Революцияға дейінгі өлеңдер
Жамбыл Жабаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Әр халықтың өзіне тән мақтаны бар. Бір халықтың мақтаны еш халыққа жат емес, тек оны бір-бірінің білуі шарт. Ол жиырмасыншы ғасырдың Гомері еді. Гомер қайта келмесе, Жамбыл да келмес. Бірақ оның өзі, сөзі тарих бетінде самаладай сайрап жатады». Ғ. Мұстафин
ШАҒЫМ
Шып-шып етіп молданың
Қолындағы тобылғы;
Қозғалтпайды жон жағым,
Талай дүре соғылды.
Торсылдатып танадай,
Жыртар болды тонымды...
Тілің ащы бала деп
Қайнатты әбден сорымды
Оқымай-ақ кетейін,
Байламаңыз жолымды.
Алыңыздан өтейін:
Не жазып ем сол ғұрлы?!
Оқымайын молдадан,
Екі ыйығын қомдаған,
Бала келсе сабаққа
Жем аңдыған дорбадан.
Ақ сәлдесі басында
Боз інгендей боздаған.
Қайтіп сабақ береді,
Айтқаны ішке қонбаған?
Оқымайын енді одан,
Домбыраны қолға алам,
Өлең кірген түсіне
Жөргегінде, мен болам.
Қыйнама әке, қыйнама,
Болмас енді зорлаған.
ӘКЕМЕ
Сөртінің ұрлап қара атын,
Жазықсыз қыйып қанатын;
Жапанда жаяу қалдырып,
Жайым жоқ қарғыс алатын;
Ел ара сын егер қып,
Ойым жоқ шұрқан1 салатын.
Қоныстан елді бостырып
Неміз бар енді шабатын!
Өлең мен сөзді дос қылып
Құрамын ақын санатын.
Батаңды маған бер әке,
Тіліме менің ер, әке,
Жапаның ұлы ақын боп
Жақсы істепті... дер әке.
Домбыра алып сөйлейін,
Күнде жасап мереке.
Мерекелі болған соқ
Елде болар береке.
Ұрлық түбі — қорлық деп,
Болармыз құр келеке.
САРЫБАЙҒА
Сар-еке салдым бір сөз сыныңызға,
Сіздің сын таразы ғой сырымызға:
Қолыма домбыра алып талап қылдым,
Бересіз қандай баға ұлыңызға?
Жаманның көңілі көкте; жерде басы,
Алыс қой аңғарғанға екі арасы...
Жақсының өзі кішік, ойы биік,
Бірдей ме екеуінің мәртәбәсі?
Біреулер малмен бәрін бөктеріп жүр,
Айтқанды ақыл, нұсқа жек көріп жүр.
Көтеріп дүниенің көң-қоқырын,
Апарып қай шұқырға төккелі жүр?
Біреулер «қайтемін» деп қалтаңдап жүр,
Әркімнің аузына жалтаңдап жүр...
Біреулер біліп тұрып жете алмайды,
Аяғын қандай нәрсе арқандап жүр?
Қөңілі кейбіреудің бұлтта жүр,
Ұстауға күн мен айды жуықтап жүр,
Біреулер қара сөзді қамшы қылып,
Қуды мініп, құлайды құрықтап жүр.
Қайсысын маған сомың еп көресіз?
Әкетсем өзім таңдап өкпелерсіз...
Сүйекемнің сүйгенін ойласаңыз,
Өлең болсын серігің деп бересіз.
ЖАНЫС АҚЫНҒА
Менің пірім — Сүйімбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай,
Сырлы, сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай.
Сүйімбай! — деп сөйлесем
Сөз келеді бұрқырап,
Қара дауыл құйындай.
Екпініме кезіккен
Кетер ме екен жығылмай.
Құлаштап бір кетейін
Көбен 2* құсап тығылмай.
Қашсаң қуып жетейін
Бізге жабы **3 бұйым ба-ай!
Селтеңдеген ақынды
Көрмеуші едім шыбындай.
Кәне, сөйлеп жіберші,
Айтыспағың шының ба-ай?!
Деп келдің бе Жамбылды
Күнде жеңген Шыбылдай ***4
ПҰШЫҚТЫҢ ҰРЫҒА АЙТҚАНЫ
Шығып ем бүгін мініп көк байталға,
Кез болдым екеуіңе көк қайқаңда,
Көк байтал өзі семіз, өзі буаз,
Жануар шаба алмаса өкпе айтам ба!
Екеуің келе сала пұшықты алдың,
Өкпесін өзі дімкәс қысып та алдың.
Қалғандай қағындысы құрттан әлі,
Пұшықты бартылдатып ұшықтадың.
Олжалап кетерсіңдер байталымды.
Қалмайын мен де бүгіп айтарымды.
Осы өлең қайда барсаң қыйқу салып
Қуалар бойларыңнан сайтаныңды.
Білемін бірің Манас, бірің Сырым,
Пұшықты тонағаның жаман ырым.
Атыңды біреуіңнің бірің атап,
Көріп пе ең адам тонап будан бұрын.
Ала бер байталымды Сырым, Манас *5,
Байталға мейлің өліс, мейлің талас,
Атыңды екеуіңнің біліп алдым,
Аржағы керегі жоқ болды қалас!
ЖЫЛҚЫШЫ
Сары түнге сарылып, кірпік ілмей,
Салқын күзде бір жылы үйді білмей,
Сахарада салақтап күндіз, түні,
Бұралқы итпен малшының сыйқы бірдей.
Саяқ іздеп Саркемер, Сартау құмнан,
Табылса деп, жонымыз бір тілінбей,
Байтал түгіл бас қайғы болып жүріп,
Қайтпекші едік төсектен біз түңілмей!
КЕМШАТ ҚЫЗ
Кер мыйық Кемшат қыздың көрдік көркін,
Қондырған шекесіне құндыз бөркін.
Секілді алтай түлкі сылаң қағып,
Шеніне келтірмейді-aу емін-еркін.
Қырандай қыяннан- ақ ілер едім,
Қырқада қызыл жүзін бұрса бертін.
Шаң жұқпас шашасына саңдақ едім,
Шалдықпай шаршы төске самғап едім,
Құмайдай жұрт аңдымай, қыяға ұшып,
Алатын тоятымды таңдап едім.
Айдынның ақ шортанын жібермейтін,
Жасымнан жаза баспас қармақ едім.
Болғанмен сыртым қораш, ішім сұлу,
Сол ғана тұлабойға берген жылу,
Ажары бет пен іштің бірдей емес,
Керек-ау Кемшат соны пайым қылу.
Солмай ма көктемдегі әдемі гүл?
Оңбай ма арудағы ал қызыл тұр?
Еңкейіп екіндіге күн құласа,
Көріксіз көрінбей ме дүние бір?
Осының бәрі мысал ойлағанға,
Кемшат қыз ойлан, ойланба, оны өзің біл.
Көңілге келіп бір сөз қалғаннан соң,
Тынар ма айтып өтпей қу қызыл тіл!..
Сыртың бір сұлу жан екен,
Сыпайы көзге көрінген,
Сыр-мінезің бар екен
Сөйлесуге ерінген.
Қамқа қамзол киініп,
Қас-қабағың керілген.
Қарапайым адамнан
Қомытсынып жерінген.
Жұбайыңды есіттім
Таңдап тапқан еліңнен:
Өзі қарау, тарыншақ
Қас Қарымбай делінген..
Салғаныңды көрермін
Соған барып серуен.
Сөйлесермін оралып
Сонда Кемшат сенімен!
Ел едің құт дарыған Есім-Малай,8
Қыдырып қызығыңды көрдім талай..
Арқаңда үрлеп ішіп, шайқап төктім,
Қайтқалы бет түзедім елге қарай.
Кең біткен етек-жеңі ағайын ең,
Беріпті саған дәулет соған жарай..
Балада бесіктегі белгілі ғой,
Санатқа ілінбеген Қожаң қалай?
Барармын баян қылып бәрін төске
Бейілің берекеңмен болар есте.
Адамның алыс жүрсе аңсары ауып,
Көруге құмартары сол емес пe?
Жан екен жағын сауған аларманда...
Артымнан мен кеткен соң солай деспе.
Ат міндім, атан алдым, шекпен кидім,
Жөнім жоқ сені жақтап сөйлемеске.
Ағайын-туған есен бол,
Алшайып атқа мінейін.
Енді айналып келгенше
Аңсай-аңсай жүрейін.
Шүйгініңе сонылап,
Шынарыңа түнедім.
Қош аман бол хұрметті ел,
Қадіріңді білейін.
ҚУҒЫН
Екі жылқы алдырдым
Майтөбенің*6 жонынан.
Бергенім жоқ қолымнан,
Ұры әкетті торыған.
Ізі осылай ойысты,
Қуып келем соңынан.
Сөзім емес, Бәйеке
Сізді ұрыға жорыған,
Қыдыр шалған жылқыңның
Қаратыңыз тобынан!
Табылмаса тобыңнан,
Көрейін өз сорымнан.
ШӘБДЕНГЕ
Уa, шаһибаз, хан Шәбден!
Атым арып келді әбден.
Тоным тозып жүдедім,
Орын бермей жан төрден.
Ақ ордаңа енейін,
Аман сәлем берейін,
Аз дамылдап алайын,
Өзіме-өзім келейін.
Жан таң қалған сөзімді
Алдыңа бір төгейін.
Күн қыядан батқанша,
Ай қыядан асқанша,
Ағыл-тегіл тер болып,
Жорғалайын, желейін.
Басы биік Алатау,
Жер өмірден көрінер,
Арнап келдім батыр-ау,
Амандасып қолың бер!
Ауыл алыс болса да
Атағыңды көрдім бел.
Атым арық, тон тозық,
Қысып келді аштық, шөл.
Жерімізде жұт болып,
Өспей қалды быйыл төл.
Бұйымтайым, мұқым да
Әзірше айтар сізге сол.
КЕДЕЙ КҮЙІ
Ұзын ағаш, Қара тас,
Қалқабайдай қайран жас,
Бекеттен7 нан қоймайды
Жалаң аяқ, жалаң бас.
Оған ауыз жарымас,
Сондадағы ар қылмас.
Қалт-құлт етіп жүргені
Қысы, жазы қарыны аш.
Қайтіп жаның ашымас?
Неткен заман қатыбас?
Еткен еңбек, төккен тер
Қалай түкке татымас?
Болмайды ішкен асың ас,
Қайтіп сүйек жасымас?
Мұныменен Қалқабай,
Сордан көзің ашылмас.
Ағайынмен, бар, сырлас:
Тегін тамақ татырмас!
Жарылқары жалғыз-ақ:
«Жетерсің» дер, «басың жас!»
СЫРТТАНҒА
Қыдыралы, Құлшаннан
Құлаш ұрған Сырттаным.
Жерді болжап күн шалған
Жүргеніңді ұққамын.
Қыдыралы, Есімбек,
Эрентальды сабаған.
Ер туған ұл десін деп
Бір кәдеге жараған!..
Маманыңның өрені
Тыйын-тебен санаған.
Құтылғалы кетіпсің
Солар жапқан жаладан.
Енді ниет етіпсің
Кім кірмеген қаладан.
Сендей қазақ аз шығар
Үміт қылған баладан.
Екі балаң жетілсе
Құтыларсың табадан.
Дәметемін жетімше
Сендей білгір ағадан.
СЫЗДЫҚҚА
Сәлем бердім, алдияр,
Орын бердің қасыңнан.
Сен бір қалған көз едің
Кенесары асылдан.
Сыздық атың жайылды
Бұл өңірге жасыңнан;
Айбатыңды көргенде,
Дұшпандарың бас ұрған.
Даңқыңды естіп жүрушем,
Шар-тарапқа шашылған.
Ақ жүзіңді көрген соң
Енді мауқым басылған.
Ауылға жүр қонақ бол,
Атан алып, ат мініп,
Ағайынға беріп қол,
Аттанарсыз Сыдеке.
Ата жолы деген сол!
Арнап келіп алғаның
Алтын жүзік, сар-қасқа ер,
Атаңыздың аруағын
Сыйлайды екен бір тайпы ел.
Екеуінің *8 қалғаны
Он бір жыра деген жер,
Оны да айтты ағайын,
Іштен шықты қайғы-шер.
Атаның не арманы
Іздеп келіп артынан,
Бата қылса сіздей ер!
ҚЫЙСЫБАЙҒА
Ей, Қыйсыбай, Қыйсыбай!
Бері қарашы қымсынбай.
Шапаныңды бергенше,
Көңілім тұр тыншымай.
Етігіңді қоса бер,
Жүрсін десең шымшымай!
СӘТ САЙЛАНАРДА
Лашын құстай таранып
Сыртың сұлу көрінген,
Неңді медеу саналық,
Жел еседі жеріңнен.
Қайымады түйелер,
Қысырады биелер,
Қыста қырсыз жұт болдың!
Елге жүгіңді үйе бер:
Шығынмен де шаршаттың,
Енді қайтіп күй енер?!
Көргеніміз сол болса,
Неміз қалды сүйенер!
Қазбасам да мен онша,
Елдің өзі-ақ жүйелер.
ТІЛЕМІСКЕ
Ей, Тілеміс, Тілеміс!
Тілің мірдің оғындай.
Тиіп кетсе күйдірген
Сексеуілдің шоғындай.
Қарсы келген жан болса
Құтылмайды соғылмай.
Құр сүлдесі қалғанша,
Қара терге шомылмай!
Кебекбай мен Ноғайбай,
Тіліңнен-ақ именіп
Жүр ғой сені соғалмай!..
АБЫШҚА
Мәмбетәлі аулында
Атандым мен абышқа9,
Абышқа деп мына қыз
Тиіп кетті намысқа.
Абышқаның сақалы
Әлде бұған таныс па?
Абышқаны байқасам
Емес екен алыста.
Абышқа ма, қарашы,
Біздің әсем дауысқа.
Ұзақ таңға қарлықпас,
Ұлы дүбір шабыста.
Айтқан сөзім шет болса,
Сынатайық қалысқа.
Не болмаса жөнде өзің,
Тұлғаң түзу жан екен,
Түсінетін әр нұсқа...
МӘҢКЕ ТУРАЛЫ
Жанғойлық болысы пысық келеді,
Мұрындары пұшық келеді.
Екі арадан ептеп жерінде,
Көздерін қысып келеді.
Сөздерін ұзарта келеді,
Өңешін қызарта келеді.
Өнімі азырақ жерде
Үстіне тұз арта келеді.
Ыңыранып отырып алады:
Әр алуан қырға салады...
Ақыры құдай жарылқап,
Қалталарын толтырып алады...
ӨСИЕТ
Ой-хой, дүние серуен!
Адам бір көшкен керуен.
Дүниені қызық қалдырып,
Асамыз өмір белінен.
Кірсе лебіз — шықса жоқ,
Хауіп етіңдер өлімнен.
Қылышбайдан таралып
Сөз нұсқасы келінген....
Дос-жаранға, кем-тарға
Қайырлы бол делінген!
Қылған қайыр болмаса,
Не әкетесің өмірден?
Дәулетіңнен не пайда
Таусылмастай көрінген!
Жалғыз мұраң сол болар
Қол қайырың берілген.
Басқа дүние бірі де
Көмілмейді кебінмен.
ШАЛТАБАЙҒА
Салқын келіп тоң-торыс
Сыртқа сыздап қарайсың.
Сенен басқа жоқ болыс, —
Деп өзіңді санайсың...
Шарға10 түсер шағыңда
Қара тер боп сабылдың.
Аялған жоқ малың да,
Ақжем болып шабылдың.
Елге сөзің жеткенше:
«Жамағат!..» деп жалындың.
Қол билікке жеткен соң
Салғырттыққа салындың.
Сан рет кеп алдыңда
Сағым сынып сарылдым:
Сазаратын Жамбылға —
Саған сонша не қылдым?!
Бақсы басы қаңғырар
Бабын таппай тамырдың.
Жанды есінен тандырар,
Қыйынын-ай бабыңның!..
ҚАЛЫЙҒА
Ей, Ордабай Ұлы Қалыйым!
Үстіңде тұр ақ үйің,
Қасыңда тұр қара үйің.
Атағыңды білемін,
Сыртыңнан-ақ таныйым.
Атан сұрап, ат сұрап
Деп келгем жоқ жарыйын.
Байдабектің бірі едің,
Cap бәйбіше ұлы едің.
Сартау құмды мекендеп
Баяғыдан жүр едің.
Сахарада қонысың,
Малға толы өрісің.
Сойылыңды соғып тұр
Болысың мен орысың.
Біздей жаһан кезбені
Қомытсынсаң қомытсын.
Бірақ, айтып кетейін,
Жүзім қайтып көрген жоқ,
Сенен қорқып нетейін,
Күле-күле жүрсін ел,
Мен-менсіген бейліңді,
Елге жайып өтейін.
КӨКІМГЕ
Бері отыршы, Көкімім,
Қандай екен өкімің?
Елді билеп алуға
Қай арадан бекідің?
Әлде бекіп келдің бе,
Арын сатып бетіңнің?
Бір тояйын дедің бе .
Ақысын жеп жетімнің?
Әлде ғарып көз жасын
Көрейін деп бекіндің?
Ашып жауап қайыршы,
Көкім сенен өтіндім!
МӘМБЕТКЕ
Уа, қадірлі Мәмбетім
Ауылыңда алты күн
Дамыл алмай әндеттім.
Ән мен күйді тоғылтып,
Айналаңды сәнді еттім.
Атан беріп, ат беріп
Ақырында дәндеттің.
Алты ай өтіп арада,
Ауылыма сен жеттің.
Жамбыл үйі жаман деп
Атақ жайып сен кеттің.
Үйім жаман болғанмен
Сөзімді жұрт сыйлайды.
Айтқандарым жаққан соң
Алыс, жақын тыңдайды.
Сен жамандап кетсең де
Мені жұртым қыймайды.
Бай есіркеп бермейді,
Айтқаныма улайды.
Қайтармасаң бодауын
Тағы артынан тулайды...
Айтпасыма болмайды,
Қылығы ішке сыймайды:
Түк қайыры болмаса
Несіне мал жыйнайды?!
ӨСТЕПКЕДЕ
Үйсін, Найман саңдағы
Өстөпкеге11 жыйылдың;
Жолдың ұшып шаңдағы,
Алматыға құйылдық...
Елде жүрген егейлер,
Қалада құр үйілдің;
Ұлық көрсең ұйлығып
Желді күнгі қамыстай
Жапырылып иілдің.
Жүріппіз сыр алыспай,
Жайларыңды түйіндім...
Келтірдіңдер намысты
Бек қорланып күйіндім.
Өзі жақсы үйімнің;
Шұлғымаймын сендерше,
Керегі жоқ сыйыңның.
Қор болмаймын өлгенше,
Өлеңіме-ақ сыйындым.
ПАТША ӘМІРІ ТАРЫЛДЫ
(1916-жылғы оқыйға)
Қызығыңды көп көрдім,
Қарабастау, Құлан саз *12.
Күндерімді өткердім
Сенде жүріп ұзақ жаз.
Көк-орайға жайылған
Секілді едік үйрек, қаз.
Ештеңе жоқ уайымнан
Жүруші едік көңіл мәз.
Патша әмірі тарылды,
Оған қылар бар ма ылаж?!
Ішке толған зарымды
Кімге айтармын қылып наз!
Көген көзді қосақтап
Қалай қыйып берерміз?
Көздің жасы моншақтап
Көңіл шер боп өлерміз.
Көк жайлауды қалдырып
Қайда көшіп кетерміз?
Көкіректі зар қылып, '
Қорлықпен қайтып өтерміз?
«Бес үйден бір жігіт!» — деп
Болыстар жүр шапқылап.
Жасауыл үй тінтпек
Қылыштары жарқылдап.
Бүйтіп көрген күн құрысын
Жапырақтай қалтырап!
Таусылғандай тынысың,
Күн де жүрек қансырап.„
Дүниенің кеңдігі —
Жүргеніңде басың бос.
Жан қысылса белгілі,
Табалмайсың жарқын дос.
Өз араңнан шыққандар
Таяқ соғар өзіңе.
Әр нәрсеге бір зауал
Дейтін еді кезінде...
Би, болысты тәңрі атты
Ел қорғауға жарамай,
Ағайынды еңіретті
Көз жасына қарамай. '
Енді ойласақ: не қалды,
Ата жұрттан кету бар.
Жолға тігіп не жанды
Тәуекелге беку бар.
Не болмаса шыбындап
Тағдырыңа көну бар,
Көнсең күнде шығындап,
Ит қорлықта өлу бар!..
ЗІЛДІ БҰЙРЫҚ
«Верный» 13 ден жандаралдар бұйрық қылды,
Құйрығы бұйрығының тіпті зілді.
«Отыз бір — он тоғызды алад» деген
Суық хабар халықты бұлқындырды.
Жылады сорлы халық малын айтып,
«Кеткен соң қолдан шығып келмес қайтып», —
Дейді де еңірейді, егіледі,
Қайғының күндіз-түні күйін тартып.
«Верный»дың қадам баспай қаласына,
Кемпір, шал жылап жатыр баласына.
Ешбір ем табылмады іздесе де,
Халықтың жүректегі жарасына.
Пристов келіп қалды бала сұрап,
Ел жатыр бермейміз деп қойдай шулап,
«Қырсаң да баламызды бермейміз» — деп,
Тайсалмай әке-шеше жатыр сулап.
Пристов ашуланды «аламыз» деп,
(Жігіттер тұр: «бармаймыз, қаламыз» деп).
«Егерде бұл түріңді өзгертпесең,
Басыңа бір ойранды саламыз» деп.
Ел-ел боп жыйылды кеп әрбір сайға,
Ал әлеумет, қараңдар мына жайға,
Сеңдей болып соғылып толқындады
«Бір сая бола ма — деп — шыбын жанға?»
Жыйылды бозбалалар бір кезекте,
«Қарғалы» деген тасқын бір өзенге,
Пристов кетті — «еріксіз аламын» деп,
Көресің бұл істі деп кезегінде.
Бәрін де ол пристов жаттап алды,
Басшыларын қағазға хаттап алды,
Аттандырып бұл елге солдаттарын,
Басты-басты кісіні саптап алды.
Күн ыстық қайнап тұрған сарша тамыз,
Жанында қан, малында қалмай маңыз,
Оразаның күні еді сол уақытта,
Бұл күнде оразаны не қыламыз!
Суында Қарғалының ауыз ашты,
Бір бәлекет халыққа душарласты,
Басшылары кеткен соң тағат алмай,
Жыйылған жұрт дағдарып жанталасты.
Келді де алып кетті жақсыны айдап,
Барады боздақтардың көзі жайнап,
Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз,
Жөнелді абақтыға соры қайнап.
Жақсыдан жақсы қоймай алды санап,
Қамалды абақтыға қырғыз, қазақ,
Білмеді не болғанын сырттағы ел,
Қамалғандар тірідей тартты азап.
Шулайды абақтыға қамалған көп,
Сырттағы жүр,- «біз енді қайтеміз?» деп,
Гүбернатр, жандарал жауапқа алды:
«Жайлауда ту көтеріп шапқан кім?» деп.
Ешқайсысы айтпаған соң айғай сап кеп,
Өзі айтты жандаралдың «Бекболат!» деп,
Бекболат бола қалса ту көтерген,
Бұйрық қылды: «дарыға асып тарт!» деп.
Қалиқұлды бірге жазды дарасына,
Байбосын қоса кетті арасында,
Абақтыда қалғандар естен танды,
Көзінің қамшы тиіп қарасына.
Әкетті байғұстарды арбаға сап:
«Иманыңды айтатын молдаңды тап,
Үндеріңді шығарма, еңкей надан,
Мұнан былай сөйлеме, аузыңды жап!»
Самсаны*14 алған екен Ботпай қамап,
Оларға жігітімен кетті сабап,
Тұтқындарды босатып ала алмады,
Бір бәлеге екінші бәле жамап.
Пристов та Самсаға барған екен,
Жаныбектің мешітін қамап алған екен,
Жаныбек қажы жанына ара тұрды,
Бір болыс ел жыйналып барған-екен.
Ала алмай күні бойы әлек болды,
Жаныбек пристовқа себеп болды,
Ертеңінде құтылып Ұзын ағашқа —
Шаңдатып келе жатты қара жолды,
Бөлек-бөлек топтанып шоқтай болып,
Бай көпесті өлтірді Ботпай болып,
Қолына онан басқа түк түспеді,
Кезсе де бұл маңайды әбден шолып.
Ақыры ұлыққа түк қыла алмастан,
Не боларын бұл істің біле алмастан,
Күш жыйнамай қарусыз ұрыс қылып
Бозбаланы бітірді кек алмастан.
«Шейібен»де*15 әскерлермен ұрыс болды,
Сол ұрыста топ басы Саттар өлді,
«Саттар өлді, ел қашты» деген хабар,
Ел-елдерге жайылды оң мен солды.
Шұбырып тауға қарап ел жөнелді,
Не боларын соңының кім біледі?
Тауға шығып өрмелеп тасқа бұғып,
Елдің бәрі жанынан түңілді енді.
Ертеңінде ел-елге әскер барды,
Шапшаң түсіп келсін деп хабар салды,
«Қашқандарды атады» дегеннен соң,
Таудағылар кірер жер табалмады.
...Аттандық ұлығының қонысына,
Елді сорған борсықтай болысына,
Көп ерлер қаза тапты жауға аттанып,
Көксеген азаттықтың соғысында.
ЖОЛ ҮСТІНДЕ
Ақмырзаның баласы 16
Ежелден едік сыр-десте17.
Атым арық, қарашы!
Амалым жоқ мінбеске.
Жол үстінде болдырып,
Ант еткендей жүрмеске,
Айдалаға қондырып,
Кетер ме екен бір кеште.
Сыр-десте адам осыны
Айттырмай-ақ білмес пе!
Кеусенім18 деп тарыдан
Берсе қайтер бір десте?!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру