата). Клеенка тек бөксе астында ғана болу керек. Онан үлкен оралса, баланы өне бойын терлетіп, суық тигізеді. Енді осы қалыппен құндақтаған баланы қайда жатқызамыз? Бұған дəрігерлердің ең дұрыс деп тапқаны мынау: базарда сатылатын шыбықтан тоқыған кішкене, бала бойы қорап болады. Бесік сол болсын дейді. Оның үстіне ұзын бойымен бірдей қылып, бір қалтаның ішіне шөп салын, құс төсек істеу керек. Тым мамық қылмай, құстың жүнінен кішкене, бостау қылып жастық салып, баланы соған жатқыз дейді. Суық болса, үстінен тағы көрпе жабуға болады. Баланың асты көміліп кететін мамық болуы залал. Жəне дымданған шөпті алып тастап, жаңадан салып отыруға болады. Емшек баласына дəрігерлердің лайықтайтын төсегі, киімі осы. Бала таңылмайды, қолдары бос, əуелде бірер күн қолы ербеңдеп шошыған сияқты болады, бірақ бетін тырнауға жеңі ұзын, қолы ішінде жатады. Сөйте-сөйте, бір жетінің ішінде үйреніп, тып-тыныш жататын болады. Баланың денесі түк қысымшылық көрмейді, еркін тыныстап өседі. Бала жыласа, аяқ жағының орауын шешіп жіберіп қарау керек. Көбінде асты былғанып, дымданғаннан жылайды, ішкі шаршы жаялықты құрғатса, тағы тыптыныш жата береді. Баланы тербетудің қажеті жоқ, жəне қорап тербетуге келмейді. Тербетпеген баланың дені сау, ақылы дұрыс өседі, миы шайқалмайды, басы айналмайды. Тамағы тоқ, төсегі тыныш, бит-бүрге
шақпаған, денесі қысымшылыққа түспеген бала тербетуді керек қылмайды. Өзі де жыламайды. Баланың төсегін пешке тым жақын қоймаған дұрыс. Үстін тұмшалап, жылы үйдің ішінде тым жылы жауып үйретпеген жақсы. Терлеп, тым жылыға үйреткен бала аурушаң болады. Жылы үйде баланы бір мезгіл мүлде ораусыз жатқызып үйреткен де жақсы. Бір мезгіл қолға алып, сипап отырып, бойын жаздырған өте жақсы. Бірақ, жылаған сайын қолға алып жүріп үйрету жақсы емес. Аз ғана жылағанына шыдау керек, оның залалы жоқ. Баланың көйлек, жаялықтарын күніне бір мезгіл сабындап жуып тұрған дұрыс. Үсті тап-таза болсын. Екі-үш айдан бастап, баланы емізер алдында тосып үйретсе, сол мезгілін өзі жылап білдіретін болады. Емізер алдында астын бір қарап алу қажет, былғанса, тазартып, қайта орап, болмаса тосып, қайта орап алып емізсе, бала тыныш ұйықтап қалуына жақсы. Балаң сідік сасып тұрмасын! Жаялықты жумай үйге кептірме. Бұл – салақтықтың белгісі. Бұған кедейлікті сылтау қылуға болмайды. Баланың киім-кешегін жууға сабын шығыны айтуға келмейтін аз шығын. Тазалық жоқтығынан қотыр болып ауырған баланы емдетуден көп кем шығын, осыны ұмытпаңдар, аналар! Балаға келгенде, асқа келгендей, қолыңды тазалап жуып кел. Баланың қасиеті астан кем емес. Енді қазақ бесігі туралы бір-екі ауыз айтып кетпеске лаж жоқ. Жоғарыда айтылғандарға көңіл қойып түсінген адамға қазақ бесігінің балаға залалы ап-анық көрінсе керек. Баланың еркін, түзу өсуіне қандай шарттар керек екенін айтып өттік. Бесік сол шарттардың біріне үйлес келмейді. Бесікте бала өне бойы тастай таңулы жатады, бір мүшесін қозғай алмайды. Бір қырынан жатқызуға да болмайды. Өне бойы шалқасынан бір қалыпта жатады. Салақ шешенің баласы ертеден кешке дейін шешілмейді. Онан өзі жатқаннан ертеңге дейін шешілмейді. Жыласа, аузына емшегін тығады. Шешесінің қолы тимесе, бір
бала тарсылдатып тербетеді. Бала жылап-жылап басы айналған кезде ұйықтап кетеді. Тірі жанды мұндай зорлыққа салу бір қылмысы үшін жаза тартқызғанмен бір есеп! Түбек-шүмектің анасына болмаса балаға пайдасы жоқ, бəрі дене мүшелерін қалыпқа салып, қуыршақ қылған болып табылады. Бесіктің балаға жайлылығы осы сияқты, тазалық жағынаң келсек, бесіктің іші толған ылғи киізден, жабағыдан, мамықтан істеген, тозғанша жуылмайтын төсеніштер, бит-бүрге соның ішінде, кейде құрттап та кетеді. Бала сорлы қимылдай алмайды, жылай-жылай көнеді. Тазалықтың түрі осы! Бесік сайманының арзан-қымбат жағына келсек, шыбықтан тоқыған қорапша бесіктен қымбат болмайды. Оны істеу де бесіктен артық қиын бола қоймайды. Елдің шебері болмай-ақ қай кісінің де қолынан келеді. Тек мойындаса болғаны. Ең болмағанда, басқа үй ішінің керек-жарағымен бірге қаладан алдыруға болады. Базарда «кір салатын корзинка» деп сатады. Барып тұрған бəсі бір сом болады. Талы бар жерде соны тоқып алу да қиын емес, талапкерлер болса, мүлде «тоқыма бесік» істеуді кəсіп қылуына болады. Бесіктің сайманын санасақ, тоқыма бесіктің шүберек жаялықтарынан əлдеқайда көп. Оны ел əйелі бізден артық біледі, атап отырудың қажеті аз. Баланы екі айдан былай қарағанда тосып үйрете бастаса, алты айда дəрет мезгілін өзі білдіретін болады. (Балашағаға тостыру, əрине қауіп – белін бүкірейтіп, не түсіріп алуы мүмкін.) Сонан əрі қарай жаялықтың көп керегі болмайды. Тəртіппен үйреткен бала сол кезден бөлеуді де керек қылмайды. Жəне сау бала 6 айдан былай қарай отыра бастайды. Сонымен балаға жаялықтың керегі алты айға дейін ғана, оған бір метрлік жаялық үшеу болса, шаршылайтын жаялық тертеу болса, алты-жеті метр бөз керек. Бұл көп болғанда, үлкен кісінің бір көйлек-ыстандық шүберегі, оған қосылатын бір-екі жүн салған
көрпеше, бір клеенка (бір ширек метр екі бөлуге келеді), бір құс төсек (жоғарыдағыдай, шөп салып істелген – таза болады), бір кішкеке жастық. Мұның бəрі əдейі қаладан алдырылып істеледі. Киіз үйде кішкене суыққа ыңғайлы болсын десең, баланың бойындай қылып, құндақтаумен сиып жататын бір қоржын ал. Ол былай болады: астыңғы жағы бойымен бірдей, ені де баланың денесімен бірдей, жүн салып қабыған көрпеше, үсті иегіне дейін келетін жəне сондай көрпеше, бас жағы басынан азырақ асып жатады, артық жеріне жастық салынады. Біржағынан түймеленетін болса, баланы құндағымен салып түймелей қою ыңғайлы болады. Мұны шебер əйелдер ұядай жып-жылы қылып жасауына болады. Баланы сол қалыппен тоқыма бесігіне сала қойса, тоңады деп қорқуға келмейді. Бір көрпенің орнына осыны істеп, қалып қылса, ел əйеліне ыңғайлы болар еді деп ойлаймыз. Сөйтіп жоғарыда айтылған дəрігердің тоқыма бесігінің жол бөгеулігі болмаса керек. Асылы, ноғай бесік тіпті үйір болатын нəрсе емес, онан қазақ əйелі аулақ жүруі керек. «Көшпелі елде қиын» деп, бəрін көшпелілікке арта беруге болмайды. Шын көшпеліге жарамаса, жылжып қонып отыратын шала көшпелі елдеріміз тіпті көп, отырықшы елдеріміз жəне жоқ емес, солар алар. Асылы біздің ниет – қазақтың баласын дұрыс тəрбиелеп өсірудің түзу жолын іздеп, керексіз, залалды əдеттерді «мынау залал» деп айтып беру. Бесік көшпелі тұрмыстағы əйелдің ауыртпалығын жеңілткенімен, жас үміт нəрестенің жайын мүлде ескерусіз қалдырған нəрсе. Бұл надандықтың шығарған шолақ ақы лы. Ғылым ақылына еретін мезгіл жетті, бесіктен енді шығалық!
Баланың таза өсуіне күннің сəулесі, таза ауа қажет Емшек баласына ана сүті, түзу тəрбие қандай керек болса, таза ауа, күннің көзі, жайлы орын да сондай керек. Адам баласы өне бойына тынысын ішіне таратқанда, таза ауа жұтып, тынысы сыртқа шыққанда, керексіз ауаны сыртқа шығарып отырады. Адам көп жиылған үйдің сондықтан ауасы нашарланып, адамның тынысы тарылып тұрады. Бұған жəне көп кісінің терлеген иісі де қосылады. Біздің қазақтың жылы үйінде əлгі айтылғандардың үстіне бұзау-торпағы да жатады, қазаны да асылады, кірі де жуылады. Сонымен алақандай терезесі бар, төбесі басыңа тигендей аласа, тар үйдің ауасы тым нашар болады. Мұндай ауада үлкен кісі тұншыға жаздаса, емшек баласының дертті болып, өлуіне себеп болады. Сондықтан балалардың өкпесі сау болып, тынысы кең болуы үшін күніне бір-екі мезгіл есік ашып, үйді жел қақтырып алу дұрыс. Балаға суық тиеді деп, қауіптену қате. Бетін ашық қалдырып, денесін көрпемен жауып қойса болады. Үйдің ішін таза сақтау керек. Жерге төселген киіз, кілем, көрпелерді ең болмағанда жұманың алдында бір рет далаға жайып, қағып, сілкіп кіргізу қажет. Үйді сыпырғанда шаңдатпай, сыпырғышты сулап алып сыпырған дұрыс. Ең жақсысы – күн сайын сыпыру орнына төсеніштерді далаға қағып кіргізу, насыбай болсын, жай болсын үйдің жеріне түкіріп, қақыру үлкен қате жұмыс. Соның бəрі кепкенде шаңмен бірге ұшып, баланың демімен көкірегіне кіреді. Ауру адамның қақырығында микроб болады. Микроб – дерттің құрты. Онан балаға дерт жұғады. Үйде бір кішкене түкіргіш болу керек, ол қиын нəрсе емес. Бит, бүрге, шыбын кірге өш болады. Үйге кірді, дымды жуытпау керек. Емшек баласын əлсін-əлсін далаға алып шығып жүрген дұрыс, суық тиеді деп қорқудың қажеті жоқ.
Қырқынан шыққан баланы қысты күні желсіз аязға шығаруға болады. Əуелі аздап шығарып, бара-бара уақытын бір сағат шамасы жүргізуге де болады. Баланы далаға шығарғанда бетін жабудың қажеті жоқ, тек суықта мұрны, құлағы үсіп қалмауын қарау керек, киімі жылы болғаны дұрыс. Осыны, əсіресе қыстаудағы ел əйелі қатты ескеруі керек. Біздің қысқы жылы үйлеріміз түкке татымайды десек, ел намыстанбасын, намыстанса, үйлерін түзетер. Қысты күні баланы ылғи түс кезінде күн барында шығарған дұрыс. Жаз туған бала күні бойы далада болуы мүмкін. Бірақ күннің ыстығында көлеңкеде ұстаған дұрыс. Ыстық күндерде емшек баласына ара-тұра қайнаған салқын су ішкізу қажет. Оқымысты дəрігерлердің айтуына қарағанда, күн сəулесі – дерт біткеннің жауы. Жұқпалы аурулардың құртын күн сəулесі өлтіреді. Ағаштың жазғытұрғы бүршігінде күннің көзі жарқырап жарық сəулесін түсіргенінде ғана жапырақтанып, жасара бастайды. Адам баласына үлкен болсын, кіші болсын, сол сияқты күннің сəулесі керек. Əсіресе емшек баласын күн көзінен қашырту қате. Бала жатқан үйдің терезесінен өне бойы күн түсіп тұрғаны дұрыс. Баланың төсегі күн түскен жерде тұрсын. Тұрақты күн түспейтін, қараңғы үйлерде көбінде дымқыл болады. Ондай үйде өскен бала нашар, кеудесі тар, қансыз, сөлсіз болып өседі. Баланың мешел болуының да бір үлкен себебі – осы күннен қашық өскендік. Бала саулығының анық белгілері Сау баланың еті тығыз, денесінде ешбір бөрткен теміреткі, қотыр болмайды. Артық таза жумағандықтан кейде баланың басы қайызғақтап, кейде қабықтанып кетеді. Ондайда баланың басын сарымаймен майлап, орамалмен байлап қойып, ертеңіне сабындап жуған
дұрыс. Осыны күн аралатып, үш күн, төрт күн істесе, басы тазарады. Сау бала туғаннан-ақ қол-аяғын, басын қозғап, қимылдап жатады. Тыныштық тек ұйқыда ғана керек, аяқ-қолы таңулы бала нашар, сылбыр болып өсетіні осы себептен. Баланың саулығының бір белгісі – қырқынан шыққан соң-ақ күліп, тыныш ұйықтап, тамақтанып алса, көңілі шат қалпын көрсетіп жатады. Сөйлеген, жүрген сияқты, анау-мынау дыбысқа сау баланың ұйқысы бөлінбейді. Бала əуелгі бір айы күнінің көбін ұйқыда өткізеді. Өскен сайын ұйықтауы азайып, бірер мезгіл қимыл, ойынды керек қылатын болады. Жаңа туған баланың əуелгі 2-3 күнгі дəреті желім сияқты қою, қоңыр түсті болады. Бұл – іште жатқанда жиылған нəрсе. Əуелгі бір жетінің ішінде баланың дəреті жайшылықтағы қалпына түсіп, түсі ақшыл сары, азғана қышқылдау иісі болады. Дені таза бала күн тəулігінде 2-3 рет ұлы дəретке отырады. Іші бұзылған баланың дəреті көк зеңгіл, сұйық, сасық иісті болады. Дұрыс тəрбиелі бала екі айда мойны қатып, басын түзу ұстай алады. Жəне жастықтан басын көтерерлік шамасы болады. Сол кезден баланы 1-2 мезгіл бос жатқызып үйреткен дұрыс. Ондай бала алты айда өзі де отыратын болады. Одан бұрын отырғызам деп зорлаудың зияны болмаса пайдасы жоқ. Сегіз айда бала аяғын басып, өзі тұра бастайды. Он-он бір айында бала сүйеумен, жетекпен «тəй-тəй» жүруге жарайды. Бір жасқа толғанда дұрыс өскен бала сүйеусіз өзі жүре бастайды. Жерге бос жатқызып үйреткен бала көбінде əуелі алты айдан еңбектеп үйренеді, онан барып жүруге бет алады. Баланың тісі шығады Баланың тісі алты айда шыға бастайды. Тісі белгілі ретімен шығады. Ең əуелі алдыңғы екі тісі төменнен шығады, сонан жоғарғы екеуі, онан бір аздан соң
жоғарыда екі жағынан екеуі шығады. Онан төменгі екеуі, сөйтіп кезегімен шығып отырып, екі жасқа келгенде 20 тісінің бəрі де шығып болады. 32 тісінің басқасы одан арғы жерде шығады. Мешелге айналған баланың тісі көбіне ретімен шықпайды жəне кешігіп шығады. Тіс шығарда баланың іші өтіп, бойы қызып ауырады деген бекер сөз. Ауырса, басқа себептермен ауырады. Тіс шығарда баланың тіс орындары қышып, аузына қолын сала береді. Ондайда үлкен кісі тісін қараймын деп баланың аузына қолын салу жарамайды. Ауызы уылып, сілекейі ағатын болады. 4-5 айға толған соң шешек егуші келсе, балаға шешек еккізу керек. Шешек егуші келмегенде əдейі қалаға апарып, болмаса фельдшер, дəрігерді шақыртып алып ектіру керек. Бұл – салақтықты тіпті көтермейтін жұмыс. Қалай болса да, бір жасқа дейін егілгені дұрыс. Тазалық жайын еккен кісі үйретеді, бірақ оның айтқанын қатты ұстау керек. Баланы тəртіпке туған күннен бастап үйрету керек. Ең алдымен ұйқысы мен тамағы тəртіпті болсын. Белгілі мезгілде еметін болсын. Жəне түнде ембесін. Басқа тəрбиенің көбі осыдан шығады. Алғашқы 1-2 жеті, көп болса бір ай ана сабырмен шыдап, осы кітапшада айтылғандарды орындай білсе, бала таза, сау өседі. Екінші – бала тəртіпке үйреніп, тыныш болады. Үшінші– ананың өзінің бейнеті азаяды. Тұжырымды сөзіміз Жүкті əйел мен емшек баласының түзу тəрбиесінің жолын қысқаша айтып өттік. Ана болу, бала өсіру, көп білім керек қылатын, қиын жұмыс екені осы кітапшадан байқалса керек. Дені сау болып, дұрыс, түзу тəрбие алған, теңіне тиген қыз жақсы болады дедік. Жас баланың бағуы жөнінен білімі бар, өнерлі əйел жақсы, дені таза бала өсіреді дедік. Бастан бала жасынан түзу тəрбиелі өскен, дені
таза болған адам өзі түгілі елді билеп, қамал бұзып, жол бастайтын ер болады. Жүкті əйел мен бала тəрбиесі осындай ұлы қасиетті, мағыналы жұмыс. Аналықтың осындай мағыналы болуына ең үлкен көмекші – əйелдің өзі. Ши орап, терме тоқыған өнер, шаттық қандай керек болса, бала баққанға одан да артық өнер керек. Кітапта айтылған ұсақ-түйек ақылдың бəрін теріп отырып, үйлестіріп орындап отырып қана жақсы бала өсіруге болады. Жүкті əйел мен бала бағу міндетін артықша қасиеттеп, кеңес үкіметі бұл жұмысты көтермелеп, көмектеп отыр. Ол көмектің көбіне бөгет болып келе жатқан – біздің көшпелі тұрмысымыз. Сонда да, осы көшпелілікке арналып біраз жұмыс істеліп жатыр. Мəселен, елге дəрігер керуені шығып жүр. Көшіп жүріп, елді қарап емдейтін дəрігерлер ана мен бала тəрбиесіне артық назар салады, үйретеді, қарайды, емдейді. Уездік қалаларда дəрігер акушеркалар болады. Бұлар елге шақырғанда баруға міндетті. Қожа, молдадан артық сый алмайды. Бергеніңе риза болады. Бере алмасаң, оған да риза. Осы күні бір болыс ел ортасына болыстық атқару комитетінің мекемесі, оқу билігінің мекемесі, ауру қарайтын үйлер де бір жерде болып, елдің мұңмұқтажының ортасында болып, елдің қарайтын мəдениет кіндігі деген жасалып жатыр. Мұнда да жақын жерден ана мен бала тəрбиесі қатты ескерілсе керек. Жаңа əзірде тағы қызыл отаулар тігілетін болып жүр. Бұл тұпа-тура əйелге арналған жұмыс болғандықтан, қызметкерлерінің ішінде əйел дəрігер болады. Болмағанда, ана мен бала асырау жұмысына уақытын көп бөліп, бұл туралы көп сабақ беруді өздеріне міндет қылады. Бұл көшпелі елге арналған аз жұмыс емес. Біздің ел əйелі осының кадірін біліп, бала тəрбиесіне жақын жердегі дəрігерден сұрап, үйреніп, босанарда соларды
алдырып, көмегін көріп, ауырса-сырқаса бақсы-молданы қойып, алдын ала дəрігерге қаратуды əдет қылу керек. Үкіметтің беріп отырған көмегінен қашпай, ала білу керек. Кеңес өкіметінің ана мен баланы қорғау жөнінде жасаған қамқоршылығы Кеңес өкіметінің ана мен бала тəрбиесі жолында қамқоршылығы тіпті көп. Бұл қамқорлықтың айқын көрінетін жері – қалалы жерде, əсіресе зауыт-фабриктегі көп əйел еркекпен қатар ауыр-ауыр зауыт қызметін істейтін Ресейдің ішкі қалаларында. Енді кеңес өкіметінің ана мен бала тəрбиесі жөніндегі шығарған заңдарын айтып өтпекпіз: 1. Заң бойынша жұмыстағы жүкті əйел, босанардан бұрын 2 ай, босанғаннан кейін жəне 2 ай жалақысын түгелімен алып, қызметінен босайды. 2. Кəсіпшілер ұйымына жазылған жұмыстағы əйел, болмаса жұмыскерлердің əйелі сол жердің, кесімді айлық ақысының есебімен баланың төсек-орнына деп бір айлық үстеме ақы алады. Жəне 9 айға дейін баланың сүтінің ақысы деп айлық ақысының ширегін алып тұрады. 3. Бала емізіп жүрген жұмыскер əйел 3 сағат сайын жарты сағатқа үйіне барып, баласын емізіп келуге босанады. 4. Жүкті əйелге жəне ішіндегі баласына зияны тиетін, ауасы нашар орындарда əйел қызмет етпейді. 5. Екі қабат əйелдің жол жүргенде, отарба жолына билет алуы, орын алып, мініп кетуі басқаларға қарамай кезексіз болады. Заң болған соң бұл айтылған істерді ешкім аттап өте алмайды. Елде болсын, қалада болсын, жайына қарамай, кемшілікте ұстағандар жазалы болады деген сөз. 6. Бұл заңдарға жалғас босанатын əйелді надан бақсы, балгер, надан қатындардың кеселді көмегінен
кұтқару үшін білімді қызметкер əйелдер, акушеркалар даярлайтын мектеп, курстар ашылды. 7. Екі қабат əйелдер барып, дəрігерге қаралып, ақыл сұрайтын консультация деген əйел бөлмесі ашылды. Консультация – зор мағыналы нəрсе. Ел ішіне бара алған жоқ. Қаланың бəрінде де бар: екі қабат əйел өз саулығын қаратып тұрады. Жəне оқымысты дəрігер іштегі баласының қашан туып, қайткенде түзу, таза болып туатынын үйретіп отырады. Əйел дертті болса, емдейді. 8. Тума үйі деген болады. Бұ да қаланың бəрінде бар. Екі қабат əйел толғата бастағаннан тума үйіне барады. Дəрігері бар, əйел қызметкерлері бар, таза тесек-орын – бəрі даяр, қиналмай босанса, əйел өзі де, баласы да таптаза, күтімді болып, 5-6 күннен кейін үйіне қайтады. Əрі қауіпсіз босанып, əрі тазалықты үйреніп қайтады. Босанатын əйел қиналса да, дəрігер бағып, ғылым жөнімен қарап босандырады. 9. Анаға емшек баласын бағу жөнінен ақыл беріп, ауру болса, емдеп, сау болса, ауыртпайтын жолын көрсетіп, өне бойы дəрігер қарап тұратын орындар болады. Оны да консультация дейді. Балалар консультациясы, бұл орынға ана баланы екі жетіде бір апарып тұрады. Ауырса, жиі баруға болады. Бұл да қаланың бəрінде бар. Балалар консультациясы бар жерлерде баланың өлуі кемігендігі де анықталған. Мəселен, Новгород қаласында, 1923 жылғы есепке қарағанда, үзбей консультацияға апарып жүрген балалардың өлімі, апармай жүрген балалардан 10 есе кем болған. 10. Ана мен бала қорғау қызметінде тағы бір орынды жұмыс –ясли деген емшек балаларын бағатын үй. Бұл жұмыста жүрген əйелдерге артықша керек нəрсе. Фабрикте жүрген жұмыскер əйел болсын, жазды күні пішен шауып, егін орып, болмаса басқа шаруада жалғызілікті болып, балаға карауға қолы тимеген əйел емшек баласын ертемен яслиге апарып береді. Өзі 2-3 сағатта бір барып емізіп кетеді. Былайғы тəрбиенің бəрін яслидегі бала бағатын əйелдер істейді. Үстінен қарап
жүретін дəрігер əйел де бар. Бəрі де бала тəрбиесіне үйренген. Баланың ауру-сырқауында да қарап тұрады. Кеш уақытта, жұмыстан босаған кезде, анасы келіп, баланы алып қайтады. Ертеңіне жəне сөйтеді. Бала күл, көмір жеп қақалып, көп жылап өкпесі өшіп, кіндігі шығып қалып, болмаса еңбектеп жүріп отқа түсіп, құртқа пісіп калудан аман, тап-таза, бағулы, күтулі, емшек ембесе, сүт беріп, басқа лайықты тамақпен асыралып қайтады. Анасынан артық бағулы болады. Кеңес өкіметінің көрсетіп отырған қамкоршылығы – осы. Ал енді балалы əйелдер бар жерде осы орындарды игілікке жұмсаңдар! Болмаса, мына өздеріңе арналған кітапты оқып, ақылына еріп, балаларыңды «ел бастайтын ер» етіп өсіріп, өздерің аман болуларыңа тілектеспіз! Үшінші бөлім БАЛАНЫ АУРУДАН САҚТАНДЫРУ Баланың ауруы «Əйел теңдігінің» ілгері сандарында біз бала өсірудің дұрыс тəртіптерін көрсеттік, түзу туған сау баланың тəрбиесін көрсеттік. Сол тəртіптерді тайдырмай қолданған əйелдің баласы таза, сау болып өседі дедік. Сондай бір тəжірибелі жол қолданбай, «құдай сақтаған жерде бəле жоқ» деп, біздің елше асыраған баланың шыбындай жаны анасының ішінде жатқан кезінен бастап-ақ сансыз қатерде болады. Анасының өзі білмей жүрген дерті болса, мəселен, мерезі болса, ол бала мезгіліне жетіп тумақ емес, көбінде түсік болып түседі. «Бала бітеді де, бойымнан жүйткіп кете береді» деген – сол аурудың салдары.
Əйел құрсақты кезінде өзін-өзі күте білмей, қашан босанғанша шамадан артық ауыр жұмыста жүргендіктен, бала мезгілінен бұрын туып, көбінде адам болмай, өліп қалады. Тірі қала қалса да, нашар, аурулы, мешел болып өседі. Құрсақты əйелді қарап, қалай күтіну жайын айтып, үйретіп беретін «консультация» деген үйлер бар жерде біздің əйел соны пайдалана білетін болса, мұңмүддесінің бəрін білдіріп, ақылын алып отырса, бала мұндай қатерден аулақ болар еді. Бұл – іштегі баланың жолындағы қатерлер. Туған сағатында баланың алдындағы қатер онан көп болмаса, аз емес: теріс келген баланы надан абы сын дар «түзейміз» деп өлі тудырады, əйелдің жанында, босанғанда, тəртіп білетін дəрігер, акушерка болмағандықтан, баланың көзіне анасының дертті қансөлі дерт жұқтырып, бала өмір бойына соқыр болып қалуы, алдын ала біліп, жазып алмағандықтан, бала кіндігіне оралып, буынып өлуі, кіндікті түбіне жақын кесіп, бала қансырап өлуі, шарана жұтып, шашалу сияқты сансыз қатерлер тап туған сағатында да баланы қоршап тұрады. Дүниеге келген соң баланы аңдыған жау тіпті көп: нəпнəзік жан ең алдымен шаңды, қақырып-түкіріп тастаған үйдің нашар ауасынан, «Кіндік шешесінің» шалашарпы жуынған лас қолынан, ораған кір шүберегінен, шомылдырғандағы тазармаған ыдыстан дертті болады, төңірегінің бəрі аңдып тұрған дерт. Əйел пайдасын біліп, «тума үйінде» босанған болса, мұның бірі де болмас еді. Таза босанып, дəрігердің ақылын үйреніп, баласының бейнетінен гөрі қуанышын артты рар еді. Надандық салдарынан ана байғұс баласын сағат сайып аңдып тұрған қауіп-қатерлерді жоғалту орнына, пəлені өзі қосып отырады. Емшек баласының ауруына аса үлкен себеп болатын нəрсе – тамақтану тəртіпсіздігі, əсіресе алғашқы үш
айында. Əуелгі кезде ананың емшегі тəртіпке түсе алмай, баланың да асқазаны жөнделе алмай, іші желденіп, дəретінің исі, түсі бұзылып, бала мазасызданып, катты жылай береді. Мұндай қалып емшекпен асыраған балада да, сүтпен асыраған балада да болады, тек емшектегі бала өсе келе түзеліп, жөнделіп кетеді. Сүт емген баланікі ұлғайып, жүдете береді. Мұндай қалып көбінде алғашқы алты ай тұсында болады. Осы алты айдың ішінде жəне ата мирасы – тұқым қуған дерттер біліне бастайды: əр түрлі қабыршақтанған қотырлар, бөрткендер, бас терісі, дене терісінің дымығып, жаралануы сияқты тері дерттері. Сол кездердегі баланың шошымалы болуы, шошып жылай оянуы, ұйқысыздық жəне көп құсу сияқты қалыптардың да себебі – тұқым қуған, атаанасының негізіндегі қалпынан болмақ. Белгілі мешел дерті де алты айдың бітісінде білінеді. Мұның белгілері: баланың ұйқысы қашады, сұрланып кетеді, терлегіш болады, əсіресе басы, желке шашы түсіп, желке сүйегі жұмсайды. Алты ай шамасында алғаш тісі шыға бастайды, бірақ тісі шығу баланы ауыртпайды. Алты айдан асып, жасқа толғанша, əлгі айтылған мешел сияқты аурулардың күшейетін кезі: баланың сүйектері жіңішкеріп, еті сылбыр, жұмсақ болады, бас сүйегі өзгеріп, еңбек шұқыры үлкейіп, қаны қашып, сұрланып кетеді. Алты айдан арғы жерде жасқа толғанша грипп, тұмау, өкпе жағы ауруға шалдыққыш келеді. Ит ауру да осыған жалғас жүреді. Құрт аурудың да бастап білінетін кезі – жасқа толғанша. Жастан асқанда, бала емшектен айырылады, бала жүре бастайды, сөйлей бастайды. Есі кіріп, ақылы арта бастайды. Сондықтан, екі жасқа толғанша, баланың табиғатына көп түсініңкіреп, ілгеріде басталған дерттер күшейіп, ашыла бастайды. Бұл кезде ауру көбінде сүйекке шабады, мешел ауру да бұл кездерде сүйекке шабады, көкірек сүйегі шығып, қисайып, аяқтары қисаяды. Екіден үшке аяқ басқанда баланың табиғаты бекіп, ауруға бейімділігі де кеми береді. Мешелдік түзеліп,
сүйегі беки бастайды, бірақ осы үш жасқа қарағанда бала өзіндей балалармен ойнайтын болғандықтан, жұқпалы – қызылша, көкжөтел, скарлатина, дифтерия сияқты дерттерге килігеді. Бұл дерттер туралы кейін айтамыз. Сөйтіп баланың үш жас өміріндегі кездесетін қатерлердің түрі осы сияқты. Жас өмірді осы бейнеттерден аман алып өту ең алдымен ананың мойнындағы міндеті екені анық. Бұған білімді дəрігердің емі бір керек болса, баланы дұрыс бағып, аурудан аулақ тұрғызу онан да артық, ол ең алдымен керек. Бұған ана басшы болуы керек. Ауруға қарсы шараларды оқымысты дəрігерлерден естіп, кітап оқып, ана қолдана білсе, сөйтіп ана надан бақсы-балгерлердің, абысынажынының ақылынан шықса, жоғарыда айтылған сансыз қатерлерге кездеспей-ақ, аман өтпек. БАЛАНЫҢ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАРЫ қызылша, көкжөтел, дифтерия, шешек, іш ауру, безгек Жоғарыда айтылған толып жатқан бала ауруларының ішінде аса бір үлкен орын алатыны (барлық аурулардың 3-тен 1-і) – баланың жұқпалы аурулары. Жұқпалы аурумен ауырған баланың 100-ден 50-і өледі екен. Бұл тіпті қырғын тиген болғаны. Бала тіршілігіне осы сияқты қатерлі болған жұқпалы дерттердің не түрлі дерт екенін, қалай жұғатынын, ол дерттерден баланы қалай қорғау керек екенін түсініп, білу бала асыраған ананың бəріне үлкен міндет болу керек. Енді қысқаша осыған жауап беріп өтпекпіз. Жұқпалы ауруларды жаятын микроб деген жəндік. Микроб тым кішкене болғандыктан, оқымысты дəрігерлер микробты өсіріп, үлкейтіп көрсететін
микроскоп деген құрал шығарған. Сол микроскопсыз жұқпалы аурудың микробы көзге көрінбейді. Жұқпалы аурудың жайылуының себептері адам мен адамның қатынасуынан. Мəселен, сүю, қол алысып амандасу сияқты, болмаса ауадан, жөтелгенде, сөйлес кенде аурудан шашыраған сілекейден. Бұл түрмен жайылатын қызылша, скарлатина, шешек тəрізді аурулар. Араға қатынасқан нəрсе арқылы болғанда, балалардың бірінің ойыншығымен бірі ойнаудан. Аралас киім, сүлгі, көрпелерден, іш ауру, іш сүзек, оба дерттері лас, беті ашық тұрған тамақтан жұғады, жəне жұқпалы ауруларды жұқтыратын үй ішіндегі ұсақ жəндіктер: бүрге, бит, қандала, маса, шыбын, тышқан, крысалар да ауру микробын жаюға үлкен себепші болады. Бұлардың жұқтыратыны сүзектің неше түрі, безгек сияқтылар. Ұсақ жəндіктер ауру адамның қанын сорып, қанмен бір ге кісіні шаққанда, ауру микробын таратады. Іш сү зе гі дерттерден жазылған адамнан да көпке дейін дерт жұғуы мүмкін. Əсіресе дəреті арқылы. Жұқпалы дерттердің бəрі де микробтан туады. Жұқпалы дерттердің бəрі де келгенде жалпы елге тие келеді, кезу болып келеді. Үлкен қалаларда грипп, дифтерия, скарлатина сияқты жұқпалы бала дерттері үзілмей болады (қазақ елінде бұл дерттер сирек). Жұқпалы дерттердің бəрі де басталғанда біразға дейін сыртқа шықпай, білінбей жүреді. Мəселен, қызылша он күнге дейін сыртқа шықпайды. Шешек 14 күнге дейін білінбейді. Скарлатина 3-8 күнге дейін білінбейді. Жұқпалы дерттердің бəрінде бойдың қызуы көтеріліп, албыртып келеді. Жəне жұқпалы дерттердің көбі адам өмірінде қайталанбайды. Кейбіреуі көпке дейін қайталамайды. Қызылша, көк жөтел, скарлатина, шешек, іш сүзек бір болған соң, екінші, бір адамның өмірінде қайталамайды. Жұқпалы аурудан жазылған адам қызылшадан бір айға дейін сақтану керек. Соған дейін басқаға жұғады. Скарлатина ай жарымға дейін жұғады. Көк жөтел ай жарым, не екі айға дейін жұғады. Жұқпалы
дерттердің бəріне бірдей ұқсас мінез – осы айтылғандар. Осы сияқты жұқпалы аурулардың түстес жайларын біліп алған соң, енді осы дерттерден баланы қалай аман қалдырамыз деген ой туады. Ең алдымен аналардың есіне салатын нəрсе – емшек еміп жүрген баланы жұқпалы ауру тез жеңе алмайды. Емшек емген балаға ауру оңайлықпен жұқпайды да. Ауырса, ауруға оңайлықпен жеңдірмейді. Емшексіз сүтпен асыраған баланың табиғаты нəзіктеніп, қаны аз, мешел, аурулы болады. Ондайлар кұрт ауруға да бейімірек тұрады. Жəне тұқым қуған мерез белгілері бар балалар жұқпалы ауруларға тым жақын, бейім болады. Бала деген халық асылында былапыт болады. Бетіқолына жұқтырмайтын кірі болмайды. Еңбектеген баланың жүрмейтін жері жоқ, ұстамайтын нəрсесі жоқ. Өз дəретін өзі ұстап, бет-аузына жағып, тұла бойы былғанып жүреді. Баланың осы мінезі де түрлі дерттің жұғуына аса жайлы жол. Сөздің қысқасы, дені таза, дұрыс тəрбиелі балаға жұқпалы аурулар оңайлықпен жұқпайды. Сондықтан ана баланы жастан асқанша өз емшегімен асырауы керек. Емшек ембеген бала нəзік, нашар болады. Оның бер жағында, дəрігер қарайтын консультация болса, сонда апарып, дəрігердің айтқан ақылын мықтап ұстау керек. Балаға жайлы орын, таза ауа, табиғатына лайық тамақ беріп, дұрыс тəрбиелеу керек. Жəне баланы ауру адам бар үйге ұстау жарамайды. Жұқпалы ауруы бар адамды бөлек шығару керек. Ауру адам шыққан соң дəрігерге айтып, дəрімен үйді аластатып, аурудың микробтарын жою керек. Баланы сүю жарамайды, балаға келгенде киім таза болып, қол таза, жуулы болу керек. Балаға қатысатын нəрсе, ыдыс бəрі де тап-таза болу керек. Баланың өзін күн сайын шомылдырып, тым таза ұстау керек. Тəніне ешбір жара, зақым келтірмеске тырысу керек. Бос емізік, шүберек емізік, шайнаған тамақ сияқты нəрселерді баланың жанына жолатпау дұрыс. Оның бəрі таза болмайды. Баланың ойыншықтары
бояулы болмасын, жуылатын болсын. Жоғарыда ұсақ жəндіктер дерт жаюға тым ыңғайлы деп айтып өттік. Іштен қан өтетін іш ауруды жаятын – шыбын. Шыбын адамның дəретіне қонып, баланың ішетін асына қонып, микробын салып кетеді. Шешекті жаятын бүрге болса керек. Малярия деген – сүзбе безгекті жұқтыратын сары маса. Бөртпе сүзек пен қайталама сүзек киімнің битінен жұғады. Бұған қарағанда, үй ішіндегі бит, бүрге, масашыбын сияқты жəндіктерден артықша сақтау керек. Бұлардан сақтанудың ең тура жолы – тазалық. Үй ішінің нəрсесіне, киім-кешекке сабын мен ыстық суды аямау керек. Енді осы айтылып өткендердің бəрі көңілге қонып, орындалса, бала жұқпалы дерттерден аман болмақ. «Əйел теңдігі». 1927. № 8, 9. 37–42-б. Трахома – көз ауруы Көз ауруларының ішінде ең жаманы трахома деген ауру. Трахома болып ауырғандардың соқыр болып қалатыны тіпті көп болады. Трахома – жұқпалы ауру. Бала күнде басталып, үдей-үдей келе, тіпті, бірнеше жылдарға кетіп, алдын ала емдетпесе, ақырында соқырлыққа келтіреді. Трахома əуелде білінбей басталады. Трахоманы жұққызып алған адам көбінде сезбей, ауырмай жүре береді. Осынысы аса қауіпті. Ауыртып, білініп келген ауруды алдын ала емдеп, ұзатпауға қам қылуға болады ғой. Білінбей келген аурудың басталғанын, тіпті, барлығын сезбей, асқындырып алу оп-оңай. Трахома ұрланып келіп, жүріп-жүріп, аурудың да, бейнеттің де əкесін көрсетеді, ақырында соқыр қылады. Трахома былай басталады. Сап-сау жүрген адамның бір кездерде көзіне бір түйіртпек пайда болады; кейде бір ғана көзіне, кейде екі көзіне де, көздің ішіне бір түйір ақ, я басқа нəрсе түскен сияқты болып, түйіліп
жүреді. Көз уақыт-уақыт шылаушыланып, жасаурап, ұйықтап тұрғанда іріңдеп, жабысып қалып жүреді. Алғашқы кезде мұндай қалыптардың өзі адамның артық тынышын алмай, көбінде ұмытылып кетіп те жүреді. Осы қалыпта бірнеше ай өтетіні де болады. Артық мазаламаған соң, адам азғана түйіртпекке үйреніп кетіп,емдетуге ойланбайды. Сөйтіп жүргенде, ауру өз жөнімен үдей береді. Сол кездерде көзді ашып, кірпіктерді айналдырып көрсе, бұрын сауында тап-таза, алқызыл жылтыр болып тұратын кірпік етінде сұр сары түсті бөрткендер толып тұрады. Осы бөрткендер көбейген соң-ақ көз қызарып, көмескіленіп, шылау, жасаурау,іріңдеу күшейеді. Кірпік түптері ісіп кетеді. Сонан бөрткендер жарыла бастайды. Ішінен шыққан ірің бұрынғы іріңге қосылып, сыртқа шығады. Жарылған, бөрткен орны тырысып, жараның орнындай болып, тырысып бітеді. Көп бөрткеннің орны тырысыптырысып, кірпікті жиырып ішіне қарай бүктеп алады. Бүктетіліп, көздің ішіне кірген кірпік қажап, көздің бетіндегі жылтыры қызарып, жарақаттанып, айнадай таза түрінен айырылады. Көздің ішіне жарық сəуле де түсірмей қояды. Аса ауыр келгенінде – көздің бетіндегі сыртқы жылтыр қабығы жансызданып, кеуіп қалып, мүлде сəуле кірмейтін болып, адам соқыр болады. Соқыр болудың алдында адамның көретін бейнеті есепсіз болады. Тіпті көз кеткеннен кейін де тыныштала алмайды. Іштегі кірпік сол кеткен көздің өзін қажап, бейнет арылмаған соң, көбінде неше түрлі операциялар (пышақтау) жасалады. Трахома болған адамның көзінен шыққан ірің сау адамның көзіне тисе, трахома жұққан болады. Трахоманың жұғатын жолдары ауырған адаммен қол ұстасып амандасу, беті-қолды ауырған адаммен бір орамалмен сүрту. Бір төсекте жатып, жастық араластыру, жас баланы сүюден, орамалымен көзін сүртуден жұғады. Трахома ауылда, ноғай, башқұрт, қалмақ, жақұт сияқты шет елдердің деревняларында аса жиілеулі.
Трахоманың көп жайылуына себеп болатын нəрсе– алдымен елдің надандығы, кедейшілігі, үйдің жайы келіспеген дік, жел қақтырылмауы. Дұрыс жарығы болмауы, тазалық жоқтық. Түтін, шаң, маса, бит, бүргелердің көптігі (бұлар ұшып жүріп ауру көздің іріңін, былшығын сау көзге тасуға тым ыңғайлы болады). Оның үстіне адам тұратын бөлмеде мал баласы, кұс сияқты жəндіктер бірге тұруы. Бұл да трахомаға жайлы себеп, монша жоқтық, кір жуылмау, сабынға кедейлік жəне үлкен себептер. Трахома болған аналар, жас балаға қарайтын қыздар трахома болса, жас баланың көзін, мұрнын, өз орамалдарымен не етегімен сүртуден жиренбейді. Сөйтіп екі айлык, үш айлық балалардың трахома болып, бес-алты жасар балалардың мүлде соқыр болып қалғаны шет елдерде тіпті таңсық емес. Мезгілімен біліп, сол балалардың көзін бастан дəрігерге қаратып емдеткен болса, аман қалар еді. Трахома жұқпалы ауру екенін көрдік. Трахома тұрмыстың жайлы-жайсыздығына байлаулы екенін жəне көріп отырмыз. Енді сол трахомадан ауырған адамды емдеп, сау адамды ауыртпаудың шараларын қарастыруымыз керек. Сөйтіп трахомадан аман болу үшін: 1.Үйді таза ұстау керек. Күн сайын есік-терезені ашып, жел қақтырып, төсеніштерді шығарып, кағыпсілку керек. Ас ішкеннің артынан ыдыс-аяқты жуып, үйде дым қоймау керек. Сонда шыбын-шіркей көбеймейді. Үй ішінде мал, құс ұстамауға тырысу керек. 2. Беті-қолды күн сайын сабындап жуу дұрыс. Бір орамалмен ауру да, сау да сүртіну дұрыс емес, бір төсекте, бір жастық, көрпеге жату керек емес. Киімкешек таза болсын. Ішкі киімдер жуылып, жиі-жиі тазарып тұрсын. 3. Баланың көзін кір шүберек, кір орамалмен, кір қолмен сүрту жарамайды, соны қатты жаттап алу керек. 4. Үй ішінде біреу трахома болып ауырса, тіпті сақ болу керек. Оған қатынасатын нəрсенің бəрі басқа болу
керек. Жəне аса таза болу керек. Үй ішінің тазалығын артықша қарастыру керек. Трахоманы алдын ала емдетіп, дəрігерге қаратса, жазылмайтын дерт емес. Бірақ ел ішіндегі бақсы-балгерлерден сақтану керек. Олардың емі тура соқырлыққа жеткізетіні анықталған нəрсе. Көз аурудың қандай жеңілі болса да, көз ауырса-ақ дəрігерге көрсету керек. Ауыр екенін, жеңіл екенін дəрігер айырып, тиісті емін істеп, балаларыңды соқырлықтан, кем болудан құтқарады. Адам денесінде ең асыл, ең керек жəне ең нəзік мүше– көз екенінде сөз жоқ, балаларды көз ауруларынан қатты сақтау керек. Таз Таз – үлкен жұқпалы дерт, үлкенде де, балада да болатын дерт. Таз көбінде баста болады. Таз жұққанда, микроскоп шынысы болмаса жай көзге көрінбейтін улы құрттан жұғады. Таз боларда алдымен бастағы шаштың түбіне айналдыра сұр жəне сары түсті қабықтар пайда болады. Əуелде аздап басталып қабыршақтар көбейіп, қалыңдап, үсті-үстіне қосылып, үлкейіп кетеді. Шаш сиреп, шаң басып тұрған сықылды сұр, түссіз болып кетеді. Сонан кей жерлерінің шашы мүлде түсіп қалып, бас терісі ол жерлерде тырысып, белдеуленіп, жалтырап қалады. Ондай жерлерге қайтып шаш шықпайды. Таз адам ның түрі жай адамнан бөлек, жасық болады. Өздері дертінен именіп, қорғаншақ болады. Тазды уақытында емдемесе, бірнеше жылға барып, ақырында баста түк шаш қалдырмай қояды. Шаш орнына тырысып-бырысқан, бел деу-белдеу болып жиырылған, жап-жалтыр бас терісі қалады. Басты қасығаннан, шұқығаннан барып, қолдың тыр - нақтарына жұғып, тырнақты құрыстырып, түрін бұ за ды. Таз дерті мысық, тышқан, үйрек, тауық сияқты жəндіктерде де болады. Адамға солардан жұғады. Таз тым жұқпалы, өршімелі дерт, сондықтан асқындырмай, алғаш белгілері көрінген соң-ақ дəрігерге көрсету керек. Асқынса, таз көпке кетіп, ақыры əйел
болсын, еркек болсын, өмірінен кем болады. Сондықтан басқа шыққан қотырдан сақтанған дұрыс. Жай қотыр емес, таздың белгісін айыра білетін – дəрігер, алдын ала дəрігерге көрсету керек. Таздың үйір жері қараусыз, тəрбиесіз, кір, лас балалар, жетім балалар. Таздан сақтаныңдар! «Əйел теңдігі». 1928. № 2, 25-28-6. Қышыма қотыр «Қышыма» біздің қазақтың біртума бауыры десек, өтірік болмас. Қышыма балада ғана емес, үлкенде де адам айтқысыз көп. Жаңа үйленген жас бозбала, пісіпқатқан, балалы-шағалы болған, ел дауын қоздырып, дүрілдетіп жүрген «ерлердің» қышымадан отыра алмай, бір жанбастап жатып жүргенін өзіміз талай көрдік. Ел ішінде екі қатынның арасында қышымадан түзу отыра алмай, бір жанбастап жатып жүрген бір құрбым болды. Екі қатынды нашар кісі ала ма, өзі ауқатты еді. «Қышыма еркіңді алдырып, бойыңа ие бола алмай жүргенде, екі қатын алған, ел сөзіне кіріскен сенің неңді алған? – деп, соған талай күлгенім де бар. Болары болса да, қатты ойлаушы еді. Ол құрбымды көрмегелі көп ай өтті. Осы күні не күйде екенін білмеймін, ойлаймын: не намыстанып қышымадан құтылған шығар, не екі əйелдің жасынан айырылған шығар деймін. Мен, күлгенде кемітіп, ренжітейін деген түк ойым жоқ екенін өзі білсе керек. Мен тек қышыманың жұққыш болатынын біліп, көбінде талғаусыз, кір, бит, бүргеге жуық жүрген, əуел баста елемей жүріп, тырнап, қасып, бірден-бірге өршітіп алған адамның осындай күйге ұшырайтынын білгеніммен, құрбымды намыстандырып, қышымадан құтылуына қам қылдырайын дегенім еді.
Қышыма балаға жұқса да, үлкенде болса да, ұятын үлкен арқаламақ. Сондықтан құрбымның қотырын қозғап, бала баққан аналарды, ел ішіндегі қотырға жуық тұрған «ерлерді» намыстандырмақпын. Қышыма болуды ұят дейтініміздің мəні – қышыма бойын таза сақтамаған, былапыт жүрген адамға өш бола ды. Жəне қышыма білінбей келетін дерт емес, айғайын са лып, тынымсыз қышытып келеді. Сондықтан қышыма білінгеннен-ақ тазалық жағын артық қарастырып, қолдан келгенінше, құтылуға қам қылса, болмаса докторға кө рін се, опоңай жазылатын дерт. Жəне жұқтырмасқа да жол ап-ашық. Қышыма қалай басталып, өршиді? Қышыма жас балаға тым өш келеді. Қышыма артықша жұққыш дерт. Басқа жұқпалы дерттер сияқты мұның да кене сықылды кұрты болады. Төсек, киім-кешек, орамал арқылы бірден-бірге түсіп, жас баланың нəзік етіне түсіп, қышыманы жұқтыратын осы кене құрт болады. Қышыманың артық қышытып басталатын мінезін байқап, дəрігерлер лупа деген үлкейткіш шынымен қарап, қышыманың қотырын зерттеген. Сонда барып осы кене құрттарды көрген. Жəне бұлардың да еркек, ұрғашысы болатынын көрген. Еркегі кішкене, ұрғашысы екі есе үлкен болатынын байқаған. Еркектері адам денесіне түсіп, ұрғашысына шағылысқан соң, өліп кала береді екен. Сонан соң, қышыманы қоздыратын бар пəле ұрғашысында екен. Бұларды тек лупа шынымен қараған дəрігерлер көреді. Жай көзге білінбейді, түрі тап кене сықылды болады. Сол кененің əлгі айтылған ұрғашысы адамнын терісін тесіп, терінің арасынан жіп-жіңішке жол салады. Сол жолымен жүріп отырып, сансыз жұмырт қалар салып отырады екен. Бұл жұмыртқалардан жаңадан-жаңадан кенелер туып, бұлар жаңадан жолдар салып, жұмыртқалап жүріп отырады. Сөйтіп аз уақытта баланың күллі денесіне жайылады. Қышыманың – «қышыма» болуы да сол
қышыма кенелерінің терінің арасында ерсілі-қарсылы жорғалап жүруінен. Сонан дене қатты қышиды екен. Қышыма болған баланың денесі бөртеді. Бұл бөрткендер жаман қышып, əсіресе түнде, жылы төсекте жатқанда, бала ұйқыдан қалып, тынышсызданып, өнебойын қасынып, жүдеп кетеді. Қатты кышығаннан бала денесін тырнап, қаси беріп, жара қылып тастайды. Жара іріңдеп, қанап, оған экзема (сары қотыр) деген басқа қотыр қосылып, қатты асқынып, бой бермеуге жақындайтын түрлері көп болады. Əсіресе біздің ел ішінде артық асқынып, бала түгіл үлкен дерді де жолынан қалдырып, қорқытатын түрлері көп болады. Қышыманың кенесі өрмелеп, кезіп жүріп түспейтін жері болмайды. Сондықтан қышыма тым жұқпалы дерт. Бала болса, ойнап жүріп басқа балаларға жұқтырады. Мектепте болсын, үйде болсын, ойнап, қатынасқан балаларына тым онай жұқтырады. Үлкендер біріне-бірі жəне балаларға оңай жұқтыратыны, мəселен, ана баласын қойнына алып, бір төсекте жатқаннан жəне көрпе-жастық, киім-кешек пен орамал қотыр кісіден сау кісіге я балаға араласудан. Балаға қышыманың кенесі түсіп, сонан сау адамның денесіне жұғады. Жəне бір қышыма жұқтыратын нəрсе – үйге араласатын мал. Мəселен, қой, ешкі, бұзау сияқтылар. Қазақ қышыманы «ешкі қотыр» деп те айтады. Бұл сол қотырдың ешкіден басталғанын көрсетеді, осы да есте болатын нəрсе, əсіресе, балаларды сақтандыру керек. Қышыма əуелі басталғаннан асқындырмай, тоқтатудың қамын істеген дұрыс. Қолдың саласына бөрткен түскенде қатты қышығанына шыдамай, адам қасып сығады. Сыққаннан соң су шығады да, сол сумен бірге қышыма кенелері шығып, судың тиген жеріне, я бөрткенді сыққан қолдан дененің басқа жерлеріне жұғады. Сөйтіп бірденбірге өршіп, қолдың бəрін қаптайды. Онан барып басқа денеге жайылады.
Көп қасығаннан тұтасып, асқынып кеткен қышыманы, жоғарыда айттық, емдеп жазу тіпті қиын болады. Ондайда докторсыз тіпті болмайды. Қолдан істеген қазақтың бақсы-балгерінің емі, бүлдірмесе, түземейді. Себебі, асқынған қышыманың қышыма екенін айырып тануға да үлкен білім керек. Ол білім тек доктордан табылады. Доктордың айтқанын бұлжытпай, ерінбей орын даса, қышыманың қандай асқынған түрі де жазылмай қоймайды. Доктордың айтқан ақылдарының бəрін орындамағанда, əсіресе тазалық туралы, құр дəрінің ғана өзі ойлағандай қуатты бола алмайды. Осыған сену керек. Мəселен, жазылып келе жатқан қотыр біраздан соң қайта өршиді. Оны қазақ «ай жаңғырғанда қотыр қайта жаңарады» дейді. Бұл – надандық. Қышыма сияқты пəлекеттің сұлу айға түк байланысы жоқ. Жəне болмауға тиіс екені есі дұрыс, ойламы бар адамға ап-анық тұр ғой. Бəрі доктордың дəрісін пайдаланып, тазалық тұсын дағы ақылдарына құлақ аспағандықтан болады. Мəселен, доктор қотырға «Белгенсон мазы» деген май береді. Оны денені сабындап жуып жағу керек. Баттастырмай, аз ғанадан алып, қотырға сіңіріп жағу керек. Келесі күні, не болмаса екі-үш күн жаққаннан кейін, қазақтың сақарға қайнатқан қара сабыны не доктордың айтатын «зеленое мыло» деген аптекада сатылатын «көк сабынмен» таза жуынып, кірсіз таза киім кию керек. Үстінен түскен киімді сақар салып қазанға қайнатып алып жуу керек. Төсек-орынды ең болмағанда далаға қайта-қайта жайып, күнге, желге қақтырып алу, ең жақсысы – төсек үстіне бір жұқа жайма жайып жатып, көйлек-ыстанмен бірге қайнатып жуып алу керек дейді. Осының бəрін орындау қиын нəрсе емес. Орындап отыр са, екі-үш жаққаннан қалмайды, құлан таза болады. Жəне қотыр кісі ұстаған орамал, киім, төсек сау кісіге қатынаспауы керек. Сонда басқалар аман қалады дейді доктор.
Жалқаулық, былапыттық, талғаусыздық доктордың бұл айтқандарын орындатпайды. Майды былапыттап жағып жүріп-жүріп, кірін жуып тастағанмен, қайнатпаған соң, қышыма қотырлары өлмей, екінші рет кигенде, қотыр қайта жұғып, қайта өршиді. Мұны қазақ «ай жаңғырумен жаңарды» деп, «доктордың дəрісі түк емес» деп бір жанбастап, «құдайдан күтіп» жүре береді. Сөйтіп асқындырып алып, онан зорына жолығады. Сөздің қысқасы, қышыма қотыр болу – үлкен кісіге ұят, бала баққан анаға ұят. Қышыманың ең үлкен жауы – кір, салақтық, надандық, сондықтан қотыр білінгеннен-ақ кітаптағы сөздерді ескеріп, не докторға көрініп, дəрісімен қатар тазалық туралы айтқан ақылдарын жалықпай түгел орындау керек. Сонда қышыманың настықтан болатын дерт екені өзінен-өзі анықталып, қышыма болудың ұят іс екені кімге де болса дұрыс көрінсе керек. «Əйел теңдігі». 1928, № 4. 41–44-6. Тұмау-сүзек «Əйел теңдігінің» 7-8-ші сандарында біз баланың жұқпалы ауруларының жалпы сыры қандай, қалай жұғады, баланы одан қалай сақтау керек екенін жаздық. Енді жұқпалы аурулардың əрқайсысының өзіне тəн белгілерін, сақтану жолын жазбақпыз. Бірақ, емдеу жолын көрсетпейді деп əйелдер кінə қылмасын, өйткені аурудың түрін таныған соң, əрбір ананың міндеті – баланы оқымысты докторға көрсету, сөйтіп көбінде ауруханаға апару, болмаған жерде дəрігердің емін істеу. Дертті емдеу қиын жұмыс, ол тек оқымысты дəрігердің ғана қолынан келеді, оқымаған, білмеген адам, əсіресе ел ішіндегі бақсы-балгерлер алдамшы емімен ауру адамды бұзбаса, түзелтпейді.
Жұқпалы ауруды жұқтырмау үшін жолын іздеген оңай болады. Сондықтан біз бұл сөзде жұқпалы аурудың сырсипатын айтып беріп, бұдан балаларды қалай сақтауға, қалай аулақ қылуға болатын жолдарын көрсетпекпіз. Осы соңғы кезде көп жерлерді аралап жүрген бір ауру– тұмау-сүзек, ғылым тілінде грипп болып ауырмайтын бала болмайды. Балаға бұл тұмау-сүзектің жұғуы тіпті оңай, тұмау-сүзек болып жүрген адамның жанында бала біраз ғана отырса, сол кісінің жөтелгенде, сөйлегенде, аузынан шашыраған сілекейінен балаға тұмау-сүзек жұқты де де қой. Елдің жиын жерлерінде, қалаларда тұмау сүзек əсіресе, қыстың суығында, жəне күздікүні қалың болады. Тұмау-сүзек басталғанда 3-4 күндей сыртқа білінбей жүреді. Сонан баланың денесінде қызу пайда болады. Градуспен өлшегенде 40°-қа барады. Бұл қызу кейде 1 күн, кейде үш күнге дейін барады. Бала тынышсызданып, ұйқыдан, тамақтан қалады. Тамағының іші қызарады, тұмау пайда болады. Бұл ауру жұққанда сол мұрын, ауыз, кеңсірік арқылы жұғады. Тұмаудан кейінірек жөтел келеді. Емшексіз асыраған жас баланың тұмау-сүзектен іші де бұзылады, дəреті жиіленіп, ішінде жалқаяқ болады. Тұмау-сүзек жеңіл болып келгенде, жазылуы ұзаққа созылмайды. Осы айтылған белгілері қайтқан соң 3-4 күн əлсізденіп жүріп барып, бала жазылып кете береді. Бірақ тұмау-сүзектің ұзап, ұшына тиетін түрлері де көп болады. Бұлардың ең ауыры – баланың бір кұлағы я екі құлағы бірдей ішінен шаншып солқылдап ауруы, ақырындап сол құлақтан ірің ағатын болады. Екінші бір ауыр түрі – егер бала мешел, я тұқым қуған дертті болса, тұмау-сүзектің бұл түрі баланың өміріне қатер болмақ. Асылы тұмау-сүзекті елеусіз ауру қылу жарамайды, бұдан баланың өлімі де аз емес. Баланы бұл дерттен сақтау жолы – аурулы адамнан аулақ қылу. Анасы тұмау-сүзек болса, баланы емізгенде аузын жауып жөтелгені дұрыс.
Қолы таза болып, балаға аса сақтанып жақындауы керек. Тұмау-сүзек болып ауырған баланы тезінен докторға көрсетіп, айтқан ақылын орындау керек.
Қызылша Балаға тұмау-сүзектен гөрі салмақтырақ дерт – қызылша. Қызылша елге келгенде, ауырмаған бала қалмайды деуге болады. Жұққыш. Тек алғашқы екі-үш айында балаға қызылшаның жұғуы сирек болады. Жарты жастан былай қарай, əсіресе бір жас пен үш жас арасында, бала қызылшаға тым жуық тұрады. Елдің жиын жерлерінде 10-15 жасқа дейін қызылша болмаған бала қалмайды. Қызылшаны тіпті қауіпсіз ауру деу қате, қызылшадан өлім аз емес. Əсіресе, нəзік, мешелдік көрген балалардың, тəрбиесіз балалардың өлуі көбірек. Қызылша жұққаннан кейін бірер күндей білінбей жүреді. Сонан соң қызылшаның белгілері біліне бастайды. Бұл əуелгі белгілері тұмау-сүзекке ұқсайды. Безгектен басталып, тұмау болады. Одан жөтел пайда болады. Көзінен жас ағып, түшкіріп, пысқырып, бала сылбырланып, жайдағы ширақ қалпынан айрыла бастайды. Жəне тамағының іші қызарады. Осыдан кейін баланың бойының қызуы артық көтеріліп, денесінде қыпқызыл бөрткен шығады. Бөрткен терінің бетінде болады. Осы уақыттар қызылшаның артық жұққыш мезгілі. Бөрткен ең алдымен бетке шығады. Құлақтың сыртына, сонан үш күннің ішінде бүтін денеге жайылып, аяқтың саусақтарына дейін барады. Бала сол кезде аса тынышсызданып, тамақтан қалып, сусын сұрай береді, бойының қызуы күшті, көздері былшықтанып, қатты жөтеледі. Бөрткеннің 4-5 күні қызу басталыңқырап, бөрткендер солғын тартып, қоңырланып барып кетеді. Біразға дейін баланың терісі жылтырланып жүріп барып тазарып кетеді. Жөтел, тұмау, көздің қызаруы да бірте-бірте азайып
барып кетеді. Баланың тамаққа көңілі шауып, өзі де пісіп, бара-бара бұрынғы қалпына түседі. Ауыра бастағаннан үш жетіге дейін баланың басқаға жұқтыратын шамасы бар, басқа балаларды соған дейін сақтандыру дұрыс. Біздің бұл айтып өткеніміз – қызылшаның жеңіл келіп, түзу өткені. Қызылша ұзап, басқа дерт қоздырып кететіні тіпті көп болады. Ондайда қызылша бөртіп шыққан соң қызу арта бермесе, азаймайды, бала түзелмейді. Ауру құлаққа шабады, сөйтіп тұмау сүзектегідей құлағынан ірің ағатын болады. Не өкпеге шабады. Қызылша өкпеге шапқанда бала көбінде өледі. Мұнда өкпе ауруы ұзаққа созылып, бала, ойдан арып, қиналып, ақырында не өледі, не өмірі үзілмейтін құрт ауруға шалдығып қалады. Қалаларда қызылшаны егу тəжірибесі бар, ауырған балаға ексе, қызылша жеңіл өтеді, ауырмаған балаға ексе, бір ай, ай жарымға дейін жұқтырмайды, бала ауырып қалса, қайта егудің залалы жоқ. Қызылша болып ауырған балаға доктордың емі керек. Оның үстіне артықша керек нəрсе – таза тұрмыс. Реті келсе балаға арнаған бөлек бөлме бөлу керек. Бөлмеде артық жүк, дүние, киіз-кілем болмауы керек. Бұлардың бəріне шаң, топырақ жиылады. Үйдің ішінің шаңы сыпырылып, сүртіліп, жуылған болуы керек. Жəне күн сайын есік, терезесін ашып, жел қақтырып тұру керек. Таза ауа, жарық сəуле сау балаға керек болса, қызылша болған балаға артықша керек. Жұқпалы дерттердің микробтары қараңғы жерде, жел қақпаған ауасы тығыз үйде толып жүреді. Қызылша сияқты аурулар мұрын, кеңсірік, ауыздан жабысады. Мұның бəрі демалыс жолдары болғандықтан, əуедегі микробтар, шаң алдымен сол тыныс саңылауларына барып тоқтамақшы, сөйтіп өзі нəзіктеніп тұрған өкпенің тынысы тарылып, ауруға шалдықпақшы, қызылшада, тұмау-сүзек, көк жөтел сияқты тыныс ауруларында таза ауа артықша керек. Аурудың жеңіл өтуі осыған байланысты. Баланың көзі ауырып, жарыққа қарай алмаса, аударып салып, шаңқиған жарықтан бұрып жатқызу
керек. Қызылшада терезелерге қызыл перде жауып, үйді қараңғылап кою керек дейтін сөз – білмегендік, қате түсінушілік. Үй жарық болып, көзін күніне екі рет борный сумен (борная кислота, аптекада сатылады, соның бір шай қасығын, я бір шымшымын бір кесе қайнаған суға еріту керек) жуып тұрса, қызылша болған баланың көзіне еш зақым келмейді. Қызылша баланың аузы, мұрнын да борныймен сүртіп тұру дұрыс. Қызылшада баланы қозғамау керек, артық жылыда ұстау керек деген де қате сөз. Қызылша болған баланы өне бойы қозғап, аузымұрнын тазалап, төсегін таза салып, үйге таза ауа кіргізіп тұрса, жайшылықтағы көп пəледен аман құтылады. Емшексіз асыраған бала қызылша болса, денесінде қотыры бар, тамағының безі шығып жүрген балаларға аса назар салып бағу керек, бұларға қызылша ауыр тиеді. Скарлатина Скарлатинаны Қазақстанның кейбір жері – құрөзек дейді екен. Жалпы, қазаққа белгілі аты болмаған соң, біз скарлатина деп жүре бермекпіз. Скарлатина емшек баласына жұқпайды деген бекер болып шықты, қырқынан жаңа шыққан баланың скарлатина болып ауырғаны да жоқ емес. 6 айдан былай қарай ауруы тіпті сирек емес. Емшек еміп жүрген балалар, емшексіз өскен балалар скарлатинаны көтере алмайды. 1 жас пен 3 жастың арасындағы ауырған балалардың скарлатинадан 30 проценті (жүзден отыз) өледі екен. Балалар өскен сайын скарлатинадан өлуі кеми береді. Бұл аурудың да жұғуы бірден-бірге ауырған адамнан жұғады. Жəне ауруға қатынасқан киім-кешек, нəрсе-қарадан жұғады. Балалар арасында ойыншықтан. Ауырған адам жазылғанда да 6-7-ге дейін дертін жұқтыратын шамасы бар деп есептеледі. Киім, нəрседегі скарлатинаның құрты көпке дейін жабысып жүріп, дертті жұқтыруға үлкен себеп болса керек.
Жұқпалы аурулардың бірнеше күн білінбей басталатын мінезі скарлатинада да бар. Скарлатина ауру жұққаннан бастап 3 күннен 8 күнге дейін білінбей жүреді. Сонан кəдімгі скарлатина кенет келеді. Ал болып қалған адам бірақ біледі. Бойы қызады, адам бірнеше рет құсады, одан сон тамағы ауыра бастайды. Сол бір күннің ішінде мойнынан бастап бөртіп, көкірекке жайылып, денесінің бəрі бөртіп кетеді. Бөрткенде екі беттің ұшы, маңдай үсті, мұрын үсті, ерін, иекте бөрткен болмайды. Бұл – скарлатинаның бір белгісі. Тілдің үсті қалың ағарып кетеді. Бірақ бір күннен кейін тазарады. Оның орнына тілдің үстінің бүршіктері іседі. Тіл иттің тілі сияқтанып күреңденіп, қызыл болады. Бұл да скарлатинаның бір анық белгісі. Денедегі бөрткеннің түрі тығыз түскен ұп-ұсақ нүкте сияқты болады. Дененің бір жерін саусақпен сызып өтсең, сол жері ақ жол бола қалады. Бөрткеннің түсі алқызыл, ақшыл қызыл болады. Дерт ауыр түрінде көгілдір қызыл болады. Тамақтың іші де күрең қызылданып, тамақтың екі жағындағы бездердің үсті үлбіреген ақ болады. Бездер сыртынан ісіп, ауырып тұрады. Аурудың салмағына қарай адамның бойы да бірде жеңіл қалыпта болады. Дерт ауыр келгенде, талықсыған, есі ауған қалыпта, сандырақтап, жиі-жиі құсып, іші көкзеңгіл болып өтіп тұрады. Тамыр соғысы тым жиі, скарлатинаның алғаш басталуы осылай. Бұдан кейін үш күн, бір жетіден соң денедегі бөрткендер солғынданып, жоғалып кетеді. Ауру тоқталады, науқастың түрі де, көңілі де тетіктеніп, қызу басылып, науқас адам жазылуға бет алғанға ұқсайды. Дұрысында, бұл жазылу емес, бұл дерттің өзінің тыныстағаны секілді нəрсе. Скарлатинаның басынан екі жеті өткен соң, үшінші жетінің басында скарлатина басқа дерттерді қоздырып, қайта күшейетін кезі. Скарлатина жалпы елге жайылып келгенде көбінде осы түрде болады. Скарлатинаның бұдан жеңіл түрі де болады, жəне бұдан да ауыр түрі де болады. Жеңілінде айтылған мінез – дертінің бəрі бəсең түрде өтеді. Мəселен,
тамағы ауырмайды, кұсу кем болады. Бөрту тіпті нашар болады, не болмайды да. Бұларға қарап скарлатинаны тану да қиын. Бірақ танытатын мұның жұққыштығы жəне кейіннен жазылып келіп қатты қайталап, басқа бір дерт тудыратыны. Жəне бір белгісі – скарлатина қандай жеңіл өтсе де, бөрткеннің артынан адамның терісі түсе бастайды. Əсіресе дерт қайтқанда алақанның, табанының терісі сыпырылып түскендей болады. Скарлатинаның ауыр түрлері артықша қатты, екпінді түрде басталады. Бөрткені көгілдір болады. Тамақ ауруы тым күшті, іші өту, құсу да тым қатты, тым жиі болады. Адамның əлі кетіп қалады. Ұйқы басады, есі ауады, сөйтіп бір-екі күннен əрі кетпей, адам өледі. Бұл – скарлатинаның ауыр түрі. Жалпы түрінде 3-інші жетіден адамның бойы қайта қызып, қайта ауырып, қайта бастайды. Кейде қайталамай да жазылып кетеді. Қайталап, басқа дертке шапқанда, көбінде мойынның бездері іседі, кейде бұл бездер, адам оңала келе, өзінен өзі жоғалып кетеді. Кейде іріңдеп, жарылатын болады. Ондайда доктор пышақ салып, тазартып, сылығаны дұрыс. Қайталағанда жəне құлақ шаншып ауыратын болады. Іріңдеп, солқылдан, ірің бастың сүйегіне шабады. Ондайда доктор қарап, пышақ салып, іріңін тазартады. Іс жаманға кеткенде, құлақтағы ірің сүйекті қуалап отырып, миға шабады, онда адам өледі. Скарлатинаның асқынғаны буынға да шабады, өкпеге де шабады. Артық қауіптісі – бүйрекке шапқанда, кісінің бет-аузы ісіп, іші кеуіп өледі. «Əйел теңдігі». 1927. № 10–11. 70–78-6. Көкжөтел Көкжөтел деген бала дерті екені кімге де болса мəлім. Көкжөтел бір келсе, үй ішіндегі, тіпті, ауылдағы
балалардың бəрін араламай кетпейді. Көкжөтел қырқынан жаңа шыққан балаға да жұғатын көрінеді. Қызылша сияқты, жас балаларға артық үйір дерт – осы көкжөтел. Көкжөтел жұққанда ауру баланың жөтелгенде аузынан шашыраған қақырық, түкірігінен жұғады. Көкжөтел болған баланың кақырық-түкірігінің ішінде «көкжөтел шыбығы» деген микроб құрты болады. Солар түкірікпен бірге шашырап келесі баланың деміне кіріп, ауру орнатады. Қақырық, түкірікпен бірге сол микробтар үйдің тұнып тұрған əуесінде де толып жүреді. Дерттің басталғаны білінбей, бір-екі жеті жүреді. Бала бір-екі жетіге дейін тұмау, сүзек жөтеліндей болып жөтеліп жүреді. Сонан кейін ол жөтел күшейіп, белгілі көкжөтел жөтеліне айналады. Көкжөтел екені білінбей, жай жөтел сияқты жүргенде артық жұққыш болады. Сонан ауру аяқталып жазылғанша, ай жарым, екі айға дейін жұққыш болады. Бұл дерттің жөтелінің бір белгісі – жөтел көбінде түнде басым болады. Осыған қарап ертеден-ақ көкжөтел екенін анықтауға болады. Көкжөтелдің меншікті жөтелі екі жеті жай жөтелден соң үшінші жетіге қарағанда басталады. Бала сау балаша жүріп-жүріп келіп, уақыт-уақыт баспалата жөтеледі. Мұнысы ұстамалы сияқты болады. Кішкене емшек балаларының жөтелі ұстағанда, жөтелтіп-жөтелтіп алып, құстырады. Беті көгеріп, қалшылдап кеткендей болады. Үлкенірек балаларда жөтел ұстарының алдында, я арасында дем алыс саңылауының тарылғандығынан, демін ішіне тартқанда шиқыл естіледі. Жөтел ұстап өткен соң, шиқыл басылады. Көкжөтелдің артықша түрінде осындай ұстаулары сөткесіне 20-ға дейін барады. Ауыр түрінде бұдан екі есе, үш есе жиі ұстайды. Көкжөтелдің буындырған жөтелі 20 күннен 40 күнге дейін барады. Сонан былай қарай жөтелдің құрты бəсеңдеп, жазылуға айналады. Көкжөтелдің тағы бір белгісі – баланың беті ісіктеу болады. Кірпігінің түбі де ісік, қызыл болады. Жəне ара-
тұра мұрнынан қан кетеді. Көзінің ағы да, қанталағандай, шұбарланып тұрады. Жəне тісі бар баланың тілінің ішіндегі ілмек еті азғана жараланған болады. Көкжөтел баланы қатты аздырады. Бала еттен арылады. Тамақтан, ұйқыдан қалады, ойыннан қалады. Қызылша сияқты, бұл дерттің де ұзап барып, басқа дерт қоздыратын əдеті көп. Мəселен, өкпе ауруларын, табиғаты нəзіктеу балаларды құрт ауруға да шалдықтырады. Көкжөтелдің ақыры мұнан басқа да талай ауруларға шабады. Көкжөтел болған баланың жатқан үйі қызылшадағыдай таза, жарық сəулелі болып, өнебойы жел қақтырылып тұруы қажет. Көкжөтелдің ең жақсы емі – таза ауа, сондықтан күннің жылысында ондай бала күнінің көбінде далада болуы қажет нəрсе. Əсіресе елдің булыққан, қысқы тар үйінен гөрі далада көп жүргені артық. Жас баланы жөтелі ұстаған кезде басын еңкейтіп ұстап тұрып, жөтелту дұрыс. Жөтел тарқағаннан кейін мұрнын, аузын сілекейден тазартып сүртіп алу дұрыс. Баланың тамағы жеңіл, өзіне тақыл-тақыл, аздап ішкізу керек. Өйткені көп, ауыр тамақ бойына тарамай, құсықпен кеткен сон, оның тамақтыққа сəні болмайды. Осы айтылған шарттардың бірі болмағандықтан, біздің ел балалары көкжөтелді артықша ауыр өткізеді жəне ұзаққа созылады: жөтел басылған соң, жазылды дейді. Көбінде тым ұзаған көкжөтел жазылғанымен, өкпе кұрты секілді, өміріне кетпейтін дақ салып кетеді. Жазды күні таза ауада көшу-қонумен көкжетел болған балалар дертті жеңіл өткізеді. Бірақ қыстауда ауырған– баланың соры. Қыстауда ауырған баланы суыққа, далаға көп шығармаса, ол бала басқа да кекті ауруға шалдықпай қоймайды. Өйткені қазақтың қысқы үйінде есіктен басқа таза ауа кіргізетін ашпалы-жаппалы саңылауы болмайды. Көбінде бар шаруа бір бөлмеде істеледі. Қазанның буы, түтін, күнде сонда қонатын адамның демі, тері – бəрі бір тар бөлмеде, соның ішінде болып, ауруды күшейтуге себеп болады. Қала үйлерінің терезесін, болмаса үйдің қабырғасын тесіп, ашпалы-
жаппалы дем тартқыш саңылау (форточка) жасайтыны осындай жайларды ескеріп істелген нəрсе. Ондай дем тартқышсыз үйді мəдениетті елдің үйі деп санамайды. Елде жəне бір ескеретін нəрсе – жаздыгүні ауыл қонғанда əлі жаз деп, əдейі барып дымқыл сызға қонуы. Осы айтылған дерттердің күшеюіне тым жайлы себеп – дымқыл жерден қашу дұрыс. Осы шарттар ескеріліп, орындалып отырса, көкжөтелдің көп бейнетінен балаларды «көк аттыдан ем сұрамайақ» құтқаруға болады. Қорасан (шешек) Шешекті білмейтін ел жоқ. Жұрт шешекті еге білмеген ерте заманда шешек елге обадан оңай тимейтін. Ел қырылып қалатын. Шешекті егіп, аман қалатын болғаннан бері ел шешектен қорқуды қойды. Бірақ біздің қазақтың қаладан аулақ түкпірлерінде əлі де болса еккізуді білмей, шешек апатына ұшырап жүрген жерлеріміз аз емес. Шешек келіп қалған жерде бірін қалдырмай тегіс егумен аман қалатынын ел көріп келеді. Сондықтан шешек егілмеген бір адам болмауы керек. 4-5 айдан былай қарай жас баланың бірін қалдырмай шешек егу керек. 6-7 жыл өткен сайын, бұрын егілген балалар қайта егілу керек. Шешек жайын қозғаған соң, шешек деген не түрлі, не мінезді дерт екенін айтып өту керек. Шешек – адамның жасына қарамайтын ауру. Жаңа туған бала да ауырады, үлкен кісі де ауырады. Тіпті шешесі шешек шығып ауырғаннан іштен шешек шығып туатын балалар да болады. Шешектің жұққыштығы қызылшанікіндей болады. Жұққанда ілгеріде айтылған аурулардың жұғуындай, ауру адамнан сау адамға шашырандымен бірге құрты (микробы) барып, тыныс жолдарына жабысып, əрі қарай шешек ауруы болып орнайды. Басқа жұқпалы дерттерше, шешектің де білінбей жұ ға тын жасырын уақыты болады. Жасырын уақыты –
2 жетідей. Онда кісі тұмауратқан сияқты, сау кісіден айырмасы аз болады. Сонан кенет бойы қызады, 4041°-қа барады. Үлкен адамның белі шойырылып, қатты ауырып, əлі азаяды. 3 күн осындай жайсыз қалыпта болып, 4-ші күні қызу қайтып, көңілі тетіккендей болады. Сөйтіп барып, сол тəуірленген күні бөрткен білінеді. Əуелі маңдайына, мұрнының үстінде, жоғарғы ернінде білінеді. Сонан барып бетінің бəрін қаптап, денесіне, қол-аяғына жайылады. Іштен басқа дененің бəріне 3 күн ішінде жайылып болады. Əуелгі əзірде терінің бетіне теңбіл-теңбіл болып шығып, сонан соң теңбілдердің іші суға толып, мөлдіреп, артынан іріңге айналады. Əр сондай іріңді жараның ортасы кіндіктің шұңқырындай болып шұқырайып қалады. Шешек артынан қалатын дақ (бұжыр) сол іріңді жараның қатып, қабықтанып, қабығы түскенде қалатын орны болады. Ол орын адамның өміріне кетпейді. Шешек шыққан адам өмірі бұжыр болып қалатыны сол. Көбінде шешектің жарасы тым жиі шығады. Онда адамның сау жері қалмайды. Шешектің ең ауыр, қауіп ті кезі – іріңдеген кезі. Сол уақытта адамның бойы қайтадан қызып, ауырлап, қатты келгенінде адамның жаны на да қатер. Шешектің бір қатер жері – бұл ауру көбінде өкпеге шабады. Қағындының неше түрі осында болады. Ондайдан адам көп өледі. Шешек келген жылдары ауырған адамның 100ден 40-ы, болмаса жартысы өліп отырған. Бұл – жай шешектің апаты. Тағы «қара шешек» деген түрі болады. Бұл сирек болады, көбінесе ауырған адам қайтып санға қосылмайды. Шешектен ауырған баланың бəрі бірдей өле бермейді, бірақ баланың өмір бойында түзелмейтін қылып, көркін бұзып кетеді. Біздің елде шешектен соқыр болып, не көзін ақ қаптап, кем болып қалатыны аз емес. Асылы, шешек қауіпті. Елге үлкен апат келтіретін дерт. Бұдан ертеден сақтану дұрыс. Жас балада шешек екпеген бала болмауы керек. Шешек еккен адамға шықпайтыны айқын нəрсе болды. Шешекті егуді 1796
жылы шығарған Женнер деген ағылшын болса керек. Ол оқымысты дəрігер Женнер сиырдың желінінде шешек сықылды жара болатынын байқаған. Сондай сиырды сауған əйелдің қолына əр жерінен жеңіл болып шешек шығып, сол əйелдер елге шешек келгенде ауырмай аман қалатындығын анықтаған. Сонан Женнер доктор сиырдың шешегінің суын алып, сау баланың қолының терісі астына қойып зерттеген, біздіңше, еккен. Баланың аз ғана бойын қыздырып, еккен жерден жеңіл шешек шыққан. Балаға бұл шешек еш залалсыз болып, елге шешек келгенде, мұндай бала аман қалатын болған. Еккен ба ла 7 жылға дейін шешектен аман қалған. 7 жыл дан соң қай та егетін болған. Шешек апатынан құтқарған осы Женнер доктор бол ған. Шешекті егуге ең жеңіл уақыт – жазғытұрғы, жылы уақыт. Балаға 4 айдан бастап шешек қонатын болады. Шешекті артық ыстық кезінде егу дұрыс емес. Жəне ауырып тұрып, əлі оңалып кетпеген жас балаға егу жарамайды. Қотыр балаға да егу жарамайды. Бірақ бұл сақтықтың бəрі аман кезде, елдің бейбітшілігінде тұтынылады. Елге ауру келген кезде шешекті ектірмеген адам қалмауы керек. Əсіресе, балалар. Шешектің, тағы да ел айтқандай, «қонақтап» өтетініндей бір түрі болады. Мұны орысша «жел шешек» дейді, қазақта «қызамық». Бұл шешекке қатты ұқсайды, бірақ шешек емес. Ауырған бала жеңіл өткізеді. Жазылғанның артынан «бұжыр» дақ қалмайды. Шын шешектен айыру үшін асқындырып алмай, докторға апарып көрсету керек. Шешектің жұқпалы екенін ел біледі. Сондықтан шешек болған адамды аурухана болса, сонда апару керек, болмағанда ауруды бөлек бағу дұрыс. Елдің шешек болған кісіні шымылдықтың ішінде бағуы «кезіктірмеу» үшін емес, басқа адамға араластырмау, жұқ тырмау жөнінде қолданулары өте мəнді нəрсе. Жəне көңіл сұраушы адамдардың бұл сияқты ауыр дерттерде ауру адамды ауырлатқаннан басқа түк беретіні жоқ. «Ауру аяқсиды» дейтін қазақтың өзі. Сонда да көңіл сұ-
рау шыларды тоқтата алмайды. Ең дұрысы бөлек бөлмеде бағу. Амал жоқтан қазақтың өзі шығарған бөлек бөлменің мысалы шымылдық болып отыр. Үйде шешек білін геннен-ақ, болған адамды ауруханаға апарып, я бөлектеп, қалғандарға шешек ектіру қажет. Қанды тышқақ (Дифтерия) Айтып өткен жұқпалы аурулардың бəрі адамнан адамға ауыздағы шашыранды микробтардан жұғады дедік. Жұқпалы аурулардың кейбіреулері ішкен тамақтың, судың ластығынан жұғады дегенбіз. Бұлар – қанды тыш қақ, оба жəне іш сүзегі. Жəне бір аурулар шыбын-шіркей, бит-бүргенің шаққанда қанға салып кеткен ауыр микробтарынан жұғады. Басқалардан бұрын бұл аурулардың жас балаға ең жақыны – қанды тышқақ пен безгек, сол екі ауру жайын айтып өтпекпіз. Қанды тышқақ дейтін дерт артық жұқпалы дерт, баланың бойын қыздырып, іші қатты бүріп ауырып, қанды жалқаяқ өтеді. Көбінде шілденің ыстығында болатын ауру. Баланың төсек-орнын, жаялықтарын таза ұстамағандықтан шыбын-шіркей дəретіне қонып, онан барып баланың ішетін тамағына қонады. Сөйтіп ауырған баланың дəретінің ішіндегі құжынаған дерт құрттары тамақпен бірге баланың ішіне дертті жұқтырады. Бұл дерттің білінбей келуі бір ғана сөтке, сонан соң қызу басталады, тышқақ та басталады. Көбінде өңшең қан мен жалқаяқ болады. Орташа түрінде баланың іші күніне 20 рет жүреді. Ауыр келгенде екі есе, үш есе көп жүреді. Өткен сайын іші толғатқандай қинап ауырады. Ауыр келгенде өткеннен кейін де ауруын қоймайды. Бала астан қалады. Өзі қатып-семіп бітеді. Іші түсіп қабысып, көзі үңірейіп, əлі кетіп, бала ыңырсығаннан басқа тіршілік ете алмай, тез құриды. Бұл аурудан баланың өлімі 100-ден 35 болады. 100-ден 50-і өледі десек те, жалған болмайды.
Қанды тышқақ болған балалар жазылса да, көпке барып жазылады. Кейін де, баланың ішектері жараланып қалғандықтан, көпке дейін іші қатып, оңалмай жүреді. Баланы бұл аурудан аман алып қалам деген əйел жаздың ыстығында емшектен басқа тамақ бермеуі керек. Жəне де берген тамақтың тазалығын артық қарастыруы керек. Ауырған баланы бөлек бағу қажет, баланың былғанған киім-төсектерін, жаялықтарын сабындап жуып, қайнатып алу дұрыс. Ананың қолы таза, сабындап жуулы болсын. Жаздыгүні болған баланың тышқағына аса назар салып жүру дұрыс. Жай тышқақ, ыстықта оп-оңай қанды тышқаққа айналып кетіп, бой бермей қояды. Жəне шыбын-шіркей, бит-бүргені құрту жолында қолынан келген амалдың бəрін істеу қажет. Жұқпалы ауруларды тарататын ең үлкен пəле – осы уақ жəндіктер. Осы сияқты аурулардың бəрін біздің қазақ «ит тиді, көз тиді» деп, сорлы балаға көрсетпейтіні болмайды. Бұл – қате. Жоғарыда айтылған шарттардың бəрі орындалып отырса, балаға ешбір дерт жуымайды. Безгек (Малярия) Безгек соңғы жылдарда жер жүзіне жайылып кетті. Бұл үлкенді де, кішіні де аздыратын ауру. Жас балаға безгек тым жақын. Шешесі безгек болғаннан іштен туа безгек болатын балалар аз емес. Безгектің ең күшейетін кезі жаз бен күз. Балаға безгек өзгешерек болып келеді. Ең басында баланың бойы қатты қызып, құсып, іші өтіп, қан аралас өтіп, бетінің қаны қашып, қатты мазасыздық пайда болады. Бара-бара беті сарғая бастайды. Дененің қаны кеміп, қан аздық ауруға шалдығады. Безгек ұстағанда талып қалу да көп болады. Безгегі ұстап қайтқанда көбінде терлетпейді. Безгек əр түрлі болады. Күнара ұстайтыны бар, бұл ең көп болатын түрі.
Екі күн аралатып ұстайтын, 4 күн аралататыны болады. Жəне, ең қаттысы – күн сайын ұстайтыны болады. Безгектің де құрты болады. Құртты адамның қанына салып кететін – сары маса. Маса шаққанда безгек құртын салып, ол өсіп-өнеді. Сөйтіп безгек ауруын жұқтырады. Безгекті емдемесе, бара-бара адамды өлтіруі болмайтын нəрсе емес. Безгектен сақтану жолы – баланы масаға шақтырмау, масаны үйге жуытпау амалын іздену. Қазақта шүберектен тіккен үй сияқты масахана деген жақсы нəрсе. Терезені жұқа селдір шүберекпен бітеп қою жақсы. Ауыл болып отырған жерде түтін салу да жақсы. Маса дымқыл жерде көп болады. Сондықтан ауылды ондай сызды, дымды жерге қондыру жарамайды. Доктордың беретін емі – хинин деген ащы дəрі. Баланың жұқпалы дерттері əлі де болса толып жатыр. Оның бəрін айта берудің қажеті жоқ. Баланың жұқпалы дерттерінің бала халқына қандай қатерлі апат екенін, баланы қырып та кететіні осы жоғарыда айтылғаннан да байқарлық болды. Онымен қатар баланы жұқпалы дерттерден қалай қорғау жайлы да айтылып өтті. Сөз аяғында айтарымыз: Ана, балаңды жұқпалы дерттерден аман қалдырам десең – ең алдымен емшектен ерте (бір жастан бұрын) айырма жəне шілдеде айырма. Өзің де, балаң да артық таза болыңдар, балаңды күннің көзі, таза ауадан айырма. Қонсультация бар жерде апарып жүр. Дəрігер дұрыс тəрбиелеу, тамақтандыру жайын үйретеді. Баланы ауру адамға жолатпа, балаңды ешкімге сүйгізбе. Шыбын-шіркей, бит-бүргеден құтылудың амалын қатты қарастыр, пəленің бəрі солардан келеді. Балаға шешек ектір, онан əр 7 жыл сайын қайта ектір. Дəрігердің айтқан ақылынан қашпа, бəрін орында. «Əйел теңдігі». 1927. № 12. 35–42-6.
Төртінші бөлім ƏДЕБИЕТ ПЕН ӨНЕР МƏСЕЛЕЛЕРІ Бір керек жұмыс Семейде 1913 жылы февральда болған қазақша ойынның рұқсаты айрықша қиындықпен алынды. Ойында айтылатын өлең, сөйленетін сөздер де ойынға кіретін жазба сөздердің рұқсаты (драматическая цензура) болмағандықтан, бұл өткен əдебиет кешінде тек екі Ыбырайдың сөздері ғана базардан өтіп, басқа... жақсы-жақсы сөздері, таңбасыз малша, бұл базарға кіре алмағандығы да осы себептен болды. «Құдайдың күні таусылмай, бораны таусылар дейсің бе?» деп бір кемпір айтқандай, дүние осы қалыпта тұрғанда адам баласының жоғының саны артпаса, азаймайтын көрінеді. Жоғының саны көп, оны іздеп табарға жайы кем жұрттың бірі – біздің қазақ. Осындай көп жоғымыздың біріне себеп болар ма деп, басқа үлгілі халықтарша, Семей азаматтарының қолға алып жүрген бір ізгі ісі бар еді. Семей облысындағы артықша жоқтықтың қысымына түскен туысқандарға тар жерде таяқ бергендей, ... ақсақал, қара сақалы болып сөздерін бір жерге ертерек байласа да, кезінде іс етіп шығаруға болмап еді. «Атым келіссе, тоным келіспейді. Тоным келіссе, атым келіспейді», – деп Жəнібек батырдың айтқанындай, армандары болып, былтырдан бері ол армандар атаған істі түгелдеп тағы қолға алып, устав жасап, 30 кісі учредитель қол қойып, Семей губернаторына істі ашуға рұқсат сұраған соң, осы апрель басында беріліп отыр. Бұл істің жөні болып, жолы ашылса, алашқа газет арқылы жайын жазармыз деген үміт бар. Бұл жақсылық іске ақша əр түрлі жолдармен жиылмақшы еді. Сол жолдардың бірі – қазақтың жиын
жерлерінде əлгіндей əдебиет кештері жəне басқа түрлі ойындар жасау еді. Мұндай ойындар көбейсе, ақшасы– бір, екінші – жақсы сөздер жарысқа түсіп, əдебиетіміз ілгері басуға зор себеп болар еді. Сондықтан осындай жақсылық жолдарға ойын істейміз деп кезенген жерлер де жол бөгеу болмайтын қылып, тамам ескі, жаңа сөздерімізді – өлеңі бар, қара сөздері бар – жиып, теріп, бір кітапша (сборник) қылып, драмалық (драматический) цензурадан өткізіп алсақ... Бұл цензура қазақша комедия жазушылардың да хабарына да берілуі лайық шығар. Бұл істі қабыл көріп, қолға алатын талапкерлер табылса, газетке жазбай жатпас деп ойлаймын. «Қазақ». 1915. № 125. Əдебиетімізге көз салу Біздің алдымызда қазір жаңа тарихымыз майданға қойған жəне шешілуі қажет мəселелер – шүбəсыз тіл һəм əдебиет мəселелері. Жас буынды келер заманға даярламақ үшін, ұлт мектебі негізін құру, елжіреген жас жүрекке биік идеал жарығын салу үшін ұлт əдебиетін гүлдендіру ісіне уақыт келер, біз де талпынармыз. Ол заман қазақ тілінде басқа тілдердегідей əрбір мағына айырым сөздерге жауап болатын дəлме-дəл мағыналар (эквиваленттер) болуы лəзім. Біздің халық əдебиетіміз бар, мол. Енді əдебиетіміз үшін жаңа тіл, жаңа қазақ əдеби тілін туғызу керек. Қазіргі қазақ тілі үшін жаңа сөздер, жаңа түрлер, жаңа кестелер жетпейді. Дұрыс қазақ тілі басқа түрік тілдеріне қарағанда өздік жағынан (самобытность) байырақ, һəм тазарақ. Қазақ тілі анықтығында, икемділігінде (гибкость), ағымы тегістігінде (плавность), Радлов секілді түрікшілердің ойынша, Европа тілдерімен, парсы тілімен тең. Бірақ қошеметке мəз болып, тілімізді
ескерусіз тастай алмаймыз. Əрдайым тіліміз үшін бар күшімізді жұмсап ажарлауымыз, байытуымыз тиіс. Жетпеген сөздерді, терминдерді, мағыналарды, асыл қағида, жаңа түрлерді қайдан аламыз? Міне осы мəселені шешпекшімін. Соның үшін басқаларға бір көз жіберейік. Мысал үшін, бізге əр жақтан жақын һəм таныс Орта Азия шағатай əдебиетін аламын. Шағатай əдебиеті өзі үшін бұл мəселені ислам, парсы мəдениетіне бой ұрып шешті. Бұл əдебиет жетпеген мағыналарды, жетпеген əдеби түрлерді, өрнектерді хадим (араб) мəдениетінен алды. Əсіресе хадим əдебиетінің басшылығымен дəуірледі. Хадим əдебиетінен Хайям, Сағди, Ширази секілділер шықты. Əлденеше ақын-философтардың атын шығарса, шағатай əдебиеті де сол шамада, сол қалпындағы Əлішер Навои, Раджи Əміри, Ахмед Яссауи секілділердің атын шығарды. Бұлардың бəрі кітаптарында надандық, залым, зорлық-зомбылыққа қарсы (протест) айту, сол жауыздықтарды жоғалту жолында болғандықтары көрінеді. Германия ғалымдарының триумф пікірінше, алғашында хинд табысы болған мистицизм шығыс əдебиеттері үшін бір негіз болды. Ол негіздің үстіне əдебиет үйі салынды. Қомсынып, бұрынғыдан да үдетілуі талабымен əдебиет күннен-күнге өсіп, кеңейіп ақыл һəм көңілді жаңа пікір кеңеюіне даяр тұр. Тек бір шарт болсын: əдебиет əрқашан тұрмыстан айрылмай, қол ұстасып бірге кетсін. Тұрмыстың əрбір сазына əдебиет жаңғырық саз қайтарсын, халықтың əрбір қайғысын əдебиет айнадай көрсетсін. Сөздің қысқасы, əдебиет тұрмыспен берік байлаулы болсын. Тас үстінде қураған шықтай, хадим əдебиеттері де əуелінде түзу жолмен кеткен еді. Соңынан бұл жолдан шықты, баста олар бір сарыннан таймаушылар (ортодокс) партиясына қарсы құрылған кедергі химрид һəм тасифбен дұшпаны болған ортодокс хадиташылық арасында келісу болды. Бұл келісуде хадитастың өзі жол берді.
Ақырында таласпен, тартыспен зорайып, ұлғайып келе жатқан шағатай əдебиеті төмендей бастады. Бұл жолмен кеткен хұсманды əдебиеті де сол нашар қалыпқа келіп, жарыс майданында бір замандарда ұлт əдебиетінің барлығы күмəнданудың астында қалды. Басқалардан үлгі алып еліктеу ғұсмаларда күшейгендігі сонша, бір сыншының айтуынша, хұсмани əдебиеті ескі безеніс бағында серуендеп жүрген иран қызына ұқсап қалды... Еліктеу сондай нəрсе, оны мүмкін қадір есімізге кім түсірмек. Бірақ, басқаларға, басы бүтін, біз секілділер үшін қиын іс. Тіпті мүмкін емес. Еліктеу дəуірін басымыздан кешірмей кете алмаймыз. Бірақ кімге оралуымыз мақұлырақ? Ересек заманға логика тура келер, бұл мəселені мен орыс, европа əдебиетіне апаруым мақұлырақ болар деп шештім... Европаға еліктеу, меніңше, өзінше қорқынышты емес. Өйткені Европа мəдениетінің бір асылы – сыншылдық рухы (дух критицизма) бізді жүре алмайтын тұйыққа, шыға алмайтын шыңырауға алып кетпес. Еліктеуіміз өлшеуден шығып бара жатса, сыншы рух біздің көзімізді ашып, қатамызды көрсетер. Абай – əдебиетіміздің атасы, бұл жолдың қорқынышсыз, біздің үшін пайдалы екендігін сезіп, сол жолға бұрылды. Əйтпесе Абай үшін арабша – хадим жолы да ашық еді... ...Енді үздік жолымыз қалды. Бұл жолға түспестен бұрын, ерте даярлануымыз керек. Ұлт əдебиетімізді майданға шығармақ үшін, ең əуелі өз тұрмысымызды білмегіміз, үйренбегіміз, халық аузындағы əдебиетімізді жиып, бір тəртіпке, белгілі сарынға салмағымыз, өз жұртымызды əр жақтан білмегіміз керек. Қазақ зиялылары бұл күнге дейін бұл туралы не қылды? Ештеңе қылған жоқ. Бұл бізге ұят. Халқымыздың бай əдебиетін, оның өзіне тəн мəдениетін, күйлерін, жырларын... білуге, жинауға құштарлығымыз жоқ. Бұларды, көңіл қойсақ, жию қиын іс емес. Əрбір оқи, жаза білетін кісінің қолынан келетін жұмыс. Егер халық
аузынан жазып, бəрін бірге жинасақ, оларды тəртіпке салсақ, əдебиетіміз, ғылымымыз үшін бір пайда шығара алатын кісілер табылып қалар еді. Бұл істі жарыққа шығармақ үшін кімнің қандай білгені болса, планы болса, жазып ортаға салса, шын ықыласпен оқып тыңдар еді. «Қазақ», 1916. № 164. АҚЫН ШОЛПАН (Еске алу) Шолпанды мен ең алғаш көруім – Ақмолада, 1921 жылдың күзінде. Соналы, Қорғалжын еліне берген жерінен уезден барған бір инструкторлардың жəрдемімен күйеуінен шығып, Ақмоладан 30 шақырым жердегі апасына келген екен. Сонан қалада қалған мүлкін іздеп келді. Үстінде көнетоз барқыт бешпенті бар, басында қызыл шұбар салы орамалы, қара шұбар, дөңгелек бет, орта бойлы жас əйел. Жылаған жоқ, сықтаған жоқ, еркін отырып аз сөзбен хал-жайын айтты. Шеттен келген оқыған əйел деп менен жөн сұрап, ақыл сұрады. Ел əйелі келе беретін, əйел бөлімі ол кезде жоқ. Сол қалыппен Шолпанға да ақылымды айтып, жөн сілтеп, исполкомдағы жігіттердің біреуіне хат жазып беріп жібердім. Сол алғаш жолыққанда, онан кейін тағы келіп жүргенінде, исполкомдағы азаматтарға жолыққандарында, елдің теңдік іздеп жүрген көп əйелінің бірі десе де, Шолпанның көзге түспей қоймайтын бір басқалығы бар еді. Үйреншікті қалыпқа сыймай, шыпшып шығып тұрған бір екпін сияқты жалын көрінетін. Ел əйелінің көпшілігінің жайшылықтағы сызылып тұрған, күні бұрын «тағдырға» мойынсұнып, иіліп мөлдіреп тұрған, жібектей созылған мінезіне үйреніп қалған бізге Шолпанның сөйлеген қалып, жүріс-тұрысы тіпті ерсі де көрінген сияқты. Бұдан бірер ай бұрын уездік оқу бөліміне жəне басқа іс басындағы азаматтарға, маған бір өлеңмен
əйелдің жазылған арызы келіп еді, сұрастыра келе, сол арыз иесі Шолпан болып шықты, оны кейінірек білдік. Менің қолымда қалған тек Шолпанның оқу бөлімінің меңгерушісіне жазған өлең арызы, басқа өлең хаттары жоғалған көрінеді. «Бізге ғаріп миллет үшін жанын қиған, мал-дүние еш келмеген көңілімізге» деп келеді Шолпанның арызындағы сөзі... Өнер-ғылым жолына жаным құрбан дейді: ... арманым жалғандағы – өнер-білім, Қайғымен өткенің бе енді күнім. Дертім көп, дəрменім жоқ мен бір пақыр, Бастағын, қақ тағалам, алға жолым. Осы сияқты сөздері ана бойындағы басқашалыққа қосылып, кейіннен ақындық екпін, «ақындық иесі бар дейтініміз осы болды ғой» дегенге келдік. Бірақ, 1921 жылы Ақмола сияқты бір түкпірде жатқан қалада Шолпан сияқты Абай айтқан «Самородный сары алтын» ашылмай, жоғалып қалуы да оңай еді. Əйтсе де, сондағы іс басындағы жігіттердің бастауымен Шолпан қазақтың жетім балалар үйіне тəрбиеші болды. Бірен-саран жастар арасында спектакльге кірісіп, ойнап жүргені де көрінді. Сөйтіп Шолпан не қылса да кішкене қала мəдениетіне кірісіп кетті. 1922 жылы мен Қараөткелден Орынбор кеттім. «Қызыл Қазақстан» журналында қызмет істеп жүргенімде, 1924 жылы бір жолдас əйелімен Шолпан келді. Шолпанның кіріп келгенде сыртына сүйіндім. Үстінде қара пальто, басында қаракөк «панам» қалпақ, бəрі бойына қонып, келісіп тұр. Сол киім, жанындағы əйелде де бар, курстағы əйелдердің бəрі солай киінеді. Сонда да Шолпанның сондағы сырт сипаты, бейне бір бұрыннан қала киімін киіп, ысылып қалған адамның түрі еді. Киімі сонша түзу, тəртіпті, өзіне қонымды. Шолпан мұнда да басқа жолдастарынан бөлек тұр.
Өзі баяғы Шолпан, көкірегі толған билік, еркіндік, тура қарап, нығыз сөйлейді. Бұрынғыдан жүзі жарқын, көңілі көтеріңкі, жолының ашылғанына сенген кісінің түрі бар. Баяғы «екпінді» сол сенімділігі ап-анық тұр. «Сіз кеткелі Қараөткелде əйелдер бөлімінде нұсқаушы болып қызмет еткен болдым, бірақ өзіңіз білесіз, Қараөткелде білім алып, өнер үйреніп, өнеге көруге болмайды ғой. Өзім комсомолға кірдім, ондағы женотдел жібергісі келмеп еді, болмай өтініп, осындағы əйелдер курсына келдім. Келгеніме ризамын, тұрмысымыз жақсы, оқып, үйреніп келеміз» – деді. «Өлең жағың қалай?» – дегенімде: «Жазғаным іске жарайтын болса, жазамын ғой» деді де, «Сізге бір жазғандарымды əкеліп едім», – деп, жеңінің ішінен орамалға ораулы бір-екі қағазын берді. «Осы жазғаным қалай болар екен, өзіңіз оқып қарарсыз», деп, көп отырмай, екеуі шығып кетті. Өлеңін кейінірек қарап, «Қызыл Қазақстанға» бастық. Шолпан өлеңі басылғанын білген де жок, бірақ қазақтың ақын əйелінің сөзі журналға басылып шыққанына өз қуанышым аз болған жоқ. Шолпанды шақырып алып, қаламақысын беріп қуантайын деп жүргенімде, бір күні бір жолдасымен өзі келді. – Өлеңіңді журналға басып шығардық, көрдің бе?– дедім. «Ə, ə...», – деді. Көрмеген екен. Сол нөмірді бердім, қарап шықты, басқан сөздерін қарап, күлімсіреп, жанындағы құрбысына көрсетіп отырды. «Əйел ақын болғандығының алды осы Шолпан, қайырлы болсын! – дедім. Жаза бер. Бірде басылар, бірде басылмас, оған қарама. Қазақтың аз ғана ақындарының ішінде əйелден жалғыз сенсің», деп азғана үгіттеп, тəжірибесінің кемдігін толтыру жолдарын айттым. «Бір қиыны – орыс тілін білмеймін, кітап оқымаса, курс білімді толықтырып жібере алмайды ғой», – деп ойындағысын ол да айтты. Жанындағы құрбысына қарап, мен: «Шолпанға енді той істетесіңдер ғой», деп күлдім де, қаламақысы есіме түсіп, өзім алдында есептеп қойғанмын, жаңылмасам,
он сом бірдеңе тиын ақша бердім. Жазғанына ақша алатынын да Шолпан сол жерде білді. Құрбысына: «Бұл «тырнақ алдысы» болады, жазғанына өстіп «гонорар» алып тұрады, той істетудің жөні бар», – дедім. Екеуі де қуанды. Шолпанның қуанғаны – күлімсіреп, беті ажарланып, нұрланғанынан көрін ді, үндемеді. Сондағы өзім жазып берген распискеге «Шолпан Иман баева» деп жоғарыдан төмен қарай сырғаната қойған қолы əлі көз алдымда секілді. Сол кезде «Еңбекші қазақ» та бір өлеңін басса керек. Сонан былай қарай Шолпан анда-санда өлеңін əкеп беріп жүрді. «Қызыл Қазақстанда» бірнеше өлеңдері басылып шықты. Шолпан ақын еді. Көбіне əйел мұңын жырлады. Ойына алған сөзді еркін жазатын түрі бар еді. Тəлімтəжірибесінің аздығы өрісін кеңейттірмей келді. Ол кездерде қазақ кітабы тіпті аз. Орыс жазушыларына тілі жетпей, Шолпанның ақындығы арманда кетті... Рақымсыз кұрт ауру бір жабысып алған соң, соңынан қалмай жүріп, дəрігердің айтуымен елге кетіп, 1925-1926 жылы елінде болды. Елдің еркін ауа, күшті тамағында тəуір болады ғой деген сенім бізде күшті еді. 1926 жылдың апрелінде төсек тартып ауырып жатқанында, басқармадан Шолпанның маған 1925 жылдың декабрінде жазған хаты, өлеңдері келді. Мені «Қызыл Қазақстан» басқармасында деп, сонда жазып жүрген хаттары маған тимейді екен. Сол декабрьде жазған хатында 3-4 хат жаздым дейді, оның мен бірін алғаным жоқ жəне өлең жіберген көрінеді, о да тиген жок. Өзі сол хатында: «Қолымда ақша болмағандықтан, маркасыз жіберіп едім, сондықтан бармаған шығар», – дейді. Бұған қарағанда, елде мұқтаждық көріп, күтімі келіспеген түрі бар. Ол хатты алған кезде менің өз жайым да нашар болып, хат жазып, оған бір жəрдем қарастыра алмадым. Дəрі-
герлердің сілтеуімен курортқа жүріп кеттім. Шол пан ның осы өткен күздігүні өлген хабары женотделге кел ді. Сөйтіп, Шолпан тым жас кетті. 23 жасында, тым арманда кетті. Жаңа көзі ашылып, мəдениет дүниесіне жаңа аяқ салып, ой, білім ауданы кеңейе бастаған кезде қайырымсыз «құрт» жас үмітті кесіп тастап отыр. Өкініштің енді орны жоқ. Болашақтан үмітіміз зор. Адасып жүргенде, алды кең Қазан төңкерісіне кез болып, көзімізді ашып отырған елміз. «Еңбекші азамат, Шолпан сияқты еңбекші елдің игілігіне туған асылдарымызды ерте бастан ардақтап, көзіміздің қырынан кетірмей, қызығына да, шыжығына да ортақтас болалық, өтіп кеткенде санымызды соғатын болмалық» дегім келе береді. Шолпанның өлеңдерін өлкелік əйелдер бөлімі кітап қылып басып шығармақ болып жатыр, мендегі бір өлеңі соған қосылуға берілді. Қош бауырым, Шолпан! Орынбасар сіңлілерің тез келіп, артыңда қалған жаңа шыққан жас тіліңнің белгісі– өлең кітабың соларға ақындық «Шолпаны» болуына тілектеспін. «Қызыл Қазақстан». 1927. № 3. 26-30-6. СЕМЕЙ ТЕАТРЫ Көркемөнер майданындағы соңғы жылдардың бір үлкен табысы – облыстарда, кейбір аудандарда қазақ театрларының ұйымдасуы. Осы табысымыздың бірі – Семейдегі қазақтың облыстық театры. Бұл театрдың құрылғанына бір жыл ғана шамасы болды. Бірақ театрдың жасы аз болса да, істеген ісі көп, үлкен, кəрі театрлардың ісін істеді. Қазақстандағы облыстық театрлардың алды ғана емес, өлкелік театрларымыздың дəрежесіне жетіп қалды. Бұл театрдың аз уақытта істеген көрнекті жұмысын «Правда» газеті бірнеше рет көрсетіп өтті.
Театрдың ең алғашқы қолға алған жұмысы артистердің театрлық білімдерін көтеру, театр өнеріне үйрету, сөйтіп театрдың негізгі кадрын жасау болды. Бұл міндетін театр орындады. Студия ашып, артистердің білімін арттыруды, нағыз артист дерлік 30 шамалы кадр жасады. Бұлардың ішінде ысылып, өнерін арттырып, үлкен артистер қатарына кіре қалған Рəбиға, Шақан, Рысбек сияқты артистер бар. Бұлардан басқа өсіп келе жатқан талантты жастар да көп. Театрдың өзі құрастырған оркестрі бар. Өзіне меншік режиссеры (Ғатабиллаұлы), композиторы (Хамиди), балетмейстрі бар. Театр өз күштерімен мəдениетті театрға керекті нəрсенің бірқатарын ұйымдастырып алған. Театрдың алғашқы ойыны – «Еңлік – Кебек» болды. «Еңлік – Кебекті» театр өзіне жаңалап, бірқатар қосымшамен қойды. «Еңлік – Кебек» ойыны көп ретте Алматы театрынан артық қойылды. Театрдың екінші ойыны «Талтаңбай» болды. «Талтаңбайды» Семей театры өте терең, күрделі комедияға айналдырды. Бұл ойынды коюларымен театр көпшіліктің, əсіресе колхозшылардың, мақтауын алды. Театр үшінші етіп «Айман–Шолпанды» ойнады. Бұл ойынымен театр өзінің музыка пьесаларын да ойдағыдай қоя алатынын көрсетті. Оформлениесі, музыкасы, артист ойындары жөнінен театр Алматы музыка театрынан «Айман-Шолпанды» кем қойған жоқ. Тіпті, əн жағынан озық та шықты (Айман ролінде– Рəбиға, Арыстан ролінде– Шахан). Театр төртінші етіп Қазақстанның 15 жылдығына «Тастүлекті» қойды. Семей театры қай жағынан алғанда да Қазақстанның алдыңғы қатарлы театрының бірі болып, борышын ақтап отыр. Мемлекеттік театр деген атақ алуға дəрежесі жеткен театр болып отыр. Театрдың өткен жазда атқарған үлкен жұмысының бірі – елге шығуы, колхозшыларға маңдай алды қазақ пьесаларын ойнап беруі болды. Театр Бесқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Ақсуат, Көкпекті, Шыңғыстау сияқты қазақ аудандарына барып, колхозшылардың
еңсесін көтеріп, желпіндіріп тастады. Ауқатты өмірге кіріп отырған, мəдениетке сусап отырған колхозшылар театр коллективіне алғыс айтты, театрдың күрделі еңбегін бағалап, мақтау қағаз берді. Семей театры осындай күрделі еңбек сіңірсе де, олардың еңбегі əлі бағаланбай келеді. Қаржы жағынан көмекті аз беруді былай қойғанда (театр көбіне өз күшімен, өзінің табысымен істеп келеді), театрға пьеса беріп отыру сияқты ұсақ жəрдем де Наркомпрос тарапынан болмай келеді. Театрға Наркомпростың көмегі жоқтың қасы. Семей театрына көңіл бөлінетін, көмек ететін уақыт жетті. «Социалистік Қазақстан», 1934, 14 декабрь. Бесінші бөлім МАҚАЛАЛАР МЕН ОЧЕРКТЕР Қазақ əйелдеріне Осы декабрьден бастап «Қызыл Қазақстан» журналы мен «Еңбекші қазақ» газетінің бетінен «Əйел бөлімі» деп аталып, қазақтың əйелі жайынан сөз жазып тұруға орын алынып отыр. Газет-журналдың бетінде əйелге арналған орын болып, оған əйел жайынан сөз жазып тұру деген істің əйел табына қанша мағынасы бар екенін һəм онан қандай мақсат шыққан екенін азғана айтып өтпекшімін. Адам баласын хайуаннан айыратын нəрсе – тілі һəм ақыл, зейін қуаты. Бұл игі қуат Қазақстанның кең сахарасының тау мен тасының арасында жатқан алтын-күміс мысалында. Əр оқымысты, өнерпаздар келіп кен бар екенін біліп, завод ашып, қазып, қорытып, асылды жасығынан айырып алмаса, онан дүниеге түк пайда жоқ – мағынасыз,
қаңғырған қара тас болып тұра бермек. Ол асылдар дүние жүзіне шықса, мəселен, өнерлі халықтардағыдай бір елді қандай байытып, оның тіршілігін қандай көркемдендіріп қызғылықты қылып жіберетіні əркімге анық. Ақыл зейінге де сондай бір завод керек, ол – оқу, өнер. Ақыл зейіні оқу, өнер заводынан өтсе ғана, адамзаттың тіршілігі мағыналы, дүниеге һəм халқына пайдалы, төңірегіне нұр шашқандай көркем һəм рақат болмақ. Оқусыз, білімсіз адам қанша ақылды болғанымен, түрсіз, сезімсіз, баяғы жартас бір жартас, қаңқ етер түкті байқамас, бұлар да тұра береді. Дүние жүзіне шыққан алтын, күміс бір елдің тəні есебінде болса, оқу, өнер сол елдің жаны болмақ, бірбірінсіз адамшылықтың мағынасын толықтыра алмайды. Оқымысты халықты мəдени халық дейді. Мəдени халықтар күллі жаратылысты ақылға бағындырып, өздерінен асып, күллі дүниедегі кейін қалған халықтарды мəдениетінің қуанышты рақат тұрмысына қарай сүйреп отыр. Оқусыз надан халықтың бірі – біз қазақпыз... Россияда совет өкіметі кемшілікте жүрген таптың бірі еді деп, əйелге қанша оқыса да, қалай оқыса да, шамасы келсе ел билесе де, ерлермен қатар соғысқа аттанса да еркін деп жол ашып беріп отыр. Орыс əйелі еркіншілік дəулетін мейлінше пайдаланып, мұның мағынасы – оқу, өнер екенін сезіп, жас қыздарды түгіл, 30-50-дегі қатындарына шейін оқытып отыр. Бұлар əйелдің өзгеше, табиғатына лайықтап тəрбие қылу үшін, айрықша «əйел бөлімі» деген мекеме ашып, бөлек газетжурналдар шығарып отыр. Бұған қаражаты жетпеген жерлерде ерлер шығарып жатқан газет-журналдардан орын сұрап алып, əйелге деген сөздерін соған жазып таратып отыр. Бұлар қай шаруада болса да, ерлерге қолқанат болып, бұрынғы «əйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» де ген пікірден ерлерді мүлдем шығарып отыр. Ақылды көркейтетін оқу, өнер һəм еркіншілік екенін көрсетіп отыр.
Енді біз осыларды үлгі қылуымыз керек. Қазақстан үкіметі еркіншілікті беріп, оқу, өнер жолын ашып отыр. Бөлек əйел бөлімі деген мекемені жасап, қазақ əйелі қалай тəрбие алсаң да еркің деп отыр. Бұл еркіншіліктің мағынасын түсініп, жақсылыққа жұмсау үшін оқуға ұмтылуымыз керек. Мəдени халықтың үлгісін көрсетіп, басшы болып отыратын бір жол газет-журнал еді деп «Еңбекшіл қазақ», «Қызыл Қазақстан» беттерінен біз де орын алып отырмыз. Мұндағы мақсат анық. Өкіметтің қазақ əйелі туралы шығарып жатқан заң жобаларын түсіндіріп, əйел бөлімінің əйелге деп көрсетіп отырған нұсқауларын хабарландырып, мəдени халықтардың əйелдерінің ана болу, бала бағу, шаруа түзеу тəртіптерінен тəжірибе, үлгі беріп отырып, оқу, өнердің түрлі жолдарын, тарауларын нұсқап, елдегі əйелдердің тұрмысынан хабар алып, пікір алмасып отырып, сол əйелді қазіргі кемшілік халінен шығарып, мəдениеттің жарық тұрмысына қарай бастау. Уездік қалаларда, қалың ел ішінде жапандағы жалғыз қаздай даусы шықпай, ойын айтып, пікірін аша алмай жүрген жалғыз-жарым оқыған əйелдер жоқ емес. Сарыарқаның кең сахарасын жайлап, айдын шалқар көлдерге бие байлап, үй тігіп, көк орай шалғынға етегі шырмалып, көрінеу жұмақтағы хор қызындай болып жүріп, ай жарығы, салқын таңдарда үйдің сыртына шығып, көзінің жасын көл қылып, қорлықта өтіп бара жатқан жас өмірін қосып өлең қылып, еркіншілікпен бірге ілесіп, зарлап əн шырқайтын, шерлі жүрек, ақындар бізде аз емес. Бастан кешкен қайғы-зарын шағатын, мұң-мұқтажына құлақ салатын тірі жан табылмай, жолын, жөнін таба алмай жүргендер бізде аз емес... Газет-журнал бетінен орын алғанда, əйел бөлімі осыларды көздеп отыр. Осындайлардың жазған сөзіне құлағын салып, шамасы келгенше көз жастарын тыюдың жолын ізденбек. Басқарма əйел бөліміне деген сөздерді қараусыз қалдырмайды. Оқи, жаза білмейтіндерің басшылық еткендерге тілектес болыңдар, олардың
талаптарына бөгеу болмай, жазылған, айтылған сөзді ұшынан тыңдамай, ойланып, толғанып, достық сөзі деп тыңдап, жарыққа шығаруға тырысыңдар. Газет-журналды алыңдар, алғызыңдар, оқытыңдар! Алдырмаған ерлеріңді түртіп, ойлантып, қозғап отырыңдар! Осындай тілектестіктеріңді көріп отырса, басшыларыңның көңілі көтеріліп, жігері артып, жарық мақсат, жақсы ниеттерінен қанша қиыншылық көрсе де қайтпайтын болады. Ал, əйел бауырлар! Жолдарың ашық... өткен замандарың қарғалған заман екені анық... Сілкініңдер! Ұмтылыңдар! Рақатсыз, берекесіз, қатын өсек деген атақтан басқа түк бермеген, ошақтың ұш бұты күйбеңінен жоғарырақ ойлап, қанаттарыңды қағыңдар! «Теңдік», 1923 жыл, 20 январь. Жалпы əйел мейрамы Бұдан 13 жыл бұрын 1910 жылы Копенгаген деген шаһарда адамшылық теңдігіне жетуді мақсат қылып жиылған əйелдер жаңаша 8 Наурыз ескіше 23 ақпан жер жүзінің еңбекшіл əйелдерінің мейрам күні болып саналсын деп қаулы жасаған. Ол қаулыны жасағандағы мақсаты 8 Наурыз «əйел күні» деп, жыл сайын 8 Наурыз күні жер жүзінің саңылаулы, теңдік іздеген, кемшіліктен шығамыз деген əйелдері ұрандасып, теңдік жолында алғандарын есептеп, қатарын түзеп, алдағы жылда тілек қылып қолға алатын мұң-мұқтаждарын естеріне түсіріп, жаңаланған жігермен ұлы мақсатқа ұмтыла беру еді... Біздің қазақ əйелінің де төбесінен нұр жауғандай болып, еркіндік, теңдік дəулеті мейлінше беріліп отыр. Бірақ, оларға бұл дəулетке ие болып, пайдасын, рақатын көруге қараңғылық, надандығы зор бөгеу болып отыр. Олар əлі əйел табының ұлы мейрамын да білмейді. Оны
айт есебінде құрметтеп, күллі еңбекшіл кедей таптарының ұлы тілектеріне қосылып, қуанысуды білмей келеді. Осы секілді дəулетке ие бола алмай, төңірегінде, дүние жүзінде болып жатқан жақсылық-жамандықты, шаттықты, қайғыны көре алмайтын осындай соқыр мақлұқ болды. Надандық, оқымағандық, өнерсіздіктен болып отыр. Бұған ешкімнің дауы жоқ, қандай надан болса да, осы күні сол қазақ əйелі осының рас екенін өзі де біліп отыр. Олай болса, қазақ əйелі де мына əйелдердің ірі мейрамын біздің де мейрамымыз деп танып, жыл сайын айтатындай, құрметтеп қарсы алып, жалпы əйелге бірдей, асса, жалпы еңбекшіл таптарға бірдей, намысқа қосылып, солармен бір тілекте болуы керек... Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім, – деп кешегі төңкерістен бұрынырақ өткен, қазақтан шыққан данышпанымыз Абай жаратылысында қанша жүйрік, дана болғанмен, оқымағандықтан көрген кемшілігін өзі сезіп, қайғырып, елдегі көп наданға үлгі үшін айтып отыр. ... оқымаған жүреді қараңғыны қармалап, Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар, – деп Абайдан бұрынырақ өткен Ыбырай Алтынсарин жазады балаларға арнап шығарған кітабында. Өз заманында бұ да қазақ баласын надандық қамалынан қалай шығарамыз деп көп ойланып, қайғырғанның біреуі еді. «Білегі жуан бірді жығады, білімі толық мыңды жығады» деп бұлардан ертедегі жай қара қазақ қарияларымыз айтып кеткен. Бұлар
оқудың иісін білмеген кезде даналық пен білім деген бір азбайтын, тозбайтын асыл қуаттың барлығын сезіп, іздесін, алсын деп, кейінгіге нақыл қылып айтып кеткен. Сол білімді əперетін жол – оқу. Басқадан гөрі біздің қазақ баласына оқу артықша керек. Қазақтың əйелі қараңғыны қармалап, адамшылық сипатынан айырылып жүрген күң екені айтылып келеді, бұған еш дауы жоқ. Онымен біздің ерлеріміздің де жарқырап, аспандап кеткен еш нəрсесі жоқ. Жасымыз-кəріміз, қызымыз-ұлымыз – бəріміз де алдымыздағы сағымданып, ынтық қылған оқу-өнерге жол ашып, сусап келе жатқан жолаушыдай бар ынтығымызды, бар қалаған адамшылық сезімімізді, бар қуатымызды сала ұмтылуымыз керек. Жаратылыс – дүниені ұстап тұрған, билеп тұрған құдайы. Адам, адамның ақылы, ұжданы, неше түрлі құлпырған құбылмалы тіршілігі. Əр адамның дүниеге, осы тіршілікке өзінше керек, соған жамау, тығын болғандай пайдалы жері бар, соны əрбір əйел де, еркек те білуі тиіс, оны білсе– оқу керек. Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан, – деп Абай айтқан. Менің бұл сөзді бөліп, əйелге арнап, əйел мейрамының күніне байланыстырып отырғанымның себебі де осы. Кең дүниенің кетігіне мен де барып қаланам деген мақсатында – əйелдің ұлы мағыналы, қасиетті, абыройлы қызметі. Ана болу һəм еркектен əйел жаратылыста айрылатын жері де осы, бұл дəулетін көгертіп, гүлдендіре білсе, тең болуы былай тұрсын, дүниенің кетігінде əйелдің керектігі бəрінен басымырақ болар. Бəрінен əйел болу, бала өсіру осы секілді қасиетті, ауыр һəм ұлы міндет екендігін əйел өзі түсінуі керек һəм бұл міндетті толық атқаруға талаптануы керек. Бұрынғы оқудың ұшқыны жоқ заманда-ақ жақсы азамат, ер, алып
жақсы анадан туатынын «алып анадан» деп аталарымыз айтып кеткен. Бір ұлттың, бір мемлекеттің күшті, өнерлі, тəртіпті болуына сол мемлекеттің əйелдері өнерлі, тəрбиелі, күшті һəм құлықты болуы керек. Мұндай жаны тəніне сай келген, адамшылық дəрежесін биік тұтқан, аналық міндетін толық түсініп, толық атқара білу үшін, əйел оқуы керек, өнер кəсібінің қандай түрі болса да жиіркенбей үйренуі керек. Аналық дəрежесіне жеткенше əйел бала ер баламен қатар, айрылмай, бірдей тəрбиеленуі керек. Кеңес үкіметінің қазіргі жасап отырған мектептерінің мақсаты бала дүниеге көзін ашқан соң-ақ, əйел-еркек деген айырма болмай, бір мектепте бір қалыппен тəрбие алып, ер жетіп, жасы 17-18-ге келген соң, толық азамат болып, тұрмыс майданына шыға келгенде, жан қуаты тəн қуатына сай келіп, күллі дүниені еңбекшіл деп, өзінің бір тумасындай болып, сол дүниенің тіршілігінде мұқалмай, саспай, өзінің керекті орнын тауып қаланатын болсын деген... Күллі жер жүзінің əйел тобы болып 8 Наурыз күні ұрандасып, тілек тілеп жатқанда, біздің қазақ əйелі бұл күннің не екенін сезіп, адамзат дүниесінің кемтігін толтырғанда керекті екенін өзінің қазіргі тіршілігіне үйлесетін жерінен ұстап түсініп, жалпы əйел дүбірінде елең етіп қалса екен деген. Қазақ əйелінің қазіргі тіршілігінің ең күшті тілегі – ана болып, бала өсіре білу һəм қазақ ел шаруасында мағыналы болу. Бұл міндеттерге жеткізетін тура жол – оқу, өнер, кəсіп. Сондықтан қазақ əйеліне айтқаным – 8 Наурыз мейрамын өз күніміз, өз мейрамымыз деп санап, алты алаштың əйелі үлкен-кіші, ұл-қызымыз бар қуат-күшіміз, жігернамысымыз оқу, оқыту жолына деген ұранды іркілмей, батыл тастауларың керек, һəм осы ұранға бір келсеңдер, шын бостандық, шын адамшылық теңдігіне жететіндігіне кəміл сенулерің керек.. Əйел теңдігіне қарасатұғын ел
мекемелерінің қазақ əйелі тұсындағы ұраны осы оқу, өнер, кəсіп болу керек... Елді сəулелендіру мекемелерінің жолында жасаған шараларының бəрінде əйелдің оқуы керек. Надан адам – жарым адам. Елдің анасы – əйел. Жарым əйел бүтін адам жасай алмайды. Елді қатарға кіргізетін білімді, өнерлі, еркін əйел. «Қызыл Қазақстан», 1923, № 15. МАРЖАН (Қазақ əйелінің бостандық мейрамына арналған жол əңгімесі) Мамырдың іші, Семей қаласының шаңынан шыққалы 3 күн болады. Ауызға алған соң, «Семейдің шаңы» дегенді анықтап айтып кетпеске болмады. Жаз шыққан соң-ақ қаланың қайсысы болса да сəні кете бастайды ғой. Сонда да, Семейдің жазғы тұрмысы айрықша ауыр болады. Екі-үш бақшаларындағы қолдан еккен теректердің үсті жаз мысалына кіріп, жасыл жапырақпен жасанып, жол-жол, ара-тұра, дөңгелек-дөңгелек қылып, бақша салтымен еккен қызғалдақ гүлдер мамыр күніне жылтырап, күлімдейін десе де, тас төсемеген Семей көшесіндегі қалың құм азғана желге-ақ бұрқырап көтеріліп, дүниенІң бəріне сұр желегін жауып, жаздың шырайын тіпті енгізбейді, жел тұрмағанда адамның, малдың, аяғы көтерген шаңның өзі-ақ жаз əсерін тез кетіруге жеткілікті. Семей – бір жағында су қатынасы бар, бір жағынан отарба жолы жүріп жатқан, қазақ жеріндегі үлкен қаланың бірі. Үйлері көбіне ағаштан қаланған, едəуір заманнан келе жатқан ескі қала болғандықтан, екінші – жаздың ыстықтығынан үйлерінің түрі ескірген, қуарған, əсіресе қаланың мұсылман жағы.
Қуарған сұр ағашты жеңіл, майда құмның, сұп-сұр шаңы жапса, бейне бір қыстау елдің күлін бұрқыратып, көтеріп жібергендей болып, аспанның көгілдірі көрінбей, ауа шаңнан тұманданып тұрса, аяқ асты ыстық кешпе құм болса да, Семейдің жазғытұрының тірі жанға қандай əсер беретіні анық қой. Мамыр айы кірген соң-ақ Семей осы түрге толық енеді. Ыссының жалғыз тынысы – оңтүстіктен солға қарай жарқырап ағып жатқан кең салалы Ертіс өзені. Қаланың тұсында Ертістің қалың ағашты аралдары бар. Күн сайын аралдағы ағаш түбі бос болмайды. Орыс, қазақ, ноғай, сарт үйлі жандарымен топ-топ болып шығып жатқаны, қаланың қызметіне байланбаған əйелдер аспапсаймандарын, бесіктегі баласын ала шығып, үй ішінін шаруасын да сол ағаш ішінде істеп жатқаны. Əсіресе, мейрам күндерде қалада қалатындар тіпті шамалы болады. Қонақ болып, ойын-сауық жасап, ертеден қара кешке дейін уақытты сол аралдарда өткізеді. Ертіс дариясы болмағанда, өзі де қала салып, адам жайлайтын жер емес. Екінші бір тыныс алатының – Семейдің үлкен қаласынан шығып, Ертістің арғы сол жақ жиегіндегі кішкене алаш қаласына шыққанда. Сол жақ жиегі биіктеу, алаштан əрі қарай күнбатыс, Қарқаралы, Аягөз қалаларына қарай жүретін жол кең далаға шығады. Үлкен Семейден алашқа шыққанда қырға шыққандай боласың. Міне, осы қаладан солтүстікке қарай бет алып шыққалы үш күн болды. Менің қасымда 9 бен 11-дің арасында екі бала бар, қыстай Семейде біздің үйде болып, орыс гимназиясында оқып жатқан; бірі – Зиба, гимназияның кіреберіс класында, бірі – Əбен, бірінші класында. Сол жылы өзіміздің елге бара алмай, жазды балалардікінде демалмақ болып келе жатқан бетіміз. Жеккеніміз елден келген пар ат. Ат басында – «судыр Ахмет» деген жігіт. Аты Ахмет, балаларға өтірік-шынды қосып, ойда жоқ нəрсеге нандырып, алдап, тəттілерін
жеп қойып, күйдіріп-пісіріп, тыныштық бермейтін, бала түгіл үлкенді де адастырғандай шамасы бар. Қағылез, табиғаты жеңіл, бірақ қызметіне берік жігіт еді. «Судыр Ахмет» – алдай береді деп, балалардың қойған аты, шын аты – Ахмет. Семей қаласы мен баратын ауылымыздың арасы 400 шақырымға таяу жер. Елі бар жерде ауылға қонып, түстеніп, елсізде бекетке түсіп, ат шалдырып, шай ішіп аттанып, кейбір сулы, бұлақты жерлерде түсіп, ат шалдырып, өзіміз де көк шалғынға аунап, кеңшіліктің, еркіншіліктің рақатын өзімізше көріп келеміз. Семейден шығып, осы май ішінде Сарыарқаның сары даласымен келе жатқанда, мен өзімді Əбен мен Зибаны титтей айырғым келмейді. Бəлки, сол кезде ішіміздегі естияр адам жалғыз Ахмет болып шығар. Басқамызда ақыл, ой деген заттар Ертіс өзенінің ар жағында қалған сияқты. Көңіл күнмен бірге келіп, құспен бірге сайрап, желдей есіп, желіп келеді. Менің бойымдағы əшейіндегі үй иесі аталғандықтың салмағы, маңызды, балалардың алдындағы үйреншікті үлкендік, апалық бəрі де естен шығып кеткен. Ол кездердегі көзі ашық қазақ балаларының бойында, ойында құрсаулап қысқан уайым, ауырлық өз-өзінен саудырап түскен сияқты. Тек сайраған сары даланың сары баласы екеніңді білесің. Сол даланың кең жайған құшағына енгеніңді білесің. Əбен мен Зиба тордан шыққан боз торғайдай қанаттарын қағып, жер-көкке, тұрмай, шық-шық етеді. Дауыстарымен даланы жаңғырықтырады... Семейдің сұп-сұр, тұман, уайымынан шыққан адамға (ол уақытта Семейде Троцкий губернатор заманы, оның үйінің алдынан тымақты қазақты жүргізбейтін, жоғары школда судьялық оқудағы қазақ студенттеріне стипендия бермейтін, закон үйреніп өзімізге қарсы жұмсайды деп) жəне елін, үйін сағынған, қыстай өздерінің аз ғана əлінше қағаз, кітапқа сарылып, оқу деген зор қызмет істеп, ол қызметті туғалы естімеген, көрмеген жат тілде,
жат балалардың ішінде естіген, Əбен мен Зиба сияқты арқаның елбіреген киіктеріне май даласының осы сияқты əсері болмасқа мүмкін емес. Бүгін түстенеміз деп келе жатқан ауылымыз, Ахметтің айтуынша, Қарақуыста Қарсақбай деген, балалардың немере апасын берген құдаларының бір ауылы, тəрбиелі, ауқатты ауыл болса керек. Жетуге мен де асығып келем, бір тынығып, əңгімелесіп, қымыз ішіп, ет жеп, қазақ, ел тұрмысына кіреміз ғой деп. Ауылға жақындаған сайын, əңгіме сол ауылдың төңірегінен шықпайтын əдет. Ауылдың кімі бар, кімі жоғын, балалардың апасының үйі жолдан көп бұрыс, бөлек екендігін, басқа білгіміз келген жайларының бəрін Ахмет бастан-аяқ айтып түсіндіріп келеді. – Ана жолда түскенімде, Маржан құдаша келіп жатыр еді. Науқас көрінген, əлі еліне қайтпаған шығар, – деді сөз арасында Ахмет: «Құдаша жақсы адам», – деп қойды. Маржан құдаша дегенде, балалар елең ете түсті. Сол мезетте: Маржан болса, өлең айтқызамыз. Өлеңші қыз дейді... «Ғайни-ай, сəулемнің» əнін де, өлеңін де Маржан өзі шығарған, деп сол жерде-ақ екі бала қосылып, «Ғайни-ай, сəулемге» сала бастады. Ұмытпасам өлеңнің сөзі мынау: Ауылым Қарақуыс қақ басында, Ала арқан алты құлаш ат басында. Алыста əпекемді мен сағындым, Əпекем отыр ма екен от басында (көтеру). Ахау-айла, Ғайни-ай, сəулем. Өтті дəурен-ау-ай! Сəлем де, əпекеме, келсе, келсін, Көңілі келе жатып аттай желсін. Əншейін, келед деген дəтке қуат, Бойынан Қарақуыс қайдан келсін (көтеру). Не болды біздің елге алыс көшіп, Мен жүрмін «Ащы көлдің» суын ішіп,
Бір құйрық, екі қанат бітсе мағап, Бармас пем мен еліме талмай ұшып (тағы көтеру). Менің есімде қалған – осы үш-ақ ауыз сөз. Əні де, сөзі де тіпті шынға келмейді, баяғы қазақ əйелінің белгілі зары. «Маң-маңкер» сияқты баяулап басталып, бір ауыз сөзі біткен жерден қайырып көтерді. «Ғайни-ай, сəулем, өтті дəурен» деген сөзбен көтеріп, уайымсыз балалық қызық уақыт өтіп кетіп, қараңғыны қармалап, қайта шықпастай қара қайғыға түскен, шерлі көкіректің ащы зарын шығарады. Сөзін алсақ та, сол əпкесінен айрылып, сағынып, «келеді» деп жорығанның өзін «дəтке қуат» қылады. Қара қуыс – ата мекен жерін, «əпекесінің от басында» отырғанын ойлап, құс болып, қанат бітпесе, елге бару да жете алмайтын қиял болып қалған. Дəурен өтті, алдында ешбір жарық сəуле көрінбейді, бəрі терең тұңғиық, бəрі ашылмайтын қара қайғы... Сөзі де, əні де еріксіз əлдеқандай адамға, əлдеқандай жерге малға сатылып, кетіп жатқан, қазақтың жас əйелінің қашаннан бері сары далада күңірентіп айтып келе жатқан зары. Қызға қалыңмал алу ғұрпы қандай ескі болса, бұл да сондай ескі, үйреншікті... Сонда да, осы «Ғайни-ай, сəулем» менің ойымды бөлді, соның сөзін де, əнін де шығарған Маржан бөлді ойымды. Бұл қыз-келіншектің бəрінің елден-елге жайып, айтып жүрген өлеңі емес. Өзі шығарған дейді, əнін де, сөзін де... Бұл Маржан кемшілікте жүрген көп əйелдің бірі ғой.. Бірақ, аз да болса өлең шығарып, əн шығару бəрінің бірдей қолынан келе бермейді. Мұның не қайғысында бір басқалық бар, не мінезінде бір артықша сезімділік, ойшылдылық болуға керек. Не болса да, мен сол Маржан құдашаны көруге ынтық болып, ауылға жеткенше асықтым. Түс кезінде ауылға келдік. Үй-үйден қатын, бала шығып, үлкен еркек адам жоқ екенін көріп, біразы біздің қасымызға жиналып қалды. Келген үйіміздің баласы
30-дарға келген жігіт, келіп амандасып, Ахметпен сөйлесіп жатыр. Ахмет бара жатқан жолда түсіп қалған. Жиылған қатын, бала біздің де кім екенімізді білді. Арбадан түсіп, үсті-басымызды қағып, сілкіп, қысқақысқа сұраған сөздерге жауап қайтарып тұрғанымызда, үйдің бəйбішесі шықты. Көрісіп, амандасып, балаларды сүйіп, «үйге жүріңіздер» деп, үлкен қоңыр үйге алып жүрді. Табалдырықты аттап өткен соң-ақ, менің көзім Маржанды іздеуде. Оң жақтағы бəйбішенің төсегінің алдынан жасы 20 шамасында орта бойлы, ашаң жүзді, киімі кеңдеу, иығы тіктеу келген əйел ашық қарап, жүріңкіреп келіп, қол беріп көрісті. Көзіне көзім түсті: шаршаған, қайғылы кісінікі, «не түрлі жансың?» дегендей болып, көзіме тереңдеп қарап, күбілжіп амандасты. Маржан осы екен. Төркініне келген əйелдің басына шəлі орап, жаулығын жасырып қойған əдетінше, басына бұ да ұзын шашақты қызыл шəліні бір ұшын алдына бос салып, қабағына түсіріп орап алыпты. Абай айтқан, «маңдайдан тура түскен қырлы мұрын», жиып алған əдемі, епті ауызы шəліден көрінеді. Қызыл шəлінің шетінен арыған бетінің болар-болмас шұқыры білінеді. Басқа сияқты шəлінің астында сұрланған ақ бетін қызыл шəлінің жиегі торлап адамның көңілінде бір тазалық, қасиеттілік əсерін тудырады. Бұрынғы заманның данышпан суретшілері əулие қызды (Мəриям атты) көңілімен жорып, осылай салып келтіруші еді. Жасыл барқыт бешпеттің жеңіне ұстаған қызыл бар қыт қырылыңқыраған, етегінен қос етек ақ көйлек көрініп тұр. Біз отырған соң, төсек ағаштың бас жағын ала өз орнына Маржан да отырды. Бір жағында жастық жатыр, оның алдындағы кішкене қол сандыққа шынтақтап, сүйеніп отырды. Үй іші орта дəулетті үйдің салтынша жасалған: от орнына дейін дөңгелектеп сырмақ төсеулі, оның үстінде жаңа жайған тақыр, айырлы кілем жатыр. Төрдің алдында қоңыр шұбар көрпе төсеулі, төрде жиюлы жүк, сандықтар, бір-екі кесік ақ киіз, бір-
екі кілем, таңулы алаша шабадан (ішінде жүн-жұрқа, бау-шу болар), екі-үш көрпе, жастықтар жиюлы. Үйдің оң жағында бəйбішенің төсек ағашы, тұсында оюлаған текемет (тұс киіз) ілулі. Бүйірде оюлаған пішпекті саба, майлы кебеже тұр, онан былайғы жер босағаға дейін ақ шимен қоршаулы. Аздан соң бəйбіше келіп, маған жақынырақ отырды. Баяғы жақтан Ахмет пен Маржанның ағасы отырды. Таныстық, білістік. Əңгіме қаланың жайы, елдің жайы, бара жатқан ауылдың амандығы сияқты əңгімелермен біз отырғанымызда, Маржан Зиба мен Əбенді жанына шақырып алып, солармен күбірлеп сөйлесіп отырды. Маржанның сіңлісі болар, Зиба қатарлы қыз бала келіп, Маржанның сыртына тығыла отырды. Анда-санда Маржанның жөтелгені жүрекке шаншудай кадалады. Бір түрлі əлсіз, дыбыссыз жөтел жəне жөтелген кезде бір қолымен кеудесін басып, қиналатын қалпы көрінеді. Біраз сөйлесіп отырып, жуынып, шай ішіп, əй-жай болған соң, «тысқа шығып, бой жазалық» деп, мен орнымнан тұрдым. Менімен бірге Маржан да тұрды. Шешесі: «қарағым, Маржан, мына кісіні отауға ертіп бар, жол жүріп келген адам, шаршаған шығар, оңашада тынықсын», – деді. – Иə, отауға барсақ барайық, шаршағаным да рас, – деп Маржанмен оңаша қалуға жақсы себеп табылғанына қуанып, бəйбішенің сөзін мен де ұстай алдым. Келген қонақтардың ақсақалы есебінде мен өзім болған соң, үлкен үйде отырғанда өнебойы «ақсақал» салтын қорып, бəйбішемен, бірер келген ауыл кісілерімен сəлемдесіп (Маржанның əкесі өлгелі екі жыл болған екен), Маржан өзіммен құрбы көрінсе де, үлкенсіп, оны да бала-шаға санына қосып, анда-санда бір қарап отыр едім. Орысша оқығандығыма бір нұқсан келіп қалмаса екен дегендей болып, қуыстаныңқырап, тым «əдеп» сақтап отыр едім. Сөйтіп, отауға келгенде, едəуір еркіндеп, жазылып, жақсы болып қалдым. Маржан да манағыдай емес, маған төрге көрпе салып беріп,
отырғызып, өзі маған жақын отырды. Бетіме жылы қарап, еркіндеңкіреді. Жеңгесі келіп, бесіктегі баласын емізіп, ұйықтатып: – Шырақжан! Қымыз əкеліп берейін, өзің сапырып бере аласың ба, мен келейін бе? – деді. – Иə, жеңеше, əкелсең əкеліп, жасап бер, мен өзім сапырып берейін жəне балаларға сол үлкен үйде ойнасын деші, жеңеше, шуылдап, кісінің мазасын алады. Мына кісі ас піскенше тынығып демалсын, – деді. Маржан тұрып жүктің үстінен маған жастық алып салды. – Машақаттанбаңыз, Маржан, шаршап қаласыз! – дедім. – Түсініз сынық, жəне жөтелесіз, көптен науқассыз ба?... Май қымызын ішкен соң, анау-мынау науқас қалушы еді ғой, сіздікі қалай? – Менікі қалатын дерт емес қой, жылдан асты, əлі қалмай келеді, мехнат орнағандығы, тағы... – деді де, көкірегін басып жөтеліп қалды. Келін дастарқан жайып, Маржанның алдына кішірек қызыл шара қымыз қойды. Жанына екі үлкен кəрден кесе, бір сырлы аяқ қойды. – Бала жыласа, маған балалардың біреуін жіберерсің, шырақжан, – деп келін шығып кетті. Маржан қымызды сапырып, кесеге құйып, маған берді, өзіне бір кесеге құйып алды. – Алыңыз, апай! – Сіздердей көзі ашық, оқыған кісімен кездесу бізге қиын ғой, осындай кез болғанда аз ғана сөйлесіп қалғанның өзі естен кетпейтін қуаныш болады. Зиба құдашаны оқуға Семейге жіберіпті дегенде, ел жағасын ұстап еді. Бəріміз де таңқалып едік, енді сізді көріп, Зибаны көріп, ағасымен бірге қорықпай ел асып, жұрт асып жүргенін көріп, осылардай болып оқыған кісінің арманы бар ма екен деп өтермін... – Иə, жас балалары – ұлы бар, қызы бар, оқи берсе, біздін ел талай кемшіліктен құтылар еді. Бірақ оқу қиын, ел қорқа береді. Əсіресе əйел балаларды оқуға тарту тіпті қиын. Зибаны Əлжекең көпті көргендігімен Əбенге косып, маған ертіп жіберіп отыр... Сіздің оқуды
арман қылуыңыз – таптырмайтын мінез. Шындаса, ол арманға жету қиын емес. Алысқа бармай-ақ оқуға болады ғой. Жұрттың орысшадан басқа оқу жоқ дейтіні тіпті адасқандық. Ауылда отырып, қазақша оқып, қазақ тіліндегі азғана кітаптарды оқысаң, газет оқысаң, онда да көзің ашылады. Дүниеден аз да болса хабарың болады... Сізді, Маржан, өлең шығарады деп те естіп едім, «Ғайни-ай, сəулемді» сіз шығарды деуші еді. Өлең шығарғанды, əн шығарғанды біз, оқығандар, өнер дейміз, өнерлі адам азбайды, жақсылыққа ұмтылуға талмайды... Өнерлі ылди, өр деп таңдамайды, «өнер бір жасымайтын болат деген...» дейді ғой бір ақын. Ондай өнерің болса, өнеріңді өжетке шығаратын – тағы оқу... – Сөзіңіздің бəрі дұрыс, апай! Мен де талапсыз емес едім, танитыным да бар, жаза да білуші едім, қыздан жалғыз болдым да, əкем марқұм еркелетіп, жас кезімде ағаларыммен бірге молдаға беріп, сонан əжептəуір хат танып қалдым. Өзіңіз айтқандай, қолға түскен кітап, қағазды бос жібермеуші едім. Үйден кеткен соң, оның бəрі көрген түстей болып қалды... Мені өлең шығарады деп балалардан естіген шығарсыз, ақындық қайда бізге? Əншейін уайым басып, көкірегіңді қайғы кергенде, елді сағынып, тілдің келгенінше, аз ғана леп шығарған сияқты нəрсе ғой. Біздің талабымыз көтеріліп, азды-көпті патша болып, дəурен ететін күніміз, апай, тек оң жақта, əке-шешенің қолында отырғанда ғой. Онан былайғы өміріміз сатылып кеткен мал есебінде. Мал құрбанға шалына ма, қонаққа сойыла ма, болмаса, шамасынан артық жұмыста, көзін ашпай жүріп алып кете ме – билігі сатып алған иесінде... Мал беріп сатып алған сон, өлгенімізше көзімізді ашпаймыз, кемшіліктің бəрі біздің басымызда, бар билігіміз сол иемізде болады, – деп Маржан жөтеліп қалды. Кішкене тыныстап алып, маған қарап: – Қымыз алыңыз, – деп, менің кеседегі қымызымды араластырды. Сөйтіп өзі де кесесін көтеріп, екі-үш ұрттап, қайта қойды.
– Маржан, сіздің аузыңыздан ауыр-ауыр сөздер шыға ды, көңіліңізде бір үлкен мұңыңыз бар сияқтысыз, келгеннен байқаймын, сырт пішініңізден де көрініп тұр... – «Жылы-жылы сөйлесе, жылан інінен шығады» деген ғой, апай, Сіздің достық қалпыңызды байқап, көкірекке шер болып байланған уайым, қасіретімді қозғап отырмын ғой. Сыр алысқан адамың болса, сырласқаннан артық нəрсе бар деймісіз... Əсіресе, біз сияқты шерлі көкірек сорлыларға... – деп, Маржан қатты күрсінді. – Мені шын дос санап, ойыңыздағы сөздеріңізді жасқан бай айтыңыз, Маржан. Осындай бір кездескенде сіздің қасіретіңізге ортақтасып, аз жеңілткендей болсам, мен де дүниеде бекер жүрдім демеспін... – Одан артық қолымнан келетін жəрдемім жоқтығына көзім жетіп, Маржанға бұл сөзді ықыласыммен айттым. Маржан да менің бұл айтқаныма сенді. Басын көтеріп жөтеліп, сенген көзбен тереңдей, маған бір қарап, қатты күрсінді. – Мен ес білмейтін күнімде, əкем маған құда түсіріп, қырық жетіні қырқа матап алып қойған екен, – деп бастады. – Атастырғаны өзімнен үш жас үлкен, өзіміздің бір болыстас ағайынның баласы, мен он беске келгенімде, алдымыздағы жазға ұзатамыз деп отырғанда, Қасен сүзек болып ауырып, үш ай жатып өлді. Ауырарының алдында бір ай бұрын келіп кетіп еді. Кейіпке де тəуір, ақыл парасаты да мол, қазақша хат танитын, жолдас болғандай жігіт еді... маңдайыма симаған шығар... Қасеннің жылын берген соң, əкесі мені Қасеннің кейін гі інісіне сұрады. Ерсілі-қарсылы сөйлесіп жүріп, апам байғұс менің жүдеп жүргенімді сезіп, ризашылығын бермей, біраз созса да, əкемнің сөзінен шыға алмай, ауыл болып, «құда – құдай аты» деген ғой, жəне құдаң азулы адам, айырылу оңай болмас, «əйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа, өз пайдасын өзі білмейді. Мал қайырып беру оңай ма?» – деп көндірді. Ат, шапан киісіп, сол балаға бата қылысты... Қарсыласар шама жоқ, менің сөзімді
кім сөйлер? Бекер арымды ашпайын, құдай салды, мен көндім деп, қайғыдан көкірегім қақ айрылса да, жылайжылай кеттім... Онан былайғы тіршіліктің не түрлі екенін өзіңіз де аңғардыңыз ғой, апай, ... несін айтайын оның? 20-дағы əйелге 14 жасар бала қалай жолдас болар?.. Екеуіміздің арамызда не түрлі махаббат болмақ? – деп, көзінің жасын іркіп, біраз жөтеліп отырды. Менде сөз жоқ... Біздің əйелдің сорлы халін күнде көріп, біліп жүрсем де, көз алдымдағы Маржанның сөздері, аз өмірінде басынан кешіріп отырған адам айтқысыз кемшілігі естен кетпес əсер берді. «Бұзылғандығымды» білдірмеске тырыстым, келіп тұрған көз жасты жұтып жіберіп, буынып отырдым да, басымды көтеріп, жастықты Маржанға бердім. – Шаршап қалдың ғой, Маржан! Білдім енді, ұқтым қалқам! Шаршама, басыл... білмедім ғой мен, бəлки, қозғамаған дұрыс болар ма еді?! – Жыл жарымдай тұрдым, барған жерімде, – деп Маржан тағы сөзін бастады. – Қайғының тұңғиық тереңіне түстім. Ел, шуылдаған абысын-ажын өз бетіммен де қоймады. Тең көрмей жүргенімді байқап, неше түрлі өсекке таңды. Енемді нандырды. Дүние пəленің бəрі жауды басыма. Үндемедім. Көндім. Бірақ, түн – ұйқы, күн – күлкі жоғалды... Ол арада əкемді естіртті. Қай ғы мен мен құса болдым. Оңаша шықсам, сарнасам, күңіренсем... атар таң көрінбеді, кірер тесік, шығар есік таппадым... Сөйтіп жүріп ауруға шалдықтым, арыдым, көлеңке құсап құр аруақ болып қалдым... жөтел пайда болды. Ауру болған соң бұрынғыдан да қор болатыныма көзім жетті, сон-соң өлсем үйде өлейін деп, елден келген кісіден апама хат жаздым. Алып қайтсын деп. Апам байғұс төзбей келіп, қаратамын деп үйге алып келді. Сонан, міне, үш ай болды келгеніме. Анда-санда күйеу бала келіп-кетіп жүреді. Дертім жазылатын дерт емес, тек үйде көңілім орныққан сияқты. Апам байғұс төзбейді, алдырмаған дəрігері жоқ, дəрінің де неше түрін ішкізіп жатыр.
Басы апам болып, бауырларым, жеңгелерім – бəрі мəпелеп бағып отыр, бірақ енді не болсын? Күн өтіп кетті, жас өмір біткенге есеп, үміт кесілді, көңіл қайтып көтеріліп, қасірет тарқар емес... Көрден басқа барар жердің өзі де жоқ. Қайын жұртым, бүтін елге айтқанын істетіп отырған мықты ауыл.. Бір соры қайнаған жесір қатынды сөйлете ме? Əшейін, бұрынғы сыйластық қалыппен келе жатыр ғой əзір. Үйге жіберуге ризалығын бергенде, менің адам болып, қызметіне жарамайтыныма көзі жетіп, беріп отыр ғой... уһ!.. Дүниеде менен сорлы жан бар ма екен деп, сыртыма шығаруға апамды аяп, іштен зарлаймын да отырамын. Жал ғыз жеңгем ғой, кейде бір сырласатын кісім... ол сорлы өзіммен бірге жылағаннан басқа қолынан не келеді?.. Ендігі тілегім – сол қорлыққа қайтып бармай, тыныш өлсем екен деген?.. Уһ, жаным-ай! – деп, Маржан сорлы өксіп-өксіп жылады, қысылып, жөтеліп қалды. – Маржан, қарағым, жылама, сабыр ет. Сенің басыңдағы жеңіл жүк емес екенін білемін. Біздің елдің қайсысын алсақ та, өз тілегімен теңін тауып, үйленудің рақатын, қызығын көріп отырған əйел аз. Оның себебі – елдің надандығы. Надан ел бір салынып қалған ата жолы, əдет, ғұрыптан шыға алмайды. Онан артық жақсы жол іздемейді де, таба алмайды да. Біздің əйел затымызды сорлы қылып адамшылық қасиетінен айырып, көзін аштырмай келе жатқан – мал алып, қызға жастай құда түсіру ғұрпы... Сатарман мал болған соң, адам деп ешкім көңіліне қарамайды. Қыз да сатылады, қатын да сатылады, байы өлген қатынды «əменгерім» деушілік – мал беріп сатып алған «мүлкім» деген емес пе?.. Ата-ана қызын қанша жақсы көргенмен, бүтін елдің ұйып отырған, атамзаманнан келе жатқан əдет-ғұрпына қарсы келуді құдайға қарсы келгенмен бірдей көреді. Қай базарға салса да, «əуелде жазу осылай», «нашар бала» деген алдауыш жұбанышқа сүйеніп, олар да мал алудың қызығына түсіп кетеді. Оларды айыптауға да болмайды. Ғұрып болып, сүйекке
сіңген дертті бұзу бір кісінің қолынан келмейді. Кемшілігін көріп отырып, əйел өзі де бұл қалыпқа қарсы келе алмайды. Мыңнан бірі, ызаға шыдамаған өжет əйел басын қорғап қарсы шықса, ол бұзық атанып, елге күстана болады. Ел оны адамшылықтан шығарады... Оған шыдайтын əйел кем. Көзі ашық оқыған азаматтар, сендердің бұл халдеріңді көрмей, білмей жүрген жоқ. Қолдары қысқа. «Заман тар, айта алмай, шын сөзіңді қорғалайсың, туғаның бүйтіп қор боп құрысын да...» дейді ғой «Қырық мысалда» сондай азаматтың бірі. Сол қалып жақсы талаптарының бəріне кесір, бəріне бөгет. Тек азамат шығарған өлең кітаптарында бұл əдет əйелге кемшілік, қоршылық келтіретін əдет қой, надандық қой, мұны тастасаңдаршы, деп, ел азаматтарына үгіт есебінде айтып кеткен болады. Бұл дертке қазіргі уақытта біздің білетін бірақ еміміз бар, ол – оқу. Біздің еркек-əйеліміз тегіс надан. Надан еркек – ғұрыптың құлы, ақылына бағынбайды, ғұрыпқа, əдетке бағынады. Надан əйел өз басын кемшіліктен қорғай алмайды. Еркектің тепкісінде малға сатылып, күңдікке көніп жүре береді. Оқыған адам əдетке емес, ақылға бағынады. Ақыл əйелді еркекпен тең, сол сияқты адам дейді. Ақыл адамды адамға сатқызбайды, əр адамның еркі өзінде дейді. Бұлай болса, сендердің басыңдағыдай кемшілікке, зорлыққа орын жоқ қой. Міне, сондықтан əйел, еркек бол, қай тілде болса да, тек табылған оқуды оқи беріңдер дейміз. Онан басқа қазіргі заманда қолдан келетін іс жоқ. Маржан, қарағым, басың жас əлі, ауырған кісінің бəрі ажал қылышына тап келе бермейді. Жазыларсың, жас қуат кандай ауыр дертті де жеңіп кете беретін. Бар өмірің алдыңда. Жақсылықтан үміт кесіп, өзіңді-өзің аздыра бермей, ілгеріге үміт көзімен қарауың керек... жақсы көретін бауырларыңның ортасындасың, қайғыра берме, жазылудың қамына кіріс. Өнебойы осы сияқты қараңғы қайғы тұншықтыра бермес. Бұлт ажырар, күн ашылар, күлімдеген еркін
тіршілікке де жетеміз. Сабыр қыл, шаршама, басыл, қарағым! Сен мыңның бірісің, сенен де ауыр халдегі əйел толып жатыр... Жас жанның ашынып шыққан зарына қарсы, көңілім ауырып, елжіреп, əшейінде шықпайтын сөздер өз-өзінен аңызақ дауылдың артынан жауған жаңбырдай, ағытылып кете беріпті. Алда бір туатын жарықтың барына өзім де иман келтіргендеймін... Сорлы Маржанның, ел əйелінің, алдында мен ақылшы, ұстаз болыппын... Маржан басылыпты, түсі жайлы, манағыдай емес, жазылған... – Көтерілдім, құрбым! Сөзіңді ұқтым. Қиналған, түңіл ген көңілді сөздеріңіз аз да болса көтеріп, бір үміт сəулесін жандырғандай болды. Жақсылық жарығы көзге елестегендей болып отыр... Біздей сорлылардың да сөзін тыңдап, хал-жайымызға көз салып, қамымызды қайғыратын жандар болады екен... Осының өзі көңілге үлкен қуат болып отыр... Қайтейін... Мен көре алмадым жақсылықты, басқа сорлылар көрер... енді өлсем де, арманым жоқ, – деді. Біз əңгімемізді аяқтап, қиял дүниесіне кетіп, есімізді жия алмай отырғанымызда, Зиба мен Райхан (Маржанның сіңлісі) мазасызданып, отауға кіріп-шығып жүр екен. – Маржан тəте, ет пісті, жасап жатыр, апам келсін деді, – деп, екеуі тағы шығып кетті. Ол арада келін: – Шырақжан, жүріңдер, ас суып кетеді. Қымыз қалпын да тұр, ішпепсіңдер ғой, – деп, біз тұрған соң, шараны алып, бізбен бірге үйден шықты. Талма түстің ыстығы қайтып, көлеңке ұзарып, шыбыннан ауылға тығылып тұрған мал еркіндеп, жайылып шығып, сайраған құс пен көбелек, шыбын мен ауа ың-жың болып, шырайланып, күн бір рақат жайға түсіп тұр екен. Ахмет те тойған аттарын суғарып əкеліп, аунатып жатыр екен. Бізді көріп: – Тезірек ас ішелік, түс уақыт, салқын түсті. Енді жүру керек, салқынмен бəйбішеге жетіп қонайық, – деді.
Маржан, балалар – бəріміз үлкен үйге кірдік. Ет жеп, қымыз іштік. Əрі-беріден соң ас артынан шығып кеткен Ахмет те: «Ат даяр болды», деп келді. Бір-екі аяқ қымыз ішкен соң, бəріміз де киініп, далаға шықтық. Үй іші, қатын-қалаш, бала-шаға – бəрі жиылып, бізді аттандыруға бірге шықты. Бəйбіше, келін қол ұстасып, қоштасып, баратын ауылға сəлем айтып жатыр. Маржан балаларды бетінен сүйіп, үйлеріне сəлем айтып, маған бұрылды. Жаудыраған ойлы көзімен тереңдеп қарап, қолымды қысып тұрып: – Қош енді, апай!.. Сөге жамандамаңыз... тағы көреміз бе, көрмейміз бе?.. Есіңізге ала жүріңіз... Қайтар жолыңызда соқпай кетпеңіз... – деп қолтығымнан ұстап, аттандырған мысалын істеді. Тағы «қош» деді. Аттарды бір жігіт жетектеп, ауылдың сыртына шығарып жіберді. Жүріп кеттік. «Қош, қош» деген дауыстар иттердің үрген дауысына қосылып, ауылдың сыртына шығарып салды. Маржан қалды... Кешіне балалардың атасының ауылына барып қонып, ертеңіне түске өз үйлеріне келдік. Қуанысып, көрісіп, екі ай жататын болған соң, көңіл орнығып, жайланып қалдық. Жаздай көштік, қондық, ол елдің салтын құрып, қызкеліншек болып атқа мініп, тау-тасты аралап, бүлдірген, қарақат тердік. Жан-жақтағы ағайын ауылдарға қонақтап, кең дүниенің кеңшілік, еркіншілік, рақатын армансыз көрдік. Ел əйелінің түрлі-түрлі тұрмыстарын да көріп білдім, бірен-саран бақыттыларын, еркекше ел билеген, атқа мінген, ақындарын, домбыра тартып, өлең айтып, сауық құрған назданған ерке жастарын да көрдім. Бақыты ашылмаған неше сорлыларды да көрдім. Кедейшілік сорлыларын, теңсіздік сорлыларын... не жоқ біздің елде! Елге шықсаң-ақ, бəрін көресің. Шын елдік сипаты, бірде көл, бірде шөл болып алдыңа келе қалады... Анда-санда бар əйелдің қайғысын бір өзіне жиып алғандай болып Маржан есіме түседі. Дыбыссыз, əлсіз жөтелі құлағыңа
келіп, жүрегіңді бұрап, ауыртып кетеді. «Қош, апай», «Көреміз бе, көрмейміз бе?» деген сөзі жəрдем сұраған сықылды. Жалынышты көз қарасы еске түскенде, еріксіз ой дəриясына сүңгіп, түнере қаласың... Көрген қызық, рақат тіршілігің, біреуден тартып алған сияқты, өзіңе жоқ болып, ауырлана бастайды... Августың орта кезінде Семейге қайттық. Шығарып сала келе жатқан көп кісілер бар, Қарқаралыға соқпай жүруге болмайтын болды. Сөйтіп «Майлы қара» жолымен жүрдік. Менің ойымда Маржан еді, Маржанға соға алмадық. Əуелі бір бүйірде бұрыс қалды. Келесі жазғытұры Ахмет Семейдегі Зиба мен Əбенге ат əкелгенде, елдің амандығын сұрап отырып, Маржанды сұрадым. – Маржан байғұс марқұм болған. Осы қыстыгүні үйінде жатып қайтты. Былтырдан күйеуінің үйіне қайтқан жоқ еді, – деді Ахмет. Ахметтің сөзіне таңырқаған жоқпын. Өзім де Маржан сорлыны өлімнен өзгеге ұйғармаушы едім. Сонда да жүрегім əп-сəтте соғысынан жаңылғандай болып, тоқтай қалды... ашып, ауырып, лүпілдеп қайта соқты. Үн жоқ, түн жоқ, біраз тістеніп отырдым... Зілді-зілді тамшылар көзімнен еріксіз іркіліп, үстіме түсті. – Бейшара, марқұм, есті бала еді ғой... Қол санды ғы ның ішінде жазып тастаған өлеңдері бар екен... Сандығының астар қағазына шейін жазылған өлең дейді. Кейбіреулерін балалар жаттап алып, айтып жүр, сөздері тым зарлы көрінеді, – деді жəне Ахмет. Бауырым, құрбым сорлы Маржан! Сен мыңдаған қазақ əйелінің, миллиондаған сорлы күн шығыс əйелінің бірісің, сенің көз жасың неше заманнан дəрия болып, ағып келе жатқан қайғылы жастың бір тамшысы, көрден басқа жалпы қоныс таба алмаған күн шығыс əйелінің бірі, сен де көрге кіріп тыныш таптың. Неше асыл зейіндер, неше асқан жүйріктер жетпеген сенің заманыңда, соның бірі болып сен кеттің... «Қызыл Қазақстан», 1925, № 1
Алтыншы бөлім БІЛГЕНГЕ – МАРЖАН Шай дейтініміз не? Қазақ шайды жақсы көреді. Елдегі бай болсын, орташа болсын, кедей болсын, шығындарының көбін шай алады. Мезгілімен шай ішпесе, бай-бəйбішелердің басы ауырады, «шай кесеге жұғып тұрмаған соң шай бола ма» дейтіндері елде аз емес. Байға еліктеп, кедей де шайқұмар, басқа болмаса да, шай болсын дейді. Сөйтіп, жалғыз қарасын шай-қантқа салады. Бұған қарағанда, біздің ел шайға құмар, елге шай толық кірген. Бұлай болса – шай деген не нəрсе екен? Ішкен адамға пайдасы қандай, залалы қандай, қалай ішкен дұрыс екен? Осыларды бізге, əсіресе шайға құмар əйелдерімізге, біліп қою артық болмас. Шай жерде егіп өсіретін ағаш болады. Өсетін жері қытай, жапон, үнді, цейлон аралы сияқты қыс болмайтын, құрғақшылықтан аман жерлер. Үнді шайы ерте замандарда жерінде өзі еркін өседі екен. Онан қытай егіп өсіретін болған, оның өзіне 4000 жыл шамасы болған. Қытайдан жер-жердің бəріне тараған. Кейінгі кезде біздің Қеңес Одағына тараған. Кавказ жерінде Батум қаласының жанында Шахва деген жерде де көп егілетін болған. Бірақ əлі де болса, шайдың ең көп егілетін жері қытай, ең жақсы шай да қытай шайы. Өсіп тұрған шай ағашының жапырағын бүлдірмей, жыртпай, ептеп үзіп алып, тоқыма тал қораптарға салып, жиып алады. Жап-жасыл жас жапырақтар қатар-қатар тақталарға жиылып, желге кептіріледі. Сонан соң сол жапырақтардың қалған дымын шығару үшін салмақ астына салып, бастырып, сығып алып, тағы кептіреді. Шай жапырағын кептіруге жасалған пештер де болады.
Əбден кепкенде жапырақтар бүрісіп ширатылып қалады. Біздің ішіп жүрген шайымыз сол. Кеуіп, даяр болған шайды іріктеп, електен өткізіп, бүтін жапырақтарын – бір бөлек, сабағын, шөбін – бір бөлек, үгінді, қиқымын бір бөлек айырып, əр түрін бір бөлек қорғасын қағазға орайды. Онан барып жəшікке салады. Кірпіш шай, тақта шай дейтініміз білеп, тақталап кептірген шайдың үгіндісі болады. Жəшік-жəшік шайлар Мəскеуге келгенде ашылып, сурет, сортымен, бір қадақтан, жарты қадақтан, ширек, əшмөшке болып оралып, біздің дүкеннен алатын қалпымызға түседі. Шайды біз неге ішеміз? Адамның қанының бір үлкен бөлімі су болады. Адам табиғаты өне бойы аңсап, су іздеп тұрады. Ішкен тамақты да асқазанымыз сусыз құрғақтай сіңіре алмайды. Сондықтан табиғатымыз суды көп тілейді. Шай сол табиғаттың сусындауына себеп. Қайнамаған су қауіпті, ол таза болмайды, ішінде дерт құрттары болады. Адамға тамақ болғандай шайдың ешнəрсесі жоқ. Тек ішкенде – сусының қанады. Шайдың табиғатында эфир майы дейтін бір зат болады. Бұл шайға жақсы иіс береді. Жəне теин деген зат бар, мұның шаршаған адамның көңілін ашқандай, талықсыған ойды оятқандай, табиғатын жеңілдеткендей қуаты бар. Бір дастарқанда шай ішіп отырған адамдар көңілденіп, шаттанып, көтеріліп отыратын себебі сонан. Шай ішкенде, əсіресе қою шай ішкенде, адамның ұйқысы ашылып, бойы сергіп қалатыны да осы сияқты теиннің қуаты. Күн сайын бір мезгілде ішкен шайды ішпесе адамның басы ауырып, шайға құмар болудың себебі қою шайдың теині күн сайын бойға сіңіп, бойды жайлап қалғандықтан. Шайға қанып, нан, сүт жəне басқа шайнама қосып ішкенде, шай тамақ та болады.
Шайдың залалы Жоғарыда айтылған пайдасымен қатар шайдың залалы да аз емес. Шайды тым ыстық ішу жарамайды. Ыстық шайдан тістің шынысы шытынап, тіс жарылып, үгіліп, тамыры ашылып, тісті «құрт жеді» дегенге ұшырайды. Елдің «құрт» дейтіні ашылған жалаң тамырдың ыстықсуыққа шыдай алмай, солқылдағаны. Əсіресе, суықтан келген адамның шайды тым ыстық ішуі үлкен зиян. Сұйық тамақ артынан тағы шай ішу тамақтың қуатын кетіреді. Сондықтан залал болып саналады. Бұл сұйық зат тым көп барғандықтан, қарынның бүрі шайылып, қуаты кемігендіктен болады. Кесеге «жұқтырып» ішкен қою шайдың түк пайдасы жоқ. Қайта залалы көп. Күшті, көк теин қанды қозғап, адамның табиғатын мазасыздандырады. Науқасы бар, нəзік адам болса, жүрек соғу пайда болады. Жатарда ішкен қою шай жүректі соқтырып, ұйқыны ашып жібереді. Сөйтіп шайдың пайдасымен қатар залалы көп екенін көріп отырмыз. Осыны білген қазақ əйелі қою шайды əуезе қылуды қояр деп сендік. Шайнамасыз құр шайды самауыр таусылғанша ішуде де қасиет аз көрінеді. Шайды терлеген сайын іше беретін əйелдердің есінде болатын тағы бір сөз – терлеудің де терлеуі бар, бойын суық алып, күйіп-жанып, қызып отырған адамға тер пайдалы, тер қызуды басады. Ал сап-сау отырып, шай ішіп терлей беру – көрер көзге залал – термен бірге адамның əлі, қуаты азая бермек. Сөйтіп, түбінде, дертті болмақ, жəне өне бойы терлей берген адамға суық тигіш болып, табиғаты нəзіктеніп, ауруға ұшыратады. Табиғаты нəзік, пісіп қатпаған жас балаға шайды мүлде ішкізбеу дұрыс. Ішкізсе, аса сұйық беру дұрыс, балаға ен жақсы пайдалы сусын – айран, шалап, сүт, саумал, көже, ең болмағанда қайнаған салқын су. Осы айтылғандар ескеріліп, іске асырылғанда денсаулық пайдасы да көзделеді, шайдың шамасыз шығыны да кеміп, шаруаның пайдасы шығар еді. «Əйел теңдігі», 1927, № 6. 26–29-6.
ҮЙ ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК? (Ойласу үшін) Əйелдің өмірі мəңгі үй ішінде өтеді. Əйел үйге, еркек түзге арналып жаралған сияқгы. Əйел балаға, үй шаруасына арқандаулы. Үйдің қамы əйел мойнында. Əйелдің көсілетін төрі де, көмілетін көрі де – үй. Үйі ішінің жұмысымен əйел өмірі көз ашпай, жаны тыныштық көрмей, күйбеңдеп жүріп денсаулығын жояды. Өмірі өксіп, жасына жетпей, басы көрге кіреді. Ендеше əйелдің басын жоятын көр – үй болды. Алдымен, əйелдің жарым жасын жоятын – бала. Бала көтеру, бала табу – қатер, ажал. Бала көтеру – бейнет, бейнет түбі – дерт. Əйелдің бұл бейнетін қазір жеңілдету қолдан келмейді. Əсіресе далада. Одан соңғы əйелдің бейнеті – тамақ, киім дайындау, мал сауу, отын-суға жүгіру, құрт-май алу, жіп иіру, шекпен, алаша тоқу... – бəрі де сол тамақ пен киім қамы. Бұл бейнетін аздап жеңілдетуге болмас па? Бəлкім, болар. Тағы да бір бейнет – үй ішін жасау, жабдықтау, төсек-орын түзеу, сыпыру, жуу, жаю, қағу, сілку. Мұны оңайлатуға болмас па? Бəлкім, болар. Оны айтамыз-ау, тезек теру, шапақ (кепе) соғу ше, кір жуу ше? Киіз басу ше, арқан-жіп есу ше, үй жабу ше? Санай берсек, əйелдің еңбегін тауыса алмаймыз. Ұшы-қиыры жоқ, көзін тырнап ашқаннан қашан көзі ұйқыға барғанша, не қолында, не аяғында бір дамыл жоқ. Қыбыр-қыбыр етіп, бүкшеңдеп, түйтінектеп, кейіпмойып, қарғап-сілеп жүретіні – бəрі сол бейнеттің көптігі. Басынан асқандығы, мұршасы келмегендігі. Еркектің көбі əйелдің бұл халін ұқпайды. Шаруасының бəрі өзі істеліп, дайын боп тұрғандай көреді. Онысы да сөз емес-ау, түзден бірдеңеге кейіп келсе, əйелдің қылығын ұнатпаса, тұра бас салып ұрады, қинайды, сөгеді. Өзі кейіп жүрген жанын одан бетер күйіндіреді,
өртейді. Сөйтіп əйел тіршіліктен бір рақат сəуле көрмей, ит қорлықта күні өтеді. Адамшылықты ойласақ, бұл əділдік пе? Əйел əлде жан емес пе? Жаратылыстың өгей баласы ма? «Төмен етекті» деп жаралғанына əйел айыпты ма? Жоқ, жоқ, жоқ. Ендеше əйелдің еңбегін, аз да болса жеңілдетудің, əйелге өмірдің бейнет емес, зейнет екенін көрсетудің қамын ойлау керек. Саналы адамның бəріне бұл – борыш. Əйелдің өмірін сонда шірітетін төрі де, көрі де үй болса, сол үй қандай болу керек? Қайткенде əйелдің жұмысы азаяды? Аз күн тіршіліктен лəззат алатын болады? Осыны ойлау керек. Тегінде, тіршілікте мақсұт байлық жиюда емес, жан қинай беруде емес. Жан-жануардың мақсұты – ұрпақ қалдыру, өсіп-өну. Өзге еңбектерінің бəрі осы түпкі мақсұт үшін, соған жету үшін. Адамнан өзге жануардың қамы осы ғана. Адамның табиғаты өскен болса, өсіп-өнуден өзге тілектері, мұраттары өрбіген болса, өзімшілдігі, мал құмарлық, бақ құмарлық сезімдері күшейген болса, сол мəдениетінің өскендігі, əсіресе меншік сезімін ұстартқан дығы. Адамзат арасындағы неше алуан пəле-қазаның көбеюі осыдан. Анығында, əр адамға қамсыз өмір сүру үшін көп дəулет, көп мал, көп мүлік керек емес. Көп дəулет ешкімнің көріне бірге түсіп көрген жоқ. Көп жұрт мұны ұқса, өмірде бақытсыздық та болмас еді, бірақ ұқпайды. Адамға алдымен не керек? Тамақ, киім, жатар орын керек. Еңбегің, табысың осыған жетіп түрса, «аштан өлмейтін, көштен қалмайтын» болсаң, бұдан артықты көксеу жанды азапқа салады. Өзгені кұлданам, бұлданам деп, араны ашыла береді. Біреу байыған сайын, біреу кедейленіп, озбырлық, зорлық, əділетсіздік туады. Социалдық тұрмыс сондай зорлық, əділетсіздікті жойып, жұрттың бəрі бір тегіс, қайғысыз өмір шексе екен деп көксейді. Бүгінге шейін бай одан артық бай болуды, орташа – байға, кедей орташаға жетуді арман қып аласұруда болды.
Байлардың арманын кедей де арман қып келді. Енді ол арман қалмайтын болса, жаңа пікір, жаңа тұрмыстың жоқтағаны – күн көрерлік ауқатың болса, сол жетеді. Ендігі арман – өнер-білім, əлеумет халі, көп тілегі болу керек. Енді сол пікірлерді қорытып келіп, үй қандай болу керек деген мақсұтымызға көшейік. Үй болғанда, байдың үйін арман қылмаймыз, оның бізге керегі жоқ, үйшікте, жер астында (кепеде, жер төледе) түтін арасында көзі жылтырап жатқан кедей тұрмысын арман қыл демейміз. Орташаның ішінде байға жақыны емес, кедейге жақын, күн көргіштік ауқаты бар, шаруаның үйі қандай болу керек? Осы туралы сөз қылуымыз керек. Жазы, қысы киіз үйде көшіп-қонып жүретін жылы жақтағы елдердің үй іші туралы бұл мақалада пəлен болу керек деп айта алмаймыз. Не отырықшы, не шала отырықшы болған 7-8 айдай күнелтетін тұрақты қыстауы, үйі бар елдердің үй іші жөнінен айтамыз. Орта шаруаның қысқы үйі бір-екі бөлмеден артық болмайды. Ондай үй не кірпіштен, я шымнан, не тастан, кемде-кемі ағаштан салынады. Ол жер-жеріндегі заттарына қарай, бөлек заттан сал деп кесіп айтуға болмайды. Жалғыз-ақ сөз: үйдің іші, тысы (қабырғалары) бірдей сылаулы болсын, ішкі жағы түзу, тегіс болсын, сылаған – жылылыққа, тегістеген – тазалыққа жақсы. Үйдің төбесі мейлі тақтаймен, шырышпен (паруазбен) жабылсын, ақ балшықпен (əкпен) сылансын, шырыш, қау жиі салынбаса, оның үстіне салынуға көнетін қамыс, ши тəрізді бір тегіс зат төселіп, шөп-салам соның үстіне салынсын. Төбені сылау шаң тұрмауға, шаңын сыпыруға, тазалыққа жақсы. Төбенің қақ ортасынан мəтке (қары) салынып, биік орнатылып, екі жақ қабырғаға қарай түйетайлы боп жабылсын. Мұжық үйлерінің төбесі тəрізді. Бұл тамшы тамбасқа жақсы. Үй табаны (асты) шама келсе, тақтай болсын. Тақтай орташа үйдің қолына түсе бермейді. Асты жер болған
күнде де, анау, есік жақтағы, су төгілетін шылапшын, құман тұратын жерден биік, сəкі боп қаланып, үсті тегістеліп сылансын. Оған шөп, ши, киіз, алаша төсеу керек болады. Төсеніш шаң болмай тұрмайды. Оны кемінде аптасына бір рет қағып, сілкіп отырмаса, тағы болмайды. Қалайда қазақ үйінің табаны тазалыққа, денсаулыққа келмейді. Мұны ойлану керек. Өзі арзан, өзі таза қандай зат бар екен, тақтайдан төселсе, əрине, сырлану керек. Сыпыруға, жууға, жылылыққа жақсы. «Қазақ үйінің зор кемшілігі, терезесі сығырайған, кішкене болады. Бұл денсаулыққа үлкен зиян. Адамға тамақ қандай керек болса, жарық пен ауа да сондай керек. Сарғайып кету, қан азаю, кұрт ауруға шалдығу, дерт ұялау – бəрі сол жарықтың кемдігінен. Өзге жағынан қымтырылса да, үлкен терезе сатып алудан дүние аяп керек емес. Терезелер көп, үлкен, жарығы мол болуы керек. Ол үшін күнгей, күн батыс, күн шығыс жақтан шығарылғаны жөн. Əйелдің күні бойы күйбеңдеп шаршаған денесі, жүйке тамыры жарық тілейді, жарыққа тынығады. Үйдің қабырғаларын, төбесін, терезе, есігін түрлендіріп бояу, шимайлау, оймыштау, нақыстау дұрыс емес. Теп-тегіс, бір түсті болу керек, талған көз əшекей емес, бір түсті бояу тілейді, тынығады. Үйдің ішінде қоқырсоқыр, қаңқиған-саңқиған ағаш нəрселер болмау керек. Оны-мұны қоятын шкафтар қабырғаның өзінен ойып шығарылып, беті біртегіс есікпен жабылып тұруы керек. Əбдіре, сандық, жəшік, кебеже, жүкаяқ, кілем, көрпе, боқжам сияқты нəрселер неғұрлым аз болса, соғұрлым тазалықта, денсаулықта əйелдің жұмысы азаюға жақсы. Үй ішінің ретті боп тұруы керексіз бұйымдардың көптігінде емес, таза, жарық болуында деп білу керек. Қазақ əбдіре, сандықты, қоқыр-соқырды жасау-мүлік деп ойлайды. Олар орын алғаннан басқа, үйді тарылтып, ауаны азайтып, шаң ұстағаннан басқа түк жасаулығы жоқ.
Тапқан-таянғанды неге салу керек? Алдымен көйлекдамбалың көп болсын. Кісі басына беті-қол сүртетін бірнеше пар орамалың болсын. Кісі басына ыдыс-аяғың болсын. Бар байлығың киім-кешек пен ыдыс-аяқта болу керек. Төсек-орын, төсеніш қайда дерсіз, иə бұларды да айту керек. Төсек-орынның неғұрлым азы жақсы. Жерге жатамыз ба, дерсіз? Жоқ, жерге жатпаңыз. Жер салқын, сыз болады, суық тиіп, ауырып қаласыз. Жылы ауа жоғары болады. Жерде ең салқын ауа жүреді. Шаң-топырақ, кір, құрт-құмырсқа дегендей дерттің ұясы жерде. Сондықтан абзалы жерде жатпау, шама келсе, кісі басына темір кровать болу керек. Қымбаты емес, жабайы, мықты, арзаны, оған шама келмейді екен, төсек ағашты оңай, арзан қып қолдан істеп алуға болады. Қалай қып демеңіз, былай: ұзындығы бір құлаштай екі жуантық сойылша, одан жарты қездей қысқалау бір сойылша, кез ширектей төрт ағаш барлығы 7 ағаш керек. Бұлар көп болса 1 сом. Жəне ұзындығы бір құлаш, көлденеңі бір жарым кездей не қалың кенеп, немесе қап, немесе алаша шекпен тəрізді нəрсе керек. Оған, көп болса, 3-4 сом кетеді. Сонда бір кісінің кроваты 4-5 сом тұрады... Мұндай кроваттың үстіне жаз бір қабат шүберек (жайма) салып (көйлек-дамбал кірлемеске), бір жастықпен жата кетуге болады. Қыстыгүні де екі қабат көрпеден артық төсеп керек емес, үстіне болса-болмаса бірдеңе жамылу керек қой. Мұндай кровать əрі арзан, əрі оңай, əрі орын алмайды (жатқанда болмаса), əрі тазалауға қолайлы. Дерт кісілермен бірге жатқаннан жұғады. Жаз аласа осындай екі кровать болғаны жөн. Қазақ қатынымен бірге жатпаса көңілі көншімейді ғой. Бөлек жат дегенді екі жағы да (қатыны да, ері де) шам көрер. Шам көрсе де, тазалық сақтау шарасын айтпауға болмайды. Тіпті, бауыры жабысып қалса, екі кісілік кроватты да мықтырақ қып осылай істеп алуға болады. Бала басына осындай кровать болса, тым жақсы.
Үй табаны жер болса, орындық, болмаса еріксіз жерге отыру керек. Ендеше төсенішсіз болмайды. Бірақ төсеніш астынан сыз өтпейтіндей болса, жеткені. Қабатқабат жұмсақ төсеніш керек емес. Оның тазалыққа пайдасы жоқ. Қағып-сілку де көп жұмыс. Тамақ ішкенде жерге дастарқан жайып, жерден алып ішу дұрыс емес. Ең болмағанда аласа, дөңгелек үстелді айнала, кісі басы бөлек ыдыспен ішкен дұрыс. Енді үйде қандай бұйым болу керек? Ыдыс қоятын беті жабулы қабырғадан шығарылған шкаф, көйлек-көншек салатын, шаң болмайтын шемодан, немесе сандық, сырт киім ілетін сырты қабырғалы ілгіш. Бір бұрышта төсек-орын жиятын жүк аяқ сияқты нəрселер болу керек. Балалардың көйлек-көншегі, төсегі бөлек жиналғаны дұрыс. Əйтпесе, балаға үлкеннің ауруы жұғады. Үй қандай болу керек, ішіндегі жасау, жабдығы не түрлі болу керек! Қайткенде үй тазалық, саулық шартына жанасады? Қайткенде үй еңбек орны болып қоймай, демалатын, тынығатын, көңіл көтеретін орын болады? Əйелдің еңбегі қайтсе жеңілдетіледі? деген мəселе– жалаң бізде емес, бүгінгі Европа ойшылдарының, өнерпаздарының да ойланып, ізденіп жүрген мəселесі. Герман жұртында үй ішінің аспаптарын (орындық, үстел, кровать...) ең жеңіл, ең таза алюмин (алюминий) деген металдан жасап, тəжірибе қып жатқан көрінеді. Германға еліктегендік, немесе шама келмеске құлаш ұрғандық емес, үй іші тұрмысын жеңілдетуді біз де ойлануымыз керек. Өйткені біздің үй тұрмысымыз өте нашар. Əйелдің өсімі кемдігі, өлім көптігі, дерт-дəрменнің етек алуы – бəрі де үй тұрмысының жамандығынан. Үй тұрмысы түзелмей, дертіңе ем де қонбайды. Баланың тəрбиесі оңбайды, өмірің зейнетті де болмайды. «Əйел теңдігі», 1927, № 2.
ЖҰМА КҮНДЕРІНДЕ ҚАЗАҚ ƏЙЕЛДЕРІНЕ КЕҢЕС Айдың отыз күні жеті-жетіге бөлінетіні бəрімізге ежелден мəлім. Жетінің ішінде бір күнді «мейрам» деп кұрметтеу əр халықтарда бар. Хрестьян елдері, күн батыс халықтары, соның ішінде орыс халқы жексенбі күнді мейрам қылады. Жұрт жексенбіні мейрам дейді. Мұсылман халқы жұма күнді мейрам қылады. Бұл күндерін əр ел өзінше құрметтеп, діншіл елдер сол күнді мейрам деп, дін күні қылып есептеп, сол күнге қарсы жуынып, тазарып, үй ішін тазартып, жиып, мешітшіркеулеріне барып, құдайға құлшылық етуге босатқан, арнаған күн қылды. Біздің мұсылман елдері жұма күнді мейрам қылады дедік. Бұлардың да көбі басқа елдерше «дін күні» кылып тұтынды. Бұлардың бізге жақын танысы – ноғай халқы. Ноғай халқы жұманы намазбен құрметтейді. Оның бер жағында, еркектің намазымен қатар ноғайдың үйде отырған əйелі үй ішін тазалап, жуынып, киініп, намаздан ерлерін артықша күтіп, отырған орнына, киген киімі, ішкен асына бір кіршік жуытпайды. Жетідегі бір күн мейрам əуелде дін күні болып, құдайға құлшылыққа арнаған күні болғанымен, келе-келе тұрмыс талқысы күшейіп, қалаларда тұрмыс киындап, тамақ асыруадың өзі кірпік қақтырмайтын бейнетпен табылатын болған соң, жетіде бір күн мейрамның да шын мағынасы ашыла бастады. Жетіде бір күн – алты күн бейнеттен тынығатын күн болды. Екінші – дін сылтауымен қала халықтары жетіде бір күн үй ішін бастан-аяқ тазартып алып тұруды бір бойына сіңген əдет қылып алды. Мəселен, сол ноғайларды алсақ, жұмаға қарсы тазармаған бір нəрсесі қалмайды. Енді біздің көшпелі қазақ еліне келсек, «жұма» дегенді қаладағы ноғайдан көріп білді: жұма күні дүкендер
жабық болатынын, жұма күні мешіттерде «жұма намазы» оқылатынын көріп, еліктеген болды. Елдің аса «сопылары» жұма күні үлкендерге кұран оқу, жұма күні жол шықпау, жұма күні ел көшпеу сияқты мағынасыз ырымдарын ұстап қалды. Тіршілікке пайдалы жағымен есептеспеді. Бұл сөздерден біздің мақсатымыз – жұма-жексенбілердің шын мағынасы – жетінің алты күніне бейнет, еңбектен көзін аша алмай жүрген халық жетінші күні кір-қоңын жуып, үй іші болып жиналып, өзіне-өзі келіп, демалыс жасайтын күн екенін көрсету. Біздің қазақтан басқа елдің жетіде бір күннен басқа өмірі еңбек етумен өтетінін көрсету. Қазақ еңбекке үйренбеген, істеген қызметінен бос жүргені көп ел, əсіресе үй ішіндегі əйелдердің өмірінің көбі ұйқымен өтіп, аз шаруасында береке болмай, биттеп-құрттап, аурудан шықпайды. Жұма деген қазақ əйеліне жат сөз емес, сондықтан осы жұма күні басқа елдерше бір мағыналы демалыс күні қылып, жұмаға қарсы шаруаның бəрін толық реттеп тұратын болса – жұманы біз де пайдамызға асырған болар едік демекпіз. Кеңестер Одағындағы елдер өздерінің үйренген бір күн мейрамдарын демалыс күні қылып отыр. Біздің Қазақстанның демалыс күні – жұма. Мұны біздің үкіметіміз тағайындап, бекітіп, мекемелерде, қара жұмыста, дүкендерде болатын қызметтің бəрін тоқтатып, қызмет адамдарын демалысқа босатып отыр. Қызметтегі адамдар жұманың алдында бейсенбі күні күндегісінше жарты сағат бұрын шығып, өз бастарының шаруасын басқарады. Əйелдер бейсенбі күні балашағасы, өздері жуынып, тазарып, жыртық-тесігін жамап, үйлерін, кірлерін жуып, ертеңгі жұма күнді таза демалысқа қояды. Қала халқы жұма күні клубклубтарына барып, газет-кітап оқиды. Сауық кештеріне (театрға) барады. Бас қосып кеңесетін жиылыстарына барады. Сөйтіп алты күнгі еткен еңбегінің қызығын көріп, еркін тынығады.
Қала бұлай болған соң, ел де қаланың ыңғайымен болмақ. Сауда-саттық істеуге ел адамы жұма күні қалаға бармайды. Қалада мекемеде жұмысы бар адам жəне бара алмайды, мекеме жабық. Елдің өз мекемелері де жұма күнді демалыс қылмақ. Сондықтан елдің қара шаруа кедейі де жұманы демалыс күні қылуы керек екені өзінен-өзі анықталып отыр. Жетісінде бір күнді демалыс күн деп атауды ізденіп отырғандағымыз – үй шаруасындағы біздің əйел халқы жұманың сылтауымен ең болмағанда жетіде бір күн ұйқыдан оянып, тазарып қалуды əдет қылар ма екен дегендік. Ел ішінде дерттің көптігі – қышыма, қотыр сияқтылардың елді мүлде жеңіп алуының себебі – тазалығының жоқтығынан, тазалығының жоқтығын кедейлікке жабуға болмайды. Ақша шығатын нəрсе – жалғыз-ақ сабын, сабынға көп ақша кетпейді. Мұның жаласын тек əйелдің ұқыпсыз, тəртіпсіздігі, жалқаулығына жабу керек. Осы айтылған кемшіліктерден құтылу үшін, біздің ел əйелі қала əйелінше, жұманың алдындағы бейсенбі күнді ертеден кешке дейін үйінің тазалығына жұмсауы керек. Күн сайынғы тазалық өзіне басқа, бейсенбі күні – қазаношақтан бастап, көрпе-жастыққа дейін тазартсын. 1. Ең алдымен ерте тұрып, қазанға су ысытып, бала-шағаның кір киімін, жастық тыстарын, орамалдастарқанын – бəрін жиып алып, жуу. (Кір жуу жайы «Əйел теңдігі» журналының № 6 санында жазылған. Солай жуу.) 2. Үй ішіндегі төсеніштерді – киіз, алаша, кілемді, қыс болсын, жаз болсын, далаға шығарып жайып, жел қақтырып, қағып, сілкіп, кіргізу; көрпе-жастық, құс төсек, текеметтерді де далаға жайып, қағып, сілкіп ал. 3. Нəрсе-қараң далада жаюлы тұрғанда – ағаштың басына жалбыратып жөке байлап, болмаса шөп байлап, үйдің ішкі төбесі мен қабырғасын сыпырып тазалап, есікті ашып таста, үйдің ішін жел қақсын. Сонда үй
дымқыл тартпайды, дымықпайды. Үйдің қабырғасының балшығы түсіп, пештің бұзылып күйеленген жері болса, бір шылапшынға лай жасап жіберіп, сылап қой. Бір бұзылса, бұзыла береді. Сонан соң үйіңнің іші көз аштырмайтын түтін болады. Балаларға түтін залал. 4. Үйдің асты тақтай болса, боялмаған болса, темірмен қырып отырып, жөкемен не ескі қаптың жыртығымен ысып-ысып жуып алып, құрғатып сүрт. Бояулы болса– қыр май-ақ жуып ал, тақтайсыз, жер болса – сулы сыпырғышпен сыпырып ал. 5. Далаға жайған төсек-орынды қағып, сілкіп, үйге кіргізіп, үйіңнің ішін жиып ал. 6. Үйдің ішін жиып алған соң, кірді шала кептіріп жиып қойып, аяқ-табақ жағыңа кел. Шидің ішінде ыстық су ға жуылмаған ыдыс қалмасын, ыдысты жуғанда ас астауы сияқты кең ыдысқа салып, ыстық сумен жөкелеп ысып жу. Күйе болған ыдыстарды күлмен ысып, жуып ал, жез шəйнек, самауыр сияқты нəрселерді бəрінің артынан таза күлмен ысып жарқыратып, жуып ал. 7. Жуған кіріңді өтекте, жыртығы болса, жама, түймелерін, бауларын қада. Тығыз болса, бөліп алып қойып, кешке ел орынға отырғанда жама. 8. Əдейі бір қазан су жылытып, үй ішің болып жуыныңдар, жуынғанда, таза тараған жөкемен, болмаса таза шүберекпен сабындап, денеңді ысып жу. Алдымен балаларыңды шомылдыр. Жуынғанның артынан жуылған кірсіз киім киіңдер. Жуынып, тазарудың шарты сонда ғана орындалмақ. Осы үй ішінің тазалығынан артылған уақытың болса– қора-қопсы, мал шаруаңа жұмса. Бейсенбі сайын осы айтылған жеті міндетіңді ерінбей орындап əдет қылсаң, бит, бүрге, шаң, кір деген дерттің тумаларынан анық таза боласың. Олай болса, үй ішің, шаруаңа да береке кіреді. «Əйел теңдігі», 1927, № 8-9.
МАЛДЫҢ СҮТІ Біздің қазақ сықылды мал өсірген елдің тамағының алды сол малдың сүті мен еті болады. Етті қазақ жақсы көргенімен, бəрінің бірдей етке қолы жете бермейді. Етті қазақтың байы жейді. Орта шаруа қазақ қонақ келгенде жеп қалады. Ал нашар анда-санда солардың сарқытын, сорпасын ғана көріп қалады. Сондықтан біздің қазақта жалпыға бірдей тиімді тамақ малдың сүті болып шығады. Малдың сүтін қазақ қысы-жазы тамақ қылады. Жаз бойы сүтін айран-шалап қылып ішсе, қыста ірімшік, кұрт, майын азық қылып шығады. Бір сиыры бар, бір-екі ешкісі бар қазақ кедейі сол малының сүтімен күнін көреді. Қазақтың ең нашары, кедейі бір сиыр, бір-екі ешкісіз болмайды. Қазақтың қашаннан істес болған кəсібі – мал бағу, тамағы – малдың сүті. Сонда да, сол мал бағу, мал өсіру кəсібінде де, сүтін пайдалану жөнінде де бір өзгеріс жоқ. Баяғы айран-шалап, баяғы құрттап жатқан, қылшығы тіліңе оралып жатқан құрт-майы, баяғы қыстан көтеремге айналып зорға шығатын кішкене сиыры. Өнерлі елдердің мал бағуына келсек, малды келтіретін пайдасына қарай өсіреді. Санына қарамайды, сапасына қарайды. Бір сиыр асыраса, оған шығатын расходын, келтіретін пайдасын есептеп отырып, сол сиырдан пайда шығаратын болып ұстайды. Сиырды сатып алса, сүтті болатын сиырдың сынын біліп, сол сынға келтіріп алады. Өз сиыры болса, жылдан-жылға жақсы, сүтті тұқымнан бұқа салып, тұқымын асылдандырады. Сиырдың сүтті болуына жеген тамағында да көп мағына бар. Тұрған қорасының жайлы, жарық, жылы болуы да, тазалық та – сиырдың сүтінің үлкен шарттары. Малдың сүтінің пайдалы болуы үшін, сүт майлы, қою болу керек. Қысқасы, мал сүті қандай күйінде пайдалы болады? Үй ішінде тамақтандырып отырғанда ма, жоқ майын алып, жиып, базарға сатып, басқа тамаққа, киім-
кешекке айырбастағанда ма? Сүттің, майдың өтімді, бұлды болуы неден? Сүт қандай күтім керек қылады? Міне осының бəрін ескеріп, біліп, орындап отырғанда ғана малдың сүтінен пайда шығып, еткен еңбегің жанады. Өнерлі елдің мал баққаны осылай болады. Міне, осының бəрін біліп, есепке алып, жай шаруа тəжірибесі мен ғылым тілін қоса ескеріп, орындаумен өнерлі елдер малдың сүтінің бір тамшысын пайдасыз қалдырмай, үнем қылып отыр. Малдың сүтінің қасиеті мол екенін біздің қазақ көңілімен сезеді. Сүттің төгілгенін аяққа басқызбайды. Обал болады деп, жерге тамған тамшысын алып, əйелдер маңдайына, бетіне тигізіп, шоқынып жатуы ақты артық қасиеттегенінің белгісі ғой. Бұл қасиеттеуі «обалынан» қорыққан, мағынасыз қасиеттеу болады. Сондықтан шаруасын есепке сүйеп жүргізген елдер сүттің бір тамшысын жерге түсірмеу керек. Ақтың жерге төгіліп, ысырап болған тамшысынан, шаруасына қарай пəлен тиын я пəлен теңге шығын, зиян көреміз деп қасиеттейді. Шаруаны өркендетіп, малдың сүтінен пайда шығару осы сияқты есеппен, қасиеттеумен табылады. Қазақтың кедейі мен орташаларының негізі мал бағуға тіреліп, тағамының алды малдың сүті болған соң, бұлар да жоғарыда айтылған өнерлі елдердің мал бағысына, малдың сүтін пайдалану тəртіптеріне құлақ салып, мал шаруасын өнімді, пайдалы қылып, көркейту жағын талап ететін кезі жетті. Əсіресе, біздің елде малдың сүтіне араласатын – əйел дер. Солар сүтті үнемдеу, пайда шығару жөніндегі білімге артықша құлақтарын салуы керек қой деп, «Əйел теңдігі» журналына осыдан былай ғылым тіліне сүйеніп, «малдың сүті» деген сөз жазып тұрмақпыз. Сүт не нəрсе, қайдан шығады? Əрбір сүтпен асыралатын жанның дүниеге келтірген баласы басқа тамаққа қарайтын болып, денесі бекігенше,
баласын өз сүтімен асырап шығады. Сүттің асыл мəнінің өзі – осы. Сондықтан жəндіктердің көбі баласы басқа тамаққа қараған соң-ақ суалып кетеді. Баласын айырса да суалмай, созымға келетін – адам қолына үйренген кейбір мал баласы. Мəселен, сиыр, ешкі малының осындай созымдылығын пайдаланып, сиыр, ешкі сүтін адам өз керегіне жұмсайтын болған. Қалалы жерде емшексіз қалған жас баланы сиыр я ешкі сүтімен асырайды. Сиыр сүтінен, ешкі сүтінен, қой сүтінен май-құрт, ірімшік алып, тамақ қылады. Базарға салып, пайдасын шығарады. Адам пайдасына жарап, ең көп тұтылатын сүт – сиыр сүті болғандықтан, ілгеріде сөйленетін сөздің бəрі сиыр сүтінен алыс кетпейді. Сондықтан мысал үшін сиыр сүті алынып отыр. Сүттің желіннен келетінін жұрттың бəрі біледі. Бірақ көпшілік желіннің тек сырт пішінін ғана біледі. Сиырдың төрт емшегі болады. Сонан сауғанда сүт шығатынын біледі. Желіннің ішкі құрылысына қарасақ, сүттің желінге қайдан келіп, пайда болатынын тексере бастасақ, ол бір тамаша жасалған машина. Оны білмей, құр малдың емшегін тарта беру – соқырлық, обалдың үлкені –сол. Сүттің сүт болатын орны желіннің ішінде, жай көзге білінбейтін кішкене, іші қуыс, толып жатқан бүршіктер болады. Бұл бүршіктердің сыртында толып жатқан қан тамырлары қоршап тұрады. Бүршіктерді бірінебірін байланыстырып тұратын – жіңішке-жіңішке сүт жүретін өзектер. Мұның бəрі қосылып, үлкенірек өзекке байланысып, бірден-бірге сүт келіп, емшектің ұшына баратын бір үлкен өзекке құяды. Осының бəрінің біріккен машинасын ғылым сүт безі дейді. Сиырдың желіні іштен ұзынынан екі бөлінген, көлденең жəне екі бөлінеді. Сөйтіп, төрт бөлектің төрт емшек ұштары болып шығады. Желінді төртке бөлгендегі арадан жүретін перде жəне желінге бітетін май нəзік-нəзік тамырларды
сырт тан қатты соққылардан қорғап тұрады, сырттан жəне тері қорғайды. Ең баста сүт сүт болып жоғарыда айтылған кішкене бүршіктердің ішінде жасалады. Бүршіктердің сыртын қоршаған тамырлармен өне-бойы сиырдың ішкен тамағынан ас болып, бойына тараған қан келіп тұрады. Сүттің сүт болуына керек заттар сол қаннан келіп, бүршіктің ішкі түйірлерімен қосылып болады. Сүт ең əуелі бүршіктерге жиылып, олар толып болған соң, жаңа жасалатын сүт айдап отырып өзек-өзекке жаяды. Онан келіп өзектердің кең қалтасына құйып, желінге сүт əбден толып, желін ісініп, қатаяды. Желінді кейіннен келе жатқан сүт кернейді. Жақсы сиырдың желінінде сүт келетін бос орын, бүршіктер көп болады да, сауылғаннан кейін желіні шүберектей болып, босап қалады. Еті үшін асыралған сиырдың желінінің көбі май болып, сауып алғанша босамай, беріштеніп тұрады. Мұндай желіннен, əрине, сүт те аз шығады. Сиырдың сүтті болуы – желіннің бүршігі көптігінен. Бүршіктің көп болуы көбінде сиырдың бұзау күнінде күтімінің дұрыстығынан болады. Берген тамағына қарай шыққан сүтін есепке алып, байқап отырып, тамағын ақтамайтын сиырды етке деп семіртіп жіберуге болады. Ондай сиыр асырағанмен, сүт мөлшерін өзгертпейді. Сиырдың сүтті болуы тұқымынан да болады, тұқы мының қасиетін ата жағынан да, ана жағынан да қа рау дұрыс. Сөйтіп ата, енесі сүтті тұқымнан болған бұзау лар ды іріктеп алып баққанда, көбінде нəсілі сүтті болып өседі. Соңғы кездерде сиыр тұқымын түзеуге жұмсалып жүрген симентал тұқымы. Бұл біздің қазақ жеріне кіріге бастады. Мұның шыққан жері – Швейцария деген өсімдігі асыл, атақты, таулы жер. Бұл сиырлардың түсі көбіне қызыл ала, сары ала болады. Бұлардан қазақ сиырына бұқа салған дұрыс. Сонда жыл сайын салып отырса, симентал тұқымының сүттілік қа сиеті қонбай қалмайды. Қазақ сиырының тұқымы асыл - данады. Бұл тəжірибе қазақ ішінде де сыналып келеді.
Сиыр сүтінің қоюлығы, майлылығын зерттеген оқымыстылар сүттің қою, майлы болуы сүттің көп, аздығына қарамайды. Сиырдың өз басының қасиеті, болмаса тұқымына тартады дейді. Сиырды баққанда сүттің əрі көп болып, əрі майлы, қою болатын жағын көздеп бағу керек. Күтумен, тəрбиемен сиырды адам қолға бағындырып, бұзауын асыраудан анағұрлым асырып, өз пайдасына жұмсап отыр. Адам пайдасы сиыр неғұрлым ұзақ сауылса табылады. Мұны адам бір жағы асыл тұқымға айқастырумен болса, бір жағын дұрыс күтумен, тəртіппен сауумен тауып отыр. Тұңғыш бұзаулаған сиырдың сүті толық болмайды. Емшегі саууға дағдыланбаған болады. Келе-келе, бұзаулаған сайын арттырады. Сөйтіп, 6-7 бұзаулағанда барып кемеліне келіп, толық сүтті сиыр болады. Содан былай қарай тағы кеміте бастайды, бірақ жақсы күтім көрген сиыр көпке дейін сүтін кемітпейді. Дұрыс сауылып отырған сиыр 10 ай сауылады. Бұзаулар алдында екі ай бұрын суалады. Тұңғыш бұзаулаған сиыр ертерек суалады. Суалу алдында бір-екі ай бұрын сиыр сүтін кеміте бастайды. Ерте суалу, кеш суалуы сиырдың бəрінде бірдей бола бермейді. Тоқтатпай сауа бергенде кей сиырлар бұзаулағанша суалмайды, бірақ бұған қызығу дұрыс емес. Мұндай сиырды бұзауларынан екі ай бұрын əдейі суалтқан дұрыс. Сиырдың желінінің атқаратын қызметі көп, əсіресе жаңа бұзаулаған кездерінде, сүтінің ең көп кезі сол ғой. Сондықтан келесі бұзаулағанынша сиырдың желіні сол қызметінен тынығуы керек. Тынықса, сүтін ерте кемітпейді. Мезгілімен суалтпаған сиырдың баласы да нəзік туып, өсіруге келмейді, бірақ мұндай, өзі суалмайтын, сүтті сиыр тіпті сирек кездеседі. Бұзаулағаннан кейін кешікпей қашқан сиыр ерте суалады. Ерте, кеш суалуы сиырдың тұқымынан да болады. Жəне қыстыгүні суықта сақылдап, тамағы нашар болып, кү-
ті мсіз болған сиыр ерте суалмақ. Ең ерте суалатын сиыр– біздің қазақ сиыры. Қазақ сиыры 3-4 ай сүтсіз жүре ді. Жоғарыда айтылғандарды еске алсақ, мұның себебі анық. Сиырдың ең сүтті болатын кезі – бұзаулағаннан кейінгі екі ай. Онан кейінгі үш айда сүттің жартысына таяуын кемітеді. Соңғы 3-4 айда үш есе, төрт есе кемітеді. Сөйтіп, өне бойы кемітуде болады. Бірақ тамағын өзгертіп, я күтімін жақсартып, көбейтсе, сиыр да сүтін арттырады. Жəне қыс бұзаулаған сиыр далада жайылып, жазғытұры көк жеген кезде сүтін арттырады. Сиырдың кенет сүтін кемітуі тамағының нашарлығынан, я қатты аяз, суықтарда болады. Кейде желініне дерт жабыс қаннан жəне қашқан уақытта кемітеді. Жыл бойы дұрыс сиырлардың ең нашары 60-70 пұт сүт береді. Жақсысы 100-120-130 пұт береді. Ең жақсы сы 150-250-300 пұтқа дейін береді. Сиыр сүтінің қою-сұйықтығына келсек, бұл да көбінде тұқымына қарай болады. Сүтті тұқымның сүті қою болмайды. Сондықтан сүтінің көптігіне қызықпай, май көп түссін деген шаруа сүті аз да болса, маңызды, майлы болатын тұқымды асылдандырып, сол тұқымды іріктеп алып отыру керек. Бұл жөнінде тағы жазылады. «Əйел теңдігі», 1928, № 4. Сүттің тегі Малдың сүтімен толық сырлас болу үшін, сүттің тегін білмей болмайды. Сондықтан сүттің асыл негізін құрайтын заттарды айырып білу керек. Сүт тегіне ең көп кіретін зат – су. Мысалы, 100 қадақ сүттің 87 қадағы су болады. Жүздің 13 қадағы басқа қою маңызды заттардан құралады. Қаймағын алған сүттің жүзден 90 қадағы су болады, маңызды 10-ақ қадақ болады. Қаймағының да 100 қадағының 80 қадағы – су. Сүт тегіне кіретін маңызды қою заттар мынадай болады: 100 қадақ сүттің 87 қадағы – су, 3,5 қадағы – май,
3,25 қадағы – уыз, 3,5 қадағы – ірімшік, 4,5 қадағы – сүт қанты, 0,75 қадағы күл болады. Сүтке кіретін ең көп су болып шықты. Сүттің маңызына судың пайдасы жоқтың қасы. Сүтті қайнатқанда, суы бу болып шығып, суалып, азаяды. Қайната берсе, суы мүлде жоғалып, суалып, ыдыстың түбінде ең нəрі, маңызды шырын болып қалады. Оны кептіріп алып, сақтауға болады. Сонда құрғақ сүт болып шығады. Сүт ішіндегі суды қаншама құнсыз дегенімізбен, сол құрғақ сүтке мөлшерлі су қоссақ, сауып алған сүттей болып шықпайды. Су қосқан сүттен қаймағын алған сұйық сүттің көш ілгері екені бəрімізге мəлім. Сондықтан жаратылысындағы суын мүлде құнсыз қылып тастауға болмайды. Сүтке сыртынан су қосуға болмайды. Май жай сүттен гөрі қаймақтан оңайырақ алынады. Сүттің бағалырақ болуы суы кем болып, қою, маңызды болса. Сүттің суын шығарғанда, қою заттарының ең бұлдысы– сүт ішіндегі май. 100 қадақ қаймағын алған сүтте 3-4 қадақ май болады. 100 қадақ қаймақтың майы 20 қадақ болады. Ал қаймағын алған сүттің қадағында 1/8 (əшмүшке) қадақ қана май болады. Сепаратордан (сүт машинадан) шыққан сүтте ол да болмайды. Сүттің майы шайқағанда бөлініп шығады, сүттің ішінде бүршікбүршік болып жүреді. Сүт ішіндегі бүршіктенген май микроскоп (үлкейтетін) шынымен ғана көрінеді. Қаймағы алынған сүттің бір тамшысы Қаймағы алынбаған сүттің бір тамшысы Май шайқағанда кішкене бүршік майлар бірігіп, үлкейе келе, үлкен кесек май болып шығады. Көп тұрған сүттің бетіне қаймақ болып жиылатын сүттің ішіндегі бүршік-бүршік майлар басқа заттан жеңіл болған соң, жоғары шығып жиылады. Сүтті толық қаймақшыту үшін, бір сөтке қозғамай қою керек. Сонда да қаймаққа сүттің бар майы жиылмайды, ұсақ-ұсақ бүршіктенген майлар сүттің өзінде қала береді. Сүттің бұлды болуы
майлы, қою болуынан екені белгілі. Сиырдың да жақсыжаманы сүтінің қою, сұйықтығына қарай айырылады, майлылығына қарайды. Сүттің қоюындағы басқа заттардай емес, майы өне бойы өзгеріп, бірде көбейіп, бірде азайып тұрады. Мұндай өзгеруіне себеп болатын нəрсе: ішкен тамақтан, сиырдың өзінің тұқымының асылынан. Бұзаулаған кезінің мөлшері де себеп. Сүттегі май аса қадірлі нəрсе, майын алып, бөлек сатса да, қаймағын алмаған сүт күйінде сатса да, сүтті артық бұлдандырады. Май адамның тамағының ең қадірлісінің бірі екені анық. Сүт тегінде енді бір бұлды зат – сүттің ұлпасы, ақ бүршігі, ғылым тілінде «казеин» дегені. Адам тамағының ішінде казеин де артық қадірлі орын алады. Бұл да сүттің бір қымбат заты. Қысқа азық қылып жиып қоятын ірімшік-құртымыз, айран-шалап, қатығымыз кент жұртының сыр (ірімшік) дейтін, кісінің басындай ірімшігі. Осының бəрі сүттегі казеиннен жасалады. Сүтте казеин болмаса, бұлардың бірі де жоқ. Сүттегі ұйитын ұлпа – осы казеин. Жұмсақ ұйыған, майлы қатықты дəрігерлер артық қадірлі, сіңімді тамақ дейді. Əсіресе асқазаны бұзылған адамдарға қатықты мың да бір ем дейді. Жай сүт күйінде казеин жарылып, білінбей жүреді. Бөлектеніп айырылатын сүтті мəйекпен іріткенде, не ашытып ұйытқанда, ұсақ ұлпалар бірігіп, ұйыған сайын көбейіп, бəрі қосылып, бар сүт ұйыған үлкен ұлпа болып, қатық болады. Сүттің, əсіресе суық кезінде, қоюланып, созылыңкырап тұратыны осы казеиннің барлығынан. 100 қадақ сүтте 3 жарым қадақ казеин болады. Сүттегі енді бір молырақ зат – сүттің қанты. 100 қадақ сүтте 4,5 қадақ сүт қанты болады. Таза сүтті тəттілендіріп тұратын осы қантының барлығы. Жылы жерде көбірек тұрған сүт ашығанда, осы қанты ашып, айнып кетеді. Сондықтан сүтті салқын жерде сақтаған дұрыс. Жəне ыдысы тым таза болғаны дұрыс.
Жай сүтте қант еріген қалыпта, білінбей жүреді. Бірақ сүт қантын сары судан айырып алуға болады. Ірімшіктің сары суын суалтып, қант қылып алу қазақ арасында бар. Бұл тəжірибе ғой. Заводтарда қантты ақ күйінде айырып алады. Сүт қантты докторлар, дəріге де қосады. Сүт тегіндегі басқа айтылған заттар уыз – ғылым тілінде альбумин жəне күл тым аз болады. 100 қадақ сүтте 0,75 қадақ альбумин жəне 0,75 қадақ күл болады. Бұл екеуі де ас болу жағынан аса пайдалы заттар, əсіресе жас төлдің өсіп, бекуіне тым пайдалы. Альбумин дейтініміз– қабыршық қаймақ болып ыстық сүттін бетіне тұратын зат, күл дегеніміз – құрғақ сүтті жандырса түсетін күл. Сүттің тегіне осы айтылған заттар кіргендіктен, жас төлдің сүйегі бекіп, өсіп, ет бітіп, семіріп мал болуына сүттің пайдасы сансыз. Сүт өзі, асылында, осындай үлкен жұмысқа лайықталып жаралған зат. Күллі сүт еметін жəндіктің бəрі, оның ішінде адам баласы да сүтпен асыралып барып, өсіп-өнеді. «Əйел теңдігі», 1928, № 9. Сүтті күту, сақтау туралы Малдың сүтін пайдаға асыру жайлы айтпас бұрын, сүтті сауып алғаннан кейін күту, сақтау жөнінен бір-екі ауыз сөз айтып өтпей болмайды. Сүтті күту, таза сақтау жөнінде ең алдымен қарастыратын нəрсе – тазалық. Біздің қазақ əйелінің алған сүті, қаймағы осы тазалық жағынан еріксіз көп айтып, көп тоқтайтын мəселе болып шығады. Қазақ əйелінің мал сауғандағы ыдысының, өз басының тазалығы туралы ілгеріде айтқанбыз. Қаспақ-қаспақ, өңезденген ағаш шелектен сақтану керек екені айтылған. Əйелдің үсті-басы, қолы, сиырдың емшегі жуулы, таза
болуы керек екені айтылған. Ендігі айтатынымыз – сүт сақтайтын ыдыстың жайы мен сүт сүзу жолы. Сүтті сауа сала сүзу керек. Сүзу тазалық үшін істелінеді. Біздің қазақ əйелдері де сауып алған сүтін сүзеді. Бірақ бұлардың сүзуі шын тазарту емес, сүзуінің «ырымы» болып қана шығады. Бұлардың сүзгенінде тек қыл-қыбыр, малдың құмалағы сияқты қолмен ұстағандай кесек нəрселерден ғана тазарады. Көп мал сауылғанда тазалық шарттарын қанша қарастырғанмен де сүт кір, ластан көзге білінбейтін «бактериядан» (дерт құрттарынан) аман болып шықпайды. Сүтті қазақ əйелінің қолдан істеген сүзгісімен тазартуға болмайды. Қыл сүзгінің өзінің кір, ласы көп болады. Ол еш уақытта тап-таза жуылып, кептірілмейді. Баяғы өңез, қатқан қаспақтан сау жері болмайды. Кірді өзі жамамаса, тазарта алмайды. Əсіресе біздің қазақ əйелінің сауған сүтін тазартуға сүзекі керек. Үлгілі, тəжірибелі шаруаларда сүт сүзекісі ақ қалайылаған темірден болады. Оның алмалы-салмалы, мыстан тоқыған екі сүзекісі болады. Екі сүзекінің арасына сүт сүзерде жұқалап таза мақта салынады. Сүзекінің өзі де таза, жақсы, оның үстіне аптектің таза ақ мақтасы салынған соң, сүттің тазармасқа амалы қалмайды. Көзге білінбейтін кірлеріне дейін мақтада қалып, армансыз тазарады. Мақтаның бір жақсы жері, сүзген сайын ұсталғанын тастап, жаңадан салып отыруға болады. Бұған тіпті аз нəрсе керек. Селдір шүберектің жарамсыздығы – тазарып, жуылып тұрмайды. Əйткенмен, таза мақтаны табу ел ішінде қиын болған жерде баяғы қылдан тоқыған сүзекіден құтыла алмаймыз, бірақ сол сүзекіні тазалап жүріп, сілкіп, кептіре білу керек. Сақар салған ыстық сумен жуып тұру тиіс. Жəне үстіне бөлек селдір ақ шүберек салып сүзу керек. Бөлек ақ шүберекті сүзген сайын, жоғарыда айтылғандай жуып тұру тиіс. Қазақ əйелдері сиыр сауғанда тазалықты қатты қарастырса, сүті таза болып, сүтті екінші ыдысқа
қотарғанда сүтпен қатар жол-жол кірлері сорғаламаса, сүті жұрт қатарлы бұлын жоймас еді. Бұл айтылғандарды қазақ əйелдері ерінбей істеуі керек. Мұның қиындығы жоқ. Сүт сүзілгеннен кейін де таза тұрған шүберектерге (май машина) қойылады, не пісіріледі, не, базарға салынатын болса, арналған ыдысына қотарылады. Сепаратор жайы кейін айтылады. Сүтті пісіргенде қазан таза болуы керек. Сүтті анық қайнатып, тоқтау керек. Онан кейін салқындатып, бетін бір сүзекі жеңіл нəрсемен жауып қойған дұрыс. Сүттің қаймақшуына оның түк зияны тимейді. Ашық тұрғанда сүттің бетіне түспейтін нəрсе жоқ. Қыл-қыбыр, шаң, бактерияның неше түрі осы сүттің қаймағында болып, сауғандағы, сүзгендегі қолданылған тазалық шарттарының түк мағына, түк қасиеті қалмайды. Алған қаймақты қаймақ күйінде тазартуға тиісті болмайды. Енді базарға салатын сүтке келсек, ол сүт шикі күйінде барғаны дұрыс. Шикі сүттің ішіндегі ас болатын заттары өзгермеген соң қымбаттығы артық болады деп, халық шикі сүтті алғанын тəуір көреді. Бірақ шикі сүтті сақтай білу керек. Жаңа сауған сүтті сүзгенде сақтайтын ыдысының өзіне сүзу керек. Ол ыдыс ағаш болмай, басқа болмай, ішін қалайылаған темір ыдыс болуы керек. Сондықтан ыдыс таза жуылған болса, сүтті салқындатып, ірітпейшірітпей сақтауға болады. Сүт сақтауға лайықтап істеген, қақпақты, «бидон» дейтін шелек ыдыстар болады, ең дұрысы – сол. Сүтті базарға шығарғанда сүттің өзі ылғалсыз, таза болып, ыдысының іші-сырты бірдей кіршіксіз болып тұрса, сүт иесінің үсті-басы таза, қолында ақ кенеп орамалы болып, титтей тамған сүтті сүртіп алып, өлшеуіш ыдыстары шəйнектегі сумен жуылып, сүртіліп отырса – сүттің бағасы артып, алушы да көбейер еді. Жақсы тəртіпке қойылған ішкі Ресейдегі шаруаларда сауылған сүттің пайда-зиянын біліп отыру үшін, сүттің
аз-көптігін есепке алып отыру əдеті бар. Белгілі бір мөлшерлі шелек яки басқа ыдыспен сауылған сүтті күн сайын өлшеп тұрады. Сиырдың сүтейген, суалғанын біліп отырып, мезгілімен себебін іздеп, шара қолданады. Сүттің есебін алып отыратын басқа түрлі, тəртіпті, үлкен колхоз, совхоз дейтін шаруаларда тұтынылады. Сауылған сүтті тез суытып алса, шыдамды болмақ. Қара шаруа орыс əйелдерін алсақ, олар сүтті мұз салған баздарында суытып, сонда сақтайды. Бір шаруалардың сүт суытып сақтайтын əр түрлі сауыттары болады. Мəселен, мұз салған суға сауытымен салып қойып сақтайды. Одан басқа, сондайға арнап жасаған саймандары болады. Біздің ел ішінде баз болмайды, сүтті пісіріп сақтау жөнін айттық. Шикілей сүтті бұлақтың суына қойып сақтауға да болады. Сүтті ашытпай сақтауға ең керек шарт – тазалық. Жəне салқын, ауасы таза орын. «Əйел теңдігі», 1928, №10. Қаймақ алудың ең дұрыс жолы Ел сүтін пайдаға асырмақ болғанда ең əуелі дəмді, таза қылып, сүттің қаймағын алмақпыз. Бұл жөнінде ел ішінде атам заманнан қолданылып келе жатқан əдет – сүтті пісіріп, қаймақшытып қойып, күнбе-күн қаймағын жиып алып, айында бір яки екі рет май шайқау. Сақтайтын суық базы жоқ, таза орны жоқ, қыл-қыбырдың ішінде көшіп жүріп, бұл қалыппен жиған қаймақтың жайы белгілі. Сасып-бықсып, құрттап кететінін өз көзімізбен талай рет көргенбіз. Орыс ауылында крестьян əйелдерінің қаймақ жиысына келсек, горшокгоршок сүтті түн асырып салқын жерге қойып, шикі қаймақ жияды. Бұл айтылғандардың бəрін салыстырып келгенде, машинамен алғанға жетпейді. Əсіресе, бірнеше шаруалардың бірлесіп жүргізген осы күнгі біріккен шаруа дегендерімізде болмаса, сүті мол шаруаларда қаймақ алу жөнінде сепаратордан (сүт машинадан) басқа
жол жоқ. Жоғарыда айтылған ел əйелі мен крестьян əйелінің жиған қаймағынан пайда шықпайды. Сүттің асылы ысырап болып, іріп-шіріп, залал келтіреді. Сепаратормен қаймақ қалай бөлініп шығады? Мұның мəні былай: жеңіл зат ауырмен қатар ұшырғанда қазығына жақын түсетіні – табиғат заңы. Мəселен, тас пен ағаш жаңқасын лақтырғанда жаңқа өзіңе жақын түседі. Осыдан шығарып, сепаратор да жасалған. Бір кесе қаймақ пен бір кесе қаймағын алған сүтті безбенге қатар салып өлшесе, сүт қаймақтан ауыр болып шығады. Қаймақ жай тұрып жиылғанда сүттің бетіне жиылатындағы осы жеңілдігіне дəлел ғой. Əншейінде қаймақ сүтпен бірігіп көрінбей жүріп, қатты шайқалғанда бөлінетіні анық. Сондықтан сепаратордың ортадағы сауытына құйып, қатты айналдырып жүргізгенде, сүттің қаймағы бөлініп, ортадан шығарған шүмектен ағып, сүті сыртқары жүргізген шүмектен ағып шығады. Машинаның қаймақты таза бөліп шығаратынының сыры осы. Қаймақ алуға сепаратордың басқа жолдардан артық екенін, сепаратормен істес болған шаруалар өздері де көріп отыр. Ең үлкен қасиеті – жылдамдығы, сағатына 2-3 шелек сүт өткізетіні де бар. Сағатына 50 шелек өткізетіні де болады. Сауа сала, жылылай құйылып, сол арада қаймағы бөлініп шығады. Екінші, қаймақ тазарып шығады. Сүті ашымай, сасымай, сауған күйінде шығады. Тек майсыз болады. Көже, айран, құрт сияқты тамақтың бəріне жарайды. Енесінен айырған жас төлге тым жақсы тамақ. Сепаратордан шыққан қаймақтың майы əрі таза, əрі дəмді болады. Сақтауы келіссе, ең бұлды – май. Жəне майдың өнімділігі жай жиған қаймақтың майынан екі есе артық екені жұртқа мəлім. Сепаратордың майымен шаруалар аз уақытта машинаның бəсін шығарып алады.
Сепаратор үй ішінде көп орын алмайды. Бір əдейі арналған орынға бекітіп, орнатып қойса, тұра береді. Сепаратордың ортасында «барабан» деген бір бөлімі болады. Сол барабан машинаның дөңгелектерінің қозғалуымен қатты дөңгелеп жүгіріп отырады. Минутында 6-7 мың айналады. Қаймақты сүттен лезде айырып шығаратын осы барабанның шамасыз тез жүргізуі. Ішінде барабанның нығыздап түйістірген бірнеше табақшалары болады. Машинаның осы кездегі ең жақсысы осындай табақшалы «альпалабал» дегені. Альпалабалдың соңғы кезде шыққан сепараторының тұтқасын қанша айналдыру керек екенін көрсетіп отыратын санғысы болады. Жəне айналдырудың жылдамдығын білдіретін қоңырауы болады. Қоңыраудың сылдырының тоқтауы – тұтқасын қанша айналдырудың белгісі. Онан жай айналдырғанда қаймақ толық ілінбей қалады. Сепаратордың тұтқасын игеру қиын емес. Əркімніңақ қолынан келеді. Тек тазалық, сақтық керек. Дұрыс ұстаған сепаратор 10 жылдан əріге жетеді. Жаңа алынған сепараторды түгелімен ыстық сумен жуып алған дұрыс. Машина құралдары вазелинмен майлаулы болады. Сол майын кетіру керек. Шойын нəрселерін керосинмен жуып алып, артынан сепаратор майымен майлаған дұрыс, басқа май жұмсау жарамайды. Сепаратордың дұрыс жүруінің бір шарты – мықты, орнықты қылып орнату. Сепараторды шегелеп тастайтын өзінің белгілі орны болуы керек. Ұстағаннан кейін, сепаратордың темір нəрселерінің бəрін ыстық сумен, сода (сақар) қосып, жуып, құрғатып, сүртіп, кебетін жылы жерге қойған дұрыс, сонда таттанбайды. Сепаратордың құруы оңай, сатқанда беретін кітабы болады. Сонда бəрі жазулы, тек бірін қалдырмай орындау керек. Онан соң сепаратормен қаймақ алғанда мынадай тəртіптерді қолдану керек:
1.Сүтті сауған бетінде жылылай құйған дұрыс. Суып қалған болса, жылыту керек. Сауғандағы жылылығындай болсын. Кітапша айтқанда, сельс градусының градусынан төмен болмасын. 2. Сепаратордың тұтқасын минутына 60 айналымға келтірмей, шүмегін ашып, сүт құю жарамайды. 3. Машинаның тұтқасы өне бойы бір қалыпта, 60 айналымнан аспай, кемімей отырғаны дұрыс. 4. Сүт жүргізіліп болуға таянғанда, машинаға қаймағы алынған сүттен бір-екі кесе құйып жіберсе, қалған қаймақ сарқылып шығып, таза, қаймақсыз сүт шығады. Сонда айналдыруды тоқтатуға болады. Осы айтылған тəртіптер орындалып отырса, сепаратор сүтте қаймақ қалдырмай алады деуге болады. Аз ғана шағын шаруаға «альпалабал» сепараторының бағасы қымбаттау, алуға кез келген шаруаның шамасы келе бермейді. Сондықтан бірнеше үй бірігіп, пайда-зиянына бірдей ортақтасатын болып бірлескен шаруа жасау тиімді. Артель болып, ортадан сепаратор алып пайдалану ұсақ шаруаға аса тиімді.Сүт артелі, бірлескен шаруа туралы ілгеріде толық жазылады. Тағы бір ескерту– сепараторды алғанда, ілгеріде бұзыла қалғанда алып сала қоятын бөлек сай-мандары болуын қарастыру керек. Машинаның көбі сырт мемлекеттерден келеді. Сондықтан бөлек саймандары Ресейде болмай қалуы мүмкін. Осыны ескеру керек. Қаймақ алу мəселесін аяқтарда қысқаша тазалық жайын тағы бір айтып кетпей болмайды. Сепараторға құятын сүт сүзіліп, таза ыдыста болуы керек дедік. Бұдан шыққан қаймақ жəне қаймағы алынған сүт ағып тұратын ыдыс ұсталғаннан кейін сода салған суға жуылып, сүртіліп, кебетін, құрғақ жерге қойылуы қажет. «Əйел теңдігі», 1929, № 6-8. Май алу жайы Май қаймақтан шайқалады. Ашыған қаймақтан да шайқалады. Жаңа қаймақтан да шайқалады.
Ел ішінде көпшілігі піскен сүттің бетіндегі қаймағын алып, 5-10 күн жиып қойып, ашыған кезде шайқап, май қылады. Мұндай май жақсы май болып шыға алмайды. Себебі қаймақты сақтайтын суық жері болмаған соң, қаймақ қатты ашып, ашымақ түгіл, быжып кетеді. Ол майдың дəмін бұзады, екінші – қаймақ тым көп тұрып, таза сақталмай, құрттап кетеді. Көзге білінбейтін түрлі бактерия түгіл, жыбырлап жүрген ірі құрттарын да көзімізбен көреміз. Үшінші – қабыршықтанған піскен сүттің қаймағы сүттің толық қаймағы болмайды. Сондықтан май аз шығады. Сонымен, елдегі əйелдердің қазақша алған майы көбінде пайдасыз, бекер бейнет деуге толық сияды. Ең дұрысы – май шығатын қаймақ, сепаратормен алған қаймақ деп жоғарыда айттық. Енді сепаратормен ал ған қаймақты жақсы май қылып шығару жайына келейік. Майды қалай шайқау дұрыс? Майдың таза, дəмді болуына жəне тез шайқалып шығуына май машина ал май болмайды. Қазақ əйелінің қолмен шайқауы сынға сыймайтын əурешілік, уақыт, қанша күш алады. Тазалық жағы тіпті айтуға келмейді. Бүйтіп май алудың пайдасынан залалы артық. Сондықтан мұнан безу керек. Орыс деревнясында шикі қаймақты бутылкаға құйып, сүтімен шайқайтын бір əдет бар, ол да көп уақыт алатын жəне бірер сиырдың сүтіне тұтынатын, өнімсіз əдет. Онан басқа бір түрі – ағаш кеспектің (жарты бөшке) қақпағын тесіп, ортасынан піспек сықылды басына дөңгелек орнатқан ағашты салып, сүтімен пісіп шайқайды. Ол тесік-тесік болады. Бұл да көп уақыт алатын өнімсіз нəрсе. Бірақ бірер сиырдың сүтіне тұтынуға жарайды. Қолмен шайқағаннан көп артық. Майдан пайда шығарамын деген шаруаға ең қолайлысы – май машина. Май машинасының да əр түрлісі болады. Осы кездегі шығып жүрген машиналардың шаруаға ең қолайлысы – «Альпа» машинасы. Маслобойка
«Альпа» жəне кішкене шыны машина «альпа» машинасы. Темірден жасалған кең шара секілді, тұтқамен дөңгеленіп отыратын сауыт болады. Ортасынан өткен қозғалмайтын темір кіндігі болады. Кіндік иректелген тіс-тіс болады. Машина қатты айналғанда қаймақ əрі сауыттың айнала қабырғасына соғады, əрі ортасындағы тапжылмайтын тіс-тіс кіндікке соғады. Машинаның май шайқағанда жауып қоятын қақпағы болады. Сонымен 30-40 минут ішінде қаймақ май болып шығады. Машинадан шыққан май əрі таза, əрі жылдам, əрі өнімді болады. Май машина сатылғанда бірге беретін кітапшасы болады. Сонда ұстау мəнісі түгел айтылған. Бұл машинаның үлкені де, кішісі де болады. Бəсі үлкен-кішісіне қарай. Жарым қадақ майға лайықталған шыны машина болады. Машинамен май шайқағанда есте болаты тəртіптер 1. Əуел алғанда ағаш машина болса, сода салған ыстық сумен əбден жуып алып, артынан бір рет ыстық сумен, екінші суық сумен шайып, бір-екі күндей суға салып қою керек. Ол сонда тазарады. Темір машинаны тұтынған сайын сода салған ыстық сумен жуып, артынан суық сумен шайқап алу керек. 2. Машинаға қаймақ құйғанда кітапшасындағы тəр тіппен толтыру керек. Машинаның үштен бірін яки екі-сін толтыру дұрыс. Онан артық құйылмасын. 3. Майды шайқағанда машина тұтқасын бір минутта 60-70-тен артық бұрамай, бір қалыппен жүргізу дұрыс. 4. Майды шайқап тұрып, анда-санда жылылығын термо мертмен өлшеп тұру керек. Жаз күні жылылығы 89 градус, қыс күні 10-12-ден артылмасын. 5. Қаймақ түйіршіктеніп, май болуға бет алған кезде, машинаны жайырақ айналдырып, қаймақ ішіне суыту үшін бірнеше кесе мұздай су құйған жақсы. Болмаса бірнеше бөлек таза мұз тастаған дұрыс. 6. Май тарыдай-тарыдай болып түйірлегенде, маши-
наны тоқтату керек. Сонан сон ептеп сүтін төгіп, майды қалақпен күн бұрын даяр тұрған үстел, тақтай болмаса жайпақ табаққа салып алу керек. Майды тұздап, дұрыстау Майды машинадан шығысымен суынан тазартып шығып, тұздау керек болады. Сөйтіп сақтайтын ыдысына салу керек. Жоғарыда айтылған тəртіптермен машинамен алынған майды жуудың, «қылшықтаудың» да қажеті жоқ оның бəрінен де өзі таза шығады. Суын сарқу жайына келсеңіз, оны да біздің қазақ əйелінше, қолмен сығу дұрыс емес. Қолда тазалық болмайды. Жəне қол жылы болып тиіп, май еріп, жұға береді, қысқасы, былапыт болады. Малдың суын сарқып, тұздап шығаруға арналып жасалған май шығарғыш үстел болады. Мұның да əр түрі болады. Үстелдің тақтайының үстіндегі майды үстінен жаншып, сығып шығаратын иректелген ағаш болады. Бұл тұтқасын айналдырумен жүреді. Бұл да май салар алдында ыстық сумен жуылып, артынан суық сумен шайқалуы керек. Дұрысында, қыл щөткемен жуылуы керек. Даяр майды сақтау жайына келсек, үй керегіне жұмсалатын майды төрт бұрышты, яки дөңгелек қалыптарға салып шығарған дұрыс. Үлкендігі бір қадақтай, сататын, сақтайтын майды 5, 10, 30 қадақтық қылып жəне сондай үлкен қалыптарға салып шығарған дұрыс. Осының бəрінде жалаңаш қол жұмсау қате, ықшамдыықшамды ағаш қалақтар, тоқпақтар болу керек. Сонымен істелгенде, май таза болып, дəмін бұзбай шығады. Осының бəрі ыстық сумен таза жуылып, суық суға шайқалуы керек. Ілгеріде сақталатын, не болмаса сатылатын майды үлгілі жұрттың шаруалары пергамент деген, су өтпейтін жылтыр қағазды əуелі ыстық суға, содан соң суық суға салып алып, соған орайды. Біздің қазақтың бұл жөнінде үріп кептірген қарынға салуы да пергаменттен қалыспаса керек. Бірақ қарын бұрыннан əбден тазартылып, таза жуылып, жыпжылтыр болып үріліп, кептірілуі керек.
Майдың түрі Қалаға жақын отырған шаруалар алған майын көп сақтамай базарға шығаруына болады. Ондайда майды тұздамай, таза, тəтті күйінде шығарған бұлдырақ болады. Көп сақтамайтын, тұзсыз майдың алуында біраз айырма бар. Тұзсыз, тəтті май шайқарда, сепаратордан шыққан қаймақты ашытпай, бір күн суыққа қою керек. Бар болса, базға қойған дұрыс. Сонда қаймақ шынығады. Оның ертеңіне қаймақты ыдыспен ыстық суға салып, 8-10 градустай қылып жылытып алып, май машинаға құяды. Май көпке дейін түспесе, көбінде оның себептері қаймақ тым суық болғаннан болады. Екінші – машинаны тым толтырғаннан, үшінші – жай айналдырғаннан болады. Осындай кемшіліктерді байқай отырып, кезінде түзеп жіберген дұрыс. Дұрыс жүргізіп отырғанда сүттің бір пұтынан 1,5 не 2 қадақ май түспек. Тəтті майды тезінен базарға шығаратын болғандықтан, тұздамайды. Тек жуғанда, қалыпқа салғанда, жоғарыда айтылған шараларды, əсіресе тазалық жағын қатты орындау керек. Ұзақ сақтайтын майды, əрине, тұздау керек. Шайқау алдында ондай қаймақты бір-екі күндей жылы үйге сақтап, ашытып алып шайқаған дұрыс. Үлкен, үлгілі шаруаларда осыған лайықтаған ашытқылары болады. Соны салып, екі күн ішінде ашытып алады. Ұзақ сақтайтын майдың шайқауының тəтті майдың шайқауынан айырмасы жоқ. Тек қаймақтың жылылығы 12-14 градус шамасында болады. Түйір-түйір май түсе бастағанда, қаймақтың жылылығын байқап алған дұрыс. Артық жылып кеткен болса, бастапқы жылылығына жеткізіп, суыту дұрыс. Жəне айналдыруын шабандату керек. Майды шайқап алған соң, қадағына 4 мысқал тұз салып тұздалады. Былайғысы жоғарыда айтылған қалыпша жасалады. «Əйел теңдігі», 1929, № 9, 10.
АУДАРМАЛАР ПОВЕСТЬ жəне ƏЊГIМЕЛЕР Ескерту: аудармалар байырғы жарияланған қалпында берілді. Аударған: Нəзипа Құлжан келіні Бастырушы: Қазақстан мемлекет баспасы мен мемлекет саяси ағарту бөлімі Қызыл-Орда, 1928 жыл. Б.Лавренов ҚЫРЫҚ БІРІНШІ повесть
Бірінші бөлім Бұл керектігіне қарай жазушының амалсыздан жазған бөлімі Таң алдында пулеметтен зуылдаған ыстық жаңбырдың екпіні шыдатпай, жарқылдаған атты казак қылыштарының құрсауы сол тұс жақтан кенет үзілді. Сол минутте сол саңылаудан жаны ышқынып қалшылдаған шиедей комиссар Иебсоков атқып шықты. Сондағы құм шұқырында қусырған өлім құшағынан жұлынып шыққандар – шиедей Иебсоков, жиырма үш жəне Маротке. Жүз, он тоғыз бен түйенің бəрі жыланша иреңдеген сексеуіл мен жыңғылдың қызыл шыбықтарына шырмалып, мұздақ құмның бетінде жайрап қала берді. Жаудың қалдығы шепті бұзып шығып кетті деп естірткенде Борига жасауыл айуан уысымен түксиген қалың мұрттарын бұрап отырды да, шойындай аузын керіп есінеп: – Ə, мейлі! Аттарды қинап қуудың жөні жоқ, құм ішінде өздері де қырылады. Бара бір1! – деп еріншектеніп тастай берді. Ол кезде шиедей Иебсоков, жиырма үші бар, Маротке бар, жан ұшырған қасқырдың ышқынған шабысына салып, ұшы-қиыры жоқ құм ішіне сіңіп кетіп барады. 1 Бара бір, бəрі бір деп атты казак жасаулының қазақша білгішсініп айтқаны. (Аудармашы).
Иебсоковтың неге шиедей болғанын білгің келіп, мазасызданып отырсың-ау, оқушым, білемін. Бəрі өз ретімен келеді, сабыр ет. Колчактың илеген адам еті Орынбор жолын мықтап тығындап тастап, отарбалар аңырайып, жол түкпірінде таттанып шөгіп қалған кездерде де Түркістан Республикасында былғары бояйтын қара бояу болмай қалған. Ол кездің өзі гүрілдеген, түнерген, қысаң қатты кез еді ғой. Бой сүйінер үй рақатынан кетіп, ыстық-суыққа, жауын-шашынға, ысқырған оқтың отына кезек түсіп жүрген адамның етіне бір берік төзімді жабу керек еді. Адамзаттың үстіндегі былғары пешпеттер сонан шыққан болатын. Бешпеттердің бояуы киген иелері сықылды берік, суық болат сұрындай жылтыр қара болатын. Бір кезде сондай бояу Түркістанда жоқ болып қалды. Сонда, төңкерісшіл əскер штабы жергілікті халықтың қолындағы нелен бояуын алмақ болды. Нелен бояумен Ферғана өзбектері үлбіретіп, жайнатып жібек салы бояйтын, жəне түрікпеннің құрғақ ерін əйелдері сонымен жүн бояп, мамықтай текекілемдеріне құлпыртып түр салатын. Осы бояуларға қой терісін бояп шығарған соң, Түркістанның қызыл əскері де қызылды-жасылды болып шыға келді. Əскер шаруашылығын басқаратын шұбар бастықтың құдіретімен Иебсоковке сонда шиедей қызыл бешпет, шалбар тиіп қалған. Иебсоковтың беті де бала жасынан шиедей, өзі секпіл, шаш орнында басында үлбіреген үйректің мамығы. Мұның үстіне Иебсоковтың бойы аласа, денесі тығынша домаланып тұратын, айтсақ шиедей бешпет шалбарымен Иебсоков дəл пасха1 мейрамдағы бояған қызыл жұмыртқа болады да тұрады. Иебсоковтың арқасындағы киім қоржынның айқыш1 Пасха – орыстың жазғы ауыз ашар мейрамы.
талған қайыстары дəл қызыл жұмыртқаның сыртындағы кіресі сықылданып, Иебсоковты дінге иманы толық бір адам екен деп қаласың. Бірақ бұл қате, Иебсоковтың дінде жұмысы жоқ. Оның сеніп иман келтіретіні – кеңестер үкіметі, интернационал жəне түйіншектелген қолындағы мықтап қысқан жылтыр қаракөк болат наган. Иебсоков көппен бірге найза-қылыш құрсауынан құ тылып шыққан жиырма үш кім десеңіз, олар кəдімгі қы зыл солдат, красноармеец. Бəрі жайдағы жабайы адам дар. Бұлардың арасында басқаша бір адам – Маротке. Маротке – жетім, құр соқабасы, өзі Астрахань қаласының түбінде, Еділдің кең жайылған құйылысындағы аралдың бірінде, толықсыған қамыс құрақ арасындағы бір балықшы поселкеден шыққан. Жеті жасынан бері қарай он екі жыл болды, Мароткенің қақиған брензент1 шалбары үстінен түспей, балықтың қаны, сөлімен майланған орындыққа мініп алып, ұзыннан тіліп шабақ балықтың күмістей қарнын жарып отырғаны. Сонан қаладағы, ауылдағы жұртты кеңес үкіметі ерікті қызыл əскерге шақырғанда Маротке балық жарған пышағын орындыққа шанша салып, қақиған брезент шалбары үстінде, қызыл əскерге жазылмаққа барады. Алғашында қуып жіберген, сонан соң, күн сайын баруын қоймаған соң, гүрілдесіп қызыл əскер қылып жазған, басқа красный гвардиямен бір қатарда болатын қы лып, бірақ əйел қалпын тастап, қашан байлар күшін еңбек ұраны басып өткенше бала табудан тиылуға қағаз алған. Мартоке – көл жағасындағы майысқан талдай жіпжіңішке жирен шаштарын өріп, басын айнала орап, жалбыраған түрікпен бөріктің астына тығып қояды. Мароткенің қиғаш орнаған көзінде мысықтың көзіндей жасыл-сары оты бар. Көзі тентек. Өмірінде Мароткенің ойы бітпейді. Ойланады да 1 Брезент – су өтпейтін қалың жуан кенеп.
жүреді жəне қолына түскен қағаздың жыртығына мұқал қарындашымен сулап отырып, қояншықтан құлап бара жатқандай қисық қаріптерді тізіп, өлең жазуды жақсы көреді. Бұл мінезін отрядтің бəрі біледі. Газеті бар бір қалаға келсе-ақ, Маротке кеңседен бір парақ қағаз сұрап алады. Ентелеп, құрғаған ернін тілімен жалай түсіп, өлеңдерін таза қағазға көшіреді, əрқайсысына ат қояды, аяғына Мария Басынқызының өлеңі деп ат қояды. Басқармаға алып барады. Басқармадағылар былғары киінген, иығына карабин мылтық асынған жіп-жіңішке қызға жабырайысып қарайды да, оқып қараймыз деп таңырқасып өлеңін алып қалады. Жəйімен, бастан аяқ бəрін қарап өтіп, Маротке шығып жүре береді. Басқарма хатшысы Мароткенің өлеңін оқи бастаса-ақ, иығы көтеріліп селкілдей бастайды, күлкісін тия алмай аузы жайындай ашылады. Қызметкерлер бəрі жиылады, хатшы күлкіге қақалып отырып, өлеңді оқиды. Қызметкерлер күлкіден ішегі қатып терезе түптерінде домалап жатқаны, отырғыш саймандар ол кезде жоқ қой. Мароткенің өлеңі əр түрлі болатын, Ленин жайында да болады. Ленин біздің қаһарманымыз, Тастан шауып алаңға сені қоямыз. Сен олардың патшалар сарайын құлатып, Еңбекке тіреттің аяғымыз, – дейді. Ертеңінде Маротке кеңсеге тағы келеді. Селкілдеп отырған хатшының бетіне тесіле қарап, қағаздарын жиып алып жатып, əндетіп сөзін айтады. – Жариялауға жарамаған ғой сірə, түзетілген ғой? Осыны мен нақ жүрегімнен балтамен шапқандай қылыпақ аламын, сонда да жарамаған. Қайтейін енді дағы! Бұл неден мұндай қиын болды екен, балық қағындысы келгір, ə?
Сөйтіп, түрікпен бөркін бастыра киіп алып, таңырқап, иықтарын қозғап жөнеледі. Өлең жағы Мароткеге ұстатпай жүрді, бірақ винтовка мылтықтарын дəлдеп атқанда, мергендігі тамаша еді. Иебсоков отрядында мергеннің алды болып саналып, ұрыстарда шиедей комиссардың өз қасында болатын болды. – Маротке! Офицерді қара! – дейді қолын шошайтып Иебсоков. Маротке сонда көзін қысып жіберіп, ернін бір жалап алып, салмақпен мылтығын түзеп көздейді. Гүрс етіп мылтық атылады, бірі қате кетпейді. Винтовканы жерге қойып, сондайда айтатыны: – Отыз тоғызыншы, балық қағындысы келгір. Қырқыншы1 балық қағындысы келгір. «Балық қағындысы келгір» Мароткенің сөз салты, оны өзі жақсы көреді. Маротке боқауыз сөзді сүймейтін, керісінше боқтағанды естісе қабағы түсіп, үндемей қызаратын. Штабта берген уəде қағазын Маротке мықты ұстайтын. Мароткенің əйелдік ықпалында болдым деп отрядте бір адам мақтана алмайтын. Бір күні отрядқа жаңада кірген бір Гуша деген мадияр бір неше күндей арам көзін салып жүріп, Мароткені түнде оятпақ болып жанына жақындағанда, үш тісінен айырылып, шекесінен қаны сорғалап зорға құтылған. Алты атардың түбімен берсе керек сазайын. Қызыл əскер солдаттар Мароткеге сүйініп күліп жүреді, ұрыс болған жерлерде өздерінен артық қорғаштайды. Бұлардың Мароткеге бұл сияқты жылы назарында, елде қалған жарларының ыстық құшағын сағынғаннан туған, ана қызылды-жасылды қалың былғары бешпеттерінің ішінде білінбей бөленіп жатқан, ақылдан тысқары, бір жіңішке сезім, махаббат көрінуші еді. Қыс аязы қатырған шетсіз қалың құмның ішіне, 1 Отыз тоғызыншы-қырқыншы деп Маротке өзінің атқан офицерлерінің санын айтады. (Аудармашы).
солтүстікке қарай асып кеткен жиырма үш, шиедей Иебсоков, жəне Мароткенің түрлері осы еді. Боранды февраль құйындатып, құйқылжытып, күмістей сыңғырлап əндерін соғып тұр, майда мамықша үлпілдеп, толқынданған құм жарқыраған мұзды кілем болып төбелерді басып жатыр. Боранның түтінінде жоғалып бара жатқан отрядтың үстінде аспан ысқырып, долы желдің дауысы екенін, болмаса əуені кескілеп, ысқырып, қалмай қуып келе жатқан жаудың оғы екенін біліп болар емес. Аяқтағы көк етіктер жарылып, ісініп, ауырған аяқ қар мен құмнан əрең көтеріледі, түрі кеткен аш түйелер бұрқылдап, бақырып, ызыңдап келеді. Жел ұрып тегістеп кеткен тақыр сорлардың бетінде тек тұздың жарықшағы жылтырайды, айнала неше жүз шақырым жерлерді көкжиекте аспаннан пышақпен кесіп бөлгендей. Менің қозғап отырған əңгімемде осы бөлім артық деуге болады. Дұрысы келесі бөлімдерде сөйленетін əңгіменің тура өзінен бастауым керек еді. Бірақ, Қарақұдықтан солтүстікке қарай отыз жеті шақырым жердегі төтенше Гурьев отрядының қалдығы қайдан шыққанын, қызыл армия отрядына əйел қайдан пайда болғанын, Иебсеков комиссар неден шиедей болғанын... басқа да бірталай нəрсе бар, оқушылар соның бəрін білуі керек қой. Осы бөлімді сондай керектігі үшін жаздым. Екінші бөлім Бұл бөлімнің айтатыны – көкжиекте бір қоңыр нəрсе көрінеді, ол нəрсе жақындай келе Габаруха өтірік деген Поручик1 болып шығады. Жанкелді құдығы мен Сайқұдық арасы жетпіс шақырым жер, онан Ұшан бұлағына тағы алпыс екі шақырым 1 Поручик – ақтар офицері.
жер бар. Мылтығының түбімен тарбиған сексеуілдің түбірін түртіп қалып, түн ортасы кезінде, мұздаған епсіз дауыспен Иебсеков: – Тоқта, түселік! – деді. Сексеуілдің түбірін алып от жағып жіберісті. Сексеуілдің майлы күйе жалыны оттың төңірегін ерітіп, айнала құм дымқылданып қалды. Жүктен күріш пен май алынды, қой майының иісін бұрқыратып, шойын қазанда ботқа көже де қайнап қалды. Қазанның басына тығылысып отыр. Жыртық тесік саңылау қалдырмай кіріп бара жатқан боранның ызғырығынан сақтанам деп, тістерін сақылдатып, үндемей отыр. Аяқтарын отқа тығып жылытамыз деп, етіктің қураған көні ыстыққа шыдамай быжылдап, жарылып барады. Сұрланған түнгі боранда тұсаулы түйелердің мойнындағы қоңырауларының сылдыры ғана естіледі. Иебсоковтың қалтыраған саусақтары ешкі сирақты1 əрең шиыршықтап алды. Бұрқ еткізіп, түтінін шығарып, түтінмен бірге аузынан əрең шығарғандай қылып айтты: – Енді жолдастар, қалай қарата бет алып жүруімізді кеңесіп алу керек. Оттың ар жағынан өлімсіреген бір дауыс: – Қайда жүресің, бəрі бір, жұмыс біткен емес пе? Гурьевке қайтуға болмайды, казак-орыс қара құрттай қайнап кеткен. Гурьевтен басқа бұрылар жер жоқ. – Қиуаға барамыз ба, əлде? – Əй, соғып жібересің-ау! Қыс ішінде алты жүз шақырымға аз толмайтын жерді Қарақұммен асу оңай шығар? Дамбалыңның битін өсіріп қуырып жемесең неңді ішіп-жейсің? Басқалар гуілдеп күлісті, өлімсіреген үмітсіз дауыс тағы: – Жұмыс біткен, өлгеннен басқа жоқ! – деді. Қызыл бешпет ішінен Иебсоковтың жүрегі қапаланып ренжісе де, оны білдірмей, кəрленіп, жұлып алғандай: 1 Ешкі сирақ деп солдаттар қолдан ораған шылымды айтады.
– Сен сұмырай, елді үрейлендірме! Өлу қай ақымақтың да қолынан келеді, бізге ақылға салып өлмеудің амалын табу керек, – деді. – Порт Александрға1 қарай бұру керек, онда өзіміздің балықшы ағайындар бар ғой, – деді біреу. – Болмайды, – деді Иебсоков. – Онда Деникин2 əскерін түсірді деген хабар болған. Красноботск3 да, порт Александр да ақтардың қолында. Ұйқылы ояу біреу қатты ыңырсыды. Бір мезгілде отқа қызған тізесін алақанымен соғып қалып Иебсоков дүрс еткізіп айтты: – Болды енді! Жалғыз-ақ жол бар, жолдастар, ол Аралға4 қараған жол! Аралға жетіп жығылсақ, онда жағада көшіп келіп отырған батырылмағандар5 бар, солардан ауқаттанып алып, теңізді айналып отырып Қазалыға барамыз. Түркістан соғыс басқармамыз Қазалыда. Үйге барғанмен бір есеп. – Айтты да кесіп алғандай үн жоқ, түн жоқ қоя қойды. Аралға жететіндігіне өзі де сене алмайды. Оның жанында біреу басын көтеріп алып: – Аралға дейін нені қорек қыламыз?.. – деді. Иебсоков жəне тастай берді: – Шалбардың бауын жиып байлап алармыз. Асқан княз емеспіз! Балықты балға салып бер дейсің бе? Күріш бар, қазір аз ғана ұн да бар, сонымен жүре тұрарсың. – Үш асуды сонымен жүреміз бе? – Үшеу болса қайтеді! Шершнев түбегіне6 дейін он асу 1 Порт Александровск – Каспий теңізі жағасындағы қала. 2 Деникин – ақтардың əскербасы генералы. 3 Красноводск – Каспий жағасындағы қала. 4 Аралға деп Арал теңізін айтып отыр. 5 Батырылмағандар – дінсіздер дегенге келеді. Орыс баласын туғанда шіркеуге апарып, шомылдырып, дінге кіргізеді. Басқаларды келемеждеп «Батырылмаған» яғни шоқынбаған дейді. 6 Шершнев түбегі Каспий жағасында.
болады ғой. Алты түйе бар. Азық таусылған соң түйелерді соямыз. Бəрі бір, оның түкке пайдасы жоқ. Бірін соямыз да, етін басқасына артып алып тарта береміз, сонымен құлай мыз. Қоста үн жоқ, шынтақтап отбасында Маротке жатыр, мысық көзімен кірпік қақпастан отқа қарап жатыр. Иебсоков көңілінде күмəн көп. Тұра келіп бешпетінің қарын қақты. – Тоқтат енді! – деді. – Менің бұйрығым, таң ата қоз ға ламыз. Кім біледі, жолдастар, түгелімізбен жете алмаспыз, – деп шошыған құстай жалт етті комиссардың дауысы: – Бірақ, жатып болмайды. Неге десеңіз... революция ғой, дүние еңбекшілері үшін ғой. Жиырма үштің көзіне кезек-кезек қарап тұрды. Жыл, тəулік жорықта үйренісіп болған отты да көрмеді. Көзі бұлдырап, жалтарып төмен қарайды, бұл алып тұлғалы жанның көмескі, сенімсіздігін біліп, қиналып тұрған түрі бар. – Түйелерді құлқынға салып алып, сонан соң бірімізді біріміз жейміз тағы, – деді біреу. Тағы тым-тырыс. Бір мезгілде ышқынып, қатындарша шырылдап Иебсоков айқай салды: – Төңкеріс үстіндегі міндетіңді білемісіңдер? Сөзді қойыңдар енді, тоқтат! Бұйырдым, сол біткені, болмаса жарға жапсыра салармын! – жөткірініп отыра қалды. Мылтықтың сүмбісімен көже былғап отырған біреуі көңілденіп, кенеттен: – Бұ не, мұрындарың салбырай қалғаны! Əскер дейдіау сендерді! Мына күріштеріңді жеңдер, босқа пісірді дейсіңдер ме? Кесектелген қою күрішке қасықтарын салып жіберіп, аузын күйдіре-мүйдіре асап жатыр, қойдың майы балауыз сияқтанып, жұтқанша болмай қалың болып еріндеріне қатып жатыр. Қызылды-жасылды ұшқындарын түнгі əуеге түйдектеп шашып от сөнуге бет алды.
Біріне-бірі тығыз тығылып, бірі қорылдап, бірі ұйқылы-ояу біреуді боқтап, ыңырсып, ыңқылдап отряд жігіттері ұйқыда. Иебсоков таң алдында біреудің жұлқылағанынан оянды. Қатып қалған кірпіктерін əрең ашып, əдетінше винтовкаға ұмтылды. – Тоқта, есіңді жый! Еңкейіп қасында Маротке тұр екен. Боранның сұрқылтында жарқылдап мысық көздер төніп тұр екен. – Немене? – Тұр, комиссар жолдас! Бірақ дауыстамай ақырын тұр! Сендер ұйқымен болып жатқанда мен сейіл құрып келдім. Жангелді құдығынан қазақ керуені келе жатыр. Иебсоков аударылып жатып, шашалып: – Қайдағы керуен? Өтірікті соқпа!.. – Рас, ай... оңбайын, балық қағындысы келгір! Ылғи батырылмағандар! Ұшып тұра келіп Иебсоков аузына саусағын салып ысқырды. Суықтан денелерін зорға қозғап иліге алмай жатқан жиырма үш, керуенді естігенде кенет естерін жиып ала қояды. Жиырма екісі тұрды. Біреуі тұра алмай қалды. Түйенің жабуына орана түсіп, қалшылдап, соқтыққан денесін баса алмай жатыр. Жағасын ашып, қолын тигізіп қарап: – Безгектің оты ғой! – деді Маротке. – Əй, байқұс-ай, мұны қайтеміз енді? Киізбен жауып қойыңдар, жатсын. Қайтарда ала кетерміз. – Керуен қай жақта дейсің? Маротке батысты сілтеді: – Қашық емес, бес-алты шақырым шамасы. Бай көрінеді, аюандар. Артқан жүктері көп-ақ! – Бір жетіседі екеміз ендеше! Тек айырылып қалмалық. Көрінгеннен-ақ жан-жағын қоршай беріңдер. Бірің оңнан, бірің солынан ұшыңдар. Марш! Жіптей тізіліп, жүрістен қызып қуаттанып, төбетөбенің арасымен еңбектеп жөнелді. Толқынданған құм
төбенің үстінен анадайда жаюлы дастарқанда, жазық тақырдың бетінде теңбіл-теңбіл болып тізбектелген төбелер көрінді. Жайқалған жүктен түйенің өркеші көрінбейді. Шұбар малақай гвардеец сүйініп сыбыр етті: – Құдай берді ғой! Есіркеді ғой! Иебсоков естіп, шыдамады: – Не қылған құдай саған? Неше айтылды ғой, құдай түгіл шайтан да жоқ, бəрі өзіңнің қолыңда, күшің біледі деп. Бірақ айтысатын уақыт емес, тəртіппен, көрінген құмның толқынын, тарбиған бұтаны көлегейлеп, секіріп ұшып барады. Ауыртқанына қарамай, мылтықтың түбін қолдарына қатты қысып барады. Осы керуеннен айырылса тіршіліктен үміт жоқ екеніне көздері жеткен сықылды. Керуен асықпай жайымен келеді. Түйенің үстінде түр салған текеметтер көріне бастады. Қалың шапан, түлкі тымақ киген, түйе жетектеген қазақтар көрінді. Шиедей бешпеті жарқ ете түсіп, құм төбеге Иебсоков шыға келді. Мылтығын көздеп жіберіп айқай салды: – Тоқта! Мылтықтарың болса, түсір жерге. Аңыраймай тез қимылда, болмаса түгеліңмен жоқ қылам. Аузын жиғанша сол-ақ екен, күпілері қаудиысып, зəресі кеткен қазақтар құмға құлай кетті. Асығып, ентігіп, жан-жақтан красный армия да келіп қалды. Иебсоков: – Түйелерін ал! – деп бұйырды. Бір мезгілде керуен жақтан бір тегіс шыққан винтовка дауысы Иебсоков бұйрығын естіртпей басып кетті. Долы күшіктің дауысындай оқтар шаңқ ете түскенде Иебсоковтың қасында біреу құмға көміле құлады. Иебсоков айқайлай берді: – Жат!.. Бас иттерді! – деп. Мылтық дауысы жиіледі. Шөккен түйелердің ар жағынан белгісіз бір жандар атып жатты. Қазақтың атысына ұқсамайды. Артық мерген көрінеді. Мылтықтың оқтары бұғып жатқан қызыл əскерлердің
нақ жанынан зуылдап келіп құмға сүңгіп жатыр. Мылтық дауысынан дала жаңғырады. Сонда да керуен жақтан келген дыбыстар тыныштала бастады. Красный армиялар бұғып, жүгіріп жақындап келеді. Керуенге отыз қадамдай жер келгенде Иебсоковтың тесе қараған көзіне түйенің ар жағынан үлкен бұйра бөрік киген, ақ башлықты бір бас көрінді, иғында алтындаған жылтыр жібекті көрді де, еңбектеп келген Мароткеге басын бұрып: – Маротке! Офицерді қара! – деді. – Көрдім. Жайымен, асықпай мылтығын дəлдеді. Мылтық шарт етті. Саусақтары тоңғаннан ба, болмаса ентігін баса алмай дірілдегеннен бе, əйтеуір Маротке аузын ашып: – Қырық бірінші болды, балық қағындысы келгір! – дегені-ақ сол екен, түйенің ар жағынан ақ башлықты, көк тон киген адам винтовкасын көтеріп тұра келді. Оның ұшында жалпылдап ақ орамал байлаулы. Мылтығын құмға лақтырып тастап, Маротке долданып жылап жіберді. Жарылған, тотыққан беті көздің жасымен айғызданып қалды. Иебсоков офицерге қарай ұмтылды. Артынан, онан ілгері барып түйремек болып, бір қызыл əскер найзасын былғаңдатып жетіп барып еді, комиссар ақырды: – Тиме!.. Тірідей ал! – деп. Көк тонды кісіні ұстап, жерге жығып салды. Офицердің қасындағы бес солдаты өткір оққа ұшып, тұрмастан түйенің артында қала берді. Қызыл əскерлер мұрнынан өткен1 бұйдаларынан жетелеп, күліп, боқтасып түйелерді тізіп жүр. Иебсоковтың соңында етектерін бұлғақтатып, бешпетіне, шалбарына, жеңіне жабысып, қысық көздерінің саңылауларынан жалынып қарап, қазақтар былдырлап сөйлеп жүгіріп жүр. 1 Түйенің мұрнын тесіп өткізу, басқа халыққа тірі жанға істелген адамның аюандығы болып көрінеді. Сондықтан əдейі айтады. Біз де бұзбадық сөзін.
Біресе жұлынып қашып шығып, ашу қысып, біресе көңіліне аяушылық кіріп, наганымен жал пақ мұрындарына түртіп, жел қаққан сойдиған шықшыт та ры на түртіп, комиссар: – Тоқтаңдар, иттің тұқымы! Ары тұр, сөзді қойыңдар!– деді. Тəуір ішік киген, ақсақалды біреуі Иебсоковті белбеуінен ұстап жібермей тұрып тез-тез сөйледі, араарасында: – Ойбай, плоха делил. Кыргыз берблюда жит нада. Гыргыз без бер блуда помирайд пошол... Тиба я бай, так не далай, ти ба я денге хатит наша даюд, серебренаденга, сарска денка... кренке бумажний... Скажий сколко тебе дайод, берблут дай?1 – Мисыз неме! Түйесіз енді біздің де қыры латынымызды түсінсейші. Мен сендерді тонап отырғаным жоқ қой, төңкеріс мұқтажына уақытша тұтынуға алып отырмын. Сендер, батырылмаған шайтандар, елдеріңе жаяу да жетесіңдер, біз жете алмаймыз, өлеміз. – Ойбой, жарамайды, жүгімізді ал, ақша ал, бірақ түйемізді қайыр, – деп шала тілімен орысшалап қазақ қоймайды. Иебсоков ыза болып: – Қой енді, шайтанның баласы! Айттым, сөз бітті енді. Тоқтат! Расписка аласың, сонымен сөз бітті. Бір жапырақ қағазға сия қарындаштаған расписканы қазақтың қолына тастай берді. Қазақ қағазды лақтырып жіберіп, бетін басып, жерге жата қалып ұлып жіберді. Басқалары тырс етпей тұрды. Бірақ қиғаш қара көздерінде үнсіз жас мөлтілдеп тұр. Иебсеков бұрылып кетті, есіне тұтқын офицер түсті. Ол екі қызыл əскердің ортасында тұр екен. 1 Байдың шала тілімен орысшалаған сөзі мынау: « Сөз жоқ, ісіміз жаман, бірақ қазақ тіршілігі түйесіз болмайды... түйесіз қазақ күн көре алмайды, өледі. Сіз, бай бұлай етпеңіз, ақша керек қылсаң біз береміз, күміс керек пе, патша ақшасы ма, керінке ме... Тек айт, қанша берейік, сөйтіп түйемізді қайыр. Аударушы.
Швед фабрикасынан шыққан ұзын қоныш кигіз етікті оң аяғын көлбете басып, комиссарға күле қарап, шылым тартып тұр екен. – Кім боласың? – деді Иебсеков. – Габаруха өтірік деген гвардия поручигімін. – Өзің кім боласың? – деді, оған офицер, аузынан шылым түтінін бұрқыратып тұрып. Сөйтіп басын көтерді. Əскерлерге қарап қалып еді, көзінің қарашықтары көкпеңбек, дəл ақ көбікке түскен таза нілдің бүршігіндей екен. Бұған Иебсоковтың де, басқалардың да көзі түсті1. Үшінші бөлім Түйесіз Орта Азияны кезудің кейбір жайсыздықтары, жəне Колумб2 жолдастардың көңіліндегісі туралы. Мароткенің есебінде қырық бірінші гвардия поручигі Габаровқа өтірік болуға керек еді. Бірақ суықтан ба, қызулықтан ба Маротке тигізе алмай қалды. Сөйтіп, поручик тірі жан санында бір артық сан болып қала берді. Иебсоковтың бұйрығы бойынша тұтқынның қалталарының бəрі қағылып, жамшы былғары бешпетінің жауырын астарынан жəне бір жасырын қалта шықты. Қызыл əскер қолы түрткілеп жүріп жасырын қалтаға тигенде, Поручик сахараның асау тайындай ытқыды. Бірақ қызыл əскер қолына бір түскен соң шығып кету жоқ. Тек жаны ышқынып, сасқандығы дірілдеген ерні мен түсінің қашқандығынан байқалады. Поручиктің қалтасынан шыққан кішкене кенеп қалтаны ашып, жол сөмкесінің үстіне жайып салып, Иебсоков көзін 1 Орыс халқында ең əдемі көз, таза, ашық көк көз деп саналады. 2 Колумб – Ұлы мұхит асып отырып Америка жерін тауып алған атақты жиһангез. Азия шөлдерін асып жүрген Иебсоковті де жазушы соған теңеген. (Аудармашы).
айырмастан қадалып отырып, ішіндегі документтерін оқып шықты. Басын шайқап ойға түсті. Документтерде гвардия поручигі Габаровқа өтірік, Вадим Николаевичті, Ресейдің ұлы бастығы Колчак, адмирал Деникин генералдың билігіндегі закаспи үкіметіне өз орнына уəкіл етіп жіберді, – деген екен. Хаттың сөзіне қарағанда тапсырылған құпия сөздерді Габаровқа өтірік, Драсенке генералға ауызша жеткізуі керек екен. Документтерді бүктеп, жайлап қойнына тығып, Иебсо ков сұрады: – Сізге тапсырылған нендей құпия сөздер еді, офицер мырза? Сіз қызыл əскер қолында тұтқынсыз. Оның билеуші комиссары мен Арсенти Иебсоков боламын, сондықтан сіз еш нəрсені бүкпей, ашып айтып беруіңіз керек. Поручигтің көк ніл көздері Иебсоковке жалт қарады. Миығын тартып күліп, аяғын қағып, шарт еткізіп: – Мсье Иебсоков? Танысқанымызға зор қуаныш тамын! Бірақ менің үкіметім сіз сияқты тамаша кісімен елші болып сөйлесуге маған өкілдік қағаз бермегеніне қатты өкінемін, – деді. Иебсоковтың бетіндегі теңбілдеріне дейін аппақ болды. Офицердің түгелімен тұрған отрядтың алдында бет пебет келеке қылғаны батып кетті. Наганын суырып ал ды. – Ақтың күйе құрты, жынданба! Оқ жұтпайын десең айт құпияңды! Поручик иығын қозғалтып: – Комиссар болсаң да бір мұжық екенсің өзің! Өлтірсең тіпті де біле алмай қаласың ғой. Комиссар алты атарын жиып алып бір боқтады. – Бүйтермін əлі мен сені, иттің еті. Əндетерсің əлі, – деп күңк ете түсті. Поручик миғынан күліп тұр. Иебсоков ыза болып, бір түкіріп жүріп кетті. – Комиссар жолдас, не қыламыз? Құдайына жөнелтеміз бе? – деді бір қызыл əскер. Жел қаққан мұртының үстін қасып тұрып, комиссар:
– Жоқ, жарамайды, бұл бір дөкей тікен болып тұр. Қазалыға жегізу керек. Қазалыда біздің штаб бəрін сөйлетсін, – деді. – Бұл шайтанды тағы қайда сүйрейміз? Өзіміз жете аламыз ба əлі? – Офицермен санымызды көбейтуге кірістің бе? Иебсоков көкірегін керіп, ақырып жіберді: – Сенің жұмысың не? Өзім алдым, өзім жауапты болам. Сөзін қарашы! Бұрылып еді, Маротке тұр екен. – Міне, Маротке! Мына тақсырды саған тапсырдым. Көзіңнен таса қылма, айырылып қалсаң маған өкпелемейсің! Маротке үндеген жоқ, мылтығын иығына салып, тұтқын ның қасына келді. – Қане, бермен келші. Менің күзетімде боласың, бірақ мен əйел болған соң қашу оңай болады деп жүрме. Қашып бара жатқаныңда үш жүз қадамнан қағып аламын. Бір алжасқаныма қарап, келесіде тағы үміттеніп жүрме, балық қағындысы. Көзін бұрып қарап, Поручик мырс етіп барып, артық сыпайысып басын изеді. – Айдай сұлу амазонканың1 қолында тұтқын болғаныма бақыттымын, – деді. Көзімен Поручикті жеп жібергендей болып, Маротке əндетті: – Мынау не дейді өзі? Не езіп тұрғаның? Қаңғырған неме! Па де катр2 билегеннен басқа не білесің сен? Босқа мылжыңдама! Бас аяғыңды! Шагом марш! Сол күні отряд бір кішкене көлшіктің жағасына қонды. Бетіндегі мұздың астынан сор иісі, жəне шірік иісі келіп тұрды. Қазақтың түйелерінің үстіндегі кілем, кигіздерін алып оранып, қымтанып, жып-жылы болып қатып ұйықтасты. Маротке жатарда Поручиктің қол-аяғын түйенің 1 Амазонка бұрынғы кезде атқа мініп ерлер қатарында болған əйел. 2 Па де катр – бір бидің аты.
бұйдасымен байлап, белінен орап алып, бір ұшын өзінің қолына байлап бекітіп қойды. Басқалар аузын жия алмай күлуде. Бадырақ көз Семен деген дауыстады: – Қараңдар, жігіттер, Мартоке сүйгенін сиқырлап жатыр. Сиқырлы жіппен байлап бағындырмақ! Сықақ қылғандарға Маротке жаман көзімен қарап: – Жоғалыңдар ары, балық қағындысы келгірлер! Сендерге күлкі ғой... Қашып кетсе қайтесіңдер? – Ақылың жоқ! Екі басы бар ма оның? Қайда қашады құмның ішінде? – Құмға қашсын-қашпасын, сақтық жақсы да. Жат енді, есі жоқ бозбалам! – деді де Маротке Поручикті кигіздің астына итеріп жіберіп, өзі бүйірден келіп жата кетті. Жүн иісі аңқыған қалың кигіз астында ұйқы қандай тəтті! Кигізден жазды күні шілдедегі жусанның иісі келеді. Шексіз құмды шөлдердің иісі келеді. Денең рақат тауып, балқып маужыраған тəтті жайға түсіп кетеді. Кілем астында қорылдап Иебсоков жатыр, бір көркем дүниеге кіргендей күлімсіреп Маротке жатыр. Олардың жанында əдемі қиылған жұқа еріндерін жымқырып алып, түп-түзу оқтай болып, шалқасынан гвардия поручигі Габаровқа өтірік жатыр. Бəрі ұйқыда. Жалғыз күзетші кигіздің шетінде шоқшиып отыр. Алдында жарынан жақын винтовкасы жатыр. Түйелердің қоңырауы шілдіреген жаққа, қарлы түннің ақ сұр қараңғысына қадалып қарап қояды. Осы күні қырық төрт түйелері бар. Жол ауыр болғанымен тура тартады. Қызыл əскер көңілдерінде енді күмəн қалған жоқ. Зуылдап ұйтқып жел де соғып тұр. Күзетшінің жеңіне қардың ұшқынын əкеліп тығады. Күзетші бүрісіп, кигіздің шетін жамылады. Айнала шанышқылап жүрген аяз бəсеңдеп, мұздаған денесіне жан кіре бастады. Алды қар, мұнар, түйірленген құм.
Сырын алмаған Азияның жері. – Түйелерің қайда?.. Түйе деймін, ант ұрған, иттің баласы! Шұбар шайтан! Ұйқы ғой? Ұйқы ғой? Енді не дейсің, оңбаған-ау? Ішегіңді ақтарайын ба? Бүйіріне тиген қатты тепкіден күзетшінің басы айналып кетті. Есін жия алмай қарайды. Айнала қарлы мұнар, буалдырланған таңның бозы. Түйір-түйір құм. Түйелер жоқ болды. Түйенің жайылған жерінде түйенің ізіне аралас адамның іздері жатыр. Сүйір тұмсық қазақ етігінің ізі. Түні бойы, үш қазақ отряд соңынан ұрланып жүріп отырып, күзетшінің ұйқысын бағып, алып кеткен көрінеді. Қызыл əскерлер үн жоқ, түн жоқ жиылысып тұр. Түйе жоқ. Соңына түсу қайда? Осы құмның ішінде кім жеткізеді? – Сен иттің баласын, атып жіберсе де аз ғой! – деді Иебсоков. Күзетшіде үн жоқ, тек көзінің жасы мөлтілдеп мұз болып қата қалды. Кигіздің астынан шыға келіп, Поручик ысқырып жіберіп, күлімдеп: – Тəртібі қалай Советтің! Ой мəжнүндер-ай! – деді. – Сен сөзіңді доғаршы, тас кене! – деп шап ете түсті Иебсоков, сонсоң бір түрлі кенет өзгерген дауыспен сыбырлағандай болып: – Не тұрыс, бар енді?.. Жүріңдер жігіттер! – деді. Тау-тау құмнан өрмелеп əрең асып, шұбалып жалбажұлба киімді тек он бірі ғана келеді. Оны қарақшы болып жол бойында жатып қала берді. Бозарған, жаны кеткен көздері таң жарығында ақтық бір ашылады. Іскен аяқтары бөренедей қақайып, сөз орнына көкірегінен тек қырылдаған көмескі дыбыс шығады. Шиедей комиссар Иебсоков жанына келеді, мұның да беті бұрынғыдай бешпет түсті емес. Қуарып, топырақ беттеніп кеткен, секпілдері таттанған ұсақ бақырдың тозығындай іріленіп кеткен.
Жақындап келіп басын шайқайды. Сонан соң комиссар наганының суық аузынан шыққан леп қусырылған самайды тесіп өтіп, самайда айналасы қарайған қансыз дөңгелек жара қалдырады. Асығыс құммен жаба салып, отряд жүре береді1. Бешпет-шалбарлар тозып жалбаланды, аяқтағы қатты қалың башмақтар жəне ойылып-ойылып қалды. Кигіздің жыртығымен аяқтарын орап, үсіген саусақтарын киімнің жыртығымен байлап алысады. Оны сүрініп қабынып, желге теңселіп əрең келеді. Біреуі ғана аяғын нығыз басып, тек жүріп келеді. Бұл гвардия поручигі Габаровка өтірік. Красный армиялар бұған қарап, əлде неше рет тиісті: – Комиссар жолдас! Қашанғы сүйрейміз мұны. Тек бір сыбағаға ие болғаннан басқа пайдасы қанша? Басаяғында киімі қандай жақсы, бөліп алар едік, – деп. Иебсоков бірақ Поручикке тигізбейді. – Штабқа жеткізем, болмаса бірге өлем. Бірталай хабар айтады бұл, мұндай адамды өлтіруге болмайды. Тағдыры біздің қолымызда ғой, – дейді. Поручиктің қолдары шынтағынан шылбырмен байлаулы, шылбырдың ұшы Мароткенің белбеуінде. Маротке аяғын əрең басып келеді. Қырауытқан бе тін де тек бадырайып, үлкейіп кеткен көздерінің мысықтікіндей сары сəулесі сөнбейді, жайнап тұр. Поручиктің дымы құрыған жоқ, тек түсі қуқыл тартқан. Иебсоков бір күні Поручиктің жанына келді. Көк-ніл көзіне қарады да, дауысы қырылдап шаңқ ете түсті: – Ит білеме сенің не екеніңді! Қос тарамыстымысың өзің, несің? Кілбиіп жүріп екі кісінің қуаты бар өзіңде, қайдан шығады сондай қуат? Кəдімгі дағдысынша Поручик миығын тартып күлімдеп, жайымен: 1 Жол үстінде құлаған өлім халіндегі жолдастарын алып қалар айласы болмаған соң, бекер қиналмасын деп Иебсоков өз қолымен атып, құмға көміп кете берген.
– Түсінбейсің сен, тəрбиеміздің басқалығынан болады. Сенің жаныңнан тəнің басым тұрады, менің жаным тəнімді билейді. Тəніме қажыма деп бұйрық қоя алам, – деді. – Солай деші... – деді созып комиссар. Жан-жақ егіл-төгіл суырылған, толқыған құм төбелер. Ең бастарында таза құм зуылдап желден жыландай үйіріледі. Құмнан басқа дым жоқ, ұшы-қиыры жоқ құм. Тістерін қайрап, құмға құласып жатады. Дымы құрып ұлиды. Бармаймын əрі, тастап жүре беріңдер, өлемін осы жерде. Титығым құрыды. Иебсоков келіп, сөгіп теуіп тұрғызады. – Жүр! Төңкерістен басың тартатын қайдан шықтың? – дейді. Тағы тұрады, сүйретіліп тағы жүреді. Өрмелеп біреуі төбеге шықты. Бір мезгілде бұрылып, бөркін жұлып алып, үрпиген, қуарған, сипатсыз басын ашып тұрып, бар əлінше: – Арал!.. Жігіттер, Арал!.. – деп өкіреді. Өзі етпетінен құмды құша жығылды. Иебсоков бар күшін жиып, жүгіріп төбеге шықты. Көлдің көгілдірі жарқырап қарыққан қанды көзіне келіп соқты. Жарыққа шағылысып, көзі ұялып, жұма қойды. Құрысқан тұяқтарымен құмды тырнай берді. Шиедей комиссар Колумбты қайдан білсін? Олардың мұхит теңізін кешіп келе жатып, Америка жерін көргенде, «Жер» деп тап осылай кемесінің жиегін тырнағанын ол қайдан білсін. Төртінші бөлім Мұнда Мароткенің поручикпен алғаш тіл табысқаны, жəне комиссардың теңізге экспедиция жөнелткені сөйленедІ. Келесі күні теңіз жағасында бір қазақ ауылы кез болды. Құм төбелердің ар жағынан əуелі түтін иісі келді.
Тезектің ащы иісі жүректі қарайтып, іш өзекті бүріп əкетті. Алыстан күмбезденіп қоңыр кигіз үйлер көрінді, жалбыр аяқ, шаршы бойлы иттер үре жөнелді. Қазақтар үйлерінің жанына жиналысып, таңырқап, сүйретіліп, шұбалып келе жатқан адамзат сүлдесіне аяушылық көзбен қарасып тұрды. Мұрны батқан пұшық шал əуелі баптанып селдір сақалын сипады, сонан көкірегін сипап, басын изеп: – Саламалайкүм! Кода такой идеош, төре1, – деді. Иебсоков шалдың жалпағынан берген құрғақ қолын шала қысып: – Біз қызылмыз. Қазалыға бара жатырмыз. Бізді үйіңізге түсіріп тамақтандыр, бай, бізді сыйлағаныңа Сəбет саған алғыс айтады, – деді. Сақалсымағын селтеңдетіп, тамсанып: – Ой-бу...Кызыл əскер болшебек сентр пришол2! – деді. –Жоқ төре! Центрден емеспіз, Гурибтен қаңғып келеміз. Гүриб? Ой-бой... Қара құмайшол3! Осы ақпанның қызыл аязында жаяулап Гурьевтен Аралға дейін жансыз Қарақұм асуын асып келген, азған-тозған шиедей комиссар қазақтың қысық көзінің саңылауында бір жағы сескенгендік, бір жағы құрмет ұшқынын жандырғанға ұқсады. Қолдарын біріне бірін соғып тұрып жанына жетіп келген əйелдерге шал бірдеңе деп кеңсірігінен мыңқылдады. Сонсоң комиссарды қолынан ұстап: – Иди, төре, кбтка, испи мала-мала. Спишы, палау шай, – деп жетелеп үйге кіргізді. Түсіріп тастаған жүктей болып, шала жансар əскер киіз үйдің жылы түтінінің ішіне келіп құлады. Қимылдамастан, ымырт жабылғанша ұйықтады. 1 Саламалайкүм, жол болсын төре! – дегенді жазушы қазақ ақсақалына орысша айтқызады. (Аударушы). 2 Қылыл əскер болшебек екенсің ғой. Орталықтан, Мəскеуден келесің бе? – дегені. 3 Қарақұм асып келесің бе? – дегені.
Қазақтар палау істеп, қызыл əскерлерді арбиған аяқтарынан қағып, жақсы көңіл көрсетіп, сыйлап жатыр. – Шай, төре, шай! Твая не многа поэхала, шай здорога подиш1, – дейді. Қомағайланып, түйіліп, қақалып жеп жатыр. Майлы палаудан іштері кеуіп, басы айналып, есі ауғандары да көп. Жүгіріп далаға шығып, тамақтарына қол салып, құсып, жеңілденіп келіп, қайтадан жеуге кіріседі. Бойлары балқып, езіліп тағы ұйықтасып қалды. Ұйықтамаған тек Маротке мен Поручик. Сытырлап жанып жатқан сексеуіл шоғының алдында Маротке отыр. Басынан кешкен бейнет есінен шығып кеткен. Сөмкесінен қарындаштың мүжік тұқылын алып, қазақ əйелінен сұрап алған «Новая время2» газетінің суретті қосымша қағазына шұбалтып сөздер тізіп жатыр. Бір табақ қағаздың бойынша салынған ақша минстрі габ кокобсептың3 суреті бар екен. Қуқыл сақалының үстінен көлденеңдеп, Мароткенің қояншық тиген əріптері жығылып, тізіліп келеді. Мароткенің белінде əлі де болса шылбырдың бір ұшы мықты байлаулы, тағы бір ұшы артынан барып, Поручиктің қолына байлаулы тұр. Поручиктің қолын Маротке бір сағатқа палау жеуге ғана босатты, жеп болған соң тағы байлады. Қызыл əскерлер күлісіп: – Қара, шынжырдағы ит құсап отырғанын, – деп келемеждеп қояды. – Маротке, асықтыққа мейлінше баттың ғой? Босатпа, босатпа сүйген жарыңды. Теңіздің сұлуы ұшып келіп, байқаусызда сүйгеніңді алып қашып жүрмесін. Маротке бұған тіпті сөз қайрыған жоқ. Поручик үйдің бақанына сүйеніп отырып, көк-ніл 1 Шала тілмен қазақтың айтатыны: Же, төре, же, же, аз өлмей қалыпсың. Же, көтерілесің, – дегені. (Аудармашы). 2 Новая время – патша үкіметінің газеті. 3 Кокобсеп патша министрінің біреуі. (Аударушы).
көзімен Мароткенің қарындашының сөз тізгендегі ауыр толғағына қадалып отыр. Бар тұлғасымен ілгері ұмтылып барып, Мароткеге ақырын: – Не жазып отырсың? – деді. Жирен шашы көзіне түсіп, Маротке көзін бұрды. – Сенің неге мазаң кетті? – Хат жазатын болсаң өзің айтып отыр, мен жазып берейін. Маротке ішінен күлді: – Пəлесін қара мұның! Сөйтіп мен қолыңды шешсем, тұмсыққа бір қойып жөнелсең, ондай есалаңды таба алмайсың, тұйғыным. Хат жазып отырғаным жоқ, өлең жазып отырмын. Сенің көмегіңсіз-ақ жазамын. Парушік көзі ажырайып қарай қалды, тікейіп отырды. – Өлең дейсің бе? Өлең жазасың ба, сен? Маротке қарындаштың толғағын тоқтатып, басын көтерді, қызарып кетті өзі. – Неге тұқырая қалдың, ə? Мұжықтың есалаң қызы не болды, па де катрлерді сен ғана бұйым дейсің ғой. Есалаңдығымыз сенен асып кеткен жоқ! Поручик таңырқап, шынтақтарын қозғады, қолының басы байлаулы. – Мен сені есалаң деп ойлағаным да жоқ. Таң қалып отырмын, өлең жазатын кез бе осы? Маротке қарындашты мүлде қойды. Иығына түскен қызыл-күрең шашты сілкіп тастап, көтеріліп сөйледі: – Қызық екенсің ғой өзің. Сеніңше өлеңді мамық үстінде отырып жазу керек қой? Ішімде ой қайнап тұрса қайтем? Кеше аш-жалаңаш, жаурап құм кешкенімізді ойлап отырмын. Соның бəрін жұрттың жүрегін тулатқандай қылып жазсам деймін. Мен жазғанда жанымды салып жазам, бірақ менің жазғанымды баспайды. Оқуға уақыт қайда? Əншейін көңіліме келген соң жазам, оқымағандық қой! Поручик миығын тартты: – Оқып жіберсең қайтеді? Мен өлеңді тани білем. Қызық шығар, оқышы, – деді.
– Түсінбейсің сен, сенің қаның жылымшы, ақ сүйек қаны ғой, сенің ұнататының гүл-бəйшешек, қатын жайынан жазылса ғой, менің жазатыным, ылғи нашарлар жайы, жəне төңкеріс жайы, – деді қоқырайып Маротке. – Неге түсінбейін? Өлеңнің ішкі мазмұны менің көңілі ме үйлес келмегенмен де, адамды адам түсінуге болады ғой. Бөгеліңкіреп, Маротке жазған қағазын аударып ұстады. Аз ғана кідірді. – Ал, перінің баласы, тыңда! Күлме бірақ, əкең сені жа сың жиырмаға келгенше үйінде бернер1 ұстап оқытқан шығар, менікі өзімнің тапқан аз ғана білімім. – Жоқ,.. келемеждемеймін деп уəде берем! – Тыңда ендеше! Осыған бəрі жазылған. Атты казактармен соғысқанымыз, сахараға шығып кеткеніміз жазылған. Жөткірініп алды да Маротке, дауысын төмендетіп, еркектің бас (жуан) дауысына түсіп алып, көзін алартып, төңкеріп тастап, балтамен шапқандай қылып соқты: Патша уəзірлерінің жендеті, Атты казак қаптағанда, Біз, қызыл əскер ерлері, Оқ төгіп қарсы алғамыз оларды. Тым көп болды атты казак əскері, Шегінбеске бізге болмады. – Атты казак əскерінің құрсауын бұз, – деп. Ер Иебсоков сонда ақырды. Болса да бізге бір өлім деп, Пулемет оғын жауға біз жаудырдық. Отрядымыз бəрі қалды сол жерде, Тек жиырмамыз сахара асып жөнелдік. Арғы жағы тіпті келмей қойды, басыңды тасқа соқсаң келер емес, балық қағындысы келгір, түйелерді қалай қосарымды білмеймін, – деді тұтығыңқырап Маротке. 1 Бернер дегені бұзып айтқан. Гүбернер қазақ байларының үйге ұстаған молдасы сияқты бала тəрбиешісі.
Поручиктің көк-ніл көздерін көлеңке басып, тек көзінің ағына анда-санда оттың қызыл, жасыл сəулесі түсіп, ойнап кетіп тұрды. Аз кідіріп айтты: – Ие, тамаша екен! Жаны бар, оты күшті, түсінесің бе? Шын жүректен шыққандығы көрініп тұр, – деп, бүтін денесімен қозғалып кетті. Сол жерде тұтығыңқырап барып: – Сен ренжіме, бірақ өлеңің тым нашар. Сырты жонылып түзелмеген, шеберлігің жоқ, – деді. Маротке қолындағы қағазын алдына тастай берді. Үндемей шаңыраққа қарап отырып, иықтарын қозғап жіберіп айтты: – Айтып отырмын ғой, жүрегімнен шығады деп. Осыларды жазғанымда, ішім аласұрып, жылағандай болып отырады. Шебер еместігін əр кім айтады, тап сен сияқты. Өлеңіңіз жонылмаған, түзелмеген, басуға жарамайды, дейді бəрі де. Қалай түзеу керек? Не сиқыры бар мұның? Сіз міне оқыған адамсыз, білетін шығарсыз? – деп, Маротке қызу үстінде Поручикті тіпті «сіз» деп сыпайылап жіберді. Аз ғана үндемей отырып: – Сөзіңе жауап қайыру оңай емес, – деді Поручик. – Өлең де өнер ғой. Өнер болған соң білім, оқу керек қылады, əр өнердің өзіне тəнді тəртібі болады. Егер, мəселен, инженер дарияға көпір салудың тəртібін түгел білмесе, көпірді не мүлде сала алмай, не салған көпірі іске аспай қалады. – Ол көпір ғой, сенің айтып отырғаның. Бұған себеп болу керек, неше түрлі инженерлік сұмдықтарды білу керек. Өлеңді айтсақ менің жүрегіме ана сүтімен бірге салынған, дарыған деуге болады ғой. – Дұрысы, сондай дарыған өнерді оқу ашады. Инженердің дохтр болмай инженер болуы да сол туғаннан көңілі бір нəрсе жасап шығару жағына бейімірек тұратындықтан. Сонымен ол оқымаса, үйренбесе, шайтан да шықпайды онан. – Ие, солай десейші, балық қағындысы! Жарайды, соғыс бітті, мен тура мектепке кірем, өлең үйренуге
кірем. Ондай мектептер болатын шығар-ау? Поручик ойланып отырып: Болатын шығар, – деді. – Кірмей қоймаймын. Өлең деген нəрсе өмірімді өртеп-ақ болды. Қашан бір кітапқа басып шығарып, бəрінің сыртына: «Мария Басованың өлеңі» деп жазып шығарғанша, ішім қайнап, жанады да жүреді. От сөнген қараңғыда үйдің киізінің жапсарынан кіріп жел зуылдап тұр. – Естіп отырсың ба! Əй, кадет1, – деді бір мезгілде жұлып алғандай Маротке: – Қолдарың ауыратын шығар-ау? – Артық ауыра қоймайды! Ұйып қалды, бірақ! – Солай ма! Сен маған қашпаймын деп ант ет, қолыңды босатайын. – Қайда қашпақпын мен сонда, құмға ма, қасқыр, қарсақ қа жем болуға ма? Өзімде өзімнің өшім бар ма менің? – Сонда да ант ет. Менің айтқанымды айтып отыр. Өзінің теңдігін іздеген кедей пролетариаты мен Мария Басова қызыл əскер алдында қашпаймын деп ант етемін. Поручик ант сөзін түгел айтып шықты. Мықты байланған шылбырдың түйіні шешіліп, ұйыған қолдар босады. Рақаттанып Парушік саусақтарын қозғады. – Енді жата бер! – деді есінеп, Маротке, – Осыннан қашсаң оңбағанның оңбағаны боласың, мə кигіз, жамылып жат. – Тəңірі жарылқасын, тонымды жамылам ғой. Қайырлы ұйқы тілеймін Мария... – Пилатовна2, – деді кісімсіп Маротке, сөйтті де бүтінімен кигіздің астына кіріп кетті. Иебсоков соғыс майданындағы штабқа хабарласуға асығып жүр. Ауылда біраз тынығып, жылынып, əлденіп алу керек 1 Кадет – офицерлік оқуындағы ақсүйек жігіттер. 2 Мария Пилатовна деп əкесінің атын қосып орыста қатардағы үлкен кісіні атайды. (Аудармашы).
болды. Бір жеті жатқан соң теңізді жағалап отырып Арал поселкесіне барып, онан Қазалыға баратын болып, қозғалмақ болды. Сол кездерде комисссар жолаушы қазақтардан үш-төрт шақырым жер жағада теңізден күзгі дауыл шығарып тастаған бір паром қайық жатыр деп естіді. Иелері теңізде қаза тапқан балықшылардың қайығы болса керек. Комиссар қайықты көруге шықты. Сары еменнен жасаған жап-жаңа қайық екен. Дауыл желкенін жыртқан, жəне басқарғыш құйрығын жұлып əкеткен екен, басқа мүшесінің бəрі түгел. Иебсоков қызыл əскерлермен ақылдасып, біраз кісіні Сырдария құйылысына теңізбен жіберетін болды. Қайық жүгімен төрт адамды еркін көтеретін. – Осы дұрыс болар, – деді комиссар. – Мынау тұтқынды да тезірек жеткізу керек, жол үстінде əлі не боларына көзіміз жетеді, штабқа жеткізбей болмайды. Сонан штабтағылар біздің хабарымызды алып, алдымыздан көлік-көмегін, киім-кешек, азықтүлік шығарар. Жел оңынан келгенде, мына қайық үш-төрт күнде Аралды кесіп өтіп, бесінші күні Қазалыға жеткізеді. Иебсеков бір қағазға өздерінің хабарын жазып, бешпетінің ішкі қалтасында жүрген Поручиктің документ қағаздарын қоса бір кенеп қалтаға тігіп бекітті. Қазақ əйелдері қайықтың желкенін матамен жамап, Иебсоков өзі қолға түскен тақтайдың сынығынан жаңа құйрық жасады. Февральдың аязды таңында күн аршыған жез шылапшындай, аспанның көк березе тұнығымен төмендеп қалқып бара жатқанда, жолаушылар түйеге салып, мұздың жиегіне сүйреп қайықты əкелді. Қайықты еркін суға түсіріп, жолаушылар мінді. Мароткеге Иебсоков айтты: – Осының үлкені, бастығы сен боласың! Бəрінің жауабы сенде болады, кадетті көзіңнен таса қылма!
Айырылып қалғаныңнан өлгенің артық, тірі болса штабқа тірідей жеткіз, өлсе өлігін жеткіз, байқаусызда ақтарға кездескендей болсаңдар, мынаны тірі жіберме! Жарайы, қозғалыңдар! Бесінші бөлім Түгелімен Даниел Дефодан ұрланған, тек мұнда Робинзон Пятницаны ұзақ күтпейді1 Арал теңізі – көңілсіз теңіз. Айнала жиегі жазық, жусан мен құмынан басқа түгі жоқ. Толқынданған төбетөбе құм. Арал теңізінің ортасындағы аралдары жып-жылтыр, жап-жазық, судың бетіне жайып салған табаға құйған құй мақ дерсің, жиегін əрең айырасың, өзінде тірі жан болмайды. Бір құс, бір шөп болмайды, адам иісті тек жаздың күні біле ді. Арал теңізінің ең үлкен аралы – Барсакелмес. Не мəнді сөз екенін біз білмейміз. Қазақтардан естуіміз – «Адамдардың қаза табатын жері» дейді. Арал поселкесінен жазды күні осы аралға балықшылар барады. Барсакелмес төңірегі жайнаған балық болады. Күзгі дауылдар теңіздің бетіне ақ қояндарын ойнатып, теңіз ақырғанда, балықшылар жаз шыққанша Арал поселкесінің алдына барып жан сақтайды. Күзгі дауылға дейін тасып ала алмаған балықтарын балықшылар сол аралдың өзінде тұздап, жан-жағынан жел соғатын ағаш сарайларға жиып, қыстатып кетеді. Қыс қатты болған, теңіз Шеріншау түбегінен тап Барсакелмеске дейін қатып қалған жылдары шиебөрілердің ырысы, мұздың бетімен шауып аралға 1 Даниел Дефо – «Робинзон крузо» деген қызық əңгіменің жазушысы, Робинзон кемесі қарық болып жан көрмеген аралда күнелтетін əңгіменің бас қаһарманы, Пятницаның жолдасы. Əңгіме соған ұқсайтынын айтады. (Аударушы).
барып, тұзды сазандарды қомағайланып жеп-жеп, орнынан қозғалмай қатып қалады. Жазғытұры Сыр дарияның мұзы түсіп, суы сары сазбен лайланған кезде аралға балыққа келген балықшылар күзді күні тұздап кеткен балықтарының түгін таба алмайды. Теңіздің дауылы бұрқырап, ақырып-ақырып, ноябрь айынан февральға дейін дəуірлейді. Басқа кезде тек андасанда жеңіл дауылдар өтіп кетіп тұрады. Жазды күні Аралда үн жоқ, тып-тынық, асыл айна дер сің. Көңілсіз ғой Арал теңізі. Жалғыз қуаныш, жалғыз көр кі теңіздің адам айтқысыз көк түсі. Тұңғиық терең көк түсі, көк мақпалдай көз тартады, асыл сапфиртас болып неше құбылады, құлпырады. Осы түрін жағрапия кітабының бəрі айтады. Маротке мен Поручикті жүргізгенде комиссар алдағы жетілерде күн боран-шашыннан аман болып, теңіз тыныш болатынына сеніп жүргізді. Қазақ есепшілері де жəне тыныштық айтты. Маротке, Поручик жəне теңіз жолына əбтен ысылған Семен, Биякр деген екі жігіт, төртеуімен қайықпен Қазалыға теңіз жолымен жүріп кетуі осыдан болатын. Толқынды сылдыр қақтырып, суылдап тұрған жағаның жеңіл желіне қосылып қайықтың жамаулы парызы қанып, шеңберек атып ойнап келеді. Маужырап қайық құйрығы сықырлап, қайықтың алқымына бұрқыратып майлы ақ көбік əкеп тығады. Поручиктің қолын Маротке мүлдем шешіп қойды, қайықтағы адам қайда қашады? Семен, Биякрлермен аралас есепте Габаровқа өтірік еркін отыр. Өзін-өзі тұтқынға əкеле жатқан жан болды. Есебі красный армияларға бергенде кигізге оранып, қайықтың түбінде жатады. Күлімсірейді де жатады. Өзінен басқа адам білмейтін бір ойлары күлдіреді де жатады. Маротке соған мазасызданады. – Осы неге ыржалаңдайды да жатады?
Өз үйіне рақатқа бара жатыр ма екен? Жұмыс біткенін білмейтін сияқты, штабқа апарған соң жауабын алады да, жөндеуге жібереді, жарым ес, мисыз неме! Мароткенің бұл ойларын Парушік білмейді, күлімдейді де жатады. Маротке шыдамай сөйлей бастады: – Сен суда жүзуді қайдан үйренгенсің? Ойланып барып Габаровқа өтірік айтты: – Петрборда... Менің өзімнің яхтам болушы еді, үлкен, теңізде жүретін еді. – Яхтасы не? – Қанатты кеменің бір түрі. – Айттың-ау, яхтаны мен сенен артық білетін шығармын-ау. Астраханда байлардың құлыбында көргем. Адам айтар емес көп болатын, бəрі де аппақ, биік, аққудай əдемі еді. Мен оны сұрап отырғаным жоқ. Аты не еді деймін? – Нелли. – Бұл не деген ат? – Менің қарындасымның аты солай еді. Соған арналған яхта. – Христиан елінде осындай ат жоқ қой тіпті. – Елене ғой... Ағылшынша Нелли болады. Маротке үндемеді. Бал сияқтанған жылтыр, суық күнге қарады, ақ күн төмендеп, көк мақпал суға сырғанап келе жатқан іспетті тағы сөйледі. – Суды айтамын, көк түсі тап-таза! Каспий теңізінің суы жасыл болады. Мынаны қарашы, көкпеңбек! Поручик күбірлеп ішінен, өзіне өзі айтқандай болды. – Порелдің шкаласымен есептегенде үшінші нөмірге келеді. Маротке тыныштанып: – Не дейсің? – деп бұрылып. – Əшейін өзіме өзім айтып отырмын, су жөнінде. Гидрография деген су ғылымында осы теңіздің суы ашық көк түсті болады дейді. Порел деген теңіз суын нөмірлеген, сонда ең қою көк түсті ұлы мұхит суы болған.
Мына теңіздің түсі сонда үшінші нөмірге жақындайды. Порелдің көк түсті неше түрлі құбылтқан бояғы нөмірлі қағазын көз алдына келтіргісі келгендей болып, Маротке көзін қысып ойланды. – Тамаша көк қой, бір нəрсеге салыстыруға келмейді. Не сияқты... көк... – деп көзін ашып, мысықтікіндей сары жанарын кенет Поручиктің көк-ніл көзіне қадай қалды. Бір ойда жоқ нəрсені ашқандай болып, денесі шіміркеніп, ілгері бір ұмтылды да, таңырқап аузын аша қалды. Сыбырлап: – Əкем-ай! Сенің көзің тап мына судың көгіндей екен ғой! Тап осы сияқты не көрдім деймін-ау, балық қағынды сы. Поручик үндеген жоқ. Көжиекке қызыл-сары қан төгілді. Суық ызғар келе басдады. – Шығыстан шықты ғой, – деп Семенни күйбеңдеп жыртық шинелге орана бастады. – Шайтан да болмайды. Тағы бір-екі сағат қимылдасақ Барсакелмес көрінеді. Жел қайте қояды, сонда шығып қонамыз ғой. Сөз тоқталды. Суық су қорғасындай сұрланып, қайықты солқылдата бастады. Ұйпаланған қара-көк аспанда жол-жол болып ұзын бұлттар пайда болды. – Айтқаным келді. Кəдімгі дауыл келді. – Барсакелмес те жақын болса керек, сол қолға таман болар. – Қарғалған жер-ау Барсакелмес те, теңіздегінің бəрі құм, құмнан басқа дым жоқ, тек жел гуілдеп ұлиды да тұрады... – Мəштің арқанын ұста, оңбаған, ұста! Жанаралдың шалбар құйысқаны деп отырсың ба? Поручик тап кезінде мəші арқанын билей алмай қалды. Қайықтың бір жақ кемері суды жарып кетіп, отырғандардың бетін ақ көбік басып кетті. – Менің күнəм не? Құйрықта отырған Мария Пилатовна қалғып кетті білем.
– Мен бе қалғитын? Есіңді жи, балық қағындысы келгір! Бес жасымнан қайық басқарып келемін! Бірінен бірі биік, аждаһаның жалындай қап-қара ақжал толқындар арттан бірін-бірі айдап, баспалатып, шиқылдап келіп қайықтың кемеріне басады. – А-ай, дүние-ай... Барсакелмеске жетіп алсақ-ау. Түннің қараңғысын қарашы, түк көрінбейді. – Биякр сол жаққа үңіліп қарап отырып, қуанып айқай салды. – Келдік! Əне құрып қалғырың! Тұмандатып соғып тұрған судың шашырандысының арасынан төменде бір ағарған жол көрінді. – Жағаға бұрыңдар, – деп Семенни айқай салды. – Жеткізе көр, құдай! – Сарт етіп қаралы жел екпіні тұмсыққа соққанда діңгек сықырлап, ыңырсығандай болды. Жалданған бір толқын қайықты басып қалды. Тобыққа дейін су кірді. Маротке ұшып тұра келіп: – Суды төк! – деп шаңқ етті. –Төк дейсің?.. бақыраш қайда? – Қалпақтарыңмен төгіңдер! Семенни мен Биякр бастарынан бөріктерін жұлып алып, арпалысып суды төгіп жатыр. Поручик аз тоқталып барып, басынан бұйра офицер бөркін жұлып алып, ол да қосылды. Төменде ағарған жол қайыққа жақындап, қар басқан жер екені анықталды. Бұрқырап жиылған көбіктен тым ақ көрінді. Жел жынданып, иттей ұлып, соққан толқын тауларын бұрынғысынан жоғары атып барады. Қайықтың желкенінің шертіп тұрған құрсағына барып жынды жел бар екпінімен бір соқты. Зеңбірек атылғандай болып ескі кенеп ортасынан қақ айырылды. Семенни мен Биякр екеуі дөңгелекке ұмтылды. – Ұшын ұста! – деп шыңғырады артында көкірегімен тіреп отырып Маротке. Албастыдай үрпиген, суылдаған мұздай толқын келіп бір соғып, қайықты бір жағына аударып жіберіп,
қорытқан қорғасындай зілденіп, үстінен асып түсті. Кемерінен дейін су толып, қайта түзелгенде, мач тадағы Семенни де, Биякр де жоқ болып шықты, желкенінің жалба-жұлба кенебі суы шыпылдап діңгегіне соғып тұр. Поручик қайықтың түбінде белуарынан суда отырып, жиі-жиі шоқынады. – Шайтанның баласы!.. Не қылып былжырап отырсың? Суды төк! – деп Маротке туғалы аузынан шықпаған бір сөгіспен боқтап жіберді. Барақ иттің күшігіндей жалпылдап, ұшып тұра келіп Поручик суды шашып жатыр. Қараңғы түнде ысқырып тұрған желмен бірге Маротке де шыңғырып айқай салады: – Семе-е-нни-ай!.. Уа-а, Биякр-р! Көбік сартылдап қайыққа соғады. Адам дыбысы білінбейді. – Батып кеткен ғой, ант атқандар! Ішіне су толған қайықты жел жағаға айдап келеді. Су қайнап тұр. Артынан соққан бір толқынның екпінімен қайықтың түбі құмға сыр-р ете қалды. Секіріп түсіп жатып Маротке: – Суға секір! – деді. Поручик те соңынан түсті. – Қайықты сүйре!Қайықтың құйрығынан ұстап алып, толқын соғып, су басып, жағаға сүйреп келеді. Құмға келіп тірелді. Маротке винтовкелерді алып, Поручикке: – Азық салған қаптарды алып жүр! – деді. Поручик бұйрықты орындауда. Құрғақ жерге келіп Маротке винтовкаларды тастай берді. Поручик қаптарды жиып қойды. Түннің қараңғысына үңіліп Маротке тағы бір дауыстады: – Семенни-ау! Биякр-ау! Дыбыс жоқ. Қаптың үстіне отыра қалып, қатындарша жылап қоя берді. Поручик артында тұр, тісі тісіне тимей, сартылдап тұр. Иығын қозғап желге қарап: – Шорт! Нақ ертегідегі болды! Пятницаны ертіп келе жатқан Робинзон дерсің де қоярсың!
Алтыншы бөлім Мұнда екінші рет тіл қатысу туралы жəне ырамер өлшеушімен жылылық 2 болғанда теңіз суының табиғатқа зиянды екені туралы сөйленеді Поручик Мароткені иыққа түртті. Сөйлейін деп неше оқталса да сартылдаған тістері сөйлетпей тұрды. Қалшылдаған иегін жұдырығымен тіреп тұрып, зорға сығып шығарды: – Жылағаннан түк өнбейді, жүрелік, бұлай отырып қатып қаламыз ғой! Маротке басын көтеріп, үмітсіз дағдарған түрмен: – Қайда барасың? Аралда отырмыз ғой. Төңірегіміздің бəрі су, – деді. – Жүріп көрелік, осы жақын жерде сарайлар болатын. – Оны қайдан білдің, келіп пе едің? – Жоқ, көрген емеспін, гимназиядағы кезімде осы аралдарда балықшылар балық сақтауға сарайлар жасайды деп кітаптан оқығаным бар еді. Сарай табуымыз керек. – Ал таптық, сонан соң қайттік? – Кешкі ақылдан таңдағы ақыл тыңырақ деген, тұр, Пятница! Маротке сескеніп жалт қарады Поручикке. – Алмасқаннан құр емес-ау деймін, құдай-ай!.. Мұны қайтем енді. Жұма1 емес, сəрсенбі ғой бүгін! – Ештеңе етпейді! Ондайға назарыңды бөлмей-ақ жүре бер, кейін сөйлесерміз, тұр енді. Маротке тыңдады, тұрды, Поручик винтовкелерді жиып алайын деп еңкейіп еді, қыз оның қолын ұстай алды. – Тоқта! Есерленбе! Қашпаймын деп ант еткеніңді білесің бе? 1 Робинзонның жолдасы Пятница ғой, Пятницаның дəл мағынасы – жұма. (Аудармашы).
Поручик қолын жұлып алып, жындыша сақ-сақ күлді. – Алмасқан мен емес, сен көрінесің! Өзің ойлап қарашы, мисыз-ау! Қашуды ойлауға мүмкіндік бар ма қазір? Винтовкелерді саған ауыр болады деп, алып жүрейін деп жатырмын. Маротке жұмсаңқырап, салмақтап айтты: – Көмегіңе тəңірі жарылқасын! Бірақ менде сені жеткіз деген қатты бұйрық бар. Өзім жауапты болған соң, саған мылтық құрал бере алмаймын! Поручик иықтарын бір қозғап, қаптарды көтерді. Ілгері жүре берді. Аяқ асты қарға араласқан құм, шықыр-шықыр етеді. Тегістігінен адамның жаны жиіркенетін, ұзыннан ұзақ созылған шетсіз жиек, аралдың қырсыз жиегі бітер емес. Анадайда қар басқан бір қоңыр нəрсе елестеді. Үш бентобкіні көтере алмай Маротке теңселіп зорға келеді. – Ештеңе етпес, Мария Пилатовна, шыда! Осы көрінген сарай болар. – Əлім құрыды, тез жетсек екен! Жаурап та болдым! Тура сарайға келіп тірелді, іші адам айтқысыз қараңғы екен. Балықтың дымданған иісі мен таттанған тұздың иісі қосылып, адамның жүрегін айнытпай қояр емес. Поручик сипалап жүріп, төбе-төбе үюлі тұрған балықты тапты. – Е, е, балық бар екен, бұ да жақсы, аш болмаймыз ғой. – От болса ғой!.. Ішін əбден қаралық, бəлки желден қорғаулы бір бұрыш табылмас па екен? – деді Маротке ауру адамша ыңқылдап. – Электрге бұ жерден қолымыз жетпес. – Балықты тұтатып алсақ. Семізін қарашы. Поручик тағы сақылдап күлді. – Балық тұтатам дейсің бе? Шын алмасқан екенсің ғой! – Неге алмасайын! – деді ауырлаңқырап Маротке, Еділ бойында талай жаққамыз, отыңнан артық жанады.
– Естіп отырғаным осы... Жə, қалай жандырасың? Менде шақпақ тас бар, бірақ тамызықты қайдан аламыз? – Əй, мырза! Өмірің шешеңнің қолтығында өткені апанық тұр. Мə, оқтарын түсір мынаның, мен керегеден тамызық алайын. Қатып қалған қолдарымен Поручик үш винтовка патронының оқтарын əреңдеп түсірді. Қараңғыда тамызық əкеле жатқан Маротке Поручикке сүрініп жығыла жаздады. – Оқ дəріні төк мынаған! Үйіп төк, шақпағыңды бер! Шақпақтан көк жасыл от ұшқыны көрініп еді, Маротке дереу оқ дəріге апарып тыға қойды. Ысылдап, жайлап сары жалын жарқ ете түсті, құрғақ тамызық ағашты да алып ала жөнелді. – Енді болды, – деді қуанған Маротке, – балық əкел, сазанның семіздеуінен əкел. Тұтанып жанып жатқан тамызық ағаш үстіне айқышұйқыш балық түсті. Құрысып барып, майлы балық жарқ етіп жалындап жанып кетті. – Енді тек сала бер, жарым жылға жететін балық бар, – деп Маротке жан-жағына қаранады. Жалын сəулесі дірілдеп төбе болып жатқан балықтың бетінде көлеңке тұрғызып, жүгіріп ойнап тұр. Сарайдың ағашы, керегелері шұрқ-шұрқ саңылау. Маротке сарайды аралап өтіп, бір бұрыштан дауыс тады: – Бүтін бір бұрыш бар екен. Балықты сала бер, сөніп қалмасын. Мен мынаның жан-жағын балықпен бітеп тастайын. Тап-таза бөлме жасайын. Поручик оттың басына отырды, бүрсеңдеп бойын жылыта алмай отыр. Ана бұрышта суылдап Мароткенің тастап жатқан балықтары шылп-шылп етеді. Аздан соң Мароткенің шақырған дауысы келді. – Болды, от əкел енді! Жанып жатқан сазанды құйрығынан көтеріп Поручик бұрышқа барды. Бұрыштың ашық ұш жағына Маротке балықты үйіп, кереге жасапты, ортасы бір шаршы сажын жер болған.
– Кіріп, балықты тұтат. Ортасына мен ірі балықтар салып ыңғайлап қойдым. Ол екі арада мен азыққа барып келейін. Даяр жатқан айқыш-ұйқыш балықтың астына Поручик қолындағы сазанды салды, балықтар жайлап еріксіз тұтанды. Маротке келіп винтовкілерді, қаптарды əкеп, бір бұрыш қа жиып қойды. – Əй, балық қағындысы-ай, жігіттер кетті-ау, тектен тек кетіп қалды-ау! – Киімімізді кептіріп алсақ тəуір болар еді, болмаса денені суық ұстайды ғой. – Оған не бөгет болды. Шеш, кептір! Балықтың еті қандай қызу. Поручик аз ғана бөгелді. – Сіз кептіріңіз, Мария Пилатовна, мен ана жақта күте тұрайын. Сізден кейін мен кептірінейін. Оның дірілдеп тұрған түріне Маротке үлкен кісіше мүсіркеп бір қарады. – Ақымақ екенсің өзің, қарап тұрсам! Нəзік, төре мінез. Неден қорқасың? Туғалы жалаңаш əйелді көрмеп пе ең? – Жоқ, сондықтан емес... Əшейін сізге оңаша болған тəуір ме деп айтып отырмын. – Жымыңдама! Бəріміз бір еттен жасалғанбыз. Айырмашылығымыз қанша? – деп ақырып жіберді, – Шешін, шайтан! Тісіңді пулеметше тарсылдатып тұрғаның есіңде бар ма? Таза бір бейнет болдың ғой сен маған! Тұрғызып қойған бентобкелерге, буы бұрқырап отқа төніп, киімдер жаюлы тұр. Маротке мен Поручик екеуі мажырасып, денесін отқа қақтап, оттың екі жағында отыр. Маротке көзін айырмастан Поручиктің арыған нəзік ақ жауырынына қарап отыр. – Ə, не деген ақсың өзің, балық қағындысы келгір! Жасыңда ылғи қаймаққа шомылдырған шығар сені!
Поручик қып-қызыл болып, басын бұрды. Бірдеңе айтайын дей бергенде көзі Мароткенің көкірегінде дөңгеленіп ойнап тұрған сары сəулеге түсіп кетіп, көкніл көздерін кенет төмен тұқыра қойды. Киімдері кеуіп келеді. Маротке иығына тонын жамылып: – Ұйықтап алу керек. Ертеңге дейін күн бəлки толастар. Əлгі қайықтың аман қалғанына шүкір-ау. Ақырындап отырып Сыр дарияға жетеміз. Онда балықшыларға кездесеміз. Сен жат, мен отты қарай тұрайын. Ұйқы талдырған кезде сені оятармын, сөйтіп кезек күзетейік. Поручик астына киімін салып, үстіне бешпет тонын жамылып жатты. Қатты ұйықтап қалды. Түсінде ыңқылдап, ыңырсып жатты. Оған Маротке көзін айырмай қарады да отырды. Иығын қағып: – Басыма бір пəле болды ғой, сорлы! Суық өтіп кетпесе жарар еді. Үйінде үлде мен бүлдеге орап ұйықтатады ғой. Əй, балық қағындысы келгір, тіршілік-ай! Ертемен төбе саңылауларынан таңның бозы кіре бастағанда Маротке Поручикті оятты. – Сен отты қарай тұр, мен жүгіріп жағаға барып келейін. Біздің жігіттер аман шығып жағада отыр ма екен, байқап келейін. Поручик ауырлап тұрды да, самайларын ұстап: – Басым ауырып барады, – деді. – Ештеңе етпес... шаршағандікі ғой, жəне түтіннен болар. Қаптан нан алып, балық қуырып жеп ал, – сонсоң кетеді. Винтовкіні алып, тонның етегімен сүртіп жіберіп, шығып кетті. Поручик еңбектеп от жағасына келіп қаптан кеуіп қалған нанды алды. Бір тістеп, аз ғана шайнады да, наны қолынан түсіп кетті, өзі де сылық етіп отбасына жығыла кетті. Маротке келіп иығынан жұлмалап, зəресі кетіп дауыстап жатты: – Тұр, тұр, ант ұрған! Сұмдық пəле болды...
Поручик көздерін ажырайтып ашып жіберіп, аузын да ашты. – Тұр деймін, тұр! Пəле болды, қайықты толқын əкетіпті, қырылдық та енді. Поручик оның бетіне қарайды, үндемейді. Маротке біраз қадалып бетіне қарады да, шошып кетті. Поручиктің көк-ніл көздерінде ес те жоқ, түс те жоқ екен. Мароткенің қолын жастанып жатқан бетінен заулаған оттың қызуы лып-лып етеді. – Суық өтіп кеткен ғой, селдіреген сайтан, енді қайтем сені? Парушік ернін жыбырлатты. Маротке еңкейіп тыңдай қалды. – Михайл Ибанш!.. иединитсе1 қоймаңызшы, жаттай алмадым, ертең біліп келейін... – Немене езіп жатқаның? – деді сескеніп Маротке. – Трезор2... ал... бөденені қарашы... – деді, кенет ұшып тұрып айқайлап Поручик. Маротке жалт беріп кейін шегініп, бетін басты. Поручик тағы құлады, құмды тырнап жатыр. Шашалып, булығып бір түсініксіз сөздерді былдырлап тез-тез сөйлеп жатыр. Маротке дағдарып, жан-жағына қарады. Сонсоң үстіндегі тонын шешіп, жерге төсеп əрең деп Поручиктің сүлдесін сүйреп əкеп соның үстіне салды, үстіне өзінің бешпет тонын жапты. Амалы құрып, долданып, бүрісіп жанына өзі жатты. Солған, қуарған жақтарын көз жастары жайымен жуып жатыр. Поручик жұлынып, тонын жұлып тастай береді, Маротке өне бойы, иегіне дейін мықтап жабуда. Басы жайсыз жатқанын көріп, қаптарды жастап берді. Аспанға арыз қылғандай болып, қамығып айтты: – Өліп қалады-ау енді. Иебсоковке немді айтам? Əй сорым ай! Оттай жанып жатқан Поручикке еңкейіп төніп қарады, түсі қашып бозарған көк көздеріне қарады. 1 Иединитсе – Бір цифры, оқудағы балаларға қоятын ең нашар оқығандық белгісі. (Аудармашы). 2 Трезор – иттің аты.
Жүрегін бүріп жаншып алғандай болды. Қолын созып, жайылып жатқан бұйра шашынан ақырын сипайды, екі алақанымен басын қысып отырып, едəуір елжіреп сыбыр етті: – Көгілдір көз, ақымағым-ай! Жетінші бөлім Бұл басында шатасып барып, артынан ашылатын бөлім Ылғи күміс кернейлер, кернейлердің ұсақ қоңырауы бар, қоңыраулардың бəрі асыл кристалл шыныдан. Кернейлер əн-күй шығарып жатыр, қоңыраулар нəзік дауыспен сыңғырлайды. – Тил, дин, дин, дин. – Дил, дил, тлам, тлам, – дейді. Керней трубалар өзінше соғады: – Тұ-тұ, тұ-тұ, тұ-тұ, тұ тұу, тұу. Бұл əлбетте марш қой, марш. Парадтарда салынатын марш. Клен ағашың жасыл жібек жапырағы арасынан күн нұры төгіліп тұрған мынау алаң да сол, парад болатын алаң. Оркестрді1 капельмейстер бастап тұр, өзі оркестрге артын беріп тұр. Шинелінің жырығынан үлкен түлкінің құйрығы шығып тұр, құйрықтың ұшында бір алтын күмбез бар. Оған камертон2 қыстырып қойыпты. Құйрық бұлғаңдап, камертонды қозғап, камертон дауыс тауып беріп тұр. Түрлі дауысты музыкаларға кірісетін кездерін көрсетіп тұр. Уақытын байқамай қалғандардың маңдайына барып тақ ете түседі. Музыкашылар жанын салып ойнап жатыр. Қызық өздері. 1 Оркестр – топтанып түрлі музыка аспаптарын қосып ойнайды. 2 Кармертон – асыл темір, соққанда əн, музыка бастарда керек дауысты тауып береді.
Кəдімгі бөлек-бөлек полктердің солдаттары тұр. Үлкен оркестр. Музыкашылардың бірақ ауыздары жоқ. Ауыз орны тып-типыл, трубалар əр қайсысының сол жақ танауына қыстырулы. Оң танауымен дем тартып алып, сол танауынан трубаға үрлейді. Сондықтан трубалардың дауысы бір түрлі нəзік, аса көңілді шығады. – Салтанатты маршқа даярлан! – Се-ремо-налний сал! – По-олк! – Ба-талион! – Рота-а-а! – Оңнан біз боздатып... бірінші батальон адымдап марш! Трубалар: То-то-то дейді. Қоңыраулар: Дин-дин, дин дейді. Сбетсов капитан бұйырып жүр. Капитанның арты тып-тығыз, жып-жылтыр, шошқаның майлы саны сықылды, теуіп, теуіп қалады. – Жарайсыңдар, жігіттер! – Трам, трам, ау, ау, ау! – Поручик!.. – Поручик! Поручикті генерал шақырады! – Қай Поручик? – Үшінші ротадағы. Габаровқа өтірікті генерал шақырады. Алаңның ортасында, генерал ат үстінде отыр. Беті қып-қызыл, мұрты ағарған. – Поручик мырза, бұ не ретсіздік? – Қи-қи-қи!.. Ха-ха-ха! – Жынданғанбысыз, бұ не күлкі? Көрсетейін мен сізге!.. Кімге күлесіз? – Өй, өй, өй! Сіз генерал емессіз.Сіз мысықсыз, мысық сыз, тақсыр! Ат үстінде генерал отыр. Жоғарғы де несі белуарына дейін – жанарал, онан төмен аяқтары – мы - сықтікі. Мысықтың бір жақсы тұқымы болса екен-ау, жоқ.
Бір қора-қораны қоймай қаңғып жүретін, жүні ұйысқан жаман тарғыл ала мысықтар болады ғой, тап сол тұяқтары үзеңгіге қадала қалған. – Сізді мен сотқа тартам, Поручик! Бұл болмаған іс! Гвар диядағы офицердің кіндігі төңкеріліп тұр деген не сұмдық! Поручик өзіне өзі қарап зəресі ұшып кетті. Мойнындағы шəрпі астынан кіндігі шығып тұр. Жасыл түсті жіңішке ішек болып көрінеді, оның ұшы, нақ кіндіктің өзі. Адам айтқысыз тез ұшып айналып тұр. Ұстай алып еді, кіндігі жұлынып шығып кетті. – Тұтқынға алыңдар өзін! Ант бұзған болады бұл! Генерал тұяқтарын үзеңгіден суырып алып, тұяғын жайып, бас салайын деп еді, тұяқ орнында күміс шпор1 бол ды. Шпордың шылдырауық сақинасы орнына көз орнатылыпты. Кəдімгі көз, дөп-дөңгелек, жанары сары, өткірше, Поручиктің тура жүрегіне барып қадалады. Көз бір қысылып, жып-жылы қарап сөйлейді, қалай екені түсініксіз, көз өзі сөйлейді: – Қорықпа, қорықпа! Апыр-ай, қалдың-ау əйтеуір! Бір қол Поручиктің басын көтеріп еді, көзін ашса, күрең шашты арыған жүдеу бет төніп отыр, жып-жылы көзі бар, əлгі көрген сары көзі. – Қорқыттың-ау мені, байқұс. Бір жеті бейнеттендім. Алып қала алмаспын деп едім. Бір аралда бізден басқа жан жоқ, жападан жалғыз біз. Дəрі-дəрмек жоқ, көмек сұрар жан жоқ. Сені алып қалған, қайнаған ыстық су. Əуелгі əзір де құса бердің ғой. Суы құрғұр ащы, нашар ғой, адамның асқазаны көтермей ді. Айтылып отырған шын көңілден шыққан жылы сөздерді Поручик əзер, əзер түсінеді. Есін жия алмай азырақ көтеріліп жан-жағына қарайды. Төңірегінің бəрі – жиюлы балық. От жанып тұр. 1 Шпор – офицер етігінің артына байланған ат қағатын шылдырақ темір.
Мылтықтың сүмбісінде котелек шелек ілулі тұр. Бұрқылдап су қайнап жатыр. – Бұ не, қайдамын?.. – Ұмыттың ба əлде? Танымай жатырсың ба? Мароткемін ғой мен. Жұқа, жылтыр қолымен Поручик маңдайын сипады. Бəрі есіне түсіп, ыржиып күлімсіреп сыбырлады: – Е, е, есіме жаңа түсті ғой, Робинзон мен Пятница екен ғой! – Тағы сандырақтады-ау? Не қылған жұма саған өне бойы? Қай күн екенін өзім де білмеймін, есебінен адастым тіпті, – Поручик тағы күлімсіреді. – Күн емес!.. Кісінің аты бар сүй деген... Бір кеме қарық болып, сонан бір кісінің адам көрмеген аралға шыққанын айтатын əңгіме кітап бар, соның жалғыз жолдасының аты Пятница болатын. Оқыған жоқ па едің? – төсегіне жөтеліп құлай кетті. – Жо-оқ... Ертегіні көп оқып едім, бірақ мұндайды оқығаным жоқ. Сен өзің қозғалмай тыныш жатсайшы, қайталап ауырып қалып жүрерсің. Мен бір балық асайын, жеп қуаттанып ал. Бір жетідей судан басқа нəр татқан жоқсың ғой. Балауыздай жып-жылтыр болып құрып қалыпсың, жат! – Поручик ақырын көзін жұмды. Көңілінде əлі қоңыраулар сыңғырлап тұрған сияқты, баяғы күміс трубалар есіне түсіп, ақырын күледі. – Немене, – деді Маротке. – Жай, əншейін... Сандырақтағанда бір қызық түс көріп едім, сол есіме түсіп жатыр. Түсіңде бірдеңе деп айқайлап жаттың ғой! Əскер басқардың ба? Ұрсып жаттың ба? Талай сұмдықтар болды. Төңіректе дым жоқ, тек жел гуілдейді де тұрады, бүтін бір аралда жалғыз өзім ғана, сен жатырсың, есітүсі жоқ, қорықтым, қатты састым – деп тоңған кісіше түршігіп. – Не қыларымды білмедім. – Осының бəріне не қып төздің? – Төздім тағы, əйтеуір, көбінесе сені аштан өледі-
ау деп қорықтым. Судан басқа дым татқан жоқсың ғой, қайта қалған нанды ыстық суға жібітіп жегізіп бітірдім. Енді төңірегімізде балықтан басқа түк жоқ. Ауру адамға тұзды балық не болсын? Сенің қимылдап көзіңді ашқаныңды көргенде ғана уһ деп демімді бір алдым. Поручик кірлесе де əдемі қолдарын созып Мароткенің қолының үстіне салды. Ақырын сипап отырып: – Тəңір жарылқасын, қарағым! – деді. Маротке қызарып кетіп қолын түсірді. – Жарылқасыныңды айтпай-ақ қой! Соншалық не қылдым? Аюанмын ба мен солай ететін. Мен кадет емеспін бе? Дұспаныңмен əуре болып не қылатың ең? Өзің де құр сүлдең отыр. Маротке кенет тоқталды да, бүтінімен қозғалып кетті. Қолын бір сілтеп, күліп жіберді. – Не қылған дұспан? Қолыңды көтере алмай жатып дұспандық қайда? Тағдыр үстіп сені маған қосып берді ғой. Туғалы қате кетпеген оғым саған тимей қалып еді, енді өлгенше сенімен əуре болам да жүремін ғой. Мə, же енді! – деп Маротке котелокты Поручиктің алдына қойды, ішінде жып-жылтыр майы кілкіген балық майы қалқып жүр. Нəп-нəзік еттің дəмді иісі келеді. Котелоктен балықты алып, артық ықыластанып жеп жатыр. – Тым ащы екен, бірақ тамағымды қырып барады. – Тұщы су болса, суға салып қойып сорғытып алуға болар еді. Енді не қыларсың? Бір пəле ғой өзі, балығы да ащы, суы да ащы! Бір қырсыққа кездестік қой, балық қағындысы келгір! Поручик котолокты əрі қойды. – Немене, жегің келмей ме? – Болдым, тойдым, өзің же. – Құрып қалсын, құрғырың? Бір жеті ішінде безіретіп болды өзі. Тамағыңда тіреліп тұрған сияқты. Поручик етпетінен шынтақтап жатыр. – Уа, темекі болар ма? – деді сағынып аңсап.
– Темекі дейсің бе? Əлдеқашан айтсайшы! Семеннидің қабында махорке қалған екен. Кішкене дымыққан екен, кептіріп алғам. Темекі іздейтініңді біліп едім. Шылым тартатын кісі ауырып тұрғанда шылымға бұрынғыдан жаман құмартып тұрады ғой. Мə, тарт! Поручик көңілі бұзылып, қолдары қалтырап, темекі қалтаны алды. – Алтынсың-ау сен Маша1, нянка кемпір2 сендей болмас. – Нянкесіз тұра аласың ба сен? – деп суық айтты да, Маротке қызарып кетті. – Қағаз жоқ-ау. Бірақ, сіздің ана шиедей комиссарларың қалтамда бір қағаз қалдырмады ғой, трубкамды жоғалтып алыппын. – Қағаз ба? – деп Маротке ойлана қалды. Сонан соң Поручиктің үстінде жатқан тонның өңірін ашып жіберіп, қалтасынан бір шиыршық қағаз алды. Сыртындағы жібін шешіп жіберіп, бір неше жапырақ қағазды Поручикке ұстата берді. – Міне саған шылымға қағаз, – деді. Поручик қағаздарды көрді де Мароткеге қарады. Көгілдір көздері таң қалып жарқырай қалды. – Өлеңдерің емес пе мынау? Есіңнен адасқанбысың өзің? Алмаймын мен, шылымсыз қалсам да! – Ал деген соң ал енді, шайтан! Жанымды күйдірмеші, балық қағындысы келгір! – деп ақырды Маротке. Поручик бетіне қарап: – Алда риза болсын! Мұныңды өмірімше ұмытпаспын! – деді. Шетінен титтей жыртып алып, шылым орап алып тартып жатты. Шылымның көк түтінінің ар жағында бір алыстағы қиялға қарап отырған сияқты. Маротке оған үңіліп қарап отыр. Кенет сұрады: 1 Маша – Маротке, Мария деген аттардың сүйіп, кішірейтіп айтатын түрі. 2 Нянка тате – байлардың бала бағуға жалдаған кемпірлері.
– Саған қараймын, қараймын да түсіне алмаймын, сенің көзің неден сонша көк болған? Мұндай көзді туғалы көрген емеспін, адам батып кеткендей терең көк! – Қайдан білейін? – деді Поручик, – Осылай туғанмын дағы. Көздің түсі басқаша деп əр кім-ақ айтушы еді. – Рас!.. Сені анада қолға түсіріп алғанымызда, бұ недеген көз деп таң қалып едім, көзің қауіпті көз ғой. – Кім үшін қауіпті? – Қатындар сақтанатын көз. Жүрегіңе сабынсыз еніп кеткелі тұр! Адамның тынышын алады! – Сенің де тынышыңды алды ма? Маротке қып-қызыл болды. – Өй, шайтан! Оны неге сұрадың? Жат онан да, мен суға барып келейін. Тұрып, жайымен котелогын алды, сонан соң балықтың арасынан шығып бара жатып, жарқылдап бұрылды да, баяғыдай тағы айтты: – Ақылы жоқ, көк көзім менің! Сегізінші бөлім Бұл бөлімнің айтатыны түсіндірмей-ақ анық Март күні жаз кіргеннің белгісі. Арал теңізінің көк мақпалы үстіндегі март күні жанды елжіретіп, денені шаққандай болады. Адамның қанын қозғайды. Поручик үш күннен бері далаға шыға бастады. Сарайдың жанына отырып, шуаққа жылынып, теңіздей көк көздерімен қуанып төңірегіне қарап отыр. Ол арада Маротке аралды түгел аралап шықты. Ақырында күн батар кезде қуанып қайтты. – Ертең көшеміз, біліп қой! – Қайда? – Əрі, қашығырақ жерге. Осыдан сегіз шақырымдай болады.
– Онда не бар екен? – Балықшының қосын таптым, патшаның сарайындай! Өзі мықты, құрғақ, терезесінің əйнектері де сынбаған əлі. Пеші де бар, азынаулақ сынған ыдыстың қалдығы да жа тыр. Бəрі де шаруаға жарап кетеді. Ең жақсысы – жоғарыда нары бар. Жерде аунап жатқаннан жақсы ғой. Əуелде соған жетіп жығылуымыз керек екен. – Кім білген оны? – Соны айтам ғой! Оның бəрінен бұрын тағы бір олжам бар. Ол олжам тамаша! – Ол не нəрсе? – Пештің бір қуысы бар екен. Азығын тығып қояды екен, сонан аз-маз қалғаны бар. Күріш бар! Жəне жарты пұттай ұн бар, дымданыңқырапты, сонда да ішуге келеді. Күзді күні дауыл, боран соғып кеткенде, асығыста жинай алмай ұмыт қалдырған ғой деймін. Енді дəурен сүреміз. Уайым жоқ енді. Ертемен жаңа орынға көшті. Алда жүк артқан түйедей болып Маротке барады. Бар нəрсені Маротке өзі үстіне артты, Поручикке түк көтерткен жоқ. – Сен қойшы осы, тағы ауырып қаласың! Бейнет боларсың, қорықпай-ақ қой, өзім жеткізем! Денем нəзік болғанымен саумын, күштімін ғой. Түс кезінде манағы қосқа жетті. Қарын тазартып, үзіліп жатқан есігін орнына байлап жөндеді. Пештің ішіне сазан балықты толтырып, тұтатып жіберіп, өздері жадырап бір алыс мақсатқа жеткендей болып, күліп, пештің алдында жылынып отыр. – Патшаның жайы емес пе осы? – Жігітсің ғой, Маша, өміріме естен кетпейтін болды. Сен болмасаң тірі қалмас едім ғой. – Белгілі нəзік ақсүйексің ғой! – отқа қолын жылытып, уқалап үндемей отырды. – Жылы, жайлы болды ғой... Бірақ бұдан əрі не істемекпіз?
– Не қылмақ керек? Күтіп байқаймыз! – Нені күтеміз? – Жазды күтеміз. Жаз жақын. Марттың ортасы болып қалды. Енді бір-екі жетіде балықшы балығын тасуға келеді. Сонан жолымыз ашылады ғой. – Олай болса жақсы ғой. Ылғи ащы балық пен шірік ұнды тамақ қылып отырып біз қаншаға барармыз? Бір-екі жетіге ғана шыдармыз, ар жағында жұмыс бітті десейші, балық қағындысы. – Балық қағындысы деген сенің сөзіңның салты ма, немене? Қайдан шыққан сөз? – Біздің Астрахань сөзі. Балықшылардың боқтау орнына айтатын сөзі ғой. Боқтағанды тіпті жек көрем, сонсын кейде ашу қысқанда көңілді осымен жұбатам. – Пештегі балықты сүмбімен былғап қойып, Поручиктен сұрады: – Сен бір арал жайынан ертегі бар деп едің. Пятница дедің. Құр бостан-бос отырғанша соны айтшы. Ертегіге мен бір түрлі құмармын. Апам үйіне қатындар жиылып алып Гогниқа деген кемпірді шақырып алатын. Гогниқа жүзге келген, тіпті жүзден де асқан. Наполеонды айтып отырады. Ертегілерді айта бастағанда мен бір бұрышта тығылып отырып, ес-түсім жоқ, қалшылдап, бір сөзін жібермей тыңдап отыратынмын. Робинзон əңгімесін айт дейсің бе? Жарым жартысын ұмытып та қалыппын, əлде қашан оқығам. – Есіңе түсіріп көр. Сол есіңе түскен жерін-ақ айт! – Жарайды енді, ойлап көрейін. Поручик көзін шала жұмып, ойланып отырды. Маротке сəкінің үстіне тонын төсеп, пеш жақ бұрышта тығылып отырып алды. – Бері кел! Мына бұрышқа келіп отыр, бұл жер жылы. Поручик те бұрышқа барып тығылды. Қызған пештің қызуы лып-лып етеді. – Қане, не ғып отырсың? Бастасайшы? Шыдамай отырмын, ертегіге сонша құмармын. Шынтақтап жатып Поручик бастады.
– Ливерпуль деген қалада бір бай болған екен, аты – Робинзон Крузо... – Ол қай жердегі қала? – Англияда. Робинзон Крузо деген бай болған екен. – Тоқта! Бай дейсің бе? Ертегі біткеннің бəрінде сөйлейтіні ылғи бай мен патшаның жайы болатыны несі екен? Нашарды ертегіге де шығармайды. – Білмеймін, – деді таңырқап Поручик. Сол менің ойыма келген емес. – Байлар ертегіні өздері жазған ғой, сірə, мен сияқты болған ғой. Мен өлең жазайын десем оқымыстылығым жетпейді. Нашарлар жайын мен тамашадай ғып жазар едім... Ештеңе етпес, оқып жетіліп алып жазамын ғой əлі. – Ие... сөйтіп, сол Робинзон Крузо жиһангез болып, жерді айнала жүріп қайтпақ болыпты. Жер жүзінде қандай балықтар бар, олар қалай тұрады, соны көріп қайтпақ болған. Қаласынан үлкен желкенді кемеге мініп шыққан. Пештің оты сытырлап жанып жатыр, Поручиктің дауысы да өлшеулі тамшы тəрізді бір қалыптан танбайды. Бірте-бірте есіне түсіріп отырып, қалдырмай түгел айтуға тырысып отыр. Маротке тек кей бір аса қызық жерінде ойпырым-айлап қойып, көбінде демін шығармай сіресіп тыңдайды. Поручик Робинзонның кемесі бұзылғанын айтқан жерде, көңілі жаратпай иығын қозғап сұрады: – Қалай? Сөйтіп оның өзінен басқаның бəрі суға батып кеткен бе? – Ие, бəрі кеткен. – Капитаны бір ес жоқ біреу болған ғой, немесе кеме бұзылар алдында есінен айырылғанша ішкен ғой. Жақсы капитан болса бірін қалдырмай қырып алады дегенге тіпті нанбаймын. Біздің Каспиде сондай қарық болу деген тіпті жиі болады. Сонда көп болса бір-екі-үш адам кетеді, басқаның бəрі аман қалады. – Неге олай дейсің? Біздің Семенни мен Биякр кеткен жоқ па? Олай болғанда сен нашар капитан болғаның
ба, жоқ болмаса қайық қарық болар алдында ішіп алған боласың ба? Маротке сасып қалды. – Ілген жерін қарашы, балық қағындысының! Ал, айтып бітір енді! Əңгімеде Пятница кездескен кезде Маротке тағы сөзді бөлді. – Мені Пятница деп жүргенің осы екен ғой? Сен онда Робинзонның өзі болады екенсің ғой! Пятница қара кісі дейсің бе? – Негр халқынан? – Мен негрді көргем. Астраханьда циркте көргем. Денесі жүн-жүн, ерні адам айтар емес қалың, түрінен адам қорқатын! Біз оның соңынан қуып жүріп, етегімізді ұстап, мазақ қылатынбыз. «Мə, шошқаның құлағын жейсің бе?» деп. Жаман ашуланатын. Таспен ататын бізді. Пираттар1 кездескендегісін айтқанда Маротке көзі жарқ етіп Поручикке қарады. – Оны бір адамға жабылған дейсің бе? Түкке аспайтын сұмырайлар ғой. Балық қағындысы келгірлер, өңшең! Поручик əңгімені бітірді. Маротке оның иығына жабысып, ойланып, бүрісіп қалды. – Қалай жақсы! Мұнан басқа да көп ертегі білесің ғой? Сен өстіп күн сайын бір ертегі айтып отырсайшы. – Немене, ұнап кетті ме əлде? – Тамаша! Тұла бойым түршігеді. Өстіп күнді қысқартамыз дағы. Күннің өткенін байқамай қаламыз ғой. Поручик есінеді. – Ұйқың келді ме? – Жоқ, осы ауырғаннан бері бойымды жия алмай жүрмін, əлім жоқ. – Əй, нəзік, əлсіз-ай! – деп, қолын көтеріп, Парушіктің басынан сипады. Поручик таң қалып, көк-ніл көзін Мароткеге бұрды. Бұл көз Мароткенің жүрегінен өтеді. 1 Пират – теңіз талаушылары. (Аудармашы).
Бəрін ұмытып, Поручиктің бетіне төніп барып, ернін тартып алып, өзінің жел қаққан ернін апарып жайымен мықтап сүйді. Тоғызыншы бөлім Бұл бөлімде, жүрек қимылы заңға бағынбағанымен де, есті тұрмыс билейтіндігі тағы анықталады Мароткеге өлік есебінде гвардия парушігі Габаровқа өтірік қырық бірінші болу керек еді. Оның орнына жас қыздың жалынды қызығының біріншісі болып шықты. Поручиктің жұқа қолы да, нəзік дауысы да, əсіресе басқаша көгілдір көздері Мароткенің жүрегін еріксіз тартып тұратын болды. Сол көгілдір көздерге қарағанда, жүрегі заулаған жалын болып, буындары қалтырайтын болды. Сонда Арал теңізінің көңілсіздігі де, ащы балық пен дымыққан ұнның жиіркеніш дəмі де ұмытылатын болды. шетсіз теңіздің арғы бетіндегі құбылып, соқтығып, гүрілдеп жатқан кең тұрмысты сағынғандық та өзінен өзі жəйіліп, жадырап кете беретін болды. Күндіз Маротке күндегі шаруасын істейді, нан пісіреді, балық асады, балықтан безіреп болды өзі. Соңғы кездері тісінің түбі ісіп бара жататын болды, сонда да асады, кейде байқаусызда көзіне бір қайықтың желкені түспеспе екен деп жағаға барып қайтады. Кешке таман, күн аспаннан сапарын шегіп өткенде, сəкісіне барып белгілі бұрышына тығылып, еркелеп, Поручиктің иығына жабысып отырады. Əңгімесін тыңдайды. Поручик көп əңгімелер айтады, қызықтырып айта біледі. Ал, түн ішінде достықтың тəтті тіліне бағынып, жазғы тұрғы жас малша, ыстық лебіне күйіп, егіліп, езіліп, табиғат еркіне мейлінше беріледі.
Сөйтіп аш бетінде нұр жайнап, армансыз балаша еріндері дірілдеп, балбырап ұйықтап қалады. Күндер толқын сияқты, жайымен маңызданып өтіп барады. Бір күні үйшігінің есік алдында шуақта мажырап отырып, Мароткенің жұп-жуан сазанның қабығын көз леспей аршып тастап отырған ептілігіне қарап отырып, Поручик көзін жұмып, иығын қозғап: – Ым... недеген қызық, құдай біледі!.. – деді. – Не деп отырсың, қалқаш. – Ей, қой деймін. Тұрмыстың бəрі бір қызық. Ертедегі түсініктер, сырттан қонған мақсаттар былшыл ғой бəрі. Жер картасындағыдай меншікті белгілер... Гвардия Поручигі дейді? Гвардия Поручигі құрысын! Тіршілік еткім келеді. Жиырма жеті жасқа келіп, əлі түк өмір сүрмегенімді енді көріп отырмын. Қанша мал шаштым, жер-жердің бəрін аралап, бір идеал іздедім, онымен баяғы бір түпсіз қапалық, баяғы түссіз сұрғылт көңіл бір тынған емес. Енді ойлаймын-ау, сол кездерде біреу ең толық бақытты өмірді осы жалпақ нан сияқты аралда, осы шайтан теңіздің ортасында көресің десе, құдай ақы, нанбас едім. – Қалай, қандай күндер дедің? – Ең толық, маңызды тіршілік деймін, түсінбейсің бе? Саған түсінікті қылып қалай айтсам екем? Мəселен, басқа, бүтін дүниеге қарсы дұспан болып көрінбейтін күндер, өзің бір бөлек жан болмай, мына кең дүниемен бірігіп, өзім деген жоқ болып, соның ішіне сіңіп кететін. Сондай күндерді айтам. Осы дүниенің демі, осы күні менің де демім. Мына теңіз жағаға соғып тұрғанда теңіз емес, менің жан-тəнім соның тіршілік күйіне қосылып, тыныстап тұрған болып көрінеді. Маротке пышағын былай қойды. – Сен оқымыстыларша сөйлейсің, сөзіңнің көбіне түсін беймін. Мен өзімше айтамын. Мен осы күні армансыз бақыттымын.
– Сөзіміз бөлек болғанымен, мəні бір болып шықты,– деді Поручик. – Осы күні ыстық құмнан еш қайда кетпесек дегім келеді, осында мүлде қалып, мына күннің көзінде айуанша қуанышты өмір сүріп жатсақ. Маротке бір нəрсені есіне түсіргісі келгендей болып, құмға қадалып қарап отырды. – Қой, құрысын!.. Мен қалмас едім. Түк жұмыс жоқ, жалқаулыққа салынып, мүлде езіліп жатар едік. Көңіліңнің толықтығын да көрсететін жан жоқ. Өлген балықтан басқа дым жоқ. Балықшылар тезірек жиылса екен. Марттың аяғы да жақын шығар. Тірі жанды, адамды сағындым. – Біз өзіміз тірі емеспіз бе? – Тіріміз ғой, бірақ ең шірігінен бір-ақ жетілік ұн қалды, жəне цинга1 болып ауырсақ, сонда қайтеміз? Жəне ойлап қарашы, қалқатайым, осы уақыт пеш үстінде жылынып жататын кез емес қой. Біздің кісілер қан төгіп, соғысып жатқан шығар осы кезде? Қару ұстайтын қолдың бəрі санаулы болады. Сөйтіп жатқанда, мен жан тыныштығымды ойлап жата алмаймын, бүйтіп жүретін болсам красный антын не үшін бердім мен? Таң қалып, Поручиктің көздері жарқ ете қалды. – Сен осыдан тағы солдатқа бармақсың ба? – Енді қалай деп едің? Поручик үндемей табалдырықтан жұлып алған жаңқаны айналдырып біраз отырды. Жайымен жалқау аққан бұлақтың суындай қылып сөйледі: – Қызық екенсің! Мен саған, Машажан, мынаны айтқым келіп еді. Осының бəрі əбден безіретіп болды. Осынша қан төгіс, осынша кек, ыза. Анадан туа солдат бола салғаным жоқ қой, мен де бір кезде адамша жəйлі тұрмыста болғам. Герман соғысынан бұрын студент едім, тіл ғылымын оқып жүрдім, құмарым кітап еді, кітабым көп, бір бөлменің үш қабырғасы толған кітап еді, өмірімнің көбі соның ішінде өтуші еді. Кешке қарай үй сыртында 1 Цинга – Аштықтан тістің түптері ісіп ауыру.
Петербургтің ашылмас тұманы жұртты дымқылымен сорып, бүрсеңдетіп тұрғанда, менің бөлмем жып-жылы, көк абажурлы1 лампаның жарығы сонша жайлы, жұмсақ креслода кітабыңды алып отырғаныңда, ойыңда түк уайым жоқ, қайғы жоқ, осы қазіргідей күйде болушы ең. Көңілің гүл болып жайқалып, жайнап тұрғандай, гүлдердің сыбдыры құлағыңа келіп тұрғандай. Миндаль ағаштың жазғытұрғы гүлденгенін білесің бе? Тап сол сияқты. – Ым, – деді Маротке, құлағын тігіп. – Осының бəрі тағдырдың бір тақаған күні сағым болып ұстатпай ұшты да кетті, келмеске кетті... Сол күн қазіргідей есімде. Терраста2 кітап оқып отырдым, оқыған кітабыма дейін білем. Батыста қан жапқандай қып-қызыл болып, зілденіп күн батып бара жатқан кез еді. Қаладан поезбен Əкей келді, қолында газеті бар, түсі қашқан, көңілсіз келді. Бір-ақ сөз айтты, бірақ бұл сөздің мағынасы зілдей ауыр болды... «Соғыс» деді. Күннің батқаны секілді қанды, қайырлы сөз. Жəне айтты: «Дим, отаны шақырғанда сенің əкең де, атаң да, ұлы атаң да тартынып қалған емес еді. Сенен де үміттімін?..». Əкей маған бекер сенген жоқ екен. Кітаптарымды тастап мен де кеттім. Шын көңілмен кеттім ғой... Иықтарын қозғап Маротке: – Ой, шатысқан ой! – деді. – Мысалы, менің əкем мас күйінде жарға соғып басын жарса, əкем сөйтті деп мен де соқтығуым керек екен ғой? Мен өзім мұндай іске түсіне алмаймын! Поручик күрсініп: – Солай... Бұған сен түсіне алмайсың, – деді. Атақдаңқ, атақ-намыс... міндет... сықылды ауыр жүктерді сен өміріңде арқалап көрген жоқсың, біз бұған əбден бағынған едік. – Ал?.. Марқұм əкемді мен де қатты жақсы көрем. Бірақ ол маскүнем болғанда мен соның ізінен танбаймын 1 Абажур – лампаның жарығын жұмсататын қалқан. 2 Террас – бақшаға шығарып үйге жалғастыра салған төбелі, керегесіз бөлме.
деуге бола ма? Мен бұған міндетті емеспін. Бергі атаң, арғы атаңды – бəрін жиып, онан əрмен кетсін дер едің. Поручик аузын қисайтып, долданып күлді. – Мен олай демедім. Бірақ соғыс түбіме жетті. Осы жаһан соғысының мағынасыз лайсаңында адамшылық таза жүрегімнен айырылдым, онан революция болды. Бұған қалыңдығыма сенгендей, таза сендім... Ол сонда не көрсетті? Офицер бола жүріп бір солдатқа қол тигізіп көрген емес едім. Гомель шəрінде қашқын солдаттар ұстап алып, көрсетпегені жоқ. Иығымдағы погондарымды1 жұлып тастап, бетіме түкіріп, үсті-басымды дəретхана ласымен былғап жіберді. Не қылдым мен соншама? Онда революцияның да, маскүнем, қиқар, түрсіз, мерезді екеніне көзім жетіп, қашып Оралға келдім. Əлде болса отаным бар ғой деп, соған сеніп, аяқ асты болған отаным үшін, қорланған погондарым үшін соғыспақ болып келдім. Соғысып барып, отанымнан да көңілім қайтты, отаным деп ардақтап жүргенім – революция сықылды сағым болып шықты. Екеуі де қан құмар екеніне көзім жетті. Погон соғысуға татымайтын нəрсе ғой. Сонан соң, адамның ең шын, жалғыз отаны – ой екені есіме түсті. Енді мен кітаптарыма қайтқым келеді. Кітаптарымнан кешірім сұрап алып, соған көміліп, солармен өмір сүрмек ойдамын. Ал, адамзаттың отанын, революциясын, құры лысын, бəрін онан арман жаһаннам түбіне кет дегім келе ді. – Солай де!.. Сөйтіп, жер ортасынан қақ айырылып, жұрт шындық іздеп, қанға бөгіп жатқанда, сен пеш артында жəйлі төсекте ертегі оқып жатпақ екенсің ғой? – Білмеймін, білгім де келмейді, – деп ұшып тұра келіп, ышқынып айқай салды Поручик: – Жалғыз білетінім, біз жердің сөнуіне қарсы келген жандармыз. «Қақ айырылады» деп сен дұрыс айттың, тозығы жеткен шайтанның жарылып келе жатқаны рас. Адамзат қаны-сөлінің бəрін сорып алып, жер қуарып, 1 Погон – патша офицерінің иығындағы шен белгісі.
қаңсып болған. Сондықтан бұзылып бара жатыр. Бұрын жас еді, жаңа жерлер, сансыз дəулеті қызықтырып тұрушы еді. Оның бəрі бітті. Енді ашатын, іздейтін жер қалған жоқ. Адамзаттың бар айласы енді осы барды бір неше ғасырға, бір неше жыл, бəлки минутке ұстап қалу жолына жұмсалып отыр. Техника, машина, жансыз құрғақ санға түстік. Толып жатқан цифрға батып, дəні таусылған ой, ақыл енді қорыту шарасын іздеп, соған күшін салып жатыр. Халықты көбірек қырып, қалғандарының қарыны, қалтасы көпке шейін солмай барудың қамы. Құрып қалсын! Ех-х, к черту! бəрі! Өз шындығымнан басқа шындықтың керегі жоқ. Сенің большевиктерің ашқан шығар шындықты? Адамның лүпілдеп тұрған тірі жүрегінің орнына ордер, пəйек1 шығарып, соған шақпақ болған? Жетер енді! Шықтым енді бұл жұмыстан! Енді былғануға жоқпын! – Ақ саусақ, таза жігітім екен ғой? Сіздің қазіретіңіз үшін басқалар-ақ былғансын боққа? – Ие, сүйтсін! Ұнатқандар өздері істей берсін! Тамаша, тыңдашы! Осыннан шығып алған соң Кавказға кетейік. Онда су-құм шарының жанында менің кішкене дачам бар, соған барып алып кітапқа кірісем. Басқаны к черту жіберем. Тып-тыныш жəйлі жұмысқа кіреміз. Шындығыңның керегі жоқ, тыныштық керек. Сен де оқисың, оқығың келеді ғой сенің? Оқымағанмын деп өзің зарлаушы едің ғой. Ал оқы, сенің тілегіңнің бəрін орындаймын. Сен мені өзімнен құтқарып қалдың ғой, оның өмірде ұмытылмайды. Маротке кенет түрегелді, тікен қадағандай қылып, тістеніп тұрып айтты: – Менің түсінуімше, жұрт шындығына жетем деп жанталасып жатқанда, сен екеуіміз бұрқырап мамыққа буланып жатуымыз керек деймісің ғой? Жəне қанға 1 Ордер, пəйек 20-21-ші жылдардағы большевик қазынасынан киім, тамақ алатын қағаздар.
былғанып шыққан кəмпитті күрс-күрс шайнап жатуымыз керек қой? Солай ғой сөзің? –Неге осынша қатты айтасың? – деді мұңайып Пору чик. – Қатты болды ма? Сізге қант қосқан нəзік тəтті сөз керек қой? Тоқтай тұр! Сен большевик шындығын жамандап отырсың, естігім келмейді дейсің. Соны сен білген жерің бар ма? Мəнісін біліп, түсініп көрдің бе? Адамзаттың ащы тері мен көз жасына шомылған шындық екенін білесің бе? – Білмеймін, – деді босаңсып Поручик, – Менің тек таңырқайтыным, сен қыз басыңмен ылғи маскүнем, битті топтармен бірге жүріп, жарып-қырып, жойғың келе беретін болып, соншама етің өліп кеткендігі. Маротке екі бүйірін таянып тұрып тастай берді: – Ол топтың денесі ғана биттеген шығар, олай десең сенің жаның биттеп кеткен! Осындай шірікті жолдас қылғаныма өзім ұяламын-ау! Сыртың жылтыраған құртсың сен, былжыраған, өрмелеген мерезі құртсың! Машажан, кетейік, жайлы төсекте аунап, тыныштыққа жатамыз дейді, – деп мазақтады. Жұрт жаңа жайдың жерін жыртып, арқа еті арша, борбай еті борша болып жатса, бұл не дейді? Не деген иттен туғансың өзің! Поручик қып-қызыл болып, ернін жымқырып алды. – Тіліңді тый!.. Есіңнен танба... сен.. қаңғырған! Маротке ілгері бір басып, қолды сілтеп жіберіп, қырылмаған бетіне Поручикті бір салды. Поручик қалшылдап, жұдырығы түюлі, жалт берді. Үздік-үздік қатты түкірді. – Бағыңа қарай, əйел болдың! Жаным қас саған... ит! – деді де, қосқа кіріп кетті. Маротке дуылдаған алақанына қарап, қолын бір сермеп, əлде кімге: – Қалай ашулы төре! Əй, балық қағындысы келгір! – де ді.
Оныншы бөлім Мұнда Габаровқа өтірік поручик бұзылып бара жатқан планеттің гүрілін естиді, ал, жазушы əңгіменің қалай шешілетініне міндеттене алмайды Ұрсысқаннан соң үш күндей Маротке мен Поручик тіл қатыспай жүрді. Арал ішінде бірақ қайда айырылысып кетерсің, жəне жаз табыстырды. Қыдырып, екпіндетіп келеді жаз. Аралды құрсаған қарлы сауыт күннің алтын тұяғының таптауымен əлде қашан-ақ бұзылған. Қою қоңыр судың қасында қар жұмсақ, сары түске кірген. Құм түс кезінде алақанды күйдіретін болып, қолды тигізбейді. Өкпек желге шомылып, тазарып алған. Күн аспанның көгінде бір алтын тегермештей дөңгеленеді. Күннің өткір қызуына, өкпек желге жаңа жабысқан цинга дерті қосылып, Маротке мен Поручик екеуі де қатты жүдеп, əлі азайды, ұрысқандай болып жүрген жоқ. Ертеден кешке дейін жағадағы құмға бауырын төсеп, талған көздерін теңізден айырмай, желкен көріне ме деп қарайды да жатады. – Шыдай алатын емеспін енді! Енді екі-үш күнде балықшылар көрінбесе, құдай біледі, атылам! – деп судың сезімсіз көгіне қарап. Əбден талып, дағдарып, əреңдеп айтты Маротке. Ысқырып жіберіп Поручик айтты: – Мені былжыраған қырт деп сөгіп едің, өзің не деп отырсың? Сабыр ет, атаман боласың! Сабырлы бол! Сенің мақсатыңның өзі талаушылардың атаманы болу еді ғой. – Сен немене, тағы өткенді қозғап отырсың! Бір тікен екенсің өзің! Айтылып өтті ғой. – Енді сөгуге жөні келген соң сөктім. – Сенің тауықтың балапанындай былжырап тұрғаныңа ішім күйіп кетті. Ыза болдым. Басыма бейнет болып
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру