TELEGEI

Home

Өлеңдер жинағы. IV кітап

Сырбай Мәуленов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер жинағы. IV кітап

Сыршыл сезімді, шынайы, көркем бейнелі өлең жазу үлгісін дамытқан Сырбай Мәуленовтің шығармашылығы қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған зор үлес болып саналады. Әр жайтқа, құбылысқа өз қатынасын, көзқарасын, сезімін, ойын лирикалық кейіпкер арқылы, көбіне өз атынан сөйлеп білдіретін ақын шығар...

БАЛЛАДАЛАР

(1968-1975)

ТЕҢІЗШІ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Жалғыз қалды ол көкала теңіз бетінде,
Жарылды толқын жай ұрған бұлттай екіге.
Аспан алыс атылып ұшып кетуге,
Жаға да алыс жанұшырып жетуге,

Жалғыз қалды ол көкала теңіз бетінде.
Крейсерлерін қолтығынан демеген,
Жау самолеттері келеді қаптап төбеден.
Аспанда жау, жағада жау аңдыған

Аспан алыс,жығылар жетіп жер алыс,
Теңізге сеніп лақтырды өзін кемеден.
Теңізді тінтіп, түтеді борап сол күн оқ,
Жағаға жаны жармасты оның толқын боп.

БАЛАЛЫҚ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Оның әкесі соғыста өлді,
Қайыспас қара болаттай төзімді еді.
Ал шешесі жалғыз ұлын арқалап,
Жаудан қашып келе жатқан кезінде өлді.

Өлімнен жас сәбиді арашалау,
Жарық күндей өмір борышы,
Жас сәбиді тауып алып,
Асырады теміржолшы.

Бір кездегі жетім ұл қазір әке,
Бір үйлі жанның басы.
Бір үйлі жанның
Жем таситын қанатты қарлығашы.

Бірақ кейде құмартады
Көрмеген бала кезіне.
Қарап қояды әкесінің сұлу мұртына,
Шешесінің қара көзіне.

* * *
Сен жыладың
Қыс қойнында қалтырап,
Мен жыладым,

Көктем едің
Әкетті қыс тартып ап.
Жаңбыр,жаңбыр
Түсіп жатты

Жүрегіме тырсылдап,
Тағдыр,тағдыр
Тастады ол
Тастай етіп тылсымдап.

Екеуімізге
Екі бөлек-
Екі айрық түсті жол.
Енді арманға

Жетерміз бе
Жылама сен,
Күшті бол!

ЖАҒАДАҒЫ ЖАРТАС ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Сонау теңіздің жағасынан
Алып аспандай жартас көрінеді.
Арыстандай аласұрып,
Аптығып келген толқындар

Кеудесіне қалған-ды арман тұнып.
Жағаға жайласыпты
Жалпақ теңізді жалдап шығып.
Жылайды күн бір соны оята алмай,

Жылайды теңіз бір соны оята алмай,
Тулайды толқындар да оята алмай,
Шулайды желдер оны оята алмай.
Ұшады көкірегінен шағалалар,

Теңіздің толқынындай ала көбік.
Оған сонау көк айдын көрген түстей,
Оған енді мынау жатқан жаға серік.
Төсіне қонады таң ұрланып,

Бетін оның сүйеді жаңбыр барып.
* * *
Солтүстікте кейде суық жаз қатал,
Тұрған терек теңселеді қаз-қатар

Бір-біріне иіліп.
Кейде сары шымшықтардай жапырақ,
Жаурап тоңып, үрпиісіп қалтырап
Сау етеді құйылып.

Жазық жерден түседі ерте тау кеші,
Бұлтта қалып күннің соңғы сәулесі
Жанады-ай кеп шөптердей
Көз алдыңнан жаңа көрген көш ағып,

Күндізгі бар сұлулықты кеш алып
Кеткендей.
* * *
Бабамнан қалған мұра бар:

Ол мынау төбелер,
Ол мынау жатқан жыралар,
Әжемді аспан, көне жер.
Бабамнан қалған асыл бар:

Ол мынау жатқан көк көлдер,
Ол мынау жатқан асулар,
Ол мынау жатқан өткелдер.
Бабамнан қалған байлық бар

Шетіне ұшып шығып көр:
Ол мынау жатқан бай жұрттар,
Ол ару қыз,
Жайсаң жігіттер.

* * *
Ұлы ақынның руы жоқ ұлтымен,
Жаралады ол күндей күміс күлкіден,
Жаралады ол сәулелердей сезімнен,

Сырласады ол көктің аппақ бұлтымен,
Ұлы ақынның руы жоқ ұлтымен.
Көкірегінде жоқ көлеңке қара дақ
Адамдарды түстемейді ол алалап,

Жалпақ жиһан, байтақ аспан туысы
Жәндікті де жылатпайды жаралап,
Көкірегінде жоқ көлеңке қара дақ,
Арамдықтың аяғына бас ұрмай,

Әділетті айқын айтып жасырмай,
Жауыздыққа жалғыз оқ боп атылып,
Күркірейді көктен түскен жасындай
Арамдықтың аяғына бас ұрмай.

* * *
Лорка жазған себі ме күшті өлеңнің,
Испания, мен сені түсте көрдім.
Көрдім түсте құздарын Пиренейдің

Жинап алған булығып ішке демін.
Испания, желпиді мені желің
Шақырады алыстан серілерің.
Шақырады Мадрид,Гренада

Сол жерлерге өлең боп төгілемін.
Аударғанда дүние атласын,
Айқара ашып әлемнің сахнасын,
Испания, бүркіттей саңқыл қағып,

Соңғы майдан шебіне шақырасың.
* * *
Көңілде ғана болмаса
Бұл қала әлі туған жоқ.

Біріне бірі жалғаса
Көшелер мұнда тұрған жоқ.
Экскаватор жирафтай
Жатқан жоқ мұнда жер қазып.

Әзірше мұнда үн қатпай
Қалғиды марғау кең жазық.
Әзірше мұнда жоқ қала
Қиял боп тартып тұр көзді.

Естисің мұнда тек қана
Болады деген бір сөзді.
Болады мұнда сонымен
Театр, бақша, үй, мектеп.

Сәулетшінің қолымен
Сызады жерді иректеп.
Орнайды осы араға
Ескерткіші Лениннің.

Тұрады ол жаңа қалада
Дестесін құшақтап егіннің.

БИІК БЕСТАУ, ЖАСЫЛ МАШУК ЖӘНЕ ЛЕРМОНТОВ

Бұлдырап аспан қалды алыс заңғар,
Қарсы алды самолеттен таныс таулар.
Кавказдың қақпасының қарауылы
Алдымда жатты қола арыстандар.

Бұлттардың шоқысына шығып арғы,
Көк торғын көлеңдейді шың мұнарлы.
Қиялды құндақтаған жұмбақ жиһан
Мөлтілдеп көз жасындай тұрып алды.

Бестаудың мәз болғандай қызығына,
Басқа тау құлдық ұрған құзырына.
Шаншылған көк төсіне қызыл тастар
Білмеймін найзағайдың сызығы ма?!

Шомылып кәрі Бестау шұғылаға,
Жатады бетін беріп құбылаға.
Тәкаппар тау біткенге түксиеді,
Келместей ешбірімен ымыраға...

Ну орман сыңсып екі иінінде,
Бестаудың жатыр Машук бүйірінде.
Арфаның шектеріндей діріл қағып,
Ұшады нәзік муза биігінде.

Бестаудың ойнаған бұлт қиянында
Ақынның отқа оралған қиялы ма?
Сусын ғып бұлт жаңбырын,
Бүршік жарып,

Жөке ағаш желбірейді үй алдында.
Қайнаған көкіректе шер мұхиттай,
Ақынын еске ала ма ел мұң тұтпай.
Тәкаппар ортадағы Бестау шыңы

Көрініп кетті маған Лермонтовтай.
Кең сермеп көк дауылдай ой қанатын,
Жиһанға өлеңімен жайған атын.
Бестау боп көз алдымда тұрып алды

От шашқан қара бұлттай қайран ақын.
* * *
Белгісіз бір көргенде жайың маған,
Білмеймін тағдыр несін дайындаған.

Домалап жалғыз тамшы жерге түсті,
Көзіңнен көк аспандай шайылмаған.
Болмады топта өзіңнен озатын жан,
Тиген жоқ тура барып сөз атылған,

Жасқанды қанша жанар жалт бұрылып,
Нар кескен найзағайдай көз отыңнан.
Білмедім тамшы жаста не жатқанын,
Сол жаспен тағдыр мерген нені атқанын.

Сен бірақ жыламадың,күлімдедің
Тілемей басқалардың жұбатқанын.
Сен болдың жеткізбеген жастағы арман,
Шоқтығын биік тұрды басқалардан.

Ұрланып саған жиі қарай берді,
Достарым қасымдағы тастап алған.
Жан сырын жүрсе де әркім ілкі ұқтырып
Еліктей шыға қаштың үркіп тұрып,

Барлығын өлтірдің-ау күндестіріп,
Барлығын өлтірдің-ау ынтықтырып.
* * *
Бораны қақсап безілдеп,

Қақпанын құрды қыс торып.
Оралшы маған өзің кеп,
Күздегі кеткен құс болып.
Айтатын саған сөзім көп,

Арамыз жатыр алыс тым.
Оралшы маған өзің кеп,
Ақ селі болып августың.
Жапырақ болып дірілдеп,

Жаз желі болып гуілдеп,
Оралшы гүл боп күлімдеп,
Оралшы жыр боп күбірлеп.
* * *

Қызыл күрең шарабынан ұйғырдың
Тостағанда толтыра бір құй, құбым!
Бұл шараптай көздің жасын жаудырып,
Бұл шараптай көздің жасын тыйды кім?!

Жұлдыздардай тас төбеге тізілген,
Бұл шарапты жасадың сен жүзімнен.
Қайнап шықты жиып бұл шарап,
Сенің көктем, сенің жаз бен күзіңнен.

Талды-ау –талай балдырғандай тал мүшең,
Айды ұйықтатып, қарсы алдың таңды сен,
Жазғы желдей саусағыңмен сипалап,
Жасыл бұлттай жүзімдерге жаудың сен.

Еңбегіңнен тарттың алға сый бүгін,
Сол еңбегің – күрең шарап! Құй,құрбым,
Жалын шарап шарпып өтсін жанымды
Қыздарының көздеріндей ұйғырдың.

ЕРЕЙМЕННЕН ЕСКЕН ЖЕЛ

1

(Сапаржан Хайдаровтың рухына)
Қанатын жайған тауларға ақ шуда бұлттар ақ жалын,
Сілкініп жалын қалғанда құяды жерге ақ жауын.
Анда-санда жарқылдатып найзағай, ойнатады қанжарын,

Айналада жөңкілген ақ шуда бұлттар ақ жалын.
Ерсілі-қарсылы аспанда сонау бір бұлттар жүр шұбап.
Әр қақпаны қаққандай қонатұғын үй сұрап.
Ала жаңбыр – ақ жаңбыр көкірегіңді кернейді,

кернейді де тербейді.
Құяды әкеп қиырдан көк жусанның иісін ап.
Қара түндей, түр-түсі қап-қара бір көмірдей,
Ереймен тау бұлтты күн бұғып қалған көрінбей,

Қап-қара түн толқиды жер астына лақтырған,
Сонау аспан бұлттары жаңбырының көліндей.

2

Ақ жауындар, ақ жұлдыздар – ақ құйын,
Секілді олар татан-тасқа секірген нақ ақ тиын.
Ұқсайды аспан күмпілдетіп пісіп жатқан күбіге,
Кірдік барып паналауға шоқ қайыңның түбіне.

Жапырағымен жапты-дағы сал қайың,
Бізге бір қос бола кетті дап-дайын.
Сонымен болды ақ қайың құт ұя!
Жапырақ, жаңбыр қосылып,

Жел барабан қоса ұрып,
Салынды әндер құпия!,
Бұл да бір қызық түндер ғой,
Түн ішінде тербемейді кімдерді ой.

3

Ереймен тау адыр-бұдыр жоқ бұтаң,
Көлдеріңді күзетеді, көк шалғында көк құтан.
Ақ шағала бұлтқа армандап жетуді,
Жерден көкке лақтырылған ақ орамал секілді.

Жирен тазы тәрізді тас секпіл бет,
Жел жазуы,сел жазуы жүріп өткен екпіндеп,
Бір кездерде шапқан жүйткіп құлагер,
Мұнартады мың құбылып құба бел.

Бел белесте отыр ма екен күнге тосып алақан,
Құлагермен бірге ұшып көңілімен сал Ақан,
Көз жасындай мөлдіреген мұнар бел,
Жыртық көңіл саңлауындай шұбар бел,

Бір сұмдықты біліп тұр-ау мына ел,
Қалың топты қақ айырып өтетін,
Қарақшыға қасқайып бір жететін,
Көрінбейді-ау Құлагер.

Аты келген алып жатыр нар, шапан,
Қара дөңде қарауытып қалды Ақан.
Күңіреніп көлдер, еңіреніп желдер, шуылдап аппақ селеулер,
Қобыз болып сарнайды енді бар жапан.

Ат қайда енді, ат қайда,
Бақ қайда енді, бақ қайда,
Арқаны ақ шаңдақ қып,
Құлагер ат шаппай ма?

Шабыты келген ақындай көздеріне шық тамып,
Бұл суретті аспанға, болады әуре,бұлт салып.
Әне бір бұлт Құлагер,
Көтерген ала аяғын.

Мына бір бұлт – құба бел
Сүбесіндей жаяның.
Көңілімнен сол бұлттар, кқп сурет көшеді,
Қоңыр желдер,мөлдір желдер,

салқын желдер еседі,
Жалынымен сүйіп кешкі ауаны,
Шоқ-шоқ қайың – көгілдір газ жанады.
Жердің шөбі көмкерілген жылтырайды шықпенен,

Жазық жерде жүреді ылғи бұлт төмен.
Көз шағылысты
Кездесіп көп отармен –
Көп нүктемен.

Ерейменге қалсақ керек,
Шыныменен жақындап,

- Ерейменнен бұйырды енді татар дәм,

Ей,Сапаржан,
Біз де қалмай қатардан,
тартайықшы бір шылым,
Естимісің түнгі оттардың дүрсілін.

4

Жатырмыз жасыл қайыңды,
көкпеңбек шыңның түбінде,
Жаңбырдан қорқып жасқанып,
аюдай кірген ініне,

Ереймен тауды жамылып,
Ереймен таудың түбінде.
Осынау байтақ аспандай,
Жаңбырлы бұлттың астында, кеткендей таңда ұзарып,

Иманжүсіп қашқандай.
Қараңғы түнде ауылдап,қара мойыл көзді қыз алып.
Жібермей жатыр ақ жауын Ереймен тауға шегелеп,
Керегекөз кепірқосақпен тұтқындап жанды ыза ғып.

5

Естілді ме екен,
естілмеді ме екен салған бір әнім кім білсін,
Ереймен тауда өлеңім болып бір жүрсін,
Ойларсың мені жүр екен деп деп қай жайларда,

Болғанмын қорықпа бораған оғы майданда.
Ереймен тауда сұп-сұрғылт болып жүзді күн,
Құлагердей құла бұлтты күз бүгін.
Жаз кетіп енді, әкеткен жасыл шалғынын,

Ұйқылы күзде келеді күздей қалғығым.
Ереймен тауда есейген шаруа көңіл жай,
Ораққа түсіп орылып біткен егін жай.
Ереймен таудың Ереймен таудай адамы,

Аспанға шығып жұлдыз боп түнде жанады.
Тауларда-адам,
Аңдарда-адам ,
Жер мен көкке жалғанған,

Көрінбей олар
Түседі көзге
Таңдарда жанған шамдардан.
Таулардан таулар

Тарайды құстай оянған,
Жолдардан жолдыр тартады алға
Жолаушыдан ой алған.
Сілкініп таңда саңқылдап таудың қыраны,

Самалдай желпіп қарсы алдыңнан шығады.
Сәскедей шаңқан, аспандай дарқан мейраммен
Көсіліп жатып омырауына шақырады, ойхой,
Ереймен!

6

Жас батыр ақыры қаза тапты жауынан,
Жаңа қосылған айырылды мәңгі жарынан.
Көп заман өтті, табылды оның қылышы
Ерейменнің еңсегелі тауынан.

Басқан талай көшіп-қонған құм үстін,
Жалын жүзі тотығыпты қылыштың.
Жатыр енді шаладан қалған шоқтай боп,
Найзағайдан сынып түскен бір ұшқын.

7

Ерейменнің шыңымен
Барады бұлттар өрмелеп.
Бұлттарды жеңіл буымен
Көтереді көл демеп.

Биікке сонау шығып ап,
Төгер ме жасын бұлт жылап.
Түсер ме таңда сол бұлттан
Маржандай мөлдір шық құлап.

Аспанның алыс төріне
Барады бұлттар жаяулап.
Жылайды сосын егіле
Жаңбырмен сырын баяндап.

8

Қаптады тұман үйірі,
Өлеңтіге күтін деп,
Күншалғанның биігі
Будақтап жатты түтіндеп.

Көк тастар көзден жоғалды,
Жоғалды көзден қашып жер.
Көк асқар көзден жоғалды,
Жоғалды кқзден жасыл көл.

Аралас айқай-сүреңге,
Аспаннан жатыр оқ ұшып,
Жоғалмас үшін бұл жерде
Өтті ақын солай соғысып.

9

Туысыңның үйіндей
Ереймен тау жолығар,
Тәттімбеттің күйіндей
Тәттімбеттің көлі бар.

Ереймен тау қалады,
Шығарып сап Баянға.
Төсінде көк аралы
Ұқсар жасыл бояуға.

Жатады тау серейген,
Жасыл қайың әдіптеп,
Ереймен десе Ереймен
Қоймаған атын халық тек.

10

Төңкерілген кеседей,
Төбесінде күн жатыр.
Шатқалы кең көшедей,
Ереймен тау бір батыр.

Көрінгендей өңінен,
Еліміздің өткені.
Өркеш-өркеш өткелі,
Қысы,жазы,көктемі.

Осы тауға бір соқпай,
Өтетұғын жыр тоқтай,
Жолаушыны шақырып,
Ұшқын атқан гүл шоқтай.

Өтті үстінен қаншама,
Заманалар көшкіндей.
Жасы кәрі болса да,
Тұр Ереймен ескірмей.

11

Көңілің жай боп тынығар,
Бозталда жақсы іні бар.
Бозталда жақсы келін бар,
Биязы нәзік үні бар.

Боранды күні паналар,
Бозталда жақсы аға бар.
Жеңге бар шымшып әзілмен.
Жайыңды сенің шамалар.

Көтерер адам көңілін,
Құрбылар қанша жез таңдай.
Қасиеті ме жерінің
Барлығы бойшаң Бозталдай.

12

Қарт Ереймен қапсағайлы батырдай,
Қарт ереймен аңғал-саңғал жатыр жай.
Күншалғанның басы бұлттың ішінде
Көрінеді қылт-қылт етіп шатырдай.

Дала бүгін құлашын кең жайғандай
Ақ қайыңдар желкілдейді айдардай..
Қан соғыстан қалып қойған Ереймен
Ешбір жауға олжа болып байланбай.

Ерейменнің көп болады дауылы,
Ерейменнің көп болады жауыны.
Соның барін елемейді ешқашан
Табиғаттың өзіндей өр тау ұлы.

13

Емес жай бір жалған атау
Біледі ел бұл биікті.
Ерейменде Күншалғантау
Тұғырдай боп тұр сүйікті.

Шың басына шатыр тігіп
Алып қашып сүйген жарын,
Жатқан екен батыр жігіт
Желге айтып мұңды зарын.

Сол күнді оған күліп үміт,
Күн шалыпты таудың басын,
Сол күні мұңлы жігіт
Аялапты қарлығашын.

Бірақ сол сәт зырлап ағып,
Бола алмапты ол бақытты.
Қара бұлттар ұрлап алып
Күнін жігіт жоғалтыпты.

Батырған жас досын мұңға,
Махаббаттың мекеніне,
Ең алдымен осы шыңға
Соғады күн көтеріле.

14

Тым таңсық болмаса да құз дегенің,
Сонда да сені, Ереймен,іздеп едім.
Өзіңнің күн шалған сол маңдайындай,
Өзіңнің томсарған сол айбарыңдай

Мен саған күреңіткен күзде келдім.
Бауырыңда жатып қалған тастар жусап,
Құйылған жанарыңнан жастар бусап.
Даланың байырғы бір дастарқаны,

Дарыған жүрегіне жастар қаны,
Көріндің таңертенгі аспанға ұсап.
Ерлердің алып қалған даусын жастай,
Көрінді көк көлдерің таусылмастай.

Ереймен, жеттім саған Қусақты асып,
Елжіреп көрісіппіз құшақтасып,
Кетпедім көңілімнің мауқын баспай.
Шалдардан көп жасаған батаны алып,

Аунадым шалғыныңа жата қалып,
Жаныма тиді жайлы жылы лебің,
Желге ұшқан жапырақтай дірілдедім,
Сен соған жүрме, Ереймен, қапаланып.

15

Біз жүрген шақ кеш еді ғой,
Ерейменнің тауларына түскен қара көлеңке.
Күзгі бұлттай көшеді ой,
Сүйеді бізді жеңешедей жел ерке.

Ренжіме кездесіппіз, көк жаңбырлы күзде біз,
Үйірінен бөлінген бір үйректей,
Сөгілмесін дегенменен іргеміз,
Тағдыр кейде кетер алып билетпей.

Әлі талай алдымызда жаздар көп,
Жылама сен, күз бұлтындай егіле,
Қонса болды сол жаздарда қаздар кеп,
Жанымыздың көліне.

16

Ерейменде біз шықпаған дөндер бар,
Ат шаптырым шашыраған шалғайы.
Ерейменде біз түспеген көлдер бар,
Ай секілді жарқыраған маңдайы.

Ерейменде қадірменді жеңге бар,
Бізді күтіп үйін тіккен арнайы.
Ерейменде ескен еркін желдер бар,
Ақсақалдың әміріндей айқайы.

17

Ұнатпай қалса дауылдай,
Ереймен шаңы бұрқырайды.
Дүрілдеген жалындай,
Көңілі түссе шырқырайды.

Барлығы оның кере қар,
Бір қуаныш, бір қайғы.
Ерейменді көрмесең,
Өкпелейді жер мият.

Өнегеге шөлдесең
Өзі бір тұрған ғибрат.

18

Береке- құтқа бетегесінің сүті ұйтқы,
Далаға мынау қараңдар!
Көріңдер мына көкала толқын мұхитты,
Ортасында боз жусанды бұрқыраған аралдар.

Көгалы сені кеудесіне аунатып,
Самалы сені самұрықтай самғатып,
Кетеді алып ол байғұс,
Сағымнан сағымдарына,

Адырдан адырларына.
Жете де алмайды жолда қонбай құс.
Тамаша көктем балауса шөппен,
Балапандарды жасырып.

Айдынды көлдерден,
Шалғынды жерлерден
Жем іздейді асығып.
Жалбырап жалы,

Жаудырап жаны.
Шабады қырда құлыншақ,
Жүзеді күн де,
Балапан гүлге,

Көзіңнің тынбай қырын сап.
Боз төбелерге,
Боз көделерге,
Күміс боп көлі шашылып.

Тұрады тауы,
Күндіздей қары
Аспанға сонау асылып.
О, далам менің,

Құшақтап сені
Әкетем деген
Құшаққа сен бір сыйып па ең.
Тұманды теңіздерді,

Мұнарлы аспанды
Көтеріп тұрсың иықпен.

19

Желге сүңгіп,
Шомылды да жауынға,
Тағы бір күн өтіп кетті
Ерейменнің тауында.

Тұрды Ереймен ертедегі секілді ер Толағай,
Салқын тартып тоңазыған
Сұрғылт түсті қоладай.
Жолдар таудың бұралаңында жоғалып,

Жолдар қайта жолығады оралып,
Дала жолы қан құйысқан,жан қиысқан досыңдай,
Дала жолы кете алмайды бір-біріне қосылмай.
Көлдің бетін сызғанындай қанатымен қаз-үйрек,

Бұл далаға жолдар тартып,сала берген жаз ирек...
Шырқасаң бұлттан жоғары ұшып,
Күнге де жетер жолдар бар,
Жолдармен жолдар бар,

Жолдармен жолдар қол алысып,
Жалғасады ормандар.
Дала бұлт жатқан
Ағыл да-тегіл жыр әні.

Су ішіп жаңа бұлақтан,
Қарғып бір ала тұманнан,
Киік боп алдан шығады.

20

Сәбиден жаны жас киік,
Қарсы алдымда тұрып қалды қасқиып.
Өртейтін жанды шоғың бар,
Көз жауын алған таладың.

Атайын десем оғым бар,
Ата алмай саған қараймын.
Жабыссам ба екен серіппеге,
Обалымды отқа артып.

Дірілдеймін кеткендей
Қол-аяғымды ток тартып,
Жанымды босқа қылма әуре,
Жаудырап тұрсың сен неге,

Жем болғың келіп тұр ма әлде,
Желігіп түсіп кермеге.
Аңсасаң егер-алдыңда көл бар күмістей
Кетесің бе одан кеудеңді төсеп бір ішпей,

Жарысқын келсе даланың желі тұр дайын,
Шаршасаң егер – шашағын тосар бір қайың.
О, сәбидей жас киік,
Әлі де кетпей, алдымда тұрсың қасқиып.

Аңшылық ғұрыппен,
Олжаны аңсап қаным
Шүріппеге
Бір барып бір қайтады саусақтарым.

Саусақтарым шүріппеге
Бір барып,бір қайтады,
Атпа деп басын
Ала бұлтты шың шайқады.

Сындырма деді көк,
Ұшқыр қанатымды.
Көлдері көз жасындай мөлдіреп,
«Атпа» деп дала тұрды.

Көз алдымда
Бүкіл жер қызарды өрттей.
Қарауытты күн
От шашқан ыза-кектей.

Жараланған оқ тиіп бұлдырақтай,
Талмаурады жүрегім жұдырықтай.
Киіктей үркіп,
Лақтырдым мылтығымды,

Тұрдым сүртіп шыланған кірпігімді.
Тамағым міне,пышақпен бауыздасаң,
Дегендей, қайтейін мен,жауыз болсаң...
Орманның ойсыз-мұңсыз,сәулесіз түкпіріндей,

Даланың жас еркесі тұр әлі түкті білмей.

21

Ерейменнің шомылып түні ақ терге,
Еңбекпен өткен жаздары-ай.
Кереге көзді дәптерге
Жазылған қол жазбадай.

Көк жасыл өлке суреті
Секілді мың түсті аспан.
Бидайдың сонау бір шеті,
Көлдерге барып тіреліп,

Тауларға барып ұштасқан.
Таулардың жолы шашылған
Сан өрмелі қамшыдай.
Жердің бетін жасырған,

Ақ бидай мөлдір тамшыдай.
Маңдайлардан
Бұлттай үзіліп,
Қара жерге тер тамған,

Қарақшы болып жарысқа,
Қамшы болып намысқа,
Ерлерді күткен серт алдан.
Көктемнің ала таңынан,

Еңсеріп істі күн қызбай.
Аялы алақанынан
Дән шашып жерге жұлдыздай.
Ерейменнің ерлері,

Далаға жауды ңн болып,
Ауада жанды таң болып,
Судың сылдырындай.
Күлкісін қырда қалдырды.

Баланың былдырындай,
Ұйқысын қырда қалдырды.
Олардың түн мен күндізі,
Бұрқана ақты бұлақтай.

Жоғары шырқап жұлдызы
Жанып тұр күн шырақтай.

22

Сабырлы ойдың салқыны
Ұрады мені әр түні.
Көзімнен бір-бір ұшады.
Көктемнің алыс жарқылы.

Ол күнге таппай жол тура,
Үрлейміз ойдың шоғын біз.
Жібермейді толқынға
Жағаға тартып қоңыр күз.

Гүлсіз, наусыз атыраптай,
Суалған көлдей ағынсыз.
Бұтақтан ұшқан жапырақтай
Жатамыз қалай жалынсыз.

23

Ереймен, кеттім мен сенен,
Боз далалы боз таңға,
боз торғай болып шаншылып,
Толқының болып теңселем,

Тауың боп көкті қаусырып,
Күн менен түнді ұйықтатпай,
Асудай биік, армандай алыс айтылды ән.
Күй төкті домбыра – қақпақша омырау,қиық тақтай.

Тыңдамас оны қай туған.
Домбыра ғой бұл
Еміреніп жұрт мұңына еліткен,
Париждің залын қос шегімен күңіренткен.

Европаға тартқан бір таң-тамаша сый құздан,
Шашырап жатқан шалғайды бір төбеге сыйғызған.
Атадан қалған қасірет пенен шаттықтай,
Домбыра ғой бұл –

жаны мөлдір ақ бұлттай.
Ереймен, кеттім мен сенен.
Боз далалы боз таңға,
Боз торғай болып шаншылып,

Толқының болып теңселіп,
тауың боп көкті қаусырып.
* * *
Тбилисиден Ереванға кетерде,

Грузин қызы, кездестің сен бекерге.
Алты-ақ минут қалды поезд жүруге,
Алты минут танысуға жетер ме?!
Сызық тартып көктегі құс жолындай,

Қалдың есте Церетели томындай.
Поезд жылжып жүре берді асығыс,
Терезеден өзің болып көрінді ай.
Жалындаған шабытымның құсы боп,

Көздеріңнен тастап кеттің ішіме от.
Ұзақ жолда серік болдың сен маған,
Қиялдағы көрген ғажап түсім боп.
Тым болмаса бір жүрмедің бір кештей,

Қалдың тіпті бір ауыз ауыз сөз тілдеспей.
Көңілім бір күңгірт тартты түндей боп.
Жалғыз жұлдыз тұрдың өзің түнде өшпей.
Тбилисиден Ереванға кетерде,

Грузин қызы, кездестің сен бекерге,
Алты-ақ минут қалды поезд жүруге
Алты минут танысуға жетер ме?!

КЕЗДЕСКЕН КЕШТЕ

Қызыл ат мініп,қызыл тумен,қызыл таңда бір шапқан.
Сәкен Сейфуллинді,
Хамза Ниязиді
Революция бір тапқан.

Олар жаңа поэзияны тербетіп,
Жаңа ырғақты, жаңа жырды
жаңа ұрпаққа тыңдатқан.
Бір құшақтаса екі өлкені қызыл атлас таң нұры

Бір шайқалса екі өлкенің бас түйісіп шалғыны.
Сол секілді бір қауызда бүршік жарған екі дән,

- Ел, - деп өткен егіз ұлдың тағдыры.

Бірге шапқан арғымақтар ауыздықпен алысып,
Бірге аққан дариялар көк теңізге жарысып,
Алматымен бір түйіскен Ташкенттей
Әлішер Навои, Абай Құнанбай тұр қолдарын алысып.

Бір арықтың екі бетін бойлай өскен терегім,
Сол теректің бір жамылдық жасыл тудай желегін.
Самарқанның сарайынан сәулетті
Қазақтардың қолтаңбасын көремін.

Жоқ біздерге бауырымыздың аласы,
Жалғыз аттам аулымыздың арасы.
Алматыда алшаң басып жүреді ылғи Миртемир
Атақан ақын ботақан болып, деп қазақты – нағашы.

Өз өзенім өзге емес Зеравшан,
Жұлдыз ортақ, ай да ортақ, тең аспан.
Қай жағынан кіресің деп Бұхара –
Он қақпасын барсам бірден кең ашқан.

Жер сілкініп, бірнеше күн қаз-қатар,
Өзбектерден болғанында жаз қатал.
Бірге ортақ деп, рақат пен азап бар,
Бірге салды Ташкентте үйді жердей мықты қазақтар.

Аңғардың да бақша баулы құсы бір,
Таулардың да ақша қарлы қысы бір.
Қараторы, қара қасты, қолаң шашты қыздардың
Бір-бірінен айнымайтын түсі бір.

Өзбек бауырым!
Сүйем деген сөзім саған азырақ,
Күнің – ашық, жүрегіндей жазың ақ.
Күлімдеген көздеріңнен.

«Күнім» деген сөздеріңнен,
Түйіскен көңілдеріңнен,
Сүйіскен еріндерден
Осы өлеңді

Қалдым сөзсіз жазып ап.

ЖҮЗІМ – ЖҰЛДЫЗ АНАР – ТАҢ

Толқисың бұлттай көк жібек,
Шеберсің көрген қалар таң.
Күніңдей ыстық елжіреп,
Жаясың құшақ, Самарқан.

Ащы жас жуып бетіңді,
Асулар қанша сен асқан.
Сарғайып жеткен секілді,
Сол мұңнан саған Зеравшан.

Жол таба алмай жоныңда,
Бебеу қақты жел ыршып.
Қарақшылар қолында,
Бықсып жандық қоңырсып.

Ортасынан ор құмның,
Сарнаған сары жебелер.
Айғағындай сол күннің,
Аңыраған кәрі төбелер.

Навоидің сөзімен
Мұныңды шағып тастарға
Ұлықбектің көзімен,
Қарадың лағыл аспанға.

Иба қылған иіліп,
Қыздардай табақ көтеріп.
Жанарды тартып үйіріп,
Жанады қазір от ерік.

Жанады қазір жерің де,
Жүзім – Жұлдыз.
Анар – Таң.
Көп ойлар салып көңілге,

Күбірлейсің,Самарқан.

АҚЫН МАХАББАТЫ

Навои қалды ойланып,
Аузына бір сөз түспеді.
Қасынан қалмас айналып,
Махаббат деген құс па еді?

Көрінбей салған күйікке,
Махаббат деген дақпырт па.
Әлде бір сонау биікте,
Қалқыған жайлап ақ бұлт па?

Ел кетіп әлсіз еріннен,
Шөлдеген сусап шағында.
Күміс шаң болып көрінген,
Махаббат деген сағым ба?

Махаббат бос бір арман ба,
Жамылған бекер лақап ат.
Бар болса егер жалғанда,
Қайда жүр со бір махаббат.

Осылай ақын мұңданып,
Отырды талдың түбінде.
Өзі де талдай ырғалып,
Кей кезде басып күбірге.

Махабатты іздеп таппаған,
Зар болып жалғыз сөзіне.
Қасында жатыр хат-қалам
Жарамай қиын кезіне.

Шашырап шыққын күнменен,
Он төрттегі ай туған.
Бәрі де көне тілменен
Махаббат болып айтылған.

Көзінде жастар тізбегі,
Тулап бір тепкен тереңнен.
Махабатты енді ол іздеді,
Жүрегінднгі өлеңнен.

НАМАНГАНҒА КЕЛЕМІН

Дариялардың ағысымен,
Көк иірім бау ішімен.
Кернейлердің даусымен,
Намангаға келемін.

Орта Азия гүліменен,
Оттай ыстық күніменен.
Жүрегімде туып өлең,
Намангаға келемін.

Құшақтап қызыл тандыр нанды,
Жұтып жұпар жаңбырларды,
Жанның шөлін қандырғалы,
Намангаға келемін.

Өзбектердің тұз-дәмімен,
Бірге жанып күз бағымен,
Бірге билеп қыздарымен,
Намангаға келемін.

Қарай-қарай алға асыға,
Қолды созып алмасына,
Ән боп соған жалғасуға,
Намаганға келемін.

ШАҺИМАРДАН

Алакөбе таңнан тұрып,
Бізбен бірге жарысқандай.
Жатыр бір тас алға ұмтылып,
Атылатын арыстандай.

Өзі соққан табиғаттың,
Таңырқап бір сұсты аңына.
Аялдамай тағы тарттық,
Шаһимардан қыстағына.

Тастар,тастар,жақпар-жақпар,
Таулар,таулар,қатпар-қатпар.
Солардың нақ ортасында,
Қалғып жатыр кәрі шатқал.

Ақ тұмандар ақ шаңдақтай,
Жолда тұнған ұйып қалып.
Баспалдақтар,баспалдақтар,
Кетті бізді биікке алып.

Баспалдақтар,баспалдақтар,
Санаймыз біз шетімізден.
Баспалдақтар,баспалдақтар,
Артық дейді екі жүзден.

Айнала бұлт кептерлердей,
Кеттік енді біз аспандап.
Артымызда өткелдердей,
Қалды екі жүз баспалдақ.

Бастады ол жаңа күнге,
Жол үстінде қадап шынар.
Өлтірді оны қара түнде,
Күнге қарсы қарақшылар.

Қаны оның алаулады,
Түн ішінде жанған оттай.
Жау барар жер таба алмады.
Жар іздейді жарқанаттай.

Жатыр Хамза шың басында,
Жатыр Хамза күн қасында.
Күмбезді үйде жатыр Хамза,
Жететіндей мың ғасырға.

ОНКҮНДІК СОҢЫНДА

Өзбекстан,тұрдың ақын жыры боп,
Жүректердің дүрс-дүрс соққан тілі боп.
Жанды біздің алдымызда түндерде,
Қызыл гүлдер әр төбенің күні боп.

Достық біздің бұлжымайтын мәнгі заң,
Бау-бақшаңнан тәтті ләззат алды жан.
Суларымен,
Нуларымен желпіді,

Әнді қала, сәнді қала Әндижан.
Кернейлерің келеді деп жар салды,
Хауыздарың тосты мөлдір кәусарды.
Ферғанаға феруза гүл көтеріп,

Өзбек қызы өз күніңдей қарсы алды.
Орта Азия ішінде сен үлкенсің,
Жасың сенің болашақа тіркелсін.
Мәңгіліктен басталған соң тарихың,

Мәңгілікке таусылмайтын бір кенсің.
Өзбекстан,жаңа дүние таңы боп,
Көтердің сен күншығысқа жалын от
Өзбекстан өз бауырым,ауылым,

Қазақтардың сен дегенде жаны жоқ.
Ұлы жолда өзгеріп бір құбылмай,
Келе жатыр достығымыз суынбай.
Тілек таза мөлдір бұлақ суындай,

Жүрек таза таңның аппақ нұрындай.
Бұл онкүндік достығы ғой екі елдің,
Қошеметтеп төбеңе сен көтердің.
Ықыласыңды, ғазиз өзбек бауырлар,

Мен де өзіңдей жүрегіммен өтермін.
Өзбекстан,ашық болды құшағың,
Көкірегімді биледі бір күш ағын.
Мен өзіңнің бауырыңа ұсадым,

Мен өзіңді ауылымда құшамын.
Ертең келіп біздің жерді көрерсің,
Алатаудың құшағына енерсің.
Қазақтардың ақ жанындай қарсы алар,

Әр үйлерден ұшқан аппақ көгершін.
Хош бол, диқан, жердей мықты ер адам,
Хош бол, ұлы Ленин тұрған кең алаң.
Хош Зеравшан, хош Самарқан, хош Ташкент,

Болсын әр кез дүние сау, ел аман.
Көрсеттіңдер бізге құрмет салтанат,
Көрсеттіңдер мол мейірім мархабат.
Сыйларыңды, жырларыңды барамыз,

Алатауға, ауылдарға арқалап.
* * *
Сәулендей таңда жылт еткен,
Сыйлашы маған күлкіңді.

Сыйлайсың онда жыр төккен
Шабытқа толы мың түнді.
Сыйлайсың кешкі бұлттарды,
Сыйлайсың биік зеңгірді.

Сыйлайсың таңғы шықтарды,
Сыйлайсың түскі мөлдірді.
Тас бауыр осы дүниенің
Жүрегін жырмен жылытып,

Басымды саған иемін
Бәрінде сол сәт ұмытып.
Жаныма аңсап шөлдеген
Себеле,жаңбыр,бұлтыңмен.

Өмірде күліп көрмеп ем,
Желпи бер жылы күлкіңмен.
* * *
Күркіре,күн,күркіре,

Жерді сілкіп тоқымдай.
Жүрегіме жыр түне
Найзағайдың отындай.
Жау, көктемнің жаңбыры,

Жереге түскен жақұттай.
Сенде менің тағдырым,
Көрем сені бақыттай.
Жамап жатыр аспанды

Буалдыр бұлт бүтіндеп,
Жандырып жартастарды
От шығарып, түтіндеп.
Жөнелгенде желігіп

Найзағайлар зымырап.
Көк көйлегі сөгіліп,
Жыртылады ыдырап.
Қаперімде оқ атқан

Қарғайды да құдайды.
Жандай жолда тонатқан
Бұлт томсарып жылайды.
Тыңдап тамшы билерін

Әлде нендей күйге ендім.
Күркіреген аспаннан
Күй тартуды үйрендім.
* * *

Қоя тұршы өзгені,
Қызық жаңбыр сөздері.
Көк жапырақ ішінен
Жаутаңдайды көздері.

Көк тамшылар қағады,
Терезені жиі ұрып.
Жапыраққа қонады,
Құс секілді құйылып.

Себелейді бұлт тамшы
Кеулеп қайың тамырын.
Көктем,қыстан құтқаршы,
Жаусын тынбай жауының.

* * *
Варзоб өзен шыңды жарып,
Буырқанған қыста қатпай.
Жалы желмен суыл қағып,

Қарақшыға ұшқан аттай.
Тау бүйірін солқылдатқан,
Бар керемет күш – ағында.
Ол теңіз боп толқып жатқан,

Сол Гиссардың құшағында.
Асырмас ед тар кезеңнен,
Табиғаттың келсе күші.
Болып шықты Варзоб өзен,

Ұшқырлықтың өлшеуіші.

ЕЛАМАН

Балалық шақтан бірге өстік,
Жалаңаяқ құм кештік.
Жарыстық жасыл желдермен,
Жапырақтармен тілдестік.

Буындай бозғылт моншаның,
Бұрқылдатып жол шаңын.
Тікенге балақ сыдыртып,
Шеңгелдің тердік моншағын.

Сайрандап жаздың түнінде,
Күлкіні жалғап күндізгі.
Тұңғиықтың түбінде
Жусаған көрдік жұлдызды.

Мүлгідік бірге тоғайда,
Сүңгідік бірге көп ойға.
Болды бізге қиялдай,
Аспан – сурет, көл – айна.

Бір құдықтан су ішіп,
Бір қақпадан бірге аттап.
Бірге ойнап – күлісіп,
Бірге жүрдік жыр жаттап.

Құбылмадық өзгеріп,
Тез тарқайтын думандай.
Көрді бізді өзге жұрт
Тумасақ та туғандай.

Татулықпен күн өтіп,
Кеттік солай жақындап.
Көңілдерді жүдетіп
Бұрқ етті от лапылдап.

Қара түнді жамылып,
Бір вокзалдан аттандық.
Бір ауланы сағынып,
Бір қаладан хат та алдық.

От пен оқтың ішінен
Оралдық біз елге аман.
Ескі достық күшімен,
Бір жалғастық Еламан.

Жүзге деп ептеп жетерміз,
Тұрсақ қазір елуде.
Бұрынғыша өтерміз,
Кір түсірмей көңілге.

* * *
Содырлы бір сотанақ,
Бір шырқап жоғары,
Бірде кенет жата ғап,

Ішін тартып соғады,
Бұл даланың бораны.
Билейді боран,билейді,
Цирктегі аттардай.

Мың арыстан ішінде
Аласұрып жатқандай.
Боран солай далада,
Қарды шашып атады

Сол бораннан кеудемде.
Дауыл ойнап жатады.
Орнатады ол ақ тауды,
Кереметтей сиқырмен.

Ұнатады ол мақтауды,
Құстар салған қиқумен.
Жер аппақ бір бояумен.
Жатады ылғи боянып.

Ертелі-кеш боранмен
Безілдейді оянып.
* * *
Жылжып ауыр составтардай,

Бұлт кернеуі жатыр көшіп.
Жол үстінде ақшаңдақтай,
Бұрқырайды боран жанып-өшіп.
Туысып бір шатқалмен,

Туысып бір ақ қармен.
Арқырап бір ақпанмен,
Аласың борандатып,
Жел қанаты суылдаған.

Ой салады,
Көңіліңді алаңдатып.
Шіркін қазір бала болсаң,
Көк мұз кешіп дала қонсаң,

Бақыт бар ма одан артық.

МҮСЛИМА

Ұшқанменен басыңнан ерте көктем,
Тастаса да қанша жаз,
Күзді артына.
Еламан еркелеткен

Мүслима тұрғандай қыз қалпында.
Алмайтын қазір тіпті сүйіншіге,
Қиямет-азап шығып-кірушіге.
Мүслима тұратұғын сол кездері

Першиннің көшесінде,
Бірінші үйде.
Ол кезде сол бір үйдің жиһазы жоқ,
Демейміз оның сонда сый – азы, көп.

Со бір үй қашан барсаң көрінетін,
Мүслима мінезіндей биязы боп.
Еске алып өмірдің кең,
тарлығын да,

Елемей жоқтығын да,
барлығын да...
Айқасып Еламанмен ұйықтайтынбыз,
Мүслиманың мүсініндей сандығында.

Таңертең сыйлап үнді шайыменен,
Тал түсте тойдыратын жайыменен.
Кешкілік сәл қабағы түйілетін
Дәме етіп өзі жайлы дайын өлең.

Ол сырды айтпайтынбыз жария қып,
Жататын аунап сыртта дария ағып...
Мүслима, саған өлең жаза алмадым,
Ішімнен жүрдім сенен сан ұялып.

Не керек жасық-жамау босаң өлең,
Сөз басын
Сөз болмайды қосқанменен.
Достардың жүрегіндей болу керек,

Адал сыр, ақ жарқын жыр досқа деген.
Бір кезде атаса да жат есімін,
Аңғармай аңғал кездің қатесін мың.
Мүслима сонда мақтан етуші еді

Ерлігін революционер әкесінің.
Мүслима!
Құралайдан соң,
Бір айдан соң

Туыпсың.
Майда
Майдың гүлі болып шығыпсың,
Сол баяғы жаздағы жас шыбықсың,

Сол баяғы тұңғиықтай тұнықсың,
Қатты емес,
Тәтті айтылар
Жар назындай

Жалбырап жерге шыққан жауқазындай,
Мүслима жібек мінез, жайдары жан
Соғатын самалымен тау жазындай.
Мүслима!

Бүршік жарып, Сыр талындай,
Жасай бер жақсы әкенің ұрпағындай.
Жасай бер жақсы ананың сұңқарындай.
Жасыңды өзің де айтпа,

Мен де айтпаймын.
Жасай бер сыр алдырмай,
Сын тағылмай.
Жүйтки бер құралайдай жүйрік болып.

Жасай бер Еламанның іңкәріндай.

РОЗА БАҒЛАНОВА

Үстінде сары пальто,
Сары тысты дәптері де.
Қызылорда институтының
Бір сары қыз отыратын

Қадалып қақ төрінде.
Кім білсін үш алды ма?
Емтихан кездерінде,
Кім білсін түсе алды ма,

Жігіттер көздеріне.
Ортада – ойшыл өлең,
Басталды той торқалы.
Сахнада мен – «қойшы Көбен»

Роза – «Сарқырама»
Роза Бағланова!
Сайрады сахнада,
Роза Бағланова!

Аңсаған арман етіп,
Жеттің сен өз күніңе
Қызылорда институтына
Соғып тұр.

Соғып тұр сен,
Балалық мезгіліңе.
Срнда сен жолығасың
Балалық өз үніңе!

ПАРТИЗАН ҚАСЫМ

Отыз метр орға құлағанда,
Партизан Қасым жылаған ба?!

- Жүз метрден мен үшін

құлау керек, -
Депті қарқылдап, көңілін сұрағанға!
Сақтайды ар- ұятты,
Қайрат-қажыры мұқалмай,

Жұмыртқа коньякті,
Жұмыртқа ішіп,
Тартады коньякті,
Кебірсіген көнегімен,

Тат басқан шелегімен
Жарықтық Қажымұқандай.
Түссе де ізі,
Жеті ажалдың

Ол өзі ойлайды
Мейірімді деп бет ажарын.
Сілкиді күлкісімен
Баспаның этаждарын.

Қайғыдан қазылмайды
Тұрса да жылап іштей.
Басы оның жазылмайды
Шаншылып құлап түспей.

Партизан болғанымен
Бұл бір жан қыз қылықты,
Партизан Қасым
Үй іші орманымен

Өмірі қызғылықты.
* * *
Маған бабам қалдырған,
Үзіп алып жаңбырдан.

Көзіңнің тамшы жастарын
Көңілін оттай жандырған.
Маған бабам қалдырған,
Маңдай терін, бай күшін.

Кейде есінен тандырған,
Қара өазан қайғысын.
Ой көлінде тоғытып,
Шаттық етем шер мұңды.

Қайта соғып, қорытып,
Балқытамын жер, күнді.
Маған бабам қалдырдың,
Қасіретті қайғыңды.

Мен балама қалдырам,
Өзім ашқан ай, күнді.

НҰРҚАНҰЛЫ МӘЛІКЗАДА

Бұлдырады жыр әлемі,
Сарала тозаң сағымдай.
Әкеңнің салған әуені
Жөнелді ағып ағындай.

Елтіді ол асқақ әуенге,
Балқыды Нұрқан жырымен.
Әлдилеген әуелде,
Қаз тұрды ана тілімен.

Шырақтай түнде жанып тік,
Анаға жасап ізетті,
Дүниені бүкіл тәрік қып,
Әкенің жырын түзетті.

Жыршы боп шықты ақыры,
Ішінде өрті лаулаған,
Торғайдың болды ақыны,
Әкесінен аумаған.

Еікейіп бір күн құлады,
Әкенің құшып қабірін.
Торғайда дөңдер жылады,
Еңсесін басып ауыр мұң.

Көз жұмып кеште ол жатты
Әкесінің қасына
Бір күмбезді ел орнатты
Екеуінің басына.

Жанына таппай ем азық,
Жоқтауын айтты ел енді.
Бір күмбез тұр құлазып,
Құшақтап екі өлеңді.

ӘР ҚАЛАДА ЖАНҒАН ОТ

Қап-қара бұлт көкте ойнап,
Қабағын түйді қатал күз.
Жел лебімен от жайнап,
Жалындап жатты жапан дүз,

Жарасына ем іздеп,
Шайқалды дала кең-байтақ.
Қотарылды теңіздей,
Егескен жауын ел жайпап.

Жұлдыздай жанды жыр болып,
Дұшпаннан кегін алған ер.
Жайқалды қырда гүл болып,
Төгілген қан,тамған тер.

Кетті талай арман боп,
Қайғыға сап өзгені.
Әр қалада жанған от –
Сол ерлердің көздері.

* * *
Жас қала кеп орнады.
Құлазып жатқан қиырға.
Қарсы тұрды орманы,

Қиыршық атқан құйынға.
Жас қала отын көтеріп,
Сәулелер тізді бағанға.
Тер теңіз боп өтеліп,

Толқынын тосты адамға.
Алақан жайды жас гүлдер,
Балапан ертті қоңыр қаз.
Ашылды күндей әйнектер,

Көргенге соны көңіл мәз.
* * *
Қызыл кеш – қызыл іңірлер,
Қызыл тас – қызыл қорғандар,

Қызыл үй – қызыл түбірлер,
Бресте жанған ормандар.
Тұжырап өткен тұл жылдар,
Шарпылған талы жыңғылдар.

Тартылған суы өзендер,
Сарқылған әні бұлбұлдар.
Қызыл іңір шағында,
Солардың сырын білген кім.

Ойпыр-ай, менің жанымда
Өрті бар со бір күндердің.
Күйдіріп жанды тілімен,
Жатады лаулап түнімен.

Аспанда қалып түтінім,
Жанамын лаулап күнімен.
Тулайды менің кеудемде,
Көкала түтін тымырсық.

Өрт ішінде өлгендер
Жатады тынбай ыңырсып.

РАУАНДЫ ТАҢДАР

Қиялым желдей,
Көңілім көлдей,
Оған жаңбырлар жауып жатады,
Қар жауады, мұз қатады,

Онда дауыл мен бұлттар ауып жактады,
Солар жүректі сыздатады.
Онда асыл күндер болады,
Рауанды таңдары бар.

Онда жасыл гүлдер болады,
Жемісті баулары бар.
Менің көңілімді ұғу үшін
Бірде дауыл болып соғып,

Бірде жаңбыр болып жауу керек.
Менің жанымның құбылысын
Тек табиғаттан тбу керек.

АЛТАЙ АСУЫНДА

Көрінді Алтай шыңдары
Жүзіндей әппақ алмастың.
Атына балап арманның
Жалына оның жармастым.

Мұз жалды мәңгі қыраттар
Өлеңнің жолын сызғандай;
Кеудемде ақты бұлақтар
Күлкісін құйған қыздардай.

Сөз керек сенің өзіңдей,
Жетер ме сені мақтауға әл.
Үлбіреп тұрған ақ талдар,
Мөлдіреп тұрған ақ таулар.

Тұрсыңдар бекер үндемей
Туса да бір айтар шақ.
Кеудемді кернеп бір дүлей,
Атылғым келді айғай сап.

* * *
Тіріл менің өліп қалған күндерім,
Тіріл менің семіп қалған гүлдерім.
Күнім едің, өлген ақын ағалар,

Гүлім едің, ақын қыздар бір менің.
Сендерді жоқ деген сөзге нанбаймын,
Мен өзімді бостан-босқа алдаймын.
Неге жырдың тұнығына қанбаймын,

Неге гүлдей күн нұрына жанбаймын.
Сендерге айтар бұл дүниеде кім өкпе,
Жұлдыздай боп жанасыңдар жүректе.
Әулиедей көремін мен сендерді –

Шырақ болып жанатұғын түнекте.
* * *
Жан-жағынан қаптады адам қамалып,
Тар бөлмеге кірді бұғы паналап.

Ұстап алып көзін байлап бұғышы
Жас мүйізін кесіп жатыр аралап.
Шештік көзін, қалды бұғы күйбеңдеп,
Жарыққа енді ол жаңадан үйренбек.

Басын шайқап секіріп ол жөнелді
Бір найзағай атылғандай иреңдеп.
* * *
Сөзің майда жанға жайлы сынаптан,

Ат арытып келдіңдер деп жырақтан,
Қара нан мен алдымызға бал қойып,
Су әкеліп бердің тастай бұлақтан.
Балды асап, суды ішіп жатты жұрт,

Іздегенін сіздің үйден тапты үміт.
Тілің маған бал секілді көрінді –
Дүниеде барын білдім тәттілік.
* * *

Ағып барып тоқтады
Қос жұлдыздай қос киік.
Жалтылдап жанар оттары,
Қарайды бізге состиып.

Содан соң кетті зымырап,
Солқылдап жатты жер төсі.
Жоқ болды көзден бұлдырап,
Даланың жүйрік еркесі...

НӘЗІКТІК

Болар ма ғажап мұншама,
Нәзіктік деген керемет!...
Шалынбас көзге тұрса да
Аспаннан ақ нұр себелеп.

Шалынбас көзге бір тамшы
Өнгені жерден мың гүл боп.
Естілмес сірә гүл даусы
Сайрағанмен бұлбұл боп.

Кеудемде бұлбұл гүл шулап,
Көмейден саулар наз ытқып.
Билейтін жанды шым-шымдап,
Сиқырлы күш-ау нәзіктік.

* * *
Ақ бұлттар ауып барады
Айдында жүзген аққудай.
Ақ бұлттар ауып барады

Аспандағы ақ тудай.
Ұзатылған ақ қыздай,
Бара ма кетіп жат жұртқа.
Қиял бір тыным тапқызбай,

Телміртеді ақ бұлтқа.
* * *
Сен,махаббат,жолықтың қайта маған,
Бұл сыйыңды мен қалай қайтара алам.

Қиялдағы суретті жайып салып,
Бір-ақ адам өзіңді қайталаған.
Өмірімнің танытқан құбыласын,
Сол секілді жалғансыз бұл расым,

Тұңғыш гүлдің иісін содан тауып,
Жұтам одан тұңғыш гүл шұғыласын.
Сол бар барлық мен жүрген төңіректе,
Айтам оны бейіштің желі деп те.

Періштедей жұп-жұмсақ қанатымен
Сол көтеріп келеді мені көкке.
* * *
Тозсын термен орамал

Тек махаббат тозбасын.
Тек сүртпесін орамал
Көңілдердің көз жасын.
Жүрсін менің қалтамда,

Бұл орамал серт үшін.
Жүрегімді әр таңда
Шаң түсірмей желпісін.
* * *

Сенің үйің тау қасында,
Сен шыңдарға менен жақынсың.
Сен жұлдызға жалғасуға
Аспанмен тілдесіп жатырсың.

Сен биіктеген сайын
Жұлдыздар биік болып көрінеді.
Сен күлген сайын
Таулардан бұлақ моншақ төгіледі.

Қыс едім мен, жаз боп қайттым.
Сенің назды күлкіңнен.
Өлең жазып таңды атырам,
Ұйықтамастан бұл түн мен.

Жолығысу сағаттары
Қалайынша өтті тез.
Қара түнде шамдай жанған
Қарсы алдымда өтты көз.

* * *
Дала қызық дала нұрлы
Көктем,жаз,қыстарымен.
Өзен қызық үйрек-қаз құстарымен.

Адам жерге,өзенге құмартады,
Күн қасына аспанға ұшқанымен.
Сол секілді мен саған құмартамын,
Сенсің маған балауса гүлі Арқаның.

Сенсіз жерде бұлттардың қоршауында
Тұрған шыңдай тұнжырап мұнартамын.
* * *
Кетесің ұшып сен ертең,

Қарайсың биік сен үстен.
Көңілде қалып көлеңкең,
Сүңгисің бұлтқа, періштем.
Кетесің көзден ғайып боп,

Қанат қып бұлтты көктегі.
Қайғыға жүзіп қайың боп,
Қаламын сенен шеткері.
Бұлбұл құс ешбір жырламас

Бағына барып енгенше.
Сағыныш көлі құрғамас
Айналып сені көргенше.
* * *

Алты қырдың астынан
Дауысыңды танимын.
Баяғы бір жастық ән
Базары мен бағы үйдің.

Еседі еркін қызыл жел
Тартқан жастық күйін шат.
Мөлдір жасыл жүзімдер
Тізіледі түйін сап.

Күржиеді дүрегей,
Жанары өткір, сақ құлақ,
Секілді үйге бір өгей
Жапан кезген шапқылап.

Жоқ көңілде мұң қапа
Отырмын үй түбінде.
Құрылдайды құрбақа
Құлазыған іңірде.

* * *
Тереземді қағады
Асығып жел,
Жүрегім жарылып барады,

Ғашығым, кел.
Тереземді қағады жел-
Долы қыстай.
Көп күн өтті

Біз жүрміз жолығыспай.
Жел ақырын басады
Сақ аңшыдай,
Тереземді ашады

Хабаршыдай.
* * *
Күн көтерді желкем,
Бұлттар көшті,желдер есті.

Қайдасың, еркем,
Тартасың сен көмескі.
Қызарып жүзіңдей таң атады,
Ұялып көзіңдей күн шығады.

Қайдасың,еркем,
Жүрегім сені ойлап түн шығады.
Қазан аттар жарысады
Беріп желге төсін,

Басымнан ауыр ойлар ауысады,
Сен мені әніңмен тербетесің.
Алыстан елестейді
Аққудай аппақ денең.

Мен сені аппақ көкірегімде
Өз өлеңімдей жаттап келем.

БАЛАПАНДАЙ БАЛА КӨҢІЛ

Үйдің іші ала қоңыр,
Ала қоңыр ағады өмір.
Ай туғанша асығады
Балапандай бала көңіл.

Бұл дүниенің бәрі достай,
Жоқ секілді менің жауым.
Өтсе біреу амандаспай,
Бүтін емес,көңіл жарым.

* * *
Аз ғана күн тойдым деп,
Асқақ сөйлеп лепірме.
Мен тындырып қойдым деп,

Жұрт үстіне секірме.
Тез толыссаң күн қақтап,
Тез қаларсың ортайып.
Жұртқа ере алмай бұлғақтап,

Отырарсың шоңқайып.
* * *
Оятамын бұлбұлдарды
Оятамын ұйықтап қалмасын деп.

Оятамын армандарды
Әлемді шарласын деп.
* * *
Кеудемде тау оты бар атылмаған,

Кеудемде бұлт оты бар шатырлаған.
Кей кезде кейбіреуден қатар жүрген
Сәулелі ашық аспан жақын маған.
* * *

Жел деген бір ойнаған
Табиғаттың шаттығы.
Тау деген ой ойлаған
Табиғаттың қарттығы.

ЖАСТЫҚ ПЕН ҚАРТТЫҚ

Жатық ойлайды:
Күнім жаңа басталды деп,
Жалыныммен төңкерем аспанды деп,
Дауылыммен ұшырам тастарды деп.

Қарттық ойлайды:
Күнімді аяқтап келемін деп.
Сабырыммен бәрінде жеңемін деп,
Дарынымды ұрпаққа беремін деп.

Жастық ойлайды:
Қарттық сабырынан ауысса деп,
Қарттық ойлайды:
Жастық жалынынан ауысса деп.

Қайғы мен шаттық
Жастық пен қарттық
Келеді бір жүріп,
Бірі жылатып.

Бірі уатып,
Күлдіріп,
Бірінсіз бірі жоқ,
Бірінсіз бірінің күні жоқ,

Қайғысыз шаттық жоқ,
Қарттықсыз жастық жоқ,
Жастықсыз қарттық жоқ.
* * *

Көкті бұлттар жабады,
Жерег ақ қар жауады.
Көкте бұлттар ауады
Ақ қар еріп ағады.

Көкті бұлттар жабады-
Қыстың соңғы қары бұл.
Көктем есік қағады
Төр сонікі бәрі бір.

* * *
Қайран ғана қарттық –ай,
Түн боп басқан еңседен.
Жарбақтамай жат былай

Кім сұрайды жөн сенен.
Қартаяды көлдер де
Кемерін ортайып.
Қартаяды дөңдер де

Қашады одан жол тайып.
Қартаяды таулар да
Қыр арқасы мүжіліп.
Қартаяды баулар да

Бал жемісі үзіліп.
Жазда гүлдер жанса да
Алауламас жерде көп.
Тырысса да қаншама

Қартаймайтын пенде жоқ.
* * *
Көз ілмей кейде шығамын,
Шатасып талай көріп түс.

Жаңғыртып қайта қыр әнін,
Жатады қаптап келіп құс.
Осы бір елес жоқ болып,
Артынша боран соғады...

Жанбайды гүлдер шоқ болып,
Ұшпайды құстар жоғары.
Түңіліп түзтің өзіңнен
Таба алмай ойға бір азық,

Жалтарып күннің көзінен
Жабығам кейде құлазып.
* * *
Өлеңдер кейде бітпейді

Басталып қалар аяқсыз.
Әлде сор, әлде құт мейлі,
Қалған да болар таяп күз.
Теңіздей болсаң жарады

Сарқылып күшті бітпеген.
Өлеңшіл қазақ жараны,
Жаңа бір жырды күт менен.
* * *

От ішінде шыныққандар,
Қасиеттеп аққан қанды
Ұмытпаңдар, ұмытпаңдар
Құрбан болып жатқан жанды.

Солар құрбан болғаны үшін,
Атады енді күліп таңдар,
Солар сенің ар-намысың,
Ей, тірілер ұмытпаңдар!

Қанда майдан түлектері,
Жауды женген алып батыр,
Өлмес үшін жүректері
Жалын болып жанып жатыр.

Өлгендердің атақ –даңқы
Найзағай боп шатырласын.
Өлгендердің махаббаты
Жалын атып лапылдасын.

Батпасын күн қан жамылып,
Атсын еркін күліп таңдар.
Ей,тірңлер,ей,тірілер,
Өлгендерді ұмытпаңдар!

* * *
Аспанның жұлдыздары бар,
Тұманның ақ тулары бар,
Даланың гүл қыздары бар,

Өзеннің аққулары бар,
Олар мүмкін басқаларға,
Емге табылмас дәрі шығар.
Ал менің жүрегімде,

Солардың бәр-бәрісі бар.
* * *
Ескі доспен кездессең,
Жас күнің түсер есіңе.

Дариға, со бір жастықтың,
Ере алмай қалдың көшіне.
Қызара бөрткен тобылғы,
Қайда екен со бір қайран шақ.

Жүр ме екен кешіп өмірді,
Аспанда жүзген айға ұқсап.
Кәрілік қайғы есте жоқ,
Ойында жалғыз шат-думан.

Екі қол қанат-еспе боп,
Толқынды кері лақтырған.
Екі көз, екі күн болып,
Жер-көкті шолған нұрымен.

Жайқалып жаным гүл болып,
Тербелген жүрек жырымен.
Тобылғы түсті тор атым,
Жүр екен қайда жайылып.

Үстіне қайта қонатын,
Келетін кім бар қайырып.
* * *
Көп пе, аз ба өмірді кім өлшеген,

Енді өанша асуды асып,жол шегем.
Тірі түнде хабарласып тұрайық,
Көптен бері хат алмаймын мен сенен.
Бір ауыр бұлт басады ылғи еңседен,

Жапырақтай діріл қағып теңселем.
Тірі күнде хабарласып тұрайық,
Көптен бері хат алмаймын мен сенен.
* * *

Ауырмашы сен жалғыз, ауырмашы,
Батыр болып барлығын қабылдашы,
Сен ауырсаң үзіліп аунап түсер,
Тамбай жүрген көзімнің ауыр жасы.

Сен ауырсаң мен кімге мұңды ашармын,
Сенсіз қалай алдағы күнді асармын.
Сен болмасаң дүниеде сүйенішім
Айтшы кіммен егіліп сырласамын.

* * *
Басына бұлттан басқа жастанабаған,
Алатау ақ иықтай аспандаған.
Сұп-сұр боп сұрапылда қатып қалған,

Көзінен шық мөлтілдеп жас танбаған.
Тәкаппар басқа тауды менсінбеген,
Өзіне-өзі ешкімді теңсінбеген,
Дүниенің бар дауылы, найзағайы,

Шайқасып шыңдарыммен көрсін деген.
Елеңдеп ешбір затқа дүрлікпеген,
Тұрады бұлт ішіне сүңгіп терең,
Сүйемін адуынды алып күшін,

Сүйемін өр мінезін илікпеген.
* * *
Жаз келді жүзі жарқылдап,
Жел соқты, таудан аңқылдап.

Қанатын керіп сілкінді,
Көлдерде қаздар қаңқылдап.
Айнала жартас жаңғырып,
Жасарды дала жан кіріп.

Тастағандай тор көзді,
Бұлттардан аспан ау құрып.
Жасыл теңіз жер үсті,
Көбік маржан көл үсті.

Құстар үнін қырға алып,
Жедеқабыл жел ұшты.
Қабат-қабат сандығын,
Табиғаттың аштырып,

Айналаның барлығын
Жаз тастады мал қылып.
* * *

- Аты кім бұл қонағыңның,

- Аты көктем – жасыл ат.

Көк жалына қонады күн,
Сәулелері шашырап.

- Аты кім бұл көк шыңның,

- Аты орман – бау –бақша.

Естисің сен көксіл үнін
Қызыл ала таң атса.
* * *
Қалса болды халқымызға

Қартаймайтын жас өлеңдер,
Қалса болды артымызда
Жантаймайтын жас емендер.
Көшер өмір заңы менен

Қолын бұлғар жаз алыстан.
Шулы көктем әніменен,
Шақырар тек қаз алыстан.
Бәрі кетер бәрі де өтер

Қыста көшкен қарлы бұлттай.
Кетпес зая – бәрі бекер,
Қайталанар жаңғырықтай.
Шулар жасыл жапырақтар

Ән секілді жеткен бізге,
Гүл көтерер топырақтар,
Шулар толқын көк теңізде.
* * *

Ақ Еділде қала бердің
Айтылмаған жыр болып,
Жалғыздықты жаңа көрдім
Жолықты ол мұң болып.

Ақ Еділдің кемерінде,
Бірге тұрған ұзақ таң.
Қала берді кемелерде
Бір үн қатып ұзақтан.

Сенің нәзік даусыңдай,
Жапырақтар дірілдеп,
Ақ Еділдің кемерінде
Қала бердің назданып.

Ақ Еділге келермін мен
Аққулар мен қазды алып.
* * *
Көп адамдар көре алмай іздеп өткен,

Келе жатыр ғажайып бізге көктем.
Шақырамын гүлдерді күзде солған,
Шақырамын құстарды күзде кеткен.
Көктем ерттеп көк жасыл жатыр атты,

Қыс мүжіліп қыс деген аты қапты.
Шақырамын тулаған толқындарды,
Шақырамын шулаған жапырақты.
Білмейтұғын жіктеуді, алалықты,

Шақырамын ақ көңіл балалықты.
Көктем жатыр құшақтап жасыл нумен,
Дүниеде тәкаппар бар алыпты.

ЛЕВИТАННЫҢ ӨЛІМІ

Жасыл теңіз,
Қоңыр самал,
Шағыр бұлт.
Тарғыл аспан.

Көк жапырақ,
Сары мүк.
Соған қарап қатып қалды Левитан
Содан басқа дүниенің бәрі ұмыт.

Ұлы шебер, о табиғат құдірет,
Соғасың- ау сом тұлғаны бір рет.
Левитанды алды дереу тұтқындап,
Қайталанбас сиқырлы сол сурет.

Табиғаттың өзіндей дәл қайталап,
Сол суретті түсіре алар қай талант,
Қатып қалды қозғала алмай Левитан
Көзі талған жым-жырт түндей ай қарап.

Тарғыл аспан,
Қоңыр самал,
Шағыр бұлт.
Жасыл теңіз,

Көк жапырақ,
Сары мүк...
Соның бәрін сыйғызға алмай суретке
Жүрегі оның кетті кенет жарылып.

* * *
Кешір мені, мезгілсіз мазаласам,
Басым міне, жазғырып, жазаласаң!
Алматының сыймаймын көшесіне

Бір жақсы өлең кей кезде жаза қалсам.
Төбем көкке ұзарып тиіп жетіп,
Алатаудан шырқаймын биік кетіп.
Алғыс айтам тәңірге,жаратқанға –

Көтергендей аспанды иықты етіп.
Ақ жауын боп үнемі себелемей
Кейде шабыт тоқтайды келе бермей.
Онда менде жаңағы ірілік жоқ

Онда бұғып жүремін бөденедей.
Өткен күнге өкінем қыдырыспен,
Нендей пайда көрдік біз жүгірістен,
Алаңдаймын айқайлы думандарға

Таң асырған тұлпардай тынып іштен.
* * *
Бауырың бүтін, тұрғандайсың түгел сен,
Мың тірілдің, бұл жылдары бір өлсең.

Ұшып жатыр дұшпандарың қаңбақтай.
Жырларыңмен бір үшкіріп жіберсең.
Тұрғанында жырыңда от қан жүріп,
Жылдар сені ұшыра алмас шаң қылып.

Туған жермен бірге жасап кетерсің,
Өзеніндей, тауларындай мәңгілік.
Сен табиғат, табиғат сен бір ұғым,
Табиғаттай ұзақ болар ғұмырың.

Орман болар ойлы жыры шулаған,
Баяғыда өзің еккен шыбығың.
Сұңқар даусың алыс самғап шарқ ұрар,
Әрбір сөзің қайта түлеп жарқырар.

Тірі жүрген дұшпандарың тамтырап,
Өр даңқыңның дауылынан қалтырар.
* * *
Көк түтінін шұбатып аспанға атып,

Поезд жүріп барады шапшаңдатып.
Сен барасың поезда алабұртып,
Жарар еді алдыңнан тапсаң бақыт.
Жарар еді алдыңнан тапсаң бақыт.

Жарар еді бір күні сені поезд
Жібермесе түтіндей аспанға атып.
* * *
Үлкендік бар, кішілік бар,

Тағылық бар, кісілік бар.
Бірі саған у береді,
Бірі саған ішіріп бал.
Бірі саған жас жапырақ,

Бірі саған тас топырақ.
Бірі сені дана етсе,
Бірі етер қас-ақымақ.

ҚАНБИДАМ ӨРІГІ

Саяхатқа тағы да
Шақыр мені, түз желі.
Кел оралып алдыма
Канибадам күздері.

Асқар таулар, қол беріп,
Тік көтеріп ал мені.
Аппақ гүлдер,жол көміп,
Шаш сиқырлы сәулені.

Елдің жырын толғаған
Ұзақ болсын өмірім.
Тәжікстан, бер маған
Канибадам өрігін.

Таудан таңдап гүл өріп,
Алысқа көз жіберіп.
Сен айтқансың жастықтың
Белгісі деп бұл өрік.

Жүз жасайды кемінде
Бұл өріктен татқан жан.
Қанибадам жерінде
Сұра әйтпесе қарттардан...

Елдің жырын толғаған,
Ұзақ болсын өмірім.
Тәжікстан, бер маған
Канибадам өрігін.

Желпіген гүл мен ауаны
Жігіттік деген бақша еді.
Қаракөз сонжа қадалды
Көздері қандай жақсы еді.

Жақсылық талай іздедім,
Тұп-тұнық қара көздерден,
Жастықтың жаптым іздерін
Жасқанып жала сөздерден.

Қаракөз-қанжар қадалды,
Амалым қайсы көнбеуге.
Жасырғанмен жарамды,
Қара дақ қалды кеудемде.

* * *
Бұл кезде өмірде жоқ батыр ақын,
Өлеңді де, оқты да сапыратын.
Тасқын алып селдетіп құйып алып,

Жасын болып жауына атылатын.
Өмірі оның бұл кезге жетпеді ғой,
Өзі оның піспеген көк те еді ғой,
Бірақ оның нәр алып нөсерінен,

Шешек жарып қаншама көктеді ой.
* * *
Көз жұмды ол жаздың таңында,
Қадалып бір оқ қапыда.

Талма түстің шағында.
Хат келді оның атына.
Иесіз қиын хатты алу.
Одан да қиын қайтару,

Хат күйігі өртеген
Көңілде жоқ жай табу...
* * *
Қаламымды сұрайсың,

Білмейсің бе,бауырым,
Қалам менің қанатым,
Қалам менің қаруым.
Қаламымды сұрайсың,

Білмейсің бе, бауырым,
Қалам менің дарыным,
Қалам менің жарығым.
Қаламымыды сұрайсың,

Білмейсің бе, бауырым.
Сырымды айтар ақтарып,
Қалам менің – аруым.
* * *

Не бір ақын, не бір батыр құдірет,
Тірлігінде аталмаған ұлы деп.
Қара түндей сөніп олар өмірде
Өлгеннен соң жанған елдің күні боп.

Олар үн боп кездеседі ауадан,
Олар гүл боп кездеседі даладан.
Олар кешкен от пен суды, тау-тасты,
Өздерінше қайта басар әр адам.

* * *
Қалдың қалай қан жылдардан,
Қалдың қалай тамшы жастай.
Жауған отты жаңбырлардан

Қалдың қалай қарлығаштай.
Адымды алға бастырмаған,
Сеңнің іркіс-тіркісінде,
Төпеп көзді аштырмаған.

Қалай жүрдің бұлт ішінде.
Жер теңселіп, көк шайқалып,
Жанды теңіз, жанды жаһан,
Сол топанды кек қайтарып

Қалйша сен қалдың аман?!
* * *
Өткен істі еске сап,
Өмір бойы қоймайсын,

Ерте туып,кеш жасап
Өлмеймін деп ойлайсын.
Өсек десе көміліп,
Ұйыйсың сен қатықша,

Жүргеніңді жегіліп,
Сезбейсің сен уақытша.
Маған да күн не түрлі,
Демейсің сен кез келер.

Өліп жатқан секілді
Жамандықтан өзгелер.
* * *
Қыстарда да қыстар бар жылытатын,

Жаздарда да жаздар бар суытатын,
Жүрегіңді қанша өртеп күйдірсе де
Жаулықта да жаулық бар ұмытатын.
Дүниенің болғанымен тапшылығы,

Туар бір күн жарқырап жақсы күні,
Жел жүгіріп өткендей желді желпіп
Толқында да бар өмір жас дүбірі.
Дүниеге қарайсың кейде жылап,

Жалғыз өзің жатқандай елден жырақ,
Аспанынан көзіңе жас сұрайсың,
Тебіренген мінезді көлден сұрап.
Кейде аяздай жаныңда сезім қарып,

Ертеңгіге қарайсың көзің талып.
Алатындай бір күні сезінесің
Аспандағы айды да өзің барып.
Жел жүгіріп, бой жазып керіледі,

Толқын-бұғы бұғады, шегінеді,
Айқыш-ұйқыш дүние құшағынан.
Арпалысы өмірдің көрінеді.
* * *

Жолаушы адаспасын, қарсы алыңдар,
От жағып қара орманның қуысынан.
Жолаушы адаспасын, ән салыңдар,
Жол тапсын қараңғыда дыбысыңнан.

Өздерін санайтұғын елден асқан
Қатыгез адамдарға қол бермеңдер.
Солардың жанған отын көре алмастан
Дариға, аз ба бізде жолда өлгендер.

* * *
Жайғанда көктем келіп жас тал бүршік
Сен бүгін кеттің жерден аспанға ұшып.
Жасырды құшағына ала бұлттар

Көзімнен домалады жастар ыршып.
Жоғалдың көк жүзінде көк сағым боп,
Жүрегім жанып жатты от жалын боп.
Жолдарым жалт бұрылды мана жүрген

Келемін тас қиямен соқпағы жоқ.
Өзімнің көзімдегі жас тәрізді,
Қараймын бұлдыр сағым аспан жүзі.
Қараймын ала бұлтқа қалды ма деп

Құп-құйттай қаруытып басқан ізі.
Білмеймін шың-құздардан өттің қашан,
Бұрқырап жауып алған көкала шаң.
Мен енді бұлттарға да қарамаймын,

Көңілім қалатындай көп қарасам.
* * *
Сармақтың тартқанында «Сары өзенін»
Бір жалын шарпып өтті жан өзегін,

Басынан бабалардың талай өткен
Тарихтың алға тосты тар кезіңін.
Болса да жүрегі тас, жаны темір
Бұл күйге балқымасын нағып көңіл.

Кеудені мөлдір моншақ жауып кетті
Жас ағып жанарлардан ағыл-тегіл.
Іште шер аш бөрідей жатыр ұлып,
Қоғадай еңсе түсті жапырылып.

Кеудеде көшті асығыс күй керуені
Сарылдап сары өзендей сарыпылып.
* * *
Асырады мерген оны күшігінен,

Ұйықтады үйреншік кісі үнімен.
Ырылады келгендей оятқысы
Ұйықтап жатқан аюды қыс інінен.
Тіміскілеп тамағын тыстан сұрап,

Жүгірмеді далада тышқаншылап.
Жатты өзіңнің кішкентай үйшігінде
Ақ мылтық боп атылған қысқа шыдап.
Су-суанын, сорпасын үйден ішті,

Жоламады тағамға жиренішті.
Бір-біріне бірауық ермек болып,
Иесі итке, ит оған үйреністі.
Еркін болды жан болмай именерлік,

Арсалаңдап ойнады үйге де еніп.
Үй иесі кеткенде шаруасы боп
Өлтірді итті көршісі ине беріп.
Иесінен ит жайын сұрады жұрт,

Ұстатпады ол көршісін куә құрып.
Көзге ұрып, көршіні ұйықтатпай ит
Құлағына тынымсыз тұрады ұлып.
* * *

Жер биігі осы екен деп қалмаңдар,
Адырлардың ар жағында таулар бар.
Жер шыңырауы осы екен деп қалмаңдар.
Одан терең теңіз жатқан ақғар бар.

Арманға адам жетті екен деп қалмаңдар
Арманның да ар жағында арман бар.
Сол арманның асқарына шығуға
Үміттерді арқан етіп жалғандар.

* * *
Түндерді түксиіп аспан суық,
Қарағайлар қарайды тастан шығып.
Қарқаралы қарайды тас төбеден

Жасағайдай биіктен астамшылық.
Әлі алыста, алыста Қаршығалы,
Ұрады тек жаңбырдың тамшылары.
Щақырады Қасымның қыстаулары

Щақырады Талдының тал-шынары.
* * *
Бұл өлеңім жеткенінше,
Тблисиде күн жылынар.

Жауар бәлкім суық жаңбыр,
Жауар бәлкім жып-жылы қар.
Сенің найза кірпігіңдей,
Бүршік жарар көгеріп тал.

Шашып мөлдір жұлдыздарды
Эльбрусқа шөгер бұлттар.
Руставели алаңында,
Адам теңіз толқынында

Жүзерсің сен таң алдында
Шота томы қолтығыңда.
Сенің нұрлы жанарыңнан,
Жауар мүмкін жас жаңбырлар.

Сенің айдай қабағыңнан
Күліп қарап аспан тұрар.
Бұл өлеңім жеткенінше,
Тбилисиде күн жылынар.

Жауар бәлкім суық жаңбыр,
Жауар бәлкім жып-жылы қар.
* * *
Қара түндей жаба салған,

Қайда сияр қайғы мынау.
Қуған бір кез таласа арман
Достарымнан айырылдым-ау.
Көрмейді олар кещкі күнді ,

Келмейді олар шақырғанмен,
Естімейді ешбір үнді,
Келмейді олар аһ ұрғанмен.
Көрмейді өмір таңын бірге,

Жақпайды өлең шаңын бірге,
Олар енді жер астында
Қара түндей тар үңгірде.
Енді олар мирас-мұра

Көкірегіңді жатқан кернеп.
Қалды солып жер астында
Жүректері соққан «мен» деп.
Олар кетті түнге ұрланып,

Бұрқ-сарқтқайнап өтті дүлей.
Сөйлемейді күмбір қағып,
Кең даланың көкірегіндей.
Көңілім шер мұң толқыған,

Алаулайды қазір ішім.
Достарменен бірге отырған
Көзден ұшты мәжілісім.
* * *

Гүлдер аз ба өзім туған қырларда,
Жарлымын ба жан сусыны-жырларға,
Исфаһанның неғыламын болатын
Теміртауда өз болатым тұрғанда.

Айтылған бір аңыздар мен жыр үшін,
Исфаһанның неғыламын қылышын.
Өз жерімде қылыштар бар көтерсем
Жарқырытар күндізгідей түн ішін.

Исфаһанның жырламаймын сұлуын,
Тоқпақ жалдай толқындаған бұрымын.
Қара қөзді тәмпіш мұрын қара қыз
Берсе дболды жүрегінің жылуын.

* * *
Аппақ жон,шоқ-шоқ қайыңдар,
Ерттеулі ақ боз аттардай,
Боз көделі адырлар

Боз сақалды қарттардай.
Жазвққа шөккен кемедей,
Бұл таулар қанша жыл тұрған?!
Жел сөгіп төсін шегедей

Отымен жайдың бұлт ұрған.
Өртеген орман орнына,
Астынан жердің тепсініп,
Жол салып тыңнан соңғыға

Қайтадан өскен көк шыбық.
Құртамын тағдыр десе де
Сұрамай ешбір салауат,
Табиғат көктем өседі

Біріне-бірі паналап.
* * *
Үндемей ішке сыр сақтап,
Көзінен жасы бұршақтап,

Қаралы сұлу жылайды,
Жар қабірін құшақтап.
Күн алыста күркіреп,
Жылайды жаңбыр сіркіреп.

Соғыста солай тұратын
Зеңбіректер зіркілдеп.
Жылайды жас жапырақ,
Жел соққанда қалтырап.

Қабірде тек жанып тұр
Қызыл жұлдыз жарқырап.
* * *
Күңірендім күздің күніндей

Қасірет болды тым күшті,
Аядым ағаш түбінде
Жығылып жатқан бір құсты.
Кетіпті басып қыс соқыр,

Басында жылап қыз отыр.
Кеткендей бір ырысы
Жаратылыс аяды,
Жылады жеті дыбысы,

Жылады жеті бояуы.
* * *
Күнде тұрып ертелеп,
Жерге сеуіп ақ күміс,

Алматыда ентелеп,
Есіктерді қақты қыс.
Қайда жазғы жолығыс,
Еркін күндер болды ұмыт.

Жатыр ма екен долы қыс
Жалғыз жанды тоңдырып.
Аяз қарып үсіріп,
Боран бір ой түсіріп,

Жатыр ма жар қалтырап,
Қыс лебінен қысылып.
Азу тісің сақылдап,
Күлме аяз, мәз болып.

Жар жүрегін лапылдап,
Жылытармын жаз болып.
* * *
Тобылғы жазда,

Гүлдер жанады екен,
Далада өрт болып,
Тобылғы жазда
Жар күткен жаман екен

Екі көзің төрт болып.
Тобылғы жазда құстар ұша алмайды екен
Көлді төңіректеп.
Тобылғы жазда түс алдайды екен,

Жылайды екенсің ұйқыңда еңіреп кеп.
Тобылғы жазда Тобыл жағасында,
Тобылғы орман өртенеді.
Толарсақтан байланған тобылғы ағашына

Торы атым тыпыршып жер тебеді.
Тобылғы жазда бір жаңа жыр келіп,
Толқимын да қиналамын.
Сенің әрбір сөзіңді шын көріп,

Айтқаныңа иланамын.
Төгіле-төгіле таусылар ма екенмін.
Егіле-егіле жаншылар ма екенмін.
Тобылғы жазда,тобылғы алып,

Тор атымды қамшылар ма екенмін.
Тобылғы жаздар, шоғырлы қаздар,
Сендер де бір ақылымды ал,
Сендер кеткен соң не етермін,

Қой, тұра тұрыңдар!

ЖЫЛ ЖЫРЫ

Аз ғана аялдамай тұра тұрып,
Ай, Күнді орбитадан қуа түріп,
Болашақ ғасырлардың аспанына
Барады ракетадай жыл атылып,

Жұлдыздай ағып өькен үні естілмей,
Тартады мәңгі жас боп жыл ескірмей.
Ең жүйрік поездарды артқа тастап,
Ең ұшқыр самолетті ілестірмей.

Жоқ оған пар келетін аңыз әлі,
Қажытпас шексіз, шетсіз жол ұзағы.
Жоқ оның якорь тастар пристаны,
Жоқ оның тоқтайтұғын вокзалы.

Тек қана ұшқырлықта тыныс бардай,
Тартады жылдар жылдам дыбыстардай.
Тартады көзге түспес сәулелердей,
Тартады желмен бірге туысқандай.

Жалындап жердің жанар тауларындай,
Ағындап адамзаттың арманындай.
Тартады жылдар уақыт тұлпарының
Үстінен туласа да аударылмай.

Бірде сел, бірде ұлпа қар жаудырып,
Бірде шөл, бірде көл ғып алдандырып,
Дүниені дөңгелетіп доп секілді
Тартады уақыт шырқап таң қалдырып.

Жүрмейді жылдар ескі көне іздермен,
Тартады жаңа жасыл теңіздермен.
Тартады жаңа темір тауларымен
Сарсылып талай ғасыр ел іздеген.

Тартады жаңа қала жалынымен,
Жанады жаңа күннің жарығымен.
Жаңартып жерді жаңа жауынымен,
Сөйлейді жаңа жауған қар үнімен.

Із тастап қалалардың беттеріне,
Із тастап жер үстіне, көк төріне.
Тартады жылдар, жылдар, алға бізді
Мәңгілік адамзаттың көктеміне.

Арпалыс жылдар өтіп күреспенен,
Күн бар ма жарық түнек тіреспеген.
Жақсылық жамандықпен жағаласқан,
Өмірде бар ма тегін үлес деген.

Әрбір тау түтіндеген әр ауылдай,
Ормандар көгілдір газ алауындай.
Электрлі күн жерде жұмбайды көз
Жылдарды бағып тұрған қарауылдай.

Шұбалған ақ жапырақ қыстың қары,
Секілді ақ үміттің ұшқындары,
Аязды көктеңбілді көк төсіне,
Жұлдыз боп жиылғандай құстың бәрі.

Суылдап қанатымен жалқын құстың
Алмастай шашады күн алтын ұшқын.
Зырлайды бірде көкте, бірде жерде
Мәңгілік заңыменен тартылыстың.

Таусылмас алда күткен арманым бар.
Келешек маған қарап заула, жылдар.
Дүние адамдары,бар болыңдар,
Дүние адамдары, сау болыңдар!

ТУҒАН ЖЕРГЕ ОДА

Аспанның күлімдеген
Миллион мың көздеріндей,
Алғашқы дірілдеген
Махаббат сөздеріндей.

Шеру күйін шерткен қолбасыдай
Көктемнің үлбіреп үзілген көз жасындай.
Мың өзендер мен
Мың көлдердің бастауындай.

Ақ сәулелері құйылған
Апрель аспанындай.
Қыранның қиядағы ұясындай,
Бабаның аманат мұрасындай,

Назды дауыс нәзіктіктей,
Төтеннен жол салатын тапқырлықтай.
Жаңа жылдың жарқыраған отындай,
Ар-намыстың таразыгер сотындай.

Өсектердің өрмегіне шатылмай,
Өлеңдерін күркіреткен ақындай.
Мөлдіреген меймандос көңілдеріндей,
Ерліктей.

Өз салмаған өзі білетін жеңілденбей
Өрліктей.
О, туған жер, тәңірім,ием де сен,
Тым арзан сөз жәй ғана сүйем десем.

Құлар едім желге ұшып қу бұтақтай,
Бір өзіңе сүйенбесем.
О, туған жер, сенсің менің күн,айым,
Сыйынатын бір өзіңсің, құдайым!

УАҚЫТТЫҢ ЛЕНИН БАСШЫСЫ

Адам мен адам ауысып,
Орнына келіп жаңа жұрт.
Жылдар мен жылдар жарысып,
Сілкініп жатыр жаңарып.

Қайраткер иә ақынның
Қаншаға жетті өресі.
Өзінше өлшеп жатыр күн,
Ол уақыт - әділ төреші.

Қайраткер болсаң қаншалық,
Ақтадың биік ұлы атты.
Түнді ұрып түнге жан салып,
Жұмсадың қанша қуатты.

Халқындай сынды көп көрген,
Тартатын алға кідірмей,
Өттің бе барлық өткелден
Шытырман шақта сүрінбей.

Жеңдім деп талай алыпты,
Кеттің бе екен мәз болып.
Қумадың ба екен даңқты,
Бәрі де саған аз болып.

Әлекті бүкіл елге сап,
Биіктеп жұрттан өз басың.
Терінен терең көл жасап,
Жұттың ба әлде көз жасын?

Көлгірсіп жүріп көзіңе
Тигізген елге қырсығын,
Сендің бе әлде сөзіне,
Жағымпаз жалдап, тыңшының.

Даладан бір дән таба алмай,
Жатқанда елің ашығып,
Шындыққа тура бара алмай,
өалдың ба бүркеп жасырын.

Халықтың мүлкін қалталап,
Тықтың ба ұрлап қапшыққа.
Мас болып көзің қанталап,
Жүрдің бе гулеп жат жұртта.

Мен өзім бәрін білем деп,
Ешкімді елеп ескермей,
Ой-қырды жалғыз түгендеп,
Сөйледің бе дес бермей.

Айтасың деп сын неге
Бет бақтырмай безілдеп,
Тұрдың ба оқшау мінбеде
Қиратқан бәрін өзім деп.

Тиді деп билік өзіме,
Қазынаны қалай сапырдың.
Уақыттың салып тезіне,
Бәрін де түзеп жатыр күн.

Уақыт бір сыншы ең қатал,
Уақыт бір батыр ер жүрек,
Қояды өзі сен жатар
Орынды да белгілеп.

Жылдардың түсіп ізіне,
Қарайды ол бәрін тексеріп.
Жалғанның жарық жүзіне,
Шығады шындық екшеліп.

Кететін биік алысқа ап,
Уақыттың шындық басқышы;
Көрсетер жарық жол нұсқап,
Уақытың Ленин басшысы.

АНА ЖҮРЕГІ

Қабірінде жан ананың
Ойнайды гүл толқындап,
Қабірінде жан ананың
Тұрмын жалғыз бөркімді алып.

...Күн артынан,күн келеді
Кешікті екен ұлы нағып?
Алысқа көз жібереді
Тұғырға ана шығып алып.

Көз алдында көкшіл мұнар
Көрінбейді шығыс таңы.
Көз алдында көкшіл мұнар
Стокгольм пристаны.

Полицейлер андыздаған...
Қолын бұлғап тұр баласы.
Жалғыз қадам, жалғыз қадам...
Мемлекеттер шекарасы.

Палубада – Россия,
Байламақшы ұстап қолын.
Секілді оған бір тас ұя
Жағалауда Стокгольм.

Әр қимылын байқап, қарап,
Полиция жанталасқан.
Жалғыз қадам – байтақ дала,
Жалғыз қадам – жалпақ аспан.

Көрген жоқ сол жаздан кейін,
Ұлын үміт тірегіндей.
Білді ол, бірақ, аздан кейін
Күн шығарын жүрегіндей.

ЛЕНИННІҢ ЖҰМЫС КҮНІ

Жеңістің басшысы боп дабыл қағып,
Ленин көрген емес дамыл қағып.
Ғасырдың жанарындай түнңменен
Тұрады бөлмесінің шамы жанып.

Бір өзі табиғаттай жомарт кісі.
Әркімнің келеді оған қол артқысы.
Алдынан өтеді оның ақыл алып,
Атақты Алтай таудың болатшысы.

Білмейді дара-сыйды құрметіңді,
Барлығын жарылқайды күн секілді.

- Феликс Эдмундович, жолықты ма,

Сізге мен жіберіп ем бір жетімді.
Қырдың да ойдан шыққан жоқ егісі,
Малдың да жаюлы алда от-өрісі.
Аялап әр ананы алақанмен

Келеді әр сәбиді көтергісі.
Алдында тау көштері, көл тізбегі,
Түседі қаламының жерге іздері.
Ленин жүрегінен қуат алып,

Толқиды электрдің теңіздері.
Жұмыр жер арман болған алыстағы ай,
Ленин бөлмесінде табысқандай.
Төнеді столына күн секілді

Жаралған ойлау үшін қарыс маңдай.

ӨКІНІШ

Естіген жоқпыз сөзін де,
Онымен бірге жүрмедік.
Дариға-ай, тірі кезінде
Қалмадық жүзін бір көріп.

Омырауға оқ тізіп,
Бұзбадық патша қамалын.
Тұрмадық оған жеткізіп,
Алыстан майдан хабарын.

Болмадық бірге Горкада
Тепедік бірге сырғанақ.
Шығарып алып ортаға
Шаттанбадық гүл қадап.

Көктегі жанған жалғыз күн,
Сөнбейтін мәнгі оты Ильич.
Көре алмай қалдың ақ жүзін
Тек бізге осы өкініш.

ҚЫЗЫЛ АЛАҢ

Орнатқандай осы араға әлде кім
Ту түсіндей таңғы аспанды,
Тоқығандай тіні менен сәуленің
Күрең тарғыл татарды.

Кездерінде қатерлі жолға шығар
Қылыштың нұрын тосып күн нұрына,
Ант берген қолбасылар
Шығып алып Мавзолей тұғырына.

Қабылдаған революция жасаған батырларды
Мәрмәр тастың маңдайын күн шалғанда,
Қабырғада қалдырып атын мәңгі
Олар енді айналған шыршаларға!

Жеңістердің тоғысар жері болып,
Салатанатты тербелген күй үнімен,
Лениннің мәңгілік төрі болып,
Дүниені көтерген иығымен.

Қызыл алаң жайнайды от жалқыны боп,
Елімнің лениндік жас күні боп,
Тулайды қызыл мұхит толқыны боп,
Қызыл жалаулар тасқыны боп.

ЕКІ ЖҮЗ ТОҚСАН ҮШ

Екі жүз тоқсан үш
Тарихтан таңдап алған орын жайлы,
Екі жүз тоқсан үш
Паравозға неге аттар қойылмайды?!

Цифрлар тұр
Аңыз боп ой-армандай,
Күн суретшінің қолымен боялғандай.
Паравоздың ай сүйіп маңдайынан,

Өткен жолдың қатерлі қандайынан,
Паравоздың жалыны аспанды алып,
Шұғыласынан жалаудай таң жайылған.
Екі жүз тоқсан үш

Финляндия вокзлында тұр қазір демін алып,
Петроградқа келген ол Ленинді алып.
Дүниені тартқан ол елеңдетіп,
Күткен оны планета медеу етіп,

Октябрь ғасырының кочегары
Революция отын жандырған жеделдетіп.
Ойы балқып сол оттың жалынында,
Жүзі ұқсаған жаңа таң жарығына,

Революция отын жандырған жеделдетіп.
Ойы балқып сол оттың жалынында,
Жүзі ұқсаған жаңа таң жарығына,
Революция ырғағы шамырқанған

Қуатты локомотив адымында.
Екі жүз тоқсан үш
Жаңада ұқтым,
Болды-ау, сірә басқадан бойың биік,

Әйтпесе лениндей даналықтың
Кетпес еді кең байтақ ойы сыйып.
Екі жүз тоқсан үш
Менің ұғымыша

Жүрегің соғудан бір тынбағандай,
Сен бу атып бұрынғыша,
Дөңгелегің дүрсілдеп зырлағандай.

ЛЕНИН ПРОСПЕКТІСІ

Тойды алып жұрт сағынған көптен-көп,
Алматыға жайды қанат көктем кеп,
Сапқа тұрған коло колонналар секілді
Проспекті жатыр жасыл көкпеңбек.

Көк пен жердің көпіріндей асулы,
Жұлдыз көзді зәулім биік жас үйлі,
Ленин проспектісі поездай,
Алматыны тау басына тасиды.

Проспектіде басын қосқан гүл түгел,
Таң арайын,одан көктің бұлтын көр.
Проспектімен адымдайды ер еңбек,
Проспектімен ағады ақ күлкілер.

Саңқыл қағып сілкінгендей қас қыран,
Фонтан шулап, атылып жер астынан,
Тәтті түстің таң-тамаша нұрындай,
Ақ көбіктен желбірейді жас тұман.

Мөлдір шуақ, өндір бұлақ табысып,
Балтыр түріп балғын талдар жарысып.
Алдыңнан сан көріністі жаяды,
Экранның айнасындай ауысып.

Проспектіден шалынады көзге алыс,
Өнегелі өнер сайыс, сөз жарыс.
Проспектісі Лениннің - өмірдің
Мәңгілікке тоқтамайтын қозғалыс.

МАВЗОЛЕЙ КҮЗЕТШІСІ

Түн.
Көлеңкелер көлбең қағып ұзарған,
Түн.
Қызыл тулар

Қырмызы таң қызарған.
Кремль өркештері –
Ғасырлардың өткелі.
Кремль шыршалары –

Табиғаттың мәңгі жасыл көктемі.
Түн.
Дүние дем алып жатқандай,
Түн.

Жер тұңғиық көл түбіне батқандай.
Түн.
Москва жұлдыздары
Өмір шамын жаққандай.

Түн.
Қапсыра жатқан қап-қара қанатымен,
Түн.
Тыныштықта тыныштық алатын дем,

Түн.
Тек қана үнсіз адымдайды
Кремльдің қос тілді сағатымен.
Түн.

Аспан төсі сәулемен сызылмаған,
Түн.
Ортасында күндей қызыл алаң.
Түн.

Тек қана мұхиттай космосқа
Барады құлаш сермеп жүзіп адам.
Түн.
Күзетеді Ленинді Қызыл гүлдер,

Жер шарының жиналған түкпірінен.
Күзетеді қызыл тулар-қызыл күндер,
Шыршларды сүйеді шық тілімен.
Қызыл гүлдер қызыл жалын бүркіп оттай,

Көтергендей жапырақтармен шығыс күнін.
Мавзолейде сақшы тұр кірпік қақпай,
Елмен бірдей күзетіп Ленин тыныштығын.

АЛМАТЫДА ЛЕНИН ЕСКЕРТКІШІ

Тұр тұғырда аршындап ол аттамай,
Кетпейді оған күн мен ай қонақтамай.
Қарауылда тұрады қызыл гүлдер
Қызыл жұлдыз қадаған солдаттардай.

Алатаудың ақ бұйра бұлағындай
Шалқиды оның жанынан күй арылмай.
Көгершіндер қалқиды төбесінде
Көгершіндер көсемнің қиялындай.

Бауырына баладай басып бәрін,
Құшады ол аспандай ашып жанын.
Желбірейді тулардай ақ қайыңдар
Жапырақтары жап-жасыл шашып жалын.

Дүние сыйып көзінің қиығына,
Қарайды ол қазақтың қиырына.
Ақсақал тау қазақтың ақ шапанын
Ақша бұлттай жабады иығына.

...Ол асығыс ойменен таңды атырған,
Ол атқарар міндет көп алда тұрған,
Әр уақытта бір соны арқа тұтып,
Бар Алматы қарайды Алматыдан.

* * * Майданға келді бір хат қарлығаштай, Тамған бір найзағайдан қанды жастай. Қиылып қарсы алдымда тұрып алды Ұялшақ биязы бір қарындастай. Аралап қан майданды жөнелді үні, Секілді өмірімнің келер күні. Сөйледі хат ішінен суырылып, Шертіліп шешен тілдің шеберлігі.

Жорықта өтті менің нелер қысым, Астасты алай-түлей өң мен түсім.
Қоймасам хатқа қарап күндіз-түні,
Ұшпады «көкала үйрек» өлең-құсым.
Сол бір хат талай ұшты көл құсы боп,

Ұшырар оны басқа жел күші жоқ.
Сол бір хат жүрегімде тұрып қалды
Мәңгілік махаббаттың белгісі боп.
* * *

Күзетер мені тауларым,
Таулар бір биік қорғандар.
Күзетер мені арманым,
Күзетер қалың ормандар.

Күзетер зеңгір асқарым,
Қалса да жалғыз бұлт тамбай.
Күзетер биік аспаным,
Мөлдіреп таңғы шықтардай.

* * * Төбемізде қызыл-жасыл аспан тұр, Театрдың сахнасындай,— Ферғананың жібегіндей, Марғұланның атласындай. Көшелерді жапқан кешкі ымырттай, Көлеңкесі айқасқан көк шынардың. Кәрілікті өз бойына жуытпай, Көлденеңдеп қыстың тосып тұр алдын.

* * *
Күз суретін салады,
Күңіреніп ой аулап.
Жансыз жатқан даланы

Сары алтынмен бояулап.
Кемеріне көл теуіп,
Шаң борайды жолдарда.
Жапырақтар өртеніп,

Жанады көк орманда.
* * *
Теңізге барсаң желдің иісін сезесің,
Жел еспей қанаты талса да.

Аспанға ұшсаң көлдің иісін сезесің,
Көл сенен алыс — жер қойнында қалса да.
Достарың жаныңда жүрсе де,
Соларды сағынасың көрмегендей.

Бұлақтар жаныңда күлсе де,
Боласың шөлдегендей.
* * *
Құйшы менің жаныма,

Жарық пенен жылылық.
Келсін қайтып тағы да,
Кішілік пен ұлылық.
Жас таусылса көзіңнен,

Көктен сұрап бұлт алшы.
Содан кейін жаңбыр боп,
Құйшы маған бір тамшы.
* * *

Мен тауларды көрген жоқпын азап деп, Таулар мені қуантады ғажап боп. Алатауға сүйсінемін, қараймын, Осы тұрған менің бабам қазақ деп. Өз елімнің қандай сонша жері көп, Оның тіпті, дүниеде теңі жоқ. Өзенімнің қандай сонша селі көп, Өз елімнің қандай сонша ері көп!

СЕРГЕЙ ТЮЛЕНИН

Құлаққа ажал үні келіп,
Әлем-тапырық соғыстың күлі көміп,
Қуарып, гүлі семіп,
Краснодон кетті кенет күңіреніп.

Қаланың қақырады қабырғасы,
Өртенді қарлығашы,
Айналды, тас қамалға Краснодон
Қолына қару алды кәрі-жасы.

Түн. Ел ұйқыдан оянбаған, Таң атуға таяу қалған.
Краснодон үстінде Қызыл ту —
Жанады жел өтінде аяулы арман.
Бір күш бар қас дұшпанды қалтыратқан,

Оны іздеп таба алмайды атыраптан,
Жау жатқан үйге тиді ирелеңдеп,
Жалаңдап жалын тілі жапырақтан.
....Шынықты ол қап-қара дауылда өсіп,

Лапылдаған, шатырлаған жалын кешіп.
Еріне деген елдің махаббаты
Гүл болып желкілдейді қабірде өсіп.

ӨМІР ӨЗЕГІ

Көзге айқын шалынбайтын бір түрлі
Солтүстіктің көлдерінің көркіндей.
Сенде асқан сұлулық бар сүйкімді
Көрген адам тұра алмайтын елтімей.

Сенде асқан сұлулық бар құпия,
Сәулелердің құйылған ақ тініндей.
Сенсің жалғыз жарылқайтын құт-ұя,
Жақсылықтың жарып шыққан күніндей

Қара көзің тұңғиық көл секілді,
Айдынында ұйып қалған таңғы ауа,
Атқан таңдай сенің қызыл бетіңді,
Теңесе де аз жаңа піскен алмаға

Қабағыңда жұмбақ, шындық қауышып,
Алыс-жақын тоғысқандай табысып,
Кірпігіңнен найзағайлар ұшқандай,
Маңдайыңнан ауыр ойлар ауысып.

Біресе сен ағындайсың ән болып,
Біресе сен жалындайсың таң болып.
Сәулесіндей суға түскен жұлдыздың,
Бір өзіңе ұялаған сән-көрік.

Өміріңнің бар биігі, сай-құзы,
Тұтылғанда бір тұтылдың ай жүзі.
Кешкі ымырттың көлеңкесі секілді
Кейде саған сызық тартты қайғы ізі.

Бір қарасаң ақындарға жыр болдың,
Бір қарасаң батырларға пір болдың.
О, әйелдер, шеру тартып жорықта,
Қайда жүрсең еркектермен бір болдың.

О, әйелдер, аспандағы күн нұры,
Бұлақтардың бал күлкісі — сыңғыры.
Асқарлардың асқақтаған шың қыры,
Бақшалардың сайрап тұрған бұлбұлы.

Назды даусы майда қоңыр ескен жел,
Сенсің тарих — таудан құлап көшкен ел.
Сеніменен қол ұстасып тар кезде,
Талай майдан тауқыметін кешкен ер.

Әйел ғана тал бесікті тербеткен,
Ол өсірген ұл-қыздарын еңбекпен.
Ол шабытың, ол жарығың, ол шамың,
Одан жақын таба алмайсың жер-көктен.

Тұла бойы аппақ асыл сүт тұнған,
Өмір барын алғаш әйел ұқтырған,
Қайран әйел қаз бастырып жетелеп,
Кездеріңді қызықтаған тік тұрған.

Әйел ғана сені оттан сақтаған,
Әйел ғана сені оқтан сақтаған.
Көз жасы бар, тілегі бар, жаны бар,
Әр жолыңда алға басып аттаған.

Ол үмітің, ол бақытың, арманың
Сол арқылы қанат байлап самғадың.
Ол келеді қара жердей көтеріп,
Бүкіл мүхит, бүкіл аспан салмағын.

Әйел жаны жаралған тек жалыннан,
Шартылдаған, сақылдаған дауылдан.
Кемпірқосақ керіп тастап көгіне,
Жұпар иісін жерге жайған жауыннан.

Жаралған ол қайсар темір төзімнен,
Жаралған ол жібек мөлдір сезімнен,
Өрт кешкенде, оқ тескенде денесін,
Көргенім жоқ қалжыраған кезін мен.

Әйелдерсіз өмір қаусап өледі,
Әйелдерсіз үйде оттар сөнеді.
Шіркін әйел сонша нәзік болса да,
Тауды арқалап, тасты жарып келеді.

ОКТЯБРЬ ҚҰРДАСЫ

І

Жетпеген желмаямен жайлы орынға,
Кім білсін, жатыр бабам қай қорымда.
Жатыр ма әлде Сейхун жағасында,
Жатыр ма әлде атақты Байқоңырда?

Жоқ болып бүгін көрген, кеше көрген,
Дүниеде дөңгеленіп көше берген.
Керуені адамзаттың құстай шұбап,
Өмірге неше кетіп, неше келген...

Зор бақыт іздемесең келер қайдан,
Ашылды өмір үшін нелер майдан,
Жалғанда жалғыз күннің серігі боп
Көтеріп жоқты-барды жер айналған.

Ай мен Күн жерді өзіне ғашық қылған,
Сырына ынтызар қып асықтырған.
Ашуға сол жұмбақты ұмтылғанның
Тағы күш қанын судай шашып тынған.

Қанды қол жүйрік ойға салған ноқта,
Тартылған жазықты боп арман сотқа.
Ұстап ап Ұлықбектің басын кесіп,
Лақтырған Бруноны жанған отқа.

Босамай ат жорықтан, ер майданнан,
Шемен боп көкірекке шер байланған,
Жалғанда жалғыз күннің серігі боп
Әйтеуір ауытқымай жер айналған.

ІІ

Дүниенің шығып нүрлы жаңа күні
Ашылды адамның бар даналығы.
Бабасы жатқан жерден жұлдыздарға
Дүрбі етіп күннің көзін қарады ұлы.

Космостың арғы-бергі кеңістігін,
Күннің де ой-шұқырын, тегіс, қырын
Біліп ап, Ай үстіне тікті апарып
Арманын жалау етіп Жер үстінің.

Есесін қайтаруға бабасының,
Зерттеді ол тылсым жатқан дала сырын.
Тірілтті мың жылдарды мұздан қатқан,
Ақтарып алды Жердің бар асылын.

Сыбанып қос білегін күн-түн қатып,
Қопарды көк тастарды бұрқылдатып.
Аспанға қолын созып ел тілеген
Аяқтың астында екен шіркін бақыт!

Күтеді одан сәуле жер көркіне,
Ажалдың аузындағы ем дертіне.
Бұлттарды керек десе кері серпіп,
Желіккен жібермейді желді еркіне.

Жасады талдан жібек, тастардан гүл,
Айшылық алып жатыр аспаннан тіл.
Аралап шықты бүкіл континентті
Баяғы бабасынан жас қалған ұл.

Тұрады ол дыбыстардан қуат алып,
Тұрады ол газдан жерде шырақ жағып.
Жаралып жаңа таулар қиялынан,
Жатады жаңғырығып бұлақ ағып.

Шығармай от шарпыған күнді есінен,
Сөйлейді ол ООН-ның биік мінбесінен.
Жүреді ол Вьетнамда майдан кешіп,
Шығады ол Греция түрмесінен.

Сұрасаң атын оның кім еді деп,
Айтамын ол заманның жүрегі деп.
Айтамын Октябрьдің құрдасы деп,
Айтамын Лениннің ұлы еді деп.

* * *
Қуырған бұрын күн қақтап,
Орнапты үйлер Сырда аппақ.
Атылып завод жалыны,

Жүзеді көкте будақтап.
Қызыл жел ұйтқып құм есіп,
Жататын дала сіресіп,—
Жасыл бақ жаңа қала боп,

Тұр көкпен иін тіресіп.
Аспанға жайып ақ қанат,
Созылған үйлер қат-қабат.
Жібектей желпіп өтеді,

Үлбіреп бұлттар ақ тамақ.
Жапырақтардай жаңарып,
Адамнан қуат нәр алып,
Жайып сап жұлдыз өрмегін,

Көшелер жатыр таралып.
Сонау бір алыс ертеде,
Жататын батып ор құмға,
Жоғалған жаппа жертөле,

Завод тұр бүгін орнында.
Ертеңгілік кешкісін,
Еліне құйған жылуын,
Әр үйлерден естисің,

Сылаңдап аққан сыр үнін.
Тізілген көп үй Сырда аппақ
Өрілген сұлу бітімі,
Көгінде жүзген будақтап,

Заводтың бұлттай түтіні
* * *
Сыр аспаны, Сыр көлі,
Құшаққа алып тұр мені.

Ыстық алақанымен,
Ысқылайды құм желі.
Ұқсап отты пешке бір,
Күндізгі күн тұр күйіп.

Сұрғылт сида сексеуіл,
Қылтияды тырбиып.
Борайды бір құм дауыл,
Тынығар кез жоқ ойда.

Жез қанатты қырғауыл,
Сүңгиді көк тоғайға.
Аңызақтың аңқылдап,
Бетке ұрады от-лебі.

Сырға түсу салқындап,
Күнге де арман көктегі.
Бола берсін мейілі,
Сыр бойында күн ыссы.

Қанып соған мейірі,
Күлімдейді күрішші.

АРМАН ҚЫЗ

Сыр бойында бір қыз бар, Көруге асық жігіттер. Жерде жанған жұлдыздай, Бәрі содан үміткер.

Сүйеді қыз аспанпың
Күркіреуін алғашқы.
Күшіне ынтық жас талдың,
Жарып шыққан тау-тасты.

Сүйеді ол өзенді,
Сырласындай ежелгі.
Тартады оны егінге,
Асып қия кезеңді.

Сырын тартып қарады,
Талай жігіт дәмелі.
Қыз шығарып салады,
Әзілімен әдемі.

Түспей құрған торыңа,
Талайға арман болды қыз.
Қонар екен қолына,
Қай жігіттің сол жұлдыз?!

* * *
Жалғыз үй тұр жағада,
Айналасы көк теңіз.
Күн батарда әманда,

Қарайды арғы бетке қыз.
Теңіз бір жайқын дүние,
Көк жасыл киген көктемдей.
Түнде қыздың үйінде,

Тұрады ылғи от сөнбей,
Толқын тулап ұрады,
Жартастарды құрғатпай.
Жағада қыз тұрады,

Жалғыз өзі тіл қатпай.
Теңіз ұлы жүр қызға
Алыстағы арман боп.
Шақырады оны жұлдыздай

Қыз үйінде жанған от.
* * *
Толқып шулап, секіреді теңіздер,
Мөңкіп тулап өкіреді өгіз — жел.

Толқын шайып, жел-дауылдар үйіріп,
Жер бетінен жоғалады көп іздер.
Жер бетінен жоғалады тас таулар,
Жер бетінен жоғалады бастаулар.

Жоғалмай тек жүректерде қалады
Көз жасымен, қанмен жазған дастандар.
* * *
Ағаштар асқар тауға жатыр өрлеп,

Әлі тұр аспанына асылып таң.
Мен саған оралармын апрель боп,
Жаралған жапырағы жасыл бұлттан.
Назыңды жұрегіме жазып түрлі

Жайылдың махаббаттың хаты болып.
Мен саған оралармын жазғытұрғы,
Жасынның жайнап түскен оты болып.
* * *

Барлығы жұрттың көңілді,
Маңдай тері өтелді.
Қара ормандай егінді
Қара жер қалай көтерді.

Дастарқанын даланың,
Табылмас адам тапшы дер.
Толтырып тойдың табағын,
Жарылқап жатыр жақсы жер.

Төсінде оттар алаулап,
Шалқиды гулеп кең дала.
Малынып күйге, ән аулап,
Маужырап жатыр жер-ана

* * *
Суды көрсем сүңгігім келеді,
Бір шығып, бір батқан балықтай,
Нуды көрсем мүлгігім келеді,

Шалқамнан жатып алыптай,
Үйлер көрсем дала қиясында,
Солардың бәріне қонғым келеді.
Қоңыр қаздардың ұясына

Қарауыл болғым келеді.
Аспаннан жұлдызды ағызбай,
Жолын тосқым келеді.
Еріндерінен от ұшырып сарша тамыздай,

Ғашықтардың жолын қосқым келеді.

ҚҰЛПЫТАСТАҒЫ ЖАЗУ

Келемін жортып жаяулап,
Көрдім тас жолдың шетінен.
Тоқтала қалдым аялдап,
Оқыдым жазу бетінен.

Мұңдарын маған шаққандай
Өртеніп іші жалындап,
Көрінді келе жатқандай
Әріптер ірі адымдап:

«Қалаға кірді есер жау,
Айнала тінту, із кесу...
Кім қалар одан ссен-сау
Жоқ енді жұртпен кездесу...

Бұтағынан айрылған,
Жапырағындай еменнің,
Табам деп пана қай қырдан,
Үйімнен қашып жөнелдім.

Көңілім онға бөлінді
Келемін түнде зар жылап,
Құбыжық болып көрінді
Жолыққан жолда әрбір зат.

Өртеніп түсі, қабарып,
Артымда туған қалды үйім.
Артымда қалды балалық,
Артымда қалды ән-күйім.

Ата-анадан айрылған
Он екіде баламын.
Қара түнде қай қырдан
Дариға, пана табамын.

Кездестім долы өзенге,
Жол тосып жатыр, жоқ өткел.
Арсылдап со бір кезеңде
Артымнан жетті төбеттер.

Ақситып тісін ырылдап,
Талады иттер боршалап.
Партизан деп шуылдап,
Жендеттер тұрды қоршап ап.

Өлтірді сол түн жазалап,
Қаныма бөкті қара жер...
Отандас туыс азамат,
Кегімді жаудан ала көр!»

* * *
Ой дегенің аһ ұрып,
Қыста тұнып шөккен мұз,
Көктем шыға атылып,

Күркіреген көк теңіз.
Ой дегенің жапырақ,
Жұлып қашқан күзгі жел,
Қан-сөліңді тартып ап,

Қайратыңды тізгіндер.
Ойдың түбі жегі құрт,
Адам ойдан күрт кетер,
Мықты десін сені жұрт

Тау қайғыны тік көтер.
Аурумын деп ойласаң,
Жамайды ауру әр түрін,
Жүрсең, күлсең, ойнасаң

Жазыларсың, жарқыным!

КҮН СӘУЛЕСІ

Желмен ұшты жапырақтар,
Саулап түскен сары алтындай.
Желмен ұшты жапырақтар
Самұрықтың қанатындай.

Боз киіктей зырлап қашқан,
Батады күн бұлтқа барып,
Боз қыраулы жылайды аспан,
Жерді мөлдір шыққа малып.

Күн сәулесі қалып еді
Егін өскен жерде ұйып,
Түнде де жер жарық берді
Жинады астық ел жиылып.

Күн сәулесі жатыр тұнып,
Сарыарқаның жазығында;
Сары бидай қауызында,
Егіндіктің аңызында.

ЖИЫРМА ЕКІНШІ БИІКТІК

Тартыстағы тағдырдай,
Тұрды қабақ түйіп бұлт,
Қасарысты алдырмай,
Жиырма екінші биіктік.

Бастырмады бір қадам,
Биік жерден жау атып.
Айнала оқ бұрқаған,
Болмайтындай дауа түк.

Жанған жалын ұйытқып,
Ақ борандай ақ түтек.
Жиырма екінші биіктік,
Жүргізбейді оқ түтеп.

Жер беті азан-қазандай,
Өзіне жат өз демі.
Пулеметтің ажалдай,
Қарайды от көздері.

— Алға,— деді лейтенант,

Алдарыңда ауыр жол.
Өлді жайсаң не талант,
Қамалды алды қалың қол.
Енді жаудан тығылмай,

Көтерілді иық тік.
Тұрды ерлікке тұғырдай
Жиырма екінші биіктік.
* * *

Күркірейді тасқын сел,
Көктен нөсер тұр құйып.
Жаңбыр көзді жас гүлдер
Жерден шықты қылтиып.

Сол гүлдерден шаң ұшқан,
Күн нұрындай керемет.
Жас ағашқа жабысқан
Секілді олар көбелек.

* * *
Сілкініп дала таулары
Ашылды гүлі бақшаның.
Құстар соған арнады

Жүректегі жақсы әнін.
Қыс аяғын күрмеген,
Бойын жазды шымшықтар.
Көктем желі үрлеген

Би билейді сыңсып тал.
Қызған еңбек қайда да
Толастамай тоқырап.
Қара толқын айнала,—

Қара мақпал топырақ.
Қызғалдақтар — қызыл ту,
Жерде жүзген қызыл бұлт.
Егістікте ызы-қу,

Қимылдары қызу жұрт.
* * *
Шайқалады көк айдын,
Шүпілдеген шарадай.

Арасында тоғайдың
Оқ сияқты көкке атылған қарағай.
Құшағында бұлдырайды күз бұлттың,
Тырналардың көлеңкесі тәрізді,

Бу атады омырауы күздіктің
Ақ тұманмен орап алып аңызды.
Бұлттың мұнда тамбай өтті қай жасы,
Жаңбыр суы сонау жасыл желектер.

Желк-желк еткен батырлардың найзасы
Секілденіп бой көтерген теректер.
* * *
Омырауын ашып тастап желге өткір,

Самарқанда діріл қағып жидек тұр.
Жер жемісін көтере алмай ауырлап,
Аспан мөлдір сәулелермен сөйлеп тұр.
Келе жатқан көнерместен көп ғасыр,

Регистанның келбеті әлі көк жасыл.
Бірақ, бірақ, бүгінгі күн құлпыртқан,
Самарқанның жібегінен жоқ асыл.
Кешкі ормандай жібектің сан өрнегі,

Бұтағында сайраған көп құстары.
Елестейді жас қыздардың меңдері,
Сып-сып еткен нәзік саусақ ұштары.

ҚАРҚАРАЛЫ

Над степями плывут орлы
От Тобола на Каркаралы.
Павел Васильев.
Қарқаралы, сен маған жолықтың,

Өлеңі болып Қасым Аманжоловтың.
Таң жүзі болып,
Ән құзы болып Мәдидің
Қанды ізі болып кек ала жорықтың.

Қарасам саған қашанғым еске түскендей,
Қаба сақалды тауларың ескерткіштердей,
Қарағайларың қапсағай бойлы Қазыбектердей,
Самал желдерің сандық тастарға жырларын жазып

өткендей.
Күн шалған шыңдар күмбезді киіз үйлердей,
Толқыған көлдер Тәттімбет тартқан күйлердей.
Көк ала үйректер көлдерден ұшып барады,

Жапырақтар күнге жалтылдап оттай жанады.
Қарқаралы, келдім мен саған қарындасыңдай Баяннан,
Көрсем деп сені көңілде жүрді ой-арман.
Қарсы алды мені Қызыларай, Қаршығалы тауларың

Бүркіттей таңда дүр сілкініп оянған.
Қоңыр желдер көк ала үйректердей жайды жасыл
қанатын,
Алдыма тосты ауыздықталмаған қызыл күрең таң

атын.
Жалғыз аяқ жалтарды жолдар түлкідей
Тау басындағы Шайтан көліне алып баратын.
Қара жер белі қалың орманнан қайысып,

Ақмаралдардай ақ қайыңдар майысып,
Дөп-дөңгелек Шайтан көлі шайқалады жел тұрса,
Тау көкірегінен жөнелердей күміс табақ ай ұшып.
Көгілдір тастар Шайтан көлінің көк қанындай,

Қызыл қарағайлар қызыл алаулы оттарындай,
Көк пен жер шіреніп тартысқанда
Шайтан көлі аспанның тауға тастап кеткен
көкпарындай.

Шайтан көлі саясында қырлы тастың,
Шайтан көлі көз жасы дейді арманда өткен
Сұлушаштың.
Қатпар-қатпар, жақпар-жақпар шығып ап қайқаң

белге,
Қайта-қайта қараймын шар айнадай
Шайтан көлге.
Шыңдарда тұрды қортылған жездей ұйып бұлт,

Әкетті мені арқалап тағы биіктік...
«Қарқарам,— дейді, қалқажан,—дейді, қарт анам»,—дейді
Қарқаралы сені, құшағын ашып сүйіп жұрт.

БҰҒЫЛЫ

Сандық тасты аспанмен жалғастырып, Құйылады құпия ауа мөлдір. Бұғылыда күз отыр малдас құрып, Денесіндей бұғының ала теңбіл. Сұрша тастар таудың ор қоянындай, Орман басқан етекте ой ауылдай. Алуан түспен айнала жалтылдайды, Суретші күздің сан бояуындай. Сары жапырақ — сарғайған сағыныштай, Қара томар — қаусаған кәрі құстай. Ақ шоқылар — арманды ақсақалдай, Көкірегінен күрсінген жалын ұшпай. Ал қарағай көкпеңбек көк өрімдей, Жастық шақтың мәңгі өшпес желегіндей. Күзді ұзатып қолтықтап ән-күйімен Оралатын көктем боп келер күндей.

Тұла бойы ну орман, қасқа сулар, Сүю, күю, кездесу, қоштасулар...
Бұғылы тау қарайды қолын жайып, Қас батырдай кеудесін досқа ұсынар.

МӘДИ

Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.
Мәди.

Мәдидің Мәліксайда моласы бар, Бір соқпай кетпейді оған жолаушылар. Білмеймін қадап кеткен қанжары ма, Тік өскен Бұғылыда сонау шынар? Астасқан алғы үміті, мұңы елімен, Айқасқан қайран батыр мың өліммен. Құлапты Қарқаралы құшағына, Қан саулап оққа ұшқан жүрегінен. Қан қатып қара жерге сауыс тұрып, Шулапты қарағайлар дауыс қылып. Әрбір шың Мәди болып сескендіріп, Қашыпты қара түнде жау ышқынып. Халқына тиген талай қайырымы, Құлаған қызыл арай ақ иығы, Тауларын Қарқаралы күңірентіп, Тұрады баяғыша Мәди үні... «Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады. Сайыңда сайғақ құрлы сая таппай, Мен болдым бір сорлы жан Арқадағы...»

Мәдидің Мәліксайда моласы бар,
Бір соқпай кетпейді оған жолаушылар.

ҚАРҚАРАЛЫ ҚЫЗЫ

Қарқаралы басында жалғыз арша, Хатқа жүйрік сол қалқам мұсылманша.
Халық өлеңі.

Қарқаралы бауырында, Өтті оның жазы, Қысы қанша! Болды молда ауылында, Оқыды мұсылманша.

Ол күнді көп іздеді,
Ашуға көңілінің мұңлы-зарын.
Білмеді сырын теңіздердің,
Жұмбағын жұлдыздардың.

Қамшының өріміндей,
Қара толқын бұрымын жел үрледі.
Келді бір күй көктемгі сел үніндей,
Қарқаралы басында Қызыл тулар желбіреді.

Желбіреді Қызыл ту қанат керіп,
Көп сұраққа күн өтті жауап беріп.
Мұсылманша хат жазбай қызы бүгін,
Тұр Мысырда қазақша сабақ беріп.

* * *
Қара орманның қып-қызыл жалын іші,
Қара орманның қап-қара дауыл іші.
Өрт құсады өкіріп өңешінен,

Жүзі сұп-сұр соғыстың тәңірісі.
Қызыл жалын, қара жел араласып,
Ұлиды да ұйтқиды аран ашып.
Бірін-бірі ала алмай итжығыс боп,

Өмір, өлім жатады жағаласып.
Со бір сәтте айнала аласұрған,
Қара бұлттың от шашып арасынан.
Күннің көзі жарқ етіп көрінеді,

Бір сен үшін секілді жан ашыр жан.
* * *

Таулар, таулар қашанғы қасқа алыптар, Мендей сені сезді ме басқа жұрттар. Ақ шашты әжем секілді тұрып алды Қарқаралы басында ақша бұлттар. Оның басын бұлт ұшпас жанап өтпей, Құшады тау бәрін де алаң етпей. Қарқаралы секілді аэродром Ақша бұлттар ақ қанат самолеттей.

* * *
Жамылған тұман,
Кавказ станциясы қапталында,
Кішкене Кубань,

Лайланып жатты алдында.
Май айының,
Июньге кезі алмасқан.
Кубаньға мен қараймын,

Көз алмастан.
Білмедім тұратынын жақын неден,
Жүрегіме Кубань ыңғай,
Кубаньның аталатын атыменен,

Қостанайда өсетін қобан бидай.
Бірте-бірте келеді күн ашылып,
Жердің бетін ағартып жарығымен.
Кубань ағып барады тым асығып,

Казактың әнін айтып ағынымен.

АЛТЫН КІТАП

Дала деген бір ұлы ақын Оның жомарт қаламынан Жұтқан жаздай күн қуатын, Қызыл толқын ағады дән. Жанбаса егер әр күн тұтап, Түсер ме ойға тегін өлең. Жазды дала алтын кітап, Елдің маңдай теріменен. Жазды оның әрбір жолын Жасыл бұлттың жаңбырымен. Жазды оның әрбір жолын Қызыл арай таң нұрымен. Кең даланың әрбір дәні Жарқырады жұлдыз болып. Жаздың нұрлы жаңбырларын Күзде жерден жүрміз теріп.

ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ ЖЫР

Көне тарих баспалдағын сатылап, Жаңа күнде жайып жаңа жапырақ. Кәрі Торғай шаңырағын көтеріп, Орда тікті облыстың атын ап. Дастаны бар таусылмайтын мың жылға Куәсі оның қалған іздер құм-қырда. Ұлытаудан ұзына аққан көк өзен Су аяғы сіңген барып құрдымға. Өзен жайлап көшті қанша ауылдар, Өзен бойлап өсті қанша қабырлар. Көшке ере алмай қалған қарттар секілді Айдалада шегіп жатқан адырлар. Сар даланы жүндей түтіп шаң қылып, Ат үстінде көз шырымын алдырып. Жортты ерлер ай көтерген аспандай Қалқандарын қара түнде қарға іліп.

Аз ба, көп пе жауын тіпті санамай, Ажалына анталаған қарамай.
Шапты ерлер шапқыншылық заманда
Қолдарында құдай найза-қарағай.
Құдай найза-қыл арқанды қырық құлаш,

Көк желкеден тие қалса, қырықты бас.
Талайлардың аты шығып ойнақтап,
Талай көздің кемерінен ытты жас.
Дауыл күні дүр сілкініп дала ақын,

Көлдерімен күңіреніп алатын.
Күркіреген күн отымен тыныстап
Қыран құстай қомданатын қанатын.
Өтетіндей көздерінен жүзіктің,

Сәулелермен судың бетін сызып күн.
Аққуменен бірге ойнайды айдында
Түңғиықтан жүргендей-ақ үзіп гүл.
Көлеңкесі ай секілді аққудың,

Көлеңкесі жай секілді ақ күннің.
Бұл даланың ашады айқын ақ жанын
Аттары да Ақшығанақ, Аққұмның.
Көңілімде қалды аппақ көлеңке,

Көңілімде қалды — толқын жел ерке.
Аппақ жанмен құя берді ақ нұрын
Торғай деген қыран бүркіт ер өлке.
Бірінші боп қаққан дала дабылын,

Бірінші боп жаққан дала жарығын.
Бүкіл қазақ даласында бірінші
Революцияның таққан жаңа қаруын.
Осы дала омырауында шаң аунап,

Аманкелді аты шапқан танаулап,
Ұран салған ер Әліби комиссар,
Ленин берген қолға қызыл жалауды ап.
Ой-қой дала шетсіз-шексіз кеңістік,

Жалпақ дала, жазық дала тегістік.
Болсаң-дағы бораны көп терістік,
Қысыңды да көрем жаздай мен ыстық.
Құрсауында жатқанымда қатердің,

Торғай деген демеу болды аты елдің.
Түсіме ендің өзі болып анамның,
Түсіме ендің өзі болып әкемнің.
Жатты жанда байтақ жерің мекендеп,

Жатты тауың, көлің, шөбің мекендеп.
Жалт қарадым жапырақтар дір етсе,
Жеткен іздеп сенің желің екен деп.
О, туған жер, өттің талай ғасырдан,

О, туған жер, өттің талай асудан.
Сол ғасырлар сол асулар бұлт болып,
Менің-дағы көшіп жатты басымнан.
Арқадағы қашанғы бір қарт алып,

Орталығың болды бүгін Арқалық.
Торғай, сенің көтеруге бағыңды
Ұл-қыздарын аттандырды бар халық.
Жаңа күннен шашылады шапағат,

Тұрсың енді, Торғай, биік атақ ап.
Аспаныңды жалын болып жауып тұр
Жерден ұшқан саған деген махаббат.
Өтті заман елді езген сұм қарау,

Торғай, сенің тарихың бар мың тарау.
Республика картасында өзіңсің
Жанып тұрған таң нұрындай бір жалау.
* * *

Хабаршы бір жұлдызын таң алдының,
Қарсы алдым сұлу қызға балап нұрын.
Қол создым құшпақшы боп, сүймекші боп,
Аспанның ай маңдайлы ақ аруын.

Ол өзі қол жетпейтін қиян екен,
Ол өзі таң сағымы қиял екен.
Кезінде он сегіздің, уа достарым,
Аспан, жер құшағыңа сияды екен.

* * * Шақырды орман көлеңкесі көлеңдеп, Бір ғажайып ертегі айтып берем деп. Көк жалындай көрінді орман көгілдір, Көк жалынға сүңги бердім тереңдеп. Ұмыттырар дүниені тыстағы, Орман екен жер бетінің ұшпағы. Бір опера маған арнап қойды да, Шулады орман, жырлады орман құстары. Ақ қайыңдар сахнаның жасауы, Жапырақтар төгілген зер шашағы. Құстар желпіп қанатымен жібектей, Операның шымылдығын ашады.

БАЯЛЫШ

Сортаңда жалғыз тұрса да
Бебеулеп желмен баялыш.
Сахара шөлмен буса да
Іздемейді таяныш.

Жарылып кете жаздайды
Соқпаса біреу ұмытып.
Отымен шалқып маздайды
Жолаушыны жылытып.

* * * Сенің байтақ барлау үшін далаңды, Мың миллион от жанарлы көз керек. Жеткізуге тілмен айтып жараңды Оқтан ұшқыр, оттан ыстық сөз керек.

Көтеруге сен көтерген ауырды,
Жерден күнге жететұғын тау керек.
Өзің кешкен қайта кешем дауылды,
Ұрынатын болса қайта жау кенет.

* * *
Күн шығып қайта ұяға батқанынша,
Дүниеге болады күн ақ падиша.
Береді жарық нұрын үлестіріп,

Ақпанның сусымалы ақ қарынша.
Құрсаған күнді бұлттар жеңе алмайды,
Қадайды оған күн найза сызықтарын,
Ал адам жүз жыл жасап көре алмайды,

Күннің бір сәт көретін қызықтарын.
* * *
Ақ жүзі алша гүлі, Ия қыстың қарындай. Бойының наушалығы Өзеннің талындай.

Көздерін қадап өтсе, Өмірлік сый аласың. Жаныңнан жанап өтсе, Именіп ұяласың.

* * * Оқжетпестің жанында Жатыр жалғыз жұмбақ тас. Толқындар мен дауылға Сол жұмбақ тас тіл қатпас, Шештірмейтін жұмбағын Ғашықтармен жолдастай, Талай жастың сырларын Келе жатыр ол шашпай.

Түске дейін ол ашық, Түсте жапқан тағы бұлт.
Бұлттар саулық сұрасып,
Топталады сабылып.
Көз жастарын құяды

Сағыныштан жиылған.
Әзер есін жияды
Күн жарқ етіп қиырдан.
Күннің көзін құттықтап,

Жел еседі желігіп.
Оңтүстікке бұлт ықтап,
Барады іштей егіліп.
Көл де сырын сұрады

Үн қатпады қырсығып.
Жел де сырын сұрады,
Кері қайтты күрсініп.
Шіркін сенің сырыңды

Сондай ешкім шашпаса;
Жүректегі мұңыңды
Ешбір жанға ашпаса.
Оқжетпестің жанында

Жатыр жалғыз жұмбақ тас.
Толқындар мен дауылға
Сол жұмбақ тас тіл қатпас.
* * *

Тербейді түнде поездар мені, Тербейді түнде кемелер мені. Шайқайды түнде самолеттер мені, Жүремін жолда,

Мен үнемі. Тербейді олар:

Құстардың қанатының діріліндей, Теңіздің толқынының гүріліндей. Жапырақтардың жап-жасыл бояуындай Желмен бірге жайқалған гүл үніндей.

Тербейді олар:

Найзағайдың көктемгі шапағындай, Даланың боз көделі бурыл сақалындай. Солардың бар қуаты бойыма құйылып, Тербелемін мен де кеудемнен от арылмай. Қызғалдақтар менімен бір жолаушылап, Қызыл от боп бірге ол да жүгіреді. Тарлан атын тұрғандай тау қамшылап, Тас төбемнен түйіліп үңіледі. Менімен бір ағады таңғы аспан, Менімен бір ағады көл, өзендер. Қара көздің сиқырлы қиығындай Жалт-жұлт етіп қарайды терезелер. Барлығы да бірге ауып қонысынан, Бұлдырайды сағым боп көз ұшынан. Жол үстінде келемін бала күннен, Барлығына қараймын ақ арыммен. Жол үстінде келемін, Тосады қыр желегін Айтады дала өлеңін, Сәлем беріп бәріне Жол үстінде келемін.

* * *
Қолдан-қолға көшіп талай жыртылған,
Солдат болып шабуылға ұмтылған.
Москвадан тура тартқан Берлинге

Жеңіс жолын көріп тұрмын бұл тудан.
Ол өтпеген жыра мен сай, тоғай жоқ,
Шашақтарын қырқып өткен талай оқ.
Қара түннің сөгіп жатқан іргесін,

Таң секілді шашады ол арайлы от.

ҚЫСТАУ

Қыстауы құжырайған әлі бекем, Құлазып жатыр алда кәрі мекен. Қызғыштың қиқулаған ащы даусы, Баяғы бабалардың зары ма екен? Тамдар тұр көл шетінде төрт құлақты, Жел үрлеп жерге иеді шоқ қияқты. Ойнайды су бетінде күн сәулесі Аспаннан лақтырылған от сияқты. Алыстан мұнартады Қарақұс тау, Ербиген етегінде тарамыс қау. Қарайды соға кет деп сонадайдан Даланың музейіндей баба қыстау.

* * *
Көгершіннің жаралы балапанын,
Үйге енгізіп, жем беріп асырадық.
Аймалаған тәрізді балақанын,

Жатты ана түндер оны қасына алып.
Көңілін оның еш уақыт қайтармадық,
Ұшты бір күн қанаты қайқаң қағып.
Жақсылықты құстар да біледі екен

Соқты бізге шырылдап қайта айналып.
* * *
Қызыл гүлдер — қызыл орамалдар
Желбірейді жел үрлеп.

Қызыл гүлді — қызыл орамалды
Бұлғаған жар
Көзінен жасы мөлдіреп.

Бізді құшып ызғарлы күз Тырнамен бір ұзатқан. Қалған сонда қыздарымыз Хатты күтіп ұзақтан. Қызыл гүлдер — қызыл орамалдар Даладан күтіп ән салған. Қызыл жалаудай көтеріліп, Қызыл эшелоннан қарсы алған.

ЖЕКЕ ШУМАҚТАР

* * * Ақын жасау қолында емес сыншының, Тілді жасау қолында емес тілшінің, Халық өзі тіл мұхитын ағызып,

Халық өзі тұрғызады жыр шыңын.
* * *

Сен жылама мен қазаға ұрынсам, Біздерден де адам өткен бұрын сан. Жалғыз өзім жарты аспанды құшақтап

Арманым жоқ Алатаудай жығылсам.
* * *
Көз деген бір аспан ғой, Жаңбыры оның жастар ғой. Көкті жуып көмкерген
Бұлт секілді бастағы ой.

* * *
Қара тастың жаны бар,
Қара ағаштың қаны бар.
Соларды да соттайтын

Табиғаттың заңы бар.
* * *
Соқыр түндерге көз керек
Жан-жағын көру үшін.

Мылқауларға сөз керек
Арманын айтып беру үшін.
* * *
Жылдан жылдар озса да,

Өмір көші тоқталмас.
Алмас қылыш тозса да
Ақ көңілді тот шалмас.
* * *

Жаралса жүрек толқыннан Қалайша тұрсын толқымай. Моторың сенің сол тұрған Тіршілік атты сол құдай.

ӨЗБЕКСТАН

Түркстанның қақпасынан түнде өттім, Регистанға жеткенше әлі жол ұзақ. Жүрегіңнің жалыны екен, білмеппін, Өзбекстан!

Соғып тұрған аңызақ.

Жатыр ара жинамаққа күндіз бал, Шайқалмайды алма ағаштың бұтағы. Таң алдында жанады ақық жұлдыздар Ұлықбектің жазып кеткен кітабы. Қарайды ол сонау биік шоқыдан, Көкжиектің кемерінен көз алмай. Шашырайды Фархад ГЭС-тің отынан, Ала сәуле ұшып алтын тозаңдай. Көз алдында мың құбылып тұрады Өзбекстан өрнегіндей кілемнің, Жел де енді саяхатқа шығады Қырмызыдай сүйіп қызыл гүл ернін.

Көріскенше асығады жан-жүрек, Тарс-тұрс ұрып тар кеудеге сия алмай.
Өзбектердің сөзі майда тал жібек, Үлбіреген, мөлдіреген қиялдай.
Алтын арай — алтын анар бар қыстақ,
Төс төбеден төгіледі жүзімі.

Күн шырағын көтерілді қолға ұстап,
Өзбектердің құшағындай қызуы.

Түркстанның қақпасынан түнде өттім, Регистанға жеткенше әлі жол ұзақ. Жүрегіңнің жалыны екен білмеппін, Өзбекстан!

Соғып тұрған аңызақ.

ХИУА

Жанып тұрған сағым оттай Қызыл шақа жоталарда, Доңғалағы шаңырақтай Салдырайды қоқан арба. Саз дуалдар, Құм аралдар, Бұлдыраған мұнаралар. Аттың жұмыр тұяғына Шаншылған тік шырағдандар. Барлап тарих дөңгелегін Сарай ақын жазған жырлар, Канизактар бөлмелерін Баққан сырттан азбан құлдар.

Аспаһани қылыш соғып, Шаң-шұң еткен көк темірлер.
Дәруіштердің шапанындай Жолақ-жолақ өткен күндер.

Шатырға хан қадап ақ ту, Ойнақ салған әр күн жауыз. Қанатымен желпіп аққу, Сая берген салқын хауыз... Жаңа Хиуа күмбезімен Күнге салған жолды ілгері. Көне тарих музейінен Көресің тек ол күндерді.

ҚЫРҒЫЗ ТОЙЫНДА

Қабыл ал сәлем, жігіттер — Алаулы сөзді қырғыздар, Қабыл ал сәлем, шыбық бел — Аяулы көзді гүл қыздар. Қабыл ал сәлем, қариялар, Шыңдардай басын қар басқан. Қөңілі даңғыл дариядай Бүгінгімен жалғасқан. Қабыл ал сәлем, аналар, Ұйықтатып жатқан жұлдызды. Қабыл ал сәлем, балалар, Гүл иісті, күн жүзді. Бұл сәлем — қазақ сәлемі Қырғызды сүйген жанындай. Ғажап көл, ғажап таң елі, Жасай бер ұзақ тауыңдай.

АҚАЙША

Өмірге қадам бір бастың,
Өтірік пе айтшы, Ақайша?
Өзіммен түйдей құрдассың
Жеңеше дейін қалайша.

Мен де онда баламын,
Бір жүгірдің сен кеше.
Жасы үлкен деп ағаңның
Болмақшысың, жеңеше.

Бұрынғы өткен кездерден,
Қалмағандай бір белгі.
Бар мінезің өзгерген,
Ұмытып жас күндерді.

Ескі әдетпен тегінде
Жеңге десем жақынсың.
Бірақ көне көңілде
Құрдас болып жатырсың.

* * * Ағашқа жазды ол атын, Өшірді оны жел сызып. Жартасқа жазды ол атын, Әкетті оны сел бұзып. Қайтсем де тарих бетінде, Қаламын деді ол мәңгілік. Шыға алмай даңқ шетіне, Ақыры кетті қаңғырып.

* * *
Кешір мені, қайран Алтай,
Айлар бойы үндемедім.
Кешір мені, Тарбағатай,

Түсіме ендің түнде менің.
Жалпақ жиһан тынысындай
Әлі күнге жас тауларың,
Қызыл арай құрышыңдай

Жүзеді от боп аспанда күн.
Жатады ылғи мұз жамылып,
Жасыл ала биіктерің,
Күн қасында құзда туып,

Аяқтанған киіктерің.
Жүресіңдер шумақталып,
Көңілімде көшіп бұлттай.
Жүрегімнен жырды ақтарып,

Толқисыңдар кеш мұхиттай.
Кешір мені, қайран Алтай,
Айлар бойы үндемедім.
Кешір мені, Тарбағатай,

Түсіме ендің түнде менің
* * *

Өседі бір қарағай шың түбінде, Жаз кетпей қонақтайды бүртігінде. Сөйлейді табиғаттың мың тілінде Тұрады жасыл жастық кірпігінде.

Қалжырап, қартайды жер, қартайды аспан
Келеді сол қарағай қартаймастан.
Дүниеде жасаса да жүздеген жыл
Баладай жаңа аяғын тәй-тәй басқан.

Жуады ақ бұлақтар, ақ нөсерлер,
Кекілін сипайды жәй таңғы желдер.
Шабыттай денесіне шапшып шырын,
Ағады бауырынан қарлы селдер.

Бір өзі тұр қасқайып, бір ғасырдай
Қаншама жазса да ақын жырға сыймай.
Ай ғана асылады басына оның
Сұлудың сәулесі ойнап сырғасындай.

* * * Қайратынан дауыл бұрқап, Күзді отымен қыздырып. Қызыл бидай әнін шырқап, Қырманда жүр қыз-жігіт. Қызыл қырман —қызыл таулар, Қолдан соққан мүсіндей. Атып жатыр қызыл таңдар, Қызыл бидай түсіндей. Қызыл қырман қыр бетінде, Жанады оттай алаулап. Көкжиектің бір шетінде Батады күн талаурап. Төңкерілген тостағандай, Қыздың мөлдір жанары. Жігітке отын тастағандай Күндей ол да жанады.

ЖОЛ ДӘПТЕРІ

Жол дәптері жанымның Жазылмаған беттері. Бар онда Алтай тауының Асулары, өткелі. Ең алғашқы жыр болып, Түсті бұған жел ізі. Жатты желмен бір қонып, Бұқтарманың теңізі. Кереметті көп көрдім, Жатты сырлар туындап. Қанатындай кептердің, Ашылды бұл суылдап. Бетіне көбік шашылып, Шомылды жасыл жаңбырға. Алматыда ашылып, Сөйледі қайта алдымда.

ҚАРАҚАЛПАҚ БАУЫРЫМ

Ибрагим Юсуповқа Түріңде тұр туыстық, Тіліңде тұр туыстық. Нөкістің Қызылордадай, Құшағы отты, күні ыстық. Жатаған дала, жалпақ құм, Дарияның бірдей оң-түсі. Қазақ пен қарақалпақтың Айрылған қашан еншісі. Ағайындық жайында, Айтылар адал сөз ұдай Жырда жоқ бізде айырма, Ұйқастар егіз қозыдай. Арамыз алыс тұрсақ та, Аралас Арал — Шалқарым. Келеміз қатар бір сапта, Қандасым — қарақалпағым! Жадымда сенің тұз-дәмің, Алдыма тосқан күні-түн. Көзі оттай нұрлы қыздарың, Сөзі оқтай өжет жігітің. Дария саба Шалқарым, Бар бол дала дарқаным. Бауырым қарақалпағым, Жан інім, қарақалпағым!

* * *
Дұшпандардың даттауы да шаршатты,
Дос жандардың мақтауы да шаршатты.
Қорған болып ақыл айтқан күнде ұрсып,

Ағалардың сақтауы да шаршатты.
Түнгі оттардың толқынына бөлеген,
Желіменен қолтығымнан жебеген.
Шабыт беріп, әр қияға шақырып,

Шаршатпаған, қаусатпаған тек өлең.
* * *

Асыл гүлім, ашық күнім, нан маған, Кезім жоқ қой жалғыз сені алдаған. Сөздеріңде жырларым тұр жазбаған, Көздеріңде жұлдызым тұр жанбаған.

Маңдайыңда таңым жатыр атпаған, Таңдайыңда балым жатыр татпаған. Бір мең жатыр иегіңнің астында, Тіл мен көзден тұмарыңдай сақтаған. Бір тамшыдай жақын келіп тамбаған, Бір үміттей жалт бұрылып алдаған. О дариға-ай, қанша көрсем құмарым, Жалғыз саған, жалғыз саған қанбаған.

* * * Ақ таулар Алтай аруы, Орнаған жерге ақ аспан. Жеткізбей қарлы адыры, Баурында бұлттар адасқан. Жаралған таңның шығынан, Жаралған бұлақ буынан. Тұғырын тапқан қырандар Қылыштай шыңның қырынан. Кештерде жанған от болып, Алтайы қызыл түлкідей. Содан соң кеткен жоқ болып, Тындырып жұртты сілтідей.

Ақ таулар сүттей махаббат,
Алтайдың ару асылы.
Көктегі бұлттың ғашығы,
Арманның биік асуы.

* * *
Алатау бұлт шарқатын иыққа орап,
Асқақтап тұр әлемге биік қарап.
Тұтасқан ақ қар, көк мұз секілді үсті

Ақ сүңгі, көк найзадан жиып жарақ.
Тұр тұман кейде теңіз бітіміндей,
Ал кейде ауылдың көк түтініндей.
Нәзік бел жіңішке бұлақ көрінеді

Даланың демін өлшер түтігіндей.
Ертемен күннің көзі шыжығандай,
Елжіреп тас көңілі бұзылғандай.
Заматта шың басынан көтеріліп,

Кетеді тұман жоқ боп ізі қалмай.
Тәтті шақ сен ойлаған, мен ойлаған
Тұмандай кетті тарқап жел айдаған.
Бұлтындай Алатаудың ауыспалы

Өткен күн бір кеткен соң келер қайдан.
* * *
Төбесінде күн жатыр,
Әрбір таулар бір батыр,

Етегінде жасыл көл —
Жасыл кітап ашып көр.

Сол кітапқа бір соқпай Аттап өтер жыр жоқтай, Тауды оятып таскерең, Сөйлеседі ол таспенен. Өтті үстінен шатырлап, Заманалар көшкіндей. Жасыл кітап жарқырап Келеді әлі ескірмей.

* * * Әділдікті айтқызбай дүрілдеп дау, Құлагерім, жоқталмай құның кетті-ау. Тебіренбедің сен неге, Бурабай көл, Күңіренбедің сен неге, Сырымбет тау. Тар өткелден өткенде оқтай ұшып, Шоқтығынан тиді кеп шоқпар ұшы. Құстай аққан Құлагер жазым болды Сал Ақаннан басқа жоқ жоқтаушысы. Көздерінде Ақанның жер айналды, Көздерінде жапанның көлі айналды. Құлагерден айрылып құлазыды Жүрегіне шемендей шер байланды. Орта жолда сал Ақан қалды тоқтап, Лаң тоқпақ, жанында қанды соқпақ. Жалғыз өзім зарланып кеттім деме Құлагерді келеміз әлі жоқтап.

* * *
Пянджіні момын санама,
Кектенсе кеттің мерт болып.
Қаптатып селді далаға

Атылады өрт болып.
Тыныштықта әсем күнімен
Жүрегі жомарт Пянджінің.
Толқындардың тілімен

Шырқайды тынбай ән-жырын.
* * *
Үйлерін жомарт татардың
Жасымнан ұқтым сақи деп,

Шешемді әни атадым,
Әкемді өстім әти деп.
Татарлармен бірге өттім,
Дария ағындарын мен.

Өлеңдетіп ер жеттім
Ғалиябануларымен.
Татардың мұңлы күйлері,
Кештей бір күңгірт шағымда

Секілді нұрлы үйлері
Шамдарын жақты жанымда.
* * *
Бұл далада таппай ылғал,

Шөлден өлген ақ қайыңдар.
Шөккен нардай адырлы бел,
Кепкен сордай сабынды көл.
Қалтыраған тау әлемі,

Мұз-мұхиттай түні суып,
Күннің алтын сәулелері
Шанышқан жерге күміс уық.
Сол сәулелер сары даланы,

Алтын оттай сапырады.
Ата-баба армандары —
Шулайды орман жапырағы.

ОРЫС ТІЛІ

Найзағайдай айқасқан оқ ұшқыны, Арқыраған алапат соғыс күні. Шабуылға бастады «алға!» деген Жалғыз сөзбен айбынды орыс тілі. Естілді ол Лениннің үні болып, Жатталды ол жауынгер жыры болып. Бавария жерінде көкке шапшып, Желпілдеді жеңістің туы болып. Құйылды ол ауаның мөлдіріндей, Құйылды ол шипалы жел үніндей. Құйылды ол сәске түс сәулесіндей, Тұрды ол биік аспанның зеңгіріндей.

Құйылды ол ақ қайың шырынындай, Көңілдерді көтерді ту нұрындай.
Жанымызды жырлатты шабыт беріп,
Ақ күлкілі ақ бұлақ сыңғырындай.
Көтерілді ол даңқтың асқарына,

Жазылды ол тарихтың тастарына.
Салют болып атылды ол жеңіс күні,
Саксон менен Прустың аспанына.
Шарапатты шұғылалы жақсы түндей,

Құйылды ол аспанның ақ сүтіндей;
Дүниені Ленинше ұғу үшін,
Болды жасқа, кәріге мақсат бірдей.
Жеке дербес теңі жоқ, тіл үздігі,

Болды ол барлық халықтың ырыздығы.
Ойы жатқан жазира жасыл жайлау,
Жұлдыздардай сөзінің тығыздығы.
Тұрады ол ап-ашық тұманданбай,

Шың басына шырқаған шынарлардай.
Ұшады ол кең-байтақ кеңістікте,
Күнге тура қарайтын қырандардай.
Айдынды ол мұхиттың арнасындай,

Айбынды ол жұмысшы балғасындай.
Шалымды ол шаруаның орағындай,
Сенімді ол сыралғы жолдасындай.
Қаһарман ол солдаттың қаруындай,

Айбарлы ол Отанның адымындай.
Жұртты жинап алады өз қасына
Қағылған революция дабылындай.
Ол күшті найзағайдың оқтарындай,

Ол сұсты күннің шашқан оттарындай.
Ардақты ол ант берерде ер сүйетін
Жеңімпаз жалаулардың шоқтарындай.
Ол барлық тілдерменен тамырласқан,

Құшағын мейірімді бауырға ашқан.
Сұрапыл болған кезде сөз сайысы,
Қамал боп келеді ол алынбастан.
Тартқандай жер бетінен тың арнаны,

Бұл тілді білу елдің ұлы арманы.
Жазылды осы тілдің қуатымен,
Ынтымақ, Бейбітшілік ұрандары.
Ту етіп көтеретін дос ниетті,

Орыс тілі ұлы тіл, қасиетті.
Шаттықты ол сабырмен арқалайды,
Көтеріп қайсарлықпен қасіретті.
Жер қопарған күндіз-түн кеншілердей,

Ай мен күнге ауылдас көршілердей.
Мемлекеттер арасын біріктірген,
Орыс тілі орнықты елшілердей.
Орыс тілі тілдердің тұр шыңындай,

Әркім шөлдеп жұтады сусынындай.
Медет беріп келеді ол желпіп жеңіл,
Қарлығаш қанатының сусылындай.
Орыс тілі салмақты қорғасындай,

Таусылмайтын кендердің қордасындай.
Жүреді ол әрқашан алды барлап,
Парасатты, байсалды қолбасыдай.
Орыс тілі бар тілдің жүрегіндей,

Ағып жатқан мәңгіге ұлы өмірдей.
Сүйем оны Отандай, көрем оны
Арқа сүйер асқар шың тірегімдей
* * *

Ай менен күн ағып жатыр,
Шомылдырып жасқа жүзін.
Жүрегімде қалып жатыр,
Мөрдей болып басқан ізің.

Ай менен күн ағып жатыр,
Көшкен бүлттай жазғытұрғы.
Құлағымда қалып жатыр,
Сенің даусың нәзік сырлы.

Ай менен күн ағып жатыр,
Шулап толқып, шулы ағын боп.
Сенің сырың қалып жатыр,
Өлеңімнің шумағы боп.

* * *
Жанып аспан, жанып жер,
Отқа күйіп өлді аттар.
Өлді ауыр танктер,

Өлмеді тек солдаттар.
Өлді ауыр зеңбірек,
Өңешінде өлді оқтар.
Кеудесімен көк тіреп,

Өлмеді тек солдаттар.
Алды ақыры тыным жұрт,
Өлді ақыры жанып өрт.
Өлді күйіп зұлымдық,

Қалды тірі әділет.
* * *
Мұңымды айта шыңға бардым,
Үндемеді шың бірақ.

Мұңымды айта суға бардым,
Мазақ етті сылдырап.
Бірі үндемей, бірі күліп,
Жәбірледі жанымды.

Іздеп жүрмін зыр жүгіріп,
Кімге айтамын зарымды.
Жараланған қарлығаштай,
Жүрегімді елер кім.

Енді ешкімге жанымды ашпай,
Өз бетімше өлермін.
* * *
Көктем жапырақтарын

Бұршақ ұрмаса екен.
Бұлбұл боп бәрі топырақтардың,
Бір сәт жырласа екен.
* * *

Көктем боп мен де гүлдедім,
Серігім болды күн менің,
Бұлттардың барын білмедім,
Найзағай барын білмедім.

Көзіме күлген адамның
Көрінді бәрі көктем боп.
Мінезін істеп сараңның
Кеудеден бірін тепкем жоқ.

Үйімнен адал дәм татып,
Кейбірі жүрді айтысып.
Кеудеме содан қан қатып,
Төбемнен жатты жай түсіп.

Жолымды жапты бұрқап қар,
Ажалым менің жеткен жоқ.
Келе жатқан ұрпақтар
Тұрыңдар бұлтсыз көктем боп.

* * *
Мен де бір бұлтпын,
Көз жасын әлі төкпеген.
Қасқая біткен еменмін

Жаңбырлы жазда көктеген.
* * *
Күз келеді жақындап,
Қарауытты ақ аспан.

Дірілдейді жапырақ,
Айрылам деп ағаштан.
Ысқырады билеп жел,
Ызғар бүркіп демінен.

Дірілдейді үйректер,
Айрылам деп көлінен.
Қаны қашып жүзінен
Шал шошиды түс көріп.

Айыра ма күзінен,
Қарлы боран қыс келіп.
* * *
Кемелер жүзеді теңіздерде,

Жерде поезд ағады желдей гулеп.
Кемелерден сен мені іздеме,
Поездардан іздеме көремін деп.
Су түбінде сүңгуір ұшқыр қайық,

Самолеттер шырқаған жаңа көкте.
Іздеме сен сүңгуір қайықтардан
Іздеме самолеттен.
Сенсіз қалай өмірді сүремін мен,

Мені ізде тек өзіңнің жүрегіңнен.
* * *
Сен мені аттың,
Жарылды оғың сол қолға қадалып кеп,

Мен сені аттым,
Білмеймін
Қайтты ма әлде таралып кек.
Мүмкін саған тимеді атқан оғым,

Темір қасқаң бүркеді бет-жүзіңді.
Мен оны байқамаппын ет қызумен,
Қызыл жоса қан болды жатқан орным.
Мүмкін сен өліп кеттің

Зеңбіректің тамағы үшін,
Ал Берлинде менің досым қаза тапты,
Отқа өртеніп кішкентай балаң үшін.
* * *

Өлең деген ар ісі,
Өлең — өнер жарысы.
Өлең деген халықтың
Абыройы, намысы.

Өлең деген ақша емес,
Басқа жастап жататын.
Өлең деген бақша емес,
Күзге сақтап сататын.

* * *
Мейлі бұған көнбесе,
Жабысқақтар шегедей.
«Таудай талап бергенше

Талант берсін төбедей».
Талант барда талап бар,
Талант ақ сел, жаңбырдай.
Талантсыз жан алақтар

Жауын күткен тандырдай.
* * *
Жасыл толқын — жапырақтар,
Жайды шашын жел-дауылға.

Атылды ойнап ақ бұлақтар,
Тұрды ынтығып жер жауынға.
Көк дабылын жатыр ұрып,
Кемпірқосақ жерге иіліп.

Құлады бұлт жапырылып,
Маңдайынан тер құйылып.
* * *
Алатаулар — жас таулар,

Жалыны бітіп сөнген жоқ.
Өседі зәулім асқарлар,
Көгеріп күнге жерден от.
Шілденің күні шыжымас,

Шыңдары оның ақ қарлы.
Жатыр ма талай күндерден,
Ішінде бір от сақтаулы.
* * *

Қызықпаймын аспанына басқаның,
Өз аспаным отын шашып тұрғанда.
Қызықпаймын дастанына басқаның,
Жұлдыз болып жанып тұрған жыр барда.

Қызықпаймын жолдарына басқаның,
Өз жолдарым жатқанында қыр асып.
Қызықпаймын орманына басқаның,
Өз орманым тұрғанында гүл ашып.

* * *
Сары жапырақ күздің күні сары алтын,
Сары жапырақ күздің оты жанатын.
Сары жапырақ күздің құсы, жел жұлып,

Орта жолда тастап кеткен қанатын.
Сары жапырақ өткен жазды сағыну,
Сары жапырақ кеткен қазды сағыну.
Сары жапырақ сағыныштың белгісі,

Сары жапырақ үміт күтіп, сарылу.
Сары жапырақ жар көтерген орамал,
Ол жоғалса екі жүрек жоғалар.
Өткен жазды, кеткен қазды сағынба,

Олар тағы жұбын жазбай оралар.
* * *
Күн тырналар керуендей алға асып,
Кете берер көкте шырқап жалғасып.

Ақ тауларда ақ жаңбырлы бұлт ұйқтап,
Ақ төсіне төгіледі таңда шық.
Құтылмассың көңілге күз орнаса,
Құлпырмассың бұлт үстіңнен торласа.

Сары жапырақ әлі, досым, түк те емес,
Қара жапырақ бір күндері болмаса.
* * *
Келемін бекіп жыламай,

Сабырды қанша жыл сақтап,
Төгілер бір күн шыдамай,
Көзімнің жасы бұршақтап,
Сен сонда мені жазғырма,

Сен сонда айтпа сөз суық.
Жарқырап тұрған жаздың да,
Алмай ма бұлты көз сығып?!
* * *

Дауыста күн мен түндер бар,
Бірі ашық, бірі қараңғы.
Гүлдей бір нәзік үндер бар,
Өтетін желпіп адамды.

Дауыс бар қара дауылдай,
Тоңасың мұздап, қалтырап.
Дауыс бар ала жауындай,
Аласың көктен әл-қуат.

Ішінен таулар күбірлеп,
Жатады бұлттың астында.
Толқитын түсте дірілдеп,
Даусы бар қара тастың да.

Шулаған сансыз шымшықтай
Дүние толған дауысқа.
Көп дауыстан тұншықпай,
Жетсе екен даусым алысқа.

* * *
Құлағыма тау, өзен үні келіп,
Жалғыз өзім жатамын күңіреніп.
Кейде балқып кетемін кейде шалқып,

Жүрегімнен өлеңнің гүлін өріп.
Жалғыз өзім жатамын төсегімде,
Жұмысым жоқ бұл жұрттың өсегінде.
Жұмысым жоқ бұл жүрттың есебінде,

Ой дариясын жүземін, кешемін де,
Жарқ етеді сол кезде жыр алмастай,
Көтерілер көңілім тұман баспай.
Түрегеліп жүргендер кешіріңдер

Жайым болса бір кезде тұра алмастай.
Аспанменен жер болып көкірегім,
Өзімді-өзім қайраймын, бекінемін,
Алай-дүлей отымның арасында,

Адассаңдар сөкпеңдер, өтінемін.
* * *
Мүжіліп марттың желімен,
Қыс қары қалған жұқарып.

Днепр бойлап менімен,
Келеді Сәбит Мұқанов.
Ол үшін дұрыс бәрі де,
Сөйлемес сөзді ол бөтен,

— Бәрі де мақұл, әрине,

Тамаша өзі оңды екен.
Тамаша мұнда жыра да,
Тамаша неткен таң қандай.
Бола ма ақын, сірә да

Бәріне соның таңданбай.
* * *
Мына қолдар әр уақыт,
Аулақ болсын

Оқ-дәрі, бытырадан.
Ақ бидайды көтерсін,
Аппақ күндей
Бүкіл адам.

Кездеспесін қанды апат,
Қаралы ажал,
Қабақтарды көрмейік шытынаған.
Нулы орман, шулы өзен,

Сая болсын ыстық күнде,
Жолатпайық ажалды біз,
Тұнып тұрған тыныш түнге.
* * *

Желпиді жел ауаны,
Жазылып кең бауыры.
Түн шамдарын жағады,
Алыс аспан ауылы.

Жұлдыз... жұлдыз... көп ноқат,
Ай аспанда шығыршық.
Көк қызында жоқ тағат,
Көз қысады қылымсып.

Түн тамаша, түн нәзік,
Төбеде аспан шатыры.
Жатыр ма екен жыр жазып,
Жұлдыздардың ақыны.

* * *
Сағындырдың
Жаумаған жауындай.
Алыстадың,

Алып қашқан ағындай.
Алдарқаттың,
Айнымалы сағымдай.
Жатырсың іште

Алай-түлей дауылдай.
* * *
Ей, менің шырайлым,
Шыдамаймын көрмесем.

Өтінемін, сұраймын,
Бір көрінші мен десең.
Іштен тынып жүдеймін,
Рақатты аз көріп.

Тым болмаса жүрейін,
Көлеңкеңе мәз болып.
* * *
Ертеңгілік кездесіп,

Көрінбейсің күн батса.
Серттеспейсің сөз кесіп,
Үндемейсің тіл қатса.
Қойған бір кез шық тамбай,

Құлазыған тақырмын.
Бұлқынсам да бұлттанбай,
Шыдап келе жатырмын.
* * *

Көп терезе бұл қалада жанады,
Көп терезе өмір отын жағады.
Бір терезе көп терезе ішінен,
Ерке көзбен маған күліп қарады.

Сәулешімнің сол болар ма жанары,
Еңсеме еніп, ішке түсті алауы.
Оттар сөніп, туса да таң мезгілі,
Сөнбесе екен сол терезе көз нұры.

* * *
Сарғылт тартқан жыл жырларын,
Көшіремін үңіліп.
Бір кездері құрбыларым,

Аялдар аз кідіріп.
Әлде аялдап кідірмес те,
Отсыз, ойсыз өлең деп.
Сол ой түсіп бүгін еске,

Отырмын мен елеңдеп.
Сарғылт тартқан жапырақтар,
Сарғылт тартқан қағаздар.
Жүрегімнің отын ақтар,

Қуат алсын әлі аздар.
* * *
Құлын даусың сыңғырлайды,
Әнге бассаң сызылтып.

Көзім жаспен бұлдырлайды,
Өзегімді үзілтіп.
Келбетіңде жарқырап таң,
Жанарымды үйірген.

Сен де аққайың жапырақтан,
Жасыл көйлек киінген.
Құлын даусың құйқылжысын,
Таңда тәтті жыр тегіп.

Сайрандай бер, бұлбұл құсым,
Жаздан жасыл гүл теріп.
* * *
Сіздің үйдің жанында

Сыбызғыдай талдар бар,
Ұмтылсам да баруға
Сөнбейтұғын шамдар бар,
Жалбызды өзен жарында,

Жалғыз өзім жортамын.
Есігіңді қағуға
Сол шамдардан қорқамын.
* * *

Махаббаттың күндері,
Өтесің-ау ұрланып.
Махаббаттың гүлдері,
Соласың-ау сұрланып.

Кейде жанды үйіріп,
Соғасың-ау дауыл боп.
Кейде көзден құйылып,
Жауасың-ау жауын боп,

Өртеп жалын өртіңмен,
Боласың-ау ғайып бір.
Өзің салған дертіңнен
Өзің енді айықтыр.

* * *
Көгілдір Балтық жағасы,
Қарағай-қайың ағашы.
Кештері қоңыр самалды,

Шипадай мөлдір ауасы.
Жотадан ойға қарғыған,
Жолдардан жатар жол туып.
Шығады Балтық алдыңнан,

Кеудеңді нұрға толтырып.
* * *
Көк теңізге ақырын сүңгіп батты күн,
Қанатымен қаусырмалап жапты түн.

Күндіз күліп кең далада жүгірген,
Басты жел де баяу есіп аптығын.
Көлегейлеп көз алдыңнан шың-құзды,
Алып кеме секілденіп түн жүзді.

Ай барады балықшының ауындай,
Көк айдыннан сүзіп алып жұлдызды.
Жер бауырлап жатып алған жел шөгіп,
Қайта атылып айқасардай төнсе бұлт.

Жарын күткен ақ көйлекті арудай,
Жағалауда жас қайың тұр теңселіп.

АРАБ ӘУЕНІ

Көл орнына шөл дала
Көк сағымды жұтады.
Тентіреген жел-бала,
Жұлқиды қу бұтаны.

Сар тамызда, шөл құмда,
Бір пана жоқ сүйенер.
Кешеді от толқынды
Қоңыраулы түйелер.

Күңгір-күңгір дыбысы,
Қаңғырлаған қоңырау.
Бұйрат-бұйрат құм іші,
Жеткізбейді жол мынау.

Құлазыған көңілдей,
Жаутаң-жаутаң қараған
Өртенген жер өңіндей,
Келеді бір кәрі адам.

Күңгір-күңгір қоңырау,
Жеткізбейді жол мынау.
* * *
Жемтік іздеп қажып қайтқан тау-қырдан,

Қараңғы түн қасқырдікі қаңғырған.
Ал жарық күн адамдікі шығатын,
Абзал анаң секілді бір алдыңнан.
Қараңғының қарақшылар иесі,

Ал жарық күн адамдарға тиесі.
* * *
Таулар, таулар кешкі ымырттай,
Жаумай өткен көшкін бұлттай.

Тұңғиықты тылсым дүние,
Келген сырын ешкім ұқпай.
Көз жасынан жаралғандай,
Ақша қардан қаланғандай.

Жарқырайды жалт-жұлт ойнап,
Ақ найза боп қадалғандай.
Қиялды тау құндақтаған,
Құпия бір сыр сақтаған.

Мөлтілдеген көз жасындай,
Шатыры аспан, жұмбақ жиһан.
Тұрады ол бір күй күтіп,
Асқақ арман мұратпенен.

Жетеді оған жел құйғытып,
Демі үскірік құла атпенен.
* * *
Бауыр етіп бір жерге,

Көп жұлдызды қосты аспан.
Олар қара түндерде
Нұрларымен достасқан.
Неге солай болмаған,

Ақ тілеулі бар адам.
Қайдағы бір оңбаған,
Дүниені қандаған.
Қайдағы бір оңбаған

Ойлап жалғыз бас қамын,
Сыйғызбаған басқаның
Бір ұяға бастарын.
* * *

Сұлулығы дара тұр,
Ашқан алма жаңа бүр.
Қос анары қос оба,
Көзі бейне қара гүл.

Ойлама тек қара деп,
Оның отты жанарын.
Өзіңмен бір ала кет,
Келсе алысқа қарағың.

Қызықпасын жел неге,
Бойы зифа тал шыбық.
Кірпіктері кеудеңе,
Қадалады шаншылып.

Дөңгелейді көзінде,
Қызғаныштан тамшы бұлт.
Берілмейсің сезімге,
Кетер деп құр жаншылып.

* * *
Ойлаймын мен, ойлаймын мен түнімен,
Ойлай, ойлай өлеңнен мен түңілем.
Қарау керек жұлдыздардың көзімен,

Сыйлау керек толқындардың тілімен.
Қара бұлтты қара аспанды тәрік етіп,
Найзағай боп сөну керек жарқ етіп.
Кету керек көк нөсердей топандап,

Қара жерді несібеге қарқ етіп.
* * *
Қасым айтпай білемін,
Сен жүрген бұл соқпақты.

Мен де өзіңдей сүйемін,
Есіме алып Ковпакты.
Кезем Днепр жиегін,
Шығамын шың биікке.

Мен басымды иемін,
Қасиетті Киевке.
Таныс толқын шулаған,
Тораңғылы тоғайлар.

Жұмағали жырлаған
Көрікті Айдар, көк Айдар.
Шұбырады алдымнан,
Өткен күндер тізбегі.

Көкірегімде жаңғырған,
Сенің салған іздерің.
Ақ қар, көк мұз төсегі,
Тұтасқан бұлт түндігі.

Көз алдымнан көшеді
Партизандар тірлігі.
Жаудың темір қоршауы,
Ойдым орман аралы,

Көктің кемпірқосағы,
Жасыл үміт жалауы.
Жанды сақтар жоқтаса
Алаулаған от жалап.

Ызыңдаған оқ — маса,
Жалаңдаған жоқ қарап.
Жерді қызыл жосалап,
Ақты доптар аңша ұлып.

Танктерді тасалап,
Жанталасқан жау суыт.
Кетті талай күш-әлің,
Таптың пана құз-тастан.

Жайды саған құшағын,
Жыламсырап күзгі аспан.
Көлегейлеп жапырақ,
Су ұсынды балбұлақ.

Шөп ұсынды топырақ,
Иісі аңқыған балбырап.
Зеңбіректер гүрсілдеп,
Күркіреп күн ұзаққа,

Болды жаулар түсірмек,
Сендерді қыл тұзаққа.
Болмай сонда бор кемік,
Қайратыңа жол беріп.

Талай жауды тақымға,
Бастың, алып өңгеріп.
Жоюға сұм соғысты,
Оққа қарсы оқ ұшты,

Жоюға сұм соғысты,
Отқа қарсы от ұшты.
Қарлы құйын қырларда,
Қап-қараңғы орманда.

Лапылдаған оттарда,
Тарам-тарам жолдарда.
Жүрдің жағаң жыртылып,
Жүрдің алға ұмтылып,

Украиндық ерлермен,
Қанды күнде бір туып.
Жасыл көйлек киді жер,
Оттың басын от алды.

Салют болып сүйдіңдер
Жеңіс күні Отанды.
Көктем келіп, кетті қыс
Жылылық ап жетті құс.

Қайта түсті қынапқа
Кек қылышы көк құрыш.
Днепрден жарды ұрған
Бастап ылғи сөз басын,

Қуанышқа қалдырған
Төгесің сен көз жасын.
* * *
Дүлей жел булықтырып өз деміне,

Боранды түнде адасқан кездерімде.
Жарқырап от тұратын, сол бір отты
Ұқсаттым сенің жанған көздеріңе.
Оқ тиіп туғанда ауыр кез басыма,

Жолдасым жетіп келді тез қасыма.
Жарамды жуды өзеннің толқынымен,
Ұқсаттым толқынды сол көз жасыңа.
Ақынның секілді өлең шумақтары,

Өзеннің дыбыс берді шулап талы.
Сен болып тіршілікке оралдырды,
Дүниенің жаны ашып, жырлап бәрі.
Есімнен ол күндерім шықпас бүгін,

Өр көңіл еш уақытта жықпас туын.
Дүние ұқсастығын сенен тауып,
Сенен мен таптым дүние ұқсастығын.
* * *

Құс қанатын сабалап,
Тербеледі көл тынбай.
Төсіндегі ала дақ,
Ақ қаз — аппақ толқындай.

Күндіз сәуле күн төгіп,
Түнде нұрын құяды ай.
Бауыр басып бар құсты
Көл жатады ұядай.

* * *
Көзіңнен талай жас шықты,
Ауыр бір күнде әл тайып.
Берем деп маған жастықты,

Қалдың сен өзің қартайып.
Тал бесікке асылып,
Аяқты басып тұрғанша.
Тәтті ұйқыңды қашырып,

Өтті жылдай түн қанша.
Өзің болдың өзенім,
Ортаймайтын суалып.
Өсірді ерке өз елім,

Өлеңіме қуанып.
Жүрсең де өзің ауырып,
Күлесің сен білдірмей.
Сырқат деп мені қамығып

Шығасың кірпік түнде ілмей.
Алысқа кетсем алаңдап,
Тұрасың қақпа түбінде.
Шығасың түнде сан аунап,

Елегізіп әрбір дүбірге.
Өзіңсің менің орманым,
Өзіңсің менің қорғаным.
Қандай бір жақсы мен үшін

Дүниеде сенің болғаның.
* * *
Қарауытып асқар таулар,
Айналаны түн жапса да.

Баяғыдай алабұртып,
Бара алмаймын гүл бақшаңа.
Бара алмаймын балбұлаққа,
Сөнді жанған асыл үміт.

Ол күндерім қалды артта
Бір тасада жасырынып.
* * *
Айта берсін тағдырдың бораны кеп,

Бір күндері жас гүлдер солады деп.
Айта берсін аш ажал шалғысымен
Көк егіндей күз түспей орады деп.
Өлемін деп қай көңіл жай таба алар,

Өлімге де өлеңін айта барар.
Басқа ақынның қолында қалам жүйткіп,
Басқа ақында өз жырым қайталанар.
* * *

Жолда адасып сеңделсең,
Жөнді сұра желден сен.
Оның кедір-бұдырын
Желден басқа кім айтар?

Жолда сусап шөлдесең
Сусын сұра көлден сен.
Судың ащы-тұщысын,
Көлден басқа кім айтар?

* * *
Кішкене ұяда балапан отыр,
Кішкене үйде балақан отыр.
Ұя — балапанпың отаны,

Үй — балақанның отаны.
Балапан ұшса оралады,
Оралады ұясына.
Балақан ұшса

Күтеді үйі асыға.
* * *
Күндізгі аспанды,
Қаракеш секілді бұлттар жабады.

Бұлт лебінен тұрған дауыл
Жас талды шайқайды,
Тербейді ауаны.
Жарқ етіп жай оты алдымен,

Күн күркірейді артынша.
Дүние көгеріп жауынмен,
Дем алады кемпірқосақ тартылса.
* * *

Өміріңді тілейтін көршілер бар,
Өліміңді тілейтін көршілер бар.
Көп адаммен көрші боп келе жатқан,
Көрші жайын, бауырым, сенсің ұғар.

Құдай бізді бір жалғап көршілермен,
Бәрімізге бір үйден енші берген.
Жақын көрші, қызғаншақ кетші аулақ,
Алыс көрші, қызға ұқсап келші бермен.

* * *
Қонақтаған терекке
Қыстың құсы — ақша қар.
Еседі жел — желөкпе,

Әндетеді бақшалар.
Ақ оқалы желеңмен,
Тұр аққайың — сұлулар,
Қысты суық дегенмен,

Қыста өзінше жылу бар.
Жасап қойған қыс қолы,
Қардың шілтер бүртігі,
Секілді бір құс жолы

Терезенің кірпігі.
Жел жортса да ызғырық,
Тыңдамайды мұз балқып.
Сүйіп жатыр қыз-жігіт

Қыстың бетін қызартып.
* * *
Көзімнен қара бұлттар көшіп жатыр,
Кеудемнен қоңыр самал есіп жатыр.

Желкілдеп жерім көктеп желек жайып,
Егінім өз үйімде өсіп жатыр.
Өз еркім жылаймын ба, құлаймын ба,
Шаруасы қанша онда құдайдың да!

Толқынмен арпалысқан жалғыз қаздай,
Жүземін нөсерлі күн, ну айдында.
Жылай да біледі ғой күле білген,
Жыласам жылаймын мен жүрегіммен.

Күлсем де мен күлемін жүрегіммен,
Жылай да біледі ғой күле білген.
Сіркіреп ала бұлттан ала жауын,
Жасымен құрғатады дала шаңын.

Күлемін, жылаймын да қайта күлем,
Өмірден бір болған соң алашағым.
* * *
Олар үшеу еді о басында,

Екеуі тұр үшіншінің моласында.
Қап-қара тыныштық қара ормандай,
Жарық сәулеге жоқ амал жол ашуға.
Қап-қара кеш үшіншінің жүрегіндей,

Қап-қара тас түнеріп тұр өлімдей.
Тек қана қара бұлттар ақырады
Сонау бір қанды күндердің айқай-сүреңіндей.
Бұлар соғысқан жер бір кезде орман еді,

Тып-типыл сол орманның жолдары енді.
Екеуі аман қалса деп үшіншісі,
Өз жанымен достарын қорғап еді.
Өртенген бір кезде шоқы жанып...

Екеуі енді қабірде отыр налып.
Екеуі де келеді жер бетінде,
Өлген достың сөндірмей отын жағып.
* * *

О, достым, ойла, не білдің,
Жасадың жерде қанша күн.
Ағысын қатты өмірдің
Қуа да қуа шаршадың.

Айрылдың қанша гүлдерден,
Сәуледей сені арбаған?
Қалды күн қанша кім білген,
Ғұмырды септеп жалғаған?

* * *
Жел жұлқылап жыртады,
Көк теңіздің көрпесін.
Бұлттар жауып тұр тағы

Ашық көктің өр төсін.
Бұлт аспанда ойнаса,
Мен де бұлттай түнерем.
Жаңбырмен жер жайнаса,

Мен түлеген бір емен.
* * *
Өзендерді алып шығам жолыма,
Суаруға туған жердің даласын.

Тауларды да алып шығам жолыма,
Туған жердің тазартуға ауасын.
Жұлдыздарды алып шығам жолыма,
Қараңғыны жарқыратсын нұры деп.

Гүл қыздарды алып шығам жолыма,
Жарық күндей тұрса екен деп күлімдеп.
Өлеңімді алып шығам жолыма,
Жандырам да жүрегімнің отына.

Берем оны жүргіншінің қолына,
Жараса егер қайта-қайта оқуға.
* * *
Бұлттар жатыр басып ап,

Ақ аспанның бір жағын.
Көзінен жас шашырап,
Күн жылайды — күн жауын.
Мейлі жаңбыр тынбаса,

Күн күркіреп тұрса егер,
Күн күркіреп тұрмаса,
Отсыз қалып жыр сөнер.
* * *

Жапырақты жаз,
Жаңбырлы жаз,
Бұлбұл жаз,
Ақ жаныңмен айттың

Маған құрбым наз.
Ақ білегің мойныма кеп асылды,
Жаздың желі желбіретті шашыңды.
Сенің демің сонда мені жылытты,

Құшағыңнан таптым қашқан үмітті.
Аспан ба деп ойлап қалдым жаныңды,
Көз жасың деп ойлап қалдым жауынды.
Таптым ба деп құштым сонда айымды,

Боз далада бозғылт тартқан қайыңды.
Бір күнді мен ойлап қалдым мың күндік,
Көкірегімді кеулей берді бұлт үңгіп,
Содан бері жаңбыр болып келемін,

Жай жатуға жанымда жоқ мүмкіндік.
* * *
Маралың қанша, білмеймін,
Орманың қанша, білмеймін.

Аралың қанша білмеймін,
Қорланың қанша білмеймін.
Маралды келдім, маралдар
Ақынға әр кез арман деп.

Айтпаса көңіл алаңдар,
Естайдан қалған ән бар деп.
Маралды келдім мен саған,
Бабадан қалған сөз бар деп,

Қорланнан қалған көз бар деп,
Жүректі солар қозғар деп.
Мен үшін олар рақат,
Қоңыр кеш, қоңыр самалдай.

Мен үшін олар махаббат,
Күнәсіз мөлдір маралдай.
Мен үшін ыстық Маралды,
Маралды деген бір атың.

Құшақтап жатқан жаһанды,
Секілді сенсің ұлы ақын.
* * *
Қызыл кеш, қызыл таңдарда,

Өлеңті — өлең құлпырған.
Қызыл өрт болып жанғанда
Естайдан қызыл жыр туған.
Ол жырлар қалған далада,

Қызыл бұлт, қызыл таң болып.
Атадан тарап балаға,
Жалғаса берген ән болып.
Толқып бір отты сезіммен,

Тербелдім мен де сол әнмен.
Өлеңті, сенің өзіңмен,
Естайдай бірге болам мен.
Үстіңнен өтіп қалдырғам,

Өлеңті, саған бір өлең.
Түндерде сен деп қалғығам,
Түсімде саған түнегем.
Кездестің талай жыл бұрын,

Тулайсың жанда бір тынбай.
Кеудеңде қалсын бұл жырым,
Кештегі қызыл бұлтыңдай.
* * *

Жайнаған қызыл-жасыл жер кілеммен,
Қиқулап, құстар құлап көлді көмген.
Әлемді жарығымен нұрландырып,
Аспанның ақ айнасы дөңгеленген.

Өзгерген өңі кіріп барлық заттың,
Ашылған күміс көзі балбұлақтың.
Сәулетші, суретші, әрі ақын,
Таңдантар өнері көп табиғаттың.

Ол жатыр көрсетіп сыр-сияпатын,
Көргенде көзің тұнар қияпатын.
Жырлайтын орманы бар сыбызғылы.
Күмбірлеп өзені бар күй ататын.

* * *
Алып қашқан сағымдай,
Қолға түспей жүр едің.
Асыр салған ағындай,

Қатты соқты жүрегім.
Айнымалы адам деп,
Сырттан өсек кім айтқан.
Жүрсін деп бос алаң боп,

Кім өзіңді мұңайтқан.
Жабықтырып жүдетер,
Сенбе жалған сөздерге.
Айлар өтер, жыл өтер,

Қалпыңнан бір өзгерме.
* * *
Бала жастан еді осы бір арманым,
Көрдім биыл Кавказдың құз тауларын.

Қарауылдай Қазыбекке қарадым,
Асыр салып өзендерде аунадым.
Шипа сулар шыңнан құлап атылып,
Жартастарды жарып өтіп, жапырып,

Шатқалдарда толқын болып тулады,
Жекпе-жекке желді айқасқа шақырып.
Пушкин менен Лермонтовтың іздерін,
Таудан-тастан, өр қиядан іздедім,

Жыры ма деп мұңға батқан солардың,
Мәшүк тауда тұрдым тыңдап күз желін.
Артық болмас оларды еске түсірсем,
Солармен де қымбатсың біз үшін сен.

Әттең, Кавказ, тауларыңмен бұрқанған,
Бұлағыңның тілдеріне түсінсем.
Таусылмайтын айтса-дағы сан ғасыр,
Еліме алып қайтар едім қанша жыр.

Болмас еді еш уақытта арманым,
Тастарыңда таймай ізім қалса бір.
* * *
Күн кетті торға түскен қырандай боп,

Көк жүзі мұнарланды тұмандай боп.
Ышқынып демін ішке тартты дауыл,
Аспаннан атылды жай жыландай боп.
Күмпілдеп сонау көктің күй сабасы,

Жаңбырлы жанға рақат тиді ауасы.
Иілді екі жаққа бірдей түсіп,
Аспанның қызыл-жасыл иін ағашы.
Ашылып бір кез бұлттан зеңір көгі,

Көкшенің қалды тынып мөлдір көлі.
Аспанның ашуынан пайда тапқан
Өзара күліседі жер гүлдері.
* * *

Көрдім сенің көзіңнен
Көктемгі күн аспанын.
Жарқ етеді жүзіңнен
Бала кезім — жас шағым.

Алыс кетсек қайтер ек,
Билер еді ақ үміт.
Баяғы сол бәйтерек
Күтер еді сағынып.

Жайнасын бақ гүліміз,
Кеште де кеп, ерте кеп,
Бірімізге-біріміз
Жүрсек болды еркелеп.

* * *
Көгілдір көз көктем келіп,
Қыс жөнелді ығысып.
Күн шуағын көктен төгіп,

Көбелек гүл жүр ұшып.
Кеуделерді кернеп бірден,
Дүбірлейді шат күндер.
Көбелектен көйлек киген,

Тербеледі ақ гүлдер.
Көбелектің қанатындай,
Көкшіл, сары, қызыл, ақ.
Қарауға көз талатындай

Гүл түстері қызық-ақ.
Табиғатты оқып, көріп,
Ішіне енбей кім сенер?
Жас гүлдерді тоқып-өріп,

Шығарған ба мың шебер?

ПОЭЗИЯ

Сиқырлы бір сұлудай,
Көз төңкеріп қарайсың.
Күннен түскен жылудай,
Өн бойыма тарайсың.

Нұрландырып көңілді,
Кейде елес бересің.
Кейде төгіп терімді,
Қиналдырып келесің.

Кейде мені күлгізіп,
Қимағандай құшасың,
Қанатыңа мінгізіп,
Қияға алып ұшасың.

Кейде еркімді тартып ап,
Түнересің ашылмай.
Кейде отың жарқылдап,
Күркірейсің жасындай.

Соңыңа еріп сенделіп,
Болсын дедім бұйрығың.
Не қылсаң да сенде ерік,
Бір өзіңде билігім.

* * *
Тартты жалғыз жол алыс,
Ескен желдей аңқылдап,
Жол шетіне қонған құс,

Қайта ұшады жалпылдап.
Қояр емес қажытпай,
Күннің көзі шақшиып.
Саршұнақтар қазықтай

Қарайды тік қақшиып.
Бірте-бірте сұйылды,
Машинада мол қалжың.
Қуалаймыз қиырды,

Жеткізбейді Қорғалжын.
Бола қалды Нұра тап,
Секілді көк тостаған.
Іштік суын тұра қап,

Тәтті жоқтай басқа одан.
Қайнаған жаз күнінде,
Суға құлап үздігіп.
Тұңғиықтың түбінде,

Теңбіл-теңбіл жүзді бүлт.
Шыққан егін мол қырға,
Шеті көкпен жалғаса.
Бөленер ме ол нұрға,

Нұрлы Нұра болмаса.
* * *
Айдың жүзі құбылып,
Аспан бетін бұлт алған.

Айқай салып жүгіріп,
Асау дауыл бұрқанған.
Қалың орман қара үзді,
Қош айтысып гулеген.

Жамылған ол тәрізді
Үстін қара түнменен.
Жел шулатып жыңғылды,
Теңселтеді жерге иіп.

Көңілді бір тындырды
Көктен нөсер сел құйып,
Түндей жердің қойыны,
Қайтты өрістен қалың мал

Теңселеді мойылы,
Тербеледі шалғындар.
* * *
Күн батысқа иіліп,

Талай белес, төсті асқан.
Қызыл бұлтты киініп,
Құбылады кешкі аспан.
Үзілгендей таңда бір,

Шолпанынан Шығыстың.
Жалт-жұлт ойнап тауда тұр
Көзді тартып бір ұшқын.
Батырлардың ер-жүрек,

Әлде болар қаны ыстық.
Әлде тұр ма желбіреп,
Тау мойнында галстук.
* * *

Ұйықтаған төңірек,
Тұйықтап көрпесін.
Ерке өзен еңіреп,
Нендей сыр шертесің?

Аспанда қара бұлт,
Ай-дағы көз ілді.
Телміре қадалып,
Көп күттім өзіңді.

Күткенмен не керек,
Келмейсің, білемін.
Құр босқа елеңдеп,
Тулайды жүрегім.

* * *
Тасқын тулап атылып,
Тау мен тасты жапырып.
Ойнақтайды ойпаңда,

Толқындарды сапырып.
Секілді ол ақбоз ат,
Алып қашқан арынды.
Көңілді бір от қозғап,

Ойлайсың жас шағыңды.
Төнді бір зіл еңсеңе,
Қайда жастық, қайда гүл?
Жетпейді әлің келсе де,

Тасқын болып ойнағың.
* * *
Жер сұлу көрінеді гүліменен,
Көк сұлу көрінеді күніменен.

Таң сұлу көрінеді нұрыменен,
Тау сұлу көрінеді шыңыменен.
Бел сұлу көрінеді нуыменен,
Көл сұлу көрінеді қуыменен.

Ел сұлу көрінеді ұлыменен,
Ер сұлу көрінеді туыменен.
* * *
Екеуміз кездеспедік көптен бері,

Күндерді еске алайық өткендегі.
Сыр беріп орта жолда сырт айналдың,
Шамаңның осы ма еді жеткен жері?!
Егер де биік болсаң жоғарыда,

Мен сенің қалмайын тек обалыңа,
Екеуміз бір жүріп ек күз жаңбырда,
Болып ек қыстың қатал боранында.
Аударып отырмын мен түн жарымды,

Қағазға құйып ыстық сырларымды,
Барасың күннен-күнге шалғай тартып,
Шағуға келтірмейсің мұң-зарымды.
Басқадан бір өзіңді қалағанмын.

Жаныма жақын көріп балағанмын.
Сен ғана көрінуші ең жұлдызындай,
Ішінде жерде жүрген бар адамның.
Қимаймын сені тіпті жат адамға,

Қызғанам атыңды да атағанда.
Кезімде ойға батқан, қиял қуған,
Күлімдеп суретің жатады алда.
Көркіңді күлімдеген күндей жарық,

Жүремін өзімменен бірге алып.
Іздеймін сені отырған көк теректен,
Өзеннің жағасына түнде барып.
* * *

Желкілдейді далада,
Басын шұлғып бидайық.
Желбірейді жағада
Жапырағын гүл жайып.

Төңкерілген төбеде,
Аспан бейне көк шатыр.
Құдды күміс тегене,
Тұнып қалған көк жалтыр.

Балбұл жанып жайнайды.
Құбыла ойнап қыр гүлі.
Көзге түспей сайрайды
Көктоғайдың бұлбұлы.

* * *
Мұнарланып көк күзек,
Күз тұманын бүркенген.
Оңтүстікке бет түзеп,

Қаздар көші тіркелген.
Аспанды бір айналып,
Қоштасқандай жерменен.
Алыс жолға сайланып,

Қанатын жай сермеген.
Табар қайдан тұрақты,
Қайда тоқтап дем алар,
Бұлт жылаған сияқты —

«Кетті екен,— деп,— неге олар?»
* * *
Жас өмірге жара түссе,
Жазылуы қиын-ақ.

Жас көңілге нала түссе,
Жаз күлуі қиын-ақ.
Улы мысқыл, уытты тіл
Іштен үңгіп ірітіп.

Мысыңды бос құрытып құр,
Кеулей берер шірітіп.
Қиындықта түлер жаның,
Қайрат қылып шыдасаң.

Табалар да күлер жауың
Құз-қиядан құласаң.
* * *
Ойыма әлем тұр сыйып,

Табиғаттың менде еркі.
Маңдайымнан бір сүйіп,
Айдарымнан жел желпі!
Бұйрығымды жүргізіп,

Еттім әмір жер, күнге.
Айтуымша тұр жүзіп,
Ай да менің еркімде.
* * *

Отырып үйде оңаша,
Оқимын өлең дауыстап.
Күледі жаным балаша,
Кетеді қарттық алыстап.

Енді мен жалғыз өлеңмін,
Дүниеде жалғыз мен ғана.
Бір күйге жұмбақ бөлендім,
Алдымда аспан, кең дала.

Кешіре көрсін келер күн,
Өтіпті уақыт босқа көп.
Енді мен жалғыз өлеңмін,
Өлеңнен басқа дос та жоқ.

Айтса болды кейінгі,
Өтіпті деп бір ақын.
Қозғап ойды, зейінді,
Құйған елге қуатын.

Тілемеймін басқаны,
Білетінім бір халық.
Туған жер, ай, аспаны,
Қалса болды жыр алып.

* * *
Қарындас-ау, қарындас,
Қандай сыйлық қалайсың.
Қара көзді, қалың қас,

Көкте туған жаңа айсың.
Гүлдің несін тартайын,
Өзің гүлдей көркемсің.
Жырдың несін тартайын,

Өзің жырдай еркемсің.
Тарттым саған көгілдір,
Апрельдің аспанын.
Гүлге қонып төгіп жыр

Бір серпілсін жас жаның.
* * *
Терезеңе телмірмеспін,
Жоламаспын қақпаңа

Енді босқа егілмеспін
Мені өзіңе жат сана.
Сен едің бір көңілімде,
Көптен жүрген арманым.

Түлкі болып өмірімде,
Мені ақыры алдадың.
* * *
Ойлан өзің, ойлан, айнам,

Жастық шақ та қоштасар.
Келер өткен айлар қайдан
Тозар күндер тот басар.
Жастық үндер сиқырлы саз,

Енді қайтып естілмес.
Өткен күндер күлкілі жаз,
Енді айналып еш келмес.
* * *

Еткен талай ойды алаң,
Теміржолдың торабы.
Кең жазыққа бойлаған
Көз алдымда ол әлі.

Қабығынан бал аққан,
Жазды күні жағалай.
Қарайды жар қабақтан
Қалың бұйра қарағай.

Ойнаған күз күнінде,
Бұтағына асылып,
Тұр сол қалпы бүгінде
Көзіме оттай басылып.

* * *
Шілдеде шамырқаған сел боп тулап,
Оятып ормандарды жел боп шулап,
Жұлдыз боп жоғарыдан жол көрсетіп,

Қолыңды көтересің кел деп бұлғап;
Гүлдерді жазда ұсынып қолға сыйлап,
Қыс күні боранымен жолда қинап,
Келеді алақанға ап адамзатты,

Қаһары, рақымы мол — табиғат.
* * *
Қойынында түйе құмдары,
Қойыныңда жалпақ аралы

Еске сап өткен жылдарды
Сыр бойы қалып барады.
Қалың шеңгел — Қараөзек,
Күркіреуік жары анау.

Балалық талай бал іздеп,
Жидені қағып қарады-ау.
Жабысып үске майлы құм,
Аяқтан алып тікенек.

Көңілдің көзін қайғы-мұң
Тастайтын бүркеп бітелеп.
Бұлт тамшысын тата алмай,
Өртеніп талай күйді өзек.

Саз үйлер жиған қатарлай
Қаланған отқа қи-тезек.
Шегіртке бұлттай қаптаған,
Көрсетпей ешбір елге күн.

Орақтай отап таптаған,
Шаруаның шағын бөлдегін.
Тартатын қырдың қазағы,
Тұрақтай алмай мұнда көп.

Қиын деп қырдан азабы,
Бәленің мыңы Сырда деп.
Сарғайып дария сыңсып бір,
Сонымен жылдар ауысқан.

Құйын боп ұйтқып қырсық бұл,
Ырысын елдің тауысқан.
Көшіріп Сырдың күндері,
Барлығы енді өзгерген.

Қарайды Сырдың гүлдері,
Дариядай отты көздермен.
Қойнында түйе құмдары,
Қойнында жалпақ аралы.

Еске сап өткен жылдарды,
Сыр суы ағып барады.
* * *
Өтті деп күндер өкінбе,

Сөнбесе бойда жалының,
Қайратыңа бекін де,
Қайтар оның қарымын.
Өтетұғын күреспен,

Талай өмір жылы бар,
Аттандырар үлеспен,
Әркімнің өз жүгі бар.
Өткен күнді көксеумен,

Кейін қалма қарайлап.
Жүрек соқса, жетсе дем,
Ұмтыл алға абайлап.
Өткен күннің азығы

Бола алмайды жанға сеп.
Білмей шаршап-қажуды,
Жүгіре бер алға тек!
* * *

Кештім талай теңіздерді,
Астым талай белестерді.
Сонда жүрек нені іздеді,
Арманы өзің емес пе еді?!

Енші беріп махаббаттан,
Жылы күлсең жұбатасың.
Қабақ түйсең жарқабақтан,
Шыңырауға құлатасың.

Жоқ ешқандай менде ерік,
Елтідім бал-шарабыңа,
Бар тағдырым дөңгеленіп,
Иілген қос қабағыңа.

* * *
Шұбаған шаңға батып жол артында,
Асыққан жолаушыдай қоналқыға
Келеміз бірге ағып күндерменен,

Тіршілік күнде алып жан алқымға.
Адам боп алғаннан соң бір есімді,
Дүниеге жібермейсің үлесіңді.
Алдыңда асулар бар толып жатқан,

Ойлайсың қалай, қайтіп күресуді.
Бұлақтай кейде ән шырқап жібересің,
Ормандай кейде қатты түнересің.
Алыста қалып қойған алдап сені,

Кезесің өткен күннің құр елесін.
Тайғанап түспеу үшін жардан ұшып,
Ойнайсың дауылменен арпалысып.
Сілтейсің құлашыңды жан ұшырып,

Толқындар кетпеуі үшін тарпа басып.
Күресте қажып жаның талса ептеп,
Өмірден өгей болыпқалсаң шеттеп.
Тасқындар сыдырып ап жон теріңді,

Аямай арқа етіңді арса етпек.
Зымырап өтеді таң, өтеді кеш,
Майданға шақырады теке-тірес.
Көппенен қауымдасып өмірге аттан,

Дүниеде болмайды еш жеке үлес.
* * *
Жөнелді жалғыз жол алып,
Отырдық дөңнің үстінде.

Жапырақтарды оранып,
Көрінбей қойдық ешкімге.
Құмарды қайта қоздырып,
Құлпыра түсті жасыл май.

Үн-түнсіз жалғыз көз күліп,
Қойды бір ләззат басылмай.
Үлбіреп гүлдей үзіліп,
Отырдың жайлап ән салып.

Бұлбұл да саған қызығып,
Таңдайын қақты тамсанып.
Ғажайып сол кез ләззатты,
Қысқа да болды-ау бір-ақ күн.

Қызығын алып жаз тартты,
Сылдыры тынды бұлақтың.
Барлығы қазір шаршаған,
Айналып күндіз — іңірге.

Жолығар ма едік қайтадан,
Табысып талдың түбінде.
* * *
Сал әніңе шырқа бір,

Кетсін дауысың шығандап.
Қақсын түнде жыр дабыл,
Түссін таулар бір аунап.
Ән әлемді тербетіп,

Жер ұйқыдан оянсын.
Сезімі бар селк етіп,
Сұлу әннен ой алсын.
Шырқасын деп үзілтіп,

Сыйы берген тағдырдың.
Сыбызғыдай сызылтып,
Бас әніңе, жан құрбым.
* * *

Кәрілік жақын қалды деп,
Күні бұрын қайғырма.
Қарақат көз, сал білек,
Қалмас дейсің қай қырда.

Бұл өмірдің өткердік
Бастан қанша дүлейін.
Ендеше бос бекерлік,
Қорқынышың, үрейің.

Арқаладық өмірді,
Алға сүйреп уақыттай.
Азабы да көрінді
Біздер үшін бақыттай.

Көз жасымен суардық,
Үміт дәні көктеді.
Даңқымызды шығардық,
Айға жазып көктегі.

Алып қашқан арынды,
Уақыт та бір сәйгүлік.
Жастықты ойлап жалынды,
Неге керек қайғырып.

Тұнжырама, жаса, күл,
Бұрқырасын бұла күш.
Қайғыдан да жасай біл,
Қартайтпайтын қуаныш.

Теңбіл аспан мөлдіреп,
Төбеңде күн жүр жүзіп,
Сені қырыққа келді деп,
Ойлаған да бір қызық.

* * *
Өсекпен жұмысым жоқ дуылдаған,
Мен бір жан арыз беріп қуынбаған.
Ешкіммен ерегісер жайым да жоқ,

Табиғат берсе болды жырын маған.
Өзіме жетіп жатыр өз міндетім,
Өлең ол күнде атқарар қызметім.
Сайрандап, шалқып ойнап жүрсем болды,

Соның көк шалқарында жүзіп еркін.
* * *
Теріге сыймай тек жүріп,
Барлы-жоғын малданған.

Кекірейіп кекжиіп,
Болмашыға алданған.
Толып жатыр сорлылар,
Мансап іздеп таласқан.

Әр нәрсенің жөні бар,
Үйір таппас адасқан.
Ойлан-дағы ертерек,
Азаматтық атақты ал.

Елге сенің не керек,
Болғандығың тәкаппар.
Қуып күнде тамаша,
Құйындатқан не керек.

Арыңменен оңаша,
Сөйлессейші бетпе-бет.
* * *
Сағаттың тілі сыртылдап,

Сүйрейді алға уақытты.
Әкетті таңда бұлт ұрлап,
Жұлдыз боп жанған жақұтты.
Күн артынан күн келіп,

Ұрлады-ау күздер жастықты.
Көктемін ойлап күңіреніп,
Көзінен шалдың жас шықты.
* * *

Таулар, таулар, қалғыған,
Жоғарылы-төменді.
Шықтың өзің алдымнан,
Таудың көлі Зеренді.

Салынбаған жолда оған,
Айнала орман, асу бел.
Ортасына орнаған
Тостағандай жасыл көл.

Жүрді ме әлде ерте-кеш,
Жігіт атын суарып.
Жүрді ме әлде бір бикеш,
Күнде көлден су алып.

Жауап берер түрі жоқ,
Өзі де аң-таң көк-жасыл.
Әлі бойда міні жоқ,
Жасаса да көп ғасыр.

Тауында отыр қыран құс,
Көзіменен көк сүзген...
Туған жерге мың алғыс,
Сақтап бізге жеткізген.

* * *
Отырғанда мақтап халық,
Сыр білдірмей көпке сен.
Сабырыңды сақтап қалып,

Жарар сыйды төкпесең.
* * *
Тауға шықсаң көкке өрлеп,
Көз жіберсең тұрып бір.

Үстіңде аспан көкпеңбек,
Астыңда жер жұп-жұмыр.
Құшағыңа енгендей,
Орман, дала ай күліп.

Қайта оралып келгендей,
Балалығың тай мініп.
* * *
Көктеміндей Арқаның Арыс қысы,

Бала кезден ақ шаңды таныс түсі.
Жүйрік аттың тапауы делбеңдейді,
Машинамен келгендей жарысқысы.
* * *

Керіспей желмен теңіз тарқады жай,
Ай туды аспанның ақ қалпағындай.
Ұйысқан Солтүстікте бұйра бұлттар
Арқаның үйір-үйір арқарындай.

Бір кезде сыбырлады жел жеңгедей,
Жүгірдім тағат қалсын менде нендей.
Айқастым ақ білекпен, манағы ай
Көрсе де бара жатыр көрмегендей.

Сүйеді ол көк аспанды, теңізді де,
Бірақ та құмар құрлық — жер жүзіне.
Бір суып, бір сұрланып қарауытқан,
Айбынды адуын бар мінезінде.

* * *
Көктем келді идіріп жер емшегін,
Беру үшін біздерге берешегін.
Көрем оның көк-жасыл келбетінен,

Туған елдің қиялындай келешегін.

БИІК ТАУЛАР

Биік таулар, шық алға,
Биік таулар шығанда.
Биіктесең есіңнен
Бірақ мені шығарма.

Тілемеген шығармын
Тілеуіңді бекер мен.
Тұғырың боп тұрармын
Сені биік көтерген.

* * *
Күндері үшін керемет келешектің,
Талай күннің азабын көрешекпін.
Сезімімді, жанымды жырға құйып,

Мен еліме көп нәрсе берешекпін.
Жыртам жырдың әлі тың аңыздарын,
Күйем ыстық отына тамыздардың.
Ауасы үшін, жері үшін, сулары үшін

Мен еліме мәңгілік қарыздармын.
Жүрек соғып кеудеде тұрғанында,
Елім үшін түсемін мың жалынға.
Жүйрік жырдың бір самғап қанатымен,

Жетемін мен болашақ жылдарына.

ОКТЯБРЬ — МАЙ

Шаңқай түсте шатұр-шұтыр тулап өрт,
Борап болып жөнелді ұйтқып тұнған көк,
Ленинге атылған оқ атылды.
Қайта айналып қырық бірінші жылда кеп.

Шыққанында қыздар қырға гүл тере,
Жерден көкке бұрқырады бұлт өре.
Қайта аттанды дабыл қағып, қол бастап,
Ленинді күзеткендер күркеде.

Ел басына қанды алапат туған күн,
Зерлі шоғын сүйіп қызыл тулардың.
Қайта киді шлемдерін жұлдызды,
Батырлары сонау отты жылдардың.

Тіміскілеп түнді жайдың жарқылы,
Жер жалғасты көкпенен от арқылы.
Қалқан болды сонда жердің әр тасы,
Қорған болды бұталардың әр түбі.

Карта үстінде ойға батып әрдайым,
Толғана ұстап туған күндей маңдайын.
Октябрьдің тағдырындай Ленин,
Таразыға тартты майдан жағдайын.

Оның ойы күрілдеп сел тасқындай,
Зіл-залада жаңғырған жер астындай.
Жанар таудай жалын атып бұрқанып,
Жау аяғын тұрды алға бастырмай.

Оның ойы шамырқанып дауылдай,
Қопарылып қызыл топан жалындай,
Туған жердің тұрды жанып таңындай,
Туған елдің тұрды тулап жанындай.

Европаны шығармаған тар тордан,
Ентеледі бұйі ұртына қан толған.
Жүрді Ленин окоптарды аралап,
Сөйледі ол жанып жатқан балконнан.

Әр төбеде орналасып штабтар,
Сымды бойлап ерсіл-қарсыл ұшты ақпар.
Карталардың беттеріне жұлдыздай,
Жалау қадап айқұш-ұйқыш түсті оттар.

Бір жауынгер қарсы тұрды жүз оққа,
Жанын қиып өлді Мәншүк-қыз отта.
Өз ажалын көкте Нұркен қарсы алып,
Батыр Сұлтан кеуде тосты дзотқа.

Қақ айырып қап-қараңғы ауаны,
Шеңбер тартты кемпірқосақ садағы.
Қалтырады қабағынан қан тамып,
Қарағайлар партизандай жаралы.

Тұрды үміт кекті аңсаған кептердей,
Жұлдызсыз түн, аспан жоқ боп кеткендей.
От шатырлап, тас жарқылдап ұшады,
Жасын атып күн күркіреп өткендей.

Көктем туды, қайта оралды тырналар,
Қайың тақты жасыл жапырақ сырғалар.
Кеуіп қалған көз таба алмай тұншығып,
Жер омырауын теуіп шықты жылғалар.

Көктем келді, қайта толды жер гүлге,
Көктемменен бір желпінді ел бірге.
Қызыл туды Ленин өзі көтеріп,
Көктемменен барып кірді Берлинге.

* * *
Зеңбірекке жегіліп,
Жол үстінде өлді аттар.
Көз жасымен егіліп,

Көмді жерге солдаттар.
Бұлт шығымен жуынып,
Қайта тұрды тіріліп,—
Жасыл аттар — қайыңдар

Жатқан екен тынығып.
* * *
Қара қанжарлы қара түндер,
Айсбергке ұрынған кемедей.

Кеттік сүңгіп соғысқа,
Қарсы алды со тұста
Қанды топан телегей.
Тасқа соққан қанатын жел,

Маңдайлардан мөлдіреп тер,
Көздер тұнды қарап өткел,
Гүрс-гүрс етті зеңбіректер.
Күркіреді күн орнына

Қара бүйі самолеттер.
Тимей мұңлы жар қолына,
Жанып жатты соңғы хаттар,
Нысана боп жау оғына

Жол үстінде өлді аттар.
Лаулап өрттей таңдар атты,
Көшті бұлттар қан түсіндей.
Оққа ұшқан жандар жатты,

Арына кір-шаң түсірмей.
Қалды олардың жол азығы,
Жол үстінде түгесілмей.
Обыр үңгір көр ауызы,

Жұтты оларды үлесіндей.
* * *
Сөйлейтін ашық үнімен,
Білмейтін бейтарапты.

Жерледім жеңіс күні мен,
Даланың орап гүлімен.
Қос жұлдызды лейтенантты.
Жүруші еді ол жарқырап,

Қос жұлдызбен,
Жыр етіп жарық күнді,
Жүрегінде бес жыл жүзген,
Оқ оны алып тынды.

Бүгін асқақ сөздің керегі жоқ,
Өмір асқақ сөзді көтермейді,
Қанша адам өлді...
Қанша адамның дерегі жоқ.

Олардың құны
Асқақ сөзбен өтелмейді!
Ол соғыстан соң бір жыл жүрді,
Үйленіп үлгірмеді.

Естіліп жерлегенде су сылдыры,
Құлазып басын иді қыр гүлдері.
* * *
Соқты толассыз қара дауылдар,

Жанды толассыз қызыл жалындар.
Қалды орманды мәңгі құшақтап,
Өрттей жайнаған өжет бауырлар.
Аспан қойнына ажал от тығып,

Темір темірге тулап соқтығып.
Құзғындар қиқулап төніп төбеден,
Оғын аяусыз төпелеп, төкті ұлып.
Оқтан зулаған жүзі жасқанбай,

Кегі бұрқанған сұп-сұр аспандай,
Қаны лапылдап, бойы құрыстап,
Көзі найзағай отын шашқандай.
Жауға ұмтылды батыр жауынгер,

Алда ұйтқыған қанды дауыл жел.
Алда оқ атқан жаудың апаны,
Артта — үміті қайран қалың ел.
Кетті лаулаған оттың ішіне,

Кетті заулаған оқтың ішіне.
Оқтай атылып жетті ажалға,
Оқтай түтеп түнерген түсі де.
Оққа омырауын басты, құлады,

Отқа омырауын ашты, құлады.
Алға достары тартты дауылдай,
Туды көтеріп батыр қанындай.

ҚАЙДА ЖАЛҒЫЗ ҚАРАҒАЙ

Қайда досым, оқ тиіп,
Қара жерді қаусырған.
Қайда жалғыз қарағай
Қанжардай тіке шаншылған.

Көзімді ашсам бірі жоқ,
Өңім бе, әлде түсім бе?
Өкініш, шіркін, өрт болып,
Лапылдап жатыр ішімде.

Әкетті қайран досымды
Доп дауылы үйіріп.
Құлады жалғыз қарағай
Қыршынынан қиылып.

Не айтам елге барғанда,
Досымды алдым жоғалтып.
Жүремін енді майданда
Екі адам үшін оқ атып.

ЛЕНИННІҢ МАШУКТЕГІ ЕСКЕРТКІШІ

Күңіренді Кавказ шыңдары,
Омырауын жыртты оқ ұшып,
Толқындар өрттей шулады
Тастар да жатты соғысып.

Жаңғыртып Кавказ өзенін,
Естілді тағы жат үні.
Күткендей тұрды кезегін,
Дауыл мен оттың ақыны.

Боялған батып қанға ағаш,
Жоқ бүгін жоны тегіс жер.
Қараңғы түнмен қарбалас,
Машүкке кірді немістер.

Таң бір сурет ашты алдан
Қалмады жауда ес пен түс.
Қаланған сырлы тастардан
Көлденең тұрды ескерткіш.

— Жаңқадай тауды лақтырып,

Басады топан жер жүзін,—
Деп дұшпандар аптығып,
Қаптатты оқтың теңізін.
Борады оқ Машук тауына,

Лапылдап жанды тас күйіп.
Биіктен қарап жауына
Ленин тұрды қасқиып.

АЭРОСТАТ ТУРАЛЫ ЖЫР

Түтеген оқ, түсетіндей көк құлап,
Оңнан, солдан ұрып жатыр соққылап,

— Икс жиырма, игрик бес — координат

Нысана — жүз алпыс жеті,
Оқты ат!
Жерге жетіп аэростат хабары,
Зениткалар лаулап оттай жанады.

— Батарея, батарея, оқты ат,

Көкті жапқан көк түтіннің жалауы.
Гүрсілдейді жер менен көк жаңғырып,
Гүрсілдейді жер менен көк жауды ұрып.
Аэростат ақ бұлттарға батады

Зеңбірекке нысаналар қалдырып.
Жабылады «юнкерстер» ашынып,
Қойынынан ажал оғы шашылып.
Аэростат болат топшы бүркіттей,

Тұрды Волхов аспанына асылып.

ӘСКЕРИ МАРШТАР

Осынау аспан көз жасына малынған,
Осынау орман жаралған тек сағымнан.
Көз жасы емес,
Сағым емес,

Атты әскердің марштары секілді
Жаралғандай дауылдар мен жалыннан.
Щорс әне сүйеніп ат жалына,
Бара жатыр жорық шегіп тағы да.

Толқынымен өлең айтып шуылдап,
Ұзатып сап, ұрады өзен жарына.
Қара ормандар қоштасады, шулайды,
Қыздар байғұс вокзалдарда жылайды.

Қызыл тулы атты әскерлер ағады,
Ағады өзен қанға аралас лайлы.
Алда торлар, алда орлар қазылған,
Ұлы жолда дәтке медет азық-ән.

Атты әскерлер марштарды ойнайды,
Пархоменко қиялымен,
Котовскийдің тұлпарының тұяғымен.
Аманкелді қылышының

жарқылымен жазылған,
Кең далада ұшады өр дауыстар
Айбынынан қалтырайды алыс жар.
Ту боп толқып, жай боп ойнап жарқылдап,

Жер үстінде солқылдайды марштар.

ЕКЕУ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Көкірегіне кек түйген,
Тарс жабылған қабағы.
Қол-аяқтан оқ тиген
Екеуі де жаралы.

Бетін оқтан жасыра,
Бір-біріне қарады.

— Тыңда,— деді досына,

Жолдасы ауыр жаралы.

— Қарама, мен масылға

Өтеді бос уақыт тек...
Жерле мені осында,
Өз қолыңнан атып кет.
Кемсең етіп иегі,

Тағы айтты түнеріп:

— Саудыраған сүйегі

Бәрібір мен тірі өлік.
Қамалды бұз қоршаған,
Өтеді бос уақыт тек.
Жалынамын мен саған,

Досым болсаң атып кет.
Үнсіз досы жылжыды,
Жан жолдасын арқалап.
Тоймай қанға ындыны

Жау қамады анталап.
Көтерілді шалқалап,
Жас жауынгер жер тіреп.
Қолындағы автомат,

Жалын шашты екі рет...
Азынады ақ боран
Ағарғанша таң келіп.
Екі бірдей жатты адам...

Жапты жүзін қар көміп.
* * *
Кез болды достар бізден күдер үзген,
Ағылды жаудың оғы төбемізден.

Талайдың дәмі бітіп, күні сөнді,
Қоштасып жатаған жертөлемізбен.
Қара түн блиндажды қарады үңгіп,
Сықсиды сықсима шам ала күңгірт.

Жарасын оқ түсірген ауырсынып,
Ақырын жатты сұлық дала мүлгіп.
* * *
Соға бермес ұдайы,

Дауыл бір күн басылар.
Кірер аспан шырайы,
Күн қабағы ашылар.
Күлер елім тағы да,

Келер жеңіс бір күні.
Сайрар сәнді бағында
Бейбіт өмір бұлбұлы.
Көп кешікпей тезінен

Дауыл, ұйтқып өтерсің.
Салмағыңды өзімнен
Басқа қайтып көтерсін.
* * *

Партизандар жүр әлі,
Жорықта өтіп өмірі.
Қалың орман тұрағы.
Қарлы боран серігі.

Кезеді орман, даланы,
Қара түнде қас қақпай.
Елі үшін барады
Өлімге де бас тартпай.

Жолда азығы-тамағы,
Жортып жүріп ішті ас.
Өртеп ішін барады
Аққан қан мен ыстық жас.

Соның бәрі қайтқанша,
Оның тоқтар жері жоқ.
Жасаулы әзір тапанша,
Тұр тізіліп белінде оқ.

Жаудан бүркеп жасырған
Үстерінде ақ халат.
Иықтарға асынған
Айбын атқан автомат.

Басқан ізі есепті,
Алмайды ешбір олар дем.
Білмей жылы төсекті
Жортады аш боранмен.

* * *
Қурап ол сарғайды ма,
Бар ма екен баяғы тал.
Бара ма, бармайды ма

Мені іздеп аяулы жар.
Көкте ме, жерде ме екен,
Бақыттың шапағаты.
Кімде екен, менде ме екен,

Сүйіктім махаббаты?
Тербеліп теңселемін
Соғыстың күркірімен.
Өзіңе мен сенемін

Табармын бір күні мен.
* * *
Ауыр жылдар аспанына шығармай,
Ауыр жылдар тұрып алды тұмандай.

Жүрек шіркін көкіректе соқты әлсіз,
Торға түсіп шаршап қалған қырандай.
Жүрек шіркін көкіректе соқты әлсіз,
Ақты қандар, өлді жандар жоқтаусыз.

Бұлт көлінде қалтыраған айдай боп,
Жүрек шіркін талмаурады тоқтаусыз.
Түн секілді тұрып қалдық сүреңсіз,
Күзде қурап солған шөптей реңсіз.

Бір уыспен барлығын да сыпырды,
Қалды төрлер қу тақыр боп кілемсіз.
Өзі жеңіп өмір деген мықтының,
Қайта күліп аспанына шықты күн.

Қара түнде кеткен ізі табылмай,
Ардақтысын іздеп жатыр жұрт бүгін.
* * *
Көрініп еді қылтия,

Мұрты оның жаңа тебіндеп.
Қатыгез, қақпас, сұрқия
Тастады ажал кебіндеп.
Қарғалар ұшып қаптады,

Қан иісін сезіп қарқылдап.
Тартты оны Волхов батпағы
Суыды тәні салқындап.
Достары сарқып төзімін

Булықты көздің жасына.
Винтовкасын өзінің
Белгі етіп қойды басына.
* * *

Ауыр бомба алып соғып толқыны
Жаттым өліп тірілместей сол түні.
Ертеңгілік қарап едім, қалыпты —
Аспан тірі, дала тірі, көл тірі.

Қалыпты аспан көктен жерге құламай.
Шөгіпті бұлт жерге қаққан сынадай.
Мен адаммын дедім-дағы тік тұрдым,
Жылағым кеп тұрса-дағы жыламай.

Тұратұғын дүниенің көркі боп,
Жиырма жаста талайларды өлтірді оқ.
Жиырма жаста тұратұғын толықсып,
Жиырма жаста қалды қыздар кемпір боп.

Енді соғыс лақтырмасын бомбасын,
Төбелерге төгілмесін қорғасын.
Ендігі ұрпақ дені сау боп, ішінде
Шолақ аяқ, сыңар қолдар болмасын.

* * *
Қарамай атақ-даңқына
Соғыста өлді өртеніп.
Өзінің туған халқына

Жасамай кетті еркелік.
Жеткізбеді жыр белес,
Өлеңді күнді аз көрді.
Бас-аяғы жиырма бес

Жайма-шуақ жаз көрді.
Аспан шашы бұрқырап,
Жатты бұлтты бүркеніп.
Қара көзді бұлт жылап,

Қара жаңбыр тұр төгіп.
Найзағай бұлт үстінен
Қадалады жерге кеп.
Сол найзағай, ішімнен,

Ойлап қалдым: «Сен бе?»— деп.
* * *
Январьдың ақ қарлы боранымен,
Өлген достың денесін орадым мен.

Өлген достың денесін орадым мен,
Январьдың ақ қарлы боранымен.
Топырақ қаздым дос жүзін жасырғалы,
Мұз боп қатқан тоң қойны ашылмады.

Отты жақтым түнімен жер жібітіп,
Жанымда — өрт, көзімде — жас ылғалы.
Қайран досты жерледім ертеңгілік,
Қара үңгірге қарады жел телміріп.

Со бір оттың жалыны бір суымай,
Келеді әлі жанымды өртендіріп.
Январьдың ақ қарлы боранымен,
Өлген достың денесін орадым мен.

Өлген достың денесін орадым мен,
Январьдың ақ қарлы боранымен.

КӨГЕРШІН

Сөгіп қара түн өлкесін,
Күн шұғыласын шашқанда.
Хабар тасып көк көгершін,
Көтерілді аспанға.

Сол хабарда жатыр еді,
Картасы қыр-сайлардың.
Сол хабарда жатыр еді,
Картасы қан майданның.

Көгершіннің қанатында
Өмір, өлім таласы...
Жалғасты тез қапелімде
Майдандардың арасы.

Көк көгершін жауапты алып,
Оралды күн батарда.
Көгершіндей қанаттанып,
Шықты ерлер сапарға.

* * *
Ормандары орыстың,
Отын кештің соғыстың.
Қалқан болып кеудеме

Бомба түссе болыстың.
Әр қарағай, әр қайың,
Досым болдың әрдайым.
Жапырағыңа сүңгіді,

Дулығалы маңдайым.
Жандым лаулап көмірдей,
Кештім күннің ауырын.
Сақтап қалды өмірдей

Тереңдегі тамырың.

СОҒЫС — СОЙҚАН

Қараңғыда көрген жоқ оны ешкім де,
Келе жатты ұрланып соғыс түнде.
Келе жатты ол қап-қара, бүйі болып,
Жолбарыс боп жалаңдап жол үстінде.

Келе жатты ол қан сасып үсті-басы,
Күн сәулелі егіннің үстін басып,
Жалғыз көзді обаған жалмауыздай,
Келе жатты ол ысқырып, ұшқын шашып.

Келе жатты ол мың-миллион қабірімен,
Освенцимнің от шашқан тамұғымен.
Танкпенен таптады көгершінді,
Шегіршінді қопарды тамырымен.

— Қоштас,— деді ол,— туған ел, жеріңменен,

Тастарды да күйдірді темірменен.
Миллиондаған жандардың атын жойып,
Құлақкесті құл етті нөмірлеген.

— Қоштас,— деді ол,— біржола

күлкіменен,
Таң нұрымен,
Кешкі аспан бұлтыменен.

— Қоштас,— деді ол,— Жаңбырдың жас иісімен,

Тауларың мен шыңына күн түнеген.
Соғыс келді батар күн жалқынымен,
Өзендердің көктемір толқынымен.
Қаратастың қатыгез қабағымен,

Сары құмның сары жез салқынымен.
Қара жерді қапсырып бауыр басқан,
Өртенеді ерте-кеш жанып аспан.
Қара ағаштар қабірге қарауыл боп,

Қара түнде қабарып жалын шашқан.
Шомылады лапылдап жалынға күн,
Қанаттары қып-қызыл қайыңдардың.
Жолақ-жолақ іздері қанды жастың,

Дүниені қаптаған тарғыл тасқын.
Қорғасындай ериді.
Күлкі жанып,
Шартылдайды аспанның бұлты жанып.

Қалың оттың ішінде жап-жалаңаш,
Көзін тырнап жатады ұйқы жанып.
Соғыс селдей жайылған қанды тасқын,
Апат болды басына кәрі-жастың.

Соғыс қиып өмірін жігігтердің,
Махаббатын ұрлады қарындастың.
Өлді олар еш қызық көре алмады,
Жер бетіне жас дәнді себе алмады.

Олар қайта еліне оралмады,
Күзде піскен егінді ора алмады.
Олар өлді тек аспан сау болсын деп,
Олар өлді туған жер бар болсын деп.

Олар өлді ақ арман сөнбесін деп,
Олар өлді өзгелер өлмесін деп.
Олар жұтқан ауаны құлатпадық,
Олар жыртқан даланы жылатпадық,

Олар өліп кеткенмен, өлмейтұғын
Даңқыменен Берлинде бір аттадық.

ЖЕҢІС КҮНІ

От шашты Отан аспаны,
Төгілді көздіц жастары.
Окоптан шықты солдаттар,
Атылды көкке соңғы оқтар.

Буыны босап дірілдеп,
Сүйді жұрт бірін-бірі кеп.
Сәбиін күнге көтеріп,
Аналар тұрды күлімдеп.

Теңіз боп адам толқыды,
Жалау боп жүзді армандар.
Салют боп жанды сол түні,
Соғыстан қайтпай қалғандар.

Сызға ұйықтап, мұзды жастанған,
Бойын бір жазды шіркін ер.
Ақшуақ болып аспаннан,
Құйылды жерге күлкілер.

* * *
Күн сияқты күркіреп,
Бұлт сияқты сіркіреп,
Жай отындай жарқ етіп жоғалармын.

Жоғалмаспын!
Өтермін
Талайлардың орап алдын.
Мен сендерге көп жылдан соң,

Дәл өзім боп қайтадан оралармын.
Ол кезде болмас мені күндейтұғын,
Ол кезде болмас мені тілдейтұғын.
Ол кезде болмас қадір білмейтұғын,

Ол кезде болмас жанды кірлейтұғын.
Мен білермін ақ көңіл бірлік барын,
Мен талайға құярмын тірлік қанын.
Мен білермін көрімнен аунап түсіп,

Кімді жырлап, келешек кімді ұққанын.
* * *
Қырларында сапырылған дәні бар,
Қара бұлттай қаптап жатқан малы бар.

Қазақстан қазыналы бай өлке,
Қойынынан не керегің табылар.
Алтын нұрға кең даланы жүздіріп,
Бұл өлкеден кете алмайды күз күліп.

Таңды атырып, шығарады күніңді,
Өздері де атқан таңдай қыз-жігіт.
Ту ғып атын көтереді жаңа ұрпақ,
Қарайды әлем келбетіңе таңырқап.

Қазақстан, Қазақстан — елімді
Ақ нанымен жатыр жылда жарылқап.
* * *
Бүрін жарып, тал құлпырып көктемде,

Сілкінеді ауа бір.
Күн күркіреп,
Бұлт сіркіреп өткенде
Көтереді дала гүл,

Көктің жүзі қиқу ән,
Ағыл-тегіл құс келіп,
Көлдің беті оянғандай ұйқыдан,
Жаңа ғана түс көріп,

Шөптерінің көйлектері шыт жаңа,
Өзінше бір жасанып,
Көне күннен елге ырыс құт дала,
Кеткен мүлде жасарып.

Айдын көлдер алыс тартқан кемелер,
Шағалалар шаңқай түстей ақ желкен.
Шақырады жонын тосып төбелер,
Шық төсіме дегендей-ақ таңертең.

* * *
Келеді жер емшегін иіткелі,
Көк бұлттар жер бауырлап биіктегі.
Ағады құба жонда ерсіл-қарсыл,

Жылғалар сайын дала киіктері.
Жауынның бұрқырайды жаңа демі,
Жайланды дала аспаны, дала көлі.
Еменнің бұтағындай иірленіп,

Қайтадан қосылады дала жолы.
Тізілген таулар, көлдер бар танабы,
Алыстан мұнартады Қарқаралы.
Мекені ақындардың, батырлардың,

Даланың ұлан-байтақ шалқар әні.
Жұлдыздар балапандай жапырласып,
Тау басын ай бауырына жатыр басып.
Шыңына жел бір барып, бір келеді,

Қайтқандай қариямен ақылдасып.
* * *
Мен жаңбырдан жасқанбан,
Жаңбырлы күні туғанмын.

Азанда құйған аспаннан
Ақселмен бетті жуғанмын.
Жаңбырлы кеште жүргенмін,
Басынан сипап шалғынның.

Шашынан сипап гүлдердің,
Буына мас боп бал күннің.
Жалынға күйіп тықыршып,
Жартасты жапқан бұлттардың

Көзінен түскен тыпыршып,
Жаңбырлы жасын жұтқанмын.
Жұпарын жұтып ауаның,
Жалындап қайта жанамын.

Жас иісін искеп нәр алам
Жаңбырдан соңғы ауаның.
* * *
Украина жерінен

Арқа аумаған.
Айыру қиын
Қостанайды
Полтавадан.

Егіз туған секілді шоқылары,
Егіз туған секілді топырағы.
Толқындары бір түстес,
Көк аспандай,

Нөсері де құяды толастамай.
* * *
Мен оны Қостанайдан көптен білем,
Таныспын оның жастық көктемімен.

Жиырма жыл келе жатыр күшті қолы,
Айрылмай берік ұстап көк темірден.
Шаршы иық, шалқақ кеуде, жауырынды,
Бетінде тұрады ойнап қаны нұрлы.

Елудің еңсесінен өтсе-дағы
Еңкейіп көрген емес әлі күнге.
Түсуге құмар емес көзге тіпті,
Емес ол айтарлықтай сөзге мықты.

Бірақ та еңбегінің үлгісімен,
Үйіріп әкетеді өзге жұртты.
Көресің сабырлылық ақыл қырын,
Мінезі қорғасындай жатыр мығым.

Жансұлтан Демеевтей жақсы ұлдың,
Біледі бүкіл Отан атын бүгін.
Мейірім жатады көзқарасында,
Жаны ұқсас өзінің кең даласына.

Табанды тапжылмайтын қасиеті,
Біртіндеп ауысқандай баласына.
Жұлдызды жақсы аға ол жалы биік,
Береді досына өз жанын қиып.

Жиырма жыл комбайнда келе жатыр
Елінің ризығы — нанын жиып.
* * *
Жарты жан боп өлген жоқпын,

Көмектесті көп дәрігер,
Бірақ сендей көрген жоқпын,
Өлкемде өскен — шөп дәрілер.
Сенімен бір ақ тірлігім,

Көкігерімді ашсын бүгін —
Өздеріңнің тәттілігің,
Өздеріңнің ащылығың.
* * *

Көк бұлттарын бүркеніп,
Күн асқанда қырқадан.
Бұйра орманнан гүл теріп,
Қайтшы едің шырқап ән.

Сөлін жұтып жаңбырдың,
Жасарғанда кең жазық.
Қарағайға қалдырдың,
Есіміңді сен жазып.

Қарағайдың жүзінде,
Жылдар салған әжім тұр.
Қарағайдың жүзінде,
Өзің жазған жазу тұр.

* * *
Тиеді табаныңа тастар жылы,
Оларда — жердің нәрі, аспан нұры.
Ажырап қалған олар ағайындай,

Дүниені топан суы басқан күні.
Тастарды тұғыр етіп бүркіт қонып,
Көбігін көл жатады бүркіп, соғып.
Тастарға тамыр жайып тіршіліктей,

Қыналар шыққан жасыл бүртік болып.
Шығады желдің даусы, көлдің даусы,
Шығады шуылдаған толқын даусы.
Қаратас кірпік қағып міз бақпайды,

Бар үнін табиғаттың сол тыңдаушы.
Оларды кете алмайды жел көтеріп,
Жатады етпетінен көлге төніп,
Кейбірі жүзеді көл ортасында,

Көбіктен жүрген жандай теңге теріп.
Жаңғыртып жалпақ жатқан алыстарды,
Қағып ап қайта салып дауыстарды.
Аспанға ұшырады ұйқысынан

Оятып маңайдағы бар құстарды.
Жылтырап сыртқы түсі түлеп іштей,
Шаттықтай, кейде қайғы-реніштей,
Аспанды құламауға қадап қойған,

Жатады тастар жерде тіреуіштей.
Бетінде бедерленіп ұйып сезім,
Алысқа қадағандай қнық көзін.
Жатқандай қең далада көсіле ұйқтап,

Түсінде көріп сонау биік кезін.
* * *
Дала, дала оранған қара бұлтқа,
Толған қойны жақсылық, жамандыққа.

Толған қойны түщылық, ащылыққа
Толған қойны адалдық, арамдыққа.
Дала, дала жасқанып қорғалаған,
Құдіретке құрдай боп жорғалаған.

Дала, дала кеудесі шерге толып,
Дала, дала көз жасы сорғалаған.
Дала, дала қан ағып өр төсінен,
Талай, талай айрылған еркесінен.

Дала, дала бір кезде қоныс тапқан,
Қос айырлы қоспақтың өркешінен.
Бүгін енді өзгеше жанады отпен,
Өзені өр, самұрық самалы өктем.

Жүзеді ол теңізде кемелермен,
Ұшады ол аспанда самолетпен.
* * *
Солтүстікте алма тұр

Әлі пісіп жетпеген.
Айқай менің Алматым,
Күзінде екі көктеген.
Алмалары албырап,

Жалын атқан жүзінен.
Жүзік көзі жаудырап,
Жүзімдері тізілген,
Шабыт берген жанға аты,

Жыр дарияға шөлдесем.
Сағынамын, Алматы,
Аз күн сені көрмесем.
* * *

Орманға барып тыңдаймын,
Шырылдаған құс әнін.
Мен де құстай жырлаймын
Гүлге толып құшағым.

Жасыл орман мұнартып,
Тұрғандай бір мұң артып.
Жел тербелсс жапырақ,
Сыбырлайды сыр айтып.

* * *
Жауған жырдай Тоқай менен Тақташтан,
Мен барғанда жаңбыр құйып жатты аспан.
Қарсы алды Кремлі Қазанның,

Орнатылған ирек-ирек ақ тастан.
Сүйімбике мұнарасы шығандап,
Көркіменен көз жанарын тұрды аулап.
Мен қараймын, Қазан маған қарайды,

Мен Қазаннан, Қазан менен жыр алмақ.
Қайран Қазан, татарлардың Қазаны,
Сен туралы бізде жырлар аз әлі.
Сен арқылы дүниеге танылды

Семейдегі Шыңғыстаудың қазағы.
* * *
Жалғасатын терістікпен, түстікпен,
Туған жерден қалса тамшы ыстық дем.

Соны жұтып, көтерілем аспанға
Сол тамшыны жасыл қанат құс қып мен.
Қозғамай-ақ қойсам-дағы тау шыңын,
Сол тамшыдан қалған менде тамшы мұң.

Сол тамшыдан нәр алған бір әншімін,
Сол тамшының жердегі бір даусымын.
* * *
Ой-аспаным бұлттанып,

Көздерімнен шық тамып.
Отырамын кей кезде,
Болмас онда жұрт танып.
Ой-аспаным ашылып,

Көзімнен от шашылып.
Отырамын кей кезде,
Асқар тауға асылып.
* * *

Кешір мені, сені өзгеден кеш білсем,
Кешір мені,
қақпаңды ашып кеш кірсем.
Айастанның жұтып мөлдір ауасын,

Аракстің жағасында өстің сен.
Көздеріңде Айастанның күні бар,
Көздеріңде Арараттың мұңы бар.
Жалынынан жан демалып тынығар,

Сөздеріңде Саят-Нова жыры бар.
* * *
Бұлт үстінде қалтыраған,
Кездестің сен кешкі нұрдай.

Бір сөніп, бір жарқыраған,
Есте қалар ескі жырдай.
Кең сахара шөлдеп ішкен,
Көк даланың сағымындай.

Шатырлап кеп жерге түскен,
Найзағайдың жарығындай.
Қарттық шаққа жеткен мұңы
Қайта оралған бала күндей.

Күзде жоқ боп көктем күні,
Қайта шыққан лала гүлдей.
Көңілімде қалдың өзің
Жапырақтардың жас шағындай.

Сақталса екен балғын кезің,
Айастанның аспанындай.
* * *
Дариға, буырқанған теңіздерден,

Жасымнан қайық мініп нені іздегем.
О-дағы бәрі бекер, желкен бар ма
Арқанын алып қашып жел үзбеген.
Өр қнял жерді ақтарған, көкті ақтарған,

Әрқилы бұл өмірде соқпақ қалған.
Жұтылып қара жерге қара көздер,
Қан тамыр қардай суып тоқтап қалған.
Атылып алып таулар шыдамаған,

Тек қана адам соған жыламаған.
Адамды бар дауыспен жырламасам,
Адам боп өмір сүру күнә маған.
Айналып жылдар мейлі ауысыңдар,

Менің де табиғатта дауысым бар.
Жаралды көз жасымнан асау теңіз,
Жаралды өз басымнан қарлы шыңдар.
* * *

Көрмедім деп не қыламын,
Алыстағы шетелді.
Шетке кетсем сағынармын,
Өзім туған мекенді.

Асып-тасып толмай жатып,
Өз жерімнен қара үзбен.
Тар көшелі Торғай артық,
Мұнаралы Парижден.

* * *
Менің сөнген күндерімді,
Таба алмайсың бұл ғаламнан.
Менің терген гүлдерімді,

Таба алмайсың бұл даладан.
Жалында ол арғымақтың,
Желмен бірге шапқан зулап.
Ағынында ол балбұлақтың

Жай оты боп жатқан тулап.
* * *
Шаршасам кейде шалдығып,
Інілер мені мәз қылған.

Қайтадан қалам алдырып,
Қайтадан өлең жаздырған.
Қолдарын маған ұсынған,
Шарабын шабыт ішірген.

Қайтадан көкке ұшырған,
Қайтадан жерге түсірген.
* * *
Бір көруге жүрдім сені зар болып,

Бір жоқ болдың,
бір көріндің бар болып.
Көрінбейсің тек жанымды үсітіп,
Қара шашқа қондың бурыл қар болып.

Жүрсің қайсы түкпірінде қиянның,
Көкірегіме құйдың даусын күй-әннің.
Мүмкін сенің бұл дүниеде болмауың,
Тек жемісі болуыңда қиялдың.

* * *
Тұңғыш келіп мен тұрмын,
Тбилиси, өзіңе.
Құйып алам көркіңнің,

Барлық нұрын көзіме.
Екі бөліп қаланы,
Ақ күмістей шашылып
Кура тартып барады

Арагваға асығып.
Бір қолында қанжары,
Бір қолында бал шарап.
Грузин-ана тұр шыңда,

Ақ арманды арқалап.
* * *
Сен менің өмірімді көктем еттің,
Жерде тұрып сенімен көкке жеттім.

Өмірімнің жас гүлін өзім таптап,
Мен сені кей уақытта өкпелеттім.
Өкпелеттім, неліктен өкінемін,
Қарс айрылып жарылды көкірегім.

Жүрек дал-дал, көзімде — қара бұлт бар,
Найзағайдың жанымда оты менің.
Кім біледі бір мені сен білмесең,
Басқа жол жоқ жырыммен сендірмесем.

Өртеп жатыр жанымды топан бір от,
Өліп барам нөсер боп сөндірмесең.
Сенен қалай тіріде айрыламын,
Көңілімді өзіңмен жай қыламын.

Өмір сүріп, тек сенің шаттығыңмен,
Сенің ғана мұңыңмен қайғырамын.
Қалды өмірдің білемін жазы кетіп,
Күндер кетті мұңдарын жазып өтіп.

Өз арқаңда алшаңдап мен жүремін,
Көз нұрыңды ауадай азық етіп.
* * *
Жалғызбын жалқы таудай бір,

Жалғызбын жалқы өзендей.
Қағазға толқып тамбай жыр,
Отырам қалам кезенбей.
Жотасындай тау құздың,

Жалғызбын, неге жалғызбын.
Көкірегімде бұлттары
Жатқандай өткен бар күздің.
Жалғыздыққа келемін,

Жалғыз да болсам шыдап-ақ.
Өлеңге қайта төнемін,
Өлердей болып жылап ап.
* * *

Алыста бұлттар жүзеді,
Алыстап кеткен тағдырдай.
Алыста бұлттар жүзеді,
Қайрылмай өткен жаңбырдай.

Алыста бұлттар барады,
Түстері суық мұп-мұздай.
Алыста бұлттар ағады,
Асыға сөнген жұлдыздай.

Алыста бұлттар ағады,
Киіктей көшкен жөңкіліп.
Оларды қуып барады,
Ала құйын жел тұрып.

Мұнартты бұлттар таулар боп,
Арындап шауып ұшты аттай.
Барады бұлттар арман боп,
Жалынын жұртқа ұстатпай.

* * *
Ғашықтарға күндізгі күн қауіпті,
Ғашықтарға жұлдызды түн қауіпті.
Қараңғыны қарауыта күтеді,

Түстерінде көреді тек жарықты.
Тек жарықты түстерінде сұрайды,
Қараңғыда қайғырады, жылайды.
Екі бөлек екі жерде құлайды,

Кездеспейтін еске салып күн, айды.
Тек оларды жыр етеді жел ескек,
Қараңғыда таусылмайды кеңес кеп.
Күн сияқты, ай сияқты ауысып,

Ағады олар сәуле болып елестеп.

ЖАҚША ІШІНДЕГІ ӨЛЕҢ

— Ұйқымызды кім бұзған?

Кім ертемен тұрғызған?
(Жолға шыққан серуендеп)
Жауап берді жел:— Мен,— деп.
Көтеріп ап қолтықтан,

Кім ертемен толқытқан?
(Көк толқыны көлбеңдеп),
Жауап берді көл:— Мен,— деп.
Көтеріліп ылдидан,

Кім көңілге жыр құйған,
(Берген саған күш-медет)
Жауап қатты құс:— Мен,— деп.

КАЛИНИН КОЛХОЗЫ

Өзгеріс көп түрінде,
Мұртта — көк мұз, баста — қар
Қара еменнің түбінде
Отыр қыстай ақсақал.

Күнді кешкен не түрлі
Жасы таяу ғасырға.
Отыр көктем секілді,
Немересі қасында.

Жерді жапқан ақша қар
Ақ қояндай жон аппақ.
Тағы да бір ақсақал
Тұғырда отыр қонақтап.

Жердің шаңын жуады
Тау бұлағы бүлкілдеп,
Бала шалдан сұрады:

— Тұғырдағы бұ кім?— деп.

Тамақ кенеп жөтеліп,
Шал толғанып бір қалды.
Алдына алды көтеріп,
Өтіп кеткен жылдарды.

— Көрген оны бәрі елдің

Мәуртінде орақтын.
Келген мұнда Калинин
Ақсақалы Одақтың.
Жазған өзі қолымен

Заңын мұнда оқыған,
Тізерлесіп онымен
Жамбыл бірге отырған.
Жұтып мөлдір ауаны

Кәрі ақсақал тербеліп,
Жерді, суды, даланы
Берген бізге тең бөліп!
Содан бері бұл жерде

Оранып жас гүлдерге.
Тұрып қалған Калинин
Қарап келер күндерге.

АМАНАТ

Көк теңіздің от төсі,
Барады қызыл күн батып,
Сөйлейді ауру көкесі
Баласына тіл қатып.

— Көздерін байлап өзгенің,

Қазына-мүлік жимадым.
Көжесіз болды кездерім,
Көңілімді досқа сыйладым.
Қабақты түйіп, шарт сынып,

Көрмедім жұртты жатсынып.
Пақырға тілеп жақсылық,
Тақырға ектім ақ шыбық.
Өзіңе, балам, қалдырған,

Осылар менің бар мұрам,
Біреуге етсең жақсылық
Бір күні шығар алдыңнан.
* * *

Күзде күрең ат мініп,
Шықты ертемен жолға күн.
Жапырақтарды лақтырып,
Тонап жаздың орманын.

Алма ағашты сілкілеп,
Бұтақтарды қағады.
Күздің күні күркіреп,
Көзінен жас тамады.

* * *
Шабыт алам Қырымнан,
Ала сәуле ақшамында
Көз жіберіп зер аспанына.

Қалдырмаймын жырымнан,
Таулы Бадақшанды да,
Баулы Зеравшанды да.
Жүзіп өтем Неманнан,

Шаңқай түсте
Шаңқай құстай
Ақ нұр боп,
Ормандарға Жауамын

Жұпарын ап даланың
Меруерт көзді жаңбыр боп.
Қай қалада болсам да,
Қайтеңізге қонсам да.

Достарым көп ормандай,
Достарым көп таулардай,
Достарым көп жолдардай.
* * *

Жас жігіттер балық сүзеді,
Жел-құз өтінде.
Торыала бұлттай толқындар жүзеді
Теңіз бетінде.

Күн әлі құйып тұр.
Толқын, желге ер жігіттер алаңдамай,
От ұясын жабатын қаһармандай
Ескектерін келеді еркін сілтеп

Маяктар жанады жалаулардай.
Күн әлі құйып тұр.
Теңіз — аспан, омырауы ақ теңгелер —
Жұлдыз балық ойнаған жарқыл қағып.

Соны сүзіп сал жігіт, ақ жеңгелер,
Су түбінен суырып жатыр алып.
Күн әлі құйып тұр...
* * *

Аттандырдың ақынды,
Туысыңдай бір туған.
Бір найзағай атылды,
Кеудеңдегі бұлтыңнан.

Қалдың әзер жыламай,
Ерік бермей сезімге:
«Жібер,— дедің,— жыр, ағай»,
Қош айтысар кезімде.

Қайран ару қарындас,
Жан едің бір сен бөлек.
Жанарыңда жалғыз жас,
Тұрып қалды дөңгелеп.

Өзіңе арнап жолдадым,
Жүрегімдей бұл хатты.
Әр кез аман бол, жаным,
Тілегімдей қымбатты.

* * *
Күздің ала таңында,
Аспаннан түсіп ақ нұрлар.
Қазақтың Алатауына,

Құс болып қонды жаңбырлар.
Сол жаңбыр жаздың таңында
Жайқалар жасыл гүл болып.
Алматының бағында,

Жанар бір алтын нұр болып.
* * *
Балалық балғын күнімде,
Борығын тартқан көл-түбек,

Оралып майдың түнінде,
Түсіме енді төрт рет.
Төрт рет тұрдым төсектен,
Іздедім Торғай ақ талын.

Не керек бірақ,
кеше өткен,
Балалық күнді таппадым.
* * *

Дүниені ойымен салмақтаған,
Менің ағам еді бір ардақты адам.
Қайратты еді Торғайдың өлкесінде,
Күресуге белдесіп жан батпаған.

Бірақ өзін өзгеден асырмайтын,
Мейірімен мұңдыны асырайтын;
Жоқтық бар деп өмірде жасымайтын,
Тоқтық бар деп өмірде тасымайтын.

* * *
Аспан — көгілдір толқын,
Төсінде жүзеді
Жұлдызы мол түн.

Көктегі жұлдыздар,
Аспан шатырына қадалған
Аппақ шегелердей.
Қара адырлар

Қайырлаған кемелердей.
Осы бір түнде
Дала да жоқ секілді,
Аспан да жоқ секілді,

Қарасуық жел ысқырады
Қараңғыда атылған оқ секілді.
* * *
Тау етегі тал кілең,

Қол созады бұлттарға.
Ал, жүздері қанкүрең,
Күн бояуы жұққан ба?
Бұтағында көк бүршік,

Көк түсті су жұтқан ба?
Көк сабындай көпіршіп,
Көл бояуы жұққан ба?
Талдың бойы талдырмаш,

Бой түзейді безеніп,
Тал шыбықтай қарындас,
Кетті ме әлде өзі егіп?!
* * *

Жер көйлегі жаңарып,
Көктем келді қаз алып.
Адамдағы алалық,
Болмады әлі тазарып.

Кейбіреулер келеді,
Ерте жасап, кеш туып.
Көшке иттей ереді
Етек басты ескілік.

* * *
Алба-жұлба бұлттардың
Жейделерін жыртылған,
Жамайды ерте шыққан күн

Жақыныңдай бір туған.
Беті оттай жанады
Сөйлейді бұлт кейде өктем.
Сосын жасы тамады

Жыртық-жыртық көйлектен.
* * *
Ауыр ойдан айығып,
Аспан қалды шайылып,

Тентек бұлтты жел қуып
Тастады әрі қайырып.
* * *
Кейбіреулер жүреді,

Өтірік күліп, қол ұстап,
Қара түндей жүрегі,
Қанжар қайрап, оқ ұштап.
Қолыңа келіп қонады,

Төңірегің нұрлы болса жаз,
Соқса қыстың бораны
Кетеді тайқып сол сабаз.
Күнделікке ереді,

Алды-артын ойланбай.
Сені өсектеп үреді,
Сұмпайы сол сор маңдай.
Мейлі оған өмір қыспағы,

Мейлі оған өмір ұшпағы.
Өз есебін реттеп,
Тұрады шеттеп тысқары.
* * *

Ақса сонау алыс жерде оқ ұшып,
Қағып алам мен өмірге болысып,
Екі полюс — жақсылық пен жамандық,
Жүрегімде жатады ылғи соғысып.

Көкірегімде табысады көк пен жер,
Боранды қыс,
Көк көйлекті көктемдер.
Көкірегімде гуілдейді өкпек жел,

Көкірегім секілді асу-өткелдер.
* * *
Ескі бір жырын шертіп Бурабайдың,
Жатады жел үрлесе тулап айдын,

Толқын боп тербетіліп, төңкеріліп,
Өтеді көбік атып зулап ай, күн.
Оқжетпес ортада тұр атып таңдай,
Құшағын жайып саған жатырқанбай.

Көкшеге құлап түскен көктің көлі,
Мейірім қанша ішсем де жатыр қанбай.

ТАБАЛДЫРЫҚ

Оның-дағы өзінше тілегі бар,
Оның да бар қуаныш-сүйініші.
Оның-дағы өзінше жүрегі бар,
Оның да бар сағыныш, күйініші,

Амандасып ол-дағы қол созады,
Аттамасын тек оны жол тозаңы.
Ол арқылы біреулер сапар шегіп,
Ол арқылы біреулер терге озады.

Шекараның шебіндей қамал құрып,
Күзетеді ол әр үйдің босағасын.
Жатқан табан астында табалдырық
Айырады қас пенен дос арасын.

* * *
Тау үстінде ақша бұлттар қалқиды,
Сандық тастар, текше тастар сан қилы.
Кәрі әженің абдырасы секілді,

Көргеніңде жан елжіреп балқиды.
Күн күркіреп,
Көл күмбірлеп, күңірентеді ән-күйді.
Самал желдер Сарыарқаның күйіндей

Сары далада шалқиды.
Көк толқындар сабалайды жағаны,
Көбік шашып жаңбыр болып жауады.
Теңіз желі вентилятор секілді

Тазартады шаң-тозаңнан ауаны.
Қып-қызыл күрең түнде,
Соғыстың жанбай қалған мың өртінде.
Өмір сан суреттермен

Өзінің тұр көркінде.

ЖАҢБЫРЛЫ КӨЗІ ЖАСАУРАП...

Қап-қара бұлттар егіліп,
Көздерден тамшы төгіліп,
Жай түскен қара емендей
Қабырғам кетті сөгіліп.

Көкірегіме орнаған,
Жоғалды қайда жарық күн.
Қап-қара бұлттар торлаған
Қасіреті ме халықтың?!

Өзіңсіз, Сәбе, елпілдеп,
Сырға да қалай барармын.
Көзімнің жасы мөлтілдеп,
Қырға да қалай барармын.

Тұрмын осы кез үнсіз,
Кеудеге қайғы-қақ тұрды.
Көрермін қалай өзіңсіз
Ақкөлден ұшқан аққуды.

Қараймын тұнып алды артқа,
Тебіренген бұлақ, тас аунап.
Жүзеді бұлттар жан-жақта
Жаңбырлы көзі жасаурап.

БЕРДІ АҒАНЫҢ СӨЗІ

Отырдық таста тілсіз ұғынысып,
Жүректен жатты өлең бұл-бұл ұшып.
Көктемгі Копетдагтың көлеңкесі,
Көңілге ақ шуақ боп тұрды түсіп.

Деді ол:— Туған елім марқабатты,
Сенім мен ауыр жүгін арқалатты.
Алдымда ала бұлтты барқан жатты.
Алдымда қарауытып Балқан жатты.

Жібімей Небитдагтың от құшағы,
Бақыттың оянбаған көк құсы әлі.
Бұрқанған Амудария ағысындай,
Ағаңның аласапыран өтті шағы.

Ризамын осы жалпақ жалғанға мен,
Берді өзі аш өзегім талғанда дем.
Орнады омырауыма шыққан күндей
Жасымда алтын жұлдыз армандап ем!

* * *
Ойға батам кеште отырып жартаста,
Жатыр таулар жауырынды нар қасқа.
Ақтайлақтың жүгіреді өзені,

Жүгіреді тез жетуге Балқашқа.
Көргенменен жолын тосып қақпайлап,
Кідірмейді ол аялдап сәл, ат байлап.
Асығады, асығады алысқа,

Асығады көл Балқашқа Ақтайлақ.
Ойнақ салып өз еркінше қырда бұл,
Асығады, асығады құм дауыл.
Асықпайды, асықпайды тек қана

Сұр далада суып қалған сұр қабір.

ҚЫЗЫЛ ТУЛЫ МАЙ

Жаңбыр жауып өткен жаңа үстінен,
Жер керілген секілді бір тұс кілем.
Көк сауыты дал-дұл болып қашты қыс,
Айқасты да Көктем деген күштімен.

Бөгет бар ма, көктем деген шіркінге,
Сөйлейді ол күн даусымен мың тілде.
Жалаңаш тал жаңа көйлек киініп,
Жапырақ болып шыға келді бір күнде.

Күн көзінен ашты да ол ақ сандық,
Шашты жерге үлбіреген ақша бұлт.
Барлығын да бір-ақ күнде жасартты,
Бұл не деген керемет күш, шапшаңдық!

Кездессе де аласапыран өткел не,
Шіркін көктем, бір-ақ күнде жеткен бе?!
Күн күркіреп, жер дүркіреп, су тасып,
Құстар әнін арнап жатыр көктемге.

Жалғыз өзі бүкіл жалпақ өмірдей,
Тегеуіріні ойып түсер темірдей.
Жаңартады көк пен жерді жасырын,
Көктем өзі көзге түсіп көрінбей.

Қыстай жатқан қауыз жарып жана алмай,
Қыр гүлдері желбіреді жалаудай.
Жер астынан көтеріліп көк жалын,
Жер бетінде шалқиды енді алаудай.

Күніменен жер бесігін тербеткен,
Нұрыменен ел несібін селдеткен.
Жастық атты планетаның басшысы,
Қызыл тулы, қызыл гүлді кел, көктем!

* * *
Арман боп со бір күнде өтер ме екен,
Жолыма көп қарадың кетерде сен.
Талпынды саған жүрек жылы ұядай,

Таба алмай бір өзіңнен бөтен мекен.
Жалтылдап жалын ойнап жанарыңда,
Қоштасып қала бердің Қарақұмда.
Тұнжырап қалдың жалғыз тіл қатпастан

Қайғының бұлты ұялап қабағыңда.
Қоштасу болды сол сәт нағыз қиын,
Жанымда кете барды жалғыз түйін.
Серігім Қарақұмның желі болды,

Құлаққа ызыңдаған балдыз күйін.
Кетерде ұялдым мен қолыңды алмай,
Содан ба жүрмін әлі жолым болмай,
Қалды ғой мен қайтейін қамықтырып,

Көп арман көңілдегі орындалмай.
Кең дала, күмбезді аспан, көңілді кеш,
Ойымнан кете қоймас өмірде еш.
Жүрсің бе сағынып сен сол бір түнді,

Түсіме кіруің де тегін емес.
Жұлдыздар сенің өмірбаяныңдай
Кейбірі көкте үзіліп ағады жәй.
Изенді Қарақұмның арасында

Кездесер күндер қайда баяғыдай.
* * *
Алуаш, көрмегелі көп жыл өтті,
Қайда сол уыз жарық шағала-түн.

Түске еніп ет жүректі елжіретті,
Сақталған көкірегімде бала қалпың.
Жүгірдік боз жусанды даланы аңсап,
Аунадық қара нардай қара адырда.

Қосылып қос аққуға қараған шақ
Қалыпты сурет боп жанарымда.
Өмірдің болсын түске кеші жалғас,
Қарттық та жақын қалды білемін мен.

Еш тәңірі сол суретті өшіре алмас
Салынған сенің нәзік жүрегіңмен.
Көмілмей өмірдің сан жылдарына,
Жүрек боп дүрсілдсйсің жырларымда.

Алуаш, осы хатым барып жетсін,
Далада жаңбыр жауып тұрғанында.
* * *
Жасыл арыстандай

Дауыл үрлеген жалы күдірейіп,
Шулайды орман
Бір жығылып,
Бір түрегеліп.

Жалбырағап бұлттардың
Жайылады жерге етегі.
Терістіктен тентек жел тынбай тулап,
Теректерді тербетеді.

* * *
Жонын төсеп жауынның ақ нұрына
Табады рақат июннің ыссы күні.
Шуылдаған жапырақтай жанталасып,

Шырылдаған шығады құстың үні.
Оқасы жоқ, ойнасын шоғырлы бұлт
Шаңы арылып жаңарар көше біраз.
Алматыны ақ селге шомылдырып,

Желпіп өтер жасартып нөсерлі жаз.
* * *
Қайдасың, қайран балалық?
Тай ғып мінген тал алып.

Төбеңменен тік тұрып,
Шаншылған жерге қадалып.
Жан-жүрегім дірілдеп,
Іздеп жүрмін жүгіріп.

Қай түкпірге, жүгірмек,
Қалдың екен тығылып.

СӘУЛЕЛІ КӨКІРЕК

(Ұлы әжем Хадиша қайтыс болғанда)
Көкірегің кешегі сырылдаған,
Бүгін қалай мұз болып, жылынбаған.
Бес балаңнан дүние ойлап тұрсам,

Бес уыс та топырақ бұйырмаған.
Ана деген мейірбан жүрегіңнен,
Жылу алып әрқашан жүр едім мен.
Хош бол, ана қорғаным, көркейермін,

Тірліктегі өзіңнің тілегіңмен.
Сен шығатын тұр үнсіз қырқа бүгін,
Хош бол, ана, қамқоры ұрпағыңның.
Сен жатасың жамылып бір оңаша

Үлбіреген көрпесін ұлпа құмның.
Көздей болып сәулелі көкірегің,
Қараңғыға үйреніп кетіп едің.
Сенің адал ықылас-ниетіңмен,

Мен өмірге еркелеп жетілермін.
Көп адамды өсірдің ана болып,
Көп қамықтың көңілің нала болып.
Көзің көрмей қартайып халден тайып,

Кеттің енді өмірден бала болып.
* * *
Қызбел үсті шоқ-шоқ оттар
Қызылшұбар тобылғылар.

Қыз емшекті қат-қабат тау —
Торыала кеш торғын мұнар.
Қызбел үсті арыс белдер,
Қызбел бойы мың түбекті.

Ат шаптырым қамыс көлдер,
Ойшүмекті, Қыршүмекті.
Айналада шашылған тас,
Өткен күннің іздеріндей.

Қызбел тауы тұр талдырмаш,
Қызбел десе қыз беліндей.
* * *
Қадап тікен шөңгелерді өкшеме,

Балалық шақ баяғыда өтсең де.
Тал шыбықты ат қып мінген, балалық,
Таң нұрындай бар-ау қуат, от сенде.
Сақал мен мұрт шықты иекке демесе,

Жақындады қыркүйекке демесе.
Әлі мені бала көріп күледі,
Бұл кездері кемпір болған жеңешем.
Әңгімелеп қарттар бала күндерін,

Алтыбақан, ақсүйекті түндерін,
Сөз етеді сонау бала кезінде
Көзі көріп, құлағы естіп білгенін.
Әр қарағай оның жастық кезіндей,

Әрбір қайың ойға батқан өзіндей.
Ормандарда бала гүлдер ойиайды,
Айналаның айқай-шуын сезінбей.
* * *

Аспан — мұхит,
Күн — қайық
Кейде тауға соқтыққан.
Бұлт мартеннің пешіндей

Қойынына от тыққан.
Бұлт дәуірлеп,
Жоқта күн
Күн орнына жағады

Қызыл-жасыл оттарын.
* * *
Мұнарланған теңіздің үстін басып
Күн күркіреп, жай атты ұшқын шашып.

Аласапыран ашуын бойға жиып,
Соқты дауыл бұлттармен күш сынасып.
Жас сорғалап толқынның көңілінен,
Атты оны кемерге көбігімен.

Қара жартас қайыспай тұрып қалды
Хабарсыздай толқынның желігінен.
Құшағынан шығармай Атырауды,
Қара бұлттар жер қауып жатып алды.

От найзағай жалаңдап найза ойнатып,
Жекпе-жекке теңізді шақырады.
* * *
Домбырада қоңыр саз,

Шымшылады өзекті.
Қоңыр сазды со бір наз
Аялдамай тез өтті.
Сырлы шектер дірілдеп,

Жортты саусақ пернеде.
Ойнақ салып дүбірлеп,
Құйылды күй кеудеге.
Күмбірлеген күй даусы

Сиқырдай бір ұйытып,
Қатып қалды тыңдаушы
Өзін-өзі ұмытып.
Қуып қиял үйірін

Мен де отырдым алаңдап,
Іздеп күйдің түйінін,
Қолға ұшқыр қалам ап.
* * *

Аспанға тіккен шатырдай,
Ауада ала асқары.
Дулыға киген батырдай,
Жағада пана тастары.

Көрсең де көзің тоймайтын,
Күніне барып мың рет.
Көңіліңде ойнайтын
Алатау ғажап сурет.

Алқалап орман қаусырған
Бауыры мұнар көк торғын.
Сырықтай бұлтқа шаншылған
Кей шыңының көкте орны.

ҰЛЬІТАУ

Сағындым Кішітауымды,
Сағындым Ұлытауымды,
Сағындым туған бауырымды,
Сағындым қайран ауылымды.

Тайжан.
Қойыны қоңыр салқын күз деміндей,
Көрініп қыр арқасы қыз беліндей.
Ұлытау қарсы алдымнан шыға келді

Арманды ғасырлардың тізбегіндей.
Ұлытау арқасы арса, жақпар-жақпар,
Ұлытау бойы борша, шатқал-шатқал.
Ұлытау бір қария даладағы

Маңдайы тарам-тарам, қатпар-қатпар.
Болар деп Ұлытаудың қайыр таңы,
Қазақтың қол созбаған қай ұрпағы.
Ентелеп Ұлытауға ботасындай.

Қарайды Кішітауы, Айыртауы.
Ұлытау сүңгиді көк шымылдыққа,
Қиялдай шомылады шыңы бұлтқа.
Қолынан аттандырып күнді ымыртқа,

Ұлытау сүңгиді үнсіз ұлылыққа.
Суалып ақ тақыр боп қоғалы көл,
Жөңкіліп көшті төмен-жоғарылы ел.
Сағымдай сағыныштың жасыи жұтқан,

Күрсініп, күңіренді молалы бел.
Шыңдармен жалғастырып шың арасын,
Өткен күн соқты ескерткіш мұнарасын.
Даланың түтігіндей ақты өзендер

Там-тұмдап таудан алып сыбағасын.
Дірілдеп атқан таңдай ағараңдап,
Ойнаса Найзатаста жай алаулап.
Қарайды қарауылдай тау алаңдап,

Қарайды күреңітіп ай талаурап.
Тұрмыстан теперіш жеп, тепкі көрген,
Ұлытау көне тарих көпті көрген.
Аса алмай адуынды асқарынан,

Бұлдырап бұлттар шөгіп, өтті керуен.
Айнала жылым бұлақ жылап аққан
Айнала қап-қара оба сұлап жатқан.
Сол оба бағы заман батырындай,

Оқ тиіп омырауынан құлап жатқан.
Бұл жерде бүкіл қазақ түгенделіп,
Біреуін бірі қайрап жігер беріп,
Жойылып жүзге бөлу, алауыздық,

Жанындай жайған жасыл кілем керіп.
Қап-қара бұлт боп төнсе қанды бүлік,
Ұлытау ұрандаған жаңғырығып.
Жалпақ жер жаутаңдаған бір уыс боп,

Жайымен жатқан елге жау ұрынып.
Тұнжырап Ұлытауды тұман жапты,
Өкіріп ерке өзендер жылап ақты.
Жорта алмай жондарында өршіл киік,

Ұша алмай ұясында қыран жатты.
Ел бағып жер дүбірін, көл сыбырын,
Мұнартты көлецкедей кешкіқұрым.
Төрт құлақ қорымдарда байғыз зарлап,

Ежелгі шертіп жатты ескі мұңын.
Құтырып долы соғыс дүлейленіп,
Шошыды жазық дала үрей жеңіп,
Керілген кең далаға көз тікті жау

Ат басын Ұлытауға тірей келіп.
Бүйірін Сарыарқаның дүбірлетіп,
Қалың қол Көксеңгірді тіліп өтіп.
Бұрқырап түйлігеді, шүйлігеді,

Тұрғанда қыр елінің қыры кетіп.
Сәбилер жазықсыздан жазаланып,
Қарт ана шашын жайды азаланып,
Ту ұстап жұдырықтай тұтасты ел,

Тыныштық бермеді жау мазаны алып.
Тұлпарлар жаратылған қыстай бағып
Жалдарын желге төсеп құстай ағып.
Майданның даласында ақ көбік боп,

Кісінеп Ұлытауды ұшты айналып.
Біткендей көлге дауыс,
желге құлақ,
Айқастың шуылдасты жөнін сұрап.

Арманды аталарды сол кездегі,
Көргенде тұра алмастай көңіл шыдап.
Қан болып көлкіп жатты балмұздақ су,
Аспанға көтерілді аңдыздап бу.

Айналды Ұлытауды зарлы анадай,
Ақша бұлт сынығындай жалғыз аққу.
Ұшатын әшейінде алабұртып,
Отырған Ұлытауда бала бүркіт.

Қанатын сілкіп-сілкіп қайта жиып,
Үреймен бұға түсіп қарады үркіп.
Тән мұздап бара жатты,
қан суынып,

Тау тұрды қара бұлтты қаусырынып.
Өрледі Ұлытаудың биігіне,
Жалаңдап аш бөрідей жау сұғынып.
Ар-намыс дүкенінде суарылған,

Айрылып алмас қылыш шыдамынан,
Күндіздей көтерілді сәуле шашып,
Сурылып қара түндей қынабынан.
Еркінсіп ат қойған жау андағайлап,

Қайратын қалың елдің қалды абайлап.
Алдаспан жарқ-жұрқ етіп бұлтта жүзіп,
Ақ сүңгі күреңітті қанға бойлап.
Айбалта күнмен ойнап шағылысты,

Талайлар аттарының жалын құшты.
Көтеріп көк гүрзісін жеке батыр
Алаңын қан майданның жарып ұшты...
Көзінен мөлдіреген жасын іркіп,

Көтерді ел еңсесін басын сілкіп.
Қайтадан қанат жайып шыңға қонды,
Ежелгі тау тұрғыны лашын, бүркіт.
Тірліктің жеткен қолы көктеміне,

Айтты ел лағнат өткен күнге.
Талайлар талайсыз боп кетті сорлап,
Сонау бір қанды лайсаң өткелінде.
Тағдырын оқ опырып, жалын жазып,

Өтті ғой талай ару жаны нәзік.
Қанды күн, қаралы түн, қара толқын...
Болған жоқ археолог бәрін қазып.
Ұлытау тұр бүгінде көкке тиіп,

Қоңыр жел аймалайды беттен сүйіп,
Қорасан белгісіндей қожыр тастар,
Өткен күн — скульптор кеткен құйып.
Жаяды Ұлытауға таң құшағын,

Күмбездей көтереді тауды сағым.
Арқаның көк тұғырдай діңгегіне,
Арнайды ертелі-кеш бар құс әнін.
Тие алмай долы дауыл тауға батып,

Өтеді боз селеуді шаңға аунатып.
Ойнақтап ерігеді, желігеді,
Оятып қойтастарды қалған қатып.
Көк таудың түтін ұшып түндігінен,

Желменен желе аяңдап бір жүгірген.
Қырмызы қызыл түлкі керіледі,
Жартастың шығып терең үңгірінен.
Басынып Ұлытауды өте алмастай,

Шыңына ешбір пенде жете алмастай.
Қалады ракетаның басында ізі
Майданда жарқылдаған көк алмастай.
Тұрғандай қолын бұлғап тауда жеңгең,

Биікке шарқ ұрасың салған жерден.
Шомылған айдын көлге ақ балықтай,
Жүзеді ауасында қайран кеудең.
Жартастар секілді бір алтын құндақ,

Тұрады төбесінде күн жарқылдап.
Алыстан тартып алып тау мұнарын,
Жатады қойнауында құм салқындап.
Қанатын қойтастарға серпе құлап,

Ағады айқай салып ерке бұлақ.
Тартады ақжалданып көбік шашып,
Шыққандай топты жарып жеке бір ат.
Күн өтті қою түтін көк мұнарлы,

Күл болып хан орданың орны қалды.
Со бір күн азынаған ащы желдей,
Қариды кек отымен омырауды.
Айнала атырапты қарауылдап,

Өмірде көрмегендей тау дамылдап.
Найзатас, ақмалта тас, ақ қайрақтас,
Жатады Ұлытауды жан бауырлап.
Түйенің түтілгендей шудасынан,

Бұрқырап шаң шығады қыр басынан.
Қайырып қара бұлттай қалың малды,
Келеді ат үстінде бір жас ұлан.
Көмкеріп құшағына көк бұлтты алып,

Ұлытау тұр ерекше шоқтықтанып.
Ғарышты шоғыменен жылытады,
Ұлытау омырауынан от тұтанып.
Айбармен қарап жазық тегістікке,

Жатады жалғыз өзі кең үстіртте.
Космосқа кемелерін аттандырып,
Жұлдызды жалғасады кеңістікке.
* * *

Жезқазғанда өтіп кетті жеті күн,
Саржайлаудың самал сазды күйіндей.
Туыс болып шықты бірі екінің,
Боз ордалар болды өзімнің үйімдей.

Жеті күнде жетті төбем көкке өсіп,
Жайып салды ел ақ көңілмен тұз дәмін.
Ұлытау тұр Торғайменен шектесіп,
Өз аулымның көргендеймін қыздарын.

Шөптері де өз аулымның шөбіндей,
Иіскеймін мен еміреніп жата қап,
Көлдері де өз аулымның көліндей,
Кеуде кернеп тебірентеді махаббат.

Өзені де өз аулыма бастайды,
Жүгіреді жетелеп ап ағысы.
Шаң-тозаңнан бір серпілтіп тастайды,
Мұнарымен жуып бойды тау іші.

Жезқазғанда өтіп кетті жеті күн,
Саржайлаудың самал сазды күйіндей.
Туыс болып шықты бірі екінің,
Боз ордалар болды өзімнің үйімдей.

* * *
Жезқазғанның жезі бетінде,
Жезқазғанның кені астында,
Қас қағым тек мезетінде,

Жоқ боласың жер астында.
Жер астында қара дауыл,
Жер астында суық мұздай.
Шахта шамы жағады нұр,

Жылт-жылт етіп жұлдыздардай.
Солай айдап түнектерден,
Қуалайды қара түнді.
Солар ғана жаздырады,

Қусырылған қанатыңды.
Жер астында қайран жерің,
Жер боп сені көтереді.
Шахтер да бір майдангердей,

Ауызында от өлеңі.
Жер үстінде күндіз болса,
Жер астында қараңғы аспан.
Жер астында жұлдыз жанса,

Ол — ұшқан от қара тастан.
* * *
Дәуірлеп көтеріліп дара тұлғаң,
Сөйледің өзің туған дала атынан.

Жүректі желпіп өтті жібек желдей,
Ескен леп секілді аққу қанатынан.
Өртеген арманды айттың өзегіңді,
Өзгеге жібермедің кезегіңді.

Жеріңнің жеті қабат көзін ашып,
Көтердің биік шыңға өз еліңді.
Елімнің көріндің сен елдігіндей,
Толқыды көңіл теңіз желді күндей.

О, Қаныш,
тау мен тастың тамыршысы,
Даланы білу қиын сені білмей.
* * *

Қанша уақыт Жезқазғанда жоғалды,
Ұлытаудың үңгіріне ұрланып.
Қанша уақыт бізге қайта оралды,
Тайжандардың тіліменен жырланып.

Қанша пештер қайта жанды дүрілдеп,
Тобылғының қызуымен қыз рең.
Шарт-шұрт сынды от бір туғандай гүрілдеп,
Жезқазғанның жасын атқан күзімен.

Тұр ма әлде ақ мамық қар жауғалы,
Келеді ептеп алыс қыстың ауасы.
Үлкен де емес, кіші де емес таулары,
Бірақ отты Жезқазғанның даласы.

Онда оты бар жігіттердің темірдей,
Онда оты бар жас қыздардың өрімдей.
Онда оты бар Жезқазғанның жезінің,
Мәңгілікке сөнбейтүғын өмірдей.

Олар тіпті сөйлемейді көпіріп,
Көпіргенді деп ойлайды өтірік.
Жер үстінде неше күнді жағады,
Жеті қабат жер астында отырып.

* * *
Жезқазғанның сөнбейтұғын таңдары,
Жезқазғанның шахтасында шамдары.
Онша биік болмаса да таулары

Сонда жатыр Сәтпаевтың арманы.
Жер астының көкке атылған айбыны,
Алдымызда жез мүхиттың айдыны.
Жезқазғанның жерінде бір тыным жоқ,

Лаулаған от бара қалсаң қай күні.
Ағылшыннан бәрін көрген азаптың,
Жезқазғанда жез өңіндей ғажап түн.
Қарсақбайға асығамын, тұрғандай

Өзі күтіп президент қазақтың.
Жердің жеті қабатында қатталып,
Жатқан кенді тапты-ау сабаз ақтарып.
Байқоңырдан көтерілген космонавт,

Оның атын ұшқан болар жатқа алып.
Ер ортадан кетсе өтіп ертерек,
Артында оның ұмытпаймын ел керек.
Елдің даңқын ермен бірге шығарар

Қойны жомарт, қолы ашық жер керек.

ДАЛА АУАСЬІ

Тербеледі толқындай жер көгеріп,
Машиналар тоқтайды көлге келіп,
Көл бетінде жатады байтақ аспан
Бауырына бұлтын ап дөңгеленіп.

Дала, дала... жаныңа жақын бәрі,
Келе жатса бұлт қайнап атылғалы.
Шақырады жанына ақ қайыңдар,
Ақ қайыңдар — даланың шатырлары.

Дала ауасы, даланың дарқан белі,
Дала тауы, даланың жалтаң көлі.
Әр уақытта жаныма сая болып,
Дауылдардан қорғайтын қалқан мені.

Бұл даланың әтірі — гүлі тұрмақ
Жусанын да иіскеймін үгітіп ап.
Топ-топ өскен тобылғы арасында,
Торғайдың да жатамын үнін тыңдап.

Өзендері жайылып екі бетке,
Ұлан дала жалғасқан шеті көкке.
Дала желі дуылдап қанымда ойнап,
Дала ауасы тулайды көкіректе.

ПАБЛО НЕРУДА

Б І Р І Н Ш І Ж Ы Р

Сентябрьде Чилиде боран тұрды,
Адалдыққа арамдық оғы атылды.
Сантъяго мұхиттай сапырылып,
Шабуылға шақырды өр ақынды.

Адамзаттың құйылған бар алғысы,
Өз жанындай өзгеге адал кісі.
Ет жүрегін өтетін жарып қылдай,
Дүниенің жарығы, қараңғысы.

Тіршілікті кешкен жоқ кең өмірде,
От пенен су шалқыды өлеңінде.
Күзетке алды Чилидің шибөрісі,
Бұрын айдап ажалдан оны өлімге.

Кең маңдайы көрініп жұртқа таңдай,
Солдат ақын күреске шықты аянбай.
Күзетшілер дал болды дымы құрып,
Шалқып жатқан өлеңін құлыптай алмай.

Жырды сілтеп отырды ол түнімен,
Күзетті оны теңізі толқынымен.
Апаратын алапат айқастарға,
Өз үйінің тарады жол түбінен.

Соққан берік қайыспас мықты етіп,
Жырын қалды жүректе жұрт түнетіп.
Өзін тұтқын еткенмен сырттан кілттеп,
Ала алмады өлеңін тұтқын етіп.

Сенген тұтас елінің бірлігіне,
Қолын созып келешек нұрлы күнге.
Теңізіндей,
тауындай,

аспанындай
Қайран ақын қасқайып түр бүгінде.

ЕКІНШІ ЖЫР

Көздерінен жас тамбай,
Булыққан бұлтқа аспандай,
Томағалы қырандай,
Томсара қалған тастардай.

Қарады көкке ол үнсіз,
Қарады жерге ол үнсіз.
Қалғандай бәрі қаңырап,
Дүние тұлдыр, көңілсіз.

Жасыннан жасыл ту ұстап,
От шашты аспан уыстап.
Күнменен бірге күркіреп,
Тұрды ол селмен тыныстап.

Шайқады асау толқынды,
Желкенін кектің жел керіп.
Жағада тудай ол тұрды
Өлеңмен жанып өртеніп.

ПСКОВ ЖЕРІНДЕ

Секілденіп Невскийдің қалқаны
Көк ормандар көзді алыстан тартады,
Шіркеулерде әлі күнге сақталған,
Өліктердің сүйегінің сар табы.

Оқтар тескен қарайды тас қамалдар,
Сығалайды содан өткен замандар.
Көз жасындай жерге сіңіп жоқ болған,
Қара түндей тұнжырайды кәрі аңғар.

Жатыр Псков баяғы сол қалпындай,
Ұлы орыстың мәртебелі даңқындай.
Шіркеулердің мұнарасы күн шалған,
Жалтылдайды, жарқырайды алтындай.

Орман, орман айнала көл бар өңір,
Мұнда қайта жалын атқан кәрі өмір.
Жараланған шулайды тек емендер,
Қариялардай күні өткен қам көңіл.

Жолың түсіп бара қалсаң дос егер,
Пушкин жүрген қарсы алады көшелер.
Псков ескі ертегідей көне жер,
Чуд көліндей шежіресін кеше бер.

САДЫҚБЕК

Бұрқырап жатқан борнылдақ құм ақ шаңы,
Қиялдай бұлдыр Қызылорда ақшамы.
Садықбек досым, сары қауындай сап-сары,
Аралаушы ек-ау сарыала күзде бақшаны.

Қалтада түк жоқ, қалмасын деп ел көріп,
Дуалдан қарғып,
Бұтақтан ұстап тербеліп.
Түкпірге түсіп, бақшаға кіріп ұрланып,

Тентіреуші едік-ау түні бойы сенделіп.
Жүгіруші ек-ау ботинкаларды қолға ұстап,
Төбелесуші еді-ау
Тентектер бізді жолда ұстап.

Ақынбыз деп алаңғасар сөйлеуші ек:
«Бұлбұлды кім тұрады,—деп,—торда ұстап».
Найзадай істік шеңгелге көйлек ілдіріп,
Сұр толқындарға шаншыла құлап сүңгідік.

Саздардан соғып неше түрлі сабазды,
Өлеңдеттік өткен жұртты күлдіріп.
Анашым менің
Екеумізді сүюші еді бір көріп,

Шашыңнан сипап деуші еді саған: «Тұр келіп»
Жыладың сен де өзімнен бетер өкіріп,
Жатқанда анам сыз топырақты бүркеніп.
Балалық күннің қайсысын айтып тауса алам,

Алыстап кеттім, алыстап кеттім қанша одан.
Кездерім болды сүйегім сынып қаусаған,
Кездерім болды жүрегім суып шаршаған.
Бұрқырап ізі Сырдың ала шаңындай,

Бұлдырап жүзі өтті ғой күндер сағымдай.
Әйтеуір өзің қасымда жүрсің қара боп,
Алаңсыз албырт баяғы бала шағымдай.
Білесің, бауырым, күлдіруге не тілді,

Қаламың бүгін қайралып әбден жетілді,
Келесің мені күндер бойы ұзатып,
Балалық шақтың көлеңкссі секілді.

КАЗАК ҚЫЗЫ

Туған ерте алакөбік толқыннан,
Азов желі сүйді сенің бетіңді.
Аспан алуан бұлттарменен толқыған,
Сенің тартқан орамалың секілді.

Жатқан орман түніменен ән күтіп,
Омырауынан ұшырады құс даусын.
Жапырақтар шырқайды бір жаңғыртып,
Штраус вальсін.

Ертеменен Тынық Донда тұрасың,
Махаббаттан тарттың ба әлде азапты.
Гүлдерді сен неге ерте жұласың,
Күте-күте шаршадың ба казакты?!

Ақшаңдақ боп белгі беріп алыста,
Келе жатыр ақ жүзіңдей таң атып.
Сен көрсін деп озу үшін жарыста,
Казак жүр ғой жүйрік атын жаратып.

* * *
Жолдары өшіп, жыл мүжіп,
Ескіріп қалған жыр еді.
Алды екен оны кім сүзіп,

Сүйді екен кімнің жүрегі.
Жазып ем оны өзеннің
Жағасында отырып.
Жатқанын іште сезген кім

Өрмегі өлең тоқылып?
Жылуына орап жырларды
Жанымның жанған отының,
Жаңғыртып жапан қырларды

Жалындап жалғыз оқыдым.
Алуға құйып зейінге
Тыңдаған оны құс кеште.
Алыстап қалған кейінде

Қызықты күндер түсті еске.
Жасыл көл — жасыл кітаптай
Алдымда жатты көсіліп.
Жолдарын жалғыз жұтатпай

Қалайша алды көшіріп.
Алдымда со бір кеш тұрды,
Түсті еске кейпі тас құздың.
Тағы да үні естілді,

Сыңғырлап күлген жас қыздың.
Шам болып тағы жағылды
Аспанның самсап шырағы.
Алқынып жүрек арынды

Таусылды жанның шыдамы.
Түсті еске аппақ білектер
Күнәсіз күндер — пак күндер.
Ақ көйлек, аппақ жүректер,

Ақ орамал — ақ гүлдер.
* * *
Мұхитқа барып түскем жоқ,
Зәмзәм суын ішкем жоқ.

Үнді аспаны астында,
Күнге күйіп піскем жоқ.
Даланы қанша шарладым,
Жалғасып шексіз қиырмен.

Қуалап көшкен қаңбағын,
Алыстым тентек құйынмен.
Арқадан қақты жел түзде,
Аунады дала кеудемде.

Сүңгідім арал-теңізге,
Шомылып шалқар көлдерге.
Қандырған, барсам шөлімді,
Сағынам мөлдір көлімді.

Мінгізіп тауға ойнатқан,
Сағынам туған жерімді.
* * *
Әлі есте әсем әндей Дон өлкесі,

Өзен-су, көгілдір ну, жон өркеші.
Көп жылдар сол қалпында көнерместен
Қалыпты көкірегімде көлеңкесі.
Шомылып сұлу Донға шалқалағам,

Денеме қуатты бір қан тараған.
Аралап Ростовты қыдырмасам,
Құмарым еш уақытта тарқамаған.
Айнала алып жатқан шартарапты,

Күмбезді тізілген үй салтанатты.
Ақкөңіл құшақ жайған Дон казагы,
Болатын мейірімді, мархабатты.
Керемет құбылысқа көңіл бөліп,

Мен одан қайттым біраз өмір көріп.
Дон сипап жауырыннан, Азов желі
Апамдай сүйген мені еміреніп.
* * *

Соғыста лаулап жанып түн,
Өртенді орман-өсімдік.
Қайғы мен қатер-қауіптің
Бәрін де бастан кешірдік.

Жамылып қара түнекті,
Күн көрмей қанша өтті адам.
Сырқыратты сай-сүйекті
Аналар даусы жоқтаған.

Жұтылып жертөледе
Жоғалды қанша гүл жастық.
Талайды ажал төбеге,
Шегелеп кетті бір тас қып.

Күлді өмір күлдің ішінен,
Шарпыған күрең өрт өңін.
Айрылмай қайрат-күшінен,
Айнала жайды өркенін.

Кеткендей өмір құны артып,
Қан тамған жерге кешегі,
Құлпырған бүгін гүл аңқып,
Көргенде көңіл өседі.

* * *
Ақ жүзіңді асығамын көргенше,
Жаным құмар жалыныңа енгенше.
Жолды бөгеп жатып алар жалпақ қыс

Армансыз сүй жаз айналып келгенше.
Ақ ниетті періштедей асыл жан,
Сипашы бір саусағыңмен шашымнан.
Басшы мені бауырыңа күліп бір

Жауыннан соң жайнап күндей ашылған.
* * *
Жығылды жас солдаттар
Орта жолда мертігіп.

Талай үйден сөнді оттар,
Ұшты гүлдер жел тұрып.
Өлгендердің есімін
Жалғастырды тұқымы.

Қайта ашылды есігі,
Қайта ұшты түтіні.
* * *
Алдымда ақсұр тораңғы,

Айнала тау қымтаған.
Білмей өскен боранды,
Көк дауылды бұрқаған.
Жан-жағы тау шіренген,

Жан-жағы тас тірелген.
Жан-жағында шеңгелдер,
Үстінде бұлт түнерген.
Тораңғылы тұр арал,

Түні салқын, күні ыссы,
Жан-жағында жыралар,
Ұры иттей жымысқы.
Тау қойнында тораңғы,

Жақсылыққа жоралғы.
Таудың өзі тасалап,
Білмей өскен боранды.

МҰРА

Арапшаны танымайсың, латынша
Ала бер деп қағазыңа сен түртіп.
Әкем өзі ағып тұрған ақынша
Қоятұғын мені аузына телміртіп.

Қиссаларын жыраулардан жаттаған
Айта берді жұмыстан қол тигенде.
Мен болдым бір айтулы ақын ақтабан
Қисса оқуға кірдім көрші үйлерге.

Таң атқанша жүрдім кейде кешігіп,
Қайда барсам қадірлімін, сый дайын.
Жігіт-қыздар алып жүрді көшіріп,
Құнды болды менің шатпақ шимайым.

Қисса алысты жақындатты көпірдей
Қиял-қыран шықты алып өрге тік.
Кейбіреулер ұзақ жолға өкінбей
Қисса үшін келді аттарын терлетіп.

Әкем жоқта көшіруге ерініп,
Көп қиссаны үлестіріп жібердім.
Әкем ұрысты.
Қонысын тез аударып

Орны босқа қалғандай-ақ бір елдің.
Бірте-бірте шашылып өз қолыммен
Қисса жиған құлдилады абдыра.
Мен білмеппін жайылғанын сонымен

Жалпақ елге әкем жиған бар мұра.
* * *
Үш жүз алпыс бес күн
Қатарынан ақын болсам,

Шабытым күндіз-түні жасындай шатырласа
Үш жүз алпыс бес жырды
Қопарып тастар едім.
Жаныма келмес еді тең басқа менің

Онда жолға шықпас едім,
Өлеңнен басқа түкті ұқпас едім,
Безер едім дүниенің барлығынан,
Берер едім, ой алла, қанша жинақ,

Аулақ қашып достардың тағдырынан
Жүрер едім сыпырып ақша жинап.
Болмай-ақ қойдым ондай жыр құдайы,
Кейде ойшымын,

Кейде қойшымын,
Кейде күңгіртпін,
Кейде сауықкештерді қыздырган
тойшымын,

Жоқ, мен ақын бола алмаймын
Үш жүз алпыс бес күн ұдайы.
* * *

— Оқтан несін қорқытасың,

Оқтан аман өткенмін.
Оттан несін қорқытасың,
Оттан аман өткенмін.
Оқтан, оттан асқанмын деп

Сен өзіңді зор тұтпа.
Күркіреген аспанмын деп
Көз алартып қорқытпа.
* * *

Жаздың жарқын бояуы
Жасыл жапырақ — жасыл бұлт.
Күнге қолын жаяды
Жасыл жапырақ — жас үміт.

Дірілдетіп көл лебі,
Дүрілдетіп жел лебі,
Көлеңдейді жапырақ —
Жаздың жасыл өрнегі.

Көктем күні ол жетілді,
Балапандай қаз тұрып.
Ұйып қалған секілді
Жапыраққа жаз тұнып.

* * *
Жай жатыр ма жүрегінде,
Ақын неткен құдіретті.
Жылап келіп бұл өмірге,

Бұл өмірден күліп өтті.
Жатты жер боп ол шөккелі,
Достары бар, дұшпаны бар.
Тамшы жасын көрсетпеді,

Өмір, өмір құштары бар.
Өмір ыстық болса-дағы
Күйзелмеді күңіреніп.
Бітті қайран жол сабағы,

Жатты ақын күліп өліп.
Тұрды жауы сол күлкіден
Қаймыққандай төмен қарап.
Өр өзендей толқып кілец

Жатты жалын өлең тарап.
Жұрты білді жыр қуатын,
Болмайтын ол тең ешкімге.
Бара жатты шіркін, ақын

Толқып жүзіп, ел үстінде.
* * *
Биік қарап Талғар тұр
Көп ғасырдың куәсі.

Секілді ол қалған бір
Мұз дәуірдің мұрасы.
Айқастарда жұлынған
Алба-жұлба жейдесі.

Көрінеді шыңынан
Бұлдырап бұлт күймесі.
Тәңірі тау атанған
Ол ешкімге көз ілмес;

Жастығы да білінбес,
Қарттығы да сезілмес.
* * *
Айықпаған майданның

Ауыр күнгі бұлты қап,
Жүрегіме жайған мұң
Жаралы қол сырқырап.
Тақсыретін тартқызды

Ол күн өтті десек те,
Ескі жара жатқызды
Алып ұрып төсекке.
Орнағандай қара түн

Жара жайды кетірді.
Ауа райын бағатын
Барометр секілді.
* * *

Келдің сен алып көктемді
Гүл болып еніп бөлмеме.
Есіме салдың өткенді
Жыр болып еніп кеудеме.

Ыдырап бұлттай көшті бір
Көп күндер жүрген жадымда.
Қанатын қақты ескі жыр
Қасқая қарап дауылға.

Келдің сен алып көктемді
Шешегін жарды қыз-өрік.
Жүректе қатқан көптенгі
Жіпсілең тартты мұз еріп.

Дариға-ай, әр кез қасымда
Сен болсаң көктем күншуақ.
Ызғары қыстың шашымда
Тұрар ма жанды шымшылап?

* * *
Жарқылында көзімнің
Лапылында сезімнің
Әлі жатыр ұшқыны

Сонау жастық кезімнің.
Жанды орман өртеніп,
Кездім мұңлы тау ішін.
Кетті емендер ерте өліп

Шығара алмай дауысын.
Көремін мен түсімде
Ол күн ойдан шықпады.
Жатыр ойнап ішімде

Қанды майдан бұлттары.
* * *
Түнде сені көрдім мен
Қиялдан жыр туғызған.

Алыс аспан көгінен
Жымыңдаған жұлдыздан.
Тұнып жатқан орманға
Жетті келіп жел ескек,

Жолығардай сол маңда
Тұрдың өзің елестеп.
Алдың жайлап кеудемді
О құпия, құдірет.

Елес болмай сен енді
Көрінсейші бір рет.
* * *
Сонша биік еді деп,

Айтпасам да Баянды.
Оның тауы, көлі көп,
Өз жанымдай аяулы.
Іркіс-тіркіс жондары,

Елдің көне көшіндей.
Көгілдір жас ормаиы
Көктің көлеңкесіндей.
Түкті естімес кереңдей,

Түксиіп бұлт өтті көп.
Құлап кетер дегендей
Тұр шыңдары көк тіреп,
* * *

Шыға алмаса өзінің арнасынан,
Көл сорлы.
Артылмаса өзінің жолдасынан
Ер сорлы.

Жастай солып жана алмаса,
Гүл сорлы.
Жүрекке жол таба алмаса,
Жыр сорлы.

* * *
Жайлаған жалғыз тау шыңын,
Қымызын ішсең малшының.
Сөлінен гүлдің жасалған,

Татиды уыз бал-шырын.
Қойшылар сені тыңдайды,
Ап-ашық аңқау көңілдей.
Содан соң олар жырлайды,

Таңдағы таудың желіндей.
* * *
Ағартты аппақ ай туып,
Ымыртта түндей талдарды.

Құдіретін күннің қайта ұғып,
Сәулеге сүңгіп тау қалды.
Дүние тынды тыныстап,
Шапақтай үнсіз ақ нұрмен.

Ақ айды тұрды шың ұстап,
Айқасып аппақ тағдырмен.
* * *
Ұйқысыз өтті кей түнім,

Аңсадым жасыл жаздарды.
Айналайын дейтұғын,
Ағалар да аз қалды.
Арман боп қалды асулар,

Асқар ала белдей боп.
Артында қалды асыл жар,
Сортаңы шыққан шөлдей боп.
Кеудеде қанша күн кетті,

Оты ойнап маздап жанатын.
Кеудеде қанша жыр кетті,
Атойлап ұран салатын...
* * *

Сену қиын бояу сырлы сөздерге,
Сену керек ояу нұрлы көздерге.
Жатады онда жаудыраған жұлдыздар,
Жол сілтейтін адасқан бір кездерде.

Жатады онда жаңа туған таң нұры,
Ашық ауа, жаздың мөлдір жаңбыры.
Жатады онда теңіздердің толқыны,
Жатады онда жер бетінің бар гүлі.

Қарағанда қасын керіп төңкеріп,
Жатады онда сұлу назды еркелік.
Сол бір көздің жалынына шарпылып,
Кетуің де ғажап емес өртеніп.

* * *
Білмеймін қыстың күйі ме,
Түндерде талай түс көрем.
Торғайдың түнеп үйіне,

Сырдарияға түстенем.
Жүзейін десем іңірде,
Саусақтарым илікпей.
Жатамын өзен түбінде,

Тереңде тұнған сүйріктей.
Жұтатын жұртты бір қылғып
Оу патшасы жыландай,
Кіреді түске түнгі бұлт,

Бозалаң тартқан тұмандай.
Ұйқыдан өзен тұрады,
Қашады таңда түн үркіп.
Күн мені алып шығады,

Су түбінен тірілтіп.
* * *
Көремін жазды күзімнен,
Тас топырақ секілді.

Көктемде қайта тізілген,
Жас жапырақ сскілді.
Босағам берік, терім кең,
Болған соң тұрақ-мекенім.

Табысып туған жеріммен,
Тырнадай шулап өтемін.
* * *
Ормандарға кідірем,

Көлеңкелер панасы бар деп.
Теңіздерге жүгірем,
Жел еркелер жағасы бар деп.
Қарияға жүгінем,

Көпті көрген басы бар деп.
Дарияға үңілем,
Көп төгілген жасы бар деп.
* * *

Не қыламын құс кетсе,
Құс та қайтып оралар.
Не қыламын қыс жетсе,
«Қардың басын қар алар».

Түнде маза бермейді,
Түсіме еніп кеткен құс.
Ақ қылышын сермейді,
Ақ ат мініп жеткен қыс.

* * *
Қыздар жазды өлеңдерді
Көздің жасын құйып іштен.
Жас жігіттер өлем деді,

Сүйініштен, күйініштен.
Қыздар жазды қайғы-мұңын,
Жалт бұрылған жігіттерге.
Жігіт жазды айдың нұрын,

Түскен нәзік шіліктерге.
Соныменен жыр да бітті,
Домбырадай қаусап қалған.
Қыз жігітті қырда күтті,

Таусылды өлең, шаршап талған.
* * *
Өртеніп батты кешкі күн,
Аспанды жауып жалынмен,

Найзағай үнін естідім,
Жарыстым бірге жауынмен.
Қызарды бетім, ертеңгі
Арайлап атар таң шығар.

Сабалап ішкі өлкемді
Қағады қатты тамшылар.
Көлеңкеме жел еріп
Кемерден асты сыңсып көл.

Көңілімде көктем көгеріп,
Гүлдерін жайды бүршіктер.
* * *
Балқытып жер жүйесін от,

Тасты жарып гүл шығып тұр.
Шіркін көктем иесі боп,
Бүршік жарды тіршілік бұл.
Көзін ашты көктемменен,

Айна көлдер жарқырап бар.
Жаңбыр сүтін көктен емген,
Жайнайды тал жапырақтар.
* * *

Он жетінші сентябрь —
Орманшының күні екен.
Орманыңнан сен табыл,
Маған мәңгі жыр мекен.

Дәм татайық столда,
Қалар көңіл дос жұтап.
Біз екеуміз құс қонған,
Бір теректе қос бұтақ,

Орман болса жанымыз,
Ол жердегі аспандай.
Тулайды от қанымыз,
Таң өзі нұр шашқандай.

Күннен алған қанатын,
Жерде нұр боп жанатын.
О, орманшы, қарашы,
Сентябрь тұр сары алтын.

Сентябрь тұр сурет,
Сан бояумен сырланған.
Бірі кетіп, бірі кеп,
Орман құспен жырланған.

Босқа кетпес бекер күз,
Армандарға жетерміз.
О, орманшы екеуміз
Бір күн туған екенбіз.

ТОЙ ДҮБІРІ

(Мерекелік кантата)

І

Алтайдың кен таба алмай алқымынан,
Арқаның бихабар боп алтынынан.
Сағымдай сапырылды қайран халқым
Жасынның жан сауғалап жарқылынан.

Сар дала сауырында сағым ойнап,
Күңіренді омырауын жалын жайлап.
Аптығып ата-баба аласұрды,
Арттағы ұрпағының қамын ойлап.

Замана тарлық жасап күн көріске,
Тартатын қазақ баба Үргенішке.
Қайтатын қайыршыдай қаңғалақтап,
Байлығын сала қояр кім бөліске.

Сор оны сұр далаға айдап барған,
Жалп етіп жығылғанда жайдақ нардан.
Бозінген бір күй тартып боз далада.
Жүре алмай шөлді құмда тайлақ қалған.

Далада өлді далада,
Бұйырмай елден мола да.
Ата деп шығар алдыңнан
Не айтамыз балаға.

Жете алмай бір қараға,
Далада өлді далада.
Айналып шығар алдыңнан,
Не айтамыз анаға.

Жол шалғай екі арада,
Далада өлді далада.
Аңқылдап шығар алдыңнан,
Не айтармыз әзиз ағаға.

Шомылған шолпы теңгеге,
Теңгермес сені өңгеге.
Асыға шығар алдыңнан,
Не дерміз ару жеңгеге.

Жоқшылық торлап күніге,
Айдады жердің түбіне,
Айқайлап шығар алдыңнан,
Не дерміз балғын ініге.

Ант берген адал, ағына,
Сарғая күткен сағына.
Күлімдеп шығар алдыңнан,
Не дерміз сүйген жарыңа.

Осылай інген боздаған,
Іштегі дертті қозғаған.
Құдайдың қылған ісі деп,
Қиынға қолды созбаған.

Қарсы келсең тозақ бар,
Құранның айтқан сөзі рас.
Қалжыраған қазақтар,
Көкірегі мұң, көзі жас.

Әлгі күй тағы қайта ызыңдайды,
Бітпейді қыр жолындай ұзын қайғы.
Алдыңа орнатады тағы әкеліп,
Тұтылған көз жанары қызыл айды.

«Басынан Қаратаудың көш келеді,
Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді.
Айрылған қарындастан жаман екен,
Мөлдіреп қара көзге жас келеді».

Ойласа осында бір зар-мұң жатыр,
Төгілген қан аралас жаңбыр жатыр.
Қазақтың айтылмаған босқа өлеңі,
Осында қап-қара бір тағдыр жатыр.

Қазақтың айтылмаған босқа өлеңі,
Құласа алдындағы жас терегі.
Айнала меңіреу түн ортасында,
Қазақтың мұңын шаққан тасқа өлеңі.

Елімен бір теңселіп,
Ерлер шықты белсеніп.
Ала алмады олар да,
Аламан жауды еңсеріп.

Қалғып қалды Қаратау,
Қаңғып қалды Қарааспан.
Аңырап қалды ақ отау,
Адыра қалды Адраспан.

Көшті күндер, есті құм,
Қаңбағындай даланың.
Өшті жырлар, өшті үн,
Туғанынша жаңа күн.

Кетті күндер, өтті түндер жаралы,
Жан жүрегі тілім-тілім жаралы.
Көтерілді ел коммунизм шыңына,
Ленин өзі алға бастап барады.

Көрші бүгін, көрші бүгін даланы,
Алтын дария төсін жарып ағады.
Алтын дария Бұқтарманың ГЭС-тері,
Алтын дария, алтын оттар аралы.

Алтын дария ұлан-ғайыр бай өмір,
Алтын дария космосқа ұшқан Байқоңыр.
Бұдан артық қайда барып табарсың,
Көңілге азық, жанға рақат жайлы өмір.

Алып жатқан байтақ елке көлемін,
Алтын дария миллиард пұт мол егін.
Сол дариядан аспанға атқан асқақтап,
Республика құдіретін көремін.

Алтын дария, алтын астық таулары,
Алтын дария ата-баба арманы.
Алтын дария, алтын күзде көз тартқан.
Оңтүстіктің бақшасы мен баулары.

Алтын дария ырыс-құты елімнің,
Маңдай тері күш-қуаты ерімнің.
Алтын дария алтын зерлі белбеуі,
Жерге шөккен кенге бөккен белімнің,

Алтын дария алтын астық қырманы,
Қорғасыннан қортылғандай бір дәні.
Алтын дария елдігімнің белгісі,
Соның нұры қызыл сәуле тудағы.

Алтын дария көрген емес таусылып,
Ағады он дүниені қаусырып.
Жағасында жел сөйлейді гуілдеп.
Жағасында жайқалады тал шыбық.

Алтын дария жомарт жаны қазақтың,
Алтын дария күміс күндіз, ғажап түн.
Біздер үшін сөйлесінші көктемдер,
Біздер үшін сөйлесінші өзі-ақ тың.

Алтын дария берді бәрін ақтарып,
Алтын дария аңыз болды жатталып,
Алтын дария бізбен бірге барады,
Келешектің күндеріне аттанып.

Ағады дария ағады,
Жер төсінде жарқырап.
Дабылы жерді жарады,
Толассыз күйдей сарқырап.

Арнасынан тасады ән,
Дария шеті шалғайда.
Ерлерден оны жасаған
Айналып кетсең болмай ма?

2

Оған жалғас от дариясы тағы бар,
Жеріміздің қара мұнай қаны бар.
Менделеев кестесіне түспеген
Өлкемізден кен тастары табылар.

Кім білмейді Қарағанды көмірін,
Қостанайдың қаптап жатқан темірін.
Кім білмейді құдіретін халқымның,
Кім білмейді Майқайыңның алтынын.

Кім білмейді Жездінің жез тауларын,
Қарсақбайдың кенге толы ауданын.
Кім білмейді Жетісудың жемісін,
Кім білмейді Талдықорған бауларын.

Жарқыратып қала менен даланы,
От дариясы жер астында ағады.
От дариясы бізбен бірге аттанып,
Келешектің күндеріне барады.

Көк ала басты шоқылар,
Көк ала бұлттан шыққандай.
Лениннің ақыл оты бар,
Қазақтар кімнен ыққандай.

Қазақтың жас пен қартында,
Ардақ тұтар бір ат бар.
Ол — сүйікті партия,
Көңілге күндей тұрақтар.

3

Партия жұлдыздарға жол ашқан күн,
Зымырап омырауынан көк аспанның.
Космосқа кеттік сүңгіп жазу үшін
Дәуірдің өшпейтұғын от дастанын.

Еліне тартып ғажап сый ұлдары,
Айға да сапар шекті қиырдағы.
Көргенде осыларды көкіректе,
Күмбірлеп атылады күй ырғағы.

Қайрат бар бұрқыраған бойымызда,
ІІІолпанға қол арту бар ойымызда.
Қазақтың қанатты әні қалықтайды,
Мүшелді мерекелі тойымызда.

Сары ала құмды сапырдық,
Жау төнсе жайдай жапырдық.
Атом боп көкке атылдық,
Күнді де жерге шақырдық.

Ардақ тұтар бір ат бар,
Қазақтың жас пен қартында.
Ол сөзде құдірет-қуат бар,
Ол — сүйікті партия.

Сүйеміз ұлы өмірді,
Көтерген көкке көңілді.
Сүйеміз сені, партия,
Сүйеміз ұлы Ленинді.

* * *
Тітіретіп жүректі,
Дауылды қара түн өтті.
Жел лебінен қалтырап,

Жапырақтар дір етті.
Қыстың қанға боялып,
Келді енді кезі өлер.
Көктем күні оянып,

Есінеді өзендер.
* * *
Балаларым — менің көлеңкелерім,
Шалдығу ерте деңдер.

Шал болғанда мен еркелермін.
Әзір еркелеңдер.
Балаларым — менің кептерлерім,
Көкірегіме қонақтаған.

Балаларым — менің көктемдерім,
Қаһарлы қысты жолатпаған.
Балаларым — менің бұтақтарым,
Жасыл бүрін жаратұғын.

Балаларым — менің кітаптарым,
Болашаққа баратұғын.
Балаларым — бал өзенім,
Өмір бойы ағып тұрған.

Балаларым — жан өзегім
Жүрегімді жарып туған.
Биік болдым жұрт алдында
Сендер барда жұтадым ба?!

Сайраңдар, жас бұлбұлдарым
Бурыл емен бұтағында.
* * *
Жастықтың жөнін сұрадым.

Көрдің бе деп орманнан?
Көрсетті ол жасыл жапырағын,
Жауатын бұлттай торланған.
Қолымды создым қалтырап,

Жастығым — жасыл жапырағым.
Жастықтың жөнін сұрадым,
Көрдің бе деп теңізден.
Көрсетті ол ніл толқынын,

Күркірі күн бе дегізген.
Телміре қарап отырдым,
Жастығым – асау толқыным.
* * *

Қазақ жері – Жайық, Алтай
Кең Отан.
Қазақ жері – сенсің – анам,
Сен – атам.

Қазақ жері – Құрманғазы, Махамбет,
Қазақ жері – сал Біржан мен сері Ақан.
Шабуылға шыққан ердей жалындап,
Қазақ жері көрген емес дамылдап.

Гагаринді түскенінде ғарыштан
Қазақ жері құшқан алғаш қабылдап.
* * *
Кекілік таудың

Кекіліктерін
Кешкілік неге атпасқа?
Көгершін таудың
Көгершіндеріне жем тастап,

Көк шалғынында
Көсіліп неге жатпасқа?
Қырғыздардың
Қымыздықтай

Қымызын неге ішпеске?
Қайратындай шың-құздардың,
Қайнарға неге түспеске?
Қызыл-қия,

Көк жаңғақтың
Көмірін неге қазбасқа?
Сол қара көмірдің
Күндей жарығында

Жырларды неге жазбасқа?
* * *
Рақат күндер
Айнала шалғын

Балауса
Айнала күндер
Айнала гүлдер —
Көтерген қызыл жалауша.

Айнала бұлақ
Түтінді бурыл бұлттардай.
Тепкілеп тауды,
Тастарды жарып шыққандай.

Төгілген нұрдай
Жапырақтың бейқам дірілі,
Құйылған жырдай
Шымшықтардың шырылы.

* * *
Жыландай жалап жел тілі
Жұтылғандай жер тірі.
Жұлдызы сөнген көк түбі

Қап-қара түндей көл түбі.
Қапсырған бұлттар — аюлар,
Қап-қара түндей көл бетін.
Жап-жарық күндей қайыңдар

Жата қап ішкен шербетін.
* * *
Менің бабам алатын
Ат үстіне мызғып дем.

Төнгенінде қара түн
Сөйлесетін жұлдызбен.
Көк жүзінде қалғыған
Кездессе егер нәзік нұр.

Ашылатын алдынан
Ақ аспандай жазық қыр.
Көңілімде көп алаң
Кейде адасам күндіз мен.

Адаспапты-ау, сол бабам,
Жолды айырып жұлдызбен.
* * *
Алматыға қыс түсіп,

Жапырақтар түсті ұшып.
Жаутаңдайды паналап,
Қу бұтақты құс құшып.
* * *

Қырдағы күлімдеген қызғалдақтар
Қыздардың түр-өңіндей.
Қырдағы дірілдеген қызғалдақтар
Қыздардың жүрегіндей.

Ол әр кез көз жауын ап ашылады,
Мәңгілік махаббаттың кітабындай.
Жел желпіп жусан исі шашылады,
Қыздардың жағатұғын жұпарындай.

* * *
Көк бөрікті ормандарда түн жатыр,
От көбікті өзендерде күн жатыр.
Таңнан құлап түскен қызыл арайдай

Ақ даланың ақ төсінде гүл жатыр.
Бәрі алға барады ұшып тоқталмай,
Денедегі жалын атқан от қандай.
Барлығы да барады ұшып білінбей,

Бағандардан тарап жатқан тоқтардай.
* * *
Бір-біріне тиген жәрдем-көмегі
Он туысқан өздері он ел еді.

Ең кішісі үйленген соң поезбен
Он мемлекет бірдей көшіп келеді.
Олар үшін жүйрік поезд аяңдап,
Тасбақадай жылжитындай баяулап.

Он мемлекет қарғып түсіп поездан
Құмды кешіп кететіндей жаяулап.
Жан жарына жабысса да жала тез
Болған емес кеңдік көріп бала ез.

Он мемлекетті он вагоннан түсірмей
Келеді алып қайран ана-паровоз.
* * *
Ыстығымен күйдіріп,

Суығымен тоңдырып,
Ыстықты да сүйдіріп,
Суықты да сүйдіріп,
Жаз бенен қыс келеді,

Не заманнан жол жүріп.
Өтсе-дағы алысып,
Күресумен ғұмыры
Жаз қыста,

Қыс жазда
Табысып,
Тарайды ыстық-суығы.
* * *

Жатқан тынбай ауысып,
Қуаныш — күн, қайғы — түн.
Аспанға ұшқан жарысып,
Үміт — бір от, ой — түтін.

* * *
Август.
Аттар ауыздықпен алысқан,
Айқайшының ащы даусын тұр күтіп.

Қалу керек қырқа астында алыс шаң,
Шабу керек кең даланы құйғытып.
Ақша бұлттар қалықтайды аққудай,
Гүл көбікті көлдер күміс зереңдей,

Тебінеді бір орнында ат тұрмай,
Үйрек ұшқан жоғарылы-төменді.
Орамалмен таңып алған маңдайын,
Қара домалақ жас балалар қаршадай.

Атыменен біледі өз жағдайын,
Шымыр, ширақ денелері аршадай,
Қырық шақырым тұр олардың алдында,
Сол жол енді төзімділік безбені.

Жылтыраған шық тәрізді шалғында,
Тым тереңнен қарайды өткір көздері.
Шіркін дала, жазық дала тақтадай,
Екі көздің аясына сия алмай,

Тау-теңіздің бірісіне тоқтамай,
Алабұртып алып ұшқан қиялдай.
Жаздың жасыл сәулесіне шомылып,
Жезқазғанның қолына ұстап жез күнін,

Үзеңгілер сыңғырлайды соғылып,
Балалар тұр күтіп бәйге мезгілін.
Жезқазғанның көп екен ғой тұлпары,
Байқоңырдың айға атылған құсындай.

Атқа деген адамзаттың іңкәрі,
Қояр емес, жанды доп қып ұшырмай.
Бізді солар табыстырған қиырмен,
Бізді солар жарыстырған құйынмен.

Құйрық-жалы күлтеленіп түйілген,
Көп жүйрікті көріп қайттым биыл мен.
Күн қайнады әзер алып өз демін,
Жас балалар еркін ұстап өздерін.

Келе жатты орамалмен сүртіп ап,
Тер құйылған аттарының көздерін.
Мұқаң бұған жаны егіліп шыдамай,
Жанарынан жасын төкті бұладай,

Жалғыз көк ат озғанында оқ бойы,
Көз жанары жана түсті шырадай.
Дала жатыр Тәттімбеттен күй тыңдап,
Бабалар тұр «басып оз» деп қиқулап.

Ат бәйгесі алды-артына қаратпай,
Жер мен көкті тастағандай сиқырлап.
* * *
Көрші үйлерге өлерде басын сұғып,

Шешем байғұс көзінің жасын сығып,
Жалғызына бақ тілеп, ырым қылып,
Аулаға әкеп шаншыпты жасыл шыбық.
Мен елжіреген сезіммен

Шыбыққа қараймын.
Ол мөлдіреген көзімен
Маған қарайды.
* * *

Ауылдың таптың жалғыз көп керегін,
Тұр алда өзің еккен кек терегің.
Сен қашан басқа жұртқа назыңды айтып,
Бұртиып болмашыға өкпеледің?

Балалық сыр білдірмей ойыныма,
Мінгіздің еркелетіп мойыныңа.
Жазғы түн ашық аспан аясында,
Бірге алып жаттың мені қойыныңа.

Мінгізіп от қанатты ертегіге,
Әкеттің көк аспанның кең төріне.
Таң ата жұмысыңа аяңдадың:

— Жеңгесі ие бол!— деп тентегіңе.

Самалға кеуде тосып мен ертеңгі,
Құмарта көзбен шолам кең өлкемді,
Бірақ сен бұрынғыша көрінбейсің,
Сағындым өзің түгіл көлеңкеңді.

* * *
Жастығыңды ұрлады жыл,
Қалды ізі шашыңа ақ боп.
Ауыр доптың жарқыншағы

Тиді саған шашырап кеп.
Тұр жүзіңде ізі қыстың,
Күрең табы тұр шілденің.
Қалса-дағы құр сүлдерің,

Бірақ мойып күрсінбедің.
Өрт шарпыған өтті түндер,
Көрген жоқсың бір күн налып.
Талай жанның көкірегіне,

Шырақ жақты күлкің дарып.
* * *
Есіңде ме өзің айтқан
Жалғыз ағаш туралы жыр.

Содан бері көз алдымда
Сонау Қырым шыңдары тұр.
Қанды майдан күндерінде
Оқ пенен от жалаңдады.

Деп едің сен жалғыз ағаш
Жанған өрттен аман қалды.
Жалғыз ағаш қаһармандай
Болып шыққан сонша мықты.

Секілді ерлік ескерткіші
Жан-жағынан қоршалыпты.
Көрініпті ол қиын күнде
Туған жердің тұлғасындай.

Борапты оған оқ бораны
Күндіз-түні бір басылмай.
Денесінде жаудың атқан
Әлі күнгі жатыр оғы.

Қаусаса да сапта қалған
Ел балайды батырға оны.
* * *
Кейбіреуді асығасың көргенше,

Ой арманды ортаға сап бөлгенше.
Кейбіреумен көріспегің келеді,
Қара түнге — қара жерге енгенше.
Ештеңеге еркін бойлап түсінбей,

Кейде қатып қаласың тас мүсіндей.
Омырауда от жұлдыздар ағады
Екі бетің жанады таң түсіндей.
Кейбіреумен табысасың туғандай,

Жаңа нұрдай, жаңа келген жылдардай.
Сен оларды жүрегіңе сиғызсаң,
Сенің жаның жүрегінде тұрғандай.
* * *

Кей уақытта
Жазды күткен
Жердеймін,
Бірақ сен келмейсің,

Кей уақытта
Қазды күткен
Көлдеймін,
Бірақ сен келмейсің.

Дауыл өтеді —
Келмейсің,
Жауын өтеді —
Келмейсің,

Бірақ тыным бермейсің.

ЖҮРЕК ТУРАЛЫ ЕКІ ӨЛЕҢ

І

Бірде ол қатты соғады,
Соғады ол бірде әлсіз.
Бұрқырап жел бораны,
Қалдырды оған жылдар сыз.

Соға берді ол тынбай,
Көрді талай соққыны.
Дауыл ұрған толқындай,
Шапшымаған жоқ күні.

Жақсыны да қабылдап,
Жаманды да қабылдап,
Бірде қунап жеңілдеп,
Бірде тулап ауырлап.

Бірде тоңған гүлдердей,
Бірде жанып ол ысып,
Соғыстағы күндердей
Келеді әлі соғысып...

ІІ

Құстай бір қанат қағасың
Кеудеде тұрсың ұялап.
Талмаурап әлсіз соғасың
Біреуден көрсең қиянат.

Күзетте кірпік ілмейсің
Сен үшін күндіз-түн бірдей.
Жаңарып иә кірлейсің
Тұрасың бірақ, сыр бермей.

Кеудені жарып шарқ ұрып,
Кең дүниеге шығардай.
Соғасың кейде алқынып,
Орныңда тулап тұра алмай.

Торығып кейде сенделіп,
Ойлайсың қауіп-күдікті,
Махаббат, достық дем беріп,
Куасың нәзік үмітті.

* * *
Күн күркіреп, жасын сөйлеп,
Бүршік атты гүлдеп алаң.
Жел киіп ап жасыл көйлек,

Есік қақты жүр деп маған.

— Жел, тұра тұр, шомылғанша,

Шомылдырам бал бұлаққа,
Жолға алайын жонып арша,
Мінгіземін арғымаққа.

— Жейдең жапырақ, зерлі шашақ,

Алайын қол шатырымды.

— Бұлттан шатыр берем жасап,

Ал бір жолға ақылымды.
Кеттім еріп жел соңына,
Түстім сүйтіп мен қолына.
Апарды ол көл бойына,

Шығарды ол тау жонына.
* * *
Асып асқар асуларды,
Жел биіктен қарғып ақса.

Жасыл толқын — жасыл жалды,
Салады асыр арғымақша.
Жармасамын мен жалына,
Шабайын деп еркін зулап.

Атылып көк заңғарына,
Шаншылады ол мөңкіп, тулап.
Тақымыма салып басып,
Түспеймін мен аударылып.

Жөнеледі алып-қашып,
Тастай алмай дағдарылып.
Ала алмайды билеп мені,
Көздерінен жас ағады,

Жүйріктікке үйретеді,
Мені дала асаулары.

КӨҢІЛДЕГІ КӨП ІЗДЕР

Күндізгі күннің жалыны
Желдің жеңіл адымы,
Толқынның демалысы,
Дарияның өр ағысы.

Көкіректе қалыпты,
Былдырлап құстың тіліндей.
Жабықтан түскен жарты айдың
Жарығының тініндей.

Оралмай кеткен әндердей,
Бір айтылып соқпаған.
Құйылған нәзік сәуледей,
Жоғары вольтті токтардан.

Қара аю орман қаулаған,
Қалыпты артта алыс түн.
Аспаннан жерге саулаған,
Ақ жұлдыз қардай ақ ұшқын.

Қалыпты есте баяғы
Сәттер бір сәби түстердей,
Қызуы өткір күндердей,
Қоңыр салқын кештердей.

Құлама еркеш жар құмдар,
Шайқалған желмен шалғындар.
Омырауынан ақ бұлттың,
Үзіліп түскен жаңбырлар.

Көкіректе тұр тұнып,
Жағадағы таныс тал.
Айдында төсі жыртылып,
Үйірілген асау ағыстар.

Көңілде тағы қалыпты,
Қызылорда көп жері.
Сыр бойының даңқты
Қоңыраулы найза шеңгелі.

Тағы да еске түседі,
Жау жүрек бүркіт жан достар.
Құрыштай шымыр мүшелі,
Құрықтай биік жолдастар!

Аспаннан жауды от тамшы,
Жел ғана қазір жоқтаушы,
Солар бір тұрған үйлерге,
Аялдап қиял тоқташы!

Аласа ағаш қақпалы,
Асқардың кіріп үйіне,
Шалғайда Шаңқай жақтағы,
Барайық қыздар биіне.

Темір жол асып, құм кезіп,
Баратын оған қайда өткел?
Шақыратын еді-ау түнде өзі,
Тұнған бір көлдей әйнектер.

Шеткі үйлер ұйықтап мамонттай,
Өзіне шағып өз мұңын...
Көсіле қалып алыптай,
Салмайтын бізге көз қырын.

Баяулап бұлттар көшетін,
Жаяулап желдер есетін.
Жаралған жандар қиялдан,
Сәуледей көше кезетін.

Өзіндей түнгі мезгілдің,
Жел үнсіз, өзен тасқынсыз.
Барқыт күз қойын ашатын
Бауырында қалғып тас тілсіз.

Түнімен қыздар билейтін,
Тостаған көзді еліктей,
Күлкілер түнді тілетін,
Толқыннан ұшқан көбіктей.

Күлетін қыздар елжіреп,
Әлденеге елеңдеп,
Шай орамал желбіреп,
Шай көйлегі көлеңдеп.

Тербелетін теректе,
Жапырақтар билеп жарысып.
Жастық шақ зырлап жел өкпе
Жететін жедел таң ұшып.

Дымқыл жапырақтардан,
Аралар ізін андыдық.
Құмды топырақтардан,
Қызықтар іздеп қаңғыдық.

Аспанды жарып күркіреп,
Соғыс кеп жетті бір күні.
Базары тарқап аңсардың
Басылмай қалды ынтығы.

Тереңнен толғап дем алдық,
Темірден қайта жаралдық.
Жер сияқты бөліндік,
Көк сияқты сөгілдік.

Атомдай мыңға атылдық,
Теңіздей толқын сапырдық.
Электр зарядтарындай,
Найзағай болып тартылдық.

Айрылдық талай достардан,
Айрылдық талай көз-жастан.
Айрылмай қалдық аспаннан,
Түледік қайта тозбастан.

* * *
Бақыт іздеп қаңғыған
Қобызшы шал Қорқытты.
Қайда барса алдынан

Көр шықты да қорқытты.
Жаны жанып үйтіліп,
Ішінде аш ит ұлып,
Ілбіді ол ілгері

Түйе үстінде итініп.
Күн артынан күн өтті
Өмір қысқа, жол ұзын.
Күңіреніп күнелтті

Қорқыт шалып қобызын.
Жел сарнады қобызда,
Жер зарлады қобызда.
Көл аңырады қобызда,

Сам жамырады қобызда.
Қобыз күйін тас жұтты,
Жаны елжіреп езілген.
Таулардан да жас шықты

Боздағанда боз інген.
Талай заман қаңғырып,
Безді ол туған үйінен,
Тапты ақыры мәңгілік

Өмірді өз күйінен.
* * *

— Қоңыраулап сыңғырлаған бұл қайсың?

— Мен сағатпын.

— Жан-жағыңа қарайлап бір асықпай,

Зымырамай неге орныңда тұрмайсың?
Жалт бересің ор киікше бір қарғып,
Кім жаратқан сені жүйрік тұлпар ғып.
Қайран уақыт қас-қағымда өтесің,

Аялдамай айналаға іңкәр ғып.

СЕНТЯБРЬ

Сентябрь — сары жапырақ, сары ала күз
Сары алтындай.
Далиып жатыр сұрғылт далада аңыз
От шашқан самұрықтың қанатындай.

Сентябрь —
сан бояулар сәулелері,
Сентябрь — сан сурет құбылысы —
Сентябрь — сары атандай тау бедері,

Сентябрь — сары ала көл тұнық іші.
Табиғат сентябрьге ара тұрмай
Айрылып ертең-бүгін қалатындай.
Сол үшін көкірегіне баса түсті

Көтеріп сентябрьді дала тудай.

ДИҚАН

Сорлы түспес бір ғалымнан,
Диқан білер дала жайын.
Айдың қалай туғанынан
Болжар таңғы ауа райын.

Оған бақыт жер несібе,
Оның келер күні егінде.
Көшер бұлттар кеудесінде,
Жауар жаңбыр жүрегінде.

Жаумай бұлттар мезгілінде,
Тұрса аспан өлі жандай,
Диқанның да жер секілді,
Кетер құты, шөлі қанбай.

Құрытпайды өзге мысын,
Жанында оның жалғыз-ақ мұң:
Қорғау еккен өз жемісін
От желінен аңызақтың.

Жоқ диқаннан батыр асқан,
Жатыр нанда барлық үміт.
Кездерінде жатыр аспан,
Маңдайында жаңбырлы бұлт.

* * *
Көңілдің уы да бар, гүлі де бар,
Жатады бірінде зар, бірінде бал.
Бірде ашық, бірде күңгірт тас қараңғы

Кім оның күйін сезіп, тілін ұғар.
Көңіл бір берік қамал жан ала алмас,
Жартастай кейде жатар жап-жалаңаш,
Кей кезде бұлттар қаптап жасын атып,

Жауады жаңбырменен қар аралас.

ШІЛІКТЕР

Баян бойы шіліктер,
Қызыл шілік, қыз шілік.
Сол шіліктер тіршілік
Бір-бір адам бір шыбық

Баян бойы шіліктер.
Зифа бойлы талдырмаш,
Сол шілікпен тау құрдас.
Сол шіліктер жастықпен,

Жаны бірге тағдырлас.
Баян бойы шіліктер,
Бойын түзеп жасанған,
Шіліктер қыз-жігіттей,

Жылдар көктеп жасарған.
Қартаймайтын үміттей
Баян бойы шіліктер.

ТАС МЕШІН ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Бір бүйірде жатқан алыс шалғайда
Топалаңдай тиді мешін Торғайға.
Жеті ағайын болып кенет жетті жұт
Жетеуінен құтылатын жол қайда?!

Аштық, апат білек қосып белсеніп,
Халық халін жөнелді күрт еңсеріп,
Торғай елі төңкерілді толқындай
Торғай жері тұрды ауыр теңселіп.

Өрмекшідей торлап алған жүзін мұң,
Өлі бұлттай күн күйдірген қызыл құм.
Тасбақадай адымы өнбей әлсіреп,
Шегірткенің шырылындай үзілді үн.

Боранменен қоса құрды қыс торын,
Талай жандар тұзағына түсті оның.
Сол борандай бай-болыстар азынап
Кедейлердің талап алды күш-қорын.

Айдалада өліп жатты аштар көп,
Аш сияқты ол да мең-зең аспан көк.
Құлақ бітіп, көз суалып аштықтан
Апта бойы үйінде отыр Тастанбек.

Балапаны мол, ұялы құс еді,
Қалды әйелі, баласымен үшеуі.
Ортасында қалды тары бір уыс
Қайсысы оны қорек қылып ішеді?!

Ортасында жатыр тары бір уыс
Ортасында жатыр нәрі бір уыс,
Соны жеген қалады аман аштықтан
Жалғыз уыс жарылқайтын жарты ырыс.

Уыс тары — бастар арманы,
Уыс тары — көрер алғы тандары.
Уыс тары — ертең туар көктемі
Уыс тары — ертең жанар шамдары.

Тұрса-дағы іштері ұлып зарыға,
Үшеуі де қол соза алмай тарыға,
Үшеуі де теріс қарап бұрылды
Үшеуі де жүгінгендей арына.

Үшеуіне түк болмайды үш бөлсе,
Бірі ішкен жөн үшеуі бір ішкенше.
Бір-біріне келді үшеуі бетпе-бет
Ақыл дал боп қайрат кетіп, түсті еңсе.

Ортасында уыс тары несіп тек,
Көздерімен тұр тарыны тесіп жеп.
Әкесі айтты:— Жалғыз балам жесін,—
деп,

Шешесі айтты:— Жалғыз балам жесін,—
деп.
Сөзін тыңдап бала шал мен кемпірдің:

— Сен екеуің деді өмірге келтірдің.

Тарыны жеп өз қолымнан келмейді
Екеуіңді бірдей жалғыз өлтіргім.
Тарыны жеп асыңдар бір асудан,
Бұлттан күнді көріңдер сау ашылған.

Мен өлейін, сендер тірі қалыңдар
Артықпын ба, аға-қарындасымнан.
Дала боран,
дала дүлей қыс еді,

Тұрып қалды
үнсіз-тілсіз үшеуі.
Кім біліпті,
жалғыз уыс тарыны

Енді қайсы көже қылып ішкенін?
* * *
Талай ақын достарды,
Алып кетті ерте өлім.

Орындары бос қалды,
Жоқтамайды ел тегін.
Жазылмаған жырлары,
Жер астынан жаңғырып,

Жер бетінде шулады,
Тіршілік боп мәңгілік.
Айтылмаған сырлары,
Шықты гүл боп желбіреп,

Бұлбұл қонып жырлады,
Ет бауыры елжіреп.
* * *
Жолаушы күн аяқталып сапары

Оттай шалқып көк теңізге батады.
Қадалады толқындардың төсіне,
Алмас жүзді алтын найза шапағы.
Толқын біткен сөзге келмей керісіп,

Сол иайзаны жүз уатып бөлісіп,
Додаға сап жөнеледі дүркіреп,
Шуылдасып, дуылдасып, тебісіп.
Көзден бүркеп көк теңізді күндізгі,

Құшағына айқара алып түн жүзді.
Шағаладай шабақ сүзген шулайды
Енді толқын алып қашқан жұлдызды.
* * *

Досымның жауын қылыштап,
Дос үшін тіктім басымды.
Достықтың туын нық ұстап,
Өрт кештім қызыл-жасылды.

Торлады жанды қайғы-мұң,
Досыммен бірге күйіндім.
Құлатпай оның ай-күнін
Жауына жайдай түйілдім.

Жанымды билеп адалдық,
Досыма жүрдім болысып.
Жақсылық пен жамандық,
Ішімде жатты соғысып.

* * *
Жалтылдап түскен жайдан да,
Жасқанып басты бұқпадым.
Жарқылдап қанды майданда,

Жаңбырын іштім бұлттардың.
Кептірдім қанды көйлекті,
Есіре соққан дауылға.
Көтеріп таудай бейнетті

Арқамды тостым ауырға.
Ұшсын деп күлталқан боп,
Оқ атты талай маған жау.
Тілегі елдің қалқан боп,

Оралдым қайтып аман-сау.
* * *
Ақ төсінде ала бұлттай шаң ұшып,
Дала аспанмен ағады бір жарысып.

Содан кейін құшақтасады екеуі,
Көкжиектің көлбеуінде табысып.
Иә, солай ойлаудың да жөні бар,
Аспанның да, жердің де өз шегі бар.

Арасы алшақ болғанменен ағайын
Көктің — жерде, жердің — көкте демі бар.
Жүген тимей бусанған тың тусырап,
Көктен тілеп, телміреді күншуақ.

Жаңбыр болып жауу үшін далаға,
Жатады аспан жерден бұлттай бу сұрап.

ЖАҢҒЫРЫҚ

Шуылдаған бұлақтардың
Жаңғырығы бар менде.
Шайған дала қыраттарын
Жаңбыр үні бар менде.

Жалын шашқан жанартаудың
Жаңғырығы бар менде.
Сары алтындай Сарыарқаның
Таңғы нұры бар менде.

Көңілімнен күй үзбеймін,
Жырлау үшін мәңгілік.
Табиғаттан сый іздеймін,
Тұру үшін жаңғырып.

АҚЫН АРМАНЫ

Айтатын дос, қасының ашып атын,
Бір күні отырды да Қасым ақын,
Деді маған:— Ұлы ғой Абай деген
Ақын біткен алдына бас ұратын.

Жөтелді сәл жанында тұнып өлең,
Сосын айтты:— Жақсы-ау деп ұлы деген.
Тұрсам ба деп тұғырда түлеп жүрмін
Қол ұстасып мықтының біріменен.

Ақындарда асқақтық қашанғы әдет,
Ойлап едім Абайдан асам ба деп,
Қардай еріп кететін уақыт қалды
Тағдыр мұрша бермей тұр жасауға көп...

Деді тағы:— Ұлылық қайда Абайдай,
Аспанынан сөніпті қай заманда ай...
Соны айтты да жалт етіп жүре берді ол,
От лақтырып шарт сынған найзағайдай.

ЖЕКЕ ШУМАҚТАР

* * *
Өмірде адам ұшпаған,
Елім бір берді күш саған.
Шашыратпай сол күшті

Уысыңда ұста, адам!
* * *
Тоқсан деген шалдарға
Не десең де қиын жас.

Бір атылған тауларға
Екі атылу бұйырмас.
* * *
Сәулелі күннің жарығын

Сәулем-ау, сенен таныдым.
Жайылды нұрың денеме
Жайған бір гүлдей тамырын.
* * *

Бос күлкіден
Жас селі жақсы,
Дос түлкіден
Аш бөрі жақсы.

* * *
Бұрынғы өткен бабалардың
Іздері ғой кәрі топырақ.
Бұрынғы өткен аналардың

Жүздері ғой сары жапырақ.
* * *
Көңілі өсіп толған соң
Жаз бір жасыл көбелек,

Гүлден гүлге қонған соң
Көбелекке не керек?
* * *
Тырнадай бұлттар тізіліп

Келеді жерге төмендеп.
Бір жас бала қызығып
Қарайды соған елеңдеп.
* * *

Бұтағында шынардың
Сайрайды құс мың тілмен,
Мен сайратқан шығармын
Қөңілін ашып күлкіммен.

* * *
Теңізге тентек жел керек
Тебіреніп тулап шайқалар.
Егінге нөсер сел керек

Еркімен көктеп жайқалар.
* * *
Терезе кемерінде көгершіндер
Уілдеп отыр жиылып өздерінше.

— Жайнасын аспан, көгерсін жер!—

Дейтіндей егер қазір сөз берілсе.
* * *
Алудың да жөні бар
Береріңді беріп ал.

Сұрауы бар судың да,
Алудың да жөні бар.
* * *
Тастарды сүргілесең,

Ішінде оқтар жатыр.
Гүлдерді үргілесең,
Ішінде шоқтар жатыр.
* * *

Карелияда қалды бір ай еркем,
Қалды бір ай ақ жаңбырдай, айнам.
Қара бұлттай ормандарға

— Ораламыз ба?

— Қайдам?

* * *
Іздейді ылғи оқ тасаны,
Қарсы жүрсең от қашады,
Жаңа ерлікпен желпімесең

Даңқты да тот басады.
* * *
Өзін сыйламаған
Өзгені сыйлап жарытпайды.

Өзін қинамаған
Дарынын дамытпайды.
* * *

— Толқын — теңіз тілі арқыраған

Жұлдыз — аспан тілі жарқыраған,
Жапырақ — терек жүрегі
Тебірене тулап қалтыраған.
* * *

Бір бұлт көктен жауа жаздап жаумады,
Бір жас көзден тама жаздап тамбады,
Жауса еді ғой, тамса еді ғой тамшылар
Ашылатын көңіл шіркін арманы.

* * *
Мен ғалымдармен келіспеймін,
Жұлдызды жұлдыз деуді теріс деймін.
Жұлдыздар аспан оты жанбай қалған,

Жұлдыздар көктің көз жасы тамбай қалған.
* * *
Кейбіреулер сақал қояды,
Әкем боламын дей ме екен.

Кейбіреулер мұрт қояды,
Сәкен боламын дей ме екен.
* * *
Жүрекпен бір дүрсілдеп ат тұяғы,

Бауырына жерді алып шапқылады.
Қатып қапты қазықтай іннен шығып,
Саршұнақтар даланың сақ құлағы.
* * *

Жылдар жастық кітабын аударыпты,
Сол кітапта көп өзен, тау қалыпты.
Кеше ғана көктемдей жүруші еді
Құрдастардың басына қар жауыпты.

* * *
Қиялдардан сарай салып,
Қиялдардан кеме мініп,
Дүнненің барлық сырын

Қиялыммен келем ұғып.
* * *
Ашылды енді бақ, талантың,
Туды қайта ақ күнің,

Әулие құс, ақ қанатым,
Жырла, сұлу аққуым.
* * *
Жігіт шіркін көтерер күнді иыққа,

Жігіт шіркін атылар тұңғиыққа.
Қырандай күн көзіне тура қарап,
Кейде айналар жанаттай Жерұйыққа.
* * *

Сіздің үйдің шамы еді,
Шақырған тунде жарық от,
Не қасиет бар еді
Көрінді өмір таңы боп.

Қарағай қабығын аршып едім,
Көзінен жасы кетті моншақтап,
Жазда бір төгейін деп
Келген екен ол сақтап.

* * *
Қар — егіннің ырысы,
Тал — көңілдің тынысы.
Тау қорғандай құйылған

Еліңнің көк құрышы.
* * *
Жел жұлқылап жыртады
Көк теңіздің көрпесін.

Бұлттар жауып тұр тағы
Ашық көктің ер төсін.
Бұлт аспанда ойнаса,
Мен де бұлттай түнерем.

Жаңбырмен жер жайнаса,
Мен түлеген бір емен.
* * *
Ай ғана тек біледі

жаудыраған жұлдызын
Бұлбұл ғана сүйеді
балбыраған гүл жүзін.
Ай сырласты гүлменен

толқынға айтты жел мұңын,
Қалай ғана білмегем
бұл жұмбақты мен бұрын.
* * *

Көз тиер деп осы көлді,
Тау жасырған тастарымен,
Көз тиер деп осы көлді
Қайың жапқан шаштарымен.

Қалың бұлттың қабатына
Сәуледей бір өрмелеген,
Қарқаралы қанатында
Жатыр бір көл дөңгеленген.

* * *
Шашын бояп қарайтқан
Қызға назын шал айтқан:

— Шошыма, тек құр босқа

Сәнге ұстаған таяқтан.
* * *
Жаныңа жасыл исі дауалы ем,
Тау сені желпиді жас самалымен.

Жасалған Алатау бұл бір керемет,
Сиқырлы суретшінің қаламымен.
Тербейді бұлақтардың күйі дарып,
Жұпарын омырауыңа құйып алып.

Шырқағың келер сенің әр уақытта,
Алатау аңғарына жиі барып.
* * *
Тұрса да сан ғасырдан

Алатаулар, жас таулар.
Шыңына оның асылған
Жерден көкшіл аспандар.
Ақша қарлы асу-бел,

Бақша-баулы жасыл көл
Ақ бұлттардың мекені
Алатау бұл асыл жер.
Жеті өзені Жетісу

Жеті жаннат кәдімгі.
Жас жігіттей арынды,
Ақсақалдай сабырлы.
* * *

Кездеспейтін секілді екінші рет,
Құс кеткенде қаламын жетімсіреп.
Аққу, қаздар жататын сыңсып қонып
Сығылысып айдынның бетін шіреп.

Қанаттары астында жер дөңгелеп,
Енді олар барады елден бөлек.
Кемерінен көз жасы лықсып шығып,
Көк жүзіне қарайды көл дөңгелек.

* * *
Ақ жұлдыздар аспаннан құлап жатыр,
Аққудың желге ұшқан мамығындай.
Құлап жатыр, шұбырып-шұбап жатыр,

Сыдырылған қайыңның қабығындай.
Киді терек ақ қардан жаңа бөрік,
Жел соғады қуардай кері қысты.
Академик Смет тұр қалам беріп,

Жаз деп маған осы бір көріністі.
Ақ қарды мен көремін ақ бұлттардай,
Көлеңкесі тұспейтін көңілдерге.
Ақ қарда мен көремін шаттық бардай,

Күлкісімен сүйрейтін өмірді өрге.
Ақ қар жауды далаға құн шығарда,
Көтерілді көңілдер көшкен елдей.
Ақ қар бастап біздерді жүрсін алда

Алатаудан аңқылдап ескен желдей.
* * *
Баян, жасыл жер Баян,
Баян, жасыл көл Баян.

Баян, жасыл бел Баян,
Баян, жасыл жел Баян.
Баян, жасыл күз Баян,
Баян, асыл қыз Баян.

Баян, батыр жас жігіт,
Баян, биік құздай ән.
Баян, жасыл тау Баян,
Баян, жасыл бау Баян.

Жас боп жасыл көктемдей
Жаса аман-сау, Баян!
* * *
Айдай боп жүзіп жүр аққу,

Жайдай боп мойны иіліп.
Арамыз бірақ, жырақ тұр,
Қараймын ұзақ қиылып.
Жамылып жаздың шат кешін,

Қанатын қағып таранып.
Айдында керіп ақ төсін,
Қарайды маған қадалып.
Сұлулық сиқыр дүние,

Сырын айтпай бірақ-та
Сылаңдап суды үйіре,
Сып етіп кірді құраққа.
Сұлулық әсем құдірет

Жанымды менің ұқпады.
Қарайын деп ем бір рет
Қайтадан бірақ шықпады.
* * *

Түсіме енді өлген аттар,
Қанды майдан алаңында.
Желек жалды жел қанаттар,
Тұрған полк санағында.

Орынынан тұра алмайды,
Оқ қадалған қолтығына.
Олар қайта шыға алмайды,
Асыр салып жортуылға.

Жетті ерте қаза-қайғы
Кетті жеңіс таңын көрмей,
Оларды ауыл азалайды,
Майданда өлген жауынгердей.

* * *
Айналып көбік құстарға,
Айдыннан шулап ұшқанда.
Толағай теңіз толқыны,

Жетеді шапшып үш балға.
Сыбызғы тартып ысқырып,
Безілдейді жел ышқынып.
Әкететіндей жартасты.

Қолтығына қыстырып.
Қарасаң қайта кешкілік,
Жатпайды теңіз төсті ұрып,
Қалғандай долы тентекке,

Жылағаннан соң ес кіріп.
* * *
Жалынын шашқан кеудеде
Жұлдызды жырлар ескірді.

Күндізім кетіп бөлмеме
Ұрлана басып кеш кірді.
Суреттерде тұрғанмен
Талайғы ызғар дертім боп.

Арада өткен жылдармен
Қарайды қыздар кемпір боп.
* * *
Бұлдырайды қалың ну

Бұлдыр-бұлдыр бір түстей.
Сылдырайды ағын су
Сылдыр-сылдыр күмістей.
Ағындайды бал бұлақ

Тау құзыңды қақ бөліп.
Арындайды арғымақ
Ауызында ақ көбік.
* * *

Жетпіс алтыншы жаңа жыл
Жарқырап кірді үйіме.
Жас қардан жауды жаңа нұр
Айнала аппақ дүние.

Жас баламды марқайтып,
Шығарды тағы бір қырға.
Кеттім дер мені қартайтып
Қартаю бар ма бұлбұлға.

* * *
Бұлттың қасында
Сүмбідей шындар.
Жатады басында

Сіре мұз, сүр қар.
Жауады жаңбыр
Жел шулап бөрідей.
Жатады бәрібір

Сіре мұз ерімей.
Айнала шыңдар
Жатса да жаңғырып,
Сіре мұз, сүр қар

Ұйқыда мәңгілік.
* * *
Көмкерілген аспаны
Жұлдыздардың зерімен.

Төңкерілген тастары
Сөйлеседі менімен.
Туғанда той жасаған,
Топырағын төсеген.

Менің биік босағам,
Менің жасыл көсегем.
Суығына тоңдырған,
Аңызаққа күйдірген.

О туған жер, жан құрбан
Бір өзіңді сүйдім мен.
* * *
Көше берген бабамыз,

Көнген де дала ырқына.
Мирас боп қалған кәрі аңыз
Жас ұрпақ — жаңа жұртына.
Замана желі үйіріп,

Көмілген қыстау-қоралар.
Өрілген қыштан құйылып,
Жанында ескі молалар.
Орады жерді от қанша,

Найзағай тілі жүгіріп.
Біреуі ердің жоқ болса,
Мыңдары тұрды-ау тіріліп.
Әйтеуір, қалды қырылмай,

Құдіретті халқым аман-сау.
Ескі бір күннің мұңындай,
Етпеттеп жатыр Қаратау.
* * *

Алатау бір дарқан қария,
Ақ құшағын айқара ашқан.
Самалды орман, шалқар дария,
Байтақ дала, байтақ аспан.

Жомарт жердің бауырына
Айыл тартып түсті жолдар.
Сарыарқаның сауырына
Салды саусақ күсті қолдар.

Толқыды егін жер төсінде,
Жарылқады халқымды күз.
Тұр ерлердің кеудесінде
Бидай түсті Алтын Жұлдыз.

АҢЫЗ СЫНДЫ АҚИҚАТ

Сөгіліп сел боп мұзынан,
Көңілге салды үрей қыс.
Шонжының қарлы құзынан
Дүрілдеп жетті дүлей күш.

Толқындар ұқсап қасқырға,
Жөнелді топтап қойды алып.
Секірді шопан тасқынға
Жататын кез жоқ ойланып.

Алмақшы ол қойын айырып,
Апаттың бермей аузына.
Әп-сәтте тасқын жайылып,
Теңіз боп кетті тау-жыра.

Олжасын толқын қамалап,
Айдады алға сабалап.
Шопанның жары шырылдап,
Жүгірді жарды жағалап.

Ащы тер көзге құйылды,
Жел күлді оны мазақтап,
Тастардан тасқа үйірді
Жігітті тасқын азаптап.

Алабұртып асыға
Толқындар атты ақкөбік.
Қоюға шопан басына
Гүлдерін содан жатты өріп.

Ойнатып біраз еңгеріп,
Жұтты оны тасқын күркіреп.
Жас шопан кетті жем болып,
Айта алмай жарға бір тілек.

Олжасын қорғап өбектеп,
Соқса да қарсы жел өкпек.
Жартасқа жетті келіншек,
Жанұшырып дедектеп.

«Тілсіз күш мылқау мұндар деп,
Жарыммен мені бірге ал деп»,
Қайратын жиып ақырғы
Келіншек жардан атылды.

Қараңғы көрдей іңірде,
Басылды тулап сай тасып.
Жайласып жартас түбінде
Қос құшақ жатты айқасып.

БЕСЕУ

(Партизан әңгімесі)

1

Бес бұтақтай бес адамбыз,
Бірі үшін бес жан қиямыз.
Бесеуміз бір эшелонбыз,
Бесеуміз бір армиямыз.

Жау тылында қаһарлы күз
Қан жорықта табысқанбыз.
Шетімізден командирміз,
Шетімізден комиссармыз.

Жан жүрмеген жолдардамыз,
Жан кірмеген ормандамыз.
Бесеуміз бір адам болып,
Бес тағдырды толғанамыз.

Бүкіл аспан шатырымыз
Көк шөп көже қатығымыз.
Жер мен көктің ақынымыз,
Жер мен көктің батырымыз.

Бес ұлттың біз баласымыз,
Бес саусақтың саласымыз.
Бес жердегі бес ананың
Көзінің ақ-қарасымыз.

Көрпе жауып көк тұманнан
Жарқабақты жастанамыз.
Қағатұғын оқты алдан
Тұнжыраған тас панамыз.

Екі аяқ — пар атымыз,
Ал екі қол — қанатымыз.
Мезгілді дәл межелейтін
Көк жұлдызы сағатымыз.

Бәріміз де комсомолмыз,
Мұрты жаңа тебіндеген.
Болашақты аңсағанбыз
Адымдап жас өмірменен.

Шетімізден комиссармыз,
Шетімізден жай солдатпыз.
Солай деп қол алысқанбыз,
Достық антын қайталап біз.

2

Көзге түспей күндіз жатып,
Қара орманның қолтығында.
Көкжиекке күнді ұзатып
Шықтық түнде жортуылға.

Демін алып бір мызғып жер,
Кірді бұлтқа ай асыға.
Жатты барып күндізгі жел
Жапырақтардың саясына.

Түн осылай тұрсын мейлі
Тілемейміз өзгені біз.
Тек жүректер дүрсілдейді,
Тек шошытып өз деміміз.

Пыр етсе құс зулап қашып,
Біздерге үні жат түрпідей.
Жолбарыстай ұрлап басып,
Жалтақтаймыз сақ түлкідей.

3

Тұнжырады түн бұлттанып,
Тынды оқтар қаңғып аққан.
Бір хуторға кірдік барып,
Қалжырап бір қалғып жатқан.

Кіре бере қалдық қатып,
Кек өртеді жанды ашулы.
Бес баған тұр қанға батып,
Бес адам тұр дарға асулы.

Туған жердің көгіндегі
Сөніпті ерте бес жұлдызы.
Бес адамның өмірдегі
Желмен бірге көшіпті ізі.

Азапқа сап бауырларды
Өлтіріпті жау есалаң.
Ой жеңіп, бой ауырлады
Біз секілді сол бес адам.

Тұр құрулы тор неше күн
Кім біледі, білмесе күз.
Орынында сол бесеудің
Тұрғандаймыз біз бесеуміз.

Шеткі қора мүйісінен
Шыға келді бір жас бала.
Айырылыпты үй-ішінен
Дір-дір етіп тұр жасқана.

Өліпті олар ақ өліммен
Жандар екен сырға берік.
Қашыпты ажал лагерінен
Паналауға мұнда келіп.

Ұстап берген осыларды
Көршісінің тілмаш ұлы.
Неміс оны қосып алды
Дүйім жұртқа сыры ашылды.

Бұл хуторда қасқа маңдай
Полицай бар құдіреттей,
Әрі азулы аш қабандай,
Әрі иісшіл ұры иттей.

Өлтірді сол ата-анамды
Аттадың деп тәртіп, заңды.
Жасырдың деп жат адамды,
Қолдадың деп партизанды.

Сор қайнатып сол құтырған
Өз әніне басты көкіп.
Группенфюрер бұл хуторға
Кетті оны бастық етіп.

Тағы, тағы үш тыңшы бар,
Сараң ауыз, салпаң құлақ.
Дейсің сырттай мүскін шығар
Жүреді нан, талқан сұрап.

Солар үйден-үйге еніп,
Күнді, түнді өткізеді.
Көрген, білгендерін теріп
Полицайға жеткізеді.

Тұр шаруасы алға басып,
Қайтты дейді ол кеткен есе.
Бес адамды дарға асып,
Неміс қолы өткен кеше.

Жұртқа салып дүре шыбық
Сұм полицай таяқтады.
Терең дем ап, бір күрсініп,
Бала сөзін аяқтады.

Неміс офицеріндей боп
Қапшықты алып киім киіп.
Шықтық тысқа өрімдей боп,
Немісшелеп тілді үйіріп.

Бала іздерін басқан жайлап,
Жеттік ақыр жау басына.
Бесеуміз бес жақтан айдап,
Алып келдік дар қасына.

Ойлап па еңдер өздеріцді,
Өзгелерден жоғары деп.
Отанын сатқан кезбелерді
Кескілесең обалы жоқ.

Бес адамды дардан алып,
Бес доңызды астық дарға.
Жауды оқтар жалаң қағып,
Қараңғыда қаштық таура.

Кеттік түспей жау қолына
Пана болды кең өлкеміз.
Жеттік таса тау қойнына
Сіңді тасқа көлеңкеміз.

Бес бұтақтай бес адамбыз
Бір үшін бес жан қиямыз.
Бесеуміз бір эшелонбыз,
Бесеуміз бір армиямыз.

Жау тылында қаһарлы күз,
Қан жорықта табысқанбыз.
Шетімізден командирміз,
Шетімізден комиссармыз.

МӘЛІК

І

Домодедово аэропорты
Қап-қара жел,
Соғады тағат таппай,
«ИЛ-18» самолеті

Қатып қалған
Пропеллері қанат қақпай.
Жел айтады
Гүрілдеп далада аңыз.

Мәлік пенен екеуміз
Қабырғадағы сағатқа
Қайта-қайта қадаламыз.
Домодедово беймезгіл мекеніндей

Қойды жерден самолет көтерілмей.
Мәлікпен жүрдік азынаған желден ықпай
Аэропорт үйі алдында.
Төбеден төңкеріліп төнген бұлттай

Жүзді соғыс суреті қиялымда.

ІІ

Адамның тамызыққа құйып қанын
Соғыс ұйтқыды шашып өртті.
Аспан, жер қатар тесеп иықтарын
Көтерді

Өртенген аспандай,
Жараланған жердей
Қаралы қасіретті.
Көзінен қарлы жас тамып,

Алатау жоны қалды.
Диссертациясын аяқтамай
Жауға аттанды жас Мәлік
Жанында — Қобыланды.

Кездесті ол бетпе-бет
Қанды қоршау,
От құрсау
Қауыптермен.

Айқасты жекпе-жек
Танктермен.

ІІІ

Күткен көптен
Туды көктем,
Аунап түсті
Жер түсі

Австрияда қарсы алды ол
Өз омырауындағы жұлдыздай
Отын шашқан жеңісті.
Білді ол майданда да сөз қадірін,

Ие болған жан емес даңққа құр.
Қобыланды қорғаса өз Мәлігін
Қобыландыны қорғады Мәлік батыр.

ІV

...Келеміз Мәлікпен көкте біз
Төменде тұнған ауа —
Көк теңіз.
Омбылағандаймыз

Қалың қарды күрт кешіп,
Қалып жатыр шұбар ала бұлт көшіп.
Асамыз алып ұшып тау-шыңдардан,
Жібектей естіледі Мәліктің даусы маған.

Аспандағы әңгімем өзіменен
Жерде де таусылмаған...

V

Самолет салонында,
Поезд вагонында
Жүзіне күлкі мен жарық толып,
Жүреді ол бізбен бірге

Батыр жүректі,
Қыз мінезді
Кәдімгі Мәлік болып.
* * *

Сені көру бір қуаныш ғанибет,
Хадилахан — қазақша атың әділет.
Кейде әділет иірімде қалады
Әділетті арғы бетке алып өт.

Әділет — сен, әділеттен таймаспын,
Көлгірсуді сүймейді еш суқаным.
Көкірегіме көшіп келіп жайғастың
Хадилахан — әділеті Уфаның.

* * *
Көптен күткен оңтүстікке жел жетіп,
Жапырақты ойнайды жәй тербетіп.
Жасыл бұлттар жаңбыр құйып өтеді

Кей кездерде жер дүниені селдетіп.
Сол жаңбырдап тамырына нәр алып,
Гүл өседі сүңғақ бойы таралып.
Жаңбырдан соң жаңа туған бөбектей

Аспан мен жер қалады бір жаңарып.
* * *
Сүйісті қанша от тілдер
Жалынын ыстық баса алмай.

Келеді әлі көп түндер
Мың бір түннен аса алмай.
Кейбіреу айтар бітті деп,
Мың бір түн мен сүйікті ат.

Білдірген соң жүрт тілек
Көрген жоқ әлі түндерде
Шаһаризада ұйықтап...
* * *

Еркелетіп шашымды
Саусағымен сипаған.
Күңіренген кейде ашулы
Желден жұмбақ күй табам.

Кейде ойнап тербетіп,
Толқынымен шайқаған.
Күркіреген селдетіп,
Көк теңізден жай табам.

* * *
Өтті, кетті өрт боратып жалын жыл,
Сусын етті солдаттардың қанын гүл.
Оқ омырды, от опырды десек те,

Кейбіреуге көрмеген соң бәрібір.
Тұла бойда сырқырайды сынығың,
Бурыл бұлтпен бір сыздайды буының.
Солдаттардың қызы менен ұлынан

Мен көремін өздері еккен шыбығын.
* * *
Темірдің темір үнін
Мен майданда естідім.

Көмірдің көмір үнін
Мен майданда естідім.
Темір сонда жанды оттай,
Көмір сонда жанды оттай.

Алғы шепке тұрды олар
Жаны темір солдаттай.
Нұркен жанды темір боп,
Сұлтан жанды темір боп,

Қорғап қалды сол шақта
Сөнбейтұғын өмірді от.
* * *
Асып-сасып тасқаным жоқ,

Асылық жасамадым мен өмірде.
Жер гүлдерін басқаным жоқ
Қияр ма екен мені өлімге.
Жас солдаттың мен ерніне

Су тамыздым өлерінде.
Қорған болдым ақ қайыңға
Қияр ма екен мені өлімге.
Кештім дала ор құмдарын,

Су іздедім шөлдеріме.
Тостым теңіз толқындарын
Қияр ма екен мені өлімге.

МАХАББАТ АРАЛЫ

Көкпеңбек таулар көшіне
Жарқылдап құшақ жайдым мен.
Секіріп келдің төсіне
Құшақтастым жасыл айдынмен.

— Соқты бір таудан жел кенет —

Дедің сен маған — түн мұздай.
Көк ерке көлге еркелеп
Қойнында ақтым жұлдыздай.
Жеткізбейді қырсығып

«Махаббаттың аралы».
Бір батамын, бір шығып
Бойымда қуат бар әлі.
* * *

Тауларының кетпейді
Жазы, қысы мұз-қары.
Бауырында көктейді
Қырғыздардың қыздары.

Ақ жанындай жайылған
Алдыңда адал тұз-дәмі.
Айнымайды ақ қайыңнан
Қырғыздардың қыздары.

Мұнаралы шыңдары
Құламалы құздары.
Қырғыз таудың жырлары —
Қырғыздардың қыздары.

* * *
Бір шыбықта орман шулап шарқ ұрар,
Шөкім бұлтта арайланған таң тұрар.
Түйір таста бүкіл алып тау тұрар,

Бір тамшыда бүкіл аспан жарқырар.
Адам жаны бір көргеннен ұғылар,
Жалғыз сөзден ақтарылар сыры бар.
Жалғыз сөзден тұла бойың қалтырап,

Жалғыз сөзден жан жүрегің жылынар.
* * *
Әркімнің айтатын өз сөзі бар,
Оны біледі ақын-ел.

Гүлдердің көктейтін кезі бар,
Оның аты — Апрель.
Жыр толғағы жетпесе өледі,
Гүл мезгілінен бұрын көктесе өледі.

* * *
Таулар күледі,
Төбесіне күн шыққанда,
Тастар күледі,

Төсіне көк қына гүл шыққаида.
Ақын күледі,
Айлар бойы дірілдеп.
Жүрегінен жыр шыққанда.

Көл күледі,
Айдынында аққулар жүзгенінде,
Тамшылар күледі,
Жайқалса гүл іздерінде,

Емен күледі
Қасқайып кеуде тосып түз желіне.
* * *
Гүлдер ұшып жатыр,

Күндер өтіп жатыр.
Жапырақтар түсіп жатыр,
Қаздар кетіп жатыр.
Жазылмаған қағаздар қалып жатыр,

Айтылмаған сөздер қалып жатыр.
Жер астында сабаздар қалып жатыр,
Сүйілмеген көздер қалып жатыр.
Адам күндей қайта шықса,

Адам гүлдей қайта шықса.
Қаздар кетпейтін болса,
Жаздар өтпейтін болса.
* * *

Кейіме маған, жан құрбым,
Толқыған теңіз күй атым.
Кейде бүлт, кейде жаңбырмын,
Құрыстап барып құятын.

Көзімнен мөлдір жас ағып,
Жабығам кейде, жылаймын.
Қаламын кейде қасарып,
Келмейді әлі құдайдың.

Көңілден кетпей алаңым,
Кейде бір сәби баламын.
Қар болып кейде жауамын,
Шырқаймын жел боп дала әнін.

Айнымай антқа берік боп,
Алаңсыз болсаң сен егер.
Ақкөңіл адал серік деп,
Жан құрбым, маған сене гөр.

* * *
Тұрмын сенің көркіңе
Ай нұрында сұқтанып.
Көнбей менің еркіме

Кетті көзден шық тамып.
Тек алмасын сол шықты
Ертеңгілік жұрт танып.
* * *

Жол шетінде шыбық бар,
Егіп едім биыл мен.
Шаршай қалсаң тынық бар,
Кешке шығып үйіңнен.

Онда менің жырым бар,
Онда менің сырым бар.
Соны шертіп жас шыбық
Құлағыңа сыбырлар.

* * *
Дерліктей шеберліктің қиясы бұл
Салғандай я пері, я сиқыр.
Курорттың корпусының маңдайында

Кішкентай қарлығаштың ұясы тұр.
Болса да өзі кіші, үміті ірі
Қарлығаш шырыл қағып тағаты кем.
Қиыршық құмды илепті күні-түні

Су тосып қос қияқтай қанатымен.
Ұя сал адамдарға жақын жерден,—
Деп оған қай құс екен ақыл берген.
* * *

Қарағайдың бойына
Жердің исі,
Көлдің исі,
Жаздың исі,

Қаздың исі тұр сіңіп,
Қабығынан
Сыртқа теуіп
Тамшылайды

Аспан түстес,
Таулар түстес
Бұла күшті тіршілік.
* * *

Көкіректе жарасы
Күрсінеді көл Мақпал.
Жасыл изен жағасы
Ақ бетеге, кер қаптал.

Зар еңіреп Мақпал қыз,
Кеудесінде қатқан мұз.
Өңі бөздей бозарып,
Өңменіне батқан сыз.

Көкте жүзген жеке айдай
Болыпты өзі көрікті.
Арманына жете алмай
Көлге түсіп өліпті.

Содан былай көлді бұл
Жұрт «Мақпал» деп атаған
Содан бізге келді жыр
Ұл алып қап атадан.

Қара, жасыл түріне
Мақпал десе мақпалдай.
Со бір көлдің түбінде
Шылау боп ол жатқандай

* * *
Қойғанында толқын лап
Арыстандай сайысып.
Қалады көпір солқылдап

Бүгіліп белі майысып.
Қабырғасы көпірдің
Қайыспайтын күні жоқ.
Өйткені, ол байғұстың

Көтеретін жүгі көп.
* * *
Ашыққан аңшылар
Асхана тапсын сенен,

Адасқан жолаушылар
Баспана тапсын сенен.
Қайтқан құс нөкерлері
Теңіз деп келсін саған.

Даланың бөкендері
Жем іздеп келсін саған.
Тапқандай бар арманын
Тәнті боп шықсын сенен.

Дүниеде адам барын
Әрқайсы ұқсын сенен.
* * *
Достық бөліседі,

Зуылдап атылған қорғасынды.
Достық бөле ішеді
Қайғыдан құлап түскен көз жасыңды.
Адам кенелмейді

Адал досты таппай.
Онсыз көгермейді
Ерте өлген жас бұтақтай.
* * *

Сары қымыз, ақ құрт беріп,
Аттандырды жолайғы ел.
Қарсы алды ақ бұлт болып,
Ақбет тауы, Торыайғыр көл.

Күрсінген күн тау басында,
Жүгірген жел көл басында.
Жоқтап ақын бабаны мен
Тұрмын жалғыз көр басында.

Көл шуылдап, жел сыбырлап,
Ақын жанын ашты келіп,
Тыңдады үнін көк құлазып,
Тау теңселіп, тас тебіреніп.

* * *
Шапты ышқынып шаң боратып топ киік,
Қалды бірі аяғынан оқ тиіп.
Көзінен жас, көкірегінен атылды

Жалын болып ішті өртеген от-күйік.
Шақырса да алға бастап жол тудай,
Шамасы жоқ жатып қалды ол тұрмай.
Қызыл аспан төңкерілді төбеде,

Көшті дала көгілдір жал толқындай.
Жара ауыр болар емес жан шыдап,
Бара жатты ол әлі бітіп қансырап.
Бар арманы жол үстіне құйылды

Қос көзінен жаңбыр болып тамшылап.

ӨСИЕТ

Ізім Ескендіровке.
Көзі жетпей Шонжының заңғарына
Төсегінен жамбастай аударыла,
Жалғыз тамшы қарбыздың сөлін жұтып,

Өлерінде қарапты жан-жағына.
Қара түнге қанжардай қадалатын,
Көзі өткір, жаны әділ адал ақын,
Жақындарын жиып ап өз қасына

Қалдырыпты өсиет-аманатын.
Сондағы айтқан бұл оның аманаты:

— Тіршілігім болды тек адал ақы.

Ұрпағымның шықпасын жаманаты,
Қастерленсін қасиетті адам аты.
Жиғаным жоқ дүние-мүліктерін,
Барлық пенен тарлықты біліп-көрдім.

Ден саулығын тілеймін өлерімде,
Артта қалған қыздар мен жігіттердің.
Халқым үшін сатқам жоқ еңбегімді,
Білдіргем жоқ батса да елге мұңды.

Ектім артта қалсын деп емендерді
Отырғыздым жүректей жерге гүлді.
Биік шыңның басынан боран ұлып,
Соңғы сөзін кетіпті одан жұлып.

Өтіпті сол дүниеден адам күліп,
Боран ұлып, тұрыпты боран ұлып.
* * *
Ертегі тыңдап өзіңнен

Бататын ойға ақырын,
Сырласың бала кезіңнен
Айтшы, емен, қайда ақының?
Жыр жазып өзің жайында

Ұшатын құстай сен десе,
Тұра алмайтын айында
Айналып соғып көрмесе.
Қайда сол жыршың кетті екен

Көп жылдар бойы дерексіз.
Дәті оның қалай жетті екен
Жүруге қайың-терексіз.
Білетін толқын сырларын,

Білетін биік құз жайын.
Жаттайтын оның жырларын
Қарағай-жігіт, қыз-қайың.
Іленің асау ағысын

Жүр екен қалай сағынбай.
Жиекте тұрған бақ ішін
Аралаушы еді ол ыңғай.
Көрініске қойғандай,

Ақ гүлдерін ашқан бақ.
Көкке тіреу болғандай
Алатау тұр аспандап.
Жапырақтан жасыл пердені

Тұрады ылғи тұтып бақ.
Сәуледей нәзік жел демі
Өтеді оны қытықтап.
Айнала бағып тұр тыңдап,

Күлкілі сонау бақ күйін.
Жұлдыздай көзге жылтылдап,
Зулайды ағып ақ тиін.
Нулы орман күйге еліткен

Жинайды кеште бойды әрең.
Тыныштыққа орын беріп кең
Тынады түнде ойлы әлем.
Өлім жоқ дейтін өлеңге

Ел сөзі әлде шын ба екен?
Әлде бір сонау еменге
Көрінбей келіп тұр ма екен?
* * *

Күзді күні таң нұрына құмармын,
Өзім мүмкін таңда туған шығармын.
Бұлтты аспанның жаңбырына құмармын,
Жаңбыр күні таңда туған шығармын.

Бұтағында отырып ап шынардың,
Өлеңдеткен құс даусына құмармын.
Сол дауыстар туысымен тербетіп,
Сол дауыстан ақын болған шығармын.

* * *
Жасады-ау жылдар талай мың
Деп тауларға қараймын.
Қызығам әр кез баладай

Туғанына жаңа айдың.
Жасады-ау жылдар талай мың,
Деп орманға қараймын.
Тұрады олар құлпырып,

Өзіндей қызыл арайдың.
Төңірекке қараймын,
Құштарлықпен қызығып.
Жасасақ та талай мың

Болмаған сыр көп біз ұғып.
* * *
Бұл дүниенің көкті іздейтін
Ұша алмайтын кептері бар.

Бұл дүниенің өткізбейтін
Толып жатқан өткелі бар.
Қамқоршылар аз болған соң
Қалам кейде шеткері мен,

Алдым ашық жаз болған соң
Дәметпеймін көктемінен.
Аталмаса атым менің
Болмас мүмкін сөзге сенім.

Кім қыдырса ақын елін
Бәрібір мен кездесемін.
Бал еді деп лебіздері
Болар бір жан ескеретін.

Ақын — толқын теңіздегі
Күндіз тулап, кеште өлетін.
Өлмеді күн, солмады гүл
Қарлығаш боп қорғады жыр.

Аман қалды қанды апаттан
Туған жердің орманы бұл.
Жаңғырықты жұрт алдында
Үзілмеді жыршы уақыт.

Әр ағаштың бұтағында
Көктеді өмір бүршік атып.
* * *
Жел, дауылдың өтінде

Ақбет тау тұр түк демей.
Қара жердің бетінде
Қатып қалған нүктедей.
Жұмсап барлық өнерін

Жасапты оны қол шебер.
Арманың не өлеңің
Ақбет таудай болса егер.
* * *

Жақсының жүрегі — күн
Адам жаны нұр алатын.
Жаманның жүрегі — түн
Адам жаны қуаратын.

Жақсымен отырсаң оңаласың
Жаһанды айналып шыққандай.
Жаманмен отырсаң тоналасың
Жаның жалбырап түк қалмай.

Жақсы көңілі — ашық теңіз
Айдынында жузуге болады.
Жаман көңілі — сасық теңіз,
Түбінде сортаң сорабы.

* * *
Біздер жүрген шаң боратып жол қайда?
Қажет болса апарайын Торғайға.
Қажет болса көгерейін көктемдей,

Бір күн өмір гүл секілді солмай ма?
Жастығыңды күн күйдіріп өтті ме?
Тағы да бір буырқан да, от тіле.
Тән қалжырап қаусамасын қайратың,

Өңменге итер кәрілікті, тепкіле!
* * *
Ашылмаған ұйқысы
Шаршап жатқан даланың.

Ақ тауықтар — үй құсы
Созып жатыр таң әнін.
Шақырады тынымсыз
Кетті төзім-тағаты.

Тілі сонша ұғымсыз
Бұл даланың сағаты.
* * *
Күн түсіріп жылуын,

Жер бусанған қар еріп.
Жатыр жасыл бұрымын
Жаңбырменен тал өріп.
Сілкінеді гүл дала,

Төсін жарған ақ бұлақ.
Көк көйлекті бір бала
Бара жатыр шапқылап.
* * *

Тал шыбықтар шуласып,
Тал түсте тұр ырғала.
Жүр оларға су тасып
Тағат таппай бір бала.

Жаны рақат тапқандай,
Шөлі қанып су ішіп.
Тал шыбықтар жатқандай,
Мәз-майрам боп күлісіп.

* * *
Сақтап сабыр, төзімді,
Жерді айналдың күнменен,
Кейбір қыздар өзіңді

Болар бәлкім, күндеген.
Сен космоста жүргенде
Жерде той ғып жатыр жүрт.
Жатады екен бір жерде

Нәзіктік пен батырлық.
Шығады деп шыңдарға.
Кім бар сені байқаған.
Боласың сен тұрғандай,

Шинель киіп қайтадан.
Даусың сенің естілді
Тым бір нәзік, тым әсем.
Шабыт болып шақырып,

Қондың келіп жырға сен.
Талай уақыт космоста
Құс секілді өтті аунап.
Жерге келіп қондың сен

Омырауыңда от лаулап.
* * *
Келестің ұзақ сапары
Көрмейсің жатқан жай күнін.

Сары толқын ұрып жатады
Сабалап күнде айдынын.
Кеоімсал желі қуырып,
Қайнаған көкте күн ыстық.

Көзінен жасы шұбырып,
Тілейді өзен тыныштық.
* * *
Жас жігіттер жүйрік атпен

Құйындатып жүр қырды.
Шал шаршаған күй-қуатпен
Қарғайды өмір құрғырды.
Өмір өтпес деп жүргенде

Қарттық кепті ұрланып.
Сонау қызыл бүлдіргенде
Қойды қанша жыл қалып.
Сонау орман арасында

Қалыпты айлар көрінбей.
Мөлдір өзен жағасында
Ұшыпты таң желіндей.
Шіркін қарттық, етегінен

Тартты тауып ретін.
Ақ таяқтың жетегімен
Енді болды жүретін.
* * *

Ауылың сенің Аршалы,
Қып-қызыл өрттей таң шағы.
Жүрегім содан өртеніп,
Көңілім содан қаусады.

Жеткізбеді Аршалы,
Жаным менің шаршады.
Өзіне ұрлап тартқандай
Сиқырлы сұлу саусағы.

* * *
Батар күн түсі күп-күрең,
Қып-қызыл сондай бұлтта рең.
Қып-қызыл шыңдар құлайды

Аспан түсіп тік төмен.
Қып-қызыл бояу безеген,
Әйнектер жанған қызарып.
Қып-қызыл суды өзеннен,

Барады қызыл қыз алып.
Қызыл бұлт жүзіп аңғарда,
Толқиды қызыл көл-қайнар.
Секіріп қызыл талдарға

Жүр ұшып қызыл торғайлар.
Ұзатып салып күн құсын,
Барады баяу жүзіп жер.
Көрмесем де түр-түсін

Соғады қазір қызыл жел.
* * *
Соңғы вагон нүкте боп
Көз алдымнан ағады.

Үміт те жоқ, түк те жоқ
Көзімнен жас тамады.
Соңғы вагон сені алып,
Қашты менен алыстап.

Өзен жатыр кері ағып,
Жылайды жел дауыстап.
Көңілімде қайғы-үміт,
Көңілімде көктем-жаз.

Келер ме екен қайрылып
Күзде ұшып кеткен қаз.
* * *
Ұйқыңды сенің ұрладым,

Ұрлай берем, иә сәт!
Бозторғай болып жырладым
Жүрегіңе ұя сап.
Жүрерсің ойлап аһ ұрып,

Таң атып менсіз шықпас күн.
Орманға түнде шақырып,
Түсіңнен сенің шықпаспын.
Терезеңнің алдында

Тербелермін тал болып.
Жазда ұсап жауған жаңбырға,
Түсермін қыста қар болып.
* * *

Бұл теңіз емес баяғы,
Хиссада аты жырланған.
Қып-қысқа өмірбаяны
Басталған сонау жылдардан.

Қайда дей қалсаң тұрағы
Алтайдың асқар тауында.
Жағалай жаққан шырағы
Тараған нұр боп ауылға

* * *
Шаңғы байлап,
Қарғып ойнап
Қыс кетті

Ақ қар, көк мұзымен.
Қалды Алтай
Қариядай
Кеткен қысқа алаңдап.

Енді ұзамай
Жаз айналып,
Қаз айналып
Келеді ғой қараңдап.

Шал күледі,
Шал біледі
Қашан қай құс келерін.
Тыңдайды ол

Үнсіз, тілсіз
Таудан аққан бұлақтардың.
Көбік шашқан өлеңін.
* * *

Жер бетінің бұрқанған дауылдарын,
Көк бетінің бұлт алған жауындарын.
Нарлығын да өткізіп жүрегімнен,
Барлығын аптеннадай қабылдадым.

Өзім кейде дауылдай аласұрдым,
Терезені тамшымен таласа ұрдым.
Дауылмын ба, әлде мен, жауынмын ба,
Бірде-бірі ұққан жоқ жанашырдың.

Талай достан мен безіп тұра қаштым,
Қу бұтағы болмаспын сұр ағаштың.
Дауылмын ба, әлде мен, жауынмын ба,
Өз бағамды ешкімнен сұрамаспын.

* * *
Майды жаз деп қуанамыз
Жаз жарқырап тумаса да.
Ауған бұлтты құп аламыз

Терезені жумаса да.
Неге сонша қуанамыз
Жедел басып күн өткенге.
Неге біздер жұбанамыз

Қарын тойып күнелткенге.
Жаз деген бір асыл аңыз
Бірі ақиқат, бірі өтірік.
Неге біздер асығамыз

Қыс келерін біле тұрып.
* * *
Жазғырмашы, сен мені,
Жазығы жоқ пендемін.

Бұл дүниеге келгелі
Сен үшін не көрмедім.
Доп етсең де басымды
Бермедім бе қолыңа.

Күлкімді, көз жасымды
Шашпадым ба жолыңа.
Қақпадым ба таңда есік,
Аз ба азабым өткерген.

Бармадым ба қан кешіп
Өтіп талай өткелден.
Ұйыдым мен қатықтай,
Бір өзіңе беріліп.

Соның бәрі бақыттай
Тұрар маған көрініп.
* * *
Өлем бір күн жастанып құбыланы,

Қара түн боп қара көз жұмылады.
Қараңғы түн тек тиіп үлесіме,
Сөнеді күн мен үшін шұғылалы.
Жел үрлейді қайтадан тірілемін,

Бұлақтардай айқай сап жүгіремін,
Жапырақтай таңыңда шуылдаймын,
Терезеңе ай болып үңілемін.
* * *

Аспанды бір бұлт басты,
Көлеңкесі қараңдап.
Найзағайлар от шашты
Сүйір тілі жалаңдап.

Араласып жауынға,
Араласып таңына,
Жазғы елең-алаңда
Келдім Кавказ тауына.

Бестау бойға күш-емің
Келдім Алатауымнан.
Шипалы су ішемін
Сенің алақаныңнан.

* * *
Сен теңізді сағындың
Толқындары шапшыған.
Мен тауымды сағындым

Көктен жұлдыз қақшыған.
Сен ойладың — жүрсем деп
Толқындарды кіл аттап.
Мен ойладым тұрсам деп

Тауымдай нық тұрақтап.
* * *
Су бетінде аспан жарылып,
Әйнектей мың бөлініп кетті.

Сол аспандай көңіл жабығып,
Мың тамшы болып төгіліп кетті.
Мүмкін, жұлдыздың ар жағында
Мен секілді біреу отырған шығар өлең жазып,

Мүмкін, айдың тауларында
Мен секілді біреу жатқан шығар көмір қазып.
* * *
Жаңбырлы кештің жақсысы-ай,

Аптықпай алған жай демін.
Жуып-шайып тазартқан,
Аспанның сырлы әйнегін.
Жаңбырлы кештің жақсысы-ай,

Қайыған жерді иректеп.
Ағашқа тамшы байлайды
Көк түйін болып түйнектеп.
* * *

Сыздауықтай сызданып,
Бойды өртеген қызбалық.
Қызуынан кеткендей
Тас тұтанып, мұз жанып.

О, буалдыр қызбалық,
Қонған қара құзға бұлт.
Жараланар жүрегім
Оқтай сенен қызғанып.

* * *
Жоғалды жол тозаңында
Қайран жастық, жалын кеші.
Бұлдырайды көз алдымда

Сол тозаңдай сағым көші.
Көшті күндер көлдей толқып,
Көшті күндер қарлы бұлттай.
Көшті күндер желдей жортып,

Көшті күндер таңғы шықтай.
Қалды орнында қарауытып,
Қариядай түздің белі.
Қалды орнында алабұртып

Бебеу қаққан күздің желі.
* * *
Қыраулы қыстар ауысып,
Жаңбырлы жаздар тез өтті.

Сүлік боп сырқат жабысып,
Талдырды талай өзекті.
Талайлар ерте жығылды
Тағдырлы жетпей мезгілі.

Айықпай бұлттан суынды
Адам бір аспан, көз — күні.
Солардың бәрі құм болып,
Жатыр қайран қарындас.

Жүр еді кеше жыр болып,
Қызыл бір гүлдей жалын жас.
* * *
Өмір — құмырсқаның илеуінде,

Өмір — дірілдеген күй лебінде.
Өмір — көзге көрінбей өтіп жатқан
Тіршіліктің тырбанған күйбеңінде.
Өмір — баланың бесігінде,

Өмір — даланың есігінде.
Өмір — еңбек атты құдіреттің
Әкелетін адамға несібінде.
* * *

Сағым дала талтүсіңде
Сапырылған жаңа ағыстар.
Ата-баба тамы үстінде
Қалғиды тек қара құстар.

Сапырылып Сахараның
Мұнар буған сағымындай.
Айтады осы жапан әнін
Жез сақалды сары бидай.

Мөлдіреген ауада ашық
Жүзер дала аспанымен.
Кетер кейде араласып
Ақ басты тау асқарымен.

Шіркін дала, мейірлі ана,
Ақ сүтімен нанын беріп.
Асырайды бар халықты
Төсін толқын сағым керіп.

* * *
Түс көріппін, жыладым,
Көкірекке толды зар.
Қашты менен сені алып

Қап-қара бір толқындар.
Теңіз үстін шу қылып
Жетемін деп қуыппын.
Жастығымды су қылып

Көз жасымды жуыппын.
Қуа-қуа шаршадым,
Кетті толқын сені алып.
Сенімен бір кетпедім

Көк теңізге неге ағып?
Содан бері сөнбейді
Қайғы оты көңілде.
Толқын көргім келмейді

Түсім тұрсын, өңімде.
Толқып ішкі сырымыз
Топ ішіне біз бардық.
Бірімізді біріміз

Өзгелерден қызғандық.
Жүрегіміз дүбірлеп,
Басталды бір арбасу.
Бой барады дірілдеп,

Әлде қайғы, әлде ашу.
Қадалады сан шырақ,
Қоям артқа бір қарап.
Маңдайымнан тамшылап,

Тер ағады сырғанап.
Көріп ойын-сауықты
Ел шат болып оралса.
Қайғы болды хауіпті

Менің үшін ол аса.
* * *
Кетті ме сүңгіп тауларға
Баяғы ашық жазың жоқ.

Ұстатпай қашқан арман ба,
Бетіңе түскен әжім боп.
Бір қырдың шығып басына
Қалыпсың қыспен қауышып.

Көмірдей қара шашыңа
Тұрыпты қырау жабысып.
Бір жылдың төлі болсақ та,
Мен сенен гөрі жаспын-ау.

Кәрілікке қоршатпа
Сал оған берік тас бұғау.
* * *
Мен сені көрдім

Жаңбырлы жаздардан соң.
Мен сені көрдім
Гүл исің аз қалған соң.
Мен сені көрдім

Тағдыр тартқанында күзіңді алға.
Мен сені көрдім
Жүзіңде әжім барда.
Бірақ осы күз күндерінде

Мен үшін көктемдейсің.
Күлгеніңде
Жаныма нұр себелеп өткендейсің.
Сен маған гүл боласың,

Аяздың ақпанында.
Сен маған гүл боласың,
Түнерген шақтарымда.
* * *

Түбінде тұнған түскі аспан
Көл бір жатқан көк айна.
Қиқулап үстін құс басқан
Етегі толы тоғайға.

Желменен бірге тербеліп,
Иіліп құрақ көк жібек.
Ғашықтай дел-сал сенделіп,
Құшағын ашқан елжіреп.

* * *
Жел желпиді орманды
Асып адыр кезеңді.
Жел желпиді тауларды,

Жел желпиді өзенді.
Шуылдайды жапырақтар,
Шуылдайды тасқындар.
Жел үнсізге үн беріп,

Жел жырсызға жыр беріп,
Шапқылап жүр қырларда
Оттай қызыл гүл теріп.
* * *

Бір бұлақтан бір бұлақ
Қырғызда бұлақ таусылмас.
Не дейді тілі былдырап,
Бұлақтар мен тау сырлас.

Айта ма өмір туралы
Өзіндей мәңгі ағатын.
Айта ма көңіл туралы
Қырандай қанат қағатын.

Асқар тау тұман бүркеніп,
Адасып қалды жұлдыздар.
Адассын мейлі, гүл теріп
Жұлдыз боп жерде жүр қыздар.

* * *
Ауыр жорық алда тұр,
Алда тосып тау жатыр.
Айдынды өзен тағы бар

Қайығыңды сал, батыр.
Жүрген жолың кіл батпақ,
Жүрген жолың кіл қайран.
Сені әкетпек төріне

Бір майданнан бір майдан.
* * *
Табиғаттан ауысқан
Шыдатсын ба бұлан күш.

Қонса ағашқа сауысқан
Шыңды шалар қыран құс.
Қажетсіз бос сый оған
Жемейді ол өлексе.

Жем іледі қиядан,
Өлімі де ерекше.
Өзін шыңға көмеді
Көрсетпейді өлігін.

Естіп барып өледі
Күн күркірін, жел үнін.

ДАУЫЛ МЕН ЖАУЫН

Қара орманды бұлтты күні
Дауыл айтты көшірем деп,
Күркіреп күн шықты үні
Жауын құйып өшірем деп.

Жапты шалқар жерді дауыл
Жапты заңғар көкті дауыл.
Қара орманға төнді дауыл
Соқты дауыл, соқты дауыл.

Шырқап орман өлеңдерді
Тұрды құздай аралдағы.
Жүз жасаған емендерді
Дауыл жұлып ала алмады.

Тас боп кеткен құлағына
Күннің күшті үні келіп.
Қара туы құлады да
Көшті дауыл күңіреніп.

Келе жатқан сақтап қыстай,
Табиғаттың сый құтындай.
Көк орманға қаптап құстай
Жасыл жаңбыр құйды тынбай.

Әкете алмай қойды орманды
Дауылымен ұрлап жылдар.
Көктеп жарқын ойлар мәңгі
Жапырақ боп тұр жаңбырлар.

* * *
Қай аспанда жүрсің сен,
Қай бұлттардың астында.
Қай тауларда тұрсың сен

Табан тіреп тас құмға.
Қай жел сені тоңдырып,
Қай күн сені қыздырды.
Шаршадың ба болдырып,

Болмадың ба күз құрлы.
Ойға алмаймын күмәнді
Жоқ көңілде мұң-қайғың.
Сен туралы бір әнді

Ескен желден тыңдаймын.
* * *
Ән болып саған жалғасам,
Тәкаппар тауы Баянның.

Ақ бұлттай саған әрқашан
Ақ жанымды жаярмын.
Қарағай болып шығармын
Көкпеңбек сенің тасыңа.

Тауыңды сенің жуармын
Талықсаң мөлдір жасыма.
Кішкентай Баян ауданы
Өмірді бұлай өлшеп пе ең.

Жап-жасыл сұлу тауларың
Керуендей күнге жол шеккен.
* * *
Сезім — толқын дірілі,

Бозторғайдьщ шырылы,
Сезім — зәулім еменнің
Бүршік жарған шыбығы.
Сезім — оттың ұшқыны,

Сезім — жанның ыстығы,
Сезім — бұлттың көз жасы,
Сезім — жыршы құс тілі.
Сезім — жүрек лүпілі,

Сезім — тілі төзімсіз,
Тас болмадық, шүкірлік,
Қатып қалған сезімсіз.
* * *

Кеш.
Тұманды кеш
Айнала тұман.
Қаптаған

Көрінбейтін атты адам.
Бірде селдіреп, ашылып,
Бірде желбіреп тау басын жасырып,
Тұман тұр аспан мен жерге асылып.

Жер тұман,
Тау тұман, көл тұман.
Күтесің күнді ашық
Отырасың тұманмен

Жалғыз өзің мұңдасып.
Кеш.
Тұманды кеш.
Мұнарлы кеш

Сыбылық жаңбыр,
Күн тұман.
Оянбай жатқан секілді
Табиғат қалың ұйқыдан.

* * *
Мен кейде кереңмін,
Келмейді ешбір дыбыс құлағыма.
Мен кейде соқырмын,

Түспейді ешбір сәуле қос шырағыма.
Мен сол кезде жібермеймін
Естімей бір дыбысты.
Мен сол кезде көремін ашық көздерге

Шалынбайтын құбылысты.
Мен шыққан күнмен бір туғанмын,
Өйткені, менде оның көз нұры бар.
Мен табиғатпен бір туғанмын

Өйткені, оның менде өз нұры бар.
Мен аспанның бұлтымен бір туғанмын
Өйткені, менің көзімде оның жауыны бар.
Мен өзенмен бір туысқанмын

Өйткені, менің жанымда оның ағыны бар.
Бұлттар, бұлттар, бұлттар,
Жауарда менің қолымда сырқырайсың.
Шықтар, шықтар, шықтар

Тамарда менің көзімде жылтырайсың.
Олар маған бар сырын айтады да
Жырларымен өзінің достасады.
Тырналардай тырулап қайтарында

Күзгі жапырақ тілімен қоштасады.
* * *
Ағаш жапырағын лақтырады
Ескірген көйлегіндей.

Көктем туа жаңасын киеді
Шыға келеді жас болып
Көк өрімдей.
Аспан бұлттарын лақтырады

Қайта түлеп жасару үшін
Ағаш та екі көктейді,
Аспан да екі түлейді,
О, табиғат, сен неге екі жастық

бермейсің.
Үлбіреп тұрған жас ару үшін.
* * *
Аспан желсіз,

Жер көлсіз
Жабырқаңқы жел үнсіз.
Неге керек
Көк теңіз

Тұнып жатқан толқынсыз.
* * *
Жаңбырсыз жанып, күйді алап,
Шеңгелін салды шөл билеп,

Әкетгі бұлтты бұйдалап,
Тигізбей жерге жел сүйреп.
Саясыз ыстық тұрғызбай
Болды енді төзім таусылар.

Тасырлап таңда жұлдыздай
Әйнекті шертті тамшылар.
Дариға со бір тамшылар
Кенеттен жоқ боп кетті еріп,

Жел де бір әккі аңшы дәл
Жөнелді бұлтты бөктеріп.
Түсер деп жерге ойладық
Орнынан сонау күн ыршып.

Қола боп күнге қайнадық
Қапырық ауа тымырсық.
Жолды бөгеп байлады
Тандыр боп күйіп піскен жер.

Жалғыз гүл боп жайнады
Жалғыз тамшы түскен жер.
* * *
Сарыағашта түс кезі

Өртейді естен тандырып,
Қарайды күн мыс көзі
Жердің бетін жандырып.
Күн көзінен өртеніп

Бу боп ұшқан арықтар.
Мезгілінен ерте өліп
Құлайды кей ғарып тал.
Су сұрайды жалбыздар,

Су сұрайды қызыл жел.
Су сұрайды қарбыздар,
Су сұрайды жүзімдер.
Шіркін шипа сулары

Жер астынан атылып,
Жырлайды өмір туралы
Тірлікке елді шақырып.
* * *

Сексенде Алтын Жұлдыз алды,
Жұлдыз алар уақыты кеп.
Қуанады ұл-қыздары
Біздің бұл қарт бақытты деп.

Шал айтса да мың алғысты
Еңбегімді ескерді деп.
Ойлайды осы қуанышты
Мезгілінен кеш келді деп.

Терлеп-тепшіп жетер бақыт,
Талай жылдар сынап барып.
Көкірегіңе кетеді уақыт
Жұлдыз тағып, шырақ жағып.

* * *
Жылағың келіп тұрды да,
Тоқтадың жанға дақ салмай.
Ұқсаған өз бұрымыңа

Тарқатылдың ақ шаңдай.
Ойыңды білмей сенделгем,
Көңілде тыным болар ма.
Қысылмай-ақ сен менен,

Жыласаң етті одан да.
Жыламай қойдың сен неге,
Жан үнсіз енді, ән-жырсыз.
Бұлттарың қатып кеудемде

Қалдым-ау нөсер жаңбырсыз.
* * *
Қара көздей көктемнің күні күліп,
Бұлт та ойнайды сәулесі мын құбылып.

Таң атты деп аңқылдап самал есіп,
Аралайды даланы зыр жүгіріп.
Таңғы самал, жас самал, ерке самал,
Таң атты деп тарқатып ерте хабар.

Шашын сипап бетінен менше сүйіп,
Ұйықтап жатқан ақ ұлпа еркеме бар.
Қызыл шырша оранып құз бөктері,
Қыс жақындап барады күз өткелі.

Жас қайыңдар жағалай сапқа тұрған
Сұр шинельді солдаттай күзеттегі.
* * *
Тұңғиық тұнып жатқан қара түн ем,

Сен мені желпіп өттің қанатыңмен.
Көп жылдың көз жасымен күтіп едім,
Осы бір жолығысу сағатын мен.
Сен менің жазылмаған тың жырымсың,

Сен менің сайрамаған бұлбұлымсың.
Ассаң да талай жылдың қырқасынан
Сен менің ашылмаған бір гүлімсің.
Сені іздеп кең дүниені шарладым көп,

Шын сырым риясыз, жалғаным жоқ.
Ұялап жүрегіме бала құстай,
Әлі де келесің сен арманым боп.
О, тағдыр тарттың бірін арнап сыйдың,

Өзіңді бұл дүниеден таңдап сүйдім.
Түнімен сен туралы түстер көріп,
Түнімен төсегімде аунақшимын.
Жүрсек те баққа елден бұрын барып,

Қараймыз қарсы келсек тым ұрланып.
Жатады көкірегіңде толқын ойнап,
Жүрегім жапырақтай діріл қағып.
Алсам да атақ елден ақын деген

Мен саған жаза алмаспын татымды өлең,
Бір күні көз жұмарда күрмелер тіл,
Өзіңнің қасиетті атыңменен.
* * *

Жалын жоқ кейбір үйлерде,
Жазда да тұрар салқындап.
Сұрғылт күз, аппақ қыс болып,
Күлмейді бір де жарқылдап.

Ішіне тығып шер-мұңын,
Амалсыз күндіз көрінер.
Танымай кеште бір-бірін,
Түндерде жасы төгілер.

Іштегі қайғы атылып,
Бетіңе түсер жазу от.
Күрсінер босқа аһ ұрып,
Күлкі жоқ, еркін әзіл жоқ.

Шіркін-ай, сондай үйлерден
Қашты екен қайда жақсылық?
Өтті өмір қалай күйбеңмен,
Аулақтап арман, жақсы үміт.

* * *
Өлтірем деп ақынды,
Оқтар талай атылды.
Қарлығаштай су сеуіп,

Өмір оны шақырды.
Қолтығынан демеді,
Ақ арманы — ақ шабыт.
Өледі ме ол өлеңі

Тасқын селдей жатса ағып.
Бір көшенің атын ап,
Тұр ол туған қалада.
Желпіп жасыл жапырақ,

Ойнаған от самала.
Ақын атын аңыз ғып,
Айтады ұрпақ арттағы.
Ол көрмейді жалғыздық,

Ол да солдат саптағы.
* * *
Хош айтысты жиырма бес,
Отыз келді ойнақтап.

Қылт етеді қырда елес,
Шыңға шыққан, ойды аттап.
Қайда қайран жиырманың
Жалт-жұлт еткен іздері.

Торуылдап үй маңын
Гуілдейді күз желі.
Қайда кетті жылытпай,
Сәулелердің жүздері.

Қайда-қайда шыбықтай
Құшақтайтын қыз белі.
* * *
Бабалар артқа қалдырған

Оқимын сөзді құмартып!
«Жеті күн жауған жаңбырдан
Желіп өткен су артық».
Көргенде жаңа каналын,

Қарағанды — Ертістің.
Арманын тауып бабаның
Сезесің сойын сел күштің.
Әуелде үлкен қала Отырардан,

Кейіннен кіші-гірім шоқы қалған.
Өртеніп өзі күл боп кетсе-дағы,
Қаланың көкіректе оты қалған.
Тартады күзгі желмен дала күйді,

Қалдырды өшпейтіндей баба сыйды.
Арада мыңдаған жыл өтсе-дағы,
Көтеріп келеді ел Фарабиді.
* * *

Кеште үйіңнен шығарсың,
Көк кейлегің көлеңдеп.
Қақпа алдында тұрарсың
Әлденеге елеңдеп.

Түнде жалғыз жатарсың,
Таң атқанша түс көріп.
Талай ойға батарсың,
Жаз өткендей қыс келіп.

Дөңбекшірсің төсекте,
Ұйқың қашып ұрланар.
Уланарсың өсекке,
Сонда аяйтын кім болар.

* * *
Орманды даланы
Құшақтаған күз алып.
Дуылдап жанады

Жер беті қызарып.
Жалаулы тіршілік
Алаулы күз қандай.
Тұрғандай қымсынып

Ұялшақ қыздардай.
* * *
Ағаш та сары бұл жерде,
Суы да сары Келестің.

Сарғайып жатыр құм бел де
Сарғайтпай қояр емес күн.
Сары жапырақ — сары құс,
Тербеледі әнді айтып.

Сәулеңе деген сағыныш
Сені де кеткен сарғайтып.
Төменде қалды тау байғұс,
Төріне қонды күн биік.

Шалқая қарап шаңқай түс,
Мөлдірей қалды нұр құйып.

БОЗҚЫРАУ

Ұзатқан соң құстарды,
Күз адымы қысқарды.
Ақ бораннан ат мініп,
Келіп жетті қыс қарлы.

Келіп жетті қыс атпен,
Қысты қарлы құшақпен.
Қырау тұрып басыма.
Қалдым қысқа ұқсап мен.

ӘЛИЯ МЕКТЕБІНДЕ

Сұп-сұр болып көшеді бұлт аспаннан,
Сұрғылт бұлттай қаланған сұр тастардан.
Бетін шайып жаңбырдың тамшылары,
Сұп-сұрғылт үй мөлтілдеп тұр жастардан.

Қарай қалдым қадалып қақпасына,
Мен іздеген терең сыр жатты осында.
Батыр қыздың ерлігін баяндайтын,
Жазу тұрды оюлы ақ тасында.

Ол оқыған мектеп бұл бір кездегі,
Оны іздеп мен неше рет күн кезгелі.
Іргесінде мөлдіреп Нева жатыр,
Тұр жарқырап Смольный күмбездері.

Іздеп келген ағасын қанша қырдан,
Көріп,
Қазір Әлия қарсы алдымнан,
Шығатындай жүгіріп, арсалаңдап,

Басатындай бір сүйіп, аңсарын жан.
Сұрайтындай елінің амандығын,
Саумал көлін
Шилі өзен,

Самал қырын.
Қарай берем мектепке
Еш хабар жоқ,
Жолықпайды Әлия маған бүгін.

Жолықпайды
Ол бүгін.
Жолықпайды
Тұрмын жалғыз

Жүрекке толып қайғы.
Қуанышта кездесу орынына
Кездеседі бұл жерде болып қайғы.
Көк Неваның қара бұлт басқан күзін,

Көлегейлеп алыпты аспан жүзін.
Қарай берем тастарға, қарай берем,
Табам ба деп бауырымның басқан ізін.
Ішке кіріп, лебізін есіткім кеп,

Тұтқасынан тартамын есіктің кеп.
Қатал жылдар хабарлап жатыр маған,
Сөйлесуге онымен кешіктің деп.
Мәңгі мұздай нөсерге ерімеген,

Сөйлеспейді,
Ол бүгін меніменен.
Даусын алып бауырымның қалдың ба деп,
Тілдесемін Неваның желіменен.

Сөйлеспейді, желде үн жоқ, тұнжырайды,
Жасын төгіп, жабырқап күн жылайды.
Тұрмын құшып мектептің қабырғасын,
Көкірегімді жаныштап бір зіл-қайғы,

Кездесердей алыстан келдім ұшып,
Қолымды да алмайсың енді қысып.
Қыршын едің Әлия,
Қызғалдақ ең,

Жатырсың, енді әжімді жерді құшып.
Қайдасың, сен Әлия қарындасым,
Іздеп келді алыстан бауырласың.
Айқайлаймын шақырып,

Көрінбейді ол.
Түсті көзден домалап ауыр жасым.

ЛЕНИНГРАД АҚЫНДАРЫНА

Соққанда сойқан дауылдар,
Темірді ұнтап,
Тас жұтқан,
Қалдыңдар қалай, бауырлар,

Обыр оқ,
Жебір аштықтан.
Шапшыған ұйтқып жалындар,
Әр адым басқан жер көрдей,

Қалдыңдар қалай, бауырлар,
Жалынға сонда өртенбей,
Невадан басқа сенім жоқ,
Мұз ойған жұрттар, жата қап,

Қалдыңдар қалай өмір боп,
Бауырлар өлмей қаталап?
Қаланың үсті қанды түн,
Қаланың үсті қалың от,

Көкірегіңде жанды күн —
Өлеңдерің шамың боп.
Бір жұтым суды іштіңдер,
Бет тосып Нева желіне,

Трамвайлардан түстің де,
Аттандың майдан шебіне,
Бұйрығымен халықтың,
Бір өзіңе бұйырған

Сәулесін бөлдің жарықтың,
Безбенге түсті түйір нан.
Жолыңда орлар қазылды,
Жоқ қолда қағаз-қаламың,

Жүрегіңде сонда жазылды
Тарихы батыр қаланың.
* * *
Татьяна, Ольгалар ел есінде,

Қалды іздері Пулковтың дөңесінде.
Түсті олар аспаннан десант болып,
Матрос болды Балтықтың кемесінде.
Жүрді олар тағдырмен жұлқыласып,

Сыр бермеді дауылда сұрқы қашып.
Қан боранда Неваның мұзын ойып,
Су тасыды мойнына мылтық асып.
Бомбаларды жаудырды жау күнінде,

Ормандарда от болып жанды бірге.
Партизанмен күзетте қалды бірге,
Үзім нанмен үздікті тәулігінде.
Кейбіреуін таппайсың, жерден, көктен,

Болар мүмкін зымырап желмен кеткен.
Ұлы қырғын күндері ұмытылмай,
Жүректері жыр болды ел деп өткен.
* * *

Соғыста қалды оралмай,
Студент қанша достарым.
Тойларда бірге бола алмай,
Басқалар айтты тостарын.

Қызылорда вокзалы,
Ойменен тұнған түн есте.
Біреуің бетке ап Ломжаны,
Біреуің тарттың Брестке.

Әзілдесіп ойнаған,
Жөнелді желмен жастық шақ.
Сендерді кім бар ойлаған,
Қалар деп қатып тасқа ұқсап.

Телеграф сымдар жалғанбай,
Хат-хабар қолға тимеді.
Көрінді шамсыз қалғандай
Жан достардың үйлері.

Әр бірің бір-бір күнім ең,
Арманды қайран, достарым.
Тебіренемін түнімен,
Өткендей жырсыз бос таңым.

Келмеске сапар шектіңдер,
Келешек күнді қиялдай.
Өмірден ерте кеттіңдер,
Жар құшып, бала сүйе алмай.

* * *
Ростов қалып барады,
Менің он сегіз жасымның куәсі.
Ондай алып қаланы

Мен тұңғыш көргенмін туасы.
Бұл қала өртенеді деген
Ол кезде жоқ ойымда.
Шыныққан ерте денем,

Әскер боп Дон бойында,
Құм арқалап, ор қазамын,
Әрбір күн жылдан ауыр,
Бауырмал Дон казагы

Болған сонда туған бауыр.
Түн бойы көзін ілмей,
Түйетабан жапырақ жалбыраған,
Соғысты сезінгендей

Ростов қалғымаған.
Азовтың бұлты басқан
Бұлыңғыр бұ қалада,
Соғыс күндері сұрқы қашқан

Бұрын кеп түскен менің бұғанама.
Ростов қалып барады.
Самолет ағады —
Жарып ауаны.

Мен төменге қараймын,
Менің он сегіз жасым қалып барады.
Айқайласам оған даусым жетпейді,
Жылдар өткен өртеп ізін.

Қайта айналсам көрінбейді
Қайран менің он сегізім!
* * *
Баку.

Ескерткіштер көтерген жоталары.
Баку.
Түнде жанған вулкандай от аралы.
Каспий жерде күндей боп күркірейді,

Толқындары бұлттардай отамалы.
Жұлдыз, жұлдыз...
Басқа еш зат көрінбейді,
Толқын жалын толқытып жел үрлейді.

Имадедин Насими суреті
Мейманхана үстінде желбірейді.
Алты жүз жыл дүниеге ол туғалы,
Алты жүз жыл жырлады ел ол туралы.

Алты жүз жыл көз жасын көбік етіп,
Жоқтайды оны Каспийдің толқындары
Жүре алмады Ширванда,
Шемахында

Тарлық етті дүние кең ақылға.
Тоқтамыстың тоқсан мың қолы келіп,
Туған халқы тұрды оның көз алдыңда.
Көрді тағдыр қуғынын, азабын да,

Бағдаттың да қаңғырды базарында.
Адам деген құдай деп отырды ол
Өзінің бәйіті мен ғазалында.
Көнбеді ол ешкімнің әміріне,

Бас имеді табынып кәрі күнге.
Дарға асқанда тәкаппар тұрды ақын,
Мен,— деді ол,— жердегі тәңірің де.
«Құдай болсаң көрсет, деп қуатыңды», —

Сирияда өлтірді ұлы ақынды.
Батар айдай өңі оның бозарғанмен,
Шыққан күндей от шашты жыры ақырғы.
* * *

Екенсің жердей мықты
Сүйемін қарызыңның өтелгені үшін.
Сүйемін, Пенза, сені
Белинский мен Лермонтовты

Бала кездерінде көтергенің үшін,
Орманыңа
Отты бұлт түнеген
Белинскийдің жалынды сынындай.

Өзендерің күркіреген
Лермонтовтың дауылды жырындай.
Олардың өлімі де
Өмірге жақты шырақ,

Жүрген соң тірілердің көңілінде,
Олар басқалардан бақыттырақ.
* * *
Сәуледей ала көбе ақшамдағы,

Көшеді Түркстанның ақ шаңдағы,
Көрінеді Яссауи мұнарасы,
Көк бұлттың отауындай аспандағы.
Құйылған кембағалдар сел боп тері,

Атышулы мұнара жер-көктегі.
Көк сырлар Византия бояуы ма,
Болды ма, әлде, қазақ өрнектері?
Сақтаған қасиеттеп тастар атын,

Тарих па ерте кезден басталатын.
Кешкілік Қожахмет мазарына
Толғанып қарап тұрды Асқар ақын.
* * *

Майданның кештің қанды дауылдарын,
Арқырап асау күнде арындадың.
Көбіктей оқтын-оқтын күрсінгенде,
Жататын омырауыңды жауып жалын.

Соғатын долы толқын жарыңды ұрып,
Ол кезде кетуші едің жаңғырығып.
Тұнжырап көк орманың түнеретін,
Тұрғандай сенің кекті жаныңды ұғып

Басымды өзің үшін салып сынға,
Жағаңнан шықтым талай шабуылға.
О, Волхов, шаңқай түсте қадалып оқ,
Сорғалап қызыл қаным тамды құмға.

Қайыңның жұққан қаным қабығына
Тараған шығар бойлап тамырына.
Мен қазір барып көрсем сол араны,
Деп түсіп, жаза баспай танырмын ба?

* * *
Өтіпті-ау, Волхов, жиырма жыл,
Көрмегелі мен сені.
Жайқалыпты қырда гүл,

Қаныпты қанмен жер шөлі.
Кітабым болдың күнде ашар
Жатсаң да алыс жерде сен.
Өлеңім болдың сырласар,

Сусыным болдың шөлдесем.
Жалғыз қадам беріспей,
Жағада қанша жан қалды.
Ардағымен көріспей,

Аяулы қанша жар қалды.
Сүңгіді қара түнекке,
Жан достар қанша мерт болып.
Солардың бәрі жүректе

Сыздайды бүгін дерт болып
* * *
Назия өзенінің қабағында
Бір дөң бар тұрған ұқсап қарауылға.

Маршалдай жан-жағына көз салады,
Жатқандай қалың әскер қарауында.
Түнеріп терістіктің бұлты астында,
Боранмен қойнын ашып бұрқасынға,

Секілді өткен күннің ескерткіші,
Қабірлер қарауытып тұр қасында.
Сағым да құлаш жазбай қыр бүктеліп,
Көзге анық шалынбайды күңгірттеніп.

Жарқ етіп ағараңдап көрінеді,
Ойнаса найзағайлы бір бұлт төніп.
Айқасып сол дөңменен жебір дауыл,
Жантайған жанындағы небір қабір.

Солдаттай жарақаты құлпы тастар,
Бетіне із қалдырған жел мен жаңбыр.
Соғамын осы дөңге жылда айналып,
Ағады Назия өзен лайланып.

Қараймын қабірлерге қансыз, сөлсіз,
Қалғандай жүрек тоқтап, тіл байланып.
* * *
Жел желпиді толқынды қанатымен,

Уақыты жоқ Неваның алатын дем.
Әппақ түнде қарайды Петр жалғыз,
Аласұрып атылған ақ атымен.
Мүмкін оның есінде жауған оқтар,

Полтаваның түбінде жанған оттар.
Өзі тұрып қалғанда күндей болып,
Түндей болып ұшқан бір жарқанаттар.
Жер мен теңіз жалғасса аралығы,

Ол жұмыскер Петрдің даналығы.
Россияның ол тұңғыш зеңбірегі,
Россияның ол тұңғыш кораблі.

ТИХВИН

Тихвин жатты алдымызда,
Күндіз-түні ұйықтамаған дамыл көрмей.
Сірескен шинельдердей қанды мұзда,
Майданнан шыққан жаңа жауынгердей.

Олардың жара болып жатар дағы,
Қанша өлік бар Свирьдің өткелінде.
Маршал өзі солдаттай қатардағы
Майданның жүрді алғы шептерінде.

Тихвин тұрды алдында жар-қияның,
Өзгерді мұнда қанша командирі —
Дивизияның,
Армияның.

Соғыстың қасіретті қараң күні.
Адамның жанын, қанын азық еткен,
Борандай ойнақ салды өлім билеп.
Апанға жау бомбасы қазып кеткен

Өмірді арқалады өмір сүйреп.
Оқ тескен омырауын жалын қақтап,
Тұр қала қасарысып жанын сақтап.
Волхов пен Свирьдің ортасында

Қалың орман,
Қалың батпақ.
Күрсінген молалардан,
Дала дерттен.

Жер тұрсын
Алыс аспан жанады өрттен.
Фашистер күні-түн көз аштырмайды,
Оқ атып

Танктерден, самолеттен.
Фашисті қиратуға тез құлатып,
Жаттық біз
Амалсыздан

өз қаламызды өзіміз атып,
Қарадық қайран туған аспанға да
Жанса егер жау құзғыны
көз жұбатып,

Келсе де Тихвинді бітіргелі,
Жүрмеді бірақ жаудың үкімдері.
Қайта ұшып Тихвиннің түтіндері,
Білдірмей жер жыртығын бүтіндеді.

* * *
Петрищевода
Дарға асты Зояны.
Қарда өлді

Қарға тамған
Қан болып.
Краснодонда
Атылды жас Кошевой

Өлерінде —
Өртенгендей
Таң болып.
* * *

Күркіреп күндей зеңбірек,
Рейхстаг жанып жатқанда.
Қолыңда туың желбіреп,
Жалынды кештің ақ таңда.

Көрді таңдай жалауды,
Жаралы Берлин қан басқан.
Минутың сенің санаулы,
Адымың — ажал әр басқан.

Біресе өмір алыстап,
Біресе өмір жақындап.
Біресе саған дауыстап,
Біресе жанған шатырлап.

Жарасыз қаны тамады,
Жалында тулап ер жүрек.
Рейхстаг саған қарады,
Жанса да жаны елжіреп.

* * *
Кездестік август таңында,
Кездестік ала жауында.
Кездестік қара дауылда,

Кездестік сазды батпақта —
Назияның жарында.
Апталар жүрген ағытпай,
Ащы иісі шыққан шық термен,

Мойында асқан қамыттай,
Сұр шинельдер бүктелген.
Жөнелтілмеген хаттарды,
Жинайды жедел жел теріп.

Көресің жолда аттарды,
Танктей жатқан өртеніп.
Құлатып құз, жақпарды,
Көрмей түйір тас құрлы.

Қуалап сай, шатқалды,
Қан өзені аққан тасқынды.
Жоқ зеңбірек оғынан
Сау қалған шаршы метр жер.

Өткел боп тартқан қолыңнан,
Қираған быт-шыт көпірлер.
Таңдайда тұздай ащы жел,
Маңдайда тер моншақтар.

Алдымыз темір тасқын сел,
Үміттей кемпірқосақтар.

ЭРНСТ

Ауыр күнде шынығып,
Жігіт болды жетелі.
Серік етті, сыр ұғып,
Шиллер менен Гетені.

Қайнап қара дауылда,
Астында өсті ауырдың.
Сақтады ол жадында
Мұңды жырын бауырдың.

Жанады түнде қаралы
Жүрегі оның жалындап.
Эрнст Тельман барады,
Болашаққа адымдап.

* * *
Кешпедік қай түнде өткелді,
Баспадық біздер қай жерлерді.
Өлтірдік жау Людовиктерді,

Өлтірдік қаныпезер Каизерлерді.
Аяқтадық жорықты
Шпреиеден су ішіп.
Бетпе-бет кездесуге қорықты,

Өлді Гитлер у ішіп.
Көмілген оның жері жоқ,
Жерленген оның орны жоқ.
Жер бетінде көрі жоқ,

Гитлерден сорлы жоқ.
Маршалдар жыламады ма,
Солдаты өлгенінде,
Маршалдар құламады ма,

Солдатын көмгенінде.
Отанның айналып сауытты қорғанына,
Олар майданда бастады да,
Туған жердің айналды орманына,

Туған жердің айналды тастарына.
Болдым олармен от қоршауда,
Өтті олармен жорық та,
Жолда түнім.

Жолдас маршалдар,
Қазірде жоқ болсаң да,
Мен сендердің бәрібір солдатыңмын.
* * *

Мен майданға жүрерде,
Суға кеттің бауырым.
Судан басқа білер ме,
Қайда екенін қабірің?

Су бойында жаралы,
Қарлығаштар жүр ұшып.
Су күрсініп ағады,
Ыңыранып,

Ыңырсып.
Түн түнеріп келеді,
Оттан қалған күлдей боп.
Көңіліме сен едің

Ойнататын күнде от.
Ұйықтамаймын түнімен,
Менің жалғыз гүлім ең.
Шығар ма деп іздеймін,

Сені судың түбінен.
Жанымда енді дерт толып,
Жанарымнан тамды жас.
Суды айналып жоқ болып,

Кеткендей жас қарлығаш.

НИКОС БЕЛОЯННИС

Көкседі ол бостандықты,
Сол үшін шығарды үкім дарға асуға.
Өмірден тапты адал достар мықты
Сол үшін шығарды үкім дарға асуға.

Күнді сүйді
Сол үшін шығарды үкім дарға асуға.
Гүлді сүйді
Сол үшін шығарды үкім дарға асуға.

Азулы тордай
Қазулы ордай
Қабырғасы
Адам сүйегінен қаланған

Қашты ол концлагерь азабынан.
Сол үшін шығарды үкім дарға асуға.
Болды ол жазалы жан.
Өмірі келеді ол дарға асылып,

Қылмыскер боп туысынан
Қарайды алға асығып.
Үмітінің көгершінін
Шығармай уысынан.

Бірақ бүл ақырғы түн —
Соңғы демі.
Отыз жыл омырауда соққан жүрек
Қызыл көзді құзғынның болды жемі.

Көрмесін деп
Қараң-құра
Иммитостың тауына алып келіп,
Жау атқалы тұр

Қараңғыда
Машинаның фарынан жарық беріп.
Жоқ ешбір қауіп-қатер хабарында,
Афина жатыр ұйықтап таң алдында.

Жатыр ұйықтап
Қара түн қанатындай
Дауылдан дүрілдейді
Дала тынбай.

Түйдектеп сөз қамшысын үйіреді
Әрине жарақсызға
Жауы — батыр,
Көріп сол сойқанды сүм дүниені

Қалайша Иммитостың тауы жатыр?
Жиырма төрт винтовка
Тік көтерілді
Жан алуға

Жиырма төрт винтовка
Тік көтерілді
Төрт адам тек іліккен қарауылға.
Алда тұр Белояннис

Ақ көйлегі ағараңдап.
Жалынды атылды сөз
Жанғандай жүрегінде таң алаулап:

— Аз емес Грецияда мола саны,

Солар өз рухымен
Кейінгі күрескерге жол ашады.
Жасасын Элладаның еркіндігі,
Жасасын Элладаның болашағы!—

Белояннис сөздерін ала қашып,
Соқты дауыл нөсермен араласып.
Жиырма төрт оқ
Жиырма төрт винтовканың тұр ұшында.

Төрт өмір,
Төрт жүрек,
Жанған көздер,
Арман сөздер

Ажалдың уысында.
Жиырма төрт винтовканың ауызында —
Оқ құзғындай.
Жиырма төрт винтовканың ауызында —

Төрт жүрек —
Төрт жұлдыздай.
Тасалап сұмдық шіркін
Тұр сұмдықты!

Ай кетті бұлтқа батып.
Қаны сорғалаған бұл шындықты
Жүгірді жел
Жағалай жұртқа айтып.

МТАЦМИНДА

Тербеп жанын терең бір күй,
Батқан бұл тау ауыр мұңға.
Акакий Церетели
Тебіренген қабырында.

Мтацминда әйгілі атау
Грузия қуаты бар.
Мтацминда — әулие тау
Жатады онда ұлы ақындар.

Түндер бойы ол жарқырайды,
Шырағымен жыр отының,
Жас гүлдері қалтырайды
Жүрегіндей Суликоның.

Церетели шақырады,
Қасиетті сол шоқыға.
Грузиннің ақындары
Барады оған жыр оқуға.

* * *
Орал ормандары,
Пугачев өткен жолдар кәрі.
Сары күз.

Сары жапырақ,
Дір-дір еткен қалтырап.
Орал ормандары,
Бауырында көк Шаған

Тоқай жүрген орамдары,
Айтар өкпем жоқ саған.
Орал ормандары,
Жаратылыс жасындай

Кімдер көріп толғанбады —
Абдолла мен Қасымдай.
Орал ормандары,
Кетсек сенен шет, айып,

Болған сенің қорғандарың,
Пугачев пен Чапаев.
Орал ормандары,
Пушкин келіп тоқтаған.

Борышымыз көп саған.
Есенин сені көрмей-ақ,
Жырға қосқан-ау, көк Шаған.
Орал ормандары,

Көңілдің армандары.
Жүректің болған әні,
Жазда түске енетін жасыл құстай.
Көңілдің көк мұнары,

Орал, сенің үстіңнен өтеді,
Қазақстаннан Москваға
Баратын жолдың бәрі.
* * *

Қиялда жүрген дыбыстай
Құйқылжиды құс әні,
Ашылады туыстай
Шағанның жасыл құшағы.

Бұлттан меруерт шашылды,
Тағынды қыздай таң гүлі.
Жуады менің шашымды,
Ойһой, Орал жаңбыры!

* * *
Көріндің Орал қамалдай,
Көріндің Орал даламдай.
Көріндің Жайық анамдай,

Арманым не өзіңе
Құйып өтсем Шағандай
Жағаңда сенің жүгірсем,
Сарала кеште самалдай.

* * *
Тап болғам жоқ тосыннан,
Айтарым, Жайық, көп саған.
Өзіңе келіп қосылған

Мен де бір кіші көк Шаған.
Жағаңда, Жайық, қалған көп,
Жанының отын жаға алмай.
Ұрпақтарға арман боп,

Баяғы ата-бабамдай.
Жаңбырды күткен қайыңдай
Аңсарым бір басылмай.
Сағынармын Тайырдай,

Сағынармын Қасымдай.
Сағынармын сарғайып,
Пушкин жұтқан күз лебін.
Сағынармын сарғайып,

Тоқайдың жүрген іздерін.
Пугачев болып аһ ұрдым,
Басымды тосып балтаға.
Чапаев болып атылдым,

Толқынды тиеп арқама.
Жүрегінде ұшқын өрт,
Жүрегінде қысқы дерт.
Пугачевті іздеген,

Өзіңе, Орал, Пушкин кеп.
* * *
Шағанда бұрын болмағам,
Шағанды жырда толғағам.

Шаған шаңқай түсімен
Көрсетеді жол маған.
Қайда алып барасың,
Жайық-Шаған — қос өрім.

Қайта еске саласың
Шаруалардың көсемін
Пушкинді де жоқтатпай,
Тоқайды да жоқтатпай,

Барасың алып қиялды
Дедектетіп, тоқтатпай.
Чапаевтың туындай
Түнде жанды оты айдың.

Жиырмадағы жырындай
Қыршын кеткен Тоқайдың.
Жаныңды мыңға бөлшектер,
Өмірдің қанша жолы алда.

Солардың бәрін өлшеп көр,
Оралға сен орал да.
* * *
Оралдың күзгі орманы

Сарала күздің түсіндей.
Тартты кеп достар қолдары
Аспаннан жерге түсірмей.
Көзімен көзді суарып,

Сөзімен сөзді суарып.
Қарсы алды Жайық қыздары
Гүлдердей қызыл ту алып.
Тәтті бір ұйқы сағаты,

Күзеткен қыздар таңды ояу.
Тотының түсті қанаты,
Қолында гүлдер сан бояу.
Құшақтаған алыс қиырды,

Оралсын орда ата бақ.
Өзен боп көзден құйылды
Өзіңе деген махаббат.
* * *

1919 жыл.
Ілбішін.
Сентябрь түні.
Қараңғы.

Қараңғы көрдей
Таң алды.
Атылған оқтай
Күзгі ызғар

Келеді қаптап,
Сол түңде
Қап-қара бұлттай
Құзғындар.

Чапаевтың штабын
Басты кеп жаулар қапыда,
Аһ ұрып қалды Чапаев,
Кие алмай бұлттай буркасын,

Міне алмай ақ боз атына.
Чапаев қарсы атылса,
Тұншығатын от алмай,
Ұрланып жаудың зеңбірегі,

Жаудырды оғын топандай,
Алдырмады тынысты,
Ажалдай уақыт
Тар, тығыз.

Он сағат бойы алысты,
Алты мыңмен алты жүз.
Пулеметтің оқтары,
Ең соңғы рет атылды.

Чапаев шашып от қанын,
Жинады күшін ақырғы.
Атылды жардан ол тура
Табысты Жайық жарымен.

Сүңгіді суық толқынға
Қып-қызыл ыстық қанымен.
* * *
Чапаев жорық жолында,

Астында қардай ақ боз ат.
Қосылған оның тобына,
Исатайдай көп қазақ.
Қара бұлт қара желеңі,

Ақ боз аты ақ таңдай.
Жотада желдер желеді,
Чапаев келе жатқандай.
Кеш келіп мен қалғандай,

Кеземін Жайық жиегін.
Табылмай кеткен армандай,
Табылмай кеткен сүйегі.
Қара желең —

Қара бұлт.
Ақ боз аты —
Ақ таңдай.
Жайықта қызыл қаны ағып,

Чапаев тулап жатқандай.
* * *
Астым талай тарихтың шоқыларын,
Ерлік жайлы дастандар оқығаным.

Тарту етті Чапаев ауданында,
Чапаевтың сүйген жас топырағын.
Соңғы топырақ бір гильза қуысында,
Соңғы топырақ

Чапаев тынысында.
Тағдыры оның тұрғанда қыл ұшында,
Соңғы топырақ кетті ме уысында.
* * *

Балалық та батырдай
Ойша кешіп от тозақ,
Чапаевтың атындай
Міндік талдан ақ боз ат.

Шаптық шаңды боратып,
«Жау» апшысын қуырып.
Ат үстінен оқ атып,
Ағаш семсер суырып.

«Жау» анталап қамады,
Қапылыста түнгілік.
Чапаев боп жаралы.
Сырдарияға сүңгідік.

Болса да ойын со тұста,
Көрінсе де ол жат қылық.
Кешегі зор соғысқа
Бардық солай жаттығып.

ҚОС ТАҒДЬІР

І

Толқыны шапшып Жайықтың,
Толқытады жас талды.
Қанатын қара жайып түн,
Қаусырады аспанды.

Жеңілтек жел дыз етпе,
Бірде үнсіз,
Бірде жылауық.
Оралдың түні күзетте,

Көз жүмбайды бір ауық.
Төбеттей ұлып арсылдап,
Құзғындар төніп алыстан.
Қан аңсаған қалшылдап,

Жортқандай түнде арыстан.
Қап-қара түнде нұр сөніп,
Көрінбей кеткен жұлдыздар.
Қап-қара түнде түн болып,

Қаптайды қара құзғындар.
Чапаевтың қалды ізі,
Секілді өшпес ой-арман.
Жайық бір бейне таң жүзі,

Қып-қызыл қанға боялған.
Чапаев өлер шағында
Чапаевты ұқтырып.
Атылды Жайық жарынан

Қарсы алды толқын тік тұрып.

ІІ

Торала бұлтқа толды айдын,
Көк көзінен жас тамды.
Сонау бір жылы Торғайдың
Жайықтай таңы басталды.

Айналады құрдымға,
Кемерінен көл кеміп.
Сайрамайды бұлбұл да,
Секірмейді ерке елік.

Кейде соққан дауылдан
Дөңгелейді жер көшіп.
Дем алады жалыннан,
Отқа ернін шөл тосып.

Тау мен дала тастарды,
Кейде өткендей сел көміп.
Аспан жұтып аспанды
Жер кеткендей жерге еніп.

Кейде дауыл үйіріп,
Тигізбейді табанды.
Көк өзенге жүгіріп,
Өліктерден тартады

Лақтырып сый-таралғы.
Мынау не, таңмен аралас,
Бұрқ ете түскен от-жалын.
Мынау кім төсі жалаңаш,

Айқара құшқан ат жалын.
Құзғындар қырда толып жүр,
Жыландай сусып жатыр құм.
Жүрегі жанған соғып тұр

Аманкелді батырдың.
Бірі Жайық бойында,
Бірі Торғай сайында,
Қосылысып қос тағдыр,

Өтеді бастап әскерін
Туған елдің тойында.

ҒАБДОЛҒА

Сен жоқсың —
Сайранды салатұғын,
Таксиді байлап қойып,
Қақпаны қағатұғын.

Сен жоқсың —
Үстіңнен өтіп жатыр
Өлеңін жазып бұлт.
Саған керегі жоқ

Титімдей темекі мен
Азғантай азық-түлік.
Сен жоқсың —
Алғандайсың көп жүріп,

Жана тыным.
Жатырсың жамылып
Алматының ала түнін.
Сен жоқсың —

Басатын «Балғынкөлге».
Жатырсың тоң астында
Тарғыл белде...
Баладай көңіліңмен

Қалдың елде.
* * *
Құлады ол қырдың басынан,
Жүгірген шақта жалауды ап.

Ал кейін дулығасына
Гүл шығыпты алаулап.
Аты оның болды Анттай,
Шабуылда сол күнгі...

Тұр ма қорғап солдаттай
Сол дулыға сол гүлді.
Дауыл болып күнде соқтың,
Бір күн бармын, бір күн жоқпын.

Таңғы бұлттай жанып, лаулап,
Ортасында жүрмін оттың.
Көз жасымды қорек етіп,
Қасіретімді өлең етіп.

Өткелсіз бір дариядан,
Өкпем өшіп, келем өтіп.
Күрсінсем қақ айрылды бел,
Сақал-шашым кетті ағарып.

Көтере алмас қайғымды жер,
Күңіренбесем көкке барып.

МИЛЛИАРД

Алып күшті диқандар шың тұлғалы,
Жатты ма әлде жыр жазып тың туралы.
Қара мақпал қою түн қойынында,
Жер оттары жұлдыз боп жылтылдады.

Миллиард үшін басталып жаңа жорық,
Бірге аттанды кәрі, жас бала болып.
Қызыл қырман таулары қырда орнап,
Тербетілді тың күйге дала толып.

Құбылмалы болса да күз ызғарлы,
Жылытты оны диқанның қызу қаны.
Жал-жал болып жонында аңыздардың,
Комбайншы ерлердің ізі қалды.

Бір мен миллиард қанша алыс аралары,
Біледі оны кішкене бала-дағы.
Бірден бастап миллиардты жалғыз аттап,
Жанды бүгін қайтадан дала бағы.

МИЛЛИАРДТАН МИЛЛИАРДҚА

Миллиардтық бірге ағып ағынымен,
Миллиардың шомылып жауынымен.
Жаңғырады кең дала, жаңғырады,
Миллиардтың нық басқан адымымен.

Дабыл қағып Кремль сағатымен,
Миллиардтың жарқырап жаңа атымен.
Қазақстан — мекені миллиардтың,
Ракетаның самғайды қанатымен.

Жұлдыздардың жаралған жарқылынан,
Күзгі ауада жүзеді шалқып ұран.
Миллиардпенен жыл сайын жүлдені алып
Қазақстан танбайды қарқынынан.

Миллиард жолы болған жоқ тегіс мүлде,
Жетті ерлер бусанып жеңіс күнге.
Толқиды алтын миллиард мұхиттарда,
Толқиды алтын миллиард жер үстінде.

Көтеріліп қолдардай дән сабағы,
Шат күлкідей шарықтап таң самалы:
«Қазақстан, миллиард, миллиард»,— деп,
Мұз балақтай саңқылдап жар салады.

Қара-суық, қар-боран қиын шақта,
Берік болып шықты ел биік антқа.
Қыран дала дүниені дүбірлетіп,
Миллиардтан самғайды миллиардқа!

* * *
Бақытым ба, сорым ба?
Ұшырастың сен келіп.
Басты тіктім жолыңа,

Көштім сеңдей сенделіп.
Алдың ұрлап күлкімді,
Бұздың түнде ұйқымды.
Түсімде де арбадың

Желдей желпіп сиқырлы.
Кететіндей жарылып,
Артық-артық сөйлесем,
Торсаңдамай тарылып,

Кешіре сал, кейде сен.
* * *
Тереңге де сүңгімей,
Биікке де шыға алмай,

Қыстан қалған сүңгідей,
Күзден қалған тұмандай.
Мұхитты жүрміз терең деп,
Тереңді көрмей ұйып тек.

Өзіміз жүріп төменде
Ойлаймыз көкті биік деп.

АУЫЛДАҒЫ КИНОДА

Ол кезде кино жаңалық,
Ауылдың кәрі-жасына.
Шығып ап біздер қарадық,
Ағаштың ұшар басына.

Жұмыс жоқ онда... бұтақтар,
Тартқылай берсін жейдені.
Ашылды дана кітаптар —
Ауылда Ленин сөйледі.

Алақандай пердеге
Кетті бір сыйып кең өлке.
Ораған оқтар кеудеде
Қара да құра көлеңке.

Бұл майдан болар ақырғы,
Сілтейтін семсер суырып.
Түстері суық қатулы
Түюлі зілдей жұдырық.

Өтті Торғай арқылы,
Революция бар күні.
Көк толқынның гүрсілі,
Найзағайдың жарқылы.

Өтті Торғай арқылы
Көк темірлі кекті Отан.
Қаптаған сел қарқыны
Қара түтін, өрт топан.

Түнді түріп қалғыған,
Жанды қызыл таңғы оттар
Лениннің алдынан
Өтіп жатты солдаттар.

Ақ алмастар жарқылдап,
Үзеңгілер сартылдап,
Бара жатты батырлар
Жауды қуып алқымдап.

Ескі дүние жасарып,
Туды жаңа таң жазы.
Тұрды көзге жас алып,
Аманкелді сарбазы.

Жұмыс жоқ онда... бұтақтар
Тартқылай берсін жейдені.
Ашылды дана кітаптар —
Ауылда Ленин сөйледі.

ШАБЫТ ҚҰСЫ

Күндізгідей жарық түсі
Көкірегімнің қонағы.
Менің досым — шабыт құсы,
Көтеріл сен, жоғары.

Көрмейсің бе, қамшыны әсем,
Бедерлеген бұлт өріп.
Көрмейсің бе, тамшыны сен
Мөлдір моншақ тұр төгіп.

Жапырақты шалған нұрдай
Жүрегімде дірілдеп.
Сосын жазғы ақ жаңбырдай,
Сел болып өт дүрілдеп.

* * *
Кешір мені, кешір мені,
Жараланса көкірегің.
Кешір мені, кешір мені,

Көз жасыммен өтінемін.
Кешір мені, кешір мені,
Жүрегіңе кек толтырмай.
Көк теңіздің төсіндегі

Мінезімді көк толқындай.
Көздің соңғы жасын құйып,
Өз қатемді ұғынамын.
Алдыңда енді басымды иіп,

Аяғыңа жығыламын.
Жалынамын, бағынамын,
Табынамын, айыптымын.
Тұрмын, міне, ар-иманым,

Құшағымды жайып бүгін.
Ант етемін ай алдында,
Ант етемін күн алдында.
Жығыламын аяғыңа,

Мен осылай құладым ба?!
Жалғыз күнім болдың өзін,
Сенсіз керек несіне жер.
Қанды жасқа толды көзім,

Кеше білсең, кешіре гөр!
* * *
Жер бауырлап жатып алған жел шөгіп,
Қайта атылып айқасардай төнсе бұлт.

Жарын күткен ақ көйлекті арудай,
Жағалауда жас қайың тұр теңселіп.
* * *
Қарапайым жай адамша жер басып,

Келеді Ленин кең құшағын елге ашып,
Туады оның атыменен жаңа күн,
Сол күндермен барамыз біз өрге асып.
* * *

Жүзден де өтемін деп сыр алдырмай,
Жүйткіді қырдың жүйрік құланындай.
Мерт болды орта жолда қайран ақын,
Жыры тұр шыңның шыбық шынарындай.

* * *
Ілиясымның көзіндей,
Сәлімжанымның сөзіндей.
Достардың бағы,

Мерейім,
Өзімнің Сәлімкерейім.
Ақ шуақ бұлттар ойнаса,
Ақ бұлақ тойын тойласа.

Қалайша әнім демейін,
Ақ шуақ Сәлімкерейім,
Ақ бұлақ Сәлімкерейім.
Қырғыздың Алатауында,

Кездессе қара жауында.
Дейтұғын: жаным, жебейін,
Өзімнің Сәлімкерейім.
Жердей өзі сабырлы,

Қарсы алған долы дауылды.
Жүгіңді арт,
Ауыр демейін,
Өзімнің Сәлімкерейім.

Бір өзенмен бір ағып,
Нұрқанды шөлде суарып.
Таныған әннің көмейін,
Өзімнің Сәлімкерейім.

Қалайша әнім демейін,
Қалайша жаным демейін.
Биік те болса аласа,
Сыпайы Сәлімкерейім.

Сүймейтін даңқ-дабылды,
Көтерген нардай ауырды.
Жырымды саған берейін,
Өзімнің Сәлімкерейім.

Өзімнің барым, мерейім,
Өзіңе тағы не дейін.
Өзгеден сені қызғанам,
Өзімнің Сәлімкерейім.

* * *
Қап-қара бұлттай көңілім,
Қап-қара бұлттай айнала.
Қап-қара бұлтты қанжардай,

Қақ айырар,
Қайда,
Аға!?
Қап-қара бұлтты сөгетін

Көктен түскен жасын боп.
Жүрегін жарып беретін,
Қасымда ақын Қасым жоқ.
* * *

Ақсақал отыр ақ шыңдай,
Жолы жоқ өткен теп-тегіс.
Жалғанның жаны жартысындай,
Көңілі жатқан көк теңіз.

Табысып туғам даламен,
Тұрады ол таңда ай кетпей.
Қалады таза ауамен,
Жуылып жаны әйнектей.

* * *
Көрінеді кей кезде,
Гете жаңа өлгендей.
Жас толтырып көздерге,

Бетховен жаңа сөнгендей.
Көрінеді кей кезде,
Пушкин қайта келгендей.
Ойнатып отты сөздерді,

Лермонтов үйге енгендей.
* * *
Лермонтов атылғанда
Аспан ойнап,

Өзінің аласұрған жырларындай,
Өкіріп өзен тулап,
Тастар қайнап,
Табиғат еңіреген,

Тебіренген туғанындай.
Көзінен сөнерінде жалын-шырақ,
Ешкімді шақырмастан бауырсырап.
Өзінің тағдырындай бір кездегі,

Жатыпты ұлы Горький дауыл сұрап.
Хафиздің бетке алып құбыласын,
Иерде ұлы Гете ұлы басын:

— Аш!— депті келініне!— терезені,

Көруге күннің соңғы шұғыласын.
* * *
Балалық шақта көргенді,
Келемін әлі ұмытпай.

Балалық шақтың көлдері
Толқымаған тұнықтай.
Балалық шағым жадымда
Шық көмген таңғы шөптердей.

Терезенің алдында
Қауіпсіз жүрген кептердей.
Көңілді кейде жұтатқан,
Жылдарға есте тең айы.

Жетілік шамды тұтатқан
Жерімнің сараң жер майы.
Балалық шағым жадымда,
Бойымда сол күн қаны бар.

Сүңгітіп бұлдыр сағымға
Оралар қайта шағы бар.
* * *
Күндерді аңсап кеше өткен,

Бұлдырап көзім тұмандай.
Бір таңда тастай төсектен
Қалар ма екем тұра алмай.
Ұша алмай өлең құстарым,

Шегелесе жел екпек.
Күлер ме екен дұшпаным,
Өзіңе осы керек деп.
* * *

Қараңғымын ұйқыда қара түндей,
Сәулелер жылтылдайды тек түсімнен,
Қуырылып, қусырылған дала тілдей,
Іздеймін кең аспанды көк құсымен.

Қалғанда күн секілді көзімді ашып,
Өзіме болғандаймын өзім ғашық.
* * *
Көңілін жұрттың бос тастап,

Бір жақсы елмен қоштаспақ.
Болмаса да кемеңгер,
Ауылда жүрді ол көш бастап.
Даланың асу жонында,

Даланың шаңды жолында.
Құс жолындай созылған
Іздері бар оның да.
Ұлдарың жылап сені іздер,

Қыздарың жылап сені іздер.
Сарқылмас өмір бұлағы,
Тартылса да теңіздер.
Тірлікке жайған тамырын,

Жоғалтар қай жаз, қай көктем.
Түсіне енер жарының
Ай болып түнде әйнектен.
* * *

Қап-қара бомба түскенде,
Қап-қара түн боп күндізім.
Қап-қара түн ішкендей,
Көре алмай қойдым күн жүзін.

Ажалдың обыр орағы
Орманды отап, опырып.
Соғыстың соқты бораны,
Ішінде шулап оты ұлып.

Соғыстың жұттым жалынын,
Отына күйдім тамұқтың.
Сонда мен білдім қадірін
Тірліктің оты — жарықтың.

* * *
Оқтың астында жатқан күнімді,
Мен несіне сағынамын.
Оттың ортасында жатқан түнімді,

Мен несіне сағынамын.
Жетектеген ілгері
Оң жолымды сағынамын.
Қалған жансыз сүлдері

Сол қолымды сағынамын.
* * *
Айтылған сөз қисынсыз,
Қаңғыбастай үй-күйсіз.

Қисынды сөз іздейміз
Күндіз-түні ұйқысыз.
Тарылған түн ауасы,
Әрбір сөзді таба алмай.

Әрбір сөздің арасы
Алынбайтын қамалдай.
Жатамын ба таң қалып,
Көріне ме гүл қыздай.

Тұр ма әлде шам жағып,
Өлеңдерім жұлдыздай.
* * *
Өлең сөзде жоқ болса аялдама,

Бас мақала, иә, ол баяндама.
Сиқырымен аспаны алдында тұр,
Цифрымен қостауға даяр дала.
Сол баяғы таптаурын — тапталған ой,

Маңырайды репортаж ақпардан қой.
«Жай мақала болмасын,— деп,— шығармам»,
Бальзак бір кез солардан сақтанған ғой.
* * *

Соғыста жүрмін қан кешіп,
Әр минут мұнда санаулы.
Талайдың оты қалды өшіп,
Қасқайып алған қамалды.

Қан болды талай көк жейде,
Жеткізбей өмір – жол алыс.
Елестеп жалын боп кейде
Жүректе жортты жолбарыс.

* * *
Жасыл бұлты жаңбырдың,
Жаумай бізге өтеді.
Өзіңдей қатал тағдырдың

Тар окоп солдат мекені.
Қарыс жапқан қабағын,
Қонбайды ырыс-құт елеп.
Ашқан істік аранын

Айнала тор тікенек.
Алдырмайды деміңді
Қан сасыған қызыл от.
Көр жапқандай көңілді,

Тіршіліктің ізі жоқ.
Құлаған аспан жаны ұшып,
Жер-жерімен жабысып.
От пен оттар алысып,

Оқ пен оттар жарысып.
Отқа күйген мыстай боп,
Кетеді алыс күн батып.
Жаралы бір құстай боп,

Шулайды өзен суды атып.
Теңіз шашып көз жасын,
Толқынымен уыстап
Өзі алады өз басын

Көбігімен қылыштап.
Ормандар оқпен от алып,
Орнында қалды шоқ көмір.
Дүниені жатыр қопарып,

Дүрілдеп жанып от-темір.
Қамшы өргендей қайыстан,
Қара жер белі қайысқан.
Жаралы жауынгерлердей,

Жаңа шыққан сайыстан.
Өзен толқып, шығандап,
Атылады алысқа,
Толқын тулап, ұрандап,

Шақырады намысқа.
Азынайды, сарнайды,
Шағаладай шуылдап.
Тулап тыным алмайды,

Жай оғындай зуылдап
Үйретті мені ауыр жол,
Алыста ата мекенім.
Үйретті маған ауыр жол,

Өмірдің тәтті екенін,
Өмірдің қатты екенін.
* * *
Алдыма тосқан таң нұрын,

Туған жер менің тағдырым.
Алғашқы көрген аспаным,
Алғашқы көрген жаңбырым.
Алғашқы көрген құздарым,

Алғашқы тоңған мұз-қарым.
Алғашқы ішкен сусыным,
Алғашқы татқан тұз-дәмім.
Алғашқы көрген жапырағым,

Алғашқы басқан топырағым.
Өзге өлең көп болса да,
Бірінші сенсің өлеңім.
Өмірде жаттап, тоқығаным,

Алғашқы менің оқығаным.
* * *
Батпақтай жүре алмайтын басып адам,
Өлең бар шалшық судай шашыраған.

Өлең де ізгі жанды бір ана ғой,
Барлығын өгей тұтпай асыраған.
* * *
Үйіріп жалпақ даланы,

Жүйрік поезд ағады.
Разъездер қалады,
Станциялар қалады,
Жүйрік поезд ағады.

Қалалар оты жанады,
Вагонның әйнектерінде.
Кейде қыздар қалады,
Қол бұлғап сай бөктерінде,

Жүйрік поезд ағады.
Солардан басталған
Менің асуларым да,
Менің өтегін өткелдерім де.

Бұлдырап артта қалады,
Қардай жаңа еріген,
Даланың тау,
Көлдері,

Өмірдің құз-өріне
Келеді алып жол мені.
* * *
Мені мен саған,

Сені мен маған
Мақтаудың не керегі,
Даттаудың не керегі?
Өз жаныңның сотында

Өз арыңа жүгініп,
Өз жырыңның отына
Жатсаң болды жылынып.
* * *

Алдында қалтырадық
Айтулы дәрігердің,
Бәрін де қамтып алдық
Ол айтқан дәрілердің.

Жазардай бәрі бірдей
Уландық дәрілермен.
Дәріні уағыздаған,
Қоштастық дәрігермен.

* * *
Далаға төсек салдырып,
Жамбасты төсеп тас-құмға.
Төбемнен жұлдыз жаудырып,

Жаттым мен аспан астында.
Ілмедім кірпік ұйықтамай,
Майданға кіріп шыққандай.
Таңда тұрдым жарық боп,

Түнімен жұлдыз жұтқандай.
* * *
Бұрқансам дауылдай,
Жыласам жауындай.

Қол тыртығы жазық боп,
Келеді әлі жабылмай.
Тұрғандай үңгіп қолымды оқ,
Соғыстың жүрген жолы боп.

Шұп-шұңқыр қолым қалғандай
Соғыстың қазған оры боп.
Шақпас та едім мұңымды,
Өтпесе күндер тоқтамай.

Сонау өткен түнімді,
Қояр едім жоқтамай.
Сыйы сол тағдыр арнаған,
Ерте тудым, кеш жасап.

Қояды поезд заулаған
Жаяу күнді еске сап.

ТЕРЕК

Қалижанға
Секілді албырт өлеңің,
Биікке тартқан қырды асып.
Өзің бір еккен терегің

Тұр бүгін бізбен сырласып.
Көбіктей мөлдір күлкілі,
Жапырағына нұр ұйып;
Шаншылып күміс кірпігі,

Қарайды түсте жымиып.
Тұрады ол сынып-үзілмей,
Асылса мейлі жел келіп.
Тұңғиық көктің жүзіндей

Тұнады бір кез тербеліп.
Жастанып туған жаңа айды,
Жамылып таңғы арайды,
Жапырақтары мөлдіреп,

Көгілдір көзбен қарайды.
Көрмесе құстар аңсаған,
Бұтақтар қанша самсаған.
Кетеді жайлап ден алып,

Кезінде талып шаршаған.
Құстардан тыңдап әнді ұзақ,
Тұрады терек маужырап.
Шайқады дауыл сілкілеп,

Сыр бермеді қалжырап.
Жанды оның жұлдыз бүршігі,
Таң алды қызғылт
бұлттардай.

Көңілде қалмай кіршігі,
Мөлтілдеп түрған
шықтардай.
Сол терек ұқсас тағдырға,

Бар онда кеш пен ала таң.
Бар онда тағдыр — балапан,
Алысқа жайған алақан.
Кешеді ол көлдей сағымды,

Алысқа көзін жіберіп.
Кешеді ол мөлдір жауынды,
Көк ала шыңдай түнеріп.
Ашулы шалдай барқырап,

Аязды қанша қыс қалды.
Жаз сүйді оны жарқырап,
Сайратып әнші құстарды.
Құнарлы болып топырағы,

Осы бір терек тапты орын.
Күнменен ойнап жапырағы
Көтереді ақ торғын.

ТОҚАЙҒА

Кәрілік жайында өлең жазып,
Өзің кәрі болмай кеттің.
Махаббат жайында өлең жазып,
Өзің ешкімнің жары болмай кеттің.

Тек қана қазақ үйінде,
Бөлендің көңіл қызығына.
Тойдың қазақ уызына,
Қандың қазақ қымызына.

* * *
Сені мен мен
Мені мен сен
Топырақтай

Шөптейміз.
Сені мен мен
Мені мен сен
Бірінсіз бірінің үні жоқ.

Бірінсіз бірінің күні жоқ.
Бір туысқан
Күн батыстан,
Күн шығыстан

Табысатын
Жер мен көктейміз.
* * *
Жүгіремін

Аспаннан тамса
Меруерттей мөлдір моншақтар.
Жүгіремін
Жерменен көкте

Керегедей
Тартылса кемпірқосақтар.
Жүгіремін
Алғашқы жауған жас қарға,

Алғысымды
Айтамын сонда ақ қарын берген аспанға.
* * *
Кейбіреулер ақ жанды,

Жаңа жауған ақ қардай.
Саған төнген қанжарды
Кеудесімен қаққандай.
Біреу құрттай қап-қара,

Іштен үңгіп жейтұғын.
Өзі өлтіріп жап-жаңа,
Кім өлтірді дейтұғын.
* * *

Жағалаулар сұрайды
Толқындарды тулаған.
Шағалалар сұрайды
Жел қанатын зулаған.

Сенбе желге,
Көлге сен.
Біріне-бірі қарыздар.
Сұрағанын бермесең

Олар да кейбір адамдай,
Боратып атар арыздар.
* * *
Самед Вургун айтқандай;

Өлімге несін асығам.
Жағаға келіп қайтқандай,
Толқындай жарға асылам.
Әлі көп менің жасарым,

Теңіздей толқып
тасамын.
Кейбір композиторлар,
Менің өлеңіммен

Бастар алғаш жас әнін.
* * *
Түнгі трамвайлар,
Менікі емес,

Сенікі,
Екі мыңыншы жыл,
айлар
Менікі емес,

Сенікі.
Аймен бірге жүзетін
Самолеттер сенікі,
Жерді судай сүзетін

Жаңа оттар сенікі.
Мен көргенмін кезінде
Тулағанын тереңнің,
Құлағанын жұлдыздың,

Жылағанын өлеңнің.
Жесірлерді жұбаттық,
Сау болған соң басымыз,
Өзімізге

ауыр жүк арттық,
Кеміді көп жасымыз.
* * *
Түлкідей қашқан

қиырдан,
Қырғыздың қызы әні өзі.
Аузынан келіп құйылған,
Сыбызғы мен әуезі.

Кеудеме сымнан
күй тарап,
Кездесемін аңсап мен.
Тұрғандай мені сипалап,

Сиқырлы сұлу саусақпен.
* * *
Түндерді көрдім:
Жанған күндей.

Күндерді көрдім:
Қараңғы түндей
Не дейсің маған одан бөтен,
Суды іштім удай.

Содан ба екен?
Шашым аққудай.
* * *
Ғалиябану, сені қуып,

Түндерде көз ілмедім.
Дедің қазақ жері суық,
Менімен бір жүрмедің.
Ғалиябану, сені жазып,

Түндерде көз ілмедім.
Дедің қазақ жері жазық,
Менімен бір жүрмедің.
Ғалиябану,

Ғалиябану,
Ғалиям едің сен менің,
Балуан Шолақ секілді едім,
Бауларымен,

Тауларымен,
Сен жанымды көрмедің.

ХАКІМБЕККЕ

Біз бірі болмасақ та кемеңгердің,
Біз бірі болмасақ та тереңдердің,
Біз бірі болмасақ та көк шыңдардың,
Егіз бір ұйқасымыз өлендердің.

Біз бірі болмасақ та көк пен жердің,
Біз бірі болмасақ та көктемдердің.
Көпірдей, жасалған бір қарағайдан,
Жатармыз жолын жалғап өткелдердің,

Ұрандап жорықтың у-шу сүреңіндей,
Жетерміз келешекке мың өмірдей.
Жездінің жер қопарған оты болып,
Жанарымыз Ұлытаудың жүрегіндей.

* * *
Полктың соғыстан соң хабарында,
Жазыпты мені өлді деп таң алдында.
Шешемнің жалғыз ұлы жалғыз жас боп,

Айнала айналыппын жанарында.
Жауаптай өлді деген жауабына,
Барыпты хатым сол күн таң алдында,
Жалғанның үстіндегі жалғыз күндей

Шешемнің айналыппын жанарында.
* * *
Жаңбырдың жұттым тамшысын,
Жұттым күннің шұғыласын.

Қолға алып жасын қамшысын,
Кидім таудың дулығасын.
* * *
Бүгінде ой жетілді,

Туды төрт жол өлеңдер
Омар Һаям секілді
Шетінен ақын кемеңгер.
Тарт ойдың мықтап тартпасын,

Тек сөз тізбей амалдап,
Жолдарда құлап жатпасын,
Төрт таған төрт табандап.
* * *

Мен емес пе ем сондағы
Он тоғыз жас жолдағы.
Мен емес пе ем сондағы
Жанған Волхов орманы.

Мен емес пе ем мың жолмен
Шиырлаған жағаны.
Мен емес пе ем бір қолмен
Құшақтаған даланы.

Мен емес пе ем солдаттың
Жырға қосқан шер-мұңын.
Бірі болып сол хаттың
Сөйлесемін мен бүгін.

* * *
Қырық бірінші жылдардан,
Қайғы-қасірет мұң қалған.
Бір түйір дән талшыққа

Қолын созды мың арман.
Шашырап бұлттар балшықтай.
Дөңгеледі жер көшіп.
Жатты қанды шалшыққа

Оттай ернін ер тосып.
Қырық бірінші жылдардан,
Қайғы-қасірет мұң қалған.
Қырық бесінші жылдардан

Жеңіс атты жыр қалған.
Қырық бірінші жылдардың,
Үсті-басы от тегіс.
Тұтылған аспан айы да,

Қанға батып көк теңіз,
Төсін жыртқан айыра.
Қырық бірінші жылдары
Сөнді шамдай армандар.

Қырық бесінші жылдары
Жанды таңдай армандар.
* * *
Түннің жарығымен,

Кездесемін таң нұрымен.
Қысқы борандармен,
Жаздың жаңбырымен.
Солардың барлығымен,

Кездесемін тағдырыммен.
* * *
Қайран балалығым-ай,
Есептемейтін

Күн-түнді елеп.
Пластинканың табағындай
Айналған шыр көбелек.
Кезің жоқ қажып-шаршаған,

Ит шана жасап аршадан.
Құладың биік жарлардан,
Көрінді мамық қар саған.
Қайран балалығым-ай,

Сұрадың көктей кеңдік сен.
Болармысың
Бала мұндай,
Келмейсің үйге мен күтсем.

* * *
Айналып жер дөңгеледі,
Астымда атым қызыл бөртең.
Жейдемді жел кереді,

Жүзіп барам,
Жүзіп барам.
Секілді бір қызыл желкен.
Өзіндей жер жансын деп,

От шашады
тұлпарымның тұяғы
Жаңбырыма қансын деп,
Омырауынан

жасыл жаңбыр құяды,
Сәуледей бұлдыр шаң ұшқан,
Артында талай ат қалып.
Озғанына жарыстан,

Өзімді қойшы,
Келеді атым мақтанып.
* * *
Еске алма өткен-кеткенді,

Өмір күнде той болмас.
Азын-аулақ өкпеңді,
Азық етпей, қой, жолдас.
Сен қармадың торыңмен,

Түстім оған түкті ұқпай.
Жараланған қолыммен,
Бұғанаммен быт-шыттай.
Ескі досым болған соң,

Өкінбедім мен жылап.
Менің кәрі жолдасым,
Қой өкпеңді сен бірақ.
* * *

Сөнді ме күндіз шырағым,
Қап-қара тұман төңірек.
Етпеттеп барып құладым,
Өзендей жыла-еңіреп.

Өлгеніңді жұрт айтпай,
Көңілімді жұтатпай.
Тұрса да іштей теңселдім
Дауыл соққан бұтақтай.

Қариялар үнсіз қара тас,
Ормандар нусыз жалаңаш.
Көңілім аласапыран,
Дауылмен жаңбыр аралас.

Белдердің беті қан қызыл,
Көлдердің беті қан қызыл.
Қан қызыл көзден жас текті,
Өзіңнен қалған жалғыз ұл.

Сөнді ме күндіз шырағым,
Қап-қара түнек жан-жағым.
Құшақтап барып құладым,
Қарқаралы тауларын.

* * *
Көрінеді ағарып түн ішінде ай,
Чапаевтың жарқырап қылышындай.
Шолоховтың бау-бағы қарсы алады,

Шыршасының күзде де бүрі сынбай.
Бірде жақын,
Бірде жол қашықтаған,
Мен барамын сол жолмен басып қадам.

Ақ жұлдыздар мені алға жетелейді,
Асып барам
Жайықтай тасып барам.
Көне күннің самолет, пырақтары —

Кісінейді даланың құр аттары.
Шақырады жеңгемнің көздеріндей
Түнгі ауылдың жанған шам-шырақтары.
Дала менің кіреді қойыныма,

Мен даланың кіремін қойынына.
Нури Арслан1, білмеймін, ойыны ма,
Асылады дала деп мойыныма.
* * *

Сары жапырақты күздерде
Сарғайып жетер ме екенмін.
Ақ қарға түскен іздерге
Ағарып жетер ме екенмін.

Қияны көп өткелге
Ұялмай жетер ме екенмін.
Келешек
көгілдір көктемге

Қиялдай жетер ме екенмін.
Аспанның ақ даусындай
Ашылып кетер ме екенмін.
Аққудың қауырсынындай

Шашылып кетер ме екенмін.
* * *
Талай рет өлдім мен,
Талай рет сөндім мен.

Мен сүңгіген үңгірге
Болды ма кез сен кірген.
Ол жерде өлген батырлар,
Құлаған күмбез шатырлар.

Сол жерді жырлап,
ерте өлген,
Күмбірлеп күмбез ақындар.
Қай жерде өлді әндері,

Барлығын енді тізбедік.
Көктеп еккен дәндері,
Тұрғандай жомарт күз келіп.
* * *

Аспанды көп жырлаппын,
Тастарды көп жырлаппын.
Тастан салып үйлерді,
Аспан болып сырлаппын.

Жырлай-жырлай барлығын,
Мен еш нәрсе ұтпаппын.
Аспан сырын ұқпаппын,
Асқар тауға шықпаппын.

* * *
Жаңбыр боп жерге жығылды,
Көңілі босап, бұлт еріп.
Тамшыны қуып жүгірді

Ізінен қыздар гүл теріп.
Қарауытты аспан тағы да,
Желеңін қара бүркеніп.
Отырды қайта тағына,

Күшіне долы бұлт еніп.
Жер мен көк бірдей жаңғырған
Дауылмен бұлттар алысып.
Келеді қашып жаңбырдан,

Жаңағы қыздар жаны ұшып.
* * *
Көлдей мүлгіген
Алматының емен-тоғайы.

Жапырағына сүңгіген
Жапырақтай көк айы.
Тыныстасам деміңмен,
Жұтқандай болдым қымызды.

Тартасың қоңыр желіңмен
Сызылтып кеште сыбызғы.
Дірілдейсің жалындай,
Мұнарланып сағымдай.

Қаланың шет жағында
Жатқан бір жасыл ауылдай.
Табиғаттың жастығы —
Алматының емен-тоғайы.

Бірде тәтті,
Бірде ащы үні,
Алматының өлең-тоғайы.
* * *

Ағады ауада
Қызыл сұңқарым.
Шабады далада
Қызыл тұлпарым.

Революция туындай
Жалынды қызыл жыр.
Қызуы суынбай,
Жүректе жүзіп жүр.

* * *
Жауым түнде оқты атса,
Тірілдім жаз таңындай.
Жүгірдім жол тоқтатса,

Светофордың шамындай.
Жан жаралы,
Жан құса,
Ұйықтамаймын түнімен.

Түнде бұлбұл қалғыса,
Не болады жырымен?

ҚАЙНЕКЕЙ

Қоясың кейде жөтеліп,
Жөтелді көше сен жүрген.
Келеміз сені көтеріп
Емханадан зембілмен.

Қымтаймыз, сенің қойныңа
Кетпесін деп жел кіріп.
Асылған өзің мойнына
Қарайды тауың телміріп.

Шомылатын өзің әр күні,
Нұрым ғой деп қуанып.
Алматының жаңбыры,
Жылайды сені шығарып.

Өзіңмен ойнап-күлетін,
Келді сол күні дос таңдап.
Аяғың жоқ жүретін,
Армандай саған қос балдақ.

Күрмеліп тілің байланған,
Қолыңда тағдыр шынжыры.
Әшейінде зыр айналған,
Машина баяу жылжыды.

Бұлбұлым менің жез таңдай,
Сөз беріп едің сен кімге.
Машинада қозғалмай
Жатырсың тілсіз зембілде.

Машина ауыр қозғалды,
Азынап соқты жел демде.
Айтылмай қанша сөз қалды,
Арманды сенің кеудеңде.

Көтеріп сені аяңдап,
Вокзалға кірдік баяулап.
Ымдадың тысқа шығар деп,
Қарадың тауға аялдап.

Қарадың Алатауыңа,
Қарадың ала жауынға.
Қарадың бала шағыңа,
Жаңбырдай болашағыңа.

«КазПИ-ім менің жолдас ең
Жүретін ерте,
Кеш барып...»
Деп ойланып сонда сен

Жаттың ба оны еске алып?
Мәжілісте күндіз, түн жүрген,
Боратып сөздің боранын.
Алдың ба еске, кім білген,

Жазушылар Одағын.
Оқ тиген өр қырандай,
Жоқ бойыңда қайрат-күш.
Көз жасыңды шығармай,

Бас шайқайсың, қайрап тіс.
Барасың туған жеріңе,
Ақын жоқ,
Ақын аты қап.

Іздейсің шипа еміңе,
Тартады туған топырақ.
Шипа бол, туған Шилісі,
Шипа бол, туған жаз алдан.

Ахметхан тартқан күй күші,
Алып шық оны ажалдан.
Туған жер саған аманат,
Жан сырын осы жаттап ал.

Болмасын түндей жаманат,
Күтеміз күндей хат-хабар...
Аяқтан кейде шалдырмай,
Тыңдамадым бас білмей.

Көріп ем нұрлы жаңбырдай,
Көріп ем сені жас күндей.
Құс қонбай жасыл талдарға,
Бүркеді бұлттар аспанды.

Қолың жетпей арманға,
Көзіңнен сенің жас тамды.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙