TELEGEI

Home

Баян Тіленшина Тамыр

Баян Тіленшина

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Баян Тіленшина Тамыр

Баян Тіленшина — «Баян Тіленшина Тамыр».

ТАМЫР

VІІ – бөлім

Мазмұны
Нәр тамыр

1. Ұлым – Ерікке 2. Ананың саумал сезімі 3. Ұлыма 4. Сен туылған күнгі тілек 5. Байлыққа емес, ниетке... 6. Той болсын 7. Сен –Темірқазығымсың 8. Сағынып көрген жарығым 9. Октябрят Ерікке 10. Ол –сенің шапағатың 11. Айналайын 12. Ұғынып ал, балапаным 13. Өзіңді өзің сына 14. Әр қадамға тек Ниет бастау болар 15. Шашу –берекем 16. Періште ме ең... 17. Жанарым, жаным, жақұтым 18. Өсиет 19. Балалық базарында 20. Мақтанышы, еркесі бол еліңнің 21. Сөз бастарда 22. Қоштасқанда 23. Ашуыңнан айналдым 24. Шіркін 25. Өмір деген –тартысы танымдардың 26. Ұлылық деген –кішілік \Ерікке\ 27. Роза келініме 28. Ана тілегі

ӨЗЕК

Ғұмар Қараш

Неден қорқам?

Аждаһа алты басты жаудан қорқам,
Бүлдірген ел арасын даудан қорқам,
Күлімдеп кіріп, ішкі сырымды алып,
Құрылған аяқ асты аудан қорқам.

Ертеден кешке дейін бір іс етпес,
Жатып іш жалқау –дені саудан қорқам.

Кім көрсе соған айтқан сырдан қорқам,
Әңгіме –сырдың түбі –жырдан қорқам.
Сүзіліп, сұпысынып, дінді сатқан,
Таңқы мұрт, таспа қара- сұрдан қорқам.

Бұлғақтап, құр білімсіз ағымға еріп,
Білгенді еліктеткен зырдан қорқам.

Асығыс істей салған істен қорқам,
Қандары тасқан қара күштен қорқам.
Дос болып, бірге жүріп, қастық етіп,
Тысына қайшы келген іштен қорқам.

Көруге бек әдемі болса- дағы,
Құбылма тез оңатын түстен қорқам.

Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,
Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам.
«Таң туды, мезгіл жетті» деп адасып,
Құрылған қараңғыда заңнан қорқам.

Істері адамдыққа жанаспаған,
Жануар –екі аяқты аңнан қорқам.

Көлеңке елестеген бойдан қорқам,
Түс көріп, өң деп ұққан ойдан қорқам.
Теңгеріп жарлы- байды, құрып жұмақ,
Теп- тегіс жұртқа жеткен тойдан қорқам.

«Теңгердім, той жасадым жұрт үшін» деп,
Жер- жерде шалған құрбан қойдан қорқам.

Ұжмақ көктен жерге енбек емес,
Мезгілсіз бір нәрсе де келмек емес,
Өзің ту ұл тусаң да, қыз тусаң да,
Әкеліп біреу саған бермек емес.

Табиғат заңы, жолы өзіне хақ,
Ешкімнің жетегіне жүрмек емес.

Адаспа, аңдық етпе, Адам ұлы,
Көрінген о бір сағым көзіңе елес.
Сағымды «су таптым» деп жұрт жинасаң,
Жындыға айтар сөз жоқ құрып кеңес.

ҒҰМАР ҚАРАШ БАБАМА

\Шөбересі Баян Тіленшинадан\

Ғұмар Қараш – жан бабам,
Жыр - өзегі талмаған,
Білім, санат, арманмен,
Болашақты барлаған,

Тар заман жанын алғанмен,
Түп- тамырын алмаған.

Жыр кені ме едің, жан бабам,
Лапылдап оттай жанбаған.
Қазаққа қанат сұраған,
Мінәжат етіп Алладан.

Он жеті рет Меккенің,
Зиянат жолын шарлаған.

Шығыстың жарық жұлдызы,
Қараңғы елдің күндізі.
Шапағаты тисе деп,
Қолын созған ұл-қызы,

Сахараның шөлінде,
Гүлін жарған қырмызы.

Қазақтың тапқан асылы,
Көк жолақ жолды жасыны.
Басқан із, алған деміңе,
Бүкіл елің бас ұрды.

Құшағы қатты заманға,
Құрбандық еткен ғасыры.

Өмірге жасап ауысым,
Өксіткен пері дауысын.
Сегіз басты айдаһар,
Сыйынып берген тау күшін.

Желкеңнен қарап арыстан,
Желпіген беттен тауысың.

Әулие бабам, армысың,
Алланың айтқан жарғысын!
Құранның тілін құрметтеп,
Заманның көрген тартысын.

Өзектен аққан өлең-сөз,
Өмірге қалған алғысың.

Өзіңнен өндім өркендеп,
Өремін сөзді көркемдеп.

Өзегім өзің болған соң,
Өсермін саған желкен боп.
Зылиха анам-немерең,
Ғайыптан ұшып келгем жоқ.

Тазалықтың тұнығы –
Нәр алған адамшылығы.

Ілімнің сәуле, нұрына,
Бас иген ақын, ұлығы.
Қазына кенді білімнің,
Тоттанбас гауһар сынығы.

Болмас-ау дерт те емделмес,
Оқулық жаздық сен көрмес.
Жаттап жүр бүгін ұрпағың,
Жырларың, баба, енді өлмес.

Жолыңды жалғар шөберең,
Ешкімді Саған теңгермес.

Мен сені қайтсем қайта тірілтемін!?

Мен сені қайтсем қайта тірілтемін,
Өртеңнен мені өндірген түбіртегім!?
Атыңды аңыз етіп жел айтушы ед,
Жырыңмен жүздескенде... дірілдедім.

Босаңсып жанарымнан тамшы тамды,
Сағыныш сезімі бұл бүкіл деннің.

Таныстым енді ғана тағдырыңмен,
Пейілің егіз екен таң нұрымен,
Асылы алты алаштың ақын бабам,
Оятқан ел санасын жан жырымен.

Өлтірген сені азаптап хайуан жандар,
Білмейді –ау кемің жоғын нақ тіріден!

Ассалаумағалейкүм, Ғұмар бабам!
Төртінші ұрпақ сәлем берді саған,
Қазақтың теңдігі үшін басын тіккен,
Айналдым жүрегіңнен тұмар –ғалам!

90 жыл арамызды түнек жапты,
Тамырын тамырыңа ұлар балаң.

Мезгілсіз атқан таңнан қорыққаның,
Жат жұрттар сорады деп жердің нәрін,
...Елім деп бас көтерген елжандының,
Қиратты-ау белуардан орып бәрін!

Қылыштан өткір тілді ақындарға,
Білмейді- ау өлім жоғын тобықтағың!

Өнер мен білім сеуіп тұр-тұрладың,
Халқыңды оятсам деп жыр жырладың,
Қорықтың жатып ішер дені саудан,
Сүймедің даукес, мінез бұлтылдағын.

Меккеге 17 рет ғибадаттап,
Ғибраттың дәлелдедің нұр тұнғанын.

Айта алдың жалғыз қазақ ұлтың барын,
Өзгеге тәуелдінің жолы тарын,
«Өзің ту ұл тусаң да, қыз тусаң да,
Бермес,- деп,- ешкім саған қолда барын.

Наданды құл етсең де көндігеді,
Білімді таптатпас,- деп,- арын, жанын.»

... Болжаған бәрін дұрыс кемеңгерім –
Тәуелді, бодан елдің төмендерін.
«Алаштың жыршысы» деп өлім қаптың,
Тозаң боп бала- шағаң, өлеңдерің.

Аңсаған азаттықты Ғұмар Қараш,
Мен енді өзегіңе тереңдермін.

Күре тамыр тарауы

Керім Тіленшиннің өлеңдерінен үзінділер

Заманам

Басымнан асты –ау көп қайғым,
Тірлікте бүгін жоқтаймын.
Күлінен басқа қорғансыз,
Қып-қызыл жалын шоқтаймын.

Барады өтіп жастық шақ,
Сағаттай қайта соқпайтын.

Көзіңді ащы, Заманам,
Не қымбат саған адамнан!?
Қолдайын десем, қылқынтып,
Аласың неге жағамнан?

«Қарабет, әрі кет!» деме,
Қорқамын осы жалаңнан.

Қыл арқаумен буылдым,
Сонда мен неге туылдым?
Тұтам болмай, ұзарды-ау,
Құйрығы сайтан қуыңның!

Өзім құрған Заманам,
Бұйырды неге жуындың?!

Өмірдің жазбай тармағын,
Шайнаумен семіп бармағым,
Шынымен өлім табам ба,
Зар жылап анам, жан-жарым?

Әділетті кесе ме,
Әділетсіз қанжарың?!

Өртендім, Заман, ұқпастан,
Өртендің, Заман, тіпті аспан!
Салмақты, салқын ой қайда?
Ылғи ми көрдім түк басқан!

Тап-тақыр сорға айналма,
Өртеңге көк шөп шықпастан!

Қатып қалған қандаймын,
Жүзге келген шалдаймын.
Бытыр-бытыр сындырдың!
Тісі жоқ тақыр таңдаймын!

Заманам, сенің Күніңмін,
Сөндірсең, қайта жанбаймын.
Керім Тіленшин, 1938 жыл

Кей жігіттің мінезі

Кей жігіттің мінезі –
Сыр алдырмас ылпылдақ.
Кей жігіттің мінезі –
Жел қайықтай бұлтылдақ.

Кей жігіттің мінезі –
Сөз көтермес шыртылдақ.
Кей жігіттің мінезі –
Адам безді быртылдақ.

Кей жігіттің мінезі –
Бос сөйлейтін қыртылдақ.
Кей жігіттің мінезі –
Бос күлетін жырпылдақ.

Кей жігіттің басы бар,
Сынасаңыз миы жоқ.
Кей жігіттің миы бар,
Жұртқа жағар күйі жоқ.

Кей жігіттің күйі бар,
Көпшілікке сыйы жоқ.
Қайшыласқан дүние-ай,
Бірі болса, бірі жоқ.

Адам пенде болған соң,
Бір-бірінсіз күні жоқ.

ЕСІТУ - ӨТІРІК, КӨРУ – ШЫН

Сән салтанат жарасар –
Әділ болса әкімің,
Жерге жаңбыр қарасар –
Бай болуға, бұл да шын.

Болмаса жауын құт қашар,
Жетектей келер тақырын.
Сол тақыр жыл ұйқы ашар.
Көрпені түртті пақырың.

Үйіңе жақын терең сай,
Жетіп барад баспалай.
Толады қызыл трактор
Ыңырси тартад, пай-пай-пай!

Көз ғана қорқақ, қол батыр,
Мына батыр қай батыр?
Шаңырағы тоқ шатыр,
Сабанға лық там жатыр.

Ұрлық түбі қорлықты,
Дейміз: жаным бұдан без.
Төгілер арың – намысың,
Тап болса шындық құрған кез.

Мендегі көз, көпте мың,
Саңырау ұқпас жан сырын –
Есту-өтірік, көру-шын,
Құтқармас шынды жорушың.

Шынды өсекке сатпаймын,
Өсек отын жақпаймын,
Өртенсін өсек, құрысын,
Жасайық істің дұрысын.

БІЗДЕГІ ЗАВКА

Бейбастық бізде,
Дәл осы кезде,
Күн асқан сайын көбейді.
Тәрбиешіміз –

Бас қылмыстымыз,
Зав мұны неге көрмейді?

Қыздардан Ұлжан,
Сабақтан қалған.
Тыныш жоқ күні-түні де.
Ұру да соғу,

Нағыз ренжу,
Қайғыдан шықпас үні де.

-Ә, Ит! Сен керең,
Мә! Келтек берем!
Түзелесің осымен.
Өлсең өл сен де,

Тірілік жөн бе?
Ісім жоқ көздің жасымен.

Балаларды көріп
Асыла төніп,
Тікірейіп қарайды,
Анажан десе,

Бұл сөзге есіре.
Тыныбекті сабайды.

Мұндағы айып –
Нан сұрап барып,
Қамырды нан деп беріпті.
Алмаймын десе,

Сен,- деп,- есірме!
Сыйға шапалақ көріпті.

Атадан қалып,
Аш, арып-талып,
Рахатқа жаңа еніп ек.
Тәрбие алып,

Білімге қанып,
Шығамыз деп ек, сеніп ек.

Е, жолдас зав,
Бұл қандай ғазап?
Тәрбие ме, тәлім бе?
Мынау сұм Тотық,

Бізді өртер оттық.
Қалдығы Николай зәлім бе?

Көрсең де көрмей,
Білсең де сезбей,
Жүрсің бе, завка, көз жұмып?
Күнде жекіру,

Күю, нықыру,
Өтсе екен жылдам жыл сырғып!

Антоновкеден,
Бүлдіріп келген
Желөкпе Тотық осы ғой.
Қыздарды сабау,

Детдомды қанау,
Негізгі пейілі теріс ой.

ҚАЗАҚША БІЛМЕЙДІ ҚАРЫНДАС

Қазақтың тілін оқытқан кісі
Класқа енді.

Сабақ жұмысы.
Жақып қызы кезекші – дежур,
Рапорт беру еді оның ісі.

Рапорт

Семнадцать всего бала, Слушайте, учитель аға! Из них двое отсутствует, - Қазақша сөйле! - Но это да!!!

-Оқығаның қазақтың тілі,
Оқушымның сен-дағы бірі.
Қазақсың ғой, өз ана тілің,
Орысша сөйлеу... келмейді жөні!

Үйдейтінім, бұл ермек емес,
Жатық біл деуім - ақылым, кеңес.
Қажетсіз болса партия, өкімет,
Еріккеннен оқысын демес.

«Сен не дедің, не айттың» демей,
Түнерді қабақ бұлтты күндей.
-Без казакша, существую,
По казахский ты меня не учи!

Да, де, та, те, ма, ме, ба, бе...

Не понятно весь приставка!
После глухих звуков
Еще какой то «па, пе»!-

Деп қазақ қызы қазақша білмей,
Орысша сөйлеп, мығымсып дүрдей,-
-Не понимаю по казахский,
За что казах?!-деді қол сермей.

--Значить, хотя я казашка,
Казакша не надо! Это правда!
С молодостью среди русских,
Білмегенский казакша жүдә...

...Мінеки нағыз тіл бұзғыш дүмше,
Жақпайды өз ана тілін білсе.
Рахметкер әкесі Жақып,
Жиренеді екен қазақты көрсе.

Сол Жақаңнан қарындас туып,
Бұлжымай әкенің жолын қуып,
Дың еткен өсек-өтірік болмай,
Дөп түспесе де боп отыр жуық!

Ленин көсем әр ұлт өз тілін,
Үйренуге міндетті түрін,
Томында ашық көрсетсе де,
Жақаңдар ұқпай қалыпты бірін.

Бізге шын міндет –ана тіл білу, Емес қой оны мазақтап күлу! Қазаткомның Қаулысымен, Күлушінің күлін суыру! 18.10.1934 ж. «Қорғасын үшін» газетінен.

АПАСЫ МЕН ІНІСІ

Тұнығын судың лайлап,
Тіл ұшымен құдайлап,
Апасы мен інісі.

Бүлкілдетіп көмейді,

Өсек сөзі көбейді,

Өмірдегі ырысы.

Ойласып арыз құрады,
Бұл – мақсатты ұраны,
Апасы мен інісі.

Іздеді қуып бәлені,

Бәленің гүлдеп пәлегі,

Жарқын-жарқын күлісі.

Плансыз астық септің деп,
Асыра сілтеп, екпіндеп,
Апасы мен інісі.

Халыққа астық бердің деп,

Пайдасын жердің көрдің деп,

Менімен болды бір ісі.

Үш нөлді жалғап бір санға,
Жетті бір асқын-ыржаңға,
Апасы мен інісі.

Абаққа мені қаматты,

Бастыққа жету таңы атты,

Кең ашылып тынысы.

Амандық еді арманым,
Аштықтан елді қорғадым.
Пернехан мен Заманхан!

Бір соққандай жүрегің,

Төрімде төрт жыл шірендің,

Әлі күнге болам таң.

ТҮРМЕДЕН ХАТ

Зылиха, аманбысың?

Анам қалай?
Жүрсің бе от боп мұзбен оранғандай?
Шерім мен Нұрмат ағам қолды бопты,
Сейсе мен екеуіңнің шамаң қалай?

Бірігіп өсіріңдер балаларды,
Сезінсін екеуіңдей пана барды.
Жеңеді шындық деген!

Мен барамын,
Екеуің жоқтатпаңдар ағаларды.

Мен бүгін тар қапасты түрмедемін,
Маңдайдың көрдім жазған дүрбелеңін.
Өз халқым өзімді жау атағанша,
Жақсы еді-ау, бұдан өмір сүрмегенім.

Ерітіп, балқытса да сүйегімді,
О, елім, біл өзіңді сүйерімді.
Мені жау дегендердің жүзі қара,
Соңғы сөз--осы, қақсам иегімді.

Мен бүгін айта алмаймын білгенімді,
Елім деп етек-жеңді түргенімді.
Жаратқан комсомолды Ғани қайда?
Толтырсам деген едім бір кеміңді.

Бабамның қыстауы бар Қайнар қайда?
Көк белді биіктеткен сайлар қайда?
Тазартып жала сөзден қойныңа алшы,
Дәл мына жатысымнан қандай пайда!?

Салауат – басқан жерде ізім қалды,
Мектептер «Қызыл отау» жүзін салдым.
Партия билетімнен бөлмес ешкім,
Қаныммен бірге жасар қызыл жарғы.

Сынайды солай тағдыр пенделерін,

Қолыңнан келсе, хал-жай бер дерегін.
Сендерге сөзбен қуат бердім, түсін,
Қолымнан келсе, жанды емдер едім.

1937 жыл.

МАЙДАНГЕР АМАНАТЫ

Амансың ба, жамағат,
Жүрмісің есен, саламат?
Майданда жүрген балаңыз,
Жолдайды сәлем қат-қабат.

Ынтығып сүйген жан анам,
Ықыласын төккен сабадан.
Фашист итке тап болдым,
Иттен де жаман қабаған.

Бұтақтың діңгегіндейсіз,
Өз көңіліңізді шын дейсіз.
Бұл жақта жүрген майдангер,
Қорғаның деп білгейсіз.

Халқыңа ана болғансыз,
Тірлікке пана болғансыз.
Үшбу хатпен жетеді,
Өзіңе деген толғаныс.

Естімейік жаманат,
Көрсеткенге – қанағат.
Артымда қалған ата-анам,
Зылиха, саған аманат.

Ағадан қалған жәдігер,
Бегалы, Қайбар, Мәділер,
Оралым, Несіп, Шералым –
Басса екен деймін көп ілгер.

Артымнан ерген Ақсақал,
Қорғай ма Қатай-тас қамал?
Қалима, Өкай, Самиға,
Бақытжан, Зәуре басқарар.

Көңілге салма жарақат,
Суланбай көзің қарақат.
Зияшым, Қайсар, Серігім –
Ұл-қызым саған аманат.

Кеудемде жаным барында,
Салмаспын уайым-сарынға.
Фашист – жөйіт жеңілер,
Дақ түсірмей арыма.

Еліме қадам басқызбан,
Сендерге қарай асқызбан.
Темір құрсау кисе де,
Ерлікті көрер сасқызған.

Ал, аман бол, аман бол,
Әйел де болсаң қамал бол.
Мен жеңемін дұшпанды,
Сен әр жақта самал бол.

Тікеңнен тұр сайыста,
Бүкірейме, майыспа.
Заты мықты еместі,
Түзей алар қай ұста?

Ал, хош енді, хош енді,
Атойға Керім төселді.
Комбатқа қояр көктасың –
Аманатым осы енді.

Хабардың бәлкім соңғысы,
Таусылар тіл мен қол күші.
Бұл фәниде кешіңдер,
Мінездің болса олқысы.

«Өлемін-ау» деп налыман,
Немісті құртам жолымнан!
Тазартып кетсем жерімді,
Өлер-ақ едім салып ән!

Ешкімге жерді билетпен,
Ар-ожданды күйретпен.
Неміске құлдық ұрмаспын,
Малай боп арба сүйретпен.

Бабамнан қалған жерім бар,
Көп ұлтты Совет елім бар.,
Өзіміз қожа болатын,
Жер астында кенім бар.

Сұққызбаспын саусағын,
Маған қалдыр жау жағын.
Ауру-сырқау жеңбесін,
Ойлаңдар егін, бау жағын.

Амалбек қайда, аман ба?
Исабай бригад шамамда.
Бір үйдің баласындай бол,
Жат қарамай адамға.

Бірігіп тірлік жасаңдар,
Қалмай тұр уақыт шошаңдар.
Жылап-сықтап қажыма,
Аманатым – осы, аңғар.

ҮКІЛІ БҰЛАҚ

Шығысында көлбей шөккен Алатау,
Ұшар шыңды, қабақ түйген ақ қырау.
Қажырлы қарт құбылаға құнтия,
Төніп отыр, жүректе жоқ тоқырау.

Гүл көмкерген Көмеш, Қайнар қос бұлақ,
Иісің жұпар, әлемге аңқып, бұрқырап.
Күндіз естен, түнде түстен кетпейсің,
Тасты қуған мөлдір суың сылдырап.

Жайсаң құрақ балдай ұнап, жан біткен,
Жесе тоймай, маймен толды «сәндікпен».
Төрт түлік мал түгелінен төлденіп,
Шопан алды құрмет, орден мәндікпен.

Қылша белді, үкідейін қамысың,
Қырғауылды, тәтті сулы Арысым.
Ойың, қырың алтай түлкі, ор қоян,
Тай-құлын мен қозы, бұзау жарысып.

Жайнап күздік, қырат жерде тәлімі,
Мол өнімді алуға жұрт кәнігі.
Көк егісің көлбей түсіп, көз тартқан,
Ұшан-теңіз толқынындай кәдімгі.

Туған ауыл – Қайнарбұлақ – мекенім,
Майлы атам қыстау еткен шекерім.
Үкі таққан қос бұлаққа тәуетіп,
Үр қызындай мәңгі құрмет етермін.

Сентябрь, 1943 жыл

Майдан, село Садовое

БІР ЖЫЛ

Бірінде октябрьдің өткен жылы,
Жоқ түскен аязсымақ, күздің күні,
Алты күнге төзбестен арып, ашып,
Манкенттен қайтып барғам бір көргелі.

Мен барда сәске түсте көзін ашып,
Керіліп, манаусырап, ырғай басып...
Зылиха таң сахардан оянып жүр,
Жасап бір тіршілігін асып-сасып.

Зиядаш Қайсарменен қабаттасып,
Болтиып ұйықтап жатыр пыр-пырласып.
Шералы, Құралайжан, Қайбар қалқам,
Жатқандай ма түсінде бір сырласып.

Ол шақта Көмек, Мәден майданда боп,
Ел үшін кеудесімен қаққан-ды оқ.
Жыл өтті.

Жас баламен мінездес ем,
Ал, бүгін жау жайпаймын нақ танкі боп.

Қан майданды қақ жарып Отан үшін,
Тәнім түгіл жан пида, сарқыл күшім!
Ұран салып, «Ұр-рә-ә!» деп атойладым,
Дұспаныма танытып ұлдың ісін.

Күннен күнге нығайтып, өнер-білім,

Техниканы меңгердім, біліп тілін.
Жаудың жанын тапсырып жаппарына,
Тозаңдата ұшырдым көкке күлін.

Тәнім сау, жаным күйлі, рахатта,
Отанға міндет өтеп, көңіл шат та.
Жыл толды көріседік.

Көріселік,
Қайбірін сыйыстырам жазып хатқа.

01.10.1943 жыл Полевая почта ХГЗ – 24041 «Б»

ТҰМАР КҮН

Зылиха, алдым хатыңды,
Сөз айтыпсың татымды.
«Сағынып балдар жүр» депсің,
Көп айтып Керім атымды.

Қанықтым сырға, ел жайын,
Мақта мен егін, бел жайын.
Тесілмей оққа жапырақ,
Өссе екен еркін тал-қайың.

Бәріне дұғай сәлем де,
Жыламай сәби әлемде,
Қой үстіне бозторғай,
Ұя салса әр елде.

Туатын сондай күн болсын,
Осы айтқаным шын болсын.
Мына сойқан, сұм соғыс,
Құм құйылып, дым болсын.

Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Туады қашан тұмар күн?
Туған жер топырағында,
Тарқай ма шері құмардың?

Ата қоныс – Қайнарым,
Сен қайда, мен қайдамын?
Төретай мен Сапарбек,
Көп еді-ау әлі айтарым.

Сырласым – Рәсіл, Шырыным,
Ашсаңшы көңіл құлыбын.
Қауышар күнге жеткізсін,
Салмасын ажал құрығын.

Ау, мұнар күн, мұнар күн,
Зеңбірек тескен шұбар күн!
Фашистті тізе бүктіріп,
Туады қашан тұмар күн?!

АТА МЕН АНА МҰРАСЫ

Ата мен ана мұрасы –

Жақсы өскен ұл-қыз баласы.
Өмірге тіреу, тиянақ,
Көз жанары – қарасы.

Жағымды мінез, алғыр сөз,
Білімге қанса санасы.
Жете ойлап, шешше тез,
Ақылдың болып данасы.

Алақанда тұрғандай,
Жер мен көктің арасы.
Мөлдір, тасқын бұлақтай,
Тараса өнер саласы.

Сұрапыл дауыл, көк селден,
Тосқауыл сол – панасы.
Тұңғиық, төнген ой-шерден,
Арылтушы сол арашы.

Еңбегін елге дарытса,
Бітсе адамның аласы.
Жүректен де арылар,
Көнтек тартқан жарасы.

Қара қылды қақ жару –
Әділет – шынның шарасы.
Ару, босу, тез құру –
Қиянатшыл, зұлым сазасы.

Өзіңде бар ма осы ұл-қыз,
Сын көзімен қарашы.
Дөрекі мінез, ұқыпсыз,
Сүйкімсіз, жанға жан ашыр.

Негізін ұқ, ой жеткіз,
Қалмасын маған өкпеңіз.
Бос мақтанға кім ерер,
Бағдарсыз лағып кетпеңіз.

26.10.1952 жыл. Көк-арал, Еділ бойы

ҰЛЫМ – СЕРІККЕ, ҚАЙБАР, ҚАЙСАРҒА!

Талғамай сенсең, жаным сен,
Табасың соққы өмірден.
Нанғыш жүрек, ақ көңіл,
Алдырған албырт міне-мен.

Менде кеше дос көп ед –
Күйіркелескен, тілдескен.
Шығарда жаны-ақ бөлек ед –
Мен ақылшы, ол – сыр шешкен.

Малы мен мүлкі, ішер ас –
Шексіз, бары бірлескен.
Бүгін қалай жалтармас –

Алып тынған ол менен.

Өткеннің дәмін ұмытып,
Көз майын сылып сол жеген.
Сұрастырып қарасаң,
Шынымды кім бар білмеген!

Өмірде болмас көкеңде,
Өтірік, мақтан, өңдеген.
Етеді екен серменде,
Адалдыққа сенбеген.

Қайбарым, Қайсар – тамшылар,
Ойымды аңғар, мән шығар.
Тұрақсыз өспе, әділ бол,
Тектілік деген сол шығар.

ТҮРМЕДЕН ХАТ

Туған жерді алшаң басып,
Жүрсің бе сау, Исабай?
Сәлем жаздым хабарласып,
Миды арытып бірталай.

Елде болсам, ертелі-кеш,
Мың келерсің қиқаңдап.
Елде қалам, қағаз жоқ па,
Нендей сыр бар, бұл қалай?

Тілшедей де хат жазбадың,
Дәтің қатты-ау, я пірім-ай!
Өмір шіркін жосып барад,
Қалай қалам аңламай.

Жату қайда үйдегідей,
Құс төсекте шалқайып.
Шындық үшін жүрген жанмын,
Килігем іс талғамай.

Білгің келсе біздің жайды,
Жанкүйерлер, осылай!
Мына жазған хатты оқып ұқ,
Ішкі сырын шошынбай.

Ойға аларлық түгі де жоқ, Кінә тағар торсылдап. Жүдеу жанға кейбіреулер, Нықсынатын осындай. *** Мен тең өскен Керім дейтін, Сыр шешуге ерінбейтін. Кінәраттан бұл Керімнен, Кетті-ау деме сенім дейтін.

Екі сөйлеу мұрат емес,
Көмей жалғыз бүлкілдейтін.
Затында әділ, тұрақтымын,

Не бүкпе бар күңкілдейтін.

Көк-арал Еділ,бойы 12.12.1953 жыл.

Түрмеде
Тас түрмеге қамалдым,
Қуарған кеспе томармын!
жанымды жеді –ау жұлын-құрт,

Халқым-ау, қайтіп оңармын!?
Басымнан ақты-ау қара қан,
Басым жоқ!
...Қайда қонармын!?

Бір көзді бір көз шұқыған,
Көбейді –ау сөйлер нұқыл аң!
Біз орнатқан заманам,
Қайдасың?

Әділ жаңа заң?!
Өлуге қазір хұқым жоқ,
Түскенше әппақ шұғылаң.

Нұрмат пен Шерім бауырым,
Жалғасар ма екен сауығың?
Ұлым деп бізді жоқтар ма,
Қалың қазақ қауымым?

Саналы ұрпақ өссе екен,
Біздермен кетіп ауырың!

Ақиқат түбі жеңеді!
Маған тек осы керегі!
Жоңғарды қуған Мәліктей,
Бабамның рухы, жебеші!

Қапта жатпас нақ алмас,
Осыған Керім сенеді!

АСАНБАЙ АСҚАРОВҚА

Көрсем де талай қызықты,
Көрмеген едім мақтанып.
«Қызыққа» мынау қараңыз,
«Қылмыскер,-дейді,-Асқаров»

Мұнысы несі, мұнысы?
Дұрысы қандай, дұрысы?
Тоқтады неге күлісім,
Өзгерді неге жүрісім?

Тар қапаста ауасы аз,
Тарылды-ау әбден тынысың.
Құдай басқа бермесін,
Көрген күнің құрысын!

Еңбегіңді асырдың,
Елдегі бірі ең асылдың.
Саған да тиді-ау бейбас оқ,
Жауыздығы ғасырдың.

Кім сені елге жау десін!?
Байлатпаймыз жау шешім!
Асеке, халқың сен жақта,
Уқалар көзін даукесің.

Біздер өткен «қара» жол,
Жүйкеңді жонар ара жол.
Ұжданыңды түсірме!
Өзіңді өзің мүсірке.

Қылмыскер қалай боласың?
Келтірерміз тобасын.
Мұнысы несі, мұнысы?
Кірленді көңіл шынысы. 31.08.1988 ж.

Баян ТІЛЕНШИНАның өлеңдерінен

НӘР ТАМЫР тарауы

Ұлым -Ерікке

Алтын бесік тербеткен балапаным,
Жыр толқытар талпынған алақаның.
Әлди жыры анамның жүрегімде,
Жүрегіңе ақ сүтпен таратамын.

Ер жетерсің, қарсы алар күрес - өмір,
Қылыш етіп Шындықты күресе біл.
Қалқан –ақыл ісіңе бағдар беріп,
Намысыңды ту етіп тіресе біл.

Баулып берем әділет – арғымақты,
Шыңдал, ұлым, нәр жина бал бұлақты.
Өмір – күрес,

әлсізді аямайды,
Жасық туған жалыннан қарғымапты.

Жылама жат алдында, қайратты бол,
Ашылсын сәулесі нұр, айғақты жол,
Қаны емес, шын туыстың жаны туыс,
Туыстық туын көтер, айбатты бол.

Мейірлі бол, мұздаған шуақтайтын,
Мекенді бол, мыңдаған тұрақтайтын.
Қуанышты қорғайтын құдірет бол,

Қанаттыны қиядан құлатпайтын.

Ұлылық пен ұсақтық арасында,
Ұғынып шеш ақиқат таласын да.
Өрең биік, өрісің шалқар болсын,
Биіктен құла, балам, құласаң да.

Арналы бол Шаттықтан асып-толсаң,
Арманды бол аққудай, ғашық болсаң.
Асылыңды ар тұтқан бұйыртпас жау,
Парасаттың аулынан қашық қонсаң.

АНАНЫҢ САУМАЛ СЕЗІМІ

Өмірімді жалғар өлеңім – ұлым-жарығым,
Сәуле боп түсіп, көркейттің, күнім, барлығың.
Аққу-наз әсем, бұлбұлдың жұмақ бағына,
Тең келмейді бір ғана Сенің барлығың.

Жаңғырар әр кез жадымда сенің есімің,
Сен барда, Ерік, кесімін табар шешімім.
Жалғыз-ақ арман--азамат болып өсуің.
Жаным да жалғыз.

«Жалғызым» десем несі мін?

Жырлаймын саған тілегім, бар арманымды,
Сыйлаймын саған тірліктен бар алғанымды.
Уақыттан озған талабы биік елің бар,
Көрсем-ақ еді биіктеп қаланғаныңды!

ҰЛЫМА

Тіршілік нұрға ғашық,
Құшағын жаяды айдын.
Кеудемнен шуақ шашып,
Мен сені аялаймын.

Қиналсаң, қуаттаймын,
Мамаңды атайсың тек.
Жыласаң жұбатпаймын,
Бекініп, қатайсын деп.

Кім білген не күтерін,
Дауыл, не сынақ тұр ма?
Санаңа бекітерім:
Езіліп жылап тұрма.

Жастықтың бал қызығын,
Жігерін, бар қызуын.
Жолыңа құрбан етем,
Жарығым – жалғыз ұлым.

Саялы бақ, шынарым,
Бірі бол жақсылардың.
Жалауын өмірімнің,
Өзіңе тапсырамын.

Сен туылған күнгі тілек

Ерекше мерекелі туылған күн,
Табиғат шуағына жуынған күн.
Жан- жүрек, тал саусақпен самал есіп,
Толқындап ақ қайнардай буырқандым.

Басталып саламатты сана- сезім,
Бастадың тірлік –қазан қуырдағын.

Тұтанды бала дәурен шамшырағы,
Көзіңнен кәусар тамшы тамшылады,
Жаралып Намыс атты ақ арғымақ,
Жасықтық пен жалқаулық қамшыланды.

Еңбекпен еселеніп Бақыт келді,
Жолыңды тапшылықтан аршып алды.

Ата –әжең менен артық қуанғаны!
Көңілін шапағатқа суарғаны!
Бәйтерек секілденген баба рухы,
Биіктеп тамырланды, жуандады!

Әулеттің тәжін берді!
Желпісін деп,
Тұғырда ұстау үшін Ту арнады.

Әулиедей аққайнар бол жапан түзде,
Алғыс пен бата сыйла елден бізге,
Жаныңның алау оты бәсеймесін,
Жұлдыз боп жарқырап тұр жетіп жүзге!

Қазақтың руханиятын өркендетіп,
Ақ жамбы қалсын әрбір басқан ізде! Әумин!

Байлық емес, ниетке сүйенемін

Байлыққа емес, ниетке зәру болғам,
Қызыл тіл мен Шындығым қару болған.
Жаға алмасам, жақпадым іші тарға,
Қызғанғаннан ішкені сары у болған.

Жақсылығым көп-ау деп мақтанбаймын,
Қатар жүрген қашан да бақ пен қайғым.
О, жалғызым, тап-таза пейілімді,
Өзіңдей тең бөлісер жатқа арнаймын.

Тазалықтың рухын еміп өскем,
Жалғандықты жаныма теліместен.
Тілерсектен тартқылап, өсек қапса,
Періштеге қашан да сөз ілескен.

Өзің менің Қазынам Өлеңім мен,
Өздеріңе сыр айттым тереңімнен.
Ұқтырсам деп халқыма Жігер күшін,
Намысымды ту етіп келемін мен.

Қорғамаған өз басын қорған болмас,
Жиналғанмен жүз «мырың» ортаң толмас.
Жан байлығы әркімнің өз бойында,

Пәктігің мен ақылың болған жолдас.

Байлық емес, Ниетке сүйенемін,
Сеніп қалып алдансам, күйер едім.
Жамандықты жеңе біл жақсылықпен,
Сүйей білсең, «Ұлым!» деп сүйер елің.

ТОЙ БОЛСЫН

Тірлікте жылдар маусымды,
Жатташы осы даусымды,
Тасыған бұлақ – тілегім,
Тоғысып саған, таусылды.

Балғыным, бір сәт қатайсаң,
Жыласаң жыла тау сынды.

Көтеріп тағдыр салмағын,
Жанымды саған арнадым.
Өзгеге қандай болсаң да,
Өзіңсің сұңқар, тарланым.

Жетпеген мұрат – арманым,
Жан балам, саған жалғадым.

Озғанды сенен күндеме,
Жол тапшы тұман, түнде де.
Сылдыр-су сөзге шөлдеме,
Көзің бір жетпей шын деме.

Құрметтеп өткіз әр күнді,
Бұл өмір біреу, мың деме.

Сең болып ақсын талай мұң,
Жылу бер елге, арайлым.
О, рухтар, сақта тіл- көзден,
Сұқтанғандарға бол айбын,

Анаңа сенсіз өмір жоқ,
Сондықтан Күнге балаймын.

Алғаның жарқын Ай болсын,
Ақыл мен мінез сай болсын.
Тау қатпарлы санаңа,
Ақ ұлпа бұлт-ой қонсын.

Жинаған малым шашу боп,
Той болсын, тағы той болсын!

Сен –темірқазығымсың

Аспан мен Жер арасы жалғасқанда,
Жап-жасыл дүниені шаң басқанда,
Тап-таза тілегіңді сауасың ба?
Ұлым, сен ақ жаңбыр боп жауасың ба?

Сен – Темірқазығымсың бағыт берген,
Ғарыштан ғұмырыма ағып келген.
Жұлдызды гүлзарларын көк аспанның,
Күмбездеп, жүрегіме тағып берген.

Ұлым менің – Өмірім, жырым менің,
Шаттығымды шырқатқан үнім менің!
Ешкімді де ешқашан сүйе алмаспын,
Дәл өзіңдей. Осы-ақ шыным менің .

Сағынып көрген жарығым

Жаныңның ыстық жалынын,
Көзіңнен көріп маздадым,
Сағынып көрген жарығым,
Көбелек бола жаздадым.

Қара мен ақтың арасын,
Соқырдың сезінгеніндей.
Сағыныш болып барасың,
Кемшілік – мінің сезілмей.

Ұйықтасам да көз іліп,
Деміңді миым күзетер,
Аяғың тоңа бастаса,
Маңдайымнан сыз өтер.

Орны бөлек жалғызым,
Көбейермісің ну болып?
Серік етіп хор қызын,
Қиындық ақса су болып.

Арқама ұйықтап, тұс- тұстар,
Өркендерім өсе ме?
Көйлегі, шашы қып-қысқа,
Әжетай болам нешемде?

Октябрят Ерік мектеп аттағанда

Байлық билеп, кедейді илеп, ту-у... баяғы заманда,
Малға сатқан мансап, атақ, Айырбасталған адам да!
Менің-әкем, сенің-атаң ашты сонда айқасты,
Әперем деп теңдік туын мына маған, саған да.

Шаршағанда мұз жастанып, аяғымен от кешкен,
Сол атаңның жауырынын жауыз атқан оқ тескен.
Ту жасаған жейдесінде Жұлдыз болып қан тұрды!
Желбіреді қызыл жалау, оқ кеудеден өтпестен.

Күрескердің ұраны етіп құрыш қолды талдырған,
Ұрпағына аманатын атаң маған қалдырған.
Октябрьдің ұрпағысың! Октябрятсың бүгінгі,
Кеудеңдегі жұлдызша – сол аманатың, балдырған!

Азаматтық қадамыңнан ана-жүрек нәр алған,
Мектеп аштың бүгін алғаш, Алға аттады бір арман.
Қуан бүгін, ту ал бүгін революция сабынан,
Сенің шалқар шаттығыңа кім көлденең тұра алған?!

Ол – сенің шапағатың

Қап-қара түнек түндерден,
Ағарып таңдар ататын.
Арайлы, нұрлы, гүл еркем,
Ол – сенің шапағатың.

Жолыңа сенің Күн құрбан,
Тіршілік отын жағатын.
Кеудемде сезім құлпырған,
Ол – сендік махаббатым.

Айналайын

Барлық жанды дос тұтқан тілегіңнен,
Тілегіңнен тап-таза түледім мен.
Айналайын сәулелі келбетіңнен,
Нұрға ұмтылған жауқазын білегіңнен!

Айналайын, сап- сарым, маңдайыңнан!
Бұлбұл көмей, ән салғыш таңдайыңнан!
Еркетайым, әкетай, жәкетайым,
Өзің - менің сөз айтсам әр қайырмам.

Ана-кеудем жазира далаңдаймын,
Бал бұлағым, жасарсың шалқар айдын.
Үмітімнің үлпілдек қанатысың,
Өңім түгіл түсімде алаңдаймын.

Ұғып ал, балапаным

Бір сөзді жүз сөз қаумалап,
Әр істі бұлдап, саудалап.
Ырду да дырду, айқай- шу,
Базарым болма сен менің.

Сөз деген –серті адамның,
Әр іске алғаш қадамың,
Айтылған сөз –атқан оқ,
Не көздеп тұр садағың?

Түсініп, біліп, ойлап айт,
Айқайлама, жәйлап айт,
Сөзіңе ісің сай болсын,
Ер жігітше байлам айт!

Ашық айт адал, шыныңды,
Сөз бен іс берер құныңды,
Бірсөзді нағыз жігіт бол,
Мақтайын іштей ұлымды.

Өзіңді өзің сына

Түтілер жұмсақ болма мақтадайын,
Жанжал отын жаққанды жақтамаймын.
Алмас қылыш секілді қыныңда тұр,
Мен сонда ұл таптым деп мақтанайын.

Майыспа өлеңшөптей желден ығып,
Қиыннан қашып кетпе көрпе бұғып,
Бермеген көрген астан –көргенсіздік,
Нан жеме теріс қарап, елден тығып.

Біреуден тағы бірге сөз тасыма,
Жасама опасыздық жолдасыңа,
Өзіңді өзің сына, дұрыс жол тап,
Ілеспе басқа бастың «молдасына».

Білеміз жол қадірін құлағанда,
Жауапты ойланамыз сұрағанда,
Қадамды қате бассақ,себебі бар,
Себепті қайталамау –сынақ алда.

Әр қадамға тек Ниет бастау болар

Қуан да күл шын ниеттен, тасыма,
Жылай да біл, қайғыр, бірақ жасыма.
Ақ пейілді ардақтасаң, бауыр бол,
Адам болсаң, адалыңды жасырма.

Дос екем деп біреудің сырын шашпа,
Қас екем деп себепсіз ұрма басқа.
Малды мал деп басынба, малда жан бар,
Малды теппе! Ол –табыс, адал ас та!

Адам жасар тәртіпті үйде көрген,
Мал- дүние келеді маңдай термен,
Шаттанғанда көпіршіп тасып кетпе,
Нәсіп болмас дүние біреу берген.

Бай екен деп тексізбен жолдас болма,
Бұлт- қылт еткен сусылдақ жығар сорға.
Бөтендерге көрсетпе көз жасыңды,
Қайталама қатеңді сабақ ал да!

Өмір тұрар жадырау, жайсыздықтан,
Жоспар құрып ойлану, ойсыздықтан,
Әр қадамға тек Ниет бастау болар,
Ойлан, балам, аттайсың қай сызықтан?!

Шашу –берекем...

Бақытымды тербеттім бесігіңде,
Қуанышым аталар есіміңде.
Сен ойнаған ойыншық шашу болды,
Берекем боп төрім мен есігімде.

Дүниені көретін терезем деп,
Өмір жайлы өзіңмен кеңесем тек.
Сәуле түспей ешбір зат көрінбейді,
Сен болмасаң сырлы жыр өрілмейді.

Бақыт деген ұлы ұғым –ұлым екен,
Ай маңдайлы, күлдірлек құлын екен,
Тіршіліктің түпкілік –түбегейі,
Ұлым менің –тамырым, гүлім екен.

Бақыт, жан,нәр,тамыр бол,балапаным,
Саған ұя жып- жылы алақаным.
Серік атаң Ерік деп армандаған,
Бар күшімді жолыңа жаратамын.

Періште ме ең ...

Перзент пе едің өзгеше, дара туған,
Періште ме ең арманнан жаратылған?
Ой мұхиты қарымды талдырғанда,
Қолтығымнан сүйейді дара тұлғаң.

Жаралдың ба мейірім санатынан?
Серпілдің бе қарлығаш қанатынан?
Әйтеуір сен мойныма оралғанда,
Мұз көңіліме жылу боп таматын ән.

Қабағыма қонғанда шаршаған мұң,
Сені салқын сабырмен қарсы аламын.
«Иіскеп, сорып алам, - деп,- ашуыңды»,
Жеңілдеттің ауырдың бар салмағын.

Жанарым, жаным, жақұтым

Рауанды, гүлді бақтардың,
Бар гүлін саған сақтармын.
Айтшы сен маған, асылым,
Теңіздей неге тасыдың?

Күлші сен ұлым - асуым,
Көзіңде мұң тұр жасырын.

Жүректің тыңда дүрсілін,
Жүректе өнген бүршігім.

Өзіңдей Еңлікгүл кімде
Бар екен, айтшы, бұл күнде?!
Жасыма менің ардағым,
Жанымды саған арнадым.

Шуақ бар менің күлкімде,
Шаттанбау Саған мүмкін бе?!

Куә бол, Ай, Күн, ақ аспан,
Өзіңнен кім бар бағы асқан?!

Қасыңда мамаң барында,
Барында әркез жалында!

Туылған сенің күніңде,
Сыйлаған осы – гүлім де.
Нұр шуақ Сенің күлкіңде,
Нұрланбау маған мүмкін бе?!

Өзіңсің менің бақытым,
Жанарым, жаным, жақұтым.

Өсиет
Өсерсің, ұлым, кім болып?
Жүрмеші көңілің кір толып,
Жүрегі жадау жан көрсең,

Қайғысын бөліп, бір торық.
Күйе, лас жұққыш келеді,
Жаманмен жүрме бір қонып.

Айтқанға көне бергенді,
Ай, Күнге теңегендерді,
Шын досым деп алданба,
Күндізгі көлеңкелерді.

Пір тұтып мәңгі өткейсің,
Шындықпен жебегендерді.

Өсиет айтсам тарихтан,
Заңдылықты бәрі ұққан:
Қадірін ненің білмеген,
Жете алмай соған зарыққан!

Қайыспай көтер ауырды,
Кем бола көрме алыптан.

Өзекті өртер мұң барын,
Сол мұңда ащы шын барын,
Біліп қой –жүйкең жұқарса,
Өткірлеп сені шыңдарын.

Бойыңда болса жігер- күш,
Сіңбейді құмға шын дарын.

Ақымаққа ас қайғы,
Өресі одан аспайды,
Ізгілік деген Мұратқа,
Айдасаң, аяқ баспайды,

Шыр біте қалса қолына,
Піріне амандаспайды!

...Арайлым, аппақ таңдайсың,
Сұлулық көрсең қанбайсың.
Іші бос нәрсе –даңғырлақ,
Ақылды сатып алғайсың!

Перизат асыл періштем,
Мәңгілік солай қалғайсың!

Балалық базарында

Сүріндің бе?.. Біле алмадым ол жағын,
Көзіңде жас, ренжітті екен сонша кім?
Шүпір-шүпір шұрқырасса достарың,

Кепті-ау лезде кірпіктегі моншағың.

Шымыр-шымыр толқындардай туладың,
Қандай әсем тиіп-қашып қуғаның!
Қарлығаштай ұясынан айналған,
Шыр көбелек қанат жазып зуладың.

«Двун!.. Двун!..» жер тарпиды аяғың,
Бір «тентектің» түртті арқаңды таяғы.
«Сынған тетік» оңдалған-ау шамасы,
Зулап кеттің, гуілдейді баяғы үн.

Бал балалық, үрпек сары балапан,
Жұмыртқадан аршылғандай жаңадан.
Ай нұрына шомылғандай арайлым,
Айналады бітіміңнен жан анаң.

Жомарт мінез, ашық қолды дарханым,
Дос-жаранның ойлайтұғын бар қамын.
Бал дәурендей бақытты бол өскенде,
Жұлдызындай жарығы бол ортаңның.

Мақтанышы, еркесі бол еліңнің

Бар тілегім, жан- жүрегім, жан балам,
Қанша сүйсем мейірімім қанбаған.
Қанатымсың, санатымсың тірлікте,
Жырым түгіл, өзім түгел арналам.

Мұрт тебіндеп, менен биік бойың да,
Құштарсың-ау еркелік пен ойынға.
Бір ақ келін адалынан жолығып,
Қыз тапқандай қуансам-ау тойыңда.

Қуанышым, қуат күшім, қазынам,
Өтпей қалған кезі жоқ-ау базынаң.
Сен ойымнан шықпағанда ауырып,
Сен күлгенде, сен сүйгенде жазылам.

Аппақ көңіл, елпектеген елігім,
Еркелетіп жүрер ме екен келінім?
Ең бастысы – орның болып өмірде,
Мақтанышы, еркесі бол еліңнің.

СӨЗ БАСТАРДА

Қарама, ұлым, аспанға,
Айтарың болса, жасқанба.
Піріне пенде сиынар,
Ой жинақтар сасқанда.

Пендешілік жым болар,
Ұлылық тізе қосқанда.

Мініңді іздеп жұрт табар,
Айтарыңды жұптап ал.
Жастардан ойын оздырар,

Оқымаған кемпір-шал.
Ақылың алғыр болмаса,
Айдындас досың сырт қағар.

Кем ақылмен дауласпа,
Кекшіл болма, жауласпа.
Қонақпыз бірге біріміз,
Сақина тақпа сау басқа.

Таластырып жаратқан,
Ақ, қараны әу баста.

Жер астында қала бар,
Баладан шыққан дана бар.
Иісі жаман кісәпір,
Жүрегіңді жаралар.

Сыр берме сонда, сызданба,
Дұшпаның күліп табалар.

Топта сөйлеу – ғажап сын,
Түйдек ой, толқын сөз ақсын.
Тіл -қылыш сәулет тұрғызсын,
Көре алмастың көзі ақсын.

Бір қалпақ кигіз халқыңа,
Қарға тамыр қазақсың.

Өзіңе өзің қой талап,
Маржан сөз сөйле қайталап.
Лебізің алтын, жоғалтпа,
Аспаннан тұрма Ай қарап.

Жүректен шыққан сөз ғана,
Жүрегін жұрттың жайламақ.

Лепіріп желдей еспегін,
Бір сөзден бірге, көшпегін.
Мүлгіп отырғандардың,
Жиғызар бол естерін.

Сөз бастарда байқап ал,
Құлақтар болсын есітетін.

Қарама, қызым, аспанға,
Айтарың болса, жасқанба!
Көпшілік орын – дария,
Күліп кір, амандас залға.

Әжелер рухы киелі,
Сиыншы сөз бастарда.

Қоштасқанда
Сәл көрмесем, сағынып тұра алмаймын,
Тұра алмаймын, салтанат құра алмаймын.
«Қайда шеру тарттың?» - деп сұрамайын,

Мен сенің ниетіңе жұбанайын,
Ақ жол болсын! Тәңірден сұранайын.

Көлбеңдеген көп бейне арасында,
Арасында, асылым, дарасың да!
Дәру болып дерттінің жарасына,

Бақыт сыйлар періште – баласың ба?
Жолың болсын!

Шектеулі тіршіліктің,
Кім біледі, Күні сен боласың ба?!

Үміт жібі үзілмес бұрағанда,
Бұрылыста дел-сал боп тұра қалма!
Жоқ! Кідірме! Дауылды сынақ алда.
Нық адымда! Сәлемде арманыңа,

«Кім өсірді сені?» деп сұрағанда.

Ашуыңнан айналдым

Ашуыңнан айналдым, ашуыңнан!
Ақ қайнардай бұрқырап, тасуыңнан.
Кемпірқосақ секілді түрленесің,
Шуағың боп төгілсем асуыңнан.

Аспан қайда дәл қазір күркіреген?
Жарқыл қайда бұлытты тілгілеген?!
...Ақ жаңбырдай тап-таза тілегіңнен,
Менің дала-кеудемде жыр түлеген.

Шіркін!
Айналды мұңға күлкім,
Қызықсыз өмір бұл күн.
Өткен шақ келер ме еді,

Қайрылып қайта... Шіркін!

Сағынған сені мендей,
Санама сезім көнбей,
Тамшылап жанардан нұр,
Мамаң жүр үйге енбей.

Өмір деген –тартысы танымдардың

Ой толғап, шаршы топта сөз алатын,
Қоғамды алға бастар азаматым.
Тірліктен майда-шүйде биік тұрар,
Тілейтін тазалықты қазанатым.

Жүрегі анасы мен жан жарының,
Тірегі шөже үнді балдарының.
Сақтаған қасиетін шаңырақтың,
Сақшысы күліп атар таңдарымның.

Асқар тау азаматым, сен аман бол,
Соңынан еріп жүрер ел аман бол.
Жүрейік мерекелеп тойларыңды,
Мамаңа көкорайлы кең заман сол.

Дұшпансыз, жығары жоқ жан болмайды,
Бұйығы тіршілікте мән болмайды.
Өмір деген – тартысы танымдардың,
Ниеттес тілектеске таң болмайды.

Мықтылық – дұшпаныңды мойындатсаң,
Айтпай-ақ анашыңның ойын тапсаң.
Тамшылап ағар уақыт су секілді,
Уақытпен гүлденер-ау мойыл-бақшаң.

Өзіңе өмірімді ұластырдым,
Өлеңмен жан сырымды құрастырдым.
Келінге сыңар етіп, балапандап,
Сүйретіп өмір-көшін қыр астырдым.

Өмірге сен туылған күнің үшін,
Бабаңа ұқсап қалған түрің үшін,
Қымбаттым, ең қымбаттым фәнидегі,
Ризамын сендей арман –гүлім үшін.

Ұлылық деген –кішілік\Ерікке\

30 жасқа келдің де,
Хас жүйріктей желдің де.
Үлгердің бе бөленіп,
Құрметіне елдің де.

30 жасқа келдің де,
Кереметтер көрдің де,
Қасиетін білдің-ау,
Босаға мен төрдің де!

Отызда ұқсап ұлыққа,
Қанып бір сезім тұныққа,
Сын айтарсың толғанып,
Пенделік – адамшылыққа.

Есікке бағың жеткесін,
Босағаңнан кетпесін.
Аттаған кісің адал боп,
Төріңде шаттық көктесін.

Билік айтар жасыңда,
Тәж тұрсын алтын басыңда.
Ұлылық деген – кішілік,
Толыссаң сүттей тасынба.

Жаманның көңілі күнде ызғар,
Сөнбейді нағыз жұлдыздар.
Қанатты тұлпар болсыншы,
Өрбіген сенен ұл-қыздар.

Домалап өрге бақ-тасың,
Рауандап таңың атқасын,
Күн барда қусаң кетпейтін,
Көлеңке -достан сақтасын.

Кеңістік болсын жолдарың,
Мың жасап, шыңға қон, жаным,
Қыдыр Әлексаламның,
Шылауын ұстар қолдарың.

Қиындық көрсең кетілме,
Қорған бол кемтар, жетімге.
Еліңнен алған алғыспен,
Жүрерсің пейіш шетінде.

РОЗА келініме

Жанары жәудіреген елік едің,
Сабылып, сарғайғанда көріп едім.
Тамырдан жалғыз өмір жаралғанмен,
Мен сені жүрегіме теліп едім.

Құнарын қасиеттің нәр етсін деп,
Суырып өзегімді беріп едім.

Рауанды таң сезіммен гүлдедің бе?
Сағыныш гүлін бердің бір деміңде.
Дүние шыр айналып, билеп кетті-ау,
Қосылып сәбиіңмен күлгеніңде.

Мен сонда қуанышқа масайғанмын,
Түндігін тұнжыр мұңның түргеніңде.

Не деген киелі еді келін деген,
Өзегін өмірлердің желімдеген?!
Бекітіп босағаңды, биіктеткен,
Баласын келген жұрттың кенім деген.

Кілітін көңілімнің саған бердім,
Өркенім өссін деген сенімменен.

Ұлыма ұқсап қалған ұлдар бердің,
Ұқсаған дәл өзіме қыздар көрдім.
Үш тарам шаш өріліп, бұрым болар,
Үш жұрттың бірлігіне нәсіп тердім.

Қызым деп, қыдырым деп сүйдім сені,
Мен жолын ұстанбадым енелердің..

Тыңдама сыпсың сөзді сумаңдаған,
Тазарар көңіл кірін жуғанда адам.
Тобықтан төмен жүрген күншіл келер,
Биікке талпынбай ма туғанда адам?

Достаспа кене, шаян, жыландармен,
Нық болар белді бекем буғанда адам.

Келіндер ұқсайд дейді енесіне,
Жүрсінші осы айтқаным тек есіңде:
Сағыныш, Дәулетияр, Бейбарысты,
Еріктен кем көрмеймін. Сенесің бе?

Мен риза болсын десең, бөлектеме,
Мінсем де Бақилықтың кемесіне.

Маңдайға тағдыр жазды, бәрін көрдім,
Ақ шашқа нұр жүзімнің әрін бердім.
Бір ұлым көктеуі үшін сығып-сығып,
Жүректің жан сезімді нәрін бердім.

Гүлдеңдер қаулап өсіп. Мен жатайын,
Тербеліп бесігінде қара жердің.

Жоқтан бар жасалмайды, бар жоғалмас,
Балшықта тоттанбайды нағыз алмас.
Туылмас иттен қозы, құстан кірпі,
Құмырсқа арыстанға үй соға алмас.

Әркімге өз тілінде сөйлемесең,
Жоқ нәрсе жоқ болған соң пір таба алмас.

Бәйтерек бұтағы жоқ болар томар,
Қарашық жоғалғанда сөнер жанар.
Буланып, көк зеңгірге жеткен сезім,
Һауасы көтермесе, жерге тамар.

Қос қолдап өз перзенті бастан ұрса,
Жан алғыш һақ патшаң да жерге қарар.

Сен мені биіктетші, биіктетші,
Ене емес, өз анам деп сүйіп өтші.
Ұл өсіп, келін алсаң - қартаярсың,
Тіршілік – аумаш-теңгеш. Түйіп өтші.

Өркендеп бұтақ болған ұл-қызыңа,
Өсиет осы сөзді құйып өтші.

Жанары мөлдіреген елігім-ау,
Еріктей жалғызыма серігім-ау.
Алақан аясында үлбіреттім,
Бөлектеп кім айтады сені мынау?

Тілі жоқ ағаштар да ұласпай ма?
Мен сені өзегіме телідім-ау.

Тіленші әулетінің еркесі едім,
Мамықтау болсын десең жер- төсегім,
Түсініп, әр қатарын шуақтатшы,
Мен тіккен өлең-өмір-көрпешемнің.

Тәж киер ұрпағымды тәрбиеле,
От жүрек, нұрлы ақыл, ел көсемін.

Ана тілегі\Сағыныш, Дәулетке\

Сағынтқан балауса шақ – балалығым,
Еркелік, періштелік, даралығым.
Өзегі өмірімнің – Сағынышым,
Жалғаған сәби-әже аралығын.

Ақ отау – бесігіңнің киесісің.
Ақ тілеу ойларымның жүйесісің.
Өзегі өмірімнің – Дәулетияр,
Керегем, шаңырақтың иесісің.

Құлдырлап, ойнақтаған құлындарым,
Бойымды жинақтаған жұлындарым.
Көзіме көрсеттіңдер – ширек ғасыр
бұрындау дәл сендердей ұлым барын.

Айналдым топ-топ басқан қадамыңнан,
Қадамың бар қайғымды ада қылған.
Тірліктің тәттілігін сезінттіңдер,

Сендердей айналмаушы ем «шатақ» ұлдан.

Мен – діңгек, бұтағымның гүлісіңдер,
Діңгектің жәннәт-орам, үрісіңдер.
Тағдырдан жалбарынып тілейтінім –
Гүлдерге саф ауаның жылысын бер.

Діңгегі гүл -өмірдің қиылмасын,
Жапырақ-жүрек жерге бұйырмасын.
Жемісі әрбір гүлдің дара көктеп,
Үскірік аяз бойын жиырмасын.

Жер-ана, һауа-ананың тілегі-нұр,
Нұрына үндессе екен жазылған жыр.
Анаңның ақ тілегі қабыл болғай,
Қолында тіршіліктің жүрегі тұр.

САҒЫНЫШЫМА

Сағынтқан алтын бесігің,
Сағыныш болған есімің.
Дүниеге өзің келетін,
Тілеуім болған осы күн.

Періште сынды келбетің,
Нұрлантты бүгін жер бетін.
Иісіңе мас боп, жыр жазам,
Бесігіңді тербетіп.

Көзімнің ағы, қарасы,
Көңілімнің тоқтар тобасы.
Негіз боп сенен басталған,
Келешек күннің жобасы.

Бұтағымдағы бүршігім,
Көп күттім сені тұншығып.
Іңгәлаған әніңмен,
Иірдің бақыт ұршығын.

Сағынып көрген таңым-ау,
Сый болған пейіш бағым-ау.
Құл-тіршілік жалғанның,
Қожасы еткен тағым-ау.

Жылынды жаным, маздадым,
Қуантты күлкің, наздарың.
Күн бата көрген жарығым,
Көбелек бола жаздадым.

Немерем менің сарылтқан,
Сені аңсап талай зарыққам.
Күн сәулелі көркіңді,
Көргенде көзім қарыққан.

Қанатыңды сабалап,
Тәй-тәй бастың жағалап.

Құт болсын әрбір қадамың,
Жоламасын жаманат.

Домбыраның тиегі,
Аты да әулие, киелі.
Бір қарыс жақын ұлымның,
Жаныма таяу сүйемі.

О, қандай тәтті иісің!
Гүл базар еттің үй-ішін.
Басынан бір сөз асырмас,
Дәумамаңның биісің.

Шықылықтаған күлкің-ай!
Мұңдарым қашар үркіп-ай.
Көзіңе тұнған лағыл-жас,
Лағылдан асыл, шіркін-ай!

Қосылған әнге дауысың,
Музамен кетер ауысып.
Жақпай қалсақ, шыңғырып,
Жаңғыртасың тау ішін.

Ақ күймең алтын-бесігің,
Тартпасын тарттың көшіңнің.
Нөкерлерді тербетсін,
Тіліңді алар өзіңнің.

Көп болсын туыс, бауырың,
Нар мінез, қақпақ жауырын.
Шаттығыңды шалқытып,
Бөлісер жүктің ауырын.

Періште сынды тәрізің,
Уақытымның нәрісің.
Жүрегім, жаным аздай-ақ,
Қымбаттымның бәрісің.

Қыз болшы дана, гүл жүрек,
Қарайтын саған елжіреп,
Гүл апаң, Ілияс атаңның
Мәртебе туын желбірет.

Үлпілдек үкі балапан,
Сақтасын сұқтан, жаладан.
Мақтаныш етсін өскенде,
Жер бетінде әр адам!

Әумин!

САҒЫНЫШ ҚАДАМ БАСҚАНДА

Арма, арма, армаңыз,
Қолыңызды жалғаңыз.
Топ-топ, топ-топ ақ алтын,
Аяғымнан қалған із.

Желбіреген тұлымшақ,
Міне, биші құлыншақ,
Аяқ кәне топ-топ-топ,
Оңға, солға бұрылсақ.

Билеп –билеп берейін,
Шашу, шашу себейін,
Әй-әй, әй- әй, балақан,
Дәулет, саған не дейін.

Әжетайдың қызымын,
Ұяламын сызылып,
Күн сияқты күлемін,
Аппақ тісім тізіліп.

Әт-чу, әт-чу, дікі-дікі-дік!
Дәконь, келші жүгіріп,
Жүрегіңнен айналдым,
Соғатұғын лүп-лүп-лүп.

Әжесінің жанымын,
Басы ауырса дәрімін,
Алтын гүлі мен болам,
Папам, мамам –бәрінің.

Қолды күнге созамын,
Алақанды тосамын.
Мініп алам, әйт-чу-чу!
Аспан кемпірқосағын.

Енді 3-ке толамын,
Үлкен адам боламын.
Көбелек боп, аха-ха!
Гүлден-гүлге қонамын.

Топ-топ, топ-топ басамын,
Асулардан асамын.
Ақ әжемдей жып-жылы,
Жаса, жаса, жаса, күн!

САҒЫНЫШҚА

Сағыныш-ай, сезімнен өрілдің бе?
Сағындырған сәулем боп көріндің бе?
Сәл көрмесем, сені іздеп алаңдаймын,
Маңдайыма арай боп берілдің бе?

Сәл көрмесем, сағынып алқынамын,
Бар денемді тершітіп салқын қаным.
Қандай ғана бойыңда сиқырың бар,
Қайда жүрсем өзіңе тартылатын?

Мен өткерген өмірде жаздаймысың?
Бал күнімнің елесін қозғаймысың?
Мен әжемнің өресін өсірген ем,
Сен де менен көш бойы озбаймысың!?

Байланғанмын селтиген тұлымыңнан,
Айналамын әр-қимыл, қылығыңнан!
Мен де сендей гүл едім үлбіреген,
Өзің мені «әже» деп ұлы қылған.

Сенің биің, әніңмен өтті тойым,
Жүрегімнің тұсына жетті бойың.
Кеше жүр ек «Гук! Пш!» деп паровоз боп,
Төрт амал мен бүгінде септік ойын.

Сыбырлаушы ең аузыма сырыңды айтып,
Сол аңғалдық бүгінде болды ғайып.
Өсіре алмай өзіңді жүргенімде,
Кетіппін-ау, өзім де көп ұлғайып.

Аппақ болды шаштарым бояусызда,
Ағарған-ау, сірә да, қаяу, сызға.
Кәрі болып кім бұрын көрген дейсің,
Өмір-күрес толған-ау аяусызға.

Жыртқыш аңдар елікті аямайды,
Тоңған торғай бұтақты саялайды.
Қырандардың ұясы қиыр құзда,
Бермес тағдыр ешкімге жәй, оңайды.

Қараңғы түн артынан таң атпай ма?
Сен келмесең өмірге, қанат қайда!
Дәулет, Мерей, Бейбарыс төртеуіңнің,
Санатыңмен мені өмір сараптай ма?

Бірің Күнсің, біріңнен табам Айды,
Төмендеме, тағдырым табалайды!
Мен сендерді өсіріп, биіктермін,
Өмір мені қай санмен бағалайды?

Мол руханият көрсем-ау күздігімнен,
Көңілім қанат тапса-шы үздігіңнен.
Төбе бидің ұрпағы – Тіленшиндер,
Шабыс беріп, тартса-шы тізгініңнен.

Өмір дастан беттерін парақтасам,
Ұлым-- өрім өрнегін сараптасам,
Сара жолға салтанат көшін баста,
Тау шыңына ұя сал қанаттансаң.

Қазақтың ортақ ұлы бол \Дәулетке\

Дәулетияр, Дәулетім,
Жан мұратым, сәулетім.
Қазақтың ортақ ұлы бол,
Қуансың елің, әулетің.

Әулиелердің иесі,
Бабаңның қонсын киесі.
Жүрегіңе дем беріп,

Рухтарымен сүйесін.

Ұлы бабам арманын,
Бөбегім, саған жалғадым.
Асыл ойлы адам бол,
Қырандай көкке самғағын.

Аққумен сөйлес сырласа,
Ақ алмас құнды сынбаса,
Найзағайдай отты бол,
Намысқа тиіп, шындаса.

Күлдір-күлдір құлыным,
Өзегімдегі шырыным.
Даналықпен мың жаса,
Жолын берсін ұлының.

Түс жору сағынышы
\10 күндік демалыста\

Кірдіңдер түске, қорықтым,
Жаным-ау, неден торықтың.
Әжелеп жылап жүрсіңдер,
Сағыныш-ау деп жорыттым.

Еркем-ау, менің еркем-ау,
Есіркеп мені берген-ау.
Ескегім - әкең болғанда,
Мойнымды бұрар желкен-ау.

Дискісін сызып мультиктің,
Етегін кесіп суртиктің,
Бұрышқа «қағып» қойды ма?
Аузыңды неге бұртиттың?

Есікті еркін аша алмай,
Ұйықтарда массаж жасалмай,
Тыпырши алмай жаттың ба,
Дөкейлерден аса алмай?

Бойыңды кімге өлшеттің?
Тынышсың, демде «бойжеттің».
Тентектіктің түр-түрін,
Әжеңе ғана көрсеттің.

Сыбырлап сөйлеп аузыма,
Ертегі айттың таусыла.
Қорғасындай балқимын,
Гранпри даусыңа.

«Юлдызханға» биледің,
Билеуге мені сүйредің.
Даңғырақ қағып саусақпен,
Кеңірдек ұрып күйледің.

Көзіңе жағып сүрмені,

Кең етек кидің бүрмелі.
Мамаңнан қалды-ау еркелік,
Сен сумкамен жүргелі.

Дірілдеп қалам ұстадың,
Оқушыға ұқсадың.
Қуыршақ, сөмке, өзіңді,
Көтертіп мені қыстадың.

Бесжұлдыз күнде аласың,
Мектепте момын боласың.
Даналық пен балалық,
Мектеп пен үйдің арасы.

Он саусақтың арасын,
Санайсың, қосып аласың.
Басыңдағы қос бантик,
Бойыңа берер жарасым.

Пластилин мүсін жасайсың,
Өнерге әжең масайсын.
Аспанда болса жалғыз Ай,
Жанымда жүрген қос Айсың.

Әр сөзің, әрбір қылығың,
Арқауы көңіл – жырымның.
Гүлдерім – сендер барыңда,
Бәйтеректей ұлымын.

Барыңа еттім қанағат,
Естірте көрме жаманат.
Бабамнан қалған тіршілік,
Сендерге берер аманат.

Біріңе бірің тіреу бол,
Мыңға тартар білеу бол.
Соңыңнан ерсе нөпір қол,
Ақ жолды бастар күреу бол.

Жамандық еткен оңбасын,
Бабалар рухы қолдасын.
Жорықтарда жол болсын,
Жүрекке мұздақ тоңбасын.

Жоқ болсын жолдың азабы,
Бақыттың түссін назары.
Қыдыр бабаң жетектеп,
Бәйгенің болшы озары.

Несібең адал, мол болсын,
Жанқияр достан қол болсын.
Жамандық ойлап жүргендер,
Шаңыңнан шықпай қор болсын.

Әже сағынышы
\10 күндік демалыста\

Желкілдеп түбіт тұлымың,
Табынтқан менің құлыным.
Бәрінен көркем дидарың –
Маңдайың, көзің, мұрының.

Лағылдан таза бұлағым,
Тамырдан жанған шырағым.
Таразы мінез тағдырдан,
Ақ жолыңды сұрадым.

Жүректен өнген гүлім-ау,
Қанымның нәрі--шырын-ау.
Тірлікке бағдар беретін,
Сезімнің жібі – жұлын-ау.

Сағыныш жаным, Дәулетім,
Өмірдің сәні – сәулетім.
Сағынттыңдар сыздатып,
Әжеңнің жүрек, бауыр етін.

Төбеме біткен айдарым,
Көздеріңнен айналдым.
Бір ойлап, ойнап сендермен,
Тең құрбыңа айналдым.

Мен жоқта таяқ жедің бе?
«Әжетай, әже!» дедің бе?
Тосқанда ешкім көтермей,
Жыладың ба не түнде?

Мен жоқта сырғанатты ма?
Аққалаң мұз боп қатты ма?
Әжелеріңнің жоқтығы,
Жандарыңа батты ма?

Ертегі айтып берді кім?
Жүр десең, үнсіз ерді кім?
Киіндіріп, шешкізіп,
Түзелді ме белдігің?

Жетектеп, кейде шаптырып,
Ойнадың кіммен ат қылып?
Қимылдатпай қойды ма,
Теледидар бақтырып?

Етігің пешке кепті ме?
Шкафқа бойың жетті ме?
Лақ боп ойнап жүрсеңдер,
«Қасқырлар» кәрін төкті ме?

Сағынып кеттім, сағынып,
Жүрмейді-ай уақыт қағынып.
Басқаға бастық бұл әжең,
Сендерге жүрер бағынып.

Таза ауаға шықтың ба?
«Сулейфадан» ұттың ба?
Билеткенде апайың,
Абайсыз киім жырттың ба?

Жер тайғақ қазір, құлама,
Құласаң, жаным, жылама.
10 күнге кеткен алыстап,
Әжеңнен медет сұра да...

Түрегел, жаным, түрегел,
Бұл өмір қатал, біле бер.
Мен жер басып жүргенде,
Сәби боп өмір сүре бер.

Қос лағым, мықты бол,
Тоңдырса өмір түкті бол.
Тәй-тәй басқан қадамнан,
Тіршілік атты шықты жол.

Дәулетім менің, Дакошім,
Ең қатты сүйер әкесін.
Есіктен кірген жаңа жыл,
Сендерге саулық әкелсін.

Қос еркем менің, қос қозым,
Маңдайға біткен қос көзім.
Сағыныш сырын ұғарсың,
Есейіп өзің өскесін.

Ақ қозым, қоңыр қозым

Тәңірімнен табынып сұранғаным,
Сағынышым, арманды құба таңым.
Мен – діңгегі ағаштың,

Сен – гүлімсің,
Өткен күнге өзіңмен жұбанамын.

Тумай жатып өзіңді сағынғанмын,
Тәңіріме сен үшін табынғанмын.
Тіршілігім өзіңе байланғанда,
Менен алыс кеткенің – неғылғаның?

Сен тумай-ақ мен саған айналғанмын,
Жан сезімін жеткізіп айта алмадым.
Сені менен жұлқылап, бөлген пенде,
Сезбеді ме тамырдың шайқалғанын?

Жаным, жарық дүнием, қос жанарым,
Тек сендерден қалтырап жасқанамын.
Дәті жетіп, біздерді бөлген пенде,
Сезбей ме екен кеудемнің бос қалғанын?

Сағындырған ақ қозым, қоңыр қозым,
Қанша күнге шыдайды менде төзім?
Арамызды айырды-ау өмір-өзен,

Өзегімнен тебеді жер қол созым.

Сағынышым, Дәулетім – қос қанатым,
Кісі қайда түсінер сөз санатын?
Жалған намыс, шын намыс – айырма жоқ,
Күн туар ма қатқан сең қозғалатын?!

Керім Тіленшин бабасының
100 жылдық мерейтойына шашу

Тіленшин Керім бабамның,
Алау отын жағармын.
Шөбересі мен болам,
Аңыз болған адамның.

Ақылға бай алдаспан,
Сөзі өткір алмастан.
Елдің ұлы – бабамның,
Ұрпағымын жалғасқан.

Ән шашуын себелік,
Гүлдеңіздер көгеріп.
100 жасаған бабамнан,
Алыңыздар теберік.

Өміріміз ұлассын,
Көңіліміз құрассын.
Әруақтар қолдасын,
Тойың тойға ұлассын.

БЕЙБАРЫС – КУКАЛАШтың әні

Кукалаша – ку-лал-ла,
Аяғымды турала,
Күн қуанып, Ай күлді,
Мен өмірге туғанда.

Ку-ку!

Тәй-тәй қадам басамын,
Асулардан асамын.
Бойымды тік өсірер,
Жаса, жаса, жаса күн!

Ку-ка!

Кукалаша, ку-лал-ла,
Мен ұйықтаймын, шулама.
10 минутта оянам,
Сағатыңды турала.

Ку-ка-ла!

Ку-ка деген сөзім бар,
Қарақаттай көзім бар.
Ку-ка тәй-тәй басқанда,
Қолдарыңды созыңдар.

Ку-ка-ла!

Жаңа туған анадан,
Сары ауыз балапан.
Кукалаша мен болам,
Әжетайым қалаған.

Ку-ка-ла!

Менің атым – Бейбарыс,
Бере көрме тойтарыс.
Дүбірлетіп шабар ем,
Бола қалса тай жарыс.

Әйт-чу!

Әжесінің жүрегі,
Дүрс-дүрс соғып тұр енді.
Сол жүрегі мен болам,
Елдің бәрі біледі.

Дук-дук!

Басымда бар айдарым,
Көп қой кейін айтарым.
Ку-ка-ре-ку демесем,
Хайләйлім-ау, хай-ләй-лім!

Мерейім – көгілдіріме

Әлдилеп, ақ бесікті тербеткенім,
Көрсеттің өзім қалай ержеткенін.
Уілдеп, өлең айттық сен екеуміз,
Лақ боп мүйіздесіп, еңбектедім.

«Қуырмаш» «әт-чу» болып ойнағанмын,
«Да-ва» деп дала болды ойлағаның.
«Ай! Ай!» деп сәлемдестік күнде кешке,
Құстардың бір тыңдаймыз сайрағанын.

«Дөңгелек- дөңгелек» деп гүл саламыз,
Доп-шарды бірге үрлеп, бір жарамыз.
«Гүл-гүл» деп иіскейміз жапырақты,
Алма мен шие сынды гүл жарамыз.

Сүйесің тырдай жалаң шешінгенді,
Болмайды!

Жұлдыз-қызым, кешір мені!
Жылайсың моншақ-моншақ кәусар ағып,
Даусыңның бір ауланы көшіргені!

«Мияу» мен «абабты» айтып жұқарамыз,
Әйтеуір, әзер-әзер жұбанамыз.
Айша мен Шара, Бота – қуыршақтар,
Киінтіп, сыртқа бірге шығарамыз.

Сүйесің кітап-сурет оқығанды,
Санайсың қазақ-орыс 4-5 санды.
Әуеннің әр үніне би билейсің,

Қонақта момақансың,
болам тәнті.

Әжеңе қарай ұшып, жығыласың,
Құшақтап аяғымды, тығыласың.
Шашымды тарап, беттің бәрін сүйіп,
Еркелеп, жеңіп алды ықыласың.

Мерейім, атыңа сай биікпісің?
Не деген тіл алғышсың, сүйіктісің!
Жәй жүру дегенің жоқ!

Бейбарыстай,
Дәулет пен Сағыныштай жүйрікпісің?!

Қыл мойын, тұқым- баста түбіт шашың,
Көгілдір--жаңа ашқан жұмыртқасын!
Аққудай киелі бол ел сыйлайтын,
Мерей бол, мәңгі жаса!

Үміт! Жасын!
Бұл тарих сені мәңгі ұмытпасын!

ҚҰНАР тамыр тарауы \арнаулар\

Әкем –КЕРІМ ТІЛЕНШИНГЕ арналған өлеңдер

Әкеме
Қилы да қилы асқардан,
Өзіңнің тұлғаң биік тым,
Өмірім сенен басталған,

Сондықтан, сенсің сүйіктім.

Шындықтың жүр деп жолында,
Өсірдің мені жан сала,
Күншілдік шұбап соңымда,
Мен жапа шектім қаншама!

Сол шақта мені демедің,
Дәруін беріп жігердің,
Желкені болып кеменің,
Мұхитқа бұрып жібердің.

Халықтың қамын ойлаған,
Істерің көп- ақ табанды.
Сендей- ақ болар ойлы адам,
Білемін, әке, бағаңды.

Мысықша барыс сүйкенбес,

Әркімнің мейірі әр басқа,
Жылу, нұр, отқа икемдес,
Мінезің өршіл, нарқасқа!

Қартайдым деме, есейдің,
Жасартам, әке, жаныңды,
Көңіліңе гүлдеп төсеймін,
Еңбегім, ойым, арымды.

Жеткізбей жүрсе бір арман,
Жолыңды ақыры жалғаймын!
Кеудеңде ет боп тұра алман,
Жүрек боп соғам талмайтын!

Тіленшин КЕРІМГЕ 60 жас Әбіш Бибосынов, 28.10.66 ж.

Балалық бақшасында көріп едім,
Елеулі жігіт гүлі Керім едің,
Жасыңнан жиған мәуең білім болып,
Жастарға үзбей үлес беріп едің.

Осынау тірлік мұра қызғылықты,
Еңбегің ұрпаққа игі, ізгілікті,
Кереке, енді егделік басып өрін,
Көрелік ұзақ өмір жүз жылдықты!

Әнуәрбек Сеитжаппарұлы, 29.10.66 ж.
Шымкенттен

Ер жүректі ел ағасы, туыстар ішінде сыйқұрметке бөленген, Ұлы Отанға ерекше еңбек еткен КЕРІМ ТІЛЕНШІҰЛЫның 60 жасқа толуына бағышталған қ ұ т т ы қ т а у х а т

Алпыс жас –ел ағасы болған уақыт,
Алпыс жас – орта жасқа келген уақыт,
Өмірдің тар жол, тайғақ кезеңдерін,
Өткізіп едің бастан, көрген уақыт.

«Қысқаша сол өмірді желіп өтіп, Көрсетсем көз алдына елестетіп»,- Деген ой орын алды Жамаһатым! Тыңдаңыз, сөз сөйлейін өлеңдетіп. *** Сонау бір қиын-қыстау күндерінде, Білімге қол сермеді тереңдете, Сол кезде-ақ терең оймен ұшқыр киял, Қостасып, жолдас болды бұл кісіге.

Бата алып әке менен жән анадан,
Нәр алып Отанынан, Партиядан,
Өсірді ол қиялын шыңға салып,
Білімді меңгерумен жастайынан.

Кім десең ерте кезде-ақ белді буған,

Өрімтал сұлу жігіт, өжет туған –
Отырған қақ төрдегі ер жүректі,
Ағамыз Керекең ғой жасқа толған!

Ел үшін, Отан үшін қызмет етті,
Оқытты қыз балаң мен ер жігітті,
Өзінің терең ойын, бар білімін,
Үйретіп жас ұрпаққа силық етті.

Мінеки, қауым жұртым, бүгін таңда,
Жаудырып рахметін ағамызға,
Тойлауда алпыс жасты, туған күнді,
Көрсетіп Керекеңе сый- құрметті.

Болса да шын жүректен құттықтауда,
Көлекең –бірге өскен құрдасың да!
Ініңіз Сеит, Әнуәр, Райханың да,
Иіліп сәлем беред тойыңызда!

Болғайсың абыройлы әр уақытта,
Жәнеде қызмет көрсет Отаныңа!
Шаша түс ұрпақтарға меруертті,
Тілегім, Керім аға, жаса-жаса!

Алпысқа толғаныңыз құтты болсын,
Тойыңа той ұштасып, бақыт қонсын!
Жұбайың Зылихамен татулықта,
Жасаңыз көптеген жыл –ғасыр толсын!

Баймахан Кәрібаев, 29.10.66 ж.
Түлкібастан
Ұстазым Керім Тіленшиннің 60 жылдығына арнау

Ұстаз аға, құтты болсын жеңісің –
Алпыс алып жеңген ерге тең ісің!
Бес жүз дағы екі тоғыз мың сағат!
Құттықтаймын елге шашқан жемісің!

Тағы- тағы құтты болсын мерекең,
Алпыс жауды аттап өткен Керекем!
Мен санаған әлгі әрбір сағаттар –
Шәкірттерге берген білім –берекең!

Сол білім ғой түннен таңға сүйреген,
Сол білімнен құлдық, күңдік күйреген,
Сол білімді қару етіп қолына,
Шәкірттерің майданда жау түйреген!

Ленин дана ұлы ұстаз, шәкірт -Сіз,
Эстафета сізден алар шәкірт – біз!
Көп жасаңыз, сау болыңыз Керекем,
Эстафета ауысар жас болсын жүз!

Сіз өсірген түлкібастық түлектер,
Ала келді елден сәлем, тілектер,

Алпыс жасқа арымаған ұстазым,
Жүз жылда да жүдемесін жүректер!

Осы тілек, осы сәлем елімнен,
Еңбегіңіз жеміс шашқан жеріңнен,
«Жүзіңнен де әлі-ақ жүзіп өтем» деп,
Бір уәде әкел деді Керімнен.

К е р і м Т і л е н ш и н н і ң 100 ж ы л д ы қ т о й ына арнаулар Қуанышбекұлы Әзімхан қажы, Керім Тіленшиннің шәкірті Керім ағама арнау

Елеулі елге ағамсың,
Құрметті адам болғансың!
Өзіңіз жайлы жазбасам,
Болатын шығар маған сын.

Сіз жайлы көп- көп толғандым,
Қаламды сосын қолға алдым,
Еңбегі сіңіп еліне,
Өзіңнен артық болған кім!?

Ауылдан кеттің жырақ тым,
Тапты ма күншіл бірақ мін?
Әуреге салды қудалап,
Баласы деп құлақтың.

Мың пайдаң тиіп қоғамға,
Ақталып келдің одан да!
Қарадай жүріп жаман- ау,
Жабылса жала адамға.

Ұлылық ата –бабаңда!
Ұрпаққа қонса жаман ба!
Қасиеті солардың,
Берілген, көке, саған да.

Азамат ердің бірі едің,
Майда емес, рухы ірі едің,
Жеке бастың қамы емес,
Соғатын ел деп жүрегің.

Ағартушы ұстаз ең,
Білімнің жолын ұстап ең,
Жүздеген мектеп салдырып,
Болашақ жолын нұсқап ең.

Тарихта қалды өткенің,
Бекерден бекер кетпедің,
Білімнен жатыр өрге өрлеп,
Өзіңнің ашқан мектебің.

Сүйіп ең туған жеріңді,

Қуанттың тағы еліңді:
Төрт қабатты мектепке,
Есімің бүгін берілді!

Оқытып барлық баланы,
Өсірер ұрпақ саналы,
Мектеп деп соққан жүректе,
Тарихта атың қалады.

Есімің мәңгі қалады,
Жұлдыз боп талай жанады,
Әр жеңіс, әрбір мереке,
Ұрпақтар еске алады!

Тамшыңмын, Керім баба
Сағыныш Тіленшина, шөбересі
Тамшыңмын, Керім баба, мөлдіреген,
Шуақ нұр, тамшы судан жер түлеген,

Мен сенің жалғастырам өміріңді,
Жетемін арманыңа сен тілеген.

Тамшыдан тұрар бұлақ, теңіздер де,
Тамшы су ұқсас екен егіздерге,
Жүректің жапырағы –әжем, мамам,
Жан әкем, тамыр –бұлақ сені іздер ме?

Ұстаздың ұлағаты –Керім аға!
Сөзі: Серікбай Бершімбаевтікі, профессор,
Әні: Ә. Нұрымұлынікі
К.Тіленшиннің шәкірттері

Ұстаздың ұлағаты –Керім аға!
Ерекше қасиетті жеке тұлға,
Мыңдаған шәкірттерге білім беріп,
Абыройға ие болған жеке дара!

Қайырмасы:
Халқының қасиетін қадірлеген,
Ешкімді бөтенсініп шет көрмеген,
Үлкенге ілтипатты жайдар мінез,

Кішіге өнегелі жөн сілтеген!

Өңірі Көмешбұлақ –жер құнары,
Аулына жарасқандай өмір салты,
Білім мен тәрбиені ұштастырған,
Керекең –сол өңірдің шам-шырағы!

Ауылым Тіленші атқа мақтанады,
Менің де көңілім оған шаттанады.
Өзіңнен өнеге алып өскен ұрпақ,
Өмірге ұшқының боп аттанады.

Керім ағаның кемел жолы
\Керім Тіленшин ат. Білім ордасына 50 жыл-1966-2016\

Қабылбек Төретайұлы, Керім Тіленшиннің шәкірті, Кезек келер ылдиы, өрі, төрі, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын. Не деген желден жүйрік өмір еді... Керім десе, Керекең керім еді, Білім нәрін ұрпаққа беріп еді.

Керекең Керім десе, керім еді,
Зерттемеген зердесіз не біледі?!
Жетілмеген жетесіз не іледі?
Кеше еді ғой жарқырап ай маңдайы,

Нұрға толып жүргені төңірегі.

Аласарып арманның асқар тауы,
Тыйылмастан «тап» деген жанжал, дауы,
Көкірегі ояу, көзі ашық, жақсы жайсаң,
Азап шеккен атанып «халық жауы».

Бір-ақ шығып сол «жаулар» «итжеккеннен»,
Өмір кешкен қадірі иттен төмен,
Талай тұлпар тайғанап шерлі өткелден,
Талай уыз тағдырлар тәлкектенген.

Нақақ үкім заһар мен зәр төккеннен,
Қанша шырын сезімдер сөртектенген,
Айрылып ел ержүрек еркектерден,
Тауқымет тартқан таяз ой «телпектерден».

Орашолақ, ойы шолақ «белсенді ерден»,
Шарасыз ел күңіренген, кемсеңдеген,
Халқы үшін құрбан болған боздақтардың,
Рухы болмақ емес жермен-жексен!

Халыққа қызмет ету басты арман деп,
Ұлы ұстаз өнегесі асқарға өрлеп,
Керекеңнің кең, даңғыл, кемел жолы,
Келешекке ұрпағын бастай бермек!

Әмзе Қалмырзаұлы, ақын, Керім ағаға ҚР Жазушылар одағына мүше

Жүргенде сығалаумен есіктен мұң,
Талай бір сыбағамнан кешіккенмін,
Сіздің де, Керім көке, есіміңді,
Кейіндеу Баяныңнан есіткенмін.

Қызыңыз айтты сізді мақтанышпен,
Ал өмір өтіп күнде жатты ағыспен,
Жігіттік жалынында болыпты істер,
Кіргендей жанып жатқан отқа күшпен.

Құйсын деп дариияға бұлақ байып,
Қолдапты сізді Ғани Мұратбаев,
Кемеге айналыпты қиялдағы,
Қалқыған «кім болам мен..» сұрақ- қайық.

Кейіннен ұстаз болдың ұлағатты,
Кеудеңнен қанша бастау, бұлақ ақты,
Өмірден Сіз өткенде Тіленшиндер,
Тірлікте көзің болып тұра қапты.

Жан едің күшті ақылы, адалдығы,
Кеудеңе құндақталды ғалам мұңы,
Ізетпен Сізге інілік басымды ием,
Үйретті өмір- көсем маған мұны.

Керім аға Әбілда Аймақ, ақын, Халықаралық Физули сыйКөз алдымда болмысың сенің, аға, лығының лауреаты Ардақтайды өзіңді елің, аға, Бәрімізге ақылшы, көшбасшы боп, Жүруші едің бел болып, Керім аға.

Көктем қонды қанша рет таныс баққа,
Қаншама рет отырды арыс таққа,
Ұрпағыңды ғайыптан желеп –жебеп,
Ұшып кеттің, киелім, ғарыш жаққа.

Сенсіз толып ақпайды арна мынау,
Өміріңді біздермен жалғадың-ау,
Сен салған адалдықтың жолыменен,
Біз де міне келеміз, саңлағым-ау.

Тұрлыбек Сабырбек Нұрманұлы,
К.Тіленшин мектебінің түлегі.ақын,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі.

Керім Тіленшіұлы Майлинге
Жүргендей, аға, тірі өзің

Бұлағы едің Көмештің,
Сыр, Арыспен теңестің,
Сарқырап ақтың, жарқырап,
Кезінде де Кеңестің.

Қайда жүрсе елім деп,
Көш бастаған Керім кеп,
Бүгін Сізбен мақтанды ел,
Сарбаз, ұстаз, серім деп.

Атыңды алса мектебім,
Ол –адал еңбек еткенің!
Елің үшін ұлы той,
Ғасырға, аға, жеткенің.

Бұлақтай кәусар мінезің,
Ұстаздар айтар жыр өзің,
100 жасың той боп жатқанда,
Жүргендей, аға, тірі өзің. 2006 жыл

АҚЖОЛТАЙ КЕРІМ ӨТКЕЛІ

\Керім Тіленшин атындағы білім ордасына 50 жыл\

Киелі Көмеш- бұлақтан,
Үйге енді елес нұр атқан,
Керім!- деп азан шақырған,
Қыраты кетпес құлақтан.

Азанды тыңдап тұр елі,
Айтқанға құлақ түреді:
-О, ұлым, елдің нұры бол!
Қамқоры боп жүр енді!

Болғандай мақұл тілегі,
Дарынды нақ ұл түледі,
Атымтай жомарт, кең пейіл,
Елге сай ақыл –жүрегі.

Үйінен ашып әліпті,
Ілімін ашық танытты,
Жетімдер үйін аштырды,
Қырғанда аштық халықты.

Дән егіп еткен жақсылық,
Ауылдан өктем қас шығып,
Жаламен кетіп қамалып,
Сабырмен жеткен асты үміт.

Шымкентте қазақ мектебін,
Ашып, тілді азат еткенің!
Бүгінге аңыз айбаттым,
Ойы озат, ұшқыр, текті ерім!

Қолдасын тауып от терің,
Қорғасын зауыт оқ бердің,
Тажалды жеңген елменен,
Басқарған сендей жоқ, Керім!

Жеңіспен келген соғыстан,
Арманың елмен тоғысқан,
Білімді болса деп едің,
Қазағым менмен орыстан.

Ақжолтай Керім өткелі,
Кезеңмен өтіп өтпелі,
Жалғасып жатыр өмірі,
Қанатын керіп мектебі.

Мәртебең, Керім, бақ маған,
Ілімді кенім, мақтанам.
Ұстаздар Сізге тәуетіп,
Нақ ару, сері баптаған.

Ұстаздың ұлағаты – Керім аға Сөзі: Серікбай Бершімбаев, профессор, \мектеп әнұраны\ Әні: Әбдеш Нұрымұлынікі, доцент.

Керім Тіленшиннің шәкірттері\04.11.1996 ж.\

Ұстаздың ұлағаты –Керім аға,
Ерекше қасиетті жеке тұлға,
Мыңдаған шәкірттерге білім беріп,
Абыройға ие болған жеке- дара.

Қайырма:
Халқының қасиеиін қадірлеген,
Ешкімді бөтенсініп, шет көрмеген,
Үлкенге ілтипатты жайдар мінез,

Кішіге өнегелі жөн сілтеген.

Өңірі Көмешбұлақ жер құнары,
Аулына жарасқандай өмір салты,
Білім мен тәрбиені ұштастырған,
Керекең –сол өңірдің шамшырағы.

Ауылым Тіленші атқа мақтанады,
Менің де көңілім оған шаттанады.
Тіленшин Керім аты берілген соң,
Мектепте оқығандар бақ табады.

Біртуар бейне, нарқасқам Мәдина Көшекбай, \ Керім Тіленшин ағаға\ Керім Тіленшин мектебінің түлегі Ақылды, дана, алдаспан, Ізгілік сенен жалғасқан, Келмейтін қайта өмірге, Біртуар бейне, нарқасқам!

Шындықты қорғап жан сала,
Құқайды көрдің қаншама,
Ұрпағың бүгін сыр шертті,
Еңбегің жайлы тамсана.

Білімнің сыйлап шаттығын,
Тарттың ба, аға, тәтті мұң?
Іргесін қалап мектептің,
Басылды ма екен аптығың?

Төрінде бейнең мектептің,
Білімнің дәнін көктеттің.
Болмаса білім ордасы,
Мақсатқа,аға,жетпек кім?!

Уақыт шіркін бағынбай,
Зырлады өмір сағымдай.
Жүзге де келіп қалыпсыз,
Есімің,аға,жалындай.

Қалмайды тойың тойланбай,
Жыр айттым,аға,ойланбай.
Алғыстан халқым өзіңе,
Ескерткіш жасап қойғандай.

Тойланса тойың несі мін?
Тоқтатпас уақыт шешімін.
Ұрпағың барда балдырған,
Өлмейді,аға,есімің!

Үлгі сенің өмірің Индира Дауылбаева, Керім Тіленшин мектебінің Түлегі Суретіңе нұр шашады қарасам, Өзім гүлің екенмін-ау санасам, Еркелеуші ек құшағыңа таласа, Қалай болар бақытыма баласам!?

Жүрегімнен ән арнадым өзіңе,
Оқып жүрміз Сіздің үйдің төрінде,
Бір отбасы болдық біздер он бір жыл,
Атың сенің мәңгі жасар еліңде.

Кеттің қиып ұрпағыңды бұл мәңгі,
Жылатпапсың, мұңайтпапсың бір жанды,
Болдыңыз –ау алғашқы ағартушы,
Еліңді қуантып мың бақыт шашып!

Мереке! Мерекең ғой бүгін сенің,
Қайдасың!? Сен халқыңа үлгі едің!
Әр ісің, әрбір сөзің өнеге еді,
Үлгі сенің, үлгі сенің өмірің!

Мерей тойың құтты болсын,ардағым!

Қолыма қалам алып ой толғадым, Таймас Қамбатыров, Не жазарды білместен көп ойландым. Керім Тіленшин мектебінің Көңілдін кең сарайын айқара ашып, 11 сынып оқушысы Керім баба,өзіңе жыр жолдадым.

Жырымды қабыл алшы сен жасқанбай,
Мен жазармын құмарым еш тарқамай,
Ізгі ісіңді ұл-қызға үлгі етіп,
Жария етем жалғанға желдей есіп.

Ұрпақтың үлгі тұтар ұстазысың,
Есімің ел ішінде нық жазылсын,
Он төртінде оқытқан шал-кемпірді,
Керім баба,орның төрден табылсын.

Шуақ шашқан өмірімнің күнісің,
Керім баба-мектебімнің жырысың.
Жетімдерді алақанға аялап,
Пана болып,сая болып жүріпсің.

Ізгі ісіңнен үлгі алады әр бала,
Халқың үшін еңбек еткен сен дана.
Мойымастан өмір-азап күресте,
Қарсы тұрдың боранға да,қарға да.

Жүз жылдықты тойлап отыр ұрпағың,
Аңызына айналдыңыз бұл таңның.
Үлгі етеді ұстаздарым өзіңді,
Мерей тойың құтты болсын,ардағым!

Керім Тіленшин атаға 100 жыл

Мекенбектегі Олжасбек, Тіленшин Керім атаның, Керім Тіленшин мектебінің Мектебінде оқимыз. 6 сынып оқушысы Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқимыз.

Метеп ашып,үй салған,
Керім деген атамыз,
Өнер білім кітаптан,
Балаларға таратқан.

100-ге толып атамыз
Мерей тойын жасаймыз.
Мектеп атын өрлетіп,
Терең білім аламыз.

Ұлағатты ұлы есім Жанақова Н., Ұстаз,ұстаз! «Қайнарбұлақ» мектебінің Ұлағатты ұлы есім! 8 сынып оқушысы Ұлылықпен дараланған,білесің. Қаншама жыл еңбек еттің шаршамай, Шәкірттерің көңіліңе гүл ексін.

Туған жерің – Қайнар-бұлақ бастауы,
Мүмкін емес талантыңды ашпауы,
Керім бабам білім шамын жаққан жан,
Мүмкін емес уақыт бұлақ ластауы.

Ұстаз,ұстаз! Метеп ана қос ұғым,
Үйреттіңіз өмірдің жөн-жосығын.
Білім нұрмен азамат боп жетілдік,
Алғысымды сізге арнаймын осы күн.

Ұстаз,ұстаз! Үйреттің ізгілікпен,
Әр балаға қарайсың ізгі үмітпен,
Тіленшин Керім баба жолын қуар,
Жыр арнайды шәкірттер Сіз түлеткен.

Керім аға! Шоқпарбаева Гүлназ, Керім Тіленшин мектебінің 8 сынып оқушысы Мектебіміз өркендесін, өрлесін, Өреніңе қара бұлттар төнбесін, Тек осыны армандайды ұланың, Керім аға, қанатын бер қыранның.

Сіз бізбенсіз!
Сонда біздің күшіміз,

Бірлікпенен өркен жаяр ісіміз,
Керім аға, бабалардың сыйлысы,
Ұстаз –аға жолын қумақ ойымыз.

Атың Керім, табынамын атыңа,
Өмір жолың қандай әділ!? Батыл,ә!
Жүрегіме жүрегіңнен күш берші,
Аға, мені көтерші бір сатыға!

Мен бабаны жырлаймын Мерей Тұрарбектегі,
Х. Әдебеков мектебінің 7 сынып оқушысы
Көмештің шипа суына сүңгіп ержеткен,
Керім ата, кемеңгер едің сен неткен!

Нұрыңды шашып айнала ел –жұрт, балаға,
Ізгіліктің ілімін ерте көгерткен.

Бабалар рухы қолдаған, алған қырына,
Өр өлең берген Керімдей дана ұлына,
Тарыққан елді жырымен емдеп, демеген,
Кемеңгер Керім, данышпан едің не деген!

Өлеңіңді оқып, ойланам неткен асыл деп,
Бағына біткен қазақтың рухты, жасын деп!
Ғасырда туар сендей бір алаш ұлығы,
Әйтсе де Баян –алтынның қалған сынығы.

Б а я н ғ а а р н а л ғ а н ж ы р л а р

Тұрсынбек Тұрапбекұлы,
Жыр тұмары Ақын, мектеп директоры

Мақтан тұтып сыртыңыздан жүруші ек,
Текті әулеттің ұрпағы деп білуші ек,
Сіз жайында жылы лебіз айтылса,
Ықыласпен сөзге құлақ түруші ек.

Асыл жансыз білімге өзін арнаған,
Биік самғап, қанатыңыз талмаған,
Жырларыңыз- сырларыңыз қалықтап,

Поэзия әлемін нық шарлаған.

Өр мінезге іскерлігі жарасқан,
Өзіңізбен үлкен-кіші санасқан,
Ұстаздардың ұстазы деп білеміз,
Игі істердің иін тауып жанасқан.

Алғысына шәкіртердің бөленіп,
Абыроймен сый- құрметке кенеліп,
Зейнеткерлік жасқа келіп жетіпсіз,
Асқар таудай еңбегіңіз еленіп.

Ел алдында есеп беріп нұрланып,
Ақ қайыңдай тұрсыз бүгін ырғалып,
Әріптеске ізгі ниет білдріп,
Ұсынайын жүрек жарған жырды алып.

Ақын қыздың асқақтатып мерейін,
Тұңғиықтан сөз маржанын терейін,
Сізге арнаған жыр моншағын кестелеп,
Тұмардайын алқа тағып берейін.

Сол Баянға

Сәмбі талдың түбінде,
Тұрды Баян сызылып,
Күлкі ойнап жүзінде,
Кетердей бір үзіліп.

Толықсыған аруға,
Қарайды жұрт қызығып,
Жақынырақ баруға,
Дәті бармай, сүзіліп.

Айналшықтап шықпайды,
Кілең қарттар тізіліп,
Ақын жанын ұқпайды,
Жүрген қулар «қыз іліп».

Ақынға тән сезіммен,
Мида жоспар түзіліп,
Алып кеттім көзінен,
Қалмасын деп көзігіп.

Қабылбек Төретайұлы, ақын,
Мәуелі дарақ ҚР Жазушылалар одағының мүшесі
(Баян Керімқызына)

Әкең мен Әкем құрдас-тын,
Жырың мен жырым сырлассын.
Немерең мен немерем,
Бозала таңда қырды ассын.

Өріміндей таспаның,
Өткен-ді бірге жас шағым.

Жаңғырта күліп жүруші ек,
Көмеш пен Қайнар аспанын.

Мойындап өнер өрлігін,
Елге есеп берер келді күн.
Жазылсын жырлар сағынтып,
Қайнар мен Көмеш мөлдірін.

Жібермес ұлға есені,
Өжет қыз едің кешегі.
Мәуелі дарақ секілді,
Әз Ана болдың көшелі.

Жүргенде іліп жөргемді,
Көшіне жырдың ерген бір.
Баян атандың бата алған,
Керекеңнен көргенді.

Арманның аңсап асқарын,
Білімде тың жол бастадың.
Әз әкең атын ардақтап,
Жалғадың еңбек дастанын.

Ата даңқына дақ салмай,
Сәуле сыйлар ақ шамдай.
Жырларың – жазған-жан сырың,
Қауызын ақ гүл ашқандай.

Күш-қуат бойда тасқандай,
Дауылды даудан жасқанбай.
Ақиқатты айтар ақынсың,
Көкірек көзі ластанбай!

Сенбе мейлі, сен мейлі,
Шуақты ойлар сөнбейді,
Ақынның әр кез жаны жас,
Жүрегі әжімденбейді!

Салдырмай қайғы құрығын,
Тау тектес болсын тұғырың.
Өнерде де өмірде,
Ұзара берсін ғұмырың!

Көгершіні Көмештің

Көгершіні Көмештің,
Қатарласа тең өстім,
Мұңшыл еді десе де,
Жырсыз демес сені ешкім.

Ұста -жырдағы Баянсың,
Ұстаздықта аянсың,
Керекеңнің атына,
Шырқата арнар сай әнсің!

Сүйесің сала-сайыңды,

Басшысың дара, пайымды,
Қалам қарымын таниды,
Оқыған «Қиямет -қайымды».

Пір тұтар сені арлы жас,
Көп болды-ау қармар қайғы, жас.
Қолынан қиянат келмейтін,
Көремін сені «Қарлығаш».

Ұмтылар жүрек жыр құя,
Өрелі өнер –бір қия.
Ақ шаңқан шайыр сезімін,
Ұғынбас сұм мен «Сұрқия».

Ұстаз әкенің жобасын,
Жалғадың лайық, о да шын.
Бөктердің өнер көкпарын,
Қақыратып додасын.

Ғашықтық –сүю амалы,
Махаббат –ардың қамалы.
Жан сарайын жаңғыртар,
Оқыған «Ғашық-наманы».

Аналық мейірім, тілекпен,
Өркенге өшпес нұр еккен,
Ұстазсың ұлағатың мол,
Нәр алған «Жұлдыз жүректен».

Сабырбек Нұрманұлы, ақын,
БАЯН АҚЫН ҚР Жазушылар одағының мүшесі

Ел үшін төккен адал терің аға,
Ақталды Алла қолдап Керім аға!
Әлемге жеңіп алған азаттығын,
Танытқан қаһарман ел,қазак бүгін!

Ұрпақпен өшпес аңыз аялы атың,
Жалғаған ұстаздықты Баян акын.
Жыр жазған ел намысы оянатын,
Тік қарап төрден құлаш жая алатын!

Алпыстан асқаралы асқан жасың,
Ұлықтар бар тілектің қосқан басын.
Даулетияр,Бейбарысын сүндеттеген,
Күмістеп тұлпар тарту міндет деген.

Кәусары күй толқытқан Көмешбұлақ,
Әуені би тербеген елес-жұмақ,
Пейіліндей дана Керім Тіленшиннің,
Әулетке ақ тілек ел тілер шырын.

Даңқыңа, мәртебеңе сай келетін,
Текті ел –мақтанышым, жайна көркім!
Қос Керім –қос немерең атқа мінді,
Асқарлат алты Алаштың аманатын! Әумин!

Тұрлыбек Сабырбек Нұрманұлы,

ҚР Жазушылар Одағы мүшесі
Жұпар иіс, жырың бал, Баян ақын

Сахабалар сусындап төккен бата,
Ақтан, Көлкен, ем бұлақ – Көктен ата,
Ақын мешіт, Мыңшұқыр, Төрткүл төбе –
Тіленші би, Қасымбек өткен жота.

Гүлдеріндей сан алуан боянатын,
Жұпар иіс, жырың бал, Баян ақын,
Көмеш- Қайнар шәрбәтті бұлағы сен,
Жұтып қанар емеспін, тоя алатын.

Мұң- сырларың, сиқырлы сезімдерің,
Жібек, Еңлік, Баян қыз, өзің дедім,
Оқи бергім келеді оқи бергім,
Теңіз суын ішкендей төзім- демім.

Ұстаз, ана, ақындық қабаттасып,
Отау құру заңымен сабақтасып,
Жүргенде һәм шәкірттер әлегімен,
Зейнет жасың кеп қалды қабақ қасып.

Тіленшин Керім атанған мектебіңде,
Басшы болып, құрметке жеткен міне!
Беделіңмен құттықтап келді ақындар,
Куә достар өткен жаз, көктеміңе.

Күліп тұрсың болса да көзіңде мұң,
Сан түн жылдар кітаппен көз ілмедің,
Ұстаз, ана, ақынның күйін кешкен,
О, не деген жігерлі, төзімді едің!

Томағасын сыпырған баптап ақын,
Шәкірттер көп мектебім мақтанатын,
Жайбарақат кез келді жазба өндірер,
Түйгеніңді түгелдеп ақтаратын.

«Жыр додасы», «Қарлығаш», «Ғашық -намаң»,
Оқығанның барлығы ғашық саған,
«Қиямет- қайым», «Сұрқия», «Жұлдыз жүрек»,
Өрлеуге жол беріп тұр ашып саған.

Оқырманға қаламгер, аян атың,
Ұлағатты ұстазым –Баян ақын,
Ғасыр жасап, жасыннан жыр шатынат,
Шалақазақ намысы оянатын.

ХАТ Әмзе Қалмырзаұлы, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Алыстағы ақын әпкем Баянға, Жыр жүрегім, халжайыңды баянда, Басыңда тұр жарқын өмір сәулесі, Қырғи тілім, қарыштап қал, аянба!

Шабытыңа үйрек ұшып, қаз қонып,

Жүрсің бе, әпке, көңіл-күйің жаз болып?
Хатыңызды бүгін апты келінің,
Қауқылдасып, жасап қалдық мәз болып.

Жастығымның кешіріңіз желігін,
Жақсы сөзге біразырақ ерідім,
Құтты болсын азаматық сатысы,
Пионерге өтіпті ғой Ерігің!

Бұл тіршілік –таусылмайтын көл-теңіз,
Көптен, рас, хат жаза алмай кеткеміз,
Ініңізбіз, көтереміз, қайтеміз –
Әрқашан да болса орынды өкпеңіз.

Ініңізбіз, көтереміз... Бірақ та,
Сіз тек жауап жазасыз ба сұраққа:
Санасатын бауыр, әпке-ау, бауыр ма?
Толғанымен, болғанымен жырақта?!

Мақұл, қойдым. Ренжімеші жан әпкем,
Көктемгі бұлт төгері бар кенеттен,
Менің де бұл көк балауса кезім ғой,
Ұшып жүрген алтын түсті қанатпен.

Біздің үйдің білгің келсе өмірін,
Аман-есен шапқылап жүр келінің,
Айтарға –жоқ, істерге көп тіршілік,
Кейде тістеп алары бар ерінін.

Осылайша өтуде өмір бал-шырын,
Айта берсем, төгіледі жан сырым,
Ініңіздің білгің келсе жағдайын,
Атары жоқ, арманы көп аңшымын.

Оңаша бір толғаныстар –тамшылар,
Жігерімнің үміт- атын қамшылар,
«Жаратылыс жаратқан соң жан етіп,
Бізге де тән несібеміз бар шығар» -

Деген ойдың алып қашып соқпағы,
Арпалысып өз-өзімен жатқаны,
Сіз ақ құман көргенсіз ғой қайнаған,
Менің миым сол ақ құман оттағы!

Жалын берген күн батыс пен күн шығыс,
Ақын болсаң, өте алмайсың тым-тырыс,
Сағат сайын көкірегім көк дауыл,
Минут сайын жүрегімде –бұлқыныс!

*** Күз де келді, тағы бір күз кәдімгі, Кеміте ме, арттыра ма бағымды? Жамыраған қозыдай боп жаз кетті, Қалды елесі жүрегімде жағымды.

Өткен күннің күнделігін жайып сап,

Қарап көрсем алды-артымды байыптап,
Жалындаған жеңістерім қуантып,
Жете алмаған арманым тұр айыптап.

Тағдырымен тайталасып, таласып,
Адам бар ма алдын білген бал ашып?
Тағы ақтарсам естелігін өмірдің,
Біз –берешік, ұрпақ бізден алашық.

Өмір айтты: солары бар көк гүлдің,
Алары бар әлсіздің де кек бір күн,
Эй, ақыным, бойыңдағы дарынды,
Жақсылардың аманаты деп білгін!

Десе егер болашағым жайнасын,
Намысыңның кірсіз ұста айнасын,
Дүниеге әуестенбе, елікпе,
Дүлдүл болсаң, ертеңді ойла... Қайдасың?!...

*** Парасатты ой суырып тереңнен, Жазсам деп ем айтарымды өлеңмен, Үлкен олжа ұстатпады, ұғарсыз, Біз –төлміз ғой муза-ананы тел емген.

Қараңғыдан қақырата қақпа ашып,
Сезімімді жая алмадым тап басып,
Қалам әлі бастықпаған асаудай,
Айдалаға бара жатыр ап қашып.

Айтсам деп ем мақсаттардың биігін,
Айтсам деп ем күншілдердің күйігін,
Әлі ерте екен... Қайысады қабырғам,
Ауырлықтан талды менің иығым.

Ізденумен өтті, өтуде көп күнім,
Содан шектім сәтсіздіктің көп мұңын,
Елім үшін, өзім үшін талпынсам,
Деп ойлаймын айып-шамы жоқ мұның.

Бәрімізге бес саусақтай анық жай –
Құпияны шеше алмайсың қанықпай,
Ұғымымша ұлылығы жақсының,
Қателігін жөндеуінде жалықпай.

Білмек болып мәңгіліктің дерегін,
Мен сапарға жаңа шыққан кеме едім,
Талабымның табамын деп керегін,
Болашақтан үміттеніп келемін.

Өзекті ойды арқау етсем өлеңге, Жолығармын ақыр арман-әлемге, ...Біздің хал-жай міне осылай жан әпкем, Сұрағанның барлығына сәлемде! *** Дүние жетім арайсыз,

Ер жігіт жетім талайсыз,
Пікіріңізді күтеміз,
Хатыма қалай қарайсыз?

Жайымды, әпке, жақын біл: Болмаса –дағы асыл нұр, Өзіңе арнап шимайлап, Бір апта жазған хатым бұл. *** Санамменен шамам жоқ кеңесуге, Жүрсем, күлсем, жатсам да сен есімде, Тұра алмастай өзіңсіз секілдімін, Бауыр басып барамын, сенесің бе?

Қараң қалсын тіршілік қараң қалса,
Сені ұмыта алмадым, амал қанша!
Қара тастан беріш боп жаралса-шы,
Жұмсақ еттен жүрегім жаралғанша!

Әбілдә Аймақов, ақын, Баяннан кешірім өтіну ҚР Жазушылар Одағы ОҚО филиалының директоры Әпкетай, сені алдайын дегенім жоқ, Ұяттан өртенемін, өлемін көп, Отырсың осы күні бармақ тістеп, Біреуге «қайқайдағы» сенемін деп.

Тек сенен жасырғандай бар ізімді,
Ол рас –кешіктірдім қарызымды,
Көре алмай осы күні жүрсің-ау сен,
Бетіме көн жамаған тәрізімді.

Жоқ менің тағдырменен таласарым,
Қайтады- ау кешіксе де алашағың,
Адамшылық ісімде қарыз болмай,
Келсе екен мәніменен болашағым. 06.10.1982 ж

Ақын Баянға Зияда Исатайқызы, ақын - ұстаз

Ақылға сыймас ақындық әлем,
Тануға тіл қысқа, тұңғиық терең,
Теңіздің асау толқыны тәрізді,
Бірде алыс, бірде жақында өлең.

Поэзия –жаныңның жарқын шуағы,
Жабырқау көңілдің кірін жуады,
Ақынның жалғыз жақыны сол-ақ,
Екінің бірі, егіздің сыңары.

Сейіліп қайғы-мұң, көңілің тасып,
Өлеңге ақтарып сырыңды ашып,
Оңаша отырсаң бақытқа батып,
Жүректің нәзік пернесін басып.

Тағдырың солай, қайтесің өкініп,
Қаламың қолда жырың төк бекініп,

Өлеңің –өзіңнің әлемің, болмысың,
Өлеңде сірә айтпайсың өтірік.

Қала, қалама сол –сыйың, үлесің,
Өлеңмен бірге өмір сүресің!
Басқадан кетсең кетерсің безіп,
Өлеңнен, Баян, кете алма-ай жүресің,

Өлеңмен бірге өмір сүресің!

Жыр –жұлдыз Баянға

Жұлдыз жүрек жыр тілеп,
Дүрсілінен танбайды,
Жауатын күндей күркіреп,
Найзағай шабыт ойнайды!

Қырандай қағып қанатын,
Қиялмен көкті шарлайды!
Тағдыры солай. Ол –ақын!
Басқаша, сірә, болмайды!

Ақ жауын болып сіркіреп,
Артынша шайдай ашылған,
Жұлдыз –жүрек жыр тілеп,
Бұрқанып барып басылған.

Алай да дүлей құлпырған,
Қызық-ау ақын мінезі.
Алам деп Айға ұмтылған,
Бала да дана бір өзі!

Сөзді Тәңір жаратқан,
Ұқпасаң мәнін –сол қайғы,
Өнерге өрлік жарасқан,
Мінезсіз ақын болмайды.

Жай адам емес, жыр адам!
Қайран қап қарап тұрарсыз!
Ақын –бастыққа шыдаған,
Әріптестеріне мың алғыс!

Жұмыс деп тыным таппаған,
Шындықты енді ұққайсың,
Ақындықтан Ақ Баян,
Зейнеткерлікке шықпайсың!

Күркіреп келген көктеммен,
Тарқамас жырдың базары,
Бастық Баян кеткенмен,
Ақын –қыз Баян қалады!

Көмештен шыққан ақын қыз,
Шайырлардың шоғысың!
Өнерде саған жақынбыз,
Өзіңді сүйем сол үшін!

Толғанып, толқып мың рет,

Жазайын деп ем жақсы өлең,
Тіл жетпейтін құдірет,
Ақындық әлем –басқа әлем!

Шабытымды шақырып,
Шамырқандым босқа мен,
Тіс батпайтын тақырып,
Ақын жүрек –басқа әлем!

Өмірдің шықтың өріне,
Қиыспай қарап тұрмыз біз,
Поэзия көгінде,
Жайнай бер, жайна, жыр –жұлдыз!

Баян туды Сайрамымның бағына Нұрғиса Төремұратов – ақын, ҚР журналистер Одағының мүшесі Жұмыр жерің іңкәрлікпен тұғырлы, Дана қазақ махаббатты ұғынды. Біздің дала Баяндарсыз біртүрлі, Бақыт –тағы Баянымен ғұмырлы.

Жоғарыға жаутаң- жаутаң жағына,
Ертегі айтып келеміз-ау тағы да.
...Көкжиектен келеңсізге көз салған,
Баян туды Сайрамымның бағына!

Ақын зады...
Жоғалды әлде тоналды,
Біздің орта марғау, мақау боп алды,
Тіленшиннен қалған тұяқ- таланттың,

Тәжін көрмес зағип билік қоғамы!

Бәлкім сорың, я тектілік сағынған,
Шын ақынды көрген емен жалынған!
Халық қана ақын іздеп сабылған,
Жүректерге өлмес өлең таңылған.

Еске келмес руханияттың ескегі,
Қалам жайын бишігештер шешпеді!
Сіздің өлең –өрендерге өнеге,
Сіздің әлем кейінгіге көшпелі!

Тек Тәңірдің демеуімен үн қатып,
Баян келед келешекті тыңдатып,
Кешіккен сый керек емес ақынға,
Өлеңдегі көркемдігі –шын бақыт!

Алтын жүрек Ақбаянға Жұпаркул Бекшораева, ақын, сазгер Тіленші би бабаның ақсұңқары, Қазағымның шамшырақ, текті ұрпағы, Бастау алған даналық, ізгіліктен, Керімқызы –аққанат, Ақбаяны.

Тіленші би бабаның пәк тұмары,
Алмас қылыш сөзің бал суырмалы,

Қанаттансаң ұшасың ақбозатпен,
Жыр көмейің төгілер сыңғырмалы.

Құтты болсын туған күн шуақ шашқан,
Әке, ана нұрланып, бақыт тапқан,
Ақ батасын жан әкең берген екен,
Хантәңірі поэзия құшақ ашқан.

Байтақ елім шаттансын өзіңізбен,
Алтын жүрек, нұр сепкін жырларыңмен,
Әлем танып қанықсын сыр сандықтан,
Бір ғасырлық өмір кеш ұрпағыңмен.

Сіз бір жансыз Алтынай Әбдікерімова, ұстаз

Сіз бір жансыз –өткір сөзді ақын деген,
Әділдік пен шындықты семсер еткен,
Қанша нәзік болса да жүрегіңіз,
Қайсарлық пен өжеттікті сізден көрем.

Сіз бір жансыз –өнегелі ұстаз деген,
Мектебіне сіңірген еңбегі ерен!
Өмір атты күрестің тереңіне,
Белді бекем буынып, бойлай білген!

Сіз бір жансыз –әдемі әйел деген,
Әніменен тербеткен әлемді кең.
Батылдықты жүрекке жалау тұтқан,
Келер емес бір Сізге ешкім де тең!

Ұстазым Баян апайға
Ерлан Қаныбеков,
Керім Тіленшин мектебінің 10 с. оқушысы

1. Апай, сізді сыйлаймын,

Сондықтан да қимаймын,
Қайда болсаңыз да сіз,
Хатты көп қып жолдаймын.

«Кеттім біттті танымаймын,
Естен бәрі шығар» деп.
Екінші анам деп қабылдаймын,
Жан сырымды ұғар деп.

Ерік өссе жіберіңіз,
Бізді танып өссін ол,
Ерікпен сіз де келіңіз,
22 отаулы үйлерге.

Көп жазайын несіне,
Көзді ауыртып тесіле,
Жүрек лебін сезесіз,
Жүресіз мәңгі есімде.

2. Көгершін мен Баян апай

Көремін мен көгершінді,

Күнде ұшып жүретін,
Түрлі түсті бұл құстарды,
Асырап баққым келетін.

Кейде қалқып ұшқым келед,
Көгершінге мен ұқсап,
Ашық аспан, ақ көгершін,
Апайыма сен ұқсап.

Саған ұқсас адамдар бар,
Баян апай біреуі.
Ақ ниетті, таза жүрек,
Ұқсап кеткің келеді.

Жақсы адам әрқашан да,
Адал достық береді,
Анда жүрсін, мұнда жүрсін,
Достық қолын береді.

Әпкем Баянға Мәдина Көшекбай, ұстаз Керім Тіленшин мектебінің түлегі Бір өзің әлем, аспансың, Жазылып бітпес дастансың, Қиясы емес, өлеңнің Шыңынан, әпке, асқансың!

Асылдың титтей сынығы,
Өлеңнің үлкен ұғымы,
Жаныңа ләззат беретін,
Маржандай сөздің тұнығы.

Қаймағы сөздің өлең дер,
Жазушы, ақын, кемеңгер!
Менің әпкемнің мұрасы,
Өледі екен демеңдер!

Поэзия, проза қалмаған,
Әлемін әннің шарлаған,
50 жаста әпкеміз,
Сайрамның гимнін толғаған!

Бүршігін жарса ерке үміт,
Шабытқа жүрме өртеніп!
Халқыңа алғыс айтпақсың,
Өзіңді жүрген ерке ғып.

Ақынды деуші ед ежелден,
Жердегі тәңір елшісі,
Жасай бер,әпке, жасай бер,
Ғашық біткеннің емшісі!

Баянға С. Әзімбайұлы, ұстаз

Іздедім сені тарыла,
Сағынған соң сарыла,
Былшиып міне отырмын,

Ішім пысты жарыла.

Түсімде семен кездесем,
Сыбырлап жәймен сөйлесем,
Жүрегім шымырлай береді,
Ертеңіне сені көрмесем.

Жұмбақ:
1.Шай қайнады бір сағат,
Іштім оны екі сағат. Неге?

2.Қуырған картобым он пісіріліп, он суыды. Неге? 3.Стулға он отырдым, Столға он сүйендім. Неге? 4.Пісірген картобымды көзімді жұмып, санап жедім.Неге? 5.Бір Сайтанбек ана тамда картоп жеп отыр, Бір Сайтанбек мына тамда столдың басында отыр. 12.1973ж

КӨК ТАМЫР бөлімі

Ерік Тіленшиннің жазғандарынан

Нұрланның бастан кешкендері

Биік талға ұшып қонған кептарды,
Біздің Нұрлан бүркіт екен деп қалды.
Әпкесіне «қорқамын » деп жылады,
Ләззат одан «не болды?» деп сұрады.

Нұрлан оған жауап берді еркелеп:
Біз ертектен сондай бүркіт көрген ек.
Ләззат келіп қарады да терекке,
-Сұр кептар ғой,- деді оған,- керек пе?

Мысық

Бір күндері біздің Нұрлан мысықты,
Кір болдың деп суға салып ысыпты.
Ал содан соң дірілдеген мысығын,
Жаурадың деп ыстық пешке ысытты.

Күйіп кетті мысығының аяғы,
Нұрлан оны жан алқымға таяды,
Әлсіз мысық қашты сонда қораға,
Кір қалпына қайта келді баяғы.

Аяз ата

Аяз ата келеді жұлдыздан,
Сақалын жұлдызға жұлғызған,
Астындағы атының,
Аяқтары сыртылдап,

Құйрықтары шыртылдап,
Қарды жеген атының,

Тістері қыртылдап! 3 класс оқушысы, 1984 ж. *** Ендеше, мендағы сөз бастадым, Халайық, ұғып алшы сөз астарын, Балалар, қатынқалаш, бері қара, Жаман мен жақсылықты біліп қалғын.

Мәңгілік өмір деген болған емес,
Сөздерім менің- дағы жалған емес,
Құлағыңмен мұқият ұғып алғын,
Дүние, байлық деген бәрі елес.

Анамның мына маған қойған аты,
Жаудырсын құдай бізге шапағатты,
Есімім анам қойған Ерік болад,
Рахметің –маған соқшы шапалақты.

Сағыныш Тіленшинаның \«Сағыныш сазы» кітапшасынан\

Қыс келді біздің ауылға

Ақ ұлпа көйлек киініп,
Ақ шыңға шашын түйініп,
Жасыл шырша гүл ұстап,
Тап-таза ауа тыныстап,

Қыс келді біздің ауылға.

Шанамен қырдан сырғанап, Достарға қолды бұлғалап, Біз демалдық, ойнадық, Қыс келгенін тойладық, Қыс келді біздің ауылға. 6 сынып *** Әжетайым ақылды, Танисың ба ақынды? Өте жақсы оқимын, Әріптерді тоқимын. Ойнайық та ойлайық, Туған күнді тойлайық! *** Бейбарыс менің інім, Аспандағы күнім, Жеті жасқа келгенде, Мектептен алады білім. 2 сынып

Өтірік өлең
Аю кіммен күресті?
Құмырсқамен тіресті.
Шегірткені ат қылдым,

Айды аспанға лақтырдым. \2- сынып\

Папа, туған күніңмен!

Папа, туған күніңмен!
Жарқырашы жырыңмен!
Күндей нұрлы болыңыз,
Жүз жасқа сіз толыңыз.

Әкеге қарап ұл өсер,
Анаға қарап қыз өсер,
Ер жетейік есейіп,
Сіздей болып өсейік! \4- сынып\ 17.09.08 ж.

Мама, туған күніңмен!

Маматайым, мамашым,
Туған күнді тойлайық,
Жаңа жыл да келеді,
Өлең айтып берейік.

Маматайым, мамашым,
Құтты болсын туған күн,
Ауырмасын жүрегің,
Жүрегіңе сенемін.

Әжем, Дәулет, Бейбарыс,
Папамменен екеуміз,
Сені жақсы көреміз,
Бақыттымыз бәріміз! \4- сынып\ 29.12.08ж.

Менің Президентім

Президентім –айбарлым,
Күндей нұрлы жайдарлым!
Қазақтың байтақ жеріне,
Егемен Туын байладың.

Президентім –айбыным,
Руханиятты байлығым,
Шың тұлғалы даңқыңа,
Президент атың сай бүгін.

Ақын болсам деп едім,
Жол көрсеттің,демедің,
Арман қуып ізіңмен,
Қанат қағып келемін.

Айтатын ойын айта алған,
Дұшпанның бетін қайтарған,
Президентім, мың жаса,
Саясаткер, майталман!

9 сынып
Көктем

Көктем келді көгеріп,
Қысты кейін шегеріп,
Қызғалдақ шықты белеске,
Жүріңдер, бірге терелік!

Күн де шықты шуақтап,
Жер жылынды қуат ап,
Қар қосылып жылғаға,
Тасыды өзен суат ап.

Қозы- лақтар ойнады,
Көктем тойын тойлады,
Жан- жануар құмартып,
Балғын шөпке тоймады.

Жаңбыр жауды шелектеп,
Сусын саған керек деп,
Би биледі ағаштар,
Жапырағы желектеп. 7 сынып

Тіленшин Дәулетиярдың «Ақындық қияғы» кітапшасынан

Өтірік өлең

Қасқыр отыр ағашта,
Түйе қонды бұтаққа,
Алатаудан әрі аса,
Апорттарды жей ме екен?

Аралардың балын жеп,
Қандай тәтті дей ме екен?

Қасқыр, алма жедің бе?
Түйе, апорт жедің бе?
Қасқыр, адам көрдің бе?
Түйе, ұшам дедің бе?

Алматыны аралап,
Бізге ұшып келдің бе? 2 сынып

Оқимын мен де Абайды,
Үйретер маған талайды,
Ақыл, білім жолына,
Жетектеуді қалайды.

Оқимыз біз жалықпай,
Данышпан, дана Абайды. 3 сынып

Ыбырай атам мектебі
Ыбырай атам мектебі,
Еңсесін тіктеп, көктеді,
Егеменді еркіндік,

Еліме нұрын төккелі.

Азаттықтың құрдасы,
Ақындардың жыр басы,
Алтынсарин мектебі –
Кәусар білім жылғасы!

Аталардың арманын,

Жалғап жүрген тарланым,
Көшбасшысы танылған,
Айтпайыншы қалғанын.

Жаса, жаса мектебім,
Менің балғын көктемім!
Екеумізде бір намыс,
Бір межеге беттедім. 6 сынып

Тіленшин Бейбарыстың жазғандарынан

Қарындасым, Мерейім,
Достарыңмен жүрсің бе?
Мен де оларды көрейін,
Ағаң барын білсін де.

Ағаңды көрген адамдар,
Талып қала жаздады!
Мерейге ол тағы да,
Қуыршақ сатып әперді. 1 сынып

*** Шоқан, Абай, Ыбырай, Біз қарайтын таңданып, Солар шыққан тұғыр-ай, Сыйлайтұғын бар халық.

Мен кітапты оқимын,
Өлеңді де шығарам,
Отанымды сүйемін,
Оған басты иемін! 3 сынып.

*** Мен ғарышкер боламын, Жұлдыздарды анықтайм, Отанды мен қорғаймын, Айналаны зерттейм.

Тоқтар,Талғат ағамдай,
Болғым келед солардай,
Ағаларды сыйлаймын,
Айтқандарын тыңдаймын. 3 сынып

Тіленшина Мерейдің жазғандарынан

Әжем
Әжем менің сұлу ғой,
Күн сияқты күлім ғой,
Шана тепсек бәріміз,

Шырқалады әніміз.

Әже, әже, қандайсыз,
Ай сияқты таңдайсыз,
Әжеме Ай да жетпейді,

Бәрінен сұлу әжетай! 3 сынып

Аққу
Аққу, аққу, аққу –ай,
Аққу десе аппақ-ай!
Аққу десе күлімде,

Жамандыққа ілінбе.

Аққу, аққу, аққу-ай,
Аққу десе аппақ-ай!
Аққу болып жүре бер,
Жамандыққа ілінбе!

3 сынып, 2016 ж.

Жан әжем- ау, ән әжем,
Бақытты боп жүр,әжем,
Сіздей әже менде ғана,
Менің әжем асқан дана.

Сіз бақытты болсаңыз,
Бақыттымын сонда ғана. 4с. 2017ж.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙