TELEGEI

Home

Дала демократиясының дарабозы

Мырзағали Хасенов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Дала демократиясының дарабозы

Мырзағали Хасенов - «Дала демократиясының дарабозы» шығармасы.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына Қаз дауысты Қазыбектің туғанына 335 жыл толуы да тұспа-тұс келіп отыр. Осы ерекше тарихи қайраткердің өмірі XVІІ ғасырдың соңы мен XVІІІ ғасырда өтті. Бұл қазақ халқының тарихындағы бетбұрыс кезең еді. Бір ғасырға созылған ұзақ та кескілескен, қасіретке толы соғыста халқымыз өзінің тәуелсіздігі мен бостандығын қорғап, өзін ұлт ретінде сақтап қалды. Бұл кезең халық жадында Тәуке мен Абылай хандардың, Қабанбай мен Бөгенбай батырлардың, сондай-ақ Төле, Әйтеке және Қазыбек сынды данагөй билердің есімдерін мәңгілік қалдырды. Олар туралы аңыздар айтылып, дастандар шығарылды, тарихшыларымыз көрнекті еңбектерін арнады (атап айтқанда, Жамбыл Омаридың «Қаздауысты Қазыбек би» кітабы, Астана, 2000 ж.) Осы мақалада біз Қазыбек Келдібекұлын ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы еуропалық қоғамдық-саяси ой деңгейіне дейін көтерілген, саяси ойшыл, сондай-ақ дала өркениетінің ерекше демократиялық дәстүрлері арқасында саяси тұғырға көтерілген, қарадан шыққан көсем ретінде қарағымыз келеді. Мұндай тұрғыда ғалымдардың ешқайсысы оның өмірі мен қызметін бұрын-соңды қарастырып көрген емес. Қазекеңнің замандастары, Англияның, Францияның, Голландияның, Солтүстік Американың саяси ойшылдары феодалдық-абсолюттік монархиялық құрылысты сананың және тиісінше табиғаттың заңдарына сәйкес өзгерту жөнінде бірқатар қоғамдық-саяси идеялар көтергендігі белгілі. XVІІ ғасырдағы ағылшын революциясы кезеңінің ұлы ойшылы Джон Локк (1632-1704) өзінің «Басқару туралы екі трактат» деген еңбегінде бір текті және түрдегі екі тіршілік иесі туғанында бірдей табиғи артықшылықтар алып, әрі бірдей қабілет көрсете отырып, ешқандай бағынышсыз немесе өктемдіксіз өзара тең болуы тиіс, егер құдай мен әмірші өз күш-жігерін көрсету арқылы бірін-бірінен артық қоймаса және оған билік пен жоғары өкіметке сөзсіз құқық бермесе, деген ой білдірді. Бұдан бір ғасырға жуық кейін, 1776 жылы американдық Т.Джефферсон АҚШ-тың «Тәуелсіздік декларациясында» бостандықтың осы табиғи құқығын мынадай сөздермен өрнектейді: «Біз адамдардың барлығы бірдей болып жаралғандығын, тәңірі оларға белгілі ажырамас құқық, оның ішінде өмір сүруге, бостандыққа және бақытқа ұмтылу құқығын бергендігі өзінен-өзі анық ақиқат деп есептейміз». Қазыбек, шамалап айтқанда, осы екі оқиға аралығында өмір сүрді. 1683 жылы жоңғарлардың қолына түсіп қалған қандастарын құтқаруға аттанған елшілер арасында болған жас жігіт жауларын да, отандастарын да шешендігімен және ойының терең де кемеңгерлігімен таң қалдырды. Ол бейнелеп те, ақындық шабытпен де былай деген еді: «Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды». Міне, осы сөздерде сол кездегі Еуропа мен Америка ойшылдарына тән, адамның табиғи бостандығы туралы мағына жатқан жоқ па?! Олардың үндестігі көзге ұрып тұр. Джон Локк пен Томас Джефферсон адамзатқа индустриалдық қоғам мен осы заманғы өркениетке жол салып берген ағылшын және американ революцияларының саяси идеологтары болды. Олар философтар мен тарихшылардың талай ұрпағы университеттер мен ғылыми ортада шіркеумен және монархиялық идеямен күресте озық қоғамдық-саяси идеялар мен тұжырымдамалар жасап, ұштай түскен алдыңғы қатардағы саяси ұлттардың ойшылдары еді. Олардың жаңа идеялары жаңа қоғамға жол салған, осы елдердің қоғамдық даму сұраныстарына жауап беретін. Ал көшпелі дала халқының ойшылы қалайша Еуропа мен Американың философиялық-саяси ой деңгейіне дейін көтеріле алды? Бұл кездейсоқтық па, әлде осы халықтың саяси дәстүрі мен мәдениетіндегі ерекше феномен бе?! Егер сол ғасырда олардың өзара араласып, ақпарат және ғылыми жетістіктермен алмасу мүмкіндігі жоқ екенін ескерсек, онда бұл құбылыстың түп-тұқиянын сол халықтың дәстүрінен және біздің кейіпкеріміз өмір сүрген дәуірдің ерекшелігінен іздеу керек. Тарихи ауқымдағы зор тұлғаны дәуірі туындатады, ол уақыттан озып, жаңа дәуірге жол салады. Қаздауысты Қазыбек өмір сүрген дәуір, XVІІ және XVІІІ ғасыр ерекше кезең болып табылады. Біріншіден, XV ғасырдың ортасында құрылған қазақ хандығына екі жарым ғасырдай болды. Бұл уақытта ұлт болып қалыптасудың барлық белгілері бар бірегей халық, оның мемлекеттігі орнығып қалған. Соның бір айғағы 1710 жылы қабылданған «Жеті жарғы» заңдар жинағы. Шоқан Уәлиханов кезінде Ресей империясының құрамына енетін басқа халықтардың арасынан бірінші орын саны жағынан да, байлығы жағынан да және болашақта даму үміті жағынан да қазақтарда екендігін атап өткен болатын. Бұл ойды ол 1864 жылы жазылған «Сот реформалары туралы запискасында» келтіреді. Ғалым өз халқының заң дәстүрлерін екі жыл бойы зерттейді. Ол халық судьялары — билердің әдеттен тыс де- мократиялық дәстүрлеріне таң қалады. Міне, сондықтан да Қаз дауысты Қазыбек сияқты ең талантты билердің бүкіл халықтың рухани және саяси көсемі болуы ғажап емес. Шоқан «жоғары мәдени дамудың нәтижелерімен ұқсастық» туралы жазғанда біздің халқымыз өмір сүрген далалық өркениет жағ- дайында қалыптасқан тарихи-табиғи демократиялық интеллектуалдық дәстүрге сілтеме жасап отыр. Жоғарыда келтірілген материалдар қазақ халқында ХVІІ-ХVІІІ ғ.ғ. қоғамдық қатынастардың өзіндік демократиялық сипаты болғандығын дәлелдейді. Мұндай қоғамдық қатынастар, тікелей демократия феодалдық құрылыс дәуірінде болуы мүмкін бе, өйткені феодализм қоғамдағы таптар мен түрлі топтардың арасындағы қайшылықтармен ерекшеленеді ғой. «Қазақстан тарихының» кейінгі басылымының (2-том, 1997ж.) авторлары феодалдық қатынастардың орын алғандығын атап өтіп, қазақтардың көшпелі тұрмысы жағдайында ерекшеліктердің болғандығына да назар аударды. Атап айтқанда, В.В.Григорьевтің ма- териалдарына сілтеме жасасақ, XVІІ ғасырдағы қоғамда кейбір тұлғалардың шығу тегі ғана емес, жеке басының қасиеттері де маңызды роль атқарған. Типтік үлгідегі феодалдық қоғамдарда «тобырдың» мұндай көсемдері шаруалар мен қала көтерілістер інің басшылары ғана болатын. Бұл факті бізде, Қазақстанда, әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастарда да феодалдық қатынастар болмаған деген пікірге келтіреді. Билік пен қоғамдық емірдің формалары қоғамның әлеуметтік қурылымына байланысты екендігі белгілі. Онда қанаушы, қаналушы таптар болады, ал олардың арасындағы қатынастың доминантасы экономикалық тәуелділік болып табылады. Халық өзін асырау үшін бір тілім нан табуды ғана ойлайтын жерде Шоқан Уәлиханов жазғандай және халқымыздың фольклорында көрініс берген түрдегідей демократия болуы мүмкін емес. Қазақстанның ұшы-қиыры жоқ кең алқабында жер телімдерін бөліп, оны қайсыбіреудің меншігі деп жариялауға және көшпелілерді онда жұмыс істеуге мәжбүрлеу мүмкін емес. Ал Қазақстанның болжап білуге болмайтын табиғаты жағдайында мал ұстау қатардағы мал өсірушілердің орасан зор тәжірибесі мен шеберлігін, олардың ерікті және материалдық жағынан мүдделі еңбегін талап етеді, ал бұл дегеніміз қоғам мүшелерін қанау құралы бола алмайды. Күштеп еңбек еткізу ойға сиғысыз. Шыңғысхан шапқыншылығы дәурінде қолданылған «аманат» сияқты әскери-саяси өктемдіктің ғұмыры ұзаққа бармады. Феодализмнің жалқаулық институтын орнықтыру да мүмкін емес еді. Көшпелі халық жинақы да болды, күш көрсетілсе — көшіп кетіп қалады. Өндірістің басқа салаларына қарағанда (жер шаруашылығы, қала кәсіпшілігі және сауда) көшпелі мал шаруашылығы дала халқының басым көпшілігіне салыстырмалы түрде алаңсыз тұруға мүмкіндік берді. Әрине, « жұт» сияқты табиғат апатын сөз етпегенде. Ал анда-санда қайталанатын осы «жұттар» қауымның ұйымшылдығына, көшпелілердің теңдігі мен күштеуді қабылдамауына әсер етті. Сөйтіп, қазақтардың материалдық өндіріс тәсілі мен өмірі бостандық мен теңдікке, қоғамдық өмірдің демократиялық формаларына негізделеді. Олардың шаруашылық әдістері, өмір салттары мен тұрмысы автократиялық билік жағдайында болуы мүмкін емес еді — олардың тұрмыс салты демократия болды. Қазақстанға еуропалық формациялық өлшемдерді таңып, осыдан феодалдық құрылыс, ру-тайпа ақсүйектерінің өктемдігі, хандар- дан, сұлтандардан, билер мен батырлардан тұратын тап туралы қорытынды жасауды қолдану — ешқандай ғылыми тексерісті өткере алмайды. Хандар мен сұлтандар, өздерінің барша туған-туыстарымен, олардың шежіресі көрсетіп отырғанындай, сан жағынан басым сословиені құра алмайды. Ру басшыларының шеңбері кеңірек болды. Алайда олардың билігі мен ықпалы экономикалық және саяси өктемдікке емес, дәстүрге және көбінесе тұрмыстық құқыққа негізделді. Билер мен батырлар өздерінің орны мен атқарған қызметі, таланты мен қабілеті, әскери жетістіктері бойынша көтерілуі арқасында феодалдық елдерге тән сословие бола алмайды. Бұған Қаздауысты Қазыбектің өмірі мен қызметі дәлел, ол XVІІ және XVІІІ ғасырлардағы ең талантты деген үш бидің арасында ұлттық элитаның қиян шыңы болды. 1731 жылы Кіші Жүз Ресейдің, 1734 жылы Ұлы Жүз Жоңғарияның қол астына енуге мәжбүр болды. Ұлттық тәуелсіздік жолындағы күрестің бар ауыртпашылығы Орта Жүздің иығына түсті. Осы кезеңде Абылай сұлтанның аты алға шықты, ал Қазыбек халықтың жалпы патриоттық күресінің нақты басшысы болды. Тарихи оқиғалар қарапайым халық арасынан шыққан, яғни Шыңғыс әулеті емес, Қаракесек руының өкілі Қазыбек Келдібекұлын қарадан шыққан хан дәрежесіне көтерді. Өзінің тарихи монографиясында Ж.Омари Ресей архивінің құжаттары арқылы XVІІ ғасырдың соңы мен XVІІІ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасына дейін қазақ халқының тарихи даму кезеңдерінде Орта Жүз биінің қандай саяси салмақ атқарғандығын көрсетеді. Абылай сұлтанды жоңғар тұтқынынан босатудағы дипломатиялық өнері, Ресеймен және Жоңғариямен арадағы күрделі қарым-қатынастағы саяси көрегендігі, Орынбор шекара миссиясының айлакер бастығы Неплюев тоқыған торды шеше білуі және басқа да мысалдар оның үлкен саясаттың адамы екендігін көрсетеді. Халық фольклоры мен ел аузындағы шежіре оның түрлі рулар, сұлтандар мен жекелеген адамдар арасындағы сан қилы дауды шешу- дегі әділ төрелігін аңыз етіп жырлайды. Тарихи тұлғалар дараланып шыққандықтарымен, халқымыздың тарихында өшпессіз қалдырғанымен ғана ерекшеленбейді. Олардың өмірі еліміздің болашағы үшін де ғибрат боларлық маңызға ие. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанда Президентіміз Н.Назарбаев елімізде демократиялық дәстүрлер болған жоқ, демократиялық институттарды, плюрализм мен өзін-өзі басқару және т.б. халықтың жаңа әлеуметтік құрылымы қалыптасып, тиісті саяси партиялар құрылуына қарай біртіндеп, байқап енгізудің қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Әрине, егер әңгіме XX ғасырдағы Қазақстан, әсіресе, халқы саяси сауатсыз, ал орталықтағы және жергілікті жердегі сайланбалы өкілдік органдары азусыз болып келген кеңестік дәуірден кейінгі ел туралы болып отырса, бұл дұрыс. Әлемдік тарих көрсетіп отырғанындай, адамзат баласы демок- ратиядан артық ештеңе ойлап тапқан жоқ. Плантациялық құлдықты жою жөніндегі азамат соғысы жылдарындағы АҚШ президенті А. Линкольн онша бай емес фермер отбасынан шыққан. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі Ұлыбританияның премьер-министрі Л. Джорж, сол жылдардағы Франция үкіметінің басшысы Ж.Клемансо, Францияның демократиялық күштерінің аса көрнекті шешені, социалист Жан Жорес те ақсүйектер ортасынан шықпаған. Олар осы елдерде демократиялық институттар мен дәстүрлер болмаса, осындай биікке көтеріле алар ма еді? Әрине, жоқ. Қазақстан Республикасында биліктің күшті президенттік формасы орталықтағы және жергілікті жердегі өкілетті органдардың плюрализмімен қабыса алатындығына ешқандай күмән жоқ. Ақырын- да халықтан шыққан таланттар мемлекеттік органдар үшін кадр- лардың резерві болар еді. Төрешілдік пен билік басындағылардың халықтан алшақ болуы, халықтың түпкі мүдделерін ескермеу сияқты ежелгі проблема өзінің лайықты шешімін табуға жақындар еді. Бұл әлемнің көп елдеріндегі демократиялық күштердің арман-мүддесі. Өйткені, ұлттық көтерілу үстіндегі, тәуелсіздікке қол жеткізген, өзінің мемлекеттік егемендігін 10 жыл нығайтқан халық өз ортасынан Қаздауысты Қазыбек сияқты билер мен Абылай хан сияқты көсемдерді шығаруы тиіс. Абылай хан XVІІІ ғасырда өзінің хандық билігін өз саясатымен ғана емес, үш жүздің билері, Бұқар жырау және халық арасынан шыққан аса көрнекті адамдар арқылы, халық мүддесімен ұштас- тыра жүргізгендігін атап өтпей болмайды. XX ғасырдың басында қазақ зиялыларының кейбір өкілдері өз халқының саяси тоқыраудан шығып, тәуелсіздік алуын парламентаризммен емес, халық көсемдерімен байланыстырды. Сталиндік репрессияның құрбаны болған ұлы ақын Мағжан Жұмабаев «Тәңірі» деген өлеңін халқының тағдыры туралы ауыр ой үстінде жазған. Онда ақын тәңірді халқына қиын-қыстау сәтте көш бастар көсем бермегені үшін кінәлайды. Әлемдік тарихтан өз халқының тарихындағы бетбұрыс кезеңде шешуші роль атқарған адамдардан көптеген мысалдар келтіруге болады. Францияда Наполеон мен де Голь, Германияда Бисмарк, Италияда Кабур (мысалдарды жалғастыра беруге болады) парламенттермен күресте пісіп-жетілген ұлттықпроблемаларды шешуде топ жарған серкелер болды. Өмірі мен халқына көрсеткен қалтқысыз қызметін тереңнен түйсінгенде Қазыбек феномені оны жаңа уақыттың ұлы ойшылдарымен және саяси қайраткерлерімен бір қатарға қойғызады. Біз ұлы бабаларымыздың аманатын өз істерімізде жалғастыру жағын ойластыруымыз қажет.

Мырзағали ХАСЕНОВ,
ҚарМУ-дың әлем тарихы
кафедрасының доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙