Мазмұнға өту
Home

Қашқандар мен қуғандар

Мұхтар Шерім

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қашқандар мен қуғандар

Авторы: Мұхтар Шерім

МАХАББАТ “ИIСI”

Бизнесмен Мыжбанның “Шымкент-Алматы” рейсi бойынша ұшатын ұшаққа отырғаны сол, салон iшiндегi репродуктор саңқ ете қалды: - Құрметтi жалпиып, құлақтары қалқиып, ерiндерi салпиып отырған жолаушы мырзалар мен ханымдар! “Шымкент-Алматы” әуе лайнерiнiң экипаж мүшелерiмен таныстырамыз! “АН-24” ұшағының командирi - Анау ғой! Борт инженерi -бұрынғы қайнағам, атын атауға болмайды, бiрiншi класты ұшқыш - Мынау ғой! стюардессалар - қазiргi қақшаңдап жүрген енем және сiңлiм Ойбике Ойбайқызы. Сонымен... Тыпырламай тыныш, жыбырламай жым-жырт отырыңыздар! Қазiр енем ұршық иiрiп болғанша, қайын сiңлiм сiздерге қызмет көрсетедi. Айтпақшы, таза ауаға шығамын деп, самолеттiң қанатына отыруға, моторынан ұстауға болмайды! Салон iшi жым-жырт. Мыжбан иллюменаторға қарап отыр едi, жанына келген стюардессаны көрiп жымиды. - Сәлеместсiз бе, стюардесса қарындасым? Жағдайыңыз қалай? - Қалай болса, солай... - Соратын құртыңыз бар ма? - Мұнда жоқ, үйде бар. - Кешiрiңiз, “үйiңiздегi шәйi көйлегiңiздiң керегi жоқ” деп әзiлдесем көтересiз бе? - Әрине, күйеуге тиген соң бала көтеремiз, бала - бақыт, балалы үй барахолка! - Аулыңыз қайда? - Жерде. - Жұмысыңыз? - Аспанда. - Кешiрiңiз, стюардесса екенiңiздi ұмытып кетiппiн, бұған дейiн не iстедiңiз? - Кеше картөшке қуырдым. - Жо-жоқ, бұған дейiн не iстедiңiз? - Кiр жудым. - Сiзге қарным ашты. Дұрыс жауап берсеңiз қайтедi? - Қарныңыз ашса, қаймақ жалаңыз! - Рахмет, тойдым. - Тоймасаңыз тоныңызды пiрiсiп жеңiз! - Масқара-а...

- Мас адамға қарамаймын. - Қасқыр қарындас екенсiз! - Қоян қарындас болғым келмейдi! - Кешiрiңiз, құсқым келiп отыр... Қағаз қалта бересiз бе? - Темiр қапшық берейiн... - Тiл мен жаққа сүйенiп, болар емессiз ғой тегi! - Немене, сүйкiмсiз сiзге сүйенуiм керек пе едi? - Жоға, сiз маған ұнап барасыз. Құмырсқа белiңiз әсем екен. - Е, сиырдың белi деп ойладыңыз ба? - Сiздей сұлу қызды тапқан анаңыздан айналайын! - Шешемдi айналып жүгiретiндей, бақсы емес шығарсыз? - Кешiрiңiз, жiгiтпен жүресiз бе? - Немене, жүрмегенде, еңбектеуiм керек пе? - Басыңыз бос па дегенiм ғой... - Бос болса, ботқа салып қоймақшысыз ба? - Туу, тақылдап тұрсыз ғой... - Ендi ше? Ыңқылдап тұруым керек пе? - Жарайды ендi... - Менi “жарамайды” деп кiм айтты? - Шамасы, иегiңiз қышып тұр-ау! - Қышыса, қасып берейiн деп пе едiңiз? - Туу, миым ашып кеттi... - Миыңыз ашыса, тұз себiңiз! - Қарындас, тоқтаңыз? Қайда барасыз? - Айға. - Менi де ала кетiңiз!-деп Мыжбан орнынан тұрып, қыздың алдына тұра қалды. - Аға, ұшақта серуендеуге болмайды! - О, жаратқан ием! Аспандағы махаббат деген осы шығар? Мен сiзге ғашық болып қалдым. Сiз үшiн парашютпен секiрiп кетуге даярмын! - Парашюттi қайтпекпiн? Одан да гүл ұстап секiрiп кетiңiз! - Е, бәсе, осылай жiбiсеңiз қайтедi? - Жiбiсем, жеп қоясыз ба? - Жалмауыз емес едiм. Айтпақшы, атыңыз кiм? - Атым жоқ, бием бар. - Танысқанның айыбы жоқ, әжеңiз сiздi кiм деп атайды? - Ботақаным, құлыншағым дейдi. - Шешеңiз ше? - Әкесiнiң қызы дейдi.

- Әкеңiз ше? - Шешесiнiң қызы дейдi. - Көршiңiз кiм деп атайды? - Көршiнiң қызы дейдi. - Сiзбен танысу қиын екен. -Иә, математика, химиямын... - Кешiрiңiз, ыңғайсыз болса да сұрайын. Сүйiктi тамағыңыз қандай? - Быламық. - Быламығы құрысын! маған тұрмысқа шықсаңыз бутерброд жейсiз! Мен атақты бизнесмен Мыжбан Мәндiрбаевпын. Мен сiздi мойныма отырғызып бағар едiм! - Ой, аға, мойынға отырып тамақ iшiп көрген емеспiн! - Оны айтасыз, үлде мен бүлдеге орар едiм-ау! - Орайтындай, бесiктегi бала емеспiн. - Адресiңiздi айтпайсыз ба, iздеп барар едiм! - Қотыр көше, кiрпiштi үй, ағаш есiк, бiрiншi диван. - Қарындас, ескерткiш болсын. Фотоаппаратыммен сырт еткiзiп түсiрiп алайыншы! - Мейлi, осылай қимылдамай тұрыңыз! Жымиыңыз! - Езуiм кеуiп қалған... - Сәл күлiмсiреңiз... - Күлсем, кеңiрдегiм қышиды. - Былқ-сық етпей, кәдiмгiдей тұрыңызшы! - Буындарымның болттары босап, белiмнiң пружинасы созылып кеткен. - О-ой, қарындас, сiз робот емессiз ғой, стюардессасыз! Оппа түсiрдiм! - Ненi түсiрдiңiз? Салон iшiне қоқыс тастамаңыз! - Мен сiзге бiр көргеннен ғашық болдым! - Қай жерiмдi көрдiңiз? - О не дегенiңiз, мойныңызға ала, бiлегiңiзге жара жоқ, шынымды айтсам, құшақта-ап, қысып, ай-ма-ла-ап құшып (жiгiт көзiн жұмып, қолдарын созып, алапат махаббат отына күйiп-жанып тұрғанда, қыз кетiп қалады). Махаббат отына күйiп, гүл ернiңiзден сүйiп, шiркiн-ай, ақ тамақтан тыңқиып тойғанша иiскеп, ес-түссiз дөңбекшiп, тұншыға жаздап... Мыжекең көзiн ашып қалып едi, екi қолын бүйiрiне таяп, стюардесса қарындастың шешесi тұр екен. Жiгiт жалп ете қалмаса да, ыржиып, кәдiмгiдей қипақтап қалды. - Иә, тұншығатындай басыңа банкi кигiзiп қойып па едi? - Ке-кешiрiңiз, а-армандауға да болмайды ма? Сiз-сiз кiм боласыз? - Сен армандаған қыздың әкесiмен ЗАГС-ке барған баяғы бойжеткенмiн!

- Шешесi екенсiз ғой! Амансыз ба? - Немене, өлiп қалды деп пе едiң? - Iм-м... кешiрiңiз... - кешiрмеймiн! Қызымның қасында жарбиып тұрғаның қалай? Самолеттен лақтырып жiберйiн бе? - Лақтыра салатындай бомба емеспiн... - Қызымның басын айналдырған алаяқ емессiң бе? Мыжекең шалбарының балағын тiзесiне дейiн түрiп қойды. - Бұл не?-деп сұрады қыздың шешесi. - Көрiп тұрсыз ғой, алаяқ емес, жүн аяқ, тоқ балтыр дегендей... - Әй, шырағым, жер жетпегендей, аспандағы қызыма қырындағаның үшiн айыппұл төлейсiң! - Аэропортқа жеткен соң төлеймiн, апатай! Ойбай, самолет аспанда неге тоқтап тұр? - Бензин таусылды. - ендi қайттiк? Қазiр құлайтын шығармыз? - Қайдағы? Шымкент аэропортынан әлi ұшқан жоқпыз. - Мәссаған! Аспандағы махаббатымды маздаттым ба десем, аэропортымдағы махаббатымнан май тамып тұр екен ғой. - Майың тамбақ түгiлi сорғалап кетсе де, қане тұр, бұл самолет бүгiн ұшпайды. Басқа рейске тiркелесiңдер!-деген қыз шешесi кетiп қалды. Кенет репредуктордан дауыс шықты: - Құрметтi қыңқылдаған, ыңқылдаған жолаушы мырзалар мен ханымдар! Ұшағымыз от алғанша бензинi таусылып қалды. Жалынып-жалпайып кешiрiм өтiнемiз! Мыжекең орнынан сүметiле тұрып, жанынан өте берген стюардессаға ұмтылды: - Қарындас, сiзге француз духиiн сыйлағым келедi. - Маған қазақ жiгiтiнiң иiсi француз духиiнен артық! Жiгiт болсаңыз, менi қуып жетiңiз!-деген қыз сықылықтай күлiп, қаша жөнелдi. - Ойбай, не дейдi? Менде қандай иiс бар едi? Темекiнiң иiсi, шетел шараптарының иiсi, доллардың иiсi... О, махаббат иiсi бар екен ғой! Мiне, жүрегiмнен хош иiс шығады! Ароматный! Қой, сасып кетпей тұрғанда, қуып жетейiн! Ол қыз соңынан тұра жүгiрдi. Қайтсiн-ай!

ҚИҚАРЛАР

Жұрттың жүйкелері жүн, мінездері «түн» болып кеткен бе, әйтеуір сұрақтары секіріп тұр. Автобус қозғала бергенде, терезеге телміріп қарап тұрған қызға жігіт жақындап, тіл қатты: --Қарындас, Наурыз мерекеңізбен! Жігітіңіз жүкті, жүрегі түкті болсын! --Қандай адамсыз? «Қуып» тұрсыз ба не? Еркек деген екі этаж болушы ма еді? --Түсінбедіңіз... Кәсіпкер болса, миллиондар тауып, жүгі ауырласын, салықтан жалтарса, жүрегінің түгі болсын деп жатқаным ғой... Айтпақшы, есіміңіз кім? --Есімнен шығып кетіпті... --Қайда жұмыс істейсіз? --Айлық беретін жерде. --Осы қалада тұрасыз ба? --Жоқ. Үйдің ішінде. --Мектепті қай жылы бітірдіңіз? --ҰБТ басталған жылы. --Өзіңіз қисық қыз екенсіз... --Немене, төске салып, түзейін деп пе едіңіз? --Жәй, әдемі екенсіз дегенім ғой... --Сұмырайдан құдай сақтасын! --Қатты кеттіңіз-ау? --Жігіт болсаңыз, жұмсартыңыз! --Айтпақшы, сіз осы автобуста келесіз ғой? --Автобус менімен келе жатыр. --Сағыз шайнап тұрсыз ба? --Тілімді шайнап тұрмын...

--Қайда оқисыз? --Кітапханада. --Жоқ, қай универде дегенім ғой... --Жер бетіндегі. --Кешіріңіз, жасыңыз нешеде? --Басым қаншада болса, жасым соншада. --Темекі тартасыз ба? --Жоқ, домбыра тартамын. --Ішімдік ішпейсіз бе? --Ішсем, ішегім шұрылдайды... --Әкеңіз депутат шығар? --Сұрамаппын. --Әкеңіздің аты кім? --Шешем біледі. --Әкеңіздің машинасы бар шығар? --Біздің үйде екі машина бар. --Қойыңызшы... --Ия. Бірі—кір жуатын, екіншісі—тігін машинасы. --Тұрмысқа шыққан шығарсыз? --Биік екен, өрмелеп келемін... --Оқып жүріп жұмыс істесеңіз, айлығыңыз қанша? --Бұхгалтер біледі. --Мына орындық босады, келіңіз, қасыма отырыңыз... --Адамның қасы үстіне отырып көрмеппін... --Осылай қақиып тұра бересіз бе?

--Немене, жата қалуым керек пе? --Сізге дауа жоқ екен... --Бар еді, жоғалтып алдым. --Болды енді, қойыңыз... --Қай жерге қояйын? --Жетер енді... --Жетпесе жалғаймыз... --Мен тойдым. --Тоймасаңыз, тоныңызды пісіріп жеңіз... Автобус аялдамаға тоқтады. Бойжеткен түсуге ыңғайланып еді, бойдақ жібермеді. --Кешіріңіз, түсуім керек еді. --Түсіп қалатын теңге емессіз ғой. --Бұл менің аялдамам!—деді бойжеткен. --Кешіріңіз, бұл көпшіліктің аялдамасы. --Бетіңізді тістеп алайын ба? --Итсіз бе не? --Жіберіңзші... Туу, сіздің кесіріңізден автобус жүріп кетті... --Менің кесірімнен емес, жүргізуші газды басқанда жүріп кетті... --Әлгінде мені тергеп болар емес едіңіз,--деген бойжеткен жымиды,--атыңыз кім? ---Әке-шешем біледі. --Бойдақсыз ба? --Бойымда дақ жоқ... --Ноқалайсыз ба? --Николай емеспін...

--Бетіңіз неге тыртық? --Тауық тырнап алған. --Сауап болыпты! --Құдайдан қайтсын! --Мұртыңыз өзіңіздікі ме? --Жоқ, әкемдікі. --Бетіңіз қалың екен... --Қыста бетім жаурамайды... --Оқисыз ба? --Ия, дұға оқимын. --Мен осы аялдамадан түсемін. Сау болыңыз! --Сау болмағанда, өліп қалмайтын шығармыз... --Көріскенше!—деп жымиды бойжеткен. --Көріспейтіндей, көрге кірмеспіз... --Сіз неге түстіңіз? Теңге емессіз ғой? --Сізді шығарып салайын деп... --Қалтаңыздан бірдеңе шығарып, аузыма салмақшысыз ба? Айтпақшы, мереке ғой, балмұздақ әпермейсіз бе? Бойдақта ес болған ба, қуанғанынан бойжеткенді қолтықтай жөнелді: --Кеттік! Балмұздақ бізден, теңгесі сізден!

ШҰРҚ ТЕСІК БОЛДЫМ...

Қаздай қаздиып, қораздай қоқиып, жақында ғана сатып алған аппақ ақ шағаладай «Ланд краузер» деген джипіммен әндеті-іп келе жатқанмын... Келесі көшеден өте бергенімде, аударылып түсе жаздаған «Ауди» маркалы жеңіл мәшине алдымды кесіп өте берді, артынан полиция машинасы қуып келеді екен, терезесінен автомат шығарып, тасырлата атып жатыр, атып

жатыр, атып жатыр! «Аудидегі» жас жігіттер де атысып болар емес. Қолымды көтеріп, сыртқа шықтым. «Қойыңдар-әй!» десем қоймайды, атып жатыр, атып жатыр... Су жаңа кәстім –шалбарым шұрқ тесік болды! Кәстім – шалбарымды қойшы, өзім де шұрқ тесік болдым. Бір әйел жанымнан зымырап бара жатып: --Ағай, бетіңіз тесік, аузыңыз есік болып, неғып тұрсыз? Қашыңыз!— дейді. Ұят болды-ау, әкімнің баласы үйленіп, тойға бара жатыр едім... Тендер біткенді тең бөліп жейтін әкімнің тойына кешігіп барсам... Қаным қайнап, көздерім ойнап, машинамның кабинасына сүңгіп кеттім. Атысшабыс дегенге де етім үйреніп кетіпті. Атаңа нәлет террористер деген бір пәле болды. Жүдә тыныштық жақпайды екен де... Халықтың ұйқысын бұзып... Атысатын болса, айдалаға барып атыспайды ма екен? Бетпақдалаға барып дегендей... Енді не болды, машинамның кузовы шұрқ тесік. Өзім де шұрқ тесікпін... Кеудеме соғылған жел арқамнан шығып жатыр. Терроршы жігіттерге жақындадым. --Әй жігіттер, мынау не болды?—деп сұрадым үстімді көрсетіп. --Кешіріңіз аға,--деді бірі сақалын сипап қойып, автоматына жармасып. --Пистолетпен атыссаңдар болмайды ма? Әбізәтілні, автоматпен шұрқ тесік етулерің керек пе? --Аға, ары тұрыңызшы... --Сендерді улап жүрген кімдер өзі? --Аға оқ тиіп кетеді... --Оқтан өлмей тұрмын ғой, намыстан өліп кетейін деп тұрмын! Кім арттарыңда? Батыс? Ауғанстан? Ресей? Бір кезде терроршылардың бірі полицейлер мен кейіннен келген сарбаздарға, ерекше жасақтарға қарай гранат лақтырды. Гранат жарылмады. Олар гранатты кері қарай лақтырды. Жарылмады. Енді бұлар лақтырды. Жарылмады. Осылай ары-бері лақтырылып жатқан гранат көшеде кетіп бара жатқан бір шалдың басына тиіп, етпетінен түсірді. Байғұс тіл тартпай кетті. Бірақ гранат жарылмады. Кейін бергілі болғандай, бұл гранат қытайда жасалған «самопал» екен. Лақтырылған соң ертеңіне жарылатын... Амалым астауға түсіп кеткендей, кір көңілмен көлеңкемді сүйретіп, үйіме қайттым. Есік алдында есінеп тұрған әйелім мені көріп, шалқасынан түсе жаздады. --Мынау тұрған сенсің бе?—деп сұрады. --Ия. --Құдайым-ау, шұрқ тесік болып кетіпсің ғой? --Мені қойшы, су жаңа мәшинемді айтсаңшы... Ол кеудемдегі тесіктердің біріне саусағын тығып көріп:

--Қаның қайда кеткен?—деп сұрады. --Менде қан жоқ. Бетсізбін. --Жаның қайда кеткен? --Менде жан жоқ, тексізбін... --Тірімісің? --Тірімін. Өйткені, өзгелерден «ірімін!» --Не болды өзі? Біреу бұрғылап тастаған ба? --Лаңкестер мен полицейлердің ортасында қалдым... --Құдайым-ау,--деп әйелім зар иледі,--осы лаңкестер-ақ тыныштығымызды алып бітті-ау! Құдай бар болса, атқан оқтары «перәшки» болып жаусын! Лақтырған гранаттары шымшық болып ұшып кетсін! Патрондарынан гүл өсіп шықсын! Мылтықтарынан пісте май ақсын! Жарылғыш заттары шіріп кетсін, санасы уланған жастар, өз үйлеріне кіріп кетсін! Қартайғанша шықпасын... Әйелімді жұбатып, тойға жинала бастадым. Мен өзі тойға әйелімді сүйретіп жүрмейтін адаммын. Денемдегі тесіктерді майда тастармен бітеп, су жаңа кәстімшалбарымды киіп, су жаңа екінші «Джипіме» отырдым. Әндетіп келе жатқанмын. Мектеп жанынан өте бергенімде, бір топ оқушылар сөмкелерінен пистолеттерін шығарып, атысып жатыр екен. Алдында «ойыншық пистолетпен ойнап жүрген шығар» деп ойлағанмын. Сөйтсем, бұлардыкі шын пистолет екен. Бір оқ тура маңдайыма тигені... «Миымның мылжа-мылжасы шыққан шығар?» деп мәшинемнің айнасына қарадым. Сөйтсем, менде о бастан ми жоқ екен ғой. Ой, қуанғаным-ай...

«БОҚМҰРЫНДАР»

Президент ойнап айтпайды, ойлап айтады, шынында, бесіктен белі, еңбектен тері шықпай жатып, шіренген шенуніктердің ұл-қыздары, былайша айтқанда «шикі жұмыртқалары» министрліктерде орынбасар, әкімшіліктерде бірінші ор¬ынбасар, департамент, корпорация бастықтары болып, жалғанды жал¬па¬ғынан басып, мемлекет қаржысын ойланбай шашып, қылмыс жасай қалса, шетелге қашып, дым білмесе де еңселерін көтеріп жүр, ал жарлыжақыбайлардың білім¬паз балалары базарларда арба айдап, жөтеліп жүр… Осындай ақылды ақпарат жетісімен, президент Айсұлтан Күншуақов қасына премьер министр Жымибай Мұртбаевты ертіп алып, «ҚазБылық-шылықТаз» АҚ-на келіп, лауазымды «боқмұрындарды» қатар тұрғызып қойды да, бәріне бір-бірден бауырсақ бергізіп, сосын бортты «Камаз-ға» отырғызды. Рөлде премерь-министр, жанында президент. Астанадан сонау Созаққа қарай

тартып келеді. Қызылордаға жете бергенде, «боқмұрындар» старостасы Мыжбан Мәндірбаев рациямен премьерге хабарласты. «Камаз» тоқтап, президент жерге түсті. –Не болды?—деп сұрады президент. –Президент мырза, Кәуекбас Шикібаев «қарным ашты» дейді… –Саусағын сора тұрсын… –Саусағының өзі соруға жарамайды, ақ саусақ, әлсіз… –Биік астаудан жем жеп үйреніп қалған екен. Шыдасын. –Ойбай, ол жем жемейді… Тек қара уылдырық… Премьер министр «боқмұрындарды» санай бастады. Кенет мұрты тікірейіп кетті. –Бес «боқмұрын» жоқ! Олар қайда?—деп сұрады ол. –Астанадан шыға берісте борттан секіріп түсіп, қашып кеткен… –Неге хабарламадың? –Жаңбыр жауып тұрған, сіздің шашыңыз су болады деп… –Премерь ага, биз кайда барамиз?—деп сұрады Дымқылбас Түкбілмесов. –Өмір көруге… –Амир кай жакта сонда… –Созақта… –Сузаки Жапония каласи ма? –Президент сендердің аспаннан түсе қалғандай, білімсіз бастарыңмен бірден бастық болғандарыңа риза емес. Әуелі тәжірибе жинап, өмір көру керек дейді. Сендер «көкелеріңнің», тамыр-таныстың, билікте билеп жүрген әкелеріңнің арқасында кресло құшақтап отырдыңдар. Кадрдің қадірін кетірмеуіміз керек. –Сен неге бәрінен биік отырсың?—деп сұрады президент. Артыкүштібек Диірментартаров орнынан тұрды. –Мен… мен жұмсақ кресломды ала шығып едім… –Өмірді тақтай орындықтан бастау керек саған… –Артым ауырады… Президент басын шайқап, премьер мұртын сипап, кабинаға отырды. Қызылорда қаласына жеткен соң, президент «балапандардың» біразын ауыл әкімдігіне, біразын мектеп директорлығына тағайындап кетті. Түнделетіп, Шымкентке жете бергенде, Май инспекторлары тоқтатты. –Құжаттарыңды әкел! Немене тиеп алғансың? –Шикібастарды… МАЙ инспекторлары борттың ішіне үңілді. –Мигранттар ма не? Өзбек жұмысшыларын қай бастықтың коттеджін сал¬дыруға апара жатырсың?—деп сұрады бірі.

–Біріншіден, «сіз» деп сөйлеңіз, екіншіден, мен премьер –министр Жымибай Мұртбаевпын… –Мұртбаев болсаң қайтейін? Маған десең, Сақалбаев бол! Премьер күйіп кетті: –Әй, козелдар! Извините за выражение… Мен Мұртбаевпын дедім ғой! Сендер туралы үкіметке сауал жолдаушы депутаттарға обшым сенбеуші едім… Таза сыбайластар, парақорлар екенсіңдер ғой! –Мұрттының бәрі премьер дегенге сене қалдық! Түнделетіп, бала-шағадан безіп, бекер тұрған жоқ шығармыз? Заңсыз «өзбек жұмысшыларын» әкетіп бара жатқаның үшін, елу мың теңге тастап кет… –Елу мың теңге? Сен сонда премьер-министрден пара алмақпысың? О, менің парақор елім! –Ойбай сене қалдым! Остап Бендерсің бе, не? Мүмкін, президент шығарсың? –---Президент кабинада отыр… Екеуі кабинаға жүгіріп барып, есікті ашып қалды. Елінің ертеңін ойлап отырған президентті көріп, бір-біріне қарады. «Президенттен аумайды екен…» деді бірі… «Неткен қарапайымдылық! Енді қызметтен қуылатын шығармыз…» деді екіншісі уайымға тойып… «Охраналары қайда?» –деді сосын біріншісі, сөйтіп өзі жауап қатты: « Патшалар жасырын жүріп, ел жағдайын біліп отырады деуші еді…» Не керек, екеуі тұра қашты. Шымкентке келген соң, президент облыс әкімін де қасына отырғызып алды. Жағымпаздар Созаққа дейінгі асфальт жолға кілем төсеп тастамақ болып еді, жағымпаздықты суқаны сүймейтін облыс әкімі тиып тастады. Соның өзінде жағымпаз департамент бастықтары біраз жолға киіз төсеп үлгеріпті. Жол-жөнекей дастархан жайып, президент жолдауын оқып отырған халықты көрді. Халық арасында жылтыңдаған жағымпаздар жүр… Қайран, жағымпаздар-ай! Президент жағымпаздықты жақтырмайды емес пе, жол-жөнекей еш жерге тоқтамастан, Созаққа жетті. Аудан әкімі ән шырқап қарсы алды… Президенттің тосыннан келгеніне сасып қалса керек… «Боқмұрындар» әкімшіліктің мәжіліс залына жиналды. –Сен неге жылап тұрсың?—деп сұрады президент. Үрпекбас Мықтыбаев орнынан тұрып, басын салбыратты. –Мен… мен сабақтан қалатын болдым… –Сен не, сырттай оқитын ба едің? –Жоқ… –Енді неге жылап тұрсың? –Ағай ұрсатын болды… –Кім? –Сынып жетекшім… Президенттің көздері алақандай болды.

–Сен сонда мектепте оқисың ба?—деп сұрады президент. –Ия… –«ҚазБылық-шылықТазда» неғып жүрсің? –Сабақтан бос уақытымда бастық болып жүрмін… Әкем үйрене бер деген… –Міне, біздегі кадр саясаты…—деп күрсінді президент,–әкең кім болып қызмет етеді? –Министрдің орынбасары… –Қай министрлік? –Қойшы, айтпаймын…—деді баламысың деген… –Несінші сыныпта оқисың? –Он бірінші… Әкем айтады, мектеп бітірген соң «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетел университетінде оқиды екенмін… –Жоқ, сен әуелі осы Созақта мектепинтернатта оқисың. Сосын Шымкенттегі университетке түсесің. Ал, сенің орныңа шөлді аудан Созақтағы бір бозбала «болашақ» бағдарламасында оқитын болады. Ренжімейсің ғой? –Әкем ренжімесе болды… Мәжілісте өзге «сары ауыз балапандар», мықтылардың ұрпақтары ауыл әкімі, участкелік инспектор, сиыр фермасының бастығы, түйе шаруашылығының бригадирі, «Жантақ» фирмасының бөлім меңгерушісі сияқты «майда» қызметтерге тағайындалды… Тіпті бірі аудан әкімі болып тағайындалып еді, бұрынғы аудан әкімі ыржалақтап күле берді. Президент оны да құр қалдырмады, өзімен бірге «Камазбен» ала кететінін, қызметте көзге түсіп жүргенін айта келіп, министр етіп тағайындайтынын жеткізгенде, жағымпаздар жағы дуылдата қол соқты, ал, сол күні «сары балапандар» өз ара футбол ойнап, бір-біріне гол соқты…

«ХРАМОЙ» КИІК...

Бір миллионер ерігіп жатып, көзін жұмып алып, күй шығарды. Қазақстан композиторлар одағына құстай ұшып жетіп: --Күй шығардым!—деді. --Қалай?—деп сұрады белгілі композитор. --Ыңылдап... --Домбырамен тартып жіберіңізші... --Кешіріңіз, мен тек темекі ғана тартатын едім... --Шырағым, домбыра тарта алмасаң, қалай күй шығарып жүрсің? --Құрманғазы, Тәттімбеттер сигарет тартпаса да күй шығарған...

--Жарайды, --деді композитор,--қалай орындайсың? --Ыңылдап... --Ыңылдаңыз... «Таланты тас жарған» композитор ыңылдай бастады. --Кешір інім, күйің не деп аталады? --«Храмой киік...» --Неге орысша? --Орыстар да түсінсін дегенім... --Інішек, мынауың Құрманғазының «Ақсақ киігі» ғой... --Как «Ақсақ киігі?» «Менікі «Храмой киік» деп аталады... --Тура соның көшірмесі. --Не может быть. Құрманғазы менен ұрлап алған екен де! --Оу, Құрманғазы қашан туылды, сен қашан туылдың? --Жоқ, ол менің осы ғасырда туылатынымды сезіп, менің күйімді ұрлап алған... --Қалай ұрлайды? Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туылған. Ал сен... --Өліп қалғандар да ұрлай береді... --Басымды қатырма, інішек. --Ән де шығардым! --Орындашы. Ия, ызыңдап... Кәсіпкер ызың-ызың етіп, ән орындаған болды. --Ән қалай аталады?—деп сұрады композитор. --«Алматы каналы жағасында...» --Жарқыным-ау, мынауың Шәмшінің «Арыс жағасындасының» көшірмесі ғой! Тек қайырмасын сәл өзгертіпсің... --Шәмші менен ұрлап алған... --Қой, мынауың енді, өтіріктің өтірігі. --Менің осы әнді шығаратынымды түсінде көріп, менің туылмай тұрғанымды пайдаланып, әнімді ұрлап алған... --Сен өзі нота білесің бе? --Білемін. Доремифасольлясидо. --Жоқ, нота жаза аласың ба деймін? --Жоқ. Құрманғазы да нота білмеген. Дина да. Тәттімбет те. Мен де... --Сөз мәтіні де оңып тұрған жоқ. «Бойында каналдың, өзіңнен нәр алдым, сағыз шайнап құрбым сен, жағада тұрдың сен...» Не пәле бұл? --Әнімнің сөзі. --Авторы кім? --Өзім.

--Өзің де, сөзің де құры!—деп айқайлап берді композитор. «Таланты тасыған» әуесқой композитор есіктен шығып бара жатып күңкілдеді: --Мен сізді сотқа беремін! Авторлық құқымды талап етемін! Менің «Өзің де, сөзің де құры» атты әнімнің тақырыбын ұрлап алыпсыз! Сіз плагиатсыз!

ӘЛІ ҚАШЫП КЕЛЕМІН...

Мен аяғымды, сирағымды, балтырымды құрметтеймін! Осылар ғой, мені құтқарып қалған. Аяғымның орнында қол, қолымның орнында аяғым болып жаратылсам қайтер едім? Қыздар, бірді айтып бірге кетіппін ғой, бәрін басынан бастайыншы. Былтыр көктемде екінші курста оқитын құрбым ауылына қонаққа шақырды. Құрбымның үйінде бешір болды. Ертеңіне ауыл жастары жиналып, қырдан қызғалдақ теруге бардық. Қызғалдақ деген жерде өседі екен ғой. Мен оны бір жеміс ағашы болады, гүлдегенде бұтақтары қызғалтаққа толы болады деп жүрсем... Қалада өскен байғұс басым, өмірімде бірінші рет сиыр көрдім. Емшегін іздеп, бұтына үңіліп жүрсем, «мынаның емшектері жасырынып тұрады ма?» деп сұрасам, құрбым байлаулы тұрған есекті құшақтап тұрып күледі. Сөйтсем, өгіз деген жануар сиырдың как күйеуі болғандықтан, онда емшек болмайды екен... Қыздар, содан бар ғой, қырда қызғалтақ теріп жүрміз. Дала қандай керемет, Кинг-конг деген дә-әу маймыл бар ғой, кинодағы, сол жүгіріп келе жатып, қолындағы қызыл бояуын төгіп алған сияқты... Қызғалтақ теріп жүріп, темекі шегіп тұрған төрт жігіттің әңгімесіне қарасам, мені қазір алып қашпақ көрінеді. Соған «беларусь» деген тракторлары келмей жатыр екен. Зәрем қалмады.Ужас, менің Мыжбанчик деген жігітім бар қалада. Екеуміздің жүргенімізге екі күн болды, ұят қой. Мен әлі не бәрі он сегіздемін. Оқуымды бітіруім керек. Қорқып кеттім. Қызғалтақ терген болып, олардан ұзадым да, құрбыма жақындап: --Анау жігіттер мені алып қашпақ, не істейміз?—деп сұрадым. --Өтірік жылаған болып, тракторға міне бер. Келесі ауылда тұратын менің нағашы ағама тиесің ғой. Осы сценаридің авторы өзіммін...—дегенде досым деп жүрген құрбымның бетіне түкіріп жіберіп, қаша жөнелдім! Ана жігіттер қуып кеп берді. Қашып келемін, қашып келемін... Белден бел, қырдан қыр асып келемін. Бір кезде алдымнан құрбымның жеңгелері болса керек, он шақты әйел шыға келді. Қолдарында бір-бірден ақ орамал. --Орамал сатып жүрсіздер ме? Қаншадан?—деп сұрадым алқынып. --Біз саған тегін береміз, қане, басыңа орамал сала ғой,--деп бір жеңгесі

жақындап келе жатыр еді, орамалын тартып алып, өзінің басына жаптым да, қаша жөнелдім. Бір қырдан асқанда, алдымда бір кемпір шалқасынан жатыр. Айдалада. «Апа, сізге не болды? Ауырып жатырсыз ба?» деп сұрадым. «Адам айдалада ауырып жатады ма екен? Өлігімді аттап кетсең, жолың болмайды, біздің үйге келін боласың, шырағым,» дейді. Үстінен ырғып өтіп бара жатыр едім, қарап жатпай, балтырымды оңдырмай шымшып алды. Безіп келемін. Мектепте оқып жүргенде жаяу жарыстардан бірінші орын алатынымның пайдасы тиді. Төрт жігіт те қиқулап келеді екен, мен оларға түлкі сияқтымын. Тілімді шығарып мазақтадым да, қаша жөнелдім. Бір қарасам, сол ауылдағы биік таудың ұшар басына шығып кетіппін. Етекте еңіреп тұрған төрт жігіт айқайлап жатыр, дауыстары жетпейді. Неге айқайлайды? Сөйтсем, ары қарай өзбек шекарасы екен. Бір қадам аттап едім, жан-жағымнан оқтар зуылдады дейсің. Төменде танктер тұр қаптап, төбеден тік ұшақтар атқылай бастады. Қыз болып жаратылғаныма мың да бір рахмет, өзбек өз ағам аямағанымен, оқтар тіке зуылдап келеді де, «қыз баласы ғой, обал болады» дегендей, бұрылып кетеді. «Ұялады» мені өлтіруге... Қыздар, қызық болды, төмен түсіп келе жатсам, етекте беташар болып жатыр екен. Менің суретімді құрбым берсе керек, бір қурайдың басына іліп, қурайды жерге қадап, суретіме орамал жауып, беташарды қыздырып жатыр! Жүгіріп келіп, орамалды жұлып алдым да, терлеп кеткен балтырымды сүрттім. Суретімді қолыма ұстай қаштым. Бір қырдан ассам, мені келін еткісі келгендер бауырсақ пісіріп жатыр екен. Бауырсақтан дәм ауыз тиіп, одан әрі қаштым. Тағы бір қыр ассам, бізге арнап төсек салып қойыпты. Қырға. Айдалаға. Төсекке жатпастан, үстінен ырғи қаштым. Безіп келемін. Тер деген кетті, тура екі шелек. Бір кезде алдымнан екі қасқыр көрінді. Тістер ақсиып, маған қарсы шапты. Артыма қарасам, төрт жігіт, он жеңгесі... алдымда екі қасқыр. Өлді деген осы шығар? Қасқырлар жақындап қалғанда, соткамды лақтырып жібердім. Біреуі арс етіп, қағып алды да, жұтып қойды. Жалмауыз десе. Қасқырлардан көз алмай тұрмын. Қасқырлардың көздеріне тура қарап, көзіңді қыссаң, олар жемейді дегенді естіген едім. Бір кезде ұялы телефоным шырылдай жөнелді. Жігітім ғой, қасқырдың ішінен шырыл естілгенде, екінші қасқыр қаша жөнелді, оның соңынан соткам кетті. Артыма қарасам, жігіттер жақындап қалған екен, тілімді шығара мазақтап, қашып кеп бердім, қашып келе жатып: «Тие салсам қайтеді? Ауылда ет көп. Қалада вермешельден ығыр болып кеттім...» деп қоямын. «Әй, Қатипаш, мені ұмыттың ба? Мен ше? Мен, мен?» деп құлағыма дауыстағандай болады жігітім. Артыма қарасам, төрт жігіттің бірінің қолында қос ауыз мылтық! Қатар жүгіріп келе жатқан досы: «Атпа деймін, келіншегіңнің терісі бүлінеді...» деп қояды. Алдыма қарасам, бір қора кісілер келе жатыр. Қолдарында плакат, ұрандар

жазылған. «Біз болашақ келіннің қайнағаларымыз!» «Келін жасасын!» «Келін бізге сәлем берсін!» деген ұрандарды оқып тұрғанымда, төрт жігіт те жетіп, мені тірідей ұстап алды. --Менің күйеуім қайсы?—деп сұрадым мен. --Мен,--деді арық, бүгін не ертең өлетін бір жігіт. Ауылда ет көп, халқы тоқ деп жүрсем, бұлар да жетісіп жүрген жоқ екен-ау. --Атыңыз кім? --Тыжбан,--деген ол қолын ұсынды. Қолы қолтырауынның терісі сияқты екен. Қолын алып тұрып, ішіне тіземмен бір тептім де, қаша жөнелдім. Қойшы, қаша беруден шаршадым, осы жерден тоқтай салайын ба, қыздар? Тыңдап отырған қыздар, қатар құрбыларым қорқып кеткен екен, үндемейді... Олар үндемеген соң, мен де қашуды жалғастырдым, безіп келемін, әлі қашып келемін!

ӘДЕМI ӨЛДIМ

Сiз әдемiлiктi қалай түсiнесiз? Әдемi әйел, әдемi табиғат! Солай ма? Ал мен керi көрiнiстерден, бiртүрлi оқиғалардың өзiнен әдемiлiктi iздеймiн. Мәселен, есектiң ақырғаны, ешкiнiң бақырғаны қндай әдемi! Немесе әйелiмнiң көгерiп, талып қалғаны қандай әдемi! Көгерiп, тiлi салақтап талып қалады ғой! Қайталанбайтын көрiнiс. Бiр күнi досымның сандық фотоаппаратын бiр аптаға сұрап алдым. Өмiрдiң “әдемi” көрiнiстерiн түсiргiм келдi. Қандай ғажап! Неткен сұлу көрiнiс! Қала көшелерiнiң сәнi, бiздiң қоғамның мәнi - қаптаған қайыршыларды көрiп, көңiл сүйсiнедi! Шiркiн-ай, мен де осындай қайыршы болсам деп, ерiксiз армандайсың! Адамдарға мөлиiп қарағандарының өзi неге тұрады! Алақан жайғаны - табиғаттың ерекше бiр құбылысындай әсер етедi. Мен қайыршыларды шетiнен суретке түсiрiп алдым. Көшеде кеңкiлдеп күлiп, келе жатыр едiм, қара сүлiктей “джип” қиылыстан өте берген әйелдi мыжып кеттi. Неткен ғажап көрiнiс! Қағып кеткенi өз алдына, миын шашып жiбердi. Қайталанбас көрiнiстi, “Джиптi” сарт еткiзiп, суретке түсiрдiм. Ал, “Джип” әлдеқашан қашып кеткен. Сол қашып кеткенiнiң өзi әдемi! Көңiлiң босап, жылағың келедi. Бұл өмiр дегенiңiз, тұнып тұрған әдемiлiктерден тұрады екен. Отставкаға кеткiсi келмейтiн Премьер-министрдiң қабағына қар жауса, мұның өзi әдемiлiк! Депутаттар әлдеқашан қабылданған заңға толықтырулар мен түзетулер енгiзуден жалықпаса, мұның өзi әдемiлiк!

О, әдемiлiк! Жұмссыздықтан iшiңiз пысып кетсе, кетiк тiсiңiзбен көптен берi ет жемегендiктен, тiсiңiз қышып кетсе, күнi кеше үйленген сүйiктiңiз кәсiпкермен басқа жаққа ұшып кетсе, бiр алқаш алақаныңызға құсып кетсе, мұның өзi әдемi! Кей-кейде көңiлiңiз шенеунiктердiң әдiлетсiздiгiне нала болса, көшеде құлап қалып мұрныңыз жара болса, жас кезiңiзде қыдырыстап Семейде, Астанада, Анкарада, Шымкентте өзiңiзден туған бала болса, мұның өзi әдемi! Подъездерде қыз бен жiгiт аймаласып “өлiп” тұрса, пәтер сұрап барғанда әкiмдер бiрден көнiп тұрса, электр жарығы жырқ-жырқ етiп сөнiп тұрса, мұның өзi әдемi! Несiн айтайын, әдемiлiк туралы толғатып тұрғанымда, үйiмнiң алдына сүлiктей қара “джип” тоқтап, iшiнен екi оқ қағар түстi де, тапаншаларын таңдайыма тығып: — Кеше бiз басып кеткен әйел ме, еркек пе?-деп сұрады. — Өлiктен сұрамаппын. — Сен неге суретке түсiрiп алдың? — О, сiздер ме едiңiздер! — Жоқ, шеф басып кеткен. — Өте әдемi басып кеттi! Қалай болса солай қағып өте шыққан жоқ. “Гладко” басып, өте шықты. Байғұс әдемi жан тапсырды ғой деймiн! Жатысының өзi қандай әдемi! Бүк түсiп жатса қайтер едiңiз?! Ұзынынан сұлап түстi. Әдемi! Мен өзi осындай әдемi көрiнiстердi түсiрiп аламын! Хоббиiм едi! — Фотоаппаратыңды әкел! — Кешiрiңiз, бере алмаймын! — Ақымақ! — Осы сөзiңiздiң өзi неткен әдемi едi! Әдемi айқайлайсыз! Олар мен сөзге келместен әдемi атып кеттi! Көзiм қарауытып, дүние дөңгеленiп құлап бара жатырмын. Сылқ етiп, өте әдемi құлап түстiм! Өлдiм... Әдемiлiк осымен бiттi!

КАРЛ МАРКС КӨКЕМ ҒОЙ...

— Кешiрiңiз, итi семiрген, бизнестi кемiрген крутой көкемiздi iздеп келiп едiм? — Өлейiн деп тұрған өрмекшiдей болған өзiң кiмсiң?- деп сұрады Мыжбан. — Мен бе?... Мен... Битiн сығып, қанын жалаған қайыршымын. — Күте тұрыңыз,- деген Мыжбан есiгiн есiнетiп жапты да, сәлден кейiн

кiсiнеттiп ашты. — Мә,- дедi ол күлiп, сосын: — Өзiмнiң кiтабым,- деп қосып қойды. — Бұл не? — “Ықы-ықы“ деген кiтабым. Кешелi берi “Ыштыр-р“ деген мемуар жазыр жатырмын,- деп мастанды Мыжбан,- мархабат, үйге кiр. — Мына мен бе? — Иә, қайыршы да адам ғой. — Бәсе, мен де адам екенмiн-ау. Рахмет сiзге! Құдай тiлеуiңiздi берсiн! Бала-шағаңыздан, шыбын-маса, таракандарыңыздың қызығын көрiңiз,- деп қайыршыны ненi айтып, ненi қойғанын өзi де бiлмей қалды. Мыжбан оның алдында шұжық пен қойдың пiскен басын қойды. — Атауыңызды жей берiңiз,- дедi. Сөйттi де, келесi бөлмеге кiрiп, қолына қалың кiтап алып шықты. Бармағн сорып отырған қайыршыға таң қалып: —Немене сiз жалмауыз ба едiңiз?- деп сұрады,- Қойдың бас сүйегi қайда? — Кемiрiп, шайнап жеп қойдым. — Сiз немене, мына орындықты да шайнап тастағансыз ба? — Қарным аш... — Мен сенi неге үйге кiргiздiм? Бiлесiң бе? “Жиырма бiрiншi ғасырдағы қазақ қайыршылары“ деген ғылыми еңбек жазып, академик болғым келедi. Сенi зерттеуiм керек. Атың кiм? — Көшебай. — Фамилияң? — Шарамыгаев. — Көшебай, мына мен “Құлқынның құлы“ корпорациясының президентi боламын. Менiң бизнесiмде миллиондар бар. Ерiгiп, iшiм пысқанда ән шығарамын, “Лә,лә, ләләлай“ деген әнiмдi естiдiң бе? Оның үстiне ақынмын! Орыс тiлiнде “Ублюдок!“, “Подонок!“, “Шакал!“ деген жыр кiтаптарым жарық көрдi. Ендi қайыршылар өмiрiн зерттеп жүрмiн,- деп тоқтады ол. — Менiң қарным резина сияқты созылып кеткен,- деп мiңгiрледi қайыршы. — Мына тоңазытқышта бәрi бар. Жей бер, бейшара,- деп мысқылдады Мыжбан. Iшiнен: “Қайыршы деген осындай болады екен ғой“,- деп ойлады. Қайыршы тоңазытқыштың iшiн тазалап қойды да: — “Дыпы“ бар ма?- деп сұрады. — Ендi менi жемесең жым отыр,- дедi Мыжбан,- мына кiтапты көрдiң бе? “Қайыршылар қайдан келедi?“ деп аталады. Мен сенi зерттеуiм керек. Сен қашаннан берi қайыршысың? — Елiмiз егемендiк алғалы берi. Өзiм инвалидпiн.

— Қай жерiң ауырады? — Басымның жартысы. — Қалай? — Басымның жартысы: “Атасына нәлет бүйткен тiршiлiктiң!“ деп қайғырады да, қалған бөлiгi: “Шыда, Көшебай, жарқын болашақ алдымызда. Сен өлген соң басталады“,-дедi көңiлденiп. — МЕн бұған дейiн кiтаптарыма ойдан-қырдан көшiрiп, сәл өзгертiп дегендей қоса беретiн едiм, ендi өз бетiммен тiрi қайыршыны жазамын,- дедi Мыжбан мамық креслоға шалқая түсiп, қолына виски ұстады, —Iшесiз бе? — Бұл не? — Виски. — Винодан вискиге көшкен ыңғайсыз екен,- дедi қайыршы сiмiрiп салып,— кiтабыңызды көруге бола ма? Мәссаған, мына кiтабыңыздың iшкi бетiнде “Карл Маркс. Толық шығармалар жинағы. Капитал.“ деп жазып қойыпты ғой? Мыжбан миығынан күлдi. — Несiне таңданасың?- дедi ол, —дорбам долларға толы ма? Лениннiң шығармаларының да шырайын кiргiзiп, мұқабасына өзiнiң аты-жөнiңдi жаздыра қоясың. — Сонда... Мына “Капиталдың“ сыртқы мұқабасы ғана аты-жөнiңiзге қызмет етедi ме?- деп сұрады қайыршы тойып алған соң күшейе түсiп,— ойбай-ау, Карл Маркстен ұялмайсыз ба? — Карл МАркс өзiмiздiң көкемiз ғой. Ойыма не келедi, соны жасаймын. — Сiз Карл Маркске қиянат жасап отырсыз!- деп салды қайыршы. — Менiң одан қай жерiм кем? Мiне, сақал десең, сақал, қолымда бокал, үйiмде тоқал...- деп дауласа кеттi Мыжбан. Қайыршы орнынан тұрып, қолын белiне қойып, адымдай жүрiп: — Уақыт бәрiне нүкте қояды,- дедi. Сонан соң, мамық креслоға бұл да шалқая отырып, тiзесiнiң үстiне аяғын қойды. Жыртық шалбарынан сирағы көрiнiп тұрған едi, жуылмаған шұлығынан жағымсыз иiс мүңкидi. — Бүгiнде жазғыштардың ұрығы көбейдi,- деп сөзiн жалғастырды ол, шетiнен ақын, шетiнен сықақшы, шетiнен композитор! Ал менiң балам мектепке бармайды. — Өй, неге айқайлайсың?- дедi Мыжбан,— өшiр үнiңдi. — Өшiр дейтiн, мен свет емеспiн! — Сен секiре бастадың ғой?- дедi Мыжбан қалшылдап. — Тойып секiрген қандай болады екен?- деп жатқаным ғой. Мыжбан әйелiне айқайлады. — Ойбике!- Менiң пистолетiм қайда?

Келесi бөлмеден Ойбикесi шықты, қабағы iсiп кеткен, ұйқыдан қазiр тұрса керек, есiнеп алды: — Немене?- деп сұрады. — Пистолетiм қайда деймiн? — Пiсте майдың iшiнде. — Оған неге салдың? — Тот басып кетпесiн деп... Алғалы адам атқан жоқпыз. Мынау кiм? — Ақылды ақымақ!- дедi Мыжбан,— менiң қолым тимейдi, өзiң ата салшы! —Сосын, күл-қоқысқа сүйреп тастай саламыз. Қайыршы құлап қала жаздады. Мыжбанның аяғына жығылды: — Кешiрiңiз, мен байғұс қызып кетiппiн! Сiздiң абыройыңызды сызып кетiппiн... Қаласаңыз, аяғыңыздың тырнағын алып берейiн, кiр болмаса өкшеңiздi жалайын. — Ойбике! Бiр шелек су әкел!- деп әмiр еттi Мыжбан. Әйелi бiр шелек су әкелдi. — Iш!- дедi Мыжбан. — Рахмет, мен түйе сияқтымын, су iшпей жүре беремiн. Мыжбан қайыршыға бiр шелек суды күштеп iшкiздi де, iшкен-жегенiн құстырып тастады. Сөйттi де, есiктi ашып аш қалпына келген қайыршыны бiр тептi. Қайыршы қалпағын алып, тағзым еттi: — Кешiрiңiз КПСС, қош келдiңiз, Капитал!

ЖЫЛАҒЫМ КЕЛЕДІ…

Ескі жылдың есігі жабылайын деп, Жаңа жылдың есігі "тоқ-тоқ!" етіп қағылайын деп тұрғанда, Астанада ҚАЗАҚ қоянын жыл тағына отырғызу рәсімі өтті. Бұл жыбыр-жыбыр жиынға дүние жүзінің аңдары қатысып, Қоянды қоян жылымен құттықтады. Әр елдің өз қояндары таққа отырса, сол елдің барыстары тақтан түсіп, Қоян мырзаларға тағзым етіп жатты... Ал біздің қазақтың барысы креслодан кеткісі келмей, "сау болыңызды" айтып, жетер жеріне жеткісі келмей, қиналып, қипақтап тұрып қалды, БАҰ-ның хатшысы (Біріккен аңдар ұйымы) УАҚЫТ мырза жұдырығымен стол үстін ұрып қалды... --2010-шы Барыс мырза! Жұрттың бәрі сізге ырза. Жұтқыншағыңыз жыбырлап, маған бірдеңе айтайын деп тұрсыз ба,сыбырлап?

--Уақыт мырза,--деді қазақы Барыс жөткірініп,--тағы бір жыл "Барыс жылы" болып дегендей... --Мына сөзің таңертең тұра салып, топырақ жегендей! Қуасың ба не? Екі жар-жар болмайды деген сияқты екі Барыс жылы болмайды! --Неге, ауқатты қазақтар төрт-бес жасырын жар-жарға қол жеткізіп отыр. Менің жылым жаман өткен жоқ. Жуырда ғана жер-жаһанның назарында болып, саммит өткіздік... Адамдар балаларының аттарын Саммитхан, Саммита қойды... Қоянның құлақтары қалқайып,ауызы аңқайып отырған, айналасына жылы көзқарасымен жымиып, жүнін жылтырата тұрды. --Барыс бауырым, сенің жылың жаман болған жоқ, азуың алты қарыс болды, министрлерді қамаудан "Азиялық жарыс" болды... Байлар мемлекет "мәмесін" сорып жатты, кедейлер мұны "келешекте біз бай болсақ, олар құрметті Құдай боладыға" жорып жатты... --Қоянжан... Айналайын, "братишка"... Қатты кеттің-ау деймін? --Мемлекеттік тілімізге тесірейіп қарайтын шала қазақтардан да сізге бірдеңе жұққан-ау деймін? Қытай қояны ортаға шықты да: --Ча чи чу, мачи чу... Неменеге сөз таластырып тұрсыңдар, ча-ча? Одан да бір-біріңді құшақтаңдар! Еңселеріңді есік мыжып кеткендей ғой?! Жаңа жылдарыңызбен, ханымдар мен мырзалар! Қоян жылы құтты болсын!--деді. --Қояндар жасасын!-деп қалды америкадан келген қап-қара негр қоян қол шапалақтап,--Майн неймс Коянака. Бәріңізді "Қара жорға" биіне шақырамын! --Неге "Қара жорға?" --деді Үндістаннан келген қоян сызылып,-- "Қоянни, Джимми, ачо-ачо" әніне билейік! --Менің түсім қара, сондықтан "Қара жорғаға билейік!--деп қоймады негр Қоян. Қанша дегенмен, тау басында жүретін арлы Барыс емес пе, Барекең ақырын жылжып келіп, Қоян мырзаның бетінен жалады да: --Жаман үйреніп қалыппын... Бір түрлі қимаймын...Менің жылым кетіп барады... Жылағым келеді... --деді.

--Қой, жылама Барысжан,--деген Қоян оның шұбатылған құйрығын көтеріп қойып,--Қоян қыздар, қайдасыңдар? Аштан өлдіңдер ме, сәбіз жей бергенше, Барыс мырзаны биге шақырыңдар! "Сәбіз"әні орындалып, Қоян қыздар Барысты бірінен соң бірі биге шақырды... Бір қоян шетелден келген барысбикені биге шақырып еді, анау" ноу, ноу!" деп жолатпады. Сол екен әлгі қоян: "о, шешең..." -деп қалды. БАҰ ұйымының хатшысы Уақыт: --Кім-әй бұл балағат сөз айтқан?--деп сұрады. Қоян жігіттер әлгі қоянды желкелеп әкелді. --Сен кімсің?--деп сұрады Уақыт. --Қоянмын... --Қайдан келдің? --Шымкенттен... --Шымкентшелеп боқтағандарыңды қашан қоясыңдар осы! --Кешіріңіз, Жаңа жылдан бастап қазақшалап боқтамаймыз, Жаңа жылда би билеп, Наурызға дейін тоқтамаймыз! --Жарайсың!--деді Уақыт. Сосын күбірлеп:"Осы Шымкенттік қояндардың жүрмейтін жері жоқ..." деп қойды. --Қоян қорқақ келеді деуші еді...—деп қалды Ауғанстаннан келген пуштун қоян. --Кешірерсіз,--деп үн қатты қазақ қояны,--Қазақтың қояны да қасқыр! "Қоянды қуа берсең батыр болады, еркекті қуа берсең, қатын болады..."- деген мақалым бар! Жаңа жылдарыңмен, адамдар!Жылдан жылға адам болып қалыңдар!!!

ЕРТЕГІЛЕР ЕЛІ ЖАСАСЫН!

Қиялға құрығы несі, «Мерседесің» де жете алмайды... Аштан бұратылып келе жатып, жерде жатқан жарты нанды алуға беттей бергенмін, атауыңды жегір шынашақтай шымшықтар іліп әкетті де, қолымды созған күйде тұрып қалдым. Бір семіз кісі «Джипінен» түсті де, менің серейген қолымды бұтақтай көрді ме, қара сөмкесін іле салып, ышқырын көтеріп, белдігін тарта қойып, сосын қайтадан сөмкесін алып, рахмет айтпастан кете барды. Жыртық шалбарыма жыртия қарап алдым да, саябақ шетіндегі орындықтардың біріне отыра кеттім. Қарап отырғанша деп, қиялыма қиқым қосып, ертегілер еліне еніп кеттім... Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда деп басталатын ертегіні бүгінде: «бүгінгі мына заманда, жемқорлар дін аманда» деп бастағаным жөн сияқты. Жаз айы болса керек, Қазақстанның жанға жайлы бір жағажайында етпетімнен күнге қыздырынып жақанмын, біреу майсыз құйрығыма бір тепті де: --Тө-өу, құйрығың қатып қалған цементтей екен, аяғым ауырып қалды! Тұр былай, кет бұл жерден! Қазір Көлтауысар мырза келеді!—деді. Сүметіле тұрып, көлге бір сүңгіп алғым келді де, жүгіре жөнелдім. Биіктеу жерден суға қойып кеткенмін, көзімді ашсам, құм үстінде жатырмын. Көл жоқ. Сасып қалдым. Орнымнан тұрғанда байқадым, Көлтауысар алып адам екен, көлді ұртына толтырып алыпты. --Сіздің Қазақстан көлдерін болмашы тиынға жекешелендіріп алып, пайдаға батып жүргеніңізді білемін, бірақ, балық-палығымен, қайық-майығымен жұта салуыңыз, өткен жылы ғана саммит өткізген біздің елге үлкен сын! Өзіңіз парламент депутаты бола тұрып, мұныңыз қалай?—деп едім, «ой әкеңнің!» дегісі келгенде аузындағы көл суы төгіле кетіп, жақын маңдағы ауылды шайып кете барды... Сол ауылдың әкімі болса керек, моторлы қайық дайындап қойған екен, бала-шағасын соған отырғызып алып, ызғытып барады... «Көлді қайтара жұтыңыз!»-- деп Көлтауысарға айқайладым. «Кто ты такой, ей нищщи!» деген ол мені де жұта салғысы келген. Дию досы соңыма түсті. Тұра қаштым. Енді болмағанда, о дүниеде жүрер ме едім, жолай Желаяқ кездесе кетті де, мені арқалап алды. «Қайда?» деп сұрады ол зуылдап келе жатып. «Үкімет үйіне, Мәсімовке. Болмаса Елбасыға тарт!» «Ақшасын төлесең болды, мен қала аралық таксист-- Желаяқ боламын!»--

деді ол. Содан не керек, желмен жарыса, зымырап келеміз. Бір жерге келгенімізде, біреу Алматының Алатауын көтеріп келе жатыр! --Мынау кім?—деп сұрадым мен. --Толик,--деді Желаяқ. --Толигің кім еді? --Баяғы заман ертегісіндегі тау көтеретін Толағай бар емес пе? Ол бір жақсы кісі еді ғой, мына Толик соның шөбересі. Таусоғар Толағаевич. Алатауды сатып алған деп естігенмін. --Қазақ жерінде сатылмаған не қалды өзі? Алатауды қайда апармақшы? --Өзі Қызылорда жақтан. Сол жаққа апарып қоятын көрінеді...Ол жақта тау жоқ қой... --Ташкенге апарып қоймаса болды...—дедім күйініп. Бір қарасақ, дию артымыздан ұшақпен қуып келеді екен. Тұра қаштық. Шымкентке жеткенде Желаяқ «зәпірәпкенің» жанына келіп тоқтады. --Не болды?—деп сұрадым мен. --Бензин ішіп алайын да... --Ойбай, сен желаяқ емессің бе? --«Современный» желаяқпын,--деген ол колонканың пистолетін аузына тығып жатып: «АЙ-96»--деді. «Зәпірапшік» жігіт Желаяққа жақындап: «Аға, біз бензин сатпаймыз,»--деді. «Онда неге тұрсыңдар?» «Біз показухамыз. Зәпірәпкеміз мұнай құбырының үстінде, трубаны тесіп, мұнай ұрлап сатамыз... Ойбуу, бастығым ешкімге айтпа деп еді, жүдә ақ көңілмін ғой! Ағатай, ешкімге айтпайсыз ғой?»--деген жігіттің шыр-пыры шықты. Басқа жерден бензин жұтқан Желақтың үстінде қаным қайнап келеді. Қазағымды жемқорлық жайлап алған екен... «Ертегілер елінде өмір сүріп келеміз!—деді Желаяқ,--өзіміздің Толағай-Толиктер, көлтауысар, жезтырнақтар, тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдектерге мейлі, орыстың «Бессмертный Кащейлері» де қазақ жерін сорып...» Бір кезде алдымыздан бір топ қазіргі заманның Алдаркөселері шықты. Министр Алдаркөсе, әкім Алдаркөсе, полицей Алдаркөсе... «Патшаға бізді жамандауға бара жатырмысыз? Одан да біз сізге ән шырқап берейік!»--дейді. «Біз Алдармыз, Алдармыз,

Шайтанды да алдармыз, Сайтанды да алдармыз! Сақалды «оптом» талдармыз... Біз көсеміз, көсеміз, Министр боп өсеміз... а-ей, о-оей, аа-а-ай... Астанаға жетейін деп қалдық. Желаяқтың желке тұсында ғаламтор бар екен, соны қарап отырсам, біздің патшаға бара жатқанымызды Австриядағы саққұлақ қашқынымыз біліп қойып, «Қазаққа саусақ не үшін берілген? Бірбірінің құйрықтарынан шұқу үшін!» деген тақырыпта мақала жазып үлгеріпті. Жат жұртта жүріп, өзімізді өзіміз өзекке тебеміз енді... Астанаға жете бергенімізде... Ия, жете бергенімізде, Желаяқ екеуміз тоңқалаң аса құлап түстік. Анадай жерде Мыстан кемпір тұр екен, екінші тісін жұлайын деп. Сол әжеміз бізге қарай тісін лақтырған... Ар жағында Жезтырнақ әпшеміз тұр, мини юбка киіп алып... Қой, осы жерден ертегімді аяқтайын, мыналар патшаға менің зарымды жеткізе қоймас! Қарным ашып, әлім құрып, көзім қарауытып бара жатса да: «Ертегілер елі жасасын! Ура-а-а!--дедім өлімші дауыспен,-- мырзалар, құдай үшін мені бір тойғызып жіберіңіздерші, дәретханада рахаттанып бір күшенейін деп едім....»

ЛӨЛА-ЛАЙ...

Өмірде жұмса-ақ жақсы ғой, не нәрсе болса да... Қақиып қалған көңіл, «қақиып» қалған өмір... Құрысыншы. Ол мықты шенеунік. Жүргенде бар ғой, көздері ақиып, өзі қақиып жүреді... Айына бір-ақ рет күледі. Онда да, саунаға барғанда, толып кеткен денесін айнадан көргенде... Ол басқаратын комитетте үлкен іс-шара өтіп, жиын басталмас бұрын әнұран орындалып жатты. Жұрт жапа-тармағай орындарынан тұрып, оң қолдарын жүрек тұсына қойып жатты. Құдай қос қолдап ұрды ма, жо-жоқ, ол Құдайды ұратын адам, орнынан тұрғанымен, қақиып қалды... Оның бұл тұрысын «бір

шпион» министрге жеткізіп қойыпты. Келесі күні көзін уқалап отырғанда, министр шақырды. Ол жаққа қақиып емес, тал шыбықтай йіліп барды. --Сіз ән ұран басталғанда, қолыңызды неге жүрек тұсыңызға қоймайсыз?— деп сұрады министр. --Кешіріңіз, менде жүрек жоқ... --Жүрек жоғы қалай? --Білмеймін… --Жүрегіңіз ұшып кете салатындай, шымшық па не? -Ала қарға… --Жарқанат болмағанына шүкір…Ия, жүрегіңіз неге «ұшып" кетіп жүр? --Сіз қашан қызметімнен қысқартып тастайды екен деп, қорқа-қорқа жүрегім ұшып кеткен... --Сізді жұрт «Жарты құдай» деп жүр. Рас па? --Рас… Неге? --«Полный» құдай өзіңіз тұрғанда, маған «половина» құдай да жетеді… --Доғарыңыз! Жұрт сізді «бүтін құдай» болады деп жүр! --Өтірік, олар өсектің «салатын» жеп жүр... --Қалай болғанда да, ән ұранымызды, рәміздерімізді қастерлеуіміз керек. Сіз өзі ән ұранның мәтінін білесіз бе? --Білемін. --Айтыңызшы. --Ыңғайсыз емес пе? Министр оның жанына келіп, сынай қарады. --Құдай біледі, фонограммаға етіңіз үйреніп, әнұранның мәтінін де білмейтін шығарсыз? Ол министрге иіліп, бел омыртқасы үзіліп кете жаздады. Ішінен: «Өзіңіз де қатырып білетін шығарсыз!» --деп қойды.

--О не дегеніңіз, қаласаңыз айтайын... Бірақ… --Немене бірақ? --Мен… Мен музыкасынсыз айта алмаушы едім… --Сізге немене, духовый оркестр шақыруым керек пе еді? --Жоға… Сонда да… Министр столының астындағы түймені басып қалып еді, ішке хатшы қыз кірді. --Шақырдыңыз ба?—деп сұрады хатшы қыз. --Шақырмаса, келмейтін бе едіңіз?Көмекшімді шақырыңыз? Кешікпей, жап-жас көмекші жігіт кірді кабинетке. Министр салған жерден: --Сіз не тартасыз?—деп сұрады. --Темекі…--деп қалды ол. --Жоқ, не тартасыз деймін? --Тағы да темекі… --Темекіде басыңыз қалсын! Музыкалық аспаптарда ойнайсыз ба? --Гитараның сыртынан сипалап, ойнаймын… --Министрлікте домбыра бар ма? --Жоқ. --Гитара ше? --Табамыз… --Кешіріңіз,--деді «жарты құдай»,--бұл жігіт гитараға әуре болмай-ақ, ауызбен ыңылдап мөзика шығарса, ілесе беремін… --Жарайды, сөйтіңіз,--деді министр. «Жарты құдай» тамағын қолымен уқалап тұрып алды. Керіліп созылды. Екі қолын алға созып, тізесін бүгіп, отырып, тұрды. Министрдің көздері алақандай, комитет төрағасы балақандай көрініп кетті.

--Сіз не істеп жатырсыз? --Ән айтуға жаттығып... --Сіз менің кабинетімде спортпен айналысып жатырсыз ғой?! --Бастайын ба? --Бастаңыз! Ол тамағын кенеп алып, көздерін тарс жұмды... --Неге көздеріңізді жұмып алдыңыз?—деп сұрады аузы ашылып кеткен министр. --Мен өмірге көз жұма қарайтын адаммын... Ал бастайын... Хім... Ол екі қолын жүрек тұсына қойып, жатқанда, министрдің көмекшісі аузын ауаға толтырып алыпм «ыңғорс-қорс, ыңғорс-қорс…»деп жатты. Министр жалт қарап: --Бұл немене пәле?—деп сұрады. --Аккорд қой. --Біреу ыңқылдап жатқандай естіледі екен.. Бастай беріңіз! «Жарты құдай» тамағын кенеп алып, әндете кетті: Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы... Лөла-лөла-лай, Лөлалай, лөласы! Лөлалай. Лөлалай, Лөлалай, лөла-лай, Лөла-лай, лө-лөлай, Лөлалай, лөласы! Министрдің көздері жыпылықтап кетті... Не деген масқара! Шетелдік шпиондар біліп қоймасын деңіз! Осыны ойлаған министр «Лөлалайдың» жанына жетіп келіп, оның бетіне бетін тақап:

--Тоқтатыңыз!—деді. Анау жуық арада тоқтай қояр ма, шабыты келіп, көздерін тарс жұмып алған: Менің елім, менің елім, Сенің елің, оның елі... Олардың елі, бәрінің де елі, Қытайдың да елі, Қазақстаным!

Лөла-лай, лөлалай, Лөла-лай, лөлалай... Лө-лө-лө... лө... --Сізге не болды? Ауырып тұрсыз ба? Шизофрения емессіз бе?—деп қалды министр. Сосын көмекшісіне қарап: --Сіздің «ыңғорсқорсыңыз» қашан бітеді? Болды, жетер, жетер енді…-деді. Көмекшінің көздері жыпылықтап: --Кешіріңіз, аузым қызып кетіпті…--деп төмен қарады. «Жарты құдай» да жұмса-ақ дауыспен: --Әнұран орындалғанда оң қолыңызды жүрегіңізге қоймайсыз ба?—деп тіл қатты да, ары қарай шыңғыра жөнелді: Лөла-лай, лөла лай. Жерге дән шықты ғой, Қонаевты ұмытқан, Қазағым мықты ғой! Лөла-лай, лө-лө... Ол «ән шырқап» тұрып, бір көзін сығырайтып қараса, министр де екі қолын жүрек тұсына қойып, ол да «лөлалайлап» тұр екен. «Е—е, шамаңыз белгілі болды, шпиондар біліп қоймасын...» --деп ойлады ол ішінен. Сосын әннің қайырмасын барынша көтеріңкі дауыспен:

Менің елім, менің елім, Секталар елі, иегова елі, Казактар елі, Ивандардың елі, Алқаштардың елі, Қазақстаным!—деп барып тоқтады. Бір көзін сығырайтып қараса, министрдің орынбасарлары да, тіпті, қазақша шүлдірлеп жүрген хатшы қыздар да «лө-ла-лайға» қосылып кетіпті. Қайран, «лөлалайлар»...

ӘЙЕЛІМНІҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Махаббат республикасы, Қос жүрек облысы, Ерлі-зайыптылар ауданының тұрғыны, отағасының кластасы, әрі төсектесі Сезімгүл Қуғанбаевадан. Мекен-жайы: Жатын бөлмесі-- мөлтек ауданы, солтүстік диван, атлас көрпе көшесі. Менің түсінік беру себебім, сол түні кластасым әрі жұбайлық өмірде төсектес, көрпелесім, күйеуім Күтірлек Сықырлақұлыны ұзақ күттім. Пәтерімде отыра-отыра ішім пысты. Сосын сыртқа шығып, подьезд алдындағы сәкіде отырып келейін деп ойлап, есікті ашып қалып едім, бірдеңе ішке қарай гүрс етіп құлады. Қарасам, есікке арқасын беріп, сүйеніп отырған еркек екен. Қорқып кеттім де, оқтаймен басына бір ұрдым! Есікті жауып алып, мойнынан иіскеп көрдім. Тірі сияқты. Тек удай мас. Бұрын көрген еркектеріме ұқсамайды. Танымаймын. Сен келе қоймадың, сосын полицияға хабарлайын деп едім, «көңілдесін кіргізіп алыпты» деп айыптайды ма деп ойладым. Дегенмен, сақтық керек қой, ақшаларымызды қайта-қайта санап, салафанға салып, су өтпейтіндей етіп буып, оған ине-жіп баладым да, дәретханадағы унитазға салып жібердім, жіптің бір ұшын су кранына байлай салдым. Содан қолыма пышақ ұстап, төсегіме жата кеттім. Бір кезде ұйықтап

кетсем керек, көзімді сығырайтып ашсам, қойнымда сен жатыр екенсің. Бөренедей аяғыңды менің беліме лақтыра салыпсың. Құшақтадым. Таң қалғаным, үйленгелі бері мені аймаламайтынсың. Ернімді жұлып алып, шайнап-шайнап жұтып қоярдай сүйдің келіп... Бір кезде «О, шешең...» деген дауыс шықты. Атып тұрсақ, сен екенсің, таңға жуық өз кілтіңмен есікті ашып кірген... Қасымда жатқан еркекті сен екен деп қалыппын... Атауыңды ішкір алқашпен бұрын саяси, көрпеси, секси қатынасымыз болған емес! Мен махаббат мемлекетінің ата заңын құрметтеймін, жаным! Түсініктеме өз сынған қолыммен әрең жазылды. Түсінік иесі: Көзі көгерген, мұрны сынған, иегі қисайған, шашы жұлынған жан-жарың: Сезімгүл ҚУҒАНБАЕВА.

ТӨПЛИІМ ҚАШЫП КЕТТІ... (Ересектерге арналған саяси мультфильм) Сыртқы істер министірі екенмін деймін... Түсім екен деймін... Я Алла, түсім бола гөр! Шырт ұйқыда жатырмын. Бір кезде есік сықырлап ашылғандай болды. Мен де көздерімді «сықырлатпай» ашып, жастығымның астында жатқан пистолетімді суырып алдым. Балаларым ойнап жүрген ойыншық пистолетті... Бір кезде қарасам... Қап-қара, майы жылтыраған, өкшесі әлі желіне қоймаған отаны германиялық туфлиім кәдімгідей жүріп келе жатыр! О парламент!О, Ақорда! (О, жаратқан ием! деген сияқты ғой...) Сіздер балалар көрмесе, көздерінен жас шелектеп сорғалайтын «Тәшкелер» деген мултьфильмді көрген шығарсыздар? Көшелерде тірі жан жоқ, бірақ, ауыз-бастарын қисаңдатып, ызғып жүрген сан түрлі мәшинелер ше? Менің төплиім де дәл сондай, қасы-көзі қиылып, қасыма келді де: --Министр мырзам! Мұсылман елдеріне Америка бүйідей тиіп жатыр! Көшеге шығыңыз, біздің елде халықаралық туфлилер саммиті өтіп жатыр! Бірақ есіңізде болсын, Қазақстанның бұл мәселеде бейтарап болғаны жөн!. Тұрыңызшы!—деп сөйлеп бергені... Ұстап алып, аяғыма кие қояйын деп едім, тілін шығарып, мазақтап, қашып кетті! Киініп алып, қуып кеп берейін. Көшеге шықсам, Құдай-ау, кешіріңіз, о, парламент, о, конституция... тірі пенде жоқ! Жүгіріп бара жатқан, жүгіріп келе жатқан, ызғып жүрген мыңдаған төплилер! Менің төплиім қайда? Министрмін ғой, осылай жалаң аяқ тұра бермекпін бе? Бір кезде қарасам, екі төплиім-- тұмсығында гүлі бар,

біздей биік өкшелі екі туфлиді құшақтап, әңгімелесіп тұр! Масқара! Ақырын құлақ түрдім. --Жаным, жарық туплишкам!—дейді сол аяққа киетін төплиім. --Мына қасыңдағы кім?—деп сұрады «женский төплидің» бірі. --Оң аяққа киілетін досым ғой. Менің атым Сол аяқ... Айтпақшы, Отаның қайдан еді өзі? -- Өткенде айтып едім... --Ә-ә, Сириядан екенсің ғой... --Ия, Сириялық мұсылман туфлимін... -- Туфли қарындас... Тұрмысқа шыққансыз ба? --Жоға... Біздің елде төплилер мен кебістер, әр түрлі діндегі ағымдар көтерілісі болып жатыр... Мұндай кезде байға тию деген қайда-а-а... --Қарапайым бәтеңкелер мен, резина етіктерге, сандалдарға, тәпішкелерге президент Башар Асадтың төплиі химиялық қару қолданып, қырып салған дейді ме... --Кім білген? Оппозицияға Америка берген химиялық заттар ма, кім білсін...Әлде, Ресей қару жарақтары... --Америка президенті Обаманы айтамын да! Нобель сыйлығын оған неге берген? Сендерге, Сирияға соғыс ашу үшін бе? Иракты түтіп жеді. Ливияны тістеді, Ауғанстанды аузына салды. Ендігісі Сирия ма? --Анаң қара! Обама туфлиі келе жатыр!—деп қалды бойжеткен төпли. Енді ұмтылып, төплиімді ұстай бергенімде, екеуі де қашып кетті! Бір қарасам, Обама туплиін Қытай басшысы Си Цзиньпин туфлиі мен Ресей президенті Путиннің туфлиі тепкілеп жатыр! Қып-қызыл халықаралық төбелес! Жүгіріп барып, ажырата беріп едім, Путиннің төплиі тұмсығыма сарт ете қалып, артынша: --Извини, братан... Байқамай қалдым...—деді. --Нешауа, нешауа...—деп жалпақтап, иіліп жатырмын. Бір кезде, сұмдық-ай, бір кезде өзіміздің түбі бір түріктеріміз, Түркия президенті мен Сауд Арабиясы королінің төплилері Обама төплиін қолтықтап әкетті... І-мм, олар Сирияға қарсы екен ғой... Менің германдық төплиім анадай жерде темекі тартып тұр! Бәсе, кейінгі кезде аяғым неге сасып жүр десем... Әсіресе, Путин төплиі... Ішіп алған ба, айқайлап болар емес: --Мен сендерге көрсетемін! Тарт қолыңды Сириядан! Ол елде біздің де үлесіміз бар!—дейді. Бір қарасам, Елбасымыздың туфлиі келіп, Путин төплиін сабырға шақырып, арқадан қағып, алысқа алып кетті... Жалаң аяқ жүгіріп отырып, халықаралық төплилер саммиті өтіп жатқан Конгресс--Холға кірдім. Іші толған төплилер. Әр елден келген. Біздің қазақы кебістер мен бәтеңкелер де келіпті. Қолдарында плакаттар.

--Әлемге тыныштық керек! --Мұсылмандар, бірігіңдер! --Египет, есіңді жи... --Башар, халқыңа оқ атпа!—деп жазылған. Беделді Төплилер жарыса сөйлеп жатты. «Бізді ауызбіршілікке шақырған Қазақ елі жасасын!» деп дауыстаған негр, араб, үндістан, пәкістан, герман, америка төплилерін көргенде, қуаныштан шыңғырып жіберіппін... Шыңғырып жатып, оянып кетіппін... Министр де емес екенмін, есік алдына жүгіріп шықсам, өкшесі қисайған, тұмсығы ақ жем, әбден тозып, «қартайған» қара төплиім бұрышта жатыр! Жасасын, халық төплилері!

МЕНІҢ ТІЛІМДІ КІМ ЖЕП ҚОЙҒАН? (Ересектерге арналған ертегі) Ұшақта ұн сатып отырмайсың ғой, ұйықтағанға не жетсін! Түс көріппін! Түсімде түлкіні емес, тілімді біреулер қуалап сабап жүр екен! Тілімді тікендердің арасынан тауып алып, қанын сүртіп, аялап тұрғанымда, орыс тілді қаракөз бауырларым жетіп келді. --«Мясо по казахский» қайда?--деп сұрады бірі ешкіні қуалап жүріп емгендей ентігіп. --Бұл менің тілім! Менің ана тілім! Мемлекеттік тілім! Олай қорлама!—дедім мен тілімді қалтама салып қойып. --Бизге бериниз!—деді екінші шала қазақ шашала сөйлеп. --Оны қайтесіздер? --Сотка беремиз! --Сотка? Рахмет, ұялы телефоным бар... --Сотка береміз деймин! Маган: «Казахсың ба? Казах казахпен казахша сөйлесин керек! Президентимиз солай деген!» деп акыл уйретеди! Мин казакша сөйлегим келмейди! Орыс тили--өмирим! Аузымда ашсам, тілім орнында екен... Қайран қазақ тілі! Қор болдың –ау! Қотыр болдың-ау... Осындай түс көріп жатып, оянып кеттім. «Тілім орнында ма екен?» деген қорқынышпен сумаң еткізіп, тілімді шығардым. Мәссаған! Ортада жүрген стюард жігіт жетіп келіп, жағама жармасты: --Мени ниге мазактайсыз?

--Құдай үшін, олай ойламаңыз. --Онда тилинизди ниге свежи воздух шыгардыныз? --Кепсін деп. --Сиз мени тагы мазактап отырсыз. Осы кезде стюардесса қыз құстай ұшып келді. --Что случилось?—деп сұрады. --Қазақша сөйлеңіз, қарындас,--деп өтіндім мен. --Не твое дело... Бір қарасам, қара көз бауырларыма өкпелеген тілім аузыма сыймай, ұртымды ұрғылады да, түбінен үзіліп түсіп, аузымнан қашып кетті! Өмірімде алғаш рет тілім өзімнен бөлек кетіп қалды! Стюардесса қыздың үстіне жабысып, омырауына түсіп кетті ме... Ол шошып, тыпырлады да қалды. Жолаушылардың бәрі ауыздарын алақандарымен жауып әлек. Бірақ қазақ тілін қорлағандарға намыстанған ауыз ішіндегі қызыл тілдер иелерінен рұқсат сұрамай-ақ, саусақтардың арасынан қылтиып шығып: --Жасасын қазақ тілі! --Ұшақтарда да қазақ тілі—қазақтың тілі! --Ұшақтарда стюардессалар үш тілде сөйлесін: қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі! --Қашанғы қазақ тілін тірідей көме береміз?—деп шуласты. Бір кезде... Мәссаған! Мұсылман жолаушылар тілдері ауыздардан атқып шығып, стюардтты сабалай бастады. Бет аузының бәрі жыбырлаған қазақ тілі! Бір қарасам, бір шала қазақ бес-алты тілді ұстап алып, ормалына түйіп жатыр. --Мұны қайтесіз?—деп сұрадым мен. --Үйге барған соң қуырып жейін деп едім... --Әне, біздің қазақ осы. Бірінің тілін бірі қуырып жейді... Не керек, Алматының әуежайына түскен бойда бізді полицейлер қоршап алды. Бәріміздің аузымызды ашып, фонар жарығымен қарады. Тілдеріміз аузымызда болатын. «Бұзақылықты бастаған осы тіл!» деп бір сатқын айқай салып еді, полиция инспекторы аузымнан ана тілімді суырып алды. Сөйтіп,

не керек, сот тілімді төрт жылға соттады. Төрт жыл жым, мақау болып жүріп, артынан барсам, тілім жоқ... Кейін естідім, атаңа нәлет түрме бастығы арақ ішіп отырып, «зәкөске» үшін қуырып жеп қойыпты... Атауыңды жегір... Е, мейлі, есесіне бір ауыз қазақша білмейтін мәңгүрт бастық қазақша сайрап жүр дейді! Жасай бер қазақ тілі!

БІР СҮМЕЛЕКТІ ҰСТАСАҢШЫ!

Анадан жапырып, мынадан сапырып, оң жағыма келгенді үптеп, сол жағыма келгенді түптеп, ақшаның астында, доллардың үстінде қалғалы, кәдімгідей қағынантын болдым, жап-жас қыздардың «исін» сағынатын болдым... Жасым алпысты алқымдаса да, ақылымды айбалтамен шауып тастап, «өмір бір-ақ рет келеді екен, екі-үш рет келмейді, енді маған мұндай қызық өмір бермейді!» деген ой-есектің үстіне ырғып мініп алып, ой бір дүниені жалпағынан да, көлденеңінен де, тігінен де бастым. Сөйтіп жүргенімде бір танысым табанымды қытықтағандай қызара-бөртіп тұрып: «Ауылдан келген бір жас қыз бар. Әкесін танушы едім. Жұмысқа орналастырып берші!» деп өрттей болып өтінген. Он екі де бір гүлі ашылмаған, үрлеп-үрлеп, сора салатын, жо-жоқ, жұта салатындай әдемі-і қыз екен... Жел тұрса, қыпша белі үзіліп кететіндей, ал бұрымы... бұрымы өкшесіне жететіндей, қолынан ұстасам, «радиатор» жүрегім қызы-ып кететіндей! --Қалдықыз, қандай сұлу едің!—деймін тамсанып. --Қойыңызшы көке... --Шіркін, мен де жас болсам, өзіңді құшақтап, ішпей-жемей мас болсам... --Қойыңызшы көке... --Мен көке емес, кофемін, кофе! --Кофе деген немене көке? --Әдейі түсінбеген болып тұрсың-ау, Қалдашка! Жүр, кафеге кіріп, кофе ішіп алайық... Қызды арбап, «кофе ішуді үйренбесең, болашақ бастықтарың жұмыстан шығарып жібереді...» деген «теориямды» талдап, «Тіфә-тіфә!» кафесіне кірдік. Кофе іштік, кофеден кейін коктейль іштік, одан кейін коньяк ішкіздім, іштім... Бір қарасам, ұят-ай, ауылдан келген аңқау қыздың құшағында жатырмын! --Ағай, дейім, ағай... --Әу жаным? --Мен сіздің қасыңызда неге жатырмын?

--Бетіме бір түрлі қарап, кеудемдегі жүнді тарап... --Ағай дейім, ағай... --Әу, жаным? --Сіз менің әкемнен де үлкенсіз... Енді не істеймін? Елдің бетіне қалай қараймын? --Теріс қара да, бұрылып кет... --Ылғи осылай кофе ішеміз бе, көке? --Жоқ. Енді басқа қыздармен кофе ішемін. Мынау бүгінгі қызметіңе!—дедім де, қолына екі жүз долларды қыстыра салдым. Байқаймын, Қалдықыз жастыққа бетін басып, жылап жатыр. --Енді не істеймін көке-ее?--дейді. --Не істеуші едің? Бір сүмелектің етегінен ұста!—деп ашуланып, жерге шырт түкіріп, шығып кеттім. Қалдықызға қайтып жоламадым. Қыздармен қыдырып, келіншектермен керіліп, ақшаны олай да, былай да шашып жүрдім. «Ақшаң болса қалтаңда, төсегіңде талтаңда...» Тура маған айтылған! Әшейін моншаға бара алмадым, сауналарды жағаладым... Әйеліме: «Фирманың жұмысымен кеттім!» деп апта бойы көңіл шіркін шалқып, тұла бойым қорғасындай балқып... Өмір өзенде жапырақтай қалқып... Бір күні әйелім ұялы телефоныма хабарласып тұр: --Үйге кел, үйге! --Не боп қалды? --Келініміз құтты болсын! Ұлымыз келіншек алып келді! Қуанғанымнан құстай ұштым! Тойға келіңіздер, тойға! Аулаға кіргенім сол, есік алдын сыпырып жүрген келінге қарап, біреу бетімді тырнап алғандай, жоқ, біреу қылғындырып жатқандай.... жоқ, біреу тұмсығыма теуіп жібергендей... Мәңгіріп, басым айналып, құсқым келіп кетті... Келіннің жанында «сүмелегім» кеше сойылған қояндай ыржиып тұрған еді...

ӘШЕЙІН ЖАЛАҒАН ЕДІМ...

Кабинетімде керіліп, жұмыс істеуге ерініп, есіней бергенімде, есігім де «есінеп» ашылып, орынбасарым одыраңдай кіріп келді. --Басеке, біздің мекемеге мемлекеттік бюджеттен бір шелек айран бөлінді... --Айран? Қайдан? --Үкіметтен. --Демек, Үкімет айраны ғой? --Ия. --Жалап көрдің бе? --Құдай сақтасын, жалауға да, тамсанып қарауға да болмайды!

--Неге? --Халыққа бөлінген айран екен. --Құдайым-ау, бір шелек айран кімге жетеді дейсің? --Әшейін, саусақтарын бір батырып алып, сорады. --Не үшін? --Халықтың ішектері ағару үшін... --Мм.. да-а... Әшейін, ақ «крәскі» іше бермейді ме, халық деген...--деп ойланып қалдым. Сол екен, менің үстімнен қарайтын, айтқанын істемесем, шашымды тырмамен тарайтын басқарма бастығы келді. Телефон соға салса да болады ғой. --Айран ішейін деп келіп едім...—деді ол. --Бо-болмайды...—дедім мен. --Неге болмайды? --Халықтың айраны... --Не, біз халық емес, қасқырмыз ба сонда? Қазір беделді сенатор келеді. Ол бір кесе ішсін. Мен ішейін. Сен іш... --Финпол... --Қабағыңның «ауа райы» бұзылып кетті ғой,--деді басқарма бастығы Сімірбек Ішкенбайұлы бір кесе айранды көмекейіне құя салып,--қорықпа, өзіміз құтқарып аламыз! «Крышам» аман болса, түрмеден суырып аламыз! Бір кезде министрліктегі Жұтқанбай Жайынауызов келді де, шелекті басына төңкерді... Ұстап қалмағанымда, шелекті де қытырлатып жеп қояр еді... Қарасам, айран орталау болып қалыпты... --Қорықпа,--деді министрліктен келген өкіл өкінбестен,--өзіміз құтқарып аламыз. Әуелі шетелге қашырамыз, мә, Германияға билет алып қойдым... Билетті қалтама салып тұрып, сағым сынып, ұнжырғам ұн болып кетті... Айран ішкіштер көбейіп кетті. Бәрі айран ішуге келеді. Келеді де сіміреді. Ауыздарына жағылған айранды еріп келген жандайшаптары жалай салады... Соған қарағанда, айранға алтын ұнтағы араласқан-ау деймін... Бір қарасам, атауыңды ішкірлер десе, түк қалдырмапты! Мен де адам баласымын ғой, айран ішпесем, несіне бастық болып, бақырайып отырмын? Е, жарайды, бізге жаласақ та жетіп жатыр! Әуелі саусағыммен сызғылап жаладым. Сосын алақаныммен жайпап, жайбарақат жаладым. Сосын шелектің ішіне басымды тығып алып, тіліммен жалап жатыр едім... Біреу басыма бірдеңесімен тақ еткізе ұрғаны! Тілімді тістеп алдым. Қанап та кетті... Жүрегім зырқ, маңдай терім бұрқ ете қалды. --Финполданбыз, шелектен шығыңыз!—деген әмірлі дауысты естідім. Мәссаған, осындай ірі денеммен кішкентай ғана шелекке қалай сыйып, қалаай кіріп кеткенмін? Шелек ішінде бүктетіліп отырмын ғой? Шелектен әрең

шықсам, төрт жігіт қасқайып, куәліктерін көздерімнің ішіне тығып жібере жаздады. --Не істеп жатырсыз?—деп сұрады бірі. --Шелек ішінде мызғып алайын деп... --Кешіріңіз, шелек толы айран қайда? --А-айран о баста ж-жоқ болатын. --Олай болса не жаладыңыз? --Әшейін, жалай салайыншы деп... Мемлекеттік меншікті «әшейін жалауға» болмайтынын ойланып тұрғанымда, финполдың бірі: --Неғып тұрсыз? Қашпайсыз ба?—деп қалды. --Қ-қайда? --Шетелге! Жоқ болып кетпеңіз, төрт жылдан кейін ұсталыңыз! Тұра қаштым. Сол қашқаннан төрт жыл қаштым. Бесінші жылға дейін қаша берер ме едім, өкпем өшті, жүрегім бір жерге түсіп қалыпты, жоғалтып алдым... Халықаралық іздеу жарияланып, алтынсыз айран ішіп отырғанымда қолға түстім... Құдайға шүкір, қазір түрмедемін... Төрт жыл өтті... Бір мақал бар еді ғой, айран ішкен... Туу, есіме түспей тұрғаны, айтып жіберіңізші, құдай үшін!

ҚОЙШЫ, ҚОРТЫҚ ЕКЕН...

Махаббатыңыз от алып кетсе, жүрегіңіз «дүкі-дүкі...» деп, «сол қызбен қалай кездессем екен?» деумен уайымның «салатын» жеп, желкеңізді қасып, миыңыз ашып, тіпті, кейде көңіліңіз жасып, сап-сау жүрген басыңызға сақина тілеп аласыз, оны қойшы, «нем бар еді, махаббатта?» деп өзіңізді іреп аласыз... Тәуелсіздігімізбен құрдас Газ, Свет, Су деген үш жігіттің бойлары өсіп, сырықтай болды. --Менің атым Газ,--деді жас жігіттің исі бұрқырап,--Мен кеше бір қызбен таныстым, таныса салып, о тоба, махаббатпен алыстым! Фейсбуктегі суреті қандай, екі беті жаңа піскен нандай! Көздері ұшқындаған ток сияқты, өзі жабырқаулы ма, әйтеуір, «шок» сияқты... Ерні... Ерні тек мен сүюге жаралғандай, шашына бигуди қыстырып, жаңа ғана таралғандай... Мойны... Мойнын сипалап жата беретіндей, сөйтіп, рахатқа бата беретіндей, сүпсүйкімді қыз екен... --Ол қызбен мен де фейсбук арқылы дос болғанмын!—деген Свет бойдақ дірілдеп, жарқ-жұрқ етті,--Кешіріңдер, бірінші болып, мен танысайын! Мен

болмасам, қап-қара «негр» боласыңдар, түнде адасып кетесіңдер. Қарашы бойым да ұзын, жыл сайын өсумен келемін! --Мен ше? Мен де сендерден қалыспай, жылдап өсіп, халықтың қалтасын қағумен, сөйтіп, шенеуніктерге жағумен келемін. Сендер айтқан қызға барып, өлейін деп жатса, аузына тамшылап тамбаймын ба? --Тұра тұршы, дымқыл сөз айтпай... Мен ол қызға өлең шығардым,--деді Газ тұтығып,--оқып берейінші.. Хім... Қарындас,менің атым Газ болады, Мені жағып, халқым бір мәз болады, Ал егер өшіп қалсам, абайсызда... Шеттерінен тақырбас, таз болады... --Неге таз болады?—деп сұрады Свет бойдақ. --Әшейін, ұйқасым «ұйықтап» қалған соң айта салғаным ғой... --Былай болсын, кімнің бойы ұзын, сол ғана қызға барып, қырындайды. Келістік пе?—деп қалды Газ. Үшеуі қатар тұрып, өсе бастады... Олар өскен сайын, халықтың қалтасы қағылып, кедейлер қиналып кетті. Олар өскен сайын Су, Газ, Свет қожайындары байыған үстіне байып, неше түрлі қитұрқы «заңдармен» қаруланып, сыбайласып, жемқорласып, құлқындасып... Бір күні үш жігіт қызды көруге, қыз қайсысын қаласа, қалғандары соған көнуге уәделесіп, жолға шықты. Свет өзінше жарқырап, тогын күшейтіп, сымдай тартылып алды. Газың да жаман исін жасырып, сап-сары көйлек киіп, көгілдір болып көрінуге тырысты. Су болса, сыңғырлай күліп, тамшылары күнге шағылысып, жалтырап тұрды. Содан үшеуі қызға келді. Көрді де, қашып кеткілері келді. Бірақ әдеп сақтап... --Қарындас, атыңыз кім?--деп сұрады Светтің киловаты азайып, бір түрлі көңілсіз үн қатып. --Жалақы...—деді жас қыз қылымсып. --Кешіріңіз, бойыңыз қанша?—деді Газдың исі бұрқырап, қызға көңілі толмай қиналып. --Жарты сантиметр.. --Өспепсіз ғой...—деді Су сызыла қарап,--фейсбуктегі суретіңізге қарап, ғашық болып қалсам... --Өсірмей жатыр ғо-о-о...—деп бұртиды Жалақы қыз. --Қойшы, қортық қыз екен,--деген Свет «кәрөткі зәмікәние» болып, кетіп қалды. Газ бұрқ етіп, жанып кетті. Су болса, келген ізімен ағып кетті...

ТЕРІС ҚАРАП ЖАТАМЫЗ...

Неменеге өкпелегенімді өзім де білмеймін. Ұмытып қалдым. Қайтіп ұмытпайын, күйеуіме өкпелеп жүргеніме отыз жылдан асты! Теріс қарап жатамыз. Әлі есімде, отыз жыл бұрын ол көрпенің астынан қолдарын жыбырлатып, белімнен сипаған болатын, аяғыммен теуіп жіберемін. Жатқан жерінен ұршықтай ұшып түседі де, сүмірейіп, орнына құлайды. Бірақ өкпелеп, теріс қарап жатады. Пысылдап. Мен жатамын жылан сияқты ысылдап. Біраз уақыт өткеннен кейін, сол теріс қарап жатқан күйі қолын мен жаққа «жұмсап», жып-жылы жамбасымнан сипайды... Қолын шымшып аламын. Қолын тартып алған байғұс « ах!» деп күрсініп салып, тістерін шықырлатып жатып, қор-р ете қалады. Сол өкпе отыз жыл бойы жазылмады. Неменеге өкпелестік, есімізде жоқ... Теріс қарап жатып келеміз. Теріс қарап жатсақ та, білмеймін, үш баланың ата-анасы болдық. Олар да теріс қарай еңбектеп өсті. Жақсы адамдардың өкпесі шәйі орамал кепкенше дейді ғой. Біздің шәйі орамалымыз ваннадағы судың ішінде жатқандай... Сөйлегенде де, сөздерімізді теріс қаратып сөйлейміз. --Иәш ші..—деймін мен. --Қож..—дейді ол. --Ежөк ші...—деймін мен. --Ыдлоб.Рішө ідңінү! --Тақон! --Өзің тақон! Шоловыс! --Ен? Ен?—деп жыным келеді. --Ңешеш... --Аматқоб! --Ңешеш... Аматқоб! --Іштек...

--Ңізө тек! Міне осылай сөздерімізді де тез теріс қарата сөйлейміз. Ол көстюмін де, туфлиін де теріс киіп алады. Ерегісіп... Мен де капрон шұлығымды теріс қаратып... Жалғыз біз дейсіз бе, теріс жүргендер? Қоғамның кейбір теріс жақтары көп қой! Ресейдің Байқоңырдан ұшырылатын «Протоны» төменгі жағын жоғары қаратып ұшатын болыпты дейді... Көші-қон туралы теріс заң қабылданыпты... Шетелдердегі қандастарымыз өкпелеп, бәрі бір жерге жиналып алып, теріс қарап отыр дейді. Соттарымыз теріс үкім шығарып жатыр. «Тұрғын үйге жинамаймыз» банкісінің бастықтары туыстарына төңкеріліп қалған, шатырлары жерде, фундаменттері аспанға қараған үйлерден пәтерлер үлестіріпті! Соттар шындықты айтқан газеттерді теріс қарап отырып-ақ жауып жатыр! Бір шенеуніктер артқа қарай, мойнын бұрмастан, терісінен жүріп барады. Өйткені, парақор... Ой, айта берсек, көп қой! Ал, күйеуіме осыдан отыз жыл бұрын не үшін өкпелегенім шынымен есімде жоқ. Есімді ешкі мүжіп тастағандай... Екеуміз де елуден астық, бір күні жарасайын деп, төсекте теріс қарап жатқан күйеуіме бұрылып жаттым. Мойнымды әрең бұрдым, үнемі қисайып жүргенге ме, ауырып кетті. --Мы-ынаж...—дедім үздігіп. --Ен? --Міткійүс... --Ышиоқ... --Ышарақ іреб? Ол отыз жылдан кейін маған қарап жатты. Күйеуімді әрең таныдым: --Сәлеметсің бе? Ой, бұл сен бе? --Ой, жаным, сәлеметсің бе? Өзгеріп кетіпсің! --Қанша жыл болды десеңші, бір-бірімізге тіктеп қарамағалы... --Құрысыншы... Қалған ғұмырымызда бақытты өмір сүрейікші! Сол күннен бастап, теріс қарап жатпайтын болдық! Өмірде, қоғамда, Қазақстанда теріс ұғымдар, теріс жоспарлар, теріс шешімдер болмасын деп тілейік! Өй, жаным менің, күйеуім бар екен ғой...

ДҰШПАН IЗДЕП ЖҮРМIН

Бiреулер дос iздейдi. “Дос iздеп жүрмiн” деп кiтап жазады. Сөйтiп жүрiп, өзгелерге ор қазады. Ал, менiң дұшпан iздегiм келедi.. Адам болған соң, iрi дұшпаның болғанға, сол дұшпаның көктей солғанға не жетсiн! Министрлерден дұшпаным болса ғой! “Тапсырыспен” өлтiре салатын. Сөйтiп, айызым қанатын. бiрақ, олар менi қайтсiн? Бiр идея келдi. Бiр күнi облыс прокурорына келдiм. Хатшы қыз кiргiзбейдi. - Не үшiн келдiңiз?-деп сұрады. - Дұшпан iздеп жүрмiн,-дедiм мен. - Аулақ жүрiңiз. - Ұзақ өмiр сүрiңiз!-дедiм де, ай-шайға қарамастан, прокурордың кабинетiне кiрдiм. Ол кiсi креслосында шайқатылып отыр екен. - Кешiрiңiз, Сiз менiң дұшпаным боласыз ба?-деп сұрадым салған жерден. Прокурор бетiнде бегомот жүргендей, бiр түрлi қарады. - Не үшiн? - Мен де адаммын. Менiң де дұшпанымның болғанын қалаймын. - Менiң өз дұшпаным бар. - Ол кiм едi? - Әдiлет министрi. - Мен оның да дұшпаны бола аламын. Сiздiң бойыңыздан арамдықтың мың тоннасын табамын. Қайда қарап отырсыз? Облыс әкiмi жер бiткендi өзiне, туыстарына сатып алып жатыр. Ол менi қуып шықты. Ендi кiмге барсам екен? Құдай-ау, менiң де дұшпанымның болатын күнi бар ма? Әлде, облыс әкiмiне барсам ба? “Жеке мәселем бар едi” деп, кезекке жазылып, жетi ай дегенде, облыс әкiмiнiң де кабинетiне кiрдiм-ау! - Халықты сағындық. Халық өкілісіз ғой,келiңiз,отырыңыз,-дедi ол өтiрiк жымиып. Ой, әккi екен, жер-дүниенi жалмап жеп отырысын қарашы. Естуiмше, бiр бизнесмен: «Құрылысқа тендер алып беріңізшi...»-деген екен, «Ұлыма «Джип» сыйла, миллиондаған тендерге қолыңды жеткiземiн» -деп, аларын алып алып, қазір бұлталақтап жүрген көрiнедi. - Өтiнемiн,-дедiм мен, - кешiрiңiз, Сiз менiң нөмiрi бiрiншi дұшпаным болыңыз... - Немене? - Дұшпан iздеп жүр едiм... - Менiң дұшпандарым көп!

Бiрiншi орынбасарым президент аппаратындағы туысына жамандайды екен. Ол президентке жамандайды. - Сауап болыпты!-дедiм мен.

Ол да менi қуып шықты. Құдай-ау, денi дұрыс дұшпанымды қайдан табамын? Қайдан? Мен де адам баласымын ғой. Әлде, әлде, студенттерден ақша жинайтын деканға барсам ба? Сонымен, “Әкел, әкел!” оқу орнының деканына келдiм. Келген бетте: - Дұшпан iздеп жүр едiм,-дедiм. - Есiңiз дұрыс па? Мен сiздi танымаймын,-дедi ол. - Танымасаңыз, танысайық, парақор қолыңызбен қол алысайық. Менiң атым Ақкөңіл... - Сендей қайыршымен дұшпан болмаймын. - Не дедіңіз? Өй, әкеңнiң!-дедiм мен. - Боқтамаңыз! - Әне, сiз менiң дұшпаныма айналдыңыз!—деп қуанып кеттім! Ол да менi қуып шықты. Ендi қайда барсам екен? Қазақстанда туылып, қазақтарды жек көретін Ресей думасының депутаты Жириновскиге ме? Әлде, одыраңдап жүрген Орал казактарына ма? «Казак атаманы» болған облыс әкіміне ме? Жылағым келдi. Менi адам құрлы көрмейдi. Бәрiнiң дұшпандары бар. Қандай анықтама болса да, ақша сұрайтын, сөйтiп қыруар дүние құрайтын жер комитетіне барсам ба? о, таптым! Базар бастығына барамын! - Сәлеметсiз бе, менiң қадiрлi дұшпаным!-дедiм масаттанып, - Сiз салықты өте аз төлейсiз! Қаланың бүкiл базары салықты аз төлейдi. Базарыңызда тазалық жоқ! Бұрыш-бұрышы, лай, боқ... - За то, көңiлiм тоқ!-дедi ол. - Сiз не үшiн келдiңiз? - Құдай үшiн дұшпаным болыңызшы! - Сенесiң бе, дұшпандарым жетедi. Салық инспекторы, өрт, прокурор, әкiм дей ме, бiрi келiп, бiрi кетедi. - Сiз менiң де дұшпаным болыңыз... - Құры! - Ұры! - Кет! - Быттиған бет! - Жоғал! - Халыққа обал... Ол менiң желкемнен бүрiп ұстап, кабинетiнен қуып шықты. Қайда барсам екен? Кiмнен, кiмдерден “өшiмдi” алсам екен Әлде, әлде, премьерминистрдiң дұшпаны болсам ба? Осы ойымды әйелiм Қатипашқа айтып едiм: - О, сорлы, премьер-министр сенiң не теңiң? Балалар аш-жалаңаш, одан да ақша тап!-дедi. Әне, дұшпан iздеп жүрсем, жанымда жүр екен ғой, Қуанғанымнан әйелiмдi құшақтай алдым. Әй, бiрақ, дұшпан iздеп не керек? Дос арттырайық. Солай, мырзалар! Халықпен дос болыңыздар!

КЕҢКЕЛЕС КЕҢЕСТЕР

Таңданғанда таңдайым тақ, тістерім сақ ете қалады. Ауырсақ болды, дәрiханаға жүгiремiз. «Самопал» дәрілер көбісі... Қазақша ем-дом жасауға болады ғой. Мен соның бiрнешеуiн айтып берейiн. АРҚАҢЫЗ СУЫҚТАҒАНДА Шүберекке жүз грамм арақ құйып, арқаңызды алты минөт ысқылаңыз. Сонда суық бiткен мас болып, арқаңыз алқаш атанып, терiңiз жиырылып, “зәкөске“ сұрағандай дуылдап, жаныңыз кiредi. ҚУЫҒЫҢЫЗ ҰСТАМАСА... Суықтың жүрмейтiн жерi жоқ. Кіші дәретке жүгіре беретін болсаңыз,мүлде су ішпеңіз! «Кепкен» су ішіңіз.... ТIСIҢIЗ АУЫРСА... Ең жаман нәрсе - тiс ауруы. Тiсiңiз қақсағанда еңiреп жылай берiңiз. Жылаған сайын тiсiңiздiң ауырғаны қояды. Ауырғанын ұмытып кетесiз. БАСЫҢЫЗ АУЫРСА... Бас - әңгелек. Бас - қарбыз. Бас ауырса, басыңызға тұз сеуiп, желкеңiзге жетi минөт пияз сүйкелеңiз. КIРПIГIҢIЗ СУЫҚТАСА... Кейде кірпік те суықтайды. Түбi қышиды. Күн сайын көзiңiздi жылы суға батырып, кiрпiктерiңiздi қимылдатыңыз. Болмаса кiрпiгiңiздi рентгенге түсiрiңiз. БЕТIҢIЗ РЕВМАТИЗМ БОЛСА... Бет - адамның ажары. Бетке бәрi орналасқан. Мұрын, ауыз, көз дегендей... Бет кейде суыққа шыдамайды. Ревматизм болады. Бетi қалың, ұялмайтын шенеунiктердiң беттерi ревматизм бола қоймайды. Дегенмен, бетiңiздi ыстық үтiкке басып, қақсаған жерлерiн таспен ұру керек. ТІЗЕҢІЗГЕ САҚАЛ ШЫҚСА... Мұндайда қорықпаңыз. Бұл экологиямыздың нашар болуынан деп түсiнiңiз. Тізеңізге сақал шықса қуаныңыз, қыста тізелеріңіз жылы болады, тоңып қалмайсыз... ТIЛIҢIЗ ҚЫШЫСА... Тiл де қышиды. Ыстығы көтерiлiп, ысиды. Тiлiңiз қышыса оны таза ауаға шығарып, бір мезгіл жайып алыңыз, әбден кеуiп, қатырлақ болып қалғанда, сiрке суына батырыңыз, бұрынғы қалпына келедi. Айта берейiн бе? Менiң «ем-домым» өте көп. Қалағанын пайдаланыңыз. Тегiн рецепт берiп отырмын. Шын айтамын!

ҚҰДАЙ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ!

Несін сұрайсыз, бәрін білген соң, жылайсыз...Алла -тағала қазiргi адамдар арасындағы адамгершiлiктiң жоқтығына, жер бетiндегi алапат соғыстарға , сыбайлас жемқорларға, парақорларға, әдiлетсiздiктерге, тағысын-тағыларға нала болып, жер дүниенi қайта жаратты. Алдымен жер, орман, су, өзен, көл, жан-жануарларды жаратып, сосын жабайы адамдар пайда болды... Жабайылардың iшi пысты. Карта ойнап, арақ iшкiсi келмейдi, оның не екенiн бiлмейдi. Бiр күнi бір жабайы Құдайдан сұрады: -- О, Жаратқан ием, менiң iшiм пысты,--дедi. -- Әкiм боласың ба?-деп сұрады Құдай. -- Ол не? --Облысқа лайық халық жасап беремін, сен соны басқарасың. --Жоқ... Өзім жалаңашпын, халықты қалай басқарамын? (Қазір жалаңаш әкім бар ма?) -- Онда министр боласың ба? -- Жоқ. -- Президент? Тұтас жағырапиялық орны бар елді басқарасың... --Жоқ... --Жарайсың, пендем, сенің мына жарық дүниеден пәк болып, тақталастарға басыңды ауыртпай, жершілдікке, рушылдыққа басыңды имей, тәкәппар болып өтуіңе қуанып тұрмын! --Маған... Маған бірдеңе жетіспей тұрған сияқты... --Саған ба? Саған сұлууу әйел жетіспей тұр. --І-і-і, сұлу әйел жасап беріңізші! Мүсіні керемет болсын! --Жарайды, саған сұлу әйел жасап берейiн,--дедi Құдай. Сөйтті де, табан астында саз балшықтан бірнеше әйел жасап, оларға жан бітірді. Құдай кетіп қалған соң, жабайы адам құрбыларынан шеттеу отырған әйелге жақындап, қолынан ұстап еді, анау қолын тартып алды. --Қолыңыз жыбырлап қалған екен... Ұялмайсыз ба? --Тырдай болып алып, ұялған не теңіңіз? --Өзіңізге қарасаңызшы... Екеуі де теріс қарап, беттерін басты. Ол кезде ұят деген тегін еді ғой... Сосын бір –бір жапырақтан ұятты жерлеріне жабыстырып алып, бір-біріне көздерінің қиықтарымен қарады. --Атыңыз кім?—деп сұрады алғашқы адам. --Жапырақгүл... --Менің атым Жүнбас. Осылай тұра беремiз бе?

-- Ендi не iстеймiз? -- Жыбырламаймыз ба? --Қалай? -- Жер бетiне таза, мейірімді, ата-анасын беттен алмайтын, мектепте жүріп бір-бірімен атыспайтын, ұрлық жасамайтын, бес уақыт намазын қаза жібермейтін ұрпақ шашпаймыз ба? --Қойшы, ұяламын...—деп қылымсыды Жапырақгүл. (Қазір ғой, ұялмайтын бетсіздер саунада жүр...) --Ұялсақ, қалай балашағалы, қалай Қазақ деген ел боламыз? Он бес балалы болсақ, Құдай бізді жарылқап, ай сайын миллион теңге беріп тұрады... --Аллама разымын!—деген әйел бетін сипады. Екеуі үйленіп, тойханада, ой, кешіріңіздер ен далада той жасады. Қазіргі тойлар сияқты 500-1000 адам шақырылған жоқ...Тойға жүз шақты ғана жабайылар шақырылды. Дастарханда мамонттың етінен пісірілген кәуаптар, шымшықтардың жұмыртқасынан қуырылған бифштекс қойылды…Екеуі бақытты ғұмыр кешіп, ұрпақ жайды. Бір күні жабайы Жүнбасқа Құдай жақындап: --Ей, пендем, әлі ойланған жоқсың ба? Кім болғың келеді?—деп сұрады. --Дипломым жоқ... --Жабайылар университетіне оқуға түс. --Мамонт аулауға лицензия бермей жатыр.Биіктен қарайтын… --Үкімет болғың келеді ме? --Ондайды түсінбеймін… Менің Құдай болғым келеді! Құдай құдайдан безген жабайыны, күнаға батып, құдайдан безгендерді жақтырмады. Бүгінде Сирияда балаларды, аналарды, бәрін бәрін атып жатқан өзінің құлдарына да жүрегі ауырды… Сосын Құдай дүниенi өзгертiп, Әдiл ата мен Мейiрiм ананы жасауға кiрiсіп кетіпті. Әлi жасап жатыр екен... ЫРЖИЫП ТҰРМЫЗ...

Біздің қалалық әкімшілік керемет ақылды ғой! Көшемізге көрпе де емес, палас та емес, асфальт төселетін болды! Балаларымыз мектепке барарда да, қайтарда да батпақ сүйретіп, шалшық су кешіп жүруші еді. Қуанғанымыздан көше тұрғындары мың теңгеден жинап, құдайы бердік. Бір айдың ішінде асфальт төселініп, жанымыз кіріп қалды. Бір айдан кейін су құбыры жүргізілетін болды! Қуанғанымыз соншалық мың теңгеден тағы жинап, тумай жүрген тауық сойып, ішіпжеп, мәресәре болдық... Артыншы су құбырларын тартатындар келді де, әспәлтті қазып тастады... Жанымыз кірген еді, қайтадан шығып кетті... «Әкімшіліктегілер неге ақылдасып жұмыс

жасамайды?» деп ойлап, балаларымыз қазылған топырақ үстінде ойнап, алқаштар шұңқыр ішінде ішіп, тойлап жүргенде, газ берілетін болды! Қуанғанымыз соншалық, тағы да мың теңгеден жинап, бұл жолы ешкі сойдық. Ешкінің етін жеп болғанша, газ құбырын тартушылар жол жиегін қазып, тас-талқанын шығарды да, жер астымен газ құбырларын тартты. Суға жанымыз кіріп қалып еді, «пәкә!» деп қайтадан шығып кетті. Бірақ газға жанымыз кіріп қалды. Сөйтіп жүргенде, әкімшіліктегі бір «данышпан» айтса керек, су жүретін пластик трубаларды светтің бағаналары арқылы жүргізу керек депті. Қуанғанымыздан, далаға шығып кеткен жанымыз қайта кіріп, көршілер бірбірімізді құшақтап, мәз болдық. Қайтейік енді, таңертең су жоқ болғандықтан, бетімізді түкіріктеп жуып жүрген едік... Тісімізді көженің суына батырып, тіс пастасымен ысқылап жуа беретінбіз. «Водаканал» жұмысшылары келді де, светтің сымдарын қырқып тастап, су трубаларын тартты. Суға жанымыз кіріп қалды. Қыста қайта шығып кетті. Бағаналар арқылы келген судың қыста қатып қалатынын әкіміліктегі данышпан ойламапты. Мемлекеттен қыруар қаржы жұмсалып, пластмасса трубалар жылу өткізбейтін материалдармен оралды. Арыз жазып жүріп, жолды қайта әспәлттаттық. Өзіміз жартылай ақша жинап беріп, бетімізді сипасып отырғанымызда, «свет құрып береміз» деген хабар келді. «Энерго жегіштен». Қуанғанымыздан, көздеріміз 100 ваттық ләмпечкедей жанды! Бірақ, қайтып өшіп қалды. Өйткені, сібет құрушылар әспәлтті қазып, газ құбырларын алып тастады да, кабельдер жүргізді. Үйімізде жарық бар, газ жоқ, әспәлт жоқ... «Е, мейлі!» дестік. Газ баллондармен де күн көреміз! Әспәлтінің атасына нәлеті! Тегіс жолда жаяу келе жатсаң, ұйықтап кетеді екенсің... Қотыр жолға әбден үйреніп қалыппыз... Бір күні... Бір күні «Елу елдің қатарына қалай қосылады екен, көрейікші?» деп шетел демократтары келеді екен» деген хабар жетті. Сол екен, көшеміз бір түннің ішінде әспәлттанып, тротуардың үстіне ұзыннан ұзын кұрақ көрпелер төселді. Жүз метр сайын құс жастық. Рахат. Көрпе үстімен келе жатып, шарашасаң... Жастықты қолтығыңа қысып, жата кетесің. Үйімізге газ да кірді, жарық та кірді, жанымыз да кірді! Қала әкімі келіп, көше басында жиналыс жасады. --Шетелдік дипломаттар осы көшеден өткенде ыржиып тұрыңдар!—деді. --Неге?—деп шулаймыз. --Шымкенттің Қазақстандағы үшінші қала болатынына қуанып тұрғандарыңды көрсін! Содан ыржиып тұрмыз. Шетелдіктер келмеді. Қыс келді. Әлі ыржиып тұрмыз, шетелдіктер қыста да келмеді... Көктем келді. Әлі ыржиып тұрмыз... Әй, көз бояушыларым-ай, мына түрімізбен ыржиып өлетін шығармыз?

ҚАРҒЫСОЛОГИЯ

Менде бет жоқ, әйелімнің бетінде іліп алар ет жоқ... Алғаш СМС жоқ жылдары танысқанда, қырым конго кенесіндей бір-бірімізге жабысқанда, өмір бойы рахатқа батамыз деп ойлағанмын... Қайда-а-а... Биология, зоология демекші, «Қарғысология» ғылымынан диссертация қорғайтын жағдайға жеттік. Қарғыстың қаспағын жегендей, шабуылды әйелім бастайды: --Құдай бар болса, бетіңнің бес жерінен жара шығып, асқазаның тарылып, көзіңді көк шел қаптап, төбеңді трактор таптап, көзіңе шайтан көрініп, мұртың өріліп, қыста аяқ-қолың үсіп, тістерің түгел түсіп, тілің тесіліп, көшеде келе жатқанда, шалбарың шешіліп, аузың ашылмай, тұмауың тоғыз жыл басылмай, баратын саунаңа бара алмай, екінші қатын ала алмай, ипотекаға жете алмай, бастығыңның алдынан кете алмай, қыздарға қырындап, жабыса алмай, көңілдесіңмен төсекте... табыса алмай, кіндігің айналып, арқаңа кетіп, кірпігің өсіп, тізеңе жетіп, кафелерде ішкенің ірің, жегенің желім, сіміргенің сорпа емес, смола болсын! Мұндай кезде мен қарап, әшейін ернімді жалап тұрамын ба? Қарсы шабуылға шығамын: --Осыларды айтқан аузыбасың қисайып, басың қонған бақ тайып, күйеуің-- менің қызығымды көре алмай, жүз сексенге келіп, өле алмай, теледидардан түрік сериалдарын көре алмай, табаның тілініп, өсекші екенің айдай әлемге білініп, базарларға бара алмай, колготки, ласина, «полу сәпошкілеріңді» таба алмай, есіңнен шығып, банкілеріңді жаба алмай, сырғаларың сынып, тізеңе сақал шығып, кірпіктерің бұйраланып, юбке, балероң ұйпаланып, желкең құйқаланып, «кәшөлөгіңіде» ақшаң аз болсын, бір түнде шашың сыпырылып түсіп, таз болсын, көшеде келе жатсаң, биік өкшең тайып кетсін, өзің емес, «пәдіругаң» байып кетсін, боянып шыққаныңда, жаңбыр шайып кетсін, торт жегеніңде түйіліп қал, абысындарың алтын тақса, күйініп қал, салатың ашып кетсін, сіңілің бір негрге қашып кетсін, көшеден өте бергенде, «ауди» емес, сәмөлет басып кетсін! Әйелім жеңіле қоймайды... --Қарғыстарың қайтып айналып, өз басыңа көрінсін, арықтан аттай бергеніңде бұтың айырылып, екіге бөлінсін, еңкейе бергеніңде есек тепсін, ашыған көже ішіп ішіп, ішің кепсін, қышыма қотыр бол, бағдаршамды көрмейтін соқыр бол, достарың қашып кетсін, Қытай, Түркия асып кетсін,

аяғың шуаштан сасып кетсін, киллер өкшеңді көздеп, атып кетсін, шылым түтіні көзіңнен шықсын, бір килә тас өтіңнен шықсын, бизнесіңді аша алмай, ашсаң, салықтан қаша алмай, жағыңа жылан жұмыртқалап, қолтығыңа қоян өсіп, кеңірдегіңе кесіртке кептелсін! Мен де қалыспаймын ғой! --А, солай ма? Кірпігіңді машина мыжып кетсін, асқазаныңның қышқылы қызып кетсін, тістерің құрттап кетсін, шәйіңді бір тышқан ұрттап кетсін, моншаға барғаныңда буға күйіп қал, көңілдесің болса, көлеңкесін ғана сүйіп қал, бетіңде ай сияқты тыртық болсын, сөмкеңнің түбі жыртық болсын! --Интернет, фейсбукте басың қалсын, агент, «в контакте», твиттерде шашың қалсын, «соткаңның» бірлігі өшіп кетсін, сенен қарыз алушы Ауғанстанға көшіп кетсін, жемегенің қаймақ, өзің маймақ бол! Ия, несін жасырайық, осылай «қарғысология» ғылымын өркендетіп жүрген жайымыз бар, ұрыс-керіс болған соң, суып қалған шайымыз бар... Қарғыстың қайсы бірі оңып тұр дейсіз? Менің тілейтінім: адамдар бірін-бірі қарғамаса, жыландай арбамаса екен! Өмірлеріңіз торттай тәтті, «Нұр Отандай» сәтті болсын! ШҰБЫР-Е-Е-ЕП...

«Той дегенде қу бас та домалайды!» дегенді түсінбей-ақ қойдым. Біздің үйдің бастары домаламайды, ұшады! Тойға баратын болсақ қуанғанымыздан сол күні... Жо-жоқ, барған соң, жау тигендей жапырып кету үшін екі күн бойы тамақ ішпейміз, су ішпейміз, қысқасы, туыстарымыздың тойларына сүметіліп, сүйретіліп, бір-бірімізді жетектеп, аш-ішектей шұбатылып, бала шағамызбен барамыз. Балашаға дегенде, бізде бар -жоғы он екі... Әйелім апта сайын... ой кешіріңіз, жыл аралатып босана береді... Құдайға шүкір, демографиялық саясаттың сорпасын сарқып ішіп жатырмыз. Жә, жарайды, сонымен, әпкемнің ұлы үйленді де, тойханаға нәр татпай, балашағамызбен жетіп бардық. Әпкем болса, туған інісі болғандықтан ба, бәріміздің бетімізден өтірік сүйіп, былай бұрыла бере тыржың ете қалып, стол басына шығарып салды. Әйелім екеуміз ең кішкентайларымызды мойнымызға отырғызып алдық. Алдымызға олардан екі жас үлкендерімізді жайғастырдық. Құда жақтан келген бе, танымайтын бір апайдың алдына қызымыз жүгіріп барып отырғанда, анау байғұс ыржалақтап: «Өй айналайын, алдыма отыра ғой, өзі кісі жатырқамайды екен...» деді де қойды. Қалған бес баламыз состиып

тұрды да, келесі столға қарай жүгіріп барып, отырыса кетті. Той басталды... Бір қарасам, біреу құлағымнан шертеді. Сөйтсем, мойнымда отырған балам екен... «Әмпи—и-ит!» дейді. Кәмпит дегені. Қолына шоколадтың бес алтауын ұстаттым. Сосын тауықтың борбайын сұрады. Оны жеп болды да, сүйегін лақтыра салып еді, келесі столда отырған қонақ есіней бергенде, аузына кіріп кетті... Әйелім де мойнында отырған жалмауызын тамақтандырып жатып, өзі де сылпылдатып жатыр екен. Мәссаған, бір қарасам, бала-шағамызбен аштан өлгендей дастарханда түк қалдырмаппыз, енді болмағанда, қонақтардың өзін жеп қоярдай екенбіз... Ұят-ай, енді бала-шағаммен келмеспін! Бір кезде мойнымдағы балам: --Әке, ет жим ет жим!--деп қыңқылдады. Төбемді төмпештеп қояды. Ет алып берсем, қонақ мүжіп отырған кісіні нұсқайды. «Ұят болады. Ол кісінің де аузы бар ғой!» деп едім, шықшытындағы шиқанын біреу сорып тұрғандай шыңғырғаны! «Кешіріңіз, аштан өліп қалмассыз, бере салыңызшы...» дедім әлгі кісіге. Ол болса, ұялғанынан дәу тоқпан жілікті бізге қарай сырғытты. Балам жілікті басыма қойып алып, ал мүжісін... Ұялғаным-ай... Енді тойға балашағаммен келмеспін! Артыма бұрылып қарасам, келесі столда отырған балаларым дастарханды «тазалап», ортаға шыққан құдалардың арасында құрттай болып, билеп жүр! Жүгіріп барып, қуып шықтым. Санасам, біреуі жоқ! Зәреміз қалмай, шешесі екеуміз ал іздейік! Сөйтсек, құйтақандай жүгермегіміз жас жұбайлардың столының астына кіріп кетіп, келіннің аяғын құшақтап отыр! Ұялғанымыз-ай! Сөз кезегі ағайындарға келді. Шұбырып шықтық. Мойнымдағы балам түспейді. Қолымдағы микрофонды жұлып алып: «Ө, шешең...» деді көпшілікке қарап қойып. Өзімнің үйреткенім... Ой ұялғаным-ай! Әпкеме әрең тапқан бес мыңымды беріп кеткенмін ғой, ертеңіне ызбандап тұр: «Бүйтіп тойға келгендерің құрысын! Бес мың беріп, бала-шағаңмен он мыңның тамағын жеп кеттіңдер!» дейді. Ой, ұялғаным-ай! Енді бала-шағаммен тойға бармаспын! Барсақ та, бесеуін тастап кетеміз! Оллахи, білләхи!

ӨЙ, АРАМ ДЕСЕ!

Бала-шағамызбен біреу атып кеткендей, ойбай айтқан жерден жеті километр аулақ, төсегімізге томп-томп ете қалып, тырайып жатқанбыз... Біреу біз тығып алғандай безілдеп, телефонымыз шырылдап кеп берсін, көздері бақырайып жатқан әйеліменің жанынан сусып түсіп, телефон

тұтқасын көтердім, сосын жөтелдім. Балаларым көрпелерінің астынан бастарын қылтитып, жыртаң-жыртаң етісті. «Ұйықтаңдар!» деп жатты әйелім тәпішкесімен жіберіп ұрып... Кешіріңіздер, әйелім тәпішкісімен, мен бәтеңкеммен ұйықтаймыз... Аяғымыз қатып қалмасын деп... --Әләу? --Мен ғой, көршіңіз... --Біз жатып қалып едік... --Жатып? Кешкі алтыда? --Ия... Күнде солай. --Кешіріңіз... Осы көршім қызық, дереу ұятсыз нәрсе ойлайды. Балаларын ұйықтатып қойып... деп ойлады ғой мен білсем! Біз байғұстың неліктен кешкі алтыдан жата қалатынымызды қайдан білсін? Арам десе... Қазір кешкі алтының өзі қараңғы... Қараңғы болған соң, сібетті жағасың. Сібет жаққан соң, телебезер көресің. Отырайық сосын, түнгі он екіге дейін бүрісіп! Ал, ерте жата қалсақ, сібет үнемделеді, құдай бере салған алты баламыз ойнап, ары-бері жүгірмейді, жүгірмеген соң, аяқтарындағы нәскилері жыртылмайды, өкешелері тесілмейді, «қарным ашты-ы-ы, нанаға май жағып берші-і-і!» деп кішкентайымыз жыламайды, (нанаға «нан жағып» жеп жүргенімізді, айлығымыздан төлейтін салықтарымыздың көп екенін байғұс бала қайдан білсін?) алтыншы сыныпта оқитын ұлым «әке, тиын беріңізші..» деп сұрамайды, телебезердегі жауызданған жаңалықтардан жаның ауырмайды... Бір кезде телефон тағы шырылдады. --Әло? --Мен ғой, көршіңіз... Әлі жатырсыздар ма? --Немене, жатпағанда, өліп қалды деп ойладың ба? --Кешіріңіз... Осы көршім қызық-ей, дереу арам ойлайды! Арам десе... Жетіскеннен жата кеттік пе екен? Пәтеріміз суық... Қала әкіміне рахмет, жылу берілсе де, бүкіл подьездегі пәтерлерде жылу атымен жоқ. Ақшасын төлей алмағанымыз үшін қырқып кеткен... Ойбай, біз жаурамайды екенбіз ғой... Әйелім екеуміз жатарда терлететін дәрі—аспириннің он шақтысын ішіп жатамыз! Рахат!

Терлеп жатасың! Балаларымыз да пысынап... Аспирин арзан... Бір кезде телефон тағы да... --Әләу? --Мен ғой көршіңізбін... --Өй, саған не керек өзі? Сағат кешкі жетіде, беймезгіл уақытта мазалай бересің? Не сұрайын деп едің? --Кешіріңіз, ұйықтап қалдыңыздар ма, соны сұрайын деп едім... --Ия, тәтті өмір жайлы түс көріп жатырмыз! Жүгіріп барып, суға сүңгігендей, әйелімнің қойнына құлай кеттім! Осы көрші інім жынды ма деймін? Ойлағаны арамдық! Өй, арам десе...

«ҚАЗАНАМА»

Құрметті, қайырымды оқырмандар! Біздің былтыр дүниеге келген «Қазанама» және «Некролог» атты қазақшаорысша газетімізге екінші жарты жылдыққа жазылу басталғанын қайғырып, жылап-еңіреп отырып хабарлаймыз. Өйткені, біздің газет сіздердің қайғыларыңызға ортақтасатын бірден бір газет... Қысқаша шолу жасайтын болсам, бірінші бетке «сібежи» өлгендерді суретімен береміз. Неден өлді? Ауырып өлді ме? Аштан өлді ме? Қысқаша анықтама бере кетеміз. Екінші бетке жол апатынан қайтыс болғандарды машиналарымен қоса жариялайтынымыз керемет болды! Жол апатынан қайтыс болғандар екінші бетке сыймай, 3-ші, 4-ші беттерге дейін шығып кетіп жатады. Бесінші бетке енді өлейін деп жатқандарды, «Парамен ұсталып, қан қысымына шыдамай қайтыс болатындар» деген тақырыппен бере бастадық. Алтыншы бетті әйелдерге арнадық. Емшек ауруымен ауырып, (рак) бақилық болып жатқан аналарымыз қаншама? Еліміздің құрылыстарында жүріп, жоғары қабаттан құлап, мерт болатындарға да қазанама беріп жатамыз. Айтпақшы, газетіміз екі тілде шығады. Қазақ тілін білмейтін, тіпті менсінбей өліп кеткендердің қазанамаларын «Некролог» газетінде жариялап келеміз. Бұл газетте «Живой улик» деген айдарымыз бар. Қазақшасы «Тірі өлік»... Құдай қаласа, «Кедейлер қазанамасы» деген журнал шығармақ ойымыз бар. Елімізде аш-жалаңаш, ауру-сырқаулы отбасылар өте көп... Солар туралы

журналда «ақыры өледі ғой...» деп ойлап, күні бұрын көркем суретті қазанамалар беріп отырмақпыз. Біздің редакцияда қайтыс болғандарға құран оқып тұратын басыбайлы молдамыз да бар. Біздің индекс 000. Алты айға жазылу бағасы-- молданың кебісінің бағасы. Бір жылға жазылу --он молда кебістерінің бағасы. Газетте қазанама жариялау бағасы-12 банан, бір етік май, бес ине, бір кілә талқанның бағасын қосқанда... Газетімізге кез келген пошта арқылы жазыла беріңіздер! Құрметпен: Былтыр банктен несие алып, құтыла алмай, аштық жариялап жатқан бас редактордың орынбасары... Бейшара БЕЙБАҚОВ.

ЖҮРЕККЕ ПИСТОЛЕТ ЖҮРМЕЙДI

- Сiз не дегенадамсыз? Менiмен кездесуге ылғи кешiгiп келесiз? Сағыз шайнап, көздерiңiз жайнап келесiз! Рас, мен сiзге ғашықпын, өзiңiзбен кездесуге асықтым. Ал, сiз менi кiрпiгiңiзге де iлмейсiз ғой! Немене, аспаннан айғайлап түстiңiз бе? - Кешiрiңiз, сiз неге маған айғайлап тұрсыз? Сiздей жүйкесi-жүн, көңiлiтүн, жүрегi-мұз, көздерi-құз, ернiнiң дәмi-тұз жiгiттi бiрiншi рет көруiм. Сiздiң бай баласы екенiңiздi ұмытқан жоқпын. Құдайға шүкiр, бiздiң үйде де ұн бар, әзiрге тоқпын. - Екеумiз қыз бен жiгiт секiлдi жүремiз дедiк пе? Дедiк. Бiрге ойнапкүлемiз дедiк пе, дедiк! Осы уақытқа дейiн белiңнен бiр құшақтатпайтын Сiз кiм едiңiз сонша? Немене,белiңiз майысып қалатын ба едi? - Ағай, ашу-Ауғанстан, ақыл-Астана. Сәл сабыр етiңiзшi. Үйленiп жатсақ, бел сiздiкi ғой. - Берi тұрыңыз. Бетiмнен сүйiңiз! - Еңкейсеңiзшi? - Мен адам баласына еңкейiп көрген емеспiн! Аяғыңның астына кiрпiш қойып, бетiмен сүйiңiз! Айтпақшы, сiздiң бойыңыз қанша? - Бiр де 55... - Кнопка қыз екенсiз ғой. Бiрақ сүйкiмдi екенiңiздi ескерiп жүрмiн. Мен сiздi аяп кетемiн. Мына көйлегiңiздi киiп жүргенiңiзге неше жыл? - Шешем он жыл, менiң киiп жүргенiме үш жыл... - Егер сiз маған тисеңiз, бiр күнде 500, бiр түнде 400 көйлек ауыстыратын боласыз. Неменеге күлесiз? Босқа ыржалақтамаңыз! Тәлпiш қыздарды жақтырмаймын. Майыспай, түзу тұрыңыз, тiзеңiзге құрт түскен жоқ шығар?

Ұятсыз! Ақымақ болмасаңыз, мен сияқты миллионердiң баласына өзiңiз движение жасап, өзiңiз жүгiруiңiз керек едi! Ал, сiз вообще тупая! Жыламаңыз деймiн! Мен өлгенде, қара жерге көмгенде ғана рұқсат етемiн! Менiң әйелiм, иә, болашақ әйелiм боркемiк болмау керек. Маған күйеуге шығуыңыз үшiн керектi құжаттарыңызды дайындаңыз! - Бiрiншi - жеке куәлiгiңiздiң көшiрмесi. - Екiншi РНН, СИК көшiрмелерi. - Үшiншiдиплом көшiрмесi,нотариуспен куәланған болсын. - Төртiншi - кредитiңiздiң жоқтығы туралы анықтама. - Бесiншi -СПИД-пен ауырмағаныңыз туралы қорытынды анықтама. Осыларды өткенде де айтым едiм, дайын ба? - Есiмнен шығып кетiптi... - Сiз өзi бiр шаригi кем, ноқалай қыз емессiз бе? - Ағай, сiз мынадай мiнезiңiзбен елу еркектiң қатарына да қосыла алмайсыз ғой?! Мiнезiңiздi маймыл жасап, шашыңызды шайтан тарап кеткендей ғой! - Сiз... сiз менi маймылға, шайтанға теңеп тұрсыз ба? Осы тұрған жерiңiзде қазықтап қағып жiберейiн бе? Үстiңiзге бiр литр бензин құйып жағып жiберейiн бе? Шапалақпен шарт еткiзiп, салып жiберейiн бе? Мынаны көрдiңiз бе? - Ол не? - Бұл тапанша. Менi жан-тәнiңiзбен сүймегенiңiз үшiн, махаббат отына күймегенiңiз үшiн қай жерiңiзден атайын? Неге үндемейсiз? Неге мелшиiп қалдыңыз? - Ағай... Махабатқа қарумен қарақшылық жасау - ерлiк емес. Жүрекке пистолет жүрмейдi. Ой, ағай, шапалақпен тартып жiбергенiңiз не? Ой, ағай құлағымнан тартпаңыз, ой ағай, иығымнан шымшымаңыз! Мен сiзге тауар емеспiн ғой! - Кешiрiңiз қымбаттым! Сiзге жолыққалы берi сынап жатқаным ғой. Сiз ваннаға салса батпайтын, өзенге лақтырса ақпайтын, пешке салса жанбайтын, ұрып құлатса, көзiңiзден жас тамбайтын тамаша қыз екенсiз! Жүрiңiз, мен сiздi бiрiншi әйелiммен таныстырайын... Сосын екiншi, сосын үшiншi әйелдерiммен таныс боласыз. Жiгiт ағасы паң-паң, жас қыз аң-таң...

МЕНI ҰРЛАП КЕТТI...

Маған бiр «удар» берiп, ұрып өлтiретiн адам бар ма? Мына басым бас емес, тас, шашым шаш емес, әшейiн жүн, көңiлiм құрғыр қап-қара түн... Нем бар едi, келiсiм берiп, ендi мiне жүре алмаймын, сықылықтап күле алмаймын. Тойға да, ойға да бара алмаймын, менiң басыма бiр берiп, қашып кетсеңiз, iздеп, таба алмаймын. Бiр ай болды, екi қабатты кафенiң алдында тұрғаныма! Не қашып кете алмаймын, екi қолымды төбеме қойып, Қытай асып кете алмаймын. Түсiнбей отырсыз ба? Менiң Тыжбан деген кластасым, Құдай берем десе бере салады ғой, бiр жыл iшiнде миллионер болып шыға келгенi! Цемент зауытында «зам» болып iстейтiн. Цемент зауыты дегенiңiз мафия екен ғой, қолдан дефицит жасап, цементтiң тоннасын үш есе бағасына сатып, ақшаны күреп дейсiз-ау, камаз-дап табады екен. Сол Тыжбан «Келiңiздер, кете берiңiздер!» атты екi қабатты кафесiне шақырып алып, ел де, есек те, ешкi де естiмеген есалаң ойын жеткiздi. Кафенiң кiре берiсiнiң оң жағында жуан болттармен қатырылған тұғыр тұр. Соның үстiнде бiр қолымды иегiме қойып, ойланған қалпымда екi ай отырсам, су жаңа «Джипiн» беретiн болып келiстi. Клиент шақыру үшiн сөйттi. Тұғыр үстiне шығып отыра бередi екен деп ойлап тұрсыз ба? Дизайнер, тас қалаушы шеберiн шақырып, иегiме дейiн цементтеп тастады. Иегiме дейiн целофанмен орап, бiр қолым иегiме тiрелiп, қолдарыма дейiн әспеттелдi. Тек оң қолымның сағат тағар жерiне дейiн ғана қалдырып, мойынымды цемент қажап кетпес үшiн дөңгелек резина қойғызды. Сөйтiп, менi тiрiдей, цементпен қатырды. Екi ай iшiнде аштан қатып қалмауым үшiн, үш мезгiл даяшы тамақтандырады. Ал, ендi, кешiрiңiздер, асқазандағы «отхотты» шығарып тастау үшiн, асытыма «центральная канализация» жалғап қойды. Жамбас тұстағы түйменi басса, су сырылдап, шайып кетедi. Тыжбанның iстемейтiн пәлесi жоқ қой, ауыр цемент қатқан соң қимылдаудан қалдым. Айтпақшы, елде жоқ тiрi ескерткiштi жасар алдында маған «өз еркiммен» деген тiлхат жаздырып алды. Маған беретiн «Джипiн» нотариус арқылы менiң атыма аударып та қойды. Мiне, көзiм бозарып, тiлiм салақтап, көздерiм алақтап, кафе алдында тұрғаныма бiр ай өттi. Сценарий бойынша: «Келiңiздер, iшiп-жеп болғаннан соң кете берiңiздер!» деп айқайлаймын. Кiм-кiмдi болса да, балағаттауға, күлуге, үруге, мөңiреуге тыйым салған. Кафеге келген қыз жiгiттер басымнан сипап, бетiмнен шымшиды. Шыдаймын. Сайлау жақындағанда қызық болды. Тыжбан облыстық

мәслихаттың депутаттығына кандидат болғалы, аузыма тыныштық жоқ, оның бағдарламасын жатқа қайталап, аузым көпiрiп кеттi. Ит адам болса да, оны мақтаймын. Кезiнде адам өлтiрген қанiшер ғой, «адамгершiлiгi мол парасат иесi» деп соқтым. «Тыжбан Мәндiрбаевқа дауыс берiңiздер!» - деп қақсап тұр едiм, бiр кiсi келдi де, асықпай туфлиiн шешiп, басыма перiп қалды. Тiлiмдi тiстеп алдым. - Жындысың ба? - дедiм мен. - Өзiң жындысың ба? Сайлау әлдеқашан өтiп кеттi ғой! Бүгiн 25 тамыз ғой! Өй, нақұрыс! - дедi ол. - Кешiрiңiз... Сол күнi түнгi үште, бiр қыз менiң жанымда темекi шегiп тұрды. Менi кәдiмгi ескерткiш деп ойласа керек, жайбарақат тұр. Әдемi қыз екен, аяғы оқтай, көздерi шоқтай. Шашы бұрышта үюлi жатқан ешкiнiң бiр шөкiм жүнi сияқты. Бөксесiне көзiм түстi. Тым жақын тұр, оң қолыммен жәйлап сипаладым. - Ужас! - деген ол ыршып түстi. - Қарындас, атыңыз кiм? - деп сұрадым мен. - Ой, мама, сөйлейтiн ескерткiш! - дедi ол таңданып. - Иә, сөйлеймiн. Менiң атым Мыжбан. - Оля, - дедi ол кербезденiп, - қазақша Орынша. Сiздi цементтеп қойған ба? Кафель сынықтарын жабыстырып тастапты. Қызық екен! - Орынша, әңгiме айтыңызшы, iшiп пысты. - Сiз шынымен адамсыз ба? - Албасты емес шығармын. - Кiм сiздi цементтеп тастаған? - Қожайын. - Постоянно что ли? - Жоқ, екi айға. Клиенттер шақыру үшiн. - Темекi шегесiз бе? - Тұтатып, аузыма салыңыз. Ол сигареттiң бiр талын тұтатып, аузыма қыстырды. Рахаттана сордым. - Үйленгенсiз бе? - Иә, бiр экземпляр әйелiм, бiр қызым бар. Күнде түсте келiп, жағдайымды бiлiп кетедi. - Ақысына не бередi қожайын? - “Джип”. - Бәрiбiр бұл адам құқығын қорлау! Ужас! - Бiздiң елде адам құқығы бар ма едi?- дедiм мен, - бәрi қағаз жүзiнде. - Да да, правда.

- Оля. - Әу? - Сүйiсейiкшi... - Да, ну... - Оляжан бiр рет... - Ландо, тек не удобно екен... Ол “ескерткiш” менi аймалап, құшақтап, ернiмнен сүйе бастады. Iшiп алған екен, коньяктiң иiсi мүңкiп тұр. Кәдiмгiдей кәйiп болып, көзiмдi жұма бергенiм сол, бiреу басыма қойып қалды. Қарасам, әйелiм Қатипаш. - Өй, түнгi үште неғып жүрсiң? - Оңбаған! Ұятсыз! Менiң көзiме шөп салдың! - Қатипаш, өзi ғой бассалған. Қалай қарсылық көрсетемiн, ескерткiшпiн ғой. - Өй, кешiрiңiз, бұл сiздiң күйеуiңiз бе едi? - деген Оля кафеге кiрiп кеттi. - Әй! - дедiм мен дауыстап еркек емеспiн бе? - Не? - Түнделетiп неге жүрсiң? - Ұйықтап жатып, жаман түс көрдiм. Сенi ұрлап кетiптi, сен орныңда жоқсың. Қорыққанымнан таксилетiп келдiм. «Джипi» құрысын, ертең сенi қожайыныңа айтып, сенi бұздырып, үйге ертiп кетемiн. - Сәл шыда. Жиырма сегiз күн қалды! Әйелiм кеткен соң, ұйқым келсiншi. Әпитетiм де жоқ. Даяшы әкелген кешкi тамақты iшпедiм. Менi даяшының өзi тамақтандыратын. Ысқырып өлең айттым. Сосын «Менiң Қазақстаным» гимнi есiме түсiп, оны да әндетiп шықтым. Бiр кезде көңiлiм босап, жыладым. - Неге жылайсың? - деген дауыс шықты. Охранник екен. - Жәй, өмiрге өте ризамын! - Iшiңiз ауырып тұр ма? - Жоға. - Онда неге жылайсыз? - Iшiм қышып кеттi. Қасиын десем, мүмкiндiк жоқ. - Шыдаңыз. Сексен мың доллар тұратын «Джипке» жақын қалдыңыз. - Мен өлiп кетсем, осы қалпымда жерлеңдер. Күзетшi кеткен соң, ұйықтауға кiрiстiм. Бiр кезде шошып оянсам, үш-төрт жiгiт төбелесiп жатыр! - Әй, әй, төбелеспеңдер! - деп едiм, iшiп алған бiреуi келiп, мұрнымның тесiгiне темекiсiнiң соратын жағын тыға салды. - Өй, әкеңнiң! - дедiм мен.

- Не? Жекпе-жекке шығасың ба?- дедi анау. - Иттiң баласы! Ол маған сүйенiп тұрған. Лоқсып құсып жiбердi. - Бетiмдi сүрт оңбаған! - Ке-кешiр братан. Күзетшi келмегенде, жиiркенiп өлетiн едiм. Кафенiң сол жағы сауна болатын. Шiренген аудан әкiмдерi шықты да, жанымда әңгiмелесiп тұрды. —Аудан жолдарын асфальттауға 200 миллион теңге бөлiндi. Жұқалап төседiк, қаржыны қымқырдық,— дедi бiрi. - Мен де қарап жүрген жоқпын, халықты таза сумен қамтамасыз етуге бөлiнген қаржыдан қарпыдым. Халық лайқа су iшсе де өлмейдi, - дедi екiншiсi. Сөйттi де, темекiнiң күлiн төбеме шертiп түсiре бастады. - Сендер қылмыскерсiңдер! - дедiм мен шаңқ етiп. Олар құлап қала жаздады. Сосын, сауналарына қарай зытты. Кiрпiк iлер емеспiн. Әкiмдердiң әңгiмелерiне ызам келдi. Таңға жуық белгiсiз төрт жiгiт келдi де, басыма бөтелкемен бiр ұрып, талдырып, көтерiп әкеттi. “Джипке” артты да, жүрiп кеттi. Есiмдi жисам, қала шетiндегi күл-қоқыста жатырмын. Шамасы, Тыжбанның сайлаудан өте алмай қалған бақталастары жiберсе керек. Мен туралы бүкiл ақпарат жазды. Жатқан жерiме келiп интерьвю де алды. Полиция келiп тергедi. Бiрақ әкеткен жоқ. Тергеу амалдары аяқталғанша күл-қоқыста жатады екенмiн. Әйелiм келiп тамақтандырып кетедi бiр тәуiрi. Кеше жаңбыр жауды. Басым ауырып тұр... Айнала күл-қоқыс. Қала әкiмi тым-тырыс. Өмiр-ай десеңiзшi, адамдардың да айналасы дәл осындай күл-қоқыс екен-ау!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙