Арқаның ару қыздары
Жұлдыз Тойбек
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жұлдыз Тойбек - «Арқаның ару қыздары» шығармасы.
І БӨЛІМ
ҚАЙРАТКЕР ҚЫЗДАРЫ ҚАРАҒАНДЫНЫҢ...
ҚАЙРАТКЕР
Бүгінде гендерлік саясат туралы көп айтылады, айтылып қана қоймай оның бұрыстығынан гөрі дұрыстығы жөнінде бұқаралық ақпарат айдынында құлаш-құлаш материалдар жарияланып жүр, жуық маңда оның тағы да толастар түрі көрінбейді. Өйткені ол бүгінгі батысшыл саясатымыздың жемісі, өзіміз ізденген, сырттан танылған саясат. Тіпті мемлекеттік деңгейде қилы бағдарламалар қабылданып, жергілікті жерде оның көшірмелері жасалып, жүзеге де асырылып жатыр. Жоғарыдан да, төменнен де қанша қолдау көрсетілгенімен сол бағдарлама алға мешеу баланың қадамымен жылжуда. Енді бірер жылдан кейін оның бастапқы орнына да келуі де мүмкін. Олай деп айтуымызға ауызға түсерлік себеп толып жатыр. Соның бастысы бастау, негізі болмағандықтан. Кәрі тарихқа көз жүгіртсек ел басына күн түскен нәубет, зұлматтарда ел тізгінін қолға алған, ел басқарған бірер патшайымдар, ханымдар болған, мұндай үрдістер мұрагерлік жолмен жүзеге асып отырған. Сол ауырлық жылдары мен күндерінде омырауындағы баласын көзден таса қылмай, ер-азаматына сүйеу болған, арысының артына қарайламауын қамтамасыз еткен ел аналары да болған. Оның мысалы қазақ тарихында жеткілікті, тіпті артып жығылады. Марау ана, Домалақ ене, Қарқабат ана... Өз топырағымызға көз жүгіртсек те жеткілікті оның мысалы. Нұрбике ана, Айбике ана, Бесім ана, Борсылдақ ана, Жібек ана, Болған қыз...
Мен Фатима Дәненованы осы саптан, осы қатардан көрем.
Ол кісінің қоғам қайраткері, өз заманында екінің бірінің қолынан келе бермес партия, кеңес қызметтерінде басшы болғандығын көпшілік білер, ал ол кісінің шын мәнінде ел анасы болғандығын қалың жамиғат біле қоймас, өйткені мұндай жайт қанша жерден періште болсаң да, оның ішінде жергілікті ұлт өкілдерінің есімін айтпайтын. Сондай бөгесінге қарамастан Қарқабат ана сынды Фатима да Фатима ана аталған. Не нәрсе болса да тегіне тартады ғой, түзуден қисық көлеңке түспейді дегендейін. Кейінгі толқын, оның ішінде жас буын қазақтың атам заманнан келе жатқан ырым-жырымына сене бермейді. Негізінде бабаларымыз не істесе ойланып істеген, не істесе ең алдымен болашағын ойлаған. Қазақтың ат тергеуінде сондай гәп жатыр. Шыр етіп дүниеге келгенде әжесі Һақ Тағаланың атымен құлағына үш рет Фатима деп сыбырлапты, аттасындай ел анасы болсын деп ниеттенген де. Фатима белгілідей пайғамбарымыздың мүбәрак қызының есімі ғой. Әлі сынды шерге жар болған, Құсайын, Қасен сынды діни қиссаларға өзек болған ұландардың анасы. Фатима анамыз шын мәнінде ел анасы атанған. Содан да аналарымыз Бибәтима пірім дер сыйынып жатады. Мұндай көріністі әсіресе толғақ теріс келгенде жиі көріп-естуге болады. Күнделікті тұрмыс-тіршілікте де ол кісінің есімі аз айтылмайды. Өйткені қазақ әйелінің түсінігінде Фатима әулие-әмбиеге жатады. Қазақ әйелінің пірі алдымен-Ұмайана, одан кейін-Бибәтима! Содан барып ел қыздарына осы Фатима есімін берген. Бибәтима, Бәтима, Әтима, Мәтима деп жүргендеріміздің барлығы да осы Фатима.
Ол кісі көзінің тірісінде-ақ Фатима Мама атанған.
Мама деген де ана деген сөз. Тілші ғалымдар оның түркі сөзі екендігін айтады. Папа да өзіміздің баба деген сөзіміз көрінеді. Қайсыбір тілшілер мама сөзін әженің анасы деп біледі. Әженің анасы тірі болғанда ол кісі шөберелеріне мама аталады екен. 1993 жылдың қақаған ақпаны болатын. Халық депутатары Қарағанды облыстық Кеңесінің мәжіліс жайында ине шаншар орын жоқ еді. Мұнда Анаға, ана болғанда Мамаға құрмет көрсетіліп жатқан-ды. Маманы мерейтойымен құттықтап бүкіл Қарағанды келген, анаға тағзым етіп, ат арытып Донбасс та жеткен. Осынау қаршадай қазақ әйеліне осыншама құрметтің де тегін жасалмай жатқаны да белгілі еді. Әр жылдарда ол кісіні жиналған жұртшылық өзіне жақын есіммен атады, сол есіммен білді. Бірде Сима, бірде Бәтима, бірде Фатима, бірде Бибәтима, бірде Фатима Құсайынқызы аталған жан біздің кейіпкеріміз-Фатима Дәненова еді.
Ол кісінің тағы да бір жанама аты болды, ол-Мама болатын.
– Мама Сима!
Фатима Құсайынқызы мұны сыбырлап айтсаңыз да естіп қояр еді. Мама Сима деп ол кісіні сонау қырқыншы жылдардағы ауыр күндерді бастан бірге кешкен құрбыластары айтатын. Біреу, екеу емес, мыңдаған еді, тура санын біле қоймайды, жобамен он бес мыңның әр жақ, бер жағында, сонда да солардың түсін түстеп білетін, есімдерін де жадынан шығармас еді.
– Мать!
Комсомол және партия жұмыстарында өзі тәрбиелеген ізбасарлары өзін тура осылай атайтын. Еті тірі, еліне тұтқа болады-ау деген қаншама жас өскінді қиян түкіпірден жетелеп әкеп, өзі басшылыққа алған жолға салды. Олардың одан әрменгі тағдырына көзжұмбайлықпен қарай алмады, білікті маман кадр болып өсуіне қолдан келгенше жағдай жасап отырды, қызмет сатысында өсулерін де қадағалап жүретін.
– Мамо Фатима!
Алыс та жақын Украина! Фатима Құсайынқызы үшін солай! Осында Торез деген шағын қала бар. Бұрын Чистяково деп аталатын. Соғыстың нағыз қайнап тұрған тұсы еді. Ол кезде Фатима Құсайынқызы обкомның әйелдер бөліміне басшылық жасайтын. 1943 жылы өткен облыстық әйелдер слетінде қарағандылықтардың бауырлас қаласы іспетті, жау қолынан енді ғана азат етілген Донбаста балалар үйінің құрылысы үшін қаражат жинау туралы шешім қабылданған еді. Фатима Құсайынқызының бастамашылығымен өткен бұл акция қысқа-ақ мерзімде өз жемісін береді, 1944 жылы Қарағандының патриот әйелдері атындағы Балалар үйі есігін айқара ашады, ол жөнінде еліміздің Қорғаныс Комитеті арнайы шешім қабылдайды. Онда шахта шуруфтарында атылған ата-аналардың балалары тәрбиеге алынады. Оның ашылу салтанатына Қарағанды әйелдері делегациясын бастап Фатима Құсайынқызының өзі барады, сонан көк жетімдер қазақтың осынау қаршадай қызын Мама деп атап кетеді. Бұл үйде алты жүзден астам бала тәрбиеленеді, олардың ұрпақтары бүгінде ТМД елдерінде тұрып жатыр, олар күні кешеге дейін Мамаларымен хат-хабар алысып тұрды...
– Кішкентай Мама!
Бұл енді өзіміз. Өзіміздің көгенкөздеріміз. Жалғыздық Жаратушының болмысы. Пендесінің бауыр, тума, туысқаны болады. Фатима Құсайынқызы да өскен атаның ұрпағы, алтынның сынығы, жақсының көзі. Сол бауырларының басқа түскен ауыртпалық жылдарында бір-бірінен ажырап қалған жайттары болды, жетім қалғаны да аз емес еді. Сол бауырларын ойдан-қырдан іздестіріп, солардың басын жиыстырып, айлап, жылдап жүріп қалаға әкелді, балалар үйіне сүйрей жөнелмей өзінің жалғыз ұлымен қатар жатқызып, қатар өргізіп, ел санатына қосты. Он бір баланың жауапкершілігін өз мойнына алды, ол бұл ісін алдыңғы толқын ағалары мен әпкелерінің алдындағы аманаты деп білді. Сол аманатқа адал болды. Көздері жәудіреген көгенкөздер алдындағы өз жауапкершілігін әсте жадынан шығармады. Фатима Құсайынқызының жетпіс бес жасқа толған мерейтойы Арқа өңірінде осылайша аталып өтілген болатын. Ел Кішкентай Маманы аяғынан тік тұрып қарсы алды. Алақанынан күні кешегі күнге дейін түсірген жоқ. Осыдан он жыл бұрын Кішкентай Маманың мерейтойы тағы да келген. Фатима Құсайынқызының бұл жолғы сексен жылдық мерейтойының бәсі өткен тойдан жоғары болмаса кем болмады. Қайраткер тұлғаның сексен жылының алпыс жылы жасампаздыққа, ел игілігін арттыруға арналған екен, соған орай қарағандылық Тереза Ананы құттықтауға Арқаның ел таныған тұлғалары Қали Аманбаев, Сұлтан Досмағанбетов, Әбілқас Сағынов, Талғат Әбдіразақов, Мәлік Имашев, К. Бектембаева келді. Елағалары бұл тойда құрғақ мақтанға құрылған жасық сөз айтқан жоқ, қайта жігерін тасытатын, қалғып бара жатқан намысты жанитын жүрекжарды лебіздерін білдіріп, Кішкентай Мамаға ғана лайықты құрмет көрсетті. Салтанат ұзаққа созылған, соңында кәрі құрылықты тітіндірген, әскери «Катюша» әні айтылған, бастаушысы Фатима Құсайынқызыынң өзі болса, қалғандары қоштаушыға жараған. Есімі аңызға айналған тұлғаға көрсетілер ас та төк құрметтен қарағандылықтар осылайша аянған жоқ.
– Мен Сіздермен қашанда біргемін,-деген сол салтанатта Фатима Құсайынқызы көзіне жас алып тұрып.
– Біз Сізбен біргеміз!-деген зал тік тұрып.
Одан бері де он бес жылдың жүзі болыпты. Аман жүргенде биыл тоқсан жасқа толар еді. Аман жүргенде, бәлкім, ол кісінің тойы ел көлемінде аталар ма еді. Орыс ағайындар жүргенде Тереза Ана атанып еді. Бүгінде соның бірі де жоқ...
Фатима Құсайынқызы 1918 жылы Қызылжар қаласында дүниеге келген. Әкесі Құсайынның теміржолда жұмыс істеуі көп нәрсені шешеді, салыстырмалы түрде ауқатты отбасыларға жататын еді, өйткені теміржолда жан-жағыңа қараласатындай қаражат бар-тын, сондықтан да қазақ баласы үшін ол қашанда қол жетпейтін кәсіп болып есептелетін. Әкесімен тізе қағыстырып туған ағасы да осы салада істейтін. Осының арқасында жас Фатима мектепті жақсы бітіріп, оқуын әрі жалғастыруға мүмкіндік алады. Оқу болғанда әке жолын жалғастырмақшы болады, теміржол техникумына солай келеді, өзі армандаған теміржолшының шыттай жаңа формасын солайынша жиырма жасында бойға іледі. Ол кезде де теміржолшыға деген сұраныс жоғары болатын. Ол тұста арнайы не жоғары білімді теміржолшылар әлі де болса некен-саяқ кездесетін. Кеншілер қаласы ол кезде де теміржолдың орталығы іспеттес еді. Техникумды үздік бітірген жас қызға осында жолдама беріледі. Сонан бергі тағдыры осы кеншілер қаласымен байланысты. Ол кезде Қарағанды станциясы жолаушылар және товарлы теміржол станциясы деп бөлінетін. Жас қыз осының кейінгісіне тіркеуші болып орналасады. Өз жұмысына бекем, жігерлі, белсенді қыздың жанқиярлық еңбегі ел көзіне бірден түседі. Көп ұзамай-ақ комсомол жолдамасымен орта мектепке пионер жетекшісі болып жіберіледі. Фатима Құсайынқызының партия және кеңестегі жемісті еңбегі осылайша бастау алады. Араға бір жыл түскенде қалалық және облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы болады. Ол тұс бүгінгідей біреуді біреу сүйрейтіндей кез емес, не болса да әркімнің бақ-талайынан болатын. 1941 жылы облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланады. Осынша қысқа мерзімде қалалық комсомол комитетінің қарапайым нұсқаушысынан ұйымның облыстық деңгейдегі хатшылығына дейін көтерілуі жас қыздың бойындағы ерекше құлшынысты, еліме болсыншы деген асқақ арманын, осы жолдағы сарқылмас қажыр-қайратын көрсетсе керек. 1942 жылдың ақпан айынан бастап Фатима Құсайынқызы Қарағанды облыстық партия комитетінің әйелдермен жұмыс бөлімінің меңгерушілігіне, соңынан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып көтермеленеді. Бұл кәдімгідей айтулы, жауапкершілігі жоғары қызмет болатын. Осы қызметінде сол кездегі қысқа үзілістермен табан аудармастан алты жыл бойы істейді. Ол кез тірідей ыстыққа піскен, суыққа үсіген жылдары болды. Ер-азаматтың бәрі Батысқа аттанып жатты, олардың орнын нәзік жанды әйелдер мен бұғанасы қатпаған балалар басты. Негізгі ауыртпалық, әрине, әйелдер мойнына түскен. Мыңдаған әйел, қыз-келіншек басындағы топысы мен аяғындағы кебісін шахтердің каскасы мен керзі етігіне айырбастады. Бұл оңай емес еді. Өйткені жерасты жұмыстары алды он екі, қала берді он сегіз сағатқа созылатын. Сол тұста Қарағанды шахталарына он бес мың жұмыс қолы қажет болатын. Бұл тек жеті қат жер астына керек мамандар еді. Соның барлығын әйелдер толтырды! Оларды оқыту керек еді, мамандандыру қысқа мерзім ішінде жүріп жатты. Солардың барлығың басы-қасында Фатима Құсайынқызы жүрді. Жер асты шахталарына мың мәрте түсіп, мың мәрте шығып жүрді. Шахта жұмысына алыс қиянда жатқан қазақ ауылдарының да қыздары тартылған еді. Қолдан келгенше солардың жағдайын жасайды, білмегендерін үйретеді, білгендерін ортаға салып, жаратады.
– Бәрі майдан үшін!
Ол кездегі ұран сондай болатын. Бұл ұранды жүзеге асыру үшін бүгінгідей әркімді үгіттеп керегі де жоқ болатын. Ел күндіз-түні жұмыстан бас көтермеді, бәрі де майдан үшін еді. Қарағанды әйелдері майдан үшін жылы киім-кешек жинады, биялай мен шұлық тоқыды. Танктер мен ұшақ жасау үшін қаражат ұйымдастыру қарқынды жүргізілді. Ал майдан даласынан жараланған, ауыр жарақат алған жауынгерлер оралып жатты. Олардың ішінде жарымжан жандар, мүгедектер де аз болмайтын. Солардың денсаулығы үшін кеншілер қаласында госпитальдар ашылды. Донбастағы жетімдерге жасалған жағдай өз жерімізде де жасалды. Елді оқытумен, түрлі курстар ашумен қолы тимеген Фатима Құсайынқызы енді өзінің де білімін көтеруге де уақыт табады. 1952-1955 жылдары СОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне тыңдаушы болып қабылданады, оны бітіргеннен кейін туған жеріне оралып, облыстық партия комитетінде алғаш сектор меңгерушісі, кейіннен хатшысы болып сайланады. 1961-1973 жылдары қалалық партия комитетінің хатшысы қызметінде істейді. Одан 1986 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін Қарағанды облыстық «Білім» қоғамы басқармасының жауапты хатшысы болады. Оның өзінде отағасы сырқаулы болып, қарайтын кісі табылмаған соң шығады. Фатима Құсайынқызының жанқиярлық еңбегі төрт орденмен, оның ішінде екеуі «Құрмет Белгісі» ордені, тоғыз медалмен, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің екі Грамотасымен аталып өтті. Халық депутаттары қалалық және облыстық кеңестеріне бірнеше мәрте депутат болып сайланды. Ел аманатын арқалап, екі мәрте Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды, республика Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары да болды. Кешегі қызылжарлық қаршадай қыздың қажырлы еңбегі мемлекет көлемінде осылайша мойындалды. 1972 жылы халық депутаттары қалалық Кеңесі сессиясының шешімімен Фатима Құсайынқызына «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағы беріледі. Осы атағын Фатима Құсайынқызы барлық жоғарғы атақтары мен лауазымдарынан, қилы марапаттарынан жоғары қойды. Өйткені бұл туған елінің берген бағасы, атағы болатын. Араға тағы он жыл түскенде қайтпас сапарға аттанды. Сондағы жиылған ел ырғын болды. Ойдағы, қырдағы көгенкөздері жылап тұрды. Мамалап, Мамо Фатималап, Сима Фатималап, Бибәтималап...
Қаймана қазақ та жылады.
– Біздің сендей Мамамыз болмады-ау деп...
ТАҒЗЫМ
Елімізде Сәкен атындағы театр бар екенін ел жақсы біледі. Соны іштей ғана қуаныш ететініміз де жасырын емес. Бетіне қарап отырған руханиятымыздың қара ошағының баспанасы жоқ еді. Ол аздайын оны Станиславский атындағы орыс театрының қорасына кіргізіп қойғанымызды қайтерсіз... Осының барлығы елдің еңсесін кәдімгідей төменшектетіп езетін. Сол езгіден жақында құтылдық. Аузымызды қомпайтып айтатындай Сәкен атындағы драма театрының жаңа ғимараты құшағын алашына айқара ашты. Оның алғашқы қадасын қаққан Елбасымыз өзі келіп ашылуына қатысып, Алашына сүйіншілеп жар салды. Театрдың алдына ақсұңқар ақынның ойланып отырған ескерткіші қойылды. Бұл күні бөркін аспанға атпаған қазақ баласы жоқ болар. Сондықтан да театрдың ашылуына келген қаракөздерден аяқ алып жүру мүмкін емес-тін. Сырттағы Сәкен ескерткішінің алды да аткөпір болып жатты. Олар кешу сұрап, ұлы бабаларына тағзым етіп тұр еді.
Осынау қуанышты күнді жетпіс бес жыл бойы кешіктіргендеріне... Олардың ұлы бабалары еңсесін енді ғана тіктеген. Соған орай ел айналасына шекесінен қарай қалған.
Тағзым ету-құлдық ету емес.
Тағзым ету-рухани күш алу.
Мен де тағзым етіп тұрғам.
Ұлы бабама!
Ұлы бабамның асыл жары Гүлбәһрам апама!
Ол кісінің сіңілісі Рахила Ералықызы апама!
Рахила апамыз 1926 жылы Жаңааарқа ауданының қазіргі Атасу кентінде дүниеге келген. Орта білімді Қарағанды қаласында алады. Ол кезде оқығандардың қат кезі ғой, қызметке ерте іліккен. Соғыс басталғанда облаткомда жұмыс істеп жүрген болатын. Келер жылдың көктемінде он алты жастағы Рахила әскери комиссариатқа барып, өз еркімен майданға жіберу жөнінде өтініш түсіреді. Бұл ел күтпеген оқиға еді. Жұмыс орны да, үй іші, туған-туысқандары да ойлануын сұраған. Бетінен қайтпаған қайсар қыз берген өтінішін алмады. Сол беті Батысты бетке алған. Бұл совет-неміс майданындағы ауыр кезеңдердің бірі болатын, ер-азаматтарды оқытып-үйретіп жатпай-ақ бірден майданға жөнелтіп жатты. Ал әйелдерге кеңшілік жасалды. Оларды соғысқа емес, әскери қызметке баулып, үйретіп жатты. Жас Рахила қысқа мерзімді барлаушы курсынан өтті. Есті қыз құпия тілдесудің сан қырын бір адамдай игеріп алды. Содан үш жылға тарта уақыт Сталинград майданында жаудың әскери нысандарын аспаннан фотосуреттерге түсіріп, жоғары тұрған басшылыққа жолдап тұрды. Жау қолына да түсіп қалады. Содан жан алып, жан беріп, қашып құтылады. Жау тылына ұшақпен түсіріліп, орасан мәліметтер жинады. Мұның барлығы да жеңіс күнін жақындата түсті, әрине. Қарыс қадам болса да. 1944 жылы жараланып, алты ай бойы сарылып дала госпиталында жатады. Айыққан соң қайтып майданға барамын деп жүреді. Алайда әскери комиссия оның жарамсыздығын анықтайды. Жас қыз енді бейбіт еңбекке араласып кете барады. Ол кезде бейбіт еңбектің өзі майданмен барабар еді. Әсіресе, көмірлі Қарағандыда ол айқын сезілетін. Майдан мұнда шахталарда жүріп жатқан. Әрине, қанша қайратты дегенмен денсаушылығының болмауынан Рахила шахтаға түсе алмады, есесіне ол осындағы комсомол жұмысына тартылды, осы жұмысты қара өгіздей тартты.
Оның ұйымдастырушылық қабілеті осы жерде көрінді.
Соғыс аяқталған соң да ол партиялық қызметін жалғастырды. Алайда білім алу керектігін жан дүниесімен сезінген. Қандай мамандыққа барарын ойланбаған да. Әрине, көздегені дәрігерлік еді. Қанды қасап көрген қыздың бұл шешіміне ешкім де таңданбаған. Майданнан жаралы оралған қыздың бұл шешімін айналасы дұрыс деп тапқан. Сонан 1949 жылы құжаттарын Алматы медицина институтына тапсырады. Қарағандыда да оқуға болушы еді. Қарағанды медицина институты ол кезде елімізде ғана емес, Одақтағы мықты оқу орындары қатарында саналатын.
Алматыда оқуының түрлі себептері болды.
Ең алдымен онда апасы Гүлбәһрам тұрып жатты.
Иә, иә, сол Гүлбәһрам!
Сіз ойлап тұрған Гүлбәһрам!
Сәкен ағаның асыл жары!..
Сол кісі шақырған...
Апасы мейірлене қарсы алған. Бұл шаңырақты бір кездері бауырларында екі баласы бар әке-шешесі паналаған. Жалпы, Сәкен шаңырағында жатып білім алған ағайын баласының ұзын саны он бестен асып түсіпті. Бұл бір ғана Тоқа руынан. Қалғандары қаншама?
Әкесі мен ағасының білім алуына жағдай туғызып жүрген де Сәкен аға. Бұл шаңырақты өздері үлкен үй дейтін. Сол үлкен үйге Күлән тәтесі жетелеп әкеліп кіргізген. Ол кісі атақты ақын Қайып Айнабековтың қызы болады, жұбайы Асқар Тоқпановты да ел жақсы біледі. Ол кісінің өнер тарланы екендігі белгілі. Содан үлкен үйдің босағасында ал келіп жыласын, бәлкім есіне әке-шешесі түскен болар, бәлкім, Сәкен аға еске түскен болар... Институтты бітіргеннен кейін Алматыда қалады, сондағы № 1 перзентханаға орналасады. Оның кейінгі он үш жылында бас дәрігерлікті атқарады. Ол кісінің отағасы Кәрібай Шоқатаев алғаш ішкі істер органында, кейін қуіпсіздік комитетінде, республикалық прокуратурада жұмыс істейді, полковник шеніне дейін жетеді. Сол отағасының жұмыс бабына орай Көкшетау қаласына ауысып, қалалық перзентхананың бас дәрігері болады. Өзінің еңбекқорлығы арқасында өз ісінің шебері болып қалмай қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтеріледі. Қазақ КСР-і акушер-гинекологтарының І-ІІ съездерінің жұмысын ұйымдастыруға белсене араласады. КСРО акушер-гинекологтарының ХІІ съезінің жұмысына делегат болып қатысады. Денсаулық сақтау ісінің үздігі атанады, Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірқатар әскери және еңбек медалімен наградталады.
Гүлбәһрам апасы ауырып жатқанда өзін шақырып алып:
– Сәкен құалағының астына, тамағына, мұртына жағушы еді бұл әтірді. Мен өлгенде маған солай жақ та, қалғанын музейге тапсырыңдар,-деген.
Асыл апаның сол аманатын мүлтіксіз орындаған.
Ол кісінің арманы Сәкен бейнесінің өз елінде ажарланып тұруы еді.
Сол арманы күні-кеше ғана орындалды.
Оны Гүлбәһрам апамыз көре алмай кетті.
Оны Рахила апамызға да көруді жазбапты.
Ол кісі осыдан екі жыл бұрын бақилыққа озды.
Биыл Сәкен ағаның туғанына жүз он бес жыл толады.
Қазақ дегенде қабырғасын сөгіп берген арысымыздың бұл мерейтойы ұмыт қалады деп айта алмаймыз.
Биыл Гүлбәһрам апамыздың туғанына жүз жыл толады.
Сәкен дегенде қабырғасын сөгіп берген бір адам болса осы Рахила апамыз.
Сол апамызды ұлықтауда Рахила апамыздың еңбегі ұшан теңіз.
Осыдан он жыл бұрын Гүлбәһрам апамыздың тоқсан жасқа толған тойын өткізуде өлшеусіз еңбек сіңірді. Ол тұста өзі «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері» қайырымдылық қауымдастығының вице-президенті болатын. «Қазақстанның қайраткер әйелдері» атты энциклопедияның шығуына ұйытқы болып, Гүлбәһрам сынды апаларына қоса есімдері көмескілене бастаған біраз алдыңғы буын өкілдеріне осы басылымның төрінен орын алып берген. Осыдан кейін арманы жоқтайын көрінген. Алайда көзі жұмылмай тұрып адамның арманы бітуші ме еді?!
Ол кісі де армандаған.
Ол кісінің өмірінің соңында екі арманы болды.
Бірі туған жеріне келіп жантаюы еді.
Бұл арманы орындалды, немерелері Санжар мен Сардар өздері бастап әжелерінің жамбасын туған жерге тигізіп, ел батасын алған. Екіншісі осы Гүлбәһрам апасының жүз жылдық мерейтойына атсалыссам ба дейтін. Ұмытылмастай бір белгі қойсам дейтін.
Білген жанға бұл аманат.
Аманат жерде қалмайды деген бар.
Қазір сол сында тұрмыз.
ҰЛАҒАТ
Көмірлі Қарағандыда есімдері ер-азаматтармен қатар аталып, аңыз болып айтылатын апаларымыз аз емес. Кейбірінің түсін түстеп те білмейміз. Елі үшін, елінің ертеңі үшін түн ұйқысын бөліп, түн қатып жүр ғой деп үйде отырып сол кісілердің амандығын тілеп отырамыз. Еліне еңбегі өткен сондай абзал жандардың бірі-Гүлжан Жақыпжанқызы Бектембаева апайымыз.
Ол кісі шахтер отбасында дүниеге келген, әкесі Жақыпжан №44-45 шахтада жұмыс істеген, анасы Бәтен үй шаруасында болып, бала тәрбиесімен шұғылданған. Сол кездегі өлшеммен қарағанда бұлар кәдімгідей ауқатты отбасы болып саналатын. Сол әке дәулетінің арқасында еш нәрседен тарықпады десе болады. Орта мектепті үздік бітірген соң С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түседі. Алматыда қалып жұмыс істеу мүмкіншілігіне қарамастан туған жерге оралады. Еңбек жолын 1956 жылы Ескі қалада орналасқан № 69 мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды, сонымен қатар кешкі жұмысшы мектебінде де сабақ береді. Алғашқы күннен ауыр еңбектен қашпай оны өзіне серік еткен қайсар қыз кейін оны өмірлік мұраты етіп алады. 1958 жылы оқу ісінің меңгерушілігіне жоғарылатылады, бұл жұмысында да табандылық танытып, оқу ісін қысқа мерзім ішінде жолға қояды. Жігерлі қыздың осынау жасампаз еңбегі басшылар назарына ілігіп, қалалық кеңеске депутат болып сайланады. Тағы бір жыл өткенде сол ауданның №5 мектеп-интернатына оқу ісінің меңгерушісі болып жіберіледі. Хрущевтік жылымық кезеңінде елді жаппай индустрияландырудың жүргені белгілі. Фабрик-зауыттарға мыңдаған маман кадр керек еді. Аталмыш оқу орыны сондай мамандандырылған мектеп–интернаттың бірі-тін. Атауы жаңа болғанымен заты ескі болатын, бұл жас қызды таң қалдырып қана қоймай оны жаңа іске итермелейді. Ол бара сала мектеп-интернаттың тұрмыстық жағдайын жолға қоюды алдымен қолға алады. Кейінде осы салада қалалық, облыстық деңгейде басшылық жасағанда оқу орындарының коммунальдық жағына ыждағаттылықпен қарап, жас өскіндердің алаңсыз мамандық алуларына жағдай жасап отырды. Осы мектепте жүргенде оның педагогтық, тәрбиешілік дарыны жарқырай көрінеді. Интернатта тәрбиеленушілердің дені өз бетімен кеткен, әке-шеше тәрбиесінен ажырап қалған өскіндер еді. Сондықтан мұнда жұмыс тәулік бойы тоқтамады, ел демалыс дегенді білмейтін. Педагогтар олардың отбасын алмастырды, оларды өздерінің қамқорлығына алып, жүрек жылуларын берді. Мұндай қамқорлықты жүрегі тас болса да баланың сезінбеуі мүмкін емес еді. Осыдан барып жұмыс жүрді. Осыдан барып қайсар қыздың еңбегі ел көзіне түсті. 1961 жылғы көкектегі қалалық кеңестің кезекті сессиясында Гүлжан Жақыпжанқызы қалалық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болып бекиді. Әлі отызға да толмаған, тіпті мектеп директоры да болып қызмет істемеген, оның үстіне партия қатарында да жоқ жас қыздың бұлайша қызмет бабында шырқауы шын мәнінде қала тарихында болмаған жайт еді. Қалалық партия комитетінің хатшысы Фатима Дәненовадан және қалалық атқару комитетінің төрағасы Қасым Қонақбаевтан қолдау тапқан жас қыз көп ұзатпай-ақ өзінің өз орнында отырғандығын көрсетеді. Осы жолда сол кездегі білім беру саласының шын мәніндегі көшбасшылары, өз салаларының білгірлері М. Ғазалиев, М. Яруллина, А. Плотникова, Е. Жаркова, Л. Аграновский, Н. Чапурина, Е. Когай сынды мектеп директорларының тарапынан түсіністік тауып, олардың жинақтаған бай тәжірибесін игереді. Рухы жоғары қыз ел ішіндегі күндеушілік, ұсақ өсектерден биік тұрып, өз ісін ғана білді. Жыл сайын ондаған мектеп, балабақшалары қатарға қосылып жатты. Шахта аймағындағы оқу орындары жаңа типтік ғимараттарға көшіріле бастады. Қазіргі Н. Нұрмақов атындағы қазақ мектеп-интернаты, қалалық пионерлер және оқушылар сарайы, жас техниктер, натуралистер станциялары, көркемөнер мектебі сол тұста салынып, бой көтерген-ді. Қалалық партия комитетінің бірінші басшылығына В. Саламатовтың келуі бұл істі одан әрі жылдамдата түсті. Бірінші басшы шын мәнінде балалардың досы бола білді, халыққа білім беру нысандарының құрылысына тікелей басшылық жасады, мектеп шараларының бәріне өзі қатысып отырды. Әр істің ноқтабасысы болса, айдаушысы да болады. Ал жұмысты орнынан қозғалтатын қашанда қара өгіз, әрине. Осы істердің бәрін де қара өгіздей сүйреген өзі. Гүлжан Жақыпжанқызымен енді қатардағы директордан бастап бірінші хатшыға дейін санасатын болды. Өйткені ол бұл қызметіне өзінің жеке басының табандылық, сабырлылық, жігерлілік сынды ізгі қасиеттерімен келді. Не болса да бетке тура айтатын. Осынысынан опық жеген күндері де аз болмады. Алайда өмір жолындағы кездескен, үлкен әріппен басталатын тәрбиешілері Қали Аманбаев, Мәлік Имашев, Талғат Әбдіразақов сынды асыл ағалар сабырға шақырып, тезге салып отырды. Енді ел Гүлжан Жақыпжанқызына үйрену үшін келетін болды. Оның тындырымды еңбегі үкімет тарапынан да бағаланып жатты. Бұл тұста Гүлжан Жақыпжанқызы Қазақ КСР-і халыққа білім беру ісінің үздігі атанып үлгеріп, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған-ды. Арада сегіз жыл өткенде оны Ленин аудандық партия комитетіне хатшылыққа ұсынады. Бұл да көз көріп, құлақ естімеген жағдай еді. Өйткені хатшы әлі партия мүшесі емес-тін, ол небәрі кандидат болатын. Осыған дейін тек педагогикалық қызметпен шұғылданып келсе, енді оған денсаулық, спорт және мәдениет салалары қосылды. Көп ұзамай қалалық партия комитетінің хатшылығына жоғарылатылады. Бұл Қарағандының одан әрменгі гүлдену жылдары болды. 1972 жылы қалада еліміздегі екінші университет ашылды. Бұл облыстағы ғана емес, республикадағы елеулі оқиға еді. Келесі жылы еліміздің өзінде болмаған музыкалық комедия театры құрылады. Театр өнеріне деген қамқорлық бір ғана мұнымен бітпейді. Станиславский және Сейфуллин театрлары орналасқан қазіргі ғимарат сол жылдары бой көтереді. Әрине, қашандағыдай басты қызмет нысаны болып-жастар тәрбиесі қала берді. Еліміздің ертеңі болып саналатын олардың жоғары адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру күн тәртібінен түспеген. Патриоттық ізгі қасиетті сіңіру де бірінші кезекте тұрды. Олардың денешынықтыру тәрбиесіне де орасан көңіл бөлінді. Жеңіл атлетикалық манеж, олимпиадалық резервтің спорт мектептері осы кезде қатарға қосылып, қала жастарының бос уақытын мазмұнды өткізуіне жол ашты. Қарағандылықтардың барлық тобының демалыс аймақтарын құру осы тұста қолға алынды. Қаланың әрбір ауданының өз демалыс аймақтары болды. 1977-1988 жылдары алдымен облыстық партия комитетінің ғылым және оқу орындары меңгерушісінің орынбасары, соңынан меңгерушісі болып қызмет атқарады. Осы қызметінде жүріп Қали Аманбаев сынды ағаның біліктілікпен, іскерлікпен, жауапкершілікпен жұмыс істеу мектебінен өтеді. Бұл жұмысында да Гүлжан Жақыпжанқызы бұрынғысынша ғылыми мекемелердің жоғарғы және орта білім беру жүйесін кеңейтумен түбегейлі айналысады. Бұл кезде облыста жеті жоғарғы оқу орыны, жиырмадан астам техникум, он беске тарта ғылыми-зерттеу және жобалау институты жұмыс істеді. Тау-кен, металлургия, химия және ауылшаруашылығы ғылымдарының қарыштап дамуына орай 1983 жылы ҚазКСР ҒА Орталық Қазақстан бөлімшесі құрылады. Оның құрамында Ә. Сағынов, З. Молдахметов, М. Жұрынов сынды жеті академик болды. Осындай үлкенді-кішілі игілікті істердің басында үнемі Гүлжан Жақыпжанқызы жүрді. Ел ол кісіні кеңестік замандағы жасампаздық еңбектің нышанындай көрді. Дүниеге келген қыз баласына Гүлжан деп есімін берді, оны балаларына үлгі етті. Осы қызметінен тек 1988 жылы босайды. Өмірінің отыз екі жылын тынымсыз еңбекпен өткізіпті. Ол өзіне сенімді еді. Өзінің жасаған жасампаздық еңбегін бәрінен жоғары қоятын. Ертеңгі ұрпақтың жолын даңғыл деп білетін. Алайда араға нарық келіп киліккен. Мызғымастай болып көрінген кешегі алып жүйе шөкесінен түскен. Нарықтың қайшысы ең алдымен білім ошақтарын жайпап түскен. Осыған дейін мектеп салып келсек, енді жауып жаттық. Мұнан үлкен қасірет болмаса керек. Мұғалім үшін. Ел енді күнделікті күн көрісті бәрінен жоғары қойған. Бұл жолда ештеңеден тайынбады. Содан барып оқу, білім саласының ғимараттары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Ел оқу оқығаннан көрі тиын-тебен тапқанды артығырақ санады. Жетпейтін оқуды ақшамен сатып алып жатты. Сөйтіп қасиетті мұғалімнің, мұғалім мамандығының қадірі кетті, беделі түсті. Бұрынғының баласы мұғалім болам деуші еді, кейінгінің баласы бизнесмен болам дейді тайынбай. Осының барлығы кәдімгідей жүйкеге түсетін салмақ. Қазір соның барлығын қалпына келтіру бойынша кең көлемді жұмыстар жүріп жатыр. Алайда бәрін жеткіліксіз деп біледі.
Бұрынғы оқушы жоқ.
Бұрынғы мұғалім жоқ.
Бұрын бүкіл республикада екі университет болған еді, қазір ауыл сайын университет бар. Бұрын екі дипломды некен-саяқ кездесуші еді, бүгінде бір дипломды кездеспейді, кемі екі немесе үш дипломды. Сонысымен жұмыссыз жүр. Жанға бататын-ақ жайт. Бүгінде Гүлжан Бектембаева құрметті еңбек демалысында. Республикалық дәрежедегі зейнеткер. Зейнетақысы бір басына жетеді. Асырай алмай жатқан бала-шағасы жоқ, алайда қызмет істеп қалған адамның төрт қабырғаға қамалып қалуы күйікпен бірдей нәрсе екен. Содан да алаң. Ол кісі оқу-білім ісінен тыс қалған жоқ. Білім департаменті жанындағы ақылдастар алқасының төрағасы. Оның жұмысына қоғамдық негізде өз ісін бүге-шегесіне дейін жақсы білетін, білім берудің тәжірибелі он ұйымдастырушысы тартылған. Олардың әрқайсы өз алдында жатқан бір мектеп, жастарға тәжірибе берудің орталығы десе де болар. Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне барынша назар аударылады. Қазақстандық патриотизмді насихаттау, оларды өскелең буынның санасына сіңіру бір-екі күннің ісі емес, сондықтан бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі. Жалпы, білім беру мәселесі қашанда күн тәртібінен түспеген. Бүгінде бұл мәселе мемлекет деңгейінде қойылғанымен, оның өз шешімін таппай жатқан түйіндері жетерлік. Соның ең бастысы баланың ата-ана тәрбиесінен ажырап қалуы. Бала тәрбиесі бүгінде мектепке біржолата байланып берілген. Ал сол мектепке тартылмай жатқан өскіндер қаншама? Гүлжан Жақыпжанқызының болмысын өскелең ұрпақ тәрбиесінен ажырату мүмкін емес. 1988 жылдан Қазақстан балалар қорының облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары, соңынан төрағасы болады. Осы қордың ұйымдастыруымен бес отбасылық балалар үйі құрылып, жұмыс істеп жатыр. Орта арнаулы оқу орындарында оқып жатқан балалар үшін атаулы шәкіртақы тағайындалған. Бұл қор бұрын Бүкілодақтық «В.И. Ленин атындағы балалар қоры» ұйымы деп аталатын, оның жұмысына белгілі қоғам қайраткері Альберт Лиханов жетекшілік етеді. Ол 1987 жылдан бері жұмыс істейді. Осы қордың пәрменді жұмысының нәтижесінде мыңдаған сәби ажал тырнағынан аман қалды, балалар үйіне орналастырылды, пансионаттарда емделді. Олардың одан әрмен білім алуына жағдай жасады. Бұл бағыттағы Гүлжан Жақыпжанқызының жұмысына облыс басшылығы, оның ішінде облыс әкімі Н. Нығматулин қашанда қолдау көрсетіп отырады. 2003 жылы Халықаралық балалар қоры қауымдастығының құрылғанына он бес жыл толуына орай Гүлжан Жақыпжанқызы Ресейдегі муфтий кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин қол қойған ІІ дәрежелі «Аль-Фахр» орденімен марапатталады. Оны Кремльдің Колонна залында академик Лихановтың өзі тапсырған болатын. Сөз ішінде айта кетелік, оның бірінші дәрежесімен Ел Президенті Н. Назарбаев марапатталған болатын. Гүлжан Жақыпжанқызы бүгінде педагогикалық қызметін жалғастырып жатыр. Ол мектептерде жиі қонақта болады. Сондағы жиі қойылатын сауалдардың бірі:
– Сіз өміріңізді қайтып бастасаңыз кім болар едіңіз?-деген сауал.
Оған Гүлжан Жақыпжанқызының жауабы қашанда дайын:
– Мұғалім! –дейді ол кісі.
Бұлай деп өз ісіне берілген, мамандығына адал адамдар ғана айта алады.
Гүлжан Жақыпжанқызы сондай адам!
АЛТЫН ЖҰЛДЫЗДЫ НҰРБАҚЫТ
Кешегі Нұрбақыт
Кейде адамның өмірі азан шақырып қойған есіміне сай шығып жатады дейді. Осы сөздің жаны бар сияқты. Нұрбақыт апамыздың есімін саралап көрелікші. Нұры да, бақыты та бар. Нұрбақыт Алланың жауған нұрымен бақытын еңбектен тапқан адам. «Кировец» тракторының құлағында ойнап, ел ырысының еселенуіне тынымсыз еңбек етіп, ащы терін еселеп төккен нәзік жандарымыздың бірі. Нұрбақыт өскен алақандай «1 Май» ауылынан Қазақстанға белгілі Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамыраев, КСРО Халық артисі Қалибек Қуанышбаев, басқа да өнер, ғылым қайраткерлері шыққан. Алтын құрсақты аналар тұрғанда қазақ алыпсыз, ақынсыз, батырсыз қалмайды. Бейбіт күннің өзінде ақ адал еңбегімен Қазақстанды жалт қаратып Нұрбақыт Қабдыкәрімова «Социалистік Еңбек Ері» атағын алып, кеудесіне Ленин ордені және «Орақ пен Балға» Алтын жұлдызын қоса қадады. Бұл 1982 жылдың ақпан айының 22 жұлдызы болатын. Сөйтіп қазіргі Ақжол селолық округінде (бұрынғы «1 Май» ауылында) тағы да бір батырдың есімі жарқ етіп шықты. Бұл жолы батырлықтың көгіне қазақ қызы Нұрбақыт Қабдыкәрімова көтерілді! Сол кездегі совхоз директоры Жұмабай Жолдасбеков бастаған ауыл басшылары Нұрбақытты құттықтап, маңдайынан сүйген. Сосын совхоз партия комитетінің хатшысы Зейнолла Тоқболатов Орталық Комитеттен келген жеделхатты оқып берген:
«Қарағанды облысы, «1 Май» совхозының механизаторы Қабдыкәрімова жолдасқа! Қазақстан Компартиясысының Орталық Комитеті Сізді, Нұрбақыт Қабдыкәрімова жолдас, Социалистік Еңбек Ері атағының берілуімен шын жүректен құттықтайды. Бұл атаққа 1981 жылы астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, мемлекетке сатуды ұлғайту жөніндегі жоспарлау мен социалистік міндеттемелерді орындауға қосқан жеке зор үлесіңіз үшін жеттіңіз. Отанымыздың күш-қуатын нығайту, совет адамдарының әл-ауқатын арттыру жолындағы ерлік еңбегіңіз үшін Сізге шексіз алғыс пен ризашылығымызды білдіреміз.СССР-дің 60 жылдығын табысты қарсы алып,он бірінші бесжылдықтың тапсырмаларын орындауда еңбекте үздік жетістіктерге жету жолында күшіңізді, біліміңіз бен тәжірибеңізді келешекте де аямайды, КПСС ХХҮІ съезі мен Қазақстан Компартиясының ХҮ съезі шешімдерін жүзеге асыруға лайықты үлес қосады деп Сізге кәміл сенеміз. Сізге, қымбатты Нұрбақыт, мықты денсаулық, өмірде бақыт, еңбекте жаңа табыстар тілейміз»
Айды аспанға шығарған Арқаның ақиық қызы, міне, осындай!
Ол жүріп өткен өнегелі жолдар сайрақтайын сайрап жатыр. Мен оның бәрін тәптіштемей Нұрбақыт әпкеміздің өз қолымен толтырған «Өмірбаян беттерін» оқырманға ұсынғанды жөн көрдім
Өмірбаян беттерінен
1948 жылғы 3 қарашада Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы «1 Май» совхозында дүниеге келген. Әкесі Қабдікәрім Қисабаев 1905 жылы туған, қайтыс болғанға дейін совхозда шопан болып жұмыс істеді. Шешесі Жаңылдық Қисабаева 1908 жылы туған, көмекші шопан болып жұмыс істеді. Зейнеткерлікке шыққан соң қайтыс болды. 1956 жылы «1 Май» совхозындағы №12 орта мектептің бірінші сыныбына барып, 1966 жылы он жылдықты бітірді.
1968 жылдан бастап совхозда әр түрлі жұмыстар атқарды.
1970 жылдан бастап совхозда «К-700» тракторының жүргізушісі болып істеді.
1972 жылы үкіметіміздің жоғарғы наградасы Ленин орденімен марапатталды.
1973 жылы Ақжол селолық округінің депутаты болып сайланды.
1974 жылы БЛКЖО-ның XVІІ съезіне делегат болып қатысты. 1974 жылы «Социалистік ауыл шаруашылығының үздігі» белгісімен марапатталған. 1975 жылы тоғызыншы шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1975 жылы «РСФСР ауыл шаруашылығы социалистік жарысының үздігі» белгісімен марапатталды. 1975 жылы бесжылдықтың қорытындысы бойынша БЛКЖО ОК-нің «Бесжылдықтың жас гвардияшысы» медалімен марапатталды.
1981 жылы Қазақстан Компартиясының XV съезіне делегат болып қатысты. 1982 жылы Мәскеуде өткен ВЦСПС-тің /Бүкілодақтық Кәсіподақтың Орталық Кеңесінің/ XVІІ съезіне делегат болып қатысты. 1982 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, Ленин ордені және «Орақ пен Балға» алтын жұлдызы қоса тапсырылды. 1982 жылы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын медалімен марапатталды. 1983 жылы облыстық XXІІІ партия конференциясында сайланып, Қазақстан Компартиясы Қарағанды облыстық комитетінің мүшесі болды. 1984 жылы Халық шаруашылығы жетістіер көрмесінің қола медалімен марапатталды.
1984 жылы ІІ-ші шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1986 жылы Қазақстан Коммунистік партиясының XVІ съезіне делегат болып қатысты.
1987 жылы Қазақстан әйелдерінің ІІ съезіне делегат болып қатысты. 1987 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық әйелдердің конференциясына делегат болып қатысты.
1987 жылы Қазақстан ЛКЖО XVІ съезіне делегат болды. 1989 жылғы 7 сәуірінен Ақжол селолық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. 1990 жылғы 15 мамырнан бастап әскери есеп үстелінің инспекторы болып жұмыс істеді. 2004 жылы Астана қаласында өткен Тыңның 50 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысып, «Тыңның 50 жылдығы» медалімен марапатталды.
Бүгінгі Нұрбақыт
Нұрбақыттың туған ауылы «1 Май» совхозы маған бала күннен ыстық. Егіндібұлақта туып, өссем де, менің әкем Райымбектің бүкіл туысы осы «1 Май» совхозында тұрды. Оқушы кезімізде жазғы демалысқа шығысымен әкеміз бізді (апалы-сіңілі үш қызды) аталмыш ауылда тұратын туған ағалары Жақсыбек, Ақпанбек, атам Тойбектің кіші інісі Қойшыбек Еділбаевтан тараған ағайын, туыс-жекжатқа жіберетін. Сонда осынау туысқандарымның бауырмалдылығын көрсеңіз. Бауырына қысып, маңдайымыздан сүйіп, таласа-тармаса үйлеріне қонақ етіп, жылы жұмсағын, тәтті-дәмдісін алдымызға тосып, бәйек болатын еді. Арасында ойнап кетіп қалатын бізді шақырып алып, бейіт басына апарып, ата-бабаларымыздың жатқан орындарын көрсетіп, дұға бағыштайтын. Егіндібұлаққа қайтатын кез жақындағанда, жатқан жері жайлы болғыр, Рәзия, Дариға атты аналарымыз іркес-тіркес тетелес үшеумізді ауылдың ортасындағы «универмагқа» апарып, әрқайсымызға етегі көмкерілген әдемі көйлектер әперіп, мәз-мейрам ететін. Үйге қайтқанда қойны-қонышымызды сол кездегі ауылдағы балалардың аузына түсе бермейтін кәмпитке толтырып жіберетін. Міне, осындай туыстарым тұратын «1 Майға» жылда бару дәстүрге айналған. 1983 жылдың жазында 9-шы сыныпты бітірген соң аталмыш ауылға тағы келдім. Бұл жолы осы ауылдың тумасы, суреті газет бетінен түспейтін Социалистік Еңбек Ері Нұрбақыт Қабдыкәрімованы өз көзіммен көргім келген. Бұл ойымды әкемнің ағасы Жақсыбектің қызы, өзіммен түйдей құрдас Рымкүлге айтқанмын. Бір күні Нұрбақыт әпкемізді көрудің реті келді. Орта бойлы, қызыл шырайлы, дөңгелек жүзді екен. Бетіне ұзақ тесіліп қарауға қысылған басым жылдам басып жүріп кеткенмін. Іштей «шынашақтай ғана кісі екен ғой, таудай К-700, басқа да тракторларды қалай жүргізіп жүр» деген ойда қалдым. Жақсыбек әкейдің үйіне келген соң көрген әсерімді айтқанмын. Бұл үйде де сол кезде, иманды болғыр, немере ағаларым Қайырбек, Жомарт және Әділбек механизатор болып істейтін. Үшеуі де:
– Жұлдыз, о, не дегенің, біз Нұрбақытты беске білеміз ғой. Алыс-алыс қыстақтарға бір күнде бәленбай рет қатынап, шөп тасиды. Шаршауды білмейді. Ер-азамат деген біз шаңына ілеспейміз. Әкесі Қабдыкәрім, анасы Жаңылдық деген кісілер абыройлы шопан болып, еңбекқорлығымен ел алғысына бөленген,-деді.
Содан кейін де қаншама жылдар өтіп, су ақты. Нұрбақыт әпкеміз алпыс жастың асқарына шықты. Мен бүгінгі Нұрбақытпен тілдескім келіп, қазіргі Мартбек Мамыраев атындағы ауылда тұратын әкемнің ортаншы ағасының қызы Мағираға телефон соқтым. Мағира туған ауылының Алтын жұлдызды қызын ардақтап, 60 жасқа толған мерейтойын атап өткенін қуана айтты. Маған Нұрбақыттың телефонын берді. Телефон шалып, туған күнімен құттықтап жөнімді айттым. Ол кісі жақында Қарағандыға барып, Астанаға өтетінін айтты.
– Сол жолы кеңірек сөйлесерміз,-деді.
Уәделескен күні батыр әпкемді Қарқаралыдан келген автобустан күтіп алдым. Сол бойжеткен кезінде көргенімдей бетінің қызыл шырайы кетпеген. Маған жылы ұшырай қарап, ақырын жымиып қойды. Сол күні сықырлаған аяз-тын. Автобус әне-міне келіп қалады деп табандап тұрып қалған менің бет-аузым домбығудың аз-ақ алдында қалған. Өзім тонып қалғаннан соң ба:
– Тоңған жоқсыз ба?-дегенмін.
– О, не, дегенің. Мұндай аязды шыбын шаққан құрлы көрмейміз. Ақырған аяз бен боранда бекіп қалған жолдарды аршып, көктемде жер жыртып, жаздың аптабында шөп шауып, күзде шөп тасып далада еңбек етіп, ысылған адамбыз ғой,-деді сыпайы ғана.
Сәлден соң сөзін сабақтап:
– Сіңілім, сен маған бөтен емессің. Сенің атаңмен менің әкем Қабдыкәрімнің қойы қоралас, малы аралас болған. Менің анам сенің әкелеріңмен қан жағынан туысады. Біздің отбасыдағы ер баладан Уәли ағам жалғыз еді, ол ағам бақилық болып кетті, сенің немере әкең Ақпанбекпен түйдей құрдас еді. Екеуі бірге мал баққан. Ақпанбек марқұм менің анам Жаңылдықты «апам» деп іш тартып, қолынан шай ішіп жүретін. Ағам Уәлидің қыз баласы болғанымен ұл баласы тұрмайды. Бірде жеңгем ұл туғанда «мына жарық дүниеде тұрсын» деп сенің Тойбек атаң қазақтың салтымен сәбиді ұрлап алады. Сосын менің әкем Қабдыкәрім Тойбек атадан немересін сатып алып, есімін Сатыпалды деп қояды. Қазір Сатыпалды менімен бірге тұрады,-деді.
Мен үнсіз қалдым. Түбімді терең біле қоймағаныма қысылдым. Қиналысымды сезді білем,
– Астанаға қысқы демалысқа шыққан сіңілімнің баласын алып қайтуға бара жатырмын,-деп әңгіме ауанын басқа жаққа аударды. Мен енді Нұрбақытты басқа қырынан танығандай болдым. Қарапайымдылығы өз алдына, жүрегінің кеңдігімен, өте бауырмалдылығына қайран қалдым. Қақаған қыста сіңілісінің баласы үшін жол жүріп бара жатқан жұлдызды апама жүрегім елжірей қарады. Шіркін-ай, бұл заманда бауыр десе жүрегін жұлып беруге әзір ағайындар азайып барады-ау. Осындай апайларымызды көрсе, бәлкім ойланар ма еді деп толқыдым.
Бұрындары екінің бірі бара бермейтін Мәскеуге бірнеше рет барғанын, еңбек түренінде жол салып берген әпкесі Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаевадан тәжірибе алмасу үшін Қостанайға барған сәттерін сағынышпен ауызға алды. Ондай бақытқа тек үлкен еңбектің құдіретінің арқасында жеткенін тағы да санамызға салып өтті. Әр сөзін салмақтап сөйлеген Нұрбақыт жылдам қоштасты. Социалистік Еңбек Ері Нұрбақыт Қабдыкәрімовамен кездескен осы сәтімде өзімді бақытты сезіндім. Еңбегімен елге танылып, Арқаның атын шығарған Алтын жұлдызды апамның соңынан сүйсініп ұзақ қарап тұрып қалдым.
ТЕКТІНІҢ ТҰЯҒЫ
Бану Маясарқызы халыққа аты мәшһүр арқалы айтыс ақыны Маясар Жапақұлының туған немересі. Банудың әкесі Әбдіфазыл да көкірегі жырға тұнған ақын, білімді, оқыған адам болған. 1934 жылы Ақмола қаласындағы Комвузды бітірген. Осы оқуды бітіріп келген соң Айғыржал елді мекеніндегі мектепте директор болған. 1942 жылы Шет аудандық оқу бөлімінің бастығы бола жүріп, броньға қарамастан, өзі сұранып, соғысқа кеткен. 1943 жылдың 13 ақпанында Польшаның Висла өзенінің бойында әкесіне жазған соңғы хатында:
Аман ба, асқар әкем, өмір берген,
Аман ба, аналарым, емшек берген.
Еркелеп соңына еріп еркін өстім,
Аман ба, ағаларым қайрат берген...-деп келетін өлең жолдарын жолдайды.
Осынау өлең шумақтарынан-ақ шайыр әкесіне тартқан ұлдың ақындық аяқ алысын байқағандаймыз.Майдан даласында шейіт болмағанда Банудың әкесі де Алла аузына сөз салған айтулы ақынның бірі болар ма еді?! Тәубе, тектінің соңынан ерген тұяғы бар. Ол-Бану апай. Апайымыз Шет ауданында туған. Тұңғыш баланы бауырына салып алатын қазақтың әдеті емес пе, Бану да ақтангер ақын Майекеңнің бауырында өседі. Әкесі Әбілфайыз Банудың бес жасында соғысқа кетеді, анасы он бір жасында қайтыс болады. Бірақ ол Майекеңнің арқасында ешқандай жетімдік көрген жоқ. Соғыс кезінде ауылдағы жетіжылдық мектеп жабылып, біткеннен кейін қайтадан ашылады. Сол кезде ол үшінші сыныптан бесінші сыныпқа бірден көшеді. Жетінші сыныпты бітірген соң атасы оны Қарағандыға жетектеп әкеліп, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Фатима Құсайынқызы Дәненованың қабылдауына кіреді. Сөйтіп, Бануды №2 мектеп-интернатқа орналастырады. Майданнан келген әкесінің «қара қағазы» болғандықтан мектепке алуға олар міндетті екен. Аталмыш мектепті он алты жасында бітірген соң медицина инстетутына құжатын тапсырып, оқуға түсіп, үйіне оралады. Медицина институтына түскенін айтқанда үлкен шешесі:
– Оның оқуы алты жыл ғой…– деп жылайды.
Атасы болса:
– Өзіңді Алматыға тура прокурордың оқуына апарайын деп отыр едім… – дейді. Институтты алты жыл оқып, ондағы жалғыз емдік факультетті ойдағыдай бітіреді. Ол кезде бұл факультетте педиатр, акушер-гинеколог, хирург мамандығының бәрін әзірлейтін. Институт білімінің мықтылығы сонда мұнда саяси сенімсіздіктеріне байланысты Ленинград, Қазаннан жер ауып келген білімді оқытушылар дәріс беруші еді. Бану соңғы курсында бірінші курстан бастап бірін бірі ұнатып жүрген егіндібұлақтық Сүният Талдыбаев деген азаматқа тұрмысқа шығады.
Отбасылы қос дәрігер қол ұстасып, Егіндібұлақ ауданына қарасты, Абай ауылына жол тартады.
Еңбек жолын бастаған жылы Бану тұңғышына жүкті болады. Соған қарамастан бірыңғай маманданған акушер-гинекологтік қысқа мерзімді оқуға жіберді. Төрт ай бойы қаладағы операцияға қатысып, тұңғышы дүниеге келуге бес-ақ күн қалғанда Қарағандыны тастап, Абай аулына жетеді. Ешқандай жағдай жоқтығына қарамастан сонда барып босанады. Жүктілік демалысының екі айы бітіп жұмысқа шығады. Сол тұста Бануды мамандығына орай шұғыл түрде ауданның басына шақырады. Жолдасы салт басты ауылда қалып, ол жас баламенен аудан орталығына келіп жұмысқа кіріседі. Сәбиін бірден бөбекжайға береді. Ауылдың бұйығы емес, аудан орталығының қарбалас тіршілігі басталып кетеді. Үш сағат сайын нәрестесін емізуге барады, түске дейін сырқаттарды тексереді, түстен кейін операция жасайды. Жүкті аналарға шұғыл шақырту болғанда шақалақ сәбиін тастап, Абай, Қаратау, Комсомол сияқты ауылдарға шапқылайды. Бір жылы оны «Қаратау» совхозының Бастал бөлімшесіне алып барады. Бірінші балаға босанып жатқан әйел екен, ана мен баланың жанын алып қалуға біраз уақыт кетеді. Барлығы да дәрігерді апаруын апарады, қайтуын ойламайды. Содан Бануды Қарағандыға бара жатқан жөнекей машинаның біріне мінгізеді. Орта жолда машинасы бұзылып, кеш оралады. Содан үйге әзер дегенде жетсе жасанды емізікті емуді білмейтін кішкентайы қарны ашып жылағаннан көгеріп қалыпты. Тіпті жылауға әлі келмейді десе болғандай. Жолдасының өзі де дәрігер, терапевт. Ол не істесін балаға?! Осылай тыным таппай жүріп, Бану апай акушер-гинеколог болып, он бір жыл абыройлы жұмыс істейді. Көп бейнетті көреді. Бану Маясарова 1970 жылға дейін аудандық акушер-гинеколог дәрігер болып ел алғысына бөленіп, сол жылы аудандық аурухананың бас дәрігері болып тағайындалды. Осы қызметте жүргенде акушер-гинекологтардың республикалық бірінші сьезіне делегат болады. Жолдасы Сүният да аудандағы белді, беделді терапевт болды. Оның еңбегі ақталмай қалған жоқ. «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанады.
Алланың берген бармақтай бағы болар, Бану апай қызметіне беделді болып, елге сыйлы қалпымен қарапайым еңбекшілердің арасына тез сіңісіп кетті. Ұймдастыру қабілеті жоғары, орысша-қазақша мүдірмей сөйлейтін, үлкен-кішімен тез тіл табысатын, кәсіби біліктілігі жоғары ауыл дәрігері аудан басшыларының көзіне түспей қалмады. Ол аудандық Кеңестің депутаты болып, қоғамдық жұмысқа 1965 жылдан бері араласа бастады. Өзіне берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындайтын. 1966 жылы партия қатарына қөабылданады. Бірде аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінен Мұқаш Сәбитов келіп, апайдың өмірбаянын сұратып алады. 1968 жылдың қаңтар айында аудандық партия комитетінің конференциясында Бануды партия комитетінің Пленум мүшесі етіп сайлайды. Сол жылы облыстық партия комитетінің Пленум мүшелігіне өтеді. 1970 жылдың тамыз айында Егіндібұлақ аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы болып сайланады. Ауызбен айтуға жеңіл, бүкіл бір ауданның идеологиялық жұмысын қаршадай келіншектің алға сүйреуі оңай болған жоқ. Кадрлар жетіспейді. Әсіресе адам жанының арашашысы-дәрігер мамандары тапшы. Сондықтан аудан басында медбикелер даярлайтын Қарағанды медучилищесінің филиалын ашуға өзі жетекші болды. Тамыз айында аудан басындағы білікті мамандар емтихан алып, жиырма бес өрімдей жас қызды оқуға қабылдады. Жаңадан ашылған филиалдың оқу ісінің жауапкершілігі Бану апайға жүктеледі. Қаладан оқулықтар алдырады. Бәрінің басы-қасында өзі жүреді. Еңбегі еш кетпейді. Бір жыл курстан өткен қыз балалар шалғайдағы ауыл, бөлімшелерге барып, еңбек етіп, қайсыбірі барған жеріне тұрмысқа шығып, тұрақтап қалды. Сөйтіп, орта буын медицина қызметкерлерінің тапшылығы осылай шешіледі. Сол кезде облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Мәлік Имашев болатын. Міне, осы кісінің сол уақытта жас кадрларға, дәлірек айтқанда Бану сияқты жас хатшыларға ағалық қамқорлығы ерекше болды. Білмегендерін үйретіп, кемшіліктерін кешіріп, үнемі жол сілтеп отырды. Кешегі қан майданды кешкен Мәлік аға сырт көрген жанға түсі суық болып көрінгенмен көзінен мейірім төгіліп тұратын. Жастардың қателігін кешіріп, өзінің кеңпейілділігімен, жылы қабағымен, маңдайынан сипайтын еді. Одан кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нарманбет Садықов қызмет бабында қолдау жасап, ағалық ақылын айтып отыратын. Міне, осындай үлкен жүректі ағалардың қолдауымен Бану апай өз жұмысын ұршықтай үйіріп әкетті. Үшінші хатшыға ол кезде бүкіл идеологиялық, үгіт-насихат жұмысы жүктелетін. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тұрмыстық қызмет көрсету тәрізді әлеуметтік саланың жұмысына да осы үшінші хатшы жауап беретін. Бұл жылдары Егіндібұлақ ауданы қайта ашылып, көптеген әлеуметтік нысандар жетіспей жатқан кез. Аудан басында жаңадан Мәдениет үйі, кәсіптік-техникалық училище, кинотеатр, екі орта мектеп, пошта мекемелері салынып, іске қосылды. Мәдени қызмет көрсету саласында да оң өзгерістер байқалды. Бұған дейін ашылған драма үйірмесі 1973 жылы «Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрі» деген атаққа ие болды. Жыл сайын репертуарын жаңартып, халықтық атағын қорғап отырды. Осының бәрін ұйымдастыруда Бану апайдың қосқан үлесі зор. Мұның сыртында бюро мүшесі ретінде атқаратын қаншама міндеті бар. Науқандық жұмыстар мезгілінде апталап, айлап шаруашылықтарда өкіл болып, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысатын. Әсіресе, мал төлдету тіпті ауыр болатын. Көктемнің ызғарлы, батпақты, жауын-шашынды кезінде ерлермен бірдей қызмет атқарғанына қазір таң қалады. Бәлкім, жастықтың жалыны да бар шығар. Оның үстіне бойына біткен ширақтық, алғырлық та болды. Тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын сол заманның тәрбиесі тағы бар. Міне, осылайша он бес жыл бойы Бану апай ерлерше ат үстінде жүргенде енесі үш немересін бағып-қағып өсіруге көмектесті. Жолдасы Сүният екеуі аналарын сыйлап, алдынан кесе көлденең өткен емес. Өмірлік серігі Сүният қырық тоғызында-азаматтық мүшелінде мезгілсіз дүниеден өткенінде рухы мықты, қайратты Бану апамыз тез есін жинап алып, енесі мен балаларының бабын тауып, аяғынан тік тұруы үшін тыным таппады. Енесі дүниеден өткенше келін мен ене арасындағы татулықтың туы жығылған жоқ. Бану апай 1985 жылдың тамыз айында өзінің байырғы дәрігерлік мамандығына қайтып оралып, құрметті демалысқа шықты. Қызмет атқарған отыз үш жылдың ішіндегі еңбегі еленбей қалған жоқ. Сегіз рет аудандық, бір рет облыстық Кеңестің депутаты болып сайланды. Бірнеше мәрте облыстық Кеңестің, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің грамоталарымен және үкімет медальдарымен марапатталған. Бүгінде аталарымыз бен әжелеріміз салып кеткен сара жолмен балалары мен немерелерінің тілеуін тілеп отырған бақытты ана.
АҚТОҒАЙДЫҢ АРДАҚТЫСЫ
Еланасы
Қарағандылықтар ұзақ жылдар бойы Ақтоғай ауданында партия комитетінің хатшысы болып абыройлы қызмет атқарған Дәркен Жұмағұлова апамыздың есімін ұмыта қойған жоқ. Алаштың көсемдері Әлихан Бөкейхановтың, Әлімхан Ермековтің еліне келін болып түсіп, ел басқарған ана бүгінде Алматыда тұрады. Ақ шашты апамыздың негізгі атамекені Арқаның атақты сал-серілері Ақан мен Біржан шыққан көрікті Көкшетаудың Зеренді ауданы. Бірақ ол кісінің дүниеге келген жері Балқаш қаласының іргесіндегі Ақжолтай Ағыбай батырдың Тасарал деген жері. Пешенесіне Қаракесектен (Керней) тарайтын нағашы жұртының елінде өсіп-өркендеу жазған екен. Сарышаған бекетінен орта мектепті тәмамдаған бойжеткен 1955 жылы Қарағанды педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Институтты бітірген жылы Сүндетқазы Мұқтарбеков деген азаматпен көңіл жарастырып, отбасын құрады. Жоғары оқу орнын бірге бітіріп, арман-тілегі тоғысқан екі жас қол ұстасып арысының туған жері Ақтоғай ауданының орталығына келеді. Аудан басындағы М.Горький атындағы мектепке мұғалім болып орналасады. Дәркен күнделікті өзіне тиесілі сабағын өткізгенге қанағат ететін мұғалімдердің қатарынан емес еді. Алдаспандай жарқыраған мінезі бар қыз бірден көзге түседі. Қоғамдық жұмысқа құлшынып тұратын ол мектепте еңбек еткеніне үшінші жыл толғанда СОКП қатарына өтеді. 1965 жылы мектептің бастауыш партия ұйымына хатшы болып сайланады. Осы жылы Қарағанды облыстық партия конференциясына делегат болып қатысып, облыстық партия комитетінің мүшелігіне сайланады. Дәркен Қайыржанқызын алда алынбаған асулар мен баспаған белестер күтіп тұр еді. Ұстаздық қызметтен ерте қол үзген Дәркен Тобықты руынан шыққан бір ғана отбасының түтінін түтетіп қана қоймай, аудан халқының қамын ойлап, абыройын, намысын жырту үшін әйел де болса атқа қонады. Алдымен Ақтоғай аудандық партия комитетінің пленумында аупарткомның насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болып бекиді. Ал 1970 жылдың сәуір айында өткен пленумда аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Небір қазақтың арыстары, бұлбұлдары мен дүлдүлдері түлеп ұшқан қасиетті топырақты көркейтуге көп күш-жігер керек еді. Күләш пен Манарбек секілді күміс көмей әншілер, Аққыз, Әшімтай, Мағауия сынды дәулескер күйшілер шыққан Ақтоғай елі өнерпаздардан кенде еместін. Сонда да ондағы өнер ұжымдарының асырауы жетпей тұрған. Дәркенге дейін «Тоқырауын толқындары» көркемөнерпаздар ұжымы деп айтылып келді. 1971 жылы «Тоқырауын толқындары» ансамбль болып қайта құрылды. Аталмыш ансамбль 1975 жылы «халықтық» атақ алды. Енді ол «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі атанады. Аудандық Мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесі шығармашылық ұйымға айналып, «Халық театры» атын алды. Осы жылдар ішінде аудандағы «Балбырауын» бишілер тобы, «Сарыжайлау» ұлт аспаптар оркестрі, «Шалқар» драма ұжымы «халықтық» атақтар алды. Сонымен ауданда бес халықтық өнер ұжымы шалғай жатқан ауылдардағы малшы қауымдарға, егістік басындағы қосындарға, шөп дайындап жатқан Ақдала сынды қиян алқаптарда мінсіз қызмет етті. Олардың аяқ алысын партия комитетінің хатшысы Дәркен Қайыржанқызының өзі қадағалап отырды. «Ел іші-өнер кеніші» дегендей, бойында өнері бар дарын иелеріне жағдай жасап, халыққа танымал болуына қолдан келгенінің бәрін жасап бақты. Өнерде шекара жоқ. Елдің елдігін танытып, мерейін асқақтататын-құдіретті өнер. Осыны терең түсінген Дәркен апамыз ансамбльдің шет елдерге барып өнер көрсетуіне қолдау көрсетіп отырды. Ансамбль билік басындағы қамқорлықтың арқасында 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдық мерекесінде Мәскеуде, 1984 жылы Венгрияда, 1988 жылы Украинада өткен Қазақстан өнерінің онкүндігіне қатысты. Бірнеше қалаларына барып, көрермендерін қазақтың ән-күйімен сусындатты. Намыс бар жерде-табыс бар. Аты аталған ұжымдардың қайсысы болсын осы жылдар аралығында өткен байқаулар мен фестивальдерден басты орындарды олжалап қайтып отырды. Бұл Дәркен апамыздың бір ғана өнер саласына сіңірген еңбегі. Ал оқу-ағарту, дәрігерлік қызмет, байланыс жүйесі сияқты толып жатқан салаларға жасаған жанқиярлық жұмысын тілге тиек етсек өз алдына жазылмаған бір дастан десе болғандай. Дәркен Жұмағұлова партия комитетінің хатшысы болып 1991 жылға дейін (СОКП тарағанша) табан аудармай жиырма бір жыл бойы жұмыс істепті. Осы жылдар ішінде жоғары тұрған орындардан ешқандай ескерту, сөгіс алмапты. 1991-1992 жылдары аудандық Кеңестің тексеру комиссиясының төрайымы болады. Зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін аудандық зейнетақы қорын басқарады. Еланасына айналған ана «Құрмет белгісі» орденімен, екі медальмен марапатталады.
Отанасы
«Еңбекшіл әйелдің қолы жіп иірсе, аяғы бесік тербетеді» дейді халық даналығы. Дәркен апа түзде ер-азаматтың орнында жүргенмен, үйде отағасы мен баласының қас-қабағына қараған қадірлі ана. Өмірлік серігі Сүндетқазы аға мектепте, аудандық оқу бөлімінде ұзақ жыл еңбек етті. Аудандық мәдениет бөлімін басқарды. Жарының алаңсыз қызмет істеуіне түсіністікпен қарады. Ауызбіршілігі бар отбасыдан тәрбие алған ұлы Серғазы Мұқтарбеков Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, еңбек жолын Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетінен бастайды. Бұдан кейін Алматыдағы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің органы «Халық Кеңесі» газетінде экономика бөлімін басқарады. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде заң бөлімінің меңгерушісі, «Заң» газетінде Бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарады.
2001 жылдан бастап «Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы. Енесіне балдай тәтті немерелер сыйлаған келіні Мәрия «Каспийбанкте» жұмыс істейді. Дәркен әженің тұңғыш немересі Тоғжан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар факультетін қызыл дипломмен бітіреді. Бұдан кейін Тоғжан Қытайдағы Сун Ят Сен атындағы мемлекеттік университетінің менеджмент факультетінің басқару бөлімінде оқып, үшінші жылы конкурстан жеңіп Францияда Бордо қаласының BLS-інде басқару бөлімін оқып бітірді. Немересі қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз, неміс тілдерін меңгерген. Қазір «Қазақ атом өндірісі» мекемесінде қызмет атқарады. Екінші немересі Балжан Әл-Фараби атындағы ҚҰМУ-нің экология бөлімін бітіріп, Алматы қалалық жер бөлімі мекемесінде еңбек етеді. Жолдасы Азамат жоғары білімді. Бизнесмен. Шыңғысы аталмыш университеттен қаржыгер мамандығын алып шығып, Отан алдындағы әскери міндетін атқаруда. Кіші немерелері Сұлтаны мен Іңкәрі Ы. Алтынсарин атындағы №159 мектеп гимназиясының жоғары сынып оқушылары.
Мекке менен Медине жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші, –
деп осыдан екі-үш ғасыр бұрын Шал ақын жырлап өткендей анасын алақанға салған Серғазыдай ұл өсірген Дәркен ана бүгінде әсем Алматыда төккен терінің зейнетін көріп отыр. Осы сүрген ғұмырында бойын мөлдір бұлақтай таза ұстаған абзал анаға алдағы уақытта да көрер қызығыңыз таусылмасын деймін.
АЙНАЛАЙЫН
Обращение к дорогому человеку.
Кружусь вокруг тебя /подстрочный перевод/.
Принимаю твой болезни в себе /смысловой перевод/.
/ О. Сулейменов. «Айналайын»/
Омарбекова Рымбала Кенжебалақызы /1943 ж.т./, қоғам қайраткері. Қарқаралының түлегі. Қарағанды пед. ин-тын /1965/, Мәскеу Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын /1980/ бітірген. Еңбек жолын Бүркітті ауылдық округіндегі сегізжылдық мектепте мұғалім болып бастаған. 1968-1974 ж. Қарқаралы аудандық, облыстық комсомол комитетінің хатшысы. 1974 жылдан партиялық жұмыста: Қазақстан КП Қарқаралы аудандық комитетіінң хатшысы, облыстық комитеттің лекторлар тобының жетекшісі, насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1985-87 ж. облатком төрағасының орынбасары. 1985-87 және 1992 жылдан облыстық мәдениет басқармасының /департаментінің/ басшысы. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері /1998/. Облыстық мәдениет мекемелерінің өсіп-өркендеуіне, жұмысын үйлестіруге мол үлес қосты. «Парасат» орденінің иегері.
/ «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясынан/
Қазақтың Алатаудайын асқақ ақыны Олжас Сүлейменовтың жұмыр жерді шарлап кеткен қазақ ұланына таныстайын көрінгеніммен өзге жұртқа таңсық, шарасыз ащы өкінішке, екі өкпені тепкен өксікке суарылған, бірнеше қайтып оқымайынша ішке кіргізбейтін «Айналайын» атты отты жыры бар. Дәмін алдырған сықпа құрттайын көз отыңды суырады, бір оқып қоя салмай қайта-қайта әлгі жырға көз сүзесің, сонан бір нәрсеңді жоғалтып алғандай бір орында тыпыршисың да қаласың, сонан барып жылдардың әр жағына аунап түскен уақыт көкжиегін талмаусыра ысырып зәузаттық баба жадың оралады. Үстірт қараған жанға атышулы ақынымыздың төртауыз өлеңі қазақтың айналып-толғанатын сүйіспеншілігінен аспаған шатпақ, қала берді ұмытылып бара жатқан дала мираскерінің салт жырын қағаз бетіне түсіруге ұмтылушылықтайын көрінеді. Қашанда қуатты нәрсе ішін бірден бере қоймайды ғой, өлеңнің әрбір жолынан жан дүниең шиырышық атып қоя береді, ішкі түйсігің ырқыңнан тыс жыр қуатын тануға ұмытылады. Айналайын деп ауыз ашсаң болды дүние біткен шыр айналып жүре береді. Айналайын деген сөздің бәсін сонда ғана барып сезінесің. Айналайын деп ата-бабаңның қасиетті күнге қарап алақан жайғанын көзге елестеткенде сен де еріксіз алақаныңды біріктіріп, аша қоясың. Бәлкім тілеу, бәлкім, бата, бәлкім шүкіршілік-әйтеуір жақсы сөз екеніне кәміл сенесің, қандай себебі барын қайдам соған сенгің келіп тұрады. Қанша жерден түймештегенмен, мың ойланып, мың толғансаң да шешілуі табылмайтындай болып көрінген түйінді келер сәт шешіп те үлгересің. Ол сөз, әрине, Айналайын деген сөз... Ғайыптан тауып алған сөзіңді өзіңе меншіктеп, өзгеден қызғаныш танытып, көңіл түкпіріне ұзатасың, осынау сөзді өзіңнен басқа ешкім білмейтіндей сезінесің. Осынау сыйқырлы сөзді көңіл түкпірінен шығарғың келіп, құпиялап, іштей айтқың келеді де тұрады, неге екенін қайдам, ол сөзді өзіңнің айта алмайтыныңды мойындап, мойының ішке кетіп келер сәт пұшайман болып төменшіктейсің, сөйте тұра сол сөздің Біреудің аузымен айтылатынына сенесің. Өйткені айналайын деп әркім-біркімнің айта алмайтынын іштей сезесің, өзіңді сол топқа жатқызып, әлгіндегі жауары жоқтайын түйілген қара бұлттар қатпарын серпіп тастап өзіңді жеңіл сезінесің, көз алдыңды тұмшалаған буалдыр перде ашылып қоя береді. Айналайын деп сен де айта алады екенсің, басқалары да айта алады, тек қана көптің мүддесін өзіңнен жоғары қой. Айналайын деген сөзде екінің біріне көрінбес кие бар, содан да барып жиі айтыла да бермейді, себепсіз ауызға алсаң айтушының өзіне қауіп дейді. Қазақ айналайын деп өзінен кішіге ізет көрсеткен, маңдайынан иіскеп, бата берген, бақсылар асай-мүсейін дулатып, отты айнала алқа-қотан отырған жамағатты соңынан ілестіріп, от айналып, елге ауыртпалық болып түскен барша пәле-жаланы аластаған. «Алас-алас» деп жер мен көктің арасын күңіренткен. Бұл бәдік жыры емес, бәдік көші де емес. Бас ауырып, балтыр сыздағанда алас айтылмаған. Мұны нәубет жыры десе болар. Сол ауыртпалық шоқы үстінде отырған адамға көшкен. Ондай адамдарды алапас деген. Екінің бірі алапастыққа бара алмайды. Алапастыққа бару ерлік. Сол алапас сөзі жұмсарып бүгінде алапес деп айтылады... Мұндай ғадет діни салтымызда да бар. Оны жалпақ тілімізде підияға отыру дейді. Підияға отырған адамға аманат жүктелген. Ол бақилық болған адамның пәниде бітпей қалған шаруасын тындырып кетеді. Алапасқа отырған адам құрмалдықпен тең. Ол өзін ойламай өзгенің саушылығын тілейді. Оның алапастан өліп те кетуі мүмкін, өліп кетсе-шейіт. Аман да қалуы мүмкін, аман қалған жағдайда ол өзгенің тілеуінде жүреді. Елдің өзіңді көтеріп әкететін сәті де болады, алапастығыңды мойындата білгенде, сонда ғана ел алапастың тілеуін тілейді. Мен жұмыс бабында апайымызбен жиі жүздесемін десем де болады, менің жазатын салам ол кісінің басқаратын саласы, сондықтан бірде мен іздеп барсам, бірде ол кісінің өзі іздетіп жатады. Ал қайсыбірде жұмысбастылықтан жиірек жүздесудің сәті де келе бермейді, ал жолыға қалсақ Олжас ағамыздың жоғарыда аталған «Айналайын» өлеңін еріксіз еске түсіремін, неге екенін қайдам араларынан ортақ бір ұқсастық, көзге көріне бермес ортақ тін іздеймін, тапқандай да боламын. Күндердің күнінде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде біреу елеген, біреу тіпті көңіл де бөлмеген сурет жарқ ете қалды. Ондағы басты бейне қазақтың ұлы ақыны Олжас Сүлейменов болатын. Қайратты шашы екі иығын жапқан, айналасына нұрын шашып, отты көзін алдыға тіктеген ақын отыр еді. Сол ақынның әр жағында ол да жанарын алдыға тіктеген, жүзінен қайсарлық табы анық көрінген тағы бір нәзік жан отыр еді. Араға бір жиырма-отыз жыл түсіп барып жарық көрген суреттен ол кісіні бірден тап басып айту мүмкін емес те болар. Алайда Рымбала Кенжебалақызын жақсы білетіндер бірден тап басқан. Иә, ол-Рымбала Кенжебалақызы еді. Ұлы ақынның «Айналайын» деген жұмыр жерді айналып кете барған жыры сонда есіме түскен. Қарқаралы қазақ баласының айналған мекенінің бірі. Оны дәлелдеп, қызылкеңірдек болып, уақыт шығарудың өзі артық. Ол атақты Мәди бабамыздың жырында қалған. Ол бүкілхалықтық әнге айналған.
– Атыңнан айналайын, Қарқаралы...
Айтып отырған Олжас ағамыздың «Айналайыны» да бүкілхалықтық өлең. Оның да ғасыр көкжиегінен асатынына сенесің. Өйткені бүгінгі ұрпақ Абайдың «Өнер таппай мақтанбасынан» кейін Олжастың осы «Айналайынын» жаттап алған. Рымбала Кенжебалақызы жайқалған нуы, мөлдіреген көлі бар Қарқаралы өлкесінде дүниеге келген. Әкесі Кенжебала қарапайым орманшы екен де, шешесі шаңырақтың берекесі болған жан. Әкесінің мамандығы қарапайым болғанымен, біліктілігі алысқа кетті, ел ол кісіні табиғат тамыршысы деп білді. Әкесі түздің адамы болды, орманшы деген сөз ең алдымен қорғаншы деген сөз екен, әкесі орманды қориды. Айналайын сөзі әкесінің де аузынан түспейтін. Өздерін де ұмытпаған болар, алайда айналып –толғанатыны қара орманы еді, ондағы өсімдіктер, жан-жануарлары, құрт-құмырысқалары еді. Осында дайындалған шөп дәріден біреу сырқатынан айығып кетіпті десе айналар еді, орманының ұшқан құсын, жүгірген аңын, көктеген көгін... Содан да ол орманын айналып шықпай қойды. Шыға да алмайтын еді, өйткені әкесінің өзі сол орманның бір бөлшегіндей еді. Содан да Кенжебала орманшының балалары Қарқаралы асып барып оқыды, ағайын-жамағайын жыртып айрылса да балаларын орыс достарының үйінде жатқызды. Бұл кәдімгідей ел ішінде әңгіме болды. Алғаш Наумкиндер, олар қызмет бабымен басқа қалаға қоныс аударғанда Герасимовтар отбасында жатып білім алды, тәрбие көрді. Екі отбасы да өзін өз балаларынан кем айналып толғанған жоқ. Қызылшамен аурып қалғанда туған әке-шешсінен кем күтпеген осы орыс Наумкиндер болатын. Солардың жасаған ем-домы арқасында бір ажалдан аман қалдым деп біледі. Тіпті оларды орыс деп білмеді, өйткені бәрін олардың бір ауыз айналайын деген сөзі шешкен, оларды орыс, өзін қазақ деп білмей екінші әке-шешем деп білді. Мектеп есігін қазақша ашып, сол кездегі замана ағымына қарай қатарынан қалмасыншы деген әке тілегін ескеріп, соңында орысша бітірді. Бір нәрсеге екінші нәрсенің сеп екені рас екен, қазір ойласа осы орыс тілінен зиян шеге қоймапты, орысты алу үшін орыс тілін білу керек екен. Мектепті бітірісімен Қарағанды педагогикалық институтына жол тартқан, арада төрт жыл өткенде мұғалімдіктің күректей дипломын алып, ауылға оралған, «Қырғызия» шаруашылығындағы мектепте еңбек жолын бастаған. Бір жылдан кейін Қарқаралыдағы бірінші мектепке ауысқан. Осында жүріп педагог, шын мәнінде тәрбиеші ретінде қалыптасты. Қаршадай қыздың уақытпен санаспей жүгіріп жүріп тапсырылған істі тап-тұйнақтай қып орындайтыны ел көзіне түсе бастаған. Сонан барып комсомол жұмысына шақырылған. Комсомол жанып тұрған жастардың жұмысы емес пе, әпкеміз өз орнын енді тапқан, сол-ақ екен жұмысты шыркөбелек дөңгелетіп әкеткен. Ол барған жердің жұмысы бітіп тұратын. Бар жұмыс атаулы біткендей көрінгенде жұмысты өзі тауып алатын. Алдымен аудан, соңынан облыс жастарының ұйымында хатшылық қызмет атқарды. Ел облыс орталығында жылы кабинетінде қағаз жазып, есеп беріп жатқанда ол алыс ауылдарда апталап жүретін, ауыл жастарының өркениет көшінен қалмауын қатты қадағалайтын, олардың жылт еткен ұшқыны болса, соны қалайда сөндірмеуге ұмтылатын. Қой құрттап жүрген талай жасты солайынша жетектеп әкеліп оқуға кіргізген, өркениет баласы игерген өнердің емшегін емгізген, сол дағды алған қалпынан бүгін де айныған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын шығармашылық кешімді өткіздім. Сондағы іздегенім осы апайым болды. Күпті көңілім келер сәт семіріп шыға келген, «Шалқыма» концерт залын тегін босатып берді. Залды толтыру жағын да ойластырғанбыз. Сонда апай: «сен үшін келеді, сен жазған өлең үшін келеді, өнерден ешкім үлкен емес» деп тыныштандырған. Сол кісінің айтқаны айдай келді де қалды. Зал аузы-мұрынынан шықты. Сонда апайымнан айналғам, тусаң ту деп. Апайымның осындай шапағатын көрген жанның бір мен емес екенімді де жақсы түсінем. Қарқаралы өнер дарыған өлке, Көкшетаудың қайыңы билей жөнелсе, Қарқаралының қарағайы қоңыр дауысын созады. Сондықтан осы өлкеде шыр етіп келген жанның қай-қайсында болсын үлкенді-кішілі өнер жүреді. Сол өнерден Рымбала апайда құралақан емес, кең тынысты дауысы бар, сахнаға талай рет шыққан, елдің қошеметіне бөленген, алайда шам алып осы жолды қумады, партиялық-кеңестік жұмыста жүріп мұршасы болмады. Есесіне осы қасиетті өнердің жанашыры, ірі ұйымдастырушысы, өзіндегі өнер ұшқынын лаулата алмаса да талай өскінді үлкен өнер жолына салғанына марқаяды, шүкіршілік етеді. Нарық қыспағында Арқа өнері нақ осы апайымыздың қолына қарап қалды десек шындықтан алыс кетпегеніміз. Ел басына күн туды деп сондай тұсты айтар болар. Өйткені алға өңмеңдеп, руханият емес, экономика шыққан. Ел басына күн туған сол заманда ер-азамат отырар алапастықта осы апайымыз отырған. Нарықтың қайшысы алдымен мәдениет ошақтарын баудай түсірген, алыс жатқан елді мекендердегі ғимаратттар есігіне қара құлыптар түсті, соңынан құрылыс материалы ретінде Астанаға, Қарағандыға, басқа да қалаларға жөнелтіліп жатты. Қала салынып, ауыл солайша бұзылды. Аман қалғаны қора-қопсылыққа жаратылды. Сол кезде шырылдап апайымыз шыққан. Шамасы жеткенше қорғаштап-ақ бақты. Ғимарттарын да бермеді, адамдарын да алып қалды, бір атқа екі-үш адамнан мінгізіп мәдениетімізді жүдетпеді. Қаларда қалмай жүріп жекеменшіктеніп кеткен барлық мәдениет ошақтарын қайтып алды, соның нәтижесінде итқиянда жатқан малшы ауылынан кітапханашыны да, клуб қызметкерін де бүгінде іздемей-ақ кездестіруге болады. Қалада да жағдай оңып тұрмағанды. Облыс орталығындағы бес театрдың барлығын да аман алып қалды, барша жанымен, баспанасымен. Содан бері бел жазбай келеді. Елінің тілеуі шығар, аман-сау шапқылап жүргені. Бүгінде қазақ руханиятын Орталық Қазақстан мәдениетінсіз елестету мүмкін емес. Ел Қарағандыны еліміздің экономикалық тірегі деп біледі. Мен оған руханиятымызды да қосар едім. Өйткені Қарағандыда ай сайын, апта сайын ел құлағын тіктеген халықаралық өнер байқаулары, жәрмеңкелері, фестивальдер мен форумдар өтіп жатады, көңіл сүйсінтетіні солардың барлығы бүгінде дәстүрліге айналған, ел оны жаңа жылды немесе наурызды тосқандай күтіп жүреді, арнайы дайындалады. Осынша іс бітірген, соны бастамаларға ұйытқы, халықаралық деңгейдегі өнер байқаулары мен форумдарының ірі ұйымдастырушысы болып жүрген апайымыз әлі де ат үстінен түскен жоқ. Ол кісінің еліне бергенінен берері көп деп білеміз.
Рымбала апайымызды қалай айналасақ та жарасады.
Белгілі өнертанушы Әшірбек Сығай Рымбала апамызды өнердің Ұлпаны деп бағалаған екен. Несі бар, бұл да апамызға жарасады. Ал осы жерде менің есіме Қаракесек сынды қабырғалы елдің ұранына айналған Қарқабат анамыз түскен...
Қаракесек десе көз алдымызда Қарқабат анамыз тұрады!
Өнер десе көз алдымызда Рымбала апамыз тұрады!
Өзі болмаса да көзі деп білем...
Мұндай қыздан қалай айналмассың?!
Айналар ұлы бар елдің ертеңі жарқын!
Айналар қызы бар елдің келешегі кемел деп білемін...
АДАЛДЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН АЛЕКСАНДРА
Александра Әлімғазықызы Мадиярованы қарағандылықтар қоғам қайраткері ретінде таниды. 2001 жылдан бастап Қарағанды кәсіподақ Федерациясын басқарып келеді. Өркениетке ұмтылған ХХІ ғасырда әйелдердің қоғамдағы ролі, саяси белсенділігі қандай? Біздің әңгімеміз осы бағытта өрбіген.
– Осы күні әйелдер араласпайтын сала жоқ десе болғандай. Әйелдер ерлермен тізе қағыстырып еңбек етеді-ау. Бірақ солардың нәзік жанды ана екенін естен шығарып аламыз. Кейбір цехтарда әйелдер аяқтарына резеңке етік киіп алып, тікесінен тік тұрып таңертеңнен кешке дейін еңбек етеді. Бірақ қыз-келіншектердің еңбегі әділ бағаланып, дұрыс еңбек тәртібі сақталып жатыр ма? Әйел болғаннан кейін оларға денсаулығын түзеп, жолдамамен демалу жағын қарастыру керек. Ал әйелдердің билік басына келуі, қоғамдық қызметке тартылуы әлі де көңіл көншітпейді. Осы жолы өткен сайлауда облыстық Мәслихатқа бар болғаны бес-ақ әйел өтті. Қоғамда әйелдердің белсенділігін арттыра түсуіміз керек. Адамдардың игілігі үшін еңбек ету менің басты ұраным. Жұмысымда әлеуметтік әріптестіктің жақтасы ретінде кәсіподақ ұйымының жұмысын белсендіруге ұмтылдым. Мен қоғамдағы әйелдердің белсенділігін арттыруға көңіл бөлетін және қолдауға мұқтаж адамдарға қол ұшын беретін ізгі жандарды құрмет тұтамын.
«Әйелдер адамды бесігінен бастап баулиды. Өмірдің ірге тасы солардың қолдарымен қаланады» деп дәрігер Н.И Пирогов айтқандай әйелдердің қоғамдағы ролін арттыра түскен абзал.
– Қос тілді еркін сөйлейтініңіз жанға жағып барады. Атыңыз Александра болғанымен түбіңіз таза қазақ екеніне шүбәм жоқ. Қаймағы бұзылмаған қазақ топырағынан шыққан боларсыз?
– Мен Қостанайдың қызымын. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде мен тұратын жерде украиндар көп болды. Солардың ортасында жетінші сыныпқа дейін мектепті украин тілінде оқыдым. Ата-анам бала тұрмай қойған соң атымды Александра деп қойыпты. Жалғыз емеспін, алдымда ағам бар. Аталарымыз мыңды айдаған байлар болыпты. Кезінде «халық жауы» деген жала да жабылған. Анам соғыс жылдарында тылда еңбек еткендердің ең алдыңғы сапынан көрінген. Жыр алыбы Жамбыл Жабаев біздің елді аралағанда ісімен де, сөзімен де көзге түскен анамызға риза болып, сыйға бостон көйлек пен шай тартыпты. Ана тілі ата-ана тәрбиесімен бойға дариды ғой. Күні бүгінге дейін орыс тілділердің арасында жүрсем де, өз ана тілімде сөйлеп қалуға тырысамын.
– Отбасыңыз жөнінде азырақ айтып өтсеңіз?
– Өмір деген адамның ойлағанындай болмайды екен. Ең бір жақын, аяулы адамдарымнан ерте айырылуды тағдыр маған жазып қойғандай. Жастай әке-шешемнен айрылдым. Осыдан жиырма жылдай бұрын жолдасым Аббас Мадияров қайтыс болды. Мен онымен Мәскеудегі Мемлекеттік университетте оқып жүргенде танысқан едім. Жолдасым Мәскеудегі инженер-көлік институтында оқитын. Отбасын құрған соң жолдасымды жолдамамен бір кездегі Целиноград қаласына жіберді. Екеуміз жұбымызды жазбай осында келдік. Мен әр түрлі медициналық мекемелерде еңбек еттім. Марқұм жұбайым Аббас Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде абыройлы қызмет жасады. Подполковник еді. Жол апатынан небәрі қырық төрт жасында қайтыс болды. Үш қызыммен қалдым. Балаларымды тәрбиелеп, құтты орнына қондырдым. Қазір балаларым менің қуанышым, бақытым. Осы тірлігімде адам баласына адал болуға тырысып келемін, қажет жерде бетке айтып саламын. Қыздарымды да адалдыққа, адамгершілікке, үйреттім. Олардың санасына «Байлық, мансап қолдың кірі, барыңда адамдармен араласып, сыйласа біліңдер» деп айтып отырамын.
Алла тағала ет жақын ата-анамды, жолдасымды алып кетсе де, халықпен етене араласатын мынадай жұмысты берді. Барына шүкіршілік етемін.
– Александра апай, Сіз облыстағы іскер әйелдердің көшбасында жүрсіз. Ер-азаматтар арасында гендерлік саясат яғни әйелдерді ерлермен теңестіру дұрыс емес деген қарсы пікірлер айтылуда. Бұған не дейсіз?
– Гендерлік саясат шығыстың менталитетіне жат деген пікірді ер-азаматтардан мен де естігенмін. Күні кешегі ата-бабамыз жүріп өткен жолға назар салсақ әйелдеріміз сәбиін сүйіп үйде отырып қана қоймаған, дүйім елге жол сілтеген Еланасы да болған. Заманына қарай адамы демекші қазір нәзік жандардың қай-қайсысы болсын түрлі салада еңбек етеді. Рас, бойымызға сіңген ұлттық тәрбие болар, ер-азаматтың басын сыйлаймыз. Гендерлік саясат әйел болсын, ер адам болсын бірдей еңбек ететін болған соң бар ауыртпашылықты бірге көтеруге шақырады. Отбасылық күйбің тіршілікте күйеулерінің келіншектеріне қол көтеруі әлі толастамай отыр. Әйелдерге төмен етектілер деп қарамау керек. Үйдің де, түздің де жұмысын шыр айналдырып, балаларды да тәрбиелеп жатқан аналар. Ал ер-азаматтың «мен түзде жұмыс істеп келдім, шаршадым» деп шалқадан түсіп жатып алуы дұрыс емес. Тереңірек көз жүгіртіп, әйел еңбегі мен ерлердің еңбегін салыстырсақ, әйелдің мойнындағы жүк екі есе көп. Таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді, күйеуінің қас-қабағына қарайды, баласын тәрбиелейді, үйдің де жағдайын ойлайды. Біздің қазіргі ер-азаматтарымыздың бәрі баяғыдай зайыбына жұмыс істеткізбей, баласымен отырған әйелдерін асырап жатса, кәнекей! Дегенмен, қазір де әйелдері жұмыс істемейтін қалталы азаматтарымыз бар.
Менің өзімнің ойымша гендерлік саясат дегеніміз дұрыс. Ер адам болсын, әйелдер болсын бірдей еңбек етіп, өркениетке ұмтылып, жатқан мына заманда қоғамда да, отбасылық өмірде де ауыртпашылықты бірге көтерсін, тең жағдайда болсын деген саясаттың несі сөкет?!
– Гендерлік саясатты ауылда тұратын кейбір адамдар әлі түсіңкіремей жатыр ғой.
– Облыстық отбасы және гендерлік саясат жөніндегі комиссияның әрбір ауданда бөлімшелері бар, бірақ қағаз жүзінде деп айтсам артық кетпеген болар едім. Сондағы комиссия мүшелері маңайындағы қыз-келіншектермен дұрыс жұмыс істемейді. Мен өзім осы облыстағы отбасы және гендерлік саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасарымын. Қазір комиссия құрамында жиырма үш қыз-келіншек бар. Қарап отырсам комиссия мүшелігіне оқыған, білімді, жақсы қызметі бар әйелдер келеді. Ал қарапайым жұмысшы қыз-келіншектер жоқтың қасы.
– Жұмысшы әйелдер комиссия мүшелігіне неге тартылмаған?
– Жұмысшы әйелдерді тарту жергілікті жердегі әкімшілікке де байланысты. Ауылдық жерлерде қаншама әйелдер жұмыс істемейді. Сол аудандағы жергілікті отбасы жөніндегі комиссия жұмысшы әйелдерді қатарына тартып, іскер әйелдермен иық тірестіре ұстау керек. Ауылдағы нәзік жандардың өз мәселелерін ашық және өткір айтатын кезі жетті.
Мен әкімшілікпен бірлесе отырып әйелдер спартакиадасын өткіздім. Сонда белсенділік танытқан қыз–келіншектерге риза болдым. Сонда аудандар да, ауылдар да үйде отырған әйелдерді осындай сайысқа жиі тарту керек деп ойладым. Олар үйде отыра бермесін, арасында осындай қызықтың бел ортасында жүрсе өзіне де, қоғамға да тиімді емес пе?! Алысқа бармай-ақ «Қазақмыста», «Митталл Стил Теміртау» АҚ-да, көмір өнеркәсібінде қаншама сол саладағы басшы және жұмысшы әйелдер бар. Соларды арамызға тарту керек. Олар сондағы жұмыс ырғағын бес саусақтай біледі. Әйелдерге қатысты Еңбек заңы қалай орындалуда, бәрін айтар еді.
– Шығармашылық кешімде Сізді «Шалқыма» концерт залынан көргенде керемет риза болдым. Өнерді тамашалауға уақыт таба білгеніңізге?
– «Көркем өнер біздің ішкі дүниемізге, жан жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді» дейді қазақ әдебиетінің алыбы Мұхтар Әуезов. Күнделікті қызмет, күйбің тірліктен қолым қалт етіп, босай қалғанда кітап оқимын. Бүгінгідей компьютер жоқ, кішкентайымыздан кітап оқып өскен толқынбыз ғой. Әсіресе мені тарихи көркем шығармалар ерекше қызықтырады. Қазақ халқының салт-дәстүрі, шыққан тегі жөнінде білгенімнің үстіне біле түссем деймін. Сонымен қатар ұлы ақын-жазушыларымыздың ойшылдарымыздың, көрнекі қайраткерлеріміздің жүріп өткен жолынан жазылған кітаптарды оқығанды ұнатамын.
«Жақсыны көрмекке» деп кешіңізге бас сұққанмын, өкінішке орай жұмыс болып қалып, аяғына дейін отыра алмадым.
АЙТБАЛА АЛҒАН АСУЛАР
Ақылды қыз, Айтбала, асыл гүлім,
Саған түгел сыйлар ем ғасыр гүлін.
Саңқылдап шыға берсін ақылды үнің,
Тілейді саған бақыт ақын бүгін.
Еркеш Ибраһим
Айтбала Жарықова апай екеуміз бір топырақтың тумасымыз. Менің туған ауылым Қаратау совхозына Айтбала апай партком болып келгенде мен алты жастағы бала едім. Алты жасар бала болсам да әкеме келген қызметтестерінің:
– Айтбала деген қыз бала парторг болып келіпті, өзі жап-жас, –деген сөзін естіп қалғанмын.
Іштей елдің таңдайын қаққызған парткомды көргім келген.
Бір күні әкеммен қызметтес Нарынбек ағаның қызы Жанардың қара добымен есік алдында ойнап жүргенбіз. Домалап бара жатқан допқа жүгіріп бара жатқан Жанар:
– Жұлдыз, ана қарашы, Айтбала апай жұмыстан келе жатыр. Ол біздің көршіміз,-демесі бар ма. Бойын тік ұстап, сылаңдап келе жатқан апайға мен де көз тоқтата қалғанмын. Ол кісі біздің көршіміз Марат ағаның ар жағындағы үйге кіріп кетті. «Көктен іздегенім, жерден табылды» дегендей арамызды бір-ақ үй бөліп тұрған көрші болып шықтық.
Бала қиялы қашанда көкті шарлайды ғой. Өскенде ел мақтаған партком апай сияқты болсам деп те ой түйген кездерім болған. Бірақ, Алла тағаллам қалам ұстатқан дарын, өлең шығартқан арқа беріпті. Халықтың мұң-мұқтажын, елдің елеулісіне айналған адамдарды жазуды пешенеме жазыпты.
Алпысын арқалаған Айтбала апайым туралы жазуды маған бұйыртыпты.
Тақыр жерге шөп шықпайды
Айтбала апайдың арғы атасы атақты Шаншар руынан, нақтырақ айтқанда Шаншардың үшінші әйелі Нұрбикеден-Тілеуке, Тілеукеден-Ерне, Ернеден-Көрпе, Көрпеден-Елібай, Елібайдан-Айтбаланың әкесі Жарық тарайды. Әкесі Жарық төлқұжаты бойынша 1891 жылы туған. Зор денелі, мысқылшыл, көп сөйлей қоймайтын адам болыпты. Бірде ауылға түскен Рымтай атты жас келін кешкісінде:
– Кеш жарық!-деп сәлемдесе кіріпті.
Сонда төрде отырған отағасы:
– Балам, жарық менмін…–деп салыпты.
Өзінің ойланбай сөйлегенінен онбай сөз естіген келін келген шаруасын да айтпай, сыртқа ата жөнеліпті. Көпке дейін ол кісінің көзіне түспеуге тырысып бағыпты. Тілге ұста Жарық ақсақал жылқышылықты кәсіп еткен. Жылқы малын бағалай білген. Ел ішінде алғашқылардың бірі болып, «Қазақ КСР-і ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер» атағын алған. Анасы Бақтыбала 1901 жылы туған. Ері үнемі түзде мал бағумен болғандықтан үйдегі балалар тәрбиесі, жақын-жуықтың көңілін табу, барды ұқсату сияқты толып жатқан тірліктің бәрін отанасы өзі-ақ тындырып жататын. Ауыл-аймақтағы адамдар ол кісіні «Біреуге табынып, біреуге жалынып жатпайтын, көп иіле бермейтін тәкаппар, кірпияз еді. Бірақ қолы берекелі, үйге түскен қонақты, ел ағаларын отағасына қарамай-ақ күтіп алып, қазанын көтеріп риза ететін жан еді» деп еске алады. Тәңірдің берген тоғыз баласын сүйген Бақтыбала ананың тұла бойы тұңғышы Ілияс Ұлы Отан соғысы кезінде шейіт болады. Бұл жөнінде соғыс ардагері Темір Исайынов облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде берген естелігінде «1943 жылдың шілде айының жұлдызында Днепр иінінде атақты шайқаста қарулас жерлестерім Ілияс Жарықов, Алпыс Бейсенов т.б. ерлікпен қаза тапты» деп жазады. Көп баланың арасында құлын-тайдай тебісіп өскен Айтбала апай 1947 жылдың 12 қазанында Балықтыкөл селолық кеңесінің аумағындағы Қарамола деген жерде дүниеге келген. Мектептің алғаш табалдырығын Қорық деген жердегі төрт сыныптық екі бөлмелі үйде аттайды. Кейін К.Маркс орталау мектебінде оқиды. Сегізінші сыныпты ағасы Рымжанның қолына барып, Қарқаралы қаласындағы №1 қазақ орта мектебінде жалғастырады. Ағасы қызмет бабымен 1 Май совхозына ауысады да онбірінші сыныпты Егіндібұлақ селосындағы шалғайдағы малшы балалары үшін ашылған интернатта оқып, 1964-1965 жылдары үздік оқушылар санатында қолына аттестат алады.
Арман қанатында
Айтбала мектеп бітіретін жылы үйдегі әке-шешені бағып отырған Қайыркеш апасы тұрмысқа шығады. Жеңіс ағасы әскерде. (Ол кісі біздің ауылда ұстаз әрі мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болған) Үйдің тірлігіне қарайтын кезек бұған да жеткен. Арман құшағында жүрген Айтбала ауыл шаруашылығында сол жылдары сұранысқа ие экономист мамандығын игерсем деп жүрген еді. Бұл мақсатын айтқанда анасы қарсы шығып, әкесі үндемей қалады. Алған бетінен қайтпайтын қыз құжаттарын жасырын жинай жүріп, Целиноград қаласындағы ауыл-шаруашылық институтына тартып кетеді. Ол құжат тапсырған экономика-агрономия факультетіне конкурста бір орынға 4-5 үміткерден келеді. Емтиханды «жақсы», «өте жақсы» деген бағаларға тапсырып, студент атанады. Өзімен бірге барып, бағын сынаған сыныптастары «құлап» қайтқанда, бұл ауылға марқайып оралса да «анам ұрсар ма екен» деген қорқыныш мазалаған. Ауылдың адамдары:
– Оқуға түсіп келген балаға ұрса ма екен,-деп басу айтып, анасын сабасына түсіреді.
Алайда екінші курстан соң сырттай бөлімге ауысып, бөлімшедегі сиыр фермасына жұмысқа кіреді. Қорада қалатын малды күту, жем-шөп салу, суғару, астын тазалау сияқты қара жұмысты қары талғанша атқарады. Жазда ферма жайлауға көшкенде бөлімше меңгерушісі Құсайын Оразалин оны шөп даярлайтын бригадаға есепші етіп жібереді. Есепке жетік Айтбаланың кіндік шешесінің баласы Қасым Нұрмағанбетов жас қызға есеп-қисап жұмысын үйретеді. Алғыр Айтбала сол жылы есепші, одан кейін аға есепші қызметіне тағайындалады. 1968 жылдың тамыз айында Қоянды совхозының «Еңбекақы жөніндегі экономист» міндетіне кіріседі.
Жемісті жетпісінші жылдар
Біздің кейіпкердің қоғамдық жұмысқа деген аршынды қадамы жетпісінші жылдары басталады. Комсомол кәсіподақтарының, цехтық ұйымдарының өміріне араласып, тапсырмаларды тыңғылықты орындап жүрген Айтбаланы совхоздың кәсіподақ ұйымының төрайымына сайлайды. Ол уақыттарда көркемөнерпаздар үйірмесі, клуб, жатақхана, асхана жұмыстарының дұрыс жолға қойылуына кәсіподақ басшысы жауап беретін. Қысқа мерзім ішінде осы қат-қабат жұмыстарды бірден дөңгелетіп әкетеді. Аудандық байқауда көркемөнерпаздар бірінші орынды иеленіп, Айтбаланың мерейі үстем түседі. Көп ұзамай партия мүшелігіне қабылданады. Оны қоғамдық қызметке баулып, қамқорлық жасаған тәлімгерлері Сарқан Ережепұлы, Хамит Кәріпбайұлы, Мырзатай Сұлтанбекұлы, Медеу Әбдірахманұлы, Қайролла Жүкенұлы сияқты ағалар. Осынау қамқор аға есімдерін күні бүгінге дейін ілтипатпен еске алады. 1971 жылы сырттай оқуын аяқтап, дипломдық жұмысты үздік қорғап, жоғары білімді агроном-экономист маманның иесі болып шығады. Қоғамдық жұмысын жандандырып жүре береді. Көп ұзамай Айтбаланың бойындағы іскерлік пен біліктілігін таныған аупарткомның бірінші хатшысы Нарманбет Садықов ауданға шақыртады. Арада екі апта өткен соң дәлірек айтқанда 1972 жылғы 3 желтоқсанда бюро шешімімен Егіндібұлақ аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметіне тағайындалады. Ондағы қызметі «Қазақстанның 40 жылдығы» және «Қаратау» совхоздары партия комитеттерімен, «Қазсельхозтехника», «Астық қабылдау» мекемелерінің бастауыш партия ұйымдарының жұмысымен аудандық партия комитетінің қызметін үйлестіруге жетекшілік, сонымен қатар партия қатарының өсуі, партия ұйымының жұмыс жоспарының орындалысы қызметтеріне бақылау жасау. Бір жыл өткен соң А.Жарықованы аудандағы ең үлкен шаруашылықтың бірі Қаратау совхозына партия ұйымының хатшысы етіп жібереді. Совхоз директоры Әбілтай Ыдырысов аға небары жиырма бес жасында партия ұйымының хатшысы болып келген өжет қызға қолдау көрсетіп, совхоздың бас мамандары, қоғамдық ұйым басшылары, бөлімше меңгерушілері алдында жасаған еңбегін бағалап, көтермелеп отырушы еді. Мұның тамаша ұйымдастырушы, басшы Әбілтай ағаның адамгершілігін, мәдениеттілігін көрсетсе керек. Бас аяғы бес-алты айдың ішінде Айтбала ауылда аты дүрілдеген «партком» болып шыға келді. Ақ дегенде ақ жүрегі көрінетін жергілікті халық өз ісіне мығым, әділ қызын төбесіне көтерді. 1975 жылы анасы дүниеден өткен соң жалғызсыраған Айтбала Қаратауда жалғыз жүруді жөн деп таппаған. Аупарткомның бірінші хатшысы Нарманбет Садықов ағайға жағдайын айтқанда ол кісі обкоммен сөйлесіп, Айтбаланы Алматы партия мектебіне екі жылдық оқуға жібереді. Кеңестік заманда партия мектебінің тыңдаушысы болу да үлкен мәртебе еді. Елге сол уақытта екінің бірінің қолы жете бермейтін, жоғары партия мектебінің дипломын алып, есейіп қайтады. Алғашқы келген бойда ұйымдастыру бөлімі нұсқаушылығына кіріседі. Кейін үгіт-насихат бөлімі меңгерушісі, атқару комитеті төрағасының орынбасары, идеология мәселесі жөніндегі хатшы лауазымдарын он екі жыл абыроймен атқарады. Партия-кеңес қызметінде істеген жылдарында небір жақсылар мен жайсаңдармен жүздесті. Мәскеуден сайлау күндері алдында елмен кездесуге келген сол кездегі ВЦСПС хатшысы Қаратай Тұрысов, СОКП ОК хатшысы В.Г.Месяц, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы, қазіргі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, облыстың басшы лауазымды қызметкерлері Сұлтан Досмағамбетов, Әбдуғали Спанов сияқты қоғам қайраткерлері және белгілі сазгер Нұрқиса Тілендиев, Ілия Жақанов, Еркеғали Рахмадиев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев сияқты небір өнер тарландарымен болған кездесуді қалай ұмытсын! Бұл да болса Алланың пешенесіне жазған сыйы.
Қалада жалғасқан
1989 жылы Айтбала Жарықованың Қарағанды қаласындағы өмір жолдары басталып, облыстық партия комитетінің Білім жетілдіру курсы меңгерушісінің орынбасары қызметіне орналасады. Кеңес үкіметі тараған кезде ол облыстық әлеуметтік қамсыздандыру басқармасына алдымен инспектор-есепші болып тұрады. Сала жұмысы ауыр, жұмыссыздық, зейнетақыны қайта есептеу, халықтың аз қамтылған топтарына азық-түлікпен көмектесу... Күндіз заңды жұмыс уақытымен келушілерді қабылдайды, кешке үйге келіп зейнетақы, жәрдемақы тағайындау істерін жасайды. Жарты жылдан кейін кейіпкеріміздің іскерлігін танып, облыстық әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының бастығының бірінші орынбасары қызметіне шақырады. Алатын заңды зейнетақысымен, жәрдемақысын қолына тигізбей, қолы қысқа мен мүгедектерді жылатқандармен күресіп, қолынан келгенше әр адамға сәл де болса жақсылық жасауға тырысып бақты. Айтбала апайдың бауырын жылытып, отбасының сәні мен мәнін кіргізген Дана мектепті бітіріп, 1987 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің философия факультетін түсіп.философ мамандығын алып шығады. Отбасын құрып Айтбала апайға сүйкімді Айнұр атты немере сыйлайды. Кішкентайынан балабақша, мектепке өзі жетектеп апарған Айнұр өркениетті заманның баласы, әжесі көрмеген Америка, Тайланд т.б. құрлықтағы елдерді көріп үлгерді. Бүгінде Қарағанды қаржы институтында ұстаздық қызметте жүрген Айтбала Жарықова:
– Менің өткен өмірім мәнді болды-ау деген пікірдемін. Қолыма күрек алып, мал қорасын тазалап, малды күткен жұмыскерден, елімнің елеулі қызметкері санатына жеттім. Соның бәрін де «Жаным-арымның садағасы» деген қағиданы естен шығарған жоқпын. Өткен өміріме зер салып, өзім тәрбие алған отбасыма, ұжым ортама құрметпен қараймын. Ендігі арманым-ұрпағымның өнегелі өмірін көрсем деймін,-дейді.
Ұрпағы да күні ертең апалар ізін басып, асуларды бағындырса Айтбала апайда арман бар ма, шіркін?!
ЕЛІНІҢ СӘНІ СӘЛИМА
1999 жылы облыс әкімі жанында отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комиссия құрылды. Газет оқырманын жаңадан құрылған комиссияның жұмысымен таныстыру үшін сұхбат алмақ болып, облыс әкімшілігіне келгенмін. Аталмыш комиссияның хатшысы Сәлима Нұрмағанбетова екен. Осыған дейін апамыздың туған топырағым Егіндібұлақ ауданына жасаған еңбегіне сырттай қанық едім. Жүзбе жүз кездесіп отырғаным осы. Сұхбат барысында байыпты бір қалпынан танбаған хатшы хақында «неткен биязы жан» деген пікірде қалдым. Билік басында жүрген кейбір әйелдің кісіге қабағын бермей, мінезі шалт келетіні бар. Мен бұл кісіден керісінше жылылық сезініп, жаймашуақ күйге бөлендім. Осы орайда көкейіме: «Мінез-құлық-әркім өзінің кейпін көрсететін айна» деген И. Гетенің даналық сөзі оралды. Өзінің істеген ісі мен сүйкімді адами қылығымен көпшіліктің жүрегінен жол тапқан Сәлима 1947 жылы Семей облысы Абай ауданы Дегелең ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Бұл атақты Семей полигонының ошағы. 1954 жылы үлкен ағасы Ошақбайдың қызметі ауысуына байланысты Сәлиманың ата-анасы Егіндібұлаққа көшіп келеді. Сонан бері Сәлима апамыз-егіндібұлақтық! Әкесі Нұрмағанбет Бексұлтанов мұсылмандар есебімен жүз жасаған адам. Сексен жасқа дейін аттан түспеген өте еңбекқор, мал тапқыш адам еді. Балаларына:
– Шешелеріңе жұмыс істеткем жоқ, дастарқанын мол ұстадым,-дейтін.
Дастарқаннан жылқы еті мен қымыз үзілмегенін көріп өскен Сәлима оған еш шүбә келтірмейтін. Мамыр айының басынан желіге байланған құлынды, үйде биебауға шақырылған қонақтарды көретін. Ал қыста сауған бие ағының ауырып жатқан сан адамдарға сусын болғаны жадында. Сол кездегі ауыл адамдарының қамқорлығы, көршілердің сыйластығы, бірлігі, бір біріне болсыншы деген ақ адал ниеттері керемет болатын Анасы Сақып үйдегіні ұқсататын, берекелі, өте сабырлы, ақылды жан еді, осы күнге дейін шешесінің майдақоңыр мінезін, айтқан ақыл-кеңестерін, Сәкіжан деп еркелете шақыратын дауысын сағына еске алып отырады. Бес ағайынның үлкені азаматтық мүшелінде өмірден өтті. Ағасынан ерте айырылып қалғаны қабырғасына аяздай батты. Алланың ісіне не шара, соңында қалған балаларына қамқор болып, аман-есен өсіріп, азамат қатарына қосты. Үлкен әпкесі Айтжамал қырық жыл бойы елге сыйлы сатушы болды. Жәмила әпкесі мұғалімдікті таңдады. Қазір екеуі де зейнеткер, балалы-шағалы. Әкесінің қара шаңырағында кенжесі Кәмила отыр. Аудан орталығындағы мектептің онбір жылдығын алғашқылардың бірі болып бітіріп, Қарағанды қаласындағы политехникалық институтқа түседі. Ол кезде бұл жоғарғы оқу орнына қыз балалар көп түсе қоймайтын. 1969 жылы инженер мамандығын алып, шілде айында елге жас маман болып оралады. Еңбек жолын құрылыс саласында мастер, инженер-архитектор мамандықтарын меңгеруден бастайды. Егіндібұлақ басындағы Мәдениет үйі мен гүлзардың құрылысы Сәлиманың жасампаздық жолындағы жасаған алғашқы нысандары еді. Сол кездегі аупарткомның бірінші хатшысы марқұм Нарманбет Садықовтың бастамасымен аудан активін қатыстырып салынған сол гүлзар күні бүгінге дейін селоға көрік беріп тұр.
Апамыз әңгімесінде:
– Кейінгілерге үлгі ретінде сол жерге «Осы игілікті істің бастамашысы Нарманбет Садықов» деп белгі қойылса артық болмас еді. Жақсы іс жалғасын тауып кезінде аудан басқарған ел азаматтары Тілеубек Зейнешев пен Мұрат Нұрақышевтің қолдауымен орнатылған Қазыбек би бабамыздың мүсіні нақ осы жерден орын алды,-дейді.
1970 жылдың қараша айында ол аудандық комсомол комитетіне бірінші хатшы болып сайланады. Жас маман өзіне үлкен сенім жүктелгенін түсінеді. Комсомол жұмысы оның келешекте қоғамдық-саяси жұмыстармен шұғылдануына есік ашты. Жастармен төрт жарым жылдай қоян-қолтық еңбек етеді. Ол кезде жастармен жұмыс істеу өте қызықты болатын. Аудан экономикасын өркендетуге тікелей қатысып, егіншілікте, мал шаруашылығында комсомол-жастар бригадалары құрылып жұмыс атқаратын. Комсомолда істеген жылдарында замандастарын жауапкершілікке, адалдыққа, еліне қолынан келгенше қызмет етуге тәрбиелеуге тырысты. Өзі де солармен бірге тәрбиеленіп жатты. Комсомол мектебінен өткендер мемлекет қайраткерлері деңгейіне дейін жетіп, ел басқарып отыр. Соның бірі-еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаев. Сәлиманың комсомолда жүрген тұсында Нұрсұлтан ағамыз да Теміртау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болатын. Одан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып істейді.
Сол жылдары партия мектебіне аттанып тұрғандарға Нұрсұлтан ағамыз:
– Ештеңеге алаңдамай оқып келіңдер, қызмет те, үй де болады!-деп нық сеніммен айтатын.
Осы бір қамқор сөздері Сәлиманың әлі есінде. Айтқанындай солай болды да. 1975 жылдың қаңтар айында Қарағанды облыстық партия комитетінің аппаратына қызметке шақырылады. Ол кезде Сәлима жиырма жеті жаста еді. Осы кезеңде ол Д.Абдрахимова, Қ.Аманбаев, Г.Бектембаева, В.Сапрыкин, В.Парамонов сынды идеология майталмандарынан үлкен сабақ алып, ысыла түседі. Ол жылдарда партиялық басшы қызметке қыз-келіншектер көптеп тартылды. Сол саясаттың түлектері: Нұрбану Быхина, Бану және Шәкен Маясаровалар, Рымбала Омарбекова, Ғазират Медеубаева, Шәмшібану Смағұлова, Дәрия Бұрханова, Айтбала Жарықова, Анел Майдекина, Светлана Сүлейменова т.б. ана-әпкелеріміз кезінде де, қазір де абыройлы қызмет атқарып, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалуда. Бір құптарлығы партия саласында жүрген апайларымыз үнемі өсу үстінде болған. Қысқа уақыт ішінде іскерлігімен, тындырымдылығымен көрінген Сәлиманы жаңадан ашылған Талды аудандық партия комитетінің хатшылығына жіберді. Сол жылы республика бойынша сегіз аудан ашылатын болып, сайланатын аудан басшылары астанамыз Алматыға шақырылады. Біздің облыстан С. Нұрмағанбетова, Б.Рақышев, О.Часовитин, А.Лалэко Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонавтың қабылдауында болады. Бұл кездесуде ел жайында, жаңа ашылатын аудандардың ауыл экономикасын көтеруге, мәдени салалардың жақсаруына ықпалы болатыны жайлы көп әңгіме айтылады. Сәлима Димекеңнің кемеңгерлік жүзінен, әкелік жылы көзқарасынан, айтқан сөзінен үлкен әсер алып, қанаттанып шығады. Зор сенім арқалап, көңілі көкке көтеріліп, шаттықтың арнасынан асып-тасып жаңа ауданға келеді. Жаңа істі бастау қашанда қиын. Екі көршілес ауданнан енші алып шыққан Талды ауданында іске қосатын нысандар жыртылып айырылатын. Ұйымдастыру ісінде тәжірибесі мол Сәлима білек сыбана кіріседі. Жоспар құрып, көрген-үйренгенін кәдеге жаратып, батыл қимылдайды. Қарағайлы кен байыту комбинаты бар жаңа ауданның экономикалық жағдайы қарқынды дами түсті. Аудан орталығы мәртебесін алған Қарағайлы күн өткен сайын өсіп, жайнай түсті. Совхоздарда жаңа мектептер, клуб үйлері, медицина мекемелері салынды. Ұжымдардағы жиналыстар, еңбек адамдарымен кездесулер, ауыл интелегенциясымен сұхбаттасу, пікірлесу сияқты толып жатқан игі шаралардың бәрі маңызды, бәрі қызық болатын. Соның бәрінің басы-қасында Сәлиманың өзі жүретін. Жастығы да болар еш шаршауды білмейтін. Сол жылы елге жерлесіміз, қазақтың көрнекті жазушысы Ғабиден Мұстафин келеді. Белгілі қаламгер Сәбит Досанов жазушының жол серігі болып, кейін атақты жазушының туған жері Қарағандыға келген сапарынан «Дара туған дана еді...» атты естелік жазады. Бұл жазған дүниесі 2001 жылы Астана қаласындағы «Елорда» баспасынан жарық көрген «Ғабиден Мұстафин туралы естеліктер» кітабына енеді. Онда Сәлима Нұрмағанбетова жөнінде жазушы С.Досанов былай деп жазады: «Қарқаралыдан енді аттанғалы тұрғанымызда біз отырған бөлмеге сау етіп бір топ кісі кіріп келді. Бұлар біз барғалы отырған көршілес Талды ауданы еңбекшілерінің өкілдері екен. Жиі жауған жаңбырдан күн қоңыр салқын болғасын ба, әлде қызмет бабымен жол үстінде жүргендіктен бе, үстінде қазіргі маусым айының жасыл жапырағы түстес жаздық пальто, аяғына ұзын қонышты жеңіл етік киген, қап-қара қалың шашын ең соңғы сән үлгісімен дөңгелете қиған, сұңғақ бойлы, қыр мұрын, биік қабақ, қара торы, сымбатты қызды Талды аудандық партия комитетінің хатшысы Сәлима Нұрмағанбетова деп таныстырды. Жанындағылар аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары Тұрсын Омаров, «Киргизия» совхозының директоры Хайдар Бурабаев пен партия ұйымының хатшысы Сатыпалды Әбдірахманов болып шықты... Қарқаралы азаматтарымен қоштасқан соң қоңыр күрең асфальтпен аз ғана жүріп, оңға бұрылып едік қаладағыдай көп қабатты көркем үйлері көз тартқан әсем поселкеге кіре бердік.
– Бұл не, қала ма?-дедім «Волганың» артқы диванында отырған Сәлимаға сұраулы жүзбен.
– Бұл біздің жаңа аудан-Талдының орталығы Қарағайлы!
– Қаладан қай жері кем?-деп қалды Ғабең.
Аудан орталығындағы аз ғана аялдан соң қайтқан құстай тізілген жеңіл машиналар әсем таудың баурайына келіп кірді.
– Атақты Қызылкеңіш осы,-деді Сәлима тауға сүйсіне қарап.
– Аудан орталығы қаладай көркем, тауларың сұлу болғанмен жаңағы бір айтқан цифрларыңызға қарағанда шаруашылықтарыңыз Қарқаралы шаруашылықтарынан әлдеқайда шағын екен,-дедім Сәлиманы сөйлеткім келіп. Сөзім нысанаға дәл тисе керек, ауданның жас хатшысы Сәлима шыр ете қалды:
– Уай, ағасы-ау! Ол бізге енші берген баяғыдан келе жатқан Қарқаралы емес пе? Орда мен отауды салыстырғаныңыз, тай мен тұлпарды жарыстырғаныңызға жол болсын.
– Тай өсіп, тұлпар болмас демеңіз!-деп қалды Ғабең...»
Осы үзіндіден-ақ Сәлиманың бүкіл болмысын, жасаған еңбегін, тән сұлулығы мен жан сұлулығының үйлесім тауып жатқандығыныңа куә боласың. Сол сапарында Ғабең ана тілі мен ұлт мәселелерін қолға алу керектігін ашына айтқан еді.
– Жазғандарымызды балаларымыз бен немерелеріміз төл тілінде оқымайды, бұл нағыз қасірет қой!-деп айтқаны ұмтылмастай құлағында қалыпты.
Аллаға шүкір, заман өзгерді, тілге, дінге деген бетбұрыс жақсы. Әттең осыны көре алмай кетті ғой асыл ағалар. Он жыл ғана бой түзеген аталмыш ауданның, оған қоса жақсылар мен жайсаңдардың мекені Егіндібұлақ ауданының жабылып қалғаны Сәлиманың ғана емес, барша халықтың жүрегін ауыртқан. 1979-1981 жылдары Алматы жоғары мектебінде оқиды. Әрине, тәжірибе жинақтаған кезде алған білімнің сапалы болатыны белгілі. Оның сыртында оқу барысында астаналық облыстың партия ұйымдарында болып іс үйренуге машықтана түседі. Оқу бітірердің алдында С.Нұрмағанбетованы облысқа қарасты Абай қалалық атқару комитетінің төрағасы орынбасарының жұмысына тағайындайды. «Абай еліненбіз» деп топырағына тартып жүрген қыз осы қалаға келген қадамын жақсы ырымға балайды. Өзге ұлт өкілдері басым қалада Абай атамызға арналған мұражайдың ашылуына септігін тигізеді. Мұражайды бірінші күннен бастап қазақпын деп жалындап тұрған қыздардың бірі Аққайша Рақымова басқарып келеді. Ұрпағын Абай бабасы қолдады ма, осы қалада отбасын құрады. Жолдасы Сарқан Зейнешев елдің сыйлы азаматы, бұрынғы партия-кеңес қызметкері. Балалары Ермұрат пен Арай жоғары білімді мамандар. Ұлы Астана қаласында заң қызметкері, қызы банк жүйесінде қызмет атқарады. Кезінде жастарға үлгі болсын деп балаларын қазақ мектебінде оқытты. 1987 жылдан бері Қарағанды қаласында тұрып жатқан апайымыз облыстық атқару комитеті, облыс әкімшілігі аппараттарында 2008 жылға дейін үзіліссіз қызмет атқарып, зейнеткерлік жасқа жетті. Осы жылдардағы жұмысы бақытына орай, еліміздің тәуелсіздік алған кезіне дөп келді. Қызмет бабымен қазақ тіліне жанашыр болып, орыс мектептерінде алғашқы қазақ мектептерінің ашылуына, көше, жер атауларының тарихи қазақша атауына көшуіне ықпал жасағандардың бірі болды. Сәлиманың отыз бес жылдық мемлекеттік жұмысының кейінгі бес жарым жылы Қазақстан халықтары Кіші Ассамблеясының хатшысы ретінде еліміздің тыныштығы мен бірлігін сақтау жолында өтіп жатыр. Қызмет бабында басқа ұлт өкілдерінің тар жерде қолтығынан демеген қазақ еліне деген ризашылығы мен сүйіспеншілігіне риза. 1995 жылы Президентіміздің Жарлығымен құрылған осы қоғамдық ұйым-Ассамблея қазіргі күнде отансүйгіштік пен достық сезімдерді қалыптастыратын орталық ретінде танылды, осында жинақталған оң тәжірибе көптеген елдерге таратылуда. Республикамыз саяси және әлеуметтік тұрақтылықтың, халықтар арасындағы келісімнің үлгісі болып отыр. Бүгінде апамыз «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қызмет істейді. Елінің сәні болған Сәлима міне, осындай.
АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ
Жайық Бектұровты білген адам Қасым Сырымбетовты біледі деп ойлаймын. Екеуі кездесіп қалса жабысқақтайын бір бірімен жабысып қалатын. Сонсоң таңды таңға ұрып ән салар еді, өлең оқыр еді, шежіре тарқатар еді, күмбірлетіп күй төгілдірер еді. Сонсоң ел ұйқыға әбден кетті-ау дегенде есікті тарс бекітіп екеуара әңгіме өрбітер еді. Ел екеуара әңгіменің де иісін сезетін. Өйткені екеуі де отырып келген...
Халық жауы болып...
58-ші статьямен...
Сол екеуге ауыл балалары қызмет көрсетуге құштар еді. Шайтан қолға сүлгі іліп, леген жүгіртетін жарысып. Сондағы ойлары әңгіме есту, өз аталары туралы. Өйткені бұл кісілердің айтуында балалардың бабалары батыр болып, ең құрығанда барымташы болып шығады. Балалар соған мәз, тегінің мықтылығына тәнті. Мұндай қызметті ақынның қызы Нескен де талай көрсеткен. Ол әкесін де, Жайық көкесін де халық досы, халық баласы деп білетін. Өзінің де халық баласы болатынына да күмән келтірмейтін. Өйткені әкесі мен Жайық көкесі сүйген қазақ халқын бұл да олардан кем сүймейтін. Қазақ халқы үшін бұлар жанын беруге бар. Бұл да соған барар еді. Сондай күн туса. Ел әкесін есті ақын ретінде біледі. Дауласқан екеу болса жүгініп әкесіне жетеді. Әкесі істі бірден шешіп тастамайды. Алдымен қазан көтертеді. Ел ішінің жайын сұрайды. Суыртпақтап отырып есті әңгімелер өрбітеді. Бұл әңгімелердің басы-қасында Нескен де отырар еді. Осындай отырыстан соң келгендер дауларын ортаға салмай қайтып та кететін.
Талай дау-дамайларды оның өзі де әкесінше шешкен...
Алтын алмаса да орта мектепті озық бітірді. Бір жыл ауылда қалып мектепте аға пионер жетекшісі болып еңбек етіп, әкесін асырады. Ақынның баласы болғандықтан, ортасы шайырлықта болғандықтан әдебиетке бейімі де бар болатын. Әкесі:
– Ақындық мал табатын мамандық емес,-деп отыратын.
Бәлкім, бәрін әкесінің осы бір ауыз сөзі шешкен болар. Сонан сол кездегі Целиноград ауылшаруашылығы институтының экономика факультетіне түсіп, бухгалтер-экономист мамандығын алды. Осында жүріп өмірлік жары Марат Еділбаевқа жолығады. Ол осы институттың агрофагын тәмамдайды. Екі жас еңбек жолдарын институт жолдамасымен Қарқаралы ауданының Фрунзе атындағы совхозында мамандықтары бойынша бастайды. Екеуі де жас мамандарға тән қажырлық көрсетіп, ел ілтипатына бөленеді. Оның үстіне жергілікті басшылық бұларға барынша қамқор жасап бағады. Өйткені Мараттың әкесі Қойшыбек Еділбаевтың есімі бұл өңірде ерекше бір жылы ілтипатпен аталатын, ел ол кісінің есімін аңыз қылып айтатын. Ол кісі бірқатар шаруашылықтарға басшылық жасап, заманынан озған адам. Қашқан-пысқан заманда Егіндібұлақ ауданына прокурор болыпты, сол қызметінде жүріп біраз адамды алып та қалған екен. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған. Араға жыл салмай екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Мұндай оқиға оған дейін бұл өңірде болмаған екен. Кейін де қайталанбапты. Жақсы әкенің балаға қырық жыл азықтығы осыдан-ақ көрінген. Бұл жерде тұра да берер ме еді, алайда Нәскенге жергілікті жердің ауа райы жақпайды. Сонан операцияға түседі. Амалдың жоқтығынан екі жас Нәскеннің ауылына қоныс аударады. Мұнда аудан іргесінде Орджоникидзе атындағы совхоз бар болатын. Нәскен өміріне күрт өзгеріс енгізген осы жер болды. Осы жерде жас маман қоғамдық қызметке тартылады. Көптеген игілікті істерге ұйытқы болады. Жанып тұрған жастың мұндай істері басшылық көзіне түспей қалмайды. Араға екі жыл түскенде совхоздың партия ұйымының хатшысы Хасен аға Есмағанбетов партия қатарына өтуге кеңес береді. Бұл ағасы соғысқа қатысқан, сол бір отты күндерде азамат болып шыңдалған, ел қамын қарын қамынан жоғары қоятын, мейлінше адал кісі еді. Қашанда үлкенге қамқоршы, кішіге тәрбиеші болып жүретін асыл аға Нәскеннің тегіне қарамай, оның партия қатарына өтуіне себепші болады. Халық жауының баласы солайынша коммунист атанады. Жас қыз енді еселенген жігермен елі үшін еңбек етеді. Қоғамдық жұмыстың біреуінен де қалмайды. Қандай науқан болса соның басы-қасында Нәскен жүреді. Ел оны Раушан коммунист дегендей Нәскен коммунист дейтін болады. Көп ұзатпай партком мүшесі, соңынан партком хатшысының орынбасары болып сайланады. Осылайша ол халықпен жұмыс істеу мектебінен өтеді. 1975 жылы ауданда Ақши мал бордақылау шаруашылығы құрылады. Оған жер-жерден қолынан іс келетін жас мамандар шақырылады. Солардың қатарында Марат пен Нәскен де келеді. Біреуі агроном, екіншісі экономист болып жаңа шаруашылықтың қалыптасуына септіктерін тигізеді. Шаруашылықта коммунистер саны аз болғандықтн қоғамдық негізде партия ұйымына жетекшілік етеді. Жас қыз мұнда да белсенділігінен таймайды. Қайдағы жоқ бастамаларды тауып алып, жоғары тұрған басшылық көзіне жиі түсе бастайды. 1978 жылы Батық асыл тұқымды мал зауыты құрылады. Ол бұған дейін Просторный асыл тұқымды мал зауытының құрамында болып келген-ді. Бұл зауыт тікелей Мәскеуден басқарылатын. Оның өнімдері ешқайда соқпастан тіке Кремльге жөнелтілетін. Соған орай оның басшылары аудан тұрсын облыс басшыларының сөзін жүре тыңдайтын. Бір ғажабы бұл зауыттардың директорынан бастап еден сүртушісіне дейін ұлы орыс халқынынң өкілінен болатын. Сондықтан да зауыттағы көп жағдай жергілікті басшылықтар үшін құпия болып қала беретін. Соған бір сәуле түсіретін мезгіл жектен сынды көрінеді. Осы себеп болды ма, әлде басқадай да себебі болды ма осы шаруашылыққа партком хатшысын сайлауға келгенде әжептеуір іркіліс болады. Ол кезде әйел кадрларға барынша оң көзқарас қалыптасып қалған-ды. Партком хатшылығына жергілікті ұлт өкілі, оның үстіне әйел кадр Нәскен Қасымқызы ұсынылады. Зауыт басшылығы алғаш тулағанымен артынан жалғыз өзі не істер қояр деді ме сабасына түседі. Нәскен коммунист ауылында бір қазағы жоқ Батыққа осылайша партком хатшысы болып сайланады. Бұл нағыз жүрек жұтқандық болатын. Мұны естіген ел жағасын ұстаған, мұны естіген қазақ бас киімін аспанға атқан. Өйткені бұл асыл зауыттар қазақ ұлтын кемсітушіліктің ұясы болатын. Қазақ ұл-қызын олар қолдарынан іс келмейді деп қара жұмыстың өзіне де алмайтын. Екіншіден, бұл бұрынғы Қарлаг орналасқан жер болатын. Онда отырғандар да, бақылаушы болғандар да жетерлік еді. Оларда жыл сайын Жеңіс мерекесінің соңы төбелеспен аяқталатын. Надзирательдерді отырғандар таяқтайтын. Бұл да бір өзінше қалыптасқан дәстүр сынды еді. Соған орай ешкім де оны дабыра қылмайтын. Сөйткен жерге ер-азаматтың өзінің жүрегі дауаламайтын жерге қазақтың қаршадай қызы тайсалмай-ақ барған. Зауыттың күндегі көріп жүрген шаруашылықтардан айтарлықтай ерекшелігі жоқ еді. Сегізжылдық мектеп бар екен, әрине, орысша. Балабақша жұмыс істейді, ол да орысша, әрине. Мұнан басқа дәрігерлік бекет пен клуб үйі бар еді. Ерекшелігі ауыл жылан жалағандай мұнтаздай таза. Қай үйдің ауласына қараса да аспанмен бой таластырған бәйтеректі көрер еді. Оның аясында самсаған түрлі жеміс ағаштары көрінеді. Шаруашылықтың асыл зауыт атануы тегін бе, тайыншасы басқа ауылдың өгізімен барабар. Бұлардың бір сиыры басқа ауылдың табынының сүтін береді екен.
Осының барлығын жас қыз бірден көкейіне түйген.
Аудандық партия ұйымының сол кездегі бірінші хатшысы Кәмали Дүйсенбеков:
– Сен ол ауылға қыдырып бара жатқан жоқсың. Батықты қазақтандыру керек!-деген.
Сол қазақшаландыруды ол өзінен бастаған. Қасақана орыс сөзіне қазақ сөзін қосып жіберетін. Сол тұсқа сай қазақша киінуге ұмтылды. Қазақ қызына тән биязылығынан таймады. Орысша сөйлегенде орыстың өзін жаңылдырды. Қанша дегенмен мамандығы экономист қой, шаруашылық жұмысына да араласып қоятын. Мұнда бұрыннан тұрып келе жатқан үш отбасы бар екен. Тілден айрылуға сәл-ақ қалыпты. Алдымен солардың тәрбиесін қолға алды. Кәдімгідей қазақыландырды. Өздерін қазақпын деп айтатындай дәрежеге жетті.
– Бұл жай келген жоқ, енді қазақтарды әкеле бастайды,-деген сөз шыққан.
Жергілікті орыстар тарапынан қарсылық мықты еді. Достық достығымен, қызмет қызметімен деген күңкілдер ашық айтыла бастаған. Мұндай жағдайда қазақтан шыққан қарапайым өзекті жанның жұмысқа ілігуі мүмкін емес еді. Нәскен мұны әу бастан көңіліне түйген. Қалған қылар қайран сайлау жолы еді. Оның өзінде басшы кадрлардан. Сөйтіп жүргенде кәсіподақ комитетінің орны босады. Елдің бет пердесі осы жерде ашылды. Ел айтып, жырлап жүргеніндей оған қазақ келді. Алайда тастай ұйымдасып алған жергілікті орыстар оны өткізбей тастады. Бұл жайт енді жергілікті ұлт өкілдерін ашындырды. Олардың мұндай көренеу әрекеті бюрода қаралды. Партиялық жаза берілді. Осыдан кейін барып арадағы тоң жіби бастаған. Біртіндеп комсомол, ауыл кеңес басшысы да сырттан әкелінді. Зауыт директоры бұларды көзге ілмеді. Өйткені олар шаруашылық жұмысына тікелей араласа алмайтын. Алайда таразы басы енді кеміс жағына қарай ойыса бастаған. Прорабтыққа қазақ келгенде елдің бәрі кешегі күннің қайтып келмеске кеткенін түсінген. Табандарының бүрі бар қазақ азаматтары бірден өздерін іс үстінде танытып, олардың аузына құм құйғандай қылған. Төрт жылдың ішінде осы шаруашылыққа сырттан жиырма алты отбасы көшіп келді. Олардың барлығы да қазақ еді. Олардың барлығы да жұмысқа орналасты. Қара жұмысқа емес, басшы жұмыстарға. Нәскен енді мұнда да Нәскен коммунист атанды. Орыс ағайындар Нәскеннің үстінен арызды қарша жаудырды. Олар аудан, облыс, республиканы қойып бірден Мәскеу асыра-тын. Алайда шара қолдану үшін жергілікті жерге жіберілетін. Бара-бара арыз тыйылайын деді. Жергілікті орыс ағайындар өзін әділдігі үшін сыйлайтын, бетке ашық айтатынына сүйсініс танытатын. Өйткені жергілікті бастықтардан таяқ жеп жүрген орыс ағайындардың өздері де аз емес еді. Қазақтың қаршадай қызы солардың намысын жыртқан. Басшылықпен жүз шайысып қалса да солардың кеткен есесін алып берген. Осыдан кейін Нәскен коммунисттің беделі артып берсін. Ел енді бәрін қойып мәселелерін шешіп алу үшін Нәскен Қасымқызына келетін болған. Зауыт басшылығына бұл ұнай қоймаған. Енді олар Нәскен Қасымқызының өз қаруын өзіне жұмсаған. Астыртын осындағы қазақтарды өзіне айдап салған. Енді арызды қазақтар жазды. Домалақ арыз легі ауатком, облаткомды қойып Мәскеу асты. Осы жылдар ішінде оның үстінен арыздар Брежневтен бастап Горбачевтің атына дейін жазылған екен. Жазғыштар «Правда», «Аргументы и факты», «Человек и закон» журналдарының редакцияларына да тыншу бермейді. Шет ауданы ол кезде Жезқазған облысына қарайды. Әрбір екі-үш ай сайын обкомнан комиссия келеді де тұрады.
– Сырымбетова кетеді...-деп ондайда жаулары жасап қалады.
Алайда Сырымбетова кетпеді. Оны кешегі үстінен арыз жазған орыс ағайындар алып қалып отырды. Осы шаруашылықта он жыл бойы елмен қоян-қолтық жұмыс істеді. Осы жылдар ішінде бірде бір сөгіс, не ескерту алған емес. Арыздардың үстінен қарша борағанына қарамастан… Әкесі марқұм жиі айтып отыратын. Орыстардың әділдігін қашанда жоғары қоятын. Ол кісі отыз екідегі ашаршылықты таймай өлеңге қосқан. Елу сегіздің оныншы бабымен жазасын Карелияның орманында өткерген.
– Басыма іс түскенде еврейлер мен орыстар аман алып қалды,-деп отыратын.
Сол орыстар өзін де аман алып қалды.
Абырой жазғанда алғашқы арыз жазушылар да, кейінгілері де бір нәрсені еске алмады. Егер олар мұның халық жауының қызы екендігін түрткенде қылар қайраны болмас еді. Сөзсіз партиядан қуылып, жұмыстан шығып, қаңғып қалатын еді. 1986-ның желтоқсаны келген. Мәскеу бастап, Колбин қостап қазақ ұлтына ұлтшыл деген таңба басылды. Қазақ ұланын жаппай жазалау жүзеге асырылып жатты. Араға тура жарты жыл түскенде сол кездегі аупарткомның идеология жөніндегі хатшысы Потапова телефон шалып, обкомнан комиссия шыққанын, жоғарыдан биыл институттарға қазақтан жастар алынбасын деген нұсқаудың барлығын, сол нұсқауды орындау үшін басқа ұлт жастарынан емтихансыз жоғары оқу орнына іріктеу керектігін, соған орай келуші өкілдерге барынша жағдай жасау керектігін ескерткен. Көріп алдым деген. Олай дейтіні мұндағы мектеп орталау. Келген өкіл қанша жерден шұқшиғанымен Нәскен Қасымқызының берген тізімінен аса алмаған. Ал ондағы тізімде арнайы оқу бітірген орыс тілді, қазақ емес екі-ақ бала бар-ды. Өкіл сол екеуін оқуға «түсіріп» кетті. Ешқандай емтихансыз. Алайда Нәскен бұл жолы үнсіз қала алмаған. Өзі араласып оларды оқуға түсірткен жоқ, ешқандай диплом бергізген де жоқ. Бұл да екінің бірінің қолынан келе бермейтін өткірлік, қайсарлық, тіпті ерлік еді. 1987-де Горбачевтің қайта құруы басталған. Қарашада аупарткомның көшпелі мәжілісінде «Батық асыл тұқымды мал зауыты партия ұйымындағы қайта құрудың барысы туралы» мәселе қаралады. Кемшілік тізбеленіп, оған партком хатшысы кінәлі деп танылады. Ал келер жылдың қаңтарында қайта құру бойынша аупарткомның Пленумы өтеді. Нәскен Қасымқызы бұл жолы жарыссөзге жазылмайды. Шығып сөйлеушілер көпірме сөздің жетегінде кетіп, партияның барлық деңгейдегі көсемдерін шаң жуытпай мақтап жатады.
– Сөз Батық асыл тұқымды мал зауытының партком хатшысы Сырымбетоваға беріледі,-дегенде өз құлағына сенбеген.
Бәрін күтсе де мұны күтпеген еді. Амал жоқ мінберге көтерілген. Ең алдымен сөзге дайындалмағанын айтып өткен. Одан кейін күні бойы айтып отырғанымыз жауырды жаба тоқып отырғанымыз деп бір демдеп алды. Жиналғандар демін ішіне алған. Сонан шешеніміз президиумда отырған көсемдерге бір қарап алған. Сонан сойып берсін, президиумның бет-жүзіне қарамай. Партияның жергілікті органдарындағы сөз бен істің арасындағы алшақтығын әшкерелеп берсін. Сөзінің соңында:
– Бізде сын жоғарыдан төменге жүреді, біз аупарткомға сын айта алмаймыз, өйткені қудалауға түсіп, жұмыстан қудалануымыз әбден мүмкін,-деп шегелеп тастаған.
Мұнан кейін қандай жарыссөз болушы еді. Жиналыс төрағасы Пленум жұмысын жабуға асыққан.
– Біздің Нәскен нағыз батыр екен,-десіп жатты жұрт.
Соңғы сөзімен ол өзін де қорғап қалған еді. Ашық қудалауға ешкімнің дәті жетпеді. Алайда аупартком тарапынан қарсы науқанның жүріп жатқаны да шындық еді. Бұлай жұмыс істеуге болмайтын еді. Нағыз коммунистігін ол тағы көрсеткен. Елдің қолы жете алмай жүрген жұмысынан арыз жазып, шықты да кетті.
– Нәскен нағыз коммунист екен,-деді жұрт.
Сол жылдың қоңыр күзінен бастап өз мамандығы бойынша экономист болып жұмыс істеп жатты. Алайда еш алаңсыз жұмыс істермін дегені бекершілік болып шықты. Ел бұрынғысынша өзіне ағылды. Ақыл-кеңес сұрап. Білгенінше бағыт-бағдар сілтеді. Батықтың өркендеуіне барынша атсалысты. 1995 жылы шаруашылықты өзі таратып тынды. Ешкімнің үлесіне қиянат жасаған жоқ. Басқаларға да жасатпады. Нағыз коммунистігін көрсетті. Қазір миллиондап кіріс кіргізіп жататын бұрынғы Батық жоқ. Коммунистік партия да келмеске кеткен.
Алайда Нәскен коммунист қалды.
Ел әлі Нәскен Қасымқызына барады.
ӘКІМ ҚЫЗ
Ару Алмагүл
Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Алмагүл Сәлімбаева Қарағанды қаласындағы зиялы отбасында дүниеге келді. Марқұм әкесі Аманжол Қашқы мбайұлы мен анасы Баян Нұрланқызы білімді, көкірек көзі ояу, жан-жақты үлгілі ата-ана болды. Әкесі кезінде Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының режиссеры болып, өнер сүйер қауымның жылы ықыласына бөленген жан еді. Өзі әнші, өзі актер, ара-тұра жыр жолдарын құрай қоятын ақындығы бар әке өмірі қысқа болды. Халқына бойындағы Алла дарытқан бар дарынын бере алмай, Алматыда өнер сапарымен жүргенде азаматтық мүшелінде кенеттен қайтыс болды. Сынаптай сырғып өтіп жатқан, қайран уақыт-ай! Әкесінің өмірден өткенініне де жиырма жылдан асыпты. Тірі болса, жетпістен асқан ақсақалдық мүшел биігінен көрінеді екен-ау. Анасы ұзақ жылдар бойы акушер-гинеколог болып еңбек етіп, кішкентай нәрестелердің дүниеге келуіне дәнекер болды. Алдында екі ағасы бар жалғыз қыз еркелеу өсті десе болғандай. Үлкен ағасы Ақан дәрігер болып еңбек етіп жүргенде ерте қайтыс болды. Одан кейінгі ағасы Біржан әке жолын қуып, режиссер болып, телерадиокомпанияда жұмыс істеген, қазір өзінің жеке фирмасы бар. Осындай отбасынан шыққан Алмагүл қаладағы қазіргі №92 қазақ гимназиясын бітірген соң білім жолын ҚарМУ-дың тарих факультетінде жалғастырады. Жоғары білім ала жүріп, қоғамдық жұмыстарға араласады. Мектепті бітірген 1985 жылдан бастап қалада жаңадан ашылған №15 мектепте пионер жетекшісі болып жұмыс істейді. Алмагүл басқарған пионер дружинасы ең үздіктердің қатарынан көрінеді. Жазда пионер лагерінде жұмысын жалғастырады. 1987 жылы аудандық комсомол комитетінің мүшелігіне алынып, БЛКЖО ОК-нің сол кездегі грамотасымен марапатталады. Екі жылдан кейін оны Алматыдағы комсомол ұйымының жоғарғы мектебіне оқуға жібереді. 1989 жылы комсомол комитетінің ұсынысымен сол кездегі Совет ауданының халық депутаттығына кандидат болып, топ жарып, депутаттық мандат алады. Жалындап тұрған ширақ қыздың аяқ алысын байқаған басшылар Алмагүлді қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығына әдіскер етіп жібереді. Түрлі игі бастамалардың басы-қасында жүретін ол дарынды балаларға арналған «Таңшолпан» байқауын өткізіп, бұлақ көзін ашады. Бір басына жететін сұлулығы, ақылдылығы, қандай қоғамдық жұмысқа болсын бейімділігі бар Алмагүл 1990 жылы қаламызда тұңғыш рет өткен «Арқа аруы» байқауына қатысып, бағын сынайды. Бұл байқаудың сынағы да оңай емес. Бүкіл сынақтан сүрінбей өткен Алмагүл байқаудың жеңімпазы болды. Сөйтіп, Алмагүл шын мәнінде «Арқаның аруы» екендігін танытты.
Ана Алмагүл
Алмагүл қарбаласқан қоғамдық жұмыстың жетегінде кетіп қалған жоқ. «Жол мұраты –жету, қыз мұраты-кету» деп анасының айтып отыратын ақылын құлағына құйып өскен Алмагүл 1990 жылы Алматы консерваториясын бітіріп келген домбырашы Ержан Ақжанұлына тұрмысқа шығады. Ақжол, Азамат атты алтындай екі баланың анасы атанады. Қазір қос құлыны әке жолымен облыстық дарынды балаларға арналған музыка мектебінде білім алуда. Ананың арқалаған жүгі ауыр. Ал елдің жүгін арқасына салған ананың жүгі одан да ауыр екендігі айтпаса да түсінікті болар. Ел басқарған азаматтар жылы ұясына келгенде жарының берген дайын асын ішіп, газетін қолына қысып, демалуға жантая кетеді. Ал әйел-ана ше, есіктен кірген бойда, алдынан шыққан балаларының маңдайынан бір иіскеп, ас дайындау қамына кіріседі. Содан сабақтарын пысықтайды, әйтеуір, тынымсыз күйбің тірлік бір толастамайды. Бағына қарай өмірлік серігі Ержан өзінің қат-қабат жұмысы күтіп тұрса да, жарының жанын түсініп, көмектесуге әзір тұрады. Сәл сырқаты бар Ержанның анасына салмағын түсіргісі келмейтін құдағиы Баян да демалыс күндері жиендерін алып кетіп, кір-қоңын жуып, ыстық тамағын беріп, қол ұшын беріп жатады. Кейде Алмагүл бүгінгі заманға сай тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтардың әйелдерге көмекке келгеніне риза болады. Кір жуу керек пе, автоматқа сала ғой, салат жасағың келсе ас үй комбайны көмекке әзір. Бұл күндері ол күні бойы ат үстінде, демалыссыз жұмыс істейді. Кейде ана болған соң «балаларыма дұрыс көңіл бөле алмай кеттім-ау» деп жүрегі ауыратын кездері жиі кездеседі. Шіркін, бала да анасының аялы алақаны мен мейірімін әр сәт сайын аңсап тұрады емес пе?!
Әкім Алмагүл
Алмагүл Аманжолқызы 1995 жылы бұрынғы Совет ауданының әкімшілігінде мемлекеттік қызметші жұмысын бастайды. Алғашында мәдениет және жастар жөніндегі бөлімнің бас маманы болып жұмыс істейді. 1999 жылы әлеуметтік сала және ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. 2000 жылы Совет ауданы мен Ленин ауданы бірігіп, Қазыбек би атындағы аудан деп аталады. Сол жылы әкімнің орынбасары болады. 2004 жылы Қазыбек би ауданы әкімінің міндетін атқарушы болып жоғарылайды. Бір жылға жуық осы міндетті абыроймен алып шығып, халықтың сеніміне ие болады. 2005 жылдың наурыз айында аталмыш ауданның әкімі болып тағайындалады. Аудан әкімі болған соң коммуналдық мәселелердің ең бірінші орында тұратыны белгілі. Қазыбек би атындағы аудан қаладағы ең үлкен ауданға жатады. Бүгінде 239 мың халық қоныстанған бұл ауданда 1460 көп қабатты тұрғын үй, 13 мыңнан артық жеке меншік үй бар. Тіршілік болған соң бұл үйлердің жылуы, жарығы, суында ақау болмай тұрмайды.. Сондай қысылтаяң сәттерде Алмагүл Аманжолқызы ең алдымен тұрғын үйлердің қысқа дайындығын қадағалап, соларға ие болатын ПИК иелерімен жұмыс істеді. Рас, өмір болған соң жаны қысылған адамдар арыз-шағым жазбай тұрмайды. Бірақ сонау Елбасынан бастап, республикалық, облыстық құрылымдарға жіберілген халықтың бүкіл арызы айналып келіп, аудан әкімінің алдына келіп түсетінін бірі білсе, бірі білмес. Әкімге олардың қажетін өтеп беру де оңай емес, біраз мекеме, кәсіпорындармен «жағаласуға» тура келетін кездер болады.. Жасыратыны жоқ, коммуналдық мәселелерді шешу өте күрделі. Бірақ Алмагүл оған бола көп қинала қойған жоқ. Көп жылдан бері осы ауданда еңбек еткен ол ауданның қыры-сырына бұрыннан қанық. 1995-1996 жылдары қалада жарық, су, жылу болмай халық қатып қала жаздаған жылдары жас маман жұмыс бабымен жүгіріп жүріп, біраз нәрсені үйренген. Қаланың қай жерінде қандай нашар үйлер бар, қай бұрышында күрделі жөндеуді керек ететін құбырлар бар, бәрін бес саусақтай біледі десек артық айтпаған болар едік. «Қыздың жолы ауыр» деген халықта сөз бар. Алмагүл әкімнің міндетін атқарушы болып тағайындалғанда, ақпан айының бірінде қатты дауыл болды. Қаладағы жүзден артық үйдің шатыры ұшып кетті. Октябрь ауданында дауылдан зардап шеккен үйлер көп деп қаражаттың көбі Октябрь ауданына бөлінді. Бірақ Қазыбек би атындағы ауданның да тартқан залалы кем түспеген еді. Бірақ Алмагүл оған бола өкпелеген жоқ, ақырын жүріп, шатырсыз қалған үйлердің жыртығын жамауға тырысты. Алмагүлдің тағы бір жақсы қасиеті, түрлі кәсіпорынның басшыларымен тіл табыса алатындығында. Елдің де, әйелдің де жүгін арқалап жүрген кейіпкерімізде бір тыным жоқ десе болғандай. Ұжымын жинайды, онда бір сұрақтарды көтереді. Қалалық, облыстық мәжілістерге қатысады. Ауданға қарасты шағын аудандарды қарап, тексеріп шығады. Кейде комиссиямен, кейде шұғыл мәселелермен аудан ішін аралауға мәжбүр болады. Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары А. Сәлімбаева жұмыс барысында әр түрлі адамдармен тілдеседі. Жұмыс бабымен кейде жұмсақ, кейде қатты кетеді. Қалай десе де заты әйел адам болған соң аналық мейірімділік пен жұмсақтығы жібермейтіндей. Кейде оңашада «Әлгі адамды ренжітіп алдым ба, артық кетіп қалдым ба?» деп өзін өзі қажайтыны тағы бар. Бірақ қалай десе де мәселелерді байсалды шешуге тырысады. «Адам мінезінен табады» дейді ғой жұрт. Осы мінезінің жақсылығынан болар елінің сүйген қызына айналып отырғаны.
ІІ БӨЛІМ
БАЛҚАНТАУДАН АЛАТАУҒА ЖЕТКЕН ӘН...
ҰЛЫ ӘНШІНІ ТАБЫНДЫРҒАН АРУ
Қазақстан Республикасының Халық әртісі Қали Байжанов тұрған үйге ескерткіш тақта қойылғаны Қарағанды жұртшылығына белгілі. Осынау салтанатты рәсімге атақты әншінің ұлдары Болат, Жеңісбекпен бірге қызы Алла қатысқан болатын. Орайы келгенде әншінің қызы Алладан асығыс болмаса сұрағымызға жауап беруін өтінген едік. Ол кісі бізді әншінің үйіне, бүгінде баласы Жеңіс тұрып жатқан қасиетті қара шаңыраққа бастады. Жақсының көзі емес пе, мені жатсынған жоқ. Бұрыннан етене таныс жандарша ақтарылып сала берді.
– Өнер сүйер қауымның жүрегінен жол тапқан әкеңізге жасалып жатқан жерлестеріңіздің құрметіне куә болып отырсыз. Әкеңіз туралы біраз естелікті енді өз аузыңыздан естісек деп едік?
– Алдымен мен ел құрметтеген әншіні әке деген емеспін, ата дегенмін. Ал туған шешемді апа деп өстік. Оның да өзіндік сыры бар.
Мен атамның жетпіске қараған шағында дүниеге келгенмін. Атам 1877 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. Ал мен 1946 жылы жарық дүниеге келдім. Енді өзіңіз есептей беріңіз. Оның үстіне мені атам бір жасқа жетпей апамның (туған шешемнің) бауыры Қалкен (Қалиолла) Мұзафарұлының қолына берді. Ал ол кісінің жары Қазақстан Республкасының еңбегі сіңген артисі Алтын Әлиева болған. Дәлірек айтқанда, мені тәрбиелеп жеткізген анам осы кісі. Бірақ мен екі үйде де еркелеп, бұла өстім. Кішкентай кезімде Музей-5 мүйісіндегі үйде тұрдық. Біз екінші қабатта, атам мен апам бірінші қабатта тұрды. Бұл үйде 1946 жылдан 1960 жылға дейін тұрдық. Сонда анам гастрольге кетеді, әкем болса партия қызметінен қолы босамайды. Сол кезде мен зейнеткерлікке шыққан үлкен үйдегі атамның қолында болатынмын.
– Сонда сізді бауырына басқан әке-шешеңіз үлкендерден қызғанбай ма?
– Қызғанбады деп айтсам жалған болар. Кейде мен үлкен үйге келіп, біраз бөгеліп қалсам атам мен апам «Қалқам, өз үйіңе бар» деп мені асықтыра бастайтын. Кейде кіші үйдің маған алаңдап «Тезірек үйге қайтсын» деп телефон шалған тұстары әлі жадымда.
– Сізді сол үйге беруге не себеп болды?
– Қазіргінің адамдарындай емес, бұрынғылар ұрпақтың келешегін, отбасының беріктігін ертерек ойлап, қамқор болып отырған ғой. Оның үстіне атам өте бауырмал, туысқаншыл, көпшіл, жүрегі баладай пәк адам еді. Отбасында екі жастың арасында дәнекер болатын сәби екенін айтпаса да түсінікті. Сол жоқ сәбидің орнын толтыру үшін әрі өзі қатты жақсы көретін Алтын атты келінінен айырылып қалмас үшін атам жалғыз қызы мені балдызына бала қылуға берген. Меніңше бүгінгінің адамдарында осындай бауырмашылық азайып бара жатқан сияқты.
– Айып етпеңіз, сонда атаңыз отбасын тым кеш құрған ба?
– Тіпті де олай емес. Менің туған шешем Хабиба (Қапан) Мұзафарқызына жолыққанға дейін отбасылы болған. Бірақ алған жұбайы жастай қайтыс болыпты. Менің апам Хабиба текті жердің қызы. Атақты артист Шәкен Аймановтың апасы. Шәкен ағаның есімі Шәкен емес, Шәкәрім болған. Менің туған шешемнің әкесі Мұзафар мен Шәкеннің әкесі Кенжетай бірге туған, ағалы-інілі. Дұрысырақ айтқанда екеуі де Айманның балалары. Ал Айман Ақыннан, Ақын атақты Шоңнан туған.
Атам Баянауылда Кенжетайдың үйіне барып жүргенде Хабиба шешеме көзі түсіп қалыпты. Бұл кезде атамның жасы 43-те, шешей не бары 14 жаста екен. Сол кезде шешей Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ғашығы Мәликемен қатты дос болыпты. Үріп ауызға салғандай өзі сұлу, өзі жас апам атамды не қылсын, көзінің қиығын да салмайды. Ғашық болып, әбден дымы құрған ол ішкі сезімін қыздың ағасы Кенжетайға сыр қылып айтады. Қалекеңнің азаматтығын, дарынын аса қадірлеп жүрген Кенжетай бұл ұсынысты құп алған. Табиғатынан өжет апам ағасының сөзіне құлақ аса қоймай «Өзі хат танымайтын, жасы үлкен адамға қалай тиемін» деп қарсыласады. Қыздың бұл жауабы құлағына тиген атам хат танитын ауылдың адамына бір кітапты қайта-қайта оқытып, ондағы жазылған дүниенің барлығын жаттап алса керек. Сөйтіп, қыздың алдында әлгі кітапты оқып, хат танитынымды дәлелдеймін дейді. Бір күні апам келсе, атам төсектің аяғын айқастырып қойып, кітапты зуылдатып оқып жатады. Алғашында иланып қалған апам, артынша сақылдап күліп жібереді. Сөйтсе, атам кітапты төңкеріп қойып «оқып» жатса керек. Бұл амалы жүзеге аспаған соң, күйеуге шығуға көнбеген апама енді Кенжетай ағам күш көрсете бастайды. Бір күні Хабиба апама ішінде оғы жоқ мылтықты кезеп, «Қалиға тимесең атып тастаймын» деп қоқан лоқы көрсетеді. Ол кезде қалай дегенмен де қыздар үлкендердің сөзін аяқ асты ете алмаған ғой. Сөйтіп, шешей атама тұрмысқа шығып, сегіз баланы дүниеге әкеледі. Біразы кішкентайынан шетінеп кетіпті. Көпшілік жұрттың алғысына бөленіп жүрген Октябрь деген ағам кейін қайтыс болды. Қазір Болат, Жеңіс атты ағаларым бар. Мен болсам Алматыда тұрамын. Бірақ мен апамды бұл өмірде бақытты болды деп айта аламын. Атам өмір бойы ол кісіні сыйлап өтті. Бір рет даусын көтеріп, қабақ шытқанын көрген жоқпын. Балаларының маңдайынан иіскеп, намаз оқып, тірлігіне тәуба айтып отыратын. Балажандығы сондай Болат деген ағамды туғанына төрт ай болған кезде Мәскеудегі гастрольге өзімен бірге ала барыпты. Атам өмір бойы ұрпақтарының тілеуін тілеумен күн кешті.
– Ел аузынан Қалекеңді Егіндібұлақ өңірінде өскен деген сөзді естиміз? Бұл дерек жөнінде сіз не айтасыз?
– Сөзіңнің жаны бар. Атамның туған жері Баянауыл болғанымен, өсіп қанаттанған жері-Балқантау, «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы ауылдың Шөптікөл бөлімшесі. Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастап айтайын. Атам әке-шешесінен жастай айырылып, жоқшылық пен жетімдік азабын көп тартады. Қиындыққа мойымай, бойында бар табиғи дарынының арқасында қолына домбыра алып, ән айтуға талаптанады.
Атамның 8-10 жастағы кезі болса керек. Балқантау бауырынан шыққан Тәуекел бай Баянауылға мейман болып барады. Ертеңінде таудың басына шығып, демалып отырған Тәуекел бай өлең айтып жүрген баланың даусын естиді. Маңайындағылардан: «Бұл неғылған ғаламат дауыс, кімнің баласы?» деп сұрайды. «Байжанның баласы» дейді баянауылдықтар. Тәуекел байдың да өнерге бір табан жақындығы болуы керек, баланы алдыртып ән айтқызады. Оның ашық әрі кең даусына риза болып: «Мына баланы маған беріңдер, өзім тәрбиелеймін» деп сол жолы ағайынды Қали мен Әлиді туған жері екінші ауылға (Қазақстанның 40 жылдығы атындағы ауыл) алып келеді. Інісі Әлидің сол кезде денсаулығы болмаса керек. Тәуекелдің қолына келгеннен кейін көп ұзамай қайтыс болады. Ал атамды сол елдегі әйгілі әнші Жарылғапберліге «Сен мына баланы өзіңмен бірге ала жүріп, әншілік өнерге баулы» деп қасына қосып береді. Өзі де болайын деп тұрған баланы Жарылғапберлі Семейге, Көкшетауға, Қоянды жәрмеңкесіне және тағы басқа жерлерге апарып, әншілігін шыңдай түседі. Ол Жарылғапберлінің өзінен «Ардақ», «Аққұм», «Топайкөк», «Шама», «Жалғыз арша» сияқты толып жатқан әндерді үйренген. Содан кейінгі өмірінде атам Қаракесектің ішіндегі атақты бай Ақайдың Қасенінің қолында жүріп те әншілік өнердің көрігін қыздырған. Атам өз дәуірінде Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұсаны өз көзімен көріп, өнеріне тәнті болған. Бір жылы Нұрлан дейтін кісіге еріп, Семей қаласына барған сапарында әдейі бұрылып Абай ақынның аулына түседі. Данышпан ақынның қалауы бойынша бірнеше ән шырқап, Абайдың батасын алған. 1936 жылы Бүкілодақтық радио комитетінің шақыруы бойынша Қазақ ССР халық артисі Б.Орлов бастаған қазақ хоры Мәскеуге барған сапарында атам үлкен сахна төріне шығып, қазақтың терең мәнді, сұлу сазды әндерін шырқап, астана жұртшылығын кең де ашық даусымен таң тамаша қалдырған. Бұл көп сапарының бірі ғана.
– Қали ақсақал кезінде тарихқа белгілі әншілерді, ақындарды көріп, өнеріне тәнті болып қана қоймай, ақ батасын алған екен. Ал ол кісі жасы ұлғайған шағында өзінен кейінгі ізін басқан өнер адамдарына ақ батасын берген болар?
– Атамды өнерде, әдебиетте аты белгілі адамдар «Біздің әкеміз» деп айтатұғын. Шәкен Айманов: «Ең жақсы көретін жездем-Қали Байжанов» дейтін. Келешегінен көп үміт күтетін, сүйікті шәкіртінің бірі Жүсіпбек Елебековке өзі орындайтын әндерінің қыры мен сырын үйреткен. Алматыдағы белгілі артистер, әншілер үлкен фестиваль, концерттерге барарда, алдымен Қарағандыға соғып, атамның батасын алып кететін. 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан мәдениетінің күндері қарсаңында Б.Төлегенова, Е.Серкебаев атама арнайы келеді. Б.Төлегеноваға: «Сен бұлбұлсың, жолың болсын!» деп аузына түкіріп, Е.Серкебаевқа ақ батасын беріпті. Олардың сол жолғы өнері елеусіз қалған жоқ. Совет Одағының Халық артисі атанды.
Сахна шебері, актер Қалибек Қуанышбаев рухани туысқаны ғана емес, құда да. Қаллекидің ұлы Аңдабек Ш.Аймановтың үлкен апасының қызын алып отыр. Өзіңізге белгілі болар, өнер тарланы Асанәлі Әшімов те Шәкеңнің күйеу баласы. Өнер кемесінде басы тоғысып, «бірін-бірі батыр...» деген адамдар ғана бір бірінің жан-дүниесін түсініп қана қоймай, туысқандық деңгейге барады. Сондай-ақ үйге қазақ әдебиетінің классиктері де келіп жататын.
– Үздік-создық келіп жатқан қонақтарды күтуден Хабиба апаңыз шаршамаушы
ма еді?
– Қашан да атамның үйінің есігі ауылдағыдай ашық тұратын. Апам атамнан жиырма жеті жас кіші болса да өте ақылды, парасатты болды. Өткір, қатал мінезі де өз орнымен болып жататын. Ол өнер адамдарын қонақ қылып күтуден ләззат алатын десем қателеспеймін. Себебі өзі де өнерден құр алақан емес еді. Әдемі даусы бар, арасында сызылтып ән салатын. Апамды қонақ күткенде тіпті танымай қалатынмын. Әр келген кісінің мінез-құлқына, қалжыңына, сөзіне қарай жығылып, қыбын тауып отыратын. Әншілер Алматыда жүріп: «Шәкен және Кәукеннің Қарағандыдағы апасы қандай ажарлы, қандай парасатты» деп айтып жүретін көрінеді.
Әлі жадымда, 1986 жылы Нұрғиса Тілендиев концертіне арнайы алдырып, апамды орнынан тұрғызып, дүйім елдің алдында: «Хабиба ана бәріміздің шешеміз. Шешемізге бас иіп, тағзым етейік!» деп жар салды.
Бұл да болса апамның өзін айналасына сыйлата алғандығының белгісі болар. Өтіп жатқан өмір-ай, десеңші! Атам да қандай еді, әнді жүрегімен айтушы еді-ау. Әдемі қалжыңымен кез-келген адамның ашуын тарқатып жіберетін. Бәрінен бұрын баладай аңғал еді ғой, шіркін. Замандастары бірдеңе деп қалжыңдаса, иланып-ақ қалатын. Сөйткен атам 1966 жылы 89 жасында қайтыс болды.
– Ел сөз еткен аңғал мінездері жөнінде айтылған әңгімелер жадыңызда бар ма?
– Атамның әрбір сөзін, ісін, сол кісі туралы айтылған әңгімелерді көңіл түкпіріне түйіп ер жеттік. Ойыма мына бір оқиға оралып отыр.
Бірде атам Қоянды жәрмеңкесіне ең тәуір деген атымен барса керек. Сол күні қонып қалады. Айналасындағы таныстары, замандастары «Қалидың аты тамаша екен. Біз бұны айырбастап алайық немесе сойып алайық» дейді де орнына басқа атты айырбастап қояды. Атам таңертең тұрады. Атты ерттейді, мінеді. Мініп алып келе жатса, аты ақсақ.Сонда ойына еш жамандық келмеген атам: «Е, мынау атым кеше жақсы еді. Бұл не ғып ақсақ болып қалған» деп сол беті тоқтамай жүре беріпті.
– Енді әнші атамыздың ұрпақтары-өздеріңізге тоқталып өтсеңіз.
– Қарағандыда Болат, Жеңіс деген ағаларымыздың бар екенін айттым. Атамның шаңырағын бұл күнде Жеңіс ұстап отыр. Ол ағам отыз жыл бойы № 22 шахтада жұмыс істеген. Қазір химия-металлурггия институтында еңбек етеді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына 10 жыл толу мерейтойы кезінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Алғыс хатын» алды. Жеңгем Меруерт болса қазақтың ата-салтын, әдет-ғұрып, тілін құрметтей білетін қасиетті Қазыбек баба елінен. Соның ішінде атамды қанаттандырып шығарған Шөптікөлден. Өзім осындағы музыка училишесін бітірген соң Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда оқыдым. Жолдама бойынша Алматыдағы музыка колледжіне ұстаздық қызметке келдім. Сол жерде еңбек еткеніме отыз бір жыл болды. Алыста жүрген кезде адам туыс іздейді екен. Ағам Жеңіске бұдан бірнеше жыл бұрын Алматыға көш деп қолқа салғанмын. Ол болса «Әкемнің құт дарыған қара шаңырағын ешқайда айырбастамаймын» деп қарсы болды. Енді әкемнің тақтасы ілінген соң тіпті орнынан қозғалмайтынын білемін. Ой жіберіп қарасақ менікі дұрыс емес, өзімшілдік екен ғой. Қазір өз ойымнан ұяламын.
– Манадан батылым жетпей отыр еді. Десе де көңіл түкпірінде қалмасын, Алла деген есіміңіз азан шақырып қойған есіміңіз бе?
– Жоқ, менің азан шақырып қойған есімім-Ақбөпе. Менің құжат бойынша аты-жөнім-Ақбөпе Қалкенқызы Мұзафар.
Әңгімеміз аяқталып қалған.
– Менің де сізден бір өтінішім бар еді, соны айтсам бола ма?-деді Алла.
– Айтыңыз, – дедім.
– Әкем халықтың ұлы болды. Мүмкіндік болса, қаламыздан әкем Қали Байжановтың атына бір көше берсе деген арманым бар еді. Соны өнер сүйер жұртшылыққа жеткізіңізші.
07.02.2004.
ТОЛҒАНАЙ
Сахна да-сахна, өмір де-сахна. Әркімнің онда ойнар рөлі бар. Жер басып жүрген жұмыр басты пенделердің барлығы да актер, тек ойнайтын рөлдері әртүрлі, қайғылы, күлкілі, тартысты дегендейін. Сондай ампулаларына орай оларды трагик, комик, драмик деп жіліктеп жатады. Осылардың бәрін ойнайтын актерлер де бар. Оларды әмбебап деп әспеттейді.
Өзгені ойнау мәртебе.
Өзіңді жоғалтпау бақыт.
Жәмила Шашкина апамыз осындай өнер тарланы, ол кісі өзгелерді ойнап бақты, алайда өзін жоғалтпады. Осыдан екі жыл бұрын театр сахнасында мәдениет қызметкерлеріне облыс әкімінің сыйлығын тапсыру рәсімі өтті.
Сахнаға шыққан облыс әкімі Н. Нығматулин:
– Ғұмырының көбін қазақ өнеріне арнаған, өнердің ыстық-суығын көрген, мәдениетіміздің өркендеуіне ұзақ жыл еңбек сіңірген абзал анамыз, Қазақстанның Халық әртісі Жәмила Шашкина апамызға облыс әкімінің арнайы сыйлығын тарту етеміз,-деді.
Бір кезде сахнадан өмірін өнерге арнаған ақ жаулығы ағараңдаған Жәмила апамыз көрінді. Қуыршақтай ғана апамыздың иығына кәмзол, басына жаулық жабылды.
Сәлден кейін облыс әкімі:
– Сізді театрға әкелу үшін троллейбус күтпесін деп темір тұлпар мінгіземіз,-деп хабарлағанда жиналған жұртшылық риза болып, орнынан дүр етіп көтеріліп, қол шапалақтаған. Сахна шымылдығы түріліп, темір тұлпар жарқ ете қалған. Ақ жаулықты әжеге ақ тұлпар жараса кеткен.
Жәмила апай ағынан жарылған:
– Айналайын, елім, халқым, қара орманым! Сендерге аналық ақ жүрегімнен алғысымды айтамын. Қарағандыға жас күнімде келдім. Өмірім, өнерім осында өтті,-деп өнерін бағалаған барша жұртшылыққа ризашылығын білдіріп, ақ батасын берген.
Қуаныштың үлкені бұл емес екен.
Күні кеше ғана жаңадан қазақ драма театры ғимаратының бой көтергендегі, оған Елбасымыздың өзі келіп тұсаукесерін жасап кеткені белгілі. Сондағы апамыздың қуанышын айтпаңыз.
– Арманым жоқ,-деген нұрланып тұрып.
– Қазақ театры енді ғана бостан болды,-деген жаулығының ұшын көзіне апарып.
Жәмила апамыз Қарағанды қазақ театрының бастауында тұрды.
Ол кісі өзіміздің Қарқаралының Кіші Қоянды деген жерде дүние есігін ашыпты, бұл бүгінгі Ынталы, Бесоба елді мекендерінің аумағы. Әкесі Нұрмағанбет пен анасы Мәжей бай тұқымдары екен, бақуатты тұрыпты. Ақ қуып, қызыл қашқан заманның уақытында көшпелі қазақтың көші үзілмей, сайын да салқар даласы ән салып тұрыпты. Жәмила апамыз сондай ортада дүниеге келген, сондай ортадан тәлім алған. Әкесі Нұрмағанбет осы төңіректе есімі білінген дәулескер күйшілердің бірі екен, Тәттімбеттің қосбасарларын шалғанда қу таяққа жан бітіп қоя береді дейді. Анасы Мәжей де өнерден құралақан болмаған. Ол кісінің де өзіндік қоңыр дауысы болыпты, үнін аспандағы қуға қоспағанымен ел алдында ән салған адам екен. Мұндай шаңырақтың белдеуінен қашанда ат кетпейді ғой, бірі кетіп, бірі келіп аткөпір болып жатады. Бірде осы шаңыраққа атақты Жүсіпбек Аймауытов түстеніпті, қазіргі ел ол кісіні мемлекет және қоғам қайраткері ретінде түсінеді, ал ол кездегі түсінік бойынша Алаш көсемдерінің бірі болатын, сол асыл ағаның осы шаңырақпен құдандалығы бар екен. Сонда жақсыны көрмекке жиналған ел ырғын болыпты, сонша топтың алдында ардақты аға «Екі жирен» әнін шырқапты. Сол ел құлағында қалған ән бүгінде Жүсекеңмен қайта табысты. Жәмила апамыз осы әнді шамасы келгенше ыңылдап отырады, жақсы әншілердің бірі келіп қалса соларға қолқалап салдыратын. Өйткені бұл ән апамыздың айдай сұлу әпкелері Қалима мен Қайкенге арналған екен, бұл апалары ағасы Рақымжанның қыздары болады. Ол кісі байдың тұқымы ретінде қудаланып, отыз жетіде опат болады. Бұл сүргінге өзі әртүрлі себеппен ілікпей қалады, бұл тұста ол кісі қазақтың классик жазушысы Зейін Шашкинге тұрмысқа шығып, сол абзал ағаның текесіміне көшіп алады. Алайда апамыздың осы қуғын-сүргіннен көрген зәбірі әлемет еді. Кеңестің қырағы көз чекистері Зейінді де халық жауы деп түртпектейді. Сөйтіп, Қарқаралыдан Қарағанды арқылы Мәскеу өтіп Алматыға орнықтым деген апамыз елін қайтып бетке алады. Осынау ауыртпалық жылдарында Зейінінің көзіндей болған қос құлыншағын ерте кетеді, кейін олардан да көз жазып қалады. Апамыз солайынша туған ағадан, сүйікті жардан, етбауыры баладан адасып, қара жамылып қала береді, алайда қайғыны ұмыттыратын уақыт, оның ішінде, әрине, сахна еді. Ол енді сахнада өзін ойнайтын болады...
Сол отыз сегізден бері осы Қарағанды сахнасынан түспей келеді. Көмірлі Қарағанды апамыздың Отанына айналған. Туған жерінен ажырап мұнда келуінде кешегі ашаршылық жылдарының табы жатыр еді. Әке-шешеден жастай айрылған қаршадай қыз қайткенде тамыр жаюға ұмтылған. Ол үшін көмірдің оқуына ілігу керек-тін. Зерделі қыз ол оқуға кіріп қана қоймай шығып та үлгереді. Өйткені мұнда сол отыз екінің өзінде ел ТРАМ деп кеткен-жұмысшы жастар театры жұмыс істейтін. Оның алғашқы буыны бүгінде тарихи тұлғаларға айналып та үлгерді. Зейнел Көшкінбаев, Сырлыбай Жүнісов, Төлеубай Ілиясов, Өркеш Жабаев және басқаларының есімдері театр тарихында алтын әріппен жазылды. Солардың ішінде арпа ішіндегі бір бидайдай жалғыз қаракөз –Жәмила апамыз жүріпті. Ол тұста, ел есінде болар, әйелдер болып ер актерлер ойнай беретін. Жас Жәмиланың Қарағанды сахнасынан көрінуі оның шын мәнінде өнердің қара ошағына айналуына сеп болады. Өйткені әйел болып әйел баласы ойнайтын заман туған еді, өнер өз қадіріне жеткен еді.
Бүгінгінің баласы театрға бармайды!
Ол кездің баласы театрдан шықпайтын!
Бәрі кешегідей көз алдында.
Труппаға «Қарқаралы басында жалғыз арша» әнін шырқап қабылданған болатын. Бүгін ол өзін сол жалғыз аршаға ұқсатады. Өзімен қатар шапқан өнер тарландары келместің кемесіне мініп, тарихқа айналды.
Ол өнердің биігінде жалғыз аршадай өңін бермей тұр.
Көңіл-күйі келмей, не қошы болмай тұрса осы жалғыз аршасын аңыратар еді...
Көркемөнерпаздар сапында алғашқы ойнаған рөлі А. Шаниннің «Көмір майданындағы» шахтер қызы Гүлсім болатын. Шын мәнінде апамыз бұл жерде өзін ойнаған еді, өйткені ол шахтерлер өмірінің кермек дәмін татып та үлгерген еді. Ол кезде қазіргідей көп актілі дүниелер жоқ. Сондықтан бір күнде екі-үш қойылымдарда ойнап та үлгеретін. Осылай жүріп өзіне кеңістік керек екенін жақсы түсінеді. Оның да сәті түсіп 1935-36 жылдары Мәскеуде мемлекеттік театр өнері институтының қазақ студиясында дәріс алады. Алайда денсаушылығы болмай елге қайтып оралуға мәжбүр болады. Зейін ағамызбен сонда табысқан екен. Ол кезде атақты жазушы ММУ-дің әдебиет және философия институтында оқыған ғой... 1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтіп, оған Күләш апасымен бірге Жәмила да қатысады. Кремль төрінде қазақ өнерін аспандатқан сол аяулы ағалар мен апайлардың көзіндей қазір жалғыз Жамиала апамыз қалыпты. Сол жылы Алматы театрына шақырылады. Күләш апасынының жанында жүріп ән салу шеберлігін ұштайды, Күләштің дублері болады. Алайда «Қыз Жібек» операсындағы Жібек партиясын орындау маңдайына жазылмаған екен.
Ал Қарағандыда опера театры болмады ғой...
Есесіне қазақ драма театры бар ғой!
Өмірдегі есесін солайынша өнерден алды...
Сахнада ол өзін, өзінің болмысын ойнады. Оның болмысы-Еңлік, оның болмысы Қарлыға, оның болмысы Айман, оның болмысы Баян, оның болмысы Жібек, оның болмысы Толғанай еді. Ол ойнаған осынау рөлдер ұлттық сахнамыздағы қайталанбас құбылыс ретінде қабылданды Осыдан бес жыл бұрын қалың өнер сүйер қауым апамыздың тоқсан жылдық мерейтойын өнердің қасиетті қара шаңырағы-өзінің театрында өткізген. Сол мерейтойда талай мәртебелі құттықтаулар оқылып, игі тілектер айтылды. Алайда қазақ өнері мэтрлерінің бірі Шамғон аға Қажығалиевтің сөзі әлі құлағымда тұр. Ол кісі:
– Біздің Жәмила апамыз қазіргі көзі тірі қазақтың кәсіби театрының іргесін қалаушылардың бірі, әрі қазақ әртістерінің анасы десек те болады. Жәкең бір емес, қатарынан үш амплитудада бой көрсеткен тұлға. Алғашқысы-қазақ эпостары мен ғашықтық жырларындағы лирикалық образдар. Ол Еңлік, Жібек, Баянды өзіне тән нәзіктікпен ойнаған актер. Екіншісі-аналар бейнесін жасауы. Бұған Толғанай образын айтсақ та жеткілікті. Үшіншіден-орыс классиктерінің кейіпкерлері мен комедиялық образдар жасады. Оның үстіне тамаша әнші болды. Опера театрында Күләштің дублері болды. Әуезов театрында Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова үшеуі Толғанай, Қыз Жібек, Баян сұлу рөлдерін ойнағандары үшін халық әртісі атағын алды. Ал біздің Жәмила апай осы үш образды жалғыз өзі жасағандықтан ол үш мәрте халық әртісі десек те болады,-деген еді.
Бұл жерде Шамғон аға емеурінмен екі нәрсе айтқанды. Біріншісі, Ана образын төл әдебиетімізде Ғабит Мүсірепов жасаса, сахнада Жәмила Шашкина жасады. Екіншіден Толғанай образ емес Жәмила апамыздың өзі, болмысы еді. Бұл жерде Шамғон ағамыз Сәбира, Хадиша, Шолпан апаларымызды кемсітіп отырған жоқ, солар арқылы апамыздың ампуласын ашып беріп отыр. Осы жерде еріксіз көз алдыңа Қарқаралы басындағы жалғыз арша келеді. Онда қаншама драма жатыр! Онда қаншама трагедия жатыр! Онда қаншама комедия жатыр! Мұны ешкімнің басына бермей-ақ қойсын, алайда апайымыз осының барлығын өзінің басынан өткерді. Сондықтан апамыз ойнаған рөлдердің солғыны болмады. Бүгінде апамыз театр сахнасына оқта-текте шығады. Шеберлік сағаттарын өткізгенде. Әйтпесе ол кісі сахнада ойнарын ойнап біткен! Ол кісі сахнада үлкенді-кішілі бес жүз рөл ойнапты, соның барлығы әйелдер, әйел-аналар...
Шөбере баққан әже көрсеңіз Жәмила апамызды көрдім дей беріңіз.
Қарағанды Жәмила апайымен мақтанады! Жәмила апай Қарағандысымен мақтанады!
Жалпы, Нұрмағанбет ақсақал шаңырағында екі түсті он бала дүниеге келген. Солардың ішінде қазір жер басып жүргені осы Жәмила апамыз екен. Жоғарыда айтқанымыздай қос балапаны-Қарлығашы мен Қаракөзі адастырып кеткенімен көзіндей болып немересі Сулико қалған. Қазір шөбересін көріп отыр. Қазақта шөбере қолынан су ішкен жұмаққа барады деген сөз бар. Ал хадисте жұмақ Ананың аяқ астында деген. Ол кісі болса-Аналардың Анасы! Толғанай!
ЖАЙЫҚ АҒАНЫҢ ЖӘУКЕНІ
Бәлкім, ол кісі мені іздеді, бәлкім, ол кісіні мен іздедім, әйтеуір біздер кездестік. Соңынан тағы кездестік. Соңынан біздер айрылыса алмадық... Айтылар әңгімеміз жеткілікті еді. Өйткені ол кісіде есті әңгіме болды. Менде есті құлақ болды-ау деп ойлаймын...
Ақмолада оянған ақ тілек
– Мен Жәкеңнің жары Жәукен Жақияқызы 1921 жылы мамыр айының 5-күні Ақмола облысы, Покровка селосынан үш шақырым жерде бір кездері өз әкем Жақияның атымен аталған жерде дүниеге келдім. Арғы аталарым Ақмола дуанында аға сұлтан болған қыпшақ Жайықбайдың Ыбырайы. Соның шөбересі Шойынбайдың Жақиясынан тудым. Шешем Темеш, Ақмоладан жиырма бес шақырым жердегі Қосшы деген елді мекеннен. Әкем елді коллективтендіру тұсында ағаш шеберлерінің бастығы болдым. Әкемнен сегіз жасымда айырылдым. Ауқатты адам еді. Шешемнің барлығына қызықты ма, әлде бәденділігін ұнатты ма, ағайын жігіттің біреуі әмеңгерлік жолмен сөз айтып, анамыз екінші рет тұрмысқа шықты. Одан бір қыз туды.
Сонымен бірге күйеуі соғысқа кетіп, төрт баласымен қалған апайымды, екі баламен қалған жеңгемді, анамды асырадым. Соғыстан бұрын 1939-1940 жылдары ма екен, Ақмолада комсомолдар конференциясы болды. Мен де сол жиналысқа делегат болып қатыстым. Конференция үш-төрт күнге созылды. Сол жолы өмірлік жарым Жайықпен таныстым. Жаңылмасам, Жәкең ол кезде Алматыда жұмыс істеді. Кейін Жамбыл қаласындағы қазақ газетінде редактор болды.
Танысқан соң ол хат жазып тұрды. Мен бір-ақ рет жауап жазғанымды білемін. 1942 жылы Жәкең Жамбылдағы газетте жұмыс істеп жүрген жерінен «халық жауы» деген жаламен ұсталып кетіп, Тайгадан бір-ақ шықты. Айдаудан босап шыққаннан кейін 1946 жылы Жәкең мені іздеп Ақмолаға келді. Сол жылдың қараша айының 25-күні қосылдық. Отбасы құрғанымызға екі-үш ай өткен соң Жәкең мені Қарағанды қаласы, Киров көшесіндегі 7-үйдің 11-пәтерінде тұратын Фатима Кенжебаева деген қарындасына алып келді. Фатима жоғары білімді, сол кездегі Қарағанды пединстетутының қазақ тілі маманы екен. Бір жастан жаңа асқан Дана есімді қызы, (қазір Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Шәймерден Оразалиновтың жары) екі жарым жаста Дауыл деген ұлы бар. Жұбайы Қабыкен Мұқышев ақын, әрі жоғары оқу орнына дәріс береді. Ол үйде қанша ай тұрғанымды ұмыттым. Жолдасыма жұмыс бере қоймады. Соғыс біткеннен кейін ел әлі есін жия қоймаған қиын уақыт. Өздерінің екі баласы, келімді-кетімді кісілері бар үйге қашанғы салмағымызды салайық. Фатима өте ақылды, кең пейілді, құдайға қараған жан еді. Қыңқ етіп қабақ шыта қоймаса да мен өз бетімше қаракет жасауға көштім. Дүкеннен әдемі мата сатып алып, балаларға, әйелдерге бар өнерімді салып көйлек-көншек тіктім.
Талдықорғанда тартқан тауқымет
– Бір күні Талдықорғаннан телеграмма келді. Онда қазақ газетінің редакторы Жүсіп Алтайбаев бізді жұмысқа шақырды. Менің саусағымдағы жалғыз алтын жүзікті, Жәкеңнің жарқыраған сағатын сатып жіберіп жолға шықтық. Поезбен үш-төрт сөтке жүріп (ол кезде поезд көп жүретін) Үштөбе деген жерге жеттік. Талдықорғанға әлі қырық шақырымдай жол бар екен, машина жалдадық. Жүсіптің үйі редакциядан алыс емес екен. Таңғы сағат сегізде кісі жіберіп, шақыртып алды. Үйі төрт бөлмелі. Әйелі Раушан Толыбекова өте ашық, бауырмал, сүйкімді де сұлу жан. Бір бөлмесін бізге босатып берді. Мен бұл уақытта үлкен ұлым Жәнібекке жүкті едім. Жұмыс істеп, жалақы алып әлденген соң пәтер жалдап бөлек шықтық. Алдында күйеуі соғыста қайтыс болған екі баласы бар жесір әйелдің үйінде тұрдық. Отынды өзіміз сатып аламыз, айына 150 сом төлейміз. Әлгі әйелді аяп күнде пісірген тамағымыздан бөліп береміз. Бұдан кейін төрт бөлмелі үйді екі жүз сомға жалдадық. Сол шаңырақта 1949 жылы қаңтар айының 29 күні Жәнібегім дүниеге келді. Редакция қызметкерлерін шақырып той жасадық. Бірнеше айдан кейін біз тұрған үйдің иесі көшіп келетін болды. Амалсыз бір татардың екі бөлмелі пәтерін жалдадық. Осылай жүргенде сол жылдары обком хатшысы болған Шолақ Артығалиев деген Жәкеңді қудалап, жұмыстан шығартты. Ол жұмыс іздеп, ақыры қазақ мектебінде қазақ тілі және әдебиетінен сабақ беретін болды. Арада жарты жылдай уақыт өткенде «Жайық «халық жауы» болып сотталған, мектепке сабақ беруге болмайды» деген желеумен тағы жұмыстан шығып қалды. Жұмысы жоқ, пәтер жалдауға ақша шамалы. Қаңғырып жүріп, он шақты үйдің табалдырығын тоздырумен үш-төрт ай өтті. Әйтеуір, әупірімдеп жүріп Жәкең бір онжылдық орыс мектебіне жұмысқа ілікті-ау. Біз тұрған үй әлгі мектептен тым шалғайда. Күндердің күнінде жұмыстан шаршап жеткен Жәкең: «Күніне 11-12 квартал жер жүріп табаным әбден жара болды. Мектепке таяу жерде бос орын бар. Мен енді үй саламын» деп қойып қалды. «Оған ақшаны қайдан аласың?» деп мен илана қоймадым. Ептеп-септеп екеулеп тірлік жасауға кірістік. Бұрынғы әдетіме басып көйлек, жылы қолғап тігіп сатып, тамағымызға табыс таптым. Өзімнің аяғым ауыр. 1951 жылы қыркүйектің 6 күні қызым дүниеге келді. Баланың атын қоярда әкесі: «Семенов-Тянь-Шанский деген жазушының кітабындағы кейіпкер Алма деген ақылды ананың Жүзім атты сұлу қызы бар. Мен қызымның атын Жүзім қоямын» деді.
Ойланып-толғана жүріп 1953-1954 жылы үй салатын болып шештік. Мен тағы да сәби күтіп жүрмін. Сонымен мектептің жанындағы Жонғар көшесінен үй салдық. Екі бөлмелі, ортасында дәлізі бар шатырлы үй көңілімізден шықты. Сол үйді 1954 жылы қаңтар айының 9 күні екінші ұлым Ерденнің кіндігі кесілді. Өз үйімізде бір қалыпты отбасылық өмір өтіп жатты. Жәкең сол орыс мектебінде дәріс беріп жүр. Жәнібегім мектеп табалдырығын аттады. Жәкең Орталық партия комитетіне арыз жазудан жалықпады. 1954 жылдың жаз айында Жүсіп Алтайбаевтың әйелі Раушан (олар Алматыға көшіп кеткен) Талдықорғанға келген екен, бізге де соқты. Жұбайым жазып қойған арызын ұсына тұрып: «Үйіне соқпастан бірден партия комитетіне апарып бер» деп қатты тапсырды. Арада екі ай өткен де Жәкеңе Орталық комитеттен шақырту қағазы келді. Бір жұмадай Алматыда болып қайтқан ол: «Арызымызды қарап, істі қозғап жатыр. Мені тағы да шақыртады. Түбі бір жақсылық болар» деді қуанып. Айтқандай, бір айдан кейін қайта шақыртты. НКВД материалдарын тауып алып, Жоғары сотқа қаратты. Ақырында Жәкең ақталып, қалалық партия комитеті оған партия қатарына қайта енуге рұқсат берді. 1956 жылы қан қысымы көтеріліп, қатты науқастанды. Емдеуші профессордың бірі: «Тез арада туған жеріңе жет. Бұл жердің ауасы жарамайды, әйтпесе өлесің» деген соң Жәкең бір шешімге келді. Алматыға барып: «Мені денсаулығыма байланысты туған жеріме жіберулеріңізді сұраймын» деп Орталық партия комитетіне өтініш жазды. Содан бізді Қарағанды қаласындағы қазақ газетінің редакциясына әдеби қызметкер қылып жіберді.
Қарағандыда өткен ғұмыр
– 1957 жылдың мамыр айының 1-күні осында көшіп келдік. Жазушы Ғ.Мүсірепов Жәкеңді Қарағанды, Ақмола, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Көкшетау облыстарының басын қосқан аймақтық Жазушылар одағының бастығы етіп тағайындады. Содан қырық бес жылдай жазушылар мен ақындарды үлкен-кіші деп алаламай, құшақ жая қарсы алып, ақыл-кеңестерін беріп тұрды. Халыққа есімі белгілі қаншама қаламгерлер менің қолымнан дәм татты.
Сәбит Мұқановтың бір пьесасы осындағы театрда қойылатын болып, Сәбең келді. Театрға мен де бардым. Театрдан шыққан соң Қарағандыда тұратын белгілі оқымысты Ә.Ермековті үйге арнайы шақырып, екеуін төрге отырғызып, күттім. Қай жылы екені есімде жоқ, әлгі Ғабит тоқалын алатын жылы, осы үйге келді. Ғабең сол жолы жас келінге (аты Рая ма еді, кім еді?) жиі телефон соқты. Жазушымен бірге болсын деп біз осы үйді берген сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы Бәйкен Әшімовті қонаққа шақырдық. Сонымен қатар қасына Амантай Сатаевты ертіп Әлкей Марғұлан да осы үйден дәм татты. Жәкең кітапты басын көтермей көп оқитын. Жазудан да шаршамайтын. Кейде түнде тұрып алып, «ойыма жақсы бір әңгіме түсіп кетті» деп жазуға отыратын. Қай жерінен шыға беретінін білмеймін, шежіренің сан атасын білетін. Жоғары оқу орындары, болмаса мектептердегі кездесуге барудан әсте бас тартпайтын. Мен оның біраз жазған дүниелеріне куә болдым. Әсіресе, өзі қатты сыйлайтын қарындасы Фатима Кенжебаеваға арнап жазған «Қарындасқа хат» поэмасының мен үшін орны бөлек. Бүгінде солардың балалары біздің қайғымызға ортақтасып, Жәкеңді соңғы сапарға аттандырып салуға атсалысты. Жәкең жазушылық өмірінде, әсіресе, А.Байтұрсынов, Н.Нұрмақов, Қ.Сәтбаев, М.Жұмабаев, Шәкәрім туралы көп жазатын. «Сәкеннің соңғы сәттері», «Үш Әлекең» деген мақалалары Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрді. «Науан-Баян», «Құлагер» поэмалары шықты. Бірнеше шығармалары, оның ішінде «Таңба» романы, «Тығырық», «Өткел» атты кітаптары жарық көрді. Жазып қана қоймай, халық үшін туған ұлдарды аспандатып ұлықтауға тым ықыласты болды. Тыным таппай жүріп Ш.Уәлиханов, Н.Нұрмақов, Балуан Шолаққа ескерткіштер орнатқызды. Марқұм өте балажан еді. Оларға зеку дегенді білмейтін. Отбасы болған соң шыны аяқ сылдырламай тұрмайды. Ол әлденеге қатты кейіген кезде мен салғыласпай, басқа бөлмеге кіріп кететін едім. Содан ашуы тарқады-ау деген кезде шығып, үндемей отырып шайын құямын. Ол болса бір-екі сағат тіл қатпай отырып, артынша сөйлесіп кететін. Балаларының жан-жақты білім алғанын жанымен қалады. Мектепке ғана емес, музыка сыныбына да ұл-қызын апарып жүрді. Жәнібегім фортепьяноның жеті сыныбын бітірген Қанапия Хамзина деген мұғалімнен дәріс алғаны есімде. Өкініштісі сол, балаларымыздың денсаушылығы онша болмады. Бәрінің жүректері ауыратын. Жәкең ондайда «осылардың жүрегінің ауырғаны менің түрмеде отырғанымның әсері шығар» деп қатты қиналатын. Жәкең әсіресе Жәнібегінен үлкен үміт күтіп еді. Қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдеріне жетік-тін. Университетте филология факультетінің деканы болып қызмет етті. Сөйткен Жәнібегіміз маңдайымызға сыймай кетті. Соңында келінім мен он төрт жастағы немерем қалды. Ол қазір қасымда тірі болса төрт құбылам түгел сай болар еді ғой. Қайтейін... Ерден деген ұлым да қайтыс болды. «Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» демекші, Жүзен деген ұлымнан тағы айырылып қалдым. Жүзенім университеттің биология және заң факультетін бітірген білімді еді. Жиырма жыл бойы ішкі істер бөлімінде аға тергеуші болып қызмет етті. Басына суық тиіп (менингит) үш айы бойы ауруханада жатып, қайтыс болды. Сөйтіп, Жәкеңдей жарымды, арыстай үш ұлымды қара жердің қойнына беріп, қара жамылып отырмын. Қолымда тек екінші топтағы мүгедек Жүзім деген қызым ғана қалды.
Орындалған арман
– Жасыратын ештеңе де жоқ, Жайық қайтыс болғанда (көңіл айтуға) төрімді бермейтін, талай қолымнан дәм татқан рухани жолдастарынан саусақпен санарлығы ғана келді. Атап айтқанда, Т. Кәкішев, Қ.Мұхаметжанов, Н.Оразбеков және жергілікті ақын-жазушылар.
Жәкең қайтыс болғаннан кейін есімін елдің есінде қалдыру үшін көп жүгірдім. Ол талабым нәтижесіз емес. Жәкеңнен көп кітаптар, естеліктер, суреттер қалды. Оның архивін, шежірелерін, біраз суреттерін облыстық мұражайға тапсырдық. 2001 жылы қыркүйек айында облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына Жайық Бектұровтың есімі берілді. Осы жылдың желтоқсан айында Жәкеңнің өмірден өткенше жинаған 4200 дана кітабын, қолжазбаларын, суреттерін, марапат қағаздары мен медальдарын, түрлі ұжым сыйлаған сувенирлерін, киімдерін, жазу мәшіңкесін, тіпті үйдегі кітап жинаған сөрелерін, үстел-орындығымен, қысқасы бар дүниесін бердік. Осы кітапхана Жайық ағаларының атында мұражай ашқан. Оған сирек кітаптар қолжазбалары және мұражай жәдігерлер бөлімінің меңгерушісі, тәжірибелі маман Жадыра Сембекқызы жетекшілік етеді. Аталмыш мұражай екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі-оқу залында жазушы ағаңның кітаптары қойылған, оқырман керегін тауып оқи алады.Екінші бөлігі-жұмыс бөлмесі. Онда манағы мен айтқан барлық жәдігерлер орын алған. 2002 жылы Жәкеңнің 90 жасқа толуына орай Бейбітшілік гүлзарында тұрған үйге тақта орнатты. Жайық ағаңның туған жері Ақмола облысы, Ақкөл ауданы. Ақкөл қаласындағы Степная көшесіне Жайық Бектұровтың атын берді. Менің тілегімді елеп ескерген сол ауданның мәслихатына алғысымды айтамын. Жазушы ағаңның аты өшкен жоқ. ҚарМУ-дің филология, журналистика бөлімінің түлектері диплом жұмыстарын жазды. Жұпар Кенжетайқызы филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Ендігі арманым-көзім тірі тұрғанда облыс әкімшілігі осы Қарағандыда біз тұрған Бейбітшілік гүлзарына болмаса, Театральная көшесіне Жәкеңнің атын берсе деген тілегім бар.
ҰСТАЗДЫҚТЫ АҚЫНДЫҚПЕН ҰШТАСТЫРҒАН
Өнер дертпен тең. Алла Тағаланың адамға әу бастан берген дарыны ерте ме, кеш пе, бүр жарып, гүл ататыны сөзсіз. Мен Мәпіш Шәріпқызы апамызды бұған дейін ардақты ұстаз ретінде ғана емес, ақын ретінде танып келгенмін. Қаламгер болғандықтан түрлі басылымдарды жібермей оқимыз. Сондықтан да Мәпіш апайдың өлеңдеріне мерзімдік баспасөз арқылы сырттай қанықпын. Ақынның жүрегінен жарып шыққан лирикаға, сезімге, сырға, азаматтық үнге толы өлеңдері менің де поэзияға құштар көңілімді бей-жай қалдырмаған. Жетпісінші жылдардың басында республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан Мәпіш Шәріпқызының бір топ өлеңіне есімі елге әйгілі ақын Қалижан Бекқожин алғысөз жазады. Кейін ақынның 1974 жылы шыққан «Әппақнамә» кітабына «Қош, ағатай дегенің...» деген тақырыппен Мәпіш апайға арнаған көлемді өлеңі енеді. Ақын апамыздың қаламынан туған өлеңдері, әңгіме, мақала, очерктері республикалық «Қазақстан әйелдері», «Қазақстан мұғалімі», облыстық «Орталық Қазақстан», «Азия Транзит», «Сыр мен сымбат», Павлодар облыстық «Қызыл ту», туған жері Баянауыл аудандық «Баянтау» басылымдарында жарық көрді. Алты Алашын аузына қаратқан Халық әртісі, композитор Ескендір Хасанғалиев ағамыз ақынның «Тастама мені анашым», «Көкшетау» атты өлеңдеріне ән жазады.
Туған жерім Ақши дейтін көкорай,
Түсте көрем шақырады қол бұлғай.
Қарағым деп құшақ жайған аталар,
Көрінбейді, қайда кеткен, ойпыр-ай!..-деп жырлаған, ұстаздығын ақындықпен ұштастырған Мәпіш Шәріпқызы 1929 жылы сұлулығына көз сүрінген Баянауыл ауданының (Павлодар облысы) Ақши деген ауылында дүниеге келеді. Әкесі Шәріп сөзге шешен, керек жерінде суырып салып өлең шығаратын өнерлі еді. Отбасының ұйытқысы, жұмсақ мінезді, үй іші шаруасына ұқыпты, ісмер анасы Хадишадан үлкен тәлім алды. Әкесі қатардағы колхозшы болғанымен балаларының болашағы білімде екенін тереңнен түсініп, балаларының жоғарғы білім алуына бар жағдайды жасайды. Үйдегі сегіз баланың екеуі жастай шетінейді. Тұлымшағы желбіреген Мәпіштің көркем әдебиетке деген қызығушылығы ерте оянады. Үй ші ұйықтап жатқанда май шамды көрпенің астына тығып, таң атқанша кітап оқыр еді. Таңертең бет-аузы күйелеш болып, бұл ұрлығы ашылып қалып жататын. Қамқоршыл нағашыға не жетсін! 1944 жылы ауылдағы сегізжылдық мектепті бітірген Мәпішті нағашысы Балпан Төлеубаев оқытпақ болып Алматыға алып кетеді. Ұлы Отан соғысы аяқталмаса да Алматыда Қазақтың мемлекеттік Қыздар институты ашылғалы жатады. Соның дайындық бөліміне түседі. Алғыр, зерек қыз екі жыл оқитын дайындық бөлімін бір жылдың ішінде меңгеріп әкетіп, институтқа қабылданады. Институтты бітіретін жылы әдебиет сыншысы, ғалым Есмағанбет Ысмайылов:
– Жетекшің өзім боламын, қарағым, қал оқуға, сен дайынсың, екі жылда қорғап кетесің!-дейді.
Жас қыз бұл ұсынысқа көнбейді. Орным ауыл деп ойлайды. Көмірлі қаланың дәмі тартты ма, Қарағандыдағы №2 қазақ орта мектеп-интернатына қазақ тілі мен әдебиетінен мұғалім болып орналасады. Осы жылы Талғатбек Әбдіразақов ағамызға тұрмысқа шығады. Қарбаласқа толы ұстаздық жолы осылай басталып та кетеді. Кеңес Одағының кертартпа саясаты жалаңдап тұрған кезі. Облыс орталығында бар болғаны екі-ақ қазақ мектебі бартын. Бірі-Майқұдықтағы Жамбыл атындағы №7 қазақ орта мектеп-интернаты, екіншісі-№2 қазақ орта мектеп-интернаты. Қарағандыға келетін қазақтың маңдайына біткен жақсылары мен жайсаңдарын қарсы алып жататын осы екі білім ордасы еді. 1964 жылы Сәкеннің жетпіс жылдық тойына орай ақсұңқар ақынның серіктес досы, белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың бастауымен бір топ өнер қайраткерлері келеді. Шәкірттерінің Сәбит Мұқановтай жазушы аталарымен, Сәкеннің жары Гүлбәһраммен, ғалым Қажым Жұмалиевпен, жазушы Сәйділ Талжановпен кездескеніне Мәпіш апайдың өзі керемет қуанған. Сол жолы оқушылардың да жан дүниесі бір байып қалған еді. Келген ақын-жазушылардың алдында сөйлеу көбіне қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәпіш Шәріпқызына жүктелетін. Жерлес жазушы, қарымды қаламгер Жайық Бектұровтың облыстық басылымдағы «Шешен қарындас» деген мақаласында: «Қадірлі қонақтарды құттықтап, қайырлы сапар тілеп, мектеп мұғалімдерінің бірі мінбеге көтерілді. Балақ баулы бала құстай талдырмаш қана қараторы келіншек сөйлеп кетті. Қазақ совет әдебиетінің нелер көсемдері мен шешендері отырған орындарынан міз қақпай тастай қатты да қалды. Қараторы сүйкімді келіншек кешегі-бүгінгі қазақ әдебиетінің жастар өміріндегі ғибратты өнегесін төгіп-төгіп айтып, ақындардың жанын тербетті. Таңдайынан бал тамған шешен-ұстаз осы мектептің әдебиетші мұғалимасы Мәпіш Шәрипова еді. «Қазақ әдебиеті» газетінің сол тұстағы редакторы, бүгінгі ғылым докторы, белгілі жазушымыз З. Қабдолов орнынан ұшып тұрып, Мәпіштің қолындағы дәптер парақтарын бой тұмардай қалап алды. Мәпіштің сол сөзі сол күйінде кешікпей «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Содан былай М.Шәріпова Алматы жазушыларының аузында «Шешен қарындас, шешен Мәпіш» атанып кетті...» деп жазады. Білімнің қара шаңырағынан қонақ арылмайтын. Бірде қазақ музыка өнерінің алыбы Ахмет Жұбанов, қызы Ғазиза Жұбанова бастаған музыканттар, бірде Ескендір Хасанғалиев, Бәкір Тәжібаев сынды өнер саңлақтары келіп, оқушыларға рухани азық беретін. Соның бәрінің қасында білек сыбанып, өнерге бір табан жақын Мәпіш Шәріпқызы жүрді.
Ардақты ұстаз сөзінде:
– Мұғалім бала өмірінде үлкен орын алады. Ол-тәрбиеші, ақылшы досы, үлкен қамқоршысы. Бала алдында өзін кішірейтпей ұстаздық тұлғасын сақтай отырып, баланың сырласы да бола білуі керек. Әрине, мұны іске асыру өте шеберлікті, ұстамдылықты қажет етеді,-дейді
ЕЖас қыздың осындай ерен еңбегі еленіп, 1953 жылы қаламыздағы бұрынғы Ленин аудандық советке депутат болып сайланады. 1965 жылы тынымсыз ұстаздық еңбегінің жемісіндей «Қазақ КСР-і халық оқу-ағарту ісінің озық қызметкері» атағын иеленеді. Мәпіш апай кемел шағына келгенде шабытқа ерік беріп, жауһар жырларын өндіртіп жаза бастайды. Қазақи ұяңдығы яки табиғат берген қарапайым мінезі қатар жүрді ме, өкінішке орай сиясы кеппеген біраз жырларының қызығын жазу үстелінің суырмасы көретін. Тек 1992 жылы Алматыда «Жалын» баспасынан шыққан «Мерейлі мекен» атты жинаққа бір топ өлеңі шығады. Ақын ұстазға ХХІ ғасыр жаңа табыс алып келді. 2002 жылы Алматыдағы «Дәуір» баспасынан «Жапырақ ғұмыр сыбдыры» деген жинағы жарық көреді. Тұңғыш кітаптың тұсаукесері Қарағандыдағы кеншілердің Мәдениет сарайында өтеді. Зал ішіне лық толған өнер сүйер қауым ақын ананың оқыған жақұт жырларынан ләззат алады. Ақынмен кеш одан әрі өзі білім берген оқу ордасында, облыстық Ж.Бектұров атындағы жасөспірімдер кітапханасында жалғасын табады. Араға үш жыл салып, 2005 жылы Мәпіш Шәріпқызының «Кешкі самал» атты кітабы жарық көреді. Октябрь ауданындағы Бағдат Қыстафина директорлық ететін №36 қазақ орта мектебі облысымызға есімі танымал ұстаз, ҚР оқу-ағарту ісінің үздігі, ақын апамыздың «Кешкі самал» атты кітабының тұсаукесер кешін жасады. Кешке ақынның жары, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Талғатбек Әбдіразақов, туған бауыры Марған, қатар жүрген құрбыласы, досы Сара Қабыжанова, апайдың алдынан әр жылдары дәріс алған шәкірттері, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Ақын апамызға арналған кеш мектеп мұғалімдерінің күшімен дайындалған көріністен бастау алды. Біз ұстаз әрі ақын апамыздың дүниеге шыр етіп келген сәби кезінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі өмірін көрініс етіп берген ұжымның өнеріне тәнті болдық. Бұдан кейін сөз Мәпіш апамызға берілді. Ұлағатты ұстаз:
– Мен өзімді сіздердің алдарыңызға ақын болып шығып тұрмын деп айта алмаймын. Менің ақындығымнан ұстаздығым басым. Бойымды кернеген бір күш барын сезсем де, ақындық жолды қуған жоқпын. Жасырып жазған өлеңдерім суырманың ішінде қала беретін. Кейін кітабымды жинақ етіп шығардым. Өлеңдерім оқырмандарын тапты. Олар менің өлеңдеріме қошаметке толы сөздер айтты. Мен қанаттана түстім. Сөйтіп осы «Кешкі самал» атты екінші кітабымды жаздым. Жарық көрген кітабым екі бөлімнен тұрады. Алдыңғысы өлеңдер, соңғысы мақалалар мен жұртшылықтың жылы лебіздері. Кітабымның атауында да өзіндік сыр бар. Мен уақыттың таңғы, түскі, сәске кезінен өттім. Қазір кешкісінде жүрген адаммын. Сондықтан кітабымды «Кешкі самал» деп атадым, –деп жыр жинағынан өлеңдер оқыды.
«Бес ұлдың ортасындағы құндыз едім» деп ақын өзі жырға қосқандай, соңынан ерген бауырының бірі Марғанға сөз кезегі тиген:
– Апайымның жазып жүрген өлеңін бағалап жатқандарыңызға қуаныштымын. Мен апама есімді білмей тұрып бағынғанмын, есімді білген соң табынғанмын. Апайым мен түгілі қаншама шәкірттерінің көкірек көзін ашты. Қаншама шәкірттері өмірден өз орнын тауып, елі елеген азамат атанды,-деп жүрек жарды тілегін жеткізді.
Өмірдің ыстық-суығын бірге тартқан Мәпіш апайдың арысы Талғатбек ағаның жарына берген бағасы да отбасын құрған жастарға үлгі боларлық ғибратқа толы болды. Ардақты ағаның:
– Мен өз өмірімде көп ауыртпалықты көрдім. Жақындарымнан ерте айрылдым. Балалар үйінде тәрбиелендім. 1941 жылы соғыс басталып, майданға аттандым. Ауыр жарақат алып, екінші топтағы мүгедек болған соң елге жіберді. Осындай тар жолдарда жүргендерде осынау Мәпіш апаларыңа кездестім. Үй болғаннан кейін жоғары білім алдым, аспирантурада оқыдым. Мен жоғары білім алған алты жыл бойы апаларың балаларды тәрбиелеп, шыдамдылық көрсетті. Апайларың шәкірттерін, балалары мен немерелерін ғана тәрбиелеп қана қоймай, мені де тәрбиелеп жүрген адам,-деп айтқан сөздері көпшілікке ой салып, үлгі-өнегеге шақырғандай болды.
Расында да қоңыр қаздай жұбы жарасқан Талғатбек аға мен Мәпіш апай өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Қайрат Әбдіразақов Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ді бітірген, математик. Қызы Әлия да ҚазМУ-дің экономика факультетін тәмамдаған. ҚР ҒА экономика бөлімінде аға ғылыми қызметкер. Серігі заң институтын бітірген, ғылым кандидаты. Алланың берген алты немересі бар. Қазақ қыздар педогогикалық институтын бітіріп, бір мектепте еңбек еткен досы, сырласы Сара Қабыжанова Мәпіш апайды 1949 жылдан бері білетінін, замандасының өзгелерден оқ бойы алда тұратын ерекше қасиеттеріне тоқталды. Әнші, сазгер Гүлжан Сейдіғазимова кеш иесінің «Тастама, мені анашым», «Келін» атты өлеңдеріне шығарған әндерін домбырада тебірене орындап берді. Кешке мұрындық болған мектептің мұғалімдері мен оқушылары ақын апамыздың өлеңдерін нәшіне келтіріп жатқа оқып, тыңдармандардың жүрегіне жеткізіп жатты. Мектеп ұжымы бабалар дәстүрімен қадірлі ақынның иығына шапан жапты. Бұл шапанды оқырмандары қара өлеңнің қазанын қайнатқан Мәпіш апамыздың өнерінің құдіретіне жапқан еді.
МАҚПАЛ ДЕСЕ-МАҚПАЛ!
Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова (1963 ж.т.), әнші, Қазақстанның халық әртісі (1994), республикалық Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1999), «Жігер» фестивалінің, Қазақстан комсомолы сыйлығының (1989) лауреаты. Қарқаралының түлегі. Алматыдағы К.Бәйсейітова атындағы музыка мектебінің қобыз класын бітірген. Әншілік жолын «Гүлдер» ансамблінде бастап, кейіннен елге кеңінен танылған «Назерке» өнер ұжымын құрды. Репертуарында қазақ халық әндерімен бірге, қазіргі композиторлардың музыкалық шығармалары бар.
«Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясы, 2006 жыл.
Мақпал десе-Мақпал!
Домбырасы күмбірлеп тұр...
Дауысы сыңғырлап тұр...
Ең бастысы домбырасы мен дауысы үндесіп тұр!
Жүрекке осыдан кейін қалайша жетпесін?!
Жүректен айтып тұрған соң...
Сенің де айтқың келеді.
Сонсоң бәрін түсінесің.
Мақпалдың ән айтуға жаралғандығын.
Өзіңнің тыңдауға жаралғандығыңды...
Ол ән таңдайды.
Сен ән тыңдайсың...
Оның ән таңдау талғамы жоғары. Оның орындауындағы әндер жай ғана ән емес. Сөздерінің мағыналылығымен, мәнділігімен ерекшеленеді.
Мақпалдың есімін мектеп қабырғасында жүргенде естідік.
– Көрші Теректі ауылында Мақпал деген кішкентай әнші қыз бар екен,-деген үлкендердің танытқан сүйсінісін көрдік.
Оны естіп алып, ал ауырайық...
Мақпал болып...
Оған еліктеп, біз де кешкісінде жиналатын болдық. Қоймай ән айтатынды шығардық. Кешкі дауыс қатты жаңғыратын болса керек. Үлкендер жағы бізді қуғандай етіп тарқататын. Есесіне үйге келіп, тоқ шәйнектің шнурын микрофон етіп Мақпалша «сұңқылдауымызды» қоймадық.
Бір күні жұмыстан шаршап келген әкем мезі болды ма:
– Ән айтқыш болсаң клубқа барып айт,-деп зекіп тастады.
Соған да қарамастан «концерт» қойып, әнші болып ойнап жүрдік. Оны бір көрсем деп жүрдім. Оған сенімді едім. Өйткені ауылымыз көрші ғой. Алайда ол Қарағанды қаласындағы №2 қазақ мектеп-интернатына ауысып кетті. Ол да алыс емес деп жүргенімде Алматыдағы республикалық А.Жұбанов атындағы мектепке ауысқанынан хабардар болдық. Бір күні қазақ радиосынан балаларға арнап берілетін «Ойлан, тап!» бағдарламасын тыңдап отырғанмын. Ондағым балғын қаламымнан туған бір-екі шумақ өлеңімді оқыр ма екен деген үміт. Сәлден кейін журналист:
– Ахмет Жұбанов атындағы мектептің оқушысы Мақпал Жүнісованың орындауындағы әнді тыңдаңдар,-демесі бар ма?!
Ұшып кете жаздадым. Ел мақтаныш етіп жүрген әншінің даусын сонда бірінші рет өз құлағыммен тыңдадым.
Көпке дейін құлағымнан Мақпалдың:
«Бақыт болып жаусын жаңбыр,
Менің байтақ далама.
Бақыт болып, жаусын жаңбыр,
Менің әсем қалама!
Жау, жау, жаңбыр, жау жаңбыр!» – деп сыңғырлап салған даусы кетпей қойды.
1985 жылы Алматыға оқуға түскенде Мақпалды үлкен сахнадан жиі көріп жүрдім. Әсіресе, оның орындауындағы махаббат, сезімді арқау еткен «Кетсең де шалғай», «Аққу сенім», «Махаббат назы», «Екі жұлдыз» әндері жастардың жүрегін жаулап алды. Қасымдағы курстастарым сол әндердің бір-екі шумағын жаттап алды. Ауыздарынан тастамай ыңылдап жүретінді шығарды. Қазіргі әннің сөзі түгілі, әуені жадымызда қалмайды. Ол бір есте сақтау қабілетінің нашарлығынан емес, өлең шумақтарының төрт аяғы төрт жаққа кетіп, мағынасын жоғалтып алғандығынан. Бір жылдан кейін әнші қыз Республика сарайында өзінің жеке концертін берді. Ел ырғын болды. Мақпалды енді танығандай болдық. Төгілдіріп домбырамен де, эстрадамен де, оркестрмен шырқады. Домбырамен «Бір ауыз сөз», «Дариға, домбырамды берші маған», Өмір-ай» атты әндерін орындағанда залдағы жұрт сілтідей тынған. Енді бір сәтте әнші дүниеден ерте қайтқан әкесінің рухына арнап «Жан әке» әнін орындады. Әнін Мақпалдың өзі шығарған екен. Домбыраны шертіп-шертіп жіберіп:
Қара жердің қойнына кеткенің бе, Жан әке,
Бұл өмірден мәңгілік өткенің бе, Жан әке.
Туған жерден алыстап, қимай кетіп барамын,
Төмпешік боп төбеде қалғаның ба, Жан әке?! – деп тебірене орындағанда жастар жағы мұңайып, үлкендер жағы жанарына жас алған. Мағыналы сөзге үн қосып, жан бітірген әнші дарынына риза болмаған жан қалмаған. Ат шаптырым сарай іші халық орындарынан тұрып кеткен.
Мақпалға құрмет көрсетудің басқаша жолы қалмаған еді.
Мақпал сонда екі мүшеліне де толмапты-ау...
Сонда қасымда менен төрт жастай үлкендігі бар құрбы қызымның:
– Қарай гөр, менің құрдасым ғана, алайда елге танымал әнші. Ал мен болсам әлі студентпін,-деп қызыға да, қызғана да айтқан сөздері жадымда.
Концерт аяқталды. Ел алған әсерінен арыла алар емес.
Сыртқа шықтық. Қыстың қысқа күні қымқырылып, дала қараңғыланып қалыпты. Біздің соңымызда келе жатқан бейтаныс жан «Мақпал Қарағанды облысының Егіндібұлақ деген жерінен көрінеді» деп мақтай жөнелгенде, менің көкірегімде жерлес әнші Мақпалға деген мақтаныш сезім атойлаған. 1990 жылы ҚазМУ-ді бітіріп, көмірлі қалаға келдім. Енді Мақпал Мұхамедиярқызын Қарағандыға гастрольдік сапармен келгенде көретін болдым.
Оның өзінде көрермен ретінде.
Әнші қыз әр келген сайын концертінде анасы Үміт апайға арнап бір әнін орындайды. Қандай жарасымды! Аққудай таранған әнші қызды қолына қондырған қоғам қайраткері, марқұм Заманбек Нұрқаділов жездеміз әпкеміздің қадіріне жетті.
Жеткені сол-Мақпал әпкемізді алақанына салып аялап ұстады.
Ол Мақпалға әйел деп қарамады.
Ол Мақпалға қазақ халқының ең бір аяулы әнші қызы деп қарады!
Екі жақсының үйін шаттыққа толтырып сәбилері Мерей келді. Қуаныш арналарынан асып-тасып жатты. Мақпалдың репертуарына тағы бір ән қосылды. Ол жездеміз екеуінің шаңырағының базар-думанына айналған Мерейге арналған ән еді.
Енді әнші бұл әнді ана болып орындады. Оған Заманбек жездеміз қосылды.
Ол әнді әке болып орындады.
Азаматы әу бастан өнерге ғашық еді. Мақпал шабытына шабыт қосты. Оның қаламынан жыр туып қана қойған жоқ. Ол Шығыс поэзиясын, орыс ақындарының өлеңдерін қазақшаға аударды... Мен Мақпалмен 2006 жылы азаматынан айырылып, ауыр қайғыдан кейін Қарағандыға келген өнер сапарында кездесіп, сұхбаттастым. Он бес жыл отасқан отағасынан айрылған әнші қайғыдан қан жұтып жылына дейін отыра берер ме еді. Ауыр қайғыдан басын көтере алмай үйде бес ай бойы отырған әншіге өзі жұмыс істейтін «Қазақконцерт» бірлестігінің директоры Алтынбек Қоразбаев келіп:
– Мақпал, үйде жылап отыра берме, еліңе, анаңа барып кел. Біз өнер адамымыз ғой, бір серпіліп, жүрегіңнің емін тауып қайт,-деп ақыл қосады.
Сонан алдымен Астана жұршылығына, сосын туған жері Қарағандыға ат басын тірейді. Қай қалаға барса да халық қошеметтеп, тік тұрып қарсы алады. Сонда Мақпал өмірде өзінің жалғыз еместігін, көзінің жасын құрғататын қара орман ел-жұрты бар екенін көріп, көзіне жас іркеді. Сол күні Мақпал ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірдің өзінен алынған толғанысқа толы өлеңіне жазған әндерін тебірене орындады. Қай әннен болса да әйдік әншінің жан-дүниесінің айқайы, жүрегінің дүрсілі сезіліп тұрды.
Сол күні мен ұйықтай алмадым. Сол күні қаламымнан сұхбат емес, жыр туды:
Қызың келді,
сағынып сырласуға,
Ағайынмен,
бауырмен мұңдасуға.
Іштегі запыранын төгіп салып,
Кеудедегі қайғысын бір басуға.
Шықты Мақпал
Сүйкімді сәніменен,
Сөзі бар мағыналы, мәніменен.
Әндерін шырқап салып жүрегімен,
Жеткізді жан қайғысын әніменен.
Халқым қандай,
Жан дүниесі езіліп,
Қызы үшін қабырғасы сөгіліп.
Әнші Мақпал боздатқанда жан сырын,
Кетті көзден ыстық жастар төгіліп.
Кеткеннен соң қайтпас жолға жолдасы,
Қиын екен қыз баланың көз жасы.
Қаршадай бір әнші балапаныңды,
Қасиетті Қазыбек бабам қолдашы!
Қазағымның маң даласы жатқан ән,
Әніменен халқымызда атқан таң.
Қайғырса да домбырамен ән айтқан,
Айналайық, рухы биік
Мақпалдан!
Мақпал десе-Мақпал!
Ол ән салып тұр еді.
Ол жылау үшін жаралмаған!
Ол ән салу үшін жаралған!
МОЙЫНДАУ
Қобызшы ұстаз
Қобызшы, халық аспаптар дирижері, Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері Рымкүл Исатайқызы Бимендина 1942 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Қарсыадыр (қазіргі Ш. Ералиев) елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Исатай желмен жарысқан жылқышы болған. Күреспен шұғылданып, белгілі балуан М.Боқаевтың жауырын жерге тигізеді. Өз жанынан күй шығарған. Ел арасына «Бастау», «Арнау», «Зарлау», «Жоқтау», «Жерлеу», «Толғау», «Аттаныс», «Қоңыр қаз», «Жеңіс» атты күйлері тараған. Әкесінің шығарған осынау күйлерін көзі қарақты қызы нотаға түсіріп алады. Бір ғасыр жасаған қарт Жаңаарқа ауданының тарихы, аңыз әңгімелері жөнінде көптеген мәліметтер қалдырды. Көне ескерткіштерді қалпына келтіруге атсалысты. Анасы Әлиман Әуесханқожа қара қылды қақ жарып, шындықты айтатын бетті адам болыпты. Осы мінез Рымкүлге анасынан дарыған. Әкесінен өнерге жақындығы жұққан. Анасының өжет мінезін алып қалған ол бетінен қайтпайтын табанды болды. Өмірде де, өнерде де осы қалпынан айнымады. Рымкүл 1960-1964 жылы Қарағанды музыка училищесін қобыз мамандығы бойынша бітіріп шығады. Арнайы жолдамамен Жаңаарқа ауданына келіп Ленин атындағы қазақ орта мектебіне орналасып, ән-күйден сабақ береді. Бүгінгі күні қазақтың Арқа дәстүріндегі белгілі әншісі, Ақан сері, Біржан салдың ізбасары Қайрат Байбосыновты ең алғаш рет өнер әлеміне ұшырған Рымкүлдің өзі еді. 1965 жылы Көктал деген жерде шопандар тойы өтеді. Сол тойда Рымкүл концерт ұйымдастырып, оқушысы Қайратты дайындайды. Алғаш рет көпшілік алдына шыққан әнші бала республикадан келген өнер адамдарының көзіне ілігеді. Сол жылдың маусым айында Алматыдағы эстрада студиясының Ж.Елебеков атындағы сыныпқа түседі. Жаңаарқада екі жыл еңбек еткеннен кейін Р. Бимендина Қарағанды мұғалімдер институтының ән-күй факультетіне түседі. Өзі қалаған мамандығын абыроймен аяқтап шыққан оны оқу министрлігінің шешімімен аталмыш факультетке аға ұстаз етіп қалдырады. 1976 жылы университет ашылғанда ән-күй факультеті қысқартылады. Рымкүл Тәттімбет атындағы музыка колледжіне ауысып, қобыз мамандығынан дәріс береді. Үнемі ізденісте жүретін дарын иесі алған білімінің аздығын сезінеді. Сонан 1979 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға сырттай оқуға түсіп, қобыз мамандығы бойынша тәмамдайды. Рымкүл Исатайқызын орысшасы көп, қазақшасы жоқтың қасы көмірлі қалада қазақ өнер ұжымының кенже қалғаны қатты ойландырады. Даладайын кең Сарыарқаның төсі қазақтың ұлт аспаптарының үніне неге толмасқа деген толғаныста жүрген Рымкүл тәуекелге бел буып, 1968 жылы қаладағы кеншілер Мәдениет сарайының жанынан тұңғыш рет «Ғасырлар сазы» атты қазақ ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастырады. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және дирижері апамыздың өзі болады. Өнердің осындай өлермен жанашыры оркестрдің атын қарағандылықтарға ғана танытып қоймайды. Республикада өткен өнер додасына қатысып, жүзден жүйрік шығады. Бүкілодақтық І-ІІ-ІІІ халықтар шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанып, медалмен марапатталады. «Ғасырлар сазы» оркестрінің халықтық атағын алуына да Рымкүлдің сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Осы оркестрге отыз жеті жылын арнапты. Концерттік іссапармен Мәскеу, Украина, Монғолияда болып, өзге жұртқа қазақ өнерінің құдіретін паш етеді. 1969 жылы шығармашылық табыстары үшін Бүкілодақтық Халықшаруашылығы жетістіктері көрмесінің белгісімен, 1970 жылы В.И. Лениннің 100 жылдық мерейтойына арналған республикалық фестивальда І-ші дәрежелі дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталады. Еліміздің мәдениетінің өркендеп өсуіне қосқан үлесі 1974 жылы ВЦСПС үздігі, 1975 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгілерімен аталып өтіледі. Осы жылы І-ші Бүкілодақтық халықтар шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанып, есімі республикалық «Халық шығармашылығы» үйінің Құрмет тақтасына жазылады. Өнер десе жарғақ құлағы жастыққа тимеген Рымкүл апай ізденісін тоқтатпайды. Апайдың жетекшілігімен өнер ұжымы сексенінші жылы тағы да топ жарып шығады. Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған Бүкілодақтық байқаудың лауреаты атанады. Ал 1987 жылы Павлодар қаласында өткен ІІ-ші Бүкілодақтық халықтар шығармашылығы фестивалінің лауреаттығын олжалап, қанаттана түседі. Бүгінгі таңда Рымкүл апай Исатайқызы облыстық дарынды балаларға арналған арнайы орта білім беретін музыка мектеп-интернатының халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі және қобыз сыныбының аға оқытушысы болып қызмет етеді. Бұл мектеп-интернат 1967 жылы ашылады. 1968 жылы апай аталмыш оқу орнында тұңғыш рет қобыз сыныбын ашып, осы саланың негізін қалайды. Білікті ұстаздан дәріс алған шәкірттер жоғары оқу орындарына сүрінбей түсіп, ұстазына алғыстарын айтуда. Алматыдағы консерваторияда және Астанадағы музыка Академиясында алған білімдерін жалғастырып жатқан З. Жұрынова, А.Нұрланбекова, А. Ынтықбаева сияқты шәкірттері ұстаз үмітін ақтап, биік жетістіктерге жетуде. Көптеген шәкірттері орта арнаулы және жоғары оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарады. Енді біразы атап айтқанда: А.Шарипова, Ш.Шыңғысбаева, Э. Батталова секілді шәкірттері қазақ оркестрі мен ансамбльдерде ойнайтын кәсіби қобызшы әртістер. Мектеп қабырғасында оқитын оқушысы А. Шұғаева республикалық, халықаралық сайыстарға қатысып, дипломант, лауреат атанып, жүлделі оралып жүр. Қобызшы апай уақытпен санаспай ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің дамуына үлкен үлес қосуда. Дарынды балаларға арналған арнайы орта музыка мектебінің халық аспаптар оркестрі мен қобызшылар ансамбліне арналған «Партитура» атты әдістемелік еңбектер жазды. Орта арнаулы музыкалық мектептердің алғашқы, орта, жоғары буын сыныптарына арналған әдістемелік бағдарламалар түзді.
Өлкетанушы
Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жазған дүниелерін құшақтап алып жиі келетін апайдың еңбекқорлығына, қажырлығына таң қаламын. Көбіне мәдениет бөліміне жетекшілік еткен соң жазған дүниелерін маған әкеледі. Оқып жіберсең қазақ күйлерінің шығу тарихынан, ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда ел билеген бабалар мен батырлардың тарихынан жазылған танымдық материалдарға тап боласың. ХҮ-ХІХ ғасырлардағы күйлердің шығу тарихы хақында жазған зерттеу мақалаларында көпке беймәлім деректер келтіреді. Мәселен, Асан қайғының «Ел айырылған», Құрманғазының «Төремұрат» немесе «Қыз Данайдың қырғыны», Дәулеткерейдің «Топан» және «Көрұғлы», Тәттімбеттің «Азамат қожа», «Секіртпе», халық күйлері «Алаша хан-Жошы хан», «Ақсақ құлан-Жошы ханның» шығу тарихы жөнінде жазылған дүниесі оқырманға ой салып, таным көкжиегін кеңейте түседі. Рымкүл апай өзінің қаражатына ғылыми-зерттеу экспедицияларын жүргізіп, ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген би, болыс, батыр, сұлтан бабаларының ескерткіш күмбездерін анықтайды. Зерттеу кезінде табылған тарихи жәдігерлер жөнінде мұрағатта қадалып отырып тың деректер жинайды. Нәтижесінде «Таңбалы білезіктер сөйлейді», «Итемген би Сеңгірбайдың І императордан марапатқа алған күміс медалі мен мөрі», Сәкен Сейфуллин туралы «Қос суреттің құпиясы немесе Төленді Баймұратов деген кім?», «Сеңгірбай батырды білесіз бе?», «Жеті руды билеген Қылыш әулие», «Тама Аралбай батыр» атты біраз материалдарды дүниеге әкелді. Осы жазған дүниелерін облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, барынша насихаттады. Сонымен қатар өнер, мәдениет қайраткерлері хақында қалам тербеді. Төрткүл дүниеге танымал дирижер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнер майталманы Шамғон Қажығалиев, белгілі күйші Қаршыға Ахмедияров, көрнекті дирижер В.Ф.Пилипенко және тағы басқа саңлақтар ҚР Журналистер одағының мүшесі Рымкүл Исатайқызының қаламына арқау болды. Саз өнерінің білгірі, қобыздың қыр-сырына терең қанық өнер иесі Қарағанды қаласында тұрған жарты ғасырдан астам ғұмырының қырық алты жылын көмірлі қаламыздың өнерінің гүлденуіне арнады. Өзінің тектілігімен, жан-жақты білімділігімен, дарынымен елді мойындатты. 2000 жылы «ҚР Құрмет грамотасымен» және ҚР Білім және ғылым министрлігінің дипломымен марапатталды. 2005 жылы тамызда Елбасының жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2005 жылы шыққан Қарағанды облысы энциклопедиясына суретімен енді. 2008 жылы ұстаздар мерекесі күні облыс әкімі Нұрлан Нығматулин «Үздік ұстаз» деген алтын белгі және 200000 теңге ақшалай сыйлық тарту етті. Ана қашанда бауырындағы баласымен бақытты. Баланың азамат болып, халықтың кәдесіне жарап жатқанынан артық бақыт бар ма?! Рымкүл апамыздың баласы Бибарыс Хамзин еліміздегі атаулы күйшілердің біреуі десек әсірелеп айтпаған болар едік. Ол Құрманғазы атындағы консерваторияда профессор Б. Ысқақовтан дәріс алды. Төкпе, шертпе күйді толық меңгерген күйші. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің, республикалық Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек конкурстарының лауреаты. Қазір Алматыдағы Құрманғазы оркестрінің белді әртісі. Келіні Айгүл де консерваторияны бітірген, домбырашы. Ақ түйенің қарны жарылып апамыз Сұлтан атты немере сүйді. Сонымен Сұлтан Бибарыс атты батыр бабаларының есімі осы шаңырақта. Апамыздың болашағы, өмірінің жалғасы енді осылар. Рымкүл апамыздың арманы жоқ деп білем. Өнердегі ізін басқан Бибарысы үлкен сахнаның төрінде өнер биігінен көрініп жүр. Түбінде бар тектілік кішкентай немересі Сұлтанға да жұғысты болсын дейміз. Тек тіл-көзден сақтай гөр!
АҚЫННЫҢ ЖАРЫ
Біреуге білініп, біреуге білінбей зымырап өтіп жатқан уақыт. Білінбейтіні бүгінгінің бір күні екіншісіне ұқсас, таң атса түс болады, түс ауса кеш батады, білінетіні қатар жүрген жақсылар келместің кемесіне мініп, азайып бара жатыр. Сол жақсылардың қатарынан Балқантаудың бауырынан ұшып шыққан ардақты ақын, қарымды қаламгер, абзал азамат, Жазушылар Одағының мүшесі Кәрім Сауғабайды көремін. Ақын жүректің мәңгілік дамылдағанына да жеті жылдай уақыт өтіпті. Екі бүйірден нарықтың қыспағы қыспаққа алып, ел аласапыран болып, ақынын алқаламақ тұрсын, өзін ұмытқан жайы бар еді. Алайда ақынды өлтірмейтін оның өлеңі бар. Сол өлеңге ие болып қасиетті Қаранұраның аяулы қызы, ақынның айнымас жары Майраш Ақашқызы қалды, Кәрім ақынның барын түгендеп, жоғын жоқтап, шамасы жеткенше қалған мұрасын жариялатып, қазақ руханиятына қосып келеді. Тағдыр екеуін сонау студенттік кезде кездестірді. Кәрім Қарағанды педагогикалық институтында оқып жүрген кезінен елім, жұртым, туған жерім деп азаттық мұратын жалаулатты, қоғамға бала көзбен емес есейген оқыған, азамат ретінде қарап, ұлттың басына келер қиыншылықты, болып жатқан өзгерістерді сезе жүріп күрес жолына қалай түскенін байқамай да қалды. Қазақ тілінің қолданысқа енуі кеміп, мектептер жабылып, балабақша орысшаланып, оқығандар балаларын орыс сыныптарына беріп, жоғарғы оқу орындары тек орыс тілінде оқыта бастады. Жиналыс орысша жүрді, тіпті қазақы деген ауылда құжатты орыс тілінде толтыру талап етілді, бұл әсіресе ауыл адамдарына қиын болды. Кәрімнің елге барған сайын жүрегі ауырып қайтатын, осының бәрі жалындап тұрған жас жігіттің жүрегіне от салды, ана тіліне деген аяушылығы рухына жігер берді. Мұндай жағдайда үнсіз отыруға болмайтын, әйтеуір бір нәрсе істеу керектін, курстасы, қазіргі белгілі қаламгер Мақсым Омарбеков екеуінің таңдаған жолы қазақ намысын ояту болды. Олар мемлекеттік жаншу машинасынан тайсалмастан еркін ойдың кептерін көкке еркін қалықтатқан, кешегі «Алашорда» партиясы көтерген ұлы мұраттардың өлмегендігін дәлелдегендей елін сүйген ерлер партиясын негіздеп /ЕСЕП/, азат ойдың тұғырын биік ұстаған қазақтың біртуар ұландары Бүркіт Ысқақов, Жаппар Өмірбеков, Махмет Темірұлы сынды ағалардың ісін ертеңгі күнге асырды. Істің артының жақсылықа апармайтынын олар білді, біле тұра соған барды, елінің ертеңгі азаттығы үшін бастарын тіккен еді. Олардың азат ойға шақырған парақшалары Қарағандыдан шығып, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, басқа да қалаларға жол тартып жатты. Әрине, кеңестік қырағы комитетшілер оларды алысқа ұзатпады, адымдарын аштырмай құрсауға түсірді. Қырағыларды бұрын да болғандықтан мұндай азаттық мұраттар таңдандырмады, таңдандырғаны қайдағы бір шетте жатқан екі-үш студенттің жоғарыдай ел көкейінде бықсып жатқан ойды алып шыға алғандығы, соңдарынан тобыр ерте білгендігі еді. Іс әшкерленген соң, жөргөкте тұншықтыру басталған, алдымен комсомол қатарынан аластатылды, соңынан оқудан шығарылды. Майраш Ақашқызы Кәрім ағамызға осы кезде жолығады. Ол Қаранұрада ел-жұртқа қиыншылығы мен қайғысын ала келген 1941 жылғы мамыр айында дүниеге келеді. Әкесі Ақаш сәбиі қырқынан шықпай жатып соғысқа алынады. Жас босанып, белі бекімеген ана екі баласымен, кәрі енесімен азаматының аман оралуын тілеп қала береді. Бір шаңырақтағы төрт мұңлықтың тілеуінің адалдығындай әкесі Еуропаны кесіп өтіп, Жапония самурайларымен қылыш қидаластырып, майдан даласында жеті жыл бойы қан кешіп, жарты жанын сүйреп келеді. Әкесі оқымағанның тоқығаны еді, қырда алғаш болып техника жүргізгенін балаларына кәдімгідей мақтан етіп отыратын. Қиыншылық уақытта өмір сүрсе де, майталман жүргізушісі, майдангер отбасы ретінде басқаларға қарағанда бұлар тұрмыс тапшылығын көре қойған жоқ, елге оралған жылы ауылдағы батыр ағасының атымен аталатын қазіргі Мүтәш Сүлейменов атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттайды. Ағайынның жоғын жоқтап, барына қуанатын, ағайын-туыстың үнемі іздеп жүретін табиғатынан мол пішілген кесек тұлғасы еді, өкініштісі майдан жарақатынан толық айыға алмай пайғамбар жасынан шыға дүние салды. Анасы Бибәлім Шалабекқызы әкесімен он бес жасында қол ұстасып, өле-өлгенше бірге тұрған. Шешесі он бес құрсақ көтереді, содан үшеуі ғана қалады. Анасы сөзге шешен, көпшіл, ағайын туысқа жанашыр болды. Өмірінің соңына дейін жақын-жуыққа, ауылға Биба атанып кетті. Майраштың балалық шағы жетпіс жыл бойы Казгородок аталған, бүгінде тарихи атауын қатйып алған Кертінді ауылында өтті. Орта мектепті ойдағыдай бітіріп, 1961 жылы Қарағанды мұғалімдер институтына түседі. Соңынан өз мамандығы бойынша еңбекке араласады. Майраштың өмірі осы кезден бастап үлкен өзгеріске түсті. Кәрім ақынға тұрмысқа шығатын болады. Болашақ күйеу баланың ақындық атағы білініп-ақ тұрған, алайда оның күрескер атағы одан да екпіндеп тұрған-ды. Айдың аманында үкіметке қарсы шыққан жігітті ата-анасы онша жақтыра қоймаған Естулерінше Сібірдің орманынан әупірімдеп қалған. Бұл сөзді естігендердің көңііліне секем кірген. Ол кездегі ұрпақ жадынан отыз жетінің қорқынышы әлі кетпеген. Бәлкім, үлкендердің есіне Сәкен, Бейімбет одан қалса туысы Есжан, Ералыдан айырылғандары түскен болар. Ақмола іргесінде болғандықтан бәрі көз алдарында өтті десе де болады. Жетпегені енді күйеу балаларының да халық жауы болып шыққандығы. Майраштың бүгінгі қадамы қателікке, бақытсыздыққа ұрындырса не істейміз деп ата-анасының, бауырларының жүректері сыздаған-ды, түн баласында көз ілмей талай таңды атырған. Бірақ алған бетінен қайтпай тұрған Майрашқа сүйсініс те білдірген. Қылар қайрандары болмай, бөгет бола алмайтынын түсінген әке-шешесі:
– Аталары-Тілен батыр емес пе, алған бетінен қайтару мүмкін емес, – деп батасын берген.
Қызын жалғыз жібергісі келмегендігі болар, бүгінде жасы 80-ге таянған Рамазан нағашысына ата-анасы:
– Қазақтың салтында жоқ болса да өзің апарып, барған елін көріп кел,-деп қолқа салып, екеуіне сәт сапар тілейді.
Сөйтіп, баяғыда елі іші егесінде жылқыларын барымталап, сырымта қайтарып, аты шыққан шалғай, таулы елге келін болып түседі. Бұрын Қу, келін болып түскенде Егіндібұлақ, кейінірек Қазыбек би атанған аудан Кәрімнің есімін Алашына жайды. Ақын жары ретінде Майраштың да талай түнді ұйқысыз өткізгені ел аузында жыр болып жүрді. Бүгінде сол елдің алдынан мыңдаған шәкірт өрбіткен сүйікті ұстазы, тектіден туған ұрпақтың әжесі болып отыр. Кәрімнің арқасында өнер адамдарымен, қазаққа аты шыққан ел ағаларымен, танымал тұлғалармен тонның ішкі бауындай араласты. Жұрт арасында өнер адамдарына жар болу қиын ба, оңай ма деген сауал қалмай келеді. Жауабы қилы болып қайтарылатын болғандықтан солай шығар деп ойлайды. Әйтпесе ақын да кәдімгідей өзіміз сияқты ет пен сүйектен жаралған емес пе? Адам алдымен өзін жарылқайды, өзін сүйеді. Артық сезімі қалғанға бұйырады. Ол баласы болуы мүмкін, ол арысы болуы мүмкін, ол ақын болу мүмкін. Кәрім сондай ақын бола білді. Майраштың еркін жаулап алды. Сонан да ол біреуге қиын, біреулеріне үлкен бақыт деп жауап қайтарады. Майраш Кәрімді кездестірген Алла тағалаға дән риза. Бірге өткізген әрбір күндері, жылдары көз алдында. Бір күні Алматы кетіп бара жатады, бір күні Алматыдан келе жатады. Үйлерінде есік болғанымен құлпы болмады, келушілер, әрине, өнер іздеп келетін, өлең іздеп келетін. Соның арқасында кіммен ғана сыйласпады? Танымал сазгер Ілия Жақановтың отбасымен сыйласты, үйге жарқырай келетін Ақселеу Сейдімбекті, әдемі әнімен шаңырағын думанға толтыратын Қайрат, Ескендір, Қапашты сынды дауыстарын көктегі қудың қиқуына қосқан әншілерді қалай ұмытсын! Олардың әрбір келіп, кеткені жатқан бір тарих. Жайық, Тұрсымбек ағайды, «жеңгей» деп сызыла әзілдейтін, әдебиеттің қас сарбазы Оралханды, баладай күлкіге толы сезімі бар Әбдірахманды, Кәдірбекті, әлемге әйгілі әртіс Асанәлі ағай сияқты қазақтың марқасқаларын талай күтіп, алдарына ас тартқан еді. Бір келгенінде:
– Кәрімге орта керек, ол көшпесе төрт баланы Алматыға алып өзің көш, артыңнан өзі-ақ келеді,-деп еді академик Рымғали Нұрғалиев.
Шіркін-ай, десеңші, Еркеш Ибраһим ағай елдің еркесі еді-ау!
– Осы Серіктің мінезі қандай, түсінбеймін,-деген.
– Ол ақын, ақынға тән мінез болуы керек,-деп Кәрім Майрашты сендіретін еді.
Қазақтың бұлбұл қыздары Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова келе жатқан көрінеді дегенде:
– Соларды ауыл аралатып келемін,-деп қуанып, есі шығатын.
Кісіні алалауды білмейтін, өзінен кейінгі талабы бар жастардың басқан қадамына сүйсініп, қолтығынан сүйеп демеп жіберуші еді. Мектеп қабырғасында жүргенімде аудандық «Ленин туы» газетіне үзбей жазып тұрдым. Газеттің Бас редакторы боса болмаса Кәрім аға. Сонда мен бәленбаймын деп шіренбей, бала демей менің жазған өлеңдерімді сұратып, алғы сөзін өзі жазып, сәт сапар тілеп, тұсауымды кесіп еді. Тұрсын ақынның жазған өлеңдерін қызыға оқып, Нәзипа, Рымтай, Ермек сынды жастарды қаламы жүйрік журналист болады деп мақтаныш ететін.
Еркеш Ибраһим ақын «Теміртау толғауы» деген кітабын сыйлап тұрып:
Ақын досым, дауылды інім, Кәрімім,
Едірейдің дауысындай әр үнің.
Балқантаудай жаңғырыққан дарының,
Тәттібеттей күйдің басып тамырын...-деп қол қойып, тілек жазыпты.
Ал Тұманбай Молдағалиев ағасы «Махаббат оты сөнбейді» деген кітабына :
Ағам да жоқ, інім де жоқ бір туған,
Соңдықтанда жағам көптеу жыртылған.
Бір інім боп жүрші жаным қасымда,
Ақын десем ең аяулы жұртымнан.
Сенде де сеңген ағам бар деп алдында
Мен де қамқор боп жүрейін сыртыңнан,-депті.
Ақынның жанын ақын ғана түсінеді деген осы!
Ақселеу, Ілия, Тұманбай ағаларымен, Жайық ақсақалмен хат жазысып, көкірегі ояу, көздері ашық, ойы сергек жандармен хабарласып, өзіне күш-қуат алғандай қанаттанып жүретін, онысын Майрашпен бөлісетін. Зымырап уақыт өтіп жатты. Кәкең бір ауданның білдей Бас редакторы. Ел басына қиыншылық түссе газетке жүгінетін. 1985 жылдың көктемі еді. Аудан басындағы комсомол-жастар шопандар бригадасы көптің тілегі қабыл болып құрдымға кетті. Жер-жерде құрылған сондай бригадалар талай ұл-қыздарымыздың түбіне жетті, жастық шақтың арманы орындалмай адыра қалды. Жастар мектеп бітіруге таянған кезде Кәрімнен маза кететін. Хат-арыз күздің сары жапырағындай толастамай ағылып жататын. Сол кезде шенеуніктердің сорына айналған бюрода, «халық жауы» атанып қызметтен қуылады. Майраш сол күні мектептен кеш шығады. Үй іші көңілсіз екен. Абыржып қалып, отағасының қасына таяп:
– Иә, жігітім, не болды?-деп сұрайды.
– Не болсын, ойларына келгендерін іске асырды. Өзім сенген көзі ашық ағаларым, институттан қуылғанымды айтып табалады. Әсіресе, «халық жауы» дегендері батып кетті.
Сонда Майраш:
– Жә, жетеді. Мен қарапайым жүргізушінің қызымын, редактордың әйелі болып туған жоқпын. Болған іске болаттай болайық. Креслоңды алса да, қолыңнан қаламыңды ешкім тартып ала алмайды. Шай ішейік, қалғанын уақыт көрсетеді,-деп басу айтып, азаматын сабырлылыққа шақырған. Әрине, ақын ағаның жұмыссыз қалуы отбасы үшін оңай болмады. Жұмыстан шығарылған соң күндіз келетін ағайындар, жақын достар түнге ауысты. Ел амандығын тілеп, өздері де мұны құп көрген. Көшеге шықса қарапайым халықтың амандығы түзу, шенеуніктер болса теріс айналды. Адам шіркін оғанда көнеді екен-ау.
Кәкең адал жар, жақсы әке бола білді. Ақынның жүрегі нәзік. Сәл жылы сөз естісе, күннің көзіндей жарқырап шыға келеді, пәс хабар жетсе көңілі жабырқап, қирап, күйреп қалады. Қызмет бабындағы әділетсіздік, айналасындағы кейбір екіжүзді жандардың жәдігөйлік іс-әрекеттері ақын жүрегіне салмақ салды. Оның жүрегіндегі аласұрған арпалысты жары Майраш жан дүниесімен түсінді, қиналғанда қасынан табылып, сабырға шақырып отырды. Кәкең бақилық болғалы да жеті рет қар басыппыз. Артында аманат жүгін арқалап жеңгеміз қалды, жазып кеткен мұрасын жарыққа шығарсам, ақынның еліне арнаған сөзін жеткізсем дейді. Осы тілегі алғы күнге жетелейді. Бүгінде балалары азамат болып, өмірден өз орнын тапты. Майраш жеңгей бұл күнде бақытты әже. Немерелері студент, екі кіші немерелері мектепте. Ендігі мақсаты Кәрімнің көзі тірісінде іске асыра алмай кеткен жазған дүниелерін бұзып-жармай ел қолына түгел тигізу. Балаларға арнаған кітаптарын бір том етіп, үлкендерге арналған өлеңдерін де том-том етіп шығарсам дейді. Сонымен қатар бүкіл қызметін, қажыр-қайратын, шығармашылығын арнаған туған жері Балқантау бауырында есімі қалса нұр үстіне нұр болар еді. Несі бар, Кәрім десе Балқантауды, Балқантау десе Кәрімді ойға алатынымыз сөзсіз. Кәрімдей Балқантауын жырлап өткен ешкім жоқ.
Сөйткен Кәрім ақын бізге сыймады.
Сөйткен Кәрім ақын Майраш жеңгемізге сыйды.
Ақын жетекке жүрмейтін тұлға.
Жеңгеміз, міне, жеті жыл бойы соны айтып келеді.
ӘЙДІК ӘНШІ
Әуесқой әнші Күлбараш Жазықбаева есімін кейінгі өскелең ұрпақ біле бермейді. Бірақ оның орындауындағы әндері таспаға жазылып қалды, тыңдай қалсаңыз керемет даусы барлығын аңдайсыз, сонан күміс көмей әнші апайды бір көрсе ғой деп ынтық боларыңыз сөзсіз. Ол апайдың өнеріне сырттай мен де құмар болып, жүздесуге асыққанмын. Үйінің телефонын қазақ саз өнерінің жанашыры Роза Бимендина апайдан сұрап алып, қоңырау шалғанмын. Жайымды айтып едім, жатырқамады. Қаладағы №48 орта мектебінде ұстаздық қызметте екенін, түс әлетінде босайтынын айтты. Мекен-жайын жазып алып, Оңтүстік-Шығыс аудандағы «Степной-2» шағын ауданы қайдасың деп тартқанмын. Есікті апайдың өзі ашты. Бойшаң, аққұба келген апамыздың бет-әлпетіне қарап, халық «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» деп осындайда айтқан екен-ау деп толғандым. Апай алдыма сарғайған газеттерді, суреттерді жайып салды. Қайда қарасам да Күлбараш жайында жазылған. Сонымен Күлбараш Жазықбаева кім дейсіз ғой. Күлбараш 1942 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген, ата-бабалары Қаздауысты Қазыбек бидің қасиетті топырағынан шыққан. Күлбараш шыққан тегіне бала күнінен қос анасының (өз анасы мен нағашы әжесі) айтқан әңгімелері арқылы қанық болып өсті. Анасы Гүлсімнің әкесі Жаутаңбай Қарқаралы ауданындағы, бүгінгі Нұркен атындағы ауылды мекендеген, айналасын жұтатпаған асқан бай болады. Ақтар қашып, қызылдар қуған Кеңес үкіметі орнаған тұста Жаутаңбай бай қайтыс болады. «Орнында бар оңалар» демекші, отағасының артында қалған Бибіш әже балаларына ие болып, қара шаңырақтың ырыс-берекесін ортайтпаған. Нағашы әжесі бала тәрбиесі, үлкендердің карым қатынасы туралы әңгімелерді жиі айтып отыратын. Әсіресе ата салты жайында көп насихат айтатын. Тіпті «әр баланың ас ішетін қасығы, тостағаны бөлек болып, тағам ішер алдында оны ауыстырмай әрқайсысы өзінің ыдысын пайдаланып отыруы керек» деп оқыған-тоқығаны болмаса да заманның салт-дәстүріне лайық бала тәрбиесінде айтарлықтай ұстанымы болған. Қазірде мұндай тұжырымдар халық педагогикасы деп аталып жүр. Сөйткен әжесі өмірінің соңғы демі біткенше Ұлы Отан соғысынан оралмаған ұлы Әбдірахманын күтумен өтті. 1943 жылы Мәскеу түбіндегі кескілескен шайқастан кейін жазған «...Оң қолымның иығынан оқ тиіп, жараланып, госпитальдан шықтым. Түнгі шайқасқа аттанғалы отырмын. Ағатай, әлде қандай күн туса, анамды ол жалғанда өз қолыңнан аламын» деген соңғы хаты әлі күнге дейін сақталып келеді.
Қайран шеше:
– Жалғызымнан қара қағаз келген жоқ, ол әлі тірі, бір жерден шығар,-деп үмітін үзбей, сағынған сәттерде суретіне қарап, көзінің жасын төгіп, ғұмырын күтумен өткізіп, көз жұмды.
Сонымен Әбдірахман да, ағасы Қалжапар да қан майданнан оралмады. Нағашы әжесі қызы Гүлсімді қара тұтып, «қыздан туғанның қиығы жоқ» деп одан сүйген жиендері Күлбараш пен Советті медеу тұтты. Ер-азаматтың орнында қалған Күлбараштың анасы Гүлсім маңайындағы жақын-жуықтарға қарайласып, шапағатын тигізеді. Кішілер тіпті оның ер мінезіне тәнті болып «Ағатай» деп атап кетеді. Жоғарыда Әбдірахманның жазған хатында айтылған «ағатай» сөзі Күлбараштың анасына айтылған. Гүлсім ана жастайынан Балқаш қаласында жұмыс істеп, біршама орыс тілін меңгеріп, тілмаш болады. Соңынан аспазшы оқуын бітіріп, Қарағанды қаласындағы асханаларда бас аспазшы қызметін атқарады. «Кировуголь» тресіндегі №3 асханада бірінші дәрежелі аспазшы қызметінде жүрген Гүлсім 1957 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық тамақ өнеркәсібі қызметкерлерінің кеңесіне қатысады. Сонымен қатар Мәскеу аспазшыларының кәсіби сынына қатысып, жүлделі орынға ие болып, КСРО Сауда министрлігінің «Тәлімгер аспазшы» деген куәлігі мен заттай сыйлыққа кілем алып қайтады. Әр жылдары қалалық, аудандық соттарға халық өкілі ретінде сайланып та жүреді. Жас кезінде тамылжытып ән салып, сахналық қойылымдарда ойнайды. «Қандай адам болса да, тегіне тартпай қоймайды» демекші, осындай текті аналардан туып, тәрбие алған Күлбараш қаладағы №26 орта мектебінде оқып жүргенде әнге әуес болды. Сауық кештеріне қатысып жүрді. Мектепті бітірген соң Сарандағы Абай атындағы педагогикалық училищеге түседі. Педучилищені бітірген жылы үйлеріне республикаға есімі белгілі Қазақ КСР-і Халық әртісі Рабиға Қойшыбаева келеді. Ол кісі немере апайы болатын. Сіңілісінің әншілік өнерін таныған Р. Қойшыбаева:
– Қалқам-ай, сенің бойыңда тамаша дарын бар екен. Менің тілімді алсаң мұғалімдікті қойып, Алматының филормониясына кел,-дейді.
Өкінішке қарай анасы мен әжесі:
– О не дегендерің, қайдағыны айтып. Біздің көзіміз бен ағымыз, үміт артар азаматымыз осы. Ол әртіс болам деп алысқа кетсе, біздің күніміз не болады?-деп үзілді-кесілді қарсы шығады.
1963 жылы Күлбараш Қарағанды педагогикалық институтының филология факультетіне келіп түседі. Онда орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беретін мамандықта оқиды. Алланың тарту еткен дарыны дертпен тең. Ән айтуға үйіндегі қос анасы қарсы болса да институттың көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өнер жарыстарына барып, бақ сынайды. 1966 жылы Алматы қаласында республикалық жастар мен студенттердің арасында белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әндері бойынша фестиваль өтеді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатын өнер додасында ол Шәмшінің «Сен ғана» деген әнін тамылжыта орындап, байқаудың лауреаты атанады. 1967 жылы сырттай бөлімге ауысқан Күлбараштың үй іші Қарқаралыға көшіп келеді. Қаладағы №1 қазақ орта мектебіне жұмысқа тұрады. Сауық кеште қарқаралылықтарды «Гауһар тас» әнімен таң қалдырады. Сыңғырлаған даусына ел тәнті болып, қол соғады. Одан кейін ол зооветеринарлық техникумда дәріс береді. Еңбек ете жүріп, «Салтанат» ән-би ансамблінің әншісі болады. Күлбараш «Қазақ вальсі», «Ақмарал сұлу еркем-ай» сияқты әндермен қоса Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің Абай операсынан ария орындады. Қарқаралы халық театрының құрамында Б. Майлиннің «Шұға» спектакліндегі басты кейіпкер Шұғаның ролін ойнайды. 1969 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жылдық мерейтойына арналған облыстық фестивальде «Шұға» спектаклі бірінші орынды иеленіп, республикалық байқауға жолдама алады. Республикалық байқауда да алдарына жан салмай лауреат атағы мен бірінші дәрежелі дипломға ие болады. Аталмыш қойылымның айтулы табыстарға жетуіне алдымен сол кездегі халық театрының режиссері Атығай Шаниннің, бас кейіпкер Шұға образын шынайы сомдаған Күлбараштың қосқан зор үлесі бар еді. Осы жылы Күлбараш В.И.Лениннің 100 жылдығына орай мерекелік медальмен мараппаттайды. Жетпісінші жылдары Күлбараш әскери ұшқыш Нәдір Мұқанұлына тұрмысқа шығып, Дондағы Ростовта тұрады. Сол тұстағы мына бір оқиға өміріне ұмтылмастай із қалдырды. 1976 жылы Қырымда (Сочиде) демалып жатқан Рымбала Омарбекова апай Дондағы Ростовқа соғып, Күлбарашты тауып алады. Бұл келіс тегін келіс емес еді... Қарқаралыдағы «Салтанат» ән-би ансамблінің құрамында Францияға барып өнер көрсетуін сұрайды. Ол кезде кейіпкеріміздің екі кішкентайы бар еді, екіншісі небәрі бір жаста. Өзіне үлкен сенім артып, қолқа салып келген сіңлісінің айтқанына қарсы уәж таппай күйеуі Нәдірмен ақылдасады.
– Жібермей қойсам, өмір бойы маған өкпелерсің, – деп жары рұқсат етеді.
Өзі тұрған жері Дондағы Ростовтан тіркеуден шығып, екі баланың бірін жетектеп, бірін құшағына қысып ата-бабасының туған жері Қарқаралыға келеді. Тұрмысқа шыққанда өз текесімінде қалғаны қандай жақсы болған, келіп Қарқаралыға тіркеуге тұрып, құжатын жинап «Салтанат» ансамблінің құрамында Францияда өтетін Бүкіләлемдік фольклорлық өнер фестиваліне аттанады. Одан лауреат атанып, олжалы оралады. Ол кезде Францияға бару қарқаралылықтар түгілі, қазақстандықтар үшін үлкен мәртебе болатын. «Салтанаттың» шет елде көрсеткен өнерін бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары жарыса айтып, жазып жатты. Күлбараштың ән орындап тұрған суреті француз газеттерінің беттеріне шықты. Сол суреттері әлі күнге әншінің өзінде сақтаулы. 1980 жылы Алматыдан шыққан Қазақ Совет энциклопедиясына «Салтанат» ән-би ансамблінің сүйемелдеуімен К.Жазықбаеваның ән шырқап тұрған суреті енген.
Бүгінде алпыстың алтысына келген апамыз:
– Осы ғұмырымда мен екі адамға өте ризамын. Біріншісі, мені сахнада «Шұға десе Шұға еді-ау» деп айтқызатындай бейнені сомдап алып шығуға баулып, өнер биігіне шығарған Атығай Шанин, екіншісі менің өнерімді бағалап сонау ит өлген жерден ат арылтып жетіп, балаларымды қоса жетектей жүріп Францияға барып, ән шырқауыма жағдай жасаған Рымбала Кенжебалақызы. Дарынын танып, бағалай білетін осындай ұл-қыздары тұрғанда қазақ өнері ешқашан өлмейді,-дейді тебіреніп.
1984 жылы кіндік қаны тамған Қарағандысына оралады. Әу баста алған мамандығы ұстаздық қызметін жалғастырады. Басында мектепте, бірте-бірте кәсіби-техникалық білім беру департаментінде, сосын білім беру ісінің біліктілігін арттыру институтында кәсіби-техникалық училищелер бойынша қазақ тілі пәнінің әдіскері болып еңбек етеді. 1992 жылы кәсіби-техникалық білім беру департаментінде қазақ тілі мамандары арасындағы «Өз мамандығының білгірі» атты байқауда жүлделі орынды жеңіп алды. 1997 жылдан қаладағы №48 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ұлы ержетті, қызы бойжетті. Үлкені Айгүл КФ «Регион-Медиа» ЖШС-де жарнама менеджері, ортаншысы Талғат «Бертісхан» ЖШС-де күзет бастығы, кенжесі Эльдар «Айрон инк Корпорейтед» АҚ-да бақылаушы болып істейді. Әуесқой әнші әңгіме соңында Бибігүл Төлегенованың Қарағандыға келіп қойған концертінен кейін өзінің ән салып тұрған суретіне қалдырған қолтаңбасын көрсеткен. Онда әйгілі әнші: «Әнің шалқи берсін, денсаулық, бақыт тілеймін, апаң Бибігүл» деп жазыпты. Бибігүлдей қазақтың бұлбұлы болып қалмаса да Бибігүлдей әншінің қалдырған қолтаңбасын қанағат тұтқан әнші үнсіз ойланып қалған.
Бәлкім, ән әлеміндегі сол бір айшықты жылдарын еске алып, сағынды ма екен?!
МЫҢ БҰРАЛҒАН БИШІ
Сахнаға бишілер шығып, мың бұралып, билей ала жөнелді. Әсем қимылдары, көркем киімдері көз тартқан бишілердің өнеріне жұртшылық қол соғып, қошемет көрсетіп жатты. Соңынан көркемдік жетекшісінің, хеорографының есімдері аталды... Осынау әсемдіктің нышанындай билерді маңдай терін төгіп үйреткен хореографтардың аты-жөні аталмай да қалатын кездер болады. Бірақ оғанреніш білдіріп жатқан олар жоқ. Олар өзі үйреткен биін сахнада сәтті алып шығып, көрерменнің қошеметіне бөленген бишілердің шеберлігін қанағат тұтады. Көмірлі қаламызда жыл өткен сайын би ансамблінің қатары қаулап өсіп келеді. Оған өте қуаныштымыз. Өйткені қазақта би болмаған деп көкіп жүргендер де бар. Осындағы біраз би ансамблінің өз алдына жеке отау болып шығуына балетмейстр Қорлан Мұқатованың үлесі барлығын біреу білсе, біреу білмес. Қорланның алдында алғаш рет бидің әліппесін игерген оқушылары қазірде бір-бір бишілер ансамблінің жетекшілері. Қарағандыда би өнерін дамытуға өзіндік өрнегін салған өнер майталманының шыққан тегі жер жаннаты Баянауыл топырағы. Әкесі Асылбек Сұлтанұлы көзі тірісінде дарынды қызының бала кезден қиялдаған мақсатына жетуіне қарсы тұрмайды. Сұлтан атасы болса немересінің биші болғанын жан дүниесімен қалады. Бірде атасы Мәскеуде тұратын Қорланның әжесінің сіңлісінің үйіне үшінші сынып оқитын Қорланды да ала кетеді. Талабы таудай немересінен үлкен үміт күтті ме, Мәскеудегі Үлкен театрға алып барады, онда П.Чайковскийдің «Аққулы көл» балетін тамашалайды. Кремльдің съездер сарайында «Иркут тарихы» балет спектаклін қызықтайды. Әттеген-айы, сөйткен атасы немересінің мың бұрала билеген сәтін көрмей кетті. Ал анасы Шамшықамар Жетісу жерінің қызы. Бақилық болғанша Қорланның алыс жақтарға гастрольге шығуына жағдай жасап, жиендерін қанатының астына алып, бағып-қағуға көмектесті. Анасы еске түссе, Қорланның көзіне іркіліп жас келеді. «Қайран ана, сіздің орныңыз ойсырап тұр-ау» деп қабырғасы қайысатын. Сонымен Баянауылдың биік тауларына қарап, биіктікті, сұлулықты сүйіп өскен Қорлан арман қанатында Алматыдан бір-ақ шығады. Ол республикалық эстрадалық цирк өнері студиясының хореографиялық бөліміне түседі. Оған ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, шығыс биінің білгір ұстазы Деляфруз Бакиқызы Қияқова, классикалық биден Милентина Петровна Габбель, халық биінен Жар Нұрымханұлы Капесов дәріс береді. Студияны 1973 жылы бітіріп шыққан соң «Гүлдер» ансамблінде еңбек жолын бастайды. Одан кейін «Қазақконцертте» жұмыс істейді. Арқаның қызы Алматыны жерсінбей 1977 жылы Қарағанды қаласына келеді. Әуесқой биші емес, кәсіби балетмейстр Қорлан Мұқатованы сол кездегі ҚарМУ-дің ректоры Е. Бөкетов жұмысқа шақырады. Қорлан университеттегі студенттердің басын құрастырып, «Жарқын» атты би ансамблін құрады. Одан кейінгі жылдары ректор болған Жамбыл Ақылбаевтың өнерге деген ықыласы ерекше еді. Бишілердің киіміне, гастрольге шығуына қаражат бөліп, жағдай жасайтын. Бишілер оқуды өнермен ұштастыра білді. Оқуларын жақсы оқыды. Ғылымға үлесін қосты. «Жарқынның» белді бишісі болған Сәулеш Мұқанова педагогика ғылымының докторы, Күләш Жақсыбекова білікті физик. Қазіргі Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің ректоры Еркін Көбеев те мәдениет пен өнер саласына ерекше көңіл бөлуде. Университеттегі өнерлі студенттердің бәйгеге түсіп, бағын сынауына қолдау жасап, қолтықтан демеп отыр. «Жарқын» би ансамблі 2007 жылы Талдықорған қаласында жастар арасында өткен республикалық сайыста алтын медаль алып, олжалы оралды. Оқығанның аты оқыған, оның сыртында Тәңір тарту еткен биге деген табиғи дарыны бар Қорлан жетекшілік еткен бишілер ансамблі облыс түгілі Одаққа танылады. Он жылдай «Жарқынның» атын жарқыратып шығарған Қорлан Асылбекқызы отбасы жағдайымен Жаңаарқа ауданына ауысады. Аудандық Мәдениет үйінде қыздарды іріктеп алып, сабақ жүргізеді. Алғашқы биге үйреткен қыздарының өнерін тамашалаған жұрт шын мәнінде Қорланның шеберлігіне тәнті болып, таң қалысады. Осыдан кейін би үйренуге құштар оқушылардың қатары көбейе түседі. Солардың арасынан 150 бала конкурспен іріктеліп алынып, сабақ бірнеше топқа бөлініп оқытылады. Бір бидің өзіне 45 биші шығады. Олардың әрқайсысы әуен ырғағына ілесіп, бірдей қимыл жасап, бидің шартын бұзбауы керек. Бәленбай адамға осының бәрін бір қалыптан шыққандай етіп үйретіп шығару үлкен еңбекпен келеді. Біз тек дайын бишілердің биін тамашалағанға мәзбіз. Бұған дейін буыны қатып кеткен балаларды түрлі қимылдарға баулу, әуен таңдау, таңдаған биіне лайық киім тіккізу сияқты қыруар шаруаның басын қайырып, халық алдына шығарып, өнер көрсету батпандап төккен тердің жемісі. «Ырғақ пен әуенде әрқашан өмір шындығы болады. Онда адамдардың қайраты мен көркемділігі, ерлігі мен байсалдылығы және соларға тән барлық қайшылықтар, сонымен бірге адамдардың мінез-құлықтары да бейнеленеді» дейді ұлы ойшыл Аристотель. Қорлан биді дүниеге шығармас бұрын алдымен ырғақ пен әуенді талғаммен таңдап алады. Би өнерінде жасаған еңбегіне тәнті болған өнер тарландары Қорланды Жезқазған музыкалық драма театрына шақырады. Ол Жаңаарқадан ізсіз кетпейді, өз шәкіртін қалдырып кетеді. Қорланның жолын қуған шәкірті, бүгінде «Мәдениетке еңбегі сіңген қызметкер» медалінің иегері Ләззат Жұмабекова ұстаз жолын жалғастыруда. Ол басқаратын «Балдәурен» бишілер ансамблі облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр. 1993 жылы кәсіби балетмейстрді Қарағанды қаласындағы облыстық Қали Байжанов атындағы филармонияның сол кездегі директоры Ян Михайлович Симоновский жұмысқа шақырады. Филармония жанындағы бишілер ансамбліне жетекші болмас бұрын Қорлан Алматыдағы ұстазы Деляфруз Қияқова және «ҚР еңбегі сіңген өнер қайраткері», нағашысы Ментай Тілеубаевтан ақыл сұрайды.
Ол кісілер:
– Уайымдама, ансамбльді қолға ала бер, өзіміз көмектесеміз, – деп ансамблдің атауын «Аққу» деп атауды ұсынады.
Ұстазының орынды ұсынысын қабыл алып, ол «Аққу» хореографиялық ансамблінде жұмысын бастап кетеді. Оның репертуарына көбіне шығыс әуендері ырғағымен биленетін осы заманға лайық ұлттық билер енді. Аяғынан тұрып алған соң «Аққумен» қатар «Қуаныш» атты балалар би ансамблін құрады. Қорлан жетекшілік еткен аталмыш екі ансамбльдің аты алысқа кетеді. Республикалық, халықаралық конкурстардан қанжығасы үнемі майланып қайтатын. 2006 жылы анасы қатты сырқаттанады. Ерекше күтімді қажет етеді. Он үш жыл бойы өзі басқарған ансамбльдерді Қорлан өзінің шәкірттеріне береді. «Аққу» ансамблін осы ансамбльді басқарғанда өзінің тұңғыш шәкірті болған Назгүл Әбілханға, «Қуаныш» балалар ансамблін шәкірті Айман Тойболдинаға өз қолымен тапсырады. Қорлан өзі емес, өзінің шәкірттері туралы көп сөз қозғайды. Бүгінгі күні өзі жұмыс істейтін «Жарқын» ансамблінде оң қолы болып отырған, 2007 жылы облыс әкімінің арнайы сыйлығын алған Әмина Макенованың есімін ілтипатпен ауызға алады. «Аққудың» тұңғыш қарлығаштары: Қорлан Сыздықова, Мәдина Ермекова, Құралай Мұрзағалиева, Әйгерім Исмағанбетова, Жанар Мойылбекова, Салтанат Қазкенова, Қарлығаш Есімова, Гауһар Игілікова, Жанар Татанова жайлы жақсы пікірлер айтты. Одан кейінгі шәкірттері де осал емес: Сәуле Жұматаева Францияда, Мулисон қаласында тұрады. Сонда қазақ биінен дәріс береді. Дана Сүлейменова Астана қаласындағы «Наз» мемлекеттік ансамблінің солисі, Әсел Қаңтарбаева Алматыда, Құралай Капенова қаладағы жасөспірімдер сарайында балаларды биге баулитын ұстаз, Айнұр Қуандықова Австрияда тұрады. Немере сіңлісі Сәуле Зәкірова «Жарқында» билеп, кейін қаладағы кеншілердің Мәдениет сарайында «Өрнек» атты өзінің ансамблін құрады. Өмір деген қызық. Кезінде Қорланнан бидің қыры мен сырын үйренген шәкірті Гүлмира Смағұлова бұл күнде Жезқазғандағы «Мақпал» бишілер ансамблінің жетекшісі. Ал одан дәріс алған Индира Мусина ҚарМУ-де Қорлан басқаратын «Жарқын» би ансамблінің мүшесі. Өзі билеп қоймай, әрі биге киетін киімді пішіп, тігетін Индира Мусинаны және Индира Бекованы (шәкірті Әмина Макенованың бишісі) Қорлан «Менің немерелерім» деп бауырына тартады. Қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде қоныс тепкен №39 орта мектебі жанындағы «Шолпан» би ансамблінің жетекшісі Гүлнар Омарова да Қорланның қолдауымен шыққан. Ондағы бишілерге өзінің репертуарындағы Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», «Гиподинамия», «Балбырауын» «Аққу» билерін беріп, қадамдарына сәттілік тілеген. Павлодар қаласында өткен «Таңғы жұлдыз» байқауына тұңғыш қатысқалы отырған «Шолпанның» бишілерінің киімінің эскизін өзі салып, Г.Омароваға ақыл-кеңес береді. Қорлан биге киетін киімдердің эскизін билейтін бидің әуен ырғағына, тақырыбына, мағынасына сай етіп ізденіп, өзі жасай береді. Ресейде өткен халықаралық «Орталық Азия аруы» конкурсында шәкірті Гүлден Сәрсембина «Достық аруы» атағын жеңіп алды. Жақында Қорланға Шотландиядағы жоғарғы оқу орнында оқитын, бір кездері «Қуаныш» ансамблінде билеген бишісі Әйгерім Шайхинадан құтықтау хаты келді. Онда: «Қымбатты, Қорлан апай, сізді сағындым. Биге барған сайын, мені мақтаған сайын Сізді еске аламын. Менің биімді мақтаса, ол Сіздің еңбегіңіз. Біздің биге деген құштарлығымызды оятқан сізге көп рахмет. Мен бұл биді ешқашан тастамаймын деп шештім» деп жазылған. Шалғайда жүрген шәкіртінің жүрегінен шығып жатқан риясыз көңіл, міне, осындай! Қорлан Мұқатова өнерде жүрсе де бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Ұлы Ерлан ел қызығар азамат. Қызы Айжан Алматыдағы хореография училищесін бітірді. Астанадағы Күләш Бәйсейітова атындағы опера және балет театрының бишісі. Айжан бүгінде сахна көркіне айналған. Оның асқан бишілігін өнер сүйер халық төрден көріп, тәнті болып отыр. Қорлан бақытты. Бақытты болуының басты себебі өнерімен халықтың жүрегін жаулап алды. Соңынан өзіндей болмаса да көзіндей болған қаншама дарынды шәкірттерді ертті. Айжанын бала кезінен биге баулып, балет театрының белді бишісі дәрежесіне жетуіне жол ашты. Сарыарқа төсінде би өнерінің гүлденіп дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Ендігі сөзді ақын Серік Ақсұңқарұлы айтсын:
Қаршадайдан халқына арнап гүл өрдің,
Би аруы болып алдың бір елдің.
Аққу едің сен анаңнан туғанда,
Сарыарқаны «аққу қылып» жібердің.
Өнердегі өзіңсің саф алтыным,
Сахнада аққу болып қалқыдың.
Жан-жүйені босатып та елітіп,
Жаһананы жалт қаратты «Жарқының»!
Шаршы топты жарып шығып бәйге алып,
Қанат қақтың аспандағы айға анық.
Сап түзеген аққуларың шыққанда
Алаш тұрды-«айдын көлге» айналып...
ЖАНЫП ТҰРҒАН ЖАННА
Газеттің мәдениет саласына жетекшілік еткендіктен мен көбіне облыста өтіп жатқан мәдени шаралардың басы-қасында жүремін. Сондай кездерде бойынан өнер, қолынан іс келетін білімді, табанды, Арқаның ер мінезді аруларының жасап жатқан еңбектерін көргенде еріксіз сүйсінесің. Кейде облыстық мәдениет басқармасының бастығы Рымбала Омарбекова айналасына өзі сияқты қоғамдық жұмысқа жан тәнімен берілген, жігерлі, жұмыс десе жанып тұрған қыз-келіншектерді іріктеп алғандай көрінеді. Сондай іскер қыздардың бірі облыстық Н.В. Гоголь атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, «Мәдениет қайраткері», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жанна Кәкібайқызы Шаймұханбетова.
Мен Жаннаны жұмыс бабында жақсы білемін. Облыстан шалғай ауылдарға бірге барған кезіміз көп. Сонда мен Жаннаның алыс ауыл-селоларға қарамағындағы кітапхана қызметкерлерін жібермей, өзі арнайы барып, кітапханаларды аралап, кітапханашылардың жағдайымен танысып қайтқанына тәнті болғанмын. Осы бір еңбек десе жанып тұрған замандасым жайлы жазу көптен жадымда жүрген. «Сәлемнің де сәті бар» демекші, соның сәті енді келгендей. Жанна Қарағанды қаласында дүниеге келгенде әке-шешесі студент екен. Мұғалімдік мамандық алғаннан кейін ата-анасы жолдама бойынша қол ұстасып Қарқаралы ауданының Көктас ауылына келіп, мектепке орналасады. Қос мұғалімнің тәрбиесін алған Жанна ақыл-ойдың, білімнің кені-кітапта екенін түйсініп өседі. Әкесі Кәкібай ұзақ жыл бойы мектептің директоры болып, бала тәрбиесіне үлкен көңіл бөлген жан. Қызының жүрек қалауымен қалаған арманына қазылық айтпайды, қалауын еркіне береді. Кітапқа деген қызығушылығы болар, Жанна мектеп бітірген соң бір жыл бойы ауыл кітапханасында жұмыс істейді. Бір жылдан кейін қаладағы сол кездегі кітапханашылар дайындайтын мәдени-ағарту училищеге түседі. Оқуды үздік оқып, қызыл дипломмен бітіреді. Облыстық жасөспірімдер кітапханасында бір жыл еңбек ете жүріп, жоғары білім алып, біліктілігін көтере түспек болады. Арманы алдамайды. Мәскеу Мемлекеттік мәдениет институтының кітапхана факультетіне келіп түседі. Мәскеуде оқып жүргенде алған білімін атамекенінің керегіне жаратсам деген ойдан арылған емес. Бітірген соң жолдамамен туған жері Қарағандысына қайтып оралады. Мәдениет саласының жанашыры Рымбала апай Кенжебалақызы Жаннаны облыстық Ж.Бектұров атындағы жасөспірімдер кітапханасына әдіскер етіп жібереді. Онда жеті жылдай қызмет істеп, мол тәжірибе жинайды. 1993 жылы облыстық Н.В.Гоголь атындағы кітапханаға ғылыми-әдістемелік бөлімнің меңгерушілігіне шақырады. Бала жастан жүрегіне жақын жұмысында бір тыным таппайды. Ізденеді, талаптанады. Кітапхананың қызмет аясын кеңейте түсудің жолдарын қарастырады. Ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түседі. 1996 жылы ұжымға сыйлы Жанна облыстағы ең ірі аталмыш кітапхананың директоры болып тағайындалады. Ол кітапхананың қызметіне стратегиялық жоспарлау, жобалау және бағдарламалық даму принциптерін енгізіп, тиімді менеджмент жасап, кітапханашының міндетін анықтады. Оның басшылығымен кітапхана Қазақстанда компьютерлендіруден алдыңғы қатарға шықты. Автоматтандыру бөлімі ұйымдастырылып, «Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың автоамттандыру бағдарламасы» және интернет-класс жобасы жасалды. Бұл жобалардың барлығы «Кітапханаларды дамытудың аймақтық орталығы»-«Қазақстанның ақпараттық ресурстары: Сарыарқа: on-lіne» бағдарламасы аясында жасалды. Жанна Шаймұханбетова 1998 жылы Алматыда өткен ҚР кітапханашыларының ІІ сьезіне, 1999 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясына және көптеген халықаралық конференцияларға қатысады. Германия мен Францияның ірі кітапханаларында болады. Шет елдерден алған білімін Қарағанды кітапханаларының қажетіне жаратуға тырысады. Мәдениетті қолдау жылының қорытындысына кітапхана жұмысын жоғары деңгейге көтергені үшін Жанна Шаймұханбетова Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталды. Осынау марапатқа мардамсыған Жанна жоқ. Қайта өзіне артқан сенімінің үдесінен шығу үшін қыруар жұмыстар атқарды. Әріге бармай-ақ өткен 2006 жылы жасаған жұмыстардың бірсыпырасына тоқталайық. Өткен жылы Жанна басқаратын ұжым үшін табысты жыл болды. Құжаттық мұраларды цифрлау және сақтау орталығын ұйымдастырды. Қарағанды облысының 70 жылдығына орай «Қарағанды облысының шежіресі» компакт-дискісін құру жобаларын жүзеге асырды. Поэтикалық «Жыр жауһар» клубын ашты. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 15 жыл және облысымыздың 70 жылдығына байланысты 100-ден астам көпшілік және ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылып өткізіліп, оған 5000 адам қатысты. Жыл бойы кітапхана ел Президенті Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауындағы негізгі бағыттарына арналған әдебиеттер «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің құрамына ену стратегиясы» және «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын насихаттады. Кітапханадағы француз оқу залы және Америкалық бұрыш базаларының негізінде жасалған біліми бағдарлама қала оқытушылары мен студенттер арасында кітапхананың ақпараттық орталық ретіндегі бет-бейнесін көтерді. 2006 жылдың соңында Интернет жүйесіне шығу жылдамдығын 512 кбит/сек жеткізу мақсатында «Қазақтелеком» АҚ қосымша келісімге қол жеткізді. Сөйтіп, ақпараттық ресурстарды пайдалану қызметінің аясын кеңейту және болашақ ұрпақ үшін кітапхананың құжаттық қорын сақтау мүмкіндігіне қол жеткізу тұрғысындағы негізгі мақсатына мүмкіндік алды. Мемлекет басшысының ақпараттық технологияны қарқынды дамыту туралы тапсырмаларын орындау жолында кітапхана нақты қадамдар жасады. Дәлірек айтқанда Қарағанды облысындағы мемлекеттік кітапханаларды ақпараттандыру бағдарламасының жобасы жасалды. Кітапханааралық және аудандық, қалалық орталық кітапханаларда «Электронды құжат айналымын» еңгізу жоспарға айналды. «РАБИС» тұғырнамасы негізінде ақпараттық ресурстар құру және ықпалдастыру» тақырыбында республикалық семинар өткізілді. ІІ Жазғы Интернет-Университеті «Цифрлық кітапханалар: пайдалану және ұйымдастыру» атты тақырыпта өтті. Сонымен қатар «Кітапханалық өлкетануды жетілдірудің бүгінгі беталысы» атты ғылыми-практикалық конференцияның кітапханашыларға берген тәлімі мол болды. Биылғы жылдан бастап электронды каталогтар және ДБ (деректер базасы) 15000 библиографиялық жазбадан тұрса, Қарағанды: адамдар, оқиғалар, деректер» толық мәтінді ДБ көлемі 1030 құжатты құрайды. Тізе берсе ауызды толтырып айтатын деректер, жетістіктер жетерлік. Төккен тер, еткен еңбек елеусіз қалмайды. ҚР Тәуелсіздігін 15 жылдық мерекесінде Жанна Шаймұханбетова мемлекет алдында сіңірген еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жоғарыда айтылғандай жанды жұмыстардың басы қасында қашанда облыстық Н.В.Гоголь атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүшесі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Жанна Кәкібайқызы жүреді. Алла Тағала осындай ер мінезді қыздарға қажымайтын қуат берсін.
МӘДЕНИЕТТІ ГҮЛДЕНДІРГЕН ГҮЛШАРА
Облысымыздың мәдениеті мен өнері жылдан жылға көкжиегін кеңейтіп, көркейіп келеді. Облыстық мәдениет департаментінің директоры Рымбала Омарбекова апайымыз аудандық мәдениет бөлімдеріне өзі сияқты білімді, білгір басшы, қайраткер қыз-келіншектерді таңдай білгендей. Жасаған жұмысына жаның сүйсінетін сондай жандардың бірі-Шет аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі ҚР Мәдениет қайраткері Гүлшара Ахметова.
Қазақ бір-бірімен танысып, жөн сұраса отырып, алдымен шыққан елің мен тегіңді біліп алғанды жөн көріп тұрады. Мен де алдымен Гүлшараның шыққан тегінен әңгіме тиегін ағытқанды хош көрдім. Гүлшара 1957 жылы Шет ауданынан шалғай Қарқаралы жерімен іргелес жатқан Ақбауыр ауылында дүниеге келіпті. Әкесі Қами Сеңкібайдай баһадүр шыққан Қарашордан тараған ұрпақ. Ұлы Отан соғысына қатысып, 1946 жылы туған еліне аман-есен оралады. Ұзақ жыл бөлімше агрономы болып еңбек етеді. Қисса, дастандарды жатқа айтып, кенже ұлы Жанатынан туған немерелерінің құлағына құяды. Сүйегі асыл, кеудесі қазынаға толы қарт бертінде жүз жасқа жетіп қайтыс болды. Талды ауылында тұратын Гүлшараның анасы Ермек әйгілі ақын Жәкен Байтуовтың туған жиені. Қапан Сатыбалдин Жаппар Өмірбеков тәрізді белгілі ақын-жазушыларға жақын аталас болып келеді. Кейде ата-анасы суырып салып, жеңіл-желпі өлеңмен қағысып алушы еді. Бауыры Дидар Қамиев бала күнінен атасына үйренген «Алпамыс батыр» сияқты жырларымен дүйім елді аузына қаратып, «жыршы-жырау бала» атанды. Ол 2002 жылы Көкшетау қаласында өткен «Кемел ойлы хан Кене» байқауында жүлделі бірінші орынды жеңіп алады. Одан кейін Дидар нағыз жырдың елі Қызылордада өткен республикалық «Ғасырлар үні» атты жыршы-жыраулар байқауында шашасына шаң жұқпаған Алмас Алматов, Баянғали Әлімжановтармен қатар өнер көрсетіп, «Үкілі үміт» атты арнайы жүлдені қанжығасына байлайды. Бүгін де қасиетті ата-бабасынан дарыған дарынның арқасында республика көлемінде өтетін ақындар айтысына қатысып, облысымыздың намысын қорғап, бәйгеден озып шығып, темір тұлпар мініп қайтып жүр. Міне, осының бәрі-тегіне тартқан тектіліктің белгісі. Осы тектілік Гүлшараның да бойында бар. Қызының өнерге бейімі барын білген сұңғыла әке төрт жасында Гүлшараға сырнай алып береді. Қаршадай қыз қарап жүрмей, ағасы Шәкірден сырнай тартуды үйреніп алады. Мектеп қабырғасында жүргенде сырнай тартып, ән салып, көпшіліктің көзіне түседі. Шет өңірінен шыққан әнші, сазгер, тамаша театр актері әрі ақын Ермек Мұстафин Гүлшараның балауса өнерін көріп, риза болып, ақ батасын береді. Мектепті бітірген соң туған ауылында бір жыл мәдениет үйінің меңгерушісі болып еңбек етеді. 1975 жылы Сәтбаев қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түседі. Оқуын аяқтаған соң аудандық мәдениет бөлімінде нұсқаушы қызметін атқарады. Сосын Жезқазған педагогикалық институтына оқуға түсіп, жоғары білім алады. Бітірген соң аудандық пионерлер үйінің директоры, кино жүйесінің директоры болып қызмет етеді. Бірақ әу бастағы пешенесіне жазылған болуы керек, өмірдің өзі оны мәдениет саласында қызмет етуге алып келеді. Гүлшараның отыз жылға жуық ғұмыры мәдениет саласында қызмет етуге арналса, соның он сегіз жылында аудандық мәдениет бөлімін басқарып келеді. Альбом беттерін парақтап отырмын. Шет өңіріне кімдер келіп, кімдер кетпеген?! Небір жақсылар мен жайсаңдардың ізі қалған. Оған альбом бетіндегі суреттер куә. Роза Бағланова, Мұхтар Мағауин, Мақпал Жүнісова, Ерік Асқаров, Бикен Римова, Софы Сматаев, Сәкен Жүнісов және тағы басқа елге есімі белгілі адамдармен түскен суреттердің өзі көп сырды аңғартқандай. Халқының сүйікті ұл-қыздарының аяғын жерге тигізбей күтіп алу да үлкен сын. Соның басы-қасында Гүлшараның өзі жүреді. Гүлшараның туған топырағының мәдени мұрасын насихаттауға қосқан үлесі жетерлік. Шортанбай жырау, Жанқұтты шешен, Маясар ақын, Қыздарбек күйші, ақын Жәкен Байтуов сияқты қасиетті бабаларымыздың шығармашылығына арналған тойлар дүбірлеп өтті. Кейінгі кездері ауданда ақындар айтысы жанданып, небір жас ақындардың тұсауы кесілді. Үңірек ауылында, Жарық кентінде өткен аумақтық ақындар айтысында сыналып шыққан жастар арагідік республикалық ақындар айтысына қатысып жүр. Қазақта «Болар елдің баласын бірін-бірі батыр дер» деген тамаша сөз бар. Туған топырағынан шыққан ақын-жазушы, өнер, спорт саңлақтарын төбесіне көтеруді Гүлшара Ахметова бір ретте жадынан шығарған емес. Соңғы жылдары жазушы Кәмел Жүністегі, Өмір Кәріпов, ақын Айтақын Жексенбаев, Тезекбай Амандықұлы, әнші Марал Медеуова, Хамит Көрікбаев, күйші Дәулетбек Сәдуақасов, Қайрат Мұстафин, балуан Жәкен Ақыжанов, Серік Демесінов, Тұрар Төлепбековтердің өнері мен шығармашылығына арналған кештер көпшіліктің жүрегіне жылы әсер қалдырды. Өнер саласына талантты жастарды танып, өнер додасына қосуға үлкен көңіл бөлінген. Қаңтар айында І республикалық «Ақ көгершін»балалар қоры ұйымдастыруымен өткізілген байқауға Жарық кентінен қатысқан Баянды Төлеутай екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. «Жас қанат» конкурсында дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасов облыстық мәдениет департаментінің «Ең үздік аспапшы-музыкант» номинациясы бойынша тағайындалған дипломы мен ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал «Аюлыны тербейді Шәмші әні» атты ән фестивалі талай әуесқой әншілердің талабын жани түсті. Гүлекең осындай мәдени шаралардың қай-қайсысының да қасынан табылады. Еліміздің басынан мәдениетіміз бен өнерімізді ақсатып алған талайлы заман өтті. Ақадыр кентінде мәдениет үйлері мен кітапханалар саусақпен санаулы кездер болды. Бүгінде тынымсыз маңдай тердің жемісіндей елу мәдениет нысаны халыққа қызмет көрсетеді. Үстіміздегі жылдың маусым айында «Ақсу-Аюлы» ән-би халық ансамблі, «Ақадыр әуендері» халық фольклорлық ансамблі, «Аудандық халық театры», «Ақадыр халық театры» өздерінің халықтық атақтарын қорғады. Ауыл, кенттердегі мәдениет үйлерінің қызметкерлері арасында «Мәдениет қызметкерлері қандай болуы керек?», «Мәдени-сауық мекемелерін қазіргі кезеңде модернизациалау» деген тақырыптар бойынша семинар-кеңестер өткізілді. Кітапханаларды компьютерлендіру басты мәселе болып отырғандықтан материалдық-техникалық базаны қамтамасыз ету барысында кітапхана жүйесі бойынша компьютерлер, көптеген кітап сөресі алып берілді. Мұражайда тарихта есімдері қалған Ағыбай, Сеңкібай, Деріпсалы батырлар туралы мәліметтер жиналып, толықтырылуда. Міне, мәдениет пен өнер саласында жасалып жатқан осынау игі шаралар аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Г.Ахметованың басқаруымен жүргізілді. Гүлшара бастаған аудан өнерпаздары 2005 жылы елордамыз Астана қаласындағы президенттік мәдениет орталығында өткен өнерпаздарды марапаттауға арналған қорытынды байқауға арнайы шақырылып, талғамы жоғары астаналықтар алдында өнер көрсетті. Байқауға шақырылған барша өнер ұжымдарын ауыл мәдениетіне қосқан үлесі үшін ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Е.Қосыбаевтың алғысын жеткізген вице-министр Ермек Аманшаев Ақжал кентіндегі «Шұғыла» мәдениет үйіне (директоры Ж.Тәженов) бірінші орын беріп, 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапаттады. Сондай-ақ ауданның мәдениет саласына зор үлес қосқан үшін «Мәдениет қайраткері» Гүлшара Қамиқызы мен ауыл мәдениетінің дамуына қолдау көрсеткені үшін «Жақа Мырыш» кәсіпорынның Бас директоры М.Бадановқа министрдің «Алғыс хаты» салтанатты түрде табыс етіледі. Гүлшара ғұмырының тұтастай отыз жылын мәдениет саласына арнады. 2007 жылы Шет аудандық мәдениет үйінде Гүлшара «Елін өнерімен тербеген» атты әдеби сазды авторлық кешін өткізді. Кеште аудан өңіріне есімдері танымал өнер тарландары, өнер ұжымдары ыстық лебізін білдіреді. Облыстық мәдениет және облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармаларынан, ауыл, кент әкімдерінен құттықтаулар лек-легімен келіп жатты. 2008 жылы Шет ауданы 80 жылдығын атап өткенде «80 жылдыққа-80 игі іс» шарасының басы-қасында тағы да өзі жүрді. Осынау мерейтойға орай өткен республикалық «Күй керуен» байқауы, ақындар айтысы, халықаралық тоғызқұмалақ жарысы оң бағасын алды. Өмірлік серігі Мейрам Арыстанбеков екеуі Бағылан, Ләззат, Арайлым атты алтындай балаларды өсіріп, жоғары білім беріп, өмірден өз орнын табуына жолбасшы болды. Бағыланы үйленіп, Ақшоқы ауылының тұрғыны Мақсұт-Хадишамен құйрық бауыр жесіскен құда болды. Келіні Аманкүлді туған қызындай мәпелейді. Ләззаты экономист, Арайлымы ҚарМУ-дің филология факультетінің студенті. Арайлым өнер саласында Гүлшараға қолғанат десе болғандай. Көркемөнерпаздар ұжымы қойған концерттерде жүргізуші болып бел ортасында жүреді. Гүлшараның еңбегі ел алдында еленді, көпшіліктің батасын алды. Мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасынаң Мәдениет қайраткері атағын алды. Сөз соңын Ақадыр кентіндегі С.Сейфуллин атындағы кітапхана ұжымының жыр-шашуымен түйіндегенді жөн көрдім:
Сізді біз жан тартамыз сүйеу көріп,
Байыпты, байсалдысыз істе берік.
Қазақтың бір аруы сіздей болсын,
Жарасқан бойыңызға ақыл-көрік.
Қазақтың жетік біліп дәстүр-салтын,
Бағалап бағамдайсыз қызмет нарқын.
Қамқор боп өнерліні өрге оздырған,
Құттықтап қол соғады туған халқың!
КҮЙСАНДЫҚҚА ТІЛ БІТІРГЕН
Гүлнардың саусақтарының ұшы күйсандық пернелеріне тиіп кеткені сол-ақ екен әдемі әуен сазы саусақ арасынан төгіліп қоя берді. Манадан үнсіз тұрған концерт залының іші жүрек қылын тербейтін сазға толып, тұла бойды шымырлатып ала жөнелді. Сүйрік саусақтардың жылдамдығына көз ілеспейді. Бойды балқытып, жанды ерітіп барады. Күйсандыққа тіл бітірген Гүлнардың шеберлігіне тыңдарман біз ғана емес, сахна төрінде жүрген небір өнер тарландары риза болып ақ батасын берген. Гүлнардың жадынан әсіресе, КСРО және Қазақстанның халық артисі, профессор Ермек Серкебаевтың Қарағандыға келген өнер сапары кетер емес. Бұл 1994 жыл болатын. Әлемді әншілігімен мойындатқан Ермек Серкебаев 70 жасқа толған мерейтойында «Шалқыма» концерт залында қарағандылық көрермендердің алдында өнер көрсеткен еді. Әншінің әндерін күйсандықта Гүлнар Серкебаева сүйемелдейтін болады. Сол сәт Гүлнардың бойын «атақты әншінің көңілінен шыға аламын ба?» деген үміт пен күдік жаулап алады. Күйсандықтың құлағында ойнайтын Гүлнар бұл жолы да әншінің орындауындағы әндерді сәтті алып шығады. Белгілі әнші Ермек Серкебаев көрермендер ұсынған гүл шоқтарын Гүлнарға ұсынып тұрып:
– Әншілердің табысының тоқсан пайызы концертмейстрге байланысты, – деп жоғары баға береді.
Халық та қызық, концерттен соң:
– Сіз Ермек Серкебаевтың қызы емессіз бе, сіздің де текесіміңіз Серкебаева ғой, – деп сұрағандар бар.
Оған Гүлнар:
– Ермек ағаға еш қатысым жоқ. Өзімнің құдай қосқан күйеуімнің текесіміндемін, – деп күле жауап берген.
Жарына адал Гүлнар жолдасы Болат дүниеден мезгілсіз ерте озса да, сол шаңырақтың шамын өшірмей, артында қалған ұлы Қазбекті әлпештеп өсіріп келеді. Әкенің бала үшін өте қымбат екенін ерекше түсінетін жанның бірі Гүлнар. Тағдырдың маңдайға жазуы дегенді қойсаңшы. Өзі әкесі бар бола тұрса да, әкенің аялы алақанын сезбей өсті. Жалғыз ұлы Қазбегінің де жастай әкесінен айырылғаны Гүлнардың да жанын жегідей жейді. Іштей «менің көргенімді балам көрмесінші, асқар таудай әкеге арқа сүйеп өссе екен» деп тілеуші еді. Амал не, Алланың жазуы солай болған соң. Жары Болат қайтыс болған соң Гүлнар қайғыға бой алдырып, еңсесін түсіріп, езіліп жүрмеді. Баласының болашағы үшін бірден есін жинады. Ананың да, ер-азаматтың да орнын толтыру үшін бір тыным таппады. Облыстық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктегі «Әуен» ансамблінің концертмейстері бола жүріп, есімі елге белгілі Бибігүл Төлегенова, Майра Мұхамедқызы сияқты небір бұлбұлдар мен дүлдүлдерді сүйемелдеп, кәсіби шеберлігін сан мәрте дәлелдеді. Облыстық мәдениет департаментінің басшылығымен шалғай елді мекендерге гастрольге шықты. Кейде алыс сапарға кішкентай Қазбегін де ала жүретін. Оның маңдайынан иіскей жүріп, шаршағанын ұмытатын. Жұмыстан қалт етсе жоғары оқу орындарына барып, ондағы өнер тобына көркемдік жетекші болды. Қарағанды политехникалық университетінде, Қарағанды жоғары милиция мектебінде көркемдік жетекші болған кездері Жанбота Тойшыбеков, Олег Коризин, Динара Тұңғышбаева, Елжас Өнеров деген жастардың дарынын танып, «Бұлақ көзін көрсең аш» демекші, оларды сахна төріне өнер көрсетуге алып шығады. Ерік-жігері мол, рухы мықты қызды тәрбиелеген нағашы атасы Хамидолла мен жеңгесі Қанипа апай. Әжесі Орал Гүлнарды жеті жасынан республикалық А. Жұбанов атындағы музыка мектеп-интернатының фортепьяно бөліміне оқуға береді. Осы мектепте оқи жүріп, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Галина Синякова сияқты тамаша ұстаздан тәлім-тәрбие алады. Музыка мектебінің қабырғасында жүріп, 1978 жылы оқушылардан құралған скрипкашылармен бірге Мәскеуде өткен Қазақстанның өнер күндеріне қатысады. Оқушыларды Орталық партия комитетінің Бас хатшысы Л. Брежневтің өзі келіп құттықтайды. Осы сапарында ол күміс көмей әншілер Ә. Дінішев, Р. Жұбатырованың өнеріне тәнті болады. Музыка мектебін бітіргеннен кейін ол Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда білімін шыңдай түседі. Балалық шағы мен жастық шағы Алатаудың бауырында өтсе де, азамат болып, белгілі бір мамандық иесі болып қалыптасқан кезінде Арқа төсіне келеді. Алдымен Теміртау қаласына тоқтап, музыка училищесінде екі жыл жұмыс істейді. Сонан соң Қарағанды педагогикалық училищесінде музыкадан дәріс береді. Облыстық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігіне келуі дарын иесінің өнердегі қанатын кеңге жаюына жол ашты. Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындаудан өткен Халықаралық әншілер байқауында бас бәйгені қанжығасына байлайды.
Араға көп уақыт салмай «Жыл концертмейстері» жеңімпазы атанады. Өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген Гүлнар Серкебаева бүгінде Алматы облысына қарасты №1 балалар үйінде еңбек етеді. Бұл мекеменің іргесі Ұлы Отан соғысы кезінде қаланған екен. Бұл балалар үйіне соғыстың оты лаулап тұрған тұста қоршауда қалған балалар паналапты. Бүгінде 3 жастан 16 жасқа дейінгі аралықта екі жүзден астам балал тәрбиеленуде. Балалар үйінің директоры Сәуле Қапарқызы Гүлнарды жылы қарсы алып, бірден музыка маманы етіп жұмысқа қабылдайды. Әу бастан ұйымдастырушылық бейімі мықты Гүлнар келген күннен бастап көздері жәудіреген ұл-қызды бауырына тартып, бірден баурап алады. Кісілігі мен көрегендігі күшті директор Сәуле де Гүлнарға риза болып баласы екеуіне баспана тауып беріп, қамқорлығын аямайды. Қазбегін олимпиада резервін дайындайтын спорт мектебіне береді. Жақында Гүлнар Қарағандыға келіп кетті. Сөз арасында ол Алматыдан Қазбектің ата-әжесіне әкеле жатқан сәлем-сауқаты барын, арнайы барып амандасып шығатынын айтты. Сонымен қатар туған анасы Баянды, сіңілілері Зәуре, Зәмзагүл, Гүлзада, Жанараны сағынғанын жасырған жоқ. Сәл үнсіздіктен кейін:
– Мен туған әкеме бір табан жақындадым. Маған әкемнен ештеңе керегі жоқ. Бір-ақ ауыз «қызым» деген сөзінен басқа,-дегенде жүрегім шымыр ете қалды.
Жадыма Гүлнардың туған әкесі Қазақстанның халық әртісі, кезінде Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының белді актері болған Қарғамбай Сатаев ағамыз оралды. Жұбатарға уәж таппадым. Іштей қанына тартатын, қамшыл қыз бала-ай, әке деген аяулы сөзді жұдырықтай жүрегінен өшіре алмай жүрген деп көкірегім қарс айырылды. Ер-азамат көтере алмайтын жүкті иығымен көтеріп, қара нардай алға жылжып келе жатқан өр мінезді өнер иесі Гүлнардың алатын биіктігі әлі алда. Біз ол жайында әлі шаттанып жазамыз да...
ҚАРҚАРАЛЫДА БІР ҚЫЗ БАР РАУШАН ДЕГЕН
Топырақтың құдіреті де...
Бұл топырақта туғандардың барлығы өнерпаз болып кеткен жоқ. Бұл топырақта туғандардың кемі өнер сахнасында жүре алатын еді. Бұл талай бұлбұлдар мен дүлдүлдері берген топырақ. Әйтеуір, быдығы жоқ! Күй болып күмбірлеп тұрады! Ән болып шырқап тұрады! Мұндағы туғандардың түнді түнге ұрып күй тартуға, алты қырдан асырып ән шырқауға хақысы бар. Өйткені бұл Тәтекеңнің елі. Өйткені бұл Мәдидің елі. Мұндағы туғандардың әйтеуір өнерге жақын болу себебі содан! Осынау топырақтан Раушан да жаралған... Ел Раушан Рашидқызы деген күйшіні білмейді! Ел Раушан Рашидқызы деген әншіні білмейді! Есесіне қара өгіздей өнердің арбасына жегілген Раушан Рашидқызын біледі! Өйткені өнер жүрген жерде Раушан жүреді. Ол анау, мынау емес Қарқаралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарады. Қарқаралы еліміздегі, қала берді облысымыздағы бірден бір қазақы ауданымыз... Оны басқаруға кем дегенде хақың болуы керек. Раушанның хақысы бар еді. Ол Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының кітапхана бөлімін бітірді. Кітапханашы мамандығын таңдауы да кездейсоқтық емес. Бала кезінен кітап оқуға құштар еді. Оны айнымас ақылшысы ретінде жанына серік етті. Ата-анасы кітап жазған жоқ. Алайда көзге түскен кітапты құр жібермейтін. Болмай жатса кітапханадан алдыратын. «Адамгершілік жағынан мәдениетті адамдар, саналы еңбеккерлер кітапқа деген терең сүйіспеншілікке бөленген отбасылардан өсіп шығады» деп, В. Сухомлинскийдің айтқан сөзі осы отбасыға қаратылып айтылғандай. Бала кезінде ктапханадағыдай көп кітабым болса деп қиялданатын. Сол арманына жетті. Алғашқы еңбек жолын Мәдидің ауылында бастаған. Қарапайым кітапханашы болып. Қиян жатқан ауыл ғой. Өзі де ешкімге бастық емес, өзгелер де бұған бастық емес.Әркім өзімен. Жұмыс жүріп жатса болды. Алайда жас қыз бұлай жұмыс істей алмаған. Рухы биік елдің баласы босбелбеу болмауы керек деп білген ол мәдени шараларды көбейтті. Көрме деп елді бір жинайды. Оқушылар конференциясы деп елді тағы жинап жатады. Әйтеуір, алақандай ауылдағы кітапхана алды аткөпір болып жататын. Мұны көрмеу мүмкін емес еді. Билік басындағылар Раушанды Егіндібұлақ ауданындағы орталықтандырылған кітапханаға басшылыққа жібереді. Бұл қызметті бар ынта-шынтасымен істейді. Он жыл бойы. Тірнектеп картотека жасады. Тірнектеп кітап жиды. Бір ауданның рухани байлығын солайша қалыптастыруға ықпал етті. Кітап-алтын қазына. Кейін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушілігіне келді. Сол-ақ екен-басталды. Өлеңін оқып ақындар келді... Қиссасын айтып жыраулар келді... Үкілі домбырасын алып күйшілер жетті... Кезегін тосып әншілер жүрді... Кеше ел жазған кітабын оқыса, енді сол жазған адамын да көретін кез туды. Жақсылар мен жайсаңдардың сүрлеуге айналған сара жолын тырнақтың көбесімен ашты десе болады. Әу деген баланы жетелеп өнер додасына қосты, үлкен өнердің сайрағына түсірді. Нарық қос өкпеден қысқан заман тұсында ер-азаматтың қайратына мінген. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған, қалай алып қалам деп. Өнер ошақтарын!... Әлі де ат үстінен түскен жоқ. Әлі де жабылып қалған мәдени ошақтарын тізімдеп іздеп жүр. Оңтайландыру кезінде жеке адамдарға сатылып кеткен клуб үйлерін қайтарып алып, халық игілігіне ұсынды. Мәдениет саласын басқара жүріп, қыруар шаруа атқарды. Өңірде елуден астам кітапхана болса, онда жеті жүз мың кітап қоры бар. Ол бала кездегі бала қиялының орындалғанын осылайша көрді. Жыл өткен сайын «модельді кітапхана» қатары өсіп келеді, жыл сайын жаңадан шыққан қазақ тіліндегі кітаптармен толықтырылуда. Қарқаралының 180 жылдығында мәдени мұраны насихаттау барысында Ғаббас Айтбаев, Қуан Лекеров, Мағауия Көшкімбаев, Ғабдиман Игенсартов, Көшен Елеуов, Тәттімбет күйшінің ұрпағы Сақия Қорабаева туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, деректерді ғылыми айналысқа енгізді. Жөдемелетіп Мәди Бәпиұлының, Нығмет Нұрмақовтың Тоқтар Әубәкіровтың, Қасым Аманжоловтың, Нұркен Әбдіровтың, Мартбек Мамыраевтің, Қалибек Қуанышбаевтың және басқа да арыстардың мерейтойларын өткізіп жіберді. Келген қонақтар сөйтіп қайтып әуре болған жоқ! Олар қасиетті Қарқаралыда қыстап қалды! Оларды қасиетті Қарқаралы топырағы жібермеді!
Раушан әңгімесінде:
– Мәдениет пен өнер саласында қол жеткізіп жатқан толайымды табыстарымыз көбіне аудан басшыларына да байланысты. Осы орайда мен аудан мәдениетінің гүлденуіне әкелік қамқорлық жасап отырған аудан әкімі Нихан Омархановтың есімін ыстық ықыласпен ауызға аламын.
Тағы да айтады
– Мәдениетте ұсақ-түйек деген жоқ. Керемет ұйымдастырған кешіңді бір ғана микрофонның істемей қалуы жоққа шығаруы мүмкін. Сондықтан да бүкіл шаруаны қадағалап, бар қажыр-қайратымызды жұмсап, өз ісімізді жауапкершілікпен атқаруға ат салысамыз. Әр мәдени шараны халық алдына ұсынғанда көкірегімізде көптің көңілінен шықсақ деген бір ғана тілектің тұратыны анық. Жасаған еңбегіміз жұртқа ұнап, елдің алғысын алсақ, біздің еңбегіміздің жанғаны. Ондай сәтте тіпті шаршағанымызды ұмытып кетеміз,-деп.
Ұмытсаң сен, ұмыта бер, Раушан!
Ең бастысы елің ұмытпаса болды.
Есесіне біз сені ұмытпаймыз!
Қарқаралыда бір қыз бар Раушан деген деп жүреміз...
ДОМБЫРАШЫ
Арқа өңірі күйші қыздардан кенде емес. Шертпе күйдің шебері атақты Аққыз әжеміз Тәттімбет, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди, Әшімтай, Сайдалы сары Тоқаның күйлерін орындап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге дәнекер болып қана қоймай, өз жанынан бірнеше күй шығарған. Әпике апамыз жөнінде осыны айтуға болады. Есімдері жер жарған осынау дәулескер күйшілер қазақ өнеріне мол мұра қалдырды. Сондай-ақ өнерлерін іліп қалған ізбасарлары қалды. Солардың бірі-Гүлжамал Қошанқызы.
1988 жылы Қарағанды облысының әкімшілігінің қолдауымен Тәттімбет атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі ашылды. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды музыканттар шақырыла бастады. Солардың қатарында Алматыдан арнайы шақырумен келген домбырашы Гүлжамал Қошанқызы да бар еді. Сүйрік саусақтарынан күй іліп оркестр төрінде отыратын Гүжамалға да көз үйренді. Кейін онымен жақын танысудың реті де келді.
Қаршадайынан қара домбыраның құлағын бұраған...
Күй құдіретіне құлағын тігіп, қос шегін қағып өскен...
Басына жастық емес, қу таяқты жастанған...
Гүлжамал да кешегі күйші Дина, Аққыз, Әпике әжелеріне ұқсап төкпе, шерпе күйлерді нәшіне келтіріп тартуды игерді. Оның кіндік қаны Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданындағы Қазығұрт тауының бөктеріне тамса да, бір бүйрегі ата-анасының туып өскен жері Арқаға бұратын. Әкесі бұрынғы Жезқазған облысы Сарыкеңгір ауылының тумасы. Анасы Қарағанды өңірінде туып өскен. Отбасыдағы он баланың үшіншісі Гүлжамал басқаларына қарағанда өнерге жақын болып өсті. Анасының әнді тамылжыта орындағанына талай тәнті болған. Сонда мақтауын жеткізген жұртқа шешесі:
– Арқаға барсаң әншімін деме, төркінімнен жұққан жұғын ғой,-дейтін.
Іле Сарыарқасын сағынып, сызылтып сазды әуенге салатын. «Қанына тартпағанның қары сынсын» дегендей Гүлжамал да өнердің небір бұлбұлдары мен дүлдүлдері шыққан ата тегіне тартып, жастайынан өнерді жанына серік етті. Мектепте жүргенде домбыра үйірмесіне қатысып, күй шерте бастайды. 1978 жылы музыкалық училищеге оқуға түседі. Училищенің төртінші курсында оқып жүргенде Алматыда өтетін республикалық жас орындаушылардың ІІІ байқауына қатысып, жүлделі орын алады. Байқаудан алған жүлде бойында тұнған дарыны бар жасты қанаттандыра түседі. Ол енді музыкалық білімін ұштай түсуді мақсат етеді. 1981 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға түседі. Аталмыш оқу орнында Карима Сахарбаева, Тілеш Бәділов сынды ұстаздардан дәріс алады. Осында білім ала жүріп, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінде еңбек ете бастайды. Оқуды бітірген соң өнерлі жасты оркестрге жұмысқа шақырады. Республикадағы басты оркестрде қалып, майталман өнер саңлақтарымен әріптес болу әркімнің пешенесіне жазыла бермейтіні анық. Гүлжамалдың бағына Қаршыға Ахмедияров, Бек Тасбергенов, Тұяқберді Шәмелов, Айса Шәріпов, Айгүл Үлкенбаева сияқты өнер қайраткерлерімен қоян-қолтық араласып. өнердің қыры мен сырын үйрену бақыты жазған екен. Табиғатынан жаны нәзік, кішіпейіл, көпшіл, бауырмал Гүлжамал да ұжымына сыйлы бола білді. Алғаш рет Құрманғазы оркестрінің құрамында Мәскеуге, Украинаға өнер сапарымен барып, өзге ұлт өкілдеріне қазақтың қара домбырасының құдіретін танытып қайтқандарын ешқашанда ұмытар емес. 1988 жылы ата-бабасының қаны тамып, кіндік кескен Арқа топырағында тұңғыш рет Тәттімбет атындағы ұлт аспаптар оркестрі ашылып, соған шақырту алғанда көп ойланған жоқ. Оркестрге қабылдайтын сынақтан сүрінбей өтіп, отбасымен көш басын Қарағандыға бұрған. Жұбайы Ержан да өнер десе ішкен асын жерге қоятын «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Жары Гүлжамалдың өнерінің ғана емес, өмірінің де сәнін кіргізіп жүрген жайсаң жан. Өзінің мамандығы қобыз-контрабас аспабы болса да, домбыраның бүге-шігесін біледі. Бос уақыттарында домбыра жасаумен айналысады. Гүлжамалдың орындауындағы күйлерді бірінші тыңдаушысы да өзі. Қос өнерпаз келіп қосылған Тәттімбет атындағы оркестр елге жылдам таныла бастайды. Құрылғанына бір жыл толмай жатып, Алматы жұртшылығына өнер көрсетеді. Талғамы жоғары өнердің нағыз сыншылары оркестрдің қадамына оң бағасын береді. Қуанышы қойнына сыймаған ұжым көмірлі қалаға үлкен жетістікпен оралады. 1989 жылы құрылғанына небары бір жыл толған аталмыш оркестр тұңғыш рет Чехославакияға барып, шетелдіктерді қазақ өнеріне тәнті етеді. Бұл тек басы еді. Осыдан кейін де Гүлжамал оркестрдің құрамында бірнеше дүркін шет елге барып, өнер көрсетіп қайтты. Өнердің арқасында ел, жер қана көріп қоймай, қазақтың маңдайына біткен марқасқаларымен бірге еңбек етіп, көп тәжірибе жинақтады. Әйгілі дирижерлер Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Фуат Мансұров сияқты майталмандармен бірге еңбек етіп, жақсы жандардың шапағатына бөленеді. Тәттімбет атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінде еңбек еткеніне жиырма жылдай уақыт өтіпті. Гүлжамал Қошанқызы оркестрде еңбек етіп қана қоймай, жас шәкірттерге домбыраның қыр-сырын үйретуде. Ұзақ жылдар бойы облыстық музыка мектеп-интернатында домбыра мамандығынан сабақ беріп, бұлақ көзін ашып келеді. Бәйгеге түскен шәкірттері облыстық, республикалық байқауларда оза шауып, қанжығасы майланып қайтып жүр. Домбыраны шебер ойнайтын көптеген шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Олардың алды жоғары оқу орнын бітіріп, өнер саласында да, ұстаздық саласында да қызмет етіп жүр. Гүлжамал Әбішеваның сіңірген еңбегін бағалап облыстық мәдениет департаменті және облыстық білім департаменті бірнеше рет марапат қағаздарын табыс етті. Гүлжамал өзін өмірде де, өнерде де жолы болған бақытты әйелмін деп есептейді. Домбыра ұстап, күй тартты. Әйел болып, жар сүйді. Ана болып бала сүйді. «Алма ағашынан алысқа түспейді» дегендей, баласы Айнұр да ата-анасының жолын қуып, өнер жолын таңдады. Қазір облыстық он бір жылдық музыка мектеп-интернатында ұстаз. Анасы сияқты домбырадан дәріс береді. Егіздің сыңары Айгүл ҚарМУ-дің филология факультетін бітірді. Білім беру саласында сапалық білім беру менеджері болып қызмет істейді. Айгүл де өнерден құр алақан емес. Оның жас қаламынан туған өлеңдері, новеллалары газет бетіне жарық көрген. Айдары оныншы сыныпта оқып, музыка мектебінде виолончель аспабынан дәріс алып жүр. Ол сонымен қатар Тәттімбет атындағы академиялық оркестрде еңбек етіп, білімін шыңдай түсуде. Жақында облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бірінші бетінде алтын домбыра символын ұстаған жас жігіттің суретіне көзім түсті. Бірінші орын алыпты. Ұстазы Гүлжамал Әбішева деген жазу жанарыма оттай басылды. Демек, жүрегіне өнердің шамын жағып, қара домбыраның құлағында ойнайтын шәкірт тәрбиелеген Гүлжамалда арман жоқ. Дарынды домбырашы ұстаздың алдын көрген шәкірттің де бағы бар. Ұстазы да, шәкірті де күні кеше күйімен қазақ даласын күмбірлеген үнге толтырған күйшілердің асыл мұрасын насихаттап келеді.
Өнер сабақтастығы дегеніміз осы.
Өнер мәңгі өлмейді дегеніміз осы.
ЕСТАЙДЫҢ ӘНІН НАСИХАТТАУШЫ
Павлодар қаласында Ертіс өңірінен шыққан аса дарынды ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, әнші-композитор Естай Беркімбаев атындағы ІІ республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Осы ән додасының қазылар алқасына есімі елге белгілі ҚР Халық әртісі, профессор Қайрат Байбосынов төрағалық етті. Қазылар алқасының мүшелігіне Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Рахым Тұрсынғазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан Адамбеков сияқты өнер тарландары мен қоса Естайдың сирек орындалатын әндерін орындаушы, насихаттаушы, әнші Құралай Шаймерденова да енді. Аталмыш әншілер байқауының ашылу салтанатында Құралай Жүнісқызы Естайдың 1944 жылы Кеңес үкіметінің 27-жылдығына арнап шығарған (бүгінде ұмыт болған) «Қызыл тулы домбыра» әнін орындайды. Ән аяқталысымен Естай әншінің сексеннен асқан немересі Зекен әже орнынан көтеріліп, Құралайдың бетінен сүйіп, қолынан қысып тұрып: «Бұл әнді мен кішкентай күнімде атамнан ғана естіп едім» деп толқып, көзіне жас алып, батасын береді. Сол жолы Құралай Естайдың сирек айтылатын «Қаракөзайым», «Толғау», «Кіші қоңыр», «Майда қоңыр», «Жиырма бес» атты әндерін нәшіне келтіріп орындап береді. Баянауылдықтар өнерлі өз қызын ешқашанда ұмытқан емес. Сонау бір жылы музыка мектебіне Жаяу Мұсаның аты берілгенде де Құралайды осы мектептің тұңғыш директоры ретінде шақырып, құрмет көрсеткен. Құралайда туған топырағына сағына жетеді. Әкесінің де, өзінің де дарынын ашқан осы топырақ емес пе?! Кішкентайынан өнерге жақын Құралай Шаймерденова көрікті Баянауылдың бауырында туған. Ол ес білгелі зағип әкесінің әуелете салған әніне құлағын түріп өсті. Сәби кезінде қорасан ауруынан қос жанары суқараңғы болып семіп қалған Жүніс тума талант еді, домбыра, баян, мандолинаның құлағында еркін ойнайтын. Қайда барса да әкесі Жүніс жұдырықтай қызы Құралайын жанынан тастамайтын. Әкесі әнші, сазгер Естай Беркімбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Қали Байжанов, Садық Кәрімбаев, ақын Иса Байзақов сияқты өнер адамдарын көрген, сапарлас, дәмдес болған. Есті әке Естайдың қасында шашбауын көтеріп жүре бермей, әншінің бүкіл әндерін үйреніп алып, қызы Құралайдың құлағына құя берген. Құралай әкесінен Естайдың он бір әнін үйренеді. Бұл өнерді түсінетін жан үшін үлкен қазына. Осы қазынаны көкірегіне жия біліп, бүгінгі толқынға алып келген Құралайдың өзі де өнерден қара жаяу емес еді. Бір-ақ рет орындалған өлеңнің сөзі мен әуенін бірден қағып алатын. Қазақтың халық әндерінің бірталайын, Майраның әндерін нәшіне келтіріп орындағанда алдына жан салмайды. Қазір қазақ музыкасының алтын қорында сақтаулы Майра Уәлиқызының «Өкшесі кебісімнің айнала жез» деген әні Құралайдың орындауында нотаға түсірілген. Консерваторияға барып, бағын сынауды Алла оған жазбапты. 1969 жылы Лениннің туғанына100 жыл толу құрметіне арналған республикалық көркемөнерпаздар байқауына қатыспақ болып жолға шыққан отбасы мүшелері жол апатына ұшырайды. Көлікте әкесі, Құралай және екі інісі бар еді. Бәрі ауруханаға жеткізілді. Ұзақ уақыт емделуге мәжбүр болады. Ең өкініштісі әкесінің аяғы сегіз жерден сынып. он тоғыз жыл бойы төсек тартып жатып қалады. Ата-анасына қарайласып тұру жағын ойлаған жас қыз Қарағандыдағы педагогикалық институттың филология факультеті жанындағы музыка бөліміне оқуға түседі. Өнерлі отбасыдан шыққан Құралай дирижер, қобызшы мамандығын жылдам үйреніп алады. Әсіресе, қобызда ойнау шеберлігі оқытушыларды бей-жай қалдырмайды. Ұстазы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Роза Бимендина институтта қалып, сабақ беруге ұсыныс жасайды. «Қыз бала-қамшыл» емес пе, елде қалған әке-шешесіне қолқабыс тигізгенді жөн көреді.Оқуын бітіріп келген жылы Баянауылда музыка мектебі ашылады. Мұнда екі ай ғана жұмыс істейді. Өнер шеберлігін иісі Кереку мойындаған Қ.Шаймерденова бірден музыка мектебінің директорлығына тағайындалады. Жас балғындарға музыкадан дәріс бере жүріп, өзі талай сахнасында ән шырқаған Мәдениет үйінде өнерлі жастардың басын қосып «Баян сұлу» ән-би ансамблін құрады. Жеке вокальді, биді, оркестрді де бір өзі жүргізді. Маңдай тері еш болмады, бір жарым жылдың ішінде ансамбль «Халықтық» деген атақ алады. Осы ансамбльдің тұңғыш ұйымдастырушысы ретінде Құралай Шаймерденованың есімі Қазақстанның Энциклопедиясына жазылады. «Өнер өлмейді» деген осы, Құралай құрған «Баян сұлу» ансамблі күні бүгінге дейін қатарын толықтырып, өнердің байрағын жоғары көтеріп келеді. «Қыз бала-жат жұрттық», тағдырдың жазуымен теміртаулық жігітке тұрмысқа шығады. одан бергі өмірдегі де, өнердегі де орны осы қала. Келген жеріне тастай батып, судай сіңген Құралай өзі келін болып түскен қаласына «Теміртау әні», «Аңыз қала Теміртау» (сөзі Ақжелең Қоңырдыкы) атты әндер шығарды.Осы күнге дейін Теміртауда қазақ өнерін насиаттап келе жатқан осы Қ. Жүнісқызы десек қателеспеген болар едік. Қаладағы Мәдениет сарайында «Алау» атты ансамбльге жетекшілік етті. Орыстың «Частушкасы» шырқалған сарайда енді қазақтың қара домбырасының үндері күмбірлеп, қазақтың халық әндері орындала бастады. Бұдан кейін «Әлем» балалар орталығында «Мирас» атты әнші-домбырашылар ансамблін құрып, жас балғындарды домбыра тартуға баулыды. Өткен жылы шәкірті Немере Мұңғұлхан облыстық «Жас қанат» байқауында бас жүлдені иеленді. Құралайға шабыт келсе, түрлі тақырыпта әндер шығарып, бір рахат күй кешеді. Сазгердің бүгінде отызға тарта әні бар. Ең алғашқы әні белгілі ақын Иранғайыптың сөзіне жазылған «Қиналып келдің, қалқам-ай» деген ән болатын. Бұл ән рухани жан досы, әнші Зина Камалиеваға арналып еді. Одан кейін туған жеріне сағынышпен жеткенде «Баян» (сөзі Шәкірат Шалбаевтыкы) әнін шығарған. Балаларға арнап ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Бәсіре» өлеңіне ән шығарған. Бұл ән бүгінде балғындардың сүйіп шырқар әніне айналған. Аналар мерекесі жақындаған сайын Құралайдың кеудесін бір сағыныш саз кернейді. Қайран, шеше, барыңда қадіріңді кім біліпті?! Күйбің тірліктің жетегінде жүріп, сырқаттанып жатқан анасына дер кезінде жете алмаған. Көзінің жасын сығып алып, сағыныш пен толғаныста жүрген Соңында «Ана сағынышы» атты (сөзі: Қалима Бопан) әні дүниеге келеді. Бұл жаңа ән Бибіғайша анасына арналып еді. Бүгінде бәрі сағыныш. Кеудесі күмбірлеп тұрған әнші осындай сәттерінде қара домбырасын қолына алып, Естайдың әндерін шырқай жөнеледі. Сол кезде буын-буыны босап, жан сарайы ашылып сала береді.
БАЛҚАНТАУДАН АЛАТАУҒА ЖЕТКЕН ӘН
Қазақ радиосының алтын қорынан Нұрғиса ағамыздың «Құстар қайтып келеді» әні орындалып жатыр. Таныс дауыс. Құлағыма жағып барады. Орындаушы егінді бұлақтық әнші қыз Зина Кәмалиева еді. Балқантауда айтылған ән Алатауға жеткен екен дедім.
Бар тарих пен шежірені бүгіп жатқан сұлу Балқантау. Оның көрсе көз тоймайтын келісті келбеті кімнің жүрегін елжіретпеді дейсің?! Етегінде еркелеп ағып жатқан бұлақ сылдыры, тал-терегі, қайысқан орман сыбдыры бірінің жүрегінен жыр, бірінің таңдайынан ән болып шықты. Қызын бұлбұл, ұлын дүлдүл етті... Әке-шешесінен ерте айрылған Зина жалғызсыраған сәттерде Балқантаудың бауырына жетуге асығатын. Тыныштық құшағында мүлгіп тұрған табиғаттың ғажайып көрінісіне қарап өзгеше бір күйге енетін. Көңілі көкке көтеріліп, тау-тасты жаңғыртып ән салғысы келетін. Оңашада жүрегіне жақын әндерді шырқата салып, бір жеңілдеп қалатын. Кішкентайынан көпшілік алдында тартынбай ән салатынды шығарды. Ел ішінде әнші қыз атанып, өзі оқитын мектеп-интернаттың атынан байқауларға қатысып, бақ сынай бастады. Он жылдықты бітірген соң әнші болсам деген әдемі арманы оны Қарағанды педагогикалық институтының музыка факультетіне алып келді. Оқуды бітірген соң қайда барсам деп ойға шомса болды, бұны Балқантауы қол бұлғап шақырып тұрғандай болып көрінетін. Туған жердің топырағы тартып, оқуын аяқтаған соң Балқантауға бет алды. Бұл 1973 жыл болатын. Өзінің туған ұясындай болып кеткен мектеп-интернатқа жұмысқа орналасып, ән-күйден сабақ бере бастады. Қараша айында айтулы әнші Жүсіпбек Елебеков атындағы музыка мектебін ашуға қол жеткізді. Осы күнге дейін музыка мектебін ашуға белсенділік көрсеткен замандастары Күлзипа Асқарова мен Рузия Мақсұтқызының табандылығына таң қалады. Еңбек еш кетпеді. Аталмыш мектеп ашылып, оқушыларға сольфеджио мен баяннан дәріс берді. Бір қарағанда, бәрі ойдағыдай. Жайлы жұмысы, баспанасы бар. Бірақ әлдене жетіспей өзегін өртейтін сияқты. Емін тапты. Онысы жұрт алдына шығып, шырқата ән салу екен... Көп толғанбады. Аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздар үйірмесі ұжымының қатарына қосылды. Атаулы күндердің бірінде халық алдына шығып өнер көрсететін сәт те туды. Баянмен де, домбырамен де ән салып, құмарынан бір шықты-ау, әйтеуір. Әсіресе, бұған ел риза. 1977 жыл. Егіндібұлақ өңіріне есімі өнер сүйер қауымға жақсы таныс, белгілі сазгер Ілия Жақанов келді. Сол жылдары оркестр Тәттімбет атымен аталатын. Ілия осы оркестрдің орындауындағы әсем ән мен тәтті күйлеріне тәнті болды. Сол жолы Зина Кәмалиева мен Күлзипа Асқарованың тамылжыта салған әндеріне сүйсініп, таспаға түсіріп алып, қазақ радиосының алтын қорына тапсырды. Кейін жазушы-сазгердің «Сенің бос уақытың» атты кітабы жарық көрді. Онда автор Егіндібұлақ аудандық көркемөнерпаздар ұжымын мадақтай жаза отырып, Зина мен Күлзипаға «дауыстарында ешкімге ұқсамайтын ерекшелік бар» деп баға берді. Ән жетегінде жүріп қалған Зина өмір атты үлкен айдында өзін «қайықпын» десе де, ескексіз ешқайда бара алмайтынын түсінді. Бұрыннан көңілін білдіріп жүрген қарапайым жігітке тұрмысқа шықты. Ұл сүйді. Бірақ... баласы небәрі бір жарым жасқа жеткенде сүйген жары кенеттен қайтыс болды. Жүзін мұң торлап, көңілін қара бұлт тұмшалады. Жалғанның еш қызығы жоқтай көрінді. Тым босаңсып бара жатыр екен. Былдырлаған Шерниязының бал тілінен есін жиып алған. Бір қолына жұдырықтай ұлын, бір қолына домбырасын ұстап алып, алыстап бара жатқан ән ауылына қайта оралған. Зинаның өнері бағаланбай қалған жоқ. 1990 жылы Абайдың туғанына 145 жыл толған мерейтойында тамаша өнерімен көзге түсіп, облыстық білім беру департаментінің жолдамасымен Ленинградқа барып, демалып қайтты. Ірілі-ұсақты байқаулардан алған диплом, мақтау қағаздарды ескермегеннің өзінде, Бүкілодақтық өнер фестиваліне қатысып, екі рет лауреат атанды. Нарықтық қиыншылықтардың келуімен 1995 жылы Зина қалаға көшіп келді. Он сегіз жыл табан аудармай қызмет еткен мектебімен қимай қоштасты. Тәжірибелі музыка маманы бірден қаладағы Н.Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернатқа мұғалім болып орналасты. Көпшіл ол жаңа ортаны жатсынбады, бірден қоян-қолтық араласып кетті. Репертуарында да жаңа әндер пайда болды. Көбіне қазақтың маңдайына біткен біртуар ұлдары: Мағжанның «Япурай», Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», Ахметтің «Аққұм», Мұқағалидың «Ей, өмір!» атты әндерін орындағанды ұнатады. Осы әндер мәтіндерінің қай-қайсысы болсын мазмұнға бай, өмірдің өзінен алынған. Оны домбыраның сүйемелдеуімен орындағанда жүрек қылын шертетіні сондай, денеңді шымырлатып жібереді. Құлақтан кіріп, жүрекке жетеді. Зинаның өмірдегі серігі-әні мен ұлы. Ән әлеміндегі жетістіктері әлгіндей. Бірақ, ол ешқашанда бала тәрбиесін естен бір сәт шығарған жоқ. Шерниязы Қарағандыдағы қазақ-түрік лицейін бітірді. Қазір Түркияда оқиды. Рас, тағдыр оны маңдайдан сипамады. «Жазмыштан озмыш жоқ» екеніне оның әбден көзі жетті. Дегенмен, өткеніне өкінбейді. Шырқата салған әндері Алатаудай асуға шықпаса да, Балқантаудың бауырында қалғанына қуанады. Өйткені, оған Балқантаудан биік тау жоқ.
– Қазақ радиосының алтын қорынан ән тыңдауға шақырамыз,-деген диктор дауысына құлағымды түре қалдым. Тағы да Зина. Бұл жолы Мыңжасар Маңғытаев ағамыздың «Аққуым» әнін шырқады. Алатаудан айтылған ән Балқантауды бетке алды...
РУХАНИ АЗЫҚТЫҢ ЖАНАШЫРЫ
Облыс орталығында шалғайда жатқан кітапханашылардың еңбегі еленіп, басылым бетіне жазыла бермейді. Шағын ғана ауылда тұрса да тұрғындарды рухани азықпен сусындатып, ұзақ жыл абыроймен еңбек етіп, көптің алғысына бөленіп жүрген кітапханашылар жетерлік. Соның бірі-Жұмекен Жұрқабаева. Ол ұлт бесігі Ұлытау ауданына қарасты Аманкелді ауылында тұрады. Ақмола облысында туып-өскен Жұмекен мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтының кітапхана факультетіне келіп түседі. Оқуды бітірген соң тұрмысқа шығып, 1975 жылы дәм-тұзы тартып қасиетті Ұлытау топырағына келін болып түсті. Содан бері кітапхана Жұмекеннің еншісінде. Алғашында келгенде бес мың кітап қоры ғана болса, оның санын үш есе арттырады. 1992 жылы республикалық деңгейдегі семинар осы кітапханада өтеді. Бүгінде бес жүзге тарта оқырманы бар кітапханаға келгендер қалаған кітаптарын тауып оқи алады. Осыдан екі жыл бұрын модельді кітапхана мәртебесі беріліп, осы заманғы техникалармен қамтамасыз етілді.
Кітапханаға сырттан кірген адам өзіне керегін жылдам таба алады. Жанарымыз бірден «Қарағанды облысына-70 жыл» атты көрмеге түсті. Мұнда көмірлі қаламыз туралы қалам тербеген ақын-жазушылардың кітаптары, газет қиындылары, Қарағанды қаласының әр жылдардағы суреттері ұқыптап жиналған. Тап-тұйнақтай кітапхананың ішіндегі сөрелерде әр салаға қатысты кітаптардың аты аталып, түсі түстеліп қойылған. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жаныңнан түңілер» демекші жергілікті топырақтан шыққан Мұқан Иманжанов, Баубек Бұлқышев, Камал Смайылов, Мағзұмбек Машайықұлы, Шәмиден Әбдіраманов сияқты қалың жұртқа қаламымен танылған жазушылардың еңбегі бір сөреге қойылған. Ұлытау өңірінде тарихи орындар өте көп. Сол тарихтан сыр шерткен «Едіге батыр», «Алтын шоқы», «Хан ордасы», «Ұлытау-Жошы ұлысының астанасы», «Қазақ хандығы тұсындағы Ұлытау» атты тақырыптағы материалдар бір сөреге шоғырланған. Осы топырақтың тарихын білсем деген адамға аталмыш материалдар үлкен көмекші құрал екені анық. Өмірінің отыз жылын кітапхана саласына арнаған Жұмекен Жұрқабаева өз ісінің білгірі. Оған әр жылдарда облыстық, аудандық мәдениет департаментінен алған марапат қағаздары куә. Жолдасы Жақыпбек Дайыров та жоғары білімді, көкірегі ояу, ағып тұрған шежіреші жан. Туған топырағының тарихқа тұнған әр тауы мен тасының шежіресін шерткенде таңды таңға соғады десем жаңылыспаған болар едім. Көпке сыйлы кітапханашы, тәрбиелі ұл мен қыз өсіріп отырған аяулы ана Жұмекеннің еңбек жолы кімге болса да үлгі болғандай.
ІІІ БӨЛІМ
ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС...
ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ
Өткен жылы есімі Сарыарқаға мәлім, ұстаздардың ұстазы, «Оқу ағарту ісінің үздігі», «ҚР Білім және ғылым ісінің құрметті қызметкері» Ләззат Бәйішева апамыздың 80 жылдық мерейтойы облыс көлемінде аталып өтті. Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулин:
– Өз шәкірттеріңізге сапалы білім мен тәрбие беріп, талай таланттың бағын ашып, Сіз бар ғұмырыңызды ұрпақ тәрбиесіне арнадыңыз. Туған тілдің тұғырын асқақтата ұстаған ұлағатты ұстазсыз. Ел құрметіне бөленген ардақты ұстаз Сіздің өлшеусіз еңбегіңіз қандайда болса мәртебелі атаққа лайық. Ұстаздықтың ұлы жолындағы қажырлы еңбегіңізді үлгі-өнеге тұта отырып, Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасылық бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз» деп құттықтай отырып, білім беру ісінде сіңірген орасан зор еңбегі үшін сыйлыққа «Мақтау қағазы» мен бір миллион теңге сыйлады.
Мерейтойға келгендердің көбі алпыс жылға жуық өмірін ұстаздық қызметке арнаған Ләззат апайдың шекпенінен шыққандар. Шәкірттерінің алды сақал-мұрты ағарып, қолына таяқ ұстап, ақсақалдық жасқа аяқ басса, соңы «Абайтанудан» дәріс алып жатқан жасындай жастар. Бәрі де ұлағатты ұстаз аналарының қуанышына ортақтасып, реті келсе, бір ауыз жылы лебізін білдіріп қалғысы келеді. Қайтсін, шәкірт жүрегіне жаққан ұстаздың шамшырағы өшер ме?! Сексеннің сеңгіріне шықса да жарты ғасырға жуық еңбек еткен қазақ білімінің қара шаңырағы Н.Нұрмақов атындағы №2 мамандандырылған облыстық дарынды балалар мектеп-интернатынан қол үзген емес. Мектеп директоры Есентай Әшімовтің өтінішімен аптасына бір рет оқушыларға «Абайтану» пәнінен дәріс беріп келеді. Қазақ әдебиетінің алыптары Абай мен Мұхтар туралы қара сөздің майын тамыза айтып, ұрпақты ұлтын сүюге, өнер-білімге құштар болуға шақырудан жалыққан емес. Қайта Абай мен Мұхтарды ауызға алған сайын рухтанып, жігерлене түседі. Абай шығармашылығы әдебиетшінің бүкіл өмірінің өзегіне айналғандай. Ләззат Бәйішқызы:
– Әдебиетші ретінде барлық қаламгердің шығармасын өткенде ерекше сүйсініс, терең түйсіну сезімдерін басымнан кешірдім, онсыз нағыз әдебиетші болу мүмкін емес, мен үшін әрбір қаламгер бір-бір төбе. Ал осы ұстаздық бақытқа жету жолымда пір тұтарым-Абай мен Мұхтар. Ұлы тұлғалардың аруақтары мені әрқашан желеп-жебеп жүреді,-деп толғанады.
Сексен жасқа дейінгі өмірін ой елегінен өткізсе өмірдің сан тараулы соқпағын басқан екен. Көзін тырнап ашқаннан көргені жер жаннаты Қарқаралының әсем таулары. Осы жасқа дейін көркіне көз тоймайтын осынау өлкеде тудым деп келген. Облысқа белгілі өлкетанушы Қалкен Мәкенбайұлының берген дерегіне қарағанда Ақтоғай топырағында кіндік қаны тамыпты. Өлкетанушы Қ.Мәкенбаев: «Жан тауының шығысындағы өңірде Тәжі (атасы), Бәйіш қоралары 1950 жылға дейін кірпіш қабырғалары сау тұрды, тек төбесі құлаған. Сарыарқаның нағыз бел ортасы Алтуайт аталатын шоқы су айрығы сол жерде Ақкезең деген үш шақырымдай жерде Ақбайдың Жақыбының үйі болған. 1950 жылдан кейін орны ғана қалыпты. Сол Алтуайттан бастау алған оңтүстік жағында, яғни Былқылдақ жайлауының Әлімхан Ермеков ауылымен шектесетін Ақбұлақ деген жерінде Тәжі балалары 1928 жылы үйжай салған. Қос бұлақ, суы мұздай, тасы аппақ, (тәрізі кварц болуы керек), көк майсалы, ғажайып өлке» деп жазады. Бұл сөздің жаны бар. Сол жерде әкесі Бәйіш «Ақбұлақ» деген қыстау салған. Сол жерде Ләззат 1928 жылы дүниеге келген. Қазақтың біртуар ұлы Әлімхан Ермеков ертеде көзі тірісінде бір келгенде:
– Сенің әкеңнен арендаға жер алатынбыз,-дегені есінде.
1932 жылы ашаршылық алдында апамыздың үлкен аталары Балқашқа көшіп кетеді. Көп ұзамай үлкен қызметтің құлағын ұстаған әкесі Қарқаралыға қайта көшіп келеді. Біздің қазакем құжат алуға асықпайды ғой. Кейін Ләззаттың туған жері Қарқаралы ауданы деп жазылып кетуіне де осы жайт себепкер болған шығар. Адамзат табиғаттың төл перзенті десіп жатады. Табиғаты сұлу жердің адамы да сұлу болып келетініне ешкімнің дауы болмас. Шұрайлы, сулы жерде туып, нулы жерде өскен апамыз жас кезінде бәденді-ақ болыпты. 1945 жылдың тамыз айында Мәскеуде өткен спортшылардың салтанатты шеруіне қазақ қыздарының ішінен ең көрікті қыздар таңдалып алынады. Сол қыздардың алдыңғы сапында Ләззат та болады. Салтанатты шеруде алдыңғы сапта төртінші болып келе жатқан қос бұрымды, сұңғақ бойлы қазақ қызы Ләззат Бәйішқызы еді. Сол жолы ол күн көсем Сталинді көрген еді. Бұған сарғайған суреттер куә. Туған тілдің байрағын көтерген қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Л. Бәйішқызы заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қажым Жұмалиев сынды ұстаздардан дәріс алды. Студент кезінде есімдерін ел білетін академик, әдебиет сыншысы Серік Қирабаев, Қазақстанның халық жазушылары Бердібек Соқпақбаев, Ғафу Қайырбеков, әдебиет сыншысы Айқын Нұрқатов, Шәмшия Сәтбаева, Әмеди Хасенов сияқты небір марқасқалармен бірге оқыды. Әттең, дүние, бір орнында тұрмайды ғой, жатқан жері жайлы болғыр, замандастарының біразы бұл пәниден өтіп кетті. Еңбек жолын Қарқаралыдағы №1 Жәутіков атындағы қазақ орта мектебінде бастады. Он жыл осы өңірде істеген соң 1960 жылы Н.Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернатқа орналасады. Бұл мектеп жігеріне рух берген, біліміне жаңа тыныс әкелген құтты білім ордасы болды. 1974 жылы Алматы қаласында болған республикалық ғылыми-теориялық конференцияға оқу-ағарту министрінің орынбасары Ә. Қанафин, Социалистік Еңбек Ері Р.Нұртазина, №2 мектеп-интернаттың мұғалімі Л.Бәйішқызы қатысады. Одан бергіде Шымкент пен Атыраудан басқа Қазақстанның бүкіл облысында өткен конференцияларға, педагогикалық оқуларға қатысып, іс-тәжірибесінен баяндамалар жасап, көмірлі қаламыздың намысын қорғап, жүлделі орындарды алып қайтып отырды. 2007 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің және облыстық білім беру басқармасының ұйғаруы бойыннша Семей қаласында өткен «Абай мен Шәкәрім оқулары» байқауында қазылар алқасының мүшесі болып, қасиетті топырақты аралап қайтады. Ұстаз апайдың республикалық «Қазақстан мектебі», «Қазақстан мұғалімі», облыстық «Орталық Қазақстан» газеті басылымдарында озық тәжірибелері жарық көрді. Сонымен қатар М. Әуезовтің «Абай жолын» оқыту тәжірибесі туралы әдістемелік нұсқау кітапшасы жарық көріп, көптің кәдесіне жарады.Ұстаздық еңбек жолында ұзақ жылдар бойы әдістемелік бірлестік жетекшісі болып, қарбаласы мол бірлестік жұмысын қажырлылықпен атқарды. Үнемі ізденіп, замана көшінен қалмай, оның алдында жүріп отырды. Жас ұрпақты ұлы тұлғалармен кездестірудің маңызы зор. Осы орайда Ләззат апай КСРО халық әртісі Сәбира Майқанова бастаған М.Әуезов атындағы ұлттық театрдың әртістерімен, ақын Фариза Оңғарсыновамен, Қазақстан Үкіметінің басшысы болған Нұртас Оңдасыновпен кездесу өткізіп, оқушылар үлкен әсер алды. Өнеге тұтты. Өзінің іс-тәжірибесін кейінгілерге үйретуден еш жалыққан емес. Баулыған оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткен олимпиада жүлдегері атанды. Бүгінгі таңда сол шәкірттері атап айтқанда: Қайрат Асқаров, Гүлзира Әкімбекова, Салтанат Меңдібаева, Жанар Жанғазина, Зәуреш Әлиханова, Шағала Рақымжанова ұстаз ізін басқан тіл мамандары. Мыңдаған шәкіртті білім нәрімен сусындатқан ұстаз өз балаларына да өнегелі тәрбие берген аяулы ана. Үш баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірді. Тұла бойы тұңғышы, «Оқу ағарту ісінің үздігі» Бақыт Рысбекқызы қаламыздағы №43 орта мектептің директоры. ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері. Ұлы Айдар Ленинград университетін бітірген. Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-де аға оқытушы, доцент, орыс, француз тілдерін жетік меңгерген. Кенжесі Гүлнар Алматыда шет тілдер институтын бітірген. Қазір Данияда ағылшын, дат тілдерінде сабақ береді. Немерелері де үлкендердің жолын қуып, жоғары оқу орындарында дәріс алуда. Ұстаз еңбегі өз бағасын алды. Мұғалімдердің республикалық съезінің делегаты; Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің Мақтау қағазы; «Оқу ағарту ісінің үздігі» атағы, социалистік жарыстағы жоғарғы жетістігі үшін Қарағанды облысының «Құрмет кітабына» есімі жазылды; «Әдіскер мұғалім» атағы, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ыбырай Алтынсарин» белгісімен марапатталды; 2006-2007 оқу жылында қазақ тілі мен әдебиетінен үздік баға алған екі оқушыға Ләззат Бәйішқызы атындағы шәкіртақы тағайындалды. Бәрінен де бұрын абзал апамыз мыңдаған шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленді. Қарағанды қаласының қазақшаға судай азаматынан «Ұстазыңыз кім?» деп сұрай қалсаң Ләззат Бәйішқызының есімін мақтанышпен атар еді. Жетпіс жыл бойы Кеңес Одағының боданында болып, тіліміз шұбарланып жатқанда Ләззат сынды аяулы ұстаздарымыз мектеп-интернатта жатқан қазақ балаларының тілін сақтап қалуға күресті. Оқушыларды Абай мен Мұхтардың ұлы сөздерімен қаруландырып, ұрпаққа рух берді. Қазақ тілінің мәңгілік екенін саналарға сіңдіріп, намыс отын жағып жатты.
Сол рух өлген жоқ...
Ләззат ұстазының шекпенінен шыққан әр шәкірттің жүрегінде қалды!
Сол шәкірттер ел қамын жейтін азаматтарға айналды!
Еліміз егемендік алған мына заманда Абай тілін асқақтатуға үн қосты.
Соның бәрі Ләззаттай рухы мықты, асыл ұстаздарымыздың арқасы!
ҰЛТЫН ҰЛЫҚТАУШЫ
1990 жылы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, жолдамамен көмірлі қаладағы облыстық «Орталық Қазақстан газетіне келіп орналастым. Тұңғыш редакторым белгілі қаламгер Нұрмұхан Оразбеков ағамыз мені ішкі саясат және әлеуметтік сала бөліміне жіберді. Бұл бөлімнің ауқымы кең. Мектеп, медицина, мәдениет, спорт осында. Мен қазағы аз, өзге ұлты көп қаладағы қазақ мектептерінің мүшкіл халіне жаным ашып, көбіне осы тақырыпқа қалам тербей бастадым. Алдымен қаладағы қазақ мектептерінің жай+күйін бес саусақтай білетін оқу бөлімінің басшыларымен тілдесейін деп қалалық оқу бөлімінің босағасын аттағанмын. Ондағылар:
– Біздегі екі тілді дамыту жөніндегі аға маман Раиса Елеусізова апайға барыңыз. Сол кісі мән-жайды түсіндіреді,-деп жосық сілтеді.
Кейіпкерім-Раиса апайдың алдынан осылайша бір-ақ шыққанмын.
Қазақ мектебі және қазақ тілінің мәселесі жайында сөз бастай бергем.
Ол кісі:
– Бәрекелді, жарайсың!-деп жас балаша қуанып кеткені.
Ойымыз, пікіріміз бір жерден тоғысқанға мен де іштей шаттанып қалдым. Ойым алдамапты. Қарағандыда қазақ мектебін ашпақ түгілі, қазақ сыныптарын ашу тым күрделі жүріп жатса керек. Осыны уайымдап Раиса апайдың жиі-жиі күрсінгені тіпті жаныма батып кетті. Білгенім ана тілін көгертемін деп осыдан үш жыл бұрын өзі де оңбай таяқ жепті. Бұрынғы Ленин аудандық халыққа білім беру бөліміндегі қазақ тілі пәні бірлестігінің жетекшісі болып жүрген. 1987 жылы мұғалімдердің облыстық ҮІ съезі қарсаңында облыс орталығының айнасы «Орталық Қазақстан» газетіне «Қазақ тілін оқытуға салқын қарауға болмайды» деген сын мақала жазады. Мақалада: «...Егер шынын айтсақ, орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту инемен құдық қазғандай қиындыққа душар етіліп отыр. Мұны тек осы пәнді оқытып жүрген ұстаздар ғана біледі. Әділін айтсақ, орыс мектептерінде қазақ тілін кез келген мамандықтың иелері оқытатын жетім пәнге айналды. Қай мұғалімде өз мамандығы бойынша сағат жоқ немесе кімге бір ставкаға қосымша ақша алу керек болса, солар оқытады. Мысалы, аудандағы №1 мектепте соңғы үш жыл бойы бұл пән оқытылмай келді. Облыстық, қалалық, және аудандық халыққа білім беру бөлімдерінде қазақ тілі пәнінің методистері жоқ. Көрнекі құралдар, таблица, сюжеттік картиналар, плакаттар мейлінше тапшы. Ал бұл дүниелер ағылшын, неміс тілі пәндерінен тақырып бойынша сериялап шығарылған. Көп мектептерде күні бүгінге дейін қазақ тілі пәнінің кабинеті құрылған жоқ...» Осынау шындықты шыңғыртып айтқан өткір мақаланы жазудағы мақсаты осы аталған сын ескертпелердің бәрін болмаса да бірінен қорытынды шығарар деген үміт болатын. Орынды сыннан қорытынды шығармақ түгілі бұл мақалаға жоғары лауазымды орындар (облыстық, қалалық, аудандық оқу бөлімдері және қалалық, аудандық партия комитеттері) мақала авторымен келіспейтіндіктерін айтады. Ал аудандық оқу бөлімі Раисаға:
– Газетке жауапты өзің жаз. Бізді ұятқа қалдырдың,-деп кінәлайды.
Жазықсыз қысымға түсіп қалғаны денсаушылығына әсер етеді. Ауруханаға түсіп, үшінші топ мүгедегі болып қалады. Дәрігерлер мектепте жұмыс істеуіне тыйым салады. Соған қарамастан Раиса Сейітқалиқызы құрдымға кетіп бара жатқан ана тіліне арашашы болуға ұмтылады. Табанды жанның беті қайтпайды. Сүрініп, құлай жүрсе де қазақ сыныбын ашамын деп жанталасады. Қаладағы қаракөз отбасылардың үйін жаяу-жалпылап аралап, балаларын қазақ сыныбына беруге үгіт-насихат жүргізеді. Не қазақ емес, не орыс емес дүбәра ата-аналар қарсы шығады. Тіпті тыңдағысы келмей қолын сілтей салғандар кездесті. Орнынан қозғалған тастың орнықпайтыны белгілі. Ел ішінде оқыған-тоқығаны бар, көзі ашық, көкірегі ояу намысы бар ата-аналар балаларын қазақша оқытуға бере бастайды. Сөйтіп, №41 орыс орта мектебінде бар болғаны сегіз баланың басын қосып қазақ тобын ашып жібереді. Енді осы балаларды ана тілінде оқытатын білікті ұстаздар қажеттілігі туады. Әлі есінде, қаладағы №5 мектепке қазақ тобына мұғалім іздеп №2 қазақ мектеп-интернатына барған. Қазақ тіліне жетік маман табылғанмен, оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі алға шығады. Оған да қынжылмайды. Әрбір аудандық атқару комитетінің есігін тоздырып, жас мамандарға жатақханадан орын алып береді. Раиса апайдың жанқиярлық күресінің нәтижесінде 1990-1995 жылдары қаладағы бес ауданда қазақ сыныптары, қазақ балабақшалары, топтары ашылды. Қаладағы №5, №39, №41 орта орыс мектептерінде бірінші қазақ сыныптарын ашуда және «Тілек», «Шолпан» қазақ балабақшаларын, сонымен қоса орыс балабақшаларда қазақ топтарын ашуға және ұстаздарға, тәрбиешілерге жағдай жасауға тікелей ықпал етті. Раиса апайдың сол кездері төккен маңдай тері ақталды. Бүгінде аталмыш №39, №41 орта мектептер ана тілінде оқитын оқушылардың алтын ордасына айналды. 1992 жылы қалада алғаш рет жетім балаларға арналған «Наурыз» мейрамын ұйымдастырды. Осы жылы «Әнші балапан» байқауын өткізді. Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі болып, Алматы қаласында өткен республикалық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайына делегат болып қатысты. Дәл осы жылы қалалық балалар мен оқушылар сарайында «Атамекен» ұлттық тәлім-тәрбие орталығын ашты. Үш жылдан кейін осы орталықтың әдіскер-төрайымы тізгіні қолға тиген соң орталықты қазақтандыра бастады. Бұған дейін ашылғанына отыз жылдай болған ат шаптырымдай балалар мен жеткіншектер сарайында бірде бір қазақша би, ән, домбыра және тағы басқа үйірмелер болып көрмеген. Бәрін басынан бастаған Раиса апай ешкімге жалтақтамай «Атамекен» орталығына берілген бөлмеге киіз үй (шаңырақ) құрып, ұлттық нақышта безендірді. Келешек жас ұрпақты жан-жақты дамыған, өзінің ата салтын, әдет-ғұрпын, тарихын, мәдениетін білу, туған еліне деген сүйіспеншілігін арттыру бағытында бірнеше үйірмелерді ашты. Атап айтқанда: «Балғын» (4-5 жастағы), «Балдырған» (6 жастағы балғындар үшін), «Балдәурен» (домбыра үйірмесі), «Бозторғай» (вокал үйірмесі), «Екі тілде сөйлейміз» (қазақ тілі үйірмесі), «Қазақстанның қол өнері» үйірмелері жұмыс істеді. Қаладағы №2 қазақ мектеп-интернатында «Шебер қолдар», «Құлыншақ» балалар үйінде «Ою-өрнек» үйірмелері жұмыс істеді. Облыс, қала мектебінде оқитын оқушылардың бойында ұлттық рухты ояту мақсатында «Жібек жолы», «Мақал сөздің мәйегі», «Ғасырнама» интеллектуалды шығармашылық думан ойындар өткізуге өзі басшы болды. Сонымен қоса «Асыл мұра», «Дидарғайып», «Айна», «Атамекенде қонақта» клубтары жұмыс істеді. Әрине, бұл үйірмелерді ашу оңайлыққа түскен жоқ. Жарты ставкамен-ақ жүрсе де жігерлене жұмыс атқарды. Кейін осы балалар мен жеткіншектер сарайындағы «Атамекен» орталығында өткен ұлттық ойындардың басын құрап, әдістемелік құралдар шығарды. Мұнысы келесі толқынға үлгі әрі көмекші құрал болсын дегендік. «Атамекен» орталығы бірнеше жыл бойы Ж.Бектұров атындағы жасөспірімдер кітапханасы, Абай атындағы балалар кітапханасымен тығыз байланыста жұмыс атқарды. Соның бәрі ізсіз қалған жоқ. Қаншама ұлтымыздың салт-дәстүрімен, ана тілімізбен сусындап өскен жастар қаулап өсті. Жетпіс жастың жотасына желдей есіп жеткен Раиса Сейітқалиқызы өткен өмір жолдарында халқыма және отбасыма нендей еңбек сіңірдім деп ойлап қараса, жасаған істері көз алдына күні кешегідей келе қалады. 1940 жылы қазіргі Бұқар Жырау ауданындағы Қызылқұдық (Зеленая балка) мекенінде дүниеге келіпті. Әкесі сол жылдың ақпанында әскер қатарына алынады. Бір жылдан кейін, Ұлы Отан соғысы басталып, сол кеткеннен мол кетеді. 1944 жылы ұлыстың ұлы күні майдан даласында шейіт болады. Жөргекте қалған Раисаға әкесінің жүзін бір рет те көру жазбапты. Асыл анасы Майдаштың арқасында жетімдік көрмеді. «Әкемді алсаң ал Құдай, шешемді қой, Шекпен тігіп берсе де өлмеймін ғой» деп текке айтылмаса керек. «Шешеге қарап қыз өсер..» дегендей анасы екеуінің арасында бір сабақтастық бар-тын. Шешесі де ұстаз еді. Жұмыс десе ішкен асын жерге қойған тынымсыз жан болды. Бұқар жырау ауданының орта мектебінде отыз төрт жыл бойы ұстаздық қызмет атқарды. Білім саласына сіңірген еңбегі бағаланып «Қазақ КСР-інің үздік қызметкері», бір орден, екі медальмен марапатталды. 1957 жылы №2 қазақ мектеп-интернатты бітірген соң, Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының химия-биология факультетіне түседі. Соңғы курста отбасы жағдайына байланысты Қарағанды педагогикалық институтының сырттай бөліміне ауысады. 1962 жылы жоғары білім алған соң Ленин ауданындағы №5, №43, №45 орта орыс мектептерінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Осы ұстаздық өмір жолында Ленин аудандық оқу бөлімінде қазақ тілі мұғалімдерінің бірлестігінің жетекшісі болып жұмыс істеді. Қазақ тілі мұғалімдері үшін әр түрлі тақырыпта конференция, практикалық семинар, олимпиада өткізеді. Мектептегі сабақ беру әдіс-тәсілдерімен бөлісіп республика, облыс, қала, аудан мұғалімдеріне әр тақырыпта ашық сабақтар көрсетеді. Бірнеше рет республикалық педагогикалық оқуларға қатысып, Қазақстан Білім министрлігінің, ғылыми академиясының «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен» бірнеше мәрте марапатталады.
1981 жылы Павлодар қаласында өткен республикалық педагогикалық оқуда бірінші орынды иеленеді. Бұл Қарағанды облысы бойынша орыс мектептеріндегі қазақ тілі мұғалімдерінің арасында алғаш рет қол жеткізген жетістік еді.
Сонымен қатар мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, облыстық кәсіподақ мүшесі ретінде бірнеше ұсыныстар енгізеді. Соның айғағы секілді студенттер сарайы, облыс мұғалімдеріне арналған профилактория салынады. Осы тұста республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінде, «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында, облыстық «Орталық Қазақстан», «Индустриальная Караганда» газеттерінде оқу-тәрбие, қазақ тілінің мәселесі жөнінде жазған көптеген мақалалары жарияланды. Облыс балабақшалары мен мектептерге Раиса апайдың түрлі тақырыптағы көп жылғы іс-тәжірибелері таратылды. Раиса Сейтқалиқызының бойындағы бір қасиеті-бойындағы қажыр-қайратын көптің игілігіне жаратуы. Қазіргі таңда қол қусырып қарап отырмай, облыстық әкімшілік жанындағы және Қазбек би аудандық ардагер ұстаздар кеңестерінің мүшесі. Жасым ұлғайып қалды демейді, тапсырылған шаруа болса баладай елпеңдеп кірісіп кетеді.
Табан аудармай қырық төрт жыл бойы ұстаздық еткен Раиса Сейтқалиқызының еңбегі еленді. 1974 жылы «Қазақ КСР-і оқу ағарту ісінің үздігі», 1976 жылы «КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі», 1987 жылы «Аға-әдіскер ұстаз» атақтарына ие болды. 1986 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Шаңырақ астында қырық жыл бойы отасып келе жатқан отағасы Арғынғазы Қалижарұлы Құмашев экономика ғылымдарының кандидаты, ҚарМТУ-де ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Балалары Сәуле, Нұржан, Айгүл әрқайсысы өз мамандығы бойынша лауазымды қызметте. Ең кіші немересі Зәуре Астана қаласында. Немересінің алды Болат Алтынбеков Түркиядағы Анкара университетінде оқыған. Халықаралық қатынас факультетінен дәріс алып, заңгер мамандығын алып шығады. Екі жарым жыл Қазақстанның елшілігінде жұмыс істеді. Қазір Астана қаласындағы түріктердің фирмасында қызмет істейді. Одан кейінгі немерелері Олжас пен Әйгерім №3 гимназияда 11-ші сыныпта оқып жүргенде спорттық мәнерлеп билеуден бес мәрте республика чемпионы атанды. Бүгінгі таңда Әйгерім Анкарада халықаралық туризм және менеджер колледжінде оқып жатыр. Оның алға қойған арманы-Қазақстанда туризмді дамыту. Олжасы Чехияда оқиды. Ең кіші немересі Зәуреш алты жаста. Балдай тәтті қылығы бір басына жетеді. Талаптанып балетке барып жүр. Ұстаздық еткен ғұмырында ұлтын ұлықтаған Раиса апай егеменді еліміздің бүгінгі келбетіне сүйсініп қарайды.
Іштей шүкір дейді күбірлеп.
КӨШБАСШЫ
Қызметте адамның ерекше көңіл-күймен, өнімді еңбек етуіне басшылардың да ықпал-әсері де болып жатады. Шығармашылық жаныңды түсінетін, ғылым жолындағы әр ізденісіңді қадағалап, құптап, демеп, қамқор қолын ұсынатын басшы қыздарымыз біздің өңірде де жетерлік. Соның бірі деп Қарағанды қаласындағы политехникалық колледждің оқу ісі жөніндегі орынбасары, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» және «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгілерінің иегері Светлана Керімбайқызы Балабекованы айтуға болады. «Түсі игіден түңілме» дейді халық. Осы бір жүзінде жылылық ұялаған жанды колледж ұжымы қатты құрметтейді. Светлана Жетісу өңірінің тумасы. Ол Талдықорған облысына қарасты Киров ауданының Мұқры селосында ұстаздар отбасында дүниеге келген. Алты баланың арасында тәрбиеленген ол әдептілікті, адамгершілікті бойына сіңіріп, көпшіл болып өседі. Әкесі Керімбай көпке үлгі болған ұлағатты ұстаз. Адал еңбегінің арқасында «ҚР Білім беру ісінің үздігі» иегері атанған. Ұзақ жылдар мектеп директоры қызметін атқарады. Сондай-ақ Талдықорған облысы, Талдықорған аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі болады. Анасы Сағия қырық жылдан астам жағырафия пәнінен сабақ берген. Бүгінде қос ұстаз зейнеткерлік демалысқа шыққан. Светлана кішкентайынан әке-шешеге арқа сүйеп, еркінсімеді, қайта елдің алғысына бөленіп жүрген ата-анасының атына кір келтірмей сабағын кілең бестікке оқыды. Жастайынан ұғымтал, зерек ол мектепті «Алтын медальға» бітіреді. Алтын медальдың иегерімін деп те бірден алып ұшып жоғары оқу орнына түсуге бармайды. Сабыр сақтап сол кездегі К.Маркс атындағы колхозда комсомол-жастар бригадасында қалып, еңбектің ыстық-суығын татып көреді. 1981 жылы Алматы технологиялық институтына түседі. 1986 жылы аталмыш институттан тамақ өнеркәсібінің инженер-технолог мамандығын алып шығады. Тағдыр кезіктірген Шамшанұлы Мұрат деген азаматпен жарасып, отбасын құрады. Жоғары оқу орынын енді ғана бітірген азаматына берілген жолдама бойынша бұрынғы Целиноград қаласына жібереді. Мұрат Тайшықов қазіргі Қарағанды медициналық академиясының 1986 жылғы түлегі болатын. Бүгінде ол медицина ғылымдарының кандидаты, облыстық стоматология ауруханасының бас дәрігері. Жетісудың күлімдеген күнінің астында, самалына бетін тосып өскен бойжеткен қыз сүйгенімен қол ұстасып ақырған аязы мен бұрқыраған бораны бар Арқа топырағына табан тірейді. Бұрынғы Целиноград қаласындағы «Тыңның 30 жылдығы атындағы» элеваторда инженер-технолог болып орналасады. Кейін Целиноградтағы Сәкен Сейфуллин атындағы Ауылшаруашылық институтқа ауысады. Бұл бір қиын жылдар еді. Жолдасы екеуінің тұратын баспанасы болмай, пәтерден пәтерге ауысып көп бейнет шегеді. Мына оқиға тіптен есінен кетер емес.Күздің қара суығы үскіріп, алғашқы қар қылаулағанда Светлананың барар жер, басар тауы болмай қиналады. Жаны қысылып тұрғанда алыс туысы кездеседі. Аллаға қараған осынау жан бұларды өзінің екі бөлмелі пәтеріне ертіп барып, қол ұшын созады. Сол кезде жадына Жетісуда қалған әке-шешесі оралады. Қысылғанды демеп, үзілгенді жалғап жіберуге дайын тұратын қасиетті ұшқан ұясынан көрген. Көзін тырнап ашқаннан үйлерінен туған-туыс, қонақ арылмайтын. Ата-анасы қайтсе де солардың көңілін тауып, ризалығын алып жататын. Сыртта жүргенде сондай ықыласқа зәру болып жүрген. Енді, міне, жүрегінде жылылығы бар жандар алдынан шыққанда қатты қуанған. Іштей өзінің ата-анасындай аяулы жандар аз емес екендігіне шүкіршілік еткен. Бұл оқиға Светлана өмірінде үлкен із қалдырды.. Содан бері қиналған жандарға қол ұшын беруді өзіне адами парызым деп санады. Оның бұл қасиетін колледждегі әріптесі әрі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Татьяна Валентиновна Тестоедова да:
– Светлана Керімбайқызы оқу және тәрбие ісіне үлкен көңіл бөледі. Ол кісі бізге «Бізде жаман бала жоқ. Барлық балалар жақсы» деп жиі құлаққағыс етеді. Балалармен сөйлескенде кәнігі тәжірибелі психологтар сияқты олардың жан дүниесіне үңіліп, қолынан келген көмегін беріп жатады. Ең бір «қиын» деген студенттің тілін тауып, анасындай бауырына тартады. Ол әдемілікті, жинақылықты, тазалықты жақсы көреді. Колледждің әр кабинетін, асхананы, спорт залдарын безендіруде бар күш-жігерін жұмсайды,-деп ризашылығын білдіреді.
Светлана Керімбайқызы политехникалық колледжге 1992 жылы келген. Алдымен колледждің ғылыми-әдістемелік бірлестігіне аудармашы болып жұмысқа тұрады. 1993 жылы қазақ тілі мамандарының біліктілігін арттырудың бір жылдық курсын аяқтап, қазақ тілі мұғалімдігіне ауысады. Дәл осы жылы Светлана Балабекованы сырттай бөлімнің меңгерушілігіне тағайындайды. Ол ұйымдастырушылық қабілетімен оқу-өндірістік тапсырмаларды ұршықша үйіріп әкетеді. Осы қызметті алты жыл абыроймен атқарады. 1999 жылы аталмыш колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Жоғары кәсіби шеберлігі үшін осы жылы Светлана Балабекова «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісіне ие болады. Педагогтық ұжым Светлананың өз ісіне берілгендігін, білгірлігін, кез келген істі «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» ақыл-парасаттылығын, алдыға қойған мақсатына жетудегі табандылығын, ғылым жолындағы қарым-қабілетін, ұжымдағы оқытушылардың шығармашылық мүмкіндігін жандандыруға жасап жатқан игі істерін құптап, бағалайды. Ол білім ордасында жаңа мамандықтың түрлерін көптеп енгізуге мұрындық болды. Оның ұсынған орынды ой-пікірлерін қолдап, қол ұшын беріп отыратын осы политехникалық колледждің директоры, профессор, техника ғылымының кандидаты Зекен Рахымұлы Рахымовтың ағалық қамқорлығына дән риза. Колледжде түрлі ғылыми конференциялар, семинар, олимпиадалар өткізіліп тұрады. Соның басы-қасында жүретін Светлананың өзі. Білікті ұйымдастырушының және жетекшінің бастамашылығымен колледж оқытушылары сексеннен астам электронды оқулықтар, барлық мамандықтар мен пәндер бойынша толық оқу-әдістемелік кешен жасады, ол кісінің белсенді қатысуымен оқу процесінің компьютерлік қамтамасыз етілуі енгізілді, практикалық жұмыстар үшін зертханалар мен сынақ алаңдары жасалып, жарақталды. Осындай көп қырлы жұмыстардың нәтижесінде ұжымда айтарлықтай ілгерлеушілікке қол жеткізілді, педагогикалық ахуал жақсарды, мамандардың дайындық сапасы арта түсті, Оқушылармен, оқытушылармен, жұмыс берушілермен жұмыстың инновациялық түрлері енгізілді. Зерттеу-сынақ жұмыстарында да соны жетістіктер бар. Содан да болар колледж оқушылары мен оқытушылар құрамы ғылыми-практикалық конференцияларда, олимпиадаларда. семинарларда жиі көрініп, жүлделі оралуды дәстүрге айналдырған. Светлана Керімбайқызы орта кәсіптік білім беру жүйелерін жетілдіруге қатысты республикалық және халықаралық семинарларға қатысып, ғылымдағы көзқарастарын ортаға салып жүр. Ғылымдағы соны ізденісі жемісін беруде. 2002 жылы «Әйел-ХХІ ғасыр көшбасшысы» атты Халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды. Дәл осы жылы Светланаға Израиль елшілігінен телефон соғып, «ХХІ ғасырдың көшбасшы әйелдері», «Демократиялық қоғамдағы көшбасшылық» бағдарламасы бойынша жеңімпаз атанып, дипломмен марапатталғанын сүйіншілегенде қуанышы қойнына сыймаған. Светлананың көптеген ғылыми-тәжірибелік материалдары жинақтарға және республикалық «Профессионал Казахстана» атты ғылыми-әдістемелік журналға енген. «Еңбек-өмір тұғыры» демекші 2007 жылы ол «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болады. Министрлік арқылы бірнеше мәрте мемлекеттік аттестациялық комиссияларға тартылды, озат тәжірибесі облыстық колледж бірлестігінде таратылды. Жоғары біліктілігі мен ұстаздық шеберлігі әр түрлі мадақтармен, алғыс хаттармен атап өтілген. Түзде қоғамдық жұмыстың қайнаған ортасында жүрген Светлана үйде салиқалы ана. Алтындай Айбар және Айдар есімді екі ұл өсіріп отыр. Олардың екеуі де Мәскеудегі Ресей кеден академиясында оқиды. Айбары Қазақстан Республикасы грантымен экономикалық факультеттің төртінші курсында оқыса, кішісі кеден факультетінің екінші курсында оқып жатыр. Жұбайы Мұрат Шамшанұлы облыстық стоматология бірлестігінің бас дәрігері. Сонымен қатар медицина ғылымының кандидаты. Қонақжай қазақтың шаңырағы қонақтан босаған ба?! Үйлеріне алыс-жақыннан келімді-кетімді қонақтар келіп жатады. Соның бәрінде жеңін түріп дәмді салаттар, тағамдар әзірлеп қонағының бабын тауып жатады.
Отбасының берекесі Светлана Керімбайқызы:
– Мен өзімді бақытты әйелмін деп есептеймін. Менің түсінігімде Әйел бақыты дегеніміз-сен біреуге қажет болып, сенің көмегіңнің біреудің қажетін ашқан кезде. Балалардың барлық жағдайы оңтайлы шешіліп, өзің де, өзіңді де біреудің сүюінде деп білемін. Менің бағыма қарай маңдайыма Мұраттай жақсы жар кездесті. Күні бүгінге дейін бір-бірімізбен түсінісіп өмір сүріп келеміз. Өмірдің мәні-балаларыдың дүниеге келуі. отбасыдағы ауызбіршілік, қызметтегі жетістіктер, адамдарға жәрдемдесу, армандарыңның орындалуы емес пе?!-дейді.
Үйдің де, түздің де сәнін келтірген ХХІ ғасырдың қарағандылық аруы, міне, осындай!
«ҒАЗИЗАДАН БІЛІМ АЛҒАН ҒАНИБЕТ»
дейді тыңдаушылар
1989 жыл. Онда мен ҚазМУ-дың төртінші курсында оқитынмын. Сол жылы Алматыда тұңғыш рет қазақ тілінен тереңдетіп оқитын арнайы мектеп ашылып, республиканың түкпір-түкпірінен үздік оқитын оқушылар бағын сынап, емтихан тапсырып жатқан. Бір қызығы сонау Егіндібұлақтың қазіргі Н. Нұрмақов атындағы ауылда оқитын үйдегі ең кенже сіңілім Назгүлде облыстан үздік шығып,осы білім ошағына келіп қалыпты.Әкей марқұмның шегелеп тапсырған «бұйрығымен» аталмыш оқу ошағына ертелей жетсем,мектеп алды жыпырлаған бала.Қос бұрымына алақандай бантик таққан сіңілімді тез таптым. Қасында жымиып тұрған ұстазы өзін Ғазиза Ғабдоллақызы деп таныстырды. Ол кісі Егіндібұлақ аудандық білім беру бөлімінің әдіскері қызметін атқарады екен. Балаларға бас-көз болып өзі алып келіпті. Оқушыларда жармасып Ғазиза әпкесінен айырылар емес. Соған қарағанда балаларға жайлы ма деп қалдым. Ғазиза өзі де Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филолгия факультетін бітірген қазақ тілінің маманы. Осы салада оқушыларға біраз ақыл кеңесін айтқанға ұқсайды. Абырой болғанда Ғазизаның әкелген оқушыларының білім деңгейі өзгелерден көш ілгері болып, оқуға түсті. Оның ішінде менің сіңілім де бар. Сондағы Ғазизаның қуанышын көрсең. Өзгенің баласы үшін өзегін үзіп беретін ұстаз-ай десеңші! Сол сәт ет-жүрегім елжіреп сала берген. Сонда осы бір ұстаз жөнінде бір үзік сыр жазсам деп едім іштей. Оның реті жиырма екі жылдан соң келді. Иә, 22 жылдан соң. Бұл кезде Ғазиза Смағұлова оқушыларға емес ұстаздардың өзіне дәріс беретін аға оқытушы және доцент атанған.Осы жылдар аралығында мұғалімдік қызметтің қыры мен сырын жетік меңгерген білікті маман ретінде танылды. Оның «қазақ тілі мен әдебиеті пәні арқылы оқушылардың білім алуға қызығушылығы мен таным белсенділігін арттыру» іс тәжірибесі облыс көлемінде жария болса, «мектеп реформасының талабына сай оқыту сапасын арттыруға арналған методикалық нұсқау» республикалық әдістемелік кабинеті арқылы республикаға таратылды. Жақсы іске жанашыр, ізденімпаз, еңбекқор жан елеусіз қалмайды.1991 жылы Ғазиза Ғабдоллақызы Қарағанды облысы МББҚБА және ҚД институтының қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа білім беру талаптарына сәйкес облыс мектептеріндегі оқу-тәрбие жұмыс мазмұнына ұлы Абай мұрасын, Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақыптардың педагогикалық-психологиялық тұжырымдарын енгізуде өзіндік тәжірибе жинақтады. Білім беру саласындағы ерекше еңбектері үшін 1996 жылы ҚР білім беру ісінің үздігі атағын алады.Білікті маман 2000 жылы І Республикалық педагогикалық оқулардың жеңімпазы атанды.Араға төрт жыл салып ІІ Республикалық педагогикалық оқулардың екінші мәрте жеңімпазы болып, табыспен оралды.2005 жылы Мәскеу қаласындағы «Эксперт» оқу-тренерлік орталығының сертификатын иеленеді. Ғазиза аталмыш институтта 2006 жылдан бері қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы бейіндік оқыту кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етіп келеді.Ол кафедра жұмысын ҚР білім беру жүйесіндегі жүргізіліп жатқан жаңа реформаларға сәйкес ұйымдастыруда.Нақтырақ айтқанда кафедраның оқу, ғылыми-зерттеу, әдістемелік жұмыстары, үздіксіз білім беру жүйесіндегі мамандарды даярлау, тұлғаның білім беру ұйымдарының нақты сұраныстарына сай құрылған. Ғазиза жаңашыл ұстаз. Облыс көлемінде жаңашыл жобалардың іске асуына білек сыбана араласып облыс мектептеріндегі «Ресурстық орталық», «Қазіргі көп тілді білім беру» жобаларын енгізуге жетекшілік жасауда. Озат жаңашыл мұғалімдерді насихаттау бағытында шеберлік сынып ұйымдастырған. Соның нәтижесінде Ғазизаның алдынан біліктілігін арттырып, шыңдалып шыққан Қарағанды облысының мұғалімдері республикалық жарыстарда үнемі жеңімпаздар қатарынан көрініп келеді. Ғазизада олжасыз емес, білікті маманның еңбегі бағаланып Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері белгісімен марапатталады. Қасиетті Қаз дауысты Қазыбек баба топырағында Ана тілінің уызына жарып өскен ол қазақ тілінің қанат жаюына тыным таппай тер төгіп келеді. Оның берген сабақтары қызықты да, тартымды.Облыстың түкпір-түкпіріндегі мектептерден білімін жетілдіруге келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері де Ғазиза Смағұлованың сабағын ұйып тыңдап, мол мағлұмат алып, тәжірибе жинақтап қайтады. Кейбір ұстаздар Ғазизаға деген алғыстарын өлең етіп өріп, қағаз бетіне түсіріп те кеткен.
Сымбатыңыз сай келіп жүзіңізге,
Жанға дауа әуез бар үніңізде.
Бәрімізге әріптес болсаңыз да,
Анадайсыз жанашыр бәрімізге,-деп жырласа, енді бір тыңдаушы:
Бас иіп біліміңе, жігеріңе,
Білмедім қандай тілек тілерімді.
Бойыңнан бар жақсылық табылғандай,
Ұлтымның жанашыры сендей болғай!,-деп тебіренеді. Ұстазға осыдан артық қандай баға керек?! Өткен жыл Ғ.Смағұлова үшін табысты жыл болды. «Болашақ үшін оқыту» (Қарағанды,2010) сертификатын алды. «КАТЕҮ» Халықаралық қоғамдық қорының, ҚР ІІМ Ішкі әскерлері Қарағанды құрамасының «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Ғазизаның 60-қа жуық ғылыми мақалалары мен еңбектері халықаралық, республикалық басылымдарда жарияланған. Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасында бірнеше рет мемлекеттік аттестациялық комиссияның төрайымы болып жүр. «Дарынды балаларға-талантты ұстаз» атты педагогикалық олимпиада фестивалінің облыс бойынша ұйымдастыру комитетінде, Астана қаласындағы республикалық ғылыми-практикалық «Оқулық» орталығында қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтары бойынша үнемі сарапшы (эксперт») ретінде жұмыс жасайды. Ұстаз әрі ғалым Ғазиза Смағұлова нағыз шығармашылық бабында. Көркіне кең пейілді мінезі келіскен, біліміне ақылы сай Ғазизаның ғаламат істеріне институтқа білімін жетілдіруге келген тыңдаушылар да дән риза. «Ғазизадан білім алған қандай ғанибет!» дейді олар ағынан жарылып. Бізде осы пікірге қосылдық.
АҒЫЛШЫННЫҢ ӨЗІН СҮРІНДІРГЕН
Қарағанды ағылшын тілі мамандары қауымдастығының төрайымы, Орта Азия елдерінің ағылшын тілі мамандарының қауымдастығының мүшесі Фазира Айдарханқызы Солтүстік Қазақстан облысында туған. Жастық шағы солтүстікте өтсе де ұстаздық өмірі Орталық Қазақстанда өтіп келеді. Алматыдағы шет тілдер институтын бітіріп келген кеудесі білімге толы сары қызды Сарыарқаның төсіндегі жаны жайсаң халық жылы қарсы алды. Қойнауы құтқа толы Қарағанды қаласындағы Политехникалық институтында алғашқы еңбек жолын бастады. Бұл 1982 жыл болатын. Ол кезде политехникалық институттарда қазақ топтарында оқитын студенттер тек қана орыс тілін оқитын, ал орыс топтары қазақ тілін оқудың орнына шет тілдерді оқитын. Қазақ топтарына шет тілін, оның ішінде ағылшын тілін оқытудың маңызы зор екенін Фазира жан-дүниесімен түсініп қана қоймай, сол арманын орындау үшін тәуекелге бел буды. Бұл оңай шешіле салатын мәселе емес еді. Оны ашу үшін Оқу министрінің орынбасарына дейін барып, біраз уақыт соңына түседі. Сөйтіп Фазира Какжанованың табандылығының арқасында Қарағанды политехникалық институтындағы қазақ тобында тұңғыш рет бұрын оқытып көрмеген ағылшын тілі пәнінен дәріс беретін топ құрады. Тоқсаныншы жылдары политехникалық институттың студенттері Фазираның жетекшілігімен ағылшын тілі негізгі мамандық болмаған жағдайдың өзінде ағылшын тілінде диплом қорғайды. 1992 жылы академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне ауысады. Содан бері осында еңбек етіп келеді. Екі жылдан соң Президентіміздің жарлығымен «Болашақ» бағдарламасы өмірге келіп, оқу орындарында бұрын соңды болмаған «халықаралық қатынас» бөлімдері ашыла бастады. Мұндай бөлім ҚарМУ-де ашылып, алғашқы бөлім меңгерушісі болып Фазира Айдарханқызы тағайындалады. Ол меңгерушілік қызметте жүріп, көптеген игі істерді жүзеге асырады. «Болашақ» бағдарламасына өту үшін талапкерлер шет тілді білу қажет болды. Шет елге шығатын ағылшын тілі бағдарламасы (TOEFL) мектеп, университет бағдарламаларына қарағанда ерекше әрі күрделі болды. Алғашқы рет Қарағанды Университетінің студенттерін «Болашақ» бағдарламасына дайындаған Фазира еді. Шәкірттерінің сыннан сүрінбей өтуі үшін тынымсыз тер төгіп, білімін аямады. Бағына қарай тынымсыз еңбегі жемісін беріп, университеттің көптеген түлектері «Болашақтың» жүлдегері болып, шет елдерде білім алу бақытына ие болды. Шет елден білім алған шәкірттері озық тәжірибе жинақтап, алған білімдерін ел игілігі үшін жаратып, казіргі кезде әртүрлі салада абыроймен қызмет атқарып жатыр. 1995 жылы Сарыарқаның басты қаласы Қарағандыдағы аталмыш университетте тұңғыш рет Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттарының елшіліктерімен бірге мектеп, университетте істейтін ағылшын тілінің мамандарына арналған «Ағылшын тілінің оқыту методикасындағы озық әдістер» туралы конференция өтеді. Оған Қарағанды және бұрынғы Целиноград облысының мектеп, университеттерінде істейтін ағылшын тілінің мамандары қатысады. Конференцияда екі елдің озық университеттерінен ағылшын тілінің алты маманы келіп, өз ойларын ортаға салып, өз елдерінде әдістеме саласындағы болып жатқан өзгерістер мен бағыттардан мағлұмат береді. Бұл бас қосу шет елдің жоғары оқу орындарымен байланыс жасаудағы алғашқы көпір еді. Бір жылдан кейін мұндай конференция Француз елшілігімен француз тілі мамандары арасында өтеді. Конференцияның нәтижесінде қарағандылық француз тілінің үш маманы іс-тәжірибе алмасу үшін Францияға барып қайтады. Америка, Англия, Францияда тіл мамандарымен болған конференцияның берері мол болды. Біздің тіл мамандарымыз шет тілді оқытудағы батыстың озық оқыту технологияларымен танысып, шет елдегі әріптестерімен сұхбаттасып, тәжірибе алмасты. Нарықтың аумалы-төкпелі тұсында Фазира қаладағы жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс жасап отырды. Өзі еңбек ететін Қарағанды Мемлекеттік Университеті Қазақстанның Менеджмент, Экономика, Болжау (КИМЭП) институтымен жақсы байланыста болып, аталмыш институттың профессорлары Қарағанды Мемлекеттік Университетінің мұғалімдеріне алғашқы басталып жатқан нарықты экономиканың қыр-сырлары туралы лекциялар оқыды, 1995 жылы Фазира Англияға іскерлік сапармен барып, ондағы әйгілі Кембридж; Оксфорд, Эдинбург; Лондон университеттерінің білім берудегі озық іс-тәжірибелерімен танысып қайтады. Ф. Айдарханқызы қазақ тобындағы студенттерге сабақ беріп қоймай, түбі бір түркі елінен келген 14 түрік студентіне төрт жыл бойы ағылшын тілінен дәріс береді. Қарағандылық ұстаздың алдынан алған білімдерінің сапалылығы сондай жастар үйренген тілінің арқасында қазақ-түрік елдерінде абыроймен еңбек етіп жүр. ХХІ ғасырдың басы ізденісте жүрген Фазира үшін жеміске толы, жеңіске толы жыл болды. 2001-2004 жылдары Ұлыбритания ғылыми кеңесі жариялаған грантын жеңіп алып, «ағылшын тілінің маманының кәсіби біліктілігін» жасайтын топтың құрамына шақырылады. Осы топтың құрамында жүріп, «шет тілдер әдістемесін оқытудың бапкері», және «шыңдалу» атты шетелдік сертификаттар алады. 2002, 2003 жылдары ағылшын тілінің мамандарына арналған «Hornby Trust» бағдарламасының жүлдегері болды. 2002-2004 жылдары Фазира жаңа үлгіде қазақ аудиториясына арналған «Ағылшын тілінің практикалық курсы» оқулығын жазды. Батыс және өзіміздің озық оқыту технологиясын жетік білетін Ф. Айдарханқызы оқулықты Қазақ және Еуропа стандарттарына сәйкестендірген. Бұл кітаптың тек құрылымы жағынан емес, сол сияқты мазмұны жағынан да айта кететін ерекшелігі зор болды. Оқулықта ағылшын тілінің грамматикасы бөліміне бұрын соңды берілмеген шет елге оқуға түсуге қажетті грамматикалық мағлұматтар беріліп, грамматика жалпы функционалдық тұрғыдан қаралды. Оқулықтың ішінде Қазақ елін тіл үйренуші талапкерлерге таныстырғысы келген азаматтық рух бар.
Автор оқулықтың эпиграфында: «Жан дүниеңді толғандырып, шарықтатып, күңірентіп, желпіндіріп, шыңдандыратын күй тапқан асыл халық, Сөздің інжу-маржанын, ойдың терең тұңғиығын жинап, сақтай білген дана халық,
Алыстан сермеп, серпіле тың ашатын ойшыл халық,
Жаны жайсаң ұлы тұлғаларға бай талантты халық,
Елінің, жерінің намысын қорғай білген намысшыл халық,
Күшке емес, сөзге тоқтаған данышпан халық,
Cуырып салма, арқасы бар киелі халық,
Бар халықты бөлмей қарап, өзіндей ұстайтын дархан халық,
Дала патшасы бүркітті иығына қондырған батыр халық,
Тілінде планетарлық « айналайын» сөзі бар ақылды ҚАЗАҚ халқының ағылшын тілін оқимын деген талапкерлеріне арналған»,-деп жазылған. Жан-жақты терең ізденіспен жазылған бұл оқулықпен казіргі таңда университеттердің қазақ бөлімдерінде студенттер дайындалып жүр. Бірнеше тілге жетік Фазираның 2005 жылы орыс тілі аудиториясына арналған «Практический английский язык» атты кітабы жарық көрді. Осыдан он жыл бұрын оның қазақ аудиториясына арналған «Ағылшын-қазақ тілінің салыстырмалы грамматикасы» оқулығы жарық көрген болатын. Фазира осы оқулықтарды шығарғанға тоқмейілсіп қалған жоқ. Өз мамандығына берілген білімді жан осы кітаптардың жалғасы, яғни екінші бөліміндерін дайындау үстінде. Өткен жылы Оңтүстік Каролина (АҚШ) университетінің «Кәсіби ағылшын тілін» қашықтықтан оқыту курсын тамамдап, сол институттың сертификатын алды. 2006 жылы «Аспект категориясы және ағылшын тіліндегі аспект типологиясы» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаттығын алды. Бұл тақырып лигвистикада көптен бері өз шешімін таппай жүрген үлкен мәселеге арналып, жаңа бағыт берумен тәмамдалды. Оның жазған ғылыми мақалалары тек қана функционалдық грамматиканың теориясы мен қолданбалы аспектеріне арналмай, сол сияқты ағылшын тілінің оқыту әдістемесіне арналған. Білікті маман білімділігімен тіл мамандарын да мойындатқан. Республика, облыс көлемінде өтетін лингвистикаға арналған конференцияларға, шет тілдер олимпиадасына қазылар алқасына шақырылуы соның бір дәлеліндей. Көптеген халықаралық конференцияларға қатысып, соны ойларымен көзге түскен Фазира Какжанова Қазақстанға ғана емес шет елге де танымал. Қазақстанда ағылшын тілі мамандарын дайындауда үлкен үлес қосып келе жатқан Фазира екі баланың анасы. Ағылшын тілінде сайраған Фазираға қалай сүйсінбессің!
ШАМШЫРАҚ
Әр ұстаздың білім берудегі өзіндік ұстанымы болады. Қарағанды политехникалық колледждің №1 Жалпыға білім беру бөлімінің (қазақ топтары үшін) меңгерушісі, ҚР халық ағарту ісінің үздік қызметкері Ақлима Қалақбайқызы шәкірттерге қатаң талап қоя біледі. Онысы бәлкім білім нәрімен сусындауға келген шәкірттері босаңсып кетпей, бірден етек-жеңін жинап оқуға, ғылымға ден қойсын дегені де шығар. Оқытудың дәстүрлі және дәстүрлі емес жолдарын пайдаланатын білікті ұстаздың мақсаты-қазіргі заманға лайықты, бәсекелестілікке қабілетті, білімді жас ұрпақты тәрбиелеу.
Шәкірттік өмір
Ақлима Ашамаева 1950 жылы, 29 қыркүйекте Шет ауданы. Қызылқой ауылында дүниеге келеді. Әкесі Ашамаев Қалақбай қарапайымдылығымен, адалдығымен елдің алғысына бөленген жан. Адам баласына жақсылықтан басқа ойламайтын азаматты Шет өңірінің халқы қатты сыйлаған. Анасы Оспанова Түймекен тоғыз баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірген. Өзі жастайынан жетім қалғаннан ба, бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Ұл мен қызды тазалыққа, ұқыптылыққа тәрбиелейді. Ақлиманың жадына анасының «Ешкімнің ала жібін аттама» деп айтқан ақылы мәңгі қалды. Ақлима бала кезінде ер балаша еркін өседі. Ер мінезді әрі намысқой қыз сабақты да жақсы оқуға тырысатын. Қызылқойдағы бастауыш сыныбында оқып, кейін Қарағанды қаласындағы №2 қазақ мектеп-интернатында оқиды. Осы білім ордасының Ақлимаға берген тәлім-тәрбиесінің нәтижесі өте зор болды. Сол жылдары мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындандырған ұстаздарының еңбегін арада қаншама жылдар өтсе де ұмытқан емес. Ол 2008 жылы ұстаздар күнінде облыс әкімі Н.Нығматулиннің қолынан сыйлық алған есімі республикаға белгілі ұстаз Ләззат Бәйішева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған Е. Тайлақов, қазақ тілі-әдебиеті пәнінің білгір Мәпіш Шәріпқызы, математика пәнінің мұғалімі Р. Айсабакиева сияқты тәжірибелі ұстаздардан үлкен тәлім алды. Сегізінші сыныпты тәмамдағанда жаңа ашылып жатқан «Химиктер сыныбына» қабылданады. Облысқа белгілі марқұм Тагирова Шамшынұр химияның қыры-сырына үйретті. Әр баланың жүріс-тұрысын жазбай танитын, өмірі қатты зекіп, ұрсуды білмейтін жаны жаз тәрбиешісі Мұқашева Мастураны қалай ұмытсын! Үш 9-шы сыныптағы 75-80 оқушының ішінен қабілетті балаларды таңдап алып, 9 «А» химиктер сыныбын ашқан осы екі білікті ұстаздың арқасы. Осы сыныпта 25 оқушының алтауы ғана қыз бала болды. Бәрі бір анадан туғандай тату еді. Тәрбиешісі Мастура бәрін туған баласындай бауырына баса білді. Бұларда үпір-шүпір етіп бір-біріне көмектесіп, сабақтың түсінбеген жеріне болысып, сабақтарын жақсы оқыды. Тәлімді тәрбие мен терең білімнің нәтижесінде сыныптас замандастары мектепті жақсы оқып бітірді. Екі оқушы үздіктер қатарынан көрініп, «Алтын белгі» иеленді. Олардың бірі бүгінгі таңда қаламыздағы «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығында» қызмет істеп жүрген медицина ғылымының докторы, профессор Ш. Баттақова, Қарағанды қаласының қаржы бөлімінің бастығы М.Ғазалиев, облыстық Тілдерді дамыту басқармасындағы, тілдерді дамыту және үйлестіру бөлімінің бастығы М.Ержанова және басқалары әр салада қызмет еткен білікті мамандар.
Ауыл мектебінде
Онжылдықты тәмамдаған соң Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының химия-биология факультетіне түседі. Кеудесінде жігер оты бар жас қыз ұйымдастыру қабілетімен көзге ілігеді. Институт қабырғасында жүргенде курстағы топ басшысы болып қана қоймай, өзі оқыған факультеттің комсомол комитетінің хатшысы жұмысын атқарады. Бұл жауапты жұмыс ол кездері екінің бірінің қолына сеніп тапсырылмайтын. Ал 4-курсқа келгенде партия қатарына кандидат болады. 1977 жылы институтты бітіріп, туған жері Қызылқой орта мектебіне химия-биология пәнінің мұғалімі болып орналасады. Арада бес жылды артқа салып директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары болады. Сонымен қатар штаттан тыс инспекторлық жұмыстарға қатысады. 1985 жылы Ақлиманың ұстаздық қызметіндегі жетістіктерін жоғары бағалап, ҚазССР оқу-ағарту Министрлігінің «жасөспірімдерге білім және тәрбие берудегі табыстары үшін» Құрмет грамотасымен марапаттайды. Осынау марапат әр жасаған жұмысына жауапкершілікпен қарайтын Ақлима ұстазға сенім жүгін арта түсті. Оқушыларды бұрын білмеген беймәлім білім сырларымен таныстырып, санасына сәуле түсіріп, көзін ашу мұғалім үшін оңай емес. Адал еңбек иесіне абырой әпереді. 1990 жылы Ақлима апай ҚазССР халыққа білім беру министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталады. А. Қалақбаева өзі дәріс беретін химия пәнінен жазған әдістемелік еңбектерін сол кездегі «Қазақстан мектебі» журналына хабарлама ретінде жиі беріп тұрады. Осы еңбектерінің нәтижесінде 1994 жылы кезектен тыс аттестация қорытындысында «Жоғары санатты маман» біліктілігін алады.
Колледждегі қызметі
Қарағанды политехникалық колледжіне ұстаздық қызметінің нағыз толысқан шағында келді. Бұл 1995 жыл болатын. Мұғалімдік қызметі айтарлықтай болса да, колледж табалдырығын сенім әрі күдікпен аттаған еді. Ақлиманы «Кімдермен бірге қызмет етемін?», «Шәкірттерім қандай болады?», «Қалай қарсы алады?» деген сансыз сұрақтар қатты мазалады. Бағына қарай жасаған еңбегін, жинаған білімін бағалай алатын тамаша ұжымға тап болыпты. Қанаттанған ұстаз оқытушылық қызметін бастап та жіберген.
ҚР халық ағарту ісінің үздік қызметкері Ақлима Қалақбайқызы: -Шүкіршілік, сыйластығы жарасқан шығармашылық әрі жасампаздық еңбек берік орын алған ұжымда еңбек етіп жатырмын. Оқытушылық қызметте педагогикалық шеберлігімнің ұшталып, дамуына колледж директоры Рақымов Зекен Рақымұлының, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Балабекова Светлана Керімбайқызының және әдіскер Жұмабекова Рахима Нұрғалиқызының қамқорлыққа толы ұйымдастырушылық-әдістемелік көмектері игі әсер етті. Мен үшін ұжымның сенімінен шығу-абырой, ал оған жетелейтін-тынымсыз еңбек, ақыл-ой,-дейді толғанып. Күнді-айға, айды-жылға айналдырған зымыран уақыт-ай! Колледжге келгеніне он жылдан астам уақыт өтіпті. Артына бұрылып қараса бір орнында тұрып қалмаған екен: оқытушы, топ жектекшісі, жалпыға білім беру бөлімінің меңгерушісі сияқты жауапты қызметтерді сатылап атқарып келеді. Ақлима қызмет барысында алға жылжуы өзіне жауапкершілік пен сенім артқан ұжымның, оның тамаша басшылығының арқасы деп біледі. Осы жылдар арасында еңбегі елеусіз қалмай, тиісті бағасын алып келеді. ҚР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды. Жоғары санаттағы ұстаз. Бірнеше мәрте облыстық Білім департаментінің, колледж әкімшілігінің Мақтау грамоталарымен марапатталып, бағалы сыйлықтар тарту етілді. Химия және биология пәндерінің оқытушысы Ақлима Ашамаева шәкірттерінің ғылыми-техникалық дамудың озық жолдарымен таныс бола отырып, олардың басым бағыттарын игерулеріне үлкен күш жігерін жұмсап келеді. Ұстаздың басшылығымен химия-биология пәндерінен «Халықтық педагогика», «Ойын түрінде өтетін сабақтар», «Конференция сабақтары» атты ашық сабақтар, кафедраның әдістемелік айлықтарында сабақтан тыс «Қызықты химия», «Ақылдылар мен ойшылдар», «Жас химик» атты апталықтар өткізіп тұрады. Осы шараның қай-қайсысы болсын шәкірттердің аталмыш пәнге деген қызығушылығын арттырып, білімін жетілдіруге үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Колледжде өтетін ғылыми-тәжірибелік конференциялар, ғылыми рефераттар, мақалалар, экологияның өзекті мәселелерін өмірмен ұштастыра зерттеу, ой қорыту, өз жемісін бере бастады. Қоршаған ортаның ластануының адам өміріне орасан зор кері әсерін тигізіп отырғанына алаңдаулы Ақлима Қалақбайқызы шәкірттерінің де табиғатқа, оның ішінде экология мәселелеріне ден қойып, назар аударуына ерекше көңіл бөліп келеді. 2004 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиясы жанындағы жас зерттеушілердің Кіші академиясы ұйымдастырған ХХХІІІ ғылыми-зерттеу конференциясында, «Экология» секциясы бойынша колледждің 9-2ПВТ-02 тобының оқушысы Дмитрий Постнов: «Қарағанды қаласында қоршаған ортаның жылу-энергетикалары және көмір шахталарынан шыққан ауыр металдар иондарымен ластануы» тақырыпта зерттеу жұмысын сәтті қорғап, ІІ дәрежелі Дипломмен марапатталады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған «Дарын» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған дарынды балалар байқауына жолдама алып, министр қол қойған ІІ дәрежелі Дипломды қанжығасына байлайды. Жоғарыда тілге тиек еткен жұмысқа өзіміздің облыстың оның ішінде Қарағанды қаласының экологиялық жағдайы өзек болады. Экологиялық жағдайды талқылау барысында пайымдары негізді әрі байлаулы болуы үшін баспасөз материалдары, жергілікті өнеркәсіп орындары өнімдерінің ауаны ластауы бойынша мәліметтері және ғылыми статистика жағынан деректер толық пайдаланды. Ақлима Қалақбайқызының шәкірті Дмитрий Постнов ауаның ластануына алаңдатушылық білдіріп, колледж оқушылары арасында жеті сұрақтан тұратын сауалнама жүргізді.
Жауаптардың қорытындысы төмендегідей:
Бұдан шығатын қорытынды Ақлиманың шәкірттерін қоршаған ортаның ластануы қатты мазалайды және олар ауаның тазалығы үшін пәрменді іс-шаралар қабылдануын қалайды. Ұлағатты ұстаздан тәлім алған шәкірттер экология мәселесінің күрделілігін терең түсінеді. Таза экология-адамзат денсаулығының кепілі екенін жан-дүниесімен түсінетін, елінің келешегіне жаны ашитын ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеп жатқан Ақлимадай ұстаздан айналып кетпейміз бе?!
АНА ТІЛІН АРДАҚТАҒАН АЯУЛЫ ЖАН
Бағдат-өз ісіне жетік, ер мінезді дейді білетін жұрт. Ойға алған ісін орындамай қоймайтын, кейбір әйелге тән ұсақтықтан ада, берген уәдесін бұлжытпай орындайтын, өз ісіне мығым осынау ұстазды көргенде жұрттың сөзінде бір шындықтың бары растығына күмән келтірмеймін. Мұндай жақсы қасиетті бойға сіңіру адам баласының шыққан тегі мен алған тәрбиесіне де байланысты болатыны ақиқат. Көп ықыласына бөленіп жүрген Бағдат 1949 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келді. Әкесі Бахтияр Ысқақұлы кенші болатын. Әкесінің ғұмыры қысқа болады деп кім ойлаған. 49 мүшел жасында қайтыс болды. Өзінен кейінгі төрт бауырының салмағы анасы мен үйдің үлкені Бағдатқа түсті. Ол отбасындағы жалғыз қызбын деп майысып отырмады. Ер-азаматтар көтеретін жүкті көтеруге тырысты. Анасы Мәраш Нұрмұхаметқызы қолы ашық, пейілі кең, өте қонақжай адам еді. Отағасының жоқтығын туған-туысқанға білдіртпеді. Қайын жұртынан да, төркін жағынан да қаланы жағалап келіп жатқан туысқандарына жылы құшағын ашып, қаладан орнын тауып кеткенше үйіне паналатып, қамқор болатын. Бір үйде 20-25 адам тұрғаны Бағдаттың әлі жадында. Ой, ғажап-ай, сонда анасы еш қабақ шытпастан «Үй толған жанбыз, бір-бірімізге мейманбыз» деп қазан көтеріп жататын. Бағдаттың туып өскен отбасы кейбіреулер құсап «қалалықпыз» деп тілін шұбарлаған жоқ, қайта қазақ тіліне үлкен ден қойды. Нағашы ағасы, кезінде политехникалық институттың проректоры, техника ғылымдарының докторы болған Асылхан Данияров Бағдат бастаған жиендердің бәрін қазақ мектебіне алып барды. Ана тілін терең меңгеруге әсіресе Асылхан нағашысы көп еңбек сіңірді. 1971 жылы сол кездегі педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түсті. Жөргегінен құлағына сіңген ана тіліндегі әсем әуен, әліппе, ана тілінің маманы болудың соңы ұлт тілінде ұрпақ әзірлейтін мектептің директорлығына дейін әкеліп отыр. Ұлт жанашыры деп, міне, осыны айтыңыз! Егемендікке қол жеткізгеннен кейін де жас ұрпақты өзінің ана тілінде оқыту оңай шешіле қойған жоқ. Бұған дейін Кеңестік дәуір кедергі болса, бұдан кейін тоталитарлық жүйенің салқыны тиген орыс тілді ата-аналар қарсы шықты. Бұл ұлт басындағы үлкен қасірет еді. Қазақ тілінің басына төніп тұрған тұманды сейілту, адасқандарға жол көрсету керек болды. Міне, сондай кезде кеуделері ұлтына деген жанашырлық сезімге толы қазақ әйел мұғалімдері білек сыбана ортаға шықты. Соның бірі бүгінде Октябрь ауданындағы Шығыс-1 шағын ауданында қоныс тепкен №36 қазақ орта мектебінің директоры, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», жоғары санаттағы маман Бағдат Бахтиярқызы Қыстафина болды. Сексенініші жылдардың өзінде Бағдат қаладағы № 97 орыс гимназиясында еңбек етіп жүріп, қазақ балаларын ана тілінде оқытудың жолын қарастырды, реті тек араға біраз жылдарды салғаннан кейін ғана келді. Бірде ол гимназия директоры Л.Оноприенкоға гимназия ішінде қазақ сыныптарын ашайық деп қолқа салғанда, директор қарсы болмайды. Оқушыларды жинау, қазақ тілінде оқулықтар табу сияқты сыннан сүрінбей өткен соң, ана тілінде оқығысы келетін балалар қатары көбейе түседі. Оқушыларға гимназия іші тарлық қылатын болған соң, маңайдағы №48 орта мектепке көшіріледі. Осында да қазақ бөлімінің оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Бағдат ана тілінде оқитын бала саны мен білімінің сапасын арттыруға күш салады. 1992 жылы қазақ балаларының басына жеке білім ошағы қажеттілігі туды. Алғашқыдай емес, ұл-қызын қазақ тілінде оқытқысы келетін ата-аналардың белсенділігі артты. Көпшіліктің тілегі қанағаттандырылды. Қаладағы №92 орыс мектебі таратылып, қазақ гимназиясы болып мәртебе алады. Оның директоры болып, бұған дейін білім саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген Бағдат Бахтиярқызы тағайындалады. Сөйтіп, Бағдат қаланың қақ ортасындағы қазақ тіліндегі №92 білім ошағының түтінін тұңғыш жаққан тіл жанашырының бірі болды. Елімізде басталған нарықтық экономиканың аумалы-төкпелі кезінде жұрт «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей ауылдан жаппай көше бастады. Біраз халық Майқұдыққа қоныс тепті. Қазақ тілінде оқығысы келетін бала саны артты. Өкінішке қарай Майқұдықтың Шығыс-1, 2, 3 шағын аудандарында таза қазақ тілінде білім беретін мектеп жоқ болатын. Ата-аналар баласын аралас мектепке бергісі келмей алаңдай бастады. Бұл шағын аудандардың бағына қарай осындағы №36 орта мектепке 2002 жылдың қаңтар айында Бағдат Қыстафина директор болып келе қалды. Осыған дейін болған орыс директорына «айтқан назы жетпей жүрген» жергілікті ағайындар қуана-қуана балаларын аталмыш мектепке әкеле бастады. Ана тілінің тағдырына қатты алаңдайтын Бағдат келген күннен бастап мектепті таза қазақ мектебіне айналдырсам, өз ана тілін жетік білген ұрпақ дайындасам деп армандады. Талмай ізденіп, еңбектенуінің нәтижесінде діттеген ойына жетті. Бір-ақ жылдың ішінде (2003) жылы аталмыш мектеп қазақ мектебіне айналды. Әрине, мұндай жетістікке жеткені айтар ауызға ғана оңай. Қазақ мектебі болған соң директордың алдына қолдарына күректей-күректей дипломын ұстап, ауылдан көшіп келгелі жұмыс таба алмай сергелдеңде жүрген мұғалімдер келе бастады. Көпшілігі Қарқаралы, Егіндібұлақ, Ақтоғай, Ақадыр сияқты елді мекеннен келгендер. «Ана тілінің қайнар көзі –ауылда. Қаймағы бұзылмаған қазақ тілін жас ұрпаққа терең оқытатын осындай мамандар болуға тиісті»-деп ой түйген Бағдат Бахтиярқызы келген мамандарды білімі мен біліктілігіне қарай жұмысқа орналастырды. Қазір бұл білім ордасында мыңға жуық бала ана тілінде білім алады. Оларға 72 мұғалім дәріс береді. Оның 51-і жоғары білімді, 21-і орта арнаулы білімі бар ұстаздар. Үш компьютер сыныбы, лингофон бөлмесі бар. Мектептің төріне таяуда ғана жарық көрген Елбасының Жолдауы іліген. Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай жасалынған қабырға газеттері, оқушылардың қылқаламынан шыққан сурет көрмелері алыстан көз тартады. Мектептің негізгі мақсаты-мұғалімдердің шығармашылығын дамыту арқылы оқушылардың білім сапасын көтеру. Алыстан көшіп келген 35 оралман балаларға да жете көңіл бөлінген. Тілдерінде кездесетін кейбір кірме сөздерді болдыртпау мақсатында тіл мамандары қосымша сабақ жүргізетіні көңілге қуаныш ұялатты. Көп балалы және жетім балаларға көмек ретінде 62 мың теңгеге (қалалық оқу бөлімі бөлген қаржы) киім-кешек таратылған. Ұлттық өнер мен салт-дәстүрді насихаттау қолға алынған. Мектепте өлкетану, тіл дамыту, шебер қолдар, дін және имандылық, қуыршақ театры сияқты үйірмелер, «Шаңырақ», «Айна» клубтары жұмыс істейді. «Әжелер сайысы», «Қолаң шаш» байқаулары өткен. Жақында қалалық мектептер арасында өткен «Күй қайнары» атты байқауда аталмыш мектептің екі оқушысы күйден жүлделі екінші және үшінші орынды иеленген. Осының өзі мектептің ұлттық дәстүрімізді насихаттап отырғанын көрсеткендей. Мектеп тіршілігімен танысқаннан кейін мұғалімдердің бірін сөзге тартқанмын. Ол өзін Айман Смағұлова, 4-інші сынып мұғалімімін деп таныстырды. Айман сөзінде: -Бағдат Қыстафина мектептің директоры ғана емес, ұжымдағы мұғалімдердің анасы сияқты. Олай дейтін себебім, мұғалімдердің отбасындағы қиын жағдайларына да көңіл бөліп, қолынан келген көмегін көрсетіп жатады. Көпшілікке үнемі қамқор болып жүретін ол мейірімді ана да, әрі өз ісін жетік білетін білімді басшы да,-деп жылы лебізін білдірді. Мектеп директорлығы қызметін қажырлылықпен атқарып келе жатқан Бағдат апай үйде отағасы Қабылкәрім ағамыздың қас-қабағына қарай білетін сабырлы ана. Қабылкәрім Ахметкәрімов ағамызда кезінде қаладағы №2 қазақ орта мектеп-интернатында директор болып, ел алғысын арқалаған жан. Екеуі де ұлын-ұяға, қызын-қияға қондырды.
Ағайынды қоңыр қаздың жұптары жазылмасын деп тілейміз!
ОБЛЫС МОЙЫНДАҒАН ОҚЫТУШЫ
Баланың есте сақтау қабілеті мықты болады деген сөздің жаны бар. Көрші тұрған Көшімет атаның таң сәріден тұрып, намаз оқыған кездері жадымда. Сонда сол үйдің келіні, біздің ұстазымыз Роза апайдың құманға жылы су құйып, самаурынға шайын қайнатып, ата-енесін күтіп, бәйек болып жататыны 4-5 жастағы менің жадымда қалыпты. Кейін әкейге ауылдың басқа жерінен жаңадан үй беріліп, қоныс аудардық. Жоғары сыныпқа көшкен кезім. Бір күні сыныпқа Роза апай кіріп келді. Сөйтсем ол кісі математика пәнінің мұғалімі екен. Тақтаны тық-тық еткізіп, есептің шығару жолдарын жан-тәнімен түсіндіріп ала жөнелді..Кейін сынып жетекшісі болды. Математиканың қыр-сырын үйретуден жалықпайтын ұстаз үнемі үйге де, түзге де үлгеріп ауыл-аймаққа үлгі болды. Шәкірттердің жүрегіне жылылық нұр шаша білген ұстаз өмірдің соқтықпалы соқпақсыз жолдарынан сүрінбей өткен жан. Апай 1949 жылдың 30 маусымында бұрынғы Егіндібұлақ ауданы, Сартау селолық советі, Алғабас колхозында дүниеге келген. Әкесі Қызбалин Әшім колхоз төрағасы болады. Анасы Төлеубекова Камал да колхозда еңбек еткен. Балдай балалық шақ маңдайына жазбапты. Он жасына қарағанда әкесі, он бес жасында анасы қайтыс болады. Үлкен ағасы Мауленнің тәрбиесінде бола жүріп, соңынан ерген бауырларына қамқорлық етеді. «Алғабас» сегізжылдық мектебін бітірген соң аудан басындағы мектеп-интернаттан дәріс алып, орта білім алып шығады. 1966 жылы мектеп бітірісімен Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түседі. Институт қабырғасында бастауыш комсомол ұйымының мүшесі болып, қоғамдық жұмысқа белсене араласады. 1970 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған соң туған жеріндегі мектепке келіп, алғашқы ұстаздық қызметін бастайды. Екі-үш жылдан соң ауылына абыройлы азамат Көшіметов Тілеуғабылмен отбасын құрайды. Сексенінші жыл Роза апай үшін үлкен табысты жыл болды. Шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беріп қоймай, мектептегі және ауылдағы қоғамдық жұмыстардың алдыңғы сапынан көрінеді. 1981 жылдары Қазақ ССР оқу-ағарту министрлігінің Мақтау қағазымен марапатталады. 1986 жылы «Қазақ ағарту ісінің озық қызметкері» белгісіне ие болды. Жас ұрпаққа білім мен ақылдың дәнін сеуіп, жайдары мінезімен жан-жағын жылы шуаққа бөлеген Роза апайға 1987 жылы « Қазақ ССР-на еңбек сіңірген мұғалім » атағын береді. Облыстан шалғай алақандай ауылда жүріп осындай атаққа ие болу сөз жоқ үлкен жетістік әрі мақтаныш еді. Дәл осы жылы Қазақстан мұғалімдерінің УІ съезіне делегат болып қатысады. Ұлы ойшыл ғалым Әл-Фарабидің: «Ұстаз...жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсені ұмытпайтын...алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі.., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ..,жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген маржан сөздері ардақты ұстаз Роза Әшімова апайға арнап айтылғандай. Роза Әшімова үйінде қартайған ата-енесін, жан жарын, іркес-тіркес төрт баласын бағып-қағып қана қоймай, совхоздағы әйелдер ұйымының төрайымы болып қоғамдық қызмет атқарды. Қыз-келіншектер арасында тәрбиелік мәні зор іс-шараларды жиі ұйымдастырып, мұңайып жүрген нәзік жандардың жүзіне шаттық ұялата білді. Кейбір аналар жасөспірім өтпелі кезең тұсында өздеріне көнбей кеткен балаларының мінез-құлқын айтып, шағынып, Роза апайдан көмек сұрайтын еді. Ондай кезде апай баланы оңаша алып қалып сабырлы қалпында ақыл-кеңесін айтып, ата-анасын сыйлап жүруге тәрбиелейтін. Ертеңінде баласының жөнге келіп қалғанын көріп қуанған ана арнайы келіп Роза апайға алғысын айтатын. Бала тәрбиесінде үлкендердің айтар ұлағат сөздері ерекше екенін ескере білген ұстаз ауылдағы әжелер және батыр аналармен жиі кездесу өткізіп, жас ұрпақты адамгершілікке, азаматтыққа, адалдыққа тәрбиелеуге шақырды. Аудан басшылары еңбегін бағалап, суретін ауданның «Құрмет тақтасына» ілді. Халық өз таңдауын жасады. Адал еңбегімен алғысқа бөленіп жүрген Роза Әшімова 1989-1994 жылдары Егіндібұлақ аудандық Кеңесінің, 1994-1999 жылдары Қарқаралы аудандық Кеңесі мен мәслихаттың екі мәрте депутаты болады. Қашанда сабырлы, мейірімді қалпынан танбаған апай айғайсыз-ақ білімді шәкірттерді оқытып шығарды. Шәкірттері Серік Мажкенов, Гауһар Ысқақова математика пәнінен республикалық олимпиаданың жеңімпазы болып танылды. Бүгінде Гауһар ұстаз жолын қуып, математика пәнінің маманы болып Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-де дәріс береді. Серік болса Астанадағы Ауылшаруашылық институтының экономика факультетін «Қызыл дипломға» бітіріп, Астана қаласында қызмет істейді. Сонымен қатар Роза жетекшілік еткен сыныпта оқыған Есентай Омаров пен Назгүл Райымбекқызы мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, жоғары оқу орындарына түсті. Осы күні бірі заңгер, бірі бас есепші болып абыройлы еңбек етуде. «Білімді мыңды жығады» демекші, 1992 жылы небір білікті ұстаздар сынға түскен облыстық «Жыл мұғалімі» байқауында Роза Әшімова берілген сындардан сүрінбей өтіп, лауреат атағына ие болады. Сөйтіп туған ауылы, ауданы мойындаған Роза апайды облыс та мойындайды. Алпысты алқымдап қалған апай әлі алқына қойған жоқ. Отыз бес жыл отасып келе жатқан жұбайы Тілеуғабыл ағамыз екеуі ұл-қызын әлпештеп өсіріп, оқытып, өмірден өз орындарын табуына бағыт берді. Алтындай екі ұл, екі қызынан 6 немере сүйіп отырған қадірлі әже. Осы күні Астана қаласына қоныс тепсе де, қол қусырып қарап отырған жоқ. Елордадағы Қазақ заң колледжінде студенттерге дәріс беріп, білімнің шырағын жағып келеді. Шәкірт жүрегіне жаққан шырақ ешқашан өшбек емес.
ТІЛ ЖАНАШЫРЫ
Майра Ержанованың есіміне бұған дейін театр саласында белгілі актер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген әртісі, драматург Кеңес Жұмабековтың жары ретінде қанық болатынмын. Өнер адамының шығармашылық биіктерді бағындыруына жағдай жасауда шаңырақтың берекесі болып отырған ақ жаулықтылардың да қосатын үлесі зор. Ер-азаматын жиі гастрольге жіберіп, соңынан тілеуін тілеп, балаларының бабын тауып отырған аналар жетерлік. Мен Майраны сондай салиқалы аналардың қатарына жатқызатын едім. Кейін жылдар жылжып, мен ол кісіні жақынырақ танысуымның реті келді. Бізді табыстырған-ана тіліміздің тағдыры десек болғандай. Мемлекеттік тіл-қазақ тілін насихаттау барысында облыстық Тілдерді дамыту басқармасымен байланыс жасай бастаған кезіміз. Бірде аталмыш мекемеге тіл мамандары тексеріп келген аудандардағы қазақ тілінің хал-ахуалын білмек болып телефон шалдым. Ондағы олқылықтарды газет бетіне жазсақ деген ұсынысымды айттым. Олар келісті. Ертеңінде барып, қағазға түсірілген деректерді алып, редакцияға қайттым. Оқып жіберсем, дайын мақала. Тіпті түзеуге, күзеуге қолың батпайды. Дайындаған кім екен деп төменгі жағына көз жіберсем, Майра Ержанова деген жазуды көзім шалды. Іштей «Мына кісі дайын журналист екен ғой» деп риза болдым. Кейін бірнеше рет кітапханалар да, дөңгелек үстелдер де, семинарларда қазақ тілінің мәселесін өзек еткен тұщымды сөздерін тыңдап, ұлтының болашағына жаны ашыған намысшыл, нағыз тіл жанашырын таныдым. Қаламызда республикалық Әділет министрлігі Ішкі әкімшілік департаментінің ұйымдастыруымен өткен өңірлік семинарда Майра Ержанова: -Басқарманың бүгінгі күні алдына қойып отырған мақсаттарының бірі-басқару тілін қалыптастыру, жиналыстарды, мәжілістерді, отырыстарды қазақ тілінде өткізу болатын. Бұл мәселеде облысымызда бірқатар ізденушілік бағыттағы іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мемлекеттік орган қызметкерлерінің Тілге тиек етіп отырған Майра 1952 жылдың 28 шілдесінде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Әкесі Ғафиз 1902 жылы туған. Бір ғасырға жуық өмір сүрген дәлірек айтқанда 90 жас жасаған ақсақал қоғамдағы аумалы-төкпелі замандарды көріп, отбасындағы қиыншылықтарды иығымен көтерген қайсар жан. Майраның анасы Әтина 1918 жылы туып, 1959 жылы небары қылшылдаған 40 жасында дүниеден өтеді. Соңында үйелмелі-сүйелмелі он бір бала анасыз аңырап қалады. Бұл кезде Майра жеті жасқа жаңа келген. Асқар таудай әке ананың орнын жоқтатпады. Алтындай ұл-қызын аялап өсіріп, оқытып, өмірден өз орындарын табуға бағыт сілтеді. Майра болса 1959 жылы қаладағы №2 мектеп-интернатында оқып, мектепті ойдағыдай аяқтаған соң Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтқа түседі. 1973 жылы институтты тәмамдап, қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі мамандығын алып шығып, алғашқы еңбек жолын №21 мектепте бастайды. Майра әу бастан жұмысқа ыждаһатпен қарап, табанды бола білді. Көзінде оты бар жас маман бұрынғы Совет аудандық оқу бөліміне жұмысқа шақырылады. Осында еңбек еткен он жылдың ішінде жұмысына жауапкершілікпен қарап, көпшіліктің сеніміне ие болады. Бұдан кейін қалалық білім бөлімдерінде инспектор, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. Еткен еңбегі еленіп, сан мәрте қалалық, аудандық білім департаменті мен кәсіподақ ұйымының Мақтау қағаздарымен марапатталады. Жасынан қазақи тәрбие алып, ұлтының салт-дәстүріне қанық болып өскен ол қазақ тілінің есіктен сығалап, төрге шыға алмай тәлкекке түскен тағдырына қатты алаңдайды. Тоқсаныншы жылдары облыстық «Қазақ тілі» қоғамында бас маман жұмыс істей жүріп, бойындағы бар күш-жігерін қазақ тілінің мәртебесін көтеруге жұмсайды. Шаңырақтың отағасы Кеңес Жұмабеков Нарымбайұлы облыстық қазақ драма театрында директор болып қызмет етеді. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Кеңес ағаның да қазақ өнерінің соның ішінде театр саласына және драматургия жанрына қосқан үлесі жетерлік. Халық сүйсініп көретін бірнеше қойылымдарды дүниеге әкеліп, сахналады. Ел алғысына бөленіп, қазақ театрының шырқау биіктен көрінуіне маңдай терін төгіп келеді. Үйдегі тәрбиенің басым көпшілігі анадан бастау алып жатады. Байсалды ана балаларын да қазақ тілінің байрағын көтеруге қарай икемдейді. Қазақ «Ат тұяғын тай басар» дейді. Тұңғыш қызы Бибігүл ҚарМУ-нің қазақ тілі және әдебиеті факультетін бітірген. Бүгінде төрт баласы бар Бибігүл №15 аралас мектептің орыс сыныптарында қазақ тілі пәнінен дәріс береді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп халық айтқандай ананың берген тәрбиесі Бибігүлдің де бойынан табылады. Ол да ана тілінің болашағының жарқын болуы үшін өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде тыным таппай келеді. Ұлы Мейрам Жұмабеков Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де доцент, филология ғылымының кандидаты, филология факультетінің журналистика кафедрасының меңгерушісі. Келіні Тоғжан да ҚарМУ-нің қазақ тілі және әдебиеті факультетін бітіріп, №57 лицейде қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Үш ұл, бір қыз бала тәрбиелеп отыр. Кіші қызы Нұрилә да ҚарМУ-нің филология факультетін бітірген. Тұрмысқа шыққан. Бүгінде Қарағанды қалалық қаржы бөлімінде аудармашы болып қызмет атқарады. Күйеу балаларының екеуі де әскери қызметте істейді. Үш баланы оқытып, құтты орнына қондырып, алты немере сүйіп отырған Майра үлкен ұлы Мейраммен бір шаңырақ астында тұрады. Ене мен келіннің ауыз бірлігі аздау болып тұрған мына заманда Майра мен келіні Тоғжанның татулығы өзгеге үлгі болғандай. Жастардың жарасып, үй болып кетуіне көбіне үлкендердің ықпалы күшті әсер етіп жатады. Көп балалы үйде туған-туыс, бауырдың қадір-қасиетін бойына сіңірген мейірімді, бауырмал Майра Ғафизқызы үшін балалары және балдай тәтті немерелерімен бірге тұру үлкен бақыт. Үлкеннің алдынан кесе көлденең өтпеген Майра ақылман енесі Әсимадан көп өнеге алды. Енесі өле-өлгенше келінін «қызым, құлыным» деп еміреніп өткен адам. Қызындай бауырына тартқан енесі мен атасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Нарымбай ақсақалды өз қолымен жөнелткен де Майраның өзі. Отанасы мен келіні арасындағы қарым-қатынас жайында отағасы Кеңес Жұмабеков ағамыз: -Тәубе, Келінім маңдайыма бере салған құлыным! Аты-Тоғжан. Алдымнан кесе-көлденең өткен жоқ. Бірге тұрамыз. Жас қой. Білмегені болса: «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» дегендей, ақыл айтып қоямыз. Енесімен құрбысындай сырласып отырады. Кейбір енелер келінін бірден тәрбиелемек болып, өзіне қарсы қойып алады. Ол да біреудің әлпештеп отырған баласы емес пе?! Келінге өз қызындай ене ғана тіл табыса алады. Біздің шаңырақта осы үрдіс қалыптасып келеді,-дейді «Орталық Қазақстан» газетіне берген сұхбатында. Үйдің берекесін кіргізіп, қызметте көптің жүрегінен жол тауып жүрген Майраның мемлекеттік тілдің гүлденуі үшін жасап жүрген игі істері әманда жалғасын таба берсін деген ізгі ниеттеміз.
ӨНЕГЕЛІ ҰСТАЗ
Қашанда мұғалімнің беделі, қадыр-қасиеті білімімен, парасат-пайымымен, ұстамдылығымен өлшенуі тиіс. Әсіресе кәсіби біліктілік, ізденімпаздық, өзін қай жағынан болса да дамытып отыру, балаға деген жауапкершілікті сезіну таптырмайтын қасиет. Қазір компьютердің заманы деп жатамыз. Бәрібір жансыз компютер мұғалімді ауыстыра алмайды. Өйткені ұрпаққа қалдырар мәңгілік байлық көзі білім болса, оған қоса тәрбие беру ол тек, сол мұғалімнің қолында екені даусыз. Осы бағытта 30 жыл еңбек еткен, тек балалардың бағбаны болған Роза Ыбырайқызы Боранбаеваның ұстанған бағыты, үлгі-өнеге боларлық. Оның қысқаша өмірбаяны былай өріледі. Роза Ыбырайқызы Боранбаева 1938 жылы Ақсу-Аюлы селосында (Шет ауданы) өмірге келген. Әкесі Боранбаев Ыбырай Шет аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып тұрғанда 1938 жылдың наурыз айында қуғын-сүргінге ұшырап, ағасы Болат пен Роза шешесі Нағиманың қолында тәрбиеленді. Шешесі қандай қиыншылық көрсе де мойымай, екі баласын ешкімге жалтақтатпай оқытып ер жеткізеді. Роза орта мектепті бітірген соң, жұмыс істеп, Қарағанды педагогикалық инстетутының тарих факультетіне түсіп, оны жақсы бітіріп шығады. 1961 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін М.Горький атындағы орыс орта мектебінде мұғалім, аудандық оқу бөлімінде әдіскер, аудандық пионер үйінің әдіскері болып қызмет атқарды. М.Горький атындағы орта мектепте тарих және география пәндерінен дәріс береді. Ол бала тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қарады. Әр сабақты әсерлі, қызықты өтуіне ерекше көңіл бөлді. Көрнекі құралдарды тиімді пайдаланып, сабақты өмірмен байланыстыруға, оқушының ойлау қабілетін, белсенділігін дамытуға ерекше назар аударды. Ата-бабалардың ғасырлар бойы жинаған рухани мұраларын шәкірт бойына сіңіруге күш салды. Ол өзінің саналы өмірін мектеп жұмысына, оқушылар мен мұғалімдерге, ата-аналарға арнады. Өзіне де, өзгеге де талап қоя білді. Жас мұғалімдерге методикалық көмек беріп, өзінің іс тәжірибесін үнемі бөлісіп жүрді. Роза Ыбырайқызы табиғатында сыпайы, сыршыл, кісіге жұғымды. Биязы мінезді, кішіпейіл, инабатты, мәдениетті адам. Жаны ізгілікке толы, адамгершілік, қайырымдылық, бауырмалдық қасиеттерді бойына сіңіре білген жан. Оқушы балаларға да өзінің осы қасиеттерін беруге тырысты. Ұстазы пейілді болса, шәкірті зейінді болады,-деген мақалға сай, ол кісіден дәріс алған көптеген оқушылары бұл күнде озық мұғалімдер, дәрігерлер, инженер, экономист әртүрлі мамандық иелері болып еңбек етіп жүр. Мысалға, 1974 жылы 11 сыныпты бітірген, осы сыныпта 5 сыныптан бастап класс жетекшісі болған оқушылары, қазір үлкен-үлкен қызметтер атқарып жүрген жай ы бар. Мейрам Баданов-өндірістік кәсіпорынның директоры, Ангольд Валентин-Германия қаласында үлкен бір машина жасау зауытының менеджері, Мағия Балықова-Шет ауданы М.Горький орта мектебінде жоғары санатты математика мұғалімі, Алдабергенов Бағлан-банкир, Әдінов Асылхан-экономист т.б Шәкірттері күні осы уақытқа дейін мұғалімдеріне хат жазып, хабарласып тұрады. Ал, Валентин Ангольд деген оқушысы Германиядан әрбір мейрамдарда телефон шалып, құттықтап тұрады. Өткен жылы отбасымен Қарағандыға келіп кетті. Роза апай жөнінде оқушысы Марина Омарова былай деп еске алады: «Ол кісінің үйінен шығып, мектепке келе жатқандағы жүріс-тұрысы, адаммен тоқтай сөйлесуі, талғаммен таза киім киісі, биязы да майда сөзі-бәрі-бәрі бізге үлгі өнеге болатын. Біз сол кісі сияқты болуға тырысатынбыз». Роза Ыбырайқызын өнегелі ісі үшін, оның кішіпейілдігі мен адамгершілігі үшін жұрттың бәрі де сыйлайды. Ол туралы отыз жыл бірге қызмет істеген, бүгінде зейнеткер ұстаз Ахметжанова Нұрғайша: «Оның тәрбиелеген оқушылары, әсіресе сынып жетекшісі болғандағы жұмысы қашанда алдыңғы қатардан көрінетін. Балалары жақсы оқыды және үлгілі тәртіпті болды. Бізде әртүрлі мінездегі: ерке, ұшқалақ, қыңыр балалар болды. Олардың атына сәл сын айтсақ « бәрі осы ауылдың балалары, бауырларың ғой, оларға жақсы тәрбие беріңдер, көмектесіңдер»,-деп кеңес беретін. Өнегелі ұстаздың бала тәрбиелеудегі қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол бірнеше дүркін аудандық оқу бөлімінің, кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен, ақшалай-заттай сыйлықтармен марапатталды. «Еңбек ардагері» медельімен наградталды. Роза Ыбырайқызы сонымен бірге құрметті ана, қадірлі әже отбасында жеті бала тәрбиелеп өсірді. Сол сияқты Төлеуқұловтар отбасындағы балалардың (10 бала) бәрі осы кісінің тәрбиесінде болып, мектепті бітіріп, жоғары білімді азаматтар болды. Ата-ана үшін қашанда өсірген ұрпағының өнегелі, саналы болып өсіп-өнуі үлкен қуаныш. Бірақ сол бала өздігінен өспейді. Оларға қаншалықты еңбек сіңірсең, соншалықты жемісін көресің. Ол жалғыз мектеп оқушылары емес, айта жүрерлік үлгілі ұрпақ өсірді. Балаларының бәрі жоғары білімді, әртүрлі мамандық иелері. «Ұлын-ұяға, қызын-қияға» қондырған, одан оннан аса немере, шөбере сүйіп отырған, қадірлі әже. Ғұмырын бірге өткізіп келе жатқан азаматы, Алла қосқан қосағы-Марс ағаның халық қадіріне бөленіп, абыройына абырой қосып, оның үйде де, түзде де, қызметте де еш алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасаған жанашыры да, ең сенімді адамы да осы Роза Ыбырайқызы. «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» деген ғой дана халқымыз. Роза Ыбырайқызы шыныменде жасаған жақсылығымен бәрімізге ортақ адам.
БАЛА БАҒБАНЫ
«Орыс тілін білу біздерге қарыз деп айтсақ кінәлі болмаспыз…бақытты болып тіршілік ету үшін ғылым, өнер керек, орысша тіл білу керек» деп қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі Мұхаметжан Сералин айтқандай мына жаһандану заманында құлашыңды кеңге жаю үшін де көп тілді білгеннің пайдасы зор. Бала күнімізде біздер бірде-бір өзге ұлт отбасысы жоқ қаймағы бұзылмаған таза қазақ ауылында өстік. Орыс тілі сабағынан.берген мұғалімдердің арқасында тіл сындырдық.Орыс тілі пәнінен беретін марқұм Роза Какенбаева атты мұғаліміміз әр баланы тұрғызып қойып «С» емес, ц, мысалы Клара Цеткин» болмаса «больно емес». «волна» деп түзетіп бағып жататын. Сонда да кейбір оқушы сол баяғы акцентпен сөзді өзінің ыңғайлы жағына бұрып алатын. Мен бұрынғы Егіндібұлақ ауданындағы Арқалық (қазіргі Тәттімбет атындағы) ауылындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен дәріс берген Галина Камалиевамен тілдескенде осы жайттар көңіліме оралған еді. Қарағанды қаласындағы бұрынғы Теміржол ауданы, Сұрыптау стансасында туған Галина ҚарМУ дің филология факулітетінің қазақ мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен беретін мамандықты алады. Тұрмысқа шығып, біздің ауылмен көрші жатқан Арқалық ауылындағы елге сыйлы соғыс және еңбек ардагері Кәмали шаңырағынан шамшырағы Тілеубек деген азаматқа тұрмысқа шығады. Осындағы орта мектепке мұғалім болып орналасады.. Қалада өскені дегені болмаса, ата-анасының арқасында қазақы тәрбие алды. Әкесі Темірболатов Ғабдолла Ұлы Отан соғысының ардагері.Майдан даласына 1941 жылы кетіп, тоғыз жыл өткеннен кейін елге оралады. Зейнеткелікке шыққанша ақ адал маңдай терімен еңбек етеді. Бүгінгі күні абзал анасының күтімінде. Арғы аталары да осал емес. Атасы Мамин Темірболат Ақмола облысының Ерементау (Сілеті) ауданында он қолынан өнер тамған елге белгілі ұста болған. Ол кісінің суреті «Құрмет тақтасынан» түспепті. Галинаның әкесі Ғабдолланы атасының інісі Мамин Жаппар тәрбиелеп, өсіріп, үй қылады.Мамин Жаппар Карлагта прокурор болған, өз ісіне адал, тура жолмен жүрген арлы жан болса керек.Галинаның осы мамандықты таңдауына филолог немере апасы Мария Мамина ықпал етеді. Шіркін, сол кездегі ағайын туыс бір-біріне өте жанашыр еді. Осы Мария Жаппарқызы апайы мен нағашысы Шохшин Шарапиденнің қамқорлығының шапағатын өзі ғана емес, өзге де бауырлары көп көрді.Шарапиден нағашысы Баянауыл, Бұқар жырау аудандарына шипалы қолымен аты шығып, ел алғысына бөленген дәрігер. Студент уақытында қолтығынан демегенін қайтып ұмытсын! Ауылдағы көп балалы шаңыраққа келін болып түскенде Галина қалалық жерде өстім деп қақиып қалмай,қайын жұртына бірден тастай батып, судай сіңеді, Он бала тәрбиелеген марқұм ата-енесі де немерелерін бағысып, баласындай бауырына тартты. Үйдегі қайын апа, қайын сіңлілерімен тіл табысып, сырласындай болып кетті. Елге сыйлы құрметті отбасыдан қонақ арылмайды. Келінге бәрі сын. Өз жұртында бес баланың тұңғышы болып, ата анасына қолғанат, бауырларына қамқоршы бола білген Галина ата-енесінің қас-қабағына қарап, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор бола білді. Иманды болғыр үлкен қайын апасы Қаншайым мен жездесі Асайын тым бауырмал еді. Жолым үлкен деп бәлсінбей, соңындағыларды қара нардай сүйреп, көшбасшы бола білді. Тәрбиелі қыз, жақсы келін атына сай бола білген Галина Ғабдоллақызы мектепте де беделді болды. Ауыл балаларын туған тілін сүюмен бірге, орыс тілінде таза сөйлеуге, қатесіз жазуға, түсіне білуге баулыды. Әлемдік әдебиеттерді де түсініп оқуға шақырды. Жас ұрпаққа рухани байлық, адамгершілік қасиет, білімге құштарлыққа тәрбиелеу мақсатында шәкірттерін аудандық байқауларға жіберіп, бәйгеге салып отырды. Отағасы Камалиев Тілеубектің қызмет бабымен аудан орталығы Егіндібұлаққа ауысты. Г. Ғабдоллақызы осындағы №1 және №2 орта мектептерде ұстаздық қызмет жасады. Сондағы шәкірттері әр салада еңбек етіп жүр. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Бақытгүл Әбікенқызы, техника ғылымдарының кандидаты Берік Сәркенов, Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Сағынжан Апақашев,тележурналист Айтбала Сүлейменова, дәрігер Перизат Кабирова сынды толып жатқан шәкірттерімен мақтана алады. Солардың қай партада отырғаны, дәптердегі жазулары күні кешегідей көз алдында. Он баланың ортасындағы жалғыз ұлды жар еткен Галина екі жаққа да бірдей адалдығымен арттағыларға үлгі көрсетті. Қайын сіңлілерінің бәрі жоғарғы білім алып, лауазымды қызметтер атқарып жүр. Төркініне келсек, өзінен кейінгі бауыры Серік Темірболатов заңгер. Парламент Мәжілісінің депутаты, «Құрмет» орденінің иегері. Астана қаласында тұрып жатыр. Бауыры Қанат жеке кәсіпкер, Марат құрылысшы. Сіңлісі Бақыт сот қызметкері. Аудандық және облыстық партия қызметтерін атқарған Тілеубек аға облыстық әкімшілік аппаратында біраз еңбек етті. Бүгінде облыстық Мәслихаттың аппарат басшысы қызметін атқаруда. Қарт әкесін аялап күткен, туған-туыс, ауылдастарына қамқоршыл азамат, балаларына дұрыс бағыт берген өнегелі әке. Қазақтың Батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: «Баланың у-шуына жетер дүниеде не бар? Одан өткен сазды әуенді табу мүмкін бе?» дейді. Галина отағасы Тілеубекпен бірге Алланың тарту еткен төрт баласын мәпелеп өсірді. Бәрі жоғары білімді. Ұлы Мұрат заң факультетін бітірген. Жоғары оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарған, қала мәслихатының депутаты. Келіні Шынар Қарағанды экономикалық университетінде сабақ береді. Ортаншы қызы Торғын, экономист, «Қазақмыс» корпорациясында жұмыс істейді. Екі баланың анасы. Бәтесі заңгер, аудан прокуратурасында қызмет етеді. Күйеу баласы Ренат екеуі екі бала тәрбиелеп отыр. Кенжесі Әйгерім экономист. Осындай алтындай балаларды өсіре жүріп, Галина Қарағанды медицина академиясының қазақ тілі кафедрасында оқытушы болды. Сонымен қатар облыстық мұғалімдердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында «Дарын» бөлімінде қызметін жалғастырды, сондағы «Өзгеріс-Перемена» атты облыстық педагогикалық газет редакциясында редактор қызметін қоса атқарды. Қазір де облыстық перзентханада өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тіл сабағынан дәріс беріп, түрлі медициналық терминдерді үйретуде. Қайда барса да алдынан әр салада бір-бір қызметтің құлағын ұстап азамат болған бір кездегі дәріс алған шәкірттері, студенттері шығып, иіліп сәлем беріп жатады. Сондай сәттері Галина адам жанын түсініп, жүректерге ізгіліктің нұрын шашқан, бала бағбаны болғанына шүкірлік етеді.
ҚУСАҚТЫҢ ҚАДІРЛІ КЕЛІНІ
Манат Әбенқызы 1941 жылы желтоқсан айында Ақтоғай ауданы, Қоңырат кеңшарының жері шырайлы, құнарлы болып келетін Сәуле (қазіргі Жидебай) елді мекенінде дүниеге келген. Ол әрі батыр, әрі шешен Қабанбай, Бөгенбай батырлардың жасағын басқарған, Абылайханның қолбасшысы болған Жидебай батырдың ұрпағы екенін мақтаныш етеді. 1961 жылы Саран педагогикалық училищесін бітіріп, Ақтоғай ауданы, «Қоңырат» совхозындағы № 13 сегізжылдық мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. Қоғамдық жұмыста ширақтығымен көзге түскен оны пионер ұйымының жетекшісі етіп сайлайды. Екі-үш жылдың ішінде жұмыстағы белсенділігі үшін сол уақыттағы комсомол жетекшісі К.Медиевтің қолынан ауданның Мақтау грамотасын алады. Іле, ЛКСМ облыстық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Осы жылдары жас ұрпақтарға, пионерлерге берген жүйелі тәрбие және бүкілодақтық пионер отрядының жарысында қол жеткізген жетістігі үшін обком союздың пленум мүшесі болады. Манаттың әке-шешесі қайтыс болып, әпкесі, бауыры үшеуін әкесінің апасы Нұрым асырайды. Бейнетке жасымау, қызыққа тасымау, өзін-өзі қайрау, азаматты сыйлау, өмірдегі қиындықтарға мойымауды екінші анасындай болған әпкесі Нұралы қызы Нұрымнан алады. Ал жақсы ұстаз болып қалыптасуына, уақытпен есептеспеуіне ақкөңіл, шапшаң, адал, ынтасы мол, талабы жоғары мектеп директоры Мұқанов Тельманның шапағаты мол. «Жақсы адам жарық күнмен тең» деген осы. Қыздың қысқа ғұмыры бітіп, Ақтоғай ауданы, Шұбартау совхозына келін болып түседі. Келген жері Тобықты, Манас, Байтемір. Аты бүкіл Қарқаралы ауданына белгілі болған Төлеген тәуіптің немересі. (Серғазы Кенжеқараұлы «Дадан Тобықты шежіресі» 2002 ж.) Дәлірек айтқанда аталмыш совхоздағы Тұрсынның кенже баласы Сейітжанға тұрмысқа шығады. Отбасын құруына байланысты №8 Шұбартау орта мектебіне ауысады. Бұл кезде Қарағанды қаласындағы пединституттың биология факультетінің ІV курсында сырттай оқитын. Ақырындап 7-8 сыныптарға сабақ бере бастайды. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу мерекесінде социалистік жарыста қол жеткен табыстары үшін аудандық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Қайын жұртында да қадірлі келін болған Манат көп көзіне түседі. 1970-1975 жылдары мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарады Топырағы торқа болсын, сол кездегі мектеп директоры Әділбеков Балтабай түннің ортасына дейін мектептің шаруасымен жүре беретін, демалуды білмейтін, үнемі тиянақтылық пен тазалықты талап ететін жан еді. Ол кісіден көп тәлім алды. 1971 жылдың қаңтар айының 30 күні облыстық әйелдер съезіне делегат болып қатысады. Осы жолы Ақтоғай ауданының партия хатшысы Дәркен Жұмағұловамен суретке түсу құрметіне ие болады. «Құрмет белгісі» орденінің иегері, 25 жыл аудандық партия комитетінің хатшысы болып, халқына еңбегі сіңген Дәркенмен дәмдес болғанын іштей мақтаныш ететіні рас. 1976 жылы жаңа типтік мектептің берілуіне байланысты техникалық құралдардың небір түрін меңгереді. Мектепте Приозерный аудандық оқу бөлімі мамандарының қатысуымен семинар өтіп, ашық сабақ өткізеді. Мадақтауға ие болып, сабақ беріп тұрған суреті газет бетінде жарияланады. Облыстық аттестациялық тексерісте ең жоғары санаттағы екі мұғалімнің бірі болған, оқушыларға тәрбие берудегі сан қырлы еңбегі бағаланып, аттестация қорытындысы бойынша облыстық оқу бөлімінің Мақтау грамотасымен марапатталады. Приозерный ауданы бойынша «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісін алады. Сексенінші жыл жемісті жыл болды. Жылдың басында Манат мектеп бітірген оқушыларымен қазіргі Балқаш қаласының әкімі К.Тейляновпен бірге Мәскеу қаласына туристік саяхатқа барады. Дәл осы жылы білім және тәрбие берудегі табыстары үшін Қазақ ССР оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталады. 1987 жылы «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне тағады.
Сөз арасында Манат Әбенқызы: -Осындай қол жеткен табыстарым-баға жетпес ұжымның арқасы. Үлкен-кіші демей еңбекқор, қолдары шебер, бірімізді біріміз қолтықтан демеп, биіктен көрінуші едік. Ұйымшыл ұжым қуаныш, ренішті бөлісіп көтеретін, артық-кем мінездерді түсіністікпен қабылдадық. Мектеп директоры Махмет Оразалин аға салмақты, сабырлы, тереңнен ойлайтын, айтқанын орындата білетін жан еді. Таңертең алдымен мұғалімнің өзіне, сырт бейнесіне, сонан кейін оқушыға қарайтын. Иман байлығын берсін. Уақытпен есептеспедік, ұстаз ғана емес ауылды гүлдендіруші, ата-анаға да тәрбиеші, маусымды жұмыстарға көмекші, мәдени жұмыстардың жүргізушісі болдық. «Екпін», «Айдын», «Шалқар» комсомол жастар бригадаларына кешке көлікпен барып, мектеп бітіргендерді жоғары оқу орындарына дайындап, дәріс бердік,-дейді. Бірде селолық кеңестің төрағасы Асылбеков Мақсұткәрім «Әйелдер кеңесінің төрайымы болыңыз»-деп Манатқа ұсыныс жасайды. Мектептегі, үйдегі (отбасысы үлкен) жұмысында шек жоқ. Ауылдағы тіршілік, азғантай мал, бала, оқу-жазу дегендей. Соған қарамастан үлкеннің сөзін аяқасты етпей, әйелдер кеңесінің төрайымы болуға келісімін береді.Марқұм Мақсұткәрім аға басқарудағы, сөйлеудегі қабілетімді ұштады. Бағыт-бағдар берді. Бұдан кейін жас болса да білімді, халыққа қайырымды, мінезге бай, қағаз жұмысына шебер қазірге дейін «Береке» қонысының әкімі болып отырған Адамбеков Жұмағазымен жүктеме болса да әйелдер кеңесінде 2002 жылға дейін үзеңгілес жұмыс жасайды.. «Береке» ұжымының алқа мүшесі (11ер, 1әйел) әлеуметтік көмектің банкіге қолы жүретін мүшесі болды. Отбасына бағдар берер кештер, жиналыс, концерттік қойылымдар қыз-келіншек, орта жастағы әйел –ана, әжелер көмегімен жүргізіліп жатты. Ұйымдастыру жағына Жұмағазы екеуі, көркемдік жағына жезтаңдай әнші Зағира Адамбаева жауапты болатын. Нәтижесіз де еместін. Приозерный ауданы бойынша өткен «Келін» сынында бас жүлде, Ақтоғай ауданы болып ауысқанда І орын иеленеді. Бүкіл аудандық, облыстық, парламент депутаттарын сайлауда тыным таппайды. Әйелдерге арналған «Көгілдір от», конференция, сьезден де қалмады. Елден алған алғысы да, сыйлығы да жеткілікті. «Балқаш өңірі» газетіне суретімен шығады. Онда журналист О.Жүнісұлы : «Өнегелі жан, ардақты ана Манат Әбенова Қусақ өңіріне қадірлі. Оны қадірлі еткен тал бойындағы қазақ әйеліне тән қасиет еді. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет жасаған Манат шәкірттерін биік адамгершілік тұрғыда тәрбиелеуде айтарлықтай еңбек сіңірді. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді дәріптеп, жас ұрпақ бойына дарытуда, әрине, ұстаз алдымен сол бұлақ суынан өзі сусындаған болуы қажет. М.Әбенова-Шұбартау совхозының әйелдер кеңесінің төрайымы»,-деп жазады. Қым-қуыт қоғамдық жұмыстың ортасында жүрсе де газетке аса ризашылықта, көңіл толмағанда, артық кетіп, кем түскенде пікірталастарға үн қосуды да ұмытпады. Не айтса да, жазса да ақиқаттан таймады. Отағасы Сейітжан Тұрсынұлы-Манаттың өміріндегі темірқазығы. Ол Алматыдағы ҚазПИ-дің химия-биология, география факультетін бітірген. Бір басына марапаты жетеді. Отағасы әке тәрбиесін ала алмаған әкесінің орнын толтырып, өмірдегі қиындықтарға қарамай, жалтақтатпай, қызметіме шек қоймай, жүрек ауруымен ауырғанда барлық мүмкіншілікті жасап Манаттың маңдайының бағын ашқан азамат. Мінезі ақкөңіл, шапшаң, қатты ашуланса ештеңеге қарамайды, бес минут басқа жаққа кетсең, қайтымы тез. Ер айқай салмаса, әйел қауымы босап кететіні рас. Адами қасиет бақыт та, байлық та бала да-алдымен жарыңа байланысты. Ең бастысы аузында Алласы, жүрегінде иманы бар адам. Манат балаларын-байлығым деп біледі. Үлкені Жұмакүл Балқаш қаласында. Жолдасы Райхан кәсіпкер, бір кісідей техниканың білгірі. Гүлфайруз-банк колледжінің оқытушысы, жолдасы Жанбота мал маманы. Мейрам-тіс технигі. Алтынай-менеджер. Анара-дәрігер, Бақытжан-инженер. Жүректен шала туып, қазақша тымаққа салып, халық тілеген шаңырақ иесі Ернар-механик. Алтын діңгек береке, бірлік иесі-ана. Жасы ұлғайса да қарап отырмай қазіргі сәнмен киім тоқып, көрпешелер тігеді. Алланың бергеніне шүкіршілік етіп, бес бала он бір немере сүйіп отырған киелі шаңырақтың отанасы міне, осындай!
ІY БӨЛІМ
ҚАНАТТЫ АРУЛАР
ЕЛГЕЗЕК ҒАЛИЯ
Ұлағатты ұя
«Әке-балаға сыншы» дейді халық. Бір үйдегі баланың «бес саусақ бірдей» емес дегендей бес түрлі адамды сүйсінтер қылықтары болуы мүмкін. Айташ әке Омаров алтындай етіп әлпештеп өсірген жеті баласының ішіндегі ортаншы қызы Ғалияны «Осы балам елгезек» деп еміреніп отырушы еді. Сыншыл әке баласын дәл тани білді ме, әлде айтқан сөзі періштенің құлағына шалынды ма, шынында да Ғалия Айташқызы шапшаң қимылымен кез-келген істі тындырып тастайтын елгезек болды. Әкесі көмірлі қалаға есімі белгілі қара сөздің жілігін шағып, майын ішкен қаламгер. Қарқаралының аудандық газеті мен облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымы ол кісіні жыға таниды. Бүгінгі күні біз қызмет істейтін облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакция ғимаратындағы бесінші қабатындағы ардагер журналистерге арналған тақтада Омаров Айташ әкенің суреті ілініп тұр. СССР Журналистер одағының мүшесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Айташ әкей баспасөз саласында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп, әріп терушіден Бас редакторға дейінгі өсу баспалдақтарынан өткен. Ғалияның анасы Нұрмағамбетқызы Айтжамал апай 1939 жылдың күзінде Айташқа қосылады. Көп ұзамай азаматы майдан даласына аттанады. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Айтжамал апай Воронеж түбінде ауыр жараланып, Свердлов қаласындағы госпитальда жатқан арысы Айташты іздеп барады. Орыс тілін жетік біле қоймайтын, бұрындары ел арасынан ұзап алысқа шықпаған Айтжамал апаның бұл ерлігін күні бүгінге дейін жерлестері жыр қылып айтады. Анасы отыз жыл бойы Қарқаралы аудандық тұтынушылар қоғамында сатушылық қызмет атқарды. Шешесінің жоғары білімі болмаса көзі ашық, көкірегі ояу жан. Республикалық, облыстық басылымдарға жазылып, жібермей оқиды. Майдан даласынан аман-есен оралған ардагер Айтжамал апаймен жарасып, жарты ғасырдан астам бақытты ғұмыр кешті. 1989 жылдың қыркүйек айында Қарқаралы да үлкен той өтті. Ғалияның ата-анасының қосылғандарына 50 жыл «Алтын тойын» және үлкен ағасы Әбеудің жеңгесі Риммамен қосылғанына 25 жыл «Күміс тойын» дүркіретіп тойлады. Балаларына өнегелі тәрбие берген әкесі 1991 жылы дүние салды. Тоқсаннан асқан анасы болса кенже бауыры Тұрардың қолында. Келіні Бақыттың күтуімен немере-шөберелерінің ортасында өмір сүріп жатыр. Шаңырақтағы үш ұл, төрт қыздың ортаншысы Ғалия 1955 жылдың 27-ші қаңтарында Қарқаралы қаласында дүниеге келеді. Осындағы №2 орыс орта мектебін 1972 жылы үздік бітіреді. Арман қуып Алматыға келіп, сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетіне құжатын тапсырады. Бір орынға 25 абитуриенттен келіп тұрған оқу орнына түсу екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейтін. Бағы жанып, үздік білімінің арқасында аталмыш оқу орнына түседі. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң заңгер мамандығын алып, Қарағандыға келеді. Сол жылдан бүгінгі күнге дейін Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде аға мұғалім болып еңбек етіп келеді.
Кәсіпкер
Ғалия өмірлік серігі Қыстаубаев Шырақбайдың қолдауымен 1988 жылы шағын бизнеспен айналысуды қолға алады. Алдымен кооператив құрады. 1992 жылы «Елгезек» атты шағын фирма құрылады. Ел жеке меншік фирмаларының атауларын адам аттарымен атап жатқанда, Ғалия бала күнінен құлағына құйып өскен әкесінің «елгезек» сөзін жадына алады. Халыққа «шапшаң, тез» қызмет етсін деген ниетпен фирма атауы «Елгезек» деп аталады.Фирма аяғынан тұра бастаған соң екі жақтың туған-туысқандарына көмек болсын деген ниетте Қарқаралының орталығынан алдымен дүкен сатып алады. Содан наубайхана ашады. Ыстық нанның иісі шыққан соң шағын жүрек жалғайтын орын керек болды. Бұл орын кеңейіп кафеге айналады. Кафе тойшыл қауымға тарлық ете бастаған соң тойханаға ұласады. Жақсы іске жолбасшы болған Шырақбай мен Ғалия Қыстаубаевтар Қарағанды да тұрса да, тер төгудің арқасында Қарқаралы да тұратын туған-туыс, тұрғындарға екі қолға бір жұмыс тауып береді. Өздері де қалада қол қусырып қарап отырмады. 1998-1999 жылдары елде тоқырау басталып, үй құнсызданып, әсіресе өзге ұлт өкілдері «балапан басына, тұрымтай тұсына» көше бастады. Үйлер қаңырап, қирап сына бастады. Өздері тұратын үйдің есігінің алдында иесіз қалған үйге кешкісінде жаман жолға түскен жастар жиналып, жұрттың берекесін алатын. Ол екі арада иесіз қалған үйлерді біреудің қолына берейік, сосын меншікке береміз деген үкімет қаулысынан кейін тәуекелге бел буып, Ғалия аталмыш үйді қамқорлығына алады. Қирап жатқан үйді қатарға қосып, жоқтан бар жасайды. «Елгезек» фирмасының директоры Ғалия Қыстаубаеваның еңбекқорлығының арқасында фирма жыл сайын халыққа көрсететін қызмет орнын көбейтіп келеді. Біз бұған дейін «Елгезек» мейрамханасын білуші едік. Одан кейін қонақ үй, сән салоны, аспаздық дүкені, жиһаз салоны ашылып, жұмыс істеп, көпшіліктің игіліне қызмет етуде.
Қазір қаламыздағы «Елгезек» ЖШС фирмасы қарағандылықтарға жақсы таныс. Бүгінгі күні фирманың әлеуметтік маңызы артты. Қарамағында істейтін қызметкерлеріне денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздығы бойынша өтемақы төленеді, жыл сайын фирмада еңбек ететіндерге бір ай көлемінде еңбек демалысы беріледі, табиғат аясында ұжым болып демалысқа шығуды дәстүрге енгізді. Ғалия бес-он күндік тірлікте туысқандарының жан-дүниесін түсіне білуін, достарының адалдығын, қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін бағалайды. Айташ Қыстаубаева Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығының және І Евразиялық Саммиттің делегаты. 1996 жылы арнайы делегация құрамында Греция елінде өткен көрмеге қатысты. Шет елдің адамдарымен жүздесіп, тілдескенде Ғалия Қазақстанды таныта жүреді. Жүректерінде, жадыларында бір із қаларлық өнегелі әңгімелер айтып, ұлттық сыйлықтар тарту етеді. Жасап жүрген қызметіне сай шартқа отыру, оның міндеттерін орындау кезінде мінсіз қызмет жасауға тырысады. Өйткені осындай ұсақ-түйектен Қазақстанға деген әлемнің көзқарасы қалыптасуы ғажап емес. Жаңа жыл қарсаңында аталмыш фирма қаламыздағы «45 кварталда» жаңадан салынған Пирамида сауда үйінің екінші қабатында элиталық Қытай жиһазының салонын ашу рәсімін жасады. Айта кету керек, бұл тұңғыш ашылған жиһаз салоны емес. Фирманың Астана қаласындағы «Атамекен» сауда орынында, Қарағандыдағы «Грандстор» гипермаркетінде жиһаз салоны бар. Сапалы дүние қашанда сұранысқа ие. Қаланың қақ ортасында ашылған жиһаз салонының тұсаукесеріне кәсіпкер әріптестері, дос-жолдастары, БАҚ өкілдері қатысты. Ат шаптырым үлкен ғимараттың ішіндегі көздің жауын алатын жиһаздарды аралап көріп жүрміз. Қонақ үйге, жатын бөлмеге, ас үйге, кеңсеге қажетті және тағы басқа жиһаздың бәрін осы жерден таба аласыз. «Елгезек» фирмасының директоры, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің аға оқытушысы Ғалия Қыстаубаева: -Біз Қытайдағы жиһаз шығаратын 2-3 зауытпен тығыз байланыстамыз. Қытай десе кейбір жұрт көз алдына арзан қолды дүниені елестетуі мүмкін. Олай ойласа қателеседі. Қытай әлемдегі елдің сұранысына сай сапалы жиһаз жасауда әбден сыннан өткен ел. Әр елдің бір-біріне ұқсамайтын өзіндік стилі бар. Қытай зауытына әлемнің әр түкпірінен, айталық испан, итальян стиліндегі жиһаздарды жасатуға тапсырыс береді. Адамға қолайлы, жаныңды жадыратар сапалы жиһазға не жетсін?!, – дейді. Салонның ашылу салтанатының тұсауын кескен облыстық мәдениет басқармасының бастығы Омарбекова Рымбала апай : -Қыстаубаевтар отбасы халыққа мінсіз қызмет көрсетіп келеді. «Елгезек» мейрамханасын ашқанда ата салтымен ақсақалдарды жинап, ақ батасын алған. Шырақбай мен Ғалияның бастамасына туған-туыстары да қосшы болып, бірлікпен еңбек етуде. Қаншама адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Тұрмыстық жағдайы келіңкіремей жатқан жандарға көмегін аяған емес. Бүгін міне жаңа жылдың құрметіне қала халқына осы салонды ұсынып отыр,-деп құттықтап, ыстық ықыласын білдірді. Жиһаз салонының директорлығын ата-ана жолын қуған Мәрзия Ахметова қолға алды. Сонымен қарамағында 12 адам жұмыс істейтін салон өз жұмысын бастап кетті. Ғалия бизнес саласында бағындырып жатқан биіктіктердің бәрі отағасы Шырақбай Қыстаубаевтың қолдап, тірек болып, жағдай жасап отырғанының арқасы деп біледі. Түздің шаруасын шыр көбелек айналдырған Ғалия апай үйде не бір дәмді асты мәнерлеп пісіретін ана әрі әже. Тамақты дәмді етіп пісіруді анасы Айтжамалдан үйренген. Балалары Мәрзия мен Мадиярды кішкентайынан әлпештеп өсіріп қоймай, ұстаздық қызметте де жүрген апай оларды біліммен сусындатты. Балаларының құлағына әр кез: «Білімі бар адамның ой өрісі кең болады. Ой-өрісі кең адам кез-келген биіктікті бағындыра алады» деп кеңесін аяған емес.
Бүгінгінің білімді де, іскер әйелі Ғалиядай-ақ болсын!
ЖҰЛДЫЗЫ ЖОҒАРЫ
Нарықтық экономика әйелдерге ерлермен бірдей қатар тұру мүмкіндігін алып берді. Елдегі қиыншылыққа қарамастан әйелдер бизнесте ойып тұрып, өз орындарын алуға ұмтылды. Өз отбасын ғана емес, өзге отбасыларды асырай алатын жағдайға жетті. Оған 2005 жылдың тамыз айының 24-26 күндері Алматы қаласында ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі Ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен өткен Халықаралық «Қанатты әйел-2» ұлттық жәрмеңкесіне барғанымызда куә болғанбыз. Республиканың барлық облысынан келген әйелдердің кәсіпкерлікті кәдімгідей игеріп алғанын көріп, іштей сүйсінгенбіз. Ішке түйіп қана қоймай, құптап жазғанбыз.Сонда біздің облысымыздың ауылшаруашылығын танытқан құрылымдар аз болған жоқ. Солардың ішінде «Достық» сауда өндірістік кооперативі де болды. Ол нан-тоқаш және макарон өнімдерін шығарумен айналысады. Оған Қазақстан Республикасы іскер әйелдер қауымдастығының және облысымыздағы кәсіпкерлер одағының мүшесі, қалалық мәслихаттың депутаты, «Еңбек даңқы» алтын белгісінің иегері Бақыт Құсайынқызы Жәкішева жетекшілік етеді. Жәрмеңкеге ел аяңдап поезд, автокөлікпен келіп жатқанда, Бақыт апай нан-тоқаш өнімдерін ыстықтай жеткізем деп ұшақпен ұшып жеткен. Сондықтан да өнімдері сөреде жата қоймады. Оның ұлттық жәрмеңкеге қатысуы бірінші рет емес екен, 1999 жылы «Қанатты әйел-1» жәрмеңкесіне қатысыпты. Құрбан айтта Бақыт апайдың шаңырағынан дәм таттым. Дастарқан басына бірге туған туыстары, жақындары, көршілері бас қосты. «Сырт көз сыншыл» деп текке айтпаған. Соңынан ерген сіңлі-бауырлары айт күні әкесі мен анасын сағына еске ала отырып, апалары Бақыттың әкесінің рухына арнап кітап, фильм түсіргенін тебіреніспен айтып жатты. Он баланың ішіндегі ересегі Бақыт апай да анасы Рымжанның орнын жоқтатпай, әр туысқанына жылы шыраймен, мейіріммен қарап, ыстық ықыласын танытып отырды. Сөз арасында Бақыт әкесі Құсайынның туған қарындастары Торғай тәте мен Бану тәтесінің ата-анасының орнын жоқтатпай өздеріне ақыл айтып, қиындықта да, қызықта да қасынан табылып тірек болып отырғанын тілге тиек етіп, ризашылығын білдіріп отырды. Ал маңайындағы көршілері болса Бақыттың қонақ шақырғанда үнемі өздерін шақырусыз қалдырмайтынын айтып, «Ұлағатты ата-анадан тәрбие алған ұрпақ осындай болады» деп разылығын білдіріп, ақ батасын берді. Шынында да жатқан жері жайлы болғыр әкесі Құсайын көзі тірісінде: «Алыстағы ағайыннан іргеңдегі көршің артық. О дүниеге барғанда пенденің алдынан шығатын сан сауалдың бірі-«көршіңмен қалай тұрдың?» деген сауал екен. Сондықтан көршің қиналса-көмектес, өзіңнен артылған дүниең болса-қарайлас. Көршіңе қол ұшын бергеннен кем болмайсың» деп айтып отыратын. Әке сөзін құлаққа құйып өскен ұл-қыз әсте ұмытқан емес. Әкесі үнемі балаларына «Тірлікте ешкімге, тіпті ең жақын ағайыныңа да тәуелді болма!» деп айтып отыратын. Отбасыдағы дұрыс тәрбиенің жемісі болар тәлімді әке-шешеден өнеге алған ұл-қыз өз беттерінше талаптанып, оқып, адал еңбек етіп, өмірден өз орнын тапты.
Біздің кейіпкеріміз Бақыт бағындырып отырған биіктік бірден келген жоқ. Ел қатарлы ол да Қарағандыдағы сауда-кулинария техникумын бітіріп, еңбек жолын Саран қаласындағы қоғамдық тамақтандыру басқармасында аспазшы болып бастайды. Жұмысына тиянақты, қолға алған істі орындамай тынбайтын Бақыт технолог, товаровед. өндірістік цехтың меңгерушісі, директордың орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Осының ішіндегі «Жомарт» кафесінің директоры болады. Жұмыстан қол үзбей жүріп, 1978 жылы кооперативтік институтты сырттай оқып бітіріп, экономист мамандығын алады. Жиырма жылдай еңбек өтілінен өткен Бақытта тәжірибе жетіп артылатын. 1993 жылдары елімізде нарықтық экономиканың келуімен жекешелендіру науқаны басталған кезде бұлар «Шалқымада» өткен төрт адам қатынасқан бірінші аукционда қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі Сәбит Мұқанов көшесінде орналасқан жалпы көлемі 1000 шаршы метр «Достық» дүкенін сатып алады. Онда күнделікті алыпсатарлық саудамен алысқа бармайтынын терең түсінеді. Кез келген істі бастарда тәуекелге бел буып, кірісіп кететін мінезіне салған Бақыт шағын наубайхана ашып, нан пісіруді қолға алады. Алғашында тәулігіне 50 бөлке нан пісіргенге шүкіршілік ететін. Бұған қосымша сүт, ет сатты. Сатып алған дүкеннің ақшасын қайтару үшін несие алды. Бір жыл бойы сатқан өнімнен түскен ақшамен несиені жауып отырды.Ат шаптырым үлкен дүкеннің де жөндеу жұмыстары шаш етектен. Жылу жүйесі тартылмаған, едені жоқ, төбесінен тамшы ағатын ғимаратты жөндеу де оңайға соқпайды. Сондықтан да тынымсыз Бақыт наубайхананы цехқа айналдырып, тәулігіне екі ауысыммен нан пісіріп, өнімін арттыра түсті. Дүкеннің жылуына жылына бір миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалып келген. Маңдай термен келген ақшаны желге шашу оңай ма?! Ойланып, толғанып жүріп, 1998 жылы соляркамен жағылатын жеке қазандық орнатады. Мұнысы оңды болып шығады. Дәл осы жылдың ақпанында бюджеттік мекемелерді нан өнімдерімен қамтамасыз етуге арналған тендер өткізіледі. Осы тендерде «Достық» жеке меншік кәсіпорны жеңімпаз атанады. Бұған дейін қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімшелердегі жауынгерлерді тамақтандырып келген еді. Енді бюджетке қарайтын 15 мекемеге нан мен кондитер өнімдерін ұсынып отыр. Мұның сыртында тоғыз мектептің қоғамдық тамақтандыру тендерін ұтып алды. 1999 жылы «Шахназар» кафесін ашып алады. Соңынан ерген сіңілілері болғаны қандай жақсы, қарамағында істейтін Гауһар Құсайынқызы коммерция жөніндегі орынбасары болса, Зәуреш сіңлісі өндіріс жөніндегі орынбасары болып, апасына қолғабыс етіп, жұмысты дөңгелетіп әкетіп отыр. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» демекші Жанатай, Қанат, Төлеутай, Саят есімді бауырлары да бизнеспен шұғылданады. Кәсіпорында әр түрлі ұлт өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті еңбек етеді. Олардың қатарында дүкеннің байырғы жұмысшылары да бар. «Өзімнің ғана адамым болсын» деп бұған дейін адал еңбек етіп келе жатқан жазықсыз жанды жұмыстан шығарып тастау Бақыттың жанына жат. Сондықтан да мұнда жұмыскерлердің ауысуы өте сирек. Жұмысқа жаңадан адам алуды қажет етсе, тек сынақ мерзімімен алады. Мұның өзі екі жаққа да тиімді. Сынақ кезінде келген адамның жұмыс істеуге қаншалықты қабілетті екендігі танылады. Ұжымда ынтымақ орнаса еңбек өнімділігі арта түсетіні әлемсақтан белгілі жай. Оның үстіне Ресейден нан өнімдерін шығаратын жаңа жабдықтар сатып алынды. Бүгінгі күні кәсіпорын тәулігіне 7000-8000 бөлке нан шығарады. Оған нанның бес-алты түрін, тоқаш түрлерін қосқанда күніне 15000 нан өнімдерін шығарып отыр. Қоғамда экология мәселесі өткір тұр. Ауаның ластануынан қаншама халық зоб ауруымен ауырады. Осы ауруға ем болу үшін Бақыт апай иодталған тұз қосылған нан түрін шығарып отыр. Мұнысы нанның бір түйірін жесе де сырқат жанға ем болсын деген ақ ниеттен туған. Алла бұйыртса сиыр және қой еттерінен «Гауһардан» деген атауы бар түшпара жасамақ. Жоғарыда тілге тиек еткен «Шахназар» кафесінде қүрделі жөндеу жұмысы басталып кетті. Қазағым десе қаны ойнап шыға келетін кәсіпкер 220 орындық кафенің ішін кеңейтіп, ұлттық нақышта безендіру жұмыстарын қолға алыпты. Қазір нан өнімдерін өндірумен айналысатындар көбейіп, бәсекелестік белең алып тұр. Сондықтан кәсіпкер өнімнің бағасын арзандатып, сапасын арттыра түскен. 2003 жылы облыстық сауда палатасының ұйымдастыруымен Біріккен Араб әмірліктерінде өткен халық тұтынатын тауарлардың дүниежүзілік жәрмеңкесіне барып, шет ел кәсіпкерлермен жүздесіп, пікір алысты. Іскер әйелдердің басын қосқан І және ІІ Евразиялық Саммиттің делегаты болып, өзге елдің тәжірибелерімен танысты. Бақыт тек маған ғана болсын дейтін жан емес. Туған-туысқандарына қарайласып қоймай, қарапайым халыққа көмегін беріп келеді. 2005 жылы облыс әкімі жанындағы отбасы және әйелдер комиссиясының ұйымдастыруымен «Ақниет» акциясының аясында Ақтоғайға, Ақшатауға барып, халыққа тегін ұн, нан өнімдерін тарту етті. Балалар үйіне, зағиптар қоғамына қайырымдылық көмегін көрсетіп келеді. 2008 жылдың наурызында Астана қаласындағы «Риксас» қонақ үйінде сурет көрмесінде өткен аукционда жерлес, жезтаңдай әнші Күләш Бәйсейітованың портретін 72000 теңгеге ұтып алады. Ондағы ойы портретті балалар үйіне тарту ету болатын. Қарағанды қаласының әкімі И. Тоғайбаев Б. Жакешованың мерейтойында жазылған құттықтауында: « Сіз соғыс және еңбек ардагерлері, зейнеткерлер мен жетім балаларға көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық акцияларына үнемі қатысасыз» десе Қарағанды қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов «Бақыт Жакешованың бойында жігер, қайрат, талап бәрі бар. Қиындыққа мойымайды. Бар жан-тәнімен жұмысқа берілген мықты әйел» деп баға беруінде үлкен мән жатыр. Бүгінгі таңда қалалық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» халықтық-демокртиялық партиясының мүшесі, Б.Құсайынқызы әңгімесінде: -Кәсіпкерлердің елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына үлес қосып отырғанын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Елде кәсіпкерліктің Шет елдерде бюджеттің 70-80 пайызы шағын кәсіпкерлердің үлесінен тұрады. Біздің елде де осындай жетістікке қол жеткізсек нұр үстіне нұр емес пе? Шіркін-ай, ауылдық жерлерде тұратын әйелдерді бизнеске тартса, ел ішінде қолынан мың сан өнер келетін, қабілетті нәзік жандар бар. Соларды тауып алып, әкімшілік жақтан қолдау жасап, несие беруге көмектесіп, демеп жіберсе. Өзіңізге белгілі, Елбасымыз елдің экономикасын алға сүйреуде шағын және орта бизнестің алар орны ерекше екенін әр кез айтып келеді. Сондықтан да біз бизнес аясын кеңейтіп, осы салада жарияланған конкурсқа қатысып келеміз. Ең басты Қазақстанда бейбіт өмір және нан болсын. «Нан болса-ән болады» емес пе?-дейді. Өткен жыл Бақыт үшін табысты аяқталды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі тұңғыш рет өткен «Парыз» конкурсында жеңімпаз деп танылып, Әлеуметтік қорғау және Еңбек министрлігінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Ал 2008 жылдың қыркүйек айының 18 күні Бақыт Құсайынқызы Қарағанды облыстық кәсіподақ ұйымының ұсынуымен республикадағы кәсіподақ ұйымының жоғары наградасы І дәрежелі «Еңбек даңқы» алтын белгісімен марапатталды. Бұл Алтын белгіні Астанадан арнайы келген министрліктің өкілі Жазит Құдайқұлов өз қолымен тапсырып тұрып: «Осы белгіні Қарағандыда әйелдердің ішінде Сіз бірінші болып алып тұрсыз» деді құттықтау сөзінде. Қазақ халқының біртуар Батыры Бауыржан Момышұлы «Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш-бала сүю» деген. Көзінің ағы мен қарасындай болған ұлы Айдар ҚарМУ-нің заң және экономика факультеттерін бітіріп, қос мамандықтың иесі. Келіні Ботакөзде ҚарМУ-ді бітірген. Құдай қосқан құдалары Марат пен Қарлығаш көрікті Көкшетау елінен.
Атына заты сай апайдың алар асуы әлі алда. Табыстан-табысқа жете беріңіз!
САРЫАРҚАНЫ ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛЕГЕН
Өмірбаян жолдарынан
Мәскеудің тоқыма институтын бітірген.
Қарағандыдағы Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы бөлімшесінің және облыстық сауда-өнеркәсіптік палатасының мүшесі. Республикалық «Нағыз әйел» байқауындағы «Үміт. Сенім және Махаббат» номинациясының жеңімпазы.
Халықаралық көрме орталығының алтын медалінің иегері. 2002 жылғы Париждегі «Екі жағалаудың әйелдері» атты көрме-саудасында Халықаралық куәлікпен марапатталған, Тува Республикасында өткен «Орталық Азия Аруы» байқауының арнайы сыйлығының иегері
«Қанатты әйел-2» ұлттық жәрмеңкесінде Дипломмен марапатталған. «Әйел және бизнес-99» сайысының «Астанадағы Қарағанды күндері» көрмесінің және үшінші Халықаралық «Қараөткел-2002» көрмесінің дипломанты.
«Ұлттық киім аруы», «Достық аруы», байқауларының арнайы сыйлығын алған. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы құрметінде «Ұлттық мәдениетті насихаттағаны үшін» дипломымен марапатталған. Халықаралық «Этно-Эрато» жоғары сән ұлттық костюмінің байқауында Алтын қайшы жүлдесін жеңіп алған. 2008 жылдың аяғында Еуропа Бизнес Ассамблеясының Номинациялық комитетінің /ЕВА, Оксфорд, Ұлыбритания/ халықаралық «Еуропалық сапа» / “European Qualіty”/ жүлдесіне ие болды.
Гран-при иегері
Қаламыздағы ұлттық нақыштағы сәнді киім тігетін «Гүлжан» ЖШС-нің директоры Гүлжан Қапарқызы Кеңесбайды білмейтін жерлестеріміз жоқ шығар. Гүлжанның есімі облысымыз түгілі, республика, ТМД және шетелдерге танымал. Оның толайымды табыстары туралы БАҚ –да талай айтылып жүр. Ұлттық өнерімізді өзге елге танытып жүрген Гүлжан апамыз тағы да бір бас бәйгені қанжығасына байлады. Мәскеу қаласында өткен «Жоғары талғаммен тігілген ұлттық киімдердің» Халықаралық ІV байқауында соңғы сәнмен тігілген ұлттық киімдері көрермендер мен қазылар алқасының жүрегінен жол тауып, Гран-при Кубогын, сыйлыққа гауһар тасы бар алтын қайшы жүлдесін жеңіп алды. Бұл конкурста 50-ден астам суретші-модельердің тіккен киімдері сынға түсті. Ресейдің өзін қоспағанда Белорусь, Украина, Әзербайжан және Саха Республикасының «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген суретші-модельерлері осы заманға сай нақыштағы киім үлгілерін көрсетті. Гүлжан Кеңесбаева осы байқауға қыз-келіншектерге арналған бес ұлттық киім, ерлерге арналған төрт шапан және құндыз бөріктер мен дүрия бешпент ұсынды. Сөйтіп, «Ең үздік Шығыс киімі» номинациясы бойынша Гран-приді ұтып алды. Ал бірінші орын «Якут қалыңдығы» киімінің авторы Светлана Петроваға бұйырды. Гүлжан бізбен әңгімесінде шымкенттік әріптестерінің де тамаша жетістікке жеткенін тілге тиек етті. Оңтүстік Қазақстан облысы А.Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің бір топ студенттерінің «Ретро» номинациясы бойынша көрсеткен «Ару» коллекциясы бірінші орынды, ал «Авангард» номинациясы бойынша сынға түскен «Тастағы таңба», «Асыл мұра» коллекциялары ІІ және ІІІ орындарды иеленгенін айтты. Өнер әлеміндегі әріптестерінің табысын қуана дәріптеп отырған Гүлжанның үлкен жүректілігін байқадық.
Өткен күнге саяхат
Шіркін, Ана! Ананың балаға деген махаббатына тең келер еш күш жоқ –ау, сірә. Гүлжан іңгәлап дүниеге келгенде ауыр толғақтан кейін хал үстінде қиналып жатқан жан анасы Мафруза көпке дейін «Артымда көзім қалып барады. Шешесін жұтты деп қарғамаңдаршы. Есімін –Көзжан деп қойыңдар»,-деп аманат етіп, үзіліп кетіпті. Есі кіріп, етек-жеңін жинай бастағанда әкесі Гүлжанды қарындасы Хауаның тәрбиесіне береді. Бұған дейін балалары шетінеп, сәби тұрмаған шаңыраққа Гүлжан құт болып енеді. Бұл барғаннан кейін апасы Хауа екі сәби сүйеді. Бақыттан шаттанған олар: «Сен майлыаяқ болдың.Отбасымызға береке әкелдің» деп мұны бұдан кейін «Майлыаяқ» деп атап кетеді. Бала кезінде «Неге бәрі мені майлыаяқ дейді, мен ит емеспін ғой» деп талай жылағаны жадында. Обалы нешік, апасы бауырына тартып, өз қызындай еркелетіп өсіреді. Гүлжан кішкентайынан сурет салуға, домбыра шертіп, ән айтуға әуес болды. Әсіресе «Маңмаңгер», «Қорлан», «Жалғыз арша», «Майда қоңыр» әндерін әжептәуір нәшіне келтіріп орындайтын. Қалай десе де әу баста Алланың берген дарыны болар, сурет әлеміне деген қызығушылығы басым түсетін. 1965 жылы Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Сол кездегі директоры Ақырап Жұбановтан көп қамқорлық көреді. Мына бір тарихи оқиға жүрегінде мәңгі жатталып қалыпты. Гүлжанның белгілі ақын, марқұм Нүтфолла Шәкеновпен туысқандығы бар. Сол Нүтфолла ағатайының айтуымен әр түрлі әдеби кеш, жиындарға жиі баратын. 1966 жылы-ау деймін, опера театрында өткен поэзия кешінде небір мықты ақындар өлең оқыды. Проза жазатындар да осында. Үзілісте тасалау бұрышта тұрып, белгілі қаламгерлердің сұлбасын апыл-ғұпыл шатпақтай бастайтын әдеті бартын. Бірде Бауыржан Момышұлының бейнесін салуға кірісті. Тез тындырсам екен деп жанталасып сала бастаған. Кенет жанына біреу тақалғандай болады. Басын көтеріп қараса, қарсы алдында Бауыржан тұр. Түсі суық «Мен де сурет салушы едім. Кәне, көрсет», дейді гүр етіп. Гүлжан мұны күтпеген. «Бұл сурет емес, эскиз», дейді даусы дірілдеп. Батыр «Әкел» деп суретті сұраған соң қолына ұстата береді. Сұлбаға аз-маз көз тоқтатқан ол «Болашағың бар екен» дейді де, бұрылып жүре береді. Батырдың осы бір ауыз сөзі өмір бақи құлағында қалып, сеніміне қанат бітіріп, бойына шабыт беріп келді. Аталмыш училищеде оқып жүрген кезде асқар таудай әкесі Қапар дүниеден озды. Қабырғасы қайысып, екінші анасында қалған шиеттей бауырларына қарайласпақ болып, оқуды тастап кетуге бекінеді. Бірақ ауыл ақсақалдары «Қатарыңнан қалма, оқуыңды оқы» деп кеңес беріп, қолына қомақты қаржы ұстатады. Сонда ғана Гүлжан үлкендердің ақылдылығына, дархандығына тәнті болып, «Әкең өлгенмен, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген нақыл сөздің шынайылығына көз жеткізеді. 1969 жылы училищені үздік бітіріп, Мәскеудегі Репин атындағы сурет академиясына барып, емтихан тапсыруға үлгермей қалады. Алған бетінен қайтпаған ол Мәскеудің тоқыма институтының қолданбалы-қолөнер факультетінің көркем киім үлгілері бөліміне оқуға түседі. Сол кезде ол дәл осы факультет өз өмірінің Темірқазығы болатынын сезді ме екен?! Өмірдегі, өнердегі жолдары осы қаладан басталды. Мәскеуде оқып жүріп, өмірлік серігі Төлеуғали Алмазұлы Кеңесбаймен танысты. Төлеуғали бұл жылдары Алматыдағы көркемсурет училищесін бітіріп, Ресей астанасындағы полиграфиялық институтына түскен еді. Жүрегінің қалауымен үшініші курста тұрмысқа шықты. Тұңғышы Дина Мәскеуде туды. Оқуды бітірген соң Төлеуғали екеуі жолдамамен Қарағандыға келді. Мұнда Гүлжанның алған мамандығына сай киім үлгілерімен айналысатын мекеме түгілі, сән үйі де жоқ болатын. Көркемсурет училищесін бітіргеннің пайдасы қысылған кезде көмекке келді. Қаладағы сурет мектебінде балаларға дәріс береді. Ал өмірлік серігі ҚарМУ-де оқытушы қызметін атқарады.
Бүгінгі бақытты ана
Диірменнің тасындай дөңгеленген отбасылық өмірлері өтіп жатты. Алланың нәсіп етуімен үш қыз, бір ұл сүйді. Өмірдің күнгейі мен көлеңкесін, қызығы мен шыжығын жолдасы екеуі қатар көтерді. Аумалы-төкпелі уақытта екеуі де жұмыссыз қалып, тығырыққа тіреліп, жан ұшырған сәттері күні кеше емес пе?! Қиналғанда жол тапқан Гүлжанның өзі. Көне жалғыз аяқ машинамен әйелдерге арналған көйлек тігіп, 500 теңгеге өткізгенде керемет қуанып, қанаттана түсті. Іле, ерлердің шапаны мен бөркін тігіп, киімдері сұранысқа түсе бастағанда, Гүлжанның көкейіне шағын тігін цехын ашсам деген тамаша ой келді. Сөйтіп, «Гүлжан» жекеменшік серіктестігінің негізі қаланды. Оның тігін цехынан шыққан киімдері көпшіліктің кәдесіне жарады. Теміртау қаласындағы «Испат-Кармет» металлургия комбинатындағы «Жұлдыз» балалар би ансамбліне, Қарағанды филармониясындағы «Қуаныш» ансамбль мүшелеріне, Тәттімбет атындағы ұлт-аспаптар оркестріне және тағы басқаларына ұлттық киімдер тігіп берді. Ол өнегелі ана да. «Шеше көрген тон пішер» демекші, балалары да анасының тәрбиесін алды.Үлкен қызы Дина әке-шеше жолын қуып суретші болды. Қазір бір кездері анасы еңбек еткен облыстық көркемсурет мектебінде дәріс береді. Республикалық «Шабыт миллениум» көрмесінің дипломанты. Халықаралық жас суретшілер байқауының жеңімпазы. Өткен жылы Астана қаласына арнайы шақырылып, «Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. Егіз қызының бірі Дана Алматыдағы өнер академиясының дизайнер-модельер мамандығын бітірген. Дәния болса Алматы мемлекеттік консерваториясында белгілі күйші Айгүл Үлкенбаеваның сыныбын бітірген. Жалғыз ұлы Ербол –экономист. Бұл күнде отбасылы. Кішкентайлы болған. Осындай өмірі де, өнері де тұнып тұрған тәрбиеге толы Гүлжан Қапарқызының жүріп өткен жолдары жастарға өнеге болмақ.
ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ ПЕРЗЕНТІ
Гүлнар Құрбанбаева әпкемізді қарағандылықтарды қойып, елімізге мәлім тұлғалардың бірі десек артық айтқандық бола қоймас. Теледидар түймесін басып қалсаңыз соны көресіз, радио құлағын бұрай қалсаңыз соның қоңыр даусы құлағыңа оралады, газет бетін ашып қалсаңыз тағы да соны көресіз. Бұл тегіннен тегін болмаса керек, бұл-заманның буырқанған көшінде өзгені жарылқауға, өзін танытпаққа ұмытылған кемел тұлғаның аққаптал аяқалысын аңдатса керек, бір сөзбен айтқанда заманының перзенті. Кеңестік заманда да оның өз перзенттері болған. Оларды «Біздің заманның адамдары» деп келдік. Гүлнар Төретайқызы да сол кеңестік заманның өнімі, алайда заманы атымен өзгеше, ол кемел социализм заманы емес, ол қайта құру емес, ол-ел басына күн туған заман. Ел басына күн туған заман дегенде бабаларымыз ақырзаманды айтпаған болар, Бір Жаратқанның пендесіне жіберген сынағы еске оралады. Бұл өзі елеуіш іспетті сынақ. Су шіркін елеуіштен қайдан сүзілсін, ал қатпар тасты тау ағыны да ағызып алып кете алмайды. Сол заман әлі сейіліп біткен жоқ, біздің ұрпақтың да басында тұр. Жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдығы сондай заман болды, жиырма бірінші ғасырдың бастапқы онжылдығы да сондай заман болып тұр. Ел әлуетінің ақжем болып тұра алмастайын төрт аяғынан тең түскені осының алғашқы онжылдығы. Елдің етек қымтағаннан бергі жылдарда ерте күнді кеш қылып тырбанып, маңдай термен жиған-терген мал-мүкәмәлі ел күткендегідей ортаға түспеді. Абадан байрақты көкке іледі, сөйтіп қарашасын алға бастайды деген ел тізгінін ұстаған бишікештер болса өз құлқындарынан аспады, ел оған да мойұсынған, бізге де бірнәрсесі тиіп қалар деп. Қаймана қазақ ерін тигізбеске де пейіл еді, елде қалса болды деп. Айран-асыр болатындай жері сол игілік қазақ баласының маңдайына тайқы келіп, көшпелі алтындай қазақ даласынан жөңкіле көшіп жатты. Сол тұста қалғанының өзіне шүкіршілік етіп, барына ие болып, елінің сенімін ертеңіне алып шығар тұлға табыла қоймады. Табиғат ана қашанда бос кеңістікті, кетік дүниені, шетін затты қолай көрмеген ғой. Сондай себеппен табиғаттың төлтума көшірмесі Әйел-Ана атойлап ортаға шыққан. Сол-ақ екен еліміз алақапшыққа толды да кетті. Алақапшық астында әйелдер кетіп бара жатты да, үстінде осынау заманнан қорғалақтаған, үйден ұзамаған еркектер отырды. Сол алпамса азаматтардың өзін жерге қаратқан алақапшықты әйелдер мойынынан аударып алуға ниет еткен жаннан безген нәзік жандар шықты.
Соның бірі осы Гүлнар Төретайқызы еді.
Құбаның қоңыры, қараторының аққұбасы десе де болғандай әпкемізде бір сыйқырдың барлығына күмәнім жоқ, олай дейтінім әпкеміздің бастақ жүргенін көрмедім десем де болады, есесіне айналасына алаң жұрт үйірілетін. Сол қалың нөпірдің шетін мәселелерін қанша түгендеп жатса да жиылған қара сейілмейтін, қайта қара саны көбейе түсетін. Елдің күні әкімге емес осындай жеке құрылымдарға түскен. Өйткені екінің бірі ол тұста коммерсант атанған. Ел тиыннан теңге құруға талпынған. Талап бар, тәжірибе кемшін. Сол тұстағы әпкеміз басқарған қауымдастықтың ел еңсесін көтерудегі үлесі ересен болды. Шағын несиені ауылға бұруға жан салды, біреудің қалтасында кетпесін деп соның басы-қасында күн демей, түн демей өзі жүрді. Суға кеткеннің тал қармайтыны белгілі. Ауылдағылар шағын кәсіпкерлікке жаппай лап қойған, өкініштісі той тарқап үлгерген-ді, ауылға бөлінген несие қалада қалған болатын. Ауыл жылы ауылды айналып өткен. Жабайы нарықтың сол бұлты қоюлана түспесе сейіліп біткен жоқ. Әпкемізде сырбаздық бар, сабырлылық бар. Бір тектіліктің бары да шындық еді. Ат ұзатып, сыртқа теппейді, ортаға ала жіп тастағандай жақындата да қоймайды. Мұнысын теңізінен бөлініп қалған тамшы тірлігінен, кешіп жатқан жанкештілік ғұмырынан-ау деп өзімше тон пішемін. Өткен жылдар ішінде қызмет бабында мен ол кісімен талай мәрте сапарлас болдым, иен демедік, қиян демедік, беймезгіл жүрдік, заман, жағдай солай еді. Намаздыгер демей, ақшам демей бірде Қаражалда, енді бірде Ақтоғайда жүрдік. Сонда байқағам, әпкемізде елде жоқ бір қайсарлықтың барлығын, нәзік жан иесі болса да ер-азаматтың орнына жүре алатын өзекті жан екендігін. Әйел де болса ол аласа жүре алмады, сынық сүйем болса да өзгелерден бой асырды, оның атқа мінгеніне күректей он жыл болыпты. Бұған дейін де, әрине, жаяу жүрмеген. Басы байлы кесіктеп он жыл деп отырғаным осыдан он жыл бұрын ол Қарағанды облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының тізгінін өз қолына алған. Бағзы біреулер сынды алға өңмендеген жоқ, шірет соңы да болғысы келмеген болар, қалай десек те ел таңдауы өзін тапты. Қауымдастықтың атқарушы директоры атанды. Содан бері ат айырбастамапты, тізгін босатқан күні де болмапты. Сол кезде өзімен бірге бастаған әріптестерінің дені орта жолда қалды, жағалаудың екінші шеті алыс болып шықты. Олардың біреуінде нақты мақсат болмаса, екінші біреулерінде бастаған ісінен жерушілік адастырды. Құлан да қағынан жеріген. Әпкеміз басындағы сондай заманды сезінген болар, сонда да болса тістеніп алып алға көз тіккен болар деп білем. Елден қара үздіріп, алға сүйреп келе жатқан күш қайсарлық болса керек. Оның алтын тамырына тамыршыдайын көз жүгірттім, түптедім дей алмаймын. Әкесі Төретай түстіктегі Сарыағаш қаласының тумасы екен. Еліме болсыншы деп еңіреп туған сабаздың өзі ме дегендейсің. Оны өмірде ұстаған ұлы мұраты аңдатады, елімді Жиделібайсын қылсам деген асқақ арманы Төретай ағаны Ташкент гидромелиоративтік институтынан бір-ақ шығарады. Шенеуніктік жолды қумай жасампаздық жолды қуған, бұл еліме жер емшегін емізсем деген ұлы мұратының жетегінде жүрген жанның қарекеті болса керек-ті. Сол жолда үлкен қадамға барған адам. Ұзақ жылдар бойы Орталық Қазақстанды суландыру мәселесімен түбегейлі айналысты. Облысымыздың су шаруашылығына жетекшілік етті. Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген гидротехнигі атанды. Еліміздің өмірінде елеулі із қалдырған «Қаз ГИПРОВодХоз» институты сол кісінің перзенті болатын. Оны аяғынан таусылып жүріп, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында дүниеге келуіне мұрындық болған-ды. Анасы Мәрия Шәймерденқызы керісінше Семейдің қызы, бұл қаланың қазақ елінің рухани астанасы екендігінде дау жоқ. Туған топырағының әсері болар, ол кісі де етекте жүре алмады. Алматы асып, медицина институтын тәмамдады. Қатардағы дәрігер де болды, ғылым жолына түсіп кандидат та атанды. Қырық жыл бойы табан аудармастан Қарағанды медицина академиясында дәріс оқып, болашақ дәрігерлерге өзінің бай тәжірибесін сіңірді. Гүлнар Төретайқызы отбасының кенжесі болғандықтан еркін, бұла өсті. Орта мектепті үздіктер қатарында аяқтады. 1986 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша бітіріп шықты. Ол кезде экономист мамандығына мүдделі алып кәсіпорындар қалада баршылық еді. Жас қыз алып-ұшып «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің «Уелеремстрой» тресінің есігін ашқан, соның Совет аудандық жөндеу-құрылыс басқармасына экономист болып қабылданады. «Татардың бетін тырнасаң әр жағынан орыс көрінеді» демекші басқарманың жөндеуін қолға алсаң құрылыс, құрылысын қолға алсаң жөндеуі дайын тұратын. Бұл өзі қиын іс болатын. Аталған жұмыстың әйтеуір біреуі ақсап жататын. Осында жүріп айтарлықтай жұмыс тәжірибесін жинақтады. Табанды, іскер қыздың ұйымдастырушылық қабілеті көзге шалынбай қалмады. 1992 жылы Қарағанды қалалық әкімшілігінің экономика комитетіне бас маман болып орналасты. Араға үш жыл түскенде Қарағанды облыстық экономика және кәсіпкерлік басқармасының бас маманы болып көтермеленеді. Шынайы кәсіпкерліктің жалына жармасқаны осы жылдан басталады. Мыңдаған жұмыскері бар алып өндіріс ошақтары бірінен кейін бірі жабылып жатты. Қала тұрсын жылдың төрт мезгілінде науқаны таусылмайтын ауылдың өзінде жұмыссыздық деген шықты. Ел жабайы нарықтың қазанына түсіп, сарқ-сұрқ қайнасын, сол тұста ақ жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтайын коммерсанттар дегендер жамырады. Кеңестік замандағы алыпсатарлар деп түртпектелген, бері салғанда саудагерлер деген атқа қалған сол топ енді коммерсанттар деп көсемделді. Бұл топ бір күндік құлқынның жемісі еді. Сондықтан да ол қолда барын, іліккенінің бәрін айырбасқа жіберді. Бір кесек сабынға тоқты алуға болатын. Бір қорап темекіге дөнен қой айырбасталды. Бір жәшік араққа бір отар қойдың айырбасталып кеткені де естілді. Ілкіде алыпсатарлық айыпталып жатса, енді ол өзекті жанның мәртебесін көтерді. Осы жолда ел жан кешті. Сатылмаған ештеңе қалмады. Қыза келе жердің өзін де саудаға салып жібердік. Ел есін жиған тұста өзгені көрсе де өзін көрмеді. Бәріне себепті сырттан іздеді. Жер-жерде кәсіпкерлердің басын біріктіруге ден қойған айқайшылар шықты. Сол айқайдың жуан ортасында Гүлнар Төретайқызы да жүрді. Көп ұзатпай Қарағанды топырағында да кәсіпкерлер бас түйістіріп, бөлек отау шықты. Облыс кәсіпкерлері өз алдына қауымдастық болып, іргесін бекіте бастады. Жаңа құрылымның атқарушы директорлығына бірауыздан Гүлнар Құрбанбаеваның есімі аталған. Әпкеміз содан бері осы жұмысында. Содан бері жұмысынан шашау шығармай келеді. Біреуге жөн-жосық көрсету үшін өзіңнің жөн-жоба білуің керек. Ел ауқатының әлеуеттігі бұған дейін экономикаға байланысты деп келінсе, енді оның сондай деңгейде заңға да тәуелділігі байқалған. Сонан барып Қазтұтынуодағының Қарағанды экономика университетін «Кәсіпкерлік және құқық» мамандығы бойынша бітіріп алып, заңгер атанды. Елдің көзін ашу үшін өзіңнің басыр болмағаның жөн. Сонан бастап ел Гүлнарды жаңа қырынан тани бастады. Ол енді айтқан сөзін өткізіп қана қоймай, қорғай да білді. Кәсіпкерліктің бұған дейін жүрмей келу себебін жарқырата ашып тастады. Өзін өзі қорғай алмаған кәсіпкер кімге тұтқа болсын. Сонан бастап кәсіпкерлер арасында құқықтық саужой басталды. Соның бастауында өзі тұрды. Біліктілік тасын өрмелетті. Қазақстан сынды құқықтық мемлекеттің өз тәуелсіздігін заңмен бекемдеуі мамандардың жаңа тобын тудырды. Олар заңға қалай жүйрік болса экономикаға да сондай жүйрік болатын. Сол тұста барлық деңгейде өкілетті органдар тарапынан кәсіпкерлік барынша қорғалып жатты. Соңынан қабылданып кеткен әлгі заңның қайшылығы да атойлап тұратын. Бұл жолда мемлекеттік деңгейде сарапшылар, сараптық кеңестер керек болды. Сондай мемлекеттік деңгейде құрылған бірқатар кеңестер Гүлнар Төретайқызын Қарағанды топырағынан айнымай тапты. Жылдар бойы тартпаларда сарғайған заңдарға солайынша жан бітті. Алыс-жақын шетелдерге шығып, тәжірибе алмасты. Көршілес Қырғыз еліне барды, одан АҚШ асты, одан Израиль өтті. Саяхатшылап емес, әрине. Саяхатшыдан шығады, облыс бойынша туристік кластерді қалыптастыруда осы Гүлнардың ұйқысыз өткізген түндері жатыр. Біреуден естісек біз де таңданар едік, көмірлі Қарағандыда жатып күрішті Қызылорданың аумақтық дамуының зерттеуіне де қатысып, атсалысқан осы Гүлнар Төретайқызы болатын.
Кеше ел алдымен әкімге, соңынан сотқа жүгінген.
Бүгін бәрі керісінше. Алдымен заңға жүгінеді.
Заң ел игілігіне осылайша жұмыс істей бастады.
Ел айналса осындай қызын айналады.
Гүлнар Құрбанбаеваны қоғам қайраткері ретінде де танимын. Оның қайраткерлігіне бір мысал келтірсем жеткілікті болар деп ойлаймын. Елде, жерде жоқ біреудің күнкөрісін тартып алу бізден шыққан. Оны ресми түрде рейдерлік дейді. Көршілес басбұзарлар сонау Мәскеуден Қарағандыға келіп, осындағы «Қарағанды-нан» зауытын иелік етпекке талпынған. Ел игілігін ит қосып әзер арашалаған. Тату жатқан екі елдің ара қатынасына саңылау түсіре жаздаған осы оқиғаны жаба тоқып, үндемей қалуға да болатын. Бірақ бұл оқиғаның қайтып қайталанбасына кепілдік жоқ еді. Содан барып өткен жылдың басында меншікті жою немесе тартып алудың жемқорлық және жемқорлық тәмсілі мәселелері бойынша ашық сараптық кеңес құру туралы ел көлемінде бастама көтерген. Бұл өзі ел көкейінде жүрген, осыған дейін ашық айтылмай келген шетін мәселе болып шықты. Қарағандыдан басқа Астана, Алматы қалаларының он сегіз ұйымы осынау кеңесті құру жөнінде келісімге қол қойды. Кеңес материалдары адам құқы және заңдылықты сақтау бойынша Халықаралық бюро жұмысында, «Трансперенси Казахстана» ұйымының қызметінде өз көрінісін тапты. Мұнан сырт жемқорлық фактысы бойынша Қарағанды облыстық тәртіптік кеңеспен ынтымақтастық орнатуға қол жеткізді. Бастама жазаланады деген бір қағида бар. Сол рас екен. Жақында Гүлнар Төретайқызы аталмыш кеңеске мүше болып сайланды. Осыдан кейін мұндай қыздан қалай айналмассың?! Өз заманының перзенттері деп осындай жандарды айтса керек.
ШЫРАҒДАН
Бір адамдар болады, май шамдайын жарығын табағына түсіріп тұратын, енді бір адамдар бар сәулесін жан-жағына шашып тұратын шырағдан іспетті, сол жарықпен ел ең құрығанда аяқ асты жолын айырады. Біздің кейіпкеріміз Венера Әбдіғалиқызы Исина осының екеуін де өз басынан өткерген жан. Өкініштісі мұндай жандар сирек кездеседі, өйтетіні ондай ақкөбелек жандардың тәрбиесі бөлек, өскен ортасының тәрбиесі мәйек. Мұндай жандарды атам қазақ уызынан жарыған дейді. Қыз баланың анасына сүйеніп өсетіні белгілі. Анасы Гүлбарам қазақы тәрбиенің қазанынан қайнап шыққан жан еді, сондықтан да дастарқанына дүкен, базардікінен ештеңе түсірмеді, үстіне ешқандай дүкеннен сатып алып киім ілмеді. Бәрін өзі пішті, бәрін өзі тікті. Бәрін өзі шайқады, бәрін өзі айырды, бәрін өзі сықпалады, қыл ақыры тортаны өзін айырып дастарқанға қоятын.
Осыған орай қазаны оттықтан түспейтін, осыған орай инесі жағалықта жүретін. Анасының есімі осылайша төңірегіне ісмер атағымен шықты. Өз ісін кәдімгідей өнер деп түсінетін. Сондықтан тіккен киімінде кәдімгідей көз тартар тін жатар еді, пісірген дәмі көпке дейін ауыздан кетпес еді. Үйдегі кесте ұстар әпкелері Роза, Теңдік, Светамен бірге киіздің шетін ала Венера да жайғасып, ұзақсонар мүйіз оюдың ішінде адасып жүрер еді. Алғашқы тіккені құрақ көрпе болды. Анасы мақтап қойғанымен, ішінен сезеді, бірнәрсенің жетпейтіндігін. Сол жетпейтін нәрсенің уақытпен, тәжірибемен, ізденіспен, шығармашылықпен, маңдай термен келетінін кейінде ғана білді. Ол өз ісіңді сүю екен. Анаңды сүйгендейін, немесе балаңды сүйгендейін. Сонда ғана бастаған ісіңнен бірнәрсе шығады. Бұл сол ісмерлікті бала кезінде сүйіп қалған екен ғой. Ішінде қыз-қыз қайнап, қоламта болып жүріп алыпты. Анасының жолын қуып түлкі тымақ сырып, шидем шапан тігіп, сырмақ оямын деп әсте ойламапты. Мектеп бітірерде кім боламын деп ойланғаны бар. Бұрын да ойланған. Әйтеуір жаман адам болмаймын дейтін. Сондағы жаман адамы қандай адам? Содан ойлай-ойлай ешкімге зияны жоқ адамның өзі жаман адам деп ой түйген. Жасампаздық жолында жүрген адамның барлығы жақсы адам еді ол үшін. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өнерге бейімі бар екендігін көрсеткен. Дикторлыққа облыс орталығына да шақырылған. Біраз уақыт диктор болып, елге де танылып қалып еді. Алайда жас қыздың мұнысын үй іші қолдай қоймады. Бұл нан тауып жейтін кәсіп емес деп шешті. Тігіншіні әу бастан кәсіп демеді. Сол кезде елдің барлығы кооперативтік институтына түсуге құмар еді. Оны бітіргендер әйтеуір көштен қалмайтын. Оны бітіргендер төрде отырмаса да босағада отырмайтын. Не керек, ақыры, кооператив институтынан бір-ақ шыққан. Оқудың түбін түсірмесе де үздіктер қатарында жүрді. Бітірген соң да қызмет іздеп әуре болмады. Облыс орталығындағы мата саудасы базасынан ойып тұрып орын алған. Осында жүріп Алматы, Мәскеу қалаларында болып, арнайы курстардан өтіп білімін ұштады. Мататану саласы бойынша көшелі мамандар қатарына қосылды.
Осылай жүре де берер ме еді...
Қайта құру басталып, аузын апандай ашып нарық келген. Мұндайды бұрын көріп білмеген ел абдырап-ақ қалған. Жан сақтаудың жолы деп алыпсатарлықты білді. Жан сақтаудың жолын Венера да қарастырған. Басқаларға қарағанда ол нарық қыспағына біршама дайындықпен келді десе де болады. Сауда-саттықпен шұғылданса біраз жерге барар да еді. Өйткені ол мамандығы ғой, істеген жұмысы ғой, қала берді өмір сүру салты ғой...
Алайда оның болмысы жасампаздық-тын.
Ол бала жастан сұлулықты сүйді. Анасы Гүлбарам да, апалары Роза, Теңдік, Света да табиғи бет қызылынан ешкімнен де сорлы емес еді. Өсе келе Бір жаратқанның жаман нәрсе жаратпайтынын бағамдады. Қалғанының пендесінің қолында екендігін барша жан дүниесімен сезінген. Содан да елде жоқ нәрсені бастауға тарс бекінген. Ел сауда-саттықты ұлықтап жатқанда ол жекеменшік тігін ательесін ашып алған. Ателье ол кезде де таңсық емес-тін. Сән ательесі де некен-саяқ кездесетін. Алғаш бетте сән ательесі деуге аузы бармаған, көптің ішінен бөлініп жатпайын деп фирма дей салған. Сән болғаннан кейін атауы да сұлу болу керек деп атауын «Нұрәсем» деп алған. Осындағы Нұр деп отырғаны Нұргүлі, қызы. Қазір осы фирмада «Нури» мейманханасының директоры. Әсем деп отырғаны кіндік қызы. Бейбітшілік бақжолының бойынан үш бөлмелі үйді сатып алып, ательге бейімдеп жұмысты бастап та жіберген. Жер-көктен іздестіріп жүріп төрт тігін машинасын қолға түсірген. Қолтығынан демеуге әпкесі Светлана келген. Жұмысқа өзін қосып санағанда алты адам жегілген. Алғашқы жылдары суретші-үлгіші Құралай Кәгенова, киім пішуші Ольга Фазулудиновна, Қаламқас Ысқақова, тігінші Нәсіп Шакутова уақытпен есептеспей, тынымсыз еңбек етті. Бұл 1993-тің көктемі болатын. Бұл кез ұлттық құндылықтардың өңмеңдеп алға шыға бастаған кезі-тін. Жыл басымыз Наурыз мейрамы қайтып оралған. Ел енді атадан қалған тағылым бойынша бұл тойға малынып киініп келуді шығарды. Үлкен де, кіші де басына топы, аяғына мәсі іздеді. Жоқ еді олар... Венера соларды жатпай-тұрмай іздестірді. Талай ақ жаулықты әжелердің ақ сандығын аштырып, сәукеле, жаулық, кәмзол, бөрік, шапан, топы, тақия түрлерін тарих қойнауынан алып шықты. Солардың сан алуан көшірмелерін жасады, жетпегендерін өздері жеткізді. Бұл жолда талай түнді ұйқысыз атырды, талай сағаттар бойы кітапхана залдарында тапжылмай отырып, ұлттық киім үлгілерін қарастырды. Кешегі күннің жылнамасын парақтады. Жиһанкез, кезбелердің жазбаларын оқыды. Солардың бір ауыз дерегін баға жетпес құндылыққа бағалады. Солардың жазбаларындағы суреттеулерді маталарға түсірді. Іштей білемін деп жүргені кеудемсоқтық екен. Киім атаулының барлығы көшпелілерден шығыпты. Бұл үрдіс бойынша қазақ баласының киімі бастон, аяқтон, іштон, сырттон деп бөлінеді екен. Осындағы бастоны-бас кимідер, аяқтоны-аяқ киімдері, іштоны-іш киімдер де, сырттоны-сырт киімдер екен. Бұл киімдердің барлығы да маусымдық болып есептеледі. Мұнан сырт салтанаты бөлек сал-серілерді қайда қоямыз? Сал-серіліктен қыз балалар да сырт тұрмаған. Оларды назым атаған ғой, кей жерде наз деп те атайды. Осының барлығын Венера өз бойынан өткізген. Дұрыс жол таңдағанына сенімі арта түскен. Елден түсіп жатқан тапсырыстың шеті көрінбей жатты... Ел енді бұрынғыдай Наурыз тойына костюм-шалбармен бармайтын болды. Ел ішінде жеке адамдардың атаулы тойлары көбейді. Той иесіне бұрынғыдай костюм-шалбар алып жүгірмейтін болды. Бесіктен белі шыққан балаға да ұлттық нақыштағы мойнақ іздеді. Соның барлығын өздері тікті. Сәтсіз шыққан жерлері де болды. Алайда не істесе де шығармашылықпен істеді, беттерінің ұятына қарады. Содан барып ел:
– «Нұрәсем» десе нұр, әсем! – дейтін болды.
Сұлулық іздеген ел енді «Нұрәсемге» жүгіретін болды.
Өнер атаулының барлығы қайнарын іздеген. Оның негізі,әрине, ұлттық нақышта жатты. Содан да көркемөнерпаздар үйірмелері, ауылдық театрлар, оркестрлер тапсырысты үдеткен. Күндіз-түні жұмыс істейтін уақыт жеткен. Бұлайша құрқылтайдың ұясындай құжырада шығармашылықпен жұмыс істеу мүмкіндігі алыстап бара жатты. Мұны Венера сезінбей қалмады. Содан араға бес жыл түскенде қазіргі «Шахтер» стадионының іргесіндегі екі қабатты ғимаратқа кіріп алды. Енді жағдай түбірімен өзгерген. Сырт облыстардан тапсырыс беретіндерге жеңілдік болсын деп екінші қабаттан 20 орындық қонақ үй ашты. Алыстан келгендер оның қызметін тегін пайдаланады. Бірінші қабатында жұмысшыларға арналған шағын кафе бар. Киімге кесте салатын үш компьютер машинасын алды. Қарамағындағы суретші-модельер, тігінші де, пішуші де шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Бұрынғыдай емес, енді тапсырыстар сырт облыстардан жиі түсе бастады. Қызылжар, Қостанай, Ақмола қала-облыстарындағы барша өнер ұжымдарын осы фирма ұлттық киіммен қамтамасыз етті. Фирма есімі солайынша республикаға белгілі болды.
– Біз бір тұтас организм болып жұмыс істедік!-дейді директор Венера Әбдіғалиқызы.
– Біз бір команда болып жұмыс істедік!-дейді суретші-үлгіші Динара Әлібаева.
– Киімді көз жұмып отырып пішетін болдық!-дейді киім пішуші Айгүл Бәкірова.
– Сәукелені шашқаппен бірге тігеміз!-дейді бас киім тігуші Қажет Тілешқызы.
«Нұрәсем» фирмасы жай ғана фирма емес, бұл өз алдындағы ұлттық, этнографиялық мұражай десе де болады. Бұл жерден ұлттық үлгідегі сан алуан киімді көруге болады. Соған орай фирма киімдер көрмесін өткізуді ұйымдастырып келеді. Түстік, теріскей астаналардағы, кеншілер қаласындағы көрмелердегі киім үлгілері көрермендерден жоғары баға алды. Шетелдік көрмелерден де жүлделі оралып жүр. Енді фирма «Сән театрын» ашқалы отыр.
– Сән деген әлеміш-жәлеміш киіну деген сөз емес! – дейді өндіріс меңгерушісі Светлана Исина.
– Сән деген ұлттық бастауды іздеу! – дейді Венера Әбдіғалиқызы.
Мұны естіген біз:
– Бәрекелді! – дестік.
«КӨРКЕМДІ» КӨРКЕЙТКЕН МАЙЯ
Қарағанды қаласындағы 45 кварталда «Көркем» атты көрікті дүкен бар. Іщі-сырты күрделі жөндеуден өтіп көз тартқан дүкеннің ішіне басын сұғып кірмеген адам жоқ шығар. Іші кең әрі жарық. Тұрмысқа қажетті заттардан бастап, балалар киімін, кеңсе тауарлары, қыз-келіншектерге арналған әсем бұйымдар өз орнын тапқан. Кез-келген тұтынушы қажетін таба алады.
Атына заты сай дүкеннің директоры Майя Кунаева атты нәзік жанды әйел адам. Біз бас сұққан дүкен бірден аяғынан тік тұрған жоқ. Оны көркейту үшін Майя ыстыққа күйіп, суыққа тонды. Өзі де өмірдің ащы-тұщы дәмін татып көрді. Ата-анасы соғыс ардагерлері. Ұлы Отан соғысы жылдары әкесі Ахметов Төкетай Ряпұлы мен анасы Ахметова Степанида Ефимовна Польшаның шекарасында танысады. Әлемді дүр сілкіндірген соғыс аяқталған соң 1946 жылы әке-шешесі Қарқаралыға қоныс тебеді. Үш жылдан соң яғни 1949 жылдың мамыр айының 31 күні Майя дүниеге келеді. Соғыстан кейін көрген жалғыз қыздарын қос ардагер алақанына салып, қызықтап, әлпештеп өсіріп жатқан. Өкінішке орай, әкесінің Ұлы Отан соғысынан алған жарақаты меңдеп, Майя небәрі 9 жасқа толғанда қайтыс болады. Соғыстың зардабын тартып көрген анасына жесірліктің де жүгін арқалау оңай емес еді. Қыз бала табиғатынан қамшыл, қамқоршыл келеді. Анасының қас-қабағына түскен кірбіңді сұңғыла қыз сезе қоятын. Шамасы жеткенше қолқанат болуға тырысатын Майя ерте есейді. Бар болғаны он алты жасқа келгенде талаптанып Қарағанды аяқ киім фабрикасына келіп жұмысқа тұрады. Одан кейін облыстық партия комитетінің мұрағатында және Қарағанды облыстық телевидениеде еңбек етіп, шыңдала түседі. Жиырмаға жеткенде Қонаев Ақантай атты азаматқа тұрмысқа шығады. 1975 жылы екі кішкентай сәбиінің етегінен тартқанына қарамастан сатушылық курсты бітіріп алады. Іле-шала Қарағанды «Горпромторг»-та, кейін «Уют», «Балалар әлемі» дүкендерінде жұмыс істейді. Сексенінші жылдың басында «Сары-Арқа» тігін фирмасының дүкені «Новинкаға» сатушы болып тұрады. Ұзақ жыл сатушы, кейін қоймашы болып жұмыс істейді. 1992 жылы жұмысында жауапкершілігімен, жұртқа жанашыр мейірімділігімен, еңбекқорлығымен танылған Майяны ұжымдағылар (на альтернативной основе сұрау керек)дүкеннің директоры етіп сайлайды. Ол директор болған тоқсаныншы жылдардың басында республикада реформа жүріп жатқан. Дүкен бұрынғы атауынан бөлек «Көркем» ЖШС деп аталды. Ұжымда жұмыс істейтін 20 адамның 17-сі зейнеткерлік жасқа жетіп қалған тігіншілер еді. Жұмысты тоқтатпас үшін тігіншілердің тіккен киімдерін жылдамырақ сатып, орнына мата сатып алу керек болды. Бұл уақытта халықта ақша жоқ. Тіккен киімдері өтпей, тығырыққа тіреледі. Майя өзі бас болып облысқа қарасты аудандарға шығып тауарларын ауылшаруашылық өнімдеріне нақтырақ айтқанда: майға, қаймаққа, шұжыққа ауыстырды. Күні кешегідей есінде халықтың қолында ақша жоқ аумалы-төкпелі уақытта шикізат алуға және жұмысшыларға еңбекақы төлеуге қаражаты болмай қатты қиналып, жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Ертеңінде Энгельс атындағы (қазіргі Үштөбе ауылы) совхоздың шығарған тауықтың етінен жасалған шұжығына айырбас жасап қалаға әкеледі. Енді шұжықты сатып, қаражат көзін табу керек. Майя Кунаева көп ойланбайды. Күздің үскірген қара суығында дос-жолдас, жақын-жуық танып қоймасын деп басына жылы шәлі байлап, бет-аузын тұмшалап, шұжық сатуға өзі шығады. Әрине, бұл оқиға қазір айтуға ғана оңай. Қаншама әйел-аналар азаматтары жұмыссыз дәрменсіз күйде отырып қалғанда қарап отырмай жаздың аптабына күйіп, қыстың аязына бетін үсіріп, нәзік арқасымен ала қапты арқалап, тауар тасып, сауда жасап бала шағасын, ұжымын асырап, жоқтықтан құтқарды. Майяда сол әйелдердің көшбасынан көрінген. Өзінің бойынан да үлкен қапты сүйрелеп, бала-шағасы түгілі, ұжымдағы 20 адамды тығырықтан алып шығып, жұмысын да тоқтатпайды. Анаға туған баласынан айырылып қалудан асқан қасірет жоқ. Орда бұзар отызға келген ұлының дүниеден мезгілсіз өтіп кетуі ананың жүрегін жаралап-ақ кеткен. Тас түскен жеріне ауыр. Ұзақ қиналыстан кейін есін жиып, қыздары Гүлнара мен Динараның амандығын жатса-тұрса тілеген. Екі қызы да қос-қостан жоғары білім алды.Әке-шешесінің ақ батасын алып, тұрмысқа шықты. Бүгінде жары Ақантай Шәріпұлы екеуі немерелері Темірлан мен Аделиннің бал тілін, жасаған қылықтарын қызықтап, құшырлана иіскейді. Жұмыстан қолдары қалт етіп босай қалса, немерелерін қыдыртып, ойнатып бір жасап қалады. «Түн соңынан күн шығар» демекші, ХХІ ғасыр есігін Майя Төкетайқызына күліп ашты десе болғандай. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай түзеліп, халық еңсесін жиған. Майяда құрылыс жұмыстарын қолға алып, «Көркем» дүкенін көрген жан сүйсінетіндей етіп шығарды. Дүкен жанынан «қуырылған тауық еті» кафесін ашып, сауда алаңын кеңейте түсті. Енді бұрынғыдай 20 адамға ғана емес, 50-60 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Ұлы Отан соғысында құрыштай шыңдалған соғыс ардагерлерінің маңдайының бағына біткен Майя апамызда ата-анасы сияқты сын сәттерде екінің бірінің қолынан келе бермейтін ер мінезін танытып, ұжымның сеніміне ие болып, құрметіне бөленді.
Маңайын құт-берекеге толтырған Майя апамыз, міне, осындай.
ҚАНАТТЫ ГҮЛНАРА
Адам баласы әу бастан ұшуға жаралған.
Қанаты жоқ болса да.
Есесіне қиялы бар, сол қиялын жүзеге асыра алатын ақыл-парасаты бар. Содан да ықылым заманнан ұшатын адамдар жөніндегі мифтер өлмей келеді. Икарлар сондай қиялдың жемісі. Қазақ баласы ұшатын атты Пырақ деп біледі, ал сырт жұртта ол Пегас аталады. Ұшатын балық, ұшатын жылан, қала берді ұшатын кілем жөніндегі ертегі-қиссалардың барлығын бала кезімізден жаттап өстік.
Қанатты әйел де сондай қиялымыздың жемісі.
Құлақ естігенді көз көретіні шындық екен.
Кешегінің Икарын бүгінгінің Тоқтары демей көріңіз. Кешегінің кілемін қалайша бүгінгінің ұшағы демеске. Ұшатын жыланнан кәдімгідей жаһандық жарыс өтіп жатады. Ұшатын балықтар көкте емес теңізде өмір сүреді екен... Үкіметіміз әйелдердің жаңа қоғамда барлық жағынан ашылуына, жеке тұлға ретінде көрінуіне жол ашып, барынша қолдау жасап келеді. Еліміздің тәуелсіздік алуы қазақ қыздарының ерлермен бірдей көрінуіне, қайсы бір салаларда олардан асып та түсуіне жол ашты десек қателесе қоймаспыз.
Ошақ қамын ойлаған әйелдер қашанда бізде болған.
Енді Отан қамын ойлайтын әйелдер толқыны өсіп шықты.
Олар ел билігіне араласты, кәсіпкерлікті қолай көрді, өздерінің табиғатына тартып, жасампаздық жолына түсті.
Олар бұған дейін тұтынушы болып келді.
Енді олар жаратушы болды.
Еліміздің мұндай саясат ұстануы қазақ әйелдерін қанаттандыра түсіп, олардың шетелде де танылуына мүмкіндік туғызды.
Кешегінің әйелі от басынан шыға алмады.
Бүгінгінің әйелі ел шекарасынан асып отыр.
Олар салған күннен қоғамдық күш ретінде білінді, салмағы күн өткен сайын батпандала түсті. 1999 жылы алғаш рет елімізде халықаралық «Қанатты әйел» жәрмеңкесі өтті. Бұл тәуелсіздік алған жас мемлекетіміздің бірінші жәрмеңкесі болатын. Ол еліміздің Президенті жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі Ұлттық комиссия қанатының астында өтті, сол үрдісінен әлі жаңылмай келеді. Бірінші жәрмеңкеден-ақ бала баққанның ел бағатыны да аңдалған. Содан бастап мұндай жәрмеңкелер өткізу дәстүрге айналған. Ол-қанатты әйелдер деп аталады. Жәрмеңке нарық қатынасында әйелдерге қалай жұмыс істеу керектігін үйретті. Нарықтың көшпелі кезеңі әйелдерді қоғамдық өмірге барынша кеңірек тартуға мүмкіндік туғызды. Нарық қыспағы ер-азаматты үйге қуып тықты.
Нарық қыспағы әйелдерді белсенділікке баулыды.
Ер-азаматының намысын жыртты.
Олардың бала алдындағы беделін сақтап қалды.
Аспан асты елінің ала қапшықтарын алып жер-көктің барлығын керуен сарайға толтырды. Бүгін кешегі велосипедке әзер отыратын қазақ әйелі жоқ.
Қазақ әйелі енді пойыз жүргізіп, ұшақ штурваліне отырды.
Нарықтық экономика ауыртпалығында әйелдер өздерінің қырық шырағданды екендігін тағы бір танытты. Бизнесте ойып тұрып өз орындарын алды.
Олар тұтынушыдан асыраушыға айналды.
Алдымен отбасын асырады.
Соңынан мемлекетті асырады!
Гүлнара Қазиқызы сондай қанатты қыздарымыздың бірі.
Олай деп айтуға дәлеліміз жеткілікті.
Әріге бармай-ақ сол 1999 жылдан бастайық.
1998-99 жылдары-құқықтық статистика бойынша Көкшетау қаласы прокурорының көмекшісі. 1999-2002 жылдары-«Ақмола ауылшаруашылығы кеңестік орталығы» қоғамдық филиалының кеңесшісі, техникалық кеңесшісі, төраға міндетін атқарушысы, төрағасы. 2002 –2003 жылдары-Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы Министрлігінің қаржылық бақылау және сатып алу жөніндегі Департаментінің мониторинг және сатып алу бөлімінің бастығы. 2003 –2008 жылдары-«ҚазАгроМаркетинг» акционерлік қоғамының Қарағандыдағы өкілдігінің директоры. 2008 жылғы маусымнан «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Қарағанды облысындағы филиалының директоры. Гүлнара Қазиқызының жылан болып жорғалауға жаратылмағанын осыдан-ақ көруге болады. Келтірілген тізімді одан әрі жалғасытыруға да болар еді. Жас қыздың алыс және шетелде оқымаған оқуы қалмапты. Біліктілік курстарынан өткен сертификаттары тау болып үйіліп жатыр. Алған дипломы, басқа марапаттары одан да көп. Ол Қарағандысын өзінің екінші Отаны санайды. Әйтпесе, ол Көкшетаудың көгілдір айна көлдерінің тумасы. Оның балалық шағы орманды өлкеде өтті. Биші қайыңдар әрбір үйдің табалдырығынан өріп шығып билеп бара жататын. Ауадан күз иісі біліне мыңдаған жапырақ көк аспанды жаулап алатын. Бала қиялында солардың барлығы қайда барар екен деген сауал тұратын. Оның өзінің де солар сынды ұшқысы келетін. Оның балалық шағы өткен көгілдір Көкше өлкесінің әрбір ағашы, не тасы көкті еске түсіріп тұрар еді. Ойдым ойдым көлдері де көгілдір келетін. Сол көлдерде қулар мен қаздар, бірқазандар қатар түзеп қалықтар еді. Қажетінде олар ұша жөнелетін. Бұл соларды көз ұшынан жоғалғанша қол бұлғап, үй құсындай бағар еді. Бұл өлкені атамзаманнан қазақтың Керей, Атығай, Қарауыл рулары жайлаған. Ал он сегізінші ғасырдан бастап кәуірлердің табаны тиді. Казактар өз станицаларын сала бастады. Тұтастай орыс деревнялары пайда болды. Пресногорьковская, Пресноредутская, Мамлютская және басқа да атаулар солардан қалған. Бұл өлкені заманында қазақтың атақты жазушысы Сәбит Мұқанов жырлаған. Ата-бабаларымен мақтанғысы келетін Көкше баласының қолында сондықтан қазақтың тағы бір алыбы Ғабит Мүсіреповтің де кітабы жүрер еді. Орыстың үлкен жазушысы Иван Шухов та бұл өлке туралы мөлдіретіп талай шығарма қалдырған. Гүлнара осындай мәйекті өлкенің ауасымен тыныстап өсті. Жан дүниесі сұлулықпен суарылған жас қыз не нәрседен болсын әйтеуір бір сұлулық табатын. Қара түстің өзінен жылулық іздеген қыздың қиялы осыдан кейін қайдан төмен болсын. Мектепте жігерлі оқыды, шаңғы теуіп, доп ойнады. Қалған бос уақытын математика бойынша қиын есептерді шығаруға арнады. Сол қиындықтар бала қиялын ұштады деп біледі. Сондықтан да болар мектепті бітірісімен, қайдасың математика деп, Қарағанды қаласына келіп, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетіне қабылданады. Әркімнің айналасына, ортасына танылуы өзінен екендігін осы жерде түйсінеді. Оқуын бітірісімен араға кісі салып, жылы қызмет іздемей бәрін маңдайымнан көрдім деп қатардағы операторлықтан бастайды. Электронды есептегіш техниканың операторы болуы ол тұста онша биік қызмет болып есептеле қоймайтын. Ол сол заманның компьютері іспеттес еді. Соны өз бетімен игереді. Өзі ғана біліп қана қоймай өзгелерді де соған үйретеді. Өндіріске автоматты басқару жүйесін енгізеді. Бұл жас қызды қанаттандырған еді. Енді оның өзіне деген сенімі арта түседі. Осы сенім оны енді Көкшетауға, сонан Астанаға бастайды. Ұшуға жаралған құстың мақсатына жүгіріп жетпейтіні белгілі. Гүлнара Сағанаева да сондай жандардың қатарынан еді. Ол қолына алған істің бәрін әманда аяғына дейін жеткізіп отырды. Не нәрсе болсын жеңіл істеді. Ол қандай бір істі мақсаткерлікпен қолға алатын. Содан да қанаттанып жүретін. Қандай істі болсын ұшып жүріп бітіретін. Ауылдағы әйел үйкүшік болып қалған. Оның саясатта да, құқықта да жұмысы жоқ. Оның жұмысы отбасы мен үй шаруашылығында. Өйткені ауыл әлі де болса қалт-құлт етіп тіршілік жасап жатыр.
Кейінде қала салуға әуестеніп кеттік.
Есесіне ауылымыз азайып барады.
Сондықтан да әлгіндей әйелдерді жазғырудың жөні жоқ сияқты.
Ауылды ұстап тұрған әйел. Ауыл әйелінің өз саясаты бар. Ол-баланы тезірек аяқтандырып, еншісін беріп, бөлек шығару. Ауылда той көп деп жазғырамыз. Ол тойдың әлгіндей себебі бар. Әйтпесе ауыл осы бойын тіктемеген күйі өледі. Ал Гүлнара Қазиқызының айтары-бәрекелді. Той да болсын, от басында омалып та қалмасын апаларым мен сіңілілерім дейді.
Ауыл әйелінде бәрі де бар. Жетпейтіні қанаттандыратын жылы сөз.
Елден қанат сұрап жүрген әйел көргеніміз жоқ.
Ал жаутаңдап жылы сөз күтетін нәзік жандар аз болмаса керек.
Оған сенің түгің де керегі жоқ. Оған керегі сенің әйелді құрметтеуің. Өзіңді қалай құрметтесең оны да солай құрметте. Қалғанын өзі тауып алады, не тауып береді. Гүлнара Сағанаева жұмыс барысында ондаған, жүздеген әйелмен жүздеседі. Олардың әрқайсының өз мәселесі бар. Оған бастағы мәселелерін шешіп береді деп айтпайды. Қанат бітіретін сөз күтеді. Сол сөз шықты дегенше қазақ әйелі бәрін де қопарып тастайды. Тоқсаныншы жылдардың ортасындағы қалың дүрмекте брінші сапта әйелдердің жүру себебі содан. Оларды ешқандай әкім, қарашора тоқтата алмаған. Тоқтатқан сол әйелдердің өздері. Олар басындағы жаулығын аяқ астына тастаған.
Ауыл әйелі қашанда құс ұйқылы.
Омырауындағы сәбиінің ұйқысы түгел болса дейді.
Сондықтан да аяқ ұшынан жүреді.
Ұшып жүреді.
Басқа басқа, әйтеуір қазақ әйелінің ұшатын күні алыс болмаса керек. Қазіргі қазақ әйелінің қонуды ойластырып жатқан жайы бар. Өйткені ұшқан өзекті жанның әйтеуір бір қонатыны белгілі.
Құс болса құйрығымен қонады...
ДЕНСАУЛЫҒЫҢДЫ СҰРАҒАН
Көзге көрінбейтін, алайда жан дүниеңмен сезінетін тылсым жайттар болады. Мылтықсыз майдан дегендейін. Олардың бірі көңіл-күйіңізді шалқытса, екінші бірі пәс етеді. Роза жастайынан осының ауыртпалығын сезініп өсті. Әйтеуір бір қапалық бар еді. Әрбір ауылда, әрбір отбасыда. Ылғи да үй іші, ел іші әбігер болып жататын. Кенеттен әуе дабылы беріліп, жұрт айдалаға маңыр еді. Сол айтақырда бір-екі күн жатар еді. Сусыз, жағдайсыз. Араға апта түспей ел ішінде жөтел пайда бола кететін. Шіліңгір шілдеде. Адамы да, малы да. О, сұмдық-ай, жөтелге ағы мың да бір ем деген жылқы жарықтықтың өзі жайылымға шықпай күрк-күрк жөтеліп тұратын. Бұл сұмдықты ел әр саққа жоритын. Үлкендер жағы басы қосылса өзара сыбырласа қалатын. Содан-ақ балалар олардың бір жайтты бүкпелейтінін сезетін. Өйткені олардың көкіректерін қарс айырған күрсінісі көп-тін. Сөйтсе ол айтуға болмайтын, айта да алмайтын полигонның нәубеті екен ғой. Семейді ел қазақтың рухани ордасы деп біледі, сол орданың ойраны осылайша шығып жатты. Солайынша алашының астанасы жылдар бойы сынақ алаңына айналып келіпті. Оны білген ешкім жоқ, бәлкім, бар да шығар. Алайда оларды саусақпен санап алауға болатын еді. Есесіне табиғаттың берген сезімталдық сыйымен сезгендер бар. Соның бірі-Роза Сәбитоллақызы Рәзиева. Семей полигонынан зардап шекпеген қазақ баласы жоқ. Осыдан жарты ғасыр бұрын сіресіп отырған қазақ баласының бүгінде жартысы да жоқ. Өйткені мұнда қуаты жағынан әлемдегі ең қорқынышты қару-атом бомбасы сынақтан өткен еді. Содан бері осы өңірде бұл қуатты жарылыс жеті жүзден астам рет қайталаныпты. Оның қуаты Хиросима бомбасынан жиырма бес мың есе асып түскен. Өңірдегі жарты миллион халық сәулен-радиация сырқатына ұшыраған. Алпысыншы жылдарға дейін сынақ ашық ауада жер үстінде жүргізілген, ал термоядролық бомбалар сол жылдары жер астында жарылатын болған. Оның да зардабы орасан еді, Сәулен топыраққа сіңіп, жер асты суларын ластады. Осы өңірдің малы мен жаны қынадай қырылып жатты. Аман жүрмін деуге болмаушы еді. Көбісі төсекке таңылды, солардың көбі ұйқыдан оянбады. Ел ішінде елде жоқ аурулар көбейген. Ел оны бір-ақ сөзбен ісік деген... Семей-Қарқаралы ақмай ел. Сөйткен өңірдің тұрғындары бейбіт күнде аштықтан қырылып жатты.
Өйткені өңештен ас өтпейтін!
Ел өңештен айырылған еді...
Ең қасіреттісі жандары мүгедек еді.
Олардың ішінде бұлардың туысқандары, тумалары аз болмады. Содан да болар өскенде дәрігер боламын деп шешкен. 1975 жылы орта мектепті бітірісімен Семей медицина институтына бірден жол тартқан. Бақытына қарай жолы болып, сынақтардан мүдірмей өтіп, студент атанды. Ол отбасының төлбасысы болатын. Сондықтан кейінгілерге үлгі-өнеге болуға тырысты. Әкесі-Сәбитолла Мағауұлы ұзақ жылдар бойы партиялық қызметте болды, бүгінде ақсақалдық мүшеліне шығып отыр. Жұмыс істеп қалған адам үйде отыра алмайды екен, ескі дағдысымен кеңсе жаққа бір барып келіп тұрады, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы, әлі өзінің емес, өзгенің қамын ойлап жүрген жайы бар. Анасы сауда саласының маманы-тын, бақилық сапарына аттанғанына да тура тоғыз жыл болыпты. Жүре тұрғанда болар еді, балаларының, немерелерінің қызығын қызықтап. Бәрі де мектепте үздік оқыды. Өзінен кейінгі сіңілісі Ақмарал бүгінде ел таныған ғалым, Семей мемлекеттік педагогикалық институтын айырықша белгімен бітіріп, өзінің саналы ғұмырын ғылым жолына арнады, бүгінде Семейдегі «Қайнар» университетінің проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, этнопедагогика маманы. Өткен жылы өзінің Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының байқауына қатысып, жеңімпаз атанғаны бар. Сол жүлдесін алуға барса Ақмарал да жүр, ол да өз номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылыпты. Бірі қарағандылық, бірі семейлік апалы-сіңілі жеңімпаздарды көріп жұртшылық қошемет көрсетіп, сүйсініс танытқан. Осы қауымдастықтың «Ажар» деген басылымы бар. Онда қауымдастық байқауының жеңімпаздарының суреттері мен қысқаша деректері жарияланып тұрады. Осы журналдың төртінші санында өзі мен Ақмаралдың суреттері қатарынан жарияланды. Одан кейінгі сіңілісі Гүлнәр мен бауыры Серік мемлекеттік қызметте, әкелерінің жолын қуды. Кенжелері Жанар бизнесте. Мағауовтар әулеті осылайша еліміздің игілігі үшін, одан әрі көркеюі үшін бір адамдай тер төгіп, еңбек етіп жатыр. Соның барлығы бала кезгі тәрбиеден, өскен ортадан. Семей полигоны айтуға ғана оңай, әйтпесе білген жанға қасірет, ғасырдан ғасырға кететін әлеуметтік жара. Мұндай өңірде тұрған адамдар бір-біріне сүйеніп өседі, қашанда қол ұшын беруге дайын тұрады. Тіпті, дауыс та көтермейтін. Ішім-жемдіктен тарыққан емес. Киім-кешектен де. Баршылық адамды босаңсытып жібереді ғой, соның жоқтан гөрі бары дұрыс екен, бұлар сол баршылығымен айналасымен бөлісті. Есіктерінде құлып тұрсын ілгек те болмайтын. Ауыл адамдары ешқашанда бір бірінің есіктерін қағып тұрмайтын. Өз үйіндей төрге озып, өзінен кейін келген қонақты күте беретін. Сол тәрбиесі мұны әлі күнге жерге қаратпай келеді. Бүгінде сол елгезектігінен, көпшілдігінен тайған жоқ. Интернатураны бітірісімен № 1 емханаға учаскелік дәрігер болып орналасады. Бұл 1983 жыл болатын. Ұжымдағы Клара Ерденаева, Үмітжан Елеусізова, Галина Махметова сынды алғашқы тәлімгерлерімен түсіністікте жұмыс істеді, олардың бай тәжірибесін меңгерді. Қазіргі облыстық денсаулық сақтау департаментінің кадр бөлімінің бастығы Шолпан Темірханқызының есімін де ауызға ілтипатпен алады.
– Менің жеткен жетістігім бар болса сол кісілердің де үлесі бар,-дейді Роза Сәбитоллақызы.
Ұжымда еңбек ардагерлері жеткілікті. Бәрі де өмір көрген, кәсіби біліктіліктері ешкімнен сорлы емес. Соларға барынша қамқор болып жүреді. Олар келушілерді дәрі-дәрмекпен емес, сөзбен емдейді!
– Нағыз дәрігер солар!-дейді Роза Сәбитоллақызы.
Ал жастар болса учаскелік дәрігерлікті ауыртпалық көреді. Ыңғайы келсе сырғақтап кетуге бар. Отбасылық принципке көшкен заманда дәрігерлер ересектерге қалай жауап берсе, сәбилерге де солай жауап береді. Олай болса бұл жауапкершілігі жоғары қызмет саласы. Бұл соны жастардың құлағына сіңіруден жалыққан емес. Өзі болса учаскелік терапевт болып табан аудармастан он бес жыл бойы істеді. Өзіне бекітіліп берілген телімнің әрбір тұрғыны Роза Сәбитоллақызыынң есімін жатқа білді.
– Біздің учаскелік дәрігеріміз!-дейді мақтанышпен телім тұрғындары.
1996 жылы бас дәрігердің емдеу жұмыстары бойынша орынбасары болып тағайындалады. Бұл денсаулық саласындағы келеңсіз жылдар еді, ауруханалар, емханалар бірінен кейін бірі жабылып жатты. Ел дәрігерге келіп көрінуден қалды. Өйткені бұдан былай ешкім де ақысыз емдемей-тін. Алайда ешнәрсе де бір орында тұрмайды емес пе. Денсаулық саласында да жылымық есе бастаған. Емханалар біріктіріліп, ірілендіріле бастады. Енді емханаға келіп бұрынғыдай педиатрларды, терапевтерді, гинекологтарды іздеп жүрмейтін болды. Денсаулық саласындағы реформалар бір мұнымен біткен жоқ. 1997 жылы елімізде жаппай отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар құрыла бастады. Іс-тәжірибесі мол, кәнігі дәрігер бұл кезде де қысылған жоқ, өз алдына «Медет» деген амбулатория ашып алған. Атауы жаңа болғанымен жұмысы бұрынғысынша еді. Енді жұмыс көлемі бұрынғысынан да көбейген, білікті дәрігерлер күн көруден қалған. Олар сырқаттардың дауасын тапқанның орнына орындық пен стол іздеп жүрді, жер-көрден ескі-құсқы жабдықтар жинастырды. Сыртқы атауы бойыңа жылу жүгірткенімен, кірген адам қой қора ма деп қалатын. Мұндай жерде қайдан ем дарысын. Содан барып ел амбулаторияның есігін ашпайтын болған. Осы кезде жаңбырдан кейінгі қозықұйрықтайын емші-құшнаштар қаптаған. Онсыз оңбай тұрған денсаулық саласын солар біржолата тұралатқан.
– Дәрігердің ең жақсысы аруыңа ауру қоспаған!-дейді Роза Сәбитоллақызы.
– Дәрігердің ең жаманы өзін өзі емдеген!-дейді тағы да Роза Сәбитоллақызы.
Екінің бірі дәрігер болып алды. Өздерін өздері емдеп жатты. Оған емші-құшнашты қосыңыз. Бір кездері жер жүзінде озғындап тұрған медицинамыз өз күнін өзі көре алмас осындай мәстек күйге түскен. Михайловкада ол тұста екі ОДА жұмыс істейтін. Бөлінгеннен-ақ жұмыстан береке кете бастаған. Өңірдегі медициналық ахуал бақылаудан шығып кеткен. Бұлай жұмыс істеуге болмайтын. 2004 жылы өздері және «Арман» отбасылық-дәрігерлік амбулатория мен консультаттық-диагностикалық емхана бірігіп қаланың №1 емханасына айналды. Содан бері Роза Сәбитоллақызы Қарағанды қаласындағы №1 емхананың директоры болып келеді. Бұл өңірде қырық бес мыңға тарта тұрғын тұрады. Оның жиырма бес мыңынан астамы аталмыш емханаға бекітіліп берілген. Сол-ақ екен жұмыс бұрынғысынша қайнап жүре берген. Нарықтың өтпелі кезеңінде тығырыққа тірелген саланың тұмылдырығы осылайша алынған. Міне, содан бері де бес жылдың жүзі айналыпты. Осы кезең ішінде іргесі осыдан жарты ғасыр бұрын салынған ескі емхананың сыртқы-ішкі келбеті адам танымастай өзгерді, жүгіріп жүріп күрделі жөндеуден өткізді. Жұмысқа қолдан келгенше білікті кадрларды тартты. Сол бір қиын күндерде сыр бермеген, мамандығына адалдықтарын көрсеткен, дәрігер атына қылау түсірмеген лор-дәрігер Наталья Ким, кардиолог Сәуле Бектұрова, көз дәрігері Күлшетай Жәшкеева және басқалары аға ұрпақтың лайықты ізабсарлары екендіктерін көрсетті. Кейінгі жастар соларды өнеге тұтады, солармен кеңеседі. Осының барлығы ол үшін үлкен қуаныш. Заман қалай болар екен деп сол бір қиын-қыстау күндерде Алматы экономика және статистика институтын экономист мамандығы бойынша бітіріп алған. Жұмыстың алға жүруінде оның да мол себі тиді.
Бүгінде де ол бірінші мамандығына адал болып қалуда!
Қазіргі нарыққа байланысты екінші мамандығы бойынша көбірек жұмыс істеуге мәжбүр.
Бұрынғы дәрігер мен қазіргі дәрігердің айырмасы жер мен көктей.
Бұрынғы дәрігері тек өз жұмысын білді.
Қазіргінің дәрігері ұйымдастырушы.
Ол жоғары санатты терапевт дәрігер.
Ол денсаулық сақтау саласының жоғары санатты ұйымдастырушы дәрігері.
НОТАРИУС ЗӘУРЕШ
Нотариус Зәуреш Сатжанованы Егіндібұлақ-Қарқаралы халқы жақсы біледі. «Біздің қызымыз» дейді бауырына тартып. Бұрынғы Целиноград (қазіргі Астана) қаласында туса да, отыз жылға жуық өмірі қасиетті Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың топырағында өтті. Зәуреште осы киелі жердің намысын жыртып, қамын ойлап келе жатыр. Жақсылар мен жайсаңдардың мекені болған топырақта еңбек етіп, ұрпақ өсірді. Тағдыр қатал-ақ, Заурештің маңдайына өзіне өмір сыйлаған туған ата-анасын көру, оның жылы құшағында еркелеп өсу жазбапты. Туғанына небәрі алты ай толғанда жиырма бір жастағы анасы Қазкен қайтыс болады. Көп ұзамай құсадан әкесі Мұхтар дүниеден өтеді. Бұл фәниден бейхабар бейкүнә сәби нағашы атасы Ғайниденмен, нағашы апасы Күлпаштың тәрбиесінде қалады. «Қыздан туғанның қиығы жоқ» деп жиеннің қамын ойлап, қамқоршы қолын созатын қайран нағашы-ай! Бастауыш сыныпты бұрынғы Целиноград облысы, Целиноград ауданына қарасты Мортық (Ново-Ишим) ауылында оқиды. Бесінші сыныпты Шортанды ауданы, Жолымбет мектеп-интернатында жалғастырады. Мектеп қабырғасында жүріп, заң қызметкері болуды армандайды. 1975 жылы онжылдықты бітірген соң аңсаған арманына жету үшін Қарағандыға жол тартады. Ол кездері Заң факультеті Алматы мен Қарағанды да ғана болатын. Аталмыш факультетке түсу өте қиын екенін біліп тұрса да Зауреш бағын сынайды. Бұл жолы оқуға түсе алмайды. Көтеріңкі көңілі пәс тартып қалған жас екі қолға бір жұмыс іздейді. Жасы әлі 18-ге де толмаған бойжеткенді ешкім жұмысқа алмайды. Тек көмірлі қаладағы балық зауытына жұмыскер жетіспегендіктен соған ілігіп, тұңғыш еңбектің дәмін татады. Одан кейін поштаға орналасады. Зауреш қайда жұмыс істесе де заң факультетіне қайтсем де оқуға түсем деген мақсатынан қайтпайды. Айтқан сөзінен айнымайтын табанды қыз 1980 жылы ҚарМУ-нің Заң факультетіне емтихан тапсырып, маңдайы жарқырап оқуға түсіп кетеді. Жоғары оқу орнын бітірген соң облыстан шалғайдағы Егіндібұлаққа келіп, аудандық атқару комитетіне жұмысқа қабылданады. Соңынан ауданның мемлекеттік нотариусы қызметіне ауысады. Төскейі малға, қойнауы құтқа толып, берекесі артып отырған ауданға Қаз дауысты Қазыбекби бабамыздың аты берілгенде киелі топырақтың ұрпақтары бөркін аспанға атып қуанған. Жергілікті жұрт жұмысын жайлап, малын жайғап, қымызын ұрттап, басшысын құптап жүріп жатқан. 1997-1998 жылдары тартып қалса түгінен май шығатын қасиетті Қаз дауысты Қазыбекби бабамыздың атындағы аудан бір күннің ішінде жабылып қалып, ел ішінде дүрбелең басталады. Қаншама жұрт нанын тауып жеп отырған мекемелер жабылып, жабылған мекемелерді талапайын шығарып атақ даңқы кезінде аспандап тұрған ауданның халқы сергелдеңге түседі. Жұмыссыздық белең ала бастайды. «Арқаға аяз батпаса, арқар ауып несі бардың» кері келіп, қолы ұзындар қалаға үдере көшеді. Сол жылдары мемлекеттік нотариуста істейтін Зәуреш Сатжанованың да жұмыс істеп отырған мекемесін жабу үшін іс қағаздарын сұрата бастайды. Зауреш жалғыз емес еді. Елім, жерім деп жүрегі елжіреп егіліп өткен ер жігіт, сот төрағасы марқұм Мақсат Айтбайұлы Борханов бір мекеменің ішінде жұмыс істейтін нотариус Зауреш Мұхтарқызын, АХАЖ бөлімінің бастығы Роза Қалтаеваны шақырып алып, ақылдасып, кеңеседі. Бәрінің ойы бір жерден шығады. Егіндібұлақтан 300 шақырым жерде жатқан сонау Қарағандыға бірнеше рет барып, облыстық Әділет басқармасының есігін тоздырып, аталмыш заң мекемесін жаппауын өтінеді. Олар аудан жабылғанмен, елдің бәрі көшіп кетпегенін, халықтың саны азаймағанын, елге заң қызметкерлерінің қажеттігін айтып бағады. Егіндібұлақ өңірінде қалған халықтың саны туралы құжаттарды көрсетіп, дәлелдейді. Сонымен барлық мекемелер жабылып жатқанда дамылсыз жүгіргеннің арқасында жұмыс орындары сақталып қалады. Мұны естіген егіндібұлақтықтар қатты қуанады. Сонда Зәуреш «әр қызметкер өз мекемесі үшін күрескенде көптеген жұмыс орындары сақталып қалатын еді»,-деп іштей қынжылған еді. 2004 жылы мемлекеттік нотариаттың басына тағы қара бұлт үйіріледі. Зәуреш Мұхтарқызы облыстық Әділет басқармасына бірнеше рет барып, аудан жабылса да, Егіндібұлақ село болып қалғанын, жекеше нотариусқа демеу болатын ешқандай өнеркәсіптер жоқ, үй, автокөліктер сатылмайтындығын алдыға тартып, мемлекеттік нотариатты жаппауын өтінеді. Өкінішке орай 2005 жылдың бірінші жарты жылдық есебін бергеннен кейін мемлекеттік нотариалдық кеңсе жабылады. Зәуреш етінің тірлігімен сол жылдың қараша айында Қарқаралыда әзер дегенде жекеше нотариалдық кеңсе ашады. Зауреш екі жарым жылдай Қарқаралы басында баспанасы болмай, Егіндібұлақтан қатынап жұмыс істеді. Екі араға барып қайтуға күніне таксистерге 1000-1200 теңге ақшасын жұмсайтын. Ашығын айтқанда күнделікті тапқан таянған ақшасы жолға кетіп жүрді. Зәурені басқа ой мазалады. Егіндібұлақ Қарқаралыдан 100 шақырым, ал Егіндібұлақтан Мәди, Абай, Тәттімбет атындағы ауылдарға дейінгі аралық 100 шақырымға жуық. Сонда сонау шалғайда жатқан елді мекендер нотариалды кеңсенің қызметін пайдалану үшін 200 шақырым жатқан аудан орталығы Қарқаралыға келуі керек. Аудан басына жету үшін қаншама қаражат шығындап қоймай, жол азабын да тартары анық. Отыз жылға жуық Егіндібұлақта еңбек етіп, сол жердің дәмін татып келе жатқан Зауреш Сатжанова тығырықтан шығудың жолын қарастырады. Нотариалды кеңсе аша қоятын қолайлы мекеме жоқ еді. Ақыр соңында өзінің Егіндібұлақ селосының басындағы жеке меншік үйінің бір жағынан нотариалды кеңсе ашуға белін бекем буады. Үйді кеңсеге айналдырып, ішіне компьютер сияқты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көп қаражатты керек етті. Демеуші ешкім шықпады. Тәңір берген өзінің қажыр-қайратына ғана сенетін Зауреш тәуекелге бел буып, несие алып, кеңсені ашады. Онда шұғыл шаруасымен келген жерлестерін жұма, сенбі күндері қабылдайды. Халықпен жұмыс жасау жеңіл емес. Қаладағыдай емес, әсіресе алыс ауылдардан келетін адамдар көп қиындық туғызады. Айталық адамдар Халыққа қызмет көрсету орталығынан алынатын анықтамалар үшін бірінші күні келіп, сұрау жасайды. Оның орындалысын үш күннен бір жұмаға дейін күтеді. Сосын барып жылжымайтын мүлікке тыйым салынбағаны, сатылмағандығы туралы анықтама беріледі. Бұл анықтама бір күнге ғана жарамды. Сол күні келісім-шарт жасауға нотариусқа келіп үлгеруі қажет-ақ. Егер 2-3 пәтерлі үй сатылатын болса, көршілерін некеде тұрса әйелін немесе күйеуін алып келуі керек. Ал оның машақаты көп. Алдымен жұмыстан сұранып алып, қаражат, көлік тауып жетуің керек. Кейбір автобустар қатынамайтын ауылдар бар. Ауданнан 100-150 шақырым жердегі елді мекендерге бірнеше рет қатынау қиынның қиыны. «Жол азабы-көр азабы» демей ме, халық. Осыдан келіп реніш туындайды. Нотариус Зауреште заңнан аса алмайды. Соған қарамастан Зауреш Сатжанова әр адаммен тіл табысып, заңға томпақ келмесе қысылып тұрған жандардың жұмысына қол ұшын беріп, кеңесін аямайды. Іс қағаздары сәтті аяқталған көп азаматтар Зәукеңе телефон шалып, көшеде кездесе қалса алғысын жаудырып, ризашылығын білдіріп жатады. Ел арасында Семей полигонынан зардап шеккен және түрлі жағдайдағы мүгедектер баршылық. Қамкөңіл осындай жандар нотариусқа келуге мүмкіндігі болмаса Зауреш жергілікті ауылдық округтердегі атқамінерлермен тығыз қатынас жасап, хабарласып, аталмыш жерге өзі шығып отыруды міндетіне алған. Жарты ғасырлық жасқа келген Зауреш соңынан ізін басар ұрпағын аялап жеткізді. Қызы Ғайни анасының жолын қуып «Фемида» Заң Академиясын бітіріп, жұмысқа орналасты. Ұлы Мәди қаладағы «Болашақ» колледжінде оқиды. Бұл жалғанда анаға баласының азамат болғанынан артық бақыт бар ма екен. Заурештің өмір жолдарына қарасаң, өмірдің асау толқындарына қарсы жүзіп бара жатқан рухы жоғары қызды көреміз. Дәйім, рухыңыз мықты болсын, Зәуке!
Ү БӨЛІМ
АНА АЯҒЫНЫҢ АСТЫНДА ЖҰМАҚ ДЕГЕН...
АНАНЫҢ ТАБАНЫ
Әркім жұмақтан үмітті.
Кімнің қайда баратынын ақырет күні Бір жаратқанның өзі шешеді. Дегенмен өзімізге де байланыстылығы бар.
Жаратушы алқаса, әрине.
Біздің бұл дүние деп жүргеніміз барар бақилығымыздың дайындығы.
Бұл дүниеде жасаған әрбір жақсылығымыздың сауабы көп болады дейді. Сол жақсылығымыз мысқал тартса да батпандай күнәларымызды басып кетеді-міс. Содан да әр нәрсенің сауабы болса екен деп тілейміз.
Әрине, бәріміздің де жұмаққа барғымыз келеді.
Бірақ ол тарс жабық.
Ашылуы адамына байланысты.
Алайда жұмақтың сегіз есігінің барлығының ашық болатын күні де болады екен.
Дүниеге үш әйел бала әкелген Анаға сол сегіз есіктің барлығы да ашық дейді. Сақыпжамал Қожасқызы бұл дүниеге алтындай-алтындай жеті қыз бала, бес ер бала әкелді.
Солардың ешқайсын ешкімнен кем қылмады!
Сақыпжамал Бөкейкеліні өзекті жанның бәріне бірдей бұйыра бермейтін тоқсан деген жасына келіп бақилық болды.
Сақыпжамал әже екі ғасыр өліарасын бір адамдай көрген адам.
Ол кісінің жастық шағы да, толысқан шағы да, байырқаған шағы да жоқшылық, жетімсіздік заманында өтті. Кеңестік машина демалыс дегенді білмеді, ол жиырма төрт сағат бойы жұмыс істеп тұрды. Ол машинаны жүргізетін, әрине, кеңестік адамдар еді. Олардың отаншылдығы ересен-тін. Олар Отан аш отыр десе аузындағысын жырып берер еді. Сөйтіп жүріп те бала өсірді. Сөйтіп жүріп те көргенді тәрбие берді. Ашаршылықты да көрді, қуғын-сүргінді де көрді. Ұлы Отан соғысы жылдарында тіпті бел жазу дегенді білмеді.
Сақыпжамал әже айтады:
– Екі үлкен қызым Рымкеш пен Тиыштық үйелмелі-сүйелмелі екі жаста. Шешемнің қолына тастап масақ теруге шығамын. Арасында дем алу деген жоқ, қыздарым жылап қалмасын деп үйге тез жүгіріп келіп тамақтандырып, қайтадан жүгіріп масақ теруге кетемін. Сонда анам осы қыздар сені Меккеге апара ма, үйде мен бармын ғой, дем алсайшы дейтін. Міне, сөйтіп асыраған, тәрбиелеген қыздар бойжетіп, өздері үйлі-баранды болып отыр,-деп.
Сақыпжамал әжеміздің анасы қателескен еді.
Біле білсек қыздар Меккеге емес, жұмаққа апарады!
Әрине апарады.
Өйткені Сақыпжамал әже әрбір қызын осылайша асырады.
Осылайша өзі тістелеп жүріп жеткізді.
Қызының тәрбиесін ешкімге сенбеді.
Тіпті, туған Анасына.
Ана деп осындай жандарды Айтады!
Анасы Мәлике Итболды руынан шыққан атақты Аманбай қажының баласы. Өте биязы, пірәдар адам болыпты. Жалпы, бұл кісілер біздің жақтың қазағы емес. Сүйектері Кіші жүз Алшын болады.
Сақыпжамал әже айтар еді:
– Біз Тоқатай батырдың тұқымымыз. Осал жерден емеспіз,-деп.
Тоқатай батыр Сырым Датұлының көтерілісіне қатысқан қазақ нояндарының бірі. Арқа жеріне келгендеріне шамамен екі жүз елудей жыл өткен. Жаугершілік заманда жүріп осы елді жерсініп қалып қойған. Қазір бұл ұрпақ он атаға жетіп отыр. Шет ауданына қарасты Сарыжал тауының маңында, Ақбауыр елді мекенінде орналасқан.
Бала тапқанның бәрі әйел.
Сол баланың тілеуін тілеп қатарына қосқан-Ана!
Хадисте жұмақ Ананың аяқ астында делінген.
Анық айтылып тұр, әйелдің емес, Ананың деп!
Осыдан барып бақыр басты Ананың басы алтын басты еркектің басынан да артық! Осыдан барып Ананың Жер басқан табаны Көк тіреген еркектің басынан жоғары тұрады.
Дүниедегі ең сұлу әйелді білесіз бе?
Ол-жүкті әйел!
Сондықтан да Анадан өткен сұлу жоқ.
Алдымен Алла Тағалла, одан кейінгі мінсізі Ана болса керек!
Шөберенің қолынан су ішкен жұмаққа барады дейді.
Бұл көп жаса деген сөз емес.
Бұл мәпелеп баққан ұлың мен қызыңды тезірек аяқтандыр деген сөз!
Немереңді, шөбереңді өз көзіңмен көріп кет деген сөз!
Пәнилікте адамзат баласын дұрыс жолдан тайдыратын шайтани қарекеттер жеткілікті. Бір күннің қызығы үшін ұстанған мұратынан аздыратын уақиға да басымыздағы шашымыздан көп.
Бұл жалғанда адамды нәпсісіне байлап беретін жайттар аз емес.
Одан құтылудың жолы қызыңды тезірек тұрмыстату!
Одан құтылудың жолы ұлыңды тезірек үйлендіру!
Шөберенің қолынан су ішудің мәні осында!
Сақыпжамал әженің барлық баласы жоғары және арнайы оқу орындарын тауысқан. Балалары дәрігер, мұғалім, инженер сынды мамандық иелері. Арқа өңіріне есімі жақсы таныс алқаулы азамат Аманжол Нұрбеков осы кісінің баласы. Бүгінде Аманжол аға кеншілер қаласындағы медициналық колледждің директоры, көптеген оқулықтар мен ғылыми еңбектердің авторы, Қазақстанның білім беру және денсаулық сақтау ісінің үздігі. Сонымен қатар медицина ғылымының кандидаты. Немерелері мұғалім, дәрігер, экономист, заңгер, музыкант, банкир, спортшы, полиция қызметкері, тіл маманы сынды мамандық иелері. Олардың арасында Айдыны медицина ғылымдарының кандидаты, доцент.
Ал шөбересі Айжаны КИМЭП-тің магистранты!
Сақыпжамал әже осы ұрпақтарының бәрін көріп кетті!
Сақыпжамал әже Айжан шөбересінің қолынан зәмзам суын ішіп кетті.
Сақыпжамал әже қызын ерте тұрмысқа берсе, ұлын ерте үйлендірсе осындай сауапты себебі бар-ды! Сақыпжамал әженің өзі де үлкен отбасыдан шыққан. Ағалары Төлеу, Әбен, Дақар әскер қатарына қатар алынды. Төлеу ағасы сол бойы оралмады, Әбен ағасы аяғынан айрылып, мүгедек болып оралды. Қосағы Нұрбек саналы өмірін Ақтоғай, Шет аудандарында өткізген, осы елдерге беделін өткізген сыйлы азамат еді. Қазақы тілмен айтсақ-қайын жұрты.
Алайда соны Сақыпжамал әже елге айтқызбады.
Өйткені ол арысының басын өзінен жоғары қойды!
Заңды еңбек демалысына шыққаннан кейін үйреніп қалған қонысында қалу ниетін білдірген.
Сонда Сақыпжамал әже:
– Балалар жат болып кетеді!-деп орынды уәж білдірген.
Ана деп осыны айтады!
Сақыпжамал Қожасқызына қалай құрмет көрсетсек те жарасар еді.
Өйткені ол кісі шын мәнінде өз мағынасындағы Ана бола білді.
Ол отбасының Анасы бола білді!
Ұлы Отан соғысы кезінде тылда демалыссыз еңбек ете жүріп тұлымды қыз, айдарлы ұл әкелді. Бел жазуға уақыты болмаса да қызын қылықты, ұлын ұлағаты етіп өсірді! Еңбектегі жеңісі медальмен, отбасындағы жемісі «Батыр ана» алтын жұлдызымен ұлықталып жатты.
Ол әулетінің Анасы бола білді! Жеті қызды тұрмыстатып, бес келін түсірді.
Ол ауылының Анасы бола білді!
Құран Кәрімде қасиетті рамазан айында бақилық болғандардың жұмаққа баратыны айтылған. Ол кісі қасиетті рамазан айында баласы Хамит пен келіні Бикештің қолында көз жұмды.
Қазаға келген ел ырғын болды.
Ел қазаға келген жоқ еді.
Ел Анамен қоштасуға келген еді!
КЕЙУАНА
Жылдар алға жылжыған сайын қатары сиреп келе жатқан қарттар-қазынамызды тірі кезінде сыйлап, құрметтегенге не жетсін! Ел басына күн туғанда таңмен таласа тұрып, омыраудағы баласын арқасына байлап алып, тынымсыз еңбек еткен аналарымыздың көрген бейнеті ауызбен айтуға ғана оңай. Біз әңгімемізге өзек еткелі отырған 94 жастағы кейуана қазір Егіндібұлақ селосында тұрады. Рақымжанова Қапу әже 1915 жылы Шарықты селолық округінің Қызылшілік ауылында дүниеге келген. XX ғасырда ел басына түскен бүкіл нәубетті көзімен көрген көненің көзі. Бүгінгі күні қуыршақтай ғана болып шөккен ананың беті терең түскен әжімдермен айғыздалған. Әр әжімнің астында ананың өмірден тапқан ауыртпашылықтарының ізі сайрап жатқандай. Қаншама жазықсыз халықты қан қақсатқан Ұлы Отан соғысы басталып, ел басына күн туғанда күйеуі Нығметжан майданға кетеді. Ғапу әже үйелмелі-сүйелмелі бес баламен қалады. Үлкені небары 7-8 жаста ғана болатын. Тұңғышы Нүкен соңынан ерген бауырлары: Кәмен марқұм, Қайныш, Тілеубек, Советтерге кәдімгідей ес болып, анасына көмектесетін. Әкеміз келіп қалар ма деп өңшең қара домалақтар әкесін майданға алып кеткен кара жолдың бойына көздері талғанша қараушы еді. Аналары Қапу да жақсы хабар келіп қала ма деп құлағын тіге жүретін. Жылдар өтті. Майданнан арыстай азаматы оралмады. Ерінің соғыс даласынан оралмағаны Ғапу әженің арқасын аяздай қарыған. Өзінен сүйеу күтіп көздері жәудіреген ұл-қызын көргенде тез есін жинаған. Түбі жоқ қайғыға бой алдырмаған. Белді бекем буып отағасының орнын жоқтатпай, жатса да, тұрса да бес баласының қамын ойлайды. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмайды. Қысы-жазы бір дамыл таппай еңбек етеді. Жыландының басында бір өзі күніне үш мезгіл (таңертең, түсте, кешке) 30-40 сиыр сауған ананың еңбегін көз алдымызға елестетіп көрейікші. Бізбен әңгімесінде кейуана: -Жыланды деген жерде май зауыты болды. Соның бойында 24 шаруашылықтың әрқайсысы бір-бір табын сауынды сиырын әкеліп, ала жаздай (күз түскенше) сиыр сауатын. Таңертең, түсте, кешке 30-40 шақты сиыр сауғаным аздай, кешкісінде сүттен босаған кәткелерді жуып, кептіреміз. Сиыр сауатын шелектер де таза болуы керек, әйтпесе сүт іріп кетеді. Қыс айларында тайынша бұзауларды күтіп, малдың астын тазалап, жем-шөбін беріп бордақылаймыз. Ол кездері малдың тезегін шығаратын трактор жоқ. Тезекті талдан тоқылған себетке салып, оны арқамызға салып, далаға апарып төгеміз. Көктем шыға малдың төлін күтеміз. Кейбір бұзаулар әлжуаз болып туады. Әлгілерде шынымен сүт беріп, ширатамыз,-дейді қарт ана өткен күнге көз жіберіп. Бұғанасы бекімеген үрпе-шүрпе балалармен жүріп, үш мезгіл сиыр сауып, тыным таппаған ана абыройлы еңбегімен елдің алды болды. Бірнеше рет еңбек жарысының жеңімпазы болып, жалаушаларға ие болды. Соғыс кезінде «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Тылдағы еңбегі бағаланып, бірнеше медальдарға ие болады. Балаларын жалғыз өзі жеткізіп, өмірдің бейнетін көріп, адал еңбегімен абыройға бөленген кейуана бүгінде шөбере сүйіп отыр. Жатса да, тұрса да Ғапу әже әрбір атқан таңға шүкіршілік етіп, елінің, ұрпағының амандығын тілейді.
ҚАЖЫАПА
Құс төресі бүркіттің болмысына үңіліп көрдік пе екен осы?
Кәнігі құсбегілер ұябасары жалғыз жұмыртқа табады дейді, оның екеу табатынын да айтады, алайда соның біреуі қалады дейді. Күштірегінің әлжуазын ұядан итеріп шығарып тастауы қисынға сыяды, мен өзім солай деп ойлаушы едім. Бұл жайттың анық-қанығын кейін білгенімде таңданысымның шегі болмады. Айтушылар ұябасар мен шәулі балапандарын кезек жемдейді дейді. Сонда олар ең алдымен ұрғашысын қоректендіреді екен. Мұнан табиғат-ананың ертең үшін өмір сүретінін, соны белгісіз күштер арқылы реттеп отыратынын көреміз. Ал не нәрсенің ертеңі қашанда жасампаздықта жатады. Сонан да табиғат өзі тектестерді тудырады. Он сегіз мың ғалам ішіндегі адамзат баласының мұндай жасампаз күші аналық бастауда-Анада жатыр. Ана деген тек бала туу емес, ол өзі дүниеге әкелген шаранасын көзі жұмылғанша жетілдіре беретін және ертеңі үшін өзі әлпеттестерді тудыратын күш. Осыдан барып әйел мен ананың ара жігі анықталады. Ананың бойынан табылатын жасампаздық әйелдің бәрінде бола бермейді. Елдің имандылық жолына жаппай бет қойғаны, әжетхана мен мал қоралардың мешітке айналғаны тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Кешегі қызыл коммунистер қоқырайтып басына сәлде ораған, құдайсыздар ұйымын басқарғандар енді мешіттің төрінде отырды. Мұнан, әрине, елдің бәрі мұсылман болып кеткен жоқ, алайда сол қоқиған сәлдеге деген елдің құрметі оянған, әсіресе, елдің шылаушынға деген құрметі ерекше еді, өйткені одан имандылық жұпары есетін. Қазақ баласының ділін, тілін, дінін сақтауға бірден бір сеп болған осы шылаушын еді. Ол тазалықтың, кіршіксіз тазалықтың рәмізі іспеттес болатын! Сондықтан оның орны қазақтың киіз туырлықты отбасында биік тұрды. Сондықтан да оны екінің бірі кие алмады. Ол үшін өзің шылаушындай кіршіксіз таза болуың керек еді!
Соны кие алғандардың бірі осы-Қажыапа!
Мәнеш қажы Смаханқызы Арқа өңіріндегі Шет ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының тумасы. Атауында тұрғандай бұл бұлақтары бұрымдай жарысқан жасампаздық әлуеті қуатты өлкенің бірі, соған орай тұрғындары басқа жерге қарағанда нұрлырақ, реңдірек келеді. Қоқырайтып сәлде ораған, малытып шылаушын ілген аталар мен әжелер мұнда аз болмаған. Әлі де таусылып біткен жоқ. Осы ауылдың біраз баласы Алла үйінде имам болып отыр. Имандылық жолында жүргендері қаншама?!
Солардың арасында Қажыапаның орны ерекше деп білем.
Ол кісі Арқа қазақтары ішінде қажылыққа алғашқылардың бірі болып жүрген адам. Әппақ болып малына киінетін, қашанда шылаушынын тастамайтын мұндай жандарды көргенде өзіңнің де жан дүниең тазарып қалады, қалды оларға деген құрмет сезімің оянады, оянған болса еселене түсер еді.
Қажылыққа ол кісіге дейін де әйелдер барған.
Ол кісіден кейін де барып келіп жатқандары қаншама. Алайда солардың арасында Қажыапа атанып жүргендерін кездестіре алмадым. Мұндай адамдардың көзге байқалмай қалуы мүмкін емес. Бәлкім, бар да шығар. Бірақ біздің өңірде емес. Имандылық жолындағы адамның бес парызының бірі-қажылық. Бұл атақ, лауазым, немесе басқадай бір артықщылық емес. Бұл амал, Алла жолында жүрген адамның істейтін міндетті амалдарының бірі, өкініші пендешілікпен осы амалды өткеріп келгендер қандай да бір артықшылыққа ие болғандай санатта жүреді, оның амал екендігі тарс есінен шығарады. Бұл әңгіменің ұлағаты өзінде жатыр. Қажы атану оңай емес, ал сол атақты алып жүру одан да қиын...
Сондықтан да бізде Қажыағалар бізде селдір.
Сондықтан да Қажыапалар бізде некен-саяқ.
Сол топтың басына мен Мәнеш қажыны апарып қояр едім. Имандылық нұрының ауылға дендей енуінде осындай жекелеген адамдарының жеке бастарының ұлағаты жатыр. Мен ол кісіге Қажыапа атағы қажылыққа барып келгеннен кейін емес, қажылыққа сай іс-әрекет етіп, имандылық жолында жүргеннен соң берілді-ау деп ойлаймын. Бұл қандай да бір ресми мекеменің, немесе басқадай бір діни орынның пәрмен шығарып, бармақ басып берген атағы емес, бұл халықтың өзі берген, жуық маңда ұмытыла қоймайтын атағы деп білем. Ал халық мұндай қолпашқа қашанда сараң келеді. Сондықтан да ел тарихында сал-серілер, шайырлар, емші-құшынаштар, бақсы-балгерлер саусақпен санап аларлықтай селкеу. Сондықтан да Қажыапалар бізде аздау. Қажылыққа әйелдерден гөрі ер-азаматтардың көбірек жүретіні белгілі. Жылына мыңдап барады. Солардың ішінде Қажыағалар ондап қана саналады.
Басты себебі тереңде жатыр, қажылықтың ел артқан аманаты жатыр. Мәнеш апаға әу бастан абырой жазылса керек, оның сынақтан көрінетіні және белгілі. Алла Тағаланың үмбетіне жіберер сынағы аз емес-ау. Сондай сынақты Мәнеш апа басынан аз өткізген жоқ, соның барлығын сабырлықпен қабылдаған адам. Ер-азаматтың қамал бұзар жасында арқа сүйер арысы Сағындық Қалыбекұлынан айрылды. Сақаң бұл жарықта небәрі қырық үш жыл тұрыпты. Соның өзінде есімі еліне білінген. Соны бір ұшығы осы Қажыапада жатыр-ау деп ойлайсың. Өйткені ол кісі азаматын артына қаратып, алаңдатпады. Азаматын түздің адамы деп білді. Сонан да Сақаң мынау Шет, Ақадыр аудандарында басшы қызметтерде жүрді. Аудан басқарған жоқ, совхоз да басқармады. Ол кезде шаруашылықтарда жұмысшылар комитеті деген болды. Бар-жоғы соның жетекшісі еді. Басқа елдің бұл қызметтегі орыны білінбей де жатады. Соның барлығы адамына байланысты болса керек. Сақаң бұл жұмысты атқарғанда елдің бәрі бұл қызметке басқаша қараған. Дүниенің тұтқасы сол кісінің қолында тұрғандай көрінетін. Сол арысы орта жолда адастырып кетті. Алды-артын әлі танып бітпеген алты баламен Қажыапа қалған. Әйелдікке салып әлдекімдей аңыраған жоқ, сабырлылық танытты. Құдайға шүкір, Қажыапада көркем мінезбен бірге әйелдік көрік те бір басына жетерлік-тін, ерте ме, кеш мұндай әйел баласының өз жөнін табатыны белгілі. Осыған орай ел ішінде сыпсың әңгіме жүре бастаған, Мәнеш апаның ертеңі туралы алуан болжам айтылған.
Осылайша таразы басына Қажыапаның әйелдік және Аналық болмысы қатар түскен. Әйелдік бастауында нәпсі жатыр да, аналықтың негізінде бейнет жатыр. Ұрғашы болып жаралғанның бәрі бірдей Ана бола бермейді.
Әйелдік әркімнің басына жазылған.
Аналық біркімнің басына жазылған.
Хадисте жұмақ Ананың аяғының астында деген.
Сол Ана алдында Адам баласының өтейтін үш қарызы бар екен. Сол қарыздың біреуін өтесек те орнымыз жұмақ екен. Міне, Ананың бәсі қандай! Анаға біздер қанша жақсылық жасасақ та сол үшеудің біреуінің өтеуіне жарамайды дейді. Ана бізді құрсағында тоғыз ай тоғыз күн көтереді. Бұл ер адам бір күн де көтере алмайтын ауыр мехнат екен. Адам Ата Һауа анамызды бір тал қабырғасынан жаратқан. Ал Һауа ана Адам Атаның ұрпағын бір түйір қаннан жаратқан! Ана ұрпақ жалғастығын өз өмірінен жоғары қояды. Бұл жай ғана әйелдің қолынан келмейді. Бұл тек Ананың қолынан келеді. Ол ұрпағы үшін өмірін қияды! Оның барлық болмысы аадмзат баласының ертеңі үшін жұмыс істейді. Екіншісі, бізді көтергенде Ананың бір аяғы көрде, бір аяғы жерде тұрады дейді. Бұл жөнінде Қисса сұл-әнбиеде «Әйел адам өлімнің ащы дәмін татады» дейді. Ана баласы үшін, ұрпақ жалғастығы үшін о дүниеге барып келеді екен, басын өлімге тігеді екен. Ана солайынша дүниеге сәби әкеледі, ал әйел түсік тастар еді. Адам баласы дүниеге келгенде жазылмаған әппақ қағаздай болып келеді. Соны көркем етіп жазу Аллаһтың көмегімен Ананың қолында екен. Оның алғашқы ғарпі «Бесік жырымен» түседі. Сәбидің іші қандай таза болса сырты да сондай таза болуы керек. Сол тазалық Ананың қолымен жүзеге асады. Дүниедегі ең жиіркенішті нәрсені білесіз бе? Ол адам баласының нәжісі. Ана содан жиіркенбейді. Ертеңі үшін, баласы үшін. Аналықтың осынау асыл қасиеттерін Мәнеш апа шешесі Насихадан алып қалған. Анасы өзіне пірәдарлықтың үлгісіндей болып көрінетін. Сол пірәдарлықтың өзін айнымай табатынын кім білген? Анасы өзін болашақ Ана қалпында көрді, соған тәрбиеледі. Ауылдың, ауыл арасының ұсақ әңгімесіне жүрмеді, бар ғұмырын ауылдың ақыл салар Анасына арнады. Ақылдан сасқан азамат өзін тапты. Соның бәрі өмір көргеннен, әу бастанғы тәлім-тәрбиеден.
Ең бастысы Мәнеш апа балаларын әкесінің тәрбиесінен қалдырмады!
Бұл да тәрбиелеген. Қызын да, келіндерін де. Ана болуға.
Әр баланың орны бөлек ғой. Сол балаларының ішінде Кәмалиінің орны бөлек еді. Кәмалидің ғұмыры келте болып шықты. Жол апатынан қайтыс болды. Әкесінің де жасына жетпеді. Сол қайғыны да көтерді. Сабырлықпен. Енеге қарап өскен келін қара жамылып отырып қалмады. Ол Анасына қарап балаларын әкесінің тәрбиесінен қалдырмауға ұмтылып отыр. Алманың ағашынан алысқа түспейтіні осылайша көрінген.
Құран Кәрімде айтылған. Ерін күткен әйелдің орыны жәннат деп.
Анамыз Аяулым келініне дән риза. Кәмалиінің орнын күткен.
Қашанға дейін күтеді?
Ал өзі болса күтіп келеді!
Бақилық күтеді!
Балаларының әкесінің орнын!..
АНАСЫНДАЙ БОЛҒАН ӘПКЕ
Жүзіне жылы шуақ ұялаған Көкіжан апаймен әйелдер мерекесі қарсаңында облыс әкімінің есімін ел сыйлаған әйел-аналарға жайған ақ дастарханы басында тілдескен едім. Қара нар көтере алмас жүкті қарапайым қазақ әйелі қайсарлықпен көтеріп келе жатқанына қайран қалдым. Көкіжан Әбәкірова «Жазмыштан озмыш жоқ» Алла әу баста пешенеге не жазды соны көресің, одан қашып құтылмайсың» деп үлкендер күрсіне айтып отыратын сөздің ақиқатына еш шүбә келтірмейді. Тағдыр оны жастайынан маңдайынан сипай қойған жоқ. Он беске енді шығып келе жатқанда иіс тиіп, әке-шешесі қайтыс болды. Соңынан ерген бес бауырының бар салмағы үйдің үлкені бұған түсті. Жастайынан жетім қалып әпкелеріне жаутандай қараған бауырларын асырау үшін небары он бес-ақ жастағы жұдырықтай қыз жан ұшырып тығырықтан шығудың жолын іздеді. Мектептегі оқуын тастап, қара жұмысқа араласты. Жұмыстан қолы қалт етіп босай қалса, бауыры мен сіңлілерінің киімін тігіп, дәмді тамақ пісіріп, ата-анасының орнын жоқтатпауға тырысты. Сәнді киім киіп, бойын түзеп, бойжеткен болып, бозбалаға көзінің қиығын салатын уақыт онда болған жоқ. Есіл-дерті өзінен кішілерді аяғынан тұрғызу болды. «Жас өспей ме...» дегендей, қарылғаштың қанатымен су сепкендей жетектеген Серік, Қанат, Сағат, Дәмет, Орынтайлар есейіп, өмірден өз орнын тапты: Тұла бойы жылылық пен жүректілікке толы Көкіжан да өмірлік серігін тауып, алтын асықтай бес бала сүйді. Өзі тұратын Шет ауданы орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте еден жуушы болып еңбек етті. Тағдыр пендесін тәлкекке саламын десе түк емес екен. Күтпеген жерден арыстай азаматынан айырылды. Жасынан таратқан жетімдік тауқыметі аздай енді есін жинай бергенде жесірлік қамытын киді. Бірақ өмірдің сынынан сүрінбей келе жатқан рухы мықты ана бордай езілмей, «Болған іске болаттай болып», мама қаздай балаларын қанатының астына алды. Әке орнын жоқтатпауға тырысты. Алла « Бір айналдырғанды шыр айналдырады» дейді. Кенеттен туған бауыры Сағаттың жұбайы қайтыс болды. Артында үш баласы жылап қала берді. Анасынан айырылған балалар ананың аялы алақанын аңсайтынын жан дүниесімен сезінген әпке байғұс қалай алаңсыз ұйықтасын. Көп ойланған жоқ, бауырының балаларын да құшағына басты. Өмірдің басқа салған сынағы мен тәлкегіне қарсы тұрып, қаншама жандардың жүрегіне мейірімділік шуағын төге білген Көкіжан Әубәкірованың еңбегі шын мәнінде үлкен ерлік. Өмірдің болмашы сынағынан өзгені түгілі, өз қара басын алып шыға алмай, шыдай алмай, сынып, сыр беретін жандар да тірлікте көп екені жасырын емес. Көкіжанның осы күресі көпшілікке ой салғандай. Бүгінде бауырлары мен балалары азамат қатарына қосылып, өз алдына еншісін алып кетті. Олардың қай-қайсысының болсын аналарындай болған әпкелеріне айтар алғысы шексіз. Қандай қызық қуанышты болсын Көкіжан апайларысыз шешпейді. Талайына осындай ақылды, мейірімді әпке жазғанына тәуба деседі. Адам баласының бәрі осындай бір-біріне мейірімді, жүректері жұқа болса ғой, шіркін!
ҮІ БӨЛІМ
АРҚАСЫН ҚЫСҚАН БІР КҮШ БАР...
ЕГІНДІБҰЛАҚТЫҢ ЕР ҚЫЗЫ
Бұқаралық ақпарат құралдарында ұзақ жыл еңбек сіңірген, Еңбек және тыл ардагері, сексеннің бесіне аяқ басқан Жөкенқызы Бибі-Бәтима (Бәтжан) апамыздың кеудесі толған сыр сандық десе болғандай. Шертіп қалса кеудесі күмбірлеп шыға келетін апамызды бірінші рет көріп отырған жоқпыз. Бірақ сыр сандықты басудың реті енді ғана келгендей. Қара шаңырақтың шырықшысы болып отырған апамыз жылы қарсы алды. Сырттан енгенбіз (тіл-көзіміз тимесін) «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпеген» дегендей, апамызға 85 жасты бергіміз келмегені рас. Өмірінің көбін журналистика саласында өткізген апамыз менің қойған сауалымды күтпей-ақ шешіліп сөйлесіп кетті.
Жазықсыз жапа шеккен
-Апамыз 1923 жылдың желтоқсан айының 15 күні Егіндібұлақ өңірінің Арқалық ауылында туған. Бибі-Бәтима деген есімді Құраннан алып қояды. Аты ауыр тимесін деп ата-анасы оны Бәтижан деп кетеді. Соңынан ерген ұл мен қыз қайтыс болып, Бәтжан жалғыз қалады. Апамызды тектіден қалған жалғыз тұяқ десе болғандай. Ұлы атасы Ордабай қажы болған. Өз атасы Әбдірахман молда болып, ауыл балаларына арабша хат танытқан. Әкесі Жөкен, анасы Зәмәрия Кесікбайқызы өз заманында ел басқарған белсенді адамдар болған. Дәлірек айтқанда, әкесі Жөкен Ордабаев Егіндібұлақ аудандық, партия комитетінің нұсқаушысы, немере ағасы Мәжит Жаңаарқа ауданының партия комитетінің хатшысы қызметін атқарса, анасы Зәмәрия Егіндібұлақ ауданындағы әйелдер бөлімін басқарды. Анасы кезінде республикаға есімі белгілі диктор Жәнел Асқарованың әкесі Асқардан сауатын ашады. Бәтжанды кішкентай кезінен әкесінің қарындасы Рузия асырап алады. Жеті жылдай осы тәтесінің қолында болады. 1933 жылғы кәмпескелеу кезінде Рузия тәтесі бас сауғалап Барнаулға кетпек болғанда, әкесі «Жалғыз қызымды қаңғыртпаймын» деп алып қалады. Қарқаралы сол жылдары округ орталығы болған. Округтің атқару комитетінің төрағасы Абдолла Асылбеков, округтік комитеттің хатшылары Нұрғали Нұрсейітов, Мансұр Гатаулиндермен Ордабаевтардың отбасы қоян-қолтық араласады. Ленин көшесінің бойында бірге тұрып, бірге жұмыс істеп, бір-біріне қонаққа барушы еді. 1934 жылы округтік партия комитеті шешесін Семей қаласындағы тоғыз айлық білім көтеру курсына оқуға жібереді. Екі жылдан кейін әкесі мен шешесі кішкентай Бибі-Бәтиманы алып астанадағы партия мектебіне оқуға кетеді. Оқуды ойдағыдай тәмамдап оралған соң әкесі 1937 жылы Қызылтау ауылына партия ұйымының хатшысы болып сайланады. Бұл 1937 жылы қаншама жазықсыз халықты жылатқан ауыр жыл болды. Осы жылдың қараша айының 22 күні немере ағасы Мәжит Ордабаев «Халық жауы» деп тұтқынға алынып, атылып кетеді. Көп ұзамай Бәтжан апайдың ата-анасында тұтқынға алады. Анасын Колыма лагеріне 10 жылға айдап жібереді. КПСС-тің ХХ сьезінен кейін әкесі Жөкеннің лагерде іш ауруынан қайтыс болғаны жөнінде анықтама қағаз алады. Бұған кім сенеді?! Жөкен Ордабаевтың да Мәжит ағасы секілді атылып кеткеніне ешкім де шүбә келтірмейді. Әлпештеп отырған әке-шеше кеткен соң Бәтжанның да берекесі кете бастайды. Қит етсе «Халық жауының қызы» деген сөз алдынан шығады. Ауылда Тұрардың Қалиы деген «Әке-шешең кетті. Балалармен бірге барып масақ тересің» дейді. Ата-анасының арқасында бұлаңдап өсіп келе жатқан ерке қызға бұл сөз ұнай қоймайды.
Тәуекелге бел буып
Әке-шеше кеткен соң Қарағандыдағы шешесінің немере бауыры Қозыбаев Қаңтарбай деген нағашыларын сағалайды. Қаңтарбай Мәскеуге барып, Калининнің қолынан медаль алған әскери адам. Ол 1942 жылы майданға кететін болды да, бала-шағасын ауылға апарып тастауды ұйғарды. Ауылда онымен бірге туған ет жақын ешкім күтіп отырмағанын білген Бәтекең ауылға бармайтынын кесіп айтады. Нағашысы әйелі мен бала-шағасын ауылға апарып тастайды да, айтқан бетінен қайтпаған оны Тәшкенбаев деген немере туысының үйіне қалдырады. Ешкімнің де маңдайы шылқып отырған кез емес. Бір әбдіре толған тәуір киімі болса да, күнделікті күнкөрісіне бола ешкімге кіріптар болғысы келмеген ер мінезді қыз екі қолға бір жұмыс таппақ болып ширығады. Ол жылдары Жаңа қала мен ескі қаланың арасында вагон қатынайтын. Бір күні жұмыс іздемек болып вагонға кірсе, қара костюм киген, үсті-басы тап-тұйнақтай ақсұр бір жігіт отырады. «Халық жауының қызы» деген сөзден зәрезәп болып қалған Бәтекең «КГБ-ның кісісі» екен деп қалып, одан бойын аулақ ұстайды. Тексеруші қасына келіп: «Билетіңіз қайда?» дейді. Билет түгілі, ақшасы жоқ Бәтекең абыржи бастайды. Сол сәт қасына мана өзі қорыққан кісі келіп, жол ақысын төлейді. Сөйтсе бұл қызметкерлерге арнайы вагон екен. Сыртқа шыққан соң әлгі адам «Менімен бірге жүр» дейді. Қолға түскен жерім осы екен ғой деген үрей билейді. Кенет әлгі адам:
-Сен осы Ордабаев Жөкеннің қызысың ба?-дейді.
Мән-жайды біліскенде әлгі кісі «Қарағанды пролетариаты» газетінің жауапты хатшысы Қағаз Сәденов деген журналист болып шығады. Бетті қыз Бәтжан:
-Ендеше маған жұмыс керек,-деп мәселені қабырғасынан қояды.
Қағазекең редакцияға алып келіп, қуықтай бөлмеде тұрған машинканы көрсетіп, осы жерде жұмыс істейсің дейді. Басында жүрексінеді. Егіндібұлақтағы Ленин орденді, білімді де білікті ұстаз Қажыкен Смайыловтың алдынан 4 сыныптық үздік білім алған, әрі бала күнінде кітапты көп оқыған Бәтжан апай жұмысты шыр көбелек айналдырып әкетеді. Бір сағатта 10 бет қағаз басады. Газетте жұмыс істей жүріп «Қарағанды қыздарына», «Жардың серті», «Мәлік Ғабдуллин ағаға» атты өлеңдер жазады. Алматыды өткен Қазақстан ақындарының 2 сьезіне делегат етіп сайлайды. Газет бетіне шағын ақпараттар жазып, көзге түседі. Газет редакторының орынбасары Аллажар Теміржанов пен Қағазекең екеуі апамызға «Қаламыңның желі бар, әдеби қызметкер бол» деген ұсынысын айтады. Сөйтіп, газеттің Көмір бөліміне барады. Сол кездері «Макаров» деген көмір қазатын комбайн шығып, соның іске қосылғанын жазу керек болады. Өжет Бәтекең №18 шахтаға түсіп, «Макаров» комбайнын көріп, тартымды материал жазады. 1948 жылы Колыма лагеріне айдалып кеткен анасы 10 жыл отырып, аман-есен қызына оралады. Бұл кезде апамызға редакция екі бөлмелі пәтер берген еді. Қолында анасы бар, Ленинградты қоғауда контузия алып келген нағашы ағасы Қаңтарбай бар бәрі қаршадай Бәтжанның пәтерінде тұрған соң тынымсыз еңбек етіп, мол жалақы табу керек болды. Бәтжан апай бұған дейін де жұмыс істеген радиоға барып қосымша жұмыс сұрайды. Осыған дейін ағалық қамқорлығын аямай келген радионың төрағасы Жақан Рақымов пен бас редакторы Әуезхан Көшімов қосымша жұмыс береді. Сөйтіп, редакция мен радионың арасында қарбаласқан толы күндері өтіп жатады. Апайдың елге белгілі ақын, жазушылардың кітабын басып беріп, еңбегіне бір тиын алмаған кездері болды. Ол қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» романын үш-ақ айдың ішінде басып береді. Сонда белгілі жазушы «Қалқам менің сенімен жасты қызым бар. Алматыға алып кетейін, екеуіңді бірге оқытайын» дейді риза болып.
Сыңарын тауып сыйласқан
Өмір деген қызық. Бір күні жүгіріп редакцияға келсе, бір жігіт өлең оқып тұр. Бұл Дәулетбек Әкімбеков деген жігіт дейді маңайындағылар. Өлеңіне құлағын тіге қалған ол «Жазғандары Мағжанның өлеңдеріне ұқсайды екен» деген ой түйеді. Бірақ табиғатынан тәкаппар қызға Дәулетбектің талғамсыз киінген кейпі ұнамай қалады. Іле-шала жүгіріп радиоға жетеді. Ойы жылдамдатып «Жаңалықтарды» басып тастау.Екі өкпесін қолына ұстап мұнда жетсе, гәзет кеңсесінен көрген әлгі жігіт әріптестерінің арасында тұр. «Ой ғажап-ай, жаңа ғана ана жақта жайбарақат өлең оқып тұрған жігіт, мұнда қалай келіп үлгерген?!» деп таң қалып, сырт киімін шешуге ыңғайланса, әлгі бұған жақындап тонын шешуге ыңғайланады. Басында жаратпай қалған бұл бірден «Кет әрі» деп әлгі жігіттің кеудесінен итеріп жіберген. Әріптестері ду күлді. Түк түсінбей, әлгі «Дәулетбек» деп тұрған жігіттің бетіне дұрыстап қараса, үті-басы жинақы, мәдениетті, сүйкімді жігіт күлімсіреп қарайды. Сөйтсе бұл егіздің сыңары Қыздарбек Әкімбеков болып шықты. Ақмола облыстық газетінен келген беті екен. Өзі ақылды, өзі сұлу, еті тірі қызға кім құмартпас. Сөйтіп, Қыздарбек жездеміз екеуінің арасындағы сүйіспеншілік сезім оянады. Шаңырақ көтеріп, апамыз сүйгеніне арыстай бес ұл сыйлайды. Қазақ «Бес ұл тапқан ананы, Ханым десе болмай ма?!» деген. Жары Қыздарбек екеуі бірге жүріп, газеттің суығына тоңады, ыстығына күйеді. Қызкең қаламы жүйрік журналист еді. Ол газеттің қарбалас шағынан қолы қалт етсе, әңгіме, очерк, пьесасияқты кесек шығармалар жазды. Апамыз түзде ерлерше еңбек етіп, үйде қазанынан ас түспейтін сүйкімді әйел, балаларына жақсы тәрбие берген ана бола білді. Отбасында бірыңғай ер бала болған соң, анасы да іші елжіреп тұрса да қатқылдау көрініп, ұлдарына қабағын бере бермейтін. Сол тәрбиенің табысы болса керек қос ұлы атап айтсақ: Назымбек пен Ардабек, полиция полковнигі, Әзімбегі техника ғылымының докторы, профессор. «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, Тұяғы бүтін тұлпар жоқ» демекші, екі ұлынан айырылып қалғаны ана жүрегін әлі күнге дейін сыздатып, жанарына жас іркіледі. Күні бүгінге дейін балаларының суретіне қарап, сағынып, суреттегі бейнелерді алақанымен ұзақ аялай сипайды. «Орныңды бар оңалар» дегендей әжелеген Темірбек, Әмірбек, Әлібек, Дәуренбек, Гүлмира, Меруерт сияқты немерелері, немерелерінен сүйген шөберелері барлығына шүкіршілік етеді.
Орындалған арман
Жақында ғана баспадан отағасының өзі көре алмай кеткен кесек туындыларының басын қосқан «Жүрек жылуы» деген кітабы жарық көрді. Өткен күннің шежіресіндей болып отырған апамыз Бибі-Бәтима Жөкенқызы кітаптың алғы сөзінде: -Иә, бұл жалғанда ойлаған мақсатына жетуді армандамайтын адам жоқ. Біздің буынды тағдыр маңдайдан сипамады. Менің тағдырым отағасының тағдырымен орайлас болып шықты. Ағасы «Халық жауы» деп ұсталған ол да тіршілік қамымен түрлі жұмыстарға жегілді. Қос жетім, туған жерден тағдыр тәлкегімен аласталып кеткен екі бейбақ Қарағандының радиосы мен газетінде жүріп табыстық. Екеумізге ортақ қасиет Әдебиет пен өнерге деген құштарлық еді. Әйтеуір, әпіл-тәпіл ержеткен балалар біздің қуанышымыз болды. Отағасы жыл өмірін журналистикаға арнады. Екеуміз де тыл және еңбек ардагеріміз. Отағасым өмір бойғы арманына жете алмай, 2001 жылы өмірден озды. Тәуелсіздіктің арқасында келген жақсылықты сексеннің бесеуіне келген мен көріп отырмын. Ақыл-есім дұрыс уақытында ең болмаса отағасының бір арманын-жазған туындыларын кейінгі буынға қалдыруды мақсат етіп отырмын,-деп толғанады. Осы кітапты шығаруға көмектерін аямаған балалары мен немерелеріне аналық ақ сезімін білдіреді.
Тәрбиенің ұсақ-түйегі жоқ
Апаймен әңгімелесіп отырғанда телефонның қоңырауы шырылдап дамыл бермеді. Мен сол уақыт анасының хал-жағдайын дамыл-дамыл сұрап тұрған балалары мен немерелеріне іштей риза болып отырдым. Апайдың айтуына қарағанда, балалары қандай жауапты жұмыс істесе де, шешелерін бір сәт жадынан шығармайды екен. Бүкіл бала тағамдарын көтеріп әкеліп, туған күндерін үлкен үйде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Қарағанды техникалық университетінде білдей проректор болып жұмыс істейтін ұлы Әзімбек Әкімбеков «Анашым, сіз мені «жөндемей» тұрғанда, өзім Сізге «Жөнделуге» келдім. Не бұйырасыз?» деп сыйлап, аңқылдап жиі келіп тұруды әдетіне айналдырған. Мұның өзі кейбір қызмет бабында болып-толдым деп ата-анасын керек қылмай кеткендерге үлкен сабақ болғандай. Екінші қабаттағы апамыздың ас үйінен шыққан еттің дәмді иісі сырттан келе жатқан адамның танауын жарып, тәбетін оятады. Әйел болған соң суыртпақтап сыр тартқанмын. Мәймөңкелеуді білмейтін Бәтекең: -Мен күні бүгінге дейін бір тамақты екі рет жылытқан адам емеспін. Тағамды да баптап, дәмді етіп жасау керек. Дәмсіз тамақпен асқазанды алдай салуға болмайды. Жасыратыны жоқ, бүгінгінің кейбір келіндері тамағына қаншама дәмдеуіштер қосып пісіріп жатады. Ал тағамның хош иісі қазанның қасына барып иіскесең де шықпайды. Менің ойымша тамақты дәмді етіп пісіру де өнер,-дейді ағынан жарылып. «Сіңіліммен әңгімелесіп біраз отырып қалдым. Мен әлгіге телефон соғайын, ауырыңқырап қалды деп еді» деп радио телефон құлағына жармасқан апамыз танысының ұялы телефонының нөмерін жатқа айтып, тере бастағанда таң қалғаным рас. Шынында да адамның түбінде бар тектілік әр жерінен бір көрініс беріп қала береді екен-ау деп ой түйген мен сексеннің сеңгіріне шығып, әдемі қартайған апамызға амандық-саулық тілеп, дән риза болып аттандым.
ДАУЫСЫНА ЕЛ СҮЙСІНГЕН ДИКТОР
«КСРО телевидение және радио үздігі», «Мәдениет қайраткері», «Еңбек ардагері» белгілерінің иегері Рахимова Галина апайымызды облыс жұртшылығы жыға таниды десем еш қателеспеген болар едім. Осы бір диктор апамызды бала күнімізде теледидардан көргенде көркіне көңіліміздің хошы келуші еді. Кейін журналистика саласында әріптес болып соңынан ергенде де «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпегендігінің» куәсі болдық. Сол баяғы бала күнімізде теледидардан көрген күлім көз, иман жүзді, бәденді апамызды жақыннан көрген соң ол кісінің көркіне ақылы сай, білімді, іскер жан екеніне тәнті болдым. Халқына сыйлы, үлкендердің батасына, кішілердің құрметіне бөленген апамыз бүгін 70 жастың желкенін көтеріп отыр. Жетпіс жасқа жеткенше жұртына жеті сөз айта алмаған жандар да жетерлік. Бірақ Галина апайымыздың маңдайына дүйім жұрттың алдына шығып, дүниеде болып жатқан жаңалықтарды жеткізу бағы жазылыпты. Галинаның бойында тектілік бары бірден байқалады. Кіндік қаны кешегі Біржан сал, Ақан сері әуелетіп әнге салған жер жаннаты Көкшетауда тамған. Әкесі Сағындық Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда теміржол бойында тынымсыз еңбек еткен. Жұмыстастарымен бірге Сібірде ұшақтар жасауға қажетті өнімді Көкше топырағынан өтетін теміржол арқылы жіберуе күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмепті. Анасы Бәтима «Әкелерің 48-ден келді, тынықсын. Сендер мазасын алмаңдар» дейтін. Анасының «48» дегені әкесінің екі тәулік жұмыста болып келгені екен. Ал соған қарамастан әкесі бір-екі сағат тынығады да, атын арбаға жегіп, шөп шабуға кететін. Шешесі болса үйемелі-сүйемелі төрт қызды тап-тұйнақтай етіп таза ұстап, үйдің шаруасын шыр көбелек айналдыратын. Сөйтіп, әке-шешесі бірі түздің, бірі үйдің шаруасын бітірген жандар еді. Сауаты бар бола тұрып, білімін байытуға еш мүмкіндік болмаған ата-анасының көкірегі рухани байлыққа, бойы адамгершілікке, жүрегі жанашырлыққа толы болатын. Бірақ онысына өкінбеді. Соңынан ерген балалары барына қуанды. Қызғалдақтай құлпырған қыздарын оқытып, өмірден өз орнын табуына жағдай жасады. Әке мен шешенің арманы орындалды. Зәйни, Дәмелі атты қыздары дәрігер, Сара мен Галина филолог болып, жоғары білім алды. Ата-анасы сияқты еңбекқор, ізденімпаздығының арқасында өздері еңбек еткен ортада ел аузына іліге бастады. Әсіресе Дәмелі Рахимова көзі тірісінде облысымыздағы «Қызыл Крест және Қызыл жарты Ай» қайырымдылық қоғамын ұзақ жыл абыроймен басқарып, көпшіліктің батасына ие болды. Галина Қарағанды педагогикалық инстетутында оқып жүрген кезінде түрлі үйірмелерге қатысып, қоғамдық жұмыстың қайнаған ортасында жүреді. Телевизияға келгені де қызық. Галина оқитын институттың көркем өнерпаздарын телевизияға шақырады. Сондағы бишілер тобының ішінде Галина да болды. Сол кезде телевизия диктор іздеп конкурс жариялайды. Режиссер Айтуған Салықов (марқұм) сондағы бишілер ішінде бір бала бар, соны көрсек қайтеді десе керек. Сонымен телевизия ұжымы инстетуттың қыздарын іріктеп конкурстан өткізеді. Соңғы байқауға екі адам түсіп, нәтижесінде үшінші курс студенті Галина Рахимова диктор болып қабылданды. Осынау еңбек жолы-өмір жолына ұштасатынын бойжеткен қыз сол кезде сезді ме, десеңші! Шіркін-ай, сол уақыттағы адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы, жанашырлығы, білгенін үйретуі керемет еді-ау! Алғашқы телевизия ұжымын іріктеп, қалыптастыра білген алғашқы диктор, кейіннен облыстық телерадиокомпанияның төрағасы болған марқұм Қали Аманбаев ағамыз жоғары білімді, ұстамды, қатты дауыс көтеруді білмейтін байсалды, мәдениетті басшы болатын. Галина осындай басшы басқарған ұжымға келгеніне Аллаға шексіз ризашылығын білдіретін. Алғашқы диктор Майра Ахметовадан да үйренгені жетерлік. Жас маманның оқыған-тоқығанын іске асыруда редакторлар Қаратай Қаюпов, Қыздарбек Әкімбеков, Жәкең Мұзапаров, Шәмшит Қалмағанбетов, Масығұт Халиоллин, Л.И.Дикельбойм, А.Г.Хамидуллин, В.А.Колобаева және тағы басқалары ат салысты. Сонымен қатар режиссерлер мен операторлардың қосқан үлесі де ұшан-теңіз. Дикторлар қатарында Владимир Жаров, Светлана Тарасова, марқұм Ескендір Тиышмағанбетов, Тамара Ширяевалармен тату-тәтті еңбек етіп, қажет болғанда бір-бірін алмастырып отыратын. Көрермендерге белгілі хабарлар екі тілде жүргізіледі. Бүгінгідей жүргізушілерге көмекке келетін телесуфлер жоқ болғандықтан ол кезде сөз мәтінін жаттауға тура келетін. Бұл қазір айтуға ғана жеңіл. Галина Рахимованың филолог мамандығы өмір бойы өзіне рухани азық болды. Тіл маманы болғандықтан қазақ және орыс тіліндегі хабарларды бірдей жүргізе беретін. Рас, бұрындары арнайы дикторлар дайындайтын оқу орны болмады. Біліктілікті жоғарлату үшін Алматыға, Мәскеуге баратын. Галина апай Мәскеуде өткен Одақ бойындағы курстарға қатысып, біліктілігін жетілдірді. Есімі бүкіл Одаққа әйгілі Ю.Ярцев, О.С.Высоцкая, А,Шилова, Н.Кондратова, Ю.Левитан, М.Сеитова, Ә.Байжанбаев, Қ.Әзімбаева, Д.Э.Розенталь, Л.Н.Черных сияқты мамандардан дәріс алып, шығармашылық білімін жетілдіре түсті. Мәскеудегі Орталық телевизияда редактор болып жұмыс істеген кезеңдерде мол тәжірибе жинақтады. Галина апайымыз дикторлық шеберлігін шыңдап қана қоймай, Алматы мен Мәскеуге өзі еңбек еткен Қарағанды облысының жетістіктері мен адамдары жөнінде бағдарламаларды көрсетіп, астана жұртшылығынан, зиялы қауымынан жоғары баға алды. Сөйтіп, өзі еңбек еткен көмірлі қаласын өзге қалалардағы көрермендерге таныстырып, беделін бір көтеріп тастады. Галина апай шығармашылықпен қатар қоғамдық жұмыстың басы-қасында жүрген тынымсыз жан. Әр жылдары Қазақстан Республикасы мәдениет қызметкерлері комитетінің мүшесі, Халық депутаттары Ленин аудандық Кеңесінің депутаты, кәсіподақ төрайымы, партия ұйымының хатшысы сияқты толып жатқан жауапты жұмыстар атқарған. Бүгінде Қарағанды телевидениесіндегі ардагерлер Кеңесінің төрайымы. Өмірлік жары Сағынбай Батқұлдин де облыс көлемінде жоғары қызметтер де істеп, абыройға бөленген азамат. Галина апай екеуі Лена, Руслан атты ұл мен қыз өсірді. Русланы Ішкі Істер министрлігінің жоғары мектебінде кадр бөлімін басқарады. Ата-әжесінің ортасында Әлішер атты немере өсіп келеді. Анаға осыдан артық қандай бақыт керек?!
Мерейтой иесі Галина Сағындыққызы: -2008 жыл мен үшін қуанышқа толы жыл. Туғаныма 70жыл. Бәрінен бұрын өмірімнің 40 жылын еңбекпен өткізген телерадиокомпаниясына 50 жыл толып отыр. Қаламыздың мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілінен сабақ бергеніне 15 жыл толып отыр. Ендігі тілегім, журналистикаға жаны ашитын өздерің сияқты жастар өсе берсін!,-дейді ағынан жарылып. Сөз соңында жетпісінде де желкенін жоғары ұстап, жарқылдап жайнап жүрген апамыз аман болсын дейміз.
РАДИОНЫҢ РАУШАНЫ
Осы күні радиодан «Армысыздар, ағайын! Микрофон алдында Раушан Бәстемиева» деп бастайтын құлаққа жағымды қоңыр дауысты іздеп сағынамыз. Облыс көлемінде өткен тартымды хабарларымен тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленіп келген Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Раушан Бәстемиева бұл күнде зейнеткерлік демалысқа шыққан.Оңашада ол кісімен әріптес ретінде бірге жүрген жылдарды көз алдыма елестетемін. Апай екеуміздің жолымыз облыста өткен жиналыстарда, мерекелік шараларда түйісіп қалатын. Біріміз радиоға, екіншіміз газетке материалдар әзірлейтінбіз. Бірде Раушан апайдың ұстап жүрген репортерін көтеріп қалсам, зілдей екен. Қаламсап пен қойын дәптерді қыса салып үйреніп қалған басым қайда барса да қара тастай ауыр репортерін тастамайтын Раушанға қайран қалдым. Қайсарлығы атасы Бәстемиге тартса керек. Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысында Бәстемидің жалғыз ұлы хабарсыз кетеді. Қайғыдан қан жұтып, күйікке шыдамай әйелі қайтыс болады, Шаңырақта жападан жалғыз қалған Бәстемиге ағасы Бәйезит бауырына басып алсын деп туған ұлы Ғаббасты береді, Ғаббас ержетіп, үйленеді. 1949 жылдың 13 ші шілдесінде шыр етіп дүниеге Раушан келеді. Өзінің туған әке-шешесі жұмыс бабымен бөлек кетеді де, Раушанды бала көтермеген Бәстемидің кейінгі әйелі Мәлике етегіне салып, бала қылып алады. Бағына қарай жатқан жері жайлы болғыр марқұм Мәлике анасы Құдайға қараған жан еді. Ұстамды, артық сөзі жоқ, не нәрсені ақылмен ойлайтын анасынан алған тәлімі мол болды. Көрікті Қарқаралының Көктас ауылына қарасты «Жаңа жол» бөлімшесінде бұраңдап өскен қыз мектепті аудан орталығынан тәмамдады. Атасы оқысын деген ниетпен немересін Қарағандыға алып келеді. Кооперативтік курсты тәмамдап, жұмысқа орналасқан Раушанға алған мамандығы түк ұнамайды. Бірден менің қолым емес деп шешті. Өзінің өмірдегі орнын іздеп аласұрады. Атасының бауырында қазақтың ғажайып сөздерін құлағына құйып өскен Раушан тауып сөйлейтін тілді еді. Радиодан жақсылар мен жайсаңдарға байланысты хабарларды жібермей тыңдайтын. Аңсары осы салаға қарай ауатын да тұратын. Іздегені алдынан шықты, Облыстық радионың аға редакторы Әкімбеков Қыздарбек ағасы жұмысқа алады. Иманды болғыр, жайсаң аға қолтығынан демеп отырды, Раушан таңғы алтыда жұмыста болып, таңертең берілетін жаңалықтарды жылдамдатып машинкаға теріп, дайындап қояды. Бір жылға жуық тегін жұмыс істегеніне қыңқ демеді. Армандаған жолына түскеніне тәубе деді. Алғашқы жылы марқұм журналист Мәди Сәрсембаев және диктор Майра Ахметова сияқты аға-апалардан біраз тәрбие алды. Кейіннен Қарағанды телевизиясына әріп теруші болып орналасады. Ол кезде редакторлар көлемі 10-15 бет болатын шұғыл хабардың сценариін бастырады. Журналистердің жазып әкелгендерін қарап отырып басады. Олардың дауыстап (диктовка) оқып отырылуына рұқсат етілмейді. Себебі бір бөлмеде бес-алты әріп теруші жұмыс істейді. Ұзақты күн еңбек еткеннен көздері ауырып, саусақтары талатын. Қоғамдық-саяси хабарлар редакциясында Б. Мұстафин, Ж. Мұзапаров, К. Құдабаева сияқты редакторлардың өзіне тән стилі болды. Материалдарды басып үлгере алмаған жағдай жиі кездесті. Онда жұмыстан кейін тіпті демалыс күндері қалып басатын. Бүгінгідей компьютерленген заман емес. «Москва» кейінен «Ятрань» сияқты машинкаларда жұмыс істеді. Таспалар жиі үзіліп оны жалғаймыз деп қолы қап-қара болып жүретін. Күніне алпыс-жетпіс бет материал басады. Соған қарамастан сәл қате жіберсен сөз естуің де түк емес. Міне, осындай күн сайын жұтылып кетіп жататын ақпараттар айдынын басу жұмысында табан аудармай 13 жыл жұмыс істепті. Бірде музыка редакциясында қызмет істеген Жәнібек Мұзапаров марқұм Раушанға алты-жеті хат беріп телекөрермендердің сұрауы бойынша концерттің мәтінін жазғызады. Кейін Жәнібек ағасы «Сенің сөз саптауың, ізденісің маған ұнады.Жазу қолыңнан келеді екен» деп ризашылығын білдіреді. Әріп теруші бола жүріп, облыстық газетке мақалаларын беріп тұрды. Жарыққа шыққан дүниелерін көрген сайын, қаламы жорғалап журналистік жұмысқа өзінің қалай кіріп кеткенін аңғармайды. Қаламы қарымды қаламгер М.Халиоллин, жазушы Ө.Ахметов, белгілі журналист Қ.Әкімбеков, К.Құдабаева Қазақ радиосының меншікті тілшілері болып жүргенде Рекеңнің тәуір деген дүниелерін радиоға жіберетін. Эфирге шыққан соң Ырыс Нүсіпова, Махмет Түменбаев, Гүлмира Тойболдина секілді әріптестері хабарласып, қаламақысын жіберіп тұрады. Кейіннен қаламы жүйрік журналист марқұм Бағдат Мекейде Раушанның жасаған сюжеттерін Қазақ радиосына жиі беретін. Р. Бәстемиева 1980 жылы ҚарМУ-дің филология факультетін бітірген соң облыстық радиоға редактор болып орналасады. Шығармашылық дер шағы осы кез. Радиода «Бүгінгі күн тақырыбы», әскери патриоттық тәрбиеге шақыратын «Мирас», мектеп оқушыларына арналған «Алау» бағдарламаларын, «Денсаулық» радио журналын жүргізді. Екі айда бір рет мүгедектерге арналған елді қайырымдылыққа шақырған хабар дайындап тұрды. Жазушы, білікті ұйымдастырушы Өтен Ахметовтың басшылығы тұсында Раушанның авторлық «Шарапат» бағдарламасының тұсау кесілді. Арнайы шақыру қағазы беріліп, оған өзіміз куә болғанбыз. Адамның жасаған еңбегін бағалай білетін Өтен Ахметов «Раушан, сен ер-азаматтың қолынан келмейтін істің басын қайырдың» деп оң бағасын берген. Бір ауыз жылы сөз Раушанға күш-қуат беріп, намысын жани түскен. 1999 жылы облыстық радио жабылып қалып, онда қызмет ететіндер сегіз-тоғыз ай жұмыссыз отырып қалады. Екі қолға бір жұмыс табылады деп қолды бір-ақ сілтеп, басқа қызметті сағалап кетуге де мүмкіндік бар-тын. Бірақ Раушан олай істемеді. Өзінің мамандығына берілгені сондай лирик ақын, абзал азамат марқұм Базар Мамыр екеуі ақ қар көк мұзда сырғанақтай жүріп, халықтың қолын жинап, сол хатты тиісті орындарға апарып, облыстық радионы қайта ашуын өтінеді. Ақыры қалалық Ардагерлер кеңесінің қолдауымен радио қайта ашылады. Раушан қайтадан жұмысына оралады. Кейінірек телерадиокомпанияның басшысы болған Ә. Әбдіәкімов Рекеңнің баспасөз саласындағы 40 жылғы еңбегін елеп, облыстық телерадиокомпаниясының «Алтын белгісін» кеудесіне қадайды. Қашанда кіршіксіз адал еңбектің өтеуі бар. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері» атағын иеленеді. Облыстағы қазақ тілінің тағдырына алаңдаушылық білдіріп жасаған хабарлары халықтың көкейіндегісін дөп басты. Оны облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармада байқаған екен. Мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін, 2005 жылы «Ең таңдаулы радиохабар» номинациясы бойынша бас жүлдемен марапаттайды. Осы жылы қуаныштың соңы ренішке ұласады. Радионың басына тағы да қара бұлт үйіріліп, жабылып қалады. Студент екі баласын оқытып отырған Раушан тағы да жеті ай жұмыссыз қалады. Көзі тірісінде дәрігер болып істеген балаларының әкесі Қабылдаұлы Сұрша ағамыз да қасында жоқ. Бұл қиындықтан да сүрінбей өтті-ау! Ақыр соңында телевизияның «Алтын қорында» бір жылға жуық еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шығады. Зейнеткермін деп қашанғы үйде қамалып отырсын. Таза ауада жүріп қайтайын деп көшеге шыққан. Көшеде өтіп бара жатқан бейтаныс жылы ұшырай бері бұрылған. Сәлем беріп, «Раушан тәте, амансыз ба? Сіздің даусыңызды сағындық қой» деп бәйек болды. Жүзіне қанша үңілсе де танымады. Раушан Бәстемиева іштей радиодан кетсе де, халықтың жүрегінен кетпегеніне шүкіршілік етті. Халық ықыласынан артық марапат жоқ екен-ау деп тебіренді.
БАЛАЛАРДЫҢ ДОСЫ
Республикамызда ай сайын жарық көретін балаларға арналған «Айгөлек» журналының Бас редакторы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер сыйлығының иегері Қымбат Әбілдақызының есімі қалың оқырманға етене таныс. Қымбатты республиканың бүкіл облысындағы кішкентай оқырмандар таниды. Оның басшылығымен шығатын көркем безендірілген «Айгөлек» журналын қызыға оқиды. Мен оқырмандарға Қымбат әріптесіммен болған арадағы сұхбатты ұсынып отырмын.
– Алдымен өзіңіз жөнінде айта кетсеңіз?
– Өзім жөнінде дейсіз бе?! Бөтен емеспін, мына тұрған Жаңаарқа ауданы, С.Сейфуллин ауылының тумасымын. Үйдегі он баланың үлкенімін. Жүрек қалауымен ҚазМУ-дың филология факультетіне түсіп, «Қызыл дипломмен» бітіріп шықтым. Еңбек жолымды арнайы шақырумен Қазақ телевидениесінің «Балалар мен жастар» редакциясында бастадым.Бұдан кейін Қазақ радиосында мектепке дейінгі балаларға арналған «Тілашар» хабарын, бастауыш сынып оқушыларына арнап «Айгөлек», жоғары сынып оқушыларына арнап «Темірқазық» бағдарламаларын жүргіздім. Радиода өткен он үш жылым осы балалармен жұмыс істеуге кетті. Олармен бірге болу өте қызықты. Балалар өтірік айтуды, алдауды, саясатты білмейді. Жүректері кіршіксіз тап-таза. Олардың бейкүнә жүздері, тұнық күлкілері шаршағаныңды ұмыттырып жібереді. Сондықтан да осынау балғындарды шаттыққа бөлейтін басылым шығарғанды жөн деп таптым.
– Бұған дейін балаларға арналған «Балдырған» журналын білуші едік. Енді балаларымыз безендіруімен көздің жауын алатын, сан алуан тақырыпты қамтитын тартымды дүниелері бар «Айгөлек» журналын жаздырып оқиды. Журналды шығаруыңызға не түрткі болды?
– Бүгінгі күннің талғамына сай балаларға арналған журнал шығарсам деп бұрыннан толғанған едім. Көрген баланың көзі тоятын,көзді қызықтырып, көңілге ой салатын басылымды біздің балғындарымыз неге тамашаламасқа?! Өзге жұрттың ұл-қызынан қай жері кем деген ой санамнан кетпейтін. Көкейдегі көрікті ойымды жүзеге асырудың реті 2000 жылы ғана келді. «АБДИ Компани» ЖАҚ-тың құрылтай болуымен «Айгөлек» журналын жарыққа шығардық. Журнал негізінен балабақшадан бастап, 1-7 сынып аралығындағы мектеп оқушыларына арналған. Жаңа ғасыр жеткіншектерінің жоғары талап-тілектеріне, бүгінгі сұранысына жауап береді. Ең сапалы қағазға басылады. Безендіруі евростандартқа жауап береді.
– Мазмұны жағынан «Балдырғаннан» айырмашылығы бар ма?
– Әрине, бар. Біздің басылымның артықшылығы: авторы да, оқырманы да-балалардың өздері. Әр түрлі айдарлармен кішкентай талапкерлеріміздің тырнақалды дүниелеріне көп орын беріледі. Өзіңіз білесіз, «Балдырғанда» негізінен белгілі қаламгерлердің, болмаса балалар жазушыларының шығармалары жиі жарық көреді.
Менің пікірімше, балғындарға өз қатарының сөзін оқып, үнін есту қызығырақ. «Қарағайға қарап тал өседі, қатарына қарап бала өседі» демекші, «мына бала жазған әңгімеден мен артық жазамын» деп іштей бәсекелесіп, бойында бар дарынын жанып отырады. Оған оқырмандарымыздың жазған хаттары куә. Біз ана тіліміздегі мектептерге, ұстаздар мен оқушыларға, бала өсіріп отырған әр шаңыраққа тәлім мен тағылым беруді парыз санаймыз.Оқулықта жоқ, ұстазға көмек, шәкіртке керек танымдық дүниелерді жиі жариялаймыз. Ұрпақты ұлтжанды, ұлықты, қылықты қасиеттерге тәрбиелейтін «Ұлылар ұлағаты», «Ұлт мақтаныштарынан қолтаңба», «Қазақ тілі-мемлекеттік тіл», «Қазағымның сөздері-ай!, «Айгөлектің қонағы», «Оқушылардың ой әлемінен», «Қай әнші, қай ән ұнайды?» сияқты айдарларымыз бар. Сонымен қатар қалалардағы, ауылдардағы мектептерде оқушылармен кездесіп, оларды не қызықтыратынын ескеріп, журналдан орын береміз. Республикамыздың түкпір-түкпірінен хат көп келеді. Әр хатқа ықыласпен қараймыз. Жақсы дүниелерді журнал бетіне шығарғанша асығамыз. Келген хатты жауапсыз қалдырмаймыз.
– Қымбат Әбілдақызы, сіз, журналдың Бас редакторы екенмін деп қарап отырмай, балғындарға арнап жиі-жиі өлең жазасыз. Оған «Айгөлекке» шығатын, сәби әлемін дөп басқан тартымды өлеңдеріңіз куә. Жеке жыр жинағыңызды шығарған боларсыз?
– Сауалың орынды. Мен өлеңді оқушы кезімнен жазамын. Өзіңде білесің Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүргенде әдеби кештерде жарысып, талай өлең оқушы едік қой. Өлеңдерім республикалық «Жалын», «Жас Алаш», «Қазақстан әйелдері» сияқты беделді басылымдарда жарық көрді. Тәңірдің тарту еткен өнері қала ма? Балалармен қоян-қолтық жұмыс істеген соң кішкентай дос-оқырмандарыма арнап, әжептәуір өлең жаздым. Оларға деген жүрегімнің лүпілін, махаббатымды, сүйіспеншілігімді өлең етіп өрдім.
Балалар ақын-жазушыларының қатары сиреп кеткен мына заманда балғындарға рухани азық болсын әрі үлкен базарлық болсын деп «Ай сайын өсіп келемін» атты кітабымды шығардым. Таралымы 5000 дана осы жыр жинаққа жүз шақты өлеңім кірді. Кітаптың мұқабасының бояуы қанық, сапалы қағазбен басылып шықты.
– Сізде бала бағбаны сияқтысыз, бала жайында бір-екі шумақ өлең оқысаңыз?
– Бала, бала!
Жоқ олардың жаманы,
Үлкенге сын әр аттаған қадамы.
Сөзің емес, өзің үлгі бол оған,
Көргендерін өзі-ақ тоқып алады. Болмаса
Барлық бала қуансын,
Өңінде де, түсінде.
Көрсек екен сендерді,
Тек бақытты пішінде...
АБЫЗДЫҢ АҚМАҢДАЙЫ
Өзіңді айдаладан айналып, еріксіз баурап алатын ақ маңдайлы әпкемізді көптен білеміз. Ол кісі Қарағанды телерадио компаниясында көп жыл қызмет атқарған Нұрғайын Әліпбекқызы. Көрікті Қарқаралының бір пұшпағы саналатын жер жаннаты, әсем көріністі тарихи Абыз ауылында Әліпбек ақсақалдың отбасында төрт ұлдан соң (негізгі анасы Жәми марқұм он екі құрсақ көтерген, олардың барлығы да ұл бала екен) жарық дүние есігін ашқан кенже әрі жалғыз қыз Нұрғайын жасынан әкесіне еркелеп, еркекшора болып өседі. Ұлдармен бірге атқа шауып, велосипед теуіп өскен бетті қызға ауылдағы тентек ұлдардың өзі қарсы келмейтін. Абыздың сегізжылдық мектебін бітірген кезде «Менің қызым оқымаса да адам болады» деген қарт әкесінің сөзімен біраз жүреді. Бірақ оқусыз, білімсіз, мамандық алмай болмайтындығын түсініп, мектеп директорлары болып істейтін, Ұлы Отан соғысының ардагері, ең үлкен ағасы Мағзұм Ақыбаев пен екінші ағасы Баукен Әліпбековке еліктеп, Сарандағы сол кездегі Абай атындағы педучилищеге (бүгінде гуманитарлық колледж) барып түседі. Оны төрт жыл оқып бітірген жылы сонда оқытушы болып қызмет атқарған ақтоғайлық азамат, бүгінде белгілі қаламгер Сүйіндік Жанысбаймен қосылып, шаңырақ көтереді де, жолдамамен барып Қарқаралы ауданының «Ынталы» совхозындағы орысша-қазақша №30 сегізжылдық мектепте үш жыл мұғалім болып қызмет атқарады. Содан 1974 жылы отбасымен Қарағандыға қоныстанады. Мында Сүйкең ағамыз Н.Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернатқа мұғалім болып орналасады, ал Нұрекең апай Қарағанды облыстық телерадио комитетіне қарасты облыстық радиоға қазақша хабарлардың дыбыс операторы болып қабылданады. Әуелде бұрын көрмеген адамға мұндай жұмыстың қиын болатыны рас. Дыбыс операторының қызметі магнитті таспаға жазылып әкелінген дауысты монтаждау. Ол дегеніңіз сөйлеп отырған адамның сөзінде кеткен қайталауды, жөткірінуді, басқа да артық дыбыстарды қиып алып тастау, тазалау, қайта құрастырып желімдеу. Ол кезде шын мәнінде де магнитті таспаны қиып тастайтын. Әбден үйренгенше қиын болғаны сондай, таспа қиятын өткір пышақтың жүзіне сан рет саусағын да кесіп алады. Бұл кез қазақтардың өз тілін ұмытып, орысшаға ден қойған кезі екендігін еске алсаңыз бәрі де түсінікті болады. Екі ауыз сөздің басын қазақша құрап сөйлейтін қазақ табудың өзі қиынның-қиыны болатын. Оның өзі қақалып-шашалып зорға сөйлейтін. Соның барлығын тазалап, эфирге берген кезде мүдірмей қалай тамаша сөйлегеніне әлгі адамның өзі таң қалатын. Сол кезде аға оператор болып істеген, соғыс ардагерлері, қазақшаға судай Михаил Федорович Куземин мен Александр Назарович Иванов қамқорлықтарына алып, жұмыстың мәнісін үйретеді. Бұрын бұл орынға талай адам келіп, қиындыққа шыдамай кетіп қала береді екен. Ал Нұрғайын апай осы орында ең көп қызмет атқарған оператор болып шықты. Бертін келе заман талабына сай техникаға өзгерістер келе бастады. Тіпті жыл сайын өзгеріп отырды десе де боларлықтай. Әсіресе ол телерадио орталығына Виктор Куриловтың директор болып келген кезінен бастап тіпті жылдам өзгеретін еді. Сондай заман ағымынан Нұрапамыз да қалмай, келген жаңа техниканы үнемі үйрену және игеру үстінде болды. Электронды монтаждау столы келгенде оны да тез арада меңгеріп алды. Дыбыс операторының тағы бір міндеті таңғы алтыда келіп, таңертеңгі радио хабарларын беру болатын. Сонау Пришахтинскіде тұрғанына қарамастан таңертеңгі хабарды уақытынан бір де бір рет кешіктіріп көрген емес. -Ол кезде жұмысқа үлкен құлшыныспен келетінбіз. Шаршап-шалдығу дегенді білмейтінбіз. Қандай жұмысты болмасын зор ыждаһатпен орындайтын едік. Халыққа хабар жеткізу үшін еңбек еткен күндерімді өмірімдегі ең бақытты сәттерім деп есептеймін,-деп еске алады бұл күнде Нұрғайын апай. Бір кездері телерадиокомитеттің басына ауыр күндер орнағаны белгілі. Бұрынғы бастықты ауыстырып, орнына қазақ тілді жаңа бастық келген кезде оған қарсылық білдірген басқа ұлт өкілдері мен өзіміздің кейбір қандастарымыз ереуіл жасап, жұмысқа шықпай қойған кездері болды. Тіпті бір күндері ұлттық инженер-техник қызметкерлерінің жоқтығынан радио хабарлары берілмей қала жаздаған еді. Басқа ұлт өкілдері егер біз кетсек бұлар хабарды бере алмайды деп ойлаған болуы керек. Сол кезде Нұрғайын Әліпбекқызы тізгінді өз қолына алып, жарты ай бойы жұмыс орнына түнеп, радио хабарларын уақытылы таралуын қамтамасыз етті. Бұл біріншіден оның күрделі радиотехникалық аппараттарды өз дәрежесінде меңгергендігінің дәлелі болса, екіншіден оның өз халқы үшін қандай қиындықтарға болсын бара алатындығының дәлелі еді. Талабы мен талантын байқаған комитет басшылары облыстық радионың дыбыс режиссері етіп тағайындаған. Көп жыл қызмет атқарған облыстық радионың 1999 жылдың қаңтарында ешқандай себепсіз, «қаржы жоқ» дегенді сылтау етіп кенеттен жабылып қалуы басқа да адамдармен бірге Нұрғайын Әліпбекқызын да қатты күйзелтті. Сонау Ұлы Отан соғысы кезінің өзінде бүкіл халықты зұлым жауға қарсы жұмылдыра білген, облыс тұрғындарының сүйіп тыңдайтын ақпарат көзінен айырылып қалуы адам сенбестей оқиға болды. Дегенмен, жылға жуық уақыттан соң облыстық радио өзінің жұмысын қайтадан жандандырды. Қайта ашылған облыстық радиоға дыбыс режиссері Нұрғайын Әліпбекқызы қайтадан шақырылды. Бұл жолы ол дыбыс режиссері бола жүріп музыкалық хабарлар редакциясының редакторы қызметін қоса атқарды. Осы кезде оның «Ақ тілек», «Сіз сүйетін ән» атты музыкалық радио хабарларын жұртшылық сүйіп тыңдап, демалыс сәтінде көңіл хошын көтеретін болды. Ал Нұрекеінің «Имандылық» атты хабарының мазмұны терең, ойы орамды, айтайын деген, халыққа жеткізейін деген мақсаты айшықты болатын. Тыңдарман санасына имандылық үйіріп, иманжүзділікке жақсылыққа, мәдениеттілікке, дінге тәрбиелеуді алдына алтын діңгек етіп қойып, соны жүзеге асыра білді. Бұл хабарға Орталық мешіттің бас имамы мен басқа да діндарларды қатыстырып, талай мазмұнды да мәнді хабарларды эфир арқылы таратты. Мұсылмандық ғибадаттарын жұртшылық назарына ұсынды. Сол кезде өзімен бірге қызмет атқарған, алдыңғы толқын Галина Сағындыққызын, бұл күнде Прагада тұратын «Азаттық» радиосының қызметкері, сіңілісіндей болған Сағат Батырханқызын, тұстасы Раушан Бәстемиді, кейінгі толқын Сейітқали Әшімовті бұл күнде аузынан тастамай айтып отырады. Иә, бұл күнде алпыстың асқарына шыққан апайымыз Сәкен, Сәбит деген азаматтарды, Ләззат, Жұлдыз деген бойжеткендерді тәрбиелеп өсірді. Олар бүгінде жоғары білімді, отбасымен жеке-жеке отау болып немере сүйгізіп, әрқайсысы өз қалауымен әр салада қызметтер атқаруда. Астанада тұрып жатқандары да бар. Біз бүгін осындай ұлағатты отанасы, халық театрымен аты шыққан Абыз ауылының ақ маңдайлы ерке қызы Нұрғайын апайымызға зор денсаулық тілейміз, немерелеріңіздің ортасында ойнап-күліп, ойын-тойдың көркі болып жүре беріңіз демекпіз.
АБАЙДЫҢ ТІЛІ ҮШІН АТОЙЛАҒАН АРҚАНЫҢ ҚЫЗЫ
Желтоқсан айы жеткен сайын осыдан 22 жыл бұрын қазақ жастарының басынан өткен желтоқсан көтерілісі көз алдыма келіп, кеудеме өксік толады. Күні кеше елінің келешегі, намысы үшін алаңға шығып, атой салған жастардың алды бүгінде салиқалы ата-анаға айналып, алды немере сүйіп отыр. Бірақ желтоқсан жарасы жүректерде жазылған жоқ. Желтоқсан көтерілісіне бетін үскірік ызғарға тондырып, тәтті денесіне ащы таяқ тигізіп Арқаның ару қыздары да аттан салып шыққан. Соның бірі өзіміздің әріптесіміз, телекөрермендерге есімі белгілі республикалық «Қазақстан-Қарағанды» телерадиокомпаниясы АҚ редакторы Күлбағиса Долдинова. Күлбағиса 1957 жылы Ақмола облысының Бестөбе кенішінде дүниеге келген. Мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы ҚазМУ-нің журналистика факультетіне келіп түседі. Жоғары оқу орнын абыроймен бітірген соң өзі туған облысына барып, Сілеті аудандық «Степные зори» газетінде еңбек етеді. Одан кейін көршілес көмірлі қала Қарағандыға келіп РТИ-дегі «Заводская жизнь» газетіне жұмысқа тұрады. Бұл газет жартылай қала, жартылай завод өмірінен хабар беретін. Еті тірі Күлбағиса газет жұмысын бірден игеріп әкетеді. 1985 жылы Қарағанды облыстық телевидениеге ауысады. Бір жылдан кейін яғни 1986 жылдың желтоқсан айында кезекті еңбек демалысын алып, сырқаттанып жүрген алты жасар Русланын емдетпек оймен Алматыдағы аналар мен балаларға арналған «Көктем» шипажайына жол тартады. Желтоқсан айының ортасы. Күндегі әдетінше радио тыңдап отырған. Кенет үкімет басынан Д. Қонаев кетіп, орнына Г.Колбиннің келгені жайлы қысқа хабарды естіп қалсын. Өз құлағына өзі сенбеді. Мұнысы қалай, деген дүдамал оймен асханаға келсе, қазақтың ақ шашты әжелері: «Жаман орыс келіп, бізді әбден шоқындырар» деп ашулары қара қазандай болып отыр екен. Бөлмесіне келсе, балаларын бірге емдеп жатқан әйелдердің де өңі қашқан. Бірін-бірі іштей түсінген әйелдер ақылдасып, сурет салуға арналған альбомның беттерін бір-біріне жабыстырып, «Язык Абая должен жить!, «Даешь политических лиц казахов» деп баттитып тұрып жазады. Кішкентай балалар қызыл гуашпен бояп, аналарына көмектеседі. Қолдарына үнқағаздарын қысып, кішкентай Руслан, Әлия, Нұрлан атты балаларын жетектеген әйелдер шипажайдан 70 шақырым қашық жатқан Алматыға бару үшін автобусқа отырады. Жолда әскери күзеттегілер автобусты тоқтатып, жолаушыларды түсіртіп тастайды. Баратын жері әлі алыс болса да, ұл-қыздарын ертіп алып, бұлар жаяу тартады. Жаяу жалпылап Үкімет алаңына жетеді. Намыстың жетегінде жүрген жалғыз бұлар ғана емес екен. Айнала қара құрым халық. Көбінің қолдарында үнқағаз бар. Жастар бірін-бірі қолтықтап алып, наразылығын білдіруде. Бір кезде халықты мұздай болып қаруланған солдаттар қоршай берді. Жергілікті милиционерлер: «Тез кетіңіздер, арты жақсы болмайды» деп ескерткеніне құлақта аспайды. Үнқағазды ашып ұстап тұрғанына 15 минуттай болмай жатып, солдаттар бұларға аш қасқырдай тап беріп, астан-кестен аласапыран басталып кетеді. Қоршаудан қашып шығу мүмкін еместін. Алаңда қалып қойған Клараны итше тепкілеп, көкала қойдай сабап, үнқағазымен қоса көлікке сүйреп апарып салады. Содан мұны бронды техникалы танктер сықап тұрған алаңға алып келеді. Алдында сабағаны аздай, енді осында отырған солдаттар тепкіге ала бастады. Клара жанұшырып басын қолмен көлегейлей берген. Анадан туды дегенге аузың бармайтындар керзі етіктерімен енді нәзік жанды әйелдің бүйірінен ондырмай тебе бастаған. Қараңғы түсе көлікке қойша тоғытқан қамаудағыларды қаланың сыртына алып кетеді. Тордың аржағында қамауда отырған Клара бір орыс офицерінің: «Біз Челябинскіденбіз. Бізді кеше алып келген. Қазақ жастары балабақшадағы орыс балаларын бауыздап жатыр деп естідік» деген сөзін құлағы шалып қалады. Клара іштей қазақ жастарына жаққан жала мен жалған арандатушылық жасаушыларға ыза болады. Бірақ күресуге дәрмені жоқ-тын. Жол бойы да сырттан келген қанішер жандайшаптар бұларға «түріктер», «алашордашылар» деп тісін қайраумен болады. Бұларды тиеп әкеле жатқан көлік иесіз айдалаға келіп тоқтайды. Желтоқсанның ызғарына қарамастан қамаудағылардың басындағы құлақшындарын, сырт киімдерін, етіктерін шешіп тастап, тағы да тепкінің астына алады. Клараның етігінің қонышына тығып қойған «Язык Абая должен жить» деген жазуы бар үнқағазы жексұрындардың бірінің қолына түседі. Сырттан қаңғып келген «шаш ал десе, бас алатын» топас жандайшаптың бірі «Абай деген кім?» деп жан-жағына алақтап қарап сұрайды. Іле, үнқағазды осы қолыңмен жазғансың дегендей Клараның саусақтарын керзі етікпен тепкілей бастайды. Аш қасқырдай құтырынып алған солдаттардың жазықсыз жандарды ұрып-соққандары аз болған екен. Таяқ жеген жұрттың әбден сілесі қатқан кезде «Оңбағандарды атуға дайындаңдар» деген дауыс саңқ ете қалады. Суық сөзден бойлары түршігіп, бәрінің жаны мұрнының ұшына келген. Күндікке аяусыз жазалаудан көз ашырмаған содырлардан бәрін күтуге болатын. Бір кезде әлгілер мылтығын кезеп тұра қалсын. Клара көзін жұмған. Бірақ мылтық атылмай қалды. Бұларды қайта көлікке тыққан. Қорқыныштан дауыс көтеріп жылай берген әйелді сырт келбеті азиялыққа ұксайтын офицер көліктен шығарып жібереді. Енді әйел адамнан Клара жалғыз қалады. Жігіттердің бірі «Комитеттегілер қалдырсын» деп өтініш білдірді. Түрі азиат шалыс адам Клараны көліктен жұлқылап алып шығып, «Мына жаққа қаш» дегендей тізесімен түртіп қалады. Бұл түскен көліктің артында БТР келе жатқан. Сол сәт Клараның өн бойын «Менің сыртымнан атып тастайды» деген үрей билейді.Бой-бойы қалш-қалш етіп, ағаштар отырғызылған жерге аман-есен жеткенде ғана алқынған жүрегі орнына түскендей болады. Таяқ есін тандырған Клара енді алаңда қалып қойған баласының тағдыры не болды екен деп сары уайымға салынады.Кеудесінде жаны барда шипажайға жетудің жолын қарастырады. Қараңғыда қай жерде жүргенін білмей дал болған ол жарық жанып тұрған жаққа қарай жылыстайды. Сүйретіліп ауылға жетсе ондағы клуб іші толған өзі сияқты жарақаттанғандар. Әр жерде қан құсқан жігіттер. Ауылдың бетке ұстар агроном, мал дәрігері сияқты мамандары бауырларына нан тасып, жарақатын танып беріп: «Таң атқанша кетіп қалыңдар, әйтпесе қайтадан ұсталып қаларсыңдар» деп жанашырлығын білдіреді. Клара Ақтайқызы түннің қараңғылығына қарамастан қалаға жол тартады. Қалаға таң бозара жетіп Пушкин атындағы кітапхана жанындағы жер асты өткеліне барып жасырынады. Мұнда да таяқ жеген жастар бас сауғалауда екен. Көп ойланбады. Қазақ телевидениесінде дыбыс режиссері болып жұмыс істейтін белгілі ақын Дихан Әбіловтің келіні Бақыт Әбілованың пәтерінің есігін қағады. Бірнеше отбасы тұратын коммуналды үйде сырт көз көп, оның үстіне сол үйдің маңайында да күзетіп жүргендер жетерлік. Бақыт Клараны көрген бойда бірден үйге кіргізіп алады. Бақыт соққыдан бет-аузы ісіне бастаған оның ісігін қайтару үшін тұзды суға түсіріп, бетіне гримін жағады. Жаяу жүріп отырып, өлдім-талдым дегенде «Көктем» шипажайына жетеді де, жан-жағына сақтықпен қарайды. Сол маңайда тұрған қара «Волга» көлігі кеткенше күтеді. Бөлмеге енсе, баласы жоқ. Жүрегі зырқ ете қалған ана жүгіріп, іздесе, басқа әйелдердің қасынан табылады. Мұңлықтарда «Сені сүйреп әкетіп бара жатқанда балаңызды алып, алаңнан жылап-еңіреп әзер шықтық. Жолда балалардың қарны ашып, үсіген алма беріп жұбатып, әзер жеттік» деп бастан кешкен оқиғаларын баяндайды. Ертеңінде бас дәрігер: «Жылдамырақ мына жерден кетіңіз» дейді. Тірлікте туысқаныңнан да жанашыр жақсы адамдар баршылық қой, Ер-азаматтардың бірі түнде билет әкеліп береді. Бет-аузының ісігі қайтпаған Кларадан күзетшілер сезік алмасын деп мал тиейтін көлікке салып алып, кенеппен жауып, І Алматыға апарып, көпірдің астына түсіріп кетеді. Қарағандыға жетсе, иманды болғыр жолдасы Қайырбек қала арасындағы байланыс жоқтықтан қиналып, дымы құрып отыр екен. Үлкен ұлы Сұлтанда анасы мен інісін көріп, мәре-сәре болады. Желтоқсан көтерілісінде алаңға бірге шыққан әйелдердің де аты-жөнін анықтап сұрап, меке-жайында жазып алмапты. Желтоқсан желі терістіктен шығып жақынырақ білісіп жатуға жағдайларын келтірді ме?! Клараның жадында аналарының қасында томпаңдап жүгірген Нұржан, Әлия есімді кішкентай балғындардың есімі қалыпты. Кейде Клара оңашада «Оларда аман болса аптал азамат болды, Қазір қайда жүр екен, желтоқсан оқиғасы олардың сәби жүрегіне де жарықшақ қалдырды-ау» деп ойға беріледі. Желтоқсанның салған жан жарасы да, тән жарасы да жазылған жоқ. Сол жақ саусақтарына қараса жүрегі дір ете қалады. Адам емес, хайуан кейіпке енген солдаттың тепкісінен сынып кеткен бес саусағының арасы күні бүгінге дейін қосылмайды. Дәрігерлер дер кезінде гипс салынбаған деп еш көмек бере алмаған саусағы ұзақ жылдар бойы аурып жанына батып жүрді. Бұл саусақ «Абайдың тілі өмір сүруі керек» деген үнқағазды ұстап тұрған саусақ. Періштесі бар ма, әлде ұлы Абай бабасының аруағы қолдады ма, оң қолы сау қалып, микрофон ұстап теледидар бетінде қазақтың елдігін, қазақтың ерлігін паш етіп келе жатыр. Ұлы Абай тілінің құдіреттілігін, өміршеңдігін дәлелдеді. Елдің жүрегінде жүрген үлкен мәселелерді хабарына өзек етті. Қазақстанда қазақ тіліндегі мектептердің, балабақшаларының келешегі жөнінде өткір пікірлерін білдірді. Журналистика саласында ешкімге жалтақтамай, жалпақтамай, жасымай өз пікірін ашық айтып келе жатқан Клара Долдинова елінің елеулі қызына айналды. «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медалімен марапатталды. Облыстық журналистер одағы бөлімшесінің «Алтын микрофонын» иеленді. 1999 жылы «Жыл журналисі» атанды. Сол қолын қазақтың намысын жыртамын деп желтоқсан көтерілісінде сындырып, оң қолымен елінің елдігін паш еткен журналистикаға арнаған Арқаның батыр да, білімді қызы, міне, осындай!
ПРАГАДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ
Бүгінде Прага қаласындағы «Азаттық» радиосында еңбек ететін халықаралық журналист, кезінде Сарыарқаның кіндігінде еңбек етіп, Қарағанды облыстық телерадиокомпаниясы бастығының орынбасары, республикалық «Хабар» агенттігінің тілшісі лауазымды қызметтерін атқарған Сағат Сыдыққызы Батырхановамен болған сұхбатты ұсынып отырмын.
– Сізбен тілдесудің бүгін ғана реті келді. Өзіңіз айтқан уәделі уақыттың бірінде қызмет бабымен шұғыл Қарағайлыға кетіпсіз. Енді бірде облыс көлемінде өтіп жатқан мәдени шараға қазылыққа шақыртып әкетіпті. Соған қарағанда үнемі ат үстінде жүретініңіз байқалады?
– Журналистке бір орында отыру бұйырмаған. Оған керегі үнемі жылдамдық, жылдамдық тағы да жылдамдық дер едім. Оның үстіне тележурналистің жұмысы тым мазасыз, әрі ауыр деп ойлаймын. Айталық, екі минуттық сюжет үшін екі күн жүреміз. Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйын. Өзің айтқан Қарағайлыда екі күн жүрдік. Алғашқы күні жергілікті жұртшылық наразылығының басы-қасында болсақ, екінші күні егінін аралап шығуға тура келді. Журналистің еңбегі бүгінгі болып жатқан оқиға, жаңалықты сол күні көрсетіп, жеткізумен құнды.
Қазылық демекші, соңғы жылдары облыста өтіп жатқан мәдени шараларда қазылар төрағасы, болмаса мүшесі бола жүріп, сан түрлі хабарлар түсіріп жүрмін. Тегінде халықты бір-біріне танытатын өнер ғой. Өнер-бар жақсылықтың қайнар көзі. Ал сол жолда жүрген жандарды теледидар арқылы көпшілікке танытып жатсақ, нұр үстіне нұр емес пе? Содан ба, бір кездері облыстық мәдениет департаментінің бастығы Рымбала Кенжебалақызы Омарбекова маған:-Сен алдымен «Мәдениеттің» тілшісісің, сосын «Хабардың» тілшісісің,-деп әзіл-шыны аралас ризашылығын білдіріп қоятыны бар.
– Сәке, қызығы мен қиындығы қатар келіп жататын осынау мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
– Айтары жоқ, Сарыарқаның самал желіне бетімді тоса тұрып, Алатаудың асқар шыңын сағына аңсайтын кездерім көп болады. Олай дейтінім, менің кіндік қаным тамып, қылтиып бойжеткен жерім Алматы облысының Шелек ауданы. Мақтанғаным емес, мектепті өте жақсыға оқыдым. Бәлкім, содан болар, мұғалім біткеннің «еркесі» болдым. Әсіресе, сол кездердегі қазақ тілі пәнінің мұғалімі, марқұм Дарыш Болатбеков деген азаматтың орны мен үшін бөлек еді. Өте білімді, көңілі көктемдей, жаны жаздай, мейірімді адам болатын. Шәкірттерге ренішін дауыс көтермей, қас-қабақ арқылы ғана білдіретін.
Жетінші сыныпта оқып жүрген кезімізде көктемгі демалысқа шықтық. Мектептің сүт бетіне шығатын қаймақтары деген он екі оқушыны Мәскеу, Хабаровск, Харьков, Волгоград қалаларын аралауға жіберді. Міне, осы сапарға аттанарда сүйікті ұстазым Дарыш ағай бізге күнделік жазып келуді тапсырды. Содан не керек барған қалаларымнан алған әсерімнің бәрін қағазға түсіріп отырдым. Мектепке келген соң ұстазым әлгі күнделікке жазғандарымның бас-аяғын қосып, мақала жазып әкелуді тапсырды. Көлдей етіп 7-8 бет мақала жазып әкеліп ем, ұстазымның көңілінен шықты білем, газетке апарып бер деп ақылын айтты. Сол жылы аудандық газетте суретіммен үш-төрт мақалам қатарынан жарық көріп, есімім баспасөз бетінде жарқ етіп көрініп қалсын. Содан кейін газетке жазбасам тұра алмайтын «дертке» душар болдым. Бірақ ол уақытта журналист болам деген ой санама мүлдем кірген емес. Тек бір жағдай әсер етпегенде менің журналист болу-болмауым екіталай еді.
– Ол қандай жағдай? Не де болса айтып өтсеңізші?
– Айтайын. «Қаратұрықтағы» сегіз жылдықты бітірген соң аудан басындағы Абай атындағы орта мектептен 9 сыныпта оқуымды жалғастырдым. Осындағы қазақ тілінің маманы бұрынғы ұстазыма мүлдем ұқсамайтын қатал адам болып шықты. Ұмытпасам аты-жөні Кеңесжан Жұмабекова. Оның атын атап, түсін түстеп отыруымның өзіндік сыры бар.
8-наурыз қыздар мерекесі болатын. Сынып старостасы өзім бастаған ұл-қыз қуанышты сәттің екпінімен кешкі киноға кіріп кеткенімізді байқамай да қалыппыз. Ертеңінде айдың аманында жаңбыр жаумай су болып жүретін ұстазым қаһарына мінсін. Әсіресе, маған қатты шүйлікті. Екі сөзінің бірінде «Киноға барғанша», деген сөзден басталатын кекесін жатты. Жәбірге төзбей, қарсыласатын болдым. Бұл әрекетім өзіме екі есе соққы болып тиді. Хош, сонымен мектепті бітірген жылы әлгі ұстазым аттестатыма қазақ тілінен «төрт» қойып, «Алтын медаль» алайын деп тұрған жерімнен аяқтан шалып жіберді. «Мынауың не, неге төрт қоясыз?» деп шыр-шыр етіп араға түскен нағашы апам Үмітжанға, әлгі мұғалім:
– Сіздің қызыңыз түгілі, 30 жыл мұғалім болған мен қазақ тілін 5-ке білмеймін,-деп жауап беріпті.
Қатты күйініп, кеудеде өкініш, бойды намыс кернеген мен қазақ тілін 5-ке біліп шығайын деп құжатымды журналистикаға тапсырдым. Қатты қысылған дәнемем жоқ, шет тілінен «3», қалған ана тіліндегі пәндерді 5-ке тапсырып оқуға түстім де кеттім.
– Кешіріңіз, біз оқып жүрген беріректің өзінде «Журналистика қыздардың қолы емес» деген сөзді үлкендер жағы құлағымызға жиі құятын. Сіздер оқыған 70-ші жылдары осындай әңгімелер болды ма, және сіз осы пікірге қалай қарайсыз?
– Болғанда қандай. Мен оқуға түскен жылы курста қыздар көп болды. Әсіресе, оқытушым, профессор марқұм Тауман Амандосов: «Ертең мына қыздардан журналист шықпайды. Бір-бір байдың боданы болып отырасыңдар» деп бет-жүзімізге қарамай айтып салатын.Ол күмәнданған сайын мен өзімді «Қайтсем де журналист болып шығам» деп іштей қайрай түсетінмін. Сөйтіп жүріп 1978 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, жолдамамен Қарағандыға келдім. Университет қабырғасында жүргенде көбіне радиоға маманданған соң, еңбек жолымды облыстық радиодан бастадым. Радионың алғашқы әліппесін, репортер ұстауды Жолымбек Кейкелов деген азамат үйретті. Содан журналистік өмірім білінбестен жылжып өтіп жатты. 1992 жылы республикалық Қазақ радиосының Қарағандыдағы меншікті тілшісі болдым. 1995 жылдан бастап телевидениеде жұмыс істей бастадым. Ал «Хабар» агенттігіне тілші болғаныма екінші жылға аяқ басты.
Жалпы журналист болып еңбек еткеніме 20 жылдан аса бастапты. Соған қарағанда журналист «қыздардың қолы» болғаны ғой. Жігіттер өкпелемесін, қазір бұқаралық-ақпарат құралдарының қай саласында болсын өткір мәселелер қозғап жүрген әйелдер емес пе? Осы күнге дейін өз басым «Ол-әйел, Ол-осал» деген сөзді естігем жоқ.
– Кейде Сіз сұхбат алғанда біреудің өңешін жұлып алатындай болып «заулатып» сөйлеп жатасыз. Бұл қасиетіңіз табиғатыңыздан ба, әлде әбден төселіп алған кәсіби шеберлігіңізден бе?
– Кез келген журналист алдында тұрған адамның «тілін» таба білуі керек. Дұрысырақ айтқанда, өзіңіз сөзге тартқалы тұрған адамның ой-санасы деңгейінде сөйлесетіндей шеберлік керек. Бұрындары өз қаракөздерімізді қазақ тілінде сөйлету қиынның қиыны болатын. Осы күні тәубә, сауал тастасаң жаны қалмай қазақ тілінде майын тамызып жауап беріп жатады.
Рас, қызмет бабында небір адамдар кездеседі. Бірде, бір кеншіні сөзге тартсам, аузына түк сөз түсер емес. Әбден қысылған ол «айналып кетейін, саған бір ауыз сөз айтқанша, бір смена шахтада жұмыс істеп берейін» дейді. Осыдан-ақ сөз сөйлей білудің құдіретінің күштілігін аңғаруға болатын сияқты.
– Сіз түзде журналист болғаныңызбен, үйде Анасыз ғой? Балаларыңызға сәл-пәл тоқтала кетсеңіз?
– Көзімнің ағы мен қарасындай бір ұлым, бір қызым бар.-Қызым Гүлжазира консерваторияны бітірген, музыкант. Өткен жылы Атыраулық жігітке тұрмысқа шықты. Ал ұлым Айбек оныншы сыныпта оқиды.
– Әңгімеңізге рахмет, журналистика жолында шаршамаңыз.
1999 жыл, 23 қазан
Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті
ТАЛҒАМЫ БИІК ТЕЛЕРЕЖИССЕР
Журналистердің тасасында еңбегі көрінбей қалатын мамандық иелері бар. Мен облыстық телерадиокомпанияның режиссері Айман Жәкешқызына алдымен әйел көзімен қарайтынмын. Қашан көрсең де талғаммен киініп, ешкімге ұқсамайтын зергерлік бұйымдар тағып, жымиып, жадыраңқы көңіл-күймен жүргенде «Осындайда ғажап әйелдер де бар екен-ау» деп сүйсіне қарайтынмын. Мен Айман режиссерлік еткен хабарды көргенде журналистік көзбен қарай бастадым. Мұнда да Айманның сырт келбетінен табылған талғамның ішкі жан-дүниесінде де тұнып жатқанын көріп таң қалдым. Шексіз риза болдым. Демек, Айманда туа біткен талғам бар. Соның ішінде режиссерлік талғамы туралы азын-аулақ сыр шерткім келеді. Көбіне телеарнадағы хабарды көріп, сол хабарды дайындаған журналистердің есімін атап, пікірін білдіріп жатамыз. Жүрегімізге жылы шуақ құйған хабарларға бір ғана журналистің ғана емес, жүргізушіден бастап, операторлар, монтажшылар, режиссер, дыбыс режиссерлерінің еңбегі сіңгенін ескере бермейміз. Режиссер-телеарнадағы басты тұлға. Көрсетілетін хабарлардың қаншалықты қызықты да, тартымды әрі сапалы болуы режиссерге тікелей байланысты. Бір құптарлығы, Айман өз жұмысына бар жан-дүниесімен беріліп еңбек етеді. Онысы Айман үлес қосқан хабарлардан анық көрініп тұрады. Режиссердің көрерменнің жүрегінен жол табуы бір жылдың, тіпті он жылдың жемісі емес. Жылдар бойғы талмай ізденіп, еңбектенгеннің жемісі. Айман телеарнада жұмыс істеуге кездейсоқ келген жоқ. Ол кішкентай күнінен айналаға селсоқ қарамайтын. Бала кезінен киноларды көріп қана қоймай, ондағы әрбір эпизодқа үлкен ден қоятын. «Қыз Жібек» фильмі әлі есінде. Белгілі режиссер Шәкен Аймановтың шеберлігіне тәнті болды. Аты әлемге әйгілі тарихи филімде қазақ халқының салт-дәстүрін, ұлттық киімдері, тамаша табиғатын бәрін келістіре қамтылғанын көріп, көңілге түйген. Көкейінде режиссерлік жолға түссем деген тәтті қиялдың оянғаны анық еді. Осындай әдемі арманына алғаш рет қанат бітірген, ақыл-кеңесін берген әкесі, соғыс және ардагері Жәкеш Упашев еді. Кезінде әкесі РГШО заводы сияқты үлкен өндіріс орындарында бас инженер болып, елдің білмегенін үйретіп, еңбегімен еленген жан болған. Алты баласын тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсірген анасы Шайда апай да қызының алған бетінен қайтпайтын табанды мінезіне сүйсіне қарайтын. Айман Майқұдықтағы № 53 орта мектепті бітірген соң бірден телеарнадағы студияға жұмысқа келіп тұрғанда әке-шешесі де еш қарсылық білдірмеген. Іштей қызының еңбектің дәмін тата жүріп, сырттай ҚарМУ-дің филология факультетін бітіреді. Алдымен режиссердің көмекшісі, ассистенті баспалдақтарынан өтеді. Маңайындағы үлкен адамдармен тіл табыса жүріп, тамаша ұстаздар табады. 1975-80 жылдары хабарлардың көбі тікелей эфирде қыз-қалпында берілетін. Сол кезде алдыңғы толқын Айтуған Салықов, Рымкеш Смағұлова, Құтпан Ералин, Икен Құрманбетова секілді аға-апаларының жұмыс сәтіндегі қимыл әрекетін қалт жібермей бағып, жадына тоқи беретін. Ал Галина Рахимова апайынан қызмет бабында көп нәрсе үйреніп қана қоймай сыртқы келбетіңді ғана емес, ішкі жан дүниенің сұлулығын сақтай білуді үйренді. Айман халықтың мақтанышына айналған Роза Бағыланова, Нона Мордюкова, Олжас Сүлейменов, Серік Нұрқазов, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Ерлан Көкеев сияқты көптеген ұл-қыздары жайындағы хабарларға еңбегі сіңді. Оның өз саласына білгірлігі «жүзден жүрік, мыңнан тұлпар» сыналатын бәйгелерде анық көрінді. Сексенінші жылдары Айманның жастар өмірінен дайындаған хабарлар топтамасы республикалық «Жолдас» телеконкурсында бас бәйгені жеңіп алды. Одан кейінгі республикалық фестивальда жерлесіміз, белгілі шахтер, Соцалистік Еңбек Ері Қадыр Әбдірәсілов жайында жасаған хабары бірінші орын алды. Соңғы жылдары «Ауылым-алтын бесігім», «Шипагер», «Ауылым-Балқантаудың бөктерінде» атты хабарлары республикалық телебайқауда жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар Айман облыстық мәдениет және ішкі саясат департаменттерінің дипломымен және қала әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ол Қарағанды қаласында екі рет өткен республикалық ақындар айтысын жазуда нағыз білімділігі мен біліктілігін танытып, тәжірибелі режиссер екенін жұртшылыққа мойындатты. Бұл күнде Айман «Позиция», «Өнерлі өрендер», «Сіз бен біз» сияқты көптеген хабарлардың сәтті шығуына үлкен үлес қосып келеді. Телеарна жұмысы ұжыммен қоян-қолтық қызмет атқаруды қажет етеді. Осы жағынан келгенде Айман әріптестерінің арасында сыйлы, тез тіл табысады. Сөз реті келгенде телерадиокомпанияның белгілі журналисі, жұртшылықтың жүрегіне өзінің тартымды хабарларымен жол тауып жүрген Күлбағиса Долдинова: -Айман өзінің жұмысына шын берілген. Оның әзірлеген хабарларында ешкімге ұқсамайтын режиссерлік шеберлігі анық байқалып тұрады. Ол ең нашар түсірілген лентадан тамаша дүние шығара алады. Себебі оның өзіндік байқағыштығы, көзқарасы, талғампаздығы жетерлік. Биыл ол тағы ды республикалық байқауға қатысып отыр. Бұл жолы Нұра ауданындағы шаруашылықтан түсірілген хабарын «Ауыл» номинациясына жіберіп отыр. Мен Айманның осы жолы да жүлделі орыннан көрінетініне сенімдімін. Өйткені ол білікті режиссер,-деп ағынан жарылды. Клараның айтқан сөзінің жаны бар. Ұлттық телевизия саласына сіңірген еңбегі үшін Айман Упашева республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ-ның бірнеше рет «Құрмет грамотасына» ие болды. Айман отбасының ұйтқысы, үлгілі ана да. Ол шаңырағының есімі облысқа танымал, сыйлы отбасыға келін болып түсті. Атасы Әбусағит Биболатов, енесі Клара Хамитқызы оқыған-тоқығаны көп, өнегелі жандар болып шығып, Айманды қызындай бауырына басты. Жары Тимур екеуі Әдина атты қыз сүйіп, құрған шаңырағы шаттыққа толды. Бүгінде Әдина облыстық балалар музыка мектебінде оқиды. Оқу озаты.
Айман: -Телеарнада 30 жылдан астам еңбек еттім. Өмірімнің көп жылын жұмысқа арнадым. Тұрмысқа шығып, алғаш сәбиімді сүйгенде бұл тірлікте жаныңды рахатқа бөлейтін еңбек қана емес, ана болу бақыты да бар екенін түсіндім. Өміріме ризамын. Еңбегімді бағалайтын телекөрермендерім, жанымды түсінетін жарым, аналық сезімімді оятатын балам, ақылшым енем бар,-дегенде күні бүгінге дейін шаршамай шығармашылық ізденіс үстінде жүретін әріптесіміздің жүзінен шаттық лебі есіп тұрды.
КЕЛБЕТ БАҒЫНДЫРҒАН БИІКТЕР
Тіпә-тіпә, тіл-көзден сақтасын, спорт әлемінде Келбет атты келісті сіңіліміз биіктіктерді бағындырып келе жатыр. Арқадан шыққан аяулы 22 жастағы қызымыз алғаш рет Қытайдағы «Бейжің-2008» олимпиада ойындарына қатысып, спорттың дзюдо түрінен сынға түсті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген аты шулы спорт саңлақтарымен жекпе-жекке шығып, Қазақстанның намысын қолдан бермеуге тырысты. Мойылдай қара көздері от шашқан қазақ қызы Келбет небір азуы алты қарыс қарсыластарымен жекпе-жекке шығып белдескен кезінде Арқа жұртшылығы түгілі, бүкіл қазақстандықтар тақымын қысып, тілеуін тілеген. Жұдырықтай жүректі қыздың жекпе-жек кезінде жасаған амал-тәсілдері, қимыл-әрекеттері жанкүйерлерін сүйсіндірген. Онымен белдесуге шыққан француздық, жапондық қыздардың жастары да ересек, спорт додасына да анағұрлым ерте келген «тісқаққан» саңлақтар болып шығады. Қарсыласы француз қызы бұдан бақандай он жастай үлкен, бұған дейін Афинадағы олимпиада ойындарына қатысып, екінші орын алған екен. Соған қарамастан Келбет «Күш атасын танымайды» дегендей беті қайтпай, қарсыласымен тіресіп, жұлқыласып, намысқа тырысып бағады. Жеңіліс тапқан тұсына өкіне қойған жоқ. Қайта сол жолы өзінің кемшін түсіп жатқан жерін екшей білген. Сыртынан сүйсініп, сыйлап жүретін сіңіліміз жақында ғана көмірлі қаламызда өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында І орын алды. Үнемі жаттығып, дайындық үстінде жүретін Келбеттің журналистермен кездесуге қолы босай бермейді. Ұялы телефонымен хабарласып, қолы босады-ау дегенде «Олимпиада резервін дайындау орталығы» ҚМҚК-ға келгенмін.
Келбет мені бұрыннан таныс адамдарша, жымиып жылы қарсы алды. Сырт көрген жанға өзі нәзік, сүйкімді қыздың ерлердің өзі шыдай бермейтін спорттың самбо, дзюдо түрімен айналысады дегенге адам сенбейтіндей. Екеуміз ескі таныстарша әңгімелесіп кеткенбіз Спортты жанына серік етіп жүрген Келбет Нұрғазина 1986 жылы тамыз айының 7 күні Атасу селосында туған. Әкесі Мұрал ұзақ жыл мұнайшы болса, анасы Хасенова Гүлсара Жаңаарқа ауданының орталығында нан зауытында еңбек етті. Барға қанағат етіп, шүкіршілігін айтып отыратын әке-шешесі нәпақасын маңдай терімен тауып, зейнеткерлікке шыққан. Отбасындағы екі қыз, екі ер баланың ішінде Келбет үшіншісі. Келбет еркелеп, ата-анасын айналшықтап шықпайтын балалардың қатарынан емес. Бастауыш сыныпты Жезқазғанда жақын ағайындарының үйінде жатып оқиды. Оқуды спортпен ұштастыра білген ол 3-4 сыныптан бастап гимнастикаға қатысады. Сегізінші сыныпты Қарағандыдағы №76 орта мектепте жалғастырады. Мұнда да спортты тастамайды. Жарыстарға қатысып, айдарынан жел есе бастайды. 2003 жылдан бастап Келбет үлкен спорттың есігін ашады. Осы жылы Қазақстан Ұлттық құрама командасының сапына енеді. 2005 жылы Қазақстан Ұлттық команда штатының дирекциясына (ДШНК) кіреді. Бес жылдың ішінде Келбет Мұралқызы Қазақстан, Халықаралық, әлем чемпионатында бірнеше дүркін чемпион болады. Оған төмендегі жеңістері куә. Сонымен Келбет бағындырған биіктіктер мынадай: 2003 жылы жасөспірімдер арасында самбодан өткен Қазақстан чемпионатында І орын;
2004 жылы Уральск қаласында самбодан өткен Азия чемпионатында І орын; 2004 жылы Семей қаласында өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында І орын: 2004 жылы Ташкент қаласында жасөспірімдер арасында самбодан өткен Әлем чемпионатында І орын: 2005 жылы Грециядағы Солонники қаласында жастар арасында самбодан өткен Әлем чемпионатында І орын;
2005 жылы Астана қаласында жастар арасындағы Әлем чемпионатында ІІІ орын;
2005 жылы Қызылорда қаласында дзюдодан өткен ҚР чемпионатында І орын;
2005 жылы Мәскеу қаласында дзюдодан өткен Әлем Кубогында ІІ орын;
2005 жылы Красноярск қаласында дзюдодан өткен Халықаралық турнирде ІІІ орын;
2006 жылы Доха қаласында өткен Азия ойындарында ІІІ орын; 2007 жылы Германия қаласындағы Гамбург қаласында Әлем кубогы үшін болған Халықаралық турнирде Ү орын;
2007 жылыАлматы қаласындағы Халықаралық турнирде ІІ орын;
2007 жылы Алматыда өткен Спартакиада ІІ орын;
2008 жылы Корея елінің Чейжу қаласында өткен Азия чемпионатында Ү орын;
2008 жылы Пекиндегі олимпиада ойындарында ІХ орын;
2008 жылы Қарағанды қаласында өткен ҚР чемпионатында І орын; 2008 жылы үлкендер арасында Санкт-Петербург қаласында самбодан өткен Әлем Чемпионатында ІІ орын Келбет спорттағы жоғары жетістіктерге жетуім бапкерім Байшолақов Талғат Сайранұлының арқасы деп есептейді. Ол бізбен әңгімесінде: -Бапкерім Талғат өте әділ, адамгершілігі жоғары адам. Маған көп қамқорлық жасап келеді. Самбо мен дзюдоның қыр-сырын үйретті. Олимпиададан жеңіліс тапқан спортшыларға кейбір бапкерлері «өкпелеп» қырын қарап жатса, бапкерім Талғат аға «Мен саған сенемін» деп қолдау көрсетті. Түсінемін, сенім жүгі-ауыр жүк. Спортта үлкен жетістікке жету үшін және сенімнің үдесінен шығу үшін талмай еңбектену керек. Менің басты ұраным-еңбек. Адал еңбек қана жеңіс әкеледі,-дейді спорт саңлағы. Спорттың биік шыңы төрт жылда бір айналып келетін Олимпиада ойындары. Келбет «олимпиадаға қатысам деп алдыңа мақсат қоймасаң спортта нең бар?!» дейді сөз арасында. Орынды айтылған. Өзіне қатаң талап қоятын табанды қыз бар жетістікке тоқмейілсімейді. Тыным таппай жаттығып, еңбектене береді. Жанат Байшолақов директорлық ететін « Олимпиада резервін дайындау орталығы» ҚМҚК-да спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. «Бізге нәрлі тағам, витаминдер береді, физиоемдеу, массаж жасайды» дейді Келбет ризашылығын білдіріп. Спортты біліммен ұштастыра білген ол Қарағанды кооперативтік унивнрситетінің құқықтану факультетінің ІІІ курсында оқиды. Атына заты сай Келбеттің Қазақстан спортының жарық жұлдызы болып биікте жарқырай беретініне бек сенімдіміз.
САЯТШЫ
– Сүйінші!..Саятшы!.. Саятшы!..
Дүниеге қыз бала келгенде тай мінген балалар ауыл ішінде осылайша сүйінші сұрар еді. Сондайда ауыл жомарттары:
– Өрісің бізге жұғысты болсын! Саятшыңның мінгені мақпал болсын!-деп тай атап жатар еді.
Мақпал дүниеге келгенде сондай сүйінші сұрағандар әдеттегідей жыртылып айрылған. Өйткені қазақ ұғымында қыз бала қашанда жолашар болған. Соңынан ер-қарасын ерте келеді деп білген. Сол Мақпалдың шілдеханасында болып, ат тергегенде атымтайлар да болыпты, олар сәбиге Мақпал есімін қолай көріпті. Ұлттық үрдісімізді, ұлттық салтымызды сақтауда Шет өңірінің басқа жерлерге қарағанда көш ілгері кеткендігі андағайлап шығып отырады. Кеңестік заманның өзінде бұл өңірде қиқулап көкпардың дода және мара түрлері тартылып, қатын күресі өтетін. Көкпардың қазандығын түстік ағайындармен бірге қырғыз бауырлар да ат майын сатып, сақырлатып қайнатып жататын. Сол үрдіс қайсыбір жылдары шабандағанымен бертінге дейін үзілген жоқ. Ел тәуелсіздігі жылдарында ұлттық спорт түрлерінің қарыштап дамығаны белгілі. Сол тұста осы шеттік спортшыларының түкірігі жерге түспей тұрды. Аударыспақ, теңге ілу, көкпар тарту, қыз қуу сынды ат спорты түрлерінен ел намысын осы шеттіктер қорғады. Еліміздің түкпір-түкіпірінен атшабарды ұлықтаған өскіндер білу үшін, жинаған азды-көптітәжірибесін шыңдап, ұштау үшін осы өңірге қысы-жазы ағылып жатты. Әйгілі бүркітші Тілеуқабыл Есенбеков ағамыздың мұрындық болуымен бұл өңірде құсбегілік қарқын алып, дабыры сонау кәрі құрылыққа кеткен. Ол кісінің Тасбаз мекенжайы күнделікті көріп жүрген қыстағымызға атымен ұқсамайтын, әлем-жәлем киінген шетелдіктер қазақ баласының құсбегілік өнерінен дәріс алып жатты, жай уақытта шақырсаң келмейтін шетелдіктерді қазақтың осынау киелі өнері, спорт түрі еріксіз келтірген, келтірмеске лаж қалдырмаған, олардың құлаққа тосаңдау естілетін тілдері елдің аспан көңілін біраз жерге апарып тастаған. Жатпай-тұрмай үйрен деп жүрген шетел тілдері тақ-тұқ етіп құлағынңның қалқанын жарғандай екен, қазақ тілінің шылауына да жарамайтын болып шықты. Сол шақырылмай келгендер құсбегілікті ғана емес, қазақ тілін де өздерімен бірге ала кетті. Тілеуқабыл ағаның ұйымдастыруымен қазақ жеріндегі алғашқы салбурын осы Шет топырағында өткен. Сол салбурынға қатысқан ауыл қарадомалақтарының көкейінде мен де сондай болсам деген арманның оянғаны анық. Өйткені ол жылдары ат спорты, құсбегіліктің нарқы жоғары болатын. Оларға қай жерде де болсын үлкен құрмет көрсетілетін. Төр солардікі еді. Осы дүмпумен ат спорты мен құсбегіліктен талай спортшылар өсіп шықты. Жер-жерлерде өз мектептерін ашқандар да болды. Тіпті, Жұмыскер ауылында бір ғана ат спорты бойынша артық-кемі жоқ тура жиырма бес бірінші санатты төреші болған екен, осы ауылда Арқа өңірінде бірінші болып мектеп бағдарламасына ат спорты енгізілген, ал дәрісті сол ауылдың әкімі Балтабай Игенұлы берген, керек десеңіз сол әкіміңіз ат спортынан халықаралық дәрежедегі төреші екен, кешегі Қарасай батырдың асында атшабарлық тізгінін сол Балтабай ұстапты. Аудан орталығы Ақсу-Аюлыдағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте құсбегілік сыныбы пән ретінде енгізілген. Онда басқалармен бірге осы Мақпалдың әкесі Мұрат Әбдіразақов дәріс беретін. Мұрат та елге әйгілі бүркітшілердің бірі, талай байрақты дүбірлерде ел намысын бермеген, алтыннан олжа салған құсбегі. Олай болса Мақпалдың құсбегілікке келуінде көзге көріне бермес белгілі бір сабақтастықтар жатқан болып шығады. Шет өңірінен құсбегілердің тұтастай жарқын өкілі өсіп шығып, бұл өнерді Арқа жерінде таратуда өлшеусіз еңбек сіңірді. Олар облыс орталығында құрылған ұлттық спорт түрлері мектебіне тартылды. Мақпал, әрине, құсбегілікті әкесінен дарытты, аудан орталығындағы мектепте осы өнерін дамытты. Оның басқаларға қарағанда бір артықшылығы бар еді, ол табиғат ананың көшірмесі еді, көп нәрсені оның осы қыз балалығы шешкен. Иесіне жылдап барып бой үйрететін түздің қандыкөз шеңгелдері Мақпалға келгенде жуасып-ақ қалатын, оның бапымдаған дауысы шықты-ақ балдағына қанатын қақпай-ақ жетер еді. Мақпалдың темір қанатынан тәрбиелеген мұндай құстары аз болмады, алайда олардың барлығы бірдей бесболат болып шықпады... Құсбегілік айтуға ғана оңай өнер, спорт түрі, әйтпесе құстың бағымы баланың бағымынан әсте кем емес, бабы келмесе бістәктайды да тұрады, үйкүшік қылып жіберсең шаңқылдап тұрып алады. Сырт қарағанда құста тіл жоқтайын көрінеді, шың мәнінде оның шаңқылының өзінде талай дыбыс реңкі жатыр, нағыз құсбегі соны айыра білеіп, жанын тыныштандырады. Бүркіт деген кекшіл құс, сондықтан да ол сенің әрбір әрекетіңді жадысында мықтап ұстайды, сенің қандай көңіл күйде болғаныңды дауыс реңкіңе қарап айырады, ол өзінің саған тәуелді еместігін бүкіл жан-дүниесімен, ішкі түйсігімен түсінеді. Соған орай ол шешімді өзі қабылдайды, сен тек оған себепкер ғанасың...
– Бапым-бапым...
Ол сенің осы дауысың арқылы қайда тұрсаң да тауып барады, зар күйіне келгенде сен ауыз ашқанша балдағына келіп қонар еді. Бүркіт қырағы құс, қолыңды көтерсең болды, балдағын жазбай таниды. Мақпал осындай мектептен өткен, әкесі баласының құсбегілік әуестігін уақытша деп білген, уақыт жеткенде тастап кетеді деп сенді, уақыт өте келе Мақпалының таңдауының түпкілікті екендігін бағамдаған. Бұған қуанарын, не ренжірін білмеген... Алғаш болып бүркітшілер сайысына түскенде қызықтың көкесі болған. Бабалар тарихында саятшы қыздар болғанымен құсбегілер болмапты. Федерация жарғысында да әйелдер жөнінде ештеңе айтылмаған, құсбегілер жарысына әйел баласы қатысады деп кім ойлапты. Сонымен, не керек, көпшілік дауыспен қара көбейтер ретінде жіберіле салынған. Қай спорт түрі болсын ол екіге бөлініп жатады, ерлер арасындағы деп, әйелдер арасындағы деп, бұған сайсақ Мақпал әйелдер арасында сайысу керек-тін. Алайда елімізде Мақпалдан басқа құсбегі қыз жоқ болатын. Бара-бара елдің көзі Мақпалға үйренді, бүркітші қыз атанды. Мақпалсыз өткен салбурында мән қалмайтын болды, бүркітші ағаларының алдына түспесе де иық теңестірді, 2003 жылы оған еліміздің спорт шебері деген құрметті атағы берілді. Одан бері де қаншама уақыт өтті. Ол өзін нағыз бүркітші ретінде мойындатты. Мақпалдың құсбегілікке келуі ел ішіндегі осынау спорт түрінің деңгейін айтарлықтай көтерді, көзтүртпекке түсіп жүрген құсбегілік сапалық жаңа деңгейге көтерілді, өйткені Мақпалдың деңгейіне көтерілмей бұл спортқа келудің қажеті де жоқ еді... Осыдан үш жыл бұрын өзіміздің Ботақарада салбурын өтті. Сол дүбірлі жарысқа жиырма екі құсбегі қатысты. Осы жолы ел бүркітшілер арасындағы жалғыз қыз бала Мақпал Әбдіразақованың өнерін тамашалап, сүйсініс білдірді, оның әрбір сәтті әрекетін барынша қошаметтеп, қолдау көрсетті. Жарыс шымылдығын құсты шақырушылар ашқан. Бұл қиын сынның бірі еді. Бүркіт қанша дегенмен түз құсы, оның көзі зеңгірде болады. Бостан алған мұндай құс қашанда көкке атылып, жуық маңда төмен түсе қоймайды. Мұны сол сынақта көрдік. Біраз құсбегілердің құсы солайынша маңып, қайсы бірі қаратасқа қонып, қилы жағдайлар болып жатты. Бұл сында Мақпалдың Сарысүмбесі сүрінбей өтті. Шырға тартқанда да сүрінбеді. Жарыстың үшінші кезеңінде қоян жүгірткен. Осы сында Сарысүмбе сыр алдырды. Әліп ағасы да Кербалақ деген тірнегімен қара үзушілер сапына іліге алмады. Әліп деп отырғанымыз кәдімгі құсбегілер арасындағы ел чемпионы Әліп Төребеков, Мақпалдың ұстазы. Бір қызығы, бұл жарысқа Мақпалдың әкесі Мұрат пен тәлімгері Төлеген Мұқамбетшин де қатысып еді. Сонда Мақпал сіңіліміз жылап жібере жаздаған. Амал қайсы соңғы екі кезеңге солайынша іліге алмады. Сол күні күн райлы болмады. Бастысы сонар жоқ еді. Оның үстіне етектен өкпек жел соғып тұрды. Құстың зар күйі де оның қоянға түспей айналып кетуіне себеп деп білді. Бәрібір бұл сында да Мақпал сіңіліміз жүлделі орынға ілікті. Ол Төлеген көкесімен бірге төртінші орынды бөлісті. Осы сында еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, Әбен Тоқтасынов ақсақал да жүлдеден тыс қалды. Ол кісі осының алдында ғана Алматыда өткен салбурында чемпион атанған еді. Құсбегілік осындай өнер, осындай спорт түрі. Оған түскен бүркітші де, бүркіт те зар күйінде болуы керек. Әйтпесе, төккен тер, еткен еңбек еш... Бабына келген құстың түспейтін аңы болмайды. Соны ілдіру иесінің қолында болса керек. Жақында облыс орталығында құсбегілер біріншілігі өтті. Оған Арқа өңірінен барлығы он екі құсбегі қатысқан. Барлығы дерлік ел көлемінде есімдері шыққан, ел таныған, қазақ деген елін шетелге танытқан тарлан құсбегілер еді. Соған қарамастан Мақпал сіңіліміз Ақжелке деген құсымен бәрін айналып өтіп, облыс чемпионы атанды. Бір кездері қояннан айныған құсы бұл жолы алтайының таңынан айырып, қасекеңнің белін үзіп жіберген еді...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру